Қилы кезеңдер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Спандияр Көбеев — «Қилы кезеңдер». ОЧЕРКТЕР, ОЙ-ТОЛҒАМДАР
/uploads/e2a29f27-521c-578a-8feb-2fc28f4db930/cover.png
ОЧЕРКТЕР, ОЙ-ТОЛҒАМДАР
Астыртын үйірмеде ауылда бір ай жарымдай болғаннан кейін мен Петропавл уезі Полуден болысындағы Нілді болыстық мектебіне оқытушы болып тағайындалып, сол мектепке жүріп кеттім.
Боровойдағы сияқты, Нілді мектебі де әжептәуір мектеп екен. Мектептің ішкі жабдықтары да жаман емес: парталары да, класс сайын тақталары да бар, оқытушы отыратын орындық, столы да бар, былайша айтқанда, кәдімгі мектеп сияқты еді.
Мұнда да қазақ балаларына арналған жиырма бес балалық интернат бар екен. Елінің ерекшелігі — оқуға кірем деушілер көбірек екен. Жыл сайын би-болыс, байлар осы мектепке өз балаларын алғызбақшы болып таласқа түседі екен. Мектеп бастығына, жеке оқытушыларға балалардың әкелері, туған-туысқандары бірі уезден бірі болыстан әралуан қағаздар әкелсе, кейбіреулері мектеп меңгерушісіне пара беруге дейін барып, оқу жылы басталар алдында үлкен тартыс болып өтеді екен. Соның салдарынан мектептегі оқушылардың көбі әлді адамдардың балалары болатын.
Мен Нілді мектебінде 1905 жылдың күзіне дейін оқытушы болып істедім.
Осы мектепте екі жыл оқытушы болған кезімде, педагогикалық мамандығымды арттырып, өз тұсымнан оқып, білімімді толықтыра бердім. Мектепте толық орта дәрежелі білімі бар бірсыпыра жақсы орыс оқытушылары болды, олардың жақсы кітапханалары бар еді.
1905 жылы август айында Омбыда бастауыш мектептердің оқытушыларына арналған бір айлық ауыл шаруашылығы курсы ашылды. Әуелден оқуға ынталы мең сұранып сол курсқа бардым. Бізге жалпы жатақ үй берілді. Осы үйде жиырма шақты оқытушы жаттық. Қазақтан жалғыз ғана мен едім.
Кеп кешікпей маған бір Иванов деген оқытушы үйір болды. Ол менің қай облыстан келгенімді сұрастыра келіп:
— Қостанайда менің де болғаным бар. Педагогикалық курстың соңғы класында оқып жүрген бір қазақ баласымен жақсы дос болып едім,— деді алғашқы танысқанымызда.
Менің есіме Әбубәкірдің айтқан Иванов деген танысы сап ете түсті. «Иә, Әбубәкірдің айтқан Ивановы екен ғой» деп ойладым да:
— Ол Әбубәкір Бәйтішев деген жігіт, қазір Қостанайда оқытушы болып істейді,— дедім мен.
— Өте жақсы,— деді Иванов.
— Мен одан сіз туралы өзіме мүлдем таң-тамаша әңгімелер естідім,— дедім тағы да.
— Ғажап,— деді таңданған пішінмен Иванов. — Мен туралы қандай тамаша әңгіме болуы мүмкін? Бәлкім, сіз оның қандай әңгіме екенін маған айтарсыз.
Мен мүдіріңкіреп қалып, біраздан кейін:
— Әңгіме сіз туралы емес еді, сіздің, оған айтқан әңгімелеріңіз туралы еді,— дедім.
— Aha, — деді Иванов.
Бірақ осы «аһа» - дан кейін ол менің бір жерге барып келетін жұмысым бар еді деп, кетіп қалды. Мен жатақ үйге қайттым. Иванов сол кеткенінен түн ортасы ауа келді.
— Қайда болдыңыз?—дедім.
— Бір үйде болдым, кейін оңашада өзіңе айтармын — дей салды.
Иванов мені бір аптадай сынап, байқап жүрді. Мен мұны оның қойған сұрауларынан кейбір сөздерінен байқап жүрдім. Ақырында, бір күні ол маған:
— Спандияр, бүгін кешке бір жерге барамыз. Бірақ есіңізде болсың мұны ешкім білмеуі керек және ол үйге барып қайтқанымызда да тек екеуіміз ғана білуіміз керек— деді.
— Қайда? — дедім.
— Қайда баратынымызды қайтарда айтайын. Аса құпия емес, дегенмен бір үйге барып отырып қайтамыз...— деді.
— Мақұл.
— Егерде біреу-міреу естіп сұрай қалса, бір достың үйіне барып қайтқан едік дей саларсың, мақұл ма? — деді тағы Иванов.
— Мақұл.
Кеш болды. Екеуміз бір үйге бардық. Иванов есікті қақты. Ешкім іштен дыбыс бере қоймады. Иванов тағы да есікті қақты.
— Бұл кім? — деді біреу.
— Қожайын үйінде ме?
— Қазір,— деп әлгі адам есік ашты.
— Рақым етіңіз! — деп қарсы алды.
Иванов сәлемдескеннен кейін мені таныстырды.
— Беляев,— деп қолын ұсынды. Шашына да, сақалына да ақ кірген орта бойлы кексе кісі екен.
— Көбеев,— деп мен де оның қолын алдым.
Біз төргі бөлмеге барып отырғаннан кейін Беляев менен қазақ елінің хал-жайың кәсібің әдет-ғұрпын сұрастыра бастады. Мен оның әрбір сұрауына қысқа-қысқа жауап қайырып отырдым. Осы арада тағы да екі-үш адам келді. Олар сәлемдесіп отырысқаннан кейін тағы да бір-екі адам келді, сонымен сегіз-тоғыз адам болдық. Бір кемпірлеу әйел столға бір-екі тарелка нан, қант қойып, шыныаяқтарын жайып, самауыр кіргізді. Содан кейін бізге шай құйып берді де, езі шығып кетті. Бірақ ешкім шайды іше қойған жоқ.
Беляев орнынан тұрып, терезенің алдынан бір газетті алды. Сол газетті ұстаған күйінде орнына қайта отырып:
— Мынау «Русское слово». Бұл революцияшыл газет емес, оны өздеріңіз де жақсы білетін шығарсыздар. Бұрын бұл газет революциялық толқынды әсірелеп жазып көрген емес-ті. Әйтсе де мына нөмерінде «қазіргі қозғалысты кездейсоқ бунт деп қарауға болмайды» деп жазыпты. Демек бұл қозғалыс бунт болмаса, онда ол революция ғой. Бірақ шындықты тура айтуға газеттің тілі жетпепті,— деп Беляев бір күліп қойды.— Солай жолдастар, Россия қазіргі күндерде революцияның қарсаңында тұр. Романовтардың, жауыз Николайдың, самодержавиенің күлі кекке ұшатын күні енді алыс емес. Бостандық таңы жарқырап ататын күн таяу
Осы сөздерден кейін Беляев таяудағы кезекті міндеттерді айтты. Бұл жөнінде айтылған сөздердің көбі дерлік маған түсініксіз болды. Сондықтан олар менің есімде қалмапты. Беляевтің таяудағы міндеттер жөніндегі айтқан сөздерінен есімде қалғаны революция жеңіп шыққан соң, Россияда демократиялық республика құрылады деген сөзі еді.
Беляев сөйлеп болғаннан кейін оған сұраулар берілді.
Беляев әрбір сұрауға жауап қайтарып отырды. Кейін әркім өз пікірін айтты. Беляевтің, үйінен түнгі сағат он екі шамасында тарадық. Қайтып келе жатқанда Ивановтан:
— Беляев кім?—деп сұрадым.
— Бұл кісі,— деді Иванов,— үлкен революционер адам. Петропавловск қамалында жиырмадан аса жыл отырып, биыл шыққан. Орталық қалаларда тұруға рұқсат етілмей, осы қалаға жіберілген — деді.
Осыдан кейін біз Беляевпен екі-үш рет кездестік. Бірінде қаланың шетінде бір жұмысшының үйінде, тағы да бір ретте бір учительдің үйінде кездестік.
Төртінші рет біз Беляевтің өз үйінде кездесетін болдық. Қай күні, кім қай уақытта келуі керек оны тиісті адамдар арқылы кейін хабарлайтын болды. Арада бір аптадай уақыт өтті. Бір күні кешке қарай Иванов маған:
— Баққа барып, қыдырып қайталық,— деді.
Екеуміз баққа бардық. Қыдырып әңгімелесіп жүрдік.
Күн батты. Иванов маған сыбырлап:
— Қазір шалдың үйіне барамыз. Сен менің соңымнан еріп отыр,— деді.
Бақшадан шықтық. Жүріп келеміз. Бір көшеден өтіп, Беляевтің үйіне қарай бұрыла бергенімізде, алдымыздан атты жандармдар шықты. Олар бір топ адамды айдап келеді екен. Тұтқындар жанымыздан өтіп бара жатқанда байқасам, олардың ішінде Беляев та келе жатыр. Біз іркілмей біраз жер жүріп барып, тоқтап, бірімізге-біріміз аң-таң боп қарап, қатып қалыппыз.
— Бұл не?—дедім мен таңданған күйімде.
— Провал,— деді Иванов,— енді бәрімізді де ұстауы мүмкін. Біздің арамызда Охраниканың тыңшы адамы болғаны ғой. Әйтпесе, бұлай болуы мүмкін емес еді.
— Енді қайттік?
— Енді тәуекелге бел байлап, жатақ үйімізге барамыз. Таң атқанша аман қойса, ертең Омскімен қош айтысуға тура келеді,— деді Иванов.
Жатақ үйге келдік. Қатерлі ешнәрсе сезілмеді. Біз тезірек шешініп жатып қалдық. Бірақ ұйқымыз келер емес. Ұзақ таңды көзімізбен атқыздық. Таңертеңгі сағат жетіде тұрып, жуынып, Иванов екеуміз далаға шықтық.
— Енді қайтеміз? — дедім мен.
— Менің жатақ үйде түгім де жоқ,— деді Иванов.— Заттарым басқа бір үйде. Мен кете берейін. Сен де есебін тауып бүгін тайып бер. Ал қош, Спандияр!
— Қош, қымбатты Иванов! — деп Ивановпен қол алысып, қоштасып мен қалдым. Артына жалт-жалт бұрылып қарап, қараған сайын бөркін көтеріп қош айтып, ол кетті.
«ҚАЛЫҢ МАЛ» РОМАНЫНЫҢ ЖАЗЫЛУЫ
Надандыққа, феодалдық ескішіл, өрескел сорақы салтқа қарсы күрес жүргізудің бірден-біреуі — халықты ағарту, балаларды оқыту, халықты сауаттандыру деп, оны мәдениет сатысына аяқ бастыру деп ұғынушылардың бірі мен едім. Бірақ сегіз-тоғыз жыл оқытушы болғаннан кейін феодалдық салтпен күресу үшін тек бір ғана балаларды оқыту жеткіліксіз екеніне көзім әбден жетті. Бұл күресте халық санасына күштірек әсер ететін басқа да құралдар керек сияқты көрінді. Іздене келе, мен осы мақсатқа жету жолында ағартушыға ыңғайлы күрес құралының бірі көркем әдебиет екен деген ой түйдім. И. Крыловтың мысал-өлеңдерінің аудармасының мектеп оқушысы былай тұрсын халық бұқарасына еткен әсері осы ойымның дерегі еді. Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап «Қалың мал» романын жазуға кірістім.
Осы жерде еске алып өтетін бір нәрсе бар. Менің достарым, жолдастарым, көптеген оқушыларым менен «Қалың мал» романын жазуға себеп болған не? деген бір сұрау, «Қалың мал» романындағы қаһармандардың тап өздері (прототиптері) болды ма, болса олар қай елдікі еді, кімдер еді? деген екінші сұрау қояды.
Бірінші сұраудың жауабын мен жоғарыда қысқаша түрде айтып та өттім. Романды жазуға себеп болған негізгі ойдың бірі роман сияқты қазақ тілінде елдің тұрмыс жағдайынан алынып көркем шығармалар жазылса, олар халық арасына неғұрлым көп тараса, ескіліктің, феодалдық әдет-ғұрыптың тамырына балта шабылар еді, еңбекші елдің санасы оянып, мәдениетке талпынар еді, деген қорытындыдан туды. Романды жазуға тағы да бір ең басты себеп болған нәрсе — қазақ әйелінің қас жауы, қазақ әйелдерін теңсіздікте, қорлық-зорлықта тұтып, малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес жүргізу мақсаты еді. Демек роман арқылы феодалдық шірік салтты әшкерелеу, қалың халық бұқарасын одан бездіру, әйелдерді азаттық күреске шақыру еді.
Ал романдағы қаһармандардың тап өздері (прототиптері) бар ма деген сұрауға келетін болсақ, оларды болған деп те айтуға болады, болмаған деп те айтуға болады. Болды деуге бір себеп — осы романның желілі уақиғасын( сюжетін) маған айтып берген жоғарыда аты аталған Тышаң деген ақын еді. Бірақ бұған қарап, романдағы әрбір қаһарманның тап өзі (прототипі) болған екен немесе романның сюжеті белгілі бір болған уақиғаға негізделген сюжет екен деп түсінбеу керек. Өйткені Тышаңның айтқан уақиғасы, тақырып арқау болып жатқанымен романның қаһармандары тыңнан жасалынған кейіптер жиындысы. Ал, екінші жағынан алып қарағанда, өзім көрген «Қара бақсының хикаясы» деген тараудағы он сегіз жастағы қызды жетпіс сегіз жастағы байдың аулы немесе Жадыраның қызын жастайынан айттырып, баласына алып бермекші болған Торсан болыстың әрекеті, қыздың сүйген жігіті Сүлейменнің жігіттер жинап, болысты торып, оның қонып жатқан үйіне шабуыл жасауы, сол үйге өрт қою, болмаса Сағиланы тартып алмақшы болған Нұржақыптың озбырлық әрекеттері романның желілі уақиғасына арқау болып жатқандығы рас. Романның кейбір қаһармандарының сырт пішіндері болған адамдардан алынды. Мәселең романдағы Тұрлығұлдың тап езі (прототипі) — Кішіқұмдағы Ыбырай бай, Қожаштың тап өзі — Сүлеймен Ғайшаның тап өзі — Жадыраның қызы деуге болар еді. Тіпті Тұрлығұлдың түрі-түсі, жалпы сыртқы пішіні, мінез-құлқы Кішіқұмдағы Ыбырай байдың айнымаған бейнесі деуге болады: Тұрлығұлды көр де — Ыбырайды көр!
Алайда романдағы қаһармандар жеке бір адамның ғана бейнесі емес, сол уақыттағы өмір шындығына тән кейіптер жиындысы деп білуіміз керек.
Бұл романды жазу маған оңай тиген жоқ. Мұның әртүрлі себептері де бар еді. Біріншіден роман жазылған кезде баспа жүзін көрген қазақтың жазба түрдегі көркем әдебиет шығармалары тіпті аз еді және олардың идеялық бағыттарын былай қойып, түрлерін алсақ, ауыз әдебиеті әсерінің рамкасынан асып шыға алмаған дәрежеде еді. Біздің солтүстік аймақта маған тіл үйренер, үлгі-өнеге алар жалғыз-ақ қазақтың ауыз әдебиеті және Ыбырайдың өлеңдері мен балаларға арнап, оқу құралына лайықтап жазған новеллалары ғана еді. (Абайдың жинағы менің қолыма кейінірек түсті). Сондықтан да романның тіліне, стиліне ауыз әдебиетінің әсері тигендік барлығы қазіргі оқушыға айқын байқалып отыратын болу керек.
Екіншіден романның сюжеті, оның құрылысы (композициясы) кейіп-кескіндері жайында кеңесетін пікір алысатын да адам жоқ еді, мұны түсінер деген бірен-саран адам болса, оның да «қызық екен» дегеннен басқа айтары жоқ болатын. Маған тек орыс тіліндегі романдарды оқып, соларды үлгі ете отырып жазуға тура келді.
Үшіншіден қолжазбаны оқитын бастырып шығаратын кім, о да белгісіз еді. Болашақ үміттерге иек артып, тәуекел деп жаза бердім. «Әуелі жазып болайыншы, бастырып шығару жағын кейін көре жатармын» деген ой түйдім.
«Қалың малды» жазып бола келген кезде, 1912 жылы, Қази деген мейлінше момын ақ көңіл, сабырлы, байсалды қызбен бас қосып, өз алдыма үй болдым.
«Қазидан төрт бала қалды: үлкен қызым Рабиға, қазір оқытушы болып істейді, оған төтесі.
— Шамел деген ұлым Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, қазір өзіммен бірге Ақсуат мектебінде мұғалім болып істеп жүр, оған төтесі — Нәзір педагогикалық училищені бітіріп шыққан жылы Совет Армиясының қатарына алынып, сонда қызмет етіп жүр. Ең кенжем — Сәбит КазГУдің геология-география факультетінде оқып жүр.
1912 жылдың аяқ шені еді. Романды жазып болдым да, тағы да тәуекелге бел байлап, баяғы Қазан қаласына, Каримовтарға жібердім. Алты айдан кейін ғана: «Қолжазбаңыз қабыл алынды, жуық арада баспадан шығады»,— деген қуанышты хабар алдым.
Бес-алты ай уақыт етті. Жазғы демалыс қарсаңында тағы да посылка келді. Ол «Қалың мал» романының елу данасы болып шықты. Қуаныш қойынға сыймайды. Қуанышым заңды да еді. Жазушылық жолында жаңа бір белге шыққан жаңадан қанат біткен адам сияқты едім. Айта кетуім керек: мен бұл роман үшін қаламақы да алғам жоқ,— мен сұрамаппын да, Каримовтар жібермепті. Менің қуанышым — романымның басылып шығуының қуанышы еді. Мұның да бір данасын ең алдымен Тышаң ақын алды. Одан кейін бір данасын Сәду алды, осы маңдағы жолдастарыма да бір-бір данасын бердім. Ауылға да әркімге арнап жиырма-отыз данасын жібердім.
Ал енді оқушылар не айтар? Олардың көкейіне қонар ма?
Олардың саңлауының ашылуына бұл роман азда болса әсер етер ме? Немесе шала-пұла оқып «қызық емес екен» деп мән бермей қоя ма? Ендігі қауіпім осы еді.
Жаппай сауатсыз дерлік қараңғы ауылда, жазба түрдегі көркем әдебиеті жоқ елде роман жазудың, ол туралы жазба түрде де әділ сын бағалы пікір күтудің өзі «көз жасымен көл ағызу» сияқты екенін мен роман шыққаннан кейін ғана білдім.
Алайда халық өзінің бірен-саран сауатты адамдары арқылы романмен танысып, романда не жазылғанын да білді, романның айтпақшы болған ой түйінін де түсінді. Өзінің пікірін де айтты.
Біздің елде әдебиетті жақсы көретін сауатты Жүргенбек Оралов деген жыршы болды. Өзі хат танитын еді: Сол жыршы «Қалың мал» романын ауылдан-ауылға апарып, қона жатып оқып жүрді. Одан үлгі алып, Ғалым Аусанов, Қасен Төбеев, Кенжебек Әбүйірев, тағы басқа осылар сияқты сауатты жігіттер романды бәсекелесіп көпшілікке оқумен қатар, романның бас қаһармандары Қожаш пен Ғайша туралы аңыз-легендалар туғызды. Ғайшаның әкесіне айтқан елеңі ел аузында жатталып кеткен өлеңдердің біреуі болды. Іс жүзінде мұның өзі қазақ әйелінің бостандық алу бағытында жүргізілген үлкен күрестің, феодалдық ескі салтқа тиген қатты соққылардың бірі болды.
Бірақ елдің, билеп-төстеушілері, олардың арасынан шыққан оқығандар «Қалың мал» романын елегісі келмеді. Мұның бір айқын дәлелі — шыға бастағанына екі жыл болып қалған «Айқап» журналы да, 1913 жылы шыққан «Қазақ» газеті де қазақ тілінде шыққан тұңғыш роман туралы жұмған аузын ашпады. Сол кездегі «қазағым», «елім» деп аузымен орақ орып жүрген кейбір «елшіл», «жұртшыл» «оқымыстылар» да ешқандай пікір айтпады.
Біздің өз ауылымыздағы азды-көпті оқыған «кезі ашық азамат» деген бай балалары Шаяхмет, Сауытбаев, Нұрқан Рахметов, Құлмақ Құрманғалиев, тағы басқа осылар сияқты кейбір адамдар романды жамандап, романның авторын мысқыл еткен өлеңдер шығарып, өздерінше романға қарсы науқан ашты. Мұның езі ауылдағы үстем таптың, оның жаршы идеологтарының ескілікті дәстүрден феодалдық салттан айрылғысы келмейтіндігін жаңалық атаулыға, прогресшіл ағымға мүлдем қарсы екендігін көрсетті.
Осы жерде айта кетуім керек мен кедейдің баласы болғандықтан ба, байлардан көбірек қаңқу көрген ата-ананың баласы болғандықтан ба, өскен ортам басқа болғандықтан ба, әйтеуір, оқып жүрген шағымда да, кейін оқытушы болып жүрген кезімде де қазақ оқығандарының басым кеңшілігінен бойымды аулақ салып жүрдім. Менің достарым халық мұғалімдері, қарапайым ауыл адамдары, өзімнің кішкене достарым — оқушыларым еді. Ал «Қалың мал» романы туралы — «оқымыстылардың» өрескел қиянаттары, менменсінгендіктері олармен жігімізді аша түсті. Мен олардан бұрынғыдан да іргемді аулақ салатын болдым. Бірақ мен енді жалғыз емес едім. «Жалғыз қаздың үні шықпас...» деп Кішіқұмдағы жай шаруа Оспан ағай бір кезде қынжылып айтқан заман артта қалған еді. Менің соңымда мені сүйеуші, менің айтқанымды түсінуші сана-сезімі едәуір оянып қалған қалың халық бұқарасы бар еді.
Мен бұл арада «Үлгілі бала» хрестоматиясына кірген кейбір өлеңдерім немесе әңгімелерім туралы тоқталғым келмеді. Олар, негізінен алғанда, бастауыш мектептің оқушыларына арналып жазылған шығармалар еді. Жалғыз-ақ мұнда атап көрсететін бір нәрсе — бұл кітаптың да жалпы сарынында теңдікті, әділеттілікті аңсағандық барды. Кедей бұқараны егей жетім бала бейнесінде алып жазған бір өлең:
«...Шөлдесең, сусын болар көлдер қайда?
Қарын ашса, тамақ болар жерлер қайда?
Қаңғырып жүдеп-жадап жүргеніңде
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда? » — делініп аяқталған еді. Мұнда ішкі-сыртқы екі бірдей қанаушылар тепкісінде езіліп, жерінен суынан айырылып, қанаушылар дүниесінің түнегінде зар илеп, теңдікті, бостандықты аңсаған сол бостандыққа бастап апаратын ерлерді күткен кедейдің жырын шертпекші болып едім. Демек «Үлгілі бала» хрестоматиясындағы өлең-жырлар да қалың халық бұқарасының мүддесі тұрғысынан қаралып жазылған еді.
ОҚУ, ӨСУ ЖОЛЫНДА
1913 жылы еді. Сол кезде менің оқытушылық жұмысында болғаныма да он үш, он төрт жыл болып қалған-ды. Жазушылық жұмысымен айналысқаныма да бес-алты жыл болған. Екі-үш кітабым да басылып шықты. Жас отыздың төртеуіне келді. Демек бұл ақыл орнығып, дүние танып қалған шақ еді, өткен өмірге көз жіберіп қарасам, талай-талай белестен асқан сияқтымын. Бір кездегі көшпелі қараңғы ауылдағы сауатсыз, езілген жоқ-жұқа кедей шаруалардан шыққан «жаман» Көбейдің «Ынжық» баласы бұл кезде әрі оқытушы, әрі жазушы болыпты. Қадірлі ағамыз, баға жетпес қамқорымыз Ыбырайдың:
«...Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар».
Тілеуінің себебі осы екен ғой деген қорытындыға келдім.
Алайда шығар биік әлі қашық жатыр еді. Оқыту жұмысында да, жазушылық жұмысында да мәз боларлық әлі ешнәрсе жоқ сияқты көрінетін. Кейінгі ұрпаққа «мынау менің сіздерге қалдырған үлгім» дерлік ауыз толтырып айтарлықтай істегенім де, бергенім де жоқтың қасы тәрізді еді. Әлі де көп оқу, көп үйрену, көп іздену, жетіле беру керек сияқты еді. Мен өз тұсымнан оқып білімімді толықтыра берейін деген ойға келдім. Бұрын менің қолымнан түспейтін кітаптар: Пушкин Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин Толстой, Чернышевский, Белинскийлердің шығармалары болса, енді солармен қатар, орыстың ұлы педагогы Константин Димитриевич Ушинскийдің, Петр Францевич Лесгафттың (1837-1909 ж. ж.) еңбектерін оқыдым. Лесгафт езінің педагогикалық мәселелер жөнінде балалардың үйдегі тәрбиесі, әсіресе оқу жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мәселесі жөнінде еңбектер жазған адам еді. Бұл еңбектерінің елеулі кемшіліктері бола тұрғанымен құнды жақтары да бар еді.
Оқытушы үшін тәжрибе мен педагогикалық ғылымды ұштастыра білуде өз пәнін ойдағыдай меңгеру, педагогикалық шеберлікті арттырып, барған сайын жетіле беру бірден-бір қажетті шарт болып табылады. Осыны ұғынғандық маған тереңдей оқуға қайта ой салды.
Мен жоғарыда Пресногорсковскіге екі класты орысша-қазақша мектепте 1919 жылдың, күзіне дейін болдым дедім. Осы мектепте түңғыш рет менен оқып, менің тәрбиемде болған балаларды бір қатары осы күнде әр алуан қызмет атқарып жүр.
Бірақ мен оқытушы ғана емес, жазушы да едім. Бұл өнерді тастап кету мүмкін емес. Алайда сол жылдардың өзінде-ақ кеп отырып, кеп ойланып жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін бас ауру.ы пайда болды. Кацеленбогин деген бір білімді дәрігер маған ой еңбегімен әсіресе жазу жұмысымен айналысуды тоқтатуың керек әйтпесе өлесің деді.
Бұл, шынында, бала оқытуды да қой, жазу жұмысын да доғар, сөйтіп, ауылға барып жатып ал деген сөз еді. Шынымды айтайың дәрігерлерді қанша құрметтейтін болсам да, мен әлгі үлкен дәрігерден қатты түңіліп шықтым. Осыдан кейін бірнеше жыл бойына басым ауырады деп дәрігерлерге баруды да қойдым.
Сонымен бұрынғыша бала оқытып және бір роман жазбақ болып, оның уақиғасын ойланып, жоспарын жасадым. Елдегі дау-жанжал: жер дауы, жесір дауы сияқты мәселелерге құлақ тігіңкіреп, қазақ аулындағы қайшылықтарды, әдет-ғұрыпты, ескілік пен жаңалықтың арасындағы күресті зерттеп жүрдім. Бұл 1913-1915 жылдар еді.
«АЙҚАП»
«Айқап» журналы 1911 жылы шықты. Бұл журналдың алғашқы номері қолыма тигенде, менен артық қуанған адам болды ма екен? Мені журналдың ұстаған бағыты мен мазмұны қуантқан жоқ, сол кезде журналдың қазақ тілінде шығуының өзі қуантты. Қазақ халқының қоғамдық ой-пікірінің ұйтқысы болып, таза қазақ тілінде журнал шығып, онда қазақ халқының сол кездегі тіршілігі мен келешегі туралы мәселелер қозғалуының өзі ол кезде қуанарлық іс еді.
Осы жерде журналдың ұстаған бағыты мен мазмұны туралы өз пікірімді айтып етуді керек деп білемін. Біздің кейбір тарихшыларымыздың да, әдебиет зерттеушілеріміздің де басылып шыққан еңбектерінде: «Айқап» журналы бұқарашыл бағыттағы журнал болды, ол өз төңірегіне бұқарашыл ағартушыларды топтады, сөйтіп, ол сол кездегі «Қазақ» газетінің, демек буржуазияшыл ұлтшылдардың тілі болған газеттің бағытына қарсы шығып, күрес ашты деген сияқты пікірлер айтылады. Менің ойымша, осы пікірлерде біраз үстіртіндік бар сияқты. «Айқап» журналына әлгі айтылған пікірлер тұрғысынан қарайтын болсақ, онда біз ол журналды біраз асыра бағалап, әсірелеп, дәріптеушілік істеген болар едік. Рас, «Айқап» журналы қазақ халқын қоныстандыру, көшпеліліктен отырықшылыққа айналу, Ыбырай Алтынсарин негізін қалап кеткен оқу жүйесін дамыту сияқты (балаларды орысша оқыту, мұның ішінде қол өнершілер мектебін ашу арқылы өндіріс мамандарын дайындау — машинист, слесарь, токарь, балташы, т. б.) және тете оқу секілді прогресшіл маңызы бар келелі мәселелерді көтеріп отырды. «қазақ», газеті журналдың бұл пікіріне мүлдем қарсы болды. Тек осының өзі-ақ журналдың реакцияшыл ұлтшылдар басқарған «Қазақ» газетіне қарағанда, демек қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандарының ұстаған бағытына қарағанда, прогресшіл бағытта болғандығын көрсетеді.
Алайда журнал өзінің жалпы ұлт мәселесі жөніндегі, қазақ халқының ұлт азаттығының тағдырын шешетін мәселе жөніндегі өзінің саяси бағыты жағынан белгілі бір нақты программасы бар, берік саяси бағыты бар, ұлтшылдық бағытқа мүлдем қарама-қарсы күрес жүргізген журнал болды деу — шындықтан қашық кеткендік болар еді. Өйткені бұл журнал ұлт азаттығы мәселесі, қазақ аулындағы әлеуметтік маңызы бар басқа да маңызды мәселелер жөнінде «Қазақ» газетінің, ондағы буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың пікіріне қарама-қарсы күрес көтеру дәрежесіне жете алмаған саяси өресі аласа журнал еді.
Осымен қатар, журнал қазақ халқының ұлт азаттығы қозғалысының тарихи тағдыры туралы да белгілі бір айқын пікір айта алмады. Кейде тіпті бұл журнал «Қазақ» газетін дәріптеп, оның тілегін тілеген мақалаларды да басып отырды. Журналдың саяси бағытын көрсететін бірнеше мысалдар келтірелік:
«Айқап» журналының 1913 жылы шыққан 7 номерінде: «Біздің бақытымызға қарай» «Айқап» мырза шықты... бір «Айқаптың» сөзін кім тыңдайды деп тұрғанда, құдайтағала жүрген жерін оңдап, айтқанын ем қылғыр Қазақ» деген мырза шықты...» деп, одан әрі қарай жұрттың үміті осы екі «мырзада» деп жазады. Егер «Айқап» журналы қазақ халқының тарихи тағдырын шешетін принциптік мәселелер жөнінде «Қазақ» газетіне бітіспес қарсы болған болса, онда әлгі айтылған сөзсымақтар басылмаса керек еді. Сірә, екеуінің арасында оншалық бітіспес қайшылық жоқ қой деп ойлаймын.
«Айқап» журналы кейде тіпті кісінің күлкісі келетін дәрменсіздік те жасайтын. Журналдың әлгі айтылған номерінде, «Сауалдарға жауап» деген белімде, дін туралы қойылған бес түрлі сауалға қайтарылған жауаптан үзінділер келтірелік:
1) «Алланың, адамды жаратқандағы мақсаты не?
Жауап: өзінің аллалығын танытпақ: Өзі алла болып тұрып... аллалығын өзі ғана біліп, ешкімге белгісіз болып тұруы лайық емес, соның үшін адамды жаратты.
2) Адамға тіршіліктің ең, керегі не үшін?
Жауап: ... адамға тіршіліктің ең керегі алланы тану үшін.
3) Ең жақсы адам не қылған кісі?
Жауап: алланы таныған адам ең жақсы кісі болу керек...» делінген.
Журналдың осы номерінде «Қазақ даласынан» деген мақалада, бұрынғы Қапал уезіндегі атақты бай, қажы, он сегіз жыл болыс болған жат таптың шонжар екілі Тұрысбек Мамановты мақтайды. Рас, Тұрысбек мектеп салдырған адам. Бірақ әңгіме мектеп салдыруда емес қой. Өйткені нағыз реакцияшыл, панисламшы татар байларының ішінде де мектеп салдырған адамдар болды. Журнал бұған қарамастан Әлгі Тұрысбекті былай деп мақтайды:
«Өзі тірі күнінде Құдайберген Тәңірберген деген балаларын һәм Есенғұл деген інісін оқытып... татар қарындастарымыздың жақсы сәудегерлерімен таныстырып, балаларын саудаға үйреткен... Марқұм он сегіз жыл болыс болып, бір тыйын пара алмай, лауға... бір ат мінбей, орынсыз қазақтық бір қойын жемей еткен орны ұжмақта болсын...» деп көпіртеді.
Ең ақырында, «Басқармадан жауаптар» деген бөлімінде журнал бір авторға мынадай жауап қайтарыпты:
«Қолына келген газет, журналды болыс бәйбішесіне береді екен бәйбішесі майлық қылады екен»,— деп жазушыға журнал: «Сөзіңізге нана алмадық, хакім кісі неге өйтсін?» — депті.
Басқасын былай қойғанда да, осы келтірілген үш түрлі фактінің өзі де журналдың саяси идеялық бетінің дәрежесінің қандай екенін айқын көрсетпей ме?
Мен бұл жерде «бүйректен сирақ шығарып» отырғаным жоқ, сол сияқты «Айқап» журналының белгілі мөлшердегі прогресшілдік жағын да жоққа шығаруды кездеп отырғам жоқ; мен тек нақтылы болғандарға негіздеп, журналдың идеялық мазмұны дәрежесінің төмен екендігін көрсетіп өткім келді. Өйткені мен сол журналдың үзбей оқушысы болған сезінген адаммын. Сондықтан да, ол журнал туралы үндемей өтуді лайықсыз көрдім. Біздің тарихшыларымыздың да, әдебиет зерттеушілеріміздің де «Айқап» журналын әлде де тереңірек зерттеп, оған дұрыс баға беретіндігінде менің ешқандай күмәнім жоқ.
Тағы да айтып өтуім керек. Мұсылман дінін оқытуға алғашқы рет балта шабылып, халық ағарту ісі жөнінде төте оқу «Үсул жәдит» яғни «Жаңа әдіс», дейтін жаңа беталыс күшейген кезде «Айқап» журналы қазақ тілің татар, парсы, арап тілдерінен тазартып, қазақтың сап күмістей таза, өзіндік тілін қалыптастыру, қазақ тілінде «Жаңа әдіс» мектептерін ашу жөнінде елеулі мәселелер көтерді. Журналдың көп авторларының бірі мен болдым. Бірақ менің жазғандарым, көбінесе, ел хабарлары: Оқу, ағарту жұмысы, жер дауы, ауылдағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұсақ хабарлар еді.
Жалпы алып айтқанда, «Айқап» журналы өзінің аз өмірінің ішінде қуғын-сүргінге ұшырай отырып, қаржы жағынан да қысым көре отырып, қазақ халқының, келешегі туралы бірсыдырғы маңызды мәселелер қозғаған журнал болды. Екінші жағынан саяси-әлеуметтік мәселелер жөнінен ұсақ буржуазиялық ережеден аса алмай, революциялық ұлы ойға шығандай алмай, күйгелектік дәрменсіздік жалтақ мүсәпірлік те білдірген журнал. Сөйтсе де, ол қазақ халқының қоғамдық ой-пікірін қалыптастыруда, қауым санасына қозғау салуда едәуір қызмет атқарды. Мұны бекер дей алмаймыз.
«БАҚЫТСЫЗ КҮНДЕРДІҢ БІРІ»
Мен ауру болсам да, жазушылық жұмысымды тастай алмадым. 1913 жылы 21 февраль күні орыс патшасы Романовтар ұрпағының патша болып таққа отырғанына үш жүз жыл толуына байланысты Федоровкада поп, кулактар, мещандар шіркеуге апарып намаз оқып, өздерінше «той ұйымдастырып», осы тойдың ақыры мастардың көше-көшеде қызыл шеке төбелестерімен аяқталған еді.
Сол күні кешке мен «Бақытсыз күндердің бірі» деген өлең жазбақшы болдым. Бұл менің ойымша, астарлы сөзбен патшаны шенейтін өлең болуы керек еді. Бірақ өлең шықпай қойды.
Мен көптен ойланып жазғалы жүрген романымның басын жазуға кірістім. Сонда ең алдымен романның атын ойлағанда, осы әлгі шықпай қалған өлеңнің атына жақындатып «Бақытсыздардың бір күні» деп атадым. Мен бұл романды біресе қолыма алып, біресе қойып кетіп, екі-үш жыл бойына жазып жүрдім. Бірақ роман аяқталмады. 1919 жылдың жаз айларында мен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы мен «Кім жазықты» поэмасын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Жазып жүрген романымды Әжібайдың көп әйелінің күнделік өмірлеріндегі трагедиясы сияқты бір аянышты өмірді суреттеу ретінде толықтырып, бұрынғы қолжазбадағыдан басқашарақ етіп жазбақшы болдым. Бірақ сол жылы күзде қолжазба жоғалып кетті.
Менің ойымда «Қалың малдан» кейін көп әйел алушылыққа қарсы бір роман «Әмеңгерлікке» қарсы бір роман жазуым керек еді. «Бақытсыздардың бір күні» романының тақырыбы — осы ойланылған романдардың алғашқысы, яғни көп әйел алушылық тақырыбына арналған роман еді. «Қалың мал» романында әңгіме әйелі өлген шалдың қалың мал беріп, он бес жасар қызды алуы баяндалса, «Бақытсыздардың бір күні» романында әңгіме бір адамның екі-үш әйел алуы жайында еді. Роман уақиғасының желісі ілгеріде «Қара бақсының хикаясы» деген тарауда айтылған уақиғаның негізінде құрылған еді.
Жоғалып кеткен қолжазба бойынша романның бас қаһармандарының тап өздері де (прототиптері) бар еді. Мәселең мұндағы Рахима деген қыздың прототипі «Қара бақсының хикаясындағы» әңгіме болатын қыз еді де, Мұқамеджан деген жігіттің прототипі сол қызды байдан алып кететін жігіт еді. Осы сияқты бұндағы сөз болатын байдың прототипі де сол «Қара бақсының хикаясында» айтылатын біз Кішіқұмға бара жатқанда түсетін байдың кейпі еді.
Бұл романда 1905 жылғы революция кезіндегі қазақ аулында болған әралуан уақиғалар, қазақ кедейлеріне орыстың жұмысшы табының және. кедей шаруаларының ықпалы қандай болғандығы кең қамтылған. Мұнда сол кездегі қазақтың әдет-ғұрпы, салты да толық суреттелген еді. Әсіресе бақсы-балгерлердің қулық-сұмдықтары, дүмше молдалардың ауылда кітап ашып, ауру адамға ішірткі жазып ішкізіп, тұмар жазып беруі сияқты өрескел көзбояушылықтары әшкереленген еді. Бірақ романның аяғы біткен жоқ-ты. Барған сайын меңзетіп әкеткен ауру оны аяқтауға мүмкіншілік бермеді. Сонымен роман 1919 жылдың күзіне дейін де бітпей келіп еді.
Осы қолжазбам басқа да қолжазбаларыммен кітаптарыммен бірге жоғалып кетті. Оның жоғалуы былай болды: 1919 жылдың жаз айларында демалысқа қайттым да, күздей Федоровкаға бара алмай қалдым. Мен Федоровкадан кетерде барлық кітаптарымды және қолжазбаларымды буып-түйіп, өзімнің пәтер үйімде қалдырып, есікті құлыптап бекітіп кеткен болатынмын. Пәтер үйдің есігін ашқызып, ремонт жүргізіпті. Осы кезде ме, немесе сол менен кейін пәтерге кірген адамдар тұрғаннан кейін бе, әйтеуір қайта оралғанымда төсек-орындарым да, кітаптарым да, қолжазбаларым да жоқ болып шықты. Қанша сұрастырсам да, іздесем де таптырмай қойды.
«АТТАН ШАҚА!..»
Қазақстанда патша өкіметінің отаршыл саясатының барған сайын ашықтан-ашық талау-тонау сыры ашыла бастады. Патша өкіметі жерсіз отырған орыс шаруаларын Қазақстан жеріне лек-легімен көшіре бастады. Осы орыс шаруаларының келуіне байланысты қоныстандыру мәселесі кең өріс алады... Поселкелер салынды. Қоныстандыру мәселесі Қазақстанның солтүстік облыстарында, әсіресе бұрынғы Қостанай уезінде күшті болды. Шақа деген жоғарыда айтылған бір рулы елдің жеріне де орыс шаруалары көшіп келе бастады. 1914 жылы Сауытбай, Сандыбай, Дәндібайларға қарайтын Қарағайлы (қазіргі Сосновское селосы) деген жерге бір топ орыс шаруалары көшіп келіп, поселке салып, орналаса бастады. Бұл Сауытбай, Сандыбайларға, әрине, қатты батты. Осыған байланысты, олар қазақ шаруаларын көшіп келген орыс шаруаларына қарсы айдап салмақшы болды.
Салмұғамбет деген болыс ( Сауытбайдың інісі) өзімен ауыз жаласқан уезд басшыларына барып, Қарағайлыға орналасқан орыс шаруаларын әкімшілік жолымен көшіруге қағаз алып келеді. Бірақ орыс шаруалары кешуден бастартады. Енді Салмұғамбет ру туын көтеріп, шақалықтарды жинап, Қарағайлыдағы орыс шаруаларын күшпен көшірмекші болады. Салмұғамбет бастаған топ мұның үшін қазақ аулында шаруалардың арасында ұлтшылдыққа негізделген үгіт-насихат жүргізіп, ұдайы қазақ шаруаларын орыс шаруаларына айдап салумен болады. Олар қазақтарды орыстарға қарсы айдап салғанда, әңгіме патшада да емес, үкімет орындарында да емес, «жүгенсіз кеткен» орыс шаруаларында, сол орыс шаруалары өз беттерімен жерімізді тартып алып жатыр деп түсіндіреді. «Ел боламыз, ата қонысымызды, жер-суымызды сақтап қаламыз десек орыс шаруаларының салған поселкелерін қиратып, өздерін қуып жіберелік» деп үгіттейді. Олар «Қазақ» газетінде номер сайын осы бағытта үгіт жүргізіп, ұлттық алакөздікті қоздырып, қазақ шаруаларын орыс шаруаларына қарсы күреске көтермек болып, әрекеттеніп бақты.
Бұрын халықты ұлтшылдық, мұсылманшылдық бағытта үгіттеп келген ұлтшылдардың әрекеті мұндай жағдайда, әрине, бұрынғыдан да күшейе түсті. Мұсылманшылдық бағытта жазылып, басылып шыққан кейбір өлең-жырлар да халықты уламай қалған жоқ. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 1907 жылы шығатын «Хал — ахуал» және «Тірілікте көп жасағаннан не көрдік?» деген кітапшалары да осындай кертартпа, зәрлі кітаптар еді. Мұнда «Дін мұсылман ояныңдар...», «Бас көтер, дін мұсылман балалары...», «Орысты біздің қазақ күндемейді, үстінен басып етсе — үндемейді...» деген сияқты әрі панисламизмді, әрі ұлтшылдықты қоздыратын пікірлер барды.
Бірақ дұрысында, орыс еңбекшілері қазақ еліне өздерімен бірге орыстың егіншілік кәсібін де, мәдениетін де ала келді. Орыс поселкелері салынуына байланысты мектептер ашыла бастады. Фелдьшер, дәрігер пайда болды, магазиндер ашыла бастады. Алыс-беріс сауда базары жуықтады. Бұл жағдайларды қазақ еңбекшілері көрмей қалған жоқ. Сондықтан олар Сауытбайлардың азғыруына көне қоймады. Қайта керісінше ауыр тұрмыс екі елдің орыс және қазақ кедей шаруаларының арасын тез жақындастырып жіберді. Сөйтіп, бұл жөнінде патша үкіметінің де, Сауытбай, Сандыбайлардың да ойлағандары іске аспайтындығы айқын біліне бастады. Қазақ кедей шаруалары орыс шаруаларымен бірігіп егін салып, егіншілік кәсібімен айналыса бастады.
Мәселен менің ағаларым Қарағайлыдағы (Сосновское селосы) Батурин деген шаруамен бірігіп егін салып, бірер жылдың ішінде-ақ онымен ашына аралас, дос адамдар болып кетті. Осы Батуриннің баласы Алексей Батурин қазірде де менің өз інімдей, дос жігітім. Менің ағаларым сияқты, . басқа да қазақ кедейлері кешіп келген орыс шаруаларының арасынан өздеріне дос адамдар тапты. Демек «келімсек» орыс шаруаларына біздің ауылымызда екі түрлі көзқарас болды. Сондықтан да Салмұғамбет болыс жұртты бірден өзінің соңына ертіп әкете алмады. Дегенмен саяси-санасы төмен шаруа емес пе, Сауытбайлардың азғырындысына еріп, ұлтшылдықпен уланған шаруалар да болмай қалмады.
1915 жылы еді. Ұмытпасам, август айының іші болу керек. Мен ауылда болатынмын. Бір күні таңертең:
— Шақа, Шақа!
— Аттан аттан!
— Аттан Шақа! — деп ұран салып, дүрлігіп біздің ауылға бір топ атты адамдар шауып келді.
Бұлар Қарағайлыдағы орыстардың үйлерін қиратып, өздерін дүрелеп қуып тастап, ата қонысымызды қайырып аламыз деп шыққан Қоңырша ауылдың адамдары екен. Оларды Салмұғамбет болыстың өзі бастап келіпті.
— Өлсек те, тірілсек те бір боламыз. Мен ұрысқа өзім бастап кіремін!—деп, Салмұғамбет болыс айқай салып .күр. Жұрт жиналып қалды. Бірқатар адамдар Салмұғамбеттің сөзіне еріп, аттарын да даярлай бастады. Мен Салмұғамбетке барып:
— Мынауыңыз жөн болмас, ақсақал, заң жолымен амал қолдану керек. Әйтпесе, кісі бөлісетін ұрыс болады ғой,— дедім.
Болыс қолын бір-ақ сілтеп:
— Орысша оқымақ түгіл, шоқынған болсаң да, аулақ жүр! Мен Қарағайлыны өзім үшін қайырып алғалы жүрген жоқпын. Қарағайлыны мен бүкіл Шақаға таспадай тіліп, бөліп беремін. Орыс алғанша, өз бауырым алсын — деген демагогияға салды.
— Қашаннан бері сіз осындай халық қамқоршысы болып қалып едіңіз?—дедім мен зілді кекесінмен. Болыс маған үн қатпай «Шақа, Шақалап» айқайлай берді.
Мен жиналған жұртқа, «Ей, қараша, халайық! Сол отырған орыс шаруаларынан қайсың зәбір-жапа шегіп едің сұрап барсаң балаңа нан егініңді салуыңа соқасың кір-қоңыңды кетіруіңе моншасын бергеннен басқа сендерге не жаманшылық істеп еді. Болмаса мына аузымен жарылқап тұрған болыстан қайсың қанша рахат пен пайда керіп едің? Сол қазір орыстың өздеріндей кедей-кепшігі мекендеп отырған Қарағайлы қайсыңның жайлауың мен қыстауың болып еді, не қызығын көріп едің? Күні неше сол көлге су ішуге барған жалғыз сиырыңды жер басқаны үшін барымтаға алып, сұрап барсаң өзіңді таяққа жығатын осы азуы алты қарыс байлар емес пе еді. Ендеше бұлардан бүгін не жақсылық, күтпексіңдер? Тараңдар!», дедім.
Біраз жұрт ошарылып тарасты да, біразы болыстың cosine құлақ қойып, соңынан ерді; біздің ауылдан да бірсыпыра адам ерді.
Менің інім және бір-екі ағам Қарағайлыдағы Батуриндікіне кеткен еді. Басқа да кедей қазақ шаруалары сол поселкедегі кейбір орыстармен бірлесіп, егін орып жатқан-ды. Сонымен біздің Бәшең аулынан бір топ адам Салмұғамбетке ермей, өз алдына бір топ болып сол поселкеге барды. Менің туыстарым Батуриннің үйін қорғады. Бұлардан басқа да орыс шаруаларымен бірлесіп егін салып жүрген бірқатар кедей шаруалар да өздерінің орыс достарын қорғасты.
Дегенмен Салмұғамбет бастаған топ, поселкенің шет жағындағы оқшау тұрған бір үйді қамап алып, есік-терезелерін қиратып, адамдарын дүркіретіп үйден қуып шықты. Одан шығып тағы бір үйді осылай етті. Ешбір қаперсіз, хабарсыз орыс шаруалары бастарын қоса алмай қалды. Осыны пайдаланып, болыс бастаған топ он шақты үйді қиратып, адамдарын көшеге қуып шығарды.
Бір топ адам Батуриннің үйіне де шапқылап келіп еді, бірақ сайланып тұрған біздерді көріп, тайып кетті. Сол арада мылтық атылды. Аттылар жалт беріп кейін шегінді. Тағы да бір кешеде мылтық атылды. Мылтық енді жиі-жиі атыла бастады. Мылтықтың даусынан беті қайтқан Салмұғамбет тобы поселкені тастап, ауылға қарай тартты.
Бұл уақиға 1915 жылы, август айында болған еді. Қазір осы Қарағайлыда гүлденген жақсы колхоз бар. Айта кетуім керек Алексей Батурин 1942 жылы Қарағайлыдан армия қатарына алынып, майданға кеткен болатын. 1943 жылы Алексейден маған хат келді. Ол маған жазған хатында: «Өзіңіз білесіз, менің үйімде бас көтерген адам жалғыз ғана Пелагея (Алексейдің әйелі), балаларды оқыту қиын болып тұрса керек. Мишкам да жеті жасқа келіп қалды, оны да оқыту керек. Сірә, сіз біздің үйді қасыңызға көшіріп алып, өзіңіз қараспасаңыз болмас. Сізге көп-көп өтінішім: Мишканы оқыта көріңіз» депті. Үйі Қарағайлыда еді. Ол біздің, ауылдан 12 километрдей жерде.
Әрине, мен оның өтінішін бар ықласыммен орындадым. Алексей 1946 жылы армиядан қайтып келді. Келген соң ол қайтадан өзінің бұрынғы мекені Қарағайлыға көшіп кетті. Алексеймен арамыздағы достық, осындай туыстық, жарастық дәрежеге жеткен. Әрине, мен бұл бір уақиғаны мақтан үшін емес, сол бір алыстағы, революциядан бұрынғы эпизодты еске алуға байланысты ғана айта кетіп отырмын. Әйтпесе, бүгінгі біздің заманымызда кез келген совет азаматы солай ететіндігіне менің көзім жетеді.
ОРЫС ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ КЕДЕЙЛЕРІНЕ ХАТЫ
1914 жылы еді. Соғыс басталды. Көршілес орыс шаруаларынан армия қатарына алынған орыс жігіттері күн сайын топ-тобымен соғысқа кетіп жатты. Көп кешікпей-ақ орыс селоларында кемпір-шал, әйел, бала-шаға ғана қалды. Сол жылы бітік шыққан егін де жиналмай жайқалып қала берді.
Соғыс қазақ халқына да салмағын сала, ауыртпалығын арта келген. Қалың қара бұқараның басына үлкен ауыртпалық түсті. Қазақтың малын «салық» деп бір алды, «азық үшін» деп екі алды, «көмек үшін» деп тағы да алды, «армияға керек» деп жақсы аттарын да сыпырып алды.
Соғыс туралы елде әралуан дақпырт, лақап бар еді.
— Герман патшасы Россияны өзіне қаратып алмақ екен — десті біреулер.
— Орыс патшасы Стамбулды алып, «Ая София» мешітінің мұнарасының басына крест қондырмақшы екен. Бірақ Герман патшасы Стамбулды Россиядан қызғанып, орыс патшасына қарсы соғыс ашыпты,— десті біреулер.
Орыс тілінде шығатын ресми газеттер бұл соғысты «Отан қорғау соғысы» деп даурықты. Ал «Қазақ» газеті бірден-ақ лепіріп, соғысты жақтап шықты. Газет тіпті бұл соғыс — «әділетті соғыс» деп көкіді.
Күздің күні еді. Мен Федоровкада оқытушы едім. Оқу басталғанына да біраз болып қалған-ды. Бір күні осы поселкедегі бір қарапайым қазақ жігіті маған тасқа басылған екі-үш қағазды әкеліп берді. Оқып қарасам: «Орыс жұмысшыларының қазақ кедейлеріне хаты» деген листовка екен. Хаттың аяғына ешкім қол қоймапты. Мен оны түгел оқып шықтым. Листовкада: «...бұл соғыс — помещиктер мен капиталистердің пайдасына бола жүргізіліп жатқан соғыс. Бұл соғыстың көздейтіні — басқа елдің жерін жаулап тартып алу, басқа елдердің халықтарын құлдану, талау. Бұл жиһангерлер соғысы. Бұған біз, орыс жұмысшылары, қарсымыз. Қазақ кедейлері, сіздер де бұл соғысқа қарсы болыңдар, ешбір көмек көрсетпеңдер!» деп жазылған екен.
— Мұны кім берді? — деп сұрадым жігіттен.
— Ешкім де берген жоқ, тауып алдым,— деді жігіт.
— Қайдан?
— Көшеден. Немене екен езі? Не жазыпты?—деп сұрады жігіт.
Мен жігітке сенер-сенбесімді білмедім, әйтседе мұны басқалар да оқысын деген оймен:
— Мұнда не жазылғанын кейін айтармын. Сен ең алдымен ешкімге көрсетпей, мына қағаздарды қай жерден алсаң, сол жерге апарып таста, өйткені иесі бар шығар, — дедім.
— Жыртып тастасам қайтеді? — деді жігіт.
— Жоқ, жыртпа, қайдан білесің, иесі бар шығар? Іздеп жүруі мүмкін алған жеріңе апарып таста.
— Жарайды, апарып тастайың— деді жігіт.
— Иә, сүйт, апарып таста.
— Мұның өзі газет пе, немене? — деді жігіт тағы да.
— Кейін айтам дедім ғой, ең, алдымен тауып алған жеріңе апарып тасташы.
— Жақсы,— деді де жігіт шығып кетті. Бірақ осыдан кейін ол қайта оралмады.
Мен ол листовканың тарихын революциядан кейін ғана білдім. Мұны жазған Троицкідегі большевиктердің астыртын ұйымы екен. Авторы Дм. Одинцев болса керек. Бірақ листовканың Федоровкаға кім арқылы келгені маған күні бүгінге дейін белгісіз. Білетін адамдар бұл листовкалар Федоровкаға (мұнда екі класты орысша — қазақша мектеп болғандықтан) әдейі жіберілген адам арқылы жеткен болуы керек деп жорыды.
Соғыстың мәнін түсіндірген тың пікір айтқан соғыс туралы менің көзқарасымды өзгерткен осы листовка болды.
ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ МАСҚАРА БОЛУЫ
1916 жыл. Қазақ жігіттерін майданға қара жұмыс істеуге алмақ болған патшаның 25 июньдегі жарлығы шықты. Бұрыннан зығырданы қайнап отырған қалың халық бұқарасы тегіс дерлік атқа мінді. Жер-жерлерде халық бұқарасы патшаға және оның үкіметіне қарсы бас көтеріп, ереуіл жасауда еді.
Бұл қозғалыс шаруалардың стихиялық көтерілістерінің бірі еді. Мұның жеңіске жете алмайтындығы белгілі. Бірақ өз халқын жақсы көретін әрбір адам, әсіресе оқыған көзі ашық адам осы халықпен бірге болуға тиіс еді. Дәл осы шақта, ел басына күн туып, қиын-қыстау кезеңге душар болған заманда, жайшылықтағы «ұлтым», «жұртым» деушілердің бірқатары уақиғаға қатынаспай бұғып қалды. Олардың бұқпағандары, өздерін қазақ халқының «қамқоры» деп санап жүретін сабаздар, енді жалт беріп патша үкіметіне болысып кетті. «Ақ патшаның әмірін екі етуге болмайды. Қазақтың ақ патшадан аяйтын малы да, жаны да болмау керек», деп олар өздерінің кім екендерін әшкерелеп, ашықтан-ашық қазақ халқын сатты. Буржуазияшыл ұлтшылдардың басшылары «ақ патшаның әмірін бұлжытпай орындау жөнінде» үндеу де жазып таратты. «Қазақ» газетінде көтеріліске қарсы мақалалар басылып отырды.
Сонымен қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандары халық алдында империалистік соғысты жақтап бір масқара болса, 1916 жылғы Аманкелді Иманов бастаған қазақ халқының патша өкіметіне қарсы көтерілісіне дұшпандық жасап, патшаға болысып, екі масқара болды. «Қазақ» газеті, ақырында, Түркістан өлкесіндегі көтерілісті аяусыз басу үшін жіберілген патшаның оң көзі, барып тұрған реакцияшыл жендет, Түркістан өлкесінің қандыбалақ генерал-губернаторы Куропаткинді мақтап жазды. Куропаткиннің Түркістан өлкесіне генерал-губернатор болып келгенін өзбек қазақ, қырғыз сияқты халықтар үшін үлкен бақыт деп түсіндірді бұл газет. Қазақтың ұлтшыл оқығандарынан бұрыннан-ақ іргемді аулақ салған мен енді «Қазақ» газетінің басшыларынан да, оның төңірегіне топталған қазақтың барлық оқығандарынан да мүлдем түңілдім.
Осындай, екіталай кезеңде қазақ халқының нағыз адал ниетті бір үлкен досы бар екені анықталды. Осы көтеріліс кезінде Қостанай, Троицкі және тағы басқа қалалардағы большевиктердің астыртын ұйымдары көтерілген халықты қолдап, халық арасына өз тілінде басылған листовкалар таратып, жон сілтеп отырды.
Бұл кезде бізбен көрші Торғай уезінде қазақ халқының ардагер батыры Аманкелді Иманов бастаған көтерілістің даңқы ел арасына кең тарап кеткен еді.
Июльдің аяқ кезінде шығар деймін бір күні біздің ауылға үш-төрт жүз атты адам сау етіп келіп қалды. Басшылары біздің үйге түсті. Олар Қайсар және Ділім Төлегенов деген ағайынды екі жігіт еді. Оларды мен бұрын да білетін едім, олар да мені жақсы білетін-ді. Үйге келіп түсіп отырғаннан кейін көп кешікпей-ақ Қайсар сөз бастады:
— Спандияр,— деді Қайсар,— шешінген судан тайынбайды деген біз патша өкіметінің жергілікті ұлықтарымен шайқасуға белді бекем будық! Екі өлмек жоқ. Қарусыз майданға барып қырылғанша, өз елімізде, туған жерімізде-ақ қырыламыз. Бүгін біз болыспен есеп айрысқалы шықтық. Болыстың шаңырағын ортасына түсіріп, үйін өртеп, өзін бауыздап өлтіреміз де, жігіттердің аты-жөні жазылған тізбені алып, өртеп жібереміз. Бір қатарымыздың Аманкелдіге барып қосылу да ойымызда бар. Патшаның езі болмаса да, осы біздің болыстағы оның оң көзі болып отырған болысты өлтіреміз. Ақты-қараны танитын оқыған адамсыз ғой, осыған не айтасыз? Бұл бір. Екіншіден сіздің ауылдың жігіттеpi бізге қосыла ма, жоқ па, өзіңіз қайтесіз? Біз осыны білгелі келдік.
— Көпшілік не айтады? — дедім мен.
— Көпшіліктің айтатыны осы.
– Мен айтайын енді,— деді Ділім, інісінің сөзін бөліп,— болыстың қолындағы тізімді тартып алу керек. Сол сияқты, патша өкіметіне қарсы шайқасып та көру керек. Еркімізбен майданға бармайық. Өлсек осы жерде, өз елімізде өлейік. Мұның бәрі де дұрыс. Аманкелдіге барып қосылатын жігіттер болса, оларға да қой демелік. Ал бірақ болысты өлтірудің қажеті болар ма екен? Оны өлтіргеннен келер не? Оны өлтіру өкімет орындарынан елге отряд шығарып, халықты қырғынға ұшыратуға себеп бола ма деп қорқамын. Осыны ойланып көрелікші. Бір итті өлтіргенмен ертеңіне оның орнына тағы бір итті отырғызбай ма? Одан да болыстың үйіне ат қойып қорқытып, жігіттердің аты-жөні жазылған тізімді алып кетсең соның өзі тыныш емес пе. Осыған сіз қалай қарайсыз. Спандияр? Кәні, осыған ақылыңызды айтыңызшы.
— Туысқандарым,— Дедім мең— не істесеңдер де мен сендермен бірге боламын. Халықтан бөлініп, бұғып қалып жан сақтар жайым жоқ. Мен сияқты, осы ауылдың жігіттері де дайын отыр. Олар да сіздермен бірге болады. Бірақ болысты өлтіру не өлтірмеу мәселесін үстіртін шешпесек деймін. Өйткені оны өлтіргенмен орнына тағы бір сондай сұмырайдың отыратыны даусыз. Олай болса, ең алдымен баралық, жігіттердің талабын айталық. Егерде ырыққа кенсе, жігіттердің талабын орындаса, онда өлтірмей-ақ қоялық. Ал, егерде ырыққа көнбесе, жігіттердің талабын орындамаса, онда обалы өзіне.
— Мұны енді бара көреміз, бірақ оны бауыздау керек-ақ! Ауылыңыздың жігіттері дайын ба? — деді Қайсар.
— Дайын болу керек.
— Онда не отырыс бар? Аттаналық!
— Мақұл.
Сыртқа шықтық. Күн сәске түс болып қалған еді. Біздің ауылдың жігіттері де атқа мінісіп дайын тұр екен. Маған да бір атты ерттеп, әзірлеп қойған екен. Мен де атқа міндім. Төрт жүзден аса адам бес-алты шақырым жердегі Мырзахмет аулына қарай тартып кеттік. Кеп кешікпей-ақ жігіттер болыстық үйін қамап та алды.
Қайсар бастаған бір топ жігіт, шапқылап келген бойларында-ақ, болыстың үйін сойылдап, уықтарын қиратып, үзік туырлықтарын сыпырып алды.
— Шық, азғын! Сыртқа шық! — деп бұйырды.
— Тізбемізді бер, малғұн!—деп жігіттер үйді сабалап жүр.
Болыс қаперсіз отыр екен. Оның мүлдем есі шығып кетіпті. Аузын буған өгіздей, тырп етпей үйден шықпай жатып алды.
Жігіттердің бірқатары аттарынан түсе-түсе қалып:
— Тізімді әкеп бер, жаныңның барында!—десіп үйдің есігіне қарай жүгірді.— «Тоқтаңдар! Сабыр етіңдер!» — деп Ділім де болыстың үйінің есігіне қарай барды. Дәл осы кезде аттан қарғып түсіп, Қайсар Ділімге:
— Болысты арашаламақшы болдың ба енді! — деді. Бірақ Ділім оған қараған жоқ, үйге кіріп кетті де, лезде тізімді алып шығып, атына мінді.
— Міне, тізім! — деп Ділім оң қолын көтеріп жігіттерге тізімді көрсетті. Осы арада Қайсар да атына қайта мініп алды.
— Тізімді алып шығыпты!
— Ә, онда жарады!
— Тізім қайда—оқып көрсінші!
— Болысты, болысты шығару керек үйден!
— Қыл шылбырды салу керек мойнына азғынның! — десіп, жігіттер әлі болыстың үйін қамалап тұр. Мен тізімді қолыма алып, оқып көрдім де, жігіттерге қарап:
— Жігіттер, мынау кәдуілгі тізім. Сіздерге керегі осы тізбе еді ғой. Оны Ділімнің болыстан тартып алып шыққаны рас. Тізбе қолымызға түсті,— дедім.
— Ендеше қайталық! — деп Ділім ауылға қарап тарта берді. Жігіттердің алды қайта бастағанын көріп, Қайсар бастаған бір топ жігіттер де болыстың аулынан дүркіреп шығып, елге қарай бет бұрды. Біздің ауылдағы 1916 жылғы көтерілістің шарықтау шегі осы болды.
Осы уақиғадан кейін де біздің ел екі ай бойына аттан түспеді. Солтүстік аймақтың болыс-болыстарындағы болған көтеріліске қатысқан жігіттермен бірге біздің ауылдың бірқатар жігіттері Аманкелдіге кетті де, ел ішінде қалып қойған бір қатары майданға алынды.
Қазақ халқының еңбекші бұқарасы патша өкіметіне осылай қыр көрсетіп, оған сырт жағынан қатты бір соққы берді. Осы соққы беру ісіне қазақтың буржуазияшыл ұлтшыл оқығандары мен байлары қатыспай қалғаны былай тұрсың тіпті оған қарсы болды. Олар патшаның сөзін сөйлеп, оның сойылын соғып, көтерілген халыққа қарсы арсылдап, етегінен алып жүрді. Бірақ сонда да қазақтың еңбекшіл бұқарасы патша өкіметіне де, өз байларына да қарсы шығып, кім дос, кім қас екенін жақсы сезетіндігін патшалық құрылыспен қазақтың билеп төстеуші үстем табымен өзінің қас жау екенін көрсетті. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ұзына бойындағы бір жаңа беталысы болды.
Көтеріліс маған үлкен әсер етті. Қалың халық бұқарасының патша үкіметіне қарсы көтерілуі халықтың сана-сезімінің оянғандығын айқын көрсетті. Әрине, қалың халық бұқарасының бұл көтерілісі таңданарлық іс емес еді. Өйткені ол бір шырпы тисе, лап ете түскелі тұрған от сияқты, толғағы пісіп жеткен енді бір сылтау, түрткі керек болып тұрған көтеріліс еді.
Марксизм ғылымынан бейхабар, қоғамның даму заңымен орыс жұмысшы табының ұлы азаттық күресімен жақсы таныс емес, маған да, мен сияқтыларға да қазақ халқының еңбекші бұқарасының патша үкіметі мен өз байларына соншалықты ашынып, ұйымдасқан түрде қарсы шығуы жаңалық болып көрінді. Алайда кедей үйде туып өскен байлардың қорлық-зорлығын көрген мен секілді адамға бұл көтеріліс қанаушы атаулыны бұрынғыдан да гөрі қатты жек көруге, өз тағдырын еңбекші бұқараның тағдырымен байланыстырып, әрдайым солармен бірге болуға, демек еңбекші бұқараның, мақсатты тілегіне үн қосып, өліспей беріспейтін күреске бөлді бекем буып шығуға себепші болды. Мен қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының ендігі жерде орыс халқының ұлы азаттық күресімен ұштасып күшеюін тіледім.
МЕН ЖАЗУДЫ ҚАЛАЙ ҚОЙЫП КЕТТІМ
Менің жолдастарым менен: «жазуды неге қойып кеттіңіз?» — деп көп сұрайды. Орынды сұрау. Бірақ мен жазуды өздігімнен «осыны қояйыншы» деп қойып кеткен адам емеспін.
Мен жоғарыда көп әйел алушылық және әмеңгерлік туралы екі роман жазбақшы болғанымды, оның бірін жазып бола келген де, жоғалтып алғанымды айттым. 1916 жылғы көтерілістен кейін қолыма алған «Бақытсыздардың бір күні» деген романды бітірейін деп жүргенімде жоғалтып алғаннан кейін қазақ аулындағы әлеуметтік мәселені кеңінен суреттейтін «Қисық кегі» деген роман жазу ойымда болды. Бұл романда 1880 жылғы Қисықтың соққыға жығылып өлуінен бастап 1916 жылғы көтеріліске дейінгі қазақ аулындағы әлеуметтің таптық қайшылықты суреттемекші едім. Сонымен қатар «Қазақ аулындағы тұңғыш мектеп» деген аңызды жазбақшы едім. Бұлардың тақырыбы, сюжеті де, идеясы да, басты-басты қаһармандары да дайын еді. Бірақ науқастығымнан осылардың бірде-бірін жаза алмадым.
1913—1914 жылдарда-ақ жоғарыда айтқан бас ауруы пайда болды. Сол кездің өзінде маған ой еңбегімен айналысу, әсіресе жазу жұмысымен шұғылдану қиын болған. Дәрігерлер де тыйым салған еді. Бірақ мең қиын бола тұрса да, дәрігерлер тыйым сала тұрса да, жазу жұмысымен шұғылдана бердім. Алайда «Бақытсыздардың бір күні» атты романды жазу үстінде маған жазудың ендігі жерде қиын соғатындығына көзім жеткен еді.
Бері келе ауру асқынып маған ой еңбегімен әсіресе жазу жұмысымен шұғылдануға тіпті мүмкіншілік бермей қойды. Қаншама талаптансам да, қаншама ауруға көнгім келмесе де, асқынған ауру қолды байлады.
Сонымен ауру бірден-бірге асқынып, мені өз дегеніне көндіре бастаған кезде оған 1916 жылдың уақиғасы келіп қосылды. Ел басына түскен ауыртпалық, азаматтарынан айрылып жылаған жұрттың зары, әрине менің де жанымды жеді, көкірегіме улы дерт отын жақты, уайым-қайғы басты. Бұл хал менің ауруымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберді. Дәрігерлер енді жазу жұмысымен айналысуды мүлде қой деп үзілді-кесілді тыйым салды. Тұрып жүргенімнен де жатуым көбейді. Сөйтіп, мен бірте-бірте жазу жұмысынан шеттеп қала бердім. Ендігі жұмысым жалғыз оқытушы ғана болу еді. Дәрігерлер бұл жұмысқа да белгілі бір шек қоюды талап етті, мұның үстіне олар екі-үш жыл демалысқа шығып, емделуге кеңес берді. Міне, менің жазу жұмысын тоқтатуымның негізгі себебі осы еді.
Алайда оқытушылық жұмысынан қалғам жоқ. Дәрігерлер екі-үш жыл демалысқа шығуға, емделуге кеңес бере тұрса да, бірер жыл... әлі де бір-екі жыл істейін содан кейін көрермін деген оймен оқытушы болып істей бердім.
Осылайша аурумен арпалысып жүріп, орыстың үлгілі (классик) педагогтерінің еңбектерін тереңдей зерттеп, қалған өмірімді түгелдей оқу жұмысына арнауға бел байладым.
1917 жылы, март айының бас кезі еді. Бір күні, таңертең, мектепке келе жатсам, есік алдында екі оқытушы тұр екен олар мені көрді де:
— Ура! Спандиярды құттықтаймыз! — деп менің қолымды қатты қысып амандасты да, екеуі мектеп бастығының үйіне қарай жүгіріп кетті. Мен тіпті мұның не екенін де түсіне алмай таңданып қала бердім. Бірақ кешікпей-ақ білдім: Николай патша тағынан түскен екен.
Қуаныш қойынға сыймай кетті. Бостандық таңы атты, теңдік заманы туды деп ойладық. Сез бостандығы басталды. Жиын-жиылыстар көбейді. Шешендер де молайды. Бірақ бостандық, әлеуметтік теңдік іс жүзінде бола қоймады. Патша тағынан тайған шақтағы қуаныш ұзаққа созылмады.
АУЫТҚУШЫЛЫҚ...
Күні кешегі «ақ патшаның» сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген сабаздар, патша тағынан тайысымен шетінен тағы да «елшіл», «жұртшыл» бола қалысты. Буржуазияшыл, ұлтшыл оқығандардың газеті өзінің басшыларын дәріптей бастады. Оларды «қазақ халқының қамқорлары» етіп көрсетіп, осы кенеттен пайда болған кеп «қамқорларды» қазақ халқын өгіздей өрге сүйреп, қолын теңдікке жеткізетін адамдар, қазақ халқын «автономиялы» ел ететін адамдар, «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заман орнатып беретін адамдар деп даурықты.
1916 жылғы қазақ халқының көтерілісі кезінде ол «қамқорлар» империалистік соғысты жақтаған «ақ патшаның әмірін екі етпеңдер» деп патша өкіметі жағына шығып кеткен көтерілісті басушы, жазалаушы отрядтарды қолдаған патша өкіметінің жендеттері еді. Олар бүкіл жұртқа белгілі екіжүзді сұрқиялар еді.
Олар «елім», «жұртым» деген «автономия», «ұлт бостандығы» деген сияқты сөздерді пайдаланды, уақытша үкіметтің жергілікті әкімшілік орындарына орналасты, баспа сөзді пайдаланды, қазақ халқының «қамын жеген адамдар» болып көрініп ауылдың әлді-ауқатты тобын ездерінің соңына ертіп, сол топқа арқа сүйеді.
Олар өз алдына тұрсың бір кезде өздерінің жазған еңбектерінің идеялық мазмұны жағынан менімен бағыты да, сарыны да бір болған ақын-жазушылар да әлгі буржуазияшыл ұлтшылдардың даурықпа сөзіне алданып, солардың жетегіне еріп, байшыл ұлтшылдыққа қарай ауытқыды. Олардың ішінде қазақтың көрнекті ақындары Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты адамдар да болды. Олар Октябрь революциясына дейін тіпті революцияның алғашқы жылдарында да алашордашылардың шылауында болды. Тек социалистік революцияның әділеттілігіне көзі жеткеннен кейін ғана олар 1919—1920 жылдарда совет өкіметіне қарай ойыса бастады.
Бұрынғы патша өкіметінің отаршыл саясатының ащы зардабын тартқан қазақ халқының бір бөлек көзі ашық деген азаматтары да алғашқы кезде буржуазияшыл ұлтшылдардың лепірген жел сөздеріне еріңкіреп отырды. Бірақ большевиктер партиясының орталық қалаларда шығатын газеттері, журналдары, әралуан саяси кітаптары жалпы саяси жағдайды тез аңғартты.
Большевиктер партиясының соғысты тоқтату туралы, жер мәселесі туралы, ұлт мәселесі туралы, совет өкіметі туралы саясаты қалың халық бұқарасының көкейіне қонымды, сезіміне сіңімді бірден-бір дұрыс саясат еді. Сондықтан да еңбекші бұқара көп кешікпей-ақ буржуазияшыл ұлтшылдардың лепірген жел сөздеріне құлақ аспайтын болды. Еңбекші бұқара совет өкіметін аңсап күтті.
Ұлтшыл оқығандардан ертерек түңіліп іргемді аулақ салған мең олардың қазіргі даурықпайтының көкіме демагогия екенін білдім. Төңірегімдегі кедей шаруаларға ұлтшылдар сөзінің құрғақ демагогия екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ көптен миды кеміріп, әбден қажытып, меңдетіп тастаған ауру менің сол кездегі саяси қоғамдық өмірде үгіт-ағарту ісінен де гөрі белсенді қызмет істеп, қолма-қол іс атқаруыма негізгі кедергі болды. Мен дертімнен етек басты болып ауылдық жердегі мектептің төңірегінен әрі ұзай алмадым.
Сонымен күндер өтіп жатты. Сөз бостандығы бар сияқты. Бірақ сөзден басқаға әлі бостандық жоқ еді. Мал да, жер де байлар меншігі боп қала берді. Баяғы жалшы — әлі жалшы, баяғы кедей — әлі кедей, баяғы мырза — әлі мырза еді.
«ҚАМҚОР № 3»
Август айының аяқ кезі еді. Сауытбайдың аулында бүкіл Обаған болысының азаматтары қатысқан жиылыс болды. Жиылысқа мен де қатыстым. Бекет Өтетілеуовты көріп аман-сау сұрасқаннан кейін:
— Бұл не жиылыс екен? — деп сұрадым.
— Естіген жоқсың ба? —деді ол,— М. келді ғой.
— Иә?
— Не иәсі бар? Сол сөз сөйлейтін көрінеді.
— Не айтады екен?
— Кім білсін?
— Сөзден басқа беретіні бар ма екен?
— Кім білсін. Айтпақшы, оны сен кермеген де шығарсың әлі. Көріп сәлем беріп, амандасып шықпаймысың, — деді Бекет.
— Жарбақтап қайтемін? Шығады ғой, реті келсе, осы далада-ақ сөйлесермін.
— Өзің біл, мен кіріп біраз отырып шықтым. Сені де сұрады, біледі екен. «Баяғыда бір роман жазып еді ғой, ол кісі» деп бір күліп қойды. Тегі, кіріп шыққаның теріс болмас еді. Жаман болсың жақсы болсың әйтеуір, «азамат» қой.
— «Баяғыда бір роман жазып еді ғой»,— деп күлді деймісің?
— Иә, солай деп күлді.
— Азамат» дегенің кекесінің бе, шының ба?
— Кекесін болғаны несі ? Шыным,— деді Бекет.
— Сен де кеттің бе?
— Қайда?
— Соларға.
— Соларың кім?
— «Алаштың азаматтарына».
— Жоқ-ә, сонда да әйтеуір?..— деп Бекет күмілжіп қалды.
— Сонда да «қамқор» дейсің, бе?
— Өз әлінше қамқорсымақ қой,— деді күліп Бекет.
— Қателесесің, Беке,— дедім мең— «қамқорсымақ» емес, «қамқор № 3». Дәл осындай «Қамқордың» бұрын да бір-екеуі келіп кеткен еді. Даурықпа сөзден басқа немен кенелте қояр дейсің?
— Мұны тауып айттың — «№ 3» екені рас.
Жиылыс басталды. «Қамқор № 3» шаршы топтың алдында шешендікке салынып, өтірікті шындай ғып, лепіріп соғып тұр. Жұрт тыңдап отыр, баяғы құр жел сөз: «ұлт», «жұрт», «автономия», тағы басқа осылар сияқты күнде естіп жүрген жел сөздер. Оның баяндамасы бітті. Сұраулар беріле бастады:
— Мырза,— деді Салмұғамбет болыс,— қазақ өз алдында хұкүмет болғанда, әркімнің ата қонысы, мекені, жер-суы, мал-мүлкі өзінің еркінде, былайша айтқанда, ешкімнің ортағы жоқ, өзінікі болып қала берді ғой.
— Әрине қала береді.
— Өркенің өссін— деді Салмұғамбет.
Мен күліп жібердім. Бекет маған күбірлеп: «қой, қой» деп мені бір түртіп қойды.
— Екінші сұрағым бар,— деді болыс,— қазақ өз алдына хұкүмет болғанда, ол хұкүмет халықты бай-кедей деп алаламайды ғой?
— Жоқ, — деді «қамқор»,— біз қазақ халқын алаламаймыз. Бізге оның байы да бауыр, кедейі де бауыр. Бізге бәрібір.
— Өмір жасың ұзақ болсың қамқорым,— деп қойды бір бай.
— Алым-салық сияқты әралуан төлемдер, бай-кедей демейінше түңлікке түседі ғой ? — деп сұрады болыс.
— Әрине.
— Онысы несі?
— Ол қалай ? — деген күбір естілді.
Мен оған мынадай бірнеше сұрақ қойдым:
— Ескі әдет-салтқа, атап айтқанда: қалың мал, көп әйел алушылық сияқты әдеттерге тыйым салына ма?
— Хұкүмет халықтың ежелгі әдет-ғұрпы мен салтанатына тыйым сала алмайды.
Олар, халықтың мәдениеті өсе келе, өзінен-өзі қалуға тиіс:
— Қазақ тілінде мектептер ашу жөнінде не істелмекші?
— Қазір әңгіме мектепте емес, ел туралы, елдің ел болып қалуы туралы болып отыр,— деді «қамқор».
— Жергілікті өкімет орындарының, басшылық жұмысына қазақ даласындағы бұрынғы патшаның атаман шабармандарын өткізбеу туралы қандай амал қолданылмақшы?
— Анықтау етіп айтыңызшы, «атаман-шабармандар» дегеніңіз кімдер ?
Бұрынғы патшадан чин алған шекпен киген атақ алған би, болыс, шонжарларды айтамын — дедім мен.
— Құрметтім,— деді ол,— сіз айтып отырған би, болыс патшадан чин алғандардың бәрі бірдей жаман адамдар емес, олардың ішінде де ақ ниет, адал жүрек адамдар бар. Сіз бен бізден гөрі оларды халық жақсы біледі. Демек олардың ішінен сүйгендерін сайлайды да, сүймегендерін сайламайды. Бұл халықтың өз еркіндегі іс,— деді «қамқор».
— Хақ сөз,— деді болыс.
— Сонда, «алаш хұкүметінің», патша өкіметінен айырмасы қандай болады? — дедім мен тағы да.
Бекет «қой» деп мені тағы да түртіп қалды.
«Қамқор» сыпылдап қоя берді. Ол еткен кездерде «қамқорлардың» патшаға қарсы сөз айтып «бақтыда отырғандарың өзінің де Семей түрмесінде бірнеше күн отырғанын айта келіп, ақырында:
— Болашақ «хұкүметімізге», оның басшыларына әлден осылай қарайтын болсақ, қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, азуы алты қарыс Николай патшамен арпалысып, жанын оқтың ұшына байлап, абақтыда, айдауда болып келген халықтың қамқорларына пәленшеге, түгеншеге тіл тигізетін болсақ, онда ел болудан қалған екенбіз...— деп және тағы сол сияқты баяғы лепірген сөздерді айтып, біраз даурығып алды.
Бір екі-үш гимназистер «қамқорларға» тіл тигіздің деп маған килігіп, қатты-қатты сөздер айтты.
— Мен жай оқытушымын түсінбеген шығармын дедім, ал түсінбеген болсам, ашу шақырмай-ақ, сөкпей-ақ, түсіндіру керек емес пе? Ол ең алдымен сіздің міндетіңе емес пе еді? Соғыс басталғанда кейбір қамқорсынып жүрген оқығандарымыздың арасында патшаны жақтап шыққан адамдар да болды. Олар 1916 жылы патшаның жазалаушы әскерлері қару-жарақсыз момын халықты қырып, қызыл қанға бояп, қазақ ауылдарына өрт қойып жүрген кезде, патшаны, оның Куропаткин сияқты жендеттерін дәріптеп үндеу жазып, «ақ патшаны» жақтап, халыққа қарсы шыққанды. Мен айтсам осындай адамдардан сақ болайық деймін...— дей бергенімде, «қамқор» орнынан тұрып маған қарап:
— Сіздің, есіміңіз кім еді?—деді.
Мен атымды айттым.
— Иә, баяғы «Қалың мал» романын жазатын жігіт екенсің, ғой?
— Дәл өзі.
— Енді түсінікті,— деді ол,— сонымен «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген бар емес пе, замандасым. Заманның күйіне қарай билеу керек болатынын да ұмытпау керек. Тойып секіру бар, тоңып секіру бар, оны да айыра білу керек...— деп алыстан орағыта, көмескі мақал-мәтелдермен ақталуға тырысты.
Бірақ мойындауымыз керек: патшаны дәріптеп, Куропаткин сияқты жауыз жендетті мақтау — масқара болу ғой,— дедім мен.
«Қамқор» мұны естімеген кісі болып қана құтылды. Осыдан кейін жиылыс көпке созылған жоқ, ешбір қаулы қарарсыз жабылды да, жұрт тарай бастады. «Қамқор № 3» қазақ халқының «қамқорларының» бағытың көздеп отырған мақсатын түсіндіре шыққан екен. «Қамқорлардың» сыры жұртқа мәлім болды. Ол әлеуметтік мәселелерді қозғағысы келмейтіндігін көрсетті. Халық ағарту ісі, мектеп мәселесі жөнінде бір ауыз сөз айтқан жоқ. Оның көкейтесті сарыны тек қана «хұкүмет» болды. Оның сөзін тек ауылдың билеп-төстеушілері мен байлары ғана түсінді. Тіпті осы жиылыстың алдында ғана әрі-сәрі болып жүрген Бекет те былай шыға беріп:
— Мынанікі демагогия,— деп салды.
— Орысшаңды білмеймін — деді Дүйсембек деген шаруа,— мынауың қой терісін жамылған қасқыр ма деймін.
— Түлкі деңіз, өзі де «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деді ғой,— деді тағы да біреу.
— Қазақты жарылқайтын сарбаздар осылар болса, оны да көрдік...— деді қолын сілтеп тағы бір шаруа.
— «Бостандық, теңдік» деп жүргендердің езі не боп кетті? — деді тағы да Бекет.
— Не болсың алдау, бос саз болып шықты ғой,— деді екінші бір жігіт. Бұл жиылыстың жұртқа еткен әсері осындай болды.
ТҰТАНБАЙ ҚАЛҒАН ӨРТ
Омбыдан қайтып баяғы елге келсем, мұнда да азан-қазан. Бұл елде екі үлкен ру бар болатын. Бірі Керей, бірі Матақай рулары. Осы екі рудың басшылары ру таласын қоздырып, елді бір-біріне қарсы атыстырып-шабыстырып қойыпты.
Елдің болысы Торсан Тілемісов деген болатын. Ол Керей руының басшысы еді. Ал, Матақай руының бір жуаны Наурыз деген бай болатын. Сол Торсан мен Наурыз болыстыққа таласып, бұрыннан елді арандатып келе жатқан шонжарлар екен. Биылғы жылы Торсанға өшіккен Наурыз, бүкіл Матақайды Керейге қарсы айдап салып, екі елдің арасында үлкен жанжал басталыпты. Тартыстың басталуына мынадай бір уақиға түрткі болады. Ертеректе Торсан болыс өзінің Бекен деген бесіктегі баласына Матақай руынан шыққан Жадыра деген әлді шаруаның қызына құда түседі. Балалар ер жеткен соң, Торсан келінін сұраған кезде, Матақай руының басшысы Наурыз: «Керей атаулыға, одан қалды Торсанның баласына жесір бергізбеймін» деп қарсы шығады. Қыз болса, осы елдің Сүлеймен деген жігітін сүйеді екен — болыс баласына бармаймын деп шығады. Әкесі мен туған-туысқандары Наурыздың айтқанынан шығып кете алмайды. Бір кезде Торсан ел аралаймын депті. Жолшыбай Матақай еліне де соғамын депті деген лақап тарайды.
Осы хабарды естіген Сүлеймен Матақайдан жігіт жинайды. Сөйтіп, жігіттермен тегіс атқа қонып, ел аралап, болысты торып жүреді. Мұны естіген Торсан болыс та қасына бір топ жігіт ертіп, бір күні осы елге келеді. Аңдып жүрген жігіттер болыс түскен бай үйді қоршап алады. Жігіттер болысты не өлтіріп, не өлімші етіп сабап қуып жібермекші болады. Бұл уақиғаға тағы да бір жағдай ұштасады. Көршілес орыс поселкелерінің жігіттері Сүлеймендерге: «Орыстар қазір патшаға қарсы көтеріліп, оны тағынан тайдырмақ болып жатыр. Қазақтар, тым болмаса, өздерінің жергілікті болыстарын қууы керек емес пе?» деседі.
Сүлеймен бастаған жігіттер: «Орыстар мынадай себептермен көтеріліс жасап жатқанда, біздің тым құрымаса болысқа әліміз келмей ме? Көзін жойып, мүлдем құртып жіберелік!» деп сөз байласады.
Әрине, болысқа мұндай өшігу тек қана бір қыздың мәселесіне, ел арасындағы «жесір дауына» байланысты емес екені өзінен езі анық. Бұл би-болыстардың қорлық-зорлығы шығырларын қайнатқан халық бұқарасының әбден ашынғандығының нәтижесі еді. Бұл уақиға 1905 жылғы революцияның қазақ даласындағы дүмпуінің нәтижесінде туған шаруалардың стихиялық ереуілі екені анық.
Сонымен Торсан болысты торып жүрген үйді қоршап алады. Бірақ болыстың қасына ерген жігіттердің бірен-саран мылтықтары бар екен. Олар мылтық атып, үйді қоршап алған жігіттерді жасқантып жуытпайды. Ыза болған жігіттер үйге өрт қояды. Өрт қаулап, жалын үйді құша бастаған кезде, болыс есебін тауып, жігіттерімен қолға түспей қашып кетеді.
Торсан осы уақиғалардан кейін Матақай еліне қарай аяқ баспайтын болыпты. Ол Жадырамен құдалықтан да айрылысады. Қызды Сүлеймен алып қашып кетеді.
Осы тартыс 1907 жылға дейін созылып келіп, Керей руы бір болыс, Матақай руы бір болыс болып екіге бөлінді. Бірақ Торсан осыдан кейін өз елінде де болыс бола алмай орнынан түсіп, баласын болыс қойғызды.
Мен Омбыдан қайтып келген кездегі ел ішіндегі бір үлкен тартыс осы Сүлеймен бастаған ереуіл болды. Мен мұны қазақ шаруаларының өкіметке қарсы ереуілдерінің жалғасы деп білдім. Өйткені жергілікті әкім болысқа қарсы ел жігіттерінің тегіс атқа мінуі тек «жесір» мәселесіне ғана байланысты деу дұрыс болмас еді.
ҚОСТАНАЙДАН ХАТ
Мен Нілді мектебінен Петропавловскідегі екі класты орысша-қазақша мектепке баруға тиісті болдым. Мұнда келгеннен кейін оқу да басталып қалды. Менің бұл қалада таныстарым жоқ еді. Келген кезде Омбыдағы уақиға есіме түсіп, сақтаныңқырап, ешкіммен сырлас болғым келмеді. Бір-екі ай тек балаларды оқытуды ғана біліп, өзіммен өзім болып жүрдім де қойдым.
Октябрьдің аяқ кезінде ауылдан Кәмел ағам келді. Ел ішінде әралуан хабар бар, Спандияр қалай екен біліп қайт деп туған-туысқандарым жіберген екен. Ел-жұрттың амандығын естіп қуанып қалдым.
Кәмел ағам менімен сөйлесіп отырып:
— Патшаны тақтан түсіреді екен деген сөз не? Ел ішінде осындай бір лақап тарап кетті... — деп сұрады.
— Оны кім айтып жүр?—дедім, «ел құлағы елу» деген мақал есіме түсіп таңырқанып.
— Кім дерің бар ма? Жұрттың бәрі осылай деп айтып жүр. Қостанайда болған кезімде де осындай хабарды әркімнен естідім.
Кәмел Қостанайда Бекет Өтетілеуовке кездескен екен ол маған хат жазып жіберіпті. Бекет хатында амандықты айта келіп, астарлы сөздермен Қостанайдың хабарын айтыпты. «Мұнда не көп — думан көп. Алқақотан отырыс та кеп, шешендер де кеп. Ел аяғын батыл басатын болыпты. Адамдардың тілі құлаш-құлаш шығады. Жер құдайы қаусап, хәлі бітіп, өлуге қалыпты деген сөз бар. Оның орнына енді адам отырады екен деседі. Біздің Әбубәкір де жақсы шешен болып алған. Бірер жиылыста оның сөзін де естідім. Әбекең білегін білей сөйледі. Өзінің қойын-қонышы тасқа басқан қағазға толған. Ол отырып кеткен жерде сол қағаздар шашылып қалады. Сол қағаздардың бірнеше данасы менің де қолыма түсті. Оқып көрсем, «жер құдайы кәп кешікпей жан тапсырады» делінген сездер жазылған екен...
Бекеттің жазған хатының ұзын-ырғасы осындай еді. Әрине, мен мұның бәрін де түсіндім. Қостанайда жиындар жиі болып тұрады. Патша үкіметіне қарсы сөз сөйлеушілер көп, листовкалар таратылып жүр дегенді мен бұрын да естіген едім. Бірақ Бекеттің хатынан менің білген бір жаңалығым Әбубәкір Бәйтішев революциялық қозғалысқа белсене қатысатын болыпты. «Өзінің қойын-қонышы тасқа басқан қағазға толған» деген сөздерді мен листовкалар ғой деп түсіндім. Шынында да солай болып шықты. Ивановтың «ауруы» Әбубәкірге майдай жұққан екен дедім ішімнен.
Кейін білдім, Қостанайда жалғыз Әбубәкір емес, бірнеше қазақ оқытушылары мен педагогикалық курстың бірқатар оқушылары да листовкалар таратып, кейбіреулері жиындарда сөз де сөйлеп, революциялық қозғалысқа белсене қатысты. Революция күшпен басылғаннан кейін бірқатар оқытушылар мен оқушылар оқудан қуылыпты, оларды педагогикалық курстың бастығы, баяғы Греховодов қудалапты.
Петропавловскідегі мектепте, Қостанайдағыдай ашықтан-ашық көшеге шығып, бой көрсетіп, сөз сөйлеген қазақ оқытушылары бола қойған жоқ. Бірақ мектептің өз ішінде патшаның суретін алып тастаған патша үшін дұға оқып тілек тілеуден бас тартқан уақиғалар болды. Бұған бұқарашыл бағыттағы оқушылардың бәрі де тегіс қатысты деуге болады.
Қазақстанның солтүстік аймағында 1905 жылғы тұңғыш орыс революциясының дүмпуі мен жаңғырығы осындай болды.
Солтүстік аймақтың қалың халық бұқарасы, сол бұқараның арасынан шыққан азғана оқытушылар жұртшылығы, революцияға іштей тілектес болып қана қоймай, сонымен бірге үн де қосқан еді.
АУЫР ЖЫЛДАР
Мен Петропавловскіде екі класты орысша-қазақша мектепте 1910 жылдың жаз айларына дейін болдым. Бұл менің өмірімдегі ең бір ауыр жылдар болды. Революция жеңіліске ұшырағаннан кейін жергілікті өкімет орындары ең алдымен мектептерді қолға алды. Революцияға ниеттес екенін білдірген патша үкіметіне қарсы сөз айтқан оқытушылардың бір-екеуі айдалып та кетті. Айдалудан аман қалған оқытушылар да қатаң бақылауға алынды. Не керек реакция қара түнек болып төнді.
«Аттың сыры шапқанда білінеді, ердің сыры сасқанда білінеді» деген ете дұрыс мақал екен. Революцияның өрті лаулап, патша өкіметінің басына күн туған заманда аузымен орақ орып жүрген Иван Тенанякин деген оқытушы реакция жылдарында өзінің нағыз оңбаған екі жүзділік бейнесін айқын көрсетті. Ол менің үстімнен де шағым берді. Ол маған біріншіден айдалып кеткен оқытушылармен дос болған адам, екіншіден патша өкіметінің жеңісіне үн қоспады, үндемей қалды, үшіншіден Крыловтың сықақ мысал өлеңдерін аударып, оны қазақ оқушыларының арасына таратып жүр деген кінәлар такты.
Полиция (жаңылмасам, Петропавловскідегі пристав болуы керек) менен бірнеше рет жауап та алды, бірақ айыптауға ешбір дәлел таба алмағандықтан болу керек көп кешікпей-ақ менен жауап алуын тоқтатты.
Алайда басқан аяқ аңдулы болды. Енді тек балаларды оқыту, өз тұсыңнан оқып, біліміңді көтере беруден басқа ештеме қалмады. Сен қайда бардың, кіммен сөйлестің, не айттың — осының бәрі де аңдулы еді. Әрине, мұндай жағдайда маған мұнда оқытушы болып қалуға мүмкін емес еді. Мен басқа бір жерге жіберуді сұрап арыз жаза бастадым.
Осы жылдарда (1908-1909) мен баяғыдан бері өзім аударын келген Крыловтың мысалдарын қайта өңдеп, олардың үстіне тағы да керекті деп тапқан бірнеше мысалдарын аударып, қырық төрт мысал өлеңді «Үлгілі тәржімә» деген атпен Қазан қаласына Каримовтардың баспасына жібердім. Төрт-бес айдан кейін «сіздің жинағыңызды кітап етіп бастырып шығаратын болдық, келесі жылы баспадан шығады» деген хабар келді.
Арада бір жыл етті. Кеп арыздар маза бермеген болу керек мені қазіргі Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Федоровқа селосында ашылған екі класты орысша-қазақша мектепке (ол кезде Пресногорковскінің екі класты орысша-қазақша мектебі деп аталынатын) оқытушы етіп жіберді. Ол менің өз ауылымнан 60 шақырымдай жердегі село. Мең әрине, қатты қуандым. Оған 1910 жыл июль айында келіп, 1919 жылдың күз айларына дейін оқытушы болып тұрдым.
САҒИЛА
Жазғы демалысты ауылда еткізейін деп келгенмін. Ел қыстан күйлі шыққан екен. Жатақтардың егіндері де жақсы шығыпты. Жауын көп, шөп әлі жап-жасыл, мал семіз, ауыл да көңілді екен. Демалыс жақсы етіп жатты. Күнде бір үй шақырады. Ауыл жігіттері менің қасымнан кетпейді. Бала күнімнен бірге өскен Дүйсен Дүйсенбек (қазір «Ақсуат» колхозының мүшелері) сияқты құрбыларым:
— Біз үйелмелі-сүйелмелі балалы да болдық. Сен болсаң, әлі үйленбепсің де. Оқыған болғандағы озғаның сол ма? Жасың отыздан асып барады үйлену ойыңда бар ма, сірә? Тым құрмаса, кездегенің бар ма? — деп әзілдей береді. Мен де оларға:
— Заманымыз бірге құрбы едік. Мен болсам, оқытушымын қолым тимей, басқа елдерде жүрмін. Сіздер болсаңыз, ауылда жүрсіз. Бәлкім, маған деп өздеріңіздің кездеп қойғаныңыз бар шығар? —деймін әзілдеп.
— Ұнаса, біз кездеп қойдық,— десті олар.— Мына Шектібай аулындағы Баймағамбет дегеннің бойжетіп отырған бір қыз бар, — аты Сағила. Он сегіз, он тоғыз жастар шамасында. Өзі мұсылманша хат таниды. Ай десе аузы, күні десе көзі бар—сұлу қыз. Сол қызды айттырып көрші. Сәдуа деген оқыған ағасы да бар. Сәдудің өзі кішіпейіл, ұстамды, ақылды жігіт. Әкесі қиқаңдайтын болса, сол Сәду арқылы қимылдаймыз. Ол, сөз жоқ, қарындасын саған бергізеді. Талай адам айттыра келген екен Сәду Сағиланы малға сатпаймыз, өзі қалап, сүйген жігітіне барсын деп қашырыпты. Сағиланы айттырып, соңынан қалмай жүрген өзің білетін Нұржақып, бірақ оны қыз ұнатпайтын көрінеді. Қыздың әкесі Нұржақыпқа бергісі келетін сияқты. Бірақ әp жағынан қызы көнбей, екінші жағынан баласы көнбей, әкесі қызын Нұржақыпқа беремін-бермеймін деп ешнәрсе ашып айта алмай сөзбидаға салып жүрген көрінеді. Сен сол қызды көрші.
— Көрсек көрелік.
— Онда бүгін-ақ барсақ қайтеді? — деді Дүйсенбек.
— Қанша жер?
— Он-ақ шақырым.
— Осы жерде, иектің астында,— десті басқалары.
Жігіттердің маған қамқорлық етуінің себебін мен кейін білдім. Әжем мен ағаларым: «Осы демалыс кезінде Спандиярға кімнің де болса біреудің қызын айттырып, құда түсейік деп едік. Сендер, құрбыларысыңдар ғой, құлақ қағыс етіп көріңдерші. Біздің ойымызша, Баймағамбеттің, қызы лайықты, соңы айттырайық деп едік»,—деген екен.
Келесі күні кешке қарай үш жігіт боп Шектібай аулына, Баймағамбеттің үйіне бардық. Біз үй сыртына жақындап келгенде өзім шамалас, сыпайы киінген бір жігіт үйден шықты бізге қарай жүрді.
— Сәду,— деді Дүйсек.
— Жолымыз болды, иә сәт! — деді екінші жолдасым.
Біз ат үстінде тұрып-ақ сәлемдесіп таныстық. Сәду жылы шыраймен қарсы алып:
— Қош келдіңіздер, түсіңіздер,— деді.
— Қош уақытта болыңыз,— деп Дүйсек түсе бастады. Бәріміз де түстік.
Аттарыңызды байлап тастап үйге қарай келе жатқанымызда, сұңғақ бойлы бір жас қыз біз келе жатқан үлкен үйден шығып, отауға қарай жүрді.
— Әне! — деп қалды Дүйсек маған күбір етіп.
— О не? — деппін мен аңқау басым.
Дүйсек маған кезін алартып бір қарап, тағы да күбірлеп:
— Тегі сен Қожанасырдың әңгімелерін көп естіген шығарсың,— деп күлді.
— Естісем ше,— дедім тағы да.
— Бәсе,— деп күлді Дүйсек.
Сол арада үйге де кірдік. Үйдегілер іргеден қарап көріп отырса керек төрге төсеніш төселіп, көрпе де жайылып қалған екен.
Біз отырғаннан кейін Сәду, әке-шешесіне біздің кім екенімізді айтты.
— Бәрекелді, келгендерің жақсы, шырақтарым,— деді Баймағамбет қарт,— Сәду қарағым, Сағила қайда, самауыр қойсын. Малға кісі жібер.
Сәду сыртқа шығып кетіп, біраздан кейін қайтып келді, Сәду екеуміздің әңгімеміз бірден-ақ жараса қалды.
— Мына екеуі бірінің тілін бірі тапты. Бізді қойды,— деді Дүйсек күліп.
— Бәрекелді, тапқаны жақсы,— деп Баймағамбет ақсақал сақалын бір сипап қойды.
Сағила шай жасап, кіріп-шығып жүр. Ойшыл үлкен көздері қап-қара, қыр мұрынды, екі бұрымы оқтаудай, шашып маңдайына жара бөлген үстіне қос етекті бүрмелі ақ көйлек киген қара торы қыз.
Сәду өзі Боровойдағы болыстық мектепті бітіріпті де, әрі қарай оқи алмапты. Ол сөз арасында қарындасының да әрі оқи алмағанына қынжылып:
— Мұсылманша оқып, сауатын ашты да, одан әрі оқи алмады. Зерек оқитын еді, босқа бағы байланды,— деп отырды.
Сол күні кешке осы үйде болдық. Ертеңіне Сәдудің бір құрбысыныкінде түстеніп, кешке қарай ауылға қайттық. Қыз. маған ұнады. Маған қыздың ата-анасы да, ағасы да, сән-салтанаты да ұнады.
Ақырында, ағаларым құда түсіп, Сағиланы маған айттырды. Неге екенін кім білсін Баймағамбет ақсақал қызын бергісі келмепті, әлде дәулетті Нұржақыпқа бергісі келді ме. Алайда Сәдудің күштеуімен әкесі көніп, кеп кешікпей-ақ екі ауыл құда болысты.
ҚАЙҒЫЛЫ ӨЛІМ
Жаз өтті. Мен Федоровкаға келген соң, оқу басталды Сағиладан анда-санда хат келіп тұрды. Мен де үзбей хат жазып тұрдым. Екеуміздің арамызда бұл хаттарды таситындар: Дүйсен Дүйсенбектер еді.
Бір күні мектептен шығын, пәтер үйіме келсем, Нұржақып отыр екен. Екі беті нарттай қызыл, көздері ойнақшыған тапалтақ жігіт. Мен сәлемдесіп, отырғаннан кейін Нұржақып маған:
— Мең Нұржақып Нұрсейіт ұлы, сізге, Спандияр Көбейұғлына, жолыққалы келіп отырмын. Сізге айтатын бір сыр бар,— деді. Сөздерінде әлдеқандай бір кекесін шенеу сияқты леп сезілді.
— Айтыңыз,— дедім мен.
— Айтсам,— деді ол,— сіз білесіз бе, білмейсіз бе, мен Сағиланы айттырып қойған едім. Сол туралы сөйлескелі келіп отырмын. Турасын айтуым керек Сағиланы мен саған бере алмаймын және сен оны ала алмайсың. Сондықтан өз еркіңізбен Сағиладан безіңіз, былайша айтқанда, оған «мен сені алмаймын» деп хат жазыңыз. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш болады. Әңгіме даусыз-жанжалсыз бітеді. - Мұны тек екеуміз ғана білейік. Оқыған адамсыз ғой, түсінуіңіз керек. Өйткені ол қыз бәрібір сізге жоқ. Сіз ол қызды аламын дейтін болсаңыз — мені өлтіріп, сүйегімнен аттап барып қана аласыз, түсінікті ме?
— Мен түк түсінбеймін өзіңіз не айтып отырсыз? — дедім.
— Неге түсінбейсіз, мен сізге қазақша айтып отырған жоқпын ба?
— Түсініксіз, мырза,— дедім сабыр тұтып.— Біреудің қалыңдығын әңгіме етуіңіз, оны саудаға салуыңыз және қорқытуыңыз ете түсініксіз. Мен мұндай күш көрсеткен сөздерге түсінбеймін және түсінгім де келмейді, бұл бір. Екіншіден мен әйелді екі аяқты айуан деп қарайтын оны малға теңейтін топас, надан емеспін. Мен Сағиланы көрмей-ақ айттыра салған қазақ емес. Оны өзім көріп, ұнатып, қыз да мені ұнатқан соң ғана айттырған қазақпын. Одан бас тарт деуіңізді озбырлық басынғандық, қорлағандық деп білемін. Бірақ, мырза, есіңізде болсын. Мен сіз ойнайтын адам емес және сізден қорықпаймын. Менің сізге ең соңғы айтар сөзім: мүмкін болса, үйді босатыңыз.
— Солай ма? — деді ол.— Солай ма?! «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, саған әлде жал біте бастады ма? Бірақ байқа, бауырым! Көзіңді ашып қара! Мен де сен ойнайтын кісі емес. Өзің мені әлі танып жетпегенсің ғой деймін. Мен кім екенімді саған таныта алатын адаммын. «Әлін білмеген — әлек» дегендей, аяғың аспаннан келіп жүрмесің достым! — деп кетпей тұрып алды.
— Еркіңіз, бірақ қазір үйді босатыңыз, кетіңіз,—дедім
— Мен кетемін бірақ үлкен ыза, көк арқалап кетемін. Осыны ойла! —деп ақырында ол орнынан тұрды.
— Көрермін дедім.
— Көресің, көргенде көп кешікпей-ақ көретін боласың,— деді де шығып кетті.
Не деген басыну, не деген надандық, зорлық деп қатты ыза болып мен қалдым.
Арада екі аптадай уақыт өтті. Мен мектепте едім, біреу есік қақты. Есікті аша бергенімде бір жігіт бүктелген жапырақ қағаз ұсынды. Хаттың бетін ашып жібергенде-ақ Сәдудің қолын тани кеттім. Жүрегім лүпілдеп аузыма тығылып, тұла бойым тітіркеніп қоя берді. Хатты ішімнен оқып шықтым. Үш-төрт ауыз-ақ сөз жазылыпты: «Тез жет, Сағила қатты ауру, хал үстінде жатыр» депті.
— Қашаннан бері науқас? —деп сұрадым жігіттен.
— Екі-үш күн-ақ болды.
— Ат әкелдің бе?
— Әкелдім.
Балаларды таратып жібердім де, мектеп бастығына бәрін жайды айтып, бес-алты күнге рұқсат алдым. Аттың айыл-тартпасын қаттырақ тартып алып, жігіт екеуміз желе жортып жөнелдік.
— Алдыңғы күні, — деді жігіт, — көрші ауылда бір ойын болып, Сағила мен Сәду екеуі сонда барған-ды. Сағила сол ойыннан ауырып қайтты.
— Ойында Нұржақып болып па?
— Болыпты.
— Сағила ол ауылда тамақ жеп пе?
— Жоқ. Сағила бір тостаған қымыз ішкені болмаса, басқа нәр татпапты. Содан түн ортасы шамасында: «Аға, ауылға қайталық, мен ауырып отырмын»,— депті Сәдуге. Сәду үйге алып қайтты. Сол түнде қатты науқастанып шықты,— деді жігіт.
Баймағамбет ауылына ат сабылтып қалай жеткенімізді білмеймін. Жігіт маған Сағила отауда, деді. Мең атымды байламастан түсе сала тура отау үйге кірдім. Қарт пен кемпір бізді керіп шығып кетсе керек. Сағила өңі сұп-сұр боп, жеңгесінің төсегінде сұлық түсіп жатыр екен. Қасында Сәду мен келіншегі ғана отыр еді. Сәлемдесуге шамам келген жоқ, Сағиланың қасына жетіп бардым.
— Қалайсың, сәулем?—дедім.
Дауысымды танып, көзін ашты.
— Неге кешіктің? Мінген атың нашар ма еді? — деді
Сағила даусы әрең, шығып.
— Маңайда дәрігер жоқ. Елу шақырымдай жердегі Боровойға қос атпен кісі жіберген едің Фельдшер Қостанайға кеткен екен— деді Сәду.
— Жеңіл арба табылса, дереу ұштың ат жеккізіп Қостанайға дәрігерге жіберу керек— дедім.
Сәду дереу көрші ауылдан арба алдырды. Аттарды жеккізіп, Қостанайға кісі жібергелі жатыр едік Сәдудің әйелі үйден жылап жүгіріп шығып:
— Жүріңіздер, Еркежан қысылып жатыр, — деді, Сәду екеуміз үйге жүгіріп кірсек қарт-кемпір жылап отыр. Сағила тынысы тарылып қиналып жатыр екен. Тамырын байқайын деп қолын ұстап едім, мұп-мұздай екен. Шошып кеттім.
— Не істеу керек? Не істеу керек? Қалай кешіктім. Қалқам-ай!...
Сағила қайтып тілге келмеді. Арманды жас, екі көзі жаутаңдап, бәрімізді бір шолып өтті де, жүре берді... Қарт ата-ана мен аға-жеңгенің, көрші-қолаң, ағайындардың алдында, кіршіксіз, кінәсіз жас жаң сүйген жаным «өз алдымда белгісіз дерттен қайтыс болды.
Үйдің ішіндегі адамдар шу ете қалды. Менің де көзімнен жас шығып кетті. Шыдай алмай сыртқа шықтым. Күн батқан екен. Көкжиек күңгірттеніп түнеріп, даланы түн басып келе жатыр еді.
Үйдегі жылаған дауыстар құлағыма осынау меңіреу даладағы халықтың шері арылмаған көп зары сияқты естілді. «Мәдениет берер мектебі жоқ, ауру-сырқауын емдер дәрігері жоқ, мылқау табиғаттың қатал шеңгеліндегі қайран елі» деген ой келгенде, көкірегіме өксік сыймай еңіреп жылап жібердім. Бірақ лаж қайсы? Мен бойымды әрең билеп, өксігімді бастым да, үйге қайта кіріп, Сәдуді қолтықтап сыртқа алып шықтым.
Өкініші көп, сыры жұмбақ уақытсыз болған қайғылы қаза, надандыққа қарсы, ескі ауылдағы тоғышар билеп-төстеушілерге қарсы зор өшпенділік із қалдырған елім болды. Сағиланың қастық ойлаған бір адамның жауыздығынан қаза тапқаны айқын еді. Оның қайғылы өліміне Нұржақып кінәлі деп күдіктендім.
ТҰҢҒЫШ ЕҢБЕК
Сағила қайтыс болғаннан кейін қайнымда бір жеті болдым. Жолда ауылға соғып, он күнінде Федоровкаға қайта оралдым. Мен жоқта мектеп өмірінде екі түрлі жаңалық болыпты, Баяғы Петропавловскідегі Тенанякин мектепке меңгеруші болып тағайындалыпты. Қазаннан менің атыма бір посылка келіпті.
Тенанякинмен бір қақтығысып алғаннан кейін почта бөлімшесіне бардым. Қалың қағазға төрт бұрыштан оралған посылка екен Үйге әкеліп, ашып қарасам, баяғы «Үлгілі тәржіма!». Елу данасын жіберіпті. Бұл менің өмірімде болған бір зор уақиға еді. Кітаптың ішкі бетінде аударған: С. Көбеев деп жазылған.
— Қандай жақсы кітап, қандай жақсы! — деп қайта-қайта қараймын. Тіпті кезім тояр емес. Не деген бақыт! Бұл кітапты балалар оқиды, бүкіл сауатты адамдар оқиды. Орыс классиктері ішінен Крылов сияқты мысқылшы, қаламы өткір жазушының мысалдарын біздің аймақта түңғыш аударып, кітап етіп бастыртып шығарудың өзі қандай аброй!
Ой жүйрік: бұл кітап халық арасына тарайды, мұны қазақ елінің қай аймағы болса да алады, бұл кітапты ауылға жіберемін ағаларым оқиды, хат танитын ауыл адамдары оқиды. Мұны әлі баяғыда менің әкеме: «мынаны оқытып қайтесің, одан да бұзау бақтырсайшы...» дейтін байлар да, олардың балалары да оқиды. Ең бастысы, бұл кітап халыққа қызмет ететін болады, бұл кітап мектепте оқу құралы ретінде пайдалануға да жарайды, деп ойлап мәз-мәйрам болып қалдым. Кітаптың беттерін аударып көріп отырғанда Сағила есіме түсті. Ол сауатты еді.
— Әттең, Сағила!.. Менің тұңғыш әдеби еңбегімді кере алмай, оқи алмай кеттің. Қандай қуанар едің! Сенің сының, пікірің маған қазір қандай қажет!—деп қатты налып, жабығып тұрғанымда, есік ашылды. Жалт қарасам Сәду екен. Жүгіріп барып құшақтай алдым.
— Бауырым! — деп Сәду де мені құшақтай алды. Екеуміздің басқа бір сөз айтуға шамамыз келмеді. Сәттен кейін құшағымызды жазып, аман-сау сұрасып, отыра бергенімізде, Тышан кіріп келді. Ол әрі жыршы, әрі ақын жігіт еді. Сәдудің аулына барып, содан Сәдуге еріп маған келген екен. Онымен сәлемдескеннен кейін:
— Мен сендерге бір қымбат нәрсе берейін — деп екеуіне жаңағы «Үлгілі тәржіманың» екі данасын ұстаттым. Сәду кітаптың мұқабасын көріп, ішкі беттерін аударыстырып қарап, оқып шықты да:
— Өте жақсы — деді.
— Бұл не, әй бұл не? — деді Тышан біресе маған біресе Сәдуге алақ-алақ қарап. Ол хат танымайтын еді.
— Мына кітапты Спандияр бастырып шығарыпты! Орыстың Иван Крылов дейтін ақыны болған көптеген мысал өлеңдер жазған кісі. Спандияр сол кісінің мысал өлеңдерін қазақшаға аударып, кітап етіп бастыру үшін Қазанға жіберген едім деп еді. Сол міне, кересің бе, кітап болып басылып шығыпты! — деді Сәду.
— Уа, құтты болсың бауырым! — деп Тышаң да қуанды.
Біраз әңгімелесіп отырдық. Әңгімеміздің тақырыбы осы кітап еді. Сәду қатты риза болып отырды. Біздің сөзімізден кітаптың мәнін аңғарған Тышаң:
— Қайырлы болсың үлкен аброй болған екен— деді.
— Ал, Тышаң, ақынсың ғой, табанда осы кітап туралы бір ауыз елең шығаршы,— деді Сәду күліп.
— Шығарса қайтеді, шабытым жетпес деймісің? — деді Тышаң.
— Жоқ, оған күмәнім жоқ. Тек табанда бір ауыз елең суырып салшы деймін.
— Кітаптың аты не? —деді Тышаң ойшыл көзінде отты нұр жайнап.
— «Үлгілі тәржіма».
— Мұның орысшасын жазған Иван дейсіз бе? Ол кісі бар ма?
— Ол кісі қазір жоқ.
— Ол қандай ақын болған кісі ? — деп сұрады Тышаң тағы да.
Мен асықпай отырып, Тышаңға Крыловтың өмірбаянымен таныстырдым. Ақын сол арада былай деп шырқап қоя берді:
«...Орыста Иван деген ақын өткен
Дана ойдан селдетіп кеп сықақ төккен
Көтерген көкіректерін ұлықтарды
Мысқылдап өткір тілмен масқара еткен.
Көп оқып сол ақынның мысалдарың
Аударып қазақшаға жақсыларын
Қазақта кітап етіп бастырған кім?
Дегенде, аты аталар Спанымның!..»
Оның елеңін табанда жазып алып едің бірақ 1919 жылы басқа да қол жазбаларыммен бірге жоғалып кетті. Тышаңның сондағы біз жазып алған өлеңінен осы екі-ақ шумағы ғана есімде қалыпты. Бұл елеңді келтіруім лайықсыз болар десем де, қол жазбаны оқыған жолдастарымның өтініші бойынша осы жерде келтіріп өттім.
Әрине, кітап тойсыз өтпеді. Кітапты алған күні той жасап, құттықтай келген достарыма бірқатар мысалдарын оқып бердім. Тышаң, Сәдулер жаттап алып, кейін ауылда болған тойда тыңдаушыларына әнге қосып айтып берді. Сол тойда оқи білетін ел адамдарына отыз кітапшаны үлестіріп бердім.
Осы жинақ шыққаннан кейін мен жазушылыққа бет бұрдым. Маған жазу жұмысы қолымнан келетін іс сияқты болып керінді. Бірақ ол кезде ең алдымен мектеп балалары үшін қазақ тілінде оқу құралдары керек еді. Сондықтан мен ең алдымен оқу құралын жазып, кітап етіп бастырып шығаруға талаптандым.
«ҮЛГІЛІ БАЛА»
«Үлгілі тәржімә» қолға тигеннен кейін мен енді бастауыш мектеп үшін хрестоматия құрастыруға кірістім. Мұнда мен ең алдымен Ыбырай Алтынсариннің хрестоматияларын үлгі еттім. Өйткені Ыбырай әрі шебер педагог, әрі жақсы методист еді. Сондықтан бастауыш мектепте оқитын қазақ балаларына арналып жазылғалы отырған хрестоматия, сөз жоқ, Ыбырайдың үлгісі бойынша жазылуы керек еді. Ыбырайдың оқу құралдарындағы негізгі сарын мінез-құлықты түзеудің, жауыздыққа, озбырлыққа қарсы күрестің, адалдық, әділеттілік адамгершілік тәрбиесін берудің сарыны еді.
«Үлгілі бала» хрестоматиясына Крыловтың өзім аударған мысалдардан кіргіздім, орыс классиктерінің, балаларға арнап жазған қысқа әңгімелерін өзімшілеп қазақ тұрмысына лайықтап жаздым, сол сияқты қазақтың бай ауыз әдебиетін сұрыптап пайдаландым.
Осымен қатар, бұл кітапқа табиғат туралы, оның әр алуан құбылыстары туралы, география, өсімдік жануарлар туралы мағлұматтар беретің балалардың ұғымына сыйымды және қызықты қысқа-қысқа әңгімелер, мысалдар кіргіздім. Әрбір әңгіменің соңына сұрақтар қойдым.
Хрестоматияны құрастырғанымда, негізгі ойлаған мақсатым, көздеген нысанам — жас ұрпақты өнер-білімге, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелеу еді. Мұндағы әрбір өлеңші, әңгімелердің мазмұны оқушыларды өнер-білімге шақыру, шыншыл болуға үндеу, жетім-жесірлерді, нашарларды бояу, қайрымсыз байларды әшкерелеу, сол сияқты әлеуметтік теңдікті насихаттау еді. «Үлгілі бала» хрестоматиясының идеялық негізгі ой түйіні осы еді.
«Үлгілі бала» сол кезде, тіпті одан берігіректе де, көптеген мектептерде оқу құралы болып пайдаланылып жүрді. Хрестоматияны өз кезінде бастауыш мектептегі балаларды дұрыс тәрбиелеу жұмысында өз халінше белгілі дәрежеде едәуір қызмет атқарған еңбектің бірі деп білемін. Кітаптың жазылу тарихы, оны жазуға себеп болған жағдай осы жоғарыда айтылғандар еді.
ПЕДАНТИЗМГЕ ҚАРСЫ
Иван Тенанякин туралы бір-екі ауыз сөз. Оқушыларыма Тенанякиннің қара басы туралы емес, оның, педанттығын айтқым келеді. Ол үлкен педант адам еді. Тенанякин келгеннен кейін көп кешікпей-ақ онымен оқытушылардың арасында талас туды. Ол — оқыту, мектептегі тәртіп, оқытушының беделі жайындағы тартысы еді. Әңгіме мынадан бастады.
Бір күні сабақ беріп тұрғанымда менің класыма Тенанякин кіріп, біраз отырып шықты. Келесі күні ол оқытушылардың басын қосып мәжіліс құрды. Кластағы тәртіп туралы мәселе көтеріп, мені мысалға алды.
— Кеше,— деді ол,— мен Көбеевтің дәрісінде болдым. Құдай сақтасын дәріс кезінде балалар не істеген жоқ? Балалардың кей біреуі сабақ кезінде қозғалып, кей біреуі партаның үстіне керексіз кітабын қойып, бір-екі бала өзара тілдесіп, бір бала партасының қақпағын ашып қарап, қайта жауып қойды. Ал осының бірде-бірін Көбеев байқаған жоқ. Егер байқаса, бұл сияқты тәртіпсіздікке ешқандай мән берген жоқ. Мұның өзі класта тәртіптің нашар болуы, ол не оқытушының оқушылар алдында беделінің жоқтығынан не тіпті класта тәртіп орнатуға оқытушылардың көңіл қоймағандығынан болады,— дей келіп, ол кластағы тәртіп туралы, оқытушының беделді болуы туралы сөз ережесін ұсынды.
Оның ережесі бойынша, дәріс кезінде бірде-бір бала ешбір қозғалмастан ешқайда мойнын бұрмастан оқытушыға қарап қатып қалу керек. Егерде зәре кәдіріндей болса да осы тәртіпті бұзса, оқытушы оны мінеп, зекіп тастауы қажет.
Мұнысы, әрине, педанттық әдіс еді. Өйткені сегіз-тоғыз жастағы баланың қырық бес минут ішінде ешбір қозғалмастан ешқайда мойнын бұрмастан қасындағы балаларға тіл қатпастан отыруы өте қиын. Мұны ескермеске болмайды, егерде оқытушы сабақ үстінде балалардың әрбір кездейсоқ қозғалысына дейін қасындағы отырған балаға бұрылып қарауына дейін аңдып, оның бәріне мін тағып зекіп, ұрысып отыратын болса, ол оқытушыда қандай бедел болмақ? Мұндай оқытушының балаларға берген әрбір ескертуі үйреншікті мылжыңға айналып, балалар бара-бара оның сөзіне құлақ асудан да қалып қояды. Мәселен қатар отырған екі бала қырық бес минуттың ішінде бір-біріне бір-екі ауыз тіл қатса, сол үшін оларды мінеп, зекіп ұрсу керек пе? Одан да сол сөйлесе бастаған балалардың қасына оқытушы өзі бара қойса, балалардың ездері де қоя қоймай ма?
Сөз жоқ, балалар сабақ үстінде, мүмкін қадерінше, алаңсыз отыруы керек сабақты тыңдамай, алаңдай берген балаларды оқытушы салмақты дауыспен тәртіпке шақыру керек. Демек әрбір бала оқытушының қадағалауында болуы шарт. Бұл даусыз, бірақ осы қағиданың өңін айналдырмау керек. Айталық, оқытушы бір баланы тақтаға шақырды. Дәл осы сәтте қатар отырған екі баланың біреуі екіншісінен өшіргіш алды, не бәкі алып, қарындашын ұштады. Ал осы үшін оқытушы оларға мін тағуы, ұрысуы керек пе? Әрине, жоқ. Әңгіме педагогикалық шеберлікте болуы керек. Оқытушылар Тенанякинге өздерінің осы сияқты пікірлерін сан рет айтып келсе де, Тенанякин олардың ұсыныстарына құлақ қойған жоқ. Өзінің пікірін қуаттап, сол өзінің ұсынған ережесін бұлжытпай орындауды талап етіп отырды.
Осы сияқты мәселелер жөнінде Тенанякиннің педанттық, жәдігөйлік теріс пікірлеріне қарсы мен де және басқа оқытушылар да жиылыс сайын пікірімізді ашықтан-ашық айтып отырдық. Ол мұны мүлдем теріс ұғынды. Жергілікті оқытушылар менен құтылғысы келіп, бәрі маған қарсы болып жүр деген ойда болды. Өзінің осы ойына байланысты, ол, әрбір оқытушының сабағына қатысып, оның қате-кемшіліктерін жіпке тізіп жинайтын болды. Кейде ол тіпті сабақ үстінде балаларға тәртіп бұзасың деп, тура езі зекіп, ақырып ұрсатын да болды.
Бір күні тағы да менің класыма келді. Бұл екінші класс еді. Сабақ үстінде бір балаға орынсыз күле бересің деп ұрсып бұрышқа тұруға қосты. Бала сабақты өте жақсы оқитын бала еді. Мұнымен Тенанякиннің ісі болған жоқ. Ол тіпті әлгі баланың не үшін күліп отырғанын да білгісі келмеді. Ол тек қана класта күлуге жарамайды деген тұрғыдан қарады.
Бала неге күлді? Оның күлуінің себебі бар еді. Баланың қасында отырған екінші бала қалғып кетіп отыр екен. Мен оны байқап қалдым да, баланың қасына бардым. Бала менің бетіме жалт қарады да, қып-қызыл болып ұялып қалды. Генанякиннің жазаға тартқан баласы соған күліп отыр еді. Мен бұл жерде революцияға дейінгі мектептегі педанттықтың жайың педагогикалық ережелерді Тенанякин сияқты кертартпа әкімдердің қалай бұзғандығын орыстың классикалық педагогикалық ережелерінің өңін айналдырғандығын мыңнан бір мысал ретінде көрсетпекші болдым. Халық мұғалімдері сол кездің өзінде-ақ педантизмге қарсы болды. Олар Константин Димитриевич Ушинскийдің қағидаларына сүйенетін.
Амал қанша, қазіргі кейбір жеке оқытушылардың әдісінде кейде педанттық белгілерінің қалдығын байқағаным бар. Совет оқытушылары, әрине, бұған қарсы батыл күрес ашуда. Өйткені, Ушинский айтқандай, тәртіп дегеніміз — педантизм емес, саналылыққа негізделген классикалық педагогика ережелеріне негізделген ұстамдылық болып табылады.
Сонымен Тенанякин оқытушылардың үстінен шағым беріп те керді, ол мені мектептен шығармақшы болып та әрекеттенді. Оқытушылар мен Тенанякиннің арасындағы тартыс шиеленісе түсті. Оқытушылар Тенанякинмен ұғыныса алмайтынына көздері жеткеннен кейін ол педагог емес, педант, бастық болып қалатын болса, бізді басқа мектепке көшіріңіз деп бірлесіп арыз берді, ақырында, бес-алты ай өткеннен кейін инспектор келіп тексеріп, Тенанякин мектептен кетіп тынды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру