Мазмұнға өту
Home

Өлеңдер жинағы (Күләш Ахметова)

Күләш Ахметова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өлеңдер жинағы (Күләш Ахметова)

Өлеңдер жинағы

ХАЛЫҚ

«Жасаған, әуелі халықты аман сақта,
халық ішінде қалқайтып бізді аман сақта».
(Әжемнің ұйықтар алдындағы дұғасы)
Өз Отанын келетін танытқысы,

Халықта көп кеудесі жарық кісі.
Халық даусы қашанда айбынды, асқақ,
Қай кезде де қаһарлы халық күші.
Ертегіден еститін алтын балық,

Шықпаса да, алдымнан жарқыл қағып,
Мерейлі Отан тұрғанда, менің халқым
Әлемдегі асқақ та еркін халық.
Достық туы елімде көш бастаған,

Ал қызыл ту астында топтасты адам.
Еркін елдің қызымын,
даусым айқын,
Ақындықпен ешқашан қоштаспаған.

Халқын ақын жырлауға қақылы деп,
Білем
Оның ойы көп, ақылы көп.
Таңдамалы аз топқа алдарқанбай,

Қалсам дедім халқымның ақыны боп.
Қуаныш аз — жолымда кезікпеген,
Кеудемдегі жырымды ең нәзік деген
Арнаған соң —

Біртұтас Одағымнан
Бүкіл елдің құрметін сезіп келем.
Ортасында болуға жалықпап ем,
Жалғыз қалсам — жан орта, шабыт та кем,

Қандай қызмет жасадым,
хан көтеріп
Маған сонша дем берген халыққа мен?
Мейіріміне қалай мен тоя аламын,

Сол емес пе аяулым, сая бағым.
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын!
* * *

Қыран құстай баулыған балапанын,
Аналардай сылаған бала тәнін,
Алып жердей көтерген адамзатты,
Аяладың әлпештеп мені, Отаным!

Көктемдердей көгерткен дала таңын,
Батырлардай шығарған ел атағын,
Жұлдыздардай аспанды жарқыратқан,
Бір қуантқым келеді сені, Отаным!

Махаббатым! Жанымның қуаты — әнім!
Әр мезгілгі бейнеңді ұнатамын.
Мен түсімде ұшсам да қанат бітіп,
Саған сеніп ұшамын, ұлы Отаным!

* * *
Мені бір еркелеткен әкем еді...
Қайткенде жақсылығы өтеледі?
Өскен ем ана көрмей, есесіне

Ардақтап,
Туған елім мәпеледі.
Ақтасам маған деген ел сенімін,
Білмес ем бар екенін жол шегінің.

Жолы — бір, күресі — бір,
Жеңісі — ортақ,
Халқымның мен дағы бір бөлшегімін.
Әлемнің жолдарынан,

Тау, тасынан
Әкелем туған жердің қырқасына ән —
Ақ тамақ қарлығаштай ұясына
Жем әкеп,

Қанатымен су тасыған.

АЙША БИБІ

«Күз. Бұлт. Жер — сұлу»
Күмбездегі жазудан.
Күмбезін көріп анамыз Айша бибінің,
Көзіме жас кеп, кеудеме толды күй бүгін.

Сақтай алмаппыз бастапқы таза қалпында
Хас шебердің қалдырған қымбат сыйлығын.
Өрнекке қара өмірмен бүкіл өрілген,
Топырақ мықты екен ғой тіпті темірден.

Қымызға илеп, қыл қосып құйып, қыздырған
Қыштарды қатал уақыт қалай кемірген.
Жер сұлу — күзде. Күздегі бұлттар тым кезбе.
Күздегі тірлік, күздегі көңіл мүлде өзге.

Бітпейтін мұң мен сағыныш, талант бірлігі
Биіктік берген, сұлулық берген күмбезге.
Жасайды даңққа бөленіп бөлек өрнектер,
Бас иер әлі қаншама ұрпақ, әулеттер.

Әйелдің атын қалдырды мәңгі,
өз атын
қалдырмай кеткен қарапайым бір сәулеткер.
Өткізді ме екен осында ол көктем, жазын да,

Өнер ғой майдай сазды дәл тауып қазу да.
Өнер ғой оны құю да...
Бірақ, шынында,
Өнердің нағыз көкесі анау жазуда!

Шеберлігі үшін таласпаймын да ұста мен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер — сұлу»

Оқыған емеспін осыдан жақсы қысқа өлең.
Өміршең өнер!
Не деген мықты ең, шынайы ең!
Шынайылыққа табынар әлі құлай ел.

Өмірдің қысқа,
Өнердің ұзақ екенін
Ұрпақтарына ұқтырар мәңгі ұлы әйел.
Әйелдің әнін қорғауға әр кез даярмын,

Мәніне қара қайсыбір жырдың, қай әннің,
Айшаға күмбез орнатқан ел ғой, туғызған
Бейнесін асыл Қыз Жібек пенен Баянның.
Күмбезге қарап тумайды қалай шалқыма,

Ерлік пе, әлде елімнің үлгі салты ма?..
Айтайын алғыс атынан бүкіл әйелдің,
Әйелге тозбас ескерткіш қойған халқыма!
* * *

Атам менің арманы құлағанда,
Әжем менің жол таппай жылағанда,
Үміт артып сеніпті, сүйеніпті
Владимир Ильичке — ұлы адамға.

Әкем жаудың қолымен алысқанда,
Анам күрес жолымен танысқанда,
Үміт артып сеніпті, сүйеніпті
Владимир Ильичке — данышпанға.

Лайықты ақынға, қаламгерге,
Өмірімді қосқанда өлеңдерге,
Алғыс айттым ұмытпай сол адамға —
Владимир Ильичке — кемеңгерге.

Владимир Ильичтей данасынан
Алау алып,
Жолдаған даласына ән —
Ақынмын мен қып-қызыл партбилетті,

Мақтануға болмайды неге осыған?!

РЕВОЛЮЦИЯ АЛАУЫ

Революция!
Найзағайлар шақпақ шашқан жарық түн,
Айбынды үні Аврорадай алыптың.
Мұхит суын паршалаған цунами

Қаһар күші, қайсар үні халықтың!
Революция!
Дауылыңнан жігер алып басталдық.
Бақыт алдық, сенім алдық, дос та алдық.

Революция — сұңқарлардың самғауы,
Сұңқарларға лайықты бостандық.
Революция!
Қыршын жанын қиған ерлер, қырандар,

Жүрегімде сол жайында бір ән бар.
Октябрьде адамзатқа арналып,
Айтылатын үндеулер мен ұрандар!
Революция!

Жолдарыңды ұмытпайды, әрине, ел.
Жаңа ғасыр — жаңа дүние, жаңа үйлер.
Парадтарда асқақ басқан аналар,
Әкелердің мойнындағы сәбилер!

Революция!
Салтанатты митингілер, алаңдар.
Алаулаған жалауларға қараңдар.
Революция — миллиард пұт алтын дән,

Алтын дәнді аялаған адамдар.
Революция!
Рухыңмен айбарлысың сен бүгін,
Күллі ғалам қарайтұғын келді күн,

Революция!
Сенсің — алғаш қорғаған
Адамзаттың бауырлығын, теңдігін.
Революция!

Зұлымдықтың қара бұлты жыртылсын,
Бұйығылар бұлқынсын да сілкінсін.
Революция — күннің нұры қосылған
Менің ғажап бақытымсың, күлкімсің!

Революция!
Ұлы өткелім! Ұрпақ соны сезінсін!
Әйелдердің бостандығы өзіңсің!
Революция! Жүрегімсің, миымсың,

Миллиондарға жеткен менің сөзімсің!
Революция!
Еңселімен тереземді теңгерді!
Гүлдендірді шөлдеп жатқан жерлерді.

Бүгін мейрам!
Демонстрацияға шыққандар,
Еске алыңдар қызыл революционерлерді!!!

ҰЛЫ АҚЫННЫҢ КІТАБЫН БЕРШІ МАҒАН

А. С. Пушкинге
Ұлы ақынның кітабын берші маған,
Достары кім суытпай хал сұраған?
Дұшпаны кім ақынға қарсы надан?

Ақырғы рет қамығып қарағанда
Кім түсініп жүрегін қансыраған,
Кім сүртті екен көз жасын тамшылаған?..
Даналыққа кез болған дайындықсыз

Шулы тобыр, ерсі орта, көрші қолаң...
Бәрі есімде!
Тағы бір қарайыншы,
Асқақ сырын ақтарсын өршіл адам,

Ұлы ақынның кітабын берші маған.
Ұшқын ойдың ұғамын өртін бүгін,
Адамзаттың түбінің төркіндігін
Түсінем де,

аяймын жер тірлігін!
Ізгілер де, ездер де болады екен,
Әр дәуірде туса да әр түрлі ұғым.
Пайғамбары кемел ой, кең тұрғының

Шыдай алмай қараңғы заманына
Серпіп ашып көңілдің көр түндігін,
Жазған еді жалғанның дертін, жырын,
Ашқан еді өмірдің көркін, құнын,

Бірақ өмір ақынға керек пе еді
Бермесе егер тілінің еркіндігін?!
Жаны жұмсақ болса да мақтадан да,
Жалын тілін безеген жақпағанға,

Ақ қағазға жүгінді нұрлы жүрек
Ақ қағаздай тап-таза, әппақ ол да.
Масайраған жоқ еді мақтағанға.
Күйінеді күйемен даттағанға.

Жарық шамын жанының жағып кетті
Әділдігі сондағы жоқ қоғамға.
Алып шынар құлаған ақ боранда
Мәңгіліктің мәнісін тапты одан да.

Асқақтатып ұлы елдің азаттығын,
Ұлылықты үйретіп кетті адамға!
Ақтарайын кітабын ұлы ақынның,
Сезінейін сөзінің қуатын мың.

Данышпандық ойға тән әлемдегі
Адамзаттық жарқын сөз, сұрапыл мұң.
Құшағында отырып құба түннің
Кеудесінен арайлы шығатын күн —

Халқын сүйген ақынның жан жүрегін
Нәзіктікпен өзіндей ұғатын кім?
Дарқан дарын кешетін дауыл сезім
Қасиетті шыңы еді мұратымның.

Муза бізге үйреткен асықпауды,
Жүрегіммен тыңдайын тылсым сырын,
Берші маған кітабын ұлы ақынның!

САМҒАУ

Бақытым — далам деймін,
Қол қоямын.
Жаз гүлдеп, күзде бірге сарғаямын.
Ғажапсың,

Қасиетті де,
Данасың да —
Даласы аруананың, желмаяның!
Есімде —

Өткендерің, бір кездерің,
Үнінен революцияның мүлде өзгердің.
Ғасырдан ғасырларға талмай жеткен
Даласы ескерткіш пен күмбездердің!

Алатау, Қаратаудан сыр аңғардым,
Қалдырған қазынаңды,
Мұраңды алдым.
Мәстек пен жабыларды есіртпеген

Даласы қырандар мен құландардың.
Ақынға ақыл бердің,
Билік бердің,
Сүйінсең,

Сыбағалы сыйлық бердің!
Тұлпарды тұсамаған туған елім,
Даласы таланттардың, жүйріктердің!
Мен-дағы сөз тиген соң сөйлеп бердім,

Сөзіммен қарымдымын,
Қайраткермін!
Айбынды биігі мен айдыны бар
Даласы аққулардың, ләйлектердің!

Адамның мәңгі арманын, мәңгі ұранын
Бейнелеп,
Аштың оның нұрлы мәнін.
Махаббат,

қуанышты күйге қосқан
Даласы жүйрік шешен домбыраның!
Күйіне домбыраның бебеулеген,
Қаламын таба алмай дәл теңеу де мен,

Әлемнің жүйріктерін жарыстырған
Даласы даңқты айдынның Медеу деген.
Зулайды поездармен дала бірге,
Үйренген жылдамдыққа бар өмірде.

Осынау мекенінен жүйріктердің
Ғарышқа жол тартады корабль де.
Құмай да, жез киік те — бәрі осында,
Дәл мұндай жер жаннатын табасың ба?

Мен қалай ілби басып күн өткізем
Ылғи бір пырақтардың арасында?!
Ілесіп мезгіл деген мәңгі ағысқа,
Жасымнан кеудем толып толғанысқа,

Өнердің бәйгесінде
Тәуекел деп
Бастап ем бір қиын жол мен де алысқа.
Ілес деп қанат қақса құстар маған,

Ұшады ұясынан ішкі арман — ән!
Арнаған маған да бір сөрең бар-ау,
Самғауға, самғатуға құштар далам!

КОММУНИСТІК КӨЗҚАРАСПЕН

Кең далам — салтанатқа мәңгі алаңым,
Даланың бір перзенті мен боламын.
Революция ерлері жүрегінің
Жалынды ұшқыны боп жалғанамын.

Сөнбеймін жүрегімде алау барда,
Тарихқа қосам жаңа тараулар да.
Жалыным баяуласа, зәрем ұшып,
Қараймын оттай қызыл жалауларға!

Жастықтың өшпейтұғын бар-ау шамы...
Жанымның гүлдеп тұрған раушаны,
Сәби ем, анам көсем суреті мен
Сыйлаған кіп-кішкентай жалаушаны.

Бес пе екен, төртте ме екем, ұмыттым мен,
Кеудемде кезім еді үміт күлген.
Көрші үйлер арасында салтанатпен
Көгеріп жалаушамды жүріппін мен.

Кезімнен сонау алыс бал-балауса,
Жадымда, жүрегімде мәңгі алауша
Жалындап, желбіреп тұр
жан анамның

Көзіндей — маған ыстық сол жалауша!
Уақыт, әрқашанда ізің жаңа-ау,
Ұмыт боп тартқан кезі жүзім жадау,
Мен бүгін бүкіл жерге тіл қатамын,

Тұрған соң биігімде қызыл жалау!
Есімде революционерлер қол бастаған,
Соларға арналады мәңгі асқақ ән.
Қыбырлап күн өткізсем дейтін жандар

Болмайды ешқашан да жолдас маған!
Жек көрем күйкілікті, іштарлықты,
Қайсар жан өз пікірін ұстар мықты.
Үйреткен ақынына туған Отан

Жырлауды адамдыққа құштарлықты.
Қыс болсын, келсін мейлі кезек күзге,
Біз деген мейірімді де, өжетпіз де.
Болса да табиғаттың қай мезгілі

«Ауадай — демократия қажет бізге» —
Осылай ұлы ойларым жазылатын
«Правда» дер едім мен қазына атын.
Қалғанша соңғы демі — «Правдаға»—

Қол созып өткен Хикмет Назым ақын!
Жасайды қай кезде де қайран өрлік!
Шығады бірақ қалай, қайдан өрбіп
Майда сөз, жандайшаптық, жалтақтық пен

Топшылдық, тоқмейілдік, пайдагерлік?
Біреудің бұйығы саз, жалған ісін
Көргенде — шексіз менің таңғалысым.
Әлемдік апаттардан қорғау керек

Адамның жан байлығын, ар намысын!
Күн нұрын шашқан кезде жел де тынып,
Жер-бесік аман тұрсын тербетіліп.
Адамның ер рухын армандаған

Ақынның ой, арманы — жербетілік!
Жер — менің тербетілген үй-бесігім,
Жаздағы иісі қандай жидесінің!
Өлеңнің ырғағындай сақтайықшы

Мәңгі ұлы табиғаттың үйлесімін!
Адамдар — жер ананың ең байлығы,
Сондықтан бір-бірінің болмай мұңы,
Бірлесіп қарсы шықса, қиын ба еді

Болдырмау — соғыс деген сор қайғыны?
Шығармас жасықтарды сүйеп төрге,
Шындықтың тұғыры асқақ ұлы өткелде!
Күтіп ем жасалуын революция

Санаға, пиғылдарға, ниеттерге!
Жақсыға, болашаққа сенгендер кім?
Келеді өлеңіммен жәрдем бергім.
Жанында жалаушалар желбіресін

Алдымен өзін өзі жеңгендердің!
Атқан таң тамылжыса арай нұрмен,
Күн шығып, ажарланса маңай нұрмен,
Күллі әлем келбетіне бақыт тілеп,

Аналық махаббатпен қараймын мен!
Мазасыз сезім — теңіз қозғағасын,
Сөз алдым. Жұрт түсінер сөз бағасын.
Қорғауым мейірімді, ұлы сезімдерді —

Менің Коммунистік көзқарасым!

СОҒЫСТАН КЕЙІН ТУСАМ ДА...

Соғыстан кейін тусам да,
Соғыстың сезгем салмағын.
Тартқанмын мен де зардабын,
Білгенмін сұмдық мән барын:

Жоқтаған жарын, ардағын,
Естігем жесір зарларын.
Желкілдегі жүрген жеңгенің
Жер бауырлап қалғанын.

Ұйқысы қанбай баланың,
Тартқанын жүгін арбаның.
Қанатсыз қайтып сұңқарлар,
Қарқылдағаны-ай қарғаның.

Орылып кеткен боздақтар,
Ораған хатқа ойларын.
Қасірет қалды орнында
Қатал кез салған таңбаның.

Аласұрғанда заңғарым,
Әлсірегенде шамдарым,
Әскерім қорған болғанын.
Соғыстан кейін тусам да

Сезініп бәрін сорладым:
Өртеніп дала жанғанын,
Жоғалтып сәби мәңгі әнін,
Еңіреп жылап жас қыздың

Етегі жасқа толғанын.
Егіні шықпай шаруаның,
Ебелек шөпті орғанын,
Балтаның басы кетіліп,

Сынғанын сабы балғаның.
Жамандар жесе жан қамын,
Жақсылар ойлап ел бағын
Көтерген соғыс салмағын.

Соғыстан соңғы сор қалын:
Арыстандай азамат
Аяқ пен қолдан айрылып,
Көре алмай және жан-жағын.

Жалғанның сезіп жалғанын,
Сұрланып тістеп бармағын,
Дүрсілдеп жүрек тұрған соң.
Амалсыз тірі болғанын,

Сезініп, ойға шомғаным!..
Сол емес пе еді қорғаным?
Қираған көпір, жолдарын,
Күл болып кеткен орманын,

Махаббаттың да бар мәнін,
Шапағат толы таңдарын,
Майданда өлген арманын,
Майданда сөнген шырағын,

Майданда аққан қандарын,
Майданда қалған аяғын,
Майданда қалған қолдарын —
Қайдан да табар, ол бәрін,

Қайдан да табар, ол бәрін?!
Сұрапыл соғыс сондағы
шайқалып кеткен шаңырақ,
Қабырға қалған қаңырап.

Жар бола гөр, деп, аруақ,
Жылаған әже аңырап!
Бейнелеп айтсақ, біз енді,
Үзіліп кеткен үзеңгі.

Тартылмай қалған таралғы.
Тал түсте болған қараңғы.
Дұшпанның сойыл, шоқпары,
Тағдырдың қиын көкпары.

Окоптар әжім толтырған
Жер-анамыздың қатпары,
Дән шықпай қалған далалар
Жүректе қалған жаралар,

Айта да берсең көп бәрі.
Жазылып кеткен жоқ бәрі.
Жалғыздық көрген аналар,
Күрескен мықты қалалар.

Құлаған, жанған теректер,
Ладога мұзы жалмаған
Ленинградтық бөбектер,
Алапат сол бір шақтағы

Жігер мен мұңға оралған,
Сау қалған оттан, бораннан,
Солдаттың соңғы хаттары!
Өртеніп жатып өздері

«Отаным» деген сөздері
Қаһарлы, нұрлы көздері!
Ерліктің ұлы рухы —
Емдеген сонда дәрі күш —

Отанға деген махаббат,
Еліне деген сағыныш!!!

ДӘН ДАРИЯ

Социалистік Еңбек Ері Нұрғабыл Мөлғаждаровқа
Дарқандықты даламызға теңедік,
Баламызды тал бесікке бөледік.
Бесік алып көшіп жүріп түйемен,

Жомарттығын жоғалтпаған ел едік.
Сұлулықты сүмбілеге теңедік,
Сүрінгенді сүйедік те демедік.
Қираса да Отырардай қалалар,

Орнын сақтап қала алған ел едік.
Ұлы дала — өтеуіндей азаптың,
Бабалардың мырзалығы ғажап тым.
Ынтымағы жарасты сан ұлттардың

Ұланғайыр даласында қазақтың.
Қайран баба!
Ең бастысын байқаған!
Байтақ өлке дәнмен бүгін айтады ән.

Болашаққа басталды бір бетбұрыс,
Өткен күнге ой жіберіп қайтадан.
Дариядай дән толқытқан далаға
Дамыл таппай қарайсыз-ау, жан аға!

Сыңғыр-сыңғыр сұлулықты күн сайын
Кешіп жүріп көз мейірі қана ма?!
Сұлулықтың бағасы зор бірақ та.
Сұр аспаннан жаңбыр құйып бір апта.

Суда қалып бейнетің мен бақытың,
Алдың ба екен, аға, бір сәт жылап та.
Жұбатты ма сонда нұрын тарата ай,
Сол күндердің әрбір қиын сағаты-ай!

Менің балам қолын созған ақ күлше
Қолыңыздан шықты ма екен, ағатай!
Ақ күлшеге қол созады балбөбек,
Алтыннан да, гауһардан да ол бөлек.

Ақ аспандай дастарқанды ашады
Күн сияқты қып-қызыл нан дөңгелек!
Секем алып кей хабардан, кей күннен,
Анамын ғой, махаббатпен, мейіріммен,

Тәтті нанға қолын созған сол сәби
Шаттық әнін жоғалтпаса деймін мен.
Күн күлшелер жарық қылып не түнді,
Күн нұрымен жетім көңіл жетілді...

Нан көтеріп үйге кірген жеңгелер
Күн көтеріп келе жатқан секілді.
Дала түлеп, дамығанда қалалар,
Сол жеңгелер өмір шамын жаға алар.

Егістіктен күліп қайтсын күн сайын
Жеңгелерге күн сыйлаған ағалар.
Топырағы алтын дәнмен тысталған,
Ән тыңдаған алуан түрлі құстардан.

Ұлы Отанға дән дария толқыны
Бара жатыр Байтақ Қазақстаннан!

МЕНІҢ МУЗЫКАМ

Даусым жоқ,
Адамдаймын кінәлі шын.
Ішімде —
Жұбанышым,

Қуанышым.
Айтулы әнші емеспін,
Содан ба екен —
Әуезді әнге толып тұрады ішім.

Жақсы әндер —
Жалғандағы жан құмары,
Жай даусым
Әнге салсам, қарлығады.

Ал бірақ онда не тұр!
Жүрегімде —
Халықтың барлық күйі,
барлық әні!

Тартылып,
бір күй бітсе,
Жаңа бір күй,
Тәтті әуен

өз жанымнан табам ылғи.
Жанымның түкпірінде
тұратындай
сызылтып скрипкасын Паганини.

Жүргендей
Сол бір ғашық көктемімде
Толамын
Сағыныш боп жеткен үнге.

Сезімім —
Симфония,
Өн бойымда
ойнайды

Өмір бойы
Бетховен де!
Ән маған,
Мен әндерге бөтенмін бе?

Ән іздеп
алаңдаймын өтер күнге.
Білмеймін,
Неткен жанмын?

Көкірегімнен
кетпейді сағынышы Шопеннің де!
Ұлының үні менде,
мұңы менде.

Қайтемін,
Өз бойымнан түңілем бе?
Тыңдаймын күнімен де,
түнімен де,

тынбайды құштарлығым мұнымен де!
Даусым жоқ,
Оған кімдер кінә қоймақ?
Ішімнен

күй туралы жүрем ойлап.
Наздансам,
Қосылады бір музыка.
Шығады, ашулансам,

біреуі ойнап!
Бірінің шыңы биік,
құзы төмен —
Қуансам,

құйылады қызық әуен.
Күресем
Қажырлы әннен
Қайрат алып,

Жылаймын
Ішімдегі
музыкамен.
Ұшатын —

өлең жазсам дәптеріме —
Әуен көп,
Солар көңіл кептері ме?
Барлық күй жазылғандай лайықталып

Құбылған менің құйын сәттеріме!

АЛМАТЫНЫҢ ТАУ ЖАҒЫ ТАҢҒАЖАЙЫП...

Қандай таң! Тамылжыған, жарқыраған,
Гүлдердің жұпар иісі бұрқыраған,
Әсем бір ән тарайды әр тұмадан.
Сайрайды тату құстар көк тоғайда,

Тоғайдың бер жағында жарқын алаң.
Алаңды жарып өтіп еркелікпен,
Тау суы көбік шашып сарқыраған!
Тар арна күн нұрымен шағылысып,

Жатқандай ағып өтіп алтын одан.
Тойлаған ұлы таңды құстар құрлы
Білмейді-ау тіршіліктің парқын адам!
Алатау таңғажайып тәж кигенде

Жүрек пе шалқымаған, толқымаған?!
Таңғы шық жапырақта жалтыраған
Тазалық қосқан шығар, бәлкім, оған.
Мөлдіреп жаңа туған кәусар дүние

Керемет салтанатпен сән құраған.
Қарсы алып атқан таңды, алтын күнді
Бақыт қой көру деген әр күні аман!
Осы бір жер жаннатым қимас едім

Берсе де орнына оның жарты ғалам!
Қандай таң тамылжыған, жарқыраған!
* * *
Ақша бұлттың астында шие гүлдеп,

Гүл қауызын самал жел иеді үрлеп.
Гүл қауызы сияқты шөлдеп тұрып,
Бата алмадың айтуға сүйемін деп.
Ерте көктем рақат сый ақтарып,

Иығыңды иығың сүйеп қалып...
Иіледі ағаштар ал қызыл боп,
Сакураның бұтағы сияқтанып.
Махаббатқа мас болып жүрек керім,

Бас айналып, балқиды сүйектерім.
Алтын жіппен астарлап зерлейді күн,
Ақша бұлттың жұп-жұқа жиектерін.
Ұнатушы ем шиенің гүлдегенін,

Жақсы болды — «көрейік, жүр»,— дегенің,
Саусақтарым қолыңда үгітіліп,
Үнсіз шие гүліндей үндемедім...
Гүлді үрлейсің... Тұрсың ба үзгелі шын,

Әдемі әлем — жүз бояу, жүз келісім.
Жүрек тілін аударып дүниеге
Жырлап тұрды бұлбұл құс біздер үшін.
* * *

Жел соққанда толғандай даусы мұңға,
Алма гүлі айналды таусылуға...
Жаратылыс жатады мың өзгеріп,
Жалғыз жылдың төрт келген маусымында.

Көңіл қалай лүпілсіз жай тынады,
Жай таба алмай, жан сырым айтылады.
Бір күннің де таңы бар, сәскесі бар,
Кеші де бар, күн батса, ай туады.

Жабайы алма сияқты шыңға біткен
Жапырақ жайып, жаз келсе, ырғалып мен,
Жайнап, гүлдеп, тербелдім
еш уақытта

Сезім кешіп көргем жоқ бір қалыппен.
Қайталанбас күндерім, күлкім дағы,
Алтын жазда сезім гүл құлпырғаны.
Күз келгені... Сарғайған жас жүректің

Ыстық жасы, ынтығы, ұмтылғаны.
Өкпе, назы, тілегі, тіл қатқаны,
Тату кезі, дауасы, жұмбақтары —
Талайлардың ойына ортақ болар —

Бір ғана махаббаттың ырғақтары.
* * *
Кеудем толып бір сезімге алаулы,
Ашқандай бір аса қызық тарауды.

Өз ойыммен өзім болып жол бойы
Ұмытыппын жан-жағыма қарауды.
Қарамаймын, айналамда ісім не,
Өз бақытым — жүрегімде, ішімде.

Түк қайғым жоқ. Жез киіктей жеңілмін,
Түсінбеймін, өңім бе бұл, түсім бе?!
Айтыңдаршы, мынау қай жер, қай тарап,
Ғашық адам қалай бәрін байқамақ?

Жымиямын өз сөзімнен ұялып,
Күбірлеймін оның сөзін қайталап.
От жүргендей тамырларда, денемде,
Айтқан сөзім айналады өлеңге.

Сену қиын бүгін мынау әлемде
Кішкентай бір жамандық бар дегенге.
Бәрі тәтті. Тәтті күлкі. Тәтті мұң.
Ойнақтайды кеудемде бір ақ құлын.

Қуанғаны қандай жақсы адамның,
Аялдашы, айналайын шаттығым!

ТАЗАЛЫҚ ТУРАЛЬІ ЖЫР

Сені көріп құшағынан арайдың,
Қуанышпен қызықтадым талай күн.
Кейбір күліп қолымды алған кісінің
Көзінде де сен бар ма деп қараймын.

Болып бүгін үйінде бір мықтының,
Солғын тартып кетті бір сәт құтты күн,
Отырғандар арасында өзіңнің
Жоқтығыңнан шықпай қалды тіпті үнім.

Толған жасау... Үй иесі бай неткен.
Шай ішеміз алтындатқан шайнектен.
Күн сәулесі құйыла алмай тұp бірақ
Көптен бері жуылмаған әйнектен.

Адамдарды бақылаған бір қызық.
Көңіл мұздай.
Камин ғана тұр қызып.
Терезені быт-шыт қылып сындырып,

Алсам ба екен күннің нұрын кіргізіп?!
Қазір кіріп келсең, шіркін, үйге осы.
Аралассаң есептескен сыйға осы...
Теледидар қойып едік, шетелдің

Жүріп жатты әдепсіздеу киносы.
Алалыққа қарап тұрып, нали мен
Өр басымды жалғызсырап сәл игем.
Сен жоқ жерде отырудан сескеніп,

Сөйлестім-ау тәй-тәй басқан сәбимен.
Сен жоқ жерде қайнап кетер мүлде ызам,
Ана әйнекті ана әйелге жуғызам.
Мына отырған кесірлердің кеудесін

Тазартатын тамаша өлең туғызам.
Жүдеп кеттім жүргенімде жыр аңсап,
Халық әні ұлы еді ғой ұға алсақ.
Мына кино кімге керек, сұрансақ,

Анау ағай бермес пе екен бір ән сап.
Жараса ма сенсіз, айтса наз ару,
Сенсіз өмір — арыз, жала, азап, у.
Жаңбыр шайып өткен жазғы шалғындай

Бәрімізге парыз екен — тазару.
Сен болған соң сәуле төгіп тұр Ай, Күн,
Сен бар жерде болу керек бір айбын.
Ұлы күштен

Адамдарға сұрасам,
Сезімдердің тазалығын сұраймын.
* * *
Бетінде мынау жер деген үлкен мекеннің,

Біp тал гүлдей боп өмірге келген екенмін.
Нәзіктігіме, қияда өскеніме қарамай,
Салған жүгіңді, тағдырым, мен де көтердім.
Өмірге қашан кім келіп, кімдер кетпеген?

Көгорай шалғын қанша рет қайта көктеген?
Орнынан кімнің нәр алған мынау қызыл гүл,
Отырсам жалғыз ойларға қалам көптеген.
Талабым үлкен, жетерлік әрі табысым,

Амандық болса, артпай ма жылдар тағы сын.
Адамға тағдыр еншіге берген өмірдің,
Түсінген кімдер жұмбағын, небір мәнісін.
Қызығы өсіп жағалау — биік жардың да,

Тербесе желдер, теңелдім жасыл шалғынға.
Төзуге бармын тоңсам да, күнге күйсем де,
Ұмыттыратын жылдарым болса алдымда.
Қызығы түгіл қиындығына тоймаймын,

Келеді күндер, жанымда мысқал қоймай мұң...
Денемде жатқан тамырлар — жарық пернелер
Жасампаз бір күй туғызар-ау деп ойлаймын.
* * *

Біреулердің біреулер арқасында,
Біреулердің біреулер қалқасында.
Жүрген кезде
өзіңнің

ешкімі жоқ
Тағдырыңнан бір түрлі қорқасың да!
Ойланасың жүрекке жүк түсіріп,
Қызық халық

Болмайды түк түсініп.
Милары жоқ біреулер мықтысының
Жетегінен қарайды «мықтысынып».
Білмейді олар өзінің ерсі ісін де,

Күдірейіп, көрмейді көршісін де.
Әдетінде біреудің — өсек тасу,
Жағымпаздық — бірінің еншісінде.
Даңқы кетіп тұрғандай байтаққа анық.

Дүниені тоқтайды шайқап барып.
Қысыламын кей-кейде солардың да,
Бір бейшара екенін байқап қалып.
Налымаймын соларға танымаған,

Мақсат емес танылу әлі маған.
Бір қолдаушым жоқ болса, ештеңе етпес,
Бәрінен де болсыншы елім аман!
Уақытқа жанылған мен де алмаспын,

Адамы да емеспін жан далбастың.
Қызықпаймын біреудің биігіне,
Елім барда, ешкімнен кем болмаспын.
* * *

Бақыттымын даламмен, байтағыммен,
Табиғатқа сырымды айта білгем.
Тамыз біте сарғайған жапырақтан
Күздің келіп қалғанын байқадым мен.

Әжім түссе маңдайға, бетке небір,
Жол береміз несіне өкпеге құр?
Балдан тәтті екен ғой, кейін көрсек,
Байқаусызда басыңнан өткен өмір.

Өткен өмір, өткен ай, өткен апта —
Өте берер, жалынсаң, тоқтамақ па?
Кем ойларды жүзеге асыруға
Үлгермейсің жүргенде қат-қабатта.

Өткен өмір — өткен ай, өткен апта,
Ұшып кеткен тырналар көп тарапқа.
Жапырақтар шашылып жан-жағыма,
Жаңа өлеңдер түседі ақ параққа!

* * *
Қайдасың жап-жас күнім, жайсаң күнім,
Қалайша бүгін мұндай байсалдымын?
Азайтып асылдарын алғандай ма,

Сезімім
Қазынаға бай сандығым?
Емес пе былтырғыдай биыл көктем,
Кетуім араласып қиын көппен.

Адамға жақындасу бақыт еді,
Біреуді жек көруді кім үйреткен?!
Жек көр деп айтпап еді әкем маған,
Жарым да олай деуге бата алмаған.

Ал сонда жанып түспей, жасқаншақтап
Тұруды кім үйретті екен маған?
Мен енді кешегідей жас емеспін,
Қолыммен қызыл шоқты көсемеспін.

Қорықпай қызыл шоқтан қызғалдақтай
Келеді соңымда бір әсем өскін.
Қызығам, тілектеспін мен соларға,
Дем берер солар маған шаршағанда.

Іздеймін жас толқыннан жарқын сезім
Алтын нұр Алатауды қоршағанда.

БЕГІМАЙДЫҢ ӘНІ

Суларға сулар қосылып ағып көктемде,
Бұлттарға бұлттар ілесіп көшіп көктен де.
Желдерге желдер желбірей ұшып жеткенде,
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.

Аққуды аққу айналып жүзсе ақ көлде
Керемет назбен кептерін сүйсе кептер де,
Әуенге әуен ұласып кеткен сәттерде
Жүрегім сені іздейтін еді елжіреп.

Ағашқа ағаш бұта қолдарын бұлғаса,
Гүлдермен гүлдер билесе, бірге жырласа,
Құстардың тілін құстары ұйып тыңдаса,
Жүрегім сені іздейтін еді сағынып.

Жұлдызға жұлдыз жарығын төгіп жанғанда,
Тамшыға тамшы қосылу үшін тамғанда,
Тауларға таулар сүйеніп тұрып қалғанда,
Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.

Жүрегім сені іздесе сонда мұңайып,
Сезімтал жанға сен емес пе едің лайық!
* * *
Бір үміт күтетін ем жасқана алдан,

Жоқ еді маған —
одан асқан арман.
Ойымда өмір сүрдің,
Сол үшін де —

Алыстау болдым —
Саған басқалардан.
Жайымды
Сені ойлаған кезімдегі

Жан білмей,
Қорғап қалды төзім мені.
Түсінсең,
Махаббатым тілімде емес,

Тұңғиық жанымда еді,
Өзімде еді.
Қалайша
от сезімнен өртенбегем?

Кеудемде
бір бейне едің көркемдеген.
Аңсаған көңіліме
ортақ еді —

Ақ гүлдер
Жапырағын жел тербеген.
Тербетіп гүл сабағын
жел тұрады.

Сен десе,
көңіл биік талпынады,
Күн нұры
Күллі әлемге төгілгендей

Кеудемді ыстық сезім
толтырады!
* * *
Ыстық үнің үзіліп сыбырлаған —

Дүрсіліндей жүректің бүл үн маған.
Ұмытуға бола ма гүл дәуренді
Қуаныш боп кеудеден туындаған?
Жақсы көріп, көз алмай қарағаның —

Майда барқыт мұнарға оранамын.
Бірнеше жыл іздеген, ұмытпаған
Ауылдағы жас күнге ораламын.
Таңғажайып өмірден таптың үміт,

Қадіріңді өзіңнің қатты біліп,
Еркеледім еркеңдей, жалғызыңдай,
Шөл көңілді суғарып тәтті қылық.
Ризамыз көктемнің кешіне біз,

Кеш бояуын кеудеге көшіреміз.
Сүю деген — мейірім,
біреулердің
қателігін, қастығын кешіреміз...

Жұлдыздарын кеуденің жақты аспаны,
Асығады сезімдер достасқалы.
Сенің ыстық сөздерің, теңеулерің
Тоңып қалған жаныма шоқ тастады.

Жақсы көрем десең сен менен гөрі,
Жақсы көрем дедім мен сенен гөрі.
Біз екеуміз туралы емес пе екен
Сүю жайлы Абайдың өлеңдері?..

* * *
Арналар албырт жырым өзіңе әлі,
Біреудің өзі ұнамай, сөзі ұнады.
Өзің де, көзің де ыстық болған соң да

Өзіңе менің қолым созылады.
Еске алсам, туған жердің кең даласын,
Бір шың боп тауларға да жалғанасың.
Мен үшін таудай биік, даладай кең

Жалғыз жан дүниеде сен ғанасың!
Жүзеді сұрша бұлттар көк төсінде,
Білемін бұлтқа қолым жетпесін де.
Meн бір жан ұмытатын сен дегенде.

Ашуын, ренішін, өкпесін де.
Жүрекке қалдырыпсың талай белгі,
Қараймын сен бе екен деп арайға енді.
Жүректен көкжиекке дейін сенсің,

Қолыңнан соның бәрі қалай келді?!
* * *
Өсек айтып, жел сөзбен желіккендер,
Маған маза беріңдер, ерікпеңдер.

Мен бұлақпын,
Бұлақтық айналаға
Зиян болған кездерін көріп пе еңдер?
Бір бұлақпын, бұралып сән құратын,

Жанымды ұқсаң, жарқырап жаңғыратын.
Алалыққа орын жоқ жүрегімде,
Адамдық пен адалдық — бар мұратым.
Жақсы сөзге қуанып бір естіген,

Өз әнімді бәріңе үлестірем.
Тірестім мен ойлымен, ойсызбен де,
Тағдыр үшін тағдырмен күрестім мен.
Көктем келіп,

гүлдерін жайсын да өрік,
Жылдар жар боп, берсін тек маусым көрік.
Сүрінбесін адал жан,
Ол сүрінсе,

Сүйейсіңдер жүгіріп қайсың келіп?
Тұрса деп ем тербеліп теңіз — гүлдер,
Нәзік гүлін көңілдің неге үздіңдер?
«Жүрегім менің қырық жамау»...

Абайламай,
Абайға да осылай дегіздіңдер.
Жүрегімде — азабым, алтындарым,
Өлеңімнен түсінер халқым бәрін.

Ақымақтардың алдында үнім шықпай,
Жайсаңдардың жанында жарқылдадым.
Тілін таптым тап-таза тамшылардың,
Тамшылардан құралған ән шығармын.

Іші тарлар іше алмас кәусәрімді,
Асылдардың қолымен аршылармын.

ЛӘЙЛЕКТЕР КЕЛГЕНДЕ

Таңдай ақшыл жарасып көйлектерің,
Тәнмен сезіп ұзақ жол бейнеттерін
Жапония жері ме, Африка ма,
Қай арадан қайттыңдар, ләйлектерім!

Ескі күмбез — ежелгі заман көзі,
Прогресс күшіне алаң кезі —
Төбесіне сендерді ұялатып,
Ой салғандай асыққан адамға өзі.

Қиқуына құстардың дала құштар,
Әуе, жерді толтырған өр ағыстар.
Қашандағы бүркіт аз, жапалақ көп,
Жалп-жалп ұшып жүр тағы қарақұстар.

Тәкаппарлық керек-ау таң қаларға,
Кербез құстар кеткенде сән қалар ма?
Биік таңдап жатпай-ақ,
күлге қонған

Жыным келіп қараушы ем қарғаларға.
Жаңбыр жауса, жуылып әйнектерім,
Жаңа жырға толады жан дәптерім.
Көз жазып қап,

Көп жылдар күтіп едік,
Келдіңдер ме, аяулы ләйлектерім!
Көріп алыс елдердің тұрмыс, халін,
Біздерді аңсап күндіз де, түнде

ұшқаның...
Төркіндеген қыздардай сағынышпен
Еркіндеңдер ерекше, жыл құстарым!
Мейірімге арналып алғыстарың —

Ескерткіші еді қалдырған соңғы ұстаның
Мұнараның басынан
Мұңға шомып,
Қарайсыңдар, азайған паң құстарым!

Ұзамаңдар айналып жиі елеске.
Қанатымен құсты құс сүйемес пе?
Мұздай болып құтты ұя бос қалмасын,
Ұя деген құстардың үйі емес пе?

Ұшырамын сендерге ой кептерін,
Биіктерде тұрыңдар билеп керім.
Кең даламның бақыты толық болсын,
Кетпеңдерші, киелі ләйлектерім!

* * *
Өкініш — у,
Өткен күннің сол уы
Солғындатты шаттығымды, күлкімді.

Мүмкін еді бұдан жақсы болуы...
Бұдан жаман болуы да мүмкін-ді.
Өз уым — бал,
Басқанікі жат енді,

Өзімдікі —
Бастан кешкен бар өмір.
Жөндер едім, әттең, кейбір қатемді,
Барлығы да қайталанса және бір.

Өмір бірақ қайталанбас,
Шынымен,
Қайталанар қайырмасы әндердің.
Өткен күнге өкінгенше күнімен

Келешекті түзетуді жөн көрдім.
* * *
Ұшады көкте талмай құс,
Талдырмай жүрген қандай күш?

Қияға қарап,
Қанатсыз
Талпына бердім мен байғұс.
Мен бе екем жалғыз талпынған,

Қанаты отқа шарпылған.
Жағалай соғып жүрмей ме,
Сәтсіздік деген антұрған.
Үрейлі, үнсіз мәңгі аспан.

Қараймын көзді алмастан.
Жан екем мен де ол бастан,
Болмаған жолы жолдастан.
Кеудемді басып қауіп бір,

Қиналдым қанат қағып құр.
Ашық та үнсіз ақ аспан,
Жанымда жаңбыр жауып тұр!
* * *

Кемшілігім толып жатыр, санасам,
Жүрегімде жатыр және жара сан.
Азабым көп, қайғым және орасан,
Менен гөрі бақыттыға қарасам.

Кемшілігім ештеме емес, санасам,
Ең мықтының өзімен де таласам.
Менде — күлкі, бала — байлық және сен –
Менен гөрі бақытсызға қарасам.

Ем іздеген құтылар-ау жарадан,
Әні жоқтар, шын қаласа, табады ән.
Табылмаған дүниеге — шара не,
Бар бақытын қорғау керек әр адам.

* * *
Көтереді қайғыны ақынға тән иық тек,
Жырларыңды жаттады туған елің сүйіп көп.
Аласартам деп еді ажал мыстан өзіңді,

Өршеленіп кеттің сен Алатаудай биіктеп.
Болса егер де адал жан, жыр қанатты періште —
Өзің едің, дән егіп, жете алмаған жеміске.
Жықтым деді сұм ажал тұлпарыңды тұқыртып,

Жығылғанның өзінде ие болдың жеңіске.
Тірісінде көзіңнің естідің де тіпті сын,
Еленбеді пендеге пайғамбарлық мықты ісің.
Алған жоқсың атақ та, мансап саған не керек,

Мансаптының бәрінен намыстысың, мықтысың!
Жаныңды ұққан адамның жүрегінде жатты аза,
Бірақ сенің жырыңды әкете алған жоқ қаза.
Сәби жүрек жан едің,

Өлең деген өмірде
Алатаудың қарындай ар-ұжданың тап-таза!
Жырың ән боп аралап кетті бүгін ел ішін,
Қайталанбас таланттың өзің едің кені шын.

Бәрі жақсы!
Дегенмен, адалдыққа сын тұста
Күреспедік,
Күресе алмадық біз сен үшін.

БАҚ ҚҰСЫ

Дүние — кезек, қайырымы мен қаттысы,
Қайда деп, кім деп жүрегі, жаны пәк кісі.
Жынысқа, жасқа, орынға, текке қарамай,
Көрінбей ұшып жүреді дейді бақ құсы.

Мұратын танып қариядан да, жастан да...
Қанаты талып дариядан да, тастан да,
Жоғары,
Кімді лайық көріп болғанша,

Ұшады дейді мұңайып биік аспанда.
Киелі құстың мекені тауда, зеңгірде,
Тілегі құстың қасиетті де, мөлдір де.
Көңіліне жаққан біреудің барып басына,

Көрінбей ғана қонады дейді ол бірде.
Жақсылықтан да келетін бір мін тапқысы,
Шынымды айтсам, шіреншектердің батты ісі.
Самолеттей ғой аэропортына жетпеген,

Адамын таппай, адасып қонған бақ құсы.
Бақ құсы қонса, құяды-ай сонда сый — нөсер,
Өзі де сезбей, сол адам сұлу күй кешер.
Адамын тауып, адаспай қонған бақ құсы,

Талантты ақынның өлеңдеріндей үйлесер.
Бақ құсы қонбай, пендеге дәулет құралмас,
Құралған болса, қия алмас оны бір алмас.
Ардақтай алған жан бірақ нардай көтерер.

Бармақтай бақты кейбіреу ұстап тұра алмас.
Ақылың болса, тілектес әрбір ісіңе ел,
Орынсыз болса, тілегіңді кім түсінер?
Ұшырып алмай, аялап ұстай білсе екен,

Басына келіп бақ құсы қонған кісілер!
* * *
Мезгілмен де сырластым, араймен де,
Өзенмен де үндестім, тоғаймен де.

Ақ қағаздың бетіне жұлдыз шашып,
Махаббатымды жеткіздім қалай да елге!
Сырымды орап ақ қағаз арасына,
Жырым жетер туған ел даласына.

Бесік жырын шығардым балама арнап,
Басқа ана да айтсын деп баласына.
Қанат қағып,
Сыймаймын үйге, міне,

Өкінбеймін өртеніп, күйгеніме.
Сезімімді көркемдеп, бейнеледім,
Айтуы үшін арулар сүйгеніне.
Аяғам жоқ өлеңнен жанымды түк,

Жасын шумақ шығардым жалын жұтып.
Ізгілікке үйреттім інілерді
Табиғатты жырладым тамылжытып.
Адамдықпен биіктер аласа бой,

Ізгілікке иілер болашақ ой.
Жырламайын қалайша,
Қараңызшы
Дүниенің өзі де тамаша ғой!

* * *
Іздеп, тауып мендегі бөлек үнді,
Жаттап алып жүретін өлеңімді,
Бір оқушым бар екен,

Қандай жақсы —
Сезінгенің біреуге көмегіңді.
Оқымаса, сырымды білмес бөтен,
Екеуіміздің мұңымыз үндес пе екен?

Мені мүлде көрмеген сол бір жігіт
Жырларыммен қалайша тілдесті екен?
«Қуат алып жаныма жарқын жырдан,
Хат жолдадым, ісім сол бар тындырған».

Деп жазыпты,—
Осындай хаттар мені
Жақсы жырлар жазуға талпындырған.
Көкірегімде орман мен дала шулап,

Жүрегімнен туады тамаша ырғақ.
Еш уақытта көрмеген достар үшін
Жазылады өміршең жаңа шумақ.

АҒАШТАР

Жапырақтар өртеніп жатыр сайда...
Жабырқаймын күзгі күн батырса ойға.
Ағаштарға дәл мендей іңкәрлікпен
Қарамаған шығар-ау Хокусай да.

Ағаштарға қараймын жазда, қыста,
Ыстық тартып тұрады көзге алыста.
Адамдардай әр кезде абыр-сабыр,
Бұтақтары өседі қозғалыста.

Жеткізе алмас бұл жайды не бір кестең:
Түлеп, түсіп көрінер-көрінбестен.
Жапырағы алмасып адамдарша,
Замандармен жарысып өмір кешкен.

Желбіресе шәйі бұлт-шымылдықтар,
Бәйтеректер тағдырдың жырын құптар.
Үш бұрыш хат ұшырып армандасқан
Ағаштарда сұмдық бір сұлулық бар.

Қатты аязда желексіз жұтап бәрі,
Қар жамылар бұйығып бұтақтары.
Жазғытұры сыбдырлап самалменен,
Жазылады мезгілдің кітаптары.

... Күзгі қала!
Таусылып бағында әтір,
Арық суы суынып ағып жатыр.
Өлең жазған қағазды өртегендей

Жапырақтарды біреулер жағып жатыр.
* * *
Кенен жасы — тәңірден сұрағаным,
Тыңдау сөйтіп бұлбұл мен бұлақ әнін.

Мейлі, тіпті, болмасын ұнағаным,
Ештеңе етпес сүрініп, құлағаным.
Елім, далам, балам мен өлең болса,
Қалғанының табармын бір амалын.

Кенен жасы — тағы да тілегенім,
Әннен тауып әрдайым жүрек емін.
Даңқты іздемей, дақпыртты мазақ етіп,
Өмір сұру — арманым міне менің.

Өлеңімді іздейді, білем елім.
Ұсақ-түйек кемдікті елемеймін,
Ықыласқа бөленсе жыр, өлеңім.
* * *

Бір уақыт ортайғаным түк етпес,
Жап-жас болып қартайғаным түк етпес,
Менің жайнап жүруіме ішінен
Біреу болса жер бетінде тілектес.

Кейбіреудің елемеуі түк етпес,
Мейірімге бөлемеуі түк етпес.
Аман болса екі жұлдыз ерекше,
Менің қиын бақытыма тілектес.

Қызғанбаймын тұстастарым болса озық,
Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк,—
Жұрт ішінде абайсызда сүрінсем,
Жүгіретін біреу болса қол созып!

* * *
Ақ шәлі жамылғанда бақшалы әлем,
Ат жегіп, зуылдасаң ақ шанамен!
Ақ қыстан

Ақ тілеулі менің жаным
Шарқ ұрып іздегенін тапса деп ем.
Мен бүгін сезімімді іркер емен,
Бұтағын, боран тұрса, сілкер емен.

Аяздың оюынан өрнек алып,
Ұсынам, жаным, саған шілтер өлең.
Асау ат асуларға алып барсын,
Ақ қардың арасында қалықтарсың.

Бір тонға оранып ап біз отырсақ,
Болмас-ау екеумізге халық қарсы.
Жарасар қуаныш пен күлкі маған
Зуласақ, не жетеді, шіркін, оған!

Шаттықтың ақ шампанын атқылатып,
Шананың табанынан бұрқыраған.
Жығылсам, сүйенішім — жұртым ерен,
Жұртымның шапағатын шын тілегем.

Болады қысты өлеңмен қысқартуға,
Аязды жылытуға күлкіменен.
Ақ боран алай-дүлей соқса да, мен
Толтырып ақ шәлілі бақшаға өлең.

Басымнан басқа ойларды сілкіп тастап,
Заулайын ақ далада ақ шанамен!
Төбеден төмен құлап сырғанақтар,
Көрпедей төселеді мың қабат қар.

Делбені қанатша қақ,
Емін-еркін,
Көсілсін самғауды аңсап тұрған аттар!

ҮШАРАЛ

Сайран салам сағынышпен келем де,
Қарлығаштар айналады төбемде.
Қырымнан да, Римнен де артықсың,
Сенен ыстық жер жоқ маған әлемде.

Баладай пәк бауырың да, досың да,
Бауырыңа бас, шұрқырасып қосыл да.
Осында ғой адал, жомарт адамдар,
Ең әдемі әйелдер де осында.

Алғаш естіп, алғаш шыққан ән атын,
Той дегенде қызынатын, жанатын.
Қыздарының бәрі биші, бәрі әнші,
Жігіттердің бәрі күйші, бәрі ақын.

Осы ауылда биіктеткен мұратын,
Жұлдыздарға толған кезде құба түн,
Жүрегіне жыр толатын ғажайып,
Бар осында менен мықты бір ақын.

Оған қымбат — қырдағы алау түскі леп,
Ол екеуміз бір алаудың ұшқыны ек.
Менен оның өлеңдері нәзіктеу,
Менен оның махаббаты күштірек.

Оған қымбат қызыл жыңғыл, ақ қайың...
Соған қарай қалай қанат қақпайын.
Барам десең, есігі ашық бар үйдің,
Шабам десең, Шалқұйрықтай ат дайын.

Түсінбеген түрлі сөзбен даурығар,
Жазылмайтын анықтама, қаулылар.
Жүрегінде бітпес ән боп қалатын,
Әр адамның өзінің бір аулы бар.

Сол ауылға түсінде де ол асығар,
Көбелегі көзіне оттай басылар.
Мен де аулымды —
Үшаралды ардақтап,

Шөл болса да, жәннат деймін, несі бар?!
Дейді көңілім «Үшаралға ұш, орал»,
ұшсам саған ыстық самал құшар, ал
түндерің ше?

Гауһар жұлдыз мұхиты
Сенен басқа еш жерде жоқ Үшарал!
Гауһар еді, жұлдыздары от еді,
Сыңғырлаған даусы жерге жетеді.

Сүттей жарық түндеріңді ойласам,
Жүрегіме жұлдыз толып кетеді.
Ұям сенсің, түсіме егер енсе ұям,
Ұшам саған, қалай мұнда мен сиям?

Күтіп жатқан Қайта өрлеу дәуірін
Сенсің менің сұлу Флоренциям!
Ақпаныңды араласқан боранмен,
Көктеміңді тоқтата алмас тоғанмен

Сүйікті етіп, биіктетіп бейнелеп,
Мәрмәр сөзден бір ескерткіш соғам мен!
Сенсің менің асыл әнім, әңгімем,
Аязыңды еске аламын алдымен.

Ақ қарың ше?
Көрген жоқпын еш жерден
Ондай мөлдір, көп-көгілдір қарды мен.
Сен туралы қиялдайтын бала ем мен,

Бау-бақшалы қала болсаң деп ем мен.
Армандаушы ем сені көріп қайтуға,
Келіп жатса деп адамдар әлемнен.
Бірақ бүгін... Су азайып, басты аптап,

Тұрды бір сәт жанарымды жас қаптап.
Басымды иіп саған жазған жырымды
Зәулім залдан оқимын мен асқақтап!
Ғажап менің кеудемдегі суретің!

Бірде ұлғайып, биіктейсің бірде тым.
Бүкіл елге сенің бүкіл бейнеңді,
Таныстыру — менің үлкен міндетім!
* * *

«Талас» деген — грекше «теңіз» деген,
Бір кезде ел мұнда құрғақ жер іздеген.
«Үшарал»— сол кездегі табылған ат,
Жер аты — ескерткіш сөз, ең ізгі өлең.

«Жалқамыс» жолбарысты есте шығар,
Боз таста «Бозтамшының» кестесі бар.
«Арнасы», «Ақкесене», «Көккесене»
«Суықжал», «Әулиесі», «Еспесі» бар.

Бар тағы бірге жатқан «Төрт ақыны»,
Текке ме жұрттың одан қорқатыны.
Ғажабы —
Ғасыр бойы бір құдірет

Күмбезде қобыз күйін тартатыны.
Жылдардың
аударылып парақтары,
Жел тұрар дәуір жырын таратқалы.

Бабалар ақындығын дәлелдейді
бейнелі «Таластағы» жер аттары.

ҚЫРҒЫЗ ДОСТАР КЕЛГЕНДЕ

Жолдас қырғыздар, жолықтырғанда бұл күндер,
Жолдарыңызға шашып тастадық мол гүлдер.
Ақ ниеттерің-ау, айрықша дарқан даламыз
Алтын бидайды ақтарған кезде келдіңдер.

Ізгі сезімге ұласса екен деп бұл күндер,
Іздеріңізге шашып тастадық мол гүлдер.
Қырғыз ағайын! Алатауымыздың бағына
Қызыл алмалар сыймай кеткенде келдіңдер.

Достарын көріп, жүректер ыстық арнады ән,
Қауышуларға құштар екен ғой мәңгі адам!
Аралатайықшы бауларды Шыңғыс ағаға —
Шығарма жазған бір ғана «қызыл алмадан».

Бауырларымызға барып қайтайық деген кім?
Деген адамға шапағаты жаусын өлеңнің.
Шоқан мен Мұхаң бір аунап түсіп, далада
Тоғысты жыры Тоқтоғұл менен Кененнің.

Еншіміз біздің бөлінбек емес қырғыздан,
Қырандар ғана биік ұшады шың-құздан.
Манас-мұхитты қалдырған халық Мұхитқа
Қарап тұрсын деп, Шыңғыс-жұлдызды туғызған!

Шын достық барда, сезімде болар шырын, нәр,
Шымырлап қайнап жүректе жатқан жырым бар.
Алтын діңгегі тозбайтын биік көпірмен
Біртуғандарыңа жиірек келіп тұрыңдар!

Көрісіп бүгін, көңілдеріміз хош тіпті,
Бөлетін кім бар қос бәйтеректі, қос түпті.
Ұрпаққа бүгін үйрету парыз біз үшін
Жалғастыруды ынтымақтық пен достықты.

Жалғасар достық осылай жайнап тұрса әлем,
Басталған шығар сағыныштардан мұнша өлең.
Қымбатты достар, Қырғыздың Алатауына
Ала барыңдар біздің Алатаудан да бір сәлем!

* * *
Жанармен шолып аралап,
Алыстан келдім асығып.
Көлбеген күйі бар алап,

Көзіме оттай басылып.
Бәрі де маған қажеттей,
Кеудеме көшер күй келіп.
Кетіпті-ау екі-үш жаз өтпей

Ұялшақ қыздар үй болып.
Қылықтар қосып тағы олар,
Қымбаттай түскен тәрізді.
Кешегі тентек балалар

Жігіт боп кеткен маңызды.
Түйдектеп өткір сөздерін,
Тілге де беріп ерік бір,
Таңдантып мені, өздерін

Көрсеткісі келіп тұр.
Жүгірмек еді қағынған —
Жымиып жұмбақ сүйкіммен,
Өр кеуде бір ұл жанымнан

Өтеді мотоциклмен.
Өмірді ойдан өткерсем,
Менде де аздап атақ бар.
Қызығар маған деп келсем,

Менен де бұлар тәкаппар.
Өткерген бірге уақытты
Бәрі де сұлу көркінде.
Бір мысқал менен бақытты,

Бір мысқал менен еркін де.
Аламын мен де есемді,
Көңілден жанған алау боп.
Қайтамын ойлап, осы елді

Сағынатындай бар-ау деп.
* * *
Мән таппайтын әннен, күйден, өлеңнен,
Бір ару бар асыл тасқа бөленген.

Сол аруға таңның, гүлдің, жұлдыздың
Қымбаттығын ұқтыра алмай келем мен.
Қуанбайды-ау күн нұрына сол қасқа,
Тастан кейін көз салады жолдасқа.

Алтынынан бөліп бермес, адаммен
Бөлісетін іштегі алтын — ол басқа!
Әр нәрсеге керек шығар ірі иық...
Айналада бір әсемдік тұр ұйып.

Адамды адам кеміткенде зат үшін,
Жарасып тұр гүлге басын гүл иіп.

АНАМ ТУРАЛЫ

Жиі-жиі жеті шелпек пісірем,
Пісірем де сені есіме түсірем.
Анаң жақсы адам еді дейді ылғи
Көрген сайын білетұғын кісілер.

Қалт жібермей әрбір айтқан сөзін де,
Тыңдап қалам қаяу тұнып көзімде:
«Көп адамға тигізіп ед қайырым,
Қалтыраған карточканың кезінде.

Кезі мол-ды жанардағы жасты ұққан,
Бірде айтпай, бірде сұрап бастықтан.
Дәнекер боп әлділер мен әлсізге,
Талайларды алып шықты аштықтан.

Кім өтініш, кім түсінік, кім хатты,
Жазып бер деп, қанша барса, тыңдап кіл,
Маржандай қып жазар еді майысып,
Бір ауылдың үміті еді қымбатты.

Жап-жас еді, нәзік еді, есті еді,
Іс қағазбен өтуші еді кештері.
Көп адамға көп жақсылық жасады,
Әттең, бірақ көп тіршілік кешпеді!— »

Дейді бәрі танитынның, көргенде,
Шешесіз қыз есейсе де шерменде.
Өзің үшін мақтана алам кімге де,
Бірақ әлі мұңның табы мол менде.

Өлең сөздің азабына сай келіп,
Жатыр іште бір үміт, бір қайғы өліп.
Көп адамның есінде екен тұрғаның,
Тарыққанға талқан, шекер, май бөліп.

Аз ғұмырда көп кісіге жақсылық
Жасап, апа, өмір мәнін жақсы ұғып,
Ұзақ жолға кетіпсің ғой,
Біздерді

Мезгіл — ана мейіріміне тапсырып.
Кейін қанша қыс пен көктем, күз келді,
Ел ұмытпас есті жанды, ізгі өңді.
Саған деген бір ауылдың алғысы

Сүйеп келе жатқан шығар бізді енді.
Қайтып келе жатыр қыстың ызғары,
Еріп келе жатыр таудың мұз, қары.
Өзің жәрдем берген жандар батасы

Қолдап келе жатқан шығар бізді әлі.

ӘКЕМ ТУРАЛЫ

Сыймайтын жан ең тар ұғымдарға, қалыпқа,
Сыйдың-ау кенет сандықтай ғана табытқа.
Жүрегің ашық болатын сәуле, жарыққа,
Есігің ашық болатын елге, халыққа.

Қартайып па едің, алпысыңды біз тойлап па ек,
Алпысқа жетпей аттанар деп те ойлап па ек?
Айналып кетті-ау абайсыз аяқ астында
Тіршілік деген жалтыр мұз — тағдыр тайғақ көк.

Ұлдарың қалды ауыр зіл басқан кенеттен,
Гүлдерің қалды қып-қызыл құмға сен еккен.
Тамып тұр тамшы сен еккен сұлу теректен,
Бұлттанды көңіл бұлтартпас сұмдық себеппен.

Қайғыға баттым сен еккен қалың бақта мен,
Қатайып бәрі, майдан боп кеткен шақта әлем,
Жоғалтқан жоқ ең жомарттығыңды айрықша,
Адал ең, жәке, ақ қағаздан да аппақ ең.

Сесті де сергек, мұңды да жүрек қайда бар,
Асқақ-ақ едің, ажалға қандай айла бар.
Жаныңда жанған жақұттың ғажап жарқылын
Жақсылар ұғып, жақтырмайтын-ды майдалар.

Адамды ажал бірінен бірін айырмақ...
(Қадірін жанның барында білсек пайымдап).
Турашыл едің, сөйлесең тіліп, не мықты
Тұратын бұғып, кемдігін біліп мойындап.

Өзіңнен жұққан: тазалық десе, қол соғам.
Жасыңды жалғар, ұрпағың егер болса аман.
Әділет деген бар болса мынау жалғанда,
Мәңгі де мәңгі риза шығар ел саған!

Анам жоқ, сен жоқ, қоштастым мейірім жазымен,
Болашақ бізді әлдилер басқа сазымен.
Тау көрсең, тоймай қарап тұратының да есімде,
Ақын емес ең, ақындардан да нәзік ең...

Заңғар тауымның зайыр құлағанын білді ішім,
Артады тағдыр адамға ауыр сын күшін.
Алтыда қалған кенжеңе қарап мұңайды-ау,
Ақын боп кеткен Алматыдағы тұңғышың.

Билетпес өмір, билетсе дағы тұрмысың,
Бұйырды бізден топырақ қана бір қысым.
Жыр құмар едің, далаңда ұшып жүрсін деп,
Ұшырдым биік жүректен шыққан жыр құсын!

БАУЫР

Баяғыда
Өлеңі үшін ақылды
Кесірленіп, кесім айтып ақырғы,
Ойсыз әкім абақтыға қамапты

Қанжар тілді жаужүрек жас ақынды.
Қаталдықтың көрсетпек боп көкесін,
Қабаттасып сөздері де кекесін,
Бір түрмеде бірге ұстапты ақынның

Нағашысын, шешесі мен әкесін.
Бос кезде де жүрген еді байымай,
Өзі кедей төртеуінің ойы бай.
Қайсарлықпен ән салады қосылып,

Қап-қараңғы түрмеде де мойымай.
Абақты әнмен жылылыққа толатын,
Жырын жазып отырыпты ал ақын.
Әкім бұған шыдамайды, айла іздеп,

Ойлап-ойлап былай депті сол әкім.
«Өнерлісің, өжетсің де әрқайсың,
Сен айт, әйел,
Алдыңда тұр таудай сын.

Сені және үш еркектің біреуін
Босатамыз, айт, қайсысын таңдайсың?»
«Тұрған заман — құшағында дауылдың,
Әділ күші жеңіп шығар дәуірдің.

Ауырдым мен бұл үшеуі үшін де,
Бірақ орны бөлек екен бауырдың.
Жарым кетсе, жар табармын бірде мен,
Жар табылса, болар тағы ұл деген.

Өлген анам қайтып келіп ұл таппас,
Бауырымды босатыңдар түрмеден!
Өз жақсыңды өзің құртып,
қалай ел

боласыңдар?!
Құрбан болды-ау талай ер...
Ертеңі жоқ — ақыны жоқ халықтың,
Ойланыңдар!»— деген екен дана әйел.

Ожар әкім ештеме де деместен,
Шығып кетіп, мырзасымен кеңескен.
«Босат,— депті,— төртеуін де!»— сескеніп,
Шонжар бастық айдарынан жел ескен.

Аңыздың біз естімедік қандайын,
Аңыз айтқан ақындарды қорғайын.
Қайран бауыр!
Қайран ұлы сезімдер!

Әр жүректе жасаңдаршы әрдайым!
... Бауыр үшін бардым мен де талайға,
Талай сынды көңіл деген шар айна.
Ауырдым да, ақ та түсті самайға...

Бауыр деген бауыр екен қалай да!
* * *
Күтемін қандай да бір жақта жүрсем,
Алтыным, адамдарға мақтаным — сен.

Атаң жоқ
Асауларға құрық салған,
Құлыным, абайлашы атқа мінсең!
Қозымсың алғашқы уыз сүтімді емген,

Өзіңнен қуаныштың құтын көргем.
Жетімдеу жыртық көңіл дүниеге
Талпынып сен келген соң бүтінделген.
Есіме түсер сол бір қайдағылар,

Әлі де сүт беремін қаймағы бал.
Есейіп келесің ғой, бір ақылым:
Не нәрсе істесең де, ойланып ал!
Жығылсаң, сүрінемін құлыным деп,

Жылыттың құшағымды жылы күн боп.
Анаңның міндеті көп мына өмірде,
Өзіңді тәрбиелеу — ұлы міндет!
Перзент деп ана жүрек дүрсілдемей

Тұрған ба?
Айтсам дейді бір сыр көмей,
Мен сенен таудан биік үміт күтем,
Қалқиып көп ішінде жүрсін демей.

Назар сал сақтап келген салтыма бұл,
Жақсымды берсем дедім халқыма кіл.
Ұлсың ғой, жігітсің ғой,
Сол себепті

Ұлы іске жастайыңнан талпына біл!
* * *
Көйлек киіп боранда жалаң қабат,
Қазынасын жанымның өлеңге орап...

Қарындасын біреулер төрге өрлетіп,
Жатқан кезде тұрдым-ау төмен қарап.
Ағасына солардың өкпесі не,
Аламын мен әр түрлі сәтті есіме.

Біреулердің қызықтым —
Ақыл беріп,
Қамын жеген қамқоршы әпкесіне.
Бөленгенде думанға көше керім,

Сыздағаны жүрегім неше менің;
Ертіп жүрсе біреулер есейгенше
Аппақ шәлі жамылған шешелерін.
Үйреніп те кетіппін жоққа кілең

Тастай алмай сыпырып ноқтаны мен,
Көндігіппін жазмышқа, жақындар аз,
Әке кеткен тағдырдың соқпағымен.
Еркелесем мен де деп тұрам кілең.

Міндет қылар кімім бар? Шыдамды — мен.
Жүрген жолды бір шолып,
Ұлым, қызым,
Сендерге айтып отырған бұл әңгімем.

Сендер барда, жалым бар, қанатым бар,
Айтқан сөзін ананың бала тыңдар.
Көп себептен төменге көп қараппын,
Сендер мені жоғары қаратыңдар!

БІРГЕ ТУҒАН ҮШ БАЛА

Құсқа қара топтана ұшқан ана,
Ұша алмаған ақында күш бола ма?
Терезеден қараймын ойға батып,
Ойнап жүрген бір туған үш балаға.

Қандай жақсы адамның бала шағы,
Сезімдері тап-таза тамаша әлі.
Анасы бір, тілі бір үшеуінің
Қандай болар, кім білсін, болашағы?!

Кетер болса, жолдарда жиі шалғай,
Жүрер ме екен бір-бірін қиыса алмай,
Қиыса алмай жүргенге не жетеді,
Кең далаға кетпесе сыйыса алмай...

Шіркін, бұлар өскен соң қатты ойланса,
Алыс кетпес — қазыққа ат байланса.
Алтын бесік толады-ау бөтен күйге,
Әлдеқалай үш бауыр жатқа айналса.

Үш жүрекке жұлдыздан құлап таза ән
Тұрар.
Үшке бөлінбес бірақ та заң!
Асылатын ежелден ас салынып,

Үш аяқты ошаққа бір-ақ қазан.
Өмір түрлі жүктерін артты маған,
Балаларға бұл ойын қатты ұнаған.
Уайыммен қарадым үш балаға,

Бір шананы үш жаққа тартқылаған...
* * *
Осы кітап...
Ой, сезім бар осында,

Алмайсың ба,
өзің біл,
Аласың ба?
Бәрі жақсы шетінен десем — артық,

Асылы да бар шығар арасында.
Мұнда —
менің қыраулы күлкілерім,
Көп қосылып кетсе осы мүлкіме мұң,

Біреуіңе —
қызықсыз көрінгенмен,
Біреуіңе
ұнауы мүмкін оның.

Мұнда менің —
іздерім,
қадамдарым.
Бар мінезім,

құйыным,
борандарым.
Жан орманын шулатып,
Шумаққа орап,

Сырлас көңіл,
ұсындым саған бәрін!
* * *
Жетпейтіндей бір нәрсе көркем ойға,

Ақындардың теңеуі келте, майда.
Беатриче бар, бірақ
оның ұлы
Образын жасайтын Данте қайда?

Арулар бар, аз емес күшті ұлдар да,
Көзден ұшқан бағынған ұшқындарға.
Сұлу әйел сүрінген тасты сүйіп,
Өлмес өлең туғызған Пушкин бар ма?

Орын берді ойынан жаһан оған,
Адам бар ма есімін атамаған.
Балқадиша кеткенде Махаббаттың
Қандай әнін қалдырды Ақан ағам!

Сүйгендерін сүйгендер тапса мәңгі,
Тапса мәңгі жақсы адам жақсы адамды.
Шаһарлар мен шаһарлар арасынан
Ғариб та жоқ іздеген Шахсанамды.

Сол жігіттер жоқ бүгін сүйе алатын,
Сүйгені үшін өмірін қия алатын!
Қорланамын көргенде кей жігіттің
Қорландарға жасаған қиянатын!

Біздің ару сіңлілер бейнелері,
Ұлы жүрек тілінде сөйлемеді,
(Ренжіме, Жұматай, сен естесің)
Жыр оқысам, осындай ой келеді.

Жас ақындар.
Білдірмей құр құмарын,
Жүректерге аударып бұлбұл әнін,
Әрбір ғасыр аялап өтетіндей

Жырласа екен бүгінгі құрбыларын!
* * *
Көп нәрсені болады кешіруге:
Кеткенді дүниеге есі мүлде.

Қулыққа үйренгенді бесігінде.
Елемеген дұрыс қой көп нәрсені,
Өкпешілдік не керек осы күнде.
Кешіруге болады, таласпа енді,

Сыпайылық шегінен әрі асқанды,
Атағыңа, даңқыңа таласқанды,
Ұмытшақты, қорқақты, тәкаппарды,
Қателесіп кеткенді, адасқанды...

Қамаса да қайғы мен қапа сізді,
Жайласа да жәбір мен жапа сізді,
Түсінуге тырысу керек болар,
Жақсы нәрсе — кешіру, атасы ізгі.

Білмейтінім — біреу-ақ өзің айтшы,
Кешіруге бола ма опасызды?!
* * *
Айттым деп ойлайсың ба жөні бар сын,

Мезгілі жеткенде өзің оны ұғарсың.
Сен маған жақсы атақты қимай-ақ қой,
Жабылып жағымпаздар бөліп алсын.
Бақшадан мені жұлып тастамақ па ең?

Сондай-ақ іші қуыс асқабақ па ем?!
О, менде билік болса, қарар ең сен
Басқаша көзқараспен, қас-қабақпен...
Түрленген ұнатпаушы ем тоты құсты,

Түбінде әділеттің соты күшті!
Сыншым-ай, сырттай сынап, көзге күліп,
Екі жүзді болғаның — өкінішті!
* * *

Бұл не деген жүгіріс?
Бұл не деген шапқылау?
Жүрегіме тұрғандай
Суық сөзден ақ қырау.

Әлдекімнің сойылын
Соғу үшін, ойланбай,
Қайтып келер есікті
Қаттырақ сен жаптың-ау!

Жағымпаздық танытып,
Мысқал затын зор қылып
Жатқа жағып,
жақынның

мысын басу —
сорлылық.
Иілмеген мінезге
ерегісіп өзіңше

Асылыңды жасыттың,
Кімге ұнамақ сол қылық?!

САРЫАҒАШ САЗДАРЫ

І

Құшағыңды, туған ел, маған аштың,
Самалыңа сағынып араластым.
Сандуғашы тұс-тұстан сайрағанда
Тоғайында толқыдым Сарыағаштың.

Қарағаш пен қайыңы тұнып тұрған,
Сыңғырлаған сырғасын іліп тұрған...
Кеуде керіп сімірдім ауасынан —
Менің ащы мұңымды ұмыттырған.

Құшағында қиялдың тербелемін,
Құп алатын жоқ бірақ жеңгелерім.
Айтқанымды істейтін ағам болса,
Осы жерге үй салып бер дер едім.

Бұл назымды түсінер жүрек бар ма?
Өлеңге тар пәтер бар тұрақтарға.
Ясная поляна, Шахматово...
Қызығамын Толстой, Блоктарға...

Кешір мені, сөйлесем бекер, далам,
Байтақ төсің менікі — жетер маған.
Асан қайғы атамды түсіндім тек
Келес бойын бөктеріп кете алмаған.

Қасиетті-ау туған жер деген қазық,
Еркелесем, қыз қайсы менен нәзік?
Гүл теретін жер екен қырқасынан,
Отыратын жер екен өлең жазып!

ІІ

Дарқан далам!
Тіл берген асыл анам!
Мәңгі іңкәрмін не болған осы маған?!
Өзен көрсем, қуанып қосыла ағам,

Жаңбыр жауса, қолыма тосып алам.
Бесік көрсем, еске алам баяғыңды,
Кір жуғанда, бұлтыңды есіме алам.
Дарқан далам!

Жанымның аңсары ма ең?
Көз алдымда тербелдің, ән салып ем.
Төселгендей төсіңе барша кілем,
Талдарың да бұлғақтап бар сәнімен.

Таңсәріден тыңдаймын бұлбұлыңды,
Тауларыңа қараймын таңсәріден.
Дарқан далам!
Келбетің неткен ерек!

Кеудеңде өскен гүл бөлек, шөп те бөлек:
(Көктем сайын оралар көп дегелек,
Құстың өзі бір-бірін тастамаса,
Адамға адам айып қой өкпелемек).

Іңкәрлікпен қараймын ең ар жағы
Тұсымда ұшса — түймедей көк көбелек.

ІІІ

Шипалы жер суынан сіміріңіз,
Киелі жер жебейді, жүгіріңіз.
Бірнеше күн ғажайып түс көрсеңіз,
Бірнеше жыл ұзарар ғұмырыңыз.

Тымыраймай, күліңіз төгіліңіз,
Кейін қарай көп жылға шегініңіз.
Тазарғаннан не пайда ішек, бауыр,
Тазармаса жаныңыз, көңіліңіз.

Бәрі түгел адамдай көрінесіз,
Тәкаппарсып жүресіз көбіне сіз.
Төңірекке қараңыз. Күздің соңы...
Шын тәкаппар — мезгіл ғой,

не білесіз?!

ІV

Салқындаған бұлақтар бүлкіл қағып,
Ауасы да ауырлап дымқылданып,
Арасында ізім мен күлкім қалып,
Сарыағаштың сарғайды теректері.

Сарғыш дала қағаздай қалам сызған,
Табиғаттан әр кезде табарсыз мән.
Амалсыздан, қайтсін-ай, амалсыздан,
Сарыағаштың сарғайды теректері.

Жаралғаным рас па қабырғаңнан,
Неге үнсізсің, кеудеңде жаның бар ма?
Жаның болса, қайдасың сағынғанда
Сарыағаштың сарғайды теректері.

Ардақтасаң алыстау керек пе еді?!
Әр нәрсенің бар шығар себептері...
Бірте-бірте азайып желектері
Сарыағаштың сарғайды теректері.

V

«Сыбағаңды ал тағдырмен жағалас та,—
Дейтін ең сен, өмір — той, тарамас па?»
Сенсіз маған сыбаға керек пе еді,
Жалықтым мен жарты айда-ақ Сарыағашта

Қандай жақсы басқаны сүймегенің,
Тыным таппай мұнда да күйгелегің.
Құрметпенен жүрсем де дүрмекпенен,
Бұра берді бүйрегім үйге менің.

Гүл екенмін тербелген саяңда мен,
Гүл ішінде серуендеп аяңдап ем...
Сендер не боп қалды деп, қайтқым келді,
Осы ғой әйел деген!

VІ

Бір аяулы сезімнің жетегінде
«Сақтаныңыз!»— дедің сен кетерімде.
«Сақтанатын,— жоқ,— дедім,— дұшпаным да,
Сақтайтұғын жоқ дедім,— нөкерім де».

Бұрын мұндай жылылық сезінбеп ем,
Айтып келер нәрсе емес жазым деген...
Әзілменен тіл қаттым.
Біліп тұрмын

Сағыныш боп қалармын көзіңде мен.
«Шын өнердің екінші аты — көкпар,
Сақтаныңыз, жоқ емес ақымақтар»,—
дегеніңде кең далам бата беріп:

«Аман жүр!»— деп қол созды жапырақтар.
Жүрегімде жүреді сол дауысың,
Қимай қарап, езіліп қалды-ау ішің.
Тақсам ба екен көз моншақ, өзімді өзім

Бәле, жала, тіл, көзден қорғау үшін.
Біреу жай дер, біреулер құбылыс дер,
Өмір деген самғау мен кідірістер.
Сендей адал жандардың тілегі үшін

Желеп-жебеп жүрсе екен ұлы күштер!

ЕРЕСЕКТЕР МЕН СӘБИЛЕР

Апайлар жүр үйректей майпаңдаған,
Ағайлар жүр мықтымсып қайқаңдаған.
Айта алмаған сыры бар жігіттер жүр,
Қыздар да жүр көзінен байқалған ән.

Күле алмайтын біреуі нағыз мүсін,
Сирек көрдім ішінен жаны ізгісін.
Әр түрлі адам.
Қарасаң қылығына

Қатыгездеу тартатын тәріздісің.
Демалу ма, бәріміз білетін іс,
Бәрі жақсы, дүние, міне, тыныш.
Бірақ мына жүргеннің бәрінде де,

Бар сияқты бір қайғы, бір өкініш.
Елгезекті, пысықты, шәнигенді
Осы жерден көресің, әрине, енді.
Жолыққанмен жақсыға, орташаға,

Ортасынан көрмедім сәбилерді.
Бейнелері ұқсайтын таза ақ гүлге
Сәбилерді сағындым аз-ақ күнде.
Сәбилердің жүрісі, сөзі қызық,

Күлкісі мен ойыны ғажап мүлде.
...Мүмкін, жақын ауылдан таба алармын,
Не іздеп жүр деп қарайды маған әркім.
Алдарынан шықтым мен мектеп жақта

Бастауышта оқитын балалардың.
Жайраң қаққан, қараған жанға ұнаған,
Балдырғандар жүздері албыраған.
Әрқайсысы сүйкімді, бірақ бәрі

Бірге жүрсе, керемет сән құраған.
Сырттай қарап сүйсініп, тұрмын алыс,
Түрлерінен тапқандай түрлі мәніс.
Балалардың бәрінде, бәрінде де

Бар сияқты бір мейрам, бір қуаныш.
Бір-бірінің мойындап өтімді ісін,
Өтіп жатыр айдарлы, кекілдісі.
Пәк сәбилер.

Қарасаң қылығына,
Бір тазарып қалатын секілдісің!
Қол ұстасқан неше дос, неше құрбы,
Білмейді әзір арыз бен өсегіңді...

Тіршіліктің таңы — олар!
Сәбилерсіз
Дәл осылай сүймес ем осы өмірді!
* * *

Өсіп келе жатырсың, келбетті өрен,
Көрініп тұр мақсат тау сен беттеген.
Биігіне шығарсың ата-ананың
беделімен емес, тек еңбекпенен.

Үмітпенен қарайды ұлына әркім,
Өз басына түскенше ұғынар кім?
Ұлым! Мен де білдірем тілегімді,
Еңбегіне елікте ұлылардың!

Болмасаң да сірә ақын, сірә ғалым,
Тынбай аққан тыңдашы бұлақ әнін.
Өмір жолын оқышы байыппенен
Ибн Сина сияқты ғұламаның.

Ұлы ойшылдар, мықтылар әлемде өткен
Мақсатына жетсе де әрең жеткен.
Адамзатқа лайық жеңіс, табыс,
Айналайын, келеді бәрі еңбекпен!

Менің кірбің түспей ме жақсы атыма —
Сенің біреу ісіңе тақса кінә.
Адал еңбек арқылы жетсең екен —
Бойыңа шақ ұстаған мақсатыңа!

Баласы үшін анасы емес пе алаң,
Өз орныңа өмірде талас, балам.
Ойлана біл, көп сөзге үйір болмай,
Еркектерге көп сөйлеу жараспаған.

Сәттіліктің ерекше салты мүлде,
Мен отырмын ұйықтамай шам түбінде.
Баяғының адамы, білесің бе,
Жылайды екен бос өткен жарты күнге.

Өсіп келе жатырсың, келбетті өрен,
Көрініп тұр мақсат тау сен беттеген.
Біздерде жоқ ептілік сенде болмас,
Биіктерге шық, балам, еңбекпенен!

* * *
Өзіңсіз сүю заңын осы өмірдің
Білер ме ем?
Ойым мынау неше күнгі.

Сен мені жақсы көрмей қалар болсаң,
Білмеймін нендей бір күй кешерімді.
Білмеймін онда қалай жүре аламын,
Табам ба күйремеудің бір амалын.

Ақылың бар еді ғой,
Сүймей қалсаң,
Сездіре көрме маған, сұранамын.
Сездірме,

Сездірсең де бірақ егер,
Селт етпес қуанышқа куәгер ел,
Ешкімнің ештеңесі кете қоймас,
Таң да атып, күн де қайта шыға берер.

Түк сезбей тұра берер гүл қалалар,
Тәуелсіз баяғыдан тұрған олар.
Дүние сәулеттенер бұрынғыша,
Бұлт көшіп, бұрынғыдай сулар ағар.

Ештеңе сезбес ешкім, ағылса күн,
Сандуғаш төге берер, сағынса, әнін.
Бар әлем әсем қалпы қала берер,
Тек сенсіз қалмас жалғыз менің сәнім.

Бүршіктер жапырақ бон өніп демде,
Аппақ гүл төгілгенмен өріктен де.
Болмаса сенің нәзік махаббатың,
Білемін қалмайтынын көрік менде.

Тапсырып тағдырымды сенгем, күткем,
Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.
Құлпырған дүниеге құштарлығым —
Сен мені сонша жақсы көргендіктен!

Мүмкін бе осы ғажап от сөнбегі,
Жоқ, көңіл басқа арманды көксер ме еді...
Білмеймін қалай өмір сүрерімді,
Бір күні жақсы көрмей кетсең мені...

* * *
Сен барсың!
Бір ауаны жұтам бірге,
Толады бөлмеміз де жұпар гүлге.

Күлемін. Өкпелеймін. Еркелеймін.
Өзгеріп отырамын тұтам күнде.
Үйде де, далада да тыншымаған,
Мен де бір беймаза жан қырсық адам.

Ұрыссаң, бір уыс боп отырам да,
Ұрыспасаң, өзім саған ұрсып алам.
Мінезге кім шыдайды заты мұндай,
Тынбаймын теңіз болып сапырылмай.

Жыр оқып, жылап, күліп, қуанамын
Бір өзім бір актердің театрындай.
Театрдың сен — тұрақты көрермені,
Даусымның саған таныс мәнерлері.

Ұшамын кейде тіпті қанат бітіп,
Көтеріп өлең деген өнер мені.
Сол қиял мені солай жетелесін,
Түсінбей кейде, жаным, кетер есің.

Сендағы сезімтал бір нәзік жан ең,
Білмеймін,
Бәрін қалай көтерерсің...
* * *

Әлі айнымай келесің. Төзімді-ақсың.
Қой көзіндей момақан көзің жақсы.
Сүймесем де, сүйсем де — сен ғашықсың,
Өмір бойы сол сезім созылмақшы.

Еркелеткен кездерің — тәтті кезім,
Бұртисаң да, баладай пәк мінезің.
Басқа ешкімді қаламай
бұл әлемнен

Мені, әйтеуір, тағдырдай таптың өзің.
Алғысымды айтатын табам ба өлең?
Сөзі құрсын.
Сөзді де жаман көрем.

Шолпан жұлдыз сияқты таңда туған —
Сенің іңкәр сезімің маған деген.
Кездерің жоқ дұшпанға таба қылған
Әр ісіңнен ақылды табамын мән.

Біp ауыз сөз айтпай-ақ жан күйімді
Сен түсініп тұрасың қабағымнан.
Қалай сосын жырларым толас тапсын,
Тілеуіңді тілеймін, адаспапсың,

Маған сонша мейірбан, нәзік болып,
Биік таудай басқаға сен асқақсың!
Інжу-маржан теңізден сүзіп маған
Бергендейсің, құлпырған жүзік тағам.

Сен жанымда жүргенде айдай болып,
Адам бар ма амалсыз қызықпаған?!
Басқаларға өр басын имеді шың.
Жүрегімді бір шаттық биледі шын.

Қайғыруға хақым жоқ,
Бақытты екем
Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін!

АБАЙ АУЛЫНА КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

Ақын баба!
Сен туған жерге келем,
Асығамын, мен бұрын көрмеген ем.
Аруағың сезді ме,

Мазалайды,
Жанымды тербеп өлең.
Көз алдымда дөңгелек айдын — әлем,
Шақырды елің,

Құшағын жайды да кең.
Бас иіп ұлы заңғар ойларыңа,
Ортақ ем қайғыңа мен.
Бәрі өзгерер,

Қызулы от та сөнер.
Баянсыз-ау — мұратын таппаса өнер.
Бақыттырақ болар ед барлық адам,
Жырыңды жаттаса егер.

Нөсер тілеп, көңіл бұлт түнереді,
Нөсерден соң жүрегім жыр өреді.
Бар сөзіңді ұқса ел, парасаттың
Не екенін білер еді.

Қалар бәрі астында ұлпа құмның,
Өнер өлмес!
Болады бір таңың мың.
Ризасың ба, ата, сен бүгінгі

Ісіне ұрпағыңның?
Мезгіл өтер, жаз келер, туар тамыз.
Өткінші деп өмірге кінә артамыз.
Біз пендеміз, бір күні ашындырып,

Бір күні қуантармыз.
Туған жердің мерейін өсірерсің,
Өспейтін ұл соңыңнан несіне ерсін.
Данасың ғой, жақсыны желеп-жебеп,

Жаманды кешірерсің...
Ақын баба! Сен туған жерге келем,
Асығамын, мен бұрын көрмеген ем,
Аруағың сезді ме, мазалайды

Жанымды тербеп өлең.

МҰХИТ

«Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,
Кейінгі ұрпақтарым есіне алар»
Мұхит
Дарындыны жақтадым сөз алдым да,

Даусы қалған далада, бозаң құмда
Мұхит десе,
Мұзды да, үнді де емес,
Мұңды Мұхит тұрғандай көз алдымда.

Махаббаттың сездіріп демін, өртін,
Жомарт жүрек шынайы егілер тым.
О ғасырда бұрқанып шыққан дауыс,
Бұ ғасырға жетіп тұр емін-еркін.

Көтерілсе әуенмен сөз биікке,
Қадалғандай сөзді іздеп көз биікке.
Қаз ұша алмай,
Ақсұңқар қайта қонып,

Тыңдап тұра қалардай жез киік те!
Әннен биік ұша ма, сірә, қыран?!
Әсірелеп, асырмай тұра тұрам...
Тәтті мұңға бөлейді айтушының

Ащы терін шығарған сұрапыл ән.
Тұңғиықтан тараған көк қайнары,
Таусылмайды.
Таңдайдан кетпей балы.

Биігіне жетсе де бұл әндердің
Тереңіне кеп әнші жетпейді әлі.
Ән Мұхиты...
Өнердің қыл қаламы

Жасар әлі бейнесін мұңды ағаның,
Білмей кетті-ау әлемдік талғампаздар
«Айнамкөзді» таңырқап тыңдағанын.
Асыл болса, арманның жарқын бәрі,

«Уа, Зәуреш» деп тірілтті ән сол тұлғаны.
Миға жетіп,
Тамырды солқылдатар
Мұңды Мұхит әнінің толқындары.

Саңқылдаған ер даусын далаға ілген,
Жүрегінде ол жұртының қала білген.
Мұхит десе,
Мұзды да, Үнді де емес,

Ән Мұхитын есіме аламын мен!

МӘДИДІҢ МОНОЛОГЫ

Әнге туған ақының ем, елім-ау.
Мазағыңа айналғаным не мынау?
Қандай қорлық,
Аппақ жанды қаралап,

Ақ-қараны ажыратып танымау.
Ерінетін жіберуге тереңге ой,
Жалқаулыққа есең кетпес ел ең ғой.
Бағы асқанды күндейтін бір сорың бар,

Соныңды әлі ұқтыра алмай келем ғой.
Сотқарлықтан сол соқырлық сорақы,
Алаяққа кетті-ау, әттең, бар ақы.
Айтақ десе,

арыз десе ыңғайлы,
Дау дегенде дайын тұрған дарақы.
Әр нәрсені көтере алмай әр иық,
Алауыз боп,

бір-біріне бәле үйіп.
Біреуі жүр күйе жағып біреуге,
Біреуі отыр ойсыз, қамсыз далиып.
Құр бос дәме сыйлықтан да, тақтан да,

Мал бітеді тапқанға емес, баққанға.
Саудаласса,
сау қалмайды, береді,
Жан салмайды жіберсе егер мақтанға.

Шаба берген кең даланы жол қылып,
Жолда қалып ата дәстүр, мол ғұрып,
Мойындамай артықтығын өзгенің,
Өз басын да сыйламаған оңдырып.

Ойсыз тобыр ойлыны оңай қаралап,
Озам дейді,
қайда күшке қарамақ?
Жұртым, саған бүгін және ертең де

Парасат пен біртұтастық керек-ақ!!!
Қызыл сөзбен қайсы, ағайын, біткен
Өзінікін демейді ешкім түк теріс.
Ортақ мақсат ойында жоқ,

Білгені —
Бірін-бірі түрткілеу мен жіктеліс.
Неғылайын құйып алса миға су,
Ашынғанда көкірекке сыймас у.

Жандаралды жапырласып күткендей
Өзді-өзіңмен керек еді сыйласу!
Ерлер туар, ту көтерер байыпты,
Ақын едім ардағыңа лайықты.

Ән мен өлең абақтыға қамалса,
Қатыгездеу заман шығар айыпты.
Ел болатын,
тең болатын барша жан

Заман келер
Әділетті болса заң,
Таланттарын танып елім алғанша
Қайда барам?!

Домбырама қол созам...

КЕНЕН

Дақпыртына даңқтың бөленбеген,
Өзі тарих, өмірі — өлең Кенен.
Мезгіл өзен;
Барарсың болашаққа

Әніңді алып өзіңнің кемеңменен.
Жүрегіңнен туғызып сөз бен әнді,
Бозторғайдай жырлардың боз далаңды.
Сұлу сөзің жараның бетін сылап,

Нәзік әнің сезімді қозғаған-ды.
Домбыраның құлағын жиі бұрап...
Көп өзгерді көңілдің күйі бірақ,
Қашан дағы тағдырдың асулары

Асуынан Қордайдың қиынырақ.
Қоңырауы Қордайдың күмбірлеген,
Тыңдаттың ба майысқан мың гүлге өлең
Тіл қатқандай жұлдызға жұлдыз ғана

Мұңдастың ба бір кезде бұлбұлменен?!
Бітірмей-ақ өнердің ордаларын,
Биіктеді өлеңің — қолда барың.
Үлкен ұстаз — табиғат.

Үйрендің бе
Көлден, таудан, аққудан сонда бәрін?!
Көкейінде көненің бір ән сыздар.
«Көк шолаққа» мінгесті ұнамсыздар.

Шын шайыр бұл дер еді өзбек, тәжік,
Шансонье дер еді француздар.
Әнге толып өмірде көкірегің,
Өтіп едің, көтерді ақыры елің,

Шаттықты да, мұңды да көркемдеген
Бір өзің бір аймақтың театры едің!
Домбыраның келтіріп не бұрауын,
Иітіп ең ананың омырауын.

Қағылып тұр Қордайдың асуында
Қалып кеткен далаңда қоңырауың.

НҰРҒИСА

Дірілдейді қызыл гүлдің сабағы,
Керіледі кербез қыздың қабағы.
Мөлт-мөлт етіп ақ ботаның жанары,
Бір күй баурап бара жатыр даланы.

Шілде сайын шел мен желге оранған,
Қаңтар келсе, арылмаған бораннан —
Даламызға
қайдан келген жайқалып

Жапырағы шуылдаған көк орман.
Көрген адам көзін алмай таң қалар,
Көк орманның бір жағында көл де бар
Көл бетінде аққулары паңданар,

Кең даладан кете алмайды енді олар.
Тыңдағанда мына нәзік күйді үзбей,
Кеуделерге толар бір сәт игі, ізгі ой.
Осы күйді ойнап берген жігітке

Періште де қала алмайды сүйгізбей.
Қатар тапса күй мен көңіл үйлесім.
Қалағанын қалай жігіт сүймесін.
Арғымақтар жалтаңдасып тыпыршып,

Қыпша белдер қырық құбылып билесін.
Кең далаға кетті әсем күй, ал тыңда,
Айырбастай алмас ешкім алтынға.
Көз алдыңа көшіп сұлу көлінен

Қонып жатыр аққу аппақ қалпында!
Оркестрден мына тұстан, о тұстан!
Найзағайлар жарқылдаса оқыстан,
Мүсәпірлік мінездерді жоғалтып,

Арыласың қиқым-сиқым қоқыстан.
Бітпесе де тыңдайсың-ау шөл қанбай,
Тәтті күйдің шаттығы да мол қандай!
Тақияның үкісіндей үлп етіп

Отырасың жаңа ғашық болғандай.
Тыңаясың, үлбіреген сыр құйса,
Мұңаясың, мөлдіреген мұң құйса.
Табиғатпен табыстырған бұл күйдің

Авторы мен дирижеры — Нұрғиса!

КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВА

Әнінен аласарып қыран шыңы,
Шыңылдап ең бір таза тұрар шыны.
Табиғат қалай қиып бере салған,
Соншама жаны нәзік ұлы әншіні?!

Басылған өміріне өнер мөрі,
Жұлдызды тағы сондай көрер ме елі
Даланың бұлбұлына даңқ сыйлаған
Қол созып үлкен театр көрермені.

Аз өмір сүрді шөлі қанбай қалып,
Қуанып, сәлге күліп, сәлге ойланып.
Жібекке, Ақжүніске, Татьянаға
Біресе Чио-Чио-Санға айналып.

Келтіріп түрлі сазын, түрлі нәшін,
Қалдырды ұрпағына үн мұрасын.
Әлі мен ойланамын өз ортасы
Әлпештей алды ма деп бір Күләшін.

Ән салса, әлдилейтін көктем өңін,
Аямай көпке керім, төкті өнерін.
Кім білсін сол аяулы дарынның да
Бір қаяу көкірегінде кетпегенін.

Не жинап, не жинамай мұң ішіне,
Озды ма төзбей жұрттың бір ісіне.
Тірілер әңгіме етер өлгендерді,
Өлгеннің тірілермен жұмысы не?

Әншіге арналатын рас той көп,
Сонда да мазалайды бір ащы ой кеп...
Эфирден әні естілсе, бірден танып,
Еріксіз қуанамыз: «Күләш қой!» деп.

Тап-таза мөлдір үнге ел ырза әлі,
Театрдың іздейді әлі небір залы.
Халқының жүрегіне жеткендердің
Даңқының мәңгілігі — өмір заңы!

Дүние кейде неге тар асылға,
Таппайсың, бір айрылып қаласың да.
Одаққа даңқы кеткен ұлы әншінің
Өзі жоқ, даусы қалды даласында.

Біреулер ойламасын шұғыл іс деп,
Жасады мәңгі өмірге бұрылыс тек.
Қалады
Ғажап талант

шын бұлбұлдың
Өзін де таң қалдырған құбылыс боп!
Тұра алмас оңай ұстап даңқты әркім,
Туады ақиқатты анықтар күн.

«Гәккуін» айтып
Күләш Байсейітова.
Қалады бірі болып алыптардың.

АҚ ЖҮРЕК КІСІ

Өзін өзі келмеген мақтатқысы,
Өзгені де келмеген таптатқысы.
«Аппақ нама» авторы —
аңғарсаңыз,

Шашы да аппақ, көңілі де аппақ кісі.
Беделдіге келмеген сиынғысы,
Жігіттерге бар берер жиі үлгісі.
Шаттанады ақ шуақ шашылғанша,

Ашуланса, мінезі құйын кісі.
Жастайынан жанына жаңалық тән,
Ада кісі алауыз, алалықтан.
Жағымпазға мәз болып қайрылмаған,

Айрылмаған аға бұл балалықтан.
Ақиқатсыз болады бірлік қайтіп?
Шындық десе, сөйлеген булықпай түк
Тайсалады кейбіреу бір жүруге,

Шығады-ау деп шыңғырған шындықты айтып.

АҚ ЖАЙЫҚТАН ҚАЙТАРДА

«Қоғалы көлдер, қом сулар»
Қонысы болған бұл елге
Бір тілек айтып кетейік
Ауылға қарай жүрерде.

Жігерге қанат бітірген
Жауынгер жерге
Тірерге
Табанның бүрі керегін

Кейбіреу кейде білер ме?
Егеулі найза алған ел
Ерекше бүгін Отан боп.
Ерлердің ісі біткендей,

Қайтқандай ескі қатал кек.
Қатар кеп қалған даму да
Даңқ қосып атын атар деп,
Мақтанар кезі туғанда

Мазасыз әлі Махамбет!...
Ақ Жайық суы!
Ақ көңіл елдің мінезі ең.
Еркесі елдің

Екеу де болса,
Бірі — өзің ең.
Аман бол,
ару ақ айдын!

Жарасар жағаң елменен.
Шөлдеген жақтың көрмеген
Арманы болған ұлы өзен!
Жағаңда аз күн

естілді менің
наз үнім.
Күйіне қанып
Дина мен Құрманғазының.

Азының өзі көптен кем
Бола да қоймас,
Нәзігім.
Қызықтап келіп,

Қия алмай,
Қайтқаным —
Жалғыз жазығым.
Қаталға — қатал.

Мейірімге сонша бос ем мен.
«Қарлығаштайын қайта орал
жыл сайын аман-есенде» —
Десең де,

сезім
аңсатқан
айналып аппақ нөсерге.
Ұзатқан қыздай ұзақтан

Тілеулес болып,
Әрдайым
Жүрермін мен де осы елге!

САРЫАРҚА

Туған ел!
Қайдан сендей жай табылсын?
Ақының асылыңды айта білсін.
Сарыарқа!

Басқа алтынға қызықпаймын,
Сен менің шексіз алтын байтағымсың.
Көріндің маған ыстық өзің бірден,
Мен бұрын Жезқазғанның жезін білгем.

Мезгілге рақмет жер танытып,
Өзімді еркін, ерке сезіндірген.
Жан дала! Дәстүрің бар ел сақтаған,
Інжу мен маржаныңды көрсет маған!

Елімнің өнер қонған бесігіне
Өлеңмен тізілдіріп моншақ тағам!
Жүректе жататын ең атың ұнап,
Көрудің бүгін түсті сәті бірақ.

Кеңдігің бақыт дейміз,
Көшпелі елің
тар болсаң, тұрар ма еді татуырақ...
Қайтейін, қозғамайын өткеніңді,

Шештім ғой бүгін түйе шекпенімді.
Тоқтатып жолдастарды тұрдым біраз,
Иіскеп жол бойы өскен шөптеріңді.
Жақсыңды іздестіргем, сұрастырғам,

Талантқа біздің дәуір гүл аштырған.
Замандар заңғарынан ән дарыған
Өлке бұл — Әсет туған, Күләш туған.
Ақтоғай, жер екенсің ақ түсі кеп.

Ақша бұлт аспаныңда бақ құсы боп.—
Сызылған ракетаның белдеу ізін —
Қалқиды қанатымен жапқысы кеп.
Жоқ менде оңаша арман, оңаша мұң,

Жер — ошақ, аман болсын сол ошағым.
Кең далам, ойлантады кешегің мен
Бүгінің, әсіресе болашағың.
Батады, мұңың болса, ботаңа тым,

Ботаңмын ардақтаған Отан атын.
Бабамның жаны болған, әні болған,
Сарыарқа, мақтанышым, махаббатым!
Сарыарқам, жазық арқам, жарқын арқам,

Әлемде бөлек сенің даңқың, арқам.
Байтағым, байғазым деп көргеніме.
Өлеңім — тағып кеткен алтын алқам!

АРҒЫМАҚ

Луговой жылқы заводында
туған жер
Көз қадамай ете алмайтын әркім-ақ,
Тұрпатымен көре қалған жанға ұнап.

Тұлпарларды өсіретін заводта
Тұрды ерекше сүлік қара арғымақ!
Жасаған-ай, әрі жомарт, әрі ұста!
Дүлдүл тұқым даңқы кеткен алысқа.

Жануар-ай жабығады байлауда
Теңдесімен қосар ма еді жарысқа.
Тарпаң күйі шапши-шапши кермеде,
Текті күлік қатысады көрмеге.

Тағат таппай асфальт жерді тарпиды,
Тайбурылдай зауламайды ол неге?
Шақырады көрмелерге астана,
Тіфә-тіфә! Көз қадасын дос қана!:..

Жоңышқаға еңкейгенде, дөңгелер
Қос глобус — маңдайдағы қос тана.
Шыдамайсың мұңына қос шырақтың,
Тұңғиыққа тұрғандай-ау құлап түн.

Тұрысы — осы! Тұнған өлең — шабысы
Атасы — асыл, енесі — зат пырақтың!
Абсенттейін жануардың ұрпағын
Саудалайды білмей кейбір жұрт әлін.

Мәңгі жебеп жүрмес пе еді, жүйріктің
Кекілінен үзіп алсаң бір талын...
Жылқықұмар жан болған соң бұрылдық,
Кейде қиын жұмыр жерде жүру нық.

Жүрмейді екен, жүзеді екен жұлдызша
Жалт-жұлт еткен жербетілік сұлулық!
Қоян жақтан табылмайды қырым ет,
Көз тоймайды қарасаңыз мың рет!

Сұсты қабақ, кең сауырлы, сүмбіл жал,
Сурет қылып жаратқандай құдірет!
Еркің қалмай қол создың ба таңдана
Бетін тақап, еміренді сәл ғана...

Сезеді өзін аңсап, күтіп жатқанын
Жазиралы, жазық төсті кең дала!
Кереметке қарап қайран қаласыз,
Кеңдік керек тұяқтарға тағасыз.

Арғымақсыз бір күйі кем даланың,
Арғымақ та көсіле алмас даласыз.
Бетон қора. Қалай, қайда қарғымақ?
Қоштасарда ғажап мұңмен ән құрап,

Жанарына бар жалғанды сыйғызып,
Қарап қалды-ау қара сүлік арғымақ!...
Қамбар ата қарамасын мұңайып,
Тұсамыстап, түсінбесек, бұл — айып.

Қандай бақыт арғымақтар болғаны
Біздің байтақ даламызға лайық!!!

ШАПАҒАТ

Барып ем саған әділетті жан деген соң,
Естілік болар құрметке ерте бөленсең.
Көрдім де сені:
Таң қалдым таңды көргендей,

Не деген мөлдір,
не деген адал жан ең сен.
Үмітпен ертіп апарған саған сол ақын,
Қапыда құлап, майып қып алған қанатын.

Ұшам деп қайта талпына берген тыпырлап,
Жаралы құстай аяулы жігіт болатын.
Арманды сүйеп, апарған едім алдыңа,
Кенеттен келсе, батыл шешімдер даулы да.

Қайғылы жанға қайырым жасау керек деп
Ізгілік керек қол қою үшін қаулыға.
Күдікпен тұрғам, үмітпен үлкен барсам да,
Азаматтыққа сын болған сол бір қарсаңда

Асып түсіп ең біз күткен барлық болжамнан,
Ерекше ерлік жасаған едің сен сонда!
Сақтаймыз мүлкін, қорғаймыз малын қоғамның,
Өшірсе өртті, айтамыз алғыс оған мың.

Қойды да қорғап, апаттан алып қалған біз,
Арманын таптап кетеміз кейде адамның!
Жыласа адам, жүректен қызыл гүл өрбіп,
Жұбату қиын, ат сыйласаң да мінерлік.

Ерліктер аз ба?
Азабын ұғып адамның
Жоғалған күлкісін тауып беру ғой —
шын ерлік!

Шаттанды жігіт,
Жақсылық жерде жатып па?
Келешек күннің берері белгісіз уақытта
Үміттерінен адасып қалған адамға

Жаны асыл біреу шапағат шашса, бақыт та!
Ырза да шығар тағдырдан гөрі заманға ол,
Заманнан кейін борыштар шығар саған да ол.
Дірілдеп тұрған ұшқынға жалын жалғаған

Қайрымды жүрек, қайда жүрсең де, аман бол!
* * *
Арманым көп, жетпеген арманым көп,
Кімге айтайын алысқа бармадым деп.

Алақандай бөлмеге қалай сиям,
Алматыда тұрғанда алма гүлдеп.
Ақ гүлдерге толғанда көше көп-көп,
Көкіректен бұлттарым көшеді ептеп.

Жан төзбейді сезгенде біреулердің
Жалғандықты жатқанын қошеметтеп.
Адамдарда алалық бар азырақ,
Әлдекімнің білемін наразы қап,

Біреулердің беделін намысы емес,
Танысымен жатқанын таразылап.
Елемеуші ең жатса да тасқын ойнап,
Бізден де ұзап барасың, жастық-ай, қап.

Жаман әдет жойылар, оған мынау
Серуендеген жастардың достығы айғақ.
Өнер жолын өзімше жалғағым кеп
Жүргенімде

Түсінбей қалғаным көп.
Айнала ұшып жүрмей ме ақ періште
Алматыда тұрғанда алма гүлдеп.
Мен табынам, табиғат, мәңгі атыңа,

Бақ тілеймін туған ел — жәннатыма!
Айналаға, адамдар, қараңдаршы,
Алма гүлдеп тұрғанда Алматыда!
* * *

Арманына жетпесе, налиды ақын,
Қол созыппын биікке, дариға, тым.
Қасарғанда қайсармын сексеуілдей,
Ұқсаған-ау далама табиғатым.

Кімді сүйем, далама сүйінбесем,
Сүйінбесем қайыңдай иілмес ем.
Борышымды ойласам, шыр-шыр еткен
Бозторғайдың мазасыз күйін кешем.

Бұл даламен арманым егіз менің,
Қаңтарда қар, күзде дән тәрізді едім.
Ұйқасымда үйіріліп құйындары,
Шумағымда шулады теңіздері.

Шеңгелді де балама гүл дегіздім,
Далам жүрді ішінде жыр — лебіздің:
Қобыз айтса мен айта алмағанды,
Айтпағанын мен айтам қылқобыздың.

Қолыма алып өлеңнің қоңырауын,
Қақтым мен де, біледі оны қауым.
Көктемдегі даладай мейірлендім,
Уыз сүтке толғанда омырауым.

Жаз гүлдері жанымда желбіреді,
Жаңбырымның барын да ел біледі.
Менің шағын бойыма қалай сыйған
Байтақ, дарқан даланың белгілері?..

* * *
Жігерім — құм, қабырғам сөгілмесін,
Жіпке тізіп айтайын оның несін.
Сенің жауың менің де жауым еді,

Менің жауым неліктен сенің досың?
Сатпау керек жақсы адам досын былай,
Бұлтқа батты бұ кезде шошынды да ай,
Менің аппақ ақ шөлмек арманымды

Пытырлатып басасың, о, сұмдық-ай!
Аяғыңның астында қалды арманым,
Найзағайға толады заңғарларым.
Достық деген бірліктің биігі еді,

Бас қамыңнан аспадың — аңғарғаным.
Ұлы сезім бағасын кәні білген?
Айды іздеймін бұлттардан әрі кірген...
Сына, қина, құлпырып өзгере бер,

Сатылмаймын, сатпаймын бәрібір мен!
* * *
Жақтырыспай отырмыз, кінәлі ме ем,
Жаным, саған ескертем мынаны мен:

Кекшіл адам емеспін,
Жылап қалсам,
Жұбанамын Естайдың бір әнімен.
Ақ лақтай ойнаған жар жағалап,

Асыр салам, өзіңді тауға балап.
Жоқ нәрсені іздемей,
Жадыраймын,
Жауып тұрған әдемі қарға қарап.

Сұлық қарап қалмашы,
Сұранамын.
Бұл өмірді ұзатар бір амалым:
Сәл нәрсеге кірпіше жиырылмай,

Бар нәрсеге балаша қуанамын.
Қабағыңды аш,
аларып қараған кім?
Жадырашы,

Жоғалсын арадан мұң.
Асыл тасқа, әр затқа алданғанмен,
Махаббатына жетпейді бәрі адамның!
* * *

Қатарласып кең даланың құсымен
Қанат қағып,
Бір-біріне ұласты oй.
Саған қайғы болғанымды түсінем,

Қуанышың болғаным да рас қой.
Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,
Соқпағына соқпадық па өзгенің?
Аласартқан шақтарым да болғанмен,

Аз емес қой өрге тартқан кездерім.
Қатарласып кең даланың құсымен,
Қанат қағып,
Бір-біріне ұласты ой.

Маған бақыт екеніңді түсінем,
Бірақ азап бергенің де рас қой.
Бірге жүріп қиылысқан жолдармен,
Соқпағына соқпадың па өзгенің?

Асқақтатқан шақтарың да болғанмен,
Жоқ емес қой аямаған кездерің...
Болашақты жүрдік солай қарсы алып,
Ойдан гөрі сезімге еріп көбірек.

Сен қуантсаң, қуаныппын жар салып,
Сен жылатсаң, жылаппын мен еңіреп.
Сен болған соң, мазамды алып тұрасың.
Қалдым талай күмән деген тұманда.

Сен болмасаң, мойындаймын расын,
Қиын болар еді өмірім бұдан да.
* * *
Қарсы алғандай беймезгіл қонақтарды,

Қабақ шытып, бір қырын қарап қалдың.
Қайда жүрсең сағынып оралушы ең,
Бір бөлмеге сыймастай не боп қалды?
Көзің салқын, жүдеусің, өңің сынық,

Айта алмадым жалғыз сөз өзімсініп.
Қан-сөлі жоқ бетіңнің, мүсіндейсің,
Қалғаны ма қайнаған сезім суып?!
Баяғыдай өртеніп, от оранбай,

Құлазисың жан бармас жеке аралдай.
Әрбір айтқан сөзіме іңкәр едің,
Қалғаныңды-ай бір сөзді көтере алмай.
Сені айнытқан сол дұшпан кімдер еді?

Ақылды адам қалайша тілге ереді.
Сүйген жандар осылай жек көріссе,
Басқа қалай, білмеймін, күн көреді?
* * *

Ауыр бір сөз айтып сонда, кетерде,
Көңілімді қалдырдың-ау бекерге.
Бейбіт қатар өмір сүріп жатпай ма,
Жер бетінде жолы бөлек екі ел де!

Маған ауыр ұсақтығың бұл майда,
Майда сөзді келтіресің ыңғайға.
Аймаласып саусақтар мен саусақтар.
Қимай қарап отыратын күн қайда.

Жайсаңы деп ойлаушы едім жігіттің,
Жүзімізде оты жанып үміттің.
Бір сөйлемді сен бастасаң,
Мен жалғап

Жарасатын сәтті қалай ұмыттың?
Мұң кетсе де, кек кетпесін жүректе еш,
Қайда қашсаң, мені ойламай күн өтпес,
Мен емес пе ем,

Қанша көңілім қалса да,
Жұлдызыңның жануына тілектес.
Менің көңілім, әрине, сәл мұңдырақ,
Мұқатқаным емес сені бұл бірақ —

Әлі талай оятады өзіңді
Естеліктің қоңырауы сылдырап...
* * *
Ағаштарға қарасам, демаламын,

Ағаштардан тазалық таба аламын.
Алыстағы теңіздің демін сезіп,
Самғағанын көремін шағаланың.
Соған қарап ұмытам сесті, үрейді,

Адам үшін оларды өсті дейді.
Ең жақсы әнді естимін ағаштардан,
Бәлкім, оны басқалар естімейді.
Мен жыласам, жылайды жапырағы,

Жапырақтар мейірімді, ақын әрі.
Ақымаққа шамдансам, сабыр беріп,
Саясына желбіреп шақырады.
Шағаладай мен қашан ұшамын, а?

Ұшу ғана лайық бұ шағыма. ...
Тұрақсыздың түрінен түңілгенде,
Тығыламын шынардың құшағына!
* * *

Қарадым да, бір жаңалық тағы аштым,
Жапырақтар қанаты екен ағаштың.
Адамдардай талпынады ұша алмай,
Тамырлары жайлаған соң жер астын.

Жапырақтың жырларына құштармын,
Алдымда — күз. Жазды қалай ұстармын.
Қанаты жоқ маған қымбат сияқты,
Сайрағаны қанаты бар құстардың.

Жапыраққа қарағанға құмармын,
Жапырақтан жаратылған шығармын.
Бір заманда туған жерде қайта өніп,
Бір бұтаққа қайта ілініп тұрармын.

* * *
Әттең, кештеу адалдың ісі ақталды,
Тұрлаусыздар тұлпарды тұсап қалды.
Құлагерге әлі де құрық салған

Құны төмен жек көрем ұсақтарды.
Жаным, жара, күндестік, бақастықтан,
Күндестікпен күресіп шатастық та.
Еріншектік, ерсілік, жағымпаздық

Туатұғын сияқты топастықтан.
Менің басым солардан отыр қатып,
Алғандаймын жанымнан от ұрлатып.
Бір сарайға бір күнге қамаса ғой,

Топастардың барлығын топырлатып!
Жоқ! Жоқ! Қате! Олардың тиме арына,
Мен сенемін оларға сый барына.
Сәл де болса нұрлансын

Отты өлеңмен
Ұшқын шашып көрейін миларына.

ҰСТА

Өрнегіңді ұқсаттым үркерге мен,
Сезіміңді мұншалық кім тербеген?
Жүзім ысып қарадым жүзігіңе
Айналасын алтынмен шілтерлеген.

Тасқа біткен қызғалдақ жапырағы,
қызықтырып қыздарды шақырады.
Таң қалуды ұмытқан адамдардың
Бір қуанып қалғаны не тұрады?

Бұл жүзікті қолына сыйған алсын,
Бәлкім, өзің біреуге ұйғарарсың.
Бәлкім, мына асылды таққан қыздан
Асыл қылық таба алмай қиналарсың...

Бәлкім, мезгіл апарар оны алысқа,
Бұл жүзікті жұта алмай сел, ағыс та
Отызыншы ғасырда оқыр біреу
Жасапты-ау деп Дәркенбай деген ұста.

Адам болмай бола ма алтын әсем,
Адамдарсыз, әрине, шалқымас ең.
Темірді емес, көңілді көркемдер деп
Көне затты келтірдің қалпына сен.

Темір жайнар көмірмен шарпылыста,
Өнер — еркең, еркеңді еркін ұста.
Қызыл гүлдей құлпырған бір кездері,
Қам көңілді қалпына келтір, ұста!

Керек сөзді алтындай сүзем, міне,
Керек ойды оюдай тізем, міне,
Жігіт жігіт бола ма жарымаса,
Құранды ерге, қамшыға, үзеңгіге!

Ер әбзелін түгенде еленбеген,
Саймандарға сән бітсін сен өңдеген.
Ер адамның беделін қайта көтер,
Әлде небір себеппен төмендеген...

Келер ғасыр беймәлім не берері.
Тұрар, тұрмас шебердің шегелері...
Автоматтар қоршаған бізге бірақ
Керек әлі ұстаның қол өнері!

АРКАДИЙДІҢ ФОТОЛАРЫ

Мынау достар!
Жас күніміз бірге өткен.
Аяулы еді, ыстық еді, түу неткен!
Рахия, Күлтай, Башар, Ізімгүл

Жап-жас болып қарайды ескі суреттен.
Сол бір жылы ыстық жазда, июльде
Түскен едік, басқа — сән де, киім де.
Аркадийдің фотосы ғой, баяғы

Түсіретін Төлегеннің үйінде.
Қазақ жігіт. Аты Аркадий, Қаладан
Біздің жаққа келген сонда жаңадан.
Арқасында фотоаппарат асынып,

Қолына ұстап ескілеу бір чемодан.
Қызық еді. Қимылы да жедел-ді,
Үнемдейтін фотоқағаз дегенді.
Майда-майда суреттермен ауылға

Біраздан соң болып алды беделді.
Түспегенде қалатындай арманда,
Топырласып сол үй жаққа барғанда,
Монтиятын аппараттың алдында

Ауылымыздың ажарлысы Шәрбан да!
Аркадийде абырой бар, атақ бар.
Шікірейіп, шіренсеңіз,— шатақ хал,
Аханова Зере ғана иілмей,

Қиғаш қарап, түсуші еді тәкаппар.
Сәл жасанды бейнеленіп сәби күй.
Суреттерге толды сонда, әрине, үй.
Қағаз гүлді бекер қойған ортаға,

Өзіміз де гүл емес пе ек табиғи?!
Өткен жылдар қайта айналып келместен,
Шығып бара жатыр екен енді естен.
Қандай оймен тұрдық екен тұнжырап,

Он алтыға қарағанда он бестен?!
Ерке қыздай қолдан шыға бұлқына,
Кеткен шаққа оралар ма ек, шіркін, ә?!
«Жылдамдықтың қас қағым бір сәті»,— деп,

Қол қоямын суреттердің сыртына.
Көңіл онда мөлдір шыны әйнек бір,
Арман еді панбарқыттан көйлек бір.
Біздің балғын кезімізді бейнелеп,

Аркадийдің фотолары сөйлеп тұр!
* * *
Құлдырайды көз ұшында құлыншақ,
Құлыншақтар әр нәрсеге ұрыншақ.

Небір қымбат көйлектерді кидік-ау,
Бір келмеді бірақ сонау шырын шақ!
* * *
Жарқын мезгіл. Жалаулап қыр гүлдеп тұр.

Домбырадан күй шығар күмбірлеп бір.
Бәрі орнында.
Жалғыз-ақ сен опасыз,
Опасыздың себебін білгім кеп тұр.

Арқа-жарқа алмалы бақ бүрлеп тұр,
Жүретін ем адал жар таптым деп бір.
Шаттығыңды быт-шыт қып шапалақпен
«Сатқынсың!»— деп жағыңнан тартқым кеп тұр!

...Сендік еді жүрегім, пейілім, санам,
Қиын екен сенімнен айрылса адам.
Мені алдаған түріңнен шошып кетіп,
Ауыр сөздер айттым-ау деймін саған...

Ашуландым осылай, жан құштарым,
Ашуланған өзімді зорға ұстадым.
Қимаған соң жыладым... Саған бірақ
Еш уақытта жетпегей қарғыстарым.

Кешірем бе? Намыссыз сезім неге?
Төзбеуге де білмеймін, төзуге де.
Жақсы көріп бауырым езіліп тұр,
Ең жек көрген кезімнің өзінде де!

* * *
Бәрі әншейін екен ғой, шын сүйгенім
Жүрегімді шын сезім шымши менің
Маза бермей қойғаны, қорласаң да

Өр басымды өзіңе мұнша игенім.
Көл қорыған қызғыштай тілектерім,
Көрмегенде толғаны жүрекке мұң.
Сені жаман дегенді жаман көріп,

Шоқ басқандай болғаным, шыр еткенім.
Неге сонша арланбай төмендедім,
Көгермеді сезімдер көгендегі.
Қандай еді мақсатым

Мәңгі-бақи
Жалғыз жанды сүйемін дегендегі!
Бәрі әншейін екен ғой, оны ұғамын,
Азап кешіп, ойлармен арығаным,

Бір жақсы түс көрсем де, өзіме емес,
Сенің жолың болғай деп жорығаным.
Жерге басып осынша ойымды асқақ,
Сен өмірде өзгеше ойын бастап,

Кете бардың шексіз сол махаббатты
Өткінші бір күндерге айырбастап.
Бәрі әншейін екен ғой, шын сүйгенің...
* * *

Май айында майысып өссін құрақ,
Қара жердің қатпарын сөксін бұлақ.
Бәрі болсын!
Сен де жүр аман-есен,

Жақсы өмір кеш!
Мен үшін жоқсың бірақ!
Жек көре бер!
Айт тіпті өсек мейлің!

Қарсы емеспін, жолыңды кесе өтпеймін.
Қатар өмір кешсем де, сөйлессем де,
(Сағынсам да!) сен жоқ деп есептеймін!
Ұмытамын бұрынғы естігенді,

Бұлттар бұзған әдемі кешкі реңді.
Сен бар деген ұғымды маған, әттең!
Мойындата алмайды ешкім енді!
...Қарап тұрсам, өмірде бәрі майдан

Жасымауды үйрендім жарық айдан.
Жаның қалмай күтетін сол кездегі
Болмысыңмен табармын сені қайдан?!
* * *

Қай мезгілдің, қай әлемнің, қай елдің,
Қараңдаршы жүріп өткен жолына:
Азаматқа серік болған әйелдің,
Дүниеге көрік болған әйелдің,

Толғақ қысып, бала туған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің
Оған қоса қалам ұстап қолына,
Құрбан болып көрінбейтін елеске,

Жыр жазғаны бір құдірет емес пе?
Алысқа емес, айналаға жәй енді
Қараңдаршы қайырыммен бір бәрің:
Ac пісіріп, дәм ұсынған әйелдің,

Ұрпағы үшін жан ұшырған әйелдің,
Төмендетсе, төзе білген әйелдің
Ой дертін де сезе білген әйелдің
Нәзіктік пен үміт толы жырларын

парасатпен жібере алмай өмірге ой,
Ер жігіттің мұқатқаны өлім ғой!
Осыны ойлап мынаны мен аңғардым:
Күн нұры мен мейірімнің мол күшін

Табиғаттан үйіп алған жандардың,
Жүрегіне құйып алған жандардың
Бейбіт күнге себеп болған жандардың,
Ұлы істерде көмек болған жандардың

Мүмкіндігін, бүкіл сұлу болмысын
Түсіне алса, еркелетіп ер кісі,
Мұның өзі парасаттың белгісі!

ТОЛҒАҚ

...Дөңбекшиді бір отырып, бір құлап,
Бебеулейді беймаза бір күй құрап.
Қары талып қалғанына қарамай,
Жатыр біреу сегізкөзін бұрғылап.

Шайқағандай мұзды мұхит сеңі ұрып,
Қаратпайды қара құйын еліріп.
Өз қолымен түйгіштейді өз белін,
Бір аш қасқыр жеп жатқан соң кеміріп.

Санасында бір-ақ үміт, бір-ақ ой...
Сұмдық азап берер емес, сірә, бой.
Сүйектері сынып түсіп қалғандай
Шыдатпайды сыздағанда тұла бой.

Сола жаздап дірілдейді сонда ақ гүл,
Жібергенше шын құдірет қолдап бір,
Шыбын жаның қыл үстіне ілініп,
Шыңғырғанға тоқтамайтын толғақ — бұл!

Жіптің ұшы жеткізбейді тағы ұзай...
Зар илеген Қорқыт ата қобызы-ай!
Тоғыз айда қорқа-қорқа жүргенмен,
Үміт оты сөнбеп еді тоғыз ай.

Лүп-лүп етіп лүпілдейді жанған шам,
Жаны барда қалды дейсің хал қанша?!
Ешкім ара түсе алмайды, толғақтың
Ең бір соңғы минуттары қалғанша.

Мұндай кезде өз еркіне кім ие?
Жазған басын бір көтеріп, бір ие
Жалынады әулиеге,
алдында

Құстай қалқып қызыл-жасыл дүние...
Табиғатта бейнет бар ма тұрақты?..
Шар еткен үн жақындатты мұратты!
Тына қалды дүлей күші азаптың,

Сап басылған қатты дауыл сияқты.
...Жағалауда желкілдеді бал құрақ,
Жапырақтар би биледі жалбырап.
Жер-дүние мейірімге бөленіп,

Жатыр әйел бойы босап, балбырап.
Жел басылды, шапақ тарап шалғайға,
Тынышталды шырылдаған торғай да.
Күн де шықты таң пердесі жарылып...

Тән азабы ұмыт болды сол бойда.
Әлем ең бір әсем нұрға боялды,
Ащы тірлік. Арты бірақ — баянды.
Жауды жеңіп қайтқан батыр сияқты,

Сәл көз іліп, жас келіншек оянды
Иығынан түскен екен жүк батпан,
Әйнектерден амандасты құтты ақ таң.
Әйел шөлдеп жатыр екен, құнығып

Ішті сонда бір кесе шай сүт қатқан.
Қайран сол бір қатты шөлі қанған шақ!
Қайрат келді қайта кесе алғанша-ақ.
Алпыс екі тамыры иіп, басынан

Бақайына төгілді-ау бір тер-моншақ!
Қорғасындай балқығаны не мынау?!
Бөбек келу — керемет бір өмір-ау!
Өңі ашылып, оттай көзі жалтырап,

Ақ уызға толып кетті омырау!
* * *
Бәрі өткінші. Өшеді асыл шам да...
Неге жұмбақ боласың осынша онда?

Жұрттың бәрі біледі
Мен дегенде
Сенде сабыр жоқтығын, жасырсаң да.
Жүрегіңді

Үздігіп мені аңсаған,
Тыңдамауға қалайша келер шамаң,
Аппақ таңда шашырап шыққан күнмен
Бірге келген махаббат мен ем саған!..

Сен сүйесің
Сүйесің жанып іштен,
Еркіңді алып сол сезім тағы күшпен,
Елемеген боп тұрып, іштей бағып,

Көзің толы қарайсың сағынышпен.
Кеш түседі, ақылдым, күн ауса анық,
Бірте-бірте сонан соң тынар сауық...
Сезімдердің таңы ғой сүю деген,

Таңғы арайға бола ма бұғау салып?
Менің жүзім сен үшін таң сәулелі,
Жұбанышың — еске алып, аңсау мені.
Сөйте тұра бағаңды арттырсам деп,

Құбыласың...
Қайтесің сонша әурені?!
* * *
Жеткізгенде жанымды жырға орап мен,

Әулиедей табынып, тыңдамап па ең?
Сол сезімнің қанаты сынған, әттең,
Қалай ғана ұшарсың бір қанатпен?!
Сыңар қанат қағылып, қайда барсын,

Қарапайым тағдырға байланарсың.
Өзің қинап өлтірген сол сезімді
Өкінішпен бір кезде ойға аларсың.
Өкінішпен уайым жеп бітерсің,

Басыңа — бақ немесе соққы төнсін,
Қандай жағдай болса да, мені есіңе ап,
Күдер үзбей күтерсің,
Көп күтерсің!

ҚЫЗ ҰЗАТУ

Үйіңнен туған ұл-қызды талай өргізген,
Ұзайсың, қалқам, кетесің енді сен бізден.
Толқытып түгел ағайын, бауырларыңды,
Идіріп төсін анаңның ақ сүт емгізген.

Қабыл да болсын ананың аппақ тілегі,
Әлпештеп сені, еркелетуші еді үнемі.
Аққуым еді, ақ гүлім еді деп бүгін,
Езіліп отыр ағаңның сыздап жүрегі.

Ұяңнан ұшып барасың енді жаңа үйге,
Өз үйің ол да, өз ұяң ол да, әрине.
Қарсы алып жатыр баршасы, міне, қуанып,
Алдыңнан шығып, үлкен де, кіші сәби де.

Ұғарсың әлі кімнің кім, ненің не екенін,
Сағынар сені жеңгелерің мен мекенің.
Бақытты болып сағынып келіп-кетіп те
Жүріңдер бізге еркелеп енді екеуің.

Аппақсың, сенен ақ емес, жаным, тіпті ақ қар.
Ақ көңіліңмен өмірдің жүгін мықты атқар.
Сен өскен үйде жақсылық қалсын, бақ қалсын,
Барған жеріңе қуаныш боп бар, құт боп бар!

КҮМІС ТОЙ

Екеуіңе бір-бірін шын қалаған
Адалдықпен қызықпай кім қараған?!
Өмір деген — көгілдір мұз, айдында
Сен екеуің мәнерлеп сырғанаған.

Қатар тұрып күнді де көресіңдер,
Қатар тұрып қиынды жеңесіңдер.
Жақсы болу оңай деп кім айтады,
Бір-біріңе сүйеу боп келесіңдер!

Бірің — ақыл, парасат: бірің — дарын,
Бірдей ұстау қиын-ау мұның бәрін.
Ағайынмен жайылып өркендерің,
Өрімталдай өсіп тұр құлындарың!

Өздеріңнің қанша асыл достарың бар,
Сол достармен бір тойды бастадыңдар.
Жиырма бес жыл өмірді оймен шолып,
Ең бір жақсы сәттерді еске алыңдар!

Болу үшін тәттірек бұрынғыдан,
Осы тойда салынар шырын бір ән.
Екі жақсы қосылса, шам жанғандай,
Бірің — аққу секілді, бірің — қыран!

Іші толып әдемі күйге күнде,
Толып жатқан той болсын үйлеріңде.
Алтын той да жасаңдар аман-есен,
Бірің шекер, бірің бал күйлеріңде.

Бақытың бар, базарлы тұрмысың бар,
Алдарыңда әлі көп нұрлы шыңдар.
Отырыңдар осылай жүзге дейін,
Болашаққа осылай бірге ұшыңдар!

Өте берсін күміс той, күміс түндер,
Күн нұрымен өсуге тиіс гүлдер.
Бір қайталап көрсетіп жіберсеңдер,
Алғаш қалай екеуің сүйістіңдер?!

* * *
Кейде таудан биік көңілің басылар,
Кейде көзден жас бұлағы жосылар.
Кейде жаның кей жаманға ашынар,

Бірақ соны ұмытуға да болады,
Ұмытпайтын, ойлаңдаршы, несі бар?
Кейде мықты ақымаққа бас ұрар,
Кейде біреу арыз-дауға асығар.

Кейде бір дос дұшпаныңа қосылар,
Аяуға да болады ғой соларды,
Жүрегіңді ауыртқанмен осылар.
Қаяу болса,

бар қуаныш құрып па?
Ұзақ шыдап тұра алмайды суық та.
Суысқанмен достасарсың жуықта.
Ұмытуға болатынды ұмытып,

Ұмытуға болмайтынды ұмытпа!
* * *
Ұмытты деп бәрін жырдан басқаның,
Сөкпеңдерші бармай кетсем, достарым.

Жазсам жазам заманымның дастанын,
Өлең жазу — ойлау емес бас қамын.
Жазсам, жазам жүрегіме батқанды,
Жалғандыққа барғаным жоқ жаттанды.

Менің үміт, тілегімді арқалап,
Кемел ойлар келешекке аттанды.
Кешіріңдер кешіксем не бармасам,
Кешіріңдер кезінде хат салмасам.

Бірақ бәрің біргесіңдер әрдайым,
Алауыммен, жалыныммен жалғасам.
Өздеріңсің — өміріме шырай, сән,
Бірде мөлдір, бірде көңіл лайсаң.

Кешіріңдер, байқамасам, көрмесем,
Сендер күліп отырғанда мұңайсам.
Жүрегіме адамзаттың мұңы тән,
Үміттенем атқан сайын ұлы таң.

Шыпырлатып шырақ жаққан жолыма,
Жолдастарды қалайша мен ұмытам?!

ҚЫСҚЫ ТҮНДЕ

Үй жылы. Дала қараңғы,
Төбеден түсті өрмекші...
Қақаған мына боранда
Кім іздеп мені келмекші.

Қар борап, ұйтқып тұрғанда,
Қабағын тұтып мұз деген,
Бүйрегі бұрып бұл маңға,
Кім екен мені іздеген?

Ашылсын жолы сол жанның,
Бұрылды ма екен дәм айдай?
Аулына асыл Тоғжанның
Адасып келген Абайдай.

Әйнекте қырау ериді,
Адамда үміт, жалпы, мол.
Жылынып кетем деп, үйді
жылытып кетер, бәлкім, ол?!

Жүр екен қазір қай бетте,
Отты іздеп көзге іліккен...
Қар басқан мұзды әйнекке
Қараймын жылы үмітпен.

Алдымен түсер қыс тауға,
Кеш жүрген неткен кісі еді?..
Жалғыз үй тұрған қыстауда
Жас кезім еске түседі...

ТАУ БАЛАСЫ

Ұласатын шуағына жауыны,
Ұясындай ыстық туған ауылы.
Алатаудың аясында туған соң
Ұлы болу керек шығар тау ұлы.

Шындық аулы шыңдарда екен, жиі ұқтық,
Шың созылар тазалықты жиып, тік.
Шың басына көп қараған ұланның
Шыдар жері, турар жері — биіктік.

Тебіренсе, даласына тартыпты,
Теңіздердің тереңдігі бар тіпті.
Ақылына алпысты бер, түріне
Бере алмайсың жиырма бестен артықты.

Қай жігіт деп қыздар қарар бұрылып,
Реңінен ұлағатты сыр ұғып.
Ірі таудың іргесінде туған соң
Тірлігінде болған шығар ірілік.

Отырмаған топқа бөліп, жік құрып,
Таңырқаса, жанары да тұп-тұнық.
Жыр алыбы желеп-жебеп жатқан соң
Мүмкін емес болмауы онда мықтылық.

Құстар әні, құрақтардың сазы ұнап,
Қуанады, мұңаяды азырақ.
Табиғаттай тәкаппар, паң ағаның
Байқасаңдар, жаны нұрдай нәзік-ақ.

Балам десе, туған дала бар алап,
Бар алапқа пәк махаббат тарамақ.
«Жер аруы — Алматы!»— деп қайтыпты,
Жердің жүзін шыққаннан соң аралап.

Сазға толып заңғарлардың арасы,
Сағынтқанда сайы менен саласы,
Есесіне жүдеу сәби жылдардың
Еркелесін даласына баласы.

Бүгін аға бұлағынан су алсын,
Буырқанған сезім сырын ұғарсың.
Бүгін аға бұлбұлдарын тыңдасын,
Бүгін аға бүлдіршіндей қуансын.

Күндер легі кетуде де, келуде,
Қиын оған сенбеу және сену де.
Желбіретіп гүлдер шашып тастаңдар
Ағаларың келген екен елуге.

Қыздар, бүгін қызыл көйлек киіңдер,
Бозбалалар, қырмызы гүл үйіңдер.
Сағынышын бассын,
Асыл ағаны

ардақтаңдар, құттықтаңдар, сүйіңдер!
Әнге айналсын бәйшешектің дірілі,
Биіктесін ақиқаттың тұғыры.
Ұзын-ұзын ағаштардың ішінде

Өскен ұлдың ұзын болғай ғұмыры!
* * *
Жырларым таратардай тәуір хабарды,
Асыға күтіп жатқандай дәуір де оларды —

Шабыттансам,
Шарқ ұрам қыран құстай
Қанаттарыммен сабалап қабырғаларды.
Гүлдесе сезім қайтадан қар басып тағы,

Жаңбырлар шайып,
Жаздың бір жалғасып таңы,
Көкірегімде менің
Көгілдір бояуларымен

Жыл мезгілдерінің жатады алмасып бәрі!
Қар жауса,
Қатты сағынам көктем айларын,
Көктемнің ғажап сағынам көк тоғайларын.

Мен бармай жатқан жерлерге жетеді жиі
Ұстатпай ұшып кеудемнің кептер ойлары!
Кептер ойларым
Жетсе деп жаңа ұрпаққа аман,

Хаттар Жазамын,
Ғажапқа
Таңырқап қалам.
Үйге сыймаған өзімдей

Өзіме сыймай —
Беймаза менің көңілім-ай,
дамыл таппаған!
* * *

Адам ем жаны дарқан, арманы бай,
Қиялдың қондырушы ем заңғарына ай.
Жаманнан көңіл қалса бір сәрі ғой,
Жақсыдан жайсаң көңілім қалғанын-ай!

Табынғам әділдікке қоғамдағы,
Адалдық байлық еді адамдағы...
Айнымас махаббатты қалап алып,
Қаласың опа таппай одан дағы.

Мұңсыздық маған мұнша бөтен бе еді,
Бөлінбей, жаныма сыз мекендеді.
Неліктен көп адамға деген
шексіз

Мейірімді жомарт пейілім өтелмеді?
Келеді кешіріліп не қылықтар...
Тазарар ақ нөсерге шомылып тал.
Тағдырдың маған берген бір байлығы —

Менде тек түңілу жоқ, мол үміт бар!
* * *
Жер беті күрделі ғой осы күнде,
Біреудің жау болады досы бірде.

Біреудің жан жүрегі айқара ашық,
Біреудің аша алмайсың есігін де.
Біреуі адал болса баладайын,
Соны да пайда көрер бар ағайын.

Кем болсаң, келеке етіп, артық болсаң,
Артыңнан жаба салар жала дайын.
Жоқ емес ақылдылар тілегі үлгі,
Солардың қадірін кім біле білді?

Үйіңде отырсаң да,
Бір сөз айтып
Кетеді бірі ауыртып жүрегіңді.
Қаншама дамыды әлем,

Бірақ тағы,
Жамандар азаймаған сияқты әлі.
Тұрсаң да күн қасында,
Күншілдердің

Жетеді елемеуге ұяттары.
Қуантпай жолдастың да шаттығы түк,
Біреу жүр өзі өсетін сәтті күтіп.
Жал бітсе,

Бір сәтте адам, кетпесе екен
Жақсылық жасағанды қатты ұмытып.
Біткенің
Күнің түссе бүгін соған,

Қайтармас бергеніңнің бірін саған.
...Шіркін-ай,
Өзім, өзім дей бергенше,
Өзгенің жанына да үңілсе адам!

ХАТТАРДАН

1

...Аспан асқақ шатыр екен, ағатай,
Тірлік деген театр екен, ағатай.
Өмір сүріп жүрміз деген кейбіреу
Рольде ойнап жатыр екен, ағатай.

Бояулы әлем. Ашылады әр түстер,
Бедел — көкпар. Әр тұсынан тартысты ел.
Жайсаңдардың ролінде жасанды
Әрекетпен ойнайды сол «артистер».

Кең болса да қайран қазақ даласы,
Тар сияқты ағайынның арасы.
Айып болар бәрі жаман дегенім,
Жамандардың ауыр бірақ жаласы.

Біреу жақсы қозғай қалса бастама,
Жалғастырса жақсы емес пе жас бала?
Өз басы үшін өлермен бір жігіттер
Жанып жатса қарамайды басқаға.

Күн нұрымен құлпырады өсімдік
Күннен сабақ алмай әбден есірдік...
Бағы барда құлдық ұрып адамға,
Сәл сүрінсе сәлемдеспеу не сұмдық?!

Бір жақсының қалып кеткен көзімін,
Көлгірлікті көрсем,— бітер төзімім,
Әрбір төрге лайықты жақсы бар,
Әрбір заттың орны бар ғой өзінің.

Түсінбеген кейбіреулер күйрек дер,
Қас талантқа табынуды сиретті ел.
Аққуларға орын жетпей айдында
Маңғазданып майпаңдап жүр үйректер.

Ұсақтарға кетті менің ірі есем,
Жаныма іздеп біресе — өлең, біресе — ем.
Қарау пиғыл, күйкі ойлармен, ағатай,
Қай қарудың күшіменен күресем?

2

— Асыл болсаң, алмас болсаң, мұқалма,

Өмір — жарыс жасық жандар ұтар ма?
Заманының жаман жағын жойсам деп,
Найзағай сөз ұстап еді Бұқар да.
Алалық бар алыста да маңайда,

Жер де тегіс болған емес қалай да.
«Айтқанды ұқпай»... «және айта бер»— дейтұғын
Ортасына
Ой тастаған Абай да.

Неге мұнша ашулы сөз бораттың?
Керегі жоқ, қалқам, қару-жарақтың.
Махамбеттің өткір тілі жанында,
Өткірлігі немене еді орақтың?

Сыпырылған сөз күшімен ноқталар,
Сөз күшімен күншілдіктер тоқталар.
Өз кезінің жайын емес,
Сөзімен

Келешекті нұсқап кеткен жоқ па олар?
Батпай қоймас қорлықтары елге ездің,
Тығыла алмас кесірлі кім, кербез кім.
Бізден бұрын неше ғасыр өтсе де,

Қайшылығы болған екен әр кездің.
Мүмкін емес жүру сүймей, сынамай,
Сезімталдық — дерт емес қой бұ да оңай,
Әлімсақтан дамуына қоғамның

Ақындары араласқан шыдамай.
Шағым айтып, жай ашынған жарамас,
Көңіліңе кейбір надан қарамас.
Ауа менен күннің нұры сияқты

Ақын болсаң, бар өмірге аралас!
Асулардан айбарланып асты елің,
Арындама. Асау аттың бас терін.
Тауып жұмса,

Тауға салса қайтпайтын
Өлеңдерің — ең қуатты әскерің!
* * *
Бабамдай нәрестені мәпелер кім,

Осы бір қасиетін көтерермін.
Кең дала — адам басын ардақ тұтқан
Мекені бесіктер мен бөпелердің.
Қара бұлт қаптаса да аспан, айды,

Түссе де найзағайдай басқа қайғы.
Үдеріп үрейленіп көшкенде де,
Жұртына қазақ бесік тастамайды.
Сондықтан сан көбейген, өсіп халық,

Қашса да қалың жаудан көшіп, талып
Алтынын үйіп кетіп,
Ата-бабам
Кететін балалар мен бесікті алып,

Тарихым!
Талайыңмен таңырқаттың,
Өзіңнен бақыт, қайғы бәрін таптым.
Майданда кетті-ау көбі бір кездерде,

Бесіктен есіп шыққан сол ұрпақтың...
Халықтың көбейгенін армандармын,
Өзінше түсінеді жалғанды әркім.
Ұят қой ұмытқаны сол сабақты

Соғыстан аман-есен қалғандардың...
Ойланам жылды жылдар асықтырса,
Қашанда жаңа мезгіл есікті ұрса —
Әр үйде кірген кезде көз қуантып,

Кәдімгі қарапайым бесік тұрса.

ЖАЛҒАННЫҢ ШЫНДЫҒЫ

Бар әлемге жүре ме әмір бірдей,
Құшаққа алу қиын ғой бәрін бірдей.
Қорқып тұрам
Кейбіреу әлдеқалай

Әруақты қозғаса әлін білмей.
Бәрін көріп тұрса да заты халық,
Сатылады-ау дегенді сатып алып,
Қалағанын біреулер алу үшін,

Қасиеттіден аттайды дәті барып.
Іздегенім, ағалар, жастан — шындық.
Кімнен өтпес бұл ғұмыр, бастан сырғып...
Сұмдықтар көп әлемде,

Болмас бірақ
Өлгендерді алдаудан асқан сұмдық.
Жалғандықты ашады жалған әлі,
Жүрегіме түседі таңбалары.

Қорқытады мені осы — адам үшін
Қорқынышты ештеме қалмағаны.

АРУАНА

Білмеймін, аянышты сезімнен бе,
Мен кейде ұйықтағанда, көз ілгенде,
Түсімде кездесемін ащы сорға
Сүті ағып бара жатқан боз інгенге.

Салады боз тайлақтай ұлым асыр,
Қосады қоспақ түйе жырыма сыр.
Түйенің бұйдасы мен жүгін алған
Бұл ғасыр бір жағынан ұлы ғасыр.

Өмірдің бар сұрағы шешілген бе,
Адамдар салғырттық па, кесірден бе,
Ойлаймын тым ұсақтап кеттік пе деп
Түйе емес, түйетауық өсіргенде.

Көзіңде, аруана, мұң бар мықтым,
Себебі сен асықпай тұрғанда ұқтым.
Кейіме, ойсылқара, біздің заман
Заманы зымыраған жылдамдықтың.

Бал шұбат аңсатады жиі мені,
Сендегі қайсарлыққа сүйінемін.
Иімей эстрада әуеніне
Ескі қобыз күйіне иігенің...

Жоқ сенің аппақ тайлақ, боталарың,
Сондықтан білем сенде қапа барын.
Жол бердің ұшқырлыққа,
Ұғасың ба

Қай жаққа асығыстық апарарын?...
Әніне қосушы еді өзіңді елім,
Азайып бара жатсың сезінгенім.
Жетерсің асықпай-ақ сан ғасырға

Себебі сезімтал да төзімді едің...
* * *
Ол өтті, енді ол үшін жоқ ештеме,
Бармайды қонаққа да, кеңеске де.

Біреулер тез ұмытып жақсылығын,
Біреулер сыбағасын жемес деме.
Қырандай алғыр еді, ел біледі,
Тағдыры оған отың сөнді деді.

Енді оның жоқтығына, жат түгілі,
Ет бауыр жақыны да көндігеді.
Кең болсын жаны, мейлі, даласындай,
Баламен дос болса да баласынбай.

Ұмытар,
Тірі адамның тірлігі бар,
Қашаннан бұ дүниенің заңы осындай.
Шалқыған дария даңқы және тынып,

Кешегі болған-толған...— бәрі өтірік.
Неге адам атақ, даңққа таласады,
Баянсыз бұл мысалды көре тұрып.

ПЫСЫҚ

Өнерліні өсек етіп еселеп,
Адал жайлы арыз жазып неше бет.
Санасызды сағат сыйлап сатып ап,
Ықпалдыға көрсетеді қошемет.

Дүниемен өлшейді бар деңгейді,
Сақ болғанда, туғанына сенбейді.
Жәрдемдессең, төгіп жақсы теңеуді,
Тек жүргенге тегін сәлем бермейді.

Мінін айтсақ, мойындай ма? Атама!
Өзіне — бос, өзгелерге — қатал, ә?!
Қол қойғызып алады бір мықтыға,
Өзі жайлы өзі жазып мақала.

Жағам десең, жауын бағар көзі бол,
Жағынғышқа қамқор болған кезі мол.
Жақсы жерде бір жақсы орын босаса,
Алдыменен ұсынады өзін ол.

Бастыққа ұнап, абыройы сәл артты,
Дос алдында ұмытты тек ол антты.
Адал болып көрінуге тырысты,
Жақтаған боп лауазымды талантты.

Білгің келсе, сөзге тартып көр ептеп,
Жуытпайды, бере қоймас дерек көп.
Адамдарды бөліп қойған екіге,
Өсуіме керек емес, керек деп.

Аямайды, жаба алады жаланы,
Жалғыз өзі жүре берсе, жарады.
Тілге еретін, өз пікірі жоқтардан
Төңірегіне тобыр құрып алады.

Жасқанады бетпе-бетте жүзіңнен,
Сырттан аңдып, мін іздейді ізіңнен.
Түк көрмеген сияқты боп сөйлейді,
Жек көргенін сызып тастап тізімнен.

Оңбас едің оған бір сәт түсіп күн,
Қояр еді қос өкпеңді қысып тым.
Халық сезгіш.
Ептеп бедел жиғанмен

Күні құрсын қадірі жоқ пысықтың!
* * *
Келмесе де қоштасқым жастықпенен,
Келешектің кемесін бос күтпегем.

Күн сезіммен қолымды созам, досым,
Дүниенің байлығы — достық деген.
Ізгілікті іздедім жан ісінен,
Ой туғызып әр істің мәнісінен.

Өз намысын ойлаған ақылды адам
Өзгенің де санасар намысымен!
Кезектесіп күн-түндей үміт, қайғы,
Уақыттың әр таңы жуықтайды.

Жадымыздан көп нәрсе шыға берер,
Жүрек бірақ сезгенін ұмытпайды.
Үңілсем де ымыртқа, іңірге мен,
Ай-жұлдызды алсам деп жүгірмегем.

Сыйлай білсе қуанам адамды адам,
Соншама ұзақ емес қой ғұмыр деген.
Адамдарға жырларым арналыпты,
Асқақтата берермін мәңгі алыпты.

Әкем менің айтайын: бұ дүние
Тұрмайды деп мәңгілік бірқалыпты,
Ардақта деп адамды, адамдықты,
Құрметте деп бар тілді, бар халықты!

* * *
Нәр татпай намыстанып, кешелі мен
Жатырмын қонбайтындай неше бір ем.
Жалындап өртенеді жанып, денем,

Қып-қызыл қиянаттың шешегінен.
Есім сау, келмес бөгде дыбыс түнде,
Мен бірақ қызықпаймын тыныш күнге.
Жалын боп аударылып, төңкеріліп,

Жатырмын қызыл шоқ боп күл үстінде.
Қызарып күн де ұялып, кеш кіреді,
Есімде, ежелде бір өстіп еді...
Есіктен, ашық тұрған терезеден

Әр түрлі сыпсың сөздер естіледі.
Жаным, сен көріп пе едің мұндай налып,
Жалтақ жүр жалт беруге ыңғайланып.
Қасым жүр жағдайымды сұраған боп,

Білмеймін кім кеткенін кімге айналып.
Қызықтап, көздерінде сұрақтары,
Қалқиып кейбіреудің құлақтары.
Көрейік, қайтер екен дегендей-ақ,

Қарайды сығаласып сынап бәрі.
Қорғауға ақылсыздың жаласынан,
Әр түрлі оқиғалар арасынан
Отпенен, жамандықты аластап жүр

Бір адам шын жүректен жаны ашыған.
Сол үшін ашылайын қол шатырша,
Жанымда мейірімді жан болса, тұрса,
Шешектің дағы қалған жүрегімді

Жұбатар, ілесейін ол шақырса.
Өртеніп жатып, бәрі тәуір дейін
Түсінер балалар мен бауыр кейін.
Феникс деген құстай күл ішінен

Қайтадан қанат қағып, дәуірлейін.
Сыздама, менің көңіл жетімегім,
Түспесін шар айнаның бетіне мұң.
Гүлдейді үміттерім әлі түгел,

Жарқырап ашылады көкірегім!
Дегенмен өткен іске өкінемін...
* * *
Анда-санда үйіңе шақырғанын,

Не танысың, не туыс жақындарың
Болған соң да,
Көзіңе аямайды,
Мақтауы мен алғысын, ақылдарын.

Дұрыс, солай дос-жаран шалқысын да
Жылы сөзін қабылдап ал, қысылма.
Айтып қалсын ең асыл теңеулерін,
Айтпайды ғой сыртыңнан жартысын да.

Қызыл сөзге біз қандай құмар едік,
Жарыс болса, жүлде алып тұрар едік.
Қандай жақсы күтсең де, келген кісі
Бір мін тағып кетеді шыға беріп.

Барған үйін қонақ па мақтамаған.
Әр түрлі тек әр түрлі тақта бағаң.
Ойыңда жоқ сынауды таба алады,
Ойында жоқ мақтауды тапқан адам!

* * *
Теңізден дауыл күткен шағаламын,
Белгісіз іздегенді таба аларым...
Шарқ ұрсам,

Үнсіз ғана бақылаған,
Рақмет сендерге, ағаларым.
Ұшармын, бұлт ішінде шарқ ұрармын,
Шамамның келгенінше талпынармын.

Қонсам,— көп,
Ұшсам, әттең, жалғыз екем,
Алыстан қызықса да даңқыма әркім.
Сол дұрыс,

Керегі жоқ тіреуіңнің.
Сезгендей бірақ нәзік жүрегім мұң.
Биіктен бір құлауым керек пе еді,
Келуің үшін жетіп біреуіңнің.

Қайтемін қамқорсытып, қал сұратып,
Шықпыртып шыңғыртса да қамшы — уақыт.
Халқым бар, байтағым бар
Қайта емдейтін,

Жыр туса, жүрегімді қансыратып.
Ағалар, мен бе жалғыз жанған дарын,
Біріңді,
жүрегіме қонғанда мұң,

Таппадым,
Бірақ маған демеу сынды
Өмірде өздеріңнің болғандарың.
* * *

Сен —
қорықпаған күңкілден, қорлықтан да,
Менің тылсым жанымды мәңгі ұққан да.
Бірақ сені ардақтай алмадым мен,

Асқақ ұста басыңды сондықтан да!
Жарасып па ек жарысып тай-құлындай?
Жолдар бөлген
Тағдырдың айбынындай.

Жалғыз досы сен едің жас күнімнің
Саған болғым келмейді қайғы мұндай!
Мені жаман дегенмен төбелескен,
Шығармаймын ешқашан,— деген — естен,

Талай тату тайғанда уәдесінен,
Табынудан танбаған сен емес не ең?!
Сенің адал сөзіңе таң қалмадым,
Жырларымды тұрақсыз жанға арнадым.

Жалғыз сен ең үзіліп сүйген мені,
Сөйткен жанға сор болдым, жар болмадым.
Сен қандай боп қалды-ау деп уайымдамай,
Өзге өмірге аударып ойымды оңай.

Маған үлкен сенім мен жарық берген
Мaхаббатыңды келемін мойындамай.
* * *
Тағы да шақырып ең, бара алмадым,

Айналып айна алдында таранғаным —
Сені ойлап қуанғаным, көрмесем де,
Сезіну махаббатыңды бар арманым.
Не істеймін, осындаймын.

Бара алмадым.
Өзімді тежеп тұрып алаңдадым.
Қинайды —
Осынша үлкен арманыммен

Жіңішке нәзік жан боп жаралғаным.
Аямай мазалайсың жүректі көп,
Сен жақтан жетеді ылғи бір отты леп.
Сен маған өкпелеме, жетпесем де,

Жүремін періштедей тілек тілеп.
Бармаймын.
Бір түрлі боп бүкіл денем.
Үгілді көңілім де бүтін деген.

Тулатқан жастық шақтың толқындары
Тыңдар ма ең — жүрегімді лүпілдеген?
* * *
Сүйемін бе, сүймеймін бе, білмеймін,

Сені көрсем, жас ағаштай гүлдеймін.
Сенбе мейлің, күрсін мейлің, күл мейлің,
Сен болмасаң, басады бір зілдей мұң.
Зілдей мұңнан тұнжыраған түндеймін,

Ойлап кетсем, кірпігімді ілмеймін.
Жоламаймын жақынырақ шақырсаң,
Сүйемін бе, сүймеймін бе — білмеймін...
* * *

Жалғыз досым, алыстасаң менен сен,
Жалғызсырап түсті бүгін өр еңсем.
Жас баладай қуанатын едім мен
Көздеріңнің шуағына бөленсем.

Қиналдым мен,
Бірақ сендей кім ұқсын.
Өзің ғана мейірбансың, тұнықсың.
Өмір ащы, өне бойым сыздайды,

Өз жарасын жүрек қалай ұмытсын.
Сені ойлаймын, оймен кейін шегінсем,
Иығымды сүйеп саған егілсем,
Жұбатар ең бір ақылды сөз тауып,

Тіршілікке талпындырар едің сен!

ДОСТЫҚ СҰРАУЛАРЫ

Тірлікте мынау үмітсіз, ойсыз кім тынған?
Тынымсыз адам алдына қарай ұмтылған.
Күн туған сәтте, жан досым, сені қайтейін,
Шыр етіп қорғап,

шындықты айтпасаң сыртымнан
Есіңе түсір, түсінбей кейде құрбым да,
Тұңғиық жаным тірелген кезде бір мұңға,
Көзіме қарап, айтқызбай көріп барлығын,

Адал пейіліңмен мұңайып бірге тұрдың ба?
Өзгеріп жатқан адамдар аз ба бұл күнде?
Адамдар түгіл мінезі бар ғой гүлдің де...
Өнер де бәйге, қосқанда мен де тайымды

Ішіңнен маған тілектес болып жүрдің бе?
Адалдық өзі араластырды ма бізді анық,
Жүрген жоқпыз ба жүректе суық сыз қалып?
Сәттілік кейде жолдас боп, жолым болғанда

Жымиып тұрып қалған жоқсың ба қызғанып?
Күлкімді менің ойламасаң да күлкім деп,
Мүлкімді менің ойламасаң да мүлкім деп.
Мүмкіндік туып қалғанда, кейбір дұшпанға

Жамандап қойып жүрмесең болды күңкілдеп.
Аяқ астынан іздемес-ау деп бір ілік,
Аяулы досым, күтемін сенен ірілік.
Күндердің күні беделім, күшім кемісе,

Күштіге қарай кете бермейсің бе бұрылып?
Жан досым, неге самайда ерте қырау бар?
Назарыңды енді өз жүрегіңе бір аудар.
Бәрімізді де мазалау керек сияқты

Сирек те болса, осындай ойлар, сұраулар...

МИКЕЛАНДЖЕЛОНЫҢ АРМАНЫ

Өнер мәнін түсінбейтін тереңнен,
Тобырлардың — өрісі кем өремнен
Өздерінің көздерімен өлшеген
Өлшемдерін быт-шыт қылып берем мен.

Талабым мен талғамымды ел көрсе тең,
Мүмкіндік пен еркіндік те берсе екен.
Сурет емес, өлең емес, өмірдің
Көрінбеген құдіретін көрсетем.

Әлсіздікті көре тұра түсіңнен,
Мен өзімнің жүрегіммен түсінген
Парасат пен асқақтықтың бірлігін
Жасап берем жасампаз бір мүсінмен.

Италия!
Шабыт берген нұрлы Отан!
Құштарлықпен сенде туған жанға тән
Неопалитан әндеріндей ғажайып

Сұлулыққа ұлы ескерткіш орнатам!
Бар ғаламға танытамын сені, Отан!
Жаңа бояу таратады жаңа таң.
Басы төмен түсіп кеткен түк көрмес

Пенделерді жоғарыға қаратам!
Көңілсіздің таба аламын мен емін,
Көк тастармен өріледі өлеңім.
Сезімдердің асқақтығын асырып,

Сұлулығын жырлатамын дененің.
Болу керек айналада сән бәрі,
Бояуларсыз дүниенің бар ма әрі?
Махаббат пен қасіреттің қолынан

Сөз алады Италия мәрмәрі!
Басқа өмірге бұрылуға шамам жоқ,
Сынау үшін жүк артыңдар маған көп.
Жақпар тастар көрінеді көзіме,

Жаны таза, тәні сұлу адам боп.
Жүрген сайын жұлдыз жылдар қалды ызғып,
Өнер одан оз бағасын алды үздік.
Бар байлығым —

Балғам менен қашауым,
Жан серігім —
Бас имеген жалғыздық!
Бауырыма алып иіскемедім жас иісін...

Қайран көңілім!
Тұрлау таппай жасисың.
Сен жасыма
Біз туғызған өнерге

Мұңдылар мен бақыттылар бас исін!

ҚАРА ТЕҢІЗГЕ ҚАРАТАУДАН СӘЛЕМ

Мына әлемде мазасыздық ұлғайған
Сен де тулап жатырсың ба түрлі ойдан?
Қаратауды түсірдің ғой есіме,
Қара теңіз, есіміңді кім қойған?

Шаншыласың көкке суды жарып тік,
Шамырқанып шашырайсың, жарықтық!
Екеуіңе қара деген сөз ортақ,
Ортақ сосын сұстылық пен алыптық.

Ұқсассыңдар, жалғаны жоқ мұның еш,
Екеуіңе ортақ жайлы, жылы кеш.
Сен Ұлысың. Қаратау да киелі
Асуынан өткен талай ұлы көш.

Толқындардай жағалауда тебінген,
Бірде тасып, бірде кейін шегінген,
Жақпар тастар арасынан от алған
Қаратаудың қара қызы едім мен!

Теңіз!
Маған шабытыңнан бөліп бер,
Шамырқансам, шашылсын бір көбік тер.
Сені есіме салар әлі бұрқырап

Алматыда гүл ашқанда өріктер...
Теңіз!
Мені дауылдармен жолықтыр,
Жанымдағы бұрқасынды толықтыр.

Қаратаудың айбары бар кеудеме
Біp тay толқын қосып қайтқым келін тұр!
* * *
Көк бұлттар көңілімнің ауыры ма,

Алапат кезікпедім дауылыңа.
Жанымның толқынымен сұхбаттассын,
Басайын толқыныңды бауырыма.
Жан едім табылатын талап бойдан,

Босатам мен де ішімді азапты ойдан.
Теңіздей тебіренген сезімдерді
Кеудеме қалай ғана қамап қойғам?!
Менің де дауылымнан бұлтым басым,

Бұлттарым жыр семсермен жыртылғасын,
Тоқтатпай кеудем толы толқынымды
Қосайын толқыныңа, бір туласын!
Теңіз!

Сен әлемдегі ұлы ақын ең.
Жете алмай саған іштей тынатын ем...
Үндесті шулап шыққан шумақ — толқын
Беймаза бір ақынның мұратымен!

* * *
Теңіздің беті тынымсыз,
Ағаштар неге тұр үнсіз.
Адамдар неге алаңсыз,

Түсінбейсіз бірін сіз.
Кешқұрым түсті тағы алау,
Өткен соң бәрі бағалы-ау.
Құстардың әнін сағынар

Бір кезде мынау жағалау.
Тынымсыз — беті теңіздің,
Теңізбен бейне егізбін.
Желкілдей өскен жапырақ,

Байқаусыз, ойсыз неге үздің?
Дірілдеп алтын сырға сәл,
Сағыныш басар, мұң басар.
Айнала жұрт көп әрқалай

Адам жоқ ыстық сырласар.
Сөздері адал шықпаса,
Ықылас болмас түкке аса.
Жыр жазып, оқып не керек,

Жүрекпен біреу ұқпаса?!
* * *
Толқын кетіп толқынның жалғасында,
Қара теңіз тулайды арнасында.

Арбасуда ақ көбік көк көбікпен,
Өмір, күрес, арпалыс — мәңгі осында.
Өршиді жел толқынды атып-атып,
Уыс-уыс атылып жатыр ақық.

Жыртып-жыртып көк теңіз лақтырады,
Көк көйлегін өзінің қақыратып.
Өршелене соғады жарға мына
Жарқабақта, жағада бар ма кінә?

Маржандарын шашады ашуланып,
Әлденені сұрайды жалбарына.
Әлденені сұрайды жалбарына,
Тағдырына сонан соң сәл бағына

Тасқа соғып кеудесін, өксиді бір,
Жете алмаған адамдай арманына.
Жап-жалаңаш.
Жылысын тәні қайтіп?

Кім тыңдасын, жатыр ма зарын айтып?
Солқ еткізіп соғады жағаны жал,
Жараланып құлайды кері қайтып.
Жасыл орман.

Басқа өмір дәл қасында.
Ұмтылады, білгенмен бармасын да.
Әр нәрсенің шегі бар, өз орны бар,
Қара теңіз тулайды арнасында...

РИЦА

Таулардың іші таусылмас жұмбақ, құдірет,
Ашпайды сырын, арала мейлің мың рет.
Ұнайды жанға үлпілдек желі, ауасы,
Құлайды төмен — көкпеңбек мұзды зүмірет.

Айнала — жасыл, жас ағаш және кәрі ағаш,
Аралау керек, жасқанып тұру жарамас.
Таулардың басы ақ қар мен көк бұлт аралас.
Жартастың беті жаралған күйі жалаңаш.

Тіл қатпас тылсым тыныштық түгел төңірек,
Шатқалдан шатқал тарырақ, тоғай көбірек.
Тарам да тарам су сызып бетін, бір жартас
Тұрады екен күн-түні жылап, еңіреп.

Үңгір де үңгір, үңгірдің іші қараңғы,
Күңгір де күңгір, күңірентіп бір сал әнді.
Аспанның өзі шаңырақтай боп көрінсе,
Аңсайды екенсің кең байтақ жазық далаңды.

Ғасырлар табы, таңбасы тарғыл тасында,
Тар соқпақ, қия. Шыңырау құз да қасында.
Табиғаттың бір перзенті — ерке Рица
Мың метр жерде таулардың биік басында.

Үш жағы тау да, ұш жағы сүйір, алды ашық.
Қайран қаласың, қарасаң тұрып сәл қашық.
Қар суы менен жаңбырдың суы — анасы,
Көбейтер көлдің көлемін тағы таңда шық.

Ысыса бетін желпуіш талдар желпіген,
Рица сұлу жасқанар бүгін көркінен.
Моторлы қайық бетіне салған жол кілең,
Шетінде асфальт, бетінде бензин көлкіген.

Біз көрген күні көл үсті тұман, бұлт еді.
Сұр тұман сұлу таулардың қойнын тінтеді.
Біраздан кейін күн шығып, шілтер сәулесі
Сұлудың жүзін, кіртиген көзін сүртеді.

ТҮСТЕН ТУҒАН ОЙ

Біз үшін ұстаз деген бір-ақ ұғым,
Аңсау ма балалықты, сірә, мұным:
Кіріп жүр түсіме сол баяғыдай
Бесінші кластағы мұғалімім.

Тап мұндай емес екем ересек те,
Сәби боп қарайды екем келешекке.
«Сабақтың басқасына алғыр едің,
Шорқақсың,— деп ұрсады,— неге есепке?»

Өмір де есеп екен, айналдырдым,
Ұстазым, тағы мені қайран қылдың.
Қазір де сондағыдай шәкіртіңнің
Есепке жоқ екенін қайдан білдің?

Бола ма сезімді ойға бөлемесек,
Бола ма есеюді елемесек?!
Өмірдің мектебінде сабақ басқа,
Мұғалім, мұндағы есеп — бөлек есеп!

Неден де бар ғой елдің көз хабары,
Есеппен еске алады, қозғалады.
Көбейтудің кестесін кім менсінсін,
Компьютерге үйренген кезде бәрі.

Есеппен абырой да өседі өзі,
Даңқ кетті аңқаулықтан неше безіп.
Әлі де құлагерлер сүрінеді
Есепке жүйріктердің есегі озып.

Мұғалім, ең алғашқы данам менің,
Қолымда өзің берген — қалам менің!
Сонда да менің бала кездегімдей
Әлі де тағдырыма алаң ба едің?

Шығара алмағанды тіпті құрап,
Жатырсың ұрсып, тағы ұқтырып-ақ!
Осалмын осы есепке, кешір, ұстаз,
Өмірлік мақсаттарым мықты бірақ!

Кек емес айтқан сөзің, ұрысқаның,
Ұстазым, түсінемін дұрыс бәрін.
Жыр жазсам, сен оқиды-ау деп тұрамын,
Жазғандай сын, бақылау жұмыстарын.

Арнадым өмірімді жырға бүгін,
Ұмытар ұстаз деген тұлғаны кім?!
Есепті меңгермеген менде бірақ
Жүр сенің адалдығың, туралығың.

Мен сенің сеніміңді неге үземін,
Табамын тазалықтың, негізі, емін.
Мен әлі мақтандырып, өзім жайлы
Өзімнің шәкіртім ғой дегіземін!

Шіренген балаларға барды киіп,
Мұңайып қарадың ба, талды ма иық?!
Жүрсем де таулы жақта, мұғалімім,
Мен үшін сенің орның мәңгі биік!

* * *
Таныс әже көрген жерден бұрылды,
Балам, саған айтайын бір сырымды.
Кеше маған екі жігіт келді де:

-«Бұзылады,— деді,— үйіңіз бұрынғы.
Елу жылдай тұрған екен үйіңіз,
Затыңызды, мүлкіңізді жиыңыз.
Бес қабатты әсем үйге көшесіз,

Бұдан гөрі жақсарады күйіңіз».
Түні бойы ұйықтамадым мұны естіп,
Қарт адамды қажытады кім өстіп!
Біз осы үйде ащы-тұщы дәм татып,

Біз осы үйде өмір үшін күрестік.
Құптамаймын мұндай жеңіл кесімді,
Керегеңді қиратудың несі үлгі.
Қан майданнан аман қайтып қосағым,

Біз осы үйден өсіріп ек бес ұлды.
Мен жалғызбын, айтқан сөзге көнермін,
Қалған жаста қасірет те шегермін.
Жай үй емес жүз жыл тұрса сыр бермес,

Көзі еді бұл — ел таныған шебердің.
Әр адамға айтылмайтын жайт еді,
Түсінбестер толып жатыр, әй, тегі.
Жаңа деген жақсы, бірақ жараса,

Көненің де көзі тұрса қайтеді?!
Құптаймын ғой жаңа заман талабын,
Бірақ далаң кең емес пе, қарағым?
Ескерткіш боп тұрмай ма ескің, баяғың,

Қиратуға қимай отыр жанарым.
Жерде қалды өтінішім сұраған,
Айналайын, таң қаламын мынаған.
Аямай-ақ бұзып тастай бере ме

Бір адамның жасағанын бір адам?
Жетістік пе — жүргендігім осы аман?
Амандық — аз, адамдықты қос оған.
Куәсі еді қайта келмес өмірдің,

Қайран қара шаңырақ пен босағам.
Ескісі рас. Қимаймын мен дегенмен.
Өмір кешіп, қуанышқа бөленгем.
Мүмкін болса, осы үйімді бұзбай-ақ

Ұста қайта жөндеп берсе деп ем мен.—
Деп кәрі әже дем алды бір тереңнен,
Мұңды діріл жүріп өтті денемнен.
Қалай, қайтіп жұбатамын жүрегін,

Қандай жылы сөзбен жауап берем мен?!
* * *
Тағы маған ойда жоқта келді мұң,
Қырсықтық-ай, жүргізбейсің бір адым.

Бір досыммен татуласып мен бүгін,
Бір досымнан айрылдым деп жыладым.
Жолдасыңнан безбе, өкпеге қиғанмен,»—
Дейтін әкем. Мазалайды күнде осы үн.

Мен достарды жиюдай-ақ жиғанмен
Бір досымды жақтырмайды бір досым.
* * *
Шүкір-шүкір деймін мен,

Жазғырып жанды көрмеппін.
Анаға лайық мейіріммен
Қол созып бесік тербеттім.
Дұрыс шүкір дегенім —

Жақсы адамға ұнадым.
Тербетіп ойдың тереңін,
Ояттым жырдың бұлағын.
Гүлдеген кезде шиелер,

Астында нөсер, бұршақтың.
Саям деп бір сәт сүйенер,
Өлеңім, саған мұң шақтым.
Ақ түтек басқан ақпанда

Бастым мен алға зорға адым.
Дауылдардан да, даттан да
Өлеңім, өзің қорғадың.
Билік жоқ басқа қолымда,

Беделім, жалғыз мықтым — сен
Өмірдің тарау жолында
Өрге де алып шықтың сен.
Жылыттың қыста көктем боп,

Жұбатар сендей мені кім?
Өзіңе менің өкпем жоқ,
Түсінгіш өмірсерігім!
Дос болған жоқпыз бекер біз,

Мүмкіндік бізде өте көп.
Өткелдерден де өтерміз,
Бір-бірімізді жетелеп.
Босамас күрес, сайыстан,

Алда да жаңа тұр өрлер.
Нәзік ем, егер майыссам,
Өлеңім, өзің жігер бер!
* * *

Күз еді мизам ұшқан, жел ойнаған,
Мен едім сағынышпен сені ойлаған.
Шынымен сеніп қалып жүрер демей,
Ыстық сыр айттың бүгін қалай маған?

Бұл жерде бір нәрсе бар сен ұқпаған.
Мен нәзік мизамнан да қалықтаған.
Қарама бар жаныңмен жақсы көріп,
Мен оған өмір бойы сеніп қалам.

Жалт қарап, жас күнімнен үміт берген
Сен едің көп ішінен іріктелген.
Өшкен жоқ сол бір ұшқын. Басқаша ғой
Қыздардың махаббаты жігіттерден.

Кеудеңде сезім туып жаңа таңдай,
Келесің қондырғандай алақанға ай.
Қолыңда саусақтарым тыпырлайды
Ойнаған жылы ұяда балапандай.

Несі екен қараған жұрт таң қалғаны?
Сен — жігіт, мен — бойжеткен бар болғаны.
Алмада күзгі алмадан тәтті бар ма,
Жетеді үзіп берсең соңғы алманы.

Күз еді мизам ұшып қалықтаған,
Сен едің сыр айтудан жалықпаған.
Байқап айт сүю жайлы, сені қайдам,
Мен оған өмір бойы сеніп қалам...

* * *
Шырын қостым ерніңдегі шырынға,
Махаббаттан тәтті не бар шынында?
Екеумізше сүйісіпті ғашықтар

Бұл ғасырдан неше ғасыр бұрын да.
Түс көреміз ертегідей көгілдір,
Көктем кешіп, қуанады көңіл — гүл.
Қайта-қайта айналасың толғанып,

«Қайта айналып келмес,— дейсің — өмір бұл».
Сенің әрбір қылықтарың ұнайды,
Қарамасам, сұп-сұр болып мұңайдың.
Соның өзі сүйкімді де тамаша,

Шын сезімдер қай кезде де шырайлы!
Есіңде ме ұлы ақындар ғазалы,
Сүйген емес, сүйе алмаған — жазалы!
Бақта бұлбұл оянғанша отырып,

Мың сүйсең де, мың сүйсем де, аз әлі!
Жырға қоссам сезімдердің жаңбырын,
Алған екем өткен бізден сәл бұрын —
Ләйлісі мен Шырыны емес Шығыстың,

Зебунисса, Увайсийлер тағдырын!
* * *
Өзімнің де, өзгенің де атынан —
Өлеңдерім — кестелерім тоқыған.

Нақышынан әсер алып болған соң,
Былай деуі мүмкін мұны оқыған:
«Қалай туған мұнша нәзік асыл ән,
Сезімінің себебі не тасыған?

Жазды ма екен жастар үшін әдейі,
Кешкені ме әлде өзінің басынан?..»
«Кімге ғашық болып қалған бұл»,— дейді,
Деген жандар бір нәрсені білмейді:

Бір түп алма ағашы да қанша рет
Көктем келсе, соншама рет гүлдейді.
Сүйгендердің сөзі — сурет, үміті — ән,
Ыстық әнмен салқын бойды жылытам.

Сүйе білмеу — жамандардың үлесі,
Махаббатқа үлкен жүрек нұры тән.
Түсініңдер жүрек оты маздаса,
Көктем өтер, аялдамас жаз да аса.

Махаббаттың мәңгі жырын ажарлап
Кім жазады егер ақын жазбаса?!

«АЙНАКӨЛ», «АҚКӨЛ», «БИЛІКӨЛ»

«Боз жорға, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ,
Ішетін шөлдегенде айдын көл жоқ».
Халық әні.
Маздақ от маңдайымды сүйді менің,

Басымды қасиетіңе идім, елім.
Басылмай сағынышым келгенімде,
Алдымнан шықты мұңлы Билікөлім.
Айдының мейрам еді, сайран еді,

Әдемі аймалаған қайда лебің.
Алдымда жатты тағы жаутаң қағып,
Айрылған айнасынан Айнакөлім.
Бұлбұл жоқ.

Үні жетті торғайлардың,
Дәл менше сұлулықты қорғай ма әркім.
Асығып Ақкөлді іздеп қарап едім,
Ол да жоқ.

Сор жазықты зорға айналдым.
Күн енді бұрынғыдан күйді керім,
Күн емес,
қызыл оттан күйді ме ерін...

Сендер де жанып жатыр екенсіңдер,
Ақкөлім, Айнакөлім, Билікөлім.
Сақтаудың таппадық та тіпті амалын,
Басыпты-ау құмырсқалар, құтты алабын

Үш көлім Үшаралдың жолындағы,
Сендерді шөлден қалай құтқарамын.
Қаз кетті қайта оралмай ақырғы әнмен,
Айрылып жағалауың жатыр мәннен.

Аққулар аңсап менше келер ме екен,
Айқайлап не жалынын шақырғанмен.
Жапырақ топырақтай жұтаң бәрі,
Қалыпты нар қамыстың тұтамдары.

Кетті де басқа көлге бауыр басып,
Көлдердің ұшқан құсы, құтандары.
Бұл жерге бұдан былай жаңбыр арман,
Қылтиып қыз беліндей жол бұралған.

Көршілес көлдерімен тағдыры бір
Ақкөлдің алақандай орны қалған.
Мөлдіреп, толықсыған көл қайдасың,
Көктемде тасынатын сел қайдасың?

Сұлуға суға келіп шашын жуған
Айнакөл ұсына алмас енді айнасын.
Желкілдек құрақ көру — енді қиын,
Жел тұрып, үйірді бір көлді құйын.

Бишідей сахнамен қоштасатын
Билікөл билеп жатты соңғы биін.
* * *
Мазалайды санамды бір сансыз мұң.

Бәлкім, мұңсыз өткен күн де мәнсіз күн.
Мықтысың деп таңданады біреулер,
Мықты емеспін. Әйелмін ғой. Әлсізбін.
Біреулерді мықтылыққа үйреттім,

Өзім бірақ күш таныттым сирек тым.
Бәйшешектің қауызындай жұқамын,
Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін.
Аппақ затты қиын емес қаралау.

Қаласаңыз, оңай жанды жаралау.
Суық көзден сөне жаздап тұрады
Кеудемдегі лүп-лүп еткен әр алау.
Ақ бұлттардың тағдырымен ортақпын.

Ұлпа жібек сезімдерден ән таптым.
Түнгі биік жұлдыздардай жұмбақпын,
Ақ маралдың лағындай қорқақпын.
Тым әлсізбін.

Қалай енді қорғанам?
Төгілердей жүрегіме толған ән.
Нәзіктігім, тазалығым үшін де
Сүйеу болды бірақ туған ел маған!

Мен емес ем, даңқ үлесін даулаған,
Бұлт шығармын нөсерлетіп жаумаған.
Еркіндікке шақырады ескен жел
Төзім сырын үйретеді кең далам.

Арғымақтың арынына таңданам,
Алыстарға құлаш ұрам мен де әман.
Самға деді қанат бұлғап қырандар,
Жомарттығын жоралғы етті кең далам.

Келер күндер ірі-уақты іріктер,
Іріліктен болған едім үміткер.
Жүрегіме көркем өмір толтырып,
Ғашық болды маған жақсы жігіттер.

Табиғат та аялады мол әнмен,
Өмір сүріп келеді екем солармен.
Халқым сүйіп, далам қолдап тұрған соң
Қалай ғана әлсіз әйел болам мен?!

Сондықтан да үлбіремей, жасқанбай,
Шығайын да шымырлатып сөз толғай.
Көлдегі аққу, бақшадағы бұлбұлмен
Таласпай-ақ, болайыншы бозторғай.

Сүйетін ем сол бір құйттай құсты мен,
Тағдыр өзі танытпаса сұсты рең,
Байтақ елге жыр себейін биіктен,
Бау-бақтар мен айдындардың үстінен.

Жүрегімде қазына бар бағалы,
Болашақпен жалғастырам оны әрі.
Бозторғайдың биігінен шырқайын,
Тыңдағандар қарар болсын жоғары!

КӨГІЛДІР КЕШТЕРІНДЕ КӨКШЕТАУДЫҢ...

Ауаның өзінде де кек шырай қап,
Самал жел көк бояуын төксін ойнап...
Көкшетау!
Көгілдір нұр!

Көкпеңбек көл,
Армысың,
Көгарай бел,
Көкшіл аймақ!

Армысың!
Айдын көлім,
Бурабайым,
Алдымнан шықты-ау қайың,

қарағайың.
Аталар ат шалдырған
алаңқайда
Менің де ізім қалсын,

Аралайын.
Өзіңнен
кезім келді от алатын.
Сөзім бар келешекке апаратын.

Арқаның алқасындай зүмірет тау —
Жырлаған құдіретпен
Сәкен ақын.
Қарасам, өткен күнді байыпты ойлап,

Орасан жаңалығын жайыпты аймақ.
Ағашқа ата-бабам ат байлаған
Кетіпті бүгін біреу қайық байлап.
Өлеңін

Оқжетпестен оқыса ақын,
Саңқылдар
Сандық тастар
Саты-саты.

Табиғат туындысы
Сұлу сурет,
Ғасырлар көрмесіне қатысатын!
Мен дағы сұлулықты бір жырлайын,

Жыр деген жүрегімде інжу дайын.
Қарасын қарағайлар бойын созып,
Тыңдасын басын иіп тұнжыр қайың.
Төгеді нұрын кезек көктен ай, күн,

Тоғайда күндіз жүрсем, тоқтамаймын.
Алтын күн,
араласам,
алтын шілтер

Төсейді
Арасына көк тоғайдың!
Жұмбақтас
Түнде ойлардың ордасындай,

Аялдар қимаған соң көл қасында ай.
Қалқиды
су бетінде бір ақ желкен,
Балқиды қожыр тастар қорғасындай.

Бір жылға өзгереді дала күнде,
Кешкісін сезім менде жаңа мүлде —
Қарағай арасымен қараңғыда
Қайтқандай

Барып сонау бала күнге.
Сезілмес,
Серуендесең,
Түнгі ызғар да,

Мүлгиді мұнарланып шың-құздар да.
Сүйенем қарағайға,
қарағайлар
Қалғиды иек сүйеп жұлдыздарға!

Барынша бұл байлығын бағалай ма ел,
Жасыл ну,
Жағалай тау,
Жағалай көл.

Жастықты сағынғанда бір келермін,
Аман бол,
Көкшіл аймақ,
Көгорай бел!

* * *
Аманқос жеңгейге
Бұл жерді талайлар жүр армандасып,
Жете алмай өркеш-өркеш тауларды асып.

Жеңеше, сіз жүресіз салтанатпен,
Мәрмәр үйдің алдында маң-маң басып.
Тағы да Оқжетпеске бір келіңіз,
Суықты жылытады күлгеніңіз.

Шоқ салған самаурындай,
қашан көрсем,
Буыңыз бұрқырап бір жүргеніңіз!
Биіксіз. Бір жағынан ізгі анасыз.

Кеңсіз ғой. Кімнен нені қызғанасыз.
Әйел көп осы арада,
дегенмен де,
Қылықты нағыз әйел сіз ғанасыз!

Жұп-жұмсақ шәліңіз де, өзіңіз де,
Жомарт бір жылылық бар көзіңізде.
Күлдірмей қоймайсыз ғой
махаббаттың

Жырларын қозғап кеткен кезіңізде.
Ол кезде бетіңізге тура ағай да қарамай,
күлімдейді туған ай да.
Ақтөбе әзіл, назын бізге жиып,

Жіберген сияқты бір Бурабайға.
Әдемі тістеріңіз лағылдан да,
Күлкіңіз басқа әйелден табылған ба?
Тұншығып шәліңізге тұрып қалам,

Ауылдың әдемі иісін сағынғанда.
Көзіңіз көкірегін жылытса, әні,
Қарайды қарт кісі де жігітше әлі.
Жүресіз бүлкілдеген аруанадай,

Жамылып үлпілдеген түбіт шәлі.

КӨКТЕМДІ КҮТУ

Табиғатта құбылған байып бар ма?
Жатып алды қанатын жайып қар да.
Біз көктемді күтеміз,
Күтеді оны

Көл бойында сұлаған қайықтар да.
Қайыңнан да қаяу мұң аңғарасың,
Гүлдер жауып жатса ғой мәңгі арасын.
Торғайларды толтырды уайымға

Апрельде адасқан қар борасын.
Суық күндер.
Көктемсіз еру қиын.
Суырады ызғарды жеңіл құйын.

Сүйген жары кешігіп келмей жатқан,
Жас арудың күйіндей көңіл күйім.
Қыстың соңы,
Келген жоқ көктем әлі!

Көп болғандай көк толқын соқпағалы.
Көлдің беті көкшіл мұз,
Мұзды ерітер
Табиғатсыз адамның жоқ та амалы.

Самал соқса,
Басталар ырғақ басқа,
Жапыраққа жапырақ тіл қатпас па?
Қарағайдың үстімен қара бұлттар

Төніп-төніп қайтады Жұмбақтасқа.
Алматының мұнда жоқ төккен селі,
Қар борайды,
Басқандай көпке еңсені.

Бурабайдың бауырына келсе екен деп,
Жиырма төрт күн күттім мен, көктем
сені!
Көктем, сенің болмады сыйың бір күн,

Мен өзімше ойларға жиын құрдым.
Қиялымда тербетіп айдын көлді,
Көк орманды көктем боп киіндірдім.
Қиялдамай қалсам-ақ тұншығармын,

Ақын жанын түсіне білсін әркім.
Қиялымда қайықта тербетіліп,
Кел бойына алқызыл гүл шығардым.
Қиялыма шындық тек сондай бөтен,

Қазағымда көп емес мұндай мекен.
Қиын екен қиялмен жазды әкелу,
Жазда келіп қайтпасам болмайды екен!

ОРМАНДА

Барып ем орман жаққа шын сағынып,
Көктемге қайдан келген мұнша қылық?
Ашық күн аяқ асты борап кетті,
Жел тұрып, қар аралас бұршақ ұрып.

Келеді әлдеқайдан боздаған үн,
Сияқты қайырмасы созған әннің.
Не нәрсе естімейтін жан айқайын,
Өзі ме басылмайтын боз боранның?

Ақ сойқан бітіргендей далаға айбын,
Адасқан ауылынан баладаймын.
Аузыма, көздеріме қар құйылып,
Қайырымды қарағайды паналаймын.

Қай кезде?..
Біреу мені аямаған,
Өшіксе, жамандықтан тая ма адам?
Сонда да бүгінгідей құшақ жайып,

Көк орман болып еді сая маған.
Өзімнен төзім тауып шыдап бағам,
Сол адам адалдықтан бір аттаған,
Тағы да табалайды-ау менің барлық

жолымды жауып қалса мына ақ боран.
Ескерткен енді жолды таппасымды,
Ақ түтек ашылмайтын қақпа сынды...
Кенеттен!..

Жел де тынып, күн де шығып,
Ақ боран, құдірет-ай, сап басылды.
Жоқ болды долы боран жойқын, бөтен,
Жадырап жатыр жаны айқын мекен. ...

Табиғат адамдардай кекшіл емес,
Табиғат бізден гөрі қайтымды екен.

ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ

Қазақстан — арайлым,
Жұлдызын жақтың талайдың.
Сағынышы ең Сәкеннің,
Арманысың Абайдың.

Даланың сергек жанары,
Аз емес берер, алары.
Тарады жердің бетіне
Әуезов шығармалары.

Тойласа тойын дүйім ел,
Көркіңе, далам, сүйінем.
Тербелсін бүгін дүние
Құрманғазы күйімен.

Жер емес бұл жер — жәннат ау,
Бөлінер жылда жаңа отау.
Биіктік, кеңдік белгісі —
Сарыарқа менен Алатау.

Қаларсың ғажап мекен боп,
Көрсін ел саған қатар кеп.
Қалдырды жырдың жалынын
Адуын ақын Махамбет.

Ағылсын бүгін ән қырда,
Тыңдасын бүгін жаңбыр да.
Жаңбырлы жырдың иесі
Сөз алсын ақын Әбділда.

Қазақтың ғажап ұлы еді,
Өлең деп соққан жүрегі.
Олжастың атын бұл күнде
Барлық тіл түгел біледі.

Кете алмас, сірә, көз қиып,
Ән биік, бізде сөз биік.
Зулайды дарқан далада
Айналып әнге «Жез киік».

Өскелең елдер таң қалар,
Кете алмас енді алға олар.
Көгілдір экран арқылы
Тыңдаймыз қызық сан хабар.

Әлемге сазбен сыр аштың,
Келешек күнге ұластың.
Аққудың өзі ұйыған
«Гәккуін» тыңдап Күләштің.

Дүбірі қалған дүлдүлдің,
Жұпары қалған мың гүлдің.
Дала — бұл. Шырқа, Бибігүл,
Қайталап үнін бұлбұлдың.

Таңдантқан өзін жер-көктің,
Келбетті десең, келбетті.
Тербелер гүлдер даусынан
Әлібек пенен Ермектің.

Көлемі мың-мың шақырым,
Далаң ғой — анаң, жақының.
Ол жайлы жақсы айтады,
Академиялық театрың.

Жүрекке сен боп жетер ән.
Болашаққа да апарам.
Есінде жұрттың әлі де,
«Қыз Жібектейін» операң.

Қобызға қосып ботаны
Тербеген сазбен жотаны.
Қазақтың жері қашаннан —
Өлең мен күйдің Отаны.

Сөресінен әр үйдің
Талғамын жұрттың танимын
Жаттайды ұрпақ жырларын
Қадыр мен Мұқағалидың.

Төсінде өскен сан-сан гүл
Даланың өзі — нансаң, бұл —
Арғымақ шапса,— оркестр,
Ақ нөсер төксе,— ансамбль.

Көрдік қой талай азап біз,
Достықпен бүгін ғажаппыз.
Мезгілдің сынын көп көрген
Ақын да әнші қазақпыз.

Көрдік қой талай ғажап біз,
Бұл күнде шатпыз, азатпыз.
Өлеңмен жауды тойтарған
Жамбылы болған қазақпыз.

Әйгілі елге көп ері,
Әйгілі елге берері.
Қазақстанның қашан да
Жасайды асыл өнері!

БУРАБАЙДЫҢ TACTАРЫ

... Сөйлейтін болса сол тастар ...
Қатып бір қалған аждаһа ма әлде алып па?
Буралар ма бұл? Адам ба?
Бәлкім, балық па?..

Бір нәрселерді айтқысы келіп айта алмай
Жатқандай тастар қамсыз
бір жүрген халыққа...
Аудармай назар арасында жүр жас, кәрі,

Әрбір нәрсенің болмас па еді астары?
Тас дәуірден де арғы тастарға
тән тағдырмен
Сөйлей алмайды Бурабайдың да тастары.

Айқайла. Мейлі, ақырын ғана сыбыр ет
Миллион жылдан көп ғұмыр берген құдірет
жан бермеген соң,
Жатады екен қасарып

Қозғала алмай,
Қуана да алмай бір рет!
Мәңгі жатса да,
алыстан көрсең, мұнартып,

Шаруамыз қайсы,
Түсінбеген соң бұлар түк...
Біз үшін, рас, әсемдігі бар, иісі бар,

— Ғұмыры аз бірақ!—

иіліп өскен гүл артық!
Тәуелді дүние вулкандар менен тасқынға,
Аяймын, үнсіз жатқанда аяқ астында.
Дариға-ай, адам ойлағысы да келмейді-ау,

Тірлікте мынау айтары барын тастың да.
Тастың да жанын түсінсем деймін мен осы.
Аман жетер ме ғасырларға да келесі?..
Сөйлемесе де, үндемесе де, бір нәрсе,

Кім білсін, бәлкім, сезетін шығар денесі.
Зіл зала көрген қара жер, қанды шайқастар,
Сергек көңілге себелеп түрлі ой тастар?
Сенесіздер ме,

бозарын атқан бір таңда
Сора-сора боп жылап бір жатты сол тастар...
Оянған шақта боянған нұры өткір күн,
Тастардың жасын қолыммен сүртіп кептірдім.

Сан дәуірлердің салмағы түскен тастарға
Бомбалар ғана түспесе екен деп тұрдым.

ТЫНЫШТЫҚ

Геометрия сабағында жас бала
Дәптеріне сызып отыр бұрыш тік.
Көңіл бұрып қарамайды басқаға
Тік бұрышты толтырып тұр тыныштық.

Шырмалады бағанаға, бұтаққа,
Шыршаларды жапқан аппақ пүліш түк.
Өлең болып жазылады кітапқа,
Осы бойда тамылжыған тыныштық.

Студенттер өткен сайын салқын бақ,
Оянғандай сезімдерден бір ыстық.
Күлкілерден түскен нұрды жарқылдап,
Әлдилейді әже болып тыныштық.

Біреуі — ерке, бірі — нәзік, бірі — асқақ,
Сәл қиындау көңіл күйін дәл атау.
Бейбіт күннің бар бақытын растап,
Тыныштыққа сүйеніп тұр Алатау!

«ЖҰЛДЫЗДЫ СОҒЫСҚА» ҚАРСЫЛЫҚ

Жарық нұрға қарап көзің қана ма,
Дүниеде одан байлық асқан ба?
Жарқын жаздың түндерінде далаға
Шығып бір сәт қараңдаршы аспанға!

Қараңдаршы жұлдыздарға самсаған,
Қиял оттай жарқырайды алыста.
Шақырғандай арманыңа аңсаған,
Бала күннен бәрімізге таныс та!

Сәби көзбен, ізгі ойлармен қараңдар,
Түнгі аспанға қарайтұғын болсаңдар.
Мәңгі шамдар — жұлдыздар ғой, адамдар,
Тиіспеңдер, жарқырасын сол шамдар!

Тиістіңдер, жерді бөліп алдыңдар,
Тіліп-тіліп тастадыңдар әлемді.
Бөлшектенді теңіздер мен шөл құмдар,
Тиіспеңдер жұлдыздарға ал енді!!!

Білмей қайда қоятынын оқтарды...
Бұлтқа тартпақ бұзықтардың сапары.
Мазасын ап жердің, енді көк қалды,
Жоқ емес қой көк аспанның қаһары...

Шара керек жамандықты жасқайтын,
Биіктікті қорғамасақ, тіпті айып!
Зұлымдықты —
Жерге көміп тастайтын —

Абайламай аспанға алып шықпайық!
Табиғатқа бас игіздік, енді оған
Көрейікші басымызды иіп те.
Масқара ғой мақсатымен оңбаған —

Жауыздықтар шығып кетсе биікке!..
Көңілімде бір күдікті ой тұр тағы,
Жер кең еді,
Сорлады адам соны ұқпай.

Заман керек адамзаттың ұрпағы
Заңғар көкке қарайтұғын қорықпай!
Дамыған ой дайындаған қауіп тұр,
Адамзаттың болашағы алдында.

Бомба емес,
Қар мен жаңбыр жауып бір
Нәр әкелсін топырақ пен шалғынға.
Ақын сөзі лайықты серт деуге,

Біз қарсымыз жұлдыздарды жоюға.
Болар оны бағдарлауға, зерттеуге.
Болмайды оған бомба апарып қоюға!
* * *

Жалғыз қалай — гүл болсам —
Жайнамақпын?
Бұлбұл болсам,
Кім үшін сайрамақпын?!

Құс құсымен
жарасар,
гүл гүлімен.
Жалғыз мықты болсам деп ойламаппын.

Ең күшті ақын мен болып қазақтағы,
Жарыспасам ешкіммен — азап-тағы.
Көптігімен әдемі қыстың қары,
Жапырақпен әдемі жаз аптабы.

Шын жүйріктер болмаса қатарында,
Жетім тартар даңқың да, атағың да,
Тұлпарлардың дүбірі тынбаса екен,
Менің туған даламда,

Отанымда!

МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН

Жасыл бұта жая алмай жапырағын,
Сусыз жерде сусылдап жатыр, ә, құм?
Суретші емес,
бәріңді

Орманшы боп,
Сұлулықты сақтауға шақырамын.
Келер-кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып, айтпай өтеді ақын әнін.

АДАМДАРҒА,

ӨМІРГЕ ДЕГЕН

БАРЛЫҚ

МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН.

Қанат берер қайрат пен қиялға әман,
Пәк табиғат!
Саған жыр жиі арнағам.
...жазалар ем алдымен адамдарды

Жер-ананы сәбише сүйе алмаған.
Мен тілеймін толғанын күйге түндер,
Өлеңімнен өлкемнің суретін көр.
Бір-біріңді,

адамдар,
әсемдікке
құштар бола білуге үйретіңдер!
Табиғатта бітпесін мәңгі асыл ән.

Тіршіліктің — жасасын — жалғасы — НАН!
Қарлығаштар қашпасын ұясынан,
АРЫН сулар кетпесін арнасынан.
Билік айтам мезгілдің мен де өрінен:

Гүл егіңдер,
Беріңдер шөлге де рең.
От таусылып жүрмесін ошақтарда,
Құстар үркіп жүрмесін көлдерінен!

Отты сақта!
заман бұл «от — тегін» дер...
Бір-біріңе қарызсыз от беріңдер!
Әрбір күнді арпалыс, майдан емес,

Май мейрамы сияқты өткеріңдер!
Осы ойменен әр таңды атырамын.
Мен бәріңді
Біткенше ақыл, арың,

Ауасында толқыған әтір-ағын
Туған жердің киелі атырабын —
тобылғылы, топ шилі топырағын,
Торғын гүлін,

жайқалған ЖАПЫРАҒЫН —

БӘРІН,

БӘРІН

СҮЮГЕ ШАҚЫРАМЫН!

ОТАН ТАҢЫ

Тамашасын қарашы мына таңның!
Жаңа таңы ғажайып ұлы Отанның.
Төгіл, шуақ!
Даланың көркін құрап,

Желмен ойнап желбіре, желпін, құрақ!
Жұмыр Жердің жүрегін дүрсілдетіп
Жүгіріңдер, еркін жел, еркін бұлақ!
Суы — сылқым даланың, бұлты — сылаң.

Бәрі ғажап өлкеде бұлқысын ән!
Құстар әнін тыңдатып үй тұсынан
Алма бақтар оянсын ұйқысынан!
Таңның нұры!

Ай жүзін жасырасың.
Төгіл!
Жарық үміттер жасымасын.
Ақ сәуледен тәж киіп басына шың,

Шашыратқы гүлдер де шашырасын!
Аққуларың бастасын «Гәкку» әнді,
Алау оттар сөнбесін бақта мәңгі.
Бар таланттың аш барлық мүмкіндігін,

Байқаусыз боп қалудан сақта адамды!
Сонша керім кеңдікке таңдана ма,
Нұрын шашып алдымен паң далаға
Содан кейін кіреді ТАҢ қалаға!

Жағылсын деп үйлердің жаңа оттары,
Оянсын деп қаланың заводтары,
Ашылсын деп жаңа заң парақтары,
Басталсын деп еңбектің парақтары,

Қараңғыдан қажымай
барлық адам
Қуансын деп жарыққа қарап бәрі
Асығады ТАҢ нұрын таратқалы.

Қандай бақыт — далада бидай толқып,
Тыныштықпен Отанның таңы атқаны!
Ұшқан құстай асығып самғайды уақыт,
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып.

Зуылдаған ғасырда
ӨЗ ДАЛАҢ мен
ӨЗ ОТАНЫҢ болғаны қандай бақыт!
Болашаққа жаңа жол тарта алатын,

Ізгіліктің қақтырар бар қанатын,
Әр жолынан бақыт пен бал таматын
КОНСТИТУЦИЯ құрғай деп салтанатын.
ТАҢ келеді.

Бойында қанша нұр бар!
Сәлден кейін толқиды сал сағымдар,
Жылт-жылт етіп ойнайды барша құмдар.
Отандастар!

ОТАННЫҢ жаңа ТАҢЫН
Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!

ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ!

* * *
Менің байтақ, бұл өлкеме
Үлкен үлес тиіпті-ау
Кең төсінде еңлік гүлді биік тау!

Мүмкін емес мұнда пәс боп күн кешу,
Мүмкін емес түк бітірмей ұйықтау.
Менің байтақ, бұл өлкемде
Төгілтеді ән-арман

Тоғайлар мен қара орман.
Сол қара орман мәңгі орын ап даламнан,
Көшпесе екен жанардан.
Менің байтақ бұл өлкемде

Бақыт та бар, бақ та бар.
Өзен де көп осы өлкеге тоқталар.
Қарлығаш та көп қонар,
Қазына да сақталар.

Осы өлкенің әйелдері ешқашан
Естімесе екен енді жат хабар.
Менің байтақ бұл өлкемде
Сенбеу керек бір ғажайып жоқ десе.

Талайларға, рас, бұрын кетті есе.
Ешкімнің де еншісінде кетпеу керек
ол енді
Өлгендердің жанарында кетпесе!

ОКТЯБРЬ ПАРАДЫ

Шежірелер жазылып парақтарға,
Шаттық жырын самал жел таратты алға,
Жан-жүректер толуда жаңа оттарға,
Самғау керек осылай қанат барда.

Бүгін елдің бар қала, даласында
Бейбітшілік шығуда парадтарға.
Шаттық көріп қарттан да, баладан да,
Ән тыңдайсың қырдан да, даладан да,

Көз тұнады көшеге қарағанда.
Бүгін бұлт та қонбайды Алатауға,
Ренжуге болмайды жан адамға.
Бүгін — мейрам,

Барлық саз, ырғақтардан,
Бұлақтардан, бұрқырай сырды ақтарған,
Шындықтардан, шуақтан шумақталған —
Ұйқас табам әдемі, сенесің бе,

Сенесің бе, жүрсінші ел есінде —
Бұл мейрамның бағасы қымбат болған.
Мейрамдауды ешкім де демес бөтен,
Даңқы қалған Данконы елестетем.

Қызыл тулар көтерген елді көрем,
Қызыл туға айналып желбіреген
Революционерлер жүрегі емес пе екен?
Өлмейді ерлік келсе де қанша күндер,

Солар үшін барша жыр, барша гүлдер,
Бүгін мынау парадта бара жатыр
Арманымен Ғанилар, Корчагиндер.
Отан деген сөзден мен от аламын,

Отандастар ұғады өте мәнін.
Тыңдаңызшы халықтың асқақ үнмен
Айтып бара жатқанын Отан әнін.
Жүректерде сезесіз жайлы ән барын.

Аралайды ән қаланың сайран бағын.
Еске аласың бір елде майдан барын,
Қарайды олар біздерге қайран қалып.
Біздің елде бақытты — балалық шақ,

Жақсылықтың Ұлы Отан жайған бәрін,
Құтты болсын, ағайын, мейрамдарың!

«СОҢҒЫ ХАБАР»

Қарашы!
Ақ пен көктің арасы,
Тақ пен көптің арасы,
Бар мен жоқтың арасы,

Аш пен тоқтың арасы,
Қасірет пен шапағаттың арасы,
Зұлымдық пен махаббаттың арасы,
Адалдық пен арамдықтың арасы,

Жақсылық пен жамандықтың арасы,
Өтірік пен шындықтардың арасы,
Тазалық пен ұрлықтардың арасы,
Теңіздер мен құрлықтардың арасы,

Сұлулық пен сұмдықтардың арасы —
Күннен күнге ұлғайған
Арпалысты бір майдан!
Соңғы хабар соларды айтып тынбайды,

Бар ғаламның сыры мәлім.
Мұндайда
туар нәзік жыр қайдан?!
Ақын жүрек сыздайды екен күллі ойдан.

Жат жауыздық, жат қасірет, жат айып
Бәрі естіліп жатқан соң
Кетеді екен қатайып!
Соңғы хабар айтылмайды ат үсті,

Жалғайды ол күншығысты, батысты.
Жер шарының тағдырына бұл күнде
Тағдырымыз қатысты.
Соңғы хабар

Сыр айтады бір құшақ
Көз алдыңда — күллі әлем,
күллі шақ.
Адамдардың бәрі бүгін мазасыз.

Адамдардың бәрі бүгін білгіш-ақ.
Адамдардың көңілі бүгін жарықтау
Қиын емес қиырды да анықтау.
Соңғы хабар, соңғы өзгеріс... соңғы...

осы

Соңғы деген сөздің өзі қауіпті-ау.
Президент, министрлер сапары,
Бір елдердің көтеріліс, шатағы,
Біреулердің абыройы, атағы...

Бәрі айтылып жатады.
Қай елдерде қандай бағыт, ғұрып, тап...
Бәрін, бәрін хабарлайды сұрыптап,
Кейбір хабар шошытады ақынның

жүрегіне ине болып тұрып қап.
Ең маңызды және соңғы жаңалық,
Жер бетіне сол минутта жол алып,
Жақсы болса,

жер жүзіне шам алып,
Жаман болса,
жылан болып оралып,
Жатады ылғи эфирлерден таралып.

Meн бір Ана сияқтымын басқа елде
жалғыз ұлы жүрген бейне әскерде.
Жалғыз ұлы бәлкім, оның,— Жер шары,
Жер шарының күресетін дер шағы!

Барлық ана тілегінен қуат ап,
Жауыздықты жоқ етуге келсе әлі,
Басқа қайтіп бақыт атты гүлді үзбек,
Жарқырасын Жер дөңгелек жұлдыз боп!

Coңғы хабар!
Жақсы ойларды мөлдірет!
Саған да бір сиынатын келді рет.
Соңғы хабар,

Қорқам кейде біреулер
сені тыңдап қала ма деп соңғы рет.
Айтпа жаман хабарларды қадалып,
Қауіпті ойдан Жердің шарын қал алып

Барлық
радиостанциялардан қалалық,
Жатсын мынау дүниеге таралып —
Баршаға ортақ қуанышты жаңалық!

УАҚЫТ

«Каждая минута, какова бы она ни была,
пронизывает меня восторгом и счастьем».
У. Уитмен.
Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің?

Сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр үн.
Біp сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар
Құдіретті, қуатты секундтарым!
Сағаттардың тілімен құйғып бәрің,

Алып қашып өмірдің сыйлықтарын.
Зырлайсыңдар, қуамын күні-түні
Қатал, өктем, қашаған минуттарым!
Таныр ма еңдер менде асқақ талап барын,

Талып бара жатқандай қанаттарым...
Табысым мен намысым... санап бәрін
Сабылмаңдар, сабырсыз сағаттарым.
Күн күледі, сонан соң түн кіреді,

Түн көзімді сәл ғана ілдіреді.
Қатал патша — уақыт, бізден артық
Қадіріңді өзіңнің кім біледі?!
Қарамаңдар өткенге сынай бәрің,

Әлі айтылып болған жоқ ұлы ойларым.
Асықса адам асықсын, сендер бірақ
Асықпаңдар, апталар, күн, айларым.
Сақтайды өмір өзінің заңын берік,

Таусылады күнің де, таңың да өріп.
Керегі не адамға дамыл көріп?!
Қуантыңдар, сағаттар, жалын беріп,
Ертеңгі іске қалғай да бәрі үлгеріп.

Мінезің жоқ, уақыт, ылғи құптар,
Әкелесің тосыннан тың бұйрықтар.
Адамдардың бақытты болуына
Кейде жетпей жатады-ау бір минуттар.

Барлығын да жұтады жойқын ғалам,
Жойқын жылдар, адамға айқын бағаң,
Айналайын минуттар, аялдаңдар
Ақиқаттар қалмасын айтылмаған!

АНА ДАУСЫ НЕМЕСЕ НЕЙТРОН БОМБАСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Сағаттар санаулы күн соға алады,
Пропандар біраз күн жана алады.
Қала сосын қазаға оранады,
Қалады әйелдердің орамалы,

Қара ниет жауыздық жол алады.
Сыздайды жер — ананың жаралары,
Жер бетінен тірі жан жоғалады,
Жер бетіне тыныштық оралады,

Жаңбыр ғана көз жасын төге алады,
Бәрін, бәрін айтпай-ақ қояйықшы,
Балалардың тағдыры не болады?!!
Осыны ойлап шаштарым ағарады!

Жабылмайды қақпағы қазанның да,
Құламайды сөресі базардың да,
Құрымайды ажары газонның да,
Тек тіріге келген ғой тажал мұнда!

Күл болады күллі ақыл көз алдыңда.
Тарих жырын жел ғана жазар құмға.
Қайран қала!
Тозақ пен тозаң мұнда!

...Мұндай өлең мен сосын жазармын ба?
Көгершінмен ойнайтын балалар жоқ!
Адамдар жоқ!
Басқасы өз орнында!!!

Көрінбейді тірі құрт, тірі қарға,
Жоқ ақыл да, жанар да, білім, ар да,
Салбырайды ағаштан шіріп алма,
Адам еккен әдемі, шырын алма.

Алтын,
Гаухар,
Хрусталь шынылар да
Тізіліп тұр

Адамсыз құны бар ма?!
Қалатын-ды дүние ұлыдан да,
Қалар жендет,
қарақшы,

ұрыдан да!
Бұл сұмдықты тапқан жан мұны ұғар ма?
Ұқпайды ғой ол жауыз құрығанда.
Біз сияқты оның да ұлы бар ма?

Ойлай ма екен ұрпақтың күнін ол да?!
Қалай дәті барады мұны істеуге?
Қалай аузы барады дұрыс деуге?
Тоқтап қалған машина...

ұлы істер де,
Су ішпейді жүзімдік, күріштер де.
Жарқырайды опасыз күміс теңге.
Бір-ақ сәтте жұт келіп ырысты елге,

Киім қалар —
Нейлон да,
Пүліштер де —
Айырмайсың иесін —

Жұмыскер ме,
Инженер ме,
Физик пе,
қылышкер ме?

Түсе алмайды ешбірі дұрыс көрге!
Ашылмаған кетеді сыр іштерде.
Таба алмайсың дем алған тынысты емге!
Қала алмайды ақын да, батыр да аман,

Магнитофоннан сүюге шақырған ән
тоқталады!
Найзағай шатырлаған
жай тастайды бақытсыз шатырға әман.

Аңқау мылтық қалады атылмаған,
Мона Лиза жымиған, шошынбаған,
Прометей туралы от ұрлаған,
баяндайтын

Кітаптар сатылмаған,
Ақырзаман,
бар ғалам — соқыр, надан!
Үйлер,

Үйлер...
Үй ме сол,
Жасаған-ау!
Ауласында бала ойнап отырмаған?!

Әділетсіз әрі ең қатал майдан,
Адамзатқа ақырғы у шашар майдан
Келеді деп
қай жерге,

қашан,
қайдан,
Күтеміз бе,
Шошынам осы ойлардан.

...Жоқтаулар жоқ, оркестр қоса алмайды ән.
Қалтырайды қауызын аша алмай дән.
Қасіретке осынау қоса айналған
Қарай алмай жұмады отты көзін —

Қайран ғасыр! — білімнен басы айналған!
Жоқ!
Көңілді қатайтам босай қалған.
Сәттік елес — сандырақ жоғалады,

Жасайды адам!
Ең жақсы жасайды арман!
Жасайды Адам!
Жасау ғой — мәңгі арманы!

Жарық қалай сөнеді шамдардағы?!
Елік қалай өледі таулардағы?!
Сұңқар қалай өледі заңғардағы?!
Бұлбұл қалай өледі ормандағы?!

Салып болған жоқ ешкім соңғы әнді әлі!
Мүжіле ме даланың қорғандары?
Жоғала ма шаң басып жолдар дағы?
Жоқ!

Сенбеймін!
Сенбеймін!
Жалған бәрі!
Ату керек арайлап таңдар да әлі!

Ашылу керек ізгі заңдар да әлі!
Не болғаны жан кетіп, сән қалғаны?!
Тозбау керек
Адамның мәңгі арманы!

Жасайды Адам!
Жасасын жас қалалар!
Баспахана,
Мектептер,

Асханалар...
Адам үшін ашылған бастан олар.
Жасаса Адам,
жауыздық таста қалар.

Жол салынар,
Жапан түз бақша болар.
Жаңара алар табиғат
жақсара алар.

Береді Адам
Жерге — күш,
Астанаға — әр.
Жасау керек жаңа,

Ізгі бастамалар!
Бәрін қойшы!
Алдында әрбір үйдің
Ойнап жүру керек қой жас балалар!

Ақ қайыңдар!
Ақындай сыршыл еңдер,
Жапырағыңды оятып, сілкілеңдер!
Бомба емес,

Бораған жыр тілеңдер!
Жер бетіне бақытты Күн тілеңдер!
Соқа керек бұл жерді жыртып, өңдер,
Дәрі керек көңілдің бұлтын емдер.

Бесік жырын тыңдасын бүкіл елдер!
Бейбітшілік болсын деп Жер бетінде
Күресіңдер,
Құрлықтар!

Күркіреңдер!
Бұл «ойынның» оларға несі ұнады?
Ұрпағына тиеді кесірі әлі!
Ұлы Жердің өзі де ашынады,

Ұлыған жел қашады, асығады!
Қызғалдақтар қыз өңін жасырады.
Сұры қашып сұр бұлттар жосылады.
Сұмдық! Сұмдық!

Сұлулық шошынады!
Өкси-өкси теңіз де басылады!
Қауіпті ойдан қайтару керек БҮГІН!
Кешіккен соң айт, айтпа,

Не шығады?!
Ана сөзін
Көсем де,
Сот та тыңдар,

Қаруы бар,
Жүрегі жоқ «батырлар»!
Зұлымдық боп кетпесін текке ақылдар,
Қасіреттен, қайғыдан сақта түнді әр!

Шырқырар шындықты айтар шақта ақындар,
Қарсы ататын сендерге оқ — хатым бар:
Қауіпті қағаздарды отқа атыңдар!
Формуласын жоғалтсын отта атомдар!

Бар ананың атынан айқайлаймын:
Тоқтатыңдар сұмдықты,
Тоқтатыңдар!!!

ИЮНЬ

Еркімді билеп сағыныш атты күш мүлде,
Отырмын елтіп орылған шөптің үстінде.
Осында бәрі:
қоңыр бел,

боз құс,
қышқыл көл,
Осында бәрі бояуы алуан түстің де.
Таныс та тыныш даланың нәзік күйін мың

Тәніммен сезіп,
Жаныммен тыңдап,
сүйіндім.
Өртеніп тұр-ау биыл күн:

Кесіртке кешкен иір құм,
Түп-түзу шаңы құйынның —
Белгісі ыстық июннің!
Ыстық, мекенім!

Тыныштығыңды бұзбауы үшін бөтен үн
Басымды тігіп өтемін.
Бақытым менің —
Бабамның байтақ, мекені —

Өзімнің жерім, ұлымның жері екені!
Тәкаппар далам —
Жақсылықтарға кең алаң.
Тағдырың сенің етеді мәңгі мені алаң.

Өзіңе ғана сене алам,
Төсіңе гүл де еге алам.
Өзіңде еркін еңбек етем де, дем алам.
Өзеніңде де өзіңнің ғажап көркің бар,

Өзіңде шықса,
даусымды бүкіл ел тыңдар.
Дірілі,
Мұңы

бөлектеу ақын жүрекпен
Ақиқат жырын айтуға менің еркім бар.
Өзіңде,
Далам,

өніп дән,
құт боп,
қоныпты ән.
Өзіңде мен де киелі өнерге жолыққам.

Бабамның жері!
Тарихтың ұлан көшінде
ұрпағымның да ұлы мекені болып қал!
Тілеймін бүкіл даусымен

жүрек,
миымның:
Бақытын Жердің,
Отанның

сосын үйімнің.
Оралмаса екен
Далама енді қиын күн,
Үзілмесе екен нәзік қызығы июннің!

* * *
Талып жетіп тұрады бір үн маған,
Бұлай бәлкім, басқаға ұғылмаған.
Құштарлықпен тірлікті қабылдаудың

Ләззатын бере бер, күнім, маған.
Махаббаттың отына жылынбаған,
Күндер — бос кез. Ұғарсың мұнымды, Адам.
Қолдан қолға өтетін дәулетті емес,

Жан байлығын қия гөр, Күнім, маған.
Гүліңді бер солмаған, жұлынбаған,
Жолыңды бер теріске бұрылмаған.
Сұлулығын даламның көру үшін,

Суретшінің көзін бер, күнім, маған.
Жалғыздықта болар ма, шынында, мән
Жақсы адамға кезіктір құбылмаған.
Жалаң, оңай, жадағай сәттерді емес,

Күрделі күйіңді ки, күнім, маған!

КӨШЕ

Көше — толқын, айналған қатты ағысқа,
Табылғандай таныс та, жат дауыс та.
Біреу түсіп келеді «Волгасынан»
Біреу мініп жатқанда автобусқа.

Көше — толқын, жатқандай Арыс тасып,
Біреу мығым, біреулер шалыс басып.
Жаңа ғана екі адам айрылысқан
Жерде екеу келеді қол ұстасып.

Алғандай-ақ көшеден шабыт анық,
Құс сайрайды бұтақта жағы талып.
Бесік алып біреулер өткен жолмен
Бара жатыр біреулер табыт алып.

Бәлкім, бір жан тыныштық тапты бүгін,
Тыңдашы анау сәбидің шаттық үнін.
Бір көшенің бойында-ақ байқарсың сен
Қаттылығын өмірдің, тәттілігін.

Жаңа сурет елестер кенет көзге,
Аспан да өзге, гүл де өзге, терек те өзге.
Асығады екенбіз қараңызшы
Асықпау керек кезде.

Барлығын да жатады көтеріп Жер,
Көз алдыңа бұл күйді әкеліп көр.
Бұл көшеден өтеді ғұлама ойлар,
Махаббаттар, жеңістер, қателіктер.

Араладым көшені кеше де мен,
Араласам, кеудеме көшеді өлең.
Өмір атты фильмнің түрлі-түсті
Лентасы сияқты көше деген.

ШІЛTЕР

Біздің үйде бұдан 30 жылдай уақыт бұрын
шешемнің қырғыз қыздарынан үйреніп
тоқыған шілтері жатыр. Шілтер бар,— тоқыған адам жоқ...
Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,

Жүгіреді жылдар шашып шашқа шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған
Апа, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,

Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам,
Неге адамды сақтау қиын зат құрлы?! —
Дейді менің бота көңілім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес шықты өлең,

Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген.
Шашыраған сәулесі бар жұлдыздың,

Шашыратқы гүлдері бар қырғыздың.
Ескі торға жиі-жиі қараймын,
Ең ақырғы құрметіміз бұл біздің.
Шілтер жатыр. Ал тоқыған жан ғайып,

Тағдыр — қатал, адамдарда бар ма айып?
Саусағыңның ізі қалған ескі тор
Сағыныштан кеткен сынды сарғайып.
Мазалайды кірпігіме шық келіп,

Жан інімнен жарымаған сүт те еміп
Қысылғандай ыңғайсыздау қалыпта
Шілтер жатыр бір уыс боп, бүктеліп.
Шілтеріңмен көз жасымды сүртермін,

Сүрткен сайын жанарымды бүркер мұң.
Ол үшін сен қанша көркем гүл тердің!..
Өкінішті! Апа, сенің ғұмырың
Ғұмырына жетпегені шілтердің!

...Шілтер жайлы мұңды өлеңді созбай тым,
Бітірейін. Ойды ой ғой қозғайтын.
Өмір шығар — өзі кетіп адамның,
Бір ескерткіш қалдыруы тозбайтын.

АҚЫН ЖҮРЕГІ

Бірін-бірі сүйеді адам біткен,
Жауласа да алады жамандықпен,
Жалған сөйлеп жан адам көрмес еді,
Бәріне бітсе жүрек саған біткен.

Әpі қатал, әрі пәк адам біткен,
Бөлінбеген бәріне адалдық тең.
Опасыздық деген сөз болмас еді,
Бәріне бітсе жүрек саған біткен.

Ақиқатты келесің талмай жазып,
Әжімдерге толады маңдай — жазық.
Жырың қандай сұрапыл» — теңіз мінез
Ал жүрегің, жүрегің қандай нәзік!

Жаралыны жазасың жаның ашып,
Әсемдікті жырлайсың әрін ашып.
Іздеу үшін ізгі ойды арып-ашып,
Айту үшін шындықтың бәрін ашық,

Жүрегіңді сақта, ақын жүрегіңді
Әpі асқақ, тәкаппар, әрі ғашық!
Сақта, әлі оты оның лапылдар көп,
Сөндіре алмас жауынгер — батырлар кеп.

Ақиқаттар жасасын айбаттанып
Сөйлейтұғын сөзімді Ақын бар деп!
Алыс таулар — басыңда жатыр қар көп,
Алыс таулар жырласаң, жақындар кеп.

Махаббат та кешеді мәңгі ғұмыр
Мәнімді ұғар мазасыз Ақын бар деп!
Мен де айтамын жырлауға хақың бар деп,
Әлі талай құрлықтар жатыр қан боп.

Езілгендер күреске шыққан шығар
Түсінетін, қолдайтын Ақын бар деп!
Күтеді әлем ойларды қозғаушы үнді.
Ұлы ақындар өмірде аздау-сынды...

Құрлықтарға, теңізге, тауға, желге,
Өршіл ақын! Есіттір өз даусыңды!

АҚЫН БОЛСАҢ

Жүрегіңнен жылытып бір ағын денені,
Қарап тұрып қамығып жылағың келеді.
Жеткізіп жұртқа тәтті арманыңды да,
Байқамай қаласың шаттанғаныңды да.

Көзің жетеді кеткенше мәңгі мекеніңе,
Мамандық емес, маңдайға жазылған
тағдыр екеніне.
* * *

Әлемді ұстап тұрғандай бір ғана біз,
Сәл нәрседен қақшиып бұлданамыз.
«Жемісі мол ағаш көп иіледі»,
Сөз білгенге сабақ қой бұл да нағыз.

СӨЗ

Шыңғыс Айтматовқа
Тау тозады,
Өзгереді тас түсі,
Таланттың да ұшар талай жас құсы.

Өзің даңққа бөленгенің сөз емес,
Елдің даңқын шығару ғой — бастысы!
Су тартылар,
Жағалаулар қозғалар.

Жасыл өлке бір кездері боз болар.
Адамдар да алмасады,
Тек қана
Ұлылардан ұрпақтарға сөз қалар.

Көбі өзгерер —
Жеткізгенде жыл хабар.
Су сылдырын сан өзгертер жылғалар.
Сүю — мәңгі,

Сүйгендердің жүрегі
Махаббаттың жырын оқып нұрланар.
Жаз да кетер,
Салар әлі күз бүлік.

Көп нәрсені үлгермеспіз біз біліп.
Жасар бірақ
тұман басқан теңізден
Жас баланы алып шыққан ізгілік.

Түрлі оттармен жарқырайды қара түн,
От та өшеді, өшпестей боп жанатын.
Тоқтатқандар корабльді, қыранды
Қара сөздің қырқа алмайды қанатын.

Қанатты сөз кеңістікте жиі ұшты,
Сөз сыймаған жерге таулар сыйысты.
Бүкіл сөздер адамдарды құрметтеп,
Көкке биік көтеруге тиісті!!!

Көбі өзгерер,
Көрер бәрін көз қайдан?!
Өткендердің жайын кейде қозғайды ән.
Нe бір ұлы шайқастар да тоқтаған,

Тоқталмайды ешқашан да сөз — майдан!
Сөз алдында
Мойып талай жатты күш.
Талай жерде сөзден қолдау тапты ұлы іс.

Болған емес сөзсіз нағыз келісім,
Сөзден асқан болған емес қақтығыс.
Келеді адам бір жаңалық ашқысы,
Құрбың емес,

Сөздеріңмен жастысың,
Қарулы күш қаһары да — түк емес,
Қара сөзді мойындату — бастысы!

ОЙ

Егер менің миымның қатпарлары
Айнала қалса кино пленкаға,
Фильм болып қойылса бір ортада:
Жұрт алдынан сырымды өткізіп бар,

Шығар еді көп сурет — көп қызықтар.
Шығар еді құйттай қыз жылап тұрған,
Ойыншығын ертерек лақтырған.
Сол бір сәби көзі ойлы, тісі кетік

Айтар бәрін сақтамай ішіне түк.
Шығар сосын қыз дәурен — қызық күнім,
Хикаясын жастықтың тізіп бүгін.
Бұл сәттерде сән де ерек, екпін де ерек,

Бұл серияны көруге көп күн керек.
Одан кейін... көздерім ағын судан
басқаның бәрінен де сағым сынған.
Сол жылдар жүрегіме алғызды мұң,

Қайран менің қанатсыз жалғыздығым!
Тағдырдан тиген маған үлес керім,
Өзім үшін тек өзім күрескенім.
Ол да бітер, бұл майдан қашанғы ұзар?

Жеңген жерім көзіңе жас алғызар.
Көктем келді. О, оның әні қандай!
Бірте-бірте бізді жұрт танығандай.
Қуаныш та болды онда, мойындайын,

Өмір де — ойын. Өзгерер ойын дәйім.
Қымбат екен алтын мен ақшадан да ар,
Мұны маған сездірді жақсы адамдар.
Жақсы адамдар түсініп арманымды,

Өткізуге тырысты алға әнімді.
Бұл кинодан бәрі де көрінеді,
Біреу күліп, біреулер төгіледі.
Біреулердің туғызып басына дау,

Ашылмайтын сырлар да ашылады-ау!
Адамдарға әртүрлі ой тұнады-ау!
Айтылмаған әңгіме айтылады-ау.
Бұл киноны басқадан көп көрерсің,

Жарым! Бір сәт өкпелеп, жек көрерсің.
Балам! Сен де бір нәрсе аңғарарсың,
Қандай қызық ойлар деп таңданарсың.
Төгілер деп — түсініп — жасы неше,

Қызым, сені аяймын, әсіресе!
Жоқ! Құпиям, азабым жан білмеген
Жуылып кетсін нөсер жаңбырменен.
Азабым көрінбесін, арланамын.

Өтіп кеткен нәрсеге бар ма амалың?!
Жұмбағым да өзіммен төзер мұңға.
Шешілмей-ақ ұйықтасын өз орнында.
Шертілмей-ақ қалса да мың күйім де,

Қалу керек ми деген ми күйінде.
...Жоқ! Тірілтіп миымның қатпарларын
Киноға түсіруге болмайды екен.
Мен ойдан арыламын ондай бөтен!

АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН

Шаршағанда жүрегім тым езіле
Тағы келдім, жан досым, міне өзіңе.
Сүйіп тұрып сүйедің қанатыңмен,
Сүйсінемін осы асыл мінезіңе.

Талай адам қуантты мені өмірде,
Жарық берді бір шамым сөнеріңде.
Керек кезде адамдар аямады
Өлеңін де, дәмін де,

Өнерін де
Жүрегімде жүргенде қар, ызғар — мұң.
От ұсынып, түсінген тәрізді әркім.
Сеніп тұрып жүгімді көтеріскен

Адамдардың бәріне қарыздармын.
Өрмелерде өмірдің ең өріне
Жауласудың біреумен керегі не?
Жүрмейміз бе күндердің күндерінде

Зәру болып адамның көмегіне?
Көбіңменен сырластым,
Кеңестім мен,
Адамға да жөн сөзі кем естілген

Бір жамандық жасаған емеспін мен.
Сондықтан да күтпеймін оны ешкімнен.
Шақтарында шаршаған,
Дамылдаған

Кездеріңде қуанған,
Жалындаған
Қандай қиын — қалмаса жаныңда адам.
Керексіңдер сондықтан бәрің маған.

Ал мен кімге керекпін,
Білер ме едім,
Мұңайта ма біреуді түнергенім?
Қуанта ма біреуді бірер менің

Жақсылығым, немесе жыр өргенім.
Азын-аулақ жүгімен,
Әніменен,
Жағалаудан шықпай жүр әлі кемем.

Бәріңе де жеткізіп жалын өлең,
Керек болғым келеді бәріңе мен.

ҚЫЗДАР НАЗЫ

Жігіттер! Қарап жүріп қажымайық,
Жүрекке жарқын әзіл, наз лайық.
Жүйке деген жүдеткен дертімізден,
Әңгіме айтып, ән салып жазылайық.

Жігіттер! Қарап жүріп шаршамайық,
Қаламыз қаталдықтан қанша байып?
Айғайлап «Айнамкөздей» ән салайық,
Жарқылдап жаңа күнді қарсы алайық.

Жігіттер! Шырқайықшы ән қалдырмай,
Болмайды асқақтықты арман қылмай.
Құдай-ау, қалай осы жүресіздер,
Еркек боп, ерліктермен таңқалдырмай.

Сияқтанбай жаураған жасық торғай,
Бастайық жаңа бір жыр тасып, толғай.
Құдай-ау, қалай осы жүресіздер,
Қыздарға естен танып ғашық болмай?

Жігіттер!
Жараспайды мұң сіздерге.
Қыздар да қызықпайды үнсіздерге.
Қуантқымыз келеді сіздерді ылғи,

Біздерді қуанта алып жүрсіздер ме?
Жігіттер! Ғашықпыз ән-күйге біздер;
Күтеміз күн шыққандай сый, лебіздер.
Неге сонша жабығып отырсыздар,

Қанеки, тұрыңыздар, билеңіздер!

ІНІМЕ

Мен көрмесем деп ем:
Төккенін көзіңнің мол мұң,
Шыққанын сөзіңнің солғын.
Менің өмірім бір кітап десем,

Үлкен ғой онда өзіңнің орның.
Бар күйі шертілген жоқ
Жастықтың сазының да әлі.
Жайлауым жаз ұғымымдағы

Сен бір қызық тараусың, інің
Өмірімнің мазмұнындағы.
Сен кейде еске аларсың мені,
Елжіреп сағынарсың дағы.

Сөзімнің лағыл, асылдары
Сен емессің бе,
Тірлігімнің мағынасындағы.
Мен саған саясын тіледім,

Шаңқайда шынар, талдың да,
Өкпелетсең де кінә арта алдым ба?
Үмітімді ақтадың ба сен,
Жылағанды қуанта алдың ба?

Жаман болсаң мені де құлатасың,
Жақсы болсаң аспанға шығарасың да.
Өмірде әлі талай сыналасың да,
Менің кітабымның жақсы болуы

Саған байланысты,
Ұға аласың ба?..
Өрмекшінің ізіндей ойлар
Санамды сызып торлайды.

Бір сазды үзіп толғайды,
Сен бақытты болмасаң, інім,
Менің өмір-кітабым қызық болмайды.
* * *

Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Асықтыруда күндер шын.
Сұраған досқа, бауырға
Үлбіреген дүниеден

Үйлесім іздеп жүр дерсің.
Қайтарсың, қалқам, ауылға
Қуанып досың үлгерсін.
Сұраған туыс, бауырға

Ұлыдан қалған сөздердің
Ұйқасын іздеп жүр дерсің.
Екеуміз туған үйге әлі
Ойланып, інім, қайтарсың.

Әкеме батыр тұлғалы
Арманшыл әпкең туралы
Бәрін де бәрін айтарсың.
Шаршасам, өзім кінәлі,

Кірістіремін кімді өзге?
Ізгілік болып ұраны —
Ұшырған туған далама
Жырларым жетер бір кезде.

ШОФЕР

Тағдыр сынды әртүрлі ғой жол деген,
Кездеседі күтпеген сый көлденең.
Шофер інім, сен есіме түсесің,
Кездерімде жол үстінде шөлдеген.

Көздерімде үміт оты сөнбейді,
Тәуекел де, кездессін көп өр мейлі.
Тағдыр сынды қатал жолдар қасарса,
Қалауыңды күнде сенің бермейді.

Қаншама рет шықтың екен қырларға,
Қаншама рет қалдың екен құмдарда.
Айдалада сөзіңді жан тыңдар ма,
Шаршадың ба, жанарыңда мұң бар ма?

Жоқ әлде сен найзағайдай жарқылдап
Келесің бе жолдар менен жылдарда.
Қаншама рет шықтың екен дән тасып,
Бұл даланың саған таныс әр тасы.

Бұғы кезген жазығы мен жартасы,
Көз алдыңда туған жердің картасы.
Жол менен жол, ел менен ел қосылса
Сен сияқты жігіттердің арқасы.

Қаншама рет үміт арттың ақ таңға,
Қаншама рет тоңдың екен ақпанда.
Қаншама рет тұрдың екен шатқалда,
Сені есіме алам, мынау көшелер

Машиналар шуылына батқанда.
Қаншама рет қараңғыға шым баттың,
Қаншама рет үнсіздікке тіл қаттың.
Жалғыздықтан қажып біткен жолдарға,

Қаншама рет адам әнін тыңдаттың,
Білем, сенің жеңістерің қымбат тым.
Қаншама рет күдік ерді жолыңа,
Ұзақ сапар кездесті ме жалығар.

Сыры бөлек жолдардың да далада,
Бірде жоқ боп, бірде кенет табылар.
Бір жақсысы — шоферлердің бір-бірін,
Орта жолда қалдырмайтын заңы бар.

Сен де сақта сол тамаша заңды, інім,
Керек емес кең далада паңдығың.
Төрт дөңгелек дөңгелегі емес қой,
Зымыраған мезгіл деген мәңгінің.

Табиғаттың таза ауасын, таң нұрын,
Жапырағын, шалғыны мен бар гүлін.
Бал қурайын, бар бұлағын, жаңбырын,
Бәрін, бәрін сүю керек жол бойы,

Жол бойғының бәрі сенің — тағдырың.
Қаншама рет үстінде мұз, ақ қардың,
Ауыр-ауыр рейсті бетке алдың.
Қолың қатып, сонша қиын-міндетті

Қаншама рет абыроймен атқардың
Саған сенем, тек мен емес, ел сенген,
Сені ойлаймын, түнде жарық көрсем мен
Сақта, сақта, сапарларда, бауырым,

Бақытыңды шақырымдармен өлшеген.
Саған елдің сенетіні тегін бе,
Дақ түсірме құдіретті сенімге.
Үлкен жолдың асуында, өрінде

Кедергілер кездесер, тек шегінбе!
Қалғи көрме, қадау керек көзді алыс,
Қатарыңа үлгі болсын озған іс,
Үнсіздіктен, тыныштықтан қорқамын,

Жетелесін сені мәңгі қозғалыс.
* * *
«Жүзі неге осынша солғын» дейді,
«Барлық жолы теп-тегіс, даңғыл» дейді.

Елемеуге ешбірін тырысамын,
Түрлі болжам жасасын әркім мейлі,
Өмірге іңкәр кеудемнің бір шетінде
Мұзды мұхит жатқанын жан білмейді.

Себепсіз-ақ жақтырмай қарап қалған
Қаңтардайын қар жауған қабақтардан,
Ащы, тұщы әртүрлі сабақтардан
Мұз жиналған.

Мен сосын шуақ іздеп,
Жақындардың жанарын сан ақтарғам.
Жас күнімнен шақырған биікке арман,
Қол жетпеске ұмтылып сүйіп қалғам.

Бірақ сосын тағдырдың жүктерінен
Жүрек жүдеп, жан жадап, иық талған.
Шығам деген шыңына шыға алмаған
Өр көкірек басылып, тұйықталғам.

Қамшы — уақыт қапысыз өріледі.
Бәрі жақсы сияқты көрінеді.
Бәрі жақсы дейді жұрт, не біледі?!
Бәрі жақсы бола алмай жатқандықтан

Мұңды жырлар кейде бір төгіледі.
* * *
Әжетай! Уақыттың ауыр шағында да,
Шаршаса да, ауырса да ұлдарға

Хош иісті бауырсақ пісіруші едің ғой,
Қадірін, дәмін түсінуші едің ғой,
Әже, сағынып келдім, бауырсағың бар ма?
Соғыс жұрттың тілегін түсінбеген-ді,

Біздің балалық ақ нанды түсінде көрді.
Әже, сен кешірмейсің ғой, ә,
бидай барда
Ып-ыстық, ақ бауырсақ пісірмегенді.

Бидай барда, әже, сен дәйім де байсың,
Бейбіт күннің береке-тойын қалайсың.
Той үстінде бауырсақ пісірмеген
Қазақтарды қазақ деп мойындамайсың.

«Болып бара жатсың ба жат, бөтен бүгін,
Келіп, кетіп тұрсайшы, ақ көкем, күнім!»
Деп бауырсақ қоюшы ең, сөзбен оның,
Жеткізе алман қаншалық тәтті екендігін.

Уақыттың ауыр шағында да,
Қарамай дауыл, сағым, қарға...
Шаршаса да, ауырса да ұлдарға
Қып-қызыл бауырсақ ұсынушы ең ғой,

Қадір-қасиетін түсінуші ең ғой,
Әже, сағындым, бауырсағың бар ма?!
* * *
Жан досым!

Сырласайық, келші маған.
Жасыңды жасыршы тез тамшылаған.
Мен сені
Жаладан да,

Жазадан да,
Құмнан алтын алғандай аршып алам!
Қатыгездеу бұл кездің адамдары,
Кейбірінің көңілі қараңғы әлі.

Қызғаныштан құтырып жанарлары
Сені ұнатпай жүретін әлсіз жандар
Жеп қоярдай қарайды маған бәрі!
Елемеймін,

Оларға жаза – мұным.
Жанталасқан жандардың азабы мың.
Сен де елеме!
Сенемін негізі мен,

Тұман басқан қиянат теңізінен
Алып шығар ақ желкен тазалығың!
* * *
«Бөленетін кезің ғой қуанышқа,

Heгe сенің тұрмайды ол гүл өңінде!?»
Дедің бірде.
Үміт те,
Сұраныс та,

Махаббат та,
Шаттық та —
Жүрегімде.
«Таспен ұрса, таспен ұр, тұрасың ба,

Кешіру неге керек бұл өмірде?»—
Дедің бірде.
Ал менің,
расында,

Ашуым да,
Кегім де —
Жүрегімде.
«Көмектескем табысың тапшы күні,

Ұмытып кеттің»,— дедің күле бірде.
Адамдардың
мейірімі,
жақсылығы —

жүрегімде.
Бәрі де жүрегімде.

АБИТУРИЕНТ

Арманыңда,
жаныңда
жалын ән бар,
Абитуриент,

ақынға көңіл аудар!
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.
Мектеп қайта есігін ашпас енді,

Өмір-ұстаз.
ақылды,ақ шаш,өңді
Басқаша енді үйретер бар сабағын,
Қоңыраулар соғылар басқаша енді.

Былтырғыдан басқаша биыл демек,
Білімің мен
ақылың,
күйің бөлек!

Енді басқа жиын,
той,
киім керек,
Енді саған шынайы сүю керек!

Сұрақ басқа.
Оп-оңай шешілмейді.
Жаса қанша тентектік, есір мейлі,
Мектептегі мұғалім кешіргенмен,

Өмір қатал.
ол күнде кешірмейді!
Даусыз — ол күн есіңде сақталары,
Жазылмаған өмірдің ақ парағы

Жаңа дастан күтеді,
жазуыңды
күтпейді тек кластың тақталары.
Картадағы

елдердің шартарабы
Шақырады жүк артып арқаңа әлі.
Енді сені күтеді барлық жолдар,
Күтпейді тек мектептің парталары,

Шақырады
ақ таңдар,
лала гүлдер,
Шақырғанмен оқушы бала күндер,

Алып бара алмайды оған сені
Самолеттер, ең жаңа корабльдер.
Бала күннің қиялы!
Ол да оянсын!

Басталмаған жұмбақты жол ғой әр сын
Есеюдің білгенмен жақсы екенін,
Қиындығын мойындап,
Қол қоярсың!

Кездеседі, дауыл да, дабылда көп!
Дамылдама, қаймықпа, қабылда кеп!
Үлкен ойдан үлкен іс туар, ойла:
Болашақтың тағдыры қолымда деп.

Уақыт та емтихан алар, ол сын
Қорқыта алмас,
көңілге сенім қонсын.
Абитуриент!

Билет ал, тәуекел деп,
Емтиханда,
өмірде
жолың болсын!

«АЛҒАШҚЫ»

Есімде сол жайлауда, жаз айында
Басталған бір өзгеріс өз ойымда.
Санамда сапырылды самал кештер
Дегендей жазбайын ба, жазайын ба?

... Жас көңіл шағалаша шарқ ұрады,
Арман боп алда алуан жол тұрады.
Түнімен көрші үйде күй тартылып,
Жайлауды қуанышқа толтыра

Сезгендей сергелдеңді сиқымды айқын,
Үнсіз кеп ұрлайтын-ды ұйқымды ай, түн.
Жер түгіл күміс кірпік жұлдыздар да
Жадырап, жақын келіп күй тыңдайтын.

Күй сазы іңкәр жанның бір сыры етін,
Табатын сыр айтудың күйші ретін.
Аулақта шегірткелер шырылдайтын,
Көрші үйде ғашық жігіт күрсінетін.

Жаныма жақұт тағып мол бір асыл,
Алысқа жетелейтін сол бұла сыр.
Сылтаурап өзі жоқта көретінмін
Атымды ойып жазған домбырасын.

... Ауылдың жігіттері шөп орады,
Кешкілік ат-арбасын доғарады.
Сонан соң кеше кеткен бозала түн
Қайтадан ғажап күймен оралады.

Ал күйлер «Алатау» мен «Ақбай» сынды
Алаулап шақыратын оттай түнгі.
Әуелей «Әсемқоңыр» ілесетін,
Қыр ұлы артық дыбыс қақпайтын-ды.

Жақындап жазираның көгіне түн,
Ай туып, ақша бұлттар сөгілетін.
Басылмай «Баламайсаң», «Балбырауын»,
Құштарлық қос ішектен төгілетін.

Қалықтап, шарықтайтын, қиялайтын
Жадымда сақтаулы сол күй әлі айқын.
Жүгіріп тамырлармен, жүрегіңнің
Түбіне ләззаттайын ұялайтын.

Ләззатын екеумізге бөлді де тең,
Бірде ол әсем бір күй салды бөтен,
Дірілі, лүпілі де ерекше еді
Сол оның «Алғашқысы» болды ма екен?

Сол күні таңданды ма, қайтті мекен?
Сол күні қаз көліне қайтты ма екен?
Сол күні алғаш рет күй тілімен
Сол жігіт бір арманын айтты ма екен?

Қайран жаз күйге бөлеп, отқа ораған
Қайрылмай қанат қағып өтті арадан.
Жаутаңдап, жауап күтіп сонда көрші ұл
Жайлаудан ел көшерде көп қараған...

Жаз жайлау бар қызығын тіреп күзге,
Жалт еткен іңкәр күндер бір өткізген.
Жанары жас күйшінің алғаш сонда
Сезімнің аппақ құсын дір еткізген.

... Алғыс айтам барлығы үшін жырмен,
Таныр ем көрсем де алыс түсін бірден.
Қайда сол көрші бала тұңғыш рет
Домбыра құдіретін түсіндірген?!

«ҚОҢЫР»

«Жан арманы, күй болып төгілдіңдер
Тербеледі далада керім гүлдер.
Керім гүлдер керіліп ерілдіңдер.
Қол жетпейтін армандай көріндіңдер».

Саусақтардың астынан осыны айтып,
Өтіп жатыр сонау бір қоңыр күндер.
Өкінішке толтырып омырауды.
Тым мезгілсіз бәлкім бір өмір ауды.

Домбыра енді бастады аңырауды,
Елестейді даланың қоңыр аулы.
Қыл ішектің үстімен күй-күймемен
Өмір көші өтуде қоңыраулы.

Тіршіліктің шілдеде жауса ақ қары,
Төгіледі жанардың моншақтары,
(Мен отырмын шыдамай, қол соққалы,
Арман, үміт қалғандай қаусап бәрі)

Қоңыр күннен қашқандай жұлқынады
Өмір тартқан күйшінің саусақтары.
Қоңыр ауыл, қоңыр кеш, қоқыр өңір,
Қоңырайып кеткендей төңірегің.

Өткенді еске ап, дариға, еңіре бір.
Дала болса — Домбыра, шек — жолдармен
Қоңыраулатып барады қоңыр өмір.
Ғашықтық бар көздердің шарасында,

Құдірет бар саусақтың арасында.
Толы бүгін домбыра — дала сырға.
Құпия ма, құйын ба, борасын ба,
Қуаныш па, қайғы ма, махаббат па,

Қоштасу ма, туу ма — бәрі осында!
Домбыра — дала екен ғой, расында!
Өтті ме екен бір күйші мәңгі налып,
Тартты ма екен бір күйді сәл қуанып,

Күтті ме екен жаңа бір таңды халық.
Мұның бәрі — бітпейтін әңгіме анық.
Күйге толы домбыра — дала, десек,—
Отыр күйші даланы алдына алып.

УӘДЕ

С.Б-ға
Ақын деген ұқсамайды өзге елге,
Өзгелерден көп батады көздерге.
Ғашық болсаң, ғашық бол, тек қыздарға

«Мәңгі бірге болармыз» деп сөз берме.
Нұрлы түндер, жырлы түндер алмассын,
Рас, рас, ұмытылмас алғашқы.
Бірақ оны мәңгі сақтай алмассың,

Басқаларға ғашық болмай қалмассың.
Әлі талай ару саған еркелер,
Әлі талай ақын демі өртенер...
«Айнымайын ешқашан да» демей-ақ

Өлең арнап, жүрек қылын шерте бер.
«Ғашық болдым саған тіпті туа» де,
Сүйемін де, бар дүние куә де.
Махаббаттың отына өрте, бақытты ет,

Мәңгілікке берме бірақ уәде!
Аруларға сырларыңды аз ұққыз,
Жаз да өтер, жетер жырын жазып күз
Ғұмыр бойы сүйем деме, алдама,

Сеніп қалып жылап өтер нәзік қыз.
Сам жамырап, жұлдыз туар санаңда,
Сағынышқа толы мынау ғаламда
Ақындарға ғашық болу қауіпті

Ғашық болмау қауіптірек одан да!
Азап ғұмыр біле бермес көбін ел,
Ғажап ғұмыр — інжу өлең төгілер.
Біреуінен біреуі әсем көрінер...

Дүниеге түгел ғашық ақынның
Барлығына махаббаты бөлінер.
Арпалысы сезім менен ақылдың,
Басқалардан гөрі оған жақын мұң.

Болмашыдан көңілі қалар сәбидей
Сәл нәрсеге таңданатын ақынның.
Сүйе алмаған күндер — үйдей шырақсыз
Жаман өлең сияқты оны бір-ақ сыз!

Ақындардың махаббаты — мәңгілік,
Аруларға уәдесі — тұрақсыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙