Екі хат
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Екі хат» (Көркем әңгіме). ЕКІ ХАТ
әңгіме
Жантүршігерлік үкім. "Иә, оны өлтірген сіз, махаббатыңызбен өлтірдіңіз. Ажал аузында жатқанда ол ылғи сіздің атыңызды айтып, сандырақтай берді. Есін жинаған сәттерде, әлі жеткенше сөйлеуге тырысты. Жастығының астынан суырып алып, сіздің хаттарыңызды көрсетті. Мен соларды оқыдым. Азғырушы ібілістің құрған тұзағы еді олар. Әйеліңіз бола тұрып, сіздің күйеуі бар әйелді сүюге қандай қақыңыз бар? Қалайша арыңыз жетті бұған? Кім берді сізге ондай құқықты? Қандай моралъға, кімнің мораліне сыяды бұл?!
Мен оны емделуге жіберген едім, сіз өлтірдіңіз. Есіттіңіз бе? Лағынет жаусын сізге, Сіздің хатыңызды оқып тұрғанымда Людмила айтты: "Оны қарғама, — деді, — сендер екеуің де бұл дүниеде өмір сүресіңдер. Қарғама. Керісінше, менің өлімім сендерді табыстыруға тиіс. Ақылыңнан адаспа". Ол жанталасып жатқанда менің сізде шаруам болған жоқ еді әлі. Мен оны өліп - өшіп сүйетін едім. Жалғанда жаным сүйген жалғыз жарым болатын ол Людмиланы шілденің жиырма тоғызында жерледік. Жаназадан соң жаңбыр шелектеп құйды. Найзағай жарқылдап, дүние астан - кестең дүрлікті. Төбеме жасыл түссе деп тіледім. Түспеді. Ол да кез келгенді, қалаған кезінде соқпайды ғой... Түнге дейін мен оның қабірінің басында отырдым. Қандай парасатты, қандай пәк жан еді! Иә, сондай болмаса, сізді де соншалық өртемес еді... Шайтан алғыр! Сіздің өртенуіңізде менің шаруам қанша? Ұмытқым, біржола ұмытқым келді. Болмады. Түпсіз терең қайғы сізге деген өшпенділігімді өшірер деп ойлаған едім әуел баста. Өшірмеді. Қайта, қайғы мен өшпенділік өрши түсті. Алғаш сіздің хаттарыңызды жұлмалап, желге ұшырдым... Ашуым басылмады. Мен сізді жек көремін. Мың мәрте қарғаймын. Егер Людмиланы алып кеткен құрт ауруы сізді құртпаса, мен түбінде сізден кегімді алмақпын. Ажалдан құтылсаңыз да менен құтыла алмассыз. Рақым да, кешірім де жоқ сізге! Менің кегім, менің күйігім өмір бойы тac төбеңізден алмас қылыштай төніп тұрады. Басыңызға қандай пәле келсе, менің жазам деп біліңіз. Құтылу жоқ сізге! Жоқ!"
Қайғы - қасіреттен өртенген біреу маған осылай деп жазыпты.
Мынаусы қалай, маған қандай қылмысым үшін шыққан бұл өктем үкім? Жазығым соншама көп болғаны ма?
Бәрін егжей - тегжейлі баяндап берейін.
Бұдан бұрын айтқанымдай, соғыс аяқталған соң менің өкпем туберкулезге шалдықты. Алғаш біраз уақыт Румыниядағы Предял деген жерде емделіп жаттым. Таудың ауасы, қарағай орманы, күн сәулесі - бәрі де бар. Бірақ дертке дауа болмады. Оның үстіне көрші палатада кеш түсе біреу жүрек тебіренерлік ән шырқайды:
Что стоишь, качаясь,
Тонкая рябина,
Головой склоняясь,
До самого тына?..
Там через дорогу,
За рекой широкой,
Тоже одинокий,
Дуб стоит высокий...
Но нельзя рябине
К дубу перебраться,
Знать, ей, сиротине,
Век одной качаться.
Мен осы шетен жидектің сүйген жары - дарияның арғы жағындағы сорлы емен сияқтымын. Жалғыздықтан, сағыныштан жапырақтарым сарғайып, тамырларым қурап барады. Елді аңсадым. Мұны түсінген дәрігерлер мені туған елге, Қырымға жіберді.
Симферопольден Ялтаға дейін біз госпитальдің автобусымен жеттік. Түрлі пойыздарда түрлі госпитальдарға келген ауруларды айқайлап шақырып вокзал алаңына жинады. Түске таяу жүріп кеттік. Бұралаң тау жолы, қамашау қойнаулардағы қапырық ауа әбден діңкемізді құртты. Әсіресе, көбірек қиналған алдымызда отырған келіншек. Әлсін-әлсін буынып жөтеледі де, ентіге береді, жүрегі айниды. Алуштада аялдағанда оны көршілері қолтықтап, сыртқа алып шықты. Маңдайы ақ шүберектей бозарып, беті қуарып кеткен. Қалш - қалш етеді. Әрі қысылып, ұялып, басын көтере алмайды. Айыпты адам сияқты.
- Деміңді ішіңе қатты тартып, кеудеңді толтыра тыныс ал, - деп ақыл айтты бір майор.
- Тыныс алатын болсам... Бұлай ентікпес едім-ау, - деді келіншек тағы да жөтеле алмай тұншығып.
- Климат бірден өзгерген соң сөйтеді, жерсінбей жатқаның ғой, үйреніп кетесің әлі, - деп жұбатты бізді қарсы алған мейірбике.
Алуштада біраз тұрдық. Едәуір тынығып алдық. Әлгі келіншек те біраз есін жинады. Жолдын қалған жағына ол айтарлықтай қиналмады. Тіпті ара - тұра қалғып, мызғып алды. Мен ең артта отырмын. Бәрін анық көре алмаймын. Сонда да байқап келемін: орындықтың жұмсақ арқалығына қырындай сүйеген басы ақырын шайқалып қояды. Сонысы жақсы болды. Ялтада тау жақтағы бір көшенің тұйығына келіп тоқтаудан жұрт автобустан шұбырып шыға бастады. Иықтарына жасыл қол дорба асынып, шетелдік сәнді саквояждар ұстаған әскери адамдар, қатырма шамадан көтеріп, қолтығына түйіншек қысқан қыз-келіншектер тұс - тұсқа тарады. Мен ең соңынан шықтым. Біздің госпитальға дейін әлі едәуір жер көтерілу керек. "Едәуір жер" дегенім қарға адым жері мұң болған сырқат адамның шамалауы. Әйтпесе, екі жүз қадамнан аспайды. Әр жерге бір тұрып, ілбіп келемін. Әудем жер жүрген соң қарасам, үйдің көлеңкесінде әлгі келіншек шамаданының үстінде отыр екен. Тұсына жетіп тоқтадым.
- Маған қарамай жүре беріңіз. Өзім жайлап жетермін. Қазір жағдайым жақсы, - деді.
Мен алғаш рет оның жүзіне анықтап қарадым. Аса сұлу болмаса да ұзын кірпікті қара көздеріне күллі әлем сыйып тұр десем титтей де артық айтқандық емес. Мұндай түпсіз тұңғиық, мұндай мұңлы нәркес көздерді бұрын - соңды көрмегенмін. Қолдарын айтсаңшы. Саусақтары сүйріктей қолдарына қызыға қарай бердім. Оларды мен кейін "ақылды қолдар" деп атадым.
- Жүре беріңіз сіз, бара тұрыңыз...
Тек айтуға оңай. Әйтпесе, мынандай мұңлы нәркес көздерді қиып, тастап кету қайда маған?
- Мен сізге көмектесейін. Шамадандарды алма - кезек көтерейін.
Ол сәл күлімсіреді.
- Сіздің де қандай қайратты жігіт екеніңізді манадан бері байқап тұрмын.
- Сізге көмектессем, бәлкім, күшім тасар.
- Мен әлі отырамын. Маған осы рақат. Әнеки, теңіз де көрініп түр.
- Ендеше, мен де ... - деп шамаданыма отыруға ыңғайландым.
- Отырмаңыз, бара беріңіз, өтінемін, кете беріңіз...
Ғажап. Көмек көрсетейін десем, маңына жолатпайды. Менің таңырқай қарағаныма жауап бергендей былай деді:
- Ренжімеңізші. Мен сізді қумаймын. Тек өтінемін...
Шамаданымды көтеріп, кете бердім. Көп ұзамай ол тағы да тынысы бітіп, жөтеле бастады. Мен қайырылып қарауға бата алмадым.
Ауруларды қабылдайтын бөлмеде де біраз айналып қалдым. Әлгі әйел келер деп күттім. Палатаға алып баруға келген мейірбикеге де "Азырақ дем алайықшы" деп уақытты создым. Бірақ ол келмеді. Шамасы, бірдеңе болған - ау. "Ай, сен де қызықсың - ау, деп ұрыстым өзіме өзім, - сондай жағдайда тастап кеттің ғой...
Бір аптадай әлсіреп жаттым. Алғашқы күндері әлгі мұңлы нәркес көз көңілімді қайта -қайта елжірете берді. Бірақ ұзаққа бармады бүл жағдай. Ұмытылды.
Түрегеліп, тысқа шықтым. Көрші корпустың тұсынан етіп бара жатқанымда бір әйелдің дауысын шалып қалды құлағым:
- Әй, капитан! Капитан!
Мен пәлендей назар аудара қоймадым. Жөніме кете бердім. Әскери госпитальда менен басқа капитан аз дейсің бе?
- Капитан, мен сізді шақырдым ғой! Жолда серік болған капитан.
Қарасам, әлгі түпсіз екі көз. Әйел екінші қабаттағы терезенің алдында отыр.
- Жаным кіріп, жазылып келемін. Тек сыртқа шығармайды. Сыртта жақсы шығар, ә?
- Жақсы. Шығармаса, ұрлап қашайын ба сізді? - дедім, Әлсіреп қалғандықтан өзімнің де буын - буындарым қалтырайды.
- Кептен бері ұры күтіп отырмын.Ұрлаңыз. Оған ризамын,- деп екі қолын алға созды. -Әуелі анау тау басына көтеріп шығыңыз, одан соң теңіз жағасына ертіп барыңыз. - Оның еріндері күлімсірейді, тіпті күліп те тұр. Ал көздері толған мұң.
- Әнеу күні сізді мен ауруларды қабылдайтын бөлмеде көп күттім... Тастап кеткеніме кейін қатты өкіндім тіпті... - деп ақталдым мен.
- Ау, сіз мені өзі секіріп түссін деп тұрсыз ба? Мен оның қасына бардым. Ол палатада жалғыз өзі отыр екен. Көршілері сыртта жүрсе керек. Мен жоғарыға көтерілгенше ол терезе алдынан түсіп, кереуетіне отырған. Беті тағы да қуарып кетті.
- Алдымен танысып алайық. Менің атым Людмила. Сізді Капитан деп атаймын. - Ол көріскелі қолын созды. Қолын қысудан жүрегім дір ете қалды. Аса маңызды, аса қайғылы хабар жеткізгендей мына алақан, мына саусақтар. Содан соң талай рет байқағаным: Людмиланың көздері ғана емес, қолдары да мұңлы. Олар ылғи ауыр ойға батқан секілді. Адамның қолдарының ойланатынын, қайғыратынын, қуанатынын осы жазда мен алғаш рет өзім көріп, білдім, алғаш рет аңғардым. Осындай зерек, осындай сезімтал қолдар болады екен - ау...
- Атыңды әзірше байлап қой, батыр, хан қызының тағы да хәлі мүшкіл, - ол көрпесін ашпастан кереуетіне жатты. - Осы температура титығыма тимесе... сіз отыра тұрыңыз...
Ол ыңқылдамады, сырқатын айтып мұңын шақпады. Біздің аурумен сырқаттанғандардың оз басым мұңын шағып, зарланғанын өте аз есіттім. Жанға батып, дене сыздамаған соң еркін ауыруға ырық бермей, үмітің үзілмейді. Ауруханада коп жатқандықтан біздің оз ортамыз, өз өміріміз, өз бейнетіміз болады. Бұдан соң бізге аурухана қақпасынан сырттағы өмір емес, осындағы өмір нағыз өмір сияқты болып көріне бастайды. Сырттағы ығы -жығы мағынасыз сияқты. Себебі, ондағылар өз өмірлерінің қауіпсіз жерінде бейқам сайрандап жүр, кеше бұзғандарын бүгін түзете алады, бүгін жасаған күнәлары үшін ертең жаза тартады, ал біз болсақ, өмір алаңының шетінде, ақырғы жолдың үстінде екенімізді кәміл аңғарамыз. Бізді ұсақ - түйекпен алдарқатып, жұбата алмайсың. Әйтсе де біз сенеміз - соңғы тамшының тамбайтынына, соңғы жапырақтың әлі үзілмей қалатынына сенеміз. Өлімге басын байлаған адам қуатын жоғалтқан сайын еркінен айырылады.
... 1942 жылдың көктемінде біздің бригада шабуылға шыққалы жатқанда бір қайғылы ауыр оқиға болды: трибуналдың үкімі бойынша бүкіл әскер алдында бір қашқын жазаға тартылды. Әуелі оған орман шетіндегі жіңішке өзеннің бойынан қабір қазылды. Үкім жарияланған соң қылмыскерді осы қабірдің түбінде атты. Ол тұп тура жерге құлап түсті. Осы әділ де сұмдық оқиғада мені қатты тебіренткен жай жазалау оғы атылғанға дейінгісі болды. Жалаңаяқ қашқынды өзеннің арғы жағынан айдап келді. Күзеткен сарбаздар етіктерімен суды шалпылдата кешіп өтті. Ал тұтқын аяғын суламау үшін өзеннің тарлау жерінен секірді. Құрғақ аяқтарымен ол небәрі он бес - жиырма қадамдай ғана аттады. Өз қабіріне жеткенше ғана...
Міне, солай: соңғы қадамына дейін адам аяғын суға тигізуден қорқады.
- Магнолия гүл атса, бәлкім, сауығып кетер едім. Магнолия гүлін кереметтей ұнатамын... Оны иіскеп елтіп қалғаным бар, кішкентай кезімде... - Ол біраз көзін жұмып тұрды. - Әкем мені сонда Гурзуфтағы тәтеме қонаққа ертіп келген еді.
Людмила әлсіреп қалды. Оны енді шаршатпайын деп кеткім келді.
- Ертең тағы келермін... - дедім орнымнан тұрып.
- Бағана терезеден қарағанда өзіме - өзім ажарлырақ көрінген секілді едім, енді түсім қашқан тәрізді. Кешіріңіз енді.
- Мен сізді бәрібір ұрламай қоймаймын. Сақ болыңыз.
- Мен дайын тұрамын. Келесі күні осы терезеден алдыңызға өзім - ақ топ етіп, секіріп түсемін. Мұнда келіп жүрсеңіз, қашатын уақытымыз ұзаққа созылып кетер.
Ол қоштасуға қолын ұсынды. Алақаныма қыса бергенде әлгі саусақтар маған жүрек тебіренерлік бірдеңе аңғартты. Мен оны сездім, бірақ түсінбедім.
Мен ертеңіне де, бүкіл апта бойына да Людмиланың қасына бара алмадым. Өкпемнен көп қан кетіп, төсек тартып жаттым.
Енді мені шығармады. Біраз есімді жинаған соң іргемде жатқан лейтенантқа магнолия жапырағын алдырып, Людмилаға сәлем хат жазып жібердім. Жапыраққа жазылған хат әдемі шықты.
"Құрметті синьора! - деп бастадым хатты. - Сізге арналған сөздерді мен жансыз ақ қағазға түсіріп, кемсіте алмаймын. Оларды өзіңіз ұнатқан ағаштың жасыл жапырағына ойып жазып отырмын. Бұл жапырақ сіздің жүрегіңізге айналса екен, менің сөздерім сонша мәңгі тұрса екен деп ойлауға жүрегім дауласпайды. Себебі, сіздің жүрегіңізді істік темірмен тілгілеуге менің қолым бармас еді. Бұдан бұрын ол жүрекке басқа қолдар басқа сөздер жазып үлгірген шығар - ау.
Аса құрметті синьора! Сіздің асыл бейнеңіздің алдында өзім барып, бас иіп, тағзым ету бақытына не бола алмағаныма өте өкінемін. Әділет пен әдемілік үшін күрес жолында кездейсоқ ұсақ - түйек пәлелерге ұшырауға тура келді. Фон Туберкулез деген корольін әлденеше миллион найза көтерген әскері бір әзімді анталай қамап алды. Сол жаумен алысқанда екі жақтан да көп қан төгілді. Осы кезде алдағы қатты қақтығыстарға күш жинап жатырмын. Алайда, ғазиз синьора, Сіздің титтей өтінішіңізді де үлкен жұмыстай көріп орындау бақытына ие болуға минут сайын әзірмін. Ишара жасасаңыз, бітті. Есіттіңіз бе, менің арзымағымның көкті күркірете кісінеуін? Естисіз бе, синьора!
Жадау жүзді Капитан".
Түстен кейін сенімді адам арқылы жауап жетті.
"Батырлардың батыры, намыстың құлы, мұңлы Капитан! Сіздің қос қанатты арғымағыңыздың күллі әлемді күңіренте кісінегенін жеті түнде есітемін. Менің жүрегімнің жапырағын тілгілеп жазған хатыңызды алып оқыдым. Қиналмаңыз, Капитан, сіз тілгілегенде менің жүрегім түк шанышпады, керісінше, рақаттанып тұрды.
Мен әлі сол зәулім қамалдың зәулім мұнарасында қапаста отырмын. Қазір менің батырым келеді де, он құлаш өткір найзасымен темір есіктерді түйреп теседі. Сол сәт мен аппақ көбелекке айналып, әуелеп ұшып шығамын, ұзақ күн бойына бейқам ойнақ саламын. Бір күн емес, бүкіл бір өмір... Менің өмірім, сөйтіп, сіздің қолыңызда қалады, жаны жомарт, сайыпқыран Капитан. Сізге азғантай өтінішім мынау: өмір беріңіз маған. Бір өмір, құйттай ғана бір өмір... Ойдағыдай орындаңыз осы шағын ғана шаруамды. Егер сіз осындай қайратты, осындай ержүрек болмасаңыз, мен сізді мұндай ұсақ - түйекпен мазаламас та едім. Кезі келгенде мен сізге мұнарадан жаулығымды бұлғармын. Ақ жаулық. Қарап тұрыңыз.
Өзіңізге мәлім Людсения".
Қандай қызық қалжың! Мына әйел әлде үзер үмітін үзіп, қорқатынын қорқып біткен, әлде, керісінше, оған ажал әзірше жолай қоймаған болса керек. Оның хаты мені қатты толқытты. Менің әзілім, шамасы, орынсыз болып шыққан ғой. Ол адамды, міне, қандай ойларға қалдырған.
Әлгі магнолия жапырағына екінші күні мен осындай әзіл-шыны аралас хат жаздым. Сарайдың темір есіктерін тесу үшін қазір найзамның ұшын қайрап отырғанымды айттым. Оның ақ жаулық емес, ақ - қызылы аралас жаулық бұлғауын өтіндім. Қызыл түс маған қайрат беретінін түсіндірдім. Келесі күні оның жауабы келді.
"Жадау жүзді, қалжыңбас Капитан! Сіздің қос қанатты арғымағыңыздың кісінеген дауысы күннен күнге өктем шығады, - деп бұрынғыдай әзілмен бастапты ол жауабын. - Ол кісінеп жібергенде өзім отырған қамалдың қабырғалары солқылдап, құлап түсе жаздайды. Дауысы тac жаратын құдірет! Соған қарағанда таяуда бостандыққа шығармын деген үмітім көп... Мені барабан қағып қарсы алсаңыздар екен. Мен барабан қаққанды ұнатамын... "
Осы тұста бірінші мамыр мейрамы келді. Палатадағы менің көршілерім мейрамдап қайтуға қалаға кетті. Сауыққан сайын қарап жата алмайды адам. Ашық терезеден жұпар иіс ашиды. Магнолия гүл ата бастады деген жұрт кеше ғана. Түрегеліп терезе алдына баруға әлім жоқ, басым айналады. Жатсам тәуірірек сияқтымын...
Жоқ, сонда да тәуекел етіп көру керек. Пижама шалбары мен ақ көйлек кидім, шашымды тарадым, тумбочканың үстіндегі жарты стакан жеміс шырынын ішіп қойдым. Енді терезе алдына баруға әлім келетін секілді. Түрегеліп бір - екі адым аттағанымда біреу есік қақты. Мен жауап бердім. Есік ашылды. Бір тал қызғалдақ ұстаған қол көрінді әуелі, содан соң Людмила кірді.
- Мереке құтты болсын, Капитан. Міне, сізге қызғалдақ әкелдім. Өзіңіз айтқандай, қызыл түс қайратыңызға қайрат қоссын.
Мен басым айналып, сәл теңселіп кеттім. Ол ұшып келіп, иығымнан ұстай алды. Кереуетке қарай тартты.
- Жоқ, жай әншейін, сізді көрген соң сасып қалғаным ғой,- деп сыр бермеуге тырыстым. -Жүріңіз, терезенің алдына барайық.
Біз терезе алдына барып тұрдық.
- Осы жағдайымен қалжыңдап хат жазады - ау,- деп маған едәуір қарап тұрды. Сол сот мен әлгі түпсіз екі тұңғиыққа түстім де кеттім.
- Аурудың ырқына көнбей жүрмін... - деп міңгірледім.
Әлгі тұңғиықтан қайрат пен үміт алып, қайта қалқып шықтым.
Дүние құлпырып, жасарып кеткендей. Аппақ шешек атқан магнолия бұтақтарының арасынан көгілдір теңіз көрінеді. Төменде әлдеқайда шырқалған ән әуені талып жетеді. Төңірегіміз тып - тыныш. Тек бір құс оқтын-оқтын сайрап қояды. Біз әлгі өзіміз өмір сүрмейтін дүниеге сырттай қарап тұрмыз. Әзірше бүл да жақсы.
- Менің сізге беретін мерекелік сыйлығым болмай тұр, - деп қиналдым мен,- кеше жігіттер маған бір шыны шарап әкеліп берген. Келіңіз, соны ішейік. Біздің де мерекелеуге хақымыз бар шығар.
- Мәссаған!- деп Людмила мәз-мейрам болды. Тіпті қолын шапалақтап қойды.
- Бұған қоса, мен сізге бір өлең оқып берейін...
- Онда біздің дастарқанымыз патшалардың сауық - сайранынан кем болмас!
Мен шыныны шапшаң аштым. Солдат кезіміздегі дағдымыз ұмытылмаған екен әлі. Людмила басқа бір стақанға су құйды да менің қолымдағы қызғалдақты алып соған салды, содан соң тағы да екі стақан тауып, тумбочкадағы гүлдің қасына қойды. Отырдық. Мен шарап құйдым.
- Ал не үшін ішеміз? - дедім мен.
- Мейрам үшін. Мейрам деген мәңгілік нәрсе ғой.
- Мәңгі жасайтын нәрсе былай да өмір сүрер...
- Ал мәңгілік емес нәрсе бәрібір мәңгі жасамайды. Мейрам үшін! - Ол лып етіп стаканды алды. Соғыстырдық.
- Мейрам үшін! - деп қайталадым мен. Екеуміз де ішіп қойдық.
Людмиланың бетіне қан жүгірді. Тұңғиық мұңлы көздерінің түбінен сәуле жарқ етті. Бір ләззат буын - буынымды қуалай жүгірді. Көкке ұшсам да, жерге батсам да бәрібір маған қазір.
- Енді өлең оқыңыз.
- Жоқ, әлі қызбай жатырмын, - деп қуландым мен. Дереу шыныға ұмтылдым. Людмиланың ақылды қолы менің ұстамсыз қолымды ұстай алды.
- Жетер, Капитан, - деп жалынды ол, - аз ғана қуанышымызды үркітпеңіз. Әйтпесе маңымызға жоламай, безіп кетер мүлдем.
Иә, шаттықтан шалқыған шағым еді бұл. Көптен бері ұмытылған батылдығым, әлдеқайда адасып қалған қуанышым қайта оралды. Мен бір өзім ғана бақытты емеспін, қаласам өзгені де бақытты ете аламын, Менің құдіретімнің шегі жоқ. Мен басымды шайқасам, көк тербеліп кетеді.
- Ендеше, құлақ салыңыз, мархаматты синьора!
- Жоқ, қажеті жоқ, бүгін қалжыңдаспай - ақ қояйық, Капитан. Бүгін шынында да көңілді, шынында да рақат маған.
Мен махаббат туралы өлең оқыдым. Адамның жүрегінде бүрін жарып, өмірге сән берген гүлдер, жүрекке ұя салып, дүниені мұңға батырған құстар туралы айтылған еді онда. Гүлді жайнататын махаббат, құсты сайрататын махаббат.
Басын иіп, ұзақ үндемей тұрған Людмила еңсесін көтеріп, маған қарады.
Сіздің жаныңызда әйел біткен жадырап, жайраңдап кететін болса керек... Мүмкін, ол бақытқа бөленетін шығар... Бақытты болатын шығар...
Мен ұйқыдан оянғандай аң - таң болдым. "Бақыт" деген сөз бір түрлі тосын, үрейлі естілді. Бұл сөздің маған да, менен алыста өзімді сағынып күткен адамға да қатысы жоқ сияқты еді. Алайда, жасыратын несі бар, "сіздің жаныңызда әйел біткен жадырап, жайраңдап кететін болса керек" дегені мені қатты тебірентті. Мұндай жылы сез ер кісіге сирек айтылады ғой (Осыдан көп жылдар еткен соң қасымда келе жатқан бір әйел: "Мынау қала толы халық менің қандай бақытты екенімді білмейді - ау. Білсе, бұлай асықпас еді, тоқтай қалып, таңырқап, таңданып, маған қарап тұрар еді. Екеуміз көшеде қатар келе жатқанымыздың өзіңе шексіз бақыттымын..." деді. Міне, қандай сөздер есіттім мен! Иә, адамды біреу бақытты етпейді, адам өзі бақытты болады. Бұл: ақиқаттың мән-мағынасын біз өте кеш түсінеміз).
- Мені тым асыра мақтап жібердіңіз,- дедім' мен ыңғайсызданып,- Әйелді бақытты ету қолдан келе ме? Адамның бүкіл өмір бойы тындыратын ісі ғой бүл. Өмір дегенің...
- Бақыт үшін бүкіл өмір емес, қас қағым сәт те жетіп жатыр. Сіз ұзақ өмір сүресіз, - деді ол баяғыдан бері белгілі. бір жайды айтып тұрғандай сабырлы үнмен. - Сіздің кірпігіңіз қысқа. Көзіңізде үмітсіздіктің титтей белгісі жоқ. Әуелі адамның көзі дүниеден түңіледі, одан соң - өзі. Қане, қолыңызды беріңізші.
Людмила менің сол қолымды алақанына қысты.
- О - һо, сіздің өмір жолыңыздың ұшы - қиыры жоқ,- деді,- үш терең өткелден өтеді, бірақ, үзілмейді. Қолыңыз құйттай, құрғақ екен. Менің қазіргі күйеуімнің қолы үлкен, еті қалың. Ол өте қарулы. Ал алғашқы тәңірі қосқан жарым сізге ұқсайтын. Бұйра шашы, маңдайы, қолы, күлкісі... Соғыстың алғашқы жылында - ақ мерт болды. - Менің қолымды қатты қысты ол. - Сіздің өмір жасыңыз ұзақ болсын! Өмір сүріңіз! Өміріңіздің ұзақ болуын тілеймін!
Кенет тас төбемізден ағараңдаған алып дене төне түсті. Бұл - госпитальды билеп - төстеп тұрған әйгілі әулекі, дәрігерлік бөлімшенің бастығы Мария Аристарховна еді. Оны біз "Страховна" дейтінбіз.
- Госпиталь ма бүл, шайтан алғыр, әлде ғашықтардың ойнағы ма? Қайда барсаң, кілең қосақтасып отырған тотықұс, құйрықтары желпуіштей. - Біздің шарап құйған шынымызды көріп, жынданып кете жаздады. - Шарап? Бұлар шаруаның бәрін тындырған екен ғой. - Ол Людмилаға айқай салды. - Кет әрі! Дереу кетіңіз. Байы емделуге жіберген, бұл мұнда қызара бөртіп шарап ішіп отыр. Бұлай ететін болсаңыз, сізді емдеуден бас тартамыз. Сіз неге орныңыздан тұрмайсыз? Түрегелетіндей әліңіз жоқ па?
- Сіз маған айқайламаңыз. Емдеуден бас тартуды өзіңіз біліңіз, бірақ айқайламаңыз,- деді Людмила орнынан тұрмай,- Кісіден қорқатын кезім өтіп кеткен, Мария Аристарховна, оны өзіңіз де жақсы білесіз.
Ойламаған жерде тап болған оқиғадан қатты састым. Аузымды ашып, бірдеңе айта алсамшы. Ұятсыз топастар аяқ астынан жанжал шығарса, сасқалақтай беретін әдетім бар қашаннан.
- Не, Мария Аристарховна... - деп міңгірледім.
- Сізбен кейін сөйлесеміз. Төсегіңізге жатыңыз! - Мен тұрған орнымнан тапжылмадым. Ол тағы да Людмилаға тап берді:
- Немене, сіз күйме күтіп тұрсыз ба? Күйме дайын! Мінуіңізді өтінеміз! — деп есік жақты көрсетті.
Людмила асықпай орнынан тұрды. Мен оған қарай ұмтылдым.
- Людмила!
- Жә, қош болып түр. Мен тағы да келемін. - Ол бастыққа қайырылып қарамастан шығып кетті. Сол сәт Мария Аристарховнаның да қарасы батты. Сонымен мерекеміз аяқталды.
Ал мен ше, мен! Қандай мүшкіл, қандай қауқарсыз, қандай масқара хәлде қалдым. Әлгі ұятсыз, қатал әйел алғашқы сөзін айтудан - ақ мен:
- Тайып тұрыңыз, бұл жерден, Мария Аристарховна! Шығыңыз! Людмиланы да, езімді де ренжіткеніңізге көнбеймін! Марш! Жоғалыңыз бұл жерден, медицина майоры Мария Аристарховна !- деп айқай салуға тиіс едім. Сарт еткізіп үстелді қойып қалуға, қасымдағы тумбочканы теуіп ұшырып түсуге, көйлегімді қақ айырып, жыртуға тиіс едім мен. Содан соң Людмиланы есік алдында қуып жетіп, қолынан ұстап, орнына қайта отырғызуға тиіс едім. Тиіс едім!.. Бірақ солардың біреуін де істемедім. Ынжық! Қорқақ неме! Сатқын! Людмила өзін қандай байсалды, биік ұстады. Міне, осындай адамдар дүниеге мәңгілік келуге тиіс қой...
Люмила ертең де, одан соң да келмеді. Хабар да. жібермеді. Шамасы, маған көңілі қалса керек. Солай болуға тиіс те. Ол мені ірі арғымақ мінген абзал азамат деп ойлады, менен көп үміт етті, құйттай болса да өмір беруді өтінді. Ал мен арғымақ түгіл есектен жығылған сорлы болып шықтым. Тағы да оны аңдыған ажал аузынан ұрлап қашпақшы болдым - ау. Шынында да бір шайпау әйелден қорғай алмай, бетіне түкірттім. Сатқындықтың бір түрі емес пе бұл? Бұдан былай сабақ болар, сірә.... Айтпақшы, кейін өмір бұл борышымды маған артығымен төлетті. Есеп айырыстық. Өкпе - кінәдан арылдық. Сонда өзіме - өзім бекер ренжіген екенмін...
Сыртқа шығып серуендей бастаған кезде де Людмила тұрған корпус жаққа жүрегім дауаламады. Алыстан орағыта бердім. Бір күні кешкі тамақтан соң тілдей хат келді: "Неге хабар - ошарсыз кеттіңіз, Капитан? Сыртта серуендеп жүргеніңізді жұрт көріпті ғой. Келе алсаңыз, келіңіз!" Мен ойланып тұрмадым. Солай қарай тарттым.
Есігі жартылай ашық екен. Сонда да қағып, рұқсат сұрадым.
- Кіріңіз!
Людмила жастыққа сүйеніп, кереуетінде басын көтеріп отыр. Екі беті алмадай албырап түр. Жабырқаңқы қабағында кірбің бар. Қолын маған қарай созды. Алақаны оттай ыстық.
- Сізді күтіп отырмын. Жүре алмай қалдым.
- Мен келуге ұялдым. Әлгіндей масқарадан соң...
- Оны ұмытайық. Онда сіз өзіңіз емес, өзге біреу едіңіз. Мен солай деп ұқтым. Енді мына тұрған дәл езіңіз. Орындық алып, қасыма отырыңыз.
Мен отырған соң ол ұзын саусақтарымен шашымды тарақтады. Иә, саусақтары шашымды сипағанымен, алабұртқан албырт көңілі әлдеқайда алысқа шарықтап кеткендей. Көзінен жас ыршып шықты.
- Ғафу етіңіз. Мен өзім үшін емес... Өзге үшін... Сіз үшін... Білмеймін, сыйлық па бұл, әлде жаза ма?- Ол менің шашымды уыстай алып, дереу қайта босатты. Қолы ақырын ғана көрпенің үстіне сырғып түсті. - Ғафу етіңіз...
Иә, дәл осы сәт мен оған өзіме ұқсас өзге біреудің кескінін елестетсем керек. Сол адам шашыма, қолыма, маңдайыма, күлкіме ортақ сияқты. Шамасы, менен айнымайды - ау өзі. Әсіресе күлкісі. Бәлкім, мен сол адам үшін де күліп тұрған шығармын?!
- Тым болмаса, сіз жасаңыз өмірде. Ұзақ өмір сүріңіз...
- Сіз де, Людмила...
Бұйырған өмірді көрермін. Тіпті көбірек жасауым да мүмкін... Сізді көргенде басқа біреуді еске түсіргеніме ренжімеңіз. Ол өте жақсы адам еді. Сізді жаман адамға ұқсату мүмкін емес қой.
Бұған не дейсің? Ең дұрысы - үндемеу.
- Ренжімеңізші, үндемей қалдыңыз ғой.
- Өзім де айыра алмай тұрмын, Людмила, жақсы ма бүл, әлде жаман ба? Жақсыға жориықшы.
- Солай болсын.
Жас жуған бетін қолының сыртымен сүртіп қойды.
- Енді көңілдірек бірдеңе жайында айтайықшы,- деді ол.
- Бәсе, сондай бірдеңе табайық.
- Мынау кең дүниенің бәрі толған қызық емес пе? - деп Людмила ашық терезенің ар жағын көрсетті. Ол кенет көрпені сілкіп ашты. - Әрі қарай тұрыңызшы, киініп алайын.
- Неге?
- Сыртқа шығамыз.
- Денеңіздің ыстығы ше?
- Ыстықты осында қалдырып кетеміз. Ешқайда қашпас.
Ол шапшаң киініп алды. Мен бөгет жасамадым. Бәрібір көнбейді. Людмиланың айтқанынан қайтпайтынын білемін.
- Қолыңызды беріңіз, жадау жүзді Капитан!
- Мінеки, синьора Людсения.
Ол мені қолтықтап алды. "Менің қиялымдағы қыз" деген жаудан олжаға түскен фильм көрсетіледі бүгін. Оны былтыр Венада көргенмін. Сол картинада бір актриса бірі - бірінен айнымайтын екі әйелдің ролін бір өзі ойнайды. Өзімен - өзі бетпе-бет келіп сөйлеседі. Қайран қалғанмын. Міне, тіпті фильмде де жұрт өз рөлін ғана орындап қоймай, өзгенің рөлін де қоса ойнайды.
- Бүгін кино көрсетіледі, - дедім мен, - аты - "Менің қиялымдағы қыз".
- Одан да біз анау орындыққа отырайық та, кештің қалай батқанын тамашалайық, ымырт түскенін көрейік.
- Меніңше, ымырт көктен түспей, жер астынан көтерілетін сияқты.
Людмила бұған балаша таңырқады.
- Қызық екен! Онда қалай көтерілгенін көрейік! Зәулім магнолияның түбіндегі орындыққа барып отырдық. Магнолияның гүлдері әлі төгілмеген. Бірақ мұрын жаратын жұпар иісі бұрынғыдай аңқымайды. Сәл ғана сезіледі.
Жүре алатын аурулардың бәрі де киноға кетті. Жан - жақ жым - жырт болып қалды. Күн тау сыртына батып, ыстық аптабы басылғанымен, нарттай қызыл арай шашқан шапағы әлі алаулап тұр. Сонау теңіз ішінен албырап ай туып келеді. Ай алып толқынға соқтықса керек, сәл жоғары лықсып шықты. Шықты да, қайтып төмен түспеді, ауада қалықтап қалды. Күнді алмастырғалы келдім, оның орнын бастым деп ойлайтын шығар, байғұс. Оған күнмен жарысудың қажеті қанша? Өз міндетін жақсы атқарса, айға сол да жетеді ғой.
Дүние кейде маған алып ыдыс сияқты көрінеді. Ол ертеңгісінге қарағанда кеште кеңірек. Әсіресе жазғы кеште. Осы ыдысқа теңіздер, таулар, ормандар, далалар, бұлттар кіріп кетеді, армаңдар, үміттер, қуаныштар жүреді оның бір бүйірінде, ең түбіне бүкіл сырлар барып тұнады.
Людмила мен екеуміз самалда желбіреп тұрған екі шөптің сабағымыз. Бізді күн де, ай да, теңіз де көрмейді. Бірақ біздің олардан бір артықшылығымыз бар: біз бәрін байқаймыз, сеземіз, дүниенің іші-сыртын анық көреміз, бар ғаламды көңілімізге сыйғыза аламыз. Міне, саған шөптің сабағы! Сондықтан қуанамыз да, мұңаямыз да. Біз үнсіз кеш түскенін күтіп отырмыз. Содан асқан тамаша жоқ бізге әлемде.
Людмила тағы да мықтылығын танытты. Кешкі қоңыр салқын саф ауа оны сергітіп жіберді. Жөтелі де сиректеді. Менің қолымды ұстап, ақырын қысып қойды. Алақаны баяғыдай ыстық емес.
Оқиға желісі мен шешім
"Рақмет" деді ақылды қол Не үшін алғыс айтқанына түсінбедім.
- Дүние кемел жаратылыс. Қараңызшы, онда бәрі де бар, барлық иіс, барлық дыбыс жеткілікті. Тек бір нәрсе жетіспейді... - Людмила күліп жіберді.
- Не жетпейді, Людмила?
- Айтсам, күлесіз ғой.
- Айтыңыз, күлмеймін Бірге күлейік.
- Қақталған алма.
- Не дейсің, не?..
- Қанталған алма.
- Неге құрма емес, жүзім емес, мейіз емес?- деп қалжыңдап тізіп кеттім мен.
- Тек алма. Жаным жай, көңілім бүтін, төрт көзім түгел шақта маған жалғыз түйір алма жетпеді. Не бәрі жалғыз түйір алма... Міне, қазір де солай.
- Қызық екен...
- Шынында да қызық. Былайша ойлағанда қызық та емес. Оның себебі бар. Айтайын ба?
- Айтыңыз.
- Шешем мені көтерерде қақталған алмаға жерік болып, өліп - өшіп іздеген. Жыл маусымының алма болмайтын кезі екен, таба алмапты. Шешемнің жерігі қанбапты. Анамның сол тілегі өмір бойы маған көшкен. Ең қуанған шағымда қақталған алма іздеймін. Есуастық қой, білемін. Бірақ нәпсімді тыя алмаймын.
Ол кенет әңгімені басқа жаққа бұрды.
- Мен кешке қарай, дәл осындай кезде туғанмын. Сіз ше?
- Мен таң атар алдындағы елең - алаңда туғанмын. Сондықтан Үлкен шешем сол жылы жұмыртқа салмай ту жүрген ала қазды - түсі өзім туған мезгілдің түсіндей болғандықтан -маған атаған. Менің бақытыма қарай ала қаз келесі көктемде ұя толтырып жұмыртқа салған, балапан шығарған көрінеді. Шығарды ма, шығармады ма, кім білсін...
- Үлкен шешем дегеніңіз әжеңіз бола ма?
- Жоқ, Үлкен шешем. Әкемнің үлкен әйелі. Оның зайыбы екеу еді.
- О – о - о, білемін, - деп созды Людмила, - Шариғат! Сіздікі де екеу болар ма екен? Қажеті жоқ. Екеуінің біреуі бақытсыз болады. Әлде екеуі де... Тіпті үшеуі де... Ал әлгі ала қаздың жұмыртқалағаны рас шығар. Сіз киелі кісісіз. Мен оны баяғыда-ақ сезгенмін.
Жерден көтеріле берген түн қараңғысына ай ерік бермеді, селдір жарығын таратып, дүниенің билігін оз қолына алды. Жаңа түскен кеш ақырын қоңыр салқын түнге айналды. Мен Людмиланы қайтуға үгіттедім. Ол әуелі қарсы болса да, көп ұзамай көнді. Өйткені, оның өз сөзімен өзін ұстадым.
- Аз ғана қуанышымызды үркітіп алмайық. Әйтпесе, бізді тастап кетер ол.
Мен оны палатасына дейін шығарып салдым.
- Ғажап, - деді ол, - мен мүлдем шаршамадым. Керісінше, сергіп кеттім. - Көрісуге қолын ұсынды. "Қош, мені ұмытпа" деді қол.
Қайтып келген соң көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекшіп жаттым. Кинодан қайтқан екі көршім мені оятпау үшін аяғының ұшынан басып, ақырын шешініп жатты. Көп ұзамай қорылдап ұйықтап кетті түге. Бейбастақ ай әдепті ұмытып, бөлменің қуыс - қолтығын шарлап жүр. Бармаған бұрышы, көрмеген нәрсесі жоқ. Орындықтың арқалығына ілінген, белдіктердің тоғасын, гимнастерка түймелерін санап шықты. Людмиланың жүзіне, маңдайына, қолдарына да сәулесі түсе ме екен? Оның оң қолында жүзігі бар. Көзін жұмып, ұйқтап жатқан болар. Тыныш ұйықтағайсың, Людмила!
Ay, осы ұйқым неге қашты? Қақ алманың дәмі, иісі қандай екен? Мен оны жеу түгіл, өмірінде көргенім де жоқ. Шамасы, ол өте тәтті шығар... Осы айдың тап осылай маған ұйқы бермеген кезі қашан? Сонау бір кезде балалармен саяхатқа кетер алдынан осылай терезе түбіне түскен еді-ау. Бірақ мұншалықты мазамды алмаған-ды. Бәлкім, кейін, жүректі арман жетелеп, көңіл шалқыған шақтарда болған шығар аймен мұндай кездесу. Болды ғой... Бұдан былай да бола бермек...
Мен ерте тұрып базарға кеттім. Көшеде әлі адам сирек кездеседі. Бір үйдің алдында түтік тартып отырған қарттан мен жон сұрадым. Ол түтігін аузынан алып, ықыластана жол сілтеуге кірісті. Өте баяу, ентігіп, қақалып - шашалып сөйлейді: түк түсінсем бұйырмасын. Соны сезген қарт қайта түсіндіре бастады. Әйтеуір, бірдеңе аңғарған сияқтымын. Рақмет айтып, әрі кеттім. Келесі көшенің қалтарысында себет көтерген қартаң әйелге кездестім. Анығырақ білгім келіп, одан да жол сұрадым.
- Базар анау ғой, - ол иегімен корсетті, - иегіңнің астында тұр.
Шынында да базар "иек астында" болып шықты. Маған алғаш жол көрсеткен ақсақал адастыра жаздаған екен. Кез келген адамнан жол сұрасаң сөйтеді ғой.
Базарда әйелдер, кемпірлер тұздалған қияр, капуста, сарымсақ, қақ өрік, картоп салған самса, ірімшік және біраз тағамдар сатып тұр. Мұндағы дүниелердің бәрі де маған таныс. Бұрыннан білмейтін, көрмеген затым көзге шалынбайды. Қатар - қатар тұрғандарды тегіс аралап, керек дүниемді сұрап шықтым. "Жоқ" дегеннен басқа жауап ала алмадым. Кейбір жас әйелдер қалжыңдап та қойды:
- Қақ алмаға жерікпісің, немене?
- Жерігі сол, құрсақ көтергелі жүрмін, - дедім мен.
- Онда қыз туарсың.
- Маңдайға жазылғанын көрерміз.
Шелек, себет, дорба көтерген сатушылар үсті-үстіне келе берді, мен қатарларды аралап, сұрап келемін:
- Қақ алма жоқ па?
- Жоқ.
- Жоқ па?
- Жоқ.
Лобияның бұршағын сатып тұрған бір момақан апай маған өзі тіл қатты:
- Манадан бері қарап тұрмын, сарбаз, жоқ нәрсені сұрап, базарды бес айналдың, ажалға ем болатын нәрсе ме қақ алма.
- Ажалға ем болмаса, іздеп қайтем. Өзім жеп көрген нәрсем емес...
- Біздің үйде күбішенің түбінде бірнеше түйірі қалған сияқты еді. Азырақ сабыр ет. Мына төрт - бес стақан лобиямды сатып боламын да, үйге қайтамын.
- Маған төрт - бес стақан лобия бұршағы да керек еді. Өзім сатып алайын...
- Әуре болма, сарбаз, саған бұршақтың қажеті жоқ. Босқа ақша шығындап қайтесің, былайша да мойның ырғайдай. Бар, анау, ағаштың көлеңкесінде күте тұр.
Мен көлеңкеге кеттім.
Лобиясын сатып бітірді ме, жоқ па, көп ұзамай апай менің қасыма келді.
- Кеттік.
Мен оған ердім. Біраз жүрген соң ол кілт тоқтай қалды.
- Ә – ә - ә, өзіңнің де хәлің мүшкіл екен. Мойныңды қамыт қысып келеді ғой. Жайырақ жүрейік.
Тап - тар көшелерден, қисық - қисық қалтарыстардан өтіп, біресе олай, біресе былай бұрылып, біраз жер жүрдік. Тау бөктерінде жапырайып тұрған жұпыны бір үйдің алдына жетіп тоқтадық. Әйел шағын ергенектің жіп ілмегін ағытты.
- Біздің үйдің сиқы осы.
- Әйтеуір, -з шаңырағыңыз ғой.
- Өзім к-терген шаңырақ емес бүл, бауырым. Жұртта қалған тастанды үй еді, амалсыздан келіп кірдік...
Үйілген топырақтың қасындағы аласа орындықта бір кемпір отыр екен. Есік сықырлағанын есітіп, елең етті.
- Сен бе едің, Галина?
- Мен ғой, aпa.
- Аяғыңның дыбысын алыстан естігенмін. Қасыңда қонақ бар екен ғой...
- Иә, апа.
Үйге кірген соң Галина маған жай - жағдайын айтты:
- Шешем бомба жарылғанда кезінен айырылған. Анау жақта, Украинада, үйімізге бомба түсті. Бар дүниеміз сонда көміліп қалды. Шешем аулада жүріп аман қалған, әйтеуір.
Галина үйден шығып, табақшаға бүрісіп қалған қап - қара бірдеңелер салып әкелді. Алмаға ұқсамайды.
- Бар байлығым осы. Табақшасымен бере алмаймын, ыдыс - аяқ тапшы.
Шкафтың артына қыстырылған қатты сары қағазды алып, қақ алмаларды соған орады. Мен есептескелі ақша шығардым.
- Ажалға шипа болатын дәріге біз ақша алмаймыз. Құдайға шүкір, біз украинбыз, - деп ұялтты мені Галина, - жеген адамның дертіне дауа болсын.
Осы жұпыны үйден үш түйір алма ғана емес, көңілдің қыруар қазынасын алып кеттім. Уа, адамдар! Сендер мәңгілік құпиясыңдар - ау. Кімнің жаны жомарт екенін күн бұрын білуге болмайды, сірә. Галина! Мен сізді тағы да сүйсіне еске алдым. Сізбен кездескен соң мен сәулетті сарайларда үлкен сыйлықтар алдым, ел құрметтілерінің қолынан марапаттар қабылдадым, инабатты, әділ, беделді кісілердің аузынан езімді мақтаған жылы сөздер есіткен кездерім болды. Бұған әрқашан қатты қуанды. Бірақ сол қуаныштың бәрі, Галина, сіздің сыйлығыңыздың және сондай барлық сыйлықтардың жарығы мен жылуын бүркемелей алмады. Егер бүркемелеуге ерік берсем, өзімді-өзім тонап құртқан болар едім.
Асыл дүниемді кеудеме қысып, мен госпитальға тарттым. Талай адасып барып, жөнімді таптым. Ақырында жатқан жеріме есен - аман жеттім. Тұп-тура Людмиланың қасына келдім. Жағдайы жақсы көрінеді. Әдемі киініп, қоқита тараған қолаң шашына ақ жемелік байлаған. Жасарып кеткен сияқты. Томпақ еріні балғын қыздың ерініндей уылжып тұр. Терезе алдындағы орындықта бірдеңе тоқып отыр екен. Баланың башлығы. Баланың башлығын тоқығаны несі?
Мені көрген соң ол шаруасын қойып, "міне, мен бүгін қандаймын" дегендей, орнынан түрегелді.
- Менің қолымда не бар екенін тапсаңыз, өзіңізге беремін,- дедім мен жай - жағдай сұрасуды да ұмытып.
- Сәлеметсіз бе? - деді ол Мен сасып қалдым:
- Сәлеметсіз бе! Ғафу етіңіз.
- Егер таба алмасам, - ол менің қолымдағы қағазға оралған затты көрсетті, - кімге бересіз?
- Таба алмасаңыз да сізге...
- Мәссаған! - ол "мәссағанды" көңілі көтеріңкі сәттерде жиі қайталайтын. - Өлсем де, таба алмайтын шығармын. Мен өмір сүрсін десеңіз, корсетіңіз тезірек!
- Мәңгі өмір сүруіңізді тілеймін...
Мен асықпай ораулы қағазды аштым. Одан бүрісіп қалған әлгі үш түйір қақ шықты.
- Алма? Қақталған алма?! О, тәңірі! Қандай ғажап адамсыз? Мен бұларды сіз жоқта ғана жеймін, - қағазды қайта орап тумбочканың үстіне қойды. - Рақмет, Капитан! Бұл ұмытылмайтын сыйлық.
Бәлкім, бұл алмалар Людмилаға тек кеше керек болған шығар. Бүгін оларды аузына салмауы да ықтимал Былайша, қуанып, алғыс айтып жатқаны ғой. Қайдан, қалай тауып әкелгенімді қазбаламады. Осының өзінде инабаттылық, әдептілік, парасаттылық бар еді.
- Ал отырайық.
Отырған соң тоқып жатқан башлығын қайтадан қолына алды.
- Қыздарыма бас киім тоқып жатырмын, - деді ол, - бұрынғы күйеуімнен егіз қыз қалған. Төртке толып келеді. Біреуі әкесіне, біреуі маған тартқан. Екеуі де шалдуар.
Людмила бүгін сабырлы; жинақы, байсалды, қолдарының қимылы да ширақ. Көзіне тіктеліп қарауға тартынамын, әрі айбынамын. Сол өткір көздерде де бүгін дауыл басылғандай.
- Менің де төрт жасар ұлым бар,- дедім. Сол сәт құлағымның түбінде ұлымның өзім ауырмастан бұрын демалысқа қайтқанда айтқан сөздері есітілгендей болды. Мойнымнан қысып құшақтады да ол: "Мен сенің жалғыз өзіңді ендігәрі соғысқа жібермеймін!" - деді.
- Мәссаған! Сіздің балаңыз да торт жасар десеңізші. Қажет болса, мен оған да бас киім тоқып берейін.
- Ол жігіт болды. Енді кепкі киеді.
- Кімге ұқсаған?
Мен неміс минасының жарықшағы тескен комсомол билетімнің ішінен алып, оның шешесімен түскен суретін көрсеттім.
- Анасына тартқан екен. Сұлу болар. Мен қыздарымның суретін алып шықпадым әдейі. Қараған сайын көңілім босап, жылармын деп қорықтым. - Ол фотографияны қолына алды, - әйеліңіздің көздері ақылды. Сұлу әйелге ақылдың қажеті жоқ деген бекер. Сұлу ақымақтан сорлы жан жоқ. Табиғаттың ең үлкен қатесі ол...
Бұдан соң екеуміз де біраз сауығып, түрегеп жүретін болдық. Тау жаққа баруға батылымыз жетпесе де, ыстықтың әуірі басылған сәттерде, теңіз жағасына шығатынбыз. Теңіз жағасында Людмиланың көңілі көтеріледі. Біз толқындардың буырқанғанын қызықтаймыз, жұрттың толқынмен арпалыса жүзгеніне қараймыз, сонау алыста, көкжиектің шетінде көрінген кемелерді бөлісеміз: біреуі оныкі, біреуі менікі, біреуі оныкі, біреуі менікі... екеуміздің сыбағамызға біразы тиеді. Соншама кемеміз бола тұрып, өзіміз жағада отырамыз.
Жағдайымыз жақсарған соң Людмила менен суына түсті ме, байсалды болып кетті ме, шашымды сипамайды, көріскенде, қоштасқанда қолдары ештеңе сездірмейді. Алайда сәл керіспей тұрсақ, өзі терезе алдына келіп шақырады. Мен де оның қасына баруға ынтығамын. Людмиланың көршілері де, менің көршілерім де бізді нағыз ғашықтар деп ойлайды. Ғашықтық ауыр дерт екенін түсініп, тілектестігін білдіреді, бізді аяйды. Тіпті Мария Аристарховна да ізімізге түспейтін болды. Киевтен келген бір жас подполковник қана құрақ ұшып, Людмилаға тұзақ салып көрді. Көшеде көрсе, ізінен ерді, киноға барсақ, мені елемей, оның қасына айналсоқтай берді. Людмиланың палатасына менің көзімше талай келіп, есік қақты. Бірақ беті тез қайтты оның. "Көріп жүрген шығарсыз, подполковник, мен капитанмен көңілдеспін" деді оған әлгі жігіт өзі аңғармаған соң.
... Жиырма бес жылдай уақыт өткен соң сол подполковник бір шаруамен Үфіге келді. Жұрттан сұрап мені іздеп тапты, үйіме келді, шай іштік. Баяғыда Людмилаға жай ермек үшін емес, шынымен ғашық болғанын айтты. "Түсініксіз тылсым, киелі жан еді ол. Сіз бақыттысыз. Сіз оның қасында жүрдіңіз... Сол көктемде сізге деген ыза - кегімнің, өшімнің шегі жоқ еді. Міне, қазір өзім іздеп таптым. Бір түрлі сиқырлы күш ертіп келді сізге. Жаныма жай тапқандай болдым..." Ол көптен бері әскери қызметтен қол үзген екен. Сөзі сабырлы, мінезі байсалды, жуас кісі көрінеді. Баяғы кезде оны батыл, қалжыңбас еткен махаббат - ау, шамасы...
Людмила қазір мені жан баласына айырбастамайды, жалғыз өзімді ғана ұнатады. Сондықтан қатынасымыз жақсы, бірқалыпты. Содан соң мен оны, көріп отырсыз, талай еркектердің шабуылынан, құмартқан көздерінен сақтайтын қалқан қызметін атқарамын. Тоқтай тұр! Бұл не ғажап? Байқасам, мен бәрібір әлдекімнің, өзге біреудің міндетін атқарады екенмін: міне, қазір қалқанның қызметін атқарып жүрмін...
Қайтар уақытымыз да жетті. Біз бірге қайтуға тиіспіз. Кешке қарай көшеде ұзақ отырдық. Әлгі ай батып, енді бүкір ғана, мүгедек ай туған. Ол көкте емес, магнолияның бұтағына ілініп тұрғандай. Бір ұмтылсаң ұстай алатындай жерде сияқты. Бірақ менің онда шаруам жоқ. Людмила жабырқап отыр. Аузымызға сөз түспейді. Өткен кеткенді айту, орынсыз, уағда беру жалған сөйлеумен бірдей. Алдымен ол тіл қатты:
- Рақмет, сізге, Капитан!
- Не үшін?
- Не үшін екенін анық айта алмаймын. - Ол менің қолымды алақанына басты. Біразға дейін жібермей, қысып - қысып қойды. "Менің қымбаттым сен ғана. Басқасын айтуға қорқамын..." деді оның қолы. Тағы да бірдеңелер айтты, оны аңғара алмадым.
Таңертеңгі салқында жолға шықтық. Автобус лық толы еді. Симферопольге есен - аман келіп жеттік. Людмила жолда айтарлықтай қиналмады. Бізді вокзал төңірегіндегі бір үйге орналастырды. Пойыз кешке қарай кетпек.
Автобустан түскен бойы тап-тапал сойдақ тіс сары лейтенант қасыма үйірсектей берді. Бірдеңе айтқысы келеді, бір жаққа барайық деп ымдайды. Сөйлесіп тұруға мұрша жоқ. Шамадандарды ішке кіргізіп, Людмиланы орналастыру керек.
Заттарымды қойып қайтсам, "сойдақ тіс" алдымнан шыға келді.
- Лейтенант Уточкин! Леня Уточкин! Танысып қояйық!- Ол кенет басын кегжең еткізді. Сонда алқымындағы асты қылқ еткізіп, жұта салған үйректің балапанына ұқсап кетті. Егер фамилиясын "Уточкин" демесе, оның мына қарекетіне, бәлкім, мән бермес едім.
- Танысайық. Капитан...
- Білесіз бе, капитан, мұнда кешке дейін кісі шөлдеп өлетін шығар. Оның үстіне жұмыссыздықтан ішің пысады.
- Іш пыспау үшін не істеу керек?
- Таңертеңнен бастап шарап ішу керек. Мен осында бір керемет жерді білемін. Кеттік пе?
Мұндай "керемет" дегенде менің де тамағым қылқылдап тұрады. Емеурін байқатсаң, бітті! Тек Людмилаға айтпай кетуге болмас.
- Мен айтып шығайын...
- Ка – пи - тан! - деп созды Леня Уточкин. - Еуропаны азат еткен солдатсың ғой сен. Өз еркің езіңде. Кімнен рұқсат сұрайсың тағы да? Кеттік!
- Әйел кісі еді, андағы...
- Әйел күтуге тиіс. Әлгі әнде не деуші еді: "Солдаттар шарап ішкенде мөлиіп күтер жарлары" деуші еді ғой. Ән деген, бауырым, дәл айтады.
Құйттай лейтенант ішпеге - жемеге жанымды қояр емес. Әй - шәйге қарамай, ертіп кетті. Оның мына жылпостығына іштей қарсы болсам да, бетіне келер қауқарым жоқ, ештеңе істей алмаймын.
Леня Уточкин мені шарап сататын үлкен павильонға алып келді. Оның алдыңғы есігі құлыптаулы, терезе қақпақтары жабық екен.
- Сонысы рақат. Оңаша отырамыз - деді серігім. Ол артқы есікті қақты. Жауап жоқ. Содан соң Морзе әліппесі бойынша тықылдата бастады. Қандай құдіретпен екенін қайдам, есік өзінен өзі ашылып кетті. Бізді ағаш аяқты армян шал қарсы алды.
- Ә, лейтенант? Айналып келдіңіз бе?
- Елге қайтам, атай. Ақ билет берді. Сенің ағаш аяғың секілді, өмір бойы...
- Менің ағаш аяғым шыдамды болды, суыққа тоңбады, ауырмады, оған өкпем жоқ. Не ішесіздер?
- Қайсысы жақсы, соны ішеміз.
Біз әуелі бірер стақан ашқылтым ақ шарап іштік, содан соң тәтті күреңінен ауыз тидік, кейін қызылына көштік. Содан аққа қайта ауысқанымызда Леня Уточкин үстелді сарт еткізіп, қойып қалды:
- Мен генерал болу үшін туған жан едім. Кавалерия генералы! Қазір қатардан қалған лейтенантпын... Босап қалған оқ қалбыры...
- Аман қалғаныңа, жер басып жүргеніңе шүкір ет, есер неме!- деп ұрысты оны қожайын қарт.
- Боқтықта қоңыз да өмір сүреді! Кеудемді қаптаған мынау сылдырмақтарды қойшының шекпеніне тағайын ба? - Ол кеудесін қақты, Өңірі толы ордендері мен медальдары сылдыр етті. - Жиырма үш жасында арманынан айырылу оңай емес. Ең ақыреті сол
Мен әжептәуір мас болсам да Леня Уточкинді түсінерлік жағдайым бар. Екеуміз кереғар екі дүниеде, алшақ жатқан екі заманда өмір сүретін жан сияқтымыз. Оның үміті артта қалған, ал менің үмітім, аман болсам, әлі алдымда. Манағы батыл, ожар, өркөкірек лейтенант қайда кеткен? Мынау мүлдем басқа кісі ғой Көңіліндегі қайғысын, бар азабын сырттан жалтырап көрінетін қабық ішінде жасырып жүр екен. Не деп жұбатамын? Мұндай жағдайға алғаш рет кездесуім. Біз, аман қалғандар, армян шал айтқандай, өмір сүргенімізге шүкір етеміз. Ал Леня Уточкннге бұл да аз.
Бір қызық жері, лейтенант шағынғанын осы жерде тоқтатып, әлгі жалтырауық қабығын қайта киді. Біз дүниені ұмытып, басымыздың ауған жағына кеттік. Армян шалдан шыққан соң қайдағы бір шарап қоймасына кіріп, тағы біраз шөлмекті төңкердік, одан базарға бардық, қайтарда вокзал буфетіне соқтық. Мұнда құлашымызды жаңа жая бергенде, біреу менің жеңімнен тартты.
- Капитан! Сізді іздеп бүкіл қаланы шарладым. Зәрем қалмады. Аман - есен... Әйтеуір, аман екенсіз!
Мен басымды көтеріп қарадым, бірақ ештеңе айта алмадым. Тілім күрмеліп қалған.
- Құдай - ау! Қандай күйге түскен...
Алдымен буфет сөресіндегі шынылар, одан соң терезелер, қабырғалар теңселіп кетті. Олар ауып түсер-түспестен үйдің өзі шыр айналды. Дүние шыр көбелек айналады, тек орнынан тапжылмайтын екі қара көз. Мен үгітіліп, құрып барам, жанып барам. Жоқ, үгітілмеймін - ау, батып барамын, жерге сіңіп барамын. Әлгі екі көз мені тұңғиыққа тартып барады.
Бірдеңенің салдырынан оянып кеттім. Вагонда бара жатыр екенбіз. Маңдайымда дымқыл шүберек. Оны біреу қолымен басып отыр. Танимын сол қолды: Людмила. Кешегі мастықтың сергелдеңі көз алдыма ойқастай береді. Сасқанымнан көзімді жұмдым. Бірақ әлгі сұмдықтар одан сайын айқындала түсіп, ұяттан өртеніп барамын. Көзіңді қанша жұмғанмен ұяттан құтыла алмайсың.
- Ішкіңіз келе ме?
- Иә.
Қолын желкеме қойып басымды көтерді. Алақаны ыстық. Азырақ қалтырап кеткен сияқты.
- Мүмкін болса, кешіре алсаңыз, мені ғафу етіңіз, Людмила.
- Ұсақ - түйекті қоя тұрайық. Мә, ішіңіз, сақалды сәби. Талай рет жүрегіңіз соқпай, тоқтап қалды. Зәремнің ұшқаны - ай... Ішіп қойыңыз енді,- Ол стақанды өзі ұстап тұрып ішкізді.
Жоғарғы сөреден біреудің жүдеу, сидам сирағы салбырап тұр. Ол вагонның ырғағымен тербеліп барады. Армян шалдың кесілген аяғын әкеліп, асып қойған ба, қалай? Солай шығар... Ақылдан адасып, сандырақтап жатсам керек!
- Мен есеңгіреп қалыппын, Людмила.
- Қазір есіңіз кірді,- ол менің басымды тағы да жастыққа түсірді,- ұйықтаңыз!
- Сіз де...
- Мен де ұйықтаймын.
Түні бойы Людмиланың жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Қашан оянсам да, баяғы қалпында, менің маңдайыма дымқыл шүберек басқан күйі отыра берді. Таң ата жағдайым жақсарды. Людмила да шешінбестен жатып, ұйықтап кетті. Өмірімде ең алғаш және соңғы рет мен оның жүзіне ұзақ қарап тұрдым. Ұзын кірпіктеріне, томпақ еріндеріне, кең маңдайына, қара шашына, кішкентай құлақтарына мейірім қанғанша қарай бердім. Менің қарағанымды сезсе керек, ол көзін ашты.
- Не, Капитан? Неге соншама қадала қарайсыз?
- Жол айрығы жақын қалды ғой. Кейін қарай алмаспын деп...
- Мезгілінен бұрын жабырқамаңыз. Алдымызда әлі бір күн бар, Жылдың ең ұзақ күні -жиырма үшінші маусым.
Бұдан қысқа, бұдан тез өткен күнім болмаған шығар. Шақпақ шаққандай жалт етті де жоқ болды. Өзімізбен бір купеде келе жатқан кісілерді де, терезеден көрінген жасыл дүниені де байқап үлгіре алмадым. Ол күн - Людмиланың көзінде ғана тұрды. Көзін бір ашып -жұмғанда - жанды да сөнді.
Түнде біз Сталинградқа келіп жеттік. Мұнда пойыз жарты сағат тұрады. Людмила осында түсіп, Ростовқа кетпек. Оны күйеуі қарсы алады. Біз заттарымызды көтеріп вагоннан шықтық. Жаңбыр құйып тұр. Людмиланың күйеуін күттік. Қасымызға ешкім келмеді. Шамасы, бес минут, он минут өткен шығар. Әлі тұрмыз. Сөйлесетін сөзіміз жоқ. Көп ұзамай басқа біреумен, басқа сөздер айтылмақ. Ол әлі жоқ. Күтіп тұрмай, вокзалға кірмекші болдық. Вокзал дегені едәуір шетте тұрған ағаш үй болып шықты. Людмиланы сонда ертіп бардым. Есіктің алдына жеткенде ол қоштасуға қолын берді.
- Қош, Капитан, қош болыңыз... Хат жаз. Бір хат...
Шамаданы заттарымен есік алдында қалды. Ішке кірмеуімді өтінді. Мен пойызға қарай жүгірдім. Өкпем алқынып, тоқтай салып, тағы да жүгіремін. Жаңбыр құйған үстіне шелектеп құя берді. Бүл аз дегендей, қатты дауыл соқты. Үсті-басым малмандай. Перронға келіп жеткенде өзіміздің құрамды көріп, жүрегім басылды. Азырақ тоқтап, дем алдым. Кенет жаңбырдың сарынын басып, бос перронға бір жуан дауыс жаңғырықты: тастай қараңғы түнде өзі адасқан, әлде адасып қалған біреуді жанталаса іздеп жүрген адамның дауысындай үрейлі үн бір түрлі. Кімді шақырады ол?
- Людмила! Людмила Соколова! Қайдасың Людмила!!!
Ол менің ту сыртымнан құрамның аяғына қарай жүгіріп өтті. Мен оған қарағаным жоқ. Жаңбырдың саулаған сарыны арасынан әлгі сөздерді қайталап барады:
- Людмила Соколова, қайдасың? Людмила! Людмила Соколова.
Осы дауыс менің жүрегімді тіліп өтті. Пойызға мінген соң да, түскенде де, жатсам -тұрсам құлағымнан кетпеді, көңілімде сайрап тұрды сол дауыс. Қазір мен өзім айқайлаймын, адасып қалған жүрегім айқай салады: "Людмила Соколова, қайдасың?!" Жауап жоқ.
Мен оған қатарынан екі хат жаздым. Махаббат хаттары еді бұлар. Людмиланың санаулы күндері қалғанын да білемін, сезімімнің қайғылы екенін де түсінемін, сөздерімнің оны жұбата алмайтынын да аңғарамын, сонда да жаза бердім. Өйткені, өзегім өртеніп барады. Бәлкім, хаттарым оған ажалдан бұрын барып жетер, бәлкім, оның ақылды қолдары бұл қағазға тиіп үлгірмес, бәрібір жаза беремін. Себебі, мен әлі тірімін.
Хаттарым барып жетіпті. Жауап келді.
"Қымбаттым!
Жазуыма қарап сезерсіз, саусақтарым еркіме көнбейді. Әріптерімнің басы бірікпейді. Сонда да жазып отырмын. Менің айтар ақтың тілегім мынау: мен сізді, жалғанда жалғыз өзіңізді сүйіп өлемін. Симферопольдегі кезіңізді емес, Ялтадағы кезіңізді сүйемін. Жоқ, дұрыс емес! Бәле жарып, ұсақтау — дұрыс емес. Мен сіздің бүкіл өткен өміріңізді, алдағы өміріңізді сүйемін... Мен сонау сәуірдің ортасында - ақ өмірмен қоштасатын едім. Анада автобустан түскен соң мен шамаданымның үстінде отырып, теңізбен қоштастым, таулармен есен - саулық айтыстым. Сіз қасыма келіп тұрдыңыз. Мен қайғымды жасыру үшін сізді қуып жібердім. Қуып жіберсем де, қатты өкіндім. Құлазып қалдым. Шүкір, қайта табыстық. Білесіз бе, өзіңіздің не істегеніңізді? Сіз маған үш ай, толық үш ай өмір сыйладыңыз. Өкпем өшіп, жүрегім әрең соғып тұрған кез еді. Үш ай бойы мен тек махаббатпен өмір сүрдім. Үш ай бойы мені ажалдан қорғады ол бұрынырақ кездессек, бәлкім, ауруды жеңер де едік. Кеш, кеш, кеш енді... Осының өзі үшін сізге де, тағдырға да рақмет. Көре алмаған қуанышымды, қолым жетпеген бақытымды сізге қалдырып кетемін. Мен үшін де қуаныңыз, мен үшін де бақытты болыңыз. Мұңаймаңыз...
Людмила ".
Гимнастеркамның қалтасындағы екінші хат осы еді.
Басымды кімнің алақанына сүйермін енді? Үлкен шешемнің жұмсақ, жылы қолдары көптен бері суынып қалған. Оның мәңгілік қара көрпесінің үстіне кейде жасыл, кейде сары, кейде ақ жабу жабылады. Онда да мезгіл ауысып тұрады...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру