Мазмұнға өту
Home

"Ару ана" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Ару ана" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева — «"Ару ана" жинағынан». СОҒАДЫ ЖҮРЕК

/uploads/e5b5ac5b-e66e-5f7b-b823-68179f8db984/cover.png

СОҒАДЫ ЖҮРЕК

Соғады жүрек!

Тынымсыз тулап кеудемде,

Серт еткендей сенбеуге.

Көктемге көшкен құстардай,

Бақытқа жаным шөлдеуде,

Соғады жүрек кеудемде!

Көкірегіме таңғы аспаннан нұр құлап,

Серпілемін сезім шегін мың бұрап.

Арман болып өзіне мені ертеді,

Әлдеқайда бастап мені бір бұлақ.

Тіршіліктің биіктерге оты өрлеп,

Тіршілікке бұл жүрегім мекен боп.

Түнгі ұйқымнан оянамын кейде мен,

Асыл жүрек тоқтамаса екен деп.

* * *
Соғады жүрек
Сездіріп титтей тірлігін,

Қарсы алып күткен нұр күнін.

Гүлдерді тербер тап-таза нәзік үнімен,

Сайраған көңіл бұлбұлым!..

Бір күнім батса, бір таңым тағы атады

Лапылдап жүрек от әні.

Кеудеме кіріп кеткен бе деймін

Алқызыл үміт шапағы!..

Алдымнан ескен самал ма,
Әлде сағым ба,
Алдымды кескен сорым ба,

Әлде бағым ба?

Белгісіздеу бір сезіммен өзгеге

Тербеліп жүрген шағымда!..

Соғады жүрек
Кеудемді өртеп, күйгізіп,
Шабысынан шатысып,

Кейде күй бұзып.

Соғады жүрек

Дүниені сонау дөңгелек

Көкірегіме сиғызып!..

Соғады жүрек!

Кеудемде менің шапқылап,

Сабырсыз жаным,

Сезім жоқ құйын жоқ тұрақ.

Кеткен бе деймін махаббатымның күшімен,

Көзіме менің көгілдір тұнық көк құлап!

Жүректің тілі бір бөлек,

Сөйлеме, құрбым, тым әсем.

Кеудеңді тұрса мұң бөлеп,

Ағыл да тегіл жыла сен...

Еңсесі түсер ез деме,

Алдымда тұрса таудай сын.

Өзіңді сөзбен өзгеге,

Жеткізіп айта алмайсың!

Жүректің тілі бір бөлек,

Сен таза болсаң күнәдан.

Сырыңды шашып не керек,

Айтпай-ақ үнсіз жылап ал!

Мен естіген бар еді бір асыл ән,

Бәлкім, оны бірнеше қайталадым.

Ақ гүлдердей қауызы жаңа ашылған,

Ақ самалмен ақырын шайқалармын.

Мен естіген бар еді бір асыл ән!

Өмірімді сол әнге тұрам балап.

Жетпейді оған әлемнің алтын бағы.

Айтпайды оны асыққан қыран қанат,

Айтпайды оны найзағай жарқылдары!

Өмірімді сол әнге тұрам балап!

Айтпайды оны тасыған теңіздер де,

Айтпайды оны сірескен асқар шың да.

Сол асыл ән қайтадан мені іздер ме,

Мені қайта биікке бастарсың ба?!

Айтпайды оны тасыған теңіздер де!

Жеткізген баулып мені осы күнге,

Ақ гүлдей жаңа ашылған қауызынан.

Үйренгем алғашқы рет бесігімде,

Бесік жырын анамның ауызынан

Тербеліп жатып ағаш бесігімде!

Күндердің жылынам да күлкісіне,

Қаныма қуанышты таратамын.

Бақытсыздық тілемен бір кісіге,

Бұлт баспасын аспанның алақанын!

Тілерім осы менің бар адамнан,
Шыным – бұл
Қорыққаным емес бірақ,
Тілейді жер тыныштық жараланған,

Тілейді оны жасыл белес-қырат.

Кетемін әлем жайлы мың сан ойға.

Көңіл желі емес бұл ұшып-қонған,
Ей, адам,
Өмір деген бір шар айна,

Байқаусызда кетпесін түсіп қолдан!

Шулайды теңіз...

Тынбайды теңіз сұрапыл,

Тынымсыз о да шабыты шалқар бір ақын.

Тынымсыз о да дауылды тілер күні-түн,

Кеудесіменен жартасты келіп ұратын.

Жырлайды теңіз...

Аспанға созып саусағын,

Көтеріліп көз ұшынан сан-сағым.

Бара жатыр жанып бауры ақ бұлттың,

Өмірге деген болып менің аңсарым!

Жырлайды теңіз...

Ән қосып әппақ шағала,

Жетуге сонау көкжиекке

Жағаға.

Сағыныштай саған деген асығыс

Бұлттар,

Бұлттар толқын сүйіп ағады, ә!

Сансыз сәуле кешкі аспанға от бүркіп,

Құлын толқын құйын болып кетті үркіп.

Жерде толқын,

Көкте толқын аунайды,

Айбар шеккен ашуымен бет жыртып!

Кеудедей бір жалын атып аһ ұрған,

Таулар тауды ары-бері сапырған.

Білем-білем білектері теңіздің,

Айнымаған күш иесі батырдан!

Бір махаббат бастап туған жағаға,

Арман шіркін ақ бұлт мініп ағады, ә!

Төңкерілген төбесінде теңіздің,

Басу айтып айналады ақ шағала!

Жал теңізді,

Теңіз жалды аунатып,

Бара жатқан секілді бір тау батып.

Маужырап жәй кейде тыныш жатады-ау,

Түні бойы толқындары толғатып!

Шулайды теңіз...

Тынбайды теңіз, сұрапыл.

Тынымсыз о да шабыты шалқар бір ақын.

Тынымсыз о да дауыл тілер күні-түн

Кеудесімен жартасты келіп ұратын!

КЕЛІНШЕК ЖӘНЕ БАЛА ЖІГІТТІҢ СЕЗІМ ШАРПЫСУЫ

Бала жігіт... бусанады жас көңіл,

Өртенеді шыға алмай бір тұманнан.

Түске айналып бара жатты басқа өмір,

Таутекедей тастан тайған тым аңғал!..

«Бүкіл жанға өрттей көзбен алау сап,

Өте шықты-ау, сиқырлы өзен – сонау шақ.

Кешігіп сәл көрген бұлдыр көктем бе ең,
Жүргенімді білмегенде нені аңсап!»
Деп келіншек көкірегі күйіп тұр,

Обал-ау, ә, алар еді сүйіп бір.

Қара көздер арбасуға төзімсіз,

Берер еді тереңінен құйып сыр!

Кешкі көктен жаңа туған ай құсап,

Келіншекке кетті жігіт қайғы сап.

Ол ұмытқан, жары екенін біреудің,

Ол ұмытқан, бар екенін ойлы шақ.

Қос махаббат,

Қос өзендей қос үміт,

Жалғыз шешім таба алмады қосылып.

Келіншек тұр «қайным» деуге бата алмай,

Бала жігіт кете ме деп шошынып.

Бәрі, Бәрі болып оған кінәдай,
Не болды деп сасады іштей, құдай-ай,
Көп қарауға жігітті аяп тым албырт,

Қарамауға дәті құрғыр шыдамай.

Ал, жігітің күйде екен ол қандай,

Жағасына жалғыз аққу қонғандай.

Жақындауға буындары дірілдеп,

Жан сезімі торға түскен торғайдай.

Өзіне-өзі дейді іштей «үндеме»,
Өртеніп бір көкірегі шілдеге,
Қу келіншек шапалақтап кетеді-ау,

Десе егер бірдеңе!?

Жалын отты жауып ұят санаға,

Мазақ етіп сезім ұшқан шағала.

Қалып қойды-ау, қарсы жүзбей толқынға,

Өткел таппай екеуі де жағада...

Көкіректің көзбен оқып күмбірін,

Түсінді ме, түсінбеді бір-бірін.

Сап-сап айтып тартынады қос ынтық,

Жел сезімнің төзім тартып шылбырын!

Бір-біріне деген ыстық іңкәрлік,

Кетті оларды өкіндіріп, мылқау ғып.

Ояу аспан кірпігінде әлі де

Со махаббат айтылмаған жүр қаңғып!..

Бір бұлтты сен кел төбеңе жамыл да,

Бұлтты жазар бір қызу бар жанымда.

Шомылып көк нөсеріне сезімнің,

Күн өтіне қанат жайып, дамылда!

Теңіз боп та, кел баурыма алқынған,

Ашуыңнан ақырғанда жал тұрған.

Сабыр айтып шаңқылдаған төбеңде,

Ақ шағалаң болайын мен талпынған...

ТҮНГІ АЙ
Түн қабағы ұқсайды ашулы ерге,
Ару дүние дірілдер,

Баяу ағап.

Жасыл аспан ұйыған жасыл көлге,

Емізеді уыз нұр ай ағарып!..

Қара қошқыл шапшыған долы қандай,

Толқын қуар толқынды шымшып әні.

Еркін жүзіп ару ай шомылғандай,

Бұлт қойнына бір батып, бір шығады!..

Сұлулыққа маңайын елжіретіп,

Сезімдерге сиқырлы жазып жырын.

Түнгі ай, шәй шәлісін желбіретіп,

Бұлтқа сеуіп барады Нәзік нұрын!..

Жастықтың артқа тастап дүрбелеңін,

Шығады уақытпен бірге демім.

Адаммын қуанатын,

Күрсінетін,

Сырым болып барады жыр дегенің!..

Соқпақсыз жүріп, кейде сүрінгенін,

Сезімнің сондағы әлсіз дірілдерін.

Армансыз ашық жұртқа айтып бере,

Өлеңім, табиғатым, сырым менің...

Ертемен куә болып сұңғыла күн,

Құлатса төмен қарай нұр бұлағын.

Жыршысы, кең даланың бозторғайы,

Салмайды сарайдағы бұлбұл әнін...

Тілдесіп батқан күнмен, ұқсам айды,

Бір түнде бояп берер шық самайды.

Өзгеге сыртым қалай ұқсамаса,

Өзгеге ішім солай ұқсамайды!..

Ұқтырып кейде осылай уақыт күшін,

Тұрады көңлім де бір қатып мүсін.

Сол үшін, бұлбұл болмай, өз даусыңмен

Ән салып бергеніңе бақыттысың!..

Сабыр сәл!..

Көлеңкесіз нұрлы жүрек,

Ойнамай, әсерленіп гүлді жыр ет.

Құйындай тыныш ойды үйріп соғып,

Сарылып, сағынасың кімді жүдеп!..

Сабыр, сәл, көлеңкесіз нұрлы жүрек.

ШЫҢ ТУРАЛЫ ОЙ

Төбеңді таңда ертемен сүйіпті күн,

Кеудеңнен бұлттар тұр иіп бүгін.

Басыңда бала қыран айналады,

Қайсарлықтың паш етіп биіктігін.

Аспанға найза баспен шырқай қарап,

Баурыңнан өшкен талай нұр тайғанап.

Түндерде тұрған күйі қалғып кетсең,

Сүйетін ару сынды бұлт аймалап.

Табам деп тұрысынан күнә қандай,

Қарайсың қайсар шыңға сынағандай.

Ақ нөсерді ішіп ап бұрқыраған,

Үгіліп іштей үнсіз жылағандай!

Күн сүйген биік шыңдар, алып шыңдар,

Сендер бір дара туған халықсыңдар.

Кешегі заманның сел, топанынан,

Тіп-тік күйі бұзылмай қалыпсыңдар!

Босат, бауырым!

Бер маған бәйге атыңды,

Жақсы көрмес көңілім жәй жатуды!

Қоңыраулатып өтейін қыр беткейді,

Ұластырып меңіреу, тойға түнді!

Жеңгем ескен жүгенді уысқа алып,
Қарайсыз ғой,
Тұрсыз ба қуыстанып,
Қылымсығын қытымыр қыз – даланың,

Өңіріне өтейін күміс тағып!

Есіп тұнық ауадан ағыстарды,

Өзің көрген салшы бір шабысқа әлгі.

Талайды бұл жолы да жер соқтырып,

Көкпар етіп тартайын намыстарды!

Бірге шауып өзіммен сиқыр далам,

Шабыс күткен кеудемде күй тулаған.

Күтіп отыр бір досым бір биіктен

Екпініме қол соғып қиқулаған!

Жанарым жарысқан ақ сағымды ішіп,

Жетейін туған сонау ауылға ұшып.

Жазатайым жығылсам, жығылайын

Жел шомылған жүйріктің жалын құшып!..

САҒЫНУ

Туған жер, ата мекен – Қосағашым,

Жыл өткен сайын қайта жасарасың.

Өзіңде туып-өсіп,

Алғаш рет

Аттағам арманымның босағасын!

Бүгіндер өзгерді екен далам қайтіп,

Бұлты жүр сағыныштың таралмай түк.

Төркінің қай жер десе, біреулерге

Ұқтырам Ілияс пен Сараны айтып!

Көңілге медет болып не түрлі арман,

Күттім мен үмітпенен ақ күнді алдан.

Туған жер!

Мен өзіңе сәлем айттым

Төбемнен сыңсып ұшқан аққулардан!

Сен жақтан балаңдықты іздедім мен,

Қарлығаш – сол баяғы қыз көңілмен.

Туған жер,

Мен өзіңе сәлем айттым

Жөңкіліп көшкен бұлттар тізбегінен!

Кеудеме келер күннен от сап арман,

Күттім мен үмітпен көк бақшаны алдан.

Туған жер!

Мен өзіңе сәлем айттым,

Ақырын есіп өткен ақ самалдан!

Арқаға құлап қара егіз бұлақ,

Серілік құра алмадым сезім бұрап.

Бөленіп өзеніңнің толқынына,

Кеудеммен жүрмін мынау теңіз құрап!

Үстімен ақ топырақ,

Құм шағылдың

Жүргенді жалаң аяқ шын сағындым.

Сені еске алсам,
Еріксіз тұла бойдан
Иісі шығар боз көде,

Жусаныңның!

Мың күнім сенде жүрген бір күнге тең,

Ақсуым, аспаны ашық,

Бұлбұл мекен.

Жүрген соң өз аулыңнан алысырақ,

Қадіріңді мен содан білдім бе екем!..

Баба жұрт!

Алтын қазық – жанға тұрақ.

Бұл жүрек сенен өнген тал-жапырақ.

Шабытымды шақырам өр кеудеме,

Толқынын Ақсуымның аунатып ап!

Бір балаң осы менше сүйіп пе екен,

Көгіңді көңіліммен биіктетем.

Махаббат жалынына шыдай алмай,

От сезімге өртеніп

Күйіп кетем!..

Шабытпен жел боп тиіп бұлт қашырдым,

Таласып асқарына шырқау шыңның.

Ақсуым, жарға соққан ағысыңның,

Аспанға атып шыққан бір тамшысымын!..

Өзіңсіз жетер маған ауа қайтіп,

Бұлты жүр сағыныштың тарамай түк.

Біреуге, туған жерің қай жер десе,

Ұқтырам Ілияс пен Сараны айтып!..

Жартастар туады

Шілде айында қыс толғатып.

Керуен бұлтты үстіне түсте аунатып.

Келіншек уақыт қайда екен,

Беу, дариға-ай,

Қойнынан түнеп бір ұшқан бақыт!..

Жартастар туады.

Толғатып бұлт тураған жай отымен,

Төсін ұрған теңізді оятумен.

Мұңайып бір, түнеріп тұрар кезі бар,

Табиғаттай беттесіп ол ақынмен.

Жартастар қыраны!..

Сендерді жылдар аңсадым мен,

Оралар деп осынау таң сәріммен.

Жартастар бесік балапандарын тербеткен –

Теңізді шайқап толқындай сүйрік саусағымен...

Жартастар ашуын

Жауар бұлттар жамырап жазардай келіп,

Бауырларын толқынға сазандай көміп.

Көктемі қайта келгенде –
Кеудесі иіп жатады екен құстардың
Қиқуларымен

Тарқамаған жәрмеңке базардай болып!..

Менің жырым – күлкісі ұл-қызымның,

Бір суынып, солармен бір қызындым.

Ана кеудем аспандай айы туған,

Ақпаса екен бірі де жұлдызымның!

Менің жырым – ақтығы аспанымның,
Тұрса екен күннің көзін бүркемей бұлт,
Өмірім арасында қас-қағымның

Үмітімді жандырар білтедей ғып.

Менің жырым – осынау ғалам жыры,

Сіңірген тамырына шапағын күн.

Менің жырым – жер әлем амандығы,

Амандығы, от басы, Отанымның!..

О, жыршы құс!

Тілейсің сен бағыңның тыныштығын,

Нұрын сеуіп тұрса деп күміс күнің.

Тілеймін мен де сендік жүрекпенен

Амандығын туған жер, уыс гүлім!..

Сен титтей-ақ болғанмен,

Дала – кеудең,

Сыбағасын жарыққа ала келген.

Болса егер көгің тыныш, көңіл тыныш,

Сенің ұяң тағдырлас бар әлеммен.

Сенің әнің секілді өмір әні,

Сезімге кеп сан сәуле соғылады.

Сен тұтатқан жастықтың жалынының

Үрлеп келем сөндірмей шоғын әлі.

Бар сұлулық сен үшін таранады,

Әкетсін деп біздерді орап әні.

Бүкіл тірлік біртұтас бітімімен

Сенің титтей кеудеңнен жаралады.

Сәл мұңайып бір оймен отыр едім,

Биіктеді сені естіп көкірегім.

Оралып ең көңілдің көктеміне,

Көктем болып кетпесең, өкінемін!..

Серік емес сезімге бұлдыр арман,

Арман айқын жылатып, күлдіре алған.

Зарықтырмай шырқашы,

Тағы келдім

Даусыңды естуге мың бұралған.

Сайрап жібер бағыңда, әнші құсым,

Шертіп бір жүрек қылын, жан шынысын.

Жауыннан соң ашылған даладай боп

Тазарып шаң-тозаңнан қалсын ішім.

Сен титтей-ақ болғанмен дала – кеудең,

Бар байлығын өзімен ала келген.

Болса егер ел де тыныш, сен де тыныш,

Сенің бағың тағдырлас бар адаммен!..

ТАУ ЖОЛДАРЫ
Тау жолдары бұраң-бұраң,
Басы үміт,

Жалғасады күнге биік асылып.

Шықсаң жалғыз ертеменен сапарға,

Қарсы алдыңды тұман бүркер жасырып,

Тау жолдары бұраң-бұраң басы – үміт!

Қарсы алдыңды тұман тұрар орап ап,

Сапар шықсаң серік болып жарау ат.

Тау жолымен қиял кетер жарысып,

Көңіліңде көктеп жасыл дара бақ,

Қарсы алдыңды тұман тұрар орап ап.

Айқайласаң жартасты ұрып дауысың,

Жаңғырыққа толтырасың тау ішін.

Сақ-сақ күліп
Бұлақ құлар төменге,
Көз алдыңа елестеп бір танысың,

Айқайласаң, жартасты ұрып дауысың!

Биік таудың жолдары да биік боп,

Жанар лаулап көз ұшында сүйікті от.

Қараңғыда тоқталасың жасқанып,

Биік таудың жолдары да биік боп.

Таулар,

Таулар таусылмайтын айтады ән,

Әнге ілеспей қайтіп тыныш жәй табам.

Тау жолымен кеткен болсаң биіктеп,

Төмен түсу қиын болар қайтадан!

Таулар, таулар таусылмайтын айтады ән...

Тауға шығып астында әппақ жаңбырдың,

Жүрегімді найзағай ғып жандырдым.

Тау жолдары шым-шытырық, ұқпайсың,

Жолдарына ұқсар жұмбақ тағдырдың.

Тауға шығып таудай арман қалдырдым.

Ән көктем, ақын көктем, жасыл көктем,

Ақ бұлтың мойыныма асылды еппен.

Бәрінен қуаттырақ күнің сенің,

Жаны емес,

Туған жердің тасы да өпкен!

Көмкеріп көк біткенді нұр шықпенен,

Билейді кең даламда ұршық денең.

О, көктем! менің бала үмітімдей

Солқылдақ әрбір талың бүршіктеген!

Ән көктем, жасыл көктем, жігіт көктем,

Төгесің қызуыңды күліп көктен.

Оралтып көңілімнің жыршы құсын

Сенсің ғой аспанымды биіктеткен!

Қашады қырда сағым қалай алдап,

Күлкімен бесігінде бала оянбақ.

Сүюге соның бәрін үлгере алмай,

Қиналам,

Тұрсашы деп сәл аялдап.

* * *
Мен өзіңді артықша
Сүйгендеймін өзгеден,
Сенде бір күн болмасам,

Көрінеді бір жылдай.

Сағынғанда мен үшін,
Шынар сынды боз көдең,
Сағынғанда мен үшін,

Торғайың да бұлбұлдай.

Қайда барсам тартатын
Саған қарай – жол кеудем,
Сағынышпен сарылып,

Екі көзім төрт болып.

О, туған жер! Сен маған
Отты жүрек берген соң,
Сүйемін ғой өзіңді,

Сүйемін ғой өрт болып!..

Бауырым!

Айтып саған мақтанар ем,

Осынау өзім туған түз даланы.

Кейде осы амалым не, көп қараумен,

Өз көзім өзімнен де қызғанады.

Бетіңді сүйсе келіп аңызақ леп,

Налыма осы жақтың бораны-ай деп?

Көзіңе көрінеді жолы ұзақ боп,

Жүрмесең даламенен даладай боп!

Аңсарың асып түсіп жал-төбеден,

Аңсарың ауыл жаққа ұшады алып.

Ғажап қой бұрылмай жол тарта берген,

Жұлдызды алдыңдағы нысана ғып!

АЛАТАУҒА ҚАРАП...

Армысың! Бауыры ән-күй, ақ бас атам,

Шөгер ең өр төсіңнен атпаса таң.

Айналып сыр айтуға саған келдім,

Өзің боп өміріммен шектес Отан.

Бауырың қызыл-жасыл қаптаған гүл,

Көркіңнен көзін алмай тоқтаған күн.

Аяулы Алатауым кім келсе де,

Сәлемін салқын қарап сатпаған бір.

Баяндап өткен ғасыр жол-мұрасын,

Көңілге көп сырды сен қондырасың.

Алдыңа қарсы аласың, кім келсе де,

Қазақтың шертіп дала домбырасын.

Білемін, баурың ыстық, салқын басың,

Ұлылық жатқандай бір қалпыңда шын.

Баяндап бересің сен кім келсе де,

Қазақтың өр мінезді бар тұлғаын.

Үйреткен жақындық пен татулықты,

Үйреткен қайсарлық пен батылдықты.

Баурыңнан өрген сонау өрендерін,

Өзіне баулып бәрін ақын ғыпты!

Бауырыңнан бұлақ боп күй аққанда,

Жан бітер жағадағы қияқтарға.

Тұрамын саған қарап ертеменен,

Шығар деп күн иегін сүйеп таңда.

Жайып сап жанымның жас, дастарханын,

Баурыңда отырғандай достар қалың.

Атыңнан айналайын,

Алатауым,

Басы қар, бауыры гүл, Асқар тауым!

Сан айлар сағыныштан шаршап талып,

Сүйемін толқыныңды аңсап барып.

Аялап жібересің мойыныма

Ақ бұлттан қабат-қабат моншақ тағып!

Тыңдап ап бауырыңнан бақтар әнін,

Жанымның жайып сол сәт ақ парағын.

Шақырам шала жансам,

Шабытымды,

Кеткендей алып қашып ақ бораның!

Ақтарып әрі-бері ой сандықты,

Еске алам ерлеріңді жайсаң мықты.

Айналдым атамекен,
Алатауым,
Паш еткен ұлылықты,

Қайсарлықты!

Сұлу боп кеткен бүгін далам неткен,

Сүйеді бетімнен кеп самалы еппен.

Талпынып тал басына, тау басына,

Еңбектеп келе жатыр бала көктем!

Көкжиек ақ сағымнан тасқан арна,

Ақ бұлт бара жатқан бастап алға.

Сыйғандай сәуле ойнаған бүкіл әлем

Қос тамшыдай кішкене қос жанарға!

Көктем кеп кеуделерде күй тулаған,

Бар маңай көрінгендей сиқыр маған.

Той жасап жатқандай бір думандатып,

Көл бойлап келген құстар қиқулаған!

Жастықтың осынау бір қызған бағын,

Аралап кетті кезіп ізгі арманым.

Кеудеме көшірсе әкеп туған жердің

От боп жанған оймақтай қызғалдағын.

Сұлу боп кеткен бүгін далам неткен,

Жанымды жайлауына алаң еткен.

Талпынып туған жердің ой-қырына

Бейкүнә келе жатыр бала – көктем!

Жыр жазайын десем жақсы күз жайлы,

Шабыт шіркін шала бықсып, қызбайды.

Сұлулық жоқ жаздағыдай көз қанар,

Аққу көлді қанатымен сызбайды...

Көкірегін ойға көміп тау, Алап,

Ештеңеге бойсұнбайды дауалап.

Бір кездегі қыз табиғат тұр бүгін,

Кәріліктен салқын ғана жауап ап.

Күздің жұмбақ жайып тастап бар сырын,

Мөлтілдейді тал кірпікте таң шығы.

Тас бұлақтың шығады үні тым бәсең,

Қарлыққан бір даусындай әншінің.

Жапырақтар жерді жауып сары ала,

Кей көңілдің заманы ауып барады, ә.

Күйсіз күзде ит екеші, ит-тағы,

Еріне үрер жатып алып қорада.

Алатауға әппақ мұнар түстеніп,

Бір күлуді жерге қарап күш көріп.

Анда-санда жылт етеді күн көзі,

Жастық жайлы жатқандай бір түс көріп!..

Жыр жазайын десем жақсы күз жайлы,

Шабыт оты бықсып шала, қызбайды.

Сонау сылқым сырлы көлге еркінсіп

Қанаттарын аққу құстар сызбайды…

Жас талдың жағадағы жапырағын,

Қамшылап өрім бұлақ жатыр ағып.

Бозторғай ән салады шырқау көкте,

Осынау кең даланы сахна ғып.

Көктемнің осынау бір таңын күттім,

Жарын күткен шағындай қалыңдықтың.

Шипа ғой көкірек керіп жұтқан ауаң,

Астында маңғаз аспан,

қалың бұлттың!..

Ей, шаңқобыз!

Бабамның сырлы аспабы,

Есімің сенің болды аңыз.

Білмейтін едім домбырадан басқаны,
Кеудемнің бұлтты аспаны
Жыртылып –

Парлады көздің жастары!..

Сен сөйлеп кеткенде –

Ей, шаңқобыз!..

Арманда өткен бабамның
Жеткіздің жұмбақ бір сырын,
Ояттың сөйтіп даламның

Жабылып қалған кірпігін.

Көміліп қалған заманмен

Жетпеген қоңыр самал ма ең!..

Тыңдағанымда даусыңды

Ей, шаңқобыз,

Табынып қалдым саған мен!

Ойлармен қилы болып мәз,

Кеудеме титтей толып саз.

Айдыныма шаңқай түсте бір

Мұң шақты қоңыр қонып қаз.

Шертпесем де тілін дәл басып,

Әуенім жатты жалғасып

Жалғызсыраған кеудемде!

Ей, шаңқобыз!

Бабамның сырлы аспабы!

Қиялға кеттің жалғап із.

Шертіліп дәуір дастаны,
Көзімнің ақты жастары,
Жыртылып

Кеудемнің бұлтты аспаны!

Бір самал жерді өпкендей,
Бір әуен талып жеткендей,
Айдынынан әппақ жанымның
Қалықтап бір қоңыр қаз

Қанатымен бетімді

Желпіп ұшып өткендей!

Ей, шаңқобыз!

Мынау ашық әлемге

Қоңыр самал үніңмен

Менен де сәлем жолдаңыз!

* * *
Қанша өмірім бар әлі,
Келем талмай,

Дауылдарда сынбаған емен талдай.

Бір күнімнен бір күнім қызықтырақ,

Жалғасқан алдымдағы көген таудай!

Елемей бай ма, әлде жарлысың ба,

Көңілдің кезіп бергі, арғысын да.

Ыстықтап бір күйлермен кеткеніңде,

Бір барып қайтқың келер қарлы шыңға!..

Биіктерге қараумен көз алданған,

Қарамасам, құштарлық мазамды алған.

Қанша өмірім бар әлі күтіп келем,

Уақыт деген дүрмекті базарды алдан!

Оттай боп бір өмірім бір өмірден,

Жолдарда жылап кейде, күле білгем.

Ұқсаң, баурым!

Бұл күнде аяқ емес –

Жер басып жүргендеймін жүрегіммен!

Көкірегімде тұнып көп жатқан асыл,

Сенімімді неге бір ақтамасын.

Асығып арманыма алып ұшсам,

Адам емес, уақыт бақталасым!

Көкірегімде бір күй жүр сері таңнан,

Емес одан мені ешкім жеріте алған.

Сепсем деп ем жанымның барлық дәнін

Туған жерге елімнің тері тамған!

Жүрсем де сайға құлап,

Таулар асып,

Жүргем жоқ тағдырыммен саудаласып.

Адам емес,

Уақыт бақталасым,

Уақытпен көргем жоқ бал жаласып.

Тірлігім менің кейде біреуге мұң,

Жетпей жүрген шағымда бір өрнегім.

Сол өрнекті табуға асығамын,
Таба алмасам,
Ол менің

тірі өлгенім!..

ҚЫРАН

Екі көзің тілеп ұрыс, тілеп қан,

Көкірегіңде долы жүрек соғып тұр.

Болат тырнақ тиген жерін уатқан,

Шырқау көктен түскен кезде ағып бір.

Таңданамын,

Айбатыңа қарап иен,

Бітімің мен бөлек біткен мінезің.

Кеңістікті тіліп жүрген қанатпен,

Батылдықтың тәңірісі бір өзің!

Қайда ұшсаң да

Қос қанатқа аспан сын,

Өміріңнің өтпес тыныш әр күні.

Сенің саяң бұлт іреген асқар шың,

Сенің саяң – найзағайдың жарқылы!

Қабағыңа түйілген бір түнер бұлт,

Бауырында жалпақ дала теңселер.

Қас қағымда-ақ жасар едім бір ерлік,

Менде дағы сол өжеттік болса егер!

Өзіңе өзің шығардың да жазаңды,

Намыс көріп аласада өлгенді.

Мұқатам деп сақ-сақ күлген ажалды,

Өзің барып құзға соқтың кеудеңді!..

Армандарым аспанды айқара ашып,

Үмітім жүр күдікпен тайталасып.

Пікір бүгіп жатпаймын қызғанышпен,

Не де болса,

Бетіңе айтам ашық!

Күндестіктің жатпаймын көсеп отын,

Көңілім көк шындыққа төселетін.

Азабымды азғана ауырласам,

Базарымды азғана еселе күн.

Бір жол мені барады қиянға алып,

Қай теңізге білмеймін, құям барып.

Армандауды біреулер азап деп жүр,

Тірлігінде көрмеген қиялданып.

Керегі жоқ ерекше құрмет маған,

Жүрек отын жатса егер үрлеп далам.

Жалған болсаң,
Қылыштай кесіп өтем,
Шындық болсаң,
Сапарға бірге аттанам,

АҚБОЗ АТ МІНГЕН БОЗБАЛА ДҮНИЕ
Ән салып тұрды
Ақбоз ат мінген бозбала дүние түсімде,

Айналып арман мүсінге.

Ән салып тұрды ертедегі батырдай

Ақ ала бұлттың ішінде!..

Дала болып көсіліп жатқан даламмен,

Жан-жағым жанып алаумен.

Дір-дір етіп

Төгіле жаздап ақша бұлт,

Бүкіл әлем тербетілді сол әнмен.

Ән салып тұрды

Ақбоз ат мінген ақ ала таңда бозбала,

Көруге керек көз ғана.

Оянып кеттім соңына жетпей сол әннің,

Ұйықтай тұрмай аз ғана!..

Ақ айрандай қалған екен ұйып көк,

Тұла бойым тұтап жатқан күйіп тек.

Әлгі жігіт бір қарамай мен жаққа,

Бұлт ішіне сүңгіп кетті биіктеп!

Содан бері

Ән демеймін басқа әнді,

Кеудемде бір алай-дүлей басталды.

Ақбоз ат мінген боз дүние ұшты көзімнен,

Найзасымен екі жарып аспанды.

Ән салып тұрды
Ақбоз ат мінген бозбала жанды қозғап бір,
Асқарынан арманымның маздап нұр,
Сол әнменен көкірегіме нәзік бұлт,

Тамшы болып төгіліп кете жаздап тұр!

* * *
Сүю жайлы сыр шертем,
Тыңда, көктем,

Менен бұрын Абай да жырлап өткен.

Қабағыңа қараймын, қайран өмір,

Қара тастан бағбандай гүл дәметкен.

Даңқ үшін болғам жоқ ала шапқын,

Жұрт елер асқақ емес, аласа-ақпын.

Күліп келер өмірден үміттенем,

Көздерімнен ұшқандай болашақ күн!

Дал боламын, кейде бір ән құралмай,

Сауырыңнан сағыныш тағдыры аумай.

Мазам кетер көп күндер қайрауменен

От шабыттың шақпағын жандыра алмай.

Сүю жайлы сыр шертем, жасыл құрақ,

Төгілмесін бетіме жасың бірақ.

Жастығым күтуменен өтті менің

Ләззәтінен азабы басымырақ.

Иесіне кездеспей ойдағы әннің,

Әсемдіктің елесін аймалармын.

Кездейсоқ әзіл айтқан отыз беске,

Жиырма бесте дейсің тек қайда қалдың.

Айналғандай өкініш, қаяуға үміт,

Тыныштықпен ұйықтайсың ояу жүріп.

Көп қағытса жарың кеп шамданасың,

Үлкендікке еріксіз бой алдырып!

Шабыттың шала байып шақпағынан,

Өмір деген кеудеңді шоқ қарыған.

Аңыз ғып жастық шақты әжелерше,

Шайға қанып алған соң ақтарылам!

Еске алып жел қыдырған гүл бөктерді,

Ұшырасың көңілден жыр кептерді.

Жастығын ақын ғана алып қалар,

Тербетумен кеудесі бір көктемді!..

Ұраншыл боп кеттің деп сөкпе, мені,

Отаншыл боп кеттің деп биік айтып.

Ол менің өмірімнің отты өлеңі,

Отты өлеңсіз келеді күйім қайтіп!

Естігенім жарыққа шыр еткелі,

Көргенім де жерімнен қаз басқалы.

Бір сөз бар «Отан» деген жүректегі,

Ашылған көңілімнің жазғы аспаны!

Адаммын!

Жүрегінде бар Отаны,

Демеймін осынау бір тұңғышымын.

Тербетіп туған елдің алақаны,

Сайраған бағындағы бір құсымын!

Өмір жайлы бір әнді

Үйрене алмай жүрмін мен.

Өтіп жатыр жалғасып

Бір күндерім бір күнмен.

Өтіп жатыр қиялым
Көк жолында асыр сап,
Өткен ізге тізіліп

Сезім деген бүлдірген...

Ақын десе ардақтап,
Есіне алып мені жұрт,
Мақтау сүйген баладай,

Қалам бір сәт елігіп.

Сол бір сәтте көңіл де
Құрық тимес асаудай,
Көтеріп ап кетеді

Қайығымен көл үміт!

Туған жердің суретін,

Көздеріме толтырып.

Ұшып жүрем сонда мен,

Қанатымнан жел тұрып.

Бүкіл болмыс осы сәт
Сөйлеп кетер кеудемде,
Өмір жайлы бір әннің

Әуеніне келтіріп.

Кетер өзі-ақ тарқалып,

Бір қара бұлт ұйысқан.

Кербез бұлақ қағысып,

Келе жатқан құйысқан.

Кербез өмір жалт етіп
Жанарымнан көшкендей,
Ерке саусақ астынан

Пыр-пыр етіп күй ұшқан.

Өмір деген осынау

Сағынышты өз әнім.

Бар даусыммен мың толқып,

Толқындатып созамын.

Қызықтайды осы сәт
Кірпігіме шық болып,
Мен аңсаған армандай

Таза күлкі, таза мұң.

Өзімді-өзім көрмеген
Бір күндерге шөлдетіп,
Келдім міне, тағы да

Төзім құрыр жерге өтіп.

Тозбас әнді ыңылдап
Тебіреніп кетемін,
Өмір мені тербетіп,

Мен өмірді тербетіп!

Өмір жайлы бір әнді
Үйрене алмай жүрмін мен,
Өтіп жатыр жалғасып,

Бір күндерім бір күнмен.

Ұрмай-соқпай кейде шын
Жылатып та күлдірген,
Қайран өмір тізіліп

Тұрған мөлдір бүлдірген!

* * *
Кешір, достым, бірге кетсем,
Бірді айтып,

Отты көзден отты сезім жүр қайтып.

Жан ләззәті болса егер бұлбұл да

Жалықтырды о да жалғыз жырды айтып.

Үміт үшін үңілеміз көбірек,

Көңіл шөлдеп бала қаздай көлі жоқ.

Көп ішінде жеке қалып бір өзің,

Мұнартқандай болады екен төңірек!

Ақын қиял мекен етіп бұлт ішін,

Күтеді алғаш оралатын жыл құсын.

Сол мұнардан шығам сыртқа естіп мен

Бір сәбидің ашық, таза күлкісін!

Арман деген жап-жасыл бақша маған,

Ағытатын ақырын ақ самал ән.

Сол әннің ырғағымен қалқып келер

Адасқан мекенінен ақ шағалам.

Қадірлі боп барады-ау әр таң бүгін,

Гүлге бөгіп кешегі сортаң қырым.

Дариға-ай, өзімшілдеу бар кеудеге

Даламның берсе мынау дархандығын!

О, онда!

Армансыз боп өтер едім,

Табылып көңіліме не керегім.

Ақау таппай осынау өмірімнен,

Бақытымнан жарылып кетер едім!..

* * *
Бірде дана,
Бірде бала мінезім,

Даналығым балалықты қуады.

Әрбір кездің даралығын біл өзің,

Бірін-бірі білдірмейді, жуады!

Дей алмаймын барша көзге әйгілі ем,

Олай десем, тосыламын, іркілем.

Даналығым егіз туған қайғымен,

Балалығым егіз туған күлкімен!

Келмейді ұйқым құштарым артып өмірге,

Бір ақ құс қалқып көңілдің жасыл көгінде.

Бақыт па деймін осыған қарап, дариға-ай,

Ояу отыруың тегінде!..

Бір күй тұнып тұңғиығында кеуденің,

Тірлікке мынау келеді кейде беу дегің.

Келмейді ұйқым!

Үмітім өсіп ұзақ түн,

Ұшқыны ойнап ойымда тірі сәуленің!

Өмір деген о да бір сұлу жігіт,

Жанарымен тұратын жылындырып.

Қарағандай болғанмен бүгін күліп,

Кетер кейде жалт беріп, суындырып.

Кетер кейде бір өмір түске айналып,

Жағасынан адасқан құстай лағып.

Жалт етіп бір жоқ болған сезім сағым,

Ұстай алмай қаласың іштей налып!

Бір үміт бір арманға асықтырып,

Бір теңіз қалар бойда тасып тұнып.

Сәуле ұстап талпынасың таңға тағы,

Тұрғандай қарсы алдыңнан ғашық күліп.

Өмір от болса егер де, от тараймын,

Қиялым жолы болса көктегі айдың.

Сағынса сұлулықты жаным менің,

Гүлдерге таңда ашылған көп қараймын.

Өмір деген о да бір сұлу жігіт,

Жанарымен алатын жылындырып.

Күдікке жол сияқты бүгінгі үміи,

Жалт етіп кетер кейде суындырып...

Жастық шақтың барады бір күні өтіп,

Жасыл жағам құстарын дүркіретіп.

Жауып өткен уақыт жапырағы,

Жанымда жасырынбай жатыр әлі!..

Жастық-ай!

Шырқап биік көңіл кеткен,

Жүйріктей көз алдыма желіп өткен.

Кеудемде бір жататын ағыс күліп,

Бақытыммен үзеңгі қағыстырып!

Ей, отызым!

Жиырманы шырқайық, кел,

Үміт деген тербеліп бір қайықпен.

Жынды толқын ойнасын қақпақылдай,

Шабытына буынған отты ақындай!..

Жастық шақтың барады күндері өтіп,

Жүргіншідей жол тартқан түнделетіп.

Армандарым таусылмас айта берсем,

Сайраны мол шақтары-ай,

Қайта келсең!..

ЖЕЛ ЕСЕДІ

Сайын белді сапырып жел еседі,

Өршеленіп, өрекпіп егеседі.

Аспаннан айдап келген қара бұлттай,

Шақырып бермейді екен неге сені?..

Бір шағыл бір шағылды жатыр ықтап,

Мұндайда жарытпайды ақын ұйықтап.

Жас баладай кейде бір жылап күлген,

Тереземді сабайды сақылықтап!..

Су-су етіп ысқырып, өңірге еніп,

Сумаңдайды, тайраңдап, көңілденіп.

Өзегімде ескендей өзгеше жел

Өтіп бара жатқан бір өмір болып!..

Құм ағады, толқындай сапырылып,

Жел тынатын емес-ау ақыл ұғып.

Көкірегімді тырналап аш бөрідей,

Өзегімде өзге жел жатыр ұлып...

Сайын белді сапырып жел еседі,

Жел еседі, секілді ел өсегі.

Шақырып келген бұлттай әлдеқайдан,

Шақырып бермейді екен неге сені?!...

Асықтырып мені алға бір арманым,

Сезбедім сонау шыңда қыран барын.

Өз отына бұл жүрек өзі өртеніп,

Кетер ме екен?!

Дүние-ай, біле алмадым!..

Шақтарым қорқынышты тыншымаған,

Ойларым ұйқы бермей шымшылаған.

Төсектен қарғып тұрып, бұрқырамай,

Шабыттың қызуына кім шыдаған.

Сезімге жұлдыздардай жағылып шам,

Кетесің тасқындатып, ағылып сәл.

Сонан соң уһ дейсің бір сылық түсіп,

Жан жүрек құралғандай шағылып сан!

Алыстап арманымның шырқау шыңы,

Көкірегімнен ұйысқан бұлтты аршыды.

Сыртқа солай өлеңмен шығарасың

Тұнып қалған көздегі бір тамшыны...

* * *
Көңілім,
Жай таппайсың сонша неге,

Қалжырап ауыр ойдан қалса дене.

Көктемнің кетіп қалған қазы қайтып,

Көк шалғынды бұлаққа назын айтып!

Көңілім,

Жай таппайсың сонша неге?!

Көңіл-ай,

тыншымайсың алабұртып,

Секілді жел көтерген бала бүркіт.

Тамызып таңғы үміттің отын іштен,

Арының аяқталар өкінішпен!

Көңіл-ай, жай таппайсың алабұртып.

Көңілім, қойғаның не тынышталмай,

Бұлбұлдай болам деп пе ең, күміс таңдай.

Шөлдеп жүріп, қай қолдан сусын іштің,

Шалғы тиген қияқтай сусып ұштың,

Көңілім қойғаннан соң тынышталмай!...

Тыныш тапсам, сені ойламан деген ем,

Аласұрам айлы түнде неге мен.

Аударылып кеткенімді білмедім,

Асау сезім толқынымен тебеген...

Тыныш едім,

Саған өлең арнамай,

Тыныш еді, ұйқыда еді бар маңай.

Сезім шіркін бір жел соғып тағы да,

Сабағынан үзіліп жатқан алмадай!..

Сенің отты жанарыңның ішінен,

Мен өзімнің суретімді көрем де.

Айтпасаң да бәрін, бәрін түсінем,

Жоры мейлің ессіз меңіреу кереңге!..

Тағдырымыз иілмеуге бәстескен,
Жүрегіміз серттей берік үкімді ап,
Менің отты махаббатым өшпестен,

Жанарыңда жанып жатыр шытырлап!..

Көзіме бір көрінбей-ақ кеттің-ау,

Көңілде жүр көлеңкедей көп құрау.

Маңдайымды басып тұрып кеудеңе,

Өксіп-өксіп жылап та алғым кеп тұр-ау!

Үміттей боп көк қойнына батқанда ай,

Ән тілеген,

Сән тілеген бақтардай.

Өз алдыңда алсам деп ем жаңғырып,

Асқар таудан құлап түскен ақ таңдай...

Кешегі атқан таңдай әсемдігің,

Қалайша айтшы, достым, бәсең бүгін.

Әлде кеп біреу сені налытты ма,

Сол,

Сонау қайда сұлу әсерлі үнің!

Қалайша айтшы, достым, күз көңілің,

Көңілдің сәл нәрсеге үзбе гүлін.

Кел, кәні кешегідей толқып тасып,

Әніңнен арманыңның ізде гүлін!

Қиялың қалсып артта сағым құшқан,

Жел көңіл, қай-қайдағы алып ұшқан.

Соншама неге, жаным тұнжырадың,

Тұра ма, әлде, бұл өмір сағыныштан!..

Айтшы, бұл мұңаятын кезің бе еді,

Сыр қайда сыбызғыдай сезімдегі.

Жаныңды сыртқа жайып жария етті-ау,

Кінәсіз бір тамшы жас көзіңдегі.

Кешегі атқан таңдай әсемдігің,

Қалайша, айтшы, достым, бәсең бүгін.

Әлде кеп біреу сені налытты ма,

Сол, сонау қайда сұлу әсерлі үнің!..

СЕН МЕНІ САҒЫНДЫҢ БА?

Ағарып таң келе жатқанда,

Оңаша тіл қатып,

Толқып бір бақтарға.

Батып сәт жаның мұңға,

Сен мені сағындың ба?!

Жан-ағың жарқырап,
Тұрған бір шағыңда,
Жарысып қиялың

ақ толқын сағымға.

Бір бұлтты жамылдың ба,

Сен мені сағындың ба?!

Көріп көк дүниені көл бетінен,

Айдындағы айдай боп тербетілген.

Малынып сағым нұрға,

Сен мені сағындың ба?..

Өткен күн елестеп тізбектері,

Топ жұлдыздың ішінен іздеп мені.

Айналып әнің жырға,

Сен мені сағындың ба?!

Жапырақтар шуылдап жел шақырады,

Күн көзімен түрленіп.

Сезімім сыбырлап сені шақырады,

Кетпейсің бе бір келіп...

Жапырақтар теңселіп жел шақырады,

Көкке созып саусағын.

Жүрегім жол соғып сені шақырады,

Қайдасың, аңсарым!..

Қызғалдақтар бүрсіп таң шақырады,

Жатырқап көбелегін.

Арманым қол бұлғап сені шақырады,

Мүмкін бе елемеуің?!

Жапырақтар шуылдап жел шақырады,

Күн көзімен түрленіп.

Сезімім сыбырлап сені шақырады,

Кетпейсің бе бір келіп...

Тыңдайтын ем жырыңды мен ұйып көп,

Еңсем бір сәт биіктеп.

Естілмейді енді бүгін ол үнің,

Көкірегім толы мұң.

Тыңдайтын ем әр жолыңды тамсанып,

Іштей сыңсып, ән салып.

Оқылмайды енді бүгін ол өлең,

Жастығымды төлеген!

Тыңдайтын ем жырыңды мен ұйып көп,

Еңсем бір сәт биіктеп.

Кетті-ау, шіркін сол бір дәурен демде өтіп,

Шалғай тартып, шөлдетіп...

Ақ жаңбыр жауып, басылғанда сен кеп ең,

Таңғы гүлім ашылғанда кеудеден.

Бір жаңбыр жауып басылғанда сен кеп ең,

От үміттің сәулесіндей сөнбеген!

Тамшымен маржан түз қойнына төгілген,

Иіп жатыр жер-ананың емшегі.

Бір жаңбыр тағы жауып өтсе көгімнен,

Күн болып шығар соңынан деуші ем мен сені...

Ақ жаңбыр жауып басылғанда сен кеп ең,

Менің отты үмітімдей сөнбеген.

Саған деген сағынышты күннің басындай

Қойды ғой, жаным,

Мына жаңбыр басылмай...

Болсаң егер бір адамды сүйген шын,

Онда сенен сүюді жұрт үйренсін.

Шарпылмаған махаббаттың отына,

Әрі-сәрі күдікшіл бір күйге енсін.

Ой-хой, өмір жас арудай билеген,

Саған төніп ерін жоқ қой күймеген.

Отанын да сүйе алмайды дер ем мен,

Бір адамды тебіреніп сүймеген!..

* * *
Күтем ұзақ,
Қараңды сол аңсаймын,
Жани берсең

Тозады екен шыдам да.

Ең болмаса көрсем сені ай сайын,

Мен бақытты болмас па едім бұдан да.

Туған дала бір пұшпағын мекендеп,

Күн шуағын көкірегіме құлаттым.

Сипадым мен сенің шашың екен деп,

Бұйра-бұйра толқындарын бұлақтың.

Жанарымнан жарық өмір оты өнбек,

Сезімімнен селк етіп жыр құсы әппақ.

Айқай салдым сенің жаның екен деп,

Туған жердің кең жазығын құшақтап!

Сүю күші қайтіп,

Қалай өтелмек,

Сүю күші айнымайды бораннан.

Ту санадым сенің арың екен деп,

Әппақ бұлтты шың басына оралған.

Жүрегімді жыр ғаламның оты емдеп,

Сөзім ұқсап солқылдаған жас талға.

Күннің көзін сенің көзің екен деп,

Жасқаншақтап қарай бердім аспанға!

Күтіп ұзақ, үміт қуып аңсаймын,

Жани берсең тозады екен шыдам да.

Ең болмаса көрсем сені ай сайын,

Мен бақытты болмас па едім бұдан да...

Жазғы күннің жазықтағы желі өпсе,

Жүзімді бір өтер жұмбақ мұң қарып.

Оттай болып өзге жақтан ерекше,

Сен жүрген жақ көрінеді тым жарық!

Өте шығар жастық желдей уақыт түс,

Өте шығар осынау бір көктемдей.

Мен аңсаған арман атты бақыт құс,

Өзіңменен бірге ұшып кеткендей.

Жылы бір үн ести алмай мен сенен,

Жағадағы бос қайықтай теңселем.

Әйелге тән қасиеттер мендегі,

Сенің жалғыз қабағыңмен өлшенер.

Жылы бір күй қабағыңнан оқылмай,

Күрсінемін неге іштей, япырмай.

Әсерің тұр тиіп сезім көгіне,

Бұлтты күнгі нажағайдың отындай!..

Сол күндерді есіме шын сақтап ем,

Сол күндерге сонау айрық жол куә.

Жырларымды оқушы едім жатқа мен,

Сенің, жаным, жатып алып алдыңа.

Сол күндердің тастапты еске бір күні із,

Сол күндермен бізге қайда табыспақ.

Өзен болып ашық мөлдір күлкіміз,

Бір ағынмен кетіп қалған алыстап!

Жүрегіме жағып сезім отын бір,

Жанарымнан сонда жалғыз жас тамды.

Өз алдыңда жатып едім оқып жыр,

Қыз кеудеме жамылып ап аспанды!..

Бізге ол күн қайта соғып, жолықпас,

Ол күн орнын жүректен тек тапты шын.

Жатқам ұзақ өз-өзіме болып мас,

Бір бақыттың ұстай алмай ақ құсын.

Сенде де өзге,

Менде де өзге тіршілік,

Күнә қазір төске жалғыз жас таму.

Теңіздей бір кеме тосқан күрсініп,

Сол күндерді бақыт боп жүр еске алу.

Сол күндерді еске ұмытпай сақтап ем,

Сол күндерге арқау болған ән-жырым.

Айта алмағам бірақ сонда жатқа мен,

Бізге деген келер жолдың тағдырын...

Көл болып жатсаң момақан,

Түбіңде тұнып бар әлем.

Толқыныңның шашын балапан,

Самал боп барып тарар ем.

Жаздың бір әсем кешінде,

Базарым қайтіп тарқамақ.

Айдын боп жатсаң төсіңде,

Айың боп тусам шалқалап.

Бәйтерек болсаң шыңда өскен,

Жапырағың болып шуласам.

Кеудеңде үнсіз тілдескен,

Бұлбұлың болып жырласам.

Теңеуге басқа кедеймін,

Өзіңсіз іштей құсамын.

Кеттің ғой ұзап, не дейін,

Жарық қып жаттың құшағын!..

Көңіл шіркін кетеді-ау борандатып,

Жанымның жалынын бар алаулатып.

Бір жүректің жете алмай жағасына,

Бір тұңғиық түбіне барам батып...

Алаңсыз ашық күндей күйде жүр ек,

Қызғаныш қададың сан инеңді кеп.

Тарсынып бір кеудені тебеді-ай бір

Білмеген жазалауды сүйген жүрек!

Қызғаныш араласып долы қанға,

Тағдырдың тәлкегіне жолығам ба.

Қаңбақ боп кетер ме едім құйын қуған,

Болмаса шыңдап алар сенім балға!..

Қызғанамын өзгеден мен де сені,

Сезім құрғыр тайталас белдеседі.

Қызғанышым көңіл ғой шала жанған,

Дара жанса жүректе от сөнбес еді.

* * *
Өзіңе,
Тек өзіңе жалындырып,

Жақсы ма жерге төксем жанымды үгіп.

Сағымды уақытпен кетті ұрланып,

Кешегі асау арман,

Жалынды үміт!

Сөкпеймін, сүйгендіктен қызғанасың,

Мен үшін от боласың,

Мұз боласың.

Мен үшін қайраттанып шыңға шығып,

Мен үшін құлағандай құзға басың.

Мен үшін сендегі саф адалдығың,

Тосасың көңіліңнің маған күнін.

Қалқам-ай, кешіктің бе,

Өзің үшін

Қай жерден солмас өмір табам гүлін.

Қайтесің күтіп алдан тағдыр әнін,

Сезімнің таптамашы бал құрағын.

Өтейік өткелінен бұл өмірдің

Күмбірлеп қос шегіндей домбыраның!

Өзің жайлы бір өшіріп, бір жазам

Өзің жайлы көңілде ұрыс, тай-талас.

Жүрек үшін жүреді екен кімге заң,

Ей, жігітім!

Пернеңді әлгі қайта бас!..

Мынау тірлік жайма-шуақ мазалап,

Ойға отырмын бірде шығып,

Бір батып.

Сүйгеніңді жиі көру азап-ақ,

Көрмей жүру емес тағы шын бақыт!..

Жайылған жасыл толқын сағым белдер,

Жабықсам, желпіп желің, жанымды емдер.

Жүгірген жалаң аяқ он бестерім,

Жоқтып тұрмын, шетіңнен жалынды еңдер!..

Әсемдікті құйып бар қыз көңілге,

Талпынып ек құмартып ізгі өмірге.

Айдындардан қалқыған таласушы ек,

Ақ моншақ аққулардың тізбегіне!..

Жүзінен жаңа туған әр айдың мен,

Сендерді көріп ұзақ қараймын мен.

Тізбек ек ажырамас сол аққудай,

Адастық енді міне әр айдынмен!..

Бұл көңіл мамырлаған қаздай бүгін,

От болып әр ошақта маздайтұғын.

Жаңғырғыш жандарың жаз табиғаттай,

Шетіңнен ақын еңдер жазбайтұғын.

Өзгеше бақыттымын тасып күлмей,

Мұңына ортақтасып ғашықтың кей.

Сендерді ойлап, достарым, бұра берем,

Бір жағым бұлт, бір жағым ашық күндей.

Түске айналып қызығым өңімдегі,

Есейтті досқа сараң өмір мені.

Түртіп қалса, кеудемде түйін болған –

Көп сырым жыр далаға төгілгелі...

Астан-кестен кеудемде сезімдерім,

Аспан көшкен көлдердей, көз ілмедім.

Қиялымнан ұшқандай қыран құсым,

Әлде аңсатқан армандай бір әнбісің!..

Мен аңсаған бір мүсін өзің бе едің,

Астан-кестен сезіммен көз ілмедім.

Қара шашты кетсе де қырау шалып,

Өзіңді іздеп табармын сұрау салып!

Көздеріңнен кеудеме қызу еніп,

Көшіп кетті талайғы мұзым еріп.

Көшіп өткен осынау таң сағымын,

Қуамын деп тоналды бар сабырым.

Мен шыға алмас сен әлде бел-өрмісің,

Қарсы келсем бетпе-бет, елермісің.

Өтермісің шошынып жалғасудан,

Атқан оқтай зу етіп, дәл қасымнан!..

Осы күйді сен кешсең, қайтер едің,

Бұрымдарды тарқатып, қайта өремін.

Шомылып бояуына таң нұрының

Жүгенін алсаң еді тағдырымның!..

* * *
Тағы,
Тағы... ұйқысыз азап таңы,

Дөңбекшітіп, қайтейін тез атпады.

Семсер сезім кеудемді тілгілеумен,

Тәлкек етіп жанымды мазақтады.

Жанарыма тамшыдан жасты ойнатып,

Мойыныма ауыр ой тастайды уақыт.

Жаным-ай, сенсіз мынау жұмсақ тәнге,

Жұмсақ төсек барады тастай батып!

Дөңбекшітіп,

Қайтейін, өтпейді уақыт,

Көкіректе көп қиял атты ойнатып.

Бір көңілге кішкентай медеу болар,

Жалғаннан жылтыраған таппай бақыт!

Күлгенім де, белгісіз күрсінгенім,

Ұзақ түннен тұрады құр сүлдерім.

Ұйқысыз өзіңді іздеп бір сапармен,

Жол тартқан жүрек болып дүрсілдедім.

Сол күйі түнеп қалдың көзімде сен,

Солқылдап кетер ішім, өзің десем.

Неге екенін білмеймін, сені еске алсам,

Шайқалып-ақ кетеді сезім кесем!..

Сыртқы көзге сабыр сақтап, сыр сақтап,

Жүрген жай бар нөсерлетіп, бұршақтап.

Көкірегімнен алай-дүлей қорқамын,

Өртке айналып кете ме деп бір шақпақ!

Тыныштықты тілеп жүрген шағымда,

Сен кездестің, азабым ба, бағым ба?!

Батып кеттім ұстатпай-ақ бірақ шын,

Қоңыр күзде қырдан қашқан сағымға!

Мен сен үшін көрінбеспін көктегі ай,

Күліп жүрсең көп ішінен жоқтамай.

Сұлулықты бермей бетке табиғат –

Үйіп-төгіп құр ішіме төккені-ай!..

Екі көзім тұманданып, тіл қатпай,

Өтіп кетсем, сезім әнін тыңдатпай.

Қала берші, таңданбай-ақ сен оған,

Әйел жаны шешуі жоқ жұмбақтай!..

Сыртқы көзге сабыр сақтап, сыр сақтап,

Жүргеніммен бұзыламын бір сәтте-ақ.

Көкірегімнен алай-дүлей қорқамын,

Өртке айналып кете ме дер бір шақпақ...

Қоңыр жел – қоңыр даусың қырдан ескен,

Кетпейді қайда жүрсем ырғағы естен.

Қыран құс құлдиласа құр қайтпаған,

Бұлт күйін қанаттары жырлап ескен!

Аңсаумен арман әнін өлең-кеудем,

Үн шықса дір етеді елеңдеумен.

Үн шықса, дір етеді тұла бойым,

Сабыр боп сағынышқа келер деумен.

Қоңыр жел – қырдан ескен қоңыр даусың,

Өртімен сезімге кеп соғылған шын.

Сол өртке жаңбыр болып, дауыл болып,

Жетсеші! тағы да бір шөлім қансын.

Қоңыр жел қырдан ескен өз әніңмен,

Көңілдің қалың бұлтын жазамын мен.

Бақытты бір сәтім боп орал жаным,

Жолдағы салмағы ауыр азабымен!

Қоңыр ән бұлт баурынан дала көшіп,

Бір үміт бір кеудеден жанады өшіп.

Арман-ай, бозбаланың әнімен сол

Туған жер, тербеледі ана бесік.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙