Портреттер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қалтай Мұхамеджанов туындыларының басым бөлігі адам іс-әрекеті мен болмысының күлкілі тұстарын көрсетеді. Әзіл арқылы көп нәрсені әшкерелеу де бар. Автордың бірнеше пьесасы театрда сахналанған. Шығырмашылық жолын М.Горькийдің туындыларын аударудан бастаған.
/uploads/d17c00ca-1432-5263-bc86-938b5420e362/cover.png
ПОРТРЕТТЕР
ҰЛЫ ӨНЕРПАЗ
Күләш Байсейітованы еске түсіру
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең».
Абай
Жаз. Тамаша жаз... Көз құмарын тарқатар гүл-бәйшешек, жасыл жауқазын хош иісімен бойыңды балқытады, рахатына бөлейді... Өзен бойының қоңыр салқын лебі көкорайлы алқап үстін анда-санда баяу ғана сипап өтеді. Әсем көк торғын, аспан... Көк тәңірісі күн де мейірімді сәулесін төгіп тұр. Бұл табиғат тыңда жасанған, жас, балауса шағы, бай шағы...
Қырық құбылмалы бұлбұл үні осы бір салтанатты сәнді көрініске жанды рең береді. Табиғат көркін паш етеді. Жарыса өскен сан түсті гүл шоқтары бұлбұл үніне мүлгіп, әлсіз сыбдырымен кей сәт өзара сырласып, бас изескендей болады. Көрікті гүлді алқаптың сырын жырға қосты ерке бұлбұл... Шаршау-шалдығу деген оған жат. Толас тартпас бұлбұл үні... Мәңгі сайрамақ ол өмірде... Шексіз шабыт иесі бұлбұлдың аты бұлбұл ғой... Мүлгіп қапты бар табиғат...
Ну орман, асау теңіз, ойнақы өзен, қарлы шың қуана қарайды, қызғана тыңдайды бұлбұл әнін... «Біз де ортақ сырыңа, бізде ортақ жырыңа» дейді тәкаппар табиғат жуасып....
Бұл Отан жазы. Отанның гүл-бәйшешегі, Отанның көрікті алқабы... Онда сайраған, сырлы жыр шерткен Отанның аяулы ерке бұлбұлы Күләш еді. Күләштің үні ғой бұл. Тыңдайықшы тағы бір... Сырласайықшы сүйікті бұлбұлмен... Қандыршы құлақ құрышын, деуші едік біздер әрдайым...
Бірақ өрен талант, өр қайрат, ұшқыр қиял иесі Күләштің өмірі өте қысқа болды. Аяулы жан арамыздан ерте кетті. Барша халықтың сый-құрметіне бөленіп, ақтық демі біткенше өсу-өрлеу, шарықтау қалпынан танбай, әзиз жанға айналған Күләш өмірі тарих таразысына сирек түсетін ұлы тұлғалардың өмірі... Күләш бойындағы табиғи талантын, ең алдымен, өз халқының рухани мәдениетінің қайнар қазынасына, мол мұрасына суғарды. Өлмес өзегін, сарқылмас сағасын өнер алыбы содан тапты. Жас Күләш халқының қасиетті өнер туын қолға ұстап шынайы шеберлік шыңына тартты. Табысқа толы осы бір асуы мол ауыр сапар дәйім күнгейден көрініп, қуанта, сәт сайын миуалы өрісін танытып отырды...
Өз өмірінде адалдың пен ерліктің, ынтымақ пен елдіктің жаршысы болды Күләш... Отанына ынтызарлықпен қызмет етудің көпке үлгі боларлық қуаты Күләштің бойынан табылды. Заманының жүлде иесі, жүйрігі атанды. Күләшты да тұйық дүниеден томағасын сыпырып, бақыт аспанына шығарған ұлы заманымыздың ғажайып күші еді...
Отанымыздағы әрбір жетістік ақын жанды, бұлбұл үнді Күләшқа шабыт берді. Қиял қанатын кең жайып ұзаққа, алыс-алысқа шырқады Күләш... Бұдан көп жыл бұрын ол: «Заман тіпті қызықты, тамаша болып барады, күнде жиын, күнде думай жасай бергім келеді», - деп жазды. Жігері жалын атып табыстан тоят табу дегенді білмеген ұлы артистканың өнер жолындағы ұраны осы еді.
Заман қызығына тоймай, тамаша думан жасаумен өткен Күләштің қысқа өмірінің өңіріне көз жіберсек, желісін әріден тартқан Күләш қолынан қайта жаңарып қазынаға айналған ән-күй шежіресіне, кесек кейіптерге тап боламыз.
Әрине, Күләштің сәбилік шағы көз қуантарлық көрініс емес. Бұрын Верный атанған қазіргі Алматы қаласының бір шетіндегі Жасан етікшінің баспанасында 1912 жылы Күләш дүниеге келді... Күләш құлағына алғаш шалынған ананың әлдиінде де, етік тігіп ыңылдап ән салатын әкенің үнінде де бір қайғылы сарын жататын-ды. Ол еңсені езген, тұрмыс талқысынан туған ауыр бейнет, азабы мол өмірдің зарлы үні еді. Жасан етікшінің тәп-тәуір даусы болған. Ол ыңылдап отырып қазақтың ескі жырларын айтқанда, жас Күләш бұрышта, кейде кесте тігіп, кейде кесе сүртіп отырып, мүлги тыңдайтын-ды. Оның бала қиялы Сырлыбай ханның ауылын аралап, үлде мен бүлдеге оранған сұлу Жібекті нөкер қыздарымен көзге елестететін. Көш бойындағы бірінен-бірі өткен сұлу қыздар, олардың жасау-жиһазы Күләшті алыс дүниеге алып кететін. Қособа түбіндегі зұлымдықты ойлағанда, денесі түршігіп, қорқыныш билейтін бойын.
Сонда да Жібек болар ма еді деген арман елесі бала қиялын қозғап кететін. Жайдақ нарға мінген Айман-Шолпанды сәби жүрегі елжіреп аяса да, Айман ақылына тәнті болып, кейде ырзалықпен күрсінетін-ді... Абай өндері мен сөз маржанын тізген ақын Сара да Күләш жүрегіне жастай ұялаған... Кейде Алатаудың қарлы шыңына көз тігіп: «Мен неге сұңқар емеспін, шығар ем қанат қағып ұшар басына» деп армандайтын. Жасыл желек жамылған гүлді қойнауда жидек теріп жүріп бұлбұл үніне құмартып тұрушы еді. Бұл шақтарда ол тапқаны тіршілік талшығына жетпей отырған етікшінің қызы екендігін де ұмытатын-ды. Қиялындағыны қуаныш еткен Күләштің балалық шағының күңгірт күндері осылай өтіп жатты.
Ұлы дүбір басталды... «Аврораның» айбынды үні естілді. Тұман серпілді. Қазақстанда Совет өкіметі орнап, жайма-шуақ бақыт күні туды. Бүлдіршіндей қарақат көз қазақ қызы Алматыдағы арнаулы үлгілі мектепке оқуға түсті. Пионер галстугын тақты...
Ұлы дәуірдің қуатты күші халық бойындағы бар қасиетті азаттың айдынына шығарып жөн сілтеді, жоба берді... Социалистік мәдениеттің ұлы мұхитына ғасырлар түнегіндегі рухани байлығының бетін ашып, еркіндік алып, елдігі жарасқан қазақ халқының жас мәдениетінің алғашқы тобы шеру тартты...
Коммунист партиясы мен совет үкіметінің көп қамқорлығының бірі 1926 жылы Ұлттық драма театрының құрылуы еді. Өнер иелерінің ұйтқысы осында болды. Бұл кезде Күләш мұғалімдер даярлайтын институттың шәкірті еді. Түрлі үйірмелерде дауыс дарындылығымен көзге түскен Күләшқа қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұлов кездесіп, театрға келуге үгіттейді. Алғаш өзінен артист шығар-шықпасына сенбей үрейленіп жүрген Күләш тәуекелге бел байлап, 1929 жылы қазақтың драма театрына келеді. Ұзамай көрнекті артистердің санатына енеді. Қазақ драматургиясының әрі тұңғышы, әрі күдерлі белі саналатын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еңліктің сахналық образының алғашқы авторларының бірі Күләш. Күләш драма театрында Погодиннің «Менің досым» пьесасындағы Гаидің әйелін, Гогольдің «Үйленуіндегі» Агафья Тихоновнаның образдарын жасаумен өзінің тамаша драмалық артист екендігін танытты. Бұл салада атақтылардың қатарына қосылғанмен, оны көбінесе ән салу, музыкалық жағы өзіне тарта берді. Қазіргі Абай атындағы опера-балет театрының 1933 жылы алғаш құрылған музыкалық студиясы 1934 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанын» қойғанда, Айман рөлін ойнауға адам табылмай, Күләшке жүктейді. Күләш артистік өмірінің алғашқы жылдарында ешқандай опера сахнасын көрмегендігі мәлім.
Бірақ, ішкі нәзік сезім дүниесі бай, әрі дарынды дауыс иесі Күләш Айман образын тетіксіз тұлға етіп көрсетумен опера өнеріндегі үлкен сапарының сәтті қадамын бастады. Жасында арман еткен қыздарынан алғаш кездескені де Айман болды. «Айман-Шолпан» тек Күләш өміріндегі белгілі белес емес, сонымен бірге, жалпы қазақ опера өнері тарихының бірінші бетін ашқан, бұдан былайғы даму ізін салған тұңғыш еңбек еді. Осыдан бастап қазақ халқы ғасырлар өртінен аман алып келе жатқан меңіреу дәуірдің мұңды үні мен қиял сезімінен туған рухани мәдениетінің куәсі бұрын сахарада айтылған ән мен күйін бірінші рет сахнада тыңдады. «Айман-Шолпанның» сәтті шығуы опера театрын құруға бел буған творчестволық коллективтің сенімін бекітті.
1936 жылғы қазақ өнерінің Москвадағы онкүндігінде көрсетілген «ҚызЖібек» пен «Жалбыр» операсы мәдениет тарихымызда ерекше орынға ие. Халқымыздың ауыз әдебиетіндегі ең бай, тартымды шығармалардың бірі «Қыз Жібек». Мұнда феодалдық салтқа жас буынның наразылығы көрсетіледі. Көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Қыз Жібектің» музыкалық драмасын жазуға батыл қадам басты. Музыкалық драма жазу драматургияның аса қиын саласы бола тұрса да, Ғабит Мүсірепов алдына қойған мақсатын шебер шешкендігіне дау жоқ. Автор уақиға желісінде әр дәуірде әр таптың салқыны тиген ұзақ-сонар жырдың, сүрлеуінен, бүгінгі өмір тұрғысынан керегін сұрыптап алды да, өз елегінен өткізді. Қорытындыда дәуір рухын сақтай отырып, қызықты уақиға, сырлы күйге құрылған тың, дербес шығарма туды.
Ал «Жалбыр» болса поэзия, проза саласындағы мол мұрасын былай қойғанда, оннан аса драмалық шығарма қалдырған қазақ халқының сүйікті жазушыларының бірі Бейімбет Майлиннің еңбегі еді. Бұл шығарма қазақ халқының өміріндегі үлкен тарихи кезең 1918 жылғы уақиғаларға құрылған. Осында Қадиша рөлін ойнаған Күләштің өзіне сөз берсек, бұл образды талдап жатудың қажетсіз екенін көреміз. «Қадиша рөлін қатты ұнатам» деген мақаласында Күләш былай дейді:
«Жалбыр» 1916 жылғы қазақ халқының, патшаға қарсы көтерілген ереуілінен алынған уақиға. Бұл «Қыз Жібек» заманынан бері, оған қарағанда өзіміздің дәуір сияқты. Біз он алтыншы жылғы уақиғаны жақсы білеміз. Дәл осы уақиғаға араласпағанмен, сондағы қатынасқан адамдардың көбінің көзі тірі.
Олардың талай ерлігін, талай кездескен трагедиясын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естігенбіз. Сондықтан Хадишаны ойнағанда он алтыншы жылдың түрлі суреттерін көз алдыма елестетем. Сол жылдардағы Қадишадай қазақ қызын көргенім де бар. Сондықтан Қадиша рөлін мен шын беріле, сүйіп ойнаймын».
Шынында, Қадишалардың трагедиясы Ұлы Қазан революциясынан бұрынғы, барлық қазақ әйелдерінің басында болған трагедия. Малға сатылу, сүйгеніне бара алмай, күштіден зорлық көру, басында бостандық болмау, әлеумет тіршілігіне араласа алмау қазақ әйелдерінің мойнындағы лағынет қамыты тәрізді еді. Қазақстанда Совет өкіметі орнамаған күнде Күләш та осы күйге душар болмасына кімнің күмәні бар? Әрине, Қадиша Қыз Жібек емес. Ол көз жасына булығып, ажалға лажсыз мойынсынбайды. Сүйгеніне бара алмаған Қадиша алыса да біледі.
Сүйе де біледі, уәдесінде тұра алады, дұшпанымен күресе де алады. Қадишаның көз жасы торығудан тумайды, жігер-кектен туады. Ол басының ғана қамын ойлайтын, ой-өрісі тар тоғышар тілектің иесі емес. Қадиша көп басындағы қайғыны ту ете сөйлейді. Күләштің орындауындағы:
Уа, Жәке, сөзің артық, тілің майда,
Мендей боп жылаған қыз азғантай ма? –
деп басталатын ария өз дәуіріндегі бар қазақ қызының мұң-мүддесінен туғандай естілетіндігі де содан.
Біз «Қыз Жібекке» қайта оралып, молырақ зер салғанды орынды көрдік. Өйткені Күләшті Одақ көлеміне әйгілеген де, Күләшпен жиырма үш жылдан аса жолдас болған да Қыз Жібек. Халық санасында адал махаббат пен бақытты бостандық аңсаған қазақ әйелінің ауыз әдебиетіндегі үлгісі Қыз Жібекпен кездескенде Күләш жиырма бір жаста еді. Ұлы артистканың тыңдаушы жұртшылықты баурап алғандығы сонша, Қыз Жібек десе Күләш, Күләш десе Қыз Жібек еріксіз еске түседі. Бұл екеуі егіз қыздай бөлінбейтін, тұтас, туыс ұғымға айналып кеткен.
Міне, оркестр аспаптарынан көңілді күймен астарласа нәзік тартылған мұңды сарын... Алыстан көрінген құм жоталары... Бертініректе ауыр қозғалған көш тізбегі... Бұл жайлауға бет алған сұлу Жібек ауылы. Көш өтті.
Жаздай жайдары жастар салған ән мен күй... Бірақ Жібек жабырқаңқы, жан дүниесінде мазасыздың, сәтсіздік сезіледі. Құрбы-құрдастың әні де, биі де онша әсер етпейді. Мұңды Жібек өзінің қуанышынан қасірет үні басым «Гәккуіне» салады:
Жай таныс сырласыма, мұңдасыма,
Көзтаныс замананың тұлғасына.
Еркі жоқ, есеп те жоқ, есіркеу жоқ,
Неткен күн арнап туған қыз басына?
Аз арман, сырым мәлім мұңдасыма,
Тілектес асыл жаным сырласыма.
Несі ерсі, кімге қорлық, сол да көп пе
Еркімен өзі қонса ұясына?
Бұл аңсаған тордағы тотының мұңы. Сол кездегі әрбір қазақ қызының жүрек сырының түкпірінде орын тепкен асыл, аяулы арманы. Сонау алыс дүниеде арманын азың, көз жасын сусын етіп, өмірі өксумен өткен қазақ қызының шынайы махаббаты туралы жыр, халық санасындағы ғасырлар өткелдерінен өтіп, өз тыңдаушысын тапқан «Қыз Жібек» операсы осылай басталады...
Бостандық аңсап, махаббат шөлінде құрбан болған қазақ қызының мұңын, арман-тілегін терең ұғынған Күләштің бізге тастап кеткен ғажайып ескерткішінің бірі Қыз Жібек образы. Күләш жасаған Жібек бейнесі шын шебердің қолынан шыққан, терең толғанумен торланған, қиын кестелері бар, бедер, берік, бояуы бекіген жанды портрет. Ақ жүзіне алыс ғасырдың әжімі түскен Жібекті де мәңгі жасартқан Күләш. Күләш Жібегі қартаймайтын, жігері жалын атқан, романтикалық серпінді күйге толы, асқақ ой-парасаттың, абзал адамгершіліктің Жібегі. Күләштің орындауындағы «Дүние-ай» әні өз мұңынан, анау алыс дүниеден хабар берген қайғылы симфониядай естіледі. Тау бұлағындай мөлдір, күміс сылдырындай таза үніне сай, Күләштің сахнадағы әрбір қимылы іштей тебіренуден туып, асқақ сезіммен ұштасып, орынды, сәнді көрінеді. Төлегенмен алғаш кездесу және түсінде көру кезеңдерінде Күләш құлпыра түсіп шексіз шаттықта көрінсе, қайғы құшағына енген сәттерде көруші-тыңдаушысынан өз қайғысына ортақ сезім туғызып, зарлы үнмен қоштасқандай болады. Күләшті тыңдап отырғаны қызда меңіреу дәуірдің озбыр дәстүрі мен өртіне шалынып, сүйгеніне жете алмай кеткен жүздеген Жібек бейнесі көз алдыңыздан өтеді. Күләшта басқа опера шеберлерінен оқшау көзге түсетін бір ерекшелік ондағы айтылатын арияның ішкі сырына сай әрекет, қимыл, күйініш-сүйініш сәттері іштей қабысып жататындығында. Күләш тамаша әнімен тамсандырса, өмірге тән ойыны, қызға тән қылығымен көрушіні игеріп әкетеді. Жібек-Күләш Төлегенмен бірінші көріністе, кездесу сахнасында бір үміт сәулесін сезгендей, арман кілті ашылғандай жайдары кейіпке енеді. Назды әзілдің өзі әрі сыпайы, әрі ойнақы айтылады.
Өткір де орынды әзіл ұғысқан жүректің ұтымды байлауына келіп тіреледі. Махаббат өз кесімін айтты. Күләш албырт жүректің шексіз қуанышына беріле, сол қолын Төлегенге ұсына береді, оң қолындағы орамалмен бетін көлегейлеп баяу артына бұрылады. Неткен нәзіктіктен туған иба-ілтипат?! Қандай тамаша әдепті көрініс?! Жүрек бұйырса да, жүз жасыру қандай шынайы сыпайылықтан туып отыр?! Бұл Жібекке ғана тән сипат.
Бірақ, алдамшы арманның жемісі өңі болмай, түсіне айналады. Өмірімде осындай болса екен деген, қиялындағы Төлегенмен Жібек түсінде кездеседі. Шошып оянған Жібек Төлегенді түсінде көрудің өзін үлкен медет санап, достарына қуана баяндайды. «Сол түсімдегіні биенің бір сауымындай өңімде көрсемші еді» деген тілектен туған ақырғы көмескі үмітті талшық етеді. Бұл сөздерді Күләш күрсіну аралас қайғылы сарында айтады. «Ақбоз ат, ақбоз ат, Төлеген келе жатыр» дегенді естігенде, күңгірт қабағы жадырай Күләш жайнаң қағады. Қуанышты күлкі мен мейірімді ажарға қайта енеді. Бұл үзілер үміттің алдындағы Жібектің аз қуаныш сәті ғана. Төлегеннің өлгенін естігенде Күләштің көз жасына булыға Бекежанға айтқан қарғысы халық атынан айтылған қатал үкімдей естіледі.
Арман арманға ұласып, өз аңғарымен ағып кете барады. Зұлмат дәуірдің құрбаны болған Жібек тыңдаушысымен ақырғы рет қоштасады. Жаралы жүректің зары өзінің бар қайғылы күйімен естіледі. Үзілген үміт, кесілген тілеу тұйыққа тіреген Жібек ажал құшағына еріксіз енеді...
Қазақтың ұлттық өнерінің 1936 жылғы Москвада өткен тұңғыш онкүндігіне байланысты «Правда» газеті Қыз Жібек рөлін орындаған Күләш туралы айта келіп, үлкен талант иесі сахнадағы қимыл-әрекеті, әсерлі әндері көрерменді сендіргендігі сонша, тыңдаушы халық қазақ тілін түсінбесе де, уақиғаның желісіне, түйінді кезеңдеріне түгелдей ұғынып отырды десе, совет театрының атақты режиссері Владимир Иванович Немирович-Данченко «Қыз Жібек» спектаклінен кейін Күләшпен әңгімесінде де: «Жібек өлімінде ешқандай опералық машық жоқ. Аңшының оғы тиген тышқандай Жібек өлімі табиғи, қарапайым өлім», деп Күләштің сахналық шеберлігінің ерекшелігін атап көрсетеді.
Осы жолы Күләш гүлге оранған Қазақстанның бағында сайраған бақытты бұлбұлы атанды. Совет халқы, үкімет пен партиямыз Күләштің талантын жоғары бағалады. Совет театрының ең таңдаулы қайраткерлерінің бірінші тобына «СССР-дың халық артисі» деген құрметті атақ берілгенде, әйгілі сахна шеберлері Станиславский, Немирович-Данченко, Качалов, Москвин, Неждановалармен қатар Күләштің аты тұрды. Өнер саласындағы ең жоғары атақты Шығыс халықтарынан бірінші ие болған да сол кезде 24 жастағы Күләш. Опера сахнасының көрнекті қайраткері Валерия Владимировна Барсова Күләш туралы былай дейді: «Мен де көптеген жолдастарым сияқты Күләш Байсейітовамен жақында қазақ өнерінің онкүндігінде таныстым. Шындығын айтуым керек, жас әнші маған қатты әсер етті... Мен оған тең, оған пар келетін әншіні атай алмас едім, қазақ әншісінің өте серпінді, көтеріңкі әрі жеңіл, ақаусыз ашық даусы айрықша, өзгелердің әуезіне ұқсамайды. Бұл дауыстың күміс тембрі, расында, сайрампаз құс әнінен айнымайды. Күләш Байсейітова қазақ бұлбұлы» деген атты қалтқысыз, ешбір дауы жоқ, лайықты алған. Күләш Байсейітова тек қазақ өнері емес, бүкіл совет өнерінің мақтанышы. Байсейітованы артистка деп сөз етсек, оның сүйкімді сипаты, назды қылығы көрушілерге зор әсер беретіндігін айту керек». Міне, Күләш таланты Отанның астана жұртшылығына, өнер иелеріне осылай танылды. Москвада Күләш орыс театрының алдыңғы қатарлы сахна қайраткерлерімен жүзбе-жүз кездесті. Академиялық Үлкен театрда совет опера шеберлігінің орындауында классикалық шығармаларды тыңдап, олардан өнеге үйреніп, творчестволық нәр алды.
Москвадан үлкен баға алып, творчестволық жігер, шаттық көңіл күйі мен қиял қуаты қанаттанып қайтқан Күләш келісімен жаңа образдар жасауға шабыттана кірісті. Бұл шақта театр коллективі «Ер Тарғынды» колға алған еді. 1937 жылы 15 қаңтарда «Ер Тарғынның» премьерасы болды. Бұрынғы «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр» негізінде музыкалық драма еді. Мұнда әнмен қатар қара сөз басым болатын-ды. Ал «Ер Тарғын» басынан аяғына дейін музыкалық күйі үздіксіз дамып отыратын опералық шартпен жазылды. Бұл шығармадағы ең күрделі образ Ақжүніс. Бұл қазақ әдебиетіндегі бұрын болмаған тұңғыш кейіпкер екендігін бір атасаң, екіншіден, Күләштің артистік өміріндегі тың, өрі мінез-құлық жағынан бұрынғы жасаған кейіпкерлерге қарама-қайшы келетін жат дүние еді. Күләш алдында үлкен сын тұрды. Күләш үшін ерке өскен, екіжүзді, өзім дегенде кісі өлімін ойыншыққа санайтын мейірімсіз зұлым, әрі тәкаппар, әрі сезімтал, алдау-арбаудың әр түрін қиыннан қиыстыратын хан қызының бейнесін беру оңайға түскен жоқ. Бұған дейін жағымды образдарда ойнап келген Күләшқа бұрынғы сахнадағы кейпін, ісін, әрекетін логикалық тұрғыдан тұтастай өзгертуге тура келді. Тамаша талант иесі бұл образды да мүлтіксіз меңгеріп шықты. Міне, сіздердің көз алдыңызда Күләштің Ақжүнісі... Бір сәт ол жүзіктің көзінен өткен сиқырлы сұлу, тотыдай таранған ару. Бір сәт жан бауырдан жалт беріп, арманда қалдыратын айлалы қызыл түлкі, бір сәт арбап тұрған ақсұр жылан, бір сәт мұңсыз мүләйім, бір сәт жүрегіңді сығымдап, сырыңды ұрлайтын мейірімсіз жезтырнақ. Бір сәт лирикаға толы, сынаптай сусымалы сезім иесі.
Күләш зұлымдық рухында тәрбиеленген ханның ару қызының алмас жүзіндей айнымалы мінезін, сексен сырлы сайқалдың қылықтарын, сезімтал, нәзік лирикамен ұштасып жатқан тәкаппарлық пен мейірімсіздігін, сахнаға тұтана шығып, түнере басылулы жауыздықтың жарқ еткен жалынынан жалт беріп, жайбарақаттыққа салынуын сахналық шеберліктің сан түсті бояумен өрнектеп шықты. Минутында мың құбылған мінез, тоқсан толқыған тұлға, шексіз қимыл бұған Күләштің меруерттей таза, күміс қоңыраулы өсем әуенін қосыңыз. Не деген тапқырлық, не деген бай табиғат десеңізші?!.
Көп ойланып, терең толғанудан туған кесек бейне Күләштің табиғи қазынасының тағы бір сырын ашып кетті.
1937 жылдың күзінде гастрольге шыққан опера театры Ленинградта «Ер Тарғынды» көрсетті. Ленинградтықтар опералық қойылымы мен музыкасына үлкен ырзалық білдірді. Әсіресе, Күләштің даусы мен ойын ерекшелігін жоғары бағалай келіп, Ленинградтың «Красная газетасы»: «Та, которую мы вчера лишь слышали в роли Кыз Жибек в роли положительной и даже сентиментальной создает сегодня совершенно противоположный образ ханской дочери, беспощадной и лукавой, самолюбивой и хитрой, коварной, шагающей через все и вся. Это образ потрясающего воздействия и силы.
Прекрасно владея голосом, Байсеитова показала себя и как великолепная, неподражаемая драматическая актриса, развернула в полную меру свой сверкающий многогранный талант...» деп жазды.
Театрдың творчестволық өсуімен жеке орындаушылардың да шеберлігі арта түсті. Қазақ опера өнері аз уақыттың ішінде өз бетін айқындап, жедел дамуына орыс сахнасы шеберлерінің бірден-бір әсері болды. 1935 жылы Абай атындағы опера және балет театрының орыс труппасы ұйымдастырылған болатын-ды. Қазақ труппасына қарағанда мұндағы топтың арнаулы мектептен өткен творчестволық жағынан да тәжірибесі мол еді. Олар салғаннан Батыс және орыс композиторларының классикалық шығармаларын көрсете бастады. Осының өзі қазақ артистері үшін өзінше мектеп болды.
Сонау 1937 жылдың Ленинград сапарында қазақтың опера өнері есейіп қалғандығын, сынды да, мадақтауды да көтеретіндігін көрсетті. Атақты орыс жазушысы Алексей Толстой Ленинградта қазақ операсының репертуарын бастан-аяқ тыңдағаннан кейін оның сол кездегі қалпына да, келешегіне де былай баға береді: «Передо мной и театр, и что-то большее, чем театр. Раскрываются доверчиво с благодарностью, с восторгом, раскрывается то, с чем мы воспринимаем подлинное, редкое искусство.
Движения актеров, их пляски, их мимика с неизъяснимой грацией какой-то вековой гордости. Веришь, не веришь. Непонятный их язык становится понятным. Здесь присутствует красота, здесь сила и молодость, убеждение, здесь то, что города Европы давно растратили и растеряли, о чем так тоскуют лучшие люди об этой золотой, юной, кипящей крови искусства. Невольно думаешь: с какой силой, трубными звуками звучало бы это казахское искусство, покажи его там, на западе, хотя бы на той же всемирной выставке в Париже. Какой бы отклик оно нашло в самых широких слоях народа, принужденного питаться суррогатами обескровленного буржуазного искусства?..»
Творчестволық табысқа тояттап қалмау, өз өнерін жетілдіру жолында үздіксіз іздену Күләшқа тән сипат еді. Ол еш уақытта «мынау образым сәтті шыққан екен, осы да жетіп жатыр» демейтін. Әр ойнаған сайын образды байыта, жаңа үн таба білетін.
Күләш творчествосымен қатар жалпы қазақ операсының қалыптасуына байланысты композитор Е.Г.Брусиловскийдің еңбегін атамай өту әділдік болмас еді. «Айман-Шолпаннан» бастап, «Жалбыр», «Ер-Тарғын», тағы басқа ілгерілі-кейінді жазылған театр репертуарының негізгі қорына айналған опералардың авторы Евгений Брусиловский. Халық өнерін, күйлерін осы күнгі оркестр аспаптарының тіліне түсіру зор шеберлікті, көп-көп еңбек сіңіруді талап етеді. Евгений Бруситвский тек оркестр тіліне түсіріп қана қоймай, әрбір әннің ұлттың бедерін бұзбастан, бар мазмұнын іштей байытып, творчостволық тұрғыдан өңдей құраған. Брусиловскийдің зор еңбегі де осында.
Саралап алып жарастыра білсек, халық қазынасы таусылмас кеннің көзі ғой. Сол асыл мүліктерді іске асыра білуде біздің композиторларымыз бен жазушыларымыз жұртшылыққа әлі де үлкен борышкер. Тек қана «Қыз Жібек» операсында 48; «Жалбыр» операсында 45; «Ер Тарғын» операсында 75-тен астам қазақтың байырғы әні мен күйінің пайдаланылуы халық қазынасының ұшан-теңіз екендігінің айғағы емес пе?!
Сонымен, қазақ операсы он жылдан аса өмір кешті. Творчестволық коллективтің буыны бекіп, бұғанасы қатты. Күләштің шеберлігі әбден шыңдалып, өткен жолынан белгі актриса лабораториясында оннан аса мінсіз мүсіндер тұрды. Талап-тілегі ұлғая, құлашы кеңейе түскен артистка енді ұлттық шеңберден шыға, ұлы орыс халқының және Батыстың классикалық шығармаларына бой ұрды. Мұның алдындағы баспалдақ туысқан Грузия композиторы Полиашвилидің «Даиси» операсындағы Мароның партиясы еді. «Даиси» ырғақ жүйесімен ұлттық нақышта болғанмен, орыстың және Батыстың классиктерінің мол әсерімен жазылған опера. Сондықтан да «Даиси» қазақ театрының орыс және Батыс классиктерін меңгеру жолындағы алғашқы өткелі, жемісті табысы болғандығында дау жоқ. Грузия өмірімен онша таныс болмаса да үлкен талант иесінен Маро қыз өз үндесін тапты. Күләш өзіне тән сахналық қарапайымдылықпен Мароның нәзік жанын терең түсінді. Оның ішкі дүниесін аша, Көңіл-күйін, қайғы-шерін трагедиялық сазға дейін көтерді.
Вокалдық жағынан да қандай күрделі партия болсын төтеп бере алатындығын аңғартты.
1944 жылы Еуропа классиктерінен бірінші рет итальян композиторы Пуччинидің «Чио-Чио-саны» қойылды. Бұл шығарма коллективті үлкен сынның алдына қойды. Бұрын тек қана қазақ операларында тәрбиеленген әншілер тобына енді итальяндық мәнерде айту оңайға түспеді. Өйткені қазақ әндерінің айтылу ырғаң жүйесінен итальяндық ән айту мектебінің айырмасы аспан мен жердей екендігі мәлім. Күләш мадам Батерфляйдың образын жасаумен бұл сыннан да сүрінбей өтіп, өзінің жан-жақты шеберлігінің бір белеске шыққандығын әйгіледі. 1950 жылы туысқан Грузия республикасы Күләшті Тбилисидің Академиялық опера және балет театрында Мароның, Батерфляйдың партиясын орындауға шақырды; онда Грузияның опера сахнасының шеберлері Агуладзе, Ханимураделермен сахнаға шықты. Қазақ әншісінің ғажайып талантына ырзалық сезімге толы пікірлер республикалық, орталық баспасөздерде мол жарияланды.
Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған «Абай» операсы қазақ музыка тарихында үлкен белес. Шын мәніндегі ұлттың опера көркемөнерінің тарихы осыдан басталды. Бұл осы уақыттағы музыка мәдениетінің бар талап-тілектеріне сай, қазақтың ұлттық нақышымен астарласып, шын мәніндегі әсемдік тұтастығын сақтаған үлкен еңбек. Әсіресе, бас кейіпкер Абайдың образы шебер музыкалық күй тауып, Абайдың терең ой-парасатын ашатын, ұғымға сіңімді, жүрекке жылы, сырлы саздарға толы. Осы операдағы қасірет шеккен Ажар қыздың образын Күләш орындады.
Абай арқылы қазақ даласына келген Пушкиннің Татьянасы талай қазақ ауылын кезіп, әр үйде ән салып, ел мұңына үн қосқан еді. Татьяна әні қазақ халқына көптен таныс қолтумасына айналып, талай жүректің нәзік қылын шерткен-ді. Сол көптен таныс қызын қазақ жұртшылығы 1946 жылы өз сахнасында көрді. Батыс романдарының рухында тәрбиеленген, жапан түздегі жабайы жартасқа шыққан қызыл гүлдей, өз тұсындағы орыс қауымының өрескелдігінен аулақ, деревняда өскен таза жанды, арманшыл, адал, сезімтал орыс қызы Күләштің орындауында халық ұғымындағыдай жаңа келген Татьяна болып көрінеді. Өзінің романда оқыған жайттарын кезінде өмір болмысымен қатар санайтын, қайшылықтардан хабарсыз, терең ой мен арманға берілген орыс қызының сыпайы, әсем бейнесін қазақ жұртшылығы зор қуанышпен қарсы алды. Күләш Татьянаның өз сезіміне өкім жүргізіп, тежей білетіндей дәрежеге жетудегі ішкі драмалық қайшылықтарын да шебер жеткізді.
Күләштің творчестволық өмірбаянында ерекше орын алатын М.Төлебаевтың (либреттосы Қ.Жұмалиевтікі) «Біржан Сара» операсындағы Сара образы. М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсы біздің музыка мәдениетіміздегі бүгінгі таңдағы биігіміздің бірі саналады. Мұнда хор, би, жеке ариялар талантты композитордан шебер шешім тапқан. Кейбір белгілі қазақ әндерінің өзін қарапайым қолдана салмай, іштей байытып, операның жалпы жүйесіне туыстыра білген, жеке кейіпкерге берілетін музыкалық мінездеме, кең тынысты антрактілер операның поэтикалық бояуын құлпырта түседі. Біржан мен Сараның айтысын жасынан жақсы білетін Күләш оған қазіргі дәуір тұрғысынан оң бере, теңсіздік тепкісінен шығуға талпынған қазақ әйелінің халін әлеуметтік-саяси сатыға дейін көтерді. Бұл жолы Күләш Сара бейнесін жасаудағы зор еңбегі үшін СССР Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты атағын алды. Өнер өріне еркін құлаш тастаған Күләштің өсу жолындағы табыстарын қысқаша сөз еткеніміз де осы болып шықпақ. Айманнан бастап, нәзік жанды, сезімтал Қыз Жібек, сұрқия Ақжүніс, жүлде алған сөз шебер! Сара мен арманшыл, адал жанды Татьяна, отаншыл, өжет Раушан мен колхоз екпіндісі Айша, романтикалық күйдегі Ажар мен ыстық қанды грузин қызы Маро, жауынгер Сайра мен адал жаны арбауға түскен Батерфляй, тағы басқа терең тебіренуден туған кесек тұлғалар Күләш қалдырған қазына, үлгі аларлық мол мұра.
Күләш тек опера сахнасының шебері емес, жеке ән салудың да алдына жан салмаған асқан жүйрігі болды. Ол қазақ жұртшылығын туысқан республикалар және демократиялық көршілес елдердің де әндерімен таныстырды. Ал енді Күләштің «Қазақ вальсі» Еуропаның үстімен, Лондонның тұманды, бұлыңғыр аспанында қалықтап, меңіреу мұхиттың ар жағындағы Америкаға да естіліп, айтылып жүр. Үндістанның шай плантациясындағы шаруалар мен арабтың азаттың аңсаған әйел-балаларының, жаңа Қытайдың жас-кәрілері мен Түркияның түнек түрмесіндегі бейбітшілік күрескерлерінің де құлағына шалынды. Жалпы, осы планетамыздың қай жеріне болса да Күләш үні қанат жайды. Жер шарында «Қазақ вальсін» естімейтін түкпір шамалы. Тек қана «Қазақ вальсі» емес, «Бұлбұл», «Қос қарлығаш», тағы басқа әндер талай тілде айтылып, талай әншінің таңдайында тамылжиды. Қазақ бұлбұлының әсерлі үні қазақ әуенін әлемге танытты. Жеке ән орындаудағы сіңірген еңбегі үшін Күләш 1947 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын екінші рет алды.
Күләш өмірі көркемөнер қайраткері болуымен шектелмейді. Ол көрнекті қоғам қайраткері де еді. Күләш Отанымыздың қоғамдық өміріне белсене қатынасты. 1937жылдан бастап, 20 жыл ұдайы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі еді. 1952 жылы демократиялық Польшаның орталығы Варшава қаласында болған бейбітшілік жақтаушылардың дүниежүзілік конгресінің жұмысына қатысты. Қазақ көркемөнер шеберлерін басқарушылардың бірі болып, 1950 жылы азат Синьцзянға барып қайтты. 1951 жылы Моңғолия Халық Республикасының 30 жылдық тойына қатысқан, Совет Одағынан барған делегаттың бірі біздің Күләш болды.
Совет мәдениетінің ұлы мұхитына өз үлесін қосып отырған қазақ халқының Абай атындағы Мемлекеттік опера-балет театрының ұлы артисткасы, бүкіл совет елінің мақтанышы болған Күләш Байсейітованың қоғам өмірімен ұштасып жатқан сахналық өмірінің қысқаша желісі осы.
Күләш творчествосы байсалды түрде, жан-жақты зерттеуді тілейтін тақырып. Онда ашылмаған сыр, үлгі-өнеге етіп ұсынарлық талай қазына бар. Бұл біздің музыка ғылымын зерттеуші ғалымдарымыздың алдында тұрған үлкен жұмыс.
Күләш Байсейітова арамыздан кетті дегенде, жас, қыршын кеткендігін еске алып қынжыламыз. Өлді деуге ауыз бармайды. Ажал, өлім деген ұғым Күләшқа тән емес. Ол өлген жоқ, осынша байлықтың, осынша мұраның иесі өлмейді де. Күләш үні де талай ұрпақтың жас жүрегін тербейді, қиялын қозғайды. Ұмтыл, талаптан, үйрен дейді өз ұрпағына. Күләш үні құдіретті үн, шабыт береді, өнер шыңына шақырады.
Күләштан үлгі алған іні, сіңлілері бар. Олар қадірлейді, құрмет тұтады, үйренеді Күләштан. Халық қашанда таланттың таусылмас кені. Бүгін бесікте кекілімен ойнап, күлімдеп жатқан сәбидің ертең Күләштай болмасына кім кепіл? Күләш ие болған даңққа, өнерге, асқан шеберлікке ие болып, бақыт шыңына ол сәбиді шықпас деп кім айта алады?
1957
ӘЛЖЕКЕҢ ЖАЙЛЫ БІР-ЕКІ СӨЗ
Советтік қоғамның қазіргі сатыдағы саяси-экономикалық құдіреті мен моральдық мұратының биігінен туған, бүкіл тыныс-тірлігіміздің әділет қазығындай айнымас ережесі ғажайып құжат, жаңа Конституцияның Ұлы Октябрьдің 60 жылдығы қарсаңында қабылдануы халқымызды қат-қабат қуанышқа бөлеп отыр. Бұл құжат әлем алдында совет халықтарының мызғымас достығының, оның жарқын болашағының тағы бір жаңа айғағы болуымен қатар, прогресшіл адамзат қауымының күрес жолындағы құбыланамасындай сипатқа ие болды. Бұл сапарда адам правосын сан саққа жүгіртіп, саудаға айналдырған саяси жезөкшелерге де, оларды қостай көтерген жолбикелерге де аяусыз соққы беріліп, әділ үкім айтылды.
Осындай қуаныш кезеңде де, өздеріңізге мәлім, осы алпыс жыл ішінде қалыптасқан сапалы дәстүр, саналы салтымызды еске аламыз. Ол қай салада болсын, ортаң игілікке орасан үлес қосқан талантты ұл-қыздарының еңбегін халықтың арнайы атап өту дәстүрі. Соның бір көрінісі СССР Жоғарғы Советі Президиумының дербес Указымен совет әдебиетін дамытудағы еңбегі үшін, жасының жетпіске толуына байланысты Әлжаппар Әбішевтің «Октябрь революциясы» орденімен наградталуы. Бүлтек Әлжекеңнің ғана қуанышы емес, бүкіл қазақ әдебиетінің қуанышы. Бәрімізге ортақ ырыстың жоғары бағалануы.
Бізде, тарихи тағдыры тамырлас көпұлтты совет әдебиетінде, қайталаған сайын қадірі арта түсетін бір шындық бар. Ол әдебиетімізді бар дауыспен мақтана Ұлы Октябрь туғызған әдебиет дейміз. Әділі де сол. Өйткені үдере көшіп үнсіз кеткен ғасырлар, зауалы бар да заңы белгісіз замандар бізде аз болды ма? Олар ат жалы мен атан қомында халықтың талай ғажайып қазынасын егесіз-елеусіз қалдырды. Рухани қайнар бұлақтардың көзі бітелуге бет алды. Жылғалар жүйесін таппай адасты. Осылайша талай таланттың тамырын тандырша кептірген заман келмеске кетті.
Енді Ұлы Октябрь, ең алдымен, бас бостандығы мен рухани азаттықты ала келді де, халқымызды әлеуметтік әлжуаздық пен экономикалық мешеуліктен құтқарып, саяси су қараңғылықтан көзін ашты. Үні көмескі тартып, құрдымға беттеген Құрманғазы мен Тәттімбет күйлері құдіретіне мінді. Біржан мен Мұхит әні өз ажарын тапты. Данышпан Абай мен дауылпаз Махамбет ұрпағына қайта тіл қатты. Ұлы Октябрьдің нұры мен нәрі егде тартып, еңсесі түскен Жамбылды тың түлетіп, жыр нөсерін қайта селдетті. Жаңа заман халық атаулыға тән өнердің бар саласынан таланттар тапты, қайратқа шақырды, қанат бітірді. Өткеннің өресін танытып, бүгінгісінің болашағын мегзеді.
Осы сәтте ұлттың әдебиетіміздің бағына дүлей толқын тұңғиықтан көтерген мұхит маржанындай, таланттарының атомдық салмағы да әр қилы, әрқайсысы әр алуан нұр шашқан алмас қырларындай бас-аяғы түгелімен бір мүшелдің ішінде туған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған ғажайып топ ұстаз-ұрпақ бір-бірімен үзеңгілес, жалғаса келді.
Бүгінгі таңда әлемге танылған, бар жанрдан басы түгел қазақ әдебиетінің әр буын өкілдерінің өзінше жеткен биігінің бар бастауы, алғашқы құлаған суаты, айналған ата қазығы осы ұрпақтан өзек тартып өрбиді. Бұл ұрпақ жаңа заманның қоғамдық санасының сәулесімен бұрынғы мен бүгінгінің бірлігін тапқан ұрпақ. Бұлар өздерінің көреген кемеңгерлігімен жоғалғанды жиып, жоқты түгендеген ұрпақ. Бұл ұрпақ қаһармандық қайратымен де, биік парасатымен де халыққа, партияға қызмет етудің үздік үлгісін танытқан, айтулы азамат ұрпақ. Бұлар халықтың тірліктен қол үзіп, тереңде қалған рухани тамырын тауып, тусырап жатқан тың ойларының көбісін ашқан ұрпақ.
Міне, осы өктем ұрпақ, киелі топ рухани дүниеміздің бар саласынан халық қазынасын бойына жиған, өнер қонған, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өрендерінің басын біріктірген, ұйытқысы да, бапкер-саятшысы да, сапа салмағын белгілеген сарапшысы да болды. Демек, айналасы алпыс жылдың ішінде әдебиетіміз бен өнеріміздің әр тегі жедел өркендеп, оның үлкен өріс пен профессионалдық шырқау биікке шығуына бүгінгі қазақ қауымы алдымен әлгі айтқан ата-буынға борышкер.
Бұл жағын баса айтып отырғанымның тағы бір себебі бүгінгі той иесі Әлжаппар Әбішев творчествосына тікелей байланысты. Өйткені үркердей осы ұлы шоғыр Әлжекеңнің әдеби мектебі, табиғи талантының тұңғыш ұшқан ұясы. Біз білетін Әлжекең осы ұлы ұрпақтың бұрынғыларынан да, қазіргі көз алдымызда жүрген өкілдерінен де бір сәт тізесін ажыратып көрген жоқ. Әлжекең, өткендерінің кейбірінің басына көлеңке түскенде де, сәуле қуалап, пендешілік пейілге құл болған жоқ. Алдағы арыс ағаларының биік парасатын, азаматтың сесін, қажыр-қайратын, халыққа, Отанға деген жүректерінің ыстық табын ол бәрінен жоғары ұстады. Өйткені Әлжекеңнің табиғи болмысында о бастан солармен тектес мінез, тамырлас мүдде, іргелес ойлар жатты. Сондықтан бізге Әлжаппар Әбішев қазақтың ұлт мәдениетін өз қолымен жасаған, бұрын-соңды халқымыздың тарихында болып көрмеген, рухани ұлы өзгерістердің бастаушысы болған даңқты буынның қолтумасы, олардың көп талантты шәкірттерінің бірі емес, бірегейі ретінде қымбат.
Әлбетте, Әлжекең шәкірт болғанда, ұстазға деген иба-ілтипаттың ізін қуалап, солардың соқпағынан оңай жол іздеген шәкірт болған жоқ. Өнердегі ондай қанағаттың өрге баспайтынын білді, сондықтан ол әдебиетке өзінің меншікті тақырыбы, мөлдек ойымен келді.
Бізде кейде жеке жазушылардың шығармаларына сын көзімен сығалай қарағанда: «Талантты-ау, шіркін, әттең, білімі аздау еді!» - деп бас шайқайтынымыз бар. Әдеби шығармадағы ақауды таланттың табиғатынан гөрі білімінен ғана іздеу әдетке айналған. Ақиқатына жүгінсек, таланттың түрлене түлеуіне, шешек атып шұғыла төгуіне білімнің мол шарапаты барлығында дау жоқ. Әттең, дүниежүзілік әдебиет тарихының төрінен босағасына дейін көз салсақ, білімі мен таланты сайма-сай туыса кету кез келгеннің маңдайына жазыла бермеген. Ол тым сирек кездесетін дәулет. Ал енді білім десеңіз, сонау Аристотельден бастап бүгінгі белсенді сыншылардың шығармаларына дейін жатқа білетіндеріміз баршылық. Жалпы әдебиет игілігіне бұл да керек қуаныш.
Демек, осы екі ортада әдебиеттің мықты алгебрасы жатыр. Бірақ кейде сол алгебраны қанша құйқылжытқанмен, оның ар жағында «талант» атаулы химия жатқанын аңғармаймыз. Мүлде су мен оттың химиялық формуласын білмей-ақ, алгебраны былай қойып, әдебиеттегі арифметиканың өзін арқаланып, «таланттың» айдарын тағып жүрген жансебілдер де бізде біршама бар емес пе? Олардың шығармалары әйнек астында бой теңеп, бітім тапқан қиярдай, түрі әдемі, нәрі жоқ, суы мол да дәмі жоқ бон келетіні кімге жұмбақ?
Ал Әлжаппар Әбішевтің талант химиясының бүкіл элементі өмір алгебрасынан жүйе-жол тауып, өз реакциясының шама-шарқын әлдеқашан анықтаған. Оның қаламынан шыққан туындылардың нәрлі болуының да, дәмді болуының да сыры осында жатыр. Олай дейтін себебім, Әлжекең оқудан бұрын еңбектің дәмін татты. Селтең мен серіліктің ортасындағы әкімсымақ емес, қаршадайынан қарабайыр жұмысшы болды.
Ежелден еңбек жүрген жерде ащы тер бар, ақиқат бар, адалдық, азаматтықтың алғашқы әліппесі бар. Мұндайда айла мен арамзалықтың күні қараң. Оның атаусыз кетер жолы да, жатар жері де аяқ асты.
Қолына қайла мен күректі кезек ұстаған балаң жұмысшы өз төңірегіндегі үлкен-кішіден естіген революция қарсаңындағы қып-қиғаш қайшылықтардан таптың сананың соғу тамырын тапты. Сергек, сезімтал жігіттің бала кезінде есінде қалған он алтыншы жыл оқиғалары, Азамат соғысы кезіндегі ақтар сойқаны, қасірет-қазаға сүріндірген бүліншілік күндер көз алдына қайта елес берді. Осының бәрі өзі жүрген ортаның тірлік-тынысымен астарласа, өзіндік сыры бар қиян-кескі оқиғаларға толы өмірдің шындық сипатын танытты. Әлеуметтік өзгерістен туған қоғамдық сананың қалыптасуындағы кейбір фактілер де болашақ жазушының назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ даласында совет өкіметінің ірге тебуіндегі сан қилы оқиғалар мен коллективтендіру дәуірінің қиын-қыстау кезеңдеріне өзі куә болды.
Бұл қарсаң Әлжекеңнің бастауыш мектеп пен мұғалімдер даярлайтын арнаулы курсты бітірген шағы болатын. Енді өз бетімен оқи, іздене жүріп, өмірден алған мол тәжірибені сұрыптау кезеңі келді. Республикалық газет-журналдарда қызмет ету күнделікті әдеби процестің шаруасына тікелей араласуға әкелді. Өзінен бұрынғы жазушылардың үлкенді-кішілі шығармаларының аңғарын зерделеді. Ол кездегі тым жиі болатын әдеби айтыстар, жеке шығармалар төңірегіндегі баспасөз бетіндегі пікірталастар, заманның, дәуірдің әдебиетке, өнерге қояр биік талаптары, суреткер борышы, бүкіл елде болып жатқан мәдени революцияның күнделікті жеңісі мен жемісі Әлжаппардың араласа жүріп, бес саусағындай білетін жайлары болды. Оқтын-оқтын орталық газеттерде әңгіме-очерктері көріне бастады. Сонымен, Әлжекең отызға иек артқан кезде, 1936 жылы «Завал» атты кітап дүниеге келді.
Қазақ әдебиетінде тұңғыш рет жұмысшы табының бұрынғысы мен бүгінгісін баяндаған, тағдыр талантын таразылаған шығарма бар шындылығымен характерлерінің нақтылығымен, автор позициясының айқындылығымен, оқушылардың да, әдеби қауымның да назарын ә дегеннен өзіне аударды. Бұл шығарманың Әлжаппар талантының айғағы болғандығына кітаптың алғы сөзін Сәкен Сейфуллин жазып, оған қосымша Ғабит Мүсіреповтің: «Мен жас талант Әлжаппар Әбішевтің мына ұзақ әңгімесін қызыға оқып шықтым. Тырнақалды шығарманың мұндай пісіп келген түрін өзімнің бірінші рет көруім», - дегенін айтсақ та жеткілікті.
«Завалдан» басталған құтты қадам шын мәніндегі талант иесіне шабыт беріп, шеберлікті игеруіне айқын жол ашылды. Ізденістің әр жемісі әдебиетіміздің қорын молайта түсті.
Әлжаппар шығармаларының оқушысын тәнті етер сыры оқиғаларының өмірлік өзегінің мықтылығында, адамдарының мінез-құлқының нақтылығында жатты. Әсіресе, бүгінгі күн тақырыбы дегенде, Отанымызда болып жатқан ұлы өзгерістердің күнделікті құбылысының, әңгіме, повесть-очерктерімен Әлжекеңнің үн қоспай қалғаны кемде-кем. Кешегі бүкіл халық басына түскен нәубет Ұлы Отан соғысындағы жанкешті күрес, тылдағы жанқиярлық еңбек жазушыны тыным таптырмаған кезең.
Сол «Завалдан» бастап Әлжаппар Әбішевтің творчествосындағы үлкен белес 1945 жылы «Жас түлектер» романының жарыққа шығуы. Бізге аян, көп жылдар бойы осы шығарма қалың оқушы қауымның қолынан түскен жоқ. Әсіресе, біз құрбылас жастар қатты сүйсінгенбіз. Оның себебі романда жастар өмірінің суреттелуі ғана емес еді. Әңгіме сол жастар тап болған сынның ауырлығында, күлкінің тыйылып, кектің оянуында, ерлік пен ездіктің беті ашылуында, парасат пен парықсыздықтың ашық белдесуінде, ата буын мен бала буын арасындағы тіл табысудың ыстық махаббатында. «Жас түлектерді» қазақ әдебиеті активінде татымды туынды, құнды шығарма етіп тұрған да осы қасиеттері болса керек. Дәл сол кезде майдан өрті мен тылдағы еңбек адамдарының бір тыныстағы қайрат-қажырлы еңбегін, халық патриотизмінің өлмес махаббат туын, достық, ерлік сипаттарын қазақ әдебиетінде мұндай суреттеген шығарма бола қойған жоқ.
Әлжекең «Найзағай» романына дейін де бірнеше роман-повестер жазған. Олардың көркемдік құны жайлы талдаулар оқулықтарда, зерттеулерде, қала берді Әлжекеңнің мүшелді мерекесі қарсаңындағы мақалаларда айтылып жатыр. «Найзағай» атақты әнші Мәдидің өміріне арналған. Бұл «Терең тамырлар» повесінен кейін автордың тарихи тақырыпқа екінші рет баруы. Романда Мәди өмір кешкен дәуір, замана қыспағы, өнер адамының көрген жапа-жаласы, оған мойымас Мәдидің қайсар мінезі, халықпен бірлігі, мұңдас-сырластығы шындық шеңберінде суреттеледі. Бір қуанатын жай, үлкен прозаның ауыр тақырыбына бет қойған Әлжекең әзір де айтарының молдығын аңғартты. Оған журналда жариялана бастаған «Найзағайдың» екінші кітабы дәлел. Бұл сапардан да олжалы оралуына тілектеспіз.
Әлжаппар Әбішев өзінің әдеби творчествосында екі жанрды ерттеп мінген жазушы. Екеуінде де құйысқаны берік, қоржыны толық. Драматургияны «әдебиеттің ең қиын жанры» деп арғы-бергі теоретик, сыншы атаулы әлдеқашан баталасып қол қойған екен. Есітер айқайы көп те, алар алғысы шамалы бұл жанрға Әлжекеңнің алғашқы құрық тастағанына аттай қырық жыл болыпты.
Цифр араласпаса, сөздің сәні келмес. Әлжекеңнің қаламынан осы жылдар ішінде табаны күректей отыз екі драмалық шығарма туған. Бұл осы жанрмен айналысқан қазақ топырағындағы жазушылардың ешқайсысының түсіне кірмеген байлық. 1937 жылы ҚазПИ-дің сауыққойлар үйірмесінде тұңғыш пьесасы «Совет қызындағы» бозбаланың образын жасаған қазақтың бүгінгі көрнекті ақыны Халижан Бекхожиннің өзі қазір алпыстың ар жақ – бер жағын аралап жүр. Сол айтылған мол байлықтың жонды-жоталысының он екісі осы Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Академиялық драма театрының ажарын келтірген, қазынасын байытқан, актерлердің әлденеше буынын тәрбиелеген шығармалар. Қалғандары облыстық, колхоз-совхоз, халық театрларының репертуары негізін қалап келді.
Әдебиетте, қай жанр болса да, алып та жығам, шалып жығам деу, ақылдан гөрі әншейін әурешіліктен туса керек. Әсіресе, драматургия өз құдашаңдай әзілдесуді көтермейді. Баршаға белгілі, әр жанрдың ойлау әдісі жүйесі (метод мышления), өлшеу өресі, шекарасы бар. Бақаннан қамшының сабын шығару екінің бірінің қолынан келер, ал қамшының сабынан бақан шығарған шеберді әзір ешкім көрген жоқ. Қамшының сабындай оқиғадан бақандай драма туғызам деу кеседегі суға кемемен жүзем деген есерсоқтың кәсібі. Бес-алты адам сахнаға шығып алып, таң атқанша шүңкілдескенмен, драма тумайды. Бұл жанр «ет піскенше, шай іше тұрайық» деген біздегі кейбір сабаздардың «жүрек жалғау» психологиясын да көтермейді. Ол әрдайым жоталы оқиға, жұлынды тартыс, тегеурінді мінездерді тілейді. Әлжекең шығармаларының өміршеңдігі, өзгеден озық тұратын қасиеті де осыдан.
Жанрдың сыр-сипатын ұғуда, оның алдындағы жауапкершілікті тануда, тынбай ізденуде Әлжекеңдей еңбеккер кемде-кем. Осының бәрі Әлжекеңді бүгінгі таңда қазақ драматургиясының көшбасшысы етіп отыр. Өйткені советтік дәуіріміздегі өмірдің қай кезеңі болмасын, Әлжаппар драматургиясына өзек болмағаны, орын алмағаны жоқ. Зерделеп қарағанда, Әбішев драматургиясы заманымыздың шежіресіндей, бүгінгінің де, ертеңгінің де көп көңіл аударып, зерттейтін ғылыми объектісі. Әсіресе, қазақ драматургиясын, театр тарихын, жеке актерлер творчествосын Әбішевті айнала кетіп сөз ету мүмкін емес.
Осы жанрдағы өзіме ұстаз Әлжекеңді «прозада күшті ме, драматургияда күшті ме?» деген сұрақ туса, әрине, сыншылардың сыбағасына қол салғым келмейді. Бірақ екі жанрда да қамау тері шыққанша қайрат көрсетіп жүрген Әлжекеңді өзім илеп жүрген терінің пұшпағына қарай тартқым келеді де тұрады.
Әдебиеттің әр жанрының қиындығын басынан кешкен бір білгір адам: «Бар жанрға қол артуға болады, ал драматург табиғатта болатын, әркім өзіне бұйырған реңмен туатыны сияқты о бастан драматург болып туу керек», - деген екен. Сол кісінің сөзіне сенсек, Әлжекең о бастан-ақ драматург болып туғандығына дау жоқ. Оған осы саладағы қыруар еңбегі, ұстаздық үлгісі куәгерлік ете алады.
Әлжекең пьесаларында колхоздастыру кезеңіндегі тап тартысын сөз етсін, өндірістегі жұмысшылардың өмірін баяндасын, кешегі Отан соғысындағы ерлік шайқас пен тыл бірлігін айтсын, ауыл өмірін шолсын, жалпы интеллигенцияға арнасын, бәрінде де негізгі мотив болатын ар тазалығы, махаббат адалдығы, советтік патриотизм, азаматтық борыш, адамгершілік парасат.
Әрбір индивидиумның мінез-құлық әрекетінен байқалатын ар мен адалдық проблемасы адам өзін адаммын деп танығалы әдебиеттің арқауы болып келеді. Адам мекендейтін планетада адам болса, бұл проблема бола да бермек. Адамның адамдығы да ар мен адалдық айнасының алдында өлшенеді. Зұлымдық пен арамзалықтың жер жастанар орны да сол айнаның алды. Міне, осы проблема Әлжаппар Әбішев шығармаларында әр ситуацияда, әр кезең адамдарының мінез-құлқында сан қилы қырынан көрініп бой тастайды. Ар мен адалдықты туы ете сөйлейтін автор өмірде жек көретін жайларды, қоғамдық дамуымызда кедергі болып жүретін кейбір жексұрын қылықтарды әлгі айнаның алдына сүйреп шығарады да, «сақтанарың мынау» дегендей, аяусыз соққыға жығып отырады.
Өміріміздегі үлгі тұтар, үйренер биік парасат иелерінің образын бейнелеуде де автор қолы жомарт. Тек Әлжаппар Әбішев творчествосында ғана күдерлі бел емес, бүкіл қазақ драматургиясының биігі болып саналатын « Достық пен махаббат» пьесасындағы Сәуле, Абзал, Тайман, Темірлердің жарқын бейнелері күні бүгінге дейін көз алдымызда. Автордың жазушы болып қалыптасуына көп ықпал жасап, ағалық қамқорлық, достық кеңес, ақылын аямаған ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың бұл пьеса туралы: «Совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты, көркемдік сипатқа ие болып шыққаны» деп аса жоғары бағалауы тегін емес еді. Соз арасында айта кеткенде, әлі күнге дейін көркемдік құнымен актуалды мәнінен айырылмаған осы шығармаға театрдың қайта оралатын уақыты жеткен сияқты. Бұл аз болса, В.Шкловскийдің аудармасымен 1949 жылы Москва баспасында шыққан нұсқасына жазған соңғы сөзінде Леонид Соболевтің: «Автор адамдар бойынан біздің халқымыздың тіршілігін ұстап тұрған ең биік сапаларды іздейді. Олар: отансүйгіштік терең сезім, еңбектегі жанқиярлық, қиыншылықты жеңудегі коммунистік тұрақтылық, адалдық пен сезімнің молдығы. Осы бір дәнді тауып ала алған ол содан үлкен образдар туғызады. Ондай адамдарды сүймеу мүмкін емес. Меніңше, совет драматургиясының міндеті көрермендерді өмірдегі ең күшті, жақсы, адал, түзу нәрселерді көре білуге үйрету. Коммунизм құрып жатқан халықтың бойындағы ең жақсы сапаларды тануға баулу керек», - деген сөздері Мәдениет министрлігіндегі басшы жолдастарды қалай ойландырмас екен?!
Халқымен тығыз байланысты, өмірлік тәжірибесі мол Әлжекең күнделікті құбылысты жіті бақылап отырады. Қай тақырып болсын, оның кейіпкерлері қиын тартыс үстінде танылады. «Бір семья», «Кім менің әкем?», «Әке үкімі», «Белгісіз батыр», «Күншілдік» қай-қайсысында болмасын, Әлжекең коммуниста моральды, бүгінгі қоғамдық биік сананы уағыздайды.
Қазақ қауымында, бағы заманнан елдіктің еңсесін басып, бірліктің берекесін алатын аталастық, руластық, жүздік деген кесапат-кеселді ұғымдардың кейбір санадағы сарқыншақтарының анда-санда қылаң беріп қоюын әшкерелеуге арналған «Мансап пен ұждан» атты жаңа шығармасы да коммунист жазушының азаматтың кредосымен бәрімізге ортақ идеалды ту етеді.
Сөз аяғын тұжыра келгенде, Әлжаппар Әбішев тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл совет әдебиетіне мол үлес қосқан жазушы. Оған прозалық шығармалары мен пьесаларының көпшілігі ондаған тілдерге аударылып, көптеген ұлт сахналарын көргендігін айтсақ та жеткілікті. Осынша қыруар дүниені жазған адам шаршамай келді деу, беріден салғанда, әбестік болар еді.
Бірақ сіз шаршамайтын да себептер бар: сізді шаршатпайтын, ең алдымен, халқымыздың сізге деген махаббаты, таланты қыздың қайнар көзі, өмірден алған мол тәжірибеңіз, олай болса, алдымен халқымыз аман болсын, сол халықтың қадірмен ұлы өзіңіз аман болыңыз.
1977
ХАЛЫҚТЫҢ МАҢДАЙЫ, ТАРИХТЫҢ ТАҢДАЙЫ
Мұхаңмен өкшелес інілері, дәрісін тыңдаған шәкірттері, кейін ғылым, өнер салаларына ұлы ұстаз батасымен аттанғандар осы мереке қарсаңында, Мұхаңның өз тілімен айтқанда, «барын салды». Құдайға шүкір, Мұхаң жайлы ғылыми-зерттеу, мемуарлар аралас ірілі-уақты 50-ге тарта еңбектер жарық көрді. О, заман-ай... Солардың ішінде Мұхаңа өмір бойы ақыл-кеңес беріп, жөн сілтеп, жоба көрсетіп келген «жансебілдердің» де осы күнге дейін арамызда жүргені қандай ғанибет десеңізші?! Жасыратыны жоқ, осындайда Мұхаңа да ренжисің. «Мына бір дүниені пәленшенің ақылымен жазып едім» - деп, тым болмаса не ауызша, не жазбаша із қалдырмай кеткені қандай өкінішті деп сан соғасың. Кейде «япыр-ай, анадай ақылмен біздерге сонша сараңдылық жасамай, анда-санда қол ұшын бергенде ғой, Мұхаңдай болмағанмен біраз жерге барып қалатын едік-ау» деген пұшайман халіңе бас шайқап, өкпең қара қазандай болады. Бірақ, осының өзі ауыр арба тартып келе жатқан қасқа өгіздің мүйізінде отырған ала көз маса мақтанышы емес пе екен деген күмәнді ойға душар боласың да, лайым солай болғай деп қазіргі күніңді қанағат тұтасың. Өйткені, басқаны қайдам, өз басым «Мұхаңды мұратына жеткізген» әлгі ақылгөйдің әр шығармасын оқыған сайын көршінің жайып қойған шұлғауын шайнаған бұзаудай болып шыға келемін. Кейде оңбай жүргенім осыдан ба деп жағамды ұстаймын. Сөйте тұра мен де өзімді Мұхаңның шәкіртімін деуге хақысы бар қазақтың бірімін деп санаймын. Өйткені қара танығалы Мұхаң еңбектерімен таныспын. Латын әрпімен ертеректе шыққан «Тас түлектер» жинағын 14 жасымда оқыппын. Мендегі ол жинақ Мұхаң туралы ең іргелі еңбектің авторы академик Зейнолла Қабдоловтың кітапханасында орын теуіп жатқанына да 30 жылдай уақыт болды. Мұхаңды алғаш көруім 1949 жылы 18 мамыр, Ташкентте оқып жүрген кезім. Әлішер Науаидің 500 жылдың мерекесіне қазақ делегациясын басқарып келген екен. Делегация құрамында С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, А. Тоқмағамбетов, Ғ. Орманов, Ғ. Слановтар бар. Осы топтың төңірегі ылғи қасқалар мен жайсаңдар: Иранның атақты ақыны Ғасем Лахути, тәжік-өзбек әдебиетінің негізін салған қос тілді тірі классик Садраддин Айни, К. Симонов бастаған Ресей жазушылары, тағы басқа шетелдерден келген мықтылар. Үстіміздегі жұпыны киімнен имендім бе, әлгі алыптар алдындағы жасқаншақтық па, сол топқа барып сәлем беруге жүрегім дауаламай-ақ қойды. Өзім жыға танитын Асқар Тоқмағамбетовтің көзіне түсем бе деп әрі-бері ойқастап өтем. Құдай жарылқап ол да болды. Хамза атындағы драма театрына баратын қазақтардың осы опера театрындағы отыратын билеттерін Асекең топтан жырылып шыға келіп, маған ұстата салды. Жанымдағы бірге оқитын өзбек жігіті өзімізден бас артығын билет іздеп сабылып жүргендерге көзді ашып-жұмғанша «реализовать» етті. Жасыратыны жоқ, табан астында байып шыға келдік. Ол кездегі өзіме лайық мода гимнастерка, галифе шалбар, солдат бәтеңкемен театр партерінің екінші қатарында үлде мен бүлдеге оранғандардың ортасында (Құдай басыңа салмасын) кірпікшешеннің үстінде жалаңаш отырғандай, қашан салтанатты кеш өткенше әбден берекем қашты. Салтанатты кештерді өткізуге шебер өзбек халқы өзі бүгін тұңғыш пердесін ашып отырған опера театрын одан сайын жайнатып жіберген. Киім, жүріс-тұрыс жағынан мыңдаған көрермендердің ішінде менен «сұмпайысы» болды деу ақиқаттың аулынан алыс дүние.
Төрдің бірінші қатарында Мұхаң да бар. Кешті Өзбекстан Орталық партия комитетінің I секретары, Сталиннің сүйікті досы, абыройы аспандап тұрған Осман Юсупов ашып, сөз кезегін Мұхаңа берерде әзіл аралас: «Кешігіп келген қазақ делегациясының басшысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовке» деген кезде, мінберге шыға берген Мұхаң: «Қазақ халқы кешіккен жоқ», деп, осыдан 100 жыл бұрын Әлішер Науаидің дастарханынан дәм татқанда, сұхбат үстінде: «Физули, Шәмси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз бу һәммәси, мәдәтбер я шагири фәрияд » деген Абайдың он үш жасында Шығыс алыптарына мінәжат үлгісіндегі жолдарын мақамына келтіріп жеткізгенде, ду ете жөнелген қол соғу қошеметі жаңа театрдың шаңырағын шыр айналдырғандай ғаламат болды. Одан кейінгі он минут бүкіл залды сілтідей тындырған Мұхаң сөзі маған бәрінен асып түскендей әсер етті. Кейінгі сөйлегендермен салыстырғанда да Мұхаң сол биігінен түскен жоқ. Өз орнына келе бергенде Осман Юсупов ұшып тұрып, әлгі айтқан әзіліне кешірім сұрағандай, әрі Мұхаңның сөзіне риза болғаны сонша, айқара құшақтап алып бетінен қайта-қайта сүйгені әлі көзі алдымда. Мұндай құрмет-қошеметті сол кештегі ешкімге төраға көрсете қойған жоқ. Сонымен, ол сапарда Мұхаңа қол беріп сәлемдесуге дәтім бармай, дидарын көріп, сөзін тыңдағанымды мол дәулет, зор қанағат санап қайтқан сол кездегі «Сорпаңбайың» қазіргі мен боламын.
1953 жылдың басында Москваның А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының 5-курсында оқып жүрген кезім. Мұхаң МГУ-дің профессоры болып орналасып, ұлттар әдебиетінен сабақ беріп жүр дегенді естігенбіз. Екі-үш қазақ жігіттері дәрісін тыңдауға қанша әрекет жасасақ та, Манеж көшесіндегі МГУ-дің филология факультетінің ғимаратының табалдырығынан аттай алмай, талай бетіміз қайтқан. Біздің кафедра меңгерушісі үлкен ғалым-профессор, екі томдық армян театрының авторы профессор Г.Н. Гоян маған Әуезовтің драматургиясы жайлы диплом жұмысын жазуды тапсырған-ды. Мұхаң жайынан да хабардар екен. «Қазір «Москва» қонақ үйінде болу керек, барып сөйлес», - деді. Кешкі уақыт еді, іздеп бардым. Қонақ үйдің төртінші қабатында екі бөлмелі нөмірге жайғасқан екен. Имене есік қақтым, «рұқсат» деген Мұхаңның қоңыр даусын естігінде, бүкіл денем ду ете жөнелді. Ішке кірдім. Жұмыс үстелінде бір журналдың гранкасын қарап отыр екен. Амандық-саулыктан кейін: «Мынау әлгі «Знамя» журналында басылып жатқан «Абай» романының екінші кітабы еді», деп қағаздарын сәл ысырып қойды да, қайда оқып жүргенімді, не шаруамен келгенімді сұрады. Алғаш келе жатқанда ананы айтсам, мынаны айтсам деген ойда едім, оның бірі де тіліме оралмай, берекем қашып бара жатқасын: «Сіздің драматургияңыздан диплом жазбақ едім», деп төтесінен бірақ бастым. Мұхаң: «Иә, ол енді..., - деп сәл ғана ойланып отырды да, елде не болып жатқанынан хабарықыз бар ма?» деді. Сауалдың аңғары белгілі. Апта сайын Ленин кітапханасына бір мәрте барып, елден келетін газет-журналдарды қарап тұратынымды айттым. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Профессор Мұхтар Әуезов ескі қателіктерінің шырмауында» деген екі етек мақаладан бастап білетінмін. Қазақстанның баспасөздері былай тұрсын, сол өрттен үзілген жалындар «Правдадан» бастап, орталық газеттердің бірсыпырасында бой көрсетіп жатқан кез. Жағдайды жалпы білетіндігімді айтқан болдым. «Шырағым, олай болса, жас бала екенсің, диплом дегенге кез келген тақырып жарай береді, қазір мен туралы жазып абырой алу қиын, заман жөнделсе, көре жатарсыңдар. Георг Нерсесовичке (Гоянды айтып отыр) менен сәлем айтыңыз, ықыласына рахмет», - деді...
Оқу бітіріп Алматыға келген соң, Мұхаң сөздерін Жазушылар одағында мәдени жиындарда жиі тыңдап жүрдім. Өзім де театр сынына белсене араласып жүрген кезім. «Айман-Шолпан» спектакліне жазған мақаламды оқыған Мұхаң: «Тілінің орамы, театр танымы, қаламының желі бар жігіт екен», дегенді Құрманбек Жандарбековке айтыпты. Жасыратыны жоқ, оны естіген соң «менде де бірдеме бар екен ғой» деген ой туды.
1954 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Жазушылар одағының III съезінде Мұхаңның драматургия жайында жасалған баяндамасы күні бүгінге дейін осы жанрға бет бұрғандардың алғашқы оқулығындай саналарына дау жоқ, теориялық тұрғыдан терең дүние болып шыққан еді. Съезд кезінде Л.Леонов, М.Шолоховтан бастап, әр республикадан келген айтулы жазушылардың барлығы Мұхаңның төңірегінде болғаны бізге зор мақтаныш сезімін тудырып жүрді. Мұхаңның шәкіртімін деуіме тағы бір дәлел мынау: 1959 жылы ақпан айында менің тұңғыш шығармам «Бөлтірік бөрік астында» деген комедия осы күнгі Мұхаң атындағы академиялық драма театрында қойыла бастаған күннен қатаң сынға ұшырады. Ол өз тілінде де, орыс тілінде де жарытып жаза да, сөйлей де білмейтін мәңгүрттер жайлы болатын. Орталық Комитеттің идеологиялық секретарының аузынан шыққан сынау сөздер негізінде, соны қуаттаған, кеңейте құптаған мақалалар газетте етек ала бастады. Бірі «шығармада ұлтшылдық сарын басым» десе, екіншісі «совет жастарына жабылған жала» десіп жатты. Қысқасы, жан қысылған соң, Мұхаңа мұң шағуға бардым. Мұхаң: «Ол мақалаларды оқыдым, қай күні спектаклің болады, алдын ала хабарлас, өзім барамын», - деді. Айтқанындай қасына Орталық Комитеттің сол кездегі екінші секретары Фазыл Кәрібжановты, әрдайым әдебиет-мәдениет қайраткерлерінің тұрмыс жағдайына қамқор болып жүретін сол кездегі қала басшысы Ахмет Әділовті ертіп келді. Спектакльден кейін Мұхаң директор кабинетінде өзімді де, әйелімді де құттықтап, құтты болсын айтты. Фазыл Кәрібжанов: «Мынауың жастар туралы екен. Жақсы шығыпты. Біз сияқты шалдар туралы да (сонда өзінің жасы 48-де екен) осылай етіп біреуін жаз, бала», деп арқамнан қаққанда, Мұхаң тұрып: «Сенің идеологің сынап жатыр ғой» деп қалды. «Оны қойыңыз, өзім айтам, мұндай дүниені қолдау керек, біздің балаларымыз да жаңағыдай сияқты (спектакль кейіпкерлерін айтып отыр). Солай емес пе, Мұха? Молодец, бала!» деп қолын беріп қоштасты да, Мұхаңмен бірге кетіп қалды. Екі-үш күннен кейін осы спектакльге арналған көрермендер конференциясының қорытындысы жарияланған « Лениншіл жас» газетінің арнаулы беті Мұхаңның «Бұл күлкіге дән ризамын» деген мақаласымен ашылды. Дуалы ауыздан шыққан ұлы ұстаздың киелі батасы әлі күнге дейін менің өнер жолымдағы құбылам болып келеді.
Асылында, Мұхаңда біздің осы күнгі ақсақалдарымыздың бойында бола бермейтін ерекше бір қасиет бар еді. Ол кісі әдебиетіміздің қай жанры болмасын, жіті бағып, таланттыны ерте күнінен танып қолдай жүретін. Әлем әдебиетінен бастап ұлттар әдебиетіндегі құбылысты сергек аңғарып, саяткер сақшыдай аңдып отыратын. Әйгілі Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Қайсын Күлиев, Шыңғыс Айтматовтарды да алғаш оқшау шығарып пікір айтқан Мұхаң еді. Оны барша жұрт біледі. Әлгі аты аталған азаматтар жазып та, айтып та жүр. Ал өзімізге келсек, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Қ.Бекхожин, X.Ерғалиев, Ә.Шәріпов, Ж.Молдағалиев, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, А.Сатыбалдин, Т.Әлімқұлов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, 3.Қабдолов, Қ.Шаңғытбаев, Д.Онегин, М.Симашко, Н.Титов, С.Адамбеков, Т.Бердияров, Б.Соқпақбаев, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Мұхамеджанов, Р.Сыздықова, 3.Ахметов, М.Базарбаев, С.Шаймерденов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, А.Нұрқатов, Б.Сахариев, Қ.Нұрмаханов, М.Дүйсенов, Т.Смайылов, Қ.Қуандықов, Ә.Әлімжанов, Б.Қыдырбеқұлы, Ә.Жәмішев, Ә.Жұмабаев, С.Жиенбаев, К.Оразалин, А.ІПәмкенов, С.Бердіғұлов, С.Байжанов, 3.Шүкіров, Е.Ибрагим, Ш.Елеукеновтер Мұхаңның ықылас-назарында болған әдебиетіміздің, ғылым саласының әр алуан жүйріктері.
«Шындық көп, ақиқат жалқы» деген шартты берік ұстанған Мұхаң өнердегі айтылар ақиқатын, әсіресе, тарихи тақырыптарға жазылған шығармаларында батыл баяндады. Ежелден қазақ қауымын жегідей жеген, заманында Төле, Қазыбек, Айтеке билер лағынет айтқан, Абайды зар илетіп, запыран тастатқан, ем қонбай келе жатқан дерті локальды патриотизмді, аталық, рулық, жүздік намыс-мүдделерді аянбай әшкерелеп, халық ынтымағын, ұлттық ұйытқыны жас кезінде көсем сөздерінен бастап, «Абай» романдарына дейін ту етіп көтерген бірегей суреткер Мұхаңның өзі болды.
Мұхаң Лениндік сыйлықты алғаннан кейін жаңа тақырыпқа бет бұрамын дегенді айтып та, жазып та жүрді. «Дос бедел дос» драмасынан басталған концепциясы Алашорда дәуірі, коллективтендіру кезеңі, одан бүгінгі күнге дейінгі қазақ қауымының осу жолындағы қиын-қыстау машақаттарын айтпақшы болған. Прозадағы «Өскен өркен» романы айтпақ ойларының алғашқысы еді. Бірақ Хрущев дәуірінің қанжылым саясатына сеніп қалған Мұхаңа советтік кезеңнің шындығын айту оңайға түспеді. Социалист реализмнің «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» дейтін мызғымас қағидасы Мұхаңа «өзің қарғасың, бірақ бұлбұлдай сайра» дегенмен бірдей болды. Сондықтан заманның заңы, идеологиялық құрсау, қанжылым саясаттың таңғы аязы біліне бастаған шақ Мұхаңды еркіндікке жіберген жоқ. Қысқасы, «Өскен өркен» Мұхаңның бүкіл шығармаларының ішіндегі соқыр ішектей болып шыға келді. Осыны ойлағанда: «Әттең, дүние-ай, Мұхаңның сол талаптанған шағы қазіргі біздің егемендік алып, еңсе көтерген кез болар ма еді? » - деп қапаланасың. Не пайда, ақталмас үміт, асу бермес арманға көз тігесің де, қаңғырып қайтып, опық пен өкінішке қалай құл болғаныңды білмей қаласың. Азаттық Мұхаңа бұйырмады, әлі де кешер ғұмыры, құдіретті қаламының жемісі бізге бұйырмады, ортамыздан ерте кетті...
Әу баста Мұхаңның рухани қазанын қайнатып келген ошақтың үш бұты Шығыс, Батыс, өз жұртының арғы-бергі тапқан-таянғаны еді ғой. Осы үш әлемнің әдеби, мәдени, ғылыми болмысын өз талантына жүгіндіріп, бәрінің бірлігін табу кез келген суреткердің маңдайына жазылмаған бақ-береке емес пе? Зейін-зердені осылай бұрғанда, әлемнің әдебиет тарихында өзінен бұрынғы өткендердің де, өз замандастарының да бірде-біріне ұқсамайтын тың-тұлға, сыр-сипаты бөлек шырқау сана, даңғайыр дананың бейнесі көз алдыңызға келеді. Мұхаңды өз дәрежесінде жыға тану үшін жоғарыда айтқан үш әлемнің тамырын басып, жілігін шағып, жігіт танытар психологиялық дейсіз бе, пәлсапалық дейсіз бе, әйтеуір, терең, теориялық тиянақты салыстырмалы зерттеу қажет-ақ. Амал қанша, біз әзірше Мұхаң шығармаларының тілдік, филологиялық, тарихи танымынан әрі бара алмай келеміз. Енді мына бір ақиқатқа жүгінейікші. Мұхаң оқыған мұғалімдер семинариясының программасында болды ма, болмады ма, білмеймін, әйтеуір, Аристотельден бастап Лессингке дейін қалыптасқан драматургия теориясының барлық шарттарын сақтай отырып, бұл жанрдың өзімізде төсегі түгілі жөргегі болмаған жерде күні бүгінге дейін театрымыздың ата қазығы болып келе жатқан «Еңлік Кебекті» 20 жасында жазады. Ал енді, арғы үлгісі грек-рим драматургиясынан басталатын, мектебі мол, осы жанрдың алыптары Шекспир тұңғыш шығармасы 22-сінде, Шиллер 27-сінде жазған екен. Мұхаң творчествосындағы осы бір тылсым жұмбақ, құпиялы құбылысқа не айтарсыз? Ол ол ма, 24 жасында, өз тілімен айтқанда, «тарихы жоқ елдің» әдебиет тарихын жазады. Оның авторы, Ленинград университетінің әлі бітірмеген шәкірті. Бұл еңбектің күні бүгінге дейін теңдесі жоқ. Мұның бәрі жай оқу, жадағай еліктеуден тумаған ғаламат. Ә дегеннен көсем сөз бен проза жанрында әлемдік әдебиетке тән озық үлгіні танытады. Қысқасы, қол күрекпен кен ашады. Сағымнан салтанатты сарай табады. Жылан өтпес жыныстан жол салады. Қылтанақ көрмеген шағыл шөлейт пен тамшы көрмей тандыры кепкен таз тақырға ой құрмасын егеді. Ол орманға айналады. Меңіреуді оятып, мылқауға тіл бітіреді. Әрине, айтулы суреткерлердің ішінде шығыс, батыс, өз мекенін де тамаша білгендер аз болды ма? Бірақ өз басым Мұхаң аударған тың, Мұхаң көтерген жүкті жеріне жеткізгендерді қазір білмеймін. Батысыңда да, шығысыңда да Мұхаңа маңайласар өз ұлт әдебиетінде бар жанрының бастаушысы ғана емес, оның негізін салып, үлгі ұстаз болып қалған, әрі бармайың, XX ғасырда кім бар?
Кейде Мұхаңа теңеу таппағандай, «Өзімнің түк білмейтінімді білемін» деген екеннен басқа артында өз қолымен жазған екі жол еңбегі қалмаған Сократтың маңдайын дәреже көретініміз бар. Оған тіліміз үйреніп кеткен. Ал енді Сократты Сократ еткен өз жерлестерінен Фаллес, Гераклит, Зенон бастаған 25 «маңдай» өткенін ескермейміз. Ал Әуезовтің алдында да, артында да, өз даласында өзімен теңдес келетін кім бар еді? Демек, Әуезовтің маңдайы өзінікі, халқының, ұлтының маңдайы. Осы маңдай дүниеге келуіне қазақ халқының тарихы ұзақ толғатты, ол ә дегеннен өзінің дәуірлік миссиясын мойындап келген, әлемге өзін де, халқын да танытқан дара данышпан.
Олай болса ғылымда көптеп қалыптасқан «самосознание», « Национальное сознание », «Планетарное сознание», «космическое сознание» деген ұғымдардың барын жақсы білеміз. Осы қазақтың өзінің «Қыдыр дарыған, аруақ қонған» деп жүргені сол ғарыштың санаға (космическое сознаниеге) мегзеу емес пе? Яғни, табиғаттың тылсым құдіретімен тілдесу, жеке индивидум болғандығы дарынның көкірек көзі көк тәңірісінен қуат алып, өзгеге өз болмысын танытады дегенді өткен ғасырда ғұмыр кешкен канадалық әйгілі психолог Р.М. Бекк өзінің «Космическое сознание» деген еңбегінде дәлелдеген еді. Ол адам баласының арғы-бергі тарихындағы әулие-әнбие, машайықтардың өміріне шолу жасай келе, Будда, Мұса (Моисей), Иса (Христос), Мұхаммед пайғамбарларды әлгі айтып отырған ғарыштық сананың өкілдері дейді. Менің танымымша, Мұхаң творчествосының тылсым құпиясы да осы деңгейде жатыр. Құдай қаласа болашақта Мұхаң мұрасын зерттеуге сапар шеккен ғалымдар осы биіктен көрінеді деген сенімім мол. Оған өз шығармаларына ғарыштық сананың сәулесі түскен суреткердің адами психологиясынан бері қарай зерттегенде ғана көзіміз жетуі ықтимал. Өйткені Мұхаң әлі әлемдік рухани тарихта өз орнын алмаған құпия тұлға.
1997
НҰРПЕЙІСОВ ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Кеше ғана қан кешіп, қазаға сүрініп, сұрапыл соғыс тауқыметін бастан кешкен, жиырмадан жаңа асқан жігіт көңіл сене бермес кекселік танытып, болашақ романының алғашқы қара сүрлеулерін небары төрт-бес он екі бет оқушы дәптеріне «шимайлап» әкелгенін өзі жиі айтады. Өзі айтқасын сенесің. Сенбейін десең...
Асылында, талант табиғатының тылсым құпиясы, сиқыр сыры, бөгде көз былай тұрсын, сол талант иесінің өзіне де жауабын таптырмас жұмбақ болып қала беретін шығар. Кейде өнерге көңілдес келіншегіндей жеңіл-желпі қарайтын, «жазушы» деген атаққа ғана мәз боп жүретін желөкпе дөмбуаздар болмаса, нағыз таланттың ешбірі «мен осылай едім» деп кеуде соқпаған ғой. Өйткені өнер атаулы киелі кеселге жөргегінде жатқан қай уақытта «қағынғанын» ол қайдан білсін?! «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген кемеңгер Абайдың өзі де кім екенін білмей, оның жауабын келер ұрпаққа арқалатып, күні бүгінге дейін басымызды қатырып келе жатқаны бар емес пе? Соның өзіне «ұлысың», «данышпансың» дегеннен басқа қай сырын ашып қарық қылдың? Құдайға шүкір, алдымызда Абайды көтерген Әуезов биігі тұрғасын соған әлі малданып келеміз. Бұл сапарда Абай жайлы жаңа ой, соңғы пікірге зәрулігіміз бүгінде де байқалып отырған жоқ па?
Ал осы жетпістің желкесін қаси отырып, Әбдіжәміл Нұрпейісовке келгенде, неге екенін білмеймін, қай-қайдағы пенделік жынымның қозатыны бар. Қалай қозбасын? Бар білігі ауыл мектебінің ала-құла пәндерін шала-шарпы дәрісінен аспағаны бәрімізге аян. Қай тірліктің болса да, басты шарты «өмірлік тәжірибе» деген бар емес пе? Ол былай тұрсын, тәжірибе атаулы ұғымның өзінен бейхабар майдан даласындағы төрт жыл ішінде тым болмаса бойына шақ дені дұрыс шинель кимеген адамның «роман арқалап келдім» деп, әдебиет атаулы қасиетті ордаңның есігін қақпай кіріп, қаймықпай төріне ұмтылғанына қалай шыдарсың? Сорлатқанда төріме шинелін шешпей отырды-ау, шіркін! Иә, сүйтті. Енді қайттім деп ойлануға мұрша бермей, әуелі журналға, кейіннен жеке кітап болып шыққан «Курляндия» романына сиясы кеппей жатын, дау-дамайсыз Жамбыл атындағы республикалық әдеби жүлдені алып жүре берсін. Бұған не айтарсың?! Әрине, қара жер хабар бермесін, дәл осыған Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов кінәлі. Әйтпесе, бұрын бір әңгіме жазбай, тура романнан бастаған адамды соншама қолпаштап керегі не еді? Жасыратыны жоқ, біздің шалдарда да Құдай сүйер қылық шамалы болғаны ғой. Сол-ақ екен, қоңын көтеріп алған бұл оқуға кетсін. Кәдімгі Мәскеудегі әдебиет институты. Совет әдебиетінің айтулы тірі «классиктерін» сонда көрсін. Арғы-бергі өткен әдебиет алыптарының атын сонда естісін. Енді солай бет бұрсын. «Оқы, оқы, тағы да оқының» жолына кеш түссе де, кемел білім алсын. Сонда жүргенде-ақ аударма өнерінің сыр-сипатына мән беріп, ақыл айта бастасын. Қайдан білсін, бұл о бастан «құнықпа» адам екен. Білім дегенде де ес жоқ қой. Құмға жауған жаңбырдай сіңе беріпті, сіңе беріпті. Оны кейінгі кездері Достоевский, Толстой, Тургенев, тағы басқа орыс классиктері жайлы жасаған баяндамаларынан, жазған еңбектерінен байқадым. Қысқасы, Нұрпейісов әдебиет майданына бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кетсін. Ұзын-ырғасы Мәскеуде оқып жүрген дәуірінде салынған «Қан мен тер» трилогиясы дүниеге келсін. Сол-ақ екен, бұл жас-кәрінің аузынан түспейтін болып алды. Бұл шығарманың тақырыбы бізге белгілі. Ұлы Октябрь революциясының қарсаңы, бұл өз бастыларымыз да, қашашыларымыз да талай шарлаған өлке. «Бұл не жақалың айтып қарық қыла қойды екен сонша? » - деп жата қалып үңілмеймін бе кітапқа? Байқаймын, аяқ алысы бұрынғылар сүрлеуінен басқаша. Соцреализмнен ауытқу бар ма, қалай? Бар болғанда қандай?! Енді жамбасқа келген шығарсың деймін ішімнен. Басқа шығармаларға тән ұлы революцияның жасампаздың рухын ә дегеннен түсініп, ұран салып, үдере ұмтылып жатқандар қайда? Жоқ. Тап тартысының қайшыласқан қарбаласы қайда? Жоқ. Кәдімгі мешеу даладағы бедеу өмір, меңіреу тірлік. Үміт пен үрей ортасындағы келешегі күңгірт, жадау жандар. Әлемнің алтыдан бірінің апшысын қуырып иектей келген жақсы қоғамдық құрылыс құдіреті мен әлеуметтік әупірім қайда, тағы да жоқ. Қайғысы да оңаша, қуанышы оңаша, ақ пен қараны жыға танымайтын сергелдең жандар. Бұлардың революция рухынан түлеудің орнына түңілуі бар. Қақаған қыстарда сырнай шалып, аспан айналған аптабында ән салып жүретін, қиындық атаулыдан қаймықпайтын «особый материалдардан» жасалған комиссар большевик революционер қайда? Ол жоқ. Жоқ дегенім жала болар. Бірақ бар болғаны құрысын, өз екі аяғын зорға алып жүрген Дьяков деген біреу. Оның көмекшісі болса әпербақан анархист, ауыздығымен алысқан бір есерсоқ. Ал енді Дьяков болса, бағзы айта бастаса болғаны өзінің көкжөтелімен алысып әбігер. Байқап отырсыз ба, бұл революция жасаушылардың о бастан дені сау емес дегені емей, немене? Мәселе қайда жатыр, ағайын. Көзі бар адамға автордың ықыласы Колчактар бастаған ақтар жағында екені бадырайып-ақ тұр. Авторға жадыны Дьяковтан гөрі Ресейге «жаны ашитын» әлгі жаулар. Бұған Құдай берді демей, не дейін? Осы тұста қимылдамағанда мен қай уақытта қайрат көрсетемін? Мақтаған жазушымыздың әуселесі осы деп анау ЦК-ға да, мынау ЦК-ға да кітап ішіндегі бас бұлтартпас дәлелдермен арыз атаулының домалағын да, собалағын да жазуымда мін жоқ еді, амал қанша? Әне-міне дегенше Мәскеудің орыс сыншылары «Қан мен терді» мақтай бастаған кезеңге киліктім. Көп ұзамай өз тілінде оқыған француз, немістер жалаулатып ала жөнелді. Басқаны қойшы, осы француздар бірдеңені түсіне ме деуші едім, бұлар да беттері бүлк етпейді. «Әуезовтен кейінгі үлкен жазушы осы Нұрпейісов» деп қарап тұр. Енді не айтасыз?! Бұған қайнамаған зығырданың қашан қайнайды? Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, «Қан мен тер» СССР сыйлығын тағы алып, мені жүйкелетіп бітсін. Құдайшылықтарыңды айтыңдаршы. Бұл не деген сұмдық? Қаншама еңбегім далаға кетті. Қазір, шынымды айтсам, әбден шаршадым. Өздерің ойлаңдаршы, осыны мақтап жүргендер менен ақымақ емес шығар деймін кейде ішімнен. Мына орыстарда ерекше адамдарға айтатын «көйлегімен туған» деген сөз бар. Меніңше, осы Нұрпейісов күпсіме болған ба деп қорқам. Әсіресе, мына Арал жөніндегі романын алыңыз. Бұнда табиғатты да, адамды да қоғамдық идеал аздырады деген сарын бар. Байқадыңыз ба, қалай-қалай сілтейді? Бағы заманнан бір-біріне тәуелді ошақтың үш бұтындай осы үш тіректің азуы әлемдік апатқа апаратын жол дегенді меңзеп отырған жоқ па? Заманға, қоғамға айтылған ауыр үкімдей әсер қалдыратын шығарма екендігін саңылауы бардың бәрі сезеді. Әттең, дүние-ай, ана заманда жазылса, өмірі жарық көрмей кететін шығарманың өзі осы! Өйткені бұл Ұлы революцияның 70 жыл өміріміздегі жемісін тәрк етіп, тірлігіміздің барлығын сергелдеңге санап отыр.
Ал енді кейінгі жылдары дүниежүзілік әдебиетке байланысты алқалы мәжілістерге Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қатыспағаны, биік мінберлерден сөйлемегені кемде-кем. Орталығы Лондон қаласындағы үздік әдебиет қайраткерлерінің ПЭН клубының президенті болып тағы да Нұрпейісовтің сайланғанын естігенде, қара жамылып қайғырған күндерімді сіздерге айтып неғылайын? Бәрібір қол ұшын бермейсіздер...
Қалай десек те, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің талант табиғаты бөлек жазушы екені ақиқат. Несі бөлек дегенді жіліктеп айтуға, талдап таратуға жететін мен қасқада білім бар ма? Ол жағын. творчество психологиясын терең білетін, бұл саладағы еңбектері әйгілі академик Зейнолла Қабдоловқа қарай ысыра салған жөн болар деп отырмын. Әзірше мен білетін Нұрпейісовтің екі қасиеті бар. Оның біріншісі өз шығармасына қатал сын көзімен қарайтын жазушыны өзім жер басқалы көргенім жоқ. Оған дәлел мойнында жиырма алты мың қарызы бар осы Нұрпейісов ертең шығайын деп жатқан «Қан мен тер» трилогиясын баспадан алып кетіп, бір жыл бойы қайта қарап, көк ала шимай қылғанын өз көзіммен көргенмін.
Екінші қасиеті, жұрттың айтуынша, Нұрпейісов өнерге қанша жомарт болғанымен, дастархан төңірегіндегі ішіп-жемге айтулы сараң. Бұл пікірге мен де қосылам. Оған дәлелім мынау, менің де Мәскеудегі шәкірт кезім. 1951 жылдың ақпан айында Әбекең аспирант әйелі, қазіргі ғылым докторы Ажармен бір бөлмелі пәтер жалдап, Пушкин алаңының маңындағы Коляймский деген көшеде тұрады екен. Тұңғыш қызы Айжан әлі бесікте. Ауылдағы ел-жұртты шулатып жатқан лауреат жазушы қандай екен деп танысуға барғанмын. Аман-саулықтан кейін «Курляндия» романын «Әдебиет және искусство» журналынан оқығанымды айтып, ара-арасында бір-екі мысқал мақтауды да қосып жіберіп отырдым. Әбекеңде не мақұлдау жоқ, не қарсылық жоқ, үнсіз отыр. Ал бүйірлеу бір кастрюльде, иісінен байқап отырмын, ет қайнап жатыр. Ол кезде оқушы сорлының қайбірі бүйірі шығып ас ішіп, шекесі терлеп шай ішіп жүретін еді? Ет піскенше әңгімемді бітірмей, ананы-мынаны бір сұраған боп, уақытты ұрлап ұзатып отырдым. Пиғылым белгілі. Ажар етті пісіріп, сорпаға вермишель салды. Өзі балаға сүт әкелуге кетті де, қазан тағдырын Әбекеңе тапсырды. Вермишельдің бір қайнаса пісетін әдеті емес пе? Әбекең газды сөндірді де: «Жарайды, бала, осындамыз ғой, хабарласып тұрамыз», - деді де қолын ұсынды. Мұндайда кете бер дегенді де түсінеді. Табақта буы бұрқырап, бір килоға жетер-жетпес ет қалды. Иманды аузым сылп етпей, пұшайман көзімнің қырын табаққа бір салдым да, шығып жүре бердім. Піскен астың күйігі жаман дегенді сонда түсіндім. Кім біледі, сараңдың та ұлы адамдардың бір қасиеті шығар. Бірақ рухани қазынамызды байытқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл кемшілігін елемеуге болады. Халқының мақтанышы, ұлы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке зор денсаулық пен ұзақ өмір тілеу баршамызға ортақ. Ендігі жерде Құдай тағала екінші жомарттықты бұған бермей-ақ қойсын. Өз басымның бұдан үмітім жоқ. Бірақ өнердегі жомарттығы өрши берсін демекпін. Өткендегі жасаған қияс-күншілдік қылығыма кешірім сұраймын. Қанша дегенмен пендеміз ғой, Әбеке!
1994
СӨЗ КЕНЕН АТА ЖАЙЛЫ
Құрметті жолдастар, қымбатты қонақтар, достар, кемеңгер Кенен атаның бала-бауырлары. Бұл облыстың, ауданның партия-совет мекеме басшыларының әдебиет пен өнерге деген зор қамқорлық ықылас-ілтипатына біз бірінші рет куә болып отырған жоқпыз. Кенен атаның тойына жиналған осы қауымның өнерге деген мейірбан дидарлары бұрыннан таныс. Атағын сіздер мақтаныш ететін берісі республика, әрі барса, бүкіл Одаққа әйгілі Жамбыл облысының киелі топырағынан түлеп ұшқан талай тамаша қайраткерлерді менсіз де білесіздер. Өйткені қазақ ұлтының рухани есею жолында бұл өңірдің тарихи орны өзгеше. Аса биік дәрежеде жүз жылдығы тойланып отырған кемеңгер Кенен ата да осы топырақтың перзенті.
Әрбір ақын-жазушының, өнер қайраткерінің рухани мәдениетіміздегі орнын айқындайтын негізгі мәселе оның ұлттық мәдениетке қосқан үлесімен өлшенеді.
Өздеріңізге мәлім, Ұлы Октябрь жеңісінен кейін коммунистік партияның көркемөнер жүйесіндегі саясаты әр халықтың рухани мәдениетінің жан-жақты гүлденуіне, әр ұлт өз бойындағы бар қуатын сарқа пайдалана отырып, ұлттың шеңберде қалып қоймай, көп ұлт мәдениеті бір-бірімен сабақтасып дамуына жағдай туғызды. «Түрі ұлттың, мазмұны социалистік» деген белгілі қағиданың мақсат-мұраты да осы. Бұл кейінгі жылдары да партиялық құжаттарда, КОКП Орталық Комитетінің бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К.У. Черненко жолдастың ақпан пленумындағы сөзінде де арнайы аталып, күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.
Осы сапарда біздер сияқты мәдениеті мешеу қалған халықтарға, ең алдымен, шын мәніндегі «тың көтеру», яғни рухани «тың» көтеруге тура келді. Біздің бағымызға осындай ұлы қозғалыстың басында Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Омар Шипин, Нұрпейіс Байғанин, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбілхан Қастеев, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, Ахмет Жұбанов, Күләш Бәйсейітова, Қаныбек Байсейітов, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов сияқты алыптар тұрды. Бүгінгі таңда дүние жүзіне мәшһүр болған қазақ совет әдебиеті мен мәдениетінің шыққан биігін мақтан етсек, алдымен осы алыптардың иығына асылып өскенімізді арқаланамыз.
Ұлттық өнердің ұйтқысын бекітуде, оның ажарын келтіріп, аруағын асыруда орны оқшау, сирек тұлғалардың бірі Әзірбаевтың творчествосы жайлы терең талдау, тиянақты ой түю бір мерейтойдың қарсаңында біте қоятын шаруа емес. Қазірге дейін Кенен туралы айтылған ойлар болашақ борышы, алдағы байсалды зерттеулердің ишарат-эскизі ғана болмақ. Осы тұрғыдан келгенде қайталанса да қадірін жоймас, Кененнің жеке басына тән кейбір ерекшеліктерді емеурін есебінде ескерте кеткен жөн.
Біріншіден, әлбетте, Кенен Біржан сал мен Ақан сері дәстүрін жалғастырушы дегенге қосыла отырып, тек формалық ұқсастығын ғана қолдар едім. Өйткені:
Қолыма асынғаным алтын балдақ.
Мен келдім әсем керді суға жалдап, -
деп Біржан сал қанша шалқайғанмен,
Торыны таң асырып мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай?! –
деп Ақан сері қанша шіренсе де, екеуінің де айдарынан жел еспегені мәлім. Оның үстіне, салдықтың салмағы жоғалып, серіліктің сесі қайтып, әлеуметтік төсегі тозған кезде Кенен дүниеге келді. «Бозторғай», «Көкшолақтың» авторының үш ұйықтаса түсіне әлгіндей шалқаю да, шірену де кірмеген. Бұдан туатын ой, Кенен, түптеп келгенде, ол дәстүрді жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді түбірімен өзгеше, жаңа мазмұнға көтерген екі дәуірдің болат білезігі, алтын көпірі новаторы. Өйткені Кенен тарих тамырын дәл басты, өнердің әлеуметтік мұратын көз жазбай таныды. Кенен өмірі ақынның заман жаршысына, композитордың үгітші әншіге, азаматтық қоғам қайраткеріне айналу жолындағы күрделі күрескер өмір.
Екіншіден, таптық санасы оқу-біліммен емес, жөргегінде тірлік талқысымен оянған Кенен творчествосында қан-қасіреті, өксу-өкініші, шер-шемені мол өткен ғасырдың өшпес өрнегі мен осы ғасырдың әлеуметтік төңкерісінен туған өзі белсене араласқан жаңа қоғамның қаз тұрып, қадам басуындағы қиянкескі табан тірескен тартысы, дүбір-дүрбелеңі, бейнеті бірліктен байыз тапқан социалистік қоғамның жеңіс салтанатының жеміс шежіресі жатыр. Кенен шығармаларында өткен дәуірдің аянышты өмірі мен ащы азабы, қоңыр тірлігі мен қою шындығы бүгінгі заманның жарқын бетімен, болашақ бағдары бар бедерімен танылады.
Үшіншіден, Кенен шығармаларында әу бастан әлеуметтік сарын, азаматтың әуен, заман мен уақыттың мұрат-мүддесі қоспасыз көрінді. Әсіресе, XX ғасырдың алғашқы жылдарында өнеріміз бен әдебиетіміздегі сан қилы толқуларға Кенен куә болғанмен, ол өзінің идеялық-көркемдік платформасынан бір сәт ауытқып көрген емес. Өз басына байланысты шағын өлең, кең толғауларын былай қойғанда, эпикалық деңгейде көрінетін «Қырғызбай», «Әли батыр» поэмаларындағы әлеуметтік мәселелер Сұлтанмахмұттың «Кедей» поэмасымен астарлас жатыр. Демек, қазақ поэзиясында саяси-әлеуметтік тақырыпты өз творчествосында өзек еткен алғашқы ақындардың бірі Кенен.
Төртіншіден, Кенен бойындағы интернационализм рухы оның әр халықтың тілінде ән салып, күй шалуымен ғана шектелмейді. О бастан халықтар достығы тақырыбы Кененнің тел творчествосының жұлынды өзегі. Бұдан алпыс сегіз жыл бұрын жыр болып елге тараған тұңғыш поэмасында:
Сапы жоқ сапырылысқан қалың халық
Бәрі де барған екен жер аударылып,
Грузин, украин, армян, орыс,
Башқұрт та, татар да жүр күйіп-жанып.
Оянды Қырғызбайдың ой-санасы,
Өзгерді дүниеге көзқарасы.
Дос болды құшақтасып Андреймен,
Екі ұлттың от жүректі екі жасы, -
деген туысқандық мейірімге толы жолдардағы ойды ол кездегі қазақ әдебиетінің қай жанрындағы шығармалардан болсын кездестіру қиын. Қырғызбайдың сондағы өмір мектебінің Әли батыр қозғалысына қалай ұласқаны өздеріңізге мәлім.
Бесіншіден, өнерпаз атаулыда сирек кездесетін сан қырлы талант бұлағы бір бойынан туындаған Кененде кердеңдік те, кеудемсоң мінез де болмаған. Өмірде қандай сыпайы болса, өнерде де сондай сыпайы болған. Өнер атаулыны пір тұтқан Кенен оған шаң жұқтырмай, пәк, таза ұстаған. Кенен шығармаларына жалған бояу, жадағай асқақтау, тұрлаусыз теңеу, лепірме сөздер жат.
Өкінішке орай, қазіргі кейбір профессионал ақындарымызға тән, ем қонбай, етек алып келе жатқан сырқат жыр кітаптарын қалыңдату мақсатында көлем қуып, жетім ұйқас, жетесіз жолдарды жөн-жосықсыз төпей беруден Кенен атымен аулақ болған. Әрдайым сөзге сараң, ойға бай Кененнен біз үлгі тұтар ұлы қасиеттердің бірі осы деп білем. Қысқа қайырғанда, бүкіл творчествосын тек өзі куә заманның тірлік-тынысына арнаған Кененді басқа халық ақындарынан, жалпы ақын атаулыдан оқшау көрсететін де осы қылығы.
Халық ақыны демекші, осы ұғымның түп-тамырын тануда білімділіктің буы ма, әлде қалтамыздағы түйенің төс табанындай диплом тоңмойындыққа сүйреп жүр ме, кім білсін, әйтеуір, халық ақыны дегенде жеңіл-желпі ғана миығымыздан күліп, төбеден қарайтын мінез байқатып жүрміз. Рас, бүкіл фольклорды халық даналығы дейміз. Олай болса осы отырған қауым ертеңге дейін бәріміз жабылып Кенен туралы бір толғау шығарайықшы. Әй, қайдам, бұл өте қиын шаруа. Оны сәті түсе қалса, бір адам бастауы мүмкін, көкейге қонса, бәріміз жаттап алып, бара-бара толғау иесінің атын да ұмытып кетеміз де, халық даналығына айналдырып жүре береміз. Сәл ғана тарихқа зейін аударайықшы. Заманнан-заман игілігіне айналып келе жатқан дүние жүзі әдебиетінің шедеврлері «Ведо», «Махабхарата», «Рамаяна», «Пураны», «Авеста», «Эдделар», басы даулы Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясы», «Манас», «Песнь о Роланде», «Песнь о нибөлунгах», «Слово о полку Игореве», «Илья Муромец», «Авессалом мен Этери», «Нарттар», «Көрұғлылардың», айта берсе кете береді, алғашқы авторлары кім еді? Әлбетте, халық ақындары болатын. Қазақтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдерін былай қойғанда, сонау Қазтуған, Асан қайғыдан бастап, бүгінгі Кененге дейінгі халық ақындарының тоқсан қабат ой-толғаулары халықтың тарихи тәжірибесінің өлмес, өшпес куәлігі емес пе? Біздегі ұшы-қиырсыз батырлар жыры мен махаббат дастандарының негізгі авторлары кімдер еді? Тағы да халық ақындары. Демек, халық ақындары көргенін жіпке тізе беретін мәңгібас есепші. емес, ол оз заманының тарихшысы, философы, этнографы, психологі, ұстазы, моральдың кодекстерінің сарапшысы, эстетикалық танымның иесі. Тарихымыздағы өркешті-өркешті халық ақындарының әрқайсысы бүгінгі гуманитарлық институттардың қызметін бір өздері атқарған ой-пікірдің алыптары. Олар біздің рухани анамыз. Атамыз демей, анамыз деп әдейі айтып отырмын. Өйткені емшектегі сәби алғашқы сөзді анасының әлдиінен естиді. Сәбидің тұңғыш тілі шыққанда, оның алғашқы сөзінің куәсі де ана. Халқымыздың өз тілін ана тілі деп атауы да содан шығар. Олай болса халық ақындарын бағалауда, жұқалап айтқанда, тісі шыққанда анасының емшегін шайпайтын, жатырдан жарымес туған баланың мінезін танытпауымыз керек. Сиырдың сүтіне семіргенімізге мәз болмай, ананың сүтінің де аруағын сыйлағанға не жетсін? Өз халқының мәдениетін, әдебиетін сыйламаған адам өзге халықтардың да ғаламат-қасиеттерін сыйлап оңдырмайды дегенді өткен ғасырдағы орыстың ұлы демократтары талай ескерткені естен шықпауы керек. Кез келген мінбеден «менің халқым, мен сені сүйем» деп, асыранды баланың өгей шешені өңештегеніндей мінез көрсеткеннен гөрі, пенделік арзан есепті былай қойып, сені дүниеге әкелген халық-ананың рухани бесігін аң жүрек, адал пейіл, таза қолмен тербете білсең, өз ұлын танымайтын халық әлемде жоқ. Басқаны білмеймін, дипломды Қалтай Мұхамеджановтың жазғандарынан гөрі, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың шығармалары халқымен бірге ұзақ өмір кешеріне кәміл сенем. Өйткені Кенен туындыларында заман кейпі, кезең тарихы, адам тағдыры, дәуір психологиясы екі ғасырдың етек-жеңі айқын, анық әшекейімен көрінген. Келер ұрпақңа керегі де сол. Халқымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдастың Кенен атаға жолдаған хатындағы: «Жұртшылықтың зор сүйіспеншілігіне ие болған тамаша ән-жырларыңызда жастық от, қажымас қуат бар. Әлеуметтік ауқымы кең, талантты творчество бәрімізге де қымбат, өйткені ол туған халқымыздың өміріне тамырын терең жайған, оған адал қызмет етті», деген сөздер тек Кененге айтылған ой десек, сана саяздығын танытқан болар едік. Түптеп келгенде, бұл пікірге өткен мұраны қастерлеуде, бүгінгіні бағалауда, болашақты мегзеуде бәрімізге ой салар ортақ үлгі деп қарауымыз керек.
Теңіз тартылады, мекен өзгереді, қалалар қирайды, қорғандар құлайды, бір құламайтын мәңгі қорған халықтың тілі.
Тарих өресінен әлдеқашан із-түссіз кеткен шумер, арамей, таңғұт, тағы басқа халықтардың тілдерін осы күнге дейін зерттеп келе жатқанымыз бұл айтқан пікірімізге айғақ. Ал енді бүкіл Ресей империясында Ұлы Октябрьге дейін жеті-сегіз тілде ғана әдебиет жасалса, қазір Советтер Одағында жетпіс сегіз тілде әдебиет тізе қосып өркендеп отыр. Бұл бүкіл адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болып көрмеген құбылыс, Ұлы Лениннің ұлт саясатының салтанаты, шөгіп бара жатқан қорғандардың, яғни тілдердің қайта бой көтеруі, іргесі кеңеюі. Біз бүгін ұлы орыс тілінің биік қорғанынан өлем әдебиетін шолсақ, өз қорғанымызда шығысы Кутайби, батысы Эсхил деп бастап, алпыс жыл ішінде ана тілімізде оқи бастадық. Ұлттың тіліміз түледі, мазмұны тереңдеді, қазынасы молайды. Сондықтан да барша адамзат қауымының озық ойының кәусар мұхиты Ленин шығармаларының 50 томдығының халқымыздың қолына өз тілінде жетуі ғасырлар бойы халық даналары, киелі халық ақындары бізге мұра еткен тілі бүгінгі социалистік ұлт қазақ тілінің тарихи жеңісі деп білеміз. Кейінгі жылдары ақындар айтысының жалғасы жаңа белеске көтеріліп келе жатқанын да ұлы Лениннің ұлт саясатының жемісі деп тану керек.
Қорыта келгенде, жолдастар, Кенен аталар бастаған қазақ совет әдебиеті кейінгі ширек ғасыр ішінде Одақтағы ұлт әдебиеттерінің ең белді, беделдісінің біріне айналды. Кейінгі төрт-бес жылдың өзінде Қазақстан жазушыларының жүлделі шығармалары шетел тілінде жарың көрді. Осы тұста Кенен атаның кіндік қаны тамған киелі мекенінде, халқымыздың сан салалы мәдениеті мен әдебиетіне күнделікті қамқорлық жасап отырған КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, үш мәрте Еңбек Ері атағын алған, Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші секретары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдасқа Кенен атаның:
Қонды ғой бақыт құсы басыма кеп,
Әзірмін ән салуға қасына кеп,
Мен саған тоқсанымды бердім, ұлым,
Жұрт үшін Жамбылдың да жасына жет, -
деген батасын бүкіл Қазақстан жазушылары атынан қайталауға рұқсат етіңіздер.
Жолдастар! Енді уақыттарыңызға қиянат жасамаймын, осы салтанатты кездесуді ұйымдастыруға белсене араласқан Жамбыл облыстың партия комитеті мен атқару комитеті, аудандық партия комитеті мен атқару комитетіне Жазушылар одағының атынан шын жүректен алғыс айтуға рұқсат етіңіздер.
1984
СӨЗ АСҚАР ТУРАЛЫ
Бүгінгі таңда партиямыз, бүкіл совет халқы саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуымызға байланысты болашақ мүдделеріміз жайлы ақылдасып, таразыға салған үлкен тарихи құжаттарды талдау үстінде. Мұнда ішкі-тысқы саясатты ескере отырып рухани мәдениетіміздің ата қазығы әдебиет пен өнердің бағыт-бағдарын белгілеуге де аз орын берілмеген. Бұл салада қол жеткен табыстарды бұдан былай да жалғастыра, жандандыра берудің жол-жобасы көрсетілген. Сол жақсыны жалғастыру көпұлтты совет қоғамының мызғымас салтына айналған барды бағалау дәстүрінен басталатыны мәлім. Кеше совет театрын, өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін, «Халықтар достығы» орденімен 70 жасқа толуына байланысты марапатталып отырған Асқар Тоқпанов сол мызғымас салт-салтанаттың тағы бір көрінісі. Бұл награданы тек Тоқпановқа тартылған сый емес, партиямыз бен өкіметіміздің бүкіл қазақ театр өнеріне көрсеткен зор ілтипаты, биік бағасы деп білсек керек.
Өздеріңіз дидарласып отырған білгір режиссер, ғұлама ұстаз, талғампаз тәржіман Асқар Тоқпанов сонау Сүйінбай, Жамбылдан бастап жыр дауылы толас таппаған Жетісудің Іле ауданына қарасты 2-ауылының Қарақосым деген жерінде 1915 жылы дүниеге келді. Асқар жасынан-аң айдарынан жел есіп, асығы алшысынан түсіп өсті десек, шындыққа қиянат болар еді. Асқардың тұсауы кесілмей тұрып дүниеден көшкен Тоқпан шал кедей болған екен. Бірақ кедей атаулының бәрі байға, биге, болысқа қол қусырып, қошемет ұрып өтпегендігін Балуан Шолаң, Мәди, Сегіз сері секілділердің өмірінен байқасақ, осылар рәуіштес өмірді Тоқпан да басынан кешкен екен. Асқар мінезіндегі кейбір өрлік, қайсар, өнерге ынтызарлық қасиеттің түп төркінін іздегенде Тоқпан шал басынан кешірген бір эпизодтарды еске ала кетуді жөн көрдік. Жасынан серілік өрлікті ұстанған Тоқпан тапқан-таянғанын басына балап, бір бәйге атын мінеді екен. Мылтық асынып, семсер байлап жеті шапанды Тоқпан атаныпты. Бір жолы генерал-губернатор Эфельбаумның баласындай күтіп салтанатқа мінетін қара қасқа атын ұрлап, оның қасқасын қазанның түп күйесімен бояп, алты айдай баптап көкпарға салыпты. Ақыры өзі сіңіре алмайтынын білген соң, осы төңіректің азуы алты қарыс, отыз бес жыл болыс болған Жайнақ ханға тартуым деп әкелген екен. Жайнақ: «Кімсің, шырағым?» дегенде, Тоқпан тұрып:
─ Өзіңіздің егіншіңіз, Құнантайдың кенжесі Тоқпан ұры мен болам, депті. Губернатордың атын алып Жайнақты жын ұрып па, «Сен берген жоқсың. Мен көрген жоқпын, шырағым», деп Тоқпанды шығарып салыпты. Жайнақтың Тоқпанды губернаторға ұстап бермеуінің тағы бір себебі бар екен. Тоқпанның әкесі Құнантай өзі болыстың егінін егеді. Қарулы ірі кісі екен. Содан Жайнақтың шабармандарымен бір жолы суға таласып, ақыры оларды көк ала қойдай қылып сабап жіберіпті. Оған хан Жайнақ шыдасын ба, естісімен Құнантайды келе қамшының астына алады. Шыдамы таусылған Құнантай болысты аттан жұлып алып, саптама етіктің өкшесімен ауыздан бір теуіп, екі күрек тісін сындырады да:
─ Мына екі тісіңнің құнын менен ал, деп жүре беріпті. Құнантайдан таяқ жедім деуге намыстанып, «Жорғам сүрініп жығылып, содан болды», деп Жайнақ алтын тіс салдырған екен.
Екінші бір эпизод. Тоқпанның жасы қырықтардың о жақ, бұ жағына келгенде әйелі өледі. Қалық беріп, қыз алатын шама жоқ. Содан осы өңірге белгілі отыз ұлды Кененбайдың Шымырбай деген баласының оң жақта толықсып отырған, Асқардың шешесі Қамыржанды алып қашады. «Жарымаған, жалшымаған Тоқпан ұры кәдесіз, қалыңмалсыз қызымызды алып кетті. Шаңырағын ортасына түсірем!» деп Кененбайдың зіркілдеп жатқанын естіген ағасы Құлтайды ертіп, Қырғыздың Шөңкебін деген жайлауынан бір үйір жылқы айдап келе жатады. Алдарынан Верныйдан Пішпекке беттеген бір топ қырғыз көрінеді. Сонда Тоқпан ағасына: «Мен бұлғын ішікті жамылып, дәрет сындырған боп отырам, сен анадай жерде қолыңа шүберек алып тұр. Қырғыздар жақындай беріп, кім деп сұрағанда: «Ташкен, Қоқан, Самарқанға барып, сауда жасап келе жатқан атақты саудагер Ысқақбайдың үлкен баласы» дегейсің,» деп ішігін жамылып отыра кетеді. Әлгі қырғыздар жақындай беріп сұрағанда, Құлтай осыны айтады. Сонда қырғыздар: «Атаңның гөрі, Шоңболбай ма, отырысты көрмейсің бе, болса болад та, жігіттер, тартқыла алға» деп, бұларға қайырылмастан жүріп кеткен екен. Бұл қимыл қазіргі ұғымдағы актерлік пен режиссерліктің ескі болса да тапқырлық элементі. Содан бір үйір жылқыны әкеп Шымырбайдың шалына қосып: «Қамыржанның қалыңмалы осы, енді менен еш нәрсе сұрамасын», депті Тоқпан.
Ал енді елімізге ұлы өзгеріс әкелген Ұлы Октябрь болмағанда, осы Асекең екі ауылдың ғана ермегі сергелдең сері болар ма еді, әлде сойылын серік еткен баукеспе ұры болар ма еді, ол жағын тап басып айту қиын. Бірақ сол әкелерінің бойындағы өнерге құштарлық, тапқырлық, зорлыққа мойынсынбау, жалғандыққа жаны қас мінез-қылықтар Асқарға да мол дарығаны анық. Жеті жасында жалғыз панасы апасы да көз жұмды. Ежелден жетімдіктің адал жолдасы жоқшылықпен қол ұстасып, Асқар қой да бақты, от та жақты. Есіктен қуса, тесіктен сығалап жүріп сауатын да ашты. Көрші ауылдың қойын бағатын кәрі құлақ Естемес қарт халық қазынасына бай, қиялы ұшан-теңіз кісі еді. Қой жусап жатқанда қозы бағатын бала серігі Асқарға құдайдың құтты күні қазақтың ертегі, аңызынан бастап, «Мың бір түн» хикаяларын шертеді. Естеместен «Сейфүлмәлік», «Таһир Зуһра», «Ләйлі Мәжнүн», «Сал-Сал», «Төрт дәруіш», «Тотының тоқсан тарауы», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Бозжігіт» дастандарына қанады. Мұндағы қым-қиғаш оқиғалар бала қиялын тербейді. Сол өңірдегі Тәжіби, Құтымби дегендер ауылдарына бәсекемен ақын-жырауларды шақыратын әдет бар-ды. Оларға арнайы жайлау төрінен үйлер тігіледі. Бірде Жамбыл келсе, бірде Үмбетөлі, Сәтібек, бармағынан күй, өңешінен ән сорғалаған аруақты Қамшыбайлар жайлаудағы елге бірінен соң бірі келіп, кетіп жатады. Бұлар келгенде еңкейген кәріден бастап, еңбектеген балаға дейін шұбырып таң атқанша көз ілмейтін. Сонымен, бұл ауылдар жазда жырға бөгіп, күйге ұйып, әнге өртеніп жатады екен. Осы ду-дүрмек, мәз-мерекенің бірде-бірін Асқар жіберген емес. Табиғатынан зерделі, құймақұлаң бала жыр құдіретін, күй киесін ерте таниды. Жыр жаттау мен күй қайыруға құштарлық Асқар талантының алғашқы тұтатқышы болды. Қамшыбайдан үйренген әндерін Асекең осы күнге дейін жатқа біледі. Бірақ тағдыр Асекеңнің талант-қырының басқа жақтарын мол пішіп, жомарттық көрсеткенмен, онша берекелі дауыс бермеген тәрізді.
Бұл кезеңдер Ұлы Октябрьдің нұрлы жаңбырынан кейін тусырап жатқан қазақ даласы дүр сілкініп, рухани өміріміздің бар саласында тарихи өзгерістердің аса жауапты, аса күрделі шаруаларын шешуге талантына қайраты сай, біліміне парасаты сай адуын азаматтар, үлгілі ұрпақ, бүкіл бір буынның тұтас қанаттаса келген шағы еді. Сол аруақты, бүгінгі біздерге жасаған ата буынның көп игілігінің бірі бұрын театр атаулы түсіне кірмеген халықтың ортаң сахнасы, өнер ордасы ұлттық театрдың қабырғасы қаланып, шаңырағы көтеріліп, шымылдығының ашылуы болды.
Қазақтың кең даласының шартарабынан ғасырлар бойы халық қазынасын арқалана келген Қалыбек, Елубай, Серке, Күләш, Құрманбек, Жұмат, Қапан, Жүсіпбек, Манарбек, Әміре, Иса, Ахмет, Шара, Сәбира, Жамал, Рақия сынды ұлттық өнердің ұйтқысы болған, бағын ашып, баянды өмірін бастаған біртуар текті талант, арыс азаматтардың жаңа астанада өнер сайысының қазаны қайнап жатқан шағында он бес жасар Асқар Алматының тәжірибелі, үлгілі интернатына келіп, оқуға түсті. Іздегенге сұраған дегендей мектептегі оқумен қатар Асқардың екінші мектебі театр болды. Сол кезде құрылғанына бес-ақ жыл болған театр сахнасынан «Еңлік Кебек», «Түнгі сарын», «Шекарада», «Арқалық батыр», «Майдан», «Түркісіб», «Сүңгуір қайың», «Бүліншілік» спектакльдерін бір емес, бірнеше қайтара көрді. Талантты драматург, шебер режиссер, әрі артист Жұмат Шанин, әрі биші, өрі артист, көкірегі өнге, күйге толған, табиғатта өте сирек кездесетін «сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, қазақ сахнасының найзағайы Құрманбекпен, ағыл тегіл-ақын Исамен танысты. Театрға ден қоя жүріп табиғатынан алғыр, зерек Асқар интернатты үздік бітіріп, қазақ ғылымының тұңғыш ошағы ҚазПИ-дің бірінші курсына отыз үшінші жылы түседі. Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, революционер ақын, өрі ғалым Сәкен Сейфуллин, атақты тарихшы Санжар Аспандияров, сұңғыла ғұлама Құдайберген Жұбановтардан дәріс алады. Оған қоса көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді басшыларының бірі әрі артисі болады. Талант тегін жазбай танитын Жұмат Шанин Асқар бойынан болашақ театр қайраткерінің нышанын бірден таниды. Өнерге баулып, ақыл айта жүріп, ақыры келер жылы Москваның мемлекеттік театр институтының, қазіргі А.В. Луначарский атындағы ГИТИС-тің режиссерлік факультетінің бірінші курсынан бір-ақ шығарады. Бұрын Жұматтың аузынан естіген сол кездегі театр алыптарын енді көзбе-көз көріп, сабақ алады. Асқардың негізгі ұстазы аса ірі ғалым, режиссер, өнер жайлы бірнеше теориялық кітаптардың авторы Василий Григорьевич Сахновский болады. Сол кездегі Станиславский, Немирович-Данченко, Тайровтардың дәрістерін тыңдап, репетидияларына қатысады. МХАТ, Кіші театр, Вахтанговтың айтулы спектакльдерін көреді. Орыстың классикалық әдебиетінің, Батыс әдебиетінің мамандары мен айтулы жүйріктерінен сабақ алып, құныға оқиды. Сонау аңызға айналған Хакім Лұқпан, Кутайбиден бастап, баяғы Гете айтқан Рудаки, Фирдоуси бастаған Шығыстың жезтаңдай жеті жұлдызынан тапқан-таянғаны Гомер, Эсхил, Софокл, Аристофан қазыналарымен ұштасады. Шекспир, Шиллер, Пушкин, Лермонтов, Достоевский, Островский, Толстой тұнығынан сусынданады. Игорь жасағы жайлы жырланатын орыс халқының бай фольклоры Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғындармен төркіндеседі. Дерясавин, Сумароков, Тредиаковский мақтау-мадақ жырлары Қазтуған, Асан қайғы, Ақтамберді, Бұқар жырау толғауларымен көрші қонады. Философияның арғы-бергі тарихымен қоса маркстік-лениндік эстетиканың негізгі принциптерімен қаруланады. Театр өнерінің теориялық негіздеріне түбегейлі өзгеріс енгізген Станиславский жүйесін сарыла зерттеп, санасына сіңіреді.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан,−
деген Абай ақынды жасынан өмірінің құбыланамасындай ұстанған Асқар мол білім, өнегелі өмірдің тәрбиесін көріп, өнердегі өзінен гөрі өзіндегі өнерді қасиеттеп, қадірлеудің қағидасын ұғынып, бүкіл жиған-тергенін халқының игілігіне арнауды мұрат етіп, қазақтың тұңғыш білімдар режиссері болып оралады.
Асқар арқаланып келген, шын мәнінде ұлттық театрға ұлттық бояуын тауып ендірген, еккен, өндірген, өркендеткен, өзінің режиссерлік, ұстаздық творчествосының қайнар бұлағы болып келе жатқан Станиславский системасы, яғни Станиславский жүйесі дегеніміз не? Өзінің өзегін, XIX ғасырдағы орыс өнерінің үлгілі дәстүрінен сабақтаса туған Станиславский жүйесі дегенді қазақша қысқаша қайырсақ, былай болып шығады екен. Сахналык творчество сәтінде актерден тек өмірде осылай болатын көшірме (представление) жасандылық емес (ол ескі мектеп), әрбір спектакль сайын кейіпкерінің алдын ала ойластырған өмір логикасын тап қазір бастан кешіргендей өсерде болуын талап етеді. Мұны Станиславский «искусство переживания», яғни толғаныс өнері деген. Енді көз алдыңызға сонымен сабақтаса тебіреніс өнерінің, яғни «воплощениенің» жемісі келеді. Осы екеуі сахналық өнердегі реалистік бағыттың теориясы болып табылады екен. Орындаушы өзі немесе режиссердің көмегімен шығарманың негізгі мүддесін (дәнін-зерно) ашып жеткізуді ол алдына идеялық творчестволық мақсат етіп қояды. Станиславский мұны «сверхзадача», яғни «биік мұрат» деп атады. Осыған жетудегі әрекетті, талап-ұмтылысты, ол актердің және рөлдің жұлынды әрекеті, яғни «сквозное действие» деп белгіледі. Осы биік мұрат пен жұлынды әрекет туралы ілім Станиславский жүйесінің негізі болып саналады. Мұның өзі суреткердің дүниетанымын басты орынға шығарып, өнердегі эстетика мен этиканың өзара байланысын айқындай түседі. Актердің автор шығармасында берілген жағдайға (предлагаемые обстоятельства) байланысты жасаған мақсаты, органикалық әрекеті актерлік өнердің бірден-бір негізі.
Сахналық әрекет дегеніміз Станиславскийдің «творчестволық элемент» деп атаған актердің бүкіл ақыл-ойы мен қайрат жігерін, сезім-түйсігі мен оның ішкі болмыс-бітімін түгел жұмсауды қажет ететін психо-физикалық процесс. Бұған актердің сахнада әріптесімен қарым-қатынас жасау қабілеті, қиял-зейіні, ритм мен шындықты сезінуі, эмоциялық жадта (эмоциональная память) сақтау мен сөз техникасы, пластикасы, тағы басқалар жатады. Станиславский жүйесінің « актердің рөл үстінде жұмыс істеуі» дегені осыдан келіп туындайды. Осы тұста Станиславский жүйесіне жүгіну драматургтерімізге ауадай қажет екенін ескерте кеткім келеді. Өйткені біздің шығармаларымызда әне жерін кес, мына жерін піш деп, режиссерді де, актерді де машақатқа салатын бөгде оқиға, бос сөздердің балақ баулары шұбырып жүретіндігі осы жүйеге зейін қоймағандықтан деп білеміз. Кейбір актерлердің аузынан сөзі өліп, үні шығып, ойы өліп, күлі шығып жататыны да Станиславский жүйесіне бойламағандығының белгісі.
Асқар келгенше буыны бекіп, бұғанасы қатқан, он бес жылдай творчестволық, дәурен кешкен бүгінгі Мұхтар Әуезов атындағы театрда аянбай еңбек еткен Соколов, Танеев, Насонов, Боров сынды орыс режиссерлері көбіне аударма пьесалар үстінде Станиславский жүйесін уағыздағанмен, біздің театрға ол бекіне, сіңе қойған жоқ-ты. Өйткені драма өнерінде мінез-құлық, ұлттың психологиялық ерекшеліктер тіл арқылы ғана қалыптасады. Сөздің мәнін, нәрін, дәмін, иісін сезбей ақыл айту, әрі барса, құранды жатқа соғып, бір ауыз сөзіне түсінбейтін дүмше молдалар кепешін киюмен бірдей. Солай бола тұра олардың жанқиярлық еңбегін жоққа шығаруға ешкімнің дәті бармайды. Олар сахнаға шығарған классикалық шығармалар біздің театр үшін Станиславский жүйесін алғаш тани бастаған әліппе мектебі болды. Театрдың төл драматургиядан сәтті сағаттары көбіне тума таланттардың Станиславский жүйесінің негізіне сүйенуі емес, өмірді табиғи тануынан туындап жатты.
Асқардың суреткерлік келбетін, режиссерлік құдіретін, білім-парасатының биіктігін танытқан ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы. Әр стильде еңбек еткен режиссерлерде қалыптасып қалған актерге ойындағы кейбір машың, жаттандыға айналып кеткен оғаштықтармен күресу оңайға түскен жоқ. Ең ар жағы, жас жағынан Абайға бір табан жақын ұлы актер Қалыбек Қуанышбаевпен Абай образы жайлы ұғынысудың өзіне қаншама ұйқысыз түндер, күдікті күндер өтті десеңші. Асқарға театр табалдырығын аттағаннан сол жоғарыда айтқан Станиславский жүйесінің әліппесінен қайта бастауға тура келді. Бұдан бес-алты жыл бұрын бұлардың ойынына тамсана қарап, үздіге ұмтылатын Асқарға енді басқа көзбен, ұстаздың көзбен қарауына тура келді. Бұрынғы талантына табынудан гөрі, талапты қоя білу, дегеніне өзгенің кезін жеткізу, сендіру, сезім туғызу машақатына түсті. Сыртқа машақат көрінгенмен, бұл Асқардың өзіне де тұңғыш мектеп, сын мектебі еді. Өйткені қазақ драматургиясының көшбасшысы, атақты ғалым, ұлы талант иесі Мұхтар Әуезовпен де тіл табысу оңай емес. Бұрын бүкіл шығармаларына қаның болғанмен, осы күнге дейін Асқар Мұхаңмен дидарласып көрмепті. Асекеңнің айтуына қарағанда, осында бір жас жігіт Абайды сахнаға шығармақшы дегенді естігенде, Мұхаң да жүрегі жарыла қуана қоймапты. Бірақ алғашқы сұхбаттан-ақ шешендігі, мамандығына жетіктігі былай тұрсын, Абай шығармаларын жатқа білетіндігімен Мұхаңды еңсеріп алды. Риза болған Мұхаң: «Сен өзі көп білетін көшелі жігіт болдың ғой. Біздің театрдың аңсағаны өзіңдей-аң болар. Қадамың құтты болсын!» деп, театрдың әр актері мен қазіргі халі хақында көп жайларды аңғартты. Абайдың рухани құдіретін өз халқының бар байлығы орыс, Батыс, Шығыс мәдениеті мен әдебиеті болса, бұл саладан Асқарда да бір басына жеткілікті қазына бар екеніне Мұхаң қатты риза болды.
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Асқардың революцияға дейінгі қазақ тарихы әдебиетіменен, әсіресе, оның қазақ өміріне бағытталған «Еңлік Кебектен» бастап, «Абайға» дейінгі көргені, оқығаны, түйгені не еді? Сонау замандарда суы кепкен сайдың бергі тасындай басы бірікпей келген бұл халыққа сан ғасырлық қоғамдық дамуындағы қиян қимылынан бой жазып, елдігін ескеріп, ұлттық сипат алар шағында, ең алдымен, безінер қылығы қайсы, қарғыс айтар кесепаты не деген сауал тұрды.
Әлеуметтік тұрғысы әлжуаз, қоғамдық санасы сәбилік дәрежедегі халықта замандар бойы қанына, жік-жілігіне сарысудай сіңген рулық тайталастан асқан бейбақтық болып па? Батыры да ру намысының құрбаны, аруы да ру намысының құрбаны, ақылы да ру намысының құрбаны. Ұл айтысса да, қыз айтысса да, бір-бірінің руының, ата-бабасының жер-жебіріне жетіп, бірін-бірі сөзбен жер жастандырып жатқаны. Адамның құлы болғаннан гөрі, атаның ұлы болғанды, халықтың ағасы болудан гөрі, ауылдың ағасы болғанды артық санар топырыш-тоғышар атқа мінерлердің түрі анау. Ел болдым деп ең мықтағанда жүзге барып тіреледі екен. Онда да пәлен жүздің ақыны, пәлен жүздің батыры деп есіре елеуреп, бірін-бірі шабақтап-тамақтап, ақыры есебін тауып, іргесін ашып алады. Халық қамын, ұлттық ұйтқыны ойлау арғы-бергі қан жаласқан хандардың, содыр сұлтандардың, көкезу билердің, даңғаза батырлардың түсіне кіріп те шыққан емес. «Жүлде алсаң жүзіңмен, у ішсең руыңмен» деген бетпақ мақалды сахараның сайқымазақ саясатына ту етіп ұстап, шаян құйрық, сиыр бүйректеніп өскен елде не береке болмақ? Сондықтан Асқар өткен тарихқа барғанда тағдыры сақалды биде, тартқаны сойылды байда, саяси тұсауы кесілмей, шаш-етектен сергелдең-сор қалмаған халықтың мұң зары, мұратын арқалана, бүгінгі ұрпақты сондай кесір-кесапаттан сақтандыра сөйлеуді өзінің ақын ағасы Иса айтқандай:
Халықтың қасиетін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, −
дегенді азаматтың борыш, суреткерлік парыз тұтты.
Қай шығарма қойсын, әсіресе, тарихи тақырыпқа келгенде Асқар осы биіктен қарады. Асекеңнің сол кездегі режиссерлік талдауында (экспликациясында) Абай трагедиясындағы бой көрсететін идеяны ашуға, орыс мәдениетіндегі ой-сананың әсері (Долгополовпен достық), отарлау саясатының қолшоқпары ояздар мен Әзімхан, кертартпа пантюркизмнің құлы Кәрім, феодалдың дәуірдің шынжыр балақтары Оразбай, Нәрімбет, Тәкежан әрекеттерін жіктеп алады да, адам тағдыры, халық тағдыры, яғни «судьба человеческая судьба народная» деген қағидасымен түйеді. Әсіресе, Оразбай, Әзімбай төңірегін ашуда:
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
Қу пысың деген ат қайда?
Арамза болмай атақ жоқ,
Айлакер болмай бақ қайда? –
деген Абай сөздері Асқарға қамшы болғандығы анық. Арқа топта халықтың қамын жеген боп сандуғаштай сайрайтын, өз мансабына келгенде көң қарғадай өңешін майлаудан, құлқын құртын жемдеуден, бар білімін қулық пен пысықтыққа жегіп, жарығы өз отбасынан, қайырымы табалдырығынан аттамайтын Әзімхан сынды отаршылдық саясаттың төбеттері кімді оңдырсын?! Ондайлар кішкене құлқынына түсетін болса, итпен ынтымақ тауып, ауыз жаласып, шошқамен бірге өріп, бір батпақта аунауға даяр. Оған тек ұлық алдында шені биіктеп, шекпені жақсарып тұрса болды. Пышақ елі мансабын төмендетпеуі үшін ұлыққа ол халқын да сатады, қатын, бала-шағасын да жалдайды. Керек десеңіз, әкесінің сүйегін жағып, сүт пісіріп беруге даяр. Тек шені орнында болсын, шекпеніне дәнеңе жұқпасын. Ал Оразбай болса, жолбарыстың жолын мысығына, арыстанның жолын күшігіне таңып үйренген ру шонжары. Бұларды адамгершілікке ұғындыру, әділетке жүгіндіру мыңмен жалғыз алысқан Абайға өртке май құйып сөндірумен бірдей болды. Асқардың режиссерлік интерпретациясындағы Айдар ажалы, Абай кешкен азап-қиянат спектакльде осындай биіктен көрінді. Театр өнерімізде Асқар Тоқпанов жаңа бетбұрыс, белес, шынайы шеберліктің үлгісін көрсеткені сол кездегі баспа беттерінде жан-жақты айтылыпты. Басқаға мырза болғанмен, мақтауға сараң Ғабит Мүсірепов: «Постановканы тұтас алып қарасаңыз, бұл театрда мұндай жақсы постановка бұрын болған емес. Мұндай жақсы пьесамыз болғаны да мәлім, бірақ театрдың жауапсыз қарайтын күндері де кездесе беретін еді. Жап-жақсы болып шыққалы тұрған пьесаны сүріну мен жығылудың арасында шығара салғанына көп ұяла қоймайтын-ды.
Театр «Абайдың» стилін жақсы тапқан, Абай дәуірінің мазмұнын беруге кеп еңбек сіңірген. Әсіресе, жас режиссеріміз Асқар Тоқпановқа қатты риза болуымыз керек. Алыста қалған өмірдің тек сыртын ғана емес, сырын ашу үшін барын аямағандығы айқын-ақ. Сахнаға шығарған басты геройлары бірі арғы замандікі, бірі бергі замандікіне ұқсап тұрған жоқ. Бір өмірдің, бір кезеңнің адамдары сияқты шүбә туғызбайды. Кейде сөз жазушынікі, декорация мен киім суретшінікі, образ өрбір артистікі болып тұратыны бар ғой. Абайды қойған Асқар бұған ұшыраған жоқ. Сөз бен киім образдікі, образ пьесанікі, постановка Асқардікі», депті. Бұл биік баға, біріншіден, Асқар талабының алғашқы жеңісі болса, екіншіден, Станиславский жүйесінің ұлттың театр топырағындағы тұңғыш жемісі еді. Әрбір сахналық шығарманың мұралық мұраты психологиялық шындық пен әлеуметтік шындықтың қабыса келіп, көркемдік шындыққа көтерілуінің үлгісі де, оны Абай постановкасынан басталғандығын ашып айту керек.
Сонымен, режиссер Асқар Тоқпановтың осы «Абайдан» басталған творчестволық арсеналында жетпіс постановка бар екен. Бұл арғы-бергі режиссер атаулының басында сирек кездесетін дәулет. Әуезовтен бастап Ақтановқа дейін қазақ драматургиясының жілігі татитын шығармаларынан Асқардың режиссерлік тезінен өтпегені шамалы. Жалғыз академиялық театр емес, Республикалық жастар театрының, Гурьев, Қарағанды, Жамбыл, ұйғыр театрларының да елеулі постановкалары Асқар қолынан шыққан. Білімдар Асекең ұлт драматургиясымен ғана шектеліп қойған жоқ, дүние жүзі классикаларынан Шекспир, Шиллер, Гальдони, Гоголь, Островский шығармалары да шынайы шешімін тауып, театр тарихымызға еніп отырған дүниелер. Халықаралық тақырыптан Дюссе мен Гаудың «Терең тамырлары», туыстас драматургиядан Погодиннің «Кремль куранттары», Гаджибековтің «Аршин мал Аланы», Мұхқанаровтың «Аланыңсемьясы», Айтматовтың «Жәмиласы», Сұлтановтың «Алишер Науаиі» да біздің қазақ топырағына Асқар арқылы келді. Осы тұста Абай, Алтынсарин, Шоқан, Науаи, Ленин ролдерін өзі орындап, Асекеңнің актерлік шеберлік танытқанын еске ала кеткенді жон көрдік.
Сегіз қырлы, бір сырлы Асқар Тоқпанов театр теориясы мен тәжірибесіне байланысты екі жүзге тарта зерттеу мақалаларының, дербес шыққан екі кітаптың авторы. Шебер тәржіман Асекеңнің қолынан шыққан Горькийдің «Егор Булычеві», Чеховтың «Шағаласы», Сафроновтың «Аспаз келіншегі», Ибсеннің «Іні», Салынскийдің «Біріншілері» театрларымызда күні бүгінге дейін қойылып келеді.
Асқар Тоқпанов творчествосының тұнығы терең, арнасы кең дегенде, оның көп жүгін профессор Тоңпановтың ұстаздық қызметі арқалап жатыр. Республикалық театр, кино училищелерінен бастап, бүгінгі театр институтының кафедра меңгерушісіне дейінгі қырың алты жылдың еңбек өресіне зер салсақ, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген Абай сөзінің тамаша үлгісіне куә боламыз. Теңіз түбінен табылған інжудің көзін ашып, жабайы алтыннан жауһарлы жүзік жасайтын зергердей, Асқардың бүгінгі шәкірттерінің алды бүкіл Одаққа белгілі, бір парасы республикамыздың барлық творчестволық организміне әр беріп, ажарын келтіріп келеді. Сахнаның сұңғыла шеберлері СССР халық артистері Шолпан Жандарбекова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев осы Асқардың түлектері. Республиканың барлық театрларын жайлап отырған, Асқардан дәріс алған екі жүз елуге тарта өнер иелерінің оны Қазақ ССР-інің халық артисі, жетеуі республикаға еңбегі сіңген қайраткер, тоғызы республикаға еңбегі сіңген артистер екен. Республикалық жастар театрын басқарып отырған талантты режиссер, актер, Асекеңдей тәржіман Райымбек Сейітметовтен бастап, тағы да республикадағы көп театрлардың бас режиссерлері Асқар шәкірттері екен. Осыған қарағанда Асекеңнің бүгін қалай жарылып кетпей отырғанына шүкірлік етейік, жолдастар!
Асекеңнің сан салалы творчествосын бір мерекелік кеште түстеп, таңбалап шығудың өзі мүмкін емес. Ол театр тарихын зерттеуші ғалымдардың борышы болса керек. Өйткені Тоқпанов творчествосы өркені өсіп, күн санап көсегесі көгеріп жатқан творчество.
Асекең мен жеңгейдің қуанышы өз алдына. Бәрінен де қатты Қуанып отырған жалғыз бауыры биыл сексенге келген апайға құтты болсын айтайын. Асылында, Асекең творчестволық, азаматтық өмірінде бақытты адам. Ол жағына өкпесі болмаса керек. Қазіргі Асекең алты баланың әкесі, он екі немеренің атасы, үш шөберенің үшінші атасы. Пенделік тұрғыдан келгенде, Асекең бұл жағынан да біраз шаруаның басын қайырып тастаған екен. Сөз соңында тағы да Асекеңе ұзақ өмір тілеп, творчестволық табыстарға жете беруіне, ұрпақтарының игілігін көре беруіне көл соғып жіберейік, жолдастар!
1986
ӨНЕР ЖАЙЛЫ ОЙЛАР
СӨЗ ТЕАТР ТАРИХЫ ЖАЙЫНДА
Республикамыздың әдебиетшілері мен ғылыми қызметкерлерінің, өнер қайраткерлерінің назарынан тыс, қалтарыста қалып жүрген, кезек күттірмес ортақ мәселенің бірі Октябрь I революциясынан кейінгі мәдени өміріміздің өзекті жемісі болып келе жатқан театрымыздың тарихын зерттеу мәселесі. Бұл орынды сөз етуді, көңіл бөліп, қозғау салуды талап ететін зор міндет.
Советтік театр өнері әлемдік аренаға шығып отыр. Оның құлашы кең, өресі мол. Совет өнерінің өмірлік негізі маркстік-лениндік философия, біздің советтік шындығымыз.
Көп тілді, бір идеялы совет өнерінің, әдебиетінің даму, өркендеу жолында қазақ өнерінің, әдебиетінің қосқан сыбағалы салмағы бар. Бұл жөнінде бүкілодақтық әдебиетіміздің шеңберінен шығып, дүниежүзілік мәдениет қазынасына қосылып отырған М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, С.Мұқановтың «Ботагөзін», Ғ.Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің шығармаларын мақтаныш сезімімен атай аламыз.
Сонымен бірге, советтік театр өнеріне қазақ театрының қосқан үлкен үлесін айтпасқа болмайды. Бірақ, Қазақтың театр өнерін таразыға салып қарасақ, әлі де болса әдебиетіміздің даму дәрежесінен артта қалып отырғандығын аңғарамыз. Бұл артта қалушылық театр коллективінің өз кемшіліктері мен жалпы қазақ драматургиясының баяу дамуынан туып отыр. Мәселенің екінші жағын жол көрсетерлік театр сынының, театр тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеудің жоқ екендігіне байланыстыру керек.
Бізде осы бүгінге дейін маркстік-лениндік эстетика тұрғысынан терең зерттеліп, теориялық жағынан ұстамды жасалған театр тарихы жоқ. Бұл келешектің зор міндеті болып қалып отыр.
Сондықтан біз бұл мақаламызда театр тарихын зерттеудің қазіргі халі туралы өз ойымызды ортаға салмақпыз.
Қазақтың советтік театр мәдениетінің тұңғышы қазіргі Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық театр өзінің шымылдығын бірінші рет 1926 жылы 13 қаңтарда ашқан еді. Бұл Коммуниста партияның салтанат құрған ұлт саясатының сан салалы табыстарының бір ғана айғағы болатын. Қазақстанның театр мәдениетінің шын мәніндегі тарихы да осы театрдың өсу, даму жолымен байланысты.
Театр өзінің өткен творчестволық жолында совет драматургиясының біздің адамдарымызды суреттейтін шығармаларымен қатар өз көрушілеріне Гогольдің, Островскийдің, Шекспирдің, Мольердің, т. б. классиктердің пьесаларын өз бояуымен, өзіндік өрнегімен көрсете білді.
Осы жолда театр алуан түрлі қиыншылықтарды, табыстарды, ойлану-толғану кезеңдерін басынан өткізді. Құлпыра көз тартқан сәтті салтанаты да болды. Іздену, шеберлікті меңгеру жолында кейде оңыс кетіп қалушылығы да болды. Қалай болса да, шыныққан, ұйымшыл коллектив алға жылжудан танбады.
Қазақ театрының тарихын, даму жолын зерттеп, ғылыми жүйеге салып, қорытудың да маңыздылығы осында. Осы уақытқа дейін театр жөнінде жазылған көрнекті зерттеу еңбектің болмауы, сөз жоқ, театрдың творчестволық өсуіне кері әсерін тигізіп отыр.
Біздің театрымыз шын мәніндегі өнер жасау міндетін, ең алдымен, актерлердің, режиссерлердің және өнер қайраткерлерінің өмірінде кездескен әр қилы сәтсіздіктер мен табыстарға марксизм-ленинизм тұрғысынан талдау жасағанда ғана орындай алады.
Театр тарихының әр кезеңінен ішінара мағлұмат беретін немесе жеке спектакльдер жөнінде газеттер мен журналдарда жарияланған бірлі-екілі мақалалар еш уақытта да театр тарихын жүйелі зерттеу болып саналмайды. Рас, қазақ театрының зерттеу мәселесіне арналған бірлі-жарымды көлемі жағынан назар аударарлық еңбектер жазылды. Театр тарихын зерттеу жайында сөз еткенде бұл еңбектерге тоқтамай кету дұрыс болмайды. Сондықтан әңгіме еткелі отырған еңбектердің ғылыми-зерттеулік маңызының қаншалықты дәрежеде екеніне, қазақ театрының тарихын зерттеуден алатын орнына тоқталып өту қажет.
1950 жылы Москвадағы «Искусство» баспасынан О.Олидордың Қалыбек Қуанышбаев туралы монографиясы, 1954 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының көркемөнер зерттеу секторының аға ғылыми қызметкері Н. Львовтың кандидаттық диссертациясының негізіне құрылған «Қазақтың академиялық драма театры» деген проспектісі жарыққа шықты.
Қазақ театрының тарихы сөз болғанда, ең алдымен, көзге көрінетін, қолға ілінетін осы еңбектер. Қазақ республикасының сахна шеберлерінің творчестволық өмірін жұртшылыққа кең таныстыруда бұл еңбектердің жарыққа шығуы игілікті бастама болып есептеледі. Сонымен бірге, бұл қазақтың театртану ғылымының әлі күнге сәбилік сатыда екенін аңғартады. Оның қаз тұрып, қадам басуына көп жұмыстар керек.
Театр тарихын зерттеу деген сөз адам өмірін, яғни актерлердің өмірі мен творчестволық қызметін зерттеу болып табылады. Ғылыми-теориялық негіздерге сүйене отырып, артист өміріне терең талдау жасаумен бірге оған бағыт көрсетіп отыру керек.
Осы талап тұрғысынан жоғарғы еңбектерге зер салып көрейік.
Қазіргі академиялық драма театрының қабырғасын өз қолдарымен қалаған қарт артистеріміз Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыровтардың творчестволық; өмірі туралы еңбек жазу театр тарихын жазумен пара-пар. Демек, театрмен біте қайнасып келе жатқан олардың творчествосындағы табыстың да, сәтсіздіктің де театр тарихына тікелей қатысы бар. Қарт артистер жөнінде монография жазудың қиындығы да осында.
Соның бірі Қ. Қуанышбаев. Ол өзінің табиғи талантын өмір тұңғиығында өткізіп жүргенде Октябрь таңы атты. Қазіргі абырой, атақ, сый-құрметтің иесі Қуанышбаев театр мектебінен өтпей-ақ, өмір шындығының мектебі арқылы театрға келген адам.
О. Олидор өз кітабында Қ. Қуанышбаевтың жәрмеңкедегі өмірінен бастап, профессионалдың театрға келіп іздену жолындағы ерекшеліктеріне, сахналық кесек бейнелер жасауындағы орасан зор табыстары мен кемшіліктеріне ғылыми талдау жасап беруі керек еді. Оның табиғи дарынының сахналық образ жасаудағы қабілетін, орыстың ұлы сахна шеберлерінен қалай, қандай жолдармен үйренгенін, қала берді актердің ұлттық сыр сипатын терең ашып көрсетуі қажет еді. Өйткені Қуанышбаев үшін Батыс классиктері мен ұлы орыс драматургиясында кездескен кейіпкерлердің көбінің сәтті шығуы оның мәдени дайындығынан емес, көп іздену, терең толғанудан туған бойындағы табиғи талантының жемісі болатын.
О. Олидор кітабында Қуанышбаевты Щепкин, Качаловтерге теңейді. Қазақ театрының шеңберінде оның Щепкиндей маңызы бар екендігінде дау жоқ. Бірақ бұрын профессионалдық театры болмаған халықтың тұңғыш актерінің творчествосын зерттегенде, ездерінен бұрынғы театрлық бай мұрасын көрген Щепкин, Качалов сияқты ұлы актерлермен салыстыру болмайды. Оның мәнісі, Качаловтың алдында орыс сахнасында реализм негізін салған Щепкин, ұлы актер Мочалов, замандастары К.С. Станиславский мен В.И. Немирович-Данченко болса, Қ. Қуанышбаевтың алдында ешкім де бола алмады. Қуанышбаев творчествосының терең тамыры сонау ғасырлар бойы жасалған қазақ халқының халық творчествосында жатса, бергі жағы ұлы орыс, халқының сахна шеберлерінен үйренуде жатыр. Сондықтан Қуанышбаевтың өткен жолы әрі нәзік, әрі дәл, терең теориялық негізде зерттеуді талап етеді.
Қазақ; театры өзінің алғашқы жылдарында қазақ драматургтерінің тарихи және советтік тақырыптарға жазған шығармаларын көрсетті. Сонымен бірге, жас театр коллективінің барлық ынта-жігері ұлы орыс халқының сахналық шеберлігін меңгеру, классикалық шығармаларын өз сахнасында қою жұмыстарына бағытталды. Театр сахнасы 1928 жылы Гогольдің «Үйлену», Фурмановтың «Бүліншілік» және Погодиннің «Ақсүйектер» атты шығармаларымен кездесті. Осы постановкалар қазақ актерлері үшін үлкен мектеп болды.
Бұл кезең Олидордың назарынан тыс қалған. Қуанышбаевтың сахналық шеберлікті меңгеру жолын автор тек 1932 жылғы кәсіподақ съезіне делегат болып Москваға барғанда МХАТ-та көрген спектакльдерінен басталды деген қорытынды шығарады. Олидордың сөзімен айтсақ, осы сапары «талантты актердің сахна шеберлігін игерудегі тұңғыш мектебі болды». Біздіңше, Станиславский қалыптастырған МХАТ жүйесін бір-екі спектакль көрумен меңгере қою оңайға тимейді. Ол жүйені меңгеру үшін тек қана талантты болу жеткіліксіз. Сонымен бірге, теориялық дайындық та болуға керек. Екіншіден, Қуанышбаев творчествосының, әсіресе, алғашқы кезеңін зерттегенде оның реалистік ойындарының шынайы көрінісін Станиславский жүйесінен емес, қайта жүйе элементтерін Қуанышбаев ойындарынан іздеп дәлелдеуді қажет етеді. Өйткені осы бір ерекшелік біздің қарт артистеріміздің бәрінің творчествосына тән жағдай. Амал не, О. Олидордың еңбегінен бұл мәселе өз логикасымен шешілмейді.
Қуанышбаевтың сәтті жасаған кейбір сахналық образдарын автор тіл шеберлігі жеткенше жалпылама мадақтай бергенімен, оның жасалу жолын, актердің өсу жолындағы ерекшеліктерін ашудан бойын аулақ салады. Көбінесе драматургиялық шығарманың сюжетін құрғақ қайталаумен тынады.
Еңбекте қазақ халқының әдебиеті мен өнер тарихына терең үңіліп, байыпты барлау жасау жоқ. Шалағай ойдан құрылған жорамалдар, тарихи шындыққа сыйыспайтын тұспалдар көп-ақ. Бір мысал келтірейік: «Бостандық аңсаған Ақан сері өлерінде қасиетті домбырасын алыс Ертістің жағасындағы Абайға ұсынды», дейді. Біз білетін Ақан серіден Абай тоғыз жыл бұрын қайтыс болған. Ақан 1913 жылы дүние салды.
Осындай ұқыпсыздық жайлардан өнер ғылымының кандидаты Н. Львовтың «Қазақтың академиялық драма театры» деген көлемді еңбегінде де аяқ алғысыз. Мұның бәрі авторлардың қазақ халқының тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын терең білмегендіктерінен туып отырған көріністер.
Н. Львов қазақ театрының тарихын зерттеуге көптен еңбек сіңіріп жүрген адам. Кейінгі он-он бес жылдық жұмысының нәтижесі ретінде «Қазақ театрының тарихы» деген тақырыпқа диссертация қорғап шықты. Өткен жылы сол диссертацияның негізінде «Қазақтың академиялық драма театры» деген атпен проспектісі басылды.
Бұл біздің мәдени өмірімізде үлкен жақалың, қазақ театрының болашақ ғылыми тарихын жасаудың бастамасы болып есептеледі.
Н. Львовтың кітабы тақырып, мазмұн жағынан көлемді еңбек болғандықтан, кеңірек сөз етуді ұйғардық.
Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін қазақ театры құрылды.
Одақтағы кейбір халықтардың Октябрь революциясынан бұрын да театры болатын. Совет өкіметі орнағаннан кейін олар өздерінің бұрынғы жақсы дәстүрлерін пайдалана отырып, жұмысын қайта құрды. Ал қазақ театры тарихының өзіне тән ерекшелігі бар. Ол ұлттық театр ретінде еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістердің негізінде туып, Октябрьдің бел баласы болды. Театр тарихын зерттегенде оны Қазақстанда болған ұлы өзгерістен бөліп қарауға болмайды. Н. Львовтың енбегіне келейік. Диссертация мен проспектінің негізгі арқауы бір болғандықтан, екеуіне тән, ортақ жардайларды қатар сөз етіп отырамыз.
Н. Львов өзінің еңбегінде қазақтың ауыз әдебиетінде, әдет-ғұрпында кездесетін драмалық элементтерді және совет тұсындағы қазақ театрының осу жолын көрсетуді көздеген. Бірақ, бұл кең шеңберлі игі ниет орындалмаған, тізбектелген фактілердің көлеңкесінде қалып қойған. Автор зерттеу объектісі етіп алған материалдарын ғылыми жүйемен ашып көрсетпейді.
Диссертацияның бірінші тарауы «дүниеден ешбір хабарсыз, ұйқылы-ояу, мүлгіп жатқан» қазақ даласының өмірін, Қазақстанның географиялық ерекшелігін суреттеуден басталады. Бірақ сырттай шолу, жалпылама баяндаудан аса алмайды. Қазақ халқының тұрмысына терең үңіліп, оның ішкі мәнін, сыр-сипатын ашпаған.
Қазақ театрының халық творчествосындағы элементтері туралы айтқан пікірі тек болжаулар ғана. Автор өзінің «театр элементтері» деп отырғанының таптық сипатын ашудан бойын аулаң салған. Үстем таптың мүддесін білдіретін кейбір шығармаларды халық қазынасының мәдени мұрасына жатқызады. Әр түрлі драмалық үйірмелердің негізінде іргесі қаланған қазақ театрының тарихы теріс уағыздалады.
Мұндай кемшілік проспектіге де тән. Халық творчествосындағы театр-драмалық элементтердің профессионалдың театрмен байланысы туралы бір ауыз да сөз жоқ. Қазақ театрының тарихы тек 1926 жылдан басталады деген ұшқары пікір айтады. Профессионалдың театрдың негізі жиырмасыншы жылдарда пайда болған көркемөнер үйірмелерінен басталатынын, оның Азамат соғысы кезіндегі қалық бұқара арасында атқарған зор тәрбиелік жұмысын автор жабулы күйінде қалдырады.
Қазақ театры өзінің алғашқы дәуірінде драмалық спектакльдермен қатар концерттер, халық творчествосының сауық-кештерін жиі өткізіп тұрды. Бұл кештерге Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, суырып-салма ақын Иса Байзақовтар күлкілі әңгімелерімен, әндерімен катысатын. Осының өзі халық творчествосы мен театрдың арасындағы тығыз байланыстың айғағы болатын. Неге бұл туралы кең айтылып, талдау жасамасқа?
Диссертацияға да, проспектіге де ортақ кемшіліктің бірі театр тарихын республикамыздың басынан өткен ұлы өзгерістерден аулақ, біржақты алып қараушылық. Театр өмірі халқымыздың экономикалық, материалдық базасынан бөлек алынып тексерілген. Қазақ халқының саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріндегі табыстары, сөз жоқ, театрымыздың одан ері дамуына объективтік жағдайлар жасады. Бұл мәселе Н. Львовтың еңбегінен тиісті орын алуы керек еді.
Біздің ойымызша, қазақ театрының тарихын зерттеудің тағы бір кемшілігі деп орыс совет театрының, режиссерлері мен актер шеберліктерінің қазақ драматургиясына, театрына тигізген зор әсерінің терең ашылмауында екенін айтуымыз керек. Осы кезге дейін театр тарихын зерттеуде қазақтың ұлттық мәдениет кадрларын өсірудегі орыстың театр шеберлерінің игілікті рөлдері көрінбей келді.
Осыдан екі ғасыр бұрын жасалған орыс драматургиясының бай тәжірибесін жетік меңгермейінше, қазақтың ұлттық драматургиясын жасау мүмкін емес. Москваның көркем театры мен оның актерлерді тәрбиелеу жүйесінің «К.С. Станиславский системасының» тамаша, бай тәжірибелерін толық пайдаланбай тұрып, ешбір ұлт республикасында театрдың дамуы мүмкін болмайды. Сонымен бірге, театрдың басшы кадрларын, актерлер мен режиссерлерін тек қана бір ұлт өнері дамуының шеңберінде жасау қиынға соғады. Толыққанды театр өнерінің режиссерлік кадрларын әзірлеу мәселесі тек орыс театрының тікелей көмегімен іске асырылатын жағдай. Демек, орыс театрының драматургия саласынан жаппай үйрену, үлгі алу актерлер шеберлігі мен режиссерлердің талантты мектептерінен өту қазақтың ұлттық өнерінің дамуы мен өркендеуінде негізгі арнауы болып келді.
Қазақ театры дамуының өзіне тән ерекшелігі Қазақстанның Совет өкіметі тұсындағы дамуы және екі мәдениеттің халық мәдениеті (фольклор, эпос, халықтық музыка, т.б.) мен орыс халқының театрлық мәдениетінің қарым-қатынас жасау негізінде айқындала түседі. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ театрының өзіндік спецификасы мен даму қарқынын, өсу процестерін барлық ерекшеліктерімен ашып беру қажет. Бұл мәселе диссертадияда едәуір сөз болады.
«Театрдың ұлттық бейнесі» деген бөлімде Октябрь революциясына Дейінгі және кейінгі ұлттық театр мен орыстың театрлық мәдениетінің байланысы туралы айта келіп, автор елеулі қателікке ұрынады. Қазақстандағы орыс режиссерлерінің жұмысындағы кейбір кемшіліктерін көрсетем деп отырып, оларды мүлдем жоққа шығарады.
Диссертацияның екінші бөлімінде Қазақстанның театр өмірінде болған нағыз театрлық мәдениетті меңгеру жолындағы жақалыңтар қозғалады. Егер театр бұрын драматургтердің тек өткен өмірді суреттейтін пьесаларын қойып келсе, енді Советтік Қазақстан өміріне арналған спектакльдер қоя бастады. Бұл жылдары Москвада тұңғыш рет қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. Яғни, қазақ өнері мен әдебиет қайраткерлері Коммунистік партияның, Совет үкіметінің және еліміздің барлық жұртшылығы алдында творчестволық есеп берді. Қазақтың ұлттың жас өнерінің кәмелеттік аттестатына берген бірінші емтиханы ойдағыдай нәтижеге ие болды.
Қазақтың өнер қайраткерлері астана жұртшылығына өз мәдениетін таныстырумен бірге, МХАТ-тың, Академиялық Кіші театрдың және басқа театрлардың постановкаларында болып, өздері де олардың шеберлік дәстүрлерінен үйренді. Орыстың театр мәдениетінің көрнекті қайраткерлерімен әлденеше рет кездесулер жасады. Астана жұртшылығының жоғары бағасы, орыстың өнер қайраткерлерімен болған кездесулер қазақтың әдебиеті мен сахна қызметкерлерін жаңа творчестволық табыстарға жұмылдырды. Сонымен бірге, бұл онкүндік қазақ көркемөнерінің алдында қандай міндеттер тұрғанын да атап көрсетті.
Бірақ диссертация авторы осы тұста орыстың классикалық және советтік пьесаларын қою үстінде театрдың ерекше жанданған жұмысын мейлінше аша түсуі қажет еді. Орыстың алдыңғы қатарлы мәдениетімен қарым-қатынас жасауын, Москваға бару сапарында орыс режиссерлерінің Алматы қазақ театрының актерлер труппасымен істеген жұмыстарының нәтижелі сабақтарын көрсетуі тиіс еді. Мұның бәрі театрдың өсіп, ержетуіне үлкен жағдайлар жасады. 1937 жылы Үкіметіміз Қазақтың Мемлекеттік драма театрын Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры деген атпен қайта құрды. Театрдың осу жолы айқын белгіленді. Бұл мәселелер диссертацияда тиісті жауабын ала алмайды.
Театр тарихында болған елеулі табыстарды көрсетудің орнына диссертация авторы жалаң сөздермен сырғытып өте шығады. Ол: «Қазақ театры үшін бұл жылдар босқа кеткен жоқ. М.Г. Насонов пен И.Г. Боровтың көркемдік жағын басқаруымен театр жартылай әуестенушілер труппасынан нағыз профессионалдың театрға дейін өсті... Спектакльдің жалпы мәдениеті артты», дейді.
Профессионалдың театр дәрежесіне коллектив қандай жолдармен жетті? «Театр үшін босқа кетпеген» сол жылдарда қандай жетістіктер болды? Бұл сұрақтарға айқын жауап берудің орнына автор фактілермен ойнап, үстірттікке ұрынады.
Қазақ театрында қызмет еткен орыс режиссерлерінің творчествосына баға бергенде екіұшты, қарама-қайшы пікірлер айтады. М.Г. Насонов жөнінде бірде: «Ол өзін художник-реалист ретінде көрсетті, сахналық іс-әрекеттерді ішкі өмірімен бере білді», десе, екінші бір жерінде: «Театрдың өскен талабынан Насоновтың артта қалуы барған сайын айқындала түсті. Ол творчестволық; жағынан өсе алмады», дейді.
Мұндай екіұшты көзқарас сол дәуірдің екінші бір режиссері И.Г. Боровтың творчествосын талдау үстінде де көрінеді. Автор оны бірде формализмге, бірде реализмге жақындатып, режиссердің идеялық бағыты мен бетін аша алмайды. Тіптен, Боров «өзінің режиссерлік әдісінде актерлермен қоян-қолтық жұмыс жасай алмады».
Диссертацияда мұндай қайшылықтар толып жатыр. Тары бір мысал: «Театр сахнасында қойылған «Ревизор» спектаклі И.Г. Боровтың нағыз формалистік тұрғыдағы жұмысы болса да, ол театр коллективі үшін зор тәрбиелік рөл атқарды. «Ревизор» актерлердің идеялық көзқарасын кеңейтті, орыс халқының өткен өміріне тереңірек үңілуге, XIX ғасырдағы орыс әдебиетімен танысуға мүмкіндік берді. Олардың сахналық шеберліктерін көтерді...». Әрі формалистік бағыттағы постановка, әрі тәрбиелік маңызы күшті. Мұны қалай түсінуге болады?!
Біздің пікірімізше, қазақ театрының алғашқы даму кезінде орыстың режиссерлері айрықша орын алады. Әрине, олардың кейбірінде творчестволық кемшіліктер мен қателіктердің болғаны да бар. Бірақ қазақ театрының аренаға жаңа шыққан дәуірінде ондай кемшіліктердің болуы, бір жағынан, заңды сияқты. Сондықтан олардың сіңірген еңбектері қазақ актерлерін орыстың реалистік өнерімен таныстыруында ғана емес. Сонымен катар, режиссерлер тамаша педагогтер (әсіресе, Насонов) болды. Олар қазақ актерлерімен бірге жұмыс істеп, сахнаның ішкі өмірімен, ырғағымен көрінетін нанымды спектакльдер жасады.
Ұлы Отан соғысының тұсында және оның алдындағы жылдарда қазақ интеллигенциясынан республикамызда өнер қызметкерлерінің жаңа кадрлары актерлер, режиссерлер, драматургтер өсіп жетілді. Коммунистік партияның сара басшылығының арқасында олар өз театрының тағдырын өздері шешетін халге жетті. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетті одан әрі өркендетуге зор мүмкіндіктер алды. Бұл жылдары да қазақ театрының үлгі, нәр аларлық негізі ұлы орыс халқының өнері болды. Одақтағы басқа халықтардың да мәдениетімен, өнерімен тікелей қарым-қатынас жасаудың нәтижесінде ұлт мәдениеттерінің бір-бірімен органикалық байланыста дамуына жағдай туды.
Бұл бөлімдегі диссертацияның негізгі тезистері мен түйінді қорытындылары осыдан шығу керек сияқты. Бірақ автор мұнда да фактілердің сұйық тізімін берген. Келтірілген материалдардың ішкі заңдылықтары, мәні талданып ашылмайды.
Қазақ театрының бұл кезеңдегі тарихын Розен де өзінің «Қазақтың Мемлекеттік академиялық театры Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген еңбегі арқылы сөз етті. Бірақ автор соғыстың ауыр жылдарындағы қазақ театрының жетістіктері мен кемшіліктерін ашып бере алмайды.
Бұл кезеңдегі театрдың көрнекті жұмысы Шекспирдің «Асауға тұсау» спектаклі. Мұны М. Әуезов тамаша аударып шықты. Спектакльді Москва режиссерлары О. Пыжова мен Б. Бибиков қойған. Бұл спектакль қазақ; актерлерінің дарыны мен талантын танытуына мүмкіндік берді. Сондықтан да «Асауға тұсау» постановкасы он жылдар бойында театр репертуарынан түспей келеді, көрушілердің сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. Міне, советтік театр мәдениетінің қазынасы болып отырған осы сияқты спектакль де Розеннің еңбегінен тиісті ғылыми бағасын ала алмаған.
Н. Львовтың диссертациясына қайта оралайық. Оның тағы бір методологиялық кемшілігін айтпасқа болмайды: ол өткендегі халық творчествосының бүгінгі күнмен байланысы дұрыс бағаланбауы.
Диссертацияның бірінші тарауы «Қазақ театрының тамырлары» деп аталады. Мұнда барлық эпостар, айтып берушілердің (сказитель), импровизаторлардың, ақындар өнерінің қайсысы болсын «халық творчествосы» не «халық шеберлері» деп қаралады.
Бұл мүлде қате көзқарас. Революциядан бұрынғы Қазақстанда, басқа да таптық қоғамдағы сияқты, өнердің екі түрлі тенденциясы — халықтық-прогресшілдік және феодалдық-реакцияшылдық бағыттар болған. Бұл жерде В.И. Лениннің екі мәдениет туралы ілімінің айрықша маңызы зор.
Ал Н. Львовтың диссертациясынан «бірыңғай ағым теориясының» элементтері көрінді. Оның ұлтшылдық көріністерді сынаған жерлері де мәселенің айқын қойылуымен ашылмайды. Драматургтердің қателері, оларға тиген ұлтшылдықтың зиянды әсерлері жанама түрде аталып қана кетеді. Олар өткір, принципті сынға алынбайды.
Қазақ өнерінде ұлтшылдықтың екі түрлі негізгі ағымы көрінді. Бірі орыстың классикалық және советтік әдебиетті меңгеруге қарсы тұрған «қазақ театрының өз бетінше дамуы» деген идеалистік теория, екіншісі өткендегі мәдени мұраны теріс қабылдаудың нәтижесінде (эпостан алынған тақырыптар мен образдардың көркемдік жағынан қайта өңделу үстінде) бұрынғы тұрмысты, әдет-ғұрыпты, салт-сананы дәріптеу.
Демек, театр саласындағы ұлтшылдың сарқыншақтардың таптың тамырларын ашып, әшкерелеп бере алмаған, олардың халыққа, ғылымға жат сипаттарын диссертация дәлелдеп көрсетпеген.
Буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарастар қазақтың театр сынында да көрініп келді. Амал не, театр сыны диссертанттың назарын аудармаған. Театрлық сындардағы буржуазияшыл-ұлтшылдықты әшкерелеп көрсетудің орнына диссертант олардың жалған еңбектерін негізгі материал ретінде пайдаланады. Оны автордың өзі де жасырмайды. Пайдаланған материалдарының тізіміне әшкереленген буржуазияшыл-ұлтшылдардың, тап жауларының аттары топ-тобымен енгізілген. Бұл диссертант Н. Львовтың талғамы жоқтығын былай қойғанда, саяси сауаты аздығын дәлелдейді.
Қазақ театрының ғылыми тарихын жасау театр және өнері жөніндегі теріс көзқарастармен, идеалистік теориялармен батыл күрес жүргізу негізінде болуы қажет. Партиялық принципті күрес не диссертацияда, не басқа еңбектерде көрінбейді. Театр сынының бұл сияқты қанағаттанғысыздық жағдайы оның идеялық дәрежесінің әлі де болса өте төмен екенін айқындайды. Қазіргі сындарымыздың басты кемшілігі де осында.
Театрлық сын театрдың практикалық өмірімен тікелей байланысты болу керек. Біз қараған диссертацияның, басқа да жұмыстардың методикалық және өзге қателік-кемшіліктері театрдың жанды өмірінен аулаң болуында. Бұл авторлардың марксистік-лениндік теорияны Қазақстанның театр өмірінің әр түрлі құбылыстарын зерттеу жұмыстарына нақты түрде қолдана алмауларынан туып отыр.
Советтік Қазақстанның театр тарихын ғылыми жүйеде жасап шығу, театрдың бүгінге дейін өткен жолын, келешектегі перспективаларын теориялық тұрғыда талдап беру қазір толғағы жеткен мәселенің бірі.
Бірақ, кезек күттірмей шешуді керек ететін бұл жұмысқа Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің өнер істері жөніндегі басқармасы да, Қазақ ССР Ғылым академиясының өнертану секторы да назар аудармай, театр саласындағы ғылыми жұмыспен мүмкіндігінше шұғылданбай келеді.
Театр саласындағы ғылыми-зерттеу кадрларының да жоқ екенін мойындамасқа болмайды. Осы кезге дейін оларды есіріп, тәрбиелеу, бір орталықтан басқарып, жүйелі жұмыс жасау мәселелері де қолға алынбай отыр.
Халықтың күн санап артып отырған мәдени тілектері мен талғауларын мейлінше қанағаттандыруда театрдың алдында зор міндеттер тұр. Ол үшін театр өзінің өткен творчестволық жолын айқын көріп, болған кемшіліктерінен бойын аулақ салып, табыстарына сүйсініп отыру керек. Ол үшін біздің театр сыншыларымыз республика театрлары өмірін жан-жақты, терең зерттеулері тиіс. Театрдың ғылыми тарихын жасауға бұдан былай батыл кірісейік!
1955
ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ЖОЛДАРЫ
Қазақ әдебиетін жанрға бөліп сөз еткенде революцияға дейін поэзиядан ауызша да, жазбаша да мол мұраға ие болса, прозаның төркіні Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин шығармаларымен танылады. Ал драматургиямыз болса, дәстүр, мұра дегеннен тұлдыры жоқ тақырда туып, тек қана Октябрь революциясынан кейін қалыптасты. Қазіргі әдебиетіміздің жетекші жанрының біріне айналып, күрделі белге көтерілген драматургияның даму жолы да күрделі. Егер біз озық ойлы орыс әдебиетінің совет дәуіріндегі қазақ әдебиетіне тигізген әсерін айтсақ, ең алдымен, драматургиядан көру қиын емес. Біздегі драматургия тікелей орыс драматургиясының әсер-үлгісімен дамыды. Қазақ үшін «драма» деген ұғымның өзі Октябрьмен бірге туса, оның үстіне әдебиетіміздің даму жолына түрлі жат элементтермен бірге күресте қалыптасқан, жас жанр сонылығына байланысты көп қиыншылықпен бой көтерді.
Драматургияның басқа жанрдан ерекшелігінің ең бастысы оның тууы, дамуы, тіршілік-тынысы театрға байланысты. Ұлы Октябрь революциясының бостандыққа жеткізіп, экономикалық, мәдени-рухани өміріміздің сан саласына енгізген коп өзгерістермен қатар қазақ халқына тартқан үлкен бір сыйы 1926 жылы ұлттық театрдың құрылуын ескерсек, бұл жанрдың өмір өлшемі белгілі.
Әрине, халық творчествосында түрлі салт-ғұрыпқа байланысты «беташар», «жар-жар», ақындар айтысында, шешендік сөз сайысында, «бәдік айту», жыл мезгілдеріне байланысты өтетін ойын-сауықтарда, үйлену, сәбидің дүниеге келуіндегі үрдістерде, күлдіргі тақпақ орындаушылар мен халық ойындарында, дау жоқ, театр-драмалық элементтер мол жатты. Бірақ қазақ халқының көшпелі тұрмысы, қоғамдық дамудың мешеулігі бұл өнердің бәрін өз шеңберінде ұстады.
Рас, революцияның қарсаңындағы Орынбор, Орал, Семей, Павлодар қалаларына жиі келіп тұратын татар труппаларына еліктеуден туған, қазақтың оқыған интеллигенттері ұйымдастыратын сауық үйірмелерінде бір актілі шағын пьесалар пайда болды. Бұл драмалық шығарманың тұңғыш нышаны болғанымен, екі бірдей қысымда отырған халықтың ортасынан өріс таба алмады. Тек Ұлы Октябрь революциясы ғана ғасырлар бойы әлеуметтік теңсіздікте келген халықтың түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің өркендеуіне жол ашқаны баршаға мәлім.
Қазақстанда совет өкіметі орнасымен-ақ қазақ тілінде мектеп, жоғары оқу орындары ашылуымен байланысты олардың жанында көркемөнер үйірмелері қаулап өсті. Азаттық айдынына шыққан халық таланттарының да түйісе табысқан жері осы үйірмелер болды. Қазақтың ұлттық театрының алғаш керегесін тұрғызып, шаңырағын көтерген, қазір халықтың сый-құрметіне бөленіп отырған Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Әбікен Хасенов, Жұмат Шаниндердің алғаш сахналық мектебі де Қоянды жәрмеңкесі, ауылдағы сауық кештері, жоғары оқу орны мен өндіріс жайындағы көркемөнер үйірмелері еді. Осындай таланттар тобымен қазақ театры сәтімен басталса, драматургиямыздың тарихы да сәтті басталған-ды. Атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов жалын атқан жас шағы, жиырма жасында, яғни 1917 жылы «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазды. Алғаш ауыл сауыққойлары мен қойшының күркесінен баспана тауып, ел жүрегінде ескі жараны қозғаған «Еңлік-Кебек» трагедиясының театрымыздың тұңғыш шымылдығын ашып, күні бүгінге дейін сахнамыздың көркі болып отырғандығы қазақ драматургия тарихының қадамы қайырлы басталғанына айғақ. Содан бергі драматургиямыздың өсу жолына зер салсаң, әдетте, мидай даладағы жалғыз дарақтай көрінген «Еңлік Кебектен» бастап, Әлжаппар Әбішевтің «Кім менің әкем?» деген шығармасына дейінгі аралық құнарлы жердей нәрлі өзек тауып, қабындай өскен миуалы бақша рәуіштес. Оған дәлелге облыстың театрды былай қойып, тек қана академиялық театр сахнасында 120-ға жуық төл шығарманың көрінгендігін алсақ та жеткілікті. Әлбетте, олардың көркемдік құны, сапасы әр қилы болғандығы белгілі жай. Қазақ драматургиясының жедел бой көтеріп қалыптасуына орыстың классикалық драматургиясының ықпалы зор болды. 1927жылы А.С. Пушкиннің «Сараң серісі» мен «Тас мейманының» сахнада көрінуі, кейін Н.В. Гогольдің «Үйленуі» мен «Ревизорының», Н. Погодиннің «Менің досымы», «Мылтықты адамы», А. Островский мен М. Горький шығармаларының қазақ тілінде театр репертуарынан орын алуы тек аударма факторы емес, қазақ драматургтері үшін де, театр коллективтері үшін де үлкен мектепке айналды.
Қазақ совет әдебиетінің негізгі тақырыптары: Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, Азамат соғысы жылдары, одан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, бай-кулактарды тап жауы ретінде жою, әйел теңдігін уағыздау, ескінің қалдығы феодалдық салт-сананы әшкерелеу, шаруаларды колхозға ұйымдастыру, жастарды өнер-білімге үндеу, Отанға деген сүйіспеншілік, халықтар достығын дәріптеу, еңбек ерлерін, совет адамдарының рухани үстемдігін паш ету болса, осының бәріне де қазақ драматургиясы үн қосты. Бүгінгі өміріміздің әр саласын қамтумен өткен тарихымызға да сапар шегіп, мұңды Жібек пен Баян, зұлмат ғұрыптың құрбаны болған Еңлік пен Кебекті әкелді. Қазақтың ардагер ұлдары Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Исатай мен Махамбет, Ақан сері, Амангелді, Майра, Тоқаш Бокин бейнелері де драмалық шығармалар арқылы сахнаға шықты.
Ұлы орыс халқының бай қазынасынан нәр алып, тартыс үстінде шынығып, өміріміздегі бар өзгерістерге араласып, социалиста реализм әдісімен дамып келе жатқан, тынысы кең, алуан түрлі арна тапқан іргелі қазақ әдебиеті профессионалды әдебиет дәрежесіне жетті деген байлауды айтқанда, драматургияның да жетістігін айтсаң керек.
Біз жоғарыда «Еңлік Кебек» 1917 жылы жазылды, драматургияның тарихы осыдан басталды дедік. Енді осы жанрдың өсу жолын қысқаша шолып өтейік.
Мұхтар Әуезов «Еңлік Кебек» пьесасын қазақ тарихында болған, ел арасына аңыз болып таралып кеткен оқиғаның негізіне құрған. Бұл тарихи аңыздың сүрлеуі ғана алынып, автордың творчестволық тезінен өтіп жазылған басы ашық төл шығарма. Сол 1926 жылы сахнаға шыққаннан кейін театр да, автор да «Еңлік Кебекке» бірнеше рет оралды. Алғашқы нұсқасында автордың балаң ойынан, көзқарасының толқымалы шағында кеткен кейбір идеялық ақаулары өңделген сайын жөнделін, жаңа нақыспен түрленіп отырды. «Еңлік Кебектің» өңделген нұсқаларын оқысаңыз автордың шеберлікті игеру, творчестволық толысу, көзқарасының қалыптасу жолындағы эволюциясын аңғару қиын емес.
Феодалдың қытымыр заманның келеңсіз құрылысын, қатыгез, жексұрын қалпын әшкерелейтін шығармадағы кең пішілген кесек бейнелердің әрекеті, мінез-құлқы дәуір шежіресіндей көз алдыңыздан өтеді.
Шығармада өз күшігін өзі жеген қасқырдай заман кейпі, жесір дауы, ру тартысы сияқты қиянат-қайшылықтар бар шындығымен танылды. Ас көрсе араздасып, бөрі көрсе бірігетін ит мінездес билердің қазақ даласында салтанат құрған «ақсақалдығының» да шырқы бұзылып, көбесі босағандығына куә боламыз. Кесапат-қырсығымен кері кеткен заманның азулы қорқауларының қолында дегеніне жете алмай кеткен қос қыршын Еңлік пен Кебектің аянышты халі тебірендірмей тұрмайды. Драматургиялық желісі берік тартылған оқиға түйіні «адам тағдыры халық тағдыры» деген байлауды аңғартады. Шығарманың ең бір бағалы жағы тілінде. Тәлім аларлық сөз өнерінің тамаша үлгісі зерделі ойдан туған, мақал-мәтелге айналып кететін құнарлы шумақтар мол кездеседі.
Ертеректе жазылған пьесалардың ішінен Рахметжан Малабаевтың «Қатыгез қарғыс» (1922 жылы жеке кітап болып шыққан) атты үш перделі комедиясын атаған жөн. Комедияның оқиға өзегі парақор болыс пен оны қоршаған алаяқтардың халыққа істеген зорлық әрекеті. Шығарма комедия деп аталғанмен, мұнда нағыз күлкі туғызатын жәйттер аз, жасандылық басым. «Қатыгез қарғысты» қазақ драматургиясы тарихында алғашқы тәжірибелердің бірі ретінде еске аламыз.
1926 жылы сахнаға шыққан Мұхтар Әуезовтың «Бәйбіше — тоқал» атты пьесасы ескі ауылдың сүреңсіз қалпын суреттейді. Көп әйел алудың, бай үйіндегі күндестік тартыстың рулық тартысқа айналуы шындық шеңберінде көрінеді.
Осы жылдары жазушылық жолы революциядан бұрын басталған кейбір буржуазияшыл-ұлтшылдардың да пьесалары жарық көрді. Олар театр сахнасын советтік құрылысқа қарсы үгіт жүргізуге пайдаланбақшы болды. Ескі ауылды мадақтап, орыс халқы мен қазақ халқының арасында алауыздың туғызуға тырысты. Бірақ олар кезінде қатаң тойтарыс алды.
Жас қазақ совет интеллигенциясының жалпы мәдени өсуіне байланысты саяси санасы да есейді. Сол дәуірде драматургияға келген жастардың көпшілігі педагогикалық мектепті бітірген мұғалімдер еді. Олардың ішінде Ержан Ерданаевтың «Малқамбайы» мен Жұмабай Жабаевтың «Сары адыры» назар аударарлық шығармалар. «Малқамбай» «Бәйбіше тоқалдан» бұрын жазылған, тақырып жағынан тұрғылас. Егер «Бәйбіше — тоқалдағы» жағымды кейіпкер оқыған азамат Ғазиз болса, мұнда кедейдің сауатсыз өкілі Малқамбай. Бұл тап тартысын, революцияның не екенін түсінбесе де, кедей мен байдың арасындағы бітіспес қайшылықты сезінеді. Оның өш алу жолы байды ақымақ ету. Байдың алдында момақан болып жүріп, оның отбасын бүліншілікке душар етеді. Малқамбай әрі ақылды, әрі қуақы. Малға сатылайын деп тұрған байдың қызын алдап, өзі сияқты кедей жігітіне қосып жібереді. Одан кейін тоқал мен бәйбішені шағыстырып, байды әжуалайды. Ал «Сары адырда» революцияға дейінгі қазақ ауылында байлардың кедей шаруаның жерін тартып алуы баяндалады. Бұл екі шығармада көркемдік жағынан кемшілігі мол болғанмен, сюжеттік жағы, жеке кейіпкерлері мен алған нысанасына тиіп жататын жеке ұтымды сәттері бар еді.
Қазақ драматургиясын дамыту мақсатымен Қазақстан Оқу халық комиссары 1926 жылы таңдаулы пьесаларға бәйге жариялады. Сарапқа түскен 42 пьесаның төртеуі ғана бәйге алды. Соның бірі жас драматург Ө. Оснанов пен Е. Өтеулиннің «Зарлық» атты пьесасы.
...Қазақстанда совет өкіметі жаңа ғана орнаған жыл. Бірақ үстем таптың ауыл арасында күшінің басым кезі. Тау ішінде аң бандылардың қалдығы әлі бар. Осы тартыста кедей жігіті Зарлық қаза табады. Шығарманың құндылығы совет тақырыбына жазылған тұңғыш туынды екендігінде. Мұнда ауыл шаруаларының образын жасауға талан бұру бар.
Осы кезде жас драматургтердің еңбектерінде көбіне әйел теңдігін уағыздау өріс алды. Мұнда совет өкіметі жастарға теңіне шығуға мүмкіншілік туғызғандығын, бас бостандығын, өз бақытын құруға еркіндік бергендігін баяндайтын-ды. Уақиға құрылысы көбінесе ата-анасы кәрі шалға қызын ұзатпақшы («Екі заң», А. Тоқмағамбетов, 1927) немесе өзі сүймеген адамға малға сатылып бара жатқан қыз тағдыры (« Перизат Рамазан », Ж. Тіленбергенов, 1928; «Зәуре», Қ. Байсейітов, Ж. Шанин, 1929) болып келеді де, ақырында ауыл мұғалімі немесе өзі сүйген кедей жігітке күйеуге шығумен тынады. Рахметжан Малабаевтың «Үй тұтқындары», «Ғұрып күні» (1927) пьесалары да осы бағытта жазылған. Осы аталғандардың көпшілігінің тақырып нысанасы түзу болғанымен драмалық жағы әлсіз, тілі құнарсыз жатады. Драматургияның ішкі заңын қанық білмегендіктен, тек сырттай еліктеу дәрежесінен аспайды.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ драматургиясының белін көтеріп тұрған, драматургиялық жағынан да көбінен табысты болған әйел теңдігін соз ететін Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолында» (1917), Азамат соғысы жылдары оқиғасына «Қызыл сұңқарлар» (1920), Ілияс Жансүгіровтің колхоздастыру тақырыбына арналған «Кен» (1931), Түркістан Сібір темір жолының салынуына байланысты «Түрксіб» (1932) атты шығармалары.
Бұл дәуірде драматургиямыздың қаз тұрып, қадам басуына көп еңбек сіңірген жазушының бірі Бейімбет Майлин. Жазушылық жолын революциядан бұрын бастаған Б. Майлин драматургия жанрына Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан кейін кірісті. Сондықтан ол драмалық шығармаларында өткен заманның оқиғаларына бүгінгі күннің тұрғысынан баға беріп, социалистік реализм позициясын берік ұстады. Бейімбет Майлин жазған пьесалардың кейінгі тақырыбы ірі байларды конфискелеу негізінде ауыл кедейлерін колхозға Ұйымдастыру («Талтақбайдың тәртібі», 1930; «Майдан», 1931), социалистік құрылысқа кеселін тигізген ескіліктің қалдықтарын сынау («Ел мектебі», «Некеқияр», 1926) тәрізді әдебиетіміздің алдына қойған міндеттерінен туған күрделі мәселелердің төңірегінде өрбіді. Жазушы бұл еңбектерінде жаңа заманды, совет системасының жеңісін дәріптеп, еңбекші халықтардың туысқандық, достық негізінде жүргізген тап күресіндегі табыстарын көтере жырлайды. Пьесада бай мен молданың, атқамінерлер мен болыстардың, соларға табынатын дәрменсіз жандардың сұрқиялық қылықтары әшкереленеді. Оларға совет адамдарының тегеурінді жарқын образдары қарама-қарсы қойылады. Жазушы партия ұйымдарының басшылық рөлін көрсетуге көбірек көңіл бөліп отырады. Сонымен бірге, партия билетін бетке ұстап, әлеуметтік істерге зиян келтіргісі келетін кейбір жат элементтерді аяусыз сынайды.
Майлиннің бұл дәуірдегі драмалық шығармаларының ішіндегі көлем жағынан да, көркемдік сапасы жағынан да ең маңыздысы «Майдан» пьесасы. Мұнда бұрынғы батырақ Досан, ауылдың партия ұйымының секретары Орынбай, райком секретары Махмудовтар колхоздастыру дәуіріндегі халықты бастаған, ұлы күреске ұйымдастыратын жаңа заман өкілдері болып көрінген. Олардың негізгі мақсат үшін күресі оңай басталып, жеңіл-желпі аяқтала салмайды. Қиын, шытырман тартыс арқылы өрбиді. Совет адамдары бітіспес тартыс үстінде өсіп шынығады.
1929 жылдың қараша айында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бесінші пленумы қазақ совет әдебиетінің келелі міндеттері жөнінде арнаулы мәселе қарап, жиырмасыншы жылдардағы әдебиетіміздің даму жолына қорытынды жасай келіп, «Қазақта пролетариат әдебиеті бар, бірақ жас», сондықтан да барлық саласы, барлық жанры құлашын кеңге салып, кең өріс алып өркендеуіне шұғыл кірісу керек екендігін атап ескертті. Сонымен, жиырмасыншы жылдары драматургия әдебиетімізге дербес жанрдың бірі болып еніп, қалыптаса бастады. Бірнеше сапалы шығармалар берумен оның тұрақты кадрларының да бойы көрінді.
1930 жыл Совет Одағында шаруашылық пен мәдениеттің бар саласында шешуші табыстарға жеткен дәуір болды. Жеке шаруаларды коллективтендіру бай-кулактармен қиян-кескі тартыс үстінде шешілді. Колхоз құрылысы нығайып, Ұлы Отан соғысына дейінгі бесжылдықтарда еліміздің мәдени-экономикалық қуаты арта түскендігі көрінеді.
Бұл кезде әдебиет пен өнер қозғалысының бұдан былайғы ішкі қатынастарының жаңа принциптерін белгілеу мен социалистік реализмді өркендету жолында БК(б)П Орталық Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру» туралы 1932 жылдың 23 сәуірінде қабылдаған қаулысы ерекше рөл атқарды. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Партияның шақыруына қазақ жазушылары іспен жауап беруге шұғыл бет бұрды. Бірақ басқа жанрларға қарағанда, драматургия алғашқы 2-3 жылда сол 1920 жылдардағы тақырыбын қайталаумен болды. Тек 1934 жылғы Қазақстан Совет Жазушылар одағының I съезінен кейін күрт көтерілді. Ол шын мәніндегі реалистік қалыпта туған Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасынан басталады. Бұл шығарма 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің уақиғаларына құрылған. Автор 1916 жыл оқиғасын кездейсоқ жәйт емес, қалық бұқараның наразылығынан туған қозғалыс ретінде бейнелейді. Әңгіме -1916 жылғы патшаның окопқа жігіт алуына қарсы наразылықта емес, қанаушы үстем тапқа деген бой кернеген ызаның толғағы жеткендігінде. Көтеріліс жеңіліс тапқанмен, оның ертең Октябрь революциясына ұштасатындығын автор жанамалай сездіреді. Тәнекелердің аман құтылуының сыры да осында жатыр. Пьеса шытырман оқиға, қиян-кескі тартыс үстінде мүсінделген кесек образдар, дараланған характерлерге толы. «Түнгі сарын» революцияға дейінгі қазақ қоғамының шындығын типтік жағдайда суреттеген, ұлт-азаттық қозғалысының таптың мәнін терең ашатын шығарма.
Бұл кездегі елеулі шығарма Бейімбет Майлиннің «Шұғасы» (1934) мен «Біздің жігіттер» (1935) атты пьесасы. «Шұға» әйел бостандығы тақырыбына арналған. Теңіне қосыла алмаған Шұға теңдікке, өз сүйгеніне жету жолында құрбандыққа дейін барады. «Шұға» пьесасында баяндалатын жайлар қазақ әйелінің революцияға дейінгі қасіретті халін үлкен трагедиялық сатыға шейін көтереді. «Біздің жігіттер» Азамат соғысына арналған. Жалбыр, Таңсық, Ефим сияқты большевиктер патша әскерінің жолын бөгеп, Қызыл Армияға болысып, оның үстіне ішкі дұшпандары Жантаев, Кереев сияқты алашорда өкілдеріне де қатты соққы береді.
Сонымен, 1933-1935 жылдарда драматургия, бұдан кейінгі жылдардың драматургиясы сияқты, тақырып жағынан алғанда реалистік қалыпта негізгі екі арнамен дамыды. Бірі қазақтың бай ауыз әдебиетінің таңдаулы нұсқаларын пайдалану, тарихи тақырыпқа бару болса, екінші сала бүгінгі күннің тақырыбына жаңа адамдарды көрсетуге баса көңіл бөлумен байланысты. Музыкалы драма жүйесінде жазылған, опера театрының тұңғыш шымылдығын ашқан Әуезовтің «Айман-Шолпаны», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегі» ескі мұраны пайдаланудың да ең тәуір үлгілері еді.
Халық батыры, қазақ халқының ардагер ұлы Амангелді туралы пьесаның алғаш нұсқасын жазушы Ғ. Мүсірепов 1937 жылы жазды, кейін де осы тақырыпқа бірнеше рет оралды. Қазақ драматургиясында, шын мәнінде, содиалистік реализм үлгісінде жазылған пьесаның бірі осы « Амангелді». Шығармада дәуір рухы Амангелдінің өз басы, оны қоршаған орта, өмірлік өзегі берік екендігі танылады. Оқиғаның динамикалық дамуы да шебер қиюласады. Ұлы орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы туысқандық, достың шынайы көрінеді. Ғабит Мүсіреповті, әсіресе, шебер драматург ретінде танытқан «Қозы Көрпеш Баян сұлу» драматургиялық құрылысымен де, тіл өрнегімен де, мінсіз характерлерімен де, қандай сахнаға болса да ұялмай ұсынатын еңбектің бірі. Эстония, Москва жұртшылығына, Қазанда сол халықтардың өз тілінде сөйлеп, жүректерінен жылы орын алған Шығыстың «Ромео мен Джульеттасы», сөз жоқ, үлкен мақтаныш.
Мұхтар Әуезов Қазақстан жазушыларының III съезіндегі драматургия жайлы қосымша баяндамасында пьесаның зор көркемдік қасиетін айта келіп: «Горькийдің қойған талабы бойынша, пьеса сюжетті болу керек. Оқиға шиеленіскен, қою құрылысты болуы шарт. «Қозы Көрпеш Баян сұлудың» құрылысында бұл зор талап та аяқталған. Пьесада халықтың тілге поэзиялық қасиет бітіріп, әсем күйлілік қалпында кестелеген... Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда, «Қозы Көрпештің» жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік ұсталықпен шеше білген. Пьеса осы сипаты арқылы қазақ әдебиетінің қатты өскендігінің айғағы болып шықты. «Қозы Көрпешті» қазақ әдебиеті өзінің үлкен мақтаны ете алады» , деген еді. Бұл шығармаға берілген әділ баға болатын.
Отызыншы жылдар қазақтың жас драматургиясының буыны бекіп, бұғанасы қатқан дәуірі. Бірсыпыра жазушылар драматургия жанрының тұрақты кадрына айналды.
Шалғай ауылдағы коммунист Жақыптың бұрынғы алашордашыл Қозыкемен, яғни екі таптық арасындағы тартысқа құрылған С. Мұқановтың «Күрес күндеріндегісі» (1939), М. Ақынжановтың «Исатай Махамбеті» (1938), дінді әшкерелейтін А.Тоқмағамбетовтің «Әзірет султаны» (1939) осы кездерде дүниеге келді. Тікелей драматургия жанрымен шұғылдануға бет алған Әлжаппар Әбішев, Шахмет Хұсайынов сияқты жас жазушылар келіп қосылды. Сонымен, көмір алыбы Қарағанды туралы «Отан үшін» атты пьеса 1938 жылы Әбішевтің қаламынан туды. Сол алғашқы адымынан бастап-ақ Әбішев бұл салада мол мүмкіншіліктің иесі екендігін аңғартты. Қарағанды шахтасының бірінде өтетін уақиғада бұрынғы бай-болыстың сілімтісі Құрғымет сияқты алаяқтар қызу тартыс үстінде шиеленісе келіп, ақырында әшкереленеді. Шығарманың сәтті шығуы жазушының бұл жанрға деген ынтасын күшейтіп, сенімін бекітті. Ұзамай Шымкент металлургтерінің өмірін баяндайтын «Жолдастар» (1941) пьесасын жазды.
Ш. Хұсайыновтың «Марабайында» тұңғыш рет қазақ совет интеллигенттері жайында мәселе көтеріледі. Адал жанды совет азаматын кірлетуге әрекет жасаған бір топ тоғышарлардың пасық қылықтары әшкереленеді.
«Октябрь үшін» (1932), «Тастүлек» (1935), «Алма бағында» (1937), «Шекарада» (1938), «Абай» (1940),тағы басқа ірілі-уақты шығармаларымен Мұхтар Әуезов аз уақыт ішінде аса жемісті еңбек етті. Енді толық мәнді драматургиямыз бар деп сан жағынан да, сапа жағынан да қысылмай айтатын дәрежеге жеттік. Қазақ драматургиясы қандай сын болса да көтеретін белге шықты.
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан майдан тақырыбына арналған шағын көлемді пьесалар пайда бола бастады. 1941 жылдың аяң шенінде М. Әуезовтің «Сын сағатта», С. Мұқановтың «Жеңіс жыры» (1942), Ә. Әбішевтің «Қырағылық» (1942), М. Әуезовпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы», М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің «Қынаптан қылышы» сияқты ірі пьесалар туды. Сан жағынан мол болғанмен, бұл пьесалардың сапа жағы онша болмады. Майдан жайын жете білмегендіктен, көбіне сырттай суреттеу, ойдан құраушылық басым болды. Тек даңқты Панфилов дивизиясының өмірінен жазылған Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» тікелей майдан жайын, оның тылмен байланысын суреттейтін көптеген ұтымды сәттерімен көрінді. Осы жылдардағы пьесалардың кейбіріне идеялық ауытқушылық (Ә. Тәжібаевтың «Біз де қазақпызы»), жалған символикаға бой алдыру (Ө. Тәжібаевпен, Г.Рошальдың «Жомарттың кілемі») драматургия саласындағы кейбір сәтсіздікті аңғартады. Тарихи тақырыпқа жазылған Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқты», фольклорлық жүйеде жазылған Ш. Хұсайыновтың «Алдар көсесі» бұл дәуірдің елеулі табысынан саналады.
Белгілі халық композиторы Ақан серінің әндері қазақтың музыка тарихында өлмес өрнегімен танылады. Драматург Ақан серіні тек қана өнер иесі емес, өз заманындағы әділетсіздікті терең сезінетін үлкен ой-парасаттың иесі етіп көрсетеді. Ислам дінінің пасық та қатал қалпына қарсы шыққан Ақан ар тазалығы, адал махаббат бостандығын ту етеді. Пьесаның архитектоникалық құрылысы классикалық үлгіде өріліп, сом жасалған кейіпкерлер адам жанының сан қилы сыр сезімімен көмкерілген. Шығарма романтикалық серпін мен поэтикалық сазға толы, нысанаға дәл тиіп жатқан шебер диалог пен контрасқа құрылған адам характерлері қалт кетпей, қауырт өрбитін қатыгез қаталдық, ар мен адамгершілік айқасы бар тыныс тіршілігімен шынайы көрініп, автордың жанр ерекшелігін меңгерудегі мол мәдениетінен хабар береді. Пьесадағы мылқау Балуанның әрекетінің өзі Виктор Гюгоның Квазимодасымен шендесіп жатқандығын жасыра алмаймыз. Сайып келгенде, «Ақан сері Ақтоқты» қазақ драматургиясының кемелденгендігінің кепілі болатын еңбек екендігінде дау жоқ.
1942 жылы жазылған Ш. Хұсайыновтың «Алдар көсесі» халық ұғымындағыдай күлкі-сықаққа толы, ауыз әдебиетінің үлгісінде жазылған бірінші сәтті комедия дер едік. «Алдар көседегі» ұтымды диалогтер автордың ой елегінен өтіп, көркемдік тұтастыққа ие болған.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін де қазақ драматургтері ішінара майдан тақырыбына оралды. Бұл сапарда Қ. Жұмалиев пен Ә. Сәрсенбаевтың «Арбасу», Ә. Әбішевтің «Достық пен махаббат» (1947) пьесалары келді. «Достық пен махаббат» автордың бұрын жазылған «Жас түлектер» романының материалына құрылған. Пьесада Қарағанды шахтерлерінің Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі, майдан мен тыл бірлігі көрінеді. Тартыстың кілті жаңа комбайнды пайдалану үстінде болады. Сәуле жоғары білім алған, әлеуметтік өмірге белсене араласып жүрген қазақ әйелдерінің өкілі. Нұрлан мен Сәуле басындағы махаббат шығарманың өн бойына жанды рең беріп тұр. Сәулені сүйетін Темір де қазақ драматургиясындағы тың, жаңа образ. Темірдің теріс жолдан шығып майдандағы ерлігімен даңққа бөленуі советтік қоғамның адамға деген зор қамқорлығын, Коммунистік партияның шексіз қуатын танытады. Қазақстан Жазушылар одағының III съезіндегі баяндамасында Мұхтар Әуезов: «Әзірге совет тақырыбына жазылған қазақ пьесаларының ең тәуірі, ең тұрақты, көркемдік сипатқа ие болып шыққаны осы «Достық пен махаббат» деп білеміз», — деген еді. Қазірде де осыдан иығы жоғары тұрған, бүгінгі тақырыпқа жазылған пьеса жоқ.
Қазақ драматургиясы елуінші жылдардан бастап бүгінгі күн тақырыбына шұғыл бет бұрды. Ә. Әбішевтің'", «Бір семьясы» (1949), Н. Баймұхамедовтің «Асыл тастары», Ғ. Мұстафиннің «Миллионері», Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, даласы» (1952), «Дубай Шубаевы» (1953), Ш. Хұсайыновтың «Көктем желі», «Есірткен еркесі» (1954), М. Иманжановтың «Менің махаббатым» (1953) сияқты пьесалар бүгінгі өміріміздің әр түрлі тақырыбын қамтиды. Бұл шығармалардың ішінде оқушы жұртшылығының назарын аударып, кезінде тәуір баға алғандары: «Бір семья», «Гүлден, дала», «Есірткен ерке», «Менің махаббатым» болмаса, көпшілігі бүкіл совет драматургиясына кеселін келтірген тартыссыздық теориясының науқасына шалдыққан еді. Көркемдік жағы жұтаң, мән-мазмұн жағы да өте саяз жатты. Бұл шығармаларда шынайы тартыстан гөрі, «тәуір» мен «өте тәуірдің» арасындағы ұсақ келіспеушіліктер басым еді.
Кейінгі екі-үш жыл ішінде үкімет пен партиямыздың әдебиетке қойған биік талабына жауап беру жолында қазақ драматургиясында едәуір серпілу пайда болды. Жазушылардың кейінгі жылдары белсенділігі артуымен бірге бой жазуына тағы бір себеп өмір процесіне үңіле, оның үстіне театр коллективімен тізе қосып творчестволық ынтымақта болғандығы.
С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановы», Ә. Әбішевтің «Күншілдігі» мен «Кім менің әкемі?», Ә. Тәжібаевтың «Майрасы», Ш. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгіні», Қ. Сатыбалдиннің «Аяөгз аруы» өткен бір-екі жылдың жемістері.
Коп жылдардан бері драматургиямен айналысып, опера-балет либреттоларын жазған Нығмет Баймұхамедов соңғы жылдары екі-үш пьеса жазды. Таныса келсек, автор бұдан он жыл бұрынғы дәрежесінен аса алмай қалған. Шығармаларын көбіне жалаң декларацияға құрады. Оқиға тартыссыздық теориясының төңірегінде, өндірістегі адамдардың бір жиналысының талқысынан аспайтын жеңіл-желпі келіспеушілігін үлкен шығармаға желі етіп ұсынады.
Жоғарыда аталған «Шоқан Уәлиханов», «Күншілдік», «Майра», «Кім менің әкем?», «Кеше мен бүгін» шығармалары театрларымыздың бүгінгі таңдағы бетке ұстары болып отыр. Ұтымды жақтары кезінде баспасөз бетінде мол айтылды. Бүгінгі таңдағы қазақ драматургиясын соз еткенде арнайы назар аударатын шығарма — сахнаға шыққан Ә. Әбішевтің «Кім менің әкем?» атты пьесасы. Бұл қазақ драматургиясының кейінгі жылдардағы табысы болып саналмақ. Психологиялық терең сезімге құрылған еңбек, соғыс зардабынан жапа шеккен аяулы жар, ата мейірімін аңсаған арманды сәбилерге арналған ескерткіш деп ұғамыз. Мұнда адам басындағы күйініш-сүйініш сәттері, сезім дүниесінің сан түсті бояуы өмірге тән өрнегімен көрінеді. Биік адамгершілікке, адалдыққа, сенімге, балаға, анаға, жарға, Отанға деген махаббаттың шиеленісіп шешілген түйінін көргенде, ақаусыз, адал пейіліңізбен риза боласыз. Осындай өмірлік берік өзегі бар шығарманың драматургиялық құрылысы да бұрынғыларынан оқшау, ұтымды әдісі де тың сапарды аңғартады. Қазір театр сахнасында жүріп жатқан 3. Шашкиннің Жетісуда Совет өкіметін орнатуда көп еңбек сіңірген қазақтың аяулы ұлы Тоқаш Бокин туралы пьесасы да тәуір шығармалардың қатарына қосылады.
Алдымызда қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің онкүндігі келе жатыр. Астана жұртшылығы өз сахнасында қазақ драматургиясының таңдаулы үлгілерін көрмек. Мұхтар Әуезов «Дос бедел дос» атты үлкен шығармасын аяқтады. Ғабит Мүсірепов бүгінгі малшылар өмірінен жазған комедиясын театрға ұсынып отыр. Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, тағы басқалары жаңа драмалық шығармалар жазу үстінде.
Қазақ; драматургиясын қысқаша шолып өткенде туатын қорытынды, Совет өкіметі жылдарында әдебиетімізге жанр болып енген драматургияның қазір кемелденіп, өз қазынасында көптеген асыл шығармалары бар екенін көреміз. Қазақ драматургтерінің алдында әлі шешілмей жатқан коп проблемалар бар. Табысымызды қанша айта бергенмен, қазақ драматургтері көрермендер алдында қарыздар. Заманымыздың алдыңғы қатарлы еңбеккерлерін үлгі етіп ұсынуда шабан қимылдап келе жатқандығын мойындамасқа лажымыз жоқ. Мойындай отырып оған әрбір қалам қайраткері белсенді қатысады деген үміт зор.
1957
ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР ӨНЕРІ
Қазақстанда Совет өкіметі орнағанына 40 жыл толуы үлкен тарихи маңызы бар, зор мереке. Осы күнді республиканың еңбекшілері ғана емес, ұлы Лениннің пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеленген бүкіл совет халқының ынтымақты одағы қуанышты қарсы алғалы отыр. Патшалық Ресейдің шет аймағында отар елге айналған Қазақстан 40 жылдың ішінде гүлденген социалистік республика болды. Экономикамыз бен мәдениетіміздің сан түрлі саласындағы қол жеткен табыстарымыз көпшілікке мәлім де айқын. Бұл қол жеткен табыстар, ең алдымен, данышпан Коммунистік партиямыздың, Совет үкіметінің, оның үстіне ұлы орыс халқы бастаған совет халықтарының туысқандық, достың көмегінің жемісі.
Осындай тарихи мереке күндерінде өткен жол, еткен еңбекке шолу жасау, тапқан табысын таразыға салу совет халқының белгілі дәстүрі.
Қазақ халқының көркемөнер мен мәдениет саласындағы табысы өміріміздің басқа саласындағы қол жеткен табыстармен теңбе-тең десек, өтірікші болмаймыз. Рас, революцияға дейінгі Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық мешеуліктің кесірінен мәдени дамуымыз да ең төменгі сатыда болатын. Шын мәніндегі профессионалды өнерді қазақ халқы бұрын білген емес-ті. Ал, халық өнері тек жеке ән айту, домбыра тарту, майда ою-өрнек өнерімен ғана шұғылданудың төңірегінде болды. Ислам дінінің кертартпа кесірі сурет өнерінің дамуына ешбір мүмкіншілік бермеді. Өйткені адамның немесе хайуанаттың суретін салу шариғатқа шек келтіру деп саналды.
Қазақтың ұлттың мәдениетінің бай саласы ән-күй болды. Мұнда қазақ халқы өзінің ой-арманын, табиғатпен сырласып, мұң-мұқтажын айтты. Қазақ халқының мәдениетінде ән мен жыр егіз. Сондықтан да әйгілі халық ақындары, бір жағынан; дарынды ақын болса, екінші жағынан, өз шығармаларына арнаулы әуен тауып, халыққа жеткізетін атақты әнші де болған.
Жеке ән айту, домбыра тарту, қобыз бен сыбызғы шалу музыкалық шығармаларды орындайтын негізгі аспаптар еді. Домбыра қазақтың ең сүйікті музыкалық аспабы. Шексіз сахарада өмірі өткен, аты белгісіз талай ғажап домбырашылар көптеген күйлерін мұра етіп тастап кетті. Бізге бұдан бірнеше ғасырлар бұрын туған күйлер жетті. Сол күйлердің музыкалық тілінің байлығы, орындалу әдістерінің шеберлігі, оның үлкен оқиғаларға байланысты тууы, мазмұн байлығы барлығы қазақ халқының музыкалық мәдениетінің жоғары сатыда дамығандығының айғағы.
Музыкалық фольклорымыздың бай тарихында айрықша орын алатын, халықтың өткен ғасырда өмір кешкен атақты композиторлары: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Біржан, Сейтек, Қазанғап, Мұхит бар. Қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай қазақ музыкалық мәдениетіне көп үлес қосты. Ол шығарған тамаша әндер мен әуендер мол.
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, −
деп ұлы Абай өнердің тигізер әсерін, берер ләззатын аса жоғары бағалаған.
Өткен ғасырдың аяң шенінде орыс халқымен байланыс арқасында қазақ даласына гармонь мен балалайка, гитар мен мандолина келе бастады. Бірақ бұлар халық арасына етене сіңісіп кете алмады.
Қазақ халқы орыстың музыкалық мәдениетімен, ең алдымен, олардың халық музыкаларымен, кейін революциялық әндерімен таныса бастады. Соның барлығын өз бойына сіңіріп, қазақтың композиторлары бұған қазақ музыкасының кейбір ерекшеліктерін енгізді. XX ғасырдың басында қазақ қалаларына орыстың театр труппалары келе бастады. Соған еліктеудің арқасында драмалық үйірмелер пайда болды.
1910-1912 жылдары Семейде, Қызылжарда, Атбасарда, тағы басқа қалаларда қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенттері үйірмелерде жеке спектакльдер көрсетіп жүрді. Осы кездері қазақтың тұңғыш шығармалары да туа бастады. Олардың көбі көлемі жағынан шағын, бірлі-жарым көріністі комедиялар болды. Е. Ерданаевтың «Малқамбайы», К. Тоғысовтың «Надандық құрбандары» сияқты шығармалар қазақ драматургиясының тұңғыштары еді.
Кезбе әнші-күйшілер жыл сайын болатын жәрмеңкелерде жиі кездесе бастады. Олардың ішінде Жамбыл, Шашубай, Жаяу Мұса, Қалыбек, Майра, тағы басқа халық шеберлері бар. Бірақ Қазақстанда Совет өкіметі орнағанша, профессионалдық көркемөнер болған жоқ.
Қазақстанның мәдениеті мен көркемөнерінің дамуына Коммунистік партия әрдайым басшылық етіп, көп көңіл бөліп отырды. Сондықтан да қазақтың советтік өнерінің алғашқы ұрығы Азамат соғысының кезінде пайда болып, шайқас күндерінде шыңдалды. Оның алғашқы адымы Азамат соғысының жеңісімен ұштасты. 1918-1919 жылдардағы Торғайда болған Әліби Жангелдиннің жорығында бірнеше өнерпаздар болды. Олар халық арасында ойын қойып жүрді.
Қазақтың ағарту институты мен Орынбордың рабфагының жанында оқушы жастардан құралған музыкалық драмалық коллективтердің саны көбейе бастады. Бүгінгі ұлттық опера және драма театрларының көрнекті өкілдері Ж. Шанин, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, т. б. осы ортадан шықты.
Қазақтың ұлттық музыкасының даму жолдарын зерттеу мен оны уағыздауда аса үлкен рөл атқарған адам композитор Александр Викторович Затаевич болатын. Қазақтың музыкалық фольклорын жинауда тынбай еңбек еткен ол аз уақыттың ішінде 2300-ден аса халық әндері мен күйлерін қағазға түсірді. Соның нәтижесінде «Қырғыздың (қазақтың) мың әні» 1925 жылы, «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» 1931 жылы жарың көрді.
Қазақ халқының музыкалық қазынасын топтаған осы екі жинақтың көркемдік те, ғылыми да құны зор. Бұл жинақтар жеке композиторлардың өз бетінше опералық шығармалар жазуына негіз болу былай тұрсын, оның үстіне қазақ музыкасының бар сыр-сипатымен танысуға үлкен құрал болды.
1925 жылы жазда Париждің атақты Концерт сарайында ән салған Әміре Қашаубаев халқымыздың музыкалық мәдениетін әлемге таныстырды. Дүниежүзілік көрмеде СССР халықтарының ән-күй шеберлерінің қатарында бәйгеге қатысқан ол осы дүниежүзілік жарыста екінші орын алды. Француздың музыка ғылымының зерттеуші мамандары: «Музыка тарихында сирек кездесетін құбылыс», деп жазды. Әміренің бірнеше әндерін Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа жазып алды.
Тұңғыш рет қазақтың профессионалдық театрының пайда болуы қазақ көркемөнерінің даму жолындағы алғашқы он жылында аса бір көрнекті оқиға болды.
Ол тұңғыш шымылдығын сол кезде Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда ашты.
Театрдың творчестволық негізгі тобы: Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Ә. Қашаубаев, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, И. Байзақовтар болды. Осылардың қатарында қазақтың тұңғыш актрисалары: 3. Атабаева, Ш. Байзақова, Қ. Әшкеевалар еді. Бұлардың көпшілігі көркемөнер үйірмелерінен келді.
Творчестволық жас коллективтің негізгі жетекшісі, әрі ұйтқысы болған драматург-режиссер, әрі тамаша артист Ж. Шанин еді.
Ол кезде ұлттық драматургияның жаңа ғана туа бастаған кезі болатын. Сондықтан да театрдың репертуары қолма-қол атүсті жасалатын. Театрдың тұңғыш шымылдығын ашқан, 1917 жылы жазылып, бірінші рет киіз үйде қойылған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы болатын. Қазақтың ұлттық драматургиясының негізін салған осы бір ғажайып шығарма күні бүгінге дейін халық сүйіспеншілігіне бөленіп, сахнада өмір сүріп келеді.
Қазақ театрының дамуы буржуазиялық ұлтшыл элементтермен қиян-кескі идеялық күрес үстінде қалыптасты. Театр сахнасында өткен дәуірді аңсаушылық, ауыл, ел өміріндегі тап тартысын жоққа шығарған кейбір шығармалардың көрінуі де осыған байланысты. Қазақстанның партия ұйымы бұған шұғыл назар аударып, театрдың репертуарын тазартып, бүгінгі өмірді көрсетуге тікелей көмектесті. Содан кейін қазақ еңбекшілерінің жаңа өмір үшін күресін, колхоз құрылысын-нығайту жолындағы еңбегін, ауылдағы тап тартысын, индустрияландырудың алғашқы адымдарын баяндайтын шығармалар көріне бастады. Осы пьесалардың қатарына Ж. Шаниннің «Шахтасы», Б. Майлиннің «Майдан», Т. Жароковтың «Қанды таяғы» сияқты шығармалары жатады.
Қазақ театрының дамуында ерекше орын алатын бір оқиға орыс драматургиясының классикалық шығармасы Гогольдің «Үйленуінің» 1929 жылы сахнаға қойылуы еді. 1930 жылы қазақ актерлері Фурмановтың «Бүліншілік» атты романы бойынша қойылған орыс драма театрының спектакліне қатысты. Осы кезден бастап қазақ сахнасында орыс совет драматургиясының шығармалары да көріне бастады. Соның бірі В. Киршонның «Астығы».
Бұл шамада қазақтың бейнелеу өнерінің де алғашқы адымы басталды. Қазақ суретшілері Ә. Қастеев пен Ә. Ысмайыловтың тұңғыш еңбектері жарық көріп, 1928 жылы бірінші көшпелі көрме ұйымдастырылды.
Міне, осылай советтік Қазақстанның алғашқы он жылында партия ұйымдары мен Совет өкіметінің күнделікті қамқорлығының арқасында қазақтың көркемөнерінің берік негізі қаланды.
1930 жылдың бірінші жартысында көркемөнердің бірнеше ұйымдары пайда болды. Бұл мәдени ошақтардың атқарған рөлі орасан зор. Ұлттың кадр даярлау мәселесіне зор көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде 1932 жылы республикада бірінші музыкалық-драмалық техникум, 1933 жылы музыкалық актерлер студиясы, 1934 жылы музыкалық мектеп пен қазақтың ұлт аспаптарының мемлекеттік оркестрі (қазіргі Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі) ашылды.
1930 жылдар театр мен музыкалық мәдениетіміздің белең алып өскен кезеді болды. Осы кездері бейнелеу өнерінің дамуы бір арнаға түсіп, қазақтың кинематографиясы туды. 1934 жылы құрылған Алматы кинохроника студиясы «Советтік Қазақстан» атты киножурналды үзбей шығара бастады. Мұның өзі республикамыздың бай өмірінің жан-жақты даму жолдарын қамтитын кино шежіресіндей болды.
Көпұлтты мәдениетіміздің, оның ішінде қазақ мәдениетінің сан түрлі саласының қысқа мерзім ішінде жедел қалыптасып, тез дамуына үлкен себепкер әрі қамқор-көмекші болған орыс мәдениетінің қайраткерлері. Бұл тарапта Е. Брусиловскийдің, С. Шабельскийдің, В. Великановтың сіңірген еңбектері аса зор.
Орыс көркемөнерінің қайраткерлерімен қоян-қолтық творчестволық ынтымақтың нәтижесінде ұлттың музыкалық мамандар өсті. Олардың ішінде композитор-академик А. Жұбановтың ізін баса шыққан М. Төлебаев, Қ. Қожамияров, Б. Байқадамов, С. Мұхаметжанов, Н. Тілендиев, тағы басқалары бар. 1933 жылы қыркүйекте драма театрының жанынан музыкалық; студия ашылды. Барлық әншілер мен бишілер музыкалық студияға ауысты. Олардың ішінде аты әлемге әйгілі болған, қазақ бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова және бүгінгі қазақ сахнасының шеберлері Қ. Байсейітов, Қ. Жандарбеков, Ж. Елебеков, Ғ. Құрманғалиев, Ш. Жиенқұлова, М. Ержановтардың орны ерекше. Әнші-күйші, тағы басқа өнер иелері сол кезде құрылған қазақтың мемлекеттік филармониясына келді. Студия бірінші музыкалық спектакль «Айман-Шолпан» комедиясын әзірлеуге кірісті. Сонымен, музыкалық театрдың тұңғыш шымылдығы «Айман-Шолпан» комедиясымен 1934 жылы 13 қаңтарда ашылды. Қазіргі Абай атындағы Қазақтың академиялық опера және балет театры осы.
Коп ұзамай «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» опералық спектакльдері жарық көрді. Бұлардың да музыкасы халық әндерінен құралып, Брусиловскийдің өңдеуімен іске асты.
1930 жылдары қазақтың драма театры көркемдік-идеялық жағынан жаңа сатыға көтерілді.
Театр тарихында Мұхтар Әуезовтің 1916 жылғы көтерілістің жағдайын баяндайтын «Түнгі сарыны», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлуы», М. Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» трагедиясы ерекше орын алады. Азамат соғысының дәуіріне арналған С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары», Ғ. Мүсіреповтің «Амангелдісі», С. Мұқановтың «Күрес күндеріндесі», М. Әуезов пен Ә. Тәжібаевтың «Ақ қайыңдарының» да мәні бар.
Көркемдік-идеялық жоғарғы сатыға көтерілгендігін еске алып, театрға үкімет пен партия 1937 жылы 27 ақпанда «Академиялық театр» деген атақ берді.
Қазақстанда театрлар саны жедел өсе бастады. 1934 жылы орыстың республикалық драма театры ашылды. Ұйғыр халқының тарихында бірінші рет Ұлттық музыкалық драма театры жұмыс істей бастады. Облыс орталықтарында орыс-қазақ театрлары ашылды. 1937 жылы Қызылорда қаласында Корей музыкалық драма театры іске кірісті. Көпұлтты халқымыздың рухани тілегіне сай осыншама мәдени орталықтардың ашылуы үкімет пен партиямыздың аталық қамқорлығының айғағы еді.
Біздің көркемөнеріміздің тарихында үлкен рөл атқарған шеберіміздің бірі, Құрманғазының шәкірті, халық композиторы атақты Дина Нұрпейісова (1861-1955) болды. Дина Нұрпейісова өз күйлерінде совет халқының еңбектегі ерлігі мен рухани байлығын, патриоттық сезімін паш етті. 1939 жылы Москвада болған Халық аспаптары мен орындаушылардың бүкілодақтық жарысында Дина бірінші жүлде алды.
Республикамыздың мәдени өмірінде болған үлкен бір уақиға Москвада өткен қазақ көркемөнерінің бірінші онкүндігі болды. Ол 1936 жылы мамыр айында өтті. Сол онкүндікте қазақтың, ұлттық операсының тұңғыш табыстары көрсетілді. Қазақтың ұлт аспаптар оркестрі мен филармониясының әншілері талғампаз Москва жұртшылығының алдында көптеген концерттер берді. Қазақ бұлбұлы атанған Күләш Байсейітоваға СССР-дің халық әртісі деген құрметті атақ берілді. Қазақтың жас көркемөнері осы онкүндікте бүкіл Одаққа танылды.
Осы кездері ұлттың бейнелеу өнері де дами бастады. 1933 жылы қазақтың Суретшілер одағы құрылды. 1937 жылы Шевченко атындағы Қазақтың мемлекеттік көркемсурет галереясы ашылды. 1938 жылы суретшілер училищесі жұмысқа кірісті.
Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин, В. Ивановтың сценарийі бойынша 1936 жылы тұңғыш рет көркемсуретті фильм «Амангелді» экранға шықты.
1940 жылы Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша «Ленфильм» «Райхан» деген кинокартинаны жарыққа шығарды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда Москваның, Ленинградтың, Киевтің, Харьковтың, тағы басқа қалалардың өнер шеберлері, тәжірибелі топтары болды. Совет көркемөнерінің даңқты қайраткерлері жас қазақ өнеріне үлкен творчестволық көмек көрсетті. Мұның өзі шеберлікті игеруде мол мүмкіншілік туғызды.
Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының сахнасында соғыс жылдарында совет балетінің мақтанышы Галина Уланова биледі. Уланованың белсене қатысуымен қазақтың жас хореографиясының негізі қаланды.
Соғыс жылдарында опера театрының сахнасында патриоттық сезімге толы бірнеше шығармалар болды. Солардың бірі Е. Брусиловский жазған «Гвардия, алға» операсы (либреттосын жазған Сәбит Мұқанов) 1944 жылы Мұхтар Әуезовтің либреттосы бойынша композиторлар А. Жұбанов пен Л. Хамиди «Абай» операсын жазды. Бұл опера қазақ музыкалық мәдениетінде елеулі табыс деп саналады.
Театр репертуарлары жақсарып, қазынасы байи түсті. Олардың сахнасында бүгінгі замандастарымызға арналған шығармалардың саны көбейді. Жеке спектакльдердің де көркемдік құны жоғары дәрежеге көтерілді. 1940 жылдардың аяқ шенінде, қазақ; композиторларының өздері жазған опералық, симфониялық шығармалары бой көрсете бастады. Соның ең көрнектісі Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсы. Операның либреттосын белгілі Сара мен Біржанның айтысы жүйесінде Қажым Жұмалиев жазды. Опера шын мәнінде ең жоғары баға алды. Сахнаға қоюшы Қ. Жандарбеков, композитор М. Төлебаев, басты рөлдерді орындаған К. Байсейітова, Ш. Бейсекова, Ә. Үмбетбаев, Б. Досымжанов, спектакльдің суретшісі А. Ненашев 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын алды.
«Біржан Сара» операсы қазақ өнері мен әдебиетінің 1958 жылы Москвада өткен онкүндігінде аса жоғары бағаланды. Композитор Төлебаевқа СССР-дің халық әртісі деген құрметті атақ берілді.
Республикамызда маманданған хореографияның ұлттық тобы көбейді. Олардың көпшілігі 1934 жылы Алматыда ашылған хореографиялық училищеде тәрбиеленіп, ерекше көзге түскен таланттылары Москва мен Ленинградтың балет мектептерінде қайтадан оқып, шеберліктерін шыңдай түсті.
Қазақтың би өнері дамуында көптеген ұлттың билерін шығарған республиканың халық әртісі Шараның еңбегі өте зор.
Совет өкіметі жылдарында Қазақстан композиторлары бірнеше мыңдаған музыкалық шығармалар жазды. Олардың ішінде жедел дамыған халық сүйетін ән жанры. Қазақ совет әндерінің тақырыбы сан салалы бай, тынысы кең. Олар еңбектің сан түрлі саласын, совет адамдарының тұрмысын, жан дүниесін, Қазақстандағы социалистік құрылыстың ғажайып табыстарын жыр етеді. Біздің Ұлы Отанымыздың қуатын, халықтардың мызғымас достығын паш ететін патриоттың сезімге толы әндер ондап саналады.
Қазақтың аспапты музыкасының дамуы Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрімен байланысты. Бұл оркестр қазақ халқының музыкалық мәдениетінің ғажайып дәстүрін социалистік дәуірдің күрделі көркемөнерінің бар тілегіне сай ұштастырып, одан әрі дамытып келеді.
Қазақ композиторлары көптеген тамаша симфониялық шығармалар жазды. Олардың ішінде ерекше көзге түсетіндері Мұқан Төлебаевтың «Коммунизм таңы» атты кантатасы мен «Қазақстан» атты поэмасы, Е.Г. Брусиловскийдің «Советтік Қазақстан» кантатасы мен төртінші симфониясы еді.
Шетелге шыққан қазақ өнері өкілдерінің де табысы аса мол. Будапешттегі жастардың халықаралық фестивалінен Роза Бағланова лауреат атағын алып қайтты. Жастар мен студенттердің Берлинде өткен дүниежүзілік үшінші фестивалінде дирижер Ғазиз Дұғашев, қобызшы Фатима Балғаева, әнші Байғали Досымжановтар лауреаттық атаққа ие болды. Бухарестте өткен жарыста Ш. Қажығалиев басқарған Құрманғазы атындағы оркестрдің жастар тобы, әнші Ермек Серкебаев тағы да лауреат атағын алды. Алтыншы дүниежүзілік фестиваль мен Москвада өткен бүкілодақтық фестивальдерге Қазақстаннан қатысқан творчестволық коллективтердің бірнешеуі лауреат атағын алып, көпшілігі алтын, күміс, қола медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейінгі дәуірде, музыкалық мәдениеттің өсуіне сай, театр өнері де жаңа белеске көтерілді. Театр фольклорлық, тарихи тақырыптан бой тартып, бүгінгі заман тақырыбына шұғыл бет бұрды. Көркемдік, идеялық жағынан әлсіз, күңгірт шығармалардан репертуарды тазартты.
Москвадағы онкүндікте «Жалғыз ағаш орман емес» (Ә. Тәжібаев), «Ақын трагедиясы» (Ғ. Мүсірепов), «Еңлік Кебек» (М. Әуезов), «Шоқан Уәлиханов» (С. Мұқанов) спектакльдері зор баға алып келді.
Қазақстанның театр өнері көп ұлтты. Бізде он қазақ коллективі, он бір орыс коллективі, бір ұйғыр, бір корей театрлары жұмыс істейді. Олар жыл сайын 2,5 миллионнан 3 миллионға дейін көрерменді қамтиды.
Республикада көркемөнер кадрларын даярлау да жолға қойылды. Алматының мемлекеттік консерваториясы, хореографиялық училищесі, суретшілер училищесі маман кадрлар даярлап шығаруда. Қазақ жастары Москва мен Ленинградта топ-тобымен оқып, білім-тәрбие алып қайтады. Республикамыздың ірі қалаларының барлығында музыка мектептері бар. Осының барлығы көп жанрлы қазақ өнерінің бұдан былайғы дамуына үлкен негіз болып қала береді.
Қазақ халқының өткен дәуірдегі өмірі, революция кезіндегі бостандық үшін күресі, тарихымыздағы ғажайып адамдар кино өнері арқылы экранға шықты. Бұлар «Абай», «Оның уақыты келеді», «Жамбыл» фильмдері. Қазақстанда Совет өкіметін орнату күресіне арналған «Ботагөз» бен «Біз Жетісуданбыз» кинокартиналары да аса құнды шығармалар. «Өмір жолы» атты Түркісібке арналған кинофильмді жұртшылық жақсы қарсы алды. Қазақ фольклорының ізімен жазылған «Махаббат туралы поэма» театр спектакльдерін экранға түсірудің тұңғыш талаптануы болды. Көпшілік қауым қазақ драматургиясының көрнекті шығармасы «Қозы Көрпешпен» осылайша танысты. Міне, жоғарыда келтірілген мысалдардың өзі Қазақстанда шыққан кинематография шығармаларының тақырыптарының жан-жақтылығын көрсетеді. Әрине, мұның барлығы көркемдік-идеялық жағынан төрт аяғынан тең басып тұрған шығармалар емес. Көпшілігінің кемшіліктері уақытында орталық баспа орындарында айтылып, сынға ұшырады. Қырың жылдың қарқасында Қызылорда облысының малшыларының өмірінен А. Тоқмағамбетов пен С. Қожықтовтың сценарийі бойынша «Маржан» атты кинофильм түсірілді.
Қазақ кино өнерін сөз еткенде айта кететін бір жәйт, республика бойынша киносетьтері көбейді. Орта есеппен алғанда, кинофильмдерді Қазақстанда жыл сайын жүз миллионға тарта адам көреді. Кинотеатрлар мен кино көрсететін жеке қондырғылардың республика бойынша жалпы саны он мыңға таяу. Жақын жылдардың ішінде республика түгелдей кинофикацияландырылады.
Біздің бейнелеу өнеріміз де қарыштап алға басуда. Республикада профессионалды білім алған талантты суретшілер тобының саны күн сайын өсуде. Соғыстан кейінгі дәуірде әр жанрдан кеп тақырыптарды қозғаған бірнеше мыңдаған шығармалар жазылды.
Кескіндеме өнері Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі жетекші орын алатын жанрдың бірі. Бұл салада Қ. Телжанов, С. Мәмбеев, Н. Нұрмұхамедов, М. Кенбаев, Р. Сахилер жемісті еңбек етіп келеді. Бұлар жазған шығармалардың негізгі мән-мазмұны колхозды ауылдың жаңа тұрмысын, қазақ семьясының мәдени қалпын, ұлттың интеллигенцияның өсу дәрежесін, қазақ жастарының еңбек жолындағы кейпін бейнелейді. Тарихи және тарихи-революциялық тақырыптағы шығармалардың көпшілігі Қазақстанда Совет өкіметі орнау кезеңімен байланысты.
Өңірі өзгерген республикамыздың қырың жылғы өмірінде қол жеткен табыстары ұшан-теңіз. Қазақтың ұлттың өнер даңқы бүкіл дүние жүзіне әйгілі болды. Бұл шындық советтік шындық.
1960
СӨЗ РЕТІ КЕЛГЕНДЕ
Соңғы он-он бес жыл тұрғысында қазақ әдебиеті мен өнері бір кезде бүкіл елімізді қуантқан биік деңгейінен төмендеп кеткен жоқ па деген күдік айтылып жүрді. Ол күдік кей ретте орынды да еді. Бір кезде М. Әуезовтің аты шулы «Абай жолы» эпопеясы дүние жүзіне тарады. Сол тұста С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің шығармалары да шет жұрт оқушыларына кеңінен танымал бола бастады. Кейінгі жылдары қазақ әдебиетінің бұл серпіні әлсіреп кетті. Дүниежүзілік аренаны, шетел оқушыларын былай қойғанда, бүкілодақтық аренада да сирек көрініп жүрді. Соңғы бір-екі жылда қазақ әдебиетінің туындылары бұндай үнсіздіктің темір құрсауын үзіп шығып, одақтық, шетелдік оқушының назарына қайтадан іліге бастады.
Әдебиеттің басындағы бұл хал қазақ өнерінің де басында бар. Ол да біраз уақыт «төмендеп кетті» деген сын естіп жүрді. Соңғы жылдары қазақ өнері де ол қықыл-сыңқылдан құтыла бастады. Қазақ өнерінің құлдырау үстінде емес, өрлеу үстінде екеніне оның «Экспо-67» көрмесіндегі, еліміздің елу жылдығы алдындағы Москвадағы концерттерінің зор табыспен өтуі-ақ дәлел бола алады. Қазақ өнері кейінгі жылдары күллі одақтық аренада кеңінен танымал өнер иелерінің жаңа тобын өсіріп шығарды. Қазақ артистері Одақ көлемінде де, шетелдегі гастрольдерінде де үлкен табыстарға ие болу да. Алайда, қазақ өнерінің барлық сырқаты бірден жазылып кете қойды десек, ол бір әншейін желбуаз әңгіме болар еді. Қазақ өнерінің ойлантатын, толғантатын сан салалы проблемалары әлі де толып жатыр.
Қандай да ұлттың өмірінде болмасын оның өнерінің өркендеуіне әдебиеттің қаншалықты орасан зор ықпал ететінін айтпасақ та түсінікті. Әдебиет пен көркемөнер егіздің сыңарындай екі құбылыс; олар, сонымен қатар, біріне-бірі үлкен мұрындық. Қазақтың профессионалдық көркемөнеріне қазақ; әдеби творчествосының ықпалы орасан зор болды. Қазақтың ұлттың драма театрының тууын былай қойғанда, ұлттық опера және балет өнерінің өркендеуіне қазақ әдебиетінің М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин сияқты көрнекті өкілдері қаншама зор еңбек сіңірді.
Кейінгі жылдары әдебиет ауылы мен өнер ауылының ат құйрығын үзісердей іргесі алыстап кетпегенмен, бір кездегі енді туу, қалыптасу кезіндегі арадан қыл өтпестей татулық бәсеңдеп кеткен тәрізді.
Біздіңше, профессионалдың өнеріміз бен әдебиетіміз қаншалықты шарықтап өскен сайын, олардың арасындағы творчестволық; достық, ынтымақ та соншалықты қарыштап өсуге тиісті еді. Ол өнер үшін де, әдебиет үшін де керек.
Біздің жағдайымызда әдебиет пен өнердің арасындағы әр алуан өзге байланыстарды айтпағанның өзінде, әдебиет пен театрдың ортасындағы телі жанр болуға тиісті драматургияның өзі жазушы ұйымын да, Мәдениет министрлігін де мықтап ойлантатындай жағдайда.
Кейінгі жылдардың драматургиясына көз салсақ, сырт қарағанда бәрі орнында, бәрі жайында сияқты. Жазылып біткен, театрларға қойылып жатқан пьесалар саны бұрынғы жылдардан көп болмаса, аз емес; әдетте, әдебиеттің өзге жанрларында жылына бір автордың екі шығармасы қатар туып, қатар жарық көре бермейді, ал біздің драматургтеріміз жылына алды екі пьеса, арты бір пьеса ұсынады. Ол шығармалары өндіріс бабында азын-аулақ дау-дамайға ұшырағанмен, көп ұзамай театр сахнасына да шығып жатады. Қазіргі драматургия шығармалардың саны жағынан өнікті. Бұрын жанрдың заңдарынан сескеніп, көп автор қосыла бермейтін драматургияның соңғы жылдары авторлар қатары да едәуір өсті. Рас, министрліктің Репертуарредакциялық алқасы жаңа авторлар тарту мақсатында әдебиеттің проза, поэзия жанрларында жақсы көзге түскен әдебиетшілерді драматургия саласында да сынап көрмек үшін жаңа авторлармен творчестволық; байланысты игі дәстүрге айналдырды.
Қысқасы, қазақ драматургиясының қазіргі көрсеткіштері сан жағынан көңіл бөлердей-ақ. Ал енді сапа жағына келгенде, соншама ауыз толтыра сөйлеп кетуге ұятты екеніміз әдеби қауымға да, қалың көрермендерге де құпия болмаса керек.
Қазақ драматургиясы соңғы жылдары прозамыз бен поэзиямыз сияқты одақтың аренада ықылас-ілтипатқа бөленердей елеулі шығарма бере алмады.
Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығы қарсаңында жақсы пьесаларға жарияланған бүкілодақтық бәйгеге қазақ драматургтерінің ешқайсысы атсалыса алмады.
Бұның бәрі де қазақ драматургиясының өзге жанрларынан әлдеқайда шабан өркендеп жатқанына даусыз дәлел болғандай. Драматургиямыз тек жалпы қазақ әдебиетінің аяқ алысына ғана емес, ұлттық театр өнеріміздің де даму қарқынына ілесе алмай келе жатыр десек, ақиқатқа обал жасаған болып шықпас едік.
Қазақтың ұлттық театр өнерінің екі үлкен коллективі М. Әуезов атындағы Академиялық драма театры мен Республикалық жасөспірімдер және балалар театрының кейінгі жылдардағы үлкен творчестволық табыстары баршаңызға мәлім. Академиялық театр бүкіл советтік драма театрларының ішінде ең бір елеулі коллективтердің қатарынан саналады. Жақында Москвада гастрольде болып қайтқан республикалық жасөспірімдер театры Одақ бойынша өз саласындағы ең озық бес театрдың қатарына ілікті. Расын айтсаң, екі театр да астана көрермендерін ұлттық репертуарымен баурай алған жоқ; театрдың да творчестволық келбетін мықтап танытқан Ш. Айтматов шығармалары бойынша жасалған инсценировкалар болды. Біздің театрларымыздың «Ана Жер-ана» мен «Арманым Әселім» спектакльдері күллі совет театрының өміріндегі елеулі құбылыстар ретінде аталып өтті.
Мұның «өзі ұлттық драматургиямыз ұлттық театр өнерінен кенже қалып қойды ма?» деген күмәніміздің жаны бар екенін растайды. Қазір Қазақстанда тек жоғарыда аталған екі коллектив қана емес, әлденеше талантты ұлттық группалар өсіп шықты. Жақсы шығарма туып жатса, нәрі мен әрін еш солғындатпай сахнаға шығара алатын режиссурамыз да бар.
Ендігі міндет сол жемісті, өркендеп келе жатқан ұлттың театр өнерімізге лайық өскелең драматургия жасауда болып тұр. Бұл мәселе бұдан бұрын да ара-тұра әңгіме болып келді. Бірақ, бір өкініштісі, ол әңгімелерде істің ұйымдастырушылық, техникалық жағына көбірек көңіл бөлініп, творчестволық жағына назарды аз аударыппыз.
Бір кезде орын алған жалтылдақтық, тартыссыздық әдебиет пен өнердің қай саласын да маңдытпайды; ондай кеселден, ең алдымен, театрдың тынысы тарылады. Өйткені театрда көркем шығарма, көркем образ қауыммен көзбе-көз, жүзбе-жүз тілдеседі.
Мұндай жағдайда театр ғасырлар бойғы озық ойдың мінбесі атанған асыл қадірінен айырылып қалады.
Қазір совет театры шын мәніндегі озық ой мен озық идеалдардың мәртебелі мінбесі бола алатындай жақсы жағдайлар мен мол мүмкіндіктің бәріне ие.
Мұның өзі, жалпы алғанда, совет драматургиясының да қауырт өсуіне жағдай жасады.
Қазір совет драматургиясы сахнаға өз кезіміздің ең көкейкесті мүддесін айтатын күрескер геройларды шығара бастады. Совет драматургиясы замандас бейнесін жасауды тал бойында бір міні жоқ идеал герой жасаумен шатыстырудан атымен арылды.
Өнер мен әдебиет қоғамды адам арқылы танып, адам арқылы бейнелейтін болғандықтан, ол адам жанындағы рухани процестерді де уақытпен тығыз байланыста көрсетуге көшті, замандас бейнесін жасауда өмірлік фактіге тарихи даму тұрғысынан қарайтын болды.
Өнер мен әдебиеттегі бұл беталыс идеал герой теориясын атымен мансұқтап шықты. Идеал герой өмірде барды көңілде бармен, шындықты арманмен шатыстыруға ұрындырады.
Замандас бейнесін жасау қоғамымыздың даму процесін, міндетті түрде ескі мен жаңаның арасындағы күресті көрсету болып табылады.
Бізде ұзақ уақыт ескі мен жаңаның күресін тым қарабайыр түсіну, оны көбіне-көп адамдар арасындағы сырт тартыстардан, өндірістік, семьялық келіспеушіліктерден іздеу орын алып келді. Көрушілер сахнадан драма көрудің орнына әншейін дау-дамай, ұрыс-жанжал көріп шығып жүрді.
Ескі мен жаңаның күресі қашанда догманы сүймейді, ол өмірге ылғи жаңаша қарауды, өмір ағысының барша діріліне сергек үңілгенді талап етеді.
Қазақ драматургтері де соңғы шығармаларында жалтылдақтықтан, үйреншікті штамп, трафарет тартыстардан арыла бастады, өмірдің соны қырларына, болмыстың терең қабаттарына көз жүгірту бой көрсете бастады.
Бірақ қазақ драматургтері бұл жаңа беталыста совет драматургиясы, совет театры көтерілген соны биікке көтеріле алды дей алмаймыз. Бүгінгідей әңгіменің тууының басты себебі де, ең алдымен, осында.
Қазіргі қазақ драматургиясының идеялық бағытына, бүгінгі күн тақырыбына, бүгінгі замандас бейнесін жасауға бой ұрып жатқанына ешкім талас тудырмайды; әңгіме сол жақсы ниеттің қалай жүзеге асып жатқаны туралы, қазақ драматургиясының бүгінгі таңдағы көркемдік деңгейі туралы болып отыр.
Дәл бүгінгі таңда қазақ драматургиясы арзан жалтылдақтықтан, әсіре идеализациядан арыла бастады деп айтуға батылымыз барғанмен, ол схематизм мен иллюстрацияшылдықтан да арылып болды деуге аузымыз бармайды. Өйткені әлгі бір жалтылдақтың, тартыссыздық, әсіре идеализация көп ретте идеялық тайыздыққа, көзқарастағы тұрпайылыққа ғана байланысты болса, схематизм мен иллюстрацияшылдық идеялық тайыздықпен бірге суреткерлік олақтыққа, ең алдымен, сол өмір құбылысын бар бояуымен жарқыратып көрсете алатын суреткерлік шеберліктің жетіспеуіне байланысты. Біздің қазақ драматургиясының кейінгі шығармалары көп ретте көркемдік жағынан қарын аштырады.
Қоғамдық болмыстағы барынша актуалды проблемаға жиі бой ұрғанмен, көруші қауымның көңілін тебірентетіндей сахналық шығармаға қолымыз жиі жетіп жүрген жоқ. Көп ретте сахнада көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме болғанмен, сол ойларды айтып отырған кейіпкерлердің көруші көңілін, ақыл-санасын, сезімін атымен бір өзіне баурап алатын, қапысыз мүсінделген сом тұлғаларын көре алмаймыз. Сахнадағы құбылыс адамдар жанындағы толғақты процестен гөрі логикалық жағынан жібі түзу ойлар мен идеялардың жалаң иллюстрациясы сияқтанып кетеді. Мұның өзі, түптеп келгенде, драматургтеріміздің өмірдегі ең маңызды мәселелердің не екенін жете білгенмен, сол рухани процесс үстіндегі замандас бейнесін, оның жан дүниесіндегі рухани өзгерістерді әлі жеріне жетер суреткерлікпен тереңдеп көре алмай жүргенінде болса керек. Осы себептен де біздің геройларымыз көп ретте ұсақ құрғақ жалаң біреулер болып шығады.
Драматургияның әдебиеттің өзге салаларынан ең басты айырмашылығы оның адамдардың жан дүниесіндегі лапылдаған құштарлыққа, өзегін өртеген күйзеліске барынша бой ұратындығында. Шекспир шығармаларының қай-қайсысын алсақ та, үлкен әлеуметтік мәселе әншейін сөз таласы арқылы емес, өр қия көзқарастағы адамдардың от-жалын құштарлығы арбасқан үлкен рухани тартыс үстінде ашылады. Мейлі «Ромео мен Джульеттаны» алыңыз, мейлі «Отеллоны» алыңыз, мейлі «Гамлетті» алы қыз, шығармаға ең басты эмоциялық қуат бітіріп тұрған қаһармандарының от-жалын құштарлығы, үлкен рухани арпалысы. Мұнда әншейін соз таласы, бұзық ойлылар мен түзік ойлылардың арасындағы бақай қақпа әңгіме емес, сілкінген адам рухының арпалысы, содан өрбитін драма мен трагедия бар.
Шын үлкен идеалдар арасындағы тартыс, ең алдымен, осындай от-жалын құштарлыққа толы болуға тиісті. Максим Горькийдің тоғышарлар тақырыбындағы драмаларына-ақ көз салалықшы. «Шыңырау» мен «Мещандар» әншейін керілдескен кеу-кеу әңгіме емес, пасық тоғышарлық идеалдармен жұлқыласқан күрескер рухтың от-жалын құштарлығы бет шарпымай ма?
Біз күресіп жатқан идеалдардың қай-қайсысы да әншейін түзік ойлауды ғана емес, жан-тәнімен күресуді қажет етеді. Ендеше біздің кейіпкерлерімізде азаматтың құштарлық неге бәсең?
Өз басым, қазіргі қазақ спектакльдеріндегі кейіпкерлердің көмескі, жалаң, қораш көрінуінің ең басты себебі олардың бойында азаматтың құштарлық, күрескер рухтың, жігерлі ойдың бәсең көрінуінде деп білем.
Сонау антикалық дәуірдегі драма қаншалықты ұлы, қаншалықты әсем болғанмен, адамзат мәдениетінің енді оған қайтадан орала алмайтынын Белинский айтып еді. Бірақ ол антикалық дәуірдегі трагедияларға ең басты өзек болған азаматтың құштарлық драматургияның мәңгілік мінезі екенін, оны әдебиеттің өзге түрлерінен ерекше қып тұрғаны да, сол адамдардың дүр сілкінген рухани құштарлығына құрылатындығы екенін айырықша атап көрсетіп еді.
Кейінгі жылдары драмалық шығарманың осы бір айшықты сипатын атымен ауызға алмайтын болып барамыз. Осы заманғы драматургиядағы, осы заманғы театрдың ең басты қасиеті деп әлгі сипаттан алыстай түсуін санайтын тәріздіміз.
Ал шын мәнінде солай ма?
Осы заманғы театрдың ірілі-ұсақты құбылыстарын былай қойғанда, прогрессивті театрды өркендетіп отырған екі бағыт, екі мектепке көз салалықшы.
Дүниеге «Станиславский мектебін» әкелген Чехов драматургиясы азаматтық құштарлықтан аулақ па? Жоқ, мұнда да Шекспир театрындағыдай, ең алдымен, адам рухындағы драма бой көрсетеді. Бәлкім, Чехов қаһармандары Гамлет пен Отеллодан гөрі бәсең сөйлеп, сырт көзге тұншыға қайғыруы, тұншыға күйзелуі мүмкін. Бірақ, мұнда басқа заманның, басқа дәуірдің адамдары, басқа заманның, басқа дәуірдің күйзелістері ғой. Аланда, түптеп келгенде мұнда да жалған атаулымен, қиянат атаулымен келісімге келмейтін күрескер адамның толғақты толғанысы, арпалысқа түскен жан дүниесі, азаматтық құштарлыққа толы күйзелісі бар. Мәселен, Астахов, барынша интеллигент, байсалды, сабырлы адам болғанмен, оның жан дүниесіндегі өзек өртер құштарлықты кім жоққа шығара алады. «Адам жанының реализмі» атанған Станиславский мектебі, Чехов үрдісі осындай. Ал енді осы заманғы прогрессивті театр өнерінің екінші көсемі Б. Брехт театрының күрескерлік пафосы тағы да аян. Театр мамандары Станиславский мектебін «адам жайының реализмін ашатын театр» деп қараса, Брехт мектебін «адам рухының реализмін ашатын театр» деп санайды.
Ендеше, адам рухының күйзелісі, азаматтың от-жалын құштарлығы осы заман театры үшін ескірген қағида деп түсінетін қисын әншейін әңгіме болып шығады.
Мен оз басым фольклорлық тақырыпта, тарихи тақырыпта драманың осы заңдылығын, осы табиғатын меңгере алған қазақ, драматургиясы бүгінгі күн тақырыбында әлі де болса, қара дүрсіндіктен арыла алмай келе жатыр-ау деп қауіптенем де тұрам.
Қазақ прозасы мен қазақ поэзиясы бүкілодақтық оқушыға, ең алдымен, өз тақырыбы, өз үнімен танылды. Ал, қазақ драматургиясы, әлі күнге осы заман тақырыбына, өз үн, тақырыбына ие бола алмай жатқан сияқты. Біздің драматургиямыз тақырып таңдауда әлі де болса жітілік көрсете алмай келе жатқан тәрізді. Коп шығармаларымыздың тақырыбы өзге әдебиетте әлдеқашан көтерілген тақырып болып шығады не көтерген проблемамыз өмірде әлдеқашан шешімін тапқан проблема болып шығады. Қазақ драматургиясының өз үн, өз бетімен таныла алмауының басты себебі де онда тақырып сонылығының кемістігі.
Ал, шын мәнінде, бүгінгі қазақ драматургіне бүгінгі қазақ өмірінен табылатын соны тақырып жоқ па? Ондай тақырыптың көп екені, соны шетінен санап шығудың еш мүмкін еместігі дау туғызбайтын шығар. Мен тек біздің моральдық өмірімізде әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан мына бір қайшылықты-ақ айтайын. Қазақтардың моральдық институтын бүгінгі өмірімізде дәл сол қалпында қабылдайтын болсаң, орынды боп шығар ма еді? Бүгінгі өмірде сауатсыз әке, сауатты, оқыған ұлға көп ретте көсемдік айтуға жарамай қалды ғой. Өмірдің осы өзгерісін мойындамау, баяғы институтты талап ету кертартпалыққа ұрындырып жүрген жағдай аз ба? Бұл тек жалаң мораль көлемінде қалмайтын, үлкен әлеуметтік проблема емес пе?
Суреткер қазіргі қазақ өмірінен мұндай атымен соны проблеманың талайын табады. Өмірдегі осынау тақырып молдығы әлі драматургиямыздың бойына дари алмай отыр. Біздің драматургиямыз қазіргі прозамыз бен поэзиямыз сияқты өз тақырыбымызға, өз шындығымыз бен өз табиғатымызға барынша батыл, барынша терең бой ұрмай тұрып, өзгелер түгілі өзімізді де риза ете алмайды.
Осы ретте қазіргі қазақ драматургиясы мен қазақ театрының тілі туралы да бір бөлек ой туады. Меніңше, бұл тарапта да жағамыз жайлау, омырауымыз төскей мұңсыз-қамсыз отыра беруге өлі ертерек сияқты.
Өздеріңізге мәлім, қазақтың жазба әдебиеті басталғанына төңірегі жарты ғасырдай уақыт болды. Жарты ғасыр ішінде әдеби тіл бір арнаға түскенмен, түгел қалыптасып үлгере қоймайтыны белгілі. Оның үстіне бұрын не мемлекеттік, не ұлттық бүтіндігі болмаған қазақ сияқты халықтың әдеби тілінің қалыптасуы бір шама уақыт қажет ететіні әбден заңды. Ендеше, қазақтың әдеби тілінің қалыптасуы біздің жағдайымызда әлі бітіп болмаған процесс. Мұндай жағдайда қазақ тілінің тазалығын сақтау үлкен әлеуметтік мәні бар проблема. Тілдегі құбылыстар мен өзгерістерге барынша сергек, барынша сезімтал болатын да ең алдымен театр.
Біздің театрымыздың бар-бар спектаклі де бұл ретте де мінсіз болып шыға бермейді. Тіл шұбарлығы, тіл жұтаңдығы жиі-жиі байқалып қалады.
Тіл шұбарлығы дегенде өзге тілдерден соз араластыруды айтып отырған жоқпыз; ана тіліміздің барша әуезін, әрін, нәзік мінездерін жете білмей, салдыр-салақ сөйлеуді айтып тұрмын. Көптеген спектакльдерімізде халықтың ауызекі әңгімесінде атымен ұшыраспайтын, қолдан жасаған конструкциялар орынды-орынсыз көп ұшырасады. Сахнада сөйлеп тұрған актердің ең әуелі сезіне шүбә келтіріп отырып, ойына, күйзеліс-күңіренісіне, қуаныш-серпілісіне, қысқасы ол жасаған образға илана қоюыңыз тіптен қиын.
Сондықтан да театр үшін тіл басы артық мәселе емес.
Қазіргі драматургиямыздың басындағы бір міндет осы заманғы адамдардың тілін жасаймыз деп ана тіліміздің нәзіктігін, мазмұндылығын, мәнділігін бұзатын тілдік құбылыстарға бейқам қарау, жүдеу сөйлеу, жұтаң сөйлеу.
Қазақ драматургиясының М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сияқты шеберлерінің шығармасындағы тіл соншалықты нәрлі, соншалықты күшті, сазды еді. Ол шығармаларда екі сөздің бірі афоризм болып келетін. Мұның өзі халқымыздың сөйлеу табиғатында ежелден бар құбылыс еді. Соңғы шығармаларда ол сипат атымен көрінбей кетті. Өйткені авторлар өздерінің көрші-қолаңын, күнде кездесіп жүрген санаулы жүзтаныстарын көреді де, қазіргі қазақтар олай сөйлемейді деп ұғады. Ал халықтың қалық ортасына барсаңыз, әлі солай сөйлейді. Ендеше, қазақ драматургтерінің ана тіліміздің сан сипатты, алуан бояулы көркемдігінен безіп, қаланың қарабайыр тіліне біржола көшіп алғаны жөн бола қояр ма екен? Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, адамдардың қай заман болсын, жұтаң сөйлеуі, жүдеу сөйлеуі ақылға сыймайтын құбылыс қой. Осы ғасыр қазақтары өткен ғасыр қазақтарынан гөрі өзгешерек сөйлейтін болса, ол өзгешелікті біздің тұсымыздағы қазақтардың байырғы ана тілін қалай жүдеткенінен емес, қалай байытқанынан, оның күйі мен сазына, бояу әлеміне, өткірлігіне қосқан соны сипаттарынан іздеуіміз қажет қой.
Біздің драмалық шығармаларымыздың тілінен ондай терең ізденісті емес, көше сөзінің көзсіз көшірмесін көп көреміз.
Ізденіс дегеннен шығады, қазақ драматургиясының бұл салада ойланатыны жалғыз тіл ғана емес.
Біздің заманымыздағы театрдың өскендігі, көркемдік құралдарының молайғаны, мүмкіндігінің кеңейгені адам естімеген жақалың емес. Алайда қазіргі қазақ драматургиясы осы заманғы театрдың көркемдік тілін тым баяу үйреніп, баяу меңгеруде.
Біздің көп драматургтеріміз жалғыз бір ғана театр, бір ғана труппа үшін академиялық театрдың труппасы үшін жазатын сияқты; көбіне пьесаны оқып шыққанда, қай рөлді қай артист ойнайтынын театрға бармай тұрып-ақ біліп қоясың. Қазір республикада сегіз қазақ театры бар. Олардың мүмкіндігін жеріне жете зерттеп, шығармаларында ескеріп жатқан драматургтерді сирек ұшырастырамыз. Мен мұны әншейін, драматургиямызда осындай әліпби мәселенің өзінде самарқаулық, салғырттық бар екенін көрсету үшін айтып тұрмын. Әйтпесе, драматургия тек театрдың ыңғайына көшумен көңіл көншітетін болса, драматургия да, театр да өспейді; ол ұлттық театрдың мүмкіндігінен де асып жатса ғана өз ұлтының театр өнерінің жемісті өркендеуіне ықпал ете алады.
Біздің қазақ драматургиясынан ұлттық театр өнеріміздің өркендеуіне де мұрындық болатын жетекші ықпал талан етуге әбден хақымыз бар.
Драматургия тек актерді, режиссерді, театрды ғана өсіріп қоймай, көрушілерді, сол арқылы бүкіл қауымымызды баулып отыруға тиісті.
Біздің Алматыда алуан салалы, әр қилы қазақ көруші қауымы жоқ. Көп спектакльдерімізге тек бірыңғай студенттер ғана барады. Студенттер тек бір қырлы, бір түрлі, өзіндік спецификасы бар, бір алуан ғана қауым. Оның өзі әлі түгел қалыптасып болмаған қауым. Ол бүкіл бір ұлттың қоғамның жиынтық көрінісі бола алмайды. Біздің көп спектакльдеріміз студент қауымның ыңғайын біліп алып, оңай эффектіге үйір болыңқырап жүр. Жан қинамай соғылған қол шапалақтауды малдану театрға да, драматургке де абырой әпермейді.
Бұның бәрі баршамызды ойлантатын мәселе. Бірақ сол толғақты ой, ең алдымен, драматургтің столынан басталуға тиісті.
Көруші көңілінен тек сонда ғана шығамыз. Көруші қауымның ризалығын көргенде ғана, актер де, режиссер де, драматург те оз еңбегінен творчестволық ләззат ала алады. Тек сонда ғана қазақ драматургиясының хал-жайы турасында көңіл бірлеп сөйлейтін боламыз.
1967
ТЕАТР СЫНЫ ЖАЙЛЫ
Қазақстан жазушыларының III съезінде қазақ совет драматургиясы, драматургиядағы социалистік реализм әдісін меңгерудегі жетістіктер мен олқылықтар, драмалық тартыс, ұнамды геройлар, советтік сатира мәселелерін кеңінен сөз етіп, жазушы драматургтеріміз өз шығармаларын қатал сынға салып, айтысқа түсті, пікір алысты, драмалық шығармалардың кезек күттірмес тақырыптық мәселесіне де шешендер көп көңіл бөлді.
Драматургия мәселесін қаншама сөз еткенмен, жазушы-драматургтеріміздің оның практикалық жағын, демек, драмалық шығармалардың сахнадағы көрінісі, жалпы театр мен драматургтер арасындағы творчестволық бірлестік жайын, әдебиеттің бөлінбес бір саласы театр өнерін ешбір сөз етпей өтуін съезде болған олқылықтың бірі деп ұғамыз. Жазушы-драматургтерді былай қойғанда, республикамыздың көрнекті өнер қайраткерлерінің, академиялық театрымыздың басты режиссерлері мен актерлерінің өздеріне тікелей байланысты, творчествосына керек болған драмалық шығармалар туралы, драматургиялық шығармалардың өмір шындығынан барып туатын сахнадағы сезім шындығы мен сенім күйлерін, физико-психологиялық әрекеттердің нанымдылығы, ақыры, ұнамды геройлар жасаудағы өз пікірлерін айтпауы, өздерінің ұзақ жылдық мол тәжірибелері туралы драматургтер, сыншылармен пікір алыспаулары да қынжыларлық күй.
СССР Жазушылар одағы IV съезінің қарсаңында театр, драматургия мәселесі әдебиеттің проблемалық мәселелерінің бірі ретінде орталық баспа орындарында сөз болуда.
Әрине, «ештен кеш жақсы» деген, съезде болмаса да, съезд дабылынан кейін бұл мәселе жайында драматургтеріміз ойласу ретінде өз пікірлерін айтар, театр өнеріндегі кемшіліктерді жоюға көмектесер деген зор үмітпен осы мәселе төңірегіндегі өзіміздің кейбір түсініктеріміз бен пікірлерімізді ортаға салмақпыз.
Сахнадағы сезім шындығы мен сенім драматургиялық шығарманың өмір шындығынан туады, сонымен көркейіп, сонымен өзінің жанды бейнесін табады. Драматургиядағы жасанды образдар, актер қаншама беріле, табиғи ойнағанмен, өзінің жасандылық қалпын білдіріп тұрмақ.
Театр өнерінің өркендеуі оның репертуарымен байланысты.Репертуардағы драмалық шығармалардың сапасымен театрдың бейнесі айқындалмақ.
Соңғы жылдары баспа орындары мен Жазушылар одағы да, сонымен қатар, кейбір жазушы-драматургтер, астанамыздың кейбір ғылыми қызметкерлері, тіпті, өнер қайраткерлерінің іздері де қазақ театр өнерінің үлкен үйі Қазақтың мемлекеттік академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді драма театры туралы көңіл толмас, реніш пікірлер айтады. Театр бүгінгі өміріміздің талаптарына сай постановкалар бере алмай келеді деген орынды талаптар естіледі. Ал осы бір орынды пікірлердің ту у негіздері туралы неге ашық айтпасқа? Театрдың артта қалуы жалғыз театр коллективінің кінәсі ме? Болмаса сол кемшілік театрмен қатар драматургияда ма?
Қазақ театр өнерінің реалистік бағыты орыс драматургтерінің шығармаларымен қалыптасты. Бұған Гогольдің «Үйленуі» мен «Ревизоры», Треневтің «Любовь Яроваясы», Погодиннің «Ақсүйектері» мен «Мылтықты адамы», Фурмановтың «Бүліншілігі» болса, соңғы жылдардағы орыс және совет драматургиясының көптеген шығармаларын атауға болады. Осы бір реалистік бағытты өзінің ұлттың бояуында бекіте, айқындай түскен қазақ совет драматургтерінің шығармалары. Бұл үлестің ішінде жазушы Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің еңбектері өзгеше, оқшау көзге түседі. Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің «Еңлік Кебек», «Түнгі сарын», «Абай», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Ақан сері Ақтоқты» пьесалары қазақ театр тарихының салтанатты шағы, кезеңді дәуірлері.
Театрдың алғашқы дәуірлерінен бастап сахнада қойыла бастаған осы пьесалар көп жылдар бойы сахнадан түспей келді, кейбіреуі әлі күнге дейін көрушісін сүйсіндірумен келеді. Осы бір ерекшелікті осы пьесалар геройларын актерлеріміздің тамаша ойнауынан деп ұққан жөн бе, болмаса қазақ жұртшылығына қанық тақырыптан алып жазылғандығынан деу дұрыс па? Жоқ, мәселе мұнда емес. Қазақ драматургиясының тарихын шолатын болсаң, қазақ өмірін бейнелеген драмалық шығармалар көп-ақ, бірақ олардың бірде-бірінің өмірі сахнада дәл бұлардікіндей ұзаққа созылған емес. Бұл шығармалардың басты ерекшелігі көркемдік шыншылдығында. Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің тарихи тақырыпқа жазылған бұл шығармаларының тілі шешендікпен зерленіп, астарлы оймен көмкерілген, драма, трагедия оқиғасы өмір шындығынан алынып күшті тартысқа құрылса, кейіпкерлері кесек құйылған жандар. Олардың характер! өткір қайшылықтар үстінде сыналып, ашылып отырады. Ой-пікір қақтығысы да әр кезде сарқа айтылып тынады.
Геройларының характері өз тілінің бояуымен көрікті. Біз Көбей, Еспембет, Қарабай, Жантық, Науан, Қозы Көрпеш, Кебек, Абай, Тәнеке тілдерін еске түсірейік. Бұл кейіпкерлердің тілдері, актердің бойында таланттың ұшқыны болса, оны жандандырмай, оның ой-қиялын өсірмей, оны шабыттандырмай қоймайды.
Драмалық шығарманың барлық идеясы, психологиялық сыры оның тілімен ашылады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас та сол арқылы беріледі. Диалогтер арқылы жасалатын адам характерлері, аңғара білген ойға классикалық шығармаларда бірден-ақ көрініп тұрады. Мысалға: Фамусовтың комедияның ақырында: «Аһ, құдіретім! Княгиня Мария Алексеевна не дер екен?» деген жалғыз ауыз сөзінен біз тек Фамусовтың психологиясын ғана емес, оның айналасында шоғырланған (Чацкийден басқа) бір топ адам психологиясын, әрі үңілсек, сол бір қоғамның, сол бір дәуірдің психологиясын аңғарамыз.
Драмалық шығармалардағы осы сияқты бірден-бір өткір, тұтас бір философиялық қорытынды ойды жинақтай айтылатын сөздер сол шығарманың геройларының характерін түсінуге, идеялық бағытын, адамдар арасындағы қарым-қатынасын аңғартуға жол ашады. Күйініш үстіндегі Абайдың Оразбай, Нарымбет, Жиреншелердің адамгершілігі туралы: «Олардың берген анты ағынды суға жазылған сертпен тең» деуі де өзінің бар қалпында жалғыз Оразбай, Нарымбет, Жиреншелер психологиясын бейнелеп қоймай, сол бір Оразбайлар қасиет тұтқан заман кейпін де әшкерелейтін көп жайларды аңғарта, ақтара айтылған сөздер. Әрине, бұл сияқты кенеулі ойға толы өмір шындығынан алынып жазылған драмалық шығармалар актерлерден де өз мағынасына лайық әрекет етуді тілейді. Актер ойыны да сезім мен сенім шындығына бөленіп, нұрланады.
Академиялық драма театрында жалғыз бұл шығармалар ғана емес, классикалық драматургтердің, бәрі бірдей болмағанмен, В. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясының он жылдан бері қазақ сахнасында жүруі кінәнің көбін актерлерден іздейтін драматургтер мен режиссерлерге өздеріңізге де бір үңіліп қарасаңдаршы дегізгендей.
Академиялық драма театрының Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірін, әсіресе, Орталық партия комитетінің «Драма театрының репертуары және оларды жақсарту шаралары туралы» тарихи қаулысынан кейінгі осы бір он жылға жуық дәуірін алатын болсақ Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Қ. Бадыров, Ш. Айманов, Ж. Өгізбаев, Қ. Қармысов, С. Майқанова, Р. Қойшыбаева, X. Бекеева сияқты тамаша талант иелерінің осы он жыл ішінде есте қаларлықтай, одан өзіне рухани күш аларлықтай кесек бейнелер жасай алмай келе жатқанын көреміз. Бұған кінәлі кім? Бұған кінәлі жазушы-драматургтер! Сіздер талант иелерінің диапазонына лайық, олардың барлық ақыл-ой талантын талап ететін образдар жасадыңыздар ма? Жоқ. Ал коммунизм орнатушы совет адамдары дүние жүзіндегі нағыз кесек жанды адамдар емес пе? Оның рухани жан дүниесінде ескілік қалдықтарынан арылып, серпілуде ұлы өзгерістер болып жатқан жоқ па? Біздің драматургтер совет адамдарының характерінің қалыптасу процесін көрсетудің орнына неге схематизмге түседі? Ұнамды герой ешбір мінсіз көрсетілетіні несі? Ұнамды дейтін адамдарымыздың басында да кемшіліктер болмай ма? Ал біз « Достың пен махаббаттағы» Абзал, «Бір семьядағы» Кремлев пен Айдос, «Миллионердегі» Жомарт, Жанат, Алмалар, «Асыл тастардағы» Ербол, Жиенбаев, тағы басқа толып жатқан ірілі-кішілі ұнамды кейіпкерлердің бойынан мін таба алмаймыз. Олардың өмірде қателесуі біздің драматургтер үшін ақылына сыймайтын жай. Бұл ұнамды геройлар егіз баладай бір-біріне ұқсас келеді. Әрине, бұл сияқты рөлді актер «бірсыдырғы тәуір» ойнамақ.
Драмалық шығармадағы уақиға тартысы өмір шындығына негізделсе, сонда ғана күшті характерлер туады. Оның айтатын сөзі, істейтін ісі нақтылы болады, геройлары да өзіне лайық тілмен сөйлейді. Біз типтік жағдайда типтік образ жасау керек дейміз. Бұл қағиданы драматургтердің бәрі де біледі. Бірақ, өздерінің практикалық жұмысында осы қағиданы ұмытып, таңғаларлықтай дәрменсіз жағдайға түседі. Осы бір жайға талабы мен таланты әр дәрежедегі драматургтердің пьесаларынан бір-екі мысал келтірейік.
Жас драматург Ш. Байжанов «Делегат Данияр» атты пьесасында Даниярдың аузына мынадай сөз салады: «Көп жерлерде көтеріліс басқарып жүрген адамдардың өзі пантюркизм мен панисламизмнің уытына жығылған. Олар шын прогресшілдік самалды сезсе, суды себе қойып, отты өшіре салады». Бұл қандай жағдайды, қандай ортаны, қандай адамдар характерін бейнелеп отырғанын білмеушілік. Бұл Даниярдың сауатсыз көтерілісшілерге айтатын тілі емес, профессордың студенттерге оқитын лекциясы. Ал осындай жағдайда осы пьеса геройларын ойнайтын актерлер қандай күйде болмақ? Сайдахун, Ермек рөлдерін ойнайтын актерлер Даниярға «пантүрік, панислам» деген не деп қайшы, шатақ сұрау қоюы заңды емес пе? Ал «шын прогрестік самалды сезсе, суды себе қойып, отты өшіре салады» деген сөзде қандай сахналық күш, қандай қасиет бар? Міне, осы сияқты жайларды бұл пьесадан жиі кездестіруге болады. Амал қанша, бұл пьеса да академиялық драма театрының сахнасына шықты. Бұл сияқты кемшілік қаламы төселген, драмалық жақсы шығарма берген драматург Ә. Әбішевтің «Әке үкімі» атты соңғы пьесасында да бар. Бұл пьесаның басты кемшілігі оқиға тартысының жасандылығында. Бұнда шөл даланы меңгеру, осы тұрғыда ғылымдағы ескі мен жаңа көзқарастың тартысы, жаңаның ескіні жеңуі сөз болады. Не пайда, оқиға үстінде ғалым адамдардың саяси маңызы зор ауыл шаруашылығының проблемалары туралы ғалымдарша осы проблемалар туралы айтысқа түсуін көрмейміз, оларды қайдағы бір оңбаған ұрылардың қылмысын тексеріп жүрген тергеуші-криминалистер ретінде көреміз. Әрине, бұл сияқты негізде характерлер тілеу орынсыз. Өйткені бұндағы кездесетін адамдар өздерінің типтік жағдайында емес, сондықтан да қойшы Есқазы мен техника ғылымының кандидаты Дәуреновтің тілін бір-бірінен айыру қиын. Әрине, бұл сияқты рөлдерге де актерлер нақтылы характер беріп ойнай алмайды.
Тарихи тақырыпқа жазылған драмалық соңғы шығарма «Шоқан Уәлиханов». Жазушы Сәбит Мұқановтың бұл трагедиясы сөзсіз қазақ драматургиясының табысы болып саналмақ. Автор ғалым Шоқанды, әділетті көксеген, халықтың бақытты болуын ойланған бір-беткей, өр мінезді, дана Шоқан бейнесін берген. Әсіресе, өз Отанына деген патриоттық сезімі трагедияда айқын сезіледі. Ал осы Шоқан образындағы бір кемшілік Шоқанның өткір тілдігі, оның юморы, оның әзілшіл мысқылының аздығы. Тіпті, жоқ десе де болады. Ал Шоқан образында бұл қасиеттер толық пайдаланылғаны жөн. Демек, Шоқан өмірде осындай болған және Шоқан өмір сүрген орта, сол дәуір салты соны талап етті. Шоқан өмір сүрген заманның жас адамдары, әсіресе, әскери адамдар зиялы қауым әйелдерімен сөйлескенде сұлу әрі өткір, тапқыр сөйлеуге тырысқан. Ол кезде осы бір жай салт еді. Орыс драматургтері өздерінің шығармаларында бұл жайды қатты ескеріп отырады. Өйткені келтіріліп отырған заман тынысын берсе, геройлар сонда ғана кеуде кере, қысылмай дем алмақ. Бұған Борис Лавреневтің «Лермонтов» трагедиясы толық дәлел. Б.Лавренев Лермонтовтың отаншылдық сезімін, ержүректігін, турашыл батылдығын, ақындық данышпандығын берумен қатар, әзілшіл, біреуді мысқылдап әжуа етуге келгенде орнынан тұрмастай етіп кететін шешендік тапқырлығын да берген. Бұдан Лермонтов образы өсе, ірілене түспесе, кішіреймейді. Тағы бір мысал: Абайдың Гоголь кітапханасына кірген кезінде: «Қашаннан бері Гоголь кітапханасына түйелер келетін болған? » деп ойсыз офицердің күлуіне ақынның: «Оның несі күлкі, бұнда есектер де отырыпты ғой» деуі қандай тамаша айтылған?! Ақын қырандай сорғалап кеп қанатымен жанап өткеннің өзінде қарсыласын топшысынан бір-ақ үзіп түсірген жоқ па? Міне, мұндай мінездемелер образды байытып отырады. Актер де, адам жанының сан алуан сырларын осы сияқты штрихтар арқылы жасайды, толықтырады. Драматургиядағы ұнамды кейіпкерлер туралы осы сияқты толып жатқан фактілерді көптеп келтіруге болады.
Типтік жағдайда типтік образдар нанымды болып шықпаған деп, олардың істеп жүрген әрекеттері нақтылы істерге негізделмей, құр сөз жүзіндегі іске негізделіп, тартыссыздыққа құрылған пьеса деп Н. Баймұхамедовтің «Асыл тастар» пьесасын айтуға болады. Бұған Ә. Әбішевтің «Әке үкімі» де жатады. Міне, бұл екі пьесаның сахнада солғын қойылуы режиссерлік жұмыстың олқылығымен қатар, драматургиялық кемшіліктермен де байланысты еді.
Театрдағы барлық кемшілік драматургияға байланысты десек, біржақты пікір айтқан болар едік. Театр коллективінің де өзіне тән кемшіліктері бар. Театрдағы басты кемшілік жоғарыдағы аталған көптеген пьесалардың нашар қойылуы, тіпті, Островский сияқты классик драматургтердің шығармаларының сахнадан түсіп қалуы, А. Корнейчуктің «Бүлдіргенді тоғайы» сияқты тамаша комедиясының бақытсыздыққа ұшырауы жеке актерлердің ойынынан емес, режиссерлік жұмыстың нашарлығынан болып отырған жай. Режиссер драматургиялық шығарманы біржақты көрмей, оны тұтастай, сахналық тұрғыдан өсіріп ой көзімен байытып көре білуге керек. Әрбір жазушы-драматург творчествосының ерекшелігін, оның стилін айқындап алған жөн. Сонда ғана сахналық жақсы шығарма тумақ. Бұл жайлар бізде ескерілмей отырады. Мысалға газет бетінде СССР Мемлекеттік сыйлығын алған «Абай» постановкасы туралы: «Абай образы инсценировка шеңберінен шыға алмай қалды» деген пікір айтылған еді. Бұл пікірде шындықтың ұшқыны бар. Жалпы, Абай постановкасындағы кемшілік, жетпей жатқаны романның бойындағы поэзиялық сазы, романтикалық серпіні берік сақталмаған әсемдік тұтастығы. Ал ақын образына келетін болсаң, сахнада ұлы адамдар образын қандай талантты актер болсын, толық меңгеріп шыға алмайды, егер оның айналасындағы адамдар оның ұлылығын қасиет тұтып, құрметтеп, оның данышпандығын ой көзімен өсіріп, көрушіге оның образын ірілендіріп, байытып отырмаса. Бұл сияқты жағдайларды классикалық шығармаларды қоюда қатты ескерген жон. Сахна өнерінде, әсіресе, классикалық шығармаларды қоюда режиссер драматург шығармаларының тілін терең зерттегені жөн. Өйткені біз жоғарыда сөз еткен қоғамдық тарих, ғасырдың идеясы, дәуірдің салты мен әдет-ғұрпы, адамдар характер!, психологиясы пьесаларда диалогтер арқылы білінетіні бізге мәлім. Драма тілінің идеялық маңызымен қатар, оның эмоциялық қасиеті бар. Ойнайтын актер оның идеялық қасиетімен қатар, эмоциялық күшін де айқын сезінуі тиіс. Соны өзінің бар тынысымен айтуы қажет. Бұны түсіндіру де режиссердің міндеті. Сахнадағы сөз әрекетін орыстың ұлы жазушы-драматургтері өте жоғары бағалаған. Грибоедовтың «Ақылдан азап» атты комедиясы туралы жазған өзінің әйгілі сын мақаласында жазушы Гончаров сахнадағы сөз әрекетінің маңызын айта келіп: «Ақылдан азап», Пушкиннің «Борис Годуновы», тағы осылар сияқты мұнаралы әдеби шығармалардың орындалуы тек сахналық болмай, неғұрлым әдебиетке жақын, кейде, тіпті, музыкалық шығармалардың классикалық түрін тамаша оркестрмен орындағанда, әрбір музыкалық фраза мен ондағы нотаның мүлтіксіз ойналатынындай болып шығуы тиіс. Актер де музыкант сияқты сарқа ойнауға міндетті. Демек, әрбір өлең жолын дауыстың қандай толқуымен, қандай интонациясымен айту керек екендігін ойлап табу Пушкин мен Грибоедов поэзиясын түгелдей нәзік шыншылдықпен түсіну, ұғу деген сөз; ой шырыны тілде, мимикалық олақтыққа төзуге болады, ал интонациясы дұрыс шықпаған әрбір сөз жалған алынған нотадай құлаққа жағымсыз естіледі, бұған төзу қиын», деп сөз әрекетін аса жоғары бағалаған еді. Соз әрекетінің керемет күшін терең ұғынып, сезіну үшін, ұлттық тілдің бояуын түсіну үшін сол тілді жете білу керек. Бұл ретте режиссер де тіл ерекшеліктерін тексеретін ғалым болғаны жөн. Ал біздің отыз жылдық тарихы бар академиялық драма театрымызда өзінің ұлт режиссер! болмауы қынжыларлық та, ұяларлық та және осы театрдың келешек тағдырына қауіптене қарайтын жағдай. Ұлттық театрдың өзінің ұлт режиссері болмайынша, оның мәдениеті жоғары сатыға көтерілмейді. Академиялық драма театрының қазіргі кезеңіне бұл жай өте керек. Театрдың қарт шеберлері қазақ тілінде қалай сөйлеуді осындағы режиссерлерге өздері-ақ үйретеді. Ал театрға жаңа келген жас буынның келешегі не болмақ? Театрдағы режиссерлік жұмыспен қатар жеке актерлер басындағы кемшілік те аз емес. Бұл туралы баспа беттерінде сан рет айтылған.
Театрға сын жазу оның тарихын зерттеу, ал театр тарихын зерттеу драматургияның тарихын зерттеу деген сөз. Шын мәніндегі социалистік өнер жасау міндетін қазақ театры, ең алдымен, өзінің отыз жылға таяу өмірінде актерге, режиссерлерге кездескен әр қилы сәтсіздіктер мен табыстарға марксизмленинизм тұрғысынан талдау жасағанда ғана орындай алады.
Екі ғасырдан аса тарихы бар орыс драматургиясының Москваның Горький атындағы академиялық көркем театрының бай тәжірибесін, оның актер тәрбиелеудегі жүйесін «Станиславский системасын» пайдаланбайынша, ұлттық республикалардың қайсысында болса да драматургияны және театр өнерін социалистік реализм жолымен дамытуға болмайды.
Ал республикамыздың орталық газет-журналдарының бетінде өнердің келелі мәселелері көтерілмейді. Жаңа шығармаларға жазылған сындар теориялық жағынан дәрменсіз, шабытсыз, сауатсыз жазылады. Оларда еш уақытта режиссерлік ойды драматургиялық материалға сүйене отырып, сахнадағы актер ойынын талдау деген жоқ.
Музыка, балет, бейнелеу, сахна өнерлері туралы сын жазу, оған терең талдау жасау үшін тек өнер теоретигі, әдебиет сыншысы болып қою ғана аз. Ол көркемөнер шығармаларының эмоциялық күйін ұғатын, шығарманы, образды, картиналы қалпында көре, әсемдік тұтастығын сезіне білетін ақын да болуы керек. Сыншының басты міндеті тек сынау ғана емес, шығарманың кемшіліктерін жоюдың дұрыс жолын көрсетуінде. Көпшілік көзіне бірден сезілмей жатқан қасиеттерін ашуында. Сыншы өзінің озат ой-пікірімен оқушы мен көрушінің эстетикалық көзқарасын тәрбиелеуі де қажет. Ал біздің көркемөнер шығармалары туралы пікір айтатын сыншыларымыздың өнерге деген көзқарасы оқушыларынан әлдеқайда төмен жатады. Бұған мысал етіп «Қозы Көрпеш Баян сұлу» көркем суретті фильмі туралы жазылған тарих ғылымының кандидаты, драматург М. Ақынжановтың мақаласын алайық.
Орыс әдебиетінің сыншылары өз халқының әйгілі шығармаларын сөз еткенде, оның мазмұнын еш уақытта сөз еткен еместі. Ақынжанов қазақ халқына әбден қаның болған, екінің бірі білетін «Қозы Көрпеш Баян сұлу» хикаясын мақаласының тең жартысына дейін созады-ау!
Осының өзі-ақ орашолаңтықты көрсетпей ме? М. Ақынжанов: «Қозы Көрпеш Баян сұлу» фильмінің шығуы зор оқиға, ірі табыс», дейді. Оның осы мақаласынан әділ сын айтып отырғанын сезбейсің. Рецензент сценарий туралы: «Әрине, мұны кинодрамалық толық сценарий деп қарауға болмайды, деп бір кетсе, алайда театрлық вариантын экранға түсіру дәрежесінен көтеріңкі көркем мазмұнды сценарий жасалғаны даусыз», деп түйеді. Шынында, бұл көркем мазмұндағы сценарий ма? Әрине, жоқ. Трагедияның театрдағы варианты өзгермеген. Сондықтан да киносценарийлік күші әлсіз. Театр сахнасына айтылатын ұзақ монологтерді киноэкранда беру үшін режиссерлік шеберлік, актерлік өрен талант керек. Ал трагедиядағы Қарабай, Баян, Қозы Көрпеш монологтерінің сахналық күші экранда сақталған ба? Жоқ. Кинода сөзден әрекет коп болу керек. Адамның ішкі-тысқы әрекет күйіне табиғат күйі қосылып, оны күшейтіп, әсерлендіре түсуі керек. Осы жағдай бар ма? Жоқ. Баянның өлетін жері адам зерігерліктей, қандай шұбалаңқы шыққан.
М. Ақынжанов: «Режиссерлердің шеберлігі қазақ халқының өмір шындығына терең бойлап, оған ғылыми-саяси өткір өң бере білуінде, олар сценарийдің көркемдік мазмұнына сай әлеуметтік астарын дұрыс ашқан, лирикалық, поэтикалық нәзіктігін тапқан», дейді. Бұл сөздер тек сұлу сөйлеу үшін айтылған. Осы фильмде қазақ өмірінің шындығы қайсы? Біріншіден, мұнда халық сахнасы бар ма? Екіншіден, осы фильмнен қазақ және Орта Азия халықтарынан басқа Еуропа халықтарына Қарабайдың Қозыға деген өшпенділігінің туу негіздері феодалдар арасындағы тартыстар, қасқырдай өз күшігін өзі жеген заман бейнесі, халықты қанаған байлар озбырлығы айқын түсінікті ме? Және осы күйлер фильмде бар ма? Фильмде Қарабай кім? Бажылдап жүрген дәрменсіз біреу. Оның жетпіс жыл бойы жеті жапырақ етіне тісі тимей жинаған жылқысын он шақты жолдасымен келіп Қодар шауып кетеді. Онда қарсыласар дәрмен де жоқ. Ал Қарабайдың сансыз малын жазғы ыстықта күнге күйіп, тотығып, қысқы аязда қар жамылып, мұз жастанып, мал игілігін бай көріп, ащы бейнетін тартқан, ұрты суалып, жағынан тозаңы шығып жүрген жүздеген кедей сорлы қайда? Осы сияқты жеке бас трагедиясымен қатар халық басындағы трагедияны ашпаған өнер шығармасына «халықтың әлеуметтік жағдайын терең ашқан» деу тіпті келіспейтін, ешбір этикалық нормаға сыймайтын дәріптеушілік. Өнер шығармасында бір адам басындағы трагедия халық трагедиясымен ұштасып жатқан күнде ғана нағыз трагедиялық сазға көтеріледі. Ал Қозы Көрпеш Баян сұлу арасындағы трагедиялық халдің туу негіздері халық басындағы трагедиялық күйлерден туып отыр. Осы бір жай тек кинода емес, театрда қойылуында да ескерілмей келеді.
Енді фильмнің М. Ақынжанов айтқан лирикалық-поэтикалық нәзіктігіне келейік.
Кинода лирикалық-поэтикалық нәзіктік алдымен актер ойынымен, әсіресе, махаббат дастандарында геройлардың бір-біріне ішкі-сыртқы сұлулық сымбаттарының сай келуімен беріледі. Ал осында сол бір әсемдік тұтастығы сақталған ба? Жоқ. Қозыны ойнайтын И. Арғымбаевтың Баянды ойнайтын Шолпан Жандарбековадан әлдеқайда жастығы бірден байқалмай ма? Керушінің эстетикалық сезімін бұзуға осы-ақ жеткілікті. Екіншіден, лирикалық-поэтикалык нәзіктікті беретін адамның психологиялық күйлерін байыта, көркейте түсетін ән мен күй, табиғат көркінің өзгеріс ерекшеліктері осы фильмде бар ма? Жоқ. Режиссерлер мен операторлар сахна бейнелеу өнерінде сәуле мен көлеңкенің ғажап эффектісін пайдалана алды ма? Фильмнің басынан аяғына дейін шағыл құмның үстінде тамшы суы, тебендей шөбі жоқ шөлде қақтығысып жүрген Қарабай жылқыларын көреміз. Біз білетін жылқы малы сабатты жайылым, көл жағаларында жүруші еді. Ал Қарабайдың баққан жылқылары құлазыған шөлде құм жалаумен жүр. Құммен қоректенетін жылқы тұқымы қазақта жоқ еді ғой. Бұл да шындық па? Режиссер, операторлар мұнымен Қарабайдың қатыгездігін, шол далада қаңғырып қалатындығын көрсетуге тырысқан шығар. Бірақ оны көрсетуге бұдан да оңай, іс-әрекет арқылы көрсететін мүмкіншіліктер бар еді ғой. Фильмде адамдар ажары да, жалпы табиғат көркі де күңгірт, тұманды. Еуропалық жолдастар айтатын шұғылалы Қазақстан қайда? Нағыз лирикалық-поэтикалык нәзіктік болған жерде, романтикалық серпін де болмақ. Мұнда ол да жоқ. Актерлердің ойынына келейік. М. Ақынжанов: «Қожамқұлов Қарабайды сараң, жүгенсіз, тағы таптық қоғамның қанаушысы етіп бейнелейді», дейді. Рецензент тағы да жалған, үстірт, сылдыр сөзге түсіп отыр. Өмірдегі сараңдық, тағылық, қанаушылық, тағы осы сияқты мінездер адамдар арасындағы қарым-қатынас сахнада қалай көрсетілмек? Тек құр сөзбен бе, әлде болмаса оның іс-әрекетімен бе? Қарабайды жүз жерден сараң, тары дегенімен, оның істеген істерінен сараңдыры, тағылыры көрініп тұрмаса, нанымды болып шықпайды. Режиссерлер бұны ұмытқан. Автор текстің шеңберінен шыға алмай, одан ой-өрісі, қиялы аспаған. Сөзді экрандағы нақтылы өмірдің күнделікті тірлігінде кездесетін үй ішінің жұмыстарымен байланыстыра алмаған. Тіпті, осы фильмде қазақ халқының тұрмыс-салты көрінбейді. Оның тіршілігіндегі еңбек процесі қайда? Егер өмір шындығына келетін болсаң, Қарабай малшыларына ашыған іркіт, жас ірімшік, малдың өкпе-бауырын берген, оны бергенде де қолы дірілдеп, улы тілмен шағып, көзімен атып берген адам. Ал осы штрихтердің бірін режиссер пайдаланса, сараңдық деген көрінбей ме?
«Мойынға тағылған Анна» фильміндегі Модест Алексеевичтің сараңдығы таман жеуінен де, Аннаға таман ұсынуынан да, буфетке барғанда жиырма бес тиындық алма үшін саудаласқандығынан да, не болмаса Аннаның білегінен асыл білезікті, саусағынан жүзіктерді алып жатқанынан да, тағы басқа осы сияқты әр қилы ұсақ әрекеттерінен де көрінеді. Бұл арада режиссер автор текстін іс-әрекетпен байыта түскен. Сахна өнерінде бұл амал реалистік өнер жасаудың ең бір дұрыс жолы. Станиславский бұны ішкі мазмұнды байытатын, адам характерлерін бейнелейтін физикалық әрекет дейді. Осы тұрғыдан қарағанда фильмнің романтикалық, поэтикалық сазы да геройларының іс-әрекетінен көрінуі керек. Қозы екі қолын екі жағына жайып «жел Баян» деп сыбырлайды, не болмаса, «Қош бол, Баянның құрбы-достары» деп декламацияға салынады. Қозы жалғыз жатқан жолбарыспын дейді. Ал режиссер оның жолбарыстығын өлген киіктің терісіне сабан тығып әкелумен көрсетпекші болды ма? Он сегіз жасқа дейін тағы, тауда өскен, өз күнін аң аулап көрген батыр ұлан қайда? Ол неге тастан-тасқа секіріп, оңтай атылған киікті өзі де ол киіктей қимыл жасап атып алмайды. Осындай образды, картиналы көріністен романтикалық серпін тумай ма? Фильмде бұлардың бірі де жоқ. Театрдағы қойылуында да осы кемшіліктер бар. Режиссерлер мен операторлардың фантазиясы шолақ та олақ. Кинотехникасының бе ретін ғажап мүмкіншіліктерін пайдалана алмауы кинотехника сын нашар білетіндігін айқын дәлелдейді. Шығыстың «Ромео Джульеттасын» бір кезде өз театрларының сахнасында көрген Москва жұртшылығы қазақ халқының эпосы, махаббат дастанының мұндай болуына қатты қынжылды. Орталық газеттердің көбі үнсіз қалды. «Советская культура», «Комсомольская правда» газеттері беттерінен отыз жолдай-ақ орын беріп, Абай мен Жамбылды тудырған елдің он мен күйі қайда деген орынды сұрау қойды, кейіс білдірді. Ал бізде жас киностудиямыздың зор табысы, ірі жеңісі деп шуласады. Қайдағы жастың? Театрымыздың отыз жылдық өмірі бар. Киностудияның ашылғанының өзіне біраз уақыт болды. Ал киноға түсіп оны қойып жүрген шеберлеріміздің алдының жасы алпыстан асып, көбісі елуді еңсеріп, соңғылары отыз бен қырықты желкелеп жүр. Мұның несі жастық?!
Міне, бізде осындай сын болғанда өнеріміз қайтіп өспек, қалай өркендемек? Біздің ой шеңберіміз тым тар. Қиялымыз өріссіз. Бүкіл Одақ масштабына бой серпіп талпынбаймыз. Біз «Мосфильмнен», Украина кинокартиналарынан, тіпті, көршілес ел Өзбек киностудиясынан неге үлгі алмаймыз? Өзбек киностудиясы шығарған «Әлішер Науаи», «Тахир − Зухра», кешегі шыққан «Бай − батырақ» қай жағынан болсын, біздің кинофильмдерден оң бойы озық тұр.
Өнеріміздегі көптеген кемшіліктер кадрлардың өздерін тиісті орындарына іріктеп қойып пайдаланбаушылығынан болып отыр. Осы бір жағдайды пайдаланып, кейбір жолдастар өздерінің шын миссиясын ұқпай, өнердегі өз орнын таппайды, әрі кетсек кәсіпшілікке түсіп жүр. Осы жайды да ойлайтын уақыт жетті.
III
Актерлер мен режиссерлеріміздің басындағы кемшіліктері де театр мен драматургтердің арасында тығыз байланыстың болмағандығынан туып отыр. Орыс театр тарихының тамаша үлгілеріне көз салатын болсақ, драматургтер мен актерлер арасындағы тамаша достықты көреміз. Орыс театр өнерінің мақтанышы болып отырған Кіші театр Гоголь, Островский сияқты драматургтердің достық көмегі арқасында өз дәрежесіне көтерілді. Гоголь мен ұлы Щепкин арасындағы достық қандай еді?! Олардың бір-біріне тигізген әсері соңғы буындарға өнеге үлгі болып қалған-ды! Көркем театр өзінің көркем театр қалпына Горький, Чехов достығы арқасында жетті. Біздің театрымыз бен драматургтеріміздің арасында осындай үлгі боларлықтай достық қатынас тууы керек. Бұл сияқты достың, творчестволық көмек кезінде бізде де болған. Ол театрдың алғашқы дәуірінде еді. Жазушы Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың театр мәселелері жайында ерте уақытта жазған мақалалары осы достықтың айғағы. Ал соңғы жылдары көп оқыған, өнерден терең түсінігі бар бұл жазушыларымыз театр мәселелері туралы ешбір еңбек етпей келеді. Ал бұлардың театр жұмысындағы кемшіліктерді қатал сынға алып отыруға хақысы толық бар және міндетті де. Сонымен қатар, бұл құрметті жазушыларымыздың айтқан сөзі түнде шыққан жаңғырықтай белгісіз қалмас еді.
Қорытынды сөзімізде театр мен драматургиядағы кемшіліктерді жою үшін, оның келешек бағытын айқындау үшін театр, драматургия мәселесінде өткір сынның, ғылыми еңбектердің керек екенін айтпақпыз. Актерлер ойынына анализ жасау драматургтердің геройларына анализ жасау деген сөз. Қазірде театрдың осы өткен тарихи табыстары мен кемшіліктерін, оның творчестволық бейнесін айқындайтын актерлердің образ жасаудағы методтары мен жүйесін, жалпы театрдың ұлттың ерекшелік қасиеттерін, жеке артистердің ойнау стилін зерттейтін ғылыми еңбектер, монографиялар, очерктер, жақсы мақалалар керек. Осы бір жайды шұғыл қолға алатын мезгіл жетті. Театрдағы кейбір кемшіліктерді түбірлі өзгерістерге түсіретін жағдайдың да мезгілі келді.
Газет-журналдар сахна шеберлерін сөйлетіп, олардың тәжірибесін творчестволық тұрғыдан талдап, жұртшылық игілігіне айналдыруға атсалысуы керек. Орыстың ұлы жазушылары бір жағынан театр теоретигі, сыншысы болған. Біздің көрнекті жазушыларымыз М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов жолдастардың театрдың күрделі мәселелерін жазу қолынан келеді. Бірақ кейінгі жеті-сегіз жылдың ішінде бұл салаға қалам тартпай жүр. Қазақтың мемлекеттік әдебиет баспасы тым болмаса Станиславскийдің басты еңбектерінен қазақ тілінде екі-үшеуін шығара алмай келеді.
Станиславский еңбектерінің қазақ тілінде шығуы тек сахна қайраткерлері үшін ғана емес, драматург-жазушыларымызға да бірден-бір қажет дүние. Театр сынын дамыту, театр тарихын жазу, оның табысын таразыға салып, бұдан былай дамуына жол сілтеу кезек күттірмей бүгінгі күн тәртібінде тұрған күрделі мәселенің бірі. Осы игілі істің ұйтқысы боларлық Қазақ ССР Ғылым академиясының көркемөнер зерттеу секторы күні бүгінгі дейін бірде-бір еңбек берген жоқ. Ол сектор театрмен тығыз творчестволық ынтымақта болуға, жөн-жоба көрсетіп отыруға міндетті емес пе?
Қазақ театрының тарихын зерттейтін адамдардың жоқ екенін айтпай кету дұрыс болмас еді. Солай бола тұрса да, Қазақ ССР Мәдениет министрлігі, Қазақ ССР Ғылым академиясының көркемөнер зерттеу секторы театр тарихын зерттеу кадрларын даярлау, өсіру ісін ескерусіз қалдырып келеді. Бұдан былайғы жерде бұл сияқты кемшіліктерге төзіп отыруға болмайды. Қазақ өнерінің алдында жауапты міндеттер тұр. Осы міндеттердің дұрыс шешілуі ғылыми-теориялық еңбектер жазумен байланысты. Бұл жөнінде жазушыларымыз театр өнері әдебиеттің бөлінбес бір саласы екенін ұмытпағаны жөн.
1954
МҰХАҢ ТУРАЛЫ
Бұл әлемге аты әйгілі, өз сөзімен айтқанда, «Мұхаңның рухани перзенті» Шыңғыс Айтматовтың соңғы айдың ішінде бесінші рет хабарласуы. Өз мерекесі болардай қуанышы қойнына сыймай жүрген. Шыңғыс бар шаруасын жиып қойған сияқты. Осы қарсаңындағы шетелдік сапарын да Мұхаңның сексен жылдық мерекесіне байланысты кейінге қалдырыпты. Бар істің басы-қасында мен жүргендей, телефонмен хабарласқан сайын тәптіштеп сұрап жатады. Бұл жолы:
- Ау, батыр-екесі, «Мұхаңның тойы осы айдың жиырма сегізінде болады» демедің бе? Бүгін хат алдым, жиырма үшінде екен ғой. Немене, мені келмесін деген ойың бар ма? деп әзіл аралас даудан бастады.
- Мен де кеше білдім, бүгін телефон соққалы отыр едім, қанша адам келесіңдер? -дедім.
- Сауал болғаныңа, Мұхаң мерекесі тек қазақтардың мерекесі деп саған кім айтты? Бүкіл Манастың әулеті көтеріліп барсақ та еркіміз, шүкір, қазақ ағайынның жері де, дастарханы да кең. Санаулы бару қонаққа ғана жарасады. Біз бауыр емеспіз бе?
Мен жеңілдім.
...Бүгінде күздің суың сұрғылт қабатына шырайын бермей, ашық ажарымен Алматы күні шыққалы қашан. Сергек тартқан ұйқының төлеуін кітап оқумен толтыру менің ғана салтым емес шығар. Бұрын журналдағы нұсқасымен таныс болсам да әдебиетіміздің бүгінгі ақсақалдарының бірі Әбділда Тәжібаевтың «Жылдар, ойлар» кітабын қарап отырмын. Мұндағы алдағы ағалары, тұрғыластары жайлы естеліктерде Мұхаңа мол орын берілген. Шәкірттің ұстазға деген ізгі ілтипатының, достықтың азаматтық махаббатқа айналған үлгісін көріп қуанам. Тағы да Мұханның үнін естігендей елігіп, жүрекке ұялаған қимыл-келбеті көз алдыма келіп, сөзін тыңдап отырғандай күйге түсем.
Ақын мінер арғымақтың айыл-тартпасын берік бекітіп, бетіне жан қаратпай жүрген Әбділда жиырма бес жасында өзінен аттай мүшел жасы үлкен ағасы Мұхаңмен тұңғыш рет дидарласыпты. Сол күннен бастап әлгі адуын ақынымыз «шәкірттік» халге түсіпті. Бұған дейінгі ағаттықтарын аңғарыпты. Мұхаңның сілтеуімен іздену, оқу сапары басталыпты. Ағаның арқасында сырттай жарасымы өз алдына, іштей игілігі мол ойлар түйіпті. «Сен қырдың, сен шырқадың» деп арқадан қағудан гөрі ағаның ақылы, айтқан сыны көп болыпты. Сақалымен емес, жемісті жылдарының сапасымен жетпіске құрың көтеріп келе жатқан қордалы ақын Әбділда осылай ағынан жарылып, аңтарыла сыр шертіпті. Кейде өзі отырған безбен басын тым төменшіктетіп жіберсе де, естелік жазушыларымыздың көпшілігінде бола бермейтін ақ пейіл, әділ қазылық мінез танытыпты. Бұған қуанбасқа не шара?!
Шындап келгенде, әдебиет атаулының ұлттық ұғымынан, мөлдек мақтанынан шығып, әлдеқашан бүкіл адамзаттың рухани қазынасының меншігіне айналып кеткен Мұхтар Әуезов творчествосы, оның азаматтық келбеті, суреткерлік сыры жайлы осы кезге дейін қанша жазылғанмен, келешек ұрпаққа үлгі-нұсқа болатыны жайлы айтылмаған сөз, ашылмаған ақиқат, жұмбақ жәйттер көп сияқты. Себебі содан ба, Мұхаң шығармаларын оқыған сайын жаңа бір тың ойлардың көмбесіне кездесіп отырасың. Сол ойлардың бір жүйесімен кеткенде, Мұхаң, маған өзінің жазушылық жолында өнерге ден қойғандардың бәрінің басынан өтетін «балаңдық», «шәкірттік» кезеңді кешпеген тәрізді болады да тұрады.
Әлбетте, әдебиет алқасына Мұхтар Әуезов ә дегеннен-ақ ұлылықтың тәжін киіп шықты деген ұшқары пікірден аулақпын. Ол тәж қашан, қай шығармамен келгені баршаға белгілі. Мен мұнда оқудағы «шәкірттік» пен өнердегі «шәкірттіктің» арасына әдейі шек қойып айтып отырмын. Оқудағы шәкірттік десеңіз, ол шәкірттің семинарияны бітіруіне әлі екі жыл бар. Сол кезде жиырмаға енді беттеген Мұхаң әйгілі «Еңлік Кебекті» жазады. Шығарманың композициялық үйлесімі, драмалық архитектоникасы, найзағайдай шабысқан диалог құдіреті, тартыс төңірегіндегі кейіпкерлердің мінез-құлқындағы даралық пен шек-шекара бәрі келіп Шекспир қазыналарының деңгейінде туады.
Мұхаңнан кейінгі осы жанрмен айналысқан үлкен-кішіміз күні бүгінге дейін арғы-бергі тақырыпты шарлағанда, әлгі айтқан қасиеттері сайма-сай драмалық шығарма жаздық па? Өз басым ойлана отырып, жоқ дегенді мойындауға мәжбүрмін. Біз былай қалайық, ал енді дәл сол кезде қазақ топырағында Мұхаң алар үлгі түгілі, осы жанрдан белгі жоқ еді ғой. Сонда бұл не керемет?!
Көп жұмбақтың бірі, сөз төркінін түптей келгенде, көз жететін айнымас бір шындық Мұхаңның дарын зердесін табиғат о баста жомарт пішкен екен. Сәтіне сай келгенде Абайдың назы мен шері, ашуы мен ызасы тебіндеген киелі өңірде балалық шағы өтеді. Кейуана әженің әлдиіне жалғас ертегі-аңыз, кәрі ата жадындағы қисса-хикаялармен үндес, әліппесі Абай өлеңдерінен басталып қара танып, медресе көреді. Араб, парсы, түркі әдебиеттерінің тамаша үлгілерін тіс-тырнақтай жиып, сақтап келген Әуез атаның мөлдек мүлкі қара сандық тола кітапқа қол салады.
Оның үстіне әлемдік тарихтың өзгеру-өсу процесінде не аласысы, не бересісі болмай, талай бедеу ғасырларды басынан кешкен сал бөксе сахараның елінде, оның бір-бірімен жат үйірдей тебіскен содыр-сойқан мінезі мен даңғаза тірлігіне күнде куә болып, зерделі жас ерте есейеді, бейуақ түлейді.
Семейдегі бес жылдың орыс мектебі, одан кейінгі семинария қабырғасындағы жылдарда Еуропа, орыс әдебиетінің бай қазынасын ашады. Арғы-бергі тарих, саясат, социология, философия, география, экономика, жаратылыстану, бүкіл қоғами ғылымдар жүйелерімен түбегейлі шұғылданады. Омбыдан кейінгі қоры мол Семейдегі, бір кездері Абай атасы сусындаған кітапхана жігіт Мұхтардың жиі отыратын мекеніне айналады. Бар зейін-жігерімен құлшына ұмтылып, құлай іздене, оқи-тоқи жүрген осы шақтарында бір-бірімен астарлас, тамырлас ғылым салалары түйісе келе болашақ жазушының зердесіне ақаусыз дарып, қапысыз қаланып, берік негіз табады. Сана сәулесі нұрлана, парасат парқын таниды. Білім мен талант табысады. Қиялға қанат, талапқа топшы бітеді. Ұшқынының жалыны дарынның дауылымен шарпысады. Өткен-кеткен тарихтағы шынайы суреткерлердің бәрі өз заманының саң сарапшысы, өзіне дейінгі мен болашақтық аралық алтын көпірі болғандығына Мұхтардың көзі анық жетеді. Түп бағдары сол болса, шын өнер өкілі арқалар жүктің салмағын да сезеді.
Ендігі гәп, неден бастау керек? Сөз жоқ, Мұхаң туасы ақын адам, ол бар шығармасының рухынан сезіледі. Олай болса неге өлеңмен шеру тартпады екен, әлде Абай атасының ақындық аруағынан именді ме, оны кім білсін? Бірақ ол кезде де «Абай тұрғанда өлеңде нем бар?» деп қорғалап жүрген «мәрттер» аз болатын. Ал енді, мекені бар меншікті театр былай тұрсын, тым болмаса, көшпелі труппасы жоқ халыққа драма жазып несі бар еді? Бұл «жар басындағы жантақты жаннан кешкен нар жейдінің» кебі болмасын. Сәл ойланайықшы.
Меніңше, көреген суреткер осы драманы жазарда екі түрлі мақсат көздеген.
Бірінші: сауаты жоқ болғанмен, сауығы басылмайтын ел салты бар. «Ау-жардан» бастап алтыбақанға дейін, ән-күйден бастап ұзақ қисса-жырларды құлақ қақпай ұйып тыңдау ел үрдісі. Бұл халық бар қасиетті басына тепкенмен, ән мен сөзді қашанда қатты қадірлейтін. Қазір өлең атаулыны ілуде бір қара танитыны болмаса, жалпылама оқитын хәлі жоқ. Ол кезде ұлы Абайдың өзі де бар қазаққа мәшһүр бола қоймаған. Айт пен тойға, сауық-сайранға о бастан құмар халықтың тобымен басы қосылып, қызықтайтыны, мүмкін, осы болар. Бұл көргені аз, көңілі шел елді өнердің соны түрімен ойға тартудың, көкірек көзін ашудың бір тете жолы болар деген мақсат.
Бірінші мақсат дегеніне жетті. Мұхаң халық психологиясының тамырын дәл таныпты. Бұған «Еңлік Кебек» 1917 жылы мамырда Абай ауылында алғаш рет қанаттас тігілген қос киіз үйде қойылып, онда жүзден аса көрермен болғанын айтсақ та жеткілікті. Оған қосымша, Мұхтар Әуезов драматургиясын алғаш арнайы зерттеген жас ғалым Р.Нұрғалиевтің жазуынша, сол күні елу тиыннан билет сатылып, жиналған елу төрт сом елу тиын, автордың тұңғыш қаламақысы, Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жіберіліпті деген дерек және бар.
Екінші: саяси сергек, дүниежүзілік тарихи құбылыстан хабары мол Мұхаң, 1905 жылғы орыс революциясының бетінен, қазақ қазақ болғалы тұңғыш тұяқ серпіген он алтыншы жыл оқиғасынан, кешегі Ақпан революциясынан кейінгі ахуалдан, Ресейде, әйтеуір, бір әлеуметтік шешімін таппай, толастап-тоқтамас дүбірлі дүрбелең жайдың қазақ қауымын да қағажу қалдырмайтынын білді.
Суы кепкен сайдың бөрге тасындай басы бірікпей жатқан бұл халыққа сан ғасыр қоғамдық дамуындағы құяң қимылынан бой жазып, елдігін ескеріп, еңсе көтеріп, тұтас ұлттың сипат алар күн туса, ең алдымен, безінер қылығы қайсы, қарғыс айтар кесапаты не деген сауал тұрды.
Әлеуметтік тұрғысы әлжуаз, қоғамдық санасы сәбилік дәрежедегі халықтың замандар бойы қанына, жік-білігіне сарысудай сіңген рулық тайталастан асқан бейбақтығы болып па? Батыры да осы ру намысының құрбаны, аруы да осы ру намысының құрбаны. Ел болдым деп, ең мықтағанда, жүзге барып тіреледі, онда да пәлен «жүздің ақыны, түген жүздің батыры» деп есіре елеуреп, бірін-бірі шабақтап-тамақтап, ақыры есебін тауып іргесін ашып алады. Халықтың қам, ұлттың ұйытқы ойлау арғы-бергі құлқын құлы хандардың, содыр сұлтандардың, көк езу билердің, даңғой батырлардың түсіне кіріп те шыққан емес. «Жүлде алсаң жүзіңмен, у ішсең руыңмен» деген батпақ мақалды сахараның сайқымазақ саясатының туы етіп ұстап, шаян құйрық, сиыр бүйректеніп отырған елде не береке бар? Сондықтан автор осы қарсаңда тағдыры сақалды биде, тапқаны сойылды байда, саяси тұсауы кесілмей, шаш етектен сергелдең, сор қамаған халықтың мұң-зарын, көксеген мұратын арқалана сөйлеуді өзіне азаматтың борыш, суреткерлік парыз тұтты.
Бүгін өзі тарихқа айналып отырған Мұхтар Әуезов тарихтың табалдырығын да осылай аттауды өзіне лайық, жөн көрді.
Жоғарыда айтылған ойларды ұғындыру талабында жазушы ұзаққа сілтемейді, беріден келте қайырмайды. Сол өңірдің өзіне құлақ сіңді өлең-жыр, әңгіме-сырға айналып кеткен «Еңлік Кебектің» жан түршігерлік қанды оқиғасын алады. Енді ел қамын, ер тағдырын ойлайды деген дуалы ауыздардың сол кездегі әлеуметтік әлпетін тану үшін шығарманың билер сахнасындағы көрінісіне сәл ғана зер салайықшы.
Еспембет ( ызғарланып ).Уай, тобықтының баласы,матай тобықты болып тұрған күніңде атыстың, шабыстың, араздыққа сылтау таба алмай, түймедейді түйедей қылып, бұл ісің алты алашқа әйгілі болған. Тобықты, шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды қылдың ба? Алалы жылқы, ақтылы қойын жосылтып алдың. Атақонысынан іргесін аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргеніңде әй дер әже, қой дер қожа болған жоқ. Енді, міне, шарпуыңды матайдан асырып, найманға тигізіп отырсың. Жетіп отырған жесірімді бір тентегің ат сауырына салып әкетіп отыр. Ағайын, ұзында өшті, қысқада кекті емессің. Бітім сұрап кісі салсам, бақайыңнан келтірмейсің, мына найманда алынбай жүрген кегің, тимей жүрген есең болса, оныңды айт. Әйтпесе мен тобықтының қоңсысы емеспін, мынауыңа кесігіңді айт. (Көбей қамшысын тастайды.)
Ж о м а р т. Сөйле, Көбей.
К ө б е й. Еспенбет, сөзің шын. Ұзында өшті, қысқада кекті ағайын емеспін. Найманның елдігіне істеп отырған жаулығым болса, аруақ-құдайға тобықты шет болатыны шын. Матай мен тобықтының билігіне бұл елдің қайсысы себеп болды? Мен оны қазбаймын, даудың қарасын көбейтемін деп құлындағы сақау, құнандағы тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз. Матай қой аузынан шөп алмайтын момын ел болып отырғанда бұл сөзің сыяды. Тентектік ылғи тобықтыдан шығады дерсің, бірақ сол матай мен қалған найман неге жауласады? Бүгінгі найманмен шиеленістіріп отырған сылтауды алсам, ол ел таразысын аңдамаған албырт жастардың шалалығы. Рас, тентек болса, тобықтының тентегі, иесіз демеймін, ағайын жолымен бітісейік, билікті маған бергенің шын болса, мен айтайын. Жалғыз-ақ түбір сөзді түйінді сөз қылғанымыздың лайығы жоқ.
Ж о м а р т. Сөйле, Еспембет.
Е с п е м б е т. Көбей, мен билікті саған айтқызсам, өз ойдағымнан асырып түсіреді деп айтқызам. Егер есіл-дертің менің дауымды жасытпақ болсаң, жайдақтап, жадағайлатпақ болсаң, мен билікті айтқызбаймын. (Қатты.) Мен тұщы етіме ащы таяң тиді деп отырмын. Шолаң байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асып отырсың сен. (Көбейге сөз береді.)
К ө б е й. Еспембет, кедергі неден болды деп отырсың, мен саған бұл дауың орайсыз деп отырғам жоқ. Екі елдің сөзін екеуміз ұстап кездескен соң, дәнекер болатын жағын қарастырайын дейім. Болмаса қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой. Жақпаса, билігіңді өзің айт. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын. Тағы айтарым, тобықтының азды-көптігін сарапқа салар жер бұл емес. Көп болғанда кімнің басы кімнің қанжығасында жүреді? Тобықтының найманға істеген ерлік-өктемін көргенім жоқ, керіс неге керек? (Тым-тырыс.)
Е с п е м б е т. Олай болса сенің қырмызыдай талдап шығарған сөзіңе мен ере алмадым. Менің билігіме, тобықты баласы, тоқтайтын болсаң, өз тентегің ана Кебек, қыз атамның аруағына қастық қылған менің тентегім, екеуін шығарып бер былай. Мойнына арқан таққызып, өз қолымнан өлтіремін. (Тым-тырыс.) Қазір етем осыны. Әкел, ұстат қолыма...
...Көнбейтін болсаң, арам алыс алашпын. «Оразаның түбіне мақсым жетер, азған елдің түбіне тақсыр жетер». (Қатты.) Тобықты, сені аялағаным жетер. Бұдан артық менен бітім іздеме! Бұл айтқаныма көнбейтін болсаң, екінші сөзім тағы бір берер таңдауым тура тұрысатын жеріңді айт, менің қолым жасанып дайын отыр. Тобықтының жығасы жығылмайды екен ғой бұл... Көрдім, күттім, ал, міне, жауабымды қазір бер. (Тым-тырыс.)
Жауап белгілі, сөзінде тұрлау, табанында бұдыры жоқ билер ырғаса келіп иек артпаға тірелді. Ендігі талқы тобықты билерінің өздерінде қалды. Асырып айтам, батырып айтам деген Қараменденің арғы-бергіні орағыта ойқастап тартқан тіл кермес! Еспембетке дарымай қалған. Заман азды, заң тозды деп шаң боратқанмен, онан да ештеңе шығар емес. Ендігі сөз тізгіні Кеңгірбайда, Кеңгірбай кесімі белгілі. Бір-біріне үрпиісіп, доң айбат шегіп басылған билер қылығы бұған мәлім. Ежелден бой үйренген Әнет бабаның салған жолы жатыр. Аруаққа шек келтірмеймін деп, Кеңгірбай ескі әдісіне басты. Араша түсер жанашыр ағайын табан астында жатқа айналды. Бауыр дегендері бетін теріске бұрып алды. «Безбүйрек» Еспембеттің дегені болды, қауымдас, білектес ел бол деп еңіреген ақылгөй данышпан Абыз болса:
Береке жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтып күн көрер?!
Бөріңнің де нәрің жоқ,
Елім қайтып күн көрер?! –
деп түңіле толғаумен қалды. Басқасы тіл безеп, сөз саптауынан бітім таппай, ажалға адамын шығарып бере салды. Бәрінің құрбандық еткені қыршын Еңлік пен Кебек. Әделеттеп бет жуған, күдер үзген, тас үңгір мәңгі мекеніне айналған Абыздың:
Әреке деген көк ауру,
Сені тыяр талқы жоқ.
Ішті жеген жегінің
Жерге кірер қалпы жоқ.
Барар бетің батпақ; сор,
Күн түзерер тарпы жоқ, -
деген қобыз сарынымен қоса өрілген сарнау гөй-гөйі сай-сүйегіңді сырқыратады...
Бақсақ, «безбүйрек» жалғыз Еспембет емес екен. Екелесе келгенде еңсе таныта алмайтын безбүйректер де табылды. Намысың да, ерлігің де әншейін әркімнің бас баққан күнкөрісінің айла-шарғысы екен. Сондықтан да Кебектің Еспембетке: «Ей, сотқар бай, ұлып-ұлып табысыпсыңдар ғой бөрідей, табысарда сойған көкқасқақ, елдің ұлы-қызы біз болдың қой! Көк бөрі демей не дейін, қан сорпамды ішпесең, көңілдерің көншімес. Лағынет болсын сендерге. Бірақ сені қарғасам да, қарғамаймын сорлы елімді. Ер қадірін білер сол ел, елден шыққан не білер?! Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайыңа! Мә, білгеніңді істей бер», деген сөздері сол заманның өлер тағдырын шешетін би-білгірлеріне айтылған халық үкіміндей естіледі. Ел кінәлі емесін, ел етегін басып, еңсесін көтертпей отырған мына қорқау шұбар топ кінәлі екенін Кебек біледі. Бірақ, амалы қанша, айқасқа түскен қос арыс бұл дүниеден сапар кешті. «Тас бауырлар» айдалаға тастап кеткен сәби жетімек Жапал қойшының қолында шырылдап қала берді. Көз жасым мен сақалымды төсей арашаға түсіп аман алып қалам деген Абыз қан-қазаның үстінен шыққанда: «Ата!.. Атамын мен ақыраған! Мен ата, сен немере! Бауырындағы шаранасы кеппестен шырылдап қалған шөбере! Бауырым өрт, үнім зар! Бауырым өрт, бетім жас... Ата, немере, шөбереміз үш зарлық! Ел олар емес, ел бізбіз, ұлым, жан балам! Қара тастай қатал күндер ішінде туар, келер біздей толқын-толқын ата, бала, немере... Алып кетсін, жазықсыздар аттарын сақтай өтсін... Ақтай өтсін арыстарым арманын... Жадыңда тұт, жасыма!.. Жадыңда тұт, «жасыма» де ес кіргенде (баланы нұсқап) бауырыңа... Бүгін мен өсиет еткендей, өсиет ет сен оған, шағың жетіп өлерде! Жадыңда тұт, «жасыма» десін арғыларға, ұрпаққа, жадыңда түт, жасыма, ұлым, елім, шермен дем!..» дейді өксік аралас өсиетпен келер қауымға үміт артқан әзиз ақыл иесі қария.
Осылайша ой толғаған кемеңгер жазушы арғы заманның мінезге айналып кеткен қазақ даласындағы ру мен ру, жүз бен жүз арасындағы қарым-қатынастың бас мінін ашына әшкерелеп, жаңа дәуірге бет бұрар ұрпақтың бүйрегінде осы кесел бұғып қалмасын мұрат тұтады, бұл кесапаттан адал, ада болудың жолын көздейді.
Енді Мұхаң трагедияның бүкіл болмысындағы айтылған ой-сырларын бекіте түсу мақсатымен «Еңлік Кебек» Абай ауылында қойылғаннан кейін көп ұзамай «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Адамдық негізі әйел» деген мақаласында былай дейді: «Барша дүниедегі пайда-мақтан әуел басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем деген жол. Бұл инсаният, яғни адамдық жолы». Көрдіңіз бе, шығарманың идеялық көген басы да, көксеген мүддесі де баршаға ортақ адамгершілікті аңсаған осы ойлардан өрбиді екен.
Міне, содан бері 60 жыл. Тұңғыш ұлттық театр Абай ауылындағы көріністен тоғыз жыл өткен соң шымылдығын осы «Еңлік Кебекпен» Қызылорда қаласында ашты. Қаншама артистер буынын былай қойғанда, ұлттық драматургиямыз осы шығармамен бірге өсіп, үлгі тұта талай сыннан өтті. Күні бүгінге дейін «Еңлік Кебекті» сахнадан тамсана көріп, таңдай қағып шығудан танбаймыз. Соған қарап, кейде Мұхаңның ұлылығының алғаш нышаны осы шығарманың үстінде де қылаң берді ме деп ойлаймын.
Мұхаңның драма жанрындағы мол мұрасын зерттеу, таратып талдау әдеби ғылым саласында енді ғана қолға алынып келеді. Өз басым прозасында болсын, драмаларында болсын, ой өресі өз алдына, тіл жағына келгенде, сөздің химиясын, қуатын, әр қилы атомдық салмағын Мұхаңдай білген кісі әзір біздің әдебиетте бар деп ойламаймын. Мен үшін Мұхаң шығармалары дербес жатқан тіл академиясы. Мысал керек болса, кез келген бетін ашып қарай беруіңізге болады.
Әлем әдебиеті мен өнер тарихындағы білімдарлығы сол жиырмасыншы жылдардағы әңгіме-повестерінің мүсін бітіміндегі жазушылық мәдениеттің өзінен-ақ байқалса, жалпы қоғамдық ғылымдардың бар саласынан тереңдігі публицистикалық мақалаларынан, зерттеу еңбектерінен мен мұндалап тұратыны бар.
Мұхаңның әдеби қырағылығы да ғажап еді. Өмірінің, әсіресе, кейінгі жиырма жылында Одақ әрі барса әлем көлемінде Әуезов араласпаған әдеби мәселелер кемде-кем. Дүниежүзілік әдеби процестің дамуына көз сала отырып, советтік ұлт әдебиеттеріне қатаң назар аударатын. Оның көрнекті өкілдерінен Әуезов баяндамаларында, зерттеу мақалаларында әділ де орынды бағасын алмағаны шамалы. Арғы-бергі орыс әдебиетінің табыстарын таразылағанда да, драматургия теориясы мен аударма теорияларының алқалы айтыстарында да Әуезов пікірі өтімді жататын.
Мұхаңдағы бір ғаламат қасиет талант тегін айнытпай тануында еді. Осы күнгі әдебиеттің ірі тұлғалары Шыңғыс Айтматовты да, Расул Ғамзатовты да алғаш «ашқан» Мұхтар Әуезов. Ал өз әдебиетімізге келгенде де сақтығы Құнанбайдай кірпік қақпай бағып отыратын. Жілігі татыр дүние көрсе, ертеңіне жариялай, айта, жаза жүретін. Мен әдебиет пен өнердің сәл ғана табысының езіне Мұхаңдай қуанатын, жылы сөзге Мұхаңдай жомарт адамды көрмей келем. Осыдан біраз уақыт бұрын өзіміздің талантты жас жазушылардың бірі Сайын Мұратбеков:
–Сіздер қандай бақыттысыздар?! Мұхаңды көрдіңіздер, сөзін тыңдадыңыздар, - деді күрсініп. Бұл күрсініс Мұхаңның әлгі қасиеттерін аңсап, арман етуден туған еді.
–Иә, бауырым, дұрыс айтасың, Мұхаңдай ұлы адамның біздің әдебиеттің басында тұрғаны — бәрімізге ортақ бақыт, халық бақыты. Бізді дүние жүзі «Әуезовтің әдебиеті» дейді. Бұл әрқайсымызға жауапкершілік артатын ұғым, «әдебиетімізді Әуезов көтерген биіктен төмендетіп алмайық» деймін мен, Т. Ахтановтың бұдан он жыл бұрын қауіп ойлап айтқан сөзін қайталап. Осы сөз есіме түскенде мереке күні сарыуайымға салынғым келмейді, бірақ мереке де бәрімізге міндет артады. Соны ойлағанда кейде жүк ауырлап, жер бауырлап келе жатқан жоқпыз ба деп те қалам. Тек беті аулақ, әйтеуір. Талантты жас қауым келе жатыр көңілге соны медет тұтам.
Міне, бүгін сан ғасырлар өресінде ізі көмескі, үні әлсіз халқымызды әлемге танытып, көркем шежіресін жасап берген Мұхтар Омарханұлы Әуезовті мақтан ете отырып, осындай өнерпаздан бүкіл шарапат-мейірімін аямай, мәпелеп, аталық қамқорлықпен өсірген Ұлы Лениндік партиямызға, ортақ Отанымызға бөріміз де борышкер екенімізді тағы да еске алғым келіп еді.
1977
ЕРТЕҢДІ ДЕ ЕСКЕРСЕК
Қазақ халқының басына замандар түсірген қалың тұманды Ұлы Октябрьдің дауылы серпілтіп, рауандап бақыт таңы атты. Құлазыған өңірі мен жадау өмір өзгерді. Өңірі шешек атты, құлпырды. Өмірі қайта түледі, халық өзін таныды. Ұлы орыс халқынан пана тапты, баршаға басын теңеді. «Бұратана» деген бұғаулы, бұралқы ат адыра қалды, қазақ халқы аңсаған арманына жетті. Меңіреу дәуірдің мезгілсіз үдерген көшінен тапталған өз қазынасының бетін ашты. Шоқан шерленіп, Абай аңсаған заманы келді. Ән дауылын Әміресі тұрғызса, жыр нөсерін Жамбылы төкті. Әлем балуандарымен айқаста жүлде алған қара күштің атасы Қажымұқанын тапты. Сөз маржанын тізген Сәкен мен Бейімбет, Мұхтары мен Ілиясы келсе, Қоянды жәрмеңкесін әжуа-әзілімен тындырған Қалыбегі шықты. Сонау Қостанайдан қойны-қонышы күлкіге толы сахнаның еркесі Қожамқұлдың Серкесіне шарқ ұрған шабыт иесі Елубай, ән қордасы Құрманбек қосылды.
Сонымен, социалистік қазақ ұлтының тұңғыш отауының шаңырағын осылар көтерді. Той-томалақта айтылатын ән арияға, қос шекте бебеу қаққан күй симфонияға айналды. Бір дәуірде қазақ сахарасына тек Пушкиннің Татьянасы келсе, енді революцияның дауылпазы Горький бастаған орыс классиктері, Чайковский мен Глинка, сонау Еуропадан Моцарт пен Бетховен келіп аралады. Олар Құрманғазы ұрпақтарының басын қосып, сахнаға Мұхаң мен Ахмет шығады.
Совет өкіметі мен Ұлы Коммунистік партия, ең алдымен, ұлттық республикалардың мәдени, рухани өсуіне бар мүмкіншілікті туғызды. Бұрын бірде-бір жоғары оқу орны болмаған Қазақстан қазір отызға тарта жоғары оқу орындарының, ғылым ордасы академияның иесі. Осы оқу орындарынан шыққан түлектер социалистік Қазақстанның ұлт интеллигенциясының негізін қалады. Ғылым, техника саласында академик Қ. Сәтпаев, физика-математика ғылымдарының докторы Ж. Тәкібаев, медицина ғылымының докторы X. Жұматов, тағы басқа толып жатқан оқымыстылардың есімі әлемге мәлім.
Ұлы Октябрьге дейін театр өнерінен құралақан қазақ халқының ұлттың опера-балет театры, академиялық драма театры бастаған ондаған қазақ театры еңбекшілердің талап-талғамына қызмет істеп келеді. Әр облыстардағы концерт ұйымдары, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі өз алдына бір төбе. Көркемөнер саласында кадрлар дайындайтын мемлекеттік консерватория бастаған ондаған музыкалық мектептердің тіршілігін еске алсақ, мәдениетіміздің дамуында ұлы партиямыз қаншама қамқорлық көрсетіп отырғанын көру қиын емес.
Осының бәрі ұлы Лениндік ұлт саясатының салтанат құрғандығының айғағы. Орта Азия мен Қазақстан отарға айналды деп даурығатын шетелдік дұшпандарға тойтарыс беретін жанды фактілер осылар.
Көркемөнеріміздің жиһазында қазақ халқының ән байлығын әлем аспанында қалқытқан, «Шығыс бұлбұлы» атанған күміс үнді Күләштің орны өзгеше тұрса, бүгін оның талантты сіңлілері Жамал, Шабал, Роза, Бибігүлдер өнер танытуда.
«Құлақтан кіріп бойды алған» аруақты ән иелері Жүсіпбек, Ғарифолла, Ермек, Ришат еңбектері де аз емес. Өнеріміздің енді бір саласының сәнін келтіріп Шара мен Нұрсұлу, он саусағынан өнері тамған Гүлнәфис пен Фатима жүр.
Міне, Ұлы Октябрь туғызған осы бір талант шоктары халқымыздың бүгінгі таңдағы өнерінің ұлттық кейпін танытар мақтанышы емес пе? Біз бұл жерде «бүгінгі таңдағы» дегенді әдейі айтып отырмыз. Жасыратыны жоқ, әдебиетіміз бен ғылым саласында бүгінгі шыққан белесі мен алда барар асуына да құйысқаны берік, табысы нәрлі, әлемге танылған тобы мен сәтті сапар үстіндегі талантты жастары да жеткілікті екендігі ақиқат. Оны бұл жерде дәлелдеп жатудың қажеті болмаса керек.
Ал көркемөнер саласында ше? Мұнда бүгінгісіне қуанғанмен, ол да қораш қуаныш. Ертеңгісі еске түскенде қанағат етуден гөрі қарын ашырарлық жәйттер мол жатыр.
Көркемөнердің маркстік-лениндік теориясы пролетарлық интернационализмнің принципіне сүйене отырып, әр ұлттың өзіндік кескін-кейпін танытар өнердің дамуына кең жол ашады.
Коммунистік партияның көркемөнер жүйесіндегі саясаты әр халықтың рухани мәдениетінің жан-жақты гүлденуіне, әр ұлт өз бойындағы бар қуатын сарқа пайдалана отырып, ұлттың шеңберде қалып қоймай, басқа да социалистік ұлттардың бұл саладағы жетістіктерінен үйрене, бір-бірімен сабақтасып дамуына жағдай туғызуға негізделіп отыр. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет» деген белгілі қағиданың мақсат-мұраты да осы. Өйткені ертеңгі коммунистік қоғамның бүкіл адам баласының мәдениеті социалистік ұлттардың өз күшімен, өз бояуымен жасалатын сан қырлы, бір сырлы зор мәдениет. Оған әрбір ұлт, әрбір туысқан халық ынтымақ-бірлестіктен туған, өскен-өркендеген мәдениетінің бар шырайлысын қосады.
Осы тұрғыда қарағанда Ұлы Коммунистік партияның социалистік ұлттық өнердің даму саласындағы саясатына сай, өкіметіміздің көрсетіп отырған аталық қамқорлығын толық пайдаланып отырмыз ба? Халық мүддесіне, талап-тілегіне сай орындау үшін не істеп отырмын деген сұрақ келіп туады. Оған «күнәкар» іздеуден аулақ екенімізді ескерте отырып, көркемөнер саласындағы өзіміз түйген кейбір ойларды ақылдасу ретінде ортаға салуды жөн көрдік. Әрине, мұны ашылмаған сыр, айтылмаған жыр еді демейміз. Өнеріміздің табысына сүйсіне, келешек бағдар-бағытын көп ойланатын қамқоршы қауымның аузынан әр сәт естіліп жүрген, арнайы айтылмағанмен, айтылар, толғағы жеткен әңгімелер төңірегінде қозғауды лайық көреміз.
Алдыңғы буын ағалар дәстүрін еске ала отырып біздің буындарға да қойылар талап, артылар жүк мол. Бұл өміріміздің барлық саласындағы жұмыстарға тән міндеттер. Соның ең бастысының бірі бүгінгі қолдағы туды ертең кімнің қолына береміз, өнер саласындағы бүгінгі буынның хал-қуаты, келер буыннан күтер үміті қандай деген мазасыз ойлар орала береді.
Өйткені − бұл республиканың мәдени мекемелерінің басшыларынан бастап, барлық мәдени қауымға ортақ, күн тәртібінен түспейтін, өсте көз жазбай қадағалап отыратын, ерекше мемлекеттік маңызы бар, әрі барса, зор саяси мәнін табатын бүкілхалықтық мәселе. Жас буындарды коммунизм рухында тәрбиелеуде өнер мен әдебиетке қойылып отырған талап орасан зор. Сондықтан түрі ұлттың, мазмұны социалистік мәдениетіміздің дамуына бар жағдайды туғызып отырған Ұлы Коммунистік партияның алдында әрдайым борышкер екенімізді естен шығармауымыз жөн. Коммунистік коғамның ұлы мәдениетіне қосар үлесімізді таразыға салар күн жақын. Коммунистік қоғамның мәдениеті тек бір ұлттың ғана мұрасы емес, бар социалист ұлттардың сан сырлы, бір мүдделі мәдениетінен құралатындығы айқын. Шын мәніндегі ұлттық мәдениет әрдайым интернационалдың мәдениет деп үйретеді бізді ленинизм ғылымы. Пушкин мен Некрасов, Толстой мен Горький, Шолохов пен Твардовский шығармаларының қай тілде, қай елде болса да өзегін тауып, оқушысын баурап кететіндігі де оның нағыз халықтың сипатында, ұлттық бояудың қанықтығында деп ұқсақ керек. Сондай-ақ, Әуезовтің Абай туралы романдарының, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин шығармаларының кең таралуы да сол қасиетінде екендігі айдан анық.
Олай болса ұлттың мәдениетті дамыту жолындағы шешуші күш ұлт кадрларын тәрбиелеу мәселесі екен. Мәдениет саласында ұлт кадрларын дайындау мәселесінде салғырттыққа ұшырап келгенімізді мойындамасқа болмайды. Осы бойкүйездік әлі орын теуіп, жалпы мәдениетіміздің дамуына кері әсерін тигізуде. Әсіресе, сол салғырттықтың зардабы бүгінгі күндері бар тұлғасымен бой көрсете бастады. Сондықтан ащы да болса шындықты ашып айтуға тура келеді.
Қазақ мәдениетінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрын кім мақтаныш етпейді? Бұл бір кезде мәдениетіміздің ұйтқысы болып, өзінің отыз жылдан аса өмірінде талай таланттар тәрбиеледі. Бүгінгі академиялық опера-балет театрының да негізін қалаушы кадрлар осы театрдан енші алып шыққан-ды. Әдебиетіміздің ауыр саласы драмагургияның негізгі лабораториясы да осы театр болды. Сейфуллиннің, Майлиннің, Әуезовтің, Мүсіреповтің тамаша шығармалары осы театрдың сахнасында ажар тапты. Халқымыз зор құрметпен есімін атайтын Қалыбек, Серке, Елубай, Қапан, Шәкен, Қадиша, Сәбира, Шолпан, Ыдырыс, Нұрмахандар тәрбиеленген қасиетті шаңырақ. Сол талант тобының арқасында дүниежүзілік классиктер ана тілімізде сөйлеп, халқымыздың рухани мәдениетінің өсуіне тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Шекспир мен Мольер, Шиллер мен Гоголь, Островский мен Горький сияқты әдебиет алыптары халқымызбен осы сахна арқылы сырласты. Ұлы орыс халқының, совет классиктерінің таңдаулы шығармалары қалың қауымға академиялық драма театры арқылы жетті. Үйрене, өсе келіп Отанымыздағы таңдаулы театрлардың қатарына қосылды. Академиялық театр аталды.
Үкімет пен партия зор еңбегін ескеріп, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Опера театры ұлттық опералық шығармалардың тұңғыш туын көтеріп, халқымызды Чайковский, Глинка, Мусоргский музыкаларымен сусындандырды. Көптеген сахна қайраткерлері құрметті атақтарға ие болды. Ұлы лениндік саясатының миуалы бақшасы нәрлі жемісін таттырды. Бұл мақтаныш емес пе?
Академиялық драма театрының тарихына көз жіберсек, оның профессионалдық дәрежеге жетуіне көп еңбек сіңірген туысқан орыс режиссерлерінің есімін сүйсіне атап, бүкілхалықтық рахмет айта еске аласыз. Боров, Соколовский, Насонов, Пыжова, Бибиков, Рутковский сияқты орыстың реалистік театр өнерінің қасиетін бойына жиған көрнекті шеберлердің жас өнеріміздің буыны бекіп, бұғанасы қатуына сіңірген көп еңбегін кім ұмыта алар? Мұндай риясыз достық, мұндай қамқорлық тек совет халықтарының ынтымағына ғана тән сипат.
Жә, көмек-қамқорлық аз болған жоқ. Бірақ біз соны бар ынтамен уақытылы пайдалана алдық па? Кезеңі келгенде түйген сабағымыз қайсы? Осындай білімдар адамдардың мектебін көре отырып, бірде-бір ұлт режиссерін дайындай алдық па? Бұған келгенде тіл күрмеледі. Бақсаң, бәрінің де орнын сипап қала беріппіз. Академиялық драма театрының сахнасында отыз бес жылдың ішінде 43 режиссердің ізі жатыр. Оның 12-сі бас режиссер болыпты. Бір театрдың өмірінде осынша аз уақытта 43 режиссер болыпты деген дүниежүзілік театр тарихында сирек кездесетін оқиға. Мұның ішінде театрдың өз қабырғасынан жеке постановкалар қойып талпынғандары да бар. Олар да талай афишаларға «мен режиссермін» деп қол қойған. Бірақ бар жиған нәрі бір-екі постановкадан аспай қала берген.
Орыс театрының тарихына қарап отырсақ, режиссер кадрларының көпшілігі сол театр қабырғасында тәрбиеленіп шыққандығын көреміз. Бір ғана МХАТ-тың қатардағы актерлерінен қаншама талантты режиссерлер шықты десеңізші. Вахтангов, Берсенев, Завадский, Кедров, Попов, Кнебль, тағы басқалары бүгінгі совет театр режиссурасының қаймақтары, ең алдымен, актерлер еді ғой. Топорков, Горшаков сияқты сахна өнерінің теоритіктері де актер емес пе еді? Мүмкін, бұлар алғаш арнаулы мектептен өтті дерсіз? Тіптен де олай емес. Бұлардың көпшілігі жиырманың о жақ, бұ жағында археолог, юрист, тарихшы, тіптен кейбіреуі революция дауылында солдат шинелімен келген өнерлі жастар еді. Қазір Одаққа, әрі барса дүние жүзіне танылған адамдар болып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда біздің үлкендерге де, орта буындарға да, тіпті, қазіргі жастарымызға да іштей ренішіміз мол жатқандығын жасыра алмаймыз.
Басқаларын былай қойғанда, Қапан, Құрманбек, Қанабектің таланты кімнен кем еді?! Сонау театр құрылған шақта бәрінен сауатты келген осылар емес пе? Отызыншы жылдарда драма театрының сахнасына бұлар да бірсыпыра спектакльдер қойып жүрген жайлары бар-ды. Арнаулы білімі бар, жоғарыда аталған Боров, Насонов, Соколовский, Рутковский сияқты білімдар режиссерлермен қоян-қолтық жүрді. Соны пайдалана алды ма бұлар? Әрине, жоқ. Бойдағы талант, білім мен теориядан тірек таппады, ізденбеді, талпынбады. Сонымен режиссерлік талант тұл болып қала берді.
Театрдың отыз бес жыл өмірінде режиссерлік бетін аңғартатын, өзіндік стиль-жүйесін ұстайтын осындай аса жауапты коллективтің басында отыратын еңбеккер, жанашыр бірде-бір режиссер дайындай алмаған кінәмізді кімнен көруге болады? Жарайды, театр қабырғасынан режиссер дайындай алмадық. Сол отыз бес жылдың ішінде «осыдан бір нәрсе шығады-ау» деп үміт күттірген жастардан таңдап отырып екі жылда біреуін Москва ГИТИС-іне жіберіп отырғанның өзінде он жеті режиссерге ие болады екенбіз. Не пайда, уақыт та өте берген, ойланар, ақыл-нұсқа айтар басшы да болмаған. Театр өз тарапынан талпынбаған. Рас, кейінгі жылдары Москвадан, Ташкенттен бітіріп келген жастар бар. Олардың да жалпы жиыны төрт-бесеуден аспайды. Талант ұшқыны белгі бергенмен, тәжірибесі тараң.
Әлбетте, театрдың тұңғыш негізін қалаушыларға айтылар рахмет те көп. Қанша дегенмен, жас өнердің қаз тұруына көп еңбек сіңіргендігін ұмытуға болмайды. Олар өз бойындағы актерлік талантын аяған жоқ. Бірақ осылардың көпшілігінің творчестволық лаборатория сына кірсек, Абыз, Қарабай, Жантық, Кебек, Қозы, Ақан сері, Еңлік, Баян, Ақтоқтыларды көресіз. Бар талант ұлттың драматургияның шеңберінде қалып қойған. Осының бәрі ізденбеудің, оқымаудың тигізген кесірі.
Республика шеңберінде кезінде киноактер дайындайтын мектеп, театр училищесі болды. Содан алған жемісіміз қайда? Мезгілінде қадағалап отырмағандықтан ол оқу орындарына кездейсоқ адамдар түсіп, ақыры бет-бетіне кетті. Ол былай тұрсын, кейінгі жиырма жылдан аса уақыттың ішінде Ленинградтан бір студия, Москва ГИТИС-інен екі студия бітірді. Олардың жалпы саны елуге тақау. Қазір Ленинград студиясынан Хадиша Бөкеева мен Ғайни Хайруллина, Москва студиясының алғашқы 19-нан төртеу, соңғы он тоғызынан төртеу ғана сахнада жүр. Бұлардың бәрі де кезінде академиялық театрды жас кадрлармен толықтыру мақсатымен түгелдей осында келген-ді. Москва ГИТИС-інің алғашқысынан Мәнтай Сыздықовтан басқа сахна шебері шықпады. Бақсақ, бұл жолы да өнерлі жастарды оқуға тартудан гөрі өнерлі болам деген ниетпен барғандар басым болып, ақырында орта жолда қалғандар қатарынан орын алды. Со л кезде кеткен қателікті елуінші жылдары жіберілген екінші сапарда еске алуға болатын еді ғой. Бірақ ол да болмады. 1954 жылы Москва ГИТИС-ін он тоғыз қазақ жастары бітірді. Қазір солардан төрт-ақ адам жүр. Қалғандары түрлі себептермен радио, телевидение, киностудия маңын торып кетті. Көпшілігі өзінің творчестволық дәрменсіздіктерін көрсетті. Бақсақ, олардың көпшілігі ГИТИС-ке дейін басқа оқу орнына түсе алмағандықтан, «әйтеуір, диплом алсақ болды» деген ниетпен, «ескерусіз, иесіз мамандық осы екен, оңай жол енді табылды» деп сапар шеккен сабаздар болып шықты. Өнер кадрларын тәрбиелеудегі жауапсыздықтың жемісі осылай шешек атты.
Бізде бұл саладан талантты танып, тәрбиелеуден гөрі, оқып талантты болар деген жаман қағида бар. Қазір орталық қалаларда жүзге тарта өнер саласынан оқып жатқандар бар деп мақтанамыз. Онда да осы жаман қағиданың әсері бары айқын. Белгілі формуланы жаттап инженер немесе педагог болу ықтимал, ал өнер саласында жаттанды жүйелермен халық қатарына қосылу қауіпті. Өйткені ол үйренгенін айтып емес, өз бойындағы қасиетімен, сахна өміріндегі тіршілігімен танытады. Таланттың да көрінер, алған білімнің де берілер жолы тек қана сахна арқылы. Жоғарыдағы аталған театрдың арнаулы мектебінен өткендердің сахнаға тұрақтамай, пұшайман халге ұшырауы алған білімді берер, көрсетер қабілеттен құралақандығында. Дәлірек айтсақ, өнер ұшқынынан өгей қалғандығында. Станиславскийді жатқа біліп, ұлы актерлердің ойын жүйесін босқа әңгіме етумен бәрібір өнер иесі бола алмайды. Жаңағы айтқан актерлердің сәтсіз сапары біздің кейбір режиссерлеріміздің де бойынан табылып қалғандығын жасыра алмаймыз. Егер сол жастарды кезінде басшы орындар сұрыптап-қадағалап жіберсе, әлгі ГИТИС-тің дипломын қалтаға салып алып, енді әр мекеменің есігінен сығалап жүргендердің мұншалықты обалына қалмас едік. Олар сол зая кеткен Мәскеудегі бес жылдың орнына басқа бір мамандықтарға ие болып, өндірістің басқа бір салаларында қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер тіршіліктің бірінде жүрмес пе еді? Өнер кадрларын орнына пайдалануда да оқыс жайлар кездесіп жүреді. Әрі актерлік те, режиссерлік те қабілеті танылмаған адамдар киностудияға режиссер болып тағайындалады. Арнаулы курсқа да жіберіп алады. Бірақ табиғатында суреткерліктің нышаны жоқ, сегіз жыл оқып актер бола алмаған адамды өмір бойы оқытқанмен еш нәрсе шықпайтыны аксиома. Соны киностудия да, мәдени мекемелер де біле тұра арнаулы фильм қоюға бекітті. Ақырында ол киностудияның жүз мыңдаған ақшасын желге ұшырып жіберумен тынды. Сондай-ақ, драмалық театрларда режиссер болып жүрген Дүйсебаевтан да кинорежиссер шығарамыз деу бос әуре екендігіне кәміл сенеміз. Тым тәуір спектакльдер қойып, таланты танылып қалған жас режиссер Ибрагимов басшы орындардың назарынан тыс қалды. Ақырында ол Ташкентке барып еңбек етіп жүр. Театртанушы Нұрбаев театр, концерт ұйымдарының қай саласына болса да пайдалануға мол мүмкіншілігі бар сауатты маман еді. Қазір ол да, ешқандай назар аударған кісі болмағандықтан, Алматы облысының бір совхозында лажсыздан зоотехник болып жүр.
Өнер кадрларын дайындауда оларға деген қамқорлық жоқтығы немесе тәрбиеленер жастардың мүмкіншілігімен санаспай, таңдап-талғамай оқуға жібере салу, жеңіл айтқанда, көзбояушылықтың бір түрі.
Осындай күйлердің тағы бір мысалына Алматы консерваториясын алайық. Он сегіз жыл өмір сүрген, бақандай алты факультеті бар үлкен білім ордасының кәсібі қарын ашырады. Біздіңше, бұл оқу орнының міндеті, ең алдымен, республиканы музыкалық кадрлармен қамтамасыз ету ғой. Оның ішінде ұлт кадрларын дайындауға баса назар аудару ең негізгі міндеттің бірі болса керек-ті. Өйткені Отанымыздағы жиырмаға тарта консерваторияның басым көпшілігі орталық Ресейде болғандықтан, біздің консерваторияның міндеті айқын.
Өзінің он сегіз жыл ішіндегі өмірінде бірде-бір скрипач, бірде-бір пианист-концертмейстер қазақ шығара алмапты дегенге кім сенеді? Талантты композиторлары бар қазақ халқынан скрипач пен пианист шықпады дегенге нанасыз ба? Нанбасаңыз да, шындығы солай. Ол өз алдына, жалғыз опера театрына он сегіз жылда вокалдың факультет кімдерді берді екен? Қазіргі опера театрының солистерінің ішінде Жаманова мен Серкебаевтан басқа кімді атай аласыз? Орыс труппасының халі бұдан да нашар екенін кім білмейді? Қырық жылдың ішінде бірде-бір шын мәніндегі білімді опера режиссерін дайындай алмағанымыз, ұят та болса, мойындайтын шындық емес пе? Солистерді былай қойғанда, опера театрының хор коллективінің құрамын қараңызшы. Сонда біздің консерваторияның вокалдың факультеті мен кафедрасы не бітіріп отыр екен деген сұрақ туады. Осы да мемлекеттік көзқарас, осы да өнерге деген қамқорлық па екен? Осы халді мәдени мекеменің басшылары біле ме? Әлбетте, біледі. Баяғы бойкүйездік, жауырды жаба тоқуға жаны үйреніп кеткендіктен, әйтеуір, бір нәрсесі болар деген көмескі үмітті талшық етумен келе жатыр. Осындай селсоқ жауапсыздықтың азабын тарту жететін шығар. Енді емін іздеу керек тәрізді.
Мемлекеттік хор капелласының құрылғанына біраз жылдар болды. Біздің консерваторияның көптеген «түлектерінің» төбесін сонда көресіз. Әдейі жинағандай қырықты әлдеқашан қырқа басқан кексе келіншектер мен елуді еңсерген егде бәйбішелердің неше түрлі нұсқаларын сол капелладан көресіз. Олардың дауыстарының шағындығын былай қойғанда, жасыратыны жоқ, «шіркін-ай, көрік деген де керек екен ғой!» деп саныңды соғасың. Өзі тарлан асқан жарғақ үнге қанша көзіңді төңкеріп құбылтқанмен, жарасты жан бере алар ма? «Қазақ халқы қырықтан аса ғана әнге бейімделеді екен» деген қалжың барын да ескерткіміз келеді. Басқа елдер түгіл, өзіміздегі жұрттың көбісі сол капеллаға бармайды. Сондай-ақ, мемлекеттік ән-би ансамблінің де халінің мүшкілдігі мәлім. Баяғы Алатаудың етегіндегі қыз қуу мен жаяу көкпары әбден діңкеге тиіп-ақ болды.
Жеке-жеке концерт ұйымдарын басқарушыларды даярлауда да талғамсыздық басым. Тіліне түсінеді деген бір екі-үш адамды шахматтың фигурасындай алма-кезек ауыстырып, соған мәз болып жүре береміз. Кейде кездейсоқ адамдар килігіп өкіметті де, коллективті де қырғын шығынға ұшыратып кетіп жатады. Әрине, қырағылық, жауапкершілік осал жерде алаяқтардың болуы ықтимал ғой.
Асылында, өнер кадрларын дайындау соншалықты қиын ба? Өнерлі жасты тауып алса, қиын болмаса керек-ті. Біздің театрдың алғашқы топтарын құрған адамдар да көпшілік өз ынтасымен жиналған халық қадіріне бөленіп еді ғой. Біздіңше, ұқыптылық жүрген жерде, мемлекет алдындағы міндетті ұғынған жерде, партия, халық алдындағы борышты іштей түсінген жерде ол онша күш түсірмесе керек. Оған мысалға біздің хореографиялық кадрларымыздың осу дәрежесін алыңыз. Өнеріміздің басқа салаларының төркіні халық творчествосында азды-көпті болса, хореография мүлдем жоқ еді ғой. Жанашыр көзқарас, аса мейірбан қамқорлықпен көп еңбек сіңірген Селезневті алайық. Балетмейстер Әбіров, солистер Көшербаева, Райбаев, Аюханов, Жанғозина, тағы басқа толып жатқан талантты жастар бүгінгі мақтанышымыз, жас өнеріміздің шешек атқан көрікті гүлі, сахнамыздың сәні болып жүрген жоқ па? Егер әрбір педагог, әрбір басшы кадр тәрбиелеуде осындай ынтада болса, біз бүгінгі көріністерге куә болмас едік. Ұлы орыс халқының хореограф иялық мәдениетін ұлттьщ өнеріміздің топырағына егіп, ғажайып өнімді қауым тәрбиелеп кеткен ардагер адал ұл, шын бауырлас өнерлі еңбеккер, қайраткер марқұм Селезневке хореографиялық мектептің алдына ескерткіш орнатып, музыкалық мектептердің бірін соның есімімен атасақ, қандай жақсы болар еді. Отанымыздың басына зор қауіп төніп, фашистермен шайқас кезеңінде өнер келешегіне, ұлы жеңіске берік сенген азамат көптеген жетім сәбилерді өз баласындай тәрбиелеп, өнер бақшасына шығарып салды. Мұндай әкені, мұндай мейірбан азаматты кім ұмыта алар?
Халық ішінде таланттар аз ба? Анда-санда болатын көркемөнер байқауларына мыңдаған жастар келеді. Тал шыбықтай бұралған бишілер, тамсандырған әншілер, тамылжыған күйшілерді көресің. Жюри мүшелері тыңдағанда: «Япыр-ай, ғажап екен!» деп отырады. Бірінші дәрежелі дипломдарға қол қояды. Сонымен шаруа бітті. Қайыр-қош айтысып қала береді. Республикалық байқаулардың мақсаты сол ғана ма? Біздің қатарымыз халық таланттарымен толмағанда, кіммен толады? Солардан таңдап алса, бір жылдағы байқаудан консерваторияның бар факультетін толтыруға болар еді. Олардың орнына астанадағы «пәленшекеңнің бал асы, түгеншекеңнің қыздары» өнерге байланысты оқу орындарына түсіп жатады. Сөйтіп бес жылдан кейін композитордың орнына сырнайшы, әншінің орнына тыңдаушы ғана болып, творчестволық жарым жандар шығады.
Тәрбие талғаудан қағажу келе жатқан саланың бірі киноактерлер мәселесі. Біздің киноға талай «героинялар» келді. Оларға сүйсіне қарап, келешегінен мол үміт күттік. Бірақ солар бірлі-жарым фильмнен кейін хат-хабарсыз кетеді. Өзінің тым тәуір қабілетін көрсеткен Назарова («Дала қызы»), Оразбаева («Біз Жетісуданбыз»), тағы басқа актрисалардың киноның тұрақты кадры болуға таланты жететін еді. Не пайда, киностудия маңындағы кейбір қолайсыз жәйттер оларды өнер жолынан кетуге мәжбүр етті.
Актерді бейіміне қарай, ішкі дүниесіндегі жан-күйлерін аша пайдаланбау өнер иесінің бойындағы бар ұшқынды сөндіріп кетуі де ғажап емес. Өйткені таланттың көбі тым нәзік сырлы келеді. Оны абайлап, үлкен ыждағатпен мәпелеп өсіру шарт. Қарым-қатынас, көзқарастардағы ауа райының таза болуы жас таланттардың өнерге деген құмарлығын арттыра түсетіндігі даусыз. Жас актриса Мұхамедиярованы біз екі-үш фильмде байқадық. Осы жастан психологиялық толғаныс, жан сырын танытарлық талант бар екенін көреміз. Әлбетте, кино өнеріне көбінесе сыртқы көрік те ұтымды болады. Бірақ образ жасауда актердің ішкі дүниесі, оның түйсік-түсінігі ең қажет, уақытылы, орнында пайдаланатын қазына екендігін ұмытпау керек. Өйткені талантты сақтай, өз орнына пайдалана білу өнер игілігіне де, өнер иесінің келешегіне де зор маңызы бар дүние. Сондай-ақ, Серкебаевты да тек қана ән салдыру үшін әр фильмге сүйрей берудің қаншалықты мұқтаждықтан туғаны белгісіз. Егер одан кино шығармасының кейіпкерін іздесек, мүмкіншілігіне сай көркем образға пайдалану абзал емес пе? Нашар фильмдерді Серкебаевтың өнімен алып шығам деп тырмысу онша ақылдылықтан тумаған тәсіл. Серкебаевты нашар кинодан тыңдағаннан гөрі театр сахнасынан тыңдаған әлдеқайда уытты, ұтымды екенін кім түсінбейді? Чехов бір кезде: «Махаббатта алдауға болады, медицинада алдауға болады, бірақ көркемөнерде ешкімді алдай алмайсың», деген екен. Сондай-ақ, актердің атағына, даусына, көркіне иек артып, талғампаз қауымның сын назарынан таса қала қою қиын.
Киноактерлердің жетіспеуінен театр мен киностудия арасында «бас саудалары» берік орнағанына көп уақыт болды. Анда-санда майда жанжалдар да болып жатады. Өйткені киноға актерді көбіне театрдан алады. Әрине, ол заңды да. Бірақ әр фильм сайын танымал адамдардың кескінін көре беру де ындыныңды құртады. Ол бір жаңа образ жасап жатса бірсәрі, бірде мұрт жапсырып, бірде ұрт жапсырып, қайта-қайта көріне беру актерге оңай болғанмен, көрушінің қынжылатынын ескерген жөн. Кейде театр маусымының уақытында жетекші актерлердің киноға кетіп қалуы коллективтің творчестволық атмосферасына кесірін тигізіп жатады. Өйткені жас кадрдан өзі еңсесін зорға көтеріп отырған театрға киностудия құда түсіп, бір-екеуін алып кетсе болды, бар спектакльдердің тоқтап қалғаны.
Кейінгі жылдары аса бір жан-жақты өскен өнердің бірі бейнелеу өнері еді. Мәдениетіміздің нәрлі бір тобы осы салада. Жалпы саны 138 адамнан құралатын Суретшілер одағының дені талантты жастар. Бірақ осы жас, соны өнерді баспа беттерінде уағыздау, олардың еңбектеріне маман көзбен баға беру жағы мүлдем аңсап жатыр. Ғылым академиясының әдебиет және көркемөнер институтының бұл салаға бас-көз болатын мамандары тым енжар. Білмей ме, білсе де айтқысы келмей ме, әйтеуір, бір қолайсыз, көңілсіз жай сезіледі. Мұның өзі Суретшілер одағының маңында майда, нәрсіз әңгіме, келеңсіз өсек-аяңның туа беруіне жағдай туғызып отыр ма дейміз. Соның да салқыны болу керек, қазір суретшілеріміздің творчестволық белсенділігі бәсеңсіп қалған. Оған 1961 жылғы еңбектерінің көрмесі толық дәлел бола алады. Мұнда тақырып шеңберінің тарлығы, бір қозғаған тақырыбын айнала қайталап, шиырға айналдыра беру, көпшілігі өткен тарихи этнографиялық күйлерге бой алдыра беру жағының басымдығы айқын аңғарылды.
Бүкілодақтық жас суретшілердің көрмесіне ұсынылған 48 еңбектің бірде-бірінің қабылданбай қалуы да жоғарыда айтылған пікірімді дәлелдей түседі.
Өнердің әр саласынан сөз қозғағанда, эстрадалық жанрға, әсіресе, соның тақпақ, сықақ, саяси сатира сияқты сахнада соз мәдениетін көрсететін саласына бүгінгі күнге дейін назар аудара алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Бұл өзі біздің халық творчествосында төркіні бай дүние еді. Шаншардың қулары, талай әзіл-оспақ, әжуа-күлкінің шеберлері көп болған. Оның сілемін қазақ сахнасының ақсақалы, құрметті қартымыз Қалыбек Қуанышбаев жеткізген болатын.
Не пайда, халықтың өнеріміздегі осы бір сүйікті жанр концерт ұйымдарында әлі етек алмай келеді. Оның бүгінгі таңдағы тамаша үлгілері Аркадий Райкин, Тарапунька мен Штепсель, Миронова, Менакер, Илья Набатов сияқты талантты шеберлер бүкілхалықтық құрметке бөленіп отыр. «Ағаға қарап іні өседі» дегендей, осындай ғажайып үлгілер тұрғанда бұрын өз дәстүрімізде бар дүниені қайта жаңғыртып, жаңа мазмұнда дамытуға әбден болар еді. Бұл жанрда жас орындаушы Батыржановтың бастамасын қуанышпен құптамасқа болмайды. Соған енді концерт ұйымдарының тарапынан қамқорлық керек. Бұл өзі күнделікті өмірмен қоян-қолтық араласып отыратын, тәрбиелік мәні зор, белсенді жанр екендігін ескергеніміз жөн.
Башайлап айта берсек, өнер саласындағы олқылықтар мүлде көп. Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің де, симфониялық оркестрдің де өз мұңы өздеріне жетерлік. Кадр мәселесінен астанадағы мәдени ордаларымыздың халі былай болғанда, облыстағы театрлар мен концерт орындарының халі бұдан да мүшкіл екені айтпасақ та түсінікті. Облыстың театрлардың көпшілігі «герой», «героиня» сияқты амплуалардан жұрдай. Жас қыздар мен жас жігіттердің рөлін көбіне егде тартқан ересек артистер ойнайды. Мұндай күйде қандай сахналық сезім шындығы, көрушілерде қаншалықты сенім болатыны белгілі. Ең ар жағы, біздің академиялық драма театрында жоғарыда аталған амплуаларда жастардың жоқтығынан Қозы мен Баяндарды отыздан асып, қырықты қусырғандар ойнап жүргенін күнде көріп жүрміз. Әйтеуір, көз үйренгесін сенген боласың.
Бізде бір-екі спектакльде көрінсе-ақ болды, «Ойбай, талант екен!» деп теңге-танамызды ала жүгіретініміз бар. Оған атақ та керек, айдар да керек деп жар саламыз. Еңбегінің қораштығына қарамай, творчестволық егделік, жасанды байсалдылықты жамылғы етіп жүретіндер де жоқ емес. Тарыдай дүниені таудай, танадай ісін ағыл-тегіл төгіп тастадым деп тоқмейілсу, жасына жетпей қираттым деп, қайраткерлікке құмартып жүретіндер де бар. «Аванс» деп атақ беріп, қошеметтеп қол қысқандарымыздың талайы қарызын өтемей бара жатқандарын көріп жүрміз. Ондайлар, әрине, үлкен суреткерліктен гөрі әшекейлі, әрсіз тайбәйгеліктей ғана таланттың иелері.
Сондықтан атақ-дәреже берердегі жөнсіз мырзалық өнер құнын тым арзандатып жіберетін абырой бермес қылық.
Біз жоғарыда академиялық драма театрында көптеген белгілі шеберлердің орыс сахнасынан келгенін, олардың зор еңбегін, әсіресе, ұлы орыс халқының театр өнерінің реалистік дәстүрін жас өнерімізге өзек етіп тартқанын айттық. Әлбетте, бұл үлкен олжа. Бірақ өкініші де мол. Ол өкініш сол асқан шеберлердің бірде-бірін күні бүгінге дейін ұстап қала алмағандығымызда. Өйткені біз сол шеберлердің еңбегін бағалап үйренудің орнына көбісін өсек-аяңның құрбаны етуіміз өкінішті-ақ. Бұл да сауатсыздықтың, әрі барса, өнер маңындағы кейбір надандықтың белгісі.
Бір кездері бүгінгі совет театрының көрнекті қайраткері, Лениндік сыйлықтың лауреаты Г. Товстоногов та біздің театрда болған-ды. Оны да шошытқан театр маңындағы қолайсыз қылықтар еді. Театрымызға көп еңбек сіңірген зор білімдар әйгілі шеберлердің сыйыспай кетуін де өз күнәміз деп ұққан жөн.
Не пайда, талай пайдаланбаған кезеңдер өтті. Айта берсе өкініш те мол. Сәтті кезеңдері өтіп кеткен уақыттар да аз емес. Біз бұл мақаламызда тек сырттай топшылағандырымызды ғана баяндадық. Әрбір творчестволық коллективтің өз организмінде толып жатқан ақау, орны ойсырап тұрған кемшілікті әлдеқашан аластайтын аурулар толып жатыр. Творчестволық тұтастықты нығайтатын, профессионалдық дәрежесін көтеретін өз бетінше іздену, саяси-әлеуметтік сауатын ашу, совет көркемөнерінің маркстік-лениндік эстетиканың жүйелерін тану деген творчестволық коллективтердің кәсібіне, рухани азығына айналмай келеді. Соның салдарынан сауатсыздық басым.
Әлбетте, бұл айтылған кемшіліктердің барлығына бір адам, бір ғана мекеме кінәлі десек, оғаштық болар еді. Өйткені бұл жылдар бойы мысқалдап бойға сіңген, енді батпандап шығуын күтер күрделі мәселе. Әрі бармай-ақ, Мәдениет министрлігінің құрылуынан бергі он жылдың ішінде де жанашыр іскерлік болса, жоғарыда айтқан кемшіліктердің көпшілігінің болмауы ықтимал еді. Бұдан былайғы жерде осы дағдарыстан құтылудың жолын іздеу керек. Өнеріміздің басқа саласындағы кемшіліктерді былай қойғанда, бетке тұтар академиялық драма мен академиялық опера театрларының, республикалық концерт ұйымдарының творчестволық жағынан жылдан-жылға төмендеп бара жатқандығы айдан анық. Осының бәрі кадр мәселесіне келіп тіреледі.
Ең алдымен, оқу орындарының, әсіресе, мемлекеттік консерваторияның жұмысын баянды жолға қойып, оның әр жылдары қабылдау контингентіне Мәдениет министрлігі арнаулы беделді комиссия арқылы тікелей қатысып отырғаны абзал. Сондай-ақ, оқта-текте опера театрының жанында болып туратын хор студиясының жұмысына да жанашыр басшылық қажет сияқты. Оларды толықтыру алдымыздағы облыстың, республикалық байқауларға қатысқан талантты жастар есебінен болғанын мақұлдар едік. Сонымен қатар, республикалық тарификадиялау комиссиясының алдына формальдық міндеттерден гөрі творчестволық көрегендікті қойған жөн.
Біздің Қазақстан көпұлтты республика. Қазір орыстың оннан аса, корейдің бір, ұйғырдың бір профессионалды театрлары жұмыс істейді. Отыз жеті халық театры және бар. Орыс, қазақ, украин, ұйғыр, корей, неміс тілдерінде республика көлемінде жиырма жеті мың көркемөнер үйірмелері бар. Біздің бұл саладағы тәрбиелеуші, халықтың эстетикалық талғам талабына жауап беретін армиямыздың тобы да аз емес екен. Бірақ осылардың бәріне де маман басшы, сауатты жетекші керек. Осыған орай Қазақстанда театр өнері институтын ашатын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Жаңағы жоғарыда аталған халықтардың барлық тілінде кадр даярлауға болады. Өмір қазір осыны талап етеді.
Көркемөнердің табысы мен кемісін, өткен жолы мен барар бағдарын анықтап, пікір алысып, тіптен, теориялық мәселелер қозғап отыратын Мәдениет министрлігінің арнаулы орғаны болса қандай ғанибет?! Осы «Театр өмірі», «Оқушының досы», «Кино апталығы» деген сияқты майда газеттерге талан-тараж болып жатқаннан гөрі, бар күшті топтап бір байсалды газет шығарса, көп жағдайда көмегі тиер еді-ау.
Бүгінгі өнеріміздің жағдайы туралы айтылар сөз де, алысар пікір де көп. Әзірше тек қана ойсырап жатқан жайлардың шет жағасын көріп айтып отырмыз. Жеңімпаз халқымыз ұлы лениндік ұлт саясатының мүддесі, Коммунистік партияның қойып отырған үлкен талабы біздің әрқайсымыздан өз тіршілігіміздің қазіргі қалпы мен келешегіне мұқият қарауды міндет етіп артып отыр. Бұл келешек алдындағы, келер ұрпақ алдындағы жауап берер зор міндет.
1962
ТЕАТР ТУРАЛЫ БІР ОЙ
Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры туралы
Кезек күттірмес, төзімі таусылған, бұрын да ішінара айтылып жүрген, айтылғанмен де ескерілмей келе жатқан, сондықтан қайталап айтуды тілейтін, бәріміз де ортаң сөз ететін күрделі мәселе Қазақтың мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық драма театрының қазіргі халі жайында. Театрдың арғы-бергі мақтан тұтар табыстарын баяндап жатуды артық санап, оның бүгінгі жайы мен келешегі туралы пікірімізді ортаға салғымыз келеді.
Совет жазушыларының бүкілодақтық II съезінде совет драматургиясының проблемалық жайлары кеңінен айтылғанда осы проблемалық жайлардың бірі болып театр мәселесі де ойдағыдай сөз болды. Жазушылар, өнер қайраткерлері, театр сыншылары театр мен драматургтер арасындағы тығыз бірлестік жайында көптеген мәнді пікірлер айтты. Театр өнерінің алға басуы шынайы өмір шындығынан туатын жоғары идеялы көркем шығармалардың санымен де байланысты екенін қатты ескертті. Театр мәдениеті совет әдебиетінің бүгінгі жеткен биігінен төмен жатыр дегенде тілге тиек болған талас тудырмайтын шындық оның теориялық-ғылыми негіздерінің маркстік-лениндік эстетика тұрғысынан терең зерттелмей отырғандығы мен әділ де көмекші театр сынының нашарлығы дегенге сайды.
Қазақ театр өнерінің соңғы жылдары бойкүйездікке душар болуы да жоғарыда айтылған себептерге тығыз байланысты. Осы күнге дейін академиялық драма театрының жұмысының артта қала беруін, театр коллективінің өз басындағы толып жатқан кемшіліктерін былай койғанда, қазақ драматургиясының артта қалуынан іздеп келдік. Бұл шындық және айтылып жүрген шындық. Біз бұлардан бұрын мына бір жайды айтпақпыз.
Совет жазушыларының бүкілодақтың II съезінің қарсаңында театр өнері туралы драматург пен сыншылардың, суретші мен артистердің, жазушылар мен ақындардың, басқа мамандық иелерінің де пікір алысуларын театрдың коммунистік қоғам құру жолындағы, совет адамдарын тәрбиелеудегі атқарар рөлін биік бағаладық деп тану керек. Бұл театрдың ұлы мектеп, Гоголь айтқан кафедра екенін терең ұққандық, театр өнерінің бұдан да өркендей түсуіне деген зор тілектестік білдіргендік.
Сайып келгенде, аға орыс халқының совет елінің түрі ұлттық, мазмұны социалистік өнерінің көркейе, өсе түсуіне берген ағалық кеңесі деп ұғамыз.
Осы бір жайлар одақтық съезд алдында ғана болып өткен Қазақстан совет жазушыларының III съезін еске түсіреді. Сол съезде Қазақстан жазушы-драматургтері мен сыншыларының аузынан өздерінің шығармалары сахнаға қойылып жүрген театрдың творчестволық бейнесі туралы бір ауыз сөз шықпағанын, театр жұмысын елеусіз, ескерусіз қалдырғандарын, тіпті, осы съезде өнер қайраткерлерінің де бірде-бірінің өздеріне тікелей байланысты мәселе жайында пікір айтпай, үнсіз қалғандарын бүгін қынжыла еске аламыз. Соңғы он жыл ішінде кейбір спектакльдер туралы жазылған бірлі-екілі рецензияларды атамағанда, театр мәселесі жайында жазушы-драматургтеріміздің ешбіреуі де сөйлеп не мақала жазып көрген емес. Осы жайлар Қазақстан Жазушылар одағы мен академиялық драма театрының арасындағы творчестволық байланыстың нашарлығын көрсетеді.
Театр жұмысына жақын, театр өнерін түсінеді дейтін жазушылардан осындай салқындық кездестірсек, астананың басқа интеллигенциясына «сен театр өнерінің өркендеуіне атсалыспайсың» деуіміз буынсыз жерге пышақ ұрғандық болар еді. Кейде өзімізбен қатар жүрген әдебиет майданындағы көптеген жас ақын-жазушы, сыншылармен сырласып, олардың театр мәселесі, болмаса драмалық шығармалар жайында, оның сахналық көрінісі туралы баспа бетінде пікір айтуларын өтінсек, «ол қиын ғой, театр өнерінен түсінігіміз аз ғой» деген сүйеу салды сөздерді естиміз. Іштей қынжыласың, амал қанша, орыс әдебиетінде көптеген әдебиет сыншылары театр өнерін нәзік түсінетін театр сыншысы болғанын да оларға ескертіп жатудың артық екенін өздері де біледі.
«Театр бүгінгі жұртшылықтың талабына сай постановкалар бере алмай отыр, театр мәдениеті артта қалды» деп театр коллективін: кінәлаймыз. Бұл да жөн шығар. Бірақ театр жұмысындағы кемшіліктерді дер кезінде қатал сынға алып, оның творчестволық өсуіне көмектесіп отырмаған мәдениет, әдебиет қайраткерлері де, интеллигенция да қалыс қалмаса керек.
Театр өнерінің II съезде соз болуының жалпыодақтық маңызын былай қойғанда, москвалықтардың театрға деген сүйіспеншілігін құмарлана көрсетеді. Москвалықтардың Көркем театр, Үлкен театр және Кіші театр, т. б. театрларды «өз театрымыз», «менің театрым» дейтінін естисің.
Бұл сияқты сөздерді ленинградтықтардан да, одессалық пен киевтіктер де айтып жүреді. Әрине, бұл жанды, табиғи, өз қаласының азаматына лайық патриоттың сезім. Әлдебір күйкі ойдан емес, өзі сүйген театрына да шабыт берер асқақ ойдан туған әсем сезім. Әрине, осымен қатар орыс халқының театр өнеріне деген сүйіспеншілік пен құмарлығы ғасырлар бойы қалыптасып келген мінез екенін де атап айтуымыз керек.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында В.Г. Белинский: «О, қандай жақсы болар еді, егер де өзімізде өзіміздің халықтың, орыс театры болса!.. Шынында... сахнадан Русьті, оның әсем және күлкілі жақтарын түгелдей көрсең, қиялдың керемет күшімен қабірлерінен көтерілген орыс батырларының сөйлеп тұрғанын тыңдасаң, оның алып өмірінің тамырының соғуын көрсең...» деп асыл бір арман айтқан еді. Бұл орыс сахнасына Шекспирдің Шекспир, Шиллердің Шиллер, А.С. Грибоедов пен Н.В. Гогольдің Грибоедов, Гоголь қалпында, өздерінің бар алып, данышпан бойымен көріне алмай жүрген кезінде айтылған, зығырды қайнатқан шерден туған жалынды сөз болатын.
Москва драма театрының сахнасына Шекспирдің «Гамлеті» шыққанда, Гамлет рөлін Мочаловтың ойнауында көрген В.Г. Белинский өзінің көптен бері аңсаған асыл арманына кездесті. Жылдар бойы жүректе сақтаған өрнекті сөз өзінің айтар кенеулі ойын тапты. Мочалов Гамлетінің шын қасірет-күйін терең түсініп, өз жүрегіндегі шерді өз басындағы күйдей етіп, шынайы ақын шабытына еніп ойнағанын көрген ұлы сыншы өзіне біткен бар дарындылықпен актер ойынын экранға түсіргендей етіп, қағаз бетіне түсірді.
Орыс театр тарихында В.Г. Белинскийдің «Мочалов Гамлет ролінде» атты бұл әйгілі мақаласы орыс театрының реалистік бағытын айқындап, оның келешегінің өте зор екенін көрсетті. Бұл жылдары В.Г. Белинский: «Шекспирді жақсы түсінгің келсе, Петров театрына бар, деп жазды. Москвада екі университет бар, бірі театр», деді. В.М. Щепкин жол салған орыс театрындағы реалистік негіз орыс халқының ұлы жазушы-драматургтері мен демократ сыншыларының көзқарасында қалыптасып бекіді. Кейіннен бұл бағытты сахна өнерінің реформаторлары К.С. Станиславский мен Вл. Немирович-Данченко нығайта, өрістете түскенін көреміз. Міне, біз бұдан орыс театрының ғана емес, сонымен бірге, театрға келуші жұрттың да осы ұлы адамдардың пікірлерімен қалыптасқанын байқаймыз.
В.Г. Белинский көксеген нағыз, шын мәнісіндегі халықтың театр Ұлы Октябрь революциясынан кейін Совет өкіметі тұсында ғана болды. Бұрын театр дегеннің не екенін білмейтін Шығыс халықтарының қазір академиялық драма, опера және балет театрлары бар. Бірақ қазақ, қырғыз сияқты халықтардың театр өнеріне деген құмарлық, сүйіспеншіліктерін, келгіштігін орыс халықтарының театрға деген құмарлық, сүйіспеншілік, келгіштік қасиеттерімен теңеу әзір ертерек. Рас, қазақ бұрынғы Октябрь революциясына дейінгі қазақ емес, ол Совет өкіметі жылдары мәдениетті халықтардың біріне айналды. Орыс тілі оның екінші ана тіліне саналып келеді. Ол театр өнерінің әрбір саласын да жақсы түсіне бастады, орыстың драмалық шығармаларын оз тілінде тыңдап, тамаша әсер алады, орыс, Батыс композиторларының шығармаларын сүйсіне, балқи тыңдайтын дәрежеге көтеріліп келеді.
Дегенмен, әлі де қазақ жұртшылығының драмалық, опера және балеттік, симфониялық шығармаларды көру, тыңдаудан гөрі, ән мен күйді тыңдауға деген құмарлығы басым. Сондай-ақ, қазірдің өзінде драмалық шығармаларға қарағанда, проза, поэзиялық шығармаларды сүйсіне оқиды. Оның да себептері бар болу керек.
Жоғарыда айтылған ойлардан туатын бір қорытынды: театр жұмысындағы кемшіліктерді жою үшін, жұртшылықтың театр өнеріне деген назарын аударып, сүйіспеншілігін арттыру үшін, театр мәселесін кеңінен насихаттау керек. Бұл істе тек театр қайраткерлері ғана емес, мәдениет, әдебиет, астана интеллигенциясы белсене қатынасуы тиіс. Өз театрыңа өзің құрметпен қарасаң ғана ол көзіңе көркейіп көрінбек. Республикамыздың театр өнеріндегі кемшіліктерді екі адам басы қосылғандағы күңкіл сөзге айналдырмай, жұртшылықтың қатал, өткір, көмекші сынына, талқысына салып отырғанда ғана театр жұмысы оңдалмақ. Артистер өздерінің көрушілерінен қолпаш-қошеметімен қатар, оның творчестволық өсуіне көмек беретін ащы-тұщысы аралас сын есітіп отырса ғана серпіліс пайда болады.
Бүгінгі таңда қазақ театр өнері қазақ әдебиетінің даму процесінен қош кейін қалып отыр. Әсіресе, қазақ прозасы әдебиеттің басқа жанрына қарағанда қазір бүкілодақтық масштабқа шықты.
Міне, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры да осы сатыға көтерілуі керек еді. Оған жететін оның толық күші де бар. Бұл театр сахнасында бұрын жүрген кейбір спектакльдер, әсіресе, Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, талантты артистер орындаған кейбір жеке рөлдер, атап айтқанда, Қ. Қуанышбаев ойнаған «Ревизордағы» дуанбасы қай ел сахнасына болмасын ұялмай, мақтанышпен шығара алатын сахналық көркем шығармалар. Ал театрымыздың Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Ж. Өгізбаев, Ш. Айманов, Қ. Бадыров, С. Телғараев, К. Қармысов, X. Бөкеева, Р. Қойшыбаева, С. Майқановалардың талант құдіреті Одақ шеңберіне көтеріле алатыны сөзсіз. Орташа актерлерді былай қойғанда, соңғы жылдары творчестволық өсу жағынан бұлар да тоқырап қалды. Ал жоғарыда аты аталған сахна шеберлерінің творчествосы туралы осы күнге дейін творчествосының сәтті, салтанатты, дәуірлі кезеңдеріне сүйініп, сәтсіздікке ұшыраған кезеңдеріне күйіне, со бір сәтсіздіктің жайын терең ашып беріп отыратын театр сыны болмай келді. Осы жағдайдың бәрі біздің республикамызда өнер мәселесін жақсы түсінетін адамдардың жоқтығынан емес, өнер тағдырына салқын, бейтарап қарауымыздан туып отырған, өкініші мол күйлер. Осыған дәлел етіп мына бір фактіні айтпай кете алмаймыз.
Астана жұртшылығына, бүкіл республикамызға, әрі барса, Одақ көлеміне белгілі заманымыздың талантты артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шәкен Аймановтың театрдан кеткеніне екі жыл болды. Екі жылдан бері жұртшылық өзінің сүйікті әртісі Шәкенді сахнадан көре алмай келеді. Он жыл бойы көктемгі хош иісті гүлдей жайнап келген, он жыл бойы көрушісін шаттандырып, сүйсіндіріп келген «Асауға тұсау» комедиясы, міне, екі жылдан бері сахнада қойылмай келеді. Шәкен театрға келмейінше, оның сахнаға шығуы да мүмкін емес.
Республикамыздың сүйікті халық әртісі Шәкен Айманов академиялық драма театрына көп еңбек сіңірген қайраткер. Творчестволық кемеліне әбден келген кезінде, терең психологиялық образдар, қазақ театр тарихының әлі ашылмай жатқан бетін нұрландыра түсетін кесек бейнелер жасайтын шағына жеткенде театрдан кетуі түсініксіз.
Жұртшылық Шәкен Аймановтың ойнауында Егор Булычовты, Отеллоны, Протасовты, Король Лирді, тағы да толып жатқан классикалық образдар мен өз заманымыздың тамаша адамдарының бейнесін көргісі келеді. Жұртшылық әлі де Шәкен Айманов өзі өскен театрына қайта оралады, қазақ театр өнерінің өсуіне бойына біткен бар дарындылық, жігер-қайратын сарқа береді деген берік сенімде.
Жоғарыда айтылған, өнер мәселесінен түсінігіміз нашар деп бұл жұмыстан бой тартатын сыншы жолдастардан мынаны тілер ек:
Сіздер әдебиет сыншысы болғандықтан, қазақ жазушы-драматургтерінің пьесаларына теориялық, ғылыми тұрғыдан терең талдау жасап, оның драмалық шығармаға лайық барлық қасиетін жұршылыққа, оның ішінде театр қайраткерлеріне жете түсіндіріп отыруға міндеттісіздер. Осы күнге дейін М. Әуезовтің, Ғ. Мүсіреповтің, С. Мұқановтың, Ә. Әбішевтің, Ә. Тәжібаевтың, Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармалары туралы бірде-бір көлемді еңбек жоқ. Ал осы авторлардың көптеген шығармалары сахнада қойылып жүр, егер осы шығармалар жайында ғылыми жақсы еңбектер болса, бұлардың сахнадағы көркі бұрынғыдан да арта түсер еді.
Орыс әдебиетінде А. Пушкин, А. Грибоедов, Н. Гоголь, А. Островский, А. Чехов, М. Горький драматургиясы туралы, А. Корнейчук, К. Тренев, Вс. Вишневский, К. Симонов, Н. Погодин драматургиясы туралы тамаша ғылыми еңбектер бар. Міне, бұның бәрі де жоғарыда аталған драматургтердің шығармаларының сахнада бірден-бір дұрыс қойылуына көмектеседі.
Қазақ сахнасында орыс классиктерінің шығармаларының тұрақтай алмай жүргені осы бір жағдайлармен де байланысты ғой деп ойлаймын.
Егер орыс классик драматургтерінің шығармалары мен совет драматургтерінің шығармалары туралы жазылған ғылыми еңбектердің ең құнды, маңыздыларын қазақ тіліне аударса, бұл тек қазақ өнерінің қайраткерлері үшін ғана емес, бүкіл жұртшылығымыз үшін, әсіресе, қазақ мектебіндегі оқушылар үшін орыс драматургиясымен жете таныстырғандық болар еді. Осындай жол актерлер мен оның көрермендерін қоса тәрбиелеп, бір-біріне деген ұғымпаздығын тездетер еді.
Көрермен мәдениетінің өсуі театр мәдениетінің өсуіне күшті әсерін тигізетінін әсте ұмытпауымыз керек.
Осы бір кең ойланып, ғылыми жұмыстармен шұғылданатын, осындай игі істің ұйтқысы болатын орынның бірі Қазақстан Жазушылар одағы болса, екіншісі Ғылым академиясы. Оның өнер зерттеу секторы.
Бұдан бұрын да бір-екі рет Ғылым академиясының өнер секторының, әсіресе, театр бөлімінің жұмысының өте нашар екені айтылған болатын. Шынын айту керек, театр бөлімінде ғылыми қызметкерлер бар да, ғылыми еңбектер жоқ. Онда істейтін аға ғылыми қызметкер өнер ғылымының кандидаты Н. Львов, тағы басқа кіші ғылыми қызметкерлер соңғы он жылдың ішінде бірде-бір ғылыми еңбек берген емес. Тіпті, театр жөнінде, керек десе, газет-журналдарға да мақаласы шықпаған адамдар. Бұлар театр өнері жайында күрделі ғылыми еңбек жазу түгіл, қысқа көлемді, жеңіл монографиялық шығармалар, театр өнерінің теориялық мәселелері жайында журнал көлеміне лайық мақала жазуға қабілеті жоқ жандар. Бұл тұрғыдан біз Н. Львов туралы ерекше сөз етпекпіз. Н. Львовқа қазақ театр өнері туралы ғылыми еңбек жазу үшін, ең алдымен, қазақ тілін білу керек, актердің ойнайтын ана тілін жетік білмей, оның творчествосына талдау жасаймын деу «аңқау елге арамза молда» болумен бірдей. Актер өнерінің негізгі құралы сөз. Сахнадағы сөз әрекетінің керемет күшін, интонациясын, қысқасы, сөз бояуын ұғу үшін сол тілді білу керек. Актер өнері туралы ғылыми еңбек жазамын деуші жолдастар тіл маманы сияқты, сол халықтың тіл ерекшеліктерін тексергені жөн.
Қай елдің тарихында, қай заманда сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, салтын білмей, сол елдің театр өнерінің тарихын жазды екен? Біз білетін шамада ондай болған емес, болмайды да. Өйткені драма театрларының сөзге ғана құрылатын ерекшелігі оған ешбір мүмкіншілік бермейді Ал опера, балет, сурет өнері болса, әңгіме басқа.
Н. Львовтың жарыққа шықпай, шаң басып архивте қалған диссертациясының да, театрда талқыланған, диссертациясының ізімен жасалған, болашақ қазақ театрының қысқаша проспектісіндегі негізгі кемшіліктердің туу негіздері осыған байланысты. Қазақ театр тарихын жазуға кіріскелі Н. Львовқа, міне, он бес жыл болды. Осы он бес жыл ішіндегі бірлі-екілі еңбегі ғылыми-теориялық тұрғыдан ешбір сынды көтермейтін нәрсіз дүниелер.
Қазақ тілін білмейтін адам қазақ халқының нағыз байырғы тілі мен оның бар шешендік өткірлігін, бар көркемдік шырынын бойына жинаған «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Ақан сері Ақтоқты», «Абай» трагедияларының тілін қалай жеткізбек? Қ.Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Ш. Айманов сияқты актерлердің сахнадағы өзіне ғана тән сөйлеу стилін қалай ұқпақ?
Енді театрдың өз басындағы кемшіліктерге келейік.
Орталық партия комитетінің «Драма театрларының репертуарлары және оларды жақсарту шаралары туралы» болған тарихи қаулысынан кейін, 1946-1954 жылдар арасында академиялық драма театры 2 5 шығарманы сахнаға шығарды. Бұл 2 5 пьесаның 14-і совет адамдарының өмірін бейнелейтін шығармалар болатын. Осы жиырма бес спектакльден қазір репертуарда бары қанша десек, жетеу демекпіз. Олар Ғ. Мүсіреповтің «Амангелді», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесалары, «Абай жолы» романы бойынша жасалған «Абай» спектаклі, Мольердің «Сараңы», Я. Галанның «Елең-алаңдағы махаббаты» мен Мұқан Иманжановтың «Менің махаббатым» және Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, даласы». Демек, репертуарда бүгінгі өмірімізді бейнелейтін екі-ақ шығарма бар екенін көрсетеді. Жоғарыда келтірілген 25 пьесаның 18-і репертуардан түсіп қалды. Оның ішінде он бірі совет адамдарының өмірінен алынып жазылған шығармалар.
Бұл жерде идеялық-көркемдік құнсыздығынан репертуардан шығып қалған шығармалар туралы сөз етпейміз. Біз театр жұмысындағы ерекше көңіл аударатын жағдай жақсы қойылған, жұртшылықтан жақсы баға алған пьесалардың репертуардан шығып қалуы туралы айтпақпыз. Бұны академиялық драма театрының коп жылдар бойы мойнынан арылмай келе жатқан қырсығы, театр коллективін өсірмей келе жатқан кеселді бөгеті деп атаймыз. Ол театрдың бас режиссерлері мен кезекті режиссерлерінің, сонымен қатар, оның директорларының үздіксіз, екі жылдың бірінде өзгеріп ауысып отыруында. Академиялық драма театрының 28 жылдың өмірінде 20-дан астам режиссері болса керек. Ал театрдың қарт артистерінің айтуынша, Осы жылдар ішінде 31 директор болыпты-мыс. Бұл сияқты жағдайлар дүниежүзі театр тарихында сирек ұшырасатын қайғылы күйлер. Қайғылы күй дейтініміз мынау, бір-екі жыл істеп кететін режиссерлер гастролер-режиссерлер. Олар еш уақытта театр коллективінің өсуі үшін күреспейді. Бұл практикада әбден байқалған жайлар. Олардың оған уақыты жоқ, олар тек бар болғаны талантты актерлер тобының күшімен екі үш сәтті спектакль қойып, реті келсе Қазақ ССР-ның халық артисі деген атаққа ие болады да кетіп қалады. Оның орнына келген екінші режиссер Москва, Ленинград театрынан көріп келген немесе өзінің бұрын қойған бірлі-екілі спектаклін көрсетуге асығады. Ол алдыңғы туысының қойған шығармаларына көңіл бөлмейді, өз жұмысымен шұғылданады, реті келсе, сол спектакльдерден кемшілікті көбірек көргісі келеді. Онсыз да иесіз қалған спектакль біртіндеп қожырап, сахнадан бойын сирек көрсетіп, ақыры өзінен-өзі ұмытылады. Бұған нақтылы дәлелдерді тым әріден іздемей-ақ, театр тарихына шолу жасамай-ақ, сөз етіп отырған соңғы жылдар шеңберінде-ақ болайық.
Қазақ совет драматургиясында ауызға ілініп жүрген көрнекті шығарма Әлжаппар Әбішевтің «Достың пен махаббат» пьесасы. Бұл бір жұртшылықтың қызыға көретін спектаклі еді. Осы театрдың бұрынғы бас режиссеры Аймановтың театрдан кетуімен байланысты бұл да жетімсіреп, жұтаң тарта бастады да, ақыры сахнада көрінбей кетті. Кезінде жұртшылықтың назарын аударған, баспа орындары мақтаған, халықаралық-саяси маңызы әлі күнге дейін зор Джемс Гоу жәнө Арнольд Дюссоның «Терең тамырлар» пьесасы, Асқар Тоқпановтың театрдан кетуімен байланысты сахнадан шығып қалды. Бұл сияқты режиссерлерінің етегінен ұстай жөнелген спектакльдер аз емес. Осы бір айтып отырған пікіріміздің айқын дәлелі етіп, енді сөз етпеуге қақымыз жоқ, күйінішті бір жайды айтпақпыз. Ол мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алған «Абай» постановкасы туралы. Жоғарғы сыйлыққа ие болғаннан кейін бұл постановка репертуардың жұлдызы болуы керек. «Абай жолы» романының көркемдік-идеялық қасиеті де осыны талап етеді. Роман оқиғасына қанық, ұлы ақын Абай творчествосымен таныс жұртшылық та осыны тілейді. Ал театрдан Шәкен Аймановтың кетуімен байланысты бұл постановка да өзінің алғашқы әсем көркінен айырылып, сүреңсіз қалыпқа түсуде. «Абай» спектаклінің соңғы күндерде қойылуы осы бір күйді анық ұққызды. Спектакльге әсем бір поэтикалық көрік беретін, Біржанмен Абай, оларды қоршаған өңкей өнерпаз, шоқтай құлпырған жастар тобы, асқақтаған әсем ән, көрікті күй көрінісі қазір мүлдем алынып тасталған. Осы бір жайды театрдың қазіргі бас режиссеріне жеткізгенде, өзінің бұл туралы ешбір қайғырмайтындығын аңғартты.
Академиялық драма театрының қазіргі репертуарында жұртшылыққа көрсетіліп жүрген 6-7 пьесаның төртеуін, атап айтқанда, «Амангелді», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Елең-алаңдағы махаббат» және «Сараң» спектакльдерін қойған, қазіргі бас режиссердің өзі. Ал осы пьесалар, барынша қандай ұқыптылықпен қойылады десеңізші?! Бұлардың ешқайсысы да репетициясыз қойылған емес. Осы бір жайды көргенде «Абай» спектакліне осылай неге қарамайды екен?» деген орынды сұрау туады.
Бұл айтылған фактілер театрда режиссерлердің жиі ауысып отыруының қаншалықты зиянды екендігін бірден көрсетеді.
Театр басшыларының арасындағы осындай қарым-қатынастар, совет суреткерлері үшін келіспейтін, ұсақ мінездер. Қысқасы, бұл дүние жүзіне үлгі болып отырған совет өңірінің қайраткерлеріне жат мінез.
Егер режиссерлердің жиі ауысуы репертуардың саны мен көркемдік сапасына зиян келтірсе, театр директорларының жиі ауысуы оның материалдық жағына зор кемістік келтіретіні администраторлық және бухгалтерлік жұмыстан ешбір хабары жоқ адамға да белгілі. Қойылғанына екі-үш-ақ жыл болған спектакльдердің декорациясы мен костюмдерінің тез тозып, ыдырап кететіндері де бұған толық дәлел.
Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры қазіргі сәтте творчестволық жағынан қатты күйзеліске ұшырап отыр. 1954 жылы театр жұртшылыққа бір де жаңа спектакль бере алмады. Театрдың бас режиссері Н. Хикметтің «Махаббат туралы аңыз» пьесасын қоюға кіріскеніне, міне, бір жыл болды. Театр коллективінің осы уақыттар ішінде не бітіргені белгісіз. Творчестволық тоқырау деген осы емес пе?
Театрдың осындай қысылшаң кезеңінде Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының не директорының, не оның орынбасарының, не болмаса бас режиссерінің өзінің ұлт тілін түсінетін адам болмауы аса қынжыларлық күй.
Театр директоры деген кім? Ол театр өнерін нәзік түсінетін творчество адамы. Ол жаңа спектакльдерді қабылдайтын, артистер ойынына пікір айтатын сыншы да болуы керек. Театрдың бас режиссер! сияқты, ол да театр репертуарын жасаушының бірі. Бұлар тіл білмегендіктен өзінің бар мүмкіншілігін сарқа пайдалана да алмайды. Бұл қазақ театрының тарихында талай ұшырасқан жайлар. Әрине, ол күйлерді қайталаудан гөрі, одан безген артық.
Қайсыбір елдің театр тарихына, оның өткен жолы мен тамаша дәстүріне көз салсаң, режиссер кадрларын, ең алдымен, өз қабырғасында тәрбиелеп шығарғандығын көреді екенбіз. Ал біздің театрымызда отыз жылғы өмірінің ішінде талай оқу бітіріп келген талантты жастар тобы болды. Бірақ олар назардан тыс қалып, тиісті творчествоның көмек-қамқорлығына алынбады. Өз қамын ойлаған бас режиссерлер талпынған жас режиссерлерді қақпайлап, қағажу қалдырып, реті келсе театрдан тайдырып отырды. Бірде-бір қазақ режиссерінің театр ортасынан өспегендігі үлкен ұқыпсыздықтан туған кешірілмес қылық.
Қорыта айтқанда, қазақ театр мәдениетінің қара шаңырағы 7 академиялық драма театрының қазіргі кейпі жалпы астана интеллигенциясын, жазушылар ұйымының көмегін, қозғау салуын талап етіп отыр.
1955
БАЙБАЛАМНАН БІРЛІК КҮШТІ
Әдебиет пен көркемөнер саласындағы қайраткерлердің алдына қойып отырған талап бүгінгі замандастарымыздың жарқын бейнесін жасау, олардың коммунизм құру жолындағы қажырлы еңбегін көрсету, жаңа адамдарымыздың рухани байлығын паш ету, көпке үлгі етіп ұсыну болып отыр. Бұл өскелең өміріміздегі ғажайып өзгерістердің иесі, бүкіл халқымыздың ақыл-ойы Ұлы Коммунистік партияның қойып отырған талабы. Жазушылардың бүкілодақтық III съезі де осы уранмен өткені мәлім. Партияның әдебиет пен көркемөнер иелерін өзінің сенімді серігі, көмекшісі деп атауында да зор саяси мән бар. Бұл біз үшін үлкен бақыт, демек, Отанымыздағы әрбір табыста жазушының да, мәдениет қайраткерінің де өз үлесі болсын, барлығына бірдей жауаптымыз деген зор сенімнен туған тұжырым. Жазушылар халық өмірімен бірге тығыз байланысып, біте қайнасқанда ғана осы талапты, осы сенімді ақтай алады деген сөз.
Біз енді республикамыздағы әрбір әдеби, мәдени өзгерістерге осы талап, осы сенім, осы міндет тұрғысынан қарауымыз керек. Бұл салада нендей жетістік, нендей кемшілігіміз бар деген сұрауға жауап іздесек, драматургия мен театрға айтылып жүрген талаптардың да бетін ашамыз. Театр мен драматургияның көп жұмысы, ең алдымен, республикадағы творчестволық; ұйымдармен тығыз байланысты екені белгілі. Демек, болған кемшілікке, табысқа сол творчестволық ұйымдардың басшылары да ортақ екендігінде дау жоқ. Кейінгі жылдардағы әдебиет пен көркемөнер саласындағы қол жеткен табыстарымыздың бәрі Москвадағы онкүндікке таразыға түсіп, белгілі бағасын алды, ол өз алдына. Содан кейін осы салада не істеліп жатыр, қандай жаңа шығармалар туды, әдебиет пен көркемөнерге қойылып отырған бүгінгі талапқа жауап берерліктей неміз бар деген сұрақ туады. Әдебиетіміздің, көркемөнеріміздің негізгі тақырыбы бүгінгі күн тақырыбы болу керек екендігі кейінгі жылдардағы партиялық құжаттарда арнайы аталып келеді.
Рас, өткен жылы театрларымыздың репертуарына бүгінгі күн тақырыбына арналған Ә. Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес», С. Адамбековтың «Күн мен көлеңке», Р. Райымқұлов пен Қ. Исабаевтың «Ашынған адамдар», В. Абызовтың «Ғашықтар айласы» атты шығармалары қосылып, бұл салада аздаған серпілу бар екендігін аңғартты. Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Достық жолы» балеті де зор табысымыз болып саналады. Әрине, бұлар тілек-талаптың бәріне бірдей жауап берерлік мінсіз шығармалар деген пікірден аулақпыз. Әрқайсысының өзіне тән жеке-жеке кемшіліктері де бар. Бірақ сеніммен айтатын бір шындық бар. Ол жазушыларымыз бүгінгі күн тақырыбына шұғыл бет бұрды деген шындық. Одан кейінгі кездері өзіміз танысқан, әлі сахна бетін көрмеген, бүгінгі өмірімізді бейнелейтін Ғ. Мүсірепов пен К. Игнатюстің «Қоғамдық соты», Ш. Хұсайыновтың «Таныс адамдары», Қ. Шаңғытбаев пен Қ. Байсейітовтың «Алтын таулар» либреттосын қоссақ, тағы да бір тартымды еңбектердің туып келе жатқанын көреміз. Әлбетте, бұл айтылған бір-екі шығарма сан салалы өміріміздің жан-жақтылығын қамтитын еңбектер еместігі мәлім. Бұдан туатын қорытынды бүгінгі күн өмірін бейнелеуге арналған шығармалардың әлі де болса тақырып шеңбері тар, үлкен әлеуметтік проблема қоятын еңбек жоқ екендігін дәлелдейді.
Бүгінгі заман тақырыбына музыкалық ірі шығармалар жазу да өте баяу. Композиторлар тарихи тақырыптарға айналсоқтай береді. Қазақтың Абай атындағы опера, балет театрының сахнасында бүгінгі өмірге бағышталған бірде-бір опералық шығарманың көрінбеуі қынжыларлық жайт. Баспа беттерінде көбіне осыған жазушы, композиторлар кінәлі деген пікірлер көрінеді. Қаншама ұйымдастырып жатырмыз дегенмен, мұнда да шындық бар. Биылғы жылдың өзінде драматург, композиторлармен екі-үш рет кеңес өткізілді, ондағы әңгіме негізінен репертуар мәселесі болды. Тіпті, кейбір авторларды жеке-жеке шақырып сөйлескен жайлар да жиі болды. Не пайда, әзір мардымды нәтиже көрінбей келеді. Бұған кім кінәлі? Ең алдымен, республикамыздың Жазушылар одағы мен Композиторлар Одағы кінәлі. Сіздер театрларыңызды әлі де болса советтік өмір шындығын бейнелейтін кең тынысты, өскелең өмірлі қазіргі заман тақырыбына арналған шығармалармен қамтамасыз ете алмай отырсыздар. Әрине, шығарма жазу коллегияның қаулысымен пәлен мыңның кітабын тарату сияқты ұйымдастыру мәселесінен әлдеқайда қиын екендігі баршаға мәлім. Нағыз көркем шығарма, ең алдымен, бүгінгі күннің талабын терең түсінген, халық жүрегімен тілдесе білген, халықпен біте қайнасқан, заман алдындағы борышын жан-тәнімен жауапты ұғынған ғана суретшінің қолынан тумақ. Олай болса бәріне бірдей театрлар мен Мәдениет министрлігі кінәлі деген байбаламмен басын алып қашу, сыпайылап айтқанда, творчестволық дәрменсіздік, заман талабын түйсіне ұғынбаушылық болып шығады.
Баршамызға белгілі КПСС Орталық Комитетінің әдебиет, мәдениетке арналған тарихи шешімдері еңбекшілер арасында көркемөнерпаздар коллективінің өрістеуіне мол мүмкіншіліктер беру керек екендігін атап көрсетті. Қажырлы еңбек иесі хақымызды коммунистік рухта тәрбиелеуде халық театрларының өнерпаздар үйірмелерінің үлкен рөл атқаратындығы мәлім. Осыған орай бүкіл Одақ көлемінде «халық театрлары» құрыла бастады. Қазақ ССР Мәдениет министрлігі облыстық мәдениет басқармалары мен театр режиссерлерінің, мәдениет қайраткерлерінің бас қосқан кеңесін өткізгенде жергілікті жерлерде «халық театры» атағын алуға ынта көрсеткен бірнеше коллективтердің бар екенін анықтады. Көптеген көркемөнерпаздар коллективі өз сахналарында совет авторлары мен классиктердің көлемді шығармаларын қоюмен өздерінің зор қабілетін көрсетіп, қалың қауымға эстетикалық тәрбие беруде абыройлы жұмыстар өткізіп жатқандығын байқатты. Көптеген коллективтердің өз материалдық базасы жеткілікті болуымен қатар, орындаушылық шеберлігі де жоғары дәрежеде, көруші жұртшылықтың сый-құрметіне ие болып отыр. Республикамыздағы осы бір мәдени қозғалыстың барысын жан-жақты зерттей отырып, ірі-ірі 17 көркемөнерпаздар коллективіне «халық театры» деген атақ берілді. Осы театрлардың режиссер кадрларын дайындауға екі айлық курс ашылды. Оның үстіне келешек те республика театрларын режиссер кадрларымен қамтамасыз ету мақсатымен Алматы консерваториясының жанынан режиссерлер дайындайтын арнаулы бөлім ашылып отыр.
«Халық театрлары» өнерпаздың жағынан осы күнгі драмалық-профессионалдық театрлардан кем түспеу жағы ескеріліп, жергілікті партия, совет, кәсіподақ ұйымдарының тікелей басшылығында болмақ. Әрбір «халық театры» өз сахнасында жылына 3-4 ірі көлемді, 5-6 шағын көлемді шығармалар көрсетуі шарт. Міне, көріп отырсыздар, репертуар дайындау мәселесі бұрынғыдан да жауапты, бұрынғыдан да ұйымдастыру жағының икемділігін талап етеді. Біздің драматург жазушыларымыз да бұл салада бұрынғыдан да өнімді еңбек етуі керек, осі і күнге дейін шағын көлемді пьесалар жазуға көңіл бөлінбей келді. «Халық театрларының» құрылуы бұл жанрдың жанданып, театр сахнасынан өз орнын алады деген сенім зор. Бұдан бұлай репертуар дайындау мәселесінде Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы жауапкершілігін түсінеді деп білеміз.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі заман тақырыбына бет бұруға жазушылар, композиторлар жұртшылығын жұмылдыра түсуде оның баспасөз орындары да дәрменсіздік жасап отыр. «Қазақ әдебиеті» газеті жалпы әдебиет мәселесімен бірге театр, драматургия, музыка мәселелеріне көңіл бөлмей келді. Басқаны былай қойғанда, тікелей байланысы бар драматургия мәселесінде де проблемалық мақалалар жарияламайды. Жалпы мәдениет саласында тек қана ұсақ хат-хабарлар берумен ғана шектеледі. Газеттің осы жылғы сандарында репертуар, театр жайлы жарияланған мақалалар өте азусыз, жалпылама күңгірттіктен арылмай келеді. Жаңа туған шығармаларға профессионалдық талдау жасап, авторға ақыл-кеңес беріп, ой саларлық, өзгеге үлгі боларлықтай теориялық сауатты мақалалар көрінбейді. Оның орнына немесе жер-көкке тигізбей дәріптеу, немесе жерден алып, жерге салып жамандау сияқты екі ұшты пікірлерге құрылады.
Маусымның ашылу қарсаңында газетте бір-екі мақала жарияланды. Онда не тілек, не талап қойып отырғаны да беймәлім. Мәдениет министрлігі жастарды театрға жуытпайды, кемшілігіміз азап шегіп жүрміз деген сарында бір зардың үні бар. Ол қандай жас, нендей шығарманың авторы екені және белгісіз. Жә, Мәдениет министрлігі шынында солай делік, сол танылмай қалған жас талантты Жазушылар одағы неге көрмейді? «Мына бір жарып шыққан таланттың шығармасына неге назар аудармайсыңдар?» деп айтса қайтеді? Демек, жақсы шығарма жазып еленбей қалған жас драматургті біз әлі көргеніміз жоқ.
Асылында, жас жазушыларды баулу, ең алдымен, Жазушылар одағының міндеті. Сондықтан ондай өкпені орынсыз да болса Жазушылар одағына айтқан абзал. Сол мақаладағы «жастарды бетке қағады» деген байбаламның дәлелсіз екендігіне жас драматургтердің «Беу, қыздар-ай!», «Бөлтірік бөрік астында» комедияларының академиялық драма театрының сахнасына қойылғандығын айтсақ та жеткілікті. Сол сияқты республикалық жасөспірімдер театрының сахнасына шыққан драматургтер Р. Райымқұловпен Қ. Исабаевтың «Ашынған адамдар», С. Адамбековтің «Күн мен көлеңке» атты шығармалары «бетке қағудың» нәтижесі емес шығар? «Осы авторлардың шығармалары зорға дегенде жарық көрді», деп мүсіркеген болады Ш. Хұсайынов иен А. Сатаев. Егер театр коллективі шығарманың көркемдік идеялық тұрғысын көтере түсу керек деген талап қойса, онда тұрған не айып бар? Мақала авторларының осы тілекті «бетке қағу» деп түсінуі өте аянышты.
Осындай нәрсіз, күңгірт мәселенің бірі 7 тамызда.(1960 ж.) жарияланған «Жалаң тартыс драматургияға арқау емес» атты М. Дүзеновтың еңбегі. Өзі шағын мақаланы «Тип және дәуір», «Ұлттық сипат», «Бүгінгі өмірдің тақырыбы» деген үш түрлі тақырыпқа бөліп жазыпты. Бақсаң, аттары тамаша. Ал оқи бастағанда мұндағы ой қойыртпақтығы алғашқыдан да басым, ақты ақ, қараны қара десе десін, бірақ неге олай, себебі неде? Тақырыбы дардай мақалада ашып айтпасқа болмай ма? Бұдан газет не ұтты, драматургтерге қандай көмек көрсетті? «Ұлттың сипат жасай алмаған ұлт жазушысы шын мәнісінде мазмұны социалистік, түрі ұлттық көркем шығарма тудырмақ емес», деп шіренеді Дүзенов. Ал солай-ақ болсын. Содан кейін «Еңлік Кебекті», «Қозы Көрпеш Баян сұлуды», «Ақан сері Ақтоқты», тағы басқа тарихи-фольклорлық тақырыпқа жазылған шығармаларды тізе бастайды. Бұларда ұлттық колорит мол, «кейіпкерлер сөзінен де ұлттық үн естіліп тұрады» деп зар қағады. Саптама етік, үкілі найза, қима шапан кигенде ғана ұлттың бейне болып, көмір қазып, бұрғы ұстап, темірмен тілдесіп, тың игерген халықтан ұлттық бейнені автор көре алмайды. Біріншіден, тарихи формацияны ескеру жөн. Социалистік ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының өміріндегі саяси-экономикалық, әлеуметтік өзгеріс былай тұрсын, оның сапасындағы болған үлкен өзгеріске үңіле қарасақ, біз ұлттық бейне дегеннің жаңа бір формасын, жаңа бір құбылысын байқаймыз. Интернационализм, патриотизм қасиеті өз алдына, жалпы рухани дүниесі байып шын мәнінде ұлт атанып есейген бүгінгі қазақ халқының өміріміздің қай саласында да мақтан етіп, бетке ұстары мол. Сонау ғасырдағы қазақ пен бүгінгі қазақтың айырымын аңғару сауатты адамға мәлім болса керек. Әңгіме соның кілтін тауып, көркем шығармада бейнелей білуде. Әдебиеттегі ұлттық бейнені сөз ету деген үлкен теориялық, философиялық проблеманы сөз ету. Олай болса бұл мәселеде сөйлеу үшін, ең алдымен, автор өзі маркстік-лениндік іліммен берік қаруланған, саяси сауаты терең болуы шарт. Демек, бұл философиялық проблема. Осы екі мақалаға тоқталған себебіміз Жазушылар одағының баспасөз орындары драматургтерімізге, театрларымызға нағыз дос, кеңесші болса екен демекпіз. Бұл сияқты тұздықсыз, сұйық мақалалардың тигізер пайдасынан зияны мол. Оның орнына драматургияның түбегейлі мәселелерін көтеріп, қолда бар шығармаларға байыпты-байсалды талдаулар жасалып, жөн-жосық көрсетіп отырғаны орынды болар еді.
Сөз орайы келген соң айта кету керек, «Қазақ әдебиеті» газета «Мәдениет министрлігі газет дабылына неге құлақ аспайды?» деген мақала жариялады. Онда Мәдениет министрлігіндегі жолдастар біз көтерген мәселелерді тыңдамайды деген өкпе айтылды. Өз тарапымыздан сол мәселелерді тексере келгенде нені көрдік? Біріншіден, қарға адым жерде отырып «Қазақ әдебиеті» газеті бұл министрліктің не істеп, не қойып жатқанымен жұмысы жоқ. Кейінгі екі-үш жылдың ішінде ғана театр, музыка тарихын зерттеу саласында, композиторлардың шығармаларын жеке жинақ етіп шығаруда 20-дан астам еңбек жарық көрген екен. Соның бірде-біріне осы газет тиянақты пікір айтып, жұртшылыққа таныстырған жоқ. Газет көтерген «Репертуар мәселесін соз еткенде» деген мақаласы көбіне ұзынқұлаққа құрылғандығы кейін анықталды. Әрине, драмалық шығармалар аудару мәселесіндегі кейбір орашолақтықтар қазір бір жөнге қойылды. Ал музей, ескерткіш, цирктер салу деген тек қана Мәдениет министрлігінің құшағына сыятын дүние емес. Осындай орындардан гөрі тұрғын үйлер және мектеп салуға көңіл бөлінсін деген КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер қаулысы «Қазақ әдебиеті» газетінің басшыларына да белгілі болса керек. Сайып келгенде, буынсыз жерге пышақ ұра беру де орынды болмас. Газеттің «ұлт кадрларын даярлауға Мәдениет министрлігі көңіл бөлмей отыр» дегені де таңданарлық тұжырым. Өйткені республикамыздағы тоғыз орта және жоғары дәрежелі музыкалық оқу орнында 356 қазақ жастары, Москва, Ленинград қалаларындағы көркемөнер оқу орындарында Мәдениет министрлігінің тарапынан 100-ден аса қазақ жастарының оқып жатқандығын айтсаң та жеткілікті.
Қазақта талантты скрипач, пианистер неге жоқ? Мәдениет министрлігі бұған да кінәлі деген сөзді айту үшін аздап ақылға салып алған да жөн. Талантты скрипач пен пианистердің талайы назардан тыс қалды деу үшін де бір адамның атын болса да мысалға келтіру керек еді. Қазақтың ұлттық маман кадрларын дайындауға жалғыз ғана «Қазақ әдебиеті» газетінің жаны ашып, басқа орындардың қарап отырмағандығын да ескерген жөн.
Жергілікті жерлерден келген қысқа хабарларды жариялап, халық тілегін еске салып отырған әбден дұрыс. Бірақ бір жылда осынша хабар-хатын жариялап, Мәдениет министрлігіне үлкен көмек көрсетіп отырмыз деу де ақылға қона қояр ма екен? Баспасөз орындарының міндеті, ең алдымен, үлкен проблемалық, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алдында тұрған түбегейлі мәселелерді игеруге көмектесу болу керек. Қазақстанның 40 жылдығына байланысты Қазақстан Орталық партия комитетінің қаулысы шықты. Таңдаулы шығармаларға республикалық конкурс жарияланбақ, осы бір саяси маңызы күшті мәселенің баянды өтуінде де баспасөз орындарының атқаратын рөлі орасан.
Жуырда Мәдениет министрлігінің коллегиясы Жазушылар одағы және Композиторлар одағымен бірлесіп жасаған театр репертуарының (драмалық, музыкалық) үш жылдық жоспарын бекітті. Осы үш жылдың ішінде 30-дан аса драмалық шығармалар, бес опера, екі балет жазылмақ. Міне, осы игі істің орындалуына да Жазушылар одағы мен Композиторлар одағы белсене қатынасуы шарт. Болған кемшіліктерді бірімізге-біріміз аудара салмай, бірлесе жойып, бірлесіп еңбек істеген дұрыс болар. Сонда ғана біздің халық тілегіне сай тамаша шығармалардың тууына себіміз тиеді. Бірлесіп істеген жұмыста береке болмақ, байбаламнан бірлік күшті.
1960
ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ
Бізде сахнада тарихи және фольклорлық тақырыпқа жазылған шығармалардағы қазақ әйелдерінің бейнесін көргенде: «Ой, бұл ол кездегі әйелдерге тон емес» деген күңкіл өз арамыздан шықса, жалпы Шығыс, әсіресе, мұсылман Шығысынан хабардар өзге көрермендер бұрынғы қазақ әйелдерінің бойынан араб, парсы, түрік әдебиеттерінде ғасырлар бойы қалыптасып көңілге ұялаған, көз үйренген Ләйлінің, Зухраның, Шырынның үлгілерін іздейді. Алғашқы күңкіл өзімізді-өзіміз терең білмегендіктен туды, екіншісі сыртқы көзге дұрыс сияқты. Өйткені дін атаулы ұлтына қарамай, өзінің қатал ережесімен «дін қарындастық» деген ұғым-сенімге бағындырады, сондықтан өзге көрермендер көбінесе осы тұрғыдан қарайды. Ал енді осы өлшем бұрынғы қазақ қауымындағы әйелдердің атқаратын азаматтық орнына сай келе ме? Әлбетте, келмейді. Неге дейсіз ғой, осыған орай мынадай пікір айтқым келеді.
Өз басым күні бүгінге дейін санамызға сіңіп, қалып алып кеткен: «Қазақ әйелдері бұрын қор тірліктің құрбаны болып келген, әлеумет өміріне араласа алмаған» деген пікірге түгелдей қосыла бермеймін. Рас, ислам діні Орта Азияға тарағалы отырықшы елдерді тез баурап алғанмен, бар тірлігі мал шаруашылығы мен көпшелі өмірге байланысты қазақ халқының әлеуметтік ортасына дендеп, өзі ойлағандай ықпалын тигізе алған жоқ. О бастан әр түрлі наным-сенімдердің (шаманизм, буддизм сияқты діндердің) элементтері болған елде ислам діні кең шеңберін жая алмады. Негізгі бір дінді ұстамаған халықтың әйелдеріндегі мінез-құлықтың қалыптасуы да өзгеше болғанын аңғарамыз. Оған біздің әдеби мұраларымыздағы әйелдер образының ерекше тұратындығы айғақ. Егер біз мұсылман Шығыс әдебиеттерінде мұң-зардың, қор тірліктің құрбаны болған әйелдерді кездестірсек, қазақтың революцияға дейінгі ауыз әдебиеті мен ішінара жазба әдебиеттерінде әйелдердің әрі ақылшы, әрі опалы жар, ердің ең сенімді серігі екендігін дәлелдейтін тамаша образдарға тап боламыз.
Ескі әдеби нұсқалардың қайсыбірінде болсын, әйел образы ұнамды, сүйкімді, тартымды суреттеледі. Аңыз-ертегілерден бастап, тарихи жырларға дейін қазақ әйелдерінің орны ерекше. Халықтың әйгілі шешені Жиреншенің жары, ақыл-парасаты жағынан қысылғанда жол табатын Қарашаштың бейнесі ғажап үлгі емес пе? Бағы заманнан халық ішінде кең тараған «Жақсы еркек жаман әйелді қатарға қоса алмайды, ал жақсы әйел жаман ердің басын елге теңейді» деген мақалдың түпкі негізіне зер салсаң, қазақ қауымында әйел атқаратын ролдің қаншалықты мәнді, маңызды екенін көреміз. Қазақтар дүниеге келген қыз баланы ерекше бағалаған. Ол, ең алдымен, өріс кеңейтер ұрпақтың ұйтқысы саналса, кей жағдайда жастайынан еркек-шора атанып, ұл орнына бағаланған. Мысалы, «Қыз Жібек » поэмасындағы Сырлыбай ханның қызы Жібектің ақыл-парасаты айналасындағы өз ағаларынан да әлдеқайда биік көрінеді. Қазақ әйелдері еш уақытта ислам ережесіне бас иіп, беті-жүзін жасырып көрген емес. Ол өзін ермен тең санап, ел намысын қорғауда әрдайым көзге түсіп отырады. Қазақ қыздары сәннің де, салтанаттың да, табиғаттың бар бояуларының сұлулығын сезіне өсіп, ән-күй, жырлардың бас кейіпкері, кейде соның иесі авторы болып келеді. Керек кезінде қол бастаған қыздардың да бейнесі ауыз әдебиетінде баршылық. Ру тартысының қиян-кескі кезеңінде бір рудың туын ұстап, сөзін сөйлеген би қыздардың бейнесі осы күнге дейін жеткен көп әдеби мұралардың негізгі өзегі. Бекежан Төлегенді өлтіріп келгенде: «Атадан туған алты аға, тірімісің, қайдасың?» деп ұран тастаған Жібек өз махаббатының намысын қорғауға шақырады. Төлегенмен әзіл-қақтығыс үстінде ойнақы мінез, өр қимыл танытатын Жібек өз бас бостандығы үшін, сезім азаттығын қорғай білер қуат иесі екендігін байқатады. Бір көргеннен ғашық болған Төлеген Қыз Жібекті ашындыру мақсатымен:
Қыз Жібек мінген күймесін,
Күймеге тағып түймесін,
Қайдан білдің, Жібек-ау,
Іздеп келген Төлеген
Мал беріп сені алмасын,
Ақ қойныңа енбесін,
Ақ төсіңе мінбесін? –
дегенде Жібектің жалма-жан:
Жақсы айтасың, Төлеген,
Сіздей-сіздей әр жерден
Неше жігіт келмеген?
Бәрі де айтқан: «Жібек-ау,
Сені алмасам!» демеген.
Көбісі келмей шеніме,
Іңкәрда болып жөнеген.
Келсең, кел шындап қасыма,
Шәй мамығым басыңа
Жатпас па едім қасыңа.
Алуа шекер беремін
Ішетұғын асыңа.
Келсең келгін, Төлеген,
Құрметің мұндай, мінеки.
Келмесең, арман кете бер,
Бар дамбалым басына, -
деген жауабында қыз мінезінің өткір өктемдігімен қатар, жігіт жігерін сынға салудың сыры жатқан жоқ па? Мұндай ашық ақиқат әңгіме, бетпе-бет қақтығысу қай Ләйлінің, қай Шырынның, қай Зухраның, өңі былай тұрсын, түсіне кіріп еді? Мұндай мінездер Шекспир әйелдерінің, әсіресе, «Асауға тұсаудағы» Катаринаға тән қылықтар емес пе? Төлеген мен Жібектің осы кездесу сәтінде ерке назға аралас қаншалық ерлік, тәкаппарлық, асқақтық жатыр десеңізші.
Осындай бейнелердің бірі «Қобыланды» жырындағы Құртқа. Ол Қобыландыға ақылшы болумен бірге, «түтікпенен су ішіп, түндікпенен күн көретін» ер қанаты Тайбурылды баптаған ат иесі болып танылады. Құртқа әрі көреген, алдын болжап, мегзеп отырады. Сондықтан да халық «Алып анадан туады» дегенді бекер айтпаса керек. Асылында, әйелге деген ілтипат, оған деген зор құрмет қазақ қауымында культке айналған.
Бүгін түскен келіншектің бетін ашарда ол келген босағаның барлық қадір-қасиетін баяндай отырып, ағайын-жекжаттың, туыс-туғандардың, ата-ененің мінез-құлқындағы міндер де кезінде айтылады. Жаңа келген келіннен ештеңе жасырмайды. Өйткені ол бұл үйдің бұдан былайғы дастархан иесінің бірі, ата-ананы сыйлай отырып, әрі тәрбиеші, әрі қамқор, әрі ердің өзімен тең серігі саналады. Беташар үстінде оған көптеген үлгі тұтар жақсы қылық-мінездерді тәптіштеп, есіне сала отыра, бойды аулаң ұстайтын рабайсыз қылықтарды да шенеп, мінейді. Қыскасы, беташар жырының өзінде тәлім-тәрбиенің, әдеп-өркеннің бар ережесі ескеріліп, қазақ қауымында әйелдің алатын орны ерекше көрінеді. Мұндағы қозғалатын мәселе жаңа түскен келіннің алғаш дербес тірлікке алған сабағы сияқты болып көрінеді. Жаңа келіннің келуі бір үйдің ғана емес, бір ауылдың ғана емес, бүкіл елдің, жапсарлас жатқан екі рудың ортаң қуанышына айналады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын деген сөз әйел бақытына деген халықтың қуаныш, махаббатын анықтайды. Арғы-бергі қазақ қауымының тарихында келін түсіріп, қыз ұзатудан артық той-думан болған емес. Қыз баланың өз босағасындағы орны ұзатылғаннан кейін де бағасын жоймайды. Жақсы қыз тәрбиелеген ана әрдайым ардақты. «Анасын көр де қызын ал, аяғын көр де асын іш» деген мақал қыз тәрбиесінің, ана мұратының қаншалықты жоғары бағаланатындығын дәлелдейді.
Қазақ жырларында өз махаббаты үшін еш нәрседен тайынбайтын, әділет үшін басын тігетін ақыл иесі, өр мінез қыздар бейнесі көп кездеседі дедік. Солардың бірі «Ер Тарғындағы» Ақжүніс өзінің соңынан қуып келген әйгілі батыр Қарт Қожақты ақыл-парасатымен тоқтатады. «Ей, Қарт Қожақ, Қарт Қожаң, атыңның басын тарт, Қожақ», деп басталатын өктем сөздер осы батырдың балалық шағынан бастап өмір жолын баяндап, ерлік-серілігін жоғары бағалай отырып, қазір қартайып қалғандығын, өзіне тең еместігін дәлелдейді. Сөйте тұра өзінің асқан арулығын, тек қана Тарғындай ерге лайың екендігін жасырмайды.
Бұқар барсаң қолаң бар,
Қолаңды көр де шашым көр.
Зергер барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр.
Немрам барсаң пісте бар,
Пістені көр де мұрным көр.
Әр шаһарға қарасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де көзім көр.
Самарқан барсаң мендел бар,
Менделді көр де тісім көр.
Ұсталар барсаң қасында
Тартулы жатқан сымдар бар,
Сымды көр де қолым көр.
Тоғайға барсаң тоғайда
Домаланған қоян бар,
Қоянды көр де жоным көр.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр, −
деген сөздерде қаншалық сұлулық сыры жатыр?! Мұндағы теңеу, бояу суреттер ару жүзін көз алдыңызға елестетеді. Өз бойының осынша сұлулығын баяндай білген қыздың өр мінезіне зәредей күмән келтіруге болмайды. Бұл қандай күрестен де тайынбас, өз мақсат-мұратына жетуге құрбан болуға даяр қыздың қылығынан туған ғажайып көрініс. Қыз баланың қазақтың әлеуметтік өміріндегі тағы бір ерекше орнын танытатын «Сөздің түбін шын бекітер, судың түбін шым бекітер, даудың түбін қыз бекітер» деген ғажайып мақал бар. Ғасырлар бойы көшпелі өмір кешкен қазақтың ұлттық тілінің, жақсы әдет-ғұрпының, мәдениетінің қалыптасуында тамаша бір сыр бар сияқты. Өйткені біздің тілімізде өзгеше жатқан диалектілік айырма шамалы. Меніңше, Арқадан қыз алған Сырдың елі сол қыз арқылы келген әдет-ғұрып, дәстүрлерін, тілді өзіне сіңірсе, Арқаға қыз берген Сырдың елі арқылы бұл елдің де кейбір тіл ерекшелігі сонда барып сіңіседі. Осылай қыз алып, қыз берудің арқасында қазақ тілінің бір-бірімен жымдасып, ұғымдасып қалыптасуына жағдай туған ба деп те ойлаймын. Өйткені жеке сөздер болмаса, осы күнгі батыс қазақтары мен шығыс қазақтарының әдеби тілінде айырма жоқтың қасы. Бұл сапарда әйел қауымының атқарған рөлі мықты болса керек. Ұлттың тілімізді «ана тілі» дейтініміз де содан емес пе?
Біздің әдебиетіміздің қырғызды, қарақалпақты былай қойғанда, көп халықтардан айырмасы мол саласы айтыс. Оның ішінде қыз бен жігіт айтысы. Бұл айтыстарда қыз да, жігіт те екі рудың немесе екі елдің туын ұстай сөйлейді. Ел намысы мен ер намысы бұлардың қолында. Асқан ақылдылық, ақындық, шебер шешендік, көсем көрегендік осы айтыс үстінде танылады. Екі жақтың батыр-бағланы да, сән-салтанаты да кең сөз болады. Көп жағдайда қыздың жеңілуі жасынан айттырып қойған күйеуінің мініне барып соғады. Бұл сәтте қыз оз ел-жұртына арызын айтып тоқтайды. Кей айтыстарда жеңілген жігітіне жар болып кеткен қыздар аз емес. Мұның өзі қазақ қауымындағы әйел бостандығының ерекше бір көрінісі. Әлгі барар жері нашар болған қыздар зар-мұңын ағайын-туғанына айтады. Кеншімбай мен Айсұлудың, Біржан мен Сараның айтысы осы төңіректе.
Қазақ қоғамындағы әнші әйелдер, күйші әйелдер ерекше құрмет, сый-сияпаттың иесі. Қай жерде той болса, соның сән-салтанатын, әр-ажарын келтіреді. Он саусағынан өнері тамған қазақ әйелдері біздің бай қолөнеріміздің де негізгі авторлары. Кілемнен бастап, түндікке дейін, басқұр мен шиден бастап, босағаның бауына дейінгі ғажайып өрнек-оюлар қазақ әйелдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан ұшан-теңіз өнерінің негізгі белгілері. Қазақ әйелдері үйдің иесі жолаушылап кеткенде, тек қана отбасының иесі емес, бүкіл ауылдың басшысы, көзі болып қала береді. Ат басын тіреп келген қонақ та үй иесін жоқтамайды. Білгір, көсем әйелдер бар жабдығымен қонағын қабылдап, жол-жоралғысынан жығылмай, барынша риза етіп аттандырады. Ислам дініндегі елдердің әйелдерінде мұндай еріктілік қазақтан басқа ұлттарда кездесе бермейді. Бір елді аузына қаратқан бәйбішелер, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген сұңғыла шешен қыздар, жаудың жігерін құм еткен, желігін жүндей түткен адуын, асқақ, батыл әйелдер қаншама десеңізші!
Дала өміріндегі еркіндік, табиғатпен тікелей өмір кешкен қазақ; қауымының қыздарының мінезі де ерекше қалыптасқан. Енді бір сапарда олар, бір жағынан, шабандоз, кейде мерген болып келеді. «Еңлік Кебек» хикаясындағы Еңлік қыздың мергендігі талайды таңғалдырады. Мұндай мысалдар әдебиетімізде жиі кездеседі. Батыр қыздың, тапқыр, ақылды қыздың, ақын қыздың, зергер, шебер қыздың, би, көреген қыздың неше түрлі үлгісі қазақ әдебиетінде өте мол. Осы үзілмей келе жатқан үрдіс, мирас жолдар кейін жазба әдебиетте де мықты көрінді. Әсіресе, «Абай жолы» романындағы ару, ақылды қыз-келіншектер мен байсалды, би бәйбішелердің тобына кездескенде, сонау ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып келе жатқан әйелдер қауымы еске түседі. Ешбір жаудан беті қайтпаған, осы жолы сүрінер жеріне келіп отырған Арқаның адуын, аға сұлтаны Құнанбайды да өлімнен күшті ұяттан құтқаратын Сара апаңның бір ауыз сөзі. Жыл өткізіп Бөжейдің асына келген Құнанбайға Бөжей қыздары мін айтып, айып таға бастағанда:
Мына да қарлар не дейді?
Жақсыдан жаман көбейді.
Ескінің асы л көзі еді,
Ұрлап та көмдің Бөжейді, −
деп қарсы шабуылға шыққан Сара апаң Құнанбайды осы бір киын кезеңнен алып қалады. Өмірі әйел қауымына жылы ұшырамаған Құнанбай: «Бақсаң Сара апаңды бақсайшы», деп ризалығын білдіреді. Сәбиттің Сұлушашы мен Ботагөзі, Ғабиттің қыз-келіншектері сол айтулы арулардың шөберелері, жақсы ұрпақтары.
Қазақ әйелдерінің бойындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өр мінез, өктем қайраттың бір көрінісі кешегі Отан соғысының кезінде ерге тән ерлік танытқан Әлия мен Мәншүктің қимылы. Бүкіл Советтер Одағындағы мұсылман халықтарының ішінде майдан қаһарманы аталған екі әйелдің екеуінің де қазақ қызы болуы кездейсоқ емес. Осының өзі сонау бағы заманнан аңыз, ауыз әдебиетінде қалыптасқан тірлік, өмір ерекшелігі туғызған еркіндік, азаттық, ерлік үлгілеріндегі қазақ әйелдерінің дәстүрлі бейнесінің жалғасы деп білемін.
«Қазақ әйелдері қор тірліктің құрбаны ғана болды» деген сөзге қосылмайтын себебім осы. Сондықтан қазақ әйелдерінің фольклорлық-тарихи тақырыптағы бейнесін жасауда бүкіл халықтың әлеуметтік тірлігіне байланысты, ұлттың мінезге, психологияға сыйымды, нанымды бояулар іздеу керек. Жалпы мұсылман Шығысына тән үлгіге жүгіру, жүгіну, сөз жоқ, сахналық жалғандыққа әкеп соғады.
Біз үлгі алар өнегелі аналарымыз бен апаларымыз көп болған. Олар заман тарлығына, қоғам қапастығына қарамастан, өз намысын қорғап, әдептілік пен ақылдылықтың кезінде үлгісін көрсетті. Біздің бүгінгі қыз-келіншектеріміз сол аналардың асыл қасиеттерін қалай қабылдап отыр? Октябрь революциясы алып берген жаппай теңдікті қалай түсініп жүрміз? Меніңше, осындай ортаға салар өзекті әңгіме көп сияқты. Бұл саладағы ашық әңгіменің әлеуметтік өмірімізге тек қана пайдалы болары сөзсіз.
1971
ТАҚЫРЫП ПЕН ТАҒЫЛЫМ
Меніңше, қандай бір жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да, ол өзі өмір кешіп отырған заманының идеясы рухында заманының мүддесін көздеп, заманының мұқтажын іздейді. Замандасының талғамына сай, дәуірінің талабына жауап қарастырады. Соны тапқан бүгінгінің жазушысын бүгінгінің сөзін айтып отыр деп білемін.
Асылында, тақырып атаулыны жіктеп-жіліктеп жатудың өзі әдебиеттегі шартты ұғым болса керек. Бүгінгі замандас бейнесін өнер туындысының арнауы ету ертеңгінің қамы болса, тарихи шығарма жазу бүгінгінің де, ертеңгінің де қамы. Керек десеңіз, бүгінгі жайлы жазылған шығарманың өзі тарих, кезеңнің шежіресі, келешекке мұра.
Әлдеқашан тарих меншігіне айналған Шекспир, Толстой, Әуезов шығармаларын бас алмай оқуымыздың өзі сондағы ұлы ойлардың қай заманмен болса да үндесіп жатқандығында.
Әңгіме тақырып төңірегінде қозғалса, «тақырыбы ұсақ екен» деген жаттандыға айналған жырынды үкімді жұрт сыншылардан жиі естиді. Өз ұғымымша, ұсақ тақырып жоқ, ұсақ жазушы бар.
Мысалы, Лев Толстойға дейін 1812 жылғы Отан соғысы жайлы орыс әдебиетінің өзінде қаншама шығарма әр жанрда жазылды.
Сол соғыстан он алты жыл кейін туған Лев Толстой 1869 жылы «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын аяқтады. Бұл тақырыпқа Л. Толстойдан кейін де қалам ұрған жазушылар аз емес. Бәрін таразылай келгенде, «Соғыс және бейбітшіліктен» еңсесі биігі бар ма? Сондай-ақ, I Петр туралы да орыс әдебиеті екі ғасырдан аса жазып келеді, әзірше әдебиет активі Алексей Толстойдың Петрі ғана емес пе? Басқаны былай қойғанда, біздің өзімізге Амангелді жайлы ор жанрдан бірнеше шығарма жазылды. Бұлармен салыстырғанда жас жазушы Қоғабай Сәрсекеев бұл тақырыпқа өз танымымен, ой толғауымен келіп отырған жоқ па? Бұл − өсер әдебиеттің бәріне тән құбылыс. Қайдан оқығаным дәл қазір есімде жоқ, адам қоғамының шығыс-батысының бүкіл рухани мұрасында күні бүгінге дейін барлық өнер атаулыға ортақ өзек болып келе жатқан, отыз үш-ақ мотив (тақырып десеңіз де болады) бар екен. Оған әзір қосылған отыз төртінші жоқ. Данышпанның да, таланттың да, орта қолдың да, әуесқойдың да бар тірлігі әзірше осы отыз үштің айналасында көрінеді. Ерлік те, ездік те, махаббат та, зұлымдық та, ізгілік те, пасықтық та солардан туындайды екен.
Сондықтан жазушының ұсақтығын тақырыпқа телу қайткен күнде де қағидалық құдірет тапқан осы байламның о баста ойланбай айтыла салғандығынан ба деймін де отырамын. Енді осындай сынның саңылауынан сығаласақ, шетелде оқуда жүрген жігіттің қалыңдығы өзі келгенше күйеуге шығып кетіпті («Ақылдан азап», А. Грибоедов), қонақжайда бұралып жатқан аш студентті үлкен төре деп қабылдапты («Ревизор», Н. Гоголь), онда не тұр екен болып шығар еді. Шынында, екі ауыз сөзбен түйіп айтқанда, бұл да ұсақ әңгіме сияқты. Ал осы ұлы суреткерлердің қолынан қандай көркемдік, әлеуметтік дәреже тапты. Немесе Шекспирге дейін махаббат, қызғаныш тақырыбында шығарма жазылмап па? Жазылғанда қандай, тағы да әлгі сыншының ұғымынша қарасақ, бір орамал үшін сонша адамды қырып салып, Шекспирге не көрінген? Бақсақ, әңгіме орамалда емес, тіпті, қызғанышта да емес, ұлы суреткер алданған сенімнің, алданған махаббаттың қасіретін баян етіпті. Дәл осы тақырыпқа Шекспирден кейін де қыруар шығарма жазылды. Бірақ әлгі өреден шықпады.
Бізде әдебиет, өнер тарихынан сауатсыздығымызды дәлелдейтін бір қолайсыз көрініс және бар. Ол анда-санда белгі беріп қоятын «анау пәленшеден ұрлапты», немесе «сен менен алдың» деп байбалам салу науқасы. Жоғарыда айтқан мотивтер тұрғысынан келгенде орта ғасырда Испанияда туған Дон Жуан туралы аңызға Тирсо де Молинадан (1571-1620) бастап, Мольер, Байрон, Гофман, Граббе, Пушкин, Блок, ең соңғысы совет драматургі С. Алешинге дейін, небәрі ұлылы-кішілі он алты жазушы, ақын қалам тербепті. Немесе ғасырда туған араб аңызы «Ләйлі мен Мәжнүн » жайлы ибн Кутайбадан бастап, бүкіл Шығыстың араб, парсы, түрік тілінде жазған данышпандарының жалпы саны он екі емес пе? Оқиға ұқсастығы былай тұрсын, қайталау бәрінде де бар. Солай бола тұра әрқайсысы өзінің шама-шарқынша жырлады. Кезінде де, кейін де олардың мойнына «сен ұрысың» деп қарғы тағып жатқан ешкім жоқ.
Мұны былай қойғанда, сол Шекспирден 220 жыл кейін дәл осы ұқсас тақырыпқа М. Лермонтов «Маскарадты» жазды. Отелло жоғалған орамал үшін Дездемонаны құрбан етсе, Арбенин жоғалған білезік үшін Нинаны құрбан етеді. Ұқсас па? Ұқсас. Айнымайды, бірақ осы оқиға төңірегінде автор өз қоғамынан түңілген, тұйыққа қамалған Арбениннің от басы, ошақ қасындағы соңғы тірегінің күйреуін баяндайды. Былай көзге бұл белгілі тақырыптар. Бірақ, құдіретті қолға түскенде, өзгеше бояу, өрнек табады. Осы ұқсастықты Белинский Шекспирді білмегендіктен айтпады ма екен? Олай болмаса керек. Дәл сол заманда Шекспирді бір кісі білсе, Белинскийдей-ақ білген шығар. Бірақ ұлы сыншы сырттай ұқсастықты сыпырып тастап, өнер туындысының табиғат тамырын басқаша таныды. Мұндай жағдайлар әдебиет тарихында талай болғанын, бола беретінін ол біледі. Сондықтан ол, ең алдымен, дәуір тұрғысынан, суреткердің интеллектуалдың биігінен қарады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, А. Пушкиннің Анна Кернге арнаған өлеңі естеріңізде болар. Алғашқы көргеннен коп жыл өткен соң қуғында жүргенде 1825 жылы жазып, А. Керннің қолына тапсырған екен. Сондағы:
Я помню чудное мгновенье.
Передо мной явилась ты:
Как мимолетное виденье,
Как гений чистой красоты.
В томленьях грусти безнадежной
В тревогах шумной суеты,
Звучал мне долго голос нежный
И снились милые черты, −
деген ғаламат сыр-суретке толы көріністі қазақтың Қасым Аманжолованың:
Өңімде ме еді,
түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
армандай қызды.
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
тебіренді теңіз
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз.
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дариға сол қыз? –
дегенімен салыстырып көріңізші. Осындағы ұқсастықтың іші-сырты бірдей, екеуі де арман аңсаудың гимніндей емес пе?! Алар әсерің де, тәңір сезімің де бір биіктен көрінбей ме? Айырмасы өз ортасынан қағажу, тізе көрген ақын мен қан кешіп майдан төрінде жүрген ақын. Екі дәуір. Ал арман, аңсау ұқсас па? Ұқсас. Ішкі ырғақ, жүрек лүпілі қатар жарыса соққандай емес пе? Енді осыны Қасым Пушкинді қайталағысы келді деп кім айта алады? Екі ұлы жүрек үндескенмен, бірін-бірі қайталап отырған жоқ қой.
Менің әңгіме тақырып ұқсастығында емес, суреткердің ұқсастығында дейтінім осындай салыстырудан туған ойлар... «Тау толғатып тышқан тапты» дегендей, құрықтан қамшы сабын шығара алмайтын өз олақтығымызда жатқан сыр бұл. Осындай олақтығымызды еске салғандарға өрекпи түрегелетініміз де шелектен шабақ аулаған кәсіпқорлықтың мінезі.
Қазіргі қазақ әдебиетінің бар жанрындағы аға, орта, жас буындардың тарихи тақырыпқа молырақ бой ұруы бұған дейін азаматтың тарихы бар жүйеге түспей, шашыранды шежірені малданған бар мұрасы ауыз әдебиеті ғана болған халықтың мүмкіншілікке қолы жеткен кезеңде өткеннің кемісін толтырып, кемелдену сапарындағы құбылысы сияқты болып көрінеді. Біз хабардар он екі нұсқасы түгел, үлкен әдебиеттердің де өткен жолдары осылай болған. Кейде тарихи тақырыпқа жазылған әдеби шығармалардың халықтың тарихының жасалуына да ықпалы тиетіндері болатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл саладағы еңбек етіп жүргеннің бәріне «сен неге Толстойша жазбайсың, неге Әуезовше сілтемейсің? » деп сес көрсету де орынды бола бермейді. Бірақ кей жастардың тарихқа барардағы талантының күш-қуатынан гөрі тақырыпқа деген құмарпаздығы, албырт әуесқойлығы басым ба деген қаупім де жоқ емес. Шүкір, бізде талантына білімі сай жастар қай жанрда болса да баршылық. Көбісінің шама-шарқы да, ой-өрісі де танылып, үміт құшағында жүр. Қуана отырып, кейде әл-қуатын үнемдеп, бойға шақтай ұмтылғанға не жетсін деймін. Әсіресе, прозадағы роман былай тұрсын, дилогия, трилогия жазбасаң, есепке енбейтіндей керіліп жүрген науқас «жастарды тез қажытып, тауын шағып, талантын тоздырып», келешегіне кесепатын тигізе ме деген ойлар да келіп-кетіп жүреді. Осындайда жігіттерді өнер мүддесінен гөрі өңеш қамы қамшылап кеткен жоқ па екен деп те қаласың. Сондықтан маған төселген талант, талғамы таза Тәкен Әлімқұловтың тарихи тұлғалар, өнер адамдарының өмірі жайлы шағын хикаялары, әрқайсысын жеке алғанның өзінде шынайы шымырлығымен, оқиға ширақтығымен, кейіпкерлерінің мінез-психологиясының дәл, нақтылығымен кейбір дәнінен қабығы қалың, нәрінен суы мол қоржынбас, желқуық романдарға бергісіз көрінеді. Асылында, «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген мәтелдің әдебиетке қанша пайдасының барын әлі жете түсінбеген адамның бірімін. Алғашқы тапқан алтыныңның орнына тереңдей түскенде топырақ арқалап шықсаң, ол да жақсылық емес қой. Чехов марқұм бір роман жазбастан ұлылығын танытып еді-ау. Мұндайда қол көтеретін көнтекті белге қыстырса, жарасып-ақ тұрады, шіркін!
Мен өзім тарихи тақырыпқа шығарма жазған емеспін. Көптен ойым бар, бірақ қорқа берем. Ол үшін тарихты білу аз. Ғасырларға сапар шегу оңай емес. Өйткені сен өз заманыңның тарихқа жіберген өкілісің. Заман талабы, оқырман ойынан шығарына сенбесең, сапар шегіп керегі не? Алдар көсе мен сайтанның картоп еккені сияқты түйнегін түбіне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ? Менің қорқатыным сол.
Қысқасы, қай тақырып болса да заманыңмен үйлесу, үндесу таппаса зая кеткен еңбек, арам төгілген тер, тұл тебіреніс, дәйексіз даңғаза болып қала бермек. «Ол жазғандамен одан кеммін бе?» деген надандықпен тамырлас намыс өнерді сыйлау әдептілігінен гөрі, ойсыз ожарлық, оспадар өзімшілдіктен туады. Былай қарағанда, кеудесіне нан пісіп, найзағай ойнатып жүрген жігіттердің кейбір қалың кітаптарының, май тоңдырар ызғары, қар ерітер қызуы болмай шығуы да әлгі айтқандардың айғағы. Демек, әңгіме тақырыптың үлкен-кішілігінде емес, таланттың температурасында.
1971
ТҮСІНІК
«Сырдария кітапханасы» сериясына енген Қалтай Мұхамеджановтың бұл шығармалар жинағы қазақ драматургиясының мәселелеріне арналған. Сондай-ақ, «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Өзіме де сол керек», «Айман-Шолпан» пьесалары да беріліп отыр.
Ұлттық өнерімізге өзгеше сипат берген бұл туындылары бүгінгі күнге дейін көпшілік көңілінің төрінен орын алған. Қоғамның дертіне айналған алаяқтар мен жемқорларды, жағымсыз жандайшаптар мен шолаң белсенділерді әшкерелейтін пьесалар ең таңдаулы шығармалардың қатарында.
Қ. Мұхамеджановтың театр сахнасына жазған пьесаларында келеңсіз құбылыстар ащы ирониямен сыналады. Оның комедия жанрындағы бұл туындылары автордың дүниетанымдық көзқарасы, ұтымды идеясы, өр қилы образдар жүйесімен ерекшеленеді.
Жинақтың екінші бөлімінде әдебиет пен өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған портреттер шығармашылық иелерінің даралығын танытады. Өнерде өзіндік орындары бар К. Байсейітова, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, К. Қармысов жайлы Қ. Мұхамеджановтың театр тарландарына берген шынайы бағасы.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілдері: М. Әуезов, Ә. Әбішев, А. Тоқмағамбетов, Т. Ахтанов, Ә. Нұрпейісов, К. Әзірбаев портреттерін сомдаған очерктерінде қаламгердің шығармашылық ізденістері жайлы айтылады.
Қазақ драматургиясының келелі мәселелерін жан-жақты талдайтын үшінші бөлімде театр тарихы, сыны жайлы баяндалады. Драматургия саласындағы бүгінгі күнге жеткен жетістіктер мен кемшіліктер талданған. Сахнаның безендірілуі мен артистердің актерлік шеберлігіне дейін және көрерменнің театрдан алған әсері жайлы да сөз болады.
Театр айналасында қазірге дейін жалғасып келе жатқан проблемаларды шешудің жолдары қарастырылады. Жазушы ойлары ізденушілер мен қалың оқырмандар үшін құнды дүниелер.
Драматург-жазушының бұл туындылары «Атамұра» баспасынан 1998 жылы шыққан үш томдығының 2-томында жарық көрген.
СЕР-АҒАҢ ТУРАЛЫ СӨЗ
Қазақ топырағы қашан да талантқа тапшы болып көрмепті. Біз білетін тарихта қазақ өнерінің бұлағы таяз тартқан кезең болды дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Сондықтан да болар, өнер атаулының өктем талант иелерін ту тұтып төбесінде ұстау оның әлмисақтан бергі ата дәстүріне айналған. Жаңа заман, жаңа уақыт, жаңа қауым бабалардың сол бір қасиетті үрдісінің ізін жоғалтпады, қайта ол дәстүрдің бұрынғыдан да гөрі салтанатын асырды.
Ой-жігерінің өртімен кеткен Шоқан, ереуіл мен егеулі найзаға шақырған жыр дауылы Махамбет, «кісенді ашқанымен», қуғыннан құтыла алмаған Құрманғазы, жартастан жаңғырық естіп, жаралы жүрекке жай таппай, күңірене сыр шерткен Абай, әуеніне аспандағы құс айналған Біржан мен Ақан осылардың бәрі елім деп еміреніп өтсе де, мезгілінде мерекелі мүшелтойын өткізу былай тұрсын, бас бостандығы мен ой азаттығының өзіне зар-зәру болып кетті. Бірақ олардың арманын арқалап халық қалды. Бар жиған-терген мұрасын, көзінің қарашығындай сақтай білген әзиз ана - халық Ұлы Қазанның шапағатты таңына тап болды. Бұдан былай таланттың таразысы әділ халық, өз перзентіндегі өнердің өр мысқалын бар дауысымен бағаларлық дәрежеге жетті.
Өз құшағынан түлеген өнерпаздың талантына тағзым етумен бірге талан та қоя білді. Жаңа заманда талант, өнерпаздық тек өз басының қуаныш-ермегі ғана емес, ең алдымен, халықтық қазына, ұлттық мақтаныш деген игі ұғым туды. Сондықтан да халық өнерпазының басындағы шат-шадыман қуанышты өз қуанышы, өз мерекесі санайды.
Біз Қазақ ССР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серәлі Қожамқұлов сияқты саятшы суреткердің тойында халқымыздың талант шалқарының тартылмай, бұрынғыдан да таси шалқығанына бір қуансаң, өрелі мәдениеті бар, өскен еліміздің талантты туа ғана білмей, ұға да білетін, қызықтап қана қоймай, құрметтей де білетін қасиетті дәстүрге ие болғанына екі қуанамыз.
Сер-аға сияқты заңғар таланттың тойында сөйлеу әрі қиын, әрі оңай. Оңай болатын себебі өнер сыйлар қауымнан Сер-ағаңды білмейтіні жоқ, Сер-ағаң театрға арнаған елу жыл өмірінің ішінде жүз елуден аса ролде ойнапты. Демек, осы сахнадан театр сүюші қауымның бірнеше буыны жүз елуден аса Серкені көріпті.
Мен сол жүз елуден аса Серкенің қайсысын айтарымды білмей қиналамын. Бірақ ңысылмай, қиналмай айтатын бір шындық бар. Ол шындық Сер-ағаңның 50 жыл ішінде театр сахнасындағы қыруар еңбегіне бір кеште, әсіресе, бүкіл халық, бүкіл қауым өзінің сүйікті ұлына ыстық ықыласын білдіруге, егжей-тегжейлі сөз етудің ешқандай мүмкін еместігі. Бұл келешектің асықпай, сарыла зерттейтін салауатты парызы. Сер-ағаңның аса бай да құнарлы творчестволық өмірі өз тұрғыластарына қаншама мол ләззат берсе, мұндай өнегелі өмірді ғылыми жүйеде кеңінен толғап, кемел зерттеуде кейбір замандастары мен келешек ұрпағына соншама мол міндет те артады.
Біз үлкен таланттың үлкен өмірі жайлы айтылуға тиісті үлкен әңгімені түгел қамтымасақ та, ардақты азаматымыз жайлы аузымызға алдымен түсетін ақиқаттарды айтуға бәрібір борыштымыз.
Біз Сер-ағаңды өзінің 70-ке толған мүшелтойында қазақ сахнасының қақ төрінен, хас асыл мен хас ардаққа лайың ең бір сыйлы, ең бір құрметті орнынан көрсек, ол қазақ совет өнерінің тарихында да дәл осы бүгінгісіндей қақ төрден орын алатын өнерімен өшпес өмір жасаған суреткер.
Сер-ағаң сияқты аға буын өнерпаздарымыздың осындай сыйлы болуының, олар сіңірген еңбектің осынша бағалы болуының сыры неде?
Қазақ сахарасында талантты әнші, даңқы жер жарған дәулескер күйші, жезтаңдай ақын, ерге құлаш сермеген өнерпаз өрені бұрын да аз болған жоқ. Сөйте тұра, сондай өнерпазы көп елде бүкіл бір халық түгел қызықтаған ортақ өлең де, ортақ ән де, ортақ күй де болмапты. Құрманғазының Сарыарқаны дүбірлетер құдіретті сарыны Ертіс пен Есілге жетпепті. «Қалық елім, қазағым, қайран жұртым» деп тебіренген Абай күңіренісі, Шыңғыстаудың шыңдарына жаңғырықса да, ақбас Алатау мен аң Жайыққа естілмепті. Көкшені күңіренткен Ақан үнінен Сыр бойы бейхабар жатыпты. Махамбеттің ереуіл жыры Жетісу төңірегінің құлағына шалынбапты. Осының бәрі тарих үшін күні кешегі, бұдан елу-ақ жыл бұрынғы шындықтар еді. Енді бүгін Құрманғазы күйіне бүкіл Бухарест қол соқса, прагалық студент Абай өлеңін жаттайды. Мұның бәрі ұлы Лениндік ұлт саясатының нәрлі жемісі, бұл қазақ халқының ұлттық есеюінің айғағы.
Ұлттың ортақ сахнасы болмай, ортан; ұлттық өнер де тумайтындығы тарих талай рет дәлелдеген ақиқаттың бірі. Қазақ халқы ондай ортақ сахнаға Ұлы Қазаннан кейін жетті. Демек, қазақ халқының ортаң ұлттық өнері де Ұлы Қазаннан кейін орнықты. Осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ халқының алдында өзінің ұлттың мәдениетін, ұлттық өнерін, ұлттық театрын жасақтау міндеті тұрды. Қазақ халқының бағына осындай тарихи түйінді жалғыз театр емес, рухани дүниеміздің бар саласында ойдағыдай шешіп жүзеге асырып шыға алатын аса өр-өктем таланттардың бүкіл бір буыны, бүкіл бір ұрпағы туды. Өзінің ұлттық өнерінің өте тез арада өркендеп, тез арада үлкен өріске, шырқау биікке шыққаны үшін қазақ қауымы, ең алдымен, сол аға буынға борышты. Біздің бүгінгі алқалы жиынымыздың ақсақалы Сер-ағаң да қазақ өнерінің тарихында теңдесі жоқ үлкен қияпат өзгеріс жасаған қазақтың ұлттың өнерін өз қолдарымен жасақтаған, сол бір тарихи ұрпақтың даңқты буынының аса ірі өкілдерінің бірі.
Ұлттың мәдениетіміздегі осындай аса үлкен құбылысты ойдағыдай атқарып шығуға халқымыздың ғасырлар бойы жасаған бай мұрасының да аз көмегі тиген жоқ. Жаңа заманда орныққан халықтың мәдениет пен талантқа деген қамқор көзқарасы да қолайлы жағдай жасады. Енді бүкіл бір ұлттың тарихы үшін өмірлік маңызы, мәңгілік мәні бар мұндай орасан міндетті жүзеге асыруда осындай тарихи кезеңге тап келген өнерпаздардың жарқын талантының, қажымас қайратының, азаматтық жауапкершілігінің де өлшеусіз зор қызмет атқаратыны өзінен түсінікті. Қазақ театр өнерін өз қолдарынан қаз тұрғызып, өз қолдарынан ер жеткізген той иесі Сер-ағаң да, оның тамаша қанаттас сапарластары Қалыбек, Елубай, Күләш, Қапан, Құрманбек, Жүсіпбек, Ахмет, Қаныбек, Шара, Сәбира, Хадиша, Ришад, Жамалда осы асқар ала міндетке лайық біртуар тектес талант, арыс азамат, қажымас, мұңалмас еңбекшіл суреткер бола білді. Қазақ театр өнерінің алғашқы адымынан бүгінгі күнге дейін көшбасылар сапында келе жатқан Сер-ағаңды біз, ең алдымен, тамаша талант, парасатты азамат, табанды еңбекшіл ретінде білеміз.
Сер-ағаңның тамаша талант ретіндегі дара тұрпаты қандай? Сер-ағаңның кім-кімді де табынтатын, бірақ ешкімге ұқсамайтын, аты мен дара актерлік өнерінің құдірет-күшін, оның сахнаға ұлттық театрымыздың корифейлері саналатын небір жүзден жүйрік, үздік актерлермен бірге шыққанын, оның елу жылдың творчестволық қызметінің тұсында әр буыннан әр алуан сипатты таланттар туғанын, осындай шұғылалы таланттар тобының арасында ол қашан да еңселі де, шұғылалы-шуақты да көрініп келе жатқанын айтсақ та жете түсінуге болады. Біздің қазақта қазірдің өзінде «сахнаға Серке шыққанда күлмеген кісінің беті қисайып кетеді» деген мақал бар. Біз сахнаға Серке шыққанда залдың күлмей қалғанын қандай сирек көрсек, сахнада өзі күлін тұрған Серкені де өте сирек көреміз. Қарабай сахнада күліп тұрмақ түгілі, бір үйір жылқысынан айырылған соң, бар әлемді топан суға алдырып, қасіреттен қабырғасы сөгіліп зорға жүр. Серке-Қарабай көпті күлдіруге жүрген сайқымазақ емес. Алайда сахнада өліп-өшіп қан жұтып, қасірет шегіп жүрген адамға сіз залда отырып күлесіз. Жетісіп күлмейсіз, күйініп күлесіз. Актер Қожамқұлов адамдар санасында өлі де ұялап жатқан небір рухани кеселдерді Қарабай арқылы сахнаға сүйреп шығып, уақытқа табалатып тұрған сияқты. Сер-ағаң комизмінің ең басты құдіреті - дәуірмен, уақытпен пікірлестігінде. Оның күлкісінің әрдайым уақыт күлкісімен бір жерден шығып отыратындығында. Шын комик үшін күлдіріп, көңіл көтеру мұрат емес, күлдіре отырып күйінту мұрат.
Біз, егер де күлкіні адамзат рухының ең бір ат үстінен түспейтін күрескер сезімі дейтін болсақ, ең алдымен, оның күлдіре отырып білдіретін, күлдіре отырып күйінтетін, күлдіре отырып түңілтетін қасиетін қадірлеуіміз керек. Серкенің күлкісі тек шырайыңызда қалмай, жүрегіңізге тура жол тауып жететін күлкі. Комиктің мойнындағы азаматтың парыз да сол. Күлкі қашанда өмірді жан-тәнімен жақсы көретін, оның ешбір қалтарыс-қабатын таса қалдырмай, соның бәріне де әкесінің өші қалғандай үңіліп, ұғынып отыратын, өмір үніне, замана аңғарына аса сергек қарайтын адамға ғана тән қасиет. Өмір-бақи бір келбет, бір кескінде қалу сергек сезімге атымен жат сипат. Ендеше, ондай біржақтылық күлкіге де атымен жат. Комик Сер-ағаң күлкіні сансыз құбылтып, сан ойнақшытып отырады, соның ешқайсысында дарақылыққа, даңғойлық күлкіге ұрынбайды. Күлкінің азаматтық сесін, күрескерлік парасатын жоғалтпайды.
Сер-ағаң күлкісі, бірде айбалтадай айбарлы көрінсе, бірде көктем күніндей мейірлі сезіледі. Комик Сер-ағаңның осы бір ұшқыр таланты оны тек күлкіге тұсап тастамаған, ол адам жанының тағдырдың өзімен тайталасқа түскен трагедиясын да, неше түрлі кесапат-кеселмен, қияс-қиғаш қайшылықпен шарпысқан кесекті драматизмін де, күн нұрындай шұғылалы, ай сәулесіндей ұяң, уытты лиризмін де шебер жеткізе алады. Сер-ағаң жасаған 150 бейненің бәрі бірдей комедиялық бейнелер емес, олардың ішінде драмалық, трагедиялық тұлғалар да толып жатыр. Бірақ, сол образдардың қай-қайсысының да басынан Серке күлкісінің күміс тәжі көзге ұрмай қоймайды. Осының бәрі де Сер-ағаңның актерлік үлкен диапазонын, шын мәніндегі «сегіз қырлы, бір сырлы» талант екенін дәлелдейді.
Серке, сөз жоқ, қазақ топырағының өз перзенті, оның комиктік талантының өзінде қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өзіндік күлкі дәстүрін, өзіндік күлкі мектебін танимыз. Шаншудай түйрейтін шашпармен ішек-сілеңді қатырып рахаттана бір күлдірін ап, «Неңе жетісіп күлдің?» - деп кенет ойлантып кететін Алдар көсе үрдісі, көрегендік данышпандықпен оттай шарпыған оптимизмге астасып жатқан нағыз қазақ күлкісі, күрескер күлкі Сер-ағаңның актерлік талантынан бар келбет, бар тұлғасымен көрінеді. Бірақ Серке өз топырағында өркен жайғанмен, көктегі күннің шипалы нұрын да, айналасындағы ауаның берекелі нәрін де мол сіңіре білетін гүл рәуіштес талант. Ол тек қазақ табиғатын ашатын образдарға ғана емес, классика әлеміне де еркін аттай білді. Оның Гогольдің «Ревизорындағы» Земляникасы мен «Үйленуіндегі» Земляникасы, Шекспирдің «Асауға тұсаудағы» Слайы өзіміздің Қарабай, Қоңқайлармен бірге сап түзеп туысып, өз өрнек, нақысымен бәрі де бір әкенің баласындай Серкенің Қарабайы, Серкенің Қоңқайы, Серкенің Земляникасы, Серкенің Слайы атанып, өзіміздің ауылдың жігіттері болып кетті.
Мұндай тамаша таланттың, көз майын тауысқан үлкен ізденіспен суарылып өркендейтіні, мұндай тамаша табыстың қажымас-қажырлы еңбектің арқасында келетіні кімге де болса айдан анық ақиқат.
Творчество қашанда тынымсыз еңбек, ұйқысыз түн, тағатсыз талпыныс болмақ. Сахнада 150 образ жасау деген не? Мұндай санына сапасы сай табыс жалпы театр тарихында сирек кездесетін құбылыс. Бұл таланттың талантына, актердің актеріне ғана сыятын шындық. Сер-ағаңның жұмыс күні жалғыз репетициямен, кешкі спектакльмен бітпейді. Оның жұмыс орны театр ғана емес. Ол анау «Амангелдіден» бастап, қазақ көркем фильмдерінің түгеліне жуық түскен. Оның дидарын телестудия көрушілері де сағынып отырады, жұртшылық оның жүзін эстрададан да көргісі келеді. Ол актер ретінде көркем сөздің шебері ретінде қазақ кино өнері мен қазақ эстрадасының тууына, буыны бекіп, үлкен өнерге айналуына да зор еңбек сіңірді. Осының бәрін ренжітпеуге, осының бәріне үлгеруге артиске үлкен талантпен бірге, қажымас қайратпен бірге үлкен адамгершілік те, үлкен азаматтың жүрек те керек.
Қазақ театр өнерінің туу кезеңінде келген аға буын шеберлеріміздің қай-қайсысы сияқты біздің Сер-ағаң да үлкен азаматтың жауапкершіліктің, рухани белсенділік пен табандылықтың тамаша мектебінен өткен өнегелі өнерпаз. Біздің Сер-ағаң Торғай даласында Совет өкіметін орнату жолында қызыл партизан қатарында да болды. Ол коллективтендіру жылдарында Бейімбет Майлинмен бірге колхоз да құрысқан. Қазақ театрының режиссурасы әлі де ойдағыдай өркендей алмай жатқан тұста өзінің туған театрына режиссер де болған Сер-ағаңның ұзақ жыл өмірінде атқарған қоғамдық-әлеуметтік қызметтерін түгендеп атап шығу да мүмкін емес. Көз алдарыңызда отырған өнер зергері қашаннан бері шын мәніндегі қоғам қайраткері.
Оның сахнада әрдайым асқақ естілетін өктем дауысы өмірде де солғын тартып көрген жоқ. Ол көруші қауымға да, соңынан ерген жеткіншек жас буынға да абзал ұстаз бола білді.
Сер-ағаң қазақ театрының есігін тұңғыш аттаған күннен бері қазақтың өнер қауымының маңдай алды тобында жүрді, қашанда абыройлы жүрді, қашаннан атағы шықты. Үлкен атақты, мақтау-мадақты, қошемет-қолпашты кісінің кісісі ғана көтереді. Атак; пен даңқ, мақтау-мадақ «әлі балауса, балғын таланттарды, жас өнерпаздарды ғана бұзады, тек соларды ғана даңғаза-даңғой етіп жібереді» деген пікір де тым біржақты, тым ұшқары пікір. Атақ-даңқ, мақтау-мадақ кісінің жасына қарамайды, ақылына қарайды. Турасын айтқанда, ол қай жастағы адамға да тап келгенде қауіпті. Дандайсу мен даңғойланудан, қол жеткенге тояттап тоңмойын тартудан тек туған ел мен туған өнерге деген, өзіңе тәрбие берген қоғамға деген үлкен махаббат қана, азаматтық үлкен жауапкершілік қана аман сақтап қала алады. Сер-ағаңның азаматтық дидары ғаламат талантына лайық.
Күллі өмір, оның ішіндегі өнер дүниесі, Абай тілімен айтқанда, «сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан баланы» артық көреді. Өнер тек өнерді сүйгенді жақсы көреді, өнер дүниесінде жол-жөнекей өзін-өзі қызықтап кеткендердің айналар қарақшысы белгілі. Сер-ағаң нағыз өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерді сыйлайтын, өзінің суреткер атын ардақ тұтатын адам. Ол өнерді сыйлайтындықтан, өнердегі адамдарды да сыйлайды. Ол ағаға ізеті жоқ іні қандай сөлекет болса, ініге ықылас-ілтипаты жоқ ағаның да сондай сөлекет екенін біледі. Сондықтан да соңынан ерген тұяқ жеткіншек буынға әкелік қамқорлықпен, аталық махаббатпен қарайды.
Әрбір өзін сыйлайтын өнерпаз, өз өміріне өзек еткен өнердің өткенін қадірлеп, бүгінгісіне толғанып, ертеңінің қамын жеп отыруға да тиісті. Өйтпейінше, өнерді азаматтық жүрекпен ұғу, оған азаматтың адал жүрекпен қызмет ету еш мүмкін емес. Сер-ағаң да қазақ өнерінің жай-күйіне осындай адал перзенттің абзал жүрегімен толғанып, тебіренетін азамат.
Бұрын сахна көрмеген қазақ өнері, театр шымылдығы алғаш ашылысымен, жайсаң жаз күніндей жарқырап шыға келуінің өзі-ақ жас қазақ совет көркемөнерінің түгін тартсаң майы шыққан құнарлы топырақтан өніп-өрбігенін паш етеді. Қазақтың профессионалды жас көркемөнерінің тез есейіп, тез ержетуінің басты факторы аға буындардың қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған, еңселі де дархан мәдени қазынасы мен ұлы орыс театрының озық дәстүрін аса шебер ұштастыра білуінде болды. Олар ұлы орыс халқының реалистік өнерінің бар сөлінен емін-еркін сусындады. Бүгінгі қазақ өнері екі ананы төл емген айқын да арда өнер. Ол бірден әлдекімнің баласындай әжептарқы көрінбей, ғасырлар бойы өршелене өсіп келе жатқан қызу қанды, нәрлі уытты өркендете білген шын мәніндегі түрі ұлттық, мазмұны социалистік өнер бола білді. Жақсы әкеге тартып туған жайсаң ұлдай өзін бірден танытты, бірден баурады. Қазақтың советтік, мазмұны социалистік, түрі ұлттық көркемөнерін жасауда Сер-ағаңның буыны халықтың ежелгі мәдениеті мен жаңа мәдениетінің арасында құрдым-қуыс тастамай, жуыстырып, туыстыра, тіл табыстырып тұрған алтын көпір бола білді.
Біз, қазақтың советтік көркемөнерінің, аяғынан тез тік тұрғаны үшін халқымыздың Абай, Махамбет, Біржан, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Мұхит сияқты үздік таланттардың тамаша тәрбиелік мектебінен өтіп, сол мектепті жаңа заманға жеткізе білген Сер-ағаң ұрпағына өте қарыздармыз.
Сер-ағаң буыны, жаңа қазақ өнерінің кереге қалар, буын бекітер ірге топырағы, алғашқы тұғыры, бастапқы нәрі ғана болып қойған жоқ. Олар сол жаңа өнерге өзіндік келбет, өзіндік кескін жасаған әр-ажары да болды. Сер-ағаң буыны жаңа өнердің жайқалып өсуіне түрткі ғана болып қойған жоқ, қазақ совет көркемөнерінің ең басты қозғаушы күші, жұмылған жұдырықтай ең басты ядросы да бола білді. Қысқасы, олар жаңа өнердің тек негізін салып қана қойған жоқ, оны өз қолдарымен орнықтырып, өз қолдарымен дамытты. Бұл буын жас өнердің өсіп-өркендеуіне ауадай қажет жақсыны жатырқамау, жаңадан үрікпеу, үздіксіз іздене білу, үйрене білу зердесімен ерекше көзге түсті. Кеше ғана ауылдарынан келген қазақ жігіттері «Мұңлық Зарлықты», «Тотынаме» мен «Алпамысты» тастай салып, Шекспир мен Мольерді, Гольдони мен Гогольді, Островский мен Шиллерді, Горький мен Шоуды қолға алды. Қазіргі қазақ өнерінде кемел өрістеп келе жатқан жаңашылдың мектебінің де алғаш негізін салған осы Сер-ағаң буыны. Сер-ағаң буыны, Горький тілімен айтқанда, «барлық бастамалардың да басы болды».
Біз Сер-ағаңдай үлкен өнерпаздың тойында, үлкен өнеріміздің ата буыны, ата үрдісі жайлы бар дауыспен баса айтуымыз қажет. Сер-ағаң буыны жаңа тұрпатты өнер жасаудың үстінде жаңа тұрпатты өнерпаз да өсірді. Бұл буын өнер атаулының бір ғана бастың «абыройымды асырсам, бәрінен озсам, менен басқа болмасын, менен басқа сыйланбасын, менен басқаның аты аталмасын» деген тыраш эгоизмнің күйкі намысы емес, бүкіл халықтың, бүкіл елдің намысын өсіретінін өз өнерлерімен, өз өмірлерімен жақсы дәлелдеп шықты.
Бұлардың тұсында Көкшенің әншісі Нарынның күйшісіне бәсекелесім деп емес, бауырым деп қарады. Торғайдан келген Сер-ағаң, Қарқаралыдан шыққан Қал-ағаңмен қолтықтасып бір жүрді. Күні кеше ғана, құдықтың суына таласып, патриархалды ауылдың жол-жораға, орамал-тонға жанжалдасып жататын әнші-күйшілерінде мұндай татулықтың нышаны да жоқ-ты. Мұндайда ұлттың намыс, халықтың намыс орнына ата аруағы, ауыл намысы ғана жүретін еді. Елдік мәдениетіміздің еңсе көтеруіне өзек болған осы биік рухани деңгей, биік тұрғы үшін де біз, ең алдымен, Сер-ағаңдарға, Сер-ағаның буындарына қарыздармыз. Біз Сер-ағаң сияқты үлкен таланттың азаматтығы жайында сөз қылғанда, оның буыны жасаған үлкен ерлікті ауызға алмай кете алмаймыз.
Ұлттық өнер ол бүкіл бір ұлттың жүрегі, бүкіл бір ұлттың миы, ақыл-ойы, ажар-намысы. Өнерпаз өрелі болса, өнер де өрелі болмақ, өнері өрелі болса, елдің де еңсесі биік тұрмақ. Сондықтан да өнерімізде биік талап пен биік мақсаттар асқарында табысқан асқан ынтымақтың, өнердегі достық пен парасаттың бүкіл рухани өмірде атқаратын қызметі өлшеусіз зор. Осының бәрін Сер-ағаң буыны өнердің бүгінгі, ертеңгі қамын тереңнен шолып, тереңнен тебіренген кемел көрегендігімен істеді.
Жаңа құбылыстың, жаңа мәдениеттің басында тұрған ата буын өкілінің келешек қамы мен уақыт аңғарын, алыстан аңғарып ертеден қам жеп отыратын ақпейіл әкесі болмай, жай, әншейін ауылдың бабы мен берекесін қашыратын айқайшыл шадыр шалы болуға хақысы жоқ. Өнердегі Серке буыны жаңа өнер, жаңа құбылыстың басында тұра алатын керемет талантпен қоса кемел парасатты да таба білді. Осы ата буынға іле-шала орта буын, іні буын жаңа таланттардың қаулап шығып, жарқырап танылуы алдарындағы ата буынның үлкен өнерпаздың өнегесімен қоса үлкен кісілігінің, дархан пейілінің де арқасы.
Халық берген беделін тек бір басының күйкі қамына ғана талан-тараж етпей, сол халықтың өзіне еселеп қайтаруға, халық берген беделді бір басының мүддесіне емес, ең алдымен, елінің, өзін тәрбиелеген қоғамның, туған халқының мүддесіне жұмсай білген адам ғана шын мәніндегі ардақ тұтар азамат бола алады. Әйтпесе, о да даңқты дархан ұл емес, бар болғаны даңғаза белсенді, әйтеуір, беделді пенде ғана болып қалмақ. Бедел атаулы жігітке сый ғана емес, ол үлкен сын да емес пе? Сер-ағаң бұл сыннан да сүрінбей өтіп келе жатқан абзал азамат.
Біздің бүгінгі тойымыздың қақ төрінде Сер-ағаң отыр, қасында оның қазақ шымылдығын бірге ашқан тұрғыластары отыр. Біз қандай бақытты қауымбыз, біздің өнеріміздің аталары әлі арамызда жүр. Олар қазақ мәдениетінің тарихындағы аса үлкен қызметін абыроймен атқарып шықты. Бүгін олар бізге емес, біз оларға есеп беруге тиіспіз. Біз бүгін сол аталарымызға өздері салып берген өнерпаздың үрдісті, азаматтың үрдісті қалай дамытып, қалай өркендетіп жатқанымызды көрсетуге тиістіміз. Біз, ең алдымен, олардың асқар ала, еңбегін қалай ұғып, қалай бағалағанымызды, туған өнерімізді олар көтеріп берген биікке алқынбай шыққан тегеурінді талантымызбен, терең ойымызбен бірге ержеткен, есейгенімізді көрсетуіміз керек. Ата буынға өздері өркендеткен өнердің өрге басқанын көруден артық не сый бар? Осыны ойлағанда Сер-ағаңдар буынының, тұстас, тізелес інілері де, кейінгі жеткіншектері де өздерінің туған ел мен туған өнер алдындағы келелі міндеттерін, қарлы Қаратаудай қарыздарын айқынырақ сезінеді.
Үлкен аға Сер-ағаң қазақ жұртының өнерпаз қауымын терең ойларға, биік азаматтың мұраттарға, шабытты еңбекке шақырады.
Сер-ағаң қашанда халқымен тілеулес, мүдделес азамат, оған оның осы тойы-ақ дәлел. Сер-ағаңның сахналық қызметі елуге елімізді, жерімізді, өнерімізді жаңғыртқан Ұлы Қазанмен қатар шыққалы отыр. Оның жетпіс жасы, өзінің туған топырағының Отан қамбасын қарың қылған биылғыдай ырысты-берекелі жылына тап келді. Біздің кең-байтақ республикамыз үшін қалаулы азаматымыз, қадірменді суреткеріміз Сер-ағаңның тойы тойдан-тойға ұласқалы отырған мерекелі жылдың басы сияқты.
Сер-ағаңның жанашыр жараны, туған халқы, қалық қауым, Сер-ағаңдай өнерпаз өрендеріңіз бастап берген тойларыңыз тойға ұласа берсін!
Көшіңіз көлікті болсын, сахнаңыз көрікті болсын, қазақ көркемөнерінің көсем көшбасшысы, қадірлі Сер-аға! Тағы да талай жетпіске жетіп, таланты қызға табынатын туған халқымыздың тағы да талай таңдайын қақтырыңыз!
1967
ДАҢҚТЫ ЖОЛ
Ташкент. 1920 жыл. Мамыр айының орта шені. «Шығыс халықтарының сауық кеші» деп аталатын тәжік, түрікмен, өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының өкілдері қатысқан олимпиада аяқталды. Төреші комиссияның қорытындысында бірінші бәйге Ташкенттегі Қазақ-қырғыз педагогикалық институтының студенті Құрманбек Жандарбековке берілсін деп ұйғарды.
Олимпиадаға хор коллективтері, жеке әншілер, музыканттар, бишілер молынан қатысқан болатын. Құрманбек өзі жеке ән салумен қатар, сексен адамнан құралған хордың көркемдік жағын басқарушысы әрі дирижері болып қатысты. Бұл кезде Құрманбек небәрі он алты жаста-ақ болатын-ды. Албырт бала жігітке бірінші бәйге алу үлкен шабыт берді. Енді Құрманбек Ташкенттегі оқу орындарындағы қырғыз, қазақ жастарының арасында бірнеше үйірмелер ұйымдастырып, оларға өзі тікелей басшылық жасайды, бір жағынан, оқытушы тауып алып, музыка теориясымен шұғылданады. 1921 жылы екінші рет «Шығыс халықтарының сауық кеші» болғанда, Құрманбек екінші бәйгеге ие болды. Бірінші бәйгені Кари Якубов (Өзбек ССР-нің халық артисі) алды. Жазғы демалыс уақытында, 1923 жылы Құрманбек Кари Якубов, башқұрттың белгілі әншісі Али Мұхаметовпен бірге Мерке, Әулиеата (Жамбыл) қалаларын концертпен аралайды. 1925 жылы Құрманбек институтты бітіріп, Шымкент қаласындағы партия-совет мектебінің меңгерушісі болып істейді. Губком комсомолдың сұрауы бойынша бірнеше концерттер береді. 1925 жылы маусым айындағы бір афишада Құрманбектің орындауында 101 әннің аты жазылған. Бұл туралы Құрманбек былай дейді:
«Мен 1918 жылы Ташкентке бірінші рет оқуға барғанымда бір қазақ жігітіне кездестім. Менің оқуға түсуіме сол жігіт көп көмек көрсетті. Түсінбеген сабақтарымды түсіндіріп, ұзақ уақыт жәрдем беріп жүрді. Сабақ, оқудан жалыққан сәттерімізде ол менен өзінің жәрдем көрсеткендігі үшін «жалақы» сұрайтын. Алатын «жалақысы» ақша емес, «Сәулем-ай» деген ән еді. Екеуміз Ташкенттің кадет корпусының шығыс бетіндегі мұнарасына шығып алып, мен «Сәулем-айды» салғанда, мүлги тыңдап отырып қайта-қайта айтқызатын да, «Бүгінгі жалақымды алдым, жүр, енді сабақ оқиық» деуші еді.
Сауатты, талантты жігіт бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда комсомол ұйымдарының қалыптасуына коп еңбек сіңірген көрнекті жас қайраткер Ғани Мұратбаев болатын. Отты, адал жанды, мейірбан жігіт еді. 1925 жылы Москвада Ғани қайтыс болды. Сондай сүйікті досыма ескерткіш орнатуға қаржы жинау үшін сатиралық әңгімелер айтатын Әлішер Бейсенов (кейін партия-совет орғандарында жауапты қызметтерде болған, дербес зейнеткер) екеуміз концерт ұйымдастырғанбыз. Сонда мен айтатын 101 әннің аты афишада жазылған. Бір жүз бір әнді бір кеште айту мүмкін еместігі мәлім. Бірақ сол кеште алпысқа таяуы айтылды».
1925 жылдың аяқ шенінде Пішпек (Фрунзе) губкомында қызметте жүрген Құрманбек «Еңбекші қазақ» газетінің 398-санында: «Қызылорда қаласында қазақтың ұлттың театры құрылғалы жатыр, соған Құрманбек Жандарбеқұлының тез арада келуі керек» деген хабарландыруды оқиды. Жасынан арман еткен мақсатына жету жолы енді ашылғандай болды. Құрманбек Қызылордаға жетуге асығады. Ұзамай, губкомның ұйғаруы бойынша, оның үстіне Қазақ ССР Оқу Халық Комиссариатының шақыру қағазын алып, Қызылордаға келеді. Қостанайдан Серке Қожамқұлов, Семейден Қалыбек Қуанышбаев, атақты әнші Әміре Қашаубаев, суырып-салма ақын Иса Байзақов, Қапан Бадыров, тағы басқа артистер тұңғыш профессионалдың ұлттық театр құрады. Осы күннен бастап Құрманбектің өнердің ұзақ жолындағы сәтті сапары басталады. Театр жұмысын жүйеге түсіру жолына жан-тәнімен кіріседі. Әнші, актер, режиссер, биші Құрманбек ұзамай халықтың сүйікті адамына айналады. Драма театрында Құрманбек сегіз жылдай қызмет істейді. Театр сахнасында қойылған шығармалардың көбісінде басты рөлдерде ойнайды. 1928-1929 жылдары «Князь сирень» кинофильміне түсуге барғанда Құрманбек Мемлекеттік кинематография институтының актер дайындау бөлімінде оқиды. Жұртшылық Құрманбекті «Амангелді», «Жамбыл» кинокартиналары арқылы да біледі. Құрманбек Алматы консерваториясында режиссер әрі киноактерлер дайындайтын мектептің көркемдік жағын басқарды. Негізінде Құрманбектің өнер саласында творчествосының ең өзекті жағы тікелей театрмен байланысты. Кейінгі жиырма жылдан аса творчестволық жолы опера театрымен біте қайнасып келеді. Опера театрының тырнақалды спектаклі «Айман Шолпанды» сахнаға қойған режиссері, әрі басты рөл Көтібарды ойнаған да Құрманбек болатын. Қазақтың опера театрының белді кезеңдерінен саналатын «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Гвардия, алға», «Абай», «Біржан Сара», «Қыз Жібек» операларын сахнаға қойған режиссер де Құрманбек.
Режиссер Жандарбековте талантты адамдарға тән өзіндік өрнек, өнерге деген терең сезімді сүйіспеншіліктен туған тіл бар. Кемеңгер ақын жайлы «Абай» операсының сахналық көрінісі Жандарбековтің режиссерлік қабілетінің зор екендігін аңғартты. Бұл операдағы Абайдан бастап ең кішкене образдарға дейін терең шешімдер тапты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреатын алған «Біржан Сара» операсы режиссер Жандарбековтің тамаша талант иесі екенін ашып кетті.
Құрманбектің актерлік лабораториясына кірсек, шын шебердің қолынан шыңдала өрілген небір тамаша адам портреттеріне көзіңіз түседі. Оның режиссерлық-вокалдық дарындылығын былай қойғанда тамаша артист екендігін атап етпекпіз. Оның жасаған сахналық образдары әрқайсысы әр дәуірдің, әр таптың, әр мүдденің адамдары. Психологиясы, өмірдегі орны, әлеуметтік көзқарасы әр қилы. Сонан келгенде Құрманбектің орындауында олардың бәрі терең реалистік шешімдер тауып, толыққанды тұлғасымен көрінеді. Көтібар, Бекежан, Жалбыр, Ер Тарғын, тағы басқа толып жатқан біріне-бірі ешбір ұқсамайтын кесек бейнелердің алғашқы «авторы» Құрманбек болатын Бұл образдар Құрманбек творчествосының актерлік саласын дағы отты, салтанатты шақтарында жасалған. Кейінгі кездері творчествосының басым жағы режиссура, театрдың ұйымдастыру мәселелеріне арналып жүр. Өзінің елу жасқа толуына байланысты бұрынғы өзі жасаған образдарға қайта оралды. Соның бірі «Қыз Жібек» операсындағы Бекежан.
1936 жылы Москвадағы Қазақ өнерінің онкүндігінде Бекежан ролінде ойнаған Құрманбек туралы орталық баспасөз беттерінде көптеген тамаша мақтаулы пікірлер бар. Сол кездің өзінде Құрманбектің сахнадағы актерлік шеберлігін атап көрсеткен еді. Шынында, Бекежан образында Құрманбектің актерлік шеберлігінің жан-жақтылығы айқын көрінеді.
Бекежан құрсаулы заманның қандыбалақ қарақшысы, іштей қайшылығы мол, шытырманды, күрделі образ. Құрманбек сахнаға шыға келгеннен-ак оның әрбір қозғалысы, соз саптауы, «берсең, қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген озбыр, арын арамзалыққа азың етіп жүрген, найзасының ұшын, білегінің күшін айлакерлік зымияндықпен жұмсайтын дүлей зұлымдықтың иесі болып көрінеді. Оның Жібекке жұтына қарап, таусыла айтқан сөздері шынайы махаббат сезімімен емес, қиядан қылт етсе қағып түсетін қысқа құмарлықтың құлы болған адамның сөзі. Оны ол өзі де жасырмайды. Мұнымен қабат Бекежан бойында пасық тәкаппарлық та бар.
Қанды қолмен, жасырман,
Құс ұшырман басымнан.
Қаны тамған қанжармын,
Қыз алдында бас ұрман.
Ұсынсаң қолы жетпейтін,
Ханға лайық басым бар.
Төрге сүйреп шығарам,
Ерге лайық басым бар,
Өрге сүйреп шығарам, -
деп Қыз Жібектің алдында көкірек ұрып, текірек қағады. Құрманбек осы сәттері әрбір сөзін салмақтап, бояуын құлпырта, сөздің іштей логикалық астарына сай қимылымен Бекежан образының жан-жақты сырын аша түседі. Құрманбек өз Бекежанын Жібекті көндірмеймін деген пікірден аулақ ұстайды. Сахнадағы өзін қоршаған әрбір адамның қимылын өзінше бағалайды. Сырттай жасанды сыпайылығын іштей озбырлығы бұзып тұрады. Көбіне қауырт қимылдары өткір көзқарас, шапшаң жауап, шалт әрекеттері мол, дала барлаған жыртқыш жолбарыстай етіп көрсетеді. Бекежан Дүрияға:
Мен бір оңыс адырмын,
Сыпайы өскен шадырмын.
Қойсаң қайтер, қарағым,
Соқтығып кетсем байқамай,
Үзіліп кетіп жүрмесін
Үлбіреп тұрған сағағың, -
дегенде де Жібек пен Дүрияға кезек қарап, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегенге мегзейді. Бекежан үшін деген! болмаса, Жібектің сағағын үзуі де қиын емес. Оны Құрманбек көзқарасымен де, қимылымен де баяндайды. Құрманбектің Бекежаны әрбір қақтығыста өз күшін көрсетіп қалуға тырысады. Мұның бәрі Бекежанның әлеуметтік кейпін айқындай түседі. Жібектен ойлағаным орындалар деп сырттай сенгенмен, іштей қаупі күшті. Өктемдігін де, қайтпайтындығын да қанша жанамалап ескерткенмен, Жібектен тілегіне сай жауап ала алмай, «көрермін кезінде» деп жедел басып шығып кетеді. Сәлден кейін қайта оралып, әлдебір сұмдықты сезгендей, «не болды десем екен, ә?» деуіне Дүрияның «не ойласаң, сол болды» деген сөзі шоң басып алғандай тиеді. Кернеген ашу ащы дауыс аралас. оқыс қимылмен көрінеді. Жаңа ғана Төлегенмен кездесіп шаттық көңіл күйінде тұрған Жібектің «Бекежан» деген жайдары жайлы үнін естігенде күлімдей түсіп, сәт үміт шырмауында тұрады да, Жібек: «Қуаныш үстіне келдік, құтты болсын айт» деп сөзін аяқтай бергенде қайта түнеріп:
Жоқ, құт болмас,
Жібек, жұт болар
Кеудеңе қара құс қонар,
Тірі болса Бекежан,
Жүрегіңе шер толар.
Тоқтай тұр,
Жібек, токтай тұр,
Көзіңнің жасы көл болар,
Қанмен жуып тойыңды,
Тойыңда салып ойынды,
Сені алмасам маған серт
Кездесе қалсам жолыңда.
Арман еткен ойыңды
Ала алмасам, маған серт!
Қорлағаның мен екен,
Күні-түні жортамын,
Алдымен соны құртармын! –
деген сөздері жауыздың жалын атқан кегінен туған серт байламындай естіледі. Дүлей күш қараниет қаһарына мініп, қанды қанжарын тәу етіп сертке белін бекем буып шығып кетеді.
Базарбай ауылына келгенде де кек жолындағы кейпін өзгертпейді. Жұрт тигізе алмай тұрған жамбыны дөңгелей жөнеліп атып түсіргенде де Төлеген жаққа мардымси қарайды. «Көрдің бе, сенің де мойның осылай үзілер» деген кісіше иек қағады. Сәби жанды Қарлығаш жамбы бәйгесін ұсынғанда қазақ ғұрпына жат қасиетсіздікпен қайырып тастайды. «Сыйлық алу емес сынасу, құрмет көру емес қыр көрсету» деген кісіше, Төлегенмен Жібек алдында кездесуге уәде сөз байласады. Бұл уәде арам ойдың алғашқы сатысы ғана еді. Қособаның маңы. Жақпарлы жартасты сахнаның ортасына таяу үстінде садағына басын сүйеген Бекежан тұр. Үлкен ойда. Ішін алау-жалау өртеген көк жалыны шеменге айналған тәрізді. Жол тосып, жан тонап әккі болған алаяқтың сырттай көрінісінің өзінен-ақ ішкі сыры аңғартылғандай. Іштей арпалыстың өз нысанасы бар. Әлі жұрт Бекежанның жүзін көрген жоқ. Бірақ сол тұрыстың өзінде оның көзге шалынар-шалынбас елеусіз қимылдары қайнаған кектің шөккен ұясындай көрінеді. Бұл тек қана тұрыс емес, ой мүддесін көрушіге сол сыртқы бейнесімен баяндап тұрған шебер актердің үнсіз тілдесуі. Театр тілінде «актердің сыртпен ойнауы» деп осыны айтады. Әріректегі биік жартаста көп тобырдан қалған жалғыз жігіт тұр.
Оркестр аспаптарынан шыққан баяу үнмен Бекежан басын көтереді. Оның қанды көзінде аздаған жабырқау бар. Көп тобыр кетті, енді жалғыз қалған жігіттің кетіп қалуы да ғажап емес, сонда ол не істемек? Жібек алдына айбармен бару оның мақсаты еді. Осы бір жегідей жеген ойдан мұңды үнмен:
Шеңгелдеп қызыл қанға боялған қол,
Алдың қия жатқан жалғыз-ақ жол.
Кек қайтпас, қан жаламай талас бітпес,
Бекежан, ойланбай-ақ таңдарың сол.
Күн қараң қолыңнан іс келмегенде,
Көрерміз жан бергенде сен де, мен де?
Мен емес тая соғар тайталаста,
Қанды қол тая соқпас сермегенде, -
деп шеккен кектің ақырғы шешімін айтады. Төлеген де келе жатады. Қан жалайтын кезең таяу. Бекежан осы сәтте азығына кездескен аш бөрідей жалт беріп жартасты паналайды. Жолдастарымен қоштасып тұрған Төлегенге садағын кезей бергенде, жанындағы жігіт уәдесін еске түсіреді. Оны да тыңдамай қайта кезегенде, «олай болса мен сені атам» деген жігіт сөзі шаншудай қадалып, амалсыздан әділетке бас иеді, енді айланың жолы ғана қалды. Жасанды жайдарылықпен Төлегенді қарсы алады. Бірақ іштей қанды қақпаны құрулы, Твлегенмен дос болайық деп құшақтасқанда да оның көзінен кек ұшқыны көрінеді. Бекежанның өрбір қимылы есепті, жалғыз жігітін ат даярлауға жібереді. Шабар алдындағы жолбарыстай Төлегеннің әрбір қимылынан көз айырмайды. Қыбын тауын қан жалатпақ. Реті келді. Адал жүрек Төлеген арбауда тұрып, Бекежанның садағын алып бермекші бола бергенде, қанды қанжар қапысын тапты. Кек уыты жайылды. Бекежан аздап шегініп, қанжарын қынына салып алып, ісіне риза болғандай масаттана: «Бітті жұмыс, қайтты кек, қарға-құзғын жатсын жеп», дейді де, жедел басып кете барады. Осы сахнадағы құбылмалы көріністерімен Құрманбек Бекежан образын шарықтау шегіне жеткізіп кетеді.
...Бекежан тоятын алған жыртқыштай соңғы актіде тағы шығады. Бұл шығыс Жібекке берген серттің «салтанат» құрған шағы. Жібек алдына алғашында айламен келсе де, ол ұзаққа созылмайды. Келген мақсаты ежелгі ойын орындау. Төлеген өлді. Енді Жібекке өзі ие. Еркін басып, пасық ерлігін мақтаныш ете, Төлегенді өлтіргендігін баяндайды. Бекежан соңғы ариясында:
Айттым ғой ерегес бір іс істетті,
Түбіне Төлегеннің намыс жетті.
Атыста, айдалада жекпе-жекте
Төлеген қайтпайтұғын сапар шекті, -
дей келіп, сақылдай күлуі Бекежанның адамға тән сезім мейірімінен қаншалықты жұрдай екендігін ашып, жексұрындығының шексіздігін айқындайды. Бұл сәтте Бекежан үшін адам өлімі ойыншық, адам қайғысы қуаныштай болын көрінеді. Міне, феодалдық дәуірдің озбыр өкілінің бейнесі, Құрманбектің орындауында кесек кейпімен осылай көрінді.
Қорыта айтқанда, дауысы тарлан ашып, жасы егде тартса да, сахналық шеберліктен Құрманбектің еңсесі биік жатқандығын аңғардың.
Ұлы орыс халқының өткен және бүгінгі опера сахнасының өкілдері дарынды дауыс иесі болумен қатар, тамаша артистер, сахна шеберлері. Құрманбекте бұл қасиет мол. Біздің опера артистері Құрманбек ойындарынан үлгі алып, үйренсе деген игі тілегіміз де бар.
Үлкен табиғи, дарынды, жарқын темперамент, өнер атаулыға құмарта берілген Құрманбек Жандарбековтың театр тарихымызда таразысы басым, үлесі мол жатады. Оның сан-салалы творчествосының отыз жылғы жемісі талай тамаша табыстың сырын бауырына басып жатыр. Мұның өзі аудара қарап, ақтара тексеруді, ғылыми жүйеге салуды талап етеді, ол алдағы кезек күтіп отырған зор міндет. Құрманбек өнер саласындағы сіңірген еңбегі үшін 1934 жылы Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, I 936 жылы Қазақ ССР-нің халық артисі, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше медальдармен наградталды. 1949 жылы «Біржан Сара» постановкасы үшін СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Коммунистік партияның мүшесі, көркемөнеріміздің көрнекті қайраткері Құрманбек Жандарбеков жолдас ұзақ өмір кешіп, Отан игілігіне еңбек сіңіре түседі, әлі талай тамаша шығармалар береді деген сенімдеміз. Құрманбек творчество адамдарына тән талантты тапқырлық шеңбері кең, ұшқыр қиялдың иесі. Сеніміміз сөзсіз ақталады.
1955
ШАХМЕТ ХҰСАЙЫНОВ
Басқаға қарағанда, бізде тым шабан келе жатқан драматургияның қазақ әдебиетіндегі көрнекті өкілдерінің бірі Шахмет Хұсайыновты бала күнінен білетін әдебиет ақсақалдары да, сан тарапқа шарқ ұрған жігіттік шағынан білетін орта буындар да, байсалдылыққа бет бұрған кезінен танитын кейінгі жастар да бүгін бәріміз бір қуанышқа ортақ, бір күнге куә болып отырмыз. Ол Шахмет Хұсайыновтың елу жасқа толған күні. Шахаң елуге келгенмен, оны үлкенімізбен де, кішімізбен де әрі сырлас, әрі құрдас ететін бір дәнекер бар. Ол жазушының әдеби еңбектері.
Творчество адамы үшін елу жас еркін еңсе көтеріп, тәжірибе толысып, қауырсын әбден қатып, қуатты қанатқа айналып, өзінің үлкен белесіне шығып ойланатын да, толғанатын да, мол жеміс шашар шағы дейміз.
Жазушының елу жылдығы тек қана мақтау, мадақтау, шаттана шашбау көтеріп, игі тілек айтатын ғана күн емес. Соған сай оқушы жұртшылықтың өзі құрмет көрсетіп отырған жазушысымен есеп айырысатын да күні. «Сіздің әдебиетке келгеннен бері өміріңіздің ішінде неге қуандың? Тілек-талаптарымызды дәл басқан жеріңіз қайсы? Рухани байлығымызға қосқан үлесіңіз не? Бізді қынжылтқан сәтсіздігіңіз қандай еді?» деген сұрақтарға қатал да қайырымды оқушы жұртшылығы жауап іздейді. Сол қалық оқушының бірі болғандықтан, әрбір творчество адамына тән, оның еңбегіндегі аязы мен жайма-шуағын, қысы мен жазын, көктемі мен күзін, көркі мен көлеңкесін, шыңы мен шатқалын аралап, шама келгенше әділдік айнасына түсіріп көрейік.
Көкшенің оңтүстігіндегі Айыртаудағы көзге қораш көрінетін бір ауылда бес-алты қараның тұяғын күнде бір санап, тіршілігіне талшық етіп отырған Хұсайын қарттың жабығы бүтін болғанмен, жасауы жүдеу қоңырқай киіз үйінде 1906 жылы Шахмет дүниеге келді. Бұл Көкше атырабының көңілсіз күзін қуып салып, солтүстіктің сақылдаған сары аязы салтанат құра бастаған кезі еді. Қалжаға сойылған қара тоқтымен шілдехана да өтті.
Шахмет ауыл молдасына тіл сындырып, арабша хат таныды. Сол кезде араб әрпімен шығатын ертегі-қиссаларды оқумен шұғылданды. Он төрт жасқа келгенде балалық базары тарқап, жетімдік қамытын киген Шахметтің бақытына Қазақстанда Совет өкіметі орнады. Үйде бала-шаға басы мол болғанмен, басым көпшілігі қыз балалар болды да, шаңырақ иесі Шахмет болып қалды. Екі-үш жыл бойы үй шаруасынан шыға алмай, тиіп қашып ауыл мектебінде оқып, ақыры 1924 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын техникумға келіп түсті. Техникумдағы жылдар Шахметтің әдебиетке деген ынтасын күшейтті. Сонда шығатын «Қалам» атты қолжазба журналға ескі ауылдың сұрқай өмірін сықақтап, күлдіргі әңгімелер жаза бастайды.
Бұл уақыт Орталық партия комитетінің Орта Азия республикасындағы мәдени-экономикалық мешеулікті жоюға түрлі шаралар қолданып, мектеп, мәдени-ағарту орындарын ашып, кулактарды тап ретінде жою, ауылды советтендіру науқанының қызу жүріп жатқан кезі еді. Сол кездегі әдебиетіміздің басты тақырыбы ауыл еңбекшілеріне революция жеңісін түсіндіру. Совет өкіметін нығайтуға шақыру, кедей, малшыларды таптық күреске үндеу, әйел теңдігін уағыздау, жергілікті бай-кулактарды әшкерелеп жою, қалың бұқараға партия мен үкіметтің саясатын ұғындыру, ел еңсесін басқан надандыққа шабуыл жасау болатын-ды. Бұған орай қазақ әдебиетіндегі алашордашыл, ұлтшыл жат элементтермен ақырғы айқаста жеңіп шыққан, сол кездегі жас қазақ әдебиетінің бүгінгі қарт гвардиясы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Асқар Тоқмағамбетов, Иса Байзақов, тағы басқа кексе тартқан ақын-жазушылардың белсене бой көрсеткен шағы еді. Осы дәуірдің аяғын ала ұлы дүбірге үн қоса жергілікті газеттерде күнделікті талапқа сай жас Шахметтің фельетон, мақалалары көріне бастады. Оның бәрі қаз тұрып келе жатқан әдебиет сәбиінің алғашқы адымдары ғана болатын.
Республикамыздағы мәдени революцияның басты нышаны оқу орындарының ашылуымен бірге ондағы көркемөнер үйірмелерінің өріс алуы, ақыры келіп бірінші рет қазақтың ұлттық театрының құрылуы еді. Осындай мәдениет, ғылым-білімге аңсап жеткен ауыл жастарының бір тобы Петропавлдағы педагогикалық техникумның жанынан көркемөнер үйірмесін ұйымдастырды. 1929 жылы осы үйірме техникумды бітірушілердің кешінде Щ. Хұсайыновтың «Солқылдақ шыбын» атты сатиралық комедиясын қойды. Мұнда автор ескі молда, дін оқуын әжуалап, бүгінгі совет мектебінің жемісті екендігін баяндайды. Шығарманың бас кейіпкерінің бірі баяғы өзін оқытатын Қисық молда болатын-ды. Советтің жаңаша мұғалімінің рөлінде, осы күнгі республикалық халық творчествосы үйінің директоры Қ.Жарқынов ойнады да, Қисық молданың рөлін Шахмет Хұсайыновтың өзі орындады.
1929 жылдан 1934 жылға дейін Шахмет Хұсайынов Көкшетау, Қарағанды газеттерінде, одан республикалық газет, журналдарда қызметте болып, көптеген сатиралық әңгіме, мақалалар жариялайды. 1932 жылы колхоздастыру тақырыбына «Шабуыл» атты үш актілі пьеса жазады. Сол жылы социалистік меншіктің жаулары жемқорларды әшкерелейтін «Обырлар» атты комедиясы республикалық Кәсіпшілер одағының конкурсында екінші бәйге алады. «Күлән», «Орақ үстінде» сияқты тағы басқа да шағын пьесалар жазады. Сонымен Хұсайыновтың драматургия дүниесіндегі сәтті қадамдары басталады. Бірақ, дәуіріне сай автор үшін сәтті қадамдар болғанмен, жоғарыда аталған пьесаларға бүгінгі сын көзімен қарасақ, көбіне сырттай еліктеу дәрежесіндегі, туған күндерінің ғана қажетін өтейтін қысқа өмірлі, тынысы тар шығармалар еді. Біз бұларды үлкен драматургияға бет бұрардағы барлау, дайындық жасалған тәжірибелер есебінде ғана еске аламыз.
Драматургия жанры табиғи талант, көп ізденуді, оқуды керек етумен бірге, театр техникасын да жете білуді тілейтіндігі — белгілі шындық. Шахмет енді арнаулы мектеп көруді арман етті. Осы ниетпен 1935 жылы Москвадағы А.В. Луначарский атындағы Театр-көркемөнер институтының режиссерлер дайындайтын факультетіне барып оқуға түседі. Ұлы орыс халқының театр мәдениетінің ұйтқысы болған МХАТ, Академиялық Үлкен, Кіші театрлардың сахнасынан көрген дүниежүзілік классиктердің еңбектері, оқу жүйесіндегі күнделікті жақалың, театр, драматургия теориясымен негіздеп танысу Шахметтің алдына жаңа міндеттер қойды. Өткеннің бәрі ойыншың сияқты көрініп, енді әдебиет дүниесіне ойлы, сана көзімен қарайтын дәрежеге жетті. Москвадағы өткен жылдар жас жазушы үшін үлкен университетке айналды. Енді ол Ежелгі Грек, Рим классиктерінен бастап бүгінгі совет классиктерінің еңбектеріне дейін танысты. Үйрену, ізденудің шын мағынасындағы кезеңі басталды.
1937 жылы Ш. Хұсайынов семья жағдайына байланысты институттың үшінші курсынан Алматыға қайтты. Келісімен академиялық драма театрында, кейін Семей, Орал театрларында режиссер болып істейді. Творчестволық коллективпен қоян-қолтық істес болуы, институтта алған теориялық білімінің тәжірибе жүзінде көрінуі жаңа ойлар туғызып, шабыт берді. Ш. Хұсайынов шын мәніндегі драматургияға бой ұрды.
Азамат соғысының кезінде Қазақстанда көптеген ірі оқиғалар болды. Қызыл Армиядан жеңіліс тауып шегінген, қамшысынан қан тамған Колчак әскерінің қазақ даласындағы айуандық әрекеті тарихқа белгілі. Олар қазақтың қарапайым жұртшылығын қырып-жойып, таптай отырып, жергілікті бай болыстарға арқа сүйеді. Автономияны аңсаған «Алаш» партиясының аз ғана тобынан тірек іздеді. Шахмет Хұсайыновтың «Боран» атты пьесасы осы дәуірдің бір кезеңін суреттейді. Жас қазақ большевигі Боран орыстың ысылған революционер! Бористің басшылығы арқасында қазақ жігіттерін ұйымдастырып, Н. қаласына орналасқан ақтардың штабын, Алашорда комитетін талқандайды. Бұлардың жеңісі қалаға Қызыл Армияның келуімен ұштасады. Қызғылықты қою оқиғаның ортасында Борис, Боран, жас жігіт Сабыр, жау жағынан Жасақбай, алаш комитетінің бастығы Қоспан кейіптері шындық шеңберінде қалыптанған. Ысылған революционер Бористің жауды алдаусыратып партизандарды қаруландыруы, Сабырдың жау арасында астыртын жүріп, білініп қалып қаза табуы сияқты өмірге сыйымды штрихтар мол.
Алайда шығарма кемшіліктен де құр алақан емес. Автор кейде оқиға жетегіне мойынсынып кетеді де, жеке кейіпкерлердің тағдырын назарынан тыс қалдырады. Боранның шешесі Қалампыр, Қоспан қызы Жәмила осы халге душар болады. Бәдіғұл мен Боран арасындағы махаббат та солғын. Боран ауыр жараланып жатқанда: «Ал майданды енді мен бастап кеттім» деп Бәдіғұлдың тұра жөнелуі орынсыз-ақ. Сол жігіттердің ішінде қайдан өмірінен тәжірибесі Бәдіғұлдан он есе артық адамдар бар. Бәдіғұлдың майданды бастағанмен, қиратқан еш нәрсесі де жоқ. Одан да Бәдіғұлдың Боран қосында болғаны нанымды да сыйымды көрінер еді. Осындай жеке сәттер бас кейіпкер Боранның жан дүниесінің жадау көрінуіне, сөз жоқ әсерін тигізіп тұр. Үлкен еңбекте қырқып-пішетін мұндай жеке кемшіліктердің болатыны даусыз. Мінсіз мүсін жасай қою да қиын. Осы тұрғыдан «Боран» пьесасын оқығанда біз мойындайтын бір шындық бар екен. Ол шындық драматургия саласында Шахмет Хұсайынов бұдан былай өнімді, сапалы еңбек беруге толық мүмкіншілігі бар екендігін танытады. Бұл пьеса бірнеше жыл бойы облыстық театрлардың сахнасында жүрді. Айта кететін бір жай, «Боран» пьесасының көп ұтымды жақтарын ескеріп, автор тағы оралса екен деген тілек еді.
Сонымен, 30-жылдардың аяғы, 40-жылдардың басында қазақ драматургиясының тұрақты кадры болып Шахмет келді. Драматургтің күні бүгінге дейінгі жазылған шығармаларының саны ірілі-уақтысын қосқанда 30-ға жуық. Қысқа баяндамада оның барлығын қамту мүмкін де емес. Сондықтан басты-бастыларына тоқтап өтуді қажет деп таптық. Тақырыптың жағынан Хұсайынов шығармаларын жіктей келгенде, тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған «Боран», «Амангелді», «Шаншарлар». Өткен дәуірге арналған «Алдар көсе» болмаса, творчествосының дені түгелдей бүгінгі өмірге құрылған. Олардың ішіндегі шоқтығы биік тұрғандары «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Кеше мен бүгін». Бұған біз облыстың колхоз-совхоз театрларының репертуарларында жылдар бойы келе жатқан «Құлпырма тон», «Сайыпкер», «Бір колхозда», тағы басқа толып жатқан шағын шығармаларын қоспай отырмыз.
1942 жылы жазылған «Алдар көсе» халық ұғымындағыдай күлкі, сықаққа толы, ауыз әдебиеті үлгісінде жазылған бірінші сәтті комедия дер едік. Мұнда автор Алдар көсе жөніндегі қысқа, ұтымды деректерге сүйене отырып, оған бой алдырмай, негізгі кейіпкерді әлеуметтік ортасына, таптың таразысына сай өз бетінше творчестволық жолмен келіп ой елегінен өткізді. Он бес жылға таяу республикалық, облыстың театрлардың сахнасында орын теуіп келе жатқандығы бұл еңбектің құндылығына толық дәлел бола алады.
Азамат соғысы дәуіріне Хұсайынов 1945 жылы Амангелді туралы пьеса жазумен қайта оралды. Оқиға Торғай қамалын алуда Амангелдінің қаза табуымен аяқталады. МұндадаХұсайынов сюжет құрудағы өз өнерін аңғартады. Шытырман оқиға аз мерзімге құрылып, бірінші көріністен-ақ қызу өріс алады. Рубасылар Кете, Әбдіғапар, «Алаш» бастығы Міржақыптардың Амангелдіні қолға түсірудегі зымиян әрекеттері мен осы кейіпкердің характерін ашатын тіл өрнектері де бояулы, бойларына да, ойларына да шақ келіп жатыр. Бұлардың бәрі Амангелдіні құрту мақсатымен жүрсе де, біріне-бірінің іштей қайшылықтары мол. Бөрі көрсе бірігіп, ас көргенде араздасатын ит мінездес рубасылардың кей сәттегі өзара тартысын да автор шебер пішеді. Заман кейпі, халықтың көңіл-күйі бар шындығымен, бар тынысымен байқалады. Не пайда, кейде жау жағының кейіпкері сәтті болса да, жағымды геройлардың мінез-құлқы, тілі, сезім-түйсіктері бірыңғай жалаңдау көрінеді.
«Амангелді» Хұсайыновтың тілге бай шығармасының бірі болса да, кей жерінде жалған пафос, шамадан тыс көпірмеге соғатын, етек-жеңі жиылмай жатқан ұзақ-сонарлар бар. Әйтсе де «Амангелді» автор творчествосындағы идеялық арқауы берік, архитектоникалық әшекейі мол, көркемдік жағынан елеулі орын алатын еңбек. Көп сөзділіктің көлеңкесі түсіп тұрғаны болмаса, автор елегінен бір өтсе, сахналық өмірге қайта енгелі тұр. Азамат соғысы дәуірі, әсіресе, халық батыры Амангелді туралы әлі талай шығармалар жазылуға тиіс. Өйткені бұл тақырыптың аясы кең арнада. Сондықтан қазақ драматургиясындағы екі Амангелдінің бір-біріне қырсығы тимесе керек. Өйткені екеуі екі суретшінің дара, дербес шығармасы.
Қазақ драматургиясында ескі өмірден де, бүгінгі күн тақырыбына да комедиялық жанрда жазып жүрген жалғыз Хұсайынов десек қателеспеспіз. Ескі өмірге бағышталған комедиясынан ең бір ұтымдысы Қалыбек Қуанышбаевпен бірлесіп жазған «Шаншарлар». Бұрын атақты Қоянды жәрмеңкесі тоғыз жолдың торабы болды. Осы базарда өмір тартысының неше алуан тәсілдері байқалады. Сол тартыстың бірі осы комедиядағы көрініс. Авторлар бұл комедияда халық бойындағы алмастай өткір әзілін, зілді сықақ-мысқылын, халық даналығын, оның артистік талантын, тапқырлығын, сыншылдығын көрсетеді.
Сонымен бірге, ойына өріс таба алмай, қолына ұстар жарық шырағы болмай, қараңғылық шырмауында келген халықтың Ресейде туған революция шұғыласынан күткен зор үмітін, жарық таңын айтқысы келеді. Біздің көз алдымызда әнші Сайра, сауықшыл достар Аңдабек, Құдиярлар, оның жақын дос адамдары коммунист Дүркін Жәпеков, оқыған жігіт Жарқын кейіптері дараланып өтіп жатады. Бұларға қарсы қойылған екінші топтағы кертартпа феодалдың заманның өкілі, рубасы Дарабайдың Тәйтігі, алашым деп «аһ» ұрған Алапай Аламанов, парақор судья Шардақпай, есерсоқ шабарманның бірі Құштиындар комедиядағы улы әжуаның негізгі нысаналары. Андабек, Зәрубай, Құдиярлардың алдына қойған мақсаттарының өзі Тәйтік сияқты байларды алдап, жамандыққа арандату, Аламанов пен Тәйтікті бір-бірімен жауластырып, шырқын бұзу, ел алдында масқаралап, келемеждеу. Екіншіден, елінің келешегін ойлап, Совет өкіметін орнату жолында жүрген коммунист-партизан Дүркін мен Жарқынға қолдан келген жақсылығын істеу, адал тілегін білдіру. Комедиядағы оқиғаның шиеленісуі Зәрубайдың өлімінен басталады. Алапайдың Дүркінмен ерегісіп аспанға оқ атуы, сол сәтті пайдаланып Зәрубайдың өле қалуы дәл де дұрыс алынған. Егер пьесадан осы көріністі алып тастаса, онда комедия жоқ, Аламанов ашу үстінде атып салса да, оның атқан оғы революцияға атылған оқ. Сол революцияға атылған оқты Зәрубай өзіне алады. Бұл арада Зәрубай өзінің күнделікті қулығына салса да, Совет өкіметін орнату жолында жүрген достарына шын жүректен көмектесіп жүргендігін байқаймыз. Осы жағдай комедияның негізгі арнауы. Осыдан келіп авторлар шығарманың идеялық өзегін сол кездегі тарихи жағдаймен табыстырады.
«Шаншарлар» комедиясының кейбір көріністері Гогольдің «Ревизорын» еске түсіреді. Оны бірінші актідегі Дүркін мен Тәйтіктің танысуынан анық байқауға болады.
Т ә й т і к. Жоғарыдан тексеруге бір бастық келеді деп еді, сол бастық сен шығарсың.
А н д а б е к (іле-шала). Дәл айттың, Тәйтеке, бастық болғанда, уездік соттардың үстінен қарайтын бастықтардың бастығы.
Бұл «Ревизордағы» Бобчинский мен Добчинскийлердің арасындағы көріністі елестетеді. Дүркін осы арада өзін дәл Хлестаковша, жоғарыдан келген ұлыққа балап қояды. Тәйтік дәл дуанбасыша, оны жоғарыдан келген ұлық деп қабылдайды.
Әрине, бұдан Дүркінді Хлестаков, Тәйтікті дуанбасы деп ұғуға болмайды. Авторлар бұл жерде Гогольге еліктей отырып, дала өмірінен де ұқсас характер, ұсақ мінездер таба білген.
Бүгінгі өмір тақырыбына жазған шығармаларының ішінде Шахмет Хұсайыновтың «Көктем желі» комедиясы ерекше орынға ие.
«Көктем желі» жазушының өмір шындығына батыл басқан қадамының бірі.
Өмірімізде социалистік қоғамның дамуына кедергі келтіруге тырысатын өмірімізде өрескел жәйттер бар. Мұның бәрі адамға, дос-жаранға, қоғамға деген қарым-қатынастан әр түрлі дәрежеде көрінсе керек. Айлакер, өтірікші, мансапқор, күншіл, ұры, мақтаншақ, тоғышар, тағы басқа жат қылықтар санасында сая тауып жүргендер әзір баршылық. Осылар сатиралық комедияның негізгі нысанасы болсын делініп жүрсе де, кейбір жолдастардың «күлсек те байқап күлейік, сол кейіпкер кейін түзеліп кетіп, басымыз бәлеге қалар» деп қорғалап қарайтындары да бар. Бірақ Шахмет Хұсайыновтың «тәуекел, күлсек күлейік» деп жазған «Көктем желі» алған нысанасына дәл тиіп, республика театрларының тұрақты репертуарына айналды. Өйткені реалистік жүйеде жазылған комедия жарыққа шығысымен өмірлік өзек тапты. Талай Мойтық, Шаймұқандарды көрген жұртшылық жылы шыраймен қарсы алды, Жағымсыз кейіпкерлердің жағымды кейіпкерден соққы алып әшкереленуі де шынайы, екі жақтың арасалмағында ауытқу жоқ. Кеп көрініс өмір шындығымен тұтастай туысып жатыр.
Қазақстан жазушыларының III съезінде Мұхтар Әуезов драматургия жайлы жасаған баяндамасында «Көктем желі» комедиясын жоғары бағалай отырып, бір кемшілікті еске салған еді. Шахмет «Көктем желі» пьесасында кейіпкердің (характерлердің) және халдің (положениенің) күлкілі жағдайларын тапқанмен, әр комедияға өзгеше шарт, міндет болатын тілдің, сөздің тапқыр, өткір, құлпыра құбылып тұрған татымды күлкісін жеткізе алмаған», деген-ді. «Көктем желінің» негізгі кемшілігі де осы болса керек.
Шахмет Хұсайынов көп ізденіп, өмірдің түйінді сәттеріне көп үңілетін драматург. Шығармадағы тартыс желісінде нені де болса ширақ, дәл де нанымды алуға ұмтылады. Келешек ұрпақтарымызды жат қылықтардан сақтандыру, коммунистік рухта тәрбиелеу өкімет пен партияның алға қойып отырған зор міндетінің бірі. Осы зор талапқа жауап ретінде жазылған «Есірткен ерке» пьесасында Шахмет семьяда бала тәрбиелеудің оғаш та өрескел көрінісін әшкерелейді. Мұнда да үлкен шындықтың сыры жатыр. Жасыратыны жоқ, кейбір басшы қызметкерлер жеке бастарының қамын, жұмыс бабын ойлайды да, семья тіршілігінен сырт қалады. Жауапты қызметкер Шапық Шымболатовтың үйіндегі хал тап осындай. Оның жетінші класта оқитын, екінші әйелінен туған Марат дейтін ұлы бар. Бірақ Мараттың не оқып, не қойып жүргенімен Шапықтың жұмысы жоқ. Тоғышар әйелі Күлнәпіс боянып, түрленіп қала аралаудан қолы тимейді. Сонымен Марат атаның да, ананың да, жалпы семья тәрбиесінен мақрұм. Желөкпе шеше болса, Мараттың маңдайынан шерткізбейміз деп бала не тілесе, соның бәрін орындайды. Бала көшедегі жат қылықтармен әуестенеді, нашар оқиды. Жолдастарының кітап, дәптерлерін ұрлап, отқа жағады. Нашар оқыған баласын қолдауға Күлнәпіс мектеп инспекторына пара да береді. Бірақ одан пайда жоқ. Әбден асқынып, ақырында Марат мектептің радиоқабылдағышын ұрлап қолға түседі. Мұны заң орны әшкерелейді. Шығарма сахнаға шыққан кезде, финалы дұрыс емес, Маратты милицияға алып кетсін дегендер де болды. Біздіңше, автордың түйінді бұлай шешуі оқиғаның дамуы мен Мараттың бар әрекетінен заңды туып отыр. Социалистік Отанда адам тәрбиелеудің сан түрлі әдістері бар, егер ол мектеп, семья тәрбиесіне көнуден кеткен екен, ендігі орны еңбек түзеу лагері болмақ. Онда да талай Мараттардың социалиста санада тәрбиеленіп шыққанын біз Макаренко шығармалары арқылы білеміз. Сондықтан «Маратты су түбіне жіберме, өсиет айтып үйінде қалдыр» деген тезисті ұсынған сыншыларға: «Жоқ, Марат тұншығудан құтылып, сенімді қолға тапсырылды, онан да оның жеген тәлпіш шешесі Күлнәпіске ақылыңызды айта беріңіз», -дейміз.
Қазір академиялық драма театрының сахнасында жүріп жатқан «Кеше мен бүгін» пьесасы Шахметтің жаңа белеске көтерілгендігіне толық дәлел бола алады. Шығарманың кіндігі адал совет интеллигенті Марабай Ақжаловтың тағдыры. Сирек болса да, мансабы үшін нендей пасықтықтан бас тартпайтын рухани қайыршылыққа ұшыраған Есіркеп, Күдерілер сияқты адамдар бар. Ондайларды кезі келгенде әшкерелеу совет адамдарының басты міндеті. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгіні» осы тақырыпқа арналған. Марабай тың жерді игеруді арман етушілердің бірі. Амал не, оның батыл ойына, нақтылы жоспарына сенімсіздік білдірушілер басым. Олар Марабайдың келешек жемісті еңбегіне қызғана қарайды. Шиеленіскен драмалық тартыс бойында Марабайдың партиядан шығып қалу қаупі туады. Ақыры әділдік салтанат құрып, Марабай жеңіске ие болады. Автор жағымпаз, жат элементтердің бет-пердесін ашып, оқушыларын «осындайларға сақ болыңдар» дегенге мегзейді.
Шахмет Хұсайынов творчествосының тағы бір өзекті саласы – кинодраматургия. Әсіресе, кейінгі жылдары бұл жанрда қазақ жазушыларының ішіндегі әзіргі белсене қатысып жүрген жалғыз қара десек те болады. Одақтық экранға шыққан «Өжет қыз» кинофильмі тәп-тәуір деп танылып жүр. Жуырда «Киноискусство» журналының оныншы санында соңғы кезде шыққан советик таңдаулы кинокартиналар «Верные друзья», «Солдат Иван Бровкиннің» қатарында аталып, 1956 жылғы жеті айдың ішінде ғана 24 миллион көрермен көргендігін хабарлады. Осы картина немен ұтып жүр деген сұраққа қысқа ғана жауап беруге болар еді. Біріншіден, ұғымға жеңіл комедиялық жүйеде жазылған еңбек бүгінгі қазақ колхоздарының бай өмірі мен өзгерген өңіріндегі халықтың әдет-ғұрпын, салтын, ойын-сауығын жаңа мазмұн мен ұлттық бояуында кең көрсете білгенінде. Екіншіден, ақылды, аңғал, ақниет, қағылез, той-думанның жаны, сатушы Аңғарбайдың бейнесі типтік дәрежеге көтерілген, қазақ кинодраматургиясына келген қадірлі қонақтай емес пе? Талантты артист Мүлік Сүртібаевтың шебер ойыны Аңғарбай образының бояуын қандыра, бедерін бекіте, іштей байытып, сырттай көркейте, көп уақыт естен кетпес кесек мүсін жасағандығын арнайы атап өткен жөн. Авторлармен бірге бұл артистің де зор табысы екендігіне дау айту қиын. Бүгін көргелі отырған «Біздер осында тұрамыз» атты кинокартинаның да бір авторы Шахмет Хұсайынов.
Қазақстанда театр тарихын зерттеу ғылым саласындағы кенженің кенжесі. Мұнда да алғашқы үлестің бірі Хұсайыновқа тиіп отыр. 1945-1950 жылдары театр тарихы жайлы Ғылым академиясына бай материал жинап тапсырды. «Халық творчествосындағы театр элементтері» атты ғылыми құны бар, көлемді мақаласын Қазақ ССР Ғылым академиясының хабаршысында жариялады. Қазақ ССР халық артисі Елубай Өмірзақов туралы монографиялық еңбек жазды. «Әдебиет және искусство» журналына Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров туралы зерттеу мақалалары басылды. Мұның бәрі болашақ театртанушыларға, театр тарихын зерттеушілерге таптырмас қазына, таратып алып кетер игілікті бастамалар.
Жазушы лабораториясына бір сәт кірсек, біздің көз алдымызда елі үшін етігімен су кешкен Амангелді, Жәуке, Боран, қазақ халқының қайырымды достары Михаил, Борис, Федор, адал ойлы, ақпейіл қарттар Кәрібоз, Ақжал, Елшібек, Қойшыбек, саналы сұлу қыздар Қорлан, Ағжан, Бәдіғұл, әнші Нәзікен, қырғын әзіл-әжуа шеберлері Алдар, Андабек, Зәрубай, Аңғарбай, парасатты ой иесі Марабай портреттері тұрады. Оған жалғас түнерген жауыз Әбдіғапар, Шоң, Кете, Алапай, Қоспан, Сәлім, Есіркептердің шұбар тобына кездесеміз. Бір бұрышта шоғырланып тұрған тоғышар тәлпіштер Сағила, Күлнәпіс, кесірі мен кесапаты мол Мойтық, Шаймұқан, Үдері, Сабатай сияқты антұрған «сабаздарға» тап боламыз. Бұлар Хұсайыновтың қаламынан туған әдеби еңбектің жемістері, татымды табыстары.
Міне, қазір творчестволық серпінде құлашын кең жазып келе жатқан жаны жас, жүрегі отты, елуді лажсыз мойындап отырған Шахаңның өмірі мен творчествосының қысқаша көрінісі осындай.
Айтылғандарды қорыта келгенде, Хұсайыновтың қазақ драматургиясының қорына қосқан үлесі мол, елеулі орны бар екендігі даусыз. Ал жол-жөнекей көрсетілген кемшіліктер бір арнаға саяды. Одан Шахаңның әдеби тілді салаң қолданатындығын аңғардық. Орынсыз шоғырланған сөз тізбектері басым. Осыдан келіп ой сырдаңдығы туады. Драматургия жанры көп сөзділікті көтермейтіндігі мәлім. Бұл Шахметтің бұдан былай қатаң ескеретін жайы.
Бүгін құрметті жазушысының елу жылдығында жұртшылық зор еңбегін арнайы атап, адал пейіл білдіріп, алғысын айтумен бірге үлкен талап қояды. Қазақ драматургиясының қадам баспай отырған тақырыбы көп. Ол ұлы дәуіріміздің тамаша адамдарының үлгілі бейнесін беру, совет адамдарының рухани үстемдігін паш ету, заман қаһармандарының монументалдық образдарын жасау. Осы сапарда сізге қайырлы қадам тілеп, бұдан былайғы еңбектеріңізде сөзге сараң, ойға терең, іске мығым кейіпкерлер көреміз деген үмітпен әдебиетіміздің игілігіне еңбек етіп, ұзақ жыл өмір сүруіңізді қалаймыз.
АСҚАР АҚЫН
Жастайынан Сыр бойының әйгілі кітаби ақындары Тұрмағамбет, Қаңлы, Кете Жүсіптер, Шораяқтың Омары, Кердері Әубәкір, Балқы Базар, Дақмұрындардың шығармаларын жаттап өскен, кейбірімен сұхбаттас, сырлас болған, бұл күндері атақты Асқар ақын атанған Тоқмағамбетовтің тұңғыш «Ленин суретіне» деген өлеңінің жарық көргеніне биыл отыз жыл болып, өзі елуге келіп отыр.
Елу жылғы өмір өңіріне көз жіберсек, небір творчестволық; табысқа толы, сүйсінерлік сәтті шақтардың тамаша сырларының барын аңғарады екенбіз. Сол елу жылдың отыз жылдан аса уақытында Отанымыздың өмірімен үзеңгілес, үздіксіз біте қайнасып, табысымызға да, тартысымызға да, жемісімізге де, жеңісімізге де үні араласып келе жатқан ақын Асқарды көреміз.
Социалистік құрылыстың алғашқы дәуірінде Отан өмірінің жаршысындай түлей ұшқан жас баланың біртіндеп нәзік үні күшейе, қаламы қатая, ой-өрісі кеңіп, шеберлігі шыңдала, өзіндік стиль, өзіндік сөз өрнегі, өзіндік ой-өзегі, өзіндік ақындық беті бар дәрежеге жетіп отыр. Әрине, бұл сияқты творчествоның қиын-қыстау шатқалынан табыспен өту көп ізденудің, терең толғанудың ғана жемісі деп ұққан жөн.
Большевик баулып түлеткен,
Тастүйін тастай түлектен, -
дегендердің бірі сол Асқардың өзі болатын-ды. Асқар өмірінің хроникалық жағына зер салсақ, былай болып шықпақ. Асқар 1905 жылы Терекөзек ауданында туды. Бала кезінде ауыл молдасынан ескіше хат таныды. Совет өкіметі тұсында ауылдың мектепте, Ташкенттегі су шаруашылығы техникумында, Москвадағы журналистер институтында оқыды. Асқар жазу жұмысына араласқалы бері республикалық, облыстың газет-журналдарда, Жазушылар одағында жауапты қызметте істеп келді. Міне, осы сырттай баяндалған елу жас құшағындағы біз тізбектеген жылдарда бір үлкен арналы жол, асулы кезеңдер бар. Ол азамат ақынның жолы, тамаша табыстарға толы кезеңдері. Жоғарыда еске алған Асқар творчествосының тырнақалды тұңғышы бірінші рет 1925 жылы баспа көрген «Ленин суретіне» деген қысқаша өлеңі жылы сезім мен жас қаламның жалынды лебіне толы жаңа ғана бүршік атып келе жатқан алқызыл гүлдің алғашқы хош иісі еді. Кейін құлпырған көңілді көктемі мен жайдары жазы ілесе келген Асқардың творчестволық таңы осылай атқан-ды. Шынында, Асқар поэзия дүниесіне тартына тапырақтамай, жалтаң нәрсіздіктен аулақ, кең тыныс, өрелі ой, бедері мол тіл бояуларымен келді. Өзіне де, өзгеге де бақыт әкелген Ұлы Октябрьді алғашқы адымынан бастап:
Байды жығып, жерге тығып,
Еңбекшінің көзін ашты Октябрь,
Білім алдым, тәрбие алдым, мінекей,
Мені жуған, мені туған
Дәл кешегі Октябрь, -
деп жырлаған Асқар сөзі бүкіл елінің, халқының атынан айтылғандай әсер етеді. Осы кездерден бастап, Қазақстанның бар баспа газет-журналдарында Асқардың өлеңдері, сықақ, фельетондары жиі шыға бастайды. Совет дәуіріндегі әрбір келелі өзгерістерден Асқардың үн қоспай отырғаны жоқ десек, асыра айтқандық болмайды. Асқар өміріміздегі маңызды мәселелерді кезінде тез қамтып, жырлай біледі. Әрі орынды, көркемдік жағынан көңілге қонымды, сәтке сай жазылған Асқар өлеңдері халық арасына тез тарап кететіндігі де осыдан ба деп ұғамыз. Жиырмадан аса шығармалар жинағын берген ақын еңбегіне зер салып бақсаң, әр алуан тақырыптарды қамтығандығын, өміріміздегі ірілі-уақты жайттарға кезінде нысанасына дәл тигізе мән, баға бергендігін көреміз. Кедейлердің артелі ұйымдасқан кезеңін:
Жалынып байдан көлік сұрамай-ақ,
Жер өңдеу артелін біз сұранайың,
Тұқым да, көлік те бар, трактор бар,
Бірігіп ұйым ашып біз алайық.
Күлісіп сыртқа шықты, есік ашты,
Артельге тегіс берді ықыласты;
Бұрынғы ырым-жырым бірі де жоқ,
Наурыз күн артель аштық деп тарқасты, -
деп суреттейді. Міне, байлардан іргесін ашып, көз алдында тірлік қамына көшкен кедейлердің дәл сол кездегі қалпын баяндайды. Наурыз мейрамының жаңа мазмұн, мүддесін айтады.
Енді ұлы көсемге деген халықтың махаббатын жырлай отырып бірлікке үгіттейді.
Ленин кім, көсеміңді айыра біл,
Олжаңды берме ешкімге, тұр, еңбекшіл,
Ұйымдас, жалшы, шаруа, басыңды қос,
Өкіметтің қорғанын соқ, жаса жыл-жыл.
Лениннің өзі өлді, ісі бізде,
Тас болат тұрмыз мәңгі, күшіміз зор, -
деп жігер бере берекелі еңбекке шақырады. Кезінде комсомол ақын аталған Асқар жастар өмірін көп жырлағандардың бірі. Жастарды білімге тарту, еңбекке баулу негізгі тақырыбы болған Асқар комсомолдар одағының X съезінде өлеңмен сөз сөйлегені де бар. Совет өкіметі орнағаннан кейін қазақ әйелдерінің теңдігі салтанат құрды. Сол ескі әдеттің шырмауындағыларды әшкерелеуге арналған «Фатиманың хаты», «Ағасының қарындасына хаты» атты өлеңінде:
Қарағым Фатима,
Жолықтым хатыңа,
Мұңыңды хатқа оран
Жолдапсың атыма.
Еңіреме, жасыма...
Алармын қасыма...
Қамықпа қайғырып,
Мен күйем қайғыңа;
Тоқал боп жүрем деп
Мен барда ойға алма, -
деп басталатын өлең кезінде екі адамның басы қосылған жерде әнге салып айтылатын жырға айналады. Сол кездегі ескі мен жаңаның арасындағы тартыстың бір көрінісі осы хаттарда айқын ашылады. Ата мен бала арасындағы көзқарастың қайшылығы да бар бойымен көрінеді.
Асқар шығармаларын түр, жанр жағынан түптеп жүйелей келгенде, негізгі төрт салаға бөлу шарт. Бірінші лирикалары, екінші – поэмалары, үшінші – сықақ-фельетондары, төртінші проза жанры және драматургия жанрында жазғандары. Ақын шығармаларының арқауы Ұлы Октябрь революциясының жеңісі, Лениннің образы, партиямыздың жеңімпаз саясатын жыр ету, өмірі де, өңірі де өзгерген ауыл тұрмысын, жастардың бақытты өмірін паш ету болады. Асқар творчествосының екінші бір салалы тарауы совет тұсындағы қазақ қыздарының теңдік алу жолдарында комсомол жастардың ескі әдет-ғұрыпқа қарсы күресін қуанышты жігермен тұшына жырлау.
Алғашқы дәуірде жазылған « Қызыл әскер жыры », « Тап қорғаны», «Комсомолдық серт», «Оқушы» сияқты өлең-жырлары Асқардың ұзақ шырқап барарлық тегеурінді серпін, табиғи талант иесі екендігін аңғартып-ақ тастаған еді. Осы сәттері Отанына, халқына деген ақынның шексіз махаббаты:
Асқар тау айнала,
Қорғанмын табыма;
Тап үшін төгілсе,
Ризамын қаныма, —
деп өзінің бар күш-қуатымен, жан күйімен мейірлене жырланады. Отанның өрлеу қарқынымен, ұлы дүбірімен ақын қиялының қауырсыны қата, шабыт шалымы ұлғая түсті. Ақын кейінгі кезеңде өмірдің қалыптасқан күйкі күйін қайта құру, табиғаттың тапжылмас долы күшін жүгендеген совет халқының алып тұлғасын жырлайды. Бірінші бес жылдықтың алғашқы жемісінің бірі Түркісібті салған жаңа дүние жасаушы жұмыскердің ерлік еңбегін:
Қырдан асып, белді басып,
Жолды салған қандай ер?!
Ол қайратты, ол қажырлы,
Қайтпас қайсар жұмыскер, -
деп бейнелейді.
Асқар шығармаларында Отан қорғау, ерлік тақырыбын жырлау «Күшті болса көкте кім? » атты лирикалық толғауынан бастан, «Партиялық маршрут» атты поэмаға әкеліп соқты. Отанымыздың жерде де, көкте де күшті, жеңілмес алып екендігін жоғарғы мақтаныш сезіммен, толқынды серпінмен жырлайды. Бұл тақырып, әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде Асқар творчествосынан мол орын алды. «Жеңіс бұйрығы», «Маршалдар шықты, майданға», «Ажалды жеңген алыптар», «Сүйген жарға», «Күт мені», « Мұнай бер » атты толғау лирикалары соғыс дәуірінің сан сырлы шындық оқиғаларын, қантөгіс майдандағы қаһарман ұлдар мен тылдағы қажырлы халық арасындағы мызғымас достықты, шынайы махаббатты суреттейді. Асқардың әсіресе, «Мұнай бер» деген толғау жыры Ембі мұнайшылары туралы терең тебіреністен туған үгіт жыры болумен бірге, халқымыздың патриоттық сезімін аруақтандыра келіп, жалынды леп, қажымас қайрат иесі екендігін көрсететін көрнекті туынды. Майдан мен тыл еңбекшілерінің бірлігі неден көрінді дей келіп:
Табаны тасты тасқа ұрып
Танктер өрсін десеңдер,
Мылжалап басын бастырып
Фашистер өлсін десеңдер,
Аса бір күшті айбармен
Ажалды соқсын десеңдер,
Қаңтардық қатты ызғармен
Тажалды құртсын десеңдер,
Тепкісінен жау қирап,
Моласын тапсын десеңдер,
Тез танкке мұнай бер,
Соны сізден сұрайды ел, -
деп, жеңіс күнін жақындатудың бір кілті сендерде жатыр дейді ақын. Еңбекші қауымды жұмылдыруда ұрандай әсер еткен «Мұнай бер» толғауы Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзиямыздың шоқтығы биік тұратын шығармаларының бірі екендігінде дау болмасқа тиіс.
Асқар лирикаларының көпшілігі әнмен айтылады. Бұл үлкен шеберліктен туған жеміс. Асқар әрдайым халық өлеңдерінің әсерін сақтай отырып, орыстың осы күнгі әнге текст жазатын ақындарынан үлгі-тәлім алды. Ол үлгі-тәлім тек еліктеу шеңберінде қалмай, қазақтың өлең ырғағының кейбір ерекшелігіне бағындырыла, іштей бай, көңілге де, сезімге де қонымды шығып отырады. Асылында, Асқардың тіл шеберлігі халықтың фольклор тілімен астасып жатады да, бүгінгі бояумен құлпырып, ұйқас жағы жымдасып, сәл ғана орамдарымен әрі ұғымды, қонымды, көркем, бай, мазмұнды келеді. Демек, орыс поэзиясы арқылы кірген жаңа ырғақ, іштей үндесу, екпін, сарын жағы айтушы қазақ жастарына кедергісіз, жатық шығады. Асқардың ақындық шеберлігінің бұл да бір қыры.
Кең табиғат байлығын поэзия тілі арқылы суреттеу ақын қиялының қаншалықты қуатты, қаншалықты кең шеңберлі екендігін де көрсетеді. Ол, әрине, тек қана сырттай суреттеу емес, белгілі бір оқиға тұтастай туысып, адамның жан дүниесіне, сезім күйіне, психологиялық қақтығыстарға қабыстырыла суреттелсе ғана нанымды, көркем, әсерлі болып шықпақ. Ақын жаны табиғатпен сырласа білуі шарт. Бұл тұрғыдан Асқардың шеберлігі мол. Табиғат жалаң емес, адам әрекетіне, адам тіршілігіне, оны қоршаған болмысқа байланыстыра суреттеледі. «Алтын ошақ» атты өлеңі Асқар лирикаларының тәуірінің бірінен саналады. Онда ақын:
Алтайдың жері де алтын, көлі де алтын,
Алтайдың басы байтақ, бауыры салқын.
Алтайдың алтынды алып алқымына
Қол салды, қойнын ашты менің халқым, -
деп табиғат байлығын меңгерген ерлік еңбекті елестетеді. Табиғатты, оның бар тұлғасында шат, көңіл көтеретін күйде суреттеу Асқар поэмаларында жиі, әрі жарасымды кездеседі. Мысалы, «Партиялық маршрут» поэмасында ұшақтың ұшар алдындағы аспан әлемін:
Жарқырап бұлтсыз ауа, әдемі көк,
Алыстан арпалысқан дауыл да жоқ.
Төңкерген күміс керсен сықылданып,
Шеңберсіз жатыр аспан шұп-шұбар боп.
Көгілдір көбігімен көкті шарлап,
Тегене, теңбіл теңіз жатыр, сел жоқ,
Кім күліп, кім қуанбас мұндай күнге
Тек кіндік ешбір жерден әлі тіл жоқ, -
деп бейнелейді Асқар. Қандай тамаша, бай көрініс?! Ұшар алдындағы ұшқыштардың да көңіл-күйіне, өр талабына осы көрініс те өз дәрежесінде шабыт, сенім бермей ме? Асқар жиырмаға таяу поэмалар жазды. Бұлардың ішінде басқаларынан шоқтығы биік тұрған «Берлин көшесінде», «Қараңғы түнде», «Партиялық маршрут», « Айтылмаған әңгіме» поэмалары. Бұл шығармаларға көркемдігі бол сын, терең мазмұны бол сын, көп дау айтылмайды. Ақын творчествосындағы белгілі белестер осы поэмалар.
«Әдебиет және искусство» журналында жарияланған «Айтылмаған әңгіме» поэмасы колхоздарымызда көкөніс дақылдарын кең өрістету, ондағы кейбір кертартпа басшылардың жайы айтылады. Бұл Асқардың кейінгі жылдардағы ірі шығармасының бірі. Асқар өзінің творчестволық жолында көптеген әңгіме, очерктер жазды. Ол очерк-әңгімелер өзінің көркемдігі мен тамаша тұжырымды, тиянақты, түйінді ойларымен, Асқардың шебер журналист екендігін көрсетеді. Бұл Асқардың күні бүгінге дейінгі қол үзбей келе жатқан төл жанры.
Драматургия саласында Асқар ескілік пен жақалыңтың арасындағы тартысты суреттейтін «Екі заң», ислам дінін әшкерелеуге арналған «Әзірет сұлтан» пьесаларын жазды. Уақытында бұл шығармалар республикалық театрларда жүріп, жоғары бағаға ие болды. Әсіресе, «Әзірет сұлтан» пьесасы күні бүгінге дейін актуальдығын жоғалтқан жоқ. Бірақ автордың аздап қол тигізуін күтуде.
Қазақ совет әдебиетінде сатира жанрына бой ұрып, дамытып келе жатқан тек қана Асқар. Асқардың фельетондары, күлкі-сықақ әңгімелері өзінің өткірлігімен, мәнді көркемдігімен, улы сықағымен, ауыр әжуасымен оқушысына өте қонымды да тартымды. Асқар фельетондарының аты кейде өзінің мазмұны мен өткір идеясын айқындап тұрады. «Өзара сынның сойылы», «Шоқыдағы ұйқы», «Сөмкелі сорпақпайлар», «Сүмелек қайнаға», «Салдыр-мөлдір Дүмшебай», «Құлқын туралы құпия сыр», тағы басқалары өзара сынды мықты қолданып жазылған. Мазмұнына тілі сай өткір фельетондар. Асқар алып отырған ұнамсыз кейіпкерінің бейнесін айнытпай түсіреді.
Айтайын, сөзге құлақ сал,
Құпия-сыр ғып құлқынды.
Құлқын атты бір құзғын
Құбылды күнде мың түрлі.
Түн жамылып ту жылқы,
Нелер бағлан үйітулі,
Нелер кілем тоқулы,
Нелер заттар сүртулі,
Қара-көк бұйра елтірі
Қатар тізіп бұл тұрды.
Құндыз жаға, түлкі ішік
Ол да тоқсан құлпырды.
Метрлеген бастондар,
Пар-парымен костюмдер
Сілкіп тастап құлпырды.
Жоқ боп жатты құлқынға.
«Балта кеспес мұртымды
Болып алдым», деп тағы,
Сөйлеп қояды лепіріп,
Істегенін былтырғы.
Міне, осы үзіндінің өзінен, сіздің көз алдыңыздан құлқын құлдарының жанды бейнесі өтеді. Мұндайдың сиқы да, сыры да мәлім. Осы рәуіштес сықақ-сын шығармаларымен басқаны сақтандырса, екінші жағынан, өмірде кейде қызмет бабында кездесетін жат, жексұрын қылықтарға аяусыз соққы береді. Асқар сатирасы әрдайым өз нысанасына дәл тиіп, мүлтіксіз түйреп жатады.
Асқардың сатиралық шығармаларының бір саласы халықаралық тақырыптарға арналған. «Арыстанға еліктеген мысық» (Наполеонға еліктеген Гитлерді сықақтау), «Өліктер жолында», «Қылкөпір», «Трумэннің қонақтары», тағы басқа фельетондарында Асқар сұрқия фашистер мен қазіргі империалистердің бет-пердесін жырға, суайттың әрекетінің сырын аша, топастығын әшкерелей жазады. Трумэннің саясатының сиқын:
Трумэннің «Ақ үйінде»
Шыбын-шіркей, бүрге отыр;
Қақ төрінде қандала,
Биттер олармен бірге отыр.
Бәрі шілтиіп, шікірейе қалыпты,
Масаның мұрты тікірейе қалыпты.
Тамағын қырнап жөтеліп қояды,
Тұмсығын көкке көтеріп қояды.
Сыпайы, сұлу, жылы шыраймен
Күлімдеп көзі, жұмсақ раймен
Трумэн тұрып сөз алды,
Бірінші бокалды өзі алды, -
деп суреттей келгенде, әлгі отырған жәндіктің бәрі достық, бірлікке кезек тост көтереді де, ақырында қып-қызыл мас күйлерінде ұшаққа тиеледі. Шетінен қолға түседі. Жаны алқымға келгенде жәндіктердің ойын:
Сонда ғана бұлар
Сұмдықтың сырын түсінген де болар,
Бар даусымен атой салды:
- Чуманың әкесі «Ақ үйде» қалды.
- Ол кім? дегенге
- Трумэн! десті.
Трудың артына
Қыру мінгесті, -
деп аяқтайды. Осылайша шыбын-шіркей арқылы-ақ Америка империалистерінің ресми саясатының ар жағындағы арам пиғылдары әшкереленеді. Осылайша халықаралық саяси сатирада да Асқардың өткірлігі, қырағылығы көрінеді.
«Елу ердің жасы» дейді халық, мереке үсті болса да, бір-екі ауыз сын айтуға тура келеді. Асқардың барлық шығармалары мінсіз мөлдір, төрт аяғы тең жорға десек, орынсыз асыра мақтағандық болар еді. Ақын творчествосында анда-санда кей шығармаларында бой көрсетіп қоятын бір кемшілік автордың сөздің сыртқы бояуы құмарта, ұйқас жетегіне бой алдырып, нысана еткен тақырыбының мазмұнын сұйылтып алатыны бар. Сондай-ақ, поэмаларында табиғат суреттері, жай детальдар тамаша көркемдік тапқанмен, адам образын жасауда, психология ашуда тым сырдаңдық жасайды. Осының өзі оқиға-сюжет құрудағы олақтыққа әкеліп соғады. Бұл тектес кемшіліктен құтылуға Асқардың ақындық таланты мол жетеді. Тек ұқыптылық керек.
Асқар творчестволық толысу үстінде. Ұшқыр қиял, шалымды шабыт иесі ақынның берері әлі мол. Одан талап-талғамына сай талай құнды көркем шығармалар күттіреді.
1955
ҚАЙСАР ТАЛАНТ
Үлкен өнерде өзіндік үн, өзіндік кескін-кейіпті иелену қиынның-қиыны. Бұл өзі жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген рас болса, ілудің бірінде ғана кездесері хақ. Шығармаларының санымен емес, әсіресе, сапасымен қалың оқушының көзіне көп ілініп, жүрегінде ұялап, бүгіндері елуге келіп отырған коммунист жазушы Т.Ахтанов, менің ойымда осындай бірегей есімдерден саналады.
Қоспасыз таза өнердің қауым мен қоғамға айтары көп. Оны әркім өз ой-өрісінен, өз білім деңгейінен келіп, әр қилы ұғуы мүмкін. Алар нәрін, ұғар сөзін былай қойғанда, көз алдыңа келетін көрініс-суреткер де қилы-қилы болмақ.
Мен өз басым Тахауи Ахтанов шығармасын оқығанда, не ол туралы ойлағанда, көз алдыма ылғи дала келеді. Мейлі ол қиырдағы белорус орманын жазсын, мейлі Сиваштың аяқ алдырмас ақ сор батпағын суреттесін, мейлі үнді ғимараттарына таңдай қағып тамсансын, бәрібір менің көз алдымда боз селеуі жайқалған құба жон тұрады. Ахтанов кітаптарына үңілсем болды, сол бір сағым ойнаған даланың бір қырына шыға кеп самалына кеудемді тосқандай, төбемде көк түлегі қыран ұшып жүргендей, сонау жылдармен тағдыры сіңісті таныс жандар жан-жағымнан қаумалап қоршап ап, қоңырлата сыр шерткендей күйге енем.
Ауып-ауық, күнде көріп жүрген үйреншікті өмірден бір сәт алшақтап, жаныңның әлдебір құз тереңіне орнығып ап, оқтын-оқтын ойға түсетін өткен күндерде, көптен кезікпеген, көбі, тіпті, қазір жер бетінде жоқ таныс жандарды, таныс мінез, таныс қылықтарды аңсағанда, не кісі оз ой, өз қиялына өзі тұншығып, көкірек босатар сырлас іздегенде, кітаптарына қол созатын жазушыларымның бірі Ахтанов.
Мен мұндай қасиетті тек шын мәніндегі кемел талант, кесек суреткерлерге ғана тән, сирек мінез деп білем. Әйтпесе оқығанда сілеусіз жайлауындағы қалың інді кештерге кезіккендей әр үтіріне бір сүрініп, тыныс белгісіне жеткенше жөке шайнаған, жүйкелетіп кететін жинақтар да баршылық қой қазір.
Қайсыбір жазушыны оқығанда өзіңді ұмытып, өнерге елтіп-елігудің орнына қолыңа кітап емес, кірпіш ұстап отырғандай зерігіп кететін тұстар да аз емес. Ал енді кейбір әріптестеріңнің роман-повестеріндегі сеңдей соғылысқан, аты қазақша, заты беймәлім апайлардың, ағайлардың, інілердің, қарындастардың арасына түскенде тіліне түсінбейтін, үрдіс-үлгісін білмейтін бөтен қаланың бесін базарынан шыққандай пұшайман боп сенделіп қап жүрген жеріміз де жетерлік. Оның бәрі небәрі отыз ауыз сөз біліп, отыз баспа табақ роман жазатын дүмше таланттардың, не әр тақырыптың, әр жанрдың шылауынан бір қармап, әр сағызды бір шайнап жүретін, көкезу көбік ойлы жазғыштардың ісі.
Сөз демекші, қайран қазақтың тартылған садақтай үп еткен желге үн қосатын сұңғыла сөзін кейінгі кездері біржола болмағанмен біраз тепкіге салғанымызды осы тұста таратып айтпасақ та, еске сала кеткенді. жөн ғой деп білемін. Өнердің қайсысы болмасын, әсіресе, «тағына жетіп қайырған» сөз өнері, бүргені тағалаған зергердің еңбекқорлығын сүйеді. Осыдан барып өлермендікті өнерді қорлау деп пікір түйген дұрыс сияқты. Өнерді партияға, қоғам мен халыққа қызмет ететін құдірет деп танымай, күнкөрістің құралына айналдырғандарды ойласаң, осы ойдың растығына көз жетеді.
Ал Ахтанов - әдебиетте өзіндік бетін ашқан, өз тақырыбын, өз машығын тапқан жазушы. Өйткені ол әдебиетке даңғаза даудамайды малданыс, тұқшаң-түқшаң қағаз шимайлап, мал табуды мақсат тұтып келген жоқ. Ол әдебиетке қан-қасіреті мол, соғыстың сыз окоптарынан келді. Өлімнің сұсты бетін көріп, өмірдің қат-қабат мәнін түсініп келді. Ахтанов қазір жер басып жүргендер түгілі, келешек ұрпақтар да қастер тұтатын, етігімен су кешкен, кеудесін оң тескен қаһарман майдангер ұрпақтың өкілі. Ол әдебиетке өз буыны бастан кешкен бай рухани тәжірибені ала келді. Мүмкін, сондықтан да ол шыншыл, сондықтан да ол сыршыл шығар.
Өлім мен өмірдің екі ұдай таласын өз көзімен көріп, өз басынан өткендердің туа біткен таланты болса, шыншыл болмасқа жайы жоқ. Небір ұлы арпалыстарды, шендескен шындықтарды жүрек елегінен өткізгендердің сыршыл болмасқа әлі жоқ. Әдебиеттегі жаңашылдық адам болмысын бұрынғыдан гөрі тереңірек түсінуге көмектесетін жаңа сыр. Арғы жағында ондай жаңа сыр, жаңа шындық жатпаған жаңашылдың оқырманның жан дүниесін байытар жаңа қазына емес, жай әншейін көз алдар алабажақ, көңіл алдарқатар көп өтіріктің бірі. Ал Ахтанов прозашының, Ахтанов драматургтің жаңашылдығы адамды неғұрлым тереңірек түсінуге, молырақ құрметтеуге үйретуді мақсат тұтқан жаңашылдың. Өнердің адамға тигізе алар жалғыз шарапаты өзін-өзі жақсырақ түсінуге, адамдық болмысты, адамдық талай-талайды, адамдық парызды жітірек түсінуге көмектесе алатыны, сол арқылы оны ізгілікке, өзге өзі тектестерге деген мейірбандық пен сүйіспеншілікті шақыра алатындығы.
Ахтанов-жауынгерді Ахтанов-жазушы еткен де өнердің осындай өктем мінезі. Оның алғаш рет баспасөз бетін көрген әңгімесі «Күй аңызын» оқығанда, қазақ оқушысы өздері бағзыдан білетін ескі аңызды жаңа заманның суреткері боп қорыту үстінде жаңа қырын алған Ахтанов жаңашылдығына қайран қалған болатын. Бағы заманнан бері өнеріне таңғалып, аты аңызға айналған күйшінің бойынан ешкім мін, кемшін іздеп көрмегенді. Ахтанов әңгімесінде сондай елден ерек өнерпазға емес, өз қатарына, өз қалауына қосылсам деген арманы үшін қиылып, қиналған қарапайым қыздың қайсарлығын жырлайды.
Дүниеде адам өмірінен қымбат, адам арынан киелі ештеңе жоғына көзі әбден жеткен жауынгер жазушы жұмыр басты пендені кіріптарлыққа мәжбүр ететін қиянаттың қандай түрін болса да ашына әшкерелейді. Қандай сұңғыла шешен болсын, қандай саңлақ талант болсын, қандай атағы асқан әкім болсын: өз басындағы өткірлікті, өнерді, билікті өзгелерді жер қылу жолында пайдаланса, адамгершілік алдында одан үлкен қиянат, одан асқан кесапаттың болмаса керек.
Ахтанов жазған «Күй аңызы» осыны аңғартты. Жазушының тұсаукесер әңгімесінің өзінде барша болмысымен көрінген рухани максимализм пафосы кейін оның бүкіл творчествосының барған сайын тереңдеп, кемелдене түскен күретамырына айналды. Ол осы заманғы совет әдебиетінің негізгі сипатына айналған бұл тенденцияның мықтап ірге тебуіне өзгелердің ізін шарлайтын шұлғыма көп шәкірттің бірі ретінде емес, алға түсіп сонарда із кескен батыл барлаушы ретінде көрінді. Оның қазір қалық оқушыға кеңінен белгілі «Қаһарлы күндер» романы тек қазақ прозасында ғана емес, өткен соғыстың әлеуметтік астарын нақты адам характерлері арқылы ашқан, соғыстың рухани болмысына батып бара алған алғашқы шығармалардың бірі болды. «Қаһарлы күндері» жарыққа шыққан кезде, соғыс тақырыбындағы ең бір іргелі шығармалар деп есептелетін К. Симоновтың соғыс туралы кейінгі трилогиясы, В.Быковтың повестері, А. Бектің «Бірнеше күндері» мен «Генерал Панфиловтың резерві», Ю. Бондарев, Г. Баклановтың роман-повестерінің көпшілігі әлі оқушы қолына жете қойған жоқ-ты. Сондықтан да бүкілодақтық оқушы мен шетелдік оқушы қазақ жазушысының алғашқы романын зор ықыласпен қабылдады. «Қаһарлы күндер» совет әдебиетіндегі соғыс шындығы мен жауынгер характерін шынайы суреттеген санаулы-салауатты кітаптардың санатына қосылды.
Адамдарымыздың жан дүниесіндегі жаңа өзгерістерді барынша дәл, барынша байыпты көрсеткен «Боран» («Дала сыры») романы да бұл тақырыптағы С.Залыгин, Ф.Абрамов романдарынан әлденеше жыл бұрын шықты. Мұның өзі Ахтанов прозашының ізденімпаздығымен қоса суреткерлік көрегендігінің кемелдігін, азаматтың ойының тереңдігін, замана тынысы мен замандастардың жан дүниесіндегі рухани ізденістерге айрықша сезімталдықпен зер салып отыратын жіті зерттеушілік зердесін айқын дәлелдеп бергендей.
Өз шығармаларында әлеуметтік талдау мен психологизм арнауын бірдей ширақ ұстайтын жазушы дәуір талап етіп отырған өзекті проблемаларға бой ұрғанда, нақты рухани тәжірибеден сол бай рухани тәжірибе көрінетін нақты әлеуметтік-психологиялық ұлттың характер топырағынан шығып, осы заманғы рухани ізденістер биігіне көтеріледі. Қазіргі әдеби процесте ара-тұра шаң беріп қалып жүрген, өксігі мол өткенді орынсыз қызықтап, ұлттық характер жасағанда жоқты бардай, барды дардай ғып жалаулатып, жалтыратып көрсетуге тырысатын көпірме жасандылық Ахтанов творчествосына атымен жат.
Ахтанов - прозашы күллі адамзаттың көкейіндегі аңсауды ойдың биігіне тек өз халқының көп ғасырлық рухани бай тәжірибесінің топырағынан құлаш созғанда ғана жетуге болады деп түсінеді. Аты аңызға айналған Гомерден бастап, барлық кемел суреткерлер өз творчествосымен даусыз дәлелдеп берген осы бір аксиоманы естен шығарып алып жүрген жерлеріміз де жоқ емес. Ұлттық характердің рухани тәжірибесінің бойынан күллі адамзаттық өреге көтерілетін озық тенденциялар мен озық сипаттарды шұқшия зерттеп барып көрсетудің орнына, ойдан шығарып, қолдан жасай салатын жасандылыққа да аз ұшыраспаймыз.
Тахауи Ахтанов ұлттың характер топырағына әлгіндей зерттеушілік позициядан үңіледі. Ұлттық характер бойынан алдымен рухани ізденісті, рухани ширығуды іздейді. Ол «Қаһарлы күндерінде» бейбіт адамның ел қорғаны жауынгерге айналу процесін қазақ топырағында күнбе-күн көріп жүретін қарапайым характерді ақпейіл де момын шаруа Қожақ, ибалы да зерделі Ержан, ұялшақ та ізетті Раушандардың жан дүниесіндегі өзгерістер арқылы ашады.
Ол осы заманғы қоғамдық ой мен қазіргі замандасымыздың жан дүниесіндегі ең бір өрелі құбылыс азаматтың жауапкершілік проблемасының барынша терең, барынша жан-жақты, барынша нақты көрінетін әлеуметтік-психологиялық ая ретінде еңбексүйгіш, тас арқалатсаң да қыңқ етпейтін төзімді, арнасынан аспайтын сабырлы, ұқыпты шаруа Қоспан тағдырын таңдап алыпты.
Алғашқы кітабы жарық көрген «Шырағың сөнбесін» атты романда соғыс сияқты әлеуметтік алапаттың бейгуманистік сипатын ашуда қырда өскен, қылтың-сылтыңды білмейтін, қарапайым қазақ қызы Нәзира характері ұтымды көрініс тапқан.
Жазушы үлкен әлеуметтік проблемаларды кейіпкерлер арасындағы кереғарлықтан емес, көбіне-көп кейіпкер мен кейіпкер тап болған ситуацияның арасындағы кереғарлықтан іздеп, адам мінезінің әлеуметтік құбылыстарға байланысты диалектикалық өзгерістері логикасы тұрғысынан көрсетеді. Мұның өзі характер шындығының әлеуметтік астарына жіті үңілуге, адам болмысының қоғамдық сипаттарын терең түсінуге қолайлы жағдай жасайды.
Қазіргі қазақ прозасында әлеуметтік мән, рухани пафос, характер шындығының тереңнен табысқан жарасымынан тұратын кемел реализмінің қалыптасып нығаюында, әлеуметтік зерде мен азаматтық үннің күшеюінде Тахауи Ахтанов шығармаларының еңбегі орасан зор.
Ахтановтың қай-қайсы шығармасы да оқушы көкірегінде адамдық бақыт, азаматтық мұрат туралы көкейкесті әңгіме боп қонақтай білді. Оқушы көкірегіндегі ондай оңаша өрелі сұхбат жалпақ қауымның алдындағы жария-мәслихатқа, жаппай толғанысқа өз-өзінен сұранып тұратын болса керек. Тахауи Ахтановтың прозалық шығармаларының кейін театр сахнасына шықпағаны да кемде-кем. Мұның басты себебі Тахауи шығармаларында драмалық қақтығыс коллизиялар басым. Сондықтан да Ахтанов қазақ прозасының ғана емес, қазақ драматургиясының да арнауын ширата түскен кезеңдік туындылардың авторы.
Ахтанов - прозашы әлеуметтік мәні зор өрелі тақырыпқа, кесек характерлерге, шынайылыққа, салауатты ойға деген айрықша құштарлығын драмалық шығармаларында да дәл сол қалпында ала келді. Оның қолынан шыққан «Сәуле» қазақ сахнасында замандастарымыздың биік азаматтың тұлғасын бар болмысымен жарқыратып көрсете алған таңдаулы драмалық шығармаларымыздың бірі. «Ант» атты жаңа тарихи драма жазып бітірді. Мен оны тек Ахтанов-драматургтің ғана емес, күллі қазақ драматургиясының жаңа бір келелі шығармасы деп білемін. Мұнда Тахауи Ахтанов кейінгі кезде кеп жазылып, аяқ астыланып бара жатқан тарихи тақырыпты әдебиетіміздің бүгінгі жеткен өрелі биігінің тұрғысынан салмақтап, қазіргі күннің әлеуметтік ойының тұрғысынан таразылай алған. Ел басына түскен ауыр күн, халық басына түскен әлеуметтік қиын проблема адам тағдырымен терең тамырласып суреттелген. Соның арқасында алыс ғасырлардың арғы белестерінде болған оқиға жазушының бұған дейінгі творчестволық; ізденістерінен қиғаш кетпей, ол көтеріп келе жатқан азаматтық парыз, азаматтың жауапкершілік проблемасының жаңа бір қырын ашқан шығармаға айналған. Халық тағдырын, халық болашағын ойлағанда өз басының эгоистік мүдделері мен жеке басының күйкі-күйтін жеңе алмаған қайраткер қаншама дарынды, қаншама батыл, қаншама шешімді болсын, тарихтың, қоғамның алдында әумесер ақикөз авантюриске, халық алдында опасыз сатқын-садуанға айналады. Эгоизм ел тағдырын ойлаған азаматтық жауапкершілікпен ешқашан жарасым тапқан емес. Ал адамгершілік ар үшін халық тағдырын, халық мүддесін малданып істелген қиянаттан артық ауыр қылмыс болмақшы емес. Ахтанов шығармасындағы Әбілқайыр мен Барақ сұлтан арасындағы тартыс осындай өрелі, әлеуметтік проблема төңірегінде өрбиді. Ол бүгінгі таңдағы ынтымақ-мұраты жарасқан халықтарымыз арасындағы кемел достықтың ең бір терең тамырларын тауып көрсетіп, мұндай ынтымақ, мұндай достықтың тарихи заңдылықтан туған объективті сипатын дәйекті де дәлелді ашып бере алған.
Тахауи Ахтанов ізденімпаз суреткер. Ол оз творчествосында ұлттың әдебиеттің қол жеткен табыстарын одақтық әдеби тәжірибенің жетістіктерімен ұтымды ұштастыра біледі. Оның қай шығармасында да көркемдік шешім өзінен бұрынғының ізін шиырлап кетпейді. Алғашқы әңгімелерінде дала самалындай еркіндікке, мейлінше қарапайым, мейлінше табиғи композициялық шешімдер мен нәзік нюанстар драматургиясында құштарлығымен көзге түскен Ахтанов «Боранда» композициялық жинақылық пен серпінділікке, өткір де, драмалық шендестірулерге бой ұрды. Ал «Шырағың сенбесінде» автор өз тағдырын, өз парасатының елегінен өткізген кейіпкердің, өмірдің әр алуан сәтін еске алғанда, әр алуан тебіренетін сезім бұлқынысын сол қалпында мөлдіретіп жеткізетін табиғи интонация мен етек-жеңі дархан, бірақ бос белбеу емес, қарапайым композициялық шешімге жүгініпті. Жазушы қандай көркемдік шешім қабылдасын, өзіне етене уытты азаматтық ойы мен жіткір де сезімтал зерттеушілік пафостан бір елі алшақтамайды.
Өз творчествосына осындай қатал талаппен қарайтын жазушы өз қаламдастарының шығармаларына да мейлінше талғампаз. Тек өз жазу столының тар аумағымен ғана шектелмей, күллі әдебиетіміздің мүддесіне де әрдайым тебіреніп отыратын Ахтанов әдеби сыннан бір сәт қол үзіп көрген емес. Азулы сыншыларымыздың санатындағы Ахтановтың әдебиеттің партиялық принципі мен идеялы, көркемдік критерийлеріне мейілінше адал талғампаздығы өзге өзі тектестердің творчестволық табысына шын пейілімен қуана алатын дархандылықпен ұштасып жатады. Туған әдебиетіміздің көркемдік бітіміндегі Әуезов, Майлин, Мүсірепов, Мұстафин сынды шеберлеріміздің іргелі орны мен жемісті өнегесін, үлгісін анықтауда, қатарымызға жылма-жыл қосылып жататын ондаған шын мәніндегі талантты жастардың жақсы болашағын тап басып айқындауда Ахтанов-сыншының дәл де дәлелді байыптаулары қазақ әдеби сынының парқы мен парасатын асыра түсетін еңселі еңбектер. Оның ағалар жайлы айтқаны мәймеңкеліктен, інілер жайында айтқаны беталды сәуегей батагөйліктен алшақ жатады.
Егер Ахтанов елуге кешегі қалың қара бұйра шашын түгелге дерлік қырауға шалдырып шығып отырса, соның көбін тынымсыз ізденіс, өз творчествосына деген қатаң жауапкершілікпен қоса әдебиетіміздің беделі мен мерейі жолындағы қалтқысыз күресте ағартты деп білгеніміз жөн. Ол туған әдебиетіміздің бүкілодақтық, халықаралық беделінің нығаюына өз творчествосымен ғана үлес қосып қоймай, жазушы қатарының тазалығы, шығарма санатының саралығы, оқушыларымыздың биік талғампаздығы жолындағы қажырлы күресімен де белсене атсалысып келеді. Ондай өрелі, күрескер азаматтық рухсыз өнердің де көсегесі көгере қоймайтыны кімге болса да аян.
Мен Ахтанов жайлы ойланған сайын 1961 жылдың жазы есіме түседі. Аяулы Мұхаң Москвада ауыр операция алдында көңілін сұрай барғандарға қаламдас достары мен інілерінің жайын көбірек айтып, көбірек толғап отырып еді. Сонда ұлы жазушының аузына ең көп түскен есімнің бірі Тахауи болды. Оның ажал алдында артындағы қауымға айтар аманатын Тахауи Ахтановқа жолдағаны да тегін болмаса керек. Ол Ахтанов бойындағы суреткерлік елгезектікке, уытты да өжет азаматтың ойға, рухани қайсарлыққа қатты сүйсініп, жазушы болашағынан үлкен үміт күткен еді.
Тахауи әрдайым сол үміт, дәмеден шығып келеді. Кемел жасындағы жарқын таланттың туған әдебиетіміздің мерейін көтерер келелі еңбегінің көбі әлі алда деп білеміз.
1973
ТАЛАНТ ЖОЛЫ
Торғай шырылдағаннан тау бөктеріне шашырай беттеген сиырлардың соңында сусын құйған тобатайы мен дорбасын мойнына ілген, жүзі тотыңқы он екі жасар бала кетіп бара жатыр. Оның күнделікті кәсібі осы... Жабырқау тартқан жүз, жасына лайық емес ойлы, әрі мұңды көз бұл балғынның өмірге өкпесін танытқандай... Ата-анадан ерте айырылып, «сиыршы балаға» «жетім» деген жексұрын сөздің қосымша болғанына да көп жыл өтті. Ұзамай таяғы домбыра, ермегі ән болған «сиыршы бала» жиын-тойда өнер көрсетіп, «әнші» де атанды. «Несіне жетіседі осы?» деп ернін сылп еткізіп ерсі көретін егде тартқан жеңгейлердің де «сыны» Камал бойындағы табиғи таланттың ұшқынын сөндіре алмады. Бірақ осы өнері өмірден орын тауып, өріс алар деген ойдан ол аулақ болатын. Көз алдында күңгірт тартқан келешегі кенет өзгеріп, бағдар, бағыт айқындалды. «Жетім» деген жарнама жайына қалып, Отан-ананың қамқорлығына алынған Камал Алматыдағы үлгілі мектептің оқушысы болды. Сүйреткен таяқ адыра қалды. Қолға қалам, қолтыққа кітап ілінді... Оқу жылдарында көркемөнер үйірмелері, сауық кештері әнші әрі биші Камалдың қатысуынсыз өтпейді, кейін қызмет бабында да бұл өнерді ол тастаған емес. Бірақ ден қойып, артист боламын-ау деген Камал жоқ. Мұның бәрін албырт шақтық әуесқойлығына есептейтін.
1929 жылы он жеті жасар Камал Алматының есеп-санақ басқармасының есепшісі, одан Казкрайкомның кадр бөлімінің секретары, 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің экономика факультетінің студенті. Профессионалды театрға келгенше Камалдың өмір жолы осы. Отызыншы жылдары Қазақстанның көптеген қалаларында көркемөнер үйірмелерінің негізінде театрлар құрыла бастады. Оларды басқаруға талантты, өнерлі жастар тартыла бастады. Крайком комсомолдың ұйғаруы бойынша астанаға көркем үйірмелер арқылы танылған Камал шақыртылады. Бұл хабарды алғанда өзін ғылым жолына бағыштаған Камалдың алдында үлкен сын тұрды. «Театр өнері ауыр, менің бойымнан талант табыла ма?» деген күмәнді ой күшті болса да, Крайком комсомол шақырған соң келдім», - дейді. Келісімен Камал Риддердегі жұмысшы жастар театрына басқарушы етіп жіберіледі. Ондағы театр жұмысын жолға қойғаннан кейін, 1931 жылдың аяғында қазақтың қазіргі академиялық драма театрына алынады. Сонымен Камал Қармысовтың өнер саласындағы сәтті қадамы, мол жемісті жылдары басталады. Ұлттың драматургиямыздан алғаш «Қанды таяқтағы» (Т. Жароков) ұрының образын жасаудан бастап, реалистік драманың тұңғышы «Түнгі сарындағы» (М. Әуезов) Нұрханға дейінгі жолдың өзі жас актердің сахна өнеріне бой үйренуі болғанымен, табыс таразысын аңғартады. Өзінің сахналық өмірінде Камал Қармысов әр дәуірдің, әр таптың, әр ұлттың адамдарымен кездесіп, олардың шынайы тұлғасын жасаумен үлкен талант иесі екендігін танытты. Дүние жүзі әдебиетінің әйгілі шыңдары Шекспир, Мольер, Гоголь, Островский, Горький жасаған сом характерлерді ойнау, актердің өнер ұштаудағы үлкен мектебі болды. Камал Қармысов тек не комедиялық, не трагедиялық, не жағымды, не зұлымдық жүйедегі ғана кейіпкерді жүзеге асыратын бір тыныстың артисі емес. Бұл жан-жақты бай ішкі дүние, көп сыр, көп бояудың иесі. Терең психологиялық тебіреністегі жан күйі, қиядан шалатын қиял кей сәтте ағыл-тегіл зауықтық (вдохновение), кең тынысты комедияның артисі. Алаяқ, суайт Хлестаков, махаббат құрбаны Қозы, жан сөлін аңша қайғысы сорған азғын Гарпагон, баққұмар, зұлым Яго, майдандағы батыр Төлеген Тоқтаров, ислам дінінің шірік пердесін жамылған айлакер Дүрбіт, мүләйім, жыртқыш жанның, тағы басқа толып жатқан ұлылы-кішілі сан қилы характерлері Камал Қармысовтың бойынан өмірлік нәрін, сыр сипатын тапты. Мұның бәрі жұртшылық құрметіне бөленіп, халық артисі атанған Қармысовтың ұлттың театр өнерін дамытуға қосқан қымбат қазына саналады. Шағын мақалада актер творчествосына толық талдау жасауға мүмкіншілік жоқ. Сондықтан кейбір жеке образдарға қысқаша тоқтап өтейік. Гогольдің атақты «Ревизоры» қазақ театрында алғаш 1936 жылы қойылды. Бас кейіпкер суайт, жаңғалақ Хлестаков Қармысов творчествосындағы ерекше назар аударатын еңбек. Бұл актердің де классикалық шығармамен тұңғыш кездесуі болатын. Таныс емес өмір, сонау XIX ғасырдағы Петербург салты, Ресейдің шет қалаларының тіршілік ұсқыны көп ізденуді, оқуды талап етті. Гоголь творчествосымен, әсіресе, «Ревизордың» сахналық тарихымен жете танысу қазақ көрушілері үшін Хлестаковты түсінікті де тартымды жеткізуге мол мүмкіншілік берді.
Қармысов Хлестаковтың алып-ұшпа, ұшпалақ мінезін, өтірік айтып отырып өзін ұмытатын қуыс кеуде кербез, көзсіз мақтаншақтығын жеріне жеткізе әшкерелейді. Оның шалт қимылы, шектен тыс әсемпаздығы, зиялы қауымның Хлестаков қолданатын толып жатқан жасанды әдептілігі образдың ішкі табиғатын ашуға жағдай туғызады.
Ақымақтардың алғаш кездесу көрінісі. Есік ашыла бергенде қонақжайға төлеуге көк тиын таба алмай отырған Хлестаков дуанбасыға үстімнен арыз түскен екен, енді қамауға алады-ау деген ойда жасырынбақшы болады, Үрей құшағындағы Қармысов қайда барарын білмейді. Сәлден соң дуанбасының өзінен де ақымақ болып шыққанына іштей қуанып, енді Петербургтің байсалды чиновнигіне айналады. Дуанбасының үйіне келгенде Қармысов-Хлестаковтың еркіндігінде шек болмайды, чиновниктерді шекеден шертіп пара ала бастайды. «Махаббат» мәселесі де шет қалмайды. Өтірікті оңды-солды өсу өз алдына. Тыңдаушының есі шықса, өзі оның ар жағында. Мақтанға мас болғаны сонша, маңында отырғандарды ұмытып, әрі-беріден соң тәлтіректеп құлап түсуге да даяр. Дүниежүзілік драматургиядағы күрделі кейіптің бірі Хлестаков К. Қармысовтың орындауында, сөз жоқ, ойдағыдай нақтылы шешім тапты. Хлестаковтың сәтті шығуы қандай бір классикалық шығармаға болса да батыл қадам басуға жол ашып, екінші бір үлкен бел Шекспирдің «Отеллосындағы» өзімшіл жексұрын Ягоға келіп ұласты.
Қармысовтың трактовкасындағы Яго өз зұлымдығына бастығының бабын табатын адал қызметкер болып көрінуді желеу етеді. Ол Отеллоның алдында барынша тәртіпті, ибалы, нағыз ақсүйек. Отеллоның қас-қабағына қарап, ләббайға зар болып тұрған бағынышты жан. Ал Отеллоның көзі тайса, оның әрбір қимыл-қадамын аңдиды.
Осал жерін іздейді. Яго көпшілік арасында көңілді де ақжарқын. Қармысовтың Ягосы Отеллоны, ең алдымен, қара түсті халықтың өкілі болғандығынан, сол дәуірдің дәстүріне жат ақсүйек әйелге үйленгендігінен жек көреді. Ал оның орнын басу екінші кезекте. Аңдып жүріп ақыры қапысын тапты. «Әйелің Кассиомен көңілдес пе, қалай?» дегенді Отеллоға сездіреді. Яго өте сақ. Бар ойын алғаш білтелеп білдіруге тырысады. Жаны ашығансып, жалбарына сөйлейді. Сұмдықты естіген Отеллоның (Қ. Бадыров) отты көзіне шыдамай бұрылып кетеді. Осал жер осы. Енді Яго бұл қанды қақпанды құруға батыл кіріседі. Отеллоның жалынға оранған жан күйзелісіне кездескенде бекер жасадым-ау дегендей өз басынан қорқады. Бірақ Отеллоны жақсы білетін Яго бұл қорқыныштан да құтылуға жол табады. Отелло адамға сенім деген абзал қасиеттің иесі. Ол Ягоға да сенеді. Қармысов Яго характеріндегі сырттай сенім туғызатын әрекеті мен іштей зұлымдықтың қос астарлы тігісін шебер қабыстырады, ақыры дегеніне жетіп тынады.
К.Қармысов талантының жан-жақты бар құдіретімен көрінгені Мольердің «Сараңындағы» Гарпагон. Қармысов сараңдық деген ұғымның шын мәніндегі шегін көрсетеді. Қармысов-Гарпагон ақшаның иесі емес, пұлы. Алғаш сатиралық жүйеде көрінетін образ бара-бара трагедиялық сазға дейін көтеріліп тынады. Біздің алдымызда тарамыстай қатқан өңінде өмір нышаны жоқ, әр қуысқа ұрлана қарап жүрген тірі аруақ. Сақал-шаш та аңша сақтау қайғысынан әлдеқашан ағарып, сиреп біткен. Иектегі берекесіз бес-алты тал мен желкеге таман шаш сымақ бірнәрсе селтиеді. Маңдай қыртысы мен бет әжімінің арасында айырма жоқ. Шүңірейген көз, еңкек еңсе, қайыстай кепкен мойын, қурайдай қатқан қол саусақтары Гарпагонның ақшасын ішіп-жеуге де қимай, құр сүлдері жүргендігін аңғартады. Тек қана теріге қапталған қаңқа. Гарпагонның сараңдығы үй-орманын, бала-шағасын да жегідей жеп барады. Бірақ Гарпагонга керегі ақша. Оның асы да, әл-қуаты да, ар-ұяты да ақшаның сылдыры. Ақша санағанда сылдырын естіп рахаттана жымияды. Бұл қуаныш та ұзаққа бармай, біреу алып кетер деген үрей тағы басады. Ағаш түбіне көмген ақшаның сенімді сақшысы ит қана. Ол иттен басқаға сенуден әлдеқашан қалған. Қарапайым жүргенде саусақтарына дейін жыбырлап, ауадан ақша санап жүргендей. Гарпагон характерінің тағы бір қыры ашылатын жері үйлену жайлы әңгіме болатын көріністе. «Жас қыз аласың» дегенде қаусаған шалдың көңілденіп, қуанғаннан билемекші болып, дәрменсіз әлсіреп құлап қалғандағы қалпы осы бір жансымаққа сараңдықтың тартқан сыйындай көрінеді. Ақша салған қобдишасы ұрланғанда Қармысовтың Гарпагоны дүние жүзіндегі тірі жанның бәрін ұры көреді. Баланы, бауырды жалпы адам қауымын Гарпагон жат көреді, жау алған ақша енді жоқ. Қайдан табады? Гарпагон алжаса бастайды. Ойсыз әрі сұраулы көзбен «қайсың алдыңдар?» - деген кісіше көрерменге телміре қарайды. Көз алдына ұры елестейді. Құлағына аңша сылдыры келгендей елең-елең етеді. Қабырғаға түскен бір қолының көлеңкесін ұры деп ойлап, екінші қолымен шап етіп ұстайды. Сахнада сенделе еңбектейді. Мойнында ит байлаған шынжыр ғана қалған. Кенет қуат пайда болғандай орнынан ұшып тұрып, көрерменге жұмырығын түйе ұмтылады. Ашу тарқап, қайғы қайта басқан Гарпагон панасыз пақырдай көпке қол созып, жоғалған қобдишасын жалына сұрайды. Ақыры сараңдық түбіне жеткен Гарпагон демі де, тынысы да, тіршілігі де бітіп, жантәсілім етеді.
Актер ойыны сахна сайын ширатылып, Гарпагонның күлкі хәлінің күйінішті күйреуіне дейін, арнауы берік, мінсіз тартылып жатқан Қармысов талантының көп қыр, мол сырын танытқан кесек туынды. Қармысовтың сараңы тек актер творчествосында емес, жалпы театрымыздың Батыс классиктерін меңгерудегі зор табысы екендігінде дау жоқ.
Камал Қармысов классикалық шығармаларымен қатар совет дәуіріндегі орыс, қазақ драматургиясында көптеген сахналық мінездер мүсіндеді. «Бүліншіліктегі» Егор, «Любовь Яроваядағы» Швандя, «Бүргенді тоғайдағы» Варва, «Амангелдідегі» Итбай, Логинов, «Гвардия, алғадағы» Төлеген Тоқтаров, «Шоқан Уәлихановтағы» Гасфорт, «Күншілдіктегі» Қалиман, «Майрадағы» Дүрбіт, «Таң алдындағы» Голлан, «Фархад Шырындағы» Әшір сияқты кейіпкерлер Қармысовтың орындауында шынайы, жанды рең тапты. «Майрадағы» Дүрбіт автордың кейінгі жылдардағы зор табысы. Дінді бетке желеу еткен Стамбул шәкірті қазақ даласында пантюркизм мен панисламизмнің рухын себуші. Бірақ Дүрбіт, бір жағынан, дін өкілі болғанмен, сол діннің салмағы қалмағанын сезетін де жан. Ол қазір соңына еретіндер табансыздық байқатып тіл алмаса, ақшаның күшін де қолданатын айлакер. Бұл тәсілді ол Майраға да жұмсап бағады. Мақсаты өзіне жар ету. Шашқан малдан да, сұмдық, зорлықтан да қайран болмаған Дүрбіт жанының дауылы сүйген Майраға кек туғызады. Майраны жоқ ету мақсатын тұтыну жолындағы жан күйзелісінің сан қилы сәттерін актер бар шындығымен алдыңызға тартады. Поэзияға толы тіл, драматургиялық материалы да нәрлі Дүрбіт кейпі Қармысовтың орындауында сом мүсінге айналды.
Тарихи тақырыпқа арналған «Шоқан Уәлихановтағы» генерал Гасфорт та Қармысов өмірдегі елеулі табыс.
.. Омбыдағы Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорттың қабылдау бөлмесі. Қармысов-Гасфорт женіл үй киімінде ән сала жүріп, Ертіске қараған таулы алқаптың бейнесінен сурет салып тұр. Қармысов-Гасфорттың жүзінде бір мазасыз ойдың ізі бар. Қазақ даласын еркін билеген қарт генералдың бір сүйеніші Уәлі әулеті еді. Міне, сол әулеттен жалынды жас жолбарыс өсіп келеді. Ол білім, талант жағынан бәрінен биік тұрған тәрізді. Оны қалай пайдалану керек деген сұрақ іштей ой арпалысынан туған кезде, Қармысов көрерменге қарай бет бұрады. Айлалы генерал ойлы көзін сәл ғана жұмады да, қайта ашады. Петербургте оқитын сүйікті жиені Катеринаны Шоқан алса, Гасфорттың ойынша, тізгін өз қолында. Адъютантын шақырып, Катюша Шоқанмен серуенге кетті дегенді естігенде, бір сәт сенім ұшқыны сезілгендей, «Әй, жастар-ай, жастар-ай!» деп жайраң қағады. Сәлден соң қабағын қайта тұнжыратып: «Бірақ Катяның сынына толғанмен, менің сыныма толар-толмасын көрем әлі», - дейді де, әлгі сенім ұшқыны жоғалып, Қармысов мазасыз ойдың құшағына қайта енеді. Сезім шындығына құрылған образды артист соңғы көрініске дейін табиғи даму жолынан талдырмай алып шығады.
Қармысов өнердегі 70-тен аса сахналық образдың авторы. Кең құлашты, сан қырлы талант иесіне тән бір ерекшелік сол жасалған еңбектің біріне-бірінің ұқсамауында. Әрқайсысы өз тілі, түйсігі, логикалық ой-өрісі, бедер-нақысымен көрікті. Ішкі сезім дүниесіне сырттай әрекеттің қабысып жатуы, бет құбылысына пластикалық қимылдың ұштасуы, тіл бояуының терең мағынасын ұғу, нәзік музыкалық нюанстарды сезінудегі ерекшеліктер актер Қармысовтың басты қасиеттері.
Республикамыздың талантты көркемөнер қайраткері Камал Қармысовтың еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Республикаға еңбегі сіңген артист атағы берілсе, 1957 жылы халық артис! деген құрметті атаққа ие болды.
К. Қармысов творчестволық толысу шағында. Көрермен қауымның сүйікті артисі әліде талай тамаша образдар жасайды деген сенім күшті.
1962
РИШАТ АБДУЛЛИННІҢ АБАЙЫ
Өнердің классикалық қазынаға айналған озат үлгілеріне уақыт оздырып барып қайта оралып отыру үлкен мәдениеттің айнымас салтының бірі. Адамзат ақылы қалдырған оқшау мұралар заманнан-заман өткен сайын тек қана эстетикалық нәр алып, көңіл көтеріп қызықтау үшін ғана емес, негізінде әр ұрпақ, өр буынның тәрбие алып отырар ұстазы. Оның классика аталып, өлмес-өшпес өміршеңдікке ие болар сипаты да, құдіреті де осында жатуы ықтимал.
Ал театр өнерінде классикаға оралудағы бір себеп рухани есеюі мен бүгінгі жеткен парасат деңгейін пайымдау ниетінен табылса, екінші бір себеп өзін өнерден тапқан әрбір буынның сынға түсіп салмақ сырын танытатын, талант тағдырын белгілейтін қайырымсыз таразысы, қатал мектебінде жатыр. Өйткені шынайы өнермен бағы заманнан үзеңгілес жүретін; жүйрік пен желөкпенің, зерделі мен жетесіздің, дарын мен даңғойдың, саяз сатыр мен сарынның, сәуле мен сағымның, құдірет пен күшеншектің, адуын мен әлжуаздың, өрелі мен өлерменнің белдесер бәсекесі де, беті ашылар бәйгесі де, шекара танытар шайқасы да айта беретін осы классиканы меңгеру үстінде көрінеді.
Ұлы М.Әуезовтің ой мұхитының маржаны төгілген Абай трагедиясының бір өзегін айтулы операға арқау еткен, бүкіл ұлттық музыка мәдениетінің бас зергері, киелі көшбасшысы, корифейі Ахмет Жұбанов пен өнеріміздің марқаю тарихында мол еншісі, өзіндік орны бар, жетпіс жылдығы тойланған Латиф Хамидидің творчестволық ынтымағынан бұдан отыз екі жыл бұрын дүниеге келген туынды мақтаныш тұтар мұраға, әлгі айтқан қатал мектептің біріне айналып отырғандығы баршаға мәлім.
Театрдың рухани бауырластары, әр табысын алақайлап қарсы алар, көңілінен шықпағанды көп кешіре бермейтін кәнігі көрермендерінің «Абай» операсының үшінші рет қайта қойылуын асыға күткені де содан.
Осы шығарманың тұңғыш Абайы Ришат Абдуллиннің алпыс жылдығына арналған алғашқы күн шын мәніндегі өнер мерекесіне айналды дегенді басы ашық айтудың артықтығы жоқ деп білеміз. Сахна адамына, әсіресе, опера әншісіне алпыс деген оңай жас болмаса керек. Шымылдық түрілгенше, шынын айтқанда, «япыр-ай, қалай болар екен?» деген екі ұдай сезім үміт пен күдіктің арпалысында отырған көптің бірі біз болдың. Алғашқы көріністе-ақ Айдар мен Ажардың арашасына келген Абайдың:
Ағайын, адалдықтан аярым жоқ,
Жақсыңнан жарым жолдан таярым жоқ.
Жалғыз-ақ ел ұялтар, ор сыналар
Кезеңде шаппай қалар аялым жоқ, -
таң қылаң берген үміт сәулесі күдік бетін көлегейлей келіп, Абайды танытар:
Қай талқы құл алдында құрылмаған,
Қастықпен қай күнің бар құбылмаған?
Аядым, аянышпен ара түстім,
Жалғыз жол адал жолым бұрылмаған, -
деп келетін алғашқы ариядан басталып шабыт шырқауына бет алған арналы әуен жер бетінен тоятын тауып, ендігі берекені биіктен іздеген қырандай көкке самғай барып, күдік атаулыдан із қалдырмай, болмай қоймас қайғылы хәлдің қара бұлтын үйіре, күрсініс-күйзеліспен драмалық түйінге әкелетін.
Зар көрдім шер жүректен жалын атқан,
Азалы ай күндердің уын татқан,
Аядым, айнымаймын, жалынбаймын,
Көрсең де мені бетер қас пен жаттан.
Білемін, алдым азап, алты батпан,
Мен емес арам іске арын сатқан.
Сұм заман сыбағама сені берді,
Талап бақ жауың болсам тағы тапқан, -
деп бүкіл залды құшағына ала қайта құйылғанда, Ришат-Абайымен қабат күрсінген қауым үлкен ризашылық білдірді. Дауыстағы жоғарылы-төменді ырғақ желісінде сезік туғызар селкеулік, сұйылған бояу жоқ. Мұңды саз, зарлы саз, арманды адамның ойына толы салмақты саз. Эфирден аңсай күтетін, талай мерекелік кештердің, арнаулы концерттердің ажары болып жүрген Ришаттың орындауындағы әйгілі ария әлі сол қаз-қалпындағыдай әсер қалдырды...
Бүкіл қазақ даласын дүбірге толтырған дүрбелеңі мол сонау әйгілі он алтыншы жылдың көктемі, кенші деген аты болмаса, көз ашқалы тас аударып, топырақ тартумен күн кешіп келе жатқан күс алақан, киіз табан жұмысшы Мұқымның үйіне айрықша қуаныш әкелді. Дүниеге егіз ұл келді. Мүсілім, Ришат деп аттарын да қойды. Кедей үйдің шағын шілдеханасының кемісін аз ғана «жаяу жорғасы» бар Мұқым өз әнімен толтырды. Бұғанасы беки келе бұлар отбасының дәстүрімен еңбекке ерте араласты. Он екі жасар Мүсілім әкесінің қасында рудникте арба айдаса, Ришат мал бағып, жер жыртты. Әлемді аузына қаратып, тірлік атаулыны түлете келген жаңа заманның арқасында екі жас оқудан да қалған жоқ. Ата-анаға қолғанат бола жүре жеті жылдың мектепті де бітірді, өздерінің атамекеніне айналған Өскемен өңірі мен ежелгі Ертіс бойындағы ауыл-қыстақтардың той-томалақ, мереке-мейрамдарында егіз қозыдай Мүсілім мен Ришаттың қазақша, татарша, кейде орысша салған әндері ел назарын өздеріне ерте аударды. Халық қашанда сыншы, бабы болса, бағын өнер бәйгесінен табар балалардың сыңайын таныды. Енді ұлдарыңды оқуға жібер деген ақылшылар да көбейді. Ә дегеннен халық әндерімен қоса, Абайдың ән-жырлары туын тіккен өлкеде туып-өскен Мүсілім мен Ришаттың сөз атаулының дәмі мен иісін сезінудегі ерекшелігі де үлгі тұтар қасиет.
Қазақ қауымы ежелден әнді қос қанаты деп таныған. Бір қанаты ырғақ-әуен болса, екінші қанаты өрнекті ойға құрылған құнарлы сөз. Ұлы Абайдың: «Құр айқай бақырған құлаққа ән бе екен?» - дейтіні де содан. Жалғыз қанатты құстың ұзаққа бармайтыны белгілі. Сөз демекші, бізде тым тәуір даусы бар жігіттер мен қыздардың кейде өз үніне өзі ғашық болып, әулекілене жөнелгенін көргенде сөз сорлының қай жерде жаны шығып, қай сайда қаңқасы қалғанын да аңғармай қаласың. Бүкіл ән мәтініндегі он шақты дауысты дыбысты қыл арқанға көгендеп алып, не мектебі, не мекені белгісіз жайдақ шырқаумен қанша құлпыртсаң да, «Өнер алды қызыл тіл » деген ұғымнан әзір қол үзе қоймаған халыққа әлгі даңғаза дарымайды, құлаққа кірпідей, денеге түрпідей қадалады. Демек, ән көңілдің күйін оятса, сөз ойға түрткі. Ойсыз күйдің күні құрысын.
Ришаттың жеке концерттерін және рөлдерін көре-тыңдай жүргенде, оның өзі өскен ортасы, ұлттың операның алғашқы найзағайлары: қазақ бұлбұлы атанған Күләш, өнердің қынап таңдамас асыл қылышы Құрманбек, әр салада сыбағалы, көз алдымызда жүрген, кең пішілген көнтерлі Қанабек, тыңдаушысын жалындай шарпып, жайындай тартатын арқалы Ғарифолла, қиядан қайырып, тереңнен толғайтын Жүсіпбектер еске түседі. Арнаулы мектеп көрмеген бұлар табиғи дарынның үстіне халықтың ғасырлар бойғы қазынасын арқалай келеді. Олардың көрген өнегесі халық тарихының тереңінде жатты. Өнер өзегі осылармен тамырлас Ришат та, Мүсілім сияқты, алғаш адымын Алматының музыкалық техникумынан бастап, Москва консерваториясының тәлім-тәрбиесін көрді. Жасынан халқының ән-күйіне бусанып өскен Ришаттың жинап-тергені енді таныған, тапқан үлгі мектебінің сабағымен қабаттаса ширатылып, шыңдала өрілді. Міне, бүгін сәтті сапарынан өркендей өскен миуалы бақшасының бабында тұрғанына тәнті болып отырмыз.
...Екінші көріністегі Абайда үміт сәулесі бар, бірақ шайқас алда. Секем алар жәйттер де жеткілікті. Бидің қары, батырдың ұры болған заманы. Сүйенері кім сонда? Әрине, халық, халықтан басқа кімі бар? Бірақ, ол сорлының да қауқары жылдан-жылға жадау тартып бара жатқан жоқ па? Дегенмен халыққа не жетсін? Оның да қайратына мінер күні тумас па? Әзір көңілге қуаныш көзі ашың, көкірегі сәулелі Айдар сияқты жастар мен оның төңірегінде Әзімдер бар. Бірақ Әзімді Абай сана көзімен көптен бері танып жүр. Көрген сайын күдігі көбейеді: әрекеттен жыбыры, саналы сөзден сыбыры басым сұмпайының сықайын танытады. Кейде көзденіп тіресе, кейде мысықтай мүләйім мінезі көңіл суытып, қауіп ойлатады. Өзінен-өзі ұрланып жүретін осы ешкі бас егеуқұйрықтың қызғаныштан ішіне қыл айналмайтын қалпын байқайды. Әйтеуір, адам боп жаралып жаны қалған. Жылан болса, құйрығын өз басынан қызғанып, әлдеқашан өзін-өзі шағып өлер еді. Иә, қызғаныш ұялаған кеудеден мейірім-шапағат күтпе. Осындай ішкі толғаныстар қоңыр, баяу сазда.
Тыныштықта мезгіл бедеу, жыр тумайды,
Сәттер бар, қасіреттен ой тулайды.
Толқыған теңіз атқан меруерттей,
Сол шақта найзағайдай сөз зулайды.
Айдарым, жайдағыдан жөнің бөлек,
Бұлттай биік құшар шағың келеді,
Жақсы жыр жанның шерін шайып өтсін,
Жаз бүгін, айтпағанды айтсаң керек, -
деп ариясының ақырын Айдарға артқан үмітке тірегенмен, Ришат үнінде еңсесін басқан, күздің қорғасын бұлтындай ауыр ойдың табы, ақылды ашудың ызғары сезіледі. Осыдан кейін жаңа ғана өз тарапынан сырттан шалға танытқан жылы қабақтың арты не болмақ? Мұның да бейбіт ойынан береке қашқанын Абай байқап қалды. Сенімінен гөрі сесі күшті. Ағаш атты әкім көрсе, соның жүрер жолын сақалымен сыпыруға дағдыланып қалған жайдақ жорға, түлкі құйрық сорлыдан не шығар дейсің? Қыңыр тартып, қисық сөйлеу бұған мүлік емес. Анау Жиренше ме? Ол үшін ар ұйқыда, әділет саудада.
Көпке бас игізіп, құрақтай ұшырып, құлдық ұрғызар Кеңгірбай деген құрып кеткен керме бар. Ат басында, дау түйінінде жан қысылғанда соған әкеп тірейді. Олардың қылық-қияпаты Абайға мәлім, ендігі сөнері халық, семсері өз ақылы. Осыған бел буған Абайдың:
Зарлының наласы,
Жаз жүрек жарасы,
От салды ойыма,
Болармын панасы.
Қайғылы анасы,
Қапасын қарашы,
Тірлігің құрбандық,
Жәрдемге жарашы.
Жылатқан жаласы
Жылаған баласы
Арналсын жолына
Жүрегім санасы, -
деп аяқталатын ариясында Ришат Абдуллин замана қалпындағы бар қайшылыққа көзі жеткен, адам тағдырына астарлас, халық тағдырына қамыққан Абайдың осы сәттегі жүрегін жеген жегі мен жанын кеулеген дауыл өртінен туған сан қилы сезім арпалыстарын үйіріп әкеп, жетпіс өрім жылан тіс қамшыдай жігін білдірмей, ақынның ақырғы азаматтың антындай алдыңа тартады... Қанша іріленіп келгенмен Абайға жеңіс оңайға түскен жоқ.
Драмалық қайшылық, қақтығысы қалың осы үшінші актідегі аз ғана серпілісте Абайдың «төл әні» ата-анаға көз қуанышының ырғағымен кететін:
Азбын деме, алдың жарқын,
Осы бетің жеткізеді
Тілеулес елдің молына!
Ал, ағайын, сен қоста,
Шалқысын шаттыққа айнала,
Шексіз қызу той баста!
дегендері жастарға деген аталық қамқор, ақпейіл, адал мейірімге толы. Не пайда, бұл да ақталмас үмітке ақырғы талпыныс болып қала берді. Өз ойындағыдай алдынан шыққан қырсықтың басшысы Жиреншеге (А. Оншаев) бейім тартқан Өзімнің (Б. Қошмұхамбетов) табансыздығын байқады. Бұдан да қателеспепті. Жанарында жанға жылт етер мейірім, ойға орынның нышаны жоқ түйме көз, ешкі сақал Жиренше ырық берер емес. Бұлаңқұйрықтығын білгірлікке, бұқпантайлығын батырлыққа балап үйренген оның «айдап сал да байлап беріне» көнбесе де, тағы тәсілдері бар. Бұған құрық ұстатқанын құл, сойыл ұстатқанын содыр етіп шығаруы да оңай. Сырттан дөң айбат шегіп, ар қорғағансып, бірлік-береке іздегенсіп, өзгенің қолымен от күреп отыру қандай рахат?! Бұл тұста Абайдың өзінің:
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
Қу пысық деген ат қайда?
Айлакер болмай атақ жоқ,
Арамза болмай бақ қайда?
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтай шалқып шатпай ма?
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын пұлдап сатпай ма? —
деген айбары бар да азуы жоқ түлкі тірлікпен күн көрген осы Жиренше сияқты заман жезөкшелеріне арналғанын кім біледі? Бақсаң, бұлар Абайға «тартылған» аз «сыбаға» емес, «мыңмен жалғыз алыспасқа» амалы қанша? Міне, ақыры Жиренше дегеніне жетті. Той қуанышының арты қан-қазаға душар етті, Ришат-Абай ендігі мұң-зарын:
Ей, халайық, барым ең сен,
Зарыңа зар қосып ем,
Жауың емес, досың ем мен,
Дос пейілін тосып ем.
Бауырым жара, сезім нала,
Дертпен келем мен бүгін.
Аямас жау мені айнала,
Салды салмақ сұмдығын!
Біл, ағайын, Айдар жайын,
У беріпті оған жау!
Қазір хәлі сағат сайын
Ажал жақын, қан қамау...
Алдыңа кеп жар саламын,
Тап жауымды жабылып,
Өш аламын, еш аламын
Қанды кекті жамылып,
- дейді халқына. Медет тілейді. «Тап жауымды жабылып», деп күреске шақырады. Өйткені бұл тек Абай қайғысы, Абай көріп жүрген шер емес. «Етпесін олай! Жау айла! Абайла» дей келіп, өзінің арман-мұратын халқының болашағынан күтеді.
Жоталы талант таңдайтын жұлынды ойға құрылған Абай ариялары кез келгеннің ыңғай-сықайына келе бермейтін, әрқайсысы өз алдына жатқан жан шежіресі заман шежіресі. Өзімізге мәлім, Ришаттың алғашқы Абайларында күрескерлік, азаматтың әуен басым жатса, бұл сапарда Абай ойларының мән-мазмұнын тереңдетіп, әлеуметтік-философиялық аңғарын аша түсетін, кемеңгерлік сипатын мол танытар мотив бар. Бүкіл образдың қалыптасуында сонау бір көз ұшында «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойланың» астары жатыр.
Өнерде еліктеудің баянды болмайтынын бәріміз де білеміз. Нағыз өнер адамына өзін қайталаудың өзі қиын. Ришаттың бүгінгі Абайы осы айтып отырғанымызға нақтылы дәлел. Жиырма сегіз жасында кездескен кейіпкерді өзінің алпыс жасына дейін ажарына әр түсіру былай тұрсын, нұрландыра, тереңдете түсу деген опера өнері тарихында тым сирек кездесетін құбылыстар. Бұл табиғат жомарттығының еншісін мол қамтыған талант иелеріне ғана тән қасиет. Мұны жеке бастың ғана бақыты емес, өнер төлінің халықтың ырысқа айналуының бір сипаты деп тануымыз шарт.
Сайып келгенде, Ришаттың Абайы творчествосының ең биік шыңы. Азды-көпті өз танымымызды қуаттай түсу үшін, Москвадағы үлкен театрдың сахнасынан операны тыңдаған СССР халық артисткасы, Лениндік сыйлықтың лауреаты В. Пашеннаяның: «Образ Абая, созданный Ришатом Абдуллиным, бесспорно выдающееся достижение не только казахского, но и всего советского искусства...» дегенін еске алып өткенді жек көрдік. Осы сапарда совет журналистерімен әңгімесінде атақты үнді жазушысы, философ, әрі тарихшы профессор Рам Кумар Барма Ришат туралы: «Мне удалось побывать на опере «Абай» в Большом театре. Я получил большое удовольствие от спектакля, хотя и не понимал казахского языка... Ришат Абдуллин был живым Абаем, который встал мысленно в моем воображении. Актеру присущи тонкая игра, богатые вокальные данные... Образ Абая совершенно пленил меня, я был покорен его глубокой человечностью, величием большого сердца», - деген еді. Ришаттың Абайы жайлы эр кезеңде айтылған мақтау пікірлер мол. Осының бәрі баршамызға ортақ мақтан. Ришаттың әлі осы биікте келе жатқаны өнер мерейі.
Бір кездегі осы операның айтулы Айдары, бүгінгі үлкен өнер қайраткері, режиссер Байғали Досымжанов спектакльге әр буынның елеулі екшелгенін жиыпты. Өнер жолында алдағыны менсінбеген, арттағыны көзге ілмегеннің мұратына жеткендері некен-саяқ болар. Білген адамға алдағыдан өткеннің сырын ұқсақ, арттағыдан келер күштің лебін сеземіз. Мұның екеуі де сабақ. Ата тамырын либретто мен музыкалық драматургиядан алған спектакльде шарттылығы мол опера өнеріндегі кездесе бермейтін бірлік бар. Бұрын хор, би сияқты қосалқы жайлар сиыр бүйректеніп, кейіпкер тағдыры былай тұрсын, жалпы оқиғадан өгейлеу-оқшаулау жөн көрсетіп жатса, бұл сапар жік жапсары көзге ұрмай кіріге бірігіп, бір жүректен тараған қан тамырының лүпіліндей табиғилық сипат танытты. Ең қиын билер айтысындағы көріністің өзі трагедиялық шырқау, лирикалық наз, той көрінісіндегі сәулелі сезім сәттерімен сабақтасып, Абай төңірегіндегі ақты-қаралы кейіпкерлердің арасалмағын анықтаудан туатын дәуір рухы, заман кейпіндегі айқын нақтылықты көрсетті. Осыған орай сахнадағы әр қилы мизансценалардың оркестрмен бір дем тартып үндесіп жатуы, сөз жоқ, режиссердің шеберлігінен туған тың табысы, Байғали творчествосының жаңа бір белесі, талассыз жеңісі демекпін. Спектакль жабдықтаудағы (А. Ненашев) таза талғам, бояудағы сәуле мен көлеңкенің жарасымының әсемдік әсері шығарманы шоқтандыра түскен. Абайдың төл шығармаларын жақсы білетін Байғалидің жеке кейіпкерлердің мінез-құлқын, образ арқауын табуда коп ізденгендігі байқалады. Осының бөрі спектакльдің берік белағашы Абай мен халық тағдыры бір өреде деген режиссер концепциясының астар ағынын көрсетеді.
Жеке орындаушыларға келсек, жоғарыда атап өткен жас артист Оншаев вокалдың мол мүмкіншілігімен қоса, кейіпкердің өзіне тән психологиясын дәл басып, осыншама мінез-құлық аңғартқанына риза боласың. Ш. Металиевтің Сырттаны да есте қаларлық, әсіресе, дау көрінісінде аш күзендей бүгіліп, біресе Абайға, біресе Жиреншеге қабақ астымен қарап, қалай қиғаштауын білмей отырған оларға хәлі қатты әсер етті.
Өлмек жол ма сол екеу,
Таныдым тентек тарпыңды.
Ит те болса өлмесін,
Қарғыс алып қара боп,
Шулата алман халқымды,
дегеніне басқаның сықайын байқаған Сырттан өзі де сенбейді. Ақыры Абай ақылы, халық айбары бел алып, бас сауғалап аман кеткеніне риза. Абайдан кейінгі ауыр жүк Н. Қаражігітовтің Айдарында екендігі мәлім. Сол Айдарға байланысты дауыс жағынан мін іздеуден аулақпыз, бұ жағы жетіп жатыр. Кемшіні образдың даму-өсу жүйесінде әлі де болса ала-құлалық сәттер байқалады.
Үлкен актриса Р. Жаманова Ажарының ішкі тебіреністерінің жалаң қабаттығынан ба, үн-ырғақтың шымқай бір бояуда көрінген сидам-сырдаңдығы әзір басым жатыр ма деген күдік туды. Спектакльдің Әшімова бастаған, Мырзабеков, Бақтаев, Әжмұханов сияқты жастардың жүктері жеңіл болғанмен, жауапкершілікті іштей ұғынған қалыптарымен келешектерінен мол үміт күттіреді. Әлбетте, опера шарттылығы мол өнер, бірақ шарттылықта да шек бар. Кейде емеуірінің қас-қабақпен танытар, үндегі жылы лебізбен байқатар сәттерде жастардың көпшілігінде артистік сезімнен гөрі, еліре ұмтылып, елп ете қалу сияқты ішкі көңіл-күйінен аулақ арзан қимылдар кездеседі.
Спектакльдің буыны берік, ширақ-шымыр оркестрмен бір дем, бір тыныста шығуы дирижерге тікелей байланысты. Бұл жолы Тұрғыт Османовтың шеберлігін атап өткен жөн. Спектакльде музыкалық драматургияның биіктігі мен кеңдігі, тереңдігі мен теңдігі, өлшем-өрнегін тауып, партитураның жүйке жүйелеріндегі эмоциялық ағыс-тоғыстармен әр аспаптың шалымын жете аңғарып, шарқын белгілеп отырған зерделі көз бар. Музыкалық мінездемелер де елеусіз кетер елермеліктен ада, шымырлап аққан өзендей, кейде тулай толқып қайтадан өз шығанағының иіріміне оралып отырған бірлік, ұғысқан ұйымшылдық пен байсалды бап қуантады. Жеке солистер, хор, би көріністері қайсысы болмасын, оза шауып немесе өкпе қабындыра қуатын аптықпадан аулақ, кейіпкердің мүмкіншілігіне сай, өріс сілтер көсемшілдік басым жатты.
Қысқасы, қойтастарды жаңқадай ойнатып, тау өзеніндей мың сан үнді арнасынан шығармай, кемерінен түсірмей, бөлекше үндестік, келісім деңгейінде тыңдаушыға жеткізу үшін дирижерге келінге тән сыпайылық пен Құнанбай қаталдығы қатар-қабат керек. Бұл спектакльдегі Тұрғыт өнерінен осы бір сирек қасиетті байқадың.
Қорыта келгенде айтарымыз, «өнердегі өзіңді емес, алдымен өнерді сыйла» деген қағида бар. Соз реті келген соң айта кетудің артықшылығы болмас деген ниетпен, осы қағида қанша қатып қалса да, өз бойындағы өнерді сыйлап, бабында ұстаудың да қаншалықты пайдасы барын Ришат Абдуллин басынан көріп отырмыз. Музыка атаулының түп-төркіні дыбыстан туындайды десек, сол дыбыстар Ришат үнінен әр қилы бояу, бедер-белгісімен қылау ине шеккен қиын кестедей қиюласып, жым-жігін табады. Енді сол үйлесім әуенге (мелос) ауысып, сырлы әуезге (кантилена) иек артып алады да, қыл шылбырдай ширатылып, ырғақ (мелодия) ұғымынан бір-ақ шығады. Осыдан келіп қою қоңыр саз (тембр) құдіретіне мініп, артистік ішкі зауықпен (эмоция) туыса қабат өріліп, шабыт (вдохновение) шырқауындағы байыз берекеге ұласады. Ришаттағы талант тылсымы да, шеберлік сиқыры да осында.
Ұлттық шығармалардан бастап дүние жүзінің әйгілі композиторларының үздік туындыларын қосқанда жиырмадан аса опералық партияларды атқарған Ришаттың концерттік репертуарында Батыстың, орыстың қаншама классикалық романстары мен қазақ, татар, башқұрттың талай халық әндері бар. Ағайынды Абдуллиндер тек қана Советтер Одағының ірі қалалары емес, Канада, Швеция, Скандинавия елдері, Финляндия, Венгрия, Үндістан, ГДР, Моңғолия, тағы басқа мемлекеттерде арнаулы концерттер беріп, Ұлы Октябрьден кейінгі халқымыздың қолы жеткен музыкалық мәдениетінің табысын танытып, мерейін көтерді.
Ришат пен Мүсілімдегі бір ерекшелік қай тілде, қай халықтың әнін орындамасын, оның ұлттық бояуын қанықтыра, стиль ерекшелігін берік ұстанады. Классикалық романстар мен халықтың ескі әндерінен дәуір рухының лебін, тілін табады. Осы күнгі қазақ композиторларының жілігі татыр туындыларын халыққа жедел жеткізуде Ришаттың белсенділігі әлі сол қалпында. Ришаттан үлгі алар, үйренер қасиеттің бірі осы. Бұл қасиет өз бойындағы талантты қатал тәртіпте ұстап, өнер парызын тірлігінің тынысындай ұққан адамға ғана тән. Осыған орай «талант халық игілігі, халық қазынасы» дегенді бәріміз білеміз. Бірақ соны сақтау, оған деген қамқорлықтың бізде хәлі қандай дегенді де айта кеткен орынды. Кейінгі жылдары әр тұстан талантты жастар келді. Келген күннен тақияларымызды аспанға лақтырып қол соқтық. Оның жас талантты қарсы алуда оғаштығы жоқ. Білмеймін, солардың көпшілігі қызу қошеметтің салмағын ауырсынды ма, әлде жауапсыздығы басым болды ма, не керек, жеті-сегіз жылдың ішінде жиған-тергенін шашып-төгіп, ажарынан бұрын әуеніне әжім түсті.
Театрымыздың ертеңі дегендеріміздің көбі сусып кешегінің орнын басты. Сандуғаштай сайрап келген кейбір қыздарымыз сауысқанша, үніне қаз айналған ұлдарымыз қырғауылша қайыратынды шығарып жүр. Сөз жоқ, кейбірінің өздері кінәлі де шығар. Бірақ бәріне қамқор мәдениет мекемелерінің басшылары не ойлайды? Осындай орны толмас, өрескел өкінішке кім душар етті? Әлде олар жылында бірді-екілі болатын концерттерде алып жүрген «рахметін» бүкіл өнердің, әсіресе, опера театрының «азығы» болады деп ойласа, онша тереңдікті танытпайды. Жаңағы қолдан сусып кеткен таланттардың әрқайсысын тәрбиелеуге өкімет қаншама қаржы жұмсап, қаншама еңбек етті. Біз сол қолдағы бар алтынның қадірін білмей, тым болмаса, ие болуға мұршамыз келмей отыр. Өнердің бар саласында байқалатын бұл кемшілік кейінгі бес-алты жылда бойын бекітіп, әбден иектеп алды. Осы жағын баса ойланатын да уақыт жеткен сияқты.
1977
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру