"Екінші дәптер" жинағынан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
"Екінші дәптер" жинағынан. Қанипа Бұғыбаева
/uploads/c6f10657-f138-58cc-bfb9-fbe173476135/cover.png
ОТАНЫМ
Айқай сап осынау ғаламға,
Өзім боп өзіңе қол жайғам.
Өзің боп тіл қатып анам да,
Өзің боп сипаған маңдайдан.
Күш алып тауыңнан, тасыңнан,
Бой теңеп өскенмін көкпенен.
Жайқалып сен үшін жасымнан,
Кеудемде махаббат көктеген.
Саяңда түлеген құсыңмын.
Саяңда қонамын, ұшамын,
Әлемге тосып күн құшағың,
Бар елге тіршілік ұсындың.
Отаным, туған жер, топырақ,
Жараттың жанымды өктем ғып.
Сен үшін кеудемнің отын ап,
Жандырсам бір шырақ, жоқ кемдік!
Өмірге емеспін мен қонақ,
Жанымды арыммен жуғанмын.
Бір тусам анадан іңгалап,
Өзіңнен жүз қайта туғанмын.
КИМЕШЕК
Замана сырын ақтарып,
Өмірден өзге күй көксеп.
Музейде тұрсың сақталып,
Сарғайған сары кимешек.
Өңіңнен көріп қайғы ізін,
Тамшы жас көзге іркемін.
Білмеймін, кеше қай қыздың,
Бұлт болып басын бүркедің.
Өңірің жаспен боялған,
Бере алман ол бір күнге есеп.
Білмеймін, кеше қай арман,
Басына салды кимешек.
Өткенде менің қалды есем,
Өмірім толы ұшқынға.
Бір жүректен әлде сен,
Ақ бұлт болып ұштың ба?
Сырлы еді сондағы түн қандай,
Ақ мұнар арайға ұласып.
Алматы, қалғып бір тұрғандай,
Көздерін бір жұмып, бір ашып.
Күміс шық орнайды жағама,
Кең көше, жалтыр мұз көк тайғақ.
Сөнбейтін басына бағана,
Қойғандай үміттен от байлап.
Қараймыз маңайға қызығып,
Санаймыз көктегі жұлдызды.
Төменнен өрлеген, көп шамдар,
Қаққандай жерге от қазық.
АҚСУ
Ақсуым, ауасы бал, нұрлы таңды,
Өзіңді өтер ме едім жыр ғып мәңгі.
Ойласам, түнетемін орманы емес,
Әкеліп көз алдыма бір бұтаңды.
Барам ба, төменге, әлде шыңдарға өрлеп,
О жайлы есепті өмір, жылдар бермек.
Ақсуым, жанарыма жас төнеді,
Аһ ұрып біреу айтса туған жер деп.
Ақсуым, атыңды әркез бақ санадам,
Боясам жеңіл сөзбен, дақ саламын.
Мен едім ай құлатып ақ төсіңе,
Ойнаған толқыныңмен ақ шабағың.
Демеймін, бәрі де арман о, күн өткен,
Арманның алғаш сенен отын өпкем.
Шығады саған деген әрқашан да,
Жалын боп сағынышым көкіректен.
Санаға сан тарау ой жамады күн,
Өзінше бастап небір жаңалығын.
Ақсуым, ақ шаңыңда із боп қалған,
Сөйлейді ерке мінез балалығым.
Өр де едім, ерке де едім жерімде мен,
Жақсыдан жаны бір сәт жерінбеген.
Дәл кеше ойда бар ма жүрем деген,
Бір елде атқа ие боп «келін» деген.
Жерім деп кеудесін кім ысытпаған,
Ыстығын махаббатың ішіп, қанам.
Асықсам Ақсуыма құс болып-ақ,
Көңілмен бір-ақ сәтке ұшып барам.
Іші емес басқа жердің сырты ұнаған,
Өзіңсіз басқа жерде күлкім алаң.
Айналып аспанменен бірге келген,
Сен жақтың гүлге ұқсайды бұлты маған.
Сен десем, ойға батам, қозғалам көп,
Бір жерден сен аталсаң мәз болам кеп.
Мен үшін сол да бақыт – туған жердің,
Самалы сыбырласа өз балам, деп.
Ақсуым, ауасы бал, нұрлы таңды,
Өзіңді өтсем деп ем жыр ғып мәңгі.
Ойласам, түнетемін орманы емес,
Әкеліп көз алдыма бір бұтаңды.
БЕРІЛМЕСІН ТЕК СОҒЫСҚА ЕРКІНДІК
Еркін дем ап тыныс алсын бұл кеудем,
Кең далаға шығайықшы жүр, сәулем.
Еркіндіксіз тұншыға бір күлгеннен,
Еркіндікпен жылағаным бір дәурен.
Тағдыр-ажал жетіп бұйрық, оқ төнсе,
Сөзіме емес, өзіме-ақ кеп дарысын.
Тілерім сол бұ дүниеде өткенше,
Еркіндікпен шықса болды дауысым.
Жақсылықтан кім жалығып жерінін,
Жақсылықпен жазылып бой, серпілдік.
Осы еркіндік саған, маған берілсін,
Берілмесін тек соғысқа еркіндік!
Жек көрем көңілімнің тыныштығын,
Қашанда қозғалыспен туыс күнім.
Хақым жоқ, жан қиналып, терім тамбай,
Жұлуға туған жердің уыс гүлін.
ТАУЛАР, ТАУЛАР!
Таулар, таулар, сырларыңа қанықпын,
Тас төбеңнен көтерілер талып түн,
Бітіміңмен қайсарлықты паш еткен
Сен деп білем көкірегін алыптың.
Таулар, таулар, тыңдамайтын жел өтін,
Не сұмдықты сыртқа қарай тебетін.
Осы кеше жылдар бойы тамшы іздеп,
Байғұс бабам бауырында желетін.
Бұлаң қағып қоңыр сағым мұнарған,
Қыз беліндей шіркін таулар бұралған.
Таң боп атып жүрегімнен жарылып,
Өр жотаңа барады ұшып бір арман.
Жаңғыртсам деп шөлейтіңді суалған,
Талайлардың көзіне жас шыланған.
Бүгін, әне, жас қарағай кеудеңде,
Іркес-тіркес көштердей бір шұбалған.
Бір өзіңе бас игендей шартарап,
Көз алмаймын, тоя алмаймын сан қарап.
Сыр тартасың, сылқымдардай кейде бір,
Мойыныңа ақ бұлыттан шарпы орап.
Еркелеткен бетімді өбіп таңғы арай,
Аспанымнан ақ шабақтай аунап ай.
Көктемменен көріктене түлеген,
Шөккен нардай Нарынқолдың таулары-ай!
ІЛИЯСҚА
Жан едің күй іздеген, жыр іздеген,
Көңілден биік арман, сыр үзбеген.
Сен кеше өр едің ғой, құдіретті,
Тілдескен сонау асқар шың құзбенен.
Ел, мейлі, өлген десін, оны ұқпаймын,
Тірісің! Көңілден жас тоғытпаймын.
Баяғы сырлы қара қобызымен,
Күй тартып осында жүр Молықбайың.
Келесің әуелгі арын өр екпінмен,
Жоталы сай-салаңды бөлеп күймен.
Таптың да тың суретті табиғаттан,
Отырсың ел төрінде бөлек сыймен.
Көрем де күй жорғаны маймаңдаған,
Қызықтап, елтимін де, қайран қалам.
Сол күйден көрем абзал дидарыңды,
Жымиып жұрт ішінде жайраңдаған.
Тағы аңсап асыл жырды тұр-ау елің,
Сен кеше алғыр едің, қыран едің.
Ойпырай, әні-әні анау белден,
Келеді омыраулап Құлагерің.
Қызықтап мол суретін ми даланың,
Нотаға түспей қалған күй табамын.
Сен туған өлкедегі жаңа саздың,
Кеудеме құяр едім сыйса бәрін.
Жан едің күй іздеген, жыр іздеген,
Көңілден биік арман, сыр үзбеген.
Ақсуда туып-өскен қарындасың,
Келеді өзің салған бір ізбенен.
КӨШ
Көз ұшында бір белеңнен бір белең,
Жол шетінде бас шайқайды бүрлі емен.
Жотасына ғасыр теңін артып ап,
Заман атты көш барады дүрбелең.
Алдымыздан кең ашылып жыл есік,
Көңілімнен тұр келешек гүлі өсіп.
Өмір деген көш соңынан жазылмай,
Бір шуда бұлт шаң келеді ілесіп.
Ентігемін, жолдар, жолдар бұралаң,
Көңіл көзі жатқан жалпақ бір алаң.
Көш соңында сым ішектей тартылып,
Сәл босаса адам болы бұраған.
Асықпайын, кеш батқан жоқ, түс әлі,
Қиял, қиял жұртқа тастап, ұшады.
Қиялымда өмір жүзіп келеді,
Үйір-үйір толқынды алып құшағы.
Меңірейіп түк сезбестен тұр шынар,
Маңайымда мазасыз үн, бір шу бар.
Нар үстінен шаңырақты көтермей,
Уа, достар неге қарап тұрсыңдар!?
Күндер, күндер жетелеші, басташы,
Көш деген бір өмір, уақыт қоспасы.
Жол үстінде адамға адам қосылып,
Адам болмақ ғасырлардың көш басы.
ЖАЛҒЫЗ ДӘН
Ежелден бізге, досым-ау,
Өмір мен өлім бұйырған.
Жер-ананың осынау,
Тұңғышы екен түйір дән.
Сол үшін қымбат ол маған,
Осы ғой нәрім, қорегім.
Әлі де пісіп толмаған,
Өзімді бір дән көремін.
Талайдың шешіп тағдырын,
Талайдың тамған көз жасы.
Суарған қанмен тамырын,
Бабамның бір дән өз басы.
Қарашы байқап, достарым,
Сонау бір белден андыздан.
Өткеннің бітпес дастанын,
Баяндап берер жалғыз дән.
БАЛАПАН
Жабылып кейде ашылар,
Бейне бір аспан алақан.
Ұшам деп қашан асығар,
Биікке сонау балапан.
Құстардың үнін жаттаған,
Жатыр ғой көлбеп дала паң.
Қанаты әлі қатпаған,
Төсінде жырлар балапан.
Тамшылап жатыр шық гүлден,
Келеді атып жаңа таң.
Сонау бір қыран бұлт бүрген,
Кешегі ұшқан балапан.
Таусылмас бойға күш табам,
Сарқылмас ойға күй алам.
Қанатын қомдап ұшпаған,
Балапан көрсем ұядан.
Өмір, өмір, менен сұлу жыр тыңда,
Жылтырайды үміт шоғы жұртында.
Біреулер жүр есігіңнен сығалап,
Құралсыз бір күзетші боп сыртыңда.
Өмір, өмір, керек маған ар, шыдам,
Өз қолың ғой көңіл бұлтын аршыған.
Аяғымды мүлт басуға кейде мен,
Осынау кең құшағыңды тарсынам.
Жаныммен отқа күйем де,
Жалындап бірде басылам.
Бұлт болып, қабақ түйем де,
Қайтадан күн боп ашылам.
Жасымас мәңгі жас басым,
Сол үшін кейде мақтанам.
Өмірде менің тәтті-ащым,
Егіз бе осы деп қалам.
Өмір, өмір, таза, мөлдір күлкілер,
Күлкі орнына жылағанды кім тілер.
Мұң шалмаған, кір шалмаған сәбидің,
Осы күні бесігінде бір түнер.
Балғасымен өмір деген ұстаның,
Көңілімді толқын айдап құшты ағын.
Ой-санама үміт жібін сабақтап,
Қиялымды жүз тарқатып ұштадым.
Өмір сырлы, өмір нулы жаз үнім,
Сол өмірде осы күлкі азығым.
Сақтанайық, бірақ, бірақ жастықпен,
Түсіруден жанға күлкі әжімін...
Арқасында ғасырлардың жүгі бар,
Кезі жоқ бір терін сүртіп тынығар.
Заман, заман оза берер толассыз,
Шегіне оның жетпей адам жығылар.
Сезінбеймін меншігім деп от басын,
Сезінбедің деп, достарым, тақпа сын.
Отын жағып іркілместен аштым мен,
Бір кеудемнен жүз үміттің қақпасын.
Көкірегіме көл толқынын құясың,
Қатпар-қатпар тізбектелген қия шың.
Бір шайқамай ойдың асау дауылын,
Қайтіп қана кең дүниеге сиясың?
КӨЗДЕР, КӨЗДЕР
Көздер, көздер күлімдеген күні бар,
Сол көздердің үнсіз тілін кім ұғар.
Осы көздің құдіретіне кезіксем,
Жол таппаймын басқа жаққа бұрылар.
Көп көздердің бір көз болып арманы,
Көз түбіне өмір ұйып, көл тұнған.
Бұл өмірдің қызығына тойдырып,
Кім бар екен көз кемерін толтырған.
Көздер, көздер кең өмірден аумаған,
Көздер, көздер сұлулықты таңдаған.
Осы көзден таң хабары таралып,
Қуаныштан бір тамшы жас аунаған.
Көздер, көздер кеші батып таңы атқан,
Көздер, көздер бар сабырын тонатқан.
Қолмен емес, осы көзбен арбасып,
Біреулер жүр бір-біріне оқ атқан.
Көздер, көздер қысы менен жазы бар,
Сол көздерден біреу күлкі, наз ұғар.
Көз тілімен дүниенің дастаны,
Қотарылып көкірегіме жазылар.
Кең сарай кейде кеудем бір,
Шығатын небір күй тасып.
Ағылып арман көлдей жыр,
Жанымда жатыр ұйқасып.
Алысқа қадап көзімді,
Өндірмей жолды қалам түк.
Сол сәтте, достым, өзімді,
Алғандай болам жоғалтып.
Талапты тегін кім берген,
Талаппен адам жолды ұтқан.
Қалыспай мынау күндермен,
Жүгіріп келем сондықтан.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру