Туған күн
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Бүгін Монтидың туған күні. Бірақ оны ешкім білмейді. Бір бөлмеде жатқан мына төрт жолдасы да одан хабарсыз. Стол үстіндегі тықақтаған сағаттың «лекцияға баратын уақыт болды» — деп безек қағуына он-ақ минут қалған. Жігіттер әлі ұйқыда.
Монти оянып көзін ашса да, белсеніп тұрып кетуге жоқ. Есінеп қойып ойланып жатыр. Терезеден енген таң сәулесі бөлме ішінің бұйығы көлеңкесін біртін-біртін сұйылтып келеді. Сырттан трамвай салдыры, машиналар ыңылы үздіксіз естіледі.
Назары қабырғадағы календарьға түсті. «9» деген семіз қара цифр көзіне оттай басылды. Цифрдан төмен сүрет бар. Орман шетіндегі суатқа келіп тұрған балалы бұғы суреті. Ана бұғы тұмсығын жоғары көтеріп селтиіп әлдеқайда құлақ түреді. Лaғы қаннен-қаперсіз еңкейіп суға бас қойған. Су бетінде сақина шеңбер жатыр. Таныс сурет. Осыдан шамалы күн бұрын календарьды парақтап отырып өзінің туған күні 9-шы октябрьді тауып алып біраз үңілген еді.
Стол үстіндегі сағат шар ете қалды. Монти қолын созып, төбесін нұқыды. Ұйқылы бөлме. ішінде бейқам ұйыған тыныштық қаймағын шар еткен сағат даусы жыртып жібергендей. Кереуеттер сықырлап зар илей бастады. Монти темекі тұтатып құшырлана сорды. Әншейінде ұйқыдан оянса, тұра сап киінетін. Беті-қолын апыл-ғұпыл шая сап лекцияға таятын. Бүгін өйткен жоқ. Елден ертерек оянды. Әрі, кірпігі қимылдасымен ұйқысы да шайдай ашылды. Басы да тынық. Ойға, қиялға құлшынып тұр. Ия, бүгін Монтидың туған күні. 21 жасқа толған күні. Ай басынан өзгеше бір сезіммен күткен қадірмен күні. Тәңірдің тарыдай күнінің біреуі, яғни 9-шы октябрі Монтидікі. Ұйқысынан енді оянған бүкіл Алматы, сонау оңтүстіктегі тамам ауылдастары мұны зор құрмет-ілтипатпен еске алып жатпасына кім кепіл! Өйткені бүгін 9-шы октябрь ғой! Монти 21 жасқа толды ғой!
Қалтадағы 5 сомды, жуыла-жуыла сарғайып кеткен нейлон жейдені ойлағанда көңілі қоңырайып қалды.
Жігіттер ысынап-пысынап тұрып киіне бастады. «Әрине», — деп ойлады Монти, — бұлар ортаға бөтелке қойып, ресми түрде құттықтамақшы ғой! — Жарайды, жарайды! Боздақтарым!
Монти еңсесі төмен кішкентай арық қара жігіт еді. Жүргенде жұрттың ізін ала жүреді. Әңгімеге де көп араласпайды. Қазірде жатақханадан дабырлай шыққан жолдастарына еріп, ескі қара плащының жағасын көтеріп, иығын қысып еңкеңдеп келеді. Сөзге кейде құлақ тіксе, кейде өзінше келе жатады. Бұның тұйық мінезіне ет үйретіп алған қатар құрбылары оны әңгімеге тартып әуреленбейді. Кездескенде ғана «уа, Монтеке, хал қалай?» — дейді. «Жақсы ғой!» — дейді бұл күліп. Сонымен сөз бітеді. Әлгі жолдас бұрылып өзге біреумен шүйіркелесіп кетеді. Монти состиып шетте қалады. Бұл өзі сабаққа да орташа, кейбіреулердей ең болмаса семинар-сабақтарда қол көтеріп көзге түсуге жоқ. Тым-тырыс, «сен тимесең, мен тимен». Лекцияға келген-келмегені де байқалмай қала береді. Журналға студенттердің қатысымен белгілеп отыратын Жалмырза кейде бар Монтиды «жоқ» — деп қойып, одан кешірім сұрап жүргені. Ылғи үнсіз, ылғи ойлы Монти артқы орындықтардың біріне мығым орналасып ап бұғып отырар еді.
Монтидың етке шықпайтынына адам таң қалады. «Ауруың бар ма?» десең, «жоқ» — дейді. Ал тұла бойынан шымшуға ет таба алмайсың, жақ сүйегі пышақ жанығандай.
Аудиторияға бұлардан да ерте келгендер бар екен. Монти ішке кірерде күндегідей емес, біртүрлі көңілі қобалжып кірді. «9-шы октябрь», бүгін жолдастарымен бұның арасында өзгешелеу қатынас болуға тиіс сияқты. Соның үшін де түнде шалбарын мұқият үтіктеп, жалғыз нейлон жейдесін бипаздап жуып киген еді.
Сол әрекетінің бәрін мына отырған жолдастары көргеннен-ақ сезетіндей. Монти сәл ұялып құрбыларымен қолдаса бастады. .«Уа, Монтеке! Хал қалай!» дейді бәрі де. «Жақсы ғой!» дейді бұл күліп. Бәрімен қол алысып шыққаннан кейін артқы партаға өтіп отыра беріп, көңілі біртүрлі құлазып кетті. Күткені, естимін дегені басқа еді... Бірақ әлі уақыт бар ғой!
Төңірегі тыныштала қалды. Есіктен семіз сөмкелі ақ бас профессор кірді. Студенттер орындарынан тұрып қайта отырысты. Құлағына лектор үні жетер емес. Сағат тілі де жылжуға жоқ. Бірін-бірі қуалаған ойдан қажыды. Ақыры үзіліс болды. Комсорг Саттар «бір азғантай мәселе!» деп жұртты тоқтатып алға шықты. Монтидың іші қылп етті. Ұялшақтап қызарып төмен қарады. «Міне, кәзір басталады».
Саттар маңызды сөз сөйлейтінін білдіріп, тына қалған студенттерге шолып қарап, «жолдастар!» — деп жүзін салқындатты. «Бүгін 9-шы октябрь («басталды», деп ішінен қылп етті, Монти). Біздің қадірлі, құрметті жолдасымыз әрі группамыздың старостасы Жалмырзаның туған күні екен! (Монтидың кейпі өзгеріп, тұқырған басын жайымен көтеріп, Саттардың ауызына қарады). «Сондықтан осы мәселені Жалмырзаның өзі жоқ кезінде шешіп алсақ». «Дұрыс», «Дұрыс», «Ендеше кешкі сегізде Жалмырзаның бөлмесінде жиналатын болайық». «Қаншадан жинаймыз?», «Меніңше, бес сом жетеді ғой деймін», «Дұрыс», «Дұрыс».
Екінші сабақ басталарда Жалмырза келді. Аудиротрия шу ете қалды. «О, Жәке, туған күніңмен!», «21 жасқа толуыңмен!» «Рақмет», «Рақмет». «Жәке, бүгін мас болатын күнің». «Мас болмай көрсін, аузына жығып сап құяйық», «Ей, құттықтауларыңды кешке қалдырыңдар», «О, Жәке, әкел қолды!»
Шу есіктен лектор келгенше толастамады. Жалмырзамен Монти үзеңгілес студент болғанымен, бұл ортадағы екеуінің беделі жер мен көктей. Жалмырза студенттік билетті қолға алысымен жарқ етіп көзге түсті. Оқудың алғашқы айларында-ақ ол үлкендермен қоян-қолтық араласып тіл табыса кеткен. Ә дегеннен группаға бастық болды да, соң, факультеттің профоргі боп сайланды. Кәзір беделі анау-мынау лекторлардан кем емес. Ұстаздармен иық теңестіре жүреді. Оның қасында Монти кім болыпты. Жалмырза Монтидың ұсынған қолының өзін ерініп алады. Шынында Монти кім? Түк те емес. Әйтеуір жүрген біреу. Жалмырза көреген жігіт екен. О баста оқуға түскен күзде-ақ, «осы бастан көзге түсу керек, бедел алу керек» деп бір айтып салған-ды. Құлағына да ілмеген бұл. Тіптен күлген...
Студенттер дәлізге шығып кеткенде бұл үзіліске шықпай, іште жалғыз отырып қалыпты. Ауық-ауық есік тықыр етсе көңілі алаңдайды. Бүгін 9-шы октябрь ғой! Күткендей есік сықыр етіп ашылды. Жерлесі — Болат. СХИ-да оқитын. Іздеп келген-ау. Ұмытпаған-ау. «Ау, Монти!» — деп айқайлай кірді ол. «Оу, Болат!» деп бұл да қарсы түрегелді. Екеуі жамырасып жатыр. Болаттың аузынан арақ иісі шыққанға шошып қалды. Хабарын сұратқызбай ол өзі айтты. Түнде бір жолдасы үйленіп сонда болған екен. «Енді бас жазайын десем, қалта жайы болмай тұрғаны», — деп бастады ол.
Монти сылқ түсіп қайта отырды.
Сабақ бітіп көшеге шықса, күздің бір сұрқай қоңыр күні екен. Тротуар жағасын қуалай құлаған солғын сары жапырақ. Жортпа салқын жел де бар. Әлсіз күн шуағын бөгеп, аспанды жұқалаң бұлт торлапты.
Жатақханаға баруға зауқы соқпады. Оңаша бір тыныштықты аңсады. У-шудан аулақ жалғыз ойланғысы келді. Жүріп отырып Панфилов паркінің үстінен шықты. Серуеншіл қауымнан ада күзгі бақ қаңырап бос тұр екен. Кішігірім ағаштар қалың жапырағынан жартылай сілкініпті. Табан жер сары ала жапырақ төсек. Аяқ басқан сайын пашырлап сынады. Еңселі теректер көкірегін ой басқан алып тұлғадай сабырлы. Үнсіз тұрыстарының өзімен тілге сыймас ұлан-асыр бай сыр айтады. Таусылмас сыр.
Монти оңаша орындықта ұзақ отырды. Зәулім-зәулім баба ағаштарға, бала жапырақтарға қарап ойланды.
Оқиға желісі мен шешім
Терек басына таман өрмелей түскен кешкі шұғыла соңғы рет үшкіл қызыл жапыраққа ілініп қоздана жанып, баяу сөнгенге шейін қозғалмады.
Төңіректі іңір қараңғысы кезе бастағанда орнынан тұрды. Қарны ашқанын байқады. Жақын кафеге бұрылды. Кең кафе адамға лықа толы.
Бұрқыраған темекі. Құж-құж қызу әңгіме. Біреулер біреулерге ежіктеп қолдарын сермеп сөйлейді. Оларға араласа музыка шыңғырады. Билеп жатыр. Шеткі столда бір орын бос екен. Соған ие болды. Кешеуілдеп келген жарқылдақ көзді официант қызға қымбат тағамнан жаздырды. Үш жүз грамм портвейнді де қоса жаздырды. Кафенің бір бұрышын алып үш столды қосып шағын топ жастар отыр. Сілтегендеріне едәуір болса керек. Отырыстары қиқы-жиқы. Қыздарының мойын буындары жоқтай. Жігіттердің төсіне былқ-сылқ құлай береді. Барқырасып өздерінше ән айтқансиды. Әйтеуір түгел көңілді.
Монти алдына қойылған «қазақша еттен» қарпытып асап, қызылдан стақанды толтыра құйып, қатарынан екі рет көтеріп тастады. Маңдайы жіпсіп, тұла бойының құрыс-тырысы жазылғандай. Естерін шала-пұла біліп отырған анау топ дүниедегі ең бақытты жандардай. «Солардың бірі боп мас қыздың шашынан иіскеп отырсамшы!» Шарап буын-буыныңа түскен сайын осы кезге дейінгі өмірін қомсынуы күшейді. Шындық дегені — жалған, жалған дегені — шындық емес пе екен деп қауіптенді. Бұрыштағы көңілді топқа аңсары ауа түсті.
Есептесуге келген официанткаға қалтасын қағып берді. Алыс ауылдағы жалғыз шешесін ойлады. Пенсиясынан үзіп-жұлып тиын-тебен салып тұратын. Неғып кешікті екен!
Кафеден буы бұрқырап сергіп шықты. Қалтасын қағып берсе де, разы шықты. Жатақханаға дейін әжептеуір аралық еді. Жаяу қозғалды. Тіке баратын автобусқа отырмады. Осылай көкірегін ой мазалаған шақ ду-дабырдан қашқақ жүреді.
Жатақханаға кеш келді. Төртінші қабатқа көтерілді. Жастар қосылып ән салып жатыр. Дәлізбен өте беріп байқады... Жиын Жалмырза жататын бөлмеде. Кіруі керек еді. Бірақ Монти кірмеді. Мана сабақ соңында Жалмырзаны жеке құттықтап, егер кешіне қатыса алмаса ренжімеуін өтінген.
Кәзір бөлме оңаша болса. Дем алса.
Бөлме бос екен. Шамды жақты. Сағат он бірге барып қалған. Монти шешінбестен кереуетке отыра кетті. Сонсын алақанына иегін сүйеп, қимылсыз қалды.
Көрші бөлмедегі көңілді топ ән салып жатыр. Ән шалғайдан жеткендей, кедір-бұдыры сылынып, жұмырланып, жұмсарып естіледі. Кезекпен айтылған әр ән өзінше бір сырлы лептей есіп көңіл көлін құбылтады. Нәзік сезімтал мұңға бейім әндермен табысып ыңылдап қосылады. Күні бойы қиялы ұшуға ұмтылған балапандай екен. Кәзір сілкініп қанат қағады. Жай аспан емес, өз қиялының тұңғиық аспанына топшы қағып әуелеп барады. Сыңсыма әндер, биік әндер оны әлдеқайда шақырады. Жетелеп ап барады.
Сағат тілі он екінің үстінде жұптасыпты. «22-ші жасыңның басталуымен, «қадірлі» жігіт!» — дейді өз-өзіне. Жатуға ыңғайланды. Одеялын көтергенде жастық үстінде жатқан хатқа көзі түсті. Жазуынан таныды. Апасының хаты. Кәрі ана бүкіл мейірім-шафқатымен, ауыл-аймағымен бөлмеге енгендей болды. Апасы ауыл хабарын түгел қалдырмай жазыпты. Баяғыдан бері жинап жүрген түйіншегіне Қонақбайдың бұзаулы сиырын алғанын жазыпты. Есендік болса бұдан былай «пәселкемен» құрт салып тұрмақ. Сары қожаның анау Монтимен жасты қисық мұрын баласының өткен демалыста келіншек әкеп, тоны болғанын жыр қыла жазған. Келіні жаман бала емес екен. Иіліп-бүгіліп тұр. Хаттың жартысы Монтиға арналған. 21-ге толып, азамат болған жасымен құттықтап, ақ тілеуін ақтарыпты. Оның арасына арақ деген қызыл көзді пәледен аулақ жүр деуді де сыйғыза кеткен. Түнде көшеде көп жүрме деуді де ұмытпаған. Сөйтіп, хатқа бүктеулі бір бестік салып жіберіпті. Монти қатты құшырланып иіскеп, чемоданына салды. Хаттан ана қолының табын сезінгендей.
Сырт киімін шешіп, шамды сөндіруге қолын соза беріп, қабырғадағы календарьға көзі түсті. «9» цифры бар бұғылы парақ жыртылыпты. Шамды өшірмей көзге ыстық суретті және бір көргісі келді. Іздей бастады. Қоқыс шелекке түскен екен. Бірақ суреті жоғары қарап жатыр. Монти еңкейіп көп үңіліп қарады. Шамды өшіріп, төсегіне кеп жатқан соң да әлгі сурет көз алдынан кетпей қойды. Суға бейқам бас қойған бала бұғы. Селтиіп орман жаққа құлақ түріп тұрған ана бұғы.
Су бетінде үлкенді-кішілі шеңбер жатыр.
Көрші бөлмедегі жастар жаңа бір әнге кезек берді. Коридорда жүріс тыйылып, ел ұйықтауға айналған кез. Соған орай ән де бәсең дауыспен жуас қанат қағып басталды. Сары күздің тәтті мұндай тұңғиық зеңгір көгінде әндетіп өтіп бара жатқан тізбек қаздардың мамыр қанат қағысы.
«Құс-тар, құс-тар сы-зылтып ән са-лады,
Со-ол ә-әнімен те-ербетеді да-ланы...
Ал адамдар кү-ліп ба-стап өмірді,
Ке-терінде жы-лай да алмай, жы-лай да алмай қалады».
Монти ыңылдай беріп қосылып кетті. Айтып боп: «О, дүние-ай, неткен мұңлы ән еді», — деп күрсінді.
Шалқасынан жатқан. Қос самайына қарай жылжып ағып жылы тамшылар барады. Сүртпеді, ірікпеді. Тек оңаша болғанына қуанды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру