Тоқабай Құрмаш
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әбілқайыр Спан — «Тоқабай Құрмаш». ТОҚАБАЙ ҚҰРМАШ
/uploads/c0d8d6f4-6c5d-548b-8c89-01ddb9df4f7b/cover.png
Маңғыстау облысының архивтер мен құжаттама басқармасы және мемлекеттік архиві.
Назарларыңызға ұсынылып отырған бұл еңбек белгілі өлке зерттеушісі журналист Әбілқайыр Спановтың қазір жазып жүрген «Адай қасіреті» атты еңбегінің Маңғыстау қазақтарының асыра сілтеу кезінде шеккен тақсіретіне арналған бір тарауы. Мұндағы негізгі кейіпкер Тоқабай Құрмаш Қосжанұлы осы өңірдегі кеңестік саясатты күштеп енгізушілікке, зорлық-зомбылыққа ашық қарсы шыққан халық батырларының бірі.
— Е, шықпай. Бүкіл жерді билеген ақ патша Мекелайды жеңгенде, суды билеп, күні кеше түкірігі жерге. түспей тұрған Зәкірді жеңгенде, одан қала берді Мәскуадан шыққан банды Троскей мен мына біздің Ондыдан шыққан, атқан оғы айырпланды құлатқан банды Құрмашты жеңгенде есірік Китлерді жеңбес деп отырсың ба? Әй, қараңғылық-ай!
Түсіп өзі ғұлама кісідей қисайып жатқан жерінен басын көтеріп, шалқайып отырды.
(Әбіш Кекілбаев «Бір шөкім бұлт» Алматы, «Жазушы» 1966 ж., 40-бет).
Біз оқып білгенде Құрмаш есімінің тасқа басылып, қағазға түсуі осы. Онда да сөз арасында, Әбекеңнің ең бір есепке кірмейді дерліктей сүйкімсіз кейіпкері почташы Түсіптің аузымен айтыла салады. Солай болғанмен Құрмаш атын құлағымыздың қармағаны қашан. Бірақ біз естіген жерде ол жайлы әңгімені үлкендер жағы үнемі үй артының тыңшысынан сақтанған рәуіште, үрейлі пішінмен айтатын. Және ол көбінесе жалғаспай бастала бере үзілетін. Сондайда бала болсақ та аңғарғанымыз Құрмаштың аты алдына «банда» деген жек көрінішті анықтауыш телуін телуінгенмен оны ешкім күстаналап сөкпейтін. Қайта сол шолақ келте әңгіменің соңында алқа қотан отырғандар жүздерінде «е...е, соларға да опа бермеген ғой бұл сұм жалған» дегенді аңғартарлықтай бір кіреуке мұң ұялап қалар еді.
Осылай әр жерден, әр ауыздан там-тұмдап естігендерден келген ортақ қорытынды — Тоқабай Құрмаш 30 жылдары төңірегіне қол жинап, үкіметке қарсы шыққан. Мәрт, ер, құралайды көзге атқан мерген. Бір сөзбен айтқанда ол Хамза Есенжанов «Ақ жайығында» сомдаған Құныскерейдің Маңғыстаудағы сыңары.
1970 жылдары Өзенде Айдарбайұлы Молдағали дейтін ағамыз болды. Бүл күнде бақилық болған бұл ағамыз ескілікті әңгімеге құлағы түрік, естігенін де ақылға салып, салмақтап, өз пайымымен саралап барып айтатын, шешен кісі еді. Білетіндер оның бұл қасиетін аталары Қорек, Айдарбай билерге тартқандығы дейтін. Ал бұлар кезінде осы елге аты кеңінен мәшһүр болған уәлі ауыздар. Аталары шұбар төс би болған деген айыппен сотталып Молдекеңнің өзі де екі он жылға жуық ғұмырын Магадан маңында өткізіп елге Хрущевтің «жылымығынан» соң ғана оралған. Суық жақтың дәмін татыңқырап суарылғаны ма, әлде табиғатынан біткен турашылдығы ма Молдекең не айтса да анығын, ашығын айтуға тырысатын. Күлбілтелемейтін. Ол шақта саясат аужайынан сыртқары түбітнек бозбала біз үшін керегінің өзі сол емес пе? Бір сәтті түскен күні ағамызға Құрмаш туралы сауалды жағалатқаным. Сонда иманды болғыр Молдекеңнің түн жамылып айтқан әңгімесі мынау еді:
— Құрмашты, банды деп жүргендер оттапты. Оның адамға да, Кеңес үкіметіне де алты аласы, бес бересі болған жоқ. Дәл есебінен жаңылдым, 1880 не 1881 жылы осы Маңғыстаудың қара ойында Бекі құдығының маңында туған. Ешкімге қол жаймайтындай орта дәулеті бар екен. Жүйрік тазы, жақсы атқа құмар сері мінезділеу, жақсыға жанасқыш, тілді, бетті, ірі турайтын мәрт, атқан оғы жерге түспеген мерген жігіт екен. Ол кездің шapya елі жаз Үстіртті жайлайды. Әлі, көлігі барлар қалың елмен бірге сонау Елек, Қобда бойлап, Жемнің бас жағына дейін шығандап кетеді. Қарнау деп аталатын ернекте жайлайтындар азшылық. Ойда көше алмағандар мен бұлақ басын сағалап егін салған жатақтар. болмаса қалатындар сирек. 1927 жылы Құрмаш аулы да жылдағы үрдісімен солтүстікке қарай шығандап барып жайлайды. Ол бір қыр халқын қырына ала келген үкіметтің салық саясатына Маңғыстаудың ұмыттырып барып оқсатып тұрып бір соғатын жұтының қоса келіп, ел көбесінің сөгіліңкіреп қалған кезі екен.
Қашанда етек жеңі жиналып болмайтын көп ауылды ерте түскен қыс қапелімде састырып-ақ тастаса керек. Жер мойны қашық. Енді жарықтағы. қыстауды қоя тұрып төңіректегі ауылдардың біріне қаңсы болып лаждаудан басқа жол қалмайды. Ал дала жұртында көңіл жетсе, бәрі жетеді. Бір қыстап шығуға өріс сұрағанның айып шамы жоқ. Осындай шешімге келген Құрмаштың діттегені — Қосым Шеркеш ішіндегі кешегі кезде дәулетті болып ешкімге әрі отыр дегізбеген, Кеңес тұсында да ебін тауып тасын өрге домалатып атқа мінген, бұрыннан да көжетамырлығы бар сыртынан кісілікті жігіт деп есептеп жүрген Жұмағали дейтін бастасы. Мезгіл қараша, желтоқсанның іші болса керек. Құрмаш көшінің маңдайын Жұмағалидың аулына бұрады да өзі күн ілгері барып хабарласпақ боп ілгері озады. Бұл келсе Жұмағали жанында уезден келген бір топ уәкіл, милициясы бар үйінде отыр екен. Болшейбектік Кеңес үкіметіне жан-тәнімен берілген белсенділердің жеңсік асы ретінде арақтың қырдағы қазақ аулына енді шыға бастаған кезі. Соның шарпуымен дастархан басындағылардың бәрі көңілді отырса керек.
— Е, батыр, қош келдің, терлет.
Жол үстінде суыққа ұрынып келе жатқан бала-шағасына алаңдаушы Құрмаш ет пен шайдың арасында аз сөзбен шаруасын айтты.
— Е, сол да сөз бе? Бір емес екі қыс қыста. Тек алаған қолым берегенді ұмытпай, анау астыңдағы жирен тұлпарды босағаға байласаң болды.
— Жұмеке, жирен ат ұлымның бәсіресі еді. Оған қолқа салма. Құдайдың жері ортақ. Ал қораңның ығына өтеу дәметсең оның бір есесі болар. Мен көшімнің алдынан шығайын. Күн де кешкіріп бара жатыр ғой.
Жұмағалидың айтқанын қалжыңға балап, жауабын да соған орай берген Құрмаш шығып кетеді.
Жүйрік жирен атқа көптен көз құрты қадалып жүрген Жұмағалидың бұл қолқасы қалжың емес-ті. Баяғыдай барымталап, не ұрлатып алтын заман емес. Заман талқысынан қорықпаған күнде де астындағы атын алдырып қала берер кісің Құрмаш емес. Былай базынаға көндірем деу де есек дәме. Осы жерде қара іске құлықты көңілге ішкен ішімдіктің әзәзілдігі қосылып бір арамдық ойлай қояды.
— Жаңағы Құрмаш деген жырынды. Кеңес үкіметінің хас жауы. Өзі нағыз шіріген бай. Сөйте тұрып жасайтыны ұрлық. Ала жаздай осы төңіректі қақсатып болды. Артқаны алтын, күміс деседі. Мұның еліне көшпей қалуы да қулық. Осы жерде бой салып жүре тұрып, көктем шығып, қар көбесі сөгіле Хорезм ойына құлап, онан әрі Иран асып тайып кетпек қой. — Сырттай жаңа үкімет жоқшысы болып көрінгенмен сол дастархан басында отырғандардың бәрі өңшең қағылған-соғылғандар, беттің арын белге түйген берекесіз алакүшіктер еді. Үй иесінің мына сөзіне елең ете қалады бәрі. Әп-сәтте көзбен ұғысып, көңілмен табысып, аз.сөзбен жасалған қорытынды. — Құрмашты жаламен жазықты етіп жарға жығу. Бәрі ошарыла далаға шығады. Түн жамылған Құрмаш көші де ауылға таяп қалған екен. Бір жағынан арақтың буымен саналары тұманданған, бір жағынан қара көңілдерін ашкөздік билеген белсенділер .көшке қарай оқ жаудырады. Қапысын тауып тасадан атылған оқ қойсын ба, Құрмаш жағынан бірнеше адам оққа ұшады. Соның бірі Құрмаштың алдыңғы түйедегі қом алдында ұйықтап келе жатқан үш жасар сәбиі. Ойда жоқ жерде осылай арандап, қайғыда қалған Құрмаш ертесіне есін жиып өлгенін жерлеп төңірегіне жанашырларын топтайды. Аттанып барып Жұмағалидың аулын шабады. Қарсыласқан бір адамды өлтіріп, бір келіншек пен бір қызды кепілдікке алып, қолға түскен малды айдап алады. Қолы қанды қарсы жақ та қарап қалмайды. Жоғарыға «Елде Құрмаш деген банда шықты» деп жедел хабар салады.
— Мен білетін Құрмаштың банда аталу жайы осы, шырағым, Әуелгі ашу үстінде Құрмаш өлген баламның жеті мүшесі үшін Жұмағалидың жеті туысын өлтіремін, — депті-міс. Бірақ бұл жамау-жасқаулы әңгіменің ұшығы болса керек. Жұмағали жағынан өлген әлгі бір адам. Қайта қаза бұл жақтан болыңқырады деседі. Дәл қанша екенін білмеймін. Менің әкем Айдарбай би Құрмаштың бұл оқиғадан бұрынырақта болған бір ағайын аралық дауына билік айтқан көрінеді. Бірақ ол осы Адай ішінде болса керек.
Мен Молдекеңнен бұл әңгімені естігелі де аттай 23 жылдың жүзі болды. Заман жаңғырды, кезең өзгерді. Кененің жадындағы кеп нәрсе қайта жаңғырды. Ең бастысы үй артынан тыңшы іздеген үргелек халден ада болдық. Соны малданған соң да болар бүгінде ортамызда селдіреңкіреп қалған көнекөздердің көңіл түкпіріндегі қоламтаны қайта көсеуге құлшыныс таныта бастағанымыз. Сондай талпыныстың бірінің Ақтау қаласында туратын Ерекеңнің — Ерғали Төлесіновтың мына әңгімені жебеуіне түрткі болғаны. Ерекең Шоңай аулының перзенті. Ру жігімен алғанда Құрмашқа алыстан қосылатын ағайын болып келеді. Оның үстіне жерлес. Жастайынан қызметке араласып, топ ортасында, ел басында жүріп, бір мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат та болып сайланған Ерекең бұл әңгімені өзінің туған қайын атасынан естіген екен.
— Марқұм атам Құрмаштармен нағашылы-жиенді, ілік-шатыс екен. Оны қарақшы, банды деген сөз шыққан жерде көп отырмай шығып кетіп қалатын, — дейді Ерекең.
— Ақыры бір күні оңашада сырын ашты.: Атам қасында бір топ адам жылқы қарап келе жатыпты. Мезгіл ерте көктем. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Жолаушылар кешкіқұрым Шынжырдың алды дейтін аладөңде отырған Құрмаш аулына келіп түседі. Үй сыртынан Құрмаштың өзі шығып қарсы алады.
— Құдайы қонақпыз.
— Хош келдіңіздер.
Бұл уақытта қырда ағаш үйде отырған ауыл жайы белгілі. Қонақтар күнілгері әр үйге бөлініп түсуге келіскен екен. Атам қасындағы бір серігімен әзіл-қалжыңы жарасқан Құрмаш үйіне беттейді. Шай ішіледі. Артынша үлкен бір ағаш табақ толы ет келеді. Қыдырма қонақ жылдың бұл мезгілінде пышақ қандамады деп өкпелейді ғой. Жыл шығып тұрған малда не күй бар. Құр обал. Қой, жылқы, түйе еті аралас асылған сүр етке тойып жатады қонақтар. Таң алдында атам үй иесінің әйеліне, — Әй, Жұпар, тұрсаңшы. Қонақтарға шай қой, тамақ жылыт. Жоқ іздеп жүрген кісілер асығыс шығар, — деген күбірін естиді.
— Қалай тұрарымды білмей жатырмын, — деп қысыла сыбырлайды әйелі. Үйде тамызықтық отын жоқ. Мына күні түскір боратып отын шабуға мұрша берді ме. Түндегі етті де бір қайнауы ішінде 'түсірдім.
— Өй, сөз болғаныңа. Тұр да түндегі ет салған ағаш табағыңды шауып, қазанның астын жақ. Меймандар оразасын ашып аттансын ең болмаса.
Атам үй иелерінің онан арғы күбірін тыңдай алмай күліп басын көтеріп алады.
— Әй, Құрмаш, мені табағыңды отқа жаққызып жын ұрып па? Осы ниетіңнің өзі неге тұрады. Етіңнің қалғанын әкел бері. Мұздайлай-ақ жейміз!
Атам «Құрекеңнің көзі тірісінде азаматқа сынықтық келер деп бұл жайтты тісімнен шығармай өттім. Енді мойныма борыш болмасын. Қонағына сондай ықылас-пейілі бар ерді қиянатқа қиған зар заманының кері мен кебі болмаса, елі емес» — деп еді сонда дейді Ерекең.
Халық айтса қалт айтпаған. Сірә, Құрмашты маңайына ер көңіл, азамат ретінде танытып жүрген осындай сыры мен сыйпаты болса керек.
Еліміздің еркіндік алып, өз қолымыз аузымызға жеткенінің бір хиуазы жылдар бойы халықтан жасырын ұсталып «өте құпия» деген тылсымның астында жатып келген кеңестік жазалау органдары — ОГПУ — КГБ —МХП-ның архивімен танысуға жол ашылды. Бұл сайып келгенде өткенімізге өміршеңдік сыйпат беріп, тарихымызды жаңа тұрпатта негіздеудің бастамасы еді. Сол архивтен осы оқиғаға қатысты табылған құнды құжат — Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақталған «Құрмаш Қосжановтың ісі» деп аталатын жалпы көлемі 5 томдық (Ескерту: Мұнда және басқа да құжаттарға Құрмаштың фамилиясы Қощапов деп жазылған. Бірақ біз оны қазақ тілінің грамматикасының заңдылығына орай Қосжанов деп алдық. — Ә. С.) Осында Құрмаштың өз қолымен жазылған төмендегідей арызы бар.
Адай округтік атқару комитетіне 1 Маңғыстау болысы Тоқабай аулының азаматы Құрмаш Қосжановтан.
Арыз
Осы арызым арқылы төмендегіні мәлімдеймін: 1927 жылдың қысында қыстауым жоқтықтан Маңғыстау жеpінe көше алмадым да Қарашағыл жерінде қалып қойдым. Осы жылы шамамен ақпан, қаңтар айларында мұнда күшті боран соғып, тұруға мүмкін болмады. Сол себепті Ақтайлақ дейтін жерден түн ішінде Ақтайлақ мешіті жеріне көшуіме тура келді. Солай көшіп келе жатқанымда маған 14 қарулы жігіт Қойлыбаев Жұмағали дегеннің бастауымен шабуыл жасап, винтовкадан оқ жаудырды. Менің:
— «бұл не шу, бұларың не?» деген сауалыма олар жақында Маңғыстау облысынан Табынай руының Қарабасовтар дегендері көп сиырымызды барымталап әкетті. Енді соны сендерден алуымыз керек, — деп жауап берді. Мен бұдан соң оларға «Менің Қарабасовтармен ешқандай қатысым да, байланысым да жоқ. Олар менің аулымнан емес. Бүл мәселеде менің кінәм жоқ», — дедім. Менің бұл жауабым қанағаттандырмаса керек, олар 100—150 қадамдай жерден оқ жаудырды. Сол атыстан екі түйеге оқ тиіп жығылды да, жерге құлап астында қалып 3 жасар балам өлді, өзімнің оң қолыма оқ тиді. Атыс кезінде азаматтар Мұңалбай Қисымбаев пен Мұңалбаев Тасболат киімсіз қашып кетіп еді оларды бес күннен соң далада үсіп өліп жатқан жерінен таптым. Жоғарыда айтылған себеппен азамат Көшенов Түрікменбайдың үйі де жоғалып кетті. Оның қазір қайда екені белгісіз. Жеткен хабарға қарағанда өлім аузында болса керек. Көшіп келе жатқанда менің ізіммен ауылдастарым азамат Мұсатаев Нысан, Досқараев Шырдақ та келе жатыр еді. Оларды шабуыл жасаушылар ұстап әкетті. Бұдан басқа олар тағы азамат Қаржаубай Қосжанов өзінің қарт шешесінде қалдырған ер-тұрманды екі ат пен шешесі мініп келе жатқан түйені, тағы төмендегідей қымбатты заттарды — бір жібек халат, бір жібек көйлек, 50 сом күміс ақша, өзге де бағалы нәрселерді алып кетті. Және менің бір атымды ер-тұрманымен тартып алды да неге екені белгісіз өзімді қалдырды. Мен бұған қатты таң қалдым. Сол себепті мен: «олар, Құныскерей бандысының адамдары, оларға осы жерде Құныскерей басшылық жасады» деп ойладым. Сондықтан үкіметтің жоғарыда аталған адамдарға тиісті шара қолданып, маған алынған малдарым мен дүние-мүлкімді, ұсталған азаматтарды қайтаруына көмектесуін сұрадым. Олардың мені барымтаға басшылық етті деуі жалған. Бұл мәселеде өзімді ақтау үшін куәм бар. Тексеру жүргізуіңізді өтінемін.
Қ. Қосжанов.
28 жыл. 10 ақпан. (2 том, 577 б.).
Араб әрпімен таза, әдемі етіп жазылған арыздың соңына Құрмаш Адай таңбасын салып қол қойыпты. Көріп отырғандай бұл құжатта жазылғандардың жоғарыдағы Молдекеңнің айтқандарынан айырмасы шамалы ғана. Арыздың Адай округтік атқару комитетіне жазылу себебі: Құрмаш азаматы болып есептелінетін Тоқабай аулы қарайтын 1 Маңғыстау болысы бұл кезде соған қарайтын. Ал оқиғаның болған жері осы күнгі Жылой маңы, Жематырау болысы Гурьев округіне әкімшілік бағыныста еді. Бірақ көшпелі ел баяғысынша сапырылысып, аралас-құралас көшіп жүре беретін де, үкіметке қатысты арыз-шағымдары болса оз округтеріне шығуға мәжбүр болатын. Бұл да болса үкіметтің халықтың баяғыдан бергі қалыптасып қалған саяси бірлігін бұзғаны, солақай саясаттың бір көрінісі. Мұны ең алдымен ел арасын бүлдіруші, соқтықпа, сотқарлар пайдаланып бақты. Құрмаштың бұл арызы сонау ит арқасы қиянда жатқан Форттағы оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын үкіметіне жеткенше, одан тексеру келіп, істің анық-қанығына жеткенше не заман. Жұмағалилардың салған жерден қанқұйлылыққа барып, баса-көктей жөнелуінің бір .себебі де осы.
Құрмаш ісімен мұқият таныса келгенде оған тиісудің сынаққа сылтауы болған жайт та шаң бергендей болды. Ол атақты заңгер Бақытжан Қаратаевқа жазылған төмендегі хат. Бұл хат та араб әрпімен жазылған. Қасына орысша орашолақ әрі қысқа аудармасы тіркелген.
«Ақсақал жиен ағамыз Ханзада Бақытжан Қаратаевқа нағашыларыңыз Қондыбай, Жүніс әм басқаларынан. Сіздің өткен жануардың ішінде жазған бір хатыңызды біліп қалдық. Бұл уақытқа дейін ойдан қалдырмай жүргеніңізге рахмет. Бұл не себепті деген сұрауға бұл асылзада ақсүйек аулынан екендігіңізден деп білдік. Енді Сізге өз көңілімізден хабарымыз. Өткен күзден бері Табынай деген ауылдағы нағашыларың бір іске шатылулы. Мәнісі, көршілес Гурьев, Қызылқоға болысындағы Шеркеш ағайындарымыз өткен 23-ші жылы жоқ болып кеткен бір адамын біздің елдің ұрылары деп біздің көшпелі ағайындарға хабар берулі. Жақын тумаластары Табынайлар болатын еді. Бұл туралы адайлар құн сұрады. Көшпелі елдің аты-жөнін білмеген себепті әлгілер бастығын біз екеуміз қылып 20 шақты адамды қаралап, мекемелерге көрсете беріпті. Ол уақытта Қызылқоғаға Жоғарғы сот адамдары да келіп жатыр еді. Адамдарымыздың екеуі ұсталып, екеуі үйінде міндетте. Басқаларымыз жауаптала қойғанымыз жоқ. Осының хақында көп өтінеміз. Тар жол тайғақ кешуде талай-талай кіріптар пендеге ат сауырын беріп едіңіз. Күн жаумай су болып жүрген нағашыларыңызға да сөйте көріңіз. Көкжарға келіп, жүзбе жүз сөйлесіп, осы қызметті міндетіңізге алып кетсеңіз, Иншалла, қадалған тікеннен құтылсақ керек.
Жазушы: Жүніс Есжанов, Қондыбай Қойсойғанұлы.
1928 жыл. 7 шілде.
Хат сыртына әлдекімнің Б.Қаратаев хақында берген анықтамасы іспетті орысша төмендегідей ескертпесі соғылыпты. «Офицер царской армии. Обжалован. Бывший присяжный царской юстиции. Ныне защитник — Уральской. Сын его Шамиль Каратаев инструктор политсекретарь Крайвоенкомата». Бұл сөздер сөз жоқ ОГПУ органдарының Б. Қаратаевқа да сенбестікпен қарағандығын білдіреді. Күдікшілердің бұл пікіріне жауап ретінде халқының біртуар перзенті Б.Қаратаевтың шын мәнісінде кім болғандығына тоқтала кеткеннің артықтығы жоқ.
«Қаратаев Бақытжан Байсәліұлы 1860 жылы, қазіргі Орал обл., Қаратөбе ауданы, Ақбақай аулы, 26. 08. 1934, Ақтөбе қаласы — қазақ юрисі, ағартушы демократ, 1905 - 1907 ж. кадет партиясы қатарында болған. 1917 ж. май айынан болшевиктер партиясының мүшесі, 1890 ж. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. 1890-1907 ж. Петербург, Кутайси қалаларында, Орал облысында заң қызметінде істеген. 1907 жылы Орал облысынан мемлекеттік 2 Думаға депутат болып сайланған. Оның 1907 ж. 16 майда Дума мәжілісінде қазақ халқының жер-су мүддесін қорғай сөйлеген сөзіне В.И.Ленин назар аударып, өзінің «Социал-демократияның 1805—1907 жылдары болған бірінші орыс революциясындағы аграрлық программасы» атты мақаласында одан үзінді келтірген. (Ленин В. И., шығ., 13 т., 215-6.)
1907—1916 ж. ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1917 ж. Ұлы Октябрь Социалистік революциясына белсене қатынасқан. 1918 ж. март айында Орал облыстық Совдепке мүше және заң істерін басқаратын комиссар. 1918 жылғы 15 апрельден 1919 жылдың 24 январына дейін Алашордашылар үкіметі түрмесінде тұтқында болған. 1919 ж. январь айының соңғы күндерінен бастап Орал облыстық ревкомының мүшесі, ұлт істерін басқаратын коллегияның бастығы. Сол жылы даңқты Чапаев дивизиясында атты әскер бригадасының саяси бөлімінің меңгерушісі және командирі болды. 1919 жылы 2 июльде Қазақ өлкесін басқаратын революциялық комитеттің мүшелігіне тағайындалды. Қ. мандатына В.И.Ленин қол қойған. Б.Б.Қаратаев — Қаз. АССР І-ІІ съездерінің делегаты» (ҚСЭ 6-том, 500-бет) Сондай, жаңа үкіметтің орнауы үшін осылай тер төккен Бәкеңе ОГПУ тергеушілерінің пікірі, көзқарасы әлгіндей. Бұған ту бетіңе дейсіз бе, жоқ, әлде «сорпа, саған сөз жоқ» деген осы дейсіз бе.
Ал Шәміл (еркіндік сүйген әкесі баласының атын сірә, Кавказдағы ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Шамильдің құрметіне қойған тәрізді — Ә. С.). Кеңес үкіметі орнаған күннен бастап-ақ оның баянды жеңісі үшін күрескерлер сапынан табылды. (1899, Орал уезі — 1938) — Совет әскери қайраткері, полк комиссары, Қазақстандағы азамат соғысына белсене қатысушы, КПСС мүшесі. Оралдағы гимназияда, реальное училищеде оқыған. Орынбордағы Борислоглебск әскери училищесін бітірген. 1919 ж. өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, қазақтың тұңғыш атты әскер бригадасының құрамында Орал облысын ақтардан азат етуге қатысты. 1920 ж. Ырғызда, Темірде т.б. елді мекендерде революциялық комитет ұйымдастырды. 1921—22 ж. Ә. Жанкелдин басқарған Қызыл керуеннің саяси қызметкері болып Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау жерлерінде Советтердің жұмысын жандандыруға көмектесті. 1922 ж. Мемлекеттік саяси басқарма бөлімінде істеді. 1923—33 ж. қазақтың ұлттық атты әскер дивизионының комиссары 1929 ж. осы дивизионның Қызылордадан Алматыға дейін жасаған саяси жорығын басқарды. 1933—38 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының әскери комиссары болды — ол туралы ҚСЭ-да осылай делінген. Бұдан көретініміз: Ш.Қаратаев тіпті ОГПУ-да жасаған, хат сыртындағы бұрыштама авторының әріптесі болып шықты ғой. Ендеше «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» қағидасы бұл органға жүрмейді екен. Осындай елеусіз бұрыштамалар арқылы бұлар Шәмілге де қазған аран орын тереңдете берген сияқты. Аңыры жауыздар мақсатына жетіп тынды. Оны 1938 жылы 39 жасында халық жауы ретінде атып жіберді. Сөйтіп, қыршын ғұмыр үзілді. Жалпы ОГПУ-дің сол жылдардағы қаламы түрткен жерден қан шаптыра берген бе деп қаласың осыған қарап.
Арыз иелерінің оны жиен деп іштартып отырғаны тегіннен-тегін емес. Бәкеңнің арғы шешесі Бопай ханым — Әбілқайыр ханның әйелі, Адай елінің қызы. Бәкең сол тұрғыдан келіп Адай елін кәрі нағашы тұтып қатты жақын тұтқан. Көкжар жәрмеңкесіне келгенде ел азаматтарымен жүздесіп, сырласып отырған. Бұл жайт жазушы Берқайыр Аманшиннің «Көкжар» повесінде жақсы баяндалған. Ал хатта айтылған Шеркештер мен Адай арасындағы жанжалдың болу себебі бізге ауызша жеткен деректер бойынша былай. Орынборға қала шығып бара жатқанда руы Адай бір кісі кенеттен қаза болады. Оның жаласы Шеркештерден болды деген қаңқу таратады. Сөйтіп құн талап етеді. Оған жауап ретінде Шеркештер жоғалған бір адамын Адайлар өлтіріп, сүйегін тығып тастады деп қарсы дау салады. Осы қаңқу ақыры ушыға келіп барымтаға ұласып Адайдың Табынай руының бір топ адамдарының Шеркештердің малын айдап кетуімен тынады. Оның арты сірә, жуық арада бітпейтін шатақ. Ақыры көріп отырғанымыздай сол «соқырдың таяғы сорлыға тиедінің» кебіне келіп, құдайдың жіберген зауалы қыстан қысылып жүрген Құрмашты келіп шырмайды. Құрмаш ісіндегі ең бір маңыздысы Құрмаш пен Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», «Жүнісовтер трагедиясы» романдарынан белгілі. Құныскерейдің бір бақырдан дәм татып, жарты малтаны жарып талмаған жорықтас болғандығын айғақтайтын мына құжаттар. Оның бірі 1928 жылдың алғашқы бес күнін қамтиды. Өмірлері қыл үстінде дерлік жүрген екі арыстың жай-күйімен, ереуілді күндерімен толық қанығу үшін оны орыс тілінен аударып қысқартусыз сол күйінде беріп отырмыз.
Гурьев ГПУ-іне Жылойдан
ЖЕДЕЛХАТ
Кеше кешкісін бандит Құрмаш пен Құныскерей Қожахметовтың қастарында 10 адамы бар Жылой маңында 7 шақырым жерде болғандығы туралы нақты мәлімет алдық. Олардың қаруланған үй-іштері 10-шы ауылдағы қыстауға тоқтап, бізді Ақжол, Жем—Атырау, Жем болыстарының бір бөлігінен оқшаулап тастады және науқанды өткізбеу қаупін төндірді. (әңгіме сайлау науқаны туралы болып отыр — Ә. С.).
Жем болыстық атқару комитетінде патронсыз төрт бесатар ғана болуына байланысты тез қарулы көмек жіберуді өтінемін.
Урал ГООГПУ бастығына
МӘЛІМДЕМЕ № 1.
1927 жылдың 31 желтоқсанынан 1928 жылдың 5 қаңтарына дейінгі уақытта.
1927 жылдың 31 желтоқсаны күні 10 сағатта Жылой поселкесінен Советтердің қайта сайлауы науқанын өткізуге шыққан ЦИК хатшысы Келімбетов пен басқа өкілдер телеграфпен Жылой поселкесінен 7 шақырым жерде қарулы екі бандит Құрмаш Адай (фамилиясы белгісіз) мен Құныскерей Қожақметовтың пайда болғаны туралы хабар алдық. Олар екі-үш қырлы бесатармен, наганмен қаруланған, патрондары жеткілікті. Құрмаштың үйелмені мен шаруашылығы Жем болысының 10-шы аулына тоқтаған. Олардың жанында қарулы төрт бандит — Құрмаштың серіктері бар. 31 желтоқсанда күндізгі сағат 4-те мен екі көмекшіммен Жылойға беттеп, 1928 жылдың 1 ақпаны күні таңертеңгі сағат 10-да Жылойдан 120 шақырым жерге барып жеттім. Құныскерей Қолсақметов көмекшісімен екеуі бірінші ақпанда таңертең ерте белгісіз бағытқа шығып кеткен. Жылойда бар үш милиционермен, атап айтқанда Ақжол, Жем, Жематырау болыстарының милиционерлерімен қолымызда бар 30 патрон аз деген сылтаумен Қ.Қожақметовты ұстауға шара алынбаған.
Жем болысының 10 ауылында, яғни Жылойдан солтүстік шығысқа қарай 55 шақырым жерде жатқан Құрмаштың 4 көмекшісін ұстау үшін мен үш көмекшіден және ВИК пен ЦИК-тің төрт жауапты қызметкерлерінен тұратын өкілдің көмекшісі Чапурин жолдастың басқаруымен отряд ұйымдастырдым. 8 винтовка, 230 және патрондармен және 6 наганмен қаруланған отряд төрт шанамен 1 ақпан күні күндізгі сағат 2-де жолға шықтық. Қарлы боранға байланысты 1-інен 5 ақпанның күндізгі сағат 11-іне дейін отрядтың қайда жүргені және іс әрекеті туралы мәлімет түскен жоқ.
2 ақпан күні күндізгі сағат 4-те Жылойдың шығыс жағындағы 50 шақырым жердегі Қаратон мұнай кәсіпшілігінен келген кәсіпшілік меңгерушісі Қаратоннан 3 шақырым жерде қарулы екі бандиттың кездескенін мәлімдеді. Олар өздерін Адай уезінің милиционерлеріміз деп таныстырған. Ал білетін тұрғындардың айтуы бойынша олардың бірі Құныскерей Қожақметов, ал екіншісі белгісіз. Кездескендерге олар өздерін көргендіктері туралы ешкімге айтпауды ескерткен. Бұдан басқа әлгілердің мәліметі бойынша көрсетілген бандиттер ауылдардан жылқы барымталап жүрген көрінеді. Сөйтіп, Ақжол болыстық атқару комитетінің төрағасынан, сол болыстың салық агенті бөлімінің бастығынан, тағы да басқа азаматтардан төрт ат тартып алған. Және Қаратон кәсіпшілігі мен ондағы адамдардың қалай қаруланғаны жайлы қатты қадағалап сұраған. Және Жылойдан Қаратондағы кәсіпшілікке екі ат пен ақша әкеле жатқан көшірді екі рет тоқтатқан. Көшірдегі қазына ақшасы бандиттер тінтпегендіктен алынбаған. Ал кәсіпшілік аттары туралы «ат семіз екен, тек союға ғана жарамды. Сондықтан біз үшін қажетсіз» деген.
Тексерілмеген қауесетке қарағанда екі бандит тартып алынған 4 атпен Жылойдан Каспий теңізінің жағасына қарай 100 шақырым жердегі Прорва поселкесіне қарай кеткен. Күш пен құрал-жабдықтың жоқтығынан 3 ақпанда Қаратон бетке қуғын ұйымдастыра алмадым. Кәсіпшілік меңгерушісі «Эмбанефть» басқармасынан екі милиционер сұрады. Менің жіберген жеделхатыма басқарма таяу күндерде Қаратонға ағаш шеберлерінің тобы барады, сұратқан милиционерлер солармен жіберіледі деп жауап берді. Қаратонда құрал жоқ, қолдағы екі бердеңке бұзық және патроны жоқ. Жылойдан құралмен жабдықтауға бар винтовканы (8 дана) жолдас Чапуриннің отрядына бергендігім себепті мүмкіндігім жоқ. 1927 жылы 31 желтоқсанда 5 милиционер жіберу туралы менің жіберген телефонограммама Доссор аудандық милиция бастығының орынбасары «Эмбанефть» басқармасына толықтай бағынатынын және Доссор кәсіпшілігін қорғайтыным себепті милиционер жібере алмаймын деп жауап берді. 5 ақпанда күндізгі сағат 11-де оралған Чапурин отряды мынаны мәлімдеді: 1 ақпанда күндізгі сағат 2-де шыққан отряд Жем болысының 10 ауылына сол күні түнде сағат 11-де келіп жетті. Көрсетілген ауылда Құрмаштың үйелмені болмай шықты. Тек бір жер үйден оның бір серігі ұсталды. 1 ақпаннан 2-сіне қараған түнде отряд боранға байланысты сонда Құрмаштың серігі ұсталған жер үйде қонып қалды да 2 ақпанның кешкі сағат 9-ына дейін ауа райының жақсаруын күтті. Көрші ауылдарға Құрмаш туралы сұрау салынғанда ондағы сенімді адамдар ол туралы ештеңе білмейтіндерін айтты. 2 ақпан күні кешкі сағат 9-да постыда тұрған милиционер Құрмаштың екі белгісіз серігімен 3 ат, 40 түйеден тұратын керуеннің таяу келе жатқандығын хабарлады. Хабарды алысымен отряд Құрмаш керуеніне қарсы ұрысқа кірісті. Құрмаш қарулы тосқауылды көрген бойда атыс салып, керуенді басқа ауылға қарай бұрды. Құрмаш пен отряд арасындағы 15-20 минутқа созылған атыс нәтижесінде Құрмаштың немере туысы мен тағы бір серігі, бір түйе, бір жүйрік жылқы құлынымен, тағы бір қарабайыр ат қолға түсті. Құрмаштың бастауындағы керуен 10-шы ауылдан 5 шақырым жердегі жер үй жанына аялдады. Соңынан қуған отрядты көрген Құрмаш қолайлы бекініске орнығып, керуенін жер үйден 40—50 қадамдай жерге қалдырды да атыса жөнелді. Отрядтың ұйымшылдығы жоқтығы мен адамдардың ұрысқа қабілетсіздігінің салдарынан Құрмаш ұстатпай кетті. Отряд 4 ақпан күні кері оралып, күндізгі сағат 11-де Жылойға келіп жетті.5 ақпан күні сағат 2-де мен екі көмекшіммен Жылойдан Ракушаға қарай онан әрі Доссорға бару үшін шықтым. Жылойдан Ракушаға барар жолда Жылойдан 25—30 шақырым жерде жүргіншілерден осы жолмен Ракуша бағытына жетегінде екі аты бар, мойындарына бесатар асынған екі адамның өткенін айтты. Олар қарсы ұшырасқан қарулы керуеннен Қосмола дейтін жерді сұраған. Белгілеріне қарағанда бұлар Ақжол болысынан алған аттарымен кетіп бара жатқан Құныскерей мен оның.серігі болып шықты. Біз бір ауылдан Қосмоланы сұрап алып жегіп келе жатқан екі атымыздың жүрісін тездеттік. 4 атты екі қарулы адамның осылай қарай кеткені анықталды, бірақ ауылдардағы жер үйлерден ондайлар табылған жоқ. Ракуша поселкесінен 15 шақырым жердегі жолдың үш тарам айрығына келгенде із мүлдем жоғалды. Құрмаштың алғаш қолға түскен серігінен оның тағы да винтовкалы үш серігінің Маңат кәсіпшілігінен 30 шақырым жердегі үйде үйелмендерімен жатқандығын білдік. Бұдан басқа Құрмаштың қолға түскен серігінің (Айдарханов) сөзінен Құныскерей Қожақметовтың 10 ауылда Құрмашпен келісім жүргізуге тиіс болғандығын, бірақ неге екені белгісіз екі рет келмей қалғанын білдік.
Сірә, Қожақметов 10-шы ауылда отряд барлығын біліп қалған болса керек. Құрмаштың ұсталған үш серігі мен үш ат Жылой поселкесіне жеткізілді. Онан әрі олар үш милиционермен Гурьевке жеткізіледі. Олар Жылойдан 6 ақпан күні таңертең шығады.
УРГООГПУ-дың Гурьев уезі бойынша өкілі,
(қолы түсініксіз).
өкілдің көмекшісі
(И. Чапурин).
(істің 553—555 беттері, 2-том).
Осы істен Құрмаштың қолға түскен серіктері Айдарқан Жанғазиев, Нысан Мұсатаев, Шырдақ Досқазиевтар екенін білдік. Және бір байқағанымыз отряд бастығы ақыры жасақтың Құрмашпен ұрыста дәрменсіздік көрсеткенін мойындауға мәжбүр болған.
Құрмаштың жоғарыдағы хаты осы мәлімдемеден соң 5 күннен кейін, яғни ол Құныскереймен бірге сапарлас болған сол күндерден кейін жазылған. Ендеше, оның арызында өзіне шабуыл жасағандар туралы «Олар Құныскерей бандасының адамдары, оларға осы жерде Құныскерей басшылық жасады» — деп ойладым», — деп жазуы неліктен? Шала деуге Құрмаш бастас серігіне жала жабар кісің, емес. Біздіңше осы арыз қашты-қудыны көп көріп әдіс алған әккі Құныскерейдің ақылымен, айтылуымен жазылған сыңайда. Сірә, Құнысекең серігіне «мен сірә артыма қоңырау байлаған адаммын, жұғыссаң қарам жұғар, дұшпан көзге іргеңді аулақтауға тырыс та үкіметке көрген зәбір жапаңды арызданып көр. Бәлкім олар құдайына қараса есеңді алып берер» деген сөзін айтқан сияқты. Біздің бұлай қорытындыға келуіміздің бір себебі де бар. Құныскерей ақыры жазалаушылар құрығына түспей Хорезм ойына барып жетіп аты-жөнін өзгертіп ғұмырының қалғанын бейбіт өткізеді. Өзінің кім екендігін көз жұмар сәтінің алдында ғана ашыпты. Сонда «Шіркін, Құрмаш, азаматым-ақ еді. Ондай ердің жуық маңда тууы екіталай шығар» деп Құрмашқа бағасын да бере кетсе керек. Бұл деректер бізге Құныскерейдің ұрпақтарымен көп жылдар Түрікменстанның Кушка қаласының маңыңда аралас-құралас көрші отырған көнекөздер арқылы жетті. Жоғарыдағы мәлімдемені оқып отырғанда есте ұстайтын екі жайт бар. Оның біріншісі: ОГПУ қызметкерлерінің жазғандарында жаптым жала, жақтым күйенің де болмай қоймайтындығы. Көп ретте олар өздерінің қауқарсыздығын ақау үшін қарсыластарын қаралаңқырап, Ақтауды айырып, Қаратауды қайыра да берген сыңайы бар. Екінші басы ашық жайт, жалпы Құрмаш жауы болса да қанын төге беруге көп онша құлық таныта қоймаған. Әйтпесе, құралайды көзден атқан мергенге жер үй алдында бас көтеруге қорқып жер иіскеп жатқандарды сол жерде ұзынынан сұлатып кете беру бұйым болып па? «Отрядтың ұйымшылдығы жоқтығымен адамдардың ұрысқа қабілетсіздігінің салдарынан Құрмаш ұстатпай кетті» — ОГПУ мәлімдемесін қаншама сылап-сырласа да тап осыны ашық мойындап тынды емес пе?!
«Таз өшін тырнадан алады» демекші Құрмашты ұстай алмаған ызасын ОГПУ енді қолға түскен үш серігінен алуға кіріседі. Бұлар да оңай жау болмай шықты. Үшеудің ішіндегі бас көтерері Жанғазиев Айдархан 1893 жылы туған. Сауатсыз. Орта шаруа. Әйелі өлген. 1922 жылдан ұсақ сауданы кәсіп қылған, тері-терсек жинаған. 1922—25 жылдары Адай уезі Маңғыстау болысында милиционер, 1925 жылдан малшы. Тергеушінің барлық сұрақтарына «Бандитизмге ешқандай қатысым жоқ. Өзімді кінәсізбін деп есептеймін» деп жауап береді.
Мұсатаев Нысан — 1894 жылы туған, малшы-балықшы, үйленген, баласы жоқ.
— Құрмаш Қосжановты білгеніме бір ғана жыл. Яғни оған түйе бағуға жалданғаннан бері. Онда винтовка барлығы маған мәлім, бірақ ол оған не үшін қажет болды білмеймін. «Винтовка маған қасқыр ату үшін керек дейді» маған оның өзі,—Нысекең тергеушіге берген жауабында осылай бір төбенің шаңын бір төбеге қосып жостырта береді, — Менің жалданып жұмыс жасап жүрген кезімде ол ауылдан бірнеше күнге кетіп қалатын да, артынан әлдебір іс жөнінде сөйлесуге бардым дейтін. Ал оның қандай істер екенін білмеймін.
Сұрақ: Сен Құрмаштың түйесін бағуға қандай кесімді бағамен жалдандың.
Жауап: 6 ай үшін одан 6 қой алдым. Тағы да берем деп айтып еді. Онысын бере ме, бермей ме білмеймін.
Сұрақ: Сен Айдархан Жанғазиевті білесің бе? Ол Құрмаш аулында жиі болатын ба еді. Сондай-ақ оның аулында өзге адамдар болды ма?
Жауап: Азамат Айдархан Жанғазиевті білмеймін. Бірақ, оның бірде Құрмашқа қонаққа келгенін көрдім, артынша қонып қалды. Ал олар Құрмаш екеуі не туралы айтты,оны білмедім.
Сұрақ: Құрмаштың жолдастары Құдабаев Ізтұрғанды, Байзақов Шүкірді, Оразбаев Ізтұрғанды білесің бе?
Жауап: Жоқ, білмеймін.
Сұрақ: Сенімен бірге тұтқындалған Досқазиев Шырдақ деген кім өзі? Ол Құрмаштың керуеніне қалай тап болып жүр, жалпы ол не істеді?
Жауап: Досқазиев Шырдақ Құрмашқа жамағайын болып келеді, Құрмашқа жалданып жұмыс жасайды, отын әкеле, тағысын тағы дегендей.
Сұрақ: Құрмаштың азаматтарды тонайтынын білесің бе? Саған оның бірде Жем болысының бір азаматының әйелін алып кеткені мәлім бе? Ол әйел қазір қайда?
Жауап: Жоқ, білмеймін. Жалпы ол менің көзімше ешкімді де тонаған жоқ.
Аударған: Гурьев Орталық атқару комитетінің нұсқаушысы. (қолы қойылған) Хисматуллин.
Жауап алған ОГПУ өкілінің көмекшісі (қолы қойылған) И. И. Чапурин. Жауапталушы Н.Мұсатаев сауатсыз болуы себепті бармағын басқан. (2 том, 368—369 беттер).
Айыпталушының тағы бірі Досқазиев Шырдақ — 1897 жылы туған, үйленбеген, кедей. Құрмаштың 6 айға 4 бойдақ ақы алып қойын бағуға жалданған.
Сұрақ: Құрмаштың шаруашылығында Мұсатаев Нысан қандай қызметтер атқарды? Олар Құрмаш екеуі ауылдан ұзап сапарға шығып тұрды ма?
Жауап; Мұсатаев Нысан да Құрмаштың мен сияқты жалшысы. Ол бір жағынан оның ағайыны болып келеді. Мен Нысанның бір жаққа ұзап шыққанын көрген жоқпын.
Міне, тергеушілер қанша мошқап сұраса да бұл үшеуі осы жауаптарынан танбайды. Құрмаштың бандасында болдың, ел шаптың деуге дәлел жоқ. Доңайбат бопсаға қырдың қырқар түлкілері өтірік аңқаусып тағы көнбейді. Әбден шарасыз күйге түскен тергеу орындары енді тұтқындарға ашықтан ашық қоқан-лоққы жасауға көшеді. Бұл әлі Кеңестік жазалау органдарының ұрып-соғуды қолдана қоймаған кезі. Олай етуге ұлықсат жоқ. «Ноқталы басқа бір өлім» деп бекінген тұтқындар бұған қыңа қоймайды. 1929 жылдың 1 сәуірі күні үшеуі Ойыл түрмесінде аштық жариялайды. Аштық жариялау — дала жағдайына әлі сіңісті бола қоймаған дәстүр. Сондықтан тұтқындардың мұнысы Кеңестік әділ заң сақшыларын едәуір абыржытып тастағанға ұқсайды. Соның бір дәлелі 1с- те тігілген төмендегі 6 сәуірде берілген жеделхат.
Құпия—шұғыл.
ГПУ-дың Адай округтік бөліміне.
Сіздердегі бас бостандығынан айрылып тергеліп жатқан тергеу астындағы тұтқындар Жанғазиев және басқалар 15—16 айға жуық уақыттан бері ұсталып отыр. Тергеудің ұзақ уақыт аяқталмауы және өздеріне айыптаудың берілмегені үшін олар аштық жариялап 5 тәуліктен бері нәр татпай жатыр. Сіздер тарапынан процессуальдық нормалар әлдеқашан бұзылған. Бүл туралы біз сіздерге КазНКЮ-дің нұсқауына сәйкес оқшаулау шарасын өзгертуді сұрап 19/ІІ-да 133 санды қатынаспен еске салу болды. Тұтқындармен болған жайды қаперге ала отырып прокуратура бұл істі олардың аштық жариялауды доғаратындай етіп реттеуді ұсынады. Немесе оларды оқшаулау шарасын өзгертіңіздер. Нәтижесін дәл бүгін бізге хабарлаңыздар.
Округтік прокурор: қолы қойылған.
(Сонда 515 бет).
Заң талабына қарсы тұруға шамасы жоқ тергеушілер тұтқындарды аяқ үстіне шығаруға мәжбүр болады. Алайда олар үшін бостандықтың аулы алыс еді. Көп ұзамай оларға мынандай айып тағылды.
«...азамат Мұсатаев Нысан бандит Құрмаш Қосжановтың туысы бола жүріп, оның шаруашылығында жұмыс жасады. Сол арқылы Құрмашқа бандиттік әрекеттері үшін үйінен ұзап кетуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ Құрмаштың тонап әкелген малын қабылдап алып бақты және өзін ұстаған кезде атысып жатқан бандит Құрмашқа қосылып кетуге әрекеттенді. Мұсатаевтың осындай әрекеттері оның бандитизмге тікелей қатыстылығын, яғни, қылмысты істер кодексінің 59-бабының 3-тармағы бойынша қылмысты іс жасағанын сыйпаттайды.
(Сонда 571-бет).
Айыпталушы Досқазиев Шырдаққа да осындай айып тағылған. Үкім — Н.Мүсатаевқа дүние-мүлкін тәркілеп 5 жыл, Ш.Досқазиевқа дүние-мүлкін тәркілеп 3 жыл концлагерь жазасы. Бастапқысының жазасын ауырлатыңқырап тұрған жағдай оның тұтқынға алынған кезде Құрмашқа қосылып кетпек болып тырысқандығы. Айдархан Жанғазиев өзіне кесілген айыпты үзілді-кесілді мойындамағанына қарамастан дүние-мүлкі тәркіленіп, ең ауыр жаза — атылуға кесілді. Шырдақтың мұнан арғы тағдырынан хабарсызбыз. Ал Нысан Архангельск маңындағы концлагерьге тап болады. Жұмыс ауыр. Ертеден қара кешке дейін ағаш кесіп, сал байлау. Түрмедегі өмір қашанда күштінікі мен тістінікі болған десек бұл заң Кеңестік «.Еңбек ісін түзеп, қайта тәрбиелеу» орындарында тіпті дәуірлеңкіреген ғой. Қыр қазағы әрі сауатсыз Нысанға бұл тәртіп пен тәрбие бастапқыда сірә жүмбақ. Құдайдың басқа салғаны осы шығар деп көнбістік танытып бағады әуелі. Жоқ, көзі үйрене келе өзіңе тиесілі аз тамақтың өзі білектінің аузына алдымен тиетінін байқайды. Жуас түйе жүндеуге жақсы деген мұнда да бар сияқты. Жұмыстың қайдағы бір ауыры түптеп келгенде соған тиесілі болып шығады екен. Жөргегінен кісі хақын жеме, қасқыр да қас қылмайды жолдасына тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Нысекеңнің бір күні шыдамының шарт сынатын жері ғой. Әлсіздің нанын тартып жеп жатқан бір дәуді құлақ шекеден қонжитады. Онысы әңгірлеп барып өкіре құлаған екен. Қасындағы жандайшаптары өре түрегеліп тарпа бас салыпты. Ұрыста тұрыс жоқ. Алласының аманат қылып берген жанын енді аяп қалып харқалләзи болмасына көзі жеткен біздің батыр енді шындап мінеді қайратқа. Қолына жан дәрімен күн ілінген барақтың тіреу ағашын бір ырғып жұлып алып оңынан келгенді оңынан, солдан келгенді солынан соғып сұлата береді. Төбелес солай мұның толық жеңісімен аяқталады. Сәті түскенде кісі өлімі жоқ. «Аюды үйреткен таяқ», осыдан соң әлгі кеудемсоқ әупірімдер өздерінің сорына тап болған «Черный дьявол» — «Қара періден» аяғын тарта жүретін болыпты. Қайта мұның дегеніне бас ұрып, өздерін бағыныста ұстаған. Тасы осылай дәуірлеген Нысекең маңындағы әлсіздерді де ешкімнің зәбіріне бермей, сол топта өзінше «коммунизм» орнатады. Бір қызықта Мұсатай баласы Нысан сол бес жылғы сапарынан бесауыз орысша үйренбестен қайтыпты. Онысына өзінің қарап жүрген жерімнен ит жеккенге айдаған осы ит үкіметтің тілін үйренбей-ақ Алламның алдын көрермін деген серті себеп болса керек.
Арып-ашып елге оралса әйелі отын өшірмей өзін күтіп отыр екен. Өлді деген хабары келмеген соң «Кебенек киген келедіге» сеніп екі көзі төрт болып күні жолға қараумен өтсе керек. Жалғызілікті әйелге ол кездегі күн көрістің қиындығын айтпағанда шолақ белсенділердің «банданың әйелі» деп көзге шұқуы сірә бар. Күйеуімен аман-есен қауышып, көрген бейнеті бір күнгідей болмай ұмытылған әйелі араға бірер жыл еткен соң бір тосын шешімге бет бұрады. — Құдайым саған менің етегімнен бала сүюді жазбаған екен деп ұрпақсыз өтпе, үйлен, — дейді күйеуіне. Нысекең азар да безер боп бет бақтырмаған екен, әйелі жеңістік бермей ақыры айтқанына көндіреді. Өзі көздеп жүрген бір орамалдасын үйге кіргізіп күйеуіне некелеп. қосады. Ақыры, шаңырақтың тілегі қабыл болып дүниеге сәби келеді. Тұңғышты бәйбіше әже болып бауырына басады. Қуанышта шек жоқ. Қырсыққанда қамыран іріп тап осы кезде тағы бір пәленің жолықпасы бар ма. Кешегі тап жауы бандит Мұсатаев енді екі қатын алды, феодал деген айыпқа кезігеді. Онсыз да Архангельск жұқартқан жүйкенің тағы да шарт үзілер жері осы. Ызаға булыққан Нысекең бір күні — Маған қимай жүргендерің осы қатындар болса өздерің-ақ алып қарық болыңдаршы осы. Әйтеуір өсімінде дауларың жоқ. Бала өзімдікі ғой, — деп екі кемпірін түйеге мінгестіріп Форт-Шевченкоға апарып аудандық атқару комитетінің ауласына тастап кетеді. Бұлтсыз күнде нажағай ойнап, көңілдеріне қауіп кірген екі әйел дауыс етіп жылап, айналаны азан-қазан етіпті де жөнеліпті. Бұл «концерттен» мезі болған «ел ағалары» «ойбай, мыналарыңның үнін өшіріңдер. Аулына апарып салыңдар» деп азар да безер болса керек. Әбүйір болғанда мұнан соң ешкім бұл шаңырақтың мазасын алмаған. Нысекең екі кемпірінің қасында, бала-шағасының алдында аман-есен айранын ұрттап, қойын құрттап, ал Кеңес үкіметі «бес жылдық белестерін абыроймен алып» дегендей екеуі ендігі жерде бейбіт қатар өмір сүрген.
Қазір Ақтаудан Бозашыға қарай беттеген жол бойындағы төбе басында шағын зират тұр. Соның шетіндегі кереге молада екі кемпірі екі жағында Нысекең жатыр. Құрмаштың аман-есен туған жерге табаны тиіп, сәнімен қартайып барып бақилық болған бір серігінің мәңгілік мекені осы. Ұрпақтары Ақтау қаласында тұрады.
Енді Жем сағасында ОГПУ-дың қанды қақпанынан сытылып кеткен Құрмашқа оралайық. Ол жақтағы ағайынмен шығысқан ол қасындағы ағайындарымен, қоңсы қолаңдарымен бірге Маңғыстау ойына құлайды. Бірақ мында оны жаңа бір дау күтіп тұрған-ды. Маңғыстауда да Құрмашқа «қап бәлем» деп жүргендер жеткілікті болатын. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» солар Құрмаш үкімет тарапынан қудалау көре бастаған соң баяғы көтен өкпесін қоздатып, әлдеқашанғы дауларының қоламтасын көседі. Құнанындағы тісеуін шығарды. Оларға ескі ауылдың айқайға аттан қосатын ызғыштырғыштарының да септігі тимей қалған жоқ, әрине. Сондай шаласы қайта бықсыған даудың бірі Ескелді руы мен Тодабайлардың арасындағы кісі өліміне байланысты ескі бір жанжал еді. Бұл өзі о баста Ескелділердің Тоқабайдың бір кісісін өлтіруінен өрістеген. Далада бұрынғы әдет ғұрыптың бұлжымай тұрған кезі болуы себепті ол билер сотында қаралып Ескелділер құн төлейтін болып келіскен. Бірақ, олар одан жалтарып, бір түнде дүрк көшіп қашады. Тоқабайлар қуады. Екі жақ тоқайласқан жерде ұрыс болып, енді, Ескелділер жағынан адам өледі. Бұл қазаға өз руының намысын жыртып, сөзін ұстаған Құрмаш жазықты болып табылады. Бұл кейіннен де біраз айтақшылға ермек болған оқиға. Соның соңы атақты Сәттіғұл ақын Жаңғабыловтың бір шамырқануына себеп болды. Жеңіл ауыздар елдің екі қадірменді қариясы Сүгір жырау Бегендікұлы мен Сәтекеңді шағыстырып екеуін айтыстырады. Сонда Сүгірдің бір сөзін ауырсынып қалған Сәтекең былай десе керек.
Аққуыс, Шәжік жер емес
Аққуысты жайлаған
Ескелді, Бәли ел емес
Ескелді Сүгір, абайла
Болмаспын саған келемеш
3 жарым кісіңді өлтірген
Тоқабай Құрмаш мен емес,
— осы өлеңде айтылғандай оқиғаның болған жері Үстірт ернегіндегі Аққуыс, Шөжік шымырауының басы. Құрмаш басын шатқан екінші дау Тоқабай аулының Бәли аулына тұрмысқа шыққан қызының өліміне байланысты. Бәлилер келіндерінің қазасы кісінің қолынан, яғни, Бәли қолынан болды деген айыптан арыла алмайды да құн төлеуге мәжбүр болады. Құн алуға келген топ басшысы болуы себепті Құрмаш бұл жерде де қарауылға алдымен ілінеді. Осыларға қосымша малын жоғалтқан әркімдердің жоғын Құрмаш пен оның серіктерінен көруі, ақыры, 1927 жылдың көктемінде ауданнан арнайы тергеу комиссиясының шығуына себеп болып еді. 1927 жылы 25 сәуірінде халық тергеушісі Байтілеуов Нұрбаулы басқарған құрамында аудандық милиция бастығы Тасболатов Мұрат тағы басқалар бар комиссия куәлар Қосжанов Қаржаубайдың, Өтегенов Сайпылдың, Төлегенов Досбосынның қатысуымен Құрмаш Қосжанов үйіне мылтықтың бар жоғын тексеріп ештеңе таба алмайды. (Бұл туралы акт істің 240-бетіне тіркелген — Ә.С.).
Комиссия 3, 5 тамызда, 28 маусымда малын жоғалтқан Болғараев Тұраш, Елдесов Ахмет, Мұқтаров Нұрбайларды да шақырып жауап алады. Бірақ бұлардың да талабы негізсіз, Құрмаш бұл жаладан таза деп табылады. Арыз иесінің бірі Болғараев тіпті жоғалған түйесі кейіннен Қаржау аулының өрісінде жайылып жүрген жерінен табылып өзі ұятты болып қалады.
Ендігі қалғаны негізгі айып құн. 1927 жылдың 27 сәуірі күні тергеуші Н. Байтілеуов құн төлеуші Төлеубергенов Нұрнияздан жауап алады.
Сұрақ: Өткен 23 жылы күзде Тоқабай руының қазақтары Сіздің ауылға келді ме?
Жауап: Біздің ауыл Қарақұмда отырған жерде бізге Тоқабайдан бір топ адам ақсақалдардың шақыруы бойынша келді. Қанша адам екені есімде жоқ. Бірақ, бәрі құралсыз еді. Ақсақалдардың соты мен біздің құдайына дарыған заңымыз бойынша Ақжан дейтін әйелдің өліміне қатысты мәселе бойынша олар мал алды. Келісушілер арасында ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ.
Сұрақ: Сіздер қанша бас мал бердіңіздер.
Жауап: Менің есімде қалғаны шамамен 300-дей қой. Бірақ, олар 150 қой мен екі ірі қара алды да қалғанын қазақ ғұрпы бойынша ошақ басына тастады. Тоқабайлар жағынан Құрмаш Қосжанов бастап, Бекмұханбетов Отарбай, Дәуенов Серғазы т.б. болды. (Сонда 247 бет).
Осы жауаптан соң тергеуші төмендегідей қаулы алады. «Досжанов Бәли руынан зорлықпен құн алды деген айып дәлелденбеді. Талапкер Тілеубергеновтың көрсетуі бойынша бұлар құнды өз еріктерімен Досжановқа малдай бергені анықталды. Бұған қосымша Тілеубергеновтың Қосжановқа құн берген кезінде Құн туралы декреттің әлі болмағандығын, тек құн туралы статьяның ғана 25 жылдан бастап жүзеге асқанын қаперге ала отырып, УПК 2 статьясының бірінші бабын басшылыққа ала отырып құн .жөніндегі айып тағуды доғарамын».
Осыдан екі күн бұрын Қ.Қосжанов тергеу орнына шақырту бойынша өз бетімен келгендігі ескеріліп азаматтар Төлебаев пен Есетовке жауапкерді бірінші шақырту бойынша жеткізу міндеттеліп кепілдікке берілген еді. Енді оны біржолатта босатты. Кеңес үкіметінің құн туралы декретінен бұрынғы оқиға болуы себепті Құрмаш Ескелділердің дауынан да ада күде ақталып шықты.
Міне, арада бір жыл өтіп Қ.Қосжанов Жем бойынан артына қоңырау байлап оралған соң қайта өршіген осы даулар еді. Бұл жерде Форттағы жергілікті өкімет қолында жоғарыдан оны қайткенде де ұстау туралы нұсқаудың да болғанын еске ала кеткен дұрыс. Және бұл кезде қыр халқына бұрын да сырттай қарап келген Кеңес үкіметінің сайқал саясаты кәріне енді міне бастаған. Елді ішкі жаулардан тазарту науқаны — бір сөзбен айтқанда алда таяп қалған зұлмат жаппай коллективтендіруді қарсылықсыз жүзеге асыруға соңғы дайындық мәреден өкше көтерген еді. Ал мұндай кезде ел арасында беделі, салмағы бар, алысқанмен алысуға, жұлысқанмен жұлысуға бейім Құрмаштардың болуы тіпті де тиімсіз еді.
Қазақ халқының Сталиндік нәубетке қарсы бұлқынысын белсенділікпен зерттеп жүрген белгілі ғалым Талас Омарбеков Маңғыстау өңіріндегі халық қозғалысы — «Адай көтерілісі жайлы» «Айта кету керек бір нәрсе, бұқаралық көтеріліс басталмастан бұрын да бұл өлке мазасыз күй кешіп, мұнда Қошанов Құрмаш, Оразбаев Естұрған (дұрысы Ізтұрған — Ә. С.) Өмірбаев Айзақ деген кісілер ұйымдастырған, ұзын саны 50-ге тарта қарулы топ, 1922 жылдан бері қарай барымтамен айналысып Кеңес үкіметінің жаңа тәртібін орнықтыруға орасан зор кедергі келтіріп келді» дейді. (Қараңыз «Ақихат» журналы, 1993 ж. 4 саны. 64 бет). Ғалымның бүл жерде барымта деп отырғаны Қ.Қосжановтың жоғарыдағы даланың ғасырлар бойы қалыптасқан байырғы әдет-ғұрпына, салт-санасына сай әрекеттері. Оны бір сөзбен барымта деп бағалау бір жақты болған болар еді. Автор бұл жерде, сөз жоқ, бұрынғы Марксизм-Ленинизм университетінің архивінде сақталып келген партиялық құжаттардың ыңғайымен кетіп отыр. «1928 жылы ғана Қосжанов бастаған осы топтың қолынан 5 адам өлді. Оның үшеуі жергілікті бейбіт тұрғындар болса, ал екеуі Қосжановқа қарсы сәтсіз соғысқан Коммунистік отряд мүшелері, яғни коммунистер еді.
1922 жылы (бұл жерде соңғы цифр қате кеткен. Дұрысы 1928 жылы болуы керек. — Ә. С.) наурызында бұл топты мүлде жойып жіберу үшін арнайы жазалаушы отряд жасақталды. Оған Дағыстаннан алдырылған құрамында 20 қызыл әскерлері бар дивизион, Ойылда және Форт-Александровскіде 11 қазақ коммунистен жасақталған коммунистік отрядтар кірді. Операцияны Қазақстан ПГГ ОГПУ-ының жетекші қызметкерлері Кручинин, Рязанцев және Байбосынов деген кісілер басқарды». (Сонда).
Сол 11 кісі коммунистің бірі Алшын Меңдалиев еді. Мысықтабандап ақырын жылжыған жазалаушылар сәуірдің басында Оңтүстік Маңғыстау өңіріндегі Құрмаш аулы отырған маңайға жақындайды. Ереуіл аты белдеуінде, бес қаруы белінде отырған ауылға бірден тарпа бас салым шабуыл жасауға бата алмаған жазалаушылар елшілікке жолбасшылары А. Меңдалиевті жұмсайды. Талап біреу — банда қаруын тастап қолға берілуі керек. Алшекеңнің бұл елшілік сапарының қалай болғанын өз аузынан естіп бізге жеткізушісі немере інісі Ізбасар Шыртанов әңгімесі арқылы түгел келтірелік.
— Сәлем беріп кіріп бардым. Құрмаш төрде құс жастықты шынтақтап жатыр екен, — дейді Алшекең.
— Е, төрлет аға баласы.
Әйелі орнынан тұрып шұбат әкелді. Үнсіз ауыз тидік. Қазақтың әдеттегі ұзыннан шұбақ аман-саулық сұрасуы болған жоқ.
— Балам қайтыс болғанын білесің. Сендердің коммунист боларда берген анттарыңның ішінде қайыр болсын айтпау да бар ма еді? — деп бір қойды үй иесі. Жөн сөзге қапелімде ұтырлы жауап таба алмаған Алшекең сол жерде бір тосылды. Есіне өлген сәбиі түсіп кеткен әйел жаулығының шетін көзіне апара береді. Үнсіздікті Құрмаштың, — Уай, сыртта қайсың барсың? Қонақасы қамдаңдар. Қой емес тай сойыңдар. Аға баласының сыбағасына лайығы сол болар — деген дауысы бұзды.
— Үкімет құрығын ұстап жүрген белсендісің. Менің Шеркештен көрген зәбір жапама не айтасыңдар? Олардікі дұрыс менікі бұрыс дейсіңдер ме? Алшекең бұл сауалға жартымды жауап бере алмайды. Шынында бұл ол оқиғаның мән жайына онша қанық емес еді. Фортқа хабар Құрмашты кінәлі ғып жеткен.
Шай келеді. Әй, бүйтіп көрген сыйым да, жеген қонағасым да бар болсын деп іштей пұшайман күй кешіп мен отырмын. Әңгімеміз жараспаған қалпымызда шәй іштік. Сол үндемес ойнап, іштей арбасқан қалпымызда ет жедік. Сорпа іштік.
— Саназардың қойын бер,
Айдарбайдың ойын бер,
Алшынның бойын бер, аллау акбар
— Құрмаш осылай ас қайырды да «сендер коммунистер. аят аулынан ауа жайылған немесіңдер аятты да өзім оқымасам болмас» — деп алып аятын да өзі оқыды. Құрмаштың бұл батасында айтылатын Саназар есімі кезінде Маңғыстау ойына малының көптігімен мәлім болған бай. Айдарбай Тобанияздың оң қолы болған, Құрмаштың Ескелдімен арадағы дауында тебе билік айтатын би. Алшекең марқұм ересен зор ұзын кісі еді ғой. Құрмаш ас қайырғанда соны меңзеген.
— Иә, Алшын, келіс-барысыңды айта отыр. — Сүт сұрай келген соң ыдысыңды жасырып не керек. Елші отряд бастығының тапсырмасын айтады. Құрмаш әуелі осқырына бір мырс етіп алады.
— Менің Кеңес үкіметінде алты аласы, бес бересім жоқ. Ізіме қару алып түсіп індететіндей жазығым тағы жоқ. Қайта күн жаумай су болып, қолды болып, қорлық көріп жүрген кісімін. Бұл Кеңесің сөзінде тұратын әділ үкімет болса менің сол кеткен есемді түгендеп берсін. Онсыз менің келіске келуім қиын. Бастығыңа сәлем айт. Аулымның сыртынан ат ойнатуын қойып жолықса жөнімен, жолымен жолықсын. Елді дүрліктіріп еруліге қарулы іздемесін.
Алшекең осы жауабын алып кері қайтады. Бірақ бақайшағына дейін қарулы, соғыс тәңірісі пулеметпен жарақтанған жазалаушылар келіссөз жүргізіп уақыт оздырып жатуға онша құлық таныта қоймайды. Атқа қонады. Сөйтіп 16 сәуір күні таңғы елең-алаңда Қараой жерінде отырған Ізтұрған мен Айзақтың аулына тарпа бас салады.
— Таң ұйқымызды мылтық даусымен аштық, — деп еске алады екен сол сәтті Тайбағаров Шәуен. (оның бұл естелігін айтушы баласы Шәуенов Тілекбай — Ә. С.). Әйел, бала-шаға, кемпір-шал жағы ауыл алдындағы жыраға барып тығылды. Біздер бас көтерер ер азаматтар бесатарларымызды кезеніп қарсы атысуға кірістік. Бірақ күштің тең емесі байқалып-ақ қалды, ә, дегеннен. Әсіресе екі тебенің басынан қиғаштай орап атылған пулемет оғы бас көтертер емес. Ізтұрған марқұм еңгезердей денелі жігіт еді. Бір сәтте соның «Шәуке, орын алмастыралықшы».
Менің мына бекінген шұқыры түскірім тарлау екен. Қол-аяғымды жаза алмай жатырмын» дегені. Екеуміз орын алмастырып бола бергенімізде бір оқтың Ізтұрғанның қақ маңдайынан келіп тигені. Басшымыз өлген соң қарсылығымыздан береке қашты. Түске салым берілдік. Істе осы ұрыстың финалы іспетті төмендегі құжат тіркелген.
АКТ
16 сәуір 29 жыл. Қараой мекені, Үстірт-Сам ауданы. Біз төменде қол қоюшылар комиссия төрағасы КССР бойынша ПП ОГПУ-дың айрықша отрядының командирі Л. В. Кручинин, мүшелері — осы отрядтың взвод командирінің көмекшісі Дьячков, отряд командирінің оперативті бөлім бойынша көмекшісі Байбосынов осы актіні жасадық. Себебі, осы жылдың 16 сәуірі күні Адай округі, Үстірт-Сам ауданы Қараой мекенінің Оңтүстік Шығыс жағында Оразбаев Ізтұрған мен Өмірбаев Айзақтың банда тобымен болған ұрыста банда жағынан мыналар өлді:
1. Оразбаев Ізтұрған
2. Рысқұлов Лұқпан
3. Дарақасов Үкібас
4. Қарақасов Жолдасбай
5. Ордабаев Шолман
6. Қуанышбеков Қостұрған
— өлгендердің денесі ұрыс болған жерге көмілді.
(Сонда 3-том 600—601 беттер).
Істе сондай-ақ ұрыс алаңының түрлі-түсті қарындашпен сызылған жазалаушылар мен қарсыластарының бекіністері, шабуыл барысы да дәл көрсетілген картасы бар. Екінші бір картада осы жасақтың Форттан Хорезмге дейінгі сапар бағыты түсірілген.
Бұл ұрыста жазалаушылар қолына 15 ер адам, 15 әйел, 14 бала түсіп айдалып кетеді. 15 винтовка (1 кескен винтовка, 1 жапон винтовкасымен 17) 1 пистолет, 1 смитвиссон пистолеті, 1 кавказ қанжары, 347 винтовка патроны, 6 симтвиссон патроны, 19 түйе (ботасы 7), 21 жылқы (үшеуі құлын) алынады.
Бұл жерде тартып алынған мал санының аздығына қарағанда Құрмаш тобының барымтамен айналысқаны туралы әңгіменің атымен жалған екендігіне көз жеткіземіз.
Айта кету керек, ел аузында Құрмаш өзі біреудің ала жібін аттамаған, қарауындағыларға да бұл мәселеде өте қатал болған деседі. Қайта жасағындағы жазықсыз елге жәбір көрсеткендерді жазалап, алғандарын айып айбанасымен апарғызып беріп отырған. «Қосшанов тобын түгел Талқандау туралы тапсырма алған жазалаушылар қатары мамыр айында Қоңыраттан келген милиция отрядымен және ОГПУ-дің 62 және 48 дивизиондарымен толықтырылды» (Қараңыз: «Ақиқат» журналы, 1933 жылғы 4 саны. Осылай қатарын әбден нығайтып алған жазалаушылар 7 шілде күні Нақышбай, Шылқыбек құдығының маңында Құрмаштың аулына шабуыл жасайды. Ұрыс екі сағаттан астам уақытқа созылады. Бұл ұрыстың да нәтижесін құжат тілімен баяндалық.
АКТ
8 маусым 1929 жыл. Үстірт—Сам ауданының Нақышбай құдығы.
Біз төменде қол қоюшылар ПП ОГПУ-дің КССР бойынша айрықша отрядының командирі JI. В. Кручинин, отряд командирінің айрықша отряд бойынша көмекшісі Рязанцев және отряд командирінің сап бөлімі бойынша көмекшісі В. М. Иванов осы актіні жасадық. 07/VI—29 жылы Нақышбай құдығының қасында Қосжановтың банда тобын жою кезінде отряд төмендегі бандиттерді қолға түсірді.
1. Қосжанов Қаржаубай — топ басшысы, Қосжанов Құрмаштың туысы.
2. Отарбаев Шылқыбай
3. Жұмабаев Құтжан
4. Шабаров Қожабай.
Отряд мұнан басқа бірнеше күн өткен соң бандаға оралып қайтып келе жатқан Қосжанов тобының мына бандиттерін де ұстады.
1. Бекмағанбетов Нөкер
2. Бекмағанбетов Тыныбай
Сол үшін осы акт 4 дана болып жасалды. (Сонда 111 бет)с
Осы актіде аты аталған жазалаушылар қол қойып жасаған екінші акт Құрмаш жағынан Бекмағанбетов Сағызбай мен Жұманның (әкесінің аты белгісіз) өлгенін, мүрдесі сол жерге көмілгенін заңдандырады. Ауылдан жырақта малына өpic қарап жүрген Құрмаштың өзі қасындағы шағын тобымен қолға түспей кетеді. Осы екі ұрыста жазалаушылар ер азаматтардан басқа 78 адамды тұтқындап, 135 түйе мен 35 жылқыны, киіз, кілем, текемет, киім-кешек, күміс бұйымдарды — шамамен 27000— 30000 мың сом мөлшеріндегі дүние мүлікті олжалайды. Бұйымдардың бас-басын түгендеп, түстеп жасалған құжатпен танысқанымызда күміс бұйым деп әспеттеп жүргендерінің жадағайға, бешпетке, қыздардың телпегіне тағылған патшаның теңгелері, шолпы, сырғалар екеніне қанықтық. Тағы бір қызықты құжат — ОГПУ органдары жергілікті орындарға жазған қатынас қағазында бұлардың өздеріне тиесілі заңды олжалары екендігін айтып, есеп қорына аударуды ескертеді. Соған қарағанда төңкеріс сақшысы саналатын бұл мекеменің күнкөріс көзінің өзі осындайлардан жиналады екен ғой. Құрмаш тобын талқандауға жұмсалған шығынның 11598 сом 06 тиын болғанын ескерсек ОГПУ бұл сапарынан олжасыз болмаған сияқты. Аузы мықтап майланыпты.
Бірінші ұрыста қолға түскендер ол кезде Қазақстанға қарайтын Хорезмге—Қарақалпақстанға әкелініп түрмеге жабылады. Одан кейін тергеудің басталатыны өзінен өзі түсінікті. Бұл құжаттармен танысқанда да аңғаратынымыз — мұндағылардың бәрі де жазығы Құрмашпен қоңсылығы демесең, жөнімен жүрген жандар. Соның бірі Шамғұл Ибрагимов. Шәкең бүкіл Маңғыстаудың әдеби-мәдени өмірінде кеңінен танымал тұлға. Есір, Арал, Өскенбай, Абыл сынды дәулескер күйшілердің мұраларын бізге насихаттаушы, жеткізуші. «Ол жырдың да ағар бұлағы еді» дейді көзі көргендер. Бұл бағада қателік жоқ. Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған сынды алыптардың көп қазыналары қағаз бетіне Шәкеңнің айтуымен түсті. Оның есімі белгілі ғалым Қабиболла Сыдықовтың еңбектерінде жиі-жиі ілтифатпен аталады. 1992 жылдың жазында Маңғыстау жұрты өнерпаздың 100 жылдық торқалы тойын дүбірлі түрде атап өтті. Тергеу құжаттарына Шәкеңнің есімі Шамғұн деп жазылыпты. Оқырмандар назарына бұған қатысты құжаттардың да негізгі бөлімін ұсына кетуді жөн көрдік.
Тергеу протоколы
1929 ж. мамырдың 12 күні;
Қоңырат
Аты, әкесінің аты. Шамғұн Ибрагимов.
Туған жылы. 38 жаста.
Мекен-тұрағы. Ибраимның көшпелі аулы Жазда Ойылда, қыста Форт-Александровскінің Қаратау жерінде болады.
Ұлты. Қазақ, Адай оның Шоңай бөлімінен.
а) Февраль төңкерісіне дейін: Каспий теңізінде жұмысшы.
б) Октябрь төңкерісіне дейін: тағы да сонда.
в) Қазіргі кездегі кәсібі. Бұған «песенник» деп жазылған да, жақшаның ішіне «артист» деп түсінік берілген.
Шала сауатты.
Үйленген.
Екі түйесі бар.
Сұрақ: Құрмаш Қосжановтың бандасына қалай тап болдың?
Жауап: 1928 жылдың қазанында күзде табыс табу үшін басқа бір ауылға бара жатыр едім. Жолшыбай Қарақұм жерінде қасында бәрі винтовкамен қаруланған 40 салт аттысы бар Құрмаш Қосжанов ұшырасты. Қосжанов мен баламды өлтіріп, малымды тартып алған Шеркеш руына бара жатырмын. Сол себепті сен менің қасыма еруге тиіссің, мен сені жасаққа аламын, мұндағылардың бәрі солай алынғандар деді. Мен одан өзімді жіберуін өтіндім. Ол жібере алмаймын, бізбен жүресің деді. Содан соң сен мылтық ата аласың ба деп сұрады. Мен жоқ деп жауап бердім. Ол сонан соң оқасы жоқ, осы күйіңде де жарайсың деді. Бәріміз Шеркештерге қарай жүріп кеттік. Ауылға таяп келген соң Қ.Құрмаш бәрімізді тоқтатып аттан түсірді де, мені бірнеше кісімен бірге аттардың қасында қалдырып өзі көп кісімен ауылға кетті. Біраз уақыттан соң олар ауылдан бір әйел мен қызды алып кері оралды. Ауылда атыс болып, соның салдарынан бір кісі өліпті. Өлген кісіні мен көргенім жоқ. Ол туралы қатысқандардан естідім. Содан соң Қошанов мені аулыма жіберіп, өздері бір жаққа кетіп қалды...
Протоколдың аяғына араб әрпімен анық етіп Шамғұн Ибрагимұлы деп қол қойылған. Содан соң жауап алған тергеуші ККООГПУ өкілі Максименконың қолы бар. (Сонда 3-том, 634 бет).
Міне, Шәкең де Құрмаш пен серіктерінің атын ұстап тұрып ауыл тонауына қол ұшын бергені үшін, оның артынан бірге көшіп жүріп Құрмашқа өнерімен қызмет еткені үшін бандитизмнің белсенді бір мүшесі ретінде айыпталып, үй-мүлкі тәркіленіп, 3 жыл концлагерь жазасын алған.
Шәкеңнің бір серігі Тайбағаров Шәуен. 1897 жылы туған. Сауатсыз. Кәсібі — етікшілік. Үйленген, екі баласы бар. Мұның кінәсі өзгелермен салыстырғанда ауырлау. Өйткені, ол Құрмаштың малына бас-көз болғанының үстіне етік тігіп берген. Сөйтіп банда басшысының ел тонауына баға жеткісіз үлес қосқан. Себебі Құрмаш Құрмаш бола тұрып жалаңаяқ жүрмейді, жалаңаяқ жүріп жорыққа шықпайды емес пе. Сол себепті Тайбағар баласы үй-мүлкі тәркіленіп, 5 жыл концлагерь жазасын алды. Шәкең сол сапарынан оралған соң көп жыл Қарақалпақстанда қалып қойған жанұясын іздеді. Бірақ таба алмады. Артынан соғыс басталып, майданға аттанып Қалмақ даласында контузия алып тұтқынға түседі. Осылайша оған енді немістің түрмесінің дәмін татуға тура келеді. 1945 жылы бұл тозақтан босаған оны енді тұтқынға неге түсті деп тергеп қайтадан Кеңес әскері тұтқындайды. Сәті түскенде оның неміске ез еркімен берілмегендігі және жауға қарсы ерлікпен соғысқандығы анықталып, босайды. 1946 жылы ауылға келсе, тумаластары оны әлдеқашан қара қағазы келген соң өлдіге жорып, садақасын тарқатып, тие берсінін айтып, жерлеп қойған болып шығады. Үмітсіз шайтан деген Шәукең елге.келген соң жоғалған жанұясына қайта іздеу салды. Бірақ табылмады. (Олардың табылуы да қиын еді. Оның себебіне кейін тоқталамыз). Өлгеннің артынан өлмек жоқ, іздей-іздей күдер үзген соң екінші рет үйленіп, ол әйелінен де бала сүйді. Өле-өлгенінше тұла бойы тұңғышы — Қалампыр дейтін қызын аузынан тастамай өтті. Шәкеңді осы жолдар авторы да көре қалды. Кейіннен құда-жекжат болып кеткен де жеріміз бар. Оның інісі Шәңкейден алып баурына салып тәрбиелеп өсірген баласы Шәуенов Шоғы біздің сүйікті ұстазымыз еді. Еліне қадірлі азамат ретінде танылып осы бертінде сырқаттанып дүние салды. Біз білетінде Шәуен қария қатты өнерпаз, домбырашы кісі еді. Сол өнерін балалары да мирас етті. Шоғы өле-өлгенінше домбырасы мен әнін серік етіп кетті. Тілекбай да домбыра ұстайды. Өкінішті жері, баларақ болуымыз себепті Шәукеңнің Құрмаш оқиғасына қатысты әңгімелерін ез аузынан естудің мүмкіндігі болған жоқ.
Неміс фашистерінің бейбіт халыққа жасаған қиянатының шарықтау шегі іспетті «Есіміңді ұмытпа, ұлым» атты көркем фильм есімізде. Сондағы жайттар айна қатесіз болған оқиға. Жау басып алған аймақта қалып, шешесі мен бірге концлагерьге тап болған сәби Геннадий Воробьевты немістер туған шешесінен айырып әкетеді. Сөйтіп оны есін енді білер-білмес шағында поляктың бір мейірбан әйелі бала қылып алады. Туған шешесі байғұс (әкесі соғыста өледі) лагерьден босап елге келген соң ұлын шарқ ұрып іздеп бүкіл өмірі өксікпен өтеді. Ақыры көз жасын құдай көріп ер жетіп басқа бір елдің азаматы болып жүрген ұлымен ғайыптан тайып табысады. Бақсақ бақа екен демекші зорлықшы атаулының әрекеті егіз, қылығы ұқсас болады екен. Немістер сол анадан туған баласын барымталап алып көз жаздырып кетуді басқа емес біздің Кеңестік чекистерден үйренген бе дерсің. Жазалаушылар Ізтұрған мен Айзақ тобының барлық адамдарын Қарақалпақстанға апарған соң мына қатігездікке кіріседі.
ҚАУЛЫ
1929 жыл. 20 шілде. Төрткүл даласы.
Мен ККОООГПУ өкілінің көмекшісі осы күні Адай округіндегі соғыста қолға түскен басмашылардың балалары Дәулетова Күләй, Дәулетова Загтина, Дәулетова Серғабыз және тағы басқаларды мемлекет асырауына алу туралы мәселені қарап таптым:
Көрсетілген балалардың осы уақытқа дейін тұтқынға алынған ата-аналарының жанында болуы кәмелетке жасы жетпеген олардың онан арғы тәрбиесіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтылғандар мен ПП ООГПУ-дың балаларды басмашы ата-аналарынан оқшаулау туралы ұсынысын қаперге ала отырып: Қаулы еттім.
Ата-аналарының жанындағы барлық балалар, барлығы 19 адам, облыстық балалар комиссиясына беріліп, оған балаларды тез арада басмашы ата-аналарынан оқшаулап мемлекеттің асырауына тағайындау ұсынылсын. Осы қаулының көшірмесі қажетті шаралар алу үшін облыстық прокурор мен облыстық балалар үйіне жолдансын.
Қосымша: Айтылған балалардың барлығы 19 адам, тізімі.
Өкілдің көмекшісі:
Валиев
«Келісемін» КРО бастығының орынбасары
Яковлев
«Бекітемін» ОГПУ облыстық бөлімінің бастығы
Белоногов
Қолдары қойылған.
(Сонда 3 том, '686 бет).
Бұл қаулы аздық еткендей ОГПУ артынша облыстық балалар комиссиясына төмендегідей қатынас жолдайды.
Құпия.
Облыстық балалар комиссиясына
Осы жерде
Осы арқылы ОГПУ облыстық бөлімі Сіздердің қаперіңізге береді, тұтқындалған басмашы жанұяларының ішінде басмашы ата-аналарынан тез арада оқшаулауға қажетті жас балалар бар. Сондықтан ОГПУ облыстық бөлімі осы мәселені облыстық балалар комиссиясының президиумында шешуді немесе оларды мемлекет асырауына тағайындайтын арнаулы комиссия құруды, сонымен бірге балаларды тез арада ата-аналарынан оқшаулап олардың тәрбиесі үшін қолайлырақ жағдай жасауды ұсынады.
Алынған шаралар туралы бізге осы жылдың 25 шілдесіне қалдырмай хабарлаңыздар.
Қосымша: айтылған балалардың, барлығы 19 адам, тізімі.
ОООГПУ бастығы
Белоногов
Өкілдің көмекшісі (қолдары қойылған)
Валиев
Бұл қатынас қағазға Қарақалпақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгеруші Қаңтарбаев пен іс жүргізуші Смирновқа қол қойып қазіргі уақытта Төрткүл қаласында тұрақты немесе уақытша балалар бақшасының жоқ екенін хабарлап жауап қайтарған. Демек тірі жетім балаларды асырайтындай мемлекеттік мекеме ол кезде бұл өңірде болмай шықты. ОГПУ-дың жоғарыда арнаулы комиссия құру керектігін меңзеуі осыған байланысты болса керек. Осы қиыншылықтарға орай балаларды Қоңырат, Шымбай, Хожелі қалаларының; балалар коммуналары мен комиссияларына таратқан. Кейбірін асырап алушыларға таратып бергенде олардың тұсына «қолға берілді» деп белгі соққан. Аты-жөндерінің тұсына жасы көрсетілген. Сонымен сол тірі жетім боп жат жерде, жат елде. қала барған бақытсыз балалардың тізімі мынау.
1. Дәулетова Күләй 14 балалар комиссиясына берілді.
2. Дәулетова Загтина 11 — »—
3. Дәулетова Серғабыз 13 —»—
4. Дәулетов Шуақ 8 — »—
5. Шұғаева Әбила 11 — »—
6. Шұғаева Ақбөпе 14 , — »—
7. Үгебасова Мағжан 9 —»— .
8. Қостұрғанова Еншілес 14 —»—
9. Нұрниязов Құтыбек 11 —»—
10. Нұрниязов Сүйебени 5 —»—
11. Тұрниязов Урунхуша 2 қолға берілді. :
12. Түреқалиев Алшенбет 3 — »—
13. Айрапова Базарқай 12 Балалар комиссиясына берілді.
14. Айрапов Арзабек 3 Қолға берілді.
15. Оразбаева Алман 6 Балалар комиссиясына берілді.
16. Ізтұрғанова Паңды 5 Қолға берілді.
17. Шаунова Қалампыр 4 — »—
18. Шаунов Жамағат 2 Балалар комиссиясына берілді.
19. Оразбаева Тұрма 1 — »—
Көріп отырғандай осылайша ағалы-інілі, апалы-сіңлілі балалар бір-бірінен ажырап кете барған. Бұлардың аты-жөндерінің сол кезде қате жазылғаны да көрініп тұр. Мысалы Мағжанның фамилиясы Үгебасова емес Үкібасова яғни ол соғыста өлген Үкібас марқұмның қызы болуы мүмкін. Сондай-ақ Шәукеңнің балаларының фамилиясы бір әрпі түсіп қалып «Шаунов» болып жазылып кетіпті. Бірақ біз құжатта қалай жазылса солай келтірдік. Егер байғұс балалар тобын жазбай бір жерде қалса естиярлары кішкентайларына қамқор болып, есін білген соң кім-кімнің баласы екендіктерін айтар еді ғой. Сөйтіп, ата-аналарымен бәрі болмағанымен біреулерінің табысуына жол ашылар еді. Өкінішке орай, қараниеттілер бұл мүмкіндікті де болдырмады. Жоғарыда аталған Тайбағарұлы Шәуеннің бауыр ет балаларынан мәңгілікке көз жазуының сыры міне осы еді. Ел құлағы елу, біздің бұл жазғандарымыз, бұл балалар бүгіндері тірлікте болса қариялардың барынан жоғының ұрпақтарына жетсе қандай ғанибет болар еді. Онда еңбегіміздің аз да болса қайтқаны деп білер едік. Жамағат, құлақтарыңыз түрік жүрсін.
Осы мұңлық 19 баланың туған топырағына оралған біреуі ғана. Ол Ізтұрған қызы Пәнди. Ізтұрғанның жазалаушылармен атыста өліп, Қараойда қалғанын білеміз. Осы ұрыста Ізтұрғанның інісі Әби қолға түседі, Кейіннен ол үй-мүлкі тәркіленіп 5 жылға сотталған. Солтүстіктегі лагерьде жазасын өтеп Красноводскіге оралған соң ағасының жанұясын іздейді. Табанынан таусылып жүріп жеңгесі Базарды табады. Артынша Пәнди де табылады. Әби содан жеңгесіне үйленіп, одан бала сүйеді, осы бертінде дерлік қайтыс болды. Баласы Әжен жоғары білімді мал маманы. Қарақалпақстанда мектепте оқып, білім алған Пәнди артынан педагогикалық училищені бітіреді. Бұл сол кездің жағдайындағы үлкен білім.
— 1947—50 жылдары Шайыр орталау (жеті жылдық) мектебінде мектептің директоры әрі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып Пәнди Ізтұрғанқызы Оразбаева дейтін әйел жасады. Күйеуі Көшбаев Әлжан ауылдық Кеңестің хатшысы еді — деп хат жазыпты бізге Шайыр аулынан Ф. Жайсаңбаев, журналист Есберген Іңірбаевтың «Маңғыстау» газетінің 1994 жылғы 4 ақпандағы санында жарияланған «Құрмаш ісі»,атты мақаласына орай — Ол ақжарқын, ашық мінезді, ер көңілді жан еді. Оң жақ көзінің қарашығында болар болмас ақ дағы бар аққұба ажарлы адам болатын. Ауылдың білем деушілері «Пәнди Құрмаштың не қызы, не қарындасы. Сол себепті де «халық жауының тұқымы» деп партияға алмай жүр» десетін. 1950 жылы қаңтар айында өкпе ауруынан қайтыс болды. Зираты Шайырда. Құлпытасында «Пәнди Ізтұрғанқызы Оразбаева 1923-1950 жыл» деген жазу бар. Шайырға дейін ол Жармыш, Онды мектептерінде мұғалім болыпты. Баласы болған жоқ».
Ендігі сөз күйеулерінен бір, балаларынан екі айрылған сол 9 баланың бейшара аналары туралы.
ОГПУ балаларын алған соң бұларды этаппен орталыққа — Алматыға айдайды. Бұл жерде күйеулерінің жазығы банда болғандығы, бандаға қол ұшын бергендігі дейік, ал, байғұс әйелдердің жазығы қанша деген сауалдың шаң берері хақ. Бақсақ, банда болған күйеулеріне олар банда болмастан бұрын әйел болып, бірге көшіп, бірге жүргені үшін жазықты екен. Бар ақиқат осы. Бейімбеттің әйелі Күлжамал, Сәкеннің әйелі Гүлбаһрам, Мағжанның әйелі Зылиқа олар аз болса АЛЖИР-дің (Акмолинский лагер жен изменников Родины) бүкіл контингентінің; жазықтары қандай болса бұлардың да жазығы сондай. Дегенмен, ол жазалау диірменінің барлық тегершігінің әлі айналмай тұрған кезі ғой жоғарыдағы әлдекімнің бұл бақытсыз бейшараларға мейірімі түссе керек ОГПУ төмендегідей шешімге келіпті.
Қаулы
12 қазан 1929 жыл.
Алматы қаласы.
...бұлар Қосжанов шайқасының бандиттерінің әйелдері және басқа да туыстары ретінде олармен аталған шайканы 16. IV және 7: VI. 1929 ж. арнаулы отрядтың әскери қимыл арқылы жою кезінде бірге болды. Соның нәтижесінде П. П. отрядына қарсылық көрсетуге қатысушылар яғни өздерінің бандит ерлеріне окоп қазып, тағы да сондай көмектесуші ретінде ұсталып, жабылды.
Тергеу жүргізу барысында олардың бандит ерлеріне П. П. отрядына қарсылық кезінде қару алып көмектескендері ресми түрде анықталған жоқ. Бұған қосымша; жоғарыда аталған бандиттер жанұяларының мүшелері өмір сүру салты бойынша көшпелі болуы себепті өздерінің бандит ерлерімен тұрақты түрде бірге болуға мәжбүр. Осының негізіңде УІІК 4 статьясының 5 тармағын басшылыққа алып.
Қаулы еттім:
Алматы еңбекпен түзеу үйінде отырған мына тұтқындарды
1. Дәулетова Ибалы — 35 жаста, өлтірілген бандит Дәулетов Үкібастың әйелі.
2. Бекарыстанова Базар — 28 жаста, Бәйімбет-Жайбоз-Матай руынан шыққан, өлтірілген шайка басшысы бандит Оразбаев Ізтұрғанның әйелі.
3. Досымова Төлетай — 64 жаста, қазір Алматы тұтқын үйінде отырған бандит Қостұрғанов Тұрнияздың шешесі.
4. Лұқманова Бұланша — 30 жаста, тұтқындағы бандит Қостұрғанов Тұрнияздың әйелі.
5. Есниязова Сәби — 44 жаста, банда шайкасының басшысы Алматы тұтқын үйінде өлген Өмірбаев Айзақтың жесірі.
6. Боранбаева Ұлмаш — 30 жаста, күйеуі бандит Тайбағаров Шәуен Алматыда тұтқындар үйінде отыр.
7. Көпшабаева Әліп — 24 жаста, күйеуі Өмірбаев Айзақ Алматыда тұтқындар үйінде осы жылдың қыркүйегінің басында өлді.
8. Өтеулиева Зайда — 37 жаста, Алматыдағы тұтқындар үйінде отырған Өтеулиев Оразбайдың әйелі.
9. Қостұрғанова Темірхан — 30 жаста, бандит Бекназаров Төребайдың әйелі. Алматыда тұтқындар үйінде отыр.
10. Өтегенова Нұрке — 42 жаста, бандит Қостұрғанов Тұрнияздың әйелі.
11. Бекжанова Мақтым - 42 жаста, бандит Базылбеков Ордабайдың әйелі. Алматыда тұтқындар үйінде отыр.
12. Бірімова Демше — өлтірілген бандит Дәулетов Жолдасбайдың жесірі.
13. Батырова Кенже — 70 жаста, бандит Қостұрғанов Тұрнияздың шешесі.
14. Тұйғышбекова Мәрия — 50 жаста, өлтірілген бандит Дәулетов Жолдасбайдың шешесі.
15. Тұрашева Сағида — 50 жаста, бандит Шекеев Оразбайдың шешесі. Алматыдағы тұтқындар үйіндегі қамаудан Алматыдан ешқайда кетпеуге қолхат алып босатуға.
(Сонда 3 том 752-753 беттер).
Бұл жерде Оразбаев Ізтұрғанның әйелі Бекарыстанова Базарды өте-мөте түптеп-түгендеп тәптіштеп жазылуында да мән бар. Осы кездің қарсаңында Базардың әкесі Мәдеминов Бекарыстан бай деп қудаланады. Бертінде Бекарыстанның үлкен баласының үстінен осы жылдары жасақталған қылмысты іспен танысқанымызда оның бар жазығы Қашаған, Ақтан, Нұрым, Әбубәкір Керделі сияқты ақындардың өлеңдерін жинап, қойын дәптеріне жазып, насихаттап жүріпті. Сол жазбалар іске айыптау деректері, бұлтартпас дәлел ретінде тіркеліп, байды, құдайды мақтап, үкіметке қарсы шықты деген үкімге негіз болған. Сөйтіп, әкелі-балалы екеуі келмес сапарға кете барған. Бекарыстанның бір әйелімен бір баласы үркіп қашып Түрікменстанға барып, одан Иран асқан. Маңғыстауда қалған бір баласы Зердебай Бекарыстанов байдың баласы деген қиқудан соғысқа сұранып кетіп барып құтылып, елге аман оралған соң жоғары білім алып өнегелі ұстаз болды. Есімі халық мұрасын жинаушы ретінде «Қазақ әдебиеті» оқулығына енді. Қазір Жетібай поселкесінде тұрады. Зейнеткер. Көріп отырсыздар Сталиндік жымысқы тергеу органдарының назарынан ешнәрсе тыс қалмаған. Олар бүгінгі құрбанын талмап жатып, ертеңгі жалмайтынын да күнілгері қамдаған.
Біз осы еңбекті жазуға дайындық барысында Түрікменстанның Балкан облысы, Күлы маяк поселкесінде туратын Өмірбаев Айзақтың немересі аяқтай келіп хабарласты. Сондағы орта мектепте мұғалім екен. Жазалаушылармен соғыста жараланған Айзақ ақыры сол жарақатының зардабынан Алматы түрмесінде өледі. Ол әлі түрме қызметкерлерінің иман, сауапты ұмыта қоймаған кезі болса керек. Еріксіздікте отырған әйелдерін уақытша босатып, күйеулерін жерлеуге ұлықсат етеді. Байғұс жесірлер марқұмды қала маңындағы бір зиратқа жерлеп өліп-талып бір қара қой сатып алып садақасын тарқатады. Әйелдер түрмеден босаған соң табанынан таусылып Түрікменстанға — ағайындарының ортасына жетіп ел қатарына қосылады. Ізтұрған мен Айзақ тобынан соң қолға түскен Құрмаш тобының жанұяларының тағдыры басқаша шешілді. Ол жылдары округ орталығы Форт-Александровскіде балалар үйінің барлығына қарамастан топ тұтас күйінен бөлшектенген жоқ. Мұның мәнісін де түсіну қиын емес сияқты. Себебі жазалаушылардың түпкі мақсаты қарсыластарын жойып қана қоймай олардың тұқымдарын да әрісі тұздай құртып, берісі ата-тегін ұмыттырып, жадын жадылап мәңгүрт ету болған ғой. Ал тұтқындардың балаларын ел ішінде, қалың Адайдың арасында қалдырса ол ниеттері жүзеге аспайды. Кезеңі келгенде қарға тамырлы қазақ Құрмашқа аз Тоқабайы түгілі ырғандай бес Зорбай, түгел Тобышы, қала берді бүкіл Адай ағайын жанашыр болып шыға келмесіне кепілдік қайда? Сондықтан да бұларды тобын жазбастан Алматы асырды. Істе оны айғақтайтын мынандай маңызды құжат бар.
Қаулы
Өте құпия
1929 жыл шілденің 9 күні.
Гурьев ОГПУ-ының бастығына.
Маңғыстау ауданы.
Форт-Александровс.
ППОГГІУ-дың телеграфпен түскен . 30. VI.-дегі 2155/4 санды бұйрығына орай осымен сіздің қарамағыңыздағы бөлім арқылы Алматыға — П. П. қарауына П. П..айрықша отряды жойған бұрынғы Адай округіндегі Құрмаш Қосжановтың банда тобының қатысушылары: мен ағайынды Құрмаш, Қаржаубай Досжановтардың және Отарбай Бекмағамбетовтың жанұя мүшелері жіберіліп отыр.
Бандиттер
Қосжанов Қаржаубай — 45 жаста, Маңғыстау ауданының азаматы.
Бекмағанбетов Танабай — 30 — » —
Отарбаев Жылқыбай — 19 —»—
Бекмағанбетов Нөкер — 35 —»—
Шабаров Қаунабай — 55 — »—
Жұмабаев Құтжан — 18 — »—
Жанұя мүшелері
а. Қосжанов Құрмаштың:
Қосжанова Қарақыз — Құрмаштың шешесі, 83 жаста.
Құрмашева Жұпар — оның әйелі, 35 жаста.
Құрмашева Мыңша — оның қызы, 18 жаста. V.
Құрмашев Сембай — оның ұлы 5, жаста.
Құрмашев Омар — оның ұлы, 1 жаста.
б. Қосжанов Қаржаубайдың:
Қаржаубаева Қарақыз — Қаржаубайдың әйелі, 40 жаста.
Қаржаубаев Жолдыбай — ұлы, 18 жаста.
Қаржаубаева Мапия — қызы, 8 жаста.
в. Бекмағанбетов Отарбайдың жанұясы:
Отарбаева Бәлкен — Отарбайдың әйелі, 40 жаста.
Отарбаева Сәбия — Отарбайдың қызы, 16 жаста.
Отарбаева Қаздыкей — Отарбайдың қызы, 10 жас
Отарбаева Жаңыл — Отарбайдың қызы, 9 жаста.
Отарбаева Ақбала — Отарбайдың қызы, 5 жаста.
Отарбаев Бисенбай — Отарбайдың ұлы, 2 жаста.
Отарбаева Сәну — Отарбайдың қызы, 15. жаста.
П.П ОГПУ-дың Қазақстан бойынша өкілі
Рязанцев
(Сонда 3 том 756:757 беттер).
Бұл жерде әйелдердің күйеулерінің атын, фамилия қылып алуының мәнісін бір себеппен түсіндіруге болады. Қазақ ғұрпында келін ата-енесінің атын атамайды ғой: Сол үрдісті сақтаған әйелдер сірә фамилияң кім деген сұраққа күйеулерінің атын айта салған болуы керек. Бұл салттан бейхабар тергеу орындарына әрине, бәрібір. Айтқанды айтқан күйде жаза қойған. Аты-жөнде тұрған не бар. Ең бастысы жауапқа тартатын адам бар ма — бар. Сол кездегі заң, тергеу орындарының бұл да жұмыс сыйқының бір көрінісі.
Ауызекі әңгімеде Құрмаштың Мыңша дейтін бой жеткен қызы бар екен. Оның мергендігі әкесінен де өткендігі соншалық, мылтықты Құрмаштың өзі оқтап беріп қызы атады екен дейтін әңгіме бар-ды. Сол Мыңшаның аты міне осы құжатта шаң береді.
Жоғарыдағы құжат жазылған ертесіне, яғни, 10 шілде күні айдауылдар Құрмаш тобын қаладағы түрмеден осы күнгі Баутин поселкесі тұрған аймаққа алып келеді. Күні бұрын ұзынқұлақтан хабарланып үлгірген қала халқы жағада қарақұрымдай қаптап тұрды. Айдауылдардың ақырып-жекіргеніне қарамай жолшыбай тұтқындағыларға алаша, тамақ, киім-кешек лақтырып беріп жатқандардың елде есебі жоқ. Елінің бұл пейіліне көңлі босаған мұңлықтар көздеріне жас алады. Мыңша шыдай алмай тіпті дауыс салады. Оның дауысы кемеге мінген соң да тынған жоқ. Сондағы Мыңша қыздың елімен, жерімен қоштасқандарын тыңдағанда жағадағы елдің сай-сүйегі сырқырап, көздерінің жасын тия алмады. Дәл сондай оқиға 1942 жылы майданға аттанып бара жатқан көп боздақтардың ішіндегі Маңғыстаулық атақты әнші Өскенбайдың Хамитының елмен қоштасу әнін тыңдағанда қайталанды, — деп аңыз қылады елдің көне көздері. Ел аузында Мыңша қыздың зары деп аталатын сондағы әні сақталып қалған дегенді құлағымыздың шалғаны бар. Кезінде заман талқысы айтқызбаған сол мұра табылса ғой, шіркін!
Бұлар сол кеткеннен Гурьев, Орал арқылы Алматыға апарылады. Содан кейін, әрине, жауап алу басталады. Мұнда да сол баяғы асыра сілтеу, жаптым жала, жақтым күйе, басқа-басқа ғой бәрінен бұрын әйелдерге қатысты мына құжаттың сорақылығын айтсаңшы.
Қаулы
1929 жыл, 8тамыз
Алматы қаласы.
Mен КРО ПП ГПУ-дың КССР-дағы өкілі Ж.Байбосынов осы күні Құрмаш Қосжанов бандасының белсенді қатысушыларымен олардың Қосжанов бандасының қылмысты әрекеттеріне қатысқан жанұя мүшелері.
1. Құрмашева Жұпардың (Құрмаштың әйелі) 35 жаста.
2. Құрмашева Мыңшаның (Құрмаштың қызы) 18 жаста.
3. Отарбаева Бәлкеннің 40 жаста.
4. Қаржаубаева Қаракөздің 40 жаста.
5. Отарбаева Сәбираның 16 жаста.
6. Жылқыбаева Сәнудың 15 жаста.
тергеу материалдарымен таныса келіп.
Таптым.
Қолда бар мәліметтер бойынша аталған Қосжанов бандасының тікелей және жанама қатысушылары Адай, Гурьев, Орал округтерінің бейбіт тұрғындарына үнемі басқыншылық шабуыл жасады деп .айыпталады.
(Сонда 3 том, 756-бет).
Әттең, сол жерде бұл «тапқыш» неме Байбосыновқа «атаңның қақ басын таптың» дейтін біреудің болмағаны өкініш. Ау, туды-бітті Қарақұмнан әрі асып аяқ басып көрмеген бұл әйелдер ит арқасы қияндағы Гурьевке, онан да әрмен Оралға қайда, қашан барып жүр? Ол жақтың қай бейбіт тұрғынының басын жарып, көзін шығарып, қанша малын барымталапты? Өзгесін айтпағанның өзінде айыпталушының соңғы екеуі Сәбира мен Сәну біреуі 16, біреуі 15 жастағы әлі бесік табы белінен кетпеген бала емес пе? Заң бойынша олар тіпті қылмысты жауапкершілікке тартылмауға тиіс қой! Амал қанша, ол кездің тоқ ішегін тік ішекке тағудан басқаны білмейтін томарбас «тапқыштарына» заңдылықты тап басуды кім үйретіпті?
Жақсы, бұларды осылай қалдыра тұрып енді бір сәт Маңғыстаудағы Құрмашқа оралалық.
Үзеңгілес серіктерінен бір, жанұясынан екі айрылған Құрмаш енді дала төсінде бөлтірігін алдырған бөрідей өгей күй кешеді. Ауызекі жеткен деректерде аулы шабылған соң үш күннен кейін қоныс қарап оралған ол ойраны шыққан жұртын көрісімен қабағын түйіп біразырақ тұрып қайратына қайта мінді дейді. Сол бетімен жазалаушылар артынан қуып жетіп жастығын ала өлмек болады. Бірақ, өйтуге жанындағы жолдастары жібермейді. — Батыр, аңысын аңдалық. Бала-шағаны алып кеткені — бізді аяққа жығып пенде етпек болған далбасасы шығар. Оларды тұтқын демелік. Кепіл деп есептелік. Бұлардың да телі мен тентегін тезге салатын тектісі бар шығар. Түптің түбінде мәмілеге келерміз, — деген басалқы сөзін айтады Отарбай. Осы ақылға тоқтаған бұлар Оңтүстік Үстірттің бұл кезде ел сирек отыратын, сұқ көзден сыртқары Булыойық, Қырықтеппе жерлеріне қарай шегінеді. Осы төңіректе шашырап отырған Мамыртай, Шақау ауылдарында мейман болып біраз жүреді. Қазақтың бір жақсы қасиеті бауырмалдығы ғой. Бұрын да көп ішінде шоқтығы биік Құрмашты қара орманы күйреген соң елі бұрынғысынан да көбірек құрметтейді. Бұл пейілдің негізгі себебі әлгіндей қазақылық қасиет болса, екінші бір себебі бұл кезде қалың жұрт жаңа үкіметтен әбден түңіліп, сырт айналып болған еді. Даланы «Кеңесің бүл бағытымен ұзаққа бармас. Мынау салық жинап сабылуы тұяқ серпер алдындағы тыпырлауы» деген қауесет әбден жайлап алған-ды. Көзі қарақтының көкейкөзі үкімет пен халық арасында әйтеуір бір қақтығыстың таяп келе жатқандығын, қазіргі иін дауыл алдындағы үнсіздік екендігін ішкі түйсігімен сезінулі еді. Міне, сондықтан да олар Құрмашқа тілектес, ниеттес болды. Одан қол көмегін аяған жоқ. Бізге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облыстық басқармасы берген Құрмаш Қосжанов туралы анықтамада айтылғандай 1929 жылдың 30 тамызында Ізген Өтебаевтың үйінде Балқиев Сағындық, Құдаманов Сағындық, Қалдыбаев Ағыбай, молда Баймұрзаев Оспан, Әбдірахманов Сәбит, Аманиязов Ағыбай, тағы басқалар бас қосып Құрмашқа заттай және қаржылай көмек көрсету мәселесін шешкен. С. Әбдірахманов, Есбосын Төлегенов арқылы Құрмаш аулына 350 сомның тауарын жіберген. Қазір Ақтау қаласында Есбосынның туысы Досбосынның баласы Рзабек қария тұрады. Досбосын мен Есбосын Құрмаш бандасының белсенді мүшесі ретінде сотталып Қаз. ССР ОГПУ үштігінің 1929 жылғы 17 желтоқсандағы Қаулысымен атылды. Рзекең осы күнге дейін банданың баласы деген атақтан арыла алмай жүр. Арыла алмайтыны— қолында әкелерінің ақталған қағазы жоқ.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өте құпия архивінде «Адай контрреволюциялық тобын әшкерелеу» деп аталатын көлемі қалың 12 томдық № 011377 іс бар. Сол іспен танысқанда көзіміз жеткені Құрмашпен аралас-құралас болғандардың бәрін сынаққа сылтау іздеген ОГПУ аман қалдырмаған. Мысалы, жоғарыдағы Балқиев Сағындық белсенді контрреволюцияшы ретінде Тобанияз Әлниязов, Оспан Көбеевтермен бірге атылды. Құдаманов Сағындық үй-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл түрме жазасын алды. Қазір Оңтүстік Маңғыстаудың ел ортасынан шеткерілеу жағында «Құрмаш бұлақ» дейтін жер бар. Төңірегі кең жазық. Соның ортасында қазан шұңқыр ой. Ой түбінде жылымшылап аққан бұлақ. Осы су көзі Құрмаштың сол жылдың қоңыр күзіндегі мекені болуы себепті кейін соның атымен аталып кеткен. Содан қара көрінім жерде Сұлутөрткүл дейтін биік төбе бар. Төбесіне шыққанда жан-жақтың бәрі көрінеді. Жазда ертеңгісін, кіші бесінде сағым отырғанда Сұлутөрткүл жер кіндігі іспетті екі-үш көштік жерден көзге ұрып мен мұндалап тұрады. Күндіз осы биік басына қарауыл қойған Құрмаш бұлақ басында серіктерімен алаңсыз болады екен. Қауіп төне қалса ту сыртың Үстірт, Арқа алдың құмды, шағылды жықпыл, әрі ассаң Қарабұғазға дейін елсіз құба жон. Даланың жырынды берісі бекінер жерін білген емес пе? Айтушылар Құрмаш осы жерде жалғыз жатырға жорып күшіне сеніп келген отряд басшысының басындағы шошақ бөркін атып түсіріп сытылып кетті деседі. Осы Құрмаш оқиғасын егжей-тегжейлі зерттегенімізде оның өзінің де, қасындағы серіктерінің де жалпы адам қанын төгуге үйір болмағандығы. Мықтағанда жеңіл жаралап, не астындағы көлігін атып кетеді. Бір созбен айтқанда бұлардың әрекетінде қанқұйлылық жоқ. Әйтпесе құралайды көзге ататын қырдың қырағы көздеріне ат үстінде қоқаңдап келе жатқан әскерді жалп еткізу бұйым болып па?! Жанұясы мен серіктері қолға түскен соң Құрмаш қарсыластарын жасқап қою үшін ғана оқ атқаны болмаса, қарауылына тірі пендені іліктірмепті. Өзі мұнысын «бұл қызыл иттер өлгенінің өшін менің қасымдағы туыстарымнан ала ма деп қауіптенем» деп түсіндіреді екен. Даланың берісі құн, әрісі қанға қан, жанға жан алынатын заңынан өзге заңнан бейхабар мәрттің мұнысын түсінуге болады, әрине.
Құрмаш серіктерімен қысқа қарай үкімет құрығы жуық маңға жете қоймайтын Солтүстік Үстіртке ығысады. Оған дәлел — Тобанияз Әлниязов тұтқында отырып тергеушіге 1930 жылдың 14 сәуірінде берген жауабында былай дейді:
— Осы жылдың 27—28 ақпанының бірінде біз үш адам жолда келе жатып кездейсоқ белгілі бандит Қ. Қосжановпен кездесіп қалдық. Ол атты екен, онан әріректегі ойда тағы да 4-5 бандиттерін көрдік. Осы кездесуде мен Тобанияз Әлинязов өз жолдастарым Тәжіғариндердің көзінше Құрмашқа оның кесірінен кінәсіз адамдардың азап шегуде екенін, оларды босату үшін Құрмаштың қаладан шыққан отрядқа құралын тапсырып, Кеңес үкіметіне солай өз еркімен берілу арқылы кінәсіз адамдарды босатуға тиіс екендігін айттым. Құрмаш Қосжановқа сол жерде ГПУ отрядына еркімен берілу үшін маған еріп жүруге болатындығын ұсындым. Құрмаш менің бұл сөзіме «Сен де солай дейсің бе?» деді де басқа ештеңе айтқан жоқ. Орнында тұрып қалды. Біз өз жөнімізбен жүріп кеттік. Біздің бұл кездесуіміз Қос қызыл құдығының жанындағы Сексеуілді сай деген жерде болды. Құрмаш Қосжановтың астында баран аты, винтовкасы, наганы бар еді. Ал оның жігіттерінің қандай қаруы бар екенін көре алмадық, Жоғарыда айтылған 12 томның 9-томы 263 бет). Бұл жерде олардың бұлай ұшырасқанына шүбә келтірмесек те дидарласудың тап осылай қағазға түскендегідей өткеніне сену қиын. Бұл екеуі бірі Тобанияз, бірі Құрмаш бастас, тұстас, бір-бірінің қадірін білетін кісілер кездескенде ат үстінен амандасып, сөйлесердей не көрініпті? Состиып, келеге кірмей айдаладан көз сатып тұрар Құрмаштың серіктері де өңшең бір кеңкелес емес шығар. Тап сол жерде тірлігінен қию қашып, иті қырынан жүрген Құрмаш сынды азаматқа жөн-жосығын дұрыс айтып, ата жоралғысымен бір қонақасы беріп жібермейтіндей Тобанияз тобасынан жаңылып па?! Тобекеңнің сол жерде Құрмашқа күштімен тіреспе, қолға өз еркіңмен берілді айтқанына шүбә келтірмесек те, тергеушінің алдында оның Тобанияз бола тұрып көзі жоқтың сыртынан кезеп, Құрмаш атына белгілі бандит деген анықтаманы тіркемегені анық. Бұл сөз жоқ тергеушінің өз сөз саптасы, өзінің шатып-бұтқаны.
Сол Тергеуші Тобаниязға 1930 жылдың 10 сәуірінде жауап алғанда «Банда басшысы Құрмаш Қосжановтың әрекеті туралы не айта алар едіңіз» деген сұрақ қойыпты. Оған Тобекең былай деп жауап береді:
— 1927 жылдың жазында шілде мен тамыздың бірінде бұрынғы Адай округінің Қайнар жерінде бай Ықыласов Қуаттың асы болды. Асқа көп адам қатысты, соның бірі бандит Құрмаш Қосжанов және Қызыл отау қызметкерлері Жүнісов Өтесбай мен Орақов Қали, тағы басқалар да бар еді. Бұл соңғы екеуінің алдыңғысы қызыл отаудың жас қызметкері де екіншісі мен қателеспесем меңгерушісі болатын. Бұл екеуі асқа бәйге, күрес, басқа да қазақ ойындары басталып жатқанда келіп өзгелермен бірге бәйгеге басшылық етті. Бандит Құрмаш Қосжанов қызметкерлер Орақовпен және Жүнісовпен бірге болды. Бұлардың соңғысы онымен өз адамындай етене сөйлесті. (Сонда 268 бет). Бұл оқиға 1927 жылы, яғни Құрмашқа бандит деген жаман атақ жабыспай тұрғанда болған жайт. Сондықтан Тобанияздың жауабын «ештеңе білмеймін» деп ауызды қу шөппен сүрткеннен гөрі әйтеуір жауап бердім атақпен ешкімге залалы тимейтін жайтты айта салған деп пайымдаған ләзім.
Мұнда айтылатын Жүнісов Өтесбай Кеңес кезінде оқыған Маңғыстаудың алғашқы көзі ашық азаматтарының бірі. Құрмаш ісінде Өтесбайдың Қ.Қосжановпен шынында да ағайынгершілік, дос-жар қарым-қатынаста болғандығын айғақтайтын мынандай құжат бар.
Алматы қаласы.
01. 08. 1929 жыл.
П. П. ОГПУ Қаз. ССР.
Адай округтік атқару комитетінің
мүшесі және әскери комиссары
қазіргі Каздивизионның аға
политругі Ахмет Малдыбаевтан
Арыз
1928 жылдың қазан айының соңғы бір күні жолдас Ералиевтің өліміне байланысты Гурьевке жүрер алдында мен Малдыбаев Ойылдағы балалар үйінің директоры Жүнісов Өтесбайдың пәтеріне одан насыбай сұрау үшін бардым. Кіре бергенде Жүнісов Өтесбайдың өзіне келген бір хатты оқып отырғанын көрдім. Мені көрген соң Жүнісов хатты тыққысы келіп еді, бірақ мен ешқандай бөтен ойсыз жолдас ретінде қалжыңдап хатты жұлып алдым. Жүнісов әуелі менің хатты оқуыма мүмкіндік бермегісі келгенмен артынан бірнеше сөзбен төмендегі мазмұнда жазылған хатты оқуға ұлықсат етті: «Менің шайым таусылып қалды. Тез арада шай жіберің. Құрмаш». Сол жерде менің Құрмаш кім деген сұрағыма Жүнісов былай деп жауап берді: Ахмет, сен менің жолдасымсың, хат авторы Құрмаш ол бүкіл Адайға белгілі бандит. Маған жақын ағайын болып келеді. Өткен бір кездерде жолдасым болды. Енді міне, бар кезде осылай хат жазып, шай, басқа да қажеттерін сұратады». Сол жерде мен одан «бандитпен неге байланыс жасайсың» деп сұрап едім Жүнісов тура жауаптан жалтарды. Бұл туралы отряд шығар алдында Байбосынов жолдасқа жеткізіп оның Жүнісов мәселесінде абай болуы керек екендігін ескерттім. Бұған қосымша тек Жүнісов емес бандит Құрмаш Қосжановпен осы уақытқа дейін байланысып жүрген басқа да коммунистер бар деп есептеймін. Сондықтан айтылған мәселені байыбына жан-жақты барып жете зерттеп шешу үшін Жүнісов Өтесбайды мұқият тергеген дұрыс болар еді.
Ахмет Малдыбаев (Сонда 5 том, 34 бет).
Бүл арыз емес, ақ дәмін татып аралас-құралас жүрген жолдасын көрер көзге оққа байлау еді. Қазақ «күле кіріп күңірене шыққаннан без» деп осындайдан айтса керек. Кезеп көрсетушінің айтқаны қабыл болып Ө.Жүнісов мұқият тергелді. Адай контрреволюциялық тобының белсенді бір мүшесі ретінде танылып Тобанияз тобымен бірге сотталды. Одан жазасын өтеп келген соң да құлағынан киқу кетпей жүріп бертінде әйтеуір өз ажалынан көз жұмды. Өтесбайға тағылған айып әйеліне де салқынын салып 20 жылдары Орынборда оқыған қазақ қыздарының бірі оның қызметтен шеттетілуіне тура келді. Өтекеңнің ұрпақтары қазір Форт-Шевченкода, Ақтауда тұрады. Бір немересі Садат Өтесбаев Маңғыстау облыстық теледидарында редактор.
Өлмеген құлға, құдай - ақ
Болып қалды енді жаз, — Төлеген айтпақшы 29-дың жазы да шықты. Құрмаш қасындағы серіктерімен бірге Маңғыстау ойына құлайды. Қар кетіп жер аяғы кеңіген соң ОГПУ қайткенде де оны ұстаудың қамына мықтап кіріскен еді. Сол мақсатта бұлар қолдан келгендерінің бәрін істен бақты. Біз білетінде мұндардағы жымысқы тәсілдің бірі ұстағысы келгенді еріксіздіктегі жанашырдың атынан хат жазып шақырып арбау еді ғой. Өзге шарасынан қайран болмаған соң ОГПУ соған дейін барған. Құрмаш ісінің 5 томының 113 бетінде қызыл сиямен анық етіп араб әрпімен жазылған төмендегі хат тіркеліпті.
ҚҰРМАШ ПЕН ОТАРБАЙ
Біздер 10 ай бойы балалар Мыңаш (Мыңшаның еркелеткен аты ғой — Ә. С.). Сембай, Өмірәлі, Сәби, Қаздыкей, Ақбала, Бейсенбай және Сәнулармен бірге Қазақстан түрмелерін адақтап жүрміз. Қазір Алматыда қамауда отырмыз. Сөз арасында біз бастан кешірген тауқыметті көтере алмай құрметті шешеміз Қарақыздың қайтыс болғанын хабарлаймыз. Өлім алдында тіршілік етіп жатырмыз, бәріміз де аш-жалаңаш, түрменің төрт қабырғасынан өзге ештеңе көрмейміз. Сіздер осы күнге дейін Адай даласында жасырынып жүрсіздер, біздің тағдырымыз жайлы қам жемейсіздер. Біз сіздермен жасарымызды жасадық. Бірақ, біздің қымбатты балаларымыз, әсіресе Мыңаш пен Сәбидің болашақ тағдыры жөнінде ойлану керек емес пе. Олар бойжеткен қыз, ал күндерін осындай сұмдық жағдайда өткізуде. Біздер сіздер үшін қасірет шегудеміз. Балалардың төгілген көз жастары сендердің ар-ұяттарыңа жүк. Үкімет органдары бізге Сіздер кінәларыңды мойынға алып келгенше отырасыздар дейді. Осы туралы ойланыңыздар. Біз сіздердің кінәларыңды мойындарыңа алып, үкімет органдарына келіп, бізді құтқарғандарыңыз жөн деп ойлаймыз. Сонымен қатар біз сіздердің өз еріктеріңізбен келіп, шын жүректеріңізден өтініп, кінәларыңызды мойынға алуларыңыз өмірлеріңді сақтайтынына сенеміз. Үкімет органдары сіздерге тым қатты қарап, ғұмырларыңызды қияды дегенге сенбейміз. Тіпті болмағанда ешқандай кінәсі жоқ балаларды құтқару үшін кез-келген құрбандыққа баруға болады ғой. Біз Сіздер солай етеді деп үміттенеміз. Біздің түрмедегі халіміздің ауырлығы соншалық, оны тіпті суреттеп жазудың өзі мүмкін емес. Түрме тауқыметін Адай даласына үйренген бізден гөрі жергілікті тұрғындар көтергіш екен. Бәріміз де аурулымыз. Еш жақтан ешқандай көмек алмаймыз. Аш, жалаңашпыз. Құдай үшін құтқара көріңіздер.
Бұл хатқа түсінік берудің ешқандай қажеті жоқ сияқты. Ол ОГПУ қызметкерлерінің өз қолдарымен жазылған. Ескерте кету керек Құрмаш пен Отарбайдың әйелдерінің хат жазардай сауаты болмаған, сірә олар бұл хаттың жазылуынан да бейхабар қалуы. Тіпті Жұпар бізге жеткен деректерге қарағанда қосағына біздің шыбын жанымыз үшін басыңды өлімге тік дейтін әйелдің сойынан емес. Хаттың ОГПУ қызметкерлерінің қолымен жазылғанының бір айғағы төмендегі құжат та іске тіркелген.
Өте құпия.
Қарақалпақ облыстық ОГПУ бөлімінің бастығы Белоногов жолдасқа.
Құрмаш Қосжанов пен Отарбай Бекмұхаметовтың әйелдерінің хаттарын жолдай отырып, оны адресаттарға агентуралық жолмен бұл іске біздің қатысымыздың ашылмауын қамтамасыз ете отырып, тез арада жеткізудің шұғыл шарасын алуды сұраймыз. Сонымен бірге қажетті адамдар арқылы адресаттарды біз ойлағандай нәтижеге келуі үшін үгіттеудің мүмкін болған шарасын алыңыз. Алынған шаралар мен оның нәтижесі туралы хабарлаңыз.
Қосымша: хат пен оның орысша аудармасы.
СОУ ПП ОГПУ бастығы
Альшанский
ВО бастығының орынбасары
Сергеев
Іске Қарақалпақ облыстық ОГПУ-ының бұл нұсқау жөнінде алған шаралары туралы жауабы тіркелмеген. Соған қарағанда олар мұны адресатқа жеткізе алмаған болуы керек. Олай деуімізге тағы бір себеп кейіннен қолға түскен Отарбайдан мұндай хат табылды деген дерек жоқ. Құрмаш өлімінен кейін оның нәрсе-мүліктеріне жасаған актіде бұл туралы айтылмайды. Егер олар хатты алған күнде жанұяларынан келген жақсы хабары шамалы болса да жәдігер ретінде бойларында сақтап жүрмес пе еді. Біздің қолымыздағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті берген анықтамада 1929 жылдың қыркүйегінде жоғарыдағы айтылған Балқиев Сағындыққа Тоқабай руынан Қоңырбай деген кісі келіп Құрмашты Каспий теңізі арқылы Бөкей ордасына жеткізіп салуды өтінеді.
Құрмашты бұл сапарға итермелеген не? Бәлкім, көз көрмес, құлақ естімес, таныс емес жерге барып бой тасалағысы келді ме? Жоқ, әлде жергілікті жердің қатігез үкіметінен көңлі қалған соң жоғарырақ барып, әділдік іздегісі келген ойы болды ма екен? Тіпті содан Гурьевке барып өз еркімен қолға берілгісі келді ме? Мүмкін ұзын құлақтан Құныскерей досы сол бетте жүр деген хабар естіп, құдайдың ендігі басқа салғанын сонымен бірге көруді шешті ме? — Не де болса Құрмаштың бұл бетбұрысы бізге жұмбақ. Бірақ қашқын тағы да бізге белгісіз себептермен Бөкей даласына өте алмайды.
Жер жағдайын жетік білетін, елден таянышы мықты Құрмаштың шамалыға алдырмайтынына көзі жеткен ОГПУ 1930 жылдың жазында Форт-Александровскіден аудандық ОГІІУ бастығы А. И. Фетисов басқарған бір отряд, Қоңыраттан бір отряд шығарады. Бұл екі отряд та жолшыбай жергілікті халықтан аңшы, ізшіл жігіттерді мобилизациялап қатарларын көбейте жүреді. Жұрттың көбі әрине, көбінесе Құрмашқа жақтас деген пәлеге қаламыз деп қорыққандығынан ғана отрядқа ереді. Солардың бірі Шегем руынан Қаңғабай мерген еді. Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінде (қор 214, тізбе 2, іс-8) өте бір қызықты құжат бар. Ол 1923 жылы Тұрар Рысқұловтың тікелей басшылығымен Адай мен түрікмен арасындағы даулы мәселелерді шешу үшін құрылған одақтық бағыныстағы төтенше комиссияның іс қағаздары. Содан Қаңғабайға да қатысты төмендегі құжаттарды кездестірдік.
23 тамыз 1923 жыл.
Форт—Урицк
Өте құпия
Адай төңкерісі комитетіне
Комиссия екінші рет сіздерге осы жылдың 13 маусымында Көкдере жеріндегі түрікмендерге соңғы рет шабуыл жасалған қырғыздардың кінәлі басшылары — Әлибәйімбет болысының азаматтары Қошқар Қыдыровты, Ноғай Есқуатовты, 2 Адай болысының .азаматтары Шоңғыров Қайғабай мен Сабыр Өтегеновты тез арада тұтқындап Форт-Урицкіге жеткізуді ұсынады. КирцИК пен Турцик республикалық комиссиясының мүшесі.
(қолы қойылған) Алманов
27 тамыз. 1923 жыл.
шұғыл.
Республикалық комиссия мүшесіне
Сіздің 23 тамыздағы Әли Байімбет болысының азаматтары Қошқар Қыдыровты, Ноғай Есқуатовты, 2 Адай болысынан Қаңғабай Шоңғыровты жолдас Сабыр Өтегеновты жедел тұтқындап Форт-Урицкіге жеткізу туралы № 1 қатынасыңызға Адуревком төмендегіні мәлімдейді.
Жоғарыда көрсетілген азаматтар қазір Хорезм республикасының шекарасында жүр және жақсы қаруланған әрі өздерін түрікмендерден жәбір көрдім деп есептейді. Оларды тұтқындап Форт-Урицкіге жеткізу үшін қарулы отряд немесе милиционерлер отрядын жасақтау керек. Басқару бөлімі қазір штаттың аздығынан милиционерлер командасын жасақтаудың мүмкіндігі жоқтығын хабарлайды.
Басқарманың бөлім меңгерушісі (қолы қойылған)
(Бекбаев).
Бұл құжат бойынша сол кездің өлшемімен Шоңғырұлы Қаңғабай Құрмаштың сыңары Яғни нағыз баскесер бандит. Бар айырмасы Құрмаш өз қазағымен жауласса бұл түрікменмен жұлысып жүр. Қаңғабай да сол 1923 жылдан бері үкімет құрығына түспей жүр екен. ОГПУ елші салып егер Кеңес үкіметіне көзқарасының дұрыс екендігін Құрмашты ұстауға көмектесіп дәлелдесе өткенді ұмытуға уәдесін береді. Келіспегенде көретін күні сірә белгілі. Құрмаштың кебін келтіре қояды. Қаңғабайды жазалаушылар легіне ерткен осы тығырыққа тірелген жағдай еді.
Құрмаш қанша жылыстағанмен жан-жақтан жау қамалып келгенде дала төсі тарлық етті. Ақыры Қаратұран деген жерде Қоңырат отрядымен кездесіп екі арада атыс болды. Осы күші тең емес ұрыста бұл жақтан Отарбай Бекмағанбетов, Ерқұлов, Еділқанов, Есенов, тағы. басқалар қолға түседі. Құрмаш қуғыншылармен атысып алдыртпай құтылып кетеді. Шын мәнісінде оның құтылып кетуіне қуғыншылардың оқ жетер жерге жақындамай қорқасоқтауы себеп болады. Бұл жолы қолға түскендердің онан арғы тағдыры белгісіз. Біз танысқан істе олар туралы ештеңе жоқ. Бәлкім оларға қатысты құжаттардың бір жерде шаң басып жатуы. Әзірге қолда бар бір деректің ұшығы мынау. Осы мәселені зерттеп, сұрау салу нәтижесінде Қарақалпақстанда тұратын қарт шежіреші Өмірзақ Қалбаевтан хат алдық. Өмекең Отарбайды көріпті. Жазасын өтеп келген соң мұрап, бригадир болып еді дейді. Өмекең берген тағы бір маңызды дерек Қарақалпақстан қазақтарының арасында бұл оқиғалардың жаңғырығы өлі, сембепті. Қариялар жағы Құрмаш атын аңыз қылып, ол өлген соң жазалаушылар басын кесіп әкеліп базардағы бағанаға іліп көрініске қойған екен деп аңыз қылатын көрінеді. Бұл әрине ақихат аулынан алыстау. Шектен тыс әсірелеп әкетушілік. Жалпы алғанда бұл большевиктер өлік қорлаудың нағыз хас шеберлері. Генерал Корниловтың сүйегін қазып алып қала көшесіне дарға асып қою, Николай патшаның жанұясын түгелімен атып, кислотамен күйдіріп, оған да місе тұтпай мылтықтың дүмімен жентектеп, патшаның өз басын кесіп спиртке салып апарып В.И.Лениннің өзі бас болып қызықтап, сосын пешке жағу, Капланның өлі денесін темір күбіге салып қуыру — тізе берсе бұл жарықтықтардың бұл мәселедегі тағылықтары жетіп артылады. Сәтін салғанда Құрмаш денесі мұндайдан аман.
Қашқын сол кеткеннен жылыса-жылыса Мырзайыр ойына құлайды. Сол жерде бір ауылға тоқтап алдына шай ала бергенде қуғыншылар да көрінеді арттан. Әлгі ауыл бұл келген бойда өрістен бір белді ат әкеліп қосағына байламақ болған екен, бірақ үлгіре алмапты.
— Әлі елу оғым бар. Жастығымды алып өлуіме жетер, — деп Құрмаш тағы атқа мінеді.
Мырзайырдың құбыла бетінде «Әурен биік» дейтін төбе бар. Ереуіл күннің тағы бір таңын осында атырған қашқын ертеңгісін ізіне түсіп желдіртіп келе жатқан қуғыншыны дүрбімен көріп әрі асады. Қара көрінім жер ұзай бергенде талай жол серігі болған қызыл тазы бұдан әрі жүре алмай бір бұтаның түбінде жатып қалады. Енді бір қырдан асқанда азаматтың бағына емес сорына біткен қанатты жануар жирен ат та талай күнгі сүргінді көтере алмай, зорығып әрі шөлден қаны кеуіп жығылады. Осы жерде қуғыншылар да жетіп оқ атып, Құрмашты иығынан жаралайды. Бірақ мерген қашқын жыра-жықпылды паналай қарсы оқ жаудырып бұл жолы да сытылып кетеді. Сөйтіп жаяу-жалпылап келе жатқанда бір төбе басында қой жайып тұрған Мақсым дейтін баланы ұшыратады. Жағдайды бірден түсінген Мақсым алдынан шауып келіп атын алдына тосады.
— Ниетіңе ризамын, қарағым. Ана жаналғыштар атын берді деп басыңа пәле салар. Кесірім саған тимесін. Үйіңнен талай дәм татып едім. Атыңды аударып мініп кеткені несі деп күстаналаушы бұл қазақтың ішінен де шығар. Ауылды сілтеп жібер. Мен аяқ артар көлік сол жерден де табылмас деймісің, — дейді мына баланың қарлығаш қанатымен су сепкендей көмегіне көңлі босаған Құрмаш. Осылай деп Мақсымның торсығындағы шалаптан шөлін қандырып алып әрі жүреді. Қырсыққанда қымыран іріп бұл ауылда тұрған жөнді көлік болмай шығады. Бары бір құнан мен нар. Ауыл адамдары — осы нар аман болса сені бір қараға жеткізеді. Шамалы аттыға шалдыра қоймас, — деген екен. Қашқын «Менің Құрмаш атыммен түйеге мініп қашқаным болмас, — деп ыңғай бермейді. Амалсыздың күнінен әлгі құнанға ер салынады, жалма жан.
Ауыл төңірегінен ұзап жайыла алмай тұрған қолау құнанда не қауқар болсын. Қозы өрісіндей жердегі Шұқыройға құлай бере тұрып қалады. Өзі де әбден шөлдеп діңкелеген Құрмаш енді не де болса жастығын ала өлмек болып бір жыраға бекінеді. Амал не, әбден өріс алған қуғыншылар оқ жетер жерге беттемей алыстан қаумалап қоршап тұрып алады. Ойлары белгілі, бастарын құр тәуекелге тігудің қажеті қанша. Бұл бәрібір талқаны таусылған адам. Көп ұзамай шөл азабын тартып өзі-ақ беріледі, не өледі. Құрмаш Алласы аманат қылып берген жанын қай күні алса да еркі біледі дейтін мәрттің бірі болғанмен тағдыры алдында тап бұлай шарасыз күйде татар дәмі таусылуды тілемеген де, күтпеген де еді. Мұның берік ұғымында қолына қару алғанның ажалы, ер өлімі қарудан келуі керек. Бұл қырсық құдай ең болмағанда сол тілегімді берер ме екен деген үмітпен орнынан тұрып, бір мылтығын кезей ұстап дұшпанға қарсы жүрді. Бір мылтығы мойнында. Қақпа шекпеннің омырауы атсаң мінеки деген көзсіз ерлікті аңғартып айқара ашылған. Иығы жаралы қолы аттың тұсауымен мойнына асылған. Амал не, көзіне қан толған бұл ілгері басқан сайын қоршағандар мысықтабандай шегініп арасын алшақтата берді. Бұл қартаң қу жазмыш шіркіннің мазағын қойсаңшы-ау. Жаңағы бір әзірдегі қашқын енді қуғыншыға айналды. Бірақ қашушылар аттылы, қуушы жаяу әрі жаралы. Олар көп, бұл жалғыз. Олардың қағанасы қарқ, сағанасы сарқ. Ал мұның аңқасы кеуіп барады.
Ақыры көптің еркі жеңіп тынды. Жаяу қатқыл жерге бой сала алмай ескен бір түп бұтаның тал түстегі болмашы көлеңкесіне басын төсеп жата кетті...
Құрмаштың мына күйін көріп тұрып әліптің артын баға беруге сол топтың ішіндегі бір адамның ғана дәті шыдамады. Атын сауырлата бір тартып жіберіп ілгері ұмтылды. Бұл Шегем Қаңғабай еді.
— Ең болмаса шіркінмен бір ауыз сөзге келіп бақұлдасып қалайыншы, — мергеннің сол сәттегі көңіліне қонақтаған ниет осы. Оның ойынан бейхабар отряд бастығы бұл шалт қимылды қапелімде неге жорырын білмей абдырып қалды. Бірақ өзіне-өзі келіп қасындағы пулеметшіге ым қақты. Ол түсінгенін аңғартып анадай жерде қабақтарын жерге салып тұрған жолдан қосып алынған жасақшыларды көзінің итімен бір түйреп өтіп, қол пулеметін оңтайлап қойды.
— Қаңғабай-ай, адамға жазығым болса болған шығар. Бірақ құдайға жазығым жоқ сияқты еді. Өзіме-өзім қол жұмсап жаратқанның алдында жауапкер болғым келмей жатыр. Бастас азамат ретінде айтқан бір өтінішім болсын — маған бір оғыңды қи дағы, — жанына таяу, шылбырын сүйрете келіп торсығын аузына тосқан Қаңғабайға Құрмаштың бар айтқаны осы болды. Ғұмыры тірі пенде алдында күнін түсіріп, кішірейіп көрмеген мәрт жанның туды-бітті айтқан өтініші еді бұл. Соны орындау туды-бітті кісі меселін қайтарып көрмеген, қайтармаспын да деп жүрген Қаңғабайдың пешенесіне жазылған екен. Торсық түбіндегі бір адамның атау кересіне айналған шалап таусыла бере... мылтық даусы тарс етті...
«...Бойы ортадан жоғары, елу жас шамасында, шоқша қара сақалы бар, қара шашына аздап ақ түскен, ұлты қазақ. Басына оқ тиіп өлген. Оң жақ иегінің астынан тиген оқ сол жақ қарақұсынан шыққан. Бет сүйегі әбден паршаланған. Мылтық жақын жерден атылған. Өлікте 491521 нөмірлі бір үш қырлы винтовка, ВАС/1901 маркалы 32897 он оқты бір винтовка, дүрбі, 14 дана патрон болды» — 1930 жылы 5 маусым күні Шұқырой жерінде Құрмаш Қосжанов өлігі жайлы жасалған осы акт ақыры бұл оқиғаның осылай соңғы нүктесін қойды. Көлденең көздің көруіне онша құштарлық танытыла бермейтін бір құжатта «атқан жасақшы қазақ Андрей» екендігі де қағазға түскен.
Осылайша маң дала тағы бір марқасқа перзентін жатсынбай да жатырқамай баурына алды. Маң дала демекші...
«Бас сауға сұрап әлдекімге телмірмей, берер жанды маң даланың төрінде, жалғыз тораңғының түбінде көсіліп жатып бір тәңірінің өзіне бергенді байлық көрдім» — жазушы Хамза Есенжановтың — «Ақ Жайығындағы» Құныскерей оқиғасының финалы осылай аяқталмаушы ма еді. (X. Есенжанов, «Жүнісовтер трагедиясы» Алматы, Жазушы, 1990 жыл, 9 бет) Құныскерей мен Құрмаш. Бірінің әкесінің аты Қожахмет, бірінің әкесінің аты Қосжан. Аты-жөні қандай үндес болса, тағдырлары да сондай ұқсас Атыраудың екі басында бір-бірінен айырып алғысыз дерлік талапайлы тағдыр кешкен бұл екі арыстың одан бергі соқпағын сораң басқан жылдардағы тағдыры да ұқсас. Екеуінің де сайқал саясат берген бағасы — банда.
Тағы да сол маң дала дегеннен шығады-ау...
Сол атың өшкір отызыншы жылдар ойрандаған бұл даладан мезгілсіз жолы кесілген боздақ жалғыз бұл емес. Жүз, мың, дәл санын айту қиын, әйтеуір өте көп олар. Сонда сол мұңлықтардың жат жерге жанбасы тиер алдында соңғы аһ ұрған әттең-айы «Сүйегім ең болмаса боз даламның төсінде, боз жусанымның түбінде де қалмады-ау» болмағанына қайсың кепілдік бересіңдер?! Олардың дерегі көмескі, белгісі сірә жоқ өлімімен салыстырғанда Құрмаш өлімі — құдай алдында мың жерден күпір болып айтсақ та бақытты өлім.
Бұлар хақында әлі талай томдар жазылар. Ел жады талай тұтылған пердені сыпырып, қыран шындықтың тұмылдырығын алар. Талайлы тағдырдың аңызақ аптабы кебір даланың кенезесін қанша кептіріп, аңқасын қанша қаңыраттым дегенмен қызыл тіл орнында кесілген жоқ. Оның тоқсан толғары әлі алда. Келешектің ол несібесімен салыстырғанда біздің бұл шатпағымызға сол арманда кеткен арыстарымыздың рухына бағышталған дүмше молданың дүмбілез аятындай болып қалу мәртебесі бұйырса арман не?!
Қазір Жетібай мен Өзен жолының бойындағы Шұқырой шетінде шағын кереге мола тұр. Мұны беріректе заман ызғары сынған соң Құрмашты көзі көре қалған аталас ағайыны Олжа ақсақал қалатқан. Молада «Құрмаш батыр» деген жазу бар. Бұл алмағайып кезеңі алған бағытынан адастырғаннан басқа айыбы да, жазығы да жоқ ерге берген елінің бір ауыз бағасы.
Заман ызғары деп те қойдық қой, сол құрғырыңның ерте көктемдегі құрым үйдің етегінен соққан өкпек желдей әлі жонарқаңнан қадалуы қалмай келе жатқан сияқты ма қалай. Ұтыры келгенде айтпаған сөздің атасы өледі. «Маңғыстау» газетінің 1994 жылғы 4 ақпандағы санында жақсы әріптесім, қаламдас серігім Есберген Іңірбаевтың «Құрмаш ісі» атты мақаласы жарық көрді. Жарық көргені көрген-ау соның алдында газеттегі әлдебір чиновниктің мақаланы біраз ұстап созбайға салғаны аздай авторды анаусы қалай, мынаусы қалай деп тәптіш тергеудің астына алғаны. Сондағы қимай жүргені Құрмашқа берілген «аптал азамат» деген бір ауыз жақсы лебіз екен. Оқиға онысымен тынса да құба құп. Сол тергеудің дәл ертесіне «Спанов кезінде ел шапқан банда атаулының бәрін дәріптеп жатыр» деген қауесеттің ресми орындарға дейін жетіп қаулай жөнелмесіне бар ма? Біз пақырыңыздың бұл жаладан арылып, ісінің ақтығын дәлелдеу үшін тағы біразырақ терлеуіне тура келді. О, құдайдың құдіреті-ай, тап сол чиновникпен екеуміз бір ұжымда біраз жыл бірге болғанбыз. Қаншалықты қабілет иесі екенін бәріміз де білетін едік. Колбин тақсыр билеген кездегі науқанда осы мықтыңызға ұжымның берген мінездемесі нашар болып, құлағымызға маза бермеген соң құтырғаннан құтылған — екінші рет жиналыс ашып, әлгі мінездемесі түскірді «түзетіп» бергенбіз. Күндердің күнінде қолына тізгін тиіп тікірейіп шығып жүрген жігіміз осы. Шүкір, баяғы 37 мен 38 жыл емес. Олай болғанда сол мақаладан соң Есберген екеуміз әрісі Құрекеңнің артынан, берісі «Маңғыстау — Магадан» маршрутымен тарта баратын ба едік, қайтер едік. Бұл мың болғыр Елбасымыз — Нұрағаң — Нұрсұлтан Назарбаев Құрмаш сынды мың сан құрбандықтарды арнайы заң, жарлық шығарып ақтаған мына мамыражай кезде болып отырған жайт. Соған қарағанда бұл тарих қаншама дертінен айыққысы келіп талпынғанмен екі аяқты пенденің аласына дауа болмайды екен-ау өзі. Демек қалғып қамсыз қалуға әлі ерте. Е, жұртым, ата бабаң күле кіріп күңірене шыққаннан сақтанса, сен сықпытында сыйқыр ойнап, көзі мөлиіп, қатын бөксесі шөмиіп қол ұсынатын әзәзілдерден айылыңды жи!
Әлқисса, хикаямызды осымен тамамдай салсақ оқырманның Құрмаштың өрен-жаранының, мұңдастарының, сол іс бойынша жапа шеккендердің тағдыры не болды деген сауалы жауапсыз қалғалы тұр. Сондықтан білгенімізше ол түйінді де шеше кетелік.
Құрмаштың көз жұмар соңғы сәтінде қасынан табылып, қал қадарынша иманын үйірген Қаңғабайдың қазасы қасындағы жазалаушы отрядтан болды. Ел ішінен ұзап, Хорезм ойына жақындаған соң ел шабушы, кеңес саясатына қарсы бандитсің деп атып тастады. Ұрпақтары қазір Жетісай бетте тұрады.
Қаңғабайдың Құрмаш рухы риза болатын бір қызметі бар. Жазалаушылар өліктің басын кесіп алғысы келген екен Қаңғабай «Имансыздар, кектерің әлі де қайтқан жоқ па? Менің өлігімді аттап барып кесесіңдер» деп кесе көлденең тұрып алып ешкімді жолатпайды. (Жоғарыдағы Өмірзақ Қалыбаев ақсақал айтқан ел аузындағы алыпқашты әңгіменің шығу ұшығы осы). Содан соң отряд басшысы ол ойынан амалсыз бас тартқан. Үстіндегі шекпенін шешіп өліктің бетін жапқан Қаңғабай қасындағы ауылға хабар беріп, марқұмды мұсылман ғұрпымен жерлеуді тапсырады.
1930 жылдың көктемінде ОГПУ Алматы түрмесіндегі тұтқын әйелдерді босатып жібереді. Тек үш адамды — Қосжанова Жұпарды, Қосжанова Қарақызды, Бекмағанбетова Бәлкенді ғана өзгелерінен бөліп алып ПП ОГПУ үштігінің 25 мамырдағы мәжілісінің арнаулы қаулысымен Қарақалпақ автономиялық облысында, Гурьев, Орал, Қызылорда округтерінде тұруға тиым салып түрмеден шығарады. Көріп отырғандай бұларды сонда да таныс-біліс жерлерінен оқшау ұстау саясаты болған. Құжаттарда Мыңшаның аты ұшыраспайды. Ауызекі мәліметтерге қарағанда ол шешелерінен сәл ертерек бостандыққа шығыпты. Оның босауына Әліби Жанкелдин қол ұшын беріп, түрмеден соң үйіне әкеліп паналатқан көрінеді. Жалпы, Әлекең бір кезде интернационалдық отрядына баға жеткісіз көмек, қолдау көрсеткен Адай еліне өле-өлгенше риза болумен кеткен. Ұтыры келгенде көмегін аямаған. Оның бері келіп заман түзеле бастаған соң айтқан «Адай алдындағы бір кінәм Тобаниязды аман алып қала алмағаным. Қайтейін, қолымнан келмеді ғой» деген сөзін ризашылықпен еске аламыз. Мыңша Әлекең үйінде жүріп соның руласы, не жерлесі бір жас жігітпен танысады. Соған тұрмысқа шығады. Кейіннен осы күйеу енесі Жұпарды, Қарақызды, Бәлкенді балаларымен жасырын түрде Қарақалпақстандағы қалың ағайынның ішіне әкеліп орналастырып кетеді. Артынан қызметі Жамбылға ауысып сонда біраз жыл тұрып, одан қайта Алматыға барыпты. Сонда Ұйғыр көшесі, 69 үйде тұрған Мыңшаны осы бертінде дерлік көріп, кездескендер бар. Елді сағынатыны соншалық Маңғыстаудан барғандарды жылап қарсы алып, жылап шығарып салады екен. Көңіл түкпірінде наласы көп болмағанмен тұрмысы жаман болмапты. Бірнеше бала сүйген.
Ағайын арасына жеткен Жұпар кейіннен Көрпе Шәдіқұл дейтін кісімен тұрмыс құрады. Шәдіқұл қақ-соқпен ісі жоқ, момын, кісілігі мол адам болған. Жұпарды әрі тәңір қосқан қосағым деп, әрі бұрынғы ел таныған азаматтың жесірі, көз көрген бастас жеңгем деп қатты қадірлеп өткен. Құрмашқа қатысты көп әңгімелерді өзге емес қайта осы Шәдіқұл айтып отырады екен. Сондайда үрейге жеңдіргендер «Қасқа, босқа шатылып кетесің, абайла» десе «Құрекеңнің жесірін алып, баласын өсіргенде дым қылмаған үкімет әңгімесін айтқаныма жазықты қылса көріп алдым» деп жауап береді екен. Жұпар бұл қосағынан да бірнеше бала сүйген. Соның алды бүгінде белгілі журналист, жазушылық қыры да жақсы, өңірдің өткен шежіресіне де өндіре қалам тартып жүрген, бір сөзбен айтқанда кімің бар дегенде аты ауызға түсетін азамат Тәжіназар Шәдіқұлов.
— Шешем Қаратоғай Беріштің қызы, — дейді Тәжекең бізге берген деректерінде, — әкемнен бір жас кіші 1903 жылы туған. Марқұм Құрмаш оқиғасы әңгіме болғанда тек жылай беретін. Әңгімесінен үздік создық жадымда қалғаны Мыңша апамыз өте мерген еркөңіл қыз болған. Жазалаушылар ауылды шапқанда қолына винтовка алып ерлермен бірге ұрысады. Сол атыс кезінде жүгіріп келіп шешесін баласымен бір түйеге мінгізіп жіберіп, өзі тосқауылда қалады. Бірақ көріп қалған отряд көп ұзатпай ізінен қуып барып ұстап алады. Шешем сол Алматыда айырылысқаннан Мыңшаны көре алмапты. Сол баяғы тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен заманда байланыстары үзіліп қала барған. Шешемнің сауаты болған жоқ. Сондықтан хат жазуы мүмкін емес. — Тәжікеңнің бұл дерегінен белгілі болған жайт — ОГПУ құжаттарында Жұпардың жасы 35-те деп қате көрсетілген. Тұтқынға алынарда ол 25 жаста болып шығады. Өмірдің осындай талай тауқыметін бастан өткерген Жұпекең де дүниеден озды. Зираты атамекені Қамысбай қауымында. Ал Қарақалпақстанға шешесінің баурында келген Омар бала ер жетіп, азамат болып осы бертінде қаза тапты. Артында ұрпақ қалған жоқ. ОГПУ құжаттарында Алматы түрмесіне шешесімен бірге қамалған 5 жастағы Құрмашев Сембай дейтін де бала болғандығы көрсетілген. Одан дерек жоқ. Тәжекең де ол туралы ештеңе білмейді. Ол Жұпекең Омарды алып Қарақалпақстанға кеткенде Мыңшаның қолында қалғанға ұқсайды. Одан бергіде қилы-қилы кезеңдер Сембай дерегін белгісіз етіп кеткендей. Үмітсіз емеспіз. Егер Құрмаштың еркек кіндікті әулеті болса осы Сембайдан болуы мүмкін. Әзірге Құрмаштың ағасы Қаржаубай жанұясының онан соңғы тағдыры туралы да ештеңе айта алмаймыз.
Жақында Түрікменстанның Түрікменбашы атырабы Қулы Маяк поселкесінде тұратын Қарлау Өмірбаев Рзабектен хат алдық. Бұл Айзақтың ұлы болып шықты. Әжемнен үш жасымда қалдым дейді. Кейіннен түрмеден босаған шешесі екеуі сол жаққа барып жерленіп қалыпты. Құжаттарды тағы да шұқшия зерттеп қарағанымызда Өмірбаев Рзабек баланың есімін еш жерден кездестіре алмадық. Қарақалпақстандағы 19 баланың ішінде 3 жастағы Айрапов Арзабек деген бала бар ғой. Біздіңше, қазақша білмейтін тергеушілер Айзақов деген фамилияны Айрапов деп, Рзабек деген атты Арзабек деп жазып жібергенге ұқсайды. Сонда балалар комиссиясына берілген 12 жастағы Айрапова Базарқай, егер олай болып шықса, бұл Рзабектің туған апасы.
Қаз. ССР ГШ ОГІІУ үштігі 1929 жылы 17 желтоқсандағы қаулысымен «Құрмаш ісіне» қатысты 42 адамды соттап 22 адамды атуға, қалғандарын әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Істе атылуға тиіс 22 адамның 20-сына үкімнің орындалғаны жайлы мынандай құжат тіркелген.
Серия «К»
Москва қаласы ОГПУ ОцР бастығына
30 жылғы 31 қаңтардағы № 155212 .сұрауға
ОГПУ комиссиясының № 96310 іс бойынша 1930 жылғы 18 қаңтардағы Қаржаубай Қосжанов және басқалар бәрі 20 адамды ең жоғары жазаға кескен үкімі осы жылдың 12 ақпанында ату арқылы орындалды.
Үкімді орындауға 60 патрон жұмсалды.
КССР ПП ОГПУ РСО бастығы
(қолдары қойылған Русанов
Торопин
Өкіл
Демек Үштік қаулысымен атылуға тиіс екі адамға коллегияның рахымы түскен. Олар кімдер екен? Істен бүл сауалға жауап таба алмадық.
Осы Құрмаш ісіне қатысты жергілікті газетке жазып, теледидардан сөйлеуіміз нәтижесіз болған жоқ. Жетібай поселкесінде тұратын Зиба Озғанбайқызы келіп хабарласты. Бұл әлгі үштік үкімінде ату жазасын алған Қосжанов Озғанбайдың қызы болып шықты. Демек, көрер жарығы таусылмай қалған екеудің бірі белгілі болды.
Зибаның айтуынша әкесі бір ажалдан қалып 10 жыл арқалап Архангельск түбіндегі Соловки лагерінен бірақ шығады. Алайда артында қалған ұсталмастан алты ай бұрын үйленген әйелі, туған тумаластары оның тірі қалғанын білмейді. Атылды деген хабар алған соң Қарақалпақстанға көшіп кетеді. Үй-ішінен жаза-жаза хабар ала алмаған соң Озғанбай енді Оралда тұратын құдасы жеңгесінің ағасы Бектұрғанов Құраққа хат жазады. Үй-ішінің қоныс аударып кеткен хабарын осы Құрақтан естиді. Бірақ Құрақ та құдаларының, қарындасының дәл мекен-тұрағын тауып айта алмайды. 10 жыл тозақ азабын артқа салып, арып-ашып елге жеткен Озғанбай ақыры сұрай-сұрай аулын табады. Келсе мұның өлген хабарын естіген әйелі әмеңгерлік жолмен қайнысына тиіпті. Үбірлі-шүбірлі болып отыр...
— Жазмышқа жасар шараң жоқ. Ошақтарыңнан отын сөндірмей дұрыс жасаған екенсіңдер. Бақытты болыңдар. Тамұқты тіріде көрген мен өлмес күнімді көрермін. Қапаланбаңдар. Осылай деп туған інісімен келіні, бұрынғы әйеліне, батасын берген Озғанбай басқа ауылға барып мекен тебеді. Үйленеді. Бұл әйелінен екі қызды болады. 1946 жылы 42 жасында бұл пәниден өте барады.
Құрақ құдасы одан келген хаттарды сақтап жүреді екен. Кейіннен қыздарына табыс етеді. Көп хаты қазір Шардарада тұратын үлкен қызы Рабиғада екен. Зибада біреуі ғана сақталыпты. Бірақ оқып көргенімізде одан бізге белгілі есімдерді ұшырата алмадық. Бәлкім, мұның басқа адамдарға, басқа біреулердің жазғаны немесе сақталып бүркеншік атпен жазылуы да. Зибаның айтуынша қолтаңба анық әкесінікі. Дегенмен мұны араб әрпінен аударып қапастан жеткен жәдігер ретінде беріп отырмыз.
Сәлем хат.
Ардақты Қабдол, Қатираға сәлем. Әм Малбатырға, Төгейге, Шодырға, Әм Жаңайға, Ұбасқа және бізді білетін сұраған адамдарға көп-көп сәлем. Біз мында сондай аман жатырмыз. Деніміз сау. Енді сәлем соңында айтар сөз мынау: Осы жоғарыда айтылған адамдар баршаңызға айтамыз: бізге бар күйіңізше қаржы ақша жібере көрің. Қаржы-қаражат жоқ болып күйсіздеу болып тұрмыз. Осы хатқа жолыққаннан кейін почта-телеграф арқылы хат жазып хабарласыңыз. Амандық білдіріп жаздым: Ордабай әм.
Өтепбай.
30. 11. 1930.
Ордабайдан сәлем.
Ділмұханбетке: алғаннан кейін осы хатты Төгей, яки Қабдолға тапсырыңыз деп өтінемін».
Хат соңына орысша «Проверено» деп жазылып цензураның қолы қойылған. Зиба Рабиға апасымен хабарласып, онда сақталған хаттарды алдыруға уәде берді. Сол уақытта Соловки лагерінде Мағжан Жұмабаев сияқты қазақтың небір жайсаңдарының отырғаны белгілі. Бәлкім Рабиғада сақталған хаттардан олар туралы да деректер ұшырасар.
Жалпы жазалау органдарының 30 жылдардағы бізге әлі белгісіз қитұрқылары жетіп артылады ғой деймін. Ақтау қаласында тұратын Досбосынов Рзабектің қолында әкесі Төлегенов Досбосынның 1930 жылы 18 ақпанда атылғаны туралы анықтама бар. Ал 1950-ші жылдардың орта шенінде Владивосток маңындағы лагерьлердің бірінен оралған Жаңай Қарағұл деген кісі сол жақтан Досбосынды да, атылды делінген оның туысы Есбосынды да дін аман кездестіргенін ант су ішіп отырып Рзабекке, атасы Төлегенге айтқан.
Тарихшы ғалым Талас Омарбеков Құрмаш ісі бойынша отбасыларын есептемегенде 78 адам тұтқындалды дейді («Ақиқат» журналы 1993 ж. 4 саны 62 бет). Біздіңше жапа шеккендер одан да көп. Жоғарыдағы Зиба Озғанбайқызы өз әулетінен «тұқымың банда болды» деген айыппен 9 адам ұсталғанын айтады. Осындай деректерді өзгелер де береді. Жазалаудың осындай жаппай сыйпат алғанын Құрмаш оқиғасына бір жағынан саяси баға да бере кеткен ОГПУ-дың айыптау қорытындысы да жоққа шығармайды. Олар сонда ұсталғандардың шыққан руларын да көрсетіп, бұл белгілі бір рудың келесі бір рудан кек алу әрекеті емес, керісінше көп рулардың басын біріктіріп Кеңес үкіметіне, оның саясатына ұйымдасқан түрдегі қарсылық дейді. Мұнымен әбден келісуге болады. Қосарымыз бұл сол кездің саяси жарапазаншылары қақсап баққандай байлар мен молдалардың үгітіне еріп бас көтергендер емес. Керісінше, теңдік іздеген, Кеңес үкіметінің белден басып, аяқтан шалған солақай саясатын мойындағысы келмеген еңбеккердің бұлқынысы. Соның дәлелі ретінде осы іс бойынша сотталғандардың қолдағы құжат бойынша жасалған бір тобының тізімін беріп отырмыз. Мұның ішінде бірде бір молда немесе бай жоқ. Тіпті біреуі (Абдулов Шаубай) бұрынғы BЛKCM мүшесі. Біразы «Қосшы» одағының мүшелері. Бұлардың мүшелік жарналарын, әртүрлі салықтарын төлеген құжаттары, бір-екеуінің ұйымға мүше билеттері іске мұқият тіркелген. Істегі ең бір бағалы нәрсе бірнеше адамның фотосуреттері. Базылбек Ордабайдың, Өтеулиев Оразбайдың, Өмірбаев Айзақтың, Достанов Құттының, Оразбаев Жүністің, Ибрагимов Шамғұлдың, Тайбағаров Шәуеннің суреттерінің сыртына аттары жазылған. Қалған адамдардың кім екендігі жазылмағандығы себепті белгісіз. Бірақ, ел ішінен танитындар табылар деген есеппен ол суреттерді де беріп отырмыз. е.
Міне, жұртым, Құрмаш оқиғасының әзірге бізге мәлім ұзын ырғасы осы.
Түптеп келгенде кемеңгер Әбекеңнің — Әбіштің қасиетті қаламы бір түртіп өткен жерінің астарында осындай көл-көсір тарих жатқан болып шықты-ау өзі.
Қаз ССР ПП ОГПУ (үштік) 1929 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен Маңғыстау аймағынан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандардың бір тобының.
ТІЗІМІ
Аты-жөні
Туған жылы, жасы
Туған жері, тұрағы
Шыққан тегі, руы, ұлты
Немен айналысқан
Берілген жаза
Қошанов Қаржаубай
1884 жыл,
45 жаста
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, Адай, бай
малшы, сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, атылуға
Чабатов (Қошанов) Қожабай
1874 жыл, 55 жаста
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Өмірбаев Досан
1885 жыл, 44 жаста
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай, бай
малшы, сауатсыз
Арыстанов Сүйержан
35 жаста
Форт-Александровск
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Бекмағанбетов Таңбай
1899жыл, 30жас
Форт-Александровск
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Жұмабеков Құтжан
1902 жыл, 22 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Қостұрғанов Тұрнияз
1905жыл, 24 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Өтеулиев Оразбай
1872жыл, 57 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай, қаржау бай
Малшы, сауатсыз
Абдулов
(Келбатыров)Шаубай
1908 жыл, 21 жас
Форт-Александровск
Қазақ, адай
Дихан, сауатты, ВЛКСМ мүшесі 1926жылдан
Айбеков Ұлду
1896жыл, 33 жаста
Форт-Александровск,
Қайнар- Исағыс
Қазақ
бақташы
Үй-мүлкі тәркіленіп, атылуға
Төлембетов Мақсым
1899 жыл, 30 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Аранжанов Адил
1904 жыл, 25 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Өмірбаев Досал
1871, 58 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Арыстанов Сүйержан
1874 жыл, 55 жас
Төлепқарау ауылы, Адай округі
Қазақ, адай
көшпелі малшы, сауатсыз
Сүймағанбетов Қадыр
1897 жыл, 32 жас
Форт-Александровск
Қазақ, адай
Төлегенов Еспосын
1890 жыл, 39 жас
Форт-Александровск, Арақил
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Сатыбалдиев Ташен
1897 жыл, 32 жас
Форт-Александровск
Қазақ
малшы, сауатсыз
Біләлиев Жұмағали
1891 жыл, 38 жас
Ақтөбе ауылы, Адай округі
Қазақ
көшпелі малшы, сауатсыз
Төлегенов Доспосын
1893 жыл, 36 жас
Маңғыстау
Қазақ
малшы, сауатсыз
Қошанов Озғанбай
1911 жыл, 18 жас
Маңғыстау
Қазақ
малшы, сауатсыз
Жанғазиев Айдархан
1896 жыл, 33 жас
Форт-Александровск
Қазақ, адай, кедей
Етікші, сауатсыз
Шұматов Әлжан
1901 жыл, 28 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, атылуға
Байзақов Шүкірбай
1900 жыл, 29 жас
Маңғыстау, Гурьев
Қазақ, адай, күшік-қосбармақ
сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, 10 жыл конц-лагерь
Махамбетов Манақ
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Мусатов Нысан
1901 жыл, 28 жас
Үстірт, Сам аймағы
Қазақ
сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, 5жыл конц-лагерь
Тайбағаров Шауен
1897 жыл, 32 жас
Маңғыстау
Қазақ, адай
Етікші, сауатсыз
Оразбаев Жүніс
1909 жыл, 20жас
Маңғыстау
Қазақ, адай
сауатсыз
Оразбаев Әби
1903 жыл, 26 жас
Маңғыстау
Қазақ
сауатсыз
Жарылғапов Спан
1897 жыл, 42 жас
Қазақ
сауатсыз
Есқазиев Тұрсынғали
1905 жыл, 25жас
Форт-Александровск
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Ыбыраев Өтебай
1900 жыл, 29 жас
Төлепқарау ауданы, Адай округі
Қазақ
бақташы, сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, 3 жыл конц-лагерь
Қашенов Серғали
1895 жыл, 34 жас
Адай округі Маңғыстау
Қазақ, адай, кедей, шаруа
сауатсыз
Жанғазиев Мадемхан
1896 жыл, 33жас
Адай округі
Қазақ, адай
Етікші, сауатсыз
Үй-мүлкі тәркіленіп, 3 жыл конц-лагерь
Көшкенов Шах
1904 жыл,25 жас
Үстірт Сам Адай округі
Қазақ, адай
сауатсыз
Досқараев Шардек
1898 жыл, 31 жас
Маңғыстау
Бексаубет
Қандыбек
Алатөбе
Қазақ
малшы, сауатсыз
Отарбаев Жылқыбай
1910 жыл, 19 жас
Маңғыстау
7 ауыл
Қазақ, адай
малшы, сауатсыз
Достанов Құты
1893 жыл, 93 жас
Маңғыстау
Адай округі
Қазақ, адай
сауатсыз
Бекназаров Төреқали
1897 жыл, 37 жас
Маңғыстау
Қазақ, адай
сауатсыз
Шакеев Оразбай
1903 жыл, 26 жас
Ойыл ауданы,
Адай округі
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Ибрагимов Шамғұн
1891 жыл, 38жас
Адай округі
Қазақ, адай, кедей
сауатсыз
Балетов Асар
1879 жыл, 50жас
Маңғыстау
Қазақ
малшы-аңшы, сауатсыз
Төремұратов Әбді
1897 жыл, 32 жас
Төрде ауданы, Маңғыстау
Қазақ
малшы, сауатсыз
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру