Әдебиет жайлы ойлардан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәкен Иманасов — «Әдебиет жайлы ойлардан». "АР АЛДЫНДА МЕН ӨЗІМДІ ӘРДАЙЫМ, ДАР АЛДЫНДА ТҰРҒАНДАЙ-АҚ СЕЗІНЕМ"
/uploads/cbe26022-a703-5151-9dc3-55a7d13bf799/cover.png
"АР АЛДЫНДА МЕН ӨЗІМДІ ӘРДАЙЫМ, ДАР АЛДЫНДА ТҰРҒАНДАЙ-АҚ СЕЗІНЕМ"
Анық қай жылы екендігі есімде қалмапты, сірә, сол бесінші не алтыншы класта оқып жүрген кезім-ау деймін, қара жердің жарығы болса ойланбастан кіріп кетердей-ақ қатты бір қысыла ұялғаным бар еді. Соны есіме алған сайын әлі күнге өңім күреңітіп шыға келеді.
Қыс іші екенін білем, өзімнен он жас үлкен Нүсіп ағам екеуміз ат шанамен біздің ауылдан алпыс-жетпіс шақырым алыста жатқан Андреев (кейін Үйгентас) ауданына жол тарттық. Екі ортада Қарасу деп аталатын ауыл болатын, онда әкемнің туған жиен ағасы, сол жердегі орталау мектептің мұғалімі Қабылханның үйі бар еді. Күнді екіндіге аудара сонда келіп жетіп, ат басын тірегенбіз.
Бала-шағасы мол, ордалы да қордалы үй еді. Бізді жік жапар болып құрақ ұша қуана қарсы алды-ау деймін. Мен о жағына аса мән беріп жатпадым, мені қызықтырғаны төрге таяу орналасқан шағын сөредегі 20-30 кітап болды. Біреуін қолыма алып қарадым – Спандияр Көбеевтің "Орындалған арман" деп аталатын кітабы екен. Оқи бастап едім, бірте-бірте өзіне жылымдай тартып, еліктіріп ала жөнелді. Әлде автордың бастан өткен балалық шағы өз өміріме ұқсас, не сол сәттегі көңіл-күйіме орайлас болды ма, әйтеуір енді соны оқып бітіргенше асықтым. Бірақ әп-сәтте аяқтала қояр кітап болмады. Ертелетіп әрі қарай жол жүруге әзірлендік, әлгі қызықты кітап бәрібір аяқталар емес. Балалығым ба, басқа ма қайдам "Әй не де болса!" –деп, түрткілеген әлдебір сайтанның азғыруына еріп, әлгі кітапты ат шанадағы жолға алып шыққан жарты қап сұлының арасына сүңгітіп жібердім де, түк көрмегендей тымпиып отыра бердім.
Сонымды байқап қалды ма, әлде ыңғайы солай болды ма, әйтеуір біз енді аттана береміз дегенде үй иесі жаңағы кітапты іздеп, әй бір әлекке түссін келіп. "Табыңдар да табындардың" астына алып, бала-шағасының да екі аяғын бір етікке тыға қуырып берді.
"Сенен келген жоқ па?"–деп Нүсіп ағам маған сыбырлайды үй иелеріне естіртпей "Жоқ!" – деп азар да безер болып мен басымды шайқаймын. Қабылхан ағам да қояр емес, тықақтай дігірлеп, төсек-орын арасына дейін ақтара і арап, төңкере тінтіп, әбігерге түсті де қалды.
– Қой, бала, сен алдың ғой деймін! Қалдырып кет, қайтесің әурелеп. Өзім сатып әперем ауылға барған соң, – дейді бірдеңені іші сезген ағам енді мені жатып үгіттеп. Мойындау да, мойындамау да ауыр. Ұяла қысылып, өртеніп өліп барамын. "Нем бар еді?" – деймін іштей өзімді-өзім ит етінен жек көріп. – Онда өзің әпер, – деймін сосын ағама қарап, – шанадағы сұлының ішінде".
Нүсекең не деп, не қойғанын мен білмеймін. Әйтеуір сол жерге кірердей болып ешкімге қарамаған қалпымда, мелшие бүрісіп, шанаға барып жайғасқанымды ғана білем... Қызығы, бірақ ол емес еді, ауылға қайтарда Нүсекең: "Ағаға (әкемді солай атайтынбыз) өзіміз айтайық, кейін біреулерден естісе шала бүлініп жүрер!" – деп әлгі ұят істі тағы есіме салғаны.
– Жоқ! – деп шоршып түстім мен.
– Айтпайсың! Ұят болады, ұрсады.
– Қой, – деп жұбатты Нүсекең,– ағам саған ұрыспайтындай етіп өзім ептеп отырып, жайлап жеткізем. Саспа. Бәрі де жақсы болады.
Нүсекең, шынында, тігісін жатқыза келістіріп айтқан болуы керек. Үй-ішіміз болып келесі бір басқосуда әкем:
"Ұрлықтың үлкені, кішісі деген болмайды. Тай ұрлайсың ба, тайлақ ұрлайсың ба, түйе ұрлайсың ба, түйме ұрлайсың ба, бәрінің аты – "ұрлық" деп аталады. Ал ұрлық түбі – қорлық, ол ешқашан абырой әпермейді. Осыны ұдайы есіңнен шығармасаң болды, балам!"– деп бітіріп еді кезектегі сөзін.
"Кітап ұрлау – ұрлыққа жатпайды" деп жататын бүгінгі бірқатар ағайынның сөзін естігенде де менің есіме еріксіз осы оқиға түсе береді. Түсе береді де, әрі-сәрі ойға қалдырады.
Ұрлыққа жатпағаны қалай? Әлде бұл... Бірақ өзінің бір жерден жымқырып кеткен кітабын көрсетіп кей шақта соған мақтанып отырған жазушы ағайындарды да көріп едік. Ол "қылмысын" өздері кітапқұмарлықпен, білуге, білімге деген құштарлықпен жуып-шайғысы келеді. Өзін дүниеде кезігер ұры-қарылық, рухани мерез атаулыдан жоғары тұрған оқыған азамат, зиялы кісі етіп көрсетіп қалуға тырысатынын қайтесің тағы да. Апыр-ау деймін мен, ешкім зорлап зомбыламай-ақ әлгіндей "иттікке" барып алады да, ол қылығын ғылым мен білім құмарлыққа апарып телитіндігі қалай бұлардың?
Медицина тілінде "дальтонизм" деген термин бар. Ол заттың түсін айыра алмайтындарға қатысты айтылады. Міне, бұл да соған ұқсайды, жаман мен жақсыны, әділет пен әбілетті, яғни ақ пен қараны айыра алмай, суық қолдылықты серілік деп бағалап, әлгіндей мінез-құлық жүдеулігіне, ұят пен ар мүгедектігіне ұрынғандар. Енді одан арылудың да, айығудың да дауасы жоқ шығар, сірә, деп қала беремін кейде мен.
Кейін есейгенге дейін сол үйдің өзім қатарлас балаларының бірі кездейсоқ ұшыраса қалса баяғы қылығымды бетіме басып жүре ме деп қатты қысылушы едім. Обалы не бірде біреуі ол туралы ләм деп жақ ашып көрген емес.
Елу жыл! Мен мысалға келтірген оқиғадан кейін де елу жыл өтіп кетіпті. "Елу жылда – ел жаңа" деген сөз бар еді. Бұл – дүние түгел жаңарып, жақсара түседі дегенді мегзесе керек. Ал сол елу жыл ішінде ұрлық-қарлыққа, адалдық арамдыққа деген көзқарас пен ұғым арасы осыншалық кереғар кеткен болса, онда ол елдің жаңармай-ақ қойғаны жөн еді-ау деп ойлайсың еріксіз. Күпірлік болса да қайтейін, шын ойым сол.
Осы тұрғыдан жаңаның бәрі жақсы бола бермейтіні ақиқат дей тұрсақ та, ескіліктің орнын әйтеуір бір жаңаның алмастыратыны да заңды құбылыс екенін ескермей және болмайды. Қайшылықтың өзі де негізінен содан барып өрбісе керек. Қараңғы түннен кейін шапақты таң ататыны сияқты, надандықты – адамдық, топастықты – білімпаздық, өз әзілді жан әділ (немесе керісінше), ауыстырып жатады. Бұл өзі мәңгілік бітпейтін үрдіс. Мұндай салыстыруды әрі қарай жалғастыра берер болсақ, онда ол махаббат пен зұлымдық, қайырым мен қатыгездік, елдесу мен жауласу, достық пен дұшпандық, шындық пен өтірік болып ұзыннан-ұзақ қосақтала шұбырып кете берер еді. Яғни, адамзат тірлігінің өзі ұдайы күрес, әлгіндей алма-кезек алысу, бірін-бірі жеңу, бірін-бірі сыртқа тебуден тұрады екен. Бұл – адамзат дамуының өзімен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан қағида. Ол қайшылықтар болмаса өмір де, мынау жалған да, жарық дүниең де ілгері баса қоймасы хақ. Сөйте тұра адамның жан дүниесінде сол қағида сөл ғана бұзылып, тепе-теңдіктен айырылды дегенше, әлгі қарсылық пен қайшылық арасы мейлінше асқынып, арылмас дертке айналатынын аңғаруға болады.
Ой мен сөз, сөз бен іс бір жерден шықпаған жердегі екі жүзділікке де келе-келе кісінің еті үйреніп кететін болуы керек деп ойлаймын. Шыныңды сарқып айта алмаған соң, оны бүркемелеп, амалын тауып айналып өтуге тырысасың, "өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам" екенін біле тұра ойынды бүгіп, "әрі өтірік, әрі шынды" төңіректеуге мәжбүр боласың. Мұның ақыры көлгірсуге апарып соғады да, өзіңнің де көпе-көрнеу бәтуасыз біреуге айналғаныңды білмей де қаласың ба деймін.
Сөйте келе ұлдан ұят, қыздан қылық қашып, кәрияңда қадір қалмаған заманға қалай ғана тап болғаныңды өзің де сезбейсің. Айналаның бәріне ашық аран, жыра тарт, пәлеқор, жалақор, парақорлар қалай ғана қаптап кеткен деп таңырқайсың.
Лауазымды адамдардың алдына бұйымтаймен онша көп бара қоюға жоқтау бола тұрсам да, баз-базда еріксіз сол билік басындағылардың бірен-саранына күнің түсіп қалады да, амалдың жоқтығынан алдына барасың. Құдай-ау, күле отырып, орындамайтынын өзі де жақсы біле тұрып, жүзіңе жымия қарайтын келгірлердің үйіп-төгіп уәде беріп салатынын қайтерсің! "Ер жігіт екі сөйлемес болар" деп әдеттенген өз басым әлгі жел сөзге иланып, мәз болып, талай кабинеттен қаншама бір мардымсып та қайттым-ау! Бірақ қап-қап құрғақ уәде сол столдың басында қала береді. Қайта барып табалдырық тоздырмайтыныңды жақсы біледі де, қысылып қымтырылмай, ұялып-қызармай, құдай бар-ау дегенді қатеріне де алмай, келесі кезіккенде тағы да өтірік айтып, Алматы көшесінде алақанға қарап бал ашатын сыған қатындарынша жалған жақсылықты басыңа үйе салып тұратын адамға тап келгенде, жерге түкіре түңіліп кеткен кездерім аз болмағанын несіне бүгіп жасырайын.
Ұят жоғалған жерде арамдық, аярлық, арсыздық, айлакерлік атаулы құмырсқадай қаптай өріп шыға келетіні, бірте-бірте бел алып, берік орын тебетіні белгілі. Содан барып "бер" десең – бедірейіп, "ал" десең – жадырайтындар көбейеді. Ар мен ұят олқы соғып, баға-құны азайған сайын көңілдің өзі де кедейлене түседі, ал кедейленген көңіл орнын енді қайтіп ешнәрсемен толтыра да, байыта да алмасың, және белгілі.
Адал да арлы адамның ешқайсысы да ноқтаға басы бірден сыйып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның қағида-шартына сай келе бермейді. Әрекетің де, әлпетің де дұрыс, сөзің де орнықты, өзің де ел үміт күткендей азаматсың. Амал не, соны мойындай тұра, іштей сенімен келісе тұра әлгіндей қоғам үрдісіне икемделіп алғандар ұдайы ғана сені келекеге айналдырып, шөміштен қаға қақпақылдай бастайды. Ешкімнің ала жібін аттамаған, қара қылды қақ жарып өткен деп, өткен заманның әділ қазы, тура билерін көксеп, сондай өрелі тұлғаны аңсап жататыныңыз бар. Бұл баяғы "Тырна көкте, тұзақ жерденің" кері, әйтпесе, сол бәріміз білетін, бүгінде пір тұтып жүрген әйгілі Төле, Әйтеке, Қазыбек билерді әлдебір құдіреттің күшімен бүгінгіге әкеліп, өзіміздің Парламент мәжілісі ме, сенаты ма, біреуінің төріне отырғызып қояйықшы. Діліндегісі тілінде болатын ол үш әулие қазіргі бүргедей өртен келеңсіздікті көріп шыдамай кетіп, ойындағыларын айтып бір берсін делік. Сонда олардың маңайында отырғандар "жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп, арадай талап, осырған сиырдай етіп араларынан аластап шығарына мен кепіл. Өйткені бүгінгі "билер" тура сөйлеп, түгел айтып дағдыланбаған, замана ағымын аңдумен күн кешіп, күн кешіп емес, күн көріп қана келе жатқандар. Олар қайткенде де жауырды жаба тоқып,бет бүркеп, ішкі қыжыл-ызасын бүге жасырып, қате басқанын қастерге, қапы кеткенін қасиетке балап үйренгендер, не солай көрінуге барын салып-ақ бағатындар. Жұрт көзіне құдай дескен игі жақсының бірі болып көрінуге, мінезге бай таза жүрек кісі кейпінде қалуға, тәрбиелі, тәлімді, азамат аталуға барын сала жанталасып жүргендерімен, әр әрекет-қылығын былайғы ел көрмей, білмей отырған жоқ. Оны ойлап бас қатырып та жатпайды.
Ұятсыздық, бетсіздік, тексіздік атаулының қоғамға тигізер залалын ешкім әлі безбенмен өлшеп, шотқа салып есептеп.
– Әдебиет жайлы ойлардан көрген емес. Экономика саласындағы ұятсыздар тарапынан кеткен қатені әйтеуір бір түзетіп, күндердің күнінде аздап та болса орнын толтырудың мүмкіндігі табылар, ал мәдени, рухани салада кеткен қателіктердің орнын толтыру, меніңше, әсте мүмкін емес. Анығырақ айтсақ мәдени жағынан тұралап қалған елдің экономикада да ілгері жылжи қоюы, әй қайдам, екіталай шаруа шығар-ау!
Ар, кісілік, ана сүтіндей тазалық – міне, әр адам өз денсаулығымен қоса алдымен бетке ұстар категориялар да ең алдымен осылар болуы керек, өйткені арсыз, имансыз, тәрбиесіз тәйтік адамды адам деудің өзіне аузың бара қоймайды.
Ұят – аса күрделі философиялық категория, ешқандай бөлшектеуге, бөлуге көнбейтін ұғым. Сондықтан кезкелген адамның бойынан ұят іздеп жату да бос әурешілік пе деп қала беремін. Сөйте тұра айналамыздағы әрбір адамнан "ардан аттама, ұятсыз болма!" – деп талап етуге қақымыз бар. Өйткені арсыздың әр ісі көзге ұра көрініп, жұрт назарын аударып тұрады. Оны сол арсыз адамның өзі ғана байқамауы, не біле тұра, сезе тұра байқағысы келмеуі мүмкін. Абайша айтсақ, "ар ұялар іске апарар" жол-соқпақ та әр түрлі болады. Айталық, былық-шылықтың бәрінен ат шаптырым аулаққа қашатын, қылаусыз тірлік кешуге ұмтылған "жақсы дос", "адал жар", "аяулы әке" атанып жүрген адам үлкен бір лауазымға ие бола қалды делік. Өзгеден оқ бойы болмаса да, оқтау бойы озық түру үшін, өзі басқарып отырған мекемені сырт көзге, жоғары басшыларға тек жақсы тұрғыда көрсету үшін ол енді өзінің бар болмыс-қабілетін, қауқарын тұтасымен тауыса жұмсап, ақылы мен күші жетпеген жерде айлаға да, әр түрлі екі жүзді амалға да көшеді. Онысын бастық ретіндегі парызым, ел алдындағы борышым деп ойлай бастайды. Басшының да бағынар жоғарыдағы өз бастығы бар. "Құл Құдайдан қорықпағанмен қожасынан қорқады" дейтін сөз осындайдан туады да, табан ақы маңдай терін тек қоғам мүддесі үшін жұмсап жүрмін деп санап, ар-ұят есебінен жаңыла бастағанын өзі де сезбейді. Өйткені бәрін де қоғами өлшем-мөлшерден ауытқымай атқарып жүрмін деп ойлап өзі де енді соған әбден сеніп алады. Рахаттың артыңда бейнеті, бақыттың артыңда азабы барын мүлдем естен шығарып, бастапқы тәп-тәуір адамның бойына да "түлкі мінез, қасқыр түйсік" бітіп, бірте-бірте жылым түбіне қарай жылжып кетіп бара жатқанын да байқамайды.
Ол, бәлки, Құдай жолы болмаса, қоғами жолдан әзірге таймаған адам болуы мүмкін, ісінің көбі дұрыс та шығар. Бірақ қайткенде де ар-ұяттың адами заңдылығы бұзылды. Қарыз бен парыз ұят пен арды аяққа таптап, өз дегенін істеп бақты. Адамды ақыры келіп ырқына көндіріп, көп пенденің біріне айналдырды.
Бұл жерде пәлен деп кесіп айтып, дәл анықтама беріп жату да қиын. Оған тіпті бізде бар ақыл аздық еткендей де болып түр. Соған қарамай ұят пен ардың қаншалық айырмашылығы барына ой жүгіртіп көруге болатын сияқты. Ар-ұят қосарлана жүргенімен екеуі екі түрлі ұғым сияқтанады. Ұят – тілде, ар – ділде. Ұят – адам жанының тереңінен шығады. Ұяла білмейтін адам нәпсісін тия да білмейді. Сазара білер, бірақ жегідей жеген ұят әсерімен "тазара" білмес. Жалған ұят болмайды. "Ұялған тек тұрмас" дегендей, адам оқтын-оқтын ар алдына айналып соғып, тазарып отырмаса ұят оны біржола жеп бітіреді. Ұятты ештеңеге айырбастап ала алмайтының да сондықтан. Ардың жөні бөлектеу. "Малым – жанымның садағасы, жаным арымның садағасы" дейтін сөз бар. Ендеше, арды еш нәрсеге айырбастап ала алмайсың. Оның үстіне "арсыз қолым істеді арлы бетім қызарды" деп те жатпай ма ел?
Ар дегенің (нағыз ар) ұятпен бірге жүреді. Ұятсыз адамда ар да болмайды. Жалған намыс, ақиқатсыз ар – шөлдегі сағым сияқты. Жеткізбейді де, сусыныңды қандырмайды да. Бұл жерде адам жаны мен тәнінің тереңіндегі сағымды айтып отырмын.
Сондықтан да ар дегеніңіз ұятпен біте қайнасып тұрса ғана жарасады. Ұят пен арды тек жеке адамдар бойынан ғана іздемей, мемлекеттік билік тұрғысынан да қарауға тиіспіз. Егер сен біреуге жәрдем етсең, жақсылық жасасаң – өзінде барды бер. Мемлекет есебінен, өзің басқарып отырған мекеме есебінен жасалған жақсылық көз бояу, айлакерлік, тіпті, арсыздық, ұятсыздық, делдалдық, сарт-сауданың бір түрі тана болып шығады. Амал нешік, қазір өзге жұрт есебінен Атымтай Жомарт атанғысы келетіндер, атанғысы емес, атанып жүргендер де көптеп кезіге бастады.
Осы арада еріксіз есіме түсіп отыр, біздің Қатипа атты құдағиымыз болып еді. Қара жер хабар бермегір, қолы тараң кісі болатын. Үйіне бара қалған бізді өсіп тұрған алма, жүзіміне жолатпай қорып, қолымызға бір-бір үзім ғана нан ұстатқан бойы шығарып салар еді де, біздің дастарқанда отырғанда бала-шағасына алдындағы тәттіден де, қаттыдан да уыстай үлестіріп: "Мә, жеңдер! Алыңдар!" – деп аса шүленсіп кететіні бар еді. Соны байқап жүретін әкем жарықтық: "Осы Қатипа құдағи біздің үйге келсе болды, бірден алды кең ас та текке айналып кететіні несі?!" деп күліп отырғанын талай естіп едік. Әлгі мемлекеттің немесе өзгенің есебінен "игі жақсы", "жомарт" та, "мәрт" аталып жүрген әкімдер де маған тап сол баяғы біздің Қатипа құдағиымыз сияқтанады да тұратыны бар, әйтеуір.
Сонымен "ар" дегенді, "арлылық" дегенді қалай түсінетін болдық? Әлгінде айтқандай, алдына бара қалсаң ақ жарыла аңқылдап, сен есіктен шығып үлгергенше айтқанынан айнып, "ұят болар-ау, ыңғайсыз болмас па?" деуді білмейтін, қашан болсын көпе-көрнеу көлгірси сөйлейтін, әмсе өтірікке әуес, ар мен ұятты біржолата ысырып қойып, "біз де азаматпыз" десіп айдарынан жел есіп, ел билеп, жұрт шүйлеп жүргендер бар. Қазір кілең бір сондай күліп отырып діңкеңді құртатын, кісіге деген қиянатының өзін күліп отырып жасайтын басшылар көбейіп бара жатқандай. Олар кісіліктен гөрі қызметті, мінезділіктен гөрі мәнсапты ғана бағалап дағдыланған.
Абай жарықтық: "Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе, бір сөзінде тұрса екен – жанса, күйсе!" – деп еді, мемлекет қызметіндегі адамсың ба, жай ғана көлденең көк аттының бірісің бе, әйтеуір "уәде – Құдай сөзі" дегенді ұдайы ескеріп, айтқан сөзге тұра біліп әдеттенгенге не жетсін шіркін!
Ардан гөрі атақты, абыройдан гөрі ақшаны көбірек пір тұтқандар этикалық норма дегенге пысқырып та қарамайтын болып барады. Олар сол әлгі мәнсапты ғана бақ санап, лауазымды ғана мұратқа балап үйренгендер. Амал не, тағы да қайталап айтам, айналасына "сыйлы", ағайынға "сыйымды" болып отырғандар да солар әзірге. Енді сондайларға күні үшін ғана жағынып, тірлігі үшін жалбарынатындарды апарып қосыңыз. Кісілік бейнеден айырылып, басшының алдында қоғаша майысып, доғаша иіліп табақ жалаудан табан жалауға дейін құлдырап, жалыныштыдан жағынышты пендеге айналған күл кеуделерден қандай ғана ар, нендей ұят күтпексің? Олар ар мен ұятты аз күндік атаққа айырбастап жібергендер. Оларды да кейде түсінуге болар. Бірақ ақтауға болмас. Түсінуге болатындығы тағы да сол күнкөріс қамына келіп тіреледі. Орыстың өзім көп оқып құрметтеген, бірақ Белинский, Добролюбов сияқты ауызға жиі іліне бермейтін XIX ғасырдағы әдебиет сыншысы Дмитрий Иванович Писаревтің: "Только сытые люди могут быть свободными гражданами, толпа голодных пойдут за тем человеком, который покажет ей... кусок хлеба!" деген сөзін оқып едім. Қазақтың да: "Ораза, намаз тоқтықта, иман қашар жоқтықта" дейтіні осыдан шыққан. Егер адамның өзінікі өзіне жетіп, қарны тоқ болса, ертең де ешкімге телмірмесіне көзі әбден жетіп отырса, ол енді біреуге құл бола жәутеңдемесі белгілі. Қаншалық өр болып жаралған адамның өзі "Әттең тонның келтесі-айдың" қырсыздығынан еміншекке айналмаса да, амалсыз ар ұялар іске баруға мәжбүр, аяншақ бола ма деп те ойлаймын. "Түсінуге болады" деуім де сондықтан.
Ар да. намыс та айналып келгенде ұяты бар адамға ғана бұйырар қасиет. Ал айнала тірлікке баға беруге келгенде жалқыны жалпыдан, мемлекет мүддесін жеке бас мүддесінен ажырата білмейтін, қажет деген адамымен сол мемлекет есебінен есеп айырып дағдыланған адам бойында сол қарекеттер қала қойды дегенге сенгің де келеді, бірақ илана қою қиын.
Бұл ретте, тағы да Абай айтқандай, егер өмір-билік менің қолымда болса, үлкен-кіші лауазым иелерінің арсыздық демеген күнде де, аярлық, айлакерлік, алдау мен арбаудың, екі жүзділіктің қандай түрімен болса да "ауырып", өз атына азды-кем кір келтіріп, лауазымына дақ түсіріп алған, ар-ұят атаулыдан айырылып, сол арқылы өзіне қараған жұрт сенімінен біржола мақрұм қалған адамды мемлекет қызметінде бір күн де ұстамауға үкім етер едім. "Мен бұған өз басымның пайдасы үшін емес, мемлекет мүддесі үшін барып отырмын"– деп байбалам салар аярларды да қосып, оларды ел басқару ісіне енді қайтып жолатпаудың амалын ойлап табар ем... Амал қанша!.. Ондай билік бұйырмай тұр.
Ұят үнсіз қалып, ар бұғынған жерден жәдігөйлік келіп шығады. Жәдігөйліктің аты – жәдігөйлік, оның да үлкені не кішісі болмайды, денеңе дарыды дегенше ұша жайлап, уытып, уландырып алады.
Таяуда ғана Қазақстан Жазушылар одағындағы кезекті иір шағын жиналыс үстінде жасы үлкен қаламгерлердің бірімен сөзге келісіп қалғаным бар. Ол өзінің 70 баспа табақ көлеміндегі аударма кітабын шығартуға қаржы сұрайды. Мен "Көкетай-ау, мұның көлеміндегі аударманың орнына күнкөруінің өзі қалт-құлт етіп тұрған он автордың кітабын шығармаймыз ба? Аударманы кейін байығанда көре жатармыз!" деймін ғой. Сонда осынау таластың тағдырын шешуге тиісті азаматтардың бірде-біреуі үндемеді. Сыртқа шыққаннан кейін барып кейбіреуі "Әй дұрыс айттың-ау, әділі де сол ғой!" дескен болды.
Мұндайда күйіп кетпей қайтер ең. "Оу, өз сөзімнің дұрыс екенін білмесем – ауыз ашып нем бар менің? Сендерден дұрыс айттым ба, жоқ па деп сұраған кім өзі? Бәрің көзіңмен жер шұқып, телмеңдеп, үн-түнсіз қалдыңдар. Мен ғанамын ғой тағы да жаманатты болған" деймін шыр-пырым шығып. Оным да бекер әурешілік еді, ешбірінің құлағына жете қоймағанына әлі де бәс тіге аламын.
Сонда кімнен қорқып, неден үркектейміз? Шындықты айтуға келгенде күлтектеп, көпе-көрнеу көлгірсуге көшетініміз неліктен осы?
Шындық жүрген жерде үрейге орын болмауға тиіс еді ғой. Өйткені ол екеуінің басы бірікпейтін ұғым емес пе? Қорықсақ, қысылсақ, тек қана өзіміздің былғаныш ниетімізден, өресіз ойымыздан, жетесіз жігерімізден қорқуымыз керек қой. Жора-жолдас, ағайын алдындағы бет-беделімізге дақ түсіруден, ел-жұрт, Отан алдындағы парыздың толық өтелмей жатуынан ғана қорқуымыз керек. Яғни бір ғана нәрседен: өтірік айтудан, "ар ұялар іс қылудан" қорқуымыз керек. Бір кезде:
Ар алдында мен өзімді әрдайым,
дар алдында тұрғандай-ақ сезінем,
– деп жазғаным да сондықтан еді-ау менің де. Ақырын-ақырын жылжи келе енді өзіміздің әдеби ортаға қарай ойыссақ деймін. Елің бар кезде, жерің аман тұрғанда, адам бойында әзірше ар мен ұяттың жұрнағы жүргенде әдебиет жасай берер. Ол ешқандай дау тудырмауға тиісті мәселе сияқты. Бірақ ол өзі енді қандай әдебиет болмақшы, соған келейік.
Кәрікөз қаламгерлер жақсы біледі, бір кезде "мен болдым-ақ" деп жүрген ақындардың өзі де жұқа мұқабалы 4-5 баспа табақтан артық көлемде кітап шығара алған жоқ болатын. Қазір екінің бірінің "көзі тірісінде Мұқағали да пышақ қырындай жұқа кітапты қанағат тұтып еді"– деп шуылдай жазып жататыны да содан. Қазанның құлағын ұстаған (баспа маңындағыларды айтам) бірен-сараны болмаса, мен білетін кезде кепке дейін шағын кітаптарының басын қосып қайта шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейтін еді. Бүгін ше?
Бір кезде, тіпті Абайдан бергі дәуірде десе де болғандай, ақындық дарынын алға сала жүріп, әрі қарай алаңсыз еңбек ету үшін ақша жасайтын едік, бұл күнде енді ақшасына кітап шығарып, аяқ асты "ақын", "жазушы" атанғандардың саны көбейіп барады. Бұлар жайында: "Бұл күнде "анау" да ақын, "мынау" да ақын, жемсауы жыбырлаған жырау да ақын" деп жазғаным да бар болатын. Сексенге дейін бір ауыз сөзі тасқа басылып көрмеген, бірақ "кезінде анау болып еді, мынау болып еді" деп аспанға көтеріп жүрген "тірі классиктер" пайда бола бастады қазір. Олар жоқтан бар жасап, жамап-жасқап, күллі-бадам қоңырсық бірдемелерінің басын құрап, оны алтынмен аптап, күміспен күптеген қалың том "кітап" етіп шығарып-ақ жатыр, "сол кітабына" қазіргі күнгі аузы дуалы дерлік інілерінің не туыстарының біріне "ойпырмай, керемет екенсіз ғой" дегізіп алғысөз жазғызып, "кітабы" шыққасын барша газеттегі таныстары арқылы дуылдата келіп мақтанатындар шықты. Оларға тоқтау да сала алмас халге жеттік. Бірақ сол сырты жылтырақ, іші кеуектей қалтырақ "кітаптардың" өмірі ұзақ болмасын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Солардың "кітабын" көріп. Мұқағалиға тұстастары қиянат көрсетіп, кезінде кітабын да дұрыстап шығармапты дейтін пысықтар шықты. Ол кезде кітаптың жүз еленіп, мың екшеліп барып шытатынын ескермей, қаперіне де алмай, өткен күнмен дауласатындарға не дерсің?!
"Все течет, все меняется", – деген еді көне грек ойшылдарының бірі. Уақыт зымырап өте берді де, заман да, заманмен бірге адам да өзгерді. Көптеген қастерлі ұғым да сол өткен қоғамға ілесе, келмеске кеткен сияқты. Ескіні қимай отырған жоқпын, бірақ бұрын кітап шығару ісіне ғана емес, Жазушылар одағына жаңа мүше алуға да аса биік талап қойылатын еді. Осыдан көп жылдар бұрын Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет істегенім бар. Секретариат мәжілісінің қақ терінде Ғабит Мүсірепов пен Иван Шухов отыратын. Мүшелікке алуға дайындап әкелген әрбір талапкердің не жазып, не қойғаны, дарын деңгейі, талант қауқары, келешектегі мүмкіндігі түгел сарапқа салынатын. Барлығы да ұжым жарғысына сай болуы қатты ескеріліп, қадағаланушы еді. Басқаларды қайдам, мүшелікке өтерде өз басымыздың кәдімгі қылкөпірден өткендей-ақ қара терге түскені әлі күнге есімде қалыпты. Қазір Жазушылар одағының есігі "келемін, келемін де өтемін" дегендерге әрдайым айқара ашық. Сегіздегісі де, сексендегісі де, дәруіші де, дәлдүріші де мүшелікке өтіп жатады. Оқта-текте болып тұратын жазушылар басқосуларына бара қалып, ақсақалы қайсы, қарасақалы қайсы, жазушысы қайсы, жазбайтыны қайсы екенін білмей, кілең бір көкбазардан айдап әкеліп осында тоғыта салған жүргінші, жолаушылар арасына түсіп кеткендей дал ұратының бар. "Керуен кері айналса – ақсақ түйе алға түседінің" – кейпі баяғы.
Бұл сөзіме тағы да дау айтып, кеңірдегі көнектей, көк тамыры білектей болып шыға келіп, өзеурей өкпе білдірер ағайын да табылар. Бірақ, қайтеміз, шыны сол.
Қазіргі жас оқырман Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, одан әріректегі Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұттардың шығармаларымен баяғы бізге ұқсап таныса алмайды. Баспалардан Қасым Аманжолов, Ғали Орманов, Жұбан Молдағалиевтердің орнына бұрынғы коммунистік партия мен Кеңес Одағына "қызметі сіңген", әлі күнге Президиумда маңқиып отыратын "сыпайы да сыйлы" ағалардың кім-көрінгеннің қолынан шыққан "естеліктері", тіпті кейде "көркем туындылары" басылып шығатын болып алған. Бірімен-бірі жарыса "кітап жазып", бірінен-бірі асып түсіп жататын "қарт жазушылар" солай көбеюде. Ал қазақ поэзиясының бір кезгі гүлі де, алысқа жетер үні де болған Ізтай Мәмбетов, Әділбек Абайділданов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мендекеш Сатыбалдиев, Шәміл Мұхамеджанов (тізе берсең санап тауыса алмас ең) сияқты замандастарымызды жұрт бұл күнде әбден-ақ ұмытып болған. Өйткені кітаптары шықпағалы ондаған жылдар болды. Ал осы да кісілік пе? Осы да ардың, осы да ұяты бардың ісі ме? Әй, қайдам!.. Сондықтан ащы да болса арға жүгініп, әр түрлі келеңсіздіктен кеткен қателіктерді мойындауға қарай кілт бетбұрыс жасамай болмайды. Қателікті дер кезі мойындау адамның да, қоғамның да арына дақ болып түспейді, қайта керісінше, қоғамға, сол қоғамды ілгері дамытуға атсалысып жүрмін дейтін азаматқа деген ел сенімін ұлғайта түсері ақиқат. Соны ұмытпайық деймін ғой мен, ағайын!
Әдебиетті қоғамның ары мен намысы, ұяты мен иманы деп жүрміз. Ендеше сол әдебиетті жасайтын қаламгердің мұрат-мақсаты, кісілік қасиеті замана шындығын ашып қана қоймай, төбесінен қылыш төніп тұрса да сол шындықты айту, айтып қана қоймай кеудесімен қорғай білуде деген болар ем мен таты да.
"Шынымды айтсам ба, жоқ біразын бүге тұрсам ба?" деген адамнан "жазғыш" шығар-ау, бірақ жазушы шықпасы бесенеден белгілі. Әдебиетте әжептәуір аты бар, даңқтан да құралақан емес, әр жерде аталы сөз айтқысы келіп, кейде тіпті, "айттым-ау!" деп те жүрген бір азаматымыз теледидардан сөйлесе де, газет-журнал бетінде сұхбаттаса қалса да; әлдене мәселенің шетін шығарып алады да "атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, ыңғайсыз болар", – деп немесе: "қазақылығым ұстап отыр", – деп, өзінің шындықты айта алмас көз жұмбай мәймөңкесін ұлтына апарып жаба салуды дағдыға айналдырып алғанын байқап жүрміз. Сыртынан кейде күліп те қоямыз. "Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң – мәқүрік", бірдеңені қоңырсытпа, қоңырсытқан екенсің, дүние күйіп кетсе де от қойып, кір-қоқыстан тазарта өртеп-ақ жібермейсің бе? –деп алыстан күйінеміз. Ол өзі столға оңаша барып отырғанда: "жазсам ба, жазбасам ба?" демейтін шығар. Ендеше, ел алдына шығып алып "айтсам ба, айтпай қоя тұрсам ба" деп тартыншақтық жасауының не қызығы бар екен? Онан да үндемей үйінде отыра бермей ме, тегі.
Ал әдебиетіміздің нағыз бетке ұстар ойшылдары, үздік тұлғалары айтатын ойын бықсыта бүкпей-ақ, "қазақылығы" ұстамай, жасқанып, жауырды жаба тоқымай-ақ ақтарып салған емес пе еді. Сонысымен де олар ғасырдан-ғасырға жетіп, көнерместен кемескіленбестен әлі күнге дейін ел мүддесіне қызмет атқарып келе жатыр ғой.
Қан тамыры дәйім ғана "ұят, ұят" деп соқпайтын, ақиқатқа ара түсуге ары, дабыл қағуға даусы жетпес әдебиет - әдебиет емес, ет пен терінің арасындағы алдамшы бірдеңе. Әдебиеттегі көлгірсу – көлгірсудің ең бір сорақы түрі. Ол солай, ешқандай алып-қосары жоқ.
Қазір Мұқағали туралы көп жазылатын болды. Біреулер біліп жазады, біреулер әйтеуір осы тұста бір көрініп қалғысы келіп, дүрмекке ілесе өзі білмесе де елден естігенін жазады. Бірі өсіріп, бірі көшіріп, әйтеуір, сайып келгенде "Мұқағали қорлық пен зорлықтың жеті атасын көріпті, кітабын да шығара алмай жүріпті" деген өтірікке бейімделе, оқырманды да соған иландыра бастағандай.
Орыс әдебиетіне қараңыз, Андрей Платонов, Анна Ахмантова, Михаил Булгаков, Михаил Зощенколар жұмақта өмір сүріпті деп естіген қайсыңыз барсыз? Өзіміздің Сұлтанмахмұт, Қ асым Аманжолов, Тобық Жармағамбетов, Төлеген Айбергенов, Жұматай Жақыпбаев, Жүсіп Қыдыров, Жүмекен Нәжімеденов, тағы басқа шынайы талант, елде жоқ дарын иелерінің ішкені алдында, ішпегені артыңда болды деп кім айта алар еді? Тіпті азын-аулақ шаруа тындырдық-ау деп жүрген қазіргі тірілеріміздің басына жұмақ орната салған қоғамды көрген қайсың барсың?
Бірақ әлгі аттары аталған ақиық таланттар лашықта тұрса да өз дарынына лайық шығармалар тудырды. Арына дақ салар іске барған бірде-біреуі жоқ. Шын таланттың иесі қайыршылықпен күн кешсе де қол жайып кісі алдына бармасы хақ. Артына ары таза асыл мұра қалдыратындары да содан еді олардың.
Адам өмірі, адам тағдыры әр түрлі жолмен қалыптасады. Жұмыр басты әр пенде әр түрлі өлшем-мөлшермен ғұмыр кешеді. Бала да заманына тартып туатыны аян. Сол заман пиғылына орай адамның түйсігі мен сезіміңде де әр түрлі өзгерістер болып жатуы ықтимал. Жұрттың бәрі туа сала боз биенің сүтіне шомылып, өмірден етегіне намаз оқып өтуі міндет емес. Рахаттан соң бейнеті, бақыттан соң азабы алмасып, иықтағы жауырынды ұлыңа, қимағаныңды құлыңа қалдырар алмағайып күндердің де тууы мүмкін. Міне сол кезде кісілік бейнеңді жоғалтып, ұяттан аттамасаң болды. Сырттан әсер етер жағдайлар тұрмақ, езіңнің де іштей кейде екіге жарылар кездерің болады. Сонда "жұрт кіналаса кінәласын, әйтеуір Құдай алдында да, адам алдында да арым таза" дерлік дәрежеде қала білсең, даңғазалы да даулы дүниенің қоқсық-бықсығына былғанбасаң болғаны. "Арыңды жасыңнан сақта!"–деп үйрететін орыс мақалы да, міне, содан шықса керек. Мұның бәрін айтып жатқанда мен тіпті де ешкімнің қателесуге, мүлт кетіп, мүдіре басуға қақысы жоқ демек емеспін. Күрмеуі қиын күрделі тірлікте жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болуы мүмкін емес. Бірақ өзінің сүрінгенін елден, жығылғанын жерден көріп, айналаның бәрін "жылы қойын, салқын арқам" деп бөліп, тайғанақ, сусымалы пиғылға қарай ойысып беретін, көрмес түйені де көрмес деп, жақсының бәрінен түңіліп, жұрттың бәрін дұшпан түту, сөйтіп өзінен де, өзгеден де іштей жасқанып, ешкімге сенбей, жан дүние болмысынан ажырап, айналасының бәрінен жау мен дау іздеп тұратын секемшіл, сезікшіл құлмінез пендеге айналғанын да аңғармай қалатыңдар бар. Ол енді арамдықтың түбі реніш, адалдықтың түбі кеніш болатынын бірте-бірте ұмытып, ағайын-жұрттың бәріне өкпелі, бәріне ызалы күйге ауысады. Сол бетінен қайту, қайта үйіріне қосылу да ердің еріне ғана тән қасиет, оған да алыпқа тән мұқалмас жігер, жұқармас жүйке қажет. Өз мінін өзі біліп, қателігін мойындай отырып тазалық, яғни ар-иман жолына түсу адамға да, қоғамға да алтын алқалы абырой болар еді. Менің тілеп отырғаным да сол.
Әрине қоғамды жегі құрттай жайлап алған жалғандық атаулы бірден құрып, жамандық атаулы бірден шіріп біте қояр деген оптимистік ойдан әзірге аулақпыз. Сөйте тұра адамды айуаннан айырып тұрған ар мен ұят дейтін бар еді, солар біржола ізім ғайып жоғалып кетпесе екен, ең құрығанда бүгінгі рухани жүдеулік кезінде көңілге сол да медеу болар еді-ау деп ойлайсың. Ар алдында өзіңді дар алдында тұрғандай сезінетін бір сөзділік, бір лебізділік деген болушы еді. Періште болып жаралмасақ та біразымызға пейіштен күдер үздіре қоймай келе жатқан да сондай асыл ұғымдар еді ғой. Адам бойын әп-сәтте жиғызар, сана атаулыны бір қауызға сыйғызар тірлік заңы бар иманды қоғамға сонда ғана қадам баса алар едік-ау деген ойға ойыса берем өз басым.
"Қазақ әдебиеті",
29 қыркүйек, 2001 жыл
ӨЛЕҢДІ КІМ ҚОРҒАЙДЫ
Қурап бара жатқан қырат бар, құрып бара жатқан бұлақ бар Тартылып бара жатқан көліміз, тарылып бара жатқан жеріміз бар. Жазушыларымыздың біразы бес қаруын бойына асынып, соның бәрін қорғау қамына кіріскен. Мұхтар Шаханов – Аралды, Оралхан Бөкеев – Алтайдағы маралды қорғаса, Хамит, Ғафу ағаларымыз қыза-қыза келгенде хәлі ура мен халтурщиктерді де қорғап кетеді. Жылына қайткенде қазақша бір класс аштырам, деп, Шона Смаханұлы ана тіл, ұлтының сөзін қорғаса, тағы біреулеріміз қардай бораған ғайбат, арыз-шағымнан өзін қорғап жүр. Әйтеуір, қаракетсіз қарап жатқаны жоқ, ел қорғап, жер қорғап, табиғат қорғауға құлшына кіріскен қаламгерлеріміз баршылық.
Сонда елдің-елдігін, кемелдігін, кендігін көрсететін, өсіп-өну мәдениетінің, ілгері дамуының өлшемі – өлеңді кім қорғайды? – деп ойланып қаласың. Қарап отырсақ дәл қазір өлеңнен дәрменсіз, өлеңнен қорғанышсыз мүсәпір жанр әдебиетімізде қалмай бара жатқанға ұқсайды. Көрінгеннің қолжаулығына айналып, панасыз, бағусыз қалып барады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең, –
деп Абай айтқан аталы сөз де бүгін аяқасты болғанын көріп, көбіміз күйініп жүрміз. Өлең-жыр өмірдің өзімен өзектес екенін, өлеңсіз өмір жоғын естен шығарып алдық. Қазақ халқының барша тіршілік-тынысы, ащы тері мен азапты ырысы, қызығының мәні, аққан қаны, салты мен санасы, жас күні де, дәстүрі де өлеңмен өрнектеліп, өлеңмен өріліп, сан ықлым заманнан бері қарай бірге жасасып, біте қайнасып келе жатыр дегенге де ешкімді иландыра алмайтын халге жетіп қалдық.
Апыр-ау, бұ неге? Қаншама жылдар қойнынан, ғасырлар қойнауынан, қатпар-қатпар формациялардың зіл батпан қыртыстары астынан әлі күнге тот баспай, тереңде қалмай, саф алтыңдай таза күйі бізге жеткен інжу-маржан жырларымыз, аңыздарымыз, ғашықтық тебіреніс, батырлық толғау, халықтық қасиет тұнған қара өлең бүгінгі бізге асыл мұра – поэзиямыз арқылы жетпеп пе еді. Сан мың зергер жасаған асыл бұйым, айға тірелген ғимараттар жер үстінен жоғалып, өшіп құруға айналып бара жатқанда, асыл ойлы, асқақ әуенді, таңдайдан дәмі кетпес, көкіректен нәрі кетпес өлең сөздің өлшеусіз үлгілері әлі күнге бүлінбей, өңін беріп ескірмей, тозбай, күні бүгін жазылғандай кәдеге жарап келе жатқанын кім мойындамас. Абай аузынан ақыл болып құйылған, Махамбет аузынан батырлық ұран болып саңқылдап шыққан жырларға парапар келер дүниелер батыс-шығыстың қайсысында шашылып жатыр екен? Өлеңді сондықтан да "сөз патшасы", сондықтан да "сөз сарасы" деп жүрген жоқпыз ба?
Сол өлең бүгін неге сорлы болды? "Шөңге де өлең, шөп те өлең" деп, күлді бадам, көр-жер бірдеңелерінің басып құрап, төрт жолға бөліп жазып, баспаға өлең етіп ұсынатындардың күн-көрісіне айналып, оқырман кәдесіне асудан біржола қалып бара жатқаны қалай? Поэзия дейтін аталы жанрдың, киелі өнердің осылай құлдырауына жауап беретін, обалын мойнына алатын біреу болуы керек қой.
Бас-аяғы бүтін, көркем шығарма деп атауға боларлық бір өлең жаза алмай жүріп, "мен кімнен кеммін?" – деп кеуде қағатындарды, жұрт көкейіне дарыған бес ауыз өлеңі жоқ, бірақ жүзі жанбастан баспадан бес том кітап сұрап шабынды болатындарды көре тұрып неге ымыраға көне береміз?
Бір кезде Абай:
Шортанбай, Дулатпенен, Бұхар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау, –
деп жыр тазалығы жолындағы көкесінің өзіне дейінгі жырауларға да білдіріп еді, не керек, біз сол "бірі жамау, бірі құраудың" астына көміліп бара жатырмыз ба деп қалам. Абай ащы әжуалап отырған әлгі ақын-жыраулардың бізге тамтұңдап жеткен үзік-үзік шығармаларының өзіне аузымыздың суы құрып оқып, қолдан түсірмеуге айналсақ, ол бір жағы Дулат, Бұхар сөздерінің асылдың көзіндей қымбаттысынан да болар, екінші жағынан бүгін сол "бір жамау, бір құрауға" зар болып бара жатуымыздан да шығар деп ойламасқа амалың қалмайды екен.
Өз басым (мақтанғаным емес) айналам, ақ пен қараны ажырата білетін әріптес дос-жарларым пікіріне орай ғана, шынында ақын болармын" – дегенге осы соңғы жылдары ғана ден қойып, көңілімді діктеп, енді-енді ойыса бастадым. Өйткені ақындық дегеннің өзі өлең жазумен де, кітап санымен де, жұрт дақпыртымен де өлшенбейтінін, қанға сіңген, жан-дүние діріліне байланысты аса қасиетті ұғым екенін әріден болса да аңғарушы едім де, жолдастарым әлдекімдерге ақын деп таныстырғанда, не дерге білмей күмілжіп, өзімді ұрлық жасағандай ынғайсыз сезініп, жанарыммен жер шұқып қалатынмын.
Қазіргі жұрт ұялмайтын болып та барады. Өзін-өзі "ақынмын" деп таныстырғанда, күрке тауықтай қоқиланып, қырынан қарап, нығыздана, ыңырана түсетіндерін қайтерсің. Егер ақын ініміз Ұлықбек Есдәулетов айтқандай:
Ұлылық сырын ашатын,
Шетінен түгел ең дана,
Ақынның бәрі – бас ақын,
Екінші – жалғыз мен ғана,
деп, шынайы дарындар өзара талант салыстырып, өнерімен жарысқа түсіп жатса бір сәрі-ақ, жұртқа танылуда өнерін емес, өзін әйгілеуден бастайтын ағайынды көргенде, амалың жоқтықтан: "Қайнайды қаның, ашиды жаның!" – демеске ешбір лажың қалмайды екен.
Көзі қарақты жұрт қазір романның, повестің, әңгіме, новелла, тіпті әдеби сын сияқты жанрлардың ара-жігін ажыратар, жақсы-жаманын айырар халге жеткен. Ал өлеңге келгенде, оқырман да, баспалар, баспасөз басында іс тұтқасын ұстап жүргендердің өздері де күмілжіп, ақ-қарасын анықтауды жазғыштардың өздеріне қарап ысыра салуды дағдыға айналдырып барады. Әлгі "жазғыштар" "өлең" ғана жазып қоймайды, төсектен тұра арыз да, шағым да жаза бастайды. Дедек қағып жоғары жаққа жүгіргештер де солар. Қау-қау қағазды, төрт жолға бөліп орналастырылған өлеңге ұқсас өлексе дүниені көргенде жүрегі айни ма, жүзі шайлыға ма, әйтеуір: "апыр-ау, көп жазып тастапты ғой, шығарсаңдаршы!" деп қолында өмірі бар азаматтар кесікті билік айтып, бұрыштама соғып баспаға қарай тоғыта береді. Үсті-үстіне телефон соғып, айырықша бақылауға алып, артына түсіп бағады.
Өтірік дегеннің көзі шықсын, екі күннің бірінде болып тұрады мұндай.
Осыдан сәл бұрын Жазушылар одағындағы үлкен бір жиында Сағи Жиенбаев өлеңді қорғау тұрғысынан жақсы баяндама жасап, жұрт көңілін бір серпілтіп тастады. Ашынып айтты, біраз жәйтті ашық айтты. Сол Сағидың өзі көп жылдар бойы "Жазушы" баспасының поэзия редакциясын басқарып еді, халтурамен күрессе сонда қайда қалды екен, небір жасық-жаман кітаптар сол жылдарда жарық көріп еді ғой, деп ойлауға болар еді, бірақ жоғарыдан болатын жаңағы қысымды еске алып, оның да жайын түсінгендей болдым.
Өлеңге өгей баладай қарау өз ішімізде де жоқ емес.
Басқасын былай қойғанда, мына бір "дәстүрлі" жәйтке назар аудара кетейінші. Үлкен-кіші жиындарда әдебиет жайында баяндамалар жасалып, орталық, республикалық баспасөз беттерінде мақала, интервьюлер жарияланып жатады. Небір дуалы ауыз шешендер, жұрт басқарып жүрген азаматтар арғы-бергі әдеби үлгілерге, аты мәшһүр қаламгерлер творчествосына шолу жасайды. Сонда поэзия кебіне қара берісте қалтарыс қала беретінін қайтерсің. Проза жанрында қалам тартып жүргендерді буын-буынға бөліп, жіліктеп, жіктеп, жіпке тізіп келеді де, ұяты бар бірі енді есіне түскендей: – "...әдебиетке ақындар да ат салысып жүр, мәселен..." деп өзіне заты емес, аты ғана белгілі бірер ақынның есімін еске түсірумен шектеле береді. Прозаиктердің данасын, баласын, шаласын түгел тізіп кеп, ең бір белсенді, белді ақынға келгенде тілі күрмеліп, тұтығыңқырап тұрып бірдеме деген болады.
Сонда мен ойлаймын: "апыр-ау, бұлар поэзияға қашанғы сол қосалқы шаруашылық тұрғысынан қарай береді? Әдебиеттің қос қанаты болса, бірі – поэзия емес пе еді", - деп.
"Жазушы" баспасында жүріп, аз жылда үш бірдей директормен бірге жұмыс істеуге тура келді. Солардың бірі (жақсы азаматтың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын) кезекті тақырыптық жоспар жасау үстінде: "Мен үшін жоспарға айтулы деген ақыннан гөрі, Амантай Байтанаевты кіргізу әлдеқайда тиімді", – деп қалғаны бар. Байтанаевты кеміткені ме, өлеңді кеміткені ме, кім білсін. Тыңдап отырып, ренжідік, өлеңнің қасиет-киесі жайлы еске салған болдық. Сөзіміз өте қоймады.
Бұл да жоғарыдағы салқын салғырттықтың салдары еді. Поэзия, әйтеуір, екінші кезекте тұруы керек дейтін келеңсіз тұжырымнан туған қисынсыз пікірдің жемісі болуы керек деп түйеміз. Өлеңнің қорғансыздығына бұл да дәлел болып қалар-ау.
"Ақын" аталатын ұғымның нарқы кеміп, поэзия қайраткерлерінің бағасы төмендеп бара жатқан жоқ па осы? Өйткені, қазір Жамбыл да "ақын", жүрдім-бардым өтіп жататын айтыстарда бір көрініп қалатын Жезқазғандық Тазша бала да "ақын", Абай да "ақын", жақын-жанашырларының арқасында теледидардан оқта-текте "әу" деп қалатын Айжарық та "ақын". Шығармасы әлі жүз ғасыр жасайды десек күпірлік болар, әйтеуір, ел есінде ұзақ қалар Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаев та, Манап Көкенов пен Көкен Шәкеев те іркес-тіркес бір мезгілде "халық жазушысы", "халық ақыны" деген атақ алды. Онда да қос Әбекең "халық жазушысы" да, Көкенов пен Көкен – "халық ақыны". Яғни, "жазушы" мен "ақын" ұғымы өлі де тең емес, әйтеуір біреуі кем. Өйткені бұл адамдар творчествосын салыстыру ешбір басқа логикамен сиыса қоймауы анық. Осының да басын ашып, белгілеп алып, бір межеге тоқтар түс жетті.
"Ел іші – өнер кеніші" деп жазып жатады газеттер, дауымыз, таласымыз жоқ. Болсын. Бағалайық. Тек қана әр сөзі алтынға бергісіз профессионалдарды – бір сөзін тасқа басуға келгенде бәріміз қиналып қалатын әуесқойлармен қалайша қатар қоя алмақпыз? Әрқайсысына атақ, орден не үшін беріліп отырғанын ашып айтып, тоғытқан қойдай топтап айдай салуды қоятын уақыт жетті емес пе?
Радиодан әлдекімдер өлең оқып жатты. Өлең деуге келмейтін көк жасық бірдеме, мұнысы тағы қай пысық болды екен деп құлақ түре қалсам, диктор: "Сіздердің тыңдағандарыңыз ақындар Изенбаев Жусанбай, Арпабаев Сұлыбайлардың өлеңдері" (шартты түрде) деп, шімірікпей соғып тұр. Құдайы шыным, жағамды ұстадым. Ондай, "ақындардың" атын естіп, өлеңін оқысам құлағым керең, көзім соқыр болып кетсін!
Халтураға қарсы ұлы қамал болуға лайық маңдайға басқан журналымыз "Жұлдыз" кей-кейде қабырға газетінің өзіне ойлана жариялайтын ортақол, дүмбілез шығармаларға бетін кең ашып қойып, аты-жөні беймәлім біреулерді үзбей насихаттап жатады. Кейде журнал Жұбан Молдағалиевке екі бет берсе, әлгіндейлерге келгенде орапайсыз жомарттық жасап, төрт-бес бетін ұсынып жататынын қайтерсің.
Ақындардың өзіне де обал жоқ. Ру-руға, қайдағы бір жүзге бөлініп бет жыртыса бергенше, рухтас, иықтас таза дарындар жиналып, талантты топ құрап, халтураға қарсы аяусыз ақтық айқасқа шықпас па. Оны қойғанда, алдына келген графоманға: "Әй, шырағым, мынауың көркем шығарма емес қой, әуре болмасаңшы!" дейтұғын, немесе бір пайдасы тиіп, жақсыны арашалап, жаманды жер етер ме деп, пікір айтуға берген халтура қолжазбаға көпе-көрнеу күлгірси, ат та өлмесін, арба да сынбасын деп ат-үсті тиіп-қашты ғана пікір айтатын, жалтаруға, жауаптан қашуға даяр тұратын нелер бір дарынды жігіттердің әрекетіне де ішің ашып, өлердей қорланасың. Бір айтса, осы айтар-ау деп дәмеленген үмітің осылайша жер болғанын көргенде, бәрінен біржола жеріп, айдалаға безіп кеткің келетіні бар екен...
Осындай ортақтаса күресер іске белсене, жең сыбана кірісудің орнына, тәп-тәуір аты шығып, айналаға таныла бастаған, ақын атын алып жүруге әжептәуір қақысы бар біраз жас азаматтар, "өлеңді жақсы жазып, жұртты жарылқап тастадық, енді бізге атқамінер кез жетті, тәуір қызмет керек, лауреат, депутат болатын кезіміз де асып барады" – деп, жер-жерге хат жазып, жеке бас мәселесін күйттеп жүр. Сонда мен ойлаймын: осы жігіттердің біразына жалақысы мол жоғары лауазым берсе, бәлки, өлеңді біржола қойып та кетер ме еді, қайтер еді деп... Әйтпесе:
Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан, –
деген, Абай даналығын еске тұта жүруіміздің артықшылығы болар ма еді?
Ақын деген қашан да қоғам қайраткері, аз мезгілінің ұлы тұлғасы емес пе. Ендеше ең алдымен оның басы дарынына, талант мөлшері, тындырған әдеби еңбегінің үлес салмағына қарай бағаланбаушы ма еді. Мақаламыздың әр тұсында ауызға алып кетіп отырған дара, даңғайыр тұлғаларды халық кезінде алтын тақта, лауазымды орында отырып ірі қызмет атқарғандықтан емес, артына өлмейтін, өлшеусіз ұлы мура қалдырғандықтан бағалаған болуы керек. Ендеше талантсыз болсаң да – тағың, дарынсыз болсаң да – багың болсын дегенді қояр сәттің де жетер күні болмайтын ба еді.
Енді бірер сөзді осы дамыған, толысқан поэзиямызға деген оқырман ықласы, өлең насихаты төңірегіне қарай бұрсақ па деп отырмыз. Бұл өзі қазір ең өзек жарды мәселеге айналып отырғанын жасырып қажеті жоқ.
"Поэзияны ұқпаймыз, өлеңді оқып түсіне қоймадық",– деушілер де кездесіп қалады. Ол рас. Музыкалы слух (әдейі осылай алдым) әр пенденің басына бұйыра бермесе, өлеңге деген құлық та жұмыр басты көрінгенге қона берер қасиет, маңдайына бұйыра берер ырыс емес. Бірақ көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болдым дегендей, ынта қойса, ауырсынбай, азға алданбай, әрірек үңіле түссе – өлеңді ұғуға да, сүюге де болады. Саналы, көзі қарықты адам жоғарғы математика, квантты физиканы да игереді ғой. Кейбір музыкаға құлықсыз адамдар концерт залдарына бара жүріп, кем аралық, классикалық музыканың езіне құнығып, ақыры нағыз жанкүйеріне айналғанын естіп жүрміз емес пе. Поэзия деген де музыка. Мұны тек құлақпен ғана емес, көңіл-жүрекпен, бар діліңмен, тұла бойдағы дірілмен тыңдап білуің керек. Оның байыбына бармаған оқырмандарымыз нағыз бір ойлы ақынның оралымды, орамды, тұңғиық терең өзіне селт етпей мүлгіп отырады да, "Торғай пыр етті, трактор тыр етті" деген қайдан бір арзан жатқан аяқ астылық әумесер өлең сымаққа (өлең деп айтуға аузым барар емес) жатып кеп күліп, жапырлай қол соғып жатады. Амалсыз тағы да Абайға жүгініп:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның
Қылықтарын көргенде! –
дейсің де қоясың, күрсініп. Өлеңді осындай еріккеннің ермегі санайтындар кітабымды оқымай-ақ қойса екен деп те тілейсің.
"Шәкіртсіз ұстаз тұл" дегенді білеміз, соны сәл өзгертіп айтсақ, оқушысы болмаса – ақын тұл екен. Тағам дәмін таңдайымен сезгендей, өлең сөздің нәрін, шырынды балын қанымен,жанымен сезіне білетін оқушы болған жерде ақынның да, поэзияның да багы жанып, жұлдызы жоғарылап жүре берер еді. Ол үшін ең алдымен орта мектептерде әдебиет пәнің оқытуға барынша қатал, барынша жауапты қарап, бұл жұмысқа мемлекеттік тұрғыда мән бере түскеніміз дұрыс бола ма деймін. Ақын дайындай алмасақ та, ойлы да саналы, көкірегі ашық, көңілі жүйрік оқушы дайындау қолдан келетіндігі жайлы қаншама айтылып, қаншама жазылып жүр. Амал не, әлі де нәтижесі ойдағыдай емес. Өрелі, ойы ұшқыр, ояу, түйсігі терең, ұғымпаз, зерделі – бір сөзбен айтқанда шын мәніндегі алдыңғы саптағы, мәдени тәрбиесі жоғары оқушы дайындай алмай келеміз. Күнбе-күнгі өмірден көріп жүрміз ғой, аты алты алашқа мәлім мәдениет қайраткерлері, әншілеріміз, артистеріміздің бірқатары қазіргі қазақ поэзиясы жайлы үстірт біледі. Теледидардан жиі көрініп, аты газет-журналға оқтын-оқтын көрініп жүретін бірен-саран ақындар болмаса, қалған көп белсенді, белді ақындардың атын да естімеген интеллигенция өкілдерімен жүздескенде олар үшін өзің ұялып қаласың. Әдебиетті өмір айнасы десең, сол айнаның ең таза, ең мөлдір тұсы поэзия той, ұлттың поэзиясын танып білмеген азамат қалай ғана ұлт мәдениетінің екілі бола алады деп те таң қалмауға болмайды.
Мен орта мектепті бітіргелі де отыз жылдан асты. Отыз жыл ішінде орта мектептің әдебиет оқулығы көп өзгеріске ұшырамаған көрінеді. Біз де Жамбылдан бастап, Тайыр Жароковқа дейінгі қазақ совет әдебиетінің өкілдерімен үзіп-жұлып танысқан едік, менің мектеп бітіретін балам да солай, сол оқулық төңірегінде ғана әдеби білім алып отыр. Сол отыз жыл ішінде әдебиетке келген, жоғарыда мен атын атаған, атамаған көп таланттар тобы бүгінгі шәкірт назарынан тысқары қалып жатыр.
Отыз жыл бойына өзгеріссіз қалған әдебиет – өлі әдебиет. Ал біздің әдебиетті, біздің поэзияны өзгермей, дамымай, ілгері баспай, жаңарып, жаңғырмай отыр деуге кімнің ғана аузы бара алады? Олай болса, көп сөйлеп, жылдан жылға сағыздай соза бергенше. кесіп-пішіп бір-ақ тындырар қауырт бір қимыл, тоқ етерлі әрекет керек сияқты. Ертеңге қалдырмай, осы бүгін, тап қазір шешілуге тиісті тығыз шаруаның бірі осы деп білемін. Мектеп бітіріп, тірліктің басқа саласында тізгін ұстап кететін азаматтар өз бетімен қайта оралып, поэзиямыздың қазіргі нұсқаларымен түбегейлі таныса қояды-ау деп тағы да сене алмайсың. Мектепте тұшынбаған, өлең дәмін алмаған бала, әй қайдам, ертең ержеткенде де білікті оқырман бола қояр ма екен? Күмәнім көп-ау.
Сонымен, өлеңнің өгей баладай болып, шетқақпай қалып бара жатқанын бірсыпыра дәлелдедік-ау деймін. Мен бір мақала жазып, сонымен іс оңғарыла кетеді, енді бәрі жөніне көшеді деген орынсыз оптимистік ойдан аулақпын. Бірақ, көп болып көтерген жүк жеңіл, дегендей, ары бар, абыройы биік азаматтар үн қосса, қолдаса, бірігіп жүріп, топтала отырып өз жанрымыздың арын арлап, сөзін сөйлесек, ақыры келіп, кімнің кім екенін көзіне айтар, асылды жасықтан айырар күн туып та қалуы мүмкін-ау деген үміт те жоқ емесін және жасыра алмаймын.
Ендігі сөзді әріптес аға, еңселі тұрғыластарымнан, қабырғалы қалың іні таланттардан – ірі таланттардан күтемін.
1989 жыл
БҰЛ КҮНДЕ АНАУ ДА "АҚЫН", МЫНАУ ДА "АҚЫН"
Абай жарықтық өзінің "Жазды күн шілде болғанда" деп басталатын әйгілі өлеңін жазғанға шейін (1886 жыл) өзін-өзі ақын санамай, шығармаларының бәрін үзеңгілес інісі, ара тұра ащы-тұщы ағалық мысқылмен іліп-қағып әзілдей беретін Көкбай Жанатайұлының атынан таратып отырған екен. Ол турасында сол Көкбай ақынның: "Өзі жазған сөзіне ен алғашқы рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Маған: "Сен соғымыңа бір ту бие ал, ал мен енді өлеңімді өзім алайын деді", –деп есіне алатыны бар. Мұны біз сол баяғы Абайдың: "Сорлы Көкбай қор болды-ау осыншадан құр қалып", – деп қалжың айтатын Көкбай ақынның өз естелігінен алып отырмыз.
Абай кім, біз кімбіз? Бір жарым ғасыр бойына қара сөзден дес бермей, өлең сөзде алдына жан салмай келе жатқан дүлдүлдігін айтпағанның өзінде, телегей-теңіз ұлылығымен, ақыл-ой, асқақ шабыт, сыңғырлаған өңкей келісім, бүгінгі тілмен айтқанда, көркемдік шеберлік атаулының бәрін түк қалдырмай тұла бойына түгел сіңіріп алып, бізге сол ұлы дария ернеуінен өзі қалаған мөлшерде ғана там-тұмдап таттырып келе жатқан шет-шегі жоқ ғұламалығымен де дара тұрған Абайдың өзі сөйткенде еріксіз барып "басқамызға не жорық", – деп ұялсақ керек еді.
Бірақ ұялсақ өлеңші боламыз ба! "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлең айтпайтыны жоқ", – деп танауды бір тартып қойып, жоқты-барды тізбелеп, он құрап, жүз жамап, әр жерден үзіп-жұла сөз ұрлап, ой жымқырып, қалтырап дірілдеген бірер шумақ "өлең" жазып алады да, соны не ақысын төлеп, не ара ағайынға жалына-жалбарына жүріп газет-журнал бетінде жариялай сала: "Мен де ақынмын!", – деп жаңа ғана жұмыртқа тапқан тауықтай қыт-қыттап шыға келетіндерді қайтерсіз! Сенің "бетті басып, қатты сасқаныңды" көрсе, одан әрмен қыбы қана құшырланып, өз атын өзі шақырып қана қоймай, айналасындағы әбүйірсіз ағайын, жалпақ шешей жарамсақ жарапазаншылары қошеметтей қол созып, қолтығына су бүркіп, шырылдай, шұрқырай шуылдасып: "Ойпыр-ай, сөзім-ақ қой, шіркін, қайда жүргенсіз осыған шейін, сіздің қасыңызда Жамбылдың езі жіп есе алмай қалуы мүмкін екен-ау!" десіп даурығып бір бергенде, әлгі шіркіннің айдарынан жел есіл, "солай екен-ау өзі!" дегендей, айналасына мүсіркей қарап, тайқы мандайын тыжыртып бітер еді. Олар енді көп болып бас қосатын торқалы той, топырақты өлім үстінде ұялып-қызармай "Ақынбыз ғой, қара сөзге жоқ едім, ойымды өлеңмен білдіретін",– деп маңғаздана мардымсып, біржола бәлденіп бітеді. Өзінше ол да қара сөзден гөрі ұлы Абайдың өзі сөз патшасына балап кие тұтқан қасиетті өлеңді тымақпен ғана ұрып алмақшы. Әйтеуір доңғалағы қиралаңдап, майсыз арбадай шиқылдаған қайыстай қатқыл сөздерді төрт жолға тізіп, ырғақ, буын ұйқас атаулыны белінен баса көктей өтіп, ащы ішектей созылған күлдібадам "дүниесін", "боталы түйедей" бұлдап бітеді.
Осындайда еске түседі, ел аузына енді іліге бастаған жас композитор Бақытжан Байқадамовтың сол кезде атағы жер жарып тұрған Иса Байзақовты ресторанға шақырғаны жөнінде қаламгерлер арасында жүрген бір аңыз бар. Жас жігіттің дастарқан мәзіріне сүйсініп, бірер жүз грамды тастап алған Исекең інісінің атын ұмытып қалып: "Қарағым, сен осы кіммін деп едің! Аты-жөніңді тағы бір айтшы!" – дейді ғой. Өрім жас қысыла-қымтырыла: "Аға, әлгінде ғана Бақытжан Байқадамов деген композитор ініңізбін" – деген жоқпын ба", – деп жауап береді. Сонда Исекең: "Ондай композитор естісем құлағым керең болсын!" – деген екен, бүгінгіше өтірік көлгіресіп жатпастан.
Қазір Байқадамовтар бар болса бар шығар, бірақ бетің бар, жүзің бар демей, керек жерінде кесіп айтар Байзақовтар жетпей жатыр-ау. Соған бір мысал. Өткен жылдардың бірінде осындай бір 60 жасқа дейін біз де "атын естісек құлағымыз керең болғыр" әлдебір танылмай келген "танымал" ақынның екі сағатқа созылған шығармашылық кешін теледидардан көріп, тамашалағанымыз бар еді. Ойбай, несін айтасың, білмесек біз секілді марғаулар, танымаса өлең сөзінің табиғатын түсіне білмес дүмбілез, поэзия дегенді құран сөзіндей қабылдайтын санаулы оқырман, сыншы-сарапшылар ғана танымай келіпті. Әйтпесе бүгінгі таңдағы ең "ойшыл" да, "сом алтын сынығы" да, "ағын судың тұнығы" да сол екен. Жазып-сызған "сазды", "назды" дүниелері жұрт қолынан түспейді екен! Белгілісі бар, белгісізі бар, әуесқойы да, кәсібиі де бар, ортақолдысы, ортанқолдайы бар – қазақта бар композитор біткен соның сөзіне таласа жүріп өн шығарып, небір сахна саңлағына айналған әншілеріміз сол әнді сұрап жүріп, жылап жүріп орындайды екен. Әдебиет пен өнердің нелер бір "мен болдым-ақ" деп жүрген ығайлары мен сығайлары әлгі "ақынның" екі аяғын жерге тигізбей, оның өз "өмірінен" цитата-дәйек келтіре отырып, "әнің" аспандағы аққумен жарыстыра өй да келіп, мақтап бір берсін. "Апыр-ай, осы кезге дейін ай қарап жүргенбіз бе, қалай ғана көрмей-білмей келгенбіз? – Кемеліміз де, кемеңгеріміз де мұнда жүр екен ғой!"–деп таңырқай таңдай қақтым мен. Уай, тәңірім-ай, десеңші!..
Кейінірек сол кеште сөз сөйлеген, кісілік атаулы қасиеттен мақрұм бола қоймаған бірер азаматпен; "Мұның қалай?" деген тұрғыда тілдесіп көргенім бар. Ұялмағандары: "Онда сенің нең бар!" – дегендей кекесінмен үнсіз қала берді де, кейбір бетінің қызылы барлары: "Әй, Сәкен-ай, неге дерің бар ма, қоярда-қоймай жік-жапар болып шақырды, араға ағасын да, жағасын да салды. Бары болса – аузымызға тосты, сөйте отырып, "бір ауыз сөз айтыңыз", – деп қолқалайды, қалай ғана бас тартасың. Өзің болсаң қайтер едің?" – деген болды. Өзін де, мені де жұбатқандағысы. "Сөйтер едім" деп, мен де ештеңе айта алмадым. Біреуді мактай қалсақ, қол-аяғын жерге тигізбей атын аспанға шығарып, пайғамбардан асыра, жамандай қалсақ жерге тыға, жақсылығының бәрін жаба тоқып, жасыра бастайтын болғанымыз қашан. Мақтаудың да мөлшері, даттаудың да өлшемі барын ойдан шығарып аламыз. Періден періште жасау да, періштені пері етіп шығару да оңай.
Қазір ұйқасқанның бәрі емес, тіпті ұйқастырмай-ақ тасқа басып шығарған сөздің бәрін өлең санайтын болып бара жатырмыз. Оған төрелік айтып, тосқауыл болар ағайын және көрінбейді. Осыдан көп бұрын, сол сексенінші жылдардың орта тұсы-ау деймін. "Өлеңді кім қорғайды?" деген мақала жазып, "Қазақ әдебиеті" газетінің айқара бетінде жариялағаным бар еді. Сол тұстағы өлеңнің қашаннан мүшкіл хал-ахуалы, ақындарымыздың (шынайы ақындарды айтамын) кітап шығарудағы азап аралас жан айғайын сөз еткен болатынмын. Бірқатар белгілі азаматтар қолдап, үн қосқан да еді. Сөйтсем, оным астамшылық екен. Бүгінгі таңда сол кезгі жағдайымыздың өзіне жылап көрісетіндей халдеміз. Өлең шіркіннің арасын "бөтен сөзбен былғамауға" шақырып, қаншама айтып та, жазып та жүрміз. Құлағына қыстырып, "шынында да осылай екен-ау" деп жатқан ешкім жоқ. Оған бола қысылып, кері бұрылып жатқан графоман-халтурщик те, олардың бұрқыраған "шөп-шаламын" жарыққа шығаруға тиым салып жатқан баспасөз, баспа орындары және жоқ. Қайта сол халтурщик-дәлдүрішің бүгіндері көпшілік жиналған ордалы да олжалы жерде мадақ мен марапатқа ие болып, талант иелерінің алдына түсіп, ақысын жеп те жүр. Әртүрлі мереке, мерейтойлар құрметіне өткі з іліп жататын мүшәйраларға әлдебір жұлымыр жекжатының жең ұшынан жалғасқан ымы мен шымы арқылы қатысып, сол демеушісінің арқасында жыр бәйгесіне ие болып бір дүрілдесе, олардың қалың-қалың кітабын шығарып, аузы дуалы дерлік ақсақал қарасақал әдебиетшілерге алғысөз жаздырып, газеттер бетінде мақтатып жатқан баспагерлерге де ешкім тиым сала алмай келеді. "Керуен кері бұрылса – ақсақ түйе алға түседінің" бір мысалы да сол, соны көре тұра не істерге амал таппай, дымымыз құри беретіні де сондықтан.
Қазір екінің бірі "ақын". Ақын болғанда да, жәй емес, "аса көрнекті" "белгілі ақын". Облыстарда шығып жататын көп-көп кітаптың аннотациясы мен сол кітапқа жазылған жергілікті газеттегі әр алуан пікірлер мен рецензиялар осылай деп атойлап жатады. Отбасы, ошақ қасына, өзінің бала-шағасына белгілі болса белгілі шығар. Ал әдеби ортада ешкім біліп жарытпаған сол шіркіндердің әлгі марапат-мадақтан кейін: "Міне, мені көрдің бе, вот, солай!" – деп тыраштана, тырсия түскенін көріп "қайнайды қаның, ашиды жаның" демеске тағы амалың жоқ. Поэзия деген анық та қанық бояудан, әсем де көсем сөздерден, ажарлы да базарлы, асыл да ғасыл ойдан түзілетінінен де бейхабар бейшараларды "ақын" деп әспеттеп, аспанға шығара мақтаудан арыла қоярмыз деп үміттенудің өзі бекер әурешілік. Біз сынағанымызбен дәркемі біразымызбен деңгейлес саналатын, әбден болып, толып алған, "ендігісі күл болмаса бұл болсын" дейтін өзге әріптестеріміз олардың аяғын жерге тигізбей мақтап әлек. Содан барып өзің сыйқым, сөзің қиқым бірдеңеге айналасың. "Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы" дейтін Абай қағидасы да айдалада қала береді.
Біз, әрине, Абай емеспіз, сөйте тұрсақ та, әлі күнге дейін ешкіммен ақын едім деп танысып көрген емеспін. Біреу мені солай деп таныстыра бастаса өлердей қысылып бітетінім бар. Ақын болу үшін, ақын атын иемдену үшін бір ғана өлең жазу аздық ететін сияқтанады да тұрады маған. Аты-жөні, лауазымының соңына "ақын" деген қосымша жалғамаса көңілі көншімейтіндерге қарап таңырқап, таңданумен-ақ келемін.
Бірақ, күпірлік болса да айтайын, егер мен өлеңді кие тұта құрметтемесем, қасиет-қадіріне табынып, құдіретке баламасам бар ғой, әлгіндей-әлгіндей "танымал" ақынның таңдамалысы сияқты өлеңнің күніне жүзін жазар едім. Тіпті жазып әуреленіп жатпай-ақ, диктовка жасар едім!
Өлеңге де, өнерге де әркімнің-ақ таласы бар, оған дау да, талас та жоқ, Жаз, жаза бер, көп жаз. Газет, журналға да жарияла, кітап етіп те шығар, бірақ ақынмын деп кеуде кермей қоя тұршы, айналайын. Тым құрыса киесі ұрады-ау деп қорықсаңшы!
Әдебиетті ардың ісі дейтін едік. "Ар алдында мен өзімді әрдайым дар алдында тұрғандай-ақ сезінем" – деп те жазғаным бар еді менің бір кезде. Амал не, бүгін әдебиет ардың емес, малы бардың, дарынның емес, қалтасы қалыңның ісіне айналып барады. Өйткені біз өмір сүріп отырған бүгінгідей қоғамда қаламгер жағдайы мүлдем өзгерген. Ақын, жазушы атаулыға бұрынғыдай талант, дарын иесі, айрықша жаратылған дара тұлға деп қарау, кемел де кемеңгер парасат пайғамбары, ақыл мен ойдың падишасы ("властитель ум") деп қарау жоқ. Сол әлгінде айтқан кеудемсоқ көп халтурщик-дәлдүріш, күніге қырық кітап жазатын графоман қатарында күнін көріп жүрген көп қүлпенденің бірі деген ұғым қалыптасып барады. Қайтейік, оған көп ретте басшымыз бар, бастаушымыз бар, осы біздің өзіміз де кінәліміз. Көре тура көрмеген, біле тура білмеген боламыз. Сен ақын емессің, бар болғаны өлеңшісің деп айтуға аузымыз бармайды. Көңіл жықпас көлгірміз, біріміздің жаман атты болғымыз келмейді. Оқта-текте ақты ақ, қараны қара деп, әр нәрсені өз орнына қойып, әлдебіреуіміз билік айта қалсақ, сырттай ғана сүйсініп, әліптің артын бағып, бейтарап қала беретініміз және бар. Таяқтың бір басы өзіміздің маңдайымызға келіп сарт етіп тигенде болмаса, "сен тимесең мен тимен, бадырақ көз" дегеннен әріге асып, әрекет жасамаймыз. Содан да ғой, "әлгі айтқан етікшілер мен ұялмастар" жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап өріп шыға беретіні.
Ақын деген аруақты сөздің астарына үңіліп, байыбына барудан бұл күнде халық болып қалып бара жатқандаймыз. Елдігің мен ерлігің, кемелдігін мен кендігің, желігің мен сенімің түгел сыйып тұратын осы ұғымның аяқ асты болып бара жатқаны, Абайды да ақын деп, Мағжан, Қасым, Жүмекең, Мұқағали, бүгінгі Тұманбай, Қадыр, Фаризаларды да ақын деп, біз жоғарыда тілге тиек еткен, өлеңнің аяғы әр жерден бір тиіп, бірақ қалың-қалың кітап шығарғыштарды да "ақын" дейтініміз жанға батады-ақ. Ойлансақ – осы жайлы ойланайық та, ағайын. Әдебиет бақшасын арамшөптерден қалай еткенде арылтып, қалай еткенде тазарта аламыз, көп солып осы төңіректе де пікірлесіп алудың артығы болмас еді-ау деп ойлаймын.
"Қазақ әдебиеті",
Қазан, 2005 жыл
ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ
немесе бүгінгі өлең-жырдың хал-ахуалы хақында
Жасыратыны жоқ, ара-тұра болса да " бізде әдебиет сыншысы, әсіресе оның кірпияз да нәзік, күрделі де қатпарлы жанры поэзияның, өзімізше айтқанда, өміршең де өрелі өлең сөздің барша толық ұңғыл-шұңғылын жетік білетін, сыртын көріп қана қызықтамай, ішіне ене-үңіле зерттеп, ақау кеткен, артық-кем түскен тұсын сынықшыдай дәл басып айта алатын сыншы жоқ "деген пікірді де естіп қалып жүреміз. Аузымызды осылай ұдайы ғана қу шөппен сүрте берудің өзі де ыңғайсыз, ыңғайсыз да болса "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды-ау", осының да астарында әлденелер жатыр-ау дегенге ой жүгіртіп көрсек теріс болмайтын сыңайы бар. Сын деген де көбіне біткен іске, бітімі бөлек іске айтылмайтын ба? "Сабасына қарай – піспегі" деген де сөз бар, сын жоқ немесе аз болып отырса, ол бүгінгі өлеңдеріміздің сапасыздығынан, поэзиямыздың деңгейі барынша төмендеп кетуінен де емес пе екен? Өлең деп аталатын інжу-маржан орнына бүгіндері бала жұбатуға да жарамсыз сылдырмақ пен жылтырақты ғана алға тартып жүрген жоқпыз ба өзі? "Өлең сөздің патшасы" еді, бүгін кім көрінген қалаған жағына жүгірте жұмсайтын малай балаға айналып бара жатқан жоқ па екен?
Міне, осы тұрғыда біраз ойланып алғанымыз артық болмайтындай көрінеді де тұрады.
Бертін келе байқағанымыз, көбіне-көп әр нәрсені өз орнына қойып, байсалды байыппен ақиқатын айтар шынайы сынның орнына, әйтеуір біреуді мінеуді мақсат тұта мақала жазатындар белең алып бара жатқандай көрінеді. Онда да таяқтың қай жақ басын басқаным дұрыс болар еді деп, әдебиет тағдырынан гөрі жеке бас қамын көбірек күйттеген сақтықпен ғана, екі шоқып, бір қарау басым. Мұның өзі де сонау бір жылдарғы әдеби жиындардағы баяндамаларда болсын, жекелеген шолу мақалаларда болсын, өлең шаруашылығында көзге түскен кем-кетік жайында сөз еткісі келетіндер ең алдымен өзіне пәлендей зияны тие қоймайтын алыс аудан, облыстарда тұратын авторлар шығармасын нысанаға алып, тілге тиек ететіні сияқты, ішкі бір бақай есептен әріге ұзамай жатады. Ол кезде, әсіресе, газет-журнал редакцияларын басқаратындардың, баспалар маңындағы алпауыт-азулылардың көкжасық шығармалары жайлы ауызға алу Пайғамбар сөзіне күмән келтіріп, тіл тигізгенмен бірдей есептеліп, әлгі пікірді айтқан адамға ол нақ бір күнәға батып, күпірлік жасағандай күдікті көзбен қарай бастайтынбыз. Жазушылар одағын басқарып отырған адамдар тіпті сыннан тыс еді, олар жайлы, олардың шығармалары жайында күмәнданудың өзі күнәға саналатын.
Соның салқыны әлі де бар. "Пәледен машайық, айтса басқалар айтсын, аш құлақтан-тыныш құлақ"– деп, көбіне әліптің артын бағуға тырысамыз. Осыдан бірер жыл бұрын бүгінгі поэзия көшінің басында жүрген Қадыр Мырза Әли, Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Ұлықбек Есдәулеттер еңбегін күстаналаған мақалалар үздік-создық жарық көре бастады. Әрине, шынайы жанашырлықпен сынаса, жылатып айтар достық пиғыл болса, ондай сынды бәріміз де құптар едік. Өйткені үріккен жылқының арт жағынан қиқу сала қумай, алдына шығып қайыратын, сол сияқты ұлттық поэзиямыздың температурасы төмендеп бара жатуының барша себеп-салдарын төменнен емес – төбеден, іркес-тіркес келіп, әдебиет озықтарына берілетін мемлекеттік сыйлық алып жатқан айтулы ақындар шығармалары арқылы іздеп, болашаққа солардың үні мен мұңы, жетістігі мен жетімсіздігі арқылы болжам жасаса болар еді-ау деп те дәметіп қалғанбыз. Бірақ ол мақалалардың түпкі мақсаты мүлдем бөлек болып шықты. Шығармаларындағы кедір-бұдыр келеңсіздікті көзге шұқи айтудың, сол арқылы ортақ мүддеге орай ой-пікір түйіндеудің орнына тырнақ астынан мін тере шала бүліну, шапқа түрту, келеңсіз кекетіп, орынсыз мұқату басым болды. Сынымыз, гол баяғыдан айтылып келе жатқандай, шын болудың орнына қанжар жасырған қып болып шыққаны ұнамады. Дәл айтып, дәлелмен сөйлеудің орнына әдеттен озып, шеңберден шығып кету басымырақ болды.
Ойланбай сөйлеу, көздемей ату қай-қайсымызға болсын абырой әпермейді. Өлең егістігін жаппай басып бара жатқан күрмекпен күресеміз деп жүріп, соның ара-арасындағы аздаған күрішімізді төгіп-шашып, ысырап етіп алуымыз әбден мүмкін. Бұдан көп жылдар бұрын өлең-жырдың асқақ білгірі, даңғайыр ақынымыз Әбділда Тәжібаев "Қас бітіреміз деп көз шығарып алмайық" деген аса бір ойлы мақала жазып, әдеби ортаны дүр сілкіндіріп алғаны бар еді. "Батыл сынайық, бірақ біліп барып, байқап сынайық" – дегенді меңзеп еді ол кісі. Бәрімізді де теріс жол, бұрыс тенденциядан, қысқасы солақай сыннан сақтандырған болатын. Ол мақаланы біреу білер, біреу білмес, қазіргі жастар жағы оқыса да, ойға сап сараптамауы да мүмкін. Сондықтан классиктерімізді оқтын-оқтын үлкен-кішінің есіне салып, қайталай оқытып, өзіміз де оқып тұрудың зияны жоғын да жолшыбай еске сала кеткім келеді.
Бұларды айтқанда, мен тіпті де Қадыр, Нұрлан, Ұлықбектерге ара түсіп, қорғап алайын деп отырған жоқпын. Олар менің қорғауыма зәру де бола қоймас. Тек қана жасымыз да, жасамысымыз да арын арлап, сөзін сөйлеп жүрген әдебиет алдында ең алдымен өзіміз адал болуға тырысайық та дегенді айтпақ едім. "Ондай-ондай хан қызында да болады"– демей ме халық, "Әй, ыңғайға келіп түр екен, осыны да бір сілкіп көрейінші" деген іші тар ниетпен солақай сынға ерік беріп, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" қарай шоқпар сілтей бастасақ, онда бар ғой, құдай біледі деп айтайын, бірер мақалаға өзек боларлық мінді Абайдан да теріп алуға әбден болар еді. "Жақсылығың күнде ұмыт, сәл жаңылсаң болды кек", – деп сол жарықтық Абай атамыздың өзі айтқандай, қымс етсе қырғи қабақ болуға даяр тұратын қазақы пиғылмен кезкелген адам өзі қалаған қолайлы кезеңіне орай ұялып-қызармастан, қысылып-қымтырылмастан кез келгеніміздің шаңымызды аспанға шығара бір сілкіп алуы оп-оңай. Ондайлардың қолын қағу да, бетін қайтару да бұл күнде мүмкін болмай бара жатыр. Оның да несін жасырайық.
Оған мысал ретінде мына бір жәйтті тілге тиек ете кетсем, ешкім мені сөге де қоймас. Сөгіп жатса, оған да амал жоқ, ауызға келген сөзді айтпай және тура алмайды екенбіз. Осыдан бірер жыл бұрын өзі де, сөзі де маған көптен таныс, жұрт көзінде ұдайы білімділігі, пайым-парасатымен жақсы аталып жүрген ғалым математик ініміз Асқар Жұмаділдаевтың: "Жазған соң (өлеңді айтады) Қадыр, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиевше жазу керек, әйтпесе жазып қажеті жоқ" деген пікірін оқығаным бар еді. Егер қалам ұстап жүрген қазақ ақындарының бәрі бірдей тек қана әлгі аттары аталған үш қана шайыр сияқты етіп жазып кетсе, құдай-ау, не болар еді? Өлеңнің соры сонда қайнамай ма. Баяғы Владимир Маяковскийше айтсақ, "жақсы да әрқилы ақындардың көп болғаны" дұрыс емес пе. Мен, әрине, Асқарды көлденеңнен киліккен көк атты қаймана қазақтың бірі санағым келмейді, бірақ поэзияға төрелік айту үшін де оның барша қыр-сырына қанық болу керек емес ие еді. Тиіп-қашып болса да математиканы біз де оқыған едік. Киселевтың алгебрасындағы біраз есепті мектепте мен де шығарғанмын. А2 + В2 = дегенді әлі де ұмытқаным жоқ. Бірақ сол білімім Асқар сияқты математиканың жілігін шағып, майын алып жүрген ғалымдар еңбегіне баға беруге жарамас еді де, оған менің батылым да жетпес еді. Ал өлеңге келгенде олар қысылып қымтырылмастан кесіп айтып, үлкен-кішімізге жөн-жосық көрсетіп жатады. Оның үстіне сол ғұлама Асқардың өзі: "Абайды әлі күнге түсінбеймін" – деп те мойындап қалады. Сөйте тұра өлеңді қалай жазу қажеттілігін айтып, ақыл үйретуден тайсалмайды. Бұл жерде, көңілге келсе де айтайын, баяғы Крыловшылап: "мұндай да мұндай сыншыдан құдайым бізді сақтасын" – демеске тіпті де амалымыз қалмай отырғанын айта кетуге тиістіміз.
Басқаның ісіне сын айту үшін, өзгенің бағасын беру үшін өзіміз сол сала бойынша одан гөрі (ой мен бой, білім мен біліктілік, кісілік, шеберлік, талант, дарын) сәл де болса жоғары тұрсақ болар еді. Ақылды сонда ғана айтсақ ләзім. Әйтпесе, "жығылып жатып сүрінгенге күледінің" кері болып жүрмесіне кім кепіл. Бір кезде Қасым Аманжолов та Тәкен Әлімқұловқа: "Өз сыныңды өзіңе айтар бір шығармаң басылса екен", – деген еді. Қарсы дау туғызушылар табылып жатқан жағдайда өз сыныңды өзіңе айта алмастай жағын қарастырып, дәлдікпен, дәйекпен, дәлелді сөйлеген жөн. Жазушы мен оқушы арасына ұдайы дәнекер болуға тиіс дейтін сыншылдарымызға қарата айтып жатқан сөзім бұл. Әйтпесе, бұрынғыдай "Кім не жазыпты?" – деп емес, Кімді кім сынапты, кімді кім қатырыпты?" – дегендей сыбыр арасынан күбір теріп кеткен оқырман көбейіп барады. Соған өзіміз мұрындық боламыз да, сол оқырманды і ағы да кінәлай түсіп жатамыз.
Өлеңнің құны кеміп, сыры кетіп барады. Газеттер мен журналдар бетіне қараңызшы, будақ-будақ, шумақ-шумақ өлең. Арзан сөзден аяқ алып жүре алмайсың. Саңырауқұлақтай қаптап "журналист – ақын", "футболист – ақын", "заңгер – ақын", "балгер – ақын", "зейнеткер – ақын", "бейнеткер – ақын" дегендер шықты. Кимелеп тіпті жол берер түрі жоқ. Қазір оларға сөз айту, "Әй, мынауың өлең ауылынан алыс жатыр ғой"– деп уәж айтудың өзі бекер әурешілік. Құлағына қыстырып жатқан ешкім жоқ. Газет-журнал редакциялары да оларда өз есіктерін айқара ашып қойған. Ендеше өлеңнің құны түспей, асыл сөздің қадірі кетпей қайтсін! Жылтырағанның бәрі алтын болмай да не қылсын!..
Өлеңнің құны түсіп кеткенін ақындардың (мен шынайы жазба ақындардың талантты шоғыры туралы айтып отырмын) қазіргі хал-күйі, тұрмыс-тіршілік, күнкөріс қамынан да айқын аңғара алар едік. Кешегі "кері кеткен кер заман" деп, бәріміз жерден алып, жерге салып жүрген Кеңестік кезеңде ақындар да басқа барлық қаламгерлер сияқты жазып-сызған еңбегіне қарай лайықты өтемақы алатын. Ел алдына түсіп, алтын сарайда тұрмағанымен әрбір жұқалтаң кітабы жарық көргеннен кейін бірер жыл болса да алаңсыз отырып жұмыс істеуіне жетерлік мөлшердегі тиын-тебені қолына тиер еді. Жасына қарай, дарыны, дәреже-дәркеміне қарай кімнің қанша алатыны да күні бұрын белгілі болып тұратын. Үкімет белгілеген белгілі бір мөлшердегі ставка деген бар еді. Алғашқы кітабынан ақырғы кітабына дейінгі өсу жолында ақынға елеңнің әрбір жолы үшін 70 тиыннан 3-4 сомға дейін қаламақы төленетін. Егер тиражы көбейген жағдайда бұл сома екі-үш есеге көтеріле түсетін. Енді соны қазіргімен салыстырып көріңізші, не болып шығар.екен. Ол кезде прозалық кітаптың машинкаға басылған 23-24 беті бір баспатабақ, өлеңнің бір баспатабағы 700 жол болып келетін. Қаламақы да соған сай төленетін. Бүгінгімен салыстыруға да келмейді, айтуға ауыз ұялады.
Бұл жайлы (қаламақы мәселесін айтамын) Роза Мұқанова, Марал Ысқақбай, Құрал Тоқмырзиндер әр кезде ашына жазған да болатын. Басқалар да жазып жатыр. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға төленетін қаламақы мөлшері дәл қазір кісінің күлкісін келтірерлік дәрежеде. Аты бар да, заты жоқ. Жуырда белгілі жазушымыз, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сарсенбаев: "Мәселен, мен қалың кітабыма үш жүз мың теңге қаламақы алдым. Бәлкім, күлкілі естілер. Бірақ шыны солай" – дегенді айтыпты. Оразбектің өзі баспа басында отыр, соған орай 300 мың теңге алған ғой, әйтпесе, қазір баспа иелері келісіп алғандай (келісіп алуы да әбден мүмкін) жазушы еңбегін барынша қанап, сол үкімет берген азын-аулақ тиын-тебенді де жұлмалап, жырымдап жүріп, өз қалталарын ғана қалыңдатуды ойлайды, қақшып алып, қалам ұстар әріптесін қан қақсатып жатқандары. Сәл реніш білдірсең: "Осыған да рахмет демейсің бе, мұны да бермесек қайтер едің?" – деп қыр көрсетіп, күлкіге айналдырады. Өзіңді мазақ етеді. Қорлайды. Күресуге дәрмен тағы жоқ. Бірқатар баспа басында да ақындар мен жазушылар отыр, бірақ "өзі болған қыз төркінін танымайдының" кері, оның үстіне "тоқ бала аш болам деп ойламайды" емес пе. Ал әлгі ставка дегенге қайыра соғар болсақ, қазір сол мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға үзіп-жұлып ақы төлейді, бірақ бұрынғыдай өлең деп, қара сөз деп, әрқайсысын өз деңгейінде лайықты бағалау жоқ, екеуінің ара жігін ажыратып жатпастан "всем сестрам по серьгам" дегендей, баспа табағына орай төленетін болған. Бұл жердегі әділетсіздік неде дегенге келетін болсақ, қара сөз жазатын жазушылар ойында әбден пісіп-жетілген 20-25 баспа табақ роман-хикаяттарын бері салғанда бес-алты ай, әрі кетсе бір жыл ішінде жазып тастайды. Ал сондай көлемде өлең кітабын жазып шығу үшін ең талантты деген ақындардың өздеріне кем дегенде табаны күректей он жыл керек болар еді. Өз басымыз бірер жыл бұрын "Елорда" баспасынан жарық көрген "Өткірдің жүзі" аталатын кітабымызды (көлемі 15 баспа табақ) соңғы 12 жыл ішінде қағаз бетіне түскен шығармаларымыздан іріктеп құрастырған болатынбыз. Сол кітапқа алған қаламақымның мөлшері бар болғаны 1000 АҚШ долларына жетер-жетпес болымсыз ғана бірдеме.
Қазір "Аударма" аталатын баспа бар көрінеді. Оны ашқандар да өз есебін әріден ойлаған болулары керек, әйтеуір көркем аударманың әрбір баспа табағына 35-40 мың теңгеден қаламақы төленетінін білеміз. Қазақтың өз тілінде жазылған шығармаларға, мейлі ол өлең бе, проза ма, бәрібір 5-6 мың теңгеден әрең төлеп жатқанда, бұл неткен мырзалық? Бұл неткен келеңсіздік?
Аудармаға аз төленсін деп отырған жоқпыз. Бірақ ең алдымен төл тума шығармалар назарға алынса керек еді, өйткені аударма деген, әйтеуір, дайын дүниені бір тілден екінші тілге қотару ғана ғой.
Күнкөріс қамын күйттеп кеткен адамға қамсыз отырып, алаңсыз ғана шығармашылықпен айналысу қайда? Ондай жағдай бұл күнде мүлдем мүмкін емес. "Есектің артын жусаң да мал тап" – деген Абай өсиетін басшылыққа алып, өлмес қамыңды жасаудан әріге бара алмайсың.
Осылардың бәрін ойлай келе, "Жазушылықтан қайыршылыққа шейін" деген мақала жазып едім, жасыратыны жоқ, жариялауға жасқандым. Бәрібір ешкімді иландыра алмаспын деп те ойладым. Сөйттім де, арығанымды ағайынға білдірмей, сыртқа жүнімді қампайтып қойып жүріп жатқан жайым бар...
Ендеше, бір-бірімізді шапқа түртіп "ойнай" бергенше көп болып осынау зар-үнімізді үкімет құлағына сіңіру жағын неге ғана қолға алмаймыз. Алдымен өзіміз кіріптар болып отырған мәдениет, ақпарат және туризм жөніндегі министрлікке, одан қайыр болмаса ел басымыз – Президентімізге дейін жүгініп көрсек қайтер еді? "Елдің күші – селдің күші" деген бар, жалғыз қаздың үні шықпайды, көп болып дауыс көтере үн қатсақ солардың бірі болмаса бірінің құлағына жетіп қалар еді, бірі болмаса бірі мұншалық қуатты қауымның жан айқайына құлақ асып та қалар еді ғой деп те ойлаймын мен.
Әрине, ол үшін жалғыз-жарым жүріп байбалам салмай, қазіргі қалам ұстар қалың елге басшылық жасап отырған жазушылар одағы тұтаса тұрып, тегеурінді қимылға барғаны оң болар еді. Сонда бұл қауымдастықтың беделі де, бедері де басқаша реңге ие болар еді. Өйткені ұлт сөзін ұстап жүрген зиялылар қауымының басын қосып отырған салмақты да салиқалы, ордалы да қордалы үлкен ұйым екендігімізді айнала жұртқа ұдайы сездіріп отырмасақ, жеке-жеке жүріп емес, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін біртұтас ел екенімізді білдіріп отырмасақ, бізді ешкім де мойындап, ешкім де санаса қояйын демейтін болады. Көп болып күш біріктіргенде ғана еңбегімізді ешкімге жегізбей, көрінгенге қолжаулық бола жалтақтамай күн кеше алмақпыз. Жақсы шығарма, саналы ой сонда туады. Бұл жайлы орыстың тағы бір ойшылы Д.И.Писаревтің: "Только сытые люди могут быть свободными гражданами, толпа голодных ... пойдут за тем человеком, который покажет ей ... кусок хлеба" – деп баяғыда жазғаны бартұғын. Егер біздің бәрімізді сол айтқандай ашынған аш тобырға немесе айналасына жалғандай қараған жағымпаздарға айналдырғысы келмесе, үкіметтің осы бір қаламақы саясатына да айрықша көңіл бөліп, кезінде әлдекімнің кінәсінен кеткен келеңсіздікті шұғыл түрде қайта қалпына келтіргені жөн болар еді. Іргеміздегі Ресей елі бұл мәселені түбірімен қайта қарап, оң жолға қадам басқалы қашан. Оларда тіпті Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай сомасын отыз бес есеге көбейткенін де ақпарат құралдарынан оқып білдік. Бізде болса, әлі де сол біреулер жылап жүріп, біреулер сұрап жүріп алатын мемлекеттік сыйлықтың өзі де, оның азын-аулақ ақшасы да әдебиет өкілдері арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімеге өзек болып келе жатқаны жасырын сыр емес. Ел ішінің жағдайы барлық жағынан қалпына келіп, үдере ілгерілеп, экономикалық тұрғыдан өркендей бастаған қазіргі кезеңде әдебиетке өгей баладай қарай берудің реті енді жоқ шығар деп те ойлаймыз. Ақын сөзі қашанғы жерде қала беруге тиіс?
"Қазақ әдебиеті", 2006 жыл
ГАЗЕТ ТІЛШІСІМЕН СҰХБАТ
Өлең сөздің ел мойындап, жұрт таныған шеберлерінің бірі Сәкен Иманасовтың әдеби жолы сонау өткен ғасырдың 60-жылдардан бастау алады. Әдебиет табалдырығын өзінен сәл бұрын, не өзімен бірге аттаған үлкен бір шоқтығын биіктете беру мақсатындағы ақындық миссиясын адал атқарып келе жатқандардың да бірегейі деп білеміз. Қырық жылға жуық бұл сапардың жолы әрдайым тақтайдай тегіс болған жоқ, әйтсе де әу деп ауызға іліккеннен бері көш басындағылармен құйрық тістесе жүру үшін де айырықша дарын иесі болу керек-ау деп білеміз.
– Құрметті Сәкен аға, жоғарыдағы бір пікір Сізге де, әдебиетке сізбен қатар келген замандастарыңызға да берілер ортақ баға сияқты. Әдебиет есігін қағып кіргеннен бастап, біржола тұрақтап қала беріпсіздер. Содан бері қаншама су ақты, зымыран жылдар өтті, өмір де, қоғам да, қоғаммен бірге адам да өзгерді. Сол көзбен бүгінгіні салыстыра қарағанда, қандай ұқсастық, қандай кереғарлық аңғарар едіңіз?
– Елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында, үйір-үйір болып үймелесе, бір-бірімізбен кимелесе бір топ болып тұтаса келіп едік шынында. Алдымыздағы Сағи, Тұманбай, Қадыр, Әділбек, Еркештерге Еркін Ібітанов, Өтежан Нұрғалиев, Қастек Баянбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Сабырхан Асан, Жүсіп Қыдыров, Есенбай Дүйсенбаев, Мағираш Сариковалар бөріміз оқуға да іркес-тіркес бір мезгілде түстік-ау деймін. Бұл кезде ақын ретінде Жүмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергеновтер де әжептәуір танылып қалған еді. Ал әдебиетке орамды тіл, ойлы жылдарымен келіп қосылып, өз мұратын прозадан тапқан Қабдеш Жұмаділов, Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Дүкенбай Досжановтардың алғашқы бір жапырақ, жарым жапырақ шағын өлең кітаптары да ел құларын елеңдете, қалам қалыптасуын жеделдете келген болатын. Бірақ газеттер мен журналдар бізді жиі жариялап, шолжаң етіп өсірмеді. Газетке бір өлең, екі өлеңіміз шыға қалса, төбеміз көкке жетіп, "Қазақ әдебиеті", "Жұлдыздың" бетінде көрінгеніміз Мемлекеттік сыйлық алғандай желпініп, жетісіп қалатынбыз.
Қазіргі жағдай басқаша ма деп қалам. Қазір өлең көп-ақ жарияланып жатады. Қалың-қалың кітаптар да көп шығады. Құлаш-құлаш өлеңдері жарияланып жататын"ақындардың" кім екенін сұрасаң, құдай біледі, редакциядағылардың өздері де дәл басып айта алмай, дағдарып қалады. Осыдан сәл бұрын: "Бұл күнде анау да ақын, мынауда ақын, жемсауы жыбырлаған жырау да ақын" деп жазғаным бар еді. Теледидардан сағаттап сөйлеп, әжептәуір лауазымды ағалары аспандата мақтап жататын, журналдың тең жарымына жуығына жасық өлеңін жарнамалап жататын "өлеңшілерді: көріп, күйзелетін кездерім аз болмайды. "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз айтпайтыны жоқ" дегендей сол шаң-тозаңның ішінен саф асылын көру әсте мүмкін емес. Кейінгі кездерде жұрт аузына ілігерлік жақсы жас ақын болмай кету де содан. Ұйқасқан пиғыл сөз көп те, шынайы шыны өлең аз, жазғыш көп те, ақын жоқ. Соңғы түйініне жетіп болмайтын көш-құлаш ұзақ өлеңді аяғына дейін оқып шығудың өзі мүмкін емес. Сол өлеңдердің 10-15 шумақтан тұратын кез-келген жерінен кез келген 5-10 шумағын кесіп алып тастасаң да түк өзгермейді. Осы сендердің газеттеріңде де өткендегі бір сандарында он шақты "ақындардың" ішкі қос бетті алып жатқан "өлеңдері" басылды. Соларда жыл еткен жалғыз жол болса мұрнымды кесіп берейін. Бұған қоса, бүгін айтылып, ертең ұмытылып жататын айтыскерлердің сөздерін (өлең десең – илеуге обал) көш құлаш етіп қоса жариялап жатасыздар. Солардың ішінен таланттысы қайсы, жолбикесі қайсы, мықты болсаң айырып көр.
Әдеби шаруашылықты қалт жібермей қадағалап отыратындар үшін, қан-сөлін аямай әдебиетті жасап келе жатқандар үшін радиодан: Сіздердің тыңдайтындарыңыз Түгеншеевтің өлеңдері", немесе теледидардан: "Ақын Бәленшеев жыр толғайды" деген есуас хабарға кезігіп, тілін тістеп отырудан ауыз жаза, содан өткен сорақылық бола қояр ма екен?! Оқта-текте орнықты да, ойлы сөзді дәмді, нәрлі жырымен жалт қараса бір көрініп тұратын шынайы ақынды оқырман да, тыңдарман да сарына күтіп, қуана қабыл алып жатар еді ғой, осы қағиданы қалайша ұмытып барамыз.
– Құп, солай-ақ болсын дейік, енді соның себебін айтыңызшы. Әлде жұрт өлең-жырдан жалықты ма, жоқ өлең-жыр өз өресінде бағаланбай жабы болып, жабықты ма? Бәлки, заман ағымы поэзия үшін қолайлы болмай тұр ма?
– Бұл сұрағыңа жауап беру қиын-ау, бала. Тек, менің білетінім өлең де өз бағытын өзгертуі қажет пе деймін. Бірақ, қалай бұрылып, қай тұрғыда өзгеруі керектігін және білмеймін. Әйтеуір, бұрынғы қалыптасқан үлгімен жүріп, енді алысқа шаба алмаймыз. Қазақ поэзиясының қайнар бұлағы, сарқылмас та емес, тартылмақ та емес. Әдебиетке бізден кейін келген Иранбек, Нұрлан, Несіпбек, Жарасқандар өлең еңсесін қаншалық биікке көтеріп тастады.
– Сіз атаған ақындар да балауса буынға жата қоймайды-ау, сірә?
Лықсып келіп алдыңғысынан асып түсіп жататын жас толқын ішінен жарқырап әлі біреуі шығар. Қазіргі Есенғали, Ғалым, Гүлнарлардың да айтары әлі алда деп сенем мен.
Поэзия сарқылып барады-ау деген ойым жоқ. Бірақ соның тұнығынан кім көрінген ат суғарып лайлап бітіре ме деп қорқа берем. Оның үстіне үлкен ірі әлеуметтік жүк көтере келген өлең үлгісін де көре алмай жүрмін. Адам үшін де, қоғам мен заман үй үшін де, біздің бүгінгі барша тыныс-тірлігіміз үшін де қазіргі уақ-түйекті теріп кеткен, аса қораш өлең-жырларымыз азық болып жатпай-ды. Сырт қарағанда бәрі де жақсы сияқты: ырғағы бар, ұйқасы балталасақ та бұзылмайды, жұтынып-ақ тұр, бірақ көкірегінде жаңа бір сәуле, тосын нұр себелемейді, не ұшынбайсың, не тұшынбайсың, не үшін кім үшін жазамыз, кімнің жыртысын жыртып, намысын жоқтаймыз – басты мәселе осы боларға керек. Әйтпесе, сыңсып жылай бергенің де дарақыланып мастана бергенің де қалың елге дәрі әуес. Сондықтан "шөңге де өлең, топ те өлеңнің" желеуімен кеткен әлгі жоғарыдағы шөп-шалам аралас лай тасқынға тосқауыл қоя тұрып, жарқырап бір жұлдыз туғанша сабыр ете тұрғанымыз дұрыс болатын шығар. Оған дейін өлеңнің құлағын ауыртпай, көп-көп "ақындар" басқа кәсіппен шұғылдансын. Газеттер мен журналдарға, баспаларға да осыны ескертейік.
– Мұндай лайсаң кезінде әдеби шығармаға қойылар талап та бәсеңсиді емес пе. Әдеби сын да, оқырман да, ақын-жазушылардың өздері де көп-көрнеу көлгіреуге бел алдырып, "жабуды жаба тоқуға" әдеттене түсетіндей.
– Амал не, солайы солай. Оған істер амалың да жоқ. "Қайтесің, заман солай, бүлініп жатқан бір ғана әдебиет, бір ғана поэзия емес қой" деп көлгірситініміз де бар. Уақыт таразы бәрін-бәрін өз орнынан орналастырар.
– Қаншама қайран| еңбек құр бекерге зая кетпей ме?
– Бір кезде қоғамдағы барша құбылысқа ат салысу қажет деген желеумен ақындардың бәрін бір қауызға сыйғызып, әлеуметтік іске араластыру тұрғысынан партиялық талаптар да қойылып келді. Өлеңнің өз жолы, өз стихиясы бары, өлшеуге мөлшерге, жоспарға көнбейтіні ескерілмейтін. Поэзия деген шымырлап қайнап шығып жатқан бастау бұлақ сияқты, өз арнасын өзі табу керектіні назарға алынбайтын."Өмірді зерттеу, өмірге үңіле түсу керек" дейтін ұрандар да етек алды. Өмір сүріп, тірлік кешіп жүрген ақынға сол өмірді зерттеу де күлкі емес пе. Онда өмірден тысқары тұра тұрып барып , сырттай бақылап зерттейтін болып шықпай ма.
– Өзіңіз үлгі тұтып, ұқсағыңыз келген ұстаздарыңыз, еліктеген ақындарыңыз болды ма?
– Мен әдебиетке келгелі де қырық жылға жуықтады, өткеннің бәріне ой жүгірту – қиын. Ол кезде аты дүрілдеп Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев,Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Хамит Ерғалиев, оларға ілесе Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, сияқты ақындардың есімдері ауыздан түспейтін. Сол кездің маңдай алды ақындары да сол ар еді. Осылардың бәрін бізге үлгі болған, өнеге көрсеткен қаламгерлер еді деп айтуға әбден болатыңдай.
Ілияс, Мағжандардың атын естігеніміз болмаса^ шығармаларымен кейін таныстық қой.
Біздің буын әдебиетке аса зор сеніммен, нық басып, нығыз келді. Әдебиеттің ендігі жүгін біз арқалаймыз деп түйдік. Солай болып шықты да. Өмірге азаматтық, тұрғыдан қараған кезде, жауапкершілікті сезіне білген жерде солай болары ақиқат. Қоғам да, адам да біртұтас бірлікте секілді еді.
Қазір адамдар екіге қақ жарылғандай. Біреулерге әлденеге абыржып, дүниенің бәріне секем ала, сезікпен үрке қараса, енді біреулері әлекедей жаланып, екі иінін жұлып жеп, өлермендікпен өңмендей түсуде. Әдебиетте де солай. Мұның соңғысы әсіресе поэзияның жауы.Қашаннан бері рухани әділдікті аңсаған, тәрбиелі, ибалы, қыздай сызылған ұялшақ жанр әлгі өлермендіктен бой тарта тіксініп, жетімсірей түсері хақ.
Өлең жазғанда бүкіл жан-тәнің, қаның, жүрегің түгел араласып, өне бойыммен тұтас сезінбесең, өлеңді өз денеңнің бір бөлігі деп түсінбесең – ол өлеңнің шықпағаны деп біл.
Бұл жағынан алғанда біздің проза біршама ұта түседі. Өйткені - прозаның мүмкіндігі қашан да молырақ. Сонау советтік заманда да поэзия кітаптары кітап дүкендерінде жаңбырға тиген көйлегінің етегін сығып тұрған қызға ұқсап, жуан-жуан роман, повестер арасынан қалтырай тұрып, дірілдей тұрып, сығыласа жүріп әрең-әрең шеткері орынға ие болатын. Әлі сол. Бұл күнде Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, сияқты ірі тұлғалы қаламгерлер, ғұмырнамалар жазуға ойысқан. Поэзия бұл жағынан прозаға жол беріп шегіне береді. Өйткені, оның міндеті баяндаудан бөлегірек.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Мен өзім бұрқыратып жаза беретін, көбік те болса көп болсын дейтін қаламгерлер санына қосылмаймын. Екінің бірі жаза алатын өлеңді мен де жазып, мен де жариялап жүре алар едім. Бірақ, бұрынғы биігімнен төмендемей, өзгені де, өзгені де қайталамай соны бір өріс іздемесең, ескі жұртты таптай берудің қажеті шамалы. Яғни, жақсы жаза алмасаң бар ғой, сол жазбай-ақ қойған абзал. Өзімді аса толқытқан жағдайға орай қалам тербеп қоям. Тындырып тастағаным шамалы. Суып кетпеу үшін аударма да жасаймын.
– Алдағы жоспар жайы?
– Алдын ала уәде беруден зиянды нәрсе жоқ. Бұрын бірер рет уәде беріп, алдағы ісімді жоспарлап көргем, бітпеді де орындалған жоқ. Уәде бергеннен де бірдеңе тындырған абзал. Көптен бері көкейімді тескен, ойда біраз піскен бір проза кітабы бар. Жазар-жазбасымды құдай біледі. Биыл тағы тырысып көретін шығармын.
– Көп адам поэзия дегенді ұйқастырған сөз деп ұғады.
– Оқырман да (жоғарыда айтқандай) еленді бар жаратылысы, болмысы, тыныс-тірлігімен түйсіне оқымаса бәрібір түсінбейді.
Сырттай сүйсінуі мүмкін. Көп талантты жазушылардың өздері өлеңді шынайы ақындарша түсіне алмайтыны содан.
Әйтпесе, өлеңді жан-тәнімен түгел қабылдап, ұғу қиын емес. Ол үшін оқығаныңды ести де білу керек. Естіген дегенде дауыстап оқып та емес, өз сөзіңді тыңдауға болады ғой, дәмін ала, нәрін қабылдай отырып тыңдауға.
– Ақындарға аялы бір алақан қажет.
Өркендейтін, өсетін елдің бәрінде әдебиетке қауым болып, мемлекет болып қамқорлық жасайды. Өйткені мәдениетке көңіл бөлмеген ел – мәдениетсіз ел. Австрияда поэзияға айырықша көңіл бөлініп, мемлекет қамқорлығына алынған. Әдебиеттің басқа жанры қиын кезеңде өзі күнін езі көруі мүмкін, поэзия барлық формация тұсында санаулы адамдардың ғана санасына сіңер дүние. Сондықтан аялап ұстамай болмас,– дейтін болуы керек.
Американың әлем таныған қаламгері Роберт Уоррен (ақын һәм прозашы) жазған мына бір жайға назар аударсақ: Осы ғасыр басында америка әдебиетінде ең талантты ақын Робинсон болса керек. Сол кезгі ел президент Тедди Рузвельттің баласы Кермит мектеп кітапханасынан бұрын ешкім қолға ұстап көрмеген бір кітап тауып алады. Ол Робинсон ақынның жинағы екен. Кітап балаға қатты ұнайды да, енді әкесінен де оқып шығуды өтінеді. Әкесі де керемет ұнатады. Президент өз баласына: "Осы жігітті табуға тырысып көрші" деп тапсырады. Ол жігіт болса бар болғаны бірер кітап шығарып, күн көре алмай енді ішімдікке салына бастаған екен. Президент ақынды шақырып алып: "Өкінішке орай, біз өркениетке еңбегі сіңгендердің толық тізімі бар, сол тізімге енгендерге сіңірген еңбегіне қарай өмірінің ақырына дейін жәрдемақы тағайындалатын Англия емеспіз. Біз өркениетті ел болғанда сондай тізім бойынша мен де Сізге өмірлік еңбекақы тағайындар едім. Ондай мүмкіндік бізде жоқ, сондықтан мен сізді Кеденге қызметке орналастырайын. Үкіметке қызмет ететін боласыз, бірақ есіңізде болсын, екі кеме құйрығын ұстау киын болып бара жатса, қызметті ұмытыңыз да, поэзиямен болыңыз" – деген екен.
Шіркін-ай, дейсің де қоясың...
ЖАЗУШЫЛЫҚТАН ҚАЙЫРШЫЛЫҚҚА ДЕЙІН
Екі кештің арасында
Итең келді ырсылдап, –
деп басталатын Оспанхан Әубәкіровтың әйгілі бір сықағы болушы еді, сол айтқандай, алты алашқа аты мәлім демесек те, көзі ашық қазаққа белгілі ақындарымыздың бірі (атын айтпаймын) аяқ асты кештете қарыз сұрай келгені. Қызы бойжеткен екен, енді құтты орнына қонсам дейтін көрінеді. Бүгін-ертең қазақемнің ырым-сырымын алға тосып құдалары келмекші. Соған дастарқан жаяйын десе қаптың түбі қағылған, қалта түбі тесілген. Өйткені түсіп жатқан тиын-тебен жоқ, жалақы көрмегелі де көп айдың жүзі болыпты. Қатты ұялып, қысыла-қымтырыла тұрып, таусыла сөйлеп, амалсыздан мәжбүр болған пұшайман халін айтты. Намысы бар да, табысы жоқ. Соған қысылады. Бүгінгі көзі тірі жүрген қазақ ақындарының тұрақты тізімінде алғашқы ондықтан демей-ақ қояйық, жиырмасының ішіне сөзсіз енетін дарыны даусыз қаламгер. Ақындық алымы, дүние танымы, қаламының қарымы бұл бағамызға ешбір дау туғызбасына баспен жауап бере аламыз. Атын айтсам: "Рас-ау?" – деп бәріңіздің де бас шұлғуыңыз кәміл.
Былтыр ғана қалың елі кітабы жарық көрген. Онысы со қалпы ат көпір болып үйіліп ауыз үйінде жатыр. Көк тиын қаламақы алмағаны өзгеге болмағанымен, өзіне аян. Басқаларға ұқсап өз кітабын өзі өткізе қоярлық икемі тағы жоқ, алабөтен пысықтығы да шамалы. Ендігісі... міне... әйелі ерге, ері жерге қарап, басар тау, барар жері қалмай дағдарған, қарыз сұрар халге душар болған ұсқыны мынау. Көптенгі танысым еді, сыйласым, сырласым еді, "бір берсе – осы беріп қалар" деген сыңаймен "қысыла-қымтырыла қыз болған" түрі көрінеді. Менен бір демеу болар жәрдем күте жаутаңдап көзіме қарай береді.
Жарылқап тастамасам да, жұрағат-жекжаттан қолдан келер көмегімді аяп көрмеген басым, бұл жолы амалсыз мен де көзіммен жер шұқуға мәжбүр болдым. Жоқ, ойбай, бір бұл емес, ұмытып барады екем, осының аз-ақ алдында қазақтың маңдайына біте салған тағы бір талантты жазушысы (оның да атын айтпаймын), бұрын хатшы да, басшы болған әйгілі азамат та мені әдейілеп іздеп келіп, аз күнге бес-алты мың теңге бере тұруымды сұраған еді. Мен қолма-қол тауып бере алмай қысыла күмілжігенде: "Баспаның кассасынан алып бере тұрсаңшы, бірер күнде қайтарып орнына салам ғой!" – деген ол.
Ол да осыдан он-он бес жыл бұрынғы дағды бойынша әлі күнге баспалардың кассасында ұдайы үзілмей ақша жатады деп ойлайтын болса керек. Қазіргі баспалардың битін сығып, қанын жалап отырғанын, содан да ондағы ағайындардың аузы мен қу шөппен сүрте беретінін қайдан білсін.
Осынау бір-екі оқиға мені ашындыра түсіп, әжептәуір ой салды.
Апыр-ау, біз кім болып, қайда бара жатырмыз өзі? Еліміз бар деп емірене, жеріміз бар деп тебірене жүріп шығарма жазған боламыз. Халық қамын жеген болып кеңірдек жыртысып та жатамыз. Сөйте жүріп қазақ зиялыларының аз жыл ішінде бауырын көтере алмас көтерем халге душар болған үлкен бір шоғыры барын кермеген, білмеген сыңай танытамыз. "Солай болып барамыз-ау!" – деп айтуға өзгеден ғана емес, өзімізден өзіміз, бірімізден біріміз ұялатын тәріздіміз. Бұл да ауруын жасырудың зиянды бір түрі.
Осыдан біраз бұрын, қасымызда ақын Темірхан Медетбек бар, бір әңгіме үстінде әйгілі Әкім (лауазымы емес, есімі) Тарази таяудағы бірер күнде "Қазақ әдебиеті" газетінде өзінің жерді сату-сатпау жөніндегі мақаласы жарық көретінін айтқан еді. Сонда мен онымен әзілдесе беретін әдетіме бағып: "Уай, свежий күйеу, жазған соң "Жазушылықтан қайыршылыққа дейін" деген мақала жазбайсың ба, жер мәселесі турасында ала шапқын болып жүргендер аз емес көрінеді, солар оны бізсіз де бір жағына шығарып қалар" – деп едім. Әкім тұрып: "Мен қайыршымын дегенге бәрібір ешкім сене қоймайды",– деген сыңайда уәж айтқан болатын.
Бұл жерде әңгіме Әкім екеуміздің өз басымыз жайлы ғана болса, оның жарасы жеңіл еді ғой, тегі әңгіме төркіні мүлде басқада болып тұр-ау. Кешегі келмеске кеткен кеңес заманын қаншама жер-жебіріне жете жамандағанымызбен де жазушы аталатын тұтас қана бір қауып жұрттың жағдайы анау айтқандай аянышты емес еді-ау деп те ойлай беремін еріксіз.
Пышақ жүзіндей бірер ғана кітап шығарып, Жазушылар одағына мүшелікке өтіп үлгерген жазушыларымыз жаз бойына, кейде екі-үш айға (мемлекет қызметіне жегілмегендерін айтамын, ол кезде ондай да мүмкіндік бар еді) Қап тауының Қара теңізге қараған жағы дейсің бе, Қырымның оңтүстік жағалауы ма, тіпті Балқан асып, Балтық басып өздеріне төл шығармашылық үйлерге ат басын тіреп, аяқты көсіліп тастап жазуға отыратын еді. Тіпті бір өзі ғана емес, соңынан шұбырта ертіп бала-шағасын да ала жүретін. Теңізге де түсетін, тебіреніп өлең, тереңдеп роман да жазатын. Мәскеу түбіндегі Переделкино, Малсевка, Фин шығанағы жақтағы Комаровадағы жазушылардың Шығармашылық ғимараттары өз үйіміз, өлең төсегімізге айналып, айлап жатып, асықпай бой жазып, ой қазып қайтпаушы ма едік. Және оның әрі-бергі жолы бар, жамбас ақы, ауқаты бар – бәрін қосқанда да отбасының бюджетіне бүгінгідей аса көп зиян шектіре де қоймайтын.
Оның бәрінен қағылғалы қаншама заман өтті. Олар түгілі осыдан жиырма жылдай бұрын әупіріммен жүріп маңдайымызға бұйырған өзіміздің Алматы түбіндегі әл-Фараби атындағы Шығармашылық үйімізге де бас сұға алмай, алыстан жаутаңдай қарап қалғанымыздың өзіне де аттай желіп он шақты жып ете шыққан жоқ па.
Өзіміздікі қолды болып әлдекімнің үлесінде кетті, тапқаны тамағына жетпейтін жазушылар енді қиыр шеттегі Шығармашылық үйлер жайлы бас қатырып ойламайтын да болған.
Әлгі қайыршылық, жазушы қайыршылығы, жайлы айтқанда мен ең алдымен осыларды меңзегем. Әйтпесе, әзірге қалам ұстар қауым ішінде таза аштан өліп, кештен қалып жатқаны шамалы ғана болуы керек, оның бетін құдайым тіпті әрі қылсын!
Соған да шүкір дей тұра, жазушыларымыздың шетінен шекесі қызып жүр деп жөне айта алмаймын. Онда бұл мақала жазылмаған да болар еді.
Өйткені, мен ес біліп, етек жапқалы демей-ақ қояйын, ат жалын тартып мінген дәуірден бері жазушылардың негізгі дені газеттер мен журналдар редакцияларында, радио мен теледидар төңірегінде, көркем әдебиет баспаларында қызмет істейтін. Олардың бәрінің де біреуден ілгері, біреуден кем кесікті жалақылары болатын. Оның үстіне жариялана қалған, оқылған, көрсетілген әрбір үлкен-кіші дүниелері үшін табан ақы, маңдай терінің адал ақысы – қаламақысын алатын еді. Ол соншалық мардымсыз да емес, ай сайын екі рет жырғап-ақ қалып жатпаушы ма едік.
Ал бірер жыл қызметтен шеттеп, кітабы шықпай, тиын-тебеннен тарығып бара жатқандары болса, баспалар беретін жоспардағы қолжазбаға ішкі (жабық) пікір жазып та мал тауып тұруға мүмкіндік бар еді. Қалың бір қолжазбаға сапалы етіп толыққанды пікір жазып бергенің үшін де қалтаң әжептәуір қампайып шыға келуші еді. Сол ақшаның өзіне де келесі бір кітабың шыққанша ілдалдалап өзек жалғай тұруға болушы еді.
Қазір соның бірі жоқ. Газеттер мен журналдар, радио мен теледидар өлер-өлместің алдында шалажансар күй кешіп, "шықпа, жаным, шықпалап" әзер отыр. Жарияланған, тасқа басылып шыққан еңбектеріңнің ешбіріне қаламақы төленбейтін болған. Қалтылдап, қалтырап отырған әлжуаз басылымдардан ақы дәметудің өзі әбестік сияқтанады бұл күнде. Баспалар жайлы жоғарыда айттым.
Жазушының жалғыз еңбегі бар, ол – жазу. Ермегі емес, еңбегі. Күнкөрісінің көзі де сол еңбегі болуы керек қой ендеше. Есте жоқ ескі заманда жасаған шығыс шайыры Әбілқасым Фирдоуси де, күнбатыс елінен шыққан Вильям Шекспир де жазғандары үшін ақы дәметіп, көлеміне қарай төлемін талап етіп отырған. Алысқа бармай-ақ өзіміз күні кеше қолтығында жүрген, үлгі тұтып өнеге етіп ұстайтын орыстың ұлы жазушыларының негізгі дені өз шығармаларын ақша үшін де жазған. Данышпан ақын Александр Пушкиннің өзі: "Өзім үшін жазамын да, ақша үшін бастырып шығарамын" – деген сөзді жиі қайталаған.
Тіпті мыңды айдаған бай дерліктей дәрежедегі граф Лев Толстойдың өзі қаламақысын даулап Некрасовтармен араздасуға дейін барған. Федор Достоевский, Антон Чехов, Максим Горькийлердің жөніне келсек, өз алдына бөлек үлкен әңгіме. Олар жазылғаны ғана емес, болашақ жазылатын шығармалары үшін де мың-мыңдап қаламақысын алдын-ала алып қойып, бас алмай отырып жұмыс істеуге де мәжбүр болған. Мұның өзі кейде ұлы шығармалардың тууына да себепкер болғаны ақиқат.
Рас, біздің бетке ұстар әулиеміз Абай ғана: "Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан, нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан", – деп өсиет тастаған. Бірақ бізде Абайға дейін дамыған жазба әдебиет те болмаған, әдебиетті ой еңбегі деп әлі танып та көрмеген едік қой. Оның үстіне елдің бәрі Абай емес те, бәрі жайылымда жылқысы жусап жатқан аға сұлтанның баласы емес қой. "Еңбек етсең – емерсің" – деген социализмнің ғана принципі емес, адамзат атаулыға ортақ нұсқа.
Қазір не көп – баспа көп, соған орай жазғыш (жазушы емес) көп. Кітап жазбайтын кісіні бүгін Қазақстаннан шам алып іздесең де таппайсың. Күні кеше екі сөздің басын құрап жаза алмайтын "шала сауатты" хатшыларың да, хатшының атшылары да, делегаттар да, депутаттар да алтынмен аптап, күміспен күптеп кітап шығарғыш болып алған. "Ақысын берсең – боқысын шығарамыз" – деп жұтынып отырған, пұлын берсе, қалғаны құл болса да жұмысы жоқ баспаларға бәрібір. Өз "шығармаларын" өткізуге келгенде әлгі "жазғыштар" және алдына жан салмайды-ақ. Әкімдер арқылы, билігі барлар арқылы сатқызып, жоқ ақшаны жерден шұқыса да тапқызып алып жатқан да солар. Солардан кейін Шекспир мен Толстой болып кетсең де сенің кітабыңды ешкім өткізбейді, керек те етпейді. Қыларыңды қылып ал!
Сол "жазғыштар" балдыр-батпақ дүмбілез дүниелерінің басын құрап (той-думандағы тостар, шақыру қағаздар, құттықтаулар, т.б.) ақысын беріп жүріп тасқа бастырып алады да, атағы бар, аузы дуалы дейтін әйгілі ақын, жүлделі жазушының бір-екеуіне "сыйға" тартатыны бар. Олар да: "Әй, аяз әліңді біл!.." – деп бетін қайтарып тастаудың орнына: "Ой, көке, бұдан бұрын қайда жүргенсіз? Мынауыңыз керемет қой, біз тіпті сіздің қасыңызда жіп есуге де жарамайды екенбіз ғой!" – деп өп-өтірік көлгірсіп, көпшік қоя көтермелейтінін қайтерсің! Әлгі "жазғыштың" танауы тіптен шелектей болып, бұдан әрі былайғыны менсінбей, "бұрын мемлекет ісінде жүріп қол тимеді ғой, әйтпегенде!.." деп алақанына түкіріп алып тағы да "жазуға" отыратынын қайтерсің!
Мен өзім "Жазушы" аталатын көркем әдебиет баспасында жиырма жылдан астам қызмет істедім, Баспа директорынан бастап кіші редакторына шейінгі екі жүзге жуық қызметкердің жартысынан астамы жазушылар болушы еді. Кейін "Жазушыдан" бөлініп "Жалын", "Балауса", "Өнер", "Ана тілі" баспалары шықты. Олардың қызметінде де үлкен-кіші жазушылар жүрді. Бүгін солардан не қалды? Саны бар да, сапа жоқ. Баспа деген аты болмаса – қазіргілердің екі-үшеуін қосқанда сонау жылдарғы "Жазушы" баспасының бір редакциясының құрамына жете алмайды.
Ол кездегі өр кітаптың көркемдік сапасы қандай еді! Өйткені әрбір қолжазба редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор, олардан қалса Баспакомның бас редакциясы арқылы толып жатқан сүзгіден өтетін. Әрине, күріш арасында күрмек те су ішеді дегендей, халтуршиктер мен графомандар ол кезде де бар еді. Біз сияқты пақырыңыз да баспада отырып сол халтурщиктермен күресемін деумен талай шашты ағартқан!
Ал бүгін қалай? Қазір күріш жоқ та, күрмек көп. Күрмектің бүгін тіпті де күрішке су ішкізер түрі және көрінбейді.
Биліктен кетсе де осы күнгі игіліктен аластала қоймаған бұрынғы әкім, қазіргі билік басындағы "мықтылардың" бірінің нағашысы, бірінің қайын атасы, ағасы, жиені дейсің бе, әйтеуір, бірінен бірі қалыспай кітап шығарып-ақ жатыр. Оларға қолында әжептәуір билігі бар, қалтасында пұлы бар сарт-саудагер сұғанақ, бұрынғы сотың мен қазіргі прокурорың қосылады да, шынайы жазушыға, шылқылдаған көркем шығармаға тосқауылды қойып-ақ бағады.
Баспалар да бұл күнде аяулы да санаулы ғана әдебиет саңлақтарының кітабынан гөрі әлгіндей "жазғыштардың" балдыр-батпағын шығаруға көбірек бейімделіп алған. Өйткені олардың "шығармалары" жергілікті әкімдер мен солардың соғатындар арқылы тез өтеді де, баспаға тиын-тебен болып жататынын әлгінде айттық. Жуырда сондай щедеврлердің" бірін мектеп мұғалімдеріне әр данасын 30 доллардан зорлап "өткізіп" жатқанын естіп, біз де жағамызды ұстағамыз. "Алмаймын" деген мұғалім болса – қолма-қол жұмыстан қуылады екен, естімеген елде көп деген осы, амал не!
Ендеше жазушы болып ізденіп, өңдеп, әрлеп, жетілдірем деп терлеп қажеті қанша? Күллі-бадам дүниеңді жаз да, балаң ба, немерең бе, бірінің қолы билікке жеткенше күте тұр. Бір күнде "классик" болып шыға келмесең – екі қолыңды бері әкел! Қошемет-құрмет, қолпаш пен мадақ өз алдына әңгіме.
Ал кітап шығарып, қаны толық қаламақы алса – бұл тек қана әйгілі саяткерлер алатын шығар. Біз, қазақ жазушылары, бүгін тек солардың сырттай күндеушілеріне ғана айналып бара жатқан сияқтанамыз.
Өйткені, өтірік-расын қайдан білейін, Әкежан Қажыгелдинге тағылып жатқан көп-көп айыптың бірі ретінде газеті ер оның нарық кезіндегі Қазақстанның хал-ахуалы жайындағы кітабына деп алған қаламақысынан тиісті табыс салығын төлемей қойғанын жазып-ақ жатыр. Ол салықтың мөлшері 3 миллион теңге екен. Қайталап айтамын, бұл тек қана табысына шаққандағы салықтың сомасы. Соған қарап оның алған қаламақысы қандай болғанын іштей шамалай беріңіз! Біздің түрінен ақыл, тілінен нақыл төгіліп тұрған атақты ақын, жезтаңдай жазушыларымыздың өздері де мұндай мөлшердегі қаламақыны түсінде де көрмейтін болғалы қашан.
"Қазақ әдебиеті" газетінен Мейірхан Ақдәулетұлының "Шенеуніктер көтерілісі" деп аталатын мақаласын оқыдым. Қайдан алған дерек екенін, анық-қанығын өзі біледі, сонда Мейірхан біздің елде тек қана жеке бас күзетіне айына 1 миллион теңге мемлекет қаржысын жұмсап отырған 123 шенеунік барып айтыпты. Ал керек болса! Бұдан өткен сорақылық бола ма. Ол шіркіндердің өмірі соншалық қымбат болса халық қазіргідей мүшкіл халге жете қоюы екіталай еді ғой!..
Сол айына шығатын 123 миллион теңгеге (жылына шақсақ ол миллиардтан да асып кетеді) Қазақстанның барша баспалары мен газет-журналдарын қаржыдан тарықтырмай ұстап отыруға әбден болар еді. Болғанда, тіпті, қалам ұстар жұрттың құдайы жарылқап, жырғап қалар еді!
Жоғарыдағы бір сөзімде қаламақы дегеннің өзі де ұлы шығармалардың тууына ықпал етіп, себепкер болады деп қалып едім. Соған орай тағы бір оқиға еріксіз еске түседі.
Демалыс күні шаш алдыртуға барып едім. Шаштараз – егделеу тартып қалған орыс әйелі екен. Мойныма орауышын орап, әтір-суын ыңғайлап, о жақ, бұ жағыма шыға жүріп түгел тексере қарап алды да: "Интеллигент адамға ұқсайды екенсіз, қандай кәсіппен шұғылданасыз? Жазушы емессіз бе?" – деп сұрап қалғаны. "Жоқ, ә" – дей салуға да болар еді, сөзшең әйелді сөйлете түскім келіп: "Иә", – дегенім. Ешқашан өзімді өзім біреуге жазушымын деп таныстырмаушы едім, мына кәртең әйел дәл үстінен түскесін, әрі рең-басы таза сүйкімді ұрғашыға өтірік айта алмай, құптай бас изеп едім.
– Оны қайдан білдіңіз? – деп сұрадым тек қана.
– Білдім, – деді әйел. – Менің де мамандығым филолог Едәуір жыл мектепте тіл мен әдебиеттен сабақ бердім. Кейін көсіп өзгертуге тура келді. Күн көрудің қамы ғой бәрі де.
Шашымды қия жүріп сабырмен ақырын сөйлеген әйел біршама әңгіме айтып тастады. Сол көп әңгіменің бір жерінде:
– Көңіліңізге келмесін, енді бір отыз жылдан соң Қазақстанда ақын да, жазушы да, ғалым да, суретші, сазгер де болмайды. Шығармашылықпен айналысу былай тұрсын, қалам ұстап, кітап оқитын да адам табыла қоюы екіталай, – деп бітірген еді әңгімесін.
Ішім мүздап жүре берген. От басып алғандай орнымнан оқыс қозғалып, "денің дұрыс па өзіңнің?" – дегендей әлгі әйелдің бетіне бажырая қарағам. Жоқ, шімірікпей сөйлеп, шындықты айтып тұр екен. Жүзінде кекесін жоқ, күлмей, қайта қинала сөйлеп тұр.
– Үрейіңіз ұшып кетті ғой, тіпті. Міне, шашыңызды да алып болдым. Қалғанын үйіңізге барып, оңашада өзіңіз ойлана жатарсыз, – деді ол менің үсті-басымды қағып-сілкіп тазартып жатып.
Кейін, әбден сабама түсіп барып ойланып көрсем, сол әйелдің сөзінің астарында көп мән жатқанға ұқсады. Бұрын ақындар мен жазушылар, жалпы өнер адамын ақ тер, көк тер бола еңбек етуге ынталандырып, құлшындырып туратын екі нәрсе бар еді. Бірі – даңқ та, екіншісі – ақша. Яғни, екі жеп биге шыққандай болушы еді. Жанға тоят, көңілге медеу, өмірге демеу болар сол екі нәрсе еді. Қазір соның бірі де жоқ. Неге десең осы күні қаламынан бал сорғалаған ең мықты деген жазушыларыңның жарыққа шыққан кітабының өзі бір мың данадан аспайды. Ол әрі кетсе өз ауылы не ауданына ғана тарайды. Яғни, ешкім сені оқымайды деген сөз. Ешкім оқымаған соң атағың да алысқа тарамайды. Газет пен журналды да жаздырып оқып жатқан жұрттың өзі де саусақпен санарлықтай ғана.
"Сөз бостандығы жоқ елдің өз бостандығы жоқ" дегенді бір кезде Фейхтвангер де айтқан. Жазушысын көрінгенге телміртіп, көрінгеннің қолына қаратып қойған елдің ертеңінен үміт күтудің өзі ерсілік сияқтанады маған. Байлығымызға қызықпағанымен де, талант, дарынымызды ескеріп, қаламымыздан қаймықса да құрметтеген болып жүретін сыйлас, сырластардың езі бүгін бізден сырт айнала бастаған.
Екі күннің бірінде демей-ақ қояйын, оным өтірік те болар, екі айдың ішінде бір рет маған соғып, айлық алар күнге дейін деп қысылып қарыз алатын және бір досым бар еді. Өзі ептеп жазып-сызып жүретін. "Шіркін-ай, сен сияқты жаза алатын күн болар ма екен бізге?" – деуші еді бір кезде күндердің күнінде ол өзі үлкен лауазым иесі болып шыға келді де менің екі жылда табатын жалақымды бір айда алатын дәрежеге ие болды. Ол ол ма, бір өзі ғана емес, бала-шаға, құдағи, жекжаты түгелдей Алматының ортасынан ақ сарайдай үй сатып алып, ең жаңа маркалы машина мініп жүр. Бұл оның бағы ма, соры ма, білмеймін, қайсысы болғанда да ол енді бұрынғыдай "жазушы болсам" демейтін болды. Менің өзіме де қараса енді тек шекесінен қарайтын болып алған. Қызғанып та отырған жоқпын, әлеуметтік әділетсіздік дегенің, апыр-ай, осы төңіректе екен ғой жүдеп туған ой ғана, еді бұл.
Сөз реті келіп қалған соң еске алып жатқаным, ендігісін, оқырман, өзің ойлан.
Джон Апдайктің жазуы бойынша Америкада бір өзі бір фабриканың табысын беретін жазушылар бар екен. Кеңес кезінде бізде де солай болған. Әр кітап ондаған, жүздеген мың данамен тарайтын еді онда. Өзіміздің ең алғашқы қылаң елі кітабымыз он мың мың данамен шыққанын білемін.
Бүгінгі 600 жазушының ең құрығанда екі жүзінің жілігі татитын шығар деп ойлаймын. Тым болмаса соларға қол ұшын беріп, алаңсыз әдебиетпен айналысуына жағдай туғызуға мемлекеттің мүмкіндігі болмай отырған жоқ. Тек...
Біз өмір сүріп отырған түс "өтпелі кезең" аталады. Президентіміз де, басқалар да солай атап, солай жазып жүр. Тоғыз жыл бойына өтіп болмайтын бұл неткен "өтпелі кезең" деп ойлай беремін мен. Бүгінгі басымызға төнген ауырлық жайлы айта бастасақ аузы дуалы дейтін азаматтарымыздың өзі де әлгі "өтпелі кезең" дегенді көлденең тартып, "дүниежүзіндегі елдердің бәрі де мұндайды бастан өткерген көрінеді " деген уәж айта бастайды. Бұл баяғы Абайдың "көп айтса көнді, жұрт айтса болдысының" кері. Әйтпесе, бас көтере отырып, алды-артымызды қымтай жинап келіп, өлмес жерімізді ойласақ болар еді ғой. Тіпті бұл күнде тоз-тоз болып кеткен ергежейлі баспалардың басын біріктіріп, тым құрыса жылына 100 даналы кітап шығара алар қауқары бар қуатты бір орталық етіп қайта құруға болмас па еді. Кітап шығаратын баспа, баспахана, кітап саудасы да әзірше бір ғана қолда ғой, соның жұмысын да жазушылар кәсібіне қарай икемдеп, бүтіндей қайта құру ойластырылса болмас па?
Күні кеше дала толы ақтылы қой, үйір-үйір жылқымыз бар еді. Жайқалып егін тұратын. "Жекеменшіктенеміз" деген желеумен бардың бәрінен бір-ақ күнде айырылып, байлықты қылғып жұтып, құртып тынып едік. Енді бүгін байбалам салып, бармақ тістенгенімізбен, өткеннің орнын өкініш толтыра алар емес. Сол шалқыған байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Күні ертең қарын тояр күн қайта туа қалса (ләйім солай болғай): "Ау, бұл қайда кеткен? " – деп, енді рухани қазынамыздың да орнын сыйлап қалайық деп тұрмыз. Судың да сұрауы бар, тарих – өткеніңді түгендеп келер ұрпақ еншісін талап етер күн туғанда барып, тағы да дал ұрып, қандай кешірілмес күнә жасап алғанымызды есеңгірей отырып аңғарармыз. Бірақ... кеш болар!..
1999 жыл
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру