Мүгедектерге мереке керек пе?
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Мүгедектерге мереке керек пе?» (Көркем әңгіме). МҮГЕДЕКТЕРГЕ МЕРЕКЕ КЕРЕК ПЕ?
әңгіме
Менің екі әпкем бар: Сайран ауылындағы Ғайникамал апамның бойжеткен қыздары олар. Бірі Гүлжамал, екіншісі Үммікамал. Гүлжамалдың бойы сұңғақ, өңі сұлу. Өзі нағыз қалжыңбас. Аяқ - қолың бүтін, келбетің келісті болған соң әзіл - оспағың жарасып тұрады. Ал мына Үммікамал әпкемнің жағдайы өзгеше.Оның аяғы семік. Ми ауруынан солай боп қалған. Қисаң-қисаң, тәлтіректеп жүреді. Тек кәріп екенмін деп күні - түні жылап отырмайды. Қолынан келетін істі атқарады, адамша сөйлеседі, күледі. Тек кейде қатты күліп жіберсе, айыпты кісідей, кілт тоқтай қалады. Кемістігі есіне түсетін шығар.
Сайрандағы жездемнің аты Хәбибрахман. Мешіт сағалаған қарт. Барып тұрған діншіл кісі. Бүкіл дүниені арам мен адалға бөледі.
Тіпті менің шәпкімнің күнқағарын да арамға шығарады. "Мұсылман киімі емес, шайтанның мүйізі" дейді. Содан да мен олардың үйіне келуден шәпкімнің алдын артына айналдырып, шайтан мүйізін кері қайтарып қоямын. Естуімше, жездем ұзақ уақыт солдатта кәпір арасында жүріп, иманынан айырылып қайтқан. Сол күнәларынан арылмақ болып, мешітке жайғасып алған. Солай ма, солай емес пе, кім білсін. Әйтеуір, жұрт алдында мысық түшкірсе де "жәрекімалла!" деп тұрады. Картоп бақшасына көршінің тауығы кіріп кетсе, аузына келген балағатын айтып, қуып шығады. Қатты сөгінеді жездем. Сөгісте одан асатын біздің көшенің бақташысы жалғыз Нұретдин шығар. Менің жездем қояншы. Бір шегеде оның мылтығы, екінші шегеде қамшысы ілініп тұрады. Үйде бала болмаған соң ол мені жақын көреді. Ішім пысып кетсе, Сайранға қарай жүгіремін. Басыма бір ой түссе, ешкімге айтпастан қайтып кетем. Ой деген себепсіз келмейді. Әрқашан себебі болады. Бір күні бақша сыртында пішен шауып ойнап жүргенде атқа мінген бала мына әнді шырқап өтті:
Қырғын тие алмас дейді,
Қырғын тисе, дүниеде
Әйел - қыз қалмас дейді.
Жүрегім су ете қалды. Егер қырғын тисе? Біздің ауыл қырылса? Менің екі шешем қырылып қалса? Мен шарбақтың артқы жағынан атып шығып, өзіміздің ауылға қарай тұра жүгірдім. Жүгіріп келе жатып, жылаймын. "Ай, Үлкен шешем! Ай, Кіші шешем!" деймін. Діңкем құрыды. Ауылға келсем, бәрі бәз баяғы қалпында. Үй-іші де аман-есен. Тағы бірде біздің ауыл жақтан түтін көрінді: "Біздің үй жанып жатқан шығар..." деп есім кете ауылға шаптым. Келсем, Қазнағұл алқабында сабан өртеліп жатыр екен. Сондай аңғалмын мен. Қорыққанда жүгіре - жүгіре бес шақырым жерге асып кеткенімді байқамай қаламын. Мені не мына жақтан, не ана жақтан іздеп келеді. Тауып алған соң қатты зекімейді. Бәлкім, ұрысар еді. Үлкен шешемнен айбынады бәрі. Хәбибрахман жездемнің де маған айтқан ең ауыр сөзі - "ақымақ". Бұдан әрі аса алмайды.Асырмайды! Картоп бақшасын тырналап жүрген көршінің тауығымын ба мен оған? Бірақ Үммікамал әпкемді ол қатты сөгеді. "Өй, қатпа!" дейді ұдайы. Кемтарлықты өзі тілеп алғандай. Ауру жүйкелетпегенде Гүлжамалдан да сұлуырақ болар еді мына бойымен!
Кәріп жандарды мен өлердей аяймын. Әсіресе мереке қарсаңында. Мейрам кезінде олардың кемістігі анығырақ көрінетін тәрізді. Сыртқа шықпаса қайтер екен? Былтырғы сабантойда Үшәтештің бақташысы Шәрай бүкір ақ көйлек, қара етік, ақ қалпақ киіп шыққан. Сабантой оның бір өзіне жасалып жатқандай. Байғұс - ай! Мен досым Асхатқа өз күдігімді айттым:
- Мүгедектерге мейрам неге керек осы?
Асхат түсінбей тұрды:
- Қайсы мүгедектерге?
- Анау Шәрай бүкірге, қисық мойын Хансаға, ақылсыз қаңғыбас Микәйға...
Досым сасып қалды:
- Мүгедектерге мейрам өте-мөте керек. Жай күндері оларды көрінген адам кемсітеді, мейрам күндері жұрттың бәрі тең... - деп Асхат қалқансыз құлағын сипап қойды.
- Қайдағы тең... Шәрайдың күржігі бәрібір түзелмейді енді.
- Күржігі түзелмесе, көңілі көтеріледі. Қолымнан келсе, кәріптерге мен мейрамды көбірек жасар едім.
Асхат осылай дегенімен, мейрам кезінде мен мүгедектерді қатты аяймын. Біреулердің арасында азырақ балсыра жұтып алған Шәрай би алаңына шықты.. Олай - бұлай ойқастап, билеген болып қисаңдады. "Пай - пай, жарайсың, тамаша билейсің!" деп қошеттеушілер де табылды. Бірақ бір сұмырай тілін тыя алмады: "Байқа, байқа, Шәрай, арқаңдағы жүгің ақтарылып қалмасын..." деді. Қасында тұрған Хисматұлла деген біздің құдамыз дөкір неменің аузына сарт еткізіп қойып қалды. Бірақ одан не пайда? Жыламсыраған Шәрай алаңнан шығып кетті.
Міне саған теңдік!
Біздегі сияқты Сайранда да көктемде кешкі ойын-сауық болып тұрады. Бір күні апайларым жылай жаздап, қыңқылдай берген соң мені қасына қосып, оларды кешкі ойынға жіберді.
- Көз байланғанша қайтып келіңдер, ұмытпаңдар мұны! - деп айқайлады артымыздан. Маған жүктелген міндетті ерекше еске салды. - Апайларыңа көз - құлақ бол!
Бұл енді оның маған күзетші бол, жансыз бол дегені еді. Күзетшіні тапқан екен!
Оқиға желісі мен шешім
Жастар ойынға Бәрсуан өзенінің жағасындағы көгалды таңдапты. Кешкі ойын-сауықта қызықты тамашалар да, жарыс та, күрес те болмайды. Жігіттер мен қыздар қарама - қарсы тұрып, билейді, алқа-қотан тізілісіп ән шырқайды, қол ұстасып, қақпалы, шылбыр ойындарын ойнайды. Қоңыраулы, айналы алуан түрлі сырнайлардың кеңірдек былғарысы жарылып кетердей керілгенде мұңлы саз шалқиды. Көктемгі кеште осы сырнай сазынан сиқырлы ештеңе жоқ...
Алғаш өзім қатарлы балалармен бастан секірмек ойнап жалыққан соң Үммікамал әпкемнің қасына келдім. Ол аяқтарын алға созып, бір шетте көгал шөп үстінде жалғыз өзі отыр екен. Жүзі мұңды көрінді. Жоқ, оның көзінде қызғаныш та, кемсіту де байқалмайды. Өзгелердің ойнағанына таңырқап отыр ол. Мен оның қасына тізе бүктім. Әпкем мойынымнан құшақтай алды.
Біздің Гүлжамал әпкеміз жүзіп келе жатқандай. Қазір билеп, алаң ортасында ұршықтай үйіріліп шыр көбелек айналып келе жатыр еді, енді қақпалы ойынын бастап кетті. Жез қоңыраулы Саратов сырнайын үзіп жіберердей созған сырнайшыға арнап, бір ән шырқап жіберді. Анау ашқан аузын жаба алмай, аңқиып қалған. Апайымның әні бұйра шашты баһадүрдің жүрегін елжіретіп, еріксіз баурап әкетті. Елжіретпей қоя ма. Шалқыған шалқар әуен, көкіректі жарып шыққан зарлы үн!
Өзің сырнайшы жігіт, Қолыңда күміс жүзік. Байкал көліне түссең, Тауып алармын жүзіп.
Пай-пай, шектен асып кеткен жоқ па? Мен әннің бір кемшілігін таптым. Мынандай алпамсаны судан қалай алып шығасың? Өзің батып кетерсің... Сол кезде махаббаттың құдіреті, әйел - қыз рухының шексіз күші мен үшін әлі ашылмаған әлем еді. Өмір сүре келе аңғардым, әйел - қыз махаббаты ер кісіні мұхиттарға батырмай, ғалам оттарына өртемей, иірімдерге түсірмей, қорғайды екен. Өзінің бататынын, өртенетінін, адасатынын ойламайды екен. Тек сүйгені құтылса болды. Гүлжамал әпкем әлгі әнінде, міне, осыларды жырлады.
Гүлжамал басындағы бақыттың шегі жоқ. Не істесе де жарасады, не айтса да орынды. Өзінің екі беті албырап тұрады. Әсіресе әлгі бұйра бас ғажайып көз салған сайын жарқырай жайнап кетеді ол Мен, әрине, күзетіп жүргенім жоқ. Қараған соң көрінеді ғой. Ол біздің қасымызға жүгіріп келеді.
- Сұлуым! Бауырым! - деп жалынады біз екеумізге, - азырақ шыдаңдар енді. Тағы азырақ тұрайық та... - деп өзі біздің жауабымызды күтпей, кері жүгіреді. Біз оны қайтеміз? Билей берсін. Мен Үммікамал әпкемнің жылы иығына басымды сүйеп, тік отырмын. Үммікамал әпкем бауырына жігер беріп: "Ойна, мейірің қанғанша ойна!" деп сыбырлайды.
Гүлжамал бізге тағы келіп кетті.
- Ашуланбаңдар енді! Тағы да азырақ... - екеумізге де ортасы жіп-жіңішке қызыл бірәндік ұстатып кетті. Мұның қайдан келген сыйлық екенін тіпті мен де білемін. Жігіттің тартуы. Демек, Гүлжамал әпкем оған кестелі орамал берген. Жігіттің тартуынан бізге сыбаға тиіп отыр. Жарайды, ішімізді теспес. Үммікамал әпкем сыбағасын маған ұсынып еді, алмадым. Өзі жесін.
Біз қайтып келгенде қалың қараңғы түскен еді. Үй жым-жырт. Үштік шам жанып түр. (Шектен асқан сараңдық белгісі). Үйге енуден Хәбибрахман жездем есіктің құлпын сырт еткізіп ілдіре салды. Шегедегі қамшыны алды. Алдымен ілулі тұрған тері тонды шықпырта тартып жіберді. Сарт ете қалды. Бұдан соң: "Бұларды бұзған сен!" деп сәкіде отырған Ғайникамал апайыма қарай сілтеп алды, тек тигізбеді.
- Шошаңдаған шайтандар! Әзәзілдің күңдері! Қаншықтан туған сайқалдар! - деп жекірді, -Уақытында қайтыңдар деп кімге айттым мен? Саған айтқан жоқпын ба? - деп басыма қамшы үйірді.
- Тиіп көр осыдан! Бірімізге тиіп көр!! Қазір қайтып кетемін.
- Гүлжамалға не болған? Саған не жоқ, сүйретілген қатпа неме! Адамның қоры! - Бүл жолы қамшы Үммікамалдың арқасын осып кетті. Апай қыңқ етпеді. Қамшы қайта-қайта шырпылдады.
- Көке! Көке! Үммітайға тиме! Тиме, көкешім!
- Кезегіңді күт, малғұн! - Ол тағы да Үммікамалға тап берді.
- Жезде! - деп айқай салдым мен. - Өз мылтығыңмен өзіңді атып өлтірем қазір!.. - Басқа сөз аузыма түспей, қатты сасып, шегеде ілулі тұрған мылтыққа ұмтылдым.
Хәбибрахман жездем сескеніп, алақтап қалды. Мен мылтықты алмадым. Бұрышқа тығылып, бақырая қарап тұрдым.
- Жарайды, бұдан былай сабақ болсын, - деп жездем қамшысын шегеге ілді. Мен сол сүйенген күйі булығып, жылап жібердім. Түк жазықсыз қамшы жеген Үммігүлсім әпкемді аядым. Әсіресе мейрамды... Хәбибрахман жездем қамшысын суылдатып, өзінің ғаріп қызын ғана емес бүгін Бәрсуан бойында болған көктемгі көңілді мерекені де сабады.
Тап осы тұста көшеміздің басындағы Зиятдин есімі еске түсті. Оның Ағзам деген баласы былтыр әкесіне айтпай бір жамандау тальян сырнайын алып қайтқан еді. Зиятдин қарт сырнай үнін естісе, есі шығып кететін кісі. Жігіт-желең олардың маңайынан сырнай тартып өте алмайды, айқай шығарып, қуып жібереді. Сырнайды кәпір жасайды, оны қолға ұстау арам дейді. Ағзам өзінің тальян сырнайын шетен шарбақ бойындағы қалақай арасына жасырады екен. Оны бір күні Зиятдин қарт тауып алып, кешеге теуіп шығарыпты. Содан үлкен шоқпармен бүкіл халық алдында соғуға кірісіпті. Сырнай сорлы соққан сайын "дың-дың" етеді. "Әлі дыңылдайсың ба? Әлі дыңылдай бересің бе?" деп аяғымен таптаған. Ағзам жылап отырды. Ұдайы солай. Бірі сазды шоқпармен төмпештесе, екіншісі мейрамды қамшымен сабайды. Қолдары сыңғыр!
Қатыгездікке мылтық ата алмасам да, сол кеште оны жылап қорқыттым. Жездем бұдан әрі даурықпады. Демек, жауыздыққа қарсы мылтық көтерер қауқарың болмаса, оны көз жасыңмен ату керек екен. Мейрімсіздіке қарсы алғаш бас көтеруім, бәлкім, осы шығар. Ал бұдан соң бәрі де болды. Шайқас алаңына ызалана шапқан шақтар да, сасқалақтап, бейтараптық бекінісіне тығылған замандар да болды. Бәрі де болды. Коп болды....
Зерде өткендерді өзіне ыңғайлап, қабат-қабат септеп, түзетіп шығады, олардан жұбаныш пен таяныш іздейді. Қазір жасы жетпістен асып бара жатқан Үммікамал әпкем сонау шақтарды рақаттана еске алады:
- Өтті ғой аңғал, шатты шақтарымыз. Гүлжамал марқұммен тете өстік. Екеуміз де керемет желөкпе, арманшыл едік. Кешкі ойындардан қайта алмай, түн ортасына дейін сайрандап жүретінбіз. Қайтқанда, әкем марқұм, жайы жаннатта болғыр, қатты зекитін еді, ұрысатын еді. Қаншама қызу қанды болғанымен, қол көтеріп, ұрғаны есімде жоқ. Көбінесе ашуын менен алатын. Сірә, тентектеу, еркелеу болып, титығына тисем керек. Енді тек сағына еске аламыз сонау сайран, бейқам шақтарды...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру