Мазмұнға өту
Home

"Қыз дәурен" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Қыз дәурен" жинағынан

"Қыз дәурен" жинағынан. Қанипа Бұғыбаева

/uploads/da62bcf4-728a-56c6-a17c-9d5f6645f42b/cover.png

«ҚЫЗ ДӘУРЕН» ЖИНАҒЫНАН
* * *
Үмітіңді өмірден үзбе, күнім,

Ұмытылған қырлардың ізде гүлін.

Көктем болып жүрсең сен, көздеріңе

Көрінбей ме құлпырып күзгі өңірің.

Кешім батса, таңдарым баяу атып,

Ақ сезімді тербетіп, аялатып.

Ертеменен шырылдап, шырт ұйқыдан

Құстар әні алады мені оятып.

Жайқалады көз тартып түзде гүлім,

Жеткендей бір көп жасап, жүзге өмірім.

Ертеменен мектепке дайындалған

Мені оятып алады қыз бен ұлым.

Өмір сыйлап таңдағы гүлге мынау,

Көзін ашқан дүние – бір керім-ау!

Мені оятып алуға ертеменен

Аспанымнан соғып тұр бір – қоңырау.

Ақ гүлдерім ақ таңға еркелеген,

Көкірегімді күйменен өртеп өлең.

Тіршілікті шуақпен емізуге

Күнмен бірге оянам ертеменен.

Көктем шығып келеді жер бетіне талпынып,

Бір сілкініс күткендей мынау дүние сәл тынып.

Сұрағандай сүйінші, бала бұлақ ағады,

Аңғарынан таулардың сайға қарай алқынып.

Әлемнің ақ бесігін тербеткендей жыршы үміт,

Бір жағынан ай туып, бір жағынан күн шығып.

Бүлк-бүлк етіп тепкендей, жер ананың құрсағын,

Қар астында тұншығып, қыстай жатқан тіршілік.

Қосылғандай қысылған көкірекке бір тыныс,

Көктем деген – көктемдей армандарға ұмтылыс.

Бір-біріне аққулар жеттің бе аман дегендей,

Айдынында асыр сап, жасап жатыр сілкініс.

Көктем шығып келеді, балапандап балқұрақ,

Құлақ күйін ақ бұлақ келтіргендей сан бұрап.

Мынау дүние ұқсайды төсі иіген анаға,

Құдіретті күн, нұрымен тұла бойы балбырап...

Таңмен бірге ұялмай ақ жүзіңді аш, гүлім,
(Қалтырама, естісең нажағайдың ащы үнін.)
Көз алдыма келеді, сілкіп жеңіл қанатын,

Көкжиекке сіңген бір үмітімдей жастығым.

Боялғандай көз алдым көгілдір бір түспенен,

Көгілдір бір ырғаққа қосылғандай ішкі өлең.

Көктем шығап келеді туған жерге гүл болып,

Көктем ұшып келеді туған жерге құспенен.

КҮН – АСПАННЫҢ ЖҮРЕГІ
(т о л ғ а у)
Аман ба, айналайын, о, жарық күн,

Мен қашан өзің жақтан көз алыппын.

Көктегі сен ұлы шам секілдісің,

Үстіне түсер мейрім тазалықтың!

Күлесің қабағыңды ашып кілең,

Өзіңдей жақсы көрем ғашықты мен.

Бесігі тіршіліктің – жер бетіне,

Шығасың шуағыңды шашып түгел.

Көзінен күнсіздердің жас тамады,

Анадай қолын жайған жас балалы.

Жүзіне сол шындықтың қарай алмай,

Қашан да жалғандықтар жасқанады.

Қосқандай бір төбеге, бір төбені,

Бетіңді көлегейлеп бұлт өреді.

Уақытша барлығы қас қағымдай,

О да сенің сәулеңді бүркенеді…

Өзің барда мен қашан адасқанмын,

Түсіне алмас еңсеңді таластар мың.

Еміп өстім еркелеп елмен бірге,

Сүт сәулесін анадай ақ аспанның.

Шығайықшы биікке, жүрші жаным,

Ауа жетпей төменнен тұншығамын.

Айналайық біздер де шуаққа бір,

Жамылып тұрып таңғы күн шуағын.

Орнатып көңілдерге мәңгі көктем,

Жастық отым тасты да елжіреткен.

Күн аспанның жүрегі, қызуы мол,

Қызу алғым келеді сол жүректен!

Қастық құрып, достықпен жол жаңарсын,
(Қыран болса, астында самғап алсын.)
Қасиетіңнен айналдым, о жарық күн,

Бейбітшілік бар жерде сен де барсың.

Ісі болмай өмірмен, халықпенен,

Ісі болмай ойын-той сауықпенен.

Сол жүректер соғыстың отын жағып,

Бере ме деп өзгеге, қауіптенем…

Ыстығы мен суығын бірге көріп,

Жүрген жерін оқ емес, гүлге көміп.

Ей, дүние, кәнеки, құшағыңды аш,

Бір көкірек барады күн көтеріп.

Қарамасын күнсіздер, күнге күндеп,

Күнді күндеп, жарықсыз кім жетілмек.

Ақ таңды аман жеткізу ұрпақтарға,

Түсінеді ол бүгінгі міндетім деп.

Әділетсіз, өзіңсіз жоқ тірлігім,

Не болады өзіңсіз өткірлігім.

Революция жүргізіп кеуделерге,

Қасіреттердің көз жасын кептір күнім!

Қызу алғам жаныма Отан сенен,

Отаныммен бір жанып, қатар сөнем.

Күн – аспанның жүрегі, сол жүрекпен

Мынау шексіз әлемге сапар шегем!

Соғыс! Соғыс!

Жоқ! Құрсын атама атын,

Атама атын, өмірден ақы алатын.

Мәңгі жүрек жалыны сөнбейтұғын,

Күннен алған өмірден махаббатым.

Неге баурым, сөзіме таңданасың,

Түсінерсің біртіндеп ел бағасын.

Жете алмайтын құс ұшып қиырына –

Қорғаған екен бабам кең даласын…

Куә болып жаңғырған жылдарға сан,

Беріп әппақ сәулеңмен шыңдарға сән.

Белгісіз дүниеде кім болғаның,

«Көгіне сол даланың күн болмасаң».

Ойлан, баурым, өкінбе, қапы қалма,

Атақ емес, табыншы ақыл-арға.

Ұшып бара жатқан бір құс екен деп,

Жарығыңды жазықсыз атып алма!

Тұрсын көкте күн атты шамың жанып,

Қалғығанды оятсын дабыл қағып.

Адам деген – ол тірі топырақ қой,

Өркен жаяр тереңге тамырланып.

Өткен өмір беттері толған егес,

Толған егес, емес ол жалған елес.

Елім барда, белгілі ерлік барда,

Ешбір солдат белгісіз болмақ емес!

Сөз сөйлейміз өткенге қарап алып,

Зұлымдықтар әлі де бар-ау анық.

Сәулесі ұрып, атомның, нейтронның,

Күнім менің батпасын, жараланып!..

Арман жұттым жыр атты бір кеседен,

Бірде жанып, үмітпен, бірде сөнем.

Уақыттың, ей алтын дөңгелегі,

Саған сенбей айтшы енді, кімге сенем…

Жасап түрлі қозғалыс, жаңалықтар,

Жатыр нұрым әлемге таралып бар.

Айтаққа ерген иттердей анталап кеп,

Жаба алмайды жүзімді қара бұлттар!

Серік болсын жолыңа ізгі армандар,

Қорғайықшы көңілді ызғардан бар.

Жарық күнді көпке ортақ, бір-біріңнен

Күндемеңдер, адамзат, қызғанбаңдар!

Күндемеңдер, адамдар, тілмен орап,

Біреулерді жұлдызсыз түнге балап.

Айтар кезде жалғыз сөз әлем жайлы,

Алайықшы, алдымен, күнге қарап.

Аман бол, айналайын, о, жарық күн,

Мен қашан бір өзіңнен көз алыппын.

Көгімнен құламай сен алаулашы,

Туындай махаббаттың, тазалықтың!

ЖЕР ЖЫРЫ

Ақ бесігім, тұрағым, кең мекенім,

Сен мені, мен де сені тербетемін.

Қате басқан шығармын талай рет,

Үстіңде бұл, шын болса пенде екенім.

Бір өзіңе аударып аңсарымды,

Ұнатамын жыр жазып, ән салуды.

Қанша арманды ұшырып, өз төсіңнен,

Таптап алдым, білмеймін, қанша гүлді…

Дедім дағы тек саған жан серікпін,

Тіліп алып жотаңнан қамшы өріппін.

Мен атқанда, білмеймін, түсті өзіңе,

Аспаны аунап көзінен қанша еліктің…

Аузындамын сендегі бар жараның,

Бір өзіңде бергенім, алмағаным.

Өзің жайлы жанымды толғақ қысып,

Толғанайың болып мен толғанамын.

Бәйтерек қып кешегі бір шыбықты,

Сеуіп көктен сүт нұрын, күн шығыпты.

Бедеулігің болмапты, көктем сайын

Туып жаттың көкпеңбек тіршілікті.

Сілкінсең, тек осылай сілкін, далам,

Сілкіну үшін келген бұл күнге адам.

Күнімді мен құшақтап сүйер едім,

Сендегі кеңдік бітсе, шіркін, маған.

Ой салғандай осынау кезің маған,

Дертің қанша іштегі жазылмаған.

Жау көзінен сұқтанған, о, қара жер,

Қалай ғана сақтаймын өзіңді аман.

Сен сұлулық, қараймын үлбіретіп,

Сені қорлап жүр екен, кім жүдетіп.

Сені ойласам, жел соққан жапырақтай,

Соғады екен жүрегім дір-дір етіп…

Есімде әлі кешегі қаралы шақ,

Кеткен талай оқтарың жараны сап.

Соғыспаңдар таласып сендер маған

Бәріңе де жетеді ана құшақ.

Отан – тауың төбеңде көтерілген,

Онда ерліктің сөнбейтін оты өрілген.

Нәрестемсің сен менің, ей адамзат –

Таласпаңдар! Бәріңе жетемін мен.

Ақ шәлі таң атудан жаңылмасын,

Көңіл – шыны, байқаусыз шағылмасын.

Өмірімді осынау ойыншық қып,

Көтермесін қайтадан жауым басын.

Тыныштықтың көгімде әні өрлесін,

Мені-дағы бір өмір анам десін.

Ей, дүние, иілген ақ төсімнен

Сүт орнына нәрестем қан ембесін!

Мекен болған ана жер, қыранға сан,
Өзіңменен оңаша сыр алмасам,
Артық емес, тыныштық жайлы, ақындар,

Күніге мың жыр жазып ұрандасаң.

Қайда, қайда тартады құла шабыт,

Нөсер болып төгілген, жыласа бұлт.

Сақтанайын, сақтансам – анасына

Ақыл айтып жүргеннен туа салып.

Сен біреудің баласы, жақынысың,

Жасығысың, немесе батылысың.

Аялайық бірақ та жер бесікті –

Жер бесікте қысылмай жату үшін...

УАҚЫТ ҮНІ
* * *
Қозғалыс! Қозғалыс қой, уақыт деген,

Уақытпен үндескен бақытты өлең.

Өткел бермес өмірдің бір кісідей,

Ащысы мен тәттісін татып келем.

Өлшенбейсің сен минут, сағатпенен,

Өлшенесің еңбекпен, талаппенен.

Кінәм болса, күтпестен кешірімді,

Бетпе-бет кеп, алдыңда жауап берем.

Тізгінімді өзіңе беріп кей күн,

Болдым сезім тұтқыны, ерікті ойдың.

Ақын болып тусам мен, басқаға емес,

Тек өзіңе уақыт, еліктеймін.

Жасамаймын, әйтеуір, жоқтан бақыт,

Ел сенімі жанға жүр көптен батып.

Осы жолдан қайтпаймын, не болса да

Арман үшін армансыз кеткен уақыт...

Топтарыңды ұшсаңдар жазба, құстар,

Сонда ғана жақындар, көзге алыстар.

Ойда-жоқта орнымда қалғып кетсем,

Қозға мені оятып, қозғалыстар!

Бір-біріңді таныстар, дос ет келіп,
(Дос сыртынан не керек өсек теріп.)
Қанаттарың талғанда көлге қонып,

Әлемге тұр әніңмен есеп беріп.

Дос көңілге алса егер сенім бекіп,

Сене алмас ем, келетін өлімге түк.

Бәріне де уақыт кінәлі деп,

Кінәм болса алмайын жеңілдетіп.

Жаның шөлдеп, ерінің кезермесін,

Танылады шын достық, кезеңде сын.

Уақыт үшін асығыс жаралансаң,

Өзге емес, уақыттың өзі емдесін.

Өтті өмірден белгілі нелер дана,

Түсті олар талау мен қамауға да.

Табындырған өзіне уақыттарды,

Тек күрестер арқылы солар ғана!

Өткен күнді келмейді өкпелеткім,

Жастық – көктем, келеді көктеп өткім.

Өмір деген Космос алаңында,

Жылдамдықпен өлшеусіз бетпе-бетпін.

Айналдырып аңызға қас-қағымды,

Қуандырам жердегі достарымды.

Қараңғыға жеткізіп жарықтарды,

Махаббатым өсірер тасқа гүлді.

Кетер сонда жаңғырып мәңгіге атың,
(Мен қалғысам қалғиын – қалғыма күн.)
Күл ішінен үрлеп кей сөнгендерді,

Осы уақыт емес пе жандыратын.

Күйген ауа, айналып жалынға шың,

Өлім болып өмірім – жарылмасын.

Болсын уақыт телегей – достасуға,

Қастасуға бір секунд табылмасын.

Жалғандықпен шындықты бояғандар,

Өмір сәби жылатпай, аялаңдар.

Ұзартайық уақытты қолдан келсе,

Бейбітшілік жырыменн, ей, адамдар!

Тауларымнан сырғанап таңдағы арай,

Ерке көңіл еркінсіп, самғағаны-ай!

Бейбітшілік әнімен алға қарай,

Ұзартайық уақытты алға қарай.

Мойынға алып жұмыр жер, заман жүгін,

Мен тілеймін, дүниенің амандығын.

Қозғалыстан қоздатқан қозғалысты,

Уақытқа ие жасасын, адам бүгін!

Сусындаған жанарым даланы ішіп,

Жанарымнан жұлдыздай тамады шық.

Уақыт түсіп арбадан, машинадан –

Ракетамен ертеңге барады ұшып!..

Кірпікте шық, қарашы, шашымда шық,

Сағындырдың неге сен, асыл ғашық?!

Жатқандай ма, шынында, төбемізден

Жұлдыздарға түнгі аспан шашу шашып.

Қолын соғып даңқына жер ерікті,

Жерге елім дән екпей, тер егіпті.

Ертеңгі адам арқылы әділдікпен,

Айтар уақыт, біз жайлы төрелікті.

Кірпіктері уақыттың өтті ілінбей,

Аврораның алғашқы отты үніндей.

Октябрьдің әлемге әні естілді,

Жартасты ұрған көк теңіз екпініндей!

Айыпты емес, ақын жыр жазғаны үшін,

Ел даусына қосып бір өз дауысын.

Тоқтамасын мәңгілік уақытпен

Революция жасаған қозғалысым!

ЖЕТІСУ

Жетісу – менің тұрағым,

Жетісу – менің өз анам.

Айтылмай жүрген бір әнім,

Алдыңда жырмен сөз алам.

Сөз алам сендік таулардан,

Сөз алам сендік, бұлақтан.

Сөз алам, соқпақ,

жолдардан,

Күлдіріп кейде жылатқан.

Көркіңді өріп өлеңмен,

Желіңмен бетті жуамын.

Тұрғандай ылғи төбемнен,

Құйылып мейірім, шуағың.

Шығам да Алатауыңа,

Қатамын күнге еркін үн.

Өмірім алақаныңда,

Туған жер, сенсің – төркінім.

Неткен ыстық құшағың,

Елжіретіп, еріткен.

Қонамын да, ұшамын,

Қарлығашың болып мен.

Неткен ыстық түр-тұлғаң,

Тоймайды, қарап, жанарым.

Толқыныңнан бұлқынған,

Естимін даусын Сараның...

Болып арман туымдай,

Жасардың да жаңғырдың.

Ағысың бар жырындай,

Ілияс пен Жамбылдың!

Сезімге бір сел құйып,

Күлімдейді келер күн.

Алатауың ең биік,

Шаңырағындай өнердің.

Өмірім алақаныңда,
(Өзгеге титтей құстаймын.)
Еліктеп Алатауыма,

Еңсемді биік ұстаймын!

Жассың дедің.

я, мен жаспын әлі,

Болам кейде жайлаудың жас құрағы.

Маза бермей күн-түні көкірегімнен –

Шу-шу етіп жатады тасқын әні.

Сендім талай жауыма, дос екен деп,

Өмірде осынау тайталас, бәсекем көп.

Ерте жетер жеріме кештеу жетіп,

Саусағымды тістедім «жас екем» деп.

Еш алаңсыз еліктей бала күнгі,

Сақтап келем момақан жанарымды.

Өзіме-өзім сенген соң, ентелемей,

Қалам кейде ала алмай, аларымды.

Бейғам едім, алаңсыз жас едім мен,

Қорықпаған тас тағдыр, тас өлімнен.

Уәде беріп алдадым, қызық көріп,

Талайларды жастықтың әсерімен.

Білсем бәрін, деп келем, көрсем бәрін,

Елеместен уақыттың өлшеулі әнін.

Сыртымдағы жастығым ішке түсіп,

Бара жатқан секілді сенсең, жаным.

Күнім-ау, сонша неткен көрікті едің,

Түңілдіріп өзіңнен, жерітпедің.

Тұрсың ба әлде білмеймін, сол жастықтың

Соңғы нұрын көзімнен көріп менің...

Жырымменен, жандағы отымменен,

Өткен күнге жайым бар өкінбеген.

Алдымда әлі атпаған таңым барда,

Қартаймайтын мәңгілік секілденем.

Табыстырып неше рет мені өмірмен,

Қуанышпен қайғымды жеңе білген.

Ештеңеге ешқашан сенбесем де,

Жастығыма, әйтеуір, сенемін мен.

Шабыт болып кейде бір шатырлауға,

Жастық керек мәңгілік ақындарға.

Талабым жас,
жырым жас,
заманым жас,

Жас болмауға сондықтан хақым бар ма?!

Жаңа жұлдыз, жаңа аспан, жаңа маңай,

Қалай келгем барлығын бағаламай.

Шуылдайды шалғындар шертіп бір күй,

Толқындармен ойнаған шағаладай.

Жас адаммен, жас өмір, досым жаңа,

Әуеніме, кәнеки, қосыл, дала.

Маған қалған сияқты, бабалардан –

Жұлдызды әлем сырларын ашу ғана.

Ауаменен көрінбей жүзіп келіп,

Бір ұлы күш кеткендей тізіп беріп.

Көңілімде көп сұрақ, неге олай деп,

Сәл нәрсеге таңданам, қызық көріп.

Дауыл сынды мазасыз ішкі үнге еріп,
Жүректерге жүректен ұшқын беріп,
Туған жердің бір жаңа сәлемін ап,

Жұлдыздарға тұр менің ұшқым келіп.

Бірге туып осынау жаңа кезбен,

Жалаң аяқ жақсы ғой, дала кезген.

Ақын болғың келсе егер,

дүниеге

Қарау керек екен ғой бала көзбен.

* * *
Айтар ойым,
жазар жырым – өткендерді
қайталау,

Өткендерді ұят бізге көре тұрып, байқамау.

Жұлдыз болғым келер еді, көңілдердің көгіне –

Бұл жұлдыздың о жұлдыздан нұры кем деп

айтады-ау...

Өткен сонау өмірлерге шежіредей жол тілі,

Өзгертпейді жолдың тілін, жер астының солқылы.

Теңіз болғым келер еді, арналардан асқан бір,

Бұл теңіздің ол теңізден тентек болар толқыны.

Бойымдағы шабытым да туған жердің дауылы,

Сілкіп-қағып тыныштықты, жүретұғын дәуірі.

Бір биік тау болар едім қар кетпеген басынан,

Ол тауыңның мына таудан суық болар бауыры.

Адамзаттың табиғатқа ұқсастығын сезгім кеп,

Сыр көзімен, ой көзімен кең даланы кездім көп.

Бір аппақ гүл болар едім, қызыл гүлдер ішінде,

Бірақ бұл гүл ақтығынан қалады екен

тез кірлеп.

Бөлек бояу керек екен, гүл тәрізді жырға да,

Қарағандай дүниеге, берер оған кім баға.

Қайталамас ешбір үнді, болатын бір өз үнің,

Үмітіңді үзбе дейді, ақ таңдардан күн ғана!

Білмеймін, жүргендеймін аңсап нені,

Айналам ұйықтатпайды ән сап тегі.

Тізілген өлең жолы солдаттардай,

Мазалап «тұр-тұрлайды», қоршап мені.

Көзіңе құбылғандай күндегі өмір,

Алқызыл ұқсар бір сәт гүлге көңіл.

Есіме түсірсем кей жолдарымды,

Ұмытып бірнешеуін үлгеремін.

Уақыт пен жылдамдық теңескенде,

Арманның маңдайыма желі ескенде.

Дүниеге қарап жыр көзіменен,

Сыр іздейсің әдемі еместен де.

От басып адасам да, алданамын,

Шыға алмай кейде ойдан дал боламын.

Әр таңмен туамын да таңдай болып,

Сәбише сәл нәрсеге таңданамын.

Аузынан шықпаса да үн «келші» деген,

Сыртынан сұлуды көп еншілегем.

Дауылды жаңбыр болып, жалын болып,

Бар дерттен сауықтырар емшім – өлең.

Көрінер мынау аспан, кімге қандай,

Сөйлеймін кейде өзіме жынды адамдай.

Өмір өлең секілді, көңіліме

Көшіруге жүремін үлгере алмай...

Жер лайсаң...

Күткендей әлдекімді – көңіл май шам.

Түнімен жел ұйытқып, қар жауғандай,

Бәрі маған сый болып арналғандай.

Тіршілік... ыстық тілек.. өмір жайсаң.

Дала тұман,

Торғай жоқ тереземде салатын ән.

Отырмын өлең атты отты жағып,

Көзіммен әлсін-әлсін көкті бағып,

Күй тыңдап ұшқан құстың қанатынан.

Нені іздеймін...

Күдерімді япыр-ау, неге үзбеймін.

Көңілде шық, шашта шық, жанарда шық,

Кезеңдік ыстық-суық ауа алмасып

Алабұртып жатқан бір теңіздеймін.

Алып тыным –

Базарлап кетіпті ғой халық бүгін.

Бар дегендей жанының оты мәңгі,

Жарқ етпей бір көгімнен жатып алды,

Бұлтқа оранып, оянбай жарық күнім.

Ойда мұнар,

Болып едім көптен бір тойға құмар.

Көңілде шық, шашта шық, жанарда шық,

Жарық сәуле, болдым мен саған ғашық,

Түсесің өмірімнің қай жағынан?!

* * *
Маған арнап
әкелші даладан гүл,

Исі бар онда күн мен жан анамның.

Самал есіп жанымның сарайында,

Кеудем кеңіп керемет дем алармын...

Талғам және жүректің оты барда,

Асыл сезім жасыр ма, тотығар ма.

Көшелерден, қолдардан, базарлардан,

Өтінемін маған гүл сатып алма!

Жаны емес пе балауса сезім жырдың,

Сұлулыққа келмейді көз ілдіргім.

Ұнатамын жел қаққан дала гүлін,

Далада өскен өйткені өзім – гүлмін.

Қызығы бар, гүлі бар, қызы бардың,

Қызы барға керемет қызығармын.

Сонша гүлдің ішінен сен де мені,

Өз қолыңмен даладан үзіп алдың...

Алдында білгір менен білектінің,

Қылығымды өзгеше жыр ет, күнім.

Маған арнап қолдан гүл сатып алма,

Сатылмайды өйткені жүрек гүлің!

Маған арнап әкелсең даладан гүл –

Соны алармын,

исі бар жан анамның.

Төгілердей бір нәзік гүл ернімнен,

Гүл шағыма қайтадан оралармын...

Есенинге .

Төрімде суретің тұр гүл ұстаған,

Бет – бейнең неткен ыстық туыс маған.

Толқындай жирен сары бұйра шашың,

Өлкеңе ұқсайды екен күн ыстаған.

Біледі бір мен емес атыңды әлем,

Кеудеңнен күміс таңды сапырған ең.

Өре алған «фарсы сазын» келістіріп

Таңданам бір өзіңдей ақынға мен.

Айналған аты аңызға өлең гүлі,

Тіл қатқан арманына келер күні.

Бере алған бір сәтіңді келістіріп,

Ғажап-ау, суретшінің шеберлігі.

Қадалам келбетіңе күнде ойланып,

Көркіңе теңеу таппай, тіл байланып.

Шарбаққа сүйеніп сол тұрған күйі,

Кетіпсің өзің де бір жырға айналып.

Ұқсайсың бір өзіңнен өзге кімге,

Дарасың, даусың қалған өз көгіңде.

Кезгендей сезімімнің ирімдерін,

Сиқыр бар сырға толы көздеріңде...

Жас балғын қиял-ойға беріліп тым,

Кеткенің көрер көзге көрініп тұр.

Сұр костюм түймелері салынбаған,

Дәуренін паш еткендей серіліктің...

Төніп тұрар бір ерлікке бір қауіп,

Озған кезде алға қарай бұрқанып.

Сондай кезде –

Дос еткім кеп тұрады,

Жауыммен де тіл тауып.

Өзгерместен өтпес өмір, бір қалып,

Менсіз талай кеткен ән бар шырқалып.

Сондай кезде беттескім кеп тұрады,

Дауылмен де тіл тауып.

Іштей төзіп тек осыған бекінем,

Көзбен шолып қырағы.

Дүниедегі азапты жер бетінен,

Жоғалтқым кеп тұрады.

Аяқ бассаң бір ерлікке бір қауіп,

Күннің көзін кетпесе екен бұлт алып.

Адамзаттың бүлік ойын өршітпей,

Өшірсем мен тіл тауып!..

Барамын өмір – теңіз көшінде ағып,

Бір арман, бір көкжиек есімді алып.

Алдыма жарық төгіп үміттерім,

Береді таңға сәлем кешім барып.

Өткен кей бейберекет күндерменен,

Ұзаса жастық қиял үлгермеген.

Жолдаймын, сыр-назымды сүйгеніме,

Тербелген жердегі бар гүлдерменен.

Бермеймін, бере алмаймын тағдырға ерік,

Кеудемді тұрған кезде ән-жыр көміп.

Көктемей қара жерде қайтіп жатам,

Үстімді жуып жатса жаңбыр келіп...

Енді ғана бой жеттім...

Жасымды сен сұрама,

Өткен жылдар бейне түс, ойда ылғи тұра ма?

Болсам-дағы бұл күні сүйіктісі біреудің,

Мен ешкімді сүймеппін, сүйе алмаппын сірә да...

Келе жатқан кезімде көздерімді жаңа ашып,

Жел айдаған қаңбақтай, тас басыппын, тау асып.

Ұйықтап кетсем, түсімде арман боп қол бұлғадың,

Ал оянсам, өңімде жүрем сенен адасып.

Өз еркіңде, жанымды ұққын, мейлің ұқпағын,

Дей алмаймын бірақ та, осыменен бітті әнім.

Туыппын мен шешемнен, кіндігіме оралып,

Содан ба екен, тағдырдың шырмауынан

шықпауым...

Құс болсам мен өзіңе, ұшар ем қос қанатпен,

Өміріме өкініп, махаббатсыз бар өткен.

Көрген сәулем түсімде, жолығар деп өңімде,

Іздеп келем сабырсыз, биіктерге қарап мен.

Сүймей жүрген өмірді – өмір демен өткерген,

Сүю ғана жүрекке жалын берген, от берген.

Ұмыттырып барлығын, мені өзіне шақырып,

Елес берер қыз-дәурен, келген әрбір көктемнен.

Көктем өтіп, көңілді тербегенде күзгі әнмен,
(Шуақ сүйген жанымды тоңдырғанда ызғармен.)
Ұзағанда Отыздың отауынан, басыма
Айналып бір соққандай, қоңыраулатып

қыз-дәурен!..

Ұқсамайды әзілқой жездеге өмір,

Көп екен ғой сезгеннен сезбегерім.

Біртін-біртін жүректен отыңды ұрлап,

Істейді екен уақыт өз дегенін.

Берілмеспін, әйтсе де нала-мұңға,

Сенің бейнең тұрғанда жанарымда.

Сары жапырақ – жылаған сағынышым,

Әлдекімнің жатпағай табанында...

Сары жапырақ – сыңсыған сағынышым,

Тартып талай соққанда дауыл ішін.

Тазартуға жол үстін, оны біреу

Үйіп жатыр бықсытып жағу үшін.

Оңып бара жатқанда баяу аспан,

Жалаңаштап күз қолы аямастан.

Тырс-тырс етіп, кінәсіз көз жасындай,

Жапырағым, құларсың қай ағаштан?!

Қайдасың, ыстық үміт, сазды әуенім,

Жанымды тынып қалған қозға менің.

Алсаңшы тағы да бір сілкіп-қағып,

Десең бұл бұйықпасын аз ғана өмір.

Жабылған күндерменен отымды ап кел,

Көңілге басқадан да жақын көктем.

Қызығы қызыл-жасыл тарқамаған,

Барайын базарыма жақындап мен.

Сынайды тезге салып достықты уақыт,

Біз кімге сондай кезде тостық бақыт.

Айналып көктемменен бірге келер,

Алсам-ау тозбайтұғын жастық сатып.

Оралмай қайда жүрсің, жағалам бар,

Желпіші ақ толқынға орамалдар.

Алдымнан шықшы менің, адастырмай,

Қосылған көкжиекке жағалаулар!

Қайдасың, қисық-қыңыр соқпақтарым,

Қалдың ба ә, дегенше-ақ тоқтап бәрің.

Бірге өскен қимастарым, құрдастарым,

Сал шақтың сазды әуенін жоқтатпағын.

Тұнығын дарияның шайқар көңіл,
(Қайдасың, құйын ба едің, сайтан ба едің?)
Кеудеңнің сарайына сабыр етсем,

Сазымды сағындыртпай қайтар менің...

Құрбым!

Керегі жоқ маған сый, қошеметтің,

Айтпашы, атыма сөз еселеп тым.

Үрлеген уақыттар бар болғаны,

Өшпеген шоғымын ғой, кешегі оттың...

Керексіз ондай сыйың, досым, маған,

Көбікке көмбе мені, ашуланам.

Уақыт өзі аялар, кезегімен,

Гүлімді қауызы әлі ашылмаған.

Талайлар заманында өшті жанып,

Оған да қолын соққан дос қуанып.

Еліме қайталадым, бар болғаны –

Дауысын бозторғайдың естіп алып.

Аумаған әділеттік ұлы тудан,

Өзгеше өмірімнің күні туған.

Шабытпен шырқалып кеп, ұқсаймын мен

Даланың бір әніне ұмытылған.

Жасасын шындық пенен даналықтар,

Түлеген ұясында сан алыптар.

Шаршасам, сапарласым, дауысымды

Жетпеген ғасырларға сен алып бар.

Керегі жоқ, маған сый, қошеметтің,

Демеймін пирамида жасап өттім.

Басылған жанып-жанып, бар болғаны,

Өшпеген шоғымын ғой, кешегі оттың...

АЯЛДАМАДАҒЫ ОЙ

Өтті уақыт, автобус тез келмеді,

Тез келмеді, тыныштық өзгермеді.

Бөлектеніп біреулер сыбырласар,

Еске түсіп кеткендей көз көргені...

Өтті уақыт, ешкімге қарамастан,

Өмір деген құралып жаңа дастан.

Әр жерден кеп бір жерге шоғырланды,

Үлкен-кіші барлығы араласқан.

Әкесі мен біреудің анасы бар,

Мен білмейтін ал мынау «дана» шығар.

Сұлу да тұр, көруге көз таңдаған,

Жетелеген біреудің баласы бар.

Қызық болды керемет бүгін анық,
(Қайран «Волга-ай!» ызғытар мініп алып.)
Дегенімше, сарғайтқан топ халықты,

Тоқтады бір автобус ыңыранып...

Кеуделердің кеуделер буын басып,

Озбырлыққа сол сәтте жүгінді ашық.

Ұят қалды... есікке лап қойысты,

Бір-біріне жол бермей, шуылдасып.

Шыққан жері осы екен тұңғыш тілім,

Мен біреуге сол үшін «қылмыстымын».

Автобусқа әйтеуір мініп кетті,

Көп әлсіз арқасында бір күштінің...

Сұрағымен жанымды қинайды әр күн,

Ақ көңілді армансыз шимайлар мұң.

Пенделіктің бір ғана кесірінен,

Сияр жерге мен солай симай қалдым.

Сиямын мен, жетеді мына ғалам,

Жылап өлмес, туғанмен жылап адам.

Байқұстар деп жолымды кескен менің,

Өзімді емес, өзгені кінәлағам.

Тарлық етпес кең далам өміріме,

Сыймасам да біреудің көңіліне.

Уақыттай сусылдар, қанаты бар,

Сыйсам болды арманның көлігіне.

Өмірдің бір, көктем мен күзі маған,

Күн көзінен жаныма қызу алам.

Сарадан соң көрген бір сәулесіндей

Жетісудың арманшыл қызы болам...

Даңқымды ешкім даңқымен асырмасын,

Асырмасын, замандас ғасырласым.

Таласпай-ақ мінетін ұлы жолдан –

Әділеттің күтем мен машинасын!..

ЕЛІКТЕРІМ
Ләззат пенен
Ләзизам қос елігім,

Көзден ұшар бір кезде осы өмірің.

Ойнақтап сендер тату ойнасын деп,

Туған жерге шуағын төседі күн.

Өздеріңмен аспандап, төбем өсіп,

Өмірімнің ескегін келем есіп.

Сағат өтпей табысып, ойнайсыңдар,

Сәл нәрсеге қалсаңдар төбелесіп.

Бітірмедім ештеңе, япырмай, түк,

Бара жатыр желімнің беті қайтып.

Кішкентайы ем, біреудің мен де кеше,

Енді отырмын сендерге ақыл айтып.

Өткен күнге сендермен өкінбеймін,

Өмір атты сынбасын көпірлерің.

Қалып бара жатқандай өздеріңде,

Бар бояуым, жастығым, отым менің.

Ақ сәулесін аспанның еміп тегін,

Келеді екен бәріне еліктегің.

Араларың жазылмай, туған жерде

Ойнай берші, кішкентай еліктерім!

Бұлтты болса көк аспан, мен де бұлтпын,

Айығайын бұлтымнан емделіп бір.

Бұлт астынан жарқ еткен күндей болып,

Жабыққанда жаныма сен келіп тұр!

Ашық болса көк аспан, ашықпын мен,

Қуаныштан теңіздей тасып, күлгем.

Бақытыма бақытты жыр арнадым,

Ғашық көзбен, осынау ғашық тілмен.

Бірде бұлтты, бірде ашық өтті кезім,

Еске алдырмай ешкімнің кекті көзін.

Айнымалы, құбылғыш, табиғатқа

Ұқсайды екен бойдағы көп мінезім.

Ашық болсын, көгімнің қабақ-қасы,
Қабақ-қасқа қара бұлт жолатпашы,
Алтын күннің сәулелі кірпігіне

Үмітімнің ұштарын сабақташы.

Бұлтты болса көк аспан,

мен де бұлтпын,

Айығайын бұлтымнан, емделіп бір.

Көңіліме бұйыққан жел болып кір,

Ашылайын, жырлайын, сен келіп тұр!..

Әйел көңілі, айт, қашан шағылыпты,

Әлдилеумен бар арман, бар үмітті.

Келген жәйлап, білдірмей, уақытпенен,

Мойындамай жүреді ол кәрілікті.

Бұлбұл ұшып көзінен құмар шабыт,

Қарсы алдын тұрса да мұнар шалып.

Әйел өзін жаспын дер, көкірегінде

Көктем құсы тұрған соң бір ән салып.

Жарасар мәңгі жасыл бояу оған,

Бейбітшілік жырымен аялаған.

Табиғатпен түлеген бүрін жарып,

Ақ қайыңға ұқсайды әйел адам.

Салқындар ма,
өмірдей қызған көңіл,
(Дауыл сезім тыншымды бұзған менің.)
Ақ қайыңдай қалғыса әйел адам,

Көреді екен түсінде қыз дәуренін.

Қадап алыс, алысқа от жанарын,

Жүрегінің баршаға төкті алауын.

Қартаймастан мәңгілік әйел көңлі,

Тұратындай қайталап көктем әнін.

Қалды екен деп жастықтан сен ойлама,

Қарайды олар үмітпен шар айнаға.

Жапырақ жайып тұрғанда ақ қайыңдар,

Әйел жаны қартаяр қалай ғана!

Не деймін...

қалай саған жеткіземін,

Бір кезде асау, ерке өрт қыз едім.

Есейдім, енді бүгін сол уақыттың –

Елесін көз алдымнан өткіземін...

Қонғандай шаршап-талып ұяға күн,

Қызарып өз-өзімнен ұяламын.

Жеткенше саған қанша адастым мен,

Тежемей сезім әнін, қиял әнін.

Ұмыттым ғашықтың бар салтын бүгін,

Жас жүрек алақанға талпынды бір.

Гүлқұмар көбелектей, маған сонда

Ой салған биікке тән салқындығың.

Сені ойлап отым жоқта от аламын,

Сілкісін, мейлі, мені қатал ағын.

Алдыңда жыламадым, ауырсынып,

Тағдырдың жесем де көп шапалағын...

* * *
Қоштаспадым,
Сен-дағы қош демедің,

Қызығы қалмағандай ештеңенің.

Десем де, сенім толы үмітпенен

Қараған көздеріңнен сескенемін.

Көріндің де өзгеден даралау сен,

Торғайың боп саяңда паналаушы ем.

Қыз болып бір алдыңда бой жетпедім,

Еркелетіп сен мені «бала» деуші ең.

Кімді ойладың шығарда соңғы демің,

Сөнді деуге, сенбеймін, жан-жүрегің.

Сенен басқа, япыр-ау, кім айтады,

«Қанипаш» деп атымды енді менің?!

Жүрсем-дағы сезімге өртеніп мен,

Қонбай құсым қолыма ерте күткен.

Жолыққанда тіл қатпай, ділгір етіп,

Өкпешіл боп кетіп ем еркелікпен...

Кешір, саған келем деп сан алдадым,

Өміріме өрт жыр боп, алауладың.

Анам – өзің... сонан соң дос болуға

Мен ешкімге, әйтеуір сене алмадым.

Ұшып кеткен мен сені құс демеймін,
(Тас тағдырға қарсылық істемеймін.)
Қадіріңді кеш ұғып, шарасыздан

Ерінімді тек үнсіз тістелеймін.

Арман болған ауырлап өлең жүгін,

Жамылып жарығыңды келем, күнім.

Достықтан туған ұлы махаббаттың –

Мәңгілік екеніне сенем бүгін.

Ұмытсаң да...

мен сені ұмытпадым,

Сезімнің сетінетпедім суыртпағын.

Төгіліп ақ жібектей, көкжиектен

Үлбіреп атты қанша үміт таңым.

Ол рас,

жастықпенен егіз көктем.

Көгілдір табысқандай теңіз көкпен.

Басқаға, қысыламын, жори ма деп,

Жолығайын десем бір сені іздеп мен...

Төсінен шығатұғын күні талмай,

Алыстан көрінесің ұлы таудай.

Басқа барлық дүниені ұмытсам да,

Жүрмін сені, әйтеуір, ұмыта алмай.

Үндемедім...

Мұндайда дәрменсіз ғой тіл дегенің.

Айтарымды көзіммен айттым бірақ,

Түсіне алмай түкке де жүрген едің.

Әкелмеді қиял мен арман бақыт,

Сезім атты кеудеме қанжар батып.

Үндемедім, мен әлде қорықтым ба,

Асыл сөзді алудан арзандатып.

Сүйе білем, сұлуға қарай білем,

Аңсарым ең бір кезгі, арайлым ең.

Еркіндіктен осынау еш бөгетсіз,

Қамап ұстап, өзімді қалай жүрем?..

Ашып қойып көз деген айнаны ашық,

Құтылуды білмедім, қайда қашып.

Ортамызда бір өткір от ұшқындап

Үнсіз ғана өтерміз аймаласып.

Сырым болса өзің кеп айт, ұқпаған,

Әйелмін ғой… алдыңа қайтіп барам.

Сыбырлашы, самал боп ең болмаса,

Ең бір ыстық сөзіңді айтып маған…

Енді жол тар біздерге, кеше еркін ек,

Неге асығып соғасың, есер жүрек.

Күркіреші төбемнен бұлтты аспандай,

Көңілім тұр керемет нөсер тілеп.

Үндемедің…

Үндеместен сезімді тілмеледім.

Сүю деген, япыр-ау, осындай ма,

Бұл кезге дейін қалай білмегемін?!

Еңкіш емес, емендей түзу едің,

Байқамадым, қонғанын жүзіңе мұң.

Құдіреттім-ау, бұл күнде өзің тұрмақ,

Басып кеткен тең келер ізіңе кім?!

Ұқсаушы едің мен үшін таңға жарық,

Қайратымды беруші ең тауға жанып.

Көбелектей отқа өш, қыз біткенді,

Түр-тұлғаңмен тұрушы ең жаулап алып.

Тәкаппар ең, басқа енді не демекпін,

Дауысыңа алыстан елең еттім.

Жарығыңа жақындап, бір едім мен –

Қос қанатын күйдірген көбелектің…

Сөзім – ерке, сезім – мас, өзім жаспын,

Сұлулық боп дүниеге көзімді аштың.

Ғашық болып мен саған, ауырған ем,

Сол аурудан енді ешбір жазылмаспын…

Жел болып маңдайымнан неге еспедің,

Неге еспедің, айналды елеске мұң.

Көздерім суретіңе жиек болып,

Ұзақ түн ұйқым келер емес менің.

Жанымды неге осынша мазаладың,

Тергедім, өзімді-өзім жазаладым.

Ұзақ түн ұйқым келер емес тегі,

Қалайша бұл азапқа төзе аламын.

Бұл көңіл тағы нені, нені іздейді?

Нені іздейді, еш сыбыс сезілмейді.

Тереземнен таң еніп келе жатыр,

Суретіңді көруге көзімдегі.

Суретіңді көруге қарашықтан,

Тереземнен енеді таласып таң.

Сенің бейнең өтеді елес беріп,

Кірпігімнен үзілген дара шықтан.

Күн шықты қағып күміс қанатын жай,

Кешігіп бір нәрседен қалатындай.

Сезінем – көзімді ілсем, ішіндегі

Жоғалтып өз бейнеңді алатындай!..

Мен егіліп алдыңда жылап тұрдым,

Жария емес өзгеге жан-арыммен.

Ал сен болсаң, шылымды лақтырдың,

Өшіріп, үнсіз отын табаныңмен.

Кешкі аспаннан төгілген алауменен,

Болмысыңды көңілге сыза алармын.

Менің әлсіз сезімім саған деген,

Саған жетпей өшкендей ызаландым.

Жеңіл еді-ау, алдыңда егілмеген,

Бар өмірім өтсе де күтуменен.

Сондағы айтқан сырларым, сен үрлеген,

Ұшып кетсе қайтермін түтінменен.

Әйел жаны тең келмес өзге асылмен,

Әйел жанын өлшеме өз басыңмен.

Саған деген төгемін сағынышты,

Оңашада төгілген көз жасыммен…

Есім кетіп оңаша жыладым мен,

Сені көрмей бұрынғы жыр-әнімнен.

Саған деген төгемін махаббатты,

Нәрестеме төгілген шуағыммен.

Әйел жанын теңеме өз басыңмен,

Әйел жанын өлшеме өзге асылмен.

Ешбір дәрі, ешбір сөз емдемеген,

Мен өзімді емдеймін көз жасыммен…

Ойламап ем болам деп саған ғашық,

Бір сөзіңмен кетпесең санамды ашып.

Көңіл құрғыр ұры екен, байқаусызда,

Мөлдіретіп тұндырар жанарға шық.

Өртенумен келемін от үмітпен,

Оңашада ісіме өкініп мен.

Кездескенде, өзіңді көрмеген боп,

Сәлемдеспей өтемін өтіріктен.

Сенсіз көңлім тарылып, тұншығардай,

Сенсіз өмірім өтеді үн шығармай.

Дауыл тұрған теңіздей жан-жүрегім,

Дөңбекшумен болады тынши алмай.

Қайрылмастан барады ұшқыр уақыт,

Уақытпенен жастықтай ұшты бақыт.

Отырмадың оңаша ең болмаса,

Көздеріңнен көзіме ұшқын атып.

Неткен берік,

сезімге төзімді едің,

Күтем сені, сабырсыз көзімде мұң.

Көктем гүлге өткен күн қош айтысқан,

Жастық жырым ең соңғы өзің бе едің?!

Бір күлкім бұл, ернімнен төгілмеген,

Бір жарқыл бұл, көзімнен көрінбеген.

Бір гүлін көңілімнің келдім сақтап,

Жолықпай жүрген жанға өмірде мен.

Бір дірілім жанымда шықпай жүрген,

Шықпай жүрген ашылып шықтай жырмен.

Үміт пе екен, мұң ба екен,

арман ба екен,

Тыншымды алған ол не екен, ұқпаймын мен.

Қиялдан да арманның жүгі басым,

Жүгіресің, жол таппай жығыласың.

Кірпігімді жабамын, көздеріме,

Батқан күннің түсіріп шұғыласын.

Бір арман қолын берсе күліп келіп,

Ә, дегенде, сене алмай, күдіктеніп.

Көзімдегі жарқылды шығарармын,

Ернімдегі күлкіні үміт төгіп…

Жаным толқып ішімнен езілермін,

Тәңірім-ау, сол ғой бұл, өзі дермін.

Бақытыма сеніп, не сенбесімді –

Білмей мен өзіңе бір кезігермін!..

Ғашықпын десем... қайтесің, кет дейсің бе,

Салқын қарап, сезімді теппейсің бе?

Арманымды бүркемей айтсам саған,

Өзгелерге күлкі азық етпейсің бе...

Кел дейсің бе, білмеймін, кет дейсің бе,

Қиырына көңілдің жетпейсің бе.

Жақын көріп мен саған барымды айтсам,

Басқаға оны арзандап төкпейсің бе?..

Жаным десем жалт қарап кет дейсің бе,

Жалыныма су бүркіп сеппейсің бе.

Көзге ілінбес жіппенен көңіліңе

Көкжиегін көңілдің көктейсің бе...

Өзің десем сүйгенім, қайтер едің,

Көкірегімде тербелген бәйтерегім.

Өкпелімін, кімдерге қарыздармын –

Бәрін соның бір саған айтар едім.

Бір кездегі тәкаппар өр кеуденің,

Айтар едім суынып өртенгенін.

Жарға соққан толқындай бүгініме –

Жалғасарын қалайша ертеңдерім...

Тұншыққанда жаныма таппай бір ем,

Оралатын ойыма оттай жыр ең.

Оңашада батырсып, бетпе-бетте,

Тіл байланып, сөйлеуге батпай жүрем.

Тыныштықты кеудеме сезім бермей,

Жуасып бір жатамын теңіздердей.

Тұла бойды бір толқын тас қып байлап,

Әрең өтем тұсыңнан көзім көрмей...

Кет дейсің бе, білмеймін, кел дейсің бе,

Тілсіз көзге қараған сенбейсің бе.

Сенсіз жерде жүрегім ауырады

Шуағымен жаныңның емдейсің бе?

Не болса да тезірек сезіндірші.

Кет дейсің бе, кел десең, өзің білші.

Жай таппаған кеңдіктен жас жүректі,

Көкірегіңе бір қысып көз ілдірші...

ҚАРЫЗБЫН САҒАН

Қарызбын саған, туған ел,

Жұмғанша мәңгі көзімді.

Қарызбын саған,

нұрлы әлем,

Сүйгенім үшін өзіңді.

Қарызбын көл мен тауға да,

Жаулаған көңіл аусарын.

Қарызбын кеш пен таңға да,

Күйіне ортақ баршаның.

Адамға барлық қарызбын,

Бастаған алға сапарын.

Солардан келмес қара үзгім,

Оттық ап сенен Отаным!

Бермейді маза көңілге,

Елестеп жүгім – досым-ау.

Хақым жоқ менің өлуге,

Қарыздарыммен осынау.

Қарызбын туған анаға,

Қарызбын туған балама.

Қарызбын гүлді далаға,

Қарызға батпай бола ма?!

Не істедім деп мақтанам,

Белгі қоймай еш күнге.

Өмірде бірақ, тек маған,

Қарыздар емес ешкім де.

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Балалық болып елестер.

Кеудемде сырнай жел жырлар,

Тербеліп таулы белестер.

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Сақталған мәңгі ойымда.

Сәулесін үміт талайлар,

Жандырған жеңіс тойында.

Есімде сақтап келем мен,

Кеудемде титтей кек тұрып.

Жарық күн шықты төбемнен,

Көз жасын ана кептіріп.

Өскенбіз түлеп іштен біз,

Құрбылар оны сезеді.

Қымызға балап ішкенбіз,

Сапырып қара көжені.

Аналар зары құлақта,

Қарғаған жауды ашынып.

Көңілді басып бірақ та,

Көрмедік әнге ашығып.

Шомылып жасқа төгілген,

Тірлікке қайта тырмысып.

Қарлығаш болып көгімнен,

Үш бұрыш хаттар жүрді ұшып.

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Біз титтей сәби емес пе ек.

Қилы-қилы тағдырлар, –

Тұрады көзге елестеп.

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Жұбатты жесір, жетімді.

Аспаннан жауған жаңбырлар,

Солардың жасы секілді...

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Солқылдақ өрім шыбықтай.

Мен емес, бүкіл ел жырлар,

Еске алып, мәңгі ұмытпай.

Соғыстан соңғы сол жылдар,

Табыспай кеткен тағдырлар.

Балалық болып түсімде,

Бұлдырап маған қол бұлғар!..

Бер маған не күніңді, не түніңді,

Барымен не жылауды, не күлуді.

Талғамай өткізейін таразыдан,

Осынау жақсы, жаман екі ұғымды.

Бер маған, сүйіп-күйіп өкінуді,

Бел байлап, неге болсын бекінуді.

Өткізіп өз көзімнен көрейін бір,

Осынау түсті-түссіз екі ұғымды.

Қотарып көкірегіме бақтар әнін,

Өзіңе қайта соны ақтарамын.

Жаным-ау, бұл өмірде сен арқылы,

Мәнісін түсіндім мен ақ-қараның.

Сөзіңнен шаттық, әлде қайғы алам ба,

Беймаза күйге түсіп, жайланам ба.

Беремін саған жауап кезіккенде,

Түсіне бір бояудың айналам да.

Жирентіп, қызықтырып, қызғандырмай,

Әр қилы әсерменен жүз жандырмай.

Өтуден қалқып жеңіл қорқамын мен,

Адамдар кеудесінде із қалдырмай.

Осынау кезектескен күн-айыммен,

Шаттанып күлуменен, мұңаюмен.

Көрер көзбен, көңілге әсер беріп,

Айналып бір бояуға тұрайын мен.

Жек көрейін, әйтпесе ұнатайын,

Желге ұшайын, немесе гүл атайын.

Әрі-сәрі қалдырмай көңілдерді,

Күлдірейін, немесе жылатайын.

Өмірім көз арбаған қызыл-жасыл,

Гүл түстес бояуынан бұзылмасын.

Бір кезгі өткен күннің белгісіндей,

Орнында от жүректің қызу қалсын.

Беймаза атар әлі таңым қанша,

Ішінен жауым маған табынғанша.

Өтермін өрге қарай сапар шегіп,

Өлеңде өз бояуым табылғанша.

Түссіздік, өмірден бұл тыс білемін,

Білсең, дос, бұл да өзімнің іш тілегім.

Әйтеуір, төкпей-шашпай не берсең де,

Бер маған, жарық дүние, түстілерін...

ТЫҢ – ТОЛҒАУ

Айналған тірі тарихтарға бұл далам,

Қозғалыстардан уақыттай мынау тынбаған.

Коммунистер, тыңның таңғы тынысын –

Құлақпен емес, жүректерімен тыңдаған.

Көңілін тапса анадай дархан бұл далам,

Ақ бидай ақ теңіз бейне тулаған.

Туған жер жайлы, туған ел жайлы даңқты,

Осындай-ақ болар жырмен туған ән!

Тыңдағы туған қиындықтар менен «сұмдықтың»,

– Өткелін сезбей оқи алады мүлгіп кім.

Ерлігін елдің естелік етіп жазыпты,

Тіліменен, күніменен шындықтың!

Далам менің! Алыс кетсем сағынар.

Даласы бар көңіл қайтіп тарылар.

Даналықтан туған сөз ол, «Алдында

Наны бардың, сәні менен әні бар».

Далам менің, қатып қалған мәңгілік,

Тіріліпті тамырына қан жүріп.

Көкжиектен көкжиекке жеткенше,

Шаршайтындай күннің өзі шалдығып...

Жолында әрбір сөнбейтін алау бар ұшқын,

Жаныңа келіп тіл қатқандай алыс күн.

Адам болып өмір сүру мақтаныш.

Отанында Мұхтар менен Қаныштың!

Рақмет сізге,

Бейбітшілік көсемі,

Тың даламды жырға қосқан кешегі.

Әлі талай дабылдатып сап түзеп –

Миллиард толқын көз алдыңнан көшеді.

Алу үшін уақыттардан үлесін,

Еңбек – майдан жүргізе бермек күресін.

Қалар мәңгі жүректерге жазылып,

Ұмытылмай тыңда туған тың есім!

Көз ілмейді жұлдыздарым таңға бір,
Дегендей-ақ: «Біздер жайлы толға жыр!»
Адамдарға жаудырғандай алғысын,

Жатқан сұлық бұла дала сонда бір.

Туындайды бір міндеттен бір міндет,

Тез-тезірек, бәрін-бәрін үлгір деп.

Қазір тұңғыш қазық қаққан жерлерде,

Өмір болып бәйтеректер тұр гүлдеп...

Табындырып төзіміне тыңды адам,

Аспан күйін жермен бірге тыңдаған.

Бүкіл әлем оқып жатқан таласып,

Осындай-ақ болар жырмен туған ән.

ОРЫС ТІЛІ

Табысып біртін-біртін жан-жүрегім,

Досыма айналдың сен мәңгі менің.

Кеңейтіп барасың сен күннен-күнге,

Көгілдір өмірімнің көкжиегін.

Өзіңмен қонып көкке ұштым бүгін,

Қиялдың алғандайсың ұшқырлығын.

Байырғы ұлы орыстың тіліменен –

Жазыпты жан бітіріп Пушкин жырын!

Жетеді сен арқылы алысқа ойлар,

Өтеді сен арқылы жарыс-тойлар.

Ғасырды ғасырларға шежіре етіп,

Өріпті өзіңменен Толстойлар!..

Өзіңмен айқындалып әр қадамым,

Ат басын бақытыма тарта аламын.

Әлемге сен арқылы айтылады,

Одақтық Отан сүйгіш ортақ әнім.

Дүние қанға кек боп аһ ұрғанда,
Кеуделер жауға оқ боп атылғанда,
Лениндік Революция тілі болдың,

Сүймеске енді сені қақым бар ма?!

Тербеген ыстық үміт, тасқын сезім,

Түсіндім сен арқылы достың сөзін.

Жабылған жылдарменен, бұрқылдатып

Іштегі қайнарымның аштың көзін...

Тіліндей шыққан күннің шұғылалы,

Ұстатпай, сан түрге еніп құбылады.

Сені тек «мама» деген сөз арқылы

Бар әлем аудармасыз ұғынады...

Сен неткен сиқырлы едің, құдіретті ең,

Астасқан тосқауылсыз жыры көкпен.

Өзіңді сүйемін шын,

Орыс тілі,

Лениндік Революция тілі деп мен.

ДОМБЫРА

Сен сөйлесең, қай қазақ данасынар,

Шанағыңнан шулайды дара шынар.

Бүкіл әлем төріне сиып кетер,

Домбырасы бар үйдің даласы бар.

Ешкімнен жанға медет сұрамай-ақ,

Қашады қос ішектен құралай ақ.

Жасауға толсын мейлі, күйі жоқ деп,

Домбырасы жоқ үйді тұрам аяп.

Тұла бойын арманмен дірілдетіп,

Сұлуларды бірауық күлімдетіп.

Кеудесіне жол салып тұлпарменен,

Өткенсің, сен, қиқу сап, дүбірлетіп.

Бабалардың ұқсайсың көзіне шын,

Тарихтармен не қилы кезігесің.

Қағаз-хатсыз, тасыған үн арқылы,

Өткендердің ұғамын шежіресін.

Көңілдерге тоқтау сап алағызған,

Қалған мұра өзіңсің бабамыздан.

Топан-селін шығарып жер мен көктің,

Қара суды қайтарып кері ағызған.

Сусындатып туған жер қияқтарын,

Екі шектен есіп бір күй ақтардың.

Сезінем өзім шауып баратқандай,

Дүсіріне қосылып тұяқтардың.

Өзіңмен бір желпініп, бір құлазып,

Өзіңе төккем талай сырды нәзік.

Дос болып, достан қайтқан көңіліме,

Беруші ең арман атты жырды жазып.

Толғанда аңсау мұңға ішім кей күн,

Үніңмен бір бейнені мүсіндеймін.

Домбыра, дүниеде өзің барда, –

Жалғыздық бар дегенге түсінбеймін...

Көрпе ғып туған жердің көк құрағын,

Арманның төк нөсерін, төк бұлағын.

Мен сенсіз адасып бір боз далада,

Шөлдеп келе жатқандай боп тұрамын.

Елжіреймін, біресе езілемін,
(Ешкім түспей ұзақ күн көзіме бір.)
Жанға батып, шаншыған жүрегімнің,

Кейде тауып бересің өзің емін.

Шұғылалы, шуақты таңым барда,

Шомылмаймын ізсіз су, сағымдарға.

Жанымды алсаң ал менің, ей, жаратқан,

Домбырадан тек қана әнімді алма!

* * *
Сильва Капутикянға
Сенің де жырың – махаббат,

Менің де жырым – махаббат.

Жартасқа бір жас толқын,

Жатқандай ұрып шапалақ.

Емес бұл жанға аз қайғы,

Бір жалын көзде маздайды.

Қадалған жерін қапысыз

Күйдіріп кете жаздайды.

Арараттан ұшқан жыр,

Алатауға тұр жетіп.

Құштарлықты құштар бір,

Келе жатыр үлгі етіп.

Тағатымды тауысқан,

Сүю жайлы тілдесіп.

Жан сырыңмен алыстан,

Тұрар көңілім үндесіп.

Ғажап еді бұл қандай,

Кеудеңе көл тұнғандай.

Алатауға Арарат

Қолын бұлғап тұрғандай!

Әлдилеп тыныштықты сыр тыңда, аспан.

Көңілдің айықтырып бұлтын басқан.

Кеудемде сайрағандай шыр-шыр етіп,

Даланың бозторғайы бір тынбастан.

Жеткізбес желге мініп өмір қусаң,

Қыры бар құпиялы көңілдің сан.

Жазықта шаңқай түскі шайқалып тұр,

Қайталап ырғағымды қоңыр жусан.

Жуғандай сол дауыспен көзімді шық,

Бұлқынып, аласұрам, төзім қысып.

Арман не, аспаныма сіңіп кетсем,

Алқызыл арман құшып, сезім құшып.

Басынан кеткендей-ақ бір күн өтіп,

Кішкентай көмейінен жыр дүр етіп.

Сайрайды бозторғайым шаңқай түсте,

Ауада қанаттары дір-дір етіп.

Төменге тігіп қойып көз жанарын,

Арқау боп әуеніне азғана мұң.

Кеудеме кіріп алып ән салғандай,

Титімдей бозторғайы боз даланың.

Байсың десең, баймын, дос, кедей десең, кедеймін,

Миллиард берген далада туған екем, не деймін.

Өткен күні бабамның есігінде бір байдың,

Көкірегінде толқып көп арман атты сырлы айдын.

Әкем бізді жеткізген қол күшімен, еңбекпен,

Әкем барда мейрімге көрген жоқпын шөлдеп мен.

Бөліп қарай алмаймын Отанымды әкемнен,

Оң-солымды танытып, бақыт таңын әкелген.

Тамшы десең – тамшымын, теңіз десең – теңізбін,

Жерім – суым тағдырлас елімменен егізбін.

Қазынасы қоймаға симай жатқан даланың –

Баласымын, мен сонда неден кедей боламын?!

Бір өмірден өзгеше бір өмірге талпындым,

Қуанышым деп білем, қуанышын халқымның.

Аңқып тұрған әлемге күннің иісі бойынан,

Кешегі бір жалшының ұрпағымын байыған.

Кедей десең сен мені, кедейлігің өзіңнің,

Қалтырайды, тоңады кей сөзіңнен сезім гүл.

Кедей деген сөз қайдан түсті аузыңа, досым-ау,

Миллиард берген далада өмір сүріп осынау!

Туды міне, жаңа күн, жаңа көктем,

Көңілімді күндіз-түн алаң еткен.

Сұғанақ қол, дауылдан, нажағайдан,

Аман ба екен, ағаштар анам еккен.

Нені білдім, ол кезде нені ескеріп,

Жатушы еді-ау, кеудесін белес керіп.

Жас талдың «құлынымдаған» жапырағы,

Тұратұғын анамдай елес беріп…

Сабақтары билеп бір келісті үнге,

Көк аспанға қол созып, алыс күнге.

Махаббаты анамның маған деген,

Орман болып тұрғандай жер үстінде!

Алақанын баршаға тосады аспан,

Тіршілікке алалық жасамастан.

Шақырғандай болады анам еккен,

Жас ағаштар, қол бұлғап «Қосағаштан».

Аңсаудан жүдерсіңдер, күз өтер көп,

Майыссаң бауырларым түзетер кеп.

Келген әрбір көктеммен көктесеңдер,

Мен анамның сеземін ізі екен деп…

Айналғанда жарқ еткен отқа шабыт,

Бәйге алғанда, армандай атқа шауып.

Анам еккен, иіскейін сол ағаштың

Жапырағын, дос, жіберші хатқа салып!..

ӘНШІ АСПАН
Людмила Зыкинаға
Қанша уақыт дауысың аңсаттырған,

Қайтқан үйге анамдай, шаршап қырдан.

Егіз аспан кеудемде қоңырау қағып,

Секілді, өмір жайлы ән сап тұрған.

Бойымды жандырып та, қалтыратып,

Асқардан бір асқарға таң құлатып?

Бұлқынып, симай арман арнасына,

Жатқандай бір көк теңіз толқын атып...

Өмірдің сынамаған майдандары,
(Бұлбұлдың кейде ұқсас сайрар бәрі.)
Даусыңмен көз алдымнан көшіп жатыр,

Орыстың сырға толы ойлы орманы.

Үніңе ілесемін іштей балқып,

Туысқан арманды айтып, құштарды айтып.

Жаныңның жайылған үн аспанында.

Ұшқандай боламын бір құстай қалқып.

Түсіме ұйықтасам енеді осы үн,

Көңілдің жуып-шайып терезесін.

Таң болып тұла-бойға тарағандай,

Ән болып Людмила деген есім.

Жылытып аспанымның қас-қабағын,

Осылай өмір құрап басталады үн.

Сілкілеп қалғыған ой қабаттарын,

Жіберді асқақтатып асқан әнің.

Төгіліп нұрлы шуақ айналадан,

Секілді әлем – құшақ жайған анам.

Кеудеңнен сенің ашық аспан көрдім,

Ән болып дүниені аймалаған.

Үніңнен сезгендеймін уақыт демін,

Уақытпен жүрек таңым атып менің.

Осынша сұлулықтан құр қалмаған,

Күнім-ау! О, мен неткен бақытты едім!

Орыстың сен шырқасаң халық әнін,

Даусыңнан табиғатын танығамын.

Жүремін іштей сыңсып көпке дейін,

Қимайтын жолыққандай шағыма бір.

Табысқан көктемімдей кешегі аңсап,
(Тағдырын сұлулықтың шешеді әр сәт.)
Өз дауысың арқылы көз алдыма,

Орыстың ойлы орманы көшеді ән сап.

Жұлдыздай ойнап көзге қас-қағымы әр,

Әніңе досың түгіл қас табынар.

Тірлікті шомылдырар шуағына,

Кеуденің бұлтсыз ашық аспаны бар!

Бағыңа тіл, көгіңе көз болармын,

Жүрегің боп соғармын, қозғалармын.

Оралған шалғайыңа, Отан ана,

Өзекке тепсе кетпес өз балаңмын.

Тұншықсам, қарсы жүзіп толқынға сан,

Кеудемнің жанып тұрған өртін басам.

Кездіктей отқа салып қайра мені,

Жолында қиындықтың солқылдасым…

Табайын басқа мінез, басқа шабыт,

Жетейін, озып кеткен көшке шауып.

Болаттай шымырлатып, ширығайын,

Шыңдай бер, туған Отан төске салып.

Жетейін, арқама бір жүкті алайын,

Мен неге үлкен жолда бұқпалайын.

Осынау бойға біткен адалдықпен,

Бетіне дұшпанымның тік қарайын.

Оянып бір кездегі сөнген үміт,

Алғандай мені алдына жерден іліп.

Көз жұмып бір толқынның құшағында,

Дәрменсіз кете бардым өңгеріліп…

Қумаймын артық қызық, артық думан,

Бетімді ыстығымен шарпып тұрған.

Басынан кешкен не бір өткелдерді,

Жанмын мен топырағына тартып туған!

Көктемгі жаңбыр, сағындым сені, шөлдедім,

Қалыпты қаңсып, жырға да толы шөлмегім.

Алғашқы жаңбыр бетіме келіп тигенде,

Жанғандай болды қуаныштан сөнгенім.

Қуанып жатыр құмарын басып кең далам,

Дегендей аспан, тамыры иіп, ем, балам.

Алақайлап қызым қолын соғады,

Бақшадағы өседі деп алмалар.

Жерім менің кимейді енді сұр көйлек,

Жүдемеймін, басыма жайсыз түрлі ой кеп.

Қуанып жатыр, елім менің, көктемгі –

Жаңбырды бұл, жаңбыр емес, нұр ғой деп.

Таңғы шықтай үмітпенен мөп-мөлдір,

Көз алдыма елес болып өткен күн.

Гүлдей шөлдеп күткен едім, алғашқы

Жыр жаңбырын, нұр жаңбырын көктемнің…

Таңғы шықтай үмітпенен келем мен,

Ізсіз күндер бар күндермен төленген.

Керегі не, айтшы, жаным, шатырдың,

Шомылайын, құйсын жаңбыр төбемнен.

Су болса үстім, кебеді өзі желменен,
(Бұлт емшегін нәресте ме ембеген!)
Көк көлдер-ай, шөлдеп саған, ауырсам,

Мен көктемнің жаңбырымен емделем.

Қалған түлеп жаңбырменен жерім шын,

Таңмен тұрған қыздай болып керілсін.

Аспанымнан жерге қарай жол тартып,

Ақ моншақтар көкірегіме өрілсін.

Самал боп сағынышым, кел, кел маған,

Бір күйді берші, шертіп, шерте алмаған.

Мен сенің көз тиер деп, арқандалған

Ноқталы ботаң болдым, көркем далам.

Бар ма екен өз алдыңда аздап кінәм,

Кінәмді тазалайын, қозғап бір ән.

Жылына бір көрмесем мен өзіңді,

Ішімнен үн шығармай боздап тұрам.

Тынамын, тынамын ғой, ойлап бәрін,

Құлайды тау басынан жайлап таңым.

Сол таңға жуынып бір жас баладай,

Еркелегім келеді, ойнақтағым.

Қалайды жанбай жатып кім сөнгенді,

Жер басып аман-есен жүрсем болды.

Ақ аспан! Арман еткен ағыл-тегіл,

Төбемнен құя берші жыр сәулеңді!..

Бейбітшілік – мен жұтатын таза ауа,

Бейбітшілік – жас сәби мен әз ана.

Кім жылатса осыларды, сен соны –

Ей, уақыт, жазала!..

Бейбітшілік – үлбіреген аппақ гүл,

Аяламай, кетпек оны таптап кім.

Жылайтындай кейбір шақта бұлттанып,

Өлгендерді жоқтап күн.

Бейбітшілік – әнім менің табынар,

Әні бардың атар алау таңы бар.

Айтсам ашық мынау жердің бетінде –

Ол бар болса бәрі бар!

Бейбітшілік – бұлақ күлкім, көңілім,

Туған жердің тіліп аққан өңірін.

Бір сабақта тұрған жырлап, үзілмей

Жапырақтай өмірім…

Бейбітшілік – мен сүйетін бұл күнгі ән,

Көкірегімде толқындайын бұлқынған.

Бейбітшілік деген сөзбен Отаным –

Егіз ұлдай бір туған!..

ТЫНЫШТЫҚ – ТЫНЫСЫМ
Планета тынысы –
менің тынысым,

сенің тынысың.

Хабарсыз отырсам кетеді тынышым.

Сенің жұмысың, оның жұмысы,

менің жұмысым!

Күйгендей боласың,

ызадан отқа шын,

Біреудің біреу кеп қатты ұрса қапасын.

Көз жұмып мен қалай отырам,

Өзімнің аман деп Отаным, от басым.

Доссың ба, қолыңды қолыма жалға кел,

Көңілім – кіршіксіз, ақ сүттей таңғы әлем.

Қалайша бақытты болады, білмеймін –

Адамды адамдар өлтіріп бомбамен?!

Жұмыр жер – адамзат тұрағы,

Тыныштық – олардың арманы, ұраны.

Сұм соғыс шықпасын есінен ешкімнің,

Ол жылдың зардабын тартқандар тірі әлі…

Тоқтасын тас жүрек ажал – оқ атысын,

Бұл жырды жаздым мен аналық хат үшін.

Үндемей қалуға хақым жоқ, өйткені –

Уақытқа осынау бар менің қатысым!

Тыныштық – жалғыз-ақ, жалғыз-ақ тілегім,

Әлемге алаң боп, елеңдеп жүремін.

Бір жерде өрт шықса, ұшады шырылдап

Достықтың құсындай қарлығаш – жүрегім…

Планета тынысы – менің тынысым, сенің тынысың,

Ізгі ойлы адамзат – жаны бір туысым.

Апаттан, ажалдан әлемді қорғау да –

Сенің жұмысың, оның жұмысы, менің жұмысым!

Асығады барлығы, асығады,

Тіршіліктің арналы тасып әні.

Көзін ашқан ертемен ару күнім,

Көкжиекке еркелеп, асылады.

Соны көріп, хақың жоқ қозғалмауға,

Өмір бәйге ұсынар озғандарға.

Аттандаған дәуірдің поездары,

Асығады вокзалдан вокзалдарға!..

Бірде шалқып, баяулап басылады,

Дүниенің осынау ғашық әні.

Айналып көк аспанды қанаттылар

Қара жерге қонуға асығады.

Соны көріп, хақың жоқ аялдауға,

Ой салғандай осы өмір ояу жанға.

Машиналар зулаған көшелермен,

Жарысқандай болады жаяулар да…

Ашық әлем қабағын шалмаса мұң,

Жүрек атты өшірмей таңға шамын.

Достық дәнін ексе елім, ал жауыздар

Көбейтуге асығар бомба санын.

Тіршіліктің арналы тасып әні,

Өзендерім теңізге асығады.

Тамыр бойлап жүгірген ыстық қандай,

Асығады, барлығы асығады!

Ауысып шуағы мен ашуы әлі,

Тербелтіп бар өмірін ғашық әні.

Бойынан бұл әйелдің сан қасиет,

Ана болу арқылы ашылады.

Тірлікте талай сынға кезігесің,

Жол жүгі жүктелгендей өзіңе шын.

Қадырын тыныштықтың, ләззаттың

Ана болу арқылы сезінесің.

Табаласын, мейлі кім, бағаласын,

Баласыз сынық қанат шағаласың.

Көкірегіңнен мейірім күн шуағын,

Ана болу арқылы төге аласың.

Алмасып қыс пен жазың, көктемің де,

Бала үшін тыным, сабыр жоқ көңілде.

Үстінде қарлығаштай шыр-шыр етіп,

Сезбейсің өміріңнің өткенін де.

Бала үшін тұла бойды бұлақ етем,

Жолдағы бейнетіне шыдап өтем.

Оянған бір балаға махаббатың,

Жалғасып бар әлемге тұрады екен…

ЖЕҢІС ЖЫРЫ

Онда мен үш жастамын,

Ол бір күн сендерге аян, тұстастарым.

Аңыраған әнімен аналардың,

Аударылып қанша рет түсті аспаным!

Үш жастамын, не бәрі бұл күндері,

Ауыр шақты сәбилік білдірмеді.

Ойыншық пен қолыма тәтті беріп,

Алдандырып мені ешкім күлдірмеді…

Алдандырып мені ешкім күлдірмеді…

Бір жұмбақ күй кеудемде күмбірледі.

Бапсыз өскен біз де бір – қыщқыл дәмді,

Туған жердің жабайы бүлдіргені.

Не білемін онда шын бұл жасымда,

Мендей шығар сол күнгі құрдасым да.

Масақ терген әжемнің арқасында,

«Нан, нан» деп қыңқылдаппын қыр басында.

Жаба алмаған бұлт болып күнімді жау,

Емін-еркін нұрына жуындым-ау.

Нан, Ленин, Жеңіс – деген сөзбен,

Шыққан екен ең алғаш тілім мынау.

Оятты да бесіктен жаңа бір үн,

Жүрегіме жеткізді жаңалығын.

Тілім шығып, жеңіспен келді айналып,

Сағындырған бақытты балалығым.

Осы сөзбен тым ыстық, бірінші ұққан,

Кірді әр үйге сұлудай қылымсып таң.

Жеңіс деген сөзбенен қасиетті,

Тілім шығып, шаттықтан күнім шыққан!

БАТЫР ҚЫЗҒА

Жер жүрегін жүрекпен тыңдап алып,

Емін-еркін жуынып, күнге жарық.

Жеңіс күнге арнап көп гүлдер тердім,

Мен сен үшін, Әлия, қырға барып.

Үстіндесің даңқты дара жолдың,

Ертегідей көрінер маған ол күн.

Жақсы өмірде жар сүйіп, сәби сүйіп –

Мен сен үшін, Әлия, ана болдым.

Ұясындай осынау көңіл сырдың,

Өтіндемін ерліктің, не бір сынның.

Тыныштықты күзетіп, күреспенен

Мен сен үшін, Әлия, өмір сүрдім.

Басын иген аяққа қарсы жауың,

Қызыл гүлге айналып тамшы қаның.

Мынау айдай әлемге Роза болып,

Мен сен үшін, Әлия, ән шырқадым.

Көкірегіңнен жеріңе атқан ақ таң,

Сені өлім жоқ әлі де жалт қаратқан.

Дұшпандардан қорғап ел, Отаныңды,

Сен мен үшін оқ аттың автоматтан.

Нұрын төгіп ұрпаққа күлсін деп күн,

Қорғап жерді, жүректі дүрсілдеттің.

Гүл ұстайтын қолыңмен қару ұстап,

Сен мен үшін, Әлия, қыршын кеттің.

Қараймын да өмірге, күнге тегін,

Күйге толып көңілім, гүл мекенім.

Ерлік жайлы ұрпаққа айтқым келсе,

Мен өзіңді, Әлия, үлгі етемін.

Күтуде әлі, күтуде аяулы анаң,

Жапырағын бауырында жая алмаған.

Сен мен үшін қапыда қалғып кеттің,

Енді, Әлия, сен үшін ояу болам.

Жеңістен соң дүние бір дем алып,

Ерлік жайлы, ел жайлы сырға қанып.

Бейбіт күнге арнап көп гүлдер тердім,

Мен сен үшін, Әлия, қырға барып!

Бұл жерде тыныштық, салады бұлбұл ән,

Ағады бұлақтар жағаға еркелеп.

Шаттықтан сезбеймін, уақытты жылжыған,

Бақытпен қоштасқым келмейді ертерек…

Жер – менің мекенім, терезем – ақ аспан,

Терезем тұрса екен жарқырап, кірлемей.

Қайтыңдар, достарым, жолдардан адасқан,

Қастықтың, өштіктің шоқтарын үрлемей.

Көз алдым – тарихтар жасаған көп елес,

Жатқандай жалғасып, бүгін мен өткендер.

Жұмыр жер! Тіршілік… ойнайтын доп емес,

Аяқпен, адамзат, өтінем теппеңдер!

Бұл жердеи тыныштық, аулаймын сұлулық,

Жалғандық құрмайды шындыққа шымылдық.

Әлемде жатады екен ғой шарпысып

Махаббаттармен – қаталдық, зұлымдық!

Еліңнің осынау ұлысың, қызысың,

Тимесін ажалдың сендерге оғы ұшып.

Өмірін құрбан қып, әкелер біз үшін,

Бұл жерге орнатқан тыныштық, соғысып…

Ұрпаққа жалғасқан жеңістей мәңгі ән бар,

Жүрекке өмірдей ол деген тым ыстық.

Ақырын… ақырын… оятып алмаңдар,

Бұл жерде – тыныштық!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙