Мазмұнға өту
Home

Иманжүсіптің әні

Ерлан Төлеутай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Иманжүсіптің әні

Ерлан Төлеутай — «Иманжүсіптің әні» (Көркем әңгіме). Иманжүсіптің әні

Ана тілі.- 16 – 22 Мамыр, 2013 ж

…Қош, аман бол, Сарыарқа өскен жерім, Кір жуып, кіндігімді кескен жерім. Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен, Шұбыртып маңдайымнан аққан терім.

Күйгенжарға ауылым қона алмайды, Кері кеткен тірлігім оңа алмайды. Қырық мың қатын қыпшақтан ұл туса да, Бірі де Иманжүсіп бола алмайды, – деп жырлаған атақты әнші-композитор, суырыпсалма ақын, дала батыры Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Өз заманының сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болған Иманжүсіп Құтпанұлының бірқатар атақты әндері бар екені белгілі. Осы орайда өнер зерттеушісі, жазушы Ерлан Төлеутайдың «Иманжүсіптің әні» атты шығармасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

…Сырттағы боранның уіліне құлағымды түре отырып, тып-тыныш бөлмеде өз ойыммен оңаша арбасамын. Сонда да көңіл шіркін байыз таба алар емес. Құлазыған көңіл әлденені аңсайды. Жабырқаған жанымды домбыра шертіп жұбатқан сияқтанамын. Қай-қайдағы күйлердің басын шалған болдым. Әндердің сұлбасын келтірген болам. Бірақ бойымды билеген ықылассыздық жігерімді құм қылып отыр.

– Қарағым, Иманжүсіптің әнін білесің бе? Өз құлағыма өзім сенбей, көзіммен қаракөлеңке бөлменің ішін тінте бердім. Бөлменің бір бұрышында тұрған кереует жан біткендей сықырлай бастады. О тоба! Қаракөлеңкеде байқай алмаппын. Кереуеттің үстінде ауру меңдеп, әбден әлсіреген қарт жатыр. Балам, білсең Иманжүсіптің әнін айтшы…

Қарттың қарлығыңқы, әлсіз үні маған ажал аузында жатқан жанның ақырғы тілегіндей естілді. Өтініште өксік бардай, жалыныш бардай. Бағанадан тып-тыныш жатқан ол ұзақ булыға жөтеліп, қиналып қалды. Қарияның қаздай шулаған көкірек сырылынан алыстан келе жатқан ақ жауындай ұзақ сырлы әңгіменің сарыны естілгендей. Дәп қазір тілегін орындасам, дімкәс қарттың кеудесінде беріш боп қатқан шемен шер жібіп, шертпе күйдей шертіліп шып-шып шындық ақтарылардай. Ең болмаса, өлмелі шалдың осы өтінішін өтесем, өзімнің де көңіл түкпірімдегі шилі түйін тарқардай. Тым болмаса, күні бойғы жанымды жеген көңілсіздіктің қайтарымы боларын сезгендей, науқас адаммен іштей саудаласқанды доғарып, санамның алыс түкпірінен жаңғырығып келе жатқан ән шумақтарын тірілте бастадым. Әншіге жүз иіс алмастан жалғыз есті құлақ артық. Осы тақілеттес ойлармен арпалыса отырып, домбырамның құлақ күйін көтере келтіріп алдым. Ән айтар кездегі дағдылы отырысыма көшіп алған соң, Иманжүсіптің әнін бастап кеттім.

Абылай аспас Арқаның сары-ай белі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі. Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас, Нияздың Аюлыда Қара-ай көлі.

Мен жасымда, жігіттер, топтан астым, Менменсіген талайдың көңілін бастым. Қасыма ерген жігіттерге олжа салып, Бір түнде сегіз қызды алып қаштым.

Екі жағы дарияның қалың шұбар, Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар. Бір түстеніп аттанған ауылымның, Қыздары болушы еді маған құмар.

Ауру қарттың көкірек жара күрсінгені естілді. Әннің қалыбына түсе алмай жатқаным өзіме мәлім. Домбырамды көсіп-көсіп жіберіп, әрі кеттім.

Қысырақтың үйірі жирен ала, Орыс, қазақ байлары жапты жала. Ерейменді бетке алып шыққанымда, Алдымнан көрінуші ең Ботақара.

Нем бар еді иесіз көлге барып, Дұшпаннан кек алмадым сайран салып. Барамын іш құса боп, амал бар ма, Теңбіл көк пен ақсауыт үйде қалып.

Күйгенжарды ауылым жанай қонған, Әкем Құтпан кешегі қандай болған. Қазы-қарта жемейтін қайран басым, Түрменің қара наны балдай болған.

Мен қалайша жалғанға тұрақтайын, Өрт тиіп лаулап жанған құрақтайын. Ауызы түкті кәпірдің талайларын, Бақыртып сабаушы едім лақтайын.

– Ой десеңші, шіркін дүния-ай, қайран Иманжүсіп-ай, – деген қартымның деміккен әлсіз, бірақ шымыр шыққан дауысын қолпаштау деп ұқтым ба, бойымнан электр тогы жүріп өткендей жон арқам шымырлады. Көз алдым бұлдырап, кеудемді шер қысқандай. Домбырамды жігерлене қағып-қағып жіберіп, өлеңнің келесі аузына көшкенімде әннің ішінде жүргенімді түйсіндім.

Ішім өлген, дүние-ай құр сыртым сау, Маған десең көз жасым жаңбыр боп жау. Бүркіт ұстап басыңа бір шығайын, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған, Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіңді алғам. Есіл, Нұра, Ереймен, Қарақойтас, Көзімнен бұл-бұл ұшты дүние жалған.

Қатар-қатар өрілген тастарың-ай, Мұнарланып көрінген бастарың-ай. Сол бір жерлер есіме түскен кезде, Көзімнен парлап аққан жастарым-ай.

Асыл тұқым алдырдым Қызылжардан, Өңшең жүйрік шал құйрық, қызыл нардан. Таң мезгілі болғанда тас буынып, Ауылына болыстардың салғам ойран.

Тумай жатып өш болды маған болыс, Аударылды сол үшін талай қоныс. Сатырлатып сабаушы ем шеттерінен, Мынау ояз демеуші ем, мынау болыс.

Несібімді жазыпты менің түзден, Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден. Қайран ел, оқта-текке еске түссең, Шымырлап жас шығады екі көзден.

Қош, аман бол, Сарыарқа өскен жерім, Кір жуып, кіндігімді кескен жерім. Ертелі-кеш тартысып ұлықтармен, Шұбыртып маңдайымнан аққан терім.

– Сол Жаңаарқаданмын…

– Ендеше Қарауылтөбені білетін шығарсың Хан жолындағы?

– Білемін…

Көз алдыма қиыршық тас алу үшін қаза-қаза қос бүйірін қорқау үңгіп жеген қойдың өлімтігіндей қылып тастаған, ат шаптырым айналасы қоқыс төгетін алаңқайға айналған, әбден сиқы кетіп шөгіп, жер бетінен өшіп бара жатқан тозған төбе келе берді.– Той сол өзің білетін Қарауылтөбеде өтті. Баяғыдай «ішкен мас, жеген тоқ» дегендей аста-төк болмаса да шама шарқынша дүрілдеген мереке болды. Әке-шешемнен бірдей айырылып, тұлдыр жетімдіктің тақсіретін тартып жүрген шағым. Жанымда жалғыз інім бар. Үмбет деген төренің есігінде жүріп күнелтеміз. Таңның атысы күннің батысы інім екеуміз қожамыздың отымен кіріп, күлімен шығамыз. Титықтатқан тұл жетімдік бізді әбден шер көкірек етіп тастаған. Өмірі қабағымыз ашылып бір күлмейтін інім екеуміздің жалғыз-ақ жанашырымыз бар. Ел Тәткей қырғыз деп атайтын бұл кісі бізге жамағайын болып келеді. Екеуміздің анда-санда халімізді біліп, көрген сайын бауырына басып, басымыздан сипайтын жан дегенде жалғыз туысымыз. Үнемі біреуден жылылық, мейірім тосып жүретін қос жетім оны көргенде бір жасап қаламыз. Әйтеуір сыртымыздан ылғи қамқор болып жүреді. Жетім жүрегіміз одан шынайы туысқандықтың лебін сеземіз. Жалғыз ғана жамағайын туысынан басқа ешкімі жоқ екі байғұс осылайша ептесіп-септесіп күн көруші едік. Бір тәуірі, жамағайыным мені тойдан қалдырмайды. Бәлен жерде ас беріледі, түген жерде ат шаптырылады деп естісе болғаны мені Үмбет төреден қолқалап сұрап алады да әлгі жерге бір-ақ тартады. Өйтетін себебі шабандоздық өнерім бар. Қайбір жетіскеннен шабандоз болды дейсің. Қу жетімдіктен ғой бәрі. Жылқышылар үйір ішінен ұстап беретін тай, жабағыны үйрету балаларға таптырмас ермек. Әсіресе ала жаздай арда емген асау тайды ауыл шетіндегі құмайтқа салып үйрету сәті қарасирақтар үшін кәдімгідей зор мереке. Алғашында үстіне атылып мінген көзсіздерді асау тай шыңғыра тулап, мөңки қарғып жүріп шетінен жығып тынады. Осыдан кейін бірінен соң бірі топылдай құлаған үйреткіштер шу асауға беттей алмай біраз дағдарады. Бір уақта әлгі топтың ересегі әрі ең сотқарларының бірі осының бәрін сыртынан қызықтап тұрған мені байқап қалады:

– Бері кел, ей, жетімек, – дейді, әлгі сотанақ. Бай баласы басынғыш. Жетім көрсе бұлар тіпті құтырып кетеді. Әй-шәй жоқ олар менің қорқып, қарсыласқаныма қарамастан асауға жарбита қонжитады да, сегіз өрім қамшымен тайды жамбасқа, сауырға шықпырта тартады-ай келіп. Тұщы етіне ащы қамшы өткен, оның үстіне әлі тың, бастықпаған асау тай мені оңай жығады. Басында мен де жығылып бақтым. Тұмсығымен жер сүзе, төбеммен шаншыла, етпетімнен, май құйрықпен дейсің бе, қойшы әйтеуір, әр құлаған сайын түрлінше түсетін мені мазақ қылған немелер шек-сілесі қата күледі. Мұндайда көзімнің жасын жұта жүріп, ерегісе түсем. Әлденеше рет асау тайдың астында қалдым. Қабырғам сынып, басым да жарылған күндер болды. Көп құлағаннан ба, жоқ әлде жетімдіктен көрген қорлық, оған деген балаң жүрегімді үнемі шерлендіріп тұратын өшпенділік, кек сезімдері бойымды буып кете бере ме, ол арасын анық бағамдай алмаймын, бетім қайтудың орнына қайта өжеттене түстім. Бара-бара асаудан жығылу да, өзімнен жасы үлкен сотқарлардың жұдырығы мен таяғы енді маған батпайтындай, өтпейтін болғандай. Мұндайларға етім өліп кеткен мен бірте-бірте нағыз үйретімпаздың өзі болып алдым. Тіпті тай түгілі, жүген құрық тимеген шу асаулардан қорықпайтын күнге жеттім. Енді асау десе арқам қозып, бастықтыруға өзім белсенетін болдым. Ауыл арасына асау үйреткіш атым шығып, атағым да жайыла бастады. Тұрғыластарым арасында өнерім асқаннан ба, шалдуар тентектер де баяғыдай беталбаты ұрынбайтын болды. Бұл да болса, басымдағы ауыртпашылығымды азырақ жеңілдеткендей, оның үстіне асау үйрету жетімдік күйігін басуға таптырмайтын амал болғандай. Асаумен алысқан күні бойым жеңілдеп, жетімдік дертінен арылғандай бір жасап қалам. Жалшылықтың ауыр бейнетін арқалай жүріп, анда-санда бұйыратын асау үйрету бақытын бала көңілім енді жетімдік тақсіретін жеңудің жолы, жалшылық қамытынан құтылудың әрекеті деп түйсіне бастағандай еді. Сөйтсем осының бәрін сыртынан бағып, байқап жүрген жамағайынымның ойы одан да әріде болып шықты. Бір күні ол мені екі-үш болыс ел бас қосқан кішігірім асқа алып жүрді. Сірә, ат иесі күні бұрын келіссе керек, қамқоршыммен біраз кеңескен соң, әлгі кісі сол өңірге дүбірі енді шыға бастаған, аса танылып топ жара қоймаған күлігін алдымызға әкеп көлденең тартты. Бойым тым кішкене мені жамағайыным өзі аяқтап жіберді. Сөйтті де жүресінен отыра бере, бөркін шешіп, мойнына белбеуін салды. Жүзін құбылаға бұрған күйі көзі жасаурай, дауысы дірілдей отырып тілек тілеп, дұға қайырды. Аздан соң, ат айдаушылар ауыздығымен алысқан өңкей саңлақты алдарына салып айдап бара жатты. Сол аста алғаш рет жолым болып, бағым жанды. Кейін білсем мен мініп шапқан Тоқа Біргебайдың қызылының тұқымы екен. Мейіздей жараған, айтулы жүйріктің нәсілі бұл жолы бар аттан оза шауып, мәреден сынаптай сырғып өте шықты. Астың бас бәйгесін иеленген ат иесінің қуанышын көрсең. Шек жоқ еді-ау. Қайта-қайта құшақтап бетімнен сүйген ол қайтар сәтте алдымызда үш-төрт ұсақ тұяқ салып берді. Содан басталды бәрі. Жаз шықса болды, жамағайыным екеуміз ас пен той аңдимыз. Ат бәйгесінен түскен азын-аулақ пайда інім екеуміздің кәдемізге жаратылады. Шапқан атым озып келіп, жүлдеге ілінсе болғаны Тәткей ағам ат иесінен есебін тауып тақым ақымды алады. Ат иелері көп жағдайда өз ықыластарымен береді. Өз еркімен бергендері оған да жақсы. Мұндайда ың-шыңсыз үйге қайтамыз. Кейде кейбір қарау атсейістермен тәжікелесуге тура келеді. Ондайда істі ұрыс-керіссіз шешуге күш салады. Егер істің соңы дауға ұласса, онда оның басты қаруы менің жетімдігім. Бойымдағы бас кемшілігім таразыға тартылғанда, безбен басы маған ауып шыға келеді. Дау бірден тыйылып, шаруа әркез екеуміздің үлесімізге шешіледі. Ол заманда жетімнің ақысын жеген деген жаман атақ. Кім де болса, осы атаққа ілігіп кетем бе деп қорқады. Жамағайыным күні бұрын атбегілермен келісіп алуға тырысып бағады. Ешкіммен келісе алмаған жағдайда бәйге алаңына бұрынырақ барып алып, мені ерте жүре жар салады. Сол күні ауылдан таң сыз бере шығып, Қарауылтөбеге ертерек жетіп алдық. Бәйге аттарының ортасына кіріп алған ол айғайлап келеді: «Атқа шабар бала бар, атқа шабар бала бар. Атсейістер баланы, менен келіп қалап ал». Ол өңешін жырта айғайлайды. Бірақ ешкім бізге мойнын бұрар емес. Атбегілер аттарымен әуре. Сұқ көздерден сескене ме, шамалары келгенше бойларын жырақ ұстап, жүйріктерін жетектеп ат айдаушының дауысы жетеді-ау деген жерге дейін аулақтап, ұзап кеткен. Күн түске тырмысты. Ат айдайтын сәт жақындаған сайын жамағайын туысым тықырши бастады. Енді қайтсін? Бәйге сайын мені атқа шаптырып, азын-аулақ пұл табушы еді. Құдай бүгін онысын да көпсінгендей. «Атқа шабар бала бар, Атқа шабар бала бар…» деп айғайлайды жанашырым. Дауысында үміт бар. Ақыры шаршады білем, көзімен көлеңке іздеді. Сонан соң қаңтарулы тұрған арбаның көлеңкесіне отыра кетті. Состиып тұрып қалған маған да отыр деп ым қақты. Көзімнің астымен жамағайыныма қарап қоям. Оны да тіршілік қажытқаны сезіледі. Күн қақты жүзіндегі әжімдері тереңдеп, мұрны салбырап, қабағы төмен түсіп кеткен. Жолы болмағанына қынжылып отыр. Ұлан-асыр тойдың түк қызығы қалмағандай. Осының бәріне өзімді жазғырып, талайсыз тағдырыма налыдым. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған әке-шешемді есіме алдым. Анамның мейірімге толы жүзін, шуақты алақанын сағындым. «Құлыным» деп еркелеткен үні құлағыма келгендей. Көмейіме ащы өксіктің кермек дәмі келді. Ата-анама іштей шағынып, қамығып отыра берер ме едім.

– Иманжүсіп , Иманжүсіп кепті , Иманжүсіп келе жатыр ! – деген дауыстар шығып , атып - атып тұрдық . Елдің назары Қарауыл төбенің оңтүстік беткейіне ауған. Келе жатқан екі аттының айналасы қалың ел. Төбе басына қарай толқыған елдің ішіне біз де келіп сіңе бердік.

– Япырым-ай, мынау Иманжүсіп пе ей? – Бұл қайдан жүр? – Анау жылдары Сырға көшіп кетті деп еді. – Бетпақтың шөлінде үкіметтен жасырынып қашып жүр деп естіп едік. – Кір жуып, кіндік кескен жерін сағынып келген ғой.

– Е , шіркін , дүние ! «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген осы да. Толқыған қарақұрым ел төбе басына жиналды. Ортада – Иманжүсіп. Біреулермен қысқа-қысқа тілдесіп қояды.

– Ау, халайық! Имекең сөйлесін. Лебізін тыңдайық, – десіп жатыр жұрт.

– Уа , халқым ! – деген Иманжүсіптің дауысы саңқ етті . Жым-жырт тыныштық орнай қалды.

– Мен алыстан, Сыр елінен келе жатырмын. Мойнымда елдің аманаты бар. Әйтсе де өздеріңе деген сағынышымды сөзбен айтып жеткізе алармын ба екен… Иманжүсіптің дауысы дірілдеп кеткендей болды. Алда сабазым-ай! Енді қайтсін. Азаматым-ай, батырым-ай! О, ел мен ерге опа бермеген сұм заман. Ел дүрлігісіп теңселіп кетті.

– Тойыңның үстінен түстім туған ел . Шаруамды айтып шырықтарыңды бұзбайын. Одан да қызықтарыңды көбейткенім болсын. Арқаның тойында атым шаппағалы қай заман. Қостым торы арғымағымды бәйгеңе, – деп желпіне сөйлегенде ел гулесіп қостай кетті.

– Ағайын , – деді Иманжүсіп халық тыныс алған сәтте . Араларыңда бәйгеге шабар бала бар ма? Дәулетханым атқа… дегенше болған жоқ, жан дауысы шыққан жамағайыным: «Имеке, бар бала, менде бар» деп алдындағы адамдарды қаға-маға мені Иманжүсіпке қарай сүйрей жөнелді. Осы кезде ат айдаушылардың «атшабарлаған» ащы дауыстары қатар шығып, құжынаған жұртшылық тік көтеріле Қарауылтөбенің қарақшы тігілген шығыс беткейіне жөңкіле жөнелді. Иманжүсіп бізді оңаша алып шықты. Маған ұзақ сынай қарап тұрды. Бағанадан бері қалың жұртшылықтың арасынан анықтап көре алмаған едім. Бажайлап қараудың сәті енді түскендей. Жас шамасы алпыстан мол асып, жетпісті қусырып қалғанына қарамастан баяғының батырындай еңселі, биік. Алып біткен сом тұлғасының бітімі ерекше. Аш арыстан кеуделі. Кең жазық маңдайлы. Қасқыр қабағының астына шүңіректене біткен көздері кісіге тік, шүйіле қарағанда өңменіңнен өтіп кетеді екен. Тік қыр мұрынды. Шалғысы ширатылған мұртына ақ кіріп, ұзынша селдір сақалы буырыл тарта бастаған. Үстіне жеңіл шапан, тік жаға, зерлі ақ көйлек киіпті. Басында пұшпақ тақия. Беліне күміс кіселі жалпақ қайыс белбеу тартқан. Аяғында қисық табан әмірқан етік. Қолында сегіз тұтам сері қамшысы. Жанындағы бойы өзіне жетеқабыл жігіт баласы Дәулетхан болып шықты. Жасы қырықтардың шамасында. Әкесіне қатты ұқсағанымен өңі қара-қоңыр. Ештеңемен ісі жоқтай, томсырайған күйі екі көзін бір нүктеден айырмай, шетте үн-түнсіз тұр. Әу бастан сөзге жоқ адам тәрізді. – Балаңыздың сүйегі тым ұсақ екен. Түріне қарасаң тоғызға да толмаған сияқты. Ұзақ шабыста тақымы талып, құлап қалып жазым болып жүрмей ме, – деп қауіп білдіре сөйлеген Иманжүсіп:

– Бұрын бәйгеге шауып па ең ? – деп маған жылыұшырай қарады .

– Иә , – деп басымды изегенше болған жоқ , жамағайын туысым жалма - жан :

– О не дегеніңіз , Имеке !? Осы өңірдегі өтіп жатқан талай бәйгенің алдын бермей жүрген бала бұл. Келісті ат болса болды, Имеке. Бабы келіскен талай жүйріктің бағын жандырды бұл жігіт. Қаралдысы кішкентай енді. Көзін ашқалы көріп келе жатқаны жетімдік болған соң, қайтсін енді, көкке жарымаған көпей қозыдай қортық боп қалды. Ештеңе етпейді. Қайта қысылып өскендерден ер жете келе мықты жігіт шығады деуші еді үлкендер. Әйтпесе, жасы биыл он төртке шығады. Менен басқа ешкімі жоқ бейшара баланың. Осылай ала жаздай ас пен тойға алып жүріп бәйгеге шаптырам. Сөйтіп, несібесін айыртамын елден. Басқа амалым жоқ. Қой бақтырып, көтен жегізетін байлардың жайын өзіңіз білесіз… Не болғанын… Ал енді, тақымы талады деп қорықпаңыз. Нағыз жел тақым, сірі сирақтың өзі. Тек таралғысын шақтап тартып берсеңіз болды, Имеке. Самбырлап сөйлеген жамағайыным әрең дегенде тоқтап, не дер екен дегендей Иманжүсіптің аузын бақты. – Бопты, – деді Иманжүсіп. Сөйтті де мені іліп алып торы арғымақтың арқасына тымақша атып жіберді. Құранды ерге қаққан қазықша барып қадалған маған риза болды-ау деймін, торыны сулығынан жетектеген күйі ат айдаушылардың тұсына келгенше тіл қатқан жоқ. Байқаймын, Иманжүсіп жиналған жүйріктерді жүре сынап келеді. Кенет көзі шеттеу тұрған шұнақ құлақ қос бедеуге түсті. Бірі – көк шұнақ, бірі – торы шұнақ – бұрыннан білетін жүйріктерім. Аралбай Мұқажан дегеннің күліктері. Екі үш жылдан бері алыс-жақыннан бәйге алып келіп жүрген айтулы жылқылар. Иманжүсіп тақала барып тоқтап, қос бедеудің тұла бойын өткір жанарымен жіті тінтіп шықты. Сонан соң жүре сөйлеп, сөзін сабақтады:

– Міне , торы арғымақпен егеске түсетін осы қу шұнақтар . Қалған аттан сонша қауіп жоқ. Ат айдаушы аттарды тізгенде жел жағын ала тұруға тырыс. Алғашқы сәтте барлығы жел жағын ала шабуға ұмтылар. Сен де жел жағын мол қамти шап. Ештеңе етпейді. Жер шаңдақ, көріп тұрсың. Торы шаң сүймейтін жануар. Тек шаңға көміп алма. Ә дегенде аттың суырылып алға шығуына мүмкіндік бер. Басқаларынан оқ бойы ұзап алған соң барып тізгінді сәл тежей тартып отырарсың. Екі шұнақ жол ортаға дейін тістесе шауып, торыға біраз қысым көрсетер. Содан кейінгіге олардың бабы келгенімен, қарымы жетпес. Сонау сағымдана мұнартқан кезең жолдың қақ жартысы. Сол кезеңге келгенде атқа ерік бер. Байқа, көп қамшылап жібермегін. Тек тізгінді жіберген сәтте, бір-екі рет сауырлата көміп-көміп жібер. Содан кейін сипай қамшылап отырарсың, – деп аттың бабы мен шабар жолды мұқият пысықтап жатқан Иманжүсіптің сөзін:

– Ассалаумағалейкүм , Иман аға , ат бәйгелі болсын ! – деген бір топ аттылы жігіттердің үні бөліп жіберді . Аттарынан аунай түскен олар жапырласа келіп сәлем беріп жатыр.

– Уағалейкүмассалам батырлар , айтқандарың келсін ! – Ғафу етіңіз аға , сұрауға рұқсат беріңіз .

– Рұқсат! Не білгілерің келеді, жандарым?

– Елдің аузында сіздің атыңыздың әңгімесі, аға, халық сан-саққа жүгіртеді. Соны өз аузыңыздан естиік деп едік. Торы арғымағыңыз қай жылқының тұқымынан?

Иманжүсіп сәл ойланып қалды. Әңгімеге зауқы соқпай тұрғаны анық. Бірақ жастардың меселін қайтарғанды жөн көрмегендей:

– Есенкелді жылқысының тұқымы , – деп қысқа жауап берді . Келгендердің көсемі атқұмар, аңкөстігімен аты шығып қалған Кентай есімді жігіт еді:

Оқиға желісі мен шешім

– Имеке , қалай ойлайсыз , торы ар ғымақ бүгін топ жара ма , – деп төтесінен бірақ кетті . Сауалдың батырға ұнамағаны жабырқай түскен жүзінен көрініп тұр :

– Қайдан білейін , Арқаның қу тұяғының қандай өнер шығарарын , – деген Иманжүсіп бар зейінін тас лақтырым жерде тұрған қос бедеуге тікті . Ат иесінің екі-ұшты жауабы мен кейісті үнінен өздерінің қиыс кеткендерін сезген жастар ыңғайсыздана қоштасып, жөней берді. Көп күттірмей ат айдауға белгі берілді. Жүзінде салқын сабыр бар Иманжүсіп таралғымды шақтады. Төс айылды босатып барып, қайта тарта бергені сол еді, о, шіркін, сұм дүние, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді, бағанадан бері ұлы дүбірді іштей сезіп, сұлық тұрған торы арғымақтың ішін тартқаны. Бұндайды қойсаңшы, енді. Тап бір адамша күрсінгендей қос бүйірін кере сұмдық үн шығарды.

– Қой, қой, жануар! Оның не жаман сұмдық бастап, – деп әп-сәтте дегбірінен айырылған Иманжүсіп төс айыл мен шап айылды жылдамдата тартып кеп, атының көзін сүртіп, мойнынан құшақтады.

– Сын сәтте сөйте ме екен жануарым-ау. Үнінде абыржу бар. Іштей күбірлеп дұға оқыды. Бәріміз бет сипадық.

– Ал жолдарың болсын , – деп Иманжүсіп баласы екеуі шошайып қала берді . Бірде сау аяңмен, біресе ақсай желген қалың атты Иманақ тауының түстік беткейін орай озып барып, көмбе белгіленген Қарауылтөбеден қырық шақырымдай қашықтықтағы Шотан деген өзеннің Сарысуға құяр тұсына бесін ауа жеттік. Келе сала ат айдаушылар барлығымызды тырна қатар сапқа тізді. Әбден бәйгеге шауып сыралғы болып алған бала да, ат та айдаушының аузынан шығар жалғыз ауыз сөзді күтіп тұрмыз. Тықыршыған кейбір аттар ауыздығымен алысып, қолды-аяққа тұрар емес. Бағана Иманжүсіп үстіне тымақша атып жібергеннен бері торының сырын алуға тырысудамын. Ол басқа жүйріктердей емес, тыпыршымай жайбарақат тұр. Бірақ іштей ширығып тұрғаны айналасына жіті көз тастағанынан аңғарылады. Торыарғымақ аса ірі жылқы екен. Тура өркешсіз түйедей десе де болады. Етсіз басы кез жарымға жуық, есек құлақ, шор қабақ, теке танау, бұлан мойын, құлан жал, қақпадай кең омыраулы, піл сауырлы, тақтайдай жазық жауырыны етсіз біткен. Қолтырауын қолтық, тазы шынтақ, ит жіліншік, домбай тұяқ, қақпан бел, садақ сан, атан жілік, барыс тірсек Торыарғымақтың жаратылысы шынында да ерекше. Суындай сұлу жаралған жануар осындағы бар жүйріктен даралана, айдындана көрінеді.

– Ал тартыңдар! Ат айдаушының қолындағы қызыл жалауша сермеліп қалды. Осы сәтті сарыла күтіп, әрең шыдап тұрған кіл жүйрік желді күнгі өрттей лап ете қалды. Тарландардың тұяғы даланы дүбірге толтырып жүре берді. Бірден жел жағын ала берген ойымды торы да түсінгендей алғашқы бетте-ақ қарыштай, құшырлана шауып, басқалардан оқ бойы ұзай түсті. Ытырыла жөнелгенде қаулай шапқан қалың қылқұйрық бірте-бірте шабыстарын түзеуге көшті. Мұндайда бәрі бәйгеден дәмелі. Ат та, үстіндегі бала да, анау төбе басында иіріліп тұрған ат иелері де. Ат бәйгесі адам мен жылқы бойындағы бар қабілеттің сынға түсер шағы. Сәл қателікке ұрынсаң болды, бәйгенің ауылы алыстады дей бер. Аңдыса, арбаса шабумен арада сүт пісірім уақыт өтті. Артымдағы қалың нөпірдің қысымын жан-тәніммен сезіп келемін. Бұндайда жүйкең сыр бермеуі керек. Бұл айтуға ғана оңай. Дегбірсізденіп келе жатқан басым торыға қамшыны сипай басыңқырап жіберіп едім, есті жануар қамыс құлақтарын жымқыра қайшылады. Бұл қамшыңның қажет емес дегені. Торының берген белгісі дәтке қуат болғандай, жан-жағыма бажайлай қарауға шамам жетті. Шынында да қобалжитындай ештеңе жоқтай. Соңыма бір қарағанда аңғарғаным басқа аттардан әудемжер шамасында ұзай түсіппіз. Бағанадай емес, жүйріктердің ара жігі айқындалып, бәйгеден үміттілер алдыңғы лекке тұтаса бастапты. Әсіресе Иманжүсіп сақтандырған қос шұнақтың тұяқ тастасы ересен. Өзгелерден оқ бойы оза шапқан қос саңлақ бір-бірінен арқан бойы қашықтықта көсіле шауып келеді екен. Одан сәл Қалыбек Балабектің Қарақасқа айғыры төпеп келеді. Бойымды тағы да жеңіл үрей билей бастағанын сездім. Артымдағы екі сәйгүлік өндірте шауып қуып жететіндей көрініп кетті. Сәл тебіне түсіп, бар зейінімді торыға тіктім. Жануар мені билеген сәл сенімсіздіктің өзін сезіп қойғандай, көсіле түсіп, біраздан соң, тіпті сұрапыл шабысқа ауыса бастады. Жүйріктің құлағын біздей қадағанын шын шабысқа көшкені деп ұқ. Сөйтсем қателессем керек. Нағыз өнерді қос шұнақ бастапты. Екеуі де тап бір жын қаққандай, жойқын шабысқа шығыпты. Әне-міне дегенше үзеңгі қағыстыруға келіп қалардай. Терге шомыла лыққан жүйріктер ышқынып-ақ баққанымен Торыарғымақтың үдей шапқан шабысына шыдас бере алмады. Қос шұнақты жанай өтіп ұзай берген Торыарғымақ сол екпінмен Қарақасқаға төніп кеп қалды. Ақ көбікке оранған Қарақасқада да бағанағыдай дүлей шабыс жоқ. Жануардың еті ояздау еді. Өзі жүйрік оның үстіне әлді айғырды Балабек ұрпақтары кейде көкпарға да салып жіберетін. Енді, міне, сол есерліктің тақсіретін Қарақасқа тартып-ақ келеді. Буындары босап, аяқтарынан әл кете бастаған Қарақасқаның қасынан Торыарғымақ гулеп өте бергенде байғұс жануар барын салып-ақ бақты, бірақ қажыры қайтып, күші сарқылған ат серпіле шаба алмады. Болдырып, әлі құрыған ол текіректей шауып қала берді. Жеке дара қара үзіп шыққан Торыарғымақ тұяқтарынан жеңіс күйін төгіп келе жатты. Менің де көңілім шат еді. Арттағы аттардың енді қуып жете алмасын сезген менің бақыттан басым айналғандай еді. Бәйгенің қол созым жерде екенін жан-тәніммен ұққан сәттің ләззаты қанымды қоздырып, бойымды елірткен мен мәреге қарай аршындай шапқан аттың үстінен асқақтай бір қарадым. Сол-ақ екен, енді сәлден соң құжынаған қалың елдің алдынан Торыарғымақты жайнақтата шауып өтетініме деген бек сенімділік бойымды билеп бара жатқанын сездім. Санамда бір салтанат күйі жарқ етіп ойнағандай болды. Тіпті көз алдыма жамағайынымның алдымнан жүгіре, жылап шығып аттан түсіріп алып жатқан сәті, жан-жағына масайрай қараған қуанышты жүзі елес беріп өтті. Құдай-ау, неге өйттім сонда? Жеңіске жетпей жатып қуануға болмайды екен ғой? …Сансыз ойлар жан-жақтан қаумалап, алуан-алуан сезімдер санамды шабақтаған сорлы басым артыма бұрылып, соңымдағы аттарға ақырғы рет қарағым келіп кетті. Торыарғымақ самғай шауып келе жатты. Қарақшыға дейін бір-екі шақырымдай ғана жер қалып еді. Оң аяғымды таралғыға шірей, бір қолыммен ердің алдыңғы қасынан ұстап, ердің оң қапталына қарай сәл жантая, сол қолымды ердің артқы қасына тірей таяныш етіп, артыма бұрылып қарай бергенім сол еді. Жұлын үзердей жұлқып жіберген сұмдық соққы алдымен ердің алдыңғы қасына апарып ұрды да, ат үстінен допша ұшырды. Сол ұшқаннан есік пен төрдей жерге барып бұрқ ете қалған басым әлденеше рет домалап кеттім. Жалма-жан атып тұрып, атқа қарай жүгірдім. Бірақ аяғы құрғыр еркіме бағынбай бір аяғым екінші аяғыма шалынып құлап түстім. Бір тұрып, бір құлап қайта ұмтылдым. Зеңіп қалған басымды мың сан инелер шабақтап, қос құлағым зыңылдап, түк ести алар емеспін. Көз алдымды жапқан қызыл мұнар ештеңе көрсетер емес. Құлағымда Торыарғымақтың шыңғырған дауысы қалып қойғандай. Есім ауып қалғандықтан ба, ешнәрсе анық аңғара алар емеспін. Тәлтіректей жүгіріп келіп, Торыарғымақтың мойнынан құшақтай алғанымды білем. Жануар басын соғып жатыр екен. Алдыңғы оң аяғы жіліншік тұстан үзіліп кетіпті. Сәл кейінде аттың аяғы кіріп кеткен сарышұнақтың ескі іні опырайып жатыр. Болған сұмдыққа көзім жеткендіктен бе, бақырып жылап жібердім. Қолдан келер басқа дәрмен жоқ, аттың басын құшақтап алып еңіреп жылай бердім. Сәлден кейін қалған аттар қасымыздан өте бастады. Тап мені табалағандай тура бұғалық тастар жерден қиқулап өте шығуда. Алдымен Қарақасқаны басып озған қос шұнақ өтті. Сәл қалыңқы Қарақасқа, одан көп кейіндеу атақты Батыраштың Жүнісінің Буырылы, оған құйрық тістесе Кернейдің Көкшағыры мен Қияштың Нұрланының Құласы кетіп барады. Пырақтар бейне елес сияқты батар күннің шұғыласына малынып, алаулай, өртене шапқан күйі, күн ішіне қарғып түсіп, ғайып болып жатқандай еді. Біраздан соң, үздік-создық өтіп жатқан аттардың легі таусылып, Торыарғымақтың басында жападан-жалғыз қалдым. Осылайша қазақтың ең соңғы ұлы бәйгесі көз алдымда көшкен елдің керуеніндей күн астына жұтылып, жоқ болды. Үсті-басым жыртылған, бет-ауызым қан-қан, көзім бұлаудай болып ісіп кеткен күйімді кім көрсе де шошитындай, аяйтындай еді. Қанша жылағаным есімде жоқ, бір кезде басымды көтеріп, Қарауыл төбе жаққа күн салдым. Бері қарай бірнеше аттылы беттеп келе жатыр екен. Тақала бере алдыңғысының Иманжүсіп екенін таныдым. Сәл қалыңқы баласы, одан ары ат арба жеккен бейтаныс біреу келеді. Бағанағы жамағайыным екеуміз арқамызды сүйеп дамылдаған арбаны таныдым. Иесінің келіп жеткенін көрген торы арғымақ басын жерден жұла, шыңғыра кісінеп жіберді. Атынан жалма-жан сыпырыла түскен Дәулетхан жүгіре басып барып торының мойнынан құшақтай бере, өкіре жығылды. Мені өксік қайта буды. Иманжүсіп үнсіз жылады. Бағанағы батыр тұлғалы, алпамсадай адам көз алдымда қартайып, шөгіп кеткендей болды. Қалың ойдың құшағында қалған ол атының жанында ұзақ отырды. Торы арғымақ иесінен медет күткендей тұмсығымен Иманжүсіпті кеудесінен иіскелеп, аянышты үнмен оқыранды.

– Имеке , жүрейік , күн батпай тұрғанда , атты арбаға салайық , – деп арба иесі үнсіздікті бұзып жіберді . – Айтып бақтым , әке , Арқа бізге пана болмайды деп , Бетпақтың шөлінен шықпайық деп . Өмір бойы көргеніміз қуғын, шеккеніміз қасірет. Ақ патшаның ұлықтарымен, оның пасық болыстарымен өмір бойы алыстың, қане мүйіз шықса?! Жаңа үкіметтен жақсылық күтіп ең, жарылқаймыз деген олар сары ізіңе шөп алып түсуде. Ел, ел дейсің. Елжіреп тұрғаны кәні, еліңнің? Жеріңнің шұқанағына дейін кедергі. Қуса жетіп, қашсаң құтылатын торы арғымақтың түбіне жетті. Енді бізге ондай ат қайда! Тұлпарың туған жеріңе келіп жығылды. Тағы да дұшпаныңа таба табылды. Байқадың ба бағана, бұл елдің белсенділерінің түрі жаман. Тағы бір сұмдыққа арандатпай тұрғанда кетейік, бетке алып Бетпақты. Қу медиен шөлге сіңіп жоғалайық! Дәулетхан таусыла сөйледі. Іштен тынған адамның жанайқайы. Үндемейтін адамнан үйдей-үйдей сөз шықты. Баласын дел-сал тыңдаған Иманжүсіп орнынан тұрып, шапанының етегін қақты. Үн-түнсіз жүріп аттың құлаған орнын көріп шықты. Арғымағы аяғын сындырған індікешке ойлана қарап, біраз тұрды да:

– Бақ тайған соң, осы да, – деді. Сосын көкжиекке қарай еңкейе түскен күнге түнере, түсін суыта қарап қалған ол, кенет дүр сілкінді. Осы сәтте ол маған баршын тартқан бүркіттей көрініп кетті. Шамырқанған жүзі күн сәулесімен күреңітіп, сұстана түскен дидарына айбатты рең орнап, айбарлы, сесті қалпын тапты. Әлденеге тәуекел еткендей:

– Арбаны бермен тақа , – деп бұйырды көлік иесіне . Жайдақталған арба мертіккен жануардың жанына жақындатылды. Ыммен ұғысқан әкелі-балалы торы арғымақты қолдаса көтеріп, арба үстіне лып еткізді. Атына мініп, жүре берген Иманжүсіп мені де іле кетті. Қарауылтөбенің басына жиналған ығы-жығы халық араның ұясындай гу-гу. Қып-қызыл даудың үстінен түстік. Көк шұнағы мен торы шұнағы іркес-тіркес келген аралбай Мұқажан жер баспай сөйлеп тұр. Тапалдау бойлы, тарамыс денелі, ақсары өңді, шегір көзді бұл кісіні ел жырық Мұқажан деуші еді. Шегір көзінде үнемі жанжал оты ойнап тұратын ол, расында қияңқы адам еді. Баяғыда Ақмолада атақты Балуан шолақтың Ғалиясының қымызханасында қала бұзықтарымен болған қалың төбелестің үстінде бір қаныпезер қанжарымен Мұқажанның ішін жарып жіберсе керек. Қанжар сойып кеткен бүйірінен шығып кеткен ішегін бір қолымен бүре ұстап жүріп төбелескен Мұқажанның бар бұзықты жалғыз қолымен-ақ жайпап жібергені жұртқа аңыз боп тарап кеткен-ді. Мұқажанның жырық атануы да қызық әңгіме еді. Басбұзар, шадыр мінезді бола тұра сәбет үкіметі алғаш орнаған жылдары оның бір болыс елге мілитсә болған жайы бар-ды. Жаңа өкімет ісінде жүргенде әлдебір содырлармен атысып қалып, үстіңгі ернін оққа жырғызып алған атышулы тентекті содан бері жұрт біржола «жырық Мұқажан» атап кеткен болатын. Оның үстіне ол атқан оғы құр кетпейтін ғажап мерген, аңшы адам еді. Тағы бір осал жері жүйрік ат десе есі шығып кететін әрі қазанатты бір көргеннен танитын ол атбегілік өнерден де құр алақан емес-тін. Қара басы осыншама қайшылыққа толы жырық Мұқажан сол кезде отыз бестер шамасындағы жігіт болатын. Бүгін де ол нағыз зар күйлі бүркіттей шаңқ-шаңқ етеді:

– Сондықтан бірінші , екінші бәйге менікі . Қосқан жүйріктерімнің қара үзіп келгеніне бәрің куәсің. Ал енді Иманжүсіптің атының құлап қалғанын Алланың ісі деп біліңдер.

– Әй , Мұқажан жөнге көш – деді Қалыбек Қайрақбай .

– Бұл жолғы дауың тіптен орынсыз , аудансыздығыңды көрсетпей , қи осы жолғы бәйгені Имекеңе , екі мен үшінші бәйге тақияңа тар келмес , ал соны !

– Бір мен екі сенікі деп сөйле , Қайрақбай . Қалған бәйгені кімге берсең оған бер! Мұқажан ешкімге есе бермеймін дегендей екілене сөйледі.

– Мұқажан , сен « құлан құдыққа құласа , құлағында құрбақа ойнайдының » керін келтіріп тұрсың . Иманжүсіп Арқаның арыстаны емес пе еді? Аяулы ағамыз туған елін сағынып, алыстан жадап-жүдеп келгенде елдігімізді танытып, бәйгесін шаппай беретін жөніміз бар емес пе? Бас бәйгеге енді таласпа, Мұқажан, бәйге саған берілмейді – деп Қайрақбай төтесінен кетті.

– Дұрыс.

– Қайрақбай жөн айтады.

– Бас бәйге Имекеңе , – деген дауыстар шығып , ел гулеп кетті . Осы кезде сөзге аудандық мілитсәнің нәшендігі Нұрғали Тасымов араласты .

– Мұқажан деді , – ол сабырмен сөйлеп , – бәйгені ұйымдастырушылар да , тойды қызықтаушы халық та бәйгені Имекеңе беруге ұйғарып отыр . Қалған қос жүлде сенікі. Қанағат ет. Елдің тілегіне құлақ ас. Ендігі сөз артық.

– Өйдөйт , – деді Мұқажан мысқылдай күліп . – Үкімет қолымызда деп Қайрақбай екеуің қырып барасың ғой , түге . Жарайды Иманжүсіпке қаның тартып болыстық қылып тұрғаныңды түсініп бағайын, ал анау өзімнің аталасым Қайрақбайға не жорық. «Жаңаарқаның нәшендік мілитсәсі қаным бір қыпшақтың баласы, мені қолынан жауға бермейді» деп Иманжүсіп Бетпақтан бері өткен көрінеді деп елдің іші гулеп отыр. Байқа, нәшәндігім. Ел құлағы елу. Ұшынып кетіп жүрмеңдер, – дегенше болған жоқ:

– Әй жырық , сен не тантып тұрсың , – деп гүр ете қалған Иманжүсіпке елдің бәрі жалт қарады . Ол бағанадан бері сөзге араласпай сабыр сақтағандай болып тұр еді.

– Әттең , сағым сынып , сұм дүние сыртын берген шағымда шықтың - ау сен шәуілдек . Әйтпесе, сендейлерді тәубәге келтіргенді тәуір көретін Иманжүсіп мен емес пе ем! Амал нешік, – деді ол ызалы өкінішпен. Сәл үнсіздіктен соң сөзін қайта жалғады.

– Мен сені танып тұрмын. Алдыңғы жылы Қызылордада Сейфолланың Сәкенінің жанынан көріп едім. Сырдың бойын жағалап, Телікөлге дейін ұзап шығып, Сәкен екеуміз үш күн бойы саят құрғанда ақынға атқосшы болып жүрген сен емес пе едің? Енді, міне, көзіңді шел басыпты. Мені жорта танымағансыйсың, ә. Әй, қайран Сәкен-ай, бауырым-ай, кімдерді ерткенсің қасыңа!? Бағанадан бері құтырған бурадай жан-жағын жайпап келе жатқан Мұқажан жынынан айырылған бақсыдай боп қалды. Әп-сәтте ұнжырғасы түсіп, салы суға кетіп, аяқастынан мүсәпірге айналды. Сәлден соң:

– Өздерің біліңдер , – деді жуасыған үнмен тойды ұйымдасты рушыларға қырын қарап тұрған күйі . Сөйтті де атына ырғып мініп, топтан шығып жүре берді.Мұқажан ымыраға келді. Дау тоқтап, бәйгелер иелерін тапты. Төбе басынан төмен қарай құлап, ұбақ-шұбақ қайта бастаған елге ақырғы шапағын аямай төгіп, қызара жалқындана күн де батып бара жатты. Иманжүсіп те аттанайын деп жатыр.

– Бері кел , – деді маған Иманжүсіп . Сөйтті де қасына барған мені басымнан сипады. Күс-күс болып, жарылып кеткен аяқтарыма қарап тұрды да, қойнынан етіктің бас ұлтанын алып шықты.

Етік тіктіріп ки , айналайын , – деді қамқор үнмен . Сосын кісесінен бір уыс ақша алып шықты да: Мынаған үстіңе киім ал. Ақшаны көрген жамағайынымның көзі жайнап кетті. –Бұл қаржыға қиянат қылма шырағым, – деді Иманжүсіп оның пиғылын сезгендей болып. Баланың өзіне жұмса, – деді де ақшаны жамағайынымның алақанына салды. Рахмет, Алладан қайтсын, Имеке, – деп туысқаным қалбалақтап жатыр. Жолыңыз болсын жортқанда!

Иманжүсіптер аттанып кетті. Іңір қараңғылығы кіре бастаған шақ еді. Ұзай түскен оларды қаусырмалап қоршай түскен түн түнегі лезде жұтып жіберді. Тек торы арғымақты артып алған арбаның майланбаған дөңгелектерінің шиқылы қайтқан қаздай қаңқылдап, көпке дейін естіліп бара жатты. Сол кеткеннен Иманжүсіпті көре алмадым. Көп ұзамай Иманжүсіп ұсталыпты деген суық хабар дүңк ете қалды. Нәшендік мілитсә туысы Нұрғали Тасымов қорған бола алмапты. Кепеудің (ГПУ) жендеттері Иманжүсіпті кісендеп, Әулиеатаға қарай алып жүріпті. Атасу өзенінен өткен соң, ел «Шкөл» деп атап кеткен ескі мектеп бар еді. Қол-аяғы кісендеулі Иманжүсіпті сол мектепке бір түн түнетіпті. Торға түскен жаралы жолбарыстай аласұрған Иманжүсіп түнімен күңіреніп ән айтыпты. Жым-жырт түнді жарып шыққан оның күшті зор дауысы өзі әнге қосқан Ақтау, Ортау тауларын жаңғыртыпты. Батыр перзентінің қоштасу әнін үнсіз, мүлги тыңдаған тәкәппар таулар көз жастарына ие бола алмапты: еңіреген бұлақтары еңіске қарай еңкілдей құлапты. Оның қасіретті үніне тебіренген Арқаның асыл анасы Сарысу жылап ағып жатыпты. Сол түні оның мұң мен зарға, қайғы мен өкінішке, ерлік пен батырлыққа толы әндері Ақтау мен Атасудың бойын жайлап жатқан жалпақ елге түгел естіліп, тегіс тарапты. Дәрменсіз ел іштен тыныпты, жігіттер шарасыздықтан бармағын тістеп, арулар үнсіз егіліп, жәудір көздерінен жас төгіпті. Аналар жаулықтарымен көз жасын сүрте отырып, «ауызы түкті кәпірлерге» қарғыс айтыпты. Сақалынан тарам-тарам жас аққан қариялар Абылайдың жаугершілік заманын аңсапты, Абылайдың ақ туын Ақтауға әкеп тіккен Кенесары ханның дәуірін еске алып, күңірене күрсінісіпті.

Жаламенен сорладым, мен не дермін, Тарқамастан барады қайғы шерім. Алтау ала болғанда ер құрбандық, Осымен азғаның ба, қайран елім, – деп өксіпті Иманжүсіп. Түнімен ән шырқаған есіл ерге ешкім ара түсе алмапты. Қолдарын кісен қиған Иманжүсіп батыр айдалып кете барыпты. Кейін ел ішінде Иманжүсіптің елмен қоштасқан әні тарады. Көп жыл жадымда сақтап жүрдім ол әнді. Құдай әншілік бермесе де, өзіме қиын-қыстау шақта шапағаты тиген аяулы адамның әнін ешкім жоқта іштей ыңылдап айтушы едім. Кәрілік деген адамның жадына келген жұт екен. Есімде екі-үш ауызы ғана қалыпты.

– Айтып жіберіңізші , – дедім бағанадан бері сөзін бөлмей тыңдаған мен шыдай алмай .

– Қазір – деді ол , – қазір есіме түсірейін . Ол есіне түсіре алмай біраз жатты .

– Әйелінің аты Күлжәмилә еді . Күлжәмилә күйеуі өлген келіншек екен. Өзі сұлу, өзі жас жесірге қайынаға, қайындары әмеңгерлікке таласып жатқанда Иманжүсіп келіп алып кеткен ғой. Әлгілердің ешқайсысы біздің жесіріміз деп айта алмапты Иманжүсіпке. Бетіне тірі жанды қаратпайтын айбатты еді ғой жарықтық. Сол әйелі жайлы айтатын бір ауызы бар еді. Е, міне, енді түсті есіме.

Қалжау, қалжыраған, әлсіз дауыспен әнді жайлап айта бастады:

Көкталдан шығып қондық біз «Шкөлге»

Көз талды қарай-қарай туған елге.

Оралмасым дәм жазып, енді анық,

Күлжәмилә болар екен қандай күйде?

Әрі қарай айта алмады.

– Еске түсер емес, шырағым. Ауру мен кәрілік қоса келіп, ұмыттырды бәрін. Қап! Есімде сақтап кеп едім. Қара басып жатқанымды қарашы.

– Торыарғымақтың тағдыры немен тынды ? – дедім қарттың өлеңді есіне түсіре алмасына көзім жетіп әрі қынжылып . Келесі жылы ел ішіне ашаршылық кіре бастады. Иманжүсіптен тірідей айырылған, Күлжәмилә Торыарғымақты соғымға сойыпты. Қасапшы жігіттер ноқталап жатқанда өзі ақсақ, әбден арып, тулаққа айналған Торыарғымақ жылап тұрыпты; Күлжәмилә әлдекімдерді қарғап, дауыс қойып аңырапты деседі. Атты сойғандар Торыарғымақтың жүрегі самаурындай үлкен, өкпелері шайнектей ғана екен, қабырғасын санадық тұп-тура он сегіз, бір жұп қабырғасы артық біткен екен десіп жүрді. Ұзамай Әулиеатада Иманжүсіпті атып тастапты деген суық хабар сумаң етіп, елдің үрейін алып өтті. Одан кейін отыз екінің аштығы басталып, тоз-тозы шыққан ел басымен қайғы болып кетті. Қырылғаны қырылып, аяғы жеткені өзбек, қырғыз асты. Елге ере алмай, әліміз құрып, Жаңаарқаның көшесінде аштан бұралып өлгелі жатқан інім екеумізге Мырзажанның адамдары ұшырасып, арбаға тиеген аш балалармен бірге Қарағандының детдомына әкеп өткізді. Жетімдер үйінің қатықсыз қара көжесі мен қайнаған суына іліккен біздер қатарға қосылып кеттік. Тек Иманжүсіп қатарға қосылмады. Қайта ол туралы әңгімелер бірте-бірте бәсең тартып, келе-келе сап тыйылды. Әні де айтылмайтын болды. Ғазіз жанның әні түгілі есімі де аталмайтын зәрлі заман орнады жер бетінде. Кең дүние оған келгенде тарылып, тастабандай берді. Иманжүсіпке тек менің кеудемде орын кең еді. Жүрегімнің сонау терең түкпірінде өзім де түсініп болмайтын бір от маздап жататын. Сөйтсем жүрегіме ұялап, жаныма жалын берген оның рухы екен ғой. Маған жетімдік тақсіретін жеңгізген де сол күш дер едім. Бертінде тоң жібіп, сең қозғалған тұста Иманжүсіптің әнін радиодан беретін болды. Қилы заманның құрбаны болған есіл ердің өзім куә болған өмірінің бір сәтін осы тұста айтып көріп едім елге. Кеш қалған екенмін. Орыстанған елде ондай әңгімені ұғатын құлақ қалмапты. Сосын іштен тынып, үндемейтін болдым. Бір жылы осы елге Алматыдан екі-үш ақын-жазушы келді. Елдің ескі сөзін жинайтын, көкірегі сәулелі жандар ғой деп жолығып, тілдесіп қалмаққа арнайы іздеп бардым. Бірақ сыртта «барып кел, алып келмен» шапқылап, танаулап жүрген совхоз деректірлері мені арызқой біреу деп ойлады ма, жазушылар демалып жатқан үйді қызғыштай қорып, кіргізбей қойғаны. Аупарткомның хатшысымен арақ ішіп, карта ойнаудан қолы босамаған әлгілер бір-екі күннен соң қайтып кетті. Сөйтсем олар Теміртау зауыттарының жеткен жетістіктері мен жасампаз істері жайында кітап жазып жүргендер болып шықты. Зауыт бастықтары оларды өзен бойының таза ауасын жұтсын, көңілдерін сергітіп, демалсын деп осы өңірге әдейі жіберген екен. Қала, аудан басшыларының қолынан жақсы күтім көріп, жем жеп, қызара бөртіп, көңілденіп, күйленіп алған ақын-жазушылардың мен түгілі Иманжүсіптің өзі тіріліп келсе де елең қылмасына көзім жеткен кезде ең соңғы үмітім үзілгендей болып еді. Сол уақыттарда: Халықтың қасиетін жанмен ұққан, Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды. Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің, Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, – деген атақты Иса ақынның өлеңі есіме түсіп, қайта қайраттанушы едім. Содан бір күні аудандық газеттің редакциясына бардым. Қуықтай бөлмеде сыра ішіп, даурығып отырған екі жорналшыға Иманжүсіп туралы әңгімені бастап келе жатыр едім, әлгі екеудің біреуі: – Ақсақал мұндай әңгімені газетіміздің көлемі көтермейді, біздің газет аудандық партия комитетінің органы, сондықтан бұнда тек партияның қаулы, қарарлары басылады. Қазір ауданда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Сіздің әлдеқашан сүйегі қурап қалған ақыныңызды баспақ түгілі совхоздардан түскен мәліметтердің өзін сыйғыза алмай жатқан жайымыз бар, – деп ақталды. Екінші тілші тіпті қылды: Алдындағы бәңкідегі күрең сырадан қылқылдата жұтып жіберген ол: – Ақсақал, – деп бір қойды. Сөйдеді де кепкен балықпен әуреленіп кетті. Ақыры кепкен тұқының бүйір қалашын жұлып алып, аузына салды. Асықпай тамсап бірсыпыра отырған соң, – Аудандық газет негізінен орыс тілінде шығады. Көріп отырған екі тілшіңіз қазақ тіліндегі қосымшасына ғана иеміз. Оның өзі аударма. Ал енді сіз айтып отырған жаңағы ақын ба, әнші ме, кім еді өзі – «халық жауы» болған ғой. Біз де мына жерде ай қарап отырған жоқпыз. Білеміз ғой бәрін… біліп отырмыз. Сондықтан сіз бізге алдымен әлгі ақыныңыздың ақталғаны жайында прокуротурадан спрәпке әкелуіңіз керек. Ертең аупартком жақтан айғай шықса, не деп ақталамыз, – демесі бар ма, кепкен балық сүйектерін аузынан алып шығып жатып. Осылайша жазушы, тілші атаулыдан әбден түңіліп, көңілі қалған мен бейбақ Иманжүсіптің әңгімесі ішімде кете ме деп уайым қылушы едім. Құдай сені айдап әкелді. Саған аманат бұл әңгіме. Енді өле беруіме де болады. Ол үнсіз қалды. Сөйтсем жылап жатыр екен. Жұмулы көздерінен аққан жас самайын қуалай, құс жастыққа сіңіп жатыр. Бөлмеде өлі тыныштық орнады. Бағанағы ұли соққан боран да басылған тәрізді. Терезе сыртына әлдеқашан түскен қою қараңғылық енді ішке ентелейтіндей. Біреу келіп бөлменің жарығын жағып кетіпті. Қарттың алдында жылан арбаған торғайдай болып отырған басым осының бірін де аңғармаппын.

– Немене бітпейтін әңгіме сендердікі, – деп дабырлап Ғинаят кіріп келді.

– Боран басылыпты. Не істейміз?

– Қайтайық, – дедім мен.

– Елге ертерек жетіп алайық.

– Шәй ішіп алып шығып кетейік, онда.

– Ата сау болыңыз, – дедім мен, оны енді қайтып көрмейтінімді ойлап.

– Қош бол, қарағым. Қайда жүрсең де жолың болсын, шырағым. Ол еті қашқан саусақтарымен қо лымды әлсіз қысты.

Ерлан Т ө ле утай , өнер зерттеушісі, жазушы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙