Жазбалар, ойлар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Кәкімжан Қазыбаев — «Жазбалар, ойлар». ЖАЗБАЛАР, ОЙЛАР
/uploads/d3fc0e0e-5c80-5329-96f7-72a9ea3d5819/cover.png
БИІКТЕН ШЫҚСАМ ЕКЕН
1982 жылдың 10 марты. КазТАГ-тың қарбалас жұмысымен тағы да ой үстінде отырғанмын. «Кремлевқа» зың ете қалды. Жалма-жан ала қойдым. Димекеңнің қоңыржай ашық даусы.
— Қазыбаев, шұғыл жұмысың көп пе? Егер саябыр болсаң маған келіп кетші.
Жүрегім дір ете қалды. «Қандай шаруамен?» деп те сұрап үлгірмедім. Неше түрлі ой келді. Не де болса бара көрейін. Түрлі түсті фотоцех ашу жөнінде мәселе қойып жүр едім, соның қамы ма екен?! Бұл шынында пісуі жеткен істі. Қазір жай фото өткеннің ісі. Кітаптар, альбомдар шығарарда слайдаға, түсті фотоға сұраным өте көп. Баспалар, мекемелер бізді мазалайды. Республикадағы ең бір жедел орталық, ең бір ұрымтал мекеме. Осы арада түсті фотоны дұрыстап жолға қойса, бұл істен көп пайда келтіруге болады.
Димекең бұған дейін үй мәселесін (мекемеге), жедел байланыс жайын (телетайптарды) шешіп берген. Транспорт та жөніне келді.
Осы мәселелердің қайсысы жайында болсын, байқағаным, Димекең істі терең білген, оның мүддесін жанашырлықпен ойлаған адамды мейілінше ұната ма деп қалдым. Және табан астында істі тапсыратын адамға тапсырып, бас аяғын тұйықтап, өзіңді күткеніңнен арман разы етіп жібереді. Қанаттанып, қайраттанып қайтқанмын. Тосыннан қоятын сұрақтары да бар. Сол мәселеге байланысты сен күтпеген қырды анықтап алады. Дайын болмасаң састырып тастайды.
Сондай жағдайға душар болмайын деп, қанша валюта керек, ол цех қанша бөлмеге сияды, Москвада бұл мәселені шешуге қатысатындар кімдер — бәрін тәптіштеп өзімше дайындап алдым. Былай десе — былай, былай десе — былай деп жауап бермекшімін. Алайда қанша өзіңді дайындағанмен ол кісінің кабинетінің табалдырығын аттағанда ойындағының бәрінен айырылып қалатының да болады. Бұған дейін сан рет солай болған-ды. Ондайды ол кісі бірден сезеді де өзіне тән жарқындықпен сөз бастап, сені қалыпқа түсіріп алады. Қал - жайыңды сұрайды. «Есінді жиған» кезде, ал келген шаруаңды айт дейді. Жақсы хабарды жаны ұйып тыңдайды. Өзіңді құптап жетектеп ала жөнеледі. Біраздан соң тіпті еркінсіп кетесің. Тағы да бір нәрсені сұрап, бір мәселені шешіп қалғың келіп тұрады. Бірақ ар жағыңнан қанағат тізгіні тежеңкіреп тұрады. Жайынды тапқан адамның қанағатсыздықпен жанына тиіп алма дейді.
Бұл жолы да тек түрлі түсті фотоцехтың жайын айтуға ғана бекініп келе жатырмын. Қас қылғандай, табалдырықтан аттай бере ойым пышырады да кетті.
Димекең орнынан тұрып, салалы саусақты қолын беріп, алдымен өзі амандасты. Мен де жалма-жан қол беріп, нұсқаған орындыққа отырдым. Аузыма сөз түспейді.
— Осы сен ҚазТАГ-та істегеніңе қанша болды?
— Алдымыздағы ноябрьде сегіз жыл толады.
— Көп отырып қалыпсың ғой ...
Мынау күтпеген сұрағым. Маңдайымнан суық тер шып ете қалды.
Сосын Димекең әңгіменің бетін кілт басқа жаққа бұрды да, жалпы идеологиялық жұмыстың жайына ауысты. Әр-әр кадрлар жөнінде менен пікір сұрады. Мен білгенімді жасырмадым. Әр сала жайлы өз түйгендерімді шамам келгенше жеткізуге тырыстым. Мұндай тақырыпқа бұрын ешқашан сөйлесіп көрген емеспіз. Бір жағы сенім, бір жағы сынау да шығар деп ойладым. Бұрын әркім - әркімнен байқау ретінде өз тұжырымын жұрт пікірімен салыстырып отыратын әдеті бар дейтінді еститінмін.
Кең толғанып жатуға менде шама болған жоқ. Жүрегімде не тұрса, тілімнен сол шықты. Қулануға да, сақтануға да құлқым бара қоймады.
— Сен ертеңге дейін ойланып, обкомдарға идеология жөнінде секретарлыққа жарайтын бес адамның тізімін әкеп берші. Осы майданда талайдан келе жатырсың ғой.
— Жарайды.
— Мен саған әңгіменің тұрасын айтайын. Бізде қазір идеология жөніндегі хатшының орны бос. Біраз ойланып, біз саған тоқтап отырмыз. Қалай қарайсың?
Үнім шықпай қалды. Сасқандығымнан емес, күтпегендігімнен. Біраз ойлар лықсып, көкейге де келді. Сөйлеп кетуіме де болар еді. Оның жөні қалай? Шүкіршілік, халқымыз өсті ғой. Қазір оның нағыз кемелді шағы. Осы Димекеңнің өз қанатында шындалған, шыныққан қаншама кадр бар. Менің атымның аталуы олардан артықшылығымнан емес шығар. Бұған дейінгі ұстанған өмірлік принципім: берген қызметті адал атқару. Адалдық өз түсінігімде ең ардақты байлығым. Ұрпағымның бойына сол қасиетті молынан еге білсем, одан асқан бақыт жоқ мен үшін. «Лениншіл жаста», «Жетісуда» істедім, Орталық Комитетте 4 жыл болдым, Госкомиздат, сосын КазТАГ. Бұл қызметтерді кезінде көпсінбесем, азырқанған емеспін. Артқан жүкті адал көтеріп көрдім.
Бір ой ұдайы қанаттандырып жүретін. Оны сырлас достарға ашып айтатын да едім.
— Біздің маңдайымыздың бақыты бес елі. Саналы өміріміз республиканы Димекендей адамның басқарған кезіне доп келді. Біз керемет мектептен дәріс алудамыз. Ол өзімізге үйреншікті болғанмен біреуге арман, біреуге қиял. Осы мектептің босағасын берік ұстайық.
Ойды ой жетелейді. Осы ойым Димекеңнің алдында тағы бір ойды сумаң еткізді. «Мен 1972 жылы Орталық Комитетте нұсқаушы едім. Мына 1982 жыл. Он жыл. Енді секретарьлықты ұсынып отыр. Он жылда нұсқаушылықтан — секретарьлыққа! Пісіп жете қойдым ба?»
Айтылмағанымен осы ойлар ішімде әлем —тапырық.Сыртқа шықса, сұры қашып жүре ме? Үнсіз отырып қаппын.
— Сенімдеріңіз солай болса, мен үшін оны ақтаудан артық не бар!
Аузыма түскен сөз осы болды.
— Онда дымың ішінде болсын. Келінге де үндеме. Москваға барып, Пленум өткенше аузыңа құлып сал.
— «Дымың ішінде болсын», «аузыңа құлып сал» деген сөздерді жазушымыз деп жүрген біздер де керек жерінде таба қоймаймыз. Бұрын да Димекеңнің қазақ сөздерін қадай айтып, жағын айыра сөйлейтінін байқайтынмын. Бұл жолы да соның тағы куәсі болдым.
10 март — 30 март. Өмірімде осы жиырма күндей таусылмас күндер болмаған шығар. Ол екі ортада үйден де, өзгеден де жасырынып Москваға, КПСС Орталық Комитетіне бекуге де барып қайттым. Әйеліме алғаш өтірік айтқаным да осы жолы. ТАСС-қа бір құрылыстың дауымен бара жатырмын дедім. Ол сене салды. Бірақ сан түнде ұйқысыз ояу жатқанымды байқап қалып: «осы сен бір қалың ойдың қамауына түскен сияқтысың, жай ма?» — деді. Алдында ауруханада болып шыққаным бар-ды. «Әлде дәрігерлер бірдеңе деп, бізден жасырып жүрсің бе?» — деп те тақымдады. Оның ең қорқатыны осы аурухана төңірегі.
— Сәуегейсімесеңші, ештеңе де жоқ, — деп қоям.
Ал қалың ойдың қамауында қалғаным рас еді. Көп болмаса да бұған дейін қызметтен қызметке ауысқанда мұнша толғанған емеспін. Толғанбайтын жай ма?! Бұрын КазТАГ секілді бір ғана нақты участокке жауап берсең, енді сондай кемі елуге тарта саланың тағдыры сенің қолында болады. Саланың тағдыры ғана ма? Ең алдымен ондағы адамдардың тағдыры ше! Жазушы, артист, ғалым деген қауымдардың қат-қабат сырының өзі не тұрады. Идеология атты ұғымды құрайтын тағы басқа салалар көз алдымнан өткенде жүрегім лоблып қоя береді. Соның әр қайсысын терең білсең ғана тіл табасын, жөн табасың, білгір басшылық жасайсың. Заманында Вольтерге замандастары мынадай сұрақ қойған екен.
— Халық алдындағы беделіңіз күшті. Сізден даңқты әзірге ешкім болмай тұр. Адам даңқ салмағын қалай көтереді екен?!
Сонда Вольтер былай деп жауап беріпті:
— Биіктеген сайын жел күшті болады. Шың басында ол сені тіпті қатты шайқайды.
Бұл да сондай желі қатты шың ғой. Шайқауына төтеп бере аларсың. «Креслоның күшіне сенбе, өзіңнің ісіңе сен» — деген қанатты сөздерді кезінде блокнотыма түртіп қойғаным бар-ды, сол сөздер міне алдымнан шығып отыр.
Бәрінен де алды-артымды шырмап, ауыр салмағын әсіре сезінетінім Димекеңдей адамның көрсетіп отырған сенімі. Саяси бюро мүшесінің қасында серіктес болуға жететін күш, қабілет бар ма? Бұл сенімнің бүгінгі жүгінен ертеңгі жүгі ауыр емес пе. Қоярын қояр, сайлауын сайлар. Сол жүкті көтере алмай қойғандай бастасам ше?! Қаяу салу деген сол емес пе. Осы күнге дейін көкейімнен кетпейтін тұжырым — «Димекеңдей адамның көңіліне қаяу салудан артық қылмыс жоқ» деген тұжырым еді. Түн ұйқыны шайдай ашатын да осы ойлар. Шынымды айтсам, Пленум болатын күнге қуаныш кернеп емес, бірінен бірі салмақты түпсіз ойлар қамап, әрең жеттім.
Сол екі ортада Димекең бір-екі рет телефон соқты.
— Әзірге алып-қашпа сөз жоқ. Аузыңа берік болғансың - ау деймін.
— Ауызға беріктік біздің тұқымымызға дарыған қасиет, Димеке. Басқа жағы табылса, ол қасиеттен кемдік бола қоймас.
— Сырға беріктік — сынға беріктік.
Осы бір ұтқыр мақалмен Димекең тағы бір қырынан таң қалдырды.
Сынға беріктік сырға беріктіктен ауырлау болар. Сан сын алдымнан шығар да сан қыспаққа салар. Сонда шыңдала берсем, шымыр бола түссем бір сәрі. Морт үзіліп, болмаса жасық темірдей босай берсе, онда не болды?
Өз мүмкіндігімді қайта-қайта өз безбеніме салған мазасыз күндер, түндер бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Күшіңе сенген де жақсы, бірақ қабілетіңді асыра бағалау да жаман. Пленумға жетпей - ақ алдағы шығар биіктің өкпек желі осылай шайқай бастаған еді. Көңіл шіркіннің бір ғана үлкен медеуі бар. Ол — Димекеңнің өзі, оның ат жалын тартып мінгелі көрсетіп келе жатқан үлгі-өнегесі, оның әрбір әрекет, ағысты қимыл арнасы, биік парасаты, азаматтық асқан тұлғасы. Қиын асулар болар, қиын шақтар да туар, қиналатын жайлар да кездесер. Димекең аман болсын!
Достықты қадірлегенің — өмірді қадірлегенің
Республика үлкен мерекеге — Қазақстанның Россияға өз еркіммен қосылуының 250 жылдығына қауырт дайындалып жатқан кез. Қып-қызыл, қат-қабат оқиғаның ортасына қойдым да кеттім. Алды-артыма қарауға мұрша болған жоқ. Осы мерекені Москвада, Россия Федерациясының Ульяновск, Орынбор, Новосибирск қалаларында өткізуге жүріп кеттік. Делегацияны Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі Саттар Нұрмашұлы Имашев басқарады.
Бұл кісімен бұрын да бірнеше рет осындай жауапты шараларды өткізуге бірге барғанды. Соңғысы 1977 жылы Ұлы Октябрьдің 60 жылдығына байланысты Москвадағы Қазақстан күндері еді. Мазасыз, іске өте жауапты қарайтын жан. Дамылдамауға, ұйықтамауға бар, бірақ әрбір шараны биік деңгейінде орындамай тынбайды. Тұла бойы тұнған жауапкершілік. Алдымен ойлайтыны оның өз абыройы емес, республиканың абыройы. Димекең алдындағы ұятты бәрінен де жоғары санайды. Барлық іске осы өлшеммен келеді.
Бұл жолғы қазақстандықтардың құрамы тіптен беделді. Ресми делегацияны былай қойғанда 700-ге тарта адам бармыз. Олардың тізіміне қарап-ақ республиканың алуан қырын, бүгінгі өскен биігін аңғаруға болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының озаттары, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері. Бір созбен айтқанда ығай мен сығайлар. Үлкен өнер көрсетуге келе жатқан артистер өз алдына бір төбе. Олардың дайындығын күні-түні демей Алматыда тәптіштегенбіз.
Димекеңнің мені Саттар Нұрмашевтың қасына неге қосақтағаны енді әбден түсінікті. Бірден осындай үлкен оқиғаға салып жібергеніңде де терең мән бар секілді. Ата-ана баласына суға батыл түсуді қалай үйретуші еді? Көл жағасына келісімен ай-шайға қарамай омы итеріп жібермеуші ме еді. Дәрменің болса, малты, батпауға тырыс. Бір-екі рет су жұтсаң, онда тұрған ештеңе жоқ. Ар жағына өтсең болды. Оның есесіне жүрегіңді аттай тулатып тұрған қорқынышты жеңесің. Екінші рет батыл бола түсесің... Бұл жолғы сапарды мен де тап осындай сын деп қабылдадым. Москвадағы әрбір таң атарда аласапыран толғаныстар әкелгенмен, батарда құшақ-құшақ қуаныштар әкеп жатты. Барлық жердегі кездесулер, концерттер көңілдегідей өтуде. Баспасөздің де, келуші қауымның да бағасы жоғары. Телевидение күнде кешкі хабарды біздің республикаға арнайды. Жел Қазақстан деп гуілдейді, ауа Қазақстан деп дірілдейді деген сияқты.
Күнде таңертең сағат 9-да (Москва уақыты бойынша) Димекеңмен тілдесеміз. Қалған уақытта мұрнымызға су жетпейді. Сонда Димекеңнің бізден он есе артық толғаныста екенін байқау қиын емес. Бәрінен хабардар, берін егжей-тегжейлі біліп тұрады. Біз елемеген кейбір көріністерді өте нәзіктікпен байқап қалғанын да сездік. Тіпті таңданбауға амалың жоқ. Мынадай бір оқиға болды. Ашылу жақсы етті, кездесулер сәтті жүріп жатыр. Москвадан аттанардан бір күн бұрын «Россия» қонақ үйінің астындағы үлкен залда біздің өнер шеберлерінің қорытынды концерті болды. Залды қақырата жаздаған қол шапалақтаулар үлкен қошеметтің, құрметтің - ақ куәсі. Бір көзге түскен жай — біздің әрбір өнер шебері республикасы үшін жанын салды - ақ, жауапкершіліктің ең асқан өнегесін корсетті деуге болады. Олардың шеберлігін биік сатыға көтерген де тап сол жауапкершілік нотасын жоғары алғандығында еді.
Телефонмен Сәкең мән-жайды Димекеңе айтып жатыр. Москвалық белгілі адамдардың ой-пікірін де алдыға тартты. Бір рет бөгеліп қалды. Ар жағынан үлкен кісі сұрақ қойды -ау деймін.
— Зал толы болды. Иә, москвалықтар. Қазақтар да көп болды.
— Мә, Димекең сені сұрайды, — деп Сәкең «ВЧ»-ның трубкасын маған берді.
Өзі сөйлесе де болады ғой, обалы не, Сәкең Димекеңмен тілдесуге келгенде мені қасынан қалдырмайды. Ол кісі де «тоқи берсін, үйрене берсін» дей ме екен?!
Амандықтан соң Димекең:
— Идеолог жолдас, сендер кешегі концертті кімге көрсеттіңдер? - деді.
— Москвалықтарға, Димеке!
— Қайдағы москвалықтар. Залда ылғи қазақтар отырды ғой. Олар Алматыда - ақ көрмей ме?
Маған енді жетті. Республика күндері деген соң Москвадағы өзіміздің студент, аспиранттар күні бұрын билет біткенді сатып алған болу керек. Сөйтіп басқа тұрғындардың, Москваның түбегейлі тұрғындарының тамашалауына мүмкіндік бермепті ғой. Қалпағымызды аспанға лақтырып жүріп, бұл жағына мән бермеппіз. Солай... Мұндай жайды тек Димекең ғана аңғаруы мүмкін.
Үлкен тойдың төртінші күні үш топқа бөлініп, Ульяновск, Орынбор, Новосибирск қалаларына аттандық. Ульяновскіге баратын топты — мен, Орынборға баратын топты — Шәңгірей Жәнібеков, Новосибирскіге баратын топты Жексенбек Еркінбеков басқаратын болды. Алматыдан шығарда - ақ бюроның шешімі солай болған. Саттар Нұрмашевич бізге тұсауларың кесілді дегендей Москвадан Алматыға қайтып кетті. Москва қалалық комитетінде, РСФСР Министрлер Советінде, Бүкілодақтық «Білім» қоғамында болған кездесулерде республика жайындағы сөзді Сәкең айтты. Өзіне тән мұқияттылықпен ол сөздерге аса қатты дайындалды.
Бәрінен де ғажабы айтар жай бар ғой. Қай саладан келтірсең де цифрлар ойнап шыға келеді. Арынды дамудың, қарышты қадамның айғақтары.
Осы күндердің, жалпы 250 жылдық тойдың сипатын аңғартатын кітап «Ұлы достықтың терең тамыры» деген атпен басылып шықты. Онда айтулы деректердің бәрі бар. Біздің бұл жазбамыздың мақсаты ол деректерді қайталау емес, ол қызық та болмас еді. Сол кітапқа сыймаған кейбір сезімге байланысты жайларды ғана естелік ретінде еске салып өту.
Москвадағы күндердің мейлінше табысты болуы жер-жерде алдымыздан шықты. Шіркін, бүгінгі радио мен телевидениенің бағасын біле бермейміз - ау. Қай жерге келсең де кеше өзіңмен бірге болғандай, сол қызықтарды өзіңмен бірге өткізгендей сайрап тұрған, жайнап тұрған жандар...
Ульяновскіге ертеңгі сағат 7-де келсек те, вокзал басы қаптаған адам. Тіпті бір гүл алаңына айналып кеткен секілді. Екі вагонда емес, Қазақстандықтар бүкіл составпен көшіп келгендей әсер қалдырады. Бұл әсер қарсы алудың салтанаттылығынан туса керек. Облыстың бірінші басшылары да осы халықтың ішінде.
Тарихи қала, тарихи атау. Халықтардың достығын қасиетті ту ғып көтерген ұлы Ильич осы қалада туып өсті. Балалық шағы осында өтті. Осы қаланың әрбір бұтасы, анау алып Волганың әрбір тамшысы Ленинді білеміз деп тұрғандай. Ильичтің басқан ізі бар шығар деп әрбір сүйем жерді аса ізетпен, құрметпен аттайсың. Оның есіміне байланысты барлық үйді бау - гүлзарды аралап көргің келеді. Осынау қаланың ауасында да бала Володяның, жігіт Володяның ыстық демі тұрғандай. Көсемнің көкірегіне нұр құйған осынау шәрбат ауа мен осы жердің күн сәулесінде де ерекше қасиет бар сияқты.
Госкомиздатта істеп жүргенде бұл қалаға бүкілодақтық бір жиынға осыдан тоғыз жыл бұрын бір келгенім бар-ды. Қазіргі әсерді онымен еш салыстыруға болмайды. Мүмкін бұл жолғы келіс өзгешелігінен де болар. Әрине, орыс пен қазақ достығының бұл айтулы тойын жалпақ Россия мен кең байтақ Қазақстанның бар қаласында өткізсе де артықшылық жоқ. Бірақ оған қанша уақыт кетер еді. Ульяновск — ұлы Лениннің туған жері, Орынбор — бір кезде Қазақстанның астанасы болды, Новосибирск — Россия федерацияның бүгінгі келбеті. Ал Москва — бүкіл еліміздің жүрегі. Қазақстан күндерін осы төрт қалада өткізуді Россиялық ұлы достар қалай жан-жақты, әрі орынды ойластырған.
Қонақ үйге орналасып болысымен қаладағы көсем ескерткішіне гүл қойып, тағзым еттік. Облыстық партия комитетінде кен көлемді кездесу болды. Облыс өмірі жөнінде кино көрдік. Қаланы араладық. Кешке В.И.Лениннің мемориал - музейінің ең үлкен залында Ульянов облысындағы Қазақстан күндерінің ашылу салтанаты болмақ. Біздің өнер шеберлерінің концертін жұрт асыра күтуде. Бейнелеу өнері, кітап көрмесінің ашылуына да барып үлгіру керек. Қазақстан фильмдерінің таңдаулыларын да ала келгенбіз. Осының бәрінің мақсаты — ұлы Ленин кемеңгерлігінің, Ұлы Октябрь шапағатының арқасында ғасыр жартысынан аз-ақ астам уақыт ішінде Қазақстанның қандай биікке көтерілгенін көрсету. Өзіміз де, сөзіміз де, өнеріміз де осы міндетті атқаруға тиіс. Сенің шапағатың, менің тұлғам, міне, — осылай деп дос алдында, достықты ғұмыр бойы пір тұтқан халық алдында есеп бермекпіз.
Ертесіне сағат 9-да (Москва уақыты бойынша) обкомға келсем, менің телефон соғуымды Димекең асыға күтіп отыр екен.
— Концертті қалай құрдыңдар, — деді.
— Бір бөлімін жеке әнші, бишілерден — Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Рамазан Бапов, бір бөлімін түгел «Гүлдер» ансамбілімен құрдық.
— Оларың дұрыс болған екен.
— Жаман шықпады, Димеке.
— Әлібек пен Роза қатырды ма?
— Қатырғанда қандай!
— Ана Тілендиевтің музыкасына «Гүлдердің» билейтін биі дұрыс шықты ма?
— «Лирикалық билерді» айтасыз ба?
— Ия, ия.
— Жұрт бөлекше қарсы алды. Димеке, бұл би біздің хореографиямыздағы соңғы үздік табыс қой.
— Солайы солай-ау. Тағы сондай кемі екі-үш биің болса ғой.
Бұл сөздерді алдағы ізденістің үлкен бір программасындай қарсы алдым, мен.
— Кинодан не апардыңдар? «Алмастың қырлары» бар ма?
— Бар, Димеке.
Осы фильмді Димекеңнің айтуымен кетерден біраз бұрын жаңалағанбыз. Бір сағаттың ішінде республика өмірінің алуан қырын аңғартатын әдемі документалды фильм болып шықты.
— Ал енді жабылуына да мұқият болыңдар!
Димекеңнің Орынбор мен Новосибирскідегі жағдайды да осылай жіті қадағалап отырғанына күмәнім болған жоқ. Өнердегі ғана емес, басқа барлық саладағы биік табыстарымыз да осы бір аңғарғыш көңіл мен алғыр ойдың туындысы шығар - ау...
Биылғы үлкен сын әлі алда. Көп кешікпей, Россия Федерациясының өкілдері Алматыға келеді. Олар да өздерінің сөздері мен өнерлерін осы достық тойына арнайды. Оған дұрыс дайындық керек. «Тас түскен жеріме ауыр. Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» демей ме халқымыздың дана мақалы. Одан соң 250 жылдықтың ресми салтанаты. Июньнің 10-11-іне белгіленіп отыр.
Россия Федерациясының асыға күткен Қазақстандағы күндері де алып ұшып жетті дейсің. Май айының екінші жартысында біз де мәре-сәре болдық та қалдық. Бүкіл Қазақстан тікесінен тік тұрды десе болғандай. Барлығы 800-ден астам адам қонақта. Тек жазушылардың өзінен Михаил Дудин, Егор Молев, Юрий Бондарев сияқты майталмандар. Басқа салалардан да осы деңгейдің адамдары. Ульянов, Орынбор, Новосибирск облыстық партия комитеттерінің идеология жөніндегі хатшылары. Ресми делегацияның басшысы РСФСР Министрлер Советі председателінің орынбасары Качемасов Василий Феодорович.
Қонақтарды май айының айтып жеткізгісіз, көз тоймас көркем көркімен Алматы қарсы алса, Қарағанды, Целиноград, Жамбыл облыстары ажырамас достықтың ақ тілеулі, ақжарқын көңілімен шығарып салды. Жүрегімізде естен кетпес күндердің, ұмытылмас кездесулердің, қыл өтпес достықтың қимас суреті, бауырлардың арынан жарылған сөздері мен тұлғалықтың, тұнықтықтың күзетіңдей жаудыраған көздері қалды. Достықтың терең тамырын ғана емес әрқашан да ортаймас, күш беріп, қуат қосар жалқын жалынын да сезгендей болдық.
Оқиғалар бірінен соң бірі өтіп, мән-мазмұны тереңдей түсті. Негізгі салтанатты өткізер күнге де жеттік. Талайдан бері ірі салтанаттардың, үлкен қуаныштардың ордасы болып жүрген М.И.Ленин атындағы сарай тағы да жасанып, мемлекеттік түрге енді. Оның төрінде алға ұмтылып, бәрімізге болашақты көрсетіп тұрған ұлы көсемнің әдемі бейнесі. Сол бейненің артында СССР - дің, РСФСР - дің, Қазақ ССР - нің тулары. Алтынмен жалатқандай алыстан көз тартатын 250 деген цифр.
КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Москва қалалық партия Комитетінің бірінші секретары Виктор Васильевич сөз сөйлеп, республикаға Ленин орденін тапсырды.
КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Димаш Ахметұлы Қонаев баяндама жасады.
Ту қасында Саяси Бюроның екі мүшесінің құшақтары айқасты. Дүр сілкініп, бүкіл зал орнынан тұрды. Олар екі адамның ғана емес, екі халықтың құшырлана құшақтасып жатқанының куәсі болғандай. Көп адамдардың, әсіресе әйелдердің көзінен ыршып жас та шықты. Бұл қуаныштың, қимастықтың, осынау салтанат тебірентіп сыртқа теуіп шығарған мөлдір моншақтар еді. Көздердің осындай моншақтармен сүйкімді көрінетін сәттері де болады ғой. Мынау сол сирек сәттің, жан жадыратқан жалқы сәттің тап өзі еді.
Достық жөнінде аз айтылмайды. Аяулы сөздеріміз де соған арналып жатады. Кітаптар оқимыз, фильмдер көреміз. Ұлы достығымыз өзімізге етене болған соң таң да боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ соны таң етіп көрсете білу де керек пе деймін.
250 жылдық міне осындай міндет атқарды. Димекеңнің баяндамасында мынандай жолдар бар:
«Біздің бабаларымыз қателеспепті. Осыдан 250 жыл бұрын олар өздерінің тарихи жолын дұрыс таңдаған. Өзінің бақытты болашағын ұлы орыс халқымен достықтан көрген».
Осы айтулы датаны атап өтуге осыдан екі жыл бұрын басталған дайындықтың бүкіл мән-мағынасы осы жолдарда жатқан жоқ па. Екі жыл бойы республиканың әрбір елді мекенінде 250 жылдық, яғни достық тойы шеру тартып, заманымыздың осы ұлы құбылысының сыры мен қырына терең бойлата түскен жоқ па. Достыққа деген адалдықты қазақтай қастер тұтыңдар деп әрбір орыс ойланды. Осы үлкен тойдан басқа ұлттардың өкілдері де аса бір аяулы сезім — бауырмалдыққа барынша бас иіп, адал болу керектігін ұқты. Барымыздың бағасын, өз асыл қазынамыздың салмағын терең сезіне түстік. Алтынның қолда барда қадірі жоқ емес, алтын әрқашанда алтын болып қалады, достық достық болып қалады. Ал ешқашан тат баспайтын асыл, баға жетпес байлық! Достықты қадірлегенің — өмірді қадірлегенің.
Осы түйінді әркімге жасатқан оқиғаның тарихи орны қандай болмақ?! Бұл оқиғаның рухани салмағын, тәрбиелік мәнін немен өлшей аларсың! Бұл тойдың терең ойдан, толғанудан туған идея екеніне баршаның көзі жете түсті.
Рухани салмағы демекші... 11 июнь күні Медеу мұз айдынында театрлық, үлгіде зор қызық тамаша болды. Әлі есімде, Димекең Медеудегі мерекенің жобасын үш рет қарап шықты. Бұл мерекені тап осы мұз айдында өткізу жөнінде ой салған да өзі болатын. Сондағы айтқаны: біріншіден, ол Медеу, сырттан келген қонақтарды елең еткізері сөзсіз. Екіншіден, жаздың аптаған ыстығында мұз айдында той өткізу ғажап емес ие. Үшіншіден, мұндағы мерекенің программасы ешбір мерекеге ұқсамауы керек. Әрі осы тойдың негізгі идеясын ашуға тиіс.
Екі келгенде жобаны бірде Октябрь мерекесіне, бірде май мерекесіне ұқсап кетіпті деп қайырған. Алматы қаласының бүкіл ойлы интеллигенттері бұл іске шұғыл жұмылдырылған. Бас режиссерлікке СССР Халық артисі, академиялық қазақ драма театрының бас режиссері, әрі директоры, Әзірбайжан Мәмбетов қойылды. Мұз айдынындағы стадионға 10.000 адам сиятын болса, мерекелік қойылымға он мыңға тарта адам қатыстырылуға тиіс болды. Алматы облыстық, қалалық партия комитетіндегі жолдастардың да мұрнына су жетпей жүр. 250 жылдық республика үшін қандай сын болса, Астаналықтар үшін Медеудегі мереке де сондай сын болмақ.
Үшінші жобаны бүкіл бюро мүшелерімен Димекең тағы қарап шықты. Сценарийін жазғандар да, суретшілер де, архитекторлар да, режиссер, оның көмекшілерінде де, қала басшыларында да зәре жоқ. Үшінші рет жарамай қалса...
Барлық деталы баяндалды. Мұзда 250 деген цифр қатырылады. Тарих та, республиканың кешегісі де, бүгінгісі де, ертеңі де болады. Мынау Қазақстан жерінен заулап бара жатқан ракета - корабль. Тура жұрт алдында көкке көтеріледі, ұзындығы 30 метр.
Төрт тақырып ерекше атойлап тұр. Халықтар достығы. Ұлы Октябрь таңының атуы. Тың. Бейбітшілік жолындағы күрес. Бүкіл спектакль - представлениенің көрікті шығуы үшін он мың адамға жаңадан костюм тігіліп жатыр. Екінші бөлім — мұз үстіндегі би. Опын өзі де кішігірім спектакльге пара-пар. Ертегіден, күлдіргі пьесалардан, үлкен би - көріністерден үзінділер. Ағаштан жасалған жылжымалы сахна болмақ. Оның үстінде тойдың ең соңында өлең айтылып, би билейді, акробатикалық номерлер болмақ. Бірінші бөлімнің кезінде представлениеге қатысушылар тайғанамас үшін бүкіл мұз айдынына жасыл алаң түсіндей кілем - киіз төселмек. Осы кілем - киізді бірінші бөлім біткен соң бес минут ішінде домалатып жинап алатын солдаттар болады. Осы жасыл кілем үстіндегі анау бөбектердің тұрысы қандай шіркін. Тың биі алтын масақты, сарғайып піскен кең даладағы шетсіз-шексіз астық мұхитын елестетпекші. Анау косманавтар отряды, костюмдері қып-қызыл, скафандрдың жаңа модасы дерсің. Халықтар достығы бөлімінің көрінісі тіптен ерен. Мына күйінде шығара алса, сезімі бар жан тебіренбей тұра алмас.
Жалпы қойылымның өзі де осы көріністен басталады. Алаңға әсем киінген барлық ұлттың өкілдері шығады да, ұлы той — достық тойы дүрілдеп жүріп береді. Сонау терең тарихтан бастап өмір кезеңдері, оның ішінде қиыны да, қызығы да көз алдыңнан өтеді. Сол тарихи сындарда мұқалмаған, асыл қыры ашыла түскен бір ұлы құбылыс бар. Ол — достық. Халықтар достығы. Міне сол достықтың ұлы нұры, кең арнасы қойылым соңында көз алдымызға тағы келеді... Екі жарым сағаттың ішінде екі жарым ғасырлық өмір кешеміз.
Димекең бұл жобаны құптады.
— Біраз ізденістер. Бірақ бұларың әзірге жоба, макет. Ертең іс жүзінде қалай болады, әңгіме сонда.
Ол кісі тағы бір мәселеге назар аударды.
— Стадионға келетіні 10000 адам. Спектакльге қатысатыны да соншама. Қызықтап, жібермесең де есебін тауып жететіндер қаншама болмақ. Қаншама автобус, жеңіл машина болады. Бұларға бір жерде кідіріс болмауы керек. Онда тойдың сәні бұзылады дей бер. Ол күні бір адамның қабағына кірбің түспесін. Соның бәрін осы бастан өлшеп пішу керек. Механизм должен работать четко!
Медеу мерекесіне дайындық осындай соңғы нығыртудан кейін шыр көбелек айналып жүріп берді де, ол шын мәнінде ұланғайыр ғажап той болды.
Барлық одақтас республикалардан, Москвадан, Ленинградтан, Татар мен Башқұрт автономиялы республикаларынан келген қонақтар үкімет трибунасына орналасқан болатын. Грузия ССР - і Жоғарғы Советі Президиумының председателі Патаридзе қалжыңдап сөйлеп отыр. Оның кешегі негізгі салтанатта айтқан сөзі жұрттың бәрінің есінде. Шын жүректен республиканы құттықтай келіп, біздің алдымызда да үлкен той бар. Қазақ достардың дайындығы, мынадай етіп, өткізуі бізге өнеге. Сіздерді тіпті тауымызды далаға ұқсатып жайып жіберіп қарсы аламыз деген болатын. Жұрт бұл сөзге ду күліп қызу қол шапалақтаған-ды.
Түркмен ССР - і Жоғарғы Советі Президиумының председателі Набиев мына Медеуде оның сол сөзін алдына тартты. Патаридзені қабырғасынан түртті де:
— Тауыңды да дала ғып жаярсың - ау. Ал мынандай Медеуді қайдан табарсың? — деді.
Бұл сөзді естіп қалғандар «қатырды - ау» дегендей күлісіп алды.
Патаридзе сасқан жоқ, өзі де рақаттанып күліп алды да:
— Оның рас. Өзге табылса да мынадай Медеу, Медеудегі осынау салтанат табыла қоймас. Достың көңілін табу үшін біздің грузиндер елде жоқ сыйлық іздейді. Ұмытпасын деп сол сыйлықты тарту етеді. Қазақтар бұл жолы тап солай істеді. Ешкімде жоқ Медеуінде ешкім ойлап таба алмас ойын-сауық жасады. Бұл сыйларына мың да бір рахмет. Бәрінен де кереметі бұл тартуларында ұмытылмас рухани салмақ, үлкен парасат бар.
...Күн бүгін қай кездегіден де нұрлы секілді. Қол созым жерде басын ақ мұз басқан Алатау, бауырында жасанған, жасарған, жаңа ғана ғаламат тойды атқарған Медеуі, аптаған ыстықта жанардың жалтыраған аясындай болып мұз айдыны жатыр. Ортасында 250 деген цифр.
Қонақтар қайтуға бет алды. Ортасында биік Димекем. Көңіл-күйіне, ажарлы әңгімесіне қарағанда бүгінгі қойылым оған ұнаған сияқты. Мен де биіктеп кеткендей болдым. Мен ғана ма... Осынау жиырма мың адам түгел биіктеп келе жатыр еді. Қуанғаным шипама, алдымнан шыға келген Әзірбайжанды қызмет бабымнан қысылмай-ақ бетінен сүйіп алдым.
Рахмет саған. Режиссураң қатып шықты.
«Нағыз режиссерді құттықтауға асық». Біреу құлағымның түбінен сыбыр ете қалғандай болды. Байқасам, өз жүрегімнің қыбыры екен. Жанарым қонақтардың ортасында бөле-жара көзге түсіп бара жатқан Димекеңе тағы қадалды...
Сын үстіне сын
СССР - дың 60 жылдық тойы да осы мен хатшы болған жылға тап болды. Оның көп дайындығы 250 жылдықпен қатарлас жүргізілді. Ең жауапты сәті — күз, ноябрьдің аяқ кезі. Осы мерекеге байланысты Москвада әр республиканың күндері өтіп жатыр. Артқы түйенің жүгі ауыр демекші, Қазақстанды соңғы жағына қалдырыпты. Одан кейін Украина, РСФСР. Сонымен «күндер» циклі аяқталмақшы.
Бұрын өткізген республикалардың бір тиімді жағы — неде болса жазда, жаздың аты жаз ғой, дайындыққа да, барып қайтуға да қолайлы. Телевизордан әр республиканың күндерін жіті қадағалаудамыз. Жалпы программа ұқсас болғанмен әр республиканың өзінің ерекшелігі, өзінің жетістігі бар. Әңгіме соны одақтық қауымға ұтымды көрсете білуде болып жатыр.
Ең мықтап дайындайтын нәрсе — Москвадағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі республика павильоны. Күндер сол көрмеден басталуда. Одан кейін Москва қалалық комитеті, Моссоветтен бастап бірнеше жерде кездесу. Бізге қамқоршы аудан — өзімізге ескіден таныс Краснопреснеже ауданы. Совминнің, Госпланның, тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшылары жиналып, павильонның жағдайы бірнеше рет талқыланды. Москваға әлденеше рет адам жіберіп алдық. Павильонды бүгінгі күннің, үстіміздегі бесжылдықтың рухына сай едәуір жаңарту керек. Мұның өз алдына жобасы, жоспары жасалды. Бұл жұмысқа ЦК - ның барлық бөлімдері тартылды десе болғандай.
Өнерпаздардан кім барады? Москва көркемөнерпаздардан болсын деген нұсқау берді. Орал облысының өнерпаздарын апаруды жөн көрдік. Мықтыларды да ұмытқанбыз жоқ. Бибігүл, Ермек, Әлібек, Роза, Рамазан, Қорлан, Рахима тағы басқаларын да дайындап жатырмыз. Мәдениет министрлігі, оның министрі Жексенбек Еркінбеков өзіне тән елгезектікпен 250 жылдыққа қалай дайындалса, солай дайындалып жатыр. Мықтыларға сенсек те, өнерпаздарға алаңдаймыз. Обком да аса жауапкершілікпен дайындалуда.
— Сіздер бұл жолы бүкіл республиканың намысын жыртасыңдар.
Осы сөз оларға әлденеше рет ескертілді.
Бұдан кейінгі дайындықтың бір тармағы: күндер болатын шақта Москвадан берілетін республика жөніндегі теле-радио хабар, орталық газеттерде берілетін беттер, өзіміз арнайы шығарып ала баратын түрлі-түсті газет - спецвыпуск, буклет, баспасөз конференциясында ше тел журналистеріне, өзіміздің (елдің) журналистерге тарататын арнайы пресс - бюллетень.
60 жылдыққа арналған плакат, кітап өз алдына бір төбе. Мұның сыртында әр коллективпен кездескенде соларға тартатын сыбаға - сыйды дайындаудың өзі өз алдына күрделі жұмысқа айналды.
Аэропорт басынан бастап, әр кездесуде сөйлейтін адамдарды әзірлеу керек. Оның ішінде әр саланың маманы, республиканың жағдайын жақсы білетін, жақсы біліп қана қоймай, кезі келген сәтте жақсы айта алатын адамдар болуға тиіс. Сол адамдармен күнде кездесу, әрқайсысымен әңгімелесу керек. Қысқасын айтқанда дайындау қажет. «Қағазға түскен жақсы жоба — жарты іс» деп бекер айтпайды ғой. Мұның бәрі мінсіз қағазға түсті. Бюрода бекітілді. Енді мінсіз орындау керек.
Қысқасы алдыда «60 жылдық» атты сын тұрды. Бұл істің бүкіл тізгіні маған берілгендей. Жүрек қобалжиды. Қобалжу дегенді әмсе қорқу деп қабылдауға болмайды. Қобалжу деген сол іске жан салудан да туады. Жан салу деген сөз — әр деталын тексеру, әрбір пунктіне абай болу деген сөз. Кейде қағазда жып-жылмағай болып тұрып, орындалуына келгенде абыройсыздыққа душар ететіні бар.
Биылдың өзінде тап солай бір «құлағаным» ешқашан есімнен кете қоймас. Ол суретшілер одағының кезекті съезі. Келгеніме екі ай да болған жоқ, май айында сол съезд өтпек болды. Мәдениет бөлімі бәрін жылпылдатып, бәрі сақадай сай, өткізіп жіберейік деді. Қолдауға тұра келді. Бірінші күні баяндама жасалды, жарыссөз болды. Екінші күні — сайлау. Масқара осында болсын. Председатель қоямыз деп отырған Сабыр Мәмбетовімізді құлатып алды. Бұл қалай болды? Бедел десе беделі бар, аты әйгілі суретші, осы одақты басқарғанына талай жыл. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Жоғарғы Совет председателінің орынбасары. Бір дауыс жетпей қалды. Бұл бұл ма? Ең беделді, ең еңбегі сіңген деген көп қарттарды сызып тастаған.
Сайлаудың аты — сайлау. Басқа кандидатура іздедік. Шәкен Ниязбековті өткізуіміз керек. Қасарып қалған бір топ бар, жастар тобы көнбейді. Үшінші күні 230-дан астам одақ мүшесінің екі жүзіне тарта адаммен жеке-жеке сөйлесуге тұра келді.
— Мәмбеевті неге сыздыңдар?
— Сызғымыз келген соң сыздық.
Ешбір басқа себеп айта алмайды.
— Қарттарға неге қарсы болдыңдар?
— Қашанғы оларды қошеметтей бересіңдер. Бізге жол қайда?
Принципті, терең бір тенденцияны байқататындай ештеңе жоқ.
Қысқасы, үлкен бір саяси шара бір топ жетесіз жастардың салауатты ойлауының жетіспеуінен осындай жағдайға ұшырады. Әрине, оған тікелей кінәлімін, бөлім де кінәлі. Оның қағазында бәрі жап-жатық еді. Бірақ бөлім қызметкерлері суретшілер арасындағы әлгіндей «шиді» кезінде байқай алмаған. Мен оларға сеніп қалғанмын. Партиялық жұмыстағы, жалпы басшылық жұмыстағы ең үлкен өнер — оқиғаның алдын алу, оның бүгінін де, ертеңін де көріп отыру. Ол үшін көбірек байланыс, тағы да байланыс керек. Қарауындағы сенген дұрыс, бірақ қадағалау да керек — доверяй, но проверяй!
Суретшілер съезі өтіп жатқанда Димекең Жамбыл облысында командировкада еді. Жағдайды естігенде:
— Сөйтіп, «құлаттым де», — деді.
Кіріп кетуге жердің тесігі болмады. Амал не, болар іс болды. Қағаздағы жатық жоспардың ар жағына бір ғана жанды қарау, ең болмағанда алдын-ала бір-екі адаммен сөйлесу жетпей қалды. «Мені құртқан» сол болды.
Мынау 60 жылдықтың алдында осындай «сый» тартатын оқиға болып жүрмесін. Соған сақ бол дейді бүкіл ішкі дүниең.
Ноябрь айы күтпеген жерден ауыр ай болды. 10-ы күні Леонид Ильич Брежнев қайтыс болды. Ел қара жамылып отырғанда салтанаттың қандай ажары болмақ. Оның үстіне Қазақстанның күндері КПСС Орталық Комитетінің ноябрь Пленумымен, СССР Жоғарғы Советінің сессиясымен тұспа-тұс келді. Алдын ала дайындалған Москвада сөйленетін сөздер сан мәртебе өзгертілді. Қайғының да салмағы, сонымен бірге ешнәрсе ешқашан толастата алмас өршіл өмірдің биігі де ескерілуге тиіс. Қиын кезеңде тас түйін болып достасқандық үлгісін көрсетуге партия шақырып отыр. Ноябрь Пленумының рухы да сол. Кейінге қалдырылмай 60 жылдыққа арналған күндерді де өткізе беруге ұйғару — сол коммунизм көшінің өміршеңдігінің айғағы.
Түсі суық сұр бұлтты күз әбден правосына енген. Үлкен бір самолетті тек күндерге қатысатындар алып, ұшып келе жатырмыз. Оралдан әдейі шақырылып, Алматыда бірнеше сынақтан өткен өнерпаздар да отыр мұнда. Олардың «уһ» деп демалғаны да осы самолеттің іші шығар.
Көз алдыма Домодедово аэропортының басы келеді. Жиналған жұрт, оркестр ойнап тұр. Транспорттарға қазақстандықтарға сәлем жолдаған жазулар. Басқа республикалардың күндері өткенде осындай көріністерді байқағанбыз. Митингі болады, сөз сөйленеді. Ол кенже телевизордан беріледі. Осы кездесудің қалай болатынында да үлкен гәп бар. Қанша айтқанмен алғашқы әсер.
Самолеттің ішінде қасыма Шәңгерей Жәнібековті, Жексембек Еркінбековті алып жүріп, отырғандарды аралап шықтым. Басыма сақ етіп бір ой келе кетті. Оралдық биші қыздардың алтын масаққа ұқсаған әдемі костюмдері бар болатын. Москваға жақындағанда сол костюмдерін кигізу керек. Самолеттің алдынғы, артқы тарапынан да алдымен соларды түсіру керек. Музыкасы ойнап жатсын, қыздар түсе сала билеуге тиіс.
— Күн салқын, қыздарды ауыртып алмаймыз ба? — деген сақтанушылық та болды.
— Тәуекел! Жастық бір жолғы суықты көтерер.
Идеяның өзін-өзі ақтағаны. Күннің салқыны салқын екен. Бірақ басы бір сәт масақты кең далаға ұқсап кетті. Қазақстанның ғана астығы жиналып болған тың өлкесі көшіп келгендей әсер қалдырды. Онсыз да салтанатты жағдайды мына көрініс құлпыртып жіберді. Сол бойы кешінде де телевизордан әдемі көрінді.
Сол сәттен бастап Москваны майда бір тамсандырған Қазақстанның өнер шеруі тағы да жүріп берді дейсің. Күні бұрын жасалған программа дәлме-дәл жүзеге асып жатыр.
Әр күнгі кешкі сағат 11. Мен тоқтаған бөлмеге осы күндерді өткізу жөніндегі штаб, әр топтың басшылары жиналады. Не істеп, не қойды. Қай жерде кездесу, концерт қалай өтті. Бүгінгі күн Москвадағы баспасөзге, республикаға қалай беріліп жатыр, қай мәселеге назар аударылды? Осының бәрі тәптіштеп тексеріледі. Ертең кім неге жауап береді, қай жерде не болады, программаға енгізілген өзгеріс бар ма, болса оны жүзеге асырудың жолдары қандай — осының бәрін пісірмей дамыл жоқ. Жұрт тараған соң ертеңгі сөйлейтін сөздердің текстін қарау күтіп тұрады. Кешінде екі-үш жерге сөйлеуге тура келеді. Ауылдан алып келген тексттер быт-шыт өзгертілді. Жаза білудің пайдасын осы жолы айқын сезіндім.
Күндердің ресми ашылуы жақсы өтті. Көрме директорының міндетін уақытша атқарушы салтанатты жиынды ашты. Сосын маған сөз берді. Отыз минутта Қазақстан секілді республиканың өткен жолын, бүгінін, ертеңін отырғандардың көз алдына келтіре алдым ба? Осы оймен сөзді бітіре бергенде жұрт ду қол соқты. Республика атынан көрмеге Қапшағай фарфор заводында жасалған әдемі вазаны сыйға тарттым. Көрме дирекциясы бізге жұтып қойғандай шағын самауырды сыйға ұсынды.
Өнер шеберлерінің концертін зал аса ұнатып қарсы алды. Оралдықтар алғашқы сыннан мүдірмей өтті. Сол күннің өзінде көрмеге келушілерге олар үш-төрт концерт беріп үлгірді.
Біздің павильонда да келушілер көп екен. Ала жаз бойғы еңбектің нәтижесін байқау үшін аралап шықтым. Жасалған өзгертулер, жаңалықтар орнымен секілді. Ресми ашылудан бұрын көрме басшыларынан павильон жөнінде сұрағанмын.
— Біз көп республиканы өткіздік қой. Енді Украина мен РСФСР қалды. Салыстыруға мүмкіндік мол. Жақсыны жақсы деу керек.
Сіздердің павильондарыңыз үшін біз ұялмаймыз. Шынымызды айтсақ, мақтан етеміз.
Бір топ шетелдіктерді көзім шалып қалды. Тілдерін бұрап:
— Қазақстан. Целина. Космос, — деп тұр екен.
Өз павильонымызды аралап жүрген біздерді көріп:
— Здо-ро-ва. Павильон тут. Концерт тут, — дейді.
Бұлар ФРГ-дан келген туристер еді деп таныстырды оларды бастап жүрген адам.
«Достарды емес, дұшпандарды да таң қалдырсақ - онда жаман болмады» - деген бір сөзім қайта-қайта ұрланып кіріп, жүзіңе күлкі үйіре береді.
Қазақстанның өнері жөнінде әңгіме айтуды қонақтар Нұрғиса Тілендиевке, әдебиеті жөнінде академик Мұхаметжан Қаратасовқа, архитектурасы жөнінде Алматы архитектура-құрылыс институтының ректоры Мұқаш Байболовқа, жалпы халы шаруашылығының жеңістіктері жөнінде - Қазақ ССР мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің бірінші орынбасары Гарай Сағымбаевқа тапсырғанбыз.
Бүкіл кермеде ол күндері радиодан қазақ музыкасы ойнап, әдемі дауысты дикторлар республика өмірінің соңғы жаңалықтарын айтып тұрды. Бір жерде слайдфильм көрсетілуде. Москвадағы көрмеде емес, тіпті Қазақстанның өзінде жүргендей әсерде қаласың. Байболов жолдас Алматыдағы бірегей әдемі құрылыстарды түгел слайдфильмге түсіртіп алып келіпті. Әңгімесін ол тіпті ажарландырып жіберіпті. Әне, Медеу мұз айдыны, «Қазақстан» қонақ үйі, «Отырар» қонақ үйі, Орталық Комитет үйінің алдындағы атақты алан, ол кезде Леонид Ильичтің аты әлі беріле қоймағанды. Әдемі түзу көшелер — Ленин, Абай, Сәтбаев проспектілері. Телевизордан күні кеше түсірілген 250 жылдықтың салтанаты көрсетіліп жатыр. Үймелеген жұрт...
Бір павильонға келсек, Нұрғиса әңгімесін енді бітіріп, домбырасын қолға алыпты. Әдеті бойынша екі көзді шарт жұмып жіберіп, өз музыкасына өзі балқып отыр екен. Жұртты да балқытып жіберіпті. Ең соңында «Баламишканы» тартты. Сатыр-сұтыр қол шапалақтау...
— Настоящий виртуоз! — деді залда біреу.
— Екі ғана ішектен мұншама үн шығаруға болады екен, ә!
Осындай пікірлерге де құлағымыздың құрышы қанып бара жаттық.
Айтулы сапар, абыройлы іс болды.
Осындай абырой жолдас бола берер деп ойлағам ғой. Күрт өзгерістің туарын кім күткен... оның үстіне үш жарым жылдан астам уақыттан соң.
3 декабрь 1985 жыл. Москвада немістермен жұмыс істеу жайлы бүкіл одақтық жиын болып, содан оралған бетім. Жиында КПСС Орталық Комитетінің секретары М.В.Зимянин кіріспе сөз сөйлеп ашты. Келгендерден бірінші болып мен сөйледім. Еліміздегі 2 миллион немістің 46 проценті біздің республикада тұратын болғандықтан сөзді бізден бастаған болу керек. Істеліп шыққан жұмыс, кейбір проблемалар біршама жаман айтылмады.
Осы сапарға аттанар алдында Димекеңнің бір звоногі ұнаған жоқ-ты.
— Кешікпей тез қайт. Бөлімдерде болмай-ақ қой.
Неге деп сұрамадым. Бірақ сөз төркіні көңіліме жақпады. Кейінгі кезде түйіліп жүрген көңілдің бір зілді соқпасы сияқты көрінді.
Түнгі рейспен (сол күнгі) қайта қайттым. Таңертең сағат 8-де Алматыға түстік. Бір-екі сағат демалу ойымда еді.
Секретарь қызым телефон соқты. Бірінші приемныйдан сұрап жатыр деді.
— Қазір келем, — дедім.
Түстен кейін жолығуға келістік.
Ия, міне, сол жолығу.
Кеңестің қалай өткенін сұрады. Айтып отырмын. Бірақ кездесу мақсаты басқа екенін аржағым сезгендей. Бір тыңдап, бір тыңдамай ала көңіл болып отыр Димекең. Айтқысы келетін жайы бар. Сол пікірі жарылып шықты да.
— Осы саған интеллигенция аса разы емес. Жұмысты босатуға тұра келіп тұр. У тебя не получается.
— Қай интеллигенция, қандай наразылығы бар екен.
— Оны қайтесің. Айтса сөз жетеді. Үстіңнен арыз көбейіп кетті.
— Қазір кімнің үстінен болса да арыздың құйындап тұрған кезі емес пе. Жазғандарды тексеріп анықтайық.
— Бұрынғы келген жұмысыңа барсаң қайтеді. Алдындағы тілдей қағазға «КазТАГ» деген жазу тұрды.
— Бұдан басқа бөтен сөз жоқ па?
— Жоқ.
— Онда сіз сондай түйінге келсеңіз, келіспеске не амал бар...
У тебя не получилось. Аргументтерін іздеймін. Үш жарым жылды ұзынды бойға көз алдымнан өткіздім.
1982 жыл. Екі жүз елу жылдық, СССР - дің құрылғанына 60 жыл толған жыл. Қаншама бірінен бірі өткен идеологиялық шаралар болды. Олар жайлы осы жазбаның бас жағында жақсы айтылған. Осы оқиғаларға арналған Димекеңнің өз баяндамаларында «Провели блестяще» деп бағаланған-ды. Бүкіл республика дүр сілкініп қалған. Сол жылғы күзде Эстонияның әдебиеті мен өнерінің күндері өтті. Ол түгелімен менің мойнымда болды. Қонақтар көзін жұмып, басын шұлғып кетті. Алғашқы келген жылдың өзі, алғашқы қадам. Жаман ба?
Күнделікті қат-қабат жұмысты есепке алып жатқаным жоқ. Кезең - кезеңді ғана айтып отырғаным.
1983 жыл. Бұл атақты июнь Пленумы болған жыл. Болады деп қаншама қамдандық. Болғаннан кейін қаншама шара белгіленді. Партиямыздың өмірінде соңғы жиырма жыл ішінде идеологияға арнап шақырылған бірден-бір пленум. Документтердің өзінде атап көрсетілгендей үлкен бетбұрыстың пленумы болды. Осы Пленумның қорытындысына арнап, өзімізде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің X пленумын өткіздік. Сынға құрылған, талдауға толы баяндама дайындалды.
Барлық облыс, аудандарда осы рухта жұмыс жүріп жатты. Мақсат — идеологияның жұмысқа жаңа серпін, жаңа сипат беру. Бүкіл қауымның назарын аудару, адаммен жұмыс істеу, адамгершілік факторға сүйену, соны бүкіл істің өзегі ету — бағыт осы ілгері жылжу керек. Ірі қимылдың ықпалы әр істен - ақ бой корсетті. Ең алдымен басшылар бет бұрды бұл жұмысқа. Қарсы насихат қатты колға алынды. Бір созбен айтқанда идеологияның күні туды, туы биіктеп желбірей түсті. Жыл қауырт та қарбаластығымен мені ғана емес, бүкіл идеология майданына қатысы бардың бәрін шыңдап, ширықтыра түсті.
1984 жыл. Бұл жылды мектеп реформасының жылы дер едім. 1983 жылғы июнь пленумында айтылған бір бағыты — жас ұрпақты тәрбиелеуді мүлде басқаша жолға қою бағытын белгілеген керемет документтер қабылданды. Халыққа білім беруде революциялық өзгеріс жасайтын кезең туды. Бұл реформаның мәнін өзіңе де, өзгеге де осылай ұқтыру керек. Тереңдеген сайын сан қилы проблемалар — материалдық-техникалық база, педагог кадрларды жаңаша даярлау, еңбек тәрбиесі, оны мектептен бастап әрбір кәсіпорын, колхоз, совхозбен байланыстыру проблемалары туды. Сосын, компьютерлік білім беру.
Осы төрт бағыттың қиындығы бірінен бірі өтеді. Соңғы он екі жыл бойы республикада бірде-бір жыл мектеп, кәсіптік-техникалық училищелерді салу жоспары орындалмаған. Бөлінген күрделі қаржыдан 6 миллиард сом игерілген. Өзге құрылыстар басып кетіп, бұлар кейін сырылып қала берген. Әрине, одақтық аса маңызды құрылыстар көп қой. Дегенмен жұрт мектеп құрылысының жыл сайын орындалмауына әбден үйреніп кеткен. Соның салдары: Украина, Өзбекстандарда бір сменада мектептердің 70-80 процентінің оқуына қол жетсе, бізде 46 процент ғана. База өспеген, база өте кейін қалған. Осы идеяны мектеп реформасына арналған Пленумының өзегі еттік. Материалдық-техникалық базасыз реформаны жүзеге асыру мүмкін емес. Мәселенің бірінші қойылысы осы.
Екінші. Жоғары білімді педагог кадрлармен республиканың қамтамасыз етілуі — 68 процент қана. Бұл бүкіл одақтағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Пединституттарға көңіл болу, оған алынатын жастарды дұрыс іріктеу, әйтеуір оқуға түсу үшін келгендерді емес, бала тәрбиесіне, педагог болуға туа жаратылғандарды алу — осы бағытта қандай икемді жүйе жасауға болады, қазіргі қалыптасқан практиканың несі жарамды, несі жарамсыз, пединститут коллективтерінің өзін қалай қайта тәрбиелеу керек? Осы мәселелерді ойлау қажет, іздену қажет. Мұнсыз материалдық базаны қатырғаныңмен реформа жүзеге аспайды.
Үшінші. Республиканың әр бұрышы, әр егіс танабы, әр фермасы, өнеркәсіптегі, құрылыстағы әр цех, участок класқа, еңбек класына айналуға тиіс. Реформаның негізгі идеясы — жастайынан еңбекке баулу, осыны талап етеді. Еңбекке баулитын педагог - ол оқу комбинаттары, өндіріс коллективтерімен тығыз байланысы.
Бұл жөнінде бір кезде республикада туған Екібастұздықтардың жақсы бастамасы, Көкшетау, Целиноград облыстарындағы жеке аудандардың игі істері сөніп кеткен. Соған қайта жан бітіру керек, жаңаша, реформа талабына сай жан бітіру керек. Бұл өзі үлкен бетбұрыс болуға тиіс. Онсыз базаң сай болсын, педагог кадрларың дайындалсын бәрі бір реформаның идеясы жүзеге аспақ емес.
Төртінші - компьютерлік білім. Бұл жаңа сала, тың мәселе. База да жоқ, дайындық та жоқ. Былайша айтқанда, все с ноля. Бірақ реформаның ең үлкен элементі халыққа білім берудің, жас ұрпақты талантты етіп тәрбиелеудің ертеңі.
Осы төрт бағыт мектеп реформасын жүзеге асырудың төрт тағаны сияқты көрінді. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Бірімен бірін байланыстыра жүргізу керек. 1990 жылға дейін осынша істі тындыру оңай шаруа ма. Міндетті орындау алдымен оны дұрыс түсінуге байланысты. Оның жауапкершілігін жүрекпен сіңіру керек.
Ия. 1984 жылдың жүгі осындай ауыр болды. Оған қоса бұл жыл — тың игерудің 30 жылдығы тойланған жыл. Оның дайындығы өз алдына бір төбе. Тынды игерудің интернациональдық сипатын таныту. Бұл негізгі мақсат. Осы тұста бүкіл еліміздің жазушыларын республикаға әкелу идеясы туды. Академияның арнайы сессиясы өткізілді. Социалистік Еңбек Ері Анатолий Ивановтың мына сөзі есімнен кетпейді:
— Тың игерген облыстарда болдық. Көп адамдармен кездестік. Бірден көзге шалынатын қасиет механизаторлардан бастап басшыларға дейін мемлекеттік масштабта ойлауы. Жұрт осылай тәрбиеленген. Бұл Партия жұмысының басты көрсеткіші деп білем. Адам жанының өзгерісі, адам парасатының өзгерісі. Тыңның берген мықты жемісі, рухани жемісі бұл.
Бұл идеологиялық шаралардың өзегі осы жемісті, адам жанындағы аяулы өзгерістерді одан әрі бекіте түсу, байыта түсу. Мақсат осы болды.
Тың тойы март айынан бастап күзге дейін, негізгі салтанат болғанға дейін көтеріңкі сезіммен етті. Бұл датаны атау жөніндегі руқсатты алуда Димекеңнің еңбегі аз болған жоқ-ты. Соған сай бәрі бабында, биік дәрежесінде жүріп жатты. Идеология бұл істен шет болды деп кім айта алады. Қайта бәріне жан бітіріп, газет, журнал, гелевидениені «шулатып», дүрілдетіп жіберген сол. Бұл арада «өткен күнде белгі жоқ» деген мақал ешбір жөнге келмейді. Әрбір республика еңбеккерінің жүрегіне ол күндер, ол тойдың дүрмегі нұрлы шуағын құйды. Ерлікті еске алды, қиындығың сабағын саралады, алдағы асар асуға көз тастады.
Қойшы, сексен төрттің де жүректі сан сыздатып, талай түнде ұйқыны сан қашырған жыл болды. Оңай жыл, жұмыссыз жыл емес еді.
1985 жыл. Жеңістің 40 жылдығы. Партияның басына жаңа, жас басшылықтың, Михаил Сергеевич Горбачевтың келген жылы. КПСС Орталық Комитетінің Апрель, Октябрь Пленумдар өткен жыл. Партияның XXVII съезіне, Қазақстан Компартиясының XVI съезіне дайындық жылы. Үлкен бетбұрыстың жылы. Барлық іске жаңа леп, жаңа сипат берілген жыл. Шындық, іскерлік, барды бар, жоқты жоқ деу лебі келді. Еш нәрсені баяндамау, бүркемелемеу, ащы шындықты айтудан жалтармау рухы дес алды.
Ісіміздің бүкіл табиғатына жаңаша өзгеріс ене бастады. Осы бетбұрыстың қайнаған ортасында, оны насихаттаудың нақ басында болмағанда қайда жүрдім мен. Тегінде қашаннан жаңашыл, жақсы жаңалықты жаным қалайтын адам едім.
Газетте секретарь болдым, жаңалық жасасам дедім. Оған бүгінгі «Лениншіл жас» куә. Орынбасар болдым, алға ұмтылдым. «Жетісу» газетін елеусіз газеттен ең таңдаулы газетке жеткіздік. КазТАГ-қа келдім, құрдымға кеткен агенттік еді, төрт жылда ел қатарына қосылып, сегіз жыл директоры, ЦК - ның секретары болдым.
Осы жылдар бойы жаныма дарыған жаңашылдық қасиет ғайып бола қоймаған шығар. Қайта үлкен қызметтің биігінен аумақтана түскен шығар.
Бұған қоса айтулы үш юбилей жөнінде де айтпай кетуге болмайды. Ол Тұрар Рысқұловтың 90 жылдығы, Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы.
Өзге юбилейлерден бұл үшеуін бөліп алудың мәні бар. Тұрар жөнінде қарама-қайшы пікірдің көп болғаны мәлім. Елдің ең бір талантты азаматы солақайлардың жосықсыз жапқан жаласының салдарынан тарихтан өз орнын ала алмай келді. Халыққа жанымен, тәнімен берілді. Бірақ халқы оның көп ерлігін, ерен азаматтығын біле бермеді. Оның сол қасиеттерін танып, кепке танытуға тырысқан шағыңызда сізге бір солақай, Димеке, «из националиста он хотел сделать национального героя» деп жала жапқан-ды. Алпысыншы жылдардың басында айтылған бұл сөз күні бүгінге дейін талайдың - ақ есінде.
Облыстық газетте істеп жүріп, Тұрар жөнінде жаңадан көбірек материал басқаным үшін сол солақай мені де қаһарына ұшырата жаздаған. Жаңа гүлдеп келе жатқанымда жұмыстан қуылуға аз-ақ қалғам. Сол уақыттың өзінде Рысқұлов туралы сізбен ортақ пікірде екенімді сезгендей едім. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды». Рысқұлов ақыры жарып шықты. Әділеттік салтанат құрды. «Известия» газеті, «Верный сын своего народа» деген өте жақсы мақала берді. Содан кейін талай жылдар өтті. 1974 жылы Тұрардың 80 жылдығы тойланды. Ол партия институтының шағын залында өтті. Тұрар тұлғасына лайық юбилей болған жоқ. Баяндаманы институттың сол кездегі директоры Серікбай Бейсембаев өте жақсы жасағанмен жалпы ұйымдастыруында бір кібіртік, ілгіш әлі бар еді.
Міне, сол Тұрардың 90 жылдығы. Халқына үлкен қызмет еткен перзент, октябрь революциясы тудырған лениндік қайраткер. Бүгінгі күн, Димеке, сіздей қайраткерлерді берсе, ол жылдар Тұрардай қайраткерлерді берген жоқ па. Халқымыздың қайраткерлік қабілетін көтеретін юбилей бұл. Менің өз басым бұл 90 жылдыққа солай қарадым. Қашанғы жамандардың жаласы жақсыларға күйе жабыса бермек.
Дайындыққа көп жаңа сипат берілді. Біріншіден, 90 жылдықтан әлдеқайда кен өткізу көзделді. Екіншіден, шығармаларын шығару, үшіншіден, тап осы жолы сонау алпысыншы жылдары «Известия» газетіне мақала жазған Устиновты тауып, үлгірсе Тұрар жөніндегі кітабын басу қажет болды.
Устиновтың сол кітабы — «Служение народу» юбилей күні екі жарым айдың ішінде жұрттың қолына тиді. Халық талап алып кетті.
Талантты перзент жөнінде талантты, партиялық позицияда жазылған кітап туды. Басқасын былай қойғанда, осы кітаптың шығуында ерекше сыр бар еді. Сол Устиновтың қазақ драма театрында сөйлеген сөзі ше! Тойда болғандардың мақтамағаны жоқ. Мерке ауданының көркемөнерпаздары бүкіл репертуарын Тұрардың өміріне арнады. Сол күні «Известия» газеті Манаш Қозыбаевтың үлкен мақаласын жариялады. Бұл мақаланы басында мен өзім дайындадым. Әңгіме кімнің қолымен шыққанында емес, әңгіме осының бәрін ұйымдастырып, Тұрардың атын жария ете түсуде ғой.
Күні бүгінге дейін осы юбилейге разы болған хаттар ардагерлерден үсті-үстіне түсіп жатты.
Қысқасы, Тұрардай перзентін халқы әлдеқайда терең біле түсті, сүйген үстіне сүйе түсті. Бұл юбилейді дұрыс ұйымдастыру арқылы бір үлкен мақсатқа жеттік деп білем.
Екінші юбилей Кенендікі. Әрине, бұл шалдың өмір жолы Тұрардікінен жатық, кедір-бұдыры жоқтың қасы. Бірақ бұған деген құрмет — үлкенге, ақсақалдыққа, ауыз әдебиетіне, халық өнеріне деген құрмет. Юбилейлік комиссияның председателі басында С.Н.Имашев еді. Ол марқұм болып кеткен соң барлық ауырлық орынбасары болған маған түсті. Халықтың әрі ақын, ірі әнші, әрі композитор болып дара туған ұлының дара тойы болып өтті деп білем. Бүкіл республика бойынша айтыс өнері жаңа бір белеске көтерілді. Кененнің 100 жылдығы керемет суырып салма дарындардың көзін ашты. Салтанаттың Ленин атындағы сарайда өтуінің өзінде үлкен мән бар еді. Тыңның 30 жылдығына байланысты конференцияға келген жазушылар Кененнің туған Красногар ауданындағы тамашаға қатысты. Бір созбен айтқанда бұл той бүкілодақтық той болды.
Кейбір қу жақтар, Димеке, Рысқұлов пен Кененнің тойын Қонаев пен Қазыбаев олар жетісулық болғандықтан дүрілдетіп өткізді деп соқты. Кімнің аузына қақпақ боласың, бар ғой бізде қу жақтар да, қара ниеттілер де. Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін. Осы бөліну талайдың түбіне жеткен, әлі жетеді де. Бірақ Кенен халықтың Кенені еді ғой.
Үшінші юбилей — Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 толуы. Ия, мұның жөні басқа. Шоқандай перзент тарихта сирек болады. Шоқанның юбилейін өткізу үшін оның қалдырған мұрасының қадірін түсіну керек. Шоқан қазақтың ғана ұлы емес, Азиядан шыққан үлкен алыптардың бірі. Қабілетімен қаншама замандасын тамсандырған.
Шоқанның қандасы болып туғаның рас болса, осындай перзентке қандай құрмет жасаған жөн. Есіл ер - ай, ерте кеткенін былай қойшы, осы уақытқа дейін республика бойынша кең көлемде бір юбилей өткізілмеді - ау. Өлгеніне 100 жыл толуында рас, арнайы қаулы болыпты, Академия көлемінде сессия өткізіліпті. Ескерткіш салынған. Бес томдық еңбегі шыққан. Институтқа аты берілген. Бұл жолғы юбилейді өткізуге үлкен түрткі болған академиктер Ғабит Мүсірепов пен Әлкей Марғұланның 1982 жылғы сындарлы хаты. Бюро Саттар Нұрмашевич екеуімізге ұсыныс жасауға тапсырма берді. Сол ұсыныс негізінде шешім қабылданды, жоспар жасалды. Үш жыл уақыт бар деп арқаны кеңге салуға болмайды делінді. Саттар Нұрмашевич ол жоспардың орындалуын көре алмады. Юбилейлік комиссияның председателі Бәйкен Ашимович болып бекітілді. Алғашқыда ширақ колға алды. Екі рет комиссия мәжілісі өткізді. Ол мәжілістер жүріп жатқан жұмысқа қозғау сала түсті. Бір күні Бәйкен Ашимович:
— Бәрін өзің жүргізе бер. Маған пенсияға кетуге тура келер, — деді.
Осындай ауыс - күйістің өзінде үлкен шаруа ілгері баса берді. Мен өзім осы юбилейдің кезең-кезеңін қатты толғаныспен бастан өткіздім.
«Тамаша адамдардың өмірі» циклінен Ирина Стрелкованың «Чокан Валиханов» атты кітабы шықты.
Бес томдық орыс тілінде қайта басылуға тапсырылды. Төрт сериялы «Чокан Валиханов» атты телефильм колға алынды. Режисері Асанәлі Әшімов.
Юнескомен келісім жасалды. Алматыда Шоқанға «Дөңгелек стол» арналды. Бұл оңайға түскен жоқ. КПСС Орталық Комитетін, СССР Сыртқы істер министрлігін, СССР Ғылым академиясын біраз мазалап, іске қосуға тура келді. Бұл тұста ғылым академиясы және сыртқы істер министрі Михаил Иванович Исеналиев едәуір күш салды.
СССР ғылым академиясының Шоқанға арналған арнайы сессиясы дайындалды.
Талдықорған облысындағы «Алтын емел» мемориалдық музейін бітіруге қатты күш салынды.
Талдықорған, Көкшетау облыстарында, Алматыда, Ленин сарайында 1985 жылдың ноябрь айында соңғы салтанаттар өтпек болды.
Бірінен бірі асқан жауапты шаралар. Бірақ Шоқан тұлғасына лайық шаралар.
Сонау алғашқы жоспардан бастап, соңғы 20 ноябрь күнгі Алматыдағы салтанаттың шақыру билетіне шейін бүкіл істің менің қолымнан өткенін мақтан етемін. Ескерткіш каробкамыз қандай әдемі шықты.
Егер біреу өмірінде болған елеулі оқиғаның бірін айтшы десе «Шоқанның 150 жылдығына әзірлік пен оны өткізу» дер едім. Өзім де Шоқан жөнінде көп толғандым. Көп жұрттың кім екені осы тұста танылды да. Шоқанды тым шулатып, асыра мақтап жібермедік пе деушілер де табылды.
Жоқ. Оның алдындағы қашаннан бергі қарыз, ұрпақ қарызы бір өтелді деп білем. Кім маған қандай «Ярлык» тақса да Шоқан үшін істелген істі игілікті іс, тарихи іс деп санаймын. Қорқақтар, жалтақтар жасырын әрекеттерін де істеген болар, сыбырлаған шығар. Меніңше, Шоқан халқымен, бүгінгі заманмен мықтап бір қауышты.
...Орнымнан босағаннан кейін 1985 жылдың 8 декабрь күні демалысқа Гаграра ұшып келе жатқанмын. Шоқанның юбилейінен кейін 18 күн өткен соң қолыма «Правда» газетінің сол күнгі номері. «Словно несколько жизней прожив» атты мақалаға көзім түсті. Авторы А.Кагарлицкая. Төрт сериялы телефильмді қандай мақтаған десеңші. Бірнеше өмірді бастан кешкендей деген аттың өзі не тұрады.
Әлем-тапырақ көңілді бір самал желпіді. Шоқанның самалы, оның юбилейі үшін жұмсалған еңбек самалы, еңбек ләззаты. Біреу көрді, біреу көргісі келмеді. Бірақ Шоқан юбилейіне көңілім тоқ.
Меніңше, халықтың да, республика еңбеккерлерінің де көңілі тоқ.
Бұл жайларды бекер тізіп отырмын ба? «У тебя не получилось» деген сөзге жауап қой.
Тағы да еске түседі - ау ірі оқиғалардың бірі.
«Қазақстан Компартиясы тарихының очеркі» осы жылдары шықты ғой. Сонау 1963 жылдан бері ол очерк неге жарық көрмеген? Республика өмірінің оның партиясының нағыз жарқын кезеңі неге жазылмаған? Қолға алдық, қыстық, шықты. Кітап одақтық журналда жақсы бағасын алды. Еңбек пе, еңбек, институттың еңбегі, республиканың еңбегі, идеологияның еңбегі.
Лениннің 55 томдығының қазақша аударылып бітуі де осы мен хатшы болған кезеңде. Бұл да еңбек пе, үлкен еңбек.
1984 жылы өткен, тыңның 30 жылдығына арналған бүкілодақтық музыкалық фестиваль ше! СССР композиторлар одағының көшпелі Пленумы ше! Осы оқиғаның жоғары дәрежеде өткені жайлы Хренниковпен бірге өзіңіз, Димеке, Саяси бюроға хат жолдаған жоқсыз ба. Ондай хаттар аса сирек оқиғалар жайлы ғана жазылады.
Өнер қайраткерлерінің шетелдік небір сапарлары. Елшіліктерден келген алғыс хаттар. Ұйымдастырылмаса ондай табыстар бола ма?
Сонда қалай не получилось? Аз ғана жылдың тақиясына тар келетін жұмыс па бұл. Онда да күнделікті ұсақ-түйегін көзге ілмей тек ірілерін ғана айтып отырғаным. Ал, ойлар, жоспарлар қандай еді. Басқасына бармай-ақ кино саласын алайық.
Бұл сала бетімізге үлкен шіркеу боп жүр ғой. Өзге республикалар ілгерілеп кеткенде біз шегіншектеп жүрміз. Шығарғанымыз ұсақ-түйек. Ірі, жоталы нәрсе жоқтың қасы. Оған кінәлі өзіміз едік. Соңғы екі басшылықта Госкиноға төрт басшы тағайындаппыз. Оңды-солды ауыстырыппыз өкіртіп. Смаилов, Ғалымжанова, Сүлейменов, Саудабаев. Екі жылда бір басшы деген. Иесі көп ауысқан үйдің тозығы тез жетеді деген. Кино сол жағдайға ұшырады. Ал ол ұзақ мерзімді жоспарды, ұзақ толғанысты керек ететін өнер. Екі жылда бір ауысса, қай басшының толғануға мұршасы келсін. Режиссерлық мектеп жайлы ешкім ойланбаған.
Сол себепті де болу керек, мұнда тіпті перспективалық жоспар деген болмай шықты. Әр жылдың аядай қамымен ғана күнелткен жай. Ірі ойлаудан гөрі ұсақ тіршіліктің қамы.
2000 жылға дейін перспективалы жоспар жасауға тапсырма берілді. Жоталы дүниелер болсын. Ең бастысы — осы жылдары «Абай», «Әль-Фараби» шығуға тиіс. «Абайды» біздің ұрпақ жасап кетпесе, кейінгі ұрпақ «жүн» етіп жүрмесіне кім кепіл. Саудабаевпен әңгімелесіп отырып:
«Абай» түсіп біткен күні орнымнан босасам армандамын демес едім, — дегенім бар.
Лапинмен оны он серия ету жөнінде келісім де жасалды. Сценарийін жазуға Әбіш Кекілбаев сынды ауқымды жазушыны да ұсындым. Оның кең тынысы кең толғауы ұнайды.
Мұны ести салысымен «пысықтар» жан-жақтан шапқылады - ау келіп. Көсемсігендер көбейіп кетті. Бұрын: бәрі қайда қалған. «Өйтуге керек, бүйтуге керек», «ананы алмау керек», «мынаны жолатпау керек». Бақталастық, бақастық, қызғаныш қып-қызыл тартысқа түсті. Ақыры «Абайды» екі жылға кейін шегерді. Аяқтан тартуға, арбасуға алдымызға жан салмаймыз ғой.
Ең үлкен жоспар интеллигенция арасындағы алауыздыққа шама келгенше тоқтау салу еді. Мұның ұзақ мерзімді, қиын процесс екенін түсінгем. Бірақ тырысып көру керек, қабілет -қуатты, білім - зейінді жұмсау қажет деп тапқам.
Басқа да жоспарлар көп еді...
«Не получилосьтың» төркіні, Димеке, ашығын айтайық, басқа жақтан шықты.
Ол — анау Байжанов Сапардың босауынан басталған-ды. Оның редактор болып жүрген кезінде орынбасары Қыдырбекұлы екеуінің арасы жақсы болмады. Ол жігіт қайткен күнде редактор болуға жан салды. Есіл дерті, бар арманы сол болды. Бұл жолға еш нәрседен тайынған жоқ. Тіпті тікелей жалаға да барды.
Мен келгенде Байжанов туралы сіздің пікірді өзгертіп үлгерген екен. Біраз күннен кейін-ақ «босат» деген тапсырма бердіңіз. Қалай босату керек, газеті жақсы, Москва, Журналистер Одағы бағалайды. Бұл ешбір объективтілікке жатпайды ғой. Қиянат емес пе. Создым. Бір күні тамақ үстінде:
— Досың болған соң сөйтіп жүрсің, деген зілді ескерту жасадыңыз.
Тағы бір телефонмен болған әңгіме жүрегіме мұз тастап жібергендей болды.
— Ей, Қазыбаев, сенің анау Байжанованың тобықты екен ғой өзі. Тобықтының бұл арада қандай қатысы бар. Бұл сіздің аузыңыздан шығатын сөз бе еді.
Түннің небір уағында Сапардың тағдыры есіме түсіп ұйқым шайдай ашылды. Жұмыстан босату үшін бір ілгіш болу керек қой. Ондай түк жоқ. Бірақ тапсырманың аты тапсырма және кімнен? Менің жаңа келгенімді, әлі табанымның бүрінің берік еместігін пайдаланудың тап өзі болса керек. Бір күні Саттар Нұрмашевич:
— Сен енді бекер егеспе, болмайды. Босат, - деді.
Сонымен Сапар босады, Қыдырбекұлы редактор болды. Адал, ақ жолмен емес, арам, зымиян жолмен біреуге көр қазып, дәрежеге жетті. Мұны бір ғана мен емес, бүкіл журналистер қауымы солай бағалады. Сізге үнсіз өкпе білдірді, өкпе емес-ау, наразылық. Қай принцип бұл деді олар. Менің де шекемді қыздырмаған болар.
Амал не, тоқпағың мықты болса, киіз қазық жерге кіреді. Бірден-бір алданыш Сапар пәленің қайдан келгенін жақсы біледі. Қорғап қалуға шамамның келмегені де оған аян. Менің бұл пиғылымды Димеке, сіз білмей қойған жоқсыз.
Сөйтіп жүргенде Төрегелдінің төңірегінде әңгіме туды. Күтпеген оқиға. Он жылдан астам министр болды. Жуырда ғана оның дүрілдеген жиынын өткізді. СССР медицина академиясының академигі. 50 жылдығына байланысты орденмен наградталды. Енді аяқ асты босату керек. Тағы да босату деген сап ете қалды және кімді?
Әрине, іздеген адам керемет деген қызметтен де кемшілік табады. Оның үстіне медицина шұқыған жерден пәле шыға келетін сала. Гәп басқада. Бір қара мысық жүгіріп өткен мұның да алдынан. Тұзақты мықтап құрғанға ұқсайды.
Бірнеше рет кіріп, қорғап айтқан сөз еленбеді. Қайтпасқа бет алынған.
— Сен жағдайды білмейсің. Ол енді министр бола алмайды. Ана екіншіге тапсырдым.
Күрт бетбұрыс. Күліп жүрген адам қан жылады. Басына күн туды. «Жамандап жүр сізді» деген бұған да қарғы бау тағылған. Зымияндардың тапқан жолын көрдіңіз бе?
Сапар да, Төрегелді де мұндайға бармайтын адамдар екеніне кәміл сенемін. Қайда, қашан болса да үлкен кісіге олардың тілейтіні амандық, абырой болатын. Өздерінің сол кісінің тұсында атқа мініп, ардақты боп жүргендеріне мақтанатын.
Ал қара мысықтар қалай-қалай етіп қақпан құрған. Мінездегі неткен ақау мынау. Республиканы көкке көтеріп, осыншама уақыт тамаша өмір кешкен адамның «сөзге ергіштігін» кадрларға қандай қасірет. Іскер десең іскер, көреген десең көрген, шешен десең шешен. Бюроны жүргізуінің өзі ғажайып бір мектеп. Жайшылықта, дастархан басында қандай әңгімешіл. Көпті көрген, көп біледі. Мәдениет жоғарылығы өз алдына. Қимаймын мұндай әлсіздікке. Оның бойы тұнып тұрған ғажайып қасиеттер. Не керек, бір қайраткерге, үлкен қайраткерге керектінің бәрі бір басында жетіп жатыр. Сондықтан да ұлтымыздың халқымыздың даңқы болып дүрілдетіп келеді ғой. Сергектік, денсаулық қандай! Тап осындай адамға «құдайымның» берген мінін көрдің бе! Сөзге ереді, өсекке ереді.
Өзегің күйген сол өсекшілерді қолыма түссе тұншықтырып өлтіруге әзірмін. Олардың есіл-дерті өз есептерінің түгел болуы. Жымысқылап келіп, айласын асырады, айтқанын орындатады.
Менің байқауымда марқұм Пәленшеев көп адамның жүйкесін жұқартып, түбіне жетті. Оны жазушылар одағы жақсы біледі.
Міне, осындай тағы біреудің беті ашылды. Ол Владимир Вячеслав Васильевич. Бұрын қызмет бабын пайдаланады, өзіне жақпағандардан өш алады дегенді естуші едім, бірақ сенбейтінмін. Үлкен кісінің ондай адамды байқамауы мүмкін емес, өсіріп айтылған сөз шығар дейтінмін.
Енді көзім жетті. Мұның жасап жүргені нағыз залымдық және оның өте асқынған түрі екен. Әрбір тапсырманы орындап барған сайын кезекті объектісін бір шағып кетеді. Көмекшіге қалай сенбейсің. Өсте - өсте Исеналиевтің түбіне жеткен. Енді желкесіне мінген адамы Устинов. Альберт Александрович «Казахстанская правда» газетіне редактор болғалы ол әрекеті тіпті күшейіп кетті. Газеттің болымсыз кемшіліктері үшін ескертпені енді мен алатын болдым.
Ақыры ауызды өзіме тікелей салды. Оның тарихы былай болып еді: бір топ орыс жазушылары — Черноголовина, Герт және Мироглов үлкен кісінің қабылдауын сұрады. Владимировке зор наразылықтары бар екен. Димекең «алдымен сен сөйлес» деді.
Тыңдап отырсаң сұмдық. Бұлардың шығармаларын басқызбай, жұмыстарынан қудырған. Арандату рецензияларын тоғытқан. Ойына не келсе, соны жасаған. Қиянаттың бұдан зоры бола қоймас.
Барды бардай етіп айттым. Үлкен кісі өзі қабылдады оларды.
— Қорықпаңдар, жазушы ретінде сынайтын жерде сынаңдар. Тәртіпке саламыз, — деді.
Өкініштісі тәртіпке салынбады. Өзінің істеп жүргендерін Владимиров бұрынғыдан асқындырмаса, азайтқан жоқ. Сол жазушыларды кіргізгенім үшін менің өзім жазықты болдым. Владимиров екеуіміздің арамыз күрт бұзылды.
Ақыры ол өз түбіне өзі жетті. Ашынған жазушылар жаза - жаза Москвадан бірақ шықты, тексеру келді. Қорытындысында партия жиналысында қаралып, жұмыстан босады. Димекең болмағанда құрып кететіннің нағыз өзі еді.
Бұл жай менің қабырғама қатты батты. Димекеңе қандай көлеңке түсірді бұл қу. Республика үшін абырой болды ма? Өз қателігін өзі мойындаудан гөрі ол бар кінәні Шестаков екеуімізге аударғысы келді.
Сізге, Димеке, сан төндіріп, небір сұмдықты айтқан да болар. «Жақсыдан — шарапат, жаманнан кесепат» деген осы. Мұның да кесірі тимеді дей алмаймын.
Маған салқындай бастадыңыз. Идеологияны көбірек сынап жүрдіңіз. Ал, Москва, ондағы идеологиялық бөлімдер жақсы пікірде болды. Үш жылда әр түрлі аудитория алдында 60 рет сөз сөйлеген екем. Соның төртеуі бүкілодақтық мінбеден. Төрт сөз де жинақтарға (Москва бастырған) басылып шықты.
Әрине, Владимировты, оның жазуын қатты бағалайтын едіңіз. Ол өзі де қабілетті еді. Не қыпты, сіздің жаныңызда 15 жылдан астам үлкен мектептен етті ғой. Сізге қыл жуытпаудан гөрі бас пайдасын көбірек ойлады. Таза жүруді мұрат тұтпады, сіздің атыңызды жамылып, тақымына ілінгендердің бәрін жанши берді, жанши берді. Ең қауіпті адам осындайлардан шығады.
Сіздің ол жайлы бір әңгіме бола қалғанда:
— Жабылып жүріп кетірдіңдер ғой, — дегеніңіз менің жаныма қатты батты. Кінәсіз жүріп кінәлі болғаныма қынжылдық. Тазалық үшін күресем деп кір жұқтырғаныма қиналдым.
Ситуация деп осындайларды айтатын шығар. Олар менің пайдама болмай бара жатты. Дегенмен үміт үзбедім. Ақтың ақтығы, қараның қаралығы анықталар, көрінер кімнің кім екені. Қалай ғана көне кернеу зұлымдық, айла-шарғы, арандатушылар дес алып кете бермек. Ақырғы әділдікке сендім. Жұмысымды ғана білейін. Құлыққа қарсы қулық ойлау өз келбетіңді өзгертіп жіберуі мүмкін.
Бірақ қуыстанатын бір ғана жайым бар-ды. Сіз бір құлағанға алды-артыңызға қарамай мүлде құлайсыз да, бір көңіл қалғанға қайтып жібімей. Сіздің көңілден кетті дегенше бітті дей бер. Анау Михаил Иваиовичтің жайы солай. Не қойған мәселесі өтпейді, не айтқан пікірі еленбейді. Не кінәсі үшін, ол маған беймәлім. Білімді десең білімді, көп жылдар мәдениет бөлімінде қаншама игі істер атқарды. Бүгінгі өнеріміздің ілгері басуына ол аз еңбек сіңірген жоқ. Қазір Сыртқы істер министрлігін де қалай жолға қойды. ООН - да Қазақ ССР - ін қалай танытып келді. Москва ол жөнінде өте жоғары пікірде. Бірсыпыра адам сіздің қабағыңызға қарап оған салқын қарайды. Өз басым ол жігітті қатты құрметтеймін. Пікірлессең ләззат аласың. Ойлары жақсы, ұсыныстары сындарлы. Не жазды сонда? Владимировтың пыш - пыш ол жігітті осындай халге ұшыратса керек, оның белгілі бір системамен тамыза берген, тамыза берген жаласы жаңағы «көңіл қалдыруға» апарып соққан.
Құлай жақсы көрудің неге әкеп тірейтіні мынау Олжастың мысалынан айқын көрінеді.
Есенберлиннің бірнеше сапары ақыры Жұбанды босаттырды. Әлі де одақты алып жүре алатын қабілет, бедел жеткілікті адам ол. Жазушылар одағындағы қашанғы тынышсыздық бұған және қосымша болды. Оның үстіңе Олжас бұл жұмысты ашықтан ашық сұрады.
Мен Олжас жаққа да, Жұбан жаққа да бармауды ұсындым. Нейтрал адамға тоқтайық. Ол Елеукенов Шернияздан. Сыншы десең сыншы, баспа жайын жақсы біледі, жазушылар қаймығады. Ұйымдастыра алатыны және бар. Сонда көптен жазушылар арасында толастамай келе жатқан жарықшақ біраз кідірер. Ең болмаса аз уақыт тыныштық орнасын. Елден ұят болды. Жұрт жазушыларды сыйлаудан қалып барады. Жүзге, руға бөлудің, өсек, сыпсың сөздің, бір-бірінен өш алудың, егесе бірін-бірі құртпай қоймайтын тартыс, таластың ордасына айналды. Басшылыққа Әнуар келіп еді, Тахауи, Әбдіжәмілдер қылышын қайраумен болды. Жұбан келіп еді, Ілияс, Әнуар, Олжастар тыныштап орындарында отыра алмады.
Осындай жағдайдағы ең ұтымды шешім — нейтрал. Бірақ Жазушылар одағының басшылығына Олжас отыратын болды. Оны мен ақын ретінде жақсы көрем. Бір ғана «Жер, табын адамға» атты поэмасы үшін ғұмыр бойы құрметтеп өтуге бармын. Трибун, оны мінбеден тек сөйлетіп қой. Одақтық мінбеде, дүние жүзілік мінбеде республикаға, әдебиетке талай абырой әкелді. Бірақ қызба, ұстамдылық жағы жетіңкіремейді. Өркөкіректік және бар. Басшы адамға керек емес мінездер, кедергі, кесел болатын мінездер. Оның үстіне бір топқа бүйрек бұрады ғой.
Құлай жақсы көру бұл кемшіліктердің бәрін де сырып тастады. Москвадан қалайда өткізуге тапсырма алдым.
— Дұрыс ойланған дүние ме? «Аз и Я»-ны ұмыттыңдар ма? — деді ондағылар.
Өмірде қызмет бабында талай қиналыстар болып еді. Бірақ Олжасты өткізердей қиналып көрген емеспін. Өз сенімімді өзім тұншықтырып, оны қорғауға, ақтауға, мақтауға бар күшті салдым.
Оны сатайын деп отырғаным жоқ. Тізгінді тең ұстап кетсе болды ғой. Мен - ақ қателесейін.
Бірақ, қателеспегенім өкінішті. Олжас шу дегеннен қызметті қарсыластарын жаныштаудан бастады. «Тұқыртып, тұқыртып алам, бәйек етіп, бас игізем» деді. Оның болмайтын шаруа екенін түсінбеді. Өзіне деген үлкен ықыласты пайдаланып, үлкен кісіні жоқ іске оңды-солды араластырды.
Олжастың әрбір кіріп шыққаны Тахауи мен Әбдіжәмілге, тіпті оны жақтайды - ау дегендерге қаһар болып төгіліп жатты. Қайран болмады, қарсы пікір еленбеді. Олжастың сөзі сөз болды да тұрды.
Тахауи қызметтен кетті. Әбіш Орталық Комитеттегі жұмыстан ауыстырылды. Ендігі зор бұлардың төңірегіне жуып кеткендерге түсе бастады. Дулат Исабеков, Сағат Әшімбаев...
Олжастың тағы бір нашар қыры аңғарылды. «Сезге ергеннің кекесі» осының бойында екен. Оны пайдаланушылар да аз болмады. Олжасты сойыл ғып өз қарсыластарынан ош алуға олар да шықты.
Сонымен жазушылар арасындағы жарықшақ жабылмады, қайта ашыла түсті.
Димеке! «Олжастың жетегінде қашанғы кете береміз. Ол ең алдымен өзін арандатады. Олжасты қорғайық десек, бұған тоқтау салайық» дедім. Бұл ашық айтылған пікір еді. Бірақ оны тіксіне қарсы алдыңыз. Оған сіз ғана тоқтау сала алатын едіңіз. Өйткені ол қалғандарды тыңдаудан қалды. Жазушылар Одағы партия ұйымның секретары Аманжол Шәмкеновке Әбдіжемілдің үстінен ЦК КПСС - ке, Қазақстан Орталық Комитетіне жаздырған арызын білмедік деп ойлайсыз ба?
Дәл осы арыз соңғы үлкен дүрбелеңнің басы болған жоқ па. Олар қарап жатсын ба. Москвада айлап жатып, ақырғы ашулы сөздерін айтып келді. Оның ішінде сіздің де, менің де шекеміздің қызбағаны ешбір күмәнсіз. Ашынған адам неден тайынады. Олжастың олақтығы оларға ұпай беріп қойған жоқ па!
Олжастың мен білетін ең соңғы қатесі Ларинді кетіріп, «Просторға» Толмачевты редактор етуі. Осыған ол қаншама күш салды. Үш ай бойы келісім бермеген мені «Сізбен келісілді» деп діңкемді құртқанын қайтерсің. Мен тағы қолдау таппадым.
Әрине, сіз оның барлық ұсынысымен келістіңіз. Хатшы болып отырған мені байлап-матап қойдыңыз. Егер мен ұстанған бағытта саясат жүргенде жағдай бұдан әлде қайда жеңіл болатын еді.
Бұл да ситуация. Әрине менің пайдама емес. Жылжып ауыр ойлар өтіп жатты. Кадрлар жөнінде сізбен арамыз қашықтай түсті, Димеке! Құлай жақсы көргеннің қойнында жыланы жоқ па, көңілім қалды дегеннің көкірегіне үңілейікші демедіңіз. Ол көкіректердің басым көпшілігі таза еді.
Мен, имандай шыным, сіздің әрбір әрекетіңізде, адамдармен ара-қатынасыңызда қылау болмаса екен, қара қылды қақ жарған әділдікті ғана сізден көрсе екен деп бәйек болдым. Кейбіреулердің келеңсіз әрекеттеріне ара тұрғым келді. Тауым шағыңды да отырды. Мен жайлы да «машықтар» жұмыс істеп бақса керек. Олардың шеберлігі менен асыңқырап кетті-ау деймін. Қулықпен күн көріп көрмеген басым, амал жасау жөнінде аңқаулық жасап алдым. «Жаным, арымның садағасы» деп өскен адамға ең үлкен алданыш — ар алдындағы тазалық, адамшылықты арамдықпен былғамау. Халыққа бәрі белгілі, олар түгел көріп отыр. Бәріміз тарих алдында есеп береміз, соған таба болмасақ болды. Адамдар табалар, талайы қалпағын аспанға лақтырып та жүрген шығар. Бірақ, тарих табаламасын.
Талай оқиғаның куәсі болдық қой. 1937 жыл. Нағыз топалаңның кезінде өзінше дұрыс істеп жүрмін деушілер аз болған жоқ. Уақыт талабы, өмір талабы деп соқты. Талайлардың желкесін қиды, обалына қалды. Өкініштісі, сол дүрмекте небір талант, небір қайраткерлер кетті-ау. Жалғыз ауыз жала, жалғыз жапырақ қағаз тағдырды шешіп, адамдардың, шіркін-ай небір азаматтардың мойнын астынан келтіріп жатты.
Сол күңдерді енді қалай өкінішпен еске аламыз. Асыққандар, асыра сілтегендер, асқынғандар ақыры қара бет болған жоқ па. Аз уақытқа олардың тасы өрге домалады, бірақ еліміз үшін, ерлер үшін қандай азалы жылдар болды. Тарихымыздың бір қаралы беті болып қалды. Бәрінен де қатты қасірет шеккен сонда біздің республика еді. Небір дара туған таланттардан айрылдық. Желік дегенге жирене қарайтыным сондықтан.
Не болмаса елуінші жылдардағы Кенесарының шуын алайық. Тағы сойқан басталып, тағы шала жалмауға кіріспеп пе еді. Мұхтардай, Қаныштай, Төлеген Тәжібаевтай саңлақтарымыз жұмыссыз қалды-ау, соларды сергелдеңге салып, мұқатудан «ләззат» алғандар болды-ау. Өздерінше қоқаң-қоқаң етіп, қоразданды. Елдің намысы, халықтың намысы дегенде шаруасы болған жоқ. Ертеңді ойламай елірмекке салынды. Етек алған сол желік елге сор болып гиді. Қан жұтып, қара жамылғандарды да көп кездестірдік.
Тап, сонда, сіз, Димеке, үлкен ерлік көрсетіп едіңіз. Академияның президенті болып тұрып, Мұхтар мен Қанышты қорғағаныңыз бәріміздің есімізде. Сол табандылығыңыз, қайсарлығыңыз үлкен бедел әкелді. Оны кейін П.К.Понамаренко мен Л.И.Брежнев сүйсіне айтқанда халқыңыз қуана қол соққан болатын.
Хрущевтің тұсындағы небір бұралаң, бұлтарыс кезеңде ол қасиетіңіз тіптен биік көрінді. Жапа шегіп, жәбірленгеніңізге қарамастан, қысым көріп, қинала жүріп тура жолды ұстадыңыз. Бұл үшін халық мәңгі риза. Солқылдақтық жасап, кезеңге бейімделе қоймадыңыз. Көрегендігіңіз де, қайраткерлігіңіз де сонда еді. Солақай сойыл соғарлар ол кезде де аз болды ма. Олардың тірі куәсі - анау Юсупов. Бүгінде жұрт оларға күле қарайды, оларды бұл күнде ең алдымен тарих табалауда.
Мен ғұмыр бойы сіздің сол табандылығыңызды мұрат тұтып келіп едім. Өмірімнің өлшемі еткен едім. Айналаңыздағы әлдекімнің сөзіне еріп кететініңізге қиналатыным да сондықтан. Үлкен адамның сенімін ұрлап алып, сергелдең ситуация жасайтындарға төзе алмайтыным да сондықтан. Ұлттың мақтанышы болып отырған адамға ұры пікірлерін неге өткізеді. Өздерінің ұсақ есебін сіз арқылы неге жүзеге асырады. Сізді неге сойыл қылғысы келеді?
Есенберлинді, Владимиров, Қисановты, Олжас Сүлейменовты кешіре алмайтыным сол. Тап осылардың едәуір уақытқа созылған «жымысқы» әрекеттері болмағанда кадрлар жөніндегі кейінгі жылдардағы қателерді сіз жібермейтін едіңіз ғой. Періштені жолдан тайдырған сайтандар олар. Сіздің абыройды, республиканың абыройын неге ойламайды, неге кеңірек толғанбайды, неге өз есебінің ғана құлы болады деп олар үшін қан жылаумен болдым. Ақыры бір абыройсыздыққа әкеп тірейтінін ішім сезген де еді. Тап солай болып шықты. Хатшылық жылдарымның осы кезеңге тап болғанына өкінем. Объективті пікірі бар адамдарды тыңдаудан қалғаныңызға өкінем. Кім алдымен кірсе, кім алдымен сөз айтса, соның сөзі сөз. Жұрт осыған машықтанды. Опережать. Сыбырлақ игерген үлкен өнері осы еді.
Ал, мен болсам, сізге айтар сөздің әрбір қарпін тексеріп, екшеп, қылаусыз анық болуына жан салып жүрдім. Мен үшін сіздің алдыңызда асырып айтудан артық қылмыс жоқ еді. Өсірмек тұрғай әлдекімдер өтірік айтып жанығып алды. Жағымпаздар жүрген жерді жалғандық жүреді.
Менің сізге тағы бір қарнымның ашқаны осы биылғы жылғы Асанбайдың тұсы. Асанбайды айналдырудың ар жағы тереңде жатыр еді. Небір жылдар қыл жуымай келе жатқан республикаға қырын қараушылар табылды. Тексеруді көбейтті олар. Уақыт талабын желеу қылып, кемшіліктер іздеді. Іздеген табады, аңдыған алады. Асанбайды алсақ, аржағын тереңдете түсеміз деп құрды есепті олар.
Асанбайды бермеу керек еді. Асанбай оған лайық болатын. Жіберген кемшілігі бар шығар. Бірақ сіңірген еңбегі одан он есе зор. Халқымыздың бетке ұстар, мақтан етер ұлдарының бірі 25 жыл қатарынан кім обкомның бірінші хатшысы болды. Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарын Асқаровтай кім көтерді. Алған орден, атақтарын былай қояйық. Неге ол алдымен «науқанның» құрбаны болуға тиіс. Бұл «науқанның» дұрыс -бұрыстығын кейін әлі тарих айта жатады. Ел үшін жасаған дүниелері өзіне «айып» етіп тағылды. Әрине, жоспарсыз дүние шығар, бірақ халық игілігіне жасалды ғой. Қызығын халық көріп отыр ғой. Бұған дейін бүкіл ғұмырын сарп етіп сіңірген еңбегін жиып тастап, қаралап шыға келдік. Могильниченко, Мищенколардын алдында құрдай жорғаладық. Сіздің қасыңызда олар кім?
— Бұл бетімен бұлар талайыңды көрге тығады деп бір әңгімеде өзіңіз айтпап па едіңіз.
Біле тұра, көре тұра олардың қорытындысына Асқаровты неге жығып бердік, ендеше.
Асанбайды талқылаған бюро мәжілісінде мен былай дедім:
— Мынау жария етіп отырған документте Асқаровтың үстінен 3 мыңдай арыз түскен делініпті. Шымкент облысында 1 миллионнан астам адам тұрады. Егер анкетный опрос жүргізсек, Асқаровтың сіңірген еңбегін қалғандарының ақтап шығары сөзсіз. Неге біз арыз иелерін ғана есепке аламыз.
Бұл сөзім үшін Сіз мені қатты сөктіңіз. Тексеру қорытындысына қарсысың деп айып тактыңыз. Қарсы болатын жерде қарсы болу керек. Оған үйреткен өзіңіздің өмір жолыңыз болатын.
Осы мәжілісте мен сізді мүлде танымадым. Бір кездегі қайсарлық, өрлік қайда. Керек десе республиканың намысы кетіп бара жатқан жоқ па. Асанбайды айыптау — арысы өзімізді, бәрімізді айыптау. Қайда қалғанбыз, неге кезінде түзелмедік.
Мен, әрине, үлкен объективтілікті қаладым. Кінәсі мен еңбегінің дұрыс өлшенуін, Асанбайдай қайраткердің «науқан» құрбаны болмауын қаладым.
Сонда біреу «Алтын адамды» алға тартты. Оның Асанбайдың тойында — алпыс жылдығында болғанын айтты. Кезенді күту деп осыны айтады. Ұрымтал жерден соқтым деді өзінше. Әрине, қазір уақыт оның жағында.
«Асанбайды алдырғанымыз — алқымға қолды салдырғанымыз» деп ойладым сонда мен ішімнен. Солай болып шықты да. Домалақ арыз гулеп берді. Ол күш алса құритынымыз бұрыннан белгілі еді. ІУ37 жыл солай болған, елуінші жылдар да соны көрсетті. Кемелге келген шағымызда, мынау сексенінші жылдардың соңы солай болмақ па! Әне, Аухадиевты де іліп түсті. Асекең пенсия жасына келді ғой, ал мына Кеңеске тіпті обал болған жоқ па. Алдына түсіп құрақ ұша берсең, арыз «обал - собалыңа» қарамайды. Аудандардағы топалаң соған куә.
Мен пікірімді ашық айтайын. Асыра сілтеудің тағы бір кезеңінде тұрған сияқтымыз. Ақыры немен тынарын кім білсін.
Әзіргі беталысының барысы — бәрі өзіңізге қарсы, Димеке. Осы әрекеттің маған да салқыны тимеді дей алмаймын. Мені әкелген өзіңіз, мені қойған өзіңіз. Менің үстімнен жазылған домалақ арызды алақайлап тексерушілер оқты алдымен өзіңізге кеземегеніне кім кепіл. Осындай жағдайда маған обал жасаудың керегі жоқ-ты. Өйткенімен таза адаммын, адал қызмет еттім. У тебя не получилось — шындыққа сай келмейді. Бұл сіздің мәжбүр болған жағдайыңыз. Асыра сілтеуге бейімдер ақыры осыған әкеп тіреді.
Адал жүректің ақ сырын осылай бір қайырып тастауды жөн көрдім...
04.01.86 ж.
Бұл күн — Ғабит Махмұдұлын жерлеген күн. Жарықтық жаңа жылдың тап алдында дүние салды да, үш күн аяулы астанасы Алматыны қимағандай халқының арасында болды. Әдебиеттің үлкен бәйтерегі құлады, алыптар тобының соңғысынан айрылдық.
Газеттерде, жүзбе-жүз кездесуде небір азалы сөздер, аянышты сезімдер айтылып жатыр. Қабыр басында да талайымыз сұңқылдадық. «Солай еді, бұлай еді» — біреу жүрегінен айтты, біреу айт деген соң айтты. Дәстүрлі қонақасы Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде берілді. Онда да сұңқылдатты...
Ғабит ғұмырында жоқтаудың талайын көрген. Өтірігін де, шынын да. Шығармаларында ол сезімдердің көкесін шыңына жеткізе жазған. Қыз Жібектің Төлегенді жоқтауының өзі не тұрады.
Меніңше, Ғабитке деген үлкен жоқтау — оның ойға толы орынды айтылатын сырлы сездерін жүректе сақтау. Ұлы тұлға есіңе түскенде қан жылап соны еске алу. Қан жылап дейтінім, кеп нәрсе оның қабырғасын қайыстырған еді. Әлі кеткен соңғы жылдары бірлік жөнінде ол неге көп қақсады. Әлсіреген жүрегі әлденені сезбеді дейсің бе. Тау қозғалса қозғалмайды дейтін Ғабең алауыздықтың араны ашылып келе жатқанын көріп, айдаһардың ысылынан сескенгендей діріл қақты. Әдебиеттің, әдебиетшінің абыройсыздыққа соқтырар апат деп ұқты, мұны. Жоқтағың келсе, жылағың келсе, ең алдымен осы өсиеттерін есіңе ал.
Бір әңгімесінде бұл қу қызғаныш талантты сорлатады ғой, талант оның құрбаны болады ғой дегені есімде. Талант құрбан болған соң ар жағымызда не қалды. Құрыдық қой онда.
Ойлап қарасақ гүл орнына тікен өскен, күн орнына түн тұрған, парасатты қызғанышқа жалматқан қарекет неме тұтқа? Біріктірем деп білімін аямаған күрескерден айырылдық деп қайысам.
Өткен жылы ноябрьде «Білім және еңбек» журналында Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына арнаған мақаласын Ғабең «Біртуар» атады. Шоқан жайлы қанша ғаламат ой сыйғызды осыған. Осы «Біртуар» деген сөзді Ғабеңнің өзіне арнаса да артықтығы жоқ. Небір қилы кезеңдегі табандылығы, сұлулық пен тереңдік, творчествосының биіктігі, ар тазалығы — бәрі, бәрі өшпес өнеге еді. Адамдық, кісілік деген не десе мен ол Ғабиттің тұлғасы дер едім. Соңғы күндер дәрігерлер тек жүрегі ғана ұстап жатыр деді. Басқа ағзаның бәрін жазылмас дерт рак әбден жайлағанда ғұмыр бойы былғанбаған, ұрланбаған жүрек, ақ жүрек, адал жүрек шыдап баққан ғой. Біртуар жандардың бірақ токтар жүрегі сондай болса керек.
Осы Ғабең жасының ұлғайғандығына, сырқатының дегендігіне қарамастан соңғы бір екі тойда ақыр аяғына дейін отырды деп естідім. Соның бірі менің өз ұлым Нұртастың 1985 жылы 29 июньде болған тойы еді. Баян мен Нұртасқа дастарханды ашып бата берген сол кісі. Жастыққа деген үлкен сүйіспеншілікті үлкен талант жырдай ғып шертті. Өзінің асықпайтын аяулы қоңыр үнімен жүрегімізді елжіретіп, тұла бойымызды тұнық бір сезімге бөлеген еді. Ата мен баланың табиғи тұтастығы, атаның аманаты, баланың парызы, ортаның, қоғамның қосар үлесі, қошамет - құрметі — бәрі-бәрі Ғабеннің керемет жүрегінен төгіліп жымдасқанда өзі бір үлкен шығарма боп шығып еді. Шіркін-ай, сондай сан шырайлы сөздерін тыңдадық та тындық - ау, өлместей деп жүрдік - ау. Тіршіліктің сол сияқты аңғал шағы кейіннен сан рет санды да соқтырады. Міне, мен де «қап» деп қарап отырмын.
Шүкіршілік, Нұртасымның тойында Ғабеңнің болғанына шүкіршілік. Мынау менің төрт қабырғамда оның жанарының жалқыны, жанының суреті, үнінің ырғағы тұр.
Ғабеңмен әлеуметтік - саяси тақырыптарға болған әңгімелер қағаз жүзінде кейін өз жөнін таба жатар.
Мынау қайғы үстіндегі қалт еткен бір сезімдер еді.
ЖУРНАЛИСТ - ӨМІР ТАМЫРШЫСЫ
Елімізде бір кезде өріс алған коммунистік еңбек жолындағы күрестің қалай туғанын әркім есінде сақтап қала бермеген болар. Газеттің шағын бір хабары осы қозғалыстың басы болды десек, таңырқаушылардың да табылуы мүмкін. Бірақ, шындық солай!
1959 жылғы партияның XXI съезінің қарсаңы болатын. Барлық жерде қызу әзірлік, қайнаған еңбек, қарапайым совет адамдарының бойындағы тасыған жігерде шек жоқ. Ұлы жігер әрқашан ұлы істі туғызбай ма. Міне, Лениннің өзі бардағы тұңғыш коммунисттік сенбілік өткізілген Москвадағы Сортировочная теміржол станциясының бір цехында коммунистер мен комсомолецтер бас қосты. Әңгіме тақырыбы қалай еткенде съезді лайықты қарсы алу. Көп кешікпей, 13-октябрьде осы цехтың жалпы жиналысы болды. Жалынды да жігерлі сөздер талай жүректі жарып шықты. Әсіресе, инженер Виктор Волковскийдің сөзі жұртқа үлкен әсер қалдырды. Ол жарқын болашаққа шеру тартып отырған шақта еңбекте озат болу жеткіліксіз, біз бүкіл өмірімізді өнегелі етейік. Талмай ізденіп, білім алып, өндірісте де үйде де, қоғамдық орындарда да үлгілі болайық деді. Бүкіл коллектив бұл ұсынысты қызу қолдап, бекем тұжырымға келді.
«Комсомольская правда» газетінің 18 ноябрьдегі номерінде «Ұлы бастаманың жаңа жалғасы» деген хабар жарқ ете түсті. Ол осы жиын туралы еді. Бұл хабардың тақырыбы кімнің де болса көзіне оттай басылды. Ұлы бастама кімнен, қай жерден жалғасын тапты екен деген сұрақ әр көңілге ұшқын тастады. Сол ұшқын күн асқан сайын лаулап, ұлы қозғалысқа ұласып кетті.
Сол ұшқынды алғаш көрген және газетте жоғарыдағыдай тақырыппен хабар берген журналист нағыз сезімтал журналист. Иә, оның сезімталдығы, сол жиналысқа басқа журналистерден бұрын барғандығында емес, оның сезімталдығы өмірдің өзі, совет адамдарының творчестволық ақыл ойы тудырған тамаша бастаманы көре білгендігінде, соның асыл қырын байқай алғандығында. Ол өзін бұл бастаманың тууын хабарлаушымын ғана дер. Солай болғанның өзінде қандай игі іске түрткі болды!
Жасампаздықтың сарқылмас қайнарындай болып табылатын советтік өмірден қалам иесі қашанда қалаған тақырыбын таба алады. Ұлы өмірдің тынысына құлақ түре құбылыстың сырын білер, асылын аршып көре алатын сезгіштік, сергектік керек. Әдетте журналисті майдандағы барлаушымен теңейді. Мұның жаны бар. Өйткені қаламгерлер өмірдің қайнаған ортасында, нелер ұрымтал оқиғалардың алдыңғы шебінде жүреді. Барлаушы секілді нені болса да жұрттан бұрын кереді. Бірақ, «жылтырағанның бәрі алтын емес» деген секілді, кергеннің бәрі керемет емес. Міне, осы арада көргеннің асыл жасығын ажырата білетін білгірлік, аңғару аясының кендігі, көкірек көзінің ашықтығы керек.
Бір кезде бүкіл совет баспа сөзінде диқанның ары туралы қарт ана Надежда Заглада үлкен әңгіме қозғады. Бұл әңгімені де тұңғыш көтерген — баспасөз, ондағы ұшқыр, сезімтал қалам қызметкерлері. Жай қарасаң, еңбекті адал істеу жөніндегі әдеттегі сөз секілді. Ал жүрек көзімен қарасаң мүлде басқа. Әр адамның өз ары алдындағы жауапкершілігі тұр мұнда. Адам үшін ардан ардақты ешнәрсе жоқ. Сондықтан да «Жаным — арымның садағасы» дейді халық мақалы. Ал, совет адамының ар алдындағы жауапкершілігі деген не? Осыны қалай түсіну керек. Бұдан артық тақырып бола ма! Бәрімізге мәлім, алпыстан асқан қарт ана көтерген әңгіме еңбеккерлерді терең ойға қалдырды. Кешегісі мен бүгінгісін екшеп, елеп, өзіне өзін есеп бергізді. Әркім арымен ақылдасты. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл тәрбие жұмысындағы айтулы асу, белгілі кезең туды. Бұл мәселені көтеру адамдарымызды рухани жағынан түлетті.
Москвада сол кезде болған әйелдердің бүкіл дүниежүзілік конгресінде Загладаға шетелдік бір әйел «Орыс жерінің ары сіз бе?» дей келіп, қарт ананы үлкен мейіріммен құшақтап сүйді. Қандай мақтаныш! Ар туралы тамаша әңгіме шетелдік достардың да жүрегіне нұр сеуіпті.
Мен, өз басым, дәл осы минутты сол бір үлкен мәселенің ұшқыны алғаш басына келген, қалай етсем жақсы шығады деп, қарт ананың пікірін келістіріп әзірлеу жайында сан қиналып, сан толғатқан журналистті көрсемші шіркін дедім. Бір сәт сол журналист те қарт диқанмен бірге шетелдік әйелдің мейірлі құшағында тұрғандай болды.
Журналист! Оның жүрмейтін жері, мінбейтін көлігі жоқ. Самолет, поезд, арба, ат, тіпті жаяу да тартып отырады. Бойындағы бар қастерлі жүгі блокноты мен сиясы кеппес қаламы немесе әрдайым ұштап алып жүретін қарындашы, Құмда да, суда да болады. Таңдайы кеуіп, әлденеше күн ас ішпей өзегі талатын кездер де кездеседі. Таңертең ғана семьясының қасында отырса, кешке мыңдаған километр қашықтықтағы бейтаныс адамдардың ортасында жүргені. Үйіне жолаушы жүретінін айта алмай кететін асығыс сәттері де көп.
Сонда не іздейді ол. Қандай асылдың соңына түсіп шаршауда? Қара бастың қамы, қоңыр төбел дүние жазып, қаламақы алсам деген шолақ ниет пе?! Жоқ, онда ол шын журналист емес, онда ол қиын сапарға да бармайды. Нағыз журналист адамдардың бойындағы асылды іздеуші, өмір тарихын зерттеуші, бүгінгі ұлы заманның шежіресін жазушы. Өмір жаңалығын алғаш қағаз бетіне түсіретін де сол. Өмірге деген, ондағы асыл адамдарға, ол адамдардың жасампаз ісіне деген ғашықтық оны алыс сапарға сүйрейді. Түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тауысып көп отырғызады.
Оны ешбір ауыр сапар, қиын жол қорқытпайды. Қайта керісінше, қызықтырады. Көп жүріп, көп көрген сайын өмірдің алуан қырын анығырақ көреді. Өмірдің өзінен оқиды. Мұның өзі оның білімін кеңейтіп, дүние тануының аясын аша түсетіні сөзсіз. Егер бал арасындай еңбекпен жинаған фактісінен үлкен әңгіме туса, жазғаны жарқын бір істің басы болса, онда көрген азабы әп-сәтте - ақ ұмыт болмай ма! Журналист еңбегінің қызығы да, қиындығы да осында.
Осы қызықты көре алмаған журналист журналист емес. Кежегесінен кейін тартып, қолына түскен азды-көпті фактіден әлде бірдеңені демдей салып, «тапсырманы орындаса» оны ешкім оқымайды. Мақаланың шаласы да, селт еткізбес сорлысы да сондай көңіл-күйдегі адамнан шығады. Жазғаны жан тебірентпей, қайта жасытатын, оқушының көңіл отын тұтатудың орнына өзінін шикі ойын бықсытудан ары аса алмас журналистен сорлы адам жоқ шығар. Ол санда бар да, санатта жоқ.
Мұндай адам аяғының астындағы алтынды да көре алмай, аттап өтіп жүре береді. Журналист мамандығының ардақтылығы да көп дүниенің ішіндегі әлі көрінбей тұрған асылды аршып ала білуінде, соның дәнін, нәрін оқушы қауымға бере білуінде. Сөйтіп жана бір рухани ізгіліктің көзін ашып, соған көңіл сәулесін түсіру. Міне, сонда ол — нағыз өмір барлаушысы, білгір дәуір тамыршысы.
«Мәдениет және тұрмыс» журналындағы бір очерк әлі есімде. Ұмытпасам, 1960 жылы үш номерге жарияланды. «Әкімқұл және оның келіншегі» деп аталды. Жас семьялардың өмірге қалай қадам басқаны, өмірді қалай құрса, қызық болатындығы жайлы. Бұл арада айтайық деп отырғанымыз осы тақырыпты қалай тапқаны жайлы.
Бір қонақта отырғанда очерк авторына бір сөзуар, сымпылдақ әйел есіп әңгіме айтады. Өзінің бір кезде бірге оқыған досымен хат алысады екен. Бұл әйел де ол досына «әйел де бір, гүл де бір. Оны ер адамдар алақанына салып, әлдилеп, төңірегінде көбелек боп ұшып, қошеметтеп жүруі керек» дейді. Тіпті ол әйелге бала көтеру де зиянды, фигурасын бұзады деп соқса керек. Ал ауылдағы досы мұның ақ саусақ әлеміш болуын сынаса керек. Өзара алысылған хаттардың мазмұны осындай. Иә, өзара жазыса берсін, онда тұрған не бар.
Жоқ, осы әңгімедегі бір ұшқыш журналисті ауылға сүйрейді. Ол «салпы етек» қарындастың жазғандарынан үлкен парасаттылықты көреді. Ақыры ауылына барып, оның өмірімен егжей - тегжейлі танысқанда, шынында солай болып шығады. Ол очеркте жұртты тебіренткен адамгершілік жайлы үлкен түйін болды. Журналистің аңғарғыштығынан табылған әдемі тақырып еді бұл.
Біздің дәуіріміз — ұлы өзгерістер дәуірі. Біздің заманымыз — жасампаздықтың заманы. Өмір сүріп отырған ортамызды, ондағы адамдардың психологиясын, олардың өзара қарым-қатынасын зерттеу үлкен өнер. Сол себепті де мен журналист аңғарушы, көруші ғана емес, зерттеуші де дер едім.
Республикамызда тың игерілді. Бесжылдықтардың алуан құрылыстары салынды. Сол істердің талай абзал жандарды туғызып, талай адамдардың өміріне жаңа мазмұн беріп, жаңа арнаға салынғанына кім дауласа алар екен. Бүгінгі заманның ерлері қаптап қасымызда жүр. Ал да зертте. Зертте де жаз.
Соңғы жылдары одақ көлемінде бүгінгі замандастарымыздың өмірінен жазылған очерктерге жарияланған конкурсқа қазақстандық қаламдас достарымыздан ілінгені некен-саяқ. Шынын айтсақ, бұл — бәріміздің бетімізге үлкен шіркеу. Тың бізде игерілді, ірі құрылыстар бізде салынып жатыр. Адамдар түлеп есіп келеді. Мұның бәрі шын шабытқа қалай сілтесе де жетерлік шалқар өріс емес пе. Меніңше терең зерттеу жетіспейді. Жеңіл дүрмектің жетегінде кете беретін жайларымыз көп болса керек.
1981 жылдың май айында қой өсірушілердің республикалық кеңесі болды. Осы кеңестегі бір көрініс өзіне назар аудартпай қоймады. Үзіліс сайын кітапқа қаптап кезекке тұрған шопандар. Залда отырғанда да алдарында текше - текше кітап. Бұл көрініс бүгінгі малшының өресін, дәрежесін көрсетпей ме. Ал олардың жүріс - тұрысы, киінуі жоғары оқу орындарындағы студенттерден, интеллигенциядан бір де кем емес. Сөйлеген сөздері қандай! Қатардағы еңбек адамының, аузынан мемлекеттік үлкен мәнді мәселеге түрткі боларлық ойлар шығып жатады.
Кейбір журналистердің жасты жазса да, кәріні жазса да көбелектей үйіріліп айналсоқтап шықпайтыны шопандардың алған қозысы мен берген жүні. Әрине, ол да қажет. Бірақ, бүгінгі шопан бейнесі, шопан психологиясы қандай? Оның ішкі сарайы не деп сөйлейді, не деп тіл қатады. Соған үңілу керек қой. Осындай зерттеудің жоқтығынан да малшылар жөніндегі жазғандарымыз тауықтың жұмыртқасындай бірінен бірі айнымайды. Партия мал шаруашылығын жас күшпен нығайтуға айрықша назар аударып отыр. Малға жас келді деген сөз - мал шаруашылығына білім келді, мәдениет келді деген сөз. Бізге енді керегі қой соңынан таяқ ұстап қана еретін шопан емес, шопан — өнерпаз. Осы бір ғажайып құбылыс бар ма, бар! Олардың бойындағы өзгерістер дәуір сипатын көрсете ме? Сөз жоқ, көрсетеді. Дәуірді зерттеу деген сез сол дәуірдің адамдарын, олардың бойындағы жаңа қасиеттерді зерттеу деген сөз. Соны тап бассаң, шын мәніндегі өмір тамыршысы болғаның, яғни адам, оның бай өмірі — біздің басты тақырыбымыз.
Көру бар, зерттеу бар. Ал ең бастысы сол көріп, зерттеп жазғанды көпшіліктің игілігіне жарату жолында нұсқау бар. Әлде бір бастама жөнінде журналист жар салды да тынды. Қайтып оралмады. Жақсы іс лап етіп тұтанды да сенді. Оған ол мән берген жоқ. Бастама туған кезінде жазып, «парызынан» құтылды. Енді онда жұмысы жоқ. Бұл нағыз дәйексіздік. Журналисттің қолында ешкімде жоқ қару — баспасөздің айбынды сыны бар. Дәйектілік, әрбір бастаған істі ақырына жеткізу жолындағы табандылық керек. Сол себепті де жаңа өркеннің, жақсы бастаманың алғашқы қамқоршысы журналист дер едім. Сол өркеннің тамыр жайып, өріс алуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей күресуші де сол болуға тиіс.
Еліміздегі белгілі қарт журналист, тамаша очеркист Евгений Рябчиковтың айтқан бір әңгімесі әлі есімде. Ол қаламгер қауым жақсы білетін Мариэтта Шагинянның журналистік өмірінен мысал келтірді. Абақан — Тайшет темір жолы алғашқы жасалған жобамен салына бастаған. Осы құрылыстың салынуына байланысты командировкада болған Мариэтта Шагинян көп зерттеу жұмысын жүргізеді де, жолдың жобасымен келіспейтінін білдірді. Ақыры, журналистің айтқаны дұрыс боп шығады. Жоба қайта жасалады. Сөйтіп, сол жолдың жақсы жасалуына біздің әйгілі қаламгеріміз үлкен үлес қосыпты. Міне, журналист - күрескер деген — осы.
Иә, бүгін қайта құру дәуірінде журналистердің күресетін ісі көп. Бойындағы бар өнерді, бар талантты көрсететін шақ туды. Халықтың көтеріңкі көңіл-күйінің өзі сенің шабытыңа қанат бітіргендей. Жаппай қаһармандыққа қаламыңмен дем беріп, ұлы күрестің алдыңғы шебінде жүргенге не жетсін.
Майданда барлаушыдан жаңа дерек, жаңа хабарды қалай асыға күтіп отырса, өмірде халық газет, телевизия, радио хабарынан да сондай күтіп отырады. Меніңше, барлаушы деген журналистік қызметтің бір қыры ғана. Осыған зерттеуші және күрескер деген ұғымдарды батыл қосу қажет. Бұл — журналистік мамандықтың шын мағынасы. Осы үш қасиеттің біреуі жетпей жатса, онда ол ақсайды. Ал екеуі жетпей жатса, онда ол — үлкен сор.
Шынында сәл ойланып көрейікші. Барлаушылық, бақылаушылық қасиетің болып, жаңаны таптың дейік. Ал соны терең зерттемесең, жаза алмайсың. Өмірде кең қанат жаюы жолында күреспесең — онда не үшін зерттедің, не мақсатпен таптың ол жаңалықты. Кемшілік жөнінде де тап солай. Көрдің екенсің, оны тудырушы себеп-салдарды ізде, зертте, сосын жою жолында күрес. «Мен газетке жазғам, одан кейінгісінде шаруам жоқ» деу жаны ашымастың ісі. Ол журналист емес. Бір сөзбен айтқанда, журналистте барлаушыға тән — тапқырлық, ғалымға тән — тереңдік, білгірлік, күрескерге тән — табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық болуға тиіс.
Міне, сонда біз бүгінгі дәуірдің, қазіргі бақытты өмірдің шын мәніндегі шежіресін жазамыз. Жаңа заманның шежіресін жазу үлесі бізге тиіп отырса, бұл біз үшін үлкен мәртебе, биік мерей емес пе. Осыған орай қаламдас достардың есіне салып, ашық мойындайтын кемшіліктер жайлы да айта кеткен жөн.
Біріншіден, газет, журнал мақалаларындағы жансыздықтың, бірсарындылықтың, штамптың әлі де сірі жанды боп тұрғаны. Рас, соңғы кезде газеттер, журналдар, телевизор мен радионы іздену жолында көп нәрсе істеді. Жазылуы, ажары жағынан болсын, өзіміздің қазақ баспасөзінде айтуға тұрарлық жайлар бар. Дегенмен нағыз публицистикалық толғау, публицистикалық от әлі жетпей жатыр. Публицистиканың мерекелерде ғана келетін сирек қонақ екенін несіне жасырамыз. Онда да желпінетін мақсатта ғана беріледі. «Мерекелік номер ғой, бір желпінтетін мақала берейікші» деп айтатынымыз да сондықтан болса керек. Публицистика дегеніміздің өзі, шынын айтсақ, жалтырақ сөз, жадағай шабыс секілді боп кетті.
Меніңше, публицистикаға ең керегі ой, жан тербер, жүрек қозғар пікір. Әрине, сол ойды бар нақыш, ажармен жеткізер тіл керек. Ойлап қарасақ, айналамыз тұнып тұрған публицистика. Небір мәнді оқиғалар, проблемалар, небір ғажап адамдар бар. Сол проблемалардың мәніне, адамдардың жанына үңілсек, шын публицистика туар еді.
Социалистік Еңбек Ері Сәмиден Қилыбаев деген шопан бар Алматы облысының Жамбыл ауданында. Ол жөнінде газеттерде де, радиода да аз айтылған жоқ. Бірақ сонда көбіне-көп назар аударылғаны оның қанша қой бағатыны, қанша қозы алатыны. Әрине, ол жөнінде де айту керек. Өйткені оның негізгі өндірісі сол. Бірақ, осы адамның өзімен сырласып көрсеңіз әдеттегі «шопан» деген ұғымға сыймайтын тамаша сұлу мінездері бар. Сұлу мінез деп отырғаным, оның өте тапқырлығы — шопан боп жүріп ветфельдшерлікті үйренген. Үйіне барсаңыз қаншама газет, журнал алдыратындығының өзінен оның білімге құмарлығын аңғарасыз. Өрісте жүргенде қоржынында кітап, ерінің қасында кішкене радио қабылдағыш. Ол далада жүріп футболдың репортажын да, ғалымның кеңесін де тыңдайды. Қарапайым қойшыны осының бәріне ұмтылдырушы қандай күш? Оның тотыққан жүзінің, ұдайы күліп тұратын сүйкімді кейпінің ар жағында қандай сұлулық жатыр? Үңілеміз бе осыған?
Болмаса мына мысалды алайық. Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, «Қазақстанның 40 жылдығы» колхозының председателі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Никитич Головацкийді жұрттың бәрі біледі. Ол жөнінде баспасөз де телевизия мен радио да аз жазған жоқ. Бірақ ең бір керек жәйт айтылмай жүр. Николай Никитичтің председатель болғанының өзі жарты ғасырға жақындады. Колхоз жылдан жылға өрлеп келеді. Жасы келіп қалса да Головацкийдің басы қайнаған идеялар, жаналық десе жан ұшырады, адамдардың тілін табуда, жастардың қабілетін ашуда керемет бір сиқыры бар. Осының терең тамыры неде жатыр? Соны аша алдық па? Басқара білудің Головацкий жасаған мектебін жаза алдық па?
Бізге бүгінгі керегі жаңа адамдардың бойындағы жақсы қасиеттер, даму қадамымыз мысқылдап жинап, мысқылдап бойға сіңіріп жатқан қасиеттер. Журналистердің, адам жанын зерттеуші қалам иелерінің өз қабілетін сынайтын бір лабораториясы деп осыны айтамыз. Кімнің қанша қой баққанын немесе өнім жинағанын, жұмысты қанша процент орындағанын есептейтін статисттер, есепшілер бар. Рухани кемелденудің есебін кім шығарады?
Журналистер цифрлардың ар жағындағы қоғамдық құбылыстың мәнін ашушы, сол цифрларды өмірге келтіруші адамдардың бойындағы бүгінгі ұлы өзгерістерді зерттеуші. Міне, сезімтал ой, өткір қалам, жүйрік көңіл осы арада қажет. Публицистикалық сарын, публицистикалық от дегеніміз — осы. Яғни қоғамдық мәнді оқиғаның асылын аршып, анығын таныта білу деген сөз.
Біздің бүгінгі өміріміз қандай табиғи болса, баспасөз бетінде де сондай табиғи жазылуы қажет. Адамдарымыздың табиғи күйінің, өмір салтының, мінез-құлқының өзі — поэзия. Тек көре біл, көрсете біл. Осы тұста кейбір журналистердің мақтаса су жуытпай, сынаса сүмірейтіп жіберуге бейім тұратыны құптарлық жай емес. Ондайда сөзің де сенімсіз, өзің де сенімсіз бола бересің. Біраздан соң жұрт сенің жазғандарыңды оқуды қояды. Қалам иесі үшін бұдан үлкен жаза болар ма!
Бұл күнде партия қалам иелерінен өмірлік позиция белсенділігі мен жауапкершілікті талап етіп отыр. Бұл — өте жоғары талап. Журналистер үшін партия сенімін ақтаудан артық парыз жоқ.
ТАҚЫРЫПТЫ ТАУЫП ҚОЙ
Бұл жөнінде ұдайы сәтті қадамдар жасап жүретін "Лениншіл жас" газетінен бірде "Жарқырайды шахта үстінде жұлдыздар" деген тақырыпты оқыдым. Қос бетті алып жатқан осы бас тақырып өзінің жылылығымен, әрі мәнділігімен бірден назар аударды. Ол беттерде берілген жеке-жеке мақалаларға үңіле бастадық. Міне, "Ай лаваға сығалайды" деген жақсы атау алдымыздан тағы шықты. Мақаланы оқымай өте шығу мүмкін емес. Тақырыптар бірінен бірі өтеді. "Көзсіз батырлар", "Ағынды арна", "Жер астындағы жел". Сонымен берілген материялардың атауының өзін - ақ шідерлеп жібермейді. Бір ғана емес, мақалаларды бірінен соң бірін қарап, бүкіл екі бетті тұтас оқып шығасыз. Сонда бұл ненің күші? Әрине, мақаланың мазмұны өз алдына, сіздің алғаш көзіңізді тоқтатып, көңіліңізді аударған тақырыптар, сол тақырыптардың қуаты. Тақырыбына қарап оқитын материалдарды талғау — әр оқушының әдеті. Тақырып — мақаланың бірінші жаршысы.
Бұл мысалды "Лениншіл жас" газетінен алып отырғанымыз тегін емес. Өйткені бұл газет тақырып қоюға жауапты қарайды және оны өнер санайтын, бір тақырыпты екіншісіне ұқсатпауға тырысатын, сонысына жұрт қатты қызығатын республикадағы оқушысы көп басылымдардың бірі. Әдетте сәтті тақырып сәтті материалдарда болады.
Қазақ ұғымында «тақырып» деген сөздің екі мағынасы бар. Бірі кең көлемде, орысша «тема» деген ұғыммен тектес. Мысалы, ауыл шаруашылығы тақырыбына, сауда тақырыбына, саяси тақырыпқа десек, онда белгілі бір аумақты мәселені түсінеміз. Ал екінші ұғымы бір ғана хабардың, мақаланың, очерктің, фельетонның, әңгіменің аты жайлы. «Мына фельетонның тақырыбы жақсы екен» деген сөзді жиі естисіз. Сонда сөз сол фельетонға қойылған ат жайлы болып отыр. Яғни, бұл ұғым орысша «заголовок» деген ұғыммен тектес.
Біздің әңгіме етпегіміз осы екінші ұғым — жеке газет материалдарына қойылатын тақырыптар туралы болмақ. Кейінгі жылдары орталық газеттерден бастап аудандық газеттерге дейін тақырып қоюға талап күшейе түсті. Бір кезде кездесетіндей сүреңсіз, тартпайтын, оқушы көңілін оятпайтын, бір номерден екінші номерге көшіріп жүре беретін тақырыптар мүлде азайды. Мұның өзі жалпы газет материалдарының қызықты, тартымды болуымен өмірге қатар келген құбылыс.
Кейбіреулер хабарды немесе мақаланы, очеркті мен алдымен тақырыбын қоймай жазамын, тақырыпты ең соңынан ойланып қоямын дейді. Бұл дұрыс емес. Тақырыпсыз жазылған мақалада ой шашырап, адам белгілі бір бағыттан айырылып қалады. Әр нәрсенің басын бір шалып, оқушыға қажет мәселеден ауып кетеді. Тақырыпты күні бұрын ойланып қойып алу, бір сөзбен айтқанда қысқа жоспар секілді. Сен басқа жаққа ауытқымай мақаланың мазмұнын сол тақырыпқа сай етуге тырысасың. Яғни бұдан шығатын қорытынды тақырып газет материалының аты ғана емес оның қысқаша мазмұны да деген сөз. Тақырыпқа қарап ол материалда нендей мәселенің сөз болатынын оқушы бірден аңғаратындай болуы керек.
Жаңа жазып жүрген талапкерлердің ішінде мақаланы жазып болған соң, оның атын таба алмай дал болатындар жиі кездеседі. Бір атқа мақаланың бас жағы келгенімен орта және аяқ жағы келмейді. Екінші атқа аяқ жағы келгенімен бас жағы келмейді. Міне, бұл жаңағы жоғарғы айтқан нені жазу керек екендікті білмеудің салдарынан.
Тақырып қою жөнінде жас талапкерге болсын, тіпті төселген қаламгерге болсын үйренетін ұстаз көп. «Правда», «Известия», «Советская Россия», «Комсомольская правда» газеттерінде бұл ретте ізденудің, тапқырлықтың небір жақсы үлгілері бар. Тақырыпта аз сөзбен көп ұғымды беру, көкейге бірден қонымды болуы, айқайлап, адыраңдап тұрмай, ұстамды, жылы, тартымды болуы бұл газеттерде қатты ескеріледі.
Бір кезде партия тұрмысына жазылатын мақалаларда жаттанды тақырыптар көп болушы еді. Бұған революция жасаған «Правда» газеті. Бүгінгі оның бұл тақырыпқа берген материалдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қайта құрудың тегеурінді рухын алдымен байқататын осы газеттің осы бөлімнің материалдары. Бұл тақырыптағы мақалаларды жандандыру, сырлы ету жөніндегі дәстүр жалғасқан үстіне жалғаса түсуде.
Газет, журнал, жалпы баспасөз — үлкен трибуна. Сен әдетте белгілі аудиторияда сөйлегенде, алдында ары кеткенде мың адам болуы мүмкін. Ал газет бетінен сөйлегенде аудиторияң өте үлкен болады. Сенің жазғаныңды мыңдар, миллиондар оқиды. Сол мыңдар, миллиондар сынайды. Ендеше, әрбір ойға, әрбір жолға жауапты қарау керек. Ал бүкіл жазғаныңның жаршысындай болып тұратын тақырыпқа тіпті жауапты қарауға тура келеді. Кейбір жақсы мақаланы сәтсіз қойылған тақырыптың өзі-ақ оқытпауы мүмкін. Ал кейбір орта қол жазылған мақалаға жақсы қойылған тақырып көңіл аудартуы мүмкін.
Бірақ бұдан тек тақырыпқа назар аудартып, бар күшті тақырыпқа сал деген ұғым тумаса керек. Тақырып пен мазмұн бір. Біздің баспасөзде көптеген жылдар бойғы тәжірибеден қалыптасқан, сіңіскен тақырып қоюдың мынадай негізгі принциптері, оған қойылатын талаптар бар:
Тартымдылық. Қандай тақырыптар тартымды болады? Ойы бар, көркемдігі бар тақырыптар тартымды болады. Барлық тақырыпты тартымды ету мүмкін емес деп дауласушылар да кездеседі. Бұл пікірге қосыла алмаймыз. Тағы да «Лениншіл жас» газетінен мысал. «Аялы алтын бесік» деген тақырыппен өскен ауылды сыйлау, оның мүддесін көздеу жөнінде үлкен мәселе көтерілді. Осы атаудың өзінде қандай жылылық бар. Сенің өскен ауылың алтын бесігің, ол бесікті әрдайым қастерле, сол бесік болмаса, сен ержетер ме едің, өсер ме едің, ендеше ержеткенде де оны әрдайым есте ұста деген ұғым тұрған жоқ па? Дәл осы тақырыпты «Ауыл мүддесін әрдайым есте ұстайық!» деп беруге де болар еді. Бірақ мұның жылылығы жоқ, жүрекке «Аялы алтын бесік» дегендей, әсер етпейді. Көрдіңіз бе, бір мәселені, бір мақаланы екі түрлі атауға болады. Бірақ екеуінің оқушыға ететін әсері екі басқа.
«Заманды тыңда суреткер!». Дәл осындай тақырыпты «Комсомольская правда» газетінен оқылық. Айналасы үш сөзде қаншама қуатты үн жатыр. Мұндай тақырыппен берілген мақаланы қалай да оқып шығуға асығасың. Бүгінгі суреткердің борышын, парызын білуге тырысасың. Бұл тақырып тек суреткерлерді емес, бүкіл оқушы қауымды «мені оқы» деп шақырып тұрғандай. Тақырып күші, тартымдылығы деп осыны айтады.
Енді бір газеттен «Көңілдің шынысы сынбасын» деген тақырыпты көрдік. Атауының өзінде лирика, айтылар ойдың нәзік бір тізбегі жатыр. Шыны — тұнық нәрсе. Оны сындырып алу оқыс қимылдан ғана болуы мүмкін. Ал көңіл үшін сондай оқыс қимылды жасап, оспадарлық етуге бола ма? Көңілдің шынысы күнделікті шыныдан да тұнық, оданда нәзік болса керек. Ал оны сындырып алу орны толмас олқылық. Осындай әрі әдеби, әрі Философиялық үлкен мәні бар жайды тақырыптың аңғартып тұрғаны, ондығымен тартып тұрғаны қандай ғанибет. Атаудың өзіне қарап-ақ көңіл шынысын сындыратындарға реніш білдіре бастайсың. Бұл мақаланы оқырдан бұрын келетін ой саған. Ал оқып шыққаннан кейін?
Тартымдылық жөнінде көптеп мысалдар келтіруге болар еді. Өйткені баспасөз бетінде бұған ерекше назар аударылады. Әсіресе, көркем жанрлар — очерк, әңгіме, фельетон, новелла, памфлет, өлең жанрларында тақырыптың тартымды болуы — ең басты шарт.
Мақаламыздың бас жағында: «Советская Россия» газетін тақырып қоюға өте жауапты қарайтын газеттің бірі дедік. Соның бір-екі мысалын айта кету артық болмас. Алдыңызда сын мақала. Бұрын кездестірмей жүрген тақырып. Ұғымның қиысуы, сөздің іріктелуі мүлде басқаша. Бұл берілу жаңалығымен де назар аударады. Қойшы, сонымен қандай тақырып дейсіз ғой. «Несиеге берілетін алғыс». Бұл тақырыпты оқысымен ойланасыз. Ойландыратын не? Тегінде алғыс ардақтыларға беріледі. Ардақтылар ешқашан қарыздар болмайды. Өйткені өздерінің Отан алдындағы болсын, коллектив алдындағы болсын парызын кіршіксіз өтегендіктен де ардақты олар. Ендеше алғыс пен несиенің арасында қандай жақындық бар? Материалдың осылай аталуының өзі аса бір құпия сырға үңіл деп тұрғандай. Мұны саған білу керек сен мұндайдан аулақ бол деп ескерткендей. Сөйтсек, алғысты беріп алып, сол адамдардан ақы сұрайтын кейбір тайыз ойлы, парақор басшылар жөнінде екен әңгіме. Біздің қоғамымызға, біздің адамдарға жат мұндай әдеттен бүкіл мақаланың өнбойы емес, тақырыбының өзі-ақ сені жирендіріп тұр. Тауып қойылған, әрі оқушыны тартатын тақырып бұл.
Болмаса «Жастықпен алты ғасыр бірге» деген мақалаға зер салайық. Бұл Польшадағы көне қалалардың бірі Краков қаласы жөнінде. Бір кезде бұл қалада Ленин революциялық қызмет атқарған. Бұл қала тарихтың талай тауқыметін тартқан қала. Бірақ соның бүгінгі өмірі, сол қалаға деген жастардың бүгінгі сүйіспеншілігін беретін жоғарыдағы мақала мазмұны жағынан болсын, тақырыбы жағынан болсын тартып ала жөнеледі.
Бір сөзбен айтқанда, тақырып қоярда оның барлық бояуын — ұғымын, естілуін, жинақтылығын, дәлдігін, бәрін - бәрін ескеру керек. Сонда ғана тартымды тақырып таба аласың.
Нақтылық, өткірлік. Тартымды болумен бірге газет, журнал материалдарының тақырыбы нақты, өткір болуға тиіс. Жалпылама қойылған тақырып мәселенің үстінен дәл түсірмейді. Нақтылық, өткірлік тартымдылықтың жан серігі.
Міне, сіздің алдыңызда газет. Бірнеше жақсы тақырыптарды көріп, мақалаларды оқып шықтыңыз. Көзіңіз мына бір тақырыпқа ерекше түсті. «Ащы да болса, айтар шындық». Бұдан бірден аңғаратынымыз әңгіменің кемшілік жайлы екендігі. Және анау - мынау кемшілік емес, үлкен кемшілік, көптен орын алып жүрген, ет үйренуге айналған, ақыры үлкен дерт болған кемшілік. Осыны саған тақырып айтып тұр. Ар жағын оқымасыңа қояр емес. Шынында, шымбайға батар шындық екен. Мал мамандары фермаға келеді, кемшілікті көзімен көреді, блокнотына түртіп алады, орталыққа жеткіземін, көп кешікпей қарық боласың деп малшыға уәдені береді, сөйтеді де кетеді. Іс тынды, малшылардың арасында болдым, малдың халін көрдім деп орталықта өз бағасын арттырады. Бірақ соның жүрген жерінде қалған із жоқ. Осы бір маманның ғана емес, мал шаруалығында жүрген көп маманның әдетіне айналып кеткен жұмыс стилі. Барған жерде байыпты көмегі болмаса, көрген кемшілікті түзеуді колға алмаса — оның несі маман. Мал мамандарының осындай сүлесоқтығы ат үстінде жүріп қана ақша тапқысы келетіндігі, іске бел шешіп араласпайтындығы олардың сүйкімін алып бара жатқан жоқ па?!
Автор осындай - осындай пікірлер қозғайды. Және бипаздап, жай ғана айтады, жаны ауырған адамның жүрегімен қынжыла, қамыға жазады. Сол себепті де мақала жақсы оқылады. Жоғарыдағы кемшілікті көріп жүргендер де, көрмей жүргендер де тебіренеді. Көріп жүргендер «жаса азамат, жаның ашитын адам екенсің» дейді. Ал көрмей жүргендер «қап, мына жайды ескермеппіз ғой өзі» деп селт етеді. Мәселе де нақты, жазылуы да өткір, тақырыбы да өткір.
Бір кезде журналистер арасында сын мақалалардың тақырыбын аса ашулы қоймау керек деген пікірталасы болды. Ашынатын, ашық айтатын жай болса, оның тақырыбын жұмсартқаннан не ұтамыз? Әсіресе қазіргі қайта құру кезеңінде журналистерге үлкен сенім білдіріп отыр, халықтан кемшілікті жасырмауға үйретеді. Ендеше кемшілік жайлы өткір тақырып қоюдан қорқуға ешбір негіз жоқ.
«Салтанат үшін емес, сабақ алу үшін!» Осындай тақырыпты тағы да «Советская Россия» газетінің бетінен оқыдық. Жиналыстардың шақырылуы, онда айтылатын ойлардың мәртебелі болуы жайлы әңгіме қозғалады. Жөнсіз, уақыт алатын жиналыстардың не керегі бар. Жиналысты жұрт сағынып тұруы керек.
Қандай мәнді мәселе. Жиналысқа жұрт алтын уақытын қиып келеді. Ендеше ол уақыттың пайдамен өткеніне, сабақ болғанына не жетсін.
Осы газет «Директордың уақыты» деген тақырыппен бір мақала берді. Ондағы айтылатын ой: совхоз директорларында, бір жағынан, уақыт жетпейді, бір жағынан, уақыттары босқа кетіп барады. Осы кереғарлықтың орын алу себебі не? Біз директорлардың жұмыс стилі, адамгершілігі, іскерлігі жайлы материалдарды жиі оқып жүрміз. Ал директорлардың уақыты жайлы мәселе мұндай өткір қойылған емес. Біз ысырап атаулыға қарсымыз. Бірақ уақыт ысырабын, әсіресе басшылық жұмысындағы кадрлардың ысырабын неге көрмейміз.
Нақтылық, өткірлік — тақырыпқа әрдайым ажар береді, бедел әкеледі.
Қысқалық. Тақырыпқа үшінші бір қойылатын талап - қысқа болуы, аз сөзбен көп жайды аңғартуы. Қысқа тақырыптар баспасөз бетінде полиграфиялық жағынан да қолайлы. Оларды жақсы әріптермен көрнекті беруге болады. Қысқалық, сонымен бірге жеңіл оқылады, тез қабылданады.
Еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуының он екінші бесжылдыққа арналған Негізгі бағыттарына сәйкес мынадай тақырыпқа көзіміз түсті: «Алып жоба — ақиқат шындық». Небәрі төрт сөзден тұрса да, осында терең ұғым бар. Соңғы кезде баспасөз бетінде тақырыпты қысқа берудің жаңа бір түрі қолданылып жүр. Бұрын мұндай форма газет үшін қолайсыз секілді көрінуші еді, енді сіңісіп кетті. Айталық «Ой. Тәжірибе. Міндет», «Іздену. Еңбек. Жаңалық », «Қайта құру: Ізденістер, проблемалар», міне осындай өз алдына жеке-жеке айтатын мәселелерді жинақтап, бір тақырыпқа қана сыйғызу өмірде өзін ақтады. Бұрын мұндай тәсілге бірен-саран газет эксперимент жасаса, енді жаппай көше бастады. Жақсы жаңалық қашанда өзіне кең өріс ашады.
«Абайла! Алдында адам тағдыры». Бұл да ұзақ тақырып емес, қысқа тақырып, сыйымды, сыры мол тақырып. Тегінде журналистің өзге қалам иелерінен өзгешелігі қысқа жазуға шеберлігі. Азғана көлемде көп жайды көрсете алатын қабілетін ол шындай беруі керек.
Біздің — журналистердің бар ойы оқушыға қызмет ету. Оны ұзақ оқытып жалықтырмау, қисынсыз ойды айтып қинамау, жаңалықты айтып жанын жадырату. Тіпті тақырыптың қаріптерін іріктегеннің өзінде «осы оқушыға жеңіл оқыла ма, жоқ па» деген сауал тұрады. Текстегі тым ұсақ қаріптер қинайды, оқылуға қиын болады деп жататын сөздерді жиі естиміз.
Ұстамдылық. Бұл жалпы баспасөздің табиғатына ажар беретін принцип. Мәселені көтеру, жазу барысында қандай ұстамды болсақ, тақырып қоюда да сондай ұстамдылық керек. Мақаланың да, тақырыптың да ұстамды болуы сауаттылыққа, парасаттылыққа байланысты. «Әйтеуір бір шу болсыншы» деп жазылған дүние абырой әпермейді. Түптеп келгенде, ол баспасөздің беделін түсіреді.
Дегенмен, кейбір тілшілердің иә бір қуаныштың, иә бір реніштің үстінде отырып, мақаласына ақылға сыймайтын ат қойып жіберетін жайы бар. Сүйікті газеттердің бірі болғандықтан атын атамай-ақ қояйық, мынадай бір тақырыпқа кез болғанымыз бар: «Шындыққа ілеспейді қиял бүгін!» Совет ғылымы ғажайып жеңіске жетті, Айды былай қойып, Шолпанның сырына да үңілдік. Бұл шындық. Бірақ осы шындықтан қиял кейін қалды деуге бола ма? Қиял әрқашан шындықтан ілгері ғой. Біз Айда не бар екенін, Шолпанның қандай екенін егжей-тегжейлі білдік пе? Ал қиялымызда соған жеткіміз келеді. Яғни қиялымыз ілгері. Газеттің қиялдың шындыққа ілеспей қалды деуі ұғым жағынан да, ұстамдылық жағынан да дұрыс емес. Мұндайды ет қызуымен тартып жіберу дейді. Ал біздің оқушыларымыз білімді, пайымды, қиялдың қандай кезеңде, шындықтың қандай кезеңде екенін жақсы біледі.
Кейде мынандай жағдай болады: адамның өз ойы өзіне қатты ұнайды. Тапқан тақырыбы да тартымды секілді боп тұрады. Бірақ сол ойды қоғамдық биіктен өлшегенде қандай болады? Бір қатарымыз осыған назар аудара бермейтін болсақ керек. Ал газет, журналдың қоғамдық трибуна екенін ескерсек, оған жеке ойды, жеке пікірді таңа беруге ешбір болмайды.Тақырып таңдаудың ең жауапты тұсы осы ұстамдылығын өлшеуде. Әдеби жағынан әдемі, қысқа, естілу жағынан тартымды болуы мүмкін. Бірақ ұстамдылығы жетпей тұрса, ол тақырыпты тағы да ойлану керек.
Әлі есімізде: сонау бір жылдары Алматыда шығатын газеттердің бірінде бүкіл бетке берілген мынадай тақырып болды. «Жүгері - сүт, жүгері - ет, жүгері - құт, жүгері - ек! Былай алғанда жаман тақырып емес. Әсерлі естіледі, тіпті өлең боп та өріліп те тұр. Ал ұстамдылық жағынан ше? Біздіңше бар жақсылықты бір ғана дақылдың - жүгерінің басына үйіп-төге салуға бола ма? Өмірде жүгеріден де дарқан, одан да бағалы дақылдар бар. Соны біле тұра бұлай деу, әрине, әділдік емес, әрі науқаншылыққа ұрыну. Бұл бір кездегі айқайға үйірілу кезеңінің табы секілді.
Сауаттылық. Біздің бұл жерде айтпағымыз стиль сауаттылығы жайлы. Кейде сөз тіркестері бір қарағанда білінбей, жап-жақсы болып тұрады. Ал үңіле келсек, ұғым жағынан қарама-қайшылық, болмаса үйлеспеушілік аңғарылады. Республикалық газеттердің бірінде «Жайлау көктемі» деген очерк шықты. Сырт қарағанда сөздері қысқа, очерк тақырыбы сияқты. Ал ұғымына үңілсек, халықта жазда болатын жерді жайлау, қыста болатын жерді қыстау, көктемде болатын жерді көктеу, күзде болатын жерді күздеу дейді.
Ал сонда жайлаудың көктемін қалай түсінуге болады? Біздіңше очерктің авторы да, редакциядағы қызметкерлер де тақырып қоюға салақтау қараған. Әңгіме адамдар жөнінде. Жайлауға да, көктемге де телімей-ақ тіпті сол очеркке басқа ат қоюға да болғандай екен.
Немесе мына бір тақырыптағы сөз тіркестеріне зер салайық: «Сыр арнасы ақ толқыны ырыстың, сырдың бойы ақмаржаны күріштің». Осындағы екінші сөйлемде атауы басқа болғанымен ақмаржан мен күріш бір ұғымды білдіретін сөздер. Ырғақтың ығымен ұғымдық салмақты ұмытып кетушілік байқалады. «Ырыстың» дегенге «күріштің» деген ұйқас керек болсын дейік. Бірақ «ақ маржанның» орнына басқа балама табуға болатын еді. Және оны ұғымдық жағынан күшейтетін етіп іздеу керек-ті. Бұлай болмай қалыпты. Сол себепті де өлеңдетіп тұрған әдемі тақырып ұғымы жағынан шойқаңдап, ақсап тұр.
Қазақстанның мол астығы жолындағы күрес кезінде бір беделді газетіміз «Дән жорығы — ел ырыздығы» деген рубрикамен материалдар беріп жүрді. Сырттай сыңғырлап-ақ тұр бұл рубрика. Ал ішіне үңілсең мағынасыздық бар. Айтайын деп отырғаны дән жолындағы жорық ел ырыздығы үшін күрес деген ұғым болса керек. Ал мұны бұлдырлатпай, дәлірек неге бермеске?!
Кейде ел аралап жүргенде «тура газеттегіше сөйлейді екенсің» деген ілме сөзді естіп қалатын жай бар. Сонда сірескен, стильдік жағынан кірікпейтін сөздерді әжуалайтын болса керек. Міне, мұның өзі қалжың болса да, журналистерге айтылған үлкен сын, газет бетінде өзіміз байқамай қалатын салақтығымыз үшін жағымызға тиген шапалақ. Газетті жұрт құрметтейді. Оның жазғанынан ұдайы үйренуді мұрат тұтады. Белгілі бір мәселе жөнінде толғанғанда баспасөз не деді екен деп алдында жатқан басылымдарды ақтарады. Стильдік салақтық оларға берілген теріс сабақ. Ендеше бұл жағына сақ та, мұқият та болу керек.
Қорыта айтқанда, тақырып қоя білу - үлкен өнер. Оған қойылатын негізгі, талаптарды берік ұстану журналист шеберлігінің өлшемі, журналист қабілетінің таразысы.
ІЗДЕНІССІЗ ӨМІР ТҰЛ
Мен өзім журналистік қызметімді «Лениншіл жастан» бастағаныма қуанам. Өйткені мұнда жастық жалынды отқа да, суға да саласын, тыным таппай ұдайы ізденуде боласың. Ал іздену деген — творчество толғағы, қай жағынан болса да қамшылайтын күш. Ол бойыңа сіңіп алған соң, қайда жүрсең де сағынды сындырмайды, жүзіңді жарқын етеді екен. Бұл бір ғана менің пікірім емес. Ал коллективтік ізденіс болса ше! Үлкен бақыт, үлкен творчестволық лаборатория сонда. Бұған кезінде олай деп қарамауың да мүмкін. Өмірдің, буырқанған жастықтың қажеттігі, үйреншікті іс деп қана білесің. Есіл дертің сол қажеттілікті өтесем - ау, қатардан қалмасам - ау деген ойда ғана болады. Ал сол үйреншікті істе үлкен өнеге жатса ше! Қаз қалпында бәрін қағазға түсіре алмағаныңа өкінесің. Дегенмен кей сәттерге бүгінгі биік деңгейінен қарасаң, өзгеге де ұлағат боларлық өмір іздерін байқағандайсың, талпыныс іздерін көргендейсің.
Сонымен кезінде Саттар Ерубаевтай, Баубек Бұлқышевтай ор мінезді өрендер қаламын қайраған республикалық жастар газетінің редакциясына елуінші жылдардың бас кезінде университеттің, бір топ түлегі келіп қалдық. Соғыс жылдары шығуын тоқтатып, 1946 жылы қалпына келтірілген бұл газет бізді қызықтырды да, құнықтырды да.
1952 жылы январьда әдеби қызметкер болып редакцияның есігін ашқан, одан кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары, сосын жауапты хатшы болған маған «Лениншіл жас» әмсе ыстық көрінеді. Мынау жолдар газеттің 50 жылдығына байланысты арнаулы номер үшін жазылған, оның «ардагерлерінің» бірі деп тойға шақырылған адамның кейбір есте қалғандары болатын. Қысқа жазылса да бірсыпыра сырлар бар сияқты.
Май. 1955 жыл. Күнделік жазу бұрын дағдымда жоқ-ты. Осы сапардан кейін жазғым келді, аңсарым қатты ауды. Барлық бастан кешіргендеріңді есте сақтап қала аласың ба. Ал қазір қандай мәнді оқиғаларды көріп жүрсің. Бәрін болмағанмен негізгілерін түртіп жүрейін, күнде көргенді естігендерді тізіп жаза алмаспын. Дегенмен, шама келгенше елеулісін еске сақтауға ерінбейін.
Міне тыңға шабуыл басталғалы екінші жыл. Осы сапар қатты әсер қалдырады. Ғажап көрініс. Ғажаптық шалқар теңіздей ұшы - қиырсыз толқыған егінде емес, осы өңірге келген бөлекше бір өмір лебінде.
Тұсалмай, қысылмай жазсын дегендей тың игерумен байланысты газетіміздің де көлемін ұлғайтты. Жетісіне үш рет шықса да, бұрынғыдай булықпай, арқамыз кеңіп қалады. Жігіттер «көсілетін болдық енді» деп қуанысып жүр. Еңсеміз жоғары, етектей газет шығарып, ел қатарына қосылғандаймыз. Осы үлкеюдің өзі коллективке бөлек бір жігер әкелгендей. Иә, енді барымызды салып көрейік. Бұрынғы өкпе газеттің шындығы еді ғой.
12-февраль, 1956 жыл. Үлкен оқиға. Партияның XX съезінің қарсаңы. Бүрсігүні номер соған арналмақ. Қалайша әдемі етіп шығару керек? Бұл оқиғаның өзі халқымыздың өміріндегі елеулі кезең болса, оған арналған номер елеулі болуға тиіс қой. Осы ой бәрімізді баураған. Сапар, Бекмырза, Баянжан жанын салып ішкі екі бетті жазып жатыр. Тақырыптары жақсы: «Бүгінгі біздің жоба — ертең өмір шындығы». Айтар ой көп, сыймайды, — деп жүр олар. Бірақ үшеуі де бірімізден - біріміз жақсы шығарсақ дегендей іштей бәсекелесуі. Бұл номер бұл үшеуіне ғана емес, бүкіл коллективке сын секілді. Міне макетпен бас қатып мен отырмын. Бірінші бетке плакат, ортасында нотасымен партия туралы он. Осы варианты өзіме ұнайды. Өйткені, плакатты нотамен беру жаңалық. Тағы да қандай жаңалық табылады, ойлану керек.
25-март, 1956 жыл. «Сын семсері» келді өмірге. Соңғы уақыттағы сүбелі жаңалықтың бірі. Бүгін алғаш берілгендіктен бе, осы бетке қайта-қайта қарай бергім келеді. Тақырыбы айбынды - ақ: «Сөз қысқа: бюрократтықты кедергі, кеселімен, Түйрейміз өткір сынның семсерімен».
Қолында найзасы, жүйткіп бара жатқан атты. Оның ешкіммен тайсалар түрі жоқ. Иә, қазір осындай тіліп түсетін семсердей өткір сын керек қой. Кемшілік атаулыға қырғидай тиетін құрал газет бетінен көрінді ме деймін. Енді осы семсерді майырылтпай сілтей білсек, «Сын семсерінің» алғашқы бетін әзірлеген Әбілпейіз Ыдырысов. Енді бұл семсерді әрқайсымыз қолға алсақ шіркін.
14-февраль, 1957 жыл. Күн артынан күн, ай артынан ай, жақсы мәселелер туып келеді. Биылғы жылдың өзі коллектив үшін творчестволық өрлеу жылы болғалы тұрғандай. «Газеттерің барған сайын құлпырып барады» деген әңгімені жиі естиміз. Жақсы лебіз — жарым ырыс демекші, бұл сөздер қанат бітіргендей. Міне, осы бір мәселе де тағы бір бедел қосты - ау деймін. Жарайсың Камал! Сенің "Қыз намысың" шырқау биігіне жетті. Осындай сезімталдығың, байқағыштығың ұнайды - ау бәрімізге.
Тамаша, шынында да жақсы мәселе. Бұл әңгіменің көтерілуі тек қыздардың ғана намысын оятып қойған жоқ. Біздің жігіттердің де «намысын» қозғаған секілді. Байқаймын, бұл күндері әркім де осындай жаңа мәселені жазуға тың мәселе көтеруге ниетті.
3-март, 1957 жыл. Баянжанның ұландық достары мені де шаршатты. Бірақ бүгін номерді қарап отырсам, еңбегіміз зая кетпепті. Бірінші беттің өзінде - ақ бүкіл классымен малға аттанған Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы жас жалындардың игі ісі жарқырап көрініп тұр. Төрт беттің төртеуі де осыларға арналған. Тұрады арнауға. Үлкен істің қарлығаштары ғой. Сол қарлығаштарды қалай қондырам, қалай ұшырам деп макетпен біраз әуре боп ем. Бір қарауға жаман емес секілді.
1-апрель, 1957 жыл. Жігіттер біздің тау қопар десең тау қопарады «Жаңа, тың мәселе» деп жан ұшырады. Осы өрлеу барған сайын бәрімізді баурап барады. Тізсең біраз мәселелер қатар түзеген секілді. Камалдың «Қыз намысы», Әбілпейіздің «Сын семсері», Баянжанның «Ұланы», Бекмырза мен Саттардың «Комсомолдық істің сырлары», Хайдолланың «Малға 15 мың жасты жіберейігі» — бәрі-бәрі сала-сала болып орын алады. Бұрын бір номерге бір қызықты материалды беруге зәру болсақ, енді міне мені жібер, деп таласып тұратын материалдар көбейді. Әсіресе Хайдолла, өз сөзімен айтқанда машинка жанынан шықпай «бажылдап» отырып алады.
6-иіоль, 1957 жыл. Фестиваль! Фестиваль! Фестиваль! Осы үш сөз жыл басынан газет бетінен түспеді. Фестиваль жұмысымызға да бөлек серпіліс әкелді. Бірінен-бірі өткен бірнеше номерлер шығарайық дедік. Көреген Ақиқатұлы да осы фестиваль күндері туды. Міне «Көреген» бой бас мақала жазып отырмын. Жігіттердің ойынан шыға аламын ба, Көрегеннің атынан сөйлеуді маған тапсырды. Бас мақаланы біткен соң макетке кірісуім керек. Кеңседе үлгере алмай үйге әкелдім макетті. Бар «өнеріңді сал» деді жұрт. «Фестиваль күндерін қатырып шығару керек» деп жатыр. Көрейін енді шамам келгенше.
Бұл жолғы Тельманның көмегі үлкен болды. Бағанағы жасаған макеттері әдемі - ақ. Секретариатқа жаңа бір леп әкелген секілді. Фестиваль кезінде «Шаттық» диспетчері болуды да соған тапсырдық. Секретариатқа ғана емес, биыл осы бір жаңа леп, редакциядағы жас толқынмен бірге келгендей. Тельман, Шерхан, Сейдахмет, Қалихан, Совхозбек, Байболсын... Осы толқын —өзіндік өрнегі бар, үлкен үміт күттірер толқын. Қырандай қанаттарын қомдап, биікке ұшқысы келеді. Фестиваль бәрімізге де үлкен сын болғалы тұр.
7-июль, 1957 жыл. Бүгін бәріміз де кеш қайттық. Жұмыс күндегіден көп болды. Бірақ шаршамаған секілдіміз. Қызығып істегендіктен болу керек. Ертең тағы да фестиваль «әуресі». Бәріміз де асхана аралап кеттік. Оның себебі де бар. Өйткені, редакторымыз Абай Бейсембаевтан басқа ешқайсымызда үй жоқ. Жігіттер өзара қалжыңдағанда:
— Тың игерушілер де түгелдей пәтерлі болды. Біз әлі палаткада тұрамыз, — дейді.
Бірақ бұл жай ешкімді де ренжітпейді. Бәрінде де — бөлекше бір өрлік. Жұмыстың қызықтығы басқа олқылықтың орнын толтырғандай. Шіркін-ай, осындай жігіттерге бір-бір пәтердің кілтін ұстата салар ма еді.
10-октябрь, 1957 жыл. Биыл Ұлы Октябрьдің 40 жылдығы. Бес нөмірді қатар әзірлеп жатырмыз. Бірінен-бірі өтсін — ұран осы. Жігіттер идея іздеп, материал іздеп жан-жаққа кетті. Жаңа бедел, жаңа абырой әкелетін нөмірлер болсын. Әркімнің алға қойған мақсаты осы.
Газетке жазылудың алғашқы күндері де қуантты. 1955 жылы тиражды 40 000-ға жеткізу арман еді. Міне 70 000-нан асып кетіпті.
Тамаша! Пәтерсіз - ақ болайық, тиражымыз өссінші, газетіміз кемелденсінші.
13-май, 1958 жыл. Бүгін Совхозбектің Зейнолла Шүкіров жөнінде жазған очерк - бетін талқыладық. Жақсы жазылған. Соның өзінде ширай түссін деп көп пікір айттық. Тағы да өнде дедік. Совхозбек қиналса да келісті. Өйткені, жігіттердің ниетін түсінді. Жақсара түссе оған да абырой ғой.
Осы бір талқылау дәстүрге айналды. Кімде-кім тың мәселе көтеріп, қызықты дүние жазса, жиналамыз да оқимыз, оқимыз да талқылаймыз. Совхозбек те, міне, осы талқылаудан өтті, достардың, қаламдас жолдастардың қалтқысыз пікірін тыңдады.
Байлық деген жақсы ғой. Бірақ дәстүр байлығына, іздену байлығына, не жетсін. Бір жаңаға бір жаңа, бір ойға бір ой құйылса газет дәстүрі болып қалыптаса бермей ме!
27-сентябрь, 1958 жыл. Шіркін-ай, алты жылға жуық уақыт қалай зыр етіп өте шыққан. Бүгін толқу үстіндемін. Біз де «кәрілер» қатарына қосылып, енді басқа жұмысқа ауысу қамындамын. Жыл сайын жас толқын, жақсы толқын келіп қосылып жатыр. Соны қимаймын. Әлі істей тұрсам деймін. Демалысқа шыққанмен ешқайда барғам жоқ. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендейін ұшқан ұяны қиып кеткім келмейді. Жігіттер де қиятын жігіттер емес. Бәрінен де ыстығы солардың мөлдір достығы, жастық отымен жарқыраған тамаша жарастығы.
Жарастық демекші... реакцияда кейінгі кезде комсомолдық тойлар көбейді. Ол заңды да. Жас жігіттер бойдақ болып қашанғы жүре береді. Үйі болмаса да үйленетін мезгілдері жетті. Пәтердің жоқтығына қарататын емес. Өмірдің жарасымды жақсы талабы. Көңілді бір тойлар науқаны басталғандай. Нығмет Ғабдуллинді, Рахметолла Ыдырысовты, Мыңбай Рашевті, Бекмырза Баймахановты, Сапар Байжановты, Шерхан Мұртазаевты өзімізше бар сән - салтанатымен құтты орындарына қондырғандаймыз. Бір-бір қызға қосақтадық та жібердік. Баратын үйлер көбейді. Бұрын салмақ Хайдоллаға, оның келіншегі Мәулеге түсуші еді. Бойдақтар дәмді ас ішкісі, демалғысы келсе, сонда ай-шайға қарамай жиналып қалатын. Енді Мәуленің де жүгі жеңілдеді, кел деп үйге шақырар келіншектер кобейді. Пәтер жалдап тұрғанмен бәрінің де пейілі кең. Оны «Лениншіл жастың» қалыптаса бастаған тағы бір дәстүрі деп санадық.
Тойлар да бірінен соң бірі қызықты болып барады. Әндетіп барамыз, әндетіп қайтамыз. Жаңа түскен келіндерге айтар беташардың мазмұны: журналистке қосылдың, шыдамды бол, ол елді көп аралайды, түнде баспаханада түнейді. Жұмысының сипаты — уақытпен санаспау, бірақ тура жолдан адаспау. Сосын өлеңдетіп жөнелеміз:
Кешігіп қалса тыржима,
Күліп жүр үйде ылғи да.
Газетіңдей жігітің жалын боп жүрсін,
Жұрт іздеп оқыр дарын боп жүрсін,
Соңыра пенсияға шыққаныңда,
Аты әйгілі журналист шалың боп жүрсін.
Қаламақыны да күйеуің көп тауып,
Келінжан, қалтаң әмсе қалың боп жүрсін.
Жаңадан түскендердің бәріне «Лениншіл жастың» келіні деген арнайы атақ берілді. Өлеңді редакторымыз Абай Бейсембаевтан бастап бәріміз айтамыз. Совхозбек Тоғысбаевтың (кейін ол Бек болды) неопалитан әндерін айтуы тіпті аңыз болып кетті. Осындай тойлардың ертеңінде коллектив бұрынғыдан да тұтасып, бұрынғыдан да сұлулана түскендей. Бүркіт Ысқақов пен Байболсын Жұматаевтың, Бек Тоғысбаевтың үйлену тойлары да бөлекше есте қалды. Той өткізудің өзінде де «Лениншіл жастың» қолтаңбасы көріне бастады. Сол жарастықты қимаймын.
Сөйтіп толқып жүрген кезімде Сапар «Жаңа леп» деген кітабын Колыма ұстата салды. Оның алғашқы бетінде: «Кәкімжан! Осы болымсыз енбегіме көзің түскенде «Лениншіл жаста» бірге істеген отты жылдарды, ондағы тамаша жігіттерді есіңе аларсың!» депті. Осындай аяулы коллективтен түбі кететінімізді біліп жазғанын көрдің бе.
Жоқ, мен одан кеттім деп ешуақытта санамаймын. Қалам ұстауды үйретіп, бойдағы отты тұтатқан, тұсауыңды кесіп, тұрлаулы жолға салған газеттен, оның жақсы дәстүрлі коллективінен қалай ғана кеттім дерсің!
Бұл күнде «Лениншіл жаста» сол жылдары істегендердің алды алпыстан асып кетті. Бірақ сонау бір қимас жастық шақты бәрі де сағына еске алады. Әдемі өмірлер өріліп, таланттар кәсіп шығыпты. Басқаны былай қойғанда сол жігіттердің ішінен «Лениншіл жас» өзіне үш редакторды таңдады. Саттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртазаев, Сейдахмет Бердіқұлов. Жастар газетіне тән жақсы дәстүрлерді дамытуда бұлардың сіңірген еңбегі аз емес. Шерхан жүрген жерден, ол басқарған басылым беттерінен «Лениншіл жастың» өрлігін әрқашан көргендейміз. Сейдахмет болса, осы газетті қимай, жиырма жылға тақау бір толқыннан соң бір толқынның жастық отын бойына жинаумен болды. Редакторлық рекорд деген болса, ол соның иесі. Ал арамыздан ерте кеткен Саттардың қазасы лениншіл жастықтарды тағы да ұйыстырып кетті десем, бұл артық айтылған сөз емес. Сол бір 1967 жылғы 25 мартты қайсысымыз болсақ та ұмытқан жоқпыз. Қимас қаламдас достың, әрі жас кеткен азаматтың қазасы мейілінше ауыр болды. Жиырма жылдан соң папасынан алты жасында қалған Мұратты үйлендірдік. Ол да әке жолын қуып журналист мамандығын тандап алды. Бұл тойға да сонау елуінші жылдардағыдай бәріміз түгел жиналдық. Сонда жазылған мынау өлең жолдары біраз жайды аңғартады - ау деймін.
Саттардың баласы Мұраттың үйлену тойына.
О, Саттар, басың көтер көр мынаны,
Аһ ұрып, артың сенің көп жылады.
Мұратың мұңдарыңды тиыңдар деп,
Ер жетіп, отау тігіп бас құрады.
Алдымен ата болып ал сөзіңді,
Батаны айт балаларға бал сезімді.
Сенімен бірге өткен сонау күндер,
Тербейді - ау, толқытады - ау жан сезімді.
Құдаңды, құдағиды құшты кәні,
Үлбіреп Светаң да тур ғой әні.
Бұрылмас ол дүниенің кемесінен —
Бір сәтке, мына тойға түсші кәне.
Бұл тойда бал күндер дің іздері бар,
Бұл тойда бал күндердің күздері бар.
Бұл тойда өзің білген құрбылардың,
Бұл күнде қартаң тартқан жүздері бар.
Бұл тойда ақ тілеулі анаң отыр,
Бұл тойда Себеп, Мәлік панаң отыр.
Бұл тойда қаншама жыл қайысса да,
Отыңды өшірмеген Жанар отыр.
Бұл тойда Әбекеңдей ағаң отыр,
Бұл тойда Гүлжан гүлің балаң отыр.
Бұл тойда көптен күткен тума-туыс,
Келер деп бір өзіңе қарап отыр.
Бұл тойда Төлеухандай шалдар отыр,
Бұл тойда абзал небір жандар отыр.
Бұл тойда Мұратыңның құрбылары,
Жақсылап өткізуді қамдап отыр.
Бұл тойда жоқ болса да Жәкең отыр,
Бұл тойда Шерхан, Сейдаш, Кәкең отыр.
Әзіңнің әміріңе өзек болған,
Рухын «Лениншіл жастың» әкеп отыр.
Оу, Саттар, енді - дағы келмейсің бе,
Қызығын мына тойдың көрмейсің бе.
Кей жері ретіне келмей жатса,
Дұрыстап, өзің жөндеп бермейсің бе.
0, қиял, өсіп кейде барлайсың - ау,
Жақсымен жан пердесін жалғайсың - ау.
Қимас дос өлімін де ұмыттырып,
Алдайсың - ау, бір сәтке, алдайсың - ау.
Сөз арнасын азырақ досқа бұрдым,
Бұл үшін құда-жекжат, кешір құрбым.
Балалар бақытының басы болған,
Айналдым осы күннен осы жылдың.
Жемісі мәуелесін бақтарыңның,
О, бақыт, бұл жастарға ақтарылғын.
Қалайша мен тебіренбей тура аламын.
Бұл отау жалғасы ғой Саттарымның.
Бәрімізге аға секілді, көбіміздің алғашқы редакторымыз болған Абай Бейсембаев жөнінде айтар сөз бөлекше. Адамдарды қалтқысыз танитын қабілетімен, қашанда бір қалыптан жазбайтын сүйкімді қарапайымдылығымен ол өзін жастар арасында үлкен құрметке бөледі. Редактор да бәйге атын жарататын бапкер секілді ғой. «Ат шаппайды, бап шабады». Осы мақалды творчество тіліне аударсақ, сол бір жастардың өмір бастауында осы кісінің тұрғаны қандай жақсы болған. Әбекеңнің адам алаламайтын көңіл мөлдірлігі көбімізге жұққандай - ау.
Үлкен үміт күткен жас дарынның бірі Тельман Жанұзақов еді. Ол «Лениншіл жаста» редактордың орынбасарлығына дейін көтеріліп, кейін «Правда» газетінің тілшісі болды. Тельманды да, Баянжан Мәдиевті де ажал ортамыздан ерте әкетті. Бірақ олардың жас кезіндегі жақсы қадамы, жарқын мінезі коллективтік творчествода айшықты күйінде қалды.
«Лениншіл жас» түлектерінің өсу жолы, өмір жолы жалпы қазақ журналистикасының бедеріне белгілі із қалдырды деп білем. Солардың бірі — Сапар Байжанав «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығына дейін көтерілді. Бірнеше кітаптың авторы, ғылым кандидаты Мұқан Мамажанов, Хайдолла Тілемісов республикаға белгілі баспагерлер, Қазақ ССР- інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері. Кітап шығару өнері жөнінде бұл күнде қандай аудиторияда болса да кемелді пікір айта алатын азаматтар. Бекмырза Баймахановтың үтігінен өтпеген жастар ол кезде кемде-кем шығар. Өзінен гөрі өзгеге көбірек еңбек сіңіруді Бекеңнен үйрену керек деп жүретін қуақы жігіттер. Жас шыбықтай былқылдаған балауса талаптарды тәй - тәйлеуге ерінбегеннің бірі сол кісі. Бұл күнде ол да еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, журналда жұмыс істеудің мол тәжірибесін жинаған адам.
Камал Смаилов жауапты партия қызметінде болса, Әбілпейіз Ыдырысов журналисттердің келешек ұрпағын даярлау вахтасында. Екеуі де ғылым кандидаттары.
Кездесіп сырласа қалғанда арамыздан шыққан екі ғылым докторын — Нығмет Ғабдуллин мен Рымғали Нұрғалиевтың мақтана айтамыз. Ал ғылым кандиттарының өзінен бір ғылыми-зерттеу институты и жасақтауға болар еді.
Белгілі ақын-жазушылар Жұбан Молдағалиевтың, Әбіш Кекілбаевтың, Оралхан Бөкеевтің, Қалихан Ысқақовтың жоталы шығармаларын оқығанда екінің бірі бұлардың да тұсауын кескен, қанатын қатайтып ұшырған «Лениншіл жас» екенін біле бермеуі мүмкін. Сол бір жылдардағы еңбегі арқылы осы бір кемел таланттардың қол таңбасы жастар газетінде қалса, газеттің де қолтаңбасы, олардың шығармасында жүргені күмәнсіз.
Ол жылдардағы ұмтылмас оқиғалардың бірі — Шыңғыс Айтматовтың тырнақ алды шығармасы «Жәмила» повесінің қазақ тілінде тұңғыш рет «Лениншіл жаста» басылғаны. Оны қырғыз тілінен аударған өмірден ерте кеткен, белгілі әдебиет зерттеушісі Қалжан Нұрмаханов болатын. Саттар Бөлдекбаевтің редактор кезінде осы шығарманың жариялануына байланысты жас Шыңғыстың Алматыға келуі, онымен бірге редакцияда суретке түсуіміз естен кете қояр ма екен.
Бұл шығарманың жариялану тарихы да ізденуге толы жылдардың бір нышаны сияқты. Нендей тақырып қызық, оқушылардың жан - жүрегін қалай баурауға болады — міне осы жайлы ойлап, үздіксіз толғану әркімнен бой көрсеткен қасиет еді. Бұл күнде газет тиражы 200 мыңға жуық болса, ол өзінің әрбір оқушысының аяулы ақылшысына айналып отырса, бұл редакцияға жұмысқа келген барлық толқынның, олардың қолтаңбасының арқасы деген сөз. Сол қолтаңбалар тұтасып, ізденуден талмау дәстүрін құрады. Барлық толқын да ізденіссіз өмір тұл деп есептеді. Шынында да солай. Творчестволық шаңырақ үшін іздену қуаты күшті күн нұрындай.
ТАЛПЫНЫС ҚАНАТЫ ТАЛМАСЫН
1958 жылдан 1968 жылға дейінгі он жыл Алматы облыстық «Коммунизм таңы», одан кейін «Жетісу» газетінде өтті. Ең алдымен редактордың орынбасары, содан кейін бірінші орынбасары болып істеуге тура келді. Ол жылдардың бедері де жүрекке нұр құяды.
Мынау «Жетісу» газетінің бес мыңыншы номерінің шығуына байланысты редакция коллективінің 1967 жылы 30 сентябрь күнгі салтанатты жиынында жасалған қысқаша баяндама еді:
Тарихта талай сыр бар, талай жыр бар. Бүгінгі бес мыңыншы номеріміз де біраз тарихты еске түсіреді. Бүгінгі жеткен биіктен сонау өткенге қарасақ, есейгенімізді, кемелденгенімізді көреміз. Тарих бізге бұрынғыны шертер шежіре ғана емес, бүгінгіге қай биіктен қарауға болатынын меңзер белгі де, әр кезеңнің өзіндік қат-қабат қиындығы, құзар басы, құлама жартасы болады. Күреспен, өрлікпен соған шыққан ғана шыдамды атанбақ.
Өзімізге дейін баспасөз тарихын жасаушылардың көбі-ақ кезең қиындығын шыдамдылықпен жеңген.
Дәл қазір орыс тілінде шығатын газеттің бір пұшпағында қазақша жазудың тұрғанын көрейікші. Онда да араб тілінде. Өз көзімізге өзіміз сенбей, жүрегіміз су ете қалары сөзсіз. «Мынау өнердің қай түрі» деп қапалануымыз да мүмкін.
Таңданбайық, осы «Жетісу» газетінің сонау бастауы солай басталған. Совет өкіметі жеңісімен іле жарық көрген «Заря свободы» 8 март 1919 жыл газетінің пұшпағындағы осындай жазуды бұрын баспасөзі болмаған қараңғылығы басым халық қатты құрметпен қарсы алды. Ана тілінде жаңа дәуірдің жаршысын оқығанына қуанды. Ол кез үшін бұл сөкет емес-ті. Қайта бұрынғы меңіреу де мешеу дәуірдің зілімен бітелген кеудеге арайлап атқан алтын таңның нұрын мысқылдап дарытудың табылған жолы еді. Басқа амал да жоқ-ты. Полиграфияның жұрнағы да болмаған халық бірден дербес газетін шығарып кете алған жоқ.
Өздігінен газет болмаса да «Заря свободыдағы» сол бір қазақша бөлім өте қымбат. Ол бүгінгі отыз мың оқушысы бар «Жетісудай» газеттің арна алған алғашқы тол басы еді. Ол бүгінгі бес мыңыншы номердің бірінші номері болды. Ол Тоқаш секілді жалынның, Ораз секілді отты күрескердің, Ғани секілді жанған жұлдыздың көп алдында сөйлеу мінбесі болды. Осы бөлімнің өзі партиялық деректерді, үндеулерді ұлттық тілде еңбекші бұқараның жүрегіне жеткізуді көздейді.
Бұдан кейінгі кезеңдер де талай сырға бай. Жетісуда дербес ұлттық газет 1918 жылдың 21 июньінде жарық көрді дейміз. Оның аты «Жедесу өшсе халық мұхбире», татар-қазақ тілінде. Бұқараға арналған қоғамдық —саяси газет болды.
Одан кейін «Көмек». 1918 жылдың 16 декабрьінен 1919 жылдың 29 декабрьіне дейін шықты.
«Ұшқын». 1920 жылдың февралінен 1921 жылдың апреліне дейін.
«Кедей еркі». Жетісу облыстық партия комитеті мен Совет атқару комитетінің органы — 1921 жылдың 4 апрелінен 1922 жылдың авгусіне дейін.
«Тілші». Ұзағырақ шыққан газет осы. 1922 жылдың 18 авгусінен 1929 жылдың 24 июньіне дейін. Алматының астана болуына байланысты республикалық «Еңбекші қазақ» газетімен қосылды кейін.
«Сталин жолы». 1933 жылдан 1939 жылға дейін шықты.1939 жылдың мартында «Социалистік Қазақстанға» қайта қосылды.
«Коммунизм таңы». 1954 жылдың февралінен 1964 жылдың 1 майына дейін.
«Жетісу». і 964 жылдың 1 майынан осы уақытқа дейін.
Өздеріңіз шығарып отырған газеттің арғы тегіне тоқталуымыз тегін емес. Яғни бұл осу жолы бар, анау арпалыс жылдарының өзінен-ақ арна алған, асу - кезеңі айтуға, бүгінгі бес мыңыншы номері атап өтуге тұрарлық газет деген осы. Оның бойында революцияның от-жалыны, бейбіт бесжылдықтардың берекелі істері, еңбекшіл қауымның қажымаған қайсар күштері бар деген сөз.
«Жетісу» газеті жер жаннаты деп атау алған өңіріміздің шежіресін жазды. Ол анау-мынау шежіре емес, жаңа дәуірдің, советтік заманның шежіресі, жасампаз уақыттың сағатын санап, саналы азаматын тәрбиеледі. Бұл күрес жолы, есею жолы еді.
Сол жолда газеттің өзінің творчестволық беті айқындалды, дәстүрі қалыптасты. Бүгінгі біздер үшін, 60-70 жылдардың журналистері үшін ең ардақты нәрсе сол дәстүрге қылау түсірмей, қайта оны байыта, ажарландыра, әсемдендіре беру. Дәстүр байлығынан асқан мол қазына болмасқа керек. Жасалған, жылдар бойы жиналған дәстүрді ортайту — олақтың ғана ісі. Адам бойына рухани нор дарытатын газетте олақ отырса, оның қырсығы бірге емес, мыңға тиеді. Олақ журналистің берер тәлімі де шолақ.
Біз сонау тарихымызға үңілсек, олақ болуға хақымыздың жоқтығын түсінгендейміз. Тоқаш қалам тартқан дәуірден күресе білуді, жеңе білуді, жеңіске деген сенімге өзіңді біржолата бере білуді үйренсек, Ілияс қалам тартқан дәуірден арынды, азулы болуды үйренуге тиіспіз. «Тілшіде» шыққан уытты фельетондар — тап жауының сағын сындырып, сазайын берген фельетондар еді. Ол кездегі газеттен шырайлы өмірімізге қара күйе жаққысы келгендер күн қызуынан қорыққан қандаладай бұқты. Өткір қалам аяғымыздан шалғысы келгендерге найза болып түйрелді. Міне сол бір сын семсерін тот басқан жоқ па, қайраулы ма?
Талантынан ұшқын көрінген жас талаптарды тай ғып жарыстырып, ат қып бәйгеге қосқан екен. Бұл да біздің газеттегі кезімізде келелі міндет атқарған ізгі дәстүрдің бірі. Қандай дәстүрді қалыптастырмасын оның өзегі, арманы, ақырғы мақсаты партия мен халықтың бірлігін болаттай жымдастыру, осы ұлы екі жүректі бір - бірімен жалғастыру болыпты.
Бүгінгі газетіміздің барлық дәстүрін айтып тауыса алмаспыз. Алда келе жатқан елу жылдығы тағы бар. Оған да айтар сөз қалсын. Дегенмен тіпті қашық емес, анау бір жылдарғы ізденіс - талпыныстарымызды еске алсақ, тағы да серпіліп, тағы да өрлер ме екенбіз.
Озат тәжірибені іздеп жүріп жазғанымызды еске алайықшы. Сонау Ставропольдегі Малашенкоға, Ташкенттегі «Политотделге» тәжірибе үшін, соны өз еңбеккерлеріміздің игілігіне жарату үшін барған едік.
Соларды оқығанда өз қуанышымыздан оқушыларымыздың қуанышы асып түспеп пе еді. Журналист үшін оқушы алғысынан артық награда жоқ.
Партия ұйымдарымен бірлесе отырып, өзекті деген тақырыптарға диспуттер ұйымдастырғанымызды еске алайықшы. «Адалдық, парасаттылық — коммунистік моралдың түп қазығы», «Жамбыл атындағы колхоз артта деген атақтан қашан құтыламыз», «Жазушы — баспа — оқушы» деген тақырыптар көп уақыт талайдың аузында жүрді. Яғни ойланса ойлы дүниелер жасауға болады екен.
Уақыт талабы ең қатал талап. Ол сенің бүгін тәуір деген дүниеңді ертең ескіртуі ықтимал. Ал уақыт ескірте алмайтын, уақыт тоздыра алмайтын дүние жүректен шыққан дүние. Қанша жылдар өтсе де жүрек жалынымен жазылған еңбек ұмытылмай, еске түсе береді.
«Шаруашылықты басқару мектебі». Осылай деп істің ығын, халықтың тілін білгендерге небір беттер арналып еді. «Бұлар — Жетісудың мақтанышы» деп еңбегі жанын нұрландырған жақсы адамдарымызды жазуға тырыстық. «Секретарларды сырластырғанда» — партия ұйымдарының адаммен жұмыс істеудегі аса бағалы тәжірибесі. Салтанат үсті болса да айта кетейік, партиялық жұмыстың тәжірибесі салынған алтын сандықтың кілті әлі емін - еркін колға тимей тұр.
Осы қысқаша шолып өткендеріміз кезінде үйреншікті, газеттің күнбе-күнгі әбігері сияқты боп қана көрінуші еді. Бүгін бес мыңыншы номердің биігінен үңілсек, бүкіл бір коллективтің творчестволық қадамының табы, дәстүр қазынасына қосқан тамшысы екен. Яғни жақсы дәстүр атаулы, оның ішінде творчестволық дәстүр бір күнде аспаннан түсе қалмайды, қиыршықтан аршылатын алтынның түріндей түн ұйқыны төрт бөлген ізденудің, еңбектенудің арқасында жылдар бойы құралып, жылдар бойы жиналды. Дәстүрді жалғастырудың, қастерлеудің ардақты, жауапты болатындығы да сондықтан.
Бүгінгі салтанатта «Жетісудың» сол бір жылдардағы жақсы дәстүрін не деп айтамыз десек, оның аты - «Іздену» болатын. Ізденусіз газет — әлі газет. Ізденгіш журналистің сөзі — мың күндік, ізденбейтін журналистің сөзі бір күндік. Қою шаңның ортасында жүріп қонды түзегенше, елге, халыққа көрінер журналист жолды түзеу керек. Біздің газет өзінің тарихымен, өзіндік мектебімен талай журналистерді тәрбиелеген. Олардың бірқатары кешегі сұрапыл соғыстан қайтпай қалды. Бүгін бес мыңыншы номерді шығаруға байланысты салтанат үстінде қыршын кеткен сол бір қалам иелеріне, газетіміздің кезінде ойлы да оралымды болуы жолында күш салғандары үшін бас иейік.
Күні кеше өз арамызда қадірлі де қарапайым еңбеккерлер бар еді. Соның бірі күні-түні баспаханада газет бояуының исі мұрнына бармаса көңілі көншімейтін марқұм Ғафуров ақсақал болатын. Жайдары мінезі, макет сызудан жалықпайтын Әнуар Әукенов те аяулы қаламдастарымыздың бірі еді. Жыр десе жырға шебер, оқушыға оралымды оймен жеткізетін шебер, қай тақырыпқа салсаң да қайран қалдыратын материалдарды да төге беріп отыратын Мүсірепов Қосжанымыз да бүгін арамызда жоқ.
Бірақ біздің ойымызда, қазіргі салтанат үстінде олардың бойындағы ізгі қасиеттер отыр. Із қалдырған азамат халқына әмәнда қадірлі.
Биылғы даңқты елу жылдықтың газет бетіне енгізген ажары өз алдына бір төбе. Қазірдің өзінде-ақ «Жүрегім, жырым — Октябрь», «Жетісудағы жалынды жылдар ізімен», «Октябрь перзенттері» деген атпен аудандарымыз облыс еңбеккерлерінің алдында газет бетінде есеп беруде. Еңбек адамдары жайлы әдемі очерктер жарық көрді. Бұл дүниелер қаламынан шыққан журналистерге оқушы қауым жүрегінде жылы алғыс сезім бар.
Алайда, мерекелі жыл жөніндегі қорытынды жасау әлі ерте. Нағыз ауыр жүк көтерер шаққа жаңа келдік. Алдымыздағы бір ай, бір апта біздің де творчестволық қабілетіміздің таразыға түсер шағы. Сонау бір ізденгіштік дәстүрді дамыта алдық па, толыстық па, өстік пе - соны айнадай анық көрсететін кезең, міне, тап осы. Бұл кезеңнің сыны, жалпы биылғы жылдың сыны қай кездегіден болса да жауапты. Елу жылдың әрінде арқамыздағы жүкті қайыспай көтеріп, ізденгіштік дәстүрімізді байытсақ, онда шын мәнінде бұғанамыздың бекіп, кемелденгеніміз, кең өріске құлаш сермегеніміз.
Бес мыңыншы номерді шығарып отырған коллективтің шеберлігі шыны болса керек. Оның өткен мектебі — үлкен мектеп. Оның бойында елу жылға жуық уақыттың берген өмір сабағы бар, елу жылдай жинаған творчестволық дәстүрі бар. Ендеше кібіртік, тақырып табудағы тыныс тарлығы біз үшін үлкен мін. Кемшілік атаулы, олақтық, журналистік салақтық бізбен қоңсы қона алмауы керек. Осы тарихты қастерлеген, осы дәстүрді қымбат тұтқан адам ғана ол өзін іздену, өсу жолына салады.
Тарихи талап тұрғысынан қарасақ, әрине, газеттің бүгінгі дәрежесін бұрынғы кезеңдермен салыстырып болмайды. Бірақ, біз өз дәуіріміздің биігінен, бүгінгі таңда ұлы партия қойып отырған талап тұрғысынан қараймыз ғой. Бір кезде оқушының сауатын ашудың өзі газет үшін үлкен міндет еді. Ал біздің бүгінгі оқушымыз шетінен білімді, олардың талғамы зор, талабы күшті, мәдениетті өскен, мәртебелі қауым. Біздің бүгінгі заман, космос заманы. Біздің бүгінгі замандас — жаңа коғамды жасаушы. Дәуірдің осындай көркіне орай, сол дәуірдің жаршысы, айнасы болатын газетке де, журналистке де койылатын талап өзгеше. Бұл талап өзге өрені, бөлекше қалам сілтеуді қалайды. Бұл талап бізді өмір көшінен ілгері отыруға қамшылайды. Осындай кезеңде ескі багажбен ғана қалмай, ұдайы ойланғанның ғана, талмай іздегеннің ғана аты озбақ. Газетіміздің бүкіл осу жолы әрқайсымыздың зердемізге осы ақиқатты құяды. Ендеше еңбегіміздің қызығымен бірге үлкен қиындығы да бар екен. Қиындықты жеңгеннің өзі қызық. Ол сенің қаламыңды қайрап, қайратыңды жаниды. Оқушы қауымның келер уақыттан күтері көп.
Сол себепті бүгінгі салтанатта баршаңызға шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта әрқайсыңызға Тоқаштың бойындағы жалынды, Ілиястың бойындағы дарынды, тамашалығын өздерің тамсана жазатын жеті өзеннің бойындағы арынды тілер едім.
Бұл газеттің жоғарыда топтап айтылған игі дәстүрлерін енді азды - көпті саралап айтайық. Ол төмендегі жолдардың үлесіне тисін.
Сарғайған газет беттеріне қарай бергің келеді. Кезінде күнделікті істердің жай ғана хабаршысы сияқты көрінген материалдар енді уақыттың шежіресіндей елес береді. Редакция жұмысында қарбалас күндер көп, асыққан, аптыққан сағаттар жиі кездеседі. Осындай сәтте әрбір нөмірдің мән-мағынасын жете бағалай бермейтін болсақ керек.
Енді міне бірнеше жыл өткен соң қарап отырсаң, қаншама ойлар сол кездегі қалпында алдыңнан қайтадан өтеді. Қызығымен, қиындығымен етеді. Алпысыншы жылдардың бас кезі «Жетісу» газеті редакциясы коллективінің творчестволық іздену жолына түскен белді бір кезең еді. Журналисттердің ізденбейтін кезі жоқ. Дегенмен бірігіп бірлесіп іздеген кезде ол ізденістің қалдыратын ізі бөлек болады екен.
«Заманымыздың ерлері». Бір күнгі әдеттегі өтетін «летучканың» үсті. Газет бетіндегі еңбек адамдары жайлы қызу айтыс боп кетті. Беріп жүрген материалдар бір сарынды, еңбек адамдарының рухани өресін көрсетуге бармаймыз, өндірістік көрсеткіштерден ұзап шықпаймыз, қаншама тамаша замандастарымыз бар, — деген пікір айтылды. Бұл сөздің бәрі орынды еді. Осындағы «замандастарымыз» деген сөз жаңаша естілгендей болды. Жиынның соңғы жағында «Заманымыздың ерлері» деген жаңа рубрика ашсақ қалай болар еді деген ұсыныс айтылды. Бұл ұсыныс жұрттың жүрегіне ұялай кетті. Ал сол ерлер кім, енді соны іздеу керек.
Әлі есімде, осы рубрикамен алғаш шыққан материал республикада қызылша өсіру жөнінде аты шыққан Ақық Нұрмамбетов жайлы очерк еді. Иә, ол очеркте Ақықтың өндірістік көрсеткішінен гөрі адамгершілік қасиеттеріне, айналасына несімен сүйкімді болып жүргендігіне, жастарды қалай баулитындығына молырақ назар аударылған-ды. Очеркті автор үш рет жазды. Соның нәтижесінде ол жақсы боп шықты.
Ақық жайлы очерктің әкелген жақсы бір игілігі редакцияда жігіттер бір-бірімен бәсекелесіп, әр қырынан әдемі көрініп жүрген облыстың шын шамшырақтарын іздей бастады. Сол бір жылдары көптеген еңбек адамдарының бойындағы асыл қырлар, терең сырлар осы «Заманымыздың ерлері» деген рубрикамен берілді.
Тегінде бір жақсы ойдың келесі жақсы ойларға жетектейтіні бар. «Заманымыздың ерлері» деген рубрикамен берілген материалдарды қараудың үстінде бір күні маған оқыс ой келді. Осы жаңа, жақсы идеяларды жинақтайтын бір жиын ұйымдастырсақ қалай болар еді. Осы жиында әркім өз идеясының жақсылығын ғана айтып қоймаса, сол идеяны орындаудың жолдарын, тіпті жазатын жерін де көрсетсе. Жұртты жұмылдыру үшін сол жиынға ат қойып, айдар тақсақ... Осы ойды келесі күні редакторға Әбдуали Қарағұловқа айттым. Ол кісі дереу мақұлдады. Жақсы ойларды ортаға салатын жиынымызды содан былай «Қызықты ойлар сағаты» деп атайтын болдық. Осы қызықты ойлар сағатының алғашқы перзенті кім?
«Келешегіміз көктен түспейді», оны орнататын өзіміз, — дейді Кенжеғұлов Елеусін. 1961 жылы 29 мартта осындай атпен арнаулы бет шықты. Бұл беттің идеясының тууы да қызық. Ол кезде редакцияға партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Тұрсынбай Кәкімов болатын. Жақсы бір ой келіп қалса, соны тезірек жария етуге асығып жүретін жігіт еді.
— Насихат мақалаларын жиі береміз. Солардың біразы жұрт қызығып оқитындай жазылмайды. Маған бір ой келіп тұр. Насихаттық үлкен тақырыпты қарапайым адамның ойымен баяндасақ қайтеді, — деді ол.
— Жақсы идея екен. Иә, келешек коғамымыз дегенді біздің қарапайым еңбек адамы қалай түсінеді. Бұл тұрғыдан беру қызықты болып шығар еді. Сен осы тақырыпты кімнің атынан сөйлеуге болатынын ойлан.
Жақсы идеямен журналист командировкаға аттанды. Оның бірінші мақсаты — авторды табу. Бұл тақырыпқа жаза алатын ғалымдар, әрине, қасымызда еді. Олардың қайсысына берсек те айтқанды орындайтынына шек жоқ. Бірақ біз ғылыми атағы да жоқ, көп алдында көп сөйлеп те жүрмеген, бірақ өмірді көрген, көргендерін көкейіне түйген қарапайым адамды іздедік. Іздеген кісіміз Еңбекшіқазақ ауданынан табылды да. Сауаты аз, бірақ өмірдің өзінен көп оқыған қарт коммунист Елеусін Кенжеғұловқа түсті таңдау. Иә, Елекең ойдан шықты. Құрметпен ауылдастары пенсияға шығарса да, қарап отыра алмадым деп, өз тілегімен мал бағуға қайта барған адам екен. Материалды жазардың алдында Тұрсынбайдың қарт шопанмен қалай әңгімелескенін айтқаны әлі есімде. Бір қоспасы жоқ, осының бәрі шопанның сөзі деді.
Сол бетке міне талай жылдан соң тағы да қарап отырмын. Идеяның жақсылығына қызыққандығымыз соншама, газетке шығару үшін Тұрсынбай екеуіміздің бір жексенбіні сарп еткеніміз бар еді. Тақырыпшаларының өзі де ыстық көрінеді: «Сені оқытқан советтік шындық», «Өмірдің алтын кілті қолымызда», «Бірдің ісі кілегей, мыңның ісі - бірегей», «Әрқайсымыз үлкен іске мұрындық болсақ». Осы жүйемен қарт коммунист барлық ойын ортаға жайып салды.
Әлі есімде, сол номер шыққан күні идеология қызметкерлерінің кеңесі болған еді, кеңеске көптеген журналистер жиналған-ды. Олардың көбінің аузынан арнаулы бет жайлы әдемі сөздер естідік. Мұның өзі көздеген мақсатымызға жеткенімізді аңғартқандай болды. Өйткені журналистер әр нәрсеге сынай қарайтын қауым. Олар мақтау сөзді аса сақтықпен айтады.
«Озат тәжірибе мектебі». Бұл да қызықты ойлар сағатының белді бір перзенті. Көпке дейін газет бетінен түспеген тұрақты рубрикалардың бірі болды. Оның тууы да өз алдына бөлек бір тарих. Сырттағы жақсылық тезірек көзге түседі, ерекше болып тұрады. Бір кезде редакцияның Малошенконың тәжірибесін жазуға Ставропольге, жүгері өсірудің тәжірибесін жазуға Өзбекстанға кісі жібергені бар. Бір күні мәжілісте, қазір есімде жоқ, бір қызметкер «осы өзімізде де озаттар көп, солардың тәжірибесін жеке неге жазбаймыз», — деді. Міне озаттар тәжірибесінің тууына түрткі болған осы ой.
Қызықты ойлар сағатының идеясы жылдан-жылға байи түсті. Тың ойлар соның нәтижесінде газет бетінде жарық көрген жақсы материалдар коллективте шабыт әкелді. Сол бір кездің кейбір көріністерін күнделікке түртіп жүріппін. Күнделікті ұдайы жазып отыруға уақыт болған жоқ. Кей кезде қағазға түсіп қалғанның өзі өткен өмірден елес бергендей.
«1962 жылдың 28-марты. Бүгін газетте «Жамбыл атындағы колхоз артта» деген аттан қашан құтыламыз» деген бет шықты. Бұл бетті ұйымдастырған насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Жүніс Бектепов. Бет ұйымдастыру оған оңайға түспеді. Өйткені Жүністің командировкасы әдеттегі барып, блокнотқа түртіп әкеле қоятын командировка болған жоқ. Аудандық партия комитетімен бірлесіп, осы тақырыптағы жиналысты ұйымдастыруға өзі тікелей қатысты. Колхоздың барлық бригадаларында күні бұрын хабарландыру ілінді. «Жамбыл атындағы колхоз артта» деген аттан қашан құтыламыз? Бұл колхозшылардың өзіне қойылған сұрақ еді. Мұндай тақырыпта бұрын жиналыс болып көрмегендіктен алғашқы кезде колхозшылардың өзіне де тосын көрініпті. Бірақ жиналыстың үстінде аудандық партия комитеті мен облыстық газет редакциясының қандай мақсат көздегенін колхозшылар тамаша түсінген. Сол себепті де ойларындағыны қалтқысыз айтты.
Жүніс осы қос бетті шығаруға қатты асықты. Ойланған тақырыпқа сай фактіні кездестіргенде жақсы журналистердің жаны жай таппай жүретіні ұнайды - ау осы, шіркін. Жүністің жатық жазатынындай, бастаған ісін ақырына дейін әдемі апара білетіндей қасиетті әркімге берсе. Мынау екі бетін оқығанда өзіңді жорға атқа мініп келе жатқандай сезінесің.
Күнделіктегі жолдар осындай екен. Ол жолдар осы идеяның туу тарихына тағы апарып тіреді. Рас, ол кезде қазіргі Талдықорған облысының Ақсу ауданындағы Жамбыл атындағы колхоз (қазір «Қаргоз» совхозы) жиын атаулының бәрінде сынға ұшырайтын. Көрсеткіштері өте төмен болды. Председательдер құптамайды. Гәп колхозшылардың өзінде емес пе? Олардың шабытын неге көтермеске? Солармен ашық сырласып көрсе қайтер еді. Редакция қабырғасында туған осы ойларды аудандық партия комитеті, оның бірінші секретары Тұрсын Махметов қуана құптады. Бұл бір әдеби жанды, жаңалық десе жарғақ құлағы жастыққа тимей, ұдайы ізденіп жүретін адам еді. Жоғарыда айтылған қос бет сол сырласудың нәтижесінде дүниеге келген-ді.
Редакция дәл осы колхоздың өзінде арнаулы посты құрды. Ол посты жүрек тебіренткен үлкен әңгімеден кейінгі жаңалықтар, серпілістер жайлы жазып тұрды. Өзінің осындай қадамымен облыстық газет арттағы бір шаруашылыққа жәрдем көрсетуімен бірге, басқа шаруашылықтағы еңбек адамдарына да ой салды.
«Шаруашылықты басқару мектебі». 1964 жылғы газет беттерін ақтарғанда көзге түсетін белді мәселенің бірі осы. Талай жылдар ел басқарып, шаруашылықты өрге сүйреп келе жатқан облыста аз емес. Солардың басқару шеберлігімен ел үшін көп игілік жасап келе жатқандарды барлық қырынан неге көрсетпейміз? Бұл жақсы талап. Бірақ киын жұмыс еді. Пікір алысу кезінде шама келе ме деушілер де болды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, коллектив болып қолға алған соң бірсыпыра игі іс жасалды да. Осы рубрикамен Нарынқолдағы Ленин атындағы колхоздың председателі Әшімбаевтың, Шелек ауданындағы «Шелек» совхозының сол кездегі директоры Темновтың, Ақсу ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы совхоздың директоры Дәндібаевтың шаруашылықты, коллективі басқару тәсілдері жарияланды. Үшеуіне арнап үш бет берілді. Соның екеуінің авторы мен өзім болдым. Қиындығынан ба, әлде өзіміз босандық жасадық па, бұл рубрика кейіннен діттеген жеріне жетпеді.
Ол жайлы күнделікте былай деп жазыппын: «Ең бір жақсы рубриканы тарта алмай келе жатырмыз - ау. Менің байқауымша жетпейтін ең басты нәрсе сол бір ел басқарудың шеберлерімен ұзақ бірге болмағанымызда. Шаруашылықты жолға қоюды солардың өзіндей біліп тұрсақ, жеріне жеткізе жазар едік - ау. Гәп солардың өзіндей білмей жатқанымызда. Сол себепті де беттердің көп жерлерінде нақты тәжірибеден гөрі жалпы тұжырымдау дес алып кете берді. Дәл сол жерлері ел басқарып жүрген адамдар үшін су татуы мүмкін».
Дегенмен де «Шаруашылықты басқару мектебі» жұртқа біраз ой салыпты. Оны кейінгі облыстық бір жиында беделді совхоз директоры атап айтты. Газеттің қадамын шын жүректен құптайтындығын білдірді.
«Бұлар — Жетісудың мақтанышы». Аты басқа болғанмен осы рубрика сонау бір жылдарғы «Заманымыздың ерлері» атты рубриканың жалғасындай еді. 1965 жылғы газет көтерген мәселелердің ішінде белді көрінгені осы. Облысымыздың абыройын арттырған ардақты адамдар жайлы осы рубрикамен жиі жазып тұрдық. Олардың ішінде шопандар да, қызылшашылар да, диқандар да, өнеркәсіп озаттары да болыпты.
«Бір совхоз да он ғалым». Мұның өзі сирек кездесетін оқиға. Бірақ облыстан ол табылды. Кезекті «Қызықты ойлар сағатында» осы фактінің төркініне үңілуге тырыстық. Бұл біздің өміріміздің ұлылығын көрсететін, бүгінгі биігімізді аңғартатын оқиға. Ауыл тұрғай аймақта бір совхоздың өзінде он адам ғылыми жұмыспен шұғылданып жүр.
Міндет — осы фактінің әлеуметтік аса мәнді мағынасын көрсету. Мәселе осылай қойылды. Осы идеямен командировкаға барып келген редактордың екінші орынбасары Сарыбас Ақтаев жазған бет жұрт көкейінен шықты да.
Байқап отырсақ, әр жылдың творчестволық іздену жағынан бір - бірінен бөлекшелігі болыпты. Жалпы алғанда «Қызықты ойлар сағаты» жыл асқан сайын байи беріпті. Газеттің тікпесінен мынау бір жақсы идеяны жария еткен бетті де көрдік.
«Ауылына қарап, адамын таны». Қызықты ойлар сағатында өндіріс жайлы, адамдар жайлы жақсы рубрикалар туып жүр. Осы мәдениет саласында бір тәуір қомақты мәселені неге көтермеске? Қане, ойланайықшы.
Бүгінгі ауыл келбеті бөлекше. Үйреншікті болып кетті. Үйреншікті істің ұлылығын байқамай қалатын жай бар. Бірақ сол үйреншікті дегеннің өзіне де үңіле білген жөн емес пе. Әрі осы мақсатқа жетейік. Әрі адамдарға ой салайық. Ауыл мәдениетті болса, ауылда жақсы дәстүр қалыптасса, ол сондағы адамдардың, ең алдымен интеллигенцияның еңбегі. Интеллигенция мұрындық болған жерде жақсылықтар көп болмақ. Интеллигенция селқос болған жерде жаман әдеттер арам шөптей қаулап кетпек. Ендеше ауылыңның абыройы — сенің абыройың. Сен жақсы болсаң — ауылың да жақсы.
Осы ойларды салу үшін бұрынғы жылдардың тәжірибесімен Жамбыл ауданының «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозында аудандық партия комитетімен бірлесіп жиналыс өткіздік. Алдын - ала дайындық ісіне редакцияның өкілі қатынасты. Бұл істі мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бекен Әбдіразақов қолға алды. «Ауылына қарап адамын таны» деген бет соның қаламынан туды. Бұл 1966 жылғы сәтті басылған дүниенің бірі еді.
1967 жыл баршамызға мәлім, торқалы той жылы болды. Газет коллективінің творчестволық ізденуі бұрынғы қай жылғыдан болса да жемісті болуға тиісті. «Октябрь перзенттері», «Жалынды жылдар ізімен» атты рубрикалар осы жылдың жемісі. Өмірдің өзі шындаған шындық шымыр етіп өсірген адамдардың өнегесін алға тарттық.
...Сарғайған газет беттері. Сағына қарай бергің келе береді. Бәрі ыстық көрінеді. Біздің айтқанымыз 70 жылдай Алматы облысының өмірін жазған газеттің бір он жылдық өмірі ғана. Қалған уақытта да қаншама ізденістер, түн ұйқыны бөліп, көз майын тауысқан қаншама қиналыс сәттері болды десеңші. Сол күнінде, сол сәтінде қысылтқанымен, қиналдырғанымен кейін қуанышқа бөлейтін, өзгені де, өзіңді де демейтін журналист еңбегі неткен ләззатты едің. Қиындығын ұмыттырып, келесі күні жаңа тақырыпқа қайта қайрап салатыны да осы ләззаттың күші болса керек.
КІТАП - МӘҢГІЛІК ҚАЗЫНА
Кітап шығару — қызығы да мол, қиындығы да көп дүние екен. Адам өз басына түспей біле бермейді ғой. Газет шығаруға машықпыз деп күпигенмен кітап газет болмай шықты. Оның өз құпиясы, ерекшелігі, сыры бар. Өкінішке қарай осы сырға шет жағалап болса да бізді еш жерде ешкім үйретпепті. Бес жыл университетте дәріс алғанда кітап шығаруға байланысты бір де лекция тыңдамаппыз. Қарап отырсам, бұл өнердің төресі екен. Өнер болғанда журналистиканың бөлінбес бір саласы, қызықтыратын, қимайтын саласы ма дедім. Мұнсыз журналистика деген ұғымның өзі де олқы сияқты.
Мына қарапайым жайға ғана үңілейікші. Кітапқа кім қызыққанды, кімнің алғысы келмейді? Ал сол жұрт құмар дүниені қалай әдемі, мазмұнды етіп шығару керек? Қызығатынымыз оның кітаптығы болмаса керек, етер әсері, берер білімі болса керек. Осы тұста белгілі совет ақыны Николай Грибачевтің мына бір сөзі еске оралады «Кітап оқу мен үшін ғажайып саяхат, асқан ләззат, таптырмас демалыс, теңдесі жоқ университет. Мен кітапқа үйір емес, кітапты ұдайы оқымайтын адамдарды қатты аяймын. Адамның өзі үшін одан өткен қастандық жоқ. Кітапты сүймеу ақыл-ойыңды, жаныңды жүдету, оны аштыққа ұшырату деген сөз».
Қандай ғажайып сөз. Бір кезде жазу-сызуы жоқ қазақ елінде қазір қанша баспа бар. Жыл сайын бізде 30 миллионға жуық кітап шығады. Ұлы Абай көзінің тірісінде ең болмаса бір өлеңін баспадан шыққанын көрмей кетті ғой. Оның ең тұңғыш жұп - жұқа жинағын шығару үшін 2 жылдан астам уақыт керек болды. Онда да өлген соң ол жинақ Семейден 1907 жылы Петербургке жіберілді. 1909 жылы ғана әрең жарық көрді.
Осы бір салыстырмалы мысалдың өзі басқаны былай қойғанда біздің баспа саласындағы ірі жетістігімізді, мәдени ұлы өзгерісті көрсетеді. Мәдениеті ерте заманнан дамыған елдердің тарихына қарап отырсаң, кітап қай кезде болса да сол мәдениеттің өсуінің, дамуының, кемелдігінің басты көрсеткіші болған. Тіпті әуелі тарихтың не екенін танытқан да кітап десек, асыра айтқандық болмас. Кітабы болған елдердің тарихын тереңірек, кеңірек білеміз. Рухани қазына ретінде ғасырдан - ғасырға ол көп жайды аңғартып отырған. Егерде әлдебір елдің өткені жайлы аз білеміз десек, ол сол елдің жазуы, кітабының болмауынан. Яғни кітап дегенің мәңгілік қазына ма деймін.
Кітап жайлы өткенде де, қазір де небір ғұламалар, қайраткерлер, кемеңгерлер алуан түрлі тамаша пікір айтқан. Ол пікірлердің бүгін де, болашақта да құнды болып қала беретіні даусыз.
Міне, сол құнды қазынаның маңында қызмет істеуге тура келді. Кітап жасаудың өткен тарихын, оның адамзат өмірінде алатын орнын білу өз алдында, бүгінгі заманда бұған қойылатын талапты да, бүгінгі кітап шығару практикасын да мейлінше білу керек болды. Бүгінгі талаптың өскендігін аңғартатын бір көрсеткіш, алпысыншы жылдардың басында еліміз бойынша Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылғандығы еді. Осы атаудың өзінен аңғарылып тұрғандай - ақ кітап шығару аса мәнді үш процестің басын біріктіреді. Ол жазылуы керек, тұп нұсқада әзірленуге тиіс — мұны баспалар атқарып, сосын баспаханада терілуі, түптелуі қажет — бүгін бұл міндет полиграфия кәсіпорындарының мойнында, ол кәсіпорындар маңызы жағынан машина жасау кәсіпорындарынан бірде бір кем емес. Жұмысының күрделілігі үшін полиграфияда жұмыс істейтіндердің еңбек ақысы машина жасаушылардың еңбек ақысына теңестірілді. Бұл тегін болмаса керек. Ал үшінші процесс — дайын өнімнің, яғни кітаптың сатылуы, халыққа таралуы. Дайындалуынан бастап кітаптың адам қолына тигенге дейінгі бүкіл процесін бір қолда шоғырландыру, бір салаға біріктіру дұрыс ойластырылған жай сияқты, осы бір рухани қазынаға деген үлкен қамқорлықтың айғағындай. Кітап қадірі қатты көтерілген біздің елде ғана мүмкін нәрсе бұл. Оның үстіне барлық облыстық, қалалық, аудандық газеттердің материалдық - полиграфиялық базасына қамқорлық жасау да осы комитеттің мойнында.
Бір сөзбен айтқанда, жұмыс көлемі ұшан-теңіз. Мемлекеттік комитет председателінің үш орынбасарының бірі ретінде менің үлесіме материалдық-техникалық жабдықтау, кітап саудасы саласы тиді. Білмейтін ой-шұқыры көп киын сала. Бірақ, жұмысқа деген ықылас жақсы. Бәріміздің ойлайтынымыз қайткенде жас комитеттің жұмысын жандандыру.
1972 жыл. Негізінен істің жайымен танысуға, мәселеге тереңдеп үңілуге кетті. Әсіресе қағаз мәселесі кеп уақытты алады. Бұл үлкен проблемаға айналды. Бір кітап кідіріп жатса, бір газеттің келесі айға қағазы болмаса, хаттар, телеграммалар жауып кетеді. Қағаз өндіретін кәсіпорындар еліміздің қиыр батыс, солтүстік шет аймақтарында, ағашты өңірлерге таяу жерлерде. Сыктывкар, Соликамск, Красноярск. Уақытында кәсіпорындар жоспарды орындап тұрғанының өзінде ол қалалардан жөнелтілген қағаздардың жетуіне кемі бір ай керек. Ал кейде, тіпті өте жиі, бір комбинат болмаса бір комбинат тоқтап қалады. Бізге керегі оның тұру себебі емес, қағаз. Бұл шіркін тіпті түске кіруге айналды. Бір кітапқа қажетті қағаз болмай қалса, полиграфияның бүкіл графигі бұзылады. Яғни жұмыстың қарқынына, ырғағына елеулі нұқсан келеді деген сөз. Қысылған кезде жер түбіндегі қалалардың партия комитеттеріне телефон соғып көмек сұраймыз. Қалай да қарекет, қимыл қажет. Әрекетсіз болу деген сөз — қағазсыз қалу деген сөз. Қағаз жасаушыдан бастап кітап басушыға дейінгі бұл дүниенің ұзақ жолын мықтап біліп алуға тура келді. Қай жер селкеулік жасап, қай буынның бұрауы бос болуы мүмкін. Алдағы жылы осының бәрін ескеріп, қағаз мәселесінің қайта-қайта сілкілемеуіне қайтсе де жету қажет. Түптеп келгенде, мұның өзі тіпті саяси мәселе. Алғашқы түйін осы болды.
Қағазбен арпалысып жүрген күннің өзінде Мемлекеттік комитеттің мынадай перспективалы үш мәселемен түбегейлі шұғылданып жүргенін аңғару киын емес-ті.
Бірінші — кітаптың мазмұны үшін күрес, бұл жолда тақырыптық жоспар жасауды ширату, баспалардың, редакторлардың талапкершілігін күшейту. Авторлардың ығында кетпеу, авторларды ығына көндіру. Редакторлық өнердің өресі, өнегесі қандай болу керек. Осы сияқты мәселелер коллегия мәжілісінде талқыланып, небір керекті шешімдер қабылданды.
Екінші - кітап шығарудың мерзімін қысқарту. Кітап оқушының қолына уақытында тисе ғана өзіне жүктелетін міндетті жақсы атқара алмақ. Кейбір саяси әдебиеттердің жұрт асыға күткен зәру мерзімі бар. Оны өткізіп алып шығару — еңбекті далаға кетірумен тең. Яғни оперативтілік мәселесі кітап шығару ісіне де қажет. «Шықса болды ғой» деген самауқарлықпен қатты күресу керек. Кітапты нағыз қажет кезінде халықтың қолына тигізу ниеті редактордан бастап кітап магазинінің сатушысына дейін безек қақтырса. Бүйтіп жаны ауырмаса іс бола ма? Мысалы, оқу жылы басталып кеткеннен кейін оқулықтарды шығарудың не мәні бар? Мектеп оқушылары июнь айынан бастап зыр қағып келесі жылға кітап іздей бастайды. Жаңа оқулықтарды тап осы іздейтін уақытқа дейін дайын етші, халық алғыстан басқа не айтар екен. Осылайша әр басылымның керек кезеңі, жалпы ісімізге қызмет етер шағы бар. Ол шақты жіберіп алмау да іскерліктің бір көрінісі. Осы жауаптылықты қалай да бүкіл саладағы қызметкерлердің бойына егу керек. Мұны бір ғана жалаң насихатпен келтіру қиын. Баспаға да, полиграфияға да, кітап саудасына да бұл тұста ықпал етудің өзіндік жолдары бар. Сол жолдардың алуан түрлілігі қарастырылып, қанатты сабалап, қарману бар секілді. «Талпынған табар, ізденген жетер» деген ғой. Нәтижесі тап бүгін болмағанмен бір көрінер. Керегі - оралымдылық, тағы да оралымдылық.
Үшінші — бұл бір нәзік, бірақ керек нәрселер. Бүгінгі оқушы талғампаз оқушы. Ол кітаптың мазмұнына ғана емес, оның ажарына, полиграфиялық орындалуына да ерекше назар аударады. Магазинде ең алдымен әдемі кітапқа көзі түспей ме! Яғни шығарылатын өнімнің сырт көрініс, ажары жай мәселе емес. Кітаптың мазмұны жүректі баураса, ажары көзді қуантсын. Сөйтіп, кітапты көркемдеу бүгінгі таңда күрделі проблема дәрежесіне көтеріліп барады. Ол, бір жағынан, совет адамдарының өскелең рухани дәрежесін, жоғары тазалықты, техникалық-экономикалық норманы ескеруі керек болса, екінші жағынан, шын мәніндегі көркемдікке жетіп, оқушылардың эстетикалық талғамын, ой-өріс сұлулығын оятуға тиіс. Бұған баспаның да, суретшінің де, полиграфистің де, ең ақыры сорттап басылатын қағаздың қандай сорттан екендігінің де қатысы бар. Бір сөзбен айтқанда, кітап жасаудағы әдемілік әлеміне бойлау керек. Әдемі ойлаудың, әдемі салудың, әдемі терудің, әдемі түптеудің, әдемі басудың жиынтығы бұл әлем. Одақ көлемінде де, дүние жүзілік практикада да кітап ажары —өнер. Өнер болғанда үлкен өнер дәрежесіне көтерілген. Тап осы жөнінде жыл сайын Москвада, әрбір регион бойынша республика аралық конкурстардың өткізіліп тұруы да тегін болмаса керек. Осыдан былай сол конкурстарға әзірлену үшін басқару маған тапсырылды. Аса жауапты жұмыс.
Осы бір үш бағыт Комитет жұмысының бүкіл мазмұнын анықтағандай. Үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірінсіз бірінің күні жоқ, бірін-бірі толықтырып, байытып отырады. Тек тізгінді тең ұстау керек.
1973 жыл. Бұл жылдың басты оқиғасы Владимир Ильич Лениннің елу бес томдық толық шығармалар жинағының алғашқы томының қазақ тілінде жарық көруі. Жұртқа мәлім, Ленин шығармаларының 45 томдық жинағын қазақ тілінде шығару 1969 жылы ғана аяқталған болатын. Енді, міне, жаңа басылымға кірісу керек. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ол жөніндегі шешімі де шықты. Жұмыстың көлемі де үлкен. Түптеп келгенде мұның өзі республикадағы кітап басу ісіндегі айтулы кезең болмақ. Оның сыртында алғашқы томы 1971жылы жарық көрген Қазақ Совет Энциклопедиясы және бар. Бұл екеуі де бірегей басылымдар. Тексттерін әзірлеудің қиындығын былай қойғанда, полиграфиялық жұмысының өзі өте күрделі. Бұл екі басылымға керегі қағаз. Сыртын қаптайтын лидерін, түрлі-түсті суреттер, оның баспаханада әзірленуі кәдімгі зерттеудің жұмысынан аур болмаса, жеңіл емес. Қысқасы, бүгінгі баспа мәдениетінің осу дәрежеміздің арнасы болғалы тұрған басылымдар. Күнделікті жұмыс барысында бұл кітаптарға тап осы тұрғыдан қарауға тура келеді.
В.И.Лениннің 55 томдық еңбегінің алғашқы томы полиграфиялық жағынан жоғары дәрежеде шықты. Москвада шыққан нұсқасынан ешбір кем емес. Энциклопедияның бірінші томы Бүкілодақтық конкурста екінші дәрежелі сыйлыққа ие болды. Бұлда баспагер ретінде жүрегімізді қуанышқа бөлеп, бойымызға сенім ұялатты.
Тағы бір қуанышты жәй осы жылы, яғни 1973 жылы Кітап фабрикасының іске қосылуы. Мұның өзі Алматының әсем бір жерінде Абай көшесі мен Гагарин көшесінің қиылысында салына бастаған-ды. Тұтас бір қалашық болып жоспарланған. Фабриканың өз үйі, оның осы заманғы полиграфиялық машиналары болуға тиіс. Алматының құрылысшылары бұған дейін мұндай құрылысты салмаған болып шықты. Соның бәрін үйлестіру, әрі құрылысты тездету Комитетке де, сол фабриканы салушы дирекцияға да оңайға соққан жоқ. Бірақ жұмыстың қиындығын жеңудің өзі қызық қой. Марқұм Сатымбек Төлешев өте қайратты, оптимист адам еді. Денсаулығының нашарлығына қарамастан, аса зор табандылық, үлкен жігер көрсетті. Қазақ полиграфиясымен бірге жасасып келе жатқан оның аузынан үлкен романтикалық әңгімелерді еститін едік.
— Бұл фабрика біткен соң қазіргі қолдағы барлық полиграфиялық қуатты бірнеше есе орап алады. Көзіміз ашылады. Өзіміздегіні емес, өзгелердің кітабын басуға дейін барамыз. Осыны бітіруге ғұмырым жетсе, ар жағын сұрамас едім, — деп отыратын.
Терім жөнінде небір қиындықтар туған кезде жұлып алып шығатын ұйымдастырғыш өрлігі де, ерлігі де бар еді. Сатымбектің құлшынысы жалпы сала бойынша туып келе жатқан өрлеуге тән бір сындарлы толқын еді.
Фабриканың іске қосылуы үлкен мейрам болды. Жылдар бойы тар үйде әбден қысылып қалған адамдар кең бір жазираға шыққандай сезінді. Мұнда алдымен бұрынғы №2 баспахананың жұмысшылары, мамандары көшті. Бейнелеп айтқанда, аясы тар көлден айдын мұхитқа шыққан кемедей болды олар.
Фабриканың қасынан полиграфистер үшін тұрғын үйлер, балалар бақшасы, кітап саудасы басқармасының үйлері салынып жатты. Балалар үйі, төрт жүз адам оқитын кәсіптік — техникалық училище, оның жатақханасы жоспарланды. Қысқасы, шағын бір қала десе де болғандай. Председатель Ш. Елеукеновтің кабинетіндегі болашақ, «Кітап қалашығының» макетін көргенде осы бір жоспар жүзеге асырылған соң комитеттің өзі де кең бір айдынға шығатындай көрінуші еді.
Жұмыстың қат-қабатына қарамастан, тап осы жылы үлкен бір іс колға алынды. «Техникалық саясат пен полиграфиялық дамудың 1990 жылға дейінгі Негізгі бағыттары» деп аталды ол. Бұл жоспар бойынша әрбір облполиграфиздаттың, әрбір кәсіпорынның болашағы белгіленді. Онда баспа, полиграфия және кітап саудасы ісі одан әрі дамытудың нақты ұйымдастыру, техникалық және экономикалық шаралары қарастырылды. Мынау кітап фабрикасының іске кірісе бастауын осы үлкен жоспардың басы ғана деп білдік.
Бұл жылғы үлкен ауыр жүк басқада болды. 1973 жылдың 4 сентябрінен 9 сентябрьге дейін Алматыда Азия мен Африка елдері жазушыларының V конференциясы өткізілмек. Конференцияға дейін сол елдердегі қалам иелерінің көлемі 450 баспа табақтық 50 кітабы 1 миллионнан астам тиражбен шығуға тиіс. Мұның бәрін «Жазушы» баспасы әзірлейтін болды. Баспада мұрынға су жетпейтін шақ туды. Оның директоры Әбілмәжін Жұмабаев өзіне тән сабырлылықпен барлық істі байыпты бастап та кетті. Бірақ ол сабырлылық сырттай ғана екен. Әбекеңнің түн ұйқысы төрт бөлінген шағы аз болған жоқ. Анау-мынау емес, халықаралық сын ғой бұл. Комитетке ғана емес, республикаға, арысы бүкіл елімізге сын. Осы ойлар келгенде ұйқысы шайдай ашылған жалғыз Әбекең ғана болмады - ау деймін.
Бәрінен де шымбайымызға қатты батқан бір басылым бар еді. Ол — «Қазақстан» фотоальбомы. Конференцияның ең басты кітабы осы. Әрі тез, әрі өте әдемі етіп шығару жөнінде нұсқау алдық. Мұндай көлемді альбомды бұған дейінгі шығару тәжірибесі аса мардымды емес-ті. Мұндай альбомдарды Украина, Өзбекстан, тіпті Москваның өзіде шетелге бастырады екен. Шет елге заказ беруді уақыт көтермейді. Оған кемінде бір жарым, екі жыл керек. Бізде қалғаны тоғыз - ақ ай. Полиграфияның мүмкіндігін әрі екшеп, бері екшеп, өзімізде шығаруға тәуекел еттік.
Қинаған басқа жәй болды. Слайдалар аз, болғаны талапқа сай емес. Онда да жекелеген фототілшілердің қолында. Бұл уақытқа дейін орталықтандырылып бір қолға алынбаған нәрсе болып шықты бұл. «Барымен базар» принципіне барсаң, республика толық мәнінде альбомнан көрініс таппайды. Ондай альбом және кімге қажет. Не істеу керек? Дереу кейбір фотомастерлерді суретті жаңадан түсіруге жер-жерге жіберуге тура келді. Ал уақыт болса, барған сайын қылғындыра түсуде.
Альбомный, макеті жүз жасалып, жүз түзетілді десе болғандай. Суреттердің сапасын, орналасуын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өзі тікелей бақылауға алды. Өзгерткен сайын жақсара түсті. Альбомный тек суперобложкасының жиырма вариантының жасалғаны күні бүгінге дейін есте.
Альбом басылатын қағазды алдырудың өзі бөлек бір хикая болды. Москвадағы тиісті орындардың жәрдемімен француздың 20 тонна меловой қағазына келістік. Ол қағаздың шет елде дайындалып, Таллиндегі теңіз портына жетуіне 20 күн уақыт кетті. Ал Таллиннен Алматыға жеткізу үшін үш жарым ай керек болды. Бар топ мынада: бізге тиісті қағаз порттың теңізге таяу ең арғы шетіне түсіріліпті. Поезға тиеу үшін оның бер жағындағы барлық жүкті аршу керек. Күндіз-түні телефонда отырып, талай адамның мазасын алып, талай адаммен араздасып, әйтеуір май айында қағазды Алматыға әрең жеткіздік - ау. Қалған мерзім полиграфия үшін тіптен тығыз болды. Иә, полиграфия комбинатының коллектив!, оның директоры Меңдіғали Күзембаев зор жауапкершілік, аса орамдылық көрсетті. Конференцияның ашылуына алғашқы тиражды, конференцияға қатысушыларға жететін тиражды басып үлгерді - ау. Осы альбомның төңірегінде тоғыз ай бойы сыздаған жүрек 4 сентябрь күні В.И.Ленин атындағы сарайда оның бір данасын республика басшысы Азия мен Африка елдері жазушылары Ассоциациясының Бас секретары Юсеф эс - Сибай мырзаға сыйға тартқанда ғана барып басылды.
Келер жылы Москвада болған Бүкілодақтық конкурста қауырт жағдайда жасалған альбомымыз екінші бәйгеге ие болып шықты. Альбомды талқылау кезінде жюридің белді бір мүшесімен болған мынадай әңгіме әлі есте.
— Альбомдарыңызды шет елдің қайсысында бастырдыңыздар?
— Ешқайсысында емес, Қазақстанның өзінде, — деп күлдік.
— Мүмкін емес, мұндай басылымды шығаратын полиграфиялық база сіздерде болғаны ма сонда, — деп бажырайды.
— Титулдық бетті қараңыз, басылған жері жазылған.
Ол әлі де сенбегендей, соңғы бетін қарады да:
— Мынау ғажап, Қазақстан тамаша басылымдарды да бере бастаған.
Сол конкурсқа түскен кітаптарды көрушілердің бірі біздің альбом жайында пікір жазып қалдырыпты: «Альбомды ақтарып отырғанда ондағы суреттерді көріп жаның рахатқа бөленеді. Республиканың фотомастерлері мен полиграфистерінің шеберлігі таңдай қақтырады. Менің Қазақстанда әлденеше рет болғаным бар, альбомды қарап шыққаннан кейін бұл өлкеге бұрынғыдан да ғашық бола түстім». А. Касков.
Осы пікір СССР Госкомиздатының жанынан шығатын «Книжное обозрение» газетінде конкурстан кейін арнайы жарияланды.
Күні осы уақытқа дейін альбомның үйде тұрған данасын көрген сайын сол бір күндер қаз -қалпында көз алдымнан өтіп жатады.
Альбомның жасалуы ғана емес,сол альбомды тудырған оқиғаның өзі де біздің бар қабілетімізді таразыға салды. В.И.Ленин атындағы сарайдың бүкіл екінші этажына кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оның әзірлігі де альбомды дайындаумен қат-қабат жүріп жатты. Ол дайындықтың бір ұшы Москвада жатса, бір ұшы Алматыда болды. Бас суретші болып москвалық В.И.Савицкий бекітілді. Республика үкіметі бұл көрмені ұйымдастыруға 18 мың сом ақша бөлді. Көрменің сценарийі сан жазылып, сан түзетілді, ақыры Москвада барып бекітілді. Барлық қажетті материалдарын дайындаған соң монтаждау жұмысына 17-августа кірісіп, 3-сентябрь күні бітірдік.
Көрме негізінен 7 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімге СССР- дің құрылғанына 50 жыл толуына арналған мерекелік басылымдар қойылды. Екінші бөлім Азия мен Африка елдері жазушылары Ассоциацияның тұрақты бюросының Дели конференциясынан бергі қызметіне арналды. Мұнда «Лотостың» басылымдарына ерекше орын берілді. Үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы бөлімдерге СССР халықтары тілдерінде шыққан Азия мен Африка елдері жазушыларының кітаптары, Азия мен Африка елдері туралы совет ғалымдары, жазушылары, журналисттері жазған кітаптар, Азия мен Африка елдерінде шыққан совет жазушыларының кітаптары қойылды. Ал ең соңғы жетінші бөлім «Азат республикалардың мызғымас одағы» деп аталды. Мұнда совет халықтарының мәдени жетістіктерін бейнелейтін әдебиеттер тұрды. Бұл бөлім ерекше ажарлы болды. СССР Конституциясын, барлық одақтас республикалардың конституциясын былғарыдан арнайы заказбен жасатқан болатынбыз. Оларды жұрт ерекше ықыласпен көрді.
Орта Азия республикаларының, Қазақстанның кітап шығару жетістіктеріне айрықша көңіл бөлінді. Қазақ ССР- інің конференцияға дайындығының өзіне бөлек бір бөлім арнадық. Қонақтар бұл бөлімнен конференция қарсаңында қазақ, орыс тілдерінде әдемілеп шығарылған өз кітаптарын көрді. Көрмеде ұзын саны 2 мыңнан астам кітап қойылды.
4-сентябрь. Кешкі сағат 18.00. Конференцияға қатысушылар көрменің ашылуына қатысты В.И.Ленин атындағы сарайдың екінші этажындағы фоэде халық сыймайды. Республикалық Мемлекеттік баспа комитетінің председателі Ш.Р.Елеукеновтің кіріспе сөзінен кейін академик жазушы Ғабит Мүсірепов сөз алды. Ол конференцияға келушілерді жылы жүзбен құттықтап, лентаны кесті. Бұл сөздер ағылшын, француз, араб тілдеріне аударылып тұрды.
Бұдан соң көрмені жұрт жаппай аралады. Алғашқы күннің ішінде көрушілердің саны 4 мыңға жетті. Төрт күннің ішінде экспонаттардың, алдынан 10 мың адам өтті.
Сырт қарағанда көрме В.И.Ленин атындағы сәулетті сарайдың ғажайып интерьерімен әдемі қабысып жатты, жарқын да асқақ көрінді.
Конференцияның жұмыс қорытындысына арналып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде өткізілген кеңесте де Комитеттің жұмысы, ол ұйымдастырған кітап көрмесі жақсы бағасын алды.
Үлкен бір сыннан өткендейміз. Бойға сенім ұялай түсті. Қиын болса да, кітап әлемінде жұмыс істеу қызықтырып, барған сайын баурап бара жатқан секілді.
Көзді ашып-жұмғанша бұл жылдың да үш айы өте шықты. Міне, 22-26 апрель күндері Орта Азия республикалары мен Қазақстан баспа қызметкерлерінің, полиграфистерінің соңғы жылдарғы еңбегі сарапқа түспек. Алматыда кітапты көркемдеу, оны полиграфиялық жағынан орындау жөнінде конкурс өткізілмек. Мұның өзі әр республика астанасына кезектесіп келіп отыратын дәстүрлі конкурс. Басқа әзірлік жұмысын былай қойғанда, тас түскен жеріне ауыр, төрт республикадан, Москвадан қонақтар келеді. Олардың орналасуы, қаланы аралап көруі, жұмыс істеулеріне жақсы жағдай жасау - өз алдына бір әбігер жұмыс. Келген қонақтың риза болып кетуін бәрінен де жоғары санайтын халықпыз ғой.
Бұл ретте де азды-көпті тәжірибе жинақталып қалған. РСФСР, Өзбекстан әдебиеттерінің онкүндіктері, Латвия, Украина республикаларының кітап көрмесі өткенде біраз жайға қанық болып, біраз ойларды түйгенбіз. Прибалтика республикаларының кітапты көркемдеуі назар аударарлық - ақ. Ізденіс, жақсы ізденіс бар. Москвада өтетін Бүкілодақтық конкурстардың өзінде жақсы көзге түскен басылымдары жиі кездесіп жүр. Украина да кеп ілгері кетіп қалған. Оның Алматыда өткен көрмесі кітапты көркемдеу өнерінің шегі жоқ екендігіне көз жеткізді. Небір басылымдарына таңдай қаққанбыз.
Мұндай шаралардың ең зор пайдасы сені әмсе қамшылайды, жеткеніңе басқа биіктен, өзіңнің ғана биігіңнен емес, езгенің де биігінен қарауға мегзейді. Арысы мұның өзі — халықтар мәдениетінің өзара бірін-бірі байытуы. Әйтеуір ете шығатын, атқара салатын шара деп қарамай, осының барлығына көкірек көзімен, өз биігіңнің қандай екенін аңғару тұрғысынан қарау абзал. Республикалық биік, республика аралық биік, одақтық биік, халықаралық дегендер бар.
Міне, күткен күндер де келіп, бес республикадан 170-тен астам кітап, 100-ге жуық плакат, 35 журнал, 25-ке тарта газет сарапқа түсті. Москвадан келген жюри мүшелері шұқылап, ете қатаң қарап жатыр. Небір айтыстар, қызу - қызу даулар да болды. Әр республика ең әдемі деген кітаптарын әкелген ғой. Кімнің бәйгеден дәмесі жоқ дейсің. Бірақ «жақсы, жаман салыстырғанда көрінеді» демекші, мына конкурс сондай бір әділ таразы секілді.
Қорытындылай келгенде, Қазақ ССР- і бірінші орынға шықты. Оның тоғыз басылымы бірінші және екінші дәрежелі дипломдарға ие болды. Бірінші бәйгені «Қазақстан» фотоальбомы («Жазушы» баспасы), Қазақ Совет Энциклопедиясы және неміс тілінде шыққан «Соқыр жаңбыр» атты балаларға арналған кітапша («Қазақстан» баспасы) жеңіп алды.
Екінші орынға сегіз басылымы бірінші және екінші дәрежелі дипломдар алған Қырғыз ССР- і, үшінші орынға Өзбек ССР- і шықты. Бұл республиканың жеті басылымы жүлделі орынға ие болды.
Алайда қалпақты аспанға лақтыратын жай жоқ. Байқап қарасаңыз, бұл республикалардың өзі де тіпті құйрық тістетіп келе жатыр ғой. Нағыз сынақ алда — 1975 жылы Москвада тұңғыш рет өткізілетін дүниежүзілік кітап көрмесі. Халықаралық биіктік дегеніміз сол. Бұл көрмеге де дайындық жұмысы жүріп жатыр. Әсіресе осы 1974 жылдың басылымдарына үлкен үміт артылуда. Ол көрме тіпті бүкіл жұмысымызды қорытындылай - тыңдай болып көрінеді.
Әрбір конкурсқа қатысқан сайын, әрбір әдемі кітапты көрген сайын болашақ ұрпаққа, тіпті сонау келер ғасырларға бүгінгі күннің келбетін жеткізетін осы кітаптар сияқты болады да тұрады. Мәңгілік қазына дейтініміз де сол ғой. Сол себепті осы дүниеге бүгінгі күннің жиһазы, рухани ғана азығы деп қарамай, дәуірлердің сабақтастығын үзбейтін, адам баласына үнемі қызмет ететін ақыл - ойдың үлкен қайнары деп қарау жөн секілді. Көне ғасырлардан қалған санаулы басылымдары бұл күндерде қалай аялаймыз, сол бір заманның көзі деп, тіпті көп колға да тигізбейміз ғой оны. Қай елге барсаңыз да ондай басылымдарды алтынға да ала алмайсың. Баға жетпес қазына деген сол.
Республикада енді ""Кітап музейін" ұйымдастыру керек деген пікірдің тууы, оның қызу қолға алынғаны бекер емес.
Тағы бір жана да игі істің шеті көрінгендей. Одақ бойынша кітапқұмарлар қоғамын құру ұйғарылды. Біздің еліміз үшін мұның өзі өмір талабынан туған іс секілді. Жаңа нәрсенің болашағын кесіп - пішіп айту киын. Бірақ ізгі ниет екені даусыз. Алматыда Жазушылар одағының конференц-залында сол кітап құмарлардың республикалық тұңғыш құрылтай съезі болып өтті. Республикалық басқарма құрылып, Октябрь айында Москвада болатын кітап құмарлардың Бүкілодақтық бірінші съезіне делегаттар сайланды.
Бұл коғамды құрудың басы-қасында болу күнделікті жұмыста едәуір қарбаластық туғызды. Бірақ игі істен аянуға бола ма! Қоғам шұғылданатын жұмыстың ең өзектісі кітапқа деген құмарлыққа баулу, кітапты насихаттау, оны қалың бұқара арасына таратуға ат салысу, кітапты тәрбие берудің пәрменді құралына айналдыру, осы мақсатта кітап құмарлардың басын қосып, олардың әрекет - қимылын ұйымдастыру.
Біздің мерзімдік баспасөзде кітап өтпейді емес, жетпейді деген мақалалар жиі шығып жүр. Бұл сөздің өзі мәтелге де айналып барады. Шындығына жүгінсек, үлкен кемшілік кітап насихаттауда жатыр. Сатушыларымыздың дені өздерін сатушы деп қана түсінеді, насихатшы екендіктерін ұмытып кете береді.
Осындай өнеріміздің жетпегендігінен де көп адамдар шөліркеп іздеп жүрген кітаптардың басқа жерде үйіліп жатып қалуы, ақыры өтпейтін товарлардың қатарына қосылып кетуі жиі кездесуде. Кейбір кітап саудасы қызметкерлеріне көркем әдеби кітап өтімді, қоғамдық-саяси кітаптар өтпейді деген жаңсақ пікір бар. «Қалауын тапса қар жанады», насихаты келіссе, ол кітаптар да иесін табары хақ.
Кітапты сүйіп, кітапты аса бағалы қазына ретінде жиып жүретін адамдар бізде аз емес. Олармен әңгімелескенде үлкен ләззат аласың. Кітап арқылы адам жанының қалай нұрланып, адам парасатының қалай биіктегеніне көзің жетеді. Ондай адамдар сүйікті кітабын өзгеден аттай қалап алады.
Кітап насихатын жолға қоюда сүйенуге болатын үлкен резерв міне осы қоғам. Ол бізге ең алдымен кітап насихатшыларын көбейтуге көмектеспек. Кейінгі жылдары кәсіпорындарда, мекемелерде халық магазиндері көбейді. Мектептерде «Кітаптың жас достары» деген кооперативтер жұмыс істеп жатыр. Мұндағы энтузиастар кітаптың шын достары.
Көп жерлерде қоғамдық кітапханалар жұмыс істейді. Бұл да кітап құмарлардың инициативасымен туған нәрсе. Сол кітапханаларды құру, оның кітабын құрастыру, оларға оқушы тарту ешкімнің күштеуінсіз жүрек әмірімен істеліп жатқан дүние. Солай істеуші кітапқа деген құмарлық сезімі, кітапқа деген сүйіспеншілік. Бұл сезім бірдің көкейінен бірнеше адамның бойына тарап, уақыт ілгері басқан сайын кең арна алса, қандай абзал.
Республикада енді ""Кітап музейін" ұйымдастыру керек деген пікірдің тууы, оның қызу колға алынғаны бекер емес.
Тағы бір жаңа да игі істің шеті көрінгендей. Одақ бойынша кітап құмарлар қоғамын құру ұйғарылды. Біздің еліміз үшін мұның өзі өмір талабынан туған іс секілді. Жаңа нәрсенің болашағын кесіп - пішіп айту қиын. Бірақ ізгі ниет екені даусыз. Алматыда Жазушылар одағының конференц-залында сол кітап құмарлардың республикалық тұңғыш құрылтай съезі болып өтті. Республикалық басқарма құрылып, Октябрь айында Москвада болатын кітап құмарлардың Бүкілодақтық бірінші съезіне делегаттар сайланды.
Бұл коғамды құрудың басы-қасында болу күнделікті жұмыста едәуір қарбаластық туғызды. Бірақ игі істен аянуға бола ма! Коғам шұғылданатын жұмыстың ең өзектісі кітапқа деген құмарлыққа баулу, кітапты насихаттау, оны қалың бұқара арасына таратуға ат салысу, кітапты тәрбие берудің пәрменді құралына айналдыру, осы мақсатта кітап құмарлардың басын қосып, олардың әрекет - қимылын ұйымдастыру.
Осындай өнеріміздің жетпегендігінен де көп адамдар шөліркеп іздеп жүрген кітаптардың басқа жерде үйілігі жатып қалуы, ақыры өтпейтін товарлардың қатарына қосылып кетуі жиі кездесуде. Кейбір кітап саудасы қызметкерлеріне көркем әдеби кітап өтімді, қоғамдық-саяси кітаптар өтпейді деген жаңсақ пікір бар. «Қалауын тапса қар жанады», насихаты келіссе, ол кітаптар да иесін табары хақ.
Шыққан кітаптар оқушысын тапқанда, өзінің мазмұны мен қалың бұқараның жүрегіне рухани нұр құйғанда ғана негізгі мақсатқа жетеді. Кітапты әрбір коллективтің, әрбір семьяның, әрбір қоғам мүшесінің досына айналдыру керек. Бұл үшін насихат, пәрменді насихат керек. Оның аса тиімді түрлерін іздеу қажет.
1987 жылы, Ұлы Октябрь социалистік революциясының 70 жылдығы болған жылы Москвада бесінші халықаралық кітап көрмесі болды. Сонау 1975 жылдан бері бес керме. Бес рет Қазақстан кітаптары, басқа республикалардікі секілді, халықаралық сарапқа түсті. Қаншама ізденіс, қиналыс болды. Енді республика басылымдары шет елге жолдама алды. Мазмұны, көркемдігі жағынан өзіне өйтіп жол ашқан кітаптар саны әр баспада - ақ көбейіп келеді. Осу көрсеткіші деген осы емес пе?
Күнделікті қолымыздан түспейтін кітап атты дүниенің, міне, қаншама машақаты бар. Оның жазылуы, сосын басылуы, сосын насихатталуы, тарауы, оқушысын табуы, халықаралық жарысқа түсу — мұның бәрі сала-сала қиындықтар.
Журналист шіркін, сенің қай жұмысың оңай болған...
АҚИҚАТҚА АР СЕРІК
Мен ақын емеспін. Бірақ мөлдір сезімнің ағыны бар адамдардың бәрін ақын жандыға жатқызамын деп Сырбай айтпақшы, кей кезде келіп қалған ойларды елең жолдарымен қағазға түсіретін әдетім де бар. Сондай бір толқу сәтінде, дәлірек айтсам, қиналу сәтінде мына бір шумақтар көмейге келіп еді.
Арғымағыңды жамандап,
Тұлпарды қайдан табарсың,
Тұйғыныңды жамандап,
Сұңқарды қайдан табарсың.
Ой зергерін жамандап,
Көсемді қайдан табарсың.
Сөз зергерін жамандап,
Шешенді қайдан табарсың.
Қызғаныштың қыл құрты,
Түбіме жетсін демесең,
Өзіңе-өзің егесіп,
Өзеурейсің неге сен?
Табалау, таптау, қаралау,
Қалдырар мықтап ұятқа.
Парасат, ақыл, адал ар,
Жеткізер түбі мұратқа!
Жазушылардың бірін-бірі іреп - сойып, ақыры айтысы аяқталмаған екі жиыннан кейін, осы бір «пендешілік» ішіме сыймай, жазылған жолдар еді. Және ол сонау бір елуінші жылдардың бас кезіне қарай алып кетті.
Еске алудың өзі ауыр кез еді ол. — Енді ғана университетті бітірер шағымызда Мұхтардай алыпқа айып тағылып, таусылмайтын бір талқыға түскеніне куә болдық. Қисайтсам десе қиын емес екен ғой. Қазақ совет әдебиетін өз қолымен жасап, оны қалыптастыру, өсіру жолындағы қиындықты өз иығымен көтеріп келе жатқан, жас ұрпақты әдебиет атты сиқырлы күштің мөлдірімен сусындатқан, білімімен де, парасатымен де бәріміздің таңдайымызды қақтырған Мұқан бір емес, бірнеше жиында өзін - өзі ақтап сөйлеуге, «Кенесарыны дәріптеуші», «Ұлтшылдық пиғылдағы» деген жалалардың ешбір негізсіз екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Сонда ол кісіні осындай күйге түсірген, күпті еткен кім дейсіз? Кеше ғана аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып қағида етіп жүрген әдебиет пен ғылым төңірегіндегі өз әріптестері.
Ол шіркіндер жосықсыз бір науқанның шылауына ілесіп, азаматтық ар-ұятты жиып қойып, айтақтаумен ақты қара, қараны ақ деді. Өресіздердің өрекпелдігіне басып, әлдебір көңілінде жүрген қыжылдарын дабырайтып айтқан болды. Дәлелі жоқ, дәмі жоқ сөздерді құр айқай-шудың атына мінгізіп, адалдардан адамдықты, білімділерден надандықты іздеді. Дүниеде осындай жетесіздердің құрбаны болғаннан жаман не бар дейсіз. Таудан домалаған қар түйірінің етекке жеткенше ебедейсіз үлкейіп, күш алатыны секілді жала дегенің де жалғаса, жабыса келе тартпа ұйықтай сілеңді қатырып, сілікпенді шығарады екен. Әуезов қана емес, небір жайсаң, жақсылар сондай күйге душар болды. Сәкендей, Ілиястай, Бейімбеттей арыстардың түбіне жеккен осы пәле енді Мұхтарды да жұтқаны ма деп тұрғанда және оған аз-ақ қалғанда, бағымызға әділеттік атой салып, бой көрсетіп партия сол кездегі асығыс әрекет, асыра сілтеуді айыптап, қайран Мұхаңмен қайтадан жылап көрістік. Сол бір қалай да қаралауды мақсат тұтқан жиындарда Мұхтар Әуезовтің сөзі біздің жас жанымызға тереңінен толқитын мұхиттай әсер ететін де, жамандаушылардың сөзі әрең-әрең ағып жатқан жылымшы лай судай жиренішті болып көрінетін. Солардың бірінде Мұхаңның өрекпіп болмаған «сыншының» біріне орнында отырып, қасқая қарап, айтқан мына бір сөзі күні бүгінге дейін миымызға қашап жазғандай қалып қойыпты.
Қоқаңдайсың — шаппайсың,
Қопаңдайсың — ұшпайсың,
Қойсаңшы осы сен.
Сол қоқаңдағыштардан аз зиян шегіп жүрміз бе? Айыптауды ғана мақсат тұтқан айтыстардан қорқатыным да сол. Мұхаңдай адамдар небәрі алпыс үш жас қана жасаса, оның өмірін қысқартқан сол «жаптым жала, жақтым күйе» деген қарау принцип қой. Қазір қан жылап «қайран, қайран» деген сөзді жиі айтамыз. Күні кеше болып өткен 90 жылдық тойында сіңірген ғажап еңбектерін атаумен бірге, Мұхаң дегенде етегіміз жасқа толды. Өткен шақпен жоқтап, өткен шақпен ақылымыз орнына келгендей, сол кезде қайда қалдық? Ең қиын сұрақ бұл, әрі мына бір қағиданы үсті-үстіне еске салады: Айтыстың түбі — тартыс, тартыстың түбі —табалау. Табалауға жеткен соң-ақ тағылым алар ештеңе қалмайды.
Бұл жайды еске алып отырғаным тегін емес, тар пейілді, тайыз ойлылар кезінде баспасөзді мықтап пайдаланды. Етек - етек материалдар шығып, тек қана ақиқатты жазу, ақиқатқа арды жолдас ету жөніндегі ең асыл принципіміз бұзылды. Ол кезде баспасөз басында тұрғандар, әділеттікті белден басып, шындыққа қиянат жасағандар қазір кіруге тесік таппайтын болар-ау.
Қаламгердің бүгінгі келер ұрпағын осындай солақайлықтан сақтасын. Қазір елімізді жаңа белеске көтерер қайта құру процесі жүріп жатыр ғой. Тазару, жаңару процесі дейміз мұны. Демократия мен жариялық бұл кезеңнің ең пәрменді де тиімді құралы. Олардың әр кезде-ақ тонын өзгертіп, шындықтың жоғын жоқтаушылар болып шыға келетіні бар. Қалам қайраткерлері осылардың қармағына түсіп қалмаса... Ең берік, ең әділетті, ең батыл позиция соларда болса. Өйткені партия ісін алдымен қуаттайтындар солар, өмірдің ец батыл барлаушылары солар. Жаңа кезеңдегі, жақсы кезеңдегі жаны таза күрескерлердің ортасында жүріп, күрескерлік шынығу мектебінен өтетіндер де солар. КПСС XXVII съезінен бері ерекше сипатқа ие болған шындық тілі баспасөзді жандандырып жіберді. Оның халыққа жақындығы бұл күнде тіптен ерекше. Ақиқатты ту етіп, ақылшысы коммунистік ар болған қалам қайраткерлерінен үлкен үміт күтеміз. Өткенімізде де, бүгінімізде де олар аз емес. Небір қайсарлықтың, қаһармандықтың, ақылдылықтың өнегесін көргенбіз де. Болашақ журналистерге бергіміз келетін эстафета осы ғана болса екен. Бұл мамандықтың қиындығының өзі қызық. Сол қызыққа тоймаудан асқан сұлулық жоқ. Өйткені ақиқатқа ар серік болған жерде бәрі де сұлу ғой, шіркін!?
Осы орайда орта мектепті бітіріп журналистика факультетіне түскеннен кейінгі ауылдағы бір кездесу есімнен ешбір кетпейді. Әкем ерте қайтыс болғанымен әкемнің көзін көргендер бар еді. Қуанысып, қаумаласып ортаға алды.
— Оқуыңды тауысқан соң кім боласың, - деді бір ақсақал.
— Журналист боламын.
— Ол қандай мамандық? Қарағым - ай, прокурордың оқуына неге түспедің? Отырған жұрт ду күлді.
— Болмаса райком неге болмадың?
Ел арасындағы ең беделді жұмыс деп ұққан ақсақалдар болашақ мамандығыма көңілі толмағандай қайта сұрады.
— Не істейсің сонда?
Түсініктірек тілмен қалай айтуым керек?
— Газет, журнал, кітап шығарамыз.
— Ие, ие, — деді сонда Матай деген ақсақал. — Жазамын, ақиқатты жазамын десеңші. Ол ардың ісі ғой.
Көпті көрген қарттың аузынан шыққан осы бір сөзді қолыма қалам ұстаған сайын есіме аламын.
ЕҢБЕК - АДАМ ШЫРАЙЫ
Адам адам аталғалы еңбектің біздің еліміздегідей құдіретті болғанын тарих көрген емес. Көне тарих талай коғам көшін көз алдынан өткерді, талай дәуірге тамыршы болды, талай ғасырмен сырласты. Соның бәрін жинақтап жазып келеді. Кәрі шежірені қалай ақтарсақ та көре алмас - ек еңбектің мұнша мәртебелі болғанын.
О неге? Фридрих Энгельс айтқандай адамның өзін адам еткен еңбек емес пе еді. Сол күштер неге сонша тұсалып келді, ол неге соншама қорғаншақ боп бойын көрсете алмады?
Белгілі алып Прометей туралы бүкіл дүние жүзі білетін даңқты аңызды еске түсірейік. Зевс құдай елге ырыс әкелемін дегені үшін алыпты тасқа тағандап, бауырын құсқа жегізген. Сонда әлгі құзғын құс Прометейдің бауырын бүгін шоқып жеп кеткенмен ертеңіне алыптың бауыры қайта қалпына келеді екен. Бірақ төрт тағандап жатқан Прометейдің қозғалуға, қорғануға мұршасы жоқ, азап көріп, жемтік болып жата берген. Құзғын қанша жесе де ұлы алыптың бауыры оған таусылмаған. Содай аянышты халге душар болған Прометейді Геракл келіп босатқанда ол қалай сілкіндірді дүниені...
Адам еңбегі де жаратылысынан сол Прометейдей алып. Бірақ оны тапжылдырмай бас сап, еңсесін көтертпей езіп, бергенін бір өзі ғана қылғып, күнде жесе де тоймаған, жеуін бірақ ғұмыр бойы қоймаған құзғын болды. Ол - қанаушы тап. Ғасырлар бойы құрыш қолдың күшімен келген игіліктің бәрін сора берді, сора берді.
Прометейдей тағандап жатқанның өзінде адам қолының, адам еңбегінің бұл әлемге әкелгенін көрсеңіз. Анау мысырдың пирамидалары, ел аузында аңыз болған Үнді сарайлары, Вавилонның «Аспан баулары» мен ежелгі Элладаның таңғажайып мүсіндері, Париждің лувры мен Хауа ана ғибрадханасы, Ұлы Қытай қамалы мен Бирманың алтын пагаодалары — міне осының бәрі де ғажайып туындылар. Бұл туындыларды жасау жолындағы өнер, еңбек мехнаты ұрпаққа мұра. Адам қолынан еңбек арқылы келмейтін ешнәрсе жоқ екендігіне дәйекті дәлел - жігер мұрасы, қайрат мұрасы, халық мұрасы... Амал не...
Талай ұрпақ, талай әзиз жандар еңбек әкелетін жұмыстың ең керемет игілік екенін дәлелдеуге ғұмырын сарп етті. Осы жолда тарихты тандандырған жаңалықтар ашты. Олардың істеген ісіне үңілсең, адамның еңбек арқылы небір ғажайып қасиеттерге ие болатынын көресің. Ф.Энгельс Аристотельді оның басына сыймаған ғылым жоқ деп өте жоғары бағалаған болатын. Көне замандағы бар ғылымнан хабардар болған бұл адам. Не үшін сонда..
Одан беріректе өмір сүрген Италияның суретшісі және дана ғалымы Леонардо да Винчиді білмейтін адам жоқ. Ол тарихқа тек ғалым, суретші ретінде ғана емес, сонымен бірге инженер, құрылысшы, жазушысы, архитектор ретінде де мәлім. Ол толып жатқан механикалық, физикалық және химиялық аспаптарды жасап кетті. Ғажайып музыкант есебінде Леонардо лютни атты музыкалық аспапты жетілдіруге жанын салды. Көрдіңіз бе, мұншама қабілет, мұншама кең тыныс өз өмірін тек еңбек жолында сарп еткен адамның ғана бойында болған. Осындай ұрпағына ұлы мұра қалдырған адамдардың еңбегіне қандай теңеу дәл келер? Амал не...
Италияның ұлы перзенті дүние салғаннан кейін екі жүз жылдан соң адам баласының көгінде тағы бір жарық жұлдыз туды. Ол орыстың ұлы ғалымы М.В.Ломоносов. Оның бүкіл творчествосын айтып шығудың өзі қиын. Өйткені Ломоносов шертпеген ғылым сыры жоқ. Ломоносов — химик, физик, геолог, металлург, жаратылыстанушы, тарихшы, орыстың әдеби тілін жасаушы, ақын, суретші. Мұның өзі де Ломоносов жөніндегі толық дерек емес. Оның ғажайып таланты, даналығы, жан-жақты қабілеттілігі сол кездегі бүкіл дүние жүзілік мәдениеттің шыңы болып табылады. Иә, Ломоносов болашақ үшін, ұрпақ үшін үлкен мұра қалдырды. Бірақ осындай жарық жұлдыздың қадірін заманында толық бағалай алды ма? Оның ашқан жаңалығынан адам баласына деген игіліктің үлкен байлығын көре алды ма? Амал не...
Бұл секілді арманшыл, биікке ұмтылған, адам баласы үшін адал қызмет етумен ғұмырын өткізген халық перзенттері қаншама! Бірақ олардың еңбегі бағаланбады. Өйткені еңбекті қанаудың көзі еткен ескі дүниеде ғұмыр кешті. Өз еңбектерімен өлмес мұра қалдырса да, сол перзенттердің көбі еңбектің аяғындағы кісенді қалай ашудың жолын көре алмады. Еңбекке салынған құрсау халыққа салынған құрсау еді.
«Күс қолдардың» күшін көре тұрса да, еңсесін басып еркін жібермеуге тырысты қанаушы тап. Бұл қолдар қатуланса, өзін қопарып тастар күш екенін бірі білді, бірі білмеді. Бірақ ескі дүниенің тұтқасын ұстаған «мықтылардың» ең есептен жаңылғаны: қандай да болмасын қоғамның қозғаушы, сүйенер діңгегі еңбек екенін ескермеді. Еңбексіз ешбір қоғам өмір сүре алмақ емес. Жүректің соғуы, дамылсыз жұмыс істеуі үшін қан қандай қажет болса, қоғамның өмір сүруі үшін де енбек сондай қажет. Бірақ езуші тап «күс қолда» тіршілік атаулыға жан бітірер, қозғалыс туғызар қуатты қасиет бар деп ойламады. Қоғам тағдырын шешуге жүмысшы, шаруаның қабілеті жетеді деген пікір қаперлеріне де кірмеді, олардың ар жағында жалындап жанғалы тұрған отты одан шығар адуынды өртті к.
меді.
Құрыш қолдағы ол құдіретті таныған, тамаша қырларын алғаш ашқан Маркс, Энгельс, Ленин.
Маркс пен Энгельс осыдан жүз жылдан астам бұрын адамзаттың алдында бақыт асқары бар екенін болжады. Сол ғылымға сүйенген ұлы Ленин Коммунистік партияны құрып, өмірдің алтын кілтін жүмысшы мен шаруаға ұстатты. Тарихты жасаушы сенсің, бар байлықтың, бар игіліктің иесі сен болып жаралғансың, ал қолыңа, жаратылысқа тән жасампаз еңбегіңнің аш өрісін, шырқа бақыт асқарына, самға биік мұратқа деді.
Октябрь төңкерісінің алдында A.M. Горький жазған мына бір көрініс күні бүгінге дейін көз алдымызда. Аяқ астынан, күтпеген жерден жинала қалған жұрт. Ыза кернеген жүмысшы табы мен әлі де болса әлеуметтік үстемдіктен үміткер мырзалардың арасында қақтығыс. Үсті басы жүдеу, сақал-мұрты өскен бір солдат былай дейді.
«... Қалпақ киіп шіренген мырза, тура бетіңе айтайын, біз жерді міндетті түрде өзімізге аламыз, қайтсек те аламыз, міндетті түрде...
— деді. — Алып қана қоймаймыз, сондағы өмірдің бәрін жаңғыртамыз.
— Келістірерсің, қарбыздай жып-жылмағай қыларсың, — деп кекетті, күнқағар киген біреуі.
— Тап айтқанымыздай болады, — деп бетінен қайтпады әлгі солдат.
— Тауды да қопарарсыңдар, ә...
— Несі бар, кесе көлденең тұрса, оны да жұлып тастаймыз.
— Суды да теріс ағызарсыңдар? Су да қайда нұсқасақ сонда ағады. Күлме, күлме мырза!».
...Иә,ол кезде бәрі де күлген. Еліміздің ішіндегі ішмерез жау да, аш қасқырдай жалақтап тарпа бас салған сыртқы жау да күлген.
Айнала сасыған қанның иісі әлі кетпеген, қираған бүлінген дүниенің шаңы әлі басылмай тұрған кездің өзінде ұлы Ленин Совет елінде социализм сөзсіз орнайды деді. Сонда ол азаттық алған құрыш қолдардың қайратына сенген еді. Құрсауы үзіліп, бағы жанған жасампаз еңбектің береріне сенген еді. Сол еңбектің қоғамға бұла тіршілік әкеліп, өңірді гүл жайнатып, өлкені нұр жайнататынын көрген еді.
Бұл көрегендікті бүгінде дәлелдеп жатудың қажеті болар ма екен. Француздың ұлы жазушысы Роман Ролланның айтқанындай «Октябрь революциясы жасаған өнердің ең үлкен туындысы — совет адамдарының өзі. Олардың өмірі еңбектің құдіретіне ең үлкен айғақ.
Игорь Курчатов, Сергей Королев, Юрий Гагарин әлде бір планетадан келген жоқ қой. Совет елінде туып-өскен, соның қанаттандырып түлеткен қыраны, конструкторы, ғалымы. Космонавттардың өзі қазір бір аталы ел болды. Социалистік достық одақтағы елдердің ержүрек қырандары да біздің космонавттармен бірге ғарышқа самғап жүр. Ғарышта да достық жұлдыздары жарқырайды.
Кімдікі дұрыс? Ұлы Горький суреттеген жалбыр шекпен солдаттікі ме, жоқ әлде кекете сөйлеген кеселді мырзанікі ме? Кім дана, кім данышпан болып шықты? Сақалы өскен солдат па, жоқ әлде білгірсінген өрісі қысқа, өңеші үлкен мырза ма? Әрине, солдат көреген боп шықты.
Азаттық өмір ауасымен еркін тыныстаған еңбеккерлер Прометейдей дүниені дүр сілкіндірді. Еңбек елге де, жерге де ырыс төкті. Еңбекші, еңбеккерлер деген сөздер асқақ естілді. Еңбек еткенге «мынау күнін көру үшін күйбеңдеуде» деген таңба тағылмады. «Мынау жаңа коғам мүшесі, жасампаз» деген атақ берілді.
Еңбек еліміздің есеюімен бірге барған сайын бөлекше сипат алды. Еңбек өмірімізді сұлулыққа, ғажап қызыққа толтырды. Еңбек арқылы адам ақыл ойынан шыққан небір ғажайып мұралардың заңды мирасқоры болдық. Ежелгі ел ерлігін жырлап, артына өлмес дастан қалдырған Гомер, қара түнек надандыққа, діншілдікке қарсы күресте бірі азап шегіп, бірі отқа өртенген орта ғасыр данышпандары Галилей мен Джордано Бруно, құдайдан безіп, «құрбандыққа» шалынған Ұлықбек, Париж Коммунасындағы француз жұмысшылары мен май таңында азаттық үшін күресем деп апат болған американ жұмысшылары, космосқа көзін тігіп, оған адам баласының көтерілуін көксеген Циалковский, осы сияқты адам баласының болашағы үшін толғанғандардың бәрі' шын мұрагерлерін біздің елден тапты.
Совет халқы еңбектің асыл қырларын жарқырата корсетті. Еңбек бізде өмір мәні. Ал адамдар өмір сүру үшін жаралған. Қызық көру үшін келген жарық дүниеге. Қызық дегенді кім қалай түйсінеді? Ал өмірдің ең үлкен қызығы — еңбектену. Ол қажеттілікке айналғанда парасаттылық куәсі болып бой көрсетеді.
Осы жолдарды жазып отырғанда алпысыншы жылдары бір еңбек адамымен кездескенім ойға түсті. Өзі қызылша өсіруші звеноның жетекшісі екен. Аты — Күлтай, фамилиясы — Жайсаңбаева. Тұрағы — Талдықорған облысы, Ақсу ауданының «Діңгек» совхозы — ол кезде «Октябрь» колхозы. Сегіз баласы бар. Күйеуі сол колхоздың председателі болып істеген.
— Күлеке, осы сіздің әуреңіз не? Ерте тұрып, кеш жатып, қызылшаны құнттайсыз да жүресіз. Не ішем, не кием, дейтін емес, деп қалжыңдады бір қайнысы. — Ағайдың арқасында «қолыңызды жылы суға малып» отырмайсыз ба?
Бұған Күлтай күлді.
— Мен күн көре алмағандығымнан жұмыс істеп жүр ме екенмін. Айналамның бәрі еңбек дүбіріне бөленіп тұрғанда дені сау адам қалай шыдап отырады. Білем, отырғанмын бір кезде «қолымды жылы суға малып». Ол кезде шынымды айтсам, тіпті ауырғыш едім. Қазір жараулы аттай ширақпын. Ненің арқасы бұл? Еңбектің, әрине. Еңбектің қадірін істеген, оның қызығына түскен адам ғана біледі. Барлық сұлулық - еңбекте. Адамды да, өмірді де ажарландыратын еңбек емес пе? Еңбексіздің еңсесі төмен. Еңбек жан — рахаты! Қандай әдемі айтылған сөз. Қарапайым адамның ішкі сарайын, рухани бейнесін айнадай жарқыратып көрсетіп тұр. Өз сөзінен артық ешбір мінездеменің де, толықтырудың да қажеті жоқ ол адамға. Жаны сұлу, ары сұлу адамның сөзі еді ол. Тоқсаннан асып дүние салған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты күрішші Ыбырай Жақаевты елімізде, республикада кім білмейді. Ол кісіге еңбектің абырой әкеліп, атақты еткені өз алдына, еңбексіз өмірді тұл деп есептеп өткен асыл тұлғаның бірі емес пе? Сөзі аз, ісі байыпты, не нәрсені жеріне жеткізбей тынбайтын қасиетті ғұмыр болды. Өткен замандағы өмірдің қорлығы, бүгінгі замандағы еңбектің жасампаздық күші — осы адамның - ақ өмірінен айқын көрінеді. Бүкіл Қызылорда облысында кең өріс алып отырған Жақаевшылар қозғалысы Жақаевша еңбек ету деген сөз. Адал еңбекті Жақаевша қастерлеу, Жақаевша оның мәртебесін көкке көтеру деген сөз. Еңбек Жақаев үшін ардың айнасы болды. Еңбекті өмірлік қажеттілікке айналдыруда өнеге көрсетіп жүрген адамдар, шүкір, республикада басшылық. Целиноград облысының Киров атындағы совхозда Христиан Дидче деген механизатор бар. Егін орағының әрбір маусымында ол ораққа балалары Анатолий, Валерий, Григорий, Яков, Иван, Владимир, жиендері Виктор және Отмармен бірге шығады. Олардың төртеуі коммунист, бесеуі — комсомолец. Өз алдына жеке партия — комсомол тобын құрады. Маусым сайын осы әулеттен тұратын агрегаттар совхоздың егіс көлемінің тең жартысын жинап бастырады. Еңбекті құдірет тұтатын тың төсіндегі көп әулеттердің бірі ғана бұл.
Талдықорған облысы, Панфилов ауданы «Үшарал» колхозының жүгері өсірушілер звеносының жетекшісі К. Бердіғұловамен кездескеніміз бар. Әр гектар егістен 162 центнерге дейін жүгері дәнін алып жүрген майталмандардың бірі еді ол. Сөзден сөз шығып отырғанда былай дегені әлі есте: «Журналистердің жүре ат қойғанындай, біздің Панфилов жүгерісі Жетісу маржаны аталып жүр ғой. Шынында да солай. Бірақ біздің дән теңіздің терең түбінен алынатын тасқа түсі жағынан ұқсастығы үшін ғана бұлай аталмаса керек, маржанға жетудің қиындығы сияқты жүгеріні өсірудің қиындығы да теңіз түбінен теріп шығаратын тастан бір де кем емес».
«Еңбектен бақытын тапқандар» дейміз мұндай жандарды. Ал олардың күнделікті ісіне үңілсек ше? Адамдықтың, асылдықтың ешбір оқулықтан, тіпті көркем шығармалардың әзінен көре бермейтін қырларын кездестіреміз.
Тың тарланы, Социалистік Еңбек Ері Владимир Алексеевич Дитюк бірде егін орағына тек оныншыны бітіретіндерден звено құрып шығуға ұйғарды. Маусым бойы олардың бойына диқан қажетін, диқан табандылығын егуді мұрат тұтты. Осы бара-бара дәстүрге айналып кетті. Ал Социалистік Еңбек Ерлері Жансұлтан Демеев пен Михаил Довжик «Әкелер тәжірибесін — ұрпақтар бойына» деген ұран көтерді. Осы ұран тәлімгерлер қозғалысына барып ұласқанын айтсақ ше? Бұл сайып келгенде ұрпақтар жалғасы, адал еңбек етудің ажырамас сабақтастығын жасау, еңбектің ең асыл қырларын әкеден балаға, баладан немереге, немереден шөбереге ардың, адамшылықтың аманатындай етіп тапсыру деген сөз. Қазір біздің республикада тек диқандар арасында 16 мыңнан астам тәлімгерлер бар. Ал құрылыс басында, станок қасында қаншама олар. Еңбекті асыл мұрат тұтқандар, еңбексіз өмір — зейнетсіз өмір деп ұққандар олар. Еңбек сабағының ұстаздары, академиктер.
Ескі романдардан «...уақыт өлтіру үшін Н... дікіне жиналдық» деген сөздерді оқитын едік. Көрдіңіз бе, уақыт қадірін білмеген бір заманда қалай болғанын? Ал еңбек адамына уақыт жетпейді, уақыт қымбат.
ЖҮРЕК КІЛТІН ТАБА БІЛСЕ
І.Толғану
— «Горный орел» колхозының председателі қандай адам екен? Әйел дейді ғой өзі.
— Әйелдердің ішінде де небір еркекке бергісіз бар емес пе. Мүмкін соның күшті шығып жүрмесін.
— Ватутин атындағы колхоз бен «Горный орел» қосыларда осындай әңгімелер дүңк-дүңк етті. Жұрттың ынтыға білгісі кеп жүргені кімнің председатель болатыны. Партия ұйымының секретары жөнінде де дамылсыз алып қашпа сөздер. Екі адамның басы қосылса, пыш-пыш әңгіме, айтатындары жаңа ірі шаруашылықтың басшылары жөнінде. Кейбіреулер тіпті өзінше тағайындап та қойыпты. Ватутиндіктер өзінікін, Горный орелдіктер өз председателін күшті санап жүрген көрінеді. Ауданда болған титтей әңгіменің өзі ауылға дардайып кеп жетіп жатты.
Горный орелдіктердің бедел тұтатыны Воронцованың алған Ленин ордені.
— Жаман председатель болса, орден алатын ба еді. Орденді председатель тұрғанда басқаны қайтпекпіз.
Жұрт осылай күпілдегенімен Татьяна Васильевнаның өз ойы тіптен басқаша болатын. Жасым болса келіп қалды, жалғыз шамшырақ мен емес шығармын. Өз қызметіне осындай баға берді де, Татьяна Васильевна бұл сырын жұрт алдында да жайып салғысы келді. Сол ниетін аудандық партия комитетінен жасырған жоқ. «Не қылсаңдар о қылыңдар, енді мені басшылық қызметіне жібермей-ақ қойыңыздар».
— Секретарь болуға қалай қарайсыз?
— Бұрын соңды істеп көрген жоқпын. Менің ақ жүрегімді білгілеріңіз келсе, өз ойым секретарлық председательдіктен де қиын деп түйеді. «Соқыр көргенінен жазбас» деп, маған шүйіле беріп қайтесіңдер. Қазір, шүкір, кадрлар бар ғой.
— Коммунистер шешеді ғой.
Осы сөзді айтқанда аупартком секретары қулана қалды.
Татьяна Васильевна секретарьдың астарлы пікіріне аса мән берген жоқ. Коммунистердің сарабына саламыз деген соң «бір ұядан емеспіз бе қайтсем де сезімді өткізермін» деген сенімде болады.
...Мұндай шабуылды үш ұйықтаса түсінде күтпеген еді. Күнбе - күн аралас-құралас жүрген адамдардың бірі мұның дәлелдерін құлаққа ілер емес.
— Біз Воронцова жолдасты білеміз. 11 жыл өз қолымызда бухгалтер болды. Одан кейін оқуға жібердік. Председатель етіп сайлаған да өзіміз. Оның қызметіне қояр мініміз жоқ.
— Шаруашылық бірігіп, етек жеңін кең жайып отырғанда Воронцова бас тартып отыр дегенге сенгіміз келмейді. Мүмкін өзінің бағасын арттырғысы кеп, бұлданғаны шығар. Жоқ, ол бұлданбасын, партияның солдаты екенін ұмытпасын. Партком секретары етіп сайлаймыз дедік пе, сайлаймыз. Екі колхозды еріккенінен қосып отырғанымыз жоқ. Бізге қазір егде тартқан жұрттың өз жанын күйттеуі емес, ұйымдастыру қабілеті керек. Воронцова әлі талай жеміс бере алады. Әсіресе, бұрынғы «Горный орел» колхозының коммунистері өрекпіп қоймайды. "Әншейінде көп дау айта алмайтын мыналардың бүгін өзгеруін - ай, ә... Әлде Ватутиннен председатель болған соң, бізден секретарь болсын деген жалған намыс күші ме екен".
— Мені енді қозғамай-ақ қойындар!
Бұл сөз манадан бері қызып отырған жұртты тіпті қоздырып жіберді.
— Жоқ. Жиналыс бәрімізден де үлкен!
Тілегін қабылдайық деген бір адам шықпады. Татьяна Васильевна ғұмырында бүйтіп жалғыз қалып көрген жоқ еді. Бір бозарып, бір қызарды. Бозарған сәтте қызылшадан қалған секпілдері шұңқырайып, тереңдей түсті. Қызарған кезде сол шұңқырдың бәріне қан толып тұтасқандай. Ой жүйрік емес пе, сан саққа шапқылады.
"Аудандық комитет бір адамға яки екі адамға айтқан болар. Ал осында отырғандардың бәрінің аузына түкіріп қойған жоқ қой".
Ойлы көздері сүзілген күйінде қалың топқа қарап қалыпты. Жүрегі әлденеге тулайды. Неге тулайды, оны өзі де білмейді...
Сайлау өтті. Жасырын дауыста — бірауыздан. Аудандық партия комитетінің секретары жүрерінде:
— Ал Воронцова жолдас, енді іске кірісіңіз. Көпшілік сізді бізден де, тіпті сіздің өзіңізден де жақсы білетін боп шықты. Менімше сіз бен біздің қателесуіміз мүмкін. Ал халықтың қателесуі мүмкін емес.
— Абыройлы болыңыз!
Орталық Герасимовкаға көшті. Залға кіре берістегі бірінші есік партия ұйымы секретарының кабинеті. Бүгін мұнда Татьяна Васильевна жүрексіне басып келді. Келген бетте екі қолын жағына таянып ұзақ ойланудан басқа ешнәрсе бітірген жоқ. Не ойлап, қайда кеткені өзіне де мәлімсіз. Колхоз председателі Семен Семенович Поддубный келмегенде әлі де ұзақ ойда отыратын ба еді.
— Орның құтты болсын,Татьяна Васильевна!
— Сол құт бәрімізге бірдей келсін!
Орта бойлы аласа, шағын денелі жүзі тотыққан қара күрең жігіт партия ұйым секретарының кабинетіне арлы-берлі жүрді де қойды. Бұл жүрісінен әлде бір қыр көрсеткен пандық байқалмайды. Жүріп - жүріп толғағын пісірген сияқты, талай әңгімені айтып тастады.
— Бір кемеге мінгеннің жаны бірге деген ғой, Татьяна Васильевна.Тәжірибесіз емессіз. Сізді шаруақор адам деп естимін. Әңгімелессек болар еді.
«Сыр тартқаны ма, әлде шын ақ пейілі ме». Әдетте колхоз председателі партия ұйымы секретарының ең алдымен өзіне кіргенін, өзінен ақыл сұрағанын тәуір көруші еді. Семен Семенович салып отырып өзі жетіп келіпті. Сәл бөгеліп қалды да:
— Бюро мүшелерімен де әбден сырлас емеспін. Бүгін бәріміз бас қосып ақылдасайық, — дейді.
— Дұрыс, сөйтсек сөйтейік, — деп Семен Семенович те келісе кетті. Жеті адам жиналғанда бір едәуір абыр-дабыр болып қалады екен. Алғашқы сөз әзілден басталады да, кейін мәнді әңгімеге ойысты. Бюро мүшелері өзара міндет бөлісті. Колхоз басқармасының председатель ауылдық Советтің председателі бірқатар тәуір деген бригадирлер де бюро құрамында.
Татьяна Васильевна жұртты жалықтырар «ақылгөйлік сөзді» айтып жатпады. Әңгімені қысқа қайырды.
— Осылай етсек жөн болар деймін. Әрқайсысымыз біраз күн шаруашылықтың барлық саласында жүріп көзімізбен көріп қайтайық. Содан кейін тағы да пікір алысармыз.
— Өзіңізді Успенскіге жібереміз ғой. №3 бригаданы жұрт осылай атайтын. Татьяна Васильевна председатель болған колхоздың орталығы.
— Жоқ, Успенскіні қайтемін. Семен Семенович, мен осы №1 бригададан бастайын.
— Успенскінің жағдайын Татьяна Васильевна түн ортасында ұйқыдан оятсаң да айтып берер деп әзілдеді селолық Советтің председателі.
— Бастауыш партия ұйымы секретарының бар қатқан жауабы жымиған күлкісі болды. Жұрт әзілдесе тарасты.
...Татьяна Васильевнаның өз ұғымында істің бар тетігі — бригадирлерде. Бригадирлер жақсы болса, бригада жақсы. Колхозда бүгін төрт бригада бар. Олардың әрқайсысы бұрышты дербес колхоз. Техника көбейіп келеді, оның үстіне әр бригада комплексті, ферма жұмысы да осы бригадирлерден талап етіледі. Негізгі таяныш, сайып келгенде, осылар. Бригадирлердің ісіне, мінез-құлқына, жан - күйіне үңілуді жөн деп тапты.
Василий Андреевич Бобровский. Ертеден кешке дейін аттан түспейді. Қай уақытта дамыл алатынын да білмейсің. Осы ауылдың тауығы да ерте тұру жөнінде онымен тайталаса алмас. Әттең күйгелек. Бірақ мұнысы жұртқа ерсі емес. Тызылдап бар-жоғын сыртқа шығарғанымен қайтуы тез. Оны жұмыс мүддесі үшін істейді. Қазір бұлт болып түнереді де, соңынан жаймашуақ ашылады.
— Ал апшымызды қуырды дей бер. Титтей бөгеліс болса, бригадир келе жатқанда колхозшылар осылай ығады. Бірақ мұқтажсың ба, зәрусің бе бір қажетке, астындағы атын түсіп беруге бар. Жалпы ол жұрт көңілін таба біледі.
Яков Степанович Нагибин. Шіркіннің мінезінің ауыры - ай. Елдің шетін сел әкетіп бара жатыр десе де былқ етпейді. Өткен жылы мал қыстаудан ойсырап қалуды әлде осы мінезінен тапты ма екен? Жөн терісін тіліп алсаң да, мыңқ етпестің өзі.
— Басқарма алдында мәселе қойып көрсе. Қызу қанды, жалыны сөнбес жастар бар емес пе?
Алайда, Татьяна Васильевнаның баяғыда осындай бір мұз адамнан қателескені бар еді. Сырты жарылмас сең секілді көрінгенімен, іші сөнуі жоқ шок тәрізді болып еді соңында. Дәл солай боп жүрмесе. Тегі адамнан мін табу, оны кінәраттау оңай ғой. Бірақ оның ішінен асыл сыр табу қиын емес пе. Мұның ішінде де сондай сыр жатпасын кім білсін.
Ремизов Степан Андреевич. Оның сыры өзіне мәлім. Жаналық десе жаны құмар, намысына тисең ұйықтамасы бар. Бас ал десең, шаш алатында емес. Ұш десең домалай жөнелетін қаңбақтығы да жоқ. Байымы, жөн білері, керек болса өз айтқанын қайтпас қасармасыны бар. Бірақ оны қиынсыз жасамайды. Өзінен кейінгі Успенскідегі жұрттың сыйлайтыны осы еді.
Феодор Иванович Козлов туралы Татьяна Васильеваның көңілінде күдік жоқты. 12 жылдан бері тапжылмай осы қызметінде келеді. Еңкейген кәрі, еңбектеген бала ол жөнінде бөтен сөз айтып көрген емес-ті. Бір кезде басқа бригадаға ауыстырмақ болғанда жұрты жібермей қойыпты дегенді естігені және бар. Өзімен бірге шаруашылықты аралап бірнеше күн жүрді. Әр қиықты тігісін білдірмей қондыратын ісмер секілді барлық ісі орын - орнында. Мұнын көзінен таса қалатын ақау - кемшілік те жоқ сияқты.
Бригадирлер жөніндегі тұжырым партия ұйымының жаңа секретарын едәуір белге көтерді. Күдігі бір-ақ адам. Оның өзі де толық тоқтам емес. Тағы да мән-жайын зейін қойып зерттей түспек.
...Сенбі күні. Көктем егісінің қызу жүріп жатқан шағы еді. Күн кешкіріп қалған. Ойында ешнәрсе жоқ, жұмыс басында болып, колхоз кеңсесіне кіріп шыққан соң үйіне дамылдап алуға келе жатқан-ды. Колхоз дүкенінің маңы ығы-жығы. Бірінің бірі мойынынан құшақтап, сендей соғылысып жүрген бірнеше адамды көрді. Құс фермасының бастығы Прокофий Иванович Дочупайлов төрт тағандап қалыпты, Николай Лугинин деген жас жігіттің де бөркі шалқасынан.
— Тать...яна Василь... евна, бізбен бірге жүз грамм.
Осы сөзді айтып ол көлденеңдей берді. Қасындағылардың бәрі де ылғып қалған. Шамасы мына Лугинин таң атқалы егін басына бармаған ғой. Ішкеніне едәуір уақыт болған сияқты. Көз тастап көріп еді, дәл осы сәтте сөзін тыңдар ешкім жоқ секілді. Теңіз мұнда тұрғандардың бәрінің тобығынан.
Дүкен іргесінде клуб тұр. Оның есігінде үлкен қара құлып. Үйге келіп, тамаққа отырған соң да не ішіп, не жеп қойғанын білген жоқ. «Клуб, оның жанында мастар, а!» деген ой басында үйіріліп тұрды да қойды.
Ауыл ортасында ылғып жүру шам емес. Қасынан өтіп жатқан бала-шаға, әйелдердің әжуа сөзі ешкімнің құлағына кірмейтін сияқты. Яғни бұл үйреншікті болған. Бойды жайлаған дерт. Секретарь болдың, партия өкілісің, айналаңда қаптап мастар жүр, бұл қалай.
Партия бюросының кезекті мәжілісіне Лугинин мен Дочупайловтың мәселесі қойылғанда иығын қаққан адамдар да кездесті.
— Қай ауылда, қай колхозда арақ ішілмейді. Қызу науқан кезінде осындай мәселемен уақыт алдырып қайтеміз?
Бұл мәжіліске колхоздың барлық активі шақырылғанды.
— Прокофий Ивановичтің ежелгі әдеті емес пе. Талқыламақ түгіл жөн терісін сыпырып алсаң да оның ойына ешнәрсе кіріп шықпайды.
Татьяна Васильевна бірдеңе айтқысы кеп, айтқысы кеп тығылып әрең отырды. Бірақ жұрт сыңайын байқайыншы деген ой бөгей берді.
Біздің парторг жұмысын арақ ішушілерді тыюдан бастаған екен. Өзі әйел болған соң, арақ ішудің қадірін білмеген ғой, — деп күңк етті Николай Лугинин. Қанша шыдамды болғысы келгенімен Татьяна Васильевна бұдан әрі төзе алмады.
— Сенің әйел қадірін білгенін күнде үйіңе барып келіншегіңді сабағаның ба? Даусы қатқыл, әрі ашына шықты. Мұны қайдан біліп қойған деп күдіктенгендей Николай Лугинин секретарға бажырая қалды. Васильевна да одан көз алмады. Ыз еткен шыбын даусы естілгендей, жұрт тына қалды.
Партия ұйымының секретары коммунистердің алдына барлық сырды жайып салды. Үш адамнан комиссия құрып Николайдың үйіне жібергенін, оның әйелінің айтқан арызын баяндады.
— Сіздер ойламаңыздар, Николай дүкеннен тойып шығып, үйіне барып тыныш жата қалады деп. Ол кешіккен күні бүкіл семьясы зәре - зап боп отыратын көрінеді. Жас басынан мұны не әкетіп барады. Арақ ішу тек Николайдың басында емес, осындағы талай активтің басында бар. Біздер, коммунистер ең алдымен осыған қарсы күресуіміз керек.
Бюро мүшелері бірінен соң бірі шығып сөйледі.
— Ішсек өз арағымызды іштік, жұрттың қалтасына түскеніміз жоқ, — Лугинин мен Дочупайловтың бұл сөздері келе-келе келекеге айналды. Барған сайын мойындары ішіне тығылып, жұрт талқысынан жаншылғандай бұға берді. Бұл кейіптен Татьяна Васильевна сын семсерінің өткір уытын көргендей еді. Алғашқыдай емес, жиналыс ақыры көп ақылының, көп айбынының шымыр шоқпарына айналғандай болды. Талқылаудағы екеудің партия қатарында қалу қалмасын сөз қылған жандар да табылды. Бірақ ...
— Бұларды әлі де сынап көрейік, — деген сөз селт еткізді жұртты. Мәселені талқылау қатаң басталса да, бұл ұсынысты жасаған да Татьяна Васильевнаның өзі еді.
Лугинин мен Дочупайловтың жүзінде тандану бар. «Мына секретарьдың аяқ алысы қалай? Талқылап отырып бізді есіркеуіне жөн болсын» деген жазу оқылғандай олардың жүзінен. Бұл ұсынысты жасарын жасаса да, агат кеткем жоқ па деген күдік секретарьдың өз ойында да қалды.
Осы күдік оны көпке дейін толғандырды.
2. Нық қадам
Осы бір былғарымен тысталған қалың қара дәптерді аудан орталығына барған бір сапарында сатып алған еді. Содан чемодан түбінде жататын. Бүгін көп қағазды ақтарып отырған кезде қолына түсе қалды. Еш жеріне сыя тимеген. Әдейі арнап бірнәрсе жазайын деген де жоқ-ты. Колхоз көрсеткіштері түсірілген шағын блокноты төрт тағандап қалыпты, Николай Лугинин деген жас жігіттің де бөркі шалқасынан.
— Сенің әйел қадірін білгенің күнде үйіңе барып келіншегіңді сабағаның ба? Даусы қатқыл, әрі ашына шықты. Мұны қайдан біліп қойған деп күдіктенгендей Николай Лугинин секретарға бажырая қалды. Васильевна да одан көз алмады. Ыз еткен шыбын даусы естілгендей, жұрт тына қалды.
Партия ұйымының секретар коммунистердің алдына барлық сырды жайып салды. Үш адамнан комиссия құрып Николайдың үйіне жібергенін, оның әйелінің айтқан арызын баяндады.
Осы күдік оны көпке дейін толғандырды.
2. Нық қадам
...Лугинин мен Дочупайловтың оқиғасы. Немен тынар екен? Кім боп шығар екен шіркіндер. Жас қой, жас қой Лугинин, түзелер... Ал қартайған шағында мына Прокофий Ивановичке не жоқ. Сенуге болмас, ферманы оның қолынан алу керек...
Осы бір жайсыз оқиғадан неге бастадым, жақсы істен бастасам не етті, — деп көңіліне секем алды Татьяна Васильевна. — ешнәрсе етпес, алдымен жаманды түзейік. Жаманды түзетуден - ақ басталсын деп дәптерді жауып қойды.
Апырай, тағы да көңілге дік дүниені жаздым - ау. №4 ферманың меңгерушісі орнында емес. Бюро мүшелерімен ақылдасу керек. Семен Семеновичтің пікірі қандай екен. Малдың өнімі нашар. Өз ойым Иван Иванович Наливайконы ұсыну.
Наливайконың кандидатурасын қорғау басқарма мәжілісінде Татьяна Васильевнаға оңайға соққан жоқ.
— Коммунист - ақ болсын. Бірақ бар болғаны ұста дүкеніндегі балғашы ғана ғой. Малдың жайын ол қайдан біледі.
Бұл сауалдардың бәрінің орны бар. Шынында осы уақытқа дейін ұста дүкенінде неге жүрген? Мүмкін менің пікірім қате шығар. Адам сыры бәрі көрініп тұратын айна емес қой. Ұңғылы - шұңғылы, жықпыл - жырасы көп. Жоқ... Оның бойында бір от бар. Соны тұтату керек. Партия жиналысында сөйлегенде қандай жақсы ұсыныстар жасайды. Ойланбайтын адам ұсыныс жасай алмақ па. Ұсыныс жасау оңай дейік, бірақ ол сол ұсыныстарды жүзеге асырудың нақты жолдарын да айтады ғой. Яғни әмсе толғанып жүреді. Менің байқауымша ол ұста дүкенінің төрт қабырғасымен шектеліп қалған жан емес. Сол дүкеннің екі аттам табалдырығының өзінен - ақ колхоз өмірінің алуан жайларын байқап отыратын сияқты. Ең бастысы — жаны ауырады.
Жиналыста бұл ойларының бәрін бірдей тәптіштеп жеткізе алған жоқ. Бірақ әйтеуір Наливайконың өзі де барғысы келмей, көп сылтауратты. Мүмкін ол әдейі істеп, өзін жаман жағынан көрсетуге тырысқан болар.
— Татьяна Васильевна, сіз мені көп зорлап жібердіңіз ғой. Ферманы меңгеру қолымнан келе ме?
— Істе, бейіліңді сап істе. Өмір көрсетеді.
Жаңа меңгерушіміз шақылдап келді. Бұрынғымызға не десек те айтқанымызды істетуші едік. Мынауың қиқайып болмайды екен, — деген әңгімелер де секретарьдың құлағына тиді. Бірақ «шақылдап» деген сөздің артық екенін Татьяна Васильевна білген-ді. Иван Иванович орынсыз шақылдамайды.
— Ферманың төңірегін таза ұста дейді, іргеде жүгері егеміз дегенді шығарды. Мұндайды бұрын кім көрген. Бір жерден кітаптан оқығаны болу керек. Соны бізде де қолданбақ.
Сауыншылардың үйреніспегендіктен, бұрын мұндай іспен айналыспағандықтан айтқан сөзі еді бұл. Партия ұйымы, колхоз басқармасы барынша жаңа ферма меңгерушісін қолдауға тырысты. «Батыл қимылда, бар тілегіңді қабылдайық, біздің қоятын шарт тек ферманы ілгері шығар» дейді олар.
...Басталғанына көп болмаған қалың дәптердің едәуір беттері аударылып қалыпты. Қағаз бетіне бүгінгі түсіріп отырғаны жақсы жазу. Ферманың алты айлық қорытындысына алға шыққандағы жөніндегі қуанышты деректер. Наливайконың фермасы. Астын бадырайтып тұрып сызып қойды. Жоқ... ол колхоздың фермасы. Көңілінде колхоздың тағы бір игі қадамы деген ой тұрды. Сенім, адамды білу, адамның орнын табу. Бұл сөздердің ұғымын таратып жазуға Татьяна Васильевнаның, әрине, уақыты жоқ. Бірақ қалың дәптерді ашып, асығыстау жазылған осы бір сөздерді оқығанда ойы тағы да алысқа кетті. Әттең, бар адамның сырын білу киын. Әр адамның бойында - ақ томға сыймас сырлар бар ғой. Соны тереңнен сүзе білуге не жетсін. Жоқ қой ондай қабілет менде...
Семен Семенович Поддубныйды «қаржы бөлсеңіз» деген сөз біраз қиындады. Қай председательдің болса да қаржыға келгенде қытымырлау келетін әдеті емес пе. Бірақ оны Татьяна Васильевна көндірді.
— Клубты жөндейік. Төңірегіне ағаш отырғызайық. Жұрт ойнасын, күлсін, көңілді жер болсын. Ауданға барып бір суретшімен келісіп келдім, бар әшекейін жасап беретін болды. Комсомол ұйымының секретары ғой, Галкинді саламыз бұған.
Көп жылдан бергі қараусыз қалған ескі клуб жөніндегі әңгіме осылай болды. Оның төңірегінде колхоз паркі болады деген ой үш ұйықтап тұрса ешкімнің ойына кіріп шықпайтынды. Міне осы бір көктемде отырғызылған мынау талшыбықтар соңыра бойлап өсер зәулім теректердің негізі секілді. Арнаулы бригада, арнаулы адам бөлінген жоқ. Осыны колхоз жастары қарбалас кездің өзінде-ақ жұмыстан кейін жиналып отырғызды. Арасынан жүргізілген жіңішке атыздарда сылдырап ағып жатқан су. Жас шыбықтың жапырағы балғын күйінде дір-дір етеді. Жақындағанды үркітіп тұратын тозығы жеткен үлкен қара есіктің орнына жалтылдаған жаңа есік орнады. Терезелері күңгірт тартып, ішінде ешбір тіршіліктің ізі жоқ, мұңайғандай болып тұратын үйде енді әр кеш сайын жарқырап шам жанады, сауыққой жастардың көңілді үні естіледі. Кешегі ел талқысында жүрген Николай Лугинин де бүгін осында келіпті. Оның келіншегінің де жүзі жайдары. Қасында, қолтығынан ұстаған. Бұрын мұндай сәтте Николайды ол қандай күйде көруші еді.
Сыртқа білінбес сыры бар қалың дәптерге жазылған жоспарлар осы клубта жүзеге асып жатты. «Маскүнемдердің зияны» — лектор ауданнан, Зайцева. «Совет жастарының моральдық бейнесі» — ұйымдастыратын колхоздың лекторлар тобы. «Өз мамандығыңды сүйе білу — шеберлікке жетудің кепілі» — лектор Горбачев.
— Бұл лекцияларға үгітшілердің бәрі де қатыстырылды. Олар әркімнің жан жүйесін қозғайтын әңгімелерге де үйренсін. Үгітші — цифр хабаршысы емес, адам тәрбиешісі. Бұл лекцияларды тыңдау оларға да пайдалы.
— Зайцеваның лекциясы өте қызықты өтті. Аудандық лекторлармен алдын-ала әңгімелесуімнің, колхоз өмірінен фактілер беруімнің пайдасы болды-ау деймін. Мұным жаманды жария ету, өзімді өзім әшкерелеу емес, өз дертімді өз дәріммен емдеу деп білемін.
— Клубқа жастардың ықыласы артып келеді. Сонау қашық фермалардан қыздар да келеді. Жақсы, бұл әрине жақсы. Әттең бір мін бар. Орталықта — әлі клуб, бригадаларда — бұл атымен жоқ. Осының өзі шалғай мекендегі жұрттың көңіліне қаяу келтірмес пе екен? Бәріне шама келмес. Алдымен Успенскідегі 150 орындық клубты салып бітірсек. Ал орталыққа, шіркін, мәдениет сарайын салса... Армандаған қандай жақсы.
Мұндай жазулардың көбейе бергені Татьяна Васильеваның өзіне белгісіз еді. Өйткені ол әрбір болған оқиғаны сол мезетінде қысқа ғана түртіп отырды.
Партия ұйымы секретарының N«3 фермаға экскурсия жасайық деген ұсынысына колхоз басқармасы председателінің орынбасары Владимер Галкин де қуанып кетті. Өйткені бұл малға тікелей жауап беретіннің өзі.
— Сонда қалай етеміз, Татьяна Васильевна, ферма сауыншыларын түгел әкелеміз бе?
— Басы Иван Иванович Наливайконың өзін ертіп, түгел әкелу керек, көрсін. Ол жас меңгеруші ғой. №3 фермада бұзауларды күту, малды азықтандыру өте жақсы. Ал №4 ферма бұған әлі бастыға алмай жатыр. Сауыншылар өзді-өзі боп сөйлессін.
Владимир Константинович фермалардың бір-біріне жасаған экскурсиясының сәтті шыққанын жайлаудағы сауыншылар күнінде мақтан ете айтты. Бұдан былай тәжірибе алмасуды әдетке айналдырып тұру керек деп түйді ол.
— Оны мына мақалаңда да айтыпсың ғой, — деп әзілдеді Татьяна Васильевна, сауыншылар күніне арналып шығарылған колхоздың көп тиражды газетін көрсетіп . — Бұл газетті шығару оңайға түспеген еді. Аудандық типографиямен келісіп, «сауыншылар күнін өткіземіз» дегенді бетке ұстап, әрең қол жеткізген-ді. Жаңалық... Өздеріне әдейі арналып шығарылған газеттің әрбір жолына жас қыздар жабырласа үңілісіп қалыпты.
— Зоя, сені мақтапты.
— Пәле... Менің «Былинам» жөнінде де жазылыпты.
— Е, дұрыс. Ол сенің ең сүтті сиырың емес пе.
— Варвара Васильевна не деді екен? Соны оқиық.
Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты, облыстағы атақты сауыншыларының бірі — Мирошниковның өз тәжірибесі жөніндегі мақаланы секретарь қыздарға дауыстап оқып берді.
...Татьяна Васильевнаны іздеп Фаина Рукинаның шапқылағанына бірнеше сағат. Герасимовкадан Успенскийге, одан шошқа фермасына, одан лагерьдегі сиыр фермасына кетті деді. Күні бойы таба алмай ақыры кешке колхоз кеңсесінен күтті.
— Татьяна Васильевна, біздің фермаға келмесеңіз болмайды. Қыздар шатақ шығарып жатыр. Сіздің өзіңіз келіп сөйлессін дейді. Комсомол ұйымы секретарының да келуін талап етеді.
— Жақсы. Ертең барайық. Шатақ дейтіндей не боп қапты.
— Оны өзіңіз барғаннан кейін білесіз. Мен бұл жерде айтсам қыздар сіздің аузыңызды алдын-ала алып қойыпты деп күдіктенеді. Өзіңіз көріңіз. Бойшаң келген ашаң жүзді аққұба қыздың жүзінде әлде нендей толқу бар. Татьяна Васильевнаның оны жақсы көретіні де осы шын ақ пейілі еді.
Былтыр сауыншылықтан бірден ферма меңгерушілігіне көтергенде осы ақпейілділігі өзіне көп көмектесер деп түйген еді секретарь. Сонысы үшін сауыншылар да жақсы көретін. Ақ жарқын, ақпейілді адам тыңдағыш та, тыңдатқыш та келеді. Бұл күнгі істің бар сыры адамды ұға білуде.
— Сол жаңа меңгеруші жас қызға бүгін не боп қалды екен. Не қылған шатақ? Фаина өз әлінен аспаса жұртқа жүгіре бермеуші еді ғой. Сірә, шамасы келмей қалған - ау.
— Барайық, ертеңнен қалмайық, — деп қайта-қайта айта бергені де сондықтан еді.
Бұл оқиғаның сыры да қалың дәптерге түспесіне кім кепіл.
3. Кісілігіне не жетсін
Екі салт аттының ауылдан шыққанына едәуір уақыт болды. Күн де еңкейіп қалған. Міне енді тағы бір белеңнен өтіп жазық алаңқайға шықты. Осы арадан қарағанда төңіректің әсемі - ай шіркін. Бала жасынан көзі үйреншікті болса да бұл өңір көңілге күнде жаңарғандай, жалықтырмай қызықтыра береді. Шығыстан көрінген сонау қызыл қия тастар Тікше тауының бөктері. Оңтүстігін ала көз ұшында көгілдір тартып Сарымсақты жатыр. Сол Сарымсақтыға дейін созылған мынау жазық, жер көгінен төселген кілемдей. Ол кілемнің әр жерінде әсем оюлары да бар.
Қос атты жүріп келе жатқан жол тау биігін қиялай тартады. Алыстан қарағанда әлгі айтқан кілеміміздің жиектемесі секілді. Міне, мана шыққан Герасимовқа поселкесі тура табанның астында. Тау биігінен поселкеге үңіле қарайсыз. Үйлері сіріңкенің қорабындай тақталанып көрініп тұр. Әншейінде еленбейтін шағым Тентек өзені осы шатқалды жарып өтеді. Әккі болған аттар қылта қиядан аман өткен соң, шөбі шүйгін жайдақта еркіндей жүрді.
Фермалар қол созым жерде. Үшеуі үш отау секілді, үш жотаның басында отыр екен. Аралары жап-жақын. Бұл № 1, 3,4 фермалары. Колхоз лагерлік әдіспен бағу мақсатында бұл фермаларды осы Қарғалыға шығарғанды. №1 ферма етекте қалған. Ондағы сиырларға қосымша көк шөп беріледі. Ал мына ферманың сиырлары күні түні тек жайылымда. Қайсысы тиімді қайсысы экономикалық жағынан пайдалы болар екен? Міне колхоздың бұлай орналастыруында осындай есеп бар-ды. Қай әдіс арзан, әрі мол сүт бермек.
— Фаинаның кешегі алқынып жүргенінің төркіні неде екенін білесің бе, Володя. Өзінен көп кіші болған соң Галкинді Татьяна Васильевна осылай атай беретін.
— Демалыс күнін белгілеу жөнінде қыңқылдап жүретін еді. Соны ақыры ұшықтырып алды - ау деймін.
Татьяна Васильевнада үн жоқ. Екі атты фермалардың шетіне де ілігіп қалды. Ақ халат киген өңшең жас қыз көк майса үстіндегі көбелек секілді. Шелектерін білектеріне қыстырып, жамырай сиырларға қарай кетіп бара жатыр. Кешкі сауын мезгілі келсе керек.
— Айтам ғой ауылдан келгендер жанап өте шығады. №2 фермаға барады. Өтіп бара жатқандарды қалжыңы аралас уытты сөзімен біреу осылай шағып алды.
— Ай, Надя - ай, осы сенің тілің мірдің оғындай тегі. Амандасайық та, алдымен, халін қалай өзіңнің. Мына №2 фермада шатақ шығыпты. Сосын алдымен соған бұрылып бара жатырмыз.
Бұл сөздерді ентелей басып арбаға сүт құйылған бидондарды тиеп жүрген Надежда Юшкинаға Владимир бұрылып келіп айтты.
— Е, не боп қалыпты. Коммунизмдегіше еңбек ететін фермадан да шатақ шыға ма екен. Бастықтардың да жиі баратыны сол ферма. Қалай шықты ол шатақ.
— Жарайды, жарайды енді. Сен тілінді көп беземе, кейін естірсің.
Шынында да Владимирдің болжамы дұрыс болып шықты.
Колхоздан жырақ, тау басында жатырмыз. Тіккеніміз шатыр. Бір қабат киімімізбен ғана келгенбіз. Жуатын кір - көң болады. Қартайып отырғанымыз жоқ, біздің де ойын-сауық, кино көргіміз келеді, бір күнде демалыс жасайық десек, мына Фаина болмайды. «Мен колхоз фермасында тоғыз жыл істедім. Фермада демалыс күннің болғанын көргенім жоқ. Бұл қала емес. Әрі қазір сүтті мол алудың қызу кезеңі. Ондай әңгімені қойындар» деп болмайды.
— Шынында да қазір демалысты ойлайтын уақыт па? Қыздардікі әншейін еріккендік, — деп Фаина әңгімеге қызу араласты.
Бұл сөзді Татьяна Васильевна зілді айтты.
— Фаина, сен аптықпай тұра тұр!
— Демалыс күнін белгілейік десек, меңгерушіміз біз коммунизмдегіше еңбек етеміз деп болмайды. Коммунизмдегіше еңбек ететін адам демалмай ма, тынықпай ма, ұйықтамай ма, бой түзеп жүрмейді ме екен?
— Сенің бой түзегің келеді, сүтті қайтесің?
Бұл сөзді айтқан осындағылардың ішіндегі ең ересегі Нина Назаренко еді. Ол қыздардың Фаинамен құрбысындай сөйлескісі келетінін жақтырмаушы еді. Соларға қыр көрсетіп пе, әйтеуір үлкендігіне қарамастан Фаинамен «сіз» деп сөйлесетін. Мына арада да қыздар Фаинаны жалғызсыратқандай болған соң жақтап кетті.
Ал сонда өз ойларын қандай, қыздар? Қалай демалғыларың келеді?
— Қаладағы жұрт қалай демалады, солай.
— Сендердің талаптарын орынды. Демалу керек. Бірақ қалай демалу керек. Шаршамаңдар, кірлемеңдер, демалыңдар, бірақ сүт те кемімесін.
— Коммунизмдегіше еңбек ететіндер де — адам. Ол шаршайды, ол қуанады, ол күледі, ол ренжиді. Оның да екі қол, екі аяғы бар. Ерекше темірден жасалған адам емес қой олар. Мұны сен ескеруің керек Фаина, — Татьяна Васильевна оған күлімсірей қарады. — Төпей берсең қыздар бір айға, екі айға шыдар. Сосын... Артын ойлау керек, артын.
— Шынында бізде артық кету бар. Біреуді озат десек, соны қолпаштап басқаны қымтып кетеміз. Бар көмек жәрдемді соған үйіп төгеміз. Жаңа жолда бізді Юшкина орынды сынады. Көрдіңіз бе, қатардағы адамға қандай айқын. Олардың қасынан бұрылмай өтіп бара жатқанымыз да көңілдеріне келді. Рас, бүгінгі ұранға сәйкес сендер коммунистік ферма атану үшін күресім жатырсыңдар. Көрсеткіштерің де жаман емес. Бірақ осы ұранымыз құр жалаң айқайға айналып кетпесе... Татьяна Васильевна өзін іштей мүжіп жүретін бір ойларды айтып қалғысы келді де, күмілжіп барып тоқтады.
— Меніңше, бұл фермаға ғана емес, барлық фермаға да демалыс күні жөнінде ойластырсақ.
— Маған келіп жүрген бір ой бар еді, — деді Владимир Галкин. Бүкіл сауыншыларға бірақ - ақ күнде демал дей алмаймыз. Онымыз қате болады. Былай етсек қайтер еді: «Мысалы, Фаинаның фермасында 7 сауыншы бар. Бүгін бір сауыншы демалсын, сол күні оның қарамағындағы сиырлар басқаларға бір - екіден бөлінсе. Келесі күні кезек екіншіге келеді. Оның сиырлары да солай бөлінеді. Сонда бір аптада демалыс бір айналып келіп отырады. Әрі жұрттың бәріне бірдей болады. Қыздар демалып та үлгереді, сиырлардың сүті де кемімейді меніңше».
Бұл ұсыныс жұрттың бәрінің көкейіне қона кетті.
— Солай етейік, мен ертең тізімін жасайын, қыздар сендер кешіріңдер. Айттым ғой, Татьяна Васильевна мен Володя келсе бірге жол тауып береді деп. — Көптен осы мәселе жөнінде тұйыққа тіреген Фаина Рукинаның қуанышы осы сәтте қос жанарынан айқын көрініп тұрды.
...Ұзын бойлы, ашаңдау келген жас жігіт Чернов Александр бірінен соң бірі келген қыздардың сүтін өлшеп үлгере алмай жатыр.
— Саша, деймін, сен бүгін неғып шабандап кеткенсің. Алсаңшы тездеп.
Бұл кезде Татьяна Васильевна мен Владимир Константинович қалған екі ферманы аралап, қыздармен шүйіркелесіп, біраз жүрген еді. Бір кезде №4 фермаға сауыншылардың барлығы жиналсын деген хабар келді. Бұл ферма манағы өкпе айтқан Юшкина істейтін ферма.
— Ал Владимир бастай бер, — деді де Татьяна Васильевна Галкинге ым қақты.
— Қыздар, өте бір жақсы хабар бар.
Жиналған жұрт елең ете қалды. Олардың барлығы Владимирдің аузына қарап қалыпты. «Не айтар екен,не қылған жаңалық» деп тағатсыз күткендей.
— Біздің колхоз басқармасының, партия ұйымының атына Виктор Заднев әскери қызмет атқарып жүрген бөлімнен хат келді. Виктор Задневтей азаматты тәрбиелегендеріңіз үшін рахмет. Ол Отан алдындағы өзінің әскери қызметін тамаша атқарып жүр. Виктордың сүйген жары Зояға да бізден сәлем депті.
Осы кезде оңашалау отырған ақсары келіншек қызарып кетті. Төмен қарап жымың-жымың етеді.
— Зоя, не ғып шыдап отырсың, биле, биле, — деп қыздар қолпаштай жөнелді. Жауынгерлердің сәлемі тек Зояның емес, осындағы сауыншылардың бәрінде тебіренткендей. Көңілді күлкі, жарасты әзіл көк майсалы Қарғалы жайлауының пұшпақ -пұшпағына кетіп жатты. Жанға жайлы самал жел қыздар алғысын, қыздар ниетін Викторға алып ұшқандай, қоңырлай соғып, шөбі шүйгін осы бір көк жонды сыпайы ғана тербейді.
— Қыздар, Виктордың бөлімшесіне біз де өз табысымызды айтып хат жазып жіберейік.
...Татьяна Васильевна колхоз орталығына қайта оралғанда түн ортасынан ауған шақ еді. Манағы көп қуанышының ізін суытпай Виктордың бөлімшесіне хат жазып тастауды ойлады...
«Құрметті жауынгерлер, біздің сүйікті жерлесіміз Виктор Задневтің достары мен жолдастары! Сіздерге Алматы облысы Андреев ауданы Ватутин атындағы колхоздың еңбеккерлерінен жалынды сәлем. Барлық совет халқы секілді әр жылды абыройлы ету жолында күресудеміз. Бес мың гектарға жуық жерге егін егеміз. Одан мол өнім алу — басты мақсат. Виктор секілді қайратты тракторшылар, алтын дәнді ақтарған комбайншыларымыз қазір осы күрестің қызу шағында. Қой өсіру жөніндегі міндеттемені абыройлы орындағанымыз үшін аудандық партия комитеті мен Совет атқару комитетінін ауыспалы Қызыл туын қолда бекем ұстап отырмыз. Келер қысқа қоректі жем-шөп әзірлеудің барысы да жаман емес. Жақында орындаймыз.
Виктордың жұбайы Зоя Зуеваның құрбылары да абыройсыз емес. Әр сиырдан алған сүт ай сайын өсіп келеді. Қыздардың бәрі биыл кешкі оқуға тартылмақ.
Құрметті жауынгерлер, біздің бұл хатымыз өздеріңізге деген сағынышты қоса жеткізеді деп білемін. Виктор жөніндегі алғыстарыңызды үш ферманың қыз-келіншектерін жинап оқып бердік. Олардың қуанғанын көрсеңіздер. Өйткені Виктор бір семьяның ғана емес, бүкіл колхоздың ұлы ғой. Білсін бәрі де дегеніміз. Сіздер де әрдайым абыройлы болыңыздар».
Яков Степанович Нагибин бүгін көңілді екен.
— Татьяна Васильевна, бізге тағы ұрсайын деп келдіңіз бе? Бүгін ұрыспайтын шығарсыз. Жем-шөп дайындаудың жоспарын бригада бойынша біліп отырмыз. Сіздің анадағы «ұят бұларың, ұят! Қатарларыңнан қалып не болды» деген сөзіңіз жанымызға қатты батты.
Жиналған пішеншілер де партия ұйымының секретарынан мақтау күтіп шетінен күлім қақты.
— Жақсыны жақсы деу керек. Ұрыса беру бізге де мақсат емес. Бәрі өз қамымыз, жолдастар. Яков Степанович көп еңбегі сіңді осы жазда. Рахмет!
...Үйреншікті қалың дәптердің тағы бір беті ашылды. «Кешегі күдіктенген Нагибинге — бүгін үлкен рахмет. Агрегаттарға ең сенімді деген адамдарды қойдым дейді. Өткен жылғы кесапат агрегатты көрінгеннің қолына тапсыруда еді. Биыл өйткен жоқпын. Чермисов Понталей сияқты сұңқарларым аман болсын. Яков Степанович озаттарын сұңқарларым дейді. Иә, сұңқарларына сүйенсе, оның шығар қиясы да биік бола бермек. Сондай сұңқарлар бүкіл колхозда көбейе берсін...
...Балалар яслиінде бүгін даң-дұң. Әсіресе, Александра Першинаның даусы өктем шығады. Екі қолын бүйіріне таянып, еліре ұрсып тұр екен. Қасындағы қазанға қарар емес.
— Шура, неге күйзелдің сонша?
— Күйзелмек түгіл, күйрейтін уақытым жетті. Ертеден қара кешке дейін жападан жалғыз құтырдың әбден. Бақпаймын мына балаларыңды. Шашым агарды.
Першинаның мінезі Татьяна Васильевнаға белгілі. Көк дауыл болып соғып тұрғанда оған қарсы сөз айтудың қажеті жоқ. Айтсаң болды, өртті өршіктіріп алғаның. Басуы қиынға түседі. Біраз ішіндегі құсасын ақтарып алған соң, сабасына түсетін өзінің әдеті. Осыны ескерді де.
— Жүр ішке кірейік, ақылдасайық, — деп қолтығынан алды.
Шынында оның ашынатын жөні бар екен. Қырық балаға бөлінген төрт тәрбиешінің үшеуі кетіп қапты. Жалғыз қалған Любовь Степановна Бондаренко. Ол ана балаға бір жүгіріп есі кеткен. Любаға көмектесейін десе, әзірлеп жатқан ас қалып барады. Шура ашуланбай енді қайтсын. Секретарьдың келе жатқанын көріп, борандатқаны да сол екен.
— Қазір бала алып келген әйелдің кез-келгенін ұстап қал. Бүгінше болсын. Ертеңгісін көреміз. Балалар яслиінің бастығы Ольга Першинға осылай нұсқау берді де, тәрбиешілере не себептен тұрақтамайтынын сұрады.
— Татьяна Васильевна, мен сізге бар шындықты айтайын. Бала бағу қандай жұмыстан болса да қиын. Әйелдер де қуланып алған. Ясли таза, ясли сенімді дейді де, бір беткей басқа жұмыста жүргенді жақсы көреді. Кейбіреуі тіпті кешкісін де алмайды.
— Әйелдердің яслиді жақсы көргені онды. Яслиге сенсе олардан бізге көп пайда. Жұмыс қолы молайды дей бер. Бүгінгі жағдайда ренжімеңдер, ертең түзейік оны.
— Катерина, Евдокия, бүгін яслиде сендер қалыңдар, — деп жаңадан бала әкелген екі әйелді Татьяна Васильевна ұстап алды.
— Қап, сіз тұрғанда қайдан тап болып едік мұнда, — деп ол екеуі әзілдей күлді. — Жарайды бүгін бағайық, ертең ауыстырарсыз.
— Біз айтсақ қой, тіл алмайсыңдар. Татьяна Василиевна айтса болды, сөз қайырмай сылқ ете түсесіңдер.
— Татьяна Василиевна сен сияқты адыраңдамайды, — деді Евдокия Бойко, тағы да шатынап келе жатқан Шураға. Сөйлесе біледі кісімен. Ішке кіре, шын ықыласпен сөйлеседі. Бұл менің пікірім емес, жұрттың пікірі. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сол. Жарылайын деп тұрғанда сабаңа түсе қалғаныңды аңғардың ба өзің мана.
Шурада үн жоқ. Ол Евкодияның бұл пікірімен іштей келісті. Осы кезде Татьяна Василиевна Воронцова колхоз көшесімен жаяу, кеңсеге қарай бара жатыр еді.
«Жұрт қызметін сыйлай ма десем, кісілігін сыйлайды екен ғой. Мен де енді толық ұқтым».
Иә, қарапайым колхозшы, қатардағы ана Шураның бұл пікірі жұрттың бәрінің көкейіндегі пікір. Кісілікке не жетсін.
Татьяна Васильевна Воронцова қазір еңбек демалысында. Ендігі басты қызметі — немере бағу, шөбере тәрбиелеу. Талдықорған қаласында тұрады. Андреев ауданындағы Ватутин атындағы колхоздың басшылары енді жана адамдар. Сонау алпысыншы жылдардан бері қаншама өзгеріс болып қаншама ылдиды да, өрді де көрді. Мұның бәрі тарих қана емес, адам тағдырлары, адамдардың артында қалдырған іздері. Сол іздерден өткен өткелдерімізді көреміз. Ол өткелдер еңбек адамын шындап еңбек қасиетін көтере түсті. Жақсы із қалдырған алтын көпір іспетті аяулы күйінде көңілімізде. Татьяна Василиевна солардың бірі.
Жоғарыда еңбек ажар берген үш адамға әдейі тоқталамыз деп едік қой. Соның бірі — қатардағы шопан Дәулетбек Әміренов. Ол туралы жазылған жолдарда да өмір ізі жатыр.
ШЫНЫҒУ
Колхоздан таң ата шыққан машина құм - құмның арасында сүңгіп әлі жүр. Қылтың етіп мына шағылдың бүйірінен бір көрінсе, әлден уақытта жоқ болып кетеді. Күн шаңытып боран болайын деп тұр. Шофер енді ашуланайын деді.
— Бұл құрғырдың ауылы қайда кеткен, жер жұтып қойды ма, әлде көкке ұшып кетті ме? Әнеу күні келгенімде осы тұмсықта отырған сияқты еді ғой.
Жаяу борасын құйғытып құммен аралас қарды аспанға көтере бастады. Не маңыраған қой, не үрген иттің даусы естілмейді. Бұған дейін жан баспаған меңіреу жапан дүз сияқты осы маң.
Шофер машинасынан қарғып түсті де шағылдың басына шығып айқай салды. Жауап үн жақын жерден-ақ естілді. Машинаны солай қарай бұрып, қоралауға кетіп бара жатқан қой соңынан ызғытып жетіп келді.
— Ей, Дәулетбек, сендер қоныс аударып кеткенсіңдер ме?
— Қысты күні адам ұзақ қоныс аударушы ма еді. Есіңнен адасқансың ба? Баяғы өзің көрген қыстау емес пе?
— Қайдам, таң атқалы сені іздеп құм - құмның арасына кіріп сабылып жүрмін. Съезге шақырады, — деді ұяңдау келген құрбысы шарт буынған фуфайкесінің ойнына қолын тығып жатып.
Съезге дейді, комсомол съезіне ме? Дәулетбектің ойына өткен аудандық конференцияда Қазақстан комсомолының IX съезіне делегат болып сайланғаны түсті.
— Шақыру қайда?
— Мә!
— Ойбай-ау, мынада ертең таңертең сағат 10-да ашылады дейді ғой. Ертерек неге жеткізбегенсіңдер?
— Ол дауыңды аудандық комсомол комитетіне айт. Сені іздеймін деп тан, атқалы сандалғаным да жетер. Делегат болсаң өзіңе делегатсың, шіренбе маған.
Бұдан әрі саудаласып тұруға уақыт болмады. Дәулетбек алдындағы қойды асыға айдап келді де, Қыдырма ақсақалға жәйді айтып, әлгі машинамен станцияға қарай жөнеп берді.
Матай теміржол станциясы Ақсу ауданының малы қыстайтын, Құрақсу, Тентексу, жайылымдарына ең жақын станция еді. Дәулетбекке қасындағы құрбысы машинаны тіптен жай жүргізіп келе жатқандай көрінеді.
— Ойпырмай, поезд болса жарар еді, үлгере алар ма екем. Қасақана сен де жыбырладың да қалдың ғой.
— Қысты күні, өзі нашар жолда машинаны бұдан артық айдауға болмайды...
...Жіберіңіз деймін, Талдықорғанға жетуім керек. Милиция сержанты осылайша арпалысып жүрген ашаңдау сары жігітті білегінен шап беріп ұстап айырылар емес.
— Неге тәртіп бұзасың. Жүк поезымен жолаушы жүруге болмайды. Неге мінесің оған. Штраф төле.
— Штрабыңды алсаң алшы ағатай, жіберші өзің мені, ұстамашы, мына қағазды көріңізші.
Қағазды оқып шыққаннан кейін манадан бергі ызғарлы милиционер де жұмсап сала берді.
— Бар, бауырым, бара ғой. Бірақ, үлгере алар ма екенсің. Түн ортасы болып қалды, Талдықорғаннан ешкімді таба алмайсың ғой.
Үштөбеден қалаға жүретін автобустың соңғы рейсімен Дәулетбек зырлап келе жатты. Қайда бармақ, кімге жолықпақ, кімнен жөн сұрайды. Қазір бұл барғанда ғой облыстық комсомол комитетінде ешкім болмайды. Не істейді сонда. Суықтан бүрісіп автобус ішінде шоферден сұрағысы келіп еді, «қойшы, бара көре жатармын» деген ой келді.
Автобус орталық көшеге әкеп түсіріп тастады. Қолында шағын түйіншегі бар орта бойлы, ашаң жүзді, көк көзді жас жігіт түн ортасында жалғыз тұр. «Әлде бірі отырған жоқ па екен» деп облыстық комсомол комитетінің үйіне келіп еді, есік берік. Не істеу керек.
— Тәуекел деп Алматыға тартып отырсам... Не болса да сонда көрсем. Осы ой жас жігітті жетектеп таксилер тұратын жерге алып келді.
— Алматыға баратындарыңыз бар ма? — Топтанып тұрған шоферлер сақ-сақ күлді.
— Қызықпысың ей, түн ішінде осыншама жерден Алматыға кім барушы еді? Жуандау келген қараторы армян жігіті гүж ете қалды.
— Бүкіл бір рейске төлейсің бе, мен алып барайын.
— Төлейін.
Жұпыны киінген, әрі бала сияқты болған соң ақшасы жоқ па деп көңіліне секем алды ма, әйтеуір шофер шықпай жатып сауданың басын ашып алуды жөн керді.
— Жеткізіңізші ағай, қанша болса да телейін. Мен шопанмын. Ақша жетеді менде.
Қары кеп жүрістен еріп үлгірген тақ-тақ жол. Жеңіл машина зымырап келеді. Алдыңғы жақта шофердің жанында отырған жас бала жан-жағына қарап қояды. Шіркін, осы кезде оның қиялының қайда кеткенін білсең... Не үшін келе жатыр, кім жіберді оны. Асығып, аптығып ұйытқыған боранда станцияға, одан милиция қармағына ілініп автобусқа түсіп, одан таң алдында міне Алматыға қарай қандай күш зырғытып келе жатқан. Дәулетбектің басында осы ойлар... Күлімсіреп қана зулаған машинаның терезесіндегі.
сызаттан соққан самал желге бетін төсейді.
Күндегі әдетінше жайнаң қағып үйге кіріп келген беті еді.
— Ей, Дәулетбек, отыр мұнда — деген өктем әке даусы естілді.
Жаңа ғана албыртып тұрған жүзі қуарып кетті де, жымдай болып кәрлі әке қасына отыра кетті.
— Сен не сандалып жүрсіңдер, оқуды тастағаның анау, ал енді салпылдап бос жүргенде мүйізің шыға ма, ана басшылардың айтқанын неге істемейсің, неге бармайсың қойға.
— Қойға барып немене... Мен соншама — дей бергенде.
— Тәйт, жоғалт көзіңді, осыдан қойға бармай кер, қыршыныңнан...
Осы сезді айтқанда ашулы әкенің қолына жанында жатқан таяғы түсті. Бұлтарып көрем бе деп отырған Дәулекең есікке қарай ата жөнелді.
— Қойға бармасаң енді қайтып көзіме көрінуші болма. Сен маңдайына тимей ешнәрсе істемейсің. Осыдан сені қойға жібермесем, бала көрмей кетейін.
Әке мінезі Дәулетбекке бұрыннан аян еді. Бір айтса дегенінен қайтпайтын. Ретін тауып анасы арқылы райынан қайтармақ болды оны.
— Ей, шал, жас балаға сонша ақырғаның не?
— Қылжақтатпа, сені мен маған мазар орнатпайды. Өзі адам болсын деп отырмын, мені асырамай-ақ қойсын, көйкектетпе, жібер. Барсын деп айт. Ана көмсамалдары да бірнеше рет келіп кетті ғой, жалғыз сенің балаң емес. Көрсін, барсын оқу тастағыш мықтым.
... Қар сылбырап еріп жатыр. Қара суық жер өңменнен өтеді. Көкала аттының артына мінгескен тұйғындай жас баланың кеңілі кірбің. Үн жоқ, екі аяқты салбыратып қоя беріп, жабысып келе жатыр. Алдында отырған адамның ыңқылдап өлең айтқанын да елер емес.
Ың да шың, қым-қуыт шу. Маңыраған қой-қозының үнінен құлақ тұнады. Осы араға келгенде ғана ат артындағы жас бала сәл селк еткендей болды. «Ал, қарағым келдің, түсіп қал» деді де, әлгі атты қоныс жанына жеткенде Дәулетбекті аяғынан басын үзеңгі ғып түсіріп жіберді.
Шопан Қыдырма Рахметов Әміре ақсақалға жақын адам еді. Дәулетбекті таныды да:
— Оу, келіп қалғансың ба, ал ана қозыларды жайғастыр, —деді алдында иірулі жатқан отарды көрсетіп.
...Таңертең ерте түр деген бала жұлқылап оятқанда көзін әрең ашты.
— Әлгі жібердік дегені сен бе, о...о бүйтіп көмекші болғаның бар болсын... Тұр, жөнел әрі!
Бұл Ақсу ауданының мал шаруашылығына жастарды кептеп жіберіп, қой шаруашылығын қолға алайық деп бастама көтерген сонау бір кез еді.
...Жыл қорытындысы шығайын деп жатқан кез. Аудандық комсомол комитеті колхоздардан, совхоздардан өздері жіберген шопанның еңбек нәтижесін дамыл-дамыл сұрап жатты.
Дәулетбек Әміренов. 100 қойдан 121 қозы. Қарамағында 560 саулық бар.
Ақсу жағдайында ол жылдары бұл жаман емес-ті. Кеше әке ызғарымен әрең аттандырған балаға бүгін жұрт назар аудара бастайын деді. Оның фамилиясы аудан басшыларының блокнотына жазылып, озат шопандардың бірінен саналды. Комсомол жөнінде сөз бола қалса, біздің мынадай жас шопанымыз бар деуге тілге тиек болды.
Келесі жылы жайлаудан түсісімен-ақ «Дәулетбек озады» деген сөздер шыға бастады. Қойлары күйлі, күмпиіп түсті жайлаудан. Ел аузы дуалы деген емес пе. Жыл қорытындысы — 100 бастан 132 қозы, алған жүні әр қойдан 3,9 килограммнан айналды.
Үлкен ойға шомып отырды да, Қыдырма қарт мырс етіп күлді. «Ай, Ақылыңнан айналайын Абай - ай, тәрбиеге түзелмейтін мінез бар деген адамның тілін кесер едім»деп қалай тауып айтқансың. Жұрт мына Дәулетбекке қарасыншы. Ауданға аты шығып жүр әне. О, тентек сарым... "Тентек түзеледі, түзелсе мықтап түзеледі деген осы - ay" деді ішінен.
Съезд аяқталып, Алматыдағы опера театрының әсем залынан жұрт концертке дейін демалуға сыртқа шықты. Жастар тез шүйіркелесіп кетпей ме, екі күннің ішінде әр облыстан келгендеріне қарамай, бір-бірімен етене жақын болып кетіпті.
Дәулетбек те состиып, жұғысы алмай жүретінге жатпайды. Іші - бауырыңа кіріп кететін, ашық жарқын мінезі бар. Соған басып көп делегаттармен танысып алған, бір құрбысы:
— Әй, Дәулетбек, сені комсомолдың Оталық Комитетінін мүшесі етіп сайлады. Мақталып жатырсың. Радиодан бүгін таңертең Құнапия Шұлғаубаев екеуіңнің арандағы жарыс туралы да айтып жатыр. Тіпті дүркіреп барасың өзі, — деді.
— Соншама не ерекшелігің бар, салшы ортаға, қалай бағасың осы сен қойды? Сенің әдісінде не құпия бар екен, біз де білейік.
— Ай жігіттер - ай, ерекше деп мені аспаннан түсті ғой дейсіндер ме. Өздерің сияқтымын. Комсомол жіберді, комсомол еңбегімді бағалап көтеріп отыр. Ең бастысы өз ісінді сүйе білуде. Бастапқы кезде мен де қиқақтағам. Жақсы көр жұмысыңды. Не айтам бұдан басқа.
— Жо-жоқ... Сен бізге айт бірдеңе.
— Табысты тудыратын талап, талабың болса табыс деген ешқайда қашпайды. Қой бағу құр соңында жүру емес, мен айтар едім, егер бір қойшы жазушылық қабілеті болып, өзінін күндегі ісін қағазға түсіріп отырса, бір жылда үлкен бір кітап шығар еді. Кітап болғанда қандай, шын мәніндегі тәжірибе кітабы болар еді. Міне, біздер осыны жасайық. Әйтпесе қанша мықты болғаныңмен күндегі топшы - туындыңды, қорытынды -тұжырымыңды лап еткізіп бір жерде айта аласың ба. Түйіп айтар жәй — әрбір күнгі жайылым, әрбір күнгі суаттың сол күні малға жұғымды болды ма, жоқ па. Биылғы қыстауың отарыңа қалай жақты, жайлауың жайлы болды ма? Қой соңынан құр ере бермей осы жайларды байымдап, ішке түйіп жүру керек.
Орынды сөзге талас жоқ дегендей Дәулетбектің бұл әңгімесі әлгі тұрғандарды азды-көпті ұйытқандай болды ау деймін. Тағы да не айтар екен деп сөз күткендей.
— Сені мақтап жүр дейсің, ал менің биылғы көрсеткішім өткен жылғыдан төмендеу болды. 100 қойдан 128 қозы. Мен қазір осыны ойланудамын. Неге кем болды. Қай жерден мүлт жіберіп алдым деймін. Өткен қыста азды-көпті іш тастау болды. Мұның да себебі бар. Бізде «ал мынау жақсы дегенге» жақсыны айт дей береміз. Менің пікірімше қандай таңдаулы болмасын, оның кемшілігі де болады. Осы жөнінде айту қажет. Жақсы жақсы боп қала береді ал кемшілік түзелмей қала берсе, ең жаманы сол. Мен міне қазір осындай ой үстіндемін.
— Ал, Құнапия екеуіңнің қайсысың озасың?
— Оны уақыт көрсетеді.
— Құнапия деген кім өзі? — деп сұрақ қойды, тапал сары жігіт.
— Онымен мен өзім де сырттай таныспын. Алматы облысы Ұйғыр ауданы, Тельман атындағы колхоздың шопаны көрінеді. Радио арқылы оның табысын естідім, жарысқа да түстім. «Атынды сенсең ғана бәйгеге қос» деген. Біз қол жетер табысымызға, істей алар ісімізге сенгендіктен де жарысқа түсіп отырмыз. Естірсіңдер оны әлі.
Съезден Дәулетбек көп жайларды түйіп, көп тұжырымдарға бекінді. Өзінен биік, өзінен жоғары құрбыларына жетсем деп армандады. Осы ойын келе салысымен жаңа қосылған жары Тұрашқа да жеткізді.
— Бұрын жалғыз едім, енді сен барсың қасымда, жетеміз ғой, ә, — деп қалжыңдады.
Ол Қазақстан комсомолының IX съезінен кейін туған ойлар еді. Ал 1987 жылы XVI съезд болды. Сонау жылдары радионы бірде тыңдап, бірдей тыңдай алмаса, бұл Съездің жұмысын Дәулетбек телевизордан тапжылмай көрді. Қайта құру кезеңінің сипатын аңғартқан бүкпесіз әңгімені ұйып тыңдады. Бір кезде өзі Қыдырма қартқа көмекші болса, енді Дәулетбектің көмекшілері көп. Біраздан соң «ақсақал» деп те айтатын шығар.
— Өтіп бара жатқан уақыт - ай, — дейді ол. — Кеше ғана біз де жас едік. Сол жас күйімізде қалатын сияқты едік. Айналаң, әсіресе жас өркен сенің де егде тартқаныңды еске салады екен. Бір кезде бізге де қызыққан шығар. Ал мен қазіргі жастарға қатты қызығам. Кейінірек неге тумадым деп те қоям. Мұның өзі уақыттың жақсылығынан болса керек. Басқаны былай қойғанда мен шопан болғаннан бері Қазақстан комсомолының жеті съезі өтіпті. Бір кездегі біздің «Қызылтаң» совхозының қыстауы болған «Құрақсу» бұл күнде басқа Бөрлітөбе ауданына қарап, онда «Құрақсу» совхозы орнады. Қалың құмның ішінде совхоз болады деген ой кімнің кәперіне келген. Осы араның бір кезде ашық қоралы ғана қыстау болғанына бұл күнде сену қиын.
— Жастарға қалай қызықпайсың, — дейді одан әрі Дәулетбек. — Олардың енді тұрағы комплекстер. Бір кездегі біз құсап, 500-600- ден бақпайды қойды. Он мыңдап бағады. Бәрін техникамен жасайды. Сонау алаңғасар шағымда қойшы болмаймын деп қашқақтағаныма бүгін ұялам. Ой саяз ғой, ой... Әкем жарықтық мені зорлағанда бірдеңені білген - ау деймін.
Дәулетбектің қазір тәлімгер деген атағы бар. Осы міндеттің мәнін қалай түсінесіз дегенде ол ұзақ толғады:
— Құрғақ ақылды ежелден жаным жек көруші еді. Біреу сенің өз білетініңді мыжып, ақылгөйсігенде шыдай алмай, «ей, өз ақылың езіңе» деп тұрып кететін ем. Сол себепті де «қиқар Дәулетбек» деген тұмар да тағылған маған. Шынында, білмегенін үйретсең — ұстаздық деген сол емес пе? Менің ұғымымда үйрету деген іспен көрсету, өнегемен жанын баурау. Сөйлей беруді емес, жөндей білуді үйрету керек. Жөндеп бер, жөндеп көрсет. Миыма ұялаған осы ниетімді орындасам — тәлімгер бола алғаным деп білем.
...Әттең, әттең... Шопан мамандығының керектігін жұрт ең болмаса мен құрлы түсінсе. Менің кеш оянғанымдай - ақ түсінсінші. Соның өзінде...
Дәулетбек ойлы көзін алысқа қадап қалды. Ол өз совхозының, өз шәкірттерінің аумағынан да арыға кетіп қалған сияқты. Республика биігінен, тіпті ел билігінен ойлап тұрма екен, қалай?
— Біреудің 200, біреудің 180 қозы алғанын ой дәріптейміз, дәріптейміз - ау кеп. — Бұлар санаулы-ақ адам ғой. Мың қойшы жүзден жүз қозы алуға жете алмай жүргенде жүз қойшының 200- ден алғаны неме тұлға? Мысал үшін айтып отырмын. Ана, ана тоғыз жүз қойшының бір қойдан бір қозыдан алғаны бұдан әлдеқайда артық емес пе. Әттең, әттең... Менің әттеңімнің төркінін түсіндіңіз ғой. Шіркін, осы ойыммен қоса сонау жастық шағым қайта келсе деймін.
Үшінші кейіпкеріміздің өмірі мұңды сезімдерді де қозғайды...
РУХЫ КҮШТІ АДАМ
Папка толы хат. Бірінен соң бірін оқи бергің келеді. Әр хатта керемет бір жүрек лүпілі бар. Ол лүпілден осынау адамға деген асқан ықыласты, ризашылық сезімді, оның өмірдегі қайсарлығына деген таңырқау мен тамсануды, тіпті адамның солай бола алатындығына сенбеуді де сезгендейсің.
«Тұрсын аға! Өзіңізге бұл хатты танымайтын адамдардың жазғанына таңданбай-ақ қойыңыз. Сіздің кітабыңызды құмарта оқып шықтық. Мұндай кітап жазғаныңыз үшін көп рахмет. Сіздің жарқын бейнеңізді көруге асықпыз. Кездескенше күн жақсы».
Ізімкүл Иманбекова, Бибіжар Жайлыбекова,
Жамбыл облысы, «Талас» совхозындағы
он бір жылдық мектептің оқушылары.
Мына хат Гурьев облысы, Беден селосындағы Ақжүніс Ержановадан:
«Аса құрметті Тұрсын аға! Отанымыздың даңқты патриоты ретінде менің ыстық ықыласты сәлемімді қабыл алыңыз. Сіздің ерлігіңіз бен қайыспас табандылығыңыз ерік -күшіңіз бен жалын атқан өнегеңіз — біздерге үлгі. Алдағы уақытта да солай бола беріңіз. Сізге деген алғыс сезімін мен ғана емес, біздің бүкіл замандастарымыз біледі ғой деп ойлаймын».
Мына бір хат тіпті алыстан келген. Оны жазған Витебск қаласындағы Совет Армиясының қатарында жүрген жауынгер Жасболат Бисенов:
«Қадірлі Тұрсын аға! Менің әкем мен бауырым соғыстан қайтпай қалды. Сіздің кітабыңызды оқып отырғанда олар да дұшпанмен тап солай ерлікпен шайқасқан шығар деп ойладым. Мен де сіздің өнегеңіз бойынша Отанға адал қызмет етемін. Оқыған кітаптарымның авторларының бәріне бірдей мұндай хат жаза бермеймін. Ал сіздің кітабыңызды оқи сала қолыма қалам алдым. Сөздер өз-өзінен төгіліп, жүрегім еріп қоя берді. Сіздің кітабыңыз жан — дүниемді аласапыран етумен бірге бір аяулы сезімді оятқандай болды».
Самарқанд сауда институтының үшінші курс студентінің хаты небәрі бір-ақ сөйлемнен тұрады «Сіздің повесіңізді оқып шыққаннан кейін тебіренгенім соншама үш күн үйықтай алмадым».
Шымкент педагогика институтынан Мият Бекмалов өз хатында Тұрсынды қазақтың, Маресьеві деп атапты.
Хаттар, хаттар, хаттар. Олардың бәрінде де Тұрсынның кітабы бойға қуат беретіндігін, адам өзіне өзі сенсе, өз бойындағы қуат - күшті, ерік-жігерді оята білсе, оның небір кереметтерге қабілетті екендігін көрсетеді. Орыс қызы Зина Самсонова кірпіш заводында практикада жүріп, бір қолынан айырылыпты. Енді өмір сүрудің қажеті болмас деп торыққан ол. Сонда оған қасындағы қазақ достары Тұрсынның өмірі жайлы айтып береді. Әңгіме Зинаға өте қатты әсер етіп, еңсесін көтереді.
Қыз былай деп жазған: «Сіздің ғұмырыңыз — маған өнеге. Сіздің ерлігіңіз туралы естігеннен кейін рухым бекіп, адам жеңбейтін қиындық жоқ екен деген ойлар келе бастады. Жүрегімді езіп, еңсемді көтертпейтін зіл қара тас торығудан бойым сейілейін деді. Мен де қоғамның қажетіне жарармын деген ой сәулесі кеудемді кеулей бастады».
Әрине, хаттардың бәрін бірдей тізіп шығу киын. Бірақ бір хаттан үзінді келтіру мүмкін емес. Ол белгілі қазақ ақыны Зейнола Шүкіровтың хаты. Зейнолланың тағдыры да аянышты тағдыр. Жасынан сүйек туберкулезіне шалдығып, тіпті бастауыш мектепті де бітіре алмаған. Ғұмыр бойы төсек тартып өткен жан. Соған қарамастан ол ерік - күшінің, еңбектің арқасында от жалынды ақын, сырыл жазушы болды. Бүкіл халықтық іске, Отанына жалынды сөздерімен қызмет етті. Міне, Зейнолланың хаты:
«Қымбатты Тур сын аға! Біздің тағдырымыз бір-бірімізге өте ұқсас. Сіздің «Өліммен бетпе-бет» атты кітабыңызды оқып шыққан соң, менің көз алдыма аса қайратты, қайсар адамның тұлғасы турды. Сізді көрмесем де танитын секілдімін. Сіз секілді рухы күшті адамдар сирек қой. Алдыңызда бас иіп, тағзым етуге руқсат етіңіз!»
Осыншама жұртты тебіренткен Тұрсын деген кім, оның тағдыры қандай тағдыр дейсіз ғой енді. Ол біздің, отандасымыз, Алматы облысы, Шелек ауданы «Қаратұрық» совхозында бір кезде бас бухгалтердің орынбасары болған Тұрсын Мыңбаев.
Бухгалтер! Сіздің көз алдыңызға бір қолымен шотты сартылдатып, бір қолымен цифрларды қағазға сусылдатып түсіріп отырған адам келеді. Бір күнде оның алдында толып жатқан қағаздарды өтетінін де елестетесіз.
Тұрсын екі қолы да шынтағынан төмен жоқ адам. Сонда шотты қалай қағады, екі қолы бірдей жоқ адам қалай күн көреді.
О, қайран қолдар, барында қадіріңді біле бермейміз ғой. Адамзатты тамсандырған небір әдемі ғимараттар, әсем дүниелер сенен шыққан, сенің туындың емес пе. Сенсіз бұл әлемде жасампаздық, әдемілік бар ма? Адам қолынан шыққан, асыл зат! — деген ұғымда осы құдіретіңнің алдында бас ию бар емес пе.
Басқаны былай қойшы. Қолсыз тамақты қайтіп ішесің Тіпті бәтеңкеңнің бауын қалай байлайсың. Дәретке отыруыңның өзі қиямет емес пе. Аяқсыз өмір сүруге болар, қол болса отырып етік тіксең де, шарбақ тоқысаң да — әйтеуір күн көре аласың ғой. Ал қолсыз қалай? Қалай бұл жарық дүниеде жүруге болады?
Иә, Тұрсын сол қолсыз адам, ол ешкімге де мысал емес, күнде қоғамға пайда келтіріп отырған толық қанды азаматтың тірлігі. Ол сақылдатып шотта қақты, жазу да жазды. Қадірлі семья басы, шоп те шапты, тіпті меншігіндегі машинаны да жүргізді. Ол өзінің мүгедектігімен аяныш туғызбады, өмірдегі ерлігімен, ақ жарқын мінезі, аса елгезек асыл қасиетімен таңдандырып, таңдай қақтырды. Оның әрбір күнгі өмірін бас алмай оқитын кітаптың байыпты беттері десе де болғандай.
Рас, Тұрсын мүгедектікті тағдырдан сұрап алған жоқ-ты. Жұрт секілді балалық балғын шақты ол да бастан кешірді. Құрбыларымен тай-құлындай тебісіп, жігіт болып ер жетті. Жар қызығын көруді, жақсы семья құруды арман қылды. Екі қолы бірдей жоқ шолақ болам деген оның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Қандай, қандай тәтті қиялдар жетектеуші еді, шіркін...
Міне, өзен күрт кейін аққандай болды. Дүние төңкеріліп кетті. Тәтті армандарды соғыстың ащы түтіні ауыстырды. Ел шетіне жау тигенде бұл да тыныш жата алмады. Жас келіншегінің қыпша белінен қысатын қолдар түсі суық қаруды ұстады. От көзі,нағыз жалын атқан жігіт шағы осындай сұрапыл соғысқа тап болды. «Көппен көрген ұлы той» -құрбыларымен майданға кете барды.
Сталинград шайқасы. Қып-қызыл өрттің іші. Отан тағдыры, оның елдігі сынға түсті. Тұрсын талай қан төгіс ұрыстарды, талай құрбыларының қыршынынан қиылғанын көзбен көрді. Ел игілігіне ғана қызмет ететін Волганың суы қан аралас күрең тартты. Өмір мен өлімнің шын таразыға түскен жері осы шайқас екенін әрбір солдат іштей сезді.
Бес жауынгерден тұратын пулемет расчеті болатын. Содан екеу-ақ қалды. Фашистер оқты бұршақша боратып, айналада сау тамтық жер қалмады. Өлгендер қалып, тірілгендер ілгері ұмтылуда. Адам қандай құдіреттісің де, қандай осалсың. Дүниенің тұтқасын ұстап тұрған сені құмалақтай қорғасын жалп еткізеді де, жанарыңды мәңгі сөндіреді. Мынау сұрапыл соғыс неткен қатігез. Сенің жастығыңмен де, жалғыздығыңмен де, анаңның көз жасы, алар жарыңның асыл арманымен де санасатын түрі жоқ. Жұтып жатыр, жұтып жатыр боздақтарды. Анау қара ниет фашистердің табанына құл болып түскеннен гөрі осындай ерлік өлімді артық санайды олар. Халық қаһарына мінгенде қандай керемет. Өрекпіген жаудың жан алқымынан алды. Жанталасып олда аянар түрі жоқ.
Қанша сағат пулеметтің тынымсыз сақылдағаны Тұрсынның есінде жоқ, қараса оның оқтығы отқа піскен темірдей қып-қызыл болып кетіпті. Бұған дейін бір дұшпанды бас көтертпеді. Біразын жайратқанына көңілі сенімді. Тағы да дәлелдеп, тағы да жусатқысы келген-ді...
Бір дүлей күш пулеметтен жұлып әкеткендей болды. Есін жиса, етпетінен жатыр екен. Аузы, мұрны, құлағына біреу істіктеп топырақ құйып тастағандай. Сол құмнан тазарғысы келіп, оң қолын көтерді, жоқ. Сол қолын — ол да жоқ. Ауыр күрсініп барып, аунап түсті. Ар жағын білмейді.
Әскери госпиталь... Ауыр ойлар. Мен енді кімге керекпін. Анаға — қайғы, жарға — масыл, балаға қорлық. Тән жарасына осындай жан жарасы қосылып, еңсені көтертпей езіп барады. Күн өткен сайын өмірден гөрі өлімге бет бұруға әзір. Дәрігерлер мен сестралардың жұбаныш сөздері де құлағына кіретін емес.
"Қолымды қырыққан оқ кеудеме неге қадалмады. Кімнен артық едім. Менен де кереметтер кетті ғой ол дүниеге. Тірі өлік кімге керекпін, кімге". Жан дүниесі осылай деп ышқынады.
Бұл да сүйек еттен жаралған адам. Күйініш, өкініш, өксік бұған да тән. Қара бұлттай қаптап, жанышқан жаман ойлар тіпті түпсіз шыңырауға да әкетті. Өзін өзі жазым да қылмақ, аурухананың үшінші қабатынан қарғымақ та болды. Бірақ бұлай ете алмады. Олай еткізбеген күш қос қолын қырыққан дүлей күштен де құдіретті болып шықты.
Ол — сүйген жары Бәдиханның кіршіксіз махаббаты еді. Алыстан келіп, іздеп тауып, мұның ішіндегі әр саққа алып қашып тулаған толқынды әйелге тән нәзік жүрекпен тап басып тауып, оны бірте-бірте сабасына түсірудің, толқынды көтеріп тұрған дауылдың алдында тосқауыл қоюдың жолдарын іздеді. Өзінің арнайы іздеп келуі де сол тосқауылдың бірі еді. Аса көп оқуы да жоқ, қарапайым қазақ әйелі бір түні Тұрсынға:
— Мә, мына кітапты оқы, — деді.
Николай Островский «Құрыш қалай шынықты». Жуырда ғана қазақ тіліне аударылып басылған екен.
Николай Островский! Бәдиханның нәзік махаббаты, совет адамдарының аялы алақаны, асыл қамқорлығы. Осы күштер өмірге құштарлықты сөнгелі тұрған жерінен қайта оятты. Бұл жалғаннан мүлде күдер үзгелі тұрған адамның қан тамыры қайта соғайын деді. Әл кіріп, немесе бір елес тірлікке шақырғандай.
Ешкімге тіл қатпай түнеріп жатып алатын «қиын адам» тілімен аударып, кітап оқи бастады. Бетіне нұр жүгіріп, бас көтеріп отыратын болды. Терезе алдында ұзақ тұрып, сырттағы әлемге де көз салды. Сөнді - ау деген армандар қайта оралып, тіршілік тынысынан хабар берді.
Бір күні ол қалам сұрады. Не үшін! Жазу үшін. Оның бұл қылығы талайды таңдандырды. Бірақ әбес сұрақпен жанына ешкім тимеді. Тілегін үнсіз орындады. Қиямет те киын айлар. Нешеуі өткен ешкім санаған жоқ. Біресе тісімен, біресе аяғының башпайымен Тұрсын жазуға жаттықты. Мұның қаншалықты күшке түскені өзіне ғана аян. Күндердің күнінде госпиталь бойынша бір жаралы солдат тісімен де, башпайымен да жазу жазады екен деген сөз тарады.
— Жазған ғана емес, тіпті сурет те салыпты деген лақап шықты.
Тұрсын енді жарасы біткен қос білекке үміт артты. Қанша айтқанмен қолдың тұқылы ғой. Ұстауға ұмтылып тұратын шығар. Аяқтың аты аяқ. Жазу жазған сайын аяқ киіміңді ұдайы шешіп жатасың ба?
Тұқылдар икемге көне бастады. Алдына келген асты аузына апаруға жарады алдымен. Айрық боп біткен үш жағы қысуға да келді. Білектің шыбық сүйектері саусақтың міндеттерін анықтауға тиіс болды. Өмір қызықтыра бастады. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, екі қолы шолақ адам жазу жазып, сурет салуға жетті.
Күтпеген жағдай. Госпитальдің бас дәрігері орнынан атып тұрып, Тұрсынды бас салды. Мынау адам қабілетінің шексіздігіне дәлел. Өзіне сыйға әкеп тұрған Лениннің портретін жасаған қолы жоқ адам. Тағдыр-ай, қандай қатігез едің, осындай таланттың қолын қалдырсаң нетті. Бірақ бұл адамның тұңғиығында жатқан суретші талантын оятқан да мүмкін сол тағдырмен егесі шығар. «Сен мені есептен шығарып, еңсемді езбек болсаң, мен сенімен басқаша күресіп, саған өзгеше сый тартайын» деген жанның тегеурін де болуы мүмкін. Адам мүмкіндігін есепке алар өлшем бар ма екен?!
Күрес. Көп жылға қиын күрес. Талайдың көзін құртып, талайды мүгедек еткен соғысқа деген өмірдегі егес. Рухы күшті адамның егесі, рухы күшті адамның жеңбей қоймайтын күресі. Осы рух күшінің қайнары да қайдан табылып жатыр. Таңданасың...
Тұрсынның қолының шолақтығын жұрттың ұмытқаны қашан. Ұмыттырған оның күнделікті тірлігі. Шөбі жиюлы, малы бағулы, алма ағашы елдікінен артық болмаса кем емес, гүлдеп тұр. Бәрін жасайтын өзі. Қызметі де ел қатарлы, кемдігінен келіп жатқан сөз жоқ. Міне, үш айлық шоферлер курсында оқып жүр. Жаңадан алған «Москвичті» өзі жүргізбек. Оның мүгедектігін бетіне басқан сол право беретіндер ғана болды. Бірақ оларды да Тұрсын жеңді. Правоны алмай қоймады...
Тұрсын бәрін жеңіп келеді. Оның рух күші адам өміріндегі мүмкін еместі мүмкін етті. Өмірге, құштарлық оны тек ілгері ұмтылдырды. Өмірінің жалғастары да, шүкіршілік, баршылық.
Алты перзенттің үлкені Тамара ауыл шаруашылық институтын, екінші қызы Шолпан кооператив техникумын, Ажар музыка училищесін бітірді. Ұлдары Өмірзақ пен Серік те, кіші қызы Клара да ержетіп, бой түзеп ел қатарына қосылды. Бұл үйдегі бақытты ортайтып кеткен сүйікті жар, асыл ана Бадиханның өмірден ерте кеткені ғана. Бірақ Тұрсынды өмірге қайта оралтқан Бадиханның рухы бұлардың ендігі өмірінен жарқын көрініс табары сөзсіз. Қатардағы солдаттың өмірдегі осынау ерлігінде абзал жанды ананың өлшем табылмас үлесі жатпасына кім кепіл.
Міне, енді Тұрсын басқа қырынан көрініп отыр. Қолына қалам алды. «Өліммен бетпе-бет» атты повесть жазып шығарды. Оның бойында сыршыл әңгімешілдік қабілетте бар екен. Сол повесінің еткен әсеріне очеркіміздің басындағы хаттар әбден айғақ.
— Бадиханды жоғалтқаннан кейінгі бір өкінішім, — деді Тұрсын ақсақал, — мандолин тарта алмайтыным. Жасымда жақсы ойнап едім. Көңілімнің кейбір толқындарын музыка арқылы да жеткізгім келеді. Саусақ итің осындайда керек екен. Амал бар ма...
Өмір шырайы — еңбек деген рас-ау. Осынау тағдыры талай сыр шерткен адамды құзға құлатпай, ғұмыр бойы жылатпай тіршілік айдынына алып шыққан да сол емес пе. Еңбек сыйлаған өрлікпен өмірде ол қандай тамаша іздер қалдырды. Іздер, іздер... Оларда мөлдір сыр да бар, оларда жаныңды байқар жыр да бар.
КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН
Кисловодск
8-май, 1962
Саттар, Женя, Орынша үшеуі шығарып салғаннан кейін бір жолдас тауып алдым. Академияның қызметкері. Уақатов Бекмұрат.
Дұрыс жігіт екенін бұрыннан білетінмін. Әңгімелесіп жақсы келдік. Минводыдан 4 адам таксиге мінген едік. Сонымыз жақсы болды. Электричкада солқылдамай жақсы жеттік.
Қарағандыда 4 сағат тұрып қалғанымыз болмаса, жалпы жол жаман болған жоқ. Келісімен 3 кісілік палатаға орналастырды. Келген мерзім сол Алматы уақытымен сағат 12 (түнгі) шамасы. Душқа түстім, тамақ іштім.
Мүлде бөлек ауа. Самал, өзім жақсы көретін ауам. Түнде терезені ашып қойдық. Біртүрлі тыныс кеңейіп, сарайың шайдай ашылғандай. Климатическое лечение дегені ауаның осы әдемі қасиетінен шыққан болу керек. Оның өзі бір дәрі іспетті.
Таңертең тұрысымен өлшеді. 77.300. Бұрынғыдан 9 кг. кеміген екенмін. Әлі де 3-4 кг. артық. Бірақ ол керек те. Қандай ем екені белгіленген жоқ. Қазір сағат 12.30 дәрігерге барам. Фамилиясы — Сучкова.
Алматыдан біраз адам бар екен. Бір - екеуімен танысып та үлгердім.
Жалпы санатория осы арадағы ең тәуірі екен. Тәртібі, тазалығы, адамдарының мәдениеттілігі жақсы. Жер жағдайы өзіміздің Андреевка ауданындағы қоңыр жоталардай. Сай - сайы өскен ағаш, жота басы жалаңаш. Сол сайларға салынған бес курорт қаласы бар: Кисловодск, Пятигорск, Железноводск, Ессентуки, Минеральные воды. Бесеуі бір-бірімен жапсарлас. Ставрополь өлкесіне қарайды. Солтүстік Кавказ.
Өзіміз жақсы көріп ішетін «Нарзан» суы осы Кисловодскіден шығады екен. Арнайы завод бар.
9-май, 1962
Бұл күн негізінен дәрігерлерге көрінумен кетті. Анна Ивановна Сучкова деген дәрігер қарады. Ашық мінезді кішіпейіл адам екен. Өзінің қазақтарды жақсы көретінін де айтты.
Маған олардың мінезі ұнайды. Жұмсақ, жайлы.
Жүздері біртүрлі мейірімді келеді. Осында екі колхоз председателі болды. Қонаққа шақырып бесбармақ асқызды. Дәмі аузымнан кетпейді. Әлі...
Өз ұлтың жөнінде сырт адамның мұндай пікірі қандай жақсы. Ауыл дәмі ғой деп ала шыққан бір қазы, бір «Қазақстаным» бар еді. Алғаш қарсы алған дәрігер ғой. Осыған берсем бе деген ой да келді. Тұра тұрайын, ертең туған күнім ғой. Бір қисыны болар.
Қасымдағы екеудің бірі азербайжан, бірі - орыс. Орысы атан түйенің етіндей бір оңбаған. Ұрлап, қасында бір екі қуы бар, арақ ішеді де жүреді. Палатаның ішін сасытып жүргені. Алғашқы екі күннің өзінде-ақ осындай көңіл қалдырды ол.
Бір топ адам Пятигорские кетті. Барған жоқпын. Алғашқы күндері тынығайын дедім. Міне, осы жолдарды жазғанда палатада жалғызбын. Санаторий ең биік жерде. Вершина десе вершина. Балконнан қарағанда бүкіл қала көз алдымда. Міне, бәрін көріп отырмын. Тұрған жерім өзі биік, шоқынын үсті. Оның үстіне 3- этаждан көрген соң, қаланың бәрі көрінбей қайтсын.
Шіркін-ай, өз жерімізді бағаламайды екенбіз - ау. Осы дүние жүзіне белгілі курорттың жер сұлулығы Алматыға астар да болмайды. Бірақ, санаторийді салып тастаған. Соның өзі өңірге өзгеше ажар беріп тұр. Осы бір мен көріп отырған өзекте әзірше естуім бойынша Орджоникидзе, Киров атындағы «Россия», «X лет Октября», «Красный шахтер», Совмин т.б. санаторийлер бар. Біріне-бірі тиіп тұр. Өзекте деп отырмын. Шынында да өзек. Ал Алматының жанынан 100 санаторий жасауға болар еді. Әттең... іш қазандай қайнайды - ау. Қайран жер. Алтынның қолда барда қадірі жоқ деген осы. Бүкіл Алатаудың бауыры таптырмайтын курорттың жері екенсің ғой.
Алатау көркі екенсің жұмыр жердің,
Қоймасы таусылмайтын қазына - кеннің.
Айтшы деп жер сұлуын билік күтсе,
Іркілмей, бас бәйгені саған бердім.
Ақындығым тасып айтылған шумақ емес, ар жағымдағы азаматтық арымның айдап шыққан ойы. Құрылысың жоқ. Қаптап жатқан санаторийің жоқ, жалаң, жаңғыз қабат көйлегіңмен осынша сұлусың. Егер киіндірсе, адам қолымен салынар ажарлы құрылыстармен көркем ше?! О... онда сен ғажап болар ең!
10-май, 1962 ж.
Алғаш циркулярный душ алған күн. Жанға жайлы, денеге майда. Судан келер шипаны осыдан күткендейсің.
Сағат 10-нан асқан соң «Красный шахтер» санаторийіндегі Уахатовқа бардым. Кешегі уәде бойынша ол маған қаланы аралатпақ. Бірақ таба алмадым. Сол арада бір партия бильярд ойнап жіберуге тура келді. Көптен ойнамаған дүние, кібіртіктеп жүріп, әйтеуір ұттым.
Содан қаланы аралауға шығып едім, сіркіреп жауын жауып тұр екен. Сонда да біраз жерді көрдім. Ленин проспектісі деп аталатын үлкен көше. Екі жағы толған санаторий. Магазин. Көп ешнәрсе жоқ. Жай аралап көріп, біраз шаршадым. Қайтарда Ленинградтық инженер Яков Захарович екеуміз таксимен келдік.
Дәрігердің айтуынша маған әзір алысқа шығуға болмайды. Мана қалаға кірерімде сұрағанмын ғой, сонда қайтарда таксимен кел деген.
Бильярдтың қызығына әбден түстім. Ұтылсам да ойнай берем. Міне, грузиннің жақсы бір жігітін тауып жолдас болдым. Отар Харитонович. Сымбатты, сұлу жігіт. Дене де, ажар да бар. Орысша таза сөйлейді. Оның қасындағы татар шалы Алматыдан болып шықты.
11-май, 1962
Ерте тұрып температура өлшеуден дәрігерлік байқау басталды. Бірнеше жерге қан тапсырдым. Алғаш нарзан ваннасына түспекпін.
Бұл араның негізгі емі — осы ванна мен ауасы. Кәдімгі жер астынан шығатын нарзан суына түседі екенсің. Алғашқысы маған 6 минут болды. Жүрекке әсер еткіш екен. Дәрігер қаста. Жүректің соғуын, тамырды дамыл-дамыл көріп тұр. Нарзан ваннасын қабылдаған соң 1,5 сағат демалып жату керек. Ол күні көп ешқайда шығуға да болмайды. Түске дейін жатуға тура келді. Түстен кейін бильярд ойнадым. Сол арада Харитонович кездесіп, ұзақ әңгімелестік. Ауа-райы ашылып, қыдырудың қисыны келді.
Үйден ала шыққан қазы мен «Қазақстанды» ашатын сәт осы шығар. «Красное солнышко» деген биік жотаға ала келдім. Бұл арадан бүкіл қала жақсы көрінеді. Үлкен қала. Биіктеген сайын әсемдене береді. Содан «Храм воздухаға» тарттық. Ол бөлек бір төбе. Төрт жағы сай. Сол сайдан соққан жел тура төбенің басына тіке шығады. Әдемілеп көмкеріп тастаған. Қасында кафе.
Бір тамашасы, әр төбеге айналдырып, шығуға оңай жол әкелген. Әр бұрылыста қанша метр биіктікте жүргенің белгілі, бәрі жазулы. Сонда бүгінгі шыққан ең биік жеріміз — «Красное солнышко» — 1062 м. Жота ғой, әрине.
Қазы мен «Казахстан» туған ел дәміңдей жолдастарды разы етті. Қазыны да, виноны да мақтап - мақтап ішті. Жақсы болды, мерейің үстем боп қалады екен ондайда. Кавказ шашлығын жеп те көрдік. Тәуір әзірлейтіні көрініп тұр. Жақсы қыдырыс болды.
Алғашқы күндері жаңғыз сұстиып жүрген едім. Бұл күні дабыр, әңгіме дұрыс болды. 2 орыс, 1 татар, 1 грузин, 1 қазақ — бесеуміз. Ең ұнайтыны — грузин жігіті. Әңгімешіл - ақ өзі.
Ақылы суретке түспеді. Фотоаппаратты алып шықпаймыз. «Халықтар достығын» бір түсіріп алу керек еді.
Осы кеште эстраданың өте қызық концерті болды. Конферансье Владимир Леоновтың сатирасы тамаша.
Аудиторияны осылай билеу керек. Нағыз арулардың көкейіндегі көп нәрсені айтып ішек-сілемізді қатырды.
Атап айтқанда, кейбіреудің курортта өзін бойдақ санайтыны. Аурумын деп келіп, арақ ішетіні.
Жалпы бұл күн мазмұнды күн болды.
12-май, 1962
Талай қазақ келіпті бұл қалаға. Күндіз Бекмұратқа барып, соны ертіп қалаға шыққанда 6 қазақтың басы құралып қалды.
Паркте бір ауылымыз көшіп келгендей бөлек жүрдік. Ешнәрсе іше алмаймыз. Бәріміз ауру. Іш қазандай қайнайды. Дегенмен екі шампан аштық. Алғашқысын мен алдым. Жігіттердің басы қосылғанының құрметіне.
Түстен кейін күні ұзаққа паркте болып, өз тілімізде дуылдасып, жақсы боп қалдық. Анекдоттың неше түрі айтылды. Суретке түстік.
Кешіне өзімізде би болды. Көптен билемей тосырқап қалыппын. Дегенмен «кәрі жүйрік шаппаса да делбені ала қашады» демекші, бірлі-жарым бір қыздардың білегінен ұстауға тура келді.
Ойыны, күлкісі, биі. Сағат 10-ға барды. Сыйлық та алып жібердік. Ысқыруың екен. Нұртасыма деп қойып қойдым.
Бұл арадан телефонмен сөйлесу қиын екен. 9Д-алған разовыйға түнгі сағат 1-де сөйлесесің деді. Білгім келетіні — Нұртастың халы. Ойлағандықтан ба, алдында бір түс көрдім де сөйлескенше асықтым. Жақсы естіледі екен. Орекеңнің өзімен сөйлестік.
13- май, 1962
Бүгін күн демалыс. Ванна алу керек. Көп жүруге болмайды. Пятигорскінің жанында скачка бар. Мықты аттар жүгіреді. Барғым - ақ келді. Бірақ ванна бар. Уақыты 11.40. Түскеннен кейін бір жарым сағат демалу керек. Сонымен обед болады.
Сағат 3-те қазақтармен кездесем деп қойып едім. Ваннадан кейін көңіл жақсы болса, барам. Әнеукүні алғашқы ваннаны ауырлаған едім. Бүгін қайтер екем. 8 минут жату керек.
Міне, ванна. Жылылығы 36 градус. Жатырмын. Қоңыр салқын. Қызығы, көпіршіп денеңе соғып жатқандай болады. Шым-шым етіп әр клетканы әр көпіршік өзі іздеп тапқандай. Сүйсіну керек. Ал менде тітіркену бар. Жай ғана қозғалуға болады. Оқыс қозғалмау керек.
Бәрін жасап қайттым. Келіп жатсам ұйықтап қалыппын. Түскі астан қалып қоя жаздадым. Бірақ тұрған соң ауырлау болды.
Қазақтарға бармайын десем, кеше уәделесіп қойдық. Ұят қой. Ауырлау болса да кеттім. Бірақ, олар табылмады. Содан өзім кеттім стадионға. Күрес, футбол. Ойға әр нәрсе келеді. Жүректің құдай атқан кезінде сөйтетін әдеті. Стадионда отырғанда тіпті жаман болды. Көптен валидол жеген жоқ едім, амалсыздан жедім. Алдымнан көлеңке, артымнан құн. Қыздырды. Содан ба екен. Әйтеуір бір сағаттай нашар отырдым. Қайтқым да келді. Ақыры футболдың аяғына қарамай кетіп отырдым.
Бері шыққан соң дұрысталды. Көңілім көтерілді. Таксимен келемін. Келсем, Матвей Васильевич, Отар күтіп отыр екен.
— Базардан ет әкеліп, «Храм воздухтағы» аспазға заказ бердік, сені күтіп отырмыз деді.
Отаридің Грузиядан әкелген бір коньягі, екі виносы бар екен. Қасымызда 4 орыс әйелі бар. Отаридің жерлестері. «Храм воздухқа» келе жатырмыз. Жолда бір ағаштың түбінде қазақтар секілді бір той адам отыр. Бұрылып сәлем бере кетейін деп қастарына келдім.
Қазақтар екен. Орталарында бір әйел. Фамилиясы Өтепова. Москва санаторийінде екен. Қалған алтау ер. Шұрқырасып қалдық. Ішіп отырғандары коньяк. Ал құйсын.
— Іше алмаймын, — десем болмайды.
— Бәріміз де аурумыз. Іш, ештеңе етпейді, — деп ал қыстасын. Алғаш көрген адамдар. Бәлсініп тұр ма деп айтады екен деп қысыласың. Сырт пішіні құрғыр да ауру адамға ұқсамайды.
— Отыр да отыр, іш те іш.
— Жолдастарыңнан бөлініп қал. Өзіміз апарып тастаймыз. Ақыры қойшы бір рюмке коньяк ішкізді. Әсіресе орталарындағы әйел тақылдаған бір пәле. Қырықтың ішіндегі сары қарын әйел. Суырылып тұр, тіпті. Өзі сірә ірі қызметте болу керек. Мәдениетті, суырылғанда беталды сүйкімсіз суырылу емес, нағыз тілді, қазақы, алды - артынды орап, аттап бастырмайтын мықтының өзі.
Сол арада отырған еркектерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында әбден билеп апты. Шайт десе өреді, жат десе жусайды. Тақымдап іш - іштің астына алған сол.
— Бүгін ванна алдым десем де болмайды. Бір уақытта:
— Алматының қазақтары өстеді. Біз қырдың қазағымыз, — деп бір соқты. Не керек ішуге тура келді.
— Ал енді кетпеуге басты. Ұят қой.
— Төбелеріңді көргенге бір жасап қалдым. Рахмет, — деп мен де түлкі бұлаңға бастым. Жібермейді. Амал жоқ, өкпелесе де кетуге тура келді. Әйтеуір қайдан екенімді айтпадым. Дегенмен тәкаппар деп қалды. Жіберіп алған олқылықты бастарын қосып түзеу керек пе. Әттең, іше алмай жүргенім - ай! Бастарын қоссаң ішу керек. Мендей емес, бәрі де ішіп отыр, тіпті қызып отыр. Ал ішсең, бәрі к черту кетті. Емің де, ваннаң да түкке аспайды. Жазыламын деп келіп, ауырып қайтсаң жақсы ма!
— Іше алмаудың өзі де кемістік екен-ау, — деген ой келді.
Уақасы жоқ, денсаулық түзелсе, ешқайда қашпас. Өз компаниямызда да солай болды. Ішу болды, көп емес. Бұлар бірақ манағы қазақтардай зорламады.
— Қайран, қазақ - ай. Пейілің кең, көңілің дархан ғой. Іш дегенде шын көңіліңді көріп отырмын. Ағыңнан ақтарылған көңілің. Бірақ осы мырзалығың кейде өзің үшін ауырға соғады ғой. Көңіліңе, пейіліңе қаяу түсірмеймін деп қисынсыз, тіпті қиын сәтте өзіңді қинап аласың. Емделемін деп келдің, ішіп отырсың, кездескен құрметіңе ішіп отырсың. Ертең ауырасың ғой. Қинау деген сол емес па.
Бірді-екілі көріп таныс болсам, біразға ұрсар едім. Амал не, алғаш көріп отырып ақылшы бола қалғаным саған да ұнамайды. Оған өзім де бармаймын. Бірақ сен мен туралы басқа ойда қалдың. Жақсы ой емес.
Құдай білсін, соңынан «шіреніп қалған», «қылтиып қалған», «ыздиып қалған», «әлде қандай боп» дедің бе, әйтеуір осының бірін айттың. Мен сондаймын ба. Адамды, алғаш көргенде - ақ айнадай танытатын аспап болса, әрине, мені түсінер едіңдер. Әрине, ол аспап әлі жоқ. Мен сендерге жұмбақ.
Ең болмаса, екі кездессек, таныр едіңдер. Иә, бұл кеш осы жолдарды жазғызды. Оған да рахмет. Пайдасыз емес қой, әйтеуір.
Екі рюмке коньяктан түнімен қорқып жаттым. Жоқ, әйтеуір аман. Стадиондағыдай да мазаламады, құдай оңдағанда.
Таңертең жақсы тұрдым. Циркулярный душ қабылдап, электракордиограммаға түстім. Нәтижесі кейін белгілі болмақ. Ал енді бұл күнді осымен аяқтап далаға шығайын.
14-май, 1962
Бұл күн - дүйсенбі. Таңертең циркулярный душ болмай қалды. Өте ұнайтын еді өзі. Кейін қабылдарсыңдар деді. Бірақ қабылдадық. Нервті жайландыратын жақсы нәрсе.
Бөтен жоспар жоқ, не істеу керек. Түстен кейінге Кислодовск бойынша экскурсияға жазды. Қаланы әлі жөнді аралап көрген жоқ едім, жазылдым. Бүкіл жолы 40 тиын. Осы сәтте Бекмұрат келді. Оны да ала кету керек. Экскурсияға шыққанша бір рет бильярд ойнап жібердік. Ұттым. Жақсы ойналды.
3 сағат экскурсияда. Көретін көп жері бар. Аралап жүрміз. Бұл арада ертеде горцылар тұрған. Кабардин. Баяғы Шамильдің соғысатын жері осы. Әрине тарихынан бері жазу күнделік бойына шақ емес. Кейбір елеулі сәттерін ғана атап өтейін.
Мұнда су сонау XVIII ғасырдың өзінде табылған екен. Шындап колға алынғаны 1894 жыл. Негізгі қайнарды Ольховканың тасуынан сақтап жақсы қоршау салған. Қазір ол жер Нарзан - галерея деп аталады. Қаланың орталығы десе де болғандай.
Қазір мұнда 35 санаторий бар екен. Көбі Совет өкіметінің тұсында салынған. Әрқайсысы өзінше ерекшелігімен. Нарзан деген сөз кабардин тілінде батыр, алып су деген екен. Олай деп неге қойылғаны белгілі (Нарз. сан).
Терренкур деген не? Үш терренкур бар, яғни үш маршрут. Аурулардың сипатына қарай дәрігер әркімге осы маршруттарды белгілеп береді. Маған белгіленгені бірінші маршрут.
Әр санаторийдің өзінің тарихы, айтуға жетерлік өйткені, келері бар. Бір ғана атап өтейін өзіміз жатқан «Горные вершины» санаторийінің авторы 1950 жылдары Сталиндік сыйлықтың лауреаты болған екен.
Дәл бізді алып жүрген экскурсоводтардай мақтай білсін. Алматы төңірегін жер-көкке сыйғызбауға болады екен, шіркін.
Бірнеше суретке түстік. Память болсын. Өзім де түсірдім.
Кешкі астан кейін бимен кетті. Көп билеп жіберсем керек, жүрегім ауырлап қалды соңынан. Бірақ дәрі ішіп ұйықтап қалдым.
Ауасы. Ауасы жақсы енді. Негізгі емнің өзі де сол.
Нұртасымды ойлай берем. Аурудың не екенін көріп жүрмін ғой.
Кішкентайынан кіріптар болса, не болды. Бала кезінде баладай ойнап өткені жақсы ғой. Ремизовкаға жіберсе, онда бір нәрсеге шалдыққаны ғой. Жастық па, салақтық па. Көпе-көрнеу өзімізден болды ғой. Қайтейін, көнесің де. Әрине, адам әдейі жасамайды. Оның үстіне өз баласына кім қастық ойлайды.
Бірақ кісі бойына қалыптасып, қанына сіңіп қалған салақтық сол қастықтан да жаман ба деймін. Ал сол салақтықты елемеу, адамның өзі көрмеу, тіпті ол былай тұрсын соны өз бойына кемшілік дарытпау мақсатымен қорғау, бүркеуге тырысу онан да жаман болу керек.
Менің Орынша жаман адам емес. Оның адалдығы, шын берілгендігі, өмірге үстірт қарауды сүймейтіндігі — тамаша! Әттең осыған мұқияттылық, сезімталдық қосылса.
Сондықтан да ашуға ашумен, ренжуге ренжумен жауап беру жиілеп келеді. Әсіресе, мұғалім болғалы бері. Шаршайтын шығар, қажитын шығар. Мүмкін ол жағдайды мен ескере бермейтін шығармын. Әрине, менің де көп кемшіліктерім бар.
Оны кейде өзім де қатты айыптаймын. Басқасын түзесем де салақтыққа деген төзімсіздігімді түзей алмаспын. Төзімсіздік деген сөзді қайталап айтам. Именно, төзе алмаймын.
Иә, қиял құшағына біраз кетіп қаппын. Аттың басын тежейін. Не десем де енді маған одан бөтен адамның керегі жоқ. Ол — өзімдікі.
15-май, 1962
Ванна. Бүгін барлық анализдің қорытындысы шығатын күн. Сағат 2-ге дәрігер шақыртыпты.
Дәрігерім жақсы адам. Келгеннен үйіріп, асты-үстіме түсіп, ықыласымен қарап жүр.
Жалпы қазақтарға деген өзінің мейірі бөлек болу керек. Бүгін палатаға да келіп кетті. Күле кіріп, хал-жайдың бәрін сұрап жатыр. Егде тартқан адам. Жүзінде бөлек бір жылылық бар. Дәрігерге лайық, ауруды айықтырар жылылық секілді.
Сағат екіде барғанда өз давлениесі төмен түскендей давлениеңіз қалыпқа келіпті деп қуанып жатыр.
Жүректің тынысы да жақсы деп жайраң қақты. Бұл сегізінші күн. Олай болғанына өзім де қуандым. Бірақ ваннадан кейін ауырлап жүргенімді айттым.
— Күнге шықпаңыз, үйренесіз, — деді.
Сөз арасында Алматы жақсы қала ма деп сұрайды. Мен жатып кеп мақтаймын.
— Алматы апортын жегенім бар. Дәмі әлі аузымнан кетпейді, деді.
Осы арада амандық болса, алма піскен соң бір посылка жіберсем бе екен деген ой да келді. Айта жүрсін. Тіпті кішіпейілдігінің өзі бір посылка емес-ау, сан жақсылыққа тұрарлық.
Нұртасым осындай дәрігердің қолына түссе жазылар ма еді. Томпаңдап шауып жүретін кезінде көрдің бе.
Жалпы осы арада балалар санаторий бар екен. Ой сан-саққа кетті.
Түстен кейін уақыт Бекмұратпен болды. Паркте жүрдік. Пленкамыз жақсы шығыпты. Абырой болды. Бірнеше кадрды жасауға бердім.
Бекмұрат та көп анау-мынаумен шаруасы жоқ, биязы ғана жігіт екен. Күледі де тұрады. Артық сөз де, артық әдет те жоқ. Сол тұрған бойы сыпайылық. Жас басынан гипортониядай ауру айналдырғанына аяйсың. Бірақ, байқаймын, өзіне талабы, өз тәртібі (самодициплина) күшті. Ондай адам ауруды жеңуге тиіс. Паркте көп жүрдік. Суретке түстік.
Кешкі уақыт екі қазақ, бір қырғыз жігітінің әңгімесімен өтті. Еріккен соң қай-қайдағы күлдіргі дүниелерді шатып-бұтып отырдық.
Бұл арада әйелдер қыдырту мода екен. Кей жігіттер зерікпес үшін сөйтеміз дейді. Ал, қазақ әйелдері жоқ, орыс әйелдерімен жақындасуға, одырайып, ыңғайымыз келмейтіндей. Аты жоқ, жөні жоқ не дейсің. Онсыз да әңгімемен жігіттер ішіңді кептіреді. Көпшілік емес пе. Қай-қайдағыны шығарды. Бұл күнде әйгілі ешнәрсе бола қойған жоқ.
16-май, 1962
Бүгінгі күн сәрсенбі. Бильярдный жұмыс істемейді. Демалыс. Таңертең душ қана бар. Күн бостау. Не істеу керек.
Жүру керек. Түстен кейін «Храм воздухқа» барып вино іштік. Осы вино өте ауыр тиді. Екі күн ауырдым. Соның салдарынан да осы күннен бастап күнделікті жаза алмадым. Міне алты күн өткен соң жазып отырмын. Көп жайдың нақты жағдайы ұмытылып қалды. Сондықтан осымен тоқтауға тура келеді.
17, 18, 19, 20-май, 1962
Бейсенбі күні ванна болған соң ешқайда шыққам жоқ. Ванна күн шынында маған ауыр тиіп жүр. Жаттым. Санаторийдің төңірегінен шыққам жоқ.
18 май күні «Медовый водопад» деген жерге экскурсия жасадық. Жаман емес, күн салқын. Маған жайлы. 18-20 шақырым жерде екен. Бұл жердің тауының қалыптасуы қызық. Тас дейтін тас емес. Тастан жұмсақ, құмнан қатты. Доломит дейді екен. Құрылысқа жақсы материал болар. Қашауға, өндеуге оңай берілетін болар.
Әрине біздің жақта одан күшті водопад бар. Бірақ көрмеген жұртқа бұл да таң.
Бұл жақта малды көбінесе Горцылар (карачай, чечен, ингуш, кабардин) бағады екен. Сол экскурсия болған жерде шәлі, орамал сатып жүр. Мен де алдым.
Сенбі күн ванна. Демалыс. Кешіне би болды. Көрмедім. Қарап тұрдым да қайттым.
Демалыс күн сурет түсіру, қалада болумен кетті. Бұл күндерді қысқа жазып отырғаным, уақытын өткізіп алып, көп деталын ұмытып отырмын.
21-май, 1962
Бұл күннің ең елеулі оқиғасы Пятигорскіге саяхат болды. Бұл қаланы Лермонтовтың қаласы десе де болғандай. Өйткені көп жері Лермонтовтың есімімен байланысты.
Осы қалада Мартыновпен дуэльде 27 жасында өлген. Міне, музейіне кірдік. 7-8 бөлме. Әр бөлме ақын әмірінен сыр шертеді. Жаңа туған орыс поэзиясындағы жарық жұлдыздың қалай сенгенін көз алдыңнан өткізгенде ақын болмасаң да бойыңды әлдебір сезім осып өтеді.
Неткен жабайы тәртіп. Бір кештегі болымсыз келіспес үшін екі жас жігіт бірін-бірі елімге шақырады.
Дуэль. Өткен заманның өзі секілді қатал, өзі секілді топас, өзі секілді пасық әрекет. Сол әрекеттің құрбаны болған талантқа бас иесің де, басынды шайқайсың. Қысқа өмірінде халқына қанша даңқ әкелді Лермонтов. Осындай ұлын өз қолынан өлтіруге қайтіп қана дәті барды халықтың. Әрине халық деген сөз бұл арада артық. Бірақ ойлап тұрып, өз арасындағы қанды қолға қалай қаһарын төге алмады екен деп қапаланасың. Қайтсын, халық қанды жасымен көмді, ол кезде соған ғана шамасы келді. Халық атаулының бәрінде де сондай қара қолдар болды ғой.
Адам! Атың қандай аяулы. Қаншама асыл қасиет бойында. Дүниеге тек жақсылық үшін келдің бе сен. Кереметің бар емес пе алуан.
Қайдан келеді сенің бойыңа арамдық. Қалай ғана жүре алады маңында. Алып жүрек, алып күшің тұрғанда неге ғана дарыттың, неге ғана жуыттың.
Өз тәніңе өзің дарытып алдың да, қанша ғасыр алыстың онымен. Әлі алысып келесің. Бұған кеткен күшіңді игілікке жұмсасақ, бүгінгі биік ісіңе қаншама асқар қосылмақ.
Асқақ қой сенің ұлы атың! Бақыт қой сенің мұратың! Тасқа тиген қайладай тәніңе жаттың баршасы неге серпіліп қалмайды. Дарытпа тәніңе иттіктің адам бәрін де!
Сенен сұлу, сенен ұлы, сенен күшті, сенен алып, сенен нәзік, сенен ғарып не бар екен дүниеде!
ЖОЛДЫ ЖҮРГЕН ӨНДІРЕДІ
Жаңа ғана тылсым жатқан айналадағы аппақ қар жан біткендей жыбырлай бастады. Әпсәтте жаяу борасын күшейіп, жолдың үсті ала құйын болды да кетті. Батыс жаққа қарасақ көк түнеріңкіреп, күн бұзылғалы тұр екен. Колхоз председателі Эдвин Эдуардович Фоос оның бірін елеместен әңгімесін әдемі жалғастырып келеді. Бүгінгіден гөрі оның ойы ертеңгіге көбірек ойыса береді. Шоқақ - шоқақ еткен машина жүрісі ғана председательдің дауысын анда - санда үзіп - үзіп қояды. Қанша бірге жүрсе де жүргізуші де Эдвин Эдуардовичей сөзін бүгін бірінші рет естіп отырғандай, үздігіп тыңдап қалыпты. Қолындағы машинаның ролінен айрылып қала ма деп те қорқасың. Бірақ отырысында қыр жолына менен мықты ешкім жоқ дегендей паңдық бар. Зуылдатып айдап келеді. Бір орайда Эдвин Эдуардович колхозда ипподром болатынын айтты, тандана қараған бізге:
— Себебін түсіндірем, ол асқандықтан емес, керек, керек болғанда қандай, — деді. Сөйтті де шоферіне оңға қарай қолын шошайтты. Ол жылқы қораға тарт дегені екен. Омбы қарды қайықтай жарған күйі машина көз көрім жерде қарауытқан тоғайдың бер жағындағы үлкен қораға қарай беттеді. Әлде нені көруге асыққандай, жүргізушінің қуанышы қойнына сыймай, мына жолсыздың өзімен машинаны манағыдан да көңілді айдап келеді. Бұл да ат десе ішкен асын жерге қоятынның бірі болса керек. Қарды бората - мората "Газ-69" машинасы үлкен қақпаның алдына ышқына келіп тоқтады.
Жылқы жануар қандай сезімтал, құлақтарын елеңдете келгендерге осқырына қарады. Жүндері жылт-жылт еткен ылғи бір күйлі сәйгүліктер. Әрқайсысы өзіне тиісті шарбақта тұр. Астылары, айналасы тап-таза. "Театр ілгішектен басталады" демекші, күтімін тегі қорасынан - ақ байқауға болады. Колхоз председателі қасындағы облыстан, республикадан келген қонақтарды да ұмытып кетіп, әрбір аттың сауырынан, алқымынан сипап жүр. Шарбақтың қол жетер биік тұсында сәйгүліктердің аты, жасы, «өмірбаяны» жазылған. Оны дауыстап, мақтана оқып келе жатқан да жанағы өзімізді әкелген шофер — Георгий Генрихович Фейдер.
— Балалар барма бүгін? — деді председатель қора иесіне.
— Бар, ашық аланда жаттығып жүр.
— Жаттықтырушы келді ме?
— Ол қашанда осында ғой.
Қорадан шықсақ, борасын бұрынғысынан да күшейген сияқты. Бірақ қары тазарған, кіші-гірім ипподром секілді ашық аланда он бес атты жүр. Бәрі де сар желіске салып, қаздай тізіліп алдымыздан зуылдап өтіп жатты. Іштерінде 4-5 қыз бар. Бұлар колхоз мектебіндегі жоғары класс оқушылары екен. Сабақтан шыға салысымен осында келіп, ат спортымен шұғылданады, жаттығады. Еттері қызған ба, әлде таңырқап тұрған біздерге көрсеткен сесі ме, біраз аттар ауыздығын шайнап, ойнақтай бастады. Жігіт көрсе сылаң қағатын қыз секілді жылқы жануарда сырт көзге сұлу көрінуге тырысатын мінез болады. Мынау көріністің өзі де әдемі - ақ. Жеңіл ер тоқым үстінде тізгіндерін кәдімгі жөкейлерше ұстаған балалар дүниенің бәрін ұмытқан, есіл-дерті астындағы аттарының қилы - қилы жүріске, желіске, шабысқа көшуін бақылау.
Ұзақ қарап тұрып, тоңып қалғанымызды біз де байқамаппыз.
— Ана сәйгүлік үстіндегілер колхоздың болашағы. Ат спорты¬мен шұғылданғысы келіп өтініш білдіргендердің кезегін көрсеңіз, мектеп оқушыларының тең жартысы, — деді Эдвин Эдуардович машинаға келіп отырған соң. — Жылқы бізде көп емес, 460 бас қана. Асыл тұқымдысы аздау, әзірге соның 25-ін сатып алсақ па дейміз.
— Бара-бара мүмкін халықаралық аукционға қатысармыз, — деді көңілді Георгий Генрихович.
— Аукционный ауылы қашық шығар, бірақ жастарды колхозда тұрақтандыруға қызмет етсек, онда бұл жоспарымыздың жолы болғаны.
Колхоз председателінің манағы себебін түсіндірем дегенінің мәні енді белгілі болды. Бір орайда стадион, балалар үшін ертегілер қалашығын, бөгеттер каскадын, фин моншасын салу жөніндегі ойларын да жасырып қала алмады. Және де оны да жаңағы жылқы жөнінде сөйлегендей аса бір ықыласпен, ынтызар сезіммен айтты.
Бұған дейін аралаған үш сиыр фермасындағы көріністер де көз алдымызға келді. Азықтандыру, сүт сауу, кең шығару процесінің бәрі механикаландырылған. Қоралардың іші тап-таза, сауыншылардың, бұзаушылардың, бақташылардың үстінде кәдімгі завод, фабрикаларда жүмысшылар киетіндей арнаулы киім. Бұзаулар туған айларына қарай клетка - клеткаларда тұр. Олар тұратын қораның температурасы бір басқа да, сиырлар тұратын қораның температурасы бір басқа. Далада тағы ашық алаң бар, малдың күн ашықта бір уақ шығатын серуен алаңы.
Эдвин Эдуардович кездескен жерде әр малшыны атымен атайды. Бала - шағасының халін сұрайды.
— Председательдер әдетте, кеше қанша сүт саудың, малыңа қанша қосымша салмақ қостың деуші еді. Сіз бала - шағасынан бастайды екенсіз, — дедік біз қалжың - шыны аралас.
— Мұндағы жұмыс үйдегі көңіл-күйге байланысты. Еңбектегі табыс ошақ басынын амандығынан басталады, — деді председатель соңғы сөздерін созыңқырай, қадаңқырай айтып.
Бұдан кейін ол біраз үнсіз отырып қалды. Біз де көргенімізге ой жүгірткендейміз. Көңіл-күй дегеннің де төркіні байқалып тұр. Әрбір фермада әдемі жабдықталған қоғамдық малшылар үйі, онда малшылар шешінетін, үй киімін жұмыс киіміне ауыстыратын арнайы бөлме, жақсы асхана, демалыс бөлмесінде телевизор, кітап, газет-журналдар, отыратын диван - орындық, дойбы, шахмат. Медициналық пункт, жуынатын душ өз алдына. Қант-шайын да алысқа бармай, керек адам осындағы буфеттен сатып алады екен.
№2 фермаға келгенімізде құрылысшылар ақырғы жұмысты жасап жатты. Асхананың, коридордың едені кәдімгі көкала мрамор. Бөлмелердің ішкі сәндігін көргенде фермада тұрғаныңызды ұмытып кетесіз. Қабырғалар фанельденген, әдемі люстралар ілінген, аквариум, сайрағыш құстар тұратын орын өз алдына бір бөлек.
— Мына мраморыңызбен өзге фермадағыларды өкпелетіп алмайсыз ба?
— Оның да сыры бар. Бұл ферма барлық көрсеткіштен жақсы, әрі малшылардың қоғамдық үйі жаңадан салынды. Осыны пайдаланып, мраморды да ынталандыру мақсатында қолданып жатқанымыз ғой. Қызықсын, ұмтылсын. Амандық болса, қайда кетеді дейсіз, мрамор басқаларға да барады. Бәрі солар үшін емес пе. Өкпелей алмайтын тағы бір себебі: бәрі колхозшылардың жиналысында келісілген. Осында не істеліп, не қойылып жатыр, оны түгелдей колхоздағы әрбір адам біледі десе болғандай. Жасырып ештеңе істемейміз. Бәрі жұрттың көз алдында.
Мана алғаш танысқанымызды Эдвин Эдуардович қызу қанды, тіктеу сөйлейтін адам секілді көрініп еді. Колхозшылармен кездескен сайын жайдарыланып, жайсаң мінезділігін танытты. Кейбір тұйық көрінетін актерлердің сахнаға шыққанда жайнап кететіні, болмаса қатулы деген ұстаздың балаларды көргенде мүлде жайдарылана түсетіні бар ғой. Бұл да солар секілді өзінің жан пердесін тербететін аудиториясына тап болғандай өзгеріп сала берді. Мұның колхозшыларға, колхозшылардың бұған деген құрметі айтпай-ақ көрініп тұр. Құрмет тілімен сөйлесіп, құрмет жүрегімен ұғысатындай. Мен бастықпын, мен бағыныштымын деп тұрған арабагештің ізі де жоқ.
Осы орайда жаңағы фермадан шыға берістегі бір кездесу біраз ойға мегзеді. Өмірдің өзі новелла демекші, ол аса бір мәнді сырды аңғартқандай. Негізгі тақ-тақ жолға жеткенше едәуір жер. Ферма мен екі ортада еңіс бар екен. Біз төмен түсуіміз керек. Ал қарсы алдымыздан егістікке көң тартып жүрген тіркемесі бар бір «Беларусь» тракторы шыға келді. Жолдың екі жағы да омбы, кім бұрылса да біраз машақаттанатыны сөзсіз. Председательдің машинасын көріп, «Беларусьтегі» механизатор не істерін білмей сасып қалды.
— Сен шық жолдан, ол өрге қарай келе жатыр ғой, — деді Эдуард Эдуардович шоферіне өктем үнмен.
Машина биік жалды жара - мара бұрыла бергенде председатель есікті ашты да «Беларуське» тоқта деп белгі берді. Ол түтінін будақтатқан күйі басқарманың келуін күтті.
— Сіздер кешіріңіздер, мен ана жігітпен бір ауыз тілдесіп келейін. Келіншегі ай -күніне жетіп отыр еді, босанды ма екен?
— Босаныпты, ұл тауыпты, сүйіншіге жығынды болдым, — деп Эдвин Эдуардович машинаға күле отырды.
Артқа қарасам «Беларусь» те өрге қарай зырылдай көтеріліп бара жатыр екен. Иесінің көңіл-күйі тракторының жүрісінен - ақ көрініп тұр. Мен сыртынан бейтаныс механизаторға бір, қасымда отырған председательге бір қарадым. Екеуін көрінбей тұтастырып тұрған сезімді тереңірек ұққым келді.
Сәйгүліктерді неге жақсы көрдіңіз деген манағы бір сұрағымды да қайталай қоймадым. Себебі түсінікті болған сияқты. Мініп келе жатқан машинамыз аудан орталығына қарай тарта берді. Колхоз орталығы да сол Бородулиха селосында.
— Эдвин Эдуардович, Сіз басқарған колхоз биылдан бастап толық шаруашылық есепке көшкен, өзін-өзі қаржыландырады. Жүрексінбейсіз бе? Қыр-сыры әлі көп мәселе ғой бұл.
— Жоқ. Жүрексінбеймін. Оған толық негіз бар. Бұл бір ғана мен емес, бүкіл колхозшылардың ұйғарымы. Сан талқылап, сан екшедік. Бұл істі сеніммен қолға алған облыстағы үш шаруашылықтың бірі екенімізді де түсінеміз. Яғни жол көрсетушілер сапындамыз. Жол бастаушы сенімсіз болса, онда жағдай қиын.
Эдвин Эдуардович ары қарай нығырақ сөйлеп кетті. - Шаруашылық есепке көшіп, өзін-өзі қаржыландыру үшін екі көрсеткіш мықты болу керек. Бірі — жыл сайын алынған таза пайда, екіншісі — рентабельділік. Осы екі көрсеткіш бұл коллектив еңбегінің айнасы іспетті. Шаруашылық есеп табысты жүріп, өзін - өзі қаржыландыруда қиналмас үшін рентабельділік кемінде 25-30 процент болуға тиіс. Ал одан төменгі рентабельділікпен шаруашылық есепке көшем деу көз жұмбайық.
Бізде рентабельділік он бірінші бесжылдықта орта есеппен, 30,8 процент болса, 1986 жылдың қорытындысында 36,3 процентке, ал 1987 жылы 57 процентке жетті. Алынған таза пайда он бірінші бесжылдықта 1206 мың сом, 1986 жылы — 1781 мың сом болса, 1987 жылы — 3213 мың сом болып отыр. Яғни батыл қимыл жасауға барлық жағдай бар деген сөз.
Түсініктірек болу үшін әрі қарай тағы да талдау жасап көрейік. Мысалы, 1986 жылғы 1,781 мың сом таза пайданы біз қалай жұмсадық дейсіз ғой. Белгіленген мемлекеттік төлемді бюджетке 100 сом аударылды; сүт комплексін салған кезде мемлекеттен алған қарыз үшін 15 мың (одан артыққа рұқсат етпейді) сом өтедік; бөлінбес қорды толықтыруға 298 мың сом кетті. Қалғандары төмендегіше жұмсалды: өндірісті ұлғайтуға (шаруашылық мақсаттағы объектілер салу, техника, асыл тұқымды мал сатып алу, жаңа өндірістік учаскелер ашу, тағы басқалары) 826 мың сом, материалдық ынталандыру қорына 323 мың бөлінді. Сонда жиынтығы 1761 мың сом болды. Қалған 20 мың сом әлде қандай тосын шығын үшін. Ал 1987 жылғы 3213 мың сом таза пайда бұдан да кеңге көсілуге мүмкіндік береді. Көріп отырсыз, он екінші бесжылдықтың алғашқы жылымен салыстырғанның өзінде таза пайда 1432 мың сом артық болды. Біздің банкідегі расчетімізге әр жылдан артылып қалған қаржы бір-біріне қосылып жатады. Күні кеше онда 1515 мың сом бар еді. Ал 1987 жылғы мол таза пайда мұны тағы да көбейте түседі деген сөз. Яғни өзімізді өзіміз қаржыландыруда жалтақтайтын ешнәрсе жоқ. Түйіп айтар болсақ, қажырлы еңбегіміздің нәтижесі өндірістік негізгі қорды ұлғайтуда да, материалдық ынталандыру қорын молайтуда да, әлеуметтік мәселелерді шешуде де батыл қимылдауға болады деп отыр. Осы бір үш фактордың бірлігі, қол жеткен табыс, тиімділік социалистік өндірістің сипатын анықтайды.
Бұл сапарымызда біраз адамдармен жүздескенбіз. Солардың айтуы бойынша біздің көз алдымызға Эдвин Эдуардовичтің алғашқы қадамы келді. «Заветы Ильича» колхозына председатель болғанда ол небәрі 28 жаста еді. Өмірлік жолы да аса бай емес. 12 жасында әкеден жетім қалды, мектеп-интернатты бітірді, әскерге барды, теңіз матросы болды, осы Бородулиха ауданындағы «Путь к коммунизму» колхозында комсомол ұйымын басқарды, партия мектебінде оқыды, осы колхозда 5 жыл партия ұйымының секретарь қызметін атқарды. Өмірлік мектебі міне осы — «Путь к коммунизму» колхозында алған тәжірибесі ғана.
Неден бастау керек? Қандай басшының болса да, алдынан шығатын алғашқы сұрақ қой бұл. Эдвин Эдуардович ақсақалдарды жинады. 13 ұлттың өкілі тұратын бұл шаруашылықта үлкендердің бәрін «ақсақал» деп құрметпен атау әдет болып кеткен екен. Олардың ішінен өзіне дейін колхозды басқарған 17 адам шықты. Бір жағынан он жеті ақылшы болғанымен, екінші жағынан он жеті тәжірибелі сыншы деген сөз ғой. Әлде кімдердің өзіне дейінгілерді бөгет жасайды деп түртпектейтінін де білетін Эдвин. Бұл — үзілді - кесілді олай еткісі келмеді. Мықтылығыңды ісіңмен көрсет. Оның үстіне әкесі Эдуардтың ұдайы айтатын сөзін есіне алды.
Қарты бар ел — қазынасы бар ел. Үлкенді сыйлағаның — үйінді сыйлағаның. Сырың мен сыйынды халқыңнан бүкпесең, ол да солай жауап береді.
Ақсақалдармен де, жастармен де болған ашық әңгіме көп жайдың бетін ашты. Біріншіден, жүмысшы күші жетпейді, оны қалай тоқтатады? Екіншіден, құрылыстың жүргізілуі шабан, колхоз әрі аудан орталығында, тұрғын үй жетпейді, бұл проблеманы шешудің көзі неде? Бір ақсақалдың мынадай сөзі Эдвин Эдуардовичтің күні бүгінге дейін есінде.
— Балалар өскен соң бөлек тұрғанды, өз қотырын өзі қасығанды жақсы көреді. «Алыстағы балаң — аяулы балаң» деп халық бекер айтпаған. Әке-шешесімен үйіліп-төгіліп бірге отырғандарды бол алдымен.
Мұны құрылыс программасын кең жаса деген аманат іспетті қабылдаған еді. Үшіншіден, жемшөп базасы сенімсіз, көп жылдық шөптің түсімі төмен. Яғни негізгі бағыт мал шаруашылығының болашағын мықтап ойлау керек. Қиналған кезде шөпті сонау Қостанай облысынан тасиды екен, тоннасы 80-120 сомнан, қып - қызыл шығын. Төртіншіден, масылдық, енжарлық басым, бұл адам қабілетін тұсайтын дерт. Бергеннен гөрі алғанды, қанағаттықтан гөрі қармап қалғанды жақсы көреді кейбіреулері. Оның кесірлі ісіктей кеулеп кетпегені жөн.
Сырттай әлді шаруашылық сияқты көрінгенімен жас председательдің алдынан осындай проблемалар шықты.
— Содан бергі өткен тоғыз жылды күнделік ретінде жазып отырсаң, том-том шежіре болар еді, — дейді Эдвин Эдуардович
— Бірақ оған бізде уақыт қайда. Қазір көп деталдар есте де қалған жоқ. Бірақ негізгі ұстаған бағыттарымыз көкейде әлі сайрап тұр.
— Бәрін ашық жасау керек, — деді Эдвин Эдуардович біртүрлі нұрлана сөйлеп. — Колхозшылардың өз ақылына салып, өз күшімен істеген жөн. Осы мақсатпен цехтық жүйеге көштік. Бізде қазір төрт цех бар: егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, механизация, құрылыс пен қосалқы кәсіпорындар цехы. Егін шаруашылығы цехына үш трактор егіс бригадасы мен орталық қырман кіреді. Мал шаруашылығы цехына үш товарлы сүт фермасы мен күс фермасы, сүт блогы және орталық жемшөп цехы жатады. Механизация цехы — машина-трактор шеберханасы, автопарк, машина жасау ауласы, электроцех, мұнай базасы, еңбекті көп қажет ететін жұмыстарды механикаландыру бригадасы. Ал төртінші цехтың — құрылыс цехының құрамына ағаш өндеу шеберханасы, орталық қойма, наубайхана, қонақ үй кіреді. Әрбір цехтың бастықтары, ондағы фермалар мен бригадалардың меңгерушілері, бригадирлері бар. Негізгі қорды цехтарға бөліп тастаймыз. Олар қай жұмыстан пайда, қай саладан зиян келетінін өздері есептейді. Яғни өз участогінде өзі қожайын. Колхоз орталығынан бәрін тәптіштеп соқырға таяқ ұстатқандай көзеп отыруды қойдық. Шаруашылықты тиімді жүргізудің жолын іздеп басын ауыртсын, ізденсін, қанатын сабаласын. Алғашқы жылдары бұл жүйе, әрине оңайға соққан жоқ. Орталыққа қарай, жалтақтап қалған ескі әдет етектен тартты да. Бірақ экономикалық тұтқаның ғажаптығы да сонда, аюға намаз үйреткендей, жұртты есептеуге дағдыландырады. Қазір бригадалар, фермалар, цехтар бір тиын жібермеуге тырысады. Олар өз мәселелерін ферманың, бригаданың, цехтың советтерінде қарайды. Колхозда мұндай 10 совет бар. Оның айтқаны заң. Экономикалық мәселе де тәртіп мәселесі де, әлеуметтік мәселесі де сонда шешіледі. Өзін-өзі басқару, демократия дегеніміз осы емес пе. Кейінгі кезде бригадирлер, ферма меңгерушілері, цех бастықтары сайланып қойылатын болды. Бұл да төменнен бақылаудың, көпшілік пікірінің рөлін күшейтті.
Бізде колхоз бойынша экономикалық талдау бюросы бар. Оның мүшелері бас мамандар. Айына бір рет өтетін өз мәжілісінде бұл бюро бригада советтерінің есебін тыңдайды, оларға бағдар беріп отырады. Ал ағымдағы мәселелердің бәрін төменгі коллективтердің өзінде шешкіземіз. Тоқсан сайын өтетін колхозшылардың жалпы жиналысының күн тәртібіне ауқымды, келелі мәселелер қойылады. Аралықтағы ұйымдастыру жұмыстары колхоз басқармасы мен тексеру комиссиясына жүктеледі, міне бұл құрылымдық жағы. Басқаша айтқанда басқару механизмі. Оның икемді, тиімді түрін таптық деп білеміз.
Сосын бізде күштеп міндеттеме алғызу деген жоқ. Бригада, ферма, цех өзі шешеді. Ал олар әрбір адамның мүмкіндігін ескерді. Мынадай бір оқиғаның куәсі болғаным бар. Вера Ильичина Воровьева деген сауыншылар звеносының жетекшісі өткен жылы әр сиырдан 3500 килограмм сүт алуға міндеттенеміз деді. Оған дейінгі көрсеткіштері 3200 килограмм болатын.
— Бір жылда әр сауын сиырдың сүттілігін 300 килограммға көтермек пе? Мүмкін емес?
Бұған бәріміз де күмәндандық. Бірақ Вера Ильичина болмай қойды. «Есебім бар, жолын табам, сөзімде тұрмасам жауап беретін өзім, звено үшін жауап беретін мен, бәріміз ақылдастық, мүмкіндік бар» деп отырып алды. Амал не көндік. Ақыры оныкі дұрыс боп шықты, көздеген межесіне жетті. Яғни іс қасында жүргендер сенен гөрі көреген. Көзін ашса, халық қайраты таусылмас қазына деген осы ғой. Меніңше ол көзді ашып отырған шаруашылық есеп.
— Сіз алғаш келгенде алдыңыздан шыққан төрт проблеманың соңғысын бастадыңыз. Былайша айтқанда адамдармен жұмыс істеуден. Жем шөп мәселесін қалай шештіңіздер? Одан соң құрылыс жайлы кадрларды тұрақтандыру туралы айта кетсеңіз.
— Байқап қалған екенсіз ғой, әдейі солай етіп отырмын. Мәселенің мәселесі — адам факторы, адамдардың бойындағы қуатты ояту. Бұл өнерді игерген басшының бағы қашанда жанбақ. Демократия дегеніңіз жұрттың пікірін тыңдау, халықпен ақылдасу деген сөз. Ал жариялылық — ол ешнәрсені жасырмау. Сонда ғана ақылшың көп, жанашырың көп деген сөз. Әрі бұл екеуі ұйымдасуға, топтасуға бастайды. Енжарлық, масылдық өз -өзінен ығысып береді.
Ал енді жем шөп базасы жайлы. Мал өсіріп отырып, жем шөпті молайтпау, оның түр-түрін көбейтпеу — орға жығылу. Бізде жер аса көп емес, барлығы 49644 гектар, оның ауыл шаруашылығына жарамдысы — 41797 гектар. Осыдан егістік 18120 гектар да, жайылымдық — 22523 гектар, ал пішен шабатын жердің көлемі бар болғаны — 637 гектар. Бізде қой жоқ. 4300 бас ірі қараны, оның ішінде 1450 бас сауын сиырды, 17000 құсты, 460 бас жылқыны қалай асырап, олардың өнімін қалай арттыруымыз керек, бұл саланы қалай тиімді жүргізуге болады? Бірден-бір жол жерді жақсылап пайдалану, оның он мың гектардан астамын дәнді дақылдар алса, қалғанын жем-шөптік дақылдарды егу — жүгеріні, бір жылдық, көп жылдық шөптердің көлемін ұлғайту, өсіруді игеру. Оныншы бесжылдықта жем-шөптік дақылдардың көлемі 5000 гектар болса, қазір 7000 гектардан асып түсті. Ең қуаныштысы әр гектардан алынатын өнімді ұлғайттық. Сосын жайылымдарды жақсартуды мықтап қолға алдық. Көп жылғы михнатымызды тәптіштеп айтып жатпай-ақ қояйын. Қазір бізде жем-шөп жөнінде қиыншылық жоқ. Көп жылдық шөптің тұқымын әуелі өзгеге сататын болдық, оны пайда табудың көзіне айналдырдық. Мысалы, екпе жоңышқа тұқымының бір пайдасы 12 мың сом. Ал оны біз 300 гектарға егеміз. Оныншы бесжылдықта оның әр гектарынан 9 центнерден ғана өнім алынса, қазір 19 центнерден өнім аламыз. Сөздің қысқасы, егер біз қазір әрбір 100 сиырдан 99 бұзау өсіріп, ірі қараның етке өткізу салмағын 480 грамға жеткізіп отырсақ, бұл ең алдымен жемшөп мұқтаждығын шешудің арқасы. Оныншы бесжылдықта 393 килограмм еді, қазір етке өткізілген малдың 95 проценті жоғары қондылықпен қабылданады. Колхоз үшін бұл ағып тұрған пайда.
Шаруашылық есепте есте мықтап сақтайтын тағы екі көрсеткіш бар. Олар - өнімнің өзіндік құны және өнімге жұмсалатын шығын. Бұл көрсеткіштер неғұрлым төмендеген сайын тиімділік соғұрлым арта түседі. Айтарлық, 1986 жылы бір центнер ірі қара етінің өзіндік құнын 183 сом 70 тиын болады деп жоспарласақ, ол 177 сом 10 тиын болады. Бір центнер қосымша салмақ алуға жоспар бойынша 23,4 адам – сағат жұмсау көзделсе, ол 20,3 адам-сағат болады. Өткен мерекелі жылы, яғни 1987 жылы, сүттің әр центнерін 29 сом 25 тиынға (бұрын 33 сом 05 тиын болатын), ірі қара етін 169 сомға түсірдік. Ал оныншы бесжылдықта бір центнер ірі қара еті 221 сом 39 тиынға, он бірінші бесжылдықта 192 сом 43 тиынға түскен-ді, сүттің әр центнері 43 сом 07 тиынға дейін барған еді.
— Бұл цифрларды сөйлете берсең, олардың айтары көп, — деп бір күліп қойды Эдвин Эдуардович. — Біз экономистерден, коллектив жетекшілерінен тап осы цифрларды «сөйлете білуді» талап етеміз. Қарапайым еңбеккер қалың цифрдің арасында малтығып қалмай, керегін, тиімдісін білсін. Бұл да жақсы жұмыс істеу жолындағы күрестің бір түрі сендірудің, сергітудің, көзін жеткізудің, алға ұмтылудың таптырмас құралы. Істеген ісінің не бергенін, не берерін біліп отырса, еңбеккер өз еңбегінің бағасын терең ұғады, ойланады, толғанады. Бұл да адам факторы ғой, оны еш мәселеде айналып кете алмайсың.
Сонымен алынатын табыс жыл сайын өсіп отырса, өзіндік құн арзандай берсе, аз шығын жұмсап, көп өнім өндіруге жұрт дағдылана бастаса, колхоз экономикасы нығаймай қайтеді. Ол колхозшылардың жағдайын жақсартады, жалақысын көбейтеді. Жалақысы көбейген адам көңілді болады, туған жерінен кете де қоймайды. Мысалы, біздің сауыншылар жаз кезінде айына 300-400 сомға дейін табыс табады. Бұл сіздің кадрларды қалай тұрақтандырдыңыздар деген сұрағыңызға жауап. Қазір бізде еңбекке жарамды 720 адам бар. Ал мен келгенде солардың саны 500-ден аспайтын. Шүкіршілік, қазір жүмысшы күшінен аса тапшылық көріп жүргеніміз жоқ. Бірақ жұмыс көлемі өседі, адамдар қашанда керек болады. Жалпы біздің колхозда 1852 адам тұрады. Оның 260-ы пенсионерлер, қалғандары мектеп оқушылары, жас сәбилер деген сөз ғой. Алайда колхоздың ертеңгі болашағы солар, олар жөніндегі қамқорлық - стратегиялық мәселе. «Ұрпағын ойламаған ұмыт қалады» демей ме халық. Тегі біз бүгінгіден гөрі болашаққа көбірек жұмыс істеуіміз керек деп білемін мен. Жай өмірлік көріністі алайық. Тіпті әрбір әке-шешенің өзі бәрін балалары үшін жасамай ма. Балалары үшін мектеп жоқ жерден кетіп те қалады, қысқасы олардың жолында отқа да, суға да түсуге әзір. Осы қарапайым ақиқатты колхоз көлеміне аударып көрсек ше. Сол балаларды да колхозда қалай ұстау керек. Колхоз ісіне, яғни жерге, шаруа мамандығына деген сүйіспеншіліктің ұрпақтан — ұрпаққа берілуін немен қамтамасыз ете аламыз. Менің бұл стратегиялық мәселе деп отырғаным сол. Міне мұның бір ұшы құрылысқа, тұрғын үйге келіп тіреледі.
Қысқарта айтайын, мен мұнда келгеннің келесі жылы — яғни 1979 жылы жылына 10-11 үйден ғана салсақ, одан кейін 17 үйден қазір жылына — 24-26 үйден салуға жеттік. Біз шаруашылық адамдары цифрларға кете береміз. Өйткені ол дәлелдірек. Тағы бір цифрды айтайын. Егер 1976 жылы колхозымызда жалпы тұрғын үй көлемі 2888 шаршы метр болса қазір ол 9620 шаршы метрге жетті. Яғни үш еседен астам өсті. Бірақ мұны да әлі жеткіліксіз деп есептейміз.
— Сонымен, — деді Эдвин Эдуардович алдындағы колхоздың экономикалық паспортын жаба беріп, — біз толық шаруашылық есепке, өзін-өзі қаржыландыруға едәуір дайындықпен келдік. Бұл істі 1983 жылдан тереңдеп қолға ала бастаған едік. Бүкіл мамандарымыз да, колхоздың экономикалық талдау бюросы да, төменгі барлық коллективтер де экономикалық сенімді жүйеге жауапкершілікпен кірісті десек, мақтанғандық емес. Бұл экономикалық тұтқа өзінің правосына еніп, тағы бір биік белеске көтерсе дейміз.
— Эдвин Эдуардович, сіздер өткен жылы колхозда ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін ұйымдастырыпсыздар. Яғни өздеріңіздің «ВДНХ»- ларыңыз болды деген сөз. Ондағы көзделген мақсат не?
— Біз былтыр ғана емес, алдыңғы жылы да ұйымдастырдық. Былтырғы көрмемізге көрші аудандардың шаруашылықтарынан да көруге адамдар келді. Мақсат не? Мақсат — барымызды сарапқа салу, көрнекі күйде көру дейме, міне сол. Шаруашылық есепке толық көшуге әзірліктің бір жолы десе де болар құсы. Ал оны ұйымдастыру, жасау үлкен мектеп болды. Барды қалай көрсете білу керек. «Көрмеге қойылады» дегеннің өзі қандай қамшы болғанын білсеңіз... Асыл тұқымды мал, әдемі өсірілген бұзау, сүтті сиыр, күс тұқымының әлденешеуі, өнімнің түр-түрі — бидайдың сорттары, көп жылдық шоп, жүгері, түсімді учаскілердің дақылдары, күтімді техника — бәрі-бәрі болды. Сауыншылардың, өгізше семіртушілердің өз әукім - әукімдердің баптағанын көрсеңіз. Кәдімгі бәйге атындай мәпелеп, жұтындырып әкелді. Көз көп жерде кімнің жаман көрінгісі келсін. Цехтардың, фермалардың жасаған диаграммалары, экономикалық көрсеткіштерін сөйлетуі жұрттың бәрін қызықтырды. Төменгі коллективтер бірін-бірі тереңірек біле түсті, бірінен бірі үйренді. Өзімізді өзіміз байқау, өзімізге өзіміз есеп беру сияқты болды. Әсіресе мектеп оқушылары көп мағлұмат алды, өз колхоздарының бүгінгісі мен келешегін көз алдынан өткерді, ата - аналарының жетістіктеріне сүйінді. Ауыл шаруашылығына дегем ықыластары артты. Тап осы көрме кезінде маған бір ой келді: колхоздың осу жолын бейнелейтін музей неге ашпасқа? Тарихты құрметтеуге, дәстүрді жалғастыруға тәрбиелеудің тамаша бір орны болар еді - ақ. Ең бастысы идеялық тууы, жақсы идея қашанда игілікті істерге бастайды.
— Эдвин Эдуардович, «Жолды жүрген өндіреді» деген халық мақалы бар. Біраз істі тындырып тастапсыздар. Бірақ тоқ мейілі бізге жат қой. Тағы да қандай игілікті қадамдар жайлы толғаныстарыңыз бар?
— Тындырып тастадық деген сөзден қорқам, өз басым. Ол мақтануға әкеп соғады. Осы орайда ойыма өткен жылы болған соңғы партия жиналысы түсіп отыр. Онда колхоздың парткомы қайта құруға қалай басшылық етіп жатқаны туралы есеп берді. Өзге шаруашылықтардан, тіпті республикадан тыс жерлердегі колхоздар өмірінен деректер келтірілді. Сол деректермен көрсеткіштерімізді салыстырды. Иықтассақ мықтымен иықтасайық, бүгінгі билігімізді жаңа белестің — жеделдету белесінің басы ғана деп есептейік, ашылмаған резервтер әлі баршылық, ең үлкен резерв адамдар бойында, солардың ашылмаған қуатына кілт табайық деген пікірлер айтылды.
Үсті-үстіне төпелеп жиналыс өткізе беруде әдетімде жоқ-ты. Бұл жұртты ығыр қылады, әрі алтын уақытты көне - көрнеу ысырап ету ғой. Төменгі коллектив басшыларының құлағына құятынымыз да осы. Жиналыс дәмді болсын, керек уақытында шақырылсын, Әлде біреулердің «не шара қолдандың» дегенде шұбыртып, өткізілген жиналыстарды тізе жөнелгенше жыным келеді. Жиналыстың керек уақыты бар. Жағдай талап етеді, сонда шақыр. Жоқтан өзгені жиналысқа салып мылжыңдай бергенді біз жек көреміз.
Экономикалық білім — бүгінгі тандағы ең зәру міндеттердің бірі есебінде қойылды. Мұнсыз шаруашылық есеп, өзін-өзі қаржыландыруды білу жоқ. Басшыдан бастап, әрбір колхозшының талдау қабілетін ұдайы іспен сынап отыруымыз қажет.
Рухани биіктік деген не? Моральдық - психологиялық ахуалдың басты көрсеткіші бұл! Керек десеңіз экономикалық та, әлеуметтік те болмысымыздың айнасы. Біздердің «домалақ» арызды қарауды ұмытқанымыз қашан, — деді колхоздың бас бухгалтері Любовь Арнольдовна Митрованова. — Өйткені бәрі ашық айтылады, адал талқыланады. Әркімнің тағдырын оған етене жақын коллективі шешеді. Ал коллектив сол адамды қай басшыдан болса да жақсы біледі. Оның, алдында ешкім тырп ете алмайды. Мысалы, өткен жылы дәлелді себептерсіз мал қыстатуға әзірлік кезінде жұмысқа шықпай қалған бес адамға заттай ақы алу шектелді. Ал алдыңғы жылы мал шаруашылық цехында 13 адамнан 1648 сом ұсталған болатын. Осылардың біреуінен арыз түсті ме, мені жәбірледі деп, не колхоз басқармасына, не парткомға келді ме? Жоқ, келген жоқ. Неге? Осының бәрі коллектив ұйғарымымен болған. Бригадалардың, фермалардың, цехтардың, ондағы партия топтарының тәрбиешілік ролін көтеріп жақсы істеп жүрміз. Ең сөзі өтімді ең қатал төрешісі солар. Әділ шешім, әділ сөз жүргізген жерде рухани биіктік болады. Осы биіктікке өрлеуіміз қажет. Көп табыстың кепілі сонда.
Біз соңғы жылдары егістікті құрғақшылықтан қорғайтын орманды алқап өңірін кеңейтуді мықтап қолға алдық. Жылына 25 гектар жерге ағаш отырғызамыз. Оны күтіп баптаймыз. Қазір сондай алқап көлемі 480 гектарға жетті. 1986 жылдан бері су бөгеттерін сала бастадық. Ондағы ойымыз — қар суының да шып - шырғасын шығармау. Осы бөгеттердің тұтас бір каскадын жасау ойымызда бар. Ол ұзындығы 12 километрге дейін созылмақ. Яғни суландыру мәселесіне жаңа бетбұрыс жасау ниетіндеміз. Мұнсыз егіншілікті өрге бастыру, одан тұрақты өнім алу, оның тиімділігін жоғары ету мүмкін емес. Істеліп жатқандарға қоса интенсивті технологияны дамыта түссек, әрбір танаптың құнарын арттырып, берерін көбейтсек, таза парға күш салсақ. Осының бәрін тайға таңба басқандай көрсетіп тұратын танап паспорттарын жасауды жолға қойсақ... Қысқасы егіншіліктің біресе өрге, біресе ылдиға тартуын тоқтатқымыз келеді. Тек өрге тартуымыз керек. Мақсат осы.
Ал мал өсірудің проблемасы түгел шешіліп болды десек, ол адасқандық болар еді. Ғылымға, ғылыми негізге біржола көшу керек. Бізде қазір әр сауын сиырдан жылына алынатын сүт 3232 килограмм. Осыны 4000-5000 килограммға жеткізуге бола ма? Болады деп есептейміз. Біз төлдейтін бір сиырдан бір бұзау алуды шештік деп есептейміз. 1987 жылы 100 сиырдан 99 бұзау алдық. Ал өткен бесжылдық қорытындысына ол 89 болатын. Колхоз орнында, жайылым орнында, ферма орнында. Сонда өзгерген не? Күтім күшейді, қоғам байлығына, қоғамдық еңбекке деген адамдардың көзқарасы өзгерді.
Енді сиыр тұқымын асылдандыруды интенсивті түрде колға алмаса болмайды. Аса бір үлкен резерв осында жатыр. Мен сізге бір қызық мысал келтірейін. Асыл тұқымды мүйізсіз тоқал сиырларды көбірек ұстасақ дейміз. Неге дейсіз ғой. Ғылыми информацияға қарағанда мүйіздің жетілуінің өзіне 16 килограмм ет алуға жұмсалатындай қорек кетеді екен. Пәленбай мың сиырға осыны көбейтіп көріңіз. Міне, шаруашылық есеп экономиканың қандай - қандай қуыстарын аралатады.
Біздің 22 мың гектардан астам жайылымдығымыз Абай ауданының территориясынан бөлінген. Оны мәдениеттендіру, шөбін шүйгін ету өз алдына бір қора мәселе. Табиғатқа да, көршіге де тәуелді болмауымыз керек. Осы жолда арқа сүйеріміз де — есеп, есеп тағы да есеп. Өнім молая берсін, өзіндік құн арзандай берсін.
Біз жүмысшы күші, жер көлемі, егістік, жайылымдылық мөлшері жағынан республикада, тіпті облыста ірі шаруашылықтардың қатарына жатпаймыз. Бірақ бүгінгі ерлікті өзгеден ізде. Осы ретте «мықтылармен» иықтасып көрсек дейміз. Бұл бәсекеден де абыроймен алып шығатын шаруашылық есеп. Бағалы терілер беретін мың фермасын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз. Өсіретін құстарымыздың ішінде қаздарды 4 килограммнан сатқымыз келеді. Құс етінің бір центінерін өзіндік құны он бірінші бесжылдықта 200 сом болып еді, 1987 жылы 105 сомға түсірдік. Бұл да ферма меңгерушісінен бастап, әрбір құс өсірушінің есептей білуінің, есеп нәтижесіне сын көзбен қарауының жемісі. Бірақ бұл өзіндік құнды біз әлі жоғары деп есептейміз.
Эдвин Эдуардович әлеуметтік саланың болашағын тіпті қызыға айтты. «Үй мәселесі толык шешілді» деп рапорт берер күнді көрсем. 16 мың сомы төленіп қойылған «Ертегілер қалашығы» сәбилердің мәз мейрам болар орнына айналса, ипподром, стадион, колхоз музейі салынып бітсе, әрбір бөлімшеде магазин, балабақша, фин моншасы әдемі салынған коттедждер сап түзелсе... Иә, бәрінің де жобасы бар, көңілде сайрап тұр, қаржы да, күш те табылды, есебі бар, есебі. Көңіл шіркін қанша жүйрік болғанмен уақыт аясы деген өлшем де бар ғой. Сол әлі-ақ бәрін орны-орнына қояр. Ең қуаныштысы «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» дейтін шаруашылық емес қой бұл, ақылмен, есеппен кең көсілуге мүмкіндігі әбден мол.
Әйтпесе... Басқаны былай қойғанда, 260 пенсионерді толықтай колхоз қамқорлығына алар ма еді. Олардың үй жанындағы учаскелерін өндеу, қора-жайларын жөндеу, отын-суын, қолда ұстайтын малдарын жем-шөппен қамтамасыз ету, кейбір қажетті жабдықтарын тауып беруден бастап, қажет болса жаңа үйге қоныс аударғанға дейінгі тілектерін толық орындау — колхоз мойнында. Бұл мақсатқа арнайы қаралған қаржы бар.
Ойлаған мақсатқа жету сағаты, біздіңше, әлі-ақ соғады. Мақсатсыз болудан сақтасын.
Эдвин Эдуардович Фоос биыл небәрі 38 жаста. Кейбір адамдарды ұзақ жылғы қарбалас жұмыс қажытады ғой. Бірақ ондай қажуды бұл азаматтың бойынан көре алмадық. Он жылға тақау председательдік жұмыс қайта өз қазанында оны мықтап шынықтырған секілді — ең алдымен іскерлік жағынан, рухани жағынан.
Ана сүтімен біткен адалдық, жан тазалығы, ата қасиеті дарытқан ұсынықтылық, қарапайымдылық. Тап осы қасиет әлде кімдер шалдыққан менменсуден де, қолымда тұр деп оңды-солды сілтеуден де, даңқ құмарлықтан да, даңғазалықтан да, жанды аздыратын жағымпаздықтан да аман алып қалған. Дәл осы қасиет оның бойында айтса орындайтын, қолға алса жетпей қоймайтын, адамды бағалауды ең асыл парыз санайтын, ойына келгенді ірікпейтін, өз тағдыры сынға түссе де, халық мүддесі үшін өрлік көрсете алатын сапаларды байытқан. Әділдігі, адалдығы, жаңалыққа жаны құмарлығы, жұмыс десе денсаулығын да ұмытып кететін еңбекқорлығы өмірдегі ең сенімді серігі екен. Осы сапалары үшін де елі өте құрметтейді екен оны.
Біздің әңгімеміз бітуге жақындағанда Эдвин Эдуардович қолына бір қалын папканы алды.
— Мынауыңыздың ішінде не бар?
— Бұл мектептегі класс жетекшілерінің балаларға жазған мінездемесі. Сол мінездемелер тұрғысынан ата-аналарға қарасам деп едім. Жұмыста қалай, үйінде қалай. Ұрпақтар арасында рухани жалғастық, ұқсастық бар ма екен?
— Мұныңыз үлкен бір зерттеу ғой.
— Керек қой, керек. Керек болған соң, оны да білгеннің артықтығы жоқ, — деп ұяла күлді.
Біз есіктен шыға бергенде мол денелі бәйбіше адамды көріп, Эдвин Эдуардович бәйек болды да қалды.
— Мария Егоровна, неге күттіңіз, кіре бермедіңіз бе, біз басқа бөлмеге көшетін едік қой.
— Председательдің үстіне қалай кірем. Оның үстіне қасыңызда кісі бар, дейді.
Мария Егоровна қулана күлді.
— Мен сізге председатель емеспін. Сіз менің анамдайсыз. Бұдан былай бүйтіп күтіп қалсаңыз, өкпелеймін.
Сосын ол кісінің бүкіл өмірбаянымен таныстырды. Колхоздың ардагері, пенсияға шыққан соң кеңседе үй сыпырушы болып істейді екен. Мынау ауладағы бүкіл гүлзардың сол кісінің қолымен бапталғанын айтты. Жұрт қалжыңдап болса да оны колхоздың емес, «Назарованың гүлзары» дейді екен.
— Гүлдері қандай сүйкімді, иісті болса, өзі де сондай сүйкімді адам. Бүкіл ісінен адамгершілік, парасаттылық аңқып тұрады.
Бәріміз де бұл кісіні анамыздай көреміз, еркелейміз. «Балаларым, жұмыс істесе, сендердей істесін» деп бізді де көңілдендіріп қояды.
Талайды көрген ана жүрегі тап басып танып, бұл сөзді тауып айтса керек. Біз де сол бір кездесуден үлкен ләззат алып, ұжымы жарасқан, ұтымды істері көп, істеуге деген құлшынысы тіпті зор коллективті, оның басшысын, дәлірек айтсақ қайта құрудың қаһарманын көріп қайттық.
Семей облысы, Бородулиха ауданы.
БОЛГАР ӘСЕРЛЕРІ
Бұл жолдардың мынадай кіріспесі бар. Алматыда кешеден бері күн қатты ысып кетті. Толассыз бір ай бойы жауған жауыннан салқынға үйреніп кеткенбіз бе, шілдедегідей - ақ шыдамсызданып барамыз. Оның үстіне бүгін автобуста адам тіпті көп. Аялдамаларға тоқтамастан заулап кетеді. Құжынап тұрған халық мінгісі келіп лап қояды да, меселі қайтып қала береді. Ішінен аяйсың, шараң бар ма, өзін де күбідегі тұздалатын шабақтай жаншылып, сорың шығып әрең келесің. Ертемен әдемілеп үтіктеп киген киімінде сиық жоқ, жебір сиырдың аузынан шыққан шүберектей мылжа-мылжа.
Аялдамаларда міне алмай қалғандардың шоферді атарға оғы жоқ. Біреуі жұдырығын түйіп, біреуі бірдеңе деп айқай салады. Мақтап тұрмағандары анық. Түсер жеріне келіп, автобус тоқтамаған соң өтіп кетіп, алдыңғы жақта бажылдап жатқандарда аз емес.
Осы бір жұмыстан қайтар кез - ай. Берекетіңді алып, көңіл - күйіңнің быт-шытын шығарады. Әйтпесе апрельдің аяқ кезі. Алматыда көңілге қаяу түсірер шақ па! Айналаның бәрі көкпеңбек. Көше атаулы түгел малынып, жасыл желегін жамылып тұр. Әркім сағына күткен көктем бар сәнімен - ақ сені аялағысы келгендей. Көктің исі, гүлдің исі мұрныңды қытықтайды. Табиғаттың тамылжыған сәніне көңіл әнінің құйқылжи қосылатын - ақ шағы. Алда май мерекесі, Жеңіс мерекесі. Ертең сенбі. Әркім үйіне тезірек жетіп, келер мерекелердің қамын жасауға асық.
Көрдің бе, бәрін бей-берекет еткен әлгі автобусы құрғыр. Жұмыстан қайтар кезде жетпей-ақ жатады. Аялдамада тұрғандарды да, автобустың ішіндегілерді де сіркесі су көтермейтін халге жеткізетін осы жағдай. Біреудің артық сөзі, жөнсіз әрекеті жүйкенің тура жұқарып тұрған жеріне тиеді.
Үш-төрт аялдамадан соң автобус іші сәл-пәл кеңігендей болады. Десе дағы қасында тұрғандардың ыстық демі бетіңді әлі оттай шарпиды. Отырғандардың жағдайы сәл де болса жөндемеу сияқты, терезе жақын, оларға ауа толассыз келіп тұр. Түрегеп тұрғандар қызғана, оқты көзімен қадайды оларға. Үлкендер отыратын жерге отырып қалған жастар шікірейіп теріс қарайды. Қасында тұрғанның кім екенін елегісі келмейді. Бұл да жүйкенің жұқа жеріне тиетін жай шіркін. Пендешілік - ай, кейде секундтық пайданың құлы боп кете береді - ау.
Аялдамаларға автобус тоқтай бастады. Мінушіден гөрі түсуші көп. Алдыңғы есіктен бір екеудің тосын даусы шықты. Жұрт елең ете қалды. Дәу де болса ішіп алғандар. Айтқандай-ақ тап солай болып шықты. Бірін-бірі жаңа көргендей тап есіктен құшақтаса кірді. Жұқарып тұрған жұртта шаруасы жоқ, екеуі бір-бірімен даңғырлап сөйлесіп тұр.
— Біздің отыз төртті айтсаңшы. Машинаның төресі еді ғой.
— Өздері секілді елдің бәрі де көңілді деді ме, айналасына масаттана қарайды. Автобустағылар оларды үйтіп жеуге, немесе қазір шығарып тастауға әзір. Жыландай жиырылып, кез - келгені оқты көздерімен атып барады. Ішіп алғанның сөзі тұрғай, ақылды сөзді де қабылдайтын шама жоқ. Оның үстіне бұл шіркіндер жанға тиетін түсініксіз бірдеңкелерді айтады. «Отыз төрті несі?»
Елдің жақтырмағанын сезген қара торысы сәл-пәл бойын жыяйын деді. Нәсілі қазақ болу керек. Орысша таза сөйлейді.
— Вася, айқайлама, үйге барған соң сөйлесеміз, — деп мойнынан қос қолдап құшақтап алған сарының арқасынан қағады. Жас болса бір сәрі, екеуі де жер ортасынан өтіп егде тартып қалған. Жұрттың қытығына тиіп отырғаны да егде тартқандардың қылжақтап тұрғаны. Ішкендері аз болғандай қазақтың қалтасында ашылмаған бір құмыра тағы да қылт - қылт етеді. Отырғандарды одан сайын күйдірді ол құрғыр.
— Гриша, помнишь нашу тридцать четвертую. Болгарию.
Осылайша айқай салып әлгі сары қазақты тағы құшақтады.
Қасындағы бір әйелдің аяғын басып кетті-ау деймін, ол әйел баж ете қалып, балағаттай жөнелді. Жұрт бұрынғыдан бетер тыжырына түсті.
Келген бетте бұл екеуінен алдыңғы жақта, мүгедектер орындығында отырған бір еркек көз алмай қалған-ды. Бірақ аналардың қызу екенін сезген ол көп көңіл аударған жоқ. Әйел баж ете қалған соң әлгі кісі сүйретіліңкіреп орнынан тұрды да:
— Ғани, Васяны мұнда отырғызшы, — деді.
Жалт қараған қазақ жігіті арбалаған адамдай қалшиып қатты да қалды. Екі көзі жасқа толып әлгі адамға тұра ұмтылды.
— Андрей, Андрюша, сенбісің? Тірі екенсің ғой. Тарпа бас салып, қылқа мойнынан жоғары сүймеген жерін қалдырмады.
— Вася, смотри, наш Андрюша!
Үш құшақ айқасып кетті. Автобустың ішіндегілер аң-таң.
— Есінде ме, есіңде ме біздің отыз төртінші! Софияға жақындаған жерде...
Василийдің айта беретін сөзі осы.
— Отыршы Вася, сен отыршы. Шаршаңқырап қапсың, —дейді Андрей. Ішіп апсың демейді, шаршаңқырап қапсың дейді.
Жаңа ғана тыжырынып бұларды жақтырмай отырған жұрт елең ете қалды. Үшеуінің үздік-үздік сөзіне құмарта құлақ түргендей.
— Біз сені өлді, танкімен бірге жанып кетті деп жүрсек...
— О, ғажап, қалай тірі қалғансың?
— Вася екеуміз, жыл сайын сені еске алып, еске алған сайын бір жартыны бөліп ішіп жүрміз. Бүгін де кездесіп, сөйтіп келе жатыр едік.
Үшеуі құшақ жазбай бастарын түйістірген күйі әлі түрегеп тұр. Автобус зулап тауға қарай жүріп келеді.
— Біздің атақты 34 есінде ме? Болгарияда... Василий Андрейдің арқасынан қағып -қағып бет-аузын жалай береді.
— Сен, тірісін, ә! Сенейін бе, сенбейін бе? Түсім емес пе? — Жоқ, мен отырмаймын. Өліп тірілген сен отыр. Біз сені Ғани екеуміз, міне, қанша жыл о дүниеде деп есептеп жүрдік. Отыршы, отыр!
Андрей отырғысы келіп еді, аяқтары иліге қоймады. Ғани мен Василий оның аяқтарының протез екенін енді сезді. Қалайда отырғызуға бәйек болды.
— Саспаңдар, мұның өзінің әдісі бар.
Андрей қолының қырымен тақылжырдың тұсынан қағып - қағып қалып еді, протездер тізе құсап бүгіле кетті. Ол орындыққа жайланып отырды.
Автобустағылардың бәрі де әп сәтте бұлардың атын біліп алды. Ғани (Гриша), Андрей, Василий.
— Сен қалай шықтың танктен?
— Жанған күйіммен. Көрер жарық бар ғой. Мына екі аяқты күйгендіктен кесті.
— Қайран «34». Софияға жақын қалғанда снаряд деп тиді - ау. Біз сені шыға алмай қалды деп едік.
— Батырым - ай. Бізді шық - шықтың астына алып өзің қалып қойып едің.
— Сол «34» құлынынан өсірген пырағым секілді күні бүгінге дейін ыстық көрінеді. Жанғаны әлі көз алдымда. Сені де Андрей бірге кеттім деп едім.
Ғани тағы көзіне жас алды. Андрейді тағы бас салып сүйді.
— Қайран біздің «34». Васийлидің айта беретіні сол.
— Қайда барасың, қайдан келдің?
— «Турксибте» демалып жатырмын. Сонау Якутиядан. Санаторийлерің жақсы екен.
— Жоқ, сен бүгін санаторийге бармайсың. Қазір түсеміз. Менің үйімді, бала-шағамды көр. Осылай деді де Ғани Андрейдің қолтығынан алды.
— Вася, сен де үйіңе бармайсың. Жүріңдер, түсейік, түсейік!
Автобустағылар үшеуіне жарыла жол берді. Бұлардың манадан бергі әңгімесіне де, бірін-бірі құшырлана сүюіне де ешкім тыжырынған жоқ. Қайта әңгімелерін естуге құмартқандар көбейді. Бәрінің де терісі кеңейгендей болды. Неге екенін кім білсін, Ғани мен Василийдің алғашқы айқайлап кіргені де, шыжыған ыстыққа арақ ішкені де кешірілгендей. Аяғын сүйрете басқан Андрейді қолтықтап, құшақтап бара жатқандары оларды сүйкімді етіп жіберді. Манағы ата қараған көздер, енді аяп, аялай қарады. Ғанидің қалтасындағы ашылмаған жартылық та күтпеген кездесудің құрметті асындай сүйкімді боп барады. Әркімнің есіне сонау сұрапыл күндер түсті.
Беу, пендеміз - ау. Автобустың ішіндегі жарты сағаттық сығылыс терімізді тарылтады. Сонау қиын жылдары не жанымыз шыдаған. Біз үшін оққа кеудесін тосып, біз үшін танкімен бірге балқыған осынау азаматтардың бір сәттік еркелігін көтере алмай қала жаздадық - ау... Осы ой әркімді баурап алғандай. Осы ой аялдамада қалған әлгі үшеуге телмірте қаратып, әркімді тебірентіп бара жатқандай.
Мен мына кездесуге қызыққаным сонша, олармен бірге түсіп қалдым. Сырттарынан ұзақ қарап тұрдым.
Аялдамада тұрып алып қайта-қайта құшақтасады. Қайта-қайта сүйісті. Қастарына барып аты-жөндерін сұрағым келді. Қайда, қай майданда болды екен.
— Жоқ, бөгет жасамайыншы. Ресми әңгімеге ауып кетпесінші.
Құмарларынан шықсыншы. Мауқын бассыншы. Кездейсоқ кездесуден кеуделері күй болып күмбірлеп тұр ғой қазір. Өздері шертсінші сол күйді. Беу, пендешілік - ай, осындай сәттерді бәріміз жабылып неге той ғып жібермеске.
Үйге жеткенше әлгі үшеуіне қайта-қайта қарай бердім. Олардың бұл кездесуі мені бұдан біраз жыл бұрынғы сапарға бұрып әкетті. Үйге келе салысымен сол жылғы жол жазбаларымды оқыдым.
1977 жыл. Болгар телеграф агенттігінің шақыруы бойынша туысқан болгар еліне барасың деген хабар, сөз жоқ, қуанышқа бөледі. Бір жағы творчестволық командировка, бір жағы елмен, жермен танысу. Журналист үшін көп көргеннен, көп түйгеннен артық не бар. Оның үстіне осы елдің Партия - үкімет делегациясы жуырда ғана біздің елімізде болып, Москвада келіссөздер жүргізілді. Алматыда, Уляновскіде достық митингілер өтті, кездесулер болды. Бауырластықтың, татулықтың куәсі болған сол бір күндер әсері жүрегімізде әлі сақтаулы еді. Бірсыпыра болгар журналистерімен қызмет бабында дидарласып, шүйіркелесіп те қалғанбыз. Бұл халықтың ақ пейіл, адал көңілін, қонақжай дәстүрін бұрыннан да білетін жай бар еді.
15 июнь, бірінші күн. Таңертеңгі сағат 6-да менімен бірге ұшатын Зигмунд Донатович Осман келді. Астында ТАСС-тың машинасы. ТАСС-та транспорт мәселесі жақсы жолға қойылған. Москваға келсең еш қиындықсыз қалаған жеріңе бара аласың.
Аэропортта шетелге жүру тәртібінің барлық ілгіштігінен өттік. Екеуміз де дипломаттық паспорт, оның артықшылығы еш жерде бөгелмейді. Самолетке отырарда қолымызға елден ерек қызыл «посадочный» берді. Ол да бір тәуір дүние екен. Сүзіп тұрғандардың бәрі шұлғи қалды.
Самолетке кірген соң қолына ақ биялай киген әдемі жас қыздар елді орны-орнына отырғыза бастады, жүрістері, бәрі жаттығудан мықтап өткенін аңғартады. Әскери жаттығудан ерлерді өткізсе, мыналар әйелдердің әдемілік жаттығуынан өткен сияқты. Әдемілік жаттығуының кереметін де, керегін де көргендейміз. Жасандылық көзге ұрмайды. Мәдениеттілік, биязылық, қарапайымдылық — бәрі сұлулықты, мінез сұлулығын құрап тұр. Оның үстіне адамның табиғат берген сұлулығы қосылса, тіптен жақсы болады екен.
Галя атты қыз бізді күлім қағып қарсы алды да, бөлек салонға ертіп әкетті. Жаңағы «қызыл посадочныйдың» арқасы. Салон іші біз мініп жүрген самолеттерден бөлекше. Салтанатты, бірден көңіл күйінді көтеріп жібереді. Алдымызда стол, астымызда жұмсақ кресло, отыра кеттік, әдемі қыздар көбелекше үйіріліп, керегіміздің бәрін сұрап жүр, тамақ келді, ішімдігі және бар, қай түрін қалайсың. Ақ салфетканы жайып тастап, әдемі рюмкаларды толтырып - толтырып жібереді. Ішуге келгенде кідіріп қалатын басым - ай. Жүрек шіркіннің осындайдағы қиянаты орынсыз – ақ тегі. Күлімдеп тұрған қыздың көзі үшін деп, осындай салтанаты өмірдің өзі үшін деп, мұндайда құйылып келіп қалатын ақынның сөзі үшін деп бірді тастап жібердім. Тамақты ішіп болған соң Зигмунд екеуміз әлгі қыздың бірін шақырып алып, аты-жөнін сұрадық.
— Галина Григорьевна Шагаева деп таныстырды өзін. 18-19 жасар.
Қос жанары еліктің көзіндей мөлтілдеп тұр. Сөзі сондай биязы. Сені өсірген анаңа рахмет дегендейсің. Ризашылығымызды білдіріп сувенир бердік. Бір кезде ол да сувенир алып келді. "Москау" — открыткалар жинағы. Өте әдемі шығарылған. Сүйкімді қыздың қолынан шыққан сүйкімді базарлық болды. Дұрыс салмасақ бір жерін мыжып алар ма екенбіз деп әлгі сувенирді қолымызға ұзақ ұстап отырдық.
— Ол қыз біздің әр қимылымызды көзінен таса қылмай қарап жүр.
Маған бір ұнайтыны — осы стюардессаларды таңдау мәселесі. Шынында да ұзақ жолды, мынадай әдемі самолеттерді мәдениетті адамдардың сенің қас-қабағыңа қарағаны қандай жақсы. Осы бір қызметтің бұдан былай да жақсара беруі, жетіле түсуі керек-ақ қой. Жол жүргенде адамның көңіл-күйін көтеру, соны көтеретіндей жағдайдың болуы -қамқорлықтың жақсы түрі. Аэропорттағы осындай таңдай білуді барлық салаға да таратса — теміржол, автовокзалдар. Адамға деген қызметінің ең жауапты саласы деп қараса. Бұған олар қызметші емес, көңіл құсын бабына келтіріп, көңіл күйін көтеруші, көңіл бапкері деп қарау керек.
Әне-міне дегенше Софияға да келіп қалдық. Екі жарым сағаттық жол ұзақ ұшып үйренген біздерге сөз боп па, оның үстіне самолеттегі жағдайымыз жоғарыда айтқандай жаман бола қойған жоқ.
Софияның аэровокзалында, самолет қасында бізді үш еркек, бір әйел қарсы алды. Болгар телеграф агенттігі директорының орынбасары Штефан Тихчев, сыртқы елдерімен байланыс бөлімінің бастығы Георгий Перчев, бір фото тілші, Катя деген келіншек.
Болгарлардың ақ жүрегі, адал көңілі вокзал басында-ақ көрінді. Ең жақын туыстарын көргендей, құшақтасып сүйісіп жатыр. Біздің елімізге деген құрмет қой бұл.
БТА-ның Витоша тауының баурайына салған әдемі творчестволық үйі бар екен. Тып-тыныш, қалын ағаш ішінде. Соған әкеп орналастырды. София уақытымен сағат 11-де келген қошеметші достар біздің қасымыздан сағат 3-ке дейін кетпеді. Тамақтандырып, бір-екі сағатқа тынығуға жатқызып барып кетті.
Қалада күн ыстық. Ал мына жерде сап-салқын. Таудың қойнауында 60 орындық, екі қатарлы әдемі үй. Агенттіктің адамдары сенбі-жексенбі күні осында демалады екен. Ақылды, жақсы жасалған дүние.
Біздің келуімізге байланысты қайда болатынымыз жайлы программаны корсетті. Өте жақсы программа. Сағат 4-те БТА-ға барып, жұмысымен таныспақпыз.
Оның алдында Георгий Дмитровтың мавзолейінде болмақпыз. Дүние жүзіне белгілі есім, ардақты есім.
Мавзолей қарапайым ғана салынған. Ішіне кіріп, тағзым етіп шықтық.
БТА-дағы әңгіме, агенттікпен танысу төрт сағатқа созылды. Үйренетін, үлгі алатын көп жайлары бар. Агенттіктің өзі ғана 4 журнал шығарады екен. Бүкіл табысының 73 процентін осы журналдар береді. Шетелдік жаңа үлгідегі аппаратуралар, техника жағы жақсы. Бәрі қайткенде информацияны тез жеткізуге қызмет етеді.
Тіпті телевизияның соңғы хабарын, осы БТА-ның өзінен береді екен. Арнайы камера тұр. Оқып жібереді, бітті. Біз отырғанда мынадай жағдай болды. Совет Одағының Батыры атағын алуына байланысты өзін құттықтағандарға Тодор Живковтың алғыс хаты түсті. Сағат 7-ге бес минут қалған. Тура жетіде БТА-ның студиясы жұмысын бастамақ. Алғашқы хабар жаңағы хат болды. Пуншир залынан оқып жіберді. Телевизорды көріп отырдық. Қолма-қол болды да шықты. Оперативтілік деп осыны айтады.
БТА-ның тарихы, әрине көп, арыда жатыр. 1898 жылдан істейді екен. Алғаш қолмен жазылған хабар сақталыпты. Оның өзі жатқан үлкен бір тарих.
Анықтама бюросында көңіл қояр бір жай — керек деректі экранмен көрсету. Өте тамаша. Ол да істі шапшаңдатады.
Кешіне тау баурайындағы ресторанға апарды. Бұл елдің тұрмыстық қызметке қатты назар аударатынын бұрыннан білетінмін. Ресторандардың өзін бір-біріне ұқсатпай, әрі қарапайым, әрі көңіл тоқтатарлық етіп салады. Ұлттық салт, ұлттық мақтаныш, ерекшелік бәрінен ыдыс-аяқтан басталып, даяшының киген киіміне дейін көрініп тұрады. Ән-би, онсыз қоғамдық тамақтану орны болмайды. Ішімдік көп ішілмейді. Бұл жолы да солай. Әдемі киінген жігіттер, қыздар жараулы аттай ойнақтап бір тамашаны көрсетті дейсің. Әрі тамақ ішіп, әрі көңіл көтеріп, демалып қайттық.
Байқап отырсыз, бірінші күн жаман болмаған секілді.
16 июнь — екінші күн. Бұл күнгі программа бойынша революция музейін көрмекпіз. Қаланың орталығымен таныстық. БТА-ға бір сағатқа кіріп шықтық.
Музейде Болгар Коммунистік партиясының бүкіл қалыптасу жолы. Мұның өзі өз алдына бөлек бір әңгіме.
Түскі тамақты табиғаттың тағы бір сұлу жеріндегі «Мельница» деген ресторанда ұйымдастырды. Кеше вокзал басында қарсы алған Катя деген келіншек, фототілші келіншегімен, Георгий Перчев, біздің қасымызда ұдайы еріп жүрген Вилиан деген жігіт, біз екеуміз — небәрі 7 адам болдық.
Күйеуімен, фототілші жуырда ғана Латвияда болып қайтқан екен. Өте риза болып оралыпты. Катяның күйеуі БТА-ның бас редакторы, жақсы коммунист көрінеді. Белградқа кетіпті. Өзі әңгімешіл, сүйкімді келіншек болып шықты. Болгар әйелдерінің бойында біздің қазақ әйелдерінде кездесетіндей өте бір инабаттылық болады. Күлсе де, тұрса да, жүрсе де сол инабаттылық адамды жылытады да тұрады.
Көңілді отырып көп әңгімелестік.
Сол күні түстен кейін жауын жауды. Тұрған жеріміздің ауасы тіптен өзгеріп кетті. Тұрам деген уақытымнан ғұмыры кешігіп көрген адам емес едім. ТАСС-тың мұндағы тілшілер пунктінің жетекшісі Баринов Владислав Николаевич келгенше ұйықтап қалыппын. Сағат 18-00. Есік тарс-тұрс қағылды. Тегі ауаның тазалығы, қоршаған әсем табиғат мыс қылса керек. Бойым сергіп, көңілім өрбіп, орнымнан құр атқа мінгендей ойнақшып тұрдым.
Баринов бүгін қонақ етпекші еді. Әйелімен екеуі келіп тұр екен. Машинаға мініп «Тихий уголок» деген жерге келдік. Міне, екінші күн, бір тамақ ішкен жерімізге әлі қайталап барғанымыз жоқ. Мұндағы қоғамдық тамақтанудың жолға қойылысы солай. Еш уақыт күтіп отырып қалмайсың. Туристтер күндіз-түні жан-жақты құйылып жатса да, тамақты айналысы 30-40 минуттың ішінде ішіп кетіп отырады.
Бариновтың дастарханы еліміздің бір пұшпағы іспетті болды. Емін-еркін өзіміздің орыс тілінде көсіліп сөйлеп отырдық. Светлана да ашық мінезді адам екен. Елді, өзіміздің адамдарды сағынып қалғаны екі сөзінің бірінен аңқып тұр. Биылғы румын жерінен басталған жер сілкінудің дүмпуі Софияға да келіпті. Нелер үрейлер болады ғой, — деді Баринов, — бірақ жер сілкінудің үрейінен зәреліне көрген жоқпын. Бізге жеткені ұшығы ғана. Соның өзінде осы уақытқа дейін жүрегіміз дірілдеп кетеді.
ТАСС жұмысының қиындықтары жөнінде пікір алыстық. Тіпті жаңа келген сияқты едік. Жақсы отырып, жақсы тарастық.
Жарасты әңгімеден кейін жазылып сала беретін көңіл шіркін - ай. Сенің бабың әрқашан болып тұрса, көп нәрсе істелер, көп нәрсе жазылар, көп нәрсе табылар еді-ау. Әттең адам көңілін аулауға не жетсін.
Ертесі жол жүреміз. Ұйықтаған мақұл. Әйтпесе көңілдің көк дөнені жортып кете беруі мүмкін.
17-18 июнь — үшінші, төртінші күн. Ертеңгі сағат 7.30-да жолға шықтық. Елді араламақпыз. Солтүстіктегі Плевень деген қала бүгінгі ат басын тірейтін жер, 160 шақырым. Бұл жақта ол үлкен қашықтық көрінеді. Ерте шығуымыз сондықтан екен. Мен ішімнен жымиып күлемін. Етек-жеңі кең Қазақстан жағдайында 160 шақырым машинаға от алып келетін жердей-ақ емес пе.
Біздің қасымызға еріп шыққан Вилиан Митов палуан пішінді жас жігіт. Москвада 7-жыл БТА-ның тілшісі болып істепті. Орысша бір сыдырғы тәуір сөйлейді. Әдетте жол серіктер көрінгенді күпитіп айта бергіш келуші еді. Бұл өйткен жоқ. Қайта Зигмунт екеуміз өзіміз сөйлеп отырдық. Қалжыңдап қоямыз. 1975 жылы Монғолияға бірге барған едік, үйренісіп қалған, әрі түйедей құрдаспыз, әзіліміз де, сөзіміз де жарасады. Кейде тіпті Миновты да күлдіріп қоямыз. Зигмунттың сүйіп айтар сөзі: «Қазақстан үлкен, жол сенікі барған жерде алдымен сен сөйле, бірақ кішкене Латвияны ұмытып кетіп жүрме» дейді. Мен «сенің жасыңның екі айлық үлкендігі бар, жол сенікі» деймін.
Бір қақпа әдемі қалжыңы бар. Мен де құралақан емес сияқтымын. Көңілді келеміз.
Айнала көкпеңбек. Жақсы бір уақытта келгенбіз бе деймін. Оның үстінде болгарлардың жер күтуі, көкөніс күтуі келісті ақ сияқты. Табиғаттың сұлулығы өз алдына, оның үстіне адам қолының аялы қамқорлығы қосылып, осынау өңірді құт қойнына айналдырған. Бір танапта бидай, бір танапта қалың ағаш. Осылай көз алдыңнан әсем көрініс - жерге деген асқан сүйіспеншілік, ерекше ықылас өтіп жатады. Бәрі қолмен қойғандай байты, бір тал арам шоп, игерусіз жатқан бір сүйем жер жоқ. Бәрінің өз орны бар.
Көкпеңбек жал, бұрын көрмеген өсімдігім көрінеді. Жасыл шымылдықты біреу биіктеу етіп осынау танапқа құрып тастаған секілді. Сағым құсап та көрінді өзі.
— Мынау не, мынау не?
— Ол хмель, ашытқы. Бұл шөпсіз ешкім сыра қайната алмайды. Тегі сыра жасау мүмкін емес.
Жүзімнен екі есе биік болады екен. Жіпке тартып өсірілетін бойшаң неме екен. Сыраға берер сапасын қайдам, өсіп тұрысы тым сұлу. Сыраны ішкенде бойды алып, делебені қозғайтын сен бәле екенсің ғой дедім ішімнен.
Бір бос жер жоқ. Тіпті малға арнап шабатын шөптің өзі де әдейі қолдан өсірген секілді, желкілдеп тұр. Шетінен шабылып, арнаулы машинамен ұнтақталып жатыр.
Осындай әдемі жерде деревнялар бір-бірімен жалғаса береді. Аралары өте жақын. Бірнеше қаланы да басып өттік. Шағын - шағын қалалар. Үйлердің салынысында да ұсынақылықтың, шаруақорлықтың табы бар.
Қысқасы осы бір жұмақ пұшпақты сендер ғана ұстай аласыңдар деп жаратушы болгарларға бере салған секілді. Ұстай алудың куәсі емес пе, өткен жылы бүкіл ел бойынша бидайдың әр гектарынан 37 центнерден өнім алыпты. Рекордты жетістік — 83 центнер екен.
Жер өзіне деген асқан ықыласқа жауап ретінде жемісін аянбай беретін болса керек.
Машина зулаған сайын әдемі кинокадрлар секілді айналаның әсем көркі көңіліңді аялай береді.
Көп кешікпей Правец атты селоға келдік.
— Тодор Живковтың туған жері осы, — деді.
Машина тарлау көшемен бір үйге қарай бұрылды. Төбесі ескі болгар стилімен жабылған, кәдімгі қатардағы үй шаруаның үйі. Ішінде әкесі мен шешесінің портреті. Жер төсек.
Бүгінде болгар халқын жарқын болашаққа бастап отырған Болгар Коммунистік партиясының басшысы өскен тарихи үй бұл. Өзінің бүкіл өмірін халық бақытына арнаған, дүние жүзіндегі аяулы перзенттердің бірі.
Софиядағы Революциялық қозғалыс музейінен Коммунистік партияның бүкіл күрес жолын, Димитри Благоев, Георгий Димитров секілді асыл ұлдарының ғажайып істерін көргенбіз. Димитров партия басында тұрған кезде Тодор Живков София қалалық комитетінін бірінші секретарь!, Отандық майдан комитетінің, София қалалық халық Советінің председателі болып істеген. 1950 жылдан Болгария Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшелігіне кандидат, 1951 жылдан саяси Бюроға мүше, 1954 жылдан Болгария Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары.
Революциялық қозғалыс музейінде Благоев пен Димитровтың қызметіне ерекше көңіл бөлінген. Димитров өмірінің жарқын беттерін көрсететін экспозициялар баршылық. Әсіресе фашизмді айыптап тұрған сот алдындағы жауабы ерекше шыншылдықпен салынған. Нағыз патриот, шын мәніндегі антифашисттің тұлғасы көз алдында. Фашизмнің шын мәнін әшкерелеп, сот оны емес, Димитровтың фашизмді айыптап сөйлеген сөзін оқығанбыз. Мынау сурет сол ұмытылмас, бүкіл дүние жүзі еңбекшілерінің есінде қалған оқиғаны қыл қалам жақсы берген екен.
Осы бір асыл перзентін халық өте құрметтейтіні болгар жерінде әрбір қадам басқан сайын көрініп тұр. Софиядағы оның мавзолейі, әр көшеде, жол бойында Ленинмен бірге салған суреті, оның жеке суреттері халық жүрегінде мәңгі қалған ұлдың бейнесін береді. Ол бастап кеткен ұлы істі Болгар Коммунистік партиясының, болгар халқының бұлжытпай, асқан жігерімен жүзеге асырып жатқанына көзің жетеді.
Осы күні Софиядан 160 шақырым шыққан соң Болгариядағы 28 округтің бірі — Плевень округінің орталығы Плевень қаласына тоқтадық.
Болгар халқы бұл жылы аса даңқты оқиғаны Түркияның тепкісінен азат болуының 100 жылдығын атауда екен. Бүкіл елде бұл оқиғаға арналып кең дайындық жұмысы жүргізілгенге ұқсайды. 1877- 1977 ж. Осман - патша озбырлығының құлағанына, бес ғасыр бойы Түркияның тепкісінде болып, езгінің небір сұмдық түрлерін бастан кешірген, содан орыс халқының көмегімен болгар халқының азаттық алғанына — 100 жыл.
Плевень қаласы сол шайқаста шешуші роль атқарған жердің бірі. «Канлык» деген қонақ үйге тоқтасымен қаланы аралап бердік. Шағын әдемі қала, тұрған жерін курорт дерсің. Сонымен қоса тарихи қала.
Алматыда болған сапарында Тодор Живков бұл оқиғаның ел өмірі үшін қандай мәнді екенін айтқан болатын. Болгар халқы өзінің тарихында құрып кетудің үш апатын бастан кешіріпті. Түркия билігі соның екіншісі, неміс фашизмінің жаулауы — үшіншісі. Осы соңғы екі апаттан құтылудың жолындағы күрес шежіресін халық өте жақсы жасаған және естен кетпейтіндей етіп кейінгі ұрпаққа қалдырған.
Бүкіл елде соған байланысты 440-тан астам ескерткіш бар екен, оның 130-і осы Плевень округінің жерінде.
Табы-мавзолей деп аталатын, шіркеу стилінде салынған әдемі үй округтік партия комитетінің тап жанында тұр. Музейдің аты бізді таңдандырады. «Табыт-мавзолейі» қалай? Кейіннен түсіндік, бұл мавзолей ғана емес, сонымен бірге табытта екен, екі үлкен сар - кофагқа орыс - түрік соғысында осы арада қайтыс болғандардың сүйегі салыныпты. Шіркеуді соғыс біткен соң халықтан жиналған ақшаға тұрғызған. Орыстың атақты қолбасшылары М.Д.Скобелев пен Е.И.Тотлевен армияларының Плевень шайқасындағы ерлігі бейнеленген. Аты әлемге әйгілі суретші В.В.Верещагиннің жан тебірентерлік суреттері. «Шабуыл алдында», «Жаңа заң» атты туындылар шын талантты танытумен бірге, сол кездегі шайқастың сұрапыл күйін қаз-қалпында көз алдыңа келтіреді. Осы үйдің қасында мәңгі от жанып тұр. Ал маңдайшасында үш шумақ өлең:
Вдали от русской матери земли,
Здесь паяй вы за честь отчизны милой.
Вы клятву верности России принесли,
И сохранили верность до могилы.
Вас не сдержали грозные валы,
Без страха шли на бой святой и правый.
Спокойно спите русские орлы,
Потомки чтут и множат Вашу славу.
Отчизна нам безмерно дорога,
И мы прошли по дедовскому следу,
Чтоб уничтожить лютого врага,
Иувердить достойную победу.
Үшінші Украина майданының солдаттары осы қаланы азат еткенде бұл өледі гвардия майоры Леонид Гриловский жазып тастап кетіпті. Оның сөздері мавзолейдің маңдайшасына алтын әріппен ойылған.
Шындығында бұл екі соғыстың, екі азаттықтың арасында тұтастық жатыр. Бұдан 100 жыл бұрын орыс әскері Болгарияны Түркі Тепкісінен азат етсе, 33 жыл бұрын Совет Армиясы фашизмнің апатынан алып қалды.
Дәл осы үйдің қасында «Плевеньнің 1877 жылы азат болуы» деген музей тұр. Осман патша өзінін тізе бүккені жөнінде актіге осы үйде қол қойыпты.
Бұдан шыққан соң қаланың генерал Скобелев атындағы парк - музейінде болдық. Ол «мертвая долина» (тылсым алқап) деп аталатын ойпаңның жанында екен. Осы арадағы шайқасты есте қалдыру үшін осы парктің тап ортасынан, биік дөңесте «Бородино панорамасы» іспетті үлкен панорама салынып жатты. Бізді болгар халқының өткен ерлікке ерекше ілтипатпен қарайтындығы айрықша сүйсіндірді.
1977 жылғы 2 июнь күнгі Алматыда болған Совет-Болгар достығының салтанатты минтингісінде сөйлеген сөзінде Тодор Живков былай деп еді: «...Сіздердің араларыңызда, біз сіздердің Болгарияға, болгар халқына деген зор сүйіспеншіліктеріңізді сезіндік. Және осында сіздердің араларыңызда біздің халықтардың арасындағы өзара сүйіспеншіліктің қаншалықты ұлы күш екеніне, біздің «Достыққа — достық, адалдыққа — адалдық!» деген қанатты ұранымыздың қаншалықты мазмұнды да терең екеніне көз жеткіздік».
Достыққа — достық, адалдыққа — адалдық! Осы бір қасиетті ұғым, достыққа, ерлікке деген ерекше құрмет халықтың қанына сіңген бе дедік.
Оған Плевень округтік халық Советі атқару комитетінде болған қабылдауға тағы да көзіміз жетті. Бізбен болған кездесуге атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары Иордан Прокопов және орынбасары Христо Тополски қатысты. Олар әңгімесін орыс халқының, Советі Одағының қалтқысыз көңілінен, ақ жүрек адалдығынан бастады. Бүгінгі бақытты өмірдің төркіні дәл осы достықта деп түйді. Алматыда болған достық митингісін ерекше сүйсіне айтты. — Бүкіл еліміз, бәріміз телевизордан көрдік. Өздеріңізбен, республиканың барлық еңбекшілермен тікелей дидарласқандай болдық. В.И.Ленин атындағы сарайларыңыз қандай салтанатты, қандай әдемі еді. Сіздердің біздің елге деген ыстық ықыластарыңыз ол сарайға да сыймай, шалқып тасып жатқанында шүбәміз жоқ.
Прокоповтың бұл сөздері менің төбемді көкке жеткізгендей болды.
Округтік атқару комитетінен шыққаннан кейін Плевень шарап заводында болдық. Болгариядағы кеп заводтардың бірі. Бірақ осы заводтың кейпінен - ақ шарап жасау ісінің бұл елде қалай жолға қойылғанын аңғаруға болады. Адам қолы тиетін бір жұмыс процесі жоқ. Бәрі машинаның мойнында. Түгел автоматтандырылған. Завод директоры Доко Мящиков басқару пультінде тұрған әдемі жас келіншекпен таныстырды. Тойға келгендей сәнді, мұнтаздай болып киінген.
— Көне, көрсет өнеріңді, — деді оған директор қалжыңдап.
— Бүкіл завод осы адамның көз алдында. Цехтарға бармай-ақ осы жерде қай процестің қалай жүріп жатқанын аңғаруға болады. Оны бізге әлгі әдемі келіншек қолма -қол көрсетіп берді.
Біздің завод қана Совет Одағына жылына 15-16 миллион шыны шарап жөнелтеді, деді директор. Болгар шарабын сатып алушылардың ішінде екінші орында Герман Демократиялық Республикасы, үшінші орында — Поляк Халық Республикасы, төртінші орында — Чехословакия.
Бұл қалада шарап жасау шеберлерінің мектебі жұмыс істейді. Оның сыртында ғылыми-зерттеу институты және бар. Олардың бүкіл қызметі жүзім шаруашылығын өркендетуге, жүзім өнімін жетілдіруге бағындырылған. Соңғы жылдардың өзінде осы Плевень маңында жүзімнің жаңа 8 түрі шығарылыпты.
Шарап заводтарында болу ең үздік шарап үлгілерінен дәм татумен аяқталатыны жұрттың бәріне мәлім ғой. Бұл дәстүрді біз де бұза алмадық. Экспортқа шығаратын «Балкан оттары», «Құйын би», «Мельник», «Каварне» шараптарын байқап көруге тура келді.
Кешіне Зигмунд Донатович екеуміз қонақ үйде халық Совет атқару комитетінде өзімізге сыйға тартқан альбомдарды қызыға қарап отырдық. Ең басты альбомның, аты назарымызды бірден аударды. «Плевень округіндегі ризашылық ескерткіштері» — «Памятники признательности в Плевенском округе».
Ризашылық ескерткіштері. Қандай әдемі, ақ жүректен қойылған ат. Мана күндіз көрген ескерткіштер жөніндегі, бұл қала жөніндегі ұғымдарымыз кеңейе түсті.
1877 жылға дейін елеусіз болған қала орыс әскерлерінің түрік басқыншыларына қарсы күрестегі ғажайып ерлігі арқасында атағы шығып, тарихта қалған. Бұдан жүз жыл бұрын екі дүркін сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, үшінші ретте - 10 декабрьде орыс солдаттары теңдесі жоқ жеңіске жеткен. Бұл азаттық күресте 31 мың орыс солдаты, 7500 румындар өз өмірлерін құрбан еткен.
Аса бір сүйсінерлік жай — сол соғыс жарасы жазылмай жатып, бүкіл ел бойынша құрбан болғандарды есте қалдыру, ескерткіштер орнату қозғалысы басталып кеткені. Арнайы комитет құрылып, жер-жерде оның 500 бөлімшесі болған. Бұл қозғалысты болгар халқының аса бір аяулы перзенті Стоян Займов бастапты да, басқарыпты.
Мына өзіміз көрген ескерткіштер, музейлер, парктер сол халықтан жиналған қаржыға салынған. Мынау альбомда соның 25- інің ғана суреті, тарихы бар. Барлық ескерткішті берсе, жазса ол қаншама том болар еді.
Күндіз қаланың қақ ортасында тұрған зәулім ескерткішті көргенбіз. Азаттық әкелуші совет солдатының бейнесі берілген онда. Вокзал қасында Лениннің ескерткіші тұр.
Достыққа — достық. Адалдыққа — адалдық! Халық қате айтпаған. Ұрпақтан ұрпаққа қалар ең асыл өсиетке айналған. Ескерткіштердің алтын кітабына түскен жазулар да осыны растайды.
«Орыс әскерлерінің ескерткішін қасиеттеп сақтап отырған болгар халқына, Плевень азаматтарына мың да бір алғыс.
Ф.Толобухин. Совет Одағының Маршалы».
«Болгар халқының азаттығы жолында құрбан болған сендердің даңқтарың мәңгі өшпейді. Тірілер сендерді ұмытпақ емес.
Ю.Гагарин»
19-20 июнь — бесінші, алтыншы күн. Плевеньнен алған әсерімізді машина үстінде тағы жалғастырдық. Біздің әңгімемізге үндемей құлақ түріп отырған Вилиан Митов:
— Алдымызда "Шипка", — деп күлімсіреді. — Габрово қаласына тоқтап дем аламыз ба, жоқ "Шипканы" көріп келіп бір-ақ тынығамыз ба?
Ерлік, достық жөніндегі әңгімеден ләззат ала түскілерің келсе, "Шипкадан" бір-ақ шығындар деген еміреуінді ұқтық оның сөзінен.
— Болгарияға келіп, Шипканы көрмеу күнә болар, тарттық, демалыс содан кейін, — дедім Зигмундқа қарап. Ол да басын изеді.
Тарихи оқулықтың сараң жолдарынан, көркем әдебиеттен бұл таныс. Тіпті сигареттің сыртынан да ескерткіш суретін жиі көріп жүреміз. Дегенмен сол бір тарихи оқиғаның болған жеріне өзің келгенге не жетсін. Ерлік ескірмек емес. Ұрпақ жадында жаңара түспек, жаңғыра бермек. Өткенді білмей бүгінгінің қадірін түсіну киын. Тарихтың құдіреті де осындай ғой.
Иә, бұдан 100 жыл бұрын бұл арада әйгілі шайқас болды. Осынау асу не азаттыққа апарар бақыт жолы не мүлде құлдық құрсауында қалдырар тозақ жолы сияқты болып тұрды емес пе ол кезде. 6 ай табан тірес қанды шайқас қаншама перзенттің басын жұтты. Түріктердің бес ғасырлық тенкісінен құтылудың ең соңғы нүктесі осы арада қойылмақ. Өмір жолы мен өлім жолы осынау таудың басына кеп түйіскен-ді. Орыс әскері өзінін бауырмалдылығын дәлелдейтін тағы бір табандылықты осы жерде көрсеткен болатын. Орыс - түрік соғысының тағдыры шын мәнінде осы асуда шешілген-ді.
Биіктігі 35,5 метр төрт қырлы ескерткіш қай нүктеден қарасаң да асқақ көрінеді. Архитектор ерліктің асқақтығын солай көрсеткісі келсек керек. Ескерткіштің ішіне кіріп кеткенде табыт басында екі адамның ақ мәрмәрден жасалған мүсіні назарыңды бірден аударады. Ол мына әңгімені еске түсіреді.
— Темекің жоқ па, бауырым?
— Бар. Мінеки туыс. Атың кім сенің?
— Димитр Цветков. Ал сенің ше?
— Миколаенко Никифор Степанович.
Оқ астында қысқа да шын пейіл солдат таныстығы осылай басталған-ды. Түріктердің өршеленген шабуылы тағы да басталып кетті. Екеуі тізе қоса қарсылық көрсетті. Бір сәт Цветков орыс солдатына кезелген мылтықты көріп қалды.
— Бауырым, сақтан! Осы сөздерімен қоса оған атылған оқты өз кеудесімен тосып алды. Никифор әлгінде ғана шылым шегіскен болгардың қанға боялып, ұшып түскенін көреді.
— Туысқан - ау, мұның қалай, мен үшін оққа ұшқаның не?
— Азаттық үшін, бауырлық үшін, — деп Димитр жан тапсырады.
Осы оқиғаны командиріне баяндап болған соң Миколаенко өзіне Болгаров деген фамилия беруді сұрайды. Көп кешікпей ұрыстағы ерлігі үшін Миколаенко Георгиев кресіне ұсынылады, Болгаров деген фамилияға да көшеді.
Осы бір ердің кіші баласы Егор Никифорович Болгаров кешегі екінші дүниежүзілік соғыста тап осы Болгарияның Варна қаласының түбінде теңіз десантының құрамында қаза болды. Сөйтіп, Болгаровтың екі ұрпағы, екеуі де болгар жерінде ерлік көрсетті. Екеуі де бауырлас елдің азаттығы үшін шайқасты. Мынау тұрған әке Болгаровтың мүсіні.
Ескерткіштің өзі, оның айналасындағы тарихи орындар 1877 жылғы 5 июльден 1878 жылғы 9 январға дейінгі сұрапыл шайқас. оқиғаларын көз алдыңнан қаз-қалпында өткізеді. Орыстар мен болгарлардың жауынгерлік достығының символы болған осынау Азаттық ескерткішінің жобасын архитектор Анатас Донков және скульптор Александр Андреев жасаған екен. Құрылысы 1926 жылы басталып 1934 жылы аяқталыпты. Осы шайқасқа қатынасқан әскери бөлімшелердің бәріне, әсіресе осы шайқаста қолбасшылығымен көзге түскен генералдар Н.Г.Столетов, М.Д.Скобелев, Ф.Ф.Радецкийлерге айрықша құрмет көрсетілген. Ескерткіштердің шығыс жақ қабырғасындағы мына жазу назар аударады: «Ау, «Болгар халықтың азаттығы жолында құрбан болған сендердің даңқтарың мәңгі өшпейді. Тірілер сендерді ұмытпақ емес.
Ю.Гагарин»
Аталы сөз.
Стефан Фиртунов қолымызға «Габорово қалжыңдары» атты кітаптың бір-бір данасын ұстатты.
- Көңіл көтеріп жүріңіздер.
Мен ойға кеттім. Біздің халқымызда да ақылды қалжыңдар көп - ау. Тапқыр ойы, тәрбиелік қуаты барын жинаса, қандай ғанибет болар еді. Сатираның мақтамен бауыздайтын сыпайы түрі өз топырағымызда қағажу қалып жүрген жоқ па?! Қалжыңға қалжың деп қарамай, қару деп қараса қайтер еді.
20-21 июнь. Жетінші, сегізінші күн. Бұл сапардағы әр күннің өз ерекшелігі болды. Әр жер езінің ұмтылмас әсерімен қалды көңілде. Соның бірі қазыналық қаласы, оның қасындағы раушан алқабы. «Қазанлық» деген түрік сөзі екен, «Қазақтық» деген ұғымды береді. Жерінің шұқырлығы, бір жағының қазандықтың аузы секілді ашықтығынан алынса керек. Бұл араның дүние жүзіне атын шығарған ойпаңында өсетін раушан гүлі. Болгарияның езге жерінде де Қазанлықтағыдай өспейтін көрінеді. Осы жерде раушан гүлін және эфир майларын беретін есімдіктерді зерттейтін ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Соның директоры Васил Стайков мынадай қызықты деректі келтірді. Бір грамм май алыну үшін бір жарым мың гүл жұлынуы тиіс. Гүлдің үш тоннасын жұлу қаншама михнатты жұмыс десеңізші. Раушан гүлін өсіруге маманданған индустриялы - аграрлы комплекстер бар көрінеді. Оларда істейтіндер бұл гүлді өсірудің нағыз шеберлері екен.
Қазанлықтың раушаны май айының аяғы мен июнь айының бас кезінде гүлдейді. Әккі тергіштер таң сілем бере тұрып, күн қызғанға дейін гүл жинайды. Өйткені түске жақын жұлынған гүлдің майы ертеңгі гүлдікінен 60 процент кем дейді. Бұл тәжірибеде көз жеткен ақиқат болса керек. Гүл теруге кірісер күн үлкен тоймен, түні бойы серуенмен атап өтілетін көрінеді. Гүлге оранған адамдар, гүлге оранған бала. Ән мен би қосылады бұл көрікке. «Адам гүл ме, гүл гүл ме, оны ажырату киын боп қалады ол кезде» дейді осы қызықты талай тамашалағандар. Гүл теруге кірісудің бұл дәстүрі талай жылдардан бері қалыптасқанға ұқсайды. Қандай әдемі дәстүр.
Раушан май иіс ретінде ғана құнды емес, сонымен бірге оның толып жатқан емдік қасиеті де бар көрінеді. Гастрит, ет ауруы, тері ауруларына мың да бір емдеседі. Арнайы жасалған «Конкрет» атты қоспаны тек тері ауруын емдеуге пайдаланады екен.
... Күн - жаға. Курорт - қаланың аты. Қара теңіздің жағалауында Болгарияның курорттары бар екені жұртқа мәлім. Ол қалаларға бүкіл Европадан демалуға келеді. Елді қақ жарып халықаралық Е-95 магистралі өтеді. Осы магистраль бойымен алуан елдің сериясы жазылған машиналардың күндіз-түні ағылып жатқанын көресің. Тіркемелерінде шатырлары, кейбіреуі кейінгі жылдары шыққан жылжымалы кәдімгі бір бөлмелі үйді домалатып сүйреп келеді. Пластмасса, тағы сол секілді жеңіл материалдардан жасалған. Қона қалған жерінде ішінде екі төсегі, тамақ ішетін столы бар. Газы, шағын асханасы қажет тамақты лезде даяр етеді. Туристерді тиеген аса шапшаң жүрісті сәнді автобустар да зу-зу етіп өтіп жатыр. Теңіз жағасына жұрттың бәрі асыққандай.
Бір жарым күндік тыныстауға біз де алып-ұшып келеміз. Теңізбен етене өскен, Балтық бойын түгел шарлаған Зигмунд Донатовичтің ықыласы тіптен зор. Теңіз десе ол, дала десе мен ағып сөйлеп кетеміз. Осыдан екі жыл бұрын Монғолияға барған сапарда «даланың езі теңізге ұқсайды екен ғой» деп ол ішек-сілемді қатырған. Әрине, ұшан-теңіз кендігі жағынан олардың бір-біріне ұқсайтыны да рас.
Көзімнің астымен Зигмундқа қарап қоямын. Машинаның терезесінен теңізге төніп келеді. Қаланың күн жағы аттың тағасы секілді иіліп кетеді екен. Осыдан 20 жылдай бұрын ғана негізі салынған қала деп айту қиын. Зәулім-зәулім қонақ үйлер, көк желек жамылған көше, олардың теңізге апарып тіркелмейтіні жоқ. Қала солай салынған. Қонақ үйлер комплексі десе де болғандай. Бір қалада 24 мың орындық 105 қонақ үй, қоғамдық тамақтану орындары 26 мың адамға лайықталған. Біздің тұрағымыз «Кубань» қонақ үйі болмақ.
Болгариядағы барлық қалалар секілді бұл қаланың да өзіне тән дәстүрі бар. «Алтын орфейді» алу үшін жыл сайын өткізілетін эстрадалық әндер фестивалі осында өтеді.
Биыл бұл бәйгені алған біздің қарындасымыз Роза Рымбаева. Розаның ән шырқап, топ жарған жеріне келе жатырмыз. Осыдан аз ғана күн бұрын Болгар телеграф агенттігінің Розаның үздік жетістігі жөнінде мақала ұйымдастыруды сұрағанбыз. Жүрегіміз тағат таппай асыға күткенде Софиядағы әріптестер ол фестиваль Күн - жағада өтіп жатыр деген-ді. Жер аяғы шалғай. Десе де тілектерімізді орындаймыз деп сендірген болатын. Иә, олар уәделерінде тұрды. Шіркін, бүгінгі байланыс құралы - ай десеңші. Екі сағаттың ішінде осы Күн - жағада Алматыға қуанышты хабар жеткіздік. Бүкіл Республикадан сүйінші сұрағандай болып едік. Сонда ол қуанышты хабардың жүріп өткен жолы Күн -жаға – София – Москва - Алматы.
Маған Роза осынау әдемі қалада, теңіз төрінде «бұл қай халықтың» қызы дегізіп, әлі ән шырқап тұрғандай көрінді. Оның «Әлиясын» теңіз де тына қалып тыңдағандай. Әрине, өйтіп шалқып келе жатқан менің көңілім.
Шіркін, жақсының жүрген жері - ай. Қонақ үйге келіп түсісімен бізге номер бөлген қыз маған:
— Қайдансыз, — деді.
— Қазақстаннанмын.
— Ә, Роза Рымбаеваның жерлесі екенсіз ғой. Ол ғажап әнші екен.
Әлгі қыз бәйек болды да қалды. Маған тіпті ерекше ілтипат көрсетті. Бойымды бір мақтаныш сезімі билеп тұр...
Сол күннің кеші. Қара теңізге шомылып, күнге қызып, фойеде маужыраңқырап телевизор көріп отырғанбыз. Түрлі-түсті телевизор, мейілінше айқын. Дабыр-дұбыр әңгіме, жұрт әр тілде сөйлесіп отыр. Ағылшын тілінде сөйлеп отырған бір топ «бөгет болмасын» дегендей телевизордың дауысын басып қойды. Бірақ сурет кейіпкері көрініп тұр. Бір кезде осы қалада өткен фестивальдің қорытынды концертін береміз демесі бар ма.
Бірінші болып жарқ етіп Роза шыға келді. Үстінде өте әдемі тігілген қызыл көйлегі. Орнымнан атып тұрып, телевизорды бар дауысына бастым. Жұрт селк ете түсіп, ажырая маған қарады.
Оларда шаруам қанша, екі көзім Розада. Байқаймын, жұрт та тесіле қалыпты. Бәрі де менің жаңағы оқыс әрекетімді кешіргендей. Бәрімізді де өзінін әншілік өнерімен Роза шұлғытты да қойды.
— Бұл біздің елден, Қазақстаннан, — дедім орыс тілінде. — Үнімде масаттану да, мақтану да бар. «Алтын орфейді» кәдімгі озім қолыма ұстап тұрғандаймын.
Отырғандар телевизор алдында ду қол соқты. Орындарынан тұрып, менің қолымды алды.
Қалай мақтанбассың, бұған!
22-23 июнь. Тоғызыншы, оныншы күн. Бағытымыз Пловдив қаласы. Халқының саны жағынан елдің Софиядан кейінгі қаласы. 6 мың жылдық тарихы бар көне де қала. Қаланын айналасында алты жота тұр, әр жотаның өзі жатқан тарих. Атақты «Алеша» ескерткіші бар жотаға шықтық. Айнала түгел көрінеді, қала тұп - тура алақанда тұрғандай». «Алеша» әні, «Алеша» ескерткіші. Кешегі екінші дүние жүзілік соғыста азаттық әкелген Совет Армиясына деген құрметтің белгісі бұл ескерткіші. Биік Жотаның үстіне биік салынған ескерткіш тым тұлғалы көрінеді. Қаланың қай жерінде тұрса да «Алешаны» көрмейтін тұрғын жоқ қой дейді мұндағылар.
Округтың ел экономикасында алатын орны жөнінде округтік партия комитетінің секретары Г. Петков жолдас жақсылап айтып берді. Өнеркәсібі басым, түсті металлургия, машина жасау, электр двигательдерін шығару жақсы жолға қойылыпты. Жүзім жинайтын комбайндарды шығару колға алыныпты. Иә, қол еңбегін көп керек ететін осы бір саланы техника мойнына артатыны қандай жақсы болған. Жүзім комбайны бір сағаттың ішінде 300 адамның ісін атқарады екен.
Ауыл шаруашылығының да қадамы қарышты. Бүкіл Болгария шетелге шығаратын помидордың 40 процентін осы округ береді екен. Егіс танаптарының орналасуы да көңіл аударарлық. Алма багы, жүзімдік, сосын оның танабы. Осындай үш бөліктен тұратын алқаптың әрқайсысы 40 километрге дейін созылады. Басқа округтардағы сияқты мұнда да аграрлық - өнеркәсіптік комплекстер. Жерді өндеуден бастап, өнімді тұтынушының аузына тигізгенге дейінгі істің бәрін осы комплекстер атқарады. Яғни олар барлық процесті өздері атқарады, бір процестің бір процесті бөгемеуіне мүдделі.
Дәнді дақылдардың өнімді сорттарын шығару жөнінде едәуір жұмыстар жүргізілуде екен. 40 мың гектар жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден дән алуға жету — үлкен ізденістің нәтижесі. Соңғы екі жылда балдай сорттарын ың 70 проценті жаңартылған. Соның арқасы болса керек, округ бойынша бұл дақылдан орта есеппен 37 центнерден өнім алуға қол жеткен.
Аса бір ден қоярлық жағдай қанша өнім алуға болатынын күні болжау жолындағы ізденістер. Қазір ауыл шаруашылығы өнімінің көп түрінен қателеспей болжау айта алуға жеттік дейді. Г.Петков жолдас. — Әрине, бұл оңай шаруа емес, көп жайды ескеруді, көп мәселені жетік білуді талап етеді. Дәйекті, жүйелі зерттеу жұмысы керек. Теория мен практиканың тығыз байланысы, бірін-бірі толықтыруы қажет. Және бұл іске ғалымдар ғана емес, аграрлы - өнеркәсіп комплекстерінің барлық еңбеккерлері қатыстырылуға тиіс. Қысқасы ғалым диқан, дихан ғалым болу керек. Ауыл шаруашылығының болашағы мәселені тек осылайша қоюды талап етті.
Өзіміз тоқтаған «Тримонциум» қонақ үйіне келгенде қараңғы түсіп, қала электр нұрына бөленген еді. Мынау қонақ үй ойымызды тағы бір басқа мәселеге бөлді. Бұл да «Балкантурист» елдегі бүкіл туризм ісін колға алған аса беделді мекемеге ұқсайды. Барлық қалада осы мекеменің әдемі қонақ үйлері, жайлы автобустары, қоғамдық тамақтану орындары көңілдендіретін ансамбльдері бар.
— Туризмнің бізде дамығаны соншама, әрбір болгар жыл сайын шетелден бір-бір қонақ қабылдайды, — дейді мұндағылар қалжыңдап. Сонда елге жылына 8 миллионнан астам адам келетін бағаны ғой. Жолаушыға жайлы жататын орын болса, жол қиындығын көрмесе, мезгілінде тамақ ішіп, көңілді дем алса — одан артық не керек. Осы мәселенің бәрі жақсы ойластырылған. Жаңағы «Балкантуристің» қызметі сол.
Мемлекеттің бұл мәселеге бөлекше мән беретіні де айқын көрініп тұр. Арнайы шешіммен кейбір қалалардың ескі кварталдары, бүкіл мекен музей - қорық деп жарияланып, қамқорлыққа алынған. Олар — ескі Пловдив, Велико-Тырнов, Копрившица, Мелник, Несебыр, Котел, Жеревна, Арбанаси, Боженцы. Мемлекет бұл мекендерді сақтауға және жаңғыртуға едәуір қаржы бөлген.
Ертемен Плодивтен Софияға аттанбақпыз. Алғашқыда ұзақтау көрінген 10 күн көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Батысынан бастап солтүстікке, одан шығысқа — теңізге дейін барып, сосын оңтүстігінен бір-ақ шықтық. Яғни елді көктей отырып, көп әсер алдық. Жол жазба сол әсердің 60 процентін алса — онда өз міндетін орындағаны.
Ең басты әсер — фашистік езгіден азат болысымен аз уақыт ішінде жаңа өмір орнатып кемелденген, қоғам құруды құлшына жүзеге асырып жатқан туысқан елді көрдік.
Алматыда болған Болгар-Совет достығының митингісінде Тодор Живков былай деген еді.
«... Болгария Халық Республикасы отыз жылдан аз ғана астам уақыт ішінде өз келбетін түбегейлі өзгертті. Үмітсіз артта қалып, Европада ең соңғы орындардың біріне ғана ие болған, болгардың сатқын буржуазиясының кесірінен үшінші ұлттық апаттың шегіне тақап қалған Болгария қазіргі кезде осы заманғы өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, бай мәдениеті бар гүлденген социалистік семьяның тең праволы құрметті мүшесіне айналды. Ал оның мұншама самғауына жағдай туғызған шарттардың бірі — біздің Совет Одағымен, совет халқымен барған сайын тығыз және жан - жақты жақындасуды көздеген айнымас бағытымыз».
Бүкіл сапарымызда осы сөздің ақиқаттығына, айнымас достықтың құдіретіне көзіміз жетті. Он күн. Болгар жеріндегі жаңа өмірдің, жарқын болашаққа деген сенімнің куәсі болған он күн сөйтіп өте шықты. Бауырлас елдің батыл қадамына, ақ ниет, қонақ жай адамына жүрек сөйтіп қуанып қайтты. Дос еліндегі кіршіксіз достық ықыласты көрдік.
Иә, ыстық күнде автобуста Андрейді ойда-жоқта кездестірген Ғани мен Василий бұл өзгерістерді көрмеген де болар-ау. Олардың есінде қалғаны атақты «Т-34» танктерінің болгар жерінде жанғаны, Андрейдің бұларды шығарып, өзінің танк ішінде қалғаны. Қан көйлек достың оқыс табылғаны, оны Ғани мен Василийге қайта туғандай етіп отыр-ау. «Сендер қан төккен, сендер бір - біріңнен айырылған Болгар жері бүгін осындай, оған куә мына менің күнделігім» деп айтсам ба екен. Қайдан табам? Сол қаһармандардан неге қара үзіп қалдым, неге таныспадым? Жеңіс күнінің алдындағы аздаған еркелігін көтере алмағанның ішінде менің де болғаным ба? Жоқ, оларды төбеге көтеру керек. «Есінде ме, есінде ме» деп қана сөйлеседі.
— Есімізде, бәріміздің есімізде! Сендер де «Т-34» танктерінің де болгар достарының есінде.
Оған менің ешбір шүбәм жоқ. Өмірдегі іздер кейде осылай да жазылады.
Ал мына күнделіктегі сырлар ше?
ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЕРЛІКТІҢ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ БЕЙНЕСІ
1979 жылдың сентябрь айында ГДР-дың құрылғанына 30 жыл толуы салтанатты түрде өтісімен Берлинге барып қайтудың орайы келген-ді. Қай қалада болсақ та тойдың дүбірі әлі басылмаған. Кеп жерлерде көшелердегі транспорттарды, мерекелік плакаттарды жинап та үлгермеген. Көзге ерекше түсетіні — Совет Одағы мен ГДР арасындағы достықтың беріктігін, ұлылығын қастерлеу.
Жерінің көлемі жағынан ГДР дүние жүзіндегі 102-ші халқының саны жөнінен 37-ші орында. Көп өнеркәсіп өнімі шығарылады. Ауыл шаруашылығында бір адам 35 кісіге жететін тамақ өндіреді. Бұл үлкен өрлеудің айғағы. Ұлттық табыс 1950 жылғы 22,8 миллиард маркадан енді 161 миллиард маркаға жеткен. Соңғы он жылдың ішінде ГДР-дағы әрбір төртінші тұрғын жаңа, барлық жағынан сайма-сай пәтерге көшкен. Германия Социалистік Біртұтас партиясының программасына сәйкес 1990 жылдар аралығында, яғни бесжылдық бойы тұрғын үй салу жоспары бірде-бір орындалмай көрген емес. Осы мерзім ішінде халықтың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартудың өзіне ғана 110 миллиард марка жұмсау көзделіпті. Мұның өзі неміс халқының тарихындағы ең ірі әлеуметтік-саяси программа көрінеді.
ГДР еңбекшілері бұл бақыттың бастауы қайда екенін жақсы түсінеді. Сол себепті де келген қонақтарды ең алдымен Трептов паркіне апарады. Міне, біз де солай қарай беттедік. Қолымызда гүлдер. Бойымызда бөлек бір сезім. Қайғысы да бар, қаһары да бар сезім секілді. Сол сезімнің әсері ме, қолдағы гүл діріл қағатындай, жүрегіміз де тап солай болып келеді.
Бұл мемориал бағын, ондағы әйгілі «Азаткер жауынгер» атты ескерткішті дүние жүзінде білмейтін пенде жоқ шығар. Біз де талай кинодан көріп, талай кітаптан оқығанбыз. Ескерткіштің авторлары, оның қалай салынғаны — бәрі-бәрі белгілі. Бірақ соның өзінде мынадай сезімнің билеуі бұл ескерткіште ерекше бір қасиеттің барлығынан болса керек.
Парк ішіне кірісімен оның әрбір сүйем жерін басуға жүрексініп, жұмсақ аяндап келеміз. Сонау бір сұрапыл шақта бүгінгі бақытты өмір үшін қыршын ғұмырларын қиған Отандастардың бетін жапқан қабір топырағындай бойыңды тітіретеді. Осы ойлар келгенде анау үлкен ескерткішке жер баспай аспанмен ұшып баруға да әзірсің.
Бүкіл құдіретті ансамбльді көріп, көңіл толқып кетеді. Оны құрайтын әрбір архитектуралық элементке ерекше мән бергендейсің. Міне, граниттен жасалған «Отан -ана» мүсіні. Шейіт болған перзенттерін жоқтап отырғандай. Оның қайғысы теңізден терең, мұхиттан мұңды секілді. Осы жерден түстік шығысқа қарай кең аллея басталады. Ол аллея басты монументке апарып тірейді. Кіре берісте, екі жақта қызыл граниттен жасалған шашақты үлкен қызыл тулар. Олар ерлік, қаһармандық алдында, жұмыр жерді фашистік апаттан алып қалғандардың аруағы алдында иіліп тұрғандай. Орыс және неміс тілдерінде ол туларға «Адамзатты фашистік құлдықтан азат ету күресінде өз өмірін қиған Совет Армиясы жауынгерлерінің даңқы мәңгі өшпесін» деп жазылыпты.
Ту алдында тізерлеген екі солдат бейнесі. Бірі егде тартқан, бірі жас. Бұлар совет еліндегі екі ұрпақтың өкілі іспетті. Шашына ақ кіріп, мосқал тартқаны — Ұлы Октябрь революциясына қатысып, оның жеңісін фашистік басқыншылықтан да қорғап қалған аға ұрпақ. Жасы — бақытты өмірдің қызығын енді ғана көріп, жасампаздық еңбекке енді араласа бастаған шақта соғыс сұрапылдана тап болып, қатары қатты сиреген ұрпақты бейнелейді. Екеуі де қаруларына сүйеніп, бас киімдерін қолына алып, тағзым етіп тұр. Отан алдында перзенттік борышын өтеу үшін талай қанды жолдан өтіп, жаңа ғана ең ақырғы шайқастан шыққан сияқты, ұлы жеңіс жолында қаза тапқан тұрғыластарына құрмет көрсетуге енді ғана мұршасы келгендей. Жүздерінде ауыр соғыстың жан жанышқан мұңы, өмірден ерте кеткен отандастарын қимаған азалы сезім бар.
Тас басқыштармен төмен қарай беттейсіз. Қорғанның табанына түскен соң аса ұқыпты қолмен шойыннан құйылған бес веноктың қасынан өтесіз. Әр веноктың айналасы төрт бұрышты әдемі гүлзар. Бір сот назарыңыз мемориал бағының екі жағына қойылған саркофактарға ауады. Әр жақта сегіз – сегізден - олардың саны он алты. Тастан ойылған әр саркофакта Ұлы Отан соғысының шешуші - шешуші сәттері бейнелеген. Қаһарман халықтың ұлы ерлігінің сәулет тіліндегі шежіресіндей.
Осы көріністерден көңіліңіз толқып, бүкіл Ұлы Отан соғысын бастан кешіргендей болып келе жатқанда алдымызда биік шоқының үстінде «Азаткер жауынгердің» алып тұлғасы тұрады. Көпшілікке белгілі оның бір қолында жауынгерге жабыса түскен жас сәби, бір қолында қылыш. Аяғының астында фашизмнің қақ бөлінген қарғылы белгісі - свастика. Жаңағы шоқы деп отырғанымыз осы ескерткіш салынарда әкеліп үйілген топырақ. Сол топырақтың астына қаза болған совет солдаттарының сүйегі жерленген. Үйінді шоқының үстінде дөңгеленте салынған тұғыр. Бұл тұғырдың кісі бойы есігі бар. Есіктен ішке кіргенде көз алдыңа күмбезді зират келеді. Төбеде хрусталдан әр республиканың өкілі қаза тапқан қаһармандарын аза тұтып отыр. Жан тебірентерлік көрініс. Міне, осы тұғырдың үстінде азаткер солдат. Оның бейнесі арқылы гуманизмнің, бейбітшіліктің, адамгершіліктің ұлылығы берілген. Жұмыр жерде қастерленетін сол ұлылықтар. Азаткерлік парызын өтеген адам қандай тұлғал, рухани қандай биік. Жер шарының қай нүктесінен қарасаң да оның қасиетті бейнесі көрікті көрінетін секілді.
Ғаламат ерлік ғаламат идеяны тудырады екен. Мемориалдан шығып бара жатып, өнердің осынау туындысына қайта-қайта қарай бересің. Ансамбльдің авторлары скульптор Е.Б.Вутетичтің, архитектор Я.Б.Белопольскидің, инженер С.С.Валерпустың, суретші А.А. Горпенконың есімдерін құрметпен еске аласың. Ұлы ерліктің терең мәнін қалай шебер жеткізе білген. Тарих талай мемориалдарды біледі, дүние жүзінде небір бірегей монументтер бар. Бірақ мынау соның ешқайсысына ұқсамайды. Теңдесі жоқ бейнесі.
Берлинге барғандарды неміс достардың бұдан кейінгі апарар жері Карлс-Хорстегі мемориал - музей. Бұл кәдімгі 1945 жылы 8 майда Гитлер вермахтының сөзсіз тізе бүккені жөнінде қол қойылған, Совет Одағы мен оның одақтастарының жеңісі жария етілген тарихи үй. Он төрт залында 15 мың экспонат бар. Ол сонау 1941 жылдың 22 июнінен Берлинді азат етуге дейінгі аралықты фотодокументтер, суреттер, скульптуралар, қарулар, жауынгерлердің киімдері, грамоталар, карталар арқылы көз алдыңнан өткізіледі.
Музейге келушілер ерекше ынта қоятын экспонаттар толып жатыр. Соның бірі — Берлиндегі ең соңғы шайқас рейхстагқа шабуыл жөніндегі драма. Бұл сұрапылдың қандай қиямет болғанын суретшінің жеткізу шеберлігіне таң қаласың. Осындай қырғында да адам тірі қалады екен-ау деген ой тынышыңды алады. Бұл шабуылдың әйгілі бір батыры ретінде музейге өзіміздің жерлесіміз Рахымжан Қошқарбаевтың да суретін қойыпты. Москва түбінде жаппай ерлік көрсеткен Қазақстан жауынгерлерінің бір өкілі рейхстагтан да шыққан, ә. Осы ерліктерде халық мерейін шырқау биікке көтеретін бір тұтастық жатқан жоқ па. Бойыңды еріксіз мақтаныш сезімі билейді.
Совет Одағының Маршалдары Г.К.Жуков пен И.С.Коневтің жеке мүліктері аса ыстық. Стратегиялық жоспарлармен шабуыл карталары советтік әскери өнердің артықшылығын бөлекше паш етіп тұр.
Міне, 1945 жылы 8 май күні гитлерлік Германияның сөзсіз тізе бүккені жөнінде қол қойылған тарихи зал. Одақтастар өкілдері төрде. Кеше кеудесіне нан піскен генералдар есік алдында — Кейтель, Фридсбург, Штумпф және басқалары. Өздерінше бастарын кейкитіп, паңданған болады. Бірақ бұлары жиіркенішті де күлкілі.
Ең жиіркенішті көрініс мемориал — музейден шығар тұстағы түсе берісте. Нюренберг процесінде дарға асуға бұйырылған соғыс қылмыскерлерінің бұйрық орындалғаннан кейінгі сиқы. Бірі тілін тістеп, бірі көзін ақитқан күйінде жатыр. Анау біреуі мойнынан дар тұзағы алынбастан құлапты. Ешбір боямасы жоқ документті фотолар. Басқыншылық соғыстың барып тірейтін жері осы. Өзгеге дайындалғандар өз мойындарынан қылғындырды. Адамзат алдындағы кешірілмес, жантүршігерлік қылмыстарының сазайы бұл.
Екінші дүниежүзілік соғыста 50 миллион адамның өмірін жұтқан осы сұрқиялар. Ол құрбанның 23 миллионы совет азаматтары, 6 миллионнан астамы - поляктар, 1 миллион 700 мыңы югославтар, 600 мыңы француздар, 400 мыңы американдықтар, 375 мыңы ағылшындар. Фашизм салған сойқанның салдарынан 6 миллион неміс опат болған. Бүкіл дүние жүзін аузыма қаратам деп аласұрған гитлерлік фашизм өз «өмірбаянын» осылай аяқтады. Қыржиған, быржиған, құрысқан, тырысқан, ақсиған, асылған фашистердің сұрықсыз кейпін көргенде, бұл дүниеде өмірі де жиіркеніштілердің бар екені есіңе түсіп, «Сақ болыңдар, адамдар!» деп бүкіл әлемге айқай салғың келеді.
Неміс халқының ендігі ұрпағы өткеннен жиіркеніп, өз өмірін өнегелі нұсқаға салсын. Қара ниет мақсатқа қашанда лағнет!
Мемориал - музей экспонаттарының айтары осы.
Музейден шығасың да мынау бүгінгі Берлинге, көз саласың. Сонау сұрапыл шақтағы күл-қоқыстың орнына сәнді, салтанатты қала. Жасампаздық қалай құдіретті, өңірді де, өмірді де керемет өзгертіп жіберген. Европаның қақ ортасында — өнегелі салты бар ел, іргелі мемлекет.
Германияның Біртұтас социалистік партиясының бастауымен республика небір жаңа биікке көтеріліп, жақсы беделге ие бола бермекші. Бақыт жолының әр баспалдағы айтып тауыса алмас шежіреге айналып барады. ГДР- дің әрбір азаматының ақ тілеуі — ашық аспан, молшылық, тілегі бір, жүрегі бір елдермен достық, ынтымақ, қыл өтпес татулық, қимас бауырластық, барған сайын ілгері самғау, әдебиетті, мәдениетті гүлдену, ғылымды дамыту. Мұның бәрі орындалған, орындалар армандар, сол арманға ұмтылған қабілетті күшті, талантты дархан пәк жандар бар бұл елде.
Азаткер жауынгер ескерткішіне жылына бірнеше рет гүл шоқтары қойылады. Әсіресе, 8 май күні фашизмнен азат етілген күні, 7 октябрь күні — ГДР- дің құрылған күні, 7 ноябрь күні — Ұлы Октябрь социалистік революциясы болған күні гүл шоқтары ерекше көп болады екен. Ол гүлдерді халықтық кәсіпорындардың, ауылшаруашылық кооперативтерінің, ғылыми институттардың делегациялары әкеп қояды. Ол делегацияларды ГДР- дің партия мен үкімет басшылары бастап келеді.
Алыста, Алматыда отырып, көз алдыма сол бір қасиетті монументке қарай ағылып бара жатқан халықты елестетем. Қойған гүлдер келгендердің жүрек лүпіліндей «Жұмыр жер, мұны ұмытпа!» деп діріл қағатын сияқты.
ДОКТОР КАРЛ СИРЕК ТАҒДЫРЛЫ АДАМДАРДЫ ІЗДЕЙДІ
Қазір ол доктор Карл Кокошко.
Бұл адамды мен білгелі біраз жыл. Алғашқы таныстық былай басталып еді...
1963 жылдың жаз айы. Газеттің қарбалас жұмысымен отырғанмын. Республика Журналистер Одағы басқармасынан телефон соқты.
— Сіз бізге келіп кете аласыз ба? ГДР- ден келген бір журналист өте жолыққысы келеді.
— Жайшылық па?
— Келесіз ғой. Білесіз.
Түскі үзіліс кезі. Күн ыстық. Терлеп-тепшіп Журналистер Одағына келсем етженді қызыл-сары жігіт отыр екен. Мені дегбірсіздене күткен адамға ұқсайды. Орнынан атып тұрды.
— Қошқарбаев жөнінде жазып жүрген журналист сіз бе?
— Иә, мен едім. Оны қайдан білесіз?
— Сізді маған сыртыңыздан осы арада таныстырды. Мен Қошқарбаевты іздеп жүрмін. Оның Алматыдан табылғаны қандай ғажап болды. Қазір үйінде ме екен?
Неміс мықты менен орысша әжептәуір сөйлейді. Екеуміз тілмашсыз - ақ түсінісіп жатырмыз.
— Қошқарбаевты неге іздеп жүрсіз?
— Ол ұзақ тарих. Тапқанымды айтсаңызшы.
ГДР азаматы әрі қарай тағы сөйлеп кетті.
— Менің атым — Карл. Фамилиям — Кокошко. Әкемнің аты Вильгельм.
Герман Коммунистік партиясының мүшесі болған. Фашистер соғыс кезінде азаптап өлтірді. 1945 жылы фашизм құрығанда мен 16 жастағы ғана бала едім. Өзіңіз жақсы білесіз, біз секілді талай немістің көзі шын ашылды ғой. Герман Демократиялық Республикасы дүниеге келді. Мүлде жаңа өмір басталды. Неміс халқының сүйегіне фашизм салған қара таңбаны тазарту, Эрнест Тельман нұсқаған жолмен жүргісі келген немістердің кеп болғанын дәлелдеу, соны тарихқа таныту — міне, басты міндет осы болды.
Бала болса да осы міндетке үлес қосуды арман еттім. Әкемнің өсиеті де солай болатын. Журналистік мамандықты таңдауым да бекер емес-ті. Ақиқатты да, асыл парызды да жазуды мақсат тұттым. Қасымызда тағы бір Германия — ФРГ тұрғында ол міндетті орындаудың өте күрделі екенін түсінетін боларсыз. Идеялық көзқарас, сенім ғана емес, жұртты иландыра білу шеберлігі де таразыға түседі.
Сондай тынымсыз күндердің бірінде, елуінші жылдардың аяқ кезінде, 1945 жылы май айында антифашисттердің шығарған бір листовкасы қолыма түсті. Оны оқып отырып қайран қалдым. Листовкада рейхстагты алғаш кімдердің алғаны жазылыпты. «Бұл оларға не үшін керек болған екен, фашизмнің қарғыс атқан ордасына бірінші жеткендерді немістер де білсін деген ғой».
Осындай ой келіп сол листовканы бойтұмардай сақтап жүрдім. Онда сіздің Қошқарбаевтың аты бар.
— Қазір ол листовка бар ма, — дедім мен де дегбірсізденіп.
— Болғанда қандай!
Карл портфелінің түбінен жамау-жамау сарғыш қағазды алды. Аса бір аяулы дүниедей орап салып қойыпты. Неміс әрпімен басылған.
— Оқыңызшы!
Ол немісшеден орыс тіліне бірден аударды. «Ұмытылмас фактілер. Рейхстагқа бірінші болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жетті, олар жеңіс жалауын тікті. Ал Рейхстагтың үстіне жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария. Рейхстагтың ішіне біріншілердің қатарында басып кірген Сьяновтың, Грищенконың, Неустроевтың, Давыдовтың, Логвиненконың әскерлері»
Бұл тексті мен тани кеттім. Алғаш ол «Воин Родины» атты дивизия газетінің 1945 жылғы 3 майдағы номерінде жарияланған. Осыны айтқанымда:
— Ендеше сол газет антифашисттердің бірінің қолына түскен, олар неміс тіліне аударып жеке листовка етіп шығарған, - деді Карл. — Өйткені, кейін зерттеу кезінде аңғарғанымдай, антифашисттер Совет Армиясының жеңісі атаулының бәрін тезірек халыққа жеткізуге тырысқан. Әсіресе Берлинде бұл жұмыс мейлінше қатты жүргізілген. Халықты бекер қырылудан сақтандырған олар.
Басқалар секілді Қошқарбаев маған тарихи адам секілді көрінді, оны қайдан тапсам екен деп армандадым! Фамилиясына қарағанда орыс емес, әйтеуір шығыс ұлттарының бірі болу керек деп түйдім. Көріп отырсыз, листовкада ешкімнің адресі, қайдан екені жазылмаған ғой. Тек фамилия, сол фамилияны сарыла іздегеніме, міне бесінші жыл. Совет Одағына осымен бесінші рет келдім. Тәжікстанда, Түркіменстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда болдым. Баратын жерім өлкетану музейлері, Журналистер Одағы. Мандытып еш дерек таба алмадым. «Мұндай жан қалайша белгісіз?». Менің ойымша жұрт оны жақсы білуі керек сияқты. Жоқ, барған жерімнен еш дерек табылмады.
Содан әуелі торығайын дедім. Шынымды айтсам, Қазақстанға тағы да еш нәрсе шықпас деп көңілсіздеу аттанғам.
Бүгін, қонақ үйден шығып, тағы да өлкетану музейін сұрадым. Мені парктің ішіндегі шіркеуге жіберді. Рас, онда аса бай Орталық музей бар екен. ГДР- ден келдім деген соң маған музей қызметкерлері зор ілтипат көрсетіп, түгел аралатты.
Отан соғысы жайлы экспонаттарға келгенде өз көзіме өзім сенбедім.
Көктен іздегенім жерден табылғандай. Ілулі тұрған портреттің астындағы жазуды қайта-қайта оқыдым. Рақымжан Қошқарбаев. Тым дегбірсізденіп кеткенімді байқаған музей қызметкері:
— Ол кісімен жақсы таныс па едіңіз? Біздің ержүрек жерлесіміз, — деді.
— Иә, иә! — деппін қуанғанымнан.
— Ол кісі қайда тұрады?
Музей қызметкері адресін білмегеніне қысылды да, Журналистер Одағына телефон соқты. Міне, содан осында келдім. Мұнда Рақымжанды білмейтін жан жоқ екен. Ақыры, міне, өзіңізді шақыртып отырмыз. Мұндай қуанбаспын. Бес жылғы еңбегімнің жанғанын көрдіңіз бе? — «Істеген — тындырады, іздеген — табады» деген рас екен. Қандай ғажап болды.
Таныстық осылай басталған болатын. Хат жазысып, хабар алысып тұрғанымыз болмаса, содан бері жүз көріспегенімізге 16 жыл болыпты. Ол да мосқал тартқан. Өзі, әйелі — Марта докторлық диссертацияларын қорғаған. Карл дүние жүзінің 40 елін аралап үлгеріпті. Біздің барлық одақтас республикаларында болыпты.
Міне, менің алдыма тек Совет Одағын аралаған сапарынан жазған бес кітабын әкеп қойды. «Қожанасырдың немерелері» — 1967 жылы, «Орыс әдебиеті мен мәдениеті» — 1970 жылы, «Полк перзенттері» — 1974 жылы, «Соғыстан кейін менің қалай өмір сүргім келеді» — 1975 жылы, «Тяньшаньға соғар жолда» — 1979 жылы шығарылған. Әр кітаптың іші толы түрлі-түсті фото, бұл да Карлдың өз жұмысы.
Соңғы «Тяньшаньға соғар жолда» атты кітабын маған мақтана корсетті. Түгел Қазақстанға арналған. Бірінші тарауы тың, ондағы ерлік жайлы. Қостанай облысының «Искра» совхозындағы агроном Александр Поповтың өмірі арқылы неміс оқырмандарына тыңның дүбірлі тынысын жеткізген. Екінші тарау бүтіндей Маңғышлаққа арналыпты. Оның аптаған ыстығына қарамастан мұнай байлығын игерушілердің ерлігі өз бейнесін тапқан. Алматыдағы әсем жерлерінің суреті — В.И.Ленин атындағы сарай, Даңқ мемориалы, «Гүлдер» ансамблі, ән шырқап тұрған Роза Рымбаева, Алатаудың мұз жартастары өз алдына бір төбе.
«Полк перзенттері» атты кітабының тағдыры тіпті қызық екен. Бір сапарында Ұлы Отан соғысында қанша полк перзенттері болғанын білгісі келеді. Осы ой ақыры солардың сирек тағдырлары жайлы кітап тудырады.
— Сіздердің Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаевтарыңыз да сирек тағдырлы адамдар, — деді Карл күлімдеп. — Міне, олар туралы жазғандарым. Неміс газеттерінде, журналдарында басылған мақалалардың қиындыларын көрсетті. — Мені аса қызықтырған өмір Сатымбек Төлешевтің өмірі — деді Карл одан әрі. — Оның майдандағы, әсіресе Польша жеріндегі ерлігі — бөлек ерлік. Сатымбектің қайтыс болғанын хабарлағанымда ол қатты қиналды. Кітап фабрикасындағы кабинетінде түсірілген суретті көрсетіп, «Мұндай адамдардың қысқа жасайтыны өкінішті» деді Карл. Кокошконың Алматыға келген соңғы екі сапарында мен демалыста болып, кездесе алмаған едім. Жаңағы деректердің барлығы сол сапарлардың жемісі екен. «Соғыстан кейін менің қалай өмір сүргім келеді» атты кітабының басты кейіпкері Белоруссияда туып өскен Александр Александрович Ульянов. Қазір Москвада тұрады. Соғыс басталғанда 11 жасар бала ол. Тағдыр оны партизандар қозғалысынан бір-ақ шығарған. Сонда байланысшы болған. — Карл Вильгельмович, сіздің ылғи сирек тағдырлы адамдарды іздейтініңіз неліктен?
— Мына дуалдың неге тұрғанын білетін шығарсыз. Бұл дуал - шекара. Бір қала екі дүниеге бөлінген. Ар жағы Батыс Берлин, бер жағы Шығыс Берлин, Батыс Берлиннен, ФРГ- ден біздің өмірімізді даттап, радиодан, теледидардан небір сұмдықты таратып жатады. Осыған біздер, неміс коммунистері, ең алдымен нені қарсы қоюымыз керек. Ақиқатты, идеялық сенімділікті. Ал жаңағы сирек тағдырлы адамдардың бойындағы ең үлкен қасиет — осы сенімділік. Енді түсінікті болар оларға менің неге қызығатыным. Ал сондай сенімділікті әр адамға дарыту, әсіресе, біздің жағдайда, оңай шаруа ма? Жоқ, тіптен де оңай емес. Осыны СЕПГ- нің әрбір мүшесі терең ұғынғандықтан да, сол жолда аянбай еңбек ететіндіктен де халықты соңына ерте алып отыр. Менің түрлі елдерді, оның ішінде сіздің елді жиі аралауым саяхатты сүйетіндігімнен емес, саяси күрескер ретінде, идеология майданының жауынгері ретінде өзімді-өзім шындай түскім келетіндіктен.
Карл Кокошконың «ГДР-СССР» достық қоғамындағы еңбегі жеке әңгіме етуге тұрарлық. Ол өзі түсірген слайдтардан слайд фильм жасайды, сценарийін жазады, ГДР-дың жиырма азаматы 30 жылдыққа байланысты коғамның «Құрметті алтын белгісімен» наградталған. Солардың бірі — профессор Карл Кокошко.
Карлдың тұрған үйі музей іспетті. Жүрген жерінен әкелінген дүниелер рет-ретімен қойылған. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. 1969 жылы Латин Америкасы елдерін аралаған сапарын ол бөлекше еске алады. Еңбекшілердің ауыр тұрмысын, капиталдың езгісін.
ОТ ЛАУЛАҒАН ЖҮРЕКТЕР
1982 жылы 22 июль мен 31 июль аралығында мұхиттың, ар жағындағы Азаттық аралында болудың сәті түскен еді. Мұндайда алғашқы күннің әбігері көбірек болады.
Барлық жөн-жосығы реттелген соң Москва-Шенон-Гавана бағыты бойынша 345 рейспен ұшуға дайындалдық. Шетелдермен достық одағының қызметкерлері бәйек болып жүгіріп жүр. Қасымда Москвадағы №3 құрылыс үйінің құрылысшылар бригадирі Иван Павлович Демин. Қарапайым, ұстамды адам екен, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, РСФСР Жоғарғы Советінің депутаты. КПСС Орталық Комитетінің Халықаралық бөлімінде болып шықтық. Насихат бөлімінде Поляничко Виктор Петровичке жолықтық.
Ол өткен 1981 жылы май айында Кубада болған екен. Мейілінше тәптіштеп жазылған справкамен таныстырды. Партия, идеология жұмысында назар аударар жайлар көп.
— Көпшіліктің пікірін жинау. 48 сағаттың ішінде бүкіл ел бойынша халықтың пікірін білуге болады. Назар аударар жай.
— Революциялық рухы болмағандықтан партиядан шығарады. Нақты қалай істеледі екен?
Жазушы Самуэль Фейхомен кездесу де дұрыс болар еді. Ойға бай, бірегей адам секілді.
Москва уақыты бойынша 17.30 сағат. Шереметьево-2 халықаралық аэропортына келдік. Бізді осыдан үш күн бұрын Алматыда кездестірген Ирина Владимировна Баскакова ертіп келді. Ол республика астанасына куба-совет достығы Ассоциациясының вице-президенті Госе Гонсалесті, оның қасындағы Нерейда дель Пиноны ертіп әкелген болатын. Осылардың қатысуымен біздің Достық қоғамында совет-куба достығы қоғамының Қазақ бөлімшесі құрылды.
Қонақтар өте разы болды. Алматының көркіне аузын ашып, көзін жұмды.
Ирина Владимированың риза болғандығы соншама, жан ұшырып жүгіріп жүр. Алматыдан келген беті, үйіне бармастан бізді шығарып салу қамында екен. Екі айтып, бір айтып, Қазақстанға, оның байлығына, қонақжайлылығына орала береді. Ең жақсы насихатшы өмір шындығының өзі деген рас болу керек. Ғажап шындығымыз болмаса, ол мұншама таңырқай алар ма еді. Испан тілінде жетік сөйлейді. Москвадағы кубалықтарға да керемет етіп жеткізді білем.
...Міне ұшып шықтық. Москваның бұл жылғы қалың жаңбыры тағы да бір көзге түсті. Біз жүргенше құйып кетті.
Жол ұзақ. Солтүстік Ирландияның Шенон қаласына дейін 4 сағат 10 минут ұшпақпыз. Европаны көктей өтеміз. «ИЛ-62» лайнері халықаралық талапқа сай жайлы етіп жабдықталған. Жатасың ба, тұрасың ба, тамақтың қандай түрін ішесің - 1- класс дәрежесінде қызмет етеді.
Самолетпен 4 сағаттық жолға үйренгенбіз ғой. Алматы мен Москва арасы тап сондай емес пе. Жүректі қобалжытатын ар жағы. Шеноннан Гаванаға дейін 8 сағат 30 минуттық жол. Оның үстіне тек мұхиттың үстімен ұшамыз. Тәңірдің өзі сақтасын.
Көзді ашып-жұмғанша Шенонға келдік. Өзге дүние, өзге ел. Бәрі бөтен, адамдары да, тәртіп - салттары да бөтен. Самолет заправка жасауы керек. Бір сағат аялдадық.
Шет тілін білмеудің қорлығын осымен бірнеше рет өрдім. Ешкіммен тілдесе алмайсың. Иван Павлович екеуміз ғана бір - бірімізге ермекпіз. Кубалықтар көп, «Огонек» сияқты журналының редакторы бірге келді. Бір адам бар. Тілдесе алмаймыз. Олар орысша, біз испанша білмейміз.
Бакуде, Одессада оқып, каникулға қайтып келе жатқан екі қызды таптық. Солардың шала орысшасы әжептәуір әжетке жарады. Бір — бірімізбен тілдесіп, тынысымыз кеңіп қалды...
Шеноннан ұшып шықтық. Шетсіз, шексіз мұхиттың үсті. Терезеден қарасаң зәрең кетеді. Мынау самолеттің экипажы неғылған ержүрек адамдар. Үш жүзге жуық адамның тағдырына деген жауапкершілікті мойындарына алып, меңіреу мұхиттың үстімен зулап келеді.
Өзіңше самолеттің дүріліне мұқият ден қойғандайсың. Бір жері ақау беріп жүрмес пе екен... Бірақ қолдан келер не бар. Құр далбаса ғой.
Құдды күнді қуып келе жатқандаймыз. Москва уақыты бойынша сағат 24.00. Нағыз тәтті ұйқының шағы. Бірақ кәдімгі бесіндегідей күн шақырайып тұр. Адамның ұйқысы келмейді екен. Мұхиттың үстін тұтасып қаптаған қалың ақ мақтадай бұлттан көз алмайсың. Оның асты түпсіз мұхит екені есіңе түскенде жүрегің зу ете қалады.
Оның үстіне мана шығарда стюардесса қыз: «Егер суға қона қалатын мәжбүр жағдайда, мынаны былай киесіңдер» деп құтқарушы костюмді көрсеткен болатын.
...Күнді әлі қуып келеміз. Москва уақыты бойынша таңғы сағат 4 болғанда күн әрең батты. Әлі төрт сағаттық жол бар. Ептеп көз ілген болдық. Бірақ самолеттің шуылы ұйықтата қоя ма?
Гаванаға таңғы сағат сегізде келдік. Жергілікті уақыт сағат 12.00 екен. Бізді Куба-Совет достығы Ассоциациясының президенті Сойло Маринельо бастаған кубалық достар қарсы алды. Ол осындағы, арысы бүкіл Латин америкасына белгілі онколог-ғалым екен. «Вревирерио» қонақ үйіне тоқтадық. Түңгі сағат 1-де қонақ үй кәдімгі той жасап жатқандай абыр-дабыр. Ресторанда музыка, би, қаптап жүрген жастар.
Жолдың қашықтығына қарамастан жалпы көңіл-күйіміз жаман емес секілді. Шаршағандық көзге ұрып тұрған жоқ. Дала тымырсық, теңіздің дымқыл ауасы көйлекті денеге жабыстырып тастады.
Қонақүйдің іші салқын екен. Кондиционердің күндіз-түні жұмыс істеп тұрғаны айдан анық. Аяқ-қолды созып демалуға болатын секілді. Аман есен жеткеніміз көңілге қуаныш.
23 июль. Демалып, тынығып тұрдық. Қонақ үйдің 15-ші этажынан қала алақандағыдай көрінеді. Шексіз-шетсіз мұхит. Мексика бұғазы жағы толқып - толықсып жатыр.
Сағат 10.00-да аудармашы Нельсон Бельо келмек. Совет Одағында оқып, орысша үйренген. Мықты болмағанмен аударғанын түсінеміз. Ертеңгілік тамақ ішкен соң, қаланы аралауға шықтық.
2 миллионға жуық халық тұратын Гавана — ескі стильдің де, жаңа стильдің де қаласы. Күннің ыстығына қарамастан халық қызу жұмыс үстінде.
Ағы да, қоңыры да, қарасы да кездеседі. Бәріне ортақ бір қасиет көңілді, ақ жарқын. Бүкпесіз ықыласпен қарсы алады, сөйлеседі. Совет еліне деген қалтқысыз көңіл атойлап тұр.
Соның арқасы шығар, алыстан келгенімізді ұмытып, аса бір сүйікті досымыздың үйінде.
қонақта жүргендей сезіндік.
Машинамен зырылдатып, көктей өтіп, түске дейін араладық. Көргендеріміздің бәрін Куба туралы оқығаныммен салыстырам. Бұл халық азаттық жолында кеп күрескен. Мынау ескерткіштер соның белгілері. Кубалықтар Хосе Мартинге қойылған ескерткішті аса мақтанышпен көрсетеді. Ол 1895-1898 жылдардағы ұлттық - азаттық қозғалысты бастаған қаһарман. Ескерткіш батыр ұлға лайық - ақ. Қаланың дәл ортасына қойылған екен.
Бұл халық ең алғаш испандық қанауға қарсы 1868-1878 жылдары бас көтерді. Он жылғы соғыс отаршылдардың есін тандырды. Сосын 1895 жылғы Хосе Марти, Антонио Масео, Максимо Голес көтерілісі. Бұл терең мәнді көтеріліс еді. 1902 жылы формальді түрде тәуелсіздік алды. Шынында АҚШ-тың жартылай отары болды. Ол отаршылдықты Америка 1906-1909, 1912, 1917, 1922 жылдардағы интервенттік соғыстарымен баянды етуге тырысты. Ақыры 1952 жылы генерал Ф.Батистаның озбырлық үкіметі орнады. АҚШ соған сүйеніп, Куба халқын тұқыртып ұстамаө болды. Алайда революциялық күрес елуінші жылдардың ортасында қайта жанданды. Сөйтіп, 1959 жылдың 1 январында жеңіске жеткізді. 1942 жылғы Х.Колумб ашқан, 16 ғасыр бойы Испанияның құлдығында болған, одан соң американдық империализмнің езгісін көрген қаһармандар аралы — Азаттық аралы болып әлемге танылды. Соңғы Куба революциясының бір ерекшелігі оның негізгі формасы партизандық қозғалыс болды.Оны жер-жерде жұмысшы табы қолдады.
Аса тереңдемегенде осының өзі қаншама мағлұмат, халық жөнінде қаншама деректер береді. Революциялық рухы күшті халық.
Оны түстен кейін қалалық музейді аралағанда да байқадық.
Түскі асқа президент Сойло Маринельоның қатысуымен отырдық. Әңгіме ықыласты, жылы шырайлы жағдайда өтті. Қазақстан жөнінде көп айттым. Айтарың бар болса көңілді айтасың ғой. Қандай бақыттымыз. Сойло таңдағанынан басын шайқап - шайқап қояды. Алматыға келіп кеткісі келді. Онкологияның жайы да әңгіме болды. Бұл кісі Америкаға да әйгілі, біздің елімізге де белгілі үлкен ғалым екен. Жасы алпыстан асса да күніне 2-3 операция жасаудан әлі қалмапты.
Әңгімесінің жақсы болуына осында істейтін Гнилосыров Виктор Ивановичтің де үлкен септігі тиді. Испан тілінде еркін сөйлейді, еркін аударады.
Ғалыммен әңгімемізді әлі де жалғастыруға келістік.
Түстен кейін бізге демалыс берді. Күн ыстық, зорықпасын деген болуы керек. Номерде біраз тыныстап, Иван Павлович екеуіміз қонақ үйдің қорасындағы бассейнге түсуді жөн көрдік. Теңіз суы, рахаттанып 40 минут суда жүрдік. Судан шыға кубалықтар сыра ішіп жатыр.
Мұнда сусынның бәрі тастай салқын күйінде, мұзбен беріледі екен. Тамағымен қорқатын ешкім жоқ па дедім. Тамағы ауырса да күн ыстық жазып жіберетін шығар.
Кешке тағы да келген күнгі көрініс. Көңілді жұрт. Қазір Кубаға тән карнавалдың өтетін шағы екен. Көшелер де соған лайық безендірілген. Астан кейін жұртты қайырдық та, Иван Павлович екеуіміз түңгі сағат 10.00-да карнавалды көруге шықтық. Дәстүрлі көңілділік дәстүрлі ақ жарқындық тойы қол бұлғап шақырғандай болды.
24 июль. Бұл күннің сенбі екенін білмей қалыппыз. Негізгі келген мақсатымыз — атақты Монкада шабуылының 29 жылдығына, соның салтанатына қатысу. Ол биыл Гранма провинциясында өтпек болды. Кубада 14 провинция (біздегі облыс) бар. Монкада шабуылы салтанатын өткізуді жеңіп алу жолында олардың арасында жарыс өткізіледі. Куба тарихында «26-июль қозғалысы» деп аталатын бұл оқиғаға өте ерекше мән беріледі екен. Өйткені революциялық күреске зор серпін берген бұл оқиға — ұмытылмас оқиға. Бұл оқиғаның өз туы да бар. Жартысы қара, жартысы - қызыл. Ортасында «25» деген цифр. 29-июль күні болатын сол салтанатқа қатысу үшін самолетпен ұшпақпыз. 900 километр жер, бағытымыз Гранма провинциясы. 26 июль күні мұнда Фидель Кастро келмек, сөз сөйлемек.
Міне, 9.30-да арнайы самолетке міндік. Бұл рейс сол салтанатқа баратын барлық қонақтарды отырғызып алды.
Елшіліктерден көп адам бар. Әр тілде сөйлейтін, әр түсті адамдар. Совет-Куба достығы коғамы жіберген біздің делегация үш адам: мен, Иван Павлович Демин (Москва), Виктор Иванович Гнилосылов.
Бір сағаттан кейін Ольгин провинциясының орталығына келіп тоқтадық. Жазғы үлгімен салынған әдемі қонақ үй. Маған жеке номер берді. Дала жанып тұрғанмен бөлме іші сап-салқын. Кешке осы Ольгин қаласының орталығында 26 июль қозғалысына арналған салтанат болмақ. Осыдан үш жыл бұрын (1979ж) бүкіл елді қамтыған жарыста салтанатты өткізу құрметін осы провинция жеңіп алған екен.
Гранма бұл жерден 70 шақырым. Машинамен бармақпыз. Ертеңгі өтетін салтанатты асыға күтудеміз.
Тропиканың жағдайында мұндай үлкен шаралар күн батып, салқын түскен соң болады екен.
Кешкі сағат 20. Ас ішкен соң бізді арнайы автобуспен алаңға алып жүрді. Тез қараңғы үйіріліп, қала электр жарығына бөленді. Жан-жақтан жұрт ағылып келіп жатыр. Көңілді, қолдарында транспаранттар. Алаңның шетін ала үлкен плакат. Онда Кубаның азаттығы үшін күресіп қаза тапқандардың суреті. 30 мыңдай адам алаңға жиналды. Ине шаншар жер жоқ. Адам мұхит дерсіз. Революциялық өлеңдер айтылып тұр.
Сағат 21. Республиканың гимні ойналды. Бұл салтанаттың басталғаны. Куба Коммунистік партиясының Ольгин провинциалдық комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат екен.
Жиналған адамдар тік түрегеп тұр. Келген қонақтарға, жергілікті партия мен үкімет басшыларына биіктігі үш метрдей көтерме үлкен сахна жасалған. Сахнаның екі жағына бірнеше қатар орындық қойылған. Сол орындықтардың екінші қатарынан орын тептік.
Сахнаның ортасында биік мінбе. Сөйлеушілерін күтіп тұр.
Ең алдымен салтанат ашық деп жарияланды.
Сосын 1953 жылы Монкадада революционерлермен бірге болған ардагер әйелге — Мельба Эриандеске пионерлер гүл тапсырды. Бүкіл алаң құрмет көрсетіп қол шапалақтап тұрып алды. Пионерлер екі номер орындады.
Сосын Ольгин провинция партия комитетінің бірінші секретары, Куба Компартиясы Орталық Комитетінің Политбюро мүшелігіне кандидат сөз сөйледі.
Кубалық қайраткерлер қағазсыз сөйлеуді дәстүрге айналдырған. Фидельге еліктеп, екпіндетіп, қолын сермеп - сермеп, біресе сілтеп тастап, бір жарым сағат сөйледі. Жұрт жалыққан жоқ, қайта-қайта қол шапалақтады. Шешендік өнердің осы түрі халыққа тегі етене секілді. Сөйлей-сөйлей адам төселетін де шығар.
25 июль. Ертемен 70 шақырымдай жердегі Гранма провинциясының орталығы Ваямаға бет алдық. Мұнда «Гимн» алаңында мерекеге байланысты Карлос Мануэль де Сесперестің ескерткішіне гүл қоюға қатысуымыз керек.
Іші салқындатылған жайлы автобуспен шетелдік елшілік өкілдерімен бірге келеміз.
Екі жағымыз қант тростнигі (құрағы) мен банан ағаштарының плантатциялары.
Құрақты көруім алғаш еді. Қамыс құсап қалың өседі екен. Бір бөлігін ноябрь - декабрь айында егіп, мартта - апрельде жинайды, бір бөлігін март - апрельде егіп ноябрь -декабрьде жинайды.
Жинау мезгілін сафра деп атайды. Нағыз қызыл танау шақ болады екен. Өйткені құрақты сол сәтінде заводқа алып кетпесе, қантын тез жоғалтатын көрінеді. Дүние жүзінде қанттың төрттен бір бөлігін беретін елдің экономикасы үшін бұл дақыл - алтын дақыл. Қолмен бұрын қалай жиналып келген. Қайран негрлердің қайраты - ай десеңші. Қазір Совет Одағының көмегімен құрақты жинайтын комбайн жасапты. Ертең оны Ольгиннен көрмекпіз.
Баямо қаласының орталығы. Жұрт қалың жиналған. Шымқай көк түсті костюм киген музыканттар көзге бірден түседі. Олар салтанатты марштар ойнап тұр.
Сесперестің ескерткішінің қарсысында гимнді жазған Перучо Фигередоның ескерткіші. Осы ескерткішке төрт солдат венок іспетті етіліп жасалған гүлдер қойды.
Осы рәсімнен кейін біздің делегация бөлініп, Мансанильо қаласына кеттік. Баямодан 70 шақырым.
Мұнда делегацияны Монкода шабуылының тірі қалған ардагерлері күтіп отыр екен. Өте ғажап кездесу болды.
Қазір алпыстың үстіне келген адамдар әлі ширақ. Кеуделері революциялық рухқа толы. Сөздері жігерлі. Біздің Октябрь революциясының ардагерлері сияқты революцияға берілгендіктің оты шарпып тұр. Әр елде осындай от жүректілер болмаса революцияның жеңуі қиын ғой. Нағыз жанкешті, рухы күшті адамдардың өзі екен.
Маған Совет елі, Қазақстан туралы біраз әңгімелесуге тура келді. Үлкен ықыласпен тыңдады. Біздің еліміздегі жасампаз жұмыстың ауқымымен таныстырғанда бастарын шайқап - шайқап қояды.
Іштерінде ұлты негр, шашын ақ басқан, ірі денелі бір адам отырды. Алғашқы кезде әңгімені үнсіз тыңдады. Біраздан кейін қозғалақтап отыра алмады. Сөйтсем ақын екен. Еліміздің жетістіктері жүрегін қозғап жіберсе керек, сөздерін төгіп - төгіп жіберді.
— Міне, бостандық алу деген не!
— Міне, еңбек бостандығы, ар бостандығы деген не?
— Социализм адамға ең керектінің бәрін береді.
— Бостандық алтыннан да қымбат.
— Біз бостандық бір кезде аяқ асты болған, сатылған елде тұрдық.
— Бостандық қазына, ел бақытының көзі — бостандықта.
Көзі жасаурап, ар жағынан үлкен бір толқын көтерілгендей мол денесін қопара орнынан тұрды.
— Біз Монкадаға шабуыл жасағанда ең алдымен бостандықты босатқымыз келді. Бостандықтың қол-аяғындағы құрсауды күл талқан етпек болды. Шабуылымыз сәтсіз болғанмен бостандықты босатуға болады деген халықтың жүрегіне от тастадық. Сол от лаулап жанды. Міне, еркін елде бізде өмір сүріп отырмыз.
— Мынау сіздер келген біздің мереке. Монкада шабуылының 29 жылдығы біз үшін қымбат мереке. Мен шыдай алмаймын.
Гүрілдеген күшті үнімен өлең бастап жіберді. Бәрі орындарынан тұрып қосылды. Біз бір революциялық кеште отырғандай сезіндік.
Сөйтсек жаңағы орындалған «26 июль» гимні екен. Сөзі де, музыкасын да жазған алдымызда тұрған мол денелі Аугистин Дияс Картая болып шықты. Түрмеде Кастромен бірге отырғанда жазыпты.
Өткен жылы Гаванада болған бір кездесуде Фидель: «Сен ешнәрсе жазып жүрсің бе» депті. Кастроның «сен» деп сөйлесетін сүйікті адамының бірі екен. Фидель түрмедегі, шабуыл кезіндегі мұның ғажайып ерлігін көзімен көрген. Содан революциялық күрес бұларды жымдастырып жіберген. Араларынан қыл өтпейді.
Әлгі сұраққа «Латин Америкасының гимнін» жаздым деп жауап беріпті.
— Кәні айтшы.
Бұл ыңылдап айтып береді...
Ертеңінде ертемен бүкіл елге радио әлгі шығарманы саңқылдата орындапты.
Міне, ғажап кездесу. Қарсы алдымызда бір гимннің емес, екі гимннің авторы. Соңғы гимнді де достары болмай орындаттырды.
Ақын бабына келіп алып, Совет елі, үлкен дос үшін тост көтерді.
Қазақстан үшін бір тосты өлеңдетіп тағы ұсынды. Аудармашы ақын болмаған соң ол жолдарды жазып қалудың сәті түспеді.
Бірақ, шын ықыласты, жүрек жарды тост екені бет жүзінен, сөйлеу мақамынан әбден байқалып тұрды.
Монкада шабуылшыларымен бірге суретке түстік, тамақ іштік. Тарихи адамдардың ортасында болдық.
Кетердегі жылы қоштасуымызға қала тұрғындары келіп қосылды. Достықтың манифестациясында болды. Идея ортақ, күрес ортақ, күн ортақ болса — достықтың мерейі қашан да үстем ғой.
Бұл күн айтулы оқиғаларға толы болды. Ольгин қаласына қайтып келген соң, өзіміз тоқтаған «Перник» қонақ үйінен тамақ іштік. Кешке театрға бармақпыз.
Концерт сағат 21.00-де басталды. Бірнеше әдемі номерлер. Дәмді, шағын концерт. Ең соңында мана күндіз Монкада шабуылшылары айтқан, авторының өз аузынан естіген «26 шілде» гимні. Бүкіл зал түрегеп тұрып қосылды.
Мен Аугистин Диас Картаяны өте бақытты адам санадым. Сөзі, шығарған музыкасы бүкіл ел аузында.
Бүгін осындай салтанат барлық қалада, барлық елді мекенде өтіп жатыр. Барлық жұрт осы гимнді айтуда. Күрескерлердің гимні, күреске шақыратын гимн. Концерттен шыққан соң түннің бір уағында бізді еңбекшілер тұратын қаланың кәдімгі бір кварталына апарды. Айнала кубалық аласа үйлер. Көбі бір қатарлы. Соның біреуінің төбесіне музыка қойған. Салтанатты, көңілді музыка. Төрт жасар баладан қартқа дейін бәрі осында. Біз революцияны қорғау комитетінің кварталдық Советінің председателіне жолықтық. Отыздарға жетпеген жас жігіт. Революцияны қорғау комитеті қоғамдық негіздегі ұйым. Әр қаланың әр кварталында оның Советі бар. Сол кварталда кім не істеп жүр, қай үйде қандай қонақ бар — соған дейін біліп отырады екен бұл совет. Негізгі міндеті — халықтың пікірін зерттеу, соны жиып сұрыптап отыру. Ол балалар тәрбиесіне де, тұрмыс-салт мәселесіне де араласып отырады.
Революцияға қарсылар бас көтергенде халықтың өз инициативасымен құрылған комитет екен. Оның борышы — қырағылық. Шаруашылықта, саяси өмірде қандай жағдай болып жатыр — соның бәріне зер салып отыруға міндетті. Тез хабаршы да осы.
Мынау мерекеге әзірлік тұсында бұл органның жұмысы тіпті көбейіп кететін болса керек. 24 июль күні қаланың ортасындағы үлкен алаңға жұрттың мол жиналуын қамтамасыз етуге күш салғандар сол комитеттер. Бұл комитеттің аудандық, қалалық, провинциялық (облыс) бүкіл елдің өзінің органы бар.
Жұрт көңілді болу үшін бәрі қарастырылыпты. Үлкен қазанда қайнатылып жатқан көжені, үйітіп жатқан торайды көрсетті.
— Осыдан 24 июльді ұйықтамай қарсы аламыз, — дейді кварталдық Советтің председательі.
Совет елінен екенімізді біліп, бәрі бізге қол соқты. Маған да бір-екі ауыз жылы лебіз білдіруге тура келді. Онсыз да көңілді халық мереке қуанышымен тіпті дүрілдеп кеткен.
Әлгі кварталдан аттанып, қонақ үйге бет алдық. Жұрттың бәрі далада. Шараптарын, сыраларын ішіп, билерін билеп сайрандап жатыр. Бүкіл қала қуаныш құшағында. Мұндай шаттық бір ғана бұл қалада емес қой. Бүкіл ел бүгін осындай қуаныш үстінде.
Түңгі сағат 23.00-те қонақ үйде үлкен қабылдау болмақ. Оған осында келген дипкорпус түгел қатыспақ. Соған асығып келеміз. Қонақ үйдің солтүстік жағында қолдан жасалған бассейн. Соның айналасында ашық аспан астында қойылған столдар. Ұзын саны 300-ден аса адам жиналған. Бәрі де ертеңгі Баямада болатын салтанатқа келгендер. Елшілердің көбі әйелдерімен жүр. Дүние жүзіндегі талай ұлттың өкілін осы жерден көргендейсің. Бәрі де Кубада істейтіндіктен испан тілінде сөйлейді.
Тамақты бассейн жағалата «шведтік стол» принципімен самсатып қойған. Әркім керегінше алып, столға отырады. Ішімдікті сұрауынша әкеп береді. Бұл жердегі «культ» сыра. Біздің делегация да тиісті орнын алды.
Мебельдің түсі ақ түс екен. Бөлмелерде де, қонақ үйдің холдары да, столдар да аппақ. Ағаштың тапшылығы ма екен, әлде үнем тұрғысынан ба, орындықтары әдемі жылтылдақ етіп пластикадан құйылған. Отыруға да жайлы, таза да. Әнеу күні келіп түскенде де аэропорттан соны байқаған едім.
Жұрт бірін бірі мерекемен құттықтап, соғыстырып жатыр. Бассейннің бір басында шағын сахна. Соған түрлі-түсті киініп, эстрадалық ансамбль шықты.
Кәдімгі эстрадалық құтырған билер мен құлақ жарған әндер. Репертуары, байқаймын, кубалық революциялық рухта. Бір номерінен бір номер асып түседі. Тамақтан гөрі соны тамашаладық. Екі сағат жалықтырмай жақсы көңіл күй туғызды. Сағатымызға қарасақ түңгі сағат 01.00. Осы кезде оркестрдің адамдары, негізгі бишілерді музыкаларын ойнаған күйі столдарды аралап, жұртқа қоштасу сәлемін жасады. Дипломаттар, қонақтар тік тұрып, көрсеткен қызықты да қызулы концертіне ризашылық білдірді.
Ансамбль кеткен соң, басқа жақтан музыка естілді. Бұл биге шақырған әуен - ді. Біз орнымыздан тұрып, демалуға беттедік. Сол музыка таң атқанша басылған жоқ деді ғой, қонақ үйдің бассейн жағында тұратындар.
26 июль. Бүгін үлкен мереке. Сағат кешкі 4-те Гранама провинциясының орталығы Баямоға жүруіміз керек. «Перник» қонақ үйіндегілер түгел жүрмек.
Қала басшылары түске дейін бізді алдандыру мақсатымен арнайы программа жасапты. Ольгинді аралап көрмекпіз. Осында Совет елінің көмегімен салынып біткен құрақ жинайтын комбайн заводы бар екен. Біз соған баруға тілек білдірдік.
Сөйтсек, бүгін мереке күні завод жұмыс істемейді екен. Оған қарамастан бізбен кездесуге советтік мамандарды алғызды.
Міне, заводымыз. Ішінде жүмысшылар жоқ. Еркін аралап келеміз. Қарсы алдымызда «КТП-1» комбайны. Егер қант құрағы дегеніңіз ну қамыс деп ұқсаңыз, оны оратын комбайнның қандай болатынын ойлай беріңіз. Құрақтың қантты жері төменгі жуан жағы болатын көрінеді. Сондықтан «пышақ» деп аталатын айналмалы дискі жермен жексен қылуға тиіс. Ал плантация тегіс емес, әрі жер тасты. Сонда алғашқы кезде жиі сынған да жағдай болыпты. Бірақ осы завод қант құрағын жинауды 50 процент механикаландыруға мүмкіндік берген. 1977 жылы іске қосылған завод осынша игі іс атқарған. 1981 жылы 600 комбайн шығарып жоспарлы қуаттылығына жеткен. Қазір елде 6 мың 300 комбайн жұмыс істейді. Соның екі мыңнан астамы осы завод шығарған техника қалғаны Австралия мен ФРГ- дан сатып алынған деседі.
Қалай болғанда да бұл завод аса бір қиын жұмыста революция жасаған. Еңбектің ең ауыр түрі атанған қант құрағын жинау социалистік Кубада ғана осылайша жеңілдетіле бастаған. Қазірдің өзінде 60 проценті механикаландырылса көп кешікпей түгел механикаланады емес пе. Бұрын осы провинцияда 12.000 «мачечера» (қолмен шабатындар) бар екен. Қазір содан 300 ғана адам қалған. Түсіндіруді қажет етпейтін цифрлар бұл. Екі елдің арасындағы достықтың шынайы көрінісі. Қалада В.И.Ленин атындағы госпиталь бар екен, орта мектептің үйін, сүт комбинатын көрдік. Бәрі жаңа құрылыстар. Бір қызығы Кубада терезеге әйнек салынбайды. Оның орнына белдеу - белдеу жұқа тақтай қойылады, аралары саңылаулы болып келеді. Климат жағдайының әмірі бұл. Үйлерге батареялар салып та әуре болмайды. Өйткені қыс жоқ қой. Міне сағат жергілікті уақыт бойынша 16.00. Іші салқын бірнеше автобуспен «Перник» қонақ үйіндегілер Гранма провинциясының орталығы Баямо қаласына тарттық. Көптен күтулі үлкен салтанат осында болмақ. Барлық 14 провинциядан (біздегі облыс) Гаванадағы бүкіл шет елдік елшіліктен келген қонақтарды қарсы алу оңай ма. Жолдың тәртібі, қаланың тәртібі, соншама халыққа мынадай ыстықта сусын дегендей — бәрі баямолдықтардың мойнына түскен жүк.
Бір жарым сағатта жетіп келдік. Биыл салынып біткен "Родина" атты алаң. Ұшы-қиыры жоқ халық. Айнала, бүкіл қала мерекедегідей безендірілген. Трибунаның өзі бір 500 адамға жасалған. Екі ярус етіліп істелген. Жоғары ярусы бір 100 адамға, қалғаны төменгі яруста. Баспасөзде кейін жасалған хабарға қарағанда бұл күнгі салтанатқа 100 мыңнан астам адам жиналған. Кең бір алқаптағы қызылды-жасылды гүл жазығына келгендейсің.
Біз екінші яруста мінбеге жақын келіп отырдық. Бір кезде қасымызға еріп жүрген жігіт егде тартқан бір егде әйелмен таныстырды. Ол осыдан екі күн бұрын Ольгинде үлкен қошемет көрсетілген Мельба Эрнандес екен. Монкодағы шабуыл жасауға қатысқан екі әйелдің бірі. Екіншісі Айдэ Сантамария осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болыпты.
Мельба біздің Совет Одағынан екенімізді білген соң құшақтап, қатты ризашылық білдірді. Мерекеге келгенімізге рахмет айтты.
Көптен күткен сағат 18.00. Орталық трибунаның жоғары ярусында отырғандар дүр ете қалды. Кубаның Фидель Кастро бастаған партия және мемлекет қайраткерлері көрінді. Бүкіл алаң қол соғып орындарынан тұрды. Ұран тастап ұзақ тұрып алды. Фидель «жетер» дегендей белгі берді. Халық тына қалды.
Гранма провинциясына осы салтанатты өткізу құрметіне ие болған куәлік тапсырылды. Ол бір 5 минуттай ғана уақыт алды. Сосын мінбеге Фидель көтерілді. Алаң тағы да халықтың шапалағынан жаңғырықты. Партияның атына, Кубаның атына айтылған ұрандар...
Ашық аспан астында күн күйдіріп барады. Борша - боршамыз шығып терледік. Халық ыстығыңды елер емес. Қасымыздағылар қазір жарты сағаттан соң ыстық қайтады, сағат 7-де күн батады, сосын жақсы болады деп жұбатады.
Үкімет басшыларының көргені де халықтың. көргені. Оларға арнайы көлеңке жасалмаған. Фвдельдің өзі де мінбеде, күнге қасқайып қарап, сөйлеп тұр. 2 саға 30 минут сөйледі. Алдымен Гранма провинциясының жетістігіне, сосын елдің эканомикасына талдау жасады. Соңында халықаралық жағдайға тоқтады.
Ешнәрсені жасырмай халыққа бәрін ашық айтып берді — жетістікті де, кемшілікті де. Халықаралық жағдайда американ империализмнің арандату әрекетін, бейбітшілік ісіне қауіп төндіріп отырғанын жіліктеп талдады.
Американың Кариб бассейніндегі елдерге жасап отырған арандатуы, қоқан лоққысы, экономикалық, саяси қысымы қанша әрекеттенгенімен олардың қалағанындай нәтижесін бере алмайды. Бұл саясат барған сайын Американың абыройын төгуде. Біз дұрыс жолдамыз, біздің ісіміз әділ іс.
Екі жарым сағат тұна тыңдаған халық өзінің осы ықыласымен Куба Компартиясының жүргізіп отырған сыртқы саясатын толық қолдайтындығын білдірді.
Митингінің соңында «26 июль» гимні орындалды.
Баямодан сағат 2Где шығып, Ольгинге он шамасында жеттік. Мереке рухы жүрегімізді әбден баурап алған.
27 июль. Бүкіл дипкорпуспен бізге таңертеңгі 11.40-тағы самолетпен Гаванаға аттандық. Самолеттің ішінде білгеніміз америка елшілігінің өкілі Баямодағы митингіге қатыспапты. Өздерінің атына қатаң сын айтылатынын күні бұрын сезсе керек. Митингіде кетіп отырғаннан Ольгинде қалуды артық санапты.
26-27 июль күндері кубалықтар үшін демалыс, мереке, жұмысқа шықпайды. Мекемелер, қоғамдық ұйымдар жұмыс істемейді. Ал Совет елшілігі үшін бұл күндер жұмыс күндері. Ондағылар өз мерекелерімізде ғана демалады. Түстен кейін елшілікке барып шығуды жөн көрдік. Арнайы әкелген сәлем-сауқатымыз және бар. Мана самолет үстінде Елшілікте советник болып істейтін Феодор Иванович Евсеевпен танысқанбыз. Өте жылы шырайлы жағдайда әңгімелесіп отырдық. Елшілікте әңгіме одан да көңілді, әсерлі болды.
Қонақ үйге көңіліміз таси, шаттана оралдық.
28 июль. Программа бойынша бұл күн демалуға берілген. Сол себепті де ертемен қаланың шет жағындағы пляжға суға түсуге кеттік. Санто-Мари («Жұмақ пұшпақ») деп аталады екен. Су өте жылы. Көктемде болған қатты тасқынның ізі әлі жатыр. Пляжға едәуір залал келтіріпті. Суы біздің Қара теңізден тұздылау. Асты тас емес, жұмсақ. Кубалықтар үшін 25 градус болса, су салқын деп есептеледі екен. 18 градус суға түсіп жүрген біздерге ол күлкі болып көрінеді.
Теңіздің суы денені ширатып, сергітіп жіберді. Рахаттанып қалдық. Түсіп жүргеніміз Атлантика мұхитының бір бөлегі — Кариб теңізі ғой. Мұхиттың арғы жағы дегеніміздің дәл өзі. Бірақ достық ниеттегі елдеміз — Кубадамыз.
Бұл күнгі есте қалған тағы бір оқиға өзіміз тұрған қонақ үйде — «Ревиерадағы» Кавераға барғанымыз. Иван Павлович екеуміз мұны да көргіміз келді. Біздегі варьеттенің бір түрі. Бірақ одан әлде қайда бай, қызу, көркем болып шықты.
Сағат кешкі 23-00-де басталады екен. Программа бір сағат 20 минутқа есептелген. Бір номер бір номерді қайталамайды. Екпіндетіп, еліктіріп, есі кете билейді. Костюмдердің неше түрін көрдік. Африкалық, испандық стиль. Әрі фантастикалық шеберлікпен, тапқырлықпен тігілген. Әр бидегі костюмді жазуға, суреттеуге тіл жетпеуі мүмкін. Ең абзалы - көру. «Красочные костюмы, красочные танцы. Столько выдумок, столько поиска. Режиссерская работа была не из легких» деді Иван Павлович. Бұл сөздерді аудармай-ақ қояйын.
Ғасырлар бойғы европалық мәдениеттің де, африкалық негірлердің әдет-ғұрпы да өз көрінісін тапқан ол билерден. Бөксені ойнату, бөксе биі мықтап-ақ дамыпты. Өрескел, бейпіл көрінбейді, әдемі костюмдермен ажарланып, қимылға ерекше сипат, ойнақылық береді.
Қарап отырсаң қызық қой, әр халықтың өзінің қалыптастырған дәстүрі бар. Мысалы, грузиндер күшті аяққа түсіреді, орыстар да, украиндар да солай. Біздің қазақтар қолды көп ербеңдетеді, әрі жалықтыратын, бір ырғақты болып шығады. Қимыл поэзиясы жоқтың қасы. Сондықтан биіміз әніміздей шырқау биікке шыға алмай жүр. Бізден гөрі қол қимылын өзбектер, тәжіктер әсем, әр түрлі жасайды. Олар дененің пластикасымен, нәзіктікпен кеп ұтады.
Ал Кубада бөкседен жоғары дене мүшелерін ойнату ерекше. Көп адам солай билеген кезде әдемі бір қимыл гаммасы пайда болады. Содан кейін жарық мүмкіндігін пайдалануы, сол арқылы онсыз да әдемі биді, онсыз да әдемі денелерді, костюмдерді құлпыртып жібереді.
Кешке ресторанға келіп, осыны тамашалап жұрт демалып қайтады екен. Кубада көңілдендіру шаралары тек кешке қарай. «Күндіз жұмыс істеп, түн тойлайтын халық деп бекер айтылмаса керек». Көңіл жақсы болса жұмыс та жақсы. Сол себепті мұндай шараларды партия ұйымдары ұдайы назарда ұстайтын көрінеді.
Елде вытрезвитель деген атымен жоқ. Ондай проблеманың туатын түрі де көрінбейді. Салқын сусын — сыра, соктар: мұз салмай сусын берілмейді. Жығыла ішу халықтың қанына сіңбеген. Әңгіме, әзіл, күлкі. Барлық нәсілдің окілдері тең праволы, қоян қолтық, аралас.
Испандар үстемдік етіп тұрған кезде негрлердің тамақ ішетін, суға түсетін жері де бөлек болыпты. Қандай қорлау.
Халықтың бойында бір өрлік бар. Өзгені менсінбеу өрлігі емес, өзіне-өзі сену, өз парасатын өзі төмендетпеу өрлігі.
29 июль. Программа бойынша В.И. Ленин атындағы паркке бармақпыз. Бұл парк коллективі Куба-Совет достығы Ассоциациясының коллективті мүшесі екен. Ассоциацияның бұл елдегі беделі өте жоғары. Барлық провинцияда, барлық қалада дерлік бөлімшелер бар. Олар асқан жауапкершілікпен жұмыс істейді. Парктің директоры Луси Вильегас партизан қозғалысына қатысқан елдегі белгілі әйелдің бірі. Орта бойлы, толық та емес, арық та емес, жылы жүзді әдемі әйел екен.
— Парк қаланың шет жағында. Көлемі 175 гектар. Осыдан он жыл бұрын осы арада түк жоқ еді, ашық алаң болатын. Парк егу жөніндегі идеяны айтқан Фидель Кастро. Міне, көріп тұрсыз қандай орман орнаттық, — деді Луси.
Он жылда мұндай парктің болуы қиын. Бірақ факті. Тропиканың артықшылығы ғой. Бүкіл паркті айналып шығатын балалар темір жолы бар. Ортасында үлкен қол, серуендеп жүрген жұрт.
Арнайы аквариум салыныпты. Одан Кариб теңізіндегі балықтың барлық түрін көрдік. Осы аквариумнің қасында екі крокодил жатыр.
Эстрадалық ашық сахна қызық салынған. Еңіс - еңістен төменгі жағы көл. Көлдің шетіне дөңгелек етіп сахна орнатылған. Концерт болғанда артистер айдын көлдің бетінде, суда билеп жүргендей әсер қалдырады. Еңістің өзін кәне Рим стиліндегі отыратын орындық етіп пайдаланған.
Парк қасында 5 мың оқушы білім алатын орта мектеп бар. Оның жұмыс істеу принципі біздегі мектеп интернаттағыдай. Ол да В.И.Ленин атында. Күн ыстық. Терлеп тепшіп жүріп көріп шықтық. Шаршағанымызды мұндағы балаларға, жас ұрпаққа деген қамқорлық ұмыттырып жібергендей.
Парктің қақ ортасынан биік төбеде В.И.Ленинге ескерткіш салынбақ. Жобасы өзіміздің архитектор Кербельдікі. Дайын екен. Енді орнатуы ғана тұр.
Парктен алған жақсы әсермен Мариель портына аттандық. Осы порт Куба совет достығының коллективті мүшелігіне алынбақ. Күн тас төбеге келіп, қайнап тұрған кезде портқа келдік. Машинаның іші 50 шақырымдай жүрген соң фин моншасындай қызды. Теңізшілер үлкен клубта асыға күтіп отыр екен. Бұл рәсімге бізбен бірге Ассоциацияның президенті, атақты ғалым онколог, халықаралық Лениндік сыйлықты белгілейтін комитеттің мүшесі, Совет Одағының үлкен досы Сойло Маринельо, осы Ассоциацияның секретары Сергио Лопез Брел, Кубаның халықтар достығы қоғамының вице-президенті Гельен Селоя келді.
Гельеннің өмір тарихы да қызық, Оның ұлты мексикан. «Гранма» кемесімен 1956 жылы революционер шабуыл жасағанда олардың ішінде 4 шетелдік болған. Біреуі осы Гельен. Екіншісі атақты ақын аргентиналық Че Гевара. Ол қаза болып кеткен. Че Гевараның суреті Гавананың ортасында үлкен етіп салынып қойылған. От жүрек, қайтпас адам екені айдан анық көрініп тұр.
Митингі өте салтанатты жағдайда өтті. Сөйле және мен сөз сөйледік. Коллективке Москвадан әдейі әкелген альбомды табыс еттік. Теңізшілер сағат кешкі 17 кезінде жылы шыраймен шығарып салды. Сол бетімізбен Гаванадағы Ассоциациясының үйіне келдік. Бұл қаладағы ең әдемі үйлердің бірі. Орыс тілін үйрететін лаборатория бар екен. Бүгінгі техникамен жабдықталған. Әр елдің берген сыйлықтары бұл ұйымның байланыс шеңберін аңғартқандай. Алматыдан арнайы әкелген кілемшемізді сыйлыққа тартып едік Кубалықтар қатты разы болып қалды.
Әңгіме бергенде емес, достық көңілде.Сонау Азаттық Достық үйінде Қазақстан белгісі де қалды. Ара қашықтық қанша алыс болса да, достық көпірін жалғастыра түскенімізге қуанамыз. 30- 31 июльдерде де кубалық бауырлардың ыстық ықыласына орандық. Варадеро деген жерге апарып демалдырды. Куба Компартиясы Орталық Комитетінде қабылдауда болдық. Екі елдің достығы, өзара көмегі жайлы көп әңгіме шертілді. Совет еліне деген шексіз сүйіспеншіліктің куәсі болып қайттық.
Қиял құсы елге қайта алып келе жатқан мынау ИЛ-62 лайнерінен де ұшқыр. Куба картасына дәміл – дәміл көз тастайсың. Алған әсерлердің ықпалы ма, шағын арал саған алып арал секілді боп көрінеді. Ондағы істеліп жатқан істер, от жүректі адамдар бұл аралды ғажайып етері сөзсіз. Өйткені олардың таңдаған жолы — социализм - алаптардың жолы. Сонау Монкада шабуылын бастаған аз ғана топтың инициативасы революция жеңісіне жеткізді. Енді бүкіл елде революциялық өзгерістер, революциялық инициатива. Халықаралық аренада, бейбітшілік жолындағы күресте Куба даусы саңқылдап айқын естіледі. Осы елдегі өзгерістерге куә болып, от лаулаған жүректермен сырласқанымызға қуаныштымыз.
Кубаның асыл перзенті Хосе Мартидің бір кезде айтылған мынау керемет сөзі еріксіз еске оралады: біз күрестен бас тартпаймыз, Отанымыздың азаттығы мен гүлденуі жолындағы күрестен біздің бас тартуымыздан гөрі Солтүстік теңіздердің Оңтүстік теңіздерге құйылуы, қыранның жұмыртқасынан жыланның шығуы тезірек болар.
Қандай бейнелі де терең айтылған сез, қандай күшті рух жатыр мұнда. Осы рухтың бүгінгі келбетін көргенімізге қуаныштымыз.
ӨЗІМЕ-ӨЗІМ ӨКПЕЛІ
10-май 1969 ж.
Бұрнағы күні 40 жасқа келдің, бұл үлкен белес деп жұмыстағы достар құттықтады. Үйге келдім, құттықтау папкасындағы сөздерді балаларыма оқып бердім. Келіншегім де оқыды. Қуанып жатыр. Мен іштей қысылып тұрмын. Онда мен үшін артық жазылған жолдар бар. «Не так уж велик пройденный вами путь, но он у вас емок и богат делами, свершенными на журналисткой и литературной ниве, на благородном поприще воспитания молодых специалистов. Это добрый след в жизни».
Мына сөзге қарағанда, біздің папамыз керемет екен деп қалған шығар балаларым. Бәрінен де солардан қысыламын. Ертең ер жетеді, көреді, естиді, оқиды. Олардың ой таразысы біздікінен әлдеқайда дәл, әлдеқайда сезімтал болары сөзсіз. Тек тыныштық болсын. Достары «емок и богат» деп жазғанда папамның қалдырған мұрасы қане десе ше?!
Ия, бұл достардың салтанаттарда кешірімді, қуаныш желігімен артық берген бағасы болса керек. Өзім де солай бұрып отырмын. Сыйға, ықыласқа рахмет. Бірақ, сонымен бірге ойға қалдым. Қырық деген қылт етпе белес емес. Қырыңа, ойыңа көз жүгірте алатын, айналаңды ақылмен барлауға мұрша да, мүмкіндік те беретін қырқа бел. Ендеше екше. Егде тартқанның елегінен өткіз деймін.
Өз ойым ендігі жүк ауыр ма деп тұрмын. Біз секілді орта талант, орта ойлы адамдарға жиырмаға дейін кәмелетке толамын деп жүру кешірімді. Одан кейінгі мезгілдің өзі де талай екен-ау. Жиырма жыл. Бес жылы оқу бітір, жұмысқа тұр, өмір жолына нық қадам бас — сонымен кетсін. Қалған он бес жылында қолыңа қалам алсаң, талай шаруа бітпей ме! Осы он бес жылды есепсіз жұмсағаным үшін бүгін мүшелге толған күні өзіме ұрсып отырмын. Түк бітпепті - ау, түк. Үйдің күйбеңімен бес жыл, бала-шағалы болдық, ол бес-алты жылға сылтау болды. Рас, бұл мезгілде қызмет істеген екі газетте «Лениншіл жас» пен «Жетісуда» жаман аталған жоқпын. «Кернеген кек» шықты. Бар болғаны сол. Соған мәз болып жүрсек керек. Есіл уақыт есепсіз кетіп қалыпсың. Енді сені қайтару қиын. Қайта біз сияқтыларға «Шабан үйрек бұрын ұшады» деп ертерек қамшылану керек еді.
Бүгін түске қарай осы жайлар есіме түсіп, өзіме - өзім ренжіп біраз қияпастандым. Оным үй-ішіме де сезіліп қалды. Орынша бүгінгің ретсіз деп соқты да. Менің қабағым шытылған кезде бәрін өзіне қабылдайтын оның әдеті. Бұл жолы да солай. Бұл маған ренжіп жүр деп тұр. Оның мазасын кетірмеу үшін моншаға кеттім. Бірақ жайлап алған ой жанымды жаншиды. Бізден жасы әлдеқайда кіші кей жігіттер қырық тұрғай, отызға толмай-ақ 3-4 кітап беріп тастады. Олар да жұмыс істеп жүрген адам. Кейбірінің үй-жайы бізден де төмен. Әрине, жазғандарының бәрі алтын емес, бірақ талаптанған сайын талант ұштала, шыңдала бермек. Осы ұштау, шындау дегеннің өзіне уақыт таппағаным үшін жазғырамын өзімді. Енді ұштаймын, шындаймын деп жүргенде елу келеді, ар жағы кәрілік деп сол шіркінге қол көтеріп қисая кетіп жүрмесек...
Ия, осы жол, ия өзіңді-өзің қайрап, бекер жіберген уақыттың қаруын қайтару. Екінің бірі. Алғашқысы жеңіл де, соңғысы ауыр жол, бірақ абыройлы жол. Таңда, батылың, қажырың жетсе — соңғысына бар деймін өзімді. Апыр-ау, осы кезге дейін уақыт деген қымбатқа қалаған кезде алатын апамның қалтасындағы конфеттей неге қарағам?!
Ұлы отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі жайлы әдемі ойлар сонау елуінші жылдары келген еді. «Жазам, жазамын биыл, ендігі жылы» деп жүргенде табаны күректей он жыл өтті. Жұмыс басты болдық, газеттің күйкі тірлігі мұрша бермеді. Ақталу үшін енді осылай дейміз ғой. Ол кезде әдебиетте бұл тақырыпқа қалам тарта қойған ешкім жоқ еді. Қазір сүйікті де өнімді тақырып болып бара жатыр. Әлі де сол ойға алған жайды тындырымды етсем. «Бөрте серкені» сүрлегенім жетер. «Өшпеген оттан» жақсы киносценарий шығартуға болар еді. Газетшілердің мазасыз өмірі де өздігінен бір кітапқа сұранады. Ғылымға да бір құлаш ұрып көрсем. «Қазақ публицистикасының табиғаты». Осының төңірегінде шағын ойлар бар. Әрине, керектінің жүзден бірі ғана. Қалғанын жинау үшін зерттеу қажет, отыру қажет. «Кернеген кекке» қайта оралсам. Документ жағынан гөрі, көркемдік жағын шыңдасам. Рахымжанның ер екені, батыр екені, оның ерлігі Москва түбіндегі тарихи шайқаста ерен көрінген қазақ халқының батырлық қасиетінің жалғасы екені дәлелденді. Енді соның әдебиеттегі көркем тұлғасы жасалса. Оны жасау қолымнан келмес. Бірақ кейінгі жасар талантқа мол шикізатын беріп кете алсақ, біз үшін сол да жарар еді.
Осы ойлардың көпшілігін жүзеге асырып үлгіретін уақыт артта қалыпты. Ал мен салақ әйелдер секілді «ертең бітер, ертең істелермен» жүре беріппін. Қарап жүрмеген секілдісің. Күнде қол тимейтін шаруалар да жеткілікті. Бірақ, соның бәрі күнде ішіп, күнде түсіп қалатын ас секілді болыпты. Күйкі тіршіліктің күйбеңінен аса алмау деген осы.
Ойымды ойрандап, қабағымды шыттырған осы. Орыншаның мүшелді күні мазасын кетіруіме себепші болған да осы. Ішімдегі бұл дауылды айтқызбай өзің түсін деймін. Ол түсіне алмайды. Ол басқаша ойлайды. Мен бастан-аяқ тәптіштеп айтып жатуды қаламаймын. Керегі не! Мүмкін бұл жаман мінез шығар. Бірақ бары сол. Соның да кесірі ме, ол басқаша ойлап, мен басқаша ойлап, түрлі оқиғаларды, құбылыстарды (ағайын аралық, семья ішінде) түрліше түсінген сәттеріміз аз емес. Творчество адамының ала -құйын кездерінде жүрегіңдегіні дәл барлай білу де қиын - ау. Жан пердесінің нәзіктігінен бір бұрауы келмей қалса үні бұзылып шыға келеді. Оны бабында ұстайтын бапкер керек. Шытырлы оңай түсінуге болады, түсінбей кетуге болады. Адамына байланысты.
Мен өзімді шытымырлыққа (каприз) жеңілдік сұрайтын талант иесі санамаймын. Сондықтан кей мінезім жөнсіз де шығар. Талантым болса, осы уақытқа дейін ойып шықпай ма? Қайда жүр. Бірақ ойға кетіп, онымен алысуды жақсы көрем. Кей түндері ол тіпті ұйқыны да қашырады. Бір де шалықтатады, бірде қамықтырады. Кейінгі сәтке тап болып қалғанның бәрі сенің ренішің болып қабылданады. Саған өкпе де шақырады. Әншейінде іркуге, жұмсартуға болатын ойларды, сөздерді осы сәтте өңдей алмайсың. Қалпынша жайып салып қарап отырасың. Дегенмен осы кезде айтылған сөз шын да өткір.
Жүрегіңнің дірілі жоқ, бойында ойнап тұрған қанның дүбірін естірте алмаған сөзді мен сөз санамаймын. Ол өлі сөз. Ол өлген адамның қолына микрофон ұстатып, ар жағынан біреудің сыбырлап тұрғаны секілді. Сөз біреудікі, микрофон ұстаған қол біреудікі. Және ол нәрсіз, жансыз қол. Десе де арамыздан ашынып айтқан сөзді ағаттық санап, жансыз айтқан сөзді жақсы қасиетке балап жүргендер аз емес-ау. Сабырлылық пен салқындықты шатастырды олар әбден.
Творчество адамы екенсің, күле де біл, жүре де біл, қыза да біл, бұза да біл. Салқындықтан сақтасын құдай.
Ойлап кеткен кезде жаныңды жай тапқызбайтын мінездің жоқтығынан да кешеуілдеп жүрме екем? Әй, бәрінен де таланттың тапшылығы басым шығар. Қалай болғанмен де өзімді-өзім жазғырудан енді іске көшетін уақыт жетті. Барымен базар деген ғой. Қалам ұстау мамандығын қалаған соң қарбанған дұрыс. Әзірге түйін осы болсын. Жемісін уақыт көрсетер. Түсінген адамға аз сын айтылған жоқ.
АПЫР-АУ, НЕ БОЛАР ЕКЕН?...
Нәтәйім емтихан тапсырып жүр. Институтқа түсе ме дейміз. Соңғы сабағы — физиканы өткізуге кеткенде үйде жалғыз қалдым. Өзімді-өзім қоярға жер таппаймын. Көңілім алай-түлей. Күдік, сенім, толқу — бәрі аралас. Бірін-бірі ықсырып, бірін-бірі кимелеп жатқан бірдеңе. Соның бәрін сыйдырып тұрған кеудемнің кеңі.
Күдігімнен гөрі, сенімім күшті. Мектепті бір ғана төртпен бітірді, қалғанының бәрі бес. Менен басқа әке болғанда медальға бітіртетін бе еді мұндай баланы. Бірақ «бітіртетін» деген сөз жүрегіме біздей қадалады, өзінің бітіргеніне не жетсін. Өз білімімнің әділ бағасын алдым дейді. Балам да, өзімде аттестатқа ризамыз. Адал қойылған бағаға адал көңілден ризамыз. Сол себепті де аттестаттағы жалғыз төрт көңілімізге пәлендей қаяу салып жүрген жоқ.
Өзінің дайындалуы да дайындалу - ақ көкемнің. Жатпай-тұрмай оқиды. Мектептегі емтиханына да солай дайындалды. Бір күні зорығып құлап қалар ма екен деп те қорықтым. Түсу емтиханына да дайындығы сондай. Мұндай еңбектің зая кетуі мүмкін емес. Күдіктен сенімнің күшті болатыны сондықтан. Алдыңғы сабақтардың бағасы да, құдайға шүкір, жоғары. Ендеше, неге қорқам, неге толқимын?! Кім біледі, өмірде кездейсоқ нәрсе болады ғой... Оның үстіне тек «бес» болса екен дейді көңіл құрғыр. Әнеукүні математикадан «төрт» болғанға балам қандай қиналды, «төрт» болғанына емес, алғанына.
Адам қызық қой, жақсылыққа да тойым жоқ. Кейбіреулер сол «төртке» жете алмай жүр, ал менің балам бір «төрт» алдым деп жылайды. Одан келер-кетер жоқ, түсесің деп жұбатам.
Бірақ ішімнен жылағанын жазғырмаймын. Биіктеп ұшқанға, биік жүруге үйренгенге не жетсін. Аласалық намысына тиеді екен, аласарғысы келмейді екен. Жүрегім соған қуанады.
Толқу сезімі уысынан жібермейді. Емтиханы құрғыр, институтқа түсу картаның ойыны секілді ғой, бірде олай, бірде бұлай. Соңғысы баланы жасытып жіберіп жүрмесе... Мана таңертең емтиханға кетерде мұңайып тұрғандай еді. Аржағындағы алай-түлей дауылды сездіргісі келмейді. Әнеукүні сәл бір босап, көңілі бұзылғанда қатқыл мінез көрсеткем. Қайрат, жігер ғана көздеген мақсатқа жеткізеді, құласаң да еңсеңді түсірме, үгілуді, әлсіздікті көрсетпе маған дегем. Қабағыммен де, қатқыл үніммен де өзімше қайсарлыққа шақырғам.
Сол есінде болу керек, аузыма бетін тосып тұрып, өзінше күлімдеген болады, аржағы бей-жай. Бетінен иіскедім де арқасынан қақтым. «Менің балам болсаң, жақсы тапсыруың керек». Қайрағаным да, қамқорсығаным да сол өзімше.
Үйде жалғыз қалғанда осының бәрі көз алдыма қайта келді. Мана бетінен иіскегенде бойым шымыр ете қалған еді. Осыдан 17 жыл бұрын перзентханадан алып шыққандағы жөргек исі мұрныма келгендей боп кетті. Жұдырықтай ғана жас иіс белгісіз бір сезім толқынын тулатып - тулатып жіберген-ді. Әке болу бақытының алғаш оянған сәті еді ол. Бір жерге қонаққа барсам да, трамвайға мінсем де құндақтаулы баланы ұстағанда мақтанатын сияқты едім. «Осы жұрт менің әке екенімді біле ме екен» дейтін кісіше айнала масаттана қарайтынмын. Сол бір аяулы сезімді алғаш оятқан Нәтәйім бүгін институтқа түсу үшін соңғы емтихан тапсыруға кетіп барады. Бірақ менің мұрнымда оның әлі жөргек исі. Бойымды шымыр еткізген сол ма екен?
Қазақта «тұла бойым тұңғышым» деген сөз бар. Оны әкелерге қимай бізден көбінесе әйелдер тартып алады. Бірақ әкелердің де өзегі жарылып, тұла бойын тұнық сезім билейтін тәтті шағы болатынын ұмытпаған абзал - ау.
Сол тұнық енді архитектор болам дейді. Соған талап етіп емтихан тапсырып жатыр. Ала құйын ойларды бір сәт оның болашағы жайлы тәтті қиял алмастырады. Көз алдыма өмірдегі әдеміліктің бәрі келеді. Архитектураны сол әдеміліктің жиынтығы деп түсінем. Адам үшін жасалатын әдемілік, адамға ғана арналған әдемілік. Менің балам соны жасаушының бірі болады, е.
...Жөргек исі. Институтқа өтудің мынау қиын сәті. Сұлулықтың, әдеміліктің жаршысы. Жүйрік көңіл осы ойлардың лып етіп ол басына бір, бұл басына бір шығады. Бірақ мұның бәрі көңілдегідей тез бе?! Қиын да қиялы емес пе. Сол қиындық қой, мені де безек қақтырып тұрған. Бала қиналсын дейтін ата-ана дүниеде жоқ шығар. Олар ұрпағын көпір боп көтеріп, көлденең кедергі от боп кездессе, алдымен өздері күюге, су боп кездессе өздері батуға әзір ғой. Бірақ бала үшін ата-ананың жөнсіз аяушылығынан гөрі өмір талқысының өзі пайдалы. Сол талқының басы осы. Бетіңнен жарылқасын ...
Ауылдан Алматыға оқуға аттанғанда өз анамның да дәл осылай дегені есіме түсті. Ақ батасы еді ол. Папкемнен тастамай жүретін суретін қолыма алдым. Күлімсіреп маған сынай қарап тұрғандай. «Баланың жайын балалы болғанда білерсің» деп жиі айтушы еді. «Қалай екен батырым» деп тұрғандай. Мен оқуға түсердегі ол кісінің жан сезімін енді ұққандай. Бәрін өз сезіміммен, өз жүрегіммен өлшеп тұрмын.
— Немерең түсті оқуға, Нәтәйің архитектор болады, деп айқайлап жібергім келді.
— Әттең сенің әйел алғаныңды, сенің балаларыңды көрсем деп көп айтушы еді. Көре алмай кетті, жарықтық.
Міне, Нәтәйің түсті. Арманың орындалды, - дегім келді. Байқап қарасам дәл осы сәтте өз арманым да осы боп тұр екен.
Сағатқа қарадым. 12-ден асып кетіпті. Бір хабары болса керек еді. Әлде қолайсыз баға алып қалды ма... Сақтай гөр. Жүрегі бар болған сонша неге дүрсілдейді. Жақсылыққа па, жоқ әлде... Қойшы, мен неге сасам, шүкір, дайындығы жаман емес еді ғой. Екі шекем солқылдап, жүрегім аузыма тығылғандай болды. Емтихан тапсырмай үйде отырған менің халым мұндай, түсін суыққа салып, маңғаздана қалатын бірнеше мұғалімнің көздері өңменінен өткен баламның халы қандай десеңші...
Жанымды жай тапқызбай, көңілімді ойран қылған ойларды құтым келіп, пианиноға отырдым. Әр әнді бір тартқан болдым, саусақтарым дір-дір етеді. Даусым да тарғылданып үнім бір жақта, музыка бір жақта, көңіл тіпті басқа жақта. Ойды сейілту былай тұрсын, қайта мына пианино өзінің бар үнін үрейге айналдырып жібергендей. О, пианиносы құрысын. Апыр-ау, неғып кешікті мұнша?!
Телефон шылдыр ете қалды. Біреу біз сұғып алғандай орнымнан атып тұрдым.
— Алло, папа, сүйінші, қызың «бес» алды. Енді түсетін шығар.
Телефонда тұрып баламның құлақ-мұрны, көзі басының бәрінен айналып жатырмын. Шешесінде де ес жоқ. Далбырлатып бірдеңені соғып жатыр. Бір сөзін ұқпаймын. Институтқа кіргізбесе де, мана таңертең соның алдын күзетуге кеткен. Бәрін өзі тапсырғандай шалқуын шіркіннің! Қайтсын оның да қай шекесі қызып жүрді дейсің.
- Мектепті де бір-ақ «төртпен» бітірді. Институтқа түсерде де алғаны жалғыз «төрт». Молодец қызың.
Соңғы естігенім осы сөздері.
...Даусым сәл қалтырап кетті. Енді өз әйелімді өзім құттықтап жатырмын. Айнаға қарасам, көзім жасаурап тұр екен. Мұрныма жөргек исі келді. Бойымды бір мақтаныш сезімі билеп барады...
— Әттең сенің әйел алғаныңды, сенің балаларыңды көрсем деп көп айтушы еді. Көре ал май кетті, жарықтық.
Міне, Нәтәйің түсті. Арманың орындалды, — дегім келді. Байқап қарасам дәл осы сәтте өз арманым да осы боп тұр екен.
Жанымды жай тапқызбай, көңілімді ойран қылған ойларды қуғым келіп, пианиноға отырдым. Әр әнді бір тартқан болдым, саусақтарым дір-дір етеді. Даусым да тарғылданып үнім бір жақта, музыка бір жақта, көңіл тіпті басқа жақта. Ойды сейілту былай тұрсын, қайта мына пианино өзінің бар үнін үрейге айналдырып жібергендей. О, пианиносы құрысын. Апыр-ау, неғып кешікті мұнша?!
— Мектепті де бір-ақ «тортпен» бітірді. Институтқа түсерде де алғаны жалғыз «төрт». Молодец қызың.
Соңғы естігенім осы сөздері.
МЕН КІММІН?
Мен адаммын. Ия, біз бәріміз де адамбыз. Бірақ, осы бір ұлы есімнің мәніне әмсе үңіле білеміз бе, соның бар қасиетін әрдайым есте сақтап жүреміз бе? Адам болу үшін екі қол, екі аяқтың, екі көз, екі құлақтың болуы жеткілікті емес. Рас олар керек мүше. Бірақ ең негізгі мүше — азаматтық жүрек болмаса, олар да әлі мүсінге жапсырған жалған денелер болып шығады.
Әлдекімдер қол-аяғы, көз-құлағы жоқ болса, адамдық қандай сиық болмақ деп дау айтар. Мен де қызу дауласа алам. Сол қолды да, аяқты да, көзді де, құлақты да жұмсайтын жүрек. Егер ол жүрек адал болса, ол жүрек абзал болса, қол да адал істі ұстайды, аяқ та адал жолмен жүреді. Былғанған, арамдықтың дерті шалған жүректің жұмсауымен жылтылдаған көзден сақта құдай. Өмір қызығын құныға тыңдаудан гөрі, өмір тынысын ұғуға қызығудан гөрі көбіктей көлкіген көкіме өсекке ұйытын құлақты бермей-ақ қойсын.
Жуырда мен бір адаммен кездестім. Алақандай бетінде сау тамтық жер жоқ. Соғыста атылған бар бытыра осының бетіне келіп арадай ұя салыпты. Бір жақ езуі қисық, ауған түйенің жабуындай төмен салбырап, аузының, бүкіл бет-әлпетінің пішінін бұзып тұр. Ол аз болғандай екі қолы шынтағына дейін жоқ. Шолтаң-шолтаң етеді. Бишара - ай дедім!
Жоқ, қателескен екенмін. Адамның ар жағынан сыр тартпай тұрып, ол жөнінде қорытынды жасауға асықпау керек екен. Сол қолмен істеп жүрген ісін көргенде ішкі сарайын айқын таныдым. Сол қолмен ол шалғы шабады, сол қолмен ол машина айдайды, сол қолмен ол бақ суарады, сол қолмен шот қағып, есеп шығарады. Сол қол қыл қалам ұстап, сурет салады. Шолақ қолдың ең алғашқы түсірген бейнесі — Лениннің бейнесі.
Осы қолмен алты баланы әлдилеп өсіріпті. Оның бірі — биші, бірі — күйші, бірі — агроном, ал қалғандарының кім болары әзір белгісіз, әлі жас. Бірақ олардың да анау ақ жүрек абзал адамның бойындағы қасиеттерден нәр алары сөзсіз.
— Осы қолымның бір-ақ кемістігі бар. Бұрын мондалинді жақсы ойнаушы едім. Енді оның пернесін басатын саусақ жоқ, — деді ол.
Жоқ, онымен мен келіспеймін. Бұл нағыз алтын қол. Маған жоғарыдағы жайларды білген соң, оның шолақ қолдары, қол емес-ау білегінің тұқылы сүйкімді көрініп кетті.
Міне, абзал жүрек жұмсаған шолақ қолдың өзі. Қандай қабілетті.
Тағы бір адаммен кездестім. Ол курортта. Сұңғақ бойлы, сымбатты десе сымбатты. Қазақта бір сұлу жігіт болса, соның тап өзі дерлік. Тікесінен тік жүреді, ешкімге амандаспайды, ешкімге жуымайды. Ата қаздай одырайып, төңірегіне осқыра қарап отырғаны әмсе. Бір сәті түсіп тілдесуге тура келді. Екі сөзінің өзі-ақ тұрған қуыс кеуде екенін корсетті де қойды.
— Әзірше осылай жүре тұрып, бастығымыздың бабын тапқан бір сәтте бір жоғары қызметке іліксең...
Осыны айтып, қарқ - қарқ етіп күлді де, өз-өзінен мәз болды.
Ішімнің удай ашығаны - ай. Мына пиғылыңмен ел басқарып жүрсің - ау. Едірейіп, илікпеуің соны аңғартады. Рәсуа ғып берген есіл сау мүшелер. Қарапайым жүрегі бар қамқор ерге бітсеңші.
Міне, табиғат осылай кейде қате жіберіп алады екен. Басқадан қателессе қателессін. Бірақ жүрек беруден қателесе көрмесін. Сол дертсіз сау жүрек, азаматтың жүрегі кеудемде соқса, онда мен Адаммын!
1961 жыл.
ТУҒАН ЖЕР, ТҮТІНІҢ ДЕ ЫСТЫҚ СЕНІҢ
1. Күтпеген шақыру
Амангелді қолындағы қағазға қайта-қайта қарай берді де, келіншегі Зәуреге:
— Мынау ойда жоқ нәрсе, аудандық партия комитеті мен аудандық Совет атқару комитеті бізді есеп беруге шақырып жатыр, - деді.
— Қай аудандық партия комитеті? Қандай есеп? — деді Зәуре тандана.
— Өзіміздің туған Сарқан ауданымыз. Міне оқы. «Сарқан ауданы еңбекшілерінің алдында жерлестерінің творчестволық есебі». Күн тәртібін көрдің бе?
— Мынау жаңа нәрсе екен, — деді Зәуре.
— Болатқа, Хұсайынға телефон шалып көрейікші. Олар шақырылды ма екен? Амангелді әрі абыржып, әрі біртүрлі қуанғандай боп кетті. — Туған жердің мынасы жақсы инициатива ма деп тұрмын.
Болат пен Хұсайын да шақыру алғандарын айтты.
— Шеттемесін, елі, жері алдында әрқашан қарыздар екенін ұмытпасын дегені ғой.
Қызулау сөйлейтін Болат бұл пікірді бірнеше қайталады.
...Алматыда жүрген жерлестерінің келісімін алған соң енді «әбігердің» ауырлығы «Бакалы» совхозына түсті. Совхоз директоры Азамат Сәрсенбаев пен партком секретары Серік Ілиясов ауыл азаматтарын бірнеше рет жинады.
— Өзімізден шыққан түлектеріміздің басын қосып шақырғанымыз жақсы. Олар есеп берсін дейік, ал өз айтарымыз бар ма, көрсетеріміз қайсы?
— Оңаша келіп жүргенде байқалмайды екен. Міне бір ғана совхоздан жеті ғалым кандидаты, әйелдерімен тоғыз кандидат, екі профессор. Оу, бір жоғары оқу орнын ашып жіберуге бола ма деймін, — деп қалжыңдады Серік. Қалжың қалжыңмен, жақсылап дайындалу керек. Совхоз коллективіне бұл үлкен бір ой саларлық дүние болғалы тұр меніңше. Ешбір боямасыз, біз де барды бардай, жоқты жоқтай айтайық.
Айтпақшы, деді сөзге араласқан совхоз директоры, — жерлесіміз Амангелді Бекбаев жазушылар Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметованы ерте келсем қайтеді, — депті.
— Зейнеп Ахметова Бауыржанның келіні емес пе. Әлгі «Шуақты күндерді» жазған сол ғой, деді отырғандардың бірі.
— Мен майдангермін. Бауыржанның өзін көрмесек те ұрпағын көріп қалайық. Келісім беру керек, — деді соғыс ардагері Әбдікәрім Серікбаев.
Аудандық партия комитетінде болған бір әңгімеде «біздің ауылдан шыққан оқығандар көп» деген сөздің мынадай үлкен идеологиялық шараға ойысатынын Серік алғашқыда аса байқай қойған жоқ еді.
— Ал ағайын, «тас түскен жеріне ауыр», ендігі әңгіме бізде.
2. Азаматына қарап, ауылын таны
Июль айының орта кезі. Совхоздың жаңадан салынған «кафесі». Алматыдан келгендер айналасына таңырқай қарайды. Астанадағы әдемі кафелерден ешбір кемдігі жоқ. Бүгінгі заманғы «Бар» дегені де бар, музыкасы да ойнап тұр. Мұнда соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесу болмақ. Ауылдың кешегі тарихы, ары олар. Кафе көп кешікпей келгендерге лық толды. Кездесуді Сарқан аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі секретары Перелевская Любовь Борисовна ашты.
— Бүгінгі бас қосуды «қымыз басындағы қызықты әңгіме» десек те болар. Алдарыңызда осы совхоздан әр жылдары түлеп ұшқан өз балаларыңыз. Олардың не істеп жүргенін біз білейік, біздің не істеп жатқанымызды олар білсін. Келіндеріңіз де келіп қапты. Көбіңіз көріп жүрсеңіздер де, келген жолдастарды таныстыру үшін сөз осылардың көбінің ұстазы, соғыс әрі еңбек ардагері Тоқбура Ахметовке беріледі.
Тоқбура Ахметов: Мен қатты толқып тұрмын. Осы келген азаматтардың сәби шақтары, мектепте оқып жүрген кездері менің көз алдымда өтіп еді. Алды осындағы мектептен соғыстың сонау ауыр жылдарында оқыды. Қазір бірі жазушы, бірі ғалым. Қандай ғанибет. Ұстаз бақыты — ұрпағында демекші, бұларды бүгінгі дәрежесінде кергеніме қатты тебіреніп тұрмын. Дауысымда да діріл бар ма, қалай. Дегенмен, келген түлектермен таныстырайын.
Тоқбура маған қарады. Мосқал тартқанмен, дауысында — сол баяғыда біздерге сабақ беріп жүргендегі өрлік, қадап - қадап, нық - нық сөйлеп тұр. Майданнан бір аяғынан ақсап балдақпен келіп, бізге математикадан сабақ берген еді. Осы кісіге қарап, көбіміздің математик болғымыз келетін. Содан педагогика институтының математика факультетін сырттай оқып бітірді. Бұл күнде бес-алты баланың әкесі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, «ата» деген атқа да ие болған. Алпыстың алтау да ие болған. Алпыстың алтау келсе де, ұстаздықтан қол үзгеніне бір жыл ғана болыпты. Аяулы ұстазды мектеп те көпке дейін жібергісі келмейді ғой.
Ұстазым ғана емес, мына отырған қарттардың басым көпшілігі маған таныс. «Ызғар» романындағы жастық осылардың жастық шағы, бейнет осылардың бейнеті болатын. Басты кейіпкер Нәшеннің баласы Мұқажан да қарттар қатарына қосылып қапты. Әне ол да отыр. Көз алдыма осы ауылдың болат тірегі сияқты болған Нәшекең елестеді. Бірақ ол қазір бұл дүниеде жоқ. Еркектен Нәшекең, әйелден Теңге маған сол бір жастық шақта қартаймайтын, оларды кәрілік ала алмайтындай көрінуші еді. Соғыс жылдары шындаған майыспас емендей елестейтін. Теңге де міне сексенге келген. Ауыл түлектерімен жүздесуге ол да жетіпті.
Біраз уақыт бұл маңда болмағаныма қысылғандай. Қат-қабат жұмыс, үш мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайлаған халық сенімі басқа жерлерде көбірек болуға, аманат атты жүкті адал арқалауға мегзеп, туған ауылдан жырақтау ұстапты. Мынау шақырудың бағасы мен үшін арта түскендей. Соғыс жылдары қайыспаған емендердің мәуелі бұтағын көрудің, олардың тірісі мен жүздесудің сәті түсіпті. Ұстазымның жаңағы қарасы маған соны аңғардың ба дегендей.
— Сөзімді одан әрі жалғайын, — деді Тоқаң біраз тебіреніп алғаннан кейін. Келініміз Орынша Қарабалинаның ұстаздық жазбаларымен де таныспыз. Амангелді Бекбаев — техника ғылымының кандидаты, доцент, технология институтының автоматика және есептеу техникасы кафедрасының меңгерушісі, ол үйдегі келініміз Зәуре Сариева Алматы медицина институтының доценті, медицина кандидаты, Хұсайын Рсалдинов - филология ғылымының кандидаты, Алматы шет тілдері институтының кафедра меңгерушісі, доцент, Болат Болсамбеков — экономика ғылымының кандидаты, Алматы Жоғары партия мектебінің доценті, ол үйдегі келініміз Күләш Болсамбекова С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде істейді, химия ғылымының кандидаты, доцент, төрт ғылым кандидаты Болат Ысқақбаев, Тұрсын Сыдықов, Өркенбек Құрманғалиев, Тілеуқажы Ғалиев, профессорымыз — Ақтөбе педагогика институтының ректоры Мұхтар Арынов жұмыс бабымен келе алмай қалыпты. Ал енді менің жыға танымай отырғаным — Сәкен Дәрженов, тарих ғылымының докторы, профессор. Бақытжан мен Зейнепті де жерлесіміз деуге толық хақымыз бар. «Ызғар» романы Бақытжанның аудармасы арқылы орыс қауымына жетті. Олардың арнайы келуі бұл кездесуімізге ажар беріп тұр деп айтар едім.
Сәкен Дәрженов: Құрметті ағайындар, жаңа Тоқаңның мені жыға танымаймын дегені дұрыс. Мен төрт жасқа толмастан әкем осы өңірден майданға кетіп, содан қайтпай қалыпты. Шешемнің соғыс жылдары көрмегені жоқ. Ақыры Қырғызстаннан бір-ақ шықтық. Сонда оқып, сонда тәрбиелендім. 27 жасымда ғылым кандидаты, 32 жасымда ғылым докторы болдым. Қырғыз ағайындарға ол тәрбиесі үшін мың да бір рахмет. Бірақ туған жер сағындырып тартты да тұрды. Ақыры жетпісінші жылдары өз республикама келдім. Жаңа далада қарттармен әңгімелескенде қатты тебірендім. Ақсақалдардың біразы менің әкем Базылбайды, атам Құттыбайды білетін болып шықты. Олардың туып, өскен жері, басқан топырағы осы Сарқан, Бөрлітөбе өңірі. Мен тарихшымын. Тарих деген ұрпақтар жалғасы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі кездесудің үлкен мәні бар. Аудандық партия комитеті өте дұрыс ойлап, тапқан. Бүгінгі бас қосудың мына біздер — шеттеу жүргендер үшін мәнісі тіпті баға жеткісіз. Тамыры солған ағаш алма бермейді. Ал бізге мәуелі бақ керек.
Осы бір ой ұрпақтар сабақтастығына, бүгінгі жастар тәрбиесіне, жастар үшін ақсақалдардың жауапкершілігіне ойысты.
Хұсайын Рсалдинов: Мен жоғарғы оқу орнында істеймін. Әр жақтан, әр мектептен келген жастармен кездесеміз. Олардың біліміне баға қоямыз. Баға қоя алмайтын бір көрсеткіш бар. Ол адамның парасаты. Ал парасат бесіктен бала-бақшадан, мектептен қалыптасады. Сіздер еңбектің процентімен, біздер үлгерімнің процентімен жүре берсек, еш процентке сыймайтын адамгершілік, рухани байлық дегенді естен шығарып алуымыз мүмкін. Ол байлықты мына сіздерге қарап, мына біздерге қарап анықтайды. Ауылға келе жатқанда, мені осы бір ойлар көп мазалады. Бар процентті жасайтын басты көрсеткіш — адамдыққа қылау жуытпағанға не жетсін. Егер ауыл еңбекқор ма, қарттары қартша, жастары жас сұлу мінез көрсете ме, болмаса тентегі көп, тегін табысқа бейім, ауырдың үстін, жеңілдің астын қалай ма, қит етсе, «домалақ арызға» үйір ме, ұйыған татулықтан гөрі ұрыс-жанжалға әуес пе — осының бәрі сол көрсеткішке келіп тірейді. Ауылына қарап адамын таны деген сөз бекер айтылмаған. Өзіміз де ойланып, өздеріңізге де сол қырдан көз тастауға келдік.
Яков Артемович Левченко: Бұл жиын мені қатты қызықтырып отыр. Мазмұны жағынан ешбір жиналысқа ұқсамайтын бас қосу ма деп тұрмын. Көкөзек МТС - і болғаннан бері осы өңірдің өмірі, адамдары көз алдымда. Мына Амангелді мен Хұсайынды бала кездерінен білем. Біздер механизатор болып дүрілдеп жүргенде бұлар мектеп оқушылары еді. Енді ғылымның жалынан мықтап ұстапты. Сендердің қатарларың үлкен адам кездессе, қалпағын алып, сәлем бермей өтпеуші еді. Өзіміз солай тәрбиелеп алдық па, қазіргі жастар сол сәлем беру жағына жоқ-ау. Мына бізге, кәрілерге енді не керек, «ата, амансыз б?а» десе, соған семіріп қаламыз ғой. Өздеріңнің әрі сәлем бере келдік дегендеріңе, әрі бүгінгідей салиқалы әңгімелеріңе қатты өсіп отырмын. Қарттарға ұрпағының өскенін көруден артық бақыт жоқ. Сонымен бірге сол қарттықтың жауапкершілігі бар екенін ұмытпасақ болар еді.
Жұмағали Әбішев: Сөзді сөз, ойды ой қозғайды. Яков Артемович, сен өте құнды пікір айттың. Бұрын ауылда ақсақалдардың жүріс-тұрысына жастар қараса, жастардың әр қадамын ақсақалдар да қалт жібермейтін. Содан барып ауыл абыройы, ауыл даңқы құралатын. Қарттары шебер жерде ұсталық, әдемі шана жасау, қарттары бапкер жерде ат ұстау, ат жарату, қарттары бағбан жерде ағаш егу, алма өсіру өріс алушы еді. Осында анау Ерғалидың Қанабегі отыр. Әкесі айтары жоқ жылқышы еді, өзі де сол мамандықты қуды. Бүгін мына өзіміз қатарлы пенсионер. Бірақ бір үлкен өнердің ұясын ұстаған әулет. Осындай дәстүрлерді дамытуда біздің ақсақалдық жауапкершілігіміз жеткілікті болып жүр ме? Мына бүгінгі әңгіме маған осындай ой салып тұр.
Бұрынғы шалдардың «сақалымнан ұяламын» деген сөздерін жиі естуші едім. Ол қарап отырсаң, өзіне өзі ұдайы есеп беруі екен ғой. Сондай дәстүрлер ешбір заңсыз - ақ, бұйрықсыз - ақ, жиналыссыз - ақ ықпал етіп жатушы еді. Шалыс басқандарды шалдардың өзі-ақ жөнге салатын. Бірақ ол үшін өздері мінсіз жүретін. Мұны қарттықтың бұлжымас заңы деп есептейтін. Ал бұл күнде кейбір шалдардың өзі «ақаңды» қағып жібереді. Арақ жүрген жерде жақсы ой да келмейді, жақсы өнеге де ұсталмайды. Яков «қарттықтың жауапкершілігі бар екенін ұмытпасақ болар еді» дегені осындай ойлармен сабақтасып жатыр ма деймін.
Қыза-қыза әңгімеге келіндер де араласып кетті. Бүгінгі ата-ананың бала тәрбиесі жөніндегі жауапкершілікті мектепке аударып салып, өздерін бұл міндеттен тыс ұстағысы келетіні бір ұдай сөз болды. Семья — мектеп — еңбек! Тәрбиенің осынау үш тағанын бір -бірінен ажыратуға болмайтыны біраз пікір туғызды. Әңгіменің арнасын Әбдібаев Мұқатай қарт оқыс сұрағымен өзекті бір мәселеге бұрды.
— Өз түлектерімізден білгім келетін бір жай бар. Осы қазақ мектебін бітіргендер көр бола ма? Жұрт балаларын орысша оқытуға әуес болып барады.
— Оған жауап осы отырған түлектеріміздің өзі, — деді Тоқбура Ахметов. — Бәрі де осында мектепті қазақша бітірген. Орысшаларының да ешкімнен кем емес екеніне күмәнім жоқ. Бәрі адамына, оның алға қойған мақсатына, сол мақсатты орындау жолындағы табандылығына байланысты. Табанды ететін тағаны соғатын мына біздер.
— Әншейінде зорлап сөйлете алмаушы едік. Мына қарттарымыздың тілінің тиегі ағытылды - ау өзі, — деді совхоз директоры аудандық партия комитетінің секретарына.
— Жақсы әңгіме жан жадыратады. Жадыраған жанда айтар сыр көп болады екен, — Любовь Борисовна өзі де ойға қалып. — Бүгінгі кездесуде көбімізді мезі қылған қара дүрсіндік жоқ қой. Сол себепті де тілдің тиегі ағытылып тұр.
Тілден өзек тартқан сыр біразға созылды. Алматыдан келгендерден бұл мәселеге ат қоспағаны жоқ. Ана тілін білу ардың ісі екені, қос тілді білудің ғаламат күші, көп тілді білгеннің көкірегі кең, парасаты жоғары болатыны, тіл ұстартудағы ұшқан ұяның, ұстаздардың көтерер жүгі жайлы ойлар бірін бірі толықтырып жатты.
3. Жаңарудың жақсы нышандары
Күндізгі әңгіме қарттардың жас ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілігі жайлы болса, кешкі әңгіме жастардың заман жүгін лайықты көтеруіне, қайта құрудың қадамын шапшаңдатуға ойысты. Бес жүзге тарта орны бар Мәдениет үйінің үлкен залына келген жұрт сыймай, екі бүйірден ашылған есіктен көп адамның сыртта тұрғаны байқалды.
Алматыдан келгендер кешкі бас қосуға дейін Черкасс қорғанысының мемориалын көріп қайтқан-ды. Бүгінгі бақытты өмір үшін жанкешті ерлік көрсеткен бабалар аруағының алдында бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Еліміздің тарихы үшін бұл ерлік қандай биік болса, ескерткіш - мемориалдың қойылған жері де сондай биік, әрі өте ойлы жасалған, қорғаныстың үш кезеңі сәулет тілімен сәтті бедерін тапқан екен. Сарқан ауданына келгендер бұл қасиетті орынға соқпай кетпейді.
Кешкі кездесу тізгінін қолға алған аудандық партия комитетінің бірінші секретары Георгий Павлович Сумин қайта құруға қосып жатқан үлесіне қысқаша тоқталды. 1988 жылды аудан еңбекшілері жақсы аяқтаған. Астық сату жөніндегі бесжылдықтың үш жылының жоспары 133,7 процент, сүттен - 105,4 процент, овощтан — 109,3 процент, картоптан — 122,6 процент орындалыпты. «Тұрғын үй — 91» программасының аяқ алысы да ойдағыдай. 1988 жылы тапсырмада белгіленген 8,632 шаршы метрдің орнына 13,728 шаршы метрлік жайлы пәтерлер салынған. Селолық жерлерде тұрғын үй салу жоспары 185 процент орындалған.
— Кездесу өтіп отырған «Бақалы» совхозы негізінен қызылша өсіруге мамандандырылған, — деді Сумин жолдас одан әрі. - Өткен жылы совхоз коллективі мемлекетке қызылша өткізудің жоспарын 121 процент орындап, озат қызылшашылар әр гектардан 360 центнерден 472 центнерге дейін өнім алды. Мұндай көрсеткіш республикада сиреп барады.
Біздің мақсат жерлестерімізге табыстарымызды айтып, мақтану емес, — деді одан әрі бірінші секретарь, кемшіліктеріміз әлі кеп. Соны жою жолындағы адам факторының шешуші ролін ескере отырып, бүгінгі рухани түлеу бағытындағы ойларыңызды тыңдағымыз келеді. Адам жаңармайынша, оның ойлау машығында қайта құру талабына сай өзгеріс тумайынша ілгері басу қиын. Осы ретте бұл кездесудің, сіздердің творчестволық есептеріңіздің септігі тисе, ол сіздерге де, бізге де ортақ қуаныш.
Кешкі сырласудың ауыр салмағы осы жолдардың авторына, жазушылар Бақытжан Момышұлына, Зейнеп Ахметоваға, ғалым Амангелді Бекбаевтың үлесіне тиді. Ұрпақтардың сабақтастығы, жақсы дәстүрлерді жалғастырудың қартқа да, жасқа да зор аманат екені, үлкен Отанға деген сүйіспеншіліктің әркімнің өз ошағына, өз ауылына деген ыстық ықыластан, ынталы еңбектен көрінетіні, әр ұрпақтың үлкен қасиеті сол ұрпақ өмір сүріп отырған дәуірдің, кезеңнің жауапкершілігін түсінуден байқалатыны, мейірім, қайырым дегеннің таптырмас қазына екені, қайырымның баланың — атаға, келіннің — енеге, коллективтің — өз коллективіне деген кіршіксіз қатынасынан көрінетіні, осы қатынастарда сұлулықтың жату керектігі, ата-баба дәстүрінің сұлулығы, бүгінгі зиялы жандар мінезінің сұлулығы болуға тиістігі, соның бәрі құралып, бүгінгі заман келбетін, бүгінгі адам келбетін құрайтыны тебірене айтылды.
Пікір алысқандар осы совхоздың өз өмірінен жарқын мысалдар келтірді. Звено жетекшісі Қанат Тұңғышбаевты алыңыз. Әр гектардан 472 центнер қызылша алған өткен жылғы рекордтық көрсеткіш осыныкі. Еңбекке бұлайша көзқарастың төркініне үңіліп көрейік. Қанат — ұстаз семьясынан шыққан алты баланың бірі. Үлкен ағасы Саят — М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында белгілі артист. Әпкесі Сәуле екеуі қызылшашы, ал Жанат болса, Москвада құрылыс институтын бітіріп, сонда құрылысшы -инженер болып қалды. Марат халыққа қызмет ету саласында жұмыс істейді, Мұрат ұлы мәртебелі жүмысшы табының ортасынан орын тепті. Бұлардың әкесі Мереке мен шешесі Түскен ғұмыр бойы адал енбекке табынуды семьяда берік салт етіп ұстаған жандар. Әкесі марқұмның қайтыс болар алдында айтқан бір сөзі балаларының әлі көкейінде.
— Маған қойған үлкен ескерткіштерің, еңбекпен алған абыройларын болсын, — депті.
Анасы Түскен бұл сөзді қайталаудан жалықпайды, бұл күнде оны немерелерінің құлағына құюда, әрі айналадағы сол абырой иелерін пір тұтып, әрі балаларына да пір тұттырады. Содан да болар, Қанаттың өз қолымен салған үйі бұл совхоздағы сәулетті жайлардың бірі. Оның есік-терезесін жасау, бөлмелерін әдемілеу, жылу трубаларын жүргізу, тіпті әр бөлмеге қаладағыдай люстра қондыру Қанат үшін ысылу мектебі іспетті болыпты. Бармағынан бал тамғанның өзі дегенге тұрғандай. Түздегі қызылшаға да осындай ықыласпен қараған соң, ол да жайқалып өскен.
— Қайта құрудың нағыз қаһарманы, — дейді Қанат жайлы совхоз директоры Азамат Сәрсенбаев. — Соның өнегесінің өзімен талай озаттарды тәрбиелеп отырмыз. Тілеубай Абдолдин, Сағатқали Қалденов, Хұсайын Мағазов, Бәдігүл Қаймолдина, Қаламқас Кәдікова, Сәуле Абдуллина, Оңдалсын Мұқанова секілді қызылшашылар жөнінде көп жайды айтуға болар еді. Әрқайсысының өзіндік бір сыр сандығы бар. Ырғалбек Құрманбеков сияқты шопанның, Тұрсынбай Кәдіков секілді жүгерішінің табыстары өз алдына бір төбе.
Жалпы, Сарқан өңіріне «құдайдың оң көзі» түскен сияқты. Басты байлық — жер мұнда құнарлы, күн шуақты. Береке басы — су да жеткілікті. Тек бір ауданның үстінен үлкен Басқан, кіші Басқан, Лепсі, Тентек — төрт өзен етеді. Табиғат берген осы байлықтарға адамның аялы алақаны қосылса, Еңбек деген құдіреттің мейірі төгілсе, жетіп жатыр.
Ауданның бірінші жетекшісінің де, колхоз, совхоз басшыларының да бүгінгі арманы осы. Бес-алты озаттың көлеңкесінде жүрмей, жаппай жаңа белеске көтерілсек дейді олар. Қайта құру әкелген жақсы нышандарды көптің игілігіне айналдыруға ынтық. Ең үлкен нышан деп сарқандық халықтың серпілуін, жасқанбай, жасырмай кемшілікті айтуын, бүгінгі қол жеткенді аласа санауын, ол сыни көзқараста ілгері ұмтылу, жаңаша ойлау, жаңаша жұмыс істеу ниетінің барлығын айтады.
Көркемөнерпаздардың күшімен берілген кешкі концерт те бұл түйінді бекіте түскендей болды. Ауданда олардың 96 үйірмесі, талапкерлердің 26 бірлестігі мен клубы, 23 үгіт бригадасы бар екен, мына өнер көрсеткендер солардың бір ғана тобы. Фольклорлық -этнографиялық ансамбль, бишілер тобы, әншілер, орыс хоры, «Бабули» ансамблі деп, бірінен соң бірі суырылып шықты.
— Осы бір ансамбльді құруымыз әжелерді ширатып жіберді, — дейді Сумин жолдас. — Олардан тәртіпті ешкім жоқ. Концерттерге дайындықты ешқашан қаза жібермейді.
Жас жүргізушілер Қарлығаш Әбдібаева мен Әлия Құрманғалиева жиналғандарды дән риза етті. Жүргізуші ғана емес, әнді де әдемі орындайды екен. Әлия сол «Бақалы» совхозының орталығындағы емхананың дәрігері болып шықты. Үзіліс кезінде Әлия Алматыдағы медицина институтының доценті Зәуре Сариева ұстазымен құшақтасып көрісті.
— Сен өнеріңді жақсы дамытқан екенсің, Әлия, — деді ұстазы.
— Ауыл көркі біз, жастар емеспіз бе, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға уақыт табуға тұра келеді. Өзіңнің де рухани толысуыңа үлкен жәрдемі бар. Ағалардың творчестволық есебіне тартқан сыйымыз бұл. Концерт ұнады ма?
— Ұнағанда қандай! — деді Зәуре. — Талай жақсы нышандарды көріп, толқып тұрмыз.
4. «Макеткөлге» барасыздар
Творчестволық есеп өзінің шырқау деңгейіне Антоновка селосында жетті десе де болғандай. Бұл село Орта Азиядан шығып, Батыс Сібір мен Қытайға өтетін көне керуен жолындағы бір кездегі бекет еді. Ежелгі оның аты Қойлық болатын. Черкасс қорғанысы кезінде партизандардың оқ-дәрі қоймасы, қару шеберханасы осында орналасқан. Оның тұрғындары сол бір ұмтылмас шайқастың қақ ортасында жүрген. Мұндағы Ұлы Отан соғысының ерлеріне салынған ескерткіштің де өз алдына шертер сыры көп. Осы арадан майданға 1418 адам аттанса, соның 714-і туған ошағына оралмаған. Ескерткішке қайтпағандардың аты-жөні қашап жазылыпты. Есімі ел жадында қалған ерлерге жерлестері тағзым етті. Соғыс кезіндегі бірнеше ұсақ шаруашылық қосыла келе В.И.Ленин атындағы колхозды құраған.
Әдемі Мәдениет үйіндегі кітапхананың кең залы. Мұндағы ұсын нақтылықпен, білгірлікпен қойылған кітап сөрелеріне, колхоздың жетістіктерін насихаттайтын диаграммаларға көптеген аудандық, облыстық кітапханалар қызыға қарай алады. Халықты баурайтын әдемі тәрбие орны екені бірден көрініп тұр.
Жалпы экономика ғылымының жайы, бұл салада өзінің істеп жүрген жұмыстары жөнінде айтқан Болат Болсамбековке сұрақтар жауып кетті. Оны берушілердің СССР Халық депутаттары съезін, СССР Жоғарғы Советінің сессиясын телевизордан жібермей көріп, отыратыны айқын сезілді. Сұрақтары қисынды да терең. Экономистердің бүгінгі ісіне көңілдері толмайтынын бірден айтып салды. Әрі сөздерінде ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына деген үлкен алаңдаушылық жатты.
Сәкен Дорженовтың атеистік тәрбиенің міндеттері, дінге деген гуманистік көзқарастың шын мәнінде орныға бастағаны туралы әңгімесі отырғандарға көп ой салды.
Жастарға білім берудің бүгінгі міндеттері жайлы айтқан Хұсайын Рсалдинов пен Амангелді Бекбаевтың сөздерін жұрт ықыластана тыңдады. Әсіресе Амангелдінің тамақ өнеркәсібіндегі компьютердің, оның бұл саладағы технологияны жаңартудағы рөлі жайлы әңгімесі қызықты болды. Өндірістегі компьютер, тұрмыстағы компьютер, бүгінгі таңда оны мектептегі оқу программасына енгізудің практикалық жолдары, Жапонияның дүние жүзінде неліктен күрт ілгері басып кеткені, бұл саланың ондағы жайы — бәрі-бәрі сырласу тұрғысында отырғандарға көп ой салды.
Қазақ әдебиетінің бүгінгі жайы, соңғы жылдары Одақ көлемінде шығып жатқан іргелі шығармалар туралы жазушыларға қойылған сұрақтар село оқырмандарының биік өресін танытты.
— Мен өзімнің ауылдастарымды, колхозшыларымды басқа қырынан көріп отырмын, — деді колхоз председателі Болат Нәбиұлы Мәкетов. Мұнда шаруашылықты басқарғаныма он бір жылдан асты, мұндай кездесу, шынымды айтсам, болған жоқ. Бұл кездесудің идеясы басына келген адамға рахмет. Бір-бірімізге деген рухани сынақ, бір-бірімізді рухани толыстыру ғой бұл. Мен өзі ептеп өлең жазатын адаммын. Жүрегімнің пернелері қазір тіпті күй шертіп тұр.
Болат Мәкетов өзінің ғана емес, өзгенің де жүрегіне күй шерттіре алатын адам екен. Бірнеше жыл шопан, көптеген уақыт бойы механизатор болып істеген. Әкесі майданнан қайтпай қалған жетім бала өмірдің небір қыспағынан, қиын жолдарынан өткен. Орта білімді кешкі мектепте, жоғары білімді сырттай оқып алған. Ауыл шаруашылығының қазанында қайнап өскендігі әрбір сөзінен аңғарылады. Ақындығына қоса, әдемі әңгімешілдігі келгендердің бәріне ұнады. Ең алдымен еңбек адамдарына көңіл бөлетін, олардың бабын таба білетін қасиеті қайта құруға дейін де қалыптасып еді, енді тіпті алуан қырлана түскен сияқты. Ұтымды сөйлеу, бетің бар, жүзің бар демей айтып тастау ана сүтімен келген сапаға ұқсайды.
Бірде жоғарыдан болған жиі тексеру колхозшылардың да, өзінің де мазасын алса керек. Сонда облыстың жиынның мінбесінен айтқан мына сөзі жұрт арасында аңыз боп кеткен.
— Осы көп тексерудің пайдасы өте зор болып тұр. Әуелі қойларымыз да тәртіпке үйрене бастады. Екі «уазик» машинасының басы қосыла қалса, олар тізіліп, кезекке тұра бастайды. Өйткені тағы да саналуы керек екенін жақсы біледі.
Әсіресе қойшы қауым осы бір уытты сөзді сүйсіне айтады. Бұл колхоздың шопандары колхоз басқармасы тарапынан болып жататын қамқорлыққа дон риза. Әрбір көктем сайын өздеріне келетін «Мәкетовтың жолдамасын» асыра күтеді. Председательдің жүрегінен шыққан бір шумақ өлең олар үшін бір жылға рухани азық сияқты. Міне соның бірі:
Қазақта кім білмейді Елеместі,
Салады еңбек десе ерегесті.
Атақты Куләштайлар, Мариялар,
Жанында Елеместің тук емес-ті.
Күләштай, Мария — облысқа белгілі шопандар. Солармен теңестіріп, қарапайым еңбек адамын, өз шопанын бір көтеріп тастаған. Елемес Жұмағұлов — бұл колхоздағы озат шопан. Тұрмысы жақсы, балаларымен түн ұйқысын төрт бөліп, қоғамдық мал десе, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүреді. Бір «Волга», екі «Жигулиі» бар. Сатып алған, сыйлыққа алған. Председательдің дем берер, бұлардың еңбегін ерекше қастерлейтін өлеңдері олар үшін бұл байлықтың бәрінен де қымбат.
Жылы сөздер ұмтылдырар өрге тек,
Жылы сөзде жүрек тербер перне көп.
Жылы сөзбен қопарасың тауды да,
Жылы сөйле, жағымды бол елге тек.
Бұл шумақ, Болат Мәкетовтың өзінің өмірлік позициясын аңғартқандай.
— Бұл кісі өлеңімен де өрге сүйреп, қалжыңымен де қағытып, қамқорлығымен де тебірентіп жіберетін адам. Осыдан біраз жыл бұрын колхозда шофер болып істедім. Бір күні жүк машинамды от алдыра алмай, қатты қиналып жатқам.
— Ей, бала, — деді колхоз председатель - Сен тым шолжаңдау екенсің. Шоферлік саған көл емес. Шофер деген апай төсті, алып денелі болуы керек. Сен оқуға бар, — деді. Қалжыңы екен деп жүргем. Жоқ, шыны болып шықты. Жоғары білім алу үшін тездеп институтқа тартып отырдым. Бітірген соң қайтып келдім, тиісті қызметін берді. Қамқорлығы үшін аянғам жоқ. Қазір колхоз председателінің орынбасарымын. Міне, бұл кісінің стилі осындай.
- «Мәкеткөлге» барасыңдар, - дегенде, «бұл не қылған көл» деп жұрт таңырқап қалған-ды. Сөйтсе, ол да осы колхоз председателінің оқыс бір идеясының нәтижесі екен. Бір кездегі уезд орталығы болған Лепсі бекетінің төменгі жағында, жайлаудың әдемі жерінде бірнеше бұлақтардың босқа ағып жатқаны Болатқа ой салады. Бөгет жасап, сол суларды неге жинамасқа, неге таудың мөлдір суынан көл жасамасқа? Ойға алғанын орындамай тынбайтын әдетімен бұл жолы да қызу кірісіп кеткен. Дүркіреп жұмыс жүріп берген. Мұны бос әуре санағандар да болмай қоймапты.
Бұл күнде жайлаудың көз жауын алатын әдемі бір жерінде тұп-тұнық көл. Шоршып форельдер жүзіп жүр. Тізіліп «Туған жер» атты қайықтар тұр. Арнаулы үйде көл жағасында демалғысы келетіндерге қызмет көрсететін адамдар бар.
Мәкетов жасатқандықтан оны халық «Мәкеткөл» атандырып жіберген. Жуырда колхоз председателі мұнда ардагерлерді арнайы алып келіп демалдырған. Олар екі күн бойы қайықпен жүзіп, қармақ салып мөлдір тұнық ауамен демалып, рахаттанып қайтқан.
Бұл колхозда барлық салада жұмысшы күші жетеді, олардың орта жасы — 45. Жастар ауылын тастап кетіп жатқан жоқ. Бүгінгі жобамен салынған орта мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, кітапхана, өлкетану музейі, тұрмыстық комбинат, сауда орталығы — бәрі-бәрі сайма-сай. Өзіміз айтып жүрген әлеуметтік бағдар, әлеуметтік жағдай деген осы. Әрине, мұның бәрі бір күнде тұра қалған жоқ.
— Мәкетовтың халық қамын қатты ойлайтын қасиеті бізге өте ұнайды, — дейді осындағы еңбек және соғыс ардагерлері Советінің председателі Ващенко Борис Васильевич. —Мына біздер колхоз өмірінен өзімізді ешқашан тысқары санамаймыз. Қартайған шағымызда жігер беретіні де сол. Көбіміздің үйімізге телефон орнатылды. Колхозшыларда бұрын небәрі 15 телефон бар еді, қазір 100-ден асты. Қамқорлыққа қалай жауап беруіміз керек? Адамдарды осы ойдың төңірегінде ұйыстырса, ұтымды ұйымдастыру деген сол емес пе. Қайта құрудың да қажет етіп отырғаны сол ғой.
Иә, көпті көрген қарттың бұл сөзінде ризашылық та, алдағы күнге деген зор үміт те жатыр.
Антоновкадан, В.И.Ленин атындағы колхоздың әсем жайлауынан аттанғанда, творчестволық есеппен келгендер творчестволық нәр де алып қайтты. Олардың құлағында күні бүгінге дейін әнші десе әнші, күйші десе күйші Әбдікәрім Кішкенебаевтың үні тұр. Ол Болат Мәкетовтың «Сарқаным менің, Сарқаным», «Туған жер, түтінің де ыстық сенің» деген термелерін сан мәрте құйқылжыта орындаған еді. Домбыраның шанағынан да, оның өзінің үнінен де осынау өңірді сағындыратын да, ондағы қарапайым адамдардың қасиеттеріне табындыратын да сезім төгіліп тұрғандай еді. Бар ұрпақты осындай сезімнің тұтастырғанына не жетсін!
ОЙЛАР
ҰСТАЗ ТҰЛҒАСЫ
Адамға биязылық, әдептілік жарасқан. Біреудің босағасын аттарда бойыңды ыңғайсыздық билейді, қысыласың. Қалай қарсы алады, кім шығады алдыңнан? Күндегі үйреншікті тіршілікте, тіпті көрші мен көршінің арасындағы қарым-қатынастарда осылай болады.
Ал мектеп босағасын аттарда ше? Жоқ, олай емес. Сен еркінсің, сен қысылмайсың, ынтыға келесің бұл босағаға. Өйткені саған өмір есігін айқара ашатын адам бар онда. Сол адам бүкіл ғұмырында бөлекше ыстық. Есейіп ержетсең де, мәртебең қанша өссе де, ол адамның алдында аласасың, кішісің, баласың. Адамдар көкірегінде ғұмыр бойы осылайша құрметке бөленген, өмір бойы пір тұтар бір жан болады. Ол — ұстаз!
Мектеп — ұрпақ — ұстаз! Осы ұғымдар бір-бірімен біріккен, тұтасқан. Мектеп — алтын бесік, ұрпақ — коғам болашағы, ұстаз — соны даярлаушы. Болашақты даярлаушы! Болашаққа артар үмітті ең алдымен ұстаздарға артамыз. Әр семья әзінің ардақты асылы, тәтті үміті - сәбиін, қоғамда ең сенімді тірегі — болашақ құрылысшыларын ұстаз қолына береді, ақаусыз азамат шығарады деп сенеді.
Ұстаз парызы — үлкен парыз. Ал бүгінгі ұрпаққа ұстаз болу тіптен жауапты. Бір кезде біздер таң қалған, тамсанған, арман еткен, дүние ендігі ұрпаққа үйреншікті боп кетті. Бүгінгі бала үшін телевизор күнде көріп жүрген жай нәрсесі, «ТУ-І04» самолеті шыға сала міне шабатын белдеуде тұрған аты секілді, космосқа ұшу да енді таң болмай қалды.
Осы ғажайып өзгерістің бәрі қазіргі ұрпақтың көз алдында өтіп жатыр. Ол өмір сүріп отырған қоғам — жасампаз қоғам. Балаға қазір жақсы не, жаман не екенін үйретіп қою жеткіліксіз. Оны сәбилер балалар бақшасынан - ақ біліп шығады. Сауат ашуды «А» әрпін үйретуден, есеп шығаруды «2+2=4» - тен бастау бәрімізге үйреншікті.
Бұл жылда қайталанады. Сырт қарағанда бір жылдың бір жылға ұқсас сияқты. Кейбір мұғалімдер де солай деп ұғады. Осы жай кейде бізді адастырады. Кешегі бала мен бүгінгі баланың арасындағы айырмашылықты елетпейді.
Ал шын мәнінде, әр жылғы ұрпақтың рухани танысына үңілсек, мүлде басқаша. Бүгінгі оқушыларды бұдан он жыл бұрынғы оқушылармен салыстыруға болмайды. Бүгінгінің талабы да зор, талғамы да күшті. Өйткені олардың өресін өмір кеңейтіп отыр. Мұны ескермеген ұстаз ақау жібереді, ұрпақ бойына шақ білім бере алмайды.
Мұғалімге де творчестволық өсу қажет. Өмір талабына оның өресі сай келмесе қиын. Сағатын ғана санап, қара басының қауызында ғана жүретін адам бүгінгі күннің мұғалімі емес. Баланы асқақ азаматтыққа, арлы болуға кім баулиды? Өзі сондай мұғалім ғана.
Баланы шыншылдыққа, өлкесін, өңірін, Отанын сүюге кім үйретеді? Бойында сондай қасиеттер бар мұғалім ғана.
Баланы арманшылдыққа, табандылыққа кім жетектейді? Өзі арманшыл, өзі табанды мұғалім ғана. Оқушы білімін отанның берік сенімділігіне кім айналдырады? Отан мұраттарына өзі сенген, сол жолда өзін күрескер деп есептейтін мұғалім ғана.
Сонда ол ағартушы, сауаттандырушы ғана емес, жаңа тұрпатты қоғам мүшесін шындаушы, осы жолда емшек сүтінен кейінгі жауапкершілікті өзіне алушы. Мұғалім еңбегі қойған баға — үлгеріммен ғана өлшенбесе керек. Ешбір мәліметке жазылмайтын, ешбір статистика көрсете алмас мұғалім еңбегінің қыры бар. Ол — шәкіртінің бойына қандай азаматтық асыл қасиет дарыта алғандығы, рухани нор еккендігі.
Ұстаздың творчестволық тұлға екені осыдан. Педагог мамандығы үшін де талант керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарына да өнер институтына таланттарды тандап алатыны секілді ұстаздық етуге таланты барларды ғана қабылдаса, қандай жақсы болар еді. Сонда қазір жай ғана көшке ілесіп, тәрбиенің көбігін ғана беріп, сөлін дарыта алмай жүргендерге алтын босаға - мектеп есігі жабық болар еді.
Мектеп — азаматтыққа, адамгершілікке баулудың алғашқы баспалдағы. Оқушылар оқу кестесінде көрсетілмеген, әркімге қажет ұлы бір ғылыммен танысуды осыдан бастайды. Ол ғылым бір ғана білім мөлшерімен өлшенбейді, адам бойындағы бүкіл сезім тұтастығынан, қалыптасқан қасиеттер қарасынан көрінеді. Ол — Отанды сүюге, соның лайықты азаматы болып, ыстық махаббатпен еңбек етуге баулу ғылымы.
Тарихшылар Отанның тарихын, тілшілер сол елдің сөйлейтін тілін, географтар табиғатын үйретеді дейік. Бірақ әр педагог, тіпті, ол екі жерде екінің төрт екенін үйрететін болса да, шәкіртінің жүрегіне Отанды сүю сезімін еге білуі керек. Міне, бұл — ұстаз тұлғасын анықтайтын басты көрсеткіш.
Біздің республиканың тек ауылдық жерлерінде ғана 95 мың мұғалім бар. Олардан 1 миллион 630 мың оқушы тәлім алады. Сәл ойланып көрейікші, ұстаздың қолына қаншама адамның тағдыры тапсырылған. Бұлар әр ата-ананың үміті, әр отбасының көзінің ағы мен қарасы.
Ең бастысы — қоғамның ертеңгі болашағы. Ұстаз болашақ үшін күрескер, келешегімізді шындаушы.
АДАМЫНА ҚАРАП, АУЫЛЫН ТАНЫ
Үш жас жігіт дауласып отыр. Үшеуі де институт әне-міне бітірейін деп жүрген ертеңгі мамандар. Сөздерінің төркіні — жолдама алып, жұмысқа барар ауылдарының, ондағы адамдардың жайы.
— Маған ұнайтыны — бұл ауылдан шыққан жақсы адамдар көп. Яғни, өнеге алар жақсы дәстүр бар деген сөз.
— Мен практикада болғанда өз өзіммен көрдім, жаңа келген маманды жас келіншектей әлпештейді екен. Небір бітеу болса да, бұдан соң жұмыс істейді емес пе!
— Құр әлпештегеннен не пайда? Қатаң талап қоятын жерге не жетсін. Талап күшті болса, тез ширайсың. Біздерге шу дегенде талап керек. Кәдімгі тақылдатып отыратын талап.
Бұл әңгіме республикадағы үш таңдаулы шаруашылық жайлы. Бірі — Талдықорған облысындағы XXII партсъезд атындағы колхоз, екіншісі — Алматы облысының Шелек ауданындағы «Шелек» темекі совхозы, үшіншісі — Талғар ауданындағы «Алматы» темекі совхозы. Иә, бұл шаруашылықтар аты әйгілі экономикалық жағынан әлді, мықты шаруашылықтар. Жиындарда да, баспасөз бетінде де мақталып жүр.
Бірақ жаңағы үшеудің таласында бәріміз бірдей әмсе аңғара бермейтін, аса бір қымбат түйін жатыр. Ол жай қағазға түспейді, мәліметте оны көрсететін дүние емес. Көңілге тоқып, жүрекпен ғана ұғатын жай. Ол — жылдар бойы талай ұрпақтың мандайтер, табан етімен қалыптасатын жақсы дәстүр, ауыл дәстүрі. Жастық ұшпа көңілді қызықтырып тұрған ең алдымен сол жай.
Кейбір шалғайдағы елеусіз, шағын елді мекендердің өзінде кісі қызығарлық, қимастық дәстүр болады. Айталық, адамдардың абзалдығы, еңбекке адалдығы, татулығы. Күнделікті өмірде мұның бәрі ол жердегілерге елеусіз, ал шын мәнінде ондай атмосфераның адамдардың бойына құятын асыл нәрі орасан! Ондай жақсы дәстүрлер жылдап оқылған сылдыр лекциялардан, әйтеуір мәлімет үшін өткізетін үгітші әңгімелерінен әлдеқайда әсерлі.
ұлы бір ғылыммен танысуды осыдан бастайды. Ол ғылым бір ғана білім мөлшерімен өлшенбейді, адам бойындағы бүкіл сезім тұтастығынан, қалыптасқан қасиеттер қарасынан көрінеді. Ол — Отанды сүюге, соның лайықты азаматы болып, ыстық махаббатпен еңбек етуге баулу ғылымы.
Сонда осындай абзал дәстүрдің ұйытқысы алғашқыда санаулы ғана адам болады. Олардың бойындағы жақсы табиғи қасиеттер тамыр жаяды, жұртты өзіне тартады. Бара-бара үйіріп әкетеді, өзгелердің бойындағы сұлу мінездермен толығады, толысады. Үлкен өнеге, тәрбие мектебіне айналады. Мұндай мектептің сабағы түсінікті, тәлімі берік. Осы дәстүр — сол ауылдың рухани көркі.
Ал оларды қалыптастыратын кім? Сол ауылдың адамдары, ең алдымен интеллигенция. Село интеллигенттеріне осындай үлкен парыз жүктеледі. «Адамына қарап, ауылын таны» дейді халық. Қазір қай ауылға, селоға бармайық, білімді мұғалім, дәрігер, мал дәрігері, инженер, тағы басқа мамандықтың адамдарын көптеп кездестіреміз. Жақсы дәстүрді жасаушылар, рухани көрік, міне, осылардың қолында.
Сонау бір жылдары Түрген селосы интеллигенциясының бастамасы деген шықты. Олар жаңа адам тәрбиесі, жаңа ауыл мәдениеті туралы игі іс көтеріп, көп жұмыстар жүргізді. Мектеп директоры Сергеев жолдастың төңірегіне принципшіл, кемшілікке төзбейтін абзал жандар топтасты. Оларды колхоз партия ұйымы қолдады. Селоның бүкіл мәдени, рухани өмір тізгінін қолға алды. Діншілдер, бұзақылар, арамтамақтар әлгі адамдардың сыртынан да жүрмейтін болды. Ауыл интеллигенттері өздерінің табанына шоқ басатын күш екенін көрді. Түрген селосы бұл күнде қай жағынан болса да, өнегелі село. Бұл ең алдымен ондағы интеллигенттердің ұйымшылдығының, игі ісінің жемісі.
Жақсы атаулыға шек жоқ. Қаза берсең, таусылмайтын кен секілді. Село интеллигенттері рухани осы кенді іздейтін геолог, іске асыратын инженер болса керек. Жақсы дәстүр де асыл дүние секілді түйірлеп, тамшылап жиналады. Сондықтан оны қастерлеп, қылау жуытпай, кіршіксіз ұстау керек.
Талдықорған облысының «Қапал» астық совхозында өндірістен қол үзбей 40 адам жоғары оқу орнында, 9 адам аспирантурада оқиды. Оның ішінде партком секретары Асылғалы Керейбаев та болды. Совхоздың өзінде ашылған ауыл шаруашылық бөлімдерінің кешкі институтында көптеген еңбеккерлер білімдерін толықтырды. Шаруашылықта осындай білім өріне ұмтылушылардың көптігінен Талдықорған ауыл шаруашылық техникумының сырттан оқытатын бөлімі осында келіп ірге тепті.
Көріп отырсыз, бұл совхоздың азаматтары қандай арманшыл! Алысқа көз тастау, әмір болашағын ілгеріден ойлау, әрбір еңбеккердің бойына сіңісіп келе жатқан асыл қасиет секілді. Білімді адам — саналы адам. Білім өмірдің де, мәдениеттің де өріне сүйрейді. Ең бір сүйсінетін жай: әрбір еңбеккер өз ауылының, өз коллективінің абыройын ардақ тұтады. Қылау түсірмеуге ұмтылады. Жаппай білімге ұмтылудың түпкі төркіні де осындай игі ниетте жатса керек.
«Шелек» темекі совхозының Мәдениет үйінде аса бір аяулы бөлме бар. Ол бөлменің қабырғалары толған портреттер — осы совхоздағы еңбек озаттарының әдемі салынған суреттері. Иә, мұндай суреттер әр жерде - ақ бар емес пе? Еңбек азаматтарының суреттерін құрмет тақтасына ілеміз. Бұл бөлмеде озат қатарға қосылған сайын арнаулы еңбек салтанаты болады. Оған көп адам жиналады. Сурет жұрттың, жаңағы құрмет иесінің көзінше ілінеді. Мұндай минуттың сол азаматқа, оның семьясына етер әсері керемет. Еңбекке деген құрмет күшейіп, жауапкершілік сезімі арта түседі.
Бүгінгі заман талабына сай жақсы дәстүрлерді іздеу, қалыптастыру — игі мәселе, тың мәселе. Мұнымен кең көлемде шұғылданса, нұр үстіне нұр. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында дәл осы мәселеге арналған үлкен жиын болды. Жұрт қандай қарсы алды соны.
Бізге жақсы дәстүр, ауыл мәртебесін көтеретін дәстүр барлық жағынан керек. Еңбектен де, тұрмыстан да, мәдениеттен де, күнделікті ұйымдастыру - бұқаралық жұмыстардан да қажет-ақ. Айталық комсомолдық той болады. Бір кезде пәтер беру, жас жұбайларды сыйлыққа көміп салу салты еді. Иә, бұл да жақсы. Қазір ұмытылмас салтанат үстінде оларды ауылдың еңбек озаттарымен таныстырады. Яғни сендер де сондай бол деген сөз. Құрметті адамдардың абзал қасиеттерімен таныстырады. Біреу үйді жақсы ұстайды, біреу татулықтың тірегі, біреу бал бөбекті тәрбиелеудің ділмәр. Жас отауға ақша, мүлік табылар - ау. Ал осындай ауыл сәні болып отырған адамдардың жақсы қасиеттері дәл сол мүліктей тез табыла қояр ма екен? Абзал жандардай болуға шақыру, олардың жақсы қасиеттерін жас жұбайлардың жүрегіне берік ұялату ең бағалы сыйлық болса керек.
Әр ауыл, село, деревня, коллектив адамдарына алдымен рухани асыл мұра ұсынса. Ал интеллигенция сол мұраны жасаса. Әрине, жылтырағанның бәрі алтын емес. Мысалы, татулық бар, қонақжайлылық бар, үйірімділік бар. Мұның сырт көрінісі қандай, ішкі мазмұны қандай? Бір ауылда кештер өтеді. Әсерлі әңгіме, тамылжыған ән, төгілген күй. Әсемдік жөнінде құнды пікірлер туады, ой қозғалады. Білгір адамдар осы жайды білдіртпей ғана тәрбиелік арнаға бұрады. Сұлу мінездермен, жаны сұлу адамдардан өнеге ұсынады. Мұндай кештерден ләззат көп, рухани нәр мол.
Ал бір ауылдарда, бір кештерде... арақ ішіледі, карта ойналады. Әйелдер үрпиісіп өз алдына, қағытпа, қоңыр сөздер. Кірікпей, бірікпей іштей жамырасып отырған жандар. Мінез сұлулығынан гөрі, мін айтқыштар, сындарлы ойлардан гөрі, сынампаздар көп болады. Мұндай кештерден құлазып шығасың, бос шаршайсың. Рухани ләззат ала алмайсың.
Иә, бірқатар ауылдарда интеллигенттердің бас қосуы тап осылай өтеді. Шағын кештің, қысқа бас қосудың өзін эстетикалық тәрбие мақсатында неге пайдаланбасқа осы. Тәрбие ықпалын тек үлкен жандардан, суша төгілген жансыз ұзақ сөздерден іздеу қате. Әр ауылдың әсем мәдениетін адамдардың өзі жасаса. Біздің бүгінгі село интеллигенттерінің киім киюінен бастап қызмет істеуіне дейін айналасына шуағын төгетін болуына жетпейміз бе!
Сайып келгенде әр ауылда, селода рухани, мәдени жақсы дәстүрлердің қалыптасуы интеллигенцияға, олардың бүгінгі өмір мазмұнын қаншалықты түсінуіне байланысты. Оны түсінуге қабілеті жетерлік интеллигенция бізде бар. Ауыл абыройы — солар, ауыл көркі, ауыл сәні де солардың қолында. Клубтың оты тұтансын. Автоклуб сапарға шыққанда рухани асыл мұраларды ала жүрсін. Әр интеллигент сол селоға, сол ауылға көрік берер өзінің көңіл шырағымен жүрсін.
Ауылдың сыртқы ажары ғана емес, ішкі ажарына ерекше көңіл бөлетін күн туды. Ішкі ажары дегеніміз — адамдардың жан сұлулығы, ондағы бүгінгі жақсы салттар мен дәстүрлер. Адамына оның бойындағы абзал қасиеттерге қарап ауылын мақтайтын, ауылына қызығатын болсақ...
Сөз басындағы үш жігіттің таласы осындай ойларды туындатты.
СӨЗ ҚАДІРІ
Қандай сөз есте қалады тегі? Әрине, нәрлі сөз, дәмді сөз. Пікірі бар, ойы бар, отырған жұрттың көкейінен шыққан сөздер ғана қадірлі болады. Ал ондай сөзді толғанып, толғатып жүрген адам ғана айта алады. Толғау үшін белгілі бір мәселеге, не іске жаны ауырып, жүрек сыздауы керек.
Иә, Новак жолдастың шымбайына бұл жайдың көптен батып жүргені бірден аңғарылады. Ол Алматыдағы қазіргі кезде салынып жүрген аядай бөлмелі пәтерлердің жобасын, сол жобаны жасаушы «Казгостройпроект» институтын сынады. Осы институттың «жаңашылдығы» арқасында кіріп келсең, төбеңнен басып тұратын, ас үйіне барсаң, айналып шыға алмайтын, бес-алты адам бас қосса, залында отыратын орын жоқ шағын пәтерлер қаптап кетті. Үй мәселесі киын болған соң жұрт ол пәтерге кіріп жатыр. Бірақ ертеңгі күнді ойласақ ше? Бүгінгі семья өседі, бүгінгі адамның талғамы ертең өзгермей ме? Сәулет, сән жағы қазір алдыңғы орынға шығып барады. Заңды да. Өйткені біз жарқын болашақты жасаушылармыз, нұрлы болашақ ертең қол бұлғайды жақыннан. Ал отырған пәтеріміз сол ертеңнің талабына әдемілігі, қолайлылығы сай ма, көңіліңнен шыға ма?
Новак жолдас қаладағы ең ірі құрылыс мекемесінің — Алматы үй жасау комбинатының директоры. Ол аядай бөлмелі пәтерлерде тұратын тұрғындардың ащы сөзін күнде естіп, олардың қолайсыздығын өз көзімен көріп жүр. Новактың үлкен жиын мінбесінен ашына сөйлеуіне себеп болған — осы үйлер жобасының жаңартылған варианты. Жарайды, ескі жобаны бір кездегі үй тапшылығымен егіз туған қарбалас әкелді дейік. Ал жаңа жобада жақсылық жағына қарай өзгеріс болуы керек қой. Жоқ, институт керісінше жасаған. Және сол жобаны күшпен ендірмекші, яғни, Алматы секілді ару қалада шала салынған үйлер тағы да көбеймекші.
Міне, осы жәйт, ірі құрылыс мекемесінің басшысын қатты толғандырды. Оның ішіне сыймады. Үлкен мінбеден бұл кемшілікке енді төзуге болмайтындығын айтты. Құрылысшы - маман ретінде мықтап дәлелдеді. Жұрт сондықтан да оны ұйып тыңдады, сөзіне қатты қол соқты. Өйткені Новак жолдас көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені дәл басты, халыққа да, болашаққа да қатысты пікір қозғады. Бұл сөз сол себепті де жұрттың есінде қалды.
Ал енді есте қалмайтын сөзде есеп жоқ. Біз оны неліктен есте қалмайтыны жөнінде кептен толғандырып жүрген пікірге тоқтап көрейік. Тегі жиын атаулыда белгілі мақсат болады. Бас қосып ақылдасу үшін, түбегейлі түйінін шешу үшін шақырылады олар. Ендеше көп жиналған жерде, көп тыңдайтын аудиторияда пікірдің пікірі, іріктелген, екшелген асылы ғана айтылуы керек.
Осы қағида қалтарыста қалып, есте қалмайтын еспе сөздерді судай сапыру дендеп барады. Өйтіп сөйлейтін «шешендер» үнін қанша мәнерлеп, даусын қанша құбылтса да, тыңдаушының ойын оятып, жүрегін жылыта алмайды. Қажып, қалғып отыратын сәттер осындай адамдар сөйлегенде болады. Мұндай сөз сол жиынға мақсатсыз келгеннен шығады. «Әйтеуір сөйлейді» деген белгі соғылса болды.
Анау бір жылдары Алматы облысы диқандарының, мамандарының үлкен кеңесі болды. Ол Жетісу жерінде астық өндіруді қайтсе молайту керек, суармалы жерлерді қалай еткенде тиімді пайдалануға болады деген мәселеге арналған-ды. Күн тәртібі өте жақсы, толғағы жеткен жайлар көп. Толғана сөйлейтін жер еді. Мінбеге Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының сол кездегі бас агрономы Олейников шықты. Ол жаман агроном да емес, өз ісін біледі, өз мамандығын сүйеді. Жер сыры, суармалы өңір жөнінде ойланып жүрсе, көп жайды ортаға сала да алатын адам.
Бірақ... мінбеге шыға салысымен цифрларды тізе жөнелді. Ешбір талдау, екшеу, оған жан бітіріп, ой айту деген жоқ. Аудандағы бірқатар шаруашылықтарда егіншілік мәдениетінің төмендігін де судыратып жамандап жатыр. Бұл таяқтың екінші басы өзіне тиетінін аңғармай қалса керек. Аудандық бас агрономы бола тұрып, кемшілікке неге жол береді? Бұл мінбеден Жамбыл ауданының қай шаруашылығында қаншама жердің барлығын айтып, кемшіліктердің бәрін тізіп жату қажет емес еді. Олейников жолдастың облыстық мінбеден сөйлер сөзі басқа болса керек еді. Өзіне де, өзгелерге де қиын соғып жүрген түбегейлі мәселені ортаға салғанда, әлдеқайда ұтымды шығатын еді. Суармалы жерді игерудегі қазіргі орын алып жүрген олқылықтарды жою жолында қандай ойлары, идеялары бар? Дәйектеп, дәлелдеп айта алса, басқаларға да пайдасы болмас па еді ол пікірдің ... Қойшы, Олейников жолдастың құр мінбеге шықты аты болды.
Мұның сыры маман ретінде, ауданнан жіберілген беделді өкілі ретінде Олейников жолдастың дайындалып толғанып келмегендігінде. Арысын айтсақ, астықты молайту жөніндегі бәріміздің қабырғамызды қайыстырып жүрген мәнді мәселе оған ой салып та жүрмесе керек.
Үлкен мінбелерден айтылатын сөздердің қадірін кетіретін, беделін түсіретін осындай жауапсыздық - ау тегі. Сөз — ұйымдастыру құралы, оның қадірін түсіру — қате. Сөз беделін қалпына келтіруіміз қажет. Бір кездегі бір-екі ауыз кіріспе айтып, сосын шаруашылықтың бар цифрын тізіп шығып, «сендіреміз, уәде береміз» деп сөйлеудің дәуірі өтті деп қарау керек. Іскерлікті, байсалдылықты байқататын байыпты сөздерді естігіміз келеді.
Бір ғана фактіге зер салайық. Республика, облыс көлемінде шақырылатын жиындарға келушілерге жолақысы, пәтерақысы төленеді. Едәуір қаржы жұмсалады. Әңгіме онда емес, сол келген адамдар шақырылған жиыннан нор алып, күнделікті ісіне көмек алып қайтқысы келмей ме? Ал әдейі келгенде көбігі көп, көл-көсір сөздерді тыңдап не пайда? Жиынға шақырғанда осы жайлар ескеріле бере ме?
Белгілі бір жиынды тәртіппен, жұрттың уақытын алмай жинақы өткізу үшін күні бұрын сөз сөйлеуге тапсырма беру тәжірибеде бар. Ол дұрыс та. Сол не айтады - ау дегенге назар аудара береміз бе? Осы тұста да көп жайды ойлансақ, шіркін! Айтатын пікірі, көпті толғандырар ойы болмаса, ондайларды тізімге тіркемей-ақ қойса.
Күштеп сөйлету кей жағдайларда толғандырмайтын толымсыз сөздердің тууына әкеп соғады. Айтар аса мәнді пікір болмаған соң, цифрларды тізіп, «олай еттік, бұлай еттік» кетеді есіліп. Есеп бермейтін жиналыстардың өзінде жалықтыратын жалаң есеп көп.
Тыңдаушыларды қалғытатын, қажытатын осындай сөздер. Кей жерлердегі жиналыс құмарлықтың өзі тудырмай ма осындай әрсіз, нәрсіз сөздерді?
Сөз сөйлеу — өнер. Айтылар сөз бір күндік болғанымен, аудитория, шығар мінбе қандай, көптің көкейінде бүгін не бар, мамандығына, атқарып отырған бүгінгі қызметіңе, біліміңе, өреңе қарай сенен жұрт нені күтеді, нені талап етеді, осыны ескере береміз бе?
Осы тұста шешендік өнердің де назардан тыс қалып жүргенін айта кеткің келеді. Сөйлей берген шешен емес, сөйлей білген шешен.
Бірқатар жиындардан көріп жүргеніміздей, кейбір жолдастар бір күнгі істің екінші күнгі іске ұқсамайтыны секілді, бір сөзді екінші сөзге мазмұн жағынан ұқсатпау керектігін де ескере бермейді. Өткен жиындағы тыңдаушылар басқа еді ғой, мына отырғандардан онда не айтқанымды кім біледі еп, сабаулап тарта береді. Қайталай берген сөзде қадір болмайды. Бірақ қайталауға еті өліп, сөйлер сөзі болмаса да, сөз бермесе өкпелейтін адамдардың азайғаны жақсы-ау тегі. Ондайлар мінбеге шыққанда:
— Тағы да біраз бөсетін болды бұл, — деп оны мысқылдайды жұрт.
Ал жалынды сөз, жанды сөз ешқашан да жалықтырмайды. Олай сөйлей білетін адамдарды халық әрқашан асыға күтеді. Әңгіме сөйлеудің санында емес, мәнінде.
Кейінгі жылдар партия жұмысына, партиялық басшылыққа соны леп әкелді. Іскерлік, мәселеге терең бойлау, байыпты шешім барған сайын терең тамыр тастап, орнығып келеді. Біздіңше, бүгінгі күннің осы рухы сөйлейтін сөзді де өзгертсе. Іскерліктің шежіресіндей шешен сөздерді естісек. Сөз беделі өсіп, сөз қадірі күшейсе!
ЖУРНАЛИСТ ШІРКІН, ҚАЙ ЖҰМЫСЫҢ ОҢАЙ БОЛҒАН...
Ұзақ жылдар бойғы журналистік өмірдің үйреткені аз болмаса да, осы мамандықтың қыры мен сырына үңілтер көп ешнәрсе жазбаған секілдіміз. Қаламгер үшін «өмірдің өзі — оқулық» деп жүре беріппіз ғой. Солай екені де рас. Дегенмен бұл мамандық жайлы айта білген адамға шертер сыр да аз болмаса керек.
Оның қажеттігін кейде айналаңа жиналып қалған жас журналистермен дидарласуда ерекше сезінесің. Әсіресе университеттің журналистика факультетіне барғанда сенен, сен сияқты егде қалам иелерінен жаудыраған көздер суыртпақтап сыр тартқысы келеді.
Осы орайда ойға түйгендерді, жүйесіз болса да, әр жылдары қағазға түсіп қалғандарды топтастырып көрейікші. Мүмкін, әжетке жарап қалар.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру