Мазмұнға өту
Home

Үлкен шешем қоштасты

Мұстай Кәрім

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Үлкен шешем қоштасты

Мұстай Кәрім — «Үлкен шешем қоштасты» (Көркем әңгіме). ҮЛКЕН ШЕШЕМ ҚОШТАСТЫ

әңгіме

Зерек кісілер өлімнің де қайсы күні, қай сағатта келетінін білсе керек. Менің Үлкен шешем соңғы жылдары көбірек сырқаттанды. Ішіне қатқан шеменнен берекесі қашты. Қысы - жазы дерлік андыз тамырын, кекірені қайнатып ішті. Кекіренің кермек тұнбасы өттей ащы, өзегіңді өртеп кетеді. Үлкен шешем қабақ шытпай сіміріп салады оны. Ауруының жағдайын да, кекіренің ащылығын да ешкімге айтпайтын ол (Кімге шағынсың? Өзі үйдегілердің ең үлкені. Сондықтан онда қасірет - қайғы, сырқат болмауы керек.

Оның ауырған жері сыздамайды, күйген жері ашымайды. Тек басқалардікі ғана ашиды. Ол ішкен кекіре де ащы емес, басқаларға ғана ащы... Әрине, бұларды мен кейін түсіндім).

Кешке қарай ұлпа қар жауа бастады. Алғашқы қар. Ұзаққа созылған қара күз көз алдымызда аппақ қысқа айналды. Жыл мезгілін өзгертуге жер бетінен бұрқыраған қар бір желпініп өтсе де жетіп жатыр екен. Сол да жеткілікті. Алайда осы ақ шаңқан дүние көзді ашып - жұмғанша қайтадан қарайып кетеді екен. Мұны мен өз көзіммен көрдім.

Әуеде қардың алғашқы жапалақтары қыламықтай бастаған кезде Үлкен шешем төсек тартып жатты. Бұрын ылғи ішкі жақтағы ішкі үйде бала-шаға арасында бар өмірі өткен кісі төсекті Кіші шешеме көше жақтағы үлкен үйге салдырды. Жатар алдынан дүрия көйлегін, күміс теңге таққан жасыл камзолын киді, басына аппақ жаулық тартты. Сәлих ағам екеумізге ақырет сандығын алдырып, қасына қойды.

"Ақырет сандығы" деген не дейсіз бе? Сыры қызық, қастерлі, дүние ол Кемпірлер өлімге күн бұрын әзірленеді, шама-шарқынша азын - аулақ ақыреттік дүние жинайды. Өзіне кебін, кебін тігетін ине - жіп, кебін ішінен киетін ақырет көйлегін, тәнін жуатын сабын, үстіне себетін әтір су және басқа да жерлеуге қажетті заттарды дайындайды. Бүл сандықтағы мүліктің шағын бір бөлігі ғана. Ондағы басты байлық марқұмның сүйегіне салынатын сыйлықтары. Әрине, ол тірілерге өз қолымен үлестіріп бере алмайды. Оның атынан мұны басқа біреу таратады. Қызық салт: бір жақта адам өліп жатса, бір жақтан тойдағыдай сыйлық таратылады. Біз көтеріп келген сандықта үлкен шешемнің осындай дүниелері бар еді. Тым ауыр екен. Көп дүние жинапты.

- Ұзақ жолға аттанғалы жатырмын, Уазифа, екі - үш күн осында жалғыз жатып дем алайыншы... - деді ол жастыққа басын қоя салып.

Жүрегім су ете түсті. Бәріміз де тебіреніп кеттік. Бұл не? Үлкен шешемнің ақылдан адаса бастағаны ма? Олай деуге көзі сабырлы, сүйкімді, тек біраз мұңға батқан сияқты.

- Құдай - ау, әкесі де үйде жоқ еді! Әлде Сәлихты жіберіп, шақыртсам ба екен? - деп абыржып қалды Кіші шешем.

- Келіп қалар. Асығатыны жоқ. Бар шаруаны дер кезінде тындырармыз.

Шынында да, мынаусы қалай? Үлкен шешемнің айтып жатқандары қорқынышты сөздер ғой. Бірақ дауысы жайбарақат, күндегі кешкі шай үстінде айтылатын әңгімесі сияқты.

Көңілім еріксіз елжіреп бара жатса да санам қорқынышқа ырық бермейді, сенбейді. Көктің бір жағынан дауылдатып, найзағайы жарқылдап жатқан нөсерді екінші жақтағы күн әуелі есепке алмайды. Бірақ біраз уақыт өткен соң күннің көзін қара бұлт қаптайды. Төбемнен төніп келген қауіп әлі менің санама дарымады.

Әкем қалада. Мұртаза ағам Оралда колхоздың ағашын кесіп жатыр. Үйде еркек кіндіктен Сәлих ағам екеуміз ғана.

- Ұландарым, бері келіңдерші, - деп Үлкен шешем бізді қасына шақырып алды. -Сендердің екеуіңе де өтінішім бар.

Шамасы, біздің еңсеміз түсіп кетсе керек.

- Еңселерің түспесін. Сабыр сақтаңдар. Сендерге тапсыратын біраз жұмысым бар.

- Біз оған несіне қиналамыз, Үлкен апа - ау, тапсырмаңды бере бер... Құлақ қақпаймыз, тез - тез бітіреміз... Қандай тапсырмаң болса да, Үлкен апа... - деп құрақ ұшты Сәлих ағам.

- Өзім кіндігін кескен балаларды көргім келеді. Ертең соларды жинаңдар. Отыз күндігінен бастап, отыз жасқа дейінгілерінің бәрі келсін. - Оның дауысы бұйрық сияқты естілді,- бәрі де келсін! Үйден - үйге жүрмеңдер, тек хабар таратыңдар.

Хабарды ә дегенше ауылдың тұс - тұсына таратып жібердік. Түсінгендері өздері түсінер, түсінбегендерге ата-анасы түсіндірер. Шынында да таңғажайып, тосын тамаша. Үлкен шешем бекер шақырмаған шығар. Қызық бірдеңе жасайтын сияқты.

Үлкен шешем өз тілегі бойынша түнде жалғыз жатты. Ертеңіне төсегінде жатып, бір шыныаяқ шай ішті. Басқа ештеңе татпады. Мен малдарға шөп салып, көңін тазарттым. Қар тоқтады. Сыртта сықырлаған шыңылтыр сары аяз. Күннің ашықтығы, саф сәбилігі, түбі көрініп тұрған көгілдір аспан күмбезінің көркі біздің үйдегі жағдайға мүлдем сай келмейді. Дүние өз алдына, біз өз алдымызға өмір сүріп жатқандаймыз.

Ішкі үйде шай дастарқаны жиналып бітер-бітпестен бізге жұрт ағыла бастады. Алдымен емізулі баласын көтеріп, шойын қара төрт баласын ізіне ертіп Қара Жұмағұлдың әйелі келді. Тұңғыш туған егіздері Хабиболла мен Хисболланы мен білемін. Олар қазір мектепте оқып жүр. Екінші рет егіз туған балалары мен ең кенжелерін өзім әлі көрмегенмін. Бұларын танымаймын. Жұмағұл әулетінің ізінен Үшәтеш көшесіндегі Қадірқұл қарттың қарға тұмсық Есмырзасы есіктен тұмсығын сұқты. Асхат пен Хамитжан бір бұрышқа орналасты. "Биік - биік ызмала, зар жылайтын қыз бала" Фариза келіп, пешке сүйенді (Ол қазір бойжеткен қыз. Сұлулығы қайран қаларлық. Бірақ әлі жан баласына көз салмайды.

Салса, сезілер еді...) Құйттай інілері мен қарындастарын жетектеп, көтеріп келген боз балалар, бойжеткен қыздар топырласып тола берді. Ерлі - зайыптылардың да төбесі көрінді. Біразы бала-шағалы. Қысқасы, еңбектегені, аяғын жаңа апыл-тапыл басқан, жүгірген, жігіт қатарына қосылған, қалыңдық, келіншек болған, сақал - мұртын қырған жігіт-желең, қыз - қырқыға - бәрі шұбыра берді, шұбыра берді. Үлкендері кішкентайларға орын босатып, есік алдына шықты. Сонда да сыймаған соң аулаға топырласты. Бірақ туған-туысқандардан бір адам жоқ. Олардың кіндігін басқа кемпірлер кескен. Үй толы, қора толы ірілі-уақты ауыл балалары. Тіпті бұзақылығы, қаныпезерлігімен аты шыққан Тәжетдин де келген. Ол жұрттың бәрінің зәресін алған. Анау ашаршылық жылы менің де құтым қашты одан. Мен үйілген шөптің сыртында өзім жасаған наганнан оқ атып жүр едім. Атқанда былай: ұңғысына бір шымшым дәрі саласың да, бүйіріндегі тесігіне шырпы шағып, от алдырасың. Үстімізден Тәжетдин шыға келді де менің нағашымды тартып алды. "Ә - ә, кісі өлтіруге жүрсің бе? Ауылкеңеске айтсам, мынадай жарақ үшін не істейтінін білесің бе? Түрмеге қамайды, не атып өлтіреді. Шаруаң бітті, бала!" деп жекірді. Зәрем зәр түбіне кетті. Құрыдым! Тәжетдинде мейірім жоқ. Жалыну - жалпаю пайдасыз. Өлі екенімді, тірі екенімді өзім де білмеймін. Сәл мүсіркегендей: "Жақсы, Үлкен шешең үшін құтқарамын. Тек, қараңғы түскен соң қораның сыртынан бір шелек картоп әкеліп бер. Картобыңды біздің шарбақтың шетіндегі еменнің түбіне тық. Ескертемін, шелегің толы болсын! Бұл жайында адам баласына тісіңнен шығарма..." Ол менің наганымды қалтасына салып, жөніне кетті. Қайырылып та қарамады. Мен күдіктеніп қалдым. Уәдесін бұзбағай! Қараңғы түсуден қоймадан бір шелек картоп алып, айтқан жеріне апарып төктім. Сөзіңде тұрған болу керек, менің айыбымның ұштығы шықпады. Сөйтіп, оңай құтылдым. Үлкен шешем болмағанда басым кететін еді... Міне, сол Тәжетдин де келген. Түк көрмегендей момақан, сыпайы, молданың күйеуі дерсің...

Жұрт көп жиналған соң мен Үлкен шешемнің қасына келдім:

- Жұрт жиналып болды, Үлкен апа.

Бір сәтте біздің қонақ үй адамға лық толды. Бала көтерген аналар, немерлерін жетектеп келген кемпірлер, шүпірлеген майда балалар, орын жеткенше отырды. Басқалары түрегеп тұрды. Адамның алуан түрі бар мұнда! Қара шашты, сары шашты, қой көзді, көк көзді, ажарсыз да бар. Бұлардың бәріне де алғашқы ақ батаны Үлкен шешем берген. Біздің үйден бүл жерге кірген жалғыз мен. Сырқаттың өтініші солай болды.

Абыр-сабыр тез тынды. Сәбилер де жым-жырт. Балалар үнсіз қалған шақтағы тыныштық үрейлі болады екен бір түрлі. Зілдей боп еңсемізді көтертпейді, сірә.

Үлкен шешем ақырын орнынан тұрды. Мойнын жайымен бұрып, әр баланың бетіне жалтақ - жалтақ қарап шықты. Біразына шүйіле қарады, кейбіреулеріне көз қиығын салды да қойды. Кейбіреулерінің аттарын атап: "Көптен бері көргенім жоқ еді, Зәбирә, дүрдей қыз боп кетіпсің ғой... Сұлтанғалидің көзі түзелген екен... Жылауық Шатмұрат жылағанын қойған шығар енді. Құйттай Ақжұлдыз әкесінен айнымайды ғой... Қане, келін, кенжеңді тағы бір көрейінші..." Қара Жұмағұлдың әйелі еріні жыбырлап, пысылдап, ұйықтап жатқан қара баласының бетін Үлкен шешем жаққа бұрды. Үлкен шешем әлі аты да қойылмаған осы балаға бәрінен ұзақ қарады (Ауылымыздың жаңа азаматы Үлкен шешем кіндігін кескен ең соңғы сәби еді). Аурудың көзі енді Тәжетдинге түсті. "Келгенің жақсы болды - ау" деді сол көздер.

Үлкендер таңырқап, бала - шаға абыржып, бәрі бірдеңені сабыры сарқыла күтіп тұр. Осылай қарап, жұртты түгелдеп шығу үшін шақырмаған болар. Бірдеңесі бар ғой. Босқа шақырмаған шығар таң атпай жатып...

Үлкен шешем бойын тіктеді.

- Балалар,- деді ол, - мынау жарық дүниеге мен сендерді біріндеп қабылдадым. Ал қоштасуға бәріңді бірден шақырдым. Келгендеріңе рақмет. Менің алғысымды әлі түсінбейтіндер өскен соң түсінер. Үлкендер түсіндіріп берер. Иә, сау - саламат кезімде өздеріңмен дидарласып, қоштасқым келді. Хәлім нашар. Ертең не боларын кім біліпті.

Біреу жылап жіберді. Әлгі Фариза екен Бәрі оған жалт қарады.

Үлкен шешемнің даусы сәл тарғылданып шықты.

- Жылайтын болсаңдар, балалар, дереу тараған жақсы. Мен сендерді бүл үшін шақырғаным жоқ. Әзірше ерте. Уақыты жеткен соң айтам. Айтпай қоя алмаймын. Әзірше емін-еркін, сабырмен сөйлесейік.

Солай деді де көңілден көзге келетін жастың жолдарын бірден бөгеп қойды:

- Көңілі босап кеткен ғой, шеше... - деп Фаризаны қорғады Асхат.

Үлкен шешем бас изеді, ештеңе айтпады. Күрсінді ме, әлде демін ішіне тартты ма, біразға дейін үнсіз отырды. Әдеттегі биязы, жылы үнімен сөз бастады.

- Өсиет қалдырып, үгіт айту үшін жинағаным жоқ мен сендерді, балаларым. Бесікте жатып, емшек емгендеріңе де, жер жыртып, егін еккендеріңе де берер батам, айтар тілегім біреу: бір - біріңе жақсылық жасаңдар, игілігін өздерің көресіңдер. Осыны ұмытпаңдар.

- Рақмет, шеше, ұмытпаймыз, - деді Асхат. Жақсы сөздің қадірін білетіндігін аңғартып.

Үлкен шешемнің айтқандарын бәрі түгел түсіне бермейді, әрине. Мұны ол өзі де сезіп жатыр. Бірақ түсінгендеріне айтып, жүректеріне ізгілік дәнін сепсем, мезгілі жеткенде қазір түсінбегендер де түсінер деп үміт ететін шығар. Бір түйір қара бидайдан отыз -қырық түйір дәні бар масақ еніп шықпай ма?

Балдырғандардың шыдамы көпке жетпеді: дуылдасып, шуласа бастады. Үлкен шешем кенет көрпесінен суырылып шықты да еденде тұрған манағы сандықтың алдына келіп тізерледі. Оң қолымен сандықтың қақпағын аялай сипап қойды.

- Өмірімде мен көп сыйлық алдым,- деді ол сабырмен, сендердің әрқайсысың туған сайын маған ата-аналарың алғыс жаудыра отырып, қымбатты сүйіншілер берді. Асыл болмаса, асыл сыйлық деп алдым. Тауық берсе, қаз дедім, бақыр тиын берсе, күміс тиын дедім, кендір берсе, жібек дедім. - Ол қулана күлді. - Сөйтіп, шіріген бай болдым. Міне, қаншама дүние жинадым. - Ол сандықтың қақпағын тағы бір рет сипап қойды. - Кісіден алғанды кісіге беру керек. Осы кезге дейін жұрт маған сыйлық берді. Міне, қазір сыйға сый ретінде өзім сыйлық беретін кезім келді. Көп мені сыйласа, мен де көпті сыйлаймын. - Ол сандығының қақпағын сыңғырлатып ашып қалды. Бірақ тұрғандардың біреуі де мойнын созып, сандық жаққа ұмтылмады. - Түймедейін түйедей көріп алыңдар. Иә, біріңді - бірің түрткілемей, келіңдер. Кішкентайларды алдымен жіберіңдер...

Үш ұйықтасаң түсімізге кірмейтін тамаша басталды. Үлкен шешемнің жүзі жадырап, қолы жеңілдеп, бойына ерекше қайрат бітіп, жігерленіп, жарқылдап кетті. Ол қазір өміріндегі ең биік, ең ізгі, ең көркем ісін тындырғалы тұр. Әлі қыбыр еткен бір жан жоқ. Таңырқай қарайды бәрі. Үлкен шешем Қара Жұмағұлдың әйеліне айтты:

- Ендеше, келін, сенің кенжеңнен бастайық, - баланың шешесіне ол өте әдемі емізік ұстатты. Қасында тұрған құйттай қыздың мойнына қызыл жібек жемелік орады. Хабиболла мен Хисболлаға бір-бір қалам тиді. Ой, содан басталып кетті-ау!.. Енді балалар қызыға түсіп, сандықты қаумалай қоршап алды. Бірақ сандыққа біреуі де қол салмады, әдеп сақтап, күтіп тұрып, бергенді алды. Үлестірушінің жомарт қолы бірінен - бірі жақсы заттарды шығара берді. Біреуге тас қуыршақ, біреуге сыбызғы, біреуге шығыршық, біреуге құйттай резеңке доп, біреуге қалайы солдат, кімге оймақ, кімге басы жылтырауық түйреуіш тиді. Үлкендердің сыбағасы молырақ шықты: бұларға иіс сабын, бармақ бойы сауыттарда әтір, имек тарақ, опа-далап, мыс сақина, шаңқобыз, қызыл жемелік, көк жемелік, жез іскек секілді заттар. Сыйлық алғандар дереу, орнына қайта барып тұрды. Дабырласпады. Басы қызық болғанымен, мұның өзі ұзаққа созылды. Үлкен шешем шаршап қалды. Бірақ қасына келген әр адамның алғашқысынан бастап, соңғысына дейін арқасынан қағып, маңдайынан сипай берді. Үлкеннің де, кішінің де көңілін қалдырмады. Неге екенін қайдам, тек Тәжетдиннің арқасынан қағуды ұмытты. Сыйлығын ұсынғанда әлгінің көзіне бір түрлі аянышпен қарады да басын басқа жаққа бұрды.

- Бәрің де алдыңдар ма? - деді ол біраздан соң. Ешкім үндемеді.

- Сыйлық алмағандарың бар ма? Тағы да тым - тырыс.

Оқиға желісі мен шешім

- Жарайды, ендеше мыналарды сүйегіме салар, - деп Үлкен шешем сандықты сарт еткізіп жапты.

Сол сәт есік жақта тұрған алты-жеті жасар қара шашты бір қыз шыр етіп жылап жіберді. Екі алақанын алға жайды: "Мен ештеңе алған жоқпын... Сенбесеңіздер, міне, қараңыздар... Кіндік шешем менің арқамнан қақпады..." Ересектеу бір бала дереу саз балшықтан жасалған қоянын ұсынды. Қыз алмады, бірақ жылағанын қойды. Үлкен шешем сыбағасын ала алмаған құйттай қыз үшін сандықты қайтадан ашты, баланы қасына шақырды, арқасынан қағып, маңдайынан сипады. Сандықтың түбінен жиегін қызылмен көмкерген көгілдір орамал шығарды, оны жайып, бір қағып алды да, ортасынан бүктеп, оз қолымен баланың басына тартты. "Міне, саған да сыйлық табылды..." деп тағы да арқасынан қақты. Сөйтіп, сандықты біржола жапты. Басқа ренжіген адам болмады.

Сыйлық алған жастар да, бала-шаға да алақайлап қуанбады. "Қане, көрсетші... ұстап керейінші..." деп бірін - бірі бас салмады. Мұндай тосын жай біздің ауылда да, бүкіл аймақта да бұрын - соңды болмаған. Адам оз қолымен өзінің сүйегіне салынатын заттарды өзі үлестірді дегенді кім есітіпті... Шынында да ғажап қой! Сүйіну керек пе бұған, күйіну керек пе? Қорытынды шығаруға әзірше асықпайық. Мұның кереметтей көркем көрініс екенін біз көп жылдар өткен соң ғана аңғардық, аңғару бақыты бұйырғандарымыз... Үлкен шешем асықпай құс төсекке барып жатты. Балаларға тағы бір қарап, түгелдеп шыққандай болды.

- Көріскеніміз өте жақсы болды ғой. Дидарластық. Жүріп кетсем, бәріңе де ризамын. Бәріңе де... Үлкендерің, мүмкін, менің қабіріме топырақ салуға келерсіңдер. Бұл үшін алдын ала алғыс айтамын. Тек бір адамға ғана рұқсат етпеймін.

Үлкендер бір - біріне жалтақ - жалтақ қарап, тына қалды. Күдікті кісіні ойша іздедік. Көп күттірмеді, жұмбақты Үлкен шешем шешті.

- Тәжетдин, - деді ол басын иіп, - сен жесір қалған шешеңе тіл тигізіп, жәбірлейтін көрінесің, сол рас па?

Жауап бермеді.

- Тіпті оған қол жұмсайды екен деп есіттім. Сол рас па?

- Рас... ЬІзаланғандықтан емес, қызып кеткендіктен болды.

Үлкен шешем басын көтерді.

- Естідіңдер ме? Бәрің де есіттіңдер ме? Тәжетдин анасының тәніне жарақат салған. Сол қолдарымен қабіріме топырақ салуға оған рұқсат етпеймін. - Тізесінің үстінде жатқан оң қолын сәл көтеріп қойды. - Жә, енді бара беріңіздер...

Үйдегілер жайымен қозғалып, біріне - бірі жол беріп, есікке қарай беттеді. Сыртта әлдекімдердің ауыр күрсініп, ыңырсығаны, жылап жібергені естілді. Үйде тұрғанда шыдағанына да рахмет. Мен ең алдымен Тәжетдин шыға жөнелер деп ойлаған едім. Жоқ, кетпеді. Ең кейінде қалды. Жұрт кеткен соң қолындағы әтірдің сауытын ақырын ғана сандықтың үстіне әкеліп қойды. Содан соң ләм-мим деместен ақырын үйден шығып кетті.

Үлкен шешем көзін жұмды. Сәл қалғып кетсе керек. Бір қажетім болар деп қасында қалдым. Қысқы аласа күннің сәулесі оның көрпе сыртында қалған қолдарының үстінде жалтылдап тұр. Сығалай қарасаң күн емес, Үлкен шешемнің қолдарының өзі сәуле шашады екен. Екі қолының орнында күннің екі сынығы жатыр көрпе үстінде. Әйтеуір, басымды қойсам, сондай жылы, сондай сүйкімді - ау сол қолдары! Талай қасірет -қайғыны, сырқаттарды, күдіктерді сылып тастады - ау солар. Ал оған келген азапты, оның басына түскен қайғы - қасіретті кімнің қолы алып тастайды? Мен қайта - қайта осыны ойлаймын. Өйткені ойланарлық жасқа жетіп келемін қазір.

Қанша отырғанымды білмеймін. Бірақ осы уақыт ішінде Үлкен шешеммен бірге өткен соқпақтарды, кең жазира далаларды, ормандарды оймен шарладым. Бірақ ұштығына шыға алмадым. Онымен бірге талай бұлақтан еңкейіп су іштім. Қанша ішсем де қана алмадым. Ом алты жасқа шыққанша соның камқорлығында өмір сүріп келемін. Өмір сүрсем де балалықтан арыла алмаймын. Ол мекенім алмастыруға, мәңгілік үйіне көшуге жиналып жатыр. Ол кеткен соң жылайтынымды білемін. Жылармын - ау, бірақ жылап тауыса алмаспын... Тамағыма бірдеңе келіп тығылды, міне...

Ол көзін ашты:

- Сен осында екенсің ғой, қалқам. Жақсы.

- Иә, бірдеңеге жұмсай ма дегенім ғой...

- Ештеңенің қажеті жоқ, қалғаның жақсы болды... Сен болған соң дүние құлазып қалғандай көрінбес.

- Үлестірген сыйлықтарыңа бала біткен қуанып кетті, - дедім мен оны алдарқатып.

- Қой, жаным, жұбатпа мені. Қуанса, жақсы болмас еді. Құдай жарылқады: қуанбады. Мен оларға сүйінші үлестіргенім жоқ қой: ескерткішке сыйлық бердім. Құр қол қоштаса алмадым... Бәрін де көргім келіп еді рақмет жауғырлардың. Мұратыма жеттім. Әлде Тәжетдинге тым қатал үкім шығардым ба? Жарайды, өзіне де, өзгелерге де ғибрат болсын. Ғибратсыз өмір бола ма? Кешірілмейтін күнәлар да бар осындай. Есіңде сақта: анадан қастерлі ештеңе жоқ.

- Білемін, апа, әбден түсінемін, екеуіңді де білемін...

Ол тағы да көзін жұмып отырды:

- Менің өкінішім жоқ қазір. Болғанмен де өкінуге енді кеш. Тек өзіңді тым ертерек қалдырып барамын, сол ғана аянышты. Қатаймаған қанаттарың қайырылып қалмағай да, қалқам. Әлі балалықтан шыққан жоқсың. Бірақ өмір бойы осы бала қалпыңда қаласың... Бақытың да, бақытсыздығың да сонда сенің. Құдай жар болғай! Өзім де бүгін жер мен көктің арасында жүргендеймін. Шаршамадым да, күшім де жоқ. Бойымды ұйқы маужыратып барады...

Ол тағы ұйықтап кетті. Мен шығып, ауылды аралап қайттым. Ел Үлкен шешемнің әлгі қылығына қайран қалыпты. Не дерін білмейді. Неше түрлі қауесет тараған. "Ажалының келер сәтін періштелер құлағына есіттіріпті..." деп жорамалдады біреулер. "Кіндік шешей ақылынан адасып жүрмесін..." деп қынжылды екіншілері. Үшіншілер әлдеқандай ғибратты мағына, қызық құпия іздеді. Апамның тірі кезінде тірілермен қалай болса солай қоштасып кетуіне жұрттың ақылы жетпеді. Не болғанына мен де жете түсіне бермеймін.

Кешке қарай ол алдымен қарындасым Сәлисә мен інім Ілиясты шақырып алды. Олардан соң Сәлих ағам біраз тұрып шықты.

Сәлих ағамның көңілі өте бос. Көзінің жасы қит етсе ытқып шығады да тұрады. Қазір де екі көзі толы жас. "Хәлі нашарлап кетті ме?" деп қапаланды Кіші шешем. "Жоқ, - деді ағам, - ол менен кешірім сұрады, абайламай ауыр айтып салған болсам, ренжіме, балам, деді..." Өте сабырлы Бике жеңешем де шыдай алмай, аурудың қасынан жылап шықты.

Ең соңынан қонақ үйге Кіші шешем кірді. Ол өте ұзақ отырды. Кішкентай балалар сарылып күте - күте, ұйықтап кетті. Сәлих ағам бұрыштағы дөңбекте бүрісіп отырған. Ол ара - тұра уһілеп қояды. Мен уақыт өткен сайын күдіктене бердім. Анам үзіліп кетер деп қорықтым. Шыдамадым, есікті ақырын ашып, қонақ үйге кірдім. Жетілік шамның жарығын әдейі басып қойған, ала көлеңке. Әйтсе де бәрін көруге болады. Кіші шешем Үлкен шешемнің кереуетінің қасында, еденде тізерлеп отыр. Үлкені мұның басын сипап қояды. Күбір - күбір сөйлеседі. Міне, Кіші шешемнің дауысын анық естідім:

- Сан жылдардан бері қарызға алған қуанышпен өмір сүретін сияқтымын. Кейде кенет шошып кетемін: балаларымды да маған біреу өтілге бергендей. Былайша қарағанда, бұл дұрыс та, оларды мен туғаныммен, сен қанатыңның астына тарттың. Сүйіндім де бұған, күйіндім де. Балаларым арқылы мені жатырқамағаныңа сүйіндім. Күйінген себебімді айта алмаймын. Жоқ, жоқ... Жаңсақ айтып отырмын. Айтайын дегенім басқа сөз еді. Ә - ә... мынау екен ғой: мен тастан қашалған мүсін емеспін ғой, сенің көңіліңдегі қайғының себепшісі екенімді көптен түсіндім. Шексіз азап шектім. Айтып отырмын ғой, бәрі де қарызға алғандай деп, қуаныш та, бақыт та, үміт те... Кейде күретамырым "қарызға", "қарызға" деп солқылдап соғатындай. Сен сырқаттанған соң одан сайын ызаландым. - Ол шыдамай жылай берді, - Меңліямал апай! Күнәмді кешір, әлде аямай қарға мені... Борышымды өтей алмаймын, қолымнан келмейді.

- Өй, айналайын, борышың да, күнәң да жоқ сенің. Мен қарызға ештеңе де бермедім саған. Әркімнің бақыты да, қазасы да өзімен Саған құда түскен өзім ғой, ұмытпаған болсаң. Есім дұрыс еді сонда.

- Солай болғаны рас. Өз еркіңмен, оз ақылыңмен құда түстің. Бірақ ақыл басқа, көңіл басқа екен. Мен сонда алды - артымды ойлап жатпай-ақ, сенің батаңды алып, келісімімді бердім. Қарап тұрсам... Қайсысы көбірек болғаны - көңіл ләззаты ма, ождан азабы ма? Не кешір, не қарға мені, апай. Осы күйімде қалдырма.

- Күнәң жоқ, - деп қайталады Үлкен шешем жұмсақ үнмен, - Өткендегі көрген азаптарымның себепшісі сен емес, тағдырдың өзі, өз тағдырым. Қазір менің ешқандай қайғым жоқ...

- Меңліямал апай, өтінемін, - деп жалынды Кіші шешем, - өтінемін, күнәдан құтқар мені. Азат ет...

- Айтқаның болсын. Азат етемін. Егер күнәң бола қалса, оны мойныма аламын! Сені мен айттырдым... Жә, бара ғой, балалар қорқып жүрмесін.

Кіші шешем тұруға асықпады. Мен сездірмей кері шығып кеттім.

Түн ортасында әкем келді. Таңертең Сайрандағы апам мен жездем жетті. Сәлих ағам ертіп әкелді оларды. Төңіректегі ауылдардан бүкіл ағайын - туысқандарымыз жиналды. Үлкен шешем әрқайсысын қасына шақырып, арыздасып, айтар аманатын айтып, бақұлдасты. Бұл күні кешке қарай ол әбден жүйкелеп қалды. Түнге қарай беті сәл бермен қарады. Таң ата жөнеп кетті. Жан тәсілім еткенде қасында жалғыз әкем қалған. Үлкен шешемнің өтініші солай болуға тиіс.

Оның өлімі менің де жарты жанымды алып кетті. Жер соғып жылай алмадым, солқылдап өкси алмадым. Қаттым да қалдым. Үлкен шешем біздің көз алдымызда үш тәуліктей ажалмен арпалысып, бізді осындай хәлге көндіруге, көзімізді үйретуге тырысқан шығар, бәлкім. Ажал бірден тас төбеден түскендей болмасын дегені ғой. Бірақ қателесті. Біз оның өмірмен күн бұрын осылай оңай, тез бақұлдасқанына сене алмадық. Қазір де сенбейміз. Міне, ол дүрия көйлегін, өңіріне теңге тағылған жасыл қамзолын киіп, аппақ жаулығын тартқан қалпында жатыр. Ол шаршамаған, тек әлі жоқ.

Таңертең жапалақ-жапалақ қар борады. Күні бойы тоқтамады. Асхат пен Хамитжан ұжымшардың қорасынан екі ат мініп келді. Олар қазір ауыл бойлап ең үрейлі, ең қайғылы хабарды айқайлап өтеді. Міне, екі шабарман көшенің екі қапталына шығып, Төменгі көшеге қарай желіп кетті.

Қат - қабат екі дауыс жүрегімді тіліп өтті.

- Жаназаға барыңдар!

- Жаназаға барыңдар!

Түс ауа Үлкен шешемді жер қойнына тапсырдық. Оның үстіне қап - қара жұмсақ төмпешік үйілді. Қар әлі жауып түр, жауып түр. Қара төмпешік бара - бара аппақ дүниенің құшағына еніп, жоғалып кетті. Қар қабірді көміп тастады... Кенет бәрі өзгерді. Шыр көбелек айналып, қап - қара қар жауа бастады. Қара ұлпа жапырақтары бірде жерге қарай ұшып келе жатса, бірде әуеге ұмтылады, бірде құйынға айналып, гуілдеп, үйіріліп кетеді. Қара қар жапырағы ақ төмпешіктің басына қонбақшы болып келеді де, кері ұшып кетеді, қонуға қауқары жоқ, әлдеқандай сиқырлы күш жібермей, кейін серпіп жібереді.

Жұрт зират басынан тұс - тұсқа тарап кетті. Біреу менің иығымнан тартып, сілкіп қалды.

- Жүр қайтайық.

- Қайда? Неге?

Сөйтіп, Үлкен шешемнен біржола айырылдық. Сол күндері мен тағы бір өте ауыр, өте қиын жағдайды бастан кештім. Үлкен шешем бар кезінде Кіші шешеммен екеуін де бірдей ұнататын сияқты едім. Анығын айтайын, бүл туралы ештеңе ойламайтынмын, екеуін бөле - жармайтынмын. Үлкені дүние салған соң Кішісінен - емшек сүтін беріп асыраған өз шешемнен - кенет суынып қалдым. Тіпті жатырқай бастадым. Ол менің қайғыма ортақ болып, басымнан сипап жұбатқысы келеді. Мен жоламаймын. Оның еркелетпек болып айтқан сездерін жақтырмаймын. Бірдеңе істегім келеді, ештеңеге қолым бармайды. Маған не болды? Шынында да Үлкен шешем өзімен бәрін де ала кеткені ме? Не істеу керек? Осы қылығым үшін Кіші шешемнің аяғына жығылып, кешірім өтініп, жаза беруін сұрамақшы боламын. Тек аузым бармайды... Маған он алты жас толды ғой. Сәл оқшау шықсам, көзімнің жасын тыя алмай, солқылдап жылай беремін. Жылайтын мен емес, ,Үлкен шешемнің қамзолының шалғайынан ұстап, кетіп бара жатқан балалық шағым. Жуық арада тыйыла қоймас бұл көз жасы...

Уақыт өз білгенін істеді. Үлкен шешем айтқандай, өмір арнасына қайтып оралды. Қайтты да, қақ бөлінді. Бір бөлшегі естелік пен әділетке, екінші бөлшегі өмір мен үмітке айналды. Одан әрі мен жаны екі жарылған адам болып өмір сүрдім. Өмір бақи солай...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙