Қашқын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Антон Чеховтың шығармалары сан қырлы болып келеді. Қарапайым болып көрінетін шығармалары сезім мен терең ойға толы. Жазушының оқырманы үшін ең басты мақсаты – сана-сезімін ояту, жалпы айналаға деген түсініктерін жаңашалау. Шығармаларының философиялық сипаты өзгеше. Сонымен қатар, әңгімелерінің негізі иронияға негізделг
ҚАШҚЫН
(әңгіме)
Аударған Ғ. Орманов
Ол өзі бір ұзақ сонар машақат болатын Пашка басында шешесі екеуі жаңбыр астында, біресе шабылған қырмен, біресе етігіне сары жапырақтар жабысқан орманды соқпақ жолмен тартып, таң атқанша жүрді де отырды. Содан келіп, есіктің ашылуын күтіп, қараңғы ауыз үйде екі сағат тұрды. Ауыз үй сырттағыдай әрі суық, әрі сыз болмағанмен, жел соққанда жаңбыр тамшысы бұл жерге де жетіп тұр. Ауыз үйге жұрт аз-аздан тола келе, қыспақта қалған Пашка әлдекімнің тұздаған балық сасыған тонына бетін төсей жатып, мызғиын деді. Бірақ есік ілгегі шырт етіп, ашылып кетті де, Пашка шешесімен бірге қабылдау бөлмесіне келіп кірді. Ол арада тағы да ұзақ күтуге тура келді. Аурулар орындықта тырп етпей, түгел үнсіз отыр. Пашка да соларға қарай түсіп, кісі күлерлік, оғаш көп нәрселер көргенімен, үндеген жоқ. Тек бір жолы, қабылдау бөлмесіне бір бала қос аяқтап шорши кіріп келгенде Пашканың да секіргісі келіп кетті; шешесін түртіп қалып, жеңін баса мырс етті де:
─ Мама, торғайды қарашы! - деді.
─ Қой, көкешім, үндеме! - деді шешесі. Кішкене терезеден ұйқыдан тұрған фельдшер көрінді.
─ Кел, жазылыңдар! - деді ол күжілдеп. Әлгі шоршуық қызық бала да ішінде жұрт біткен терезеге қарай ұмтылды. Фельдшер әркімнің аты-жөнін, қашан ауырғанын, тағы - тағы басқаларын сұрап жатыр. Өзінің Пашка емес, Павел Галактионов екенін, жасы жетіде, хат білмейтін, әрі пасхадан бері сырқат екенін шешесінің жауабынан барып білді.
Жазылып болған соң, біраз түрегеп тұруға тура келді, қабылдау бөлмесінен ақ алжапқыш шалып, беліне орамал буынған доктор өтті. Әлгі шоршуық баланың қасынан өте бере, доктор иығын қозғап қойып, қоңыр дауыспен сыңси сөйледі:
─ Ақымақ десе, ақымақ екенсің! Ақымақ емей, несің? Мен саған дүйсенбі күні кел десем, жұма күні келгенсің. Маған бола келмей-ақ қоюыңа болады, бірақ сендей ақымақ, аяқтан айырыласың!
Баланың жүзі қайыр сұрағалы тұрған адамша, сонша аяныш тартып, көзі жыпылықтап кетті де:
─ Мархабат етіңіз, Иван Миколаич! - деді.
─ Бұл жерде Иван Миколаич дейтін түк те жоқ! - деді доктор кекетіп. Дүйсенбі күні кел деген екен, келуің керек. Ақымақ екенің ақымақ, айтарым сол, әне...
Қабылдау жұмысы да басталды. Аядай бөлмеден әлсін - әлі шыңғырған ойбай, жылаған баланың дауысы, немесе доктордың ашулы айғайы шалынады:
─ Неменеге ұлисың? Сойып жатырмын ба сені? Жай отыр!
Содан Пашканың кезегі де жетті.
─ Павел Галактионов! - деді доктор дауыстап.
Пашканың шешесі бұл шақыруды күтпеген адамша сілейіп қалып, содан Пашканы қолынан ұстай, бөлмеге алып кірді. Доктор үстел басында қалың кітапты балғасымен тез -тез ұрып қойып отыр.
─ Қай жерің ауырады? - деді ол, кіргендерге назар аудармай.
─ Баланың шынтағына бір жара шығып еді, жарықтығым, - деді шешесі, соны айтқанда жүзі Пашканың жарасына шынымен қатты қайғырып жүрген жанның жүзіндей көрінді.
─ Шешініңдер!
Пашка мойнындағы орамалды пысылдай тұрып шешті де, содан соң мұрнын жеңімен сүртіп қойып, тонын асықпай сыпыра бастады.
─ Бәйбіше, қонаққа келген жоқсың ғой! - деді доктор зілденіп. - Неменеге ырғатылып отырсың. Маған келген кісі жалғыз сен емес.
Пашка тонын жерге, асығыс сыпырып тастап, шешесі болысып, жейдесін де шешті... Доктор оған қырсауси қарап, жалаңаш қарнына қағып кеп қойды.
─ Пашка бауырым, қарныңды қампайтып баққан екенсің, - деп доктор күрсініп салды. -Кәнеки, шынтағыңды көрсет.
Пашка қан шайған шылапшынға көз қиығын салып, доктордың алжапқышына қарай тұрып жылап қоя берді.
─ Мә-ә! - деді доктор келемеждеп. - Тентек шіркіннің үйленетініне көзі жетсе де, жылап тұрғанын қара! Ұятсыз екенсің.
Пашка жыламауға тырысып, шешесіне қараған, сол көзқарасында: "Мені ауруханада жылады дегенді үйде айтып қойма!" деген жалынышы да бар екен.
Доктор шынтағын қарап, басып көрген соң күрсіне тамсанды да, соңынан тағы да қысты.
─ Бәйбіше, соғар жөні келсе де соғар кісі жоқ-ау сені, - деді ол. Бұрын неге әкелмегенсің мұны? Қолы қор болуға айналыпты! Бері қара, ақымақ, буыны ауырады мұның!
─ Сіз білесіз де, жарықтығым... - деді әйел күрсініп.
─ Жарықтығым... Баланың қолын шірітіп жіберіп, енді келіп жарықтығым деуін. Қолсыз бұл қайтып жұмыскер болмақ? Өмір бойы осымен әуре болғаның болған. Егер мұрныңа бөрткен шықса - ақ, ауруханаға жетіп келер едің, баланы алты ай бойы іріңдетіп қойғансың. Бәрің де сондайсыңдар.
Доктор шылымын тұтатты. Шылым тұтап тұрған кезде, қатынның жер-жебіріне жетіп, басын іштей айтқан бір ән ырғағына төңкере шайқап, әлденені ойлады да отырды. Пашка соның алдында жалаңаш күйі, сөзін тыңдап, түтінге қарап тұр. Шылым сөнген кезде, доктор серпіліп кетіп, дауысын бәсеңдете сөйледі.
─ Бері, құлақ сал, бәйбіше. Бұл жерде май жағып, дәрі ішкізумен жәрдем ете алмайсың. Ауруханада қалдыру керек бұны.
─ Егер керек болса, қалдырмай несі бар дейсіз, жарықтығым?
─ Бұған операция жасаймыз. Сен осында қал, Пашка, - деді доктор, Пашканы иығына қағып қойып. – Шешең қайта берсін де, біз осында болайық, бауырым. Менің қолымда болу өте жақсы, бауырым, кеңірдегіңнен кенелесің! Екеуміз әлі бәрін де тындырамыз. Пашка, шөже аулауға шығып, саған түлкі де көрсетемін! Бірге қонаққа да барамыз! Қалай дейсің? Ал шешең болса, ертең келеді! Қалай қарайсың!
Пашка шешесіне жаутаңдай қарады.
─ Қала ғой, көкешім! - деді ол.
Оқиға желісі мен шешім
─ Қалады, қалайын деп тұр! - деді доктор масайрай сақылдап. - Сөз ететін ештеңе де жоқ! Мен бұған тірі түлкіні көрсетемін! Жәрмеңкеге бірге барып, мұз кәмпит аламыз! Марья Денисовна, мынаны жоғары алып барыңыз!
Доктор өзі ақжарқын жұмсақ мінезді адам болуы керек, танысқанына қуанып та қалды. Пашка тумысында жәрмеңкеде болмағандықтан, әрі тірі түлкіні көргісі келіп, доктордың ыңғайына жағайын, шешемсіз қалай болар екен деген ойда болды. Сәл ойланып тұрып, доктордан ауруханада шешемді де қалдырыңыз дегенді сұрағалы аузын ашқанша, фельдшер әйел оны баспалдақпен жоғары қарай ала жөнелді. Пашка келе жатып, аузы аңқия, жан - жағына қараумен болды. Баспалдақ, еден, жақтау дегендер - түгел үлкен, түп-түзу, жарқырап тұр - әдемі сары бояумен боялып, өсімдік майының жақсы иісі келеді. Қай жерге қарасаң да, шамдалдар ілініп, еденге алаша төселген де, қабырғаларда жез шүмектер көрінеді. Бірақ Пашкаға өзін әкеліп отырғызған кереует пен түкті сұр көрпе бәрінен де қатты ұнады. Жастық пен көрпені қолымен шұқып көріп, палатаны шолып шыққан соң, доктордың тұрмысы өте жақсы екен деп те ойлады.
Палатада шағындау үш кереует тұр. Бір кереует бос тұр да, екіншісі Пашкаға тиіп, үшінші кереуетте көз жанары түнерген бір қарт адам дамылсыз жөтеліп, рөмкеге түкіріп отыр. Пашканың кереуетінен қос кереуетті екінші бөлменің жарым - жартысы есіктен көрініп тұр, сол кереуеттің бірінде басына каучук дорба қойған өте арық, боп-боз бір адам ұйықтап жатыр; екінші кереуетте қатыннан айна - қатесі жоқ басын таңып, қолын таянған және бір мұжық отыр.
Фельдшер әйел Пашканы орналастырған соң шығып кетті де, сәлден кейін бір құшақ киім көтеріп қайта оралды.
─ Саған әкелдім, киін, - деді ол Пашка шешініп тастап, жаңа киімді рақаттанып кие бастады. Көйлек, шалбар мен сұр шапанды киген соң, өзіне-өзі сүйсіне қарап, осы киіммен деревняны аралау жаман болмас еді деп ойлады. Қиялында, шешесі оны торайға беретін қырыққабат жапырағын жұлып әкелуге өзен бойындағы бақшаға жіберген боп елестеді. Пашканы ер балалар мен қыз балалар қоршай кетіп, киген шапанына қызыға қарағандай көрінді.
Палатаға қолына қос қалайы меске мен қасық, екі жапырақ нан ұстаған күзетші әйел келіп кірді. Тостағанды ол қарттың алдына қойып, екінші мескені Пашканың алдына қойды.
─ Іше ғой! - деді ол.
Пашка тостағанды қарап, майлы щи мен ішіндегі бір кесек етті көріп доктор өте жақсы тұрады екен де, бастапқы байқауымдай, онша зілді адам емес екен деп ойлады. Пашка щиді, әрбір ұрттаған сайын қасығын жалай түсе, ұзақ ішіп, табақта еттен өзгесі түгел таусылған кезде, қартқа көз қиығын салды да, соның әлі ішіп отырғанын көріп, қызығып кетті. Етті қалай да ұзақ жейін деген оймен күрсіне кіріссе де, ол ойынан ештеңе шыққан жо: кешікпей еті де жоқ болды. Бір жапырақ наны ғана қалды. Нанды құрдай жеу дәмсіз болғанмен, істер лажы болмаған соң Пашка ойланып отырып, оны да жеп қойды. Осы арада жаңа тостаған алып, күзетші әйел қайта кірді. Бұ жолы тостағанда картоп қосып қуырған қуырдақ бар екен.
─ Наның қайда кеткен? - деді күзетші әйел Пашка жауап беру орнына ұртын томпайта үрлеп, демін бір-ақ шығарды.
─ Түу, неге жеп қойдың? - деді күзетші кейи сөйлеп. - Қуырдақты немен жемексің?
Әйел шығып кетіп, тағы да бір жапырақ нан әкелді. Пашка туғалы қуырдақ жеп көрмегендіктен, қазір дәмін татқан соң, өте тәтті екен деп ойлады. Қуырдақ тез таусылып, щи ішкендегісінен наны да көбірек артылды. Қарт тамағын ішкен соң, қалған нанын үстеліне апарып тықты. Пашка да соны істегісі келгенмен, ойланып отырып, ол нанын да жеп қойды.
Тойып алған соң, сейілдеуге шықты ол Көрші палатада Пашка есіктен көрген екі адамнан өзге тағы да төрт адам бар екен. Пашканың назары соның тек біреуіне ғана түсті. Ол өзі ұзын бойлы, өте жүдеу, беті тұнжырап түк басқан мұжық екен де, кереуетте басын үнемі маятникше изеп, оң қолын ылғи сермей түсіп отыр. Пашка одан көпке дейін көз айырмады. Мұжықтан маятникше, біркелкі изеуі оған әуелгі кезде жалпы ермек үшін изеген оғаш нәрсе көрінгенмен, оның жүзіне байыптап қарай келе, тұла бойы тітіреп, мұжықтың қатты ауырып отырғанын да түсінейін деді. Үшінші палата жаққа келіп, беттерін балшықпен сылағандай, өңдері қарауыта қызарған екі мұжықты көрді. Екеуі тырп етпей, кереуетте отыр екен де, бет - бітімдері бір түрлі, адам айырып болмайтын, қолдан жасаған мәжуси құдайына ұқсап кетіпті.
─ Апа, бұлардың түрі неге бүйтіп кеткен? - деді Пашка күзетші әйелге.
─ Балақайым, оларға шешек шыққан.
Пашка өз палатасына келген соң, кереуетіне отырды да, бірге жүріп, не торғай аулап, не жәрмеңкеге бару үшін докторды күте бастады. Бірақ доктор келген жоқ. Көрші палата есігінен бір сәтке фельдшердің қарасы шалынды. Ол әлгі басына мұз қапшық қойған ауруға үңіліп: "Михайло!" деп дыбыс берді.
Ұйқыда жатқан Михайло қозғалған жоқ. Фельдшер қолын бір сілтеді де, кетіп қалды. Пашка докторды күтіп отырып, қасындағы қартты шолып шықты. Қарт дамылсыз жөтеліп, рөмкеге түкіріп отыр екен; Пашкаға қарттың бір ерекшелігі қатты ұнады, қарт жөтеле дем алғанда, көкірегінде әлденелер шуылдап, неше түрлі әнге салады екен.
─ Ата, кеудеңізде шуылдаған немене ол? - деп сұрады Пашка.
Қарт ештеңе деген жоқ. Пашка тосып отырып:
─ Ата, түлкі қай жерде болады? - деп сұрады.
─ Қандай түлкі?
─ Тірі түлкі.
─ Қайда болсын? Тоғайда болады!
Көп уақыт өтсе де, доктор сол келмеген күйі келмеді. Күзетші әйел шай әкеліп, шай ішуге нан қоймапсың деп Пашкаға ұрысып та алды, фельдшер қайта келіп, Михайлоны оята бастады. Сырт жақ көгілжім тартып, палатаға шам жағылса да доктор көрінген жоқ. Жәрмеңкеге барып, торғай аулауға күн кешкіріп те кетті. Пашка кереуетке жатып, ойлана бастады. Доктор уәде еткен мұз кәмпитті, шешесінің жүзі мен үнін үйіндегі алагеуім кез бен пешін, Егоровна дейтін ұрысқақ әжесін ойлап шықты... сөйтіп жатып, жалғызсырап, құлазиын да деді. Ертең өзіне шешесі келмек болғанын ойлап, күліп жіберді де, көзін жұма бастады.
Пашканы бір дыбырлаған жүрістер оятып жіберді. Көрші палатада біреу күңкілдей сөйлеп жүр екен. Сығырайған шырағдан мен шам жарығында Михайло кереуетінің қасында қыбырлаған үш адамның қарасы көрінеді.
─ Әлде кереуетімен алып шығамыз ба? - деп сұрады біреуі.
─ Қой, кереуетпен жүре алмайсың. Ойпыр-ай, иманды болғыр, мезгілсіз өлді - ау!
Михайлоны біреуі қолтығынан, біреуі аяғынан алып көтерді. Михайлоның қолы мен шапанының етегі болар - болмас салбырап тұр. Үшінші біреуі - қатынға ұқсас әлгі мұжық екен, шоқынған соң, үшеуі аяқтарын тапырақтай басып, Михайлоның етегіне орала, палатадан шығып кетті.
Ұйықтап жатқан қарттың көкірегі шуылдап, алуан түрлі ән салып жатыр. Пашка құлақ түріп, қараңғы терезеге қарады да, зәресі кете, кереуеттен ұшып түрегелді.
─ Ма-а-ма! - деп барқырап қоя берді. Содан жауап та күтпестен, көрші палатаға қарай тұра кеп жөнелді. Соған келгенде, шам мен шырағдан сәулесінен түн қараңғысы болар-болмас жарық тартайын деді. Михайлоның өлімінен үрейленген аурулар кереуеттерінде отыр екен, көлеңкеге ұласа үрпиген ауруларға көлеңкелері ұлғайып, өсіп бара жатқан секілді көрінді; қараңғылау, шеткі бұрыш кереуеттегі мұжық басын изеп, қолын сілтей түсіп отыр.
Пашка есікті де ажыратпай, шешек аурулар жатқан палатаға қойып кетіп, одан дәлізге шыға, дәлізден үлкен бөлмеге барып зып берді, ондағы кереуеттерде шаштары жалбыраған, кемпір пішінді құбыжықтардың бірі отырып бірі жатыр екен. Пашка әйелдер бөлімшесін аралай зытып дәлізге тағы да тап болып, таныс баспалдақтың жақтауын көрген соң, төмен қарай зымырай жөнелді. Ертеңгісін отырған қабылдау бөлмесін сол жерде ғана танып, сыртқа шығатын есікті іздей бастады.
Есік ілгегі шырт етіп, сұп-суық жел лебі шалған соң, Пашка сүріне-қабына далаға жүгіре шықты. Оның қаша жөнелейін деген бір-ақ ойы бар еді. Өз басы жолды білмегенмен, жүгіре берсем, үйдегі шешеме қайтсем де жетемін дегенге сенімді де болатын. Түн бұлыңғыр болғанмен бұлт арасынан ай жарығы түсіп тұр екен, Пашка есік алдынан тіке ілгері қарай заулап, сарайдан айнала бере, иесіз бұталарға тап болды сол ойланып тұрып, ауруханаға қарай қайта зымырап, содан өте бере, жүрексініп тағы да тұра қалды, аурухана сыртындағы мола крестері ағарып көріне кетті.
─ Мамка! - деп бақырып жіберіп, кейін қарай зытты.
Тұнжыраған, қап-қараңғы құрылыстар қасынан өте бере, от шыққан бір терезені көрді.
Шақшиған қызыл ноқат қараңғыда қорқынышты көрінгенмен, қайда барарын білмей, есі кете қорыққан Пашка, солай қарай тартты. Терезе қатарында сатылы баспалдақ пен ақ тақтай қаққан есік бар екен: Пашка басқышқа жүгіре шығып, терезеден қарасымен-ақ, жүрегі жарыла қуанып қоя берді. Пашка терезеден үстел басында кітап оқып отырған ақжарқын, жуас мінезді докторды көрді. Пашка таныс адамына қол созып, дауыстайын дегенше, белгісіз бір күш тынысын тарылтып, буын - буынын құртып жіберді, теңселіп барып, есі ауа, басқышқа сылқ ете түсті.
Ол өзіне-өзі келіп, есін жиған кезде, әбден жарық тартқан екен де, кеше жәрмеңкеге апарып, торғай аулатып, түлкі көрсетемін деген өзіне таныс дауысы:
─ Ақымақ десе, ақымақсың, Пашка! Ақымақ емей несің? Соғар жөні келсе де, соғар кісі жоқ қой, сені, - деп қасында сөйлеп тұр екен.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру