Мазмұнға өту
Home

Рауғаш ерте гүлдейді

Бейбіт Сарыбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Рауғаш ерте гүлдейді

Қай тақырыпта жазса да, адамның қоғамдағы орнын, қоғаммен қатынасын ашып, оны көркем тілмен, ұтымды да шебер жеткізе білетін жазушы Бейбіт Сарыбайдың бұл шығармасы да оқырман көңілінен шығары анық. Ол бұл туындысында өмір шындығын барынша жан-жақты суреттеген.

Университет алдындағы аялдамада адам қарасы көп екен. Жарты сағаттан астам уақыттан кейін Құдайға қараған көліктің біреуі тоқтады-ау әйтеуір. Сол жиырма адамдық шағын автобусқа қырық тоғызыншы болып мен де кіріп үлгердім. Елдің өзі бір аяғын қоярға жер таппай тұрса, бір кесір жолдас “отыратын орын жоқ екен, иә” деп өзінше өкініш білдірді. Оның сөзіне мырс еттік те қойдық.

Бір кезде менің қолымды бір кішкентай қолдың қыса ұстағанын сездім. Қасымда тоғыз, ондар шамасындағы екі кішкентай қыз тұрған, солардың бірінің қолы екен. Сақтық жасап тұрған шығар деп үндемей тұра бердім. Сөйтсем, ол қыз менің қолымды қасындағы қыздың қолы екен деп шатастырып ұстап тұр екен. Бір кезде қолдың үлкен екенін сезді-ау деймін, алақанын ары-бері жылжытып ұстап көрді де айналасына қарады. Мен оның сәби жүзіне қарап күлдім. Қол менікі дегенім шығар. Ал ол болса бетіме үнсіз таңырқай қарап тұрып, бір кезде күліп жіберді.

– Бәсе, мынаның қолы қалайша үлкейіп кеткен деп таңданып тұрсам, сіздің қолыңыз екен ғой, – деп қасындағы қызды нұсқады. Содан кейін екеуара әңгімеміз жанданып сала берді дейсің. Жол бойына іш пыстырмайтын серік табылғанына іштей қуанып та тұрмын. Үстіме іліп алған жұпыны киімімнен қай топтағы адам екенімді аңғарса керек:

– Қаншасыншы курста оқисыз? – деді. Мен қалжыңға сүйеп:

– Қаншасыншы курсың не, айнам-ау, мен мұғаліммін, – дедім. Ол сенген жоқ. Сенбегені былай тұрсын:

–Ал керек болса, мұғаліммін деп қояды. Үстіне киіп алған киімді қарап қойсашы, – деп келеке қып күлді. Мен болсам “ұялған тек тұрмастың” керіне салып:

– Иә, рас, мұғаліммін, – дедім.

– Қай сабақтан бересіз?

– Тарих және география пәндерінен.

Менің шынымен мұғалім екеніме деген күдігі сейілмесе керек, сынап білгісі келді.

– Оһо, сіз география пәнінің мұғалімі болсаңыз, мынаны білуіңіз керек. Ніл өзенінің ұзындығы канша? Осы сұраққа жауап бере алсаңыз сенейін, – деді.

Өлген жерім осы екен дедім. Шынымды айтсам, білмейтін едім сол өзеннің ұзындығының қанша екендігін. Мектеп программасында оқуын оқыдық қой, бірақ ұмытып қалған екенмін. Сұрап алған ауруға дауа жоқ, енді не де болса жауап беру керек. Оның үстіне автобус ішіндегі іші пысып келе жатқан жұрттың бәрінің назары әлдеқашан бізге ауған. Аузыма қайдан түскенін білмеймін:

– Алты мың шақырым, – дедім. Қу қыз сықылықтап бір күліп алды да:

– Әй, мұғалім ағам-ай, неге өтірік айтасыз? Таппадыңыз. Білмесеңіз мен айтайын – бұдан былай жадыңызда сақтаңыз. Әлемдегі ең ұзын өзен осы Ніл өзені. Бұл өзеннің ұзындығы бес мың төрт жүз шақырым, – деді. Мен құтылып кетпек болып:

– Сен оқығанда сондай болған шығар. Өзендер бір қалыпта тұра бермейді. Жиі-жиі ұзарып, не болмаса қысқарып тұрады. Сен оқығанда бес жарым мың шақырым болса, одан бері ұзарып, алты мың шақырым болған шығар, – дедім. Тәтті қыз бұл жолы да оңай құтылдыра салған жоқ. Одан әрмен келеке қылып:

– Әй, аға-ай, сіз де қатырады екенсіз. Сіз тұрмақ сіздің әкеңіз оқығанда да осылай болған. Және сіздің немереңіз де осылай деп оқитын болады. Мені неге алдайсыз. Білмесеңіз “білмеймін” деп айтпайсыз ба? Мен сізге екілік баға қойғалы отырған мұғалім емеспін ғой. Шынымды айтсам, сіз мұғалім емес, талантсыз актер сияқтысыз, – деді.

Содан аз-кем уақыт үнсіз тұрды да қайта бастады.

– Сіз жаңа георграфиямен қоса тарих пәнінен де сабақ беремін дедіңіз, иә? Онда айтыңызшы, Ежелгі Египетте ел билеушіні не деп айтады? Мысалға бізде Президент дейді, – деп бастады да ұзақ сонар мәліметтерді алдыма жайды дейсің келіп. Қай мемлекетте қалай айтатынын айтып шықты. Ал енді айтыңыз деді. Сәл ойланып алу үшін қулыққа көшіп, “сұрағыңды түсінбей қалдым, қайталашы?” – дедім. Ол болса тақылдап тұрып:

– Египетте ел билеушіні не деп айтады? – деді. Білетін-ақ сияқты едім, есіме түсіре алсамшы. Жұрт назары жеп барады. Білмей қалсам ұят болады. Өзіме де обал жоқ, бағана география пәнін ғана айтсам ғой, бұл сұрақты қоймас еді. Бір пәнді азсынғандай екінші пәнді айтып нем бар еді. Енді азабын тартып жатырмын.

– Білетін едім. Тек жұмыстан шаршап шыққандікі ме, есіме түсіре алмай тұрмын. Басқы әрпін айтшы, – дедім.

– П…

– Так, так, так… Тілімнің ұшында тұр. Соңғы әрпін де айтшы.

– Н… Болды өзіңізді-өзіңіз қинай бермеңіз. Білмейсіз ғой. Жаттап алыңыз. Ежелгі Египетте ел билеушіні Перғауын деген. Әй, мұғалімім-ай, ұятқа қалдыңыз, иә. Егер сіз мұғалім болсаңыз, онда бізге оқудың керегі жоқ шығар.

Мен қыздан тірі тұрып құтылмасымды білдім де, әңгіме ауанын басқа жаққа аударғым келді.

– Өзің кештетіп қайдан келе жатырсың?

– Парктен.

– Ұнады ма?

– Ұнағанда қандай!..

– Ақшаң жетпей қалған жоқ па?

– Қайдағы-ы-ы. Қайта, керісінше, мың теңгеміз артылып қалды. Мамам маған бес мың теңге берген. Төрт мың теңгесіне жақсылап қыдырдым. Қалғанын өзіне қайырып берем.

– Көп ақша беріпті ғой.

– Иә, көп берді. Өйткені, біздің уәдеміз бар болатын. Сол уәде бойынша, мен бірінші тоқсанда барлық сабақтан беске шықтым. Ал мамам бес мың теңге берді. Қасында тұрған өзі қатарлас кішкентай қыз бен баланы ымдап:

– Мына достарыңа қаншадан берді? – дедім. Оларға қарап тұрды да қолын бір сілтеп:

– Ә-ә, бұларға ма?! Бұларға берген жоқ. Себебі, бұл екеуі де мамаға берген уәделерін орындай алмады. Мынау – сіңлім. Бұл екі сабақтан төртке шығып қалды да сыйлықтан құр қалды. Ал анау – інім. Ол тура сіз сияқты дым білмейтін сауатсыз. Менің жақсы оқығандығымның арқасында ғана бүгін қыдырып келе жатыр. Ертпей тастап кетейін дедім де аядым. Жақсы оқыса қандай сыйлық алатындарын көріп ынталансын деп те ертіп алдым.

– Папаң кім болып жұмыс істейді?

– Сіз менің сөздеріме қарап үлкен қызметкердің қызы екен деп ойлап тұрған шығарсыз. Жоқ, мүлде олай емес. Егер солай деп ойласаңыз, қателесесіз. Папам автобус айдайды. Ал мамам сол автобуста кондуктор. Таңғысын біз ұйықтап жатқанда кетеді де түнде біз ұйықтап жатқанда келеді. Бір-бірімізді көп көре бермейміз. Өзіміз өсіп жатырмыз.

– Сен мені әбден тексердің. Мен де сені бір тексеріп көрсем бола ма?

– Болады, неге болмасын.

– Жаңа сен жақсы оқимын дедің, иә. Сен жақсы оқысаң мынаны білуің керек. Көктемде ең бірінші қай гүл өсіп шығады? Ерте өсетін гүлді айтшы, – дедім өзі құсап тақылдап. Ол мүдірген жоқ.

– Білмей қалса екен деп тұрған шығарсыз. Өкінішіңізге орай, білемін. Сіз өте оңай сұрақ койдыңыз. Көктемде ең бірінші қауыз жаратын, ерте өсіп шығатын гүл – бәйшешек деп аталады. Ол барлық гүлден бұрын өсіп шығады. Тіпті, көктемнің шығуын күтпей-ақ, қыстың соңына қарай қардың астында жатып та өсе береді.

Оқиға желісі мен шешім

– Онда сен де сол бәйшешек екенсің.

– Неге?

– Өйткені, сен де ерте гүлдепсің. Көктемнің шығуын күтпей-ақ, ең бірінші болып.

– Жоқ, мен бәйшешек емеспін. Мен деген рауғашпын. Мені әкем солай атайды. Жақсы көрген кездерінде «рауғашым менің» деп еркелетеді. Сіз рауғашты білесіз бе, ол көп жақтарда өспейді. Тауда ғана, онда да алыс тауларда ғана өседі.

– Білемін. Біздің тауда да өседі. Мен оны жақсы көремін…

– Сіз де таулы аймақтансыз ба?

– Иә, оны қайдан білдің?

– Түріңізден байқалады. Оның үстіне мен де сол жақтанмын. Рауғашты көбіне біздің жақтыкілер ғана біледі.

– Сонымен, рауғашпын де.

– Иә, рауғашпын. Рауғаш қышқыл болады ғой. Мен де қышқылмын. Сосын рауғаш та ерте гүлдейді. Жаз шыға салысымен піседі. Бірақ бір аяныштысы сол, оның ғұмыры өте қысқа. Қолы жеткендер жеп үлгермесе тез қатып қалады. Жоқ болып кетеді. Сол үшін елдің бәрі оны аңдып жүреді де пісе салысымен теріп алады. Және оған әркімнің қолы жете бермейді.

– Оның бәрін білемін. Мен рауғашты қатты жақсы көремін…

Алматы көшелерінің тығынынан зәрезап болған жұрт бұл күнгі жолдың ұзара түскенін тілеп келе жатыр еді іштей. Өйткені, олардың барлығы да “Рауғаш” екеуміздің әңгімелерімізге беріліп кеткен еді. Тындай бергілері келетін сияқты. Мені емес, әрине, мына бір ерте гүлдеген “Рауғаштың” қышқыл да тәтті қылықтарын тамашалап келе жатыр еді. Ол сол қаптаған көзқарастардан қысылғандай болып, маған сыбырлап қана:

– Еңкейіңізші, – деді. Мен еңкейіп құлағымды оның аузына жақындаттым. Ол сыбырлап қана:

– Мыналардың бәрі бізді тыңдап келе жатыр ғой. Естіп қоймасын. Қызыңыз бар ма? – деді.

– Бар.

– Аты кім?

– Жансая.

– Әдемі ат екен.

– Өзі де сұлу.

– Мен сияқты ма?

– Иә.

– Қашан үйленесіз?

– Оны не қыласың?

– Жай, тойыңызға мені де шақырыңыз деп айтайын дегенім ғой.

– Сені кімім деп шақырайын?

– Жай танысым еді дей салыңыз.

– Танысым дегенге сенсе жақсы. Сенбей қалып, бұрынғы қызың шығар десе, пәлеге қаламын ғой.

– Неге, олай деп ойламайтын шығар жынды болмаса. Мен кішкентаймын ғой. Ой, сіз мені білмейсіз ғой. Мен деген кереметтей әншімін. Тойыңызға шақырсаңыз ән салып беремін. Керемет өтер еді.

Өмірде осындай қызықты сәттердің қысқа болатыны, қысқа болғанда да тым қысқа болатыны жаман да. Біздің де екеуара қызықты сәттеріміздің соңына жеткенімізді қыздың өзі жеткізді.

– Сіз қай аялдамадан түсесіз?

– Абылай ханнан.

– Қап-ай, а!..

– Неге өкіндің?

– Мен Қонаев көшесінен түсетін едім…

– Түссең не қылады?

– Жолда машиналар көп қой. Өту қиын. Сіз біздің аялдамадан түссеңіз, бізді жолдан өткізіп жіберсе болар еді деп ойлағам…

Сол аялдамадан түсіп қалып, “Рауғаш” қызды жолдан өткізіп, тіпті, үйіне дейін жеткізіп салуыма болар еді. Тек әр сөзімізді қалт жібермей бағып отырған адамдардан ұялып, өз жөніме қарай кете беруіме тура келді. Қыз автобустан үнсіз түсіп бара жатты.

– Қыз-ау, пока демейсің бе? Қоштаспай кетіп бара жатқаның не? – дедім. Ол болса:

– Пока демеймін. Во-первых, сіз мені алдадыңыз. Во-вторых, тойыңызға шақырғыңыз келмеді. Ол аз болса, мені жолдан өткізуге де жарамадыңыз, – деп айыптап кетті.

Олар түсіп қалғаннан кейін автобусымыз әрі қарай жүріп кете берді. Көліктің артқы терезесінен карап едім жолдың жағасында тұр екен. Қолын бұлғап қала берді. Мен іштей “Аман бол, айнам” деп кете бардым. Ал автобустың ішіндегі адамдар енді не істер екенсің дегендей маған көз алмай қарап тұрды. Кейбірі жылы жымиып тұрды. Көз алдарында басталып, көз алдыларында аяқталған ғажап киноның аянышты кейіпкеріне аяушылықпен қарайтын сияқты бәрі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙