Отарбай Иманғазыұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әбілқайыр Спан — «Отарбай Иманғазыұлы». ОТАРБАЙ ИМАНҒАЗЫҰЛЫ
/uploads/e30bc293-bebc-518b-9d13-c0298c184ceb/cover.png
(деректі әңгіме)
Жаңа Өзен қаласында Тынымбай Қарамбетұлы дейтін бір жақсы аға тұрады. Бүкіл еңбек жолын ішкі істер органында өткізіп, артына бір ауыз сөз ертпей зейнеткерлікке шыққан аға қазір тердің сәні, алқа алды әңгіменің мәні, қарттығын мазмұнды етіп өткізіп келе жатқан қартымыздың бірі. Қолқа салыңқырап жіберсе, қолға домбырасын алып Қайыптың «Жадай көгінен» бастап көптің құлағына таңсық біраз әндердің басын қайырып жіберетін Тынекең естелікті әңгімеге де құлата түрік, үй толы кісіні біразға дейін баурап отыратын шежіре. Бұрыннан да жақсы таныстығы бар ағаға сөз ыңғайы келгенде бір бұйымтайымның шетін қылтиттым. Ол бұйымтайым анау-мынау емес кәдімгідей бір қолқа еді. Тынекеңнің ағасы Қарамбетов Еркегүл 1930 жылы Тобанияз тобымен бірге сотталып, кесімді жылын өтеп елге оралған соң, Түрікменстан асып бой тасалап, өрт ішіндегі жалғыз түп шидей аман қалып, күні кеше ғана көз жұмған кісі. Ерекең марқұмның сол ойранның құрбаны болған серіктері туралы естелігінен Тынымбай інісінің құлағында не қалды екен деген сауал еді мені мазалап жүрген.
— Ай, қарағым-ай, заман талқысы ағаға көп нәрсені айтқызбады ғой,- деп терең бір күрсініп алды Тынекең әуелі. Байыпты әңгіме сарыны сол үнсіздіктен соң барып жалғасты.
— Ерекең марқұм сол сен қаузап отырған 1930-шы жылы сотталған 39 адамның бірі. Пәлендей көзге түсердей іс басында болған кісі емес. Айранын ұрттап, қойын құрттап, бар сауаты ауыл молдасынан жаттаған «Алхамнан» әріге бармайтын адамның Кеңес алдында неден жазықты болғаны белгісіз. Оны ағамның өзі де өле өлгенінше білмей кетті. Әйтеуір, көрер жарығының тор терезенің ар жағында, айдауыл алдында таусылмағанына шүкіршілік ететін. Тобанияз Әлниязов бастаған 21 адамды атуға кескен 1930 жылғы 9 қазан күнгі үкімді өз құлағымен естігенмен олар өлді дегенге берірек келгенше сенбей жүрені есімде. «Тергеу барысында Жақау Отарбай Иманғазиевпен бір камерада бірсыпыра уақыт бір отырдым. Марқұм өте бір парасатты, пайымды адам еді. «Біз, сірә, бұл кеңес садақаға шалған қағындының қара лағы болғалы тұрмыз ғой. Сендер, жастар, аман қалсаңдар болды. Елге шер болып жетсең біраз мезгілге таныс ортадан қараңды үзіп әкет» деген ақылды Ерекеңе берген сол Отекең екен. Ерекең марқұм ағамның сол ақылын алғанымның арқасы ғой әлі бала-шағаның алдында қалқиып жүргенім деп отыратын. Тынекең көп жылдар Түрікменстанның Красноводск облысында жұмыс жасаған. Сөйтіп, Иманғазыұлы Отарбай мен оның көп тағдырластарын жетік білетін ортада өскен. Осы жайт селбеу болып сол жылы мен аға аузынан біраз әңгімеге қанықтым. Сөйтіп, менің соңғы жылдары Геркулестерім болған «Қасірет хикаяның» жаңа бір «Отарбайнама» тарауы елес берді. Сол елес артынан еру сергелдеңінің тағы бір соқпағы жеделдес ағам Бердәулетұлы Сүлейменмен сырлас қылды. Сүлекең Жақау руының өкілі, яғни Отекеңе аталас туыс болып келеді. Ол марқұмның артында қалған жесірі Бөпежанды көрген, қызын жақсы білген адам.
Сол 30 жылдың ойранында серкесінен айрылып сергелдеңге түскен ел беті ауған жаққа босқан ғой. Солардың Отарбайды қара, пана тұтып жүрген Жақау аулы да Қорқыттың көрін көре-көре Түрікмен топырағын басып, шіл қиындай тозғындап кете берген екен. Бердәулет аулы Красноводск облысының Сүлмен дейтін аулының шетінен қараша күркесін қалқитқан. Сол қара күркеден ұлғайып жапсарласа жалғасқан үш кереге шатпада 1941 жылы дүниеге Сүлеймен бала келген. Ол 1955 жылы облыс орталығындағы орта мектепті үздік бітірген соң сондағы медицина училищесіне түседі. 4 жыл фельдшер болып тәжірибе жинақтаған соң Ашхабадтағы медицина институтына түсіп, үшінші курстан институт жолдамасымен Ленинградтағы академик Павлов атындағы бірінші медициналық институтқа түседі. Оны да үздік бітірген маман жолының біртіні ғылыммен сабақтасады енді. Медицина ғылымдары академиясының академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты, профессор Федор Григорьевич Угловтың тандаулы шәкірті бола жүріп, 1977 жылы өкпеге түскен қатерлі ісікті емдеу саласында кандидаттық диссертация қорғады. 1987 жылдан ата күлдігі Маңғыстауда. Облыстың бас хирургі, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болды, қазір медициналық қамсыздандыру қорының Маңғыстау бөлімшесінің бастығы. Сүлекең де арманда кеткен атасының есімін жаңғырту қамымен қабырға қайыстырып жүр екен. Іздегенге сұраған, екеуміз үлкен жолдың бойында төс қағыстырып ұшырастық.
Менің өткенге қатысты жеке архивімде — Ұлы Отан соғысының ардагері Сұлтан Балхаев туралы көптеген мәліметтер бар. «Түртінектеп қарап жүрмейді» деп анықтама береді оған әзілі жарасатындар. Олай деулеріне себеп, Сұлтекең мерзімді баспасөздердің белсенді тілшісі ретінде қолынан ширек ғасырдан астам уақыт бойы қалам түсірмей келе жатқан кісі. Сонда оның көкейтесті тақырыптарының бірі — осы нәубет кезеңі, жазықсыз жапа шеккендер. Бұл тұрғыдан алғанда, Сұлтан жездеміз екеуміз бір терінің пұшпағын илеп жүрген харекет иелеріміз. Құрметті оқырман, Отарбай Иманғазыұлы жайлы киелі әңгіменің басын бұлай бастағанымды жоқ-барды тере бердіге жорып қалмаңыз. Бұлай етуімнің өзіндік себебі бар. Мен оқып танысып, шұқшия зерттеген Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі «Т.Әлниязов бастаған Адай контрреволюциялық тобын әшкерелеу» деп аталатын 12 томдық істе Отарбай Иманғазиев туралы мәлімет өте сырдаң. Жауап алу процедурасында ешқандай заңдылық нормасы сақталмаған. Жалғыз ол емес, басқа жауапталушылар жайы да осындай. Сондықтан тағдыры талапайға түскен сол мұңлықтар туралы ізденіс мені әрқашан осылай айдамал жолға айдап, ұзын өріс, кең шиыр кезуге жетелеумен келеді.
Сонымен біздің негізгі кейіпкеріміз Отарбай Иманғазыұлы кім?
Отызыншы жылғы ОГПУ жендеттері сауал-сұраққа алдымен құрбандығының ұлт, тайпа, ру, ата жігін түгендеп, түстеп түсіреді екен. Біз де сол үрдісті ұстанып көрелік. Бағзыдан түзілген шежіреге жүгінсек, Адай атамыздан Келімберді, Құдайке, олардан Мұңал, Тобыш өрбімей ме. Атаның ақ батасы дарыған Мұңал атаң бұтағын кең жайып, көгені ұзарып кете бермей ме? Соның бір өскен, өнген ұрпағы Бәйімбет. Бәйімбеттен Алдаберді, одан Райымберді, Боқсары, Текей, Жанақ. Соның Текейінен сайдың тасындай бес ұл — Әтембек, Байшағыр, Мамыртай, Жақау, Әнет өсіп-өнген. Ел аузында Текей делінетін бұл ауыл басқа жарыған, алдеқашан 7 атадан асып кетсе де білген жерде бір-бірінен қыз алыспаған, атқа мінген азаматының қай-қайсысы да ел қамын ойлаған, бір бірінен «әрі отыр» деген сөзді естімеген бір Қыдыр дарыған ауыл. Өскені емей немене, бір Әнеттің өзінен — 7 ата өрбиді. Соның үлкені Қырымқұлдан — 10 бала, оның үлкені — Қалбы би, Қалбының тұңғышы атақты Ғафур би, Одан Қожа ақын. Аулының ең кішісі тоқтылы қойдың дауын шешетін 40 би шығарған Қырымқұлыңыз осы болғанда, оның бір інісі — Мая би, одан Бәйменбет те, бір інісі атақты Ер Төлеп батыр. Ер Төлептің 13 ұлынан өрбіген ұрпақ күні бүгін Маңғыстауда 150 үйдей. Шежіре Текейұлы Жақауды кезінде қол алдын ешкімге бермеген, жауына желкесі қарамаған батыр болды дейді.
1924 жылы Отарбай қазақтар мен түрікмендер арасындағы ашуараздықты реттейтін республика аралық төтенше комиссия құрамында елінің арын арлап, мұңын мұңдап абыроймен оралғанда атақты Сүгір жырау Бегендікұлы былай деген екен.
... Одан бері сөйлесем,
Белгілі Жақау атаңнан,
Әруақты атан атанған,
Аллам берген сапардан.
Тарбағатай тауында
Қалмақтай мықты жауында
Қарғытып атын қамалдан
Қаласын бұзып ханды алған
Бір қыз бенен бір бала
Ағалыққа сонда алған
Сауғаға беріп баланы
Дорал деген бір ауыл
Төлеке болып аталған...
Көп аузында Төлеке делінетін Қаржау, Қамысбай, Күмісбай, Доралдың сол Доралынан кейіннен небір ісмер, тамшы шеберлер шығып, Маңғыстаудың материалдық мәдениетінің шоқтығын өсірді. Сұлтекең - Сұлтан Балхиев «Жақау батырдың үлкен қара сауыты Аққұдыққа жақын Қарашын деген таудағы мешітте Жары Баба батырдың сауытымен бірге жатады екен, Жақау батыр өте алып адам болса керек, сауытын екі адам зорға көтереді» деген дерек береді. Өкінішке орай, сауыт 1930 жылдың ойранынан соң қолды болып кеткен.
Сол Жақау батырдан Дүйсе — Құлмәмбет, Иманғазы, Иманғазыдан атаның емес, елінің ұлы болып туған перзент Отарбай.
Тергеу ісіндегі мәліметке қарағанда, Отарбай Иманғазиев 1871 жылы Маңғыстау уезінің 3-ші ауылында туған. Ұсталғанда 57 жаста, әйелі Бөпежан 44 жаста, ұлы Абдулла 2 жаста, ағасы Таңатар 71 жаста болған.
Отекеңнің Маңғыстау облыстық, Түрікменстан мемлекеттік архивтерінде, ҰҚК архивінде сақталған орысша жазбаларына, жазу машығы әбден қалыптасқан қолтаңбаларына қарағанда, оны өз бетімен хат таныған деуге келіңкіремейтін сияқты. Бұл оның тергеушінің «байдың баласы болған соң оқыдың. Кедей баласы болсаң оқу қайда» деген бопсасынан жалтарғаны болса керек деп есептейміз. Себебі, жазбаның бәрі оның мектеп есігін ашқан, мұғалім алдын көрген, зиялы тәлім-тәрбиесі қалыптасқан адам екендігіне меңзейді. Сонда ол қайда оқып білім алуы мүмкін. Алматыдағы Ұлттық мемлекеттік архивте Форт-Александровск слабодасындағы 1893 жылғы үй иелерінің тізімі сақталған (40-қор, 1-тізбе, 365-іс, 1-7 беттер). Онда слабодада 3 әскери қызметкер, 20 отставкадағы чиновник, 3 орыс, 19 армян, 17 түрікмен, 14 қырғыз, 2 еврей, 1 персиялықтың тұратыны айтылған. Қазақтардан үй иелері Жұлдызов, Махмуд Инесариев, Т.Мырзабаев, Тілеумұханбетов, Жұмабай Сармысов, Алмағанбет Бектеуов, Жаншуақов, Бердіқожа Ағамұратов, Кептілеу Семалықов, Таңатар Иманғазиев, Мәтжан Тілеумұханбетов, Көбеев. (Тастан — Ә.С) Әрине, уездік қалаға келіп бірден үй-жай салып немесе сатып алып орныға қою оңай шаруа емес. Ол үшін, алдымен, слобода іргесінде уақытша баспана тұрғызып, етек-жеңіңді жинап дегендей тірлік ету керек болатын. Сондықтан, Т.Иманғазиев қала мен оның маңына 1893 жылдан әлдеқайда көп бұрын, яғни інісі Отарбайдың бала кезінде келіп қоныстанды деуге негіз бар. Сол архивте тағы Маңғышлақ уездік басқармасы шабармандар командасының салт аттысы Таңатар Иманғазиевтің Станислав лентасына тағылған «Құлшынысы үшін» деген жазуы бар күміс медальмен Кавказ әскери округінің 1881 жылғы №106 бұйрығы бойынша наградталғаны, дәл сондай жазуы бар айырмасы алтын, Анна лентасына тағылған алтын медальмен наградталғандығын айғақтайтын құжат бар. Демек, Т.Иманғазиев қаладағы белгілі де беделді адамдардың бірі. Ендеше, ол қоңсысы, уездік басқарманың тілмашы, дәл өзіндегідей екі медальдың иегері Тастан Көбеевтің інісі Оспанды Орынбордың Непюллев атындағы кадет корпусына беріп орысша оқытқан жаңа үлгісін неге ұстанбасын.
Форттағы ол кездегі бірден-бір білім беру ошағы бірінші дәрежелі мектеп. Алматыдағы архив қазынасында оның қалай ашылғандығы жайлы төмендегі бағалы құжат сақталған.
Үкім.
Біздің ортамызда тұратын көптеген жанұяларының қаржысы шектеулілігі салдарынан балаларына тәрбие беру мүмкіндігі аз, ал балаларын басқа жаққа жіберуге кедей ата-аналардың мүмкіндігі тіпті жоқ болуы себепті, жоқ-жітіктерге, көп жанұялы ата-аналардың балаларына кеп шығын шығармай-ақ білім беруіне жол ашу үшін біз төменде қол қоюшылар баршамыз келісе отырып ұйғардық.
1. Форт-Александровскіде екі жыныстағы балаларды тегін оқыту үшін шаруашылық тәсілмен қоғамдық мектеп салып, оған мұғалім жалдауға.
2. Құрылыс салу үшін, тағы да қажет материалдарды, жауапты адамдарды біз өз ортамыздан сайлауды міндетімізге аламыз. Олар құрылыс біткен соң жергілікті басшылыққа жұмсалған қаржы есебін тапсыратын болады. Осы көрсетілгендер бойынша біз аталмыш үкімді жасақтап Маңғышлақ приставствосы бастығының құзырына ұсынып, жоғарыдағы негіз бойынша мектепті Форт-Александровскідегі Армян слободасында ұлықсат алуға ықпал етуін сұраймыз. Сол үшін қолымызды қоямыз.
18 маусым 1878 жыл. Ф.А-к.
Бұл үкімді 26.06.1878 жылы Закаспий әскери бөлімінің бастығы генерал-майор Ломакин бекітіп, мектеп құрылысын бастауға Маңғышлақ приставына әмір береді. Армян слободасы Форттың қазіргі мәдениет үйі, Армян шіркеуі тұрған аймақ. Өңіріміздің өткенінде өшпес із қалдырған талай боздақтар, Маңғыстау зиялыларының алғашқы легі (олардың ішінде Түрікмен ССР Орталық Атқару комитетінің бірінші төрағасы Нәдірбай Айтақов, министр Құмшәлі Бориевтер де бар) осы оқу ордасында топшы қатайтып еді. Мектеп берген білімнің сапалы екендігін сипаттайтын бірер мысал. Осы ғасырдың басында сол мектепті бітірген бір қазақ баласы Закаспий облысының басшысына білімін әрі қарай жалғастыруға өз қаражатының жоқтығын айтып, қазына есебінен Горидегі мұғалімдер семинариясына барып оқуға ұлықсат сұрап хат жазады. Семинарияны бітірген соң 6 жыл Ресейдің кез-келген жеріне жолдамамен барып жұмыс істеймін деген келісімі алынған соң оған ұлықсат етілген. Сталин Джугашвилидің туған қаласы Гориға барып оқыған сол жерлесіміздің онан кейінгі тағдырын өкінішке орай, біле алмай жүрміз. Форт-Александровск мектебінің тағы бір түлегі Нұрсұлтан Оңғалбаев кейіннен Ашхабад гимназиясына түскен.
Таңатар Иманғазиев үкіметтен қанша сый-құрмет көрді дегенмен қолы қысқа адам. Оның Тастан Көбеевтей інісін Орынборға апарар жағдайы жоқ. (Оспан Көбеев те жоқшылық көріп, қазына қаражатымен ғана оқыған — Ә.С.) Сондықтан Отарбайдың алғашқы да, соңғы да ресми оқу ордасы мен ортасы осы Форттағы мектеп болған. Сірә, қол қысқалығынан болар, ол мектепті де бітіре алмаған. Білім алу жолын онан әрі өз бетімен жалғастырған. Ол заманда қиыр түкпірде тұрған, білім жолын қууға қолы қысқа жасөспірімнің бір жолы кеңседе кішігірім қызмет істеу немесе ауылдағы болысқа тілмаш, песір болу да, екінші жолы бардың байлығын еселеп күн көру еді ғой. Отекеңнің пешенесіне жазылғаны осы екінші жол болыпты. «Патша тұсында Форт-Александровскідегі көпес Франгуловта 15 жыл сенімді өкіл, содан кейін қалада қабылдаушы болдым» деп жазады ол тергеу ісіндегі сауал-сұрағында. Франгулов жоғарыдағы мектеп үйін салуға бас болған, кезінде Маңғыстаудың байлығын теспей сорған алпауыт. Көне көздер қазіргі Фортта М.Әбдіхалықов көшесіндегі құрылыс кеңсесі орналасқан екі қабат кең орамды үйді осы Франгулов негіздеп еді, бірақ төңкеріс болып қызығын көп көре алмады десетін. Ірі миллионер саудагердің сенімді өкілі болу ел танимын, жер көремін, өмір сырына қанығамын деген талапты жасқа қолайсыз да қызмет емес. Ол да өзінше бір өмір мектебі.
Қыста көп қатпайтын айлақта тұрған Форт-Александровск ол кезде тоғыз жолдың торабы дерлік еді. Тиыннан сом айырған көпес саудасы, сірә, бір толастаған емес. Ендеше, оның сенімді өкілі де үнемі тыным таппағаны белгілі. Баку, енді бірде Астрахань, Гурьев. Қалада парсылардың сауда факториясы болуы себепті, Иранмен де сауда жолы ашық еді. Ал саудагердің ондағы шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындыратын адамы - теңіз жағалауындағы діні мұсылман түрікмендермен өз тілдерінде сөйлесе алатын Отарбай тұғын. Дербентте де сол. Тесік өкпе, көзі ашық жігіт Ресейдің ішкі жағындағы шаруаларды реттеп келуге мығым. Бізге жеткен дерек ол уақытта Форттағы бірыңғай балық кәсіпшілігімен айналысатын Захар Кузьмич Дубскийден басқа алпауыт саудагерлер алуан кәсіптің басын ұстағандар еді. Себебі, қыр еліне киім-кешек, азық-түлік тағамдарынан бастап үй жиһазы, еңбек құралдарына дейін керек. Ал басқа жақ бұлардың малының терісіне, жүніне, басқан ерелі киізіне, етіне ерекше зәру болып отырды. Демек, сенімді өкілге қаламен қатар далада да іс жетіп артылатын. Осылардың бәрі Отарбайдың өмір танымына көп ықпал еткеніне сөз жоқ. «Қазақтың жақсысының артына сөз ермегені жоқ» деп Абай айтқандай, осы кезеңде ғасырлар бойы құлдық қамытын киіп келген Ресейдің барлық халықтарының көзі ашық, еті тірілерінің коммунизм идеясына бой ұрмағаны жоқ дерлік. Оларды арбаған коммунисттердің теңдік ұраны еді. Барлағы бірдей тең болып, адамның бір-біріне алалығы болмаса, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын мамыражай, жаймашуақ заман орнаса адамзатқа одан артық не керек. Ол жолға жан пида емес пе? Шынтуайтқа келгенде, әуелде большевиктердің сөзін сөйлеп, намысын жыртқан қалың бұқараның бар түсінігі, саяси таным түсінігі тек осыған ғана сайды ғой. Әйтпесе, Ресейдің отар ұлтарының өкілдері түгіл, соқа артында сүйретіліп жүрген мұжығы мен темірдің таты жұққан майсіңді қолымен кешкісін қияр кеміріп, арақ ішіп жүрген жұмысшысының қай-қайсысының да «Коммунистік партияның манифесін» терең талдап, Карл Маркстің «Капиталын», Лениннің еңбектерін жата-жастана тұшынып оқығандары жоқ. Отарбай Иманғазиев те сол әлденеше мыңдаған көптің бірінің сапында Қазан төңкерісін желпіне қарсы алғаны күмән емес. Себебі, қалың бұқара, дүйім ел одан үлкен өркенді өзгеріс күтті.
Архивтерде сақталған құжаттарды оқып отырсақ екі көтеріліс те алыстағы Маңғыстауға сарынын ғана жеткізіпті. Форттағы телеграф патшаның тақтан түсіп, үкімет билігін Уақытша үкіметтің алған хабарын уездік басқармаға жеткізеді. Ізінше уездік басқарма аяқ жетер жердегі беделді, белгілі жұртшылық өкілдерін жинап осылай да осылай дейді. «Е, дұрыс, ләйімде оң болсын» деседі оған әрқашан жоғарыдағылар бірдеңені біліп жасайдыға ден қойып үйренген жұрт. Сосын уақытша үкімет саясатын қолдайтындықтары туралы қаулы қабылдап, оны телеграфпен орталыққа хабарлайды. Атышулы Қазан төңкерісі де солай. Айырмасы - бұдан кейін уездік үкімет құрамына сәл өзгеріс енгізіліп осылар әлгі большевик дегендердің ұранына тым құлақ асыңқырайды-ау деген бірсыпыра кісілермен толықтырылады. Төңкерістен бұрын жыл аралатып «Закаспий облысының статистикалық есебі» деген жинақ шығарылып тұрған екен. Соны оқып көргенімізде Закаспий облысы, оның ішінде Маңғыстау уезі ең бір тәртіпті аймақ болып шықты. Кісі өлтіру, тонау, зорлау деп аталатын қазір етіміз үйреніп болған жексұрын қылмыстар шанда-шанда ғана ұшырасады (бұл есепке, әрине, ауыл арасының билер кесімімен шешіліп, бітісіп жататын қылмысты оқиғалар енбегені анық). Қазақ атаңның барымтасы болмаса көлденеңнің мал-мүлкіне көз сүзері жоқ қой. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қайта ол жеңілген жақты талап-тонау ерсі саналмайтын жаугершіліктің өзінде. Тегі қазақ атамның осы марайма мінезіне сіңістілік болар, Қазан төңкерісінен соң Ресейдің өзге жерлеріндегідей барды барымталау мұнда болған жоқ. Соғыстан шайқалған елдің шаруа күйіне байланысты саябыр тартқан сауда өз жөнімен, балық кәсіпшілігі, тұз өндірісі өз жөнімен жүріп жатты. Пәленің бәрі майданнан, ана жақтағы бар жамандықтан санасы уланған солдаттар, Ресейдің ішкі аймақтарынан күнкөріс қамы айдап, басқа да себептермен бері ығысқан әртүрлі қағылған, соғылғандар келген соң бұзылды елдің шырқы.
Отарбай Иманғазиев төңкеріс алдында ірі саудагер Шағыр (Шәкір) Бекназаровта қабылдаушы, яғни іс жүргізуші еді. Түбек тарихында өзіндік бейне-бедерімен қалған бұл адамға арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Тобанияз, Оспан, Отарбайлармен бірге сотталып атылған, туысы маңғыстаулық Қожа, түрікмен Шағыр Бекназаров 1875 жылы осы Фортта туған. Біз Түрікменстанда тұратын, Ашхабад көз аурулары емханасында ғалым, оның жиен қызы Гүлбүбімен кездесіп сөйлестік. Соның және қазір Ақтауда тұратын туысы Ақтау политехникалық институтының профессоры, Бекназаровтардың туысы Құрбан Нефесұлы Аманиязовтың айтуына қарағанда, оның шын аты - Құрбан. Көзінің көктігіне орай, оны қазақтар Шағыр деп кеткен. Кейіннен осы лақап есімі оның атына айналып кете барған. 1930 жылдың зобалаңы алдында Шағыр баласы Әбдірахман мен қызы Зәһиданы, інісі Сапарды Түрікменстан асырып жіберген. ОГПУ, бірақ Сапарды тауып әкеліп ағасымен бірге жауаптап 10 жылға соттады. Сапар дерегі содан соң белгісіз. Ол туралы Ашхабадтағы тумалары білмейді. Әбдірахман Бакуде юристік білім алып көп жылдар Түрікменстанда сот болған. 1948 жылы жер сілкінісі кезінде қайғылы қазаға ұшырады. Ал Зәһида көз дәрігері болып шықты. Ашхабадтағы ірі ғылыми мекеме, әрі емдеу орны көз аурулары емханасының негізін қалаушы профессор Зәһида Бекназаровамен біз кездесе алмадық. Ол кісі алдыңғы жылы бақилық болған екен. Марқұм өле-өлгенше әкесінің тағдырын біле алмай пұшайман болып өтіпті. Өлерінің алдында Форттағы қазір тұрмыстық қамту үй орналасқан әкесінің үйіне келіп жылап, садақа беріп кеткендерін көргендер бар. Біз Гуля — Гүлбүбіге нағашы атасы мен ағасы Сапардың ҰҚК архивінен алынған суреттерін табыс етіп анасына көңіл айттық. Отекең мен Шағыр сол көтеріліс қарсаңынан бастап қатты дос болғаны соншалық, тіпті, ағалы-інілідей болып кеткен. Отекең тергеуде берген мәліметінде «Форттағы адресім Огородная көшесі 7, Ш.Бекназаровтың үйі деп көрсеткен». Мына қызықты қараңыз, 1920 жылы Гурьевтен шегінген Орал армиясының қолбасшысы генерал Толстов Фортқа келген сапарында әуелі осы Ш.Бекназаровтың үйінде тұрған. Себебі, ол Шағырмен әуелден етене біліс, көңіл тату екен. Сонда генералдың Отарбаймен де кездесуі әдбен мүмкін-ау. Ш.Бекназаров тергеуде берген жауабында «1925 әлде 26 жылы КирЦИК төрғасы Жалау Мыңбаев Фортқа келген сапарында менің үйімде жатты» дейді. Себебі, Шағыр Жалаумен де дос. Сол 1920 жылы ақтар Баутинмен, Оңғалбаевпен, Сапожниковпен қосып оны да тұтқындағанда Шағыр генерал Толстовқа полковник Оспан Көбеев екеуі барып болашақ КирЦИК төрағасын атылудан аман алып қалады. 12 томдық тергеу ісінде «Жалау Мыңбаев Ш.Бекназаровпен достығын еш үзген емес. Үзу орнына ол, тіпті, Бекназаровқа менің өмірімді сақтап қалғаны үшін қарызбын» дейді деген бір мәлімет көрініс берді. Бұл деректер Отарбай Иманғазылұының Шағыр досы арқылы ауқымын тым кеңге салып кеткен адам екендігін аңғартпай ма?!
1918-1920 жылдардағы Маңғыстау уезінің басшысы полковник Оспан Көбеев берген жауабында өз қолымен былай деп жазыпты.
«... 1919 жылдың көктемінде күтпеген жерден Форт-Александровскіге Орал казак әскерінің генерал Железное басқарған жазалаушылар отряды келді. Оның келу себебі, Маңғышлақ уезіндегі Адайларға саяси сенімсіздік көрсетілуінен еді. Бұл кезде Закаспий облысының орталығы Ашхабадта Закаспий үкіметі деп аталған үкімет құрылды.
Генерал Железнов Гурьев қаласы жақтан келіп жетісімен өзін гарнизон бастығы деп жариялап, уездік әкімшілікке өзінің жарлықтарын орындауды бұйырды. Бұл отрядтағы оралдық казак орыстар Адайлардың қалаға жақын ауылдарын тонай бастады. Ал генерал Железнов өзімен бірге әкелген үндеулерін жергілікті түрікмендерге жаппай таратуға көшті. Ол үндеуде Адайлар - қорқау I қасқырлар, казачество мен түрікмендердің жауы делінген еді. 1 Уезд өте қиын жайдайға тап болды. Сондықтан мен Закаспийдегі орталыққа генерал Железновтың бейбастақтығын хабарлап арыздандым. Бұл өтінішім қанағаттандырылу орнына мені Закаспий үкіметі Красноводск қаласына шақырып, орныма полковник Андреевскийді тағайындады...»
Ұр да жық генерал Железновтың саясаты сол баяғы патша үкіметінің ұлт араздығын қоздырудан ұпай алған үрдісін жалғастыру. Оның бұл әпірем үндеуіне шыққан еш түрікмен баласы болған жоқ, әрине. Себебі, бұл түбектің жергілікті тұрғындары түрікмендер мен қазақтар арасында ашу араздық орнатамын деуі барып тұрған ақымақтық еді. Себебі, бұлар әлдеқашан бауырласып, туыстасып кеткен. Қайта бұлар ортақ жауымыз басбұзар казак орыстар деп білді. Дегенмен, ел тұнығы шайқалуға жақын. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қазақ, түрікменнің Шағыр, Отарбай, Қошанай, Нұрқабай сияқты зиялылары ақылдаса келе Мұсылман бюросы деген ұйым құрады. Бюроның нысанасы мына алмағайып, аласапыран кезде мұсылман дініндегі халықтарды бірлікке, татулыққа жұмылдырып, өзге ұлттармен де достық, туысқандық жағдайда қатар өмір сүру. Демек, ол саяси ұйым емес, қоғамдық ұйым. Сондықтан, ол уезд әкімшілігі тарапынан да, уездің орыс тілді жұртшылығынан да көп қолдауға ие болды. Мұсылман бюросының жемісті үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде генерал Железновтың авантюрасы жүзеге аспай жөргегінде тұншықты. 1920 жылдары ақтар жеңілді. Орал армиясының тамтығы — 1,5мың адам Фортта қызылдар қолына берілді. Генерал Толстов соңына ерген 70 шақты сенімді серігімен Иран асты. Одан өтіп Францияға барып жетті. Онда да байыз таба алмай Австралия асып, сонда қант зауытын сатып алып біраз жыл тұрды. Қартайған шағында Францияға оралып, өлерінің алдында жазған мемуарына «Құдай тәңірім баяғы дәуренімді қайтып беріп, қолымнан келсе, ең соңғы Адайдың сүйегін музейге қояр едім»,-деп Адай еліне деген қаһарын қағазда қалдырып кетті. Ол мемуар қазір Мәскеудегі бұрынғы Ленин атындағы кітапхананың сирек қорында. Одан жазушы, Қазақстан Республикасы сыйлығының лауреаты Әнес Сараев «Еділ-Жайық» романын жазар алдында әзер Алланың күшімен алып оқып шығыпты. Мемуардың ендігі бір адресі Париждегі орыс казачествосының музейі. Қазір соны алдыру қамындамыз. Оған қолымыз жетсе, Толстов ата жауымыз болса да мемуарын қазақшаға аударып, қажетті түсінік, толықтырулармен қалың оқырманды таныстыру ойымызда бар. Оның сәтін Алланың шапағаты мен алғы күндердің сәтінен күтеміз. Әзірге айтарымыз, генерал Толстовтың аузына әлгіндей сөзді салған Отарбай мен оның маңындағы елдің біртуар перзенттерінің қажыр-қайраты, іс әрекеттері еді.
1918 жылы Маңғыстауда Совдеп құрылғанда Отарбай Иманғазиев оның бір мүшесі болып сайланды. Кейіннен Кеңес үкіметі тұсында осы Совдеппен бірлікте қызмет еткен Мұсылман бюросының басшысы. Діні мұсылман болғанымен, ғұмырының 30 жылы әскер қызметінде орыс арасында өткен Оспан Көбеев те уезге өзі басшылық еткен кезеңде Отарбай төрағалық еткен бюроға көмектесіп, оған арқа сүйеп, оны тыныштық ұйтқысы деп таныған екен. Яғни, бұл мәселеде, қысталаң қиын кездің өзінде Отарбай Иманғазиев Оспан Көбеевтің сенімді серігі бола алған. Соны айғақтайтын бір құжат облыстық мемлекеттік архивтен табылды. Ол Маңғышлақ уезіндегі барлық қоғамдық ұйымдар делегаттары мәжілісінің 1918 жылғы қыркүйектегі мына №1 мәжіліс хаты.
«Төрағалық етуші В.Демчинский.
Қатысушылар: Құдайберген Селбаев, Мұхамедшар Атанов, Қосбатыр Тәжиев, Есмағанбет Қиғылықов, Шайхы Кендірбаев, Сәуірбай Тағаев, Жұмағали Ахмедов, Халмұрад Айдаров, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Бозжігіт Томалақов, Қуандық Аралбаев, Қойсары Сарықожаев, Бекеш Досанов, Маймақов (аты Жүндібай болуы керек — Ә.С.), К.Годов, Отарбай Иманғазиев (астын сызған біз — Ә.С.) Иван Голубев, Тарас Роганов, Василий Степашков, Захарий Дубский, Красильников, Маленков, Г.Багиев, Ядевский.
Тыңдалды №1
Жергілікті өкіметтің нұсқасы болып отырған Уақытша атқару комитетін тарату, жаңа өкімет сайлауы.
Қаулы:
Уақытша атқару комитетін өз мойнынан өкімет міндетін түсіруіне байланысты жалпы мәжіліске жіберілген өкілдер арасынан 7 адам жергілікті жаңа өкіметке мүше етіліп сайлансын. Бұратана қырғыздардан - 2 адам, түрікменнен - 1, поселкеден - 1, жергілікті жасақтан - 1, қаладан — 1 адам.
Төрғасы болып комиссар Көбеев сайлансын. Оған Маңғышлақ уезін басқарудың барлық билігі беріледі. Жаңа сайланған өкімет Маңғышлақ уезінің «Уақытша халық кеңесі» деп аталатын болады.
Жасырын дауыспен өкімет құрамына мұсылмандардан Жұмаш Ахмедов, Николаевск поселкесінен Д.Михайлович Маленков, жергілікті жасақтан Константин Захарович Годов, қаладан Василий Иванович Яцевский сайланып, жалпы жиналыста бекітілді.
(жиналыс жүргізушілердің қолы қойылған)
Көріп отырғандай, мұндағы жаңа өкімет сайлауы нағыз демократиялық сипатта өткен де қойған. Тапқа, партияға бөлу атымен жоқ. Кедей Шайхы Кендірбаев, Бозжігіт Томалақов, Отарбай Иманғазиев, алпауырт көпес Захар Дубский, қаны тамған қызыл большевик Нұрсұлтан Оңғалбаев, бұрынғы патша армиясының полковнигі Оспан Көбеев бәрі бірдей сайлау, сайлану құқығына ие. Закаспийдегі орталықтың О.Көбеевтің орнына осының алдында ғана полковник Антоновты тағайындап, Фортқа жіберген еді. Жоғарыдағы жиналыс полковник Антоновты қабылдамай, содан бұрын Ашхабадтағы Кеңес үкіметі бұратана ұлт өкілі, әрі осы өлкенің перзенті ретінде Маңғыстауға комиссар етіп жіберген О.Көбеевті демократиялық негізде басшы етіп сайлады. Елінің сенімі жігерлендірген О.Көбеев сол бір аштық, жалаңаштық, індет аранын ашқан қысталаң сәтте халқына былай деп жар тастады.
«Манғышлақ уезі уақытша Халық кеңесінің төрағасы. Оспан Көбеевтің уезд халқына.
Үндеуі
Азаматтар! Жайбарақат жатқан бейбіт елдің шырқын алып жүрген адамдарды анықтап ұстауға, сөйтіп оларды заң алдына жауапқа тартуға көмектесуді сұрап, туған жерімде уезд комиссары болған екі ай ішінде мен халыққа ауызша да, жазбаша да әлденеше рет үн тастадым. Күн сайын мал ұрланады, адамдар тоналады, қарақшылық шабуыл көбейді. Осының бәрі жауапты да лауазымды адамдардың менің сөзіме немқұрайды қарап, құлықсыз болғанының дәлелі.
Уезд азаматтары! Бізге үлкен қатер төніп келеді. Мен мұны сендерге ашық түрде айта аламын. Қыс қыр астында, елде нан жоқ. Күн суытса-ақ аш, жалаңаш халық аштықтың шеңгеліне ілігеді, оның жантүршігерлік сұмдығын көзімен көріп, зардабын тартады. Ұрылар, тонаушылар мен қарақшылар ойына келгенін істеп, өздерің сайлаған өкіметтің қамқорлығы мен көмегін аяқасты етуде. Олар халықтық істі бақайдан шалып, тамырына балта шаппақ.
Ұры-қарыға жем болғандардың арызы күн сайын түсіп жатыр. Олардың әрекетінен революция әперген бостандыққа қатер төнуде. Барлық ізгі ниетті азаматтарды елдің тынышын алған қарақшылармен күреске шақырамын. Мұсылмандық парызды ұмытпалық. Ұлтқа, дінге бөлінбей тыныштық пен туыстық үшін күресейік, Азаматтар!
Уақытша халық кеңесінің төрағасы,
Маңғышлақ уезінің уездік комиссары
О.Көбеев.
5 қазан 1918 жыл.
Шіркін, ел қамын жеген азамат туса осылай-ақ тусын-дағы. Анығын, ашығын, адалын ақтарыла айтып тұрған жоқ па? Күлбіл, телемей турасына көшсек, дәл сол кездегі жағдай осы қазір біздің ел басына қайта оралды. Ұрлық-қарлыққа қарсы Оспан сияқты аттан салудың орнына біздегі басшылардың біразы ұры-қарыдан бетер елдің есесін теспей сорып, мемлекет қазынасын қаңыратып жеп жатырған жоқ деп құран ұстап ант беруге кімнің тәуекелі жетеді?!
Оспан Көбеев соның алдында ғана Ашхабадтан аш халыққа жәрдемге деп алтынмен 1 миллион сом қаржы көмегін әкелген еді. Соны әр болысқа 35-45 мың сом мөлшерінде бөліп, оған теңіздің арғы бетінен астық сатып алып елге үлестірді. Фортта ашыққандарға тегін асхана ашты. З.Дубский, Ш.Бекназаров, Қ.Жаншуақов сияқты байларды да ортақ іске жұмылдырып, белгілі елді мекендерден асхана ашқызды. Отарбай Иманғазиев осы жәрдемнің талан-таражға түспей аш елдің аузына түсуіне бақылау жасайтын уезд бастығының төтенше өкілі болып қырға аттанды. Осы жұмыспен ол 1919 жылдың қысы мен жазының көпшілігін қырдағы ел арасында өткізеді. Бұл кезде қырдағы ел 1918 жылы Ә.Жанкелдин съезінде сайланып, бекітілген Тобанияз Әлниязовты басшы деп танитын. 1919 жылы Отарбай Тобанияз төрағалық еткен Адай төңкеріс комитетінің мүшесі болып сайланады. Оның Орал ақ армиясына қарсы қимыл жасаған, аш, жалаңаш елдің сауабын алып, алғыспен көгеріп, көзге түскен кезеңі осы.
Қызылдар жеңіп, ел сәл бейбіт тыныстаған 1920 жылдың үлкен бір оқиғасы Бакуде Шығыс халықтары съезінің ашылуы еді. Оған Кіндік Азия, Сібір, Қап тауындағы барлық елдерден делегация шақырылды. Коминтерннен делегация келді. 2 мың делегат қатысты. Бір қызығы, съезд Маңғыстаудағы Адайларды дербес халық деп танып одан да делегация шақырған. Басқаны былай қойғанда, қазақтың өзі патша үкіметі зорлықпен, әрі кемсітіп таңған қырғыз атынан арыла алмай, ойдағы мен қырдағы Атыраудағы мен Алтайдағы қазақтың басы бірікпей шөре-шөре болып жүргенде сол қазақтың құрамдас бөлігі Адайдың халық, ұлтанды ел ретінде танылуы үлкен мәртебе. Сол съезге Адай халқынан Отарбай Иманғазиев бастап 10 делегат барыпты. Оспан Көбеевтің тергеу ісінде «Форт-Александровскідегі уездік кеңестің жалпы жиналысында мен бір дауыстан делегат болып сайланып, он делегат құрамына ендім» деуіне қарағанда, бұл делегат сайлау науқаны демократиялық негізде өткен. Делегаттардың нағыз ел қамын жеген жансебілдер екендігінің бір айғағы - олар бір ауыздан уезд бюджетінен жолсапарына бөлінген ауыр жағдайдағы елдің пайдасына бас тартып, Бакуге өз қаржыларымен кеткен. Ол туралы құжат облыстық мемлекеттік архивте бар.
Съезде Нариман Нариманов баяндама жасайды. Қосалқы баяндаманы орталықтан осы съезге өкіл болып келген Тұрар Рысқұлов жасайды. Арадікте Тұрардың, әрине, өзінің отандастарымен сөйлесіп, танысып, жағдайға қаныққандығында сөз жоқ. Біздіңше, Отарбай Иманғазиев Тұрармен осы сапарда жете танысып достасып кеткен сыңайда. Сонда Отекең сөз жоқ, Закаспий облысының қарамағында қиыр шеттегі Ашхабадқа қарап келген Маңғыстаудың мүшкіл халін де сөз еткен болуы тиіс. Сондықтан да болар артынша-ақ түрікмендер мен Адай қазақтары арасындағы шешілмей келе жатқан көп мәселелер арнаға түсті (ол туралы кейін сөз болады).
Журналист Жанат Нұрмаханова екеуміз бірігіп Форт- Шевченоның 150 жылдығы қарсаңында «Қара шаңырақ» кітабын жазу үстінде облыстық архивтен сол кезеңде Әлихан Бөкейхановтың Фортқа өз қолымен Бакуден келе жатып Красноводскіге аялдап жазған хатының түпнұсқасын таптық. Әлекең онда Фортты радиоландыру мәселесін сөз етіңкірейді. Бұл дерек бізге Отекең сол сапарында Ә.Бөкейхановпен де кездесіп, таныс-біліс болды-ау деген қисынға меңзейді.
Сол кезде Адай халқынан барған делегаттың бір мүшесі Оспан Көбеев съездің төралқа мүшелігіне, Шығыс халықтары кеңесінің мүшелігіне сайланып, ақыры съезд делегаттарының жаппай дауыс беруімен Шығыс халықтары кеңесі төралқасының мүшесі болып сайланып, 1920 жылдың 9 қазанынан бастап сонда қалып осы қызметін атқаруға кіріседі.
Отарбай Иманғазиев өмірінің өте бір назар аударарлық мәнді тұсы оның Мұстафа Шоқаймен достығы. Соңғы кезде мерзімді баспасөз беттерінде Мұстафа Шоқай жөнінде көп жазыла бастады. Олардағы пікірлер негізінен екі ұдай. Бірі бұрынғыша, Кеңес кезіндегіше М.Шоқай неміс фашистерінің қолшоқпары дәрежесіне дейін көтерілген жау десе, екіншісі керісінше, ол халқым деген қаһарман, елім деп еңіреген ер дегенге саяды. Осы кереғар екі пікір шарпысып тұрған кездің өзінде біз бұл тақырыпқа қалам тартып, қолымызда бар деректер негізінде Мұстафа сынды біртуар перзентіміздің рухын орынсыз жала, ғайбаттан арашалауға талаптанған едік. Өкінішке орай, ол жазғанымыз Маңғыстау мен көршілес Кіндік Азия елдеріне ғана тарайтын тәуелсіз «Адай» газетінің 1992 жылғы қыркүйектегі №12 санында ғана жарияланып тынды. Кеңестік мәңгүрттіктен ол кезде әлі айыға қоймаған езге басылымдар мақаладан ат тонын ала қашты. Солай болды екен деп қол қусырып қарап қалған жоқпыз. Мұстафа туралы деректердің ізін індете бердік. Қуаныштысы сол, бұл бағытта біз білген мағлұматтар Мұстафа Шоқайұлының халқының қаһарман ұлы деген бағасын ұштай түскені.
Мұстафа Шоқайдың туған еліне сіңірген үлкен бір еңбегі бірінші жиһангер соғысы тұсын қамтиды. 1916 жылғы маусым жарлығы бойынша отар ұлттардың өндір жігіттерінің майданның қара жұмысына шақырылғанын білеміз. Ол халықтың үлкен наразылығын туғызғаны, сірә, белгілі. Міне, осы бір қиын да қысталаң сәтте Мұстафа қанатымен су тасыған қарлығаштай шыр-пыры шығып елге араша түсіпті. Университетте бірге оқыған досы Мемлекеттік Думаның депутаты Александр Керенский екеуі Сыр бойына келіп ереуілдеген елдің жай-күйімен танысқан. Керенскийді, әрине, бажайлап таныстыру артық. Біздің қосарымыз ол ұзақ уақыт Ташкентте тұрып гимназияда оқуы себепті Мұстафаға жерлес іспетті. Оның үстіне, Орта Азия халықтарының барлығына түсінікті татар тілін де бірсыдырғы тәуір білген. Демек, жергілікті халықпен өз тілдерінде сөйлесе алған.
Біздің қызыл көз саясат күні кешеге дейін ағаш атқа мінгізіп келген осы Керенский Орта Азия сапарынан астанаға оралған соң Мемлекеттік Дума мәжілісінде Орта Азия мұсылмандарының мүддесін қорғап сөз сөйлейді. Бұратана ұлттардың еңбекке жарамды жастарын майданның қара жұмысына жаппай алу дұрыс емес, оларды сол өз жерінде пайдаланған тиімді деп дәлелдейді. Дума бұл мәселеге содан соң қайта оралып бұратана ұлттардың әскерге шақыру жасына ілінгендеріне көптеген жеңілдіктер жасады. Бұл туралы Өзбекстанның «Звезда Востока» журналы 1992 жылғы көктемгі сандарының бірінде кеңінен жазды. Онда Мұстафа Шоқай мен А.Керенский туралы басқа да қызықты деректер бар.
Маусым жарлығының қиыр бір түкпірдегі Маңғыстауды да шарпығаны белгілі. Мыңдаған адам қара жұмысқа кетті. Патша отаршылдығын онсыз да мойындамай жүрген ел атқа дүрк қонудың аз-ақ алдында қалды. Керенский бастап, Дума қолдаған әлгі әрекеттен соң ғана түбектен еріксіз түрде адам алу кілт тоқтатылды. Оның орнына жігіттерді өз келісімдерімен жалдап, не жеребе арқылы жіберу саясаты енгізілді. Соның бір дәлелі, Маңғыстау облыстық өлкетану мұражайының қорында мына бір құжат сақталған.
Маңғышлақ уезінің ұлы мәртебелі бастығы
Жеменей болысы Сұлтангелді ауылының қырғызы
Инданамин Қосқұлақовтан
Арыз
Мен өз ауылымның жұртшылығынан жеребе бойынша құрылып жатқан армияның тылындағы жұмысқа тағайындалдым. Сіздің ұлы мәртебеңізден өз ауылымның жұртшылығынан шақырылған жұмысшылар арасында жүздікші етіп тағайындауды сұраймын. Орысша білемін. Форт-Александровск училищесінде оқыдым, оған қосымша бір класты училищені, яғни III бөлімшесін бітіргенім туралы куәлігім бар.
Өтініш иесі (қолы қойылған) Инданамин Қосқұлақов
1916 жыл 14 желтоқсан. Форт-Александровск қаласы.
Музей қорында осы мәселеге қатысты тағы бір құжат Керпе ауылының 22 жас жігітінің тыл жұмысына еркімен жолданғаны туралы тізім де бар. Жүздеген жігіттер соғыс қатеріне өнім жөнелтіп жатқан ірі балықшы кәсіпқой Захар Кузьмич Дубский босағасына жұмысқа жалданады.
Ел аузында бұл жағдай «Захар Кузьмич жоғары ұлыққа арызданып, соғысқа кеткелі жатқан жастарды алып қалды» деп сипатталады. Ал оның шын себебінің жоғарыдағыдай екендігін түздің аңқау халқы білмеген ғой. Захар алақандай Маңғыстау үшін ғана Захар, жарты тәңір. Патша әміріне көлденең тұрарлық күшті оған кім беріпті?! Демек, бұл Дума мәжілісінің ғана шарапатынан болған іс. Ал оған түрткі болған А.Керенский де оған қозғау салған Мұстафа Шоқай екендігіне енді ғана көз жеткізіп отырмыз.
Жақсылығын осылай көрген Мұстафа сынды шапағатшысымен Адайдар 1921 жылы кездеседі. Бұл есіл ердің шет елге бас сауғалап бара жатқан сапары еді. От-жалын құшағындағы Ресей арқылы Еуропаға өту мүмкіндігінің шектеулі екендігін көрген соң Мұстафа Атырау сыртымен Маңғыстауға беттейді. Солтүстік Үстіртте отырған Тобанияз Әлниязовтың ауылына келіп аялдайды. Тобанияз бұл кезде Адай Төңкеріс комитетінің төрағасы. Соның алдында ғана 1920 жылы Адай уезін Қазақстан құрамына қосқан елдің беделді басшысы. Бұл екеуі бұрын қарым-қатынасты болды ма — оны айту қиын. Бірақ, Тобанияздың өзі достық жағдайда қатты араласқан Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов тағы да басқа ірі тұлғалар арқылы Мұстафа есімімен жақсы таныс болғандығы күдік туғызбайды. Тобекең қонағын жақсылап қарсы алып, аунатып-қунатып қыр жолымен қасына жолбасшы қосып өзінің сенімді адамы Отарбай Иманғазыұлының ауылына аттандырады. Бұл кезде уезд орталығы қалада беделді қызмет атқаратын Отарбай Иманғазыұлы Огородная көшесінде Шағыр Бекназаров үйінде пәтерде тұрып, шағын жанұясын малының өрісінде қырда қазіргі Сарытас шығанағында ұстайды екен. Шаруасына бала жігіт жиені Өрбісін мен ағасы Таңатар бас-көздік жасапты. Мұстафаның қырдағы ауылға қалай келгені бізге 3-4 жыл тұрғысында ұзақ жасап бақилық болған Өрбісін қария арқылы жетті.
— Ауыл ағасы жырақта болғанмен Отекең үйіне қонақ таңсық емес. Оның үстіне, мына мейманның жөн-жосығы бөлек сияқтанған соң жеңешем де (Отекең үйіндегі Бөбежан жеңгейді жеңеше дейтінмін) үлкен нағашым Таңатар ағай да бәйек болып жатыр. Қой сойылып іргедегі теңіздегі ауда тұрған бекіренің бел кеспесі де дастарханға қойылды. Таңатар нағашым қаладағы Отекеңді шақыртпақ ыңғай танытып еді, мейман асығыс екендігін аңғартқан соң ертесіне жолға қамдандық. Отекеңнің сән-салтанатқа мінетін пәуескесіне ат жегіп, қонақ екеуміз жолға шықтық таң салқынымен. Қосарлап жеккен жарау ат қалаға алып жетіп келді бесіннен төмен түсе. Отекең досы Шағыр Бекназаровтың үйінде пәтерде тұратын. Әлгінде қалаға таяп келгенде қонағым сәл аялдатып, жол сандығын ашып ішінен орысша киімдерін алып киінген. Жөнсау киімнің өзімен көп қазақтан оқшауланып келе жатқан мейман мына киімімен тіпті өзгеше болып шыға келді. Бейне бір байпатша дерсіз. «Е, бұл тегін кісі болмады» деп отырмын ішімнен. Бірақ, жас бала басыммен сумаңдап жөн-жосық қалай сұрамақпын.
Сәтін салғанда, Отекең пәтерінде екен. Терезеден бізді көріп жүгіріп шықты да мейманды қаусыра құшақтай алды. Екеуі төс түйістіріп біраз тұрды. Үлкендердің онан кейінгі үйдегі әңгімелерін естіген жоқпын. Біз Шағырдың інісі Сапар екеуміз мал жайғаудың қамымен болып кеттік. Есімде қалғаны, әйтеуір, сол күнгі қонақасыға ойдан іңір қараңғысына салым көп адам келді.
Шағыр үйінде Мұстафамен бірге қонақ болған күні кеше арамыздан кеткен (1894-1976) Алшын Меңдалыұлы ақсақал. Алшекеңнің айтуынша, ертесіне елдің Отарбай, Шағыр, Шабар, Нұрқабай, Шоңай Қошанай сияқты игі жақсылары Мұстафаны қала сыртына Қошанай аулына әкетіп қос ақ боз үй тігіп, боз бие сойып қонақ еткен. Көкірегі сәулелі шежіре Алшекең берірек келіп заман түзелген кезде Мұстафаның шешендігін тамсана әңгімелеп отыратын.
— Сіз сияқты көзі қарақты ел тізгінін ұстаған азаматтарымыздың сырттап бара жатқаны мынау. Біздің күніміз, ертеңіміз не болмақ? Бұл большевиктердің ұстанған бағыты не, — дейді Отарбай.
— Коммунизм идеясы абзал идея. Адамзаттың арманы. Бірақ, қолға түспес сағым. Өгіз жеккен соқаның құлағын ұстап жүрген Русьтің сауатсыз мұжығы мен Орта Азияның қақпа шекпенді кембағал кедейлерімен оған жетем деу бос әурешілік қой, сорлы халықтың басына түскен бір нәубет болып тынады ғой мұның ақыры, - деп күрсіне жауап береді Мұстафа бұл сауалға.
Арада тағы бір күн өткен соң ел жақсылары жолына жетерлік қаражат беріп, құрметті мейманды су жолымен жасырын түрде Кавказға шығарып салады. Мұстафа кемеге мінер жерде қатты толқып, босап көзіне жас алған. Қайран арыс, сонда енді қайтып қазақтың күреңселі даласына табанының тимесін сезген екен ғой...
Адайлардың Мұстафа Шоқайұлына көрсеткен бұл құрмет ілтифаты үкіметтің тіміскі назарынан тыс қалмаған екен. Ертесіне-ақ төңіректегі көршілерден кеше кім келді, бөтен кімді көрдіңдер деп түртініктеп сұрау салыпты. Бірақ, ешкім жақ ашпаған. Шағыр үйі күнде қонақ, ойдан, қырдан ағылады да жатады. Бұл жолғы, сірә, қыр қазақтары болар түнімен ырду-дырдулап, ертесіне артынып-тартынып аттанып жатқан-ды, — деуден әрігі бармаған. Ал арнаулы қонақасы өте құпия жағдайда өтуіне байланысты белгісіз болып қалған ол жолы. Бірақ, саяси полиция — ОГПУ НКВД ол қапысын 1937-1938 жылдың нәубетінде артығымен қайтарды. Мұстафамен бірге қонақасыға қатысқан Алшын Мендалиев онымен байланыста, ол арқылы шетелмен байланыста болғаны үшін тұтқынға алынып өмірінің 17 жылы еріксіздікте өтті. Әуелі Түрікменстан одан Иран асқан Оразмұхамбет Тұрмағанбетов (Көрпе Размағанбет) Ираннан ұрлап әкелініп, Мұстафа Шоқайдың пікірлесі ретінде Ашхабад түрмесінде атылды.
Ауыл дәрігері, 70 жылдардың аяқ кезінде қаза болған Бақыт Өмірбаев соғыстан бұрын Ашхабадтың медицина институтында оқыған. Соғысқа дәрігер болып қатысып Мұстафаның шапағатымен Түркияға барып 1945 жылы ғана елге оралған. Мұстафа есімін бұл ағаларымыз өле-өлгенше желеп жебеуші ретінде (әрине, сенімді адамдарға) еске алумен кетті.
Сөз арасында бір жайттан құлағдар ете кетейік. Мұстафа Шоқай 1990 жылы Маңғыстау топырағына оралып қойған. Қалай дейсіз ғой?! Бір күні ақын Темірхан Медетбек Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосының редакциясынан күтпеген жерден бір сәлем хат алды. Сенімді дос-жарандар болып ашып қарасақ — Мұстафа Шоқайдың түрік тілінде шыққан шығармалар жинағы. Мың болғыр редакция Темірханға оны ақынның республикамыздың бір басылымында шығып солардан алып пайдаланған өлеңінің қаламақысы ретінде жолдапты. Кезінде біз үй артына үрке қарап жүріп қолға ұстап көрген, сыртқы мұқабасында Мұстафа Шоқайдың суреті. Бұл кітап қазір Темірхан үйіндегі ең бір қастерлі жәдігер. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы.
Осы жолдар авторы Отарбай Иманғазиев жайлы кеңінен сөз болмас бұрын оның Мұстафа Шоқайды жақсы қарсы алғанын, достық қарым-қатынаста болғанын жергілікті газет беттерінде жазған еді. Радио, теледидардан да сөйленді. Ел құлағы елу, сол хабар астанадағы «Азаттық» радиосының тілшісі Батырхан Дәрімбетовтың құлағына тиеді. Содан ол кісі Сенатор Өмірзақ Озғанбаевтың көмекшісі Нұржау Көшербаев арқылы хабарласқан соң арнаулы мақала жазылып жіберілді. Нұржау ініміз негізгі мамандығы тарихшы - мұғалім, кезінде Мұстафа жайлы диплом жұмысын жазған, тарихқа жаңаша көзқарастағы талантты жігіт. Артынша 9 мамыр күні сол мақала негізінде «Азаттық» радиосынан осы жолдар авторы туралы Батырхан Дәрімбеттің арнаулы хабары берілді. Ол үшін құрметті Бәкеңе мың мәрте алғыс айтамыз. Мұстафа өмірбаянын зерттеушілерге біздің хабарымыз елеулі жаңалық болыпты. Сөйтіп, халқымыздың қадірлі перзенті Мұстафа Шоқайдың ғұмырнамасына үлес қоса алғанымызды мақтаныш ететінімізді жасыра алмаймыз.
Ал Отарбай Иманғазиев Мұстафамен Форттағы кездесуден бұрын қашан, қай жерде кездесіп, достасып жүр деген сауал әзірге белгісіз болып қалуда. Мұстафаның Маңғыстауда болғандығы өз шығармаларында да кездеседі. Ел ағаларының сол кезеңдерден-ақ сыйлас, аралас болуы әбден мүмкін. Оны зерттеуді келер күннің үлесіне қалдыра тұралық та негізгі әңгімеміздің желісіне оралалық.
1921 жыл да маңғыстаулықтар үшін қиындығымен аттады табалдырықтан. Қыс қатты, жер қуаң. Қоныс іздеп бұрынғысынша Хорезм ойына, Айбүйір сыртына ойысқан көшпелі ел түрікмен қарақшыларына қолды болды. Жапа шеккен ел басшысы Тобаниязға келіп арызданды. Ақыры бұл мәселе 1921 жылдың 10 қазанында Форттағы Адай уезі төңкеріс комитетінің қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық өкілдері қатынасқан кеңейтілген мәжілісінде арнайы мәселе болып талқыланды. Мәжіліс «Әлниязовты Хорезм республикасына барып сөйлесу үшін жасақпен жіберу» туралы қаулы қабылдады (Ә.Спанов «Тобанияз» Ақтау 1995 жыл 45-бет). Төңкеріс комитеті 26 қазандағы екінші мәжілісінде бұл мәселеге тағы да оралып, қаулыға ішінара қосымшалар қосты. (Сонда 46 бет)
Кезінде Т.Әлниязовтың Ә.Жанкелдин тағайындаған орынбасары Сыдиық Жұбаев кейіннен Қызыл Армия қатарында бригада комиссары болып кетіп, оның орны біраз уақыт бос тұрған еді. Тобекең би, шешен, қазақша сауатты кісі болғанмен орысша сауатсыз, тіл білмейді. Демек, оған оның осы олқысын толтыратын орынбасар керек. Ел таңдауы да, Тобекеңнің өзінің қалауы да Отарбайға түседі. Сөйтіп, ол 1922 жылдан бастап Адай Төңкеріс комитетінің төрағасының бірінші орынбасары. Төраға Хорезмге жүріп кеткенде оның міндетін атқарушы болып қалады. Архив құжаттарының ішінде 1922 жылдың 29 қаңтарында Тобанияз Хорезм сапары жайлы есеп беруге келгенде Отарбайдың ісін басшысына өткізген төмендегідей қол хаты сақтаулы.
«Ревком төрағасы Ә.Тобанияздың кеткен жағынан қайта келуіне байланысты мен Отарбай Иманғазыұлы барлық істерімді, құпия құжаттарым мен мөрімді т.б. бүгіннен бастап тапсырамын, төраға міндетінен босаймын, сол үшін қолымды қоямын».
1921 жылғы бүкіл Украина, Ресей жұртын, әсіресе, Еділ бойын мықтап күйзелткен сұрапыл аштықтың беті аулақ. Құдай қарасқанда Маңғыстау ол уақытта шаруашылығы шайқалғанмен де ондай адам өлетіндей аштыққа ұрынған жоқ. Қашан да руымен бөле ішкен бауырмал Адай елі Мәскеудің аштарға көмек туралы үндеуін апшымай қарсы алып, қолдады сондықтан. Сол 1921 жылы өткізілген бас қосуда уезд халқы Ресей аштарына 30 мың қой тірілей, 50 мың тері, 10 мың киіз беретін болып шешті. Аштыққа көмек жинау жөніндегі өкіл болып келген Ә.Жанкелдиннің інісіне Төңкеріс комитеті төрағасының өзі қорасынан 10 жылқы айдатты. Осы көмекті елден жинап, шығынсыз баратын жеріне жеткізу жүгін уезд әкімшілігі Отарбай Иманғазыұлына жүктеді. Отарбай Иманғазиевтің тергеу ісінде, архив құжаттарында сол мал, көмек жетпей қалды не жолшыбай қолды болды деген бір де бір жаманат ұшқыны жоқ. Соған қарағанда, ол міндет абыроймен орындалған. Ал қашанда қаралауды ғана мақсат тұтқан ол кездің тергеу орындарының құрбандығының ондай жақсы жақтарын тергеу, сот кезінде ауызға алмайтыны, сірә, белгілі. Өкінішке орай, кезінде сол қыруар малды жолсоқты етіп арыту түгілі, тоғын бұзбай сонау жер түбіндегі Астрахань, Саратовқа дейін өз аяғымен жайып айдап барған жансебілдер әлдеқашан бақилық болған. Оларды көре қалған, естеліктерін ести қалған ізбасар буынның басынан неше бір мұнарды өткеріп шартарапқа диуана шашқан құмалақтай шашырап, шашырамағаны зар заман селі үйіріміне қақпақылдап әкетені, сірә, белгілі. Осылайша ел жады көмескі тартты да елдің елдігін танытатын сол оқиғаның тамтығы бізге жетіңкіремей қалды. Бар білгеніміз, қырдың әр түкпірінен керуен-керуенмен Фортқа әкелінген тері мен өрелі киіздер Фортта Отарбайдың тік басшылығымен кемеге тиеліп жөнелтілген. Ол көмек, әрине, астыққа айырбасталып аш елдің жүрегін жалғаған.
Тобанияздың мәмлегерлік сапарындағы келіссөз нәтижесінде Хорезм республикасы өз шекарасындағы алауыздықты тиюға уәде еткенмен, ұрлық-қарлық, қарақшылық ада-күде тоқтаған жоқ. Себебі, Хорезм республикасының кең-байтақ шекараны күзететіндей көп әскері жоқ. Құм-құмның арасы Кеңес үкіметінің саяси қарсыласы басмашыларға толы. Ал қай үкіметіңді де қаламайтын, қайта осындай аласапыранды ел талаумен байып қалудың қолайлы кезі санайтын аламан қарақшылар топтарының сірә құдайы беріп жүр. Солардың қай — қайсысының да қастерін тіккені сол баяғы қазақ ауылдары. Осылайша соқырдың лақтырған таяғы сорлыға тиедінің кебін кешкен ел жайы 1923 жылы жергілікті үкімет түгілі, шекаралас екі республика басшыларын да қатты алаңдатты. Адай елі қашаннан егеулі найзасы қолында, ереулі аты жолында, жау жарағын түгендеп отыратын жауынгер жұрт. Дәл емес, есеп бойынша сол кезде Адай уезі мен оған іргелес жатқан жерлерде шамамен жарты миллиондай халық тұрады. Бұл олар егер жаугершілік бола қалса, берісі кемі 50 мың, әрісі 70-80 мыңға дейін қол шығара алады деген сөз. Оның үстіне, олар қарусыз да емес. Генерал Толстовтың Орал армиясы Үстірт арқылы босқанда жолда қалдырған қару-жарақтары солардың қолында, әлі жиналып алынған жоқ. Шеттеп шыққан оқшау ауылдарға қарақшылық шабуыл жасағанмен, түрікмендерде ондай күш жоқ. Және оларда республиканың Маңғыстау жағының негізгі тұрғындары қарақалпақтар бейбіт халық. Олардың Адайлармен, қазақтың өзге руларымен ашу - араздығы жоқ. Сондықтан да шабуылға шыққандарды өз жерлері арқылы Ташаузға дейін кедергісіз өткізеді. Қайта қол ұшын беріп көмек көрсетулері мүмкін. Адай аттанға басқанда тағы бір басбұзар жауынгер тайпа Табындардың қол қусырып қарап қалмасы анық. Беті аулақ олай бола қалған күнде Кіндік Азияның қақ ортасында тағы бір азамат соғысы қаулап бергелі тұр. Ал оның арты үлкен жанжал. Ежелден Хиуа хандығымен жең ұшынан тіміскілеп жалғасып келе жатқан Англия үшін керегі осы. Ауғанстан арқылы арғы жақтан олар жетпек зеңбірегінің оқпанын үңірейтіп.
Кремльде отырғандар осы қауіптің бәрін күн ілгері көріп білді. Содан соң амалсыздың күнінен 1923 жылдың жазында шешуші қадамға барды. Тікелей Мәскеуге ғана бағынатын, төтенше өкілеттікке ие ТурЦИК пен КирЦИК-тің түрікмен, қырғыз өзара қарым-қатынасын реттейтін республикааралық комиссия құрды. Мұның құрамында, оның жұмысына ықпал жасауда сол кезде ұлттар мәселесімен тікелей айналысатын ірі тұлға Тұрар Рысқұловтың да қатынасы болды деп ойлаймыз. Бағасын бере кетуіміз керек, сол кездегі шиеленіскен жағдайда бұл жоғарғы үкімет тарапынан алынған ең дұрыс, батыл, әрі дұрыс шара еді. Облыстық, мемлекеттік архивте сол комиссияның толық құжаттары қалың бір папка болып сақталып бізге жетті. Комиссияның барлық іс қағаздарының шетіне қойылып отырған аты араб әрпімен қазақша, кирилицамен орысша жазылған штампы, мөрі болуының өзі-ақ оның маңызынан хабардар еткендей. Комиссия төрағасы болып қазақ та, түрікмен де емес ара ағайын орыс ұлтының өкілі Киселов, мүшелері Алманов (орынбасары), Григорьевтер болды. Комиссия төрағасы ай сайын ТурЦИК пен КирЦИК-ке жұмыс барысын аяқтай барып мәлімдеп, апта сайын жазбаша хабарлап тұруға тиісті еді. Іспен танысқанда ол тәртіптің мұқият орындалғанын көреміз. Аталмыш комиссия сөйтіп арнайы мандатпен келіп 1923 жылдың тамызында «бір пәле шықса сендерден шығады» дегендей бірден Маңғыстауға келіп жұмысын осы жерден бастап кетті. 25 тамызда Адай төңкеріс комитетіне «шұғыл» деген бұрыштамамен қатынас қағаз жолдады. Онда Төңкеріс комитетін ете тез арада түрікмендермен шекаралық аудандарда көшіп-қонып жүрген қазақ ауылдары, болыстардың, милиция басшыларының аты-жөні, ол рулардың түрікмен-қазақ араздығына көзқарасы, татуласу үшін бірінші кезекте не істеу керектігі жөнінде ұсыныстары, талан-таражға ұшыраған ауылдар тізімі мен олардың шығындары, өлген адамдар саны, бұл туралы нақты мәлімет беретін адамдар, қарақшылардың басшылары, Түрікмен үкіметінің оларға көзқарасы туралы толық анықтама беруге міндеттейді. Осы міндеттер соңында «су көздерін, көш жолдарын, жайылымдарды, тағы басқаларды пайдалану мәселесін қайта қарау қажеттілігі жоқ па? Маңғыстауды, Адай уезін тұтастай немесе оның бір бөлігін Түрікменстанға немесе керісінше Красноводск уезін Қазақстанға қосса араздық тоқтар ма еді?» деген сауал тасталады. Адай төңкеріс комитеті бұл сұраққа нақты жауап бере келіп, ел ақсақалдары татуласу жағында, бірақ Красноводск уезі біздің арыз-шағымымызға еш назар аудармай отыр дегенді айтады. Ең соңында «жауласуды тыю үшін, қарсыластарды толықтай тыныштандыру үшін міндетті түрде Адай қырғыздарына Красноводск уезіндегі олар Қырғыз өлкесіне қарамастан бұрын да көшіп жүрген көші-қон өрістерін қайтару керек. Адай уезін Түрікменстанға немесе Красноводск уездін Қазақстанға қосу татуласудың негізі де себебі де бола алмайды» деп мәселенің басын ашып көрсетеді. Ең соңында Төңкеріс комитеті жауласуды доғару үшін бірнеше ақсақалдарды комиссия жұмысына тартуды ұсынған. Мәлімдемеге Төңкеріс комитетінің бөлім бастығы Алманов пен хатшысы Томалақов қол қойған. Төңкеріс комитеті де, сөз жоқ бұл жерде мәселенің байыбына толық барып үлкен табандылық танытып отыр. Кеше ғана (бұдан 3-ақ жыл бұрын) туған елінің құрамына зорға қосылып, алғы күндерге қазақ мемлекетінің қара шаңырағының бір күлдіреуіші боламыз деген үкілі үмітпен аяқ басқан Адайды енді қайтара басқа елге кіріптар етем деу отқа май құюмен бір еді. Олай еткен жағдайда СССР үкіметінің өзі бұл елдің қарулы қарсылығына душар болар еді де, комиссия екі елді бітістіруші емес, керісінше, жағдайды онан әрі ушықтырушы болып шыға келер еді. Тегі комиссия төрағасы Киселев те оның мүшелері де ақылсыз кісілер емес, өз ауқымында мәмілегер саясатшылар тәрізді жағдайды дұрыс түсінген олар Адай Төңкеріс комитетінің комиссия құрамына ақсақалдарды да тарту қажеттілігімен толық келісіп, олардың қатарына елге сөзі өтімді азаматтарды да қосуды ұсынады. Осылай алғашқы қадамда-ақ өзара түсінікке қол жеткізген Төңкеріс комитеті комиссияға төмендегідей қатынас жолдайды.
№3020
23/ІХ.23 жыл.
Республикааралық комиссияға
Сіздердің Адай ревкомының атына осы жылғы 25.08-дегі №5 қатынас қағаздарыңызға басқарма бөлімі төмендегі мәліметтерді хабарлайды:
Уездің оңтүстік бөлігінде мына тұрғындар көшіп-қонып жүр.
6 және 7 Адай болыстарының бөліктері, 2, 3-ші Адай болыстары, 4 Бозашы, Әли-Бәйімбет, Түпқараған болыстары. Болыстың ревком төрағалары мен аудандық милиция бастықтарының тұрақты тұрғын мекені жоқ. Жазда олар Үстіртте тұрады, ал қыста уездің оңтүстік жағында болады.
2. Рулар: Қосай, Қырықмылтық, Бегей, Шебесі (бұл, сірә, Шегем болуы керек — Ә.С.), Жеменей, Бәйімбет.
Онан әрі «Құрметті және беделді ақсақалдар мыналар» деп 22 адамның аты тіркелген. Басқарма бөлім бастығының орынбасары Мырзабеков қол қойып бұрыштама соққан 18/Х.1923 жылғы қатынас қағазда бұл адамдардың 16-сының қай болысқа қарайтындығы нақтылап көрсетіліпті. Біз сол бойынша төменде аты аталған ақсақалдардың болысын, яғни мекен тұрағын да нақтылай кетуді жөн көрдік. Бимағанбетов Сатыпалды (I Түрікменадай болысы), Дарханов Өришан, Амантүрлиев Қосмағанбет (II Түрікменадай), Қыдыров Қошқар, Қалмұрзаев Шорқабай (Әли Бәйімбет), Құлшықов Ыбырай, Ожаров Балкот (II Маңғышлақ), Тілегенов Сәдуақас, Өміров Назар (Райымберді) Батықов Өткілбай, Қалмұратов Қожабай (Түпқараған) Әуезов Епан (2-ші Бозашы), Мүсрепов Үргешбай (3-ші Бозашы), Тілеуов Жұбантұрлы (6-шы Адай), Қореков Айдарбай (4-Бозашы), Қошанов Семерген (4-Адай), Ахметов Жаулы (З-Адай), Мыңбаев Сәрсен (Балықшы), Исбанов Сүгір, Серікбаев Амантұрлы, Мәмбетәли (Қырықмылтық).
Аталғандардың қарайтын болыстары көрсетілген қатынасқа Мырзабеков «көрсетілген ақсақалдар алыста тұрады. Оларды тағайындалған мерзімге Фортқа шақыру мүмкін емес, сол себепті, мерзімді ұзартып оларды бірден Красноводск қаласына шақыртуыңызды сұраймын. Себебі, бұқара көпшіліктің қалауына байланысты олардың комиссия жұмысына қатысуы өте-мөте қажет» деп бұрыштама соққан.
Енді қиын сәтте екі ел арасының сөзін ұстап мәмлегер бола алған бұл беделді ақсақалдар кімдер еді. Өкінішке орай олардың бәр-бәрінің кім екендіктерін, еліне қандай қызметтерімен қадірлі болғандарын анықтаудың сәті түспеді. Біздің қолда әзірге санаулы ғана адамдардың мағлұматы бар.
1. Дарханов Өришан — Бәли руынан. Ауызекі мәліметтерде ол төңкеріске дейін-ақ Хиуа ханының аламандарымен қақтығыс үшін қылмысты жауапкершілікке тартылып Сібірге каторгаға айдалады. Каторгада әлденеше жыл жүріп елге қашып келеді. Өришанның сол азапты сапарындағы басынан кешкендерін елдің көне көздері аңыз-ертегі қылып айтады әлі. Өришан ол жақтан орыс тілін таза біліп оралады. Тумысында алғыр жан айдауда жүріп орысша жазуды да үйреніпті. Оның орысша өте-мөте сауаттылығы жөнінде төмендегідей әңгіме бар. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары болса керек. Ел аралап жүрген екі уәкіл жігіт Өришан аулына келсе керек. Үйде ер адамнан Өришанның өзі екен. Балалары шаруа қамымен өрістегі мал ішінде жүреді. Үйдегі келін-кепшіктерге көзі түскен уәкілдер әуелдегі шайланып аттанатын есептерінен жаңылып, қонуды ұйғарып өзара былжырақтап орысша сөйлеспей ме. Сонда Өрекең — Ей, вы щенки, когда Дарханов по русски знал вы еще лежали в утробе матери, — (Ей, күшіктер, мен Дарханов орысша білгенде сендер шешелеріңнің жатырында жатқан едіндер) десе керек. Жер болған уәкілдер алды-артына қарамай тартып тұрады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Өте құпия» архивінде Тобанияздың 1930 жылы ақпан айының аяғында Өришан аулына хабар алуға жіберілген ұлы Бердіханның артынан іздеп барғанын айтқан жауабы бар. Сонда Өришанның қасындағы 10 үй қоңсысымен Түрікменстанға көшіп кеткісі келетін ниеті болғандығы шаң береді. Бірақ көшуіне ол бойда қызыл жасақ ұлықсат етпегенмен ол ақыры есебін тауып солай асады. Бірақ үкімет құрығы ұзын. Түрікменстанға барған соң ұсталып қамалады. Онан соңғы тағдыры белгісіз.
Өришан Дарханұлы ақын, сазгер кісі болыпты. Бізге Өришанның жыр күйі деп аталатын әсем саз белгілі. Оны ғалым Қабиболла Сыдиықов Түрікменстанға ғылыми мақсатпен барған сапарында жазып әкелді. Оны қазір көп домбырашылар орындап та жүр. Кәрі құлақ қариялар Отарбай Иманғазыұлы Өришанмен қатты сыйластықта, достық қарым-қатынаста болып еді дейді. Отекең қырға шыққан сапарында Өрекең аулына соғып, қона жатып әңгіме дүкен құрады екен.
2. Қошқар Қыдыровтың кім екендігін анықтау құлағы түрік ағамыз Сұлтан Балхаев арқылы мүмкін болды. Қошқардың әкесі 1922 жылы 17 наурызда басмашылар шабуылына ұшырап, 41 адамы опат болатын Мамыртай Есқуат, Дүйсеннің әкесі Есжанның туысы (бұл қаралы оқиғаға кейіннен тоқталамыз).
3. Айдарбай Қореков Тобанияздың төбе билерінің бірі. Руы Жеменейдің Олжашысы. Яғни, осы жолдар авторының жақын атасы. Шежіреге үңілсек, ауыз әдебиеті мұраларына зер салсақ оның әкесі Қорек те Адай елінің азулы биі, қара қылды қақ жарды, ақ-қараны айыруға келгенде тура жолдан туғанына бұрмаған мәрт кісі болыпты. Оның ел арасының бірлігін бәрінен жоғары қойғаны соншалық, жақын інісі, атақты ақын Ақтан Керейұлы Табын елінің айттырулы қызы Қаражан сұлуды алып қашпақшы болғанда, інісін қамап қойып, қыз жағына хабар салып екі елді үлкен бір жесір дауынан арашалап қалған. Осы оқиғаның ескерткіші Ақтанның «Қаражан қызға» дейтін тамаша әні бар. Оның сөзінің толық нұсқасын тауып жариялаушы ғалым Қабиболла Сыдиықов. Ал Айдекең біраз уақыт болыс, көп жылдар би болған. Елдің сүт бетіне шыққан қаймағының басына нәубет ала келген отызыншы жылдар ойраны бұл әулетке де оңай тиген жоқ. 1930 жылы Айдарбай Қорекұлы ұсталып Ақтөбе түрмесіне жабылады. Артында қалған жанұясы 1931 жылы Түрікменстанға көшеді. Біз осы соңғы кезге дейін Айдекең Ақтөбе түрмесінде өлді деп келген едік. Ақиқатында ол 1931 жыл аяғында түрмеден босатылады. Босау себебі Кеңес үкіметі оның беделін басқа жаққа босып кешкен елді кейін қайтаруға пайдаланбақ болады. Сонау ит арқасы қиян Ақтөбеден арып ашып, әрі ауру мендетіп Маңғыстаудың қара ойына жеткен би мұнда елі көшіп иесіз, тұл қалған жұртын ғана көреді. Сәті түскенде мұнда әкесінің дерегін біле кетпек болып бір ұлы қарайлап жүр екен. Соны ұшыратады. Босып кеткен елінің артынан еруге дәрменсіз, әрі туған топырақтан кетуге құлықсыз би осы ұлының алдында аз күн ауырып жатып көз жұмады. Зираты Оңтүстік Маңғыстаудың Аққұдық Маңышбай жеріне жақын Нұрбибі әулие басында. Моласында «Олжашы Айдарбай Қорекұлы» деп жазулы тұр. Оны осы бертінде тапқан ескі әңгімеге құлағы түрік, арабша өз бетімен оқып, сауат ашқан Жаңай Әбділда — осы жолдар авторының құдасы. Айдекеңңің Түрікменстанға қашқан жанұясынан екі баласы Иран асып кетіп, ұрпақтарының екеуі 1995 жылы атамекенге оралды. Шөберелері Ақберді мен Әшім әлі сол Иранда тұрады. Ал Түрікменстанда қалған баласы Молдағали 1938 жылы «халық жауы» болып сотталып, елге 1955 жылы оралып 1970 жылдардың басында марқұм болды. Оның ұрпақтары Жаңаөзенде тұрады.
4. Батықов Өткілбай - Медет руынан. Болыс. Оның есімі ҰҚК архивінде 1931 жылғы Адай көтерілісінің басшылары ретінде жиі ұшырасады. 1994 жылы облыстық теледидар, радиодан осы көтеріліс жайлы сөйлеген едік. Соған орай, келген хат, аяқтай келіп тілдескендер арқылы Өткілбайдың кім екендігі анықталды. Ол туралы нақты мәлімет берген Өтекеңнің немересі Қарабалин Мырзабай. 1931 жылдың зобалаңында Түрікменстанға босқан Өтекеңнің балалары ол жақта амалсыздың күнінен атақ-жөнін өзгертуге мәжбүр болған. Сөйтіп атым Қарабала деп құжат алған. Бұл сұм заманның көз сұғының қаһарын қойсаңшы-ау, Қарабала шын аты-жөнін туған жанұясының өзіне өлерінің алдында ғана айта алған.
5. Жаңаөзен қаласының шығысында Көкімбай дейтін жер бар. Көкімбай Өткілбайдың туысы. Ол да есімімен жер атының аталуына қарағанда белгілі, беделді адам болған. 1931 жылдың көктемінде заман ызғарынан қорыққан Өткілбай ер жеткен алты ұлын ел алдымен Түрікменстан шекарасына — Жаңғақтың ойына көшіріп жібереді де, «менің Өткілбай атыммен жырыла жылыстай жөнелгенім жарамас, не де болса жұртыммен бірге болайын» деп қалып қояды. «Көкемнің шайын қайнатып беріп қолында болам» деп 16 жасар Тұрған атты қызы да әкесімен бірге қалады. Оңтүстік Маңғыстаудан Қараған-Босаға арқылы қаша көшкен ел соңынан 110 жаяу, 39 атты әскері, 2 қол, 3 станокты пулемет, 8 жүк автомашинасы бар жасақ шықты. 24 маусым күні жазалаушылар мен көтерілісшілердің Қаражар құдығының басында шешуші шайқасы болды. Молаға, жыраға, қазған окопқа бекінген әскерге қарсы шабуылды Өткілбай Батықұлы бастап, оқ тиіп құлайды. Әкесінің денесін алып шықпақ болып пулеметке қарсы шапқан Тұрған қыз жаралы әкенің басын бір қолымен сүйеп, екінші қолымен өзін тұтқынға алмақ болған үш қызыл әскердің екеуін атып жаралап ерлікпен қаза болады. Оның ерлерше киініп алған қыз екенін мойнынан қылышпен шапқанда сусып түскен бұрымынан ғана барып білген. Сол жерде жазалаушыларды бастап келе жатқан үкімет комиссиясының мүшесі Сейітқали Меңдешов «Шіркін, қызым-ақ екен. Обал болғанын қарашы. Жүзін жасырыңдар» деп аяушылық жасапты. Өткілбайдың тағы бір туысы Демеген де көтерілісте көзге түскендердің бірі. Демеген ұрпақтары да «Банданың баласы» деген атақтан бас сауғалап жүріп, туған топыраққа осы бертінде оралды. Ақтаудағы политехникалық институт доценті, ғылым кандидаты Аралбай Демегенов сол Демекеңнің бел баласы.
6. Ожаров Балкот — 1885 жылы Красноводск округінің Қожа ауданында туған. Сауатты. 3 баласы бар. Тергеу протоколында әлеуметтік тегі байдың баласы деп көрсетілген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде Б.Ожаровтың берген жауаптары бар. Ол туралы арнайы сөз етілетіні себепті әзірге тек оның Тобанияз тобымен бірге сотталып атылғанын ғана қаперге бере кетеміз.
Бұл кезде ел ішіндегі саяси жағдай өте күрделі еді. Халық бұрынғысынша көшіп жүр. Бұрын да қырдағы ел ішіне ықпалы аз Форттағы ревком, Тобанияз Адай ревкомының төрағалығынан кетіп, уездегі барлық билік өз қолына шоғырланғанына қарамастан халқы алдында беделсіз еді.
Ауылдағы жұрт, тіпті, қажет десеңіз ревком мүшелерінің бірсыпырасын білмейтін де танымайтын. Ал мына комиссия жұмысынан, оның міндет, мақсатынан, тіпті, хабарсыз. Бірсыпыра жұрттың оған бізді түрікмендердің алдына жығып беруі мүмкін деген күдікпен қарайтыны да құпия емес-ті. Сондықтан комиссия ел арасында салмағы бар, ақсақалдарға сөзі өтетін Отарбай Иманғазыұлының көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Оның дәлелі айтылған істегі мына құжат.
Адай ревкомына
Түрікмен-қырғыз жанжалына тартылған қырғыз тұрғындарының арасындағы кезек күттірмейтін жұмыстарды жасау үшін қырға шығуға дайындалып жатқан республикааралық комиссия сізден Кирторг өкілі жолдас Иманғазиев Отарбайды Адайлар арасындағы беделді, уездегі жағдай мен тұрғындардың көңіл-күйін жақсы білетін кісі ретінде комиссия қарамағына уақытша іс сапарымен жіберуіңізді сұрайды. Комиссия қырға 22/ІХ.23 жылы шығып онда бір жарым екі аптадай болады. Бұл өтініш туралы комиссия қаперіне беріңіз.
Ұлтаралық комиссия мүшесі (қолы қойылған) Алманов.
19/1Х.1923 жыл.
«Бұл қатынасқа жіберілсін. Бұл туралы Иманғазиевке хабарлансын» деп келесі күні бұрыштама соғылған. Істе және де ревком төрағасы мен хатшысы қол қойып жазған ресми хат та тіркелген. Онда комиссияның жоғарыдағы қатынасы сөзбе-сөз келтіріліп, қосымша былай деп жазылған: «... Ревком комиссия жұмысының аталған дау-шарды келістірудің уездің барлық тұрғындары үшін өте-мөте маңызды екендігін ескеріп сізге комиссиямен бірге қырға шығуды ұсынады. Орныңызға орынбасарыңызды қалдырып, өз міндетіңізді соған өзіңіз келгенше жүктеп қалдырыңыз. Сіз ұсынған кандидатураны ревком бекітеді».
22 қыркүйек сенбі күні комиссия сапарға шығып кетті. Оны айғақтайтын құжат комиссия мүшесі Алманов пен уездік финанс бөлімінің меңгерушісі Малышевтің арасындағы комиссияның уезден азық-түлік салығы арқылы түскен 10 атты уақытша пайдалануға, егер ат өле қалған жағдайда әрқайсысына 40 сом червонецпен төлеуге міндеттенген қолхаты.
Жаңа комиссияның бұл құтты қадамынан құлағдар болған әрі оның жұмысына өздері құрақ ұшып сыйлайтын атпал азаматтары Отарбай Иманғазиев пен Орынбасар Дауыловтың, би, ақсақалдарының араласқанына риза аяқ жетер жердегі ел саябыр табады, сабасына түседі. Қайтіп кетеді деп арғымағын тізгін ұшынан ұстап, қылышын қайрап, мылтығын майлап отырған жігіттер сабасына түсіп, шаруасына айналды. Түтін түзу ұшты. Ауыл-ауылдың сөз ұстарлары ел арасына түсінік жұмысымен шыққан комиссия мүшелері түстенуге, қоналқыға тоқтаған жерге асықты. Әдеби сұхбат, келелі кеңес артынан кешегі мамыражай кездегі сияқты домбыра шертіліп, аспанға әсем ән қалықтады.
Осылайша ел арасындағы мәміле сапары сәтті аяқталған комиссия мүшелері Маңғыстаудың қара ойы мен Үстірттің бергі Қарнай бетінен уезд орталығына табысты оралды. Бұл кезде керісінше, Түрікменстан аймағындағы көшпелілер арасында саяси хал-ахуал адам түсініп болмайды дерліктей шым-шытырық еді. 1920 жылы бұрынғы Закаспий облысының құрамдас бөлігі Адай уезі ноқтасын үзіп Қазақстанға қосылған соң Красноводск уезі өз алдына дербес Ашхабадқа қараған уезд болып қалды. Уездің негізгі тұрғындары түрікмендер мен қазақтар. Түрікмендер негізінен уездің солтүстік, шығыс жақтарында. Шаруасының қамымен Хорезм республикасының территориясына көбірек тәуелді. Бір қиырдағы Красноводскіге қалашылап бармаса ат ізін салуы аз. Ал Хорезм болса әлі Жөнейт хан мен оның жасақтарының ықпалынан шыға алмай жатыр. «Азған жерге адыраспан шығады» демекші, бұл қиыншылықты ел арасындағы әртүрлі аламан, жолбасарлар пайдаланып бақты. Көбі түрікменнің жәуміт руынан тұратын бұл қарақшылардың негізгі мақсаты оңайдан олжа табу еді. Оларына өздерінше саяси мақсат беріп «Адайлар біздің ата жауымыз. Маңғыстауды кезінде күшпен басып қалып, бізді қуып шықты» деп көлгірситін. Әуелі қазақтың шетке шыққан малын сіңіріп кетуден басталған ұсақ ұрлық төңкеріс алдында ашық шабуылға ұласты. 1916-1917 жылдары түрікменнің Дүрді Қылыш, Қарағұл Қожбай, Жамағанбет бастаған тобы Красноводск уезіндегі Дөңқара жерін жайлаған қазақ аулына шабуыл жасап Мами Тынышевті өлтіріп, дүние-мүлкін тонап кетті. 1917 жылы Анна Іоганаршин бастаған топ Ақша Құйма станциясына таяу жердегі қазақтардың бір қызын тартып алу мақсатымен ел шауып Амантұрлы Түменовты өлтіріп кетті. Сол жылы кемірлі жерінде Қарақұл қарақшының қолынан Үмітбай деген қазақ өлді. 1918 жылы Боласшемде тағы бір қазақтың қаны төгілді. Келесі жылы Дөңқарадағы Түпқарған болысы Көрпе руынан Қаражігіт пен Баспаубай ауылдарын шауып екі адамды тұтқынға алып, екі адамды өлтіріп, көп мал-мүлікті тонап алды. Ал бұлар шамалыда кешіріле қояр кек емес-ті.
Адай елінің тарихындағы ең бір қаралы да қанды оқиға 1922 жылы 17 марттағы Мамыртай Есқуат, Дүйсен аулының шабылуы еді. Қазір Оңтүстік Үстірттің шығыс жақ шетінде «Есжан тақыр» атты айдын тақыр бар. Мамыртайдың атақты байы Есжан көктемде осы тақырға түскен суды сағалап келіп малын төлдетіп, төлін аяқтандырып күзде тағы да біраз күн еру болады екен. Есжан атақты Ақбөбек сұлудың әкесі. Есқуат, Дүйсен соның Ақбөбектен үлкен балалары. Бұлар да мыңғырған бай. Ауылға жау тигенде бұл кезде Қайыптан тартып алынып, Кедей аулының керсендей бәйбішесі атанып жасы егдерген дерлік Ақбөбек кішкентай немересі Әбілшені көтеріп төркін жұртына көрісіп келіп жатыр екен. Біз кейіннен Ақбөбек пен атасы Есбергенге еріп Иран асып кетіп 60-жылы елге оралған Есбергенов Әбілше үйімен 15 жылдай қоңсы отырдық. Әңгімесін тыңдай қалдық. Түнде қапыда басып ауылды қоршап алған жау ешкімді құтқармай 41 адамды өлтірген. Ақбөбек немересін құшақтап үйілген тезекті жапқан жабу астына жасырынған. Атылған оқтың бірі кішкентай Әбілшенің аяғына тиіп сіңірін зақымдайды. Сол зілзаладан тағы бір перзент 1 жастағы бала Есқуатов Қозыбай ғайыптан тайып аман қалады. Қазір ол Жаңаөзенде тұрады. Ауыл ақсақалдары Есқуат, Дүйсен де қаза тапты. Облыстық мемлекеттік архивте сақталған құжатқа түскен мәліметтер бойынша жалпы түрікмендердің қарақшылық шабуылы кезінде қазақтар жағынан ұсақ малға шаққандағы барлық материалдық шығын 25 058 бас қой құрап, 144 адам өлген, 25 адам тұтқынға алынған. «Бұл мәліметтер жақын болыстардан алынды, ал көп тұрғыннан жиналған жоқ» — дейді құжат онан әрі. Әрине, дауласушылар қарсы жақтың қолын қаралы, ісін қанды қылып көрсету үшін бояуды қоюлатыңқырап, қосыңқырап жіберетіні болғанмен екі ел арасындағы бұл жанжалдың қазақтар үшін тым оңайға соқпағанын білу қиын емес. 1922 жылы қазақтар шабуылдан қорғану үшін шекараға қарулы жасақ шығарады. Бірақ әскери міндеткерлігі жоқ, не жалдамалы емес, өздерінің шаруашылық харакеттерінен қолы босамайтын адамдардан құралған жасақ көп тұрақтай алмайды. Екі айдан соң үйді-үйіне тарап кетеді. Екі уезд тарапынан қазақтар мен түрікмендерге бір-біріне тимеу, кез келген жанжалды үкіметтің әділ қазылығына жүгініп шешу туралы берілген қатаң нұсқау аяқсыз қалды. Оның орнына жауласушы жақ баяғы ата-бабаларының «қанға - қан, жанға - жан» дейтін ежелгі дәстүрін ұстануды жөн санаған сыңайлы. Бұл даулы мәселеде қазақтар жағы сүттен ақ, судан таза еді десек тарихқа қиянат, шындыққа қалыс. Жауыздық қашан да, жауыздықты дүкеткен ғой. Қазекең де кегін еселеп алып, қарымтасын артығымен қайтарып бақты. Сондықтан дау-жанжалды реттеу жөніндегі комиссияға түрікмендер жағы да құныкер емес талапкер ретінде арыздануға әбден құқықты еді. Сірә, соның салқыны болса керек комиссия төмендегідей қатынас жолдады.
Өте құпия
Адай ревкомына
Комиссия екінші рет сіздерге осы жылдың 13 маусымында Көкдере жеріндегі түрікмендерге соңғы рет шабуыл жасаған қырғыздардың кінәлі басшылары — Әли Бәйімбет болысының азаматтары Қошқар Қыдыровты, Ноғай Есқуатовты, Адай болысының азаматтары Шоңғыров Қаңғабай мен Сабыр Өтегеновті тез арада тұтқындап Форт-Урицюге жеткізуді ұсынады.
КирЦИК пен ТурЦИК республикалық комиссиясының мүшесі (қолы қойылған) Алманов.
27 тамыз 1923 жыл.
(Ә.Спанов. «Тоқабай Құрмаш» 50-51 б-р)
Бұл құжаттан білгеніміз - аталған шабуыл қазақтардың Есқуат, Дүйсен аулының кегін жоқтау жоралғысы. Қошқар Қыдыровтың Есжанға немере туыс, ал Ноғай фамилиясына қарағанда Есқуаттың баласы болуы керек. Қаңғабай Шоңғыров Шегем руынан. Сол кезеңде аты шыққан жауынгер, мерген азамат. Қаңғабай 1930 жылы ОГПУ органдарының қолына түсіп Форт түрмесіне қамалды. ОГПУ егер Құрмаш Қосжановты ұстауға көмектессең босатамыз деп алдап жолбасшы қылып алып, Құрмаш өлген соң ел шетіне шығарып Құсшы деген жерде атып тастайды. Зираты сонда, басында аты-жөні жазылған құлпытас бар.
Жоғарыдағы қатынас қағаз жазылғанда аталған адамдар Жаңғақтың ойында жүр еді. Және мұздай қаруланған. Сондықтан олар оңайлықпен ұстатпайды. Сол себепті Адай Төңкеріс комитеті оларды ұстай алмаймыз, қарулы жасақ жоқ деп жазбаша жауап береді комиссияға (сонда 51 бет). Есімдері аталған адамдардың түрікмендерден қалай кек алып жүргені құжат тіліне түспепті. Ауызекі әңгімеде үйірлеп мал, тұтқын, жесір алынды деседі. Адам өлімі де болмай қалмаған. Бізде оның белгілісі қазақтар жағының бұл шабуылында «соқырдың таяғы сорлыға тиедінің» кебін құшып қосақ арасында кеткендер де көп болған түрікмен ағайынның ішінде. Қолы қанды, қаупі мол қарақшылардың қазақ қашан келіп кеп олар екен деп күтіп отырмасы белгілі ғой. Олар әрі қарай ендеп, қалың түрікменнің ішіне сіңіп кетті. Және олар үкімет тарапынан тиырым болмағанын арқаланып қазақ ауылдарына тиісуін қоймаса керек. Оның нәтижесінің қандай болғаны жайлы мына әңгіме түрікменстандық көнекөздер арасында осы уақытқа дейін аңыз болып айтылады. Тіней Қызылғұл батыр аңдып жүріп қазаққа тізесі батқан екі қарақшыны ақыры қолға түсіріп, басшысын бауыздап өлтіреді де қолындағы інісінің құлағын кесіп қолына ұстатып қоя береді. Жай жібермей алдағы ай жаңғырмай тұрып көшіп кетпесе көп қолмен барып ауылдарын шауып ел естімеген жаза қолданатынын қатаң ескертеді. Айналдырған екі-үш аламанның кесірінен жоқ жердей жалалы болған түрікмен ағайын бір түнде дүрк көтеріліп әрі асады да кетеді.
Арада әлденеше жыл өтеді. Ақыры баяғы боса көшкен түрікмен ауылдың қонысын жерсініп қалған «бауыздағыш, құлақ кескіш» әбден қартаяды. Бүгінде ескі кек ұмытылған. Дегенмен, ерден ердің қаупі бар, қолы қанды шал сол мен өлтіретін паленшеден ұрпақ бар ма екен деп баспақтап сұрап жүреді екен. Бір күні ауылға үш түрікмен келді дейді. Астарында жаңа «УАЗ». Ат маңдайын тіреп келе жатқаны Қызылғұлдың үйі болып шығады. Бұл кезде дүние тірлігінен жырақтап, ақырет қамын күйттеп қалған қартымыз меймандармен аман-есендік сұраған соң, далаға шығып үй адамдарына қонақасы дайындауды тапсырып, өзі інісінің үйіне барып отырады. Қонақасы желінеді. Меймандардың бұйымы сұралады.
— Мен баяғы әкелерің өлтіретін түгеншенің баласы едім,-дейді меймандардың мосқалы, -Сол әке кегін ала келдім. Бұйымым әкелеріңнің жаны. Жұрт үрпиісіп қалады. Ақсақалдар ақылдаса келіп шалға туған інісін жібереді. — Сен қылдымға мен қылдым әрекетім үшін құныкер болып жан берер жайым жоқ. Айдап шығындар, — дейді қарт батыр шамырқанып. Інісі алдарына барып кешірім өтін, өткенге салауат делік. Түсінісейік, — деп бопсалаған екен. «Намыссызсың, жігерсізсің» деп сөгіп айдап шығыпты. Жұрт тығырыққа мықтап тіреледі. Заң орнына хабар салуға олар тым жырақ. (Шатақ шалдың айтқанын тыңдап шұрқан шығаруға мейман сыйлау салтын бұзу елге сын. Бұлардың қиналғанын көрген түрікменнің сөз ұстары «Жә, біліштер абдырамаңдар. Өткен өтті. Құдайға бүгін, ертең барам деп отырған өлмелі шалдарыңның қанын жүктеп бізді жын ұрып па? Сөздің сыралғысы болған соң айтқанымыз ғой. Әйтпесе ата күлдігімізге бір аунап, әкеміздің басына дұға қылмаққа келгенбіз» дейді. Қонақтар аттанғалы жатқанда шал інісін шақырып алып «Баяғыда әкелерін өлтірген соң шөгерме бөркін шөп басына кигізіп кетіп едім. Соным артық болды. Ана жас оғланына менің бөркімді кигізіп жіберің. Жасымды берер ме екен» депті.
1990 жылдың жазында іс сапарымен барғанымызда қазақтар аламандарға кеткен кегін артығымен қайтарған Жақау Әби батыр туралы да нелер хикаяларды әңгімелеп отырады. Таңқаларлығы - Әбекеңе ол үшін түрікмендер қырын қабақ танытпаған. Қайта өздерінің қандастарының қарақшылығын мінеп, сынап, мың асқанға бір тосқан деген осы рәуішінде қарайды екен. Бұл да болса бір елдің елдігін танытатын мәрттік қой.
Комиссия құжаттарын зерттеу үстінде оның мәселені ұзын арқан кең тұсауға салмай тез жедел шешуге тырысқанын көреміз. Мысалы, 1923 жылы 3 қазанда болған республикааралық комиссияның кеңейтілген мәжілісіне Киселев, Алманов, Мыңбаев, Әлиев, Баймағанбетов, Оңғалбаев, Иманғазиев, Мырзабеков, Шымыровтар қатысып, онда Алманов пен Киселев комиссия жұмысы туралы есеп береді. Сол бойынша алынған қаулыда Жөнейт хан тарапынан соңғы әзірде бейбіт Адай ауылдарына шабуылдың жиілей бастағаны атап көрсетілген. ТурЦИК-тен Красноводск уезінің шекарасын қорғап тұрған эскадронды қалдыруды, КирЦИК-тен Форт Урицкіге эскадрон жіберуді сұрап, ол эскадрон келіп жеткенше 50 милиционерден қарулы жасақ шығарып оны шекараға жіберуді Адай Төңкеріс комитетіне міндеттейді. Шиеленісті жағдайды тез реттеудің бірден-бір кепілдігі ауылдарда ұсталып отырған түрікмен тұтқындарын Фортқа әкелудің соңғы мерзімі сол жылдың 20 қазаны деп белгіленеді. Үстірттегі халықты тыныштандырып ұстау үшін Отарбай Иманғазиев бастаған бірнеше кісі ел арасына жіберілді. Милиция жасағын қаруландыру үшін жергілікті бюджеттен 160 мың сом қаржы бөлініп, ол төңкеріс комитетіне кейін Орынбордан қайтарылатын болады.
Осы жерде қысқаша Жөнейт хан кім деген сауалдың басын аша кетелік. Патша үкіметі тұсында Ресейге протекторат ретінде бағынып келген Хиуа хандығы монархия құлаған соң өз алдына дербестік алуға құлшынды. Ол ниет ағылшын интервенттері тарапынан да қолдауға ие болды. Хандықтың Кеңес саясатына қарсылығын ағылшындар қаржымен, құралмен демеп отырды. Жөнсейт хан осы кезде бұрынғы нашақор, сексуальды мәжнүн (маньяк) бұрынғы хан орнына осы лақап атымен келген жаңа хан. Алайда бұрын да басы бірікпей келген өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарынан тұратын Хиуа хандығының тағын аласапыран кезде оған шайқалтпай ұстау мүмкін болмады. Ханның негізгі тірегі болып саналатын түрікмен халқының өзінде ауызбіршілік жоқ еді. Бұл халықтың негізін құрайтын теке, жәуміт рулары өзара қырбай. Өзбектермен қан араластырып, солардың салт-дәстүрлеріне мойынсұна бастаған тат руы өзінше бір әлем. Бір кездері патша үкіметі Мургиб өзенінің бойына егін салдыру үшін қоныстандырған Тараншы ұйғырлары бір бөлек. Бағзы баяғыда Македонский әскерімен келіп қалып, осы жерге тамыр жайып кеткен наухарлар зәузаты жөнінен еуропалық — олар өзінше бір тайпа. Иран, Ауғанстан шекаралары бойындағы белүзжі-бұлыш, сірә, парсылар. Олар қит етсе алабағанның арғы жағындағы қандастарына мойын бұрады. Оның үстіне, Кеңес үкіметінің саясатына ә дегеннен-ақ ұға қоймаған түрікменнің көбінің өзі Иран жерінде сыңсып отырған қалың түркімендеріне қарай ығысып кетуге мүдделілік танытты. Бір жағынан, өз ішіндегі осы алты бақан алауыздық, екінші жағынан құрсанған әскерімен қаусыра келген Кеңес үкіметі ақыры Жөнейтті жеңілуге мәжбүр етті. Ол қасына ерген аз ғана адамдарымен ауған жеріне өтті. Ауызекі деректер ол сол жақта күтпеген жерден қаза болып, сенімді серіктері жасырын түрде туған жеріне әкеліп жерледі дейді. Кешегі күн өлшемімен алғанда банда, басмашы, бүгінгі көзқарас бойынша Кіндік Азиядағы кеңестік зобалаңға қарсы күрескер Жөнейт ханға тарих әлі толық бағасын беріп болған жоқ. Мемлекеттік комиссия құжаттарында оның атының кездесуі әрине «хан, би, бек, бай атаулының бәрін ел тонаушы, қарақшы, құбыжық етіп көрсететін кеңестік саясаттың үйреншікті әуені. Әйтпесе, Қабланның қырында, Үстірттің түлейінде түн қатып жүрген түрікмен аламандары Жөнейттің айтқанымен ел тонап, нақақ қан төгіп жүрмегені анық. Бүгінде белгілі болып отырғандай ол басбұзарлардан түрікмен халқының өзі де аз зардап шекпепті.
Жаңадан жасақталған милиция жасағына басшылық ету Иманғазиев пен Оңғалбаевқа жүктелді. Басқарманың бөлім бастығы Мырзабеков пен кеңсе бастығы Маймақов уездік милиция бастығына арнайы хат жазып қолда бар аттарды, бесатарларды, оқ, киім-кешектерді арнаулы тізіммен осыларға қатаң түрде өткізуге қатынас қағаз жолданды. Жасақ сапарының бағытын, орналасатын жерін, іс-қимылын төңкеріс комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев өзі қадағалап отырды. Құжаттар да, ауызекі деректер де милиция жасағымен шекаралық аудандарда ешқандай әскери іс-қимылдың болмағандығын сипаттайды. Соған қарағанда, аламандар аяғын тартқан соң көп мәселелер бейбіт жолмен шешілген сыңайда.
Бұл кезде Форттағы комиссия өз жұмысын ойдағыдай жалғастыра берді. Құжатта көрсетілгендей, бұл кезде Адай уезінде 72 түрікмен жанұясы тұратын. Олар әлдеқашаннан қазақ арасына сіңісіп, бауыр, туыс болып кеткендер. Ешкіммен ешкімнің жаулығы жоқ. Түрікмендер уездің экономикалық, саяси, мәдени өміріне қазақтармен бірдей араласады. Олар үкімет комиссиясына берген мәліметінде ешқандай талаптарының жоқ екендігін айғақтайды. 22 қазан күні шалғайдағы Темір ауданынан Төңкеріс комитетіне Алмановтың атына төмендегідей жеделхат келіп түсті.
«Жұртшылық өкілдерінің жауапты қызметкерлердің жиналысы түрікмен-қырғыз арасындағы қайшылықты уездік масштабта шешу үшін 10 делегат тағайындады. Делегаттар көп кешікпей барып жетеді, адамдар туралы материалдарды өздерімен бірге ала барады. Түрікмен-қырғыз арасындағы қайшылықты шешу негізі Хорезм республикасындағы бандаларды жою болып табылады. Өкілдер осыған орай істі талқылауды 1 қарашаға дейін кейін қарата тұрып Хорезм республикасынан да республикааралық комиссияға өкілдер шақыруды ұсынады. Тұтқындағы түрікмен балалары Сам жерінде ұстаулы, соған барып, тұтқындарды алысымен Фортқа барып жетемін. Телеграфпен сіздің нұсқауыңызды күтемін.
Темірдегі өкіл Ақжанов.
Түпнұсқа дұрыс (қолы қойылған) Полюков»
Төңкеріс комитеті осы жеделхатты алған бойда астана Орынбормен хабарласқан болуы керек. 23 қазан күні Орынбордан комиссия төрағасы Киселевке ВКП(б) облыстық комитетінің хатшысы Григорьевтер қол қойған «Сіздің жеделхатыңызда қарулы шайқаулар жайлы нақты мәліметтер жоқ. Олардың саны мен қарулануы, топтасқан жері туралы хабарлаңыз» деген жеделхат келіп жетті. Бұған қарағанда, екі арадағы жағдай сол кездегі Қазақстан үкіметінің басшылығын да қатты алаңдатқан сияқты. Бұл мәселенің екі республика шеңберінен шығып, үлкен жанжалға ұласып та кету қаупі болғандығын тарих үшін аса маңызды мына бір құжат та анықтайды. Ол аталмыш комиссияның жұмысқа кірісер алдында 1923 жылғы 1 тамызында жалпыға жолдаған төмендегі үндеуі. Біздің тарихшыларымыздың осыған дейінгі бір кемшілігі құжатты, цитатты өз ыңғайына қарай үзіп-жұлқып, иіп пайдаланатын. Сөйтіп, нәтижесінде оқырманға өз ойын зорлап теліп, оның өз бетінше пайым жасауына жол қалдырмайтын. Сол кемшілікті қайталамас үшін біз аталған құжатты орыс тілінен аударып, қысқартпай сол күйінде келтіруді мақсат тұттық.
Қырғыз республикасы Адай уезінің, Түрікменстан республикасы Красноводск уезінің барлық тұрғындарына.
Жолдастар!
Сіздерге мәлім, қырғыздар мен түрікмендердің бір-бірімен қаны араласқан тумалас, бір өмір салтымен, бір мүддемен өмір сүріп келе жатқан халықтардың арасында қашаннан бері сіздердің ондаған ұлдарыңыздың ғұмырын қиған, сіздердің шарушылықтарыңызды шайқалтып, бейбіт тұрғындарды қорқытып, үркітіп, атамекеннен бездірген, қолға қару алып, сол арқылы тұқымдастырыңызды жаңа жаулыққа, жаңа қауіп-қатерге бастаған сан шайқастармен қиған араздық үзілместен келеді.
Бұл араздықтың зардап әкелгенін көрсету үшін, қазіргі күнде комиссия қолында бар толық емес мәліметтер бойынша тек соңғы жылдары екі жақтан 149 адамның өліп, 97 адамның жараланып, осы күнге дейін еріксіздікте азап шегіп отырған 63 адамның тұтқынға алынғанын келтірсек жеткілікті. 6669 бас ірі қара, 7958 уақ мал, ірі қараны уақ малға шаққанда 41 398 бас қой — ешкі барымталанды. Егер таланған алтын, күміс, кілем, киім, үй, тағы басқа жиһаздарды есепке алсақ, бұл жаугершіліктің зардабы жан түршіктіреді. Егер де сіздерден қырдың малшысы тарапынан үкімет сіздердің шарушылықтарыңызды күйзелтіп, көп салық алады деген шағым болатын болса, үкімет ол салықты мемлекетті нығайту үшін, яғни сіздердің мүдделерің үшін жиналатынын қаперге береміз. Ал сіздердің араларыңыздағы жаулық болса, ол сіздердің шаруашылықтарыңызды күйзелтіп жекелеген әлдекімдерді байытуда ғой. Мысал үшін қазір бізде мейлінше толық мәліметі бар Красноводск уезінің жаугершілікке араласқан екі болысы бойынша дифрларды салыстырып көрелік. Көрсетілген болыстардан жиналған азық-түлік салығы 7,137 бас уақ мал, ал жаугершіліктен келген тек малдай зиян 27,198 бас уақ мал құрайды, яғни мемлекет салығынан төрт есеге жуық көп.
Кеңес үкіметі өзі өмір сүрген алғашқы күннен бастап бұл араздыққа баса назар аударды, оған іріп-шіріген помещиктік, шенеуніктік құрылымның зұлым сарқыншағы деп қарап, кеңестік құрылыстың барлық ұлттардың берік қарым-қатынаста өмір сүруіне мүдделі принципін түбірімен бүлдіруші ретіндегі ағайын аралық араздықты болдырмай доғарудың барлық шарасын алды. Осы мақсатта Қырғыз және Түрікменстан республикаларының үкіметтері тұрғындардың өз салт-дәстүрлеріне негіздеп жауласқан жақты бітістіруді көздеп өз өкілдерін жіберді, съезд, конференциялар ашты. Бірақ, жаугершілік тыйылған жоқ, қайта соңғы уақыттардың оқиғасы көрсетіп отырғандай қабындап өрши түскендігі соншалық, үкіметке ағайын аралық араздыққа негіз болып отырған себептерді түбірімен жою бағытындағы іс-қимылын өрістетіп, әдістерін өзгертуге тура келді. Көрсетілген жұмыстарды орындау үшін Қырғыз және Түрікменстан республикасы республикааралық комиссия құрып, оның құрамына қырғыз, түрікмен халықтарының өкілдері еніп, ол 1-шілдеден бастап қызметіне кірісті. Комиссия өзінің түпкі мақсаты етіп тайпа аралық араздықты жойып, оның қайта қабылдауына апарар сылтау себептерді түбірімен құртуды мақсат тұтады. Сол үшін де комиссия өз жұмысына қолайлы ықпал жасап, бірнеше ондаған жылдарға созылған жаугершілікті тоқтатуды тездетіп бірнеше шаралар алды. Комиссия алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер мыналар болып табылады:
1. Жауласушы екі жақтағы тұтқындарды алып, оларды туған ауылдарына қайтару.
2. Жауласушы жақтардың материалдық шығыны туралы жаңадан түскен материалдарды есепке алу.
3. Тоналған дүние-мүліктің кімнің қолына шоғырланғанын табу.
4. Барымташылардың белсенді қатысушылары мен ұйымдастырушыларын қараңғы кедейлердің шаруашылығын талан-таражға салушы, өздерінің жеке мүддесі үшін тайпа аралық алауыздықты қоздырушы, сол мақсатта жанжалға бейбі көшпелілердің қалың бұқарасын тартушы ретінде анықтап олардың дүние-мүлкін есепке алып, содан соң өздерін жергілікті үкімет органдарына басшыларының жауапкершілігіне жәбір көрушілердің шығынын өтетуді міндеттеп табыс ету. Комиссия жұмысына тікелей, жанама кесел жасаушы барлық адам оның жұмысына қарсы басбұзар қылмыскер деп табылады. Сондықтан, олар басбұзар қылмыскер ретінде сотқа беріліп, әлеуметтік қауіпті элемент ретінде өлкеден жер аударуға дейінгі қатаң заң қолданылады. Араздықты тыюға жүрдім-бардым араласқан жауапты қызметкерлер де қатаң жазаланады.
5. Жауласушы екі жақтың конфликтіге қандай да бір қатысы бар руларының әрқайсысы өздерінің болыстық, уездік съездері арқылы республикааралық съезге дайындалады. Республикааралық съездің ашылуына комиссия жұмысын аяқтауы тиіс. Сол үшін оның жергілікті жерден арыз қабылдауының соңғы мерзімі 1925 жылдың 1-қыркүйегі болып белгіленеді.
Жолдастар! Кеңес үкіметінің бұл көрсетілген шаралары тек қана өлкеде бейбіт өмірді қалыптастырып, зардабы көзге ұрып тұрған қантөгістен құтқару мақсатында алынып отыр. Үкімет органдары бұл бағытта жұмыстанып-ақ жатыр, бірақ араздық отын тез өшіру үшін өз міндеттеріне саналылықпен қарап, оның жұмысына жергілікті жердің тұрмысы мен өміріне қатысты біліктерін жұмылдырып, белсенді түрде қатысқан тұрғындардың өзіне де көп нәрсе байланысты.
Өлкеде бейбіт өмірді қалыптастырып, қырдың көшпелісіне ез еңбегімен тыныш, жанұясы мен өз басының, дүние-мүлкінің амандығы үшін алаңдамай айналысуына мүмкіндік беріп, тумалас тайпалар арасына от жаққысы келген қараниеттілердің тамырына балта шабу арқылы кедейге кеңділік әперуге ұмтылған комиссия үшін өз халқының мүддесі қымбат. Баршаны, еш қажетсіз соғыста төгілген қанға немқұрайды қарай алмайтын әркімді, ата-аналарын жоғалтып өздері де құрып жатқан балалардың көз жасына қабырғасы қайысып, бары барымтаға түскен кембағалмен бірге қайғыратып, барымтадан, онда төгілген қаннан ризығын молайтқандармен келіспейтін әрбір жанды бұған жол бермеуге шақырады. Тұрғындар бұл шақыруға үн қатып, бандиттерді ауыздақтауда бір жерден табылады деп сенеді.
ТурЦИК пен КирЦИК-тің Түрікмен-Қырғыз араздығын реттеуші республикааралық комиссиясы.
1923 жыл 1 тамыз. Красноводск қаласы.
Комиссия Красноводск қаласында арыз, шағымды сонда жіберуге болады, арыз-шағымдарды сондай-ақ комиссияның жергілікті жерге шыққан мүшелері де қабылдайды.
Үндеу астында Адай төңкеріс комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаевтың қолы қойылған (25.08.1923 жыл). Мұны көбейтіп мекемелерге жібергенімен комиссияны хабардар еткен бұрыштамасы да тұр.
Осылайша Кеңес үкіметі келген де екен. Әрине, Қазақстан мен Кіндік Азия патша отаршылдығы тұсында, жеке-жеке ұлт республикаларына бөлінбей тұрған кезде де ұлт пен ұлт арасындағы әртүрлі жанжалдар болмай тұрмайтын. Бірақ, оның дені жер, су, қоныс негізінде шаң беретін де әрі өршімейтін. Ал Адай мен Түрікмен арасының ұсақ-түйек алып кетті, шауып кеттісі қашаннан үйреншікті жағдай. Алайда, ол да жолбасар ұрлық, барымта болмаса тап Кеңес кезіндегідей қарулы қол аттандырып шапқыншылық жасау тыйылған еді. Оның өріс алуына алдымен азамат соғысынан титықтаған елдің, тұрақсыз саяси хал-ахуалдың бірден-бір себеп болғандығында сөз жоқ. Оған үкіметтің бұрын бір-бірімен қоныс алмасып, кең дала төсін тел еміп келген екі ел арасында шекара жүргізіп, өзара бөлшектеу саясаты отқа май құйғандай болды да шықты. Сонау оғыз кезінен бауыр басып келген Маңғыстаудың Қазақстан қарамағына біржолата өтуі түрікмен ұлтшылдарына ұнамады. Осыған дейін түрікмен билігімен келісіп Жаңғақтың бойын ен жайлап, Балқанға дейін мал өргізген қазақ ағайын да қапелімде көшінің басын кейін бұра қоймады. Содан келіп ақылдың алдын ашу алған тұс та болмай қалған жоқ. Жоғарыдағы белді комиссияның бір құжатында Маңғыстауды енді Түрікменстан қарамағына қайта беру не Қарабұғаз өңірін Қазақстанға қосудың жағдайды шиеленістірмей жақсартпайтынын тілге тиек етуі Кеңес үкіметінің ұлтаралық қатынасты бейбіт, ымыра жолымен қалыптастыруға қабілетсіз екендігін мойындауы еді. Сондықтан да олар әуелі ел ағаларының көмегіне жүгінуін жүгінгенмен, тылын қарулы милициямен, әскер күшімен тығындауға мәжбүр болды. Абырой болғанда қазақтың да, түрікменнің де сөз ұстар зиялылары қантөгіске жеткізген жоқ. Өзара пәтуаға жүгінді. Қыркүйек айының аяғына таман Адайдың аты аталған Тоғаев, Қореков, Әлниязов, Ожаров, Дарханов, Дауылов тағы басқа ақсақалдары Фортқа келді. Архив қорында сақталған құжаттар осындай үлкен басқосудың Красноводскіде болып, Оған түрікменнің белді қарияларының жиналғандығын сипаттайды. Жерге қырау түсе әр ауылдағы тұтқындардың да басы құралды. Ақсақалдар алқасы, Төңкеріс комитеті Краснсводскіге тұтқындарды ертіп іс-сапарымен Отарбай Иманғазиевті жіберуге қаулы алды. Архивте Отарбай Иманғазиевтың Махашқалаға баратын пароходка, ол кезде Красноводскіге тікелей су жолымен қатынас Махашқала арқылы болатын, арнаулы каюта брондап, іс сапарымен аттанғанын айғақтайтын мәлімет бар. Красноводскідегі келіссөз өте түсіністік жағдайында өтті. Түрікмендерге қолды болған адамдары қайтарылды. Қазақтар да тұтқындарын қайтарып алды. Архив құжаты тек Аяу деген бір келіншектің түрікмендердің Иран асырып сатып жіберуі себепті қайтарылмай қалғандығын мағлұмдайды. Биыл Ираннан келген ағайындар арқылы оның одан кейінгі тағдырын да білдік. Сатып алып кеткен түрікмен күйеуі өлген соң Аяу Иранға осы жерден ауып барған ағайындарымен қауышады. Қайта тұрмыс құрады. Жасы жетіп, сол жақта бақилық болады. Екі жақтың қолды болған мал-мүлкінің де орны толтырылады. Ал кінәлілердің жазалануына келетін болсақ, қазақтар жағынан түрікменді шапқаны үшін жазаланды деген жазбаша да, ауызша да дерек жоқ. Соған қарағанда, сірә Отарбай Иманғазиев бұл мәселеде үлкен мәмлегерлік танытып, қанына тартып, барымташы қазақтардың бар күнәсін мойнына көтеріп ақтап алса керек. (Білем деушілердің айтуы солай).
Бірақ, іс мұнымен біткен жоқ-ты. Қазақтар үшін екі даудан кейінгі даудың бірі де бірегейі де жер дауы. Жердің қадірі мыңғыртып мал өсірген түрікмендер үшін де алабөтен. Айта берсе бүкіл көшпелі елдің оның ішінде қазақ пен түрікменнің тәжікесі де осыдан басталды емес пе?! Малы аралас қыр жайлап, жырада ықтап аралас өріп жүрген көшпелі түрікменнің, қазақтың арасында о баста шекара белгілеп, меже қағу үрдісі болмағаны белгілі. Түрікменнің пәлен бабасы қаздырған құдығын қазақтың түген атасы аршып, көзеп әлденеше жыл жайлаған. Анау Қошобаны түрікмен ата қауымым еді десе, содан әрі бір көш жерде қазақтың бір арысы сөз сүйлейі Ғафурұлы Қожа ақынның жамбасы жер иіскепті. Сол Қошобаның күнбатыс алды Сүйлі мен Сүлменге де бір атасы сүйегін сүйретіп әкеліп қалдырыпты. Онысын жалған дейін десе ол аталарының басында ру таңбасын ақшитып тұрып басқан айшықты моласы тұр. Ал енді қай төбе, қай қырат кімнің ата күлдігі екенін түсініп көр. Комиссияның шақшадай басының шарадай болар тұсы дәл осы шекара белгілеу мәселесі болды.
Ақыры он ойланып, жүз толғана келіп тағы да екі елдің сөз білер, жөн ұғар уәлі ауыздарына жүгінуге тура келді. Бұл орайда да қазақтар жағының сөзін Отарбай Иманғазыұлы ұстайды.
— Жуан жіңішкерді, жіңішке үзілді дерлік іс түйіні шешілер сын сағаты таяп келген кез болса керек, — деп дерек береді ел аузы әңгіме бұл туралы, — екі жақ бір қарақшы төбе басында мәмілеге келуді тым созып алыпты. Мезгіл қыс іші. Жұрттың әбден шыдамы таусылады. Бірақ, көзін жер тескен қазақ пен түрікмен жағы асығар емес. Ұзақ күнді кеш қылып тұрып алады әбден.
— Бұл менің пәлен деген батырымның қарауыл қараған үйігі, — дейді түрікмен ағайын.
— Қараса қайтушы еді. Қарады да кетті. Ал менің түген деген байым осы жонда ақтылы қойын өргізіп айлап жатқан. Өзге түгілі өзі түстеп, түгендеп білмейтін атасының жыртысын жыртқан қазақтың осылай қақсаудан жағы семер емес.
Комиссияның бір мүшесі Бәли Өришан екен. Ақыры сол шығады ортаға.
— Әй, дайым, мына қара суықта құлағыңды ашық қалдырып шөгерме бөркіңді кері айналдырып, жүнін теріс қаратып киіп тұрған сенің дауың-ақ шаршатып бітті ғой. Қарауыл қараса атаң қараған шығар. Көз майын ал да бұршы атыңның басын! — Өришанның бұлай еркін тіл қатып, белден басатын себебі оның руы Түрікменадай, яғни түрікмен қызы бағзы әжелерінен қуып түрікмен еліне, кетті жеріне жиен бола кетеді. Түрікмен де сөзге тоқтайтын халық. Сол жерде шынында да қара суықтан шөгерме бөркі қамсау болмай, құлағы тоңып, тымақтарын бастыра киген қазақтарға қызыға қарап тұрған түрікмен жоқшысы күліп жіберіп, қолын бір сілтесе керек.
Комиссия осылай сұлбалаған шекара межесін келесі жылы жазда қазақ жағынан Жалау Мыңбаев пен Отарбай Иманғазиев, бар түрікмен жағынан Түрікменстан ЦИК-і Атқару комитетінің төрағасы Нәдірбай Айтақов бар қосымша комиссия нақтылады.
Бірақ, іс мұнымен де тынған жоқ. Бізге жеткен деректер Отарбайдың екі ел шекарасының бұлай жөн-жосықсыз, асығыс, ат үсті межелене салғанына наразы болғандығын айғақтайды. Себебі бұл кезде Балқан таудан бергі жерде түрікмен ауылдары жоққа дерлік еді. Бірен-саран түрікмен ауылдарының өзі Маңғыстаудан өкше көтерген, қазақтармен бірге жүрген ағайын біліштер. Қазіргі түрікменнің белгілі публицист жазушысы Рахым Есеновтың аталары сияқты қазақпен біртіні араласып сіңісіп кеткендер. Рахым аға «Көктем солтүстіктен келді» деген Мәскеуден орыс тілінде шыққан кітабында бұл жайға кеңінен тоқталады. Уезд орталығы Красноводскінің негізгі тұрғындарын түгелімен қазақтар мен ішкі Ресейден, Кавказдан келген орыстар құрайды. Жаңадан ірге тасы қаланып жатқан Қарабұғаз кен орнының маңы ұйысқан қазақ. Уездегі негізгі интеллигенция өкілдерінің де басым көпшілігі қазақтар. Ал Жаңғақтың ойы мен Үстіртте мыңғыртып мал өсірген қазақтардың жартысынан көбінің жайлауы Маңғыстаудың Үстіртінде. Осындай жағдайда жасанды шекара саясатын орнату бүтін, тұтас елді екіге бөлу болар да шығар еді. Ал бір қазақтың басын екі ете алмай жүрген алмағайып кезеңде бұл ел жағдайын оңалтпайтын құбылыс. Одан елдің саяси әлеуметтік жағдайы ғана емес экономикасы да зардап шекпекші.
Мына қызықты қараңыз. Отекеңнің тап осы ойының айна қатесіз ақихат екендігін арада аттай 13 жыл өткен соң басқа емес, Қарабұғаздағы үлкен өндіріс басшысы, мемлекеттік мүддеге жеке ұлт, ұлыс биігінен емес үлкен мұраттар тұғырынан қарайтын ұлты еврей Яков Генрихович Ру- биншейн дейтін азамат көзге шұқып тұрып айтыпты. Кезінде Мәскеуден бастап Қазақстан мен Түрікменстан басшыларын абыржытудай-ақ абыржытқан бұл құжат біздің облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы. Оған сәйкес түзілген іс Түрікменстанның мемлекеттік архивінде. Іс түзілу себебі кезінде Түрікменстан үкіметі Рубинштейннің бұл хаты негізінде Қарабұғаз маңындағы қазақтарды қоныстандыру, өндірісте қолайлы тұрмыстық жағдай жасау жөнінде қыруар шаруа алған екен. Міне, сол қызықты құжат мынау. Көзі қарақты оқырмандарды бей-жай қалдырмас деген оймен оны да орысшасынан сол күйінде аударып өзгеріссіз беріп отырмыз.
Тек қана ВКП(б) Орталық Комитетіне ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Андреев жолдасқа — жеке өзіне.
Маңғыстау жарты аралы Үстірт қыраты мен Қарақұм шөлінің қарсысына орналасқан бұрын Закаспий теңізінің (түпнұсқада осылай — Ә.С.) ең бір халқы тығыз орналасқан ауданы болды. Ауданның аз ғана келген орыстардан басқаларын тек қана көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын Адай қазақтары құрайды. 1935 жылы бүкіл Маңғыстау түбегін Маңғыстау ауданының минералдық байлығын шаруашылық және мәдени тұрмыстық жағдайының өте-мөте төмен көрінісіне кездестік. Көптеген тұрғындар тұрмысының қайыршы, кембағал дәрежесі Маңғыстау шаруашылығын шапшаңдатып дамытудың өте тез шараларын алуды қажет етеді. Алайда, біздің көз жеткізгеніміздей ауданға қажет назар аударылмайды және оның жыл сайынғы шаруа күйінің өрлеуі жағдайды жақсартуға тіпті де жетімсіз.
Аудан шаруашылығының күрт төмендеуі салдарынан (сәл-пәл өрлеу жағына бетбұрыс 1934 жылы ғана болды) бұл ауданда тұратын Адай қазақтарының көп проценті (75 проценті) ауданнан сыртқары жерге, мәдениті өскелең аймақтарға көшіп кетті. Қазақтардың көбі Махашқалада, Байрамәліде, Тәженде, Красноводскіде тұрады. Ал бірсыпыра бөлігі өздерінің малдарымен Иран мен Ауғанстанға көшіп кетті. Сөйтіп, ауданның 175 мың шаршы шақырым құрайтын жайылымы қазір қаңырап жатыр.
Бұрынғы уездік әскери бастықтың архивінен алынған толық емес мәліметтерге қарағанда, Маңғыстау түбегінің территориясы мұнда да Адайлар мекендейтін Қарабұғазды қоспағанда 175 мың шақырым. Ал Қарабұғазбен қосып алғандағы территория 270 мың шаршы шақырым, яғни Белгияны, Данияны, Голландияны, Чехославакияны және Австрияны бәрін қосып алғандағыдан көп.
Маңғыстаудағы қазіргі жағдай төменде келтірген цифрлар бойынша көрінеді.
1908 жыл
1935 жыл
Тұрғындар саны
300-350 мың адам, Қарабұғазды қоспағанда
43 мың адам, Қарабұғазды қосқанда (18 мың адам)
Мал саны
1786 бас
27000 бас
Бүкіл ауданда бар
Аурухана (30 кереует)
амбулатория
Фельдшер пункті
Дәріхана
Дәрігер
Фельдшер
Агроном
Мал дәрігері
Жеті жылдық қалыпты мектеп
Ағаш үйдегі мектеп
Мұғалім
Аурухана (30 кереует) амбулатория 2 Фельдшер пункті 3 Дәріхана 2 Дәрігер 2 Фельдшер 3 Агроном 1 Мал дәрігері 1 Жеті жылдық қалыпты мектеп 2 Ағаш үйдегі мектеп 45 Мұғалім 85 Атап өту керек, Каспий теңізінің бүкіл шығыс жағасы бойында Маңғыстау жайылымға және тұщы сулы құдықтарға ең бай жер, демек мұнда мал шаруашылығын ғажап мөлшерде өркендетуге болады.
Сонымен қатар, Маңғыстауда минеральдық қазбалардың бай қоры бар. Бұл ауданда қоңыр көмірдің (бірте-бірте тас көмірге айнала беретін) 12 проценттен аспайтын күл құрамы бар кеніші жатыр. Бұл көмірді Қарабұғаз химия комбинатында технологиялық процестер мен энергия өндіру үшін пайдалануға болады. Осы көмір мен Қарабұғаз мирабилиті және сульфатының базасында осы өңірде азот, сульфат, аммоний, сода, күкірт, бром, термофосфат тағы басқа өнімдер алатын ірі химиялық өндірісті дамытуға болады. Маңғыстауда жекелеген шұңқырларда (әрине, ең күштісі) 78 процент металл беретін мыс кені табылды. Сөз жоқ кен құрамындағы мыс аз мөлшерде, бірақ есептей келгенде олар белгілі бір өнеркәсіптік мәнге ие.
Онан әрі мұнда мұнайдың да барлығының сыртқы белгілері көзге құрып жатыр. Көп жерлерде қоңыр түсті тотық түрінде 35 процентке дейін темірі бар темір рудасының да недәуір көп бөлігі бар. Бұл рудалардың бір мөлшерін, сондай-ақ әк тастың, бордың, фосфориттің, саздың, гипстің, тағы басқа қазбалардың мол қорын пайдалану бүкіл өлкенің өнеркәсіптік өрлеуінің ұланғайыр мүмкіндігін құрайды.
Бұл ауданның балық байлығы өте-мөте тоқталып сөз ететін мәселе, оның 600-700 шақырымға созылған теңіз жағасында балық шаруашылығын өркендетуге, балық консерв зауыттарын салуға ыңғайлы 6-7 айлақ бар. Тек 1935 жылдың өзінде мұнда 20 мың тоннадан астам балық ауланды, одан да әлденеше есе өсіруге болады.
Қазіргі күнде Маңғыстау ауданының құрамында Қазақ АСС-ына қарайды. Ал оның орталығы жол қатынасы өте бір келіспеген жағдайдағы 4 мың шақырым Алматыда. Форт Урицкіден (бұрынғы Форт Александровск) Маңғыстаудың, аудан орталығы, Алматыға бару үшін теңізбен Махашқалаға, одан Бакуге, онан әрі теңізбен Красноводскіге, сосын теміржолмен Ташкент арқылы ғана Алматыға жол тартуға тура келеді. Қарабұғаз арқылы Красноводскіге машинамен жетіп, онан әрі Ташкент Алматыға да баруға болады. Маңғыстау бағынып отырған облыс орталығы Орал да Форт Урицкімен нашар байланыста. Жаз кезінде қатынас теңіз жолымен Астрахань арқылы ғана, ал қыста тек Махашқала-Москва арқылы мүмкін.
Республикалық және облыс орталықтарынан мұндай шалғайлығы ауданның шаруашылық, әлеуметтік мәдени өміріне басшылықты қиындата түседі. Атап өту керек, ауданның географиялық ерекшелігі оны Қазақстан экономикасынан шеттетеді. Ал ауданның қазіргі күнде бар экономикалық байланысы оны Каспий аумағының шаруашылық жүйесімен кіріктіреді.
Маңғыстаудың үлкен болашағына және оның қазіргі кездегі өте-мөте мүшкіл халіне орай, Маңғыстау түбегінің шаруашылығын кең көлемде дамытудың проблемасын қарау мәселесін ВКП(б) Орталық Комитеті алдына қоюды өзімнің парызым деп есептеймін. Ауданның хал-ахуалын егжейлі зерттеу үшін ВКП(б) Орталық Комитетінің арнаулы комиссиясын жіберуді дұрыс санар едім.
Ауданды басқаруды ұйымдастыру ісін жақсартып, әкімшілік шекараларды шаруашылығы шектес комплекстермен біріктіру үшін төмендегі шараларды ұсынамын:
Қазақ АССР-ының Маңғыстау ауданын Түрікмен ССР-ының Қарабұғаз ауданымен (мұның тұрғындары Адай қазақтары) қосып автономиялы облыс немесе өлке құрып оны Түрікмен ССР-ының құрамына қосу, немесе аймақтың ғаламат переспективасын ескере отырып, өз алдына дербес ұлттық республика қылып, РСФСР арқылы Ұлттар Кеңесіне өкілін енгізіп Мәскеуге бағындыру. Солай еткенде Қарабұғазбен тығыз байланыстағы Маңғыстау бірыңғай ұйымдық әкімшілік және шаруашылық бірлікке еніп қажетті басшылықты ала алады.
Сондай-ақ, өнеркәсіпті өркендетуге күрделі қаржы бөлумен бірге өңір тұрғындарына көптеп мал өсіру үшін қайта көшуін және аудан мүмкіндігін зерттеуде, бұл өлкені кешенді дамытудың жоспарын жасауда қаржыландыру қажет.
Қарабұғазда химия комбинатын салу, ол комбинат үшін Маңғыстау көмірін пайдалану, Маңғыстау мен Қарабұғаз мұнайын, тағы да басқа пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік игеру - бұл өлкені таяу 5-10 жыл ішінде қуатты өндіріс орталығына айналдырып, бұдан Қарақұм шөлін игеруді кеңінен бастап кетуге жағдай жасайды деп толық сеніммен айтуға болады.
1917 жылдан ВКП(б) мүшесі билет №0616973
Қарабұғазхимтремінің меңгерушісі Я.Рубинштейн.
25 қаңтар 1936 жыл.
Ұлттық меже, оқшаулану дегенді мойындамайтын большевик, мәселеге тек экономикалық тұрғыдан келуге мүдделі Рубинштейн үшін бұл пікірлер дұп-дұрыс, әрине. Ұлы держава болмақ РСФСР-ға Маңғыстау мен Қарабұғаздың қай республиканың қарамағында болғаны да бәрібір. Оған тек өңір тез арада ағар бұлақ, сауын сиырға айнала кетсе болды. Сәті түскенде жоғарыдан шекараны қайта межелеу жайлы солақай нұсқау болған жоқ. Қайта олар хат көшірмесін екі республика басшыларына жіберіп, ал бұған «не айтасыңдар» деген сыңай танытты. Сол-ақ екен 1931 жылғы Адай көтерілісінен бері Маңғыстауды былайғысы ұмытып, ұмытпағандары желкесін беріп жүрген Қазақстан үкіметі шыр-пыр болды да қалды аяқ астынан. Өйтпегенде ше, тайдай тал түсте үлкен бір аудан, шын мәнісінде адамы, малы босып кетіп адыра қалған аймақ басқаның иелігіне басы бүтін өте барса оның арты өздеріне сын емес пе. Ертең шекарадағы басқа аудандардың да ауыздары әрі қарай қисаймасына кім кепілдік береді?! Ұялған тек тұрмастың кебін киген олар енді жалма жан хатшы Андреев пен Бүкілодақтың отағасы Калининге хат жазып Қарабұғаз қазақтарына жағдай жасамай отыр деп Рубинштейннің өзіне пәле салды. Оның жоғарыда келтірген бұлтартпас сандық дәлелдеріне патша үкіметінің итаршылары келтірген дәлелсымақтарға жүгінеді деп байбалам салды. Атамекеніне келгісі келіп отырған қазақ көштері Қарабұғаздан неге өткізілмейді деп Түрікменстан ХКК-е жеделхат жіберілді. Өзіміздің аш арығымызды асырай алмай отырғанда сіздердің сүйегін әзер сүйретіп жүрген аштарыңды қайтпекпіз деп аң-таң қалған Түрікменстан бұған былай деп жауап берді.
Жеделхат
Алматы
Халық Комиссарлар Кеңесі
Исаевқа
Қарабұғазхимтрест комбинаты мен қалалық кеңес атқару комитетінің хабарлауынша маңғыстаулық қазақ шаруашылықтары тарапынан бұғаздан өткізбегендік жөнінде жағдайдың дәл қайда, қашан болғанын көрсетуіңізді сұраймыз.
Түрікменстан Халық Комиссарлар Кеңесі Атабаев.
Шарасы таусылған Исаев Рубинштейн хатының көшірмесін, өзінің ол бойынша жоғарыға жазған мәлімдемесін Фортқа — аудан басшылары Хангереев пен Әливтің атына жолдады.
Дегенмен, сау болғыр Рубинштейннің аталмыш хаты маңғыстаулықтарға дегендей-ақ қол ұшын берді. Қазақстан үкіметі сол бойынша арнаулы қаулы қабылдап ауданның экономикасын, мәдениетін, тұрмысын көтеруге бағытталған қаулы қабылдады. Сол бойынша жаңа мектептер, ауруханалар салынып, сонау Оралдан 6 мыңдай қой, бірнеше бура әкелінді.
Хат нәтижесіне біздің шұқшия тоқталып отырғанымыз тегіннен тегін емес. Себебі, ол артынан іле-шала бір топ Адай Алашорда ұлтшылдары Маңғыстауды бөліп алып бөлек мемлекет болғысы келді деген жалған айыптың желеуіне айналды. Хат авторы Рубинштейн белсенді алашордашы ретінде (ұлтының еврей екендігіне қарамастан) 1937 жылы 10 қараша күні Түрікменстанның НКВД үштігінің қаулысымен атылды. 1930 жылы Т.Әлниязов, О.Көбеев, О.Иманғазиев тағы басқалардың түбіне жеткен нәубеттен аман қалған елдің аз ғана бетке ұстары да осы айыппен жазықсыз жазаланып құртылып жіберілді. Бұл жолғы жазалау науқаны тіпті күшті болды. Жақында Түрікменстанның ҰҚК архивінде болып танысқанымызда сол атың өшкір 1937-1938 жылдары онда Нәдірбай Айтақов, Қайғысыз Атабаев сынды түрікменнің бір туар азаматтарымен бірге ағайынды Саду, Құрбанғали Оңғалбаевтар, Оразмүханбет Тұрмағанбетов (Көрпе Размағанбет), Маңғыстау Ақшолақов сынды жүздеген біздің қандастарымыздың да атылғанын білдік. 1930 жылы Тобанияз тобымен сотталып аз жылға кесілген жазасын өтеген соң Зейнепқали Қосымов, Әлшен Тотаев, Салдыбай Көбеев тағы басқалары «Бәлелі жерде көп тұрмай» Түрікменстанға барған екен. Бірақ жазалау құрығы бұларды да құтқармапты. Айып біреу — бұлар да алашордашы. Жаза тағы біреу — атылу.
Бір сәтті жері Маңғыстауда, Түрікменстанда Қазақстанның басқа жеріндегідей жазықсыз жазаланғандардың жанұясы қудаланған жоқ. Жерлігікті үкімет тарапынан көзтүрткі көргені болмаса ұсталып лагерьлерге айдалған жоқ. Бұл да болса Құдайдың сол мұңлықтарға қарасқаны да. Бұл жайлы әңгімені доғарып енді 1924 жылға қайта оралалық.
О.Иманғазиев, О.Дауылов, Алманов, Ақжанов тағы басқа ондаған зиялы азаматтар мен елдің беделді ақсақал билерінің араласуы нәтижесінде республикааралық комиссия өз жұмысын ойдағыдай аяқтады. Сөйтіп қашаннан қойы қоралас, түйесі өрістес түрікмен ағайынмен арада біржола тыныштық орнады.. Шарық киген түрікмен мен шоқай ілген қазақтың арасында бөліспейтін ештеңе жоқ, әрине. Дау басы білекті мен билікті ғой қашанда. Олар, олардың шашбауын көтерген тентек пен телі тезге тез түсті. Сол бір жарылып кеткен ынтымақтың шапағаты ғой кешегі күнде түрікмен туыс екі қолын төбесін қойып тентіреп барған мыңдаған қазақ бауырын сыртқа тепкен жоқ. Атам қазақ айтпаушы ма еді «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп. Сөз жоқ, бұл сол 1924 жылы ел жақсыларының екі етек болып жүріп қолы жеткен мәмленің нәтижесі. Соның ноқта ағасының бірі әрі бірегейі болған Отарбай ағаның ардақты есімін шапағатпен еске аламыз бүгінде.
Осылайша нар жүгін бір көтеріп тастаған соң азамат «уһ» деп алып, арқасын сәл де болса желге қақтырып тыныстаса керек еді. Бірақ сол аз тыныштықтың өзіне мұрша болмады. Өз отының қара қазаны мен қатын баласының қамы емес халқының қамы телісін тағы тезге салды.
1916 жылғы санақта бұл түбекте 1 миллион 66 мың бас мал (бұл жерде ірі қара қой басына шағылады. Мысалы, 1 түйе 10 қой, 1 жылқы 8 қой тұрса ірі қараның орташа нарқы 8 қой құрайды — Ә.С) болған екен. Сол жылы уезд 150 мың қой мен 5 мың ірі қара, 250 мың пұт жүн, 200 мың пұт тері, 10 мың пұт мал майын сатыпты. Демек, бұл елдің бірден бір күн көріс көзі мал болып саналады. Мал мен оның өнімдері төңкерістен бұрын негізінен Көкжар, Ойыл, жәрмеңкелеріне, Бесқала базарларына шығарылатын. Форт базарына Түпқараған, тау бойының жатақтары болмаса жер мойны қашықтағы елдің аяғы жете бермейтін. Азамат соғысынан соң бұл қалыптасқан айырбас сауда ырғағы мүлдем бұзылды. Қала бастарында ұйымдасқан шағын кооперативтер қырдағы қалың елдің, қажетінің жүзден бірін де өтей алмады. Соның салдарынан қыруар байлық — малдың жүні мен терісі көшкен ел жұртында үйіліп қалып жатты. Сөйтіп бұл сол кездегі ең бір қыры кеткен сала болды. Мұны жолға қоя білетін сауда ісінен хабары бар, ел тұрмысын жетік білетін және оған жаны ауыратын басшы керек болды. Таңдау тағы да Иманғазы баласына түсті. Ол жаңадан ұйымдасқан уездік шикізат дайындайтын басқарма меңгерушісі болып тағайындалды. Сол-ақ екен іс жаңа арнаға түсті. Басқармаға сауда-саттық ісінен тәжірибесі бар адал адамдар тартылды. Олар көлікпен қамтамасыз етіліп қырға жіберілді. Астрахань, Бак, Махашқалаларда тері, жүн тапсыратын пункттер ашылды. Сұраныс иелері сонда келіп, тауарларына айырбастап қажетін алатын берік тәртіп енді. Ол қалалардан Фортқа кеме, қырдан уезд орталығына түйе керуендері шұбырды. Түйе керуендері мал көп сойылатын қыста да тоқтамай қалаға ағылды. Олар әкелген шикізат қоймаларда бүлінбей сақталып су жолының ашылуын күтіп жатты. Ал шаруа ел жазда, күзде жасалған тауар қорынан қажетін алып риза болысып қайтып жатты. Форт базары қайта дәурендеді. Ортақ іске қаладағы Иран сауда факториясы да тартылды.
Бүгінде Ақтау қаласында тұратын Виталий Водовской қарт сол уақыттың жасөспірім шағының естелігін былай деп әңгімелейді.
— Даладан жүк артқан керуен жетісімен қолы бос жексенбі біздер солай беттейміз. Қазақтарға жүкші болып қол ұшын береміз. Олар еңбегімізді жүнмен өтейді. Сол жүнді біз Иран саудагерлерінің ләпкесіне апарып тәттіге, басқа да ұсақ-түйек бұйымдарға қарық болып қалатынбыз. Осылайша ол маңай біздің табыс көзіміз болды.
1928 жыл бұл өңірге үкімет қолымен жасалғалы жатқан жұт үлкен нәубеттің алғашқы салқынын салған жылы еді. Жоғарыдан жергілікті жерде ешкімге бағынбайтын, санаспайтын төтенше өкілдігі бар арнаулы комиссия келіп қаладағы барлық мекеменің әңкі-тәңкісін шығарып тергеуге кірісті. Түймедейді түйедей қылып іздегендері, көздегендері қаралық. Бұлар, әсіресе, жергілікті ұлттан шыққан кадрлерге қатерін тіге келді. Сол науқанда қаладағы жақсы мен жайсаңның үстінен іс қозғалмай қалғандары кем де кем. Адай округтік (бұл кезде уезд округ деп аталатын) атқару комитетінің (оның төрағасы Отекеңнің көп жылдардан бергі үзеңгі жолдасы Орынбасар Дауылов) оны жан-жақты мақтап берген мінездемесіне де пысқырып қарамады бұл әшәдді комиссия. Ақыры, 1928 жылы 1 учаскенің халық соты Отарбайды шаруашылыққа 1400 сом зиян келтірді деп соттайды. Бүгін бір өлкенің бүкіл мал өнімін қолынан өткеріп, халыққа да, үкіметке де қыруар пайда әкеліп, жергілікті бюджеттің бірсыпыра ауыртпалығын көтеріп отырған ірі басқарма жұмысында мұндай майда-шүйде ақаулықтың болуы былай қарағанда табиғи жағдай ғой. Оның үстіне, мұндағы кадрлар қара тәжірибесі болмаса қанігі есеп қызметкерлері еместігін ескеріңіз. Ақиқаты, сол 1400 сомы құрғырды ешкім бас пайдасына жаратпаған. Көз алдындағы бұл келеңсіздікке төзе алмаған ВКП(б) округтік комитеті, атқару комитеті Отекеңе ара түседі. Оған қоса халықтың наразылығы тағы бар. Ақыры сот істі қайта қарап Отарбай Иманғазыұлының ісінен қылмыс құрамын таба алмай оны үзілді-кесілді ақтайды. Ол қызметіне қайта кіріседі.
Әттең, әлгі әшәдді комиссия алдағы қара пәленің хабаршысы екен. Ол шын мәнісінде күні ертең кімді қыл сағақтан қылғындыру керектігін артындағы басты жендетке көзеп көрсетуші ғана екен. Бұрын да сыныққа сылтау іздеп жүрген жазалау органдарына Ералиевтің қайғылы өлімі іздегенге сұраған болды да шықты. Сол-ақ екен Адай контрреволюциялық қылмысты топты әшкерелеу деп ресми ат беріп, айдар таққан үкімет тарапынан сұрқия қылмысты іс басталып жүре берді.
Шикізат дайындау басқармасы, әрине, саясаттан тысқары. Сондықтан оның қызметкерлеріне экономикалық зиянкестік жасады деген қисынға жататын жаланы әкеліп жапты.
Баба тарих қашанда ақиқатты ашып айтуды талап етеді. Шырқыраған шындыққа кенезесі кеуіп 70 жыл бойы жалғанмен тұмшаланып келген біздің жаңа тұрпаттағы тарихымыз өзін жақтаушыларға ол міндетінің жүгін тіпті ауырлата түседі. Сондықтан да біз осы сөз етіп отырған мәселеде ақиқат үшін сәл нәрсенің өзін шұқшиып қарауға мәжбүр болдық. Тергеу ішіндегі материалдарды мейлінше толық қамтып, оқырманның одан өзінше дұрыс қорытынды шығаруына қол ұшын беруді парыз санадық. Ескертеріміз, солақай тергеу орындары тергеу барысында марқасқа қазақтың емес, қазақтың жауы қазақтың жаптым жала, жақтым күйе жаласын негізге ала беріпті. Соларға арқа сүйеніп, солардың арқасынан қаққан. Құрбандығын солардың шыққыр көзінің көздеуімен қарауылға алған. Міне, сондай, сол уақыт тілінде сексот (секретный сотрудник) қазақша тіміскі жансыздың бірінің округтік ОГПУ өкілінің атына берген домалақ қағазы. Оқырманға белгілі себеппен оның шын аты-жөнін құпияда ұстап қалып отырмыз)
Хабарлама
Сіздің қаперіңізге мынаны мәлімдеуді өзімнің коммунистік парызым санаймын. Форт Александровскінің Адай округіне белгілі алыпсатары Кебжанов Қуандық Казгосторг агенті болып Госторгтан 70 мың сомасында ірі қаржы алып, тіпті кейде оны 90 мыңға дейін жеткізді. Аталған қаржыға Казшикізаттың мемлекеттік саудасынан жүн алу үшін азамат Көбжанов сол бойда өз атынан Адай округінің барлық ауданына шикізат тауарын дайындауға агенттерін жіберді. Мендегі бар мәліметтер бойынша, азамат Көбжанов агент қылып өзінің құдасы мен ағасы Бүркітбаев Сүгірді және Қуатбай Бүркітбаевты, тағы басқаларды жіберді.
Мен сенімді түрде азамат Көбжановтың осы уақытқа дейін Казгосторгтан алған қаржысына есеп айырыспағанын сіздерге мәлімдеймін. Және азамат Көбжанов дайындаған шикізатын әлі тапсырған жоқ деген пікір қалыптасады менде.
Аталған бай және алыпсатар Көбжанов Адай окрисполкомының төрағасы Б.Қилыбаевтың туысы, онымен ажырамас қарым-қатынаста. Жоғарыда айтылғандарды хабарлай келіп сізден Көбжановты мұқият тексеріп, бай, әрі алыпсатар Көбжановқа тиісті шара алуыңызды өтінемін.
Коммунистік сәлеммен (қолы қойылған)
9/УІІ.28 жыл.
(Істің 6 томы 236 беті)
Алтын қазатын жерді белден қазатын ОГПУ тергеушілері енді агентінің Арианда жібін түбіне дейін тарқатуға көшеді. Құлдың да құрдасы болатыны сияқты жансыз жалғыз емес. Оның да «хабар» алмасатын серігі, жаңа өсек-аяңмен байытатын «ұзынқұлағы» жетіп артылады. Құданың құдіреті, мұндай құлықты пенделер қашан да жытқыр, әккі, қу, қуаяқ сымпыс болып келеді екен. Таңқаларлығы сол олар және де қаралап жазудың асқан шебері, осы жанрдың нағыз классигі деуге болады. Қадірлі оқырман, жансыздың мына творчествосын жазу кәсібінің көп жылғы маманы менің өзіме орыс тілінен өз түпнұсқаның дәрежесіне жетеқабылға жақындатып аудару үлкен күшке түсті. Енді сонымен танысып көрелік.
Өте құпия
Адай округінің ГПУ өкіліне
көзкөргеннен және шындықты
айтқаны үшін әлденеше рет жазаланғаннан
Мәлімдеме
Осымен мәлімдеймін, Адай округінде үкіметтің жұмысшы мен шаруа қолына өткеннен бергі (бір рет округте) ешбір декрет болып көрген емес. Керісінше, шариғат пен қалыпты құқықтар ғана өмір сүріп басшылыққа алынды.
Осы жылы үлкен жұт болып мал қырылды. Ел Упсырзаг агенттерін «кішкене қоян», яғни жұт қоянның інісі деп атады. Неге ондай атақ берді. Себебі, қазақ артынып, тартынып қиырдағы агентке бірнеше немесе жүздеген тері әкеледі. Агент, әрине, оны қарап, сортқа бөліп, 100 терінің 70-ін жарамсыз деп табады не төменгі сортпен қабылдайды да үштен бір құнын ғана ұсынады. Қазақ ол теріні сірә да қайта алып кете алмайды, себебі түйесі қалжыраған. Ол кетісімен агент әлгі терілерді жинап алып текшеленген шикізаттың үстіне қоса қояды. Көктемде жер аяғы кеңіген соң барлық малынан айрылып, өткенде тастаған терілерін алуға келген қазақ тастап кеткен терісін таба алмайды. Агенттен сұраса ол білмеймін, қасқыр, түлкі алып кеткен шығар деген жауабын береді. Міне, сол себепті агентті «кішкене қоян» деп атайды. Осы есеппен байыған агент Қ.Көпжанов өзінің көмекші агенті Бүркітбаев арқылы Гурьевке жасырын түрде тері мен Упсырзаг тауарына алынған итбалық жіберді. Оны өзім көзім көрмесе де құлағыммен естідім.
Гурьев окрисполкомының төрағасы Жалау Мыңбаев ақшаны жұмсайтын жер болмаған соң соңғы тауарларды еш жаққа жіберместен өзінің қоймасына салып қойды. Ал Көбжанов өз туыстары арқылы Астраханьға шамамен 20,000 мерлушка, марин сатты. Тұп-тура көлденең куәнің көрсетуінсіз-ақ оның қозғалмайтын, қозғалатын байлығын санап шығуға болады. Атап айтқанда, 2 әйел, 2 киіз үй, 380-нен кем емес ірілі уақты қой, 30 түйе, 12 жылқы. Соңғы түлік түрі кілең ірі. Киіз үйінде бірнеше тері ішік, әйел мен ердің жібек шапандары, көйлектері. Көбжановтың қолұзатар агенті әрі туысы Төлеш Жолдасбаев Уксырзагінің тауарына қатын сатып алды. Ол Көбжановтың үйінде тұрады. Бір қазақ әкелген қайық толы үн 43 түйеге артылып Сам жеріне жіберілді, онда оны қолұзатар агент Құдайберген Жолмағанбетов сатып отыр. Онда оның теріні, жүн мен түбітті қаншадан алып, метр туралы тіпті де білмейтін бәрі аршынмен өлшенетін жерде матаны қалай сатып отырғанын білер ме еді шіркін. Көбжанов Құдайбергеннен алынған тауарға аршынмен өлшеп есеп жасап, артығын өзінде қалдырады,.
2.Агент Қуанышбаев Маңғыстау ауданының бірінші байы, ол Кендірлі мен Құрықтан Астрахань қаласына жиені Нұрқабаев Сұлтан мен туысы Иманов Жапарбай арқылы 2 қайық бірінші сортты тері, жүн, түбіт пен мерлушка сатты. Ол да ақшаны қайда сиғызарын білмей, үй салумен айналысып 500 сомға жорға, 200-150 сомнан серіппелі арба сатып алды.
Нұрқабаев пен Иманов көптен Фортта лавка иесінің бірі. Егер Көпжанов Қуандық пен Қуанышбаев Шауқар ұсталып, дүние-мүліктері қатталса куәлер қанша керек болса сонша табылады, тіпті, олардың әрқайсысы өз аяқтарымен келеді.
3.Сіздердің тінтіп қарауларыңызға тура келсе олардың үйлері Фортта, ал Қуанышбаев Шауқардың ауылы өзінің жекеменшік құдығының жанында, Қөбжанов Қуандықтың аулы Сұлтанепе жерінде, оның бар қылығын білетін Қалиев Әбішпен көрші. Олардың аулы тұрақтан алыс емес, теңіз жағасына жақын. Астраханнан тауар әкелгенде жетіп барып ала қояды. Сізден өтініш аробщик (аробщик—бұл жүн таситындардың жергілікті жердегі аты, яғни арбакеш. Оларды Фортта аробщик дейді. Ә.С.) — Бекберген, Көңлімқос Ақшолақовтарды, Қошанаев Баулыбайды, Үсенбаев Құлшанайды жауаптап, олардың Көбжанов қоймасынан Қазақ Иманғалиев Бегалының қайығына тауар апарғаны үшін қанша жүз сом алғандарын сұрасаңыздар. Бұл тауарды финагенттің қашан ұстағанын білмеймін. Соңғысының агентке берген жауабы істе болуы керек. Мұны халықтың өтініші бойынша Көбжанов пен бірге босатылып аман қалған Упсырзаг меңгерушісі жақсы біледі. Бұл жағдай аробщик Үсембаев Құлшанайға да мәлім.
(Істің 6 томы 234—235 беттер)
«Жоқ болса бере алмайды, бар болса көре алмайды» дейтін ағайынның сыйқы міне, осы. «Өкпеге қисаң да өлімге қима» деп қақсап кеткен қайран әруағыңнан айналып кетейін ата-баба-ай. Мына күйекасты келген көрдемше заман мен қоғам ұрпағынды осындай тасадан көздеп атар көрмедік жасаса, лажың қайсы?! Мәлімдеменің сөз саптауына қарағанда, осы тақылеттес домалақ арыз бұрын да жазылған, бірақ жала болып шығып, мәлімдеме иесінің өзі жазаланған тәрізді. Агент Көбжанов та Упсырзаг меңгерушісі О. Иманғазиев та ақталған. Арызқой оны «халықтың өтініші бойынша босады» деп майменкелеп отырған жоқ па?
«Темірді қызған кезінде соғуды» білетін бұл арызқой «мәлімдемеден» соң да қарап қалмайды. 6.08.28 жылы әлдекім ГПУ өкілі Ишенскийге Көбжановтың Астраханьға қайықпен жүк жөнелткенін, ол жүкті Құлшығай Айтжанов, Бекберген, Көңлімқос Ақшолақовтар, Баулыбай Қошанаевтардың арбасымен апарғанын хабарлайды. Енді бір куә, қайықтың жүк тиеп жөнелгенін растайды.
ОГПУ-ға да керегі осы 1929 жылы 4 наурызда тергеуші Маевский Қуандық Көбжановты «ірі бай, саудагер, тұрғын халық арасында зор беделге ие, жергілікті үкіметтің көп өкілдерімен тығыз байланыста» деп танып РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 16 тармағымен айыптап қылмысты деп тапқан қаулы шығарады.
(Сонда 250 бет)
15 наурыз күні сол Маевский куәлар Көшмағанбетов Аманияздан, Теңізбаев Шоқарбайдан, Ғизатов Ұшқанбайдан 15 тамызда ОГПУ өкілі Фетисов Ақшолақов Бекбергеннен атүсті жауап ала салады. Көбжановтың өзі 5.02.1929 жылы тұтқынға алынған еді. Толтырылған анкетасында ол 42 жаста, 1887 жылы туған, шешесі Несібелі 70 жаста, қыздары Ләзім 5 жаста, Үміт 3 жаста, әйелдері Нұржан 28 жаста, екінші әйелі Жәния төңкеріске дейін қаза болған туысы Сәрсенбайдың жесірі 25 жаста. Сауатсыз, партияда жоқ, Қосай руы, Түрікменадай бөлігі Шалбар ауылынан.
Қ.Көбжанов 10.02.1929 жылы тергеуші Ишенскийге берген жауабында 1925 жылдан Упсырзагтың жүрмелі агенті екендігін айта келіп, мені Упсырзагқа жұмысқа қабылдаған оның меңгерушісі Отарбай Иманғазиев. Одан мен өзімді жұмысқа қабылдауды өтіндім. Ол әуелі маған азғантай аванс беріп, баулып үйретті. Біртіндеп жақсы істеуге төселдім... — дейді. Өзіне жоғарыдағы мәлімдеме бойынша қойылған айыптардың барлығын жоққа шығарады. Округ басшыларының кейбіреуі тек руы Шалбар дегені болмаса менімен араласы жоқ дейді. Жауапкердің бұл соңғы сөзіне орай жауап алынған бір куә округтың басшылары Сыдиық Жұбаев пен Байбоз Қилыбаев Көбжановтың ағайыны дегенді айтыпты.
Көбжановтың «мені Упсырзагқа жұмысқа қабылдады» деген бір ауыз сөзі Отарбай Иманғазиевті тұтқынға алуға жетіп жатыр еді.
Отекең де, сірә басына бұлт үйіріліп келе жатқанын күнілгері сезсе керек. Әрине, жер үсті кең, ол сияқты ақылды, байланысы көп кісіге қарасын батырып қашып, басын сағаттап алып кетуге де болатын. Бірақ, у ішсең руыңмен, көппен көрген ұлы той дейтін мәрт Отекең олай етпейді. Пәуеске арбасына мініп, 1929 жылдың қаңтарының бас кезінде Сарытас шығанағының Үшауыз жерінде қыстап отырған ауылына тартады. Татар дәмінің қалай таусыларын болжаған сұңғыла жан айрылысар алдында өз үйі, өлең төсегінде бола тұрмақ ...
Қаңтардың 19 жаңасы күні Үшауыздағы Отекең үйіне кешкісін бейуақта пәуескемен әскерше сыптығыр киінген, қасында көшірінен басқа ешкім жоқ орыс жігіті келеді. Қазақ үшін мейманның орны бөлек. Қол қусырып қарсы алады. Қой сойылады. Оның етіне қоса, соғымның жылы-жұмсағы түседі қазанға. Бұл үй қонақты қалаша да, далаша да күтіп үйренген. Мейман орыс болған соң дастархан да соның талғамына орай жайылады. Тіке басарға қара уылдырық пен тұздалған бекіренің бел кеспесі, қызылбалықтың тұзға піскен іш майы, қақталған сары сазан. Арақ-шараптың әр түрі де самсап тұр. Мейман көңілді. Үй иесімен есіп әңгімелесіп отыр. Орысша білмейтін ауыл адамдарына олардың не айтып отырғаны, сірә жұмбақ. Тек Бөпежан ғана қосағының өзін қанша көңілді ұстағанымен күлкісінің бұрынғыдай емес екенін аңғарып тіксініп қалғандай. Ертең сиыр сәскеде мейман аттанып кетеді. Ол қыраң алысымен әйелі Бөпежанды, ағасы Таңатарды, шаруасына бас-көз болып жүрген жиені Өрбісінді көлденең ағайын аяғы саябырсыған соң қасына алып қалады. Өрбісін Иманғазының туған қарындасынан туған жиені. Таңатар ағасынан кейінгі ет жақыны. Інісі Есенғара екеуі Отарбай нағашысының желеп-жебеуімен ер жеткен.
—Жаңағы ОГПУ бастығы Тихомиров дейтін қызылкез. Қылышынан қан тамған жендет. Мені ертең жоқ, бүрсүгіні қалаға шақырады. Қанша маймөңкелегенмен біліп отырмын тұтқынға алмақ. Не де болса көріп алдым, ноқталы басқа, сірә бір өлім ғой. Сендер маған қарайламаң, артымнан келемін деп тағы әуре болмаң. Ертең мен аттанып кетісімен тез қозғалып іздеріңді жасырыңдар. Малға аландамаң, аяқ жетер жердегі ағайынға сұрауы жоқ аманат етіп табыстаңдар. Өздерің тек тарыққанда талғажау болар асыл зат, көтеруге жеңіл жиһазды ғана алыңдар.
Отбасына осылай жөн-жоба айтып, ат басын тірер жерді сілтеген Отекең ертең ағасы Таңатардың құшағында қысылып бір сәт тұрып, қос құлыны Абдолла мен Рәзияның бетінен құшырлана сүйіп-сүйіп қоштасып кете барады. Қасына арбаны алып қайтпақ болып жиені Өрбісін ереді. Қайран арыс азаматтың бұл туған босағасынан аттап шыққан соңғы сапары екен де. Ауылдан қара көрінім жердей Әз баба әулиенің басына келген соң зиярат қылып, осында жатқан 9 жасында өлген баласы басына соңыра бақилық болғанда Бөпежан екеуміздің де орнымыз осында болар деген есеппен кең етіп салдырған оймышты әсем сағана тамның тасын сипап біраз тұрады. Бала қабірінен бір уыс топырақ түйіп алып көкірегін қақ жарып бір күрсінеді. Дәті берік мәрт кісінің иненің жасуындай болса да көңіл-күйі босаған жері осы болса керек.
Өрбісін қарияның бұл естелігін жеткізуші қазір Ақтау қаласында тұратын келіні Роза. —Қайран, марқұм атам нағашысы жайлы көп әңгіме айтып еді. Көбі жадымда қалмапты. Осы естелігін айтқанда үнемі көзіне жас алатын,-дейді Роза жеңгей.
Осылайша Отарбай Иманғазиев Фортқа келіп жеткен күннің ертеңіне 1929 жылы қаңтарда қамауға алынады. Соттан кейін (шын мәнісінде, оларға сот болған жоқ—Ә. С.) отбасына күнкөрістігі қалдырылып үй-мүлкі тәркіленсін деген үкім бойынша 60 бас қой, 8 бас түйе, 2 бас сиыр, 6 қанат киіз үй, күйме арба, шәлі жаулық, жібек көйлек, басқа да жиһаз — бәрі 66 бұйым қатталды. Бұл қашаннан көгені ұзын, қазаны булы үй ғой. Бұл барлық жиған-тергені емес болар. Отбасының күнілгері сақтандырғаны сеп болып асыл тас, алтын, күміс жиһаздарын кез таса етіп үлгергені сөзсіз. Отекең астатөк бай болмағанмен қазақтың кәдуілгі сыпайылық дәулеттен көп байдан артық екен. Ол туралы ел аузында мынадай әңгіме бар. Ол бірде себептен себеп туындап атақты бай Сердалы Бекеспен осындай сыпайлық дәулет жөнінен бәсекеге түсіп қалыпты. Сонда табақ тартқанда өңкей бір сәнді сырлы табақ, шайда кілең бір көздің жауын алатын шыны аяқтар тартылып, қонақтың аттанар қонақасысында сол табақтар мен шыны аяқтар кешегіден өткен әдемі түрлерімен алмастырылыпты. Сонда Бекес «мына Отекеңмен бәсекеге түсіп мені қара басқан екен. Ол озды мен қалдым» депті-міс.
Айтушылар Отекеңнің жиған-терген байлығының орнында қалған жұқанасы артындағы отбасы түгілі жарлы-жақыбай ағайындарының да күнкөрістен онша тарықпай өтіуіне жетті деседі.
... Сонымен Отарбай Иманғазыұлы түрмеде. В. И. Ульянов — Лениннің, патшаның ең мықты салынған құрылысы — түрме деген бір қанатты сөзі бар емес пе еді. Сол айтқандай, бұл осы қаламен бірге жасасып келе жатқан ең мықты, ең көнекөз үй еді. 1870 жылғы Иса-Досан көтерілісі басшылырының бірі Досан батырдан бастап мұнда осы елдің небір жақсысы мен жайсаңы отырған. Бұл жолғы науқан солардың бәрінен асып түсті. Арғы-бергі Адайдың менмін деген азаматтарының дені осында тоғытылды. Баяғы ескі түрме осыншама «континтснтке» тар болғандығы себепті (сірә, патша үкіметі кезінде мұрагері большевиктердің адам еркін жою жөнінде өздерін жұртқа тастап кететінін ескермеген болу керек) дәл осы кезде баяғы Отарбай қарауында жұмыс істейтін Франгулов көпестің екі қатарлы үйінің алдындағы қойма үйлерін түрмеге айналдырған (Фортта ол үйлердің орны әлі бар). Бұрынғы түрмеге симағандар сонда.
0.Иманғазиевті бұрын да қолдап, қорғап келген жергілікті үкімет бұл жолы да оның кінәсіз екендігін дәлелдемек болып қимылдап бақты. Заңдылықты сақтауға тиіс сақшы прокурорға төмендегідей хат жазды.
«Отарбай Иманғазиевтің жұмысы жайлы пікір.
Бұл пікір берілді Иманғазиев Отарбайға себебі, ол Адай округінде Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап жауапты қызметтерде болды, мемлекеттік мәселелерді шешуге қатысты, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар тапсырмаларды орындады. (Азық-түлік салығын жинау, Қулы түз әкімшілігін қабылдау, губерниялық көлемде мемлекеттік сауданы ұйымдастыру, тұрғындардан салықтар мен бережақтарды жинау т. б)
Иманғазиев жолдас өзі қызмет атқарған уақытта жүктелген міндеттерді мойынсұнғандықтан емес, ар-ожданы үшін орындап қызмет барысында ешқандай ескерту, сөгіс, т. б. алған жоқ. Оның жұмысы барлық уақытта оған өзін тағайындаған мақсатты орындап табысты болды. Осылар қол қойылып, мөр басылып расталады. Округтік атқару комитеті төрағасының көмекшісі (қолдары қойылған) Дауылов.
хатшы Пасюков.»
Өкінішке орай, заңдылықты ОГПУ сияқты әупірімдерден қорғауға тиіс прокурор бұл мәлімдемені «Белгілі бай Отарбай Иманғазиевтың сіздердегі айыптау ісіне тіркелсін» деген бұрыштамамен ОГПУ-дың округтік бөлімі Маевскийге жолдапты. «Құдай сүрінткенді пайғамбар асасымен желкесінен түртеді»-демекші округтік халық соты 19.01.29 жылы О. Иманғазиев салықтан малын жасырды деген тағы бір анықтаманы ОГПУ-ға жеткізе қойды. Осылайша ғазиз ерді шырмауықтап шырмады.
Оған қойылған негізгі айып сол уақыттың тілімен айтқанда, экономикалық саботаж ғой. Ендеше, ең алдымен оның қызметіне есеп-қисап ісіне жетік маман сарапшылық етуі тиіс еді. Мұнда ол жоқ. 12 томдық істің бүкіл бір томына Упсырзаг басқа да сауда мекемелерінің бірсыпыра іс қағаздары бей-берекет тіркеле салынған. Оларға ешқандай талдау жасалынбаған. Өйтетін де орны бар. ОГПУ тергеушілері ішінде оған сауаты жететін көзі қарақтысы жоқ болып шықты. Белсенді тергеуші Александр Фетисовтың өзінің бар сауаты бастауыш дәрежесіне жетер жетпес. Тергеу материалдарындағы жазғандары грамматикалық қателерден аяқ алып жүргісіз.
1. Отарбай Иманғазыұлы
2. Отарбай және жұбайы Бөпежан
3. Отарбайдың қыстауы
4. Отарбайдың жайлауы
5. Отарбай есімін жаңғыртушылар С.Бердәулетұлы, Ә.Спанұлы, А.Өрбісінұлы, Е.Мұхантайұлы, А.Ыбырайұлы.
6. Отарбайдың өзіне арнап салған, бірақ бұйырмаған тамы.
Жазу сауаты жоқ кісі сауданың сан-сапалық есеп-қисабы түгілі, арифметиканың төрт амалын білуші ме еді?! Ең сауатты деген Тихомиров — оның өзі де бар болғаны «контрреволюционер халықаралық империализмнің жалдамалы шпионы, Алашорда», т. б. деп қаралап айыптау қорытындысын жазуға «шебер болған». Тегі осындай кемшіліктерінен болуы керек, тергеушілер осы процесс барысында қоятын сұрақтарының сұлбасын домбайлап, соған жауап жазуды айыпкердің өзіне тапсыра салған. Мысалы, орысша сауатты әрі заңға жетік Жұмағали Омаровқа солай жасаған. Осылайша Ж.Омаровтың тергеу ісі тергеушімен сұхбат, журналист тілімен айтқанда, айыпталушы қолымен қағазға түскен әдемі интервью болған да шыққан. Ал полковник Оспан Кебеевтің ісі тергеушінің «патша үкіметі тұсындағы қызметіңнен түк қалдырмай жаз» деген талабы бойынша айыпталушының өз қолымен 9 жасынан бастап осы күнге дейінгі өмір жолын қамтып жазылған шағын мемуар болған да шыққан. Ал бұған жағаңды ұстап таңқалмай көр. Тергеуінің сиқы әлгіндей болған ОГПУ-дың құрбандарына ойдан-қырдан қосып-шатып, қиялы жеткен жерден домбайлап таңған айыптары мыналар:
1. Ұйым өзіндегі қазақ коммунистерін жұмылдыру негізінде 1922 жылы Форт Александровскіде қарулы көтеріліс даярлады.
Арада аттай 8 жыл өткен соң белгілі болып отырған ол не қылған көтеріліс. Дайындалып жатқан көтерілісшілерден алынған қарулар қайда, басшылары неге ұсталмаған және олар кімдер?
2. Адайлар еуропалықтарды қуып жіберу үшін барлық шараларды қолданып бақты, осыған байланысты жергілікті ұлтшылдық ерекше көрініс берді.
Қанша еуропалық қуғын көріпті. Олардан түскен арыз-шағым қайда? Жергілікті ұлтшылдықтың қандай түрі көрініс беріп жүрген?
3. Түгелдей байлар мен саудагерлермен және чиновниктер элементтерімен толтырып, округтегі кеңес-партия аппаратын басып алды. Сондай-ақ, партия ұйымы да әлеуметтік жат элементтермен бүлінген.
Кеңес партия аппаратында табы жат кімдер отыр? Олардың нендей байлығы бар?
4. Орталықтан жіберілген қазақ қызметкерлерге ықпал етудің орнына оларды соққыға жығу мен Адай жерінен қуып шығуға дейінгі барлық шараларын қолдана отырып, оларды ұйымдасқан қуғын-сүргінге ұшырату орын алған.
Тергеу материалы бұл жерде уезд-округке әр кездері келіп отбасы жағдайымен, қызмет бабымен басқа жаққа ауысқан руы Адай емес қызметкерлерді тілге тиек етеді.
5. ҚазОАТ ком-і мүшесі Ералиевті өлтіруді ұйымдастырған.
Ералиевтің моторлы кемеден мас болып суға өзі құлап кеткенін кейін Одақтық прокуратура дәлелдеп, оның өліміне ешкім де кінәсіз деп тапты.
6. Революциалық заңдылық бұрмаланды және шариғатпен, ақсақалдар салтымен ауыстырылады, құн, барымта және осы тәрізділер әдеттегі құбылыс болып алды.
Бұл тікелей Кеңес үкіметінің өз кінәсі, себебі қалыңмал,құн арнаулы декретпен 1924 жылдан соң ғана жойылды. Сол себепті Т. Әлниязов, тағы басқа ел басшылары амалсыздың күнінен ел тыныштығын сақтау үшін бұрынғы заңды қолдануға мәжбүр болды.
7. Ұйым округ таратылған соң, округтің таратылуына қарсы контрреволюциялық үгіт жүргізетін «Адайды құтқару» тобын кұрды. Түрікменстанға және Ауғанстанға халықтың көшіп кетулерін ұйымдастыру туралы барлық адайлықтарды шақырған контрреволюциялық үндеуді басып шығарды және таратты. Осыған байланысты 1929 жылы біз халықтың Түрікменстанға жаппай көшулеріне кез болдық.
Ол үндеу қайда? Қашан басылған? Бар болса айыптау ісіне неге тіркелмейді? 1929 жылы ел малы жұтаған соң күнкөріс қамымен көшкен жоқ па Түрікменстанға?
8. Ұйым өзінің үндеуінде қарулы бас көтеруге бандалар, соның ішінде Құрмаш Қошановтың бандасын ұйымдастыруға шақырды. Шын мәнінде, тек қана контрреволюциялық ұйым мүшелері тұтқынға алынған соң ГПУ органдары 1930 жылы жойған, бірақ қазірге дейін бандаларға байланысты даярлықтың бәрін жедел Қошановты хабардар етіп келгендіктен банда талқандалмай қалды.
Біз бұған толық жауапты «Тоқабай Құрмаш» атты еңбегімізде бердік.
9. Ұйым халық шаруашылығының барлық салаларын, әсіресе қаржыландыруды, кооперативтендіруді және даярлауларды түгелдей қамтитын экономикалық зиянкестікпен айналысты, осының салдарынан мемлекет осы жылдары миллиондаған шығынға батты.» (Т.Омарбеков «Зобалаң» 249-250 б. Алматы 1994 жыл).
Бұл айып қалай «дәлелденгендігіне» жоғарыда тоқталып өттік. Тергеушілер О.Иманғазиевтен осы айыптар бойынша жауап алған болады. Бірақ, сауалдары түйе үстінен сирақ үйіткендей золан. Керісінше, айыпталушының жауабы мығым, орнықты. Тоқ етерін айтқанда, жауап алу протоколының барлығы да айыпкердің айыбын мойнына қоярлықтай жүктен ада, тергеушінің оттақысы ғана. Соның бір ғана дәлелі мынау. «ОГПУ тек Отарбай емес, сол жолы тергеу тезіне түскен 69 адамның барлығына Кеңеске қарсы қарулы көтеріліс дайындады» деген айыпты қиып салады да отырады. Апыр-ау, ол қай жерде дайындалып, кімнің қолдауына сүйеніп, қандай мақсатпен болғалы жатқан көтеріліс? Тілге тиек ете беретін Құрмаштары көтеріліс жасамақ түгілі Кеңес үкіметінің қолшоқпарларынан, кеңес үкіметінің өзінен қорлық көріп туған даласына симай сау басы саудаға түсіп жүрген бір бейбақ. Полковник Оспан Көбеев болса ол қаруын 1917 жылы Түрік майданы ыдыраған соң екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ тастаған. Содан бері халқына қарсы қару көтерген кісі емес. Қайта осы өңірдегі Кеңес үкіметі ресми түрде тағайындаған, кейіннен халқы сайлаған басшы, Шығыс халықтарының басын біріктірген кеңестік ұйымда сайланбалы қызмет атқарған кісі. Сонда ол көтеріліс басшысы кім?
Амал не, жазалаушылар бұл сауалдардың бір де біреуіне жауап беріп бас қатырып жатқан жоқ. Қазақстандағы ПП ОГПУ үштігі 1930 жылы 9 қазанда Т.Әлниязов және басқаларды қылмысты істер кодексінің 58 бабы, 2 тармағы бойынша айыптап төмендегідей үкім шығарды.
Қазақстандағы ПП ОГПУ үштігінің 1930 жылғы 9 қазандағы Т.Әлниязов және басқаларды қылмысты істер кодексінің 58 бабы 2 тармағы бойынша айыптап (іс Ұ 2434, мәжіліс хат №35-к) шығарған үкімнің көшірмесі. (Ескерту: жақша ішінде аттар мен фамилия құжатқа солай түскен. Сірә, ол айыпкердің әкесінің есімі мен өз атының жұртқа белгілі сыңары болуы керек—Ә. С.)
Әлниязов Тобанияз
Атанов Мұхамедшар
Байжанов Асар
Балкиев Сағындық
Бекназаров Шәкір
Ғұбайдуллин Садық
Дауылов Орынбасар
Жұбанов Талпақ
Жұбаев Садық
Иманғазиев Отарбай
Қожықов Қалым
Көбжанов Қуандық
Көбеев Оспан
Маймақов Жолдыбай
Нәубетов Қожа
Омельянович Вас. Амвросиевич
Оңғалбаев Қажы
Ожаров Балкот
Омаров Жұмағали
Омаров Хайрош,—атылсын, еңбек үлесі қалдырыла отырып (жанұясының үлесі—Ә. С.) бәрінің дүние мүлкі тәркіленсін.
Бекназаров Сапар
Жақсыбаев Сағындық
Даулетниязов Айладыр
Ырзаев Өтеқас
Көбеев Қалдыбай
Қалиев Әбіш
Қалқанов (Құлшаров) Сағындық
Сарқожаев Қойсары
Мақұлов Мұңал
Тұрниязов Зәкәрия
Оңғалбаев Лепес
Чумпаков Жәнібек
Ерпанаев Іздібай
Құлжарасов Секет,—10 жыл мерзімге концлагерьге қамалсын, еңбек үлесі қалдырыла отырып бәрінің дүние мүлкі тәркіленсін.
Сақауов Бегей
Тілеубергенов Қалдыбек
Үсембаев Шәдіман
Үсембаев Еркеғүл (Қарамбетов)
Құбышев Жетпісбай
Нарегеев Белтек
Нұрхабаев Сұлтан
Тәшкенбаев Ниязтұрлы
Омаров Дәулетбай
Ізмәмбетов Жетімек
Елтібаев Қалдыбай
Томалақов Бозжігіт
Ығылманов Ілияс
Көпбергенов Қуанбай
Күзембаев Қали
Тәшкенов Қаби
Өтебаев Данабай (Қанатбай)
Өтегенов Смағүл
— 5 жыл мерзімге концлагерьге қамалсын.
Салықов Әмір
Тотаев Әлшен
Жүнісов Өтесбай
Айжарықов Асқанбай (Өскенбай)
Аманшаев Мұратбай
Дәулетбаев Мырзағали
Құлшаров Қызылгүл
Қосымов Зейнепқали
Үмітбаев Рахмет
Тоқмәмбетов Сұлтан
Аманшаев Жуасбай
—3 жыл мерзімге концлагерьге қамалсын.
Тумышов (Маймақов) Көмек
—тергеуде отырған мерзімі есептеліп босатылсын.
Шорбаев Қойлыбай
— округтен сырт жерге 3 жылға жер аударылсын.
Берікбаев Сүйінғали — босатылсын.
Бармақов Қосбай — тергеу кезінде өлді.
Жоғары жазаға кесілгендерге үкім сол бойда орындалды. Марқұмдардың сүйегі дәл қай жерде жерленгендері белгісіз. Шейіт ағалар соңғы сәтінде кейінге не табыстады, нені аманаттады — ол да жұмбақ болып қалды. Зар заман талқысы ең болмаса жолдаған дұғай сәлемін де жеткіздірмеді ғой. Дұғай сәлем демекші, Отекеңмен бірге айыпталып он жылға сотталғандардың бірі Рзаев Өтеқас еді. Ө.Рзаев анкетадағы мәліметі бойынша 1902 жылы Маңғыстау ауданының №1 аулында туған. Екі әйелі, үш баласы бар. Сауатсыз. Бай, саудагер. Бұл соңғы анықтама артықтау. Орасан байлық иесі емес. Күн көрістігі мал, жекеменшік лавка ұстаған, жұмысы Отарбаймен байланысты әрі онымен қатты дос-жар адам. 3-4 жыл тұсында мен облыстық теледидардан сотталған 68 адамның суретін көрсетіп ұзақ телехабар жасадым. Өтекеңнің бір көзінің алдында ай тыртығы бар екен. Оны өзінше тергеуші қолынан келген зақым деп тұспал жасағанмын. Сол хабардың артынша Жетібай кентінде тұратын Өтекеңнің баласы келіп хабарласты. Өтекең көзіндегі тыртық ұсталмастан бұрын әлдебір сырқат салдарынан болған екен. Сонда баласының ол туралы берген дерегі мынау.
Өтекең жуас, момын адам болыпты. Есебін тауып Гурьев түрмесіндегі басшылармен танысады. Не есебін тауып өзі бойына жасырып ұстаған, не Отарбай сияқты үзеңгі жолдастары қалдырған, әйтеуір аздаған алтыны болыпты. Оны дәрет алатын құманының қосалқы түбіне тығып ұстапты. Сол алтынын түрме басшыларына ұсынған соң «періште жолдан тайған». Өтекеңді 10 жылға концлагерьге жібермей сол түрменің ішіндегі жұмысқа алып қалады. Түрме басшыларының біріне атшы болып фаэтон арбасын айдады. Арада зырлап айлар өтеді, жыл кетеді. Бір күні аулын сағынған, әлде басқа да бір себептері болдыма, Өтекең бастығының фаэтонына жараулы екі арғымақты жегіп жіберіп Маңғыстау қайдасың деп тартып отырады. Бірақ артынан Мақатқа жақындай бергенде қуып жеткен қуғыншылар атып өлтіреді. Сүйегі сол жерде жерленіпті. Бүгінде ойлаймыз ғой, осы Өтекеңдер серіктерінің бір аманатын еліне жеткізбекші де болған шығар. Жазып жіберуге сауатсыз, көлденең кісіге сенбейді, ендеше ауызба-ауыз айту үшін қашпағанда не істемек?! Бізге белгілісі - осы Өтеқас Отекеңмен өте-мөте жақын болған.
Ақтауда Боқыбайұлы Сисен дейтін қадірлі аға тұрады. Бұл сол сотталған 68 адамның бірі Ізмәмбетұлы Сәдімектің немере туысы. Сисекеннің Сәдімек үйіндегі жеңгелері айтқанынан мына әңгіме құлағында қалыпты.
— Форттағы түрмеге күн аралатып тамақ апарамын. Тағам ішінде шайға құйсын деп бір бөтелке сүт саламын. Айдауыл бір уақытта босаған ыдысты қайтарып әкеліп береді. Ішінде әлгі бөтелке де жүр. Бірақ, бос бөтелке аузы қағазбен мұқият тығындаулы. Және ол тығын бұрынғысынан басқа. «Япыр-ау, бізде тығын жоқ дей ме екен» деп таңқалған мен ол тығынды былай шыға беріп лақтырып тастаймын. Аңқау басым білсемші, бақсам ол тығын тегін емес, қапастағы сорлылардың сыртқа жазып жіберген хаты екен ғой.
Шіркін, сондай хаттар сақталғанда бүгінде ол қасиетті бойтұмардай болып көшірмесі кітаптарға еніп, түпнұсқасы музей төрінде тұрмас па еді?! Амал не, әзірге жоққа жүйрік жетіп отырған жоқ.
Қанды қол жендеттер Отарбай сынды бір туар перзенттерді өлтіргенмен оның рухы алдында дәрменсіз еді. Есіл ер жоқтаушысыз емес-ті.
...1996 жылдың ерте көктемі. Біз бір топ адам жолға шықтық. Біз деп отырғаным О.Иманғазиевтің есімін қайта жаңғырту жөніндегі ынталы топтың мүшелеріміз. Басшымыз Сүлеймен Бердәулетұлы, Өтекеңнің жиені Өрбісіннің ұлы Аманкелді, осы өңірдің бір жанкүйер азаматы дәрігер Естұрған Мұхантайұлы, Жақау аулына бір жағынан жиендігі бар, бір жағынан осындай халықтық шаруаның белгілі асабасы Ағзам ЬІбырайұлы және осы жолдардың авторы мен. Алдымен кейіпкеріміз көп жылдар пәтерде тұрған, Мұстафа, Жалау сынды ағаларымен сұхбаттас болған Шағыр Бекназаровтың үйіне ат басын тіредік. Бір жағы дүкен, бір жағында үй иелерінің өздері тұрған. Шағыр мен інісі Сапар сотталған соң үй тәркіленіп мемлекет қарауына өткен. Содан соң ол дүкен, тұрмыстық қызмет көрсету орны болып сан өзгеріске түскен. Жамалған, жасқалған, қосымша құрылыстар салынған, бір шеті бұзылған. Дегенмен, арада өткен 65 жыл уақыт соншама ізін салғанмен сырлы аяқтың сыны әлі кетпеген. Кезінде Кетіктің ақ тасынан қиылып, қиюластырып салынған үй маңындағы ұлутас пен цементтен қаланған осы заманғы құрылысқа шекесінен қарайтындай. Форттың көне көздері осы бертінде дерлік Түрікменстаннан қасында серіктері бар бір кемпір келіп үйдің тасын құшақтап жылап кеткендігін әңгімелеп отырды. Ол, әрине, бүгінде марқұм болған, Шағыр марқұмның артында қалған жалғыз тұяқ Зәһида Шәкірқызы Бекназарова. Ынталы топтың ендігі бағыты Сарытас шығанағы. Әжі баба зираты шығанақ пен таудың астаса келген жерінде тұр. Зират ішінен маңдайшасы кісі бойындай етіп қиылып ақ тастап салынған кереге там көз тартады. Біз көріп жүрген тамдардан тұрқы бөлек, Орталық Үстірттегі Жолболдының тамына келіңкірейді сыртқы пішіні. Төрт қабырғасына әртүрлі бояумен қазақтың ою өрнектері салыныпты. Там ішінде бір бала жерленіпті. Бұл Отекеңнің тұңғышы еді дейді. Там қабырғасына тақай құлпытас қойылған екен. Ондағы араб әрпімен жазылған жазулардың бірсыпыра әрпі жел жеп, жауып кеміріп өшуге айналыпты. Дегенмен, «Отарбай, Бөпежан» деген жазудың нобайы аңғарылды. Соған қарағанда, оларға топырақ бұл жерден бұйырмаса да өздеріне арналған ескерткіш қой атақ, жөні жазылғаны артық болмас деп арттағы жанашырдың қалдырған белгісі болу керек бұл. Жақсының басып кеткен ізіндей, көзіндей болған ескерткіш иесіне бұйырмай тұл қалса да сұлу, сымбатты осы қалпымен-ақ мәнді де маңызды әдемі ғұмырдың жасампаздығын әспеттеп тұрғандай. Осы жерде Ағзам Ыбырайұлы бір қызық әңгіме жебеді.
1970 жылдардың аяқ шені болса керек. Ағзекең ол уақытта аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері. Бір күні Ақтаудан арып-ашып бір орыс шалы келеді автобуспен.
— Мен Тихомиров деген боламын. Бір кездері осында Кеңес үкіметін өз қолыммен орнатқан кісімін. Ол кезде керек едім. Енді мұнда ешкімге керек болмай қалыппын. Қонақүйлерің дұрыс орындарын да қияр емес тіпті, — дейді шал аптығын әзер басып. Құлағы түрік Ағзекең, әрине, Тихомиров атына қанық. Суқаны сүймесе де меймандостық салтын жасап, қонақүйден жақсы бөлме бергізеді. Бір құдайы беріп әңгімеге қарық болып қалсын деп жалма-жан Есағаңа — Есбол Өмірбаевқа телефон соғады. Ол келіп жеткенше шай алдырып қонағын әңгімеге тартады. Шал 1930 жылы ОГПУ-да істегенде осындағы контрреволюционерлердің тұқымын қалай тұздай құртқанын айтып біраз шалқиды.
— Қазір Москвада тұрамын. Құрметті чекистпін. Жастар әртүрлі кездесулерге шақырып құрмет көрсетіп жатады. Қызық, бәрі келісіп қойғандай-ақ галстук сыйлайды. Қазір сондайдан жиналған 200 дей галстугім бар. Баламның баласы да тағып тауыса алмас. Балаларым, қыздарым бөлек кетті. Кемпірім қайтыс болған. Бір үйде жалғыз тұрамын, — дейді шал және жайынан да хабар бере кетіп. Мұнда келген себебі от жалын, күреске толы жылдары жайлы естелік жазбақ екен. Соған материалдар іздеп жүр. Көп ұзамай Есағаң да жетеді. Көненің көзін көрсе, әсіресе отызыншы жылдардың өкілімен кездессе жұтынып, қолды аяққа тұрмай түлеп сала беретін Есағаң бұл жолы, тіпті, салқын. Қабағын түйіп, тымырайып қатып қалыпты. Қонақпен ерін ұшынан салқын амандасады.
— Сізді білеміз, Тихомиров, — дейді Есағаң қонақ жаңағы Ағзамға айтқан ұзын-сонар монологына кірісе бергенде киіп әкетіп, — Бұл жерде енді сіз істейтін ештеңе қалған жоқ. Шаруаңызды 31 жылы бітіріп тынғансыз. Оны ұмытар емеспіз. Ақылымды алсаңыз, аман күніңізде қазіргі автобустан қалмай келген ізіңізбен тайып тұрыңыз.
Қонақ сол күні қарасын батырыпты. Біз қолға ұшын ұстаған деректе Тихомиров сол 30-шы жылдар ойранында құрбанынан тәркіленген асыл заттардан өздеріне де ауыстырғаны үшін сөзге ілініп Харьков жаққа жылыстап кетті делінетін. Одан бері де талай заман өтті ғой. Кезеңінің қас-қабағына қарап, қалтқы күн кешкен тақыс қудың төбе көрсеткен жерін қараңыз. Аққа құдай жақ деген рас екен ғой өзі. Кебенек ішінде танылған Отарбайлар кезеңі келгенде ортасына келелі абыройымен оралды. Ал өткінші дәуірдің өлімтік көлеңкесі Тихомировтар мойынтағар қарғыбауының тап сол соқабас Тихомиров өлгенде мәйітінің басында жас төккен ешкім болған жоқ, перзенті жылау орнына бөлменің мұраға қалғанына қуанған шығар.
Ынталы топ сол сапарында Үшауыздың ортаңғы аузының ішіндегі әлі күнге дейін «Отарбай жұрты» деген атын жоймаған Отекеңнің үйінің, қора-қопсының орнын суретке түсірді. Көрген, түйгені мол, шаруа жайына қанық кісі қонысын да дұрыс сайлай алған екен. Түп басы тұйық аңғар іші табиғи қорық іспетті. Айналаны көмкерген жақпар құз табиғи ықтысын. Етек жағы теңіз жағасы. Аңғар аузының екі қапталы шөбі туырылған жайылыс. Жиектері күн нұрымен қызылжалқынданып тұрған шыңдар бейне шоқ табында қайнап жатқан ірімшік тәрізді. Сол шыңдар арасы аңдыздаған арқар. Нағыз жер жәннаты болса осындай-ақ болар. Үшауыздың бұл аңғары 50-ші жылдардың орта шеніне дейін маңайдағы елдің көктемеде, күзеуде отыратын жері екен. Бірде жауыннан қорғалаған бірнеше үй ағаш үйлерін жар асты кеуекті ендей тігіп қоныпты. Бір қырсық алған күні таудың жақпар құзы қақырай құлап ығындағы әлгі бірнеше үйді адамдарымен қоса басып қалады. Техника, динамит жоқ кезі. Сонымен апат құрбандары құлаған құз астында қала барады. Олар сол күйі әлі жатыр. Содан бері бұл жерге ел қоныстанбайтын болыпты.
Отекең ұсталғанда артында ұлы Абдулла 3 жаста, қызы Разия 8 жаста қалған ғой. Інісінен тірі айрылған 72 жастағы ағасы Таңатар көп ұзамай бақилық болады. Бөпежан Отекеңнің айтуы бойынша Түрікменстанға балаларды алып кетіп беріректе Красноводскіде Отарбайдың бел немере туысы Смағұл қамқорлығында бақилық болады. Абдулла Ұлы Отан соғысынан оралған жоқ. Қазір Ақтау қаласында Отекеңнен қалған жалғыз көз қызы Разия тұрады. Әкесі мен шешесінің бірге түскен суретін біз осы Разия шешемізден алдық. Мұндағы суретінде олардың екеуі де жас. Суретші Отекеңді осы заман үлгісімен киіндіріп, басына тақия кигізіпті. Бөпекеңнің басында ақ шырқат жаулығы бар. Рәзекең жалғыз бауыры Абдолланың да бозбала кезіндегі суретін көзінің қарашығындай сақтап, үлкейтіп тұсына іліп қойған екен.
— Абдолла майданға аттанғанда 16 жаста еді, — дейді ол күрсініп, — бір жасын қостырып, 17-демін деп жаздырып, соғысқа өз еркімен кетті. Әуелі хат, хабар келіп тұратын. Бір күні «қара қағазы» келіп тұр. Төбемізден жасыл түскендей болды. Сөйтіп жалғыз бауырымнан да айрылдым. Қаза, әсіресе, мамама қатты батты. Абдолланың біраз хаттары бері келгенше сақталып келіп еді, артынан әрлі-берлі көшіп жүргенде жоғалды.
Рәзия әкесі ұсталғанда есін біліп қалған сәби. Бұл ауыл қыста Төбеқұдық, Шытжа жерлерін мекендеп, жазда масасы жоқ Таушық қырын жайлайды екен. Есінде қалғаны, үйлері қонақтан арылмайды. Сонда көп келетіндердің бірі тау-тас кезген инженер-геологтар екен. Солардың бірі суретке түсіретін болыпты. Оның үй-ішімен түсірген бір суреті көп жылдар бойы сақталып келіп, жоғалыпты. Біздің ойымызша, ол «суретке түсіретін инженер орыс» Мокринский мен Боярунастың бірі болуы. Себебі бұлар дәл сол жылдары Таушық көмірін зерттеді. Отекең геологтармен өте достық қарым-қатынаста болыпты. Олардың жұмысына қатты көмек көрсеткен. Рәзекеңнің есінде Отекеңнің досы Шағыр Бекназаров та жақсы сақталған. Әсіресе, Шағырдың қызымен көп ойнапты. Рәзекеңнің айтуынша оның аты Зағира. Шын мәнісінде оның аты Зәһида. Бірақ, сол 30-шы жыл ойранынан соң онымен кездесудің сәті түспеген. Тек оның кейіннен атақты профессор, дәрігер болғанынан ғана хабардар. Біз Сүлеймен Бердәулетов екеуміз Рәзекеңе Отекеңнің Әж бабадағы зиратының суретін көрсеткенімізде ол кісі қатты толқыды. Зираттың алдындағы қабірлер Таңатар әке мен сол үйдегі шешейдікі екен. Отекең басына күн туған соң бастары қараусыз қалса керек.
Рәзекеңнің естелігінде Отекеңді бір уақыт Астрахань түрмесіне де қамаған. Бөпежан әлдебір жанашыр ағайынның көмегімен Абдолланы көтеріп артынан іздеп барады. Айдауылдар есіктің тар саңлауынан ғана сөйлестіріпті. Тұтқын сол саңлаудан әзер сиған баласының қолынан сүйіп қоштасыпты. Айрылысар сәтте әйеліне балаларды қайта-қайта тапсырып, — Енді сен маған келме. Қолдағы малыңды бетінде қараған ағайынның бәріне үлестір де Түрікмен жеріне кет, — депті.
Бөпежан күйеуінің айтқанын орындап, мал мен дүние-мүлікті үлестіреді, жасырады. Отекеңе үштік үкімі шығарылған соң тәркілеуге келген ОГПУ-дың бір орыс, қазақ екі қызметкері санын соғады. Орыс Тихомиров «жоқ, бұл Иманғазиевтің үйі емес. Ол мен көргенде бай болатын» деп күйіп-пісіп жер тепкілепті. Күйеуінен кебенек ішінде тірі айрылып тұрған күйікті Бөпежан «Мен Отекеңнің дүние-мүлкін саған шашау шығармастан тапсырамын деп міндетіме алғаным жоқ. Кетті ұстағанның қолында, тістегеннің аузында. Оның орнына мені ал. Күйеуімнен жаным артық емес» деп тарпа бас салса керек. Жоққа жүйрік жетпейді. Екі жендет қолдарын мұрнына тығып кете барса керек. Алшын Мендалиев берген мәлімет бойынша Тихомиров кейіннен құрбандарының асыл дүние-мүліктерін жеке пайдасына жаратқаны үшін жауапталып, одан басқа жаққа қашып кетіп құтылса керек. Бұл негізсіз де емес. Себебі Тобанияз тобымен бірге атылған белорусь, бұрын ақ армияда қызметте болған Омельяновичтен бірнеше алтын теңге, алтын сағат, басқа да асыл мүліктер алынған тінту кезінде. Бірақ, ол кірістелмеген. Демек, қолды болып кетті деген сөз.
Отекеңнен қалған бір жәдігер асыл тастармен безендірілген кемер белбеу екен. Ол қазір Түрікменстанның Қошоба жерінде әлдебір ағайынның үйінде сақтаулы деген дерек бар.
Күйеуінің атылған хабарын естіген Бөпежан балаларды алып Фортқа жетеді. Таныстардың көмегімен кемеге отырып Мақашқала арқылы Қарабұғазға барады. Бөпежан да, Рәзия да содан соң кіндік кесіп, кір жуған ата күлдікке ат ізін сала алмапты. Түсінде көріп жылаумен өтіпті. Арып-ашып келген бұларды аталас ағайын Жақау Алдаберген молда мен оның баласы Кәтеш панасына алады. Өзі молда, яғни тегі жат бұларға О.Имангазиев сияқты кісінің жанұясын паналату ол кез үшін жүрек жұтқан ерлікпен бірдей еді. — Марқұм Алдекең хақ жолын ұстанған өте кісілікті, діни білімді адам еді, — деп есіне алады Сүлеймен, — Менің азан шақырып атымды қойған осы атамыз. Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін деген рас қой. Әкемнен құрсақта қалған мен осы Алдекең, Кәтеш сынды ел жақсыларының шапағаты арқасында санатқа ендім.
Табынай Өрбісіннің Алакөзов Мұқан деген бір ағайыны Қошобада ауылдық кеңестің төрағасы екен. Сол Отекең әулетіне Шағырбаев деген фамилиямен паспорт шығарып береді. Рәзия осы фамилиямен оқып, 16-ға толған соң ересектердің сауат ашу мектебінде мұғалім болады. 19 жасында тұрмысқа шығады. Ол күйеуі бір жыл отасқан соң соғысқа кетіп қаза болады. 10 жыл бойы «Күйеуім, бәлкім, тірі шығар» деген үзілмес үмітпен жесірлік тауқыметін тартып жүріп барып, екінші рет тұрмыс құрады. Бұл күйеуінен Мұханбет, Эли деген екі бала сүйеді. Олардан немере көрді. Орны бар оңалды. Рәзия шешеміз қазір Мұханбетінің қолында сәнімен қартайып отыр. Ал Бөпежан шешеміз 1963 жылы бақилық болды. — Жақау аулына келін болып түсіп едім. Өлгенде де сол Жақау шаңырағынан шығамын» депті. Смағұл дейтін Отекеңнің аталас туысының үйінен шығарыпты. Бөпекең күйеуі алдындағы жұбайлық тағы бір парызын орындап, өзінің көзінің тірісінде Қоснияз дейтін молдаға Отекеңнің кемер белбеуін беріп құран шығартыпты. Біз жоғарыда айтып кеткен жәдігер белбеу осы.
«Жақсының аты өлмейді». 1990 жылы Қашаған ақынның 150 жылдығы қарсаңында облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған үгіт бригадасы Түрікменстанның Түрікменбашы атырабында болдық. Қошабадағы совхоз директоры Жақау Тұран Балиевтің от басын көрдік. Көптеген көкірегі сәулелі қариялармен сұхбаттастық. Сонда байқағанымыз, көп әңгіменің ұшығы осы Отекеңнің кісілігі, парасаттылығына ойысатын. Оның атын тек азғантай Мамыртай, Жақау, Бәйімбет емес бүкіл Түрікменстан жұрты мақтаныш тұтады екен.
Есқуат, Дүйсен шабылғанда қолды болған Аяу атты келіншектің қайтпай қалғанын айтып едік қой. Ираннан келген ағайындар арқылы оның одан соңғы тағдырын білдік. Зорлықпен қосылған түрікмен күйеуі өлген соң Аяу Иранға ауып барған бір қазаққа тұрмысқа шығады. "Ағайын-тумаларымен табысады. Ұзақ жасап осы бертінде қаза болады.
Ел ардақтыларын жырға қосу қашаннан қанымызға сіңісті дәстүр десек, еш Отекең есімін де айналып өтпепті. 1923 жылдары біз алқалы жиында атақты Сүгір жырау Бегендікұлы Есқуат Дүйсеннің шабылуын былай деп жырға қосыпты:
Қара орман мал кетті,
Аяулы сұлу жар кетті,
Айырплан, Сарыала ат,
Жүйріктер ылғи пар кетті.
Қайсыбірін айтайын,
Арылмастай ар кетті.
Мамыртай, Жақау азамат,
Сау болғай жан саламат,
Отарбай сынды ағаға
Осы бол ар аманат...
(Айырплан, Сарыала ат — Сұлтан Балқайұлының дерегі бойынша жауға қолды болып кеткен сәйгүліктер екен). Отекең Сүгір інісін осы жерінен тоқтатып, «сөзің сүйегімнен өтті. Жер басып жүрсем ол аманатты орындауға жұмыстанып бағармын. Жырыңның жалғасын сонда тыңдалық» деген екен. Отекең сол аманатты абыроймен орындап, тендікке қол жеткізіп оралған соң үлкен басқосу болады. Сонда Отекең Сүгірге «Ақыным, енді атыңның басын жібере беруіңе болар» деп күліпті. Сонда Сүкең жыр селін ағытса керек. Өкінішке орай, бұл шығарманың толық нұсқасын таба алмай жүрміз. Біздің құлағымыз қармай қалғаны:
Ел жақсысы Отарбай
Отарбай атқа мінген соң
халқым енді қатарға, — деген үш жолы ғана. Сірә, мұраның жоғалуына нәубет кезеңінің салқыны мықтап тиген болса керек. Отекең туралы жырды айтпақ түгілі, оның атын атаудың өзі қауіпті болды емес пе?! Бірақ үмітсіз емеспіз. Кейінгі жылдары Сүгір мұраларын жинау бір ізге түсе бастады ғой. «Жаңаөзен» газетінің редакторы Асылбек Айдаров оның жырларын жинақ етіп шығарды. Соған қарағанда, Отекең турасындағы жыр жолдары әлдебір сарғайған қағазда, біреудің жадында жүруі әбден мүмкін. Оның ортамызға оралар сәтін асыға күтуліміз.
Біздің бұл жазғандарымызбен Отарбайнаманың болары болып, бояуы сіңді деуге де болмас. Себебі мұның зерттеушісін күтіп тұрған тұстары әлі баршылық. Мысалы, оның Бакудегі съезге барған сапары тек ауызекі дерек жүзінде ғана қалып келеді. Ол сьездің толық құжатымен танысу, зерттеу өте-мөте қажет. Рәзия шешеміз «мамамның айтуынша папамның бір мықты орында істейтін әзербайжан досы болған екен» деген пікір айтады. Осы әзербайжан Шығыс халықтары съезінде көп қызмет атқарған Нариман Нариманов емес пе екен деген ойға қаламыз. Соңғы кезде шетелдегі бір сенімді қолда Мұстафа Шоқайдың архиві сақтаулы деген деректің ұшығын ұстадық. Біз білетінде Мұстафа қиын қыстау, тар жол, тайғақ кешуде бастан өткізгендерін қағазға түсіріп отырған кісі. Бәлкім, оның Отарбай досы туралы да жазғаны табылуы әбден мүмкін. Қазір Прагадағы «Азаттық» радиосы арқылы іскер қарым-қатынас орнатып, Мұстафа мұраларына зер салу харекетіндеміз. Егер ол ойымыз сәтімен оралса тағы да бір қызықты деректердің шаң берері хақ. Қазір Ашхабадтағы Түрікменстан ұлттық архивінде бұрынғы Адай уезінің жарты ғасырлық құжаттары сақтаулы. 1996 жылдың жазында Ашхабадта болғанымызда түрікмен достар оның көшірмелерін беруге қарсы еместігін білдірді. Маңғыстау облысының әкімшілігі (әкімнің бірінші орынбасары Е.Күмісқалиев, кеңесші В.Винников) бұл шараға қол ұшын беруге әзір. Сол архивте де Отекеңе қатысты қызғылықты құжаттар болуы мүмкін деген ойдамыз. Демек, бұл үлкен істің бастауы ғана. Сөз соңында үлкен қанағаттанғандық сеніммен айта кететін бір жайт, соңғы кезде тағдыр талқысын тартудай-ақ тартқан Маңғыстау жұртшылығында жазықсыз жапа шеккен жайсандардың жақсы есімдерін жаңғырту үлкен халықтық іске айнала бастады. Және олардың көбі онсыз да тапшы қазына қаражатымен емес, елдің өзінің ұжымдық, ағайынгершілік белсенділігі нәтижесінде мүмкін болуда. Отарбай марқұм Иманғазыұлы соның бір көрінісі. Халқым, ләйімде осы жақсы үрдісіңнен жаңылма!
Осы жолдар авторы әңгімесінің әлқиссасында еңбекті жазу барысында оның ауыртпалығын бірге көтеріскен жеделдес аға, ғалым Сүлеймен Бердәулетұлы, қол ұшын берген Аманкелді Өрбісінұлы, Ағзам ЬІбырайұлы, Сұлтан Балқайұлы, облыстық мемлекеттік архив директоры Ангелина Гаркуша, Түрікменстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері Елена Пурисева, қызым Ақмарал Қазиева, тағы басқаларға зор алғыс сезімін білдіреді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру