Мазмұнға өту
Home

"Идрис Шах"

Мырзагелді Кемел

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Идрис Шах"

Мырзагелді Кемел — «"Идрис Шах"» (Көркем әңгіме). ИДРИС ШАХ

ИДРИС ШАХ

Үш балық

Бір тоғанда үш балық өмір сүріпті. Біреуі – ақылды, екіншісі – қарапайымдау, үшіншісі – ақымақ екен.

Бірде сол тоғанға бір балықшы келіп ау салыпты. Ақылды балық аудан құтылатын амал іздеп ойланып: «бұл тоғанның ішінде болсам, мені ұстап алады» депті де, өлген балықтың кебін киіп құтылып кетейін деп, шоршып барып балықшының аяғының алдына түсіп, тынысын тоқтатып, өлген боп жата қалыпты.

Балықшы оны қолына алып қарап, өліп қалған балық екен деп, қайтып өзенге лақтыра салыпты. Балық жағалаудан ұзамай, шөптің арасына тығылып қалыпты.

Екінші балық келіп неге олай еткенін сұрапты. Балық түсіндіріп айтқан соң, ол да сөйтпек болыпты. Бірақ балықшының аяғының алдына топ етіп түсуін түскенмен, тыныс алмай қатып қалуды ұмытыпты. Балықшы балықтардың бірінен соң бірі аяғының астына келіп түсіп жатқаны қалай деп аз ойланыпты да, балықты сөмкесіне сала салыпты, бірақ аузын бекітуді ойламапты.

Екінші балық сонда ғана бірінші балықтың үйреткенін аяғына дейін жасамағанын түсініп, сөмкеден жайлап жылжып-жылжып түсіп, бауырымен сырғанап, суға түсіп аман қалыпты да, бірінші балықтың жанына тығылыпты.

Үшінші ақымақ балық та алдыңғы балықтардан сұрап, солардың жасағанын жасап, балықшының аяғының алдына секіріп түсіпті.

Екі балықтан айрылып қалған балықшы, бұл балықтың тірі-өлі екеніне қарамастан сөмкесіне саларда қараса, бұрын салған балығы жоқ екенін көріп, сөмкесінің аузын бекітіп қойыпты.

Бұдан кейін ауын қанша салса да балық түспеген соң, балықшы үйіне қайтып келіп, сөмкесіндегі балықтың өлген балық секілденіп жатқанын көріп, мысығының алдына тастай салыпты.

Мораль: Өз ақылың болмаса, біреудің ақылымен ұзаққа бармайсың!

Ант

Бір адам жолы болмай, барлық бастаған ісі сәтсіз аяқтала берген соң: егер бақытсыздықтан құтылар болсам, үйімді сатып, кедейлерге бөліп берер едім, - депті.

Содан сәл өтпей ақ ол адамға бақыт күліп қарап, жағдайы түзеліпті де, өткенде айтқан анты есіне түсіпті. Бірақ барлық мүлкінен айрылып қала алмай, антты орындау жолында бір қулық ойлапты. Сөйтіп, үйімді және мысығымды қоса сатамын, - деп хабарландыру беріпті. Сатып алуға келгендерге үйін бір күміске, мысығын он мың күміске бағалап саудаласыпты да, сатқан ақшаның бір күмісін кедейлерге таратып, қалғанын өзіне қалдырыпты.

Мораль: Көп адамдар осы секілді ойлайды. Олар қашан да болса, тіпті, ант ете тұрып та, өзіне тиімді болуын қарастырғысы келеді.

Қауесеттің зияны

Баяғыда екі ғана көшеден тұратын бір қала бар екен. Сондағы бір дәруіш көзіне жас толып өзінікінен басқа көшеге өтіпті. «Ойбай, ана көшеде біреу өліпті» деп біреу қауесет таратып жіберіпті.

Сөйтсе дәруіш пияз тазалап, көзіне жас толған кезде бір қажеттілікпен ана көшеге барған екен, бар болғаны сол ғана.

Айғайға сүрен қосылып, әлгі қауесет өрши беріпті. «Көрші көшеде біреу бақытсыздыққа ұшырапты» деп жалғасыпты қауесет.

Осы өсек тарай-тарай, ешкім анық-қанығын зерттеместен, бұл қаладан кетіп, бақытсыздықтан құтылуымыз керек дегенге келіпті жұрт.

Бүкіл қауым үйреншікті жерін тастап, тез арада басқа жерге көшіп кетіпті.

Одан бері ғасырлар өтіпті. Көшкен жұрттың орнындағы қала қаңырап бос тұрыпты.

«Бұл қалаға бір бақытсыздық келіп, тұрғындарының бәрі көшіп кеткен екен» - деген сөз осы күнге дейін жұрттың аузында айтылып келе жатыр деседі.

Мораль: Өзіңнің немесе сенетін адамыңның көздерің жеткен нәрсеге ғана сену керек.

Өлім есінде тұратын адам

Бір дәруіш теңізбен саяхат жасамақ болып, кемеге отырды. Оны көрген соң жолаушылар келіп, одан ақыл-кеңес сұрай бастады. Дәруіш олардың бәріне: «Бәрі бітетінін біліп, өлім туралы ойлай жүріңдер» деген бір ғана өсиет айтыпты.

Жолаушылардың ешбірі бұл кеңеске онша көңіл бөле қоймапты.

Кеме жолға шығыпты. Бірер күннен соң дауыл соғып, матростар мен жолаушылар тізерлей қалып, құдайларына сыйына бастапты.

Бұл сәтте дәруіш бір шетте қимылдамастан отырып, бірдеңені ойлап отырыпты. Басқаларды билеп алған абыржушылықтың оған қатысы жоқтай болыпты.

Ақыры жел тоқтап, теңіз тынышталыпты, бұлт арасынан жарқырап күн шығыпты. Өз-өзіне келген жолаушылардың бірі дәруіштің бейтараптығы есіне түсіп одан: «Апатты жағдайда бізді бір ғана тақтай өлімнен сақтап тұрды, сіз соны сезінбедіңіз бе?» - деп сұрапты.

- Ия, әрине, мен теңіздің мінезі аумалы-төкпелі екенін білетінмін. Құрлықта жүріп, кәдімгі тұрмысымызда да солай екенін түсінгем, онда да тақтайдан да әлсізірек нәрселер біздің өліммен арамызды айырып тұратын кезі бар ғой, - деп жауап беріпті.

Мораль: Қайда жүрсең де барлық нәрсенің соңы бар екенін ойлай жүр.

Ақылсыз, ақылды және құмыра

Ақылсыз адам деп өз басында болған істі, өзінің жасағанын және өзгелерде не болып жатқанын теріс түсіндіретін жай адамды айтады. Және де ол осылардың бәрін дұрыс деп түсіндіреді, өзі өмір сүретін әлемді қисынды аяқталған және жетілген деп түсінеді.

Осындай біреудің қолына құмыра беріп, бір ақылды кісіге шарап апарып беруге жұмсапты.

Жол бойы ол абайсыздықтан тасқа сүрініп келіп құлапты да, қолындағы құмыраны быт-шыт қылыпты, қолында құмыраның тұтқасы ғана қалыпты.

Содан өзін жұмсаған ақылды адамға келіп былай депті:

- Сізге пәленше деген кісі мына құмыраны беріп жіберіп еді, бірақ бір жарамсыз оны менен ұрлап алды, - депті.

Ақылды адам:

- Егер құмыраны ұрлап алса, онда неге оның тұтқасы әкеліп тұрсың? – деп сұрапты.

- Мен жұрт ойлағандай ақымақ емеспін, құмыраның тұтқасын сізге өз сөздерімнің дәлелі ретінде әкеліп тұрмын ғой – деген екен сонда ақымақ.

Мораль: Өз айыбыңды өзің ашпа!

Өз тағдырың өзіңде

Бір замандарда өзіне жасында не үйретсе соған сенетін және оны ақиқат деп танитын бір патша болыпты. Бірақ ол адал болғанымен осынау шектеулі сананың жетегінде өмір сүріпті.

Патшаның үш қызы бар екен. Бір күні ол қыздарын шақырып алып:

- Менің бар байлығым сендердікі және сендердікі болып қала береді. Мен сендерге өмір сыйладым. Сендердің болашақтарың, демек тағдырларың тек маған ғана байланысты.

Үлкен екі қыз патшаның сөзіне келісіп, құрметпен бастарын иіпті.

Бірақ кенже қызы әкесіне былай депті:

Мен сіздің сөздеріңізге бағынуға тиіспін, бірақ менің өмірім қашан да болса сіздің ғана ықтиярыңызға тәуелді екеніне сенгім келмейді, - депті.

- Біз мұны тексеріп көреміз, - деп патша қызын жеке бөлмеге қамап тастапты. Сол түрмеде қыз бірнеше жыл отырыпты, әпкелері кіші сіңлісінде де болуы мүмкін еркіндікте, байлық пен тоқтықта өмір кешкенде бұл азып, әлсізденіпті.

Сонда да әлсін-әлсін келіп хабарын біліп тұрған әкесінен кешірім сұрап, ол күткендей аяғына жығылмапты.

Ақыр соңында патшаның төзімі таусылып, қызына:

- Сенің менен тәуелсіз болған мінезің үшін осындай жағдайда отырғаныңды ел іші әртүрлі әңгіме етуде, менің абыройыма нұқсан келе бастады. Мен сені өлтіріп-ақ тастар едім, бірақ мен кеңдік етіп жүрмін, сондықтан сені елсізге, аңдар мен жабайыланған адамдар тұратын жерге апарып тастатамын. Сонда сен менсіз өмір сүре алмайтыныңды, маған тәуелді екеніңді түсінерсің, - депті.

Жарлық орындалыпты. Қыз айдаладағы жаңа тұрмысқа бейімделіп, жеміс пен жаңғақ жеп, бұлақ суын ішіп, төңіректегі кедей болса да, зиянсыз, қайырымды адамдармен араласып жүре беріпті. Бұл жерде байлық болмағанмен адамдар арасындағы үйлесім, ешкімнің ешкімге тәуелді еместігі қызға ұнапты.

Күндердің күнінде бір бай саяхатшы осы жерден өтіп бара жатып, қызға көзі түсіп, оны қалап, екеуі бірін-бірі сүйіп қосылыпты.

Күйеуі өзінің бұрынғы қонысын осында аударып, бұл жерге үлкен де әсем, екеуінің ақылына, тапқырлығына, сеніміне сай қала салыпты.

Даладағы жабайы халық та бұларға үйреніп, қаланың мәдениетті қызметшілеріне айналыпты. Ізгі қаланың даңқы аспандап, төңірекке тарапты.

Оны естіген қыз әкесі қартаң патша да атағы жер жарған қайырымды қаланы көрмекке алыстан іздеп келіпті.

Патша сарайына барып, жұбайлар отырған тақ алдына бас иіп келіп, адалдығы мен әділеттігі үшін даңқы өзінен асқан қандай патша екен деп басын көтеріп қараса, тақта бейтаныс патшаның жанында отырған өз қызын көріпті. Оның абыржып қалғанын көріп қыз:

- Көрдіңіз бе, әке, әрбір адамның өз тағдыры бар және әрбір адамда таңдау құқығы бар екен, - депті.

Мұра

Бір бай кісі өлерінің алдында өзінің мүлкін мұраға қалдыру мақсатында мынадай өсиет қалдырыпты:

«Менің жерімде тұрған қауым одан өздерінің қалағанын алып және өздерінің қалағанын Арифке беретін болсын».

Ол кездері Ариф әлі қауымда абырой-атағы жоқ қарапайым жасөспірім жігіт екен. Сондықтан қауымдағы үлкендер өздеріне көлемді жер үлестерін алып, Арифке ешкім құмартпайтын жерден кішкене ғана жер беріпті.

Біраз жылдар өтіп, Ариф есейіпті, ақылы толысыпты. Байдың мұрасын бөліскендегі қауымға кетіп жатқан үлесін талап етіпті. Бірақ үлкендер: «Біз өсиетке сәйкес саған қанша тиеісілі болса, соны бердік» деп бой бермепті.

Ариф қазыға жүгініпті. Қазы өсиетті оқып, соған сәйкестеніп жасалған бөлісті тексеріп, мән-жайға қаныққан соң былай депті:

- Өсиеттің мәнісі былай екен: сіздер Арифке өздеріңізге не қаласаңыздар соны беруге тиіс екенсіздер. Ендеше байдан мұраға қалған жер Арифке тиесілі екен. Байдың жазып кеткен: «қауым өздерінің қалағанын алсын және өздерінің қалағанын Арифке беретін болсын» - деген сөзі сол жерден өздеріне деп алған жерді Ариф есейгенде соған беретін болсын дегені екен.

- Көрдіңіздер ме, - депті қазы, егер сол кезде түпкі мұрагер Ариф деп ашық жазғанда, сіздер жерлеріңізді жақсылап, ұқыпты пайдаланбас едіңіздер, жер азғындап, өнім бермей қоятын еді. Сіздер жерді өз иелігіңіз деп санап, күтіп, өнімін алып тұрдыңыздар. Бай да сіздерге сенім білдіргендей болып, жердің сақталып қалуын ойлады. Енді сіздер жерді заңды иесіне қайтарыңыздар, - деді.

Осылайша жер заңды иесін тауыпты.

Саған – сенің жоспарың, маған – менің жоспарым

Құмырсқа мен инелік туралы белгілі ертегі бар. Онда жазымен еңбек етіп, ініне тағам тасыған құмырсқаға күлген инеліктің қыста тоңып, бүрсеңдегені айтылады.

Сондай бір құмырсқа гүлдің сөлін сорып, қайта ұшып кетіп, қайта келіп жүрген бір инелікке: «Неге сен жоспарсыз өмір сүресің?» деп сұрапты.

Инелік:

- Мен рахатты жақсы көремін және рахат алсам бақытқа кенелемін. Менің мақсатым – мақсатсыздық. Сен қандай жоспар құрсаң құра бер, бірақ мені бақытсыз деп санама. Сенің жоспарың – өзіңе, менің жоспарым – өзіме, - депті.

Құмырсқа есітерін есітіп, инелікті жоспарлы өмірге үйрете алмасын түсініп, жөніне кетіпті.

Көп күндер өтіпті. Бір күні құмырсқа ет дүкеніне келіп, қасапшы етті шапқан кездегі ұсақ шашырандыларды алып ініне таси бастапты. Осы жерге инелік те ұшып келіп, қасапшының алдында қып-қызыл болып жатқан етке келіп қонып, оны жемекке ниеттеніпті.

Инелік қона сала, қасапшы балтасын алып, етті шапқанда, оған қонған инелікті екі бөліп тастапты. Оның жарты денесі құмырсқаның алдына келіп түсіпті.

Соны ініне қарай сүйретіп бара жатып құмырсқа:

«Сенің жоспарың бітті, менікі жалғасып жатыр. Мен ақыл бергенде, менің орынсыз ақыл айтушы санап, сөзімді қабыл алмай, «Менің жоспарым – маған» деп едің, сенің жоспарың саған емес, маған бұйырды» - депті.

Шай туралы аңыз

Ескі заманда шай дайындаудың рецепті тек Қытайда ғана белгілі болған екен. Оны ішіп көргендер ол туралы қауесетті жан-жаққа таратып, әркімдер ақ ол туралы қызыға бастапты.

Бір елдің патшасы қытай императорынан азғана шай алдырыпты. Шайды алып келгендер Қытайда шайды жай адамдар да ішіп отырғанын көргенін айтыпты.

Екінші бір елдің адамдары шайдың дәмін татып көріп, одан ешбір ерекшелік таппай қойыпты.

Үшінші бір ел шайды киелі зат санап, оны ішпей, тек қана оған табынатын болыпты.

Шай сатушылар өзге елдерден сатып алушылар таппай әбден қиналыпты.

Бір ақылды кісі келіп:

- Сендер бұлай отырсаңдар ештеңе сата алмайсыңдар. Адамдарға әуелі шайды ішіп көрсетіңдер, ол үшін шайхана ашып, адамдарға шай ұсыныңдар. Құр сөзбен мадақтағаннан ештеңе шығара алмайсыңдар, - депті.

- Сол ақылды мақұл көргендер Жібек Жолы бойында шай ішетін шайханалар салып, оларды шаршап келе жатқан жолаушылар жайланып отырып, шай ішетін демалыс орындарына айналдырыпты. Адамдар біртіндеп шай ішуді үйреніпті де онсыз демала алмайтынға әдеттеніпті.

Сол жағдай күні бүгінге дейін жалғасып келеді екен.

Мораль: Біреуге бос кеңес бергенше, жасап көрсет!

Мырзалықты барша жұрттан асырмақ болған патша

Парсы еліндегі бір патша сарайының алдынан өтіп бара жатқан жолаушы дәруішті шақыртып алып:

- Басқа елдердің патшалары қандай екен, айтшы, - депті.

Дәруіш:

- Мен араб елінде Атымтай деген патша көрдім. Ол жер бетіндегі адамның жомарты екен, сондықтан оны елі «Атымтай жомарт» деп атайды екен.

- Мен де сол патшадай болғым келеді, қане, ол туралы айтып бер, - депті патша.

- Атымтай жомарттай болу үшін мырзалық жағынан да, рухының биіктігі жағынан да жомарттық таныта білу керек.

Есітуім бойынша, Атымтай елімен көрші хандықтың ханы Атымтайдың байлығын, елін, жерін, қалаларын, мал-мүлкі мен әскерін өзіне қаратып алмақ болыпты. Сөйтіп Атымтайға жаушы жіберіп, оның берілуін сұрапты, өйтпеген күнде соғысып, хандығыңды күйретемін, өзіңді тұтқынға аламын, -деген сәлемдеме жолдапты.

Атымтай уәзірлерін жинап, қалай жауап беруді ақылдасса, олар бірауыздан ол хандықпен соғысуды ұсыныпты.

Атымтай оған қарсы болып, былай депті:

- Соғыссақ, қан төгіледі, халық қиналады. Одан да мен қарсылықсыз орнымды босатып берейін, сонда келген билікші халыққа залал келтірмейді, салықты көбейтпейді, елді ризалықпен дұрыс ұстайтын болады. Қарсылық көрсетсек, жеңе қалса, ешкімді аямайды, жұртым құлға айналады. Мен халқымның бір адамы өліп, бар адамы құлдықта болғаннан гөрі осы шешімді дұрыс көрдім, - депті.

Сөйтіп Атымтай хан шапанын шешіп, мықты бір таяққа сүйеніп, үңгірге көшіпті де, ойға шомып отыруды кәсіп етіпті.

Тұрғылықты халықтың ішінде түрлі адамдар бар еді, олардың кейбірі: «ханымыз қорқақтық танытты» депті, біреулері соғысып, ержүректігімізді көрсетер едік» деп налыпты.

Сонымен елге көрші елдің ханы келіп, өз мемлекетіне бұл хандықты қосып алыпты, ешбір тұрғынға залал келтірмей, салықты көбейтпей, кәсіпші мен жұмыскерге жақсы жалақы төлеттіріп, жағдайды Атымтайдың кезіндегідей етіп ұстапты.

Бірақ, ешкімді алаламай, тең қарап басшылық еткенімен, оның ел ішіне жіберген тыңшылары Атымтайдың аты әлі ел аузында, атағы жер жарып тұрғанын қайта-қайта жеткізе беріпті.

Осы сөздерді қайта-қайта ести берген соң, патша Атымтайды тұтқынға алмақ болыпты. Сөйтіп: «Кім де кім Атымтайды ұстап әкеліп берсе, оған бес мың алтын беремін» деп жарлық беріпті.

Атымтай үңгір аузында отырып, сыртта бір кәрі ағаш дайындаушының әйелімен сөйлескен мына сөздерін есітіпті: «Атымтайды ұстап алсақ қой, шіркін, бес мың алтынды алсақ, мен ғой өліп қалармын, ал саған балаларымызбен бүкіл өмірлеріңе жетер еді-ау» - депті.

- Сен не деп тұрсың, өмірдегі ең жомарт адамның қанын мойнымызға жүктеп бізге не көрінді? Одан да балаларыммен аштан қатқаным жақсы, – депті әйелі.

- Атымтайды қорқақтық жасап, орнын бере салды деп жүр ғой жұрт...

Осы кезде Атымтай үңгірден шығып, ағаш дайындаушы шалға қарап:

- Мен Атымтаймын, мені ханға алып барып, сыйлығыңды ал, - депті.

Шал айтқан сөзіне өкініп:

- Мен бұлай ете алмаймын, айтқаныма ұялып тұрмын, - депті.

Осы кезде Атымтайды іздеп жүрген бір топ адам келіп қалып, алдарында тұрған Атымтай екенін түсінген соң, оны ұстап алып ханға алып жөнеліпті. Арттарынан ағаш дайындаушы шал да ілесіпті.

Патшаға жеткен соң әлгілердің бәрі бірінен бірі дауыстарын асырып, Атымтайды ұстаған мен деп таласа мәлімдепті. Сонда Атымтай:

- Уа, патша, мені кім ұстап алғанының әділдігіне жетем десеңіз, онда сыйлық мына ағаш дайындаушы қариянікі, - депті.

Ағаш дайындаушы шал:

- Атымтайдың өзі шығып, маған жаны ашып, сіздің алдыңызға келмек болып еді, сол кезде мыналар келіп қалып бірге келдік, Атымтай менің әулетімді жоқшылықтан құтқару үшін өзі келді, - депті.

Патша Атымтайдың ісіне разы болып, сол жерде тақты босатып, оған Атымтайды отырғызып, өзі нөкерлерімен бұрынғы жеріне қайтыпты.

Адам қанымен емделу

Византия империясы заманында императорлардың бірі қатты науқастаныпты және ол кеселдің емін ешкім таба алмапты.

Өз елінен ауруды жазар емші табылмаған соң, көрші елдерге сұрау салдырыпты. Императордың хабаршыларының бірі әл-Ғазалидің мектебіне келіпті. Әл-Ғазали өзінің әл-Ариф атты шәкіртін императорды көріп қайтуға Константинопольға жіберіпті.

Әл-Ариф ауру императорды қарап болған соң, сарайдағыларды бәрін шақыртуды өтініпті.

Барлық адам жиналғанда суфий императорға қарап: «Ұлы мәртебелі императорға сенімді пайдаланған жөн болар еді» - депті.

- Біздің императорымызда сенім жетерлік, - депті емшісі. Сіз одан да басқа қандай ем бар, айтыңыз, - депті.

- Ондай болса, басқа бір ем бар, бірақ ол өте қорқынышты, сондықтан айта алмай тұрмын, - депті суфий.

Сарайдағыдардың бәрі мұны естіген соң, әл-Арифке жалынып, емнің жөнін сұрапты.

- Олай болса айтайын: император жасы жетіге жетпеген жеті жүз баланың қанын ішсе, тәуір болады, - депті.

Бұл күтпеген ем туралы қобалжу мен қорқыныш сейілгенде, сарайдағылардың көбісі императорды құтқару үшін осы емді қолдануды ұсыныпты. Бірнеше адам ғана: «мұндай қатыгез шешімнің жауапкершілігі ауыр болады, абайлайық» - депті.

Бұл ұсынысты императорға айтқанда ол үзілді-кесілді бас тартыпты. Сарайдағылар оған жалынып: «Сіз өлсеңіз елдің күні не болады, одан да балаларды сіз үшін қияйық» - десе керек.

Төңірегі императорды ақыры дегендеріне көндіріпті.

Жан-жаққа шабармандар жіберіліп, жасы жетіге толмаған балаларды, император аурудан айығу үшін қажет деп, жинап әкелуге жарлық беріліпті.

Өлімге бас тіккен балалардың аналары өз жаны үшін періште балаларды өлімге қиғысы келген императорды қарғап-сілей бастапты.

Іштерінен бір ақылды ана шығып:

- Жылағанмен, қарғағанмен ештеңе шықпас. Одан да бәріміз Құдайдан императорымыз балаларымызды өлтіріп, қанын алатын күнге дейін жазылып кетуін бір ауыздан тілейік, - депті.

Көп ананың осындай тілеуі белгісіз бір тылсым күштер арқылы императорға жетті ме, әйтеуір, император күн санап балаларды өлтірмеуге бел буып, өз сеніміне беки түсіпті. Ұяты маза бермей, түндерін ұйқысыз өткізіпті.

Ақыры бір күні император: «Өлсем өзім өлейін, бірақ күнәсіз сәбилердің қанын төкпеймін» - деп жариялапты. Осы күндері императорға да әл-қуат бітіп, кеселінен айыға бастаған еді. Сөйтіп күндердің күнінде ауруынан құлан таза айығып кетіпті.

Императордың ауруынан айығып кету себебін сұрағанда әл-Ариф: «Мен сіздерге императорда сенім жоқтығын айтқан едім, сіздер сенбеген соң, басқа орындалуы қиын ұсыныс айтқан болатынмын. Император «күнәсіз балаларды өлтіртпеймін» деуі арқылы берік сенімге ие болды, оған балалардың аналарының императордың сауығып кетуін тілеген тілегі қосылып, император жазылды» - депті.

Мораль: Әркім ниетіне қарай үлес алады.

Нан және асыл тастар

Бір патша өз байлығының бір бөлігін қайырымдылық істеріне жұмсап жүреді екен. Бір күні ол өзінің кедей-кепшікке беріп жүргені кімдерге барып жатқанын білігісі келіп, наубайшыны шақырып, бірінің ішіне қымбат бағалы асыл тастар алып, екіншісі жай нан етіп екі нан пісіртіп, дүкенге қойғызып, ішінде асыл тастары бар нанды ізгілігі бойынан көрініп тұрған, жақсы адамға берерсің деп тапсырып, сыртынан бақылапты.

Таңертең нан алуға екі адам кіріпті. Біреуі дәруіштің шапанын киген, бойын таза ұстаған адам екен, екіншісі қарапайым ғана, ешкімге жұғымы жоқтай көрініпті.

Наубайшы асыл тасы бар нанды дәруіш киімін киген адамға, жай нанды жай адамға беріпті.

Сол жерде сыпайы көрінген дәруіш киімдінің мінезі танылыпты, ол нанын салмақтап көріп, ішіндегі түйін болып тұрғанды піспей түйін болып қалған қамыр деп ойлап, жанындағы шаруаға кейи қарап: «Екеуіміз нанымызды алмасайықшы, мына нан молдау көрінді, саған үлкені жақсы емес пе?» - деп, тартып алғандай етіп, нанын алмастырып алыпты.

Момын шаруа ләм деместен ауыр көрінген нанды алып жөніне кетіпті.

Мұны өз көзімен көріп отырған патша аң-таң болыпты да, мұны Құдайдың құдіретімен болып жатқан іске жорыпты.

Бұл оқиғаға қатысқан адамдардың бәрі өз істеріне риза болыпты.

Наубайшы: «Маған тапсырылғанды көңілдегідей етіп орындадым» деп риза болыпты.

Дәруіш: «Нанның әдемі піскенін алып, анау адамды алдап кеттім», - деп көңілін тоқ санапты.

Қарапайым адам құдайдың құдіретімен басына қона қалған бақыттың нәтижесінде мол байлыққа кенеліпті.

Патша: «Тағдыр біздің билігімізге бағынбайды екен...» депті.

Мораль: Алланың дегені болады, одан асып кете алмайсың! Бақ та, жаза да адасып қона береді.

Бұйрықты мүлтіксіз орындау

Бірде сұлтан Махмуд, Газнаның көшесімен серуендеп келе жатса, иығына көтеріп алған үлкен қойтасы бар, ауырлықтан тәлтіректеп, құлап түсуге шақ қалып келе жатқан байғұс жүкшіні көріп, мейірімі түсіп: «Жүкші, таста қойтасыңды!», - деп бұйрық етіпті.

Бұл бұйрық патшаның өз аузынан шыққан соң жүкші иығындағы қойтасын тастай салыпты, тас жолдың ортасына түсіпті. Сұлтанның жарлығымен қойылған сол тасты, оның ешбір мақсатсыз, жай ғана жанашырлықпен жасаған бұйрығы болса да, ешкім орнынан жылжытуға батпапты, тас бес-алты жыл жүргіншілерге қолайсыздық туғызып жата беріпті. Ақыры тұрғындар шыдай алмастан сұлтанға арызданып, жаңадан бұйрық шығарып, тасты жол ортасынан алдыртып тастауды өтініпті.

Бірақ Махмуд өз ақылының ғана жетегіне еріп, мемлекеттік деңгейде бір рет алған шешімін, басқа жарлықпен бұзғысы келмей, олай болғанда патша кездейсоқ шешімдер де шығара береді екен деген сөзге қалармын деп, қойтас орнында қала берсін деп ұйғарыпты.

Осылайша тас сол орнында Махмуд сұлтан өлгеннен соң да жата беріпті, патшаның бір кездегі шешімін құрметтеп оған ешкім тиюге батпапты.

Бұл оқиға жұрттың бәріне мәлім еді, және бұдан әрбір адам өз өресіне қарай үш түрлі мағына іздепті. Монархияның қарсыластары, бедел иесінің өз айтқанын қалайда орындатқысы келуі қандай ақымақтықтарға алып келуі мүмкін екенін осы оқиға дәлелдеп тұр деп ойлапты. Күшке сөзсіз бас иетін, қандай да болсын жоғарыдан жіберілген жарлықтар мен нұсқауларды орындауға бейім адамдар бұл жағдайдан қорытынды жасауды ойланбапты да. Патшаның шын мәнінде қандай мақсатпен бұл шешімге барғанын түсінгендер, зердесіздердің бұл ісіне күле қарап қоя салыпты.

Жүкшіге қойтасты жол ортасына тастауға жарлық бергенде және оны алып тастатқызбағанда патша адамдардың оның жарлығына сөзсіз және көзсіз бағынуын қалағаны хақ. Бірақ, бір жағынан, патша қатып қалған ережелерді басшылық ететіндер, адамдарға онша көп пайдасы тимейтіндер дегенді де ұғындырғысы келді.

Уақыт, орын, адамдар және тәсіл

Бір патша болыпты. Бірде ол өзіне дәруішті шақырып, былай депті: «Адамзат жаратылғалы сіздер – дәруіштер ұрпақтан-ұрпаққа өз ұсталықтарыңызбен белгілі болып, халыққа нұр таратумен келесіздер. Сіздердің еңбектеріңізбен салыстырғанда патшалардың патшалық ету әлсіздік етеді. Мен сіздер ұстанған ақиқатты ұстанып, сіздердің ақылдарыңыздың деңгейіне жеткім келеді, соған үйретші» - депті.

- Бұл өтініш пе, бұйрық па? – деп сұрапты дәруіш.

- Қалай қабылдасаң солай. Жалғыз сұранатыным – менің сенен үйренгім келеді. Үйретуді бұйрықпен жасайсың ба, жоқ, өтініш арқылы жасайсың ба, бәрібір емес пе?

Дәруіш басын төмен салып, ұзақ ойланыпты. Сосын:

- Сіз ақыл беруім үшін қолайлы сәтті күтуге тиіссіз, - депті.

Осыдан кейін де дәруіш бұрынғыша сарайға келіп, мемлекеттік істердің қалай атқарылып жатқанын көріп жүре беріпті. Бұл кезде патшалықтың тұрғындары үшін талай-талай қиын сынақтар мен сәтсіздіктер болыпты, патша кеңесшілері жағдайды бағалап, кеңес беріпті, шешімдер шығарылыпты, яғни тарих доңғалағы өз жөнімен айнала беріпті.

Дәруіш осы істердің жуан ортасында жүріпті, төңірегіндегілермен сөйлесіпті, күліпті, тамақтаныпты, бірақ патшаға ақыл үйрету жайында белгі бермепті.

Бірде патша сарайында әңгіме арасында біреу: «Дауд атты ұлы әнші бар, тыңдағанда жан рахаттанады» - депті.

- Оны тездетіп, маған әкеліңдер, тыңдағым келеді, - деп бұйырыпты патша.

Сарай рәсімдері өткізуші әншіге келіп, патша сізді тыңдағысы келіп, шақырып жатыр, - десе:

- Сіздің билікшіңіз ән айту үшін не қажет екенін түсінбейді. Егер ол құр көргісі келсе, барайын. Ал, егер ол менің әнімді тыңдағысы келсе, ол менің ән айтқым келетін көңіл-күйім болу сәтін күтсін. Мен басқа әншілерден озық жерім – қашан айтуды және қашан айтпауды білемін, - деп қайтарыпты.

Оны естіген патша қатты ашуланып, қалайда тап қазір тыңдағысы келген өркөкіректігі қозып:

- Әнші Даудты мен үшін ән айтуға мәжбүрлейтін ешкім табылмай ма сонда? – депті.

Осы сөзден кейін дәруіш орнынан тұрып:

- Жүріңіз падишам! Екеуміз әншіге баралық, - депті.

Патша сөзге келместен дәруіштің артынан еріпті.

Олар әншінің үйіне келіп, есік қағыпты. Есіктің ар жағынан: «Мен бүгін ән айтпаймын, мені жайыма қалдырыңдар» - депті Дауд.

Сонда дәруіш жерге отыра қалып, Даудтың сүйікті әндерінің бірін айта жөнеліпті.

Патша дәруіштің даусының әуезділігіне таң қалыпты. Дәруіш әннің қайырмасына келгенде, әдейілеп аздап бұзыңқырап айтыпты. Осы кезде есік ашылып, Дауд шыға келіпті де, жаңағы әнді айта жөнеліпті. Даудтың әні шынында да таңғаларлық екен, ән аяқталғанда патшаның қызметкерлері ұсынған қымбат сыйды патша әншіге сыйлапты.

Қайтар жолда патша дәруішке: «О, ақылман! Дауд секілді ұлы әншіге ән айтқызу жолын қалай таптың?» - деп сұрапты.

- Ұлы мәртебелім, сіз ұнататын әншіге ән айттыру үшін сіз әншімен жолығуға тиіс едіңіз, оған қоса сіздердің жандарыңызда әншіге ән айтуға жағдай туғызатын адам болуы тиіс еді. Бұл орайда ұлы әншілер мен падишахтар, дәруіштер мен олардың оқушылары сияқты. Ол үшін уақыт сәті, қолайлы орын, адамдар және тәсіл болса жетерлік, - депті.

Үш дәреже туралы аңыз

Мына үш затты алып қаралық: егістіктегі бидай, бастаудағы су, шахтадағы тұз. Бұл заттарды, бір жағынан, тұтас және дайын десе болады. Екінші жағынан, олардың әрі қарай өзгеру, даму қабілеті де бар.

Бірінші дәреже – табиғи қалпы.

Екінші дәреже бұлардан басқа бір заттар шығу сатысы. Біраз күш пен білім жұмсалса, бидайдан ұн шығады. Суды бұлақтан әкеліп сақтап қойып, ішуге пайдаланады. Тұзды шахтадан шығарып алып тазартуға болады. Бұл дәреже бірінші дәрежедегіден гөрі белсендірек, онда бар біліміңді іс жүзінде пайдалануға болады.

Үшінші дәрежеде бұл үш құрамдас элементті біріктірсе, одан қамыр шығады. Қамырға ашытқы қосып отқа қойып, нан жасауға болады. Бұл істі атқару үшін біліммен қоса, «шабыт» та керек.

Мақсат нан пісіру болса, жалғыз тұз өндіру жөнінде ғана айтып қоя салуға болмайды.

Пайдалы және пайдасыз

Бір патша өзінің ақылшысына: «Дұрыс ой-өріс баламаларды зерттеуге негізделеді. Маған айтшы, менің қарауымдағылардың білімін өсіргенім жақсы ма, жоқ, оларға көбірек тамақ бергізейін бе? Мұның екеуі де олар үшін пайдалы болады ғой» - депті.

Ақылшысы: «Ұлы мәртебелім, берген біліміңізді қабылдай білмейтінге білім беруде мағына жоқ, нақ сол сияқты, сіздің ниетіңізді түсінбегендерге тамақ беруге де болмас. Сондықтан, ол да, бұл да оларға пайдалы болады» деген де дұрыс болмас» - депті. Егер олар сіз берген тамақты сіңіре алмаса немесе сіз оларды сатып алғысы келіп тұрғандықтан ас беріп тұр деп түсінсе немесе: «біз бұл бергендерінен көбірек алуға тиіс едік», - десе – сіз өз мақсатыңызға жетпегеніңіз. Егер олар сіздің білім бергіңіз келіп тұрғанын түсіне алмаса немесе бергелі тұрғаныңыз шынымен білім бе, - деп күдік келтірсе, я болмаса: «бізге білімді не үшін бергісі келіп тұр» деп түсінбестік танытса, онда сіз өз мақсатыңызға жете алмайсыз. Сондықтан сіздің сөзіңізге жауапты бірден бермей, оны бөлшек-бөлшек талдап барып жауап бергенім дұрыс шығар. Сіз ең алдымен мына бір түсінікті қабылдаңызшы: « Ең пайдалы адам – пайдасыз, ең керексіз адам – бағалы». Кейде ең керекті адамға тиімді ұсыныс жасасаң, ол ұсынысты пайдаланудың орнына ең керексіз нәрсе ретінде ысырып тастайтын сәті болады. Және керісінше...

Үш кеңес

Біреу бір құсты ұстап алыпты.

- Мен бостандықта болсам сенің керегіңе жараймын, мені босат, мен саған үш пайдалы кеңес беремін. Және бірінші кеңесті мені босатпай тұрып берейін, - депті құс.

Әлгі адам бірінші кеңесін сұрапты.

- Егер сен бір нәрсе жоғалтсаң, ол саған қаншалықты қымбат болса да, оған өкінбе.

Құсты босатқан соң, ол бұтаққа қонып тұрып екінші кеңесін айтыпты:

- Ақылға сыймайтын және дәлелі жоқ сөзге ешуақытта сенбе!

Содан кейін құс ағаштың ең биік басына қонып:

- Менің бөтегемде екі үлкен бриллиант бар еді. Егер сен мені өлтіріп, сойғаныңда соны алатын едің. Енді одан айрылып қалдың, - депті.

Адам басын қос қолымен ұстап, өкінішке түсіпті.

- Енді үшінші кеңесіңді айт, - депті құсқа.

- Ақымақсың адам! – депті құс. Менің екі кеңесімді ойланып алмай, үшінші кеңесімді сұрайсың. Бір нәрсе жоғалтсаң өкінбе және ақылға сыймайтын, дәлелі жоқ сөзге сенбе, - деп едім, ал сен сол сөздердің байыбына бармай, өкінішке ұрындың. Менің кішкентай ғана бөтегеме екі бриллиант қайдан сыйсын. Оны мен саған берген кеңестерімді қаншалықты ұғынғаныңды білейін деп айтқан едім. Сондықтан енді саған ешқандай кеңес бермеймін. Сен өз мүмкіндігіңнің шеңберінде әрі қарай өмір сүре бер. Қош, -депті де ұшып кетіпті.

Жылан және тауыс

Әли деген жасөспірім жігіт білім шыңына жетуді мақсат етіп, Бұхарадан кетпек болғанда ұстазы: «Тауыс пен жыланның мағынасын біл» депті.

Жол сапарында ол шынымен-ақ бір бірімен күңкілдесіп, таласып отырған тауыс пен жыланды көріпті. Әли олардан не жайында сөйлесіп отырғанын сұрапты. Олар өздерінің артықшылықтарын, қадыр-қасиеттерін салыстырып отырғанын айтыпты.

Тауыс айтыпты:

- Менің болмысым шабыт шақырады, көкке құлаш ұрғызады, мәңгілік сұлулыққа сүйсіндіреді, яғни, таным шыңына жетелейді. Мен адамдардың өздеріне белгілі қасиеттерін есіне түсіріп тұрамын.

- Мен, - деді жылан, - жаңағы айтылған қабілет-қасиеттердің бәріне иемін. Менің өмірім де адамдардікі секілді жерге таңылған. Осыныммен мен адамдарға өздерін естеріне саламын. Мен адам секілді икемдімін, солар секілді жер бетінде бұрылыс-бұлталаңыммен жылжимын. Адам осыны жиі ұмытып кетеді. Аңыз бойынша мен жер астындағы қазынаның сақтаушысымын.

- Бірақ сен жиіркеніштісің, - деді тауыс. Айлакерсің, жасырын жүресің, улысың!

- Сен менің адамдарға ұқсайтын қасиеттерімді санамалап тұрсың. Өзіңе қара. Сен менменсің, томардай семізсің және дауысың сондай жаман; аяқтарың келісімсіз үлкен, ал қауырсындарың өте ұзын.

Осы жерде әңгімеге Әли араласты:

- Сендердің әңгімелеріңе қарап отырып, екеуіңнің де сөздеріңді түгелдей мақұлдай алмаймын. Сендер өздеріңнің қате түсініктеріңнен арылсаңдар, екеуің бірігіп адамзат баласына үлгі болатындарыңды анық көрсетер едіңдер.

Адам жылан секілді жерге таңылған деу дұрыс, бірақ адам құс секілді биікке де көтеріле алады. Жыланның кей қасиеттері бола тұра, адам кейде тауысқа ұқсап менмен де өзімшіл бола кететіні де бар. Тауыста да адамның бірталай қасиеттері бар, бірақ олар дұрыс дамымай қалған.

Осыны айтып болғанда Әлидің ішкі дауысы мына сөздерді қосты:

- Біздің көз алдымыздағы екі жаратылыстың да да өз өмірлері бар. Олардың өмірі өздеріне тән қасиеттерімен айқындалады. Олардың келіспеушілігі – әрқайсысының өз өмір сүру қалпына байланып, оны сөзсіз ақиқат санайтындығында. Жылан қазынаны қорығанымен, оны пайдалана алмайды. Тауыс әсемдігі арқылы сол қазынаға ұқсайды, бірақ ол да қазынаны өзгертуге қабілетсіз. Олар өздерінде бар нәрседен ешбір пайда шығара алмайды.

Мораль: Адам баласы жан-жағын барлап, көңіл көзімен көріп, өзгелермен санасып өмір сүрсе – нағыз жетілу, үлгілі өмір деген сол.

Иіссу дүкенінде

Қоқыс шығарушы иіссу дүкеніне кіріп қалып, есінен танып құлап түсіпті. Оның есін жиғызуға әрекеттенгендердің ісі ешбір нәтиже бермепті.

Сол сәтте олардың жанынан тағы бір қоқыс шығарушы өтіп барады екен. Ол құлап жатқан кісіге шапанының шалғайын иіскете қойыпты. Қоқыс жинаушы есін жиып, қуанышпен:

- Қандай әдем иіс, - депті.

Мораль: Адам бір немесе бірнеше үйреншікті нәрсеге әбден бой үйретіп алып, басқаны ұмытса, онда қасіретке тап болады. Ол өзінің бойы үйренген барлық заттары осы әлемде қалып қоятын өткелді сәтке әзір жүруі тиіс.

Ұстаздықтың мәні

Мен сізден үлгі алғым келеді, - депті бір ақылманға жасөспірім жігіт.

- Сен әлі үйренуге дайын емессің, - депті ұстаз.

Бірақ жас жігіт жалынып болмапты.

- Жарайды, мен Меккеге жүргелі жатыр едім, қаласаң бірге кетелік, -депті ұстаз.

Жас жігіт қуанып қалды.

Жолға шығар алдында ұстаз: «Біз енді серіктес болдық, сондықтан біреуміз басқарып, екіншіміз бағынуға тиіспіз. Сен қайсысын қалайсың?» -деп сұрады.

- Сіз басқарыңыз, мен бағынайын, - депті жігіт.

- Өзің біл, - деді ұстаз.

Жолда шөл далада түнеуге тура келіпті. Түн ішінде қатты жаңбыр жауып кетіпті. Ұста орынан тұрып, жамылғыны алып, жігітті жауыннан қорғауға кірісіпті.

Жігіт оянып:

- Бұлай ету менің міндетім ғой, - депті.

- Сені жаңбырдан қорға деп өзіме бұйрық бердім ғой... депті ұстаз.

Таңертең жігіт: «Сіз қарсы болмасаңыз, бүгін мен басқарайын» - депті. Ұстаз келісіпті.

- Барып біраз бұтақтар жинап келейін, - депті жігіт.

- Сен олай етпе. Бұтақтарды мен жинап келемін, - депті ұстаз.

- Жоқ. Мен бұтақтарды жинап әкелгенше сізге осында қалуды бұйырамын, - депті жігіт.

- Ұстаздық ету ісінде бағыныштысы басшысын жұмсағанды көріп пе едің? – депті ұстаз.

Осылайша ұстаз жас жігіттің алдында ұстаздықтың не екенін көрсетіп әрі қарай жүріп кетіпті.

Кейінірек ұстазға жолыққанда жігіт сол жеңілістеріне ұялшақтапты.

- Сенің сол жолаушылық сапардағы білгендерің ұстаздықтың мәнін ашып еді, - депті ұстаз.

Көрінбейтін ұстаз

Мәлік Динар философиялық доктриналарды зерттеп болып, әрі қарай білім іздеуге шығады.

- Мен Жасырын Ұстазды іздеуге шығамын, ол өзімдегі «Мен» жетілгенде көрінеді деседі.

Осыны айтып жолға шыққан Мәлік шаң басқан жолды бұрқылдатып кетіп бара жатқан дәруішті көреді. Онымен теңесіп қатар жүреді, бірақ екеуі де үндемейді.

Алдымен дәруіш тіл қатып, қатарласып келе жатқан жолаушының кім екенін, қайда баратынын сұрайды.

- Менің атым Мәлік Динар, Жасырын Ұстазды іздеп кетіп барамын.

- Менің атым Мәлік әл-Фатих.

- Сен маған Ұстазды табуға жәрдемдесесің бе?

- Мен саған жәрдем бере аламын ба, сен маған жәрдем бере аласың ба? – дейді Фатих дәруіштерге тән дөрекілікпен. – Жасырын Ұстаз адамның өз ішінде болады дейді. Оны табу-таппау адамның өз білігі мен тәжірибесіне байланысты. Ал ол тек бір бөлігі ғана басқа адамға берілуі мүмкін нәрсе.

Біраздан соң олар теңселіп, сықырлап тұрған бір ағаштың қасына келеді. Дәруіш сәл аялдап, үнсіз тұра қалып: «Мына ағаш менің жанымды ауыртып тұрған қасіреттен құтқарыңдар» - деп өтініп тұр, - дейді.

- Мен асығыспын. Ағаш та сөйлеуші ме еді?!

Олар ағаштан бірнеше миль ұзаған соң дәруіш:

- Біздер ағаш түбінде тұрғанда, мұрныма балдың иісі келіп еді. Мүмкін ағаштың қуысында жабайы аралардың ұясы болған шығар... дейді.

- Онда кері қайталық, егер бал таба қалсақ, өзімізге біразын қалдырып, қалғанын сатармыз, - дейді.

Олар қайтып келсе, басқа бір жолаушылар ағаш қуысынан көп бал алып тұрғанын көреді. Олар тауып алған балы бір қаланы қатмтамасыз етуге жететінін айтып, кедейліктен құтылғанын мақтаныш етіпті.

Дәруіш пен жас жігітіміз қайтадан жолға түсіпті де кете барыпты. Бір кезде ұмар-жұмар болып жатқан құмырсқа илеуін көріпті, олардың шуылы біраз жерге жетіп жатыр екен. Дәруіш жерге жата қалып құлағын тосып:

- Мына құмырсқалар қазып жатқан жолында бір кедергі кездесіп, сонан аса алмай, жәрдем сұрап тұр. Жәрдем береміз бе? – деп сұрапты.

- Біздің құмысқаларда неміз бар? Мен өзімнің Ұстазымды табуым керек, - депті.

- Өзің біл, - депті дәруіш. – Бірақ, білгейсің, бірақ барлық нәрселер өзара байланыста, сондықтан бұл істің бізге де қатысы болуы әбден мүмкін.

Бірақ Динар бұл сөздерге құлақ аспай әрі қарай жүре берді.

Кешке түнемелікке тоқтағанда Динар пышағын жоғалтып алғанын байқайды.

- Мен оны құмырсқа илеуіне түсіріп алған болармын?

Ертеңіне таңертең олар кері қайтыпты. Пышақ табылмапты. Құмырсқаның илеуіне келсе, онда үсті-басы топыраққа былғанған, бірақ жүздері қуанышты бірнеше адамның үйілген алтынды қоршап отырғанын көріпті.

- Бұл көмбені бір кәрі дәруіштің нұсқауымен таптық, ол бізге: «біреуге кедергі болған нәрсе, біреуге алтын болып келеді» - деді. Сол сөзді тыңдап құмырсқа інінің ізімен қазып едік, осынша алтын шықты, - еді.

Динар өзінің шыдамсыздығына күйінді.

- Осы істі біз атқарғанда байлығымыз тасып, қанша олжаға ие болар едік, - деп өкінді.

- Бізге кеңес берген дәруіш мына кісіге ұқсайтын еді, - деп алтын тапқандар Фатихты көрсетті.

- Барлық дәруіштер бір-біріне ұқсайды, - деді Фатих.

Бірнеше күннен соң жолаушылар бір өзенге келіп, арғы бетке алып өтетін қайықты күтіп, жағасына жайғасты.

Кенеттен өзеннен бір үлкен балық екеуінің алдарына ытқып түсіпті.

- Балық бізден көмек сұрап тұр, - депті дәруіш. – Ол тас жұтып алып, тұншығып тұр екен. Дәрілік шөп беріп, құстырып жіберсеңдер, менің қасіретімді жеңілдетер едіңдер, - деп өтінеді.

Сол кезде арғы бетке өтетін қайық та келіп қалған еді. Динар Фатихты қолынан жетектеп, қайыққа асықты.

Таңертең шайханада шай ішіп отырғанда, дәруішке түнде өздерін алып өткен қайықшы жақын келіп:

- Сізге үлкен рахмет. Кешегі түн маған бақыт әкелді. Сіздерді түсіріп, қайығымды байлай бергенімде алдыма бір үлкен балық шоршып түсіп, тамағына тығылған тасты түсіру үшін жағалауда өсіп тұрған бір жапырақты алып, азына салып жіберуді сұранды. Мен имандылық үшін көмектестім, сөйтсем оның аузындағы тас өте бағалы үлкен алмаз болып шықты.

- Сен балықтың тамағындағы алмаз барын біліп тұрып, маған айтпағаның не?! Алдыңғы екі жолы да сөйттің. Екеуміз де бай болатын едік, -деп ренжіді Мәлік Динар.

- Қазір, достым, сен тәжірибе арқылы үйренуге болатынын түсінсін дедім. Мен – Жасырын Ұстаздың саған жіберген өкілімін!

Бағалы үш сақина

Бір кездері өте бір бай әрі ақылды адам өмір сүріпті. Оның ұлы бар екен. Бірде ол ұлына: «Балам мен саған мына бағалы сақинаны беремін. Оны менің мұрагерім екеніңді білдіру үшін сақта және ұрпағыңа жеткіз. Ол өте сирек кездесетін әдемі сақина және оның жәрдемімен көмбеге апаратын жол ашылады» - деді.

Біраз жылдан соң ол кісі тағы бір ұл көрді. Өскен соң әкесі оған да қымбат сақина сыйлап, үлкен ұлға айтқан тілектерін айтты.

Үшінші ұлы туылғанда да әкесі осы әрекетін қайталады.

Уақыты жетіп әке қайтыс болды, балалар өсті, олар біріне-бірі кімнің басым екенін танытқысы келіп таласатын болды, өйткені олардың әрбірінде сүйеніш етер сақина бар еді. Әрқайсысы өз сақинасын бағалылақ санайтын.

Ағайындылардың өз ұрпақтары өсіп жетілді, олар да өздеріндегі сақинаның ерекшерек екеніне сенімді болды.

Бірақ, әке айтқан «қойма кілті» ашыла қоймады.

Шын мәнінде сақиналардың бәрінде де сиқыр күші бар еді. Бірақ кілт ұрыс-керіс пен таласты қойып, көңілде кірбің қалдырмай, сақинаға байыппен қарап тұрғанда ғана ашылуы мүмкін еді.

Олай бола қоймады, үш ұл мен оның ұрпақтарының әрқайсысы өз сақиналарын мадақтаумен, өзгелердікін кемсітумен болды.

Біріншілер, тығулы қазынаны таптық деп ойлады.

Екіншілер қазына туралы аңыз жай әңгіме деді.

Үшіншілері біз қазынаны өзіміз алдағы күнде тауып аламыз деп үміттенуде.

Ит пен сопы

Сопының киімін киген бір кісі жолда бір итті көріп, таяғымен салып қалыпты. Ит қазыға жүгініпті.

Қазы екеуін де шақырып, алдына отырғызып, сопыға: «Ұят емес пе? Сопы басыңмен көшедегі итті жазықсыз ұрғаның» - депті.

- Менің жазығым жоқ, ит өзі маған сүйкенгісі келіп жақындады, сондықтан таяқ жұмсадым, - депті сопы.

Қазы итке сұраулы жүзбен бұрылыпты.

Ит сонда былай деген екен:

- Мен бұл кісіге үстіндегі сопы киіміне сеніп жақындастым. Егер ол жай киім киген біреу болғанда, мен одан аулақ жүрер едім. Мені оның ізгі кейпіне сендім, ол сырт көзге ғана мейірімді, иманды екен, шын бет-бейнесін көрсетіп, мені жазықсыз таяқтады, жазалауыңызды сұраймын. Оны мынадай сопы киімін бұдан былай кимейтін етіңіз.

Ит те болса, ол жетілу жолында жүрген еді...

Мораль: Адамдардың кейбірінің иттен жақсы болуы міндет те емес шығар...

Үнді құсы

Бір көпестің торда ұстайтын Үнді құсы бар екен. Бірде сол кісі Үнді еліне жүретін болып, құсынан: «Саған еліңнен не әкелейін?» деп сұрапты. Құс өзін қапастан босатуды өтініпті. Оған көпес көнбепті. «Олай болса, Үнді еліне барғанда орманға барып, еркіндіктегі құстарға менен сәлем айтыңыз» -депті құс.

Көпес құсының өтінішін орындап, орманға барып, құсына ұқсайтын құстарға өзінің құсының сәлемін айтыпты. Олардың біреуі: «Ол құс қайда?» -деп сұрапты. «Менің үйімде, торда тұрады» - депті көпес. Соны естігенде, әлгі құс құлап түсіп, өліп қалыпты. Көпес құстың өліміне себепші болғанына өкініпті.

Еліне келген соң, оның қапастағы құсы айтқан өтінішін қалай орындағанын сұрапты. Көпес айтып беріпті.

Үнді еліндегі құстың мұның жағдайын естігенде құлап түсіп өліп қалғанын естіген сәтте қапастағы құс та құлап түсіп қыбырсыз қалыпты.

- Туыстасының өлгенін естіп бұл да өліп қалды ау, - деп мұңайған көпес, құсын қапастан алып, тереза алдына қойыпты. Сол кезде құс «тіріліп» кетіп, ашық терезеден сыртқа ұшып шығып, бұтақ басына қонып:

- Енді білдің бе, сенің айтқан мұңды хабарың маған қуанышты хабар болғанын әрі ақыл бергенін. Елімдегі құстың олай еткені – қапастан бостандыққа қалай шығуға болатыны жайлы ақылы еді. Қош бол, - деп құс аспанға қалықтай жөнеліпті.

Мораль: Қиындықтан алып шығар бір жол қалай да табылады.

Қажеттілік өссе...

Дәруіш бірде билікшісіне Қызыр баба туралы айтып беріпті.

- Қызыр өзін өте қажет еткендерге келеді екен. Оның шапанының шалғайына қолы тиген адам бақытты болады деседі, - депті.

- Әрбір адаммен де осылай болуы мүмкін бе? – деп сұрапты патша.

- Ия, кім лайықты болса, соның бәріне, - депті дәруіш.

- Менен лайықты кім бар мұнда?! Кім Қызырды маған жеткізсе, он мың алтын беремін, - деп жарлық жасапты патша.

Бақтияр баба атты бір кедей шал бар еді, сол патша жарлығын есітіп патша алдына келіп, Қызырды табатынын айтып, алдын ала берілетін мың алтын ақшаны алып үйіне қайтыпты. Әйеліне: «Мен Қызырды қайдан табайын?! Мені өлтірсе де, сендер қиындықсыз өмір сүріңдер» - деп мұңайыпты.

Қырық күн өткен соң, Бақтияр патшаның алдына келіпті.

- Хан ием, сен өзіңе ғана болсын дейтін қарау адамсың. Сол үшін ақша жұмсап, Қызырды шақыртып алғың келді. Бірақ, Қызыр шақырумен келмейді, өзін өте қажет еткендерге ғана келеді.

Патша бұл сөзге қатты ашуланды.

- Оңбаған, сен бұл үшін өміріңді төлемге беретініңді білемісің.

- Білем, дегенмен Қызырды ниеті түзу, ой ізгі кез келген адам кездестіре алады. Қызыр өзі келуге лайық деп тапқан адамға ғана келеді және онымен қанша уақыт бірге болуы әлгі адамның соған лайықты болуына байланысты. Қызыр бабаның бұл шарттарын ешбір билік иесі өзгерте алмайды.

Патша бұл сөздерге тоқтамай уәзірлерінен Бақтиярға қандай жаза беруді лайық көретінін сұрапты.

Бірінші уәзір оны тірідей отқа өртеп өлтіруді ұсыныпты.

Екінші уәзір оны балталап қиқалап өлтіру керектігін айтыпты.

Үшінші уәзір ғана Бақтиярдың отбасының қиындығынан құтылуға тырысқандықтан бұл іске барғанын, бірақ шындықтың бетін ашып көрсеткенін айтып, босатып жіберуді ұсыныпты.

Үшінші уәзір сөзін аяқтағанда патша сарайына ақ киімді, ақ сақалды бір қария келіп кірді де:

- Қызыр өзінің келгенінен игілікті бір қорытынды шығара алатын адамға ғана келеді. Бақтияр баба сондай кісі, ол бала-шағасы аш қалған мәжбүрліктен осы іске барды, сол арқылы маған қажеттілігін арттырды, соны сезіп мен осында келіп тұрмын, - деді.

Патша бұл сөзден кейін Бақтиярға мәңгілік зейнетақы тағайындады. Алдыңғы екі уәзірді жұмыстан босатып, үшінші уәзірді бас уәзір етті.

Патша бұл оқиғадан кейін Қызырға тағы да жолығуға лайық болуға тырысып осы күнге дейін келе жатыр деседі...

Үш ақиқат

Сопыларға ақиқатты іздеушілер белгілі, ал ақиқат дегеніміз – объективті шынайылықты білу.

Бір қатыгез патша осы ақиқатты тапқысы келіпті. Ақиқатты білсе сол білер деп, елдегі Омар атты ақылманды алдырып, соны күшпен көндіріп, ақиқатты біліп алмақ болыпты.

Омарды ұстап алып, сарайға әкеліпті. Патша оған:

- Мен саған барлық ақиқатты маған айтып беруге әмір етемін, ол маған түсінікті болсын, өйтпеген күнде өміріңмен қоштаса бер, - депті.

Омар айтыпты:

- Сен өзіңнің бекзаттыққа толы сарайыңда тұтқын шындықты айтар болса, ол шындық тұтқынның өзіне қарсы куәлік бермесе де, бостандыққа жібересің бе?

- Ия, уәде беремін.

- Падишамның сөзіне куә болыңыздар халайық. Енді мен саған бір емес, үш ақиқатты айтып беремін.

Бірінші ақиқат – менің сопы Омар екендігім. Екінші ақиқат – сенің мен ақиқатты айтсам, өлтірмей босатып қоя беретінің. Үшінші ақиқат – сенің өз түсінігіңе сай келетін ақиқатты білгің келетіні.

Бұл сөздерден кейін патшаның Омарды босатып қоя беруден басқа амалы қалмады.

Жетістікке жеткендер

Пайғамбарымыз жол жиегінде мұңайып отырған адамдарды көрді.

- Неге мұңайып отырсыңдар?

- Бізді тозақ алдындағы қорқыныш қаупі қинайды.

Біраз жүрген соң пайғамбар жаңағы көрген адамдарынан да бетер қайғыда отырған адамдарды көрді.

- Сіздер нені ойлап отырсыздар?

- Біз жұмаққа барғымыз келіп, соны уайымдап отырмыз.

Олардан өтіп пайғамбар тағы да бір топ адамдар шоғырын көрді. Олар көп қиындық көрген сияқты, бірақ жүздері шаттыққа толы еді.

- Сіздер неге осынша шат көңілдесіздер?

- Бізді шаттандырып тұрған ақиқаттың рухы. Біз шынайылықты көрдік және ол бізді маңызды емес мақсаттарды ұмытуды үйретті.

- Міне, нағыз жетістік адамдары, - деді пайғамбар. Жауап сәті туғанда бұлар құдайдың алдына барады.

2011.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙