Мазмұнға өту
Home

"Қараторғай" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Қараторғай" жинағынан

"Қараторғай" жинағынан. Қанипа Бұғыбаева

/uploads/db9a31d4-4a92-5bc8-8492-8f75d1fddcbb/cover.png

ШАҒАЛАЛАР

Ақ шағала, айтшы, қайда мекенің,

Алыстатып әкетті ойды жетегің.

Қосылайын, сәл төменде,

Тобыңа.

Толқындардың желпіме көп етегін.

Ақ шағала, айтшы, қайда мекенің...

Жарқылдамай, шаңқылдамай төменде,

Қондырайын суретіңді өлеңге.

Қалқып жүрген о, дариға-ай, шынымен,

Сұлулықтың падишасы-ау, төбемде,

Ақ шағала, шаңқылдамай, төменде!

Сендерге айтар, елдерге айтар сырым көп,

Кеудеме ашық қоныңдаршы бірің кеп.

Тоқталады тасып барып сен үшін,

Теңіз іші, сезім күші дірілдеп.

Сендерге айтар, елдерге айтар сырым көп.

Ақ шағала, айтшы қайда, тұрағың,

Жатыр ізің көк жолында бір ағын.

Естиінші ең соңғы бір даусыңды,

Ағытасың қандай жердің жыр-әнін.

Ақ шағала, айтшы қайда, тұрағың?!..

Қайран далам, қайран бабам, думанды ел,

Көрем сені бәз қалпыңмен түсімде.

Туған Отан, туған аспан, туған жер,

Айналумен қос жанардың ішінде!..

Қайран далам, сайран жастық уақыт,

Менің жырым сенің жұмсақ жаңбырың.

Айыра алмас ешбір құдірет, уатып,

Бөлінбестен жатар тұтас тағдырым!

ТУҒАН ЖЕР

Тұншығып кеттім, туған жер,

Желіңді бетке тос, кәні.

Желдей бір ескен жылдармен,

Аласармасын аспаным!

Арқама тауың артылып,

Серпіп бір тіліп тұманды ақ.

Бұлтыңды жібер шарфы ғып,

Шығайын кәне, сылаңдап.

Мен де бір сенің сынығың,

Мен де бір сенің сыңарың.

Шайқалмай тұрған тұнығың,

Сіміріп қанбас құмарым.

Мен де бір сенің қанатың,
Жалынға бауры шарпылған,
Сабырдың сарқып сағатын,

Сағыныштарым шарқ ұрған!

Оралып ойлы кешіңе,

Атар таң жайлы сыр аулап.

Шалғынды майда төсіңе,

Кетейін деп ем бір аунап!

Өзімдік жырдан жоқ көшем,

Созылып жатқан оқтай боп.

Көңілмен өмір көп кешем,

Тағдыр тепкен доптай боп...

Желдей бір ескен жылдармен,

Кеудемді титтей жандырып.

Арман боп тусам, туған жер,

Өзіңмен қайта жаңғырып!

Түйісіп күнмен жанарым,

Тұрса бір тауым шағылмай.

Бала емізген ананың,

Бақытты, бейғам шағындай!..

Советтің осынау кең елін,

Көргем жоқ шарлап тегі мен.

Келбетін бәр-бәр көремін,

Алақандай-ақ көгінен!..

Көргенім емес, білгенім,

Әлемнің шексіз байтағы.

Қанатты құстай бұл көңіл,

Аралап бәрін қайтады!

Өмірім өскен өз елім,

Ардай бір аппақ бұлты шын.

Шаттығын іштей сеземін,

Баламның естіп күлкісін.

Жүргем жоқ жоқты өлең ғып,

Болмадым айтып әлі мен.

Арманды ұғам әлемдік,

Жарымның айтқан әнінен!

Аспанда ортақ нұр күнім,

Аспанға ортақ бауырмын.

Айтады әлем тірлігін,

Түтіні туған ауылдың.

Болғам жоқ алыс сапарда,

Сапаршыл елді күндемен.

Тұрарда таң боп, жатарда

Кеш болып батам күнде мен.

Елімнің өмір ұраны,

Соқпасын сағат соңғы рет.

Жанымда титтей тұрады,

Жер әлем туы желбіреп!

Махаббаттың ұясы боп әр мекен,

Махаббаттың ұясы боп көңілде.

Бақыттымын

Деген бір жан бар ма екен,

Айтыңдаршы, осынау жарқын өмірде.

Өткір оймен өтпес ойды жанимын,

Саңлауынан сығалап кеп сан үйдің.

Бақыттыны күлкісінен танимын,

Бақытсызды жүрісінен танимын.

Ғашық жандар ұғынысып жүрекпен,

Өміріне жасап кетер жыр өткел.

Батыр жандар ұғынысып білекпен,

Көкірегі қызыл-жасыл гүл өпкен.

Сатылғандар, ұғынысып өліммен,

Топырақпен қалар жүзі көмілмей.

Ақын жандар ұғынысып өмірмен,

Өлең жасап кетеді екен өмірдей.

Ғашық жандар сөйлеседі жүрекпен,

Батыр жандар сөйлеседі білекпен.

Жалт қарасам кейде, кешір, жер-ана,

Баурыңдағы кім екен деп шыр еткен.

Есімде бала жылдарым,

Мен жүрген жолдар шырғалаң.

Бергемін жауап сынға мың,

Басыма орнап бір ғалам.

Есімде атқан таңдарым,

Алаңсыз ашық күлкімдей.

Сақтағам еске мен бәрін,

Өмірдің алтын кілтіндей.

Елестер өтер көшке ұқсап,

Тұрағын көңіл таппай жүр.

Көрінген маған дос құшақ,

Сыбдырлы сырлы бақтай бір.

Сыры мол өткен жылдардан,

Не беріп жанға нені алдым.

Көшіріп түннен күнге арман,

Арманмен қайта жаралдым.

Жамылған көкті кең жолым,

Мен асқан қилы қыр-белес.

Есімде не бар, не жоғын,

Есебін алмақ жиырма бес!..

ҚАСҚА ЖОЛ

Туған ауыл әр тасын,

Жамбасына жастап ол.

Төсеп күнге арқасын,

Жататын бір қасқа жол.

Туған ауыл оты асыл,

Жүрекке кеп жамалған.

Талай жүріп жотасын,

Орындық қып демалғам.

Ол арманға асылған,

Секілді еді тік белең.

Ұзап кетсем досымнан,

Сол бір жолдан күткен ем.

Қасқа жолда сөйле тіл,

Күрмелесің, беу неге.

Ұқсайтын ол кейде тым,

Шалқақ жатқан кеудеге!

Өмірдің қыс, көктемі,

Өтті жаяу, атты көп.

Құс жолындай көктегі,

Қасқа жолым – ақ тілек!

Бір таң алдан атқандай,

Асығамын дәт қалмай.

Балалығым жатқандай,

О, қасқа жол, ақ маңдай!

Сын жоқ қой ол уақытқа,

Болса төске жас тамған.

Барар жолым бақытқа,

Бір өзіңнен басталған!

ӘКЕМ ҮЙГЕ КЕЛГЕНДЕ

Ауыл жақты көп сұрап,

Алдым білем тынышын.

– Бұрынғыдан жақсырақ,

деп кең алып тынысын.

Бұл дүниеден көп болды,

Күзетші атаң кеткелі.

Еске алушы ек өткенді,

Қалды артында көктемі.

– Е, айтпақшы, қызым-ау,

Болды досың балалы.

Біреу келсе қызық-ау,

Біреу кетіп барады.

Сосын, сосын, ойланып,
Әлгі әнші Аяның,
Кетті дейді қой бағып,

Атаның ап таяғын.

Бір кездегі Көкжайдақ,

Қазір қала үйі көп.

Қыз болған соң шет жайлап,

Келмейсің де жиірек.

Несін айтам, бауырым,

Тыңдаудан тек ерінбе.

Әкем болып ауылым,

Көлбеп жатты төрімде!..

Теңіз де көк, сезім де көк, көк те көк,

Ақ бас толқын әлденеге өкпелеп.

Жартас бетін шапалақтап ұрады,

Көкірегін ашулы бір кек бөлеп.

Бір өзінен басқа тірлік бекердей,

Дегендей ол, осы арадан кет, өлмей.

Ысқырады айбарланып көк дауыл,

Толқын аузы асап бәрін кетердей...

Теңіз жолы соқпақсыз өр шатқалдар,

Арман тауы толқын болып атқанда әр.

Аңсап тұрар асау асқар қиынын,

Қанаттарын теңіз баулып қаққандар!

Теңіз де көк, сезім де көк, көк те көк,

Бір тіршілік арасынан көктемек.

Ей, бауырым, бірақ келіп көрдің бе,

Тағдыр атты теңізбенен бетпе-бет!..

Айхай, менің кең далам,

Жазылып қалды-ау құшағым.

Көңілді осынау толмаған,

Көміп бір кетті-ау күш, ағын.

Айхай, менің кең далам!

Самалдап кетсін жыр кеуде,

Сапыр да сүйре өрге сен.

Аңсап-ақ қалам бір демде,

Сан мәрте сәтте-ақ көрмесем.

Айхай, менің кең далам!

Көркіңе ендім көп оймен,

Өзенің болып күміс үн.

Күйіңді таршы көмейден,

Ашылып қалсын тынысым.

Айхай, менің кең далам!

Толқынға көміп денемді,

Ләззатқа жұмбақ өртеніп.

Басыма төсеп төбеңді,

Ақ бұлтыңды көрпе ғып,

Ұйықтайыншы, кең далам!

Үнің тәтті не деген,

Таңдайымда еріген.

Тыңдаушыңды деме кем,

Күні жоқ қой жеріген.

Үнің тәтті не деген?!

Жігіт өмір – бақша гүл,
Құшағында ырғалам,
Шіркін, қиял ақ сағым,

Басын иіп тұр маған.

Үнің тәтті не деген?!

Шомылдырып аспан бір,

Ақ төсіме құлатты ай.

Сен бір әсем дастан-жыр,

Сылдырлаған бұлақтай.

Үнің тәтті не деген?!

Жігіт өмір – бақша гүл,

Көз алдымнан аумаған.

Арман атты ақ сағым,

Жүрегімді жаулаған.

Үнің тәтті не деген!..

НӘРЕСТЕ КҮЛКІСІ
Жүзінде ойнап жылу атты күн күші,
Алаңсыз бір, айтшы, дүние,

Күлдің бе ей?!

Нәрестенің мына тұңғыш күлкісі,

Тұнық судың бетіндегі иірімдей!..

Жүрегіңе сызып сәуле жол мәңгі,

Мейіріммен мас боларсың осы үнге.

Ол білместен бояманы, жалғанды,

Күледі шын әз ананың төсінде!

Неткен күлкі, неткен ләззат, тәңір-ау,

Нең қалды еріп, балқып жаның қызбаған.

Оның тұңғыш жымиысын ал, мынау,

Бүкіл дүние көздерінен қызғанам!

Шомылдырған рахаттың бағына,

Болса өмірде сол күлкідей пәктілік.

Тұнық су ол иірілген шағында,

Шошытасың, ойнама тас лақтырып!..

ҚАЗАҚ ӘНІ

Дариға-ай, дәрия ғой қазақ әні,

Әншіге айта алмаған жаза дағы.

Өткеннің әні дала,

Сол даланың

Бауырын барынша кім жаза алады?

Тиместен жерге бір сәт, шапқанда аяқ,

Кеудеден бір күміс таң атқандай-ақ.

Беу, шіркін, маужырап бір жатар ма едім,

Тербеліп тал бесікте жатқандай-ақ!

Кел, тыңда!

Бұлбұл ма, әлде шағала ма,

«Әу» дегеннің бәрі әнші санала ма.

Туған ғой бабам әні дала үстінде,

Айтады оны сондықтан дала ғана!

Келеді күн, кетеді күн шектелмей,

Келер күнге кеткен күнім өткелдей.

Туып тағы тербеп жатыр, жер-ана,

Нәрестесін кінәсіз жас көктемдей!

Майысады мың бұралып, тал билеп,

Әз көңілден сан күй кетер, сан күй кеп.

Маужырайды махаббаттар толықсып,

Бар дүние, ар дүние әлдилеп!

Күлімдейді күміс кірпік көкте күн,

Сезімімнің босатып сым шектерін.

Көз ұшында елестеген шаң беріп,

Қайда жүрсің,

Қайран менің көктемім!..

Жүріп-жүріп болдырып,

Шабытқа боп шала бай.

Жылап-жылап алды бұлт,

Таяқ жеген баладай.

Құйғандай-ақ шелекпен,

Өтті көктен сел төгіп.

Жер үстінде жел әттең,

Кетер еді төңкеріп.

Өрт жайлап бір бұлт ішін,

Егілді емен қартамыс.

Талай күнгі күлкісін,

Ұрлап дүлей арпалыс.

Басқа түспей таудай сын,

Өткермей көзден күнді ауыр.

Дауылды жырлай алмайсың,

Жаныңда соқпай бір дауыл!

Өшіріп үрей шаласын,

Қарасаң қарсы сыр ұғып.

Кеткен бе деп қаласың,

Жер мен көкті бірігіп.

Болмаса боран осылай,

Сарқылмаса сабырың.

Өтер ең білмей, досым-ай,

Тыныштықтың қадірін!

БҰЛБҰЛҒА

Қайда сол, сол баяғы бұлбұл үнің,

Төкші, кел, тоқтап қалмай толқындарын.

Арманда өте шығар бұл бір күнің,

Ортасы болса көңіл, толтыр бәрін.

Салшы сол, сол баяғы әнге мұңды,

Даусыңа шөлдеп кетті жаным мынау.

Білемін, бақтағы таң дәуреніңді,

Сен мені сағынғандай сағындың-ау!..

Бар маңай құлағын сап, тұрсын тынып,

Кеудемнің жарқырасын күншығысы.

Кәне, кәне сайрашы, бір сілкініп,

Мәңгілік махаббаттың жыршы құсы!

Қайда сол, сол баяғы бұлбұл үнің,

Қалмасын жастық шақтың суып бағы.

Армансыз өте шықсын,бұл бір күнім,

Жіберші, көңіл кірін жуып тағы!..

ІЛЕ БОЙЫНДА
Су бетінде күміс сәуле сырғанап,
Ай жанары маңдайынан бір қарап,
Бара жатыр сылқ-сылқ күліп қыз толқып,

Көкшіл шәйі орамалын бұлғалап.

От ұшқындар ару-сынды нұр көркің,

Шөп-шөп сүйсе, шымылдықты үркер түн.

Бара жатыр бір-біріне ұстатпай,

Көміп, басып бір толқынды бір толқын.

Сырт қарасаң, сыр бермейді тыныштық,

Сүйсінер тек от сәулелер күміс түк.

Көз алдымнан көлбең қағып ойнаған,

Жағаңда өткен күндер қандай тым ыстық.

Сол күндермен көңіл қайтіп суыспақ,

Сұлулықтан қайтқан көңіл ту ұстап.

От сәулелер он саусақты бір сәби,

Су толқынын еміп жатқан уыстап...

БӘЙТЕРЕК

Берді оған күн де, жер де, ай қорек,

Өсті дара кең далада бәйтерек.

Табиғаттың қысқы дүлей дауылын,

Күздің желін, жаздың нөсер жауынын.

Жалғыз бәрін өсті терек қарсы алып,

Өзін бірақ көрсетпеді жар салып.

Өскен сайын санады өзін ол төмен,

Жамылған соң аспан асты көрпемен.

Мен сезгемін бала күннен қашаннан,

Ол ертерек айрылатын жасаудан.

Ұшырып ап көктем деген ай құсын,

Тартатұғын іштей сыңсып қайғысын.

Беріп ұдай күн де, жер де, ай қорек,

Өсті дара кең далада бәйтерек.

Ұлылық сол о, достарым, өзгеден

Дара болып, даралығын сезбеген...

Тілемейтін мінез бап,

Ақын жанын кім білген.

Сиреп қалар ілезде-ақ,

Ой да қалың бүлдірген.

Жолықпайды шоғы азға,

Сырласпайды ашылып.

Түспей жатып қағазға,

Қалар кейде шашылып...

Уақыт шайпау кейде шын,

Кетпейтін сенен өш алмай.

Бақыттың кисең жейдесін,

Сасасың тағы шеше алмай...

Қайратым қайран, жасыма,

Алысып бәрін жеңе біл.

Оралмас қайта басыңа,

Соғып бір өтер жел өмір...

Арман асқар асу бермес кейде тым,

Арман жолы арылмаған бейнетім.

Атар таңға асығамын кеш түссе,

Онсыз сірә, сезім салқын, ой жетім.

Асығамын, арпалысып тірлікпен,

Атар таңға ақынынан жыр күткен.

Осынау шын өмірімде жоқ-ау, жоқ,

Арман соңын ала қояр бір нүктем.

Боран көңіл таппас жерден тұрағын,

Санаулы өмір құлап жатқан бір ағын.

Сол ағыннан «қайда арман?» деп сұрадым,

Жауап болмай егіліп көп жыладым.

Арман қайда, айта алмады тау маған,

Айта алмады бұлбұл әні сайраған.

Айта алмады құшағы да жігіттің,

Бар ерікті бір өзіне байлаған.

Арман деген құлағымда ғажап үн,

Сол үн болып құлашты еркін жазамын.

Арман болып арман жолдан өтсем-ау,

Жотама сап ұлы жолдың азабын...

Емеспін ақылды дана адам,

Жанымда жатталар жылдар мың.

Әуелде әлемге анадан,

Жарыққа таласып туғанмын.

Бұл жарық от болса күйемін,

Жарық қой, өйткені көргенім.

Не сүйсем жарықты сүйемін,

Жарықсыз өмірім көр менің.

Тіршілік жарық боп атанған,

Тіршілік тұтанған жаңа шам.

Бүгінгі асығыс бет алған,

Онсыз мен жолымнан адасам.

Жастықта жалт еткен елеске,

Жаныңның кетпесе көктемі.

Жарығы өмірдің емес пе,

Осынау алтын күн көктегі.

Жарықпен жанға көп жамалды ой,

Тізіліп алғы күн жолдары.

Бәрінен көз тұрып жаман ғой,

Көңілдің қараңғы болғаны.

Қартайдым деп қайғырма, анам,

Жаз күніне жай қарап.

Жыл қымтаған, ай ұрлаған

Жастығыңды – өткен сонау

Балаң жүр ғой қайталап...

Айхай, арман, асау едің сен неткен,

Төзімсізді тастап қаштың ту алыс.

Байқамаймын уақытты тез өткен,

Алмасумен үміт, қайғы, қуаныш.

Айхай арман, асау болдың сен неден,

Өмірімнің кетті өзіңде тынышы.

Жанарың ба, ауыл оты сөнбеген,

Жауабың ба, тіршіліктің тынысы.

Арман атты мен білетін бір ән бар,

Айтар оны орман, таудан сұраңдар.

Айтар оны, қайталаумен тек қана,

Қанатының екпінімен қырандар!

Айтар оны, ойхой дала желі ескен,

Қуған талмай бір белесті белестен.

Қозғап кетіп құрбы жігіт кеудесін,

Армандатқан мен де бір ән емес пе ем...

Қол бұлғаған таңдай әппақ бір сұлу,

Көзде күлкі, кеудемде ауыр күрсіну.

Балға балап сімірер ем, дариға-ай,

Қолында оның тұнып, мейлі, тұрсын у.

Арман атты мен білетін бір ән бар,

Айтар оны орман, таудан сұраңдар.

Айтар оны қайталаумен тек қана,

Қанатының екпінімен қырандар!

Тіске тісті шегелеп,

Үндеме тіл, үндеме.

Ауыз ашып не керек,

Айтпаған соң бірдеңе.

Тіске тісті шегелеп,

Үндеме, тіл үндеме.

Шықса біреу керемет,

Қуан, бірақ күндеме.

Адам болсаң сен егер,
Құй, осыны зердеңе,
Болмадым деп неге мен,

Өзіңді іштей жерлеме.

Тіске тісті шегелеп,

Үндеме тіл, үндеме.

Ауыз ашып не керек,

Айтпаған соң бірдеңе...

– Адам қашан қадірлі?

– Іңгәлап өмірге алғаш келгенінде.

– Адам қашан қадірлі?

– Аһ ұрып,

ақтық дем ап өлгенінде!..

Армандылар өткен екен аһ ұрып,

Кеудесінен қайғы көлін сапырып.

Кейінгілер есіне ала жүрсін деп,

Өздерін де тас қып кеткен қатырып.

Армандылар қалу үшін мәңгілік,
Көз біткенді естерінен тандырып,
Кейінгілер есіне алып жүрсін деп,

Өздерін ол от қып өткен жандырып!

Кейде көктем, қыс кейде,

Оралмайды кешегің.

Шын махаббат түс бейне,

Сипап қалар төсегін.

Қалып кейін жеңіл ой,

Мұң аршымай көкірек.

Қателеспес едім ғой,

Келсе жастық екі рет!

Сезім қанда дір еткен,

Үміт балаң көк шынар.

Жалын шайған жүрекпен,

Сүю күшке от шығар!..

Ауа жайған аңсарым,

Шаштарыңды түзетіп.

Тисе кенет саусағым,

Күйетіндей шыж етіп!

Сені құшып сүюге,

Жеткенімен ақылым.

Жұпыны осы күйімде,

Жетпейтіндей батылым.

Кейде көктем, қыс кейде,

Жанарымда толы мұң.

Шын махаббат түс бейне,

Сипап қалар орынын!..

Ғашық болып өтейікші, өкінішсіз, жәй ғана,

От сезімге куә етейік жерді мынау, айды ана.

От сезіммен одан әрі күйерсің, көп ойнама,

Ұзап кетпе басқа жолға, басқа жолды ойлама!

Ғашық болып, тек өтейік, несіне іштей аһ ұрдың,

Өз басыма жетерліктей өзегімде жатыр мұң.

Жазып жатқан көз нұрымен түн көгіне жыр жолын,

Тек қана мен әйел емен, өзіңдей бір ақынмын!..

Көрінсе біреу алыстан,

Өзің ғой деп дір етем.

Тағатымды тауысқан,

Лапылдаған бір от ең.

Оралады ойға әнің,

Кетіп едім, ұмытып.

Жүрсің маған беймәлім,

Кімнің жанын жылытып?!

Сен біреудің күнісің,

Мен біреудің айымын.

Тарылып беу, тынысым,

Шайқайды үміт қайығын...

Қараса біреу алыстан,

Дір етемін, өзің деп.

Төзімімді тауысқан,

Тағат қайтіп көз ілмек!

Бұраң өмір, жолы шың,

Кездесуге уақыт жоқ.

Көрінеді-ау, сол үшін,

Еске алу да бақыт боп!..

Суретің сенің қолымда жоқ,

Күндіз-түні қарар едім ерінбей.

Суретің сенің жанымдағы от,

Сырт көздерге жанады тек көрінбей!..

Суретің сенің өмірде жоқ,

Қайдан болсын табар едім ерінбей.

Суретің сенің көңілдегі от,

Сырт көздерге маздап жанар көрінбей!..

Өлеңсіз өтер көп күндер,

Салқындап, саспай, самарқау.

Достарым, қайда кеттіңдер,

Білмедім, күйім сол аңқау.

Отырсам ұзақ үйде мен,

Кеудемді қиял ап қашар.

Бір сезім ару билеген,

Қараңды көрмей қақпа ашар.

Көңіл жүр түрлі күй аңсап,

Шымырлап ана қаныммен.

Тербеліп бір сәт уансақ,

Өзіңнің алақаныңмен!..

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙