Мазмұнға өту
Home

"Бертран Рассел"

Мырзагелді Кемел

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Бертран Рассел"

Мырзагелді Кемел — «"Бертран Рассел"» (Көркем әңгіме). БЕРТРАН РАССЕЛ

БЕРТРАН РАССЕЛ

(18.05.1872 - 2.02.1970 ж.)

Британдық философ, қоғам қайраткері және математик Бертран Артур Уильям Рассел пацифизмді, атеистік көзқарасты, либерализмді және солшыл саяси ағымдарды қолдаушы ретінде әлемге аты жайылған ғалым. Ол математикалық қисынға, философия мен таным теориясына ешқашан ескірмейтін өлшеусіз үлес қосты.

Бертран Расселдің шығармашылығы мен қайраткерлігі әлемнің үздік ғалымдары тарапынан жасынан-ақ жан-жақты мойындалды. Ол «рационализм мен гуманизмнің ең жарқын өкілі, сөз бостандығы мен ой бостандығының қайсар күрескері», «Вольтерге ұқсаған көне заман философтарының жалғасы, жасаған істерінің бәрін үздік орындаушы шебер», «ғасыр философы», «Аристотель заманынан бергі математикалық қисынға ең көлемді және іргелі үлес қосқан ғалым», «ХХ ғасырдың ең үздік логикі» деген бағаға ие болды.

Отыз жастың төңірегінде Рассел пацифизмге сенімі үшін социализмді мақұлдады.

Пацифизм (лат. pacіfіcus – татуластыру, тыныштық орнату) – бейбітшілікті жақтайтын, зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған идеология. Пацифисттік қозғалыс, бейбітшілік үшін қозғалыс, соғыс пен озбырлыққа қарсы бейбіт құралдармен әрекет ететін антисоғыстық қоғамдық қозғалыс болып табылады.

Пацифизмді жақтаушылар соғыстың бейбіт іс-шаралар арқылы алдын алу мүмкіндігіне сенім артады. Олар соғысты әділетті, әділетсіз деп бөлмейді, соғыс атаулының бәріне де қарсы. Олар соғыстың шығу себептерін жоймай-ақ, оны болдырмау мүмкін деп сенеді. XX ғасырдың 80-жылдары саяси ықпалы артқан пацифистік қозғалыс халықа-ралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында соғыстарға тыйым салу туралы халықаралық конгрестер өткізіп, жалпыға бірдей қарусыздану мәселелерін көтерді. Қазіргі кезде пацифистік қозғалыс көптеген елдердің сыртқы және ішкі саясатына пәрменді ықпал етуге қабілетті халықаралық және демократиялық қозғалыс ретінде белсенді қызметін жалғастыруда.

Ол жылдары Ұлыбританияда «отанды қорғау» ұраны бел алып тұрған шақ еді. Пацифизм Ұлыбританияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп санаған билік оны бұл ойлары үшін Тринити-колледждегі жұмысынан қуды.

1916 жылы Рассел «Ұятының дегеніне бағынудан бас тартатындарға арналған екі жылдық ауыр жұмыс» деген листовка жазып, таратты. Онда адамның саяси және діни себептерге байланысты әскерге міндетті түрде барудан бас тарту құқығын қорғау қажеттігін ұсынды.

1917 жылы жазған «Менің саяси идеалдарым» деген кітабында: «Жалғыз ғана лайықты саяси мақсат – қоғамдағы әрбір адамның табиғи шығармашылық мүмкіндіктерін, егер ол, сайып келгенде, радикалдық либералдық реформаларды өткізу мен адамдарды таптар мен басқа да кертартпа топтарға (оның ішінде діни топтар да бар) бөлетін жүйені жоюға алып баратын болса, барынша толық дамытуды қамтамасыз ету» деген сөзі жазылғанына жүз жылға жуық уақыт өтсе де барынша өзекті.

Социализмді қолдағаны үшін 1918 жылы алты ай түрмеде отырып шыққан Рассел, Ресейге барып, ондағы тұрмысты көрген соң, 1920 жылы: «Мен коммунизм-нің әлемге қажет екеніне сенемін» дей тұра, «Менің Ресейге келгенде – коммунизмнің өзіне емес, бірақ сенім символына сенген адамдардың шегі жоқ қиындықтарды, қасіретті, қайыршылықты көбейте түсуге де әзір тұратын шынайы берілген албырттығының саналылығын көргенім көңілімдегі күдіктерді мыңдаған есе ұлғайтты» деп жазды.

1944 жылы АҚШ-тан Англияға оралған Рассел өзі бір кездері жұмыстан қуылған Кембридж университетінің Тринити колледжіне жұмысқа тұрады және сол жылдан бастап өркениеттің дамуына қатысты салалы мақалалары мен кітаптарын жазады.

Рассел 1950 жылы әдебиет саласын-дағы Нобель сыйлығын иеленді.

Сутегі бомбасына сынақ жүргізілген соң Рассел Фредерик Жолио-Кюримен хат алысып, ядролық қаруға тыйым салуды насихаттауға барлық дарынын және абыройын жұмсап өз өмірінің ең саналы және белсенді қызметіне кіріседі. 1954 жылдың 24 желтоқсанында радиодан ағылшындықтарға «Ядролық соғысқа қарсы бейбітшілік үшін күрес манифестін» ұсынады. Онда: «Келесі соғыста жеңімпаз болмайды, өркениет жойылады, адамзат өзін-өзі жалмайды», «Мен сіздердің алдарыңызда ағылшын да, еуропалық та емес, Батыс демократиясының өкілі де емес, бұдан әрі өмір сүруіне қатер төнген адамзат ұрпағының өкілі ретінде сөйлеп тұрмын. Бүкіл әлем қайшылықтарға толы: дүниеде арабтар мен еврейлер, үнділер мен пәкістандықтар, Африкада ақ нәсілділер мен негрлер, қала берді, коммунизм мен антикоммунизм арасындағы алапат тартыстар жүріп жатыр. Әрбір саяси саналы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жағына шығып кетпей, тамаша биологиялық тарихы бар жан иесінің өкілі ретінде іс-әрекет жасап, өзінің жойылып кетпеуіне күш жұмсауы керек. Жер бетіндегі барша халыққа біркелкі қауіп төніп тұр. Тек соны түсіну қажет. Сол үшін бәріміз бірігіп, тізе қосып, күш жұмсап, апаттан аман сақталудың жолын іздестіргеніміз жөн» дейді.

Бұл құжат хат арқылы әлемнің ең озық ғылым және мәдениет қайраткерлеріне таратылып, оған 11 ғалым мен ғұлама қол қояды. Бір қызық жәйт – бұл құжатқа 76 жастағы Альберт Эйнштейн өлерінен екі күн ғана бұрын, 1955 жылдың 16 сәуірі күні қол қойыпты, содан манифест «Рассел-Эйнштейн манифесті» аталады. Құжат 1955 жылы 9 шілдеде Лондондағы жиында ресми түрде қабылданды.

Бұдан кейінгі он бес жылда да Бертран Рассел өзінің қайраткерлік қызметін белсенділікпен жалғастыра түседі. 1963 жылы Вьетнамға жасалған америка агрессиясына қарсылығы үшін Расселге Батыста күшті қарсылық туындайды. «Шалдың есі ауысты» деседі. Америкадағы беделді газет «Нью-Йорк таймс»: «Ат үстіндегі өлік» деген мақала жазды. Бірақ бұлардың ешбірі өзінің ізденіске толы өмірінде 20 шақты кітап жазған ұлы ғалымға, ерен еңбек иесіне деген ел құрметін бәсеңдете алмады.

1872 жылы 18 мамырда дүниеге келген Бертран Рассел 1970 жылы 2 ақпанда, 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Расселдің жан-жақты қабілетін, бір-біріне ұқсамайтын түрлі салаларда жеткен жетістіктері мен ұлағатты үлгісін танығанда ойыма Әбунасыр әл-Фарабидің «Бақытқа жету жайында» атты ғұламалық еңбегіндегі мына сөздер есіме түсті:

«Адамның басына дарыған төрт түрлі нәрсеге халықтар мен қала тұрғындары қол жеткізсе олар бұл өмірде дүние бақытына, басқа өмірде алыс бақытқа жетеді. Бұлар теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және кәсіби өнерлер». Осының төртеуі де бойынан табылған Бертран Расселдің аты әлем тарихында алтын әріппен жазылуы – оның бұл өмірде де, басқа өмірде де дүние бақыты мен алыс бақытқа жеткенінің куәсі.

Бұл шағын мақалада айтпағымыз – Бертран Расселдің өлмес идеялары мен ұсыныстары, олардың ішіндегі ең бағалысы «Рассел-Эйнштейн манифестін-дегі» және соған қатысты сөйленген сөздердегі ойлар осыдан 60 жыл бұрын дүниеге келсе де, бүгін жазылғандай өте-мөте өзекті қалпында екендігі.

Бүгінгідей күнде құбылып тұрған заманда, әсіресе Ресей-Украина елдері арасындағы жанжал кезінде, бұқаралық ақпарат құралдары екі дай болып, бірі Украинаны, екіншісі Ресейді жақтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: « Әр ел өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік жасаған дұрыс » дегенге саятын пікіріне наразылық танытып жатқанда, Расселдің: « Қайшылықтарға толы әлемде әрбір саяси саналы адам қазіргі жағдайда, мүмкіндік болғанша, осы қарама-қарсы күштердің бір жағына шығып кетпегені жөн » дегенін мақұлдап, ұдайы есімізден шығармауға, дана Шәкәрімнің осыдан 80 жылдай бұрын айтып кеткен: «Тек қазақ қана деме, біз ғаламдық деңгейде ойлауымыз, ел тыныштығын – әлемдегі тыныштықпен үйлестіре, үндестіре ойластыруға тиіспіз» деген ойын оқырманымызға жеткізіп, ойына тағы бір рет салғанды жөн санадық.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙