Қиямет-қайым ғасыры
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
/uploads/dd132508-a398-526b-b952-e12ccb90a414/cover.png
КҮМӘН КЕЛТІРУШІЛЕР ҮШІН ЖАЗЫЛҒАН КІТАПТАН ҮЗІНДІ
«Қайда жүрсеңдер де тек ізгілікке ұмтылыңдар!
Түбінде Алла сіздердің бастарыңды қосады»
Мұхаммед с.ғ. с.
АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА
Әрбір саналы Адам Құдай көз бергеннен кейін жан-жағына қарамақ. Табан астында жұмыр Жер, төбесінде тұңғиық аспан. Ақылға сыймас алып ғалам табанында құмырсқадай қыбырлаған Адам.Соның бәрін көреді. Көреді де ойлайды. Осының бәрі қалай басталды? Қайдан келіп, қайда барамыз? Осындай ызыңдаған сарымаса сауалдар кімді де болса мазалайды. Бізді де мазалады. Тым ерте мектеп қабырғасынан бастап сол сауалдар бізді дірдектетіп кітап әлемін аралатты. Сөйтсек, арғы-бергі заманда бұл сауалдарға жауап іздеушілер көп болған екен. Адам Адам бола бастағалы дін де, ғылым да осы сауалдарға сабылып жауап іздепті. Өзінің қайдан шығып, қайда бара жатқанын білу әрбір ойшылға мақсат болыпты. Бұ Дүниені тану, Бұ Дүниедегі өмір мәнін ұғу мақсат болыпты. Бұ Дүние мәнін ұққан Адам - бағыт сілтер бақыт жұлдызын – Темірқазығын тапқандай болыпты. Темірқазығын тапқан жан - түн түнек құшағында келе жатса да адаспас ақадал жан. Біресе шаң кешіп, біресе тұман кешіп, біресе қан кешіп алмағайып сапарда келе жатқан адамзат та біз сияқты сабылып бақыт жұлдызын іздепті. Іздеумен келеді. Біз де сөйттік. Тірлік Темірқазығын іздедік. Сөйтіп, Жер бетіндегі жалғыз сапарымыз бақытқа бастаса екен дедік. Сол жолда адастық. Аласұрдық. Түңілдік. Сүріндік. Құладық. Қайта тұрдық. Не таптық, не қойдық?
Әңгіме осы туралы.
Автор
ҰЛЫ БАСТАУ
Бұл ғалам қалай басталды? Атамзаманнан адамзат осы сұраққа жауап іздепті. Және осы сауалға талай қасиетті кітаптар жауап беріпті. Біз сол кітаптардан ғалам бастауында кім тұрғаны жәйлі үзік-үзік ойларды назарларыңызға ұсынамыз.
«Өлім де болған жоқ, өлімсіз де болған жоқ,
Күн мен түннің белгісі де болған жоқ.
Өз заңы бойынша Жалғыз Біреу тыныстады,
ауаны қозғалтпай.
Одан басқа ешкім де болған жоқ.
Алдымен Онда ниет пайда болды,
Ойдың алғашқы ұрығы еді ол.
Бейтірлікте тірліктің ашылуы туды.
(Ригведа. Шамамен 9 мың жыл бұрын жазылған.)
«Жаратушымын – Жарылқаушымын,
Қорғаушымын, Бәрінбілушімін.
Менің атым – Бәрінжоюшы,
Менің атым – Бәрінжаратушы.
Даналардың данасымын,
Құдіреттінің Құдіреттісі менің атым»
(Авеста. Шамамен 3,5 мың жыл бұрын жазылған)
«Әуел баста Құдай аспан мен Жерді жаратты.
Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты.
Суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды.
Ал, Құдай рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді»
(Таурат.3 мың жыл бұрын жазылған)
«Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты»
(Таурат)
«Жаратылмай-ақ Жер мен бүкіл әлем, таулар жаралмас бұрын бар боп келген мәңгі тірі болатын Құдайсың сен!»
(Таурат. Мұса пайғамбар сөзі)
«Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді. Оның қолының керемет істерін ауа кеңістігі де көрсетеді.
(Таурат. Дәуіт пайғамбар сөзі)
«Білімнің бастауы – Тәңір Иені терең қастерлеп оған мойынсұну»
(Таурат. Сүлеймен пайғамбар сөзі)
«Аспан мен Жер болмай тұрып, аласапыраннан Ол пайда болды. Онда дыбыс та жоқ. Пішін де жоқ. Ол жалғыз. Ол мәңгі өзгермейді. Оның араласпайтын жері жоқ. Оған тосқауыл жоқ. Оны Аспанастының анасы деуге лайық. Мен оның атын білмеймін.Иеороглифпен жазып Дао дейін атын Оның. Ұлы дейін атын Оның»
(Лао – цзы. 2,5 мың жыл бұрын жазылған)
«Ол тумады және туылмады» ( Құран.Ықылас сүресі)
«Ол барлық нәрсені жаратты.
Және барлық нәрсені толық білуші» (Құран. Анғын сүресі)
«Аллатағала, одан басқа тәңір жоқ.
Ол тірі.
Ол мәңгі толық меңгеруші.
Ол ұйықтамайды да, қалғымайды да.
Көктер мен Жердегі нәрселер оған тән.
Оның ғұзырында оның рұқсатынсыз
кім шапағат ете алады?
Ол құлдарының алдарындағыны да,
арттарындағыны да біледі.
Оның қалауынсыз ешкім ешнәрсе білмейді.
Оның құдіреті көктер мен Жерді сыйдырады.
Көктер мен Жерді қорғау ол үшін қиын емес,
Ол аса биік. Ол аса зор. (Құран. Аятұл-күрсі)
РУХ
Бұдан шамамен 9 мың жыл бұрын дүниеге келген, адамзаттың ең ескі жазба жәдігерлігі делінетін үндінің «Ригведа» кітабы:
«Бүкіл ғаламды мұхиттай шексіз киелі сөз өзінің құдіретті ықпалымен шұғыла шашып, нұрландырып тұрды» дейді.
Осыдан шамамен 3,5 мың жыл бұрын парсы елінде пайда болған зороастризм дінінің басты кітабы «Авеста»:
«Ізгілікті ойға беріл,
Ізгілікті сөзге беріл,
Ізгілікті іске беріл!» дейді.
Бұдан 3 мың жылдай бұрын Мұса пайғамбарға уахи етілген «Таурат»:
«Сонда Құдай «Жарық пайда бол!» деді. Сөйтіп жарық пайда болды. Жарықты Күн деп атады» деп басталады.
Екі мың жыл бұрын Иса пайғамбарға уахи етілген «Інжіл»: «Ең алдымен сөз болған» деп басталады.
Біздің заманымыздың 7 ғасырында Мұхаммед (ғ.с.с.) пайғамбарға уахи етілген «Құрани Кәрім»:
«Ол бір істі қаласа тек ғана оған «Бол!» дейді. Сонда ол болады» дейді (Мәриям сүресі) Алланың әлемді, Адамды жаратуы жәйлі.
«Егер Жер бетіндегі барлық бау-ағаштар қалам болып, теңіз сия болса, содан кейін оған 7 теңіз қосылса да Алланың сөздері (жазғанда) таусылып бітпейді» (Құран. Лұқпан сүресі)
Пайғамбарлар арқылы адамзатқа осылайша әр заманда уахи етілген осынау киелі мәтіндерден келіп шығатып қисын - рухтың мына материалдық дүниеден басы ашық бұрын болғандығы. Яғни Рух (жан, ой, сөз) бұрын болып материалды дүниені соң Сол жаратқандығы. Жаратушыны адамзат «Құдай» деген. Және әр халық Оны өз тілінде атаған. Сөйтіп, әр тілде әртүрлі аталған жалғыз Жаратқанды кейбір халықтар «жекешелендіріп» алып, өзге тілде өзгеше аталған Хақты түбі бір болса да теріске шығарып отырған. Ал, Жаратқан болса о бастан жалғыз еді. Ол адамзатқа арнап әр заманда әртүрлі тілде аян түсірді. Ол тұтас бөлінбес бір болғандықтан әртүрлі тілде түсірілсе де ол аяндардың мазмұны ұқсас бірдей болды. Адамзатқа аян етілген алуан түрлі діни мәтіндер мазмұны осыны мегзейді. Сол қасиетті мәтіндерге сүйенсек ең бірінші Құдай рухы болыпты. Өзге ешнәрсе болмапты. Ол рух материалды емес, денесіз және Ол мәңгі болған. Тумаған да, туылмаған. Ол жаратылмаған. Бірақ өзгелерді жаратқан. Ол не қаласа сол болған. Материалдық дүние керісінше мәңгілік емес. Шектеулі. Өйткені ол жаратылған. Ал, Жер бетіндегі жанды тіршілік иелерін Құдайтағала материалдық нәрседен: топырақтан, судан, ауадан, оттан жаратқан. Тірлік етсін деп оған өз рухынан үрлеп жан берген.
Байқап отырғаныңыздай Құдай Адам баласына жанды өз рухынан үрлеп берген. Осыдан адам дуализмі - қос тектілігі келіп шығады. Немесе, тән кеше ғана Жаратушының бұйрығымен өмірге келгендігі мәлім болса, ал, жан мәңгілік Құдай рухынан жаратылғандығы байқалады. Жан сөйтіп мәңгілік Құдай рухының тіршілікке дарытқан мұғзижасы болып шықты. Жан мен тән арасындағы құтаймас мәңгілік қайшылық төркіні осында жатса керек. Бұл антоним әрбір жаратылған нәрсеге тән антонимдер қатарын толықтырады. Күн мен түн, ақ пен қара, ер пен әйел, ыстық пен суық, періште мен сайтан т.т. тәрізді. Тән өледі, ол - уақытша. Жан өлмейді, ол - мәңгілік.
Жан, ой, сөз – рухтың әртүрлі көріністері ғана. Ал, рух болса - киелі мәтіндерге сүйенсек -Құдайдың болмысы. Құдай – рух. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Сондай-ақ Ол бүкіл ғарышты қамтып жатқан ақыл жетпес алып. Құдайтағала өз болмысынан үрлеп Адам ғалейссаламға жан берді делінеді. Адамды Ол өзіне ұқсас етіп жаратыпты. Ұқсастығы денеде емес, ұқсастығы ортақ рухта жатса керек. Сондықтан да Жаратқан Ие адамды періштелерден жоғары қойыпты. Оны өзінің «орынбасары» деп жариялапты. Сондықтан да періштелерге Адам ғалайссаламға бас иіңдер деген. Періштелер Адамға бас иген. Жалғыз ғана Ібіліс илікпеген. Сондықтан ол Құдай қарғысына ұшыраған.
Жәннат бағында жүрген Адам Ата мен Хауа Ана Алла бұйрығын орындамаған. Тиым салынған ағаштың миуасынан татқан. Сондықтан оларды да Құдай қарғап Жәннат бағынан қуды. Жерге түсірді. Азапты өмір кешуге жазды. Жер бетіндегі адамзат тарихы осылай басталған дейді қасиетті кітаптар.
Қасиетті кітаптарға қарап отырсақ Құдайтағала дүниені жаратқанда да, және Жер бетіндегі тіршілік иесі - Адамды жаратқанда да оларға қаратып сөз айтқан. Өзінің бұйрығын сөзбен жеткізген. Яғни, ештеме сөзсіз болмаған. Нәрсе жоқ кезде Құдайтағала «Бол!» деген. Қараңыз, Құдай сөзді қолданған. Сөз арқылы періштелерімен тілдескен. Адаммен тілдескен. Сөз арқылы Жер бетінде таңдаған пайғамбарларына уахи түсірген. Соңғылықта сол аяндардан қасиетті кітаптар құралған. Ол кітаптар мыңдаған жылдар бойы Жер бетінде Адам үшін күресіп келеді. Жер бетін қара түнек баспас үшін адамзатқа ақ жол ашып, жарық шашып келеді. Сол кітаптарда келтірілген дұғаларды дауыстау арқылы адамзат Жер бетінде тұрып та өзін жаратқан Иесімен қарым- қатынас орнатып келеді. Осының бәрі сөз арқылы жүзеге асып келеді. Осыдан келіп сөзді Құдай рухының дауысталған формасы деуге хақымыз бар. Киелі мәтіндер бойынша Адам болмастан бұрын сөз болған. Алла ниетін сөзбен білдірген. «Бол!» деген. Болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл сөздің Құдай рухының дауысталған формасы екендігін көрсетеді. «Алдымен сөз болған» Осынау уахи астарында айлапат ақиқат жатыр. Бұл ақиқат сөз бен тілдің Құдай рухының дауысталған формасы екендігін айғақтап тұр. Адам баласына берілген айлапат рухтың (ой, жан, тіл мен сөз дегендердің) киелі бастауынан яғни тәңірлік төркінінен хабар беріп тұр.
Сол тәңірлік рухтың арқасында адам бүгінде тау қопарып, тас жарып жатыр, Жер бетіне симай көз жетпес ғаламшарларға көз ілеспес жылдамдықпен ұшып жатыр.
Сонда ой мен сөз яғни рух ғаламның қозғаушы күші болғаны ғой.
Себеп пен салдар. Себепсіз салдар жоқ. Ендеше рух жаратылыстың себебі болғаны ма?! Біз көріп тұрған жаратылыс сол ұлы себептің салдары ғана болғаны ма?!
Осы сауалға жауап іздеп ғылыммен теология ғасырлар бойы қырқысып келді. Бірін-бірі жоққа шығарды.
Ғылым қашанда материалдық әлем болған, соның эволюциясының нәтижесінде адам, сана пайда болды деп біледі.
Ғылымның бұл мыңдаған жылдар бойы ұстанып келген мызғымас ұстанымына ХХ-ғасырда сол ғылымның өзі ашқан жаңалық оңдырмай соққы берді. Бұл жаңалық – кванттық физика ашқан жаңалық еді. Кванттық физика адам рухы материалистік әлемге тікелей әсер ете алатынын, керек десеңіз оны өзгерте алатын сұрапыл күшке ие екенін дәлелдеді. Және оны заманауи күрделі ғылыми тәжрибелер арқылы дәлелдеді. Бұл қозғалыстың басында ұлы Эйнштейн тұрды.
«Адамзат қауымы, өсімдіктер, ғарыш шаңы, яғни күллі ғалам түгел бір көзге көрінбейтін құпия сыбызғышының сазына елтіп билеп тұр» деп жазды ол. Яғни, бүкіл жанды, жансыз жаратылыс әлемінің белгісіз бір рухқа бағынып тұрғанын мойындады.
Біз бұл тақырыпқа әңгімеміздің барысында тағы да қайта айналып соғатын боламыз.
Ғылым бүгінде біз көріп тұрған ғалам осыдан шамамен 14 млрд жыл бұрын бір алапат қопарылыстан бастау алған дейді. Бір қозғалыссыз алып тығыз материя кенет өз-өзінен күңірене қопарылса керек. Жарылған бомбадай әлгі материя жан-жаққа жаңқалана ұшса керек. Сол қопарылыс салдарынан пайда болған бүгінгі ғаламшарлар, жұлдыздар, галактикалар сол алғашқы қарқынмен әлі де жан-жаққа бытырай тарап бара жатса керек. Ғылым осынау сұрапыл жылдамдықпен бір орталықтан жан-жаққа бытырай тараған аспан денелерінің жылдамдығын кері есептеп көріп қопарылыстың қашан, қай нүктеден басталғанын шамалады. Арадан 5 млрд жыл өткенде Күн жүйесі пайда болыпты. Уақыт өте келе суыған ғаламшар Жерде тіршілік бүршік атып эволюция нәтижесінде бүгінгі адам пайда болыпты. Алайда, ғылым сол алғашқы алапат қопарылысқа не себепші болғанын білмейді. Яғни, белгісіз себептің белгілі салдарларын ғана зерттеумен келеді.
Дін болса бүгінгі бар жаратылыстың бастауында құдіреті күшті саналы Жаратушы болған деп біледі. Оған сенбесеңіз төңірегіңізге қараңыз. Бұ жәйлі Алланың адамзатқа түсірген соңғы сөзі Құранда дәлелдер көп. Адамды қоршаған орта – аспан, Жер, Ай мен Күн, жұлдыздар, ауа, су, жан-жануарлар, өсімдіктер – осылардың бәрі өзін жаратқан Иесінен хабар беріп тұр дейді. Ұлы неміс философы И.Кант: «Қайда қарасақ та әрекет пен себептің, мақсат пен құралдың, жаратылу мен жойылудың заңын көреміз. Ешнәрсе өзінің осы тұрған қалпына өздігінен келе салмайды. Оның себебі бар... ...Сонда сіз әлемдегі күллі болмыстың Себебі деген даңғайыр құдіретті ақылға сидыра аласыз ба?! » (И.Кант. «Критика чистого разума»)
Бұ жәйлі түрік теологі Фетхулла Гулен өз шығармаларында тыңғылықты айта білген. Гулен әлемді Алланың адамзат үшін жайылған Ұлы Кітап- Көрмесі деп біледі. Ғылымның дамыған сайын табиғат заңдылықтарын ашуы сол Ұлы Кітап-Көрмені барған сайын Адамның тереңдеп оқуынан дейді. Гүлен мына жайнаған ғалам Алланың Адам үшін жайып қойған көрмесі деп біледі.
Ғылым Адамды жаратқан ұлы Даналық Иесі емес, табиғат деуден, табиғаттағы эволюция деуден танатын емес. Дін оны жоққа шығарады.
«... Ол Адамды әуел баста лай-балшықтан жаратты» (Құран. Сәжде сүресі»
«Сосын бел суынан қою қанды жаратып, қою қаннан бір бөлек етті жаратып, бір бөлек еттен сүйектерді жаратып, бұл сүйектерге ет қаптадық. Сонан соң, оған жан кіргізіп, әуел бастағы бір тамшы бел суынан – нұтфадан бүтіндей басқа бір жанды пайда еттік» (Құран. Момындар сүресі)
Осынау ана құрсағында Адамның бір тамшы ұрықтан қалыптасу үдерісін Құран қалай баяндаса соның қаншалықты дәл екенін бүгінгі дамыған заманауи технология солай дәлелдеп берді. Заманауи технология сондай-ақ бір тамшы шауқат ер адам ағзасынан атылып шығып ана құрсағына енгеннен кейін аналық жасуша-жұмыртқаға жеткенше миллиондаған сперматозоид жолда қырылып оның тек біреуі ғана аналық жасуша-жұмыртқа сауытын бұзып ішіне енетінін көрсетіп отыр. Аналық жасуша-жұмыртқа сауытын бұзғанша сперматозоид пошымы басы доғал құйрығы сүйрік келеді. Оның доғал басы екпінмен келіп аналық жасуша-жұмыртқа қабырғасына соғылғанда сауыт жарылып сперматозоид ішке енеді. Құйрығы сыртта қалады. Сөйтсе оның құйрығы жылдамдық үшын ғана керек болған екен. Осылай таза инженерлік тәсіл арқасында ішке енген аталық жасуша аналық жасушамен табысып эмбрионға айналады. Эмбрион аналық және аталық тек – код сақталған қойма дерлік. Эмбрион пайда бола салысымен жатырға қарай қозғалады. Оны кім қозғайды? Ешкім білмейді. Қозғалып барып жатырға енген эмбрион жатыр қабырғасына жабысады. Содан кейін миллиондаған жасушалар эмбрион құрамын өсіре бастайды. Бұл үзіліссіз үдеріс. Сөйтіп, миллиондаған жасушалар болашақ адам ағзасының құрылыс материалына айналады. Адам ағзасын қалыптастыру тынымсыз жүріп жатады. Құранда айтылғандай алдымен пайда болатын адам ағзасының негізгі құрылыс материалы - ұйыған қан. Ұйыған қаннан ет пен сүйек жасалынады. Сүйекке ет қапталады. Бұл құрылыстың бір ерекшелігі бұл жерде жұмысшы қолы жоқ. Болашақ Адамның негізгі құрылыс материалы яғни кірпіші – жасушалар. Жасушалар өздерін өздері тынымсыз құрастыруға кіріседі. Әрі жұмысшы, әрі кірпіш рөліндегі жасушалар кұндіз-түні тыным таппайды. Тыным таппайтыны ұлы Жаратушының жобасы - адамның ана құрсағында қалыптасу мерзімі шектеулі. Одан кейін ол жарық дүниеге шықпақ. Ал, ата-ана болса нәрестенің ана құрсағында қалыптасу барысынан хабарсыз. Ана бұл кезде татымды ас қабылдап отырса ғана болғаны. Қалғаны Жаратушы ырқында. Ұйыған қаннан Адам ағзасын толық шығару сол құдіреттің қолында. Адамға тіршілік етуге қажетті мүшелердің бәрін Жаратушы 9 ай 9 күн ішінде дайын етеді. Адам ағзасындағы ең күрделі аппарат ми. Заманауи технология көрсеткендей оның ішкі конструкциясы тым күрделі. Өйткені ми ертең күрделі ойлар қайнап жататын зерденің қара қазаны болуға тиіс. Болашақ адам осылай қалыптаса бастайды. Адам Жер бетінде күн көру үшін ойлауы керек, көруі керек, жүруі керек, естуі керек, тамақтануы керек, иіс сезуі керек. Ұрпақ жалғастыруы керек. Жаратушы сондықтан адамды жобалағанда осы функцияларды атқаратын мүшелерді жобалаған. Адам ағзасы инженерлік тұрғыдан да, эстетикалық тұрғыдан да мінсіз. Мысалы, асқазанға жеткенше асты ұнтау керек, сол үшін адамға тіс берілген. Ас асқазанға түскесін қорытылуы керек. Оған қышқыл құю керек. Осы мақсатта өт жаратылған. Асқазанда қорытылған ас бауыр арқылы қанға айналып, ол қан бүкіл ағзадағы жасушаларға қорек тасымалдауы керек. Ал, қанды бүкіл ағзаға айдап тұратын компрессор қайда? Ұлы инженер -Жаратушы о жағын да қарастырған. Нәтижесінде өмірге таңғажайып аппарат жүрек келген. Қарапайым қисынға салсақ жүрек алып шаһарды ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған компрессор-станса қызметін атқарады. Қала саларда инженер-жобалаушылар қалай бәрін алдын-ала жоспарласа, адамды жобалаған Жаратушы да бәрін алдын-ала реттегені көрініп тұр.
Тоқтаусыз соғып тұратын жүректің қысымымен бүкіл Адам денесіндегі жасушаларды қоректендіріп тірі күйде ұстап тұратын қан екенін білеміз. Бірақ біз сол қан айналып тұратын каналдар - күре тамырлар мен капиллярлардың да қалай жасалынатынын білмейді екенбіз. Заманауи технология арқасында білдік. Ұзындығы ондаған мың километрді құрайтын қылдырықтай капиллярларды да Адамды құрастыру кезінде тынымсыз жасушалар қалыптастырады екен. Жұмысшы жасушалар өздерін өздері бүкіл адам ағзасын бастан-аяқ шырмап, қамтып жатқан түтікшелерге айналдырады екен.
Ана құрсағында бір түйір тамшыдан он екі мүшесі түгел нәресте пайда болғанға шейінгі процесс - бұл ақылға симайтын құбылыс. Бұл процесс 4 айға жеткенде нәрестеге жан бітеді. 1 ай толғанда болмаған жан, 2 ай толғанда болмаған жан, 3 толғанда болмаған жан, 4 ай толғанда қайдан пайда болды? Қайдан пайда болды? Жан!!! Ол не? Оны жатыр ішіне кім кіргізді? Оған дейін қимылсыз, жансыз жатқан нәресте жан біткеннен кейін қимылдай бастайды. Қасиетті кітаптар жанды адамның ауызына Алла үрлеп енгізеді дейді. Жан табиғатын адамзат ақылгөйлері әр заманда әрқили түсіндіріпті. Алайда, оның шын жұмбағын шешкен Адам болған емес. Жан жұмбағының шешуі бір Алланың ғана қолында болуы мүмкін. Жаратқан Ие сондай-ақ Жер бетіне қанша Адам келсе олардың әрқайсысына сонша бір –біріне ұқсамайтын түр беріпті. Тағы да таң қаласыз. Неткен фантазия!!! Тіптен, Адамның саусақ сызықтарына дейін бірін-бірі қайталамайды. Неткен шексіз дизайнерлік шеберлік!!! Таң қала береміз, өйткені бізге бұл құдіретті түсіну қиын. Бір ақылгөй: «Адам өз-өзін түсінсе бүкіл ғаламды түсінеді» деген екен. Рас.
Адам ағзасына қатысты тағы бір мысал. Адамның ас қабылдайтын ауызы мен нәжіс шығаратын мүшелерін алшақ орнатылған. Егер, адам болмысы көрсоқыр табиғаттың күшімен жаратылған болса ол сенің эстетикаңды неғылсын. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі мүше бір жерден шығаруы да мүмкін ғой. Санасыз табиғатқа бәрі-бір емес пе? Бірақ, саналы Жаратушы үшін бәрібір емес. Саналы Жаратушы сондай-ақ сұңғыла көреген. Болашақтың бәрін болжаған дана. Аталған кереғар екі мүшені бір-бірінен алшақ орналастырып бөлу арқылы Ұлы Жаратушы болашақ Адамға, оның эстетикалық сезіміне шынайы құрмет білдірген. Жаратушы Адамның тыныс жолына фильтр - сүзгі орнатқан, сол арқылы өкпеге өтетін ауа тазалығын қамтамасыз еткен. Біздің мінсіз тіршілік етіп, азапсыз өмір сүруіміз үшін Жаратқан Иеміздің алдын-ала жасаған қамқорлықтары ұшан-теңіз. Біз соның тек бірнешеуін ғана санамаладық. Тағы бір мысал, жілік пен жілік бір-бірін қажамас үшін буынға сұйық май құйылған. Таза инженерлік логика! Тіршілікте кездесетін әртүрлі жұмыстарды атқаруға икемді болу үшін қолдағы бес саусақ бір-біріне тұтасып жабысып тұрмауы керек. Кәзіргі технология саусақтардың алғашында өзара бір-біріне жабысып бітетінін көрсетіп отыр. Мерзімі толғанда саусақтарды тұтастырып тұрған ет-жасушалар өздігінен өліп бармақтардың арасы ашылады екен.
Жаратушының Адамға жасаған қамқорлығы есепсіз. Жер бетінде Адам ұшырайтын кеселдерге де қарсы шипаны Жаратушы Адам ағзасына алдын-ала енгізіп қойған. Оны біз иммунитет дейміз. Сол иммунитеттің арқасында адам ағзасындағы сау жасушалар сырқат әкелген вирустарға қарсы майдан ашады. Сырқатпен шайқас кәдімгі екі жақтан да қыруар әскер қатысқан қан майданға ұқсайды. Сау жасушалар сырттан келген басқыншы-вирустармен өліспей-беріспей майдандасады. Адам ағзасы ақыры әупірімдеп кеселді жеңіп шығады. Ол үшін ағза сау болуы керек. Ал, біз болсақ салауатты өмір сүріп, ағзамыздың әл-қуатын арттырудың орнына арақ ішіп, темекі тартып, есірткі иіскеп байғұс организмді үнемі улап, әлсіретіп әуреміз.
Адам жобасын жүзеге асыруда ең басты күрделі жұмыс – ми құрылысы болған тәрізді. Бірақ, Жасаған Ие үшін қиын нәрсе жоқ. Миллиондаған жасушалар Құдайдың құдіретімен болашақ Адамды басқарып тұратын орталық аппарат – ми құрылысына кіріседі. Ми аса күрделі комбинацияларды атқаратын құрамы да, құрылысы да, жұмыс істеу тәсілі де тек бір Аллаға аян әлемдегі баламасы жоқ құпия құбылыс. Бірақ, оны да Алланың әмірімен миллиондаған жасушалар құрастырады. Жасушалар күндіз-түні тыным таппай қимылдап өзара байланысқан миллиондаған түрлі талшыққа айналып ғалам ғажайыбы адам миының күрделі конструкциясын өреді. Тура өрмекшідей өреді. Ми құрылысы неғұрлым күрделі болған сайын ол болашақта соғұрлым күрделі мәселелерді шеше алатыны белгілі.
Таурат «Құдай Адамды өзіне ұқсас жаратты» десе, Құран «Алла уахи еткен кітаптарға сеніңдер» дейді. Ендеше, «Алланың Адамды өзіне ұқсас етіп жаратқанына» сенеміз. Оған бірде-бір көрнекі дәлел - ми. Ми арқасында адам да Алла тәрізді жасампаздықпен айналысады. Ми арқасында сана өзінің Жаратушысын тануға ұмтылады. Биік Сана ғана Жер бетінде саналы тірлік иесін тудыруы мүмкін. Санасыз табиғат саналы Адамды тудырды деген қисынға қалай сенеміз?!
Айналып келгенде Адам Жаратқан Иенің Жер бетіндегі ең күрделі де басты Жобасы. Оған үңілер болсаңыз тереңіне көз жетпес шыңырауды көресіз, ұшан-теңіз құпияны сезесіз. Байқап отырғаныңыздай біз бұл өмірге өз еркімізбен келмеппіз. Бізді әкеліпті. Қандай түрде әкелді, пешенеңе қандай тағдыр жазылды. Ол да сенің еркің де емес. Сен тұрмақ сені өмірге әкелген ата-анаңның да еркінде емес. Сонда кімнің еркінде? Менің болмысым, тағдырымның еркі кімнің қолында болғаны? Бұл сұрақ әрбір ойлы Адамның алдынан шығары хақ.
Ана құрсағынан ажыраған сәтте бізді үрей билеп, бақырып-шақырып дүниеге келеміз. Бұ Дүние табалдырығын аттай бере зәреміз ұшып айқайға басамыз. Бұған тағы да таң қалуымыз керек. Неге нәресте туа салып айқай салды? Неге іште жатып айқай салмады? Әлде, бұл айқай беймәлім жат дүниеден нәрестенің үркіп-шошуы ма? Әлде ана құрсағынан ажырап панасыз, жалғыз қалдым деп қорқуы ма? Әлде, ас қабылдап тұрған кіндіктің кесілуімен «аш қалатын болдым!!!» деп алдын-ала байбалам салуы ма? Шырылдауымыздың сонда себебі не? Ал, енді ауызыңызға емшек үрпі тиді екен, жалмаңдап еме бастайсың. Оу, бұны саған кім үйретті?! Оған дейін сен қоректі тек кіндік арқылы алып келіп едің ғой?! Ия, сұрақ көп. Соның бірі ана омырауында сүттің пайда болуы. Қызыл қаннан аппақ сүт ажыратқан ол қандай ғажайып аппарат? Ол сүт жасағыш аппаратты ана омырауына кім орнатты? Қандай мақсатпен орнатты? Осының бәрі осы бәрінің негізін салған саналы дизайнерден хабар береді.
Соныңмен, сен шырылдасаң да, шырылдамасаң да өмірге келдің. Қаласаң да, қаламасаң да енді сенің Жер бетіндегі тағдыр соқпағың басталды. Сен үшін қоршаған ортаның бәрі түсініксіз. Бойыңды үрей билейді. Анаңыз аттап алыстаса болды шар етесің. Бәрінен қорқасын. Бәрінен үркесін. Сондай шарасыз, панасызсын. Түк түсінбейсін. Алайда, Ұлы Жаратушы сенің халыңның осылай мүшкіл боларын алдын ала біліп алдын-ала шара қолданыпты. Яғни, панасыз шақалақтың қауіпсіздік шараларын қарастырған. Біріншіден -сені аяласын, асырасын деп ана жүрегін телегей –теңіз риясыз махаббатқа толтырған. Екіншіден – қызылшақа шақалақ сенің бойыңа Жаратқан Ие Жер бетінде жоқ Жәннат исін дарытқан. Сенің бойындағы сол тәтті жұпардан тыныс алған адам танауы талмаурап ләззат табады. Саған құштар болады. Саған сөйтіп жүрекпен байланады. Сүйеді. Саған барын салып қызмет етеді. Сөйтіп, Сенің қауіпсіздігіңді Аллатағала алдын ала ескерген. Өз қамкорлығына алған. Сен қашан бой көтергенше ересектер қамқор болсын деп қылығыңды, түріңді, тіліңді балдай тәтті еткен. Раббыңыз сәбилерді осылай қамқорлығына алған. Осыдан келіп тағы бір сұрақ туады – «Сонда, өмірге келген нәрестенің шын қамқоршысы, шын ата-анасы кім?» деген.
Сені қоршаған осындай қамқорлықтарға қарамастан сенің бойыңды билеген үрей сезімінен құтыла алар емессің. Кез-келген нәрсе сенің өміріңе қауіп төндіретін сияқты. Бұл дегенің сен өмірге келмей жатып өз өміріңді қызғыштай қорғай бастағаның. Адам санасы сақая келе үрей сезімін әлсіретеді. Бірақ, түбегейлі жеңе алмайды. Ал, аңдар болса өл-өлгенше сол үреймен қоян-қолтық өмір сүреді. Жандының өзін-өзі қорғау инстинкті бұл. Иммануил Кант: «Инстинкт – жанды тіршілік бойындағы Тәңірдің үні. Ол үнге Адам да, аң да құлақ түреді» дейді, «Адамзат тарихының болжалды бастауы» атты еңбегінде. Дін де дәл осы философтың айтқанын айтады. Яғни, бүкіл тіршілікке берілген іргелі инстинктердің бәрі Жаратқан Иенің жанды тіршілікке берген сыйы. Сол сыйдың арқасында жанды тіршілік Жер бетінде жойылып кетпей бүгінге жетіпті. Ал, Адам болса өркениетке жетіпті.
Жанды тіршілікті жойылып кетуден аман алып қалған екінші іргелі инстинкт – жанды тіршілікке берілген мейірім сезімі. Исламият Раббымыз Жер бетінде жанды тіршілікті жаратқанда оның бойына өзінің 100-ден 1 мейрімін берген дейді. Сол 1 пайыз мейрім арқасында Жер бетінде тіршілік сақталып тұрса керек. Сол 1 пайыз мейірім арқасында тіршілік иелері ұрпағын сүйеді, қорғайды, сақтайды. Сол 1 пайыз мейрім арқасында еркек - ұрғашы болып бөлінген тіршілік иелері бір-біріне ұмтылады. Бір-бірін аялайды. Өмір жыры мәңгі жырланады.
«БҰ ДҮНИЕ»
«Бұ Дүние» ұғымы Адам түсінігінде пендеге берілетін жалғыз да өлшеулі өмір болып елестейді. Жер бетінде жүріп өтер соқпағың. Тағдыр жолың болып елестейді.
Діни мәтіндерге сүйенсек «Бұ Дүние» ұғымына Жаратушы басқаша мән берген. Яғни , Ол «Бұ Дүниені» басқаша көрген. «Бұ Дүние» Жаратушы үшін ұланғайыр уақыт кеңістігіне сыйып тұрған басы бар, аяғы бар Жер бетіндегі біртұтас тарихи құбылыс. «Бұ Дүниені» Құдай адамнан бұрын жаратқан. Адамды Алла өзінің Жердегі орынбасары деп белгілеген. Және оны жаратқанда «Бұ Дүние» Адамның өмір сүруіне ыңғайлы күйде дайын тұрған.
Жылу да, жарық та, от та, су да, жеміс-жидек, жан-жануарлар да түгел бар болған. Қасиетті кітаптар осылардың барлығы адам игілігі үшін дейді. Жәннаттан қуылған Адам Ата мен Хауа Ана Жер бетіне жіберілген азапты өмір үшін, сынақ үшін. Адаммен бірге Сайтан да заманақырға шейін Жер бетіне қуылған. Ол Құранда - Ібіліс, Шайтан , Таурат, Забур, Інжілде – Сатана. Бұл қара ниет күш - Адам баласын Қияметқайымға шейін Алланың ақ жолынан тайдыратын, азғыратын, адастыратын күш. Бірақ, Алла Адам баласын Сайтанның тәлкегіне тастап қоймаған. Пайғамбарлар арқылы адамзатқа уахи түсіріп ол қара күшпен күрес жолдарын аян еткен. Адам сол Құдай кеңесіне құлақ түрсе адасу, азғындаудан ада болмақ. Бірақ Адам әлсіз. Адам Сайтанның арбауына түсіп қала бергіш. Зороастризм Сайтанды Ангромайн дейді. Құдайды Ахурамазда дейді. Бұл діннің айтуынша Ахурамазда мен Ангромайн Жер бетінде ақырзаманға шейін Адам үшін айқаса бермек. Таңдамақшарда ғана Құдай жеңіске жетіп, Сайтанды өлтірмек.
Осы уәж дәстүрлі діндердердің бәрінде де бар. Яғни «Бұ дүние» Адам үшін уақытша сынақ мекені. Сол майданда сенің қан тамырыңда, жүрегіңде Құдай жүреді. Ал, санаңда сайран салып Сайтан жүреді. Сен үшін, сенің әрбір қадамың үшін осы екі күш тоқтаусыз соғыс салады. Сен бұл шайқаста Құдай мен Сайтан арасындасың. Құдай үні қайсы, Сайтан сыбыры қайсы, соны сен ажырата білуің шарт. Адам үшін болып жатқан осынау шайқаста сен Алла жағына шығуың шарт.
Демек, қасиетті кітаптар бойынша «Бұ Дүние» мәнсіз, мақсатсыз емес. Оның жаратылуында мән-мағна бар, мақсат бар. «Бұ Дүние» Ұлы Жаратушының ғажайып гармония, тәртіппен түзген даңғайыр тылсым туындысы. «Бұ Дүние» тек туынды ғана емес, бұл бас аяғы белгіленген Ұлы Жоба, жоспар. Бұл Жобада кездейсоқ нәрсе жоқ. Бәрі есептелген. Бәрі орнында. Бәрі өз рөлін атқарып тұр. Бұл Жоба діни мәтіндерге сүйенсек адамзат үшін түзілген. Демек, Адам осынау Аллатағала түзген Ұлы Жобаның бас кейіпкері. Ол өзіне берілген осынау қиын да, күрделі рөлді тарих сахнасында талай мың ғасырлар үздіксіз атқарып келеді. Сол жолда шыңдалумен, өсумен келеді. Алла Адамды өзінің Жер бетіндегі орынбасары атаған. Олай болса, қашан Адам сол деңгейге жеткенше, қашан сол жоғары лауазымға лайық болғанша өз рөлін атқара бермек. Осыдан келіп көз алдымызда адамзат дамуының аңызға лайық болашағы, фантастикалық көкжиегі ашылады. Ұлы Жобаның мән-мағнасы, мәйегі осында. Осынау сұрапыл сапарда адамзат қауымы Алла жолынан тайып Сайтан соңына ілесіп кетпесе болды. Сонда Жаратушының «Бұ дүние» аталатын Ұлы Жобасы толық жүзеге аспақ. Толық орындалмақ.
ЖАРАТУШЫҒА АПАРАР ЖОЛ
Адам баласы есте жоқ ескі заманнан бастап Жер бетіндегі, Аспандағы көз көріп, құлақ еститін жаратылыстан басқа көзге көрінбейтін бір құдірет бар екенін, яғни, Бұ Дүниенің авторы бар екенін түйсікпен сезіпті.Сезіп сол жаратылыс авторын іздепті. Іздеген табады. Алғашқы адамдар Құдай деп Күнге, көкке, тауға, суға, ағашқа, аруаққа т.т. табынған. Екінші жағынан - алғашқы адамдар Құдайды іздеу жолында әлгіндей табиғат нысандарына табынғанда ол нысандар ақылға симай таң қалдырғандықтан табынған. Алғашқы адамдар, сөйтіп, Құдайды іздеу жолында сол Құдайдың өзін таба алмаса да Ол жасаған туындыларға табынған. Өйткені, Алланың өзі ғана емес, ол жаратқан туындылардың өзі таңғажайып еді. Сол туындылар көз алдында жайнап тұрғандықтан да, тылсым қасиеттері ми жетпес құпия болғандықтан да алғашқы адамдар сол туындыларға Құдайдай табынған. Ал, аруаққа, яғни өлгендердің рухына табыну болса Күн, Ай, тауға, тасқа, ағашқа табынуларға қарағанда құдайтану жолындағы кәдімгідей озық қадам болыпты. Неге? Өйткені, аруақ дене емес, материя емес - рух. Құдай да материя емес – рух. Тумаған, туылмаған мәңгілік рух. Демек, Құдайды іздеу жолында аруаққа табынушылар бір қадам болса да алға жылжыған. Ұлы ақиқатқа жақындаған.
Құдай ылғи да болған ғалам Иесі әрі оның қорғаушысы. Қамқоры. Әрі Адамды толық бақылауда ұстаушы.
Құдай Адамды о баста өз жанында яғни Жәннатта ұстау үшін жаратқанын айтады дін. Алайда Сайтанның азғыруымен Хауа Анамыз Құдай тағала тиым салған жемістен жеді. Адам Атаны азғырды. Ол да жолдан тайды. Екеуі де Құдайдың қаһарына ұшырап, дәлірек айтқанда қарғысына ұшырап Жәннаттан қуылды. Жазалау мекені болған Жерге түсірілді. Сонымен, Алланың Адам атты туындысының болмысынан алғашқы күні-ақ ақау шыққан. Адам періштелердей мінсіз болмай шықты. Кінәға, қателікке бейім болып шықты. Сондай кемшіліктермен дүниеге келді.
Жәннаттан қуылып Жерге түскен Адам Ата - Хауа ана жүздеген жылдар бойы бірін-бірі іздеп таба алмаса керек. Жалғыздықтан жапа шегіп, зар қағады. Ақыры, Құдай тағаланың құдіретімен бүгінгі Мекке маңындағы тауда кездеседі. Адам Ата – Хауа Ана кездесіп құшақтары табысқан тақтай тас бүгінде қажыға барған әлем мұсылмандарының тәу ететін киелі орны. Өйткені, күллі адамзат тарихы осы жерден басталды дейді діни аңыз.
Жерге келіп бас қосқан Адам Ата мен Хауа Ананың алғашқы перзенттері Абыл, Қабыл бірін-бірі өлтірді. Ауыр қылмыс жасады. Христиандық, сондықтан да, Адам баласын о бастан кінә арқалап өмірге келуші дейді. Қателікке ұрыну Адамның туа бітті қасиеті дейді. Адам тек сол қателігіне өкініп Аллаға жалбарыну арқылы кінәсін жууы керек деп біледі.
Бір ойды бір ой қозғайды.
Осындай кемшіліктермен өмірге келтірілген Адам, сол кемшіліктер арқасында жасаған қателіктері үшін Алла алдында жауапты болғанда, онда, Адамды осылай осал жаратқан Жаратушының өзі де белгілі бір дәрежеде Адам кемшілігі үшін жауапты болып шықпай ма?! Логика, қисын таразысына салсаңыз осындай сауал туындайды. Әрбір туындаған сауалға жауап берілуге тиіс. Бұл сауалға да жауапты Құраннан таба аламыз.
Алла тағаланың Адам тәрізді рухани ақаумен өмірге келген жан иесіне көзқарасы ата-ананың кемтар туылған перзентіне деген көзқарасындай көлкөсір. Бұл жәйлі Касиетті Кітапта көп айтылған.
Адам баласы алайда зейіні жетіп Ұлы Жаратушысының сол мейірімін бағалай алып жүр ме? Алла алдында біз... кейде ата-ана қадіріне жете алмай жүрген жетесіз ұрпақ тәрізді емеспіз бе? Бірақ ата-ана аты ата-ана. Ол өз перзентіне ешқашан жамандық ойламайды. Адамға деген Құдай тағаланың рақымын да осылай түсіну керек.
АДАМ РУХЫНЫҢ ИМАНИ ЗАҢЫ
«...Ой тереңіне сүңгіген сайын мені екі нәрсе таңқалдыра береді. Оның бірі - төбемдегі жұлдызды аспан, екіншісі - көкірегімдегі ұждани заңдар»
Ақыл – ойдың арыстаны Иммануил Кант ағынан жарылып осылай деген. Осы бір айтулы пікірдің астарына үңілсек ұлы ойшыл үнемі екі құбылысқа таң қалумен өтіпті. Бірі -төбедегі тұнғиық жұлдызды аспан. Екіншісі – Адам рухының имани заңдары. Философ жалғыз өз басына ғана емес, жалпы адамзатқа тән сезімді дөп басқан. Жұлдызды аспан. Адам Адам болғалы оны толғандырып келе жатқан жұмбақ әлем. Оның сырын күллі бір ғылым - астрономия айтып тауыса алар емес. Тауысуы мүмкін емес. Екіншісі – Адамның ішкі әлемі. Бұл да түпсіз, терең, тұңғиық жұмбақ. Ғылым қанша айналысса да оның да сырын әлі жарытып аша алған емес. Және ашуы да мүмкін емес. Біздіңше бұл екі құбылыстың екеуі де Адам миының әлеуеті жетпес, Адам ақылынан сырт жатқан эзотерия майданы. Яғни, ғылымға белгілі заңдылықтар жұмыс істемейтін майдан, Алла тағала ғұзырындағы айрықша зона. Қолдан жасалған робот қанша қабілетті болғанымен ол өзін тудырған Адам құдіретін ұға алмақ емес. Дәл сол сияқты Адам қанша қабілетті болғанымен авторы Алла болып табылатын ғарыш және өзіндегі жан жұмбағын шеше алмақ емес. Бірақ, Адам баласы осы жұмбақтарды түсінуге талпынады.
Ұлы ойшылды таң қалдырған сол екі нәрсенің бірі – Адам жанының имани заңдары. Соған тоқталсақ. Адамның ішкі имани заңдарының бірі – ұят сезімі. Адамның моральдық бейнесіне «тікелей жауапты» сезім. Бұл сезім Адамға туа бітті берілген бе? Әлде, жүре келе пайда болған тәрбие жемісі ме? Көбіміз бұл сұраққа «Ұят - тәрбие жемісі» деп жауап береміз. Шынында солай ма? Бастан кешкен өмірден бір мысал.
3-4 жастар шамасындағы бұтымызды енді-енді жаба бастаған сәбиміз. Жаз кезі. Біздің киіз туырлықты қоңырқай ауыл сол жылы Әмудария бойындағы Бұрдалық деген құм арасында отырған. Бұл меніңше 1950 жыл. Таң алды шошып ояндым. Шошып оянған себебім ішкиімімді ылғалдап қойыппын. Бұны енді жұрт біліп қойса біттім деп ұяттан өртене жаздадым. Дереу жылыстап төсектен шығып ашық есікке беттедім. Табалдырықтан аттап алакеугім таң астындағы тысқа шықтым. Шығыс жақ жал құмдардың арғы жағы ағарып келеді. Бірақ, 5-6 киіз үйден тұратын ауыл арасы әлі алакөлеңке. Анадай жерде көлбеп түйелер жатыр. Қотанда шұбартып жатқан ешкі-лақ. Селт еткен Адам баласы жоқ. Жұрт қалың ұйқыда. Есік алдынан құм баурай басталатын. Жалаңаяқ, жалаңбас сол жалаңаш құм бетімен тәй-тәй басып үйден ұзай бердім. Бар арманым көзден таса болу. Мына «қылмысымды» біреу әшкеремей тұрғанда көзден таса жерге барып ішкиімімді кептіріп алу. Далада қанша жүргенімді білмеймін. Білетінім – менің бұл ұятты ісім әйтеуір әшкереленген жоқ. Біреу біліп бетіме басса ұяттан өліп кетер түрім бар. Осы ұяттың арқасында сол оқиға тайға таңба басқандай есте қалыпты. Және ол балалық шағымның ең ерте естелігі екен.
Бүгінде ойлаймын. Сол 3 жасар сәбиді өртеген ұят сезімі бала санасына қалай ерте егілген деп?! Тәрбие бұл сезімді соншалықты күшті етіп бала бойына тым ерте егіп үлгере ала ма?! Күмәнді. Әлде бұл санамызға Раббымыз туа бітті құйған сезім бе?! Яғни, о бастан болмысымызға тән инстинкт пе?! Туа біткен қасиет болса бұл сезім Адамның аңнан, яғни маймылдан айырмашылығының басты дәлелі емес пе? Адамның эволюция арқылы маймылдан өрбігенін жоққа шығармай ма?! Кантты таң қалдырған Адамның осынау ішкі имани заңдары Адамға туа бітті қасиет болып шықпай ма?! Яғни, жан имани заңдармен қоса Адамға Алла берген аманат екені расталмай ма?
Адамды хайауаннан бөліп тұрған тағы бір іргелі сезім - аяушылық.
Адам адамды аяйды.
Адам аңды да аяйды.
Адам табиғатты да аяйды.
Жаратқан Ие Адам жүрегіне аяушылық сезім құйғанда Адам тек бірін-бірі ғана емес, жалпы Жер бетінде тепе-теңдікті сақтау үшін жаратылыстың бәрін аяласын деп деп құйса керек. Адам осы қасиеттен алыстаса Жер бетіне апат әкелетінін көрдік.
Неге Адам өзге Адамды, өзге тіршілік иелерін аяуы керек?
Өйткені сені Құдай қалай жаратса, оларды да солай жаратты. Сондықтан да Құдайдан қорқатын дін Адамы қашанда тірі жан тұрмақ, түгел жаратылысқа зиян келтірмеуге тырысады. Зиян келтіруге оларды жаратқан Құдайдан қорқады. Сондықтан, «Құдайдан қорықпағаннан - қорық» дейді халқымыз. Құдайдан қорықпаған қоғамнан қорық! Құдайдан қорықпаған заманнан қорық!
Исламға дейін де тәңіршілікті ұстанған ата-бабаларымыз әр түлік малдың өз иесі бар, олар – Ойсылқара, Зеңгы баба, Қамбар ата, Шопан ата деп білді. Ал, синтоизм болса одан әрмен сілтеп табиғаттағы барлық нәрсенің иесі бар деп біледі. Осынау наным –сенімдердің бәрі жаратылыстың жалғыз Иесі Жаратқанға алып барар жолдағы уақытша бекеттерге ұқсайды.
Демек, Жаратқан алдында жауапкершілік болмай бұ дүниеде гармония болмақ емес.
Біз сол әлемдік гармония негізі аяушылық сезімі туралы сөз қозғадық. Сауал туады. Аяушылық аңға да тән емес пе? Олай болса Адамның хайуаннан шыққаны рас болмай ма деген сауал.
Рас. Бұл іргелі инстинкт аңға да тән. Алайда, бұл ұқсастық Адамның аңнан шыққанының дәлелі емес. Керісінше, күллі тіршілік иелерінің жаратушысы жалғыз Ие екенінің дәлелі. Күллі тіршілік бір «шеберханадан» шыққанын, ол «шеберхана» Иесі жалғыз Құдай шебер екенін көрсетіп тұр. Дарвинизм болса осынау ұқсастықтар дами келе саналы Адамды шығарды дейді. Теология олай демейді. Бәрін жаратқан Құдай тағала дейді.
Ендеше құдіреті шексіз бола тұра Құдай тағала неліктен күллі тіршілік иелерін өзара ұқсас етіп жаратқан деген сауал туындайды. Осы сауалға жауап беру үшін де Жаратқан Ие бізге жоғарғы сана беріпті. Соныңмен, күллі тіршілік иелерінің өзара ұқсас болу себебі. Оның себебі де Алла тағаланың Жер бетінде тепе-теңдікті сақтау жолындағы сақтығы екенін көріп отырмыз. Егер де, Алла тағала жер бетіндегі тіршілік иелерін Адамға ұқсас етпей мүлдем өзге етіп (мысалы, кейбіреуін жалғыз көзді етіп) жаратса, ақыл-есі артық туған адамзат жүрегінде ол құбыжықтарға деген зәредей де аяушылық болмас еді, ол құбыжықтарды қару күшімен Жер бетінен аластай салар еді. Ал, аңдарға қарап тұрып олардың бір бас, бір ауыз, бір тіл, бір мұрын, екі көз, екі құлақ, аяқ қолы бар, соңына ерген төлі бар, бірақ Адамдай сөйлей алмайтын тіршілік иесі екенін көргенде, жүрегімізде сөзсіз сол тіршілікке деген аяушылық оянады. Мінеки, осы сезімді тудырайын деп, Жер бетінде қырғыншылық болдырмайын деп бізді Құдай тағала «шеберханасында» ұқсас етіп жаратқан.
Сондай-ақ, Ұлы Шебер күллі тіршілік иелерін симметрия заңымен яғни, сұлулық заңымен жасапты. Күллі тіршілік иелерінің тас төбесінен құйрығына дейін түзу сызық жүргізіп ойша қақ бөлсеңіз, олардың оңы мен солы бір-бірінен аумайтын екі егіз дене. Симметрия заңы қатал сақталған. Оны кез-келген шебер жақсы біледі. Ұлы Шебер дағы тіршілік иелерін көрер көзге сүйкімді ету үшін сол заңмен күллі тіршілікті жаратыпты. Ұлы Шебер: «Біз адамды көрікті етіп жараттық» дейді Құранда. Сондықтан да Жер бетіндегі күллі тіршілік өз Иесіне күн сайын мадақ айтуға тиіс.
НӘПСІ ЖӘНЕ ЖАСТАР
Тіршілік атаулыға тән бір іргелі инстинкт – нәпсі.
Жаратқан Ие күллі жан иелерін еркек-ұрғашы етіп екіге бөлген де, олардың үрпақ жалғастыру «міндетін» осы нәпсі сезіміне жүктепті. Болжалды жасқа келгенде ұлдар менен қыздар мас. Сондай жасқа келгенде аң да, Адам да күрт өзгереді. Жыныстық негізде екіге бөлінген тіршілік иелері нәпсі арқасында бірін-бірі магниттей тартады. Содан бастап олар ұлы өмір спектаклінің басты кейіпкерлеріне айналып өмір ойынын ойнай бастайды. Алла құдіретімен қойылған сол спектакльде біз өз рөлімізді ойнап шығамыз. Бұл рөл - өмір сахнасына енді көтерілген жастың ең бір жауапты да тағдырхал рөлі. Өмір сахнасындағы сол рөлді қалай ойнап шығамыз? Оны ғажайып махаббат поэмасына айналдырамыз ба, не тастүнек трагедияға айналдырамыз ба, ол бізге байланысты. Біздің адами, имани болмысымызға байланысты. Жастар үшін бұл тым ауыр сынақ. Өйткені, осынау жауапты рөлді ойнауға олар соншалықты дайын емес. Нәпсі оларды өмір сахнасына тым ерте, өрімтал шағында итеріп шығарады. Ұл да, қыз да өз рөлін ойнаудан ұялады. Махаббат майданы - өмір сахнасын тастап қашуға дайын. Бірақ, шегінуге жол жоқ. Өйткені, сен кәмелеттік жасқа толдың. Рөлді мінсіз әдемі ойнап шығуға тек өмірлік тәжрибең ғана жетпейді. Екінші жағынан; терең жасырынған хайуани нәпсі сезімнің әдемі адами көрінісі – ғашықтық оты да лау ете түскен. Ал, қашып көр. Осыдан бастап сен қаласаң да, қаламасаң да, жақсы болсын, жаман болсын, өмір сахнасындағы өз рөліңді ойнай бастайсың. Сенің бойыңда оянған сұрапыл өмірпаз сезімнің арқасында ғашығың көзіңе теңдессіз перизат болып көрінеді. Жәннаттың хор қызы болып көрінеді. Оған қол жеткізу тірілей Жәннат бағына кіргенмен бірдей көрінеді. Ғашығың қол жетпес арманға айналады. Жан-жүрегіңді түгел сол бейне жаулап алады. Сен онсыз, оны көрмесең өліп кете жаздайтын жағдайға түсесің. Құдай оңдап күндердің күнінде сол ғашығың құшағыңнан табылса сен қолыңа бақыт құсын қондырғаның. Екеуің екі жарты, бір бүтінге айналасыңдар. Бір-біріне ұмтылған нәпсі аталынған аталық және аналық ұрықтар бірін-бірі табады. Жаратушының ұлы Жобасы жүзеге асады. Өмір жеңіске жетеді.Өмірге ұрпақ келеді. Демек, сіздер Бұ Дүние бақытын көресіңдер. Сіздер Жаратқан Иеңіздің нығметіне бөлендіңдер.
Жер бетіне Адам сынақ үшін жіберілген. Шапағатпен де, кесапатпен де сыналады. Сізді Жаратқан Иеңіз бас айналдырар бақпен де, бас айналдырар байлықпен де сынайды. Сол сынақтардың бәрінен Құдайыңызды ұмытпай өте білсеңіз онда сіз шын мәнінде бақытты Адамсыз.
Осы шақ, жастық шақ, Адамның жыныстық жетілген шағы – алдағы ғұмырының бастау бұлағы. Сол бұлақ лайланбаса екен. Жастық шақ алда алыс сапар күтіп тұрған күллі тағдырыңыздың іргетасы. Сол қателіксіз шебер қаланса екен.
Адам баласы осы жаста нәпсіге бой алдырғыш. Бойында оянған өмірпаз сұрапыл сезімнің итермелеуімен желөкпе жас некесіз байланыстарға барғыш. Оның салдары қасіретті балалатады. Түсік тастайтын қыздарды көбейтеді. Тастанды балалар көбейеді. Тарих сахнасына шыққан бұл жастар, желөкпе жастар кешегі құдайсыз қоғамның бүгінгі жаңғырығы. Бұл қасірет - құдайсыз қауымның қасіреті. Бұл қауымда зинақорлық, жезөкшелік кінә емес, мақтанға айналады. Бұл қауымның үлкен-кішілері обал-сауап деген ойына да кіріп-шықпай жас қыздармен жасаған зинақорлығын жыр етеді. «Құдай жоқ. О Дүние жоқ. Бұ Дүние ғана бар. Сондықтан пешенемізге берілген осынау жалғыз өмірде шалқып қалуымыз керек» деп сайтани қағиданы ту етеді. Құдай алдындағы жауапкершілікті жинап қояды. Үлкендерден осындай өнеге көрген жастар зинақорлық жын-ойнақты өмір салтына айналдырады. Нәтижесінде құдайсыз қоғам өмірі бастан-аяқ жын-ойнаққа айналады. Жұрт обал-сауап, кінә дегенді ажырата алмайды. Бұндай қоғам бүкіл әлем сайтандарының жиналып салтанат құратын Жерұйығына айналады. Қоғамдық өмірдің барлық саласында Сайтан салтанат құрады. Нәпсі отына май құйып жастарды кінаға итереді. Адам бойына өмір жырын жырласын деп Алла берген бұл жақсы сезім, сөйтіп, нәпсі сезімге айналып жастарды топырлатып кінә құшағына қуып тығады. Жастар қателігін кеш түсінеді. Бармағын кеш шайнайды. Орны толмас өкінішке ұрынады. Біздіңше, Адам баласы бүкіл өмір бойы жасайтын ұждани қателіктерінің 90 пайызын жастық шағында жасайды. Өйткені жас Адам отқа ұмтылған көбелек десе болар. Осы кезде ұждани қателіктерге ұрынбай өткен жас бақытты. Ұл-қыздарына сондай ұждани тәрбие бере білген ата-ана бақытты.
70 жыл құдайсыз қоғам орнатқан отаршыл Кеңестік кезеңге дейін халқымыз исламият аясында иманы ұйыған ел еді. Жастарымыздың арасында жаппай зинақорлық, түсік тастау, тастанды бала деген құбылыстар ілу де бір болмаса жоққа тән еді. Әйел теңдігін жариялап қызыл жалауын көтеріп қазақ даласына келген коммунистер қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетін талқандады. «Ескілік жойылсын, жарқын болашақ жасасын!» деп ұрандатқан олар желөкпе жастарымыздың қолына тапанша беріп ата-анасына қарсы салды. Коммунистер желөкпе жастардың көзінде артта қалған Орта Азияға прогресшіл батыс мәдениетін таратушы, артта қалған аймақты құтқарушы болып көрінді. Сөйтіп, ескіліктің тамырына балта шабылды. Мешіт, медреселер құлатылып оның орнына құдайсыз ғылымды үйрететін заманауи мектептер салынды. Біз әрине заманауи зайырлы мектептерге қарсы емеспіз. Сол мектептерден өзіміз де білім алдық. Біз, заманауи өркениетті дәстүрлі мәдениетке қарсы қойған құдайсыз коммунистік бірбеткей саясатты сынап отырмыз.
Комсомол жастардың қолымен коммунистер, сөйтіп, өз елінің тарихи жадын, мәдениетін отқа жақты. Бүгін біз жастар санасында қалған сол 70 жылға созылған Сайтан салтанатының сұрапыл салдарын көреміз. Бүгінгі қоғам сол өткен қоғамның жаңғырығы, жалғасы. Нәтижесінде, бүгінгі жастар батыстың либералдық өркениеті тудырған құбылыстардың күнгей жағын емес, көлеңке жағын алғыш, еліктегіш. Бүгінгі қала жастарының өмір салты - батыс жастарының көшірмесі. Көшірме ешқашан түпнұсқа емес. Жалаң еліктеу жайсыздық тудырады.
Бұлар жаһандану құрбандары ма? Жоқ. Бұлар өз тамырын жоғалтқан кешегі құдайсыз қоғам жаңғырықтары. Өз топырағын жоғалтқан бұл ұрпақ жаһандануды құшақ жая қарсы алды. Өз топырағын жоғалтқан бұл ұрпаққа жаһандану Жәннаттай көрінді. Өйткені жаһандануда тамыр жоқ. Топырақ жоқ. Өзіндік бет жоқ. Өзіндік мәдениет жоқ. Кәзіргі батыс өркениеті тудырған жабайы жаһандану - барлық ұлттық ерекшеліктердің қас жауы. Ол бізге елірткіш саз, елірткіш ішімдік, елірткіш би, есірген жастар болып елестейді. Ұлт болашағы бұлар болмауға тиіс. Ұлт болашағы би алаңдары, казино, мейрамханаларда емес, ұлт болашағы кабинет, кітапханаларда, мектеп, балабақшаларда жасалауы керек.
Бүгін біз ұрпағымызға ие болсақ, ертең ұлт болашағына ие боламыз.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Дүниеге жалғыз келесің. Жалғыз кетесің. Жалғыздықтан қашып жан-жағыңды, тума-туыс, дос-жаран, бала-шағамен қоршап қоясың. Жалғыздықтан қашып қонаққа, тойға барасың. Бірақ, бәрібір топ ортасында отырып та сен жалғызсың. Бәрі жақын. Бәрі алыс. Жалғыздық жас келген сайын сезіледі. Тіптен, жалғыздығыңды мойындайсың. Көнесің. Айналып келгенде сол жалғыздықпен жалғыз өзің бет бе- бет қаласың. Бүкіл өткеніңмен, бүгініңмен, ертеңіңмен бет бе- бет қаласың. Жер бетіндегі сапарыңды сонда ой көзінен өткізесің. Босқа өткен уақыт. Тұрмыс тауқыметімен тыртаңдап байлық қуған жылдар. Пенде болғасын ол да керек. Бірақ, соның бәрі сыртқы тән азығы үшін тер төгу болыпты. Сол тер төгу жан азығына не берді? Белгісіз. Ал, сенің Жер бетіндегі сапарың болса соңына таман жылжып келеді. Не істеу керек? Осыған кім жауап бере алады? Жан жұбатар жауапты кім бере алады? Жоқ. Іздеп әуре болма! Ешкім саған түбегейлі жауап бере алмайды. Жұмыр басты пенде біткеннің бәрі өзіңдей. Олар да осы сауалдарға (егер іздеген болса) жауап таба алмай әлек. Олардың да жан-жүрегінде тыныштық жоқ. Береке жоқ. Тұрақтылық жоқ. Демек, Жер бетінде сенімен күнде сырлас, күнде мұңдас жан жұбатар дос жоқ. Болуы мүмкін емес. Ол дос басқа жақта. Сенімен күнде тілдесер, күнде мұңдасар, жол көрсетер, қолтығыңнан сүйеп тірек болар, жабыққанда жаныңнан табылар жалғыз дос бар. Ол – Алла. Соған бет бұр. Содан жәрдем тіле. Содан сұра. Барлық сауалдарыңа жауапты жалғыз Алла ғана бере алады. Сенің тыныштық таппай аласұрған жаныңды жұбата алар, жұмсақ нұр, жылы алақан Аллада. Демек, сен жалғыз емессін. Сені жарылқаушы, жабыққанда жаныңнан табылушы сол. Сол досты тапқан күннен бастап сен жалғыз емессің. Жетім емессің. Кедей емессің. Байсың. Жаның бай. Бұған дейін байыз таппаған жүрегіңе бұрын-соңды сен күтпеген байлық келіп қонады. Құлазып тұрған жүдеу жүрек кілкіп нұрға толады. Жадау жаның жұмақ самалы желпігендей жадырайды. Бұл сезім, бұл күй бұрын-соңды сен бастан кешпеген шапағат. Алланың шапағаты. Сен оған бет бұрып едің ол да саған бет бұрды. Сен Алла жамалынан тараған нұрға бөлендің. Ең тұрақты дос таптың. Сені мәңгі сатпайтын дос. Енді сен ешқашан жалғыз емессін. Сен адамдарға басқа көзбен қарайтын боласың. Бұрын сен Адамды тек Адам деп келсең, ендігі жерде сен оларды Алланың Жер бетіндегі орынбасары деп қарайсың. Адамға құрмет Аллаға құрмет екенін ұғасың. Аллаға деген махаббат Адамға деген махаббат екенін ұғасын. Адамды мойындамаған Ібіліс Құдай қарғысына ұшыраған ғой.
БАҚЫТҚА БАРАР ЖОЛ
Адам қызық құбылыс. Қанағат дегенді білмейді. Бақыттың не екенін бақытсыздық басқа түскенде біледі. Қараңызшы! Сіз әр минут сайын қанша ауа жұтасыз. Бірақ сіз сол жұтқан ауаңыздың арқасында тұншықпай тірі тұрғаныңызды ойламайсыз. Сол небары 2-3 минут жетпесінші, ышқынып жағаға тасталған балықтай шоршисыз. Немесе су. Оны да Құдай тегін әрі мол жасатыпты тіршілік үшін. Бір күн су жетпесе не болар едік. Табаныңызда қара Жер жатыр. Сізді әрі көтеріп әрі асырап тұр. Біз сол Жер қадірін білеміз бе?! Осы бізді қоршаған дүниенің бәрі тікелей немесе жанамалай бізге қызмет етіп тұр. Жарық Күн, жұлдызды түн. Жайнаған Жер беті. Соның бәрі шынтуайтына келгенде Адамның Ұжмақ мекені емес пе?! Адамға мейрімін төгіп тұрған жоқ па?! Тек адамдар ғана бір-біріне проблема тауып осынау Ұжмақ мекенді Дозақ мекенге айналдырып жатқан жоқ па?! Адам Жер бетіндегі өзіне Алла еншілеген ризыққа қанағат етуге жоқ. Адам бірін-бірі тонайды, қанайды, қинайды. Өлтіреді. Демек, Адам бақытсыздығына кінәлі – Адам ғана. Жер бетін басып жүруге берілген 70-80 жылдық мұрсатын бейбіт еңбекпен тыныш өткізу орнына адамдар бір-бірінің жағасына жармасады.
Неге Адам өмірі алысқан, арпалысқан өмір?! Өйткені, Адам пақыр мына өмір жалғыз рет берілген, сондықтан Жер бетінде шалқып өмір сүру керек деп біледі. Содан байлыққа, билікке таласады. Алысады. Арпалысады. Адамдықтың ала жібін аттайды. Адам беттің арын белдеуге түйіп жүріп байиді. Көздеген мақсаты - байлық арқылы бақытты болу мына дүниеде. Соған қолы жетті ме?! Байлық қуып жүріп зулап өмірдің соңына жеттік. Енді бірер аттасақ тік жардан құлағалы тұрмыз. Яғни, алда түнеріп ажал күтіп тұр. Сіз дағдарып артқа қарайсыз. Бақытты шағыңыз алыста қалыпты. Бәрі өткен. Енді сіздің бебеу қаққан жаныңыз қалай жұбанар?! Оны кім жұбатар?! Ащы су ма?! Әдемі қыз-келіншек пе?! Ол қызықтың бәрінің көшесінен жүріп өткенсіз. Енді олар жұбаныш емес. Уақыт тұман сіздің көкжиегіңізді қусырып қоршай орап қуықтай тарылтып келеді. Сізді қамашаулап өзгелерден жалғыз бөліп алыпты. Әне-міне төңірегіңізді тұйықтап алған сол тұман сізді қылғытып жұтуға тақау. Өмір бойы сен ұмтылған бақыт қайда?! Байлығың неге бақытқа кенелтпеді?! Сен осыны түсінбей далсың. Қателік қайдан болды? Не істеу керек?
Құрметті оқырман! Осы кітап түгел сол сұраққа жауап беру үшін жазылды. Осы кітап барысында Сіз бен Біз осы бір тағдырхал сұраққа бірігіп жауап іздейтін боламыз.
Адам бақыты – Адамнан. Қоғамнан. Адам бақытының қиыны да сол. Бақытың өз қолыңда емес. Өзгенің қолында. Сенің көңіл күйіңе қаласаң да, қаламасаң да өзгелер әсер етеді. Әсіресе, отбасың, қоршаған ортаң әсер етеді. Демек, Адам бақыты үшін сенімен қоса сені қоршаған қоғам кемел болуы керек екен. Ол – қиял. Бірақ, кемел қоғамға біз қашанда ұмтылуға тиіспіз. Қарасақ, қоғамымыз кемшілікке толы. Ал, Адам жаны мінсіз, бақ-берекелі, риясыз, әділетке, достыққа, махаббатқа толы қоғамды аңсайды. Яғни, мінсіз тазалықты аңсайды. Өмір жұмыр басты пенденің, (оның ішінде өзің де бар), мінсіз болмайтынын көрсетті. Бірақ, жүрек байғұс іздейді. Мінсіздік іздегеннің жолдасы -жалғыздық. Қоғамнан түңілу, Адамнан түңілу – жабығудың жаман түрі. Одан әрмен барар Жер, басар тауың - торығу.
Сонда қателік неден?! Неге сен қиялдағы қоғамыңды, қиялдағы Адамыңды кездестіре алмадың?! Қателік сенің қиялдағы Адам мен қоғамды аңсауыңнан. Адам қоғамы ешқашан идеалды болмақ емес. Өйткені ол періште емес, Адам қоғамы. Сондықтан, қиялдағы қоғам мен қиялдағы Адамнан неғұрлым ерте бас тартсаң, Бұ Дүние бақытына барар жолың соғұрлым қысқа болуы мүмкін. Ол жол мінсіз досқа апарар жол. Мінсіз дос - жалғыз Алла.
Сөз жоқ, Құдай тағала жаратқан жан иелерінің ішіндегі Адам ерекше құбылыс. Ең біріншіден Раббымыз оны Жер бетіндегі өзінің орынбасары етіп жаратқан. Көрікті, милы етіп жаратқан. Періштелерге «Адамға бас иіңдер!» деген. Ібілістен басқасы бас иген. Ендеше, Адамға біз неге бас имейміз? Ішінде өзіміз де бар, жалпы Адам баласына бас ию парыз. Ол Аллаға серік қосу емес, оның орынбасарына құрмет. Құрметті оқырман! Сіз -Алланың Жер бетіндегі орынбасарысыз. Жаратушы Сізге сондай мәртебе берді. Бірақ, біз сол мәртебемізге лайықты өмір сүре алдық па?! Тазалығымыз, мейіріміміз, иманымыз, парасатымыз сол дәрежеге лайықты болды ма?! Өйткені, Алла тарапынан бізге қойылатын талап осал емес, ол өзінің Жер бетіндегі орынбасарына қойылатын талап. Орынбасар! Құдайдың орынбасары! Демек Адам санасының алар шыңы алда. Рас, болса Адам өзіне Жаратушы берген мидың бүгінде небары 5 пайызын ғана пайдаланады екен. Адам өзіне Жаратушы берген миды 100 пайыз игерсе не болмақ?! Алла тағала Адамға сондай сұрапыл сана берген. Адам сол сана арқасында алда талай ғылыми-техникалық асулардан асары хақ. Бірақ, біз дамыған сайын табыстан бас айналып өзіміздің кім екенімізді ұмытып барамыз. Жаратушымызды ұмытып, иман жолынан ауытқып Сайтан жолына түсіп барамыз. Сөйтіп, Алла тағаланың жердегі орынбасарының қадірін түсірдік. Тіптен, өз бойымызда бар адамдықты аздырып, сайтандықты семірттік. Егер, біз өз бойымызға берілген адамдықты асқақтата алмасақ, өзгелердің бойындағы адамдықты қалай көтереміз?! Ондай жағдайда біздің көзімізге төңірек толған жау, толған сайтан болып көрінері анық. Біз қоршауда қалған қасқырдай аласұрмақпыз, жан-жағымыздан анталаған «жауға» қанталаған көзбен қарамақпыз. Азутіс ақситпақпыз. Ондай жағдайда кеудеміздегі Алла аманат еткен жан құлазып ұлымақ. Имансыздықтан. Ондай жаннан тыныштық көшеді. Өйткені, біз Алла аманаты – жанды таза сақтамағандықтан, қарайтып алғандықтан. Жан азығы - иман нұры, сол иман нұры жетпегендіктен жан қарайды. Қазақ ондайларды қаракөкірек дейді. Қаракөкірек сен өзіңді-өзің жек көресің. Өзіңді-өзің жек көрген сайын өзгені одан бетер жек көресің. Күллі дүниенің күлін көкке ұшырғың келмек. Немесе, сенің көзіңде Сайтан боп елестейтін қыбырлағанның қанын судай шашқың келер, қинағың, таптағың келер. Сенің қолыңа жойқын қару берсе сен ойланбастан күллі адамзат күлін көзді-ашып жұмғанша көкке ұшырғың келер. Өйткені, сенің жүрегіңнен иман көшкен, (егер онда болған болса), оның орнын Сайтан жайлаған. Бұндай жағдайда сен қауіпті Адамсың. Өзің үшін де, Адам үшін де, қоғам үшін де қауіптісің. Сенің отбасың осы қауіптің бірінші құрбаны. Немесе, өз басыңды өзің құрбан етуің мүмкін. Өз-өзіңе қол салуың мүмкін. Ол күн - сенің кеудеңді жайлаған Сайтанның сан шапаттап салтанат құрған күні. Яғни, Адам бақытсыздығының шыңы. Мінеки, Адамның өзін-өзі жек көруінің тірелер тұйығы.
Құрметті оқырман! Сонда сіз «е, бақыттың көкесі сонда өзіңді -өзің сүю екен ғой!» деп отырсың. Өзіңді-өзің сүю Алла арқылы болса, солай. Сіз бақыттысыз. Өзіңді-өзің сүю Құдайсыз болса, онда ол – тәкаппарлық. Тәкаппарды Алла сүймейді. Алла сүймеген Адамның бақытты болуы мүмкін емес.
ЖОЛАШАРЛАР, ІЗБАСАРЛАР
Талант - қашан да тылсым. Өйткені ол – Тәңір сыйы. Алланың Адамға тапсырған аманаты, адамзатқа қызмет етсін деп түсірген аяны. Әр ұлы талант сол ұлы аманатқа адал болуға ұмтылады. Сондықтан да, сол аманат жолында күллі ғұмырын сарп етеді. Сол жолда өл-өлгенше тыным таппайды. Өйткені, ол сөз киесін сезеді. Бұл сөзді тек өзі ғана жаза алатынын сезеді. Жер бетіндегі сапарында бұндай алыптар Адам үшін, адалдық үшін алысып, арпалысып өтеді. Сөздері миллиондаған жүрекке жетіп санаға қонады. Сөйтіп, Жаратушы нұрынан миллиондаған санаға сәуле себеді. Жаратқан Иеміз бұндай уазипаны әр заманда қадау-қадау пайғамбарларға жүктеген. Олар қарақұрым халық үшін түнек замандарда жарық көтерген жолашарлар болыпты. Алайда, пайғамбарлар да мәңгілік емес. Олар да – Адам. Өз уазипасын өтеп олар да дүниеден өтеді. Ал, Адам үшін күрес тоқтамауы керек қой. Ойлап отырсаңыз Алла тағала о жағын да ескерген. Адам үшін күрес эстафетасын ендігі жерде Жаратқан Ие сахабалар, әулиелер, ғұламалар, имамдарға жүктепті. Олар Пайғамбар алауынан от алып жан-жаққа жүгірген жаршылар болыпты. Сол жаршылар қатарында сөздеріне миллиондар мүлгіген сөз сүлейлері де бар. Жаратушы оларға қараңғылыққа қарсы тұрар жарық сыйлапты. Көкірегіне нұр құйыпты. Оны біз талант дейміз. Олар да Адам үшін ғасырлар бойы күресіп келеді. Олар ұлы жолашарлар - пайғамбарлардан кейінгі - ізбасарлар. Сол ізбасарлар бүгінде Жер бетінде Адам үшін, иман үшін үздіксіз, толассыз күрес салып келеді.
ДІНИ МӘТІНДЕР ҰҚСАС
Адамзат есте жоқ ескі заманнан бері ақиқат іздеген. Әділетті жерден таба алмағаннан кейін көктен іздеген. Аспан құбылыстарына Айға, Күнге табынған. Табиғат құбылыстарына табынған. Тауға, ағашқа, суға табынған. Бұлар ақиқатты іздеу жолындағы алғашқы баспалдақтар болыпты. Адамзат Жаратқан Иесін іздеген. Ол көзге көрінбегеннен кейін көзге көрініп тұрған құбылыстарды құдірет деп қабылдаған.
Жаратқан Иесі де адамзатты назардан тыс қалдырмаған. Өзі жаратқан Адам Атадан бастап исламият бойынша соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалейс сәлемге дейін 124 мың пайғамбарға уахи түсірген. Әрине олардың бәрі тарихта хатталмаған. Тым алыс дәуір болғандықтан ұмытылған. Біз тек Қасиетті Кітаптарда аттары аталған пайғамбарларды ғана білеміз. Жаратқан Ие әрзаманда пайғамбарлары арқылы адамзатқа арнаған сөзін түсіріп отырған. Оны адамзат Қасиетті Кітаптар, Қасиетті Жазбалар дейді. Сол Қасиетті Жазбалар мәтіндері өзара ұқсас. Неге? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Бізге жеткен діни мәтіндер ішіндегі ең ескілерінің бірі «Авеста». Осыдан 3,5 мың жылдай бұрын Заратуштра (Зардөш) пайғамбар түзген мәтін. (М. Бойс. «Зорастрийцы» ) Осы ғалымның жазуынша көктем мерекесі күні таңертең өзенге шомылып жағаға шыға берген Заратуштра қарсы алдында күндей жарқырап тұрған құдіретті көреді. Оқиға Каспий теңізінің теріскей шығысындағы далада түйелі ауылда орын алған. Бұл жарқырап тұрған Құдай Даналық Иесі яғни ескі парсы тілінде Ахурамазда екен. Ахурамазда Зәрдөшке уахи түсіреді. Оны Зәрдөш көкірегіне құйып алады. Даналық Иесі Зәрдөшке әлемнің ақиқатын ашады. Зәрдеш ол ақиқат жөнінде уағыз айта бастайды. Зәрдөшке аян етілген ақиқат не еді? Ол былай.
Құдай жалғыз. Ол Даналық Иесі. Ол мейірбан, әділ, құдіретті.
Адам жалғыз Даналық Иесіне сиынуы керек. Күн сайын 5 рет мінәжат етуі керек.
Дүниені жаратқан сол Даналық Иесі. Құдай дүниені еш кемшіліксіз кемел жаратқан. Бірақ Анграмайн Сайтан Құдай жаратқанның бәріне қарсы шықты. Бәріне залал келтірді. Көкмайса даланы қураған шөлге айналдырды. Тұщы теңізді тұзды көлге айналдырды. Адамды азғырды. Бір-бірімен жауластырып қойды.
Ол сайтаннан корғану үшін Адам тек ізгі ой, ізгі сөз, ізгі істерге берілуі керек. Ахурамазда Құдай зұлым Сайтан Анграмайнмен Жер бетінде ақырзаманға шейін айқасады. Адам осы ұзақ та ұлы шайқаста Құдай жағына шығуы керек. Құдай Сайтанды заманақыр басталғанда жеңіп шығады. Адамдарды тірілтеді. Қыл көпір арқылы жүргізеді. Отты өзеннен өткізеді. Осынау Қияметқайым сынақтары арқылы жақсылар мен жамандар ажыратылады. Жамандардың барар жері мәңгілік азап болса, жақсылардың барар жері мәңгілік рахат мекен болмақ.
Содан кейінгі бізге белгілі діни текст – Иудаизм жазбалары. Қасиетті Таурат. Иудаизм шамамен 3 мың жыл бұрын Таяу Шығыста пайда болған. Құдайы – Яхве. Осы Құдай Синай тауында Мұса пайғамбарға көрініп аян берген. Ол кезде еврейлер Мысыр перғауны қоластында құлдықта екен. Мұса Құдайдың қолдауымен халқын перғауын құлдығынан құтқарады. Бұл оқиға біздің дәуірімізге дейінгі 14 ғасыр шамасында орын алса керек. Бізге жеткен Таурат шамамен б.д.д. 10 ғасырда қағазға түсе бастаған. Иудаизм еврей халқының ұлттық діні. Бұл діннің айтуынша еврей халқынан Ізгі Хабар Иесі шығады. Бір орталыққа – Иерусалимге бағынған әлем сонда ғана зұлымдықтан азат етіліп, жаппай әділет, бейбіт-береке орнайды. Иудаистер Иса пайғамбарды Ізгі Хабар Иесі деп мойындамайды. Исаның пәк қыз Мәриямнан әкесіз туылуына орай христиандар арасында қалыптасқан Қасиетті Үштік – Троицаны жоққа шығарады.
Таурат бойынша әлем былай жаратылған:
«Әуел баста Құдай аспан мен Жерді жаратты. Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты. Суға толы тұнғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал, Құдай рухы болса су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
Сонда Құдай: «Жарық болсын!» деді. Жарық пайда болды. Құдай жарықтың жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп, жарықты күндіз, Ал, қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп таң атты. Бұл бірінші күн еді.
Содан кейін Құдай «Болсын!» деп бұйырып аспанды, өсімдіктерді, Күнді, Айды, жұлдыздарды , Жер бетіндегі жанды жануарларды жаратты. Өзіне рухани ұқсас Адамды топырақтан жаратты. Бұл алтыншы күн еді»
Адам жалғызсырамасын деп оның бір қабырғасынан әйелді жаратты. Оларды Едем бағына орналастырды. Бақ ортасында жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш өсіп тұрды. Құдай ол ағаштың жемісін татуға Адам Ата мен Хауа Анаға тиым салды. Алайда жыланның азғыруына ерген Хауа Ана ол жеміс дәмін татты. Адам Атаны үгіттеді. Ол да татты. Олар өздерінің жалаңаш екенін көріп ұялып абыройын жапырақпен жапты.
Құдай Адам Ата мен Хауа Ананы Едем бағынан қуып шықты. Жыланды да қарғап қуып шықты.
Содан кейін Тауратта Адам Атадан бастап пайғамбарлар тарихы баяндалады. Олар Ыбрайым, Смағұл, Ысқақ, Лұт, Жақып, Жүсіп, Нух, Мұса, Дәут, Сүлеймен т.б. пайғамбарлар.
Құдай Мұса пайғамбарға Синай тауында көрініп 10 бөліктен тұратын аян берді. Олар төмендегідей:
Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!
Демалыс күнін Тәңірге бағышта!
Ата-анаңды сыйла!
Кісі өлтірме!
Неке адалдығын бұзба!
Ұрлық жасама!
Ешкімді бекерге айыптама!
Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба!
Басқаның әйеліне сұқтанба!
Басқаның құл-күңіне, өгіз-есегіне, басқа да нәрсесіне сұқтанба!
Әлемдік діндер ішінде Иудаизмнен кейінгі ескі діннің бірі – Буддизм. Буддизм б.д.д. 5 ғасырда Үндістанда Ганга өзені бойында пайда болған. (Чекалов, Кондрашов. «История религии»). Үнді патшасы отбасында дүниеге келген Гаутама қоршаулы сарайда сыртқы өмірдің көлеңкелі жағын көрмей ержетеді. Көргені патша сарайының қоршауындағы ғажайып гүлзарлар, мөлдір хауыздар, жас сұлу күтушілер болыпты. Гаутама ержеткенше кәрілік деген не, қайыршылық деген не, сырқат деген не, өлім деген не - олардан хабарсыз өсіпті. Үйленіп есейгеннен кейін ғана сыртқы өмірдің әлгі көлеңкелі кеспірін көреді. Көреді де мына сән-салтанатты өмірден баз кешеді. Өзіне бұйырғалы тұрған патша тағына да қарамай ел аралап қаңғып кетеді. Өмірдің ақиқатын іздеп әпенде болып ел аралап кетеді. Иығында – дорбасы, қолында – аса таяғы, жападан – жалғыз ел аралап Адамға бақыт сыйлайтын ақиқат іздеп кетеді. Орман-тоғай, тау-тас арасында өзі тәріздес жаяу-жалқы ақиқат іздеп жүрген тақуа –тіленшілерге қосылады. Талай абыз-гурулардың алдынан өтеді. Талай уағыздар естіп тәлім-тәрбие алады. Тамақ ішуден тиылып азға қанағат етіп жүре беретін тақуалық тірлік кешеді. Ақиқатты аттай жеті жыл іздейді. Сонда да таба алмайды. Күндердің бір күні Гаутама жол бойындағы зәулім ағаш Ботхи саясында жатады. Бір күн емес тұңғиық ойға малтып бір апта жатады. Ақиқат ашылмайды. Екі апта өтеді ақиқат ашылмайды. Тек үшінші аптада ғана Ботхи ағашының түбінде жатқан Гаутаманың көкірегіне Жаратқан Ие жап-жарық нұр құяды. Гаутама бір құдірет арқасында ерекше нұрланғанын көріп көңілі қуанышқа толады. Оның нұрланған көңіл көзі алдында Адамды бақытқа бастайтын ұлы құпия - ақиқат сыры ашылады. Ақиқаттың негізгі төрт дінгегі:
Адам пешенесіне Жер бетіндегі сапарының басынан аяғына дейін құтаймас қиналыс (страдание) жазылған.
Қиналыс қайдан шығады? Тілектен шығады. Тілегіне қолы жетпеген пенде қиналады. Қайғы жұтады.
Сол тілек атаулыдан Адам баласы үзілді-кесілді бас тартса қиналыстан құлан-таза құтылады.
Қиналыстан құтылудың жолын қуған Адам – абсолютті тыныштыққа яғни нирванаға жетеді. Міне бақыт дегеніңіз осы.
Гаутаманың көңіл көзі алдында адамзаттың бағы мен соры болған бұл ақиқат ашылуы сол екен Мара Сайтан шауып келеді. Будданы (нұрланғанды) жолдан тайдыруға бар күшін салады. Бұл ақиқатты адамзатқа айтпа деп жалынады. Жалбарынады. Бірақ, Гаутама алған бетінен қайтпайды. Ол осынау Адам соры мен бағының ұлы ақиқаты жәйлі ел аралап уағыз айта бастайды.
Сонымен Будда ілімі бойынша ақиқатқа ұмтылған Адам бақытқа қол жеткізуі үшін алдымен төмендегідей 8 шартты орындауы керек:
1. Сауапты сенім керек. Қиналыстан құтылу үшін құштарлықты жою керек. Надандықтан арылу керек. Рахат өмір, байлық дегеннен бас тарту керек.
2. Сауапты шешім қабылдау керек. Ол дегеніміз құштарлық, тілек дегенді ауыздықтау.
3. Сауапты сөз сөйлеу керек. Яғни ауыздан шыққан лебіз шапағатты болуы шарт. Кесапатты сөзден бас тарт. Бос сөйлеме.
4. Сауапты іс істеу керек. Өзгеге зияны тиетін іс жасама.
5. Сауапқа толы ғұмыр кеш. Тірі жанға зияның тимесін.
6. Сауапты ойға беріл. Санаңды ылас ойдан тазала.
7. Сауапты түсінікке ұмтыл. Пәле қайдан? Нәпсіден.
8. Сауапты ілім қу. Ойыңды бір нүктеге жинап үйрен. Ой тұңғиығына сүнгіп үйрен. Соған жаттық.
Буддизмнен кейінгі ескі әлем діндерінің бірі – Христиандық. Христиандық б.д. 1-ші ғасырында Таяу Шығыста пайда болды.
Иса Мәсіхтің алғашқы өмірбаянын жазған Матвей оның 12 шәкіртінің бірі еді. Біз осы «Інжіл Шарифке» сүйендік.
Иса Мәсіх дүниеге былай келді. Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Алайда некесі қиылмай тұрып қыз Мәриям екіқабат болып қалады. Адамнан емес Киелі Рухтың құдіретімен екіқабат болады. Бұны білгенде Жүсіп қайғы шегеді. Алайда оның түсіне кірген періште: «Ей, Дәуіттің ұрпағы! Қалыңдығың Мәриямға үйленуден бас тртпа! Оның бойына біткен бала Киелі Рухтан. Мәриям ұл табады. Оның атын Иса қой. Ол халқын күнәдан құтқаратын болады» дейді.
Жүсіп Мариямға үйленеді. Дүниеге келген ұлының атын Иса қояды.
Иса ержеткенде Киелі Рух оны айдалаға апарып Сайтанның сынағынан өткізді. Тау басына алып шығып Сайтан оның көзіне алыс патшалықтарды көрсетеді. «Егер маған табынсаң осы патшалықтардың бәрі сенікі!» деді.
Иса:
Кет қасымнан Сайтан! «Құдай Иеңе ғана ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп жазылған!!!» - деді.
Сөйтіп, Иса Сайтанның азғыруына ермеді.
Ол халық алдына шықты. Уағыз айтты:
Кісі өлтірме!
Ұрлық жасама!
Өтірік айтпа!
Ата-анаңды сыйла!
Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағыларды солай сүй!
Құдай Иеңді шын жүректен сүй!
Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар!
Байлықты көкте жинаңдар!
Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар!
Ертеңгі күн туралы уайымдамаңдар!
Құдайдан сұраңдар! Сонда ол сендерге береді! Есікті қағыңдар, сонда ол ашылады!
Неке адалдығын бұзбаңдар!
Жауларыңды жақсы көріңдер!
Зұлымдық жасағаннан кек алма!
Егер біреу бетіңнің сол жағынан ұрса, оң жағыңды тос!
Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан да тәнді де, жанды да Дозақта құрта алатын Құдайдан қорқыңдар! Құдайды ғана қастерлеңдер!
Сендерге шын айтамын, адамдар айтқан әрбір жағымсыз сөзі үшін Қиямет сотында жауап береді.
Ақырет күні періштелер келіп, жамандарды жақсылардан ажыратады. Жанып тұрған Тозақ отына лақтырады.
Осы күнаһар дүние адамдарды теріс жолға азғырғаны үшін қасіретке ұшырайды.
Күнаралына өкініп қайғырғандар бақытты.
Кішіпейілділер бақытты.
Мейірімділер бақытты.
Жүректері пәк тазалар бақытты.
Мен Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра өзіме қызмет еткізуге емес, өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін құрбан болуға осы дүниеге келдім.
Киелі жазбаларды, және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан қателесіп жүрсіңдер!
Өздеріңізге белгілі әлемдік діндер арасындағы Ислам - ең жас дін. 6 ғасырда араб түбегінде соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалейс саламға Жебрейл періште арқылы Алла тарапынан уахи етілді. Мұхаммед ғ.с. дүниеден өткенше 22 жыл бойы Алла тағала тарапынан аян етілген сол аяттардан Құран Кәрім құралды.
Құран бойынша да Алла тағала Бұ Дүниені 6 күнде жаратқан. Топырақтан Адам Атаны, оның бір қабырғасынан Хауа Ананы жаратқан. Оларды қайғы-мұңсыз, жоқ-жітіксіз өмір сүретін Жәннатқа орналастырған. Бір ағаштың миуасынан дәм татуға тиым салған. Алайда әйел Сайтанның сөзіне еріп Алла тағала тиым салған ағаштың миуасынан татты. Адам Атаға да таттырды. Сонда ғана олар өздерінің тұттай жалаңаш екендіктерін көрді, ұятқа қалды. Алла тағала өз бұйрығын орындамаған Адам Ата мен Хауа Ананы жазалап Жәннатттан қуды. Өмір бойы бір тапқаны, бір тапқанына жетпей еңбектеніп күн көретін Жер бетіне түсірді. Ібілісті де қуды.
Ібіліс сол күннен бастап Аллаға, оның сүйікті құлы Адам Атаға жауласып алды. Адам Ата ұрпағын заманақырға дейін Алланың ақ жолынан тайдыруға серт етті.
Мұхаммед с.ғ.с Алла тағаланың адамзатқа арнаған соңғы сөзі Құран аяттарын мекеліктер арасында уағыздай бастады. Мұхаммед с.ғ.с. Құран аяттары негізінде өзіне дейінгі Алланың адамзат арасындағы елшілері болған 124 мың пайғамбардың барлығының елшілігін растады. Мұхаммед с.ғ.с. Ыбрайым пайғамбардың діні болған, одан кейін бұрмалаушылыққа ұшыраған Исламға шақырды. Ислам бойынша Алла жалғыз. Оның 99 аты бар. Одан басқа Тәңір жоқ. Аллаға серік қосу ең үлкен күнә. Бұ Дүние - жалған. О Дүние -мәңгілік. Бұ Дүние Адам баласына тек сынақ үшін берілген. Бұ Дүниенің сынағынан сүрінбей өткен пендесіне Алла тағала О Дүниеде Жәннатты сүйіншілейді. Адамзат Алланың ақ жолымен жүре алмағандықтан да Қиямет - қайым болады. Өлгендер тіріледі. Алла алдына жиналады. Таразы құрылады. Әр пенде бү дүниеде істеген жамандықтары үшін жазасын алып, жақсылықтарының сауабын көреді. Қылкөпірден өтеді. Адамдар ажыратылады. Күнаһарлар – Дозаққа, тақуалар Жәннатқа кіреді.
Сөйтіп, Алла уәде еткен әділдік салтанат құрады.
Соңғы пайғамбарға уахи етілген Алла тағаланың адамзатқа жолдаған аяттарын Құраннан мысалға келтірдік. Аяттар Алла атынан айтылған:
Алла жалғыз. Одан басқа Тәңір жоқ. Мұхаммед Алланың өкілі.
Көктер мен Жер Алланікі.
Оның құдіреті көктер мен Жерді сидырады. Көктер мен Жерді қорғау ол үшін қиын емес.
Алла аса зор, аса биік.
Расында Біз (Алла) адамзатты бейнет-қиыншылыққа жараттық.
Жалғыз Мен (Алла) ғана тәубелерді қабыл етуші және мейірімдімін.
Қандай игі іс жасасаңыз ата-анаға, жақын-жуыққа, жетім-мүскіндерге жасаңыз.
Ілгері Алла адамдарды тура жолға жетектеу үшін Таурат пен Інжілді түсірген еді. Енді шындық пен жалғанды ажырататын Құранды түсірді.
Алла тақуаларды сүйеді.
Олар үшін астарынан өзендер ағып тұратын Жәннаттар бар. Олар онда мәңгілік қалады. Бұл – ұлы бақыт.
Кім Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне сенбесе, демек, ол қатты адасыпты.
Әділ болыңдар!
Кім де –кім бір жанды өлтірмеген және бұзақылық істемеген Адамды өлтірсе, демек, барлық адамдарды өлтіргендей.
Біз пайғамбарларды тек ғана Жәннат туралы қуанышты хабар жеткізуші, және Дозақ азабын ескертуші ретінде жібереміз.
Ол сендерді бір жаннан – Адам ғалейс саламнан пайда қылушы.
Ол сендерді Жерде орынбасарлары етіп қойған.
Алладан қорған тілеңіз!
Сабыр етіңдер! Алла сабыр етушілермен бірген.
Сендер үшін Алладан басқа дос та, және жәрдемші де жоқ.
Ол (Құран) Раббыңыз жағынан келген ақиқат.
Алла құдірет пен даналық иесі.
Алла әділдікке, игі амалдар істеуге және ағайынға жақсылық істеуге бұйырады, және де бұзақылық жаман істер, және зорлық-зомбылықтан қайтарады.
Жер бетінде тәкаппарланып жүрмеңдер!
Олар, пенделер, (өзара сөйлескенде) көркем сөздермен сөйлессін.
Зина қылушы әйел, зина қылушы еркек. Оларға жүз дүре соғыңдар.
Енді осы келтірілген діни қағидаттарға ортақ мәтіндерді ортаға салып көрелік:
Жаратқан Ие әлемді жаратқанда Адамды қоса жаратқан. Сайтан Адамға қарсы шыққан. Және оны заманақырға дейін адастыра бермек.
Адам Бұ Дүниеде Сайтанның жетегінде кеткен әрбір қадамы үшін О Дүниеде Құдай алдында жауап береді. Жазаланады. Орны – Дозақ.
Адам Бұ Дүниеде жасаған әрбір жақсылығы үшін жарылқанады. Орны – Жәннат.
Бұ Дүниедегі өмір өткінші, О Дүниедегі өмір мәнгілік.
Кісі өлтірме!
Өтірік айтпа!
Ұрлық жасама!
Зинақорлық жасама!
Әділ бол!
Ата-анаңды сыйла!
Жақыныңа жақсылық жаса!
Адам баласына жақсылық жаса!
Адамды сүй!
Жан, тәніңді таза ұста!
Ойың, сөзің, ісің ізгілікті болсын!
Бос сөйлееме! Лас сөйлеме!
Құдай тағаланың аяндарын, кітаптарын, пайғамбарларын мойында! Ақыретке сен!
Адам қайта тіріледі.
Барлық діндер нәпсіге шек қоюға шақырады.
Тәкаппар болма!
Бай болсаң қайырымды бол!
Барлық адамдар Құдай алдында тең.
Осы діни қағидаттардың бәрінің жалғыз және басты мақсаты -Адамды екі дүниеде бақытты ету. Сізді Жаратқан Иеңіздің де жалғыз мақсаты сол.
Құрметті оқырман! Біз сіздердің назарларыңызға әлемнің негізгі діни қағидаттарынан сүзіп алынған оларға ортақ қағидаттарды ұсындық. Бұдан әлемнің ірі діндерінің негізгі қағидаттарының өзара ұқсас екенідіктерін көріп отырмыз. Тек діни қағидаттар ғана емес, ірі діндердегі пайғамбарлар туралы әфсаналар да ұқсас. Неге бұлай?
Құранда, мысалы, бұған дейін Тауратта баян етілген пайғамбарлар Ыбрайым, Смағұл, Ысқақ,Жақып, Жүсіп, Дәуіт, Сүлеймен, Нух, Лут, Мұса, Иса туралы әңгімелер қайталанып отырады. Неге? Ғылым болса бұл ұқсастықты алғашқы діндердің соңғыларға әсері, ықпалы деуден танар емес. Бұл түсінік ғылымда тым терең орын алған. Аксюмаға айналған. Шындығында солай ма? Жоқ. Бұл ұқсастықтарға басқаша көзбен қарайтын мезгіл жетті.
Шындығында діни мәтіндердің өзара ұқсастығы, пайғамбарлар тарихының соңғы діндерде қайталанып отыруы – бұның бәрі барлық діни хикметтердің қайнар көзі Жаратушы жалғыз Ие екенін көрсетеді. Яғни, күллі діни мәтіндердің (егер ол бұрмаланбаған болса) авторы Алла екенінің дәлелі. Исламият бойынша сонау Адам Атадан бастап соңғы пайғамбар Мұхаммед ғалейссаламға дейін 124 мың пайғамбар өткені айтылады. Солардың бәріне де Алланың адамзатқа арнаған уахиі түсіп отырған.
Алланың бұйрығы әр заманда, әр халыққа әр тілде түсіп отырған. Олардың бізге жеткені аз да, көбі тарих жадынан өшіп кеткен. Сақталмаған. Өкінішке орай Алла аяны түскен халықтар болса, Жаратушыны жалғыз өз халқының Құдайы деп жаңсақ қабылдап, оған өз тілдерінде ат қойып «жекешелендіріп» алған. Шындығында күллі ғарыш Иесі жалғыз Құдайды әр халықтың өзінше ат қойып бөлшектеп алуы еш қисынға сыймайды. Адамзаттың ақыл-ойы дамыған бүгінгі заманда осынау ұлы ақиқатты мойындайтын кез келді. Құдай жалғыз. Біз көппіз. Бірақ бәрімізді жаратқан Даналық Иесі жалғыз. Оның аты әр тілде әрқилы аталғанмен, заты өзгермейді. Ендігі жерде Жаратқан Иеге серік қоспай оның жалғыздығын және күллі ғаламға ортақ екенін мойындау парыз. Бір Құдайға сыйыну парыз. Жаратушымыздың жалғыздығын мойындау парыз.
«Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір Құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендігі» (Абай. «Қара сөздер»)
Ендеше, Адам Атадан тараған Адам ұрпағының бірлікке, бауырластыққа беттейтін кезі келді.
АҚЫРЗАМАН АЛДЫНДА
Жаратушы бұ дүниені 6 күнде жаратты дейді. Құранда Алланың әрбір күні Жер бетіндегі мың жылға тең екені айтылады.
Ғылым Жер бетіндегі тіршілік алғаш суда бір жасуша клетка қалпында пайда болып эволюция содан басталды дейді. Алайда бір жасушалы тіршіліктің қайдан, қалай пайда болғанын нақты түсіндіре алмайды. Тіршілік бастауына Жер бетінде қолайлы табиғи жағдай қалыптасты деп түсіндіреді. Яғни, ғылым бойынша Жер бетіндегідей қолайлы табиғи жағдай ғарыштың қай түкпірінде пайда болса сол жерде тіршілік міндетті түрде пайда болуға тиіс. Алайда, ол «қолайлы табиғи жағдай» өз-өзінен қалай пайда болады? Немесе ол жағдайды кім жасайды, о жағына ғылым бармайды. Ал, киелі кітаптар болса Жер бетіндегі «тіршілікке қолайлы жағдайды» Құдірет Иесі жаратты дейді.
Соныңмен, ғылым тіршілік өлі табиғаттан эволюция нәтижесінде шықты деп біледі. Тіршілікке тән жан мен сана сол тіршілік иесінің эволюциялық дамуының нәтижесі деп біледі.
Ал, дін болса жан мен тәнді бөліп қарайды. Тән – табиғаттан, жан – Алладан дейді.
Ғылым мен дін арасындағы осынау ғасырларға созылған аламан айтысқа қарап отырып, ғылым бетке ұстап отырған сол эволюцияның өзі Жер бетіндегі Жаратушы Жобасы болмасына кім кепіл деген ой келеді. Құранға жүгінсек ғаламдағы ілім кілті – Аллада. Олай болса адамзат баласының ертелі-кеш ашқан ғылыми жаңалықтарының бәрі Жер бетіндегі Жаратушы Жобасының жүзеге асуы. Яғни, сол табиғат заңдарын бір-бірлеп тарқатып келе жатқан ғылыми қадамдардың барлығы түптің-түбінде өз Жаратушысына алып баратын тарау-тарау жолдар. Әрбір үлкенді-кішілі ғылыми жаңалық дүниені тану жолындағы, яғни ақиқатты тану жолындағы баспалдақтар. Ол баспалдақтар биіктеген үстіне биіктеп абсолютті тануға бастап барады. Ал, абсолютті ақиқат - Хақтағалланың өзі.
Дүниетанымдағы ғылымның бүгінгі биігі кванттық физика ашқан жаңалықтар. Сол биікке алғашқы көтерілген ғалымдардың бірі ұлы физик Макс Планктің көзі ең алдымен абсолютті ақиқатқа түсті. Өз көзі көрген осынау ақиқатты әлем алдында ашық мойындады:
«Ғаламды Жоғары Сана билейді. Әлемдегінің бәрі Оның көзге көрінбейтін, байқалмайтын, бірақ растығы күмән тудырмайтын қуатымен байланысып тұр» деп мәлімдеді.
Бұл мәлімдемеден нені көреміз? Бұл мәлімдемеден біз табиғат тұңғиығына терең сүңгіген заманауи ғылым алдынан Жоғарғы Сананың шыққанын көреміз.
Қасиетті кітаптар Адам рухының Алладан екенін айтады.
Соның бір дәлелі – Адамның жасампаздығы. Жасампаздық - Аллаға тән қасиет. Жалпы сана, Жаратушыға тән сана, бір орында тұрмайтын, үнемі қозғалыс, ізденіс, талпыныс үстінде болатын рух. Үңгірде тұрған жабайы дәуірінің өзінде Адам мал тәрізді тек қарын тоқтығымен ғана шектелмепті.Қолына қашау алып сол үңгір қабырғасына сурет салыпты. Бұдан біз балаң сананың қоршаған орта туралы ойлана бастауын, оны түсінуге талпына бастауын көреміз. Немесе, Адам шығармашылығының, жасампаздығының тәй-тәй басқан шағын көреміз. Сол талпыныс, жасампаздыққа деген мыңдаған жылдық талпыныс Адам баласын өрге сүйреп бүгінгі өркениетке алып келіпті.
Алғашқы адамдар алдымен өзін қоршаған ортаны тануға талпыныпты. Өз көзіне көрініп тұрған табиғатты құдірет депті. Күркіреген күн, түнерген түн, айлапат аспан, көк тіреген тау, жапырақ жайған ағаш, сылдыраған су, - осының бәрі олар үшін тылсым да түсініксіз құдірет иесі болып көрінді. Сондықтан жабайы Адамға жарқыраған Күн де тәңір, аспандағы Ай да тәңір, түнерген тау да тәңір, жалындаған от та тәңір, сылдыраған су да тәңір, жапандағы жалғыз ағаш та тәңір. Соларға табынды. Дүниетаным жолындағы осынау ізденістері алайда Адамды аңнан алыстата берді. Адамдыққа бастады. Адам шын Иесін тани алмаса да, сол Иесі жаратқан нәрселерге табынды. Бұл да болса прогресс еді. Даму адамзатты өзінің шын Иесін тануға алып келе жатты. Дами келе Адам, Жаратушы жіберген пайғамбарлар арқылы өзінің шын Иесін таныды. Пайғамбарлар адамзатқа осынау ұлы ақиқаттан хабар берді. Алайда, тәні – жерден, жаны- Хақтан жаратылған Адам екіұдай өмір сүрді.Тән қорегі үшін күн құрғатпай алысты, арпалысты. Алайда жан қорегін таба алмады. Адам байғұс шарқ ұрып жан қорегін іздеді. Құдайын жерден емес , көктен іздеді. Адам жаны, сөйтіп, өзінің Иесін, тегін іздеді. Осы тұста пайғамбарлар арқылы Жаратушы оларға уахи түсіре бастады. Адам жәйлі, әлем жәйлі ұлы ақиқаттан хабар бере бастады. Бұ дүниенің басы мен аяғы жәйлі, Жер бетіндегі Адам миссиясы жәйлі хабар еді ол. Өзінің шын Иесін тапқан адамзат үшін бұл хабар ұлы асу болды. Адам Адам болып еңсе көтерді. «Оқы! Оқы! Оқы!» деуменен Құрани-Кәрім түсе бастады. Адам баласы ғылымға бой ұрды, табиғат заңдарына үңілді. Әсіресе, Ренессанс тұсында Адам заманауи дүниетану негізін қалады. 19 ғасырда өмірдің пайда болуы жайлы эволюция теориясы өмірге келді. Эволюцияның өмірге келуі «өмірді бізге Құдай берді» деген сенімге соққы болып тиді. Адам Құдайға күмандана бастады. 19 ғасыр аяғында Фридрих Ницше: «Құдай өлді!» деп жар салды. Оны естіген Федор Достоевский: «Если Бог умер, то человеку все позволено» деді. 19 ғасыр аяғында ғылымға, инженерлік тапқырлыққа негізделген индустриалды капиталистік қоғам тарих сахнасына шықты. Ал, капитализмнің Құдайы ақша еді. Сол ақша Құдайына табынған империалистік жаңа заман жыртқыштарына моральдік қағидалары жоғары дін кедергі бола бастады. Бәрін аморальді ақша билеген жыртқыш заманға Құдай кедергі болды. Сондықтан одан құтылу керек болды. Құдайды одан әрмен төмпештеу жаңа 20 ғасырда одан әрмен белең алды.
Құдайды қудалауда ХХ ғасыр коммунистері алдына жан салмады.Кеңес Одағының алғашқы жылдары жастар арасында «құдайсыздар қоғамы» құрылды. Олар Құранды өртеді, мешіт, шіркеулердің күлін көкке ұшырды.Нәтижесінде Кеңес Одағы шын мәніндегі «құдайсыздар қоғамын» құрды. Алайда, бұл қоғам Құдайдың қарғысына ұшырап көп ұзамай өз-өзінен құлады.
ХХ- ғасыр аяғындағы Батыс әлеміндегі діни ахуалды американдық әйгілі ғалым-қайраткер Пат Бьюкенен «Батыс ажалы» кітабында былай бағалады.
«1950 жылдары ажырасу деген негіздердің негізін шайқайтын жанжал болатын, жасанды түстік тастау қылмыс болатын. Ал гомосексуализм болса айтуға ауыз бармайтын азғындық болатын. Ал, бүгінше?! Қиылған некелердің жартысы жарты жолда жайрап жатыр. Айтуға ауыз бармайтын қызтекелік ақпарат құралдарының ауыз суы құрып айтатын тақырыбына айналды».
«Таурат Құдайын ысырып тастап оның орынтағын нарық Құдайы Ақша иеленді. Секс, даңқ, ақша, билік – міне бүгінгі жаңа Американың жаңа құдайлары осылар»
«Католик, протестант, православтар- бүгінді бұлардың бәрі бірігіп батыс өркениетінің жаназасын шығарып жатыр»
«Қырық жеті Еуропа елі ішінде тек жалғыз мұсылман Албания ғана 2000 жылғы көрсеткіш бойынша халықты құрып кетуден сақтайтын демографиялық өсу деңгейді сақтай алған. Ал, қалған Еуропа құру үстінде екені белгілі болды»
«Отбасы алдындағы жауапкершіліктен еркек, әйел, бала демей бәрін босату арқылы Еуропа социалистері жалпы отбасы институтының өмірдегі рөлін әлсіретті. Нәтижесінде отбасы жойылуға беттеді. Оның салдарынан Еуропа жойылуға беттеді»
«ХХ-ғасырдың ең сұрапыл орынауысуы әйелдің отбасынан офиске орынауысуы болды. Сөйтіп адамды ыстық ұясынан ажыратқан бұ құбылыс салдарынан болашақта отбасы отбасы болудан қалуға беттеді. Соныңмен феминизм дәстүрлі отбасының ғана емес, күллі Батыстың түбіне жететін болды» («Батыс ажалы» кітабынан)
Осы тұста әйел теңдігі деген ұранмен Батыстың Шығысқа ұсынып отырған гендерлік саясаты (әйел теңдігі әдемі ұғым. Оған ешкім қарсы емес) Шығыс елдеріндегі демографиялық дүмпуді тежеу кілті емес пе деген күдік туындайды. Демек, гендерлік саясатқа далақтап ілесе кету - өз еліңнің демографиялық өсуіне емес, өшуіне үлес қосу. Қазақстанға да келіп жеткен бұ бағдарлама мақсаты түптің-түбінде қазақтың көп балалы дәстүрлі отбасын азайтып, салт басты, сабау қамшы шенеунік әйелдер армиясын көбейтуге әкелері сөзсіз. Бұны біз Бьюкенен келтірген мысалдардан ұқтық. Демек, көп балалы отбасы деген ұғым салт басты, сабау қамшы әйелдер үшін олардың мансап жолындағы кедергілер болып көрінері хақ.
Біз өркениет көшін бастап келе жатқан бүгінгі Батыс елдеріндегі Адам ахуалына ерекше назар аудару себебіміз бүгінгі Батыс проблемалары күні ертең Шығыс алдынан да шығары сөзсіз. Өйткені бүгінгі Батыс – ертеңгі Шығыс. Сондықтан, Пат Бьюкененнің жан айқайына тағы да құлақ түрелік:
«Осыдан қайшылық келіп шығады: ел неғұрлым бай болған сайын халық азая бастамақ, құри бастамақ. Өз мүшелеріне мейлінше бостандық, бақыт, рахат сыйлауға ұмтылған қоғам, соның нәтижесінде өз халқының жаназасын шығара бастайды. Мына табалдырықтан аттаған жаңа ғасырда, біздің болжауымызша, тарихи тауқыметті көп тартқан мұсылман, қытай тәрізді халықтардың айы оңынан тууы мүмкін. Ендігі жердегі әлем қожасы осы халықтар болуы мүмкін. Қасиетті кіптарда: «Түптің –түбінде жарылқанатын момындар болады. Жер соларға қалады » делінген ғой...
Батыс өркениеті өледі деген алғашқы диагнозды ХХ-ғасыр басында өзінің атышулы «Европа ымырты» кітабында неміс философы Освальд Шпенглер жасады. Адам өзінің табиғи ортасынан кетіп үлкен мегаполис-шаһарларға шоғырлана бастады. Және бұл тендеция барған сайын үдей түсуде. Әлімсақтан жерге жақын болған, бүкіл тірлігі жермен біте қайнасқан Адам баласы енді жерден алыстап алып шаһарларда көп қабатты үйлерде тұра бастады. Бұл Адам психикасын түбегейлі өзгеріске ұшырататын қадам болды. Табиғат ананың аяулы аясынан шыққан Адам баласы тас үйлерге шоғырланып өмір бойы тас үйлерде жұмыс істейтін болды. Адам жерден жаратылған. Және Адам Адам болғалы оның табаны жерден ажырамаған. Мегаполистер Адамды жерден ажыратты. Жерден ажырау Адамды бақытынан ажыратты. Онымен қоймай мегаполистер дәстүрлі мәдениет, дәстүрлі отбасы, дәстүрлі дүниетанымның да тамырына балта шапты деп білді бұл философ. Шпенглердің түйінді пікірі төмендегідей:
«Әлемдік астана және провинция» - кез-кеген өркениетке тән осы ортақ түсініктен келіп бүгінде бір тарихи проблема келіуп шығады. Ол проблеманың болашақ салдарын әлі толық сезінбесек те оның бүгінгі тауқыметтерін біз бастан кешудеміз. Әлемнің орнында – қала, жермен кінідігі байланған халық орнында – дінсіз, дәстүрсіз, белсіз, шаруа біткенді суқаны сүймейтін жаңа паразит қала халқы»
«Бұндай әлемдік астананы құрайтын халық емес - қалың бұқара»
«Әлемдік астана отанды космолитизмге айырбастайды»
«Әлемдік астаналар – бұл дамыған өркениетке тән санаулы ғана алып шаһарлар. Бұл шаһарлар өз мәдениетінің тамыр салған жері провицияны сүймейді»
«Бұндай қалал өз рухани мәдениетін алып келген адамдардың тамырына балта шабады. Өз мәдениетін алып келгендер бұндай қаланың жаңа туындысына, атқарушы органына, ақыры осы құрбанына айналып тынады»
« Әлемдік қала тұрғынының күнделікті тұрмысынан космостык ғарыш ырғағы кеткеннен кейін ол жасанды мекен болмаса, табиғи топырақ үстінде өмір сүруге қауқарсыз болып қалады»
(О.Шпенглер. «Закат Европы»)
Шығыс елдері арасынан осындай заманауи өркениетке қол жеткізген ел Жапон елі екені белгілі. Сөзсіз, Токиода бірінші болған Адам бұ қаланың жалт-жұлт еткен сыртқы көрінісінен көз ала алмайды. Біз де сондай күйді бастан кештік. Қалай қарасаң да инженерлік ойдың шырқап дамығанын көресің.Көресің де, осындай дамыған, әлемді артқа тастап кеткен жапондар неткен бақытты деп таң қаласың. Сөйтсек, бұл алғашқы әсерден туындаған алдамшы сезім екен. Дамыған қалалық өркениеттің екінші бетін ертесіне көрдік. Түнде жерасты өткелден өтіп келе жатып жерде картон қағаз төсеніп жатқан екі жүздей кісіні көрдік. Бұлар әдейі қарсылық акциясын өткізіп жатқан жұрт болар дедік.Сұрап көрсек олай емес екен. Бұл жатқандар баспанасыз, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз далада қалған бағұстар- бомждар болып шықты. Біз көрген өткел бұл алып шаһардың бір ғана жерасты өткелі! Ал бұл қалада жерасты өткелдер саны жүздеп саналады емес пе? Сонда далада қалған байғұстар саны тым көбейіп кетпей ме? Сонда біз бақытты жапондар туралы асығыс байлам жасаған болып шықтық. Біз Жапонияда жүрген кезде (26.09.10 – 02.10.10) Жапония премьер-министрі ел парламенті алдында сөйлеп жатты. Баяндамасында өткен 2009 жылы суицидпен 30 000 кісінің өзін-өзі өлтіргенін мысалға келтірді.
Егер біз Жапонияны заманауи өркениет көшін бастап келе жатқан елдің бірі десек, Токионы Адам және ақша ресурстары мол шоғырланған әлемдік астаналардың бірі десек онда осы деңгейге жапа-тармағай ұмтылған дамушы елдер ертеңі қандай болатынын бейне айна қарағандай айқын көруге болмай ма?!
Парадокстың көкесі сол - әлікүнге дейін адамзат дамудың осынау капиталистік жолынан өзге жолды таппапты. Ал осынау, біздерді жарқын болашаққа бастап бара жатқан, тек ақшаға, табысқа табынған жолдың қандай «бақытқа» алып бара жатқанын көріп отырмыз. Парадокстың көкесі осы емес пе?!
Постсоветтік кеңістікте сол «жарқын болашаққа» бізбен бірге беттеген ел – Ресей. Ендеше ресейлік зерттеуші Сергей Вальцевтің осы тақырыпқа байланысты пікіріне ден қоялық. Мысалдар оның соңғы шыққан атышулы «Закат человечества» кітабынан алынды.
«1999 жылы Канн кинофестиалінде ерекше бір рекордсмен туралы деректі фильм көрсетілді. Фильм кейіпкері секс майданында алдына жан салмаған болып шықты. Ол қатарынан 151 еркекті дем алмастан бұтының арасынан өткізіп әлемдік рекорд жасаған жезөкше болып шықты»
«2005 жылы Венеция фестивалі бас бәйгені екі қызтеке гомосексуалист ковбой туралы « Бүкір тау» атты фильмге берді»
«Өркениетті Батыстың Дания, Бельгия, Германия, Швеция, Норвегия, Исландия, Голландия, Франция тәрізді 30 елінде бүгінде еркекке – еркек, әйелге- әйел үйлене беретін заң қабылданды»
«Голландияда ресми түрде еркекке еркек үйленген 50 000 «отбасы» тіркелген. Ай сайын бұл елде бұндай бір жынысты адамдардан тұратын 3 мыңдай неке тіркеледі. Және олардың бала асырап алуына рұқсат етілген»
«Тек 2003 жылдың өзінде ғана АҚШ-тың 28 штатында балаларды жыныстық қатынасқа тартқаны үшін 176 священник қызметтен қуылды. Ал, қалған 18 штат болса ондай педофил-азғындарды шіркеуден қуған да жоқ»
«Бүгінде шамамен 19 млн. американдық депрессияға ұшыраған. Депрессия суицидке апаратын жол екені белгілі.
«1970 жылы АҚШ-тың Ұлттық шіркеулер Кеңесі мүшелікке Сайтан шіркеуін қабылдады»
«Бандит, жезөкше, киллер, алаяқ – мінеки бүгінгі кітап, пресса, кино, телеэкранның басты кейіпкерлері.
«Өркениеттің одан әрмен дамуы адамды адамдық тұғырдан түсіруге беттеген. Тұрпайы тұлға – мінеки капитализмге керегі. Осындайлар капитализмнің табыс көзі»
«Сондқтан да 2005 жылы шыққан бір американдық фильмнің аты «Байы немесе бақыл бол!!» - деп жар салады.
«Ресей капитализмге аяқ басқан жылдар ішінде елдегі нашақорлар саны 12 есе өсті»
«ХІХ- ғасыр аяғында Фридрих Ницше «Құдай өлді!» - деп жар салса, араға ғасыр салып Эрих Фромм: «Егер ХІХ- ғасырда Құдай өлген болса, онда ХХ-ғасырда Адам өлді!» - деп мәлімдеді.
ХІХ- ғасырда Құдай, ХХ-ғасырда Адам өлсе, онда мына жаңа ХІХ –ғасыр... Сайтанның салтанаты болмағанда не?
Байқап отырғаныңыздай, біз батыс, шығыс зерттеушілері болып қарғап отырғанымыз капитализм екен. Бұдан келіп Батыстан басқа елдерде проблема жоқ екен деген пікір тумауы керек. Әңгіме, жалпы адамзаттың дамыған бөлігі бүгін ұрынған, ал дамушы бөлігі ертең ұрынатын індет туралы болып отыр. Бұл індеттің кісі шошырлықтай асқынуының бірнеше себептері айтылды. Алайда Адам азғындауының басты себебі біздіңше – құдайсыздық. «Егер Құдай өлсе, онда Адам білгенін істей беретін болады» деп осыдан 1,5 ғасыр бұрын Достоевский айтқан көрегендік шындыққа айналды. Жоғарыда келтірілген бүгінгі Адам азғындауының қысқа ғана көріністері. Соның өзі нені көрсетеді? Бұл... Құдайдан құтылған Адамның Адам айтқысыз еркіндікке қолы жеткенін көрсетеді. Сол еркіндікті абсурдқа айналдырғанын көрсетеді. Абсурдқа ғана емес жүгенсіздікке айналдырғанын көрсетеді. Жер бетінде Сайтанның салтанаты басталғанын көрсетеді. Құдайдан құтылған Адам Сайтанның жетегінде кеткенін көрсетеді.
Алайда адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа тірелді деуден аулақпыз. Өйткені, Адамға Жаратушы берген потенциал -мүмкіндік тым зор, тым орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық емес, - рухани субстанциясында. Адам денесі –хайуаннан, рухы - Алладан. Адам материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Алыстап барып, тығырыққа тіреліп барып Адам материалдық молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған Адам жоғалтқан Жаратушысын қайта іздейтін болмақ.
БҰ ДҮНИЕДЕ БАҚЫТТЫ БОЛУДАҒЫ
О ДҮНИЕ РӨЛІ
Адам баласы әлімсақтан бақытты болуды аңсапты. Өзінің жабайы шағында тек күнкөру үшін ғана арпалысып тән қамын бақыт деп білсе, бертін келе жан қамын да ойлай бастапты. Өйткені, жан Алланың аманаты еді. Адам кеудесіндегі жан қарын тойғанға қанағат етпеді. Одан тыныштық таба алмады. Бебеу қағып бірнәрсе іздейтін болды. Бақыт іздейтін болды. Жан шырылдап нені іздейтінін білмеді. Дамудың осы тұсында адамзатқа Алладан уахи түсіпті. Пайғамбарлар арқылы. Иесіне қауышып Адам жаны тыныштық тапты. Шынай бақытты сезді. Өмірдің бұ дүниемен шектелмейтінін ұқты. Мәңгілікті мойындап тынышталды. Сөйтіп О Дүниенің бар екендігі Адамды Бұ Дүниеде адамша өмір сүруге бастады. Мәңгіліктің барлығы өлім алдындағы қорқыныштан құтқарды. Адамдар мәңгілік өмірде бақытты болу үшін Бұ Дүниеде қылмыстан тиылды. Иманына иман қосуға ұмтылды. Жамандықтан қашып жақсылыққа ұмтылды. Батыста да, Шығыста да тақуалар, әулиелер көбейді. Иманды адамзат қоғамы қалыптаса бастады. Алайда, ғылымның шарықтап дамуымен Батыста жаңсақ түсінік пайда болды. Батыс Аллаға шек келтірді. Құдайды жоққа шығарды. 19-ғасыр аяғында Ф. Ницше «Құдай өлді!» деп жар салды. Оны есіткен Ф. Достоевский «Егер, Құдай өлсе, онда Адам басына келгенін істейді» деп жауап қатты. Көп ұзамай ұлы жазушының айтқаны келді. 20-ғасыр басында Адам басына келгенін істеді. Жер шарын екі рет соғыс өртіне орады. Адамзат сөйтіп екі рет естен ауысты.
Қателіктің қайнар көзі қайсы? Осының бәрі неден шықты?
Адамның Алланың ақ жолынан адасуынан шықты. Құдайды тәрк еткен Адам Бұ дүниеден кейін О Дүние бар дегенге сенбеді. Өзін Алла алдындағы жауапкершіліктен босатты. Бұ Дүниеде басына келгенін істеуге адам алдында даңғыл жол ашылды. Сөйтіп, Адам «мәңгілік өмір» дегенді қиял деп күстаналап, Бұ Дүниедегі «қысқа ғұмырды» «шалқып өткізуге» кірісті. Оның ұраны; бір жағынан - өмірден өлшеусіз лаззат алу - тән ләззаты, секс, арақ, есірткі , құмар ойындары болса, екінші жағынан соған алып барар жол - ақша, байлық, билік еді. Сондықтан Адам осы жолда қырқысты. 20- ғасыр Жер шарының басым бөлігінде құдайсыздар қоғамы орнады. Адамзат өзінің баяғы құдайсыз қалпына қайта түсті. Бұл өркениетті жабайылық еді. Бұл жабайылықтың бұрынғы жабайылықтан жаман жері бұл - қолына жойқын қару алған жабайылық еді.
Соныңмен Құдай жолын емес, ләззат қуған кәзіргі Адам түптің-түбінде тұйыққа тірелері хақ. Өйткені нәпсі – тұзды су. Ішкен сайын шөлдетер. Байлық та сол. Қуған сайын қаша бермек. Ұстатпай. Билік те сол. Биіктен соң алдыңнан биік шығады. Ал, өз Иесінен айырылған жан болса жай табар емес. Бақыт құсы секектеп алдында қашумен келеді. Ұстатар емес. Құдайсыз өркениеттің халы осы.
Дін адамы - керісінше. Ол үшін Бұ Дүние байлығы - иман. Ол тек иман жинайды. Бұ Дүниеде одан өткен ләззат жоқ екенін біледі. Өйткені жүрегі тыныш. Бақыты – сол иман толған жүректен тұлабойына тараған нұр. Шаттық нұры. Мақсаты – тәни және рухани тазалық. Аллаға деген, Адамға деген махаббат. Өзімшілдіктен арылып, өзгелер үшін өмір сүру. Одан басқа адамды бақытқа бастар жол көрінбейді.
ҚИЯМЕТҚАЙЫМ ҚАРСАҢЫ
Адамды Алла топырақтан жаратыпты. Кеудесіне үрлеп жан кіргізіпті. Хауа Ана екеуіне Жәннат бағында қайғы-мұңсыз мәңгі тірлік кешуге жазыпты. Тек бір ғана ағаштың миуасынан жеуге тиым салыпты. Сайтан Хауа Ананы азғырды. «Періштелер тәрізді Жәннатта мәңгі қалудың жолы - Құдай тиым салған ағаштың миуасынан жеу!» деді. Хауа ана Адамды азғырды. Адам Сайтанның азғыруына ерді. Құдай қаһарына ұшырады. Жәннат бағынан қуылды.
Киелі кітаптар осылай дейді.
Бұ діни аңыздан біз не ұқтық?
Адам баласына Құдай рух беріп қана қоймай ерік бергенін ұқтық. Ерік – өз бетіңмен шешім қабылдау. Алла берген сол еріктің арқасында Адам Жаратушы айтқан шектен шығыпты. Ала жіпті аттап алғашқы кунә, алғашқы қылмыс жасапты. Біз соны ұқтық.
Осындай шалыс қадамға Адам өзіне берілген еріктің арқасында барыпты. Ал, сол ерікті іске қосқан қандай механизм еді? Жаратқан Ие Адамға сана берді. Ойлау қабілетін берді.
Сайтан Адамға ой салды. Сол ойды қабылдаған Адам шалыс қадам басты.
Демек , Аллатағала Адамды айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін құлақкесті құл емес, не істесе де ерікті сана иесі етіп жаратқан. Адамға Жер бетіндегі өз тағдыр жолын таңдау хұқы, өз қолымен өз болмыс тұлғасын сомдау еркі берілген. Сондықтан да Адам минут сайын, секунд сайын ойланады. Ол ойын сөзге айналдырады. Сөзін іске айналдырады.
Адам миссиясының Жер бетіндегі қасиеті де, қасіреті де осы. Адамның бақ пен соры да осында. Адамға Адам сенгісіз ерік берілген. Таңдау хұқы берілген. Бұл ерік, бұл бостандық Адам үшін айлапат сын, айлапат міндет. Даңғайыр жауапкершілік. Ауыр жук. Ол жукті алып жүруге Адам байғұстың төзімі үнемі жете бермейді.Сыр береді. Сондықтан осынай ауыр міндетпен Адам байғұсты бетпе-бет тастамай Жаратушы жәрдемге келеді. Өзі үрлеп Адам санасына ұялатқан рух арқылы Адамға ой салады. Оны біз «ішкі үн» дейміз. Сол «ішкі үн» бізді үнемі шалыс қадамнан сақтандырып отырады. «Құлаққа сыбырлап» отырады. Адамға ақ жол сілтеп әрбір ой, сөз, ісіне араласып отырады. Алайда, Құдай қарғысына ұшырап Адам Ата, Хауа Анамен бірге Жәннаттан қуылған Сайтан бар емес пе! Сол Сайтан да қарап жатпайды. Адамға өшіккен Сайтан үнемі оны ақ жолдан тайдырып шалыс қадамға итеріп отырады. Сөйтіп, Адам санасында екі үн тайталасқа түседі. Арпалысады. Сенің шақша басың шарадай болады. Адамға сол екі үннің бірін таңдау еркі берілген. Екі үннің бірі - Алла үні, сені иман жолына, сауапты іске, тазалыққа, кісілікке шақырады. Екіншісі – Сайтанның сыбыры, ол сенің құлқыныңды қоздырып осы сәттік, жөпелдемдік пайдаға немесе нәпсіге шақырады. Қызықтырады. Қылмысқа итереді.
Санаңыз сан-сапалақ ой майданы. Сен қиын таңдау алдында тұрсың. Тағдыр жолың жолайрықта тұр. Не оңға, не солға бұрылуың керек. Екі жолдың бірін таңдауың керек. Осы таңдау – сенің тағдыр жолың болмақ. Сенің ғана емес күні ертең сенің халқыңның таңдауына айналуы мүмкін. Жалғыз халқыңның емес, жалпы адамзаттық таңдауға ұласуы мүмкін. Тарих таңдауына ұласуы мүмкін.
Өйткені қоғам - жеке адамдар қосындысы. Бұдан шығар қорытынды; сенің таңдауың түптің –түбінде адамзаттық таңдауға ұласар алғашқы қадамның бірі. Адам адамзаттан тыс тұрған бөлшек емес. Адамзатты алуан түрлі-түсті сабақ жіптен тоқылған алып кілем десек, Адам соның бір сабақ жібі. Алайда, сол бір сабақ жіптің шіруі алып кілем арқауының сетілуіне бастауы болуы мүмкін. Осыдан келіп адамзат тірлігінің голографиялық кескіні шығады. Осыдан келіп қоғамның әрбір жеке тұлға алдындағы міндеті, ал, әрбір жеке тұлғаның қоғам алдындағы міндеті келіп шығады.
Сана арқылы өзіне берілген ерікті пайдалануда адамдар қателіктен қателікке ұрынды. Адамға берілген еркіндік сәбиге қанжар ұстатқанмен бірдей болды. Бірінің қанын бірі судай шашты. Жер бетін дозаққа айналдырды. Адам Жер бетіндегі ең қауіпті хайуанға айналды. Сайтанның жетегінде кетті. Бұндай жағдайда Адам қауымын құтқарар жолашар ұстаздар керек еді. Онсыз ол шырмалып адаса беретін еді. Жаратушы Жер бетіне үздіксіз уахи түсірумен болды. Адамдар арасына пайғамбарлар жіберумен болды. Олар Адамның өз тілімен сөйлейтін, уағыз айтатын, жол көрсететін ұстаздар болды.
Солардың бірі осыдан шамамен 35 ғасыр бұрын Каспийдің теріскей жағалауында өмір сүрген түйекеш Заратуштра еді. Сол Заратуштраға Алладан түскен уахидің бірі:
Ізгілікті ойға ұмтыл!
Ізгілікті сөзге ұмтыл!
Ізгілікті іске ұмтыл!
Жаратушының бұл уахиі жалпы Адам баласына арналған иман формуласы деуге лайық.
Екі дүниеде Адам бақытты болуы үшін адасудан, Сайтанға еріп алжасудан сақтайтын ақ жол деуге болады.
Зороастрға сондай-ақ Бұ Дүниенің басынан аяғына шейін Жер бетінде Адам үшін Құдай мен Сайтан шайқасы жалғаса беретіні жәйлі, ақырында Қиямет- Қайым күні Құдай Сайтанды жеңетіні жәйлі, сөйтіп, әділет салтанат құратыны жәйлі уахилер түсті. Әділет таразысындай тартылған Қылкөпірден өтерде күнаһарлар Дозақ отына құлап, имандылар Жәннатқа кіретіні айтылды. Бұ Дүние сонымен аяқталып, мәңгілік О Дүние басталатыны аян етілді. Бұл уахилер бойынша Зороастр пайғамбардың ежелгі парсы тілінде уағыздаған «Авеста» кітабы Алланың адамзат баласына түсірген аяндарының алғашқы хатталған нұсқасы деуге келеді.
Алайда, Алла сөзін Адамға жеткізуші пайғамбарлар да пенде. Оның үстіне пайғамбарлардан кейін де ол мәтіндер сан рет Адам қолымен көшірілгенген кейін ол қасиетті мәтіндердегі сөздердің қайсысы Алланікі, қайсысы Адамдікі екендігі бір Алланың өзіне аян. Мысалы зорастризмді ұстанушылардың Жаратқанға емес, отқа табынып кетуі Алладан түскен аянды жаңсақ түсінуден. Әруақытта Алладан түскен уахиларды Адам баласының әртүрлі түсініп түрлі діндерге бөлініп «қырық пышақ болып» жатуы соның дәлелі. Әйтпесе, Алланың діні біреу-ақ.
«Әлемнің барлық халықтары Құдай бар деп біледі.Әрқайсы Құдай иығына өз шапандарын жапқан. Алайда, әртүрлі шапан кигенмен Құдай өзгерген жоқ» - дейді Жан-Жак Руссо.
«Дін атаулының тегі бір» дейді Лев Толстой.
Алайда киелі сөздер қандай өзгерістерге ұшырамасын олардың адамзатты ізгілікке үндеген негізгі канондары ұқсас, ортақ. Осыдан келіп біз киелі мәтіндердің қайнар көзі бір екенін байқаймыз. Әртүрлі тілде аян етілген мәтіндердің авторы Алла екенін байқамыз. Сондықтан да Алланың адамзатқа арнаған соңғы сөзі – Құран өзіне дейінгі аян етілген қасиетті кітаптарды және пайғамбарларды растайды.
Бұл Жаратушының Жер бетіндегі Адам баласына үздіксіз өз уахилерін түсіріп отырғанының дәлелі. Алайда Адам баласы әлсіз. Сайтанның сөзіне сенгіш. Сайтан Адамды шексіз байлыққа қызықтырады. Шексіз билікке қызықтырады. Қолда барға қанағат тұтқызбайды. Сайтанның азғыруымен «Бай – байға, бай –Құдайға жетсем» дейді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлқын қамымен өткізеді. Бақыт дегенді нәпсінің құлы болып ләззат қуу деп біледі. Бірақ, ләззат - тұзды су. Ішкен сайын шөлдетеді. Бақыт құсы ұстатпайды. Алда шоқақтап қашады да отырады. Адам байғұс соны қуып әлек. Сананы әлсірететін ішімдікке үйір қылады. Ол нәпсіңді қамшылайды. Сабырыңды сұйылтады. Үлкен байлық, үлкен биліқ үшін қырылыстырады.Қолға қару алғызады. Адам бірінің қанын бірі шашады. Сайтан салтанат құрады.
Осының бәрі неден басталды? Ойдан. Адам санасында туған ойдың салдары сұмдық. Егер ол ізгі ой болса – жақсылықтың басы. Сайтанның сыбыры болса, салдары - сұрапыл.
«Өз ортаңда жүріп сен жалғызсыруың мүмкін. Бірақ сен жалғыз емессің. Сенің ой мен сезіміңнің жаңғырығы күллі адамзатқа тарап келген, тарап жатыр, және тарай да бермек» (Амиель)
Адам қауымы арпалысып джунгли заңымен өмір сүрді. Әлді әлсізді екі бүктеп бір шайнады. Адамзат дария боп аққан қан, көздің жасына қарамастан әлділерге бас шұлғыды, күштіге қол соқты. Сондықтан тарихымыз соғыстан көз ашпады. Сайтан салтанат құрды. Сан шапаттап биледі. Осының бәрін көріп біліп отырған Жаратушы Жер бетіне дүрсін-дүрсін пайғамбарлар жіберді. Алайда залым қауым оларды құшақ жая қарсы алмады. Қудалады. Пайғамбарлар арқылы Алланың Адамнан тән қорегін, құлқын қамын, нәпсіні ауыздықтауды талап еткенін қабылдамады. Джунгли заңымен тән қорегі үшін өмір сүріп келген жыртқыштарға Алла талабы ұнамады. Жыртқыштар жан қорегі үшін өмір сүр дегенді қабылдамады. Сондықтан, Сайтанға ерді. Сондықтан, Ибрайымды отқа қақтады, Исаны крестке керді. Соңғы пайғамбар Мұхаммедті тас боранның астына алды.
Мұхаммедтен кейін Аллатағала Жер бетіне пайғамбарлар жіберуін тоқтатты. Неге? Білмейміз. Әлде Алла Адамнан біржола түңілді ме? Түңілген де не істейді?! 124 мың пайғамбар жіберіп түзей алмаған Адамды не істейді?! Бұның соңы не болады?! Білмейміз. Ол жағы Аллаға аян.
Құранға үңілсеңіз Алла айтудай-ақ айтқан. Тарихтан талай мысалдар келтіріп адамзатты апаттан сақтандырған. Ескерткен. Үгіттеген. Жәннатымен қызықтырған. Мұхиттай мейірім-шафқатын алға тартқан. Дозағымен қорқытқан. Қысқасы, ұғар Адамға үгіт-насихаттың айтылмағаны қалмаған. Бәрі-бәрі айтылған. Құран - Алланың ұланғайыр тарих аясында адамзатқа пайғамбарлар арқылы түсірген аяндарының қорытындысы. Демек, Жаратушы адамзат баласына Құран арқылы өзінің қорытынды сөзін айтқан. Енді бұл қорытындыдан қорытынды шығару Адам міндеті. Жаратушы соны бізден күтетін тәрізді. Пайғамбарлар жіберуін тоқтатып ендігі жауапты Адамнан күтетін тәрізді. Жаратушының соңғы сөзіне біз қалай жауап қатамыз?! Ендігі жердегі Адам тағдыры соған байланысты. Ендігі жердегі адамзат тағдыры адамзаттың өз қолында. Ол қандай таңдау жасайды? Соған байланысты. Сайтанның соңына еріп кете бере ме, әлде Алланың үніне ден қоя ма?! Біз тарихи таңдау алдында тұрмыз.
Адамзат тарихы қанмен жазылды десек те оның интеллекті- зердесі тынымсыз ізденіс, өсу үстінде болды. Нәтижесінде бүгінгі өркениетке жетті. Ғарышқа көтерілді. Айға барып қонды. Егер, Құдай ғарышта болса онда Адам 20-ғасырда сол өзінің Жаратушысына бір табан жақындады.
Осы жерде оқырманымыз дау айтады. «Тоқтаңыз!! Тоқтаңыз!!» дейді. «Осындай өркениетке жеткен ғасырда адамзат бұрын-соңды болмаған қылмыс жасады емес пе?!» дейді. «Фашизм 25 млн, коммунизм 100 млн кісіні құрбандыққа шалды емес пе?!» «Ол аз болса көзді ашып-жұмғанша Жерді астын-үстін етер зұлымдық қаруын ойлап тапты емес пе?! Мінеки, сіз мақтай бастаған прогресстің сықпыты?!» дейді оқырман.
Бүйткен прогресі құрсын! Одан да кешегі қиыр жайлап шет қонған көшпелі тірлігіміздің өзі артық еді!!- дейді оқырман.
Рас, оқырман шындықты айтып отыр. Шырқап дамыған прогресспен бірге Адамның зұлымдығы да шырқап өсіпті. Оған бұлтартпас дәлелді оқырманның өзі келтірді. Мәселе прогрессте емес. «Жалпы Адам -табиғатынан зұлым» деген теория тірілгендей. Бұл теорияның адамзат тарихындағы ең көрнекті өкілдері Шопенгауэр, Ницше. Шопенгауэр Бұ Дүние немесе Жер бетіндегі адамдар қауымын өмір сүруге хұқы жоқ, жойылуға тиіс тіршілік деп білді. Бұ Дүниені Дозақи деп білді.
Ницше одан да әрмен сілтеді. Бұл әлемде мағына жоқ. Сондықтан ендігі жерде Құдайдан құтылған Жоғары Адам.
аяушылық, обал-сауап, ұят, ұждан дегендерді қоқысқа тастауы керек деп ұрандатты. (Л.Свендсон. «Философия зла») Құдайдан құтылған Жоғары Адам ешнәрседен шімірікпейтін қатыгез болуы керек деп білді. Табиғаттағы эволюция заңын алға тартты. Эволюция шыңы адамзат әлсіздер құрып, әлділер ғана өмір сүретін сол табиғи сұрыпталудың жемісі деп білді. Бұл ұранды көп ұзамай Гитлер іліп әкетті. Ту қылып төбесіне көтерді. Алдымен өз еліндегі кеміс туғандарды, ауруларды қырды. Содан Жер басып жүруге хұқы жоқ деп еврейді қырды. Сығанды қырды. Содан кейін қалған елдерді де қан қақсатты. Дінсіз дарвинизм, әпербақан атеизм, сөйтіп, Европаны қанға бөктірді. Дозақ отына салды.
Осылайша буржуазиялық қоғамның «Адам Адамға -қасқыр» деген қағидаты 20-ғасырда шырылдаған шындыққа айналды. Яғни, адамзат 20-ғасырда да жыртқыштарша «Джунгли заңымен» өмір сүрді. Бірінің қанын бірі судай шашты. Сонда адамзат қол жеткізген кәзіргі өркениет қандай өркениет? Жабайы өркениет болғаны ма?! «Джунгли заңымен» өмір сүрген өркениетті басқаша қалай атауға болады?
Бұдан сауал туындайды. Адам баласы зұлымдыққа бейім бе? Мейірімге бейім бе, деген сауал. Ғасырлар бойы философтардың шақша басын шарадай еткен сауал.
Адам мейірімге бейім десек қантөгіс, зұлымдық, зорлық- зомбылық тарих сорабында ешқашан толас таппапты.
Өркениетті Европа төрінде соңғы 50-60 жыл ішінде Освенцим, Бухенвалд, Сребренница, Баслан оқиғалары орын алды. Кант, Гете, Гейне,Гегель, Бах, Бетховен шыққан ұлы ұлттан Сайтанның сойылы болған Гитлер де шықты. Мәдениет пен прогресстің дамуы жауыздықты ауыздықтай алмады. Сонда, жауыздықты кім ауыздықтамақ?! Не ауыздықтамақ? Әлде жауыздық прогресспен бірге прогрестеле беретін заңдылық па?! Ендеше, прогресс адам айтса сенгісіз шарықтауға беттеген 21-ғасырдан не күтуге болады?! Прогреспен бірге бұл жаңа ғасырда да жауыздық еселене бермесіне кім кепіл?! Онда бұл ғасыр Қиямет- қайым ғасыры болмаған да не!!!
Адам Қиямет - қайым қаруын өз қолымен дайындап қойды емес пе?! Адамзат , сөйтіп, өз көрін өзі қазып қойды емес пе?!
Енді сол көрге күллі өркениетті көме салу үшін көп уақыт керек емес. Мемлекеттер бір-біріне соғыс жариялап жатудың қажеті жоқ. Сол дайын көрге адамзатты итере салу үшін бір есуастың бір кнопканы баса салуы-ақ жеткілікті екен. Сонда бір шахтадан бір ядролық оқтұмсық көкке көтерілсе, әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген оқтұмсық қоса көтеріледі екен. Сөйтіп, санаулы минутта Жер ананың күлін көкке ұшырады екенбіз.
Қиямет қайым деген осы емес пе?!
Бұл Қияметқайымның бір сценарийі.
Екінші сценарий де – прогресс жемісі.
Бүгінгі ғылымның дамуы, нанатехнологияның ғарыштап дамуы енді бір 20 жылда өмірге интеллектуалды роботтарды әкелмек. Интеллектуалды робот дегеніміз Адам тәрізді миы бар өз еркімен шешім қабылдай алатын компьютерлік сана иесі. Әңгімеміздің басында айтып өткендей Адамның өзі Алланың жасап шығарған интеллектуалды роботы емес пе еді. Бірақ, Адамға Алла өз рухынан үрлеп жан берді. Ұят, ұждан, обал, сауап, махаббат, мейірім сияқты іргелі сезімдер ұялаған жүрек берді. Адам жасаған робот Құдай жасаған роботтан шапшаңдық, әрекет, іс-қимыл жөнінен асып түсуі мүмкін. Бірақ, оларда жоғарыда келтірілген Жаратушы рухынан болған имани сезімді жүрек болмайды.
Рух - Алланың ғаламаты. Адамға түсініксіз, Адамға құпия құдірет. Сондықтан имани рухтан ада робот интеллект күшімен өз еркімен шешім қабылдау денгейіне жеткенде өзін жаратқан Адамның бақылауынан шығып кетуі әбден мүмкін. Роботқа ерік бергені үшін Адам түптің- түбінде оңбай өкінуі мүмкін. Жәннат бағында өзіне бағынбай әрекет еткен Адам Ата қылығына Аллатағаланың ашу шақырғанын білеміз. Адамға ерік бергеніне қапа болып Жер бетіне қуып салғанын білеміз. Осындай орны толмас өкініштің кебін интеллектуалды робот жасаған Адам да киюі мүмкін. Ғылыми прогресс дамуы осыған беттеп келеді.
Адам бақылауынан шығып кеткен интеллектуалды машиналар күндердің күнінде өз жаратушысы Адамға қарсы майдан ашуы әбден мүмкін.
Сөйтіп, адамзаттың өзі, өзі қолдан жасаған роботының құрбаны болуы мүмкін.
Бүгінгі Құдайын ұмытқан ғылым адамзатты осы апатқа алып келеді.
Бұл - парадокс. Адамзат өзі қазған көріне өзі ұмтылып келеді. Бұ жәйлі қазақ: «Өлетін бала молаға қашады» деген.
Соңғы ғасырларда ғылым діннен дербес дамыды. Құдайды жоққа шығарды.Күллі жаратылыс Алланың ашып қойған кітабы екенін ұмытып адамзат сол кітапқа Жаратушы енгізіп қойған «жаңалықтарды ашқанына» мәз болды. Астамдыққа ұрынды. Осылайша Адам санасына кіріп алған Сайтан оны өз Жаратушысына қарсы салды. Әсіресе, соңғы ғасырда Сайтан Жер бетінде салтанат құрды. Сөйтіп, Құдайсыз ғылым Адамның қолына қатерлі қарудың бірінен кейін бірін ұстатты. Сайтан енді Адам қолымен ядролық қару кнопкасын басса болды, адамзаттың күлін көкке ұшырып дегеніне жетпек. Қиямет -қайым дегеніміз осы.
Адамнан түңілген Алла осының бәрін көріп – біліп отыр. Ақ жол сілтеп Адам санасына күнде сәуле құйса да Адам Сайтан жолынан қайтар емес. Адам қыңыр. Сол қыңырлығы оны құздан құлатпаса неғылсын...
Адам маңдайы тасқа соғылмай Сайтан жолынан қайтпайды.
20-ғасырда Адам маңдайы талай рет тасқа соғылды. 20- ғасыр тарих сабағы болды. Сайтан жолы сан соқтырды. Қара Жер қанға боялды. Бірақ, әлем әлі ақшаға табынумен келеді, Аллаға емес. Сондықтан, әлі тәубесіне келмеген Адам маңдайы жаңа ғасырда талай тасқа соғылуы мүмкін. Соғылып та жатыр. Құдайсыз Адам құрып кетерін көзбен көрмейінше тәубеге келмес түрі бар. Адам бұ ғасырда құлайтын жар жиегіне жетіп тоқтауы мүмкін. Алда үңірейген қайта шықпас шыңырау. Соны көріп шошып шегінуі мүмкін. Тәубасына келуі мүмкін. Тақуалыққа бет бұруы мүмкін. Өйткені, одан басқа таңдау қалмағанын көрді. Одан басқа таңдау – шыңырау екенін көрді. Шыңырауға зымырау екенін көрді. Сондықтан Адам тәубесіне келуі мүмкін. Тәубеге келген Адам – тақуа, Құдайын таныған Адам.
Сабырлы Жаратқан бізден соны күтеді. Жабайылық, жыртқыштықтан арылған Адамды күтеді. Тақуа Жоғары Адамды күтеді. Мінеки, сондай Адам ғана Жаратушы Жобасына сай келеді. Ол Адамды сондай болашақ үшін жаратса керек. Жыртқыштық үшін емес.
20-ғасыр; «джунгли заңымен» өмір сүретін «жыртқыш Адамның» соңғы ғасыры, 21-ғасыр; «Жоғары Адамның» алғашқы ғасыры болуы да мүмкін. Өйткені, 20-ғасырда өз жауыздығынан өзі шошыған Адам бас біріктіріп БҰҰ-ын құрды. Бұл Жоғары Адам болуға жасалған тұңғыш бетбұрыс деуге келеді.
20- ғасырда тағы бір бетбұрыс болды.
Ол бетбұрыс ғылым майданында орын алды. Соңғы үш ғасыр ұдай әрбір жаңалық ашқан сайын Құдайдың жоқтығын дәлелдеумен болған құдайсыз ғылым кванттық физика саласында жаратылыс жұмбағына терең үңілгенде, кенет, сол өзі жоққа шығарған Құдіреттің үстінен шықты. Бұл құбылысқа таң қалған кванттық физика атасы Макс Планк адамзатты таң қалдырған мәлімдеме жасады.
«Ғаламды Жоғары Сана билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр» деп мәлімдеді ол.
Жаратылыс «кірпіші» – атомды бөлшектеп ішіне үңілген физиктер табиғаты тылсым қуат өрісін ашты. Күллі материя - атомдардан, ал, атомдар энергетикалық өрістен тұратынын көрді. Және ол энергетикалық өріске Адам ойы ықпал ете алатынын көрді. Сонда күллі материалдық әлем қозғалыс үстіндегі энергетикалық тылсым өрістен тұратыны анықталды. Былайша айтқанда күллі жаратылыс - энергетикалық өріс. Күллі жаратылыс – энергиядан басқа түк емес. Энергия – күллі жаратылыс «кірпіші». Жанды Адам да, жансыз тас та бір-ақ нәрседен жаратылған. Қоғалыс үстіндегі энергиядан жаратылған. Біз көзге көрінбейтін энергия мұхитының ішіндеміз. Мұхит табанындағы балықтаймыз. Ғылым тілімен айтсақ Жаратушы - сол тылсым энергия. Ол - біздің тұлабойымызда. Әрбір атомымызда. Сондықтан да қасиетті кітаптар «Құдай сенің жүрегіңде, ішіңде» деп қайталаумен келді. Құранда Алла: «Біз сіздерге сіздердің қан тамырыңыздан да жақынбыз» дейді.
Жаратылыс болмысын үнгіп шұқылап отырып ғылым осы шындықтың үстінен шықты. Немесе, Аллатағала өз жаратушысын ұмытқан ғылымның алдынан шықты.
Бұл жаңалық Жаратушының Адамды құтқарудағы бір амалы емес пе екен деген де ой келеді.
Бұл жаңалық материя деп жүргеніміздің бәрі сананың сығындысы екенін көрсетті. Көзге көрінбейтін қуат өрісі екенін көрсетті. Ол қуат өрісіне Адам ойының орасан ықпалы барын көрсетті. Яғни, әлемдегі күш-құдірет санаға тәуелді екенін көрсетті. Ойға тәуелді екенін көрсетті. Сондықтан да діннің бәрі Адам ойын ізгілендіруге үндеді. «Ізгілікті ойға ұмтыл! Ізгілікті сөзге ұмтыл! Ізгілікті іске ұмтыл!» Адам ойының сұрапыл салдары дінге әлімсақтан аян еді. Адам ойының сұрапыл салдары...
Адамды құтқарудың тетігі... яғни Адамды құтқарудың амалы осында... Ол жәйлі әңгіме алдағы тарауда.
АДАМДЫ ҚҰТҚАРУ
«Мен материяны зерттейтін ең нақты ғылымға ғұмырын сарп еткен адам ретінде, атомдық физикамен айналысқан ғалым ретінде айтарым: жаратылыста материя деген жоқ! Атомның барлық элементтері вибрация тудыратын күш арқылы ұйымдасып, бар болып, осынау титтей күн жүйесін бұзбай сақтап тұруы материя көрінісі... Сол күш сырттан бүкіл жаратылыс матрицасы болып табылатын Ақыл Иесі арқылы басқарылады»
(Макс Планк. «Das Wesen der Materie»)
Нобель сыйлығының иегері неміс ғалымы Макс Планктың 1944 жылы дүниені дүрр сілкіндірген осынау тарихи мәлімдемесін біз американдық әйгілі ғалым Грегг Брейденнің атышулы «Божественная матрица» кітабынан алдық. Бұл мәлімдеменің дүниені дүрр сілкіндірген себебі бұған дейін Батыс өркениеті, оның ішінде де ғылым И. Ньютон және Ч. Дарвин жаңалықтарынан кейін Бұ Дүние бастауында Сана емес, материя тұр деп нүкте қойған еді. Ғылымның ғасырдан ғасырға ғарыштап дамуы осы сенімді мызғымастай цементтеп тастаған еді. Осы тұста, Құдайдың өзін итеріп тастап ақиқаттың тағына жайғасқан аса мәртебелі ғылымның алтын тәжіндей кванттық физика атом әлеміндегі ең ұсақ бөлшектерге үңіліп отырып бір күні жаман шошып кетті. Өйткені, тақтан тайдырылған Саналы Құдірет кванттар әлемінде тура қарсы алдынан шықты. Материя кванттық деңгейде материя емес, түсініксіз энергетикалық өріс болып шықты, яғни, Сана болып шықты. Сондықтан да Планк: «жаратылыста материя деген жоқ...» - деуге мәжбүр болды.
Қарапайым тілмен айтқанда мына аяқ астында жатқан тастардан бастап, сонау көз ұшында шаңытқан галактикаларға дейін түгел физикалық материя болмай шықты. Аспан денелері, оның ішінде өз денеміз де бар, түгел белгілі формаға ұйыстырылған энергетикалық өріс болып шықты. Ол өріске Адам ойы әсер ете алатыны тәжрибелер арқылы дәлелденді. Ал, ол өріс болса бәріне әсер ете алады. Бәрінің тағдыры соның қолында. Соның жасампаздығынан сан жетпес физикалық формалар өмірге келген. Бұл өрісті Планк Сана деп отыр. Ол өріс сырттан Сана арқылы басқарылады. «Сырттан» деу шарттылық. Ол өріс яғни ғылым тілімен айтқанда «Тәңір матрицасы» әрнәрсенің ішінде де, сыртында да бар. Немесе, заттың негізі, болмысы. «Тәңір матрицасы» бір ақыл жетпес алып мұхит болса біз соның ішінде жүзген балық іспеттіміз. Мұхит толқындарды тудырады. Яғни, өз болмысынан формалар жасайды. Бұ Дүниедегі жанды, жансыз әркелкі формалар сол Сана мұхитының туындылары. Демек, бұл ақылға сыймас, көзге көрінбес Ғаламдық Сана -бүкіл әлемді толтырып тұрған нәзік өріс. Көзге көрінбейді. Қолға ұстатпайды. Ыстық та емес, суық та емес. Сондықтан оны Адам баласы түсіндіре алмайды. Ол сол көзге көрінбейтін қалпында көзге көрінетіндердің бәрінен құдіретті. Жасаушы. Шексіз. Мәңгілік. Адамзат баласы сондай Құдіреттің барын атамзаманнан сезген. Мойындаған. Табынған. Ал, ғылым болса бұл Ақиқатты енді ғана ашып отыр.
Грегг Брейденнің «Тәңір матрицасы» кітабынан:
«Бұрынғы данагөйлер бізге, бүгінгі ұрпаққа, аса маңызды ақпарат қалдыруға тырысқан. Олар храм қабырғаларында, жазбаларда мына әлеммен энергетикалық қарым-қатынас туралы инструкциялар қалдырыпты.Сонымен бірге олар өздерін өздері қалай емдеп, қандай да бір арманға қол жеткізу тәсілдерін іс жүзінде дәлелдеп кетті. Ал, ғылым болса соларға атамзаманнан белгілі болған әлеммен адам қарым-қатынас заңдарын араға 5000 жыл салып енді ашып жатыр»
«Ғалам санасы – Тәңір матрицасы – біздің әрбір жасушамызды көктей өтіп шексіз ғаламға созылады. Ол деген сөз - біз осы жерде отырып-ақ күллі ғаламға әсер ете аламыз деген сөз. Және сол ғаламда болып жатқан құбылысты да қабылдаймыз деген сөз»
«Ғалам солай түзілген – оның әрбір жалқы бөлшегінде голографиялық жалпы сақталады»
«Адам денесі - күллі космостың шағын үлгісі»
«Ғаламның голографиялық болмысынан тағы бір заңдылық келіп шығады. Оның жалқы бөлігіндегі өзгеріс пайда болса, дереу сол өзгеріс оның барлық жалпы бөлігінде де пайда болады»
«Махаббат пен мейірім адам болмысына өмірлік қуат дарытса, дүниеге тыныштық дариды»
«Зұлымдықты көбейту арқылы әлемнің қайғы-қасіретін азайту мүмкін емес»
«Жаңадан соғыс ашып, бұрынғы соғысқа түбегейлі тосқауыл қоя алмайсыз»
«Сезім дегеніміз – ғаламды қамтып жатқан Тәңір матрицасымен тілдесу құралы»
«Адам болмысы - Ғаламның таңғажайып ұлы құпиясы»
«Бізді қоршаған дүние түгел адамның қолынан келмейтін құдіреттің жоқ екенін айтып тұр»
Әлемдік дүниетанымда төңкеріс жасаған біртұтас Ғаламдық Сана туралы кванттық физика ашқан жаңалыққа орай Г.Брейден кітабынан келтірілген бұл түйінді ойлар нені меңзейді? Адам санасының да Ғаламдық Сана бөлшегі екенін меңзейді. Ал, Ғаламдық Сана Жаратушының өзі екенін меңзейді. Демек, Адам сол Ғаламдық Сана тудырған бір құбылыс қана емес, сол шексіз голографиялық Сананың құрамдас бір бөлігі. Голографияның жалқы бөлшегінде жалпы дене болмысы сақталатыны аян. Сондықтан да пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с. өз хадистерінің бірінде «Кім де кім өзін таныса - ол Раббысын да таниды» деген. Яғни, пайғамбарымыз жалқы Адам санасының, жалпы Ғаламдық Сананың яғни Раббысының бөлшегі екенін мегзеген. Кванттық физика бойынша Адам денесі кванттық денгейде санадан тұрады. Демек, Адам жанымен де, тәнімен де Алланың бөлшегі.Құран болса Адамды бірнеше рет Алланың Жердегі орынбасары атайды. Ендеше, Алла Адам болмысына о бастан ғаламат қасиеттер дарытып, пешенесіне Жер бетіндегі Құдайдан кейінгі құдірет боларлық даңғайыр болашақ жазған.
Адамға берілген осынау алапат мүмкіндік жәйлі Иса Мәсіх:
«Сендер сенбегендіктен ақиқатын айтамын: егер сендерде бір түйір дәндей сенім болса, ана тау «қозғал десеңдер қозғалар» еді. Сіздердің қолдарыңнан келмейтін нәрсе болмас еді» - деген. (Матвей. 17:20)
Иса Мәсіх сенім құдіреті, сезім құдіреті туралы айтып отыр. Адам Жаратушыға деген сенім арқылы тауды да қозғай алады деп отыр. Демек, Адамға таза, пәк, шүбәсіз сенім керек. Жалғыз Жаратушыға деген сенім. Адамда сондай сенім шынайы болса Алла оның тілеуін береді.
«Кім Бұ Дүниеде өмірінің зейнеттерін қалайтын болса, оларға істеген амалдарының сыйын Бұ Дүниеде толық етіп береміз, және олар Бұ Дүниеде зиян көрмейді» дейді Құран (Һуд сүресі).
Сұраудың көкесі – дуға. Сондықтан да атамзаманнан қай дін өкілі болмасын Жаратқан Иеден жарылқауды дуға арқылы сұраған. Сол дұға, намаз Тәңір матрицасына яғни Ғаламдық Санаға тарайды. Ғаламдық Сана жауап қатады. Жақсы тілекке жақсылықпен жауап қатады. Сондықта да халық: «Қарғыс алма, алғыс ал!» дейді. Ауыздан шыққан жақсы лебіз Әлемдік Сананы сауықтырады. Жаман лебіз – ауыртады. Немесе иесін табады. Әлемдік Сана адамзаттан «Ізгілікті ой, ізгілікті сөз, ізгілікті іс» күтеді. Ал, Адамның ойы, сөзі, ісі ылғи да ізгілікті болып келді ме? Әрине, жоқ. Сондықтан адамзат тарихы қанмен жазылды. Жазылып та жатыр. Жер бетінде зұлымдық індеті толас табар емес. Ендеше, Адам туабітті зұлым жаратылған ба? Кейбір философтар осылай дейді. Адамның зұлым жаратылғанын дәлелдейді. Біз Адамның махаббатпен жаратылғанын дәлелдегіміз келеді.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті»
(Абай)
«Жаратушы бүкіл әлемді махаббатпен жаратты, махаббатпен күллі тірлік негізін тоқыды, демек мына қиял жетпес ғалам жасампаз махаббаттың айлапат майданы болмағанда не?!»
(Осман Нури Топбаш. «Жүрек жолы»)
Ана құрсағында Адам Алланың махаббатымен жайлы да, жылы, жұмсақ ұяда жаратылды. Жайсыздықтың не екенін, салқындықтың не екенін, жалғыздықтың не екенін Адам Бұ Дүниеге келген бетте сезді. Сондықтан шырылдады. Сәби жаны – Алладан. Махабаттан тұрады. Міне ол көзін ашты. Дүниеге періште көзбен қарады. Жер бетіндегі қулықтан, сұмдықтан, зұлымдықтан пәк, таза, хабарсыз. Бірақ, жүре келе оған сол қулық-сұмдықты қоғам үйретті. Демек, жаман қасиет сәбиге қоршаған ортадан жұқты. Сондықтан да Гаутаманы (болашақ Будданы) патша әкесі ержеткенше қоршаулы дуал ішінде өсірді. Жәннат бағындай гүлзар бақша да бақты. Нәтижесінде Будда ержеткенше өмірде жаманшылық көрмей, жаман сөз естімей, тіпті ауру-сырқат, кәрі-құртаңдарды да көрмей сұлу жастар, бұлбұл үні, сұлу саз аясында өсті. Ержеткенше періште сезіміне сызат түспеді. Шын өмірдің сұрқия келбетін көрмеді. Шын өмірдің сұрқия келбетін ол тек ержеткенде ғана көрді. Бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты көрді. Оңбай шошыды. Гаутама патша тағын тәрк етіп бақытсыздыққа белшесінен батқан халықты құтқару жолын іздеп жолға шықты. Бақытсыздықтың тетігі, тамыры неде? Соны іздеді. Тапса сол тамырға балта шаппақ.Мақсаты - Адамды мәңгілік бақытқа кенелту.
Сонда сіз «Адам өмірге тек тап-таза періште күйінде келеді. Оған жамандық атаулы қоршаған ортадан ғана жұғады» деп отырсыз ғой?!
Солай...
Адамзат тарихы басқаша айтады. Тарихтың Адам қанымен жазылғанын айтады. Зұлымдықтың Адамның туабітті қасиеті екенін көрсетеді. Ащщы да болса ақиқат осы. Романтиканы қойыңыз.
Жоқ! Келіспеймін. Сәби зұлым болып тумайды. Сәби періште қалыпта келеді өмірге. Өмір оны басқа қалыпқа салады.
Жоқ...табиғатында бар зұлымдықты оятады деңіз. Зұлымдық сәбидің табиғатында ұйықтап жатты. Сәбидің бойында бар сол зұлымдық балалық шақ ойындары кезінде-ақ қылтиып көріне бастады. Бала өскен сайын зұлымдық қатыгездік те қатар өсті. Мектеп қабырғасынан басталатын кісі өлтіру мысалдары осының айғағы.
Тоқтаңыз. Сіз айтып отырған нәрсе зұлымдық емес. Баланың өзін-өзі қорғау инстинкті. Ол инстинкті Аллатағала барлық жан иелерінің бойына берген. Онсыз бір де – бір тіршілік иесі Жер бетінде өмір сүре алмас еді. Өзін-өзі қорғау барлық тірлік иелеріне тән қасиет. Қажет қасиет. Ол өмір үшін күрес.
Мінеки...Мінеки... Жауыздыққа өзіңіз жақындадыңыз... айта беріңіз!!!
Өзін-өзі қорғау, бауырым, жауыздық емес. Ол - Алла жаратқан тіршілікті қорғау. Ал, Алла жаратқан тіршіліктің бәрі – Алланың дәлелі. Олардың бәрі өз Жаратушысынан хабар беріп тұр. Біз осы жаратылғандарға қарап тұрып Жаратушыны танимыз. Анау әсем автомобильге қарап тұрып біз ойланбастан оның жасаушы Адам екендігіне шүбә келтірмейтініміз тәрізді, Жер бетіндегі осынау барлық жанды тіршілікке қарап тұрып та біз сол жан иелерінің авторы Алла екендігіне титтей де шүбә келтірмеуге тиіспіз.
Соныңмен Адам жауыз ба? Мейірбан ба?
Адам мейірбан болып туады.
Онда жауыздық қайдан шықты?!
Тоқтаңыз! Асықпаңыз... Жауыздық кез-келген тіршілік иелерінің өзін-өзі қорғау инстинктінен шықты.
Демек, жауыздық Адамның өзін-өзі қорғау инстинкті болды дейсіз ғой!!!
Олай емес... Сәби делік... Сырттан болған агрессияға өзінше қарсы реакция жасайды. Өйткені ол агрессияны, яғни зорлық-зомбылықты қабылдамайды. Ол шамасы келсе сол агрессиядан қашып қорғанады. Шамасы келсе агрессияға тойтарыс береді.
Әнеки... әнеки... тойтарыс!!! Тойтарыс... дедіңіз... тамаша сөз... Тойтарыстың шын аты -тұмсық бұзу!!! Соныңмен, кешегі сәби-періште агрессорға табандап тойтарыс беріп жатыр!!! Дәлірегі - тұмсық бұзып жатыр!!! Бұл жауыздық...емей немене?? Ол жауыздық қайдан шықты, көке?! Егер, бала болмысында қатыгездік болмаса агрессияға қарсы өз агрессиясы қайдан шықты?! Демек, оның болмысында қатыгездік болған!!! Болмысында бұғып жатқаны!!! Әнеки, керек кезінде қынабынан қанжарды суырып алды... Суырып алды да... қарсыласына сұғып алды... Мінеки, мейірбан балаңыздың барар жері!!!
Мойындаңыз туабітті жауыздықты!!! Адамға ол туабітті берілген!!!
Тоқтаңыз! Тағы да айтамын... Тыңдаңыз!!! Өзіңді –өзің қорғау агрессия емес... қатыгездік те емес... Сіздің күмәніңізді талдайық!! Тарқатайық!! Қанжар ұстаған агрессорға қарсы періште бала да қанжар сілтеді. Өйтпесе... оның өзі зорлық құрбаны болар еді ғой!!! Бұл сонда жауыздық па?! Бұл - жауыздықпен күрес қой!!! Бұл арасын ажырата білу керек қой, бауырым!!! Агрессор Сайтанның сілтеуімен қолына қанжар алды. Періште баланы өлтіргісі келді. Періште бала болса Сайтан иектеген сүмелектің қолынан қаза тапқысы келмеді. Қорғанып қолына қанжар алды. Періште бала шынтуйтына келгенде Сайтанға қарсы тұрды. Ол осы қимылымен өзін ғана емес, Сайтаннан Періштені қорғады. Зұлымнан бейкүнә сәбиді қорғады. Өлімнен өмірді қорғады. Алла жаратқан бейкүнә жан иесін Сайтанның сүмелегінен қорғады. Агрессорға қарсы қолға қару алды. Әділетке араша түсті. Онсыз Жер беті, күллі адамзат Сайтанның сайқымазағына айналар.
«Кім де – кім бір жанды өлтірмеген және Жерде бұзақылық істемеген Адамды өлтірсе, демек, барлық адамзатты өлтіргенмен бірдей» (Құран. Маида сүресі)
Осы жерде Ислам дінінің әлемдегі зор беделін жамылып бейкүнә әйел, бала-шаға қанын шашып жүрген террористердің шынайы мұсылманшылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтқымыз келеді. Айдай әлем алдында бейбітшіл дініміздің беделін террористік ұйым денгейіне түсіруге үлес қосып жүрген бұндай джихадшыларды біз Ислам дінінің қас жауы дейміз.
Дін философиясын үстірт түсінуден үстірт исламшылдар шығады. Құран - Алланың Адамзатқа түсірген соңғы уахиі, соңғы ескертуі. Бұл ескертуді дұрыс түсіну – адамзат парызы.
Көкесі, соныңмен, қатыгездік қайдан шықты?!
Қатыгездік қайдан шықты? Өмірге тәй-тәй басып енді келген сәбиді өмір қатыгездікке үйретті. Періште сәби бірнеше рет қатыгез агрессия құрбаны болды. Таяқ жеді. Үйге жылап келді. Ақыры, ол қатыгездікке қатыгездікпен жауап бере бастады. Сонда ғана агрессияны ауыздықтай алатынын түсінді. Содан кейін оның да жұдырығы түйілді. Қабағы қатуланды. Жұдырыққа қарсы жұдырық сілтеді. Бала жұдырығы ендігі жерде тек агрессорларға ғана емес, потенциалды агрессорларға да қарсы жұмсалды. Түюлі жұдырық, қатулы қабақты баладан енді өзге балалар шошитын болды. Тышқан мұрнын қанатпаған баяғы періште бала енді агрессор балаға айнала бастады. Сөйтіп, кішкентай агрессор енді періште –сәбилердің тұмсығын өзі қананататын болды. Осылайша қатыгез орта , қатыгез қоғамнан қатыгез бала шықты. Кішкентайынан қиянат жасап үйренген бала - ертеңгі күнгі дайын диктатор. Мінеки... қатыгездік қайдан шықты...
Қоғамнан шықты дейсіз ғой... Ал, қоғамыңыз болса жабайы шағында да, бүгінгі өркениетті шағында да қырықпышақ қырқысып жатыр! Жабайы қоғамда бір Адам бір Адамды өлтірсе, бүгінгі өркениетті қоғамыңызда бір Адам миллионды жайпай алады. Өркениет өскен сайын агрессия еселеп өсті. Зұлымдық геометриялық прогрессиямен үдеді. Бұндай қоғамда өмірге қанша періште келсе де қасқыр-адам болмай ма?! Өзіңіз айттыңыз, «Адамды қоғам жасайды» деп. Ал, қоғамыңыз-қасқыр қоғам болса қайттік?! Баяғы «джунгли заңынан» арылмаған қоғам болса қайттік?! Бүгінде ол жаһандану делінеді. Түпкі мақсаты бір. Әлді , әлсізді екі бүктеп бір шайнайды. Үлкен мәдениет - кіші мәдениетті, үлкен тіл - кіші тілді, үлкен корпорация - кіші корпорацияны, үлкен ел кіші елді жұтады. Яғни, джунгли заңы толассыз жұмыс істеуде. Басқа шауып, төске өрлеп тұр. Бұған қарсы қандай уәж айта аласыз, көке!?
Тым, қарайтып жібердіңіз! Тұйыққа апарып тіредіңіз! Мен басқаша ойлаймын. Мен ғана емес, даму логикасы...
Даму логикасы Жер бетіндегі Адам миссиясы бұлай аяқталмайтынын аңғартады. Даму логикасы немесе Жер бетіндегі Жаратқан Ие Жобасы Адамды өз қателігіне өзін сүріндіре отырып алға қарай сүйреп келе жатқандай. Сайтанның соңына еру қандай апатқа алып баратынын Адам бастан кешпей, маңдайы тасқа тимей түсінбеді. Адам маңдайы 20-ғасырда тасқа тиді. Құдайсыз қоғам құрамын деп құрдымға кете жаздады. Бақытсыздыққа белшесінен батты. Енді, 21-ғасыр Адамның ес жию, есею ғасыры болуға тиіс. Сайтан құрған тор, құдайсыздық құрығынан құтылуға тиіс. Сайтанның соңына ерген Адам өзіне де, өзгеге де бақытсыздық әкелді. Жер бетін Дозаққа айналдырды. Өз өмірін Дозаққа айналдырды. Өйткені, құдайсыз Адам – Адамды жек көреді. Сондықтан да ол жойқын қаруды ойлап тапты. Адамзатты жоюды 20-ғасырдың күн тәртібіне шығарды. Құдайсыз Адам – бақытсыз Адам. Өйткені, ол өмірде тек тән ләззатын іздейді. Тән ләззаты жан лаззаты бола алмақ емес. Адам жаны жетімсіремек. Құлазымақ. Жалғыздық көрмек. Өйткені, ондай Адам өз кеудесіндегі жанды өз Иесінен айырды. Досынан айырды. Ал, оның Иесі, әрі досы Раббысы еді. Өз Иесінен айырылған жан – тірегінен айырылған үйдей. Үрейге бой алдырды. Жақындап келе жатқан ажал оның апшысын қуырды. Онымен жүздесуден қорқып санасын өшіруге ұмтылды. Той-дұманшыл болып алды. Бірақ, ол сонда да жалғыздық құрығынан құтыла алмады. Адам арасынан тапқан досымен бүтінделіп жалғыздықтан құтылғысы келген. Алайда, Адам досы оны құтқара алмады. Адам Адаммен достықтың баянсыздығына көзі жетті. Сондықтан да, оның жанында тыныштық жоқ. Шын бақыт шәрбатын тата алмай өмірден өтті. Өмір бойы зәр-иманы қалмай қорыққан, күткен түсі суық ажал құрығы мойынға сарт еткенде екі көзі парта шықты. Ажалды азаппен қарсы алды. Бұл – құдайсыз қоғам, құдайсыз Адам сыбағасы. Құдайым, содан сақта!!!
Көкесі! Жетеді!!! Зәреміз ұшып бітті!!! Енді Адамды құтқару жолын іздейікші!!! Алжасып, адасып, қателесіп біткен бұл байғұс та күнаһар Адамды қалай құтқарамыз?!
Адамды Адам құтқара алмайды. Адам Адамға тек бағыт-бағдар ғана сілтей алады. Адам пенде өзін өзі ғана құтқара алады. Ол үшін жүзін Жаратушысына бұруы керек. Сонда, Сайтан серпіліп, Жаратушысы жақындайды. Жан-жүрегі жібіп бір ғажап Жәннат самалын сезеді. Ол – жарық. Ол – нұр. Ол – махаббат. Еш тән ләззаты бере алмаған жан ләззаты. Содан сен Раббыңды сүйе бастайсың. Раббыңды сүю – Раббыңның құлдары Адамды сүю. Яғни, Алланы сүю – Адамды сүю. Өйткені, Алла Адамды махаббатпен жаратқан. Жауыздықпен емес. Жауыздық көбейсе әлем сырқаттанады. Жаман ниет Ғаламдық Санаға жаман әсер етеді. Жақсы ниет жақсы әсер етеді. Өйткені, бүкіл адамзат санасы тұтас. Жалпы Ғаламдық Сана. Осыны мойындасақ, яғни бүкіл адамзаттың жаны бір екенін мойындасақ, бүкіл адамзаттың тәні де бір екенін мойындар күн де алыс емес. Олай болса бүкіл адамзат бір ағза, бір бөлінбес тұлға. Жер шарының қай нүктесінде орын алмасын Адам трагедиясын естігенде біздің жанымыз ауыратыны сондықтан. Өйткені, Ғаламдық Сана біртұтас. Ғаламдық Сана бізден тек жақсы ниет, дұға, намаз, махаббат күтеді. Өйткені, Жаратушы махаббаттан тұрады. Ол өзінің сол ғажайып сезімінің Жер бетіне тек жүзден бірін түсірген. Соның өзі Жер бетінде тіршілік тепе-теңдігін сақтап тұр. Махаббатсыз жауыз тіршілік бірін-бірі жойып тынар еді. Махаббатсыз тіршілік - қиянатшыл, зорлықшыл, жоюға бейім тіршілік. Сайтан жолындағы тіршілік. Махабатшыл тіршілік аяуға, аялауға бейім, жасампаз тіршілік. Махабатшыл тіршілік үлгісін адамзатқа пайғамбарлар көрсетті. Пайғамбарлар үлгісі – болашақ Адам үлгісі. Болашақ Жоғары Адам үлгісі. Жаратқан Ие ондай адамдарға ерекше қасиеттер берді. Пайғамбарлар жолын ұстаған ізбасарлар – тарихтағы сирек те болса Жоғары Адамдар. Оларды біз көбінесе әулиелер дейміз. Болашақты болжайтын, бір уақытта екі мешітте намаз оқитын, өлгенді тірілтіп, өшкенді жағатын әулиелер - болашақ Жоғары Адам үлгісі. Иманды Адам үлгісі. Адам ол деңгейге рационализм арқылы емес, ғылым арқылы емес, Жаратушыға деген шынайы сенім арқылы жетеді. Осындай жоғары рух адамдары – болашақ адамдары. Болашақ қоғамы сондай Жоғары Адамдар қоғамы. Дами келе адамзат жоғалтқан Раббысын табар болса, сөз жоқ Раббысы да оны табады. Сонда адамзат дамудың жаңа рухани, имани сатысына көтеріледі. Ондай сатыға көтерілген иманды қоғамда иманды ғылым дамиды. Иманды ғылым Адамға қызмет етеді. Иманды ғылымды ауыздықтаған Адам жұлдызды әлемді де ауыздықтайды. Сонда, Адам Құран айтқандай, Алланың Жердегі орынбасары денгейне көтеріледі. Жер бетіндегі Адам миссиясы сонда ғана өзі діттеген мақсатқа жетеді. Жаратушының Жер бетіндегі Жобасы сонда ғана толық жүзеге асады.
Адамға сенейік! Адам болашағына сенейік!!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру