Мазмұнға өту
Home

"Эндрю Карнеги"

Мырзагелді Кемел

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Эндрю Карнеги"

Мырзагелді Кемел — «"Эндрю Карнеги"» (Көркем әңгіме). ЭНДРЮ КАРНЕГИ

ЭНДРЮ КАРНЕГИ

Эндрю Карнеги өз заманында әлемдегі ең бай адам болған. 1865 жылы тамызда маталары мен корольдік қамалдары арқылы әлемге танымал болған Шотландияның орта ғасырдағы астанасы Данфермлинде дүниеге келген. XIX ғасырдың ортасына қарай қамалдар ескіріп, ал қолдан тоқылатын маталар бумен істейтін станоктардың бәсекесіне шыдай алмай, бәсі төмендеген. Эндрюдің әкесі Уилл Карнегидің тоқымашылық ісі табыс бермей қойды. Анасы Маргарет жай ғана етік жөндеушінің қызы еді, өзі де сол кәсіппен айналысушы еді.

Жұмыссыз қалған Уилл Эндрю саясатпен айналысты, чартистердің қозғалысын ұйымдастырды, оның бұл ісі пролетариаттың әлемдегі бірінші ұйымдастқан саяси қозғалыс ретінде тарихқа енді.

Бірақ чартистер бәлендей нәтижеге жеткен жоқ. Парламент олар талап еткен жалпыға бірдей сайлау құқығын енгізуге үзілді-кесілді бас тартты. Эндрюлер отбасы әбден кедейленген соң 1848 жылы Америкаға жол тартты. Ол елге бұрынырақ Уиллдің әпкесі көшіп барған еді. Әпкесі: «Жұмысшы адамға мұнда өмір сүру көне Англиямен салыстырғанда анағұрлым жақсы» деді. Бұл сөзге бас иген отбасының жас мүшесі Эндрю жұмысшыларды пайдаланатындар жұмысшылардан анағұрлым жақсы өмір сүретінін де байқады.

Уилл Карнеги мүліктерін сатуға кірісті. Азғана ақша жинап алған ол тағы біраз ақша қарыз алып, Wiscasset атты корабльден бір каюта сатып алды. Саяхат елу күнге созылып, эмигранттар отбасы Питтсбургке тоқтады.

Питтсбург ол кезде өндірістік революцияның ордасы болатын. Жан-жақтың бәрінде жаңа кәсіпорындар салынып, тұрғындардың бәрі бір нәрсе өндіруге тырысып жатты. 12 жасар Эндрю оқуға бармай, мақта фабрикасына жіп ораушы болып жұмысқа кірді.

Бастапқыда Эндрю аптасына бір жарым доллар жалақы алды. Соңыра ол телеграфтық кеңседе екі жарым жыл еңбектенді. 18 жасқа толған соң «Pennsylvania railroad» комипаниясына жұмысқа тұрды. Жиырмаға келгенде ол Пенсильвания темір жолының Батыс бөлімшесінің бастығы Томас Скотттың көмекшісі болды. Скотт оған бақ болып жолықты.

Бастығының сеніміне кірген жас қызметкер өзінің барлық жинаған 217 долларын жатын вагондар шығаратын компанияның акциясына салды. Екі жылдан кейін оның акциялары 5 мың доллар табыс әкелді. Осыдан Карнеги жалдамалы жұмыспен ақша табу қиын екенін, кәсібін өзгерту керектігін түсіне бастады.

Осы кездері Карнегидің кәсіби салада ғана емес, өмірінің барлық бағыттарында да таланты ашылды. Ол іс-әрекеттерінде ержүректік таныта бастады, адамдарды өзіне тарта білді және өзіне қатысты нәрселердің бәрінде делдалдық жасаушылардың қатыспауын қалады. Оның әлеміне үлкен бизнестің өкілдерін қатыста бастады. Болашақ магнатты төңірегіндегілер «балақай Энди» немесе «Скотт мырзаның Эндиі» деп атай бастады.

Скотт оған бірлескен инвестиция жасауды ұсынды, олар ниеттенген «Адамс экспресс компани»кәсіпорнының акциясына салуға Эндрюге 610 доллар керек еді. Мұндай ақша болмаған соң, бұл ақшаны оған Томастың өзі қарыз берді. Осылайша Эндрю жай қызметкерден капиталистке айналды. Бұл 1856 жыл еді. Ол 21 жаста ғана болатын.

Сол жылы Томас Скотт «Пенсильвания» атты темір жол компаниясына ауысып, үш жылдан соң компанияның бас директорының орынбасары болды. Осы жылдары да Карнеги Скоттпен бірге жүрді, айлық жалақысы бастапқы 50 доллардан 1500 долларға өсті, ол компаниядағы шешуші тұлғалардың бірі болды.

Сөйтіп жүргенде жұмыстан кеткен Скотт Эндрюді өзінің орнына қойып кетті.

Түрлі кәсіпорындарға инвестиция салып, Карнеги 28 жасында 40 мың доллардың иесі болды. Ең алғашқы болат құюшы кәсіпорынның иесі де Эндрю болды. Сол жылдары темір жолдардағы барлық ағаш көпірлер темір көпірлермен, шойыннан құйылған рельстер болат рельстермен алмастырылуы басталған болатын. Эндрю осы алтын ағып тұрған жүйеге иелік етті.

33 жасқа келгенде Эндрю Карнеги Нью-Йоркке көшіп келіп, тыныштықта өмір сүргісі, Оксфорд университетіне түсіп, өзінің жеке меншік газетін шығарғысы келді. Сол кездегі естелік жазбаларында ол байлық адамды бұзады, топастандырады, сондықтан өзімді жетілдірумен ғана айналысуды армандаймын деп жазды.

«Байлық жию – пұтқа табыну секілді керексіз нәрсе. Басқаға табынғаннан ақшаға табынған қиын. Ақша туралы уайымды дамыта түсу, қайтсем қазіргіден көп ақша табамын, қайтсем ақша табудың тездетемін деу – айықпас дерттей өзіңді азғындауға ұшырату. Мен қандай іспен айналыссам да, оған тұтастай берілемін, сондықтан мен абайшыл болып, өзіме дұрыс бағыт беретін өмірді таңдауда қателеспеуім керек. Өйткені мен қашан да жетістікке жетуге тиіспін. Сондықтан мені игілікке жеткізетін өмір жолын таңдауға міндеттімін. Сонан соң мен істерімнен 35 жылға тыс болып, әр күнімді түстен кейін кітап оқу мен өзімді жетілдіруге арнаймын».

Осылай деп жазуын жазғанмен ол тез баюдың жолына түсіп, Ұлыбританияға барып болат өндірудің конверторлық тәсілін үйреніп қайтады да өз еліне енгізіп, үлкен байлыққа ие болады. 1875 жылы ашқан болат қорыту зауытын Карнеги Пенсильвания темір жолының бастығы Эдгар Томсонның атымен атайды, сөйтіп болашақ тапсырыс алуды алдын-ала қамтамасыз етеді. Болат өндірісіне көптеп керек коксты өзі шығаруды мақсат тұтқан ол сондағы ең үлкен кокс шығарушы кәсіпорынның бақылау пакетін сатып алады да оның бастығы Генри Фрикті өзіне атқарушы директор етеді.

Бар болғаны 4 кластық қана білім алған Карнеги жетілу үшін өте көп оқыды, оған көп уақытын арнады.Ол әдеби кітаптарды ғана емес, техникалық және арнаулы кітаптарды да көп оқыды, өзінің істері жүруіне қызмет етеін идеяларды кітаптар мен журналдардан алуға ерінбеді. Түбінде, білімділік оның басқа адамдармен салыстырғанда басымдығына айналды.

Білімді өмірге енгізу де, жаңашылдық ұсыныстар да Карнегидің жеңістерінің себептері. Мәселен, Карнеги бұрын ешбір ретсіз жүретін поездардың жүріс кестесін ойлап тапты, содан соң темір жол бойындағы ретсіздік, поездардың қақтығысы тоқтап, жететін жерге белгілі бір мерзімде, кешікпестен жету орнықты.

1881 жылға қарай Эндрю Карнеги жылына 1 миллион доллар табыс табуға жетіседі. 1889 жылы оның болат қорытудан алған табысы 20 миллион долларға жетеді. Сол кездері орташа американдық жұмысшының жылдық орташа табысы 500 доллар болатын.

Карнегидің өмір жолын бақылағандарға, оның өмірде ылғи да жолы болғанын байқау қиын емес. Бірақ жолы болуды да өзіне пайда тигізетіндей етіп пайдалануға болады, керісінше, тағдыр берген мүмкіндікті жіберіп алуға да болады . Карнеги бар мүмкіндіктерді өзі үшін табысты, өзіне абырой әкелетіндей етіп пайдалана білді.

Солай бола жүріп ол бағасы 30 доллар тұратын аса ірі торкөз костюм киіп жүретін. Анасы оны қызғыштай қорғап өзі өлгенше ешкімге үйленуге мүмкіндік бермеді. Анасы өлген соң ғана 45 жасқа келгенде үйленген ол, байлығымды бөліске салады деп перзент көргісі келмеді. Үйлену тойы жарты жылдан кейін қалыңдықтың үйінде тып-тыныш, аз ғана жолдастармен өтті. Баласына берген тәрбиесі үшін Луиза қайын енесін өмір бойы жек көріп кетті, оны «мен білетін әйелдердің ішіндегі ең ұнамсызы» деп атады.

Карнеги мұрагерлікті ойлап бас қатырғысы келмегенмен,Луизаға дәрігерлер денсаулығы үшін бала тууға кеңес берген соң ол қыз туды, оның атын Эндрю анасының атымен Маргарет деп атады.

Осы орайда біздің қазақтың әдет-ғұрпында мұндай нәрсе болмағанына шүкіршілік етсек болады. Қайта, бізде үйленбей жүрген ұлдар мен отырып қалған қыздардың аналары күйзеліске түсіп, соларды аяқтандырғанша барынша тырысумен болушы еді. Бірақ осы нақты жағдайдың өткеніне 130 жылдай мерзім болғанда, біздерде де жастары қырыққа келгенше үйленбей, тұрмыс құрмай жүргендерді көре бастадық, тіптен кейбір жасамыс қыздардың: «күйеуге шығудың не керегі бар, өмір бойы біреудің «аяғын» жуып өткеннің несі қызық» деген сөздерін де еститін болдық.

Карнегидің тағдырына байланысты ойланарлық мәселе болғанымен, негізгі тақырыбымыздан ауытқып барамыз, кейіпкерімізге қайта оралалық.

Отбасынан тыс жерде Карнеги ешқандай қызық қумады. Оның негізгі мақсаты жұмыс істеп ақша табу болды. Ол америкалық «The North American Review» журналына «Байлықтың евангелиясы» деген бағдарламалық мақала жазды. Онысы қоғамда қызығушылық тудырды. Онда ол байларға арнап өзінің өмірге келгендегі мынадай негізгі міндеттерін жария етті: елден ерекшеленбейтін тұрмыс, туыстарға біраз жәрдемдесу, еркек кіндікті мұрагерге мұра қалдыру, қалғандарын өлмей тұрып «кедейлердің тұрмысын жеңілдету үшін» тарату . Осы орайда, әкелеріміз айтып отыратын өңірдің ауқаттылары мен датқаларының біздегі халықтың тұрмысын жеңілдету мақсатында жасаған қайырымдылықтары есімізге түседі. Айтөре деген бай атамыз Меккеге барар сапарының алдында өзінің бар малын жұртқа таратып берген екен деп естігенбіз. Бір қызығы, сол атамыз зиярат жолынан оралғаннан соң бір жыл өтпей қайтадан ауқатты қалыпқа көшкен екен деп те естідік. Қоқан хандығының отарында болған кезде, солардың озбырлығына, салған салығына шыдай алмай Сырдарияның сол жағалауы – Мырзашөл аумағынан Қанай датқа мен оның ұлы Тұрлыбек датқа елдің сөзін сөйлеп, оң жағалаудан Мұсабек-Сапақ сынды ерлер шығып, Қоқандықтарға тойтарыс бергені тарихта бар.

Жерлес аталарымыздың бірі оразгелді Тастанбек бай, отызыншы жылдары кәмпеске болатынын алдын-ала сезгендей, өңірдегі кедейлерді шақырып, ас беріп, әрқайсысына малдарын жеткенше бір-бірлеп таратып берген екен. Содан біздің елде «шүлен таратқан оразгелді» деген сөз қалған. Әрине, өмірдің сыйы қашан да тепе-тең бөлінбеген, біреудің малын алғаннан кедей бірден байып кете қоймаған болар, бірақ малдан басқа байлығы жоқ адамның жиған малын өз қолымен таратып беруі де мадақтауға, үлгі етуге лайық.

Эндрю соңғы байлығын таратып бергенде, бұл тірлігі алдымен, өздеріне тиер үлес аз болдыға санаған оның туыстарына ұнаған жоқ. Бір жиені: «маған бергені бір-ақ миллион болды» деп наразы болыпты. Ал ол кездегі бір миллион қазіргіден отыз еседей құнды болатын.

Қалған дүниесін халық игілігіне жұмсауға бел шешіп кіріскен Карнеги кітапханалар мен храмдар құрылысын бастады. Оқу орындарының ұстаздарына, студенттерге көп қаржы таратты.

Осылайша ол Америкада, Канадада, Ұлыбританияда, Ирландияда, Австралияда, Жаңа Зеландияда, Вест-Индияда, Фиджиде 3000 (үш мың!) кітапхана салдырды және оларды кітаптармен қамтамасыз етіп, қызметкерлеріне жалақы төледі. Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги холлды, Питтсбургтегі Кеннеди технологиялық институтын салдырды. Сондай-ақ Карнеги корпорациясының негізін қалады, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорын (бұл қорды Дейл Карнеги есімімен байланыстыратындар бар) құрды, Вашинтонда Карнеги институтын, Карнеги-Меллона университеті мен Карнеги музейін салдырды. Өзі арнаулы білімі жоқ Эндрю Карнеги сауаттылардың көп болуына осылайша қызмет етті.

Карнеги трестінің президенті Чарльз Шваб оның қиялының ұшқырлығын, ақылдылығын, сезгірлігін тамсана айтатын. « Ол сіздің не айтпақ болғаныңызды сөзіңізді бастамай тұрып-ақ біліп отыратын еді » дейтін. Оның барлық озық қасиеттерінің ішінде ең негізгісі – адамдарды іске жұмылдыру қабілеті екен. Ол түсіндіріп жатқан кезде иланбау мүмкін емес болған.

Карнегидің жетістігінің себебі – ол өз ақылын дұрыс пайдалана біліпті, адам тануда алдына жан салмапты .

Эндрю Карнеги 1901 жылы зейнетке шығып, өзінің болат қорыту корпорациясын 480 миллион долларға сатыпты. Өзі дүниеден өтетін 1919 жылға дейін ол 351 миллион долларға жуық ақша жұмсапты (қазіргі бағамен шамамен 115 млрд доллар), барлық жиған дүниесі 400 млн доллар (шамамен 130 млрд доллар) екен. Өлер алдындағы соңғы қаржысы 30 миллион долларды қайырымдылық ұйымдары мен зейнеткерлерге таратып беріпті.

Бизнестегі карьерасына қоса Карнеги руханият мәселелеріне де араласқан. Ол ағылшын ақыны Мэтью Арнольд пен философ Герберт Спенсермен дос болыпты және де АҚШ-тың бірқатар президенттерімен, белгілі қоғам қайраткерлерімен және жазушылармен таныс болыпты.

Бір мақаласында Карнеги: « бай өнеркәсіпшінің өмірі екі бөліктен тұрады: бірінші бөлігі байлықты жинау мен көбейту, екінші бөлігі – сол байлықты игілікті істерге жұмсау, қайырымдылық істер – лайықты өмірдің кілті» деді.

Эндрюдің жеке үйінде мрамор пеш бар екен. Оның бетіне ашық кітаптың суреті бедерленіп, оған алтын әріптермен былай деп жазылып қойылған екен:

Кім ойлануды білмесе – ақымақ,

Кім ойланғысы келмесе – көрсоқыр,

Кім жасампаздыққа ұмтылмаса – құл!

Италияның Помпеи қаласынан әкелінген мрамор тақтаның құны 75 мың доллар екен.

Эндрю Карнегидің айтуымен Наполеон Хилл жазып алған «Жетістіктің алты ережесі» мынадай:

1. Өзіңіздің қанша ақшаңыз болғанын қалайтыныңыздың нақты сомасын анықтаңыз. «Менің көп ақшам болғанын қалаймын» деу аз. Дәл және нақты болу қажет.

2. Өзіңіз қалаған байлық үшін қандай төлем жасайтыныңыз жөнінде өзіңізге шыныңызды айтыңыз .

3. Осы ақшаға ие болатын уақытыңызды белгілеңіз .

4. Өз қалауыңызды орындаудың нақты жоспарын жасаңыз және ол қалауыңызды жүзеге асыруға дайынсыз ба, жоқ па, оған қарамастан бірден іске кірісіңіз .

5. Барлығын жазып қойыңыз: ақшаның көлемін, оны иелену үшін кететін уақытты, ол үшін нені құрбан ете алатыныңызды, ақшаны алу жоспарын. «Пәлен жылдың 1 қаңтарына менің иелігімде 50 мың доллар нақты ақша болуы тиіс. Оны алып алған соң мен оны барынша тиімді жолмен мынадай жұмысқа (бірнәрсе сату, тұрмыстық қызмет ұйымдастыру, т.с.с.) жұмсаймын. Мен мұнша ақшаның менің иелігімде болатынына сенемін. Менің сенімім соншалық, мен бұл ақшаны көріп тұрғандаймын. Мен оны қолыма ұстап тұрмын. Ол ақша мені күтіп тұр. Олар мені болашақ ісімде өз қабілетімді көрсететініме сенеді. Маған өз ақшаларымды алу жоспары керек және ол жоспар жасалысымен мен оған сәйкес іс атқарамын».

6. Әр күні ұйқыға кетерде және таңертең оянған соң, көзімді жұмып, сезіммен, ықыласпен, осы сөздерді дауыстап айтып шығыңыз. Оқығанда, ақша енді сіздікі екеніне көзге елестетіңіз, сезініңіз және осыған сеніңіз.

Оның түрлі кездері жазып қалдырған сөздері күні бүгінге дейін өзекті және өнегелі.

Мысалға алсақ:

- жұмыс – жұмысшының жалғыз ғана меншігі. Сол үшін де ол жұмысы үшін күресуге құқылы;

- өзіңнің ғана игілігіңді ойлама, алдымен тұтынушыларыңды ойла;

- басты мақсат – өзіне көмек беретіндерге көмек беру болуы тиіс. Қайыр мен жәрдем алып жеке адам да, мемлекет те жақсырақ бола түспейді;

- байлық жию – пұтқа табынудың ең жаман түрі. Ақшаға табынудан артық қиратқыш күш жоқ;

- менің барлық зауыттарымды, барлық капиталымды, менде бардың бәрін алып қоюыңызға болады. Бірақ маған бес үздік басқарушымды қалдырсаңыз, сіз есіңізді жинап үлгергенше мен қайтадан бәрінің алдына шығып кетемін;

- өз парызымды атқардым деп өзіңізді жұбатпаңыз;

- Ат жарысында бір сүйем алға шыққандар жеңіске жетеді;

- айтқанды жасамағандар ғана емес, айтқаннан артық жасамағандар да ешқашан жоғарыдан көрінбейді,

- жасым келген сайын мен адамдардың айтқандарына назар аудармайтын болдым. Тек қана олардың өздерінің не жасап жатқанына қараймын;

- өзін-өзі ынталандыра білмейтін адам, қаншама талантты болса да, қоңырқай күй кешуге лайық;

- өмір бойы бір жолды таңдап, сол жолмен жүрген адам жетістікке жетеді;

- баспалдақпен көтерілгісі келмейтін адамды оған итермелеме;

- мақсат тек қана ақша табу болса, онда мен азғындаймын және қайта қалпыма келуім қиын;

- жұмысты атқарудың жаңаша жолдарын ізде;

- өмірде үлгі болатындарды материалдық саладан емес, рухани саладан ізде;

- оқы. Өз біліміңді жетілдір. Оны сенің өзіңнен басқа ешкім жасап бере алмайды.

Міне, байлығымен, ізгілікті істерімен, қайырымдылығымен, білім саласына құйған орасан зор инвестициясымен тарихта аты қалған Эндрю Карнеги атты адам осындай болған.

PS: Әр мақаланың бір түйіні болуы тиіс. Мұнда аса байыған адамның табысқа жетуге құлшынысы, бай бола тұра тұрмыста қарапайым болғаны, жиған дүниесін ұрпағының өзінің (!) иемденіп қалуын қаламағаны, сөйте тұра орасан зор нақты қайырымдылық шараларын жасағаны сөз болды. 3000 кітапхана, бірнеше оқу орындары біздің кейіпкеріміздің ізгі ісінің нәтижесі екенін сөз еттік.

Бізде қалай? Рас біздің байларымыздың жиғаны оныкінен 500, 1000 есе аз шығар. Бірақ, сол байлықтың өзі, жалақымен күн кешіп жүрген, зейнет жасына жеткенше зейнетақы қорына 3 миллион теңге салуға жетісе алмағандардың қаржысынан 1000, 5000 есе көп қой.

Осыдан келіп, бізді, кешегі байлар мен бүгінгі байлардың пиғылы, мейірімділігі мен қайырымдылығы арасындағы алшақтық ұлғайып бара ма, адамдардың білімі мен білігінің өсуі санасының өсуімен шендесе алмай жатыр ма? – деген ойлар мазалайды...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙