Солдат сыры
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тоқаш Бердияров — «Солдат сыры». СОЛДАТ СЫРЫ
/uploads/c24c989f-af41-5b6b-98e8-624d6787c3b8/cover.png
Повесть
Моншақтай шұбатылған әскери қызыл эшелон «Қызылтаң» станциясына келіп тоқтады. Армия қатарына алынған өңшең боздақтар улап-шулап, вагонға міне бастады. Бұл қоштасу сәті жүрек қобалжытарлықтай еді. Кемсеңдеген кемпір-шалдар, сыңсыған қыз-келіншектер бір-бір жас өспірімді құшақтап, алыс та ауыр сапарға аттандырып жатты. Жүрек шыңырауынан атылып шыққан ыстық жас жерге тамып, сентябрьдің борпылдақ ақ топырағын әп-сәтте сепкілдендіріп жіберді. Кішкентай станцияның шаң-тозаң аралас бозғылт аспанын аянышты һәм мұңлы дауыстар көтеріп тұрған тәрізді. Тал, теректің шаң басқан сары ала жапырақтары қыбыр етпей мөлиіп тұр. Аспанда ұшып бара жатқан аппақ низам ұлпалары қурай, жантақтың басына қонып, у-шуы мол мұңды үнге төңірек жаппай құлақ тосқан. Азынаған жұрт айқайын есіткісі келмегендей, аласа үйлер терезесін сықситып атан түйедей бүк түскен.
Өз ұлдарын шығарып салуға келген қалайық асығыс. Айнала абыр-дабыр, ыю-қию. Қоштасарда айтылатын қысқа-қысқа сөздер:
— Құлыным, сау бол!
— Неміс фашистерін аяусыз өлтір, аға!
— Хат жазып тұр, төрем!
— Қош ұлым, есен-аман елге орал!
— Әй, Нұртай, біздің Жапсарбайды көрсең, сәлем айта баршы...
— Қайтейін шырағым, бір аллаға өзіңді тапсырдым да!..
Танауы пысылдаған паровоз орнынан баяу қозғалды. Біртін-біртін қайратқа мінген ол қызғылт доңғалақтарын зыр айналдырып, көкала түтінін будақтатып, батысқа қарай аңырай жөнелді.
Мен нардың екінші қатарында жатырмын. Поезд атаулы көлікке ең алғаш мінуім. Сондықтан болар дөңгелектердің сартылын қызық көріп келемін. Доңғалақтар — «Туған ел, туған ел... Қош бол, қош бол!»—деп зырылдайды. Ал кейбір шақ — «Батысқа, алға, батысқа, алға!»— деп әмір етеді.
Мен бала кезімде поезға мінуді кеп армандайтын едім. Мектепке бара жатып немесе Келес жағалауындағы жасыл түбекте жылқы бағып жүріп Қауыншы жақтан паровоздың даусын есіте қалсам қилы-қилы тәтті қиялдарға шоматын едім. Сол бір сүйкімді һәм мұңды дауыс балаң жүрегімді оятып, алыс бір сапарға шақырып, өмірдің шытырман құпия соқпағына меңзейтін-ді. Жас жүрегім елбіреп, ұзап бара жатқан сол дауысқа қарай талпынатын-ды. Жұлдыздай аққан поезға өзім мінбесем де, асқақ та асыл арманым мініп бара жатқандай болатын-ды. Көкжиектен әрі асып, біржола сөнген паровоз үні, не керек, жадыраған жас көңіліме біртүрлі мұң-сағыныштың көне отауын тігіп кетуші еді. «Шіркін, отарба біздің қыстаққа да келсе екені» — деп күндіз-түні нелер бір керемет ойларға бататынмын.
Mіне, поезға мініп отырмын. Жұмсақ, әзі жүрдек, жасыл түсті жолаушылар поезі емес, жүрісі бейжай һәм мазасыз қатқыл қызыл вагонға міндім.
Доңғалақтары сартылдап, қызыл эшелон жүйткіп келеді. Разъездер, қалалар қалып жатты. Киіз үйлер, түйелер, жамыраған қойлар қалып жатты. Қол бұлғаған бурыл сақалды қойшы да қалып жатты. Жусаны аңқыған шексіз-шетсіз қазақтың даласы да қалып барады-ау, қайтейін!
Әнеки, құла түздің ирелеңдеген ақ жолдары, қара жолдары, қасқа жолдары. Бірі өрге асылып, бірі еңістен төмен қарай құлдилайды. Борпылдақ ақ шаңдақ жолмен сатылы арба барады. Арбаға жегілген қос ат қайта-қайта бас шұлғып қояды. Арбашы балаң жігіт, құрғақ жасыл пішеннің үстінде шоқия отырып, оқта-текте қамшысын бір сермеп, ән салатын сияқты. Кеше ғана арба үстінде осылай отырып ап, өзім шырқаған — таныс ән:— «Оқып жүрмін Мәскеудің қаласында, қыздар-ай! Алып кетсем Мәскеуге барасың ба, алу-ай?» деген ән құлағыма келгендей болады. Арба бір топ тораңғы ішіне сүңгіп кетті. Арбашы баланың: «Өй, қыздар-ай!..» — деген үзік-үзік нәзік даусы құлаққа еміс-еміс естіледі. Бала әні жүрекке мұң арқалатып кетті. Арба соңындағы қою шаңдай қайран көңіл ыдырап барады, ыдырап барады...
Бұл көріністің бәрін де мен вагон тесігінен бақылап отырмын. Осынау жатқан бел-белес, көгілдір жусанды дала, қалың мал, тіпті ошақ ішінде маздап жанған оттар да, қойдың қиы да, оның иісі де маған әбден таныс. Ошақ басында қылаңдаған бүкіш дене, ақ жаулықты ана да таныс. Көңілге жақын, жүрекпен туыс осы бір ыстық дүниелердің тамам бәрісі көзден таса боп, бұлдырап соң қалып барады, амал нешік?
Алыстан сағымданып көрінген Қазығұрт, Қаратау төбелерін ақтық рет көрсетіп, олар да біртін-біртін көкжиекке сіңіп бара жатты. Қаратаудың өз баласына жіберген орамалы ма, кім білсін, бір топ шоғырланған ақша бұлт поезбен жарысып келеді. Ару жердің иығына қоңырқай, қуатты жұмыскер білегін арта салып, Сырдария наздана еркелейді. Оның сабырлы ақ толқындары, қоштасар сәттегі бейне бір биязы қыз алақанындай жалт-жұлт етеді.
Ата мекен — қазақ даласының ыстық та қасиетті қойнынан сытылып шығып келеміз. Қазақ даласы бейне бір қызғылт көк атлас көрпедей түріліп, кейін қалып барады. Әне бір киіз үйдің боз түтінін де, әнебір қойшының түлкі тұмағым да, бүкіл жусанды кең даланы да көкжиек жұтып бара жатқандай. Сонау бір жантақты сайдан түйенің екі өркеші қылаң-қылаң етті. Бір замат о да көзден ғайып болды... Аспан кеңістігіндегі мына Күн мен Ай біздің ауылдың төбесінде шақырайып тұрушы еді, тек осылар ғана поезбен жарысып, қалыспай келеді.
Түн ортасы. Мен қапшығыма қисайып аз-кем мызғуға кірістім. Жұрттың бәрі ұйқыда. Тек «қорыл» ғана вагон ішінде сайраңдап жүр. Күндізгі қоштасу, жылап-сықтау, уайым-қайғы, күйкі тіршілік — бәрі де ғайып болған. Қорылдап ұйықтап жатқан болашақ солдаттардың ешнәрсемен ісі жоқ. Мына боздақтардың қай мүшесіне оқ тиіп, қай омырауына орден тағылатынын кім білсін, әйтеуір қазір тыныштық. Ұйқыдағы бейқам бұл замандастарының әкесі бар, анасы бар, әпкесі бар, ағасы бар, туған туысы бар. Олардың бәрі де бұл жігіттердің есен-сау оралуын күтеді. Өмір бақи қыз білегінен ұстамаған уыздай бозбалалар ұйқыда. Не түс көріп жатыр екен, о жағы беймәлім?..
Кешкілікте желінген әр түрлі тағамның, тердің, мохорканың ащы иісі еріксіз мұрынға енеді. Сартылдаған пагон доңғалақтары сөйлеп кетті.
— Батысқа, алға! Батысқа, алға!
Көз ілмей жатқан мен ашыға бастадым. Қапшығымның аузын ағыттым да, екі-үш уыс жүгері талқанды өңешіме құйып-құйып жібердім. Құрғақ талқанға шашалып бірнеше рет түшкірдім. Талқан ұнтақтары аузы-мұрнымнан ытқып-ытқып кетті. Со заматта-ақ вагон дөңгелектері маған ілтипат көрсетіп, жаппай шулап кетті-ай:
— Сау болыңыз!— Сау болыңыз!..
Біздің эшелон Россияның кішкентай бір қалашығына кеп тоқтады. Екі-үш күннен кейін моншаға түсіп, нағыз солдаттың өзі боп шыға келдік. Маған әскери жасыл киімдер оншама қона қоймады. Алақандай пилотканы қазандай басыма қонжита салып едім, оным мереке қазанның құлағында жарбиған тұтқыш сықылданып кетті. Қалың былғарыдан тігілген, темір нәлді добалдай қара ботинка аяғым мен бір құлаш бумази шұлғауымды әп-сәтте асап жіберді. Аяқ киімнің отыз сегізінші номерлісін киетінмін. Ал, мына ботинка қырық екінші! Старшинаға «үлкен екен» деп міңгірлеп едім, «бұйырамын, ки!» деп зекіп тастады. Амал нешік, командирдің әмірі — Отан әмірі! Бір жақсысы шинелімнің ұзын болғанына қатты сүйсіндім. Неге десеңіз, әлгі добалдай қара ботинканы қалқалап көрсетпей тұратын-ды. Түсі суық және зілдей ауыр, қызғылт дүмді винтовка менен үш жарым қарыс биіктеу еді. Өз қолыммен ұстап тұрған қарудың үшкір найзасының ұшын көрем деп, мойнымды қисайтып көп мехнат шегетінмін. «Бұл найза, жауды түйреу үшін керек»,—дейтін-ді командиріміз. Ал, қапелімде мына қару жау қолына түсе қалса ше? Өй сенің мылтығың едім ғой мен» деп күлімсіреп, майысып тұрар дейсіз бе сонда?.. Үш қарыс жансыз істік темірді тірі денеге аяусыз сұғу үшін заводтан жасап шығарған ә, адам баласы? Темір құтының ішіндегі сары сауытты бес патронды көргенімде жүрегім су ете қалды. Мынауың найзадан да бетер қорқынышты екен, бойым мұздап сала берді. Ойпырай, ойпырай мына көкшіл оқтар қара құзғынның тұмсығынан әсте бір аумайды-ау! Мынаның біреуі — адам денесіне қадалса ғой, түбі оңдырмас! О, қандай қорқынышты, құбыжық дүние?
Біздің полк — атқыштар полкі еді. Ә демей-ақ, тактикалық жаттығулар басталып кетті. Алғашқы әскери өмір, қилы-қилы ойындар маған өте-мөте ауыр соқты. Алдымен сұр шинель мойнымды қажады. Сосын противогаз бен қолкүрек екі бөксемді оңдырмай ұрып тастады. Мылтығының дүмбесін аспанға қарата еркін асынған талай-талай аңшыларды көріп-ек-ау ауылда! Бұл жерде жауынгерлік қаруды қалай болса солай иыққа немесе қолтыққа қымқыра салуға болмайды екен, бауырым. Сондықтан да түні бойы екі иығым зар қақсап шығады. Күні бойы безілдеп жүгіру, окоп қазу, нысана атып жаттығу, жансыз қарақшыны найзамен түйреу, орманды алқапты жаңғыртып «Урра!» деп айқай салу... Бар шаруа осы. Бұл жәйттер дегенмен, әсіресе маған жайлы тие қойған жоқ. Командирімнің —«Подъем!» деген ежет даусы әр күні таңертең сағат бесте мені шырт ұйқыдан еріксіз оятатын болды. «Құлыным, тұрсайшы, сүт пісті» деген қайран анашымның нәзік үні-ай!
Елден алып шыққан азын-аулақ қауын қақ, талқан, сөк, құрт-майдың таусылуына байланысты менің қайыс белбеуімнің тесігі де біртіндеп көбейе бастады. Табақ-табақ бидай көжеге дағдыланған бейқам құрсақ омырылған құмдай күннен-күнге ойыс тартты. Лапылдап жанған жантақ отына үйітілген құйқаның сүйкімді иісі бұл шақта қайран мұрынға үлкен тәбірік!
Жазық далада әскери ойын ойнағанда қатты қалжыраймыз. Үзіліс кезінде көп жігіттер түтін жұтып, шылыммен алданады. Ал, Шәлдубек екеуміз көк қапшыққа жармасамыз. Сүлгіге оралған бір бөлік қоңыр бөлкенің иісін бұрқыратып, о жер, бұ жерін мытып, не керек, бір түйір нанды түскі тамаққа әзер-мәзер жеткіземіз.
Мен Вася Костин дейтін жауынгермен табақтас болдым. Былайша айтқанда, екеуара — бір котелок. Бір күні «шабуылдап» жүріп, жарқабақтан абайсызда құлап түсіп, ағаш қасығымды сындырып алдым. Пешенеме біткен жалғыз қасық еді, оны да құдай көп көрді. Әрине, қасықсыз солдаттың күні қараң. Жора-жолдастарымнан сұрастырып жүріп, бармақтай сарғылт түсті шай қасықты әрең дегенде таптым. Тапқаныма жол болсын-ау, әбден қорлық көрдім. Қалай дейсіз ғой? Жұрт қою сорпаны сораптап, тепшіп-терлеп рақатқа кенелсе, ал мен керісінше қорлықты сорпа ішкенде көрдім. Титімдей қасыққа не картоп ілінбейді, не ет ілінбейді. Капустаның жапырағы о да орта жолда шоршып, кателоктың ішіне түседі. Сұйық астан запы шеккенмен, не керек, ақымды тары ботқадан алып жүрдім-ау, әйтеуір!
Бірер күннен кейін халім жақсарды. Сұрастырып жүріп, үп-үлкен қалайы қасық тауып алдым. Мұны көріп Костиннің үрейі ұшып кетті.
— Достым-ау, мынауың қасық емес, ожау ғой!
— Біздің ауылдың қасығы осындай болады,— дедім әзілдеп.
— Мәссаған!..
— Сақтан, бауырым! Өстіп сенен ақымды алмасам...
Нән қалайы қасығымды ыңғайлап, майлы сорпаға төне түстім. Ал енді жарысып көрелік.
Түскі тамаққа жарымаған кейбір ашқарақ байғұстар асхана алдын торитын. Ақ телпекті аспаздан үстеме көже немесе ботқа талап ететін. Шынымды айтсам, тіпті сыбағасыз қалсам да мұндай «кәсіппен» айналыспайтын едім. Бір рет мен асхана маңынан өзімнің жерлесім Шәлдубекті көріп қап, жерге кіріп кете жаздадым. Оны шақырып алдым да, жолдастық ақылымды айттым.
— Сенде намыс бар ма, жоқ па? Асхана алдында жетім баладай сүмірейіп тұрғаның не? Өз атыңа кір келтірмесейші. Жүрміз ғой біз де шыдап...
— Әй, Қожан, бауырым-ай!— деді ол ұялғансып.
— Е, не болды?
— Күні-түні зыр жүгіруден бе, әлде елдің дәм-тұзын сағынғандықтан ба, әйтеуір, араным ашылып барады. Елде жүргенде ет дегеніңізге пысқырып та қарамайтын ем,— ол мұңая ойланды да, сөзін әрмен қарай жалғастырды.— Кеше темір жолда күзетте тұрып, қант қызылшасын көп жеп қойыппын. Аузымнан қара су ақтарылып, мазам кетіп барады. Ойпырай, қайтсем екен?
— Түсін, достым, шыдамдылық, сыпайылық, адамгершілік керек. Ар, намысты биік тұтайық. Сен Исатай — Махамбеттің, әйгілі қазақ батыры Аманкелді Имановтың ұрпағы емессің бе?!
Бос кателогінің ішіне үңіліп, сүмпиіп тұрған Шәлдубек бойын тік ұстап, со заматта-ақ жандана түсті. Жас жауынгердің жанарында намыс ұшқыны ойнап тұрды. Ол тесіктен сығалаған аспаздың: «Кәне, кімге ботқа керек, ыдысыңды тұт»,— деген сөзіне мән бермей, казармаға қарай жылдам басып жүріп отырды.
Сол Шәлдубек күндердің күнінде бейтаптанып қалды. Ыңқыл-сыңқыл күшейіп, кәдімгідей төсек тартты. «Казармада жатып-ақ сауығып кетер»,— деген ниетпен бөлімше командирі сержант Гайнуллин оны фельдшерге білдірген жоқ. Қызыл әскерлер сап түзеп, дала ойынына кеткенде ол жападан-жалғыз ұзын, аласа жер үйде қалып жүрді. Кейде оған кезекшілік жұмысын да жүктей салатын. (Егер басын сәл көтере қалса).
Жертөлеге жұрттан бұрын кірген мен жерлесімнің қасына бардым, Шәлдубек шекесін дымқыл сүлгімен байлап алған. Шинельге оранып, жұмсақ сабанның үстінде көсіліп жатыр. Оқта-текте жөткіріп қояды. Өзіне тиемелі жеті жүз грамм қара бөлке, бір шақпақ қанты, түсі сарғыш бұршақ ботқа да сол қалпында тұр. Кешелі бері ол шамасы дым сызбаса керек. Нәр татпаған жолдасыма тандана қарадым. Мен оны қатты аядым.
— Бауырым-ау, немене, өзіңе-өзің аштық жариялағаннан саумысың?
— Осы бір түйіртпек-түйіртпек көжеден-ақ мезі болдым,— деді ІПәлдубек басына жастанған көк қапшығының бүйірінен нұқып-нұқып қойып,— Полтава гәлошкесі дей ме, аты қалай еді өзінің?.. Қамыр деген жарықтықты бабына келтіріп пісіріп, илеп, шаштай ғып кеспе жасаса болмас па еді, түге?!
— Қамыр созып, илеп жатуға аспаздардың уақыты жетеді дейсің бе, сабаз-ау!
— Шіркін-ай, қою сүтке бөктірілген тары көже болсайшы,— деп Шәлдубек қайта-қайта тамсанды.
— Тілегіңді орындайтын ем, Шәлдужан, амал қанша, тары көженің ауылы алыста ғой. Одан да қандай асқа тәбетің шабады, сен осындағы бар астың атын атасайшы. Босқа қиялдап қайтесің?
— Әрине, қымыз бен қазы-қартаның ауылы алыста ғой, батыр, оған дауа жоқ. Сен маған пирог әкеп берші. Әлгі ішінде капустасы бар, майға пісірілген күлше ше?.. Е, соны айтам...
Ол ұзақ есінеді. Тағы да тамсана түсті.
— Құрт қатқан ыстық сорпа болар ма еді, шіркін-ай!..
Дәл осы бір мезетте взвод командирі лейтенант Петуховтың «тысқа шығып, сапқа тұрыңдар» деген әмірі естілді.
Лейтенант Петухов — отыз жасқа беймарал келген орта бойлы, мығым денелі, ақсары жігіт. Соғысқа қатысып, өмірдің ащы-тұщы дәмін жіті аңғарған майдангер ме, немесе тылдағы қоймалардың бірінде қызмет атқарған интендант па, о жағы бізге беймәлім. Біздің білетініміз — оның қаталдығы. Оның жадырап, шын жүректен күлгенін, яки болмаса біреумен қалжыңдасқанын әсте бір көрген емеспіз.
Біз кеше ғана мектептің қоңыр партасында монтиып отырған оқушы өспірім едік. Ал бүгін — солдатпыз. Парта орнына — окоп, қалам орнына — автомат. Ыю-қию, шадыман класымыз — айбынды взводқа айналған сияқты. Оқулық кітап, дәптерлеріміз, дәуіт, қаламсаптарымыз түймесі үзілген шыт дорбаның ішінде үйді-үйімізде ілулі тұр. Бәлкім, сол ілулі тұрған жансыз дорбаға жанарын қадап, аяулы аналарымыз көздеріне жас та іркер...
Өзіммен бірге қатарда тұрған құрбыларымның жүзіне қарап көп жәйттерді аңғарғандай болам. Кеше ғана күлкі ойнаған ажарда тап қазір нажағайлы бұлт үйіріліп тұр. Бәрі де қазықтай қақшиып тұр. Жүздері суық, қабақтары түйіңкі, көздері отты. Тек қана алқызыл еріндерінде балалық шақтың нәрі жылтырайды. Кешегі бып-биязы, қыз мінезді жайсаң жігіттер, бүгін қап-қатал бола қапты. Кешегі мамасының баласы, бүгін — кәдімгі солдат!.. Не керек, нағыз солдаттық дәрежеге жету үшін талай-талай темір кателок тоздырдық қой!
Ә дегенде өз басым көп «таяқ» жедім. Қай күні екені есімде жоқ, әйтеуір, бірде алдыңғы қатарда тұр ем, ком-взвод Петухов маған жетіп келіп:
— Ауызыңды неге ашасың?— деп саусағын төндіре түсті де, ізінше өзіне қарай тартып алды. (Ептеп айқайлап та жіберді ғой деймін). Мәселе түсінікті. Ол қызбалықпен өз саусағын аңырайып тұрған менің аузыма абайсызда тығып алса керек. Мұндай жағдайда әркім де аузын еріксіз жұмады ғой. Әрине мен де солай істедім. Бір жаман жері командирімнің саусағын тістеп алыппын...
Алғашқы күндері «тревога» кезінде мен киімімді жылдам кие алмай ит қорлықты әбден көрдім. Не ұстасам да қолымнан бәрі сусып түсе береді. Біресе бас киімімді іздеймін. Біресе белбеуімнің тесігін таба алмай қатты сасамын. Қолымдағы бір құлаш обмоткам тарқатылып кетіп, оны ретімен жинап алып, балтырыма қайта орағанша бес-алты минут емес, бірсыпыра уақыт өтетін. Мазам қашып осындай қым-қиғаш әбігерге түскен шақта «Мин сиңа әйттім бит»,— деп сержант Гайнуллин бір жағынан діңк-діңк етіп, дегбірімнен адастыратын. Әскери темір тәртіпке дағдылана қоймаған сорлы басым командирден сөгіс алып, немесе нарядтан тыс жұмыс істеп жүрдім.
Тағы бірде дабыл қағылғанда мен айлаға бастым. Апыл-ғұпыл киініп, сержант Гайнуллиннің керзі етігін аяғыма сұқтым да, қару-жарағымды асынып, елден бұрын тысқа беттедім. Біздің бөлімше командирі Гайнуллин «Мин сиңа»... деп әлдекімді ұрсып-зекіп, жұрттың ең соңынан шығып, міңгірлеген бойы қатарға кеп тұрды. Мен оның аяғына қарап, өзімнің қырық екінші номерлі добалдай ботинкам мен бір құлаш сұр обмоткамды таныдым.
Сөгіс алу, еден жуу, картоп тазалау дегендеріңіз, әншейін бір айналайын жұмыс екен ғой, шара қолданудың бұдан да «мықтысы» бар екен.
Шәлдубек «жерік» болған пирожоктың қырсығы көрер көзге тағы бір пәлеге әкеп соқтырды.
Сол күні біз жонарқамызға укол салдырмақ боп, базар маңындағы емханаға бардық. Жұрттан бұрын жаурыныма ине сұқтырдым да үн жоқ, түн жоқ, базарға қарай зыттым. Со жерде тік тұрып, бір құмыра айран іштім де сатушы кемпірге ақшасын төлеп, ішінде капустасы бар жиырма шақты пирожок алдым. Оны ұқыптылықпен газетке орап, қойныма тығып, шинелімнің ілгегін ілдім. Қайыс белбеуімді нығарлай қысқанымда, көкірегім қаз омырауланып шыға келді.
Мен екі ойлымын: емханаға қайта барсам ба екен, әлде казармаға қарай жүре берейін бе? Өстіп дағдарып тұрғанымда бір взвод «Эх, тачанканы» әндете шырқап мүйістен көрінді. Әне біреуі ұзын сирақ Костинге ұқсайды. Түбі менің взводым осы болар деген жорамалмен әлгі өлеңдетіп бара жатқан солдаттардың соңынан жүгіре жөнелдім. Бірақ жете алмадым. Үлкен қызылала қақпаға таяна бергенімде, мені күзетте тұрған ефрейтор тоқтатты. Бірер минуттан соң «бағыма» өзімнің үшінші взводым да жетті-ау!.. Комвзвод лейтенант Петухов:
— Алпысбаев, сен қайдан жүрсің?— деп маған тіксіне қарады.— Қане, жылдам сапқа тұр, барған соң көреміз...
Шынымен-ақ казармаға жеткен соң, мені екі адым алға шығарып, жұртқа қаратып қойды. Лейтенант маған қайта шүйіле түсті.
— Қайда болдың? Неге сұраусыз кетесің?
Менің құйқа тамырларым шымырлап барады. Не деп жауап қайырсам екен? Шынымды айтайын ба, әлде?..
— Сен өзің укол қабылдадың ба соны айтшы?
— Қабылдадым, жолдас командир!
— Кәне, шешініп арқанды көрсетші.
Мәселе осындай қолапайсыз жағдайға ойысады ғой деп мүлде ойлаған жоқ едім. Не істеу керек? Егер шинелімді шешсем, бар сырымның ашылуы сөзсіз. Сосын мына тұрған жүздеген көген көздер мені мазақ етіп күлмей ме? Тіпті, «мешкей» деп ат қоюлары да ықтимал... Жаңа ғана денемді жылытып тұрған ыстық пирожоктар табан арасында мұздап сала берді. Салқын лебімен өнбойымды қарып бара жатқандай. Мұндай да қысыл-таяң абыржу сәттері болады екен-ау!
Командирдің тұздай екі көзі өңменімнен өтіп барады:
— Қызыләскер Алпысбаев, әмірімді орында!
Мен кібіртіктеп жертөлеге қайта-қайта қараймын. Онда науқастанып Шәлдубек бауырым жатыр. Иә, кешелі бері дым сызбаған. Қойнымдағы пирожокті сол пақырға арнайы алып едім, жолымның болмауын қарашы. Әттегене-ай!!..
Қаһарлы лейтенант жақын келді де:
— Немене, ұялып тұрсың ба?— деп, менің қайыс белбеуімді сілки-мілки ағытып жіберді. Майға піскен қоңырқай пирожоктар әп-сәтте патыр-пұтыр жерге төгіле қалды. Егер жер жарық болса кіріп-ақ кетер едім, амал қанша?!
Ол жүзін кілт тайдырды да, он қолын фуражкасының тұсына апарып, өкшесін сарт еткізді.
— Базарға менен сұраусыз кеткені үшін, командирдің бетінен алғаны үшін, қызыләскер Алпысбаевқа бес сетке арест жариялаймын.
III
Мен ұйқының қымбаттылығы мен қадірін бұл күндері әйбат сезінетін болдым. Шіркін, солдаттық ұйқы мұншама тәтті болар ма?! Қара бидайдың жұмсақ сабағы мамық құс төсектен әсте бір аумайды-ау! Жантайсам болды — «қор» ете түсем. Тыпыршып олай-бұлай аунауды да білмеймін. Құбыжық бейжай түс те көрмеймін. Сәбидей албырап, ертеңгісін бір-ақ оянамын. «Пай, пай, пай, тағы да бірер минут ұйықтар ма едім!» — деп сарғыш сабанға мұңая көзімді саламын.
Әсіресе бұл жақтың қысын айтсайшы! Орыстың сұлу да қаһарлы қысы. Шытымыр аяз түкірігіңді жерге түсірмей қағып әкетеді. Қар жамылған қалың орман сықыр-сықыр етіп, дүр сілкініп, белгісіз бір жаққа сырғып бара жатқандай. Ертегілерде көп айтылған осындай ну орман ішінде иісі аңқыған қайың мен қарағайды балтамен қақ айырып тастап, отты маздата жағып, дөңгелене отырып өткен-кеткеннен хикая шерту қандай тамаша! Анекдот болса тым жақсы. Ал, әскери жасылкөк кателокта картоп дегеніңіз бұрқ-бұрқ қайнап жатса, одан да жақсы болар еді!.. Шырт-шырт етіп, құлақшынға немесе шинельге ыршып-ыршып түскен қып-қызыл шоқтарды-ай!
Шынын айту керек, әскери «айт-два» бізді мезі қылды. Соғыс техникасын ойнап жаттықтық. Мақтанып қайтейін, өз басым нысанаға оқты қолмен апарып қойғандай дәл тигізем. Винтовканы бөлшек-бөлшекке бөліп, көзді жұмып-ақ, әп-сәтте құрастырамыз. Әскери маршпен адымдап, әдемі жүретін болдық. Ә дегенде орысша өлең білмейтінбіз. Лейтенант Петухов «Өлең айтыңдар»,— деп әмір ететін-ді. Бізде үн жоқ. Ол әмірін үш рет қайталайды. Егер біз үндемесек «Газы»,— деп бұйырады. Сосын «Жүгіріңдер»,— дейді. «Алпысбаев жылдам, жылдам»,— дейді. Әне, сонда зықымыз шығады. Басымызға қапталған жарғақ резинаның күңірсіген иісі, аузымызға құйылған тердің ащы дәмі, салақтаған противогаздың қорабы, қолкүрек, мылтықтың құндағы бәрі де жанымызға әбден бататын-ды. Сөйтіп, ән салуды да үйрендік-ау! Кейде лейтенант Петухов — «Взвод, жат»,— деп шаңқ ете қалады. Біз жаппай жолға жата кетеміз. Со замат ол: «Жүз метр жер бауырлап алға жылжыңдар»,— дейді. Әрине, біз жылжимыз. Сонымен «жылан жүрісті» де меңгеріп алдық. Ұран осы: «Білмесең үйретеміз. Істегің келмесе бұйырамыз!» Солдаттың аты солдат қой, қаталдық керек-ақ!
Біз ауылдан аттанарда — «Қарағым, жауды жапыр» деп кемпір-шалдар ақ батасын айтып, тілеуімізді тілеп қалған еді. Ал біз болсақ өзіміздің асханамызға отын дайындап, қалың орман ішінде қарағай жапырып жүрміз. Шұжығы мол майлы борщқа тойып алып, екі бетіміз қызара бөртіп, темір жол көпірін күзетеміз...
Алғы шеп қайда? Майдан қайда?
Бір күні мен үлкен өзеннің көпірін күзетуге нарядқа бардым. Алғаш баруым еді — көресіні көрдім-ай! Мұның қасында баяғы «пирожок хикаясы» әншейін бір айналайын дүние екен ғой!
Мен поста тұрмын. Сол жағымнан паровоздың бұрқыраған түтіні көрінді. Шойын жол сықырлай бастады. Әскери эшелонның тұмсығы көпірге кеп ілікті. Вагондарда «Батысқа, алға!» — деген жазу бар. Платформада ауыр танк, зеңбіректер. Есігі айқара ашылған ашық вагонның табалдырығында тізіліп солдаттар отыр. Мұрттысы бар, мұртсызы бар. Бәрінің де пагоны жасыл. Винтовкамды жымқыра ұстап, мен тұрмын қақшиып. Платформадан, вагоннан менің адресіме айтылған тұрпайы сөздер келіп жатты құлағыма. Жуан дауыс, жіңішке дауыс, қоңыр дауыс — бәрі де уытты, зәрлі.
— Пай, пай тұрысыңа болайын!
— Қайран жеңімпазым-ай!
— Қанша фриц өлтірдің?
— Көпірбайға бір сәлем!
— Ә, тылдың көртышқаны тұрсың ба?..
— Ойбай, көпірдің астына тығыл, жау келе жатыр!
— Колхозға барып, пішен шап қатындармен...
— Ха-ха-ха!!!
Міне қорлық деген осы емес пе, мықты болсаң шыдап көр!— Сарт-сұрт еткен доңғалақтар да ажуалап, күліп бара жатқан сияқты. «Тылдың көртышқаны»,— дейді. Қандай ауыр сөз! Әрине, олардікі жөн. Олар нағыз майдангерлер, батырлар! Олар фашистпен бетпе-бет кездеседі. Жекпе-жек найзамен сайысады. Жігіттің мәрттігі мен ерлігі сол жерде бір жарқ етпек, білген адамға!
Күзеттен соң көңілсіз селбірейіп казармаға бардым. Доңғалақтардың сарт-сұрты, жауынгерлердің ащы кекесіні құлағымды тістелеп келеді. Ішім удай ашиды. Осы бір жүдеу кейпімді сезіп қойғандай-ақ, Шәлдубек қутың-қутың етіп алдымнан шықты.
— Хал қалай, Көпірбай!
— Әй, тылдың көртышқаны тарт тіліңді!—дедім ашуланған сыңай білдіріп.
— Өй, саған не болған?— деді ол көзін жыпылықтатып,— оның несіне бұртиясың? Алдыңғы күні мен де сол көпірде күзетте тұрған едім, майданға бара жатқан солдаттар мазақтады-ай кеп! Бауырым-ау, оның несіне бұлданасың? Шынымды айтсам, мен сенен бұрын «Көпірбай» атанғанмын... Так что, намыстанудың ешқандай қажеті жоқ! Қане, котелогіңді ал, обедке барайық... Біріншісі — суп супурум, екіншісі — қуырылған балық. Үшіншісі де бар көрінеді. Жаңылмасам, кисель ғой деймін.
Ол менің қолымнан ұстап асханаға қарай сүйрей жөнелді. Мен қарсыласқам жоқ.
Осы жуырда ғана біздің бөлімнен бірнеше батальон ұрысқа аттанған-ды. Қандай себеппен екенін кім білсін, әйтеуір, Петуховтың взводы яғни бүкіл резерв ротасы ілікпей қалды. Тегін ботқа жеп жүрісіміз мынау. Адам тағдыры қызық қой. Күні кеше біздің бөлімшенің бір жігіті аяғын сындырып, еліне қайтты. Бәрінен де аяғының сыну тарихы қызық. Бір күні түнде дабыл қағылды. Үш қатарлы нарда жатқан солдаттар жаппай, бәрі бірдей қауырт қимыл жасағанда нар қиралаң етіп, құлап түседі. Біраз жауынгерлер жеңіл жарақаттанып, ал әлгі жігіттің екі аяғы да майып болады. Бірер ай госпитальда жатып, оң аяғын кестіріп, балдағын тықылдатып аулына қайтады. Міне, тағдыр тауқыметі!
Ерлік, ерлік! Кермедегі арғымаққа жүйріктік қандай қажет болса, елін сүйген бар жігітке ерлік те сондай қажет. Су жаңа киім сұлу қызға қандай жарасса, ерлік дегеніңіз ер жігітке де соншалықты жараспақ. Александр Матросовтың ерлігі, жиырма сегіз Панфиловшы батырлардың ерлігі, Төлеген Тоқтаровтың ерлігі — ешқашан да қартаймайды! Олардың қасиетті мәрмәр тасын ешқашан да шаң баспақ емес! Ерліктің мызғымас тұғыры Отанды шексіз сүю!..
Инкубатордан шыққан сарыала балапандай, қап, осы бір келкі күндер-ай! Міне, бүгін де айдалада тактикалық жаттығу жасап жатырмыз. Жоңыршқапаядағы көртышқандай жұмыла окоп қазып жатырмыз. Менің еншіме тиген жердің тасы мол, қатқылдау екен, қолкүрегім мүлде батар емес. Шақ-шақ етіп тасқа тиеді. Тер одан да, бұдан да ақты. Қолым талып, әбден қалжырадым.
— Алпысбаев, басыңды бұқ. Окобыңды жылдам қаз!— деп лейтенант Петухов зірк-зірк етеді.
Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Күн ыссы. Баяу ескен жел де сезілмейді. Осындай қолайсыз жағдайда командирдің тағы да бір бұйрығы саңқ ете қалды.
— Противогаз киіндер. Окоп қазуды аяқтаңдар!
Әншейінде түк өндіре алмаған сорлы басым, жарғақ резинаны басқа ілген соң мүлде қимылдаудан қалдым. Ауа жетіспегендіктен тынысым тарылып, оның үстіне резинканың жұғымсыз иісіне жүрегім айнып лоқси бастадым. Противогаздың көзәйнегі терлеп, жарық дүниені көрсетпей қойды. Окоп қазуды лажсыз токтатып, басым айналып жатып қалдым.
— Қызыләскер Алпысбаев, окоп қазуды неге тоқтаттың?
«Колхозға барып, қатындармен пішен шап» деген майдангерлердің әжуа-мазағы, зу-зу еткен қызыл вагондар, ауылдан келген анашымның хаты... Не керек, бәрі де көз алдымнан тізіліп өтіп жатты.
Мен орнымнан ұшып тұрдым да, противогазымды басымнан сылып тастадым. Тұла бойым қалшылдап, ашына сөйледім.
— Бітті! Жетті! Жібер мені майданға!
Бір жағынан сержант Гайнуллин де киліге кетті.
— Бунтар малай!.. Әйттім бит мин сиңа...
Петухов қып-қызыл боп түтігіп барады. Екі көзі от шашып, ол маған қайта шүйілді.
— Қызыләскер...
Бірақ оның сөзін аға политрук Дудин бөліп жіберді.
Біз бір төбешікке келіп отырдық.
— Әке-шешең бар ма, Қожан?— деді ол жайдары пішінмен.
Өз атым аталғанда селк ете қалдым. Осы бір инабатты, жылы сөз менің маңдайымды сипап өткендей болды. Политруктың сыпайы сөзі мен кішіпейілділігі менің албырттығымды, яғни тентектігімді біржола жеңген тәрізді. Ол аспай-саспай байыппен сөйлеп, мені баурап әкетті. Жүрекке баратын жол тауып, емін-еркін ішкі сарайыма енді. Еріксіз мен оның ыңғайына көштім. Бақайшағына дейін қаруланған озбыр, айлакер жауды жеңу үшін, әскери қару-жарақты жіті меңгеру керек екендігін, сондықтан, ешқандай асығыстықтың қажеті жоқтығын түсіндірді ол. Семьялық жағдайымның мән-жайына қанық, көреген командир колхоз басқармасына хат жазбақ боп, менің адресімді жазып алды. Сосын, аға лейтенант Дудин күлімсіреп, майда қоңыр дауыспен маған мынаны ескертті.
— Мейлі, алғы шепте жаумен алыс, мейлі, көпір күзетінде бол, бәрі де — абыройлы қызмет. Бәрі де Отан игілігі үшін. Сен осы қағиданы жақсылап ұғынып ал, жігітім!..
Бекова станциясының жазы қандай тамаша! Шығыс жағы сыңсыған қалың орман. Ал, батыс жағы қара топырақты жазық дала. Бұл дала — қара бидай мен картоптың, сұлы мен бұршақтың мекені. Астықты өңірмен өрмелеп, көгілдір қалың жынысты тоғайға тұмсық тіреген Хапер өзені бүлдіргенді ну орманына сүңгіп кетеді. Айдын бетіндегі қаңқылдаған аққу-қаз, сұңқылдап ұшқан сұқсыр үйректер, сымға қонып мәжіліс құрған қарлығаштар... Бәрі де бейбіт тіршіліктің тілімен сөйлеп тұрғандай. Күннің жайдары шуағымен қоректенген бұл өлкеде, дәл осы бір замат, жүріп жатқан қиян-кескі соғыстың ешқандай елесі сезілмейді. Табиғаттың сұлу да шынайы қалпы. Тек қана оқта-текте айбынды маршпен шырқалған қызыл әскерлердің өлеңі, жаттығу алаңында атылған мылтықтың гүрсілдеген үні тып-тыныш аспанның ұйқысын бұзады. Осы бір толассыз әскери дүрбелең сұлу табиғатты мазалағандай болады.
Табиғаттың маужыраған осындай бір шағында мен поста тұрмын. Ескі парк ішіндегі қойма күзетінде тұрмын. Бұл күзет темір жол көпірінен әлдеқайда артық. Айнала ұйыған қою айрандай уылжып тұр. Ақ қайыңның салбыраған шашағына қонған бұлбұлдар тынымсыз сайрайды, өжеттене сайрайды.
Алыстан естілген әйелдің сықылық атқан күлкісі біртін-біртін жақындай түсті. Бұтаның жасыл жапырақтары қыбыр-қыбыр етіп, ә демей-ақ бұта ішінен ұзын бойлы, қауға сақал біреу шыға келді. Жап-жас келіншекті балаша көтеріп алыпты. Еркектің жуан білегінен аса-маса, әйелдің аппақ балтыры төмен қарай салбырап тұр. Шаштары қобырап, ақшыл туфлиі жылт-жылт етеді. Өзінен қилы үлкен қарт адамның кеудесіне сенімділікпен басын бұйыға тығып алған бақытты жас келіншек, махаббат буына елітіп, ыраң-тыраң әбден масайған.
тәрізді. Шалдың мойнына бөкебайдай оралған бейқам арудың балғын білегі осы бір жәйтті аңғартқандай еді.
Тізесінен сүйем жоғары ысырылған сәтен көйлектің желпілдеген етегінің астынан әйелдерге ғана тән жалаңаш дене күнге шағылысып келеді. Өзіме жат та, жақын да бір сезім кеудемді қытықтап, келіншектің жалтыраған санына құмарта әрі жасқана қараймын. Темекі түтінінен сарғыш тартқан қауға сақалдың алақанындағы тоқмейіл, аса көңілді әйелдің күлкісі сыңғыр-сыңғыр етеді. Неге екенін білмеймін, дір ете түстім де, көзімді тайдырып жібердім. Сұсты құшақта қаннен-қаперсіз жатқан аруға жаным ашыды ма, әйтпесе сол қатқыл да қатал құшаққа балауса періштені қимадым ба, әйтеуір, өнбойым әлем-тапырық. Дәл осы сәтте өмірімде тұңғыш рет әйелге деген нәзік ынтықтық, сонымен аралас еркекке тән қызғаныш менің кеудеме қатар ұялап, қайсысының өзімді толқытып тұрғанын айыра алмаған едім. Қолымдағы карабиннің стволым шеңгелім толғанша қыса бергенімді артынан білдім. Тәрізі мен әйелді түңғыш рет еркектерше қызғансам керек.
Әйел көтерген алпамсадай әлгі шал менің тұсымнан өте бере сәл бөгелді де, беймаза кездерімен мұнарта қарады. Олардың шаршап-шалдыққан селқос бет-әлпеті, масаң кейпі маңындағы бүкіл тіршілікті, жан-жануарды мүлде сезбегенге ұқсайды. Тіпті, назар да аудармаған сияқты.
Олар қалың бұта ішіне сіңіп кетті. Жапырақтар судырлап, аз сәттен соң, о да тына қалды. Сықылық атқан әйелдің назды күлкісі біртін-біртін көмескі естіліп, ақыр аяғында мүлде семді.
Со заман ішім әлем-жәлем боп, жұмбақ бір тылсым күйзеліске ұшырадым. Лезде лап ете қалған жүректегі қызғаныш отын ақыл парасат сөндіре алмады, сөндіруге құдіреті де жетпеді. Сақалы беліне түскен, аузынан махорка иісі бұрқыраған сол бір жәдігөй шал менің қымбат та асыл дүниемді ұрлап бара жатқандай болды...
Әскери ереже бойынша мұндай ішкі толғаныс, күзетте тұрған солдатқа мүлде тон емес-ті.
Осылай ойға шомып, әрі-сәрі есінен тұрғанымда, ту сыртымнан «Тоқта, бұл кім?» деген айбарлы дауыс саңқ ете қалды. Мен селк ете түстім де, карабинімді алға қарай кезендім. Аздан соң «өзіміз» деген ұйқылы ұяң дыбыс естілді. Бір разводящий, үш жауынгер маған таяу келді. Сержант Гайнуллин:
— Жарайсың, Алпысбаев, даусыңды әрқашан осылай қатты шығар!— деп арқамнан қағып жатыр.
Сержант қателесті. Мен үн-түнсіз, жайбарақат тұрған едім. «Тоқта, бұл кім?» — деп айқайлаған менің қасымдағы — екінші бір постағы қызыләскер болатын-ды. Алайда, мойындау керек-ақ еді, мен үндегем жоқ. Қиын-қыстау күндерде, зады бір-бірімізге көмек беруіміз қажет-ақ нәрсе. Ал, мынадай «көмек» мынадай жағдайда — өлім-ау!..
Кешікпей біздің полк майданға аттанды.
Осыдан бес-алты ай бұрын алғаш армия қатарына алынғанымда мен дәл осындай қызыл вагонға мініп едім. Сол составтан мына составтың ешқандай айырмашылығы жоқ секілді. Екеуі де сарт-сұрт, сықыр-сықыр, ырғалып-жырғалады. Тіпті, дөңгелектерінің де әуені бір. Мен ауылдан аттанғанда; қазақтың мидай жазық даласын, даланың шүйгін шөбіне құныға тұмсық тыққан қой-ешкілерді, ботасын ерткен маңғаз түйелерді, бұлаң қаққан боз түтіндерді көзім шалған-ды. Бүгінгі көрініс — өзегіне өрт түскен қала мен деревнялар, сорайған мұржалар мен сымсыз бағандар. Қасиетті Украина өңірінде, Тарас Бульба, жалынды ақын Шевченконың елінде аласапыран сүреңнің, алапат соғыстың қанды ізі бар. Іш тастаған жирен биедей жер-ананың бүйірі бүлк-бүлк етеді. Бақайшағына дейін қаруланған неміс басқыншыларының нақрұс бейнесі көз алдыңнан елес беріп өтеді. Егіс даласына аттанған апай төсті, мол мықынды аққұба қыз-келіншектердің көтеріңкі де әсерлі әуені біржола семген. Сап-сары бидай сабағымен көмкерілген украиндықтардың аппақ үйлерін кергеніңде, пештен жаңа әлгінде ғана шыққан ыстық бөлке нан еріксіз есіңе түсер еді! Мұндай тәтті елес кезден де, көңілден де қазір ұзап кеткен. Астан-кестен соғыс топалаңынан қорқып, бар сұлулық оқ астында бұғып қалған тәрізді. Шойын жолдың екі беті мүлде көңілсіз.
Жан-жағы, төбесі жасыл бұталармен мұқият қымталған, жүрісі шабан қызыл эшелон таң сәріде қалың орманның ішіне кеп тоқтады. Ұйқылы-ояу солдаттар шаң-шұңсыз вагоннан түсіп, сапқа тұра бастады. Тізім бойынша жауынгерлердің аты-жөні шақырылып, әбден түгенделіп болған соң, полк басы — бірінші батальон алға қарай қозғалды. Басқа батальондар да үн-түнсіз оған ілесіп отырды.
Тәтті ұйқыдан оянғандықтан ба, менің кезім қайта-қайта іліне берді. Марштың нақышынан адасып, алдыңғы қатардағы солдаттың екшесін абайсызда екі-үш рет басып қалдым. Ол күжілдеп, әлденелерді айтып салды. Оған мән бере қойған жоқпын, сүріне басып келемін.
Бір кезде кәдімгідей кезім ілініп кетіпті. Ептеп түс те көрдім-ау деймін... Ойпыр-ай, жүріп бара жатып та ұйықтауға болады екен-ау! Көрпе-жастығы жоқ демесең, тәп-тәтті-ақ ұйқы! Ұйқыға шомған бас пен кеудені, бейнетқор сергек екі аяқ өздігінен көтеріп жүре береді екен. Тек қана жолдың ұңғыл-шұңғылы кезікпесе болғаны. Жол — даңғыл, ұйқы — тыныш... «Ач күзіңні мин сиңа»...— деген дауыстан кенет шошып ояндым. Қарасам — өзіміздің сержант Гайнуллин!
Мен жалма-жан жүрісімді түзеп, винтовкамның брезент бауын нығарлай ұстап, арқамдағы көк қапшықты бір көтеріп қойдым. Мойынтұрыққа ұқсас скадканың зардабынан мойным тыз-тыз ашиды. Он жақ бөксемді қолкүректің сабы ұрғылап, противогаздың ауыр қорабы нығымды зырқыратып барады. Қателок, патрон салатын былғары әмиян, гранаталар белбеуімді төмен қарай тартқылайды. Ұйқыға шомған бас пен кеудені, қару-жарақ пен киім-кешекті, кәкір-шүкір заттардың бәрін көтеріп жүру, қайран аяқтың еншісіне тиген. Жүріп бара жатып ботинкамның тұмсығына түскен күннің сәби сәулелерін көрдім. «Уу-үу» етіп жау самолеті көкте ұшып жүр. Жырақтан «дүңк-дүңк» әупілдеген ауыр зеңбіректің мылқау үні естіледі. Алғаш рет мұрныма оқ дәрінің иісі келді. Демек, майдан деген осы!..
Ал, Қожан дегеніне жеттің, көрсет ерлігіңді! Ала жаздайғы тары ботқаңды да өте. Шырағым, бұл аймақ қызға көз сала отырып күзететін азық-түлік қоймасы емес, баяғы көпір-мөпір де емес, нағыз майданның өзі. Дән «қанды базардың» өзі! Бір секунд адам тағдырын шешеді. Кім бұрын дәл кездеп атса — сол тірі!
Үлкен жолдың сол жақ қанаты — қаптаған танк. Мұнарасында «КВ» деген жазу бар. Жасыл жапырақтың арасынан бес жұлдыздар сығалайды. «Батысқа, алға!» дегендей танк оқпандары сорайып-сорайып тұр. «Ой, ты Галя» өлеңін баяу ғана әндеткен жарқын да жайдары, қатал да қайратты танкистер әп-сәтте үйме- жүйме бола қалды. Лек-легімен өтіп бара жатқан жауынгерлерге тұс-тұс жақтан жапа-тармағай айқай салды. Төңірек азан-қазан.
— Костромалықтар бар ма іштеріңде?
— Галушкашыл Полтавалықтар ше?
— Қазақстандықтар қайсың боласың?
— Курскінің бұлбұлдары бар ма?
— Туланың самауыршылары?
— Москвалықтар?
— Ташкент?
— Сухуми?
«Қазақстандықтар қайсың» дегенде еріксіз елең ете қалдым. Шеткі қатардағы Шәлдубек бауырым: «мен» деп дауыстап та жіберді. Лейтенант Петухов оған ожырая қарады:
— Қоңыратбаев, доғар сөзді!
«Жерлес» деген сөз қаншама ұғымды, қаншама биязы! Тұла бойынан жылылық ескен осы бір құдіретті сөздің әрбір сыңғырынан мәртебе, шапағат, ыстық ләззат аласың. Жерлес дегеніміз — бір тістем нанды бөліп жеу, бір орам шылымды алма-кезек copy, жорықтағы жанашырлық, ұрыс алаңындағы мызғымас достық, бауыргершілік, ұйымшылдық, тапқырлық!..
Шіркін, Қазақстан ұлан байтақ өлке емес пе?! Бірақ Россия одан да кең екен, үлкен екен!
Біздің полк алға қарай жылжып барады.
«Ой, ты Галя, Галя молодая»... деп танкистер әндеткен әуен соңымыздан еміс-еміс естіледі. Сол топтың ішінде Қазақстандық менің де жерлесім бар-ау деп, көңіліме медеу етіп келемін.
Алдыңғы линиядағы қорғаныс шебі иір-иір траншеяның екі ернеуі де омырылған, ұнғыл-шұңғыл. Үлкенді-кішілі атылған оқтардың мыс сауыты, консерваның қаңыраған бос құтылары шашылып жатыр. Траншеяның әр жерінде қараң-құраң етіп тіршілік нышаны сезіледі. Шинельдері көнетоз, әбден титықтап қалжыраған майдангерлер бізге сүзіле қарайды. Үлкен үміт артқандай тылдан келген сүйенішті демеу етіп, қуана да күрсіне қарайды. Олар взводқа қосылды.
Бізден бұрынғы мұндағы әскери бөлімшенің тоз-тозы шығып, майдангерлер сапы үзілуге сәл-ақ қалған арқандай ыдырап, берекесі әбден қашқан шағы екен. Сақал-мұрты өсік, қас-қабағы түксиген өңшең ашулы жандар. Ащы тілмен әлдекімдерді сыбап-сыбап алады.
— «Егер ертең соғыс болса» деп құр әншейін дарылдап жүре берген екенбіз,— дейді жирен мұртты мосқал жауынгер,— самолет, танк дегенің мүлде аздық қылады. Қауырт атыс кезінде қол пулеметтің өзі жиі-жиі істен шығып қала береді. Өңешіне титімдей қиыршық тас түссе де шашалып тұрып алады... Ал, сосын атып көр немісті.
Майдангер кәрі тарланның сөзіне еріксіз иланасың, сөзінің жаны бар сияқты. Майдан сүреңін бастан кешірмеген тарсыл-гүрсілге жаңа ғана араласқан біз тектес сары езу сарбаздарға жаудың айла-тәсілін, ашық аспан астындағы жауынгерлік өмірді қанық білу — шартты мәселе еді. Құлағымызды түре қалдық.
Ол бірер рет шылымын құшырлана сорды да әңгімесін әрмен қарай жалғастырды.
— Бұл гитлершіл сұмдар әй-шәйге қарамай, екі-үш аптаның ішінде Австрия, Чехословакия, Венгрия, Польша, Румыния мемлекеттерін басып алды. Бір отар қойға түске қорқау қасқырдай дүниенің әлем-жәлемін шығарды. Польшаны екі бүктеп, біздің шекараға тұмсығын сұқты. Тіпті, екі езуінен қан тамшылап тұрды... Сақадай сайланған жүз жетпіс пәленбай дивизиясын Брест маңына төкті...
Шұнақ құлақ екінші бір өңі солғын, жастау қызыләскер жолдасының сөзін қостай түсті.
Шошқа майын нанмен қосып, асап отырған зор денелі шегір көзді ефрейтор шұнақ құлақ солдатты зекіп тастады.
— Ткаченко, көп былшылдама, екінші құлағыңнан айрыласың! Рязань қатындарындай аузыңды сылпылдатып, өсек-аяңды сықпыртпасаң ішің кебе ме, жүгермек? Не тантып тұрсың өзің?.. Бүйтіп жұртты дүрліктірме! Қорқақ қояным-ау, одан да Дуняшаңа сәлем хат жазсайшы!..
Траншея ішінде шоғырланып отырған жаяу әскерлер ду-ду күлісті. Ефрейтор орнынан тұрып, қызына сөйледі.
— Сен немене, жұмсақ машинаға отырып алып, немесе пеш үстінде жатып алып, жаумен соғысқың келе ме? Мүмкін, құстөсекті де керек ететін шығарсың, жасық неме! Старшинадан ақ перчатка сұра, шүріппе басқанда қолың қабармайды...
— Жолдас ефрейтор, сіз менің ойымды бұрмаламаңыз,— деді Ткаченко өктем сөйлеп.
— Біле білсең, соғыс майданындағы ең басты артықшылық — патриотизм! Мәселен, жаудың елу танкісімен шайқасқан жиырма сегіз панфиловшыларды алшы. Ерлік емей немене? Негізгі мәселе — Отанды шексіз сүю. Адал азамат болу, патриоттық қасиет — жеңістің мызғымас фундаменті!
Бұл жолы Ткаченко үндеген жоқ, үнжұрғасы түсіп төмен қарады. Жауынгерлер арасындағы өзара «тартыс» әзірше осымен доғарылды. Әркім өз ойымен әуре.
Ұзын траншеяның ернеуіндегі құрғақ, үйінді топырақты жау оғы оқта-текте томпылдатып қояды. Үлкендеу шымның астынан қызғалдақтың бүгілген сабағы көкке қарай, күн сәулесіне қарай өжеттене ұмтылады. Зу-зу атылған оқтан нәзік гүлдің жасқанбауына таңым бар. Топырақтың қатқыл қабыршағын омырып, бүрін жарып, келер күнге асыққан тәрізді. Алғы шептің аласапыран дүрбелеңін елемеген тәрізді. Табиғаттың ерке «қызы» бойын тіп-тік ұстап, өмірдің әр секунтынан өз сыбағасын алып қалғысы келеді. Өмірге соншалықты құштар екендігі қызғалдақтың тал бойынан аңғарылып-ақ тұр.
Мен жау оғынан бас сауғалап, бұғынып жатырмын. Ал гүл болса, қасқайып тұр. Даланың бейкүнә, нәзік өсімдігі қауіп-қатерге ешқандай мән бермей, ержүрек батырларша қасқайып тұр! Оның да жауы бар. Қайырымсыз сұм ажал зу-зу етіп, гүлді жанай өтеді, жалмағысы келеді, біржола құртқысы келеді.
Бір замат, өміршіл гүл ғайып болды. Бажайлап қарасам, аяғымның астында жатыр екен. Сабағын оқ қиып кетіпті. Мен жалма-жан еңкейіп, гүлді қолыма алдым. Біздің жақта да нақ осындай қызғалдақ өседі. Осы түстес шымқай қызылы бар, сарғышы бар. Сәуірде ауа күркірегенде бүрін жарады. Меруерт шықтан моншақ тағынып, сонодайдан көзге оттай басылады... Гүл — көңілдің көркі, жүректің тілі, сезім толқыны, махаббат паролі! Мұндай гүлдер фашист елдерінде де өседі-ау?.. Қадірін біле ме екен малғұндар?
Мезгілсіз сабағынан үзілген гүлді иіскей бердім, иіскей бердім. Бірақ оның иісі біздің ауылдың қызғалдағының иісіндей емес еді. Ащы түтін мен оқ-дәрінің қоңырсық иісі гүлге әбден сіңіп қалған екен. Жұпар иісін жоғалтқанымен, рең-ажарын тайдыра қоймаған даланың қырмызы гүлін қойын дәптерімнің арасына салдым.
Дәп осы қызыл гүлдей талай-талай боздақтар қыршын кетті-ау. Мезгілінен бұрын солды-ау, өмірмен біржола қоштасты-ау! Амал нешік? Атыс бар жерде — ажал бар емес пе, майданның аты майдан ғой!
Несін айтасың, дегенмен қу тіршілік тәтті ғой?!
Шалбарымның кіндік тұсындағы қалтасын қайта-қайта сипаймын. Онда сұрғылт темір медальон жатыр. Оның үлкендігі малокалибрдің оғындай ғана. Сол титімдей сауыттың ішінде созылған жұқа қағаз бар. Қағазға әкемнің аты, өз атым, үй адресім түгел жазылған. Туған жылым, кәсібім, бәрі анық көрсетілген. Яғни менен кейінгі «мен» сол сұрғылт медальон болмақ. Қаңғырған ақымақ оққа кезігіп, олай бұлай боп кетсем, әлдекімнің саусақтары қалтама сүңгіп, әлгі «автографияны» суырып алады. Сосын штабтағы «жазғыштар»: «Сіздің ұлыңыз ерлікпен...» деп ауылға қарай суық хабар жөнелтеді. Міне, «қара қағаз» дегеніңіз осы! «Жай, әншейін айтқаным ғой, құдай сақтасын».
— Нендей ойға шомдың, қақталған қара балық?— деген дауысқа жалт қарасам, манағы жирен мұртты егде жауынгер екен.
Шаншудай қадалған мына сөзге қатты шамдандым.
— Солдат пен балықты ажырата алмайтын, сіз, немене, соқырсыз ба?
— Ашуланба, ағайын, әзілім ғой... Ысталған балық ойыма түсіп кеткені..,
— Ысталған балықты қатыныңыз посылкамен жіберер, егер, фрицтерде сыра болса!..
Ол ренжіген жоқ, мырс-мырс күлді де:
— Балық, сыра да, шнапс, ром да Берлиннен табылады,— деді қуақы, жайдары пішінмен,— тек қана аман болайық, ағайын!
«Ер шекіспей бекіспейді» демекші, осы бір шәлкем-шалыс ұстасудан кейін біз достасып кеттік. Сібірдің осынау түкпіріндегі шалғай деревняның мұжық орысы, мені «земляк» деп іш тартатын болды. Таныса келе қарым-қатынасымыз жақсарып, алыс-берісіміз көбейді. Мен шылым тартпағандықтан сыбаға — мохоркамды сол кісіге беріп жүрдім. Аты-жөні Иван Дадонов екен. Әзілқой, ақжарқын, төзімді Ваня ағай майдангершілік өмірге төселіп алған. Ыстыққа да, суыққа да шыдамды. Екі-үш апта нәр сызбаса да мыңқ етпейтін нағыз тарланның өзі! Қамығу, торығуды тіптен білмейді. Аспай-саспай, жайбарақат монша парына денесін бөктірген адамдай қызара бөртіп:
— Қане, ауыз — автоматыңды дайында, ағайын мына ботқаны жайпап жіберейік, бізге зиян-ақ болсын!— дейді ол миығынан күліп.
Әп жыландай ысқырған оқ, жарылған бомба, снаряд қасығын алып, ыстық ботқаға төне түседі. Үш пұл оған. Әкесінің үйінде отырғандай қолына үлкен . Шіркін, орыс халқы қызық қой! Кең пейіл, турашыл, досына кектенуді білмейтін, ақжарқын абзал жандар. Қысталаң шақта әзіл-оспаққа басады. Мұңды, күйкі болмыс сәттерінде өлең айтып шер тарқатады. Тырнақтай темекі қалдығын жолдастарымен бөліске салады. Күлсе адал күледі, ашуланса шын ашуланады... Кейде орыстар неміс фашистерін орысша тұздықтап тұрып боқтайды.
Иван Дадоновтың ішкі жан дүниесі, сыртқы пішімі, жүріс-тұрысы, сөз саптау мәнері, шылым тартуы және қорылдап ұйықтауы — орыс адамына ғана тән, жаратылысында солай жаратылған табиғи бітім еді.
Лейтенант Петухов тур алы ол маған мынадай пікір айтты:
— Біздің командир аса қызу қанды жан. Жау оғы жаңбырдай жауып тұрса да «Взвод, алға!» деп шиыршық атады. Орынсыз асығыстық — опат болу деген сөз! Солдат әмірге бағынышты, әмір ақылға бағынышты. Негізгі мәселе жеңу үшін өлмеу керек, өлмеу үшін өлтіру керек. Бар болғаны осы!.. Ал, шүріппеңді бас, асықпа... жарайсың, ағайын... Қане, шошқаның майын асап жіберейік... Осыдан ас қазанымыз бұзылатын болса, бұзылып-ақ тынсын, тәуекел!
Қалтарысы көп ұзын траншеяның біз он жақ тарапында едік. Күн ыссы. Флягадағы су таусылған, шөлдеп барамыз. Біз де, немістер де тым-тырыс. Таңдайымыз кеуіп, тағат таппай окопқа жон арқамызды сүйеп отырмыз. Біз мұнда бір ұрттам суға зар болып, діңкеміз құрып отыр. Ал, жүз метрдей қашықтықта мөлдір бұлақ бар, бекерге ағып жатыр. Мұп-мұздай, бүлк-бүлк еткен кәдімгі қайнар бұлақтың көзі! Ой, шіркін-ай, жата ғап сімірер ме едің?! Ындынымыз құрып, осындай күйзеліске ұшыраған шақта, Ташкенттің қай-қайдағы қызғылт, сарғылт тәтті суларының еске түсуін қарашы!..
Мен шыдай алмадым, бұлаққа қарай зып бердім. Бұқпантайлап жүгіріп отырып межелі жерге жеттім-ау дегенде омақаса құладым. Мөлдір суға тұмсығымды тығып ұзақ ұрттадым. Сусаған жылқыдай дыбыс шығара шүмпілдетіп, құныға сімірдім. Мұздай суға сылқия бір қандым-ау! Бұлақ бетінен өз суретімді көріп шошып кеттім. «Тірімісің, бауырым» дегендей кір-қожалақ біреу маған тесірейе қарайды. Ажары солғын, кіртиген көзінде балалық бір бейкүнә үрей бар. Әжімсіз маңдай, пұштиған мұрын, апта бойы жүзіне сабын тимеген, қызбен тілдесуге батылы жетпейтін кәдімгі ауылдың қара домалақ баласы. Ия, бала дерсің! Аз-кем түйілген қабақ әскери форма ғана оны солдат екенін аңғартқандай еді.
Айызымды қандырып, ұсқынымды көріп рақаттанған соң қос кателокты суға толтырдым да, окопқа қарай қайта зымырадым. «Стерва, басыңды бұқ» деген Ваня ағайдың ащы айқайына мән берген жоқпын, ала құйын боп, траншеяның ернеуінен секіріп түстім. Бір кателоктағы су ортайып қапты. Бажайлап қарасақ, оқ тескен екен. Әрине, жау «көкегінің» оғы. Мұны аңғарған Дадонов:
— Әй-әй, Қожан, Қожан, сенің кателогың істемейді,— деп өз басын саусағымен түртіп көрсетті,— мен саған жер бауырлап жылжы деп айттым ғой, ал сен болсаң, доп ойнаған мектеп балаларындай арсалаңдап жүгіресің... Немене, өмір сүргің келмей ме, бейбақ?..
— Қап, екі ортада кателоктан айрылдым-ау!— деп өкінішті пішінмен отыра кеттім.
— Котелок гәп емес,— деді Ваня ағай суланған мұртын сүртіп жатып.— Старшина жаңасын тауып береді. Ал бас тесілсе старшина түгіл Иссус Христос та, сендердің әлгі... кім деуші еді... Магомедандарың да тауып бере алмайды. Өйткені, сараң табиғат адамзатқа бастың запас бөлшегін беруді ұмытып кетіпті ғой. Сондықтан бас қымбат, ағайын! Көрер көзге жау оғына бас тосу — ақмақгершілік. Бұдан былай сақ болғайсың, балақай... Қане, винтовкаңды оқта, фрицтерге «сәлемдеме» жіберейік, ағайын...
Сонау Н. селосында немістер бар ма, жоқ па, о жағы бізге беймағлұм. Немістер сол селоны бізге әдейі босатып, арғы бетте ұрымтал сәтті көздеп мықты қорғаныста бұғынып жатса керек. «Біліп келіңдер» деп жіберген екі бірдей барлаушымыз — Шәлдубек пен Костин хабар-ошарсыз. Кеткендеріне міне, оқтай жиырма төрт сағат, олардан ешқандай дерек жоқ. Бейхабар кеткен өз жауынгерлерін ойлап, дегбірсізденген лейтенант Петухов мені шақырып алып, мынадай тапсырма берді.
— Сен, қазір Н. селосына барасың. Біздің әлгі барлаушыларды тап. Селода кімдер бар? Тәуір мағлұматпен кері қарай оралыңдар. «Тіл» әкелсеңдер тым жақсы болар еді... Дегенмен жағдайға қараңдар. Сақ болғайсыңдар. Айтарым осы... Ал, жолың болсын!— Ол мені сынағандай бетіме сүзіле қарады да, тосыннан қолапайсыз сұрақ қойды.— Ашық айтшы, барғың келе ме өзіңнің?
— Әлбетте!— дедім мен өкшемді тырс еткізіп, он қолымды пилоткамның ернеуіне апарып.
— Сұрағың бар ма?
— Жоқ.
— Жөнел!
Жолдастарыммен қош айтыстым. Қару-жарағымды түгендеп, ықшамырақ киініп, жөнеп қалдым.
— Әй, балақай, «котелогіңе» сақ бол!— деді Дадонов соңымнан айқайлап.
Кейде жер бауырлай жылжып, кейде бүкшеңдеп отырып, ескі бір арыққа түстім-ау, әйтеуір, уһ! Терімді сүртініп, аз-кем дем алдым. Суы жоқ, сыздау арық ішіндегі жалбыздың сүйкімді иісі шалғайдағы ауылды еске салады. Қияғы мен жалбызы мол Күркілдек өзенін есіме түсіреді. Күлгін түсті жалбызды құмарта иіскедім. Көзімді жұмып, туған жерді қиялдап, аз сәт соғыстың алапат кейпін ұмытқандай болдым.
Ескі арықтың ұшы тұп-тура. Н. селосына келіп тірелді. Сақтықпен тың тыңдап, біраз кідіріс жасадым. Өлең айтқан әлдекімдердің масаң дауысы естіледі. Байқаймын, өзіме таныс дауыс жаңылмасам, Костиннің дауысы болар «Распрягайте, хлопцы, коней» деген халық өлеңін дарылдата соғып отыр. Ыраң-тыраң, бейқам отырыстарына қарағанда, сылқия тойып алған-ау, деп шамалаймын.
Күнбағыс, жүгерінің ара-арасымен әлгі дауыс шыққан үй жаққа қарай жақындадым. Қора ішінде қыбыр еткен адам жоқ. Тас қаланған шарбақтан секіріп түстім де, үйге кірдім. Міне қызық, стол толы — ащылы-тұщылы тағам. Тұздалған помидор, қияр, қуырылған балық, таза пісірілген қаз-үйректің еті дейсіз бе... Бәрі де баршылық! Шарадай нән бөлкеге пышақ шаншылған. Местей ағаш бөшкені құшақтап, халық әнін аңыратып, көмпиіп Костин отыр. Оқта-текте бөшкенің тесігіне аузын апарып қарақошқыл қою шарапты сораптап қояды. Төр жақтағы әппақ төсектің үстінде Шәлдубек жатыр шалжиып. Ұйқысырап міңгір-міңгір етеді. Сөздері түсініксіз. Бір тәуірі — автоматын қысып ұстап алыпты. Қайран сабаздарым-ай, «тамашаға» бір кенелген екенсіңдер-ау!.. Костинді қайдам, мына жүгермек ішімдік дегеніңізді татып алмайтын есі дұрыс-ақ бала еді... Мұнысы несі екен найсаптың? Құдай-ай, бұдан гөрі аспаздан үстеме ботқа сұрағаны әлдеқайда артық екен-ау! Қызық-ақ, үйдің иесі қайда? Бұлардың арақ ішуіне кім ықпал жасады? Бұл тегін жағдай емес, мұнда бір гәп бар!..
— Не істеу керек? Уақыт қауырт!
Костиннің құлақ-шекесін уқалап, иығынан жұлмалап оятпақ болып едім, ол маған қарсылық жасап қолдарын оқыс сермеді. Сөздері әре-тәре, үзік-үзік.
— Бұл селода неміс жоқ. Өзеннің арғы бетіне біз тықсырып тастадық. Мен батыр! Мынау жатқан Қоңыратбаев батыр! Қазақтың нағыз батыр ұлы! Сен мұны біліп қой... Қане, тартып жібер, жеңіс үшін!.. Біз-дің ер-лі-гі-міз...
Ол сөзін аяқтай алмай тілі күрмеліп отыра кетті.
Кенет есік қағылды. (Мен ішінен мықтап дембілеп қойған едім). Тарсыл-гүрсілмен аралас фрицтердің бейжай, сүйкімсіз үндері де естілді. Автоматымды қыса түстім де, коридорға жүгіріп шықтым. Есіктің жанына барып тұра қалдым. Күшті дүмпуден терезе көздері бытшыт болды. Ізінше фашистік белгі бар сұр қасқа көрінді. Сосын еңгезердей иық көрінді. Көк мундирлі дене салбырап түсіп келеді. Қираған терезенің дәп тұсында жартылай суы бар үлкен ағаш бөшке тұр еді. Былқ-сылқ еткен жаңағы бір алып дене сол бөшкенің аузына барып кептелді де қалды. Тыраңдаған ұзын сирақтың үстіңгі тарапынан тағы бір бас көріне бергенде автоматты құлаштап тұрып, «әп» дедім де қақ маңдайдан періп жібердім. Ауыр дене кері қарай есік алдына гүрс етіп құлады.
Бөшкеге кептелген немістің қолдарын арқасына қайырып, әп-сәтте тас қып матап тастадым. Сөйттім де бөшкені жайлап аудара салдым. Айнала көл-көсір. Судан шыққан көртышқандай жылмиып шыға келді сорлы фриц. Лақ-лақ құсып жатты.
Тысқа жүгіріп шықсам, соққыға жығылған екінші фриц есін жиып, алды-артына қарамай зытып барады екен. «Хальт»,— деп бұйырып ем, тоқтамады. Соңынан қууды орынсыз көріп, сақтық жасадым. Өңкеңдеп қашып бара жатқан малғұнның бір оқпен сілесін қатырдым.
Жалма-жан ішке кіріп Шәлдубекті ояттым. Ол орнынан ұшып тұрды. Аздап бетінің ісіңкірегені болмаса, сергек, тың, ішкен адамға мүлде ұқсамайды.
— Шал қайда? Қыз қайда?— деді ол қатты абыржып.
— Есің дұрыс па өзіңнің, қайдағы қыз? Қайдағы шал?..
— Осы үйдің иесін айтам.
— Мен күдіктене бастадым.
— Мүмкін, олар немістің жансызы шығар, сендерді әдейі шарапқа жыққан?
— Мүмкін!
— Ал кеттік!
— Мынаны қайтеміз,— деді Шәлдубек, ағаш бөшкені ұмсына құшақтап, қорылдап жатқан Костинді нұсқап.
— Сыртта өгіз арба дайын тұр... Кәне, көтер!
— Ауп!..
Васяны тұтқын фрицтің арқасына таңып тастадық. Оған «жүр» деп белгі бердік. Жүгерінің ара-арасымен сытыла шығып, манағы өзім келген жалбызды ескі арнаға түстік. «Шнель, шнель»,— деп немісті оқта-текте түйгіштеп қоямыз. Бір кезде ол титықтап бір орында тұрып алды. «Комрад»,— деп бізге мөлие қарайды. Бет-әлпеті кіржиген, жыларман халде.
Апақ-сапақта аман-есен бөлімшеге жеттік.
Мән-жайды лейтенант Петуховқа баяндадым.
— Жолдас командир, әміріңіз орындалды. Селода жау жоқ. Олар Н. селосының батыс жағындағы қорғаныста.
— Мына фрицті қайдан барымталадың?
— Бұл бір бұйырған дүние.
— Костин шамасы жарақаттанған ғой деймін,— ол қасындағы солдатқа бұрылды,— фельдшерді жедел шақыршы, тиісті ем-домын қолдансын.
— Әуре болмаңыз, жолдас командир!
— Неге?
— Ол...
— Қысылма, айта бер!
— Ол сілтеңкіреп жіберген екен.
— Немене?
— Оның жарақаты шараптан...
— Тоже мне разведчик!— деп лейтенант түтігіп кетті, қатты ашуланды. Дегенмен бізге алғыс айтуды да ұмытқан жоқ.
Мұнан кейін де мен сан рет барлауға барып, олжамен оралып жүрдім. Байқаймын, менің ескі тентектіктерімді командирім ұмытқан сияқты. Бір тәуір жері — саусағын шайнап алғанымды кек тұтпапты. Мұнысына да шүкір. «Біздің Қожан молодец»,— деп арқамнан қағады. Петуховтың айтуына қарағанда, тіпті орден алушылардың тізіміне де іліккен тәріздімін. Түбі, мен әкелген «тілдер» бағалы мағлұматтар берсе керек.
Ерлік істерімді құлағы шалған болар, редакциядан фотокор да жетіп келді. Жүріс-тұрысы ылдым-жылдым бір офицер екен «олай тұр», «былай тұр», «езуіңді керіңкіре... жымиыңқыра» деп ит-рәсуамды шығарды. «Ұлтың якут па?»— дейді, «әйелің бар ма?»— дейді, «қанша неміс өлтірдің?»— дейді. Сұрақтары да тұрпайы. Әлі есімде, баяғыда біздің ауылға бір тілші келіп еді Алматыдан. Жетіге жетпеген қыз балаға қозы көтерткізіп қойып, осы сияқты «олай тұр, былай тұрдың» астына алған-ды. Не керек, жас баланы жарты сағаттай әуреледі. Тілшінің даусынан қорықты ма, әлде қолы талды да, байғұс бала со замат боздап қоя берді... Тілші сасқалақтап, «қанша гектар мақта ордыңдар?» деп колхозшыларға бұрылды. «Орақшы қыздарыңның аты-жөнін айтыңдар?» — деп қарандашын қақшаңдатты. Мақта шаруашылығынан бейхабар жігітті қалың жұрт тәлкек етіп, опай-топай күлкіге бір кенеліп едік-ау, сонда! Ат сабылтып, шалғайдан келген сабазың мақтаның терілетін дақыл екенін шынымен-ақ білмейді екен. Онысын кейін аңғардық...
Ұрыс алаңындағы құбылыс: ысқырған оқ, гүрс-гүрс жарылған бомба, көз алдында өліп жатқан адам, астан-кестен құбыжық дүние қанша айтқанмен тірі жанға әсерін тигізбей қоймайды. Адам психологиясы, мінез-құлқы кілт өзгеріліп, сол сәттегі жағдайға еріксіз мойынсұнады, бейімделінеді. Қаталдық, дөрекілік, ашушаңдық біртіндеп бойға сіңеді. Бүкіл нерві жүйеңіз радиатор қақпағындай қалшылдап, қорқыныштың аралығы тым жақындай түсіп, бір-бірімен алқа-қотан тақымдасып кетеді. Сұрқия тажал аулының жақындығы сонша, тіпті «иттерінің» әупілі құлағыңның түбінен шығады. Алай-түлей ысқырған оқ апшыңды қуырып зәре-құтыңды қашырады. Жан сауғалап ұңғыл-шұңғылға үйректей сүңгисің. Ваня ағай айтпақшы, «котелокты» қорғауға тура келеді. Себебі, алла-тағаланың өзі адамзат баласына артық бас, запас мүше бөлшектерін бермегені баршамызға аян ғой. Ал, жан сауғалап, тым күйректікке салынудың өзі баянды жеңіс әпере қояр ма екен, сірә? Әрине, жоқ! Сондықтан соғыстың аты — соғыс. Соғыс бар жерде —елім дар. Бірақ қалай елу керек? Мәселе сонда, Ер өлімі мен өз өлімі бірдей емес. «Қорқаққа — ор, батырға тұғыртас дайын. Ердің даңқын ертең біледі, болашақ жас ұрпақтар біледі! Ерлік —ерлердің қонысы. Шіркін, Горькийдің Дауылпазы-ай!
Соғыс алаңындағы бірінші жау — қорқыныш. Екінші жау — жаудың өзі! Бірінші жауды жеңе білсең, екінші жауыңның берілуі хақ, сөзсіз жеңіс сенің қолыңа көшеді!
Соңғы кезде, әсіресе майдан шебінде өз мінезімнің күрт өзгергендігін байқадым. Қиян-кескі сұрапыл айқас қыза түскен сайын, өмірге құштарлығым да со ғұрлым арта түседі, со ғұрлым үдей түседі. Өмірдің тым құнды екендігі сонда бір жарқ етіп көрініп қалады. Махаббат бағынан гүл түгіл шөп үзбеген аңқау жүрек, қайран жүрек тар кеудеде бебеу қағады. Асқақ та балаң армандар дүр етіп ұшқан бір топ сұқсырдай белгісіз қиырға самғайды... Жүздеген, мыңдаған, миллиондаған оқтың ішінде менің Бақытым ботадай боздап жүр. Ол — өмірім. Қалайда мен оны аман сақтап қалуым керек!
Бұл соғыс — біздің сыбағалы сынымыз. Иә, менің құрбы-құрдастарымның өмірі ауыр сында, қатерлі қалтарыста! Соғыс қалтарысы—ажал мен ерлікті туады, опасыздық пен достықты туады!
Жастық шақтағы жайма шуақ, бейқам да ғажайып күндер кілт бұрылып, кілт өзгерілді. Момын күндер дүрбелең күндермен тоқайласып, сын сағаттың, тарихи тартыстың беті ашылды. Өміріңді қанды қалтарысында жастық шақтың ақ көйлегі жауылмақ!
VII
Кешікпей армиялық газетке менің суретім басылып шықты. Автоматты қыса ұстап, шықиып тұрмын әншейін. Жасанды күлімсіреу жүректе бұғынып жатқан сағыныш мұңын, бозбалалық сүйкімді ұяңдықты жасыра алмаған. «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі — сол жақ омырауымда. Тіпті, кішігірім ГТО, ГСО, МОПР значегін таққандардың өзі кеудесін кере, таңырайып суретке түсуші еді, ал мен болсам иығымды әнтек қушитып жіберіппін. Жүгін көтере .алмай . мықшиған әлжуаз өгізше сияқты күржиіп тұрмын. Мұның есесіне мақаланың тақырыбын айқайлатып қойыпты,—«Тілді» тізгіндеген дала қыраны!»... Көрдіңіз бе, тілші дегеніңіз қандай халық? Тақырыбы мінсіз мықты, осылай жазылған. Мақаланы одан әрі оқи бастадым: Атқыштар полкының жауынгері, қазақ халқының батыр ұлы Қожан Алпысбаев тапа-тал түсте суға шомылған екі неміс офицерін қолға түсірді. Ол қос тұтқынды өз бөлімшесіне тырдай жалаңаш күйінде алып барады. Командир: «Бұлар неге жалаңаш?»—деп сұрақ қойғанда, тапқыр барлаушы аспай-саспай: «Е, жолдас командир, хайуандарға киім қиюдің қажеті қанша?»— деп табан астында жауап қайырады. Риза болған командир:—«Жарайсың, Қожан!»—- дейді оның арқасынан қағып...
Ой, алла-ай, қалай-қалай қиыстырады! Екі фашисті қолға түсіргенім рас, бірақ мұндай әңгіме болған жоқ еді ғой командир екеуміздің арамызда. Қоспа сөздер ұтымды пікір, қызғылықты оқиғалар керек те шығар тілші адамға, кім біледі? Сықырлауық портупейлі жасаң офицердің жазушылық шеберлігіне таң қалдым. Мақаласы түскір шебер-ақ жазылған-ау, әйткенмен де, Қожанасыр әңгімесіне ұқсаңқырап кеткен бе, қалай өзі?..
Осы бір хабарды газет бетінен оқыған Шәлдубек:
— Өй, әлгі сен тұтқындаған фашистердің бұтында дамбалы бар ма еді?— дейді де жырқ-жырқ күледі.
— Штабқа апармай-ақ, егер олар семіз болса, таяу жердегі ет комбинатына өткізе салмаған екенсің,— деп бір жағынан Ваня ағай шүйіледі.
— Қап, қасында фрауларыңның жоқ болғаны-ай!— деп жата ғап өкінеді Қостин.
Мен туралы өтірік-шыны аралас бөспе сөздер, алып ұшты сықпыртпа әңгімелер, аңыз, хикаялар бүкіл полкқа, онан әрі бүкіл дивизияға дүңк-дүңк таралды да кетті. Тыңдап тұрсаң, анекдот дерсің! Өзім туралы анекдотты сан рет өз құлағыммен естідім. Сөз өрнегін қалай-қалай қиюластырған?! Ой, тоба-ай деп жағамды ұстадым.
Бірде әскери тапсырмамен шаруам боп, штабқа бара қалдым. Бір топ қызыл әскер қалың ағаштың түбінде махорка тартып отыр екен, соларға қарай таяу бардым. Біздің полктан емес, бейтаныс жігіттер. Маған назар аудара қойған жоқ. Бірсыпыра бос уақытым болған соң, қастарына барып жантайдым. Әңгімелерін тыңдасам, белгілі ғой, баяғы шымшыма сөз, әзіл-оспақ, ойын-күлкі.
Мен барғанша бір әңгіме айтылып кеткен екен, соның қошеметіне жаппай күлісіп алды да, кенет тына қалды. Әңгімені орденді егде жауынгер бастады.
— Әлгі Қожан Алпысбаев дегеніңіз бір күні асханаға нарядқа ала берген соң, әлдеқайдан ұзын бір шланг тауып әкеледі, оны аузы ашық қазан үстіне салбыратып қояды да, түтіктің құлағын бұрап кеп жібереді. Со замат мөп-мөлдір су қазанға шор ете қалады. Тұздалған балықты көп жеп, қатты шөлдеген аспаз бір ожау суды сіміріп салады. Ә дегенде аспаздың аузы сазан балықтың аузындай шүйіріледі, шақырайған екі көзі жұмылып, «Айқай, дүние-ай»,— деп отыра кетеді. Ожауда қалған суды таусады да, қайран аспаз еденге шалқасынан құлайды. «Мынау уланып қалғаннан сау ма?» — деп, көмекші аспаз әлгі судан екі-үш рет ұрттайды, тағы ұрттайды, ұрттауын жиілетеді. Ақыр соңында шыдай алмай, бір кружка суды бұл да сіміріп салады. Бастығына қарағанда көмекші қазаншы мықты екен, «Шумел камышты» айтып, әлтек-тәлтек, қаз-қаз басып кухнядан зорға шығады...
— Сонда әлгі судың не пәлесі бар?— деп екінші бір солдат көлденең сұрақ қойды.
— Не пәлесі болушы еді? Қожан қателесіп, қолындағы шлангты арақ заводының шүмегімен байланыстырып жіберген.
— Мәссаған!
— Міне, қызық!
— Пақ-пақ!..
— Бәрінен де Қожекеңнің пісірген ботқасын айтсайшы! — деді қоңқақ мұрын, шегір көз сержант,— алаңғасар старшина Алпысбаевты аспаз етіп тағайындапты. Асханада макарон, тон май, килькадан басқа ешнәрсе жоқ екен, тұз да таусылыпты. Қожекең май тұшытып, қазанға су құяды, тұз орнына майда шабақ салады. Лавр жапырағын салуды да ұмытпайды, қайната береді... Міне ботқа дайын! Әбден ашыққан жауынгер бірер қасық асаған соң — «мынау не?» деп шабақтың майда қылшығын көрсетеді. Қожан: «Е, бұл макаронный түгі ғой»,— дейді де, өзі ботқаға төне түседі. Таңлайын тақылдатып, жұтына жейді. Тіпті, тілін сүйреңдетіп, жаланып қояды. Қожанның сыпылдата тамақ жеуін қызық көрген солдаттар асқа қайта жұмыла кіріседі. Осы күнге дейін «Қожекеңніц сол ботқасы-ай!»— деп майдангерлер тамсанады екен.
— Сен оның майдандағы ерлігін қайда қоясың?!— деді үшінші бір солдат,— Қожан бір рет бетпе-бет найзагерлік сайысқа тап болады. Қоян-қолтық мұндай ұрыстың пірі, өздерің білесіңдер,— штык пен мылтықтың дүмі ғой. Кімнің білегі күшті — жеңіс соныкі. Жұрттың айтуына қарағанда, Қожан аласа бойлы, әлжуаздау жігіт болса керек... Сол қолма-қол сайыста біздің батыр бір зіңгіттей фашистпен жекпе-жек кезіге кетеді. Қожан фрицтің қанталаған көзіне тесірейе тік қарайды да: «Ей, жауыз әзілдеспе, көзімді шығарасың, атаңа лағнат!»— деп жаудың дәп кіндік тұсынан сойып салады...
Солдаттар ду-ду күлісті. Өзара пікір алысты.
— Ойпырмай, ә?!
— Әй, қайдам!
— Солай деп айтқаны рас па екен?
— Бұл Қожанасырдың хикаясына ұқсас екен,— дейді азиялық қараторы жігіт.— Халыққа қаһарын төккен, кедей-кепшіктің апшысын қуырған Күлмесхан дейтін қаныпезер хан:— «Қожанасырдың басын шабыңдар»,— деп жендеттеріне бұйырады. Жендеттер хан әмірін орындауға кіріседі. Күлмесханның көзінше Қожанасырды жүресінен отырғызып қойып, қолында айбалтасы бар баскесердің бірі: «Ал, мойныңды бөренеге тақа, басыңды шабамын»,— дейді. Қожанасыр аспай-саспай: «Желкемде шиханым бар еді тақсыр, кеңірдегімнің тұсынан шапсаңдар сол ыңғайлы болмас па екен?» — дейді де бөренеге басын қойып, шалқасынан жатып алады.
Күлмесхан күліп жібереді де өз әмірін бұзады. Сөйтіп Қожекең бір ажалдан қалыпты...
— Ха-ха-ха!
Міне бейтаныс солдаттардың әңгімесі. Өзім туралы бөспе хикаяны өз құлағыммен есітіп отырмын. Ренжіп қайтем? Мейлі не десе о десін, күле берсін, шаруам қанша! Менен басқа Алпысбаев жоқ дейсіздер ме?
Басында ожыр-бұжыр қара құлақшыны бар танкист жігіт әңгімені әрман қарай жалғастырды.
— Тамаққа тоя қоймаған Қожан бір күні старшинаға мынадай бір қызық сұрақ қояды: «Жолдас старшина, айтыңызшы, ПТР мен котелоктың айырмашылығы қанша?»— дейді. Ары ойланып, бері ойланып, старшинаның басы қатады. «Білмеймін»,— деп жауап қайтарады. Сосын Қожанның өзі: «Айырмашылығы сол: котелок — екі адамдық, ал ПТР — бір адамдық»— деп шешімін айтқан екен.
— Охо-хо-хо!
Шылғи өтірік! Қап, мыналардың қорлығы-ай, қайтсем екен?! Амал қанша, шыдамдылық жасап, шұрқ етпестен одан әрі тыңдай бердім.
— Қожанның қалай үйленгенін білесіңдер ме?— деді сұңқар мұрынды, мұрты қияқтай грузин жігіті,— біріне місе тұтпай, қос солдат қызға бір-ақ үйленеді. Мәселе былай болған, бір күні Қожекеңді комбат шақырып алады да:—«Москваға барасың бар?» — деп қолқа салады. Ол қуанғанынан: «Барамын»,— дейді. Барсаң қасыңа екі қызды қосып беремін, үйді-үйіне ұзатып саласың. «Бірі — Москвалық, екіншісі — Хватовка дейтін деревняда тұрады»,— деп түсінік береді.
Сөйтіп, ұзын сөздің қысқасы, құрсақтары шермиген екіқабат екі қызды қолтықтап, біздің Қожан поезға отырады. Вагондағы жолаушы — солдат, офицерлер мұны ортаға алып, әзіл сөз тастап, ащы мысқылмен ірей бастайды. Бірі тұрып: «Мұсылман халқы қос-қос қатын алады деуші еді, рас екен-ау!»—десе, екіншісі: «Алғашқы шәрбат айларын окоп ішінде өткізген болар»,— деп қутың-қутың етеді. «Қайсысына көбірек барасың?»— деп те бағзы біреулері дөрекі сұрақ қояды...
Мен аң-таңмын. Өмірімде мұндай оқиға болған емес-ті. Қайдағы жоқ пәлені қайдан тауып алады осылар? Қайранмын!
Ду-ду қырғын күлкі.
— Өздері некеге тұрған ба, қалай?
— Ой атқұлақ, жарымес,— деді танкист жігіт сұрақ қойған жауынгерді жақтырмай,— сөзге түсінбейтін маубассың ба өзің, қайдағы неке?
— Рас, рас, Қожан заңды түрде некеге қол қойыпты!— деген кекесін дауыстар шықты тұс-тұс жақтан.
— Комбат мөрін басып, бекіткен көрінеді...
— ЬІх-ых!..
— Шуламаңдар, жолдастар!.. Қане, кацо, әңгімеңді жытқыта бер... Сөйтіп, сонан соң?..
— Сонан соң Қожекең жолшыбай Катяны Москвада қалдырып, ал Маша екеуі Хватовкадан бір-ақ шығады. Машаның мамасы жылап-сықтап қызымен көріседі. «Күйеу баламнан айналдым»,— деп Қожанды сүйіп-сүйіп алады. Мұндай жағдайды күтпеген «күйеу бала» сасқалақтап, міңгірлеп басын шұлғи береді. «Ә» деуге оның шамасы да келмейді. Қуанышты үй иесі табан арасында бөшкедей нән қабанды жарып тастайды. Қоңырқай самогон мөлдіреп, сыра бұрқырап, быж-быж еткен қуырдақ пен тәтті пирожок, варениктер қаптап кетеді. Тамақ жеткілікті, арақ мол. Қожан бір апта бойы тамашаға әбден батады. Есін жиған Қожекең аттанар шақта,— «сіз қателесесіз, апай, қызыңыздың күйеуі мен емеспін»,— дейді мойындап. «Құдай-ау, енді кім?»— деп қыздың анасы отыра кетіпті.
— Міне, қызық!
— Әй, Қожан-ай!
— Майшелпектің ортасында жата бермей...
— Қайтсін пақыр, нолктың ботқасын аңсаған ғой.
— Мен болсам, шілдеханасын бір-ақ өткізіп қайтар едім.
— Нe дейді-ей, қарай гөр өзін!.. Сен үшін кім соғыспақ жаумен?
Мен қалың ойдамын.
Сықырлақ, портпейлі жылмықай фоторепертер есіме түсті. «Тілді тізгіндеген дала қыраны» деп еді-ау! Пай, пай, айтқышым-ай! Қожанасырдың гәбі іспеттес осындай көркем хикаялардың кен өріс алуына тілші мақаласы бірден-бір себепкер болды-ау деп, өзімше топшылаймын.
Блиндаж есігінен шыға берген кезекші офицер.
— Қожан Алпысбаев, комиссарға!— деп дауыстады.
— Мені— дедім де орнымнан ұшып тұрдым.
Ішке кіре бере соңыма көз тастап ем, жаңағы сөзшеңдер жаппай түрегеліп, қыбыр етпей селтиіп қалған екен.
VIII
Әлі есімде, мектепте оқып жүрген кезімде қарнымызды шермитіп, барабандатып, немесе сумкамызды дүңкілдетіп: «Егер ертең соғыс болса»,— өлеңін айтатынбыз. Қай ақынның жазғанын кім білсін, өлеңнің қысқаша мазмұны мынау: «Біреуге тоқымдай жер бермейміз. Егер жау соқтығысса әкесін танытамыз. Жерде де, көкте де, теңізде де күшіміз мол!»
Сүйікті Отанымызға төнген қауіп кімдерді қынжылтпады дейсіз?!. Міне, сол үшін өзіміз тіленіп, соғысқа аттандық.
Алғаш әскери форманы киініп жатқанда, обмотка туралы Шәлдубек маған мынадай бір пікір айтқан-ды.
— Шіркін, мына бір жерінен кесіп алып, екі қабаттап, бұзауға ноқта жасар ма едің!.. Құйысқанға да лайықты екен. Аман-есен елге оралатындай күн туса старшинадан он шақты данасын сұрап алар едім. Қанша айтқанмен, шаруагер қазақпын ғой...
Совет халқы мойыған жоқ. Кешегі бидай өсірген шаруагер мұжық, кетпен арқалаған колхозшы окоп ішінде, атакаға шығып бара жатып мылтық атуды үйренді. Біздің әскери инженерлеріміз қанды айқас кезінде қару-жарақ тетіктерін жетілдірді. Жартысы алюмин, жартысы ағаш шабан самолеттер броньмен қапталып, аса бір шапшаңдықпен зымырап, ашық аспанда жау «мессерімен» жекпе-жек айқасты. Соғыс падишасы — «Катюша» жау төбесінен шүйіліп, рақымсыз талқандады. «Орыстар складымен бізді атқылап жатыр»,— деп үрейлі фрицтер тым-тырағай кейін қарай шегінуге мәжбүр болды. Волга өзенінің жағалауында балтырға оралған обмотка Днестр бойында бір-ақ шешілді...
Шіркін, Россия кең ғой!
Балтық теңізінен Қара теңізге дейін созылған жаудың үйме-жүйме шоғырланған әскери қалың күштерін Россия әлсіретіп жіберді, ыбылжытып жіберді. Өзінің ұлан байтақ кеңдігімен, өрлігімен жау күшін матап тастады. Белоруссияны, Украинаны, Қырымды түгелдей басып алған гитлершіл тобырлар ездерін мұзда отырғандай сезінді. Олардың бөлімшелерін, әскери базаларын партизандар күн-түн демей аяусыз ойрандады.
Уақытша елді пункттерді, қалаларды тастап, Волгаға дейін шегінген біздің Қызыл Армия біртін-біртін күш-қуат жинап ширыға берді, әлдене берді, толыса берді... Алып резинадай созылған біздің Армия орасан жойқын екпінмен дайдайсыған неміс басқыншыларын Батысқа қарай бір-ақ жытқырды! Соғыс даласында қаңырап иесіз қалған қара бүйім темір каскалар фрицті жоқтайды...
Герман халқының, Герман солдатының соры мен бақытсыздығы — Гитлер. Бүкіл адамзаттың қайғы-қасіреті — Гитлер! Көп нәрестенің біріндей шақалақ шағында о да ана сүтімен қоректенді, ана құшағында өсті. Менің анамдай, сенің анаңдай, оның анасындай кәдімгі иман жүзді, бала жанды, мейірімді ана. Еш нәрсемен ісі жоқ, жаялығын сарғайтқан кәдімгі сәби. Ол жас кезінде еденге құрсағын төсеп, екі қолын ербеңдетіп, қарсы алдында жатқан допқа қарай ұмтылды... Сәбидің аты сәби ғой! Сол сәби есе келе жауыздықпен достасты. Баукеспе ұры болған жоқ, үлкен жолды торыған қарақшы болған жоқ, қараңғы мүйісте тапанша кезенген бандит те болған жоқ... Фашист болды ол! Нәсіл қудалайтын террорлық диктатураның қандыбалақ басшысы болды ол!.. Сәби шағында ербеңдеп допқа ұмтылған бәйкүнә бөбек есейген соң екі көзі шақшиып қара иттің құлағындай шашы селтеңдеп, тұлабойы қалшылдап, құшағын кең жаза бүкіл жер шарына ұмтылды. Көздері қызарып, аузынан сілекейі шұбырып, мұрты жыбырлап қатты жанталасты!.. Әй, көкірек-ай, десейші!.. Жер шарының доп емес екендігін сезді ме екен, сірә, кеңкелес неме?!.
О, жер-ана! Соғыстың темір бишігімен осқыланған жонарқаң дір-дір етеді сенің. Фашистер тірідей көмген жазықсыз жандар құрсағыңда бүлк-бүлк етеді сенің. Сен оларды қайта тумайсың. Құшағыңа енген өлі жан¬дар жарық дүниеге қайта оралмайды. Аш кенедей шабыңа жармасқан жанжалқор, сотанақ адамзаттан безініп қайда бармақсың сен? Тап бүгін кеудеңде жүріп жатқан алапат соғыстан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Танкіні де, бомбаны да, өліні де, тіріні де, бәрін көресің сен! Тірі жанға — сауынды сиырсың. Өлі жанға — моласың. Оқ атылса орыңа түсіп бұғынамын. Ашықсам — шөбіңді талшық етемін. Шөлдесем — суыңды ішемін. Сенің әрбір төбешігін үшін, сенін әрбір бұтаң үшін, мен жүрмін жаумен кескілесіп...
О, жер-ана! Егер соғыс болмаса алтын екенсің ғой адамзатқа!..
Он тоғызыншы ғасырдың ақ қолғап киген сері жігіттеріндей дуэльге шығып, жекпе-жек атысу машығы емес — бұл соғыс. Алақандай жерге таласқан немесе суға таласқан бір ауылдың дау-дамайы да емес. Екі үлкен мемлекет ымыраға келмей бір-бірімен шаужайласып отыр. Атысып отыр. Қан төгісіп отыр. Миллиондаған адам бір-бірімен ұстасып, ілігісіп, оқ пен оқ қақтығысқан шақ!
Бұл соғыс бір күнде бітпейді. Апта бойы, айлап, жылдап өмір сүреді ол. Кім күшті — соғысты сол өлтіреді. Мемлекет екеу, ал, жеңіс біреу. Кім күшті — жеңіс соның қолында!
Жылдың төрт мезгілін ашық аспан астында өткерген солдат темір емес, о да «сүйек, еттен жаралған» тірі жан. Кімде жүрек болса, сол жек көреді, сағынады, ренжиді, қуанады. Жар алы денеге жабысқан қанды көйлек тісті шақырлатып, көзден жас парлатады. Солдат өмірі — бір секундтың алақанында. Оққа ұшқан адам аспандағы бұлтқа құламайды, жерге қарай құлайды. Оның денесінен жосылып аққан ыстық қан күнге тамбайды, жерге сіңеді. Өлікті жер жұтады. Өмірді жер туады. Алтын мен нанды жер береді. Соқа мен зеңбірек те жердің перзенттері...
Адамзаттың ақыл парасаты адам атаулының ұзақ өмір сүруіне жұмсалса, шіркін! «Қанша адам өлтірдің?»—деген жабайы сұрақ аманшылық заманда жер бетінен мүлде өшіп, оның орнына «қанша адам емдедің» немесе «қанша әйел босанды?»— деп әңгімелессек, шіркін!..
Хайуандарды өлтіру үшін сонау бір заманда жасалған Адам-атаның тас балғалары, сұр жебелері бұл күндер! сол Адамның өз басына тиеді, өз кеудесіне қадалады деп кім ойлаған?! Сол тас балғалар, сол айыр найзалар бұл күндері қандай қорқынышты қару-жараққа айналып отыр, байқаймысың, Адамзат?!
Адам баласын бір-біріне айдап салатын көзге көрінбейтін дүлей жұмбақ күшті, фашизм жүйесімен суарылған қайдағы бір жастық та нақұрыс идеясымақтарды жер бетінен бір жолата жоқ қылар ма еді, шіркін!..
Өрескел тасырақтаған қанды соғыс — жасанды ажалдың заводы. Бұның қасында «мезгілді өлу» дегеніңіз айналайын бір дүние ғой!..
Немістің «Ванюшасы» әңгі есектей ақырып, тапа-тал түсте бізді мазалай бастады. Жау снаряды қара құзғындай әр жерді бір шоқып-шоқып қояды.
Ертең шабуылға шығамыз. Тіземнің үстінде төнкерілген котелок. Мен хат жазып отырмын. Боз жусаны аңқыған, момын түтіндері көлеңдеген ауылға хат жазып отырмын. Екі көзі талмаурап батысқа қараған, көгілдір көнетоз шыт көйлекті, күсті қол, алақаны тілім-тілім анашыма хат жазып отырмын. Шүйгін шебі жапырылған шабындыққа, пішен орған жесірлерге, балаларға, шалап сімірген бригадир шалға, мая-мая шөптерге, күрсінген ала сиырға, сұлу Сырға, Қаратауға сәлем жолдап отырмын...
— Ә, Қожан, хат жазып жатырсың ба?— деген дауысқа жалт қарасам, аға лейтенант Дудин екен.
— Солай, жолдас политрук.
— Қалыңдығың бар ма еді?
— Жоқ.
— Қам жеме, ағайын,— деп Иван Дадонов бір бүйірден килікті. «Котелогың» аман болып елге оралсаң, қыз-қырғын дегенді шертіп жүріп аласың. Ордендеріңнің сыңғырын естіген бойжеткендердің өзі-ақ қасыңа құрдай жорғалап келеді. Тек ынжықтық жасама, сүйе біл, өжет бол!..
— Дұрыс айтады,— деп Дадоповтыц сөзін қостады политрук. Ваня, сенің соғысқа дейінгі кәсібің қандай еді?
— Диірменші.
— Қап, осы күнге дейін қаншама қап үн қаптайтын едің?.. Әйттеген-ай!..
— Бидайды ұнтақтау қайда қашар дейсіз, алдымен диірменнің көзінен фрицтерді өткізіп алайықшы. Соңынан көре жатармыз сосын.
— Хе-хе, жөн-ақ сөз!
Политрук солдаттардың арасымен траншеяны бойлай жүріп, блиндажға еніп кетті.
Міне, біздің политруктың болған-тұрғаны осы. Чапаевтың Фурмановындай үнемі күлімсіреп жүреді, салмақты да сабырлы. Солдаттармен араласып шылым тартады, кейде бір котелоктан ас ішіп, табақтас та бола кетеді. Мен-мендігі жоқ, өзін-өзі ұстай білетін салауатты һәм қарапайым кісі. «Үйлеріңе хат жазыңдар»,— деп планшетін ашып, қағаз үлестіреді, ақыл-кеңес береді. О ғып, бұ ғып, әйтеуір, жабыңқы көңілімізді сергітеді, жадыратады. Жүріс-тұрысына, сөз саптауына қарағанда мүлде әскери адамға ұқсамайды. Парасатты, табиғи солай жаратылған асыл жан, алтын адам!
Мен өз басым о кісіні әкемдей жақсы көремін. Басқа командирлер бір тебе, Дудин бір төбе.
Тыз етпе, ашушаң лейтенант Петуховтан қаншама көресіні көрдім. Үлкен жолдың ортасында жер бауырлатқан да сол. «Қалтаңа қолыңды саласың»— деп Гайнуллинге шалбарымның қалтасын тіктірген де сол. «Белбеуіңді бос байлайсың, гимнастеркаңнын түймесі неге салынбаған,— деп, түні бойы картоп тазалатқан да сол. Адамды шұқылай берсе кемшілік дегеніңіз жүндей түтіле береді емес пе! Әжептәуір командирдің маған мұншама неге қаһарын тіккеніне қайран қалатынмын. Аспаннан күндіз жұлдыз көрінгендей қойшы әйтеуір, себеп тауып, мін тауып, менің командирім мені гаутвахтамен қамтамасыз етіп жүретін-ді.
Соңғы күндері Петухов — «молодец Қожан!»— деп арқамнан қақпаласа да, бір түрлі ішім жылымайтын. Сөйтсем ширасын дейді екен ғой.
— Әй, Қожан, сен туралы мен бір қызық анекдот естідім, айтайын ба?—дейді Дадонов темекісін бұрқыратып.
— Айтсаң айта ғой,— дедім.
— Қожан бір күні жолдастарымен мәжіліс құрып отырса, аяғын дық-дық басып, бір солдат қыз өтіп барады екен. Қызды мұқатпақ боп, біздің Қожекең — «Воздух»,— деп айқай салады. Солдат қыз жалт қарап: «Өй, қорқақ бұзауым-ай, мұнда жылдам тығыла ғой»,— деп бір інді көрсетіпті. Жауынгерлер күлкінің астында қалыпты. Тегін күлкінің әсерінен болса керек, бір солдаттың ішегі түйіліп, со замат госпитальға жедел жөнелтіліпті.
— Осындай қаңқу әңгімені қойсақ қайтеді, Ваня ағай? Құдық басында өсек-аяң тоғытатын біз Гапка мен Дунка апайлар емеспіз ғой... Кімнен естідіңіз?
— Үшінші ротаның жігіттері осылай деп бөсіп жүр. Сен маған ренжіме, ағайын. Өзің ғой айт деген...
Ол басын тұқырып, міңгір-міңгір етіп, сырт айналды. Әзілқой жарқын жанды диірменшіні ренжітіп алдым ба деп өзім қатты қобалжыдым. Беті қайтқан Ваня ағайды аяп кеттім. Айтарымды айтып алып, соңынан қатты өкіндім. Кешірім сұрасам ба екен деп те оқтанып-оқтанып қоямын. Шабуыл алдында егде адамның көңіліне қаю салу... апырай ә, қалай болар екен, сірә?!
Осының бәріне өзім кінәлімін. Жұртпен әңгімелескенде қисық сөйлеймін. Оқиға желісін іреп, көбірек боямалап жіберемін. Ауызекі қалай болса солай айтыла салған гәп жұрт аузымда толысып, пісе түсіп, әрлене түсіп — кәдімгі анекдот боп шыға келеді. Мына жаңа анекдот та соның кебі.
Біздің қасымызға старшина келді.
— Кімдер шылым тартпайды?.. Қане, фамилияларыңды айтыңдар!—деп ол брезент сумкасын оңтайлай берді,— махорка орнына қант береміз, талапкерлер бар ма?
Темекі тартпайтын жауынгерлер тізімге жазылып жатты. Түтін атаулыға үйір болмасам да, тізімге жазылудан бас тарттым. Өйткені менің сыбаға махоркамды Иван Дадонов алатын. Қанттан гөрі достықты биік тұттым. Көңіл кірбіңі ұлғайып, жаңа әлгіндегі болмашы кикілжіңге мұрындық болмаса екен дедім махорка мәселесі.
Манадан бері ұнжырғасы түсіп, үн-түнсіз томырайып отырған Ваня ағайдың көңілін ауладым, яғни сөзге бұрдым.
— Қалай, диірменші жолдас, фашистерді диірмен тасының астына саламыз ба?
— Әлбетте!—деді ол маған бұрылып, жирен мұртын қайта-қайта шиырып қойып,— көр де тұр, біз олардан котлет жасаймыз, котлет! Тек қана «котелок» аман болсын, ағайын! Қане, мына консервіні ашып жібереміз бе?..
Дадоновтың ашыла сөйлегеніне менің ішім жылып сала берді
Жарайсың, Ваня ағай, әйтеуір көңілің көтеріңкі болсыншы!
Күн қызарып батып барады. Мұндайда қазекең «құда қаласа, ертең күн ашық болады екен» деп мәз-мәйрам боп, балаша қуанады. Ауа райынан келер-кетер пайда жоқ, бізге бәрібір. Неге десеңіз, майдандағы Армияның «шаруашылығы» белгілі ғой...
Күннің мына болымсыз қызғылт сәулесі менің темірқанат балаң арманымды, бейкүнә, аңқау махаббатымды жетелеп бара жатқан секілді. Мүмкін, мына алқызыл талмаураған жалқыңды ақырғы рет көруім де болар?.. Кім біледі. Дадоновпен ең соңғы рет сөйлескен де шығармын?.. Ауылға жазған соңғы хатым ба... Кім білсін?! Ақырғы рет ауыздан шыққан сөз, соңғы адым, ақтық ұрттам су, ең соңғы дем... О, қандай қорқынышты! Күш-қуаты толық кете қоймаған бейшара, бұлыңғыр жанармен бүкіл рақат-ләззатты, қызығы мол тіршілікті о дүниеге алып кете алмайсың. Балы ернеуінен төгілген кеседей қайран өмір аңырап артта қалады-ау, ә!
Ышқырлығымды жайлап, сипалап қойдым. Менің өмірбаяным жазылған құйттай темір тұмарша қолыма іліге кетті.
«Ә, жатырмысың көртышқандай бұғынып?..»
Қозғалайын деп едім мұршам келмеді, үстім зіл батпан, оң аяғым өзімдікі емес сияқты. Таңлайым кеуіп, ындыным құрып барады. Сілекейімді жұтпақ боп тілімді олай-бұлай қозғалақтатсам, әлдене шықыр-шықыр ете қалды. Жарықшақ темір ме немесе азу тісім бе, о жағын біле алмадым. Құрт болар деп тамсанып көріп ем бейбақтың дәмі жұғымсыз екен, түкіріп тастадым. Мойныма, бетіме, құлағыма қадалған істік бұталар тызылдатып ашытып барады. Түйенің көзіндей екі-үш саңлаудан күн сәулесі түсіп тұр. Осы тесік арқылы таза ауа кірсе керек, өйткені мен топырақ астына көміліп, бірнеше уақыт жатсам да, өзімнің тірі екендігімді сезініп отырмын.
Тырысып-тырмысып жаңағы сәуле түскен жарыққа қарай ұмтылып бақтым. Ағаш тамырынан ұстап, басымды көтере бергенде, мойныма құм, топырақ сау ете қалды. Оны елен қылмай, жарақат аяғымның ауырғанына да қарамастан жан пәрменіммен тіршілікке қарай талпына түстім. Аузы-мұрныма топырақ кіріп, кейде тұншығып, әрең дегенде ажал көрпесін ысырып тастап, абылып-сабылып жарық дүниеге шықтым-ау, әйтеуір, уһ!!
Басым айналып, таңлайым кеуіп барады. Ойымда бар болғаны бір-ақ мақсат — су, су!.. Оң аяғымды сүйретіп еңіске қарай еңбектедім. Құрағы мол көлшікке басымды сұғынып, жасылкөк суды сіміріп жатырмын, сіміріп жатырмын. Қандым-ау дегенде көзімді ашып алсам, бүйідей-бүйідей аты-жөні белгісіз құрттар су ішінде ойнақ салып жүр екен. Қарасы да, қызғылты да, ұзыны да, қысқасы да, қойшы әйтеуір, микроб атаулының бәрі де баршылық! «Адам құрсағына аса зиянды»,— деп мұғалім ағайлар мен апайлар айтатын кәдімгі микробтар. «Суымды неге ішесің»,— дегендей қарсы алдымда тамағы бүлкілдеп, нән жасыл бақа тұр. Түр-ұсқыны біздің ауылдың бақасынан аумайды, көзіме жылы ұшырап кетті. Бақалары беймаза азан-қазан шулайтын өзіміздің Өлеңдікөл мен Сұрымсай есіме түсті. Ондағы үйір-үйір жылқылар есіме түсті. Жылқышы Сәду ағай да көз алдымнан елестеп өтті. Шіңгір-шіңгір кісінеген құлын-тайлардың, осқырынған ту биелердің дыбысы құлағыма келді. Тіпті, бір үйір жылқының дүбірін есітіп тұрғандаймын. Әрі-бері шапқылап, омырауы көбіктенген құнан мен дөнендердің сүйкімді иісі танауыма келгендей болады да тұрады. Тезегіңнен айналайын малды ауылдың жылқылары-ай!
Суға әбден қанған соң, тамақ қамын ойладым. Үлпілдек үкісінен айрылған бақ-бақтың сабағын жеп едім, аса қышқылтым екен, асқа деген тәбетімді одан бетер арандатып жіберді. Төртбақтап майдан даласын кезіп жүрмін. Жаудың тылы ма, яки болмаса біздің тыл ма, о жағынан бейхабармын. Айнала жым-жырт. Алыстан өртенген деревня көрінеді. Әлде қайда дүңк-дүңк еткен зеңбіректің болымсыз дауысы естіледі. Бомбадан, снарядтан зақымданған жер беті ойдым-ойдым, ұңғыл-шұңғыл, айғыз-айғыз іздер, тұмсығы омырылған танктер...
Солтүстіктен майда қоңыр жел есті. Күңірсіген өлексенің иісі мұрнымды жарып барады. Аспандағы қалықтап ұшқан қара құстар әлденені сезгендей астықты өңірді сүзе қарайды. Иіс шыққан жаққа қарай бетімді бұрдым, еңбектеп келемін. Төрт аяғы серейіп, өліп жатқан жылқының үстінен шықтым. Өлексеге үймелеген көк шыбындар маған да жабыла бастады. Ызыңдаған шыбыннан қорғанып, семіз жылқының сан етіне қол сала беріп едім, аттың бас жағынан «ырр» еткен дыбыс естілді. Жалт қарасам — дәу көк ит екен. Өзі өте арық, қабырғалары білеуленіп түр. Қан талаған көзін маған қадап, желке жүнін дүрдитіп, аузын ырситып, тағы да ырылдай түсті. Әй, сорлы-ай, ырылдамай-ақ атауыңа жей бермейсің бе, дырдай өлексе жетеді ғой екеумізге де! Қожайыныңнан, жылы үйшігіңнен, жұғындысы мол итаяғыңнан айырған мен емес екендігімді өзің білесің бе, сорлы-ау? Бәріне де кінәлі — Гитлер. Ырылдасаң соған барып ырылда.
Жылқы етін каскіге қайнатып, ыстық сорпа іштім. Қарағай шоғына қақтап жедім. «Ас адамның арқауы» деген ғой, тепшіп-терлеп, арқа-басым кеңіп әжептәуір тыңайып қалдым. Екі-үш күндік жол азық та қамтамасыз етілді.
Осылай күн артынан күн өтіп жатты. Мен кейде қалың тоғай ішіне, кейде ескі маяның арасына түнеп жүрдім. Аяқтағы жарақатым жазылар емес, еңбектеп жүремін, отырып жүремін — баяғы сәби шақтағы жәйттер. Үсті-басым кір-қожалақ, шаш өскен — жабайы тіршілік. Жан-жағымды бағдарлай алмай, немістерге кезігіп қалам ба деп, үрейлі пүшәймен һәм қатерлі өмірді бастан кешірудемін.
Астықты өңірден масақ жинап жүріп, бір күні дымқыл молаға тап болдым. Алақандай тақтайға мынадай сөздер жазылыпты:
Бұл жерге Қызыл Әскерлер жерленді. Дадонов Иван — 1907 ж. Алпысбаев Қожан— 1925 ж. Советтік Отаны үшін ерлікпен қаза тапқан ерлердің даңқы арта берсін .
Неміс басқыншыларына — өлім!
Қанға қан, жанға жан аламыз!
«Қожан Алпысбаев»,— дейді ә?! Міне қызық! Өз көзіме өзім сенбедім, қайта оқыдым. Солай жазылған. Бұ қалай? Жалма-жан ышқырлығыма жармасып, темір медальонды суырып алдым. Қағазға жазылған өмірбаянды оқып жіберсем, Шәлдубек Қоңыратбаев! Мен аң-таңмын. Екеуміздің темір тұмаршамыз қалайша алмасқан?.. Соңғы күндері моншаға бір түсіп едік, бәлкім, сонда шалбарымыз ауысып кеткен болар? Түсінсем, бұйырмасын! Мүмкін...
Менің соңғы тұжырымым мынадай пікірге ойысты. Екеуміздің медальонымыз сөзсіз алмасқан. Мына қабір Қоңыратбаев пен Дадоновтың қабірі. Топырағың торқа болсын, аяулы достарым!
«Котелогынды сақта»,— деп мен үшін көп қам жейтін едіңіз, қайран Ваня ағайым-ай!.. Ағат сез айтсам, кешіре гөр мені!
Егер тірі қалып елге орала қалсам, сарғая күткен әке-шешеңе не деп барамын, о, Шәлдубек жерлесім!
Мен өз полкымның жауынгерлерін, командирлерін ойладым. Инабатты, ақ жарқын политрук Дудин есіме түсті. Ткаченко, Костиндерді сағындым. «Мин сиңа» деп мазалай беретін сержант Гайнуллин де сүйкімді бұл шақта. Шалбарымның қалтасын тігіп, «демалыс» үйіне жолдама беретін лейтенант Петуховты да аңсаған сияқтымын. Мен қазір өзіміздің батальонный күйік татыған ботқасын да жеуге құштармын. Тап қазір бәрі де таңсық, бәрі де қымбат маған. Өзімізге қосылғанша асығып келем...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру