Шартарап шыр айналды
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Шартарап шыр айналды» (Көркем әңгіме). ШАРТАРАП ШЫР АЙНАЛДЫ
әңгіме
Мен тірі екенмін әлі. Көкпеңбек болып мөлдірей тұнып, қатып қалған көгілдір аспанды көрем. Күн сол көк аспанға жабысқан мыс қаңылтыр сияқты. Мыс табаққа әлдекім тас атып, даңғырлатып жатқандай: даң - дұң, даң - дұң, даң - дұң... Күн қалтылдап тұр. Осылай селкілдей берсе, көпке шыдамай, ұшып түсуі кәдік...
Мен тірі екенмін әлі. Дәл іргемде бүлкілдеп бұлақ аққанын есітемін. Кенет тұла бойым тітіркеніп кетті. Ғажап. Әлгі бұлақ жерде емес, өз кеудемде бүлкілдейді: бүлк, бүлк, бүлк...
Мен ақырын есімді жинадым. Енді ап - анық сезіндім: тыныс алған сайын қансыраған кеудемнің сол қапталынан бұрқырап ыстық леп шығады. Сыздамайды, сырқырамайды. Өзіме - өзім емес, өзге біреу сияқтымын. Арқамдағы қос шығыршыққа оралған сымды тарқата төгіп, алғы шепке, шайқас шебіне желі тартып барам. Оқта - текте жарылған миналарды елемей, құлазыған құла түзде алқына жүгіріп келем. Алдымнан сорайған көлеңкем көлбең етті. Күн шығып келе жатқаны ғой. Көлеңкем жапанда жалғыз өскен еменге тірелді. Сол сәт тақау тұстан жарқ еткен от кілт сөнді. Жалынның бір ұшқыны омырауымды шарпып өтті. Кенет аңқия ақтарылып қалдым. Тәлтіректеп, теңселіп барам...
Әлі теңселіп тұрмын. Жоқ, жердің өзі мені әлдилей шайқап, бесіктей тербелетіп тәрізді. Әуе біресе шегініп, біресе жақын келеді. Әлгі алқына жүгірген солдатпен екеуміз қосақтаса барып, бір кісідей қосылып кетеміз. Сол жақсы-ау. Жазатайым көз жазсақ, қапы қалар едік.
Иә, мен тірі екенмін. Тас төбемде емен бұтақтары тербеледі. Бәйтеректің айналасында қол ұстасқан кілең үпір - шүпір бөбек дуылдаса асыр салып, шапқылап жүр. Солардың арасында - мен, бөпелерім Сәлиса мен Ілияс. Әуелі көңілді ән шырқап, мәз-мейрам зыр жүгіреміз. Әлденеге таласып, шуласа жылаймыз. Қайта татуласамыз. Кілең шыркөбелек айналамыз, айналамыз, айналамыз... Бір біз ғана емес - ау, осы еменнің төңірегіндегі жер де, көк те қосыла айналады. Күн, ай, жұлдыздар шыр айналады. Тапжылмай тұратын тек әлгі емен.
Әп-сәтте зәулім емен Үлкен шешем болып шыға келді. Оның қасындағы балалармен қосыла біздің бүкіл үй-ішіміз - әкем, Кіші шешем, ағайларым, апайларым шұбырып, шаң -шұң етіп шыркөбелек айналып жүр. Тіпті қос көк атымыз, екі ала сиырымыз, бұзауларымыз, қойларымыз, тауық - қаздарымыз дүрліге айналып барады. Сол кісінің төңірегіндегі біздің барша қызық - думан бақытымыз, қайғы-қасіретіміз, көрген күллі бейнетіміз, үміт - арманымыз - бар ғұмырымыз дөңгеленіп түр. Үлкен шешем осы зыр қаға зымыраған дүниенің діңгегі. Жалғанды жалпағынан басып, маңғаз тұлғаланып тұратыны содан. Қауіп-қатер, азап қаперінде жоқ жайсаң тұлға. Ақ дидары жарқылдап, жайнаң қағады...
Емен жапырақтарында таң шапағы құлпырып ойнайды. Шұғылалы нұрға малынған жапырақтар баяу ғана сыбдырласа сыңсиды. Жердегі жойқын соғыстың ылаңы басылған. Тек күнге бірдеңе әлі қайта-қайта соғылып жатыр: даң-дүң, даң - дұң, даң - дұң...
Оқиға желісі мен шешім
Қанаттарына қара айқыш таңба басылған құбыжық құстар тұс - тұстан шұбыра шығып, әуені айнала шарлап жүр. Солардың айналасында күркірей жарылған зенит доптары жарқылдайды. Шалқалаған қалпымда бәрін көріп жатырмын. Міне, әлгі құстардың бауырынан қап-қара шөжелер ыршып шықты. Олар жерге қарай ышқына бажылдап, тас төбемнен төніп келеді. Әр бомба мені көздеп, бәрі менің үстіме түсетін сияқты. Санап жатырмын: бір, екі, бес, он... Бір кісіге тым көбірек емес пе? Міне, міне, жер - дүние дүркін-дүркін солқылдап, астан-кестен сұрапыл басталды. Міне, мінеки...
Бір күнде екі мәрте өлгім келмейді. Жиырма екі жылдан бері күн сайын, сағат сайын, минут сайын тірнектеп жиған өмірді қалайша біржолата төңкеріп тастарсың. Жо - жоқ, қой әрі. Бет алдыма тұра жүгірсем деймін Діңкелеппін. Тек етпетімнен аунап түскендей ғана дәрмен қалған. Ұрқанатым ұшып, жер бауырладым. Жойқын жарылыс үдей түсті. Бомба дүркін - дүркін жарылған сайын топыраққа сіңіп барам, сіңіп барам. Өзімнен - өзім ашу қысып, ызаланам. Тұмсығымен топырақ қазатын көртышқаннан айырмам қайсы? Көппен бірге жорықта жүргенде қорқақтар қатарына қосылмайтын едің ғой. Ержүрек жігітпін десең, осындай тар кезеңде берік болғайсың. Қазір, әлі жұрттың көзіне түспей тұрғанда... Қой, көретін кісі сені түбінде көрмей қоймас. Әсіресе өзің ұнатқан ардақты жан. Қашан болмасын сол сезеді ғой. Ол үшін қашықтық, уақыт дегенің түк емес. Сабыр сақтап, ажалды қасқая қарсы алудың өзі ерлік емес пе? Тайсалма!
Мен тағыда шалқама аунап түстім. Ал тура көзіме қарап келсін ажал! Жоқ, келмеді бұл жолы. Менің жиырма екі жасар өміріме оқтың жарықшағымен белгі соғып, әлдеқайда басқа жаққа бұрылып кетті. Дүрбелең дүмпу басылды. Аспан әлі ашық, мөлдір. Төңірек демін ішіме тартып, тына қалды. Тынысыңды тарылтатын, үрейлі тыныштық.
Кенет жантүршіктіре шырылдап, ышқына шырқыраған бір ащы дауыс құлағыма, жоқ, құлағымнан өтіп, жүрегіме саңқ етті. Ыңырсу, жылау, жалыну емес. Мұндай үнді өмірімде алғаш рет есітуім. Елең етіп, құлақ түрдім. Сарсыла күттім. Әлгі дауыс қайталанбады, тек сол қалпында көкейімде мәңгі қалды. Жау шеңгелінде ақтық демі біткен жазықсыз жанның жүрегін жарып шыққан соңғы дауысы.
Сол сәт санамда, жансарайымда сан алуан үндер жан - жақтан жамырай көтеріліп, қат -қабат жаңғырығып кетті. Бұл жаңа туған сәбилердің жарық дүниеге жар салған тұңғыш үні. Бала кезімде мен соларды кеп есіткем. Қазір мына шайқастан соңғы азалы, пәк таңда адамның шыр еткен алғашқы үні мен өлім алдындағы ақтық айқайы менің күллі рухыма қат - қабат қосылды. Мен енді осы екі дауысты өмірімнің ең ауыр, ең мұңлы сәттеріне дейін көкейімде сақтауға тиіспін. Өйткені, өзеннің жағасы неліктен екеу болатынын сонда аңғардым. Ортасынан су ағатын екі жағаның бірі - баянсыз фәнилік, екіншісі - мәңгілік екен. Арнада арқыраған Замана ағысы. Адам өмір бақи әлгі қос жағаны жалғастырмақ болып, ағаштан, тастан, темірден, ой - пікірден, қиялдан көпір салады. Көпірін тасқындар жұлып әкетіп, дүлейлер күйретіп, ғарыштан жеткен оттар жалмап, күлге айналдырады: адам өледі, қайта тіріледі, тағы да кәдімгі шаруасына қайта кіріседі: көпір салады. Себебі, әлгі шыр еткен екі дауыс оның көкейінде қалған.
...Емен сәл теңселіп кеткен сияқты. Жоқ, ол шайқалмады. Біреулер мені абайлап зембілге салды да, көтеріп кетті. Зембілдің аяқ жағымдағы басын ұстаған бір қағілез солдат. Мен соның еңкіш иығы мен қуарған жүдеу жүзін ғана көріп келем. Екі ұртынан білеудей сора -сора қара тер сорғалап түр. Өткір қой көздері қадала қарап, мені арбайтындай. Мені алысқа - шырайлы шығанға, қияндағы қауіпсіз замандарға шақыратындай. Әлде мүлдем басқа жаққа, қайтып келмес қараңғы қапасқа тарта ма? Кенет көңілімді күдік басты. "Менен тартшы осы көздеріңді. Осында ғана қалдыршы мені..." деп жалына жаутаңдаймын, бірақ дыбысым шықпай, аузымнан қан ытқып кетті. Оның иегіндегі ұзынша ғана көлденең сызатты аңғардым. Көне жараның тыртығы - ау, шамасы... Қуарған өңі, қой көзі, иегіндегі жарақат ізі бар назарымды бір нүктеге тартады. Сол нүкте кенет ғайып болып кетті ме, қалай? Менің қанға батқан ауыр денемді әрең көтеріп бара жатқан бүл кім өзі? Көз алдым кіреуке, басым мең - зең. Айыққан кезде әбден анықтап алармын. Қазір ол мені аранын ашқан ажал алаңынан сүрініп-қабына көтеріп шықты.
Сол алаңның артта қалғанына қазір отыз жыл Басыма пана болған әлгі емен әлі бар ма, жоқ па, қайдам. Көзіме емен болып елестеген Үлкен шешем осы оқиғадан да бұрын мәңгілік мекеніне көшкен-ді. Ол кісі дүние салғанда қыламықтап ақша қар жауған еді. Үйінің төбесін үлпілдеген аппақ ұлпа қымтай жауып, бүркеп тастады. Алайда Үлкен шешем осы күнге дейін менің кейде шуақты, кейде бұлтты, кейде шешек атқан, кейде қар бораған шырғалаң тағдырымның торабында тұлғаланып тұратын тірегі. Оның төңірегінде менің күллі тіршілігім шыр айналады әлі.
Кәміл есімде: өмірімде алғаш рет мені жетектеген қол соның қолы болатын. Бұдан соң біз өте көп жетектесіп жүрдік. Міне, қазір ылдидағы Төменгі кешеге қарай құлдилап барамыз. Ол аптыға адымдаған сайын томпаңдап жүгірем. Бұлар осынша қайда асығып барады дей ме екен жұрт! Жөн сұрағандарға айтатыным:
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру