"Жарқыра менің жұлдызым" кітабынан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Марфуға Айтқожина — «"Жарқыра менің жұлдызым" кітабынан». «ЖАРҚЫРА, МЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫМ» КІТАБЫНАН 1980 ЖЫЛ БАСПАЛДАҚ Жоғары өрлеп келемін баспалдақпен Тапталып,
/uploads/bcce9c5b-273c-5479-8b37-94bfc6548f8b/cover.png
«ЖАРҚЫРА, МЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫМ» КІТАБЫНАН 1980 ЖЫЛ
БАСПАЛДАҚ
Жоғары өрлеп келемін баспалдақпен
Тапталып,
Табандарда жатқан көптен...
Қатыгез,
Қатал заман —
Куәсі боп,
Басынан не аяулы
Шақтарды өткен...
Қараймын өрнегіне,
Бұдырына,
Жалғасқан —
Талай ұрпақ ғұмырына.
Сол баспалдақ арқылы қанат қағып,
Қонған-ау,
Талай қыран тұғырына!
Балалар көңілді үнін аспандатса,
Көз саламын ернекті
Баспалдаққа.
Өрнегі —
Өткен күннің өмір сыры,
Осынау —
Баспалдақта жатқан жоқ па?..
Балалар алысады,
Бәс тігеді,
Неткен қимас,
Қызықты жастық еді!..
Бір кезде дәл осынау —
Баспалдақпен,
Басып өтті гимназия жас түлегі.
Осынау баспалдақты басып тұрып,
Албыртты жас көңілі
Тасып-тұнып.
Тіл қатты да, өмірді
Тыңдатты да,
Арманы келешекке асықтырып.
Айсызда жарық болды самаладай,
Қалған жоқ,
Уақыт оны бағаламай.
Шыңдалып,
Шымырланып,
Шиыршығып,
Шарқ ұрды асқақ қиял
Шағаладай!
Қайтарды дауылды да жасқанбастан,
Қыруар іс тындырды
Бастан да асқан.
Дүр сілкінтті гимназия жас түлегі,
Дүниені
Дәл мына баспалдақтан!..
Көз жіберіп әлемнің әр тұсына,
Кетті айқасып өмірдің
Тартысына!
Күн орнатты өзінің қолыменен
Кең әлемнің осынау жартысына!..
ПЕРМЬ ПЕРИЗАТЫ
Жері көркем,
Жаны өртең Пермьнің,
Жанарға ыстық,
Әрі маңғаз көріндің.
Көк шыршалар,
Көкке бойлай өрілдің,
Кең далама ұқсап кетті өзімнің.
Ақ мәрмәрдан мүсіндері жонылған,
Ақбөкендер —
Жосылады жолымнан.
Пермяктың 1
Перизаты, мен сенің,
Тағамыңды таттым ару қолыңнан.
Бесігінде өктем соққан боранның,
Орманыңның ойлы сырын орандым.
Басып тұрып Пермяктар пернесін,
Қақтырдым мен күй қанаты Уралдың...
Жатсынбадың,
Жылылықпен баурадың,
Жүрегіңді —
Жыр отымен жауладым.
Жазық болып көсіліп ең алдыма,
Жалтылдаған ақ Сильваңнан аумадым.
Жері көркем,
Жаны өртен Пермьнің
Өзіңе тән сұлулықпен көріндің.
Думан кешін бірге өткізіп
Өмірдің,
Кездестік біз биігінде —
Көңілдің!..
ШЕБЕР ҚЫЗДАР
(Краснокамскідегі қағаз комбинатындағы
жұмысшылар арасында болғанда)
Көз ілеспейді саусағына шебердің,
Алуан түрін көрсетеді ол —
Өнердің...
Жұмысшының
Жанарындай арайлы,
Жалынға орап өтіп жатыр нелер күн.
Өңшең ару,
Өрмек тоқып жатыр ма,
Отты,
Ойнақы,
Мінездері батыл да.
Арулардың оқалы, ою кестесі,
Қояр емес,
жыр жаздырмай ақынға!..
Тамашалап тұрмыз біздер
Тамсанып,
Адам қолы іс тындырар қаншалық.
Алтын сымдар —
Саусақ тисе қоңыраулап,
Ұзақ күнге тұрады екен ән салып.
Көңілді екен,
Завод іші сырнайлы,
Станоктар —
Ұршықтайын зырлайды.
Ұқтырады көздерінен көп күйді,
Жалғыз сәтке
Текке қарап тұрмайды.
Бір өзіне дүйім жұртты қаратып,
Ақ таңдарды бауырынан жаратып.
Жұмысшылар темір тордан
Тонналап,
Ақ қағазды жатыр елге таратып!
Бұл қағаздар —
Жақсы хабар, таңдағы үн,
Отанымның қамтып жатқан жан-жағын
Бұл қағаздар —
Россияның маржаны,
Жасыл тайга,
Тербетілген орманым!..
Бұл қағаздар —
Адамның пәк арманы,
Адам үшін —
Қызмет ету бар мәні...
«Искрадан» дауылдарды боратып,
Болашаққа жол көрсеткен алдағы.
Бұл қағазда —
Толқындар бар ақ айдар,
Қуаныш — күлкі,
Ақ таңдағы арай бар.
Тұтастырып тұрған осынау әлемді
Асқақ арман,
Нұрландырған сан ойлар!..
Адам үшін —
Ақ қағаздың зор мәні,
Жан азығы,
Бақыт құсын қолдағы.
«Қара қағаз» келді десе бір кезде —
Түтін өшіп,
Қара түнек орнады...
Ел басына төнген қасірет,
Мол қайғы,
Әлі күнге ұмытпадың ол жайлы...
Ақ қағаздар —
Қолғанаты адамның,
Әркім ойын
Тек өзінше толғайды,
Ғасырларды
Ғасырлармен жалғайды!..
БАЛТЫҚ ЖЫРЛАРЫ
ЖАҒАЛАУДА
Белгісіз теңіз кәні,
Бұлты кәні,
Тұтасып аспанға бу ұмтылады,
Тентек қой,
Теңіз жаны көнбес тегі,
Көк сүңгі бұлт астында бұлқынады.
Сытырлап мұз құрсауы жыртылады,
Жалаңаш
Кеудеден бу бұрқырады.
Көк Балтықтың үстінен
Көлбеп жатқан,
Тұтасқан —
Толқын-толқын жыр шұбады.
Қараймын шұбатылған жыр көшіне,
Қашанғы берік екен іргесі де.
Райнистың
От-жалынды жырын естіп,
Ризамын
Аспазиямен сыр кешуге!..
Көп болған шығар ақын —
Күндесі де,
Көп болған шығар жүрек —
Үндесі де.
Шертеді сыр бүгінгі бақытты ұрпақ,
Келтіріп сонау қатал күнді есіне.
Бұл күнде хақым бар ма мұң кешуге,
Сырлар көп,
Сыймас ғұмыр,
Бір кешіңе...
Өшіре алған жоқ оның дауыл үнін,
Қан тамған
Зұлымдықтың түрмесі де!..
Биіксің,
Адамзаттың күресінде,
Есімің туған елдің жүр есінде.
Айтшы,
Ақын,
Балтық болмай,
Кім болушы ең,
Тиген соң құдіретті жыр үлесіне!
Белгісіз теңіз кәні,
Бұлты кәні,
Тұтасып аспанға бу ұмтылады.
Тентек қой,
Теңіз жаны көнбес тегі,
Көк сүңгі бұлт астында бұлқынады!..
ТЕҢІЗ СЫЙЫ
Күрсінбейді,
Балтық бүгін күледі,
Жырға толып шалқар теңіз —
Жүрегі...
Жағажайда
Демалушы жұртшылық
Ертелі-кеш серуендеп жүреді.
Күрсінбейді,
Балтық бүгін шалқиды,
Күн мінезі — құбылмалы,
Әр қилы.
Келіп жатқан қонағына қаншама,
Көрсетеді ықыласпен бар сыйды.
Теңіз суын алдыңа әкеп тосады,
Толқындарын сазды әуенге қосады.
Кейде еркелей
Сипап өтіп жағаны,
Сыңғыр қағып,
Жалт бұрыла қашады.
Теңіз түні қашан-дағы шырайлы,
Теңіз күші —
Кімді болсын сынайды.
Жатқанда ол дауыл құшып,
Теңселіп,
Оған дәйім батыл жандар ұнайды,
Толқын оның аяғына құлайды.
Көз ілеспейді,
Толқын қандай тез еді,
Жамырай кеп
Жағалауды кезеді.
Жүректіні еш нәрседен қайтпайтын
Жүзінен-ақ бұлжытпастан сезеді.
Жатады ол күштіңе де бас ұрмай,
Жатады ол бар мінезін —
Жасырмай...
Қаталдығы
Қағып түсер қылыштай,
Жадыраса —
Аңсап құшқан досыңдай,
Теңіз жаны осындай!
Тілейді ол,
Кімге болсын шаттықты,
Теңіз күйі —
Кейде қатал,
Жат тіпті...
Толқынымен жуып-шайып жүріп-ақ
Керек етер
Қас қағымда сақтықты!..
АЙЛЫ ТҮНДЕ
Жолаушылар ағылады, тынбайды,
Теңіз үні —
Толастамас
Түнде айлы.
Сұлу толқын ақ сәулеге малтығып,
Самал есер,
Еркелеткен тым жайлы...
Салқын ауа,
Саумал самал желпіген,
Жұпарына шыршалар да елтіген.
Жағалауда ойға батқан ормандар,
Серуендеймін,
Бос қиялдан серпілем!..
Кезіп кетсең,
Ұзақ түнге оралмай,
Көңіл сонда сырлы үндерге толардай.
Жарқырайды қою түннің
Төрінде,
Неткен жұлдыз,
Сол бір таныс жанардай...
Жымыңдайды жан сарайды жылытып,
Кейбір пысық уақытты да
Жүр ұтып...
Жалғыз қалып ақын отыр жағада,
Өзге тұрғай,
Өзін-дағы ұмытып.
Шалқалайды жаңа ғана туған ай,
Теңіз-дағы
Толастады туламай.
Теңіз күйі жүрегіме ауысып,
Неге мені бара жатыр тыңдамай...
Басыла ма,
Мына дауыл үдей ме,
Қандай шара,
Тілге көнбес дүлейге.
Тымық түннің құшағына сыя алмай,
Найзағайлы жаз нөсерін тілей ме...
ТАҢ САМАЛЫ
Теңіз ерте ұйқысынан оянды,
Толқын жүзі тан нұрына боялды.
Таң самалы тереземнен енгенде,
Көңіл қалай хош иісіне тоя алды.
Көз алдыма —
Көкшіл әлем тартылды,
Таң керілген көркі қандай тартымды,
Теңіз күйін тыңдауменен
Тебіреніп,
Ризамын, өткеруге әр түнді.
Жабырқармын түсінбесең жанымды,
Тарту еттің маған сазды әніңді.
Сүйрік саусақ,
Сұлулары латыштың,
Мінезінде мін жоқ,
Неткен нанымды!..
Сүйсінемін, көзбен көріп
Сәніңді,
Кімді күтіп,
Теңіз сонша сарылды.
Самал сипап толқын жүзін өпкенде,
Кең даламды, елестетті, сағымды.
БАЛЫҚШЫЛАР ЖЫРЫ
Жайлы тыныс.
Ескек желі батыстың.
Кезе алмайды бұл маңайды жат ешкім.
Көк толқынға шалма тастап
Асаудай,
Жүзіп жүрді балықшысы латыштың.
Теңіз кешіп осынау бір өр таңда,
Top құрады балықшылар жалтаңға.
Тез айықты ұйқысынан
Толқындар,
Жайын ба, әлде,
Сүңгіп кеткен шортан ба?!.
Балықшылар көшті шапшаң қимылға
«Жібек тордың тиегін тарт,
Жи мұнда...»
Жігіттердің сол бір
Жіті қимылы —
Ұқсап кетті құс алатын тұйғынға.
Төккен кезде мол балықты тордағы,
(Теңізшілер үшін оның зор мәні...)
Шағалалар
Шаңқылдай кеп құйылды,
Қуанышын жасыра алмай ол-дағы.
Салып жүріп теңізшілер бар жанын,
Сүзіп алды,
Теңіздің ақ маржанын.
Жағалауға жақындады қайтадан,
Сүйсінгендей көптігіне олжаның.
Аспандата әндетеді шағала,
Осы маңға жиналыпты бала да.
Тайсалмайтын тарландары теңіздің,
Қарсы алып жүр ме олар да
Жағада!..
КАВКАЗ ӘСЕРЛЕРІ
МӘРМӘР ШЫҢ
Көз тұндырып тұр алдымда
Мәрмәр шың,
Көрген адам дегені ме таңдансын.
Сиқырлайды,
Сезіміңді,
Сырлы тау,
Көрмегенге айта жүрер армансың.
Көркемдігі көз тұндырар,
Жасаған!
Қаланыпты ақ мәрмәрдан —
Босағаң.
Осы таудың тастарынан —
Лермонтов,
Деп қаласың,
Қайсар жырын қашаған...
Тіл қатпайсың білмегенге
Тұс танып,
Тілдесесің аспанменен сұстанып.
Атқылаған нарзаныңнан ерекше,
Тұр ма дерсің,
Сарқылмайтын күш дарып.
Келер саған аңсаған жұрт ағылып,
Келер саған үміт оты жағылып.
Келер саған —
Ақындары әр елдің,
Ерлік жайлы аңыздарды сағынып...
ЖОЛДАР СЫРЫ
Қарт Кавказдың
Сапырылған бұлтындай,
Көңіл ойдан
Отыр енді бір тынбай...
Көзге таныс,
Көк шындардың қойнауы,
Қонып кеткен
Әр ақынның жұртыңдай.
Қарап келем үркек,
Ұшпа тастарға,
Қазір маған
Бір аңызын бастар ма?..
Жазылмаған өлеңдердің жолыңдай,
Жанарда бір тамбай кеткен
Жас бар ма?!.
Кавказ шыңы ұнатады батылды,
Қашан да ол өр тұтады ақынды.
Бұлақтары бұлқынады,
Бұрқанып,
Ақтарады жыр жолдарын ақырғы.
Бұл өңірде
Айтылмаған өлең көп,
Естірмін деп құлақ салам елеңдеп.
Ұлы Махмуд ойларындай —
Жолдар да,
Жүрген сайын
Жалғасады тереңдеп...
Қабырға жол —
Кете берер қияндап,
Қия жолмен мен келемін
Қиялдап.
Жолды жұтып бозғылт тұман әп-сәтте
Көз алдыңнан өте шығар бұлаңдап.
Тау жолдары —
Келер кейде үрейлі,
Жартастары
Жаңғырығып үдейді.
Құзарларды мекендеген қырандар,
Ауып кетсе,
Сағыныштан жүдейді...
Құз қойнында бұлт бұлқынып,
Аунайды,
Қанша ма аңыз айтылатын
Тау жайлы...
Бұлт сейіліп,
Көк аспанның төсінде —
Ерке қыран,
Емін-еркін заулайды!
ЖАМАҒАТ ЖАРТАСЫНДА
Жамағаттың жартасында ойланып,
Отырды ақын, әр қиялды
Ойға алып...
Отырды ақын,
Жыр отымен алаулап
Аққу арман,
Қанат қағып айналып.
Ақын ойы бара жатты қырды асып,
Жанында оның —
Жаны сүйген —
Жыр — ғашық!..
Отырды ақын,
Өкініш өртеп өзегін,
Қарт Кавказдың «тұтқынымен» сырласып.
Кезді талай Кавказдың
Өр заңғарын,
Өлеңге өріп шыңның қатал заңдарын...
Батар күннің шұғыласына
Бояды,
Кекті жырмен суғарылған —
Қанжарын...
Сен жаныңның қаламадың тыншуын,
Сені өзгеден аулақтады
Шыншыл үн...
Кіршігі жоқ жүрегіңе ұқсаттым,
Құрғақтағы мөлдіреген түн шығын.
Толғап күйін,
Тілін ұқтың Теректің,
Қайыспадың,
Қаламыңды жебе еттің.
Зіл сыйламай,
Жыр сыйладың өмірге,
Өзі де сол, адамзатқа керектің.
Ақын ойын тек —
Ақымақ шектеген...
Бәлкім, содан тұтанды ма
Кекті өлең...
Гүл ернінде уылжиды уыз жыр,
Ақырғы әні,
Ғашық дәмі кетпеген!..
АППАССИОНАТА
Құшағы толғандай бір лала гүлге,
Шалқыды даласымен бала бірге.
Бетховеннің құдіретті —
Сазды әуені
Жетелеп
Жолаушыны барады үйге.
Серпе тастап өткен күн түндіктерің,
Шалқытып күй сазынан
Шындық лебін.
Шерлі сыр ақтарады
Күй сандығы,
Тұтқындап жан дүниеңді сұмдық сезім.
Ол күйде —
Жатыр жүрек суреттері,
Ол күйде —
Жатыр ғасыр құдіреттері.
Ол күйде —
Жатыр әне,
Ұшқыр ойдың,
Тұтасқан,
Түйдектелген тың лектері.
Ол күйде —
Жатыр заман тыныстары,
Ол күйде —
Жатыр жаздың күміс бағы.
Ол күйде —
Жатыр талай толғаныстар,
Осы күй —
Қозғау салар ұлы іске әлі!..
Ол күйде —
Жатыр талай құбылыстар,
Ол күйде —
Жатыр бұраң,
Бұрылыстар...
Ол күйде —
Асқақ ерлер даусы бар,
Жығылмас әділеттің туын ұстар.
Ол күйден —
Уақыт көші дүркіреді,
Адамның жортқан небір түлкілері...
Жан төзбес
Жауыздықтың жағасынан
Жаңа күші дәуірдің сілкіледі!
Құшағы толғандай бір лала гүлге,
Шалқиды даласымен бала бірге.
Бетховеннің құдіретті
Сазды әуені,
Жолаушыны —
Жетелеп барады үйге...
ЖАЛҒАСАДЫ, ТАУСЫЛМАЙДЫ КӨК БЕЛЕҢ
Шарқ ұратын күндерді ойлап кеше бір,
Шындықты іздеп,
Шыр айналды жас өмір...
Жамағаттың жайлауларын мекендеп,
Жас Лермонтов,
Қиял кешті неше жыл.
Қатыгез шын оған түсін жылытты,
Қайнарынан құйып ішті тұнықты.
Қайыратын уды өлең тілімен,
Тап өзіндей —
Ақынды аңсап жүріпті.
Дәмін татып,
Суын ішіп «жат жердің»,
Жалын жылды осылайша өткердің.
Қабағыңнан —
Қайғыңды ұқты тау елі,
Өлең үшін туған сендей бапкердің.
Жамағат деп халық тегін қоймаған,
Өткен екен,
Онда не бір
Ойлы адам...
Тау тұрғыны әрқашан да биік қой,
«Өткен өмір, жәбірледі жанымды,
Аямады, ақындарын дарынды...
Өрлігін де,
Ерлігін де жоймаған!..
Жендеттері —
Жер қаптырды нар ұлды,
Нөсер етіп төктім ащы зарымды.
Аямадым ақындардан жерімді,
Жамбасына төседім мен —
Төрімді.
Олар-дағы тек биіктен көрінді,
Төкпе жырлар —
Жапырақтай өрілді...
«Құшағым кең,
Қолым ашық бұл шақта,
Құндақталды жасыл өлкем
гүл шоққа», —
Деп, ақсақал,
Толғанысын айтады,
Дана сөзін жалғай түсіп ұрпаққа.
Құлпырады,
Құлшынады Жамағат,
Жамағатты елі жатыр —
Жаңалап.
Ұлы ақындар қабіріне гүл қойып.
Кавказ жерін қайттық біз де аралап..
Жалғасады,
Жарысады көк белең,
Жолдарым да көп-ақ екен өтпеген.
Тау мінезін тағы да бір
Тәкаппар,
Көрсем екен деп келем.
ҚАРА ШЫҢ
Бұлт үйіріліп,
Шоғырланған басына —
Қара шыңның —
Келіп тұрмын қасына.
Өн бойына ораныпты сұр тұман,
Тұрса керек,
Қараулығын жасыра.
Қара шыңға жараспаған серілік,
Көріне алмас,
Көзге көркем керіліп.
Жалынса да тәңіріне емініп,
Жасыл шындар —
Тұрар одан шегініп...
Түсі суық,
Жартас қамап жан-жағын,
Жаралады әлдекімнің ақ жанын..
Қаһарлы бұлт
Төбесінде шүйіліп,
Төндіреді найзағайлы қанжарын.
Халық қойған аты екен —
Қара шың,
Адал жанның
Жасырып жан жарасын.
Екі бөліп тұрады ол қашан да
Зұлымдық пен
Махаббаттың арасын.
Ол жайында тау елінде аңыз көп,
Қайран жігіт,
Махаббаттан бақ іздеп —
Барған дейді осынау таудың басына,
Ойлаған ба,
Сүйген қызын жауыз деп...
Екеуінің жері осы уәделі,
Байдың қызы сөзі де,
Өзі әдемі...
Жігіт болса кедей ұлы
Бірақ та,
Батыр екен қадірлеген бар елі.
Қиялында,
Көз алдында қыз — арман,
Арылмапты ер жігіттің жүзі ойдан.
Сөз байлапты қыз әкесі көнбесе —
«Екеуміз де
Құлаймыз деп құзардан...»
Үміт оты алаулапты, жаныпты,
Тәтті қиял құшағына алыпты.
Не айтса да
Кесіп айтар ер жігіт,
Қыз сөзіне иланыпты,
Наныпты...
Опасыз жар,
Мол байлыққа беріліп,
Жаны сатқын, күліп тұрған керіліп
Ер жігітті шыдатқан ба ондайда
Махаббат пен
Серілік!..
Тұла бойда ашу-ыза өріліп,
Шын сүйген соң біржолата беріліп...
Айтқан серттен жігіт танбай
Құзардан —
Құлағанда,
Қалыпты қыз шегініп...
Опасыз жар,
Ашындырып халықты,
Ел жиналып —
Қарғыс айтып, налыпты,
Қиянатқа қыз ұялмай, алайда,
Қыз мекені —
Қара шын боп қалыпты...
Содан бері бұлт үйіріліп, налып тұр,
Содан бері айтады екен халық сыр.
Содан бері
Жігіт ұшқан жартасқа,
Өнген екен
Жарып гүл...
Таудың салты,
Бағалайды малшысын,
Бағалайды махаббатпен жан күшін.
Байлық үшін арын сатқан аруға,
Табиғат да үйіреді қамшысын.
БОЛҒАРИЯ ӘУЕНДЕРІ
КӨГІЛДІР ӨЛКЕ, КӨК ДУНАЙ
Тарт, Шамша,
Өрге қарай аттың басын,
Көк Дунай бізді бүгін жатсынбасын.
Қайтайық желқайықпен
Желе жортып
Ел сеніп,
Бұл сапарды тапсырғасын.
Асау Дунай, толқыны атырылған,
Жыр күтіп жатырмысың ақыныңнан.
Жаяйын жыр желкенін
Желбіретіп,
Дауылың қайда дейтін сапырылған.
Шағалалар ұшады және тынбай,
Құйылады қолыма
Қонатындай.
Ақ қанат асау толқын
Аласұрған,
Тұра тұршы аяққа оратылмай,
Осы бір сәт мәңгі есте қалатындай.
Жерде толқын,
Аспаннан жауын бүркіп,
Шама жоқ долы бұлтта қалуға іркіп.
Теңселдіріп қайықты
Тербей түсті,
Толқындардың жағасын дауыл жыртып.
Көпке дейін сол сурет айықпады,
Көңілге сонша тәтті ой ықтады
Өмірде де дәл солай
Тербей берсе,
Өлеңнің толқын құшқан қайықтары!..
ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЕСКЕРТКІШ
(Баллада)
Жалғастырып кеттік біз саяхатты
Жанымыз жағалаудан сая тапты.
Еңселі ескерткіш тұр асқақ қарап,
Кескіні ойлы әрі
Парасатты,
Толғанып тұрғаны анық болашақты!
Келгенбіз ертелетіп —
«Козлодойға» 2 ,
Бұл-дағы бір тиянақ —
Кезген ойға...
Ойылған ескерткішке
Өрнектер бар,
Өшпес ерлік өлеңмен
Жазған ой ма?..
Жанына ақ мәрмәрдің жанай беріп,
Іркілдім, көзді арбаған
Арай көріп.
Қаланған жүз жыл бұрын
Құлыптастың
Қозғалмаған іргесі қалай берік!
Арқасын көк Дунайға шалқалатып,
Қарап тұр,
Кең далаға шалқар — ашық.
Өлеңімен тұрғандай
Оқ боратып,
Жауына қаптап келген жанталасып..
Небары сегізінде жиырманың,
Тұлпардай —
Топтан озып, құйындады.
Өр Балқандай тұрыпты ол
Өз сертінде,
Қаламапты халқының қырылғанын,
Тосып алған тағдырдың бұйырғанын
Сол үшін халқы оны бағалаған,
Соны айтып
Сыбырлайды жаға маған.
Орнымнан қозғалмай бағанадан,
Сол әнді —
Тыңдап тұрмын шағаладан!..
Өтіпті нөсердейін төгіп жырды,
Өмірдің кім тоқталар шегін білді?
Қарумен де,
Өрт дауыл —
Өлеңмен де,
Қаптаған жауын ақын шегіндірді.
Батырды ел көзінен оқып келем,
Адамға келмес тегін
Бақыт деген...
Қаулап орман өсіп тұр —
Тау басында, «Христо Ботев» деген.
Тамаша жандар қанша бұл өңірде.
Шаттығы шалқып тұрған
Гүл өңінде.
Ақындық пен
Батырлық құшақтасып,
Жұртыңның —
Жұлдыз болдың жүрегінде.
Көп көрді езілген ел қастандықты,
Армандады осынау бостандықты.
Сен — ерлік,
Сен — шежіре,
Жыр — тәңірі,
Жеңілдеттің
Жұртыңа батқан жүкті.
Өмірден етпесең де еркін жүріп,
Жауынгер жырларыңмен
Желпіндіріп.
Жай оғындай атылдың қас жауыңа,
Қайғының
Қара бұлтын серпілдіріп.
Бір өзі асырғандай дала сәнін,
Жанына дарытпады,
Жанаса мұң.
Ажалға басын имей өткен ақын,
Халықтың қорғап тұрып болашағын.
Сыр ұқтым кешегі бір қара түннен,
Жүрекке жетті бәрі —
Дана тілмен.
Толқындарды тулатып шағаладай,
Жыр іліп кеттім міне қанатыммен!
Толқындар барған сайын әнді асыра,
Арындап сыймай жатыр
Арнасына.
Көк Дунай өр ақынның өзіне ұқсас
Тынбаған қиялының жалғасы ма?..
Толқындар қандай назды,
Тентек еді,
Ағады,
Асығады, ентелейді.
Желігіп,
Желқайықты ойнақшытып,
Мынау еркін өмірге еркелейді.
Балқанның баурайында алтын арай,
Ақын тұр,
Аңыз болып халқына бай...
Па, шіркін,
Кешегі бір асқақ қиял,
Тынар ма,
Дунай болып сарқырамай!
Бөлмейтін адамдарды жерге, тілге,
Қаншама абзал жан бар
Жер бетінде?!
Болғардың батыр ұлы —
Ботев жырын,
Алатау аясы да тербетуде.
Өнеге бар,
Өрлік бар келбетінде,
Отты жыр,
Ойлы жанды тербетуде.
Шыңға жаққан халықтың —
Шырағысың,
Мәңгі сөнбей тұратын жер бетінде
ЕЛІН БАСТАП ЕРЕУІЛГЕ, ЕРЛІККЕ
Көп көріп ата жаудан қастандықты,
Қас батырлар өткен ғой асқан мықты.
Елін бастап ерлікке,
Ереуілге,
Ғасырлар аңсап келген бостандықты.
Қалдырған батырлықтың белгілерін,
Қорғаған жан аямай елді,
Жерін...
Ешқашан халқы естен шығармаған,
Дұшпанымен шайқасқан
Елдің ерін.
Өмірге салып кеткен өз өрнегін,
Жақсыны —
Жақсы екен деп сезер ме өлім?!.
Көресің тартқан азап,
Қасіреттен
Қара жер ернінің де кезергенін.
Баулиды қатал тарих —
Батырлыққа,
Ащы зардан туады жақындық та...
Елге,
Жерге,
Ұлтына қарамайды,
Намыс пен кек апарар батылдыққа.
«АЛТЫН ЖАЗЫҚ»
Күресуден көрмеген халқың қажып,
Ел көсемі — қашан да —
Алтын қазық.
«Ақын болса толғанып,
Қалсып жазып»,
Дегендей,
Тербеледі «Алтын жазық».
Көңілі шат,
Еңселі халық бүгін,
Арқалап ғасыр алып сырын.
Махаббаты
Мәңгілік шырақ болған
Ер жүрек Христодай танытты ұлын!
Араладық болғардың Алыс қырын,
Болғар елі достықтың танытты үнін.
Жамбыл жыры алдымнан тосып алды,
Тереңнен аңғартқандай таныстығын.
Тартатын өрге тынбай шабыт жүгін,
Мақтануға тұрарлық — Табыс бүгін.
Ақындар аруағы аспанға ерлеп,
Қазақ жырын жатқа айтты халық бүгін.
Осының өзі қаңдай жарасымды,
Теңермін бе достыққа бар асылды.
Жүрегі гүл,
Жүзі нұр алаулаған,
Жұрты бейне —
Жұбанғыш бала сынды...
Жолменен «Алтын жазық»
Жарыстырып,
Жанға жақын көрінді,
Алыс тұрып
Светазар Петрушков Зрачанды —
Келеді жан-жақтылы таныстырып...
«Алматыға жол түсті өткен жылы,
Арман етіп жүруші ем көптен мұны.
Жамбыл елін еркімше араладым,
Жаныма жыр сыйлады
Көктем күні!..
Дастан — дала!
Жайғандай жасыл кілем,
Айтары жоқ,
Бұл қазақ батыр кілең!
Абай,
Жамбыл жырларын сыйға тартты,
Сырласпын,
Содан бері жақын білем.
Көргенім көз алдымда күн ұзынғы,
Дастаннан оқығандай мың үзінді...
Тамсанып жүрмін әлі,
Ұмыта алмай,
Таңдайға бал татыған қымызыңды!
Ойнақы жас келіншек,
Батыл жаны,
Есімде,
Қымыз құйып, сапырғаны.
Миллиард көшін бастаған ұл мен қыздар,
Өшпес өлең,
Көңілде жатыр бәрі!..»
Келеді аз сөзімен көп ұқтырып,
Жалғай түсіп ойларын толықтырып.
«Қазақстан комплексі» бізде орнатқан
Тодор Живков,
Көрді өзі келіп тұрып.
Қосылып бір жаңалық малды ауылға,
Ие болдың көпшілік қолдауына.
Болгар ұшқыш-космонавт
Қазағыммен,
Құшақтасты, қоныстап Байқоңырда...»
Көңілге алған бір іс орындалып,
Күліп қойды жымиып,
Қолымды алып.
Ежелден елдігі бар,
Ерлігі бар,
Емес-ау, болғарлар да тегін халық!
Жүрсек сезер жатың кім,
Жақындау кім,
Бауырым, мен де өзіңе
Батылдаумын.
Балқан мен Алатаудың биіктерін
Жырлары жалғап жатты ақындардың!
ЖҮРЕГІМДЕ
Көп тарихпен таныстық жол үстінде,
Қанша әңгіме айтылды сол үш күнде.
Батырлыққа бай екен
Болғар елі
Жетпеген оңайлықпен жеңіс күнге.
Көгілдір Балқан елі,
Бауырларым,
Жеңдірмей,
Жеңіп етті дауыл жаның.
Ұқсайды қыр қызына аруларың,
Аумайды ауылымнан ауылдарың.
Өзеннің қой тоғытқан бөгенінде,
Көк бұйра қозың жатыр — Көгеніңде.
Әжемнің ежігейі еске түсті,
Үгілген ақ ірімшік жегенімде.
Бүркеді түн шымылдық заңғар жүзін,
Қой күзетіп, ән салған
Таңдарға ұзын.
Әзілге іркілмейтін ашық мінез,
Жеңешеме ұқсаттым болғар қызын.
Орандым жанарыңнан от ұшқынын,
Маған да үлкен мерей —
Ежелден елдігі бар,
Ерлігі бар,
Емес-ау, болғарлар да тегін халық!
Жүрсек сезер жатын кім,
Жақындау кім,
Бауырым, мен де өзіңе
Батылдаумын.
Балқан мен Алатаудың биіктерін
Жырлары жалғап жатты ақындардың!
ЖҮРЕГІМДЕ
Көп тарихпен таныстық жол үстінде,
Қанша әңгіме айтылды сол үш күнде.
Батырлыққа бай екен
Болғар елі
Жетпеген оңайлықпен жеңіс күнге.
Көгілдір Балқан елі,
Бауырларым,
Жеңдірмей,
Жеңіп өтті дауыл жаның.
Ұқсайды қыр қызына аруларың,
Аумайды ауылымнан ауылдарың.
Өзеннің қой тоғытқан бөгенінде,
Көк бұйра қозың жатыр —
Көгеніңде.
Әжемнің ежігейі еске түсті,
Үгілген ақ ірімшік жегенімде.
Бүркеді түн шымылдық заңғар жүзін,
Қой күзетіп, ән салған
Таңдарға ұзын.
Әзілге іркілмейтін ашық мінез,
Жеңешеме ұқсаттым болғар қызын.
Орандым жанарыңнан от ұшқынын,
Маған да үлкен мерей —
Жетістігің.
Жаны таза,
Жүрегі, ары таза,
Жоқ екен мұнда менің жат ешкімім.
«Келсең төрім төсеулі жамбасыңа,
Жүлдеге Алтын Орфей
Және дайын,
Дос жүрегі әзір тұр жалғасуға!» —
Деп еді, кетердегі тілегінде,
Қаншама қасиет бар бір өзіңде.
Қол созған —
Софияның сұлу қалпы,
Толқындап бірге кетті жүрегімде!
Жүрсем де
Жердің шалғай жиегінде,
Мен сенің сол қалпыңды сүйемін де,
Сызылын сұлу саздай
Сан құбылып,
Тұрасын домбырамның тиегінде.
Талай айтып өзіңді,
Сыр құрармын,
Жүрегін күйге бөлеп жыр құмардың.
Қондырып жанарыма ала кеттім,
Сүйкімді бейнелерін құрбылардың!.
ДАЛА ҰҚСАСТЫҚТАРЫ
Жеріңменен
Жерім ұқсас жаралған.
Еліңменен
Елім тектес жаралған.
Сен де, мен де бір ауада тыныстап,
Ленинизм тұнығынан нәр алғам.
Өмір жолың басталады алыстан,
Жаугер елсің,
Ата жаумен алысқан.
Махамбет пен
Христодай батырлар —
Ерлікпен де
Ақындықпен қабысқан.
Бір кездері қасірет шегіп,
У ішсең,
Бүгін қандай шалқып жатқан
Тынысты ең.
Ел қорғаған азаматтың ерлігін,
Жазып кеткен —
Жартастарға қылышпен.
Жауынгердің аты мәңгі өлмепті,
Ақ арулап,
Жүрегінде жерлепті...
Туғанда да,
Бұл өмірден көшкенде —
Жер-анасы, құшағында тербепті.
Алыс кетті,
Азасы мол зар заман,
Ана тұрғай,
Желі азынап зарлаған.
Өзен тулап,
Тасқындаса арнадан —
Тау шындарын қыран ұшып шарлаған.
Шырақтар тұр оты лаулап мәңгілік,
Өміріңді —
Өткізер сол ән ғылып...
Жатса ұласып дос жүрегі жаңғырып,
Ауылыңнан аттандым мен
Сән құрып,
Дүниені таң-тамаша қалдырып!
Көп-ақ екен,
Шатқал-шыңдар, төбешік,
Ақсақалдар отыратын кеңесіп.
Мен қайықта,
Ән тыңдаймын тамаша,
Тербетесің
Ескегімді сен есіп!..
Көңіл шалқар!
Таулы,
Баулы, көл-жазық,
Етек-жеңін жатыр әне кең жазып.
Қазақ, болғар қол ұстасып бүгінде,
Құлшынады құрылыс сап,
Кен қазып!..
ЕСКЕРТКІШТЕР ҚАЛАСЫ
(Плевенді аралағаннан кейінгі ой)
Әрі таулы, әрі жазық —
Болғарлардың қаласы.
Тұнып тұрған ескерткіштер —
Даласы да қаласы.
Қаншама аттар, қанша адамдар...
Қанды қырғын, қарашы!
Әлі күнге жазылмаған —
Қалған ауыр жарасы...
Қанды түрме.
Қаһарманды шіріткен,
Бес жүз жылдай халық босып,
Үрейлене үріккен.
Бес жүз жылдай туған жерін —
Жау қылышы жаралап,
Бес жүз жылдай қара бұлттар —
Қара жаңбыр бүріккен...
Арулары азап шегіп,
Босамаған күндіктен.
Арман құсы алыс үркіп,
Азаматы дүрліккен.
Өз бағында, таң алдында —
Сайрамаған бұлбұлы,
Ашыла алмай жабығыпты,
Үлбіреген гүл біткен.
Жас қыраны топшысынан
Ерте кеткен қиылып,
Көлінде аққу жүзе алмаған
Сайран салып, күй ұғып.
Жағалауда нәзік ақ тал
Жайқалмаған жиылып,
Қалса керек содан барып
Орман үнсіз бұйығып...
Атқа қонып ұлы Ресей
Алмас қылыш асынған.
Тас ошағын талқандады
Есірік жаудың басынған.
Екі елдің туыстығы —
Басталыпты ғасырдан,
Енді өздері ескерткіш боп —
Тұрған қандай асыл жан!..
Ескерткіштер үн қатады,
Шертеді азап ащысын.
Аз көрген жоқ сұм пашаның 3 ,
Замананың қаққысын.
Айбаттанып,
Қайраттанып,
Қатуланып тұр енді
Ғасырлардың шежіресі —
Жай қарасаң тас мүсін...
Үлкен-кіші ескерткіштер —
Қатарласқан қалашық,
Бірін-бірі толықтырып,
Тұр ма дерсің жарасып.
Жасыл орман арасынан
Көкке бойлап таласып,
Қала берді айбаттанып —
Алыстарға қарасып...
Содан бері өткен екен
Зымыраған бір ғасыр,
Білем десең мол тарихты —
Ескерткіштен тыңда сыр.
Әрқайсысы сөйлеп кетсе —
Таңдай қағып қаласың,
Тарихы жоқ ел болмайды
Ағашы жоқ шың да тұл!..
Дей алмайсың мұнда қайсы ұлт,
Қайсы жерде кім жатыр?
Сауыт киген сан батырлар
Семсер асып,
Сында тұр...
Біреу атты,
Біреу жаяу
Жауға аттанып барады,
Ел басына күн туғанда —
Сыналған ғой шын батыр!..
Айлы түн
Самал соқты сай-саладан.
Сол бір үн құлағымда қайталаған.
Тасытып, тау өзенін
Тасқындатып,
Сиқырлы саз әуенін қайта оранам!..
Мақпал түн.
Баяулаған ырғақ қандай!
Барады әлденеге құрған таңдай,
Сарылып кімді сонша сағынады,
Сөзбенен жеткізе алмас
Сыр жатқандай...
Сеземін тынышымды ұрлатқандай,
Аймалап әніменен нұр жапқандай.
Ойды ұйтқытып,
Сезімді және тербеп,
Жылатып
Әрі сені жырлатқандай...
Тыңдайды мұңлы сазды орман мүлгіп,
Өтеді сапырылып,
Ойлар жылжып...
Дүние-ай,
Тіл жетпесті
Ән жеткізген,
Тау-дағы тыңдап қалған қандай жым-жырт.
Берілген шексіз қиял тереңіне,
Жетпеген бір бейбақ па
Дегеніне?..
Күрсініп,
Мұңлы әуен үзіледі,
Махаббат қой,
Табынтқан тек өзіне!..
СӘЛЕМ АЙТТЫ АЛАТАУ
Адамдар толқын дерсің сапырылған,
Шалғайдан қонақ та көп
Шақырылған.
Үн жетпеске қолымды сен жеткіздің,
Айналайын,
Алтын заң, ғасырымнан.
Мен бүгін биік тұрмын дәуіріммен,
Шарықтасам,
Шаң жұқпас бауырың кең.
Көкжиегің —
Көңілімнің көгінде тұр,
Қалаңмен
Қатар қонған ауылым тең.
Айтпасам да білесің,
Ауыл қызың,
Қашан да жасқай алмас
Дауыл жүзін.
Гүл құшқан жүрегінде көктем түлеп,
Өткерген бастан өмір ауыр күзін...
Көрдің ғой,
Кеше төккен зарлы жасын,
Ұшырды бүгін талай қарлығашын.
Риза болып бәрі үшін сәлем айтты,
Алатауым,
Күн құшқан қарлы басын!
Келген жоқ бақытты күн тегін маған,
Отырмын,
Ойлар толғап, төрінде аман.
Ақ Еділ жағасынан қолын бұлғап,
Хош келдің, деп тұрғандай —
Ленин бабам!
ҚҰМЫРАДАҒЫ ЖАС
(Аңыз бойынша)
О, сұм заман!
Елді елмен соғыстырған,
Жұрт қаралы,
Ерлерін соғыс қырған.
Жеңілгенді желкелеп,
Жемтік етіп,
Қанағатсыз құзғындар табыс қуған.
Қаралы ару
Қан құсты құсаланып.
Қайғы бұлт, аттатпады тұсап алып.
Есіз үйде
Еңіреп жалғыз өзі —
Жас жүрегі өрт жалын құшады анық.
Шырақ жанды
Сәулесі көмескілеу,
«Оты өшкен шаңырақ» демес біреу...
Алдындағы құмыраға жасын төгіп,
Егіліп жылап отыр
Елес біреу...
Қатыгез шапқыншылар тексіз еді,
Қайғысын —
Кімге ақтарып жеткізеді.
Бәрі де өзі тектес жетім-жесір,
Кештерін жоқтауменен өткізеді...
Қашан да дағдысы ғой қаралы үйдің,
Демейді ешкім неліктен
Қара кидің!..
Аңырап аза тұтар —
Ана байғұс,
Басталып таң атқан соң
Жаңа күйбің...
Көрдім сондай «жас толы» құмыраны,
Құмырада сақтаулы —
Ғұмыр әні...
Сұрадым көп естіген
«Жастың» мәнін,
Айтпаса одан қалай сыр ұғады.
Білуге тиісті емес жат адамы,
Бұл да бір «жалбарыныш» деп аталады
Сол құмыраға төгілген жас бойынша,
Соғыстан
Сау оралған аталары.
Сау қайтқан үрім-бұтақ баласы да,
Көп алғыстар арнапты анасына.
Кім көз жасын –
Көп құйса құмыраға,
Жұртына артық болған бағасы да.
Жасын төгіп келіндер —
Жарын күткен,
Әр тамшы жас өлшенер
Ақ үмітпен.
Құмыраға жас толтыру қандай қиын,
Қасіретті ару жанын
Содан ұқ сен...
Бұл әзі оқиға емес
Бүгін болған,
Ертеден ел ішінде ұғым қалған.
Қанша көп болса көздің төккен жасы,
Азамат сау оралған ұзын жолдан.
Барлық болғар әйелі жас төгіпті,
Көз жасынан жібімес
Тас та еріпті...
Ерлері қас дұшпанын жеңіп қайтып,
Біржолата алыпты
Басқа ерікті!..
«ТӘҢІР КӨПІР » ЖОЛДАРЫ
БІРІНШІ ЖЫР ШЫҢНАН АСАРДА
Жанама тас,
Жақпар шың таудың жолы,
Төнеді төбесінен зәулім көгі.
Шыңы бұлтқа оранып шығандаған,
Жетпеген биігіне жаудың да оғы...
Жондары жоталарға басын сүйеп,
Жалғасып «Алтын жазық»
Жатыр шіреп.
«Тәңір көпір» туралы —
Жәй ұқтырып,
Қарттар аңыз айтады асыл сүйек.
Келеміз кезең асып атпен өрлеп,
Табиғат, шеберсің-ау,
Неткен өрнек!
Қарғыма тас ұшпалы,
Түбі шыңырау —
Бір жетуді армандап кеткен ел көп.
Ауыздықпен алысқан құр аттары,
Таудың тасын жаңғыртты
Тұяқтары.
Қыран ұшты шыңқылдап төбемізден,
Тек биікте болатын —
Тұрақтары...
Келеміз сұлулықты тамашалап,
Қырғауылдар ұшады
Қарасаң-ақ.
Секем алғыш сыбдырдан
Жорға құрлар,
Барады балапанын оңашалап.
Күнде осылай қарсы алып дала таңын,
Жартастары жаңғырып
Жарасады үн.
Адасқан үйірінен шөже торғай,
Адамға шағады екен
Балаша мұң...
Тимесе құс та адамға жақын болар,
Еркін ұшып, олар да
Батылданар.
Қосылған тұс-тұс жақтан
Құстар даусы,
Орман сәнін асырып жатыр солар!
ЕКІНШІ ЖЫР ТАУДАҒЫ КӨЛ
Күннің көзі қайта ашылды кенеттен,
Жаңа ғана —
Жаңбыр жауып,
Сел өткен.
Шайқалады шөптің басы сусылдап,
Сұлулық та —
Алуан түрлі себептен...
Тау жолының «азабынан» арылып,
Тайпалады күрең жорға ағылып.
Терең сайда
Бұлт бауырлап барады,
Жол береді
Самырсындар жарылып.
Тау жолдары мені қалай састырмақ,
Тау ертегін өскен жанмын
Жас тыңдап...
Көңілге бір желік пайда болғандай,
Өткелі жоқ,
Өзен жатыр тасқындап.
Табанында осынау зәулім шындардың,
Құпия сыр сандығындай жылдардың —
«Тәңір көпір» таңдандырып біздерді,
Енді көрдік
Жасырынып тұрғанын.
Алып үңгір.
Тауды кеулеп соншалық
Төне түскен жартастар да
Тамсанып.
Жанарындай жарқырайды айна көл,
Келгендерді
Құс әнімен қарсы алып.
Құстар сайрап,
Ұшып-қонып секірген,
Бөгде дыбыс естілмейді лепірген.
Қарап тұрсаң кел қасынан жоғары
Алып үңгір —
Аумай қалған көпірден.
Тасқа ұрынып жарқанат жүр жаңғалақ,
Жартас бетін кеткен кімдер
Таңбалап?!.
«Бір мың сегіз жүз жетпіс сегіз жыл», — деген,
Жүрегімді тұрды сол сез
Әнге орап...
Сол жазулар —
Салтанатты сән құрып,
Ат тұяғы дүбірлейді жаңғырып...
Өздері де
Осынау зәулім шындардай,
Серттерінде тұрған екен мәңгілік!
ҮШІНШІ ЖЫР ТАҢБАЛЫ ТАС
Таусылмай айтар болса
Таңға шыны...
Өткен ғой,
Талай ғұмыр, сан ғасыры.
Болғардың қарты тұрғай
Баласына
Таныс екен осынау
Таңба сыры.
Жүрмепті жұрт озбырлық жетегіне,
Сенген ғой жақсылыққа жетеріне.
Қайыспас қайсарлығы
Әкелердің,
Жалғасын ұрпағына кетеді де.
Ел — дана,
Туғызады алыптарды,
Қоғамды жалғыз адам дамытпайды.
Жендеттің
Жебесінен мерт болса да,
Нағыз ер —
Намысына оқ дарытпайды!..
Шын қырандар биікте шарықтайды,
Шын азамат —
Толғанар халық жайлы.
Кім, не үшін көшкенін бұл өмірден
Уақыт — сыншы бағалап,
Анықтайды...
Данышпан ғой,
Дарын ғой дала жатқан,
Дамылдар таң да ерекше —
Далада атқан.
Ақ сәулелер төгілтіп жүрегіне —
Талантын
Табиғат та даралатқан!..
Тарқамас,
Татымы мол құмарыңдай,
Тулатса ғой жүректі жыр арылмай.
Халықпен біте қайнар жандар қанша,
Жұбын жазбас егіздің сыңарыңдай!
Әкелер басып өткен қанша жолдар,
Сол жолда құрбан болды қанша жандар
Осы «Тәңір көпірде» жасырынып,
Қабылданған қаншама —
Комсомолдар...
Жөн-жосығын, әр істің шегін білер,
Бас қосқан
Партияға сенімділер.
Георгии Дмитров —
Нағыз адам,
Қаптаған тұла бойын сенім-жігер.
«Олар — осы өлкенің түлектері,
Күрестерде шыныққан жүректі еді.
Ленин жолын шырақ қып,
Елін бастап,
Қабысқан асыл арман, тілектері».
Деп, бізге Свобода ұқтырады,
Қайратты,
Жетпіс бесте нық тұр әлі...
Болғардың
Батыл, ойлы,
Батыр қызы —
Өткен күннен көп сырды ұқтырады.
Қарттар-ай,
Шеттерінен мықты бәрі!
Халық дәйім шындықты жасырмайды,
Жәбірге,
Зұлымдыққа бас ұрмайды.
Халық айтса, шын айтар қашан-дағы,
Кемітіп немесе оны асырмайды!..
АҚ ЖАҢБЫР
Күн салқын.
Төкті жаңбыр толасы жоқ.
Қызықсың ғой өмір-ай,
Таласы көп...
Терезені ашқанда гүл жамырап —
Тұрғандай маған ғана қарашы деп.
Түсіңе енетіндей бәрі көркем,
Құштарың арта түсер тағы көрсек.
Қызықтым, қимастықтан
Қиялдадым,
Келсем деп,
Осынау гүл бағына ертең.
Аңсарым ауғанменен ерке гүлге,
Шақырып жатты жолдар
Ертеңінде...
Мен әсте, гүл үзуге құштар емен,
Көрген абзал табиғи
Көркемінде!..
Еркіндей қарсы аласың көктеміңді,
Қуандың, жанарыңнан от көрінді.
Осынау өміріңдей көріктенген —
Халқың сенің сүймейді текке гүлді.
Жазығында алтын дән жайқалады,
Көңіл қалай кермесе жай табады.
Өзіңді түсінген жұрт
Гүліңді де, болғардың жүрегі деп айта алады.
Ақтарылып айтасың өткеніңді,
Билеушілер жоқ бүгін өктем үнді,
Жадыраған жазында
Келін міне,
Көрдім ғой,
Көңіліңнен көктеміңді.
Пейіліңе баладым жаңбырыңды,
Жаңбырың —
Жеткізгендей жан жырынды...
Достығыңа сүйсінем,
Бауырласым,
Жайнаған гүлдеріндей мәңгі нұрлы!
АРМАН ШЫНАР
Бұл өмір —
Талайлардан қалған шығар,
Талайларға —
Даңғыл жол салған шығар.
Келемін мен-дағы өз соқпағыммен,
Алдымда адастырмас арман шынар!
Өмір күйін —
Ерекше толғаушы бар,
Даналық та, тапқырлық ойдан туар.
Қулығымен құбылған,
Табыс құмар —
Табылар, ерен күшпен ойнаушылар
Талғамсыз бар,
Талантты,
Талғаушы бар,
Жан сала
Жақсылықты жалғаушы бар.
Зая кетпес адамға еткен еңбек,
Істеген жақсылығың алдан шығар!..
Алдымда адастырмас арман шынар,
Емес ол,
Жанды арбаған жалған құмар.
Адал о, асыл қиял,
Ақ құсым-ау!
Осылар.
БОЛҒАР ҚЫЗЫ
( Баллада)
(СВОБОДА КАСАБОВА — Социалистік Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері. Көп жылдар Совет Одағында тұрған. Ұлы Отан соғысы жылдарында арнайы мектеп-интернатта болғар тілінен сабақ берген. Болғар-Совет достығы Бүкіл Халықтық Комитетінің орынбасары...)
Аспан — теңіз,
Бұлт — толқыңдар аунайды.
Жамырасып,
Қақтығысып, қаулайды.
Қалың нудан бой көрсетті қарт Витуш,
Табиғат та дегенінен аумайды.
Есінді алар, тау қойнауы құлпырып,
Ентелейді —
Ерке бұлақ ұмтылып.
Жаңбырдан соң түрге еніпті басқаша,
Жайнап кетті
Табиғат дүр сілкініп.
Витуш тауы қашық емес қаладан,
Келіп кетер күнде бұған сан адам.
Бұрын-сонды көрмегендей бұл манды,
Қарап тұрды —
Свобода манадан.
Жанға жылы,
Қарт ажары шырайлы,
Жанары отты,
Қарағанда сынайды.
Өткен-кеткен еске түсіп әлде бір,
Байқатады
Ойға батқан сыңайды.
Тебіреніп тұрғаны анық қарт ана,
Бұл жасында өмір көрді қаншама.
Бұйра шыңның
Бір саласы сияқты,
Биік болып көрінеді ортада...
Өмір жолы тарамдалған сан-сала,
Қолын созды иісі аңқыған аршаға.
Туған жерсіз қайтер еді
Бұл адам,
Қарсы алдынан мың шырағы жанса да.
Толғанады, аппақ басын иіп бір,
Туған жерді іштей үнсіз,
Сүйіп тұр!..
Ең аяулы анасының алдында —
Түсінгендей
Аласарды биік қыр.
Туған жерін әркім солай сүйер-ау,
Азабына,
Отына да күйер-ау!
Қасиетті перзент берген халқына
О, туған жер,
Топырағың киелі-ау!
* * *
Қажымаған,
Қалмаған да қатардан,
Биіктерге досын бастап апарған.
Бейбіт күннің еркін самғар
Құсындай,
Сәтті оралған
Не бір қиын сапардан.
Ол қашан да сүйкімді де сымбатты,
Балқанынан — кең дүниеге үн қатты.
Басып өтіп
Талай соқпақ,
Жолдарды,
Батыл ана,
Жырлатыпты!..
Жырлапты!..
Алыс күнді тұр ма дерсің жақын ғып,
Арқасында
Өмір артқан жатыр жұқ.
Қайсар жанын
Қайрай түсер қашан да,
Сүйегіне қайнай біткен батырлық.
Тебіренсе —
Теңіз дерсің теңселген,
Ерлігіне еміреніп,
Ел сенген.
Бір ғасырдың куәсі өзің боларсың,
Жалғастырар ұрпағыңды ертеңмен.
Ол айрылды, талай қимас достардан,
Маңын торып, қиындықтар
Тосты алдан.
Жалғыз ұлы —
Отан үшін мерт болып,
Жаны сүйген жарынан да
Жас қалған...
Тағдыр жолы тым ертеден басталған,
Шынарға ұқсап
Шың басында тас жарған —
Благойдай жары үшін жас кеткен,
Дауылдарға кеуде тосып,
Қасқарған...
* * *
Бір үйге өзің қамқор едің,
Бас едің,
Жаңа жеткен он сегізге жас өрім —
Өзі тілеп майданға ұлы аттанды,
Орнын ерте толықтырып әкенің.
Жалғызыңның алдын орап, тоспадың,
Қайта оны құптадың да,
Қостадың.
Отан үшін аттанғанда ол майданға —
Қош айтыса келген бала достарың.
«Ұлым менің.
Байқамаппын көп іспен,
Көз алдымда көркем жігіт —
Келіскен...
Келбетің де аумай қалған әкең ғой,
Тек аман-сау,
Орала кер жеңіспен!
Ешкім ішпес қасірет уын мен ішкем,
Елің барда —
Аралайтын өріс кен,
Асық балам,
Отан үшін майданға,
Ызғырық жел соқпаса екен терістен.
Совет жері —
Сая бағым, өз жерім,
Мен тепкісін көрмейін деп өзгенің
Әкең өткен үлкен жолмен ұмтылып,
Ол жетпеген ұлы арманды көздедім.
Әр коммунист өз міндетін өтемек,
Сол зор мақсат
Алып келді жетелеп.
Өзім жайлы ойлануға уақыт жоқ
Кезек күтпес шаруалар өте кеп.
Өткерілген әр күндерім күйге тең,
Келер ме едім
Ұлы Отанға сүймесем.
Қаншама ұлттың баласына қызық-ау,
Ана тілім —
Болғар тілін үйретем!
Алаңдама,
Анам жалғыз қалды деп,
Ойла, күнім,
Тұрмыс күйі сәнді деп.
Саған ұқсас бөбектер көп қасымда,
Соларды анаң есіреді әлдилеп.
Сүйемін мен, оз баламдай мәпелеп,
Бөлмеймін де
Бір-бірінен жекелеп.
Совет елі — бүкіл адам тірегі,
Жер бетінде панасыздар өте көп...
Қайнары ғой шымырлаған тұнықтың,
Жастайымнан күрестерде шынықтым.
Қиын күнде өсіп едің, жан балам!
Жас болсаң да ана сырын
Шын ұқтың.
Бастамасы болар осы бақыттың,
Әкелердің ерлік жолын басыпсың!
Ез ұл емес,
Өсіріппін ер ұлды,
Менің дағы мерейімді тасыттың.
Адам бар ма қиындыққа төзбеген,
Айта берсең таусылар ма сөз деген.
Ел қатарлы көтерермін бәрін де
Менің жаным артық емес өзгеден».
Ұзақ таңға айқаспады кірпігі,
Сыртта аяз,
Жел азынап сыңсыды...
Жанарынан жас ұрланып ыршыды.
Бәрі дағы —
Қу соғыстың қырсығы...
Ол — коммунист!
Сыр бермеген сындарға.
Қамал бұзып,
Шыққан талай шыңдарға.
Өз қолымен үлкен өмір орнатып,
Жеңісімен жылжытқан сан жылды алға.
Жүрді ме екен мұңы болса білдірмей.
Ол бар кезде
Күні менен түн бірдей...
Сөйлеп кетсе жалықпайсың тыңдаудан,
Қоңыр үні —
Темурадай 4 күмбірлей.
Көп нәрсені отырады ақыл ғып,
Оған текке дарымаған батырлық.
Болғар елі жәй айтпайды —
«Ана», — деп,
Осы сөзде қаншама сыр,
Жатыр жүк!..
ПЕРМЬ ДӘПТЕРІНЕН
СОЛТҮСТІК САМАЛЫ
Соғар тынбай
Солтүстіктің самалы,
Серуендетіп,
Серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,
Керген талай —
Көне менен жаңаны.
Көк шыршалар —
Көкке ұмтылып бойлауда,
Бар ғой еркі,
Бойлауға да, ойлауға.
Қайғы кешкен,
Қайран сол бір бабалар —
Кетті дейтін, «итжеккенге — айдауға..
Келдім, міне, мен өзіңді жырлауға,
Өршіл өлең —
Өрнегімен сырлауға.
Кешегі бір
Кері аққан кер толқын
Үстіменен желқайықтар зырлауда.
Талай-талай
Түскен ауыр сындарға,
Өскен елдің ұрпағы едім шындарда.
Жамыраған
Жапырағы қайыңның,
Жауап беріп тұр ма дерсің жылдарға.
Соғар тынбай,
Солтүстіктің самалы,
Серуендетіп,
Серпілдіріп даланы.
Көк шыршалар жағалауда мүлгиді,
Көрген талай —
Көне менен жаңаны...
КАМА ЖАҒАСЫНДА
Соққан самал айықтырды ойдан бір,
Жағалауда бір топ бала ойнап жүр.
Жасырмайды таңырқана қалғанын,
Дей ме әлде,
«Бөтен адам қайдан жүр...»
Жарасып тұр,
Мінездері өтімді, өр,
«Қане, ағалар,
Жел қайықпен өтіңдер.
Мал ту білсең қайықсыз-ақ толқында
Жарысайық,
Қане қуып жетіңдер», — деп,
Күлгені —
Кез алдымда баланың,
Құлаш ұрып толқынында —
Каманың...
Қайдан білсін ат жалында ойнаған,
Қайтпас,
Қайсар,
Батыл қызын даланың.
Кама жатыр жаймен ғана тербеліп,
Келбетімді,
Айбатымды көр келіп, —
Дегендей-ақ
Кербездене қалады,
Көк толқынға
Көп шыршалар өң беріп.
Кешіп тұрып —
Қатерменен
Камасын,
Қызықтаймын орыстың
Кең даласын.
Кама емес,
Көңіл — көлде жүземін,
Дос жүрегі тауып жатыр жарасым.
Толқиды өзен,
Кең — Тайга тұтас тыныстап,
Қандай көркем!
Жанға жайлы тыныш шақ.
Қанша ма асау
Десе-дағы бұл Кама,
Прикамьені алақанда тұр ұстап!..
ПРИКАМЬЕ
Прикамье —
Көнелердің көзіндей,
Көреді ол бар ұлтты да өзіндей.
Көпті кешкен абзал жаны алаңдап,
Ақ танды да атырады көз ілмей...
Прикамье —
Көрген өмір жоқтығын,
Бүгін сенің
Биік тұр ғой,
Шоқтығың!
Байлығының көрсеткендей көптігін,
Бұлақ аунар
Домналардан от — бұрым.
Кама үстінде —
Қалғып кетіп күміс күн,
Күмбезіңнен
Жымыңдайды мың ұшқын...
Қала ішін жәрмеңкеге толтырып,
Ағылады заводтардан жұмысшың.
Әнге тұнып ырғалады орманың,
Білем,
Сенің — қайсар дейтін,
Өр жаның.
Орындалып жатыр бүгін бәрі де,
Кешегі бір жете алмаған арманың!..
ЕРКЕЛЕЙМІН
Дарқансың-ау, мынау шексіз
Далаңдай,
Еркелеймін,
Өз қолтума балаңдай.
Таңданудан,
Таңырқаудан тана алмай,
Кетіп барам шырыныңа
Қана алмай,
Келбетіңнен жанарымды ала алмай!..
Сары желіп,
Салқын самал еседі,
Жұртың қаңдай,
Еңбек еткен еселі.
Күні салқын болғанымен
Оралдың —
Жүректері оттан да ыстық деседі!..
Жұмысшы ғой,
Күрестерде шыныққан,
Жүректерін дауыл оты —
Жылытқан...
Қан кешіпті,
Қаһарман ел сол кезде
Мынау балдай өмір үшін бір ұрттам 16
Жайқалады,
Жасыл шалғын жер бүгін,
Қашан-дағы арқалаған ел жүгін.
Дауыл өткен,
Жайлы көктем,
Жайсаң жаз —
Жамырасып айтады әке ерлігін.
Жатсынбаймын,
Құшағым кең,
Кел бүгін,
Көрсетейін, даламның да,
Көңілімнің кендігін...
Деп тұрғандай, бүкіл
Орал өңірі,
Деп тұрғандай,
Гүлдерімді тер бүгін!
Болсам-дағы мен езінде аз-ақ күн,
Прикамье адамдары ғажап тым!
Тақты дерсің орманыңа
Жыр — моншақ,
Келіп кеткен ақын қызы
Қазақтың.
Көңілдерге ешбір күдік дарытпай,
Күндер өтті,
Қанат қағып қалықтай.
Ақын жаны алау болып,
Өртеніп, кетті дерсің
Жыр жазудан айықпай!..
РАУШАН
Сыйладың аттанарда Раушан гүлін,
Қалай айтып әсерін таусам бұның.
Қараған сайын тағы толғандырып,
Жаныңның еске салар —
Жайсаңдығын.
Аумайды екен гүлінен
Алматының,
Қуандым мен,
Қалды өкпем,
Қалды ашуым...
Гүлің тұр терезеде үлбіреген,
Жақсы әннің тілегендей
Жалғасуын...
Біреуі —
Шоқтай қызыл алаулаған,
Оның талай айтары бар-ау, маған.
Біреуі —
Ақша бұлттай нәзік, ұлпа,
Ғашықтың жүрегіндей жалаулаған.
Біреуі —
Шыққан күндей қызыл күрең,
Ақынның жүрегіндей қызу білем.
Ой лама,
Ұмытар деп, аяулы дос,
Жүрермін гүлден көріп —
Жүзіңді мен.
Ақ гүлмен ырғалады жазық біткен,
Гүл сырын —
Тауса да алман жазып тіптен.
Еске алып жүрермін мен
Бәрінді де,
Осынау —
Гүлге біткен нәзіктікпен.
Озар уақыт,
Тозар-ау, гүлдің өңі...
Өзгермей қалар адам,
Кім біледі.
Табиғаттың гүлдері ескіргенмен,
Гүл — көңілім жаңарып,
Үлбіреді!
Қашан да раушан гүлің сақталады,
Құлпырады,
Жанардай шоқтанады.
Көз алдыма келтіріп тұрар дәйім,
Өзіңді де,
Гүлдері көп даланы,
Серуен құрған жер еді,
Деп баяғы!..
ҚАРА ОРМАНДАР
Қара ормандар,
Қағар тынбай кірпігін,
Мақамына мүлгігендей жыршының.
Қайда барсаң
Қарсы алатын нан-тұзбен,
Жаны қандай жайсаң еді жұртының
Қалт жібермей,
Қимылыңды дір еткен,
Камаң қандай,
Қара орманнан сыр өпкен.
Асау толқын,
Ақын қиял жағада,
Сөзбен емес,
Ұғысамыз жүрекпен!
Ауыр күндер өтсе-дағы басыңнан,
Сен емессің тағдырыңа бас ұрған.
Ақ маржаны —
Шашу болып шашылған,
Сильваң анау,
Еркелігін асырған!..
Қара ормандар,
Жапырағы жайқалған,
Самал ессе ырғатылған,
Шайқалған.
Салиқалы қариядан аумайсың,
Жүрегі жас,
Жанарына ой толған...
Жазы-қысы —
Жібек шапан оранған,
Ықпайсыңдар,
Түтеген ақ бораннан.
Әсем сазды сан қайталап
Айтармын,
Ақиық ән дермін, ұшқан Оралдан.
Қара ормандар,
Қалың қолдай қаптаған,
Заман кеші жаныштаған,
Таптаған...
Батыр демей,
Бүгін сені кім дейін —
Бар қасиетін қаз қалпында сақтаған
Қара ормандар,
Күн нұрына жуынған,
Көруге бір құштар едім бұрыннан.
Ару — Орал арқасында өрілген
Аумайсың-ау,
Қолаң қара бұрымнан!
Бақытты ғой, перзенттерің туылған!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру