Мазмұнға өту
Home

Замандастар мен қаламдастар

Сәкен Иманасов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Замандастар мен қаламдастар

Замандастар мен қаламдастар. С. Иманасов

/uploads/b817cbb7-3302-5890-843f-fdf79de79f46/cover.png

ЗАМАНДАСТАР МЕН ҚАЛАМДАСТАР
Мұхаметжан Қаратаев
Дихан Әбілев
Әбіраш Жәмішев

Тұманбай Молдағалиев
Фариза Оңғарсынова
Жұмағали Ысмағұлов
Қастек Баянбаев

Темірхан Медетбек
Қанипа Бұғыбаева
Қоғабай Сәрсекеев
Қуанышбай Құрманғали және басқалардың достық лебіздері

Мұхаметжан ҚАРАТАЕВ,
академик
АҚИҚАТ АЯСЫНДА

Көркемөнер ішінде әсіресе өлеңнің орны бөлек. Сондықтан да ұлы Абай "Өлең – сөздің патшасы"... деген ғой. Қай халықты алсақ та, елең, жырға ғажап мән берген.

Ал біздің қазақ арасында "Түйе мінген қазақтың төрт ауыз өлеңі бар" дейтін нақыл сөз айтылады. Мұның өзі қазақтың өнер сөзге кенделігін емес, кемелдігін андатады. Былай Қарағанда, өлең сөзге шорқақ көрінетін түйекештің өзі де бұл өнерден құралақан емес екендігі кеп нәрсеге кепілдік етеді.

Халқымыздың мөлшерсіз мол поэзия мұрасы, оның ұзақ тарихы жөнінде ғасырлар бойы ауыз ашып айта алмай, толық таныта алмай келгеніміз енді мына қайта құру, демократия, жариялылық, бетбұрыс кезеңінде ғана аян болып отыр. Соңғы жылдары баспа жүзінде жарық көріп жатқан бай халық поэзиясының мұрасы, Абай көтерген қазақ поэзиясының биік мұнарасы, 90 жыл бойы етек жайып, еңсе көтерген жаңа қазақ-совет демократиялық поэзиясы – осының айқын айғағы.

Бірақ, өскелең поэзия қанша айдынды, ауқымды болса, оның адам жанына жол табуы әрқилы. Соның ішінде ең маңызды да құдіреттісі – өмірдегі шынайы шындықтың ақиқатын айқын танып айта білу, соған қалтқысыз иландыра білу. Міне, ақын талантының тапқырлығы да, тазалығы мен таразысы да осында.

Өткен сталинизм заманы мен күні кеше тоқырау кезіндегі олқылығымыз не, кемшілігіміз не дегенде, алдымен адам тағдырына қатысты зобалаң шындықтың ақиқатын көре бермеуіміз ойға оралады. Тіпті дәл кейінгі жылдары баспасөз бетінде күнбе-күн жарық көрген өлеңдер мен жинақтардың өзінде әлгі ақаулықтан мүлде ада болдық деп айта алмаймыз. Десек те жаңа бет-бұрыс кезеңінің ақиқат аясы кеңірек алқапта басталған сияқты. Соның ішінде ала-бөтен көз таратқаны – белгілі ақын Сәкен Иманасовтың 1988 жылы жарық көрген "Адырна" аты өлеңдер жинағы. Бұл жинақтың айрықша айырмашылығы – өмірдің алуан құбылыстарының ақиқатын "адырнадай" адуын жырлармен "аңырата" жеткізуді мақсат тұтқан.

"Беташар", өлеңінің өзінде:

Адырнам аңырауға бүгін дайын,

Саусақты солқылдата сығымдайын.

Қарсылас тұрысатын жерін айтсын,

Бет бұрып, біреуінен бұрылмайын.

Ақын қай тақырыпқа бармасын, бәрінде ол (автор) – өзі кейіпкер; өзі жырлайды, сыр шертеді – шындықты айтады, ақиқат шуағына бөлейді. Туған үй дейсің бе, ауыл дейсің бе, балалық шақтағы сауық-сайран, ат шабыс, бәйге дейсің бе, құрбы-құрдас, сүйген қыз, махаббат дейсің бе, жанға сая асқар тау мен аясы кең Алакөл дейсің бе, өмір жолындағы тағдыр белестерінің сынақтары дейсің бе – осының бәрі ақынның жүрегінде ұялап, шабытпен шамырқанып шығады да оқырман жүрегіне шуақ шашады, адалдығымен тәнті етеді.

Сәкен өлеңдері жігер мен қайратқа, нәзіктік пен мөлдірлікке толы. Ол барынша ақтарылып, көңіліне сыр бүкпей шынайы шындықты жазады. Осы орайда біз ақынның "Ауылдаспен әңгіме" атты өлеңіме көз жүгіртейікші:

Кеңкілдеп те күледі енді: "Әй, пәлі-ай,

Көмейің де көрінді ғой байқамай.

Ақын болып керегі не, тірлікті

Асты-үстіне шығара бір шайқамай,–

деп іштей толқып, іштей тебіреніп, ауыл адамының кекесініне күйініп отыр. Ақын шағын ғана үш бөлмелі пәтеріне елден келген құрбысының қомсына қарағанына жаны ауырып:

Күйіп кеттім, білетінің – кіл мазақ,

Бұл өмірде кезікпей ме шын ғажап.

Көмекейін күй кернеген кешегі,

Қасымға да үй бермеген бұл қазақ, –

деп біздің арамыздан шыққан кейбір әкімдердің өнерді, оны аспандатып отырған азаматтың қадыр-қасиетін түсінбейтінін биік те бедерлі жырлаған.

Кеше ғана арамызда жүрген ғажайып ақын Қасым Аманжоловтың баспанаға зар болып, талай таңды ұйқысыз, талай күнді күлкісіз өткізгені белгілі ғой. Ақырында ақын:

Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды,
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды,–

деп зарлады ғой. Ал Сәкен Имансов керісінше, асқақтай қарап өр мінез танытады. Ол:

Қас-қағымда күйге түсіп ол нелер,

Ешкім жоқтай енді өзіне тең келер.

Айналады он сегіз мың ғаламға,

Қарлығаштың ұясындай бөлмелер, –

деп толғайды ақын. Адамның ниеті ақ, пейілі жомарт болса, үйдің тарлығы ештемеге де тұрмайды екен-ау. Ақын он сегіз мың ғаламды бір өзі билеп, бір өзі төстеп ғұмыр кешеді, тіршілік етеді. Өйтпейінше ол жақсы жыр жаза алар ма, өзінің ішкі айқайын оқушы қауымға естірте алар ма?.

Халқымыздың: «Өзі тоймағанның сарқытын ішпе" деген даналығы осындайдан келіп шыққан ғой.

Сәкеннің біз сөз етіп отырған "Адырна" атты кітабы халқымыздың бүгінгі тірлігі мен өткен жағдайын да әдемі жырлаған. Ақын ұлы Абайды сөз ете отырып, оған табына отырып, аз ойын да ашық-жарқын айта білген:

Даулаған тайған бағын, байдан малын,

мен емес Базаралың, пайғамбарым.

Емеспін қатарыңда, жатағың да,

Ақтарып өз алдыңа жайған бәрін.

Сапында қасиетті жыр-жасақтың,

Атынды ұран етіп қырда шаптым.

Қосты ма ел жақсылардың санатына,

Келеді ара-тұра мұң да шаққым, –

деп бар жанымен ішкі сырын тұтас ашып тастайды.

Сәкеннің жырларынан табиғаттың сұлулығын, адамның ұлылығын, бүкіл тіршілік атауларының бір-бірімен тығыз байланысты екенін көріп, аңғарамыз. Ақын осының бәрін өлеңмен өрнектеп, өзіндік ой, өзіндік сыр түйген. Өзі байқаған, аңғарған құпияны оқырманға жеткізе білгені. Ол:

Өлең жолы – қандай ғана қиын ең,
Өзімді-өзім қайрай түсіп жиі мен, –
Быт-шыт болған ойдың басын қоса алмай
Түні бойы түнеремін, түйілем"–

деп шиыршық атса Сәкеннің жан дүниесі ашыла түседі. Жалпы жыр автордың бүкіл тірлік-тынысына айналмайынша, жақсы жазылуы мүмкін емес.

Сәкеннің "Адырна" атты кітабы адамның ішкі рухани жан дүниесін жарқырата көрсетуімен дара, бөлек дүние.

Бүгінгі қайта құру кезеңінде мұндай жақсы шығармаға "бәйге берілуін өз басым орынды деп білемін. Бұл жеңіс тек Сәкенге ғана емес, қазақ поэзиясына тиетін үлес болады десек артық айтқандық болмас.

1990 жыл
Дихан ӘБІЛЕВ,
Қазақстан халық жазушысы

ЕРМЕК ҮШІН ЕМЕС, БЕРМЕК ҮШІН...

Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды

Поэзия – ақынның жан сыры, өмір жыры. Жүректің жалынын да, арының да, ақынның дарынын да өлеңге құйып сыртқа шығаратын жан бұрқанысы, толғамы, ой толқыны. Екінші сипатпен айтқанда, поэзия – сезімнің ыстық ұшқыны, іліп түсер ұшқыры. Әрі серісі, әрі тәкаппар кербезі, әрі елгезегі.

Менің жазу столымда өзім бірнеше рет оқып шыққан ақын Сәкен Иманасовтың жаңа өлең кітабы "Адырна" жатыр.

Ақынға тақырып көп. Ал, ақын осылардың қайсысын жазса да өлімсіз өлең – ұзақ өмірлік, өміршең етіп жазу ақын дарынының бірегей құдіретіне ғана бұйыратын қасиет. Талғам талабынан тасырқамай тартатын төрт тұяғы болаттай дүлдүл жүрісті сезіміңді ысытатын да ойнататын, жанарыңа нұр үстейтін, жүрегіңе жаңа бір сыр, сиқырлы сыр құятын өлең жыр тілейді оқырман. Поэзия жүректен туып – жүректерге қызмет ететін керемет болуы шарт.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін –

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін,–

деп өзіне де, өзгеге де осы шартты өсиет етіп өткен ұлы Абайдың ескерткіші алдында Сәкен Иманасов ақын:

Көңілге келе жатқан толмай әлі,
Айтарым өлең қамы сол баязғы,
Бүлініп жүргендер бар жүлде десе,

Жүгіріп– жерге тимей қолды-аяғы.

Сақтаған саф алтыңдай таза тілін,

Жазғырып отыр деме аз ақынын.

Көкейін көлем кернеп, өлеңді ермек

еткенде қолданатын жаза түрін,–

сұрайды Абайдан.

Сәкенге мұны айтқызып отырған – шындық. Өйткені соңғы жылдарда "екінің бірі" дерлік өлең жазуды жеңіл кәсіп ретінде "желпілдетіп", жеңсік қып барады. "Жүлде" үшін, "көлем" үшін "екпіндеулердің" бар екені де рас емес дей алмаймыз.

Басқа ақын қаламдастарына қойған талап-талғамды Сәкен алдымен өзіне қоя білгенін осы "Адырна" атты өлең кітабындағы поэзиясы сипаттайды екен.

Сәкен сергек сезімді, қанатты да алғыр, өжет ақын. Сол сергек сезімділікті, қанаттылықты, өжеттікті аспанда жасап, жыр қанатын сонда қағып, жер әлеміне ғарыштан қарап жазып жүрген жоқ. Өз ортамыздағы, халықтың қалың ортасындағы ақын. Өмір сырын, ашысы мен тұщысын жүрек сырына ұластырып, өрнектей білетін суреткер ақын. Өмірге құштар үлкен ойдың, сезімнің ақыны екенін. "Адырнадағы" әрбір өлеңінен аңғаруға болады. Мысалы "Шарт емес" деген өлеңін алайық.

Шарт емес көрінгенге ұнамағы...

Ақындар үндемей-ақ жүре алады.

Сонда да... көкірегінде күркіреп қыр,

Күніне қанша бомба сыналады.

Ішінде тасып ағып таза қайнар,

Шартта-шұрт жарқылдайды нажағайлар.

Сот сайын жүрегінен жатады өтіп,

Қанша бір қайталанбас ғажап ойлар.

Ақын жанының жалтақсыз шындығы, өмір шындығы, арманымен міне осылай шиыршық атады.

Оқып, көріп отырсыздар, осындай тебіренісі де, тегеуріні де жаныңды жадыратады. Өмірдің ой-ойпат, ор-қырлары, өрлері, өрістері, бүгіні мен алдағысы, арманы мен қызу қимылын, құлқы жаман қыбыр сыбырын айнаға түсіргендей бүркенішсіз суреттейді, шыншыл ерлікке шақырады. Толғанысты ой тастайды.

Ақын көзіне, ақын сезіміңе болымсыз үй-күйі «Қарлығаштың ұясындай» бөлмелері он сегіз мың ғаламға ашалады. Сондай сәттерде, өзі тұратын үй – "қораш қана құжырадай үш бөлме, үш құрлыққа айналды да кетті енді".

" Мынадай нашар үйде тұрады екенсің ғой"– деп кекеп мұқатқан, елден келген құрдасына ақынның "қайдағы бір құрдастықты малданып, қыжыртам деп қытығыма тимей кел!"– дегеніне дән риза боласың.

" Күш" деген өлеңіндегі:

Отыз бесім оралғандай қайтадан,

Асқақ қаран, аңыратып айтам ән.

Түрім қандай жүре берген жаңарып.

Үнім қандай аспан астын шайқаған!

немесе:

Көкірегім қызыл-жасыл от кілең,

Төбеммен де тірей алам көкті мен!–

дегенде ақын сезімінің жалынды жанартау боп атылып, жүйрік көңілі шалқып кетеді.

Ақын жаны жанар тау жалындайды. Жалындайды... Ешкімге жағынбайды! Теңіз өзі – өмірді хақ сапырып, тәңір – өзі ешкімге табынбайды. Жұдырықтай жүрегі жұлқыну мен, өлген күні ғана тек дамылдайды", – дейтініміз осы ғой.

Ақын жыр Музасымен оңаша қалған уақытта айтпаған, айтылмаған сыр қалмайды. "Үрей" деген өлеңінде үрейін алған иттің өзі асыраған күшігі боп шыққаны, әлдекімге меңзеу болса кеше өзін күндеген пысықтар: "Мағандағы мінбеден сөз береді".

Құз басында қалқып ұшар күңдерінің қыз қасында өтті-кеттісіне өкінеді. Бұл да – өмір шындығына тізе бүге білуі дер едік.

Даласының шегі жоқ елдің ақыны "тартып тудым тегіме" деп те бүгін шалқақтап шалқып алар кез келгенін несіне жасырсын.

Тауы да бар бойымда, өзені де,

Тартып туған ұлмын-ау өз еліме!

Қыран болып шүйілем тепсінгенде,

Теңей көрме әлде бір көжегіңе,–

дейді асқақ мінезді, туған елін, туған жерін орынды мақтаныш ететін әр ақын.

Бірде Қарағанды қаласындағы жырқұмар жастар қауымының ақынға, оның өлең-жырларына көрсеткен құрметі ақын жанын алғыр құстай түлетеді.

Құдай-ау... кеше ғана көптің бірі ем,

Әп-сәтте-ақ аспандап-ақ кеттім білем.

Маздадым Қарағанды көміріндей,

Қып-қызыл ортасында оттың кілең!

"Көңіл кірін отпен қағып тастап", түлеп шыға келеді. Күштіге қарсы шығам деп, "тірнектеп түндер бойы тергенінің бәрін шашып алғаннан" кейінгі күндерінде Қарғанды жастарының көрсеткен құрметі ақынның көңіл кірбіңін шайдай ашары ақиқат қой? Ақиқат!

Ауыл өмірі ақын сезімінің аяулысы:

Шыр айналып тіршілік ұршығына,

Шалдығатын шағы бар жыршының да.

Ат шалдырып, ауылдан аулақ барып,

Аунап-қунап қайтайық, жүрші қырға!

"Ән шырқап, танды бірге атырайық! Бұлақ күліп төменде құлақ түріп жатайықшы қырдағы бар дүбірге", – дейді ол. Өмір шындығы жүректің аңсарлы лүпілін мөлдіретіп отырған тәттілігі бар, сәтті туған өлең. Оның үстіне: "Қашып талға тығылған ғашықтар ма, Айналаның барлығы күбір-күбір... Қайдағыны есіңе салар қиырды қайтерсіз! Оқып қана қоймай, жүрегіңе жұтып қойғың келеді дер едім мұны. Өйткені бүгін – қаладағы, кешегі – дала перзенттерінің қайсысының болса да ауыл, ел, ен дала, қыр-қиыр қағидасын жаңағы шумақ есіне салатындығына мүлтік болып па!

Сәкен махаббат жырына да өзгеше, өзінше келеді:

Білмеймін бүгінгі түн кімді алады?

"Сүйемін" деуге бірақ тіл бармады..

...Сөйлеуді қайда, қалай білетін ем,

Тілімді байлағаны дірілдеп үн.

Немесе:

Қиялға еретінің қызық екен –

Әлі де көретінің мені балғын...

"Сүйдім, күйдім", – тәрізді алдамшы ерсіліктері, нанымсыздықтары жоқ, періште шындығындай ақиқат жүрек лүпілін тазалық сеніміне бекіткен екі жастың сезім сырының бағалығын құрметтейтін жыр шумақтары осылай жазылса керек!

Көбіміз күнделікті қажетімізге жаратып жүрсек те елей бермейтін кәдімгі қағаз ше? Қағаз болғанда – ақ қағаз. Бұл қағазға қаншама арыз, хат, өсек-жала, дарынды да, дарынсыз өлең, жыр, қара сөз ақ бетін шимайлайтынына, суық хабар жеткізерде – қас-қағымда қарайып кететініне, соның бәріне көніп келе жатқанына көңіл аударады да қынжылады. Жақсы өлең мен жақсы лебізден басқаны дарытпасқа тырысқанын, ұзақ жасар ұлағаттардан басқаның бәрін сызып тастағысы келетінін жыр етумен адам жанын тек қана ізгілікке шақырады.

Ана туралы өлең-жыр әдебиетімізде баршылық. Ал Сәкен Иманасов ана туралы жазған өлеңінде бұрынғы-соңғы үлгілерден өзгеше ізденіспен, өзгеше толғаныспен келген екен. Перзентінің жүрегінде туған ананың мәңгі тірі жүретінін дәл тауыпты.

Көз алдыңа күрсінгенің: күлгенің,

Дұғам болып бара жатыр бұл менің.

Жоқтығыңды біле тұра әлі де,

Ренжітіп алдым ба деп жүргенім,–

деп шертеді перзенттік сөзін. Ана туралы бұл шындық біздің бүгінгі жастарға да, кейінгі ұрпақтарға да: қара басың қара жерге енгенше анаңды құрметте қарызыңды өтей біл!– деп отыр.

Отансыз ұл – үнсіз бұлбұл үнсіз бұлбұл – бір сұр құс қана екені рас! Бұл ретте Сәкен Отан-анаға деген махаббатына шекара күзетінің сақтығын, беріктігін парыз етіп, жыр жолдарын Отан күзетіне арнайды. Топтама өлеңдері ішінде бізді әсіресе, "Шекарадағы балама" өлеңі тебірентеді. Отан – ұрпақтан-ұрпаққа мирас екенін шекарадағы баласына айтумен: баласы күзетте тұрған шекара – шекара болғанда қандай: Алтын Алтай, Ақ Ертіс, Нұр Зайсан, ботаның көзіндей мөлдір Марқакөл айдын тәрізді аяулыларымыз екенін ескертеді.

Болмаса да көзге түсер ерлігің,

Шекарада тұрсың балам, сен бүгін.

Күзетерсің туған жердің аспанын,

Өзен-суын, кеңдігін, көлемдігін елдігін.

Сонда:

Күзетінде тұрмын деп біл езінді

Ар мен ұят, заматтық парыздың.

Немесе:

Ұмытпа тек, тұрғаныңды күзетіп,

Жақсылық пен жамандықтың арасын!

деп үлкен ой, философиялық ой тастайды. Бүгінгі өскелең поэзиямызға қойылып жүрген талап-тілектерге жауап ретінде өзінің жанрлық табиғатымен, жарқындығымен, жаңа өрнектерімен, соны теңеу-бейнелеулерімен, жалынды ойларымен Сәкен шығармалары поэзиямызға жаңа бір үлес болып қосылды деуге құқылымыз. Сайып келгенде айтарым С. Иманасов ақынның "Адырна" өлеңдер кітабы – талап пен талғам таразысынан шыққан, оқырман құрметіне бөленуге лайық шырайлы еңбек!

"Қазақ әдебиеті"
24 тамыз, 1990 жыл
Әбраш ЖӘМІШЕВ
АР АЙНАСЫ АЛДЫНДА

Сәкен Иманасов есімі қазақ совет поэзиясы әлемінде алғаш естілгелі де ширек ғасырдан асып барады. Өмір мен өлең жолдары қоса өрілген ақынның осы уақыт ішінде әлденеше жыр кітаптары жарық көрді. Бүгінгі әдеби өмірге салмақты сөзімен, сындарлы пікірімен қызу араласып жүр. Көркем аударма саласындағы қызметіне де разылық басым.

"ТЫҢДАУҒА ТУҒАН ДАЛА БОЛСА ДАЙЫН..."

Бұл – ақын мақсатын айқындауға арналған, жинақ атына айналған "Адырна" атты өлеңнің бір жолы. Жоғарыда айтқанымыздай, өлең жолына түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өткен ақынның өмірден айнала адами, табиғи ортадан көргені де, көңілге түйгені де мол болуы заңды. Жақсыны да, жаманды да көріп, сезіп келеді. Бәрі жайында бұған дейін айтқаны да аз емес шығар, әлі де айтары көп екені сөзсіз. Оның үстіне бәріміз жарыса, жамырай айтып келген мадағымыздың мазасы мәнсіз, мағынасы нәрсіз болып шыққанын көріп отырған қазіргі кезеңде бүгінгі сөзіміздің басқаша айтылуы қажет екені де анық.

Қатыгез, тоқырау жылдары берекесі кеткен ар-иманды қалпына келтіруде әдебиетке, оның, өлең жанрына түсер салмақ едеуір. Сана салиқалы, сезім мөлдір болуы үшін ойлы, өткір, қанға дарып, бойға тарар, сүйекке сіңер сұлу да парасатты жыр керек. Біз сөз етіп отырған "Адырна" жинағында осы ниет, осындай мәністі мақсат бар.

Тыңдауға туған дала болса дайын,

бере тұр,

қорамсаққа қол салайын.

Жебенің жеті атасы бар-ау мұң да,

өткір ме – қолыңа алып көрші, ағайын!

Жалқауды төсегінен тұрғызайын,

Жақсының бетін бері бұрғызайын.

қорқаудан қыртың бұрын құтырды ма,

Шіркіннің шырқын бүгін бір бұзайын.

Шығарып қанымызда жоқ қылықты,
үйренген ұрлық-қарлық ептілікті
сақалын саудалаған кәріге ме,
жебем бар бәріне де жеткілікті, –

деп тіс қайрап, жігер жаныған ақын мұраты бүгінгі рухани жүдеуліктің сырын ашып, себебін көрсетіп, емін айтар деген үміт пен сенім біраз ақталғандай.

Рас, жыр жинағының тұтастай бір бөлімнің бүтіндей осы ниет, осы ырғақта шықпағаны да көрініп түр. Бәрі-бір, ақын адырнасының келеңсіздікке қарай көзделген жебелері желден ықтамай, бағыттан аумай жан-жүйелерге тиіп жатқаны ақиқат. Ал мұның ар-намыс, ұят-иман, иба-инабат, ақыл-ой әлеміне сәуле түсірмей, түрткі салмай қалуы мүмкін бе? Әрине, азды-көпті рухани қозғалыс, сындарлы сілкініс тудырарына шүбә болмаса керек.

" ЖҮРСІҢ ТЕК, ЕРКЕҚҰСЫМ, КӨҢІЛІМДЕ..."

Махаббат жырын тек жас ақын ғана жазбайды, махаббат сезімі тек жас адамда ғана болмайды, "Махаббатқа барлық жас та бағынышты" деген мәтел бекер емес. Ендеше махаббат туралы жас ақын, бұла жігіт, бұлықсыған қыз ғана айтар болмаса керек. Бұл – үлкенге де, кішіге де, ақынға да, барлық пендеге де ортақ сезім. Жас күнің, жалын махаббатың туралы аңсау-арманың көз алдыңа ғажайып бір уыз бейне болып тұра қалатын сәттер – есейген шақтың ежелгі шарты, табиғи белгісі. Ендеше, бұл күнде жас ортадан ауа бастаған Сәкен Иманасовтың да махаббат туралы, жастық жайында толғанып-тебіренуі, күйіп-жануы келісімсіз құбылыс емес. Ақын ретінде де, ет пен сүйектен жаралған адам ретінде де табиғилық. Ақынның айырмашылығы – баршаға ортақ осы сезімді, баршаға тән осы заңдылықты өлең тілімен ашық айтуында, сезімінің селкеусіз пәктігі мен жабусыз жариялылығында. Сәкен жинағындағы кеп өлеңдер де нақ осы сипатта. "Жарға арналған жырлардан", "Хаттар сыры" топтамаларында да таза жанды, ыстық қанды, сынық мінез, шок сезімді бейнелер бедерлі көрінген. Ақынмен ақын ретінде де, адам ретінде де мақұлдаспас, пікір үйлестірмес шумақтар да жоқ емес. "Қыздарға" деген өлеңдегідей әдемі әзіл, жарасымды мұң "Жас қыздарға" өлеңінде неге өзгеріп, бұзылып жүре берген? Қыз алдында ешбір есті жігіт бұлай мақтанбас болар! Немесе көп өлеңдердегі тәтті, таза сезімнің, көлеңкесіз көңілдің, құлай беріліп, құштарлана айтылған аңсау сөзінің Жастықпен қоштасарда" өлеңіндегідей махаббатты мазақта, мансұқта етерлік шумақтармен шиырланғаны қалай? Таңдау-.талғаусыздық, нәпсіқұмарлық сыңайдағы сөздер жастың да, жасамыстың да мерейін өсірмесі анық. Мәрт жігіт, нар азамат көрсеқызарлықтан, нәпсіден бойын сақ ұстар! "Қасында сұлулардың көп жантайдықты" бір кезде, қартайған шағында Біржан айтты екен деп бәріміз жаппай жантая берсек, сары жамбас болармыз. "Жоғына жырға татыр періштенің ақыры кеп жетті көзім" деу де жинақта көрінген пәк бейнелерге, бөріміз қызыққан бейнелерге забыр. Жастықпен, сұлулықпен осы жинақтағы "Еркін құсым" өлеңінде айтылғандай: "Жүрсің тек, ерке құсым, көңілімде!." деп қауышқанға (қоштасуды айтпағанда) не жетсін, шіркін!

"ӨКІНІШПЕН КАРАЙДЫ КӨК БЕЛДЕРІМ..."

Иә, өкінішпен қарап тұрған көк белдер көрінісі үшінші бөлімдегі бір ғана өлең емес барлық өлеңнің де жүйке тамыр ларымен байланысты десек, ағат айтылған сөз болмас. Бүкіл тағдыры да, дарыны да дала қанынан жаралған, дала нұрынан нұр алған азамат даласыз өмір сүре алмас. Анасын асыл тұтқан бала да, даласын қадірлеген ардагер аға да, данагөк карт та, жыр толғаған ақын да, жау қайтарған батыр да – осы дала перзенті, осы даланың сырын шертіп, мұңын айтушы, жоғын іздеуші, барына қамқоршы, бағына тілеулес. Сондықтан да бала бойына намыс қанын құйып, жігіттік жігерін жанитын, адамгершілік қасиет дарытатын, төзімділік пен еңбеккерлік ұрығын себетін қарт баба бейнесі, әманда бүйрегі ауылға бұрып, жүрегі ауыл деп соғып тұратын, ата-баба қонысын сағынатын, ата-ана зиратына зиярат етуді мұрат тұтатын азамат аңсауы – баршамызға етене жақын суреттер, елжірей қарар елестер, тебірене сөйлер толғамдар. "Зират" пен "зиярат" сөздерін шатыстырмай айта білу де осы күні таңсық болып қалды ғой! Аласа тартқан көк белестер, тартылып қалған көп көлдер, иесіз жатқан ескі жұрт, балалық шақтың, бозбала кездің жанарға жас тұндырар ыстық естеліктері, ананың аялы алақаны, жеңгенің жарасты әзілі, кінәратсыз алғашқы махаббат сезімі – бәрі де көзге оттай басылады, көңілге тәтті мұң ұялатады. Осындайда Сәкен ақынға өзің де қосылып:

...Барады-ау ұмытылып бәрі-бәрі;

Көңілім көсіліп те жарымады.

Көкейде қалып қойған бала кезден

күндерді дала кезген сағынады, –

деп те:

Ескі ошақтың орны жоқ, болды ғайып.

Қайда барып байыздап, орнығайық!

Үркіп ұшқан көңілдің көгершінін

Енді қалай орнына қондырайық?

Алмақ едім аунатып құмдағына,

Не бетімді айтамын ұлдарыма!

Алдымызда болғандай күнәлі анық

жылап ағып барады жылға мына... –

деп те айтқың келіп тұрады. Осы бөлімдегі қай өлеңнен болса да туған жерге деген перзенттік махаббат, оның өткенін қадірлеу, бүгінін аялау, келешегін көрікті ету туралы ой толғаныс лебі еседі.

Сонымен үш бөлімді бір жинақты ойлана отырып, ыстық сезім отына жылына отырып оқып шыққан жайымыз бар. Екінші бөлімдегі кейбір өлеңдерге өз түйткілімізді де айттық. Әдетте, белгілі бір сыйлыққа ұсынылған шығарма, не кітап жайында бірыңғай мақтау айту бізде дағды да болып кеткен еді. Жер-көкке тигізбей тамсана таңдай қаға салатынбыз. Бұл жолы да сөйтуге болар еді. Бірақ, ол жалған өтірік болып шығады ғой. Жалған сөз, жадағай мақтаудан авторға да пайда жоқ, ал қалың оқырман сене де қоймайды. Талдау табиғатының тазалығы, адалдығы – барды барынша да, жоғынша да көре білу, әділдігіне жүгіну. Бәлкім, көлденең көзге "Адырнада" автордың өз наласы, өкпе-назы көбірек сияқты да көрінер. Ал маған осының өзі де оның айтар ойына қосыла қызмет етіп тұрғандай көрінеді. Бізге керегі: адамдардың бір-біріне деген ілтипаты ғой, тазалық пен туралық қой, адалдық пен мейірімділік қой, әділдік пен ізгілік емес пе? Міне, Сәкеннің де барлық өлеңінде, бүкіл жинағында айтпағы осылар. Аңсау мен сағыныш саздары да, азарлану мен ызалану да, кейде тура, кейде жанай айтылатын сын да ақынның айтсам деген ойына жегілген. Автормен бірге әрбір оқушы да ар айнасы алдында тұрғандай. Іштей түлеу, тазару, арылу мен аршылу ниеті бойды да билеп, ойды да баурап | алардай. Шығармаларының күші де, тұтастық танытар сипаты да осында деп тұжырымдауға болады.

"Социалистік Қазақстан" газеті,
1990 жыл
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ,
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

БИІКТЕЙ БЕРСІН БЕЛЕСТЕР

Сәкен Иманасов сонау бір жаз айында, сонау бір көктем күндерінде алғаш "Лениншіл жас" арқылы бізге сәлем берді. Ол күндерде менің екі-үш кітабым шығып, Мұхтар, Сәбит, Әбділда ағаларымнан мақтау естіп, дүниеге әрең сыйып жүрген кезім. Әр тәулігімнің 24 сағаты түгел бақытты жылдарды да өткерген екем-ау басымнан. Сондай бір тұста Сәкен інім:

"Көктеменің гүлін көрсең, мені ізде,

Толқын-толқын бұрымды өрсең мені ізде.

Кешкілікте қатар жүрген құрбыңнан

Киио жаққа бұрын келсең, мені ізде.

Жүректегі тылсымды ұқ, мені ізде,
Көкірегімде тұрсың күліп, тек ізде,
Арманымның гүлі етейін өзіңді
Бар жігітті күрсіндіріп, мені ізде", –

деп қыздарға үлкен "өтініш" білдірсін. Өтінішінде өзінің бағасының да тым артық екендігі, жайсаң жігіт екендігі, жалқы дара туған "сері" екендігі – бәрі, бәрі бар. Өтініштен гөрі сәл-пәл бұйрыққа да ұқсап кететін сияқты. "Туған ауыл" жинағының тұсауын кескен едік. Мына бір елең құлағыма әрі жылы, әрі тосын естілді. Біз бұрын қыздарға өзіміз жалынатын секілді едік. Күйем, сүйем дегенді де көбірек айтушы едік.

Ал, мына ақын тіпті өр, тіпті басқаша сөйлейді. Кездескен күннен дәм-тұзымыз жараса кеткен ақын інімді осы бір жырымен қуана құттықтадым.

"Ақырын жүріп, анық басқан" бұл ақын кітаптан-кітапқа өсті де отырды. "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ақ дариға", "Жайдарман", "Ғашық дүни", "Жыр дәурен" атты қарны жіңішке кітаптарына ілесіп "Бел-белес" атты оның жиырма жыл әдеби еңбегінің үлкен бір белесі дүниеге келді. Нені айтса да, не айтса да ағынан жарылып айтатын Сәкенге, нені айтса да, не айтса да, шын айтатын Сәкенге, нені айтса да, не айтса да өз жүрегінің шуағына бөлеп, әспеттеп, әсемдеп айтатын Сәкенге ылғи бір дәметіп қарайтын, ылғи бір үмітпен қарайтын кісінің бірі менмін.

Мен оның ең алдымен екпінді де еркін, еркін де адуынды, адуынды да адал ақындығын сыйлаймын. Сонан соң қара қылды қақ жарып айтатын азаматтығына сүйсінемін. Ол біреуге дәрежесі, лауазымы үлкен екен деп жалпаңдаудан өз бойын аулақ салады. Ойына келгенін ірікпей айту да ақындық өнердің алғы шарты болуы керек. 1984 жылдың поэзиясы туралы Сәкенге баяндама жасауды тапсырдық. Мен ол кезде Жазушылар одағында хатшылық қызмет атқаратынмын. "Бір айтса, шын сөзді Сәкен Иманасов айтады"– дедім. Басқа хатшылар да мені қолдады. Сәкен "1984 жылдың поэзиясы" деген тақырыпта баяндама жасады.

Ешкімнен, дәрежесі үлкен еді-ау деп жалтарған жоқ. Қара қылды қақ жарып шындық шымылдығын ашты да тастады. Сыналғандар әлі де Сәкенге жауығып жүр. Бірақ одан қыңатын, қаймығатын Сәкен де жоқ.

Ақын болған соң ақынға ұқсап өмір сүру керек. Сырт қарағанда Сәкен Иманасов тәкаппар көрінеді. Өзін ор ұстайды. Жақындаса келсең мінезі де жұмсақ. Жүрегі де нәзік.

"Күнде келіп жатқан жоқпын әурелеп.

Жатқан жоқпын өсек теріп, дауды елеп..

Мен үшін тек көңіл керек, ағайын,

Төрің керек, көлің керек, тау керек".

деген шумақтан да Сәкеннің жан дүниесін білу, сезіну қиын емес.

"Сонадайдан төбелерін көргенде

Көтеріліп сала бердім мен демде.

Ерлікті аңсап, елдікті аңсап, елді аңсап,

Кендікті аңсап, келіп қалдым сендерге".

Бұл Алматыда ақындықтың арғымағына мініп, сағым қуалап "сандалып" жүрген бәріміздің сөзіміз. Біз бәріміз де ауылдың түлегіміз алдымен. Қиналсақ та, қуансақ та ең алдымен еске түсері – сол тұңғыш қаның тамған туған ауыл. Туған ауыл болмаса, дүние кезіп кетіп қалар едім мен өзім. Біз бір жаққа кетіп қалсақ, туған ауыл жетімсіреп қалатындай көреміз.

Осыдан ширек ғасыр бұрын өзіме іні, ақын іні деп ұғынғам Сәкен творчествосынан мен әлі бірде-бір рет көз жазып көрген емеспін. Мен оның ақындығын баяғыдан-ақ мойындаған адаммын. Біздің елең дүниесінде ақын бар да өлеңшілер бар ғой. Шындығын айтқанда, өзім ақын деп ұғынатын кісілерімді санау үшін екі қолымның саусақтары жетіп жатыр. Өңмендеген өлеңшілерді санау үшін өлең шашты кісінің шашы жетпей қалуы мүмкін.

Сәкен творчествосына тән нәрсе – терең ой, тегеурінді сезім, сергектік, сезімпаздық, парасаттылық, бейнелілік, тазалық. Адамның азаматтығы, адамның кеңпейілділігі, жанының жомарттығы, пәктігі, – міне оса компоненттер Секеннің барлық кітабында түгел бар. Маған, әсіресе, ұнайтыны Сәкеннің ақындық еркіндігі. Кібіртіктеу, тұсаулы аттай шоқақтау Сәкен өлеңдерінен шам алып іздесең де таптырмайды.

Бәрі де Алатау төсінен құлап аққан өзендердей таза, мөлдір. Мөлдір де табиғи Сәкен жырларын оқи келе байтақ туған елдің, туған жердің бар жақсылығын жинаған тамаша азаматтың, таза жүректі жанның бейнесін көрдім. Сәкенде не қилы сәулелермен өрнектелген өрен өлеңдер көп-ақ.

Сәкенді қайта оқығанда оның жүйрігі елге есімдері әбден танылған, халықтың сүйіспеншілігіне айналған Мұқағалидың, Қадырдың, Сағидың, Фаризаның жүйріктігімен ауыздық тістесіп шауып келе жатқандай жақсы әсерге бөлендім.

Ақынның махаббат жырлары әдемі-ақ. Бірақ ылғи бір бақытқа сенбеу, біресе өңінде, біресе түсінде аймалау мәселелері көңілге бұлт үйіреді. Қартайдым деу махаббат иесіне жараспайтын қасиет.

Сәкен Иманасов өзін тек өлеңге беріп келе жатқан талант. Ол әзір басқа ауылдың есігін қаққан жоқ. Өлең ауылының бөз балалық дәуірін бастан кешіп, жігіт ағасы дәрежесіне жеткен азамат. Жүректі сарбазы.

"Шақырам достар бәріңді

Алакөл жаққа шақырам.

Ала шық асқақ әніңді

Астана жұрты атынан.

Кәдімгі қарқ-қарқ күлкіні ал,

Алыңдар аппақ тілекті.

Дала боп қана жұлқынар

Қалдыра көрме жүректі"–

депті Сәкен бір өлеңінде. Сәкеннің жырларын оқып отырып оның елін, достарын, туған жерін көз алдымызға оңай елестетеміз. Бір ауыз жылы сөзге астыңдағы атын түсіп беретін қазақтың баласы ғой бұл Сәкен Иманасов. Бір ауыз кесір сөзге кеңірдектесе кететін де қазаққа біздің Сәкеннің табиғаты жат емес.

Елуіне есек емес, тұлпар мініп келді біздің Сәкен. "Адырна" атты айтары көп асыл кітап ұсынды. Ол кітабын қолжазба күйінде оқып бата берген кісінің бірі – менмін.

Бірде мұңды, бірде мұңсыз, бірде шуақты, бірде бұлтсыз, бірде жаңбырлы, бірде тандыр ақын өмірі Сәкенді көп еркелеткен жоқ.

Ақындарға беріліп жатқан атақ, сый да Секен Иманасовтың қолына тиіп тұрып, түсіп қап жатқанына да өзіміз куәміз.

Өмір болса, Сәкеннің шығар биігі де, жығар киігі де алда. Астына өлеңнің ақбоз арғымағын мінген Сәкен ақынның жыр бәйгесінің алдында келе жатқанына өлең сүйер қауым шүбә келтірмейді.

" Октябрь туы" газеті,
3 мамыр 1988 жыл
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
АДАЛДЫҚ АТТЫ ТАЛАНТ БАР

Мөлдір бұлақ алып таулардан басталып, жазира дүниеге өмір нәрін таратады. Бұлақтардың да ағыс-арна, екпін-ырғағы сан түрлі, біреулері бұрқан-талқан алапат ағысымен, маңайының бәріне өз үнін, өз тірлік лебін тыңдатқысы келгендей адуын екпін мен тасқындаса, екінші біреулері бірде өршеленіп, бірде баяулай бір қалыпты, байыпты тыныспен ілгері ұмтылады. Ақын Сәкен Иманасовтың поэзиясын оқығанда менің көз алдыма қашан көрсең де арнасы ортаймайтын мөлдірлігімен, ез әуен әсем тынысымен айналасындағы тіршілік атаулыны жайбарақат, жәйсаң күйге бөлейтін тұма бұлақты елестетемін.

Қырым қандай кең еді өлшенбеген
Қиырына жете алмай жел шелдеген
Көкжиекті көзіме қондырып ап
Кереметтей құйғытып көрсем деп ем! –

деп тебіренетін Сәкеннің жырларынан өз басым ең алдымен мерт мінез халықтың ұлттық табиғатын – аңқау-аңғалдығын, кешірімді кендігін, мейірімі мен адалдығын – көремін. "Көл түбінен ақ шабақ атылып төркінінен қарлығаш қайта оралған" көктемімен, "Өрістен тойып кайтқан торпақтай шөмелені сүзгілеген қарашаның өкпек желімен", "Даланың бауырын жаздырмай сіресіп жатып алатын қарымен" әйтеуір жанды сурет боп көз алдымыздан өтіп жатады. Бөз жусанның исі келіп, саумал қымыздың шәрбат дәмін ұмыта бастаған таңдайға қышқыл үйіріледі. Бұл қасиет сөз жоқ, ақын шығармаларының ұлттық болмысын көрсетеді. Жусан иісін қанына сіңіріп, кіндік кесіп, кір жуған жерді жан-жүрегімен сезінген, халқының қадір-қасиет болмысынан нәр алған ақын ғана осылай жырлай алатын болса керек. Әйтпесе, жусан жайлы қаншама жырласа да, оның табиғи исін сезінбеген ақынның өлеңінен жылы бөлмеде өскен жусан ғана елестеуі мүмкін. Халқының жүрек лүпілін жанымен сезінбеген ақын ұлттық туынды беруі мүмкін емес екендігі ақиқат. Сәкен творчествосының о бастан біздің назарымыздың нысанасына ілінуі де, оның жырларындағы соңғы жылдары сиреп бара жатқан осы табиғи мінездің, ағынан жарылып ақтарыла қалатын жомарт қылық, күйінішін де, сүйінішін де бүкпелемей "жарқылдаған жастарға да сеніп, аңқылдаған кәріге де еріп кететін" ақ көңілінің әр жол, әр шумақтан көзге ұратын қасиетінен еді.

Сіресіп қырда
жатып алғанда қар айлап,
Жылылық іздеп,
Жібісе еді деп бар аймақ,

Шарқ ұрам қанша,
Ағаларға да алаңдап,
Артымнан жеткен балаларға да қарайлап,

Осы шумақ мақтап-мадақтайтындай керемет жолдар боп көрінбеуі мүмкін. Бірақ үңіліп қарасаңыз, ойлы, әдемі шумақ (мен осы ойымның басында Сәкен творчествосы жарқылдап, жалтылдап, немесе буырқанып-бұрқанған тосын екпінімен дараланбайды деген болатынмын) екенінде сөз жоқ.

Дос көңілін айтқызбай анық көріп,

Жадыратып кететін жанып келіп.

Қамыққанның қолынан табылатын,

Тарыққанға қалтасын қағып беріп –

міне осындай дос іздеген ақын айналасындағы бүкіл тіршіліктен ақиқат пен адалдықты, "кінәсі болса құдайдың мінін де бетіне айтар" батылдық пен әділдікті кесек мінез, мәрттікті талап етеді. Дүниелер тартысының дүмпулерінен, Хиросима кеселінің жаңғырығынан тітіреп қалған ғасырда мәрт мінез, турашылдықты ақиқат пен әділетті шарқ ұрып тек жан дүниесі табиғаттай пәк, албырт та аппақ көңілді басқаның бәрін өзіндей көріп сенетін шалқар сезімді жан ғана іздеуі мүмкін.

Алаламай ананы-мынаны да,

Қаңқу сөзді қыстырмай құлағына.

Тең тұтып та кететін кіші ініні,

Сәл-сәл бір кісілігі ұнады ма...

Немесе,

Айтам енді...

Айтсам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен,
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем,

– деген шумақтардан-ақ ақын табиғаты бар бітім-болмысымен елес береді. Ол көзіне көрінгеннің бәрін өлең қазанына салып, сарқылдата бермейді, өзін толғандырған, сезіміңе ұшқын әкелген жәйді ғана шын тебіреніп жазады. Ол адамның бойынан жалған сезім, өтірік мүләйімсу секілді қылықтарды көрсе, жаны түршігеді. Осындай сыртқы жалғандық-жағымпаздықтан сезім жалғандығы туады деген сенімді пікірден Сәкеннің ақындардың бойында да жалтақ қылықтар болады деген миына сыймайды. Өйткені, ол дүниенің, адамдардың бәрін өзімен, өз көңілімен кең өлшейді, тым биіктен көрсем дейді. Міне, осы қасиеттерді досынан да, жауы мен жақынынан да ғұмыр бойы іздеп жүрген ол енді соларды өз сәбиінің бойынан тапсам деп армандайды. Оқырман ақынның осы бір ақ-адал сезіміңе, аппақ сеніміне, "қызыққа да, қызға да бұрылмай" жүретін мұңдылау сәттеріне – бәр-бәріне куә болғандай, бірге тебіренеді Бұл – ақынға қажетті қасиет.

Сакен Иманасовтың "Айтыс" поэмасы халқымыздың қанша ғасырлар өтсе де мақтанышы бола беретін ақын Сараның Біржан салмен айтысы тақырыбына жазылған. Ақын Сараның бақытты да қасіретті тағдыры күні бүгінгі суреттей көз алдыңыздан кетпей жүрегіңізді баурайды. Жалпы әйел тағдыры, оның ішінде дарын иесі болып туған әйелдің тағдыры туралы, сырттай дақпыртқа еріп болжамдамай, жүрек көзімен бір үңіліп, ойлануға мәжбүр етеді. Ақын сол айтыста Сараны жеңіп кеткен Біржанды тілдемейді, асқақ талантын аласартпайды. Қайта оның өнерін оқырманға мойындатады. Ал өзгенің талантын мойындау – тек үлкен адамдарға ғана тән қасиет, сирек қасиет. Осы тұста айтысқа түскен екі майталман ақынның образы әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, тарихи айтыс шындығымен астарласып, ашыла түскен. Сара сырт Қарағанда бас бостандығы өзінде, еркін де ерке қыз болып көрінгенмен, оның еркіндігі жалған: қолында билігі барлар ел-жұртқа даңқы кеткен ақын қызды мүлдем тұншықтыруға халықтан қорқады, сондықтан өзгенің көзіне "әлпештеп" отырғандай әсер беруге тырысады. Ал қоғамнан Сараның талантына лайық орын, қарымтасыз еркіндік беру қауіпті. Сара бейнесі халық талант дегендер миларына кіріп-шықпайтын, өздерінің қамсыз өмірлерінен өзге мәңгілік ешнәрсе жоқ деп қарайтын қиянатшыл топтардың бейшара болмыстарын жария етері хақ. Сара – туған халқына абырой мен мақтаныш сезімің ғана әкелетін тұлға. Бірақ әйел затын адам деп қарамаған бақастық пен теңсіздік үстемдік еткен дәуір үшін оның үлкен тұлға ерекше дарын иесі болуының мәні шамалы. Сәкен поэмасында Сара тағдырының осы бір басты трагедиясы өз бояуымен айқын даралана түседі, автор оның әлеуметтік негізін ашып көрсетеді, оқырманың ойға жетелейді, таланттан түл тоғышарлар үстемдік еткен сол дәуірге лағынет айтқызады.

Сәкен поэмасында азаматтық ой мен өз дәуірінің айбатты үні бар. Ол ой мен үн поэмадан да, бүгінгі өмір шындығын жырлаған пафосты өлеңдерден де, интимдік лирикадан да естіліп жатады. Егер ақын бүгінгілер атынан:

Қаршадайдан қайғыны бірге өткеріп,

Қарашада қаншама дірдектедік.

Сөйте жүре әйтеуір
Елге деген,
Жерге деген сенімді кірлетпедік, –

десе, партия туралы ойын былай шертеді:

Тістетіп әр сағатым жау бармағын,
Сенің арқаң – жұрт болып сау қалғаным,
Сенің арқаң – жер жүзі Байқоңырды

Жатқа айтса көмегінсіз аударманың.

Ақында туған жер, Отан, жастық шақ тақырыбына жазылған өлеңдер баршылық. Ол жырлардың бәрінен де елге деген, Ұлы Отанымызға деген үлкен жүрек махаббаты еседі.

Жаралған кемеңгерлікке, кемелдікке,

Кеңдігі бар-ау дүние сенерлік те!

Осы елдің ұлымын деп ойлағанда,

Көңілің көнбейді екен төмендікке!

Демеймін сұңқарымын, тұлпарымын,

Артынан айта жатар жұрт анығын.

Туған ел,

Сені жерге қаратпас тек

Өзіңе осыншалық іңкәр ұлың!

Біз көбіне азаматтық жырлар, сезім жырлары деп саралап бөліп отырамыз. Менің ұғымымда: адамның азаматтық тұлғасы, биік адамгершілігі ата-анасына, досына, сүйікті адамына, баласы-бауырына деген сезімі, мейірбан-махаббаты арқылы қалыптасады.

Менің байқағаным – Сәкеннің махаббат тақырыбына деген өлеңдерінің өзінен анық тұлғасы, көзқарасы түсінігі, бар болмысы көрініп тұрады. Сәкен өлеңдерін оқығанда мынаны ұғасыз: ол біреуді жақсы көрсе, немесе біреумен достасса, бар ынты-шынтымен, сәби көңілімен құлайды. Айналасындағы "сұғанақ, көздерге" өсекшіл кейбіреулерге жалтаңдамайды; біреу біліп қояр, әйтер-бүйтер деп махаббатын сездірмеуге тырысып сазармайды, "жалғанның жартысын да елеместен" жүрек лүпілін, асыл сезімің қаймықпай айта алады.

Өлеңдерін оқығанда оның осындай шалқар сезімді жан екеніне және басқалардан да сондай адалдықты талап ететіндігіне қайтсеңіз де сенесіз.

Мен де бәлкім біреуге тағы ұнармын,

Тағы талай тірлікте жаңылармын.

Сені есімнен әйтеуір шығара алмай,

Жек көріп-ақ отырып,

Сағынармын...

Дәл осылай сүйе алатын, және соны ашықтан-ашық айта алатын адам, сөз жоқ, үлкен жүрек иесі.

Қалай болғанда да өз басым Сәкен Иманасовты кең тынысты, кемел ойлы ақын деп танимын. Оның бойында көп жандарда бола бермейтін талант бар. Ол – адалдық таланты. "Адал болу керек" деп айқайламаса да, Сәкен жырларына риясыз сеніп, оқырманның бірге тебірену де осы қасиетінен болса керек.

Сәкен Иманасов әдебиетке келгелі қалыңдықтары пышақтың, қала берді орақтың сыртыңдай 7–8 кітап шығарды. Бірақ, сыншылар мен әдебиетшілер, әдеби орта тарапынан ауызға жөнді іліккен жоқ.

Ал, біздіңше, Сәкеннің лайықты орны туралы ұялмай айтатын мезгіл жеткен секілді.

Тағы бір ойым – Иманасов кітаптарының бәрі екі-үш баспадан асып жарық көрмеген екен. Бұл бір ақынның басындағы жәй емес. Орталық баспаларда екі-үш кітабы шыққанда аяқ алысы тәуір екендігі байқалған ақындарды, олардың 50–60-қа келуін күтпей-ақ "таңдамалы" деген айдарды тақпай-ақ жаңа өлеңдерімен бірге бұрынғы кітаптарынан тәуір жырларын қосып, бес-алты баспа табақ көлемінде шығару дәстүрі бар. Біздің республикалық баспалар осы төңіректе қорықпай қадам жасаса, ол тек қана абырой әкелер еді.

... Мен жақсы ақынның жақсы өлеңдерін тағы да қайталай оқып болып, тау етегінде көлемді бұлақ сылдырына құлақ тосып отырмын. Бұлақтар жарысып барады. Асқақ таулардың құшағынан сытылып, жазира жазықтыққа, кендікке ұмтылады. Аппақ толқын тау басынан мөлдір ағыс, майда үнмен сыңғырлайды.

" Қазақ әдебиеті",
27 шілде 1979 жыл
Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ
АҚЫННЫҢ АР АЛДЫНДАҒЫ АҚИҚАТЫ

"Ар алдында". Ар әміріне жүгініс, ар төрелігі алдында ағынан жарылған тебіреніс. Ары таза адам ақиқатты өз арынан іздеп, өзінің өткен өмірін де, алдағы арман-тілегін де, өз жанының ішкі қатпарлары мен сезім иірімдерін де арының – алдында мыңда жайып салып, жаңағылардың барлық дем-тынысын ар биігінен өлшер болса, ондай адам, әсіресе, ақ жүрек ақын әрбір қадамында жаза баспас деп ойлайсың.

Ақын Сәкен Иманасовтың осы аттас өлең жинағын оқып отырғанда алар әсерің осындай. Енді ақынның өзімен тікелей тілдесіп көрейік. Зәуіде біреу ныспысын сұрай қалса, іркілместен: "Төзімі темір болған, дәті берік, бізде сол қайсар елдің ақыны едік", – деп жауап қатар еді ол. Таңдауыңды айт деген кісіге: "Сұмдықты емес, шындықты айтам тағы да, күлкіңізге қоса жұтып көз жасын", – дейтіні хақ. Көкейіндегі көздеген нысанасын білгіңіз келсе: "Мен ешкімге тас атпадым тасадан, ағайынның болсын дедім басы аман",– деуден жаңылмайды. Ақырында, өзінен бұйымтай сұрап көріңізші: "Бағалай жүрсінші деп үлкен-кіші, жағалай ұсынамын жыр тұнбасын", – деп ықылас білдіреді.

Жыр жинағын парақтап отырсақ оның маржан жолдары түгелдей тарихи Тәуелсіздік дастанына арнап жазылған үзінділер ме немесе еліміздің сол Тәуелсіздік төріне қарай і адам басқан аяқ алысының жол жазба шежіресі ме деп те ойлап қалар едік. Тіпті нақтылай айтсақ, он бес жылдық сапарымыздың соңғы белесінде, жаңа ғасырдың бергі бес-алты жылғы бедерінде жазылған, қағаз бетіндегі сиясы әлі кеуіп үлгірмеген ұр жаңа жырлар екенін байқар едік.

"Өткен өмір не?" деген сұраққа: "есте қалған күндер" деп жауап берген екен бір ақылды. Қай ақынның болса да шығармашылық өмірін бір-біріне ұласқан жырларының ұзын тізбегі деп ұқсақ, жинақтағы өлеңдерден Бұл ақынның Тәуелсіздік тақырыбына қалай келгенін де аңғарар едік. Автор оқырман алдына осы жолдан мынадай сүрлеу тастайды.

Бой салып баяғыдай серілікке,
жүргем жоқ ерігіп те, желігіп те,
тапқаным аз да болар ой қуғаннан,
әйтеуір той-думаннан мені күтпе, –

деп ескертіп алады да, біраз жыл той-думандатып сауық сайранмен өткізгенін айта келіп, қазіргі ойын: "Барлығын, барлығын да тастап енді, ақының жайламақшы басқа белді; өйткені елге жырын жоқтатарлық, ақыл-ес тоқтатарлық жасқа келді", – деп түйеді.

Қош. Ақынның ақыл тоқтатар жасқа келіп, ел тағдырына қарай біржола бет бұрғандағы сөзіне бағайық. Әлбетте, бірінші сөзін ол халқына арнайды. Жастығында қаншама қызық қуып кеттім дегенімен, халық тағдырын біржола ұмытып кетпеген екен. Бірақ ет қызуымен тым алыстан, аспан жақтан сөйлескен кездері болыпты.

Ал қазір ше? "Жүректің алқынғанын, талпынғанын, қаншама жалын барын, жарқыл барын" көріп, соған сеніп, үлкен жүрегімен кешірім жасап отырған ата халқына перзенті де ағынан жарылады:

Қалсам деп бірі болып қалаулыңның,

жанымды алау қылдым, жалау қылдым.

Бірі деп сен де мені сана халқым,

санда да, санатта бар санаулыңның.

Жақсы сөз. Жарасымды тілек. Ақын сол тілектің жүзеге асуына өз тарапынан қосар үлесін де анық біледі. Қосылған үлестің алғашқы нәтижесі де көз алдында.

Кім айтты қонбайды деп ақынға бақ,

Қалдық қой қол созым жер жақындап-ақ.

өйткені

өлеңімді жатады оқып,

Бұл күнде жақын түгіл жатым қалап.

Ақынға бұдан артық қандай бақ, қандай абырой керек? Соны сезгендіктен де ғой, оның одан сайын еселеп шабыт шақырып, бірде: "көрмеген жыры кеміп, үні – көрік, бізде сол өсер елдің бүгіні едік" деп іштей қанағат сезінсе, енді бірде: "...сыпырып томағасын қоя бердім, сездім де елеңімнің енді өлмесін", – деп жаңа бір қияға қиял шарықтатады.

Үлкен істің үдесіне орнықты ой, салмақты ақыл-санамен келген ақын үшін елдің, халықтың тағдырына байланысты істердің үлкен-кішісі жоқ. Соның бәрі де ынталы көңілдің ықтияры мен ықтиярынан ешқашан тысқары қалмағаны абзал. Әрине, түбегейлі қам-қарекеттің ішінде түп қазығы боларлық қаншама түбірлісі мен түйіндісі бар. Солардың бірі туған тіл туралы ақын былай тебіренеді:

Діннен емес, тілден алған үлесін,

Қазақ деген халық барын білесің.

Сондай елдің ұлымын деп өзің де

шаршы топқа шалқая бір кіресің.

Әңгімені осылай әріден өрбітіп келіп, ақын сол Ана тілі үшін талай боздақтар құрбан болғанын, талай ерлер көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен атанғанын, оразды сөздің орайымен талай жаудың беті де қайтқанын еске сала кетеді де, күні кешегі кеңестік кептен мынадай мысал келтіреді:

Тілі бар да не бір сері, не серкең

иығы асып, өзгелермен өсер тең.

"Өлер едім, депті Расул, бүгін-ақ

авар тілі жоқ болады десе ертең".

Барлық өлеңдерін орысшаға аудартып алып, атақ-даңқын аспандатқан Расул Ғамзатов өзінің кішкентай авар халқының тілі жайында осылай деп таусыла айтқан. Соны еске сала келіп, біздің ақынымыз да дәл сондай ойын айтады: "Ана тілім құрыр болса мен де сол: "өмір сүріп керегі не?!", – дер едім".

Содан соңғы ой түйіні мынадай:

"Сөз аяғы айналды деп ұранға,
Тарпаң інім тағы да бір сынар ма, –
Қайтем бірақ,
Қаным бірге тілменен,

әнім бірге,
жаным бірге шығарда"

Ана тілін осылай ардақтай келіп, ақын сол қасиетті тілдің қадірін кетіріп, көкір-шүкір өсек-аяңға, арзан саясатшыл сөзуарлыққа салып жүргендерді "Қазақы әңгіме' дейтін өлеңінде қағытып айтатыны да орынды естіледі:

"Қойыңдаршы... қоя түр сен... қой бәрін, қой боп өріп кетті лағып ойларың... Бәрін қайдан білесіңдер?! Біліп кеп, іреп-сойып жатасыңдар іріктеп. Елді кімнің сатқанын да ежіктеп, кім сатқалы жатқанын да, кім үптеп..."

Тәуелсіздік жолы – ұзақ жол, сонары алысқа созылған ұзақ сапар. Бүгін басталып, күні ертең тынымын таба қалатын қысқа тілек, шолақ мақсат емес. Оның қиын-қиын асулары, биік-биік белестері бар. Солардың бәрін қапысыз жеңіп отыру үшін баршаға ортақ адастырмас бағдар, қайтпас қайрат, қажымас жігер керек.

Осы сапардың өткен жолында көп қиындықтар көріп қиналғанымыз рас. Қай жолға түсіп кеттік деп дағдарғанымыз да есімізде. Сол тұстарда елмен бірге ақынның да аңырып қалған тұстары бар. "Қайда бара жатырмыз?" деп, кейінге қарағыштап, өткен күндердің кей бірін қимай еске алған, "Бұл қай мезгіл?" деп бағдарды жоғалтқандай, "бұл неткен ел?" деп кейбір жағымсыз жәйттерден безінген кездері де болған. Арасында үдеден шықпаған ұнамсыз ұсақ-түйекті өткір тілмен шенеп те алатын.

Бірақ әлденеге қынжылса да, қыңыр тартқан жоқ, әлденеден күйініп күйзелсе де, келешектен күдер үзіп түңілген жоқ. Сөзі жетер жерді шыдамға, төзімге, қажыр-қайратқа үндеді. Ел тағдырын жеке басының тағдырындай көретін ақын бірде сол сығырдың өзін бетпе-бет сезге шақырады.

Уа армысыз, Тағдыр қарт!

Аман-есен бармысыз?

Қазақ қайтіп күн көрер

зарлысыз да жарлысыз? –

деп өзін толғандырған сауалын көлденең тартады да, кеудесін кернеген базынасын айтады:

Бақытсыздау боп шығып бағлан жігіт,

ойлы қыз,

мәңгүрттерге басқартып қойсақ керек тойды біз...

Тым құрыса, көзіңіздің қырымен бір жалт етіп біз жаққа қарамай-ақ қойдыңыз!.. Енді бірауық әбден амалы құрығандай дағдарғанда, ақын теңіз боп кеткісі де келеді. Өйткені: "көрсетіп ауық-ауық еңсеңді елге, не жетсін теңіз болып теңселгенге, – айналар аспан жерге, тастар желге, толқыны тоғыз балмен өлшенгенде..."

Емексіткен үміт-тілегі үзілгендей болып, дүние былығынан шақша басы шарадай болып шалдыққан кезде, ақынның Құдіретіне сыйынып, содан медет тілейтіні де осы түс. Күні кеше, өмірдің өрге басқан өрісінде де, әлде қалай күйкілікке баққан еңісінде де, керіс-теріс атаулыдан безініп, "қазанама сөзіңдей тап-таза" періштеге айналған ақын жанының жаңағыдай былық арасында періштенің күні өтіп кетті ме деп күмәнданып, пері болып кетпегеніне өкінетіндей де сәті бар.

Бір жақсысы – ақыры қайыр, заман түзеліп келеді. Бірақ қалай болғанда да жан тазалығын әрдайым сақтау керек. Ақын осы жағына өте сақ, өте кірпияз. Ол залалдының ол түгіл, басқан ізінен де аулақ жүруге шақырады, өз басы соған үлгі болады. "Мен де тұрам сен тұратын қалаңда, жолығамын жақсыға да, жаманға. Басып кеткен жоқпын ба деп ізіңді, ауық-ауық қарап алам табанға". Өйтпеске амалы жоқ, екеуі бір көшеде тұрады. Отыратын, жүретін жерлері бір, байқамай зұлымдықтың ізін басып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан өлең кейіпкері аяқ киімін шешерде де табанын ұзақ сүрткілеп, тазартып отырады.

Көріп отырмыз, ақынның ар алдында айтатын ақиқат сөздерінің тағылымы тарам-тарам, сан-сала. Олардың бәрін бұл арада түгендеп жату мүмкін емес. Ол, бәлкім, шарт та болмас. Өйткені, көзі қарақты, көңілі ояу оқырман өзі-ақ тауып алады. Бірақ солардың ішінен ерекше бөліп алып, астын сызып айтар бір жайт бар. Ол – ақынның берік азаматтық тұғыры. Қай кезде, көңіл күйінің қай пернесі басылған күнде де, ол туған ел мүддесімен, соның қазіргі Тәуелсіздіктің мұраты биігіне қарай бет алған игі сапарындағы дем-тынысымен бірге. Байламды сөзін соның тілегіне бағыттаудан айнымайды. Сондықтан өз төңірегіндегі қайраткер азаматтарға сүйсініп, соларды таза көңілден қоштап, қошеметтеп отырады. Нұрмахан, Сәбит, Амантай, тағы басқа марқасқа замандастарына, Кемел ағасының рухына жолданған арнау өлеңдерден осыны аңғарамыз.

Сәкен Иманасов – ұзақ жылғы өлең жарысында шыңдалған, қазірде өнері кемеліне келіп, кемері толған, сөйтіп өзінің ақындық беті айқындалған, қазақ поэзиясында мығым орыны бар дарын иесі. Өлеңдері сырт қарағанда сырдаңдау, тым қарапайым көрінуі де мүмкін. Өйткені, ол жарқылдақ, жадағай сөзге үйір емес. Ал шығармаларына ой көзімен үңіліп қарасаңыз, іші тұнып тұрған нәзік сезім, мінсіз мінез, таза ниет, кең пейіл, ағынан жарылған адамгершіл ақ көңіл. Осы жинақтағы "Әй, Апасы" аталатын, немересіне арналған өлеңінен оның аталық жүрегінің қандайлық ізгі екенін, ортақ өмірлеріне қырық жыл толғанда бәйбішесіне арнаған "Қызығудан мен таймай" деп басталатын мойындауынан оның қандайлық, сенімді серік еткенін ырзалық сезіммен ұғынамыз.

Сәкеннің ақындық қолтаңбасы да – әбден машықтанған өзіндік ерекшелігі бар өнер өрнегі. Ол көбінесе қазақтың дәстүрлі қара өлең үлгісімен жазады. Сонда оның сөздерінен бір селкеу, артық тұрған бір жіп-шырға таба алмайсың. Кәдімгі Мұқағали жібек кигізіп құлпыртқан қара өлеңнің сәкеңдік сәнді үрдісі. Сонсоң өзіміздің ежелгі жеті буындық жыр үлгісінің екі жолын бір тармаққа сыйғызып, он төрт буынды өлең ору, менің ойымша, осы Сәкен ашқан бір жаңалық секілді. Бұл өзі шебер ақын қолымен өрілгенде ішіне көп мағына сыйғыза алатын өте ұтымды өнеге. Ал Сәкен соның әрбір тармағын ішкі үндестікке толтырып, бір қалыпты ырғаққа иін қандыра аяғын төрт буынды толымды ұйқаспен тамамдап отырғанда, өлең шіркіннің бағы жанып, тіпті әуезденіп кетеді екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақын таңдамалы туындыларының екі томдық жинағын ұсынған. Соның бірінші кітабында "Ғашық дүние", екіншісінде – "Адырна" деп аталатын бөлімдер болушы еді. Сезімге толы жүрек пен ата дәстүрге адал сана сәтті ұласқан сондағы жырлар мына жинақта көркемдік жағынан жаңа өрнектер тауып, мазмұн жағынан тың толғамдармен толыса түскенін көреміз.

"Егемен Қазақстан" газеті,
желтоқсан, 2006 жыл
Қастек БАЯНБАЙ
СӘКЕНДЕРДІҢ КЕНЖЕСІ

Эссе

Алпысыншы жылдардың ақындық мектебінен шұбырып шыққан үлкен шоғыр алға қарай ұзаған сайын жол бойы шашырай-шашырай келіп, ақырында ат төбеліндей ғана болып қалды. Баяғы албырт шағында бірде ілгері озып, бірде кейін тартып, бірде мүлде көрінбей де кететін Сәкен Иманасов бұл күнде байсал тартып, осы шағын топтың бел ортасына ' біржола тұрақтаған сыңайлы. Бір топырақтан жаралып, бір торқада аунап өскен, алақандай "ақтаңдағы" жоқ оның ғұмыр қолы, шығармашылық сапары мен үшін бес саусақтай айқын. Басы жарық, аяғы қараңғы мына жалғанға кеше ғана келген сияқты едік, жер бетіндегі жоқты іздеп, шалдырмайтын желді қуалап, қолымыз жеткенге қуанып, алдап кеткенге налып жүргенімізде, енді артқа қарайлайтын, өкінетін, күдіктенетін жасқа қалай келгенімізді аңғармаппыз да. "Адам аяуға лайық" деп Құранда айтылғандай, жас бола алмай, қарт болғысы келмей, іштей шала бүлініп, қабақтарын кірбің шалған, қайрансыз қатарластарымды көргенде, кейде жаным ашитыны да рас. Бірақ олардың еліне танымал жақсы-жайсаңдарға айналып, қазақ жырының қорына қомақты олжа салғанын еске алғанда, жаңағы жадау көңілің жадырап сала береді. Ал кейбіреулерінің қырық-елу жыл бойы ақ қағазға аш кенедей жабысып, бір адамның мүмкіндігінен артық жазып, ықпалды ағалардың қолтығынан шықпай, оқырмандарының көз алдында көлбеңдеп, таныла түсудің тағы басқа шараларын бес уақыт намаздай құнттауының арқасында осы елде бар атақтар мен сыйлықтардың бәрін сыпырып алған өзімшілдігінен шошынамын да. Ең ақырында солардың жаман жазу құқығын қағып түскеніне қынжылам. Басында бір шаң беріп, бірақ ұзақ шабысқа шыдамаған немесе бірнеше өлеңі жарияланып яки пышақ қырындай түңғыш кітаптары жарық көрген бойда, соның буымен аспанға шалқып, жерге қайта түсе алмай қойған жолдастардың тағдырлары қабырғаны қайыстырады.

Сырттай ұқсас сияқты көрінгенмен, Сәкеннің шығармашылық өмірбаяны өзінше өрбігендей. Ол жастар баспасөзінде әрі ақын, әрі журналист ретінде жарқ етіп көрінді де, көп ұзамай жалп етіп кетті. Беттерін оған жалт бұрған қалың оқырманы бірнеше жыл күтті де, біртіндеп үміттерін ақтамаған жас ақынды ұмыта бастады. Осы екі аралықта өсіп жетілген оқырмандардың жаңа толқыны оны мүлде білмейтін-ді. Сәкен осылайша бірнеше іркіліс пен бірнеше бұлқынысты басынан өткерген соң, қайтадан өз машығын тауып, өз жүрісін жөндеп, өз мінезін орнықтыруға бет қойды. Ауыл мектептерінде ұстаз, газет редакцияларында қызмет істеген жылдарыңда өзін қанша қайрағанмен, қанша іштей ширыққанмен, кесіле жазып кете алған жоқ. Дәл маған мұның бәрі табиғи өрі түсінікті құбылыс. Қиналу, күйзелу кезеңдерінен құтылып кеткен өнер құлдары сирек. Суреткердің уақытша адасуынан, өз ойымен ұзақ арбасуынан емес, қайта оқтаулы мылтықтай әрдайым даяр тұруынан қорыққан жөн шығар тегіңде Лев Толстой "Горький көп оқиды, ол да жаман, мен көп жазамын, ол да жаман" дегенде, қайтсе де көп нәрсенің нарқы кемдеу болатынын мегзеген шығар, сірә.

Адам жас кезінде айтқанға сенгіш, әркімге ергіш, көрінгенге еліктегіш келеді. Коммунистік партияның насихатына имандай ұйыған біз, жарқын болашақ, халықтар достығы, қаһармандық еңбек, бейбітшілік туралы көбігі көпірген, өркөкірек өлеңдер шығарып әурелендік. Әрине, Сәкен бұл тақырыптардан тысқары қалып, бірден өзінің көңіл күйін жазып кетті десем, мұным шындыққа қиянат. Сол жылдары ол да "Достық жолы" жайында бір топ жыр жазып байқады. Шағын балладаларға, шағын дастандарға дейін барып, қарымын сынап көрді. Оқта-текте басқадай науқандық тақырыптарға қалам тартты. Бірақ бұларының ешқайсысын жинақтарына енгізбеді. Өзінің көңіл қазысы қоштамағаны ғой.

Сәкеннің алақандай алғашқы кітабы кешігіріңкіреп барып жарық көрді. Екеуіміз баспаға бірге барып, шүйінші даналарын алдық та, көше бойындағы ағаш сәкілердің біріне отыра қалып, оқи жөнелдік. Мен көптен сағынған бір жолдасыммен оңаша сырласқандай күйге түсіп, айналасы шай қайнатымдай уақытта оқып бітірдім. Сол кездің тілімен айтқанда, мұнда саяси-патриоттық өлеңдер жоққа тән екен де, жүректің тебіренісі, көңілдің толғанысы басым екен. Кәдімгі адами ойлар, қуаныш пен реніш өз кеудеңнен шыққандай түсінікті әрі жақын. Сол жерде асығыс та болса, алғашқы әсерімді білдіріп, жасандылығы аз, шыншыл өлеңдер екенін авторға айтсам керек. Сол жинаққа енген төмендегі жолдар бүгінгі биік талғам таразысына қымсынбай тартуға жарайды деп сенем:

Қалжырапсың, қартым-ай!

Қартайдың ба?

Жатырқамай, жастық бар,

Жантай мұнда.

Ашуыңды аңсаппын,

Ақылыңды

Айналып та жататын арты айбынға.

Күштің бәрін сарқып-ақ бердің бе елге,

Сұстың бәрін уақыт сөндірген бе?

Қаһарыңнан қаймығып тұрмаушы ме ем,

Бұрқ-сарқ етіп есіктен сен кіргенде.

"Әкемнің бір құрдасына "

Немесе:

Алакөлім
Айналайын жыр-бесік,
Желден ықсам, төбемізден мұң көшіп,
Баяғыдай үнсіз ғана ұғысып,

Тілсіз ғана тұрайықшы тілдесіп.

"Алакөлге айтар сыр"

не болмаса:

Арамызда болмастай қылдай күдік,
Бірге күліп жүргендей,
Бір қайғырып,
Өрескелдеу ісімнің өзін де елге

Жеткізетін, досым-ай, жырдай қылып.

"Бұрынғы досқа"

Біздің байғұс ұрпақтың сол тұстағы туындыларында қазақи қасиет, халықтық рух, ұлттық бояу жұтаң еді. Тегі белгісіз, ойы ортақ, үлгісі қазақша мұндай дүниелердің сырты қанша жылтырағанмен, берер жылуы тапшы еді. Өйткені, олар әлем әдебиетінің алыптары Шиллер мен Гетені, Байрон мен Петефиді, Пушкин мен Лермонтовты, Шығыстың әйгілі жеті жұлдызын жаппай оқып, жатқа соғып, жарыса аударып жүргендеріне қарамастан, өзіміздің ұлыларымыз Бұхар мен Дулатты, Мағжан мен Ілиясты, Шәкәрім мен Сәкенді оқымай өскен, уызына жарымаған кембағал болатын. Абай жартылай ашылған, Қасым кеш танылған. Бұларсыз қазақ өлеңін қабырғасы бар да, омыртқасы жоқ шалажансар шарғы дерсің. Оның үстіне кемеліне келіп алған Кеңес идеологиясы мен насихаты ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді жер астына қымтап жауып тастап, маңайына жолатпай андып отырған "Хан", "бай", "ата-баба" сөздерін абайлап қана қолдану дағдысы мықтап орныққан, сонау үрейлі жылдардың жаңғырығы әлі де тарамаған. Менің "Жұлдыз" журналында жарияланған "Баба қонысында" дейтін бір өлеңімнен ұлтшылдық пен ескілік сарынын сезген әсіре сақ сыншы шу көтерген. Дер кезінде Әбділда Тәжібаев ағамыз араласып, арашалап алған. Осындай орынсыз қақ-соқты кезінде Сәкен де, басқалар да көріп үлгерген.

Сол бір алмағайып тұста Сәкеннің бір ұтқаны – біз құсап шырматылып жүріп алмай, баяны жоқ бір күндік тақырыптардың баршасынан дерлік сырт айнала беруі еді. Меніңше, мұны саналы бетбұрыс та демей, кездейсоқ қадам да демей, Сергей Есенин әлемінің әсері деп түсінген қисынды. Себебі, арғы-бергі сез зергерлерінің көмбелерін көп ақтара келіп, Сәкен осы орыс ақынын көп төңіректеген. Оның өмірбаянын үңіле оқып, өлеңдерін жатқа айтып, аса ұнағандарын аударумен айналысқанын білеміз. Орыс деревнясы мен табиғатын тебірене жырлап өткен халықтық ақынға ат басын бұрмай, азды-көпті сырласпай кеткен әріптестері некен-саяқ шығар. Тіпті, Жұбан Молдағалиевтің өзі де егделікке қарай бет бұрған шағында Есенинге қайта оралып, бір топ арнау өлең жазған жоқ па. Ал шығармашылық жолдың алғашқы қадамдарын ғана жасаған Сәкенге не жорық, ол орыс жыршысының тақырыбына түсіп, сарынына ауысып, туған ауылы, үйі, сүйген қызы, адал төбеті туралы "қарапайым" жырлар жазуға көшті. Жинақтарына еніп жүрген "Ауылға хаты" сол жылдардың туындысы, сол бір елеулі кезеңнің ескерткіші.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Сәкеннің Абайды асықпай, жата-жастана оқи бастадым дегені есімде. Осыны сырттай байқап жүрген бойжеткен қызы Гауһар әкесіне, мына кітапты оқып тауыса алмай-ақ қойдың ғой, дейтін көрінеді. Ендеше, пайғамбар жасына жақындаған, оқырман жұрт мойындаған, оннан астам кітап шығарған, "Алаш" сыйлығын алған ақынның ізденбей отыруы қиын екен. Қашан өлгенше бітпейтін, игілігі көзге көрінбейтін бұл іс әркімнің өз бейнеті, өз рахаты. Үйрену мен өсудің әлдекім салып кеткен сара жолы жоғын білетін әр адам өзінше тәсіл тауып, өзінше жүйе жасап, тырбанады. Көзіне түскенді, қолына іліккенді олжалай береді. Сонда сонша сарылып, кез майын тауысып, жиған-тергендері пайдаға асса жақсы десейші. Күндердің күнінде екінші жылға жарамайтын жыланның түлеу терісіндей бәрін сыпырып тастап, әу баста құдай өз бойына дарытқанымен қалуы да ғажап емес, керек десең. Жасырақ кезінде марқұм Жүсіп Қыдыров көп эксперимент жасаған. Музыканың жанрларын поэзияға енгізуге талпынған. Бірақ төккен тері ақталмады, оны әдеби қауым да, оқырман жұртшылық та, қасарыса қабылдамады. Сөйткен ақынымыз ғұмырының соңғы жылдарында қазақтың кәдімгі қара өлеңіне қайтып оралып, "Мың бір күн" кітабын беріп еді, мұнысы бәрімізге де майдай жақты. Зады, ізденіс үстінде қаламгер оқып-тоқып, талдап-таразылап болған еңбектерді енді іштей өзінікімен салғастырып, сол арқылы өзін тауып, танымаса неғылсын.

Кезінде Маяковскийді, Неруданы, Хикметті, Твардовскийді, Ғамзатовты, Смеляковты, Заболоцкийді, Евтушенконы, Вознесенскийді, тағы басқа ұлылы-кішілі ақындардың астын сызып, тауысып оқыған біздің буынның, оның ішінде Сәкеннің Абайға қайта келуін іштей түсінгенмен, бір сөзбен айтып беру қиын. Бұл қадамда ұлы ойшылдан әлі де үйрене түсейін деген мақсаттан гөрі, жұмбақ жанды өз бетімше тереңірек түсінейінші деген тілек басым шығар-ау. Ал жалаң еліктейтін жастан әлдеқашан асып кеткен Сәкеннің бертіндеп бірсыпыра өлеңдерінде Абайдың ащы сарказмы мен зілді ноталары шынымен байқалады деп айта алсақ, мұны қазақтың бас ақынымен жарысуы немесе қабаттаса жырлау емес, тақырыптың ортақтығы әсерінен туған үндестік, қаламгердің бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғысынан қаншалықты өскендігінің, ақсақалдыққа ауысқан тұстағы "тәйт, әрі" тектес зор дауысы екенін дәлелдеуге көмегі тие ме деген екі шумаққа үңілейікші:

Елірмеймін, ермеймін дүрмекке де,

Елтімеймін ешқандай құрметке де.

Достарға да бұрылмай кешегі бір,

Дұшпанға да ұрынбай шын кектене.

Әйтпесе:

Әй, мақтаншақ қазақ-ай!

Оңбайтын-ақ шығармыз,

Дүрмекке де қайдағы,

Құрметке де құмармыз.

Күпінуге келгенде,
алдымызға жан салмай,
Билік десе бүлініп,

Жүгіріп-ақ тұрамыз.

Бұларда бір қолдың таңбасы сайрап жатса да, екінші шумақтағы лирикалық кейіпкердің кесектігі, ойдың үстемдігі, құрылымдық өзгешелігі, еркіндігі мен екпінділігі, төрт жолдың сырттай берік байламын былай қойғанда, бірнеше қайыра шалып-шалып тастаған ішкі ұйқастары жырдың ажары мен серпінін асырып, ықылым заманнан бері мың мәрте айтылған ащы шындықты алдымызға алғаш рет жайратып, жайып салғандай. Жас кезінде жеріне жеткізе алмаған кейбір жайларға әдейі қайта бұрылғанда, тот басқан темірден жарқыраған көрікті бұйым соққандай, бәріміз білетін сөзді шешен бидің аузынан жаңа шыққандай етуімен өзін ақтайды. Күші мен шеберлігіне сенімді ақын қаламын қақпайламайды, тақырып арнасына қарай жәнсіз бұрмайды, қай жырында да опасыздық, арамдық, обырлық, атаққұмарлық, мақтаншақтық, дүниеқорлық, шен қорлық сияқты мәңгілік жауларымызға жеке-жеке арнайы оқ атпаса да, ұрымтал сәтінде сөз ата кетуі ауыз әдебиеті үлгілерінен үйренгені ғана емес, сол салтты ілгерілеткені деп ұғамын. Бүкіл әлемнің азуы алты қарыс ұлылары ғасырлар бойы жазып, қазып түбіне жете алмай қойған осы тозбайтын "тақырып" төңірегінен Сәкен де кетпей қойса, мұнда әлі біз ашпаған заңдылық, әлі біз білмейтін бір негіз бар да шығар әлде? Кезінде осы заманның кереметін дәріптеңдер, коммунистердің көшбасшылық рөлін көрсетіңдер, жұмысшылар мен шаруалардың қаһармандық еңбегін жырлаңдар деп құлақ етімізді жеп қойды емес пе. Ендеше, Сәкен осылардың біреуінің етегінен неге мықтап ұстамады екен? Көптеген ағаларымыз бен замандастарымыз солай етті де ғой.

Осынша сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ақын атаулы жаратылысынан бері еркіндіктің құлы. Ол аспандағы құстай, теңіздегі балықтай. Құсты қалаған бағытыңа ұшыра алмайсың, балықты жағаға қарай қайыра алмайсың. Оның күші де, бақыты да, байлығы да сол еркіндігінде. Бұрандалы бұлбұлға айнала алмайтын шын суреткер өзінің еркіндігіне қауіп төнген сайын ешкім иемденбеген бейтарап белдеуге ұмтылады. Оның қасиетін сақтап қалатын бейтарап белдеу – күллі заманаларға, күллі сөз шеберлеріне ортақ осы «тақырып». Оты мол, суы мол жаққа қанша шақырса да, бармай, шайқап ішіп, ұрттап төгіп, шалқып өмір сүрмей, бұрынғылары жағын жалдап ат мініп, асыл шапан кимей, кейінгілері омырауларына алтын-күміс тағынбай, өз жүрегінің әміріне ғана бағынып, қоңыр ғана тіршілік құрып өткен саңлақтардың талайын әдебиет тарихынан жақсы білеміз. Олардың арғы-бергісі түгелдей алтын тордағы бұлбұлдан бұта басындағы торғайдың бақытты екенін бір ауыздан айтып, сарнап өткен.

Сергей Есенин "Я поэт от чего-то, Маяковский для чего-то" деген екен бір айтыс үстінде. Әрі қарапайым, әрі таңғажайып тапқырлықпен айтылған бір ауыз сөзде біздің қозғап отырған пікірімізді он орап әкететін салмақ пен сыр бар. Орыс лиригінің осы "от чего-тосы" белгілі мөлшерде Сәкенге де қатысты десем, шындықтан бәлендей көп аулақтай қоймаспын, артық та кетпеспін.

Барлық үлкен суреткерлер секілді, Сәкен де өзінің кіндік қаны тамған, буыны бекіп, бұғанасы қатқан құт мекенін жырлағанда Алакөл, Талапкер, Аралтөбе, Тентек, Сайқан, Ебі деген атауларды өзі қағаз бетіне түсірген бейнені «қыстыратын шеге» (Дюма А.) ретінде ғана пайдаланады. Ал, шынтуайтына келгенде, оның жоғарыда біз анықтаған тақырыбы" өзгермейді. Елдегі құрдасына өкпе-назын айта ма, Тентек бойында өткен балалық шағын сағына еске алады. Алакөл жағасында құмға аунап жатып қиялға бата ма, бір ауылдай ұрпақ өрбіп өскен баяғы үйінің шежіресін шерте ме, соның бәрінде жан күйзелісін, қуанышын, өзгелермен ара қатынасын, жақсы көргенін, жек көргенін әр қырынан ашуға тырысатыны анық әйтеуір. Өзі араласпайтын, жерлестері қатыспайтын, әр түрлі адам тағдырлары қамтылмайтын жалаң табиғат туралы "таза" жырлар сирек.

Маған қарағанда, Сәкен елге жиірек қатынайды. Мен алыстан сырттай сағынсам, ол сол елмен етене араласып, әр түрлі іс тындырып жүреді. Бірде туысының тойына, бірде оқырмандармен кездесуге, бірде көлге шомылуға, бірде болжаусыз қазаға деген секілді көп себептермен кейде аттанып бара жатқанын көресің, кейде сонда жүргенін естисің, кейде жаңа оралғанын білесің. Әйтеуір, Алакөл оған керек, Алакөлге ол керек. Осындай сапарларда ой туады, ой кейінірек, сәт сағаты келгенде, жырға айналады. Мұндай жырлардың нақтылы туу тарихы, жазылу себептері болатыны содан. Оны біз оқығанда сеземіз, кейде тіпті, кейіпкерлерін шырамытқандай боламыз. Жанды өмірдің қоңынан жаңа ғана ойып алынған өлеңнің буы бұрқырап, жылуы шашырап тұрады.

Құдайға шүкір, қорабалы, қордалы қазақ әдебиетінде бірнеше Сәкен бар. Туа берсін. Жастарына қарай, біріншісін бас Сәкен, екіншісін аға Сәкен, үшіншісін кенже Сәкен десе болғандай екен. Тағы бір ғажабы, іштерінде сері емесі, ерке емесі, тентек емесі болса не дерсің! Қасиетті сөз патшалығына олар еркін сыйысқан. Біріншісінің екіншісіне, екіншісінің үшіншісіне көлеңкесі түспейді, бірін бірі қалқалай алмайды. Өйткені, олардың кеңінен пішіп, ойып-ойып алған өз орындары бар.

"Заман Қазақстан" газеті,
Тамыз, 1998 жыл
Темірхан МЕДЕТБЕК

АР АЛДЫНДА МЕН ӨЗІМДІ ӘРДАЙЫМ...

Құрметті оқырман, шынын айту керек, мен бұрын да Сәкен Иманасов шығармаларын, оның ақындық қуатын бір кісідей-ақ білем деп ойлайтынмын. Оның қазақтың үлкен ақыны екенін баяғыда-ақ мойындағанмын. Бірақ, Сәкен Иманасовтың "Алакөлім – айдыным" атты күні бүгінге дейін бүкіл творчествосының қорытындысы боп саналатын кітабын, тағы да үлкен әріппен жазылатын кітабын оқығанда, менің бұрынғы білгенім жеткіліксіз екеніне, тіпті үстірт екеніне көзім жетті. Мен осы кітап арқылы Сәкен Иманасов деп аталатын, Алакөлдей айдыны бар, "аспаны да өлең бүркіп тұратын" алқабы бар, тамшылары шашырап, найзағайлары шатырлап сынып, ормандарының шудалары желкілдеп, құстары жыртылып-айырылып, жұмбағын жасырып, қиялын қиянға асырып, қуанышымен қызықтырып, мұңының өзімен еліктіріп, желімен долданып, нұрымен көз бен көңілді бірге арбап, бірде ашынып, бірде ашылып жатқан әлемге кірдім.

Мен бүгін, құрметті қауым, өзімді үлкен тебіреніске түсіріп, орасан толғанысқа батырған ол әлемнің бүкіл қуат-күшін, мінезін, болмыс-бітімін, ажарлы салтанатын, сиқырлы әуезін, сымбат-көркін, реніші мен күйінішін, сағынышы мен аңсарын, жүдеген тұсын жадаған сәтін, тасып-төгілген кезін түгел айтып бере алар емеспін. Ол мүмкін де емес. Өйткені, Сәкен Иманасовтың бір өлеңіне бір мақала жазуға болады. Мен бұл сөзді тіпті де көтеріп айтып отырған жоқпын. Шыны солай. сондықтан мен бұл жерде Сәкен Иманасов творчествосындағы өзім байқаған басты ерекшеліктерге ғана тоқтағым келіп отыр.

Сәкен Иманасовтың ең басты тақырыбы – кіндік қаны тамған туған жер. Ол өзінің туған жерін аласат ұлы сезіммен, ұлы махаббатпен сүйеді. Мен оның өлеңдерін оқи отырып ұққаным, ақын туған жеріне, Ғафу ақын айтқандай, кіндігімен ғана емес, бүкіл алпыс екі тамырымен, мың-миллиондаған сезім талшықтарымен байланып қалған. Ақын:

Туған жердің сүйеніп терегіне,
Бұлбұл болып мұң шақтым мен егіле,–
Одан артық ақынға тақырыптың,

Одан артық бақыттың керегі не?!

дейді. Міне, ақын кредосы осы. Ол сұлулық деп аталатын сиқыр әлемнің өзін туған жер сұлулығы арқылы ғана таниды. Сол арқылы танылған сұлулық қана баянды деп біледі. Ол көне тарих қойнауларына да туған жер тарихы арқылы сүңгу керек деп ұғады. Сонда ғана ол тарих ата-бабаңның, өзіңнің тарихына, бүкіл болмыс-бітіміңмен қабысып кеткен тарихқа айналады деп сезеді. Ақын туған жерді бөлшектеп бөлуге келмейтін, оның қуанышы мен шаттығы да, жеңісі мен жеңілісі де, қасіреті мен қайғысы да тұтас тағдыр деп, тағы да ол өзімнің тағдырым деп білді.

Сондықтан ол туған жер болып тебіренеді, толқиды. Бір сөзбен айтқанда туған жер десе ол жел шайқаған көлдей буырқанып, үстінен дауыл өткен ормандай толқиды.

Сонымен бірге Сәкен Иманасов үшін туған жер деген мешіт, құтхана. Алыстан келген кезде ол туған жерін аңсап сағынып қана келмейді, ол именіп аяғын андап басып кіреді. Өйткені, мынау алыс-жұлысы көп, тартыс-жағаласы мол қатыгез заманда әлденені андамай бүлдіріп, әлдеқандай оқыс іс істеп күнә арқалап қалған жоқпын ба, егер солай бола қалғандай болса мына туған жер бетіне қалай қарамақпын деген күдік пен күмәнмен аяқ басады. Ақынның "елдің алдында қызарғанша, туған жерге кіріп-ақ кетсем еді" –дейтіні сондықтан.

Содан болса керек, Сәкен Иманасов туған жерінің әр бұтасы мен талының, әр соқпағы мен тасының түгендеушісі, жоқшысы. Сондықтан ол жаралы құсты көріп жаны шырылдап бәйек болады. Сондықтан ол жоғалған бұтағын іздеп шарқ ұрады. Сондықтан ол кесілген ағашты көріп зар илейді.

Ақын өзінің құм-аралдарымен, жыраларымен, тұмаларымен ең бір ет-жақын туған-туысқандарымен сөйлескендей сөйлесіп, солармен сырласқандай сырласады. Оның бір туманы таба алмай, бір соқпағын көре алмай қалуы, бір бауырын жоғалтқанмен, бір жақынынан айырылып қалғанмен бірдей.

Сондықтан болса керек, мен үшін қазір Сәкен Иманасов Алакөлдің бір тебіренген кезінде жағаға шығып кеткен шабытты толқыны секілді.

Не болғанда да оның бүкіл жаны, болмысы сол туған жерде, сол мекенде. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері жөнінде ұзақ сөйлеуге болар еді бірақ оны мына жолдармен түйіндеп аяқтай тұрайын.

Шегелеп біржолата қырға мені,

Сол күні жаңбыр жауып тұрған еді...

Айнала –
Мұнары ма, –
тұманы ма –
әйтеуір айтып болмас мұң бар еді, –

дей келіп:

Көкірек қыжылдай ма құр дәмелі...

Айнала адам ұқпас мұң бар еді...

Шегелеп қырға мені тастағандай

Толассыз жаңбыр жауып тұрған еді.

Шынында да Сәкен Иманасов туған жерге жаңбырлардың тамшысымен шегеленіп қалған ақын.

Сәкен Иманасовтың тағы бір үлкен, өнімді тақырыбы. мәңгілік тақырыбы – махаббат тақырыбы. Ақын бұл тақырыпты бәрімізге белгілі, тіпті мезі еткен "сүйдім-жандым, күйдім-қалдым" деп емес, бар шындығымен, бар табиғатымен жырлайды. Қасиетімен сүйсінеді, қасіретімен күрсінеді. Бір сөзбен айтқанда, тағдырлы махаббат. Өзінің реніші, мұңы бар махаббат. Ақын махаббат дегенді разы көңіл, рахат сәт деп емес, оның аса қатал, аяусыз, тіпті азапты құбылыс екенін айтады, ашынып айтады, бірақ ашығын айтады:

Құпия емес ешкімге бөтендігім,
Емексітіп қайтемін бекер, күнім –
Анық сезіп жатамын түсімде де
Бұл бақыттың баянсыз екендігін,–

дейді ақын. Бірақ ақын махаббаттың азабын тарта отырып, оның уын ішіп, отына өртене жүріп махаббатқа көңілі бір сот те суыған емес. Тағы да азаптана жүріп азап тілейді, тіпті сол махаббаттан өліп кетуге пейіл. Оған:

Жанбадым ба, әлде жандым ба
Шүкірлік айтып ақ таңға, Оңаша,
Жасыл шалғынға отау үй тігіп жатқанда,
алай да түлей бұлт ұшқан,

Қарауытып барып көкте күн,
Жай болып тиіп бір тұстан

Жайратып неге кетпедің?

деген жолдары куә.

Әрине, ақынның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдерінің бәрі дерлік азаптан, мұң мен наладан тұрады десек, бір жақты кеткен болар едік. Оның махаббаттың алтын нұрына шомылып, күміс шапағына малынып, сән-ажары келісіп салтанатына мәз-майрам боп тұратын сәттері көп. Ондай сәттерде сенің де жаныңа ақ нұр құйылып, қаныңа жасың еніп, тамырларың тереңге кетіп, ұшар басың көкке тигендей күй кешесің. Күй кешесің де, айналаңа бай сезім, байтақ пейілмен қарай бастайсың. Ақын үшін бұдан өткен міндет атқару, бұдан өткен парыз өтеуі болар ма?!

Ақын, әсілі, өз табиғатын, өз болмысын жазады. Ақын өлеңдерінен оның өмірге деген көзқарасы да, дүниетанымы, парасат-пайымы, ең бастысы, мінезі көрініп тұрады.

Өмірде Сәкен Иманасов тік сөйлейтін, кесек мінездің адамы. Жалтақтауды да, жалбақтауды да білмейді. Қандай жерде де сөздің атасын өлтірмейтін, нағыз кескекті ердің сойы. Тағы да ол мінез – әбден суғарылып, соғылған шарболаттай берік мінез.

Сәкен Иманасов буыны сонау соғыс жылдарының қиындығы мен қысталаңында, аязы мен аптабында шыныққан буын. Ол кезді ақын:

Алты жасар баланың ауылына

Алпамсадай азамат саналғаны, –

деп суреттейді. Бүгінде бірінен соң бірі алпысқа келіп жатқан бұл ұрпақтың мінезі сол қысталаң қиын шақта қалыптасқан.

Әрине, тік мінез, кесек қаракеттің адамы алдымен өзінің өмір сүруіне, сонан кейін өзгелерге соншалықты қолайлы бола бермейді. Ондай мінезін басқаша түсініп, "сен неге кекірейе бересің" деген біреудің сұрағына:

Аңғармастан анығын, артығырақ кеттің бе.

ренжітер өзіңді ретім де жоқ мүлде,–
Құбылмалы қылықтар,
бұлан құйрық былық бар,–
Әйтпесе, мен біреуді

менсінбеймін деппін бе, –

деп жауап береді. Бірақ оған түсіне қалып, сөзге тоқтай қоятын ағайын бар ма? Соңыңнан өзі қалса да, сөзі қалар ма?! "Ағайынның сөзі қалмай соңымнан, күлгенімнің өзі қандай ызалы" дейді. Күйініштен туған ызалы күлкі. Мінез болмысы! Мінез портреті!

Ақынды ақын ететін – мінез. Сабынның алқындысындай жылпылдаған да, желді күнгі тозған туыртықтай жалпылдаған да ақын боп жарытпайды. Бүгін ақын боп саналғанмен, ертең ақын боп санатқа қосылмайды. Өйткені, жылпылдаған да, жалпылдаған да өз арының алдында жауап бере алмайтындар. Өзінің арының алдында жауап бере алмайтындар, ешкімнің алдында жауап бере алмайды. Осыны қатты сезінген Сәкен ақын:

Ар алдында мен өзімді әрдайым

Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем,

дейді. Әрине, мұндай мінезді өлеңдер, сөз жоқ, сенің де өмірлік досын өмірлік сапарласың болып қалары сөзсіз.

Сондай-ақ, Сәкен Иманасовтың адамгершілік, игілік, имандылық тақырыптарына жазылған өлеңдері де тұтас бір алқап, үлкен бір атырап. Мен Сәкен Иманасовтың ол алқабы мен атырабын кескілескен күрес майданының алқабы мен атырабы дер едім. Ол майданда ақын бүкіл қасиетсіз құбылыстармен жанталасқан жанталасқа түседі.

Жағаласа жүріп,
Қырық жылдық қырғында,
Өлмейді екен сұмырай!"

деп опынады. Бірақ ол сұмырай өлмейді екен деп күрес алаңын тастап кетпейді. Қайта өліспей беріспейтіндей мінез көрсетеді. Сондықтан да, кеше ғана соңына ілесіп, құрсақтас бауырындай жақын болған інінің қолына тізгін тиген бойда, құдайдың кіндігінен түскендей боп астамдық көрсеткенше шыдамай:

Әй, бауырым,
Аяқ асты айналып білікті ұлға,
айналаға дәуірің жүріп тұр ма?!–
Жылы жауып тастадың кісілікті,

Кішілікті біржолата ұмыттың да, –

деп шамырқанады.

Ақынға бұл ұлы күресте, бұл ұлы майданда жеңілуге болмайды. Бұл майданнан бас тарту – ол үшін – қылмыс. Жеңіліп, немесе, одан бас тартты ма, онда жердің тозуы мен елдің азуы сол жерден басталады. Бетпе-бет келген жаудан батыр қалай бас тартпаса, бетпе-бет келген қатыгез құбылыстардан ақын да солай бас тартпақ емес. Өйткені, ол майданда ақын өз уақыты, өз заманы, езі үшін ғана емес, ертеңі үшін де күресуге міндетті. Сондықтан да:

Қатуланып,

қаһарын жау тіккенде,

Жетеді ғой бір күні дау түпкі елге.

Немереміз өзгеден кем бола ма,

Жем бола ма жаман мен жәутіктерге, –

дейді. Сондықтан да ақын соншалықты қатулы, соншалықты алаң. Немерелері үшін, келер ұрпақ үшін қатулы, солардың тағдыры үшін алаң. Осындай ұлы міндет, орасан жүк арқалап алпысқа келіп отырған ақынды елі болып, қалың қаламдас достары болып құрметтеп жатуы әбден орынды.

"Түркістан " газеті,

қазан, 1998 жыл.

Қанипа БҰҒЫБАЕВА

НАЙЗАҒАЙЛЫ ШАБЫТТАН ЖЕБЕ-ЖЫРЛАР ЖҮЙТКІГЕН

Сәкеннің өлеңдерін өзім өлеңге талпынғалы оқып келемін. Ақынның өзіндік қолтаңбасын (топ ішінен) атын айтпай-ақ танимын десем – артық айтқаным емес.

Ақындық дарынды табиғат – ана ғана толғатып туады дейді. Бұл бұлжымас шындық деп қабылдасақ, кімнің "қандай ақын" екенін көкірек көзі бар жырқұмар оқырманның іші біледі... Сол оқырманның,'Жалпының көзқарасымен өлшенбей-ақ (ол әртүрлі) нағыз ақын өзгеге жалтақтамай-ақ, өз бағасын өзі біледі. Білген соң да өзгенің алдына түсейін деп арзан "есепке" құрылған данқ мансапқа жетейін деп жанталасып жүгірмейді. Өйткені ондай қылық оған жат. Сәкен деген атына сәйкес ақын өлеңдерінен өмірдегі сұлулықты, арлылықты және жан тазалығын адамдар бойынан көріп, сезіну үшін күреседі.

Замандастар мен қаламдастар Күрес алдымен ақын жүрегінен басталады... "Мен бір жұмбақ адаммен оны да ойла", – деп ұлы Абай айтпақшы, әрбір ақын өзінше жұмбақ дүние. Өзінше кеңістік. Оның жұмбағы да, қиял-ой кеңістігі де, сырлары да жан дүниесін толқытып, жарып шыққан жырларының әр жолында жасырынып жатады. Ол жырды оқып нәр алу үшін де ішкі дайындық, көкірек көзі керек. Ешкімге еліктеп, солықтамай "құрсақтағы тұлпар болар құлындай" тыпырлатып, бұлқынтып, тыныштық бермей тұратын бір сиқырлы күш бар. Ол табиғи дарын талант қуаты болар. Сол алпысыншы жылдардың басында біз Қасым, Сырбай, Ғафу, Тоқаш, Ізтай, Жұмекен, Мұқағали, Әділбек, Тұманбай, Сағилардың өлеңдерін қолымыздан тастамай, оқып қызығып өстік. Өзімнің ауылдасым Құдаш ағаның ықпалы бір бөлек мен үшін... Ақын Сәкеннің де қолына киелі қанатты қалам алып "сөз дертіменен" арпалысқанына қырық жыл. Қырық жыл бойы өзіне тән ашық даусынан бір айнымай, ел-жұртымен сырласып келеді. Ел сырын, ел мұның өз сырына айналдырып, әлеуметтік деңгейге көтерілген кезеңіне кездеседі. Құсайын әкенің тәрбие, тәлімі ме, кім білсін, Сәкеннің өзіне сөзі сай ер адамға лайық айшықты азаматтық үнімен ірілікті сездіріп айтпайтын, айтса қайтпайтын бір сөзділікті, туған елге деген адал махаббатты талмай жырлап келеді.

Бұрылып бұлаққа да мына жәудір,

Сөз емес жұтқаның да, шыдамау бұл.

Қалықтап.

Қарлығаштай ұшқың келіп

Бәрін де құшқың келіп тұрады-ау бір, –

дейді "Сағыныш" атты бір өлеңінде. Асылы Сәкен ағаның қай елеңін оқысам да ұлттық үлгідегі қарапайым түсінікті, сазды, сұлу болып Алакөлдің толқынындай өріліп ағып, іші-сырты елде жеке бір өлеңінің айналасында айтыс, талдау жасап, неше түрлі шеберліктің сөз ұстаханасынан ұлағатты ой өрбітіп, эстетикалық дәстүрлі талғам-танымын кеңейтіп адам жанын толықтырып отырады. Бізде бір өлең түгілі бір кітабының, тіпті бүкіл шығармашылық еңбегінің елеусіз қалып мынау қас қағым өтпелі жарық дүниеден өз бағасын ала алмай "тауы тасқа шағылып", әділетсіз қоғамынан "ала қойды бөле қырыққан адамнан" түңіліп өтетін таланттар аз емес... Ақын Сәкен Иманасов ондай топқа қосылмайды. Кезінде өз бағасын алып, лебіз-қошеметке бөлеңді. Оның белгісі халықаралық "Алаш" атындағы сыйлық алғанын айтпағанда, халық қалаулысы атанып, Жоғарғы кеңеске депутат та болды бір кезде. Осынау өмір – өлең өлкесінде ащыны да, тәтіні де татып көрген. Оның бәрін өзі емес өлеңдегі өмір жолдарынан оқып білдім. Сәкен негізінен лирик ақын, оның Отан, туған жер, дүние, өмір, адамдар құрған қоғамдағы қарым-қатынас, ондағы кейбір жағымсыз көлеңкелі жағдайлар "жанын сыздатып" ашынудан ызалы көңілден отты өлең болып шығады.

Ақынды барлық нәрсе мазалаған толғаныс-тебіреністерінің өзі жан-жүрек, ми қазанынан қайнап шығып, өңделіп ақ қағазға ойлы да өткір, салиқалы да мөлдір жыр маржаны боп сүзіліп түзіледі. Ақын әдебиетке алпысыншы жылдардың басында "Жас қанат" атты бір топ ақындардың өлеңдерінен құралған кітап арқылы есік ашты. Сол кезде-ақ өз ерекшелігімен көзге түсіп, көңілдерге ұя салған дарынды қаламгер. Содан бері "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ақ дариға", "Жайдарман", "Ғашық дүние", "Жыр дәурен", "Ғашықпын саған", "Алтын аймақ", Бел-белес", "Адырна", "Жебе", т. б. кітаптары жыр құмар жұрттың жан азығына айналды. Сәкен – мінезді ақын, соны мына бір өлең жолы да дәлелдегендей;.

Сыртқары сәл ығысып, алыс тұрып,

Өзімді өзгелермен салыстырып,

Қараймын бөтен көзбен өз ісіме.

Үңіліп суретшідей сөз ішіне, –

дейді.

Сарбаз парасатты ішкі ірілік, тәкаппарлығын дегдарлықпен сақтауы әке қаны, әлде қаны, әлде ана сүтінен болар "Той десе қу бас домалайды" деп үлкенді-кішілі "мүшәйра" жыр жарыстарын қызықтай тайлы-таяғымызбен алаөкпе болып шапқылап жүргенде, күш-қуат, дарыны ешкімнен кем соқпаса да, бәйгеге қатысып сый-таралғыға қызыққыш "балалық" көңілден өтіп, ағалыққа жеткен талғамшыл да текті барыс мінезді ақын екенін оның "Белбелес" беттерін парақтап. "Адырнасын" қайта аударып оқығанда көзім жетті. Жұлдызшылардың айтуынша, әрбір адам өз туған жылының "атауына" тартып туады екен. Демек барыс жылы туғандар орасан күш иесі. Өйткені ол ұсақ-түйекке ұсақ тіршіліктің табиғатына таласып аузын былғағысы келмейтін тектілігін танимыз.

Ақын Сәкенді адамдық тұрғыда елестетсем де өмірдегі салмағы артып, туған жер елге деген сағынышымды оятып өткен бір сәттерді еске алдырады. Осыдан төрт жылдай бұрын жаз айында Талдықорған, Ақсу аймағы мені оқырман жұртпен кездесуге шақырып арнайы Ләззат Сүлейменова деген қызды облыстық жастар комитетінен жіберіпті. Ойда жоқта шошайып жалғыз баруды жөн көрмей, Қастек ағаға хабарлассам, "Ол кісі сырқаттанып жүр", – деген соң бірден Сәкен ағаның үйіне бардық. Сөйтсек, үйінде жеңешеміз де, өзі жоқ болып шықты. Бір ер баласы шәй қамдап, "Қазір әкем келіп қалар, күте тұрыңыздар", – деп сыпайы тіл қатқан соң асықсақ та, көңіліміз орнығып күтіп отыр ек, жарқ етіп өзі де келді.

Мән-жайды үнсіз ұққан соң бұлданбай "Жарайды, кеттік", – деді. Сондағы толқып қуанғаным әлі есімде Өзіммен бірге және сазгер, әнші қызым Ләззатты ертіп алғанмын. Ләззаттың қолына Сәкен ағаның "Адырна" атты жаңа жыр кітабын "оқы" деп бергенмін. Жол үстінде ыңылдап отырып бір өлеңіне ән шығарып үлгеріпті. Сол ойнақы өлеңге туған жаңа әнді кездесулерде қызымның өзі сырнаймен айтып жүрді. Жұрт қатты риза болып, Г. Тәңірбергенқызы Ләззаттың мойнына алтын алқасын салды.

Сәкендей үлкен ақынның мінезін, кісілік кескін-келбетін сол бір аптадай сапарда танып қайттым.

Оның аудан басшыларының және оқырман жұртшылықтың алдындағы бет-беделін, депутат ақын ретінде де қадірлі екенін көрдім. Қандай ортада да өзін салмақты, сабырлы ұстауы әрбір кездесу кешінің сахналарында пікір-лебізін айтып, көтермелеп көңілімді өсіріп, демеп, туған еліммен, туған жұртыммен кездесуімді жүргізіп, кішілікпен кісілік танытты. "Ұлық болсаң кішік бол" – деген мәтел сырын сонда ұқтым. Басқа біреу болса "мен де мықты ақынмын" деп кезек бермей өлеңдерін оқып көлеңкесінде қалдырып тұрып алар еді ғой. Жоқ. Сәкен ондай емес, жұрт көзіне өзін тіпті арқалы ақын ретінде көрсеткісі келмей, сырбаз да сырлы құпия қалпынан бір аумады.

Туған жермен бір еді бар тынысым,

Бар тынысым, базарлы алқынысым.

Ұнасам да еліме, жыласам да

Құласам да –

Барлығы халқым үшін, – деуге қақысы бар әлеуметтік ой айтатын азамат ақын Сәкеннің жан-жүрек, көңіл күйінің суретін әрбір өлеңінен көргендей күй кешіп, сыр сандығын ақтарып, шындықтың шұғылалы шуағына шомыламыз. Ақын қаңдай тақырыпты жырласа да, сол айшықты ашық үндескен бояуынан айнымайды. "Бел-белеске" шығып, "Адырнасын" ала өгіздей мөңіретіп, мергендікпен сөз жебелерін көздеген нысанасына дәл тигізіп ататыны айдай анық. Алпыстың асқар шынына аспандағы қырандай ұшып, таудағы барыстай қарғып атылып алқынбай жетті.

Ақын рухы биік. Содан да ақын жанын ешкім де, ештеңе де жасыта алмайды! Өйткені ол ер адам. Ер адамдар елге қорған, олар жыламайды, жылағанды жұбату үшін жаралған. Кешегі аңыз желісіндегі батырларға ұқсауымен ерекшеленеді. "Ақын-жазушылар бір-бірін жек көреді" деген бір жас жазушы пікіріне қосылмаймын. Оған Мұқағали аға "Ақындар туған шығар бір анадан" деп жауап берер еді. Ақындар бір-бірін күнде көріп бірге жүрмесе де, жан сезім тартылысы арқылы туысып, бір-бірін сағынып, ойлап, түн көгіне жұлдызды сәуле шашқандай маржан жырлары арқылы сырласады емес пе? Қараңғы ойға сыңғырлаған сәулелі күлкі сепкен жас арудай қылықтанған ақын арманы шексіз кеңістікпен көтеріліп әдіптелгендей, әдемі әндей әсер сыйлайды. Ол сонысымен де құдіретті...

1938 жылы қуғынға ұшырап, нақақтан мерт болып кеткен қазақтың ұлы арыстары Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың ізін өшірмеу үшін өмірге "мен келдім" деп іңгәлап тұрғандардың бірі біреу болса да, ұлттық өнер шаңырағының уығы мен тіреуіне ұқсайды. Ақын аға өлең-дастан жазуменен бірге көркем аудармамен де айналысқанын білеміз. Ол орыс ақындары А Блок, А Кольцов, В Маяковскийдің және басқа да ақын-жазушылардың еңбектерін өзіміздің ана тілімізде шеберлікпен сөйлете білді. Сондай-ақ С. Иманасов 1959 жылдан бастап әртүрлі баспасөз саласында қызмет етті. "Жас алаш" ("Лениншіл жас"), "Жетісу" және Жазушылар одағында, Халықаралық қазақ қауымдастығында, қазір "Жазушы" баспасында бас сарашы болып еңбек етіп жүр. Менің есіме бір өңірден түлеп ұшқан Сәкен ағаның замандастары Әділбек, Құдаштар да түсіп отыр. Олар елу мен алпысын көзі тірі кезінде тойлап, қуана алмай кетті-ау. Әр адамның тағдыры әртүрлі, пешенеге не жазылды сол. Ешкім өмірді белгілі бір уақытқа ешкімнен сатып алмайды. Сәкен ағаның бақыттылығы сол – жалғансыз шындықтың бетіне тура қарап, пенделіктен биік періште көңілдің тазалығымен өмір сүруінде. Сол өмірді өлеңменен өрнектеп, өзгелерге де әсерлі қуаныш сыйлауыңда. Өлең оның мәңгілік қастығы, көгілдір көктемі. От туралы өзі де:

Өлмес едім – Тас төбемнен жай ұрса,

Көктер едім көктемдегі қайынша.

Біржолата өлетін-ақ шығармын.

Мені біреу өлеңімнен айырса!" –

деп ағынан ақтарыла түйіндепті. Барыс жылы туған ақын ағаны жылқы жылы туған қарындасы қуып келе жатқандай. Алпыстың асқар шыңы бізге де алыс емес сияқты-ау. Сол алпыстың асқар шыңына қыран құстай самғап шыққан. Алаштың арқалы ақыны атанған Сәкен ағайға арнаған өлеңіммен мақаламды қорытындылағым келеді:

Көзімнен жапыраққа жас тамғанда,

"Бала" боп даналықтан жасқанғанда.

Ойыма Сәкен аға оралғансың,

Туған жер Ақсуымды еске алғанда.

Айналып сағынышың дастандарға,

Айбарлы ағаларды еске алғанда.

Сен шықтың сахнаға, ақын аға

Төбемнен қарап тұрған аспан барда.

Кеудеме қалқан болар арман аға.

Із салып сағынышын сары далаға.

Өлеңнің адырнасын аңыратқан,

Жүрегі жүгінеді арға ғана.

Сырласып қаламен де, даламен де,

Аттаған мына белден, ана белге.

Шақырса жастық шақтың шағаласы

"Барам" деп, бармай қалма Алакөлге.

Деген ол: "келмей қалса алаңдаймын"
Шықса екен қара бұлтқа қамалмай –
Күн. Бүгінгі батыр ақын ақбозаты –
Баласы "Қаракерей Қабанбайдың!"

Тірі жүр рухқа айналып ұлың бүгін,
(Өшірер азаматтық үніңді кім?!)
Жаралдың Алакөлдің толқынынан

Жырына ап Сейфуллиннің сұлулығын...

Түспейді төбелерге көз қиығың,

Ұстатпай қайда қашар жезкиігің.

Ешкімнің орынына таластырмай,

Күтіп тұр алатұғын өз биігін.

Жас ару... күлкісімен емделесің,
Емделіп, жол үстінде сен келесің,
Кешегі "Ақ дариға", "Ғашық дүние"

Қол бұлғар қызғалдақты "Бел-белесің".

Талықсып таң алдында түс көресің,

Түсінде ғарышқа бір түстенесің.

Болсаң да жерде тұлпар, көкте сұңқар,

Төсінде туған жердің "кішкенесің".

Талпынған сұлулыққа сыршыл ұлан,

Тамшының сыр тыңдаған тырсылынан.

Кеудеңде толқып соққан жүрегің бар,

Жаралған Жетісудың бір суынан.

Батырсың... алмасаң да батыр атын,

Шабытын найзағайлы шақыратын.

Туған ұл туған елден барыс жылы

Барыстай мінезің бар атылатын,

Тағдырға иілмейтін батыр ақын!

"Алматы ақшамы"газеті,
27 мамыр, 1998 жыл
Жүрсін ЕРМАН
ОЛЖАЛЫ ӨЛЕҢ ӨМІРШЕҢ

Берсе қолынан, бермесе жолынан алуға дайын өңмендеген өлермендер заманы туған шақта қашаннан ибалы мінезі бар қазақ жырының хәлі кіріптарлыққа түскендей. Өйткені, бұған дейін жақсы өлеңдер кітабын шығаруды міндетіне алып келген мемлекеттік баспалардың есігі ендігі жерде сирек ашылып-жабылатын болды да, қолы ұзын, қалтасы қалың "өлеңшілдер"қарадүрсін дүниелерін қандай кітап етіп шығарамын десе де қолынан қағар ешкім жоқ. Оның жақсысы қайсы, жасығы қайсы – айырып болмайды. Сөз құнын өз құнына теңгерген қазақ секілді халық үшін бұл да бір кесепат-кесел. Көркемдік нышандары пұл құдіретінің алдына келіп тізерлеген тұста, қолға түскен әр тәуір кітап тұтас бір олжадай болып көрінеді. Оқырманының тілін тұшытатын сондай бір соңғы олжамыз – Сәкен Иманасовтың екі томдық таңдамалы шығармалары. Біздің мақсатымыз – ақынның шығармашылық есебі секілді қос кітаптың төңірегінде аз-кем пікірлесу. Біреуді мақтасақ, үстіне су тигізбей, алты қырдан асырып, сынасақ, іске алғысыз етіп тастайтын қазақы мінезіміз бар. Осының екеуі де Сәкен шығармаларына лайық емес. Өйткені, өзінің бүкіл өлең көшімен, сол көшінің сән-жарасымымен де, кем-кетігімен де Сәкен – бүгінгі қазақ жырының елеулі бір тұлғасы, ажырамас бөлшегі.

Біздің аңғаруымызда, Сәкен Иманасовтың поэзиядан саяқ жүрген жылдары болған. Соның салдарынан көзден таса болғандай күй кешіп, іркіліп барып, барша болмыс-бітімімен қайтадан жарқ ете қалған. Меніңше, Сәкеннің сол сырт көзге баяулаған кезі – тоқырағаны емес, өзіне-өзі қатал талап қойып, "өзін-өзі іздеген" тұсы. Көңілінің таразысына кезін салған сол ішкі бақылаушысы ақынға бір кезде өлеңді аз жаздырғанымен, оның нағыз маржандар сүзуіне де игі ықпал жасап, шеберлік өлшемдерін биікке көтергендей. Бүгінгі Сәкен кітаптарынан нашар өлеңдер көрмесеңіз – бұл сол ішкі сарапшының өресі биіктеп, талабы тым қатайғанынан деп білеміз. Яғни, ақынның баспа жүзін көрген өлеңдерінің арасында "сіркесі су көтермей тұрған" көтерем өлең жоқ.

Қай-қайсысы болса да сезім пернелерін ең болмаса бір ызың еткізетін бапқа жеткен қалпында ақындық толғаныс-тебіреністің перзентімін деп тайынбай айта алатын қабілеті бар дүние. Қазақ поэзиясы секілді арғы-бергі дәстүрі мол өнер үшін бұл аз жеңіс емес.

Осындай біркелкі сапаның сыры– шеберліктің неше иірім, қанша қайырым құпияларын қапысыз меңгеруде ме деп ойлаймыз. Сәкеннің өзі Ілияс ағасының шәкіртімін деп мойындағанымен, нағыз өнерлі өлеңдерінде ешкімге еліктеп – солықтауы жоқ, дара бағытын анық тапқан сара ақын оқырманына көз жаздырмайды. Сол себепті де бұрыннан таныс өлеңдеріңді қайта оқығаныңа өкінбейсің, жүйрікпен қайта жолыққанындай бір серпіліп қаласың.

Туған жер,
Бір ұлыңнан кем көрінбей
Өтсем деп,

Өлеңдеттім мен де ерінбей.

Көркіңнен күні-түні көз алмадым

Қазақтың тас қашаған зергеріндей, –

деп өзі айтқандай, шабыты шалқыған шақтарында ақын да нағыз зергерге айналып, әншейіндегі жұмыр басты пенденің көзіне түспес, көңіліне шалынбас небір нәзік құбылыстар мен күрделі күрмеулерді жыр жолына түсіре қоятыны ғанибет.

Күнде ертеңмен күніне жүз бөгеліп

Қандай ғана сылтаулар іздемедік.

Жинай алмай жатқанда жазғы егінді

Қалғаны ма қыраулы күз де келіп!

Күз де келіп қалыпты-ау, қыраулатып,

Қонайын деп, қона алмай жүр-ау бақыт.

Қырдың қызыл түлкісін қақсам ба екен

Кебік қарға алғашқы бір аунатып.

Бақыт құсы төбемнен ұшып өтіп,
Құлагерді жүргенде кісінетіп,
Қара суық килігіп,
Қары жауып,

Қалмас па екен кеудемнің қысы бекіп!

С. Иманасовтың өлеңдері осындай: кейде селт ете қаласың, кейде ішің мұздай болады, кейде жүрегің атқақтап соғып, әлдебір өкініш, мұң қармағандай болады. Нысананы тап басу деген сол шығар.

Сәкеннің:

Таппақ болып менен де ақыры мін,

Тар, – деп те жүр біреулер тақырыбың.

Қалай ғана тақырыптар болады,

Жаһаныңды жаңғыртып жатыр үнім...

деп басталатын бір өлеңі бар. Шынында да, партия бағыт нұсқап, көсемдер жол сілтеген кешегі бір жылдардағы өлшеммен қарасақ, С. Иманасовтың тақырыбы шынында да "тар". Өйткені оның жалғыз-ақ тақырыбы бар. Ол – адам. Адамның тағдыры, қуаныш-сүйініші, өкініш-өксігі, арман-мұраты, мінезі, қылығы, ой кешулері. Шынтуайтына келгенде, осыдан кең, осыдан құнарлы, осыдан мәңгі тақырып бола ма? Мәселе сол тақырыпты қалай меңгеруде болса керек. Ешкімге ұқсамай, өз нәшіңмен, өз үніңмен жырлай білсең, сол – қазына.

Шешен жоқтай
Менімен теңдес тілге
Қара сөзден жанға дес бермеспін де,
Дедім де бір

даралау кеткім келді,

Өткім келді ұқсамай енді ешкімге.

Сынамақ та ем біржола бағымды әрі,

Қазақта жоқ сөз бірақ табылмады.

Тұмсығы тасқа тиген бекіредей

Осы болды-ау тауымның шағылғаны.

Басылып бірте-бірте асылық сәт
Өмірдің ақырын кеп нәшін ұқсақ,
Қашан да турады екен
Қазағыңның

Біріне бас, біріне қасың ұқсап.

Көнді деп,
Қанша жүйрік сез ырқына,
Кетсең де елден ерек тез ұмтыла,
Ұқсамақ мүмкін емес екен тегі

Өмірде,

Өлеңде де өз ұлтыңа!

Иә, Сәкен Иманасовтың Адамы – таза ұлттық бітімімен, пішін-түрімен, қылығымен, тіпті, сөйлеген сөзімен де өз қандастарына, өз жерлестеріне – қазақтарға ұқсап тұратыны, ұқсағаны несі, солардың өзі екені рас. Меніңше, ақынның анық бір олжасының өзі сол. Көптеген сюжетті, оқиғалы өлеңдерінің ұзақ есте қалатыны да өлеңнің сол ұлттық болмысынан болса керек. Сәкеннің "Еліктеу" дейтін өлеңін үнемі сүйініп ойға алып жүремін... Лирикалық кейіпкер бала кезінде сотқарлау, бірақ, әділетшіл, өркөкірек жолдасына еліктеп жүреді. Жолдасының жалғыз міні – сақау екен.

Ызыңдатып,

тісті мен де үрледім,

Сақауланып:

"жүр"демедім,

"зүр" дедім.

Өзіңді-өзің бүлдірудің осындай

Еліктеуден шығатынын білмедім!

Баласының еліктеп-солықтап жүргенін байқаған әкесі оны шақырып алады.

– Балам, шақшаң бар ма?– деді нар кісім,

– Зоқ! – дегенім есімде,

одан арғысын

айта алмаймын.

Жарқ етті де көз алдым,

ұшып түстім.

Жасаған-ау, бармысың'"

Шапалақпен тартып қалып жағыма:

– Балам, миың бар ма?–деді тағы да.

– Жоқ-жоқ! – дедім – жоқ! – дедім мен қайтадан, шүкіршілік айтып іштей барыма.

– Дұрыс!–деді,–

Шақшаң да жоқ, жоқ миың,

Балам онда кімге дәрі тоқ күйің.

Сен егерде қоймасаң бұл әдетті,

Менің берген өнегем де көк тиын!

Осылай бір ұшырды да зәремді,

– Бұдан әрі көрсетпе! – деп, –пәленді! –

Күле қарап, жіберді әкем жөніме,

–Ұққан болсаң, ызылдамай, бар енді!

Содан кейін... өзіме-өзім сеніп тек,

бір адамға көрген жоқпын еліктеп.

Өзің болып қалу керек екен-ау

Досың үшін жаныңды қи, өліп кет!

Этюд тәрізді әдемі еленді оқып шыққан соң сақау-сотқар баланы да, оған еліктеген кейіпкерді де, қаталдау әкені де жақсы көріп кетесің. Ең бастысы, осылардың үшеуін де өзіңе етене таныс етіп, қазақы қалпында көрсете білген ақын шеберлігіне ырза боласың. Бұл келтірілген өлең С. Иманасов туыңдыларының сәттісі емес шығар. Алайда, кішкентай құбылыстан үлкен ой түйе білетін сенімді қолтаңба ақынның қапысыз меңгерген тәсілі екеніне дау жоқ. Адамшылық әрқилы қасиеттер, мінездер, адалдық пен қараулық, достық иен сатқындық, махаббат пен өшпенділік турасындағы, бірін-бірі толықтырып, еселеп отыратын райдағы, түрлі шырайдағы өлеңдер – соның айғағы.

Табиғат көркін тамашалаған, әсіресе, туған жер – Жетісу, ағынды Ақсу, айналы Алакөл туралы сәтті жырлар – Сәкеннің оң жамбасына келген қуатты жолдардың көрікті тұстары.

Танымал ақынның бұрыннан белгілі жыр шумақтарымен қайтадан жүздесе отырып, менің бір аңғарғаным – С.Иманасовтың кейбір ажарлы өлеңдері өзінен кейін біраз жаңғырықтар туғызыпты. Әдетте әдебиетте, оның ішінде, өлеңде ұқсас нұсқалар, вариациялар бола береді. Дегенмен, әуелгі тегі қайдан шыққанын біле жүрген теріс емес. Айталық;.

Жаңа бір сарын бастадым,

Төгілсем деумен сел боп кіл.

Естісең қырдан асқақ үн

Сені іздеп жүрген мен деп біл!

Жарқылдап ойнап бар тұлғаң

Толқынға шомыл, теңізді өп.

Шағала көрсең шарқ ұрған,

Мен деп біл жүрген сені іздеп.

немесе:

Көктемнің гүлін көрсең, мені ізде,
Толқын-толқын бұрымды өрсең, мені ізде
Кешкілікте қатар жүрген құрбыңнан
Кино жаққа бұрып келсең, мені ізде, –

деген тәрізді сәтті өлеңдердің кейін қалай түрленіп, қалай жалғасқанын көзі қарақты оқырман анық аңғарады. Алғашқы нұсқаның тосын өрі сұлу тұлғасы өзге ақындарды неге бейжай қалдырмағанын әбден түсінуге болады.

Өз басымыз әлемдегі ең озық жыр көші деп есептейтін қазақ жырына жаңа үрдіс, қонымды соны дәстүр енгізу – небір дүлдүл ақынның пешенесіне бұйыра бермейтін, тіпті қажет те емес бақыт. Шынында, ғасырлар бойы қалыптасқан әдемі де оңтайлы сара пішіндер тұрғанда, қайтадан жаңалық ашудың не керегі бар? Алайда, сәтімен табылып, жарасымымен жаңғырып жатса, қолға түскен олжадан қашудың да жөні жоқ. Айтайын дегеніміз, Сәкен Иманасовтың өзіндік қолтаңбасына айналып кеткен ішкі ұйқастың жатықтығы сонша, қазір осы амал да оның кейбір қаламдастарын қызықтыра бастады. Мысалға бірер шумақ келтірейік:

Өзгермеді ештеңе, өзгермеді,

ауыздыға арсыздар сөз бермеді.

Ыңыршағы көрінген атты айдаумен

Қақпайлаумен келеді ездер мені...

немесе:

Мұнымды мықтылардай ұқтыра алмай

шынымды жайын ауыз жұтты қандай?

Айналып күні – түнге үмітім де

ақырын ери-ери бітті қардай.

немесе:

Бәрібір оған нанбайтыныңды,
Қалмайтыныңды бұл елден,
ұсынып үшкіл балдай тілінді,
алдайтыныңды білем мен! –

деген секілді табиғи қалпымен құйыла салған құйма шумақтардың орындалу шеберлігінен олардың күшпен, зорлықпен қиюластырылғанын емес, құдайдың күшімен жаратылғанын әріптестері сезбей жүрген жоқ. Түбінде осы пішіндер өзге ақындардың да оңтайлы қаруына айналып жатса, оған Сәкен өкпелей қоймас.

Бұл шағын пікірде С. Иманасовтың қос том жыр кітабының барлық қадір-қасиетін, артық-кемін біз түгелдей алмаспыз. Әйтпесе, арнайы тоқтап, талғап-талдауды тілейтін тәуір өлеңдер Сәкенде аз емес. Кезінде жұртшылықтан орынды бағасын алған "Айтыс" поэмасы да – бөлек әңгіменің тақырыбы. Ақынның тіл өрнегі, сөз саптасы, кейде асып, кейде кем түсіп жататын екпін-ексімі, образ сурет секілді көркемдік құралдары да әдеби сынның объектісі болуға әбден лайық. Сәкеннің өз жазғанын өзі қызық керіп, өзіне-өзі сүйсініп отырып, өлеңді орынсыз созбақтап, дәмін кетіріп алатынын да нақты дәлелдермен сөз етуге болар еді. Ең бастысы, екі кітапқа топтасқан мол қазына – бүкіл болмыс-бітімімен ендігі жерде талғампаз оқырманның еншісіне көшіп кетті. Жазылған жыр, шыққан кітап – ақын үшін өткен шақ. Шабытының шаңқай түсіне қадам басқан қарымды қаламгерлердің қазіргі аяқ алысына сүйсіне отырып, алдағы күндерінен де дәметеріміз көп екенін жасыра алмаймыз. Жазар көбейсін!

'Қазақ әдебиеті" газеті,
шілде, 1994 жыл
Жүрсін ЕРМАН,
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Сәкен ИМАНАСОВ
Айтар едім ұқсам айқын –
Есімдерін құт санайтын
Сәкендердің не сыры бар

Ешкімге де ұқсамайтын.

Өмір өрге бастаса екен,

Қабақты мұң баспаса екен.

Сызданасың сыртыңменен,

Жоқ секілді басқа Сәкен.

Жылдарменен жарысқандай,

Кеңеюде қарыс маңдай.

Ызаланған кездерінде,

Арылдайсың арыстандай.

Одырайған орыс ағам,

Келбетіңнен дәріс алам.

Жақтырмайсың жан баласын –

Қарыздардай бәрі саған.

Бір киетін киімдейсің,

Түнерсең де түйілмейсің.

Сынар жерде – сынасың да,

Илікпейсің, иілмейсің!

Не ішпейсің, не шекпейсің,

Дарынсызды дос етпейсің.

Қаламдастың қасиетін,

Тек өлеңмен есептейсің.

Ашылмаған әлемдейсің,

Айтылмаған сәлемдейсің.

Сәкендердің осал болып,

Тумайтынын дәлелдейсің.

Өлең, өлең, өлең, өлең дейсің,

Өлең өлсе – өлем дейсің.

Осал жерің – аппақ қыздар,

Аппақ көрсең елеңдейсің!

Жер шоласың, бұлт аласың,

Қаусыратын жыр табасың.

Өлең десе бурадай боп,

Буырқанып, бұрқанасың!

Кедейлердің дарқанысың,

Баймын деп қорқамысың?

Алакөлдің аш балығын

Шошытатын шортанысың.

Жүйткісе де қаламың көп,

Көңілінде алаңың көп.

Депутат та болып көрдің,

Керек болса – боламын деп!

Сүрлеу дейсің. Соқпақтайсың,

Аяр көрсең – аттатпайсың.

Ашуланған адамыңды,

Кітап жазып тоқпақтайсың!

От шашатын шақпақтайсың,

Сапарыңды тоқтатпайсың.

Барлық Сәкен атаулыны,

Жалғыз өзің жоқтатпайсың.

Шуылдақтар болды шулап,

Қонар ерге қонды шын бақ.

Сәкен жайлы бұл өлеңде,

Болмау керек соңғы шумақ.

"Жетісу" газетінен
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ,
жазушы
ТҮСІНЕ АҚБОЗ АТ КІРЕТІН АҚЫН

Сәкен – қазақтың дарынды ақыны – Сәкен Иманасовпен 1960 жылдардың басында танысқан екенбіз. Әйбат жігіт көрінді, тез-ақ табыстық. Жастық қашан да жақсы. Сәкен қазір де көркем, жігіт кезінде тіпті енді болатын. Бар қалпы жарасымды, сәл қарлығыңқырап шығатын дауысы, өр көкіректеу көрінетін кейпі, ұрандаса кетуге әзір тұратын мінезі байқалатын осы бір жігітпен ұзамай сырлас боп алдық, ашық сөйлесеміз, айқын-жарқын әңгіме-дүкен құрып, пікірлесетін болдық. Сондағы бір байқалатыны, Сәкен біразымыздан көш ілгері тұрады, жастығына қарамай оқыған-тоқығаны молдай көрінеді, ескіге де, жаңаға да жүйрік, сөйлеп кетсе көсіле ағытылады. Сондайда ол кебіне өз өңірі – Жетісу бойына көп барады, жер жанаты Жетісуды жыр ғып айтады. Ғажап өлкенің өзен-көл, тау-тасын тірілте суреттегенде Сәкен сол тұста қайта тани бастаған Ілияс ақынды еске сала, елітпей қоймайтын, онысы бірде жыр, бірде сыр боп үзіліп түседі. Достары қызығамыз, бәтір-ау, осының бәрін қайдан шығарып айтып түр деп. Жігіттік шақ елтігіш, аңсар ауғыш, оның Алакөліне таң қалатынбыз, барғымыз кеп, бірде Қапал асып кеткіміз келеді, ондағы сиқырлы ескерткіштерді көрсек дейміз, бірде асау тау өзендерінің сарқырамасын тамашалап тұрғандай әсер алатынбыз. Әркімнің де туған жері бар, бірақ жазық даладан келген біз сияқтылар таулы-тасты әпкенің Сәкеніндей көсіліп кете алмайтынбыз, кейін ғой ес жиып, жан-жағымызды шолғанымыз, алысқа қарау да өреге байланысты, бәріне өре керек екенін өсе келе ұқтық, әр өңір өзінше көркем!

Сәкенмен әп сәттен-ақ етене жақындасып кетуімізге шамасы жазу өнері себепші болған болуы керек. Шынында да бізді жазу өнері жақындастырды, тұс-тұстан – Қазақстанның әр шетінен жиналған жастармыз, университетте оқимыз, әркімнің талабы әр қалай, көбіміздің жазуға деген ынтызарлығымыз басым, бірақ бас білгі тәжрибеміз жоқ. Жазу да бір тылсым дүние-ау, сиқырымен тартады, бәрі құмартудан бастала ма, сол тұстағы қатар жүрген жастар жарыса жазамыз. Біріміз өлең, біріміз қара сөзге бейімбіз, ішіміздегі өндірте жазатын да осы Сәкен еді, өзі бесаспап, жырды төгіп-төгіп тастайды, ара-арасында мақалалар жазады. "Жетісу", "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газеттерінде Сәкеннің өлеңдері мен очерктері жиі шығады, жазғандарының көбісі радиодан оқылады. Ол кездегі қаламақы қандай! Сәкендер додалап алып жүрді... Бірінде Сәкеннің еліне барып келіп жазған очеркі радионың "Шалқар" программасынан оқылады деп естіп, тыңдауға радиоқабылдағыш іздегеніміз бар, бір топ жігіт пәтерде тұрамыз, өзімізде радиоқабылдағыш болмауы себепті көршінің есігін қағуға тура келді. Жаздың күні болатын, түскі уақыт-ау деймін, есік ашқан әйел үйінде еркін-жарқын жеңіл халат киген күйі, бізді қарсы алды. Омырауы айқара ашық, екі емшегі екі пұт деуге келетін әлгі келіншек бізге жайдары жылы қабақ танытып, өтінішімізді екі етпей, радиосын қосып берді. Әнуар Байжанбаев ағамыздың дауысы саңқ етіп Сәкеннің очеркін оқи жөнелді, тағы да туған өңірі, ондағы еңбек адамдары жайлы екен, сілтідей тынып, құмарта тыңдастық, әдемі суреттер әуеде қалқып, Алакөл атырабы кісінің көз алдынан өткендей болды. Жақсы очерк музыкамен көмкерілгенінде тіптен әсерлі естілді ме, соңынан Сәкенді қуана құттықтадық. Жас дәурен, қуана білетін кез, аңсайсың қазір!

Сол тұстағы қолына қалам ұстаған жастардың көп төңіректейтін орыны "Лениншіл жас" болатын. Мұнда Қалдарбек, Қуанышбай, Рымғали, Болат, Мәткерім бар. Тельман Жанұзақов, Сейдахмет Бердіқұлов, Жүсіп Қыдыров, Еркінбай Әкімқұлов, Таңатқан Рсаев, Әбіқұл Ибрагимов, Қарсыбай Қасымбеков сияқты журналист ағаларымыз бен тұстастарымызға еркінси кіретінбіз. Арамыздағы Сәкен осылардың бәрімен ет жақын араласады, іштерінде жүріп, тастай батып, судай сіңеді. Бірінен тапсырма алса, бірімен шүйіркелесе әңгімелесіп, пікір таластырып жатады. Дәл осы жылдар тұсы болар, әдебиетке де жаңа серпіннің ене бастау кезеңі. Өткен алпысыншы жылдардың басы қазақ әдебиетінің түлеген жылдары десек артық айтқандық болмайды, елуінші жылдардың бел ортасынан бұрынғы көз үйренген жыр жолдарының тақырып ауқымы кеңіп, ырғағы дамып, жаңа жағаға шыға бастаған сәтті қадамы айқын көрінеді. Қызыл Компартия, Кеңес өкіметі, берісі Хрущев жылымығынан соң-ақ жеке басты дәріптеу тақырыбы түбегейлі ысырылып тасталмағанмен, өлең-жыр кеңістігінде лирикалық пайымдаулар мен ой-толғаныстар элементтерінің көрінуі байқалатын еді. Поэзиядағы саналық өзгерістердің бой көрсетуі әдебиет көкжиегінің кеңуіне ықпал етті. "Өзге емес өзім айтам өз жайымды" деп Қасым ақын бұлқына шығып, тоталитаризмнің тұсаулы шідер жібін селдіреткен кез қазақ поэзиясының сілкінген бір дәуірі деу орынды. Бұдан соң-ақ лықсыған қазақ жырының бұлақ көзі аршылып, кең арналы ағысы лап береді. Әу бастан таза, бастау бітімі бөлек, еркін ойлы қазақ жыры көзін аршыса атқылайын деп-ақ тур екен. Тегі жақсының тумысы бөлек, негізі бардың ізі жоғалмайды. Бастауын сонау ықылым заманғы көне ғасырлардан алып, толғауымен тоғыз ханды тоқтатқан баба Сыпыра жыраудан бастап бүгінге жеткен қазақтың мың өліп мың тірілген кестелі поэзиясы алдында не бір бөгет тұрса да бұзып өтетіндей екпінді еді. Сол бір ұлтымыздың рухани айнасы, көркем шежіресі саналатын қазына, алтын қор дәстүрі бертін қазақтың бас ақыны Абаймен толықты, Ахмет, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Сәкен, Ілиясымен байыды. Бұған Әбділдә, Қалижан, Тайыр, Ғали, Қасым, Әбу, Абдолла, Мәриям, Жұбан, Сырбай, Қуандық, Мұзафар, т.б. ақындарының сан қырлы жырлары қосылып, өзен боп құйылады. Енді Ізтай, Ғафу, Тұрсынхан, Тоқаш, Зейнолла, Еркеш, Аманжол, Шәміл, Сағи, Қадыр, Тұманбай, Жүсіп, Төлеген, Мұқағали, Жұмекен, Фариза, Әбіш, Оразбек, Жарасқан, Мұхтар, Есенбай, Дүйсенбек, Ақұштап сияқты талантты ақындар легі келіп, поэзия жанрын жаңа ізденістерімен байытты. Бұл толқын және қарқынды толқын еді – 60-ыншы жылдары бұл лек әсте толысты. Мұны XX ғасыр қазақ жыр өнерінің көкжиегі жарқырай ашылған кезеңі деу орынды, толқын толқынды қуады. Осы ұлы толқынға біздің Сәкен Иманасов та сол жылдары өзінің ақ махаббатын ақтарыла төгіп, еркін қосылып кетті. Және толықтыра қосылды. Жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдар аралығында қазақ поэзиясының көгіңде жаңа буын өкілдерінің есімі боз ала таң, бозторғай болып, қалықтай көтерілді. Қазіргі Темірхан, Күләш, Есенғали, Ұлықбек, Иранғайып, Серік, Бауыржан, Гүлнар, Сабыр, Светқали, Ертай тақілеттес ақындар болашақтың ақындары ретінде – XXI ғасыр есігін ашты. Бұл лек әсте көп және толастамайтын лек, жүрек осыған қуанады.

Тегінде, Сәкен Иманасовты жұрттың бәрі түбі бірге түркі әлемінің санаулы талантты ақындар санатына қосады. Осы реттен де қазіргі тандағы қазақ әдебиеті, оның ішінде төлтума поэзиямыз жайында сөз бола қалған жағдайда оның атын орағытып өту мүмкін емес. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетіндегі "Жиырмасыншы ғасыр жырлайды" анталогиясына енгізілген Сәкен ақын өлеңдеріне орай жазылған аннотацияда: "Иманасов поэзиясын биік бағалауға да болар, Иманасов жырларын жақтырмауға да болар, бірақ оның кітаптарын оқып отырғанда автордың анық ақындығын, жамбасына топырақ қалың жұққан, қазақы жырдың қайнарынан қанып ішкен тума талант екенін мойындамау мүмкін емес" – деп тұжырымдалыпты. Алып-қосары жоқ, ақи-тақи шындығының өзі осы. Затыңда, сөзден сөз шығарушының лебізі шебердің қолынан шыққан нәрсе емес, мәселен, пышақты көріп мынау пәлен деген ұстаның, ерді көріп мынау пәлен ершінің қолы екен дейді, ал сөз өнерінің аты шығарма болса, ақын төлтумасын таныған оқушы оның тілі мен лұғатына назар аударады. Сәкен осы көрнек өнерімен жұртшылыққа әбден танылған ақын. Осы тұста ақын Тұманбай Молдағалиев ағасының айтып беруімен қаламгер қауым арасына кеңінен тарап кеткен мына бір әңгімені еске түсіре отырсақ ерсілігі болмас. Осыдан көп жылдар бұрын Сәкен Иманасов пен оның бұл күнде бақилық болып кеткен құрдас досы, ақын Сабырхан Асанов Қырымдағы Көктөбелде (жазушылардың шығармашылық үйі) демалып жатса керек-ті. Қара теңіз, шыжыған күн, құж-құж қайнаған жағажай, мөлдір тұнық салқын су. Күн нұрына қақталып жатқан екі ақын әр нәрсенің басын бір шалып, не түрлі қысыр әңгіменің, іштегі ойдың біразына ерік береді емес пе. Әңгіме үстінде ерігіп жатқан Сабырхан: "Сәкен, осы сен екеуміз қандай ақынбыз, қалай ойлайсың?" – деп сұрайды ғой. Сонда Сәкен оған бола көп бас ауыртып жатпастан: "Сабырхан, сен өз жөніңді өзің біл, онда менің шаруам жоқ, ал маған келетін болсақ, егер бүгінгі футбол тілімен айтар болсам қазірге тірі жүрген ақындар тізімінің алғашқы ондығына әлде қашан тұрақтағанмын", – дейді екен күлмей де, асып-саспай да әр сөзін нықтап айтып. Кейіннен Сабырхан: "Сәкен өзі туралы соны айтқанда басында не дерімді білмей, біршама үнсіз тұрып қалдым" – депті. Осы әңгімені тетелес екі інісінің аузынан әлденеше рет естіген Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев кейініректегі Сәкен Иманасов жайындағы бір мақаласында қиыстыра отырып қолданғаны да бар еді.

Сөз өнері адам санасының үш негізіне: ақылға, қиялға, көңілге тірелгенде жұғымды. Яғни өлең айшығы мен шумақ өрімі, тармақ тізбегі мен бунақ ырғағы сәйкес келгенде ғана ақын оқушыға түсінікті болады. Бұдан ақындық дара таңба, дербес үн естіледі деген сөз шығады. Сәкен осы жағына шебер, өлең техникасын әбден меңгерген жыршы. Әйтпесе сөздің сыны жалғыз тынысында емес ішінде де бар екені анық. Сәкен осы асыл сездің тысқарғы кестесін ғана емес ішкергі мағынасын да дәл байқайды. Мұны ұстаның ұстасы ғана біледі. Сондықтан да болар оның жырларындағы тұрмақтар орнында, өлең өлшемі әдеби нормаға сай, бунақтары ақын қалаған жерде тұрады. Рас, Сәкен ақын көпіртіп көп жазбайды. Газеттер мен журналдар беттерінде де көзге ұрып, жиі көрініп жүрген жоқ. Сәкен қатарлас, Сәкеннен кейінгі бірқатар ақындарымыз жылына неше дүркін Республика сарайында дүбірлете той жасап, шығармашылық кештер, түрлі деңгейдегі әдеби кездесулер өткізіп жатады. Суырылып сахнаға шығуды ұнатпай ма, болмаса соған қыры жоқ па, әйтеуір, Сәкен шақырған жерге ғана барып қойып, өзінше жүре береді. Әрине жұртты жиып кеш өткізу көрсеткіш емес, таза ақын, дарынды ақын қай жерде де ақын, гәп талантта. Енді байқадық, Секеннің жарық көрген кітаптарының саны да анау айтқандай көп емес екен. Бұл, әрине мін емес, бәлкім аз да болса саз жазуды мұрат тұтқан ақынның қатаң ұстанар қағидасы болуы да мүмкін. Бір кездері дүркіреп шыққан ақын сонау жылдары еліне барып тұрақтап қалғаны бар, түрлі қызметтерде жүрді. Әйтеуір, көп жылдарды ұзатып сала келіп, 1998 жылы "Алакөлім – айдыным" деп аталатын бір томдық таңдамалысын шығарған. Сол кітапты қайталап оқи келе, ақын Сәкен жайындағы ойымызды бір желі басына жинақтап, оның шығармашылығы турасында бұрын-сонды айтылып жүрген әрқилы пікірлерден бөлек сарындағы тұрақты бір түйінге келгендейміз. Ол түйін – ақынның бәз-баяғы тас түйін жинақылығы, ақын шыншыл қалпынан танбаған, өзінің тұрақты өлең өлкесі мен поэзия дейтін әлемнің таза өкілі ретінде сақталғанын айту. Жалпы Сәкен табиғатынан өлең құраушы емес, поэзия сардары болып қалады, бұл – шындық!

Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма десек, таңдамалы деген атау сол шығарма сөздің іріктелген жиынтығы. Мұны шумақтап айтқанда әдебиет дейді, әдебиет арабша, қазақша асыл сөз деген мағынаны береді. Енді осы асыл сөз "Алакөлім – айдыным" кітабына үңілелік. Қазақстанның күнгей шығысында әйгілі Жоңғар қақпасына таяу Алакөл аталатын көл барын, сол көлді жағалай қоныстанған ел барын біразымыз жағрафиядан жақсы білеміз. Сәкен ақынның сол өңірде дүниеге келгенінен де хабардармыз. Солай бола тұра нағыз ақын бір ғана аудан, өзі туған бір ғана өңірдің тумасы, сол жердің ғана перзенті болып қала алмасы белгілі. Ел сөзін ұстаймын деген ақын қанша ма айбынды да айдынды болғанымен бір ғана ауылдың жыршысы болумен шектеліп, тақырып аясын да, өз ерісін де тарылтып өлең өлкесін еншіленбейді. Таңдамалыда осы ойға жауап көп.

Таппақ болып менен де ақыры мін,
Тар деп те жүр біреулер тақырыбың,
Қалай ғана тақырып тар болады,

Жаһаныңды жаңғыртып жатыр үнім.

Жырақ шығып көрмедім өз елімнен,
Туған далам орманым, өзенімнен,
Африкаға барсам да ауылымнан

артық әсер етпесін сеземін мен!

Туған жердің сүйеніп терегіне,

Бұлбұлы боп мұң шақтым мен егіле.

Одан артық ақынға тақырыптың,

Одан артық бақыттың керегі не! –

дейді ақын. Бұл – оның жан сыры! Ол кір жуып, кіндік кескен жерін шексіз сүйеді. Осы реттен де:

Сарыны сарқылмайтын ағысты әнім,
Тұратын көз алдымда таныс таңым,
Жырыма жиі оралып жүрген бүгін
Алакөл – Итакам да,

Дағыстаным! –

деп түйіндейді.

Мұндағы Итака ұлы грек Гомердің туған жері болса, Дағыстан тағы бір ұлы ақын Расул Ғамзатовтың елі. Елі мен жерін бүкіл әлем жұрты тани түсуіне, біле түсуіне екеуінің де сіңірген еңбектері ұшан-теңіз екенін білеміз. Сәкен Иманасов та сол тұрғыда ой қозғайды. Алакөл дейтін көл барын, Алакөлдік ел барын, сонда туған ер барын жырлау арқылы адамзатқа ортақ тақырыптың бәріне аяқ артады. Мұңы мен шынын, сыры мен жырын қос өрімдей қатар ұстап, адами болмыстың бәрін түгел-тұтас қамтуға күш салады. Солай жырлауға талант-дарыны да жетерлік. Мұны күшенбей, күпсімей алған тақырыбын еркін игере алған, мазмұн түріне сай көмкерілген ақындық иірім десек болады.

Осы кітапта "Үй" деп аталатын шағын бір өлең бар. Өлеңнің эпиграфы ретінде: "Үшаралда әкемізден қалған ескі үйіміз бар еді. Әлдене себеппен ағайындар сол үйді сатып жіберген,"– деп түсінік беріпті автор.

Ордам еді, қордалы елі бұл ара,

Әкемізден қалып еді мұраға.

Қасиетті, киелі,

Әкеміздің өз қолымен салып берген үйі еді.

Үйімізге кім кірген?

Кімдер екен танымастай бүлдірген,
Жақындауға жарай алмай, қарай алмай есіктен,
Есім шыға

есеңгіреп тұрмын мен!..

Күйінем деп ойлаймын деп мен бұлай,

Айтам арыз ағайынға енді қай?

... Өз үйіңе кіре алмауың, аулаңда

алшаң басып жүре алмаудың қорлығы ай! –

деп, жырлайды. Ғафу ақында да осындай бір өлең болатын, бірақ ондағы мазмұн басқаша, ескі жұртты аңсау мағынасында айтылатын. Сәкен жыры бөлек. Өлеңнің ертеректе, кеңес дәуірінде жазылғанын еске алсақ, бұл тек сатылып кеткен бір үйдің шаруасы емес, өз елің, ата-бабаң жерінде егей баладай күй кешкен кешегі тірлік, империя құрамында туған топырағында алшаң басып жүре алмаған тайғақ жол, тар к.ыспақты елестетер өмір фактісі көз алдыңа келеді. Таңдамалыда мұндай жырлар көп және артылып жыртылады.

Сәкен поэзиясының бір ерекшелігі, ол алған тақырыбын сағызша созып отырып алмай, қысқа қайырып, тиянақты тұжырымдайтын ақын. Бұдан көп жағдайда ақын және ұтады. Қысқалық – шеберлік белгісі.

Қарға аунаған түлкідей түлеп те мен

Қызығы мол қанша бір түн өтпеген.

Жүдетпегем мен сені, тірлігіме,

үлбіреген үміттей гүл етпек ем.

Кеудемдегі осынау ұлы күшпен,

тұнығым деп келіп ем тұнып ішкен.

Арғы жағы өзіңе белгілі ғой,

түк айта алмай тұрмын-ау, тынып іштен!..

Бар болғаны осы, өлең бітті. Кейіпкер сырын іштей ұғасың, бәрі түсінікті, сөз қосу артық.

Ақын талантының өзгеге ұқсамас дара қасиеті көп. Оның қай шығармасында да стильдік бет-бағдары айқын көрініп, алдыңнан шығып отырады. Сәкенді басқа біреумен шатастыра алмайсың, оның қолтаңбасын тану қиын емес. Қарасөзге де шебер суреткер проза жанрында да қарымды қалам сілтеп, жұрт назарын өзіне аударды. Ол "Қаламдастарым мен замандастарым", "Қалам мен заман" аталатын екі кітап беріп үлгерді. Екі кітап дегеннен шығады, Сәкеннің бір кітабы "Тасмағамбетовтың жүздігі" (егер осылай атауға болса – автор) сериясымен шықты. Бұл "жүздіктің" де өзіндік сыры бар. Бәрі есте, нарықтан дағдарған ақын-жазушылар "енді қайттік" деп, дал боп жүрген өткен тоқсаныншы жылдардың бірінде Одаққа творчество адамдарымен кездесуге сол кездегі вице-премьер Иманғали Нұрғалиұлының келгені бар. Сонда жазушылардың жағдайын іштей ұғынған ұлт азаматы ошарылған жұртқа сол кездесу үстінде 100 ақын-жазушының кітабын тегін шығарып беруге бекініп келгенін айтты. Әрине бұл күтпеген үлкен жаңалық еді, әрі айтулы көмек болатын! Жоғары лауазымды ініміз сөзінде тұрып, кейін уәдесіне жетті. 100 ақын-жазушының кітабы ұзамай жарық көрді. Ерлікпен пара пар осындай мәрттік ұмытылар ма, Иманғали Нұрғалиұлына мың алғыс, жақсының жақсылығын айтып қою да бір парыз. Сол "жүздікке" іліккен С.Иманасовтың "Қаламдастарым мен замандастарым" кітабына берілген аннотациядағы: "Көрнекті ақын Сәкен Иманасов қалың оқырман қауымға қаламгерлік жаңа бір қырын танылып отыр. Қара сөзбен жазылған бұл кітабында ол өзі аралас-құралас жүрген талай бір аға-іні замандастарының талант табиғатын, кісілік қадір-қасиет, өзіндік кескін-келбетін, жек көргені мен сүйгенін, көргені мен түйгенін ешбір көлгірсусіз көп-көп қызықты әлеуметтік-адами деталь-деректер арқылы әдемі де әсерлі әңгімелейді. Бәрі-бәрі бір кітап ішінде тоғыса, толыға келіп, кешегі заманы мен ертеңгі елдік амалы жайындағы шыншыл да шынайы толғану болып шыққан"– деген сөздер де көп жәйттен хабар беріп тұрғандай. Ал, "Қалам мен заман" кітабы, әсіресе ондағы "Күнделіктің кейбір беттері немесе облыс әкімшілігінде өткен он сегіз ай" аталатын шығармасы кезінде әдеби ортада да, қалың оқырман арасында да, баспасөз беттерінде де көп әңгімеге өзек болып, зор серпін тапты. Әрине, жанр ерекшелігіне қарай бұл кітаптарда да бастан-аяқ кейіпкер ретінде автордың өзі жүреді. Сөйте тұра осынау ақындық ақ жарма көңілден туа қалған лирикалық сәтті шегіністерге толы шағын-шағын этюдтер сол уақытқа тән әдеби, саяси ортаның бет-пішіні, жеке бас мінез-құлықтың қоғамдық ағым аңғарына қосылуы тұтаса көрініс береді. Бұл бір ақынның ағынан жарылған сыры мен шыны, адалдық пен тазалық аңқып тұрған ой-түйіні, сонымен катар арнадан асып төгілмейтін қарапайым пайымдаулары. Өзі туралы айтқанда тек тағылым болар, тәлімге татыр уақиғаларға қатысты жағдайларға ғана тоқталады. Рас, әдебиетіміз естеліктерден кем де, кенже де емес, жарық көрген дүниелерді оқып та, тоқып та жүрміз. Бірақ сол бір 1960-2000 жылдар аралығындағы әдеби, мәдени ортаның атмосферасы жеке адамдар өмірі арқылы осынша анық та айшықты елес беретін кітап онша көп емес екенін де мойындауымыз керек. Сәкен Иманасов пайымдауларында жарқылдақтық жоқ, фактіні бұрмалай көрсету жоқ, алдыңғы планға өзі шығып көрінуге жол берілмейді, не айтса да шындыққа жүгіну бар, бұл әрине жақсы қасиет, бірақ натурализм емес. Осы күні естелік жанрын иемденушілер көп, көрінген жерге өзін кірістіру, авторлық жалған абыройға ие болу, бұйрық емес жерге қыстырылу сияқты әдет меңдеп алды. Осыдан да мемуарлық шығармаларымыздың мәні кетіп, сапасы солғын тартып жүр. Мұндай әдіс әдебиеттің көкжиегін әрине кеңітпейді. Сәкен естеліктерінің есті жағы, мінезді тектіліп осындай жағалауларға соқпай өзіндік сүрлеу салу қылығымен ұнамды. Ең бастысы, қаламгер өзінің азаматтық ұстанымынан танбайды. Ол әу бастан-ақ "жағынбадым әкіміне, өмірге, жалбарына жалынбадым тәңірге, намысымды берген жоқпын қолымнан, көнген жоқпын қиянатқа, жәбірге", деп жүрген қайсар мінезінен айнымайды. Мұндағы тағдырлар тоғысы, кейіпкерлердің типтік бейнеге көтерілуі, ішкі ағыс, соны түйіндер осындай ой қорытуға мүмкіндік береді. Мұндай ой түйінге ақынды уақыт үйретті деуге негіз бар, ол газет-журнал, баспа орындарында, партия-совет қызметінде, әкімшіліктерде, тіпті Жоғарғы Кеңестің аты шулы тарап кететін парламентінде аз уақыт депутат болған, өмірде мол тәжірибе жинақтаған азамат қой, сонысы себепкер болса керек-ті.

Өткен жылы Астанадағы "Ел орда" баспасы Сәкен Иманасовтың кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде жазған жырларының басын қосып, қалың бір том етіп шығарды. "Өткірдің жүзі" аталатын осы кітапта Сәкеннің көп жақсы өлеңдерінің қатарында "Жайлауда, 1991 жылдың жазы еді" дейтін жерлесі Серік Толғанбаевқа арналған өлеңі бар. Шағын ғана арнау өлең болғанымен бұл өлеңнің құрылымы бөлек. Мұнда этнография да, салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та жетеді. Әсіресе адам тағдырының қабысуы қызғылықты, ел салтын жақсы білетін ақын ауыл тіршілігін өлеңінде сәтті суреттейді.

Ақын кітабында өз тұстарына көп жыр арнапты, оған тоқталу қажет те болмас. Бізді ел, жер тағдырына арнаған өлеңдері қызықтырды.

Арқамды ауық-ауық аяз қарып
ағайын азғанда да жай азбадық
көлің де,
көңілің де шалқар жатқан

барады бірте-бірте саязданып, -

дейді ақын. Егер ол:

Бұл күнде –
іші зұлым,
сырты – жылы,
азып тұр ұлдарыңның ұрты ұзыны

Оның да кімге беріп, кімді алатын
қолында сала құлаш жүр тізімі, –

десе иланасың. Ақын бірде:

Әділ айтқан әзілімді кек түйген,

талай досым көрместей боп кетті үйден.

Оған да өзің күйзелесің, күйесің,

кінәң жоғын біле тұра бет күйген, –

дейді. Қазір құрдасың ба, сырласың ба көптенгі, көтермейтін болып алды өкпеңді. Ала көңіл дос көп, екпені бөз өкпе дос көтермейді. Мода өтірік мақтау, көпшік қою болса сонда қай мұратқа жеттік, ақын осындай адамдар арасының қатынасын жеріне жеткізе айтады. Дүние жалған, сондықтан да:

Әрнеге еміндіріп, елеңдетіп,

бара ма боқ дүние менен де өтіп

дегені писсимистік сарын емес, құйындай ұйтқып-ойнап өтетін өмірге пәлсапа. Қай жүректің де бабадан қалған сөз мәні кемісе бозінген көңілі боздайтыны анық. Осы реттен де:

Тіресіп келем, күресіп көрем,
Міз бағар емес сіресіп керең, –
...салдыр де күлдір сайтан арбаның,

соңынан қалмай...

ілесіп келем!'–

деп жұбанады.

Ақын көңілі бірде көл, бірде бұлақ. Еліне аға да, жаға да болғысы келетін көңілдің кейде сыр беретіні бар. Осыны ақын"сайтан арба соңынан қалмай ілесіп келем" деп сездіреді. Ал, "Деп көрсек" дейтін өлеңі ұлттық санаға әсер ететін өлең, жанайқай басым.

Көлгірлікті кере тұра кектеніп,

кіжінбедік,

тізімге еріп...

ептедік.

Күшігіміз ырылдаса – мәз болып,

Шындық іздеп шырылдаса – жек көріп, –

деп басталатын бұл өлең:

...Ойға да алған,
бойда қалған отты өлшеп,
кеш те болса қайтер еді кектенсек,
"Құлдық та бар,

Сұмдық та бар заманда
О, жамағат, шындық та бар!" деп көрсек, –

деп түйінделеді. Ет өліп кеткен тірлік осылай болса да ақын жұртына мүлгу жетеді деп түр. Тіл, дін, діл арбалып, алданған заманда сілкінбесек болмайды дейді ақын. "Көрсек" дегенінде біраз мән бар. Ақынның сезім арпалыстары мен ой ағыстарында өзін де өзгені де қайрау қайрағы жатыр, өлеңнің ішкі иірімі осыған шақырады.

"Өткірдің жүзі" көп ойға жетелейді, ақын тағылымы кісіні бей-жай қалдырмай ішкі шерді бір толқытса, адамгершілікке қарай бастайтын тұсы ойлантады. Сәкеннің жыр жолдарынан асқақ та адуынды мінез көрсек бұл ақынның өзі-ау деп шамалайсың, елім десе елжіреп тұрар нәзік жүрегін, ақиқат жолындағы ақберен өткірлігін, ақ махаббат сезімің аңғарған сайын, өлеңдегі Сәкен мен өмірдегі Сәкенді егіздей көріп отырасың. Оның ақындық адалдығы "Досты аңсап келем" дейтін өлеңінде бар қырынан ашылған.

Жолыққан шақта-ақ ұмыт боп қайғың,
Талас қап,
Шамдануы да,

Таңдануы да жарасты-ақ.

Ойламай өткен тірліктің нарқы, парқын да,

Досты аңсап келем нар көңіл,

Досты аңсап келем әрі асқақ!

Өтсе де тілеп...

Жолыққан сайын бір өртеп,
Жолыққан сайын ширығып,
Жайнап,
Түлер тек,

Жадыратып жанды,
Жарқылдап күліп, жанатын,
Досты аңсап келем бір биік,

Досты аңсап келем шын еркек!

Жолыққан сайын қояусыз құшар от-деммен,

Алаңсыз досты

Аңсап та келем көптен мен.

Сондай бір досты іздеп-ақ жүрмін шарқ ұрып

Іздеп-ақ келем жаздан да,

Іздеп-ақ қыстан...

Көктемнен!...

Іздеп-ақ келем сондай бір досты шын аңсап,

Жақсылық десе көз жұма тартар ұран сап.

Кінәсі болса құдайдың мінін бетке айтар
Жігіттен тура айналып,
Айһай, арман не,

Бір өкпесіне тұра алсақ!..

Досты аңсап келем
Айырылмай өтер тірліктен,
Онысыз, бәлки, олқы да болар жыр біткен,
Олқы да болар өмірім,

Жүрмін аңсап-ақ,
Аңсап-ақ,
Аңсап жүрмін-ау
Асыл да досты бір күткен! –

деуі тегін бе? Дос қайда сол? Кім-кімнің де үлкен сұрағы ішінде жатыр, шын досы бар адам бақытты, ал таппасаң ше, сондықтан да кім-кім де дос іздейді, бірақ досты да Алла беретін болса керек, адалынан жолыққан дос тағдырдың бір сыйы! Ойыңа Шәңгерей ақынның "Сыршы" дейтін өлеңі оралады.

Құйрық атып қүлия,
Түлкідей қашқан жымия,
Қараңды үзіп барасың,

Бізден де қайран дүния...

Дәурен өтіп, жас жетіп,

Замандас құрбы адамдар,

Азайып келіп, о бітті.

Көрген түстей бәрі де,

Көзімнен болды зым-зия.

Өмір заңы осындай, бәрі арман, адам армандауын қоймайды, адам үмітпен өмір сүреді. Зым-зия тірлік жүйрік, бәрі бір көрген түс! Сонда да біреуге жан қайғы, біреуге бас қайғы, ал, Сәкен ақын дос іздейді. Ой мен сезім – ақынның алтын арқауы! Ол таңырқайды. "Бұл неткен ел, неткен ел" деп танданады. Тандана отырып:

...Жақының жоқ өкпелер,
Жауың да жоқ жек көрер,
Ұры-қары әкімі,
ақыныңда жоқ бедел,

бұл неткен ел, неткен ел?

Аярлықты – айла дер,
қараулықты – пайда дер,
су жүректер мекені –
апыр-ау, бұл неткен ел,

апыр-ау, бұл неткен ел?! –

дейді. Бұл қай тұжырым – сұрақ? Сарынды ой түйінін автор оқушыға тастайды. Тәсіл жақсы. Әдетте оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Ақын тырнақ ішіндегі кірді көріп отыр. Өйткені ел өзінікі, ел өзінікі болғасын міні де ортақ, ақын міндеті соны көрсету.

Енді әңгіме басында айтқан уәжге қайтып оралар болсақ, "бүгінгі ақындардың алғашқы ондығындамын" дейтін Сәкен сөзіне тағы бір тоқталып өтуге тура келеді. "Ондығы" несі? Сәкен ақын "ондық" ішінде жүретін ақын ба? Кезінде замандасы, қаламдас құрдасы Асқар Сүлейменов айтқан және бір сөз бар. Ол: "Егер қазақ әдебиетіне Менделеев кестесі сияқты кесте болса, соның бір ұясына мәңгілік тұрақтаған ақын – Сәкен Иманасов!" – депті. Дұрыс-ақ айтқан ғой, осы пікір көңілге қонады, ақынды жасанды сан қатарынан емес, Асқар айтқан ұядан, толғамды ой тоғысынан, ақындық талантынан, сөз меңгеру шеберлігінен іздеген дұрыс шығар. Әйтпесе еш лауазым да ақынға ақындық қоспайды, лауреаттық атақ та ақын үшін бедел емес. Бір кездердегі Горькийдің "жазушы – құрметті ат" дейтін аталы сөзі ескірген заманда, біздегі жазушыларды мемлекет тарапынан категорияға бөліп (бірінші сорт, екінші сорт деген сияқты), бір беріп, бір алып тастап жүрген "халық ақыны", "халық жазушысы" дейтін атақ, дәстүрлі мемлекеттік сыйлық, кеудеге сөлкебай таққаннан екі болған творчество адамы жоқ. Бір жақсысы, Сәкен осылардың бәрінен ада, сондықтан да біз Сәкенді жоғарыда өзі айтқан "ондықтар" қатарынан іздемедік, оны жөне жөн көрмейміз де. Ақын түсіне ылғи ақбоз ат кіреді екен, кітабында "Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді" дейтін өлеңі де бар, ылайым, сол ақбозына өңінде мінсе игі. Сәкендей ақынға ақбоз мінген жарасады. Ақынның өз тұлпары болғаны әрине жақсы.

Куанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ

СЫРБАЗ АҚЫН, СЫРЛЫ ЖЫР

Құдай-ау, бәрі күні кеше сияқты еді-ау. Қазір ойлап отырсам, Сәкен ақынмен алғаш танысқанымызға қырық жылға жуық мезгіл өтіпті. Бізді табыстырған киелі қара шаңырақ "Лениншіл жас" болатын. Алтын жалды жыр арғымағын ертелете ерттеп мініп, ақындықтың арман-тауына тезірек жетуге асыққам албырт ақынның қатарласы, қаламдасы болған бізге сол бозбаланың бүгінде басын бозқырау шалған жігіт ағасы жасына жетіп, елінің айтулы азаматы, арқалы ақыны шағын көрудің өзі ағымыздан жарыла сыр ақтаруымызды сұрап тұрған жоқ па?! Оның үстіне кейіпкеріміз ішкенге мәз, жегенге тоқ көңілмен күн кешкен көптің бірі емес, елінің сөзін сөйлеп, жырын жырлаған сұңғыла ақыны болғандықтан да айтылар әңгіме, шертілер сыр бөлекше болары белгілі ғой...

Мінеки, алдымызда алпыстың асқар беліне шыққан Сәкен ақынның бір томдық таңдамалы жыр жинағы жатыр. Бұл өзі ақынның ел алдында берген есебі сыңайлы. Яғни таңдамалысы – тартуы. Біз сияқты ежелгі оқырмандарын да, жырсүйер жас қауым өкілдерін де Сәкен өлеңдері салған жерден сабырлы, салмақты ойлардың тұңғиығына тарта жөнеледі. Оқушыны бірден баурап алатын, әрине Сәкеннің ақындық құдіретінің күштілігі, өлеңдерінің сиқырлы сырға, мұнарлы мұңға толы тебіреністі тегеуріні болар. Сәкен ақынның көзге ұрып тұрған бір ерекшелігі ақылгөйсуден аулақ, ділмарсуға ден қоймайтындығы. Ақын не айтса да ағынан жарылып, ақ адал ойларын ортаға салып, алаңсыз сырласады. Сырттай сырласса да, жанында жайғасын отырып, жүрек сөзін ақтарыла айтқандай сездіретін бір сиқыры бар. Бейтаныс болсаң да жан досындай жақын тартып, көкейіндегі көп сырын алаңсыз көңілден ақтарған ақын жырын сүйсініп, айызың қанып оқи бересің, оқи бересің. Ал бұл нағыз ақындықтың белгісі емей, немене?! Осы жерде Сәкен ақындығының тағы бір қырын аша кетсек дейміз. Біз білетін Сәкеннің өзі қандай болса, өлеңі де сондай, яғни өлеңі мен өмірінің түбірі, табиғаты бір.

Сәкенді білетіндердің бәрі оның ақылдылығы мен турашылдығына тәнті. Оның кімнің алдында болсын жағымсып, жалтаңдамайтын, көкейіндегісін күмілжімей бірден бетке айтатын тік мінезі шатақшылдығы емес, шындықты сүйетіндігі. Өзі адал адам өзгенің де мейлінше таза, әділ болғанын қалайды. Осы жерде өлеңі өзіне тартса, ақындығы азаматтығымен туыстасуы да заңды құбылыс. Сәкен ақынның қазіргі қазақ поэзиясының бір тұлғасы болуының сыры да осы жерде. Ақын өлеңдерінің өресі биік, өнегесі өзгеше қымбат. Ол құдай сыйлаған дарынын далаға шашып, "шөпті де, шөңгені де" өлеңге қосып жүрген жоқ. Қоғам, заман, уақыт сөзін сөйлеп, сырын шертуге келгенде ақын жыры тайпалған жорғадай желе жөнеледі. Ақын сылдыр сөзге, орашолақ ойға, сырдаң сезімге жол бермей, қисынын тауып қиядан шалуға шебер.

Сәкен ақынның лирикалық кейіпкерлері ылғи да ел азаматының ойын ойлап, сөзін сөйлеп, ісін істеуге даяр тұратын дара сипатымен сүйкімді. Мына бір жолдарды ойлана оқиықшы:

...Шындық үшін шайқасудан бір танбай,

Айтарымды айтам елге бұлтармай.

Бас кетсе де – тұра алмаймын үндемей

Жалғандықты жалғыз өзім құртардай!

...Расында
Қырланбай да бұлданбай,
Айтады елге ащы-тұщы сыр қандай, –
Ар алдында ақын өзін әрдайым,

Сезінбесе дар алдында тұрғандай?!

Осы өлеңді оқыған әрбір адам ел-жұрт алдында өзінің де осындай қадір қасиетімен танылуға тырысып бағар. Иә, азды-көп ғұмырын қайткенде де кіршіксіз кісілік, қапысыз имандылық жолына жұмсап, ар-ожданына дақ түсірмей, адалдыққа серт байлаған, асқақ адамгершілікті дүниенің бар қызығы мен бар байлығынан артық көретін адамның бейнесін ақын осылайша сомдаған.

Айтары көп азамат ақынның қай өлеңін оқысаң да оның философиялық ой-түйініне түйсініп, сөз саптасына сүйсінесің. Көңіл көзі көреген, ойы ұшқыр, сөзі ұтқыр ақынның өлеңдері сенің де жаныңды жай таптырмай, тынышыңды қашырған өмір құбылыстарымен кездейсоқта кездестіріп, таң-тамаша қалдыратыны бар. Сәкен ақын бейне бір сенің ой-сезіміңді, көңіл күйінді, айтар сөзіңді естіп алған кісіше жыр төгеді. Бейне мені мен сенің басыңнан кешкен жағдайды жырға қосып, айтпағыңды айтқандай әсерленесің. Осы орайда жинақтағы мына бір екі өлеңге арнайы тоқтала кеткен жөн болар. Күзгі аспанға көз салған ақын жүрек суыра сыңси сұңқылдаған жалғыз тырнаны байқап қалады. Әдеттегідей тобымен тізіле ұшпай, сыңарынан айрылып, сұңқылдаған жалғыз тырна туралы жыр оны оқыған адамды сан тарау ойға қалдырады. Жұбынан көз жазып қалған тырнаға жаны ауырған ақынның көңіл күйі, сезімі сені де еріксіз ерітіп, елжіретіп, қай-қайдағы мұңға батырарын қайтерсің. Құсты аяйсың, сөйте тұра жалғанның жалпағында жалғыз қалған адамдар да бар екені есіңе түседі. Солардың тағдыры толғантып, жақсы орта, жайсаң жандардың арасында жүріп, алаңсыз ғұмыр кешудің бағасын біле түскендей боласың.

Замандастар мен қаламдастар Екінші өлеңнің аты "Арланның ажалы" Айбарлы арлан ит басымен айналадағы жұртқа аты шығып, дүйім елді дүрілдеткен еді. Сол арлан ит кейін қартайып, жұрттың есінен шығып кетеді. Сол ит бір түні қыр асып кетеді де, айдалада топ қасқырға кезігеді. Ақын арлан иттің ажалы қалай жеткенін, топ қасқырға қаймықпай қарсы шауып, қайсарлықпен қалай айқасып, ерлікпен өлгенін өлеңмен өрнектеген. Текті иттің текке өлмей, соңғы демі біткенше айқасып, бір қасқырдың жанын жаһанамға жіберіп, соны жастана жатып көз жұмғаны да кім кімге де ғибрат болғандай. Әрине, асыл текті арлан ит осылайша өлген шығар, алайда ақын соның мысалын әңгімелей отырып, адамдарды да ерлік пен өжеттікке үндеп отыр емес пе?! Адамдарға қартайсаң да қадір-қасиетіңді қашырма, өлімің де өзгеге өнеге болсын деген ойға батырып түр. Сәкен ақынның жүрегін жарып шыққан мұндай өнегесі өзгеше, ғибраты ғажап өлеңдер тіпті де көп.

Біз білетін Сәкен ақынның өлеңдері саяси науқан, өтпелі кезең жөнінде үн қосып, ұрандаудан аулақ. Оларды оңаша отырып оқып, оңаша сырлассаң ғана көкейіңе қонады. Рухани көрегендігі көпшілікті тәнті еткен ақын жырларынан жалғыздың емес, жалпы жұрттың жүрегіне ұялаған мұң мен сырды ұғасыз. Сәкен бүтін бір ұрпақтың өмірбаянын өлеңдеріне арқау еткен. Ол өзі бұрқырата жазып, том-том кітап та шығарған жоқ. Сөйте тұра қалың оқырман көңілін толқытып, сезімің сырға бөлеген өлеңдері ел есінде жатталып қалып жатады. Ақынға бұдан артық қандай бақыт керек?!

Қазіргі қазақ поэзиясын жаңа белеске көтеруге белсене атсалысқан, рухани қазынасын байытып, ұлттық көркем ойымызға ортаймас олжа салған Сәкен саңлақ ақын санатыңда. Ақын өлеңдерінің тақырыбы таныс болғанымен, сөзі сара, ойы дара. Ал бұл ақындық шеберліктің үздік үлгісі ретінде бағаланатын ерекшелік. Бір ақынның бар қазақтың арман-аңсарын өлеңмен өрнектеуі талантының тарландығы. Айрықша айшықты жырлар жазған төтенше дарынды ақынның халқының аялы алақанында жүруі де жақсылықтың белгісі. Әр туындысының өзіндік өрнегі, өзіндік сыр сипаты болуы Сәкен ақынды қазақ өлеңінің төріне шығарғаны да шындық. Ақынның сөз саптаудағы зергерлігі, зерделілігі айрықша. Әр сөздің бояуын тауып, суретін салып беруде де ешкімге ұқсамайтын ақынның жыр жолдарының әуені мен әуезіне де ерекше мән беріп, оның мазмұнын байытып, көркемдігін асыруға асығатынын байқап бағамдау да қиын емес. Сәкен ақын сөзге сондай ұста, ойы нұсқа. Оның жырлары жаныңды жадыратып, сезіміңді серпілтіп, ойынды он саққа жүгіртіп, жүрегіңді баурап алатындай аса тартымды. Тосын тапқырлық, тың ой өзіндік көркемдік кесте Сәкен ақын жырларын айрықша айқындайтын осындай қасиеттері. Сөзі дуалы дүл-дүл ақынның дүние құбылыстарына өз көзқарасы, өз топшылауы, өз тұжырымы бар. Оған сүйсіне құлақ түретініміз де сол себепті. Ақын өлеңдері туған жер, өскен елдің жүрегіне жақын, көңіліне ыстық қадір-қасиетін арттыра, асқақтата түсуімен қымбат. Бұл орайдағы қайсыбір өлеңдерін оқысаңыз да сөзбен айтып жеткізе алмайтын, алайда жан жүрегіңді баурап балқытып, елжіретіп, көңіліңді көкке өрлетіп, сезіміңді селдетіп кететін құпия бір құдірет күшке ие.

Күрмеуі қиын күрделі өмірдің шытырман шындықтары шудадай ширатылып, шиыршық атып жыр жолдарына көшеді. Ақынның ой-парасаты күнделікті, үйреншікті қоңыр тіршіліктен қаншама сыр ашып сұлулық тауып, көңіліңді өзгеше күйге бөлейді. Сергек сезімді, сұңғыла ойлы ақынның былайғы жұрт байқамайтынды байқап, былайғы ел елемейтінді елеп, оны жалпы жұрттың жүрегін толқытар толғақты, мәнді мәселеге айналдыруы жан жомарттығының, байқампаздығының жарқын мысалы. Әр өлеңін әр адамның өз көңілінің күйі, жанының сырындай қабылданатынын қайтерсің?! Сәкен ақын адами болмысымыздың терең түпкіріне үңіліп, қайталанбас поэтикалық портреттер жасауға келгенде де алдына жан салмайды. Сол қасиетімен де ақын жырлары сіз бен бізді рухани ізгілікке, рухани кемелдікке үндейді. Оның өлеңдерінің өміршеңдігінің түпкі сыры да осында. Сәкен өзінің оқырманын – қалың елі қазағын рухани тұтастық пен адами тазалыққа, намысқойлық пен арлылыққа шақырған жырлары арқылы абыройын асырған ақын. Ол қазақ поэзиясына соны сүрлеу, тың тыныс, бірегей бетбұрыс жасауымен де өз орнын тапқан талант. Арқауы берік, арнасы кең асыл жырлары жан тазалығының, ар тазалығының бастау көзі – тұнық тумасы және сол қасиетімен құнды. Арқалы ақынның жыр бейнесіндегі жебеушісі, талантының қос қанаты – шалқар шабыты мен шынайы шеберлігі.

Сәкен жылы жүректі, адал тілекті, кесек, мәрт мінезді азамат ақын. Кәдімгі аңсарымыз ауып айызымыз қанып аузымызға алуға лайық, от ауызды, орақ тілді бірегей ақын екендігі даусыз. Арынды да дарынды ақын Сәкен Иманасов жүрегінде сәулесі бар қазақ баласының бәріне сыйлы, бәріне сүйікті көрнекті қаламгер. Кемел жасқа жеткен кенен ақынға – ел-жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген ақынға бұдан артық бақ пен бақыттың қажеті де бола қоймас дейміз. Осы жасына дейін депутат та болды дәрежелі қызмет те істеді. Оның бәрі-бәрі өткінші тіршілік қой. Мәңгілігі өзі жазған өлеңдері ғана. Сонысы ғұмырлы болғай. Ақын ағаның жыр жолындағы нұрлы жолы жалғаса беруіне, жасағанның берген жасын жасап, отбасы – бала-шағасының қызығын көріп, батагөй баба ақын болуына көппен бірге біз де тілек қоссақ дейміз.

"Егемен Қазақстан" газеті,
7 мамыр 1998 жыл
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ
" ШЫРЫЛДАҒАН БІРЕУ ЕК, ШЫНДЫҚ ІЗДЕП"

Әдетте, кейбір ақынның бірде тамаша өлеңіне тамсансаң, енді бірде шалағайларын оқып опынып қалатының да рас. Ал Сәкен ақынның, Сәкен Иманасовтың өз әріптестерінен атын оздырып тұрған бір артықшылығы бар. Ол – ақынның ортақол өлеңдер жаза алмайтыны. Мұқағали армандайтын нағыз ақынның нақ өзі де осы Сәкен Иманасов екеніне өз басым имандай сенемін. Ақтарыла айтқан ой-пікіріміз – жалаң сөз емес. Оны ақынның жаңа кітабы – "Ар алдында" арқылы дәлелдемекпіз. Кітаптың беташары мынандай бір шумақ өлеңмен ашылған:

– Айтам бүгін – айтам деген сөзім ең,

Дүниеге қарап шындық көзімен.

Ар алдында мен өзімді әрдайым

Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем.

Сәкен ақынның сыры да, шыны да тайға таңба басқандай осы жолдарға сыйып түр. Бұл әрі тек осы жинақтағы өлеңдерге ғана қатысы емес, ақынның күллі шығармашылық жолында ұстанған мұрат-қағидасы десек те әсте қателеспейміз.

Шындықты айтып шырылдау, ақиқатқа ара түсу, сөйтіп алқалы топ алдында ақтарыла айтып, "айналамның бірі ұқпаса бірі ұғар" деп ағынан жарылу – ақынның адамзаттық ар алдында мерез мінез, оғаш қылық, жат түңілер жаман ғадеттен арылуға үздіге үндеуі деп ұғамыз. Төзімі темір, дәті берік қайсар елдің ақыны:

Зәуде бір ұқтыра алмай өзіңді елге,
баз кешіп, дүниеден безгенінде
аямай, аяқ асты жатады ұшып
сары алтын "самородный" сөзің желге,–

деп ақиқаттың ала жібін аттап кете беретін, шындыққа құлақ аспайтын кесірлі кереңдерге ренжиді. Ақынның өлеңдері бастан-аяқ қалың оқырман қауыммен сыр бөлісуге негізделген. Өмір-тіршіліктің құбылмалы, құйтырқы, түлкі бұлаң сәттерінде естінің сөзін елеп жатқан ешкімнің жоқтығы жанын жабырқатқан ақын бірде:

Көкірегін ыс емес, ыза басқан,

Мың алданған тірлік-ай, жүз адасқан,–

деп қамығады.

Сәкен ақынның сөзі өз өмірбаянының сыры мен мұңы емес, жалпақ ел, жалпы жұрттың көкейінде жүрген өзек жарды ой-толғам. Сәкен соны сом сөздерімен өлең жолдарына көшіріп шыққан ғой деп қабылдасақ жөн болар.

"Тапқаныңнан кәне, – деп табалайды дос-дұшпан, –

Едігедей еңіреп, елдің қамын жегеннен?.."

Әйтеуір, бір қарынның қамын ойлап, байлығына бола әлдекімдердің алдында есі кетіп, жатса жастық, тұрса төсек болуға даяр пенделердің бет-пердесін ашып, ашына айтылған ақиқатқа қалай бас имессің?!

Осы жинақтағы "Қазақы әңгіме" өлеңі – бүгінгі заман адамдарының кескін-келбетін келістіре суреттеген. Соған орай ақынның:

"Қойыңдаршы... қоя түр сен, қойындар,

Күн туады кінәмізді мойындар", –

деген уәжі де көңілге қона кетеді.

Ел сөзін айтар жерде дуалы ауыз азаматтың алдын орап кететін келте ақыл кещелердің көпірме, кеппе, түйірдей батымы жоқ әңгімеге әуестігін мінейтін мына жолдар тауып-ақ айтылған емес пе:

"Қошеметтеп, қолпаштап айналасы,

Сөйлеп жатыр... сөйлесін... бай баласы...

Күңкілді де, жұрағат, тыйшы мына,

Кім қарапты аузының қисығыңа!"

Басыңа қысылтаяң күн туғанда қасыңнан ұдайы иманы бар ізгі адамның табыла бермесі тағы шындық. Осы орайда адал дос іздеп армандаған ақын сөздеріне риясыз иланасыз:

"Тауға да соғар сен үшін
тасқа да соғар маңдайды,
айнымас айтқан сертінен,

асыл дос деген қандай-ды?!

Қолыңда билік болмаса,
жалт беріп шығып жалған дос,
басыңа қиын іс түссе қасыңда

бірі қалмайды".

Міне, бұл біздің емес – көптің сөзі, бәріміздің ортақ ойымыз.

Тіршіліктің қуану-қызығуынан гөрі, наласы мен жаласы басым түсіп жаныңды жаралап, көңіліңді қаралап, жігеріңді жасытатын сәттерінде өзіңе-өзің Сәкен ақынша сауал қоятының да рас қой:

"Ішкенім де, жегенім күшаладай,

өмір еді неткен бұл құсаға бай...".

Оқырманмен ой бөлісіп пікір алысуға келгенде ақын сенің сенімді серігің, сыралғы досың сияқты ағынан жарылады:

"Бара жатса шынымен білгіңіз кеп,
айтпасақ та Алашқа үлгіміз деп,–
Кісіліктен басқаға бұрылмаған,

шырылдаған біреу ек шындық іздеп...

Бұл әрине ақынның қарақан басының мұң-жыры емес, бәріміздің көкейімізді тескен ойтолғақ.

Ақынның ақ сөйлеп адал жүруді дәріптеген жырлары жан дүниеңізді сәуір сезімге бөлеп, тазалықтың тас бұлағынан сусындатады.

"Тірлікке бой алдырмай күйбеңі көп,

тік тұрып, тіке сөйлеп үйреніп ек.

Тас тұма тұнығынан қанып ішіп,

Қас-күнә қылығынан жиреніп ек".

Татымды сөз, терең түйін өлеңнің өңін кіргізіп, еріксіз есіңе түсе беретін сиқырлы сезімге ие.

Сәкен ақынның "Теңіз" деген тамаша өлеңі бар. Тоғыз балдық толқыны алып кемені ұршықша үйіріп, адамдардың үрейін ұшырған сәтті суреттей отырып, өмір толқынының да біздей пенделерді ара-тұра осындай қауіп-қатерлі сынақтан өткізіп тұрғанын тілейді. Осы бір орнықты ой, шынайы шешім өлеңде өте әдемі өрнектелген:

"Әлқисса, өтпейін деп шерден кенде,
сала ма өмір сені сергелдеңге,–
айтқызып иманыңды, ауық-ауық
не жетсін теңіз боп та тербелгенге!"

Бүгінгі аумалы-төкпелі заманға, қоңыр қоғамға, барлы-жоқты тіршілікке қырын қарап, келешектен күдер үзіп кетудің азаматтыққа жат қылық екендігін де ақын ашып айтады. Бірде кейін қалып, бірде ілгері озған ел көшінің түзелгенін тілге тиек етіп жұртшылықты жырымен жұбатады. Елінің ергеніне, өзінің болашағына нық сенген ақын: "Өзіндей елім барда, түбінде бір қонатын сияқтанар маған да бақ" деп жыр төгеді. Барын базарлап, жоғына жүдемеген кісінің тәубешіл де қанағатшыл бейнесін айшықтаған ақынның әр сөзінде нәр, әр жолында мән бар. Марапат, мақтау тілемей, төрде отыруға ұмтылмай, туған жердің түтінінің түзу шыққанын қалаған ақынның азаматтығына тәнті боласың:

"Біле тұра бұл күнгі тірлігіңді ел,

Жарылқай да қойсын-ау кімді кімдер.

Азаймасын тек қана асықтырған,

Ғашық қылған өзіне нұрлы күндер!"

Сәкен ақынның өлеңінде мүсінделген кейіпкерлер – аяр емес, адал, өркөкірек емес, өрелі, басынан артық сөз асырмайтын, досынан сырын жасырмайтын, дұшпанға кеудесін бастырмайтын, біреуге жарамсақтанып кішіреймейтін, қарын тойғызуды ойлап кісіге күнін түсірмейтін, жексұрындарды жанына жолатпайтын, қиянат көрсе қасқиып қарсы тұратын тұрпаты бөлек тұлғалар. Оның "Ар сатпау еді Аллаға берген антым да" дегенін қосыла құптаймыз. Ендігі кезекті жыр жолдарына берейік:

"Мен емес тасырың да, тақсырың да,

балаймын соның бәрін жақсы ырымға.

Көлемін қалың елмен қатар көріп,

ағын да, қарасын да, ақшылын да...

Біреуді жек көрем бе, кектенем бе,

орынсыз болған емес өкпе менде...

Әлдінің әлсіреген кезін бағып,

ешкімге ұрынбадым өзім барып...

...Ақынмын, ақылдымын деуге барып,
көрмедім кісі алдында кеуде қағып,
ешкімнің түскен жоқпын егініне,
жел бітіп көңіліме, кеулеп алып..."

Өмірдің талай бел-белестерін басынан өткеріп, жыр әлемінде жұлдызы жанған арқалы ақын Сәкен сара сөзімен жан сарайымызды жаңғыртып, ар алдында арылуға жол ашқан, өлеңдерінің мәнділігі мен мәңгілігін мойындатқан дара дарын.

Сол себепті де ақынның:

"Тірліктің талай тезінен өтіп бұралаң,

ызғарына да, мұз-қарына да шыдағам.

Келемін өлі қып-қызыл өрттің ішінде,
жығылып,
тұрып,
бұғынып,

күліп,
дін-аман!"–

деген сырына сенеміз, қуана қол соғамыз және осы жолы мемлекеттік марапат бәйгесінен бағы жанып, жорға жыры озып келуіне біз де тілек қосамыз.

"Жас Алаш" газеті,
желтоқсан, 2006 жыл
Рафаэль НИЯЗБЕК
АТҚА МІНГЕН АЗАМАТ ЖЫРЛАР

Әдеби жылдың қорытындысында өткен жыл поэзиясына шолу жасаған ақын Сәкен Иманасов: "Өлең (егер ол шын поэзия болса) ең алдымен мені ойландырын, толғандырсын, күлдірсін, күйіндірсін, қуандырсын, сүйіндірсін, еңірентсін, тебірентсін, тек қана енжар қалдырмасын. Сонда ғана ол көркем шығарма, сонда ғана поэзия. Қалғандардың бәрі шумаққа, тармаққа, ырғаққа құрылған, сөз ыңғайына қарай қиюласа орналасқан қарадүрсін қарасөздердің құрғақ қана жиынтығы болып шығады",– деген еді.

Қазіргі өскелең өмірімізде ісі мен сөзі алшақ бола беретін ақындарды да көрмей жүрген жоқ едік, әрине. Өзі уағыздап отырған сол қағиданы С. Иманасовтың өзі қалай ұстанады екен деген ниетпен "Бел-белес" аталатын өлеңдер жинағын қолға алған болатынбыз.

Кітап кіріспесінде (өлеңмен жазылған) автор:

Ұстараның жүзіндей қылпып тұрған,
Қаншама сөз ұстатпай ынтықтырған,
алты қырдың астына жасырынды
құлан болып қашты да үркіп қырдан–

деп сөз құдіретінің сиқырын бар айшығымен ажарлы баяндай келіп, өзінің де осал жан емес екенін тілге тиек еткендей болады. Сүйегіне сөз сіңген сырбаз суреткер екенін өзгеден бұрын өзі ашық мойындайды. "Менің бұным өтірік пе, жоқ па оны мына жинағымды оқып, өздерің көз жеткізіңдер",– деп те ағынан жарылады.

Ақынның сол бір жүрекжарды сырына сенбеске ешқандай шараң жоқ. Себебі сен оның алғашқы өлеңдер жинағынан бастап жақында ғана жарық көрген "Бел-белес" кітабына дейінгі күллі шығармашылығын бір кісідей жақсы білесің. Кітаптан кітапқа қарай өсіп, толысып, кемелденіп келе жатқанын тағы білесің. Кейде сенің поэзия дегеніміздің өзі осы Сәкен емес пе екен деп ойда қалатының және де жалған емес.

Сәкен жасында асаудың құлағында ойнаған бұла жігіт болса керек. Қазір асау сөздің құлағында ойнайтын дәрежеге көтерілген азамат, ақын. Жылқы асауы жігіттің қарымдылығын сынаса, сөз асауы дарындылығын сынайды. Жылқы асауын бас білдіру үшін жігіттің өрт мінез керек болса, сөз асауын бастықтыру үшін ақындық мәрт мінез қажет. Сәкеннің бойында, міне, осының екеуі де бар.

Содан да болар, С. Иманасовтың қаламына ілінген қандай тұрақсыз сөз де қас-қағым сәтте нұрлана ажарланып, жанды тірі бейнеге айналып, қимыл-қозғалысқа көшіп жарқырап жүре береді. Ол – күледі, ол – шаттанады, ол – мұңданады, ол – күңіренеді... жан-дүниеңді сілкіп, көкірек көзіңді ашып, көңіліңе, тұла бойыңа сәуле боп тарайды.

Әйгілі актер К. Байсейітов, Тілендиев жөнінде бірде: "Ой, ол иттің тұла бойы толған дыбыс қой. Оның денесінен бір үзіп алып лақтырып тастасаң, ол екеш оған дейін бүркілдеп өлең айтып жатады" деп түбірлі ойын түбірінен бір-ақ қайырса керек. Сол уәж кейін ел арасына кең тараған қанатты сөзге айналып, атақты композитордың творчестволық портретін жазған суреткер Ә. Нүрпейісовтың мақаласынан іргелі, жылы орын тапқан-ды.

Сонымен, бұл уәжді Иманасовқа да қаратып айтуға болады ғой деп ойлаймыз. Себебі, оның көкірегінен топырлап құйылған қандай сөз де, денесінен кесіп алған қандай үзік ет те өлең боп өріліп өмірге кеп жатады. Сөз Сәкенмен, Сәкен сөзбен ойнайтыны рас болса, бұған иланбасқа тағы шарамыз жоқ. Оған сенбесеңіз ақын жырларын ақтарып көріңіз – көп ұзамай өзіңіздің де көзіңіз жетеді.

Өз кредосы, өзі ұстанған мақсат-мүдде жөнінде, әсіресе, "Өмірбаянға қосымша" дейтін өлеңінде С. Иманасов жанын жалау етіп тебірене отырып терең ой айтқан. Соңғы жылдардағы қазақ поэзиясының ең шұрайлы шығармаларының бірі деп бағалауға болатын бұл өлеңде қазақ ақынының моральдық бейнесі – ашынуы, ашылуы, тұшынуы, түйсінуі айқын бой көрсетеді. Әрбір талантты қаламгер: "Әттең, мен жазар ма едім!", – деп қызығарлық, қызғанарлық кестелі жыр. Ақынның азаматтық тұлғасы, суреткер ретіндегі бүкіл концепциясы жүрек астынан көтерілген шұғыладай алаулап көрінеді. Жырдың әуені, сарыны, түзілімі, бүкіл сезімі мен шеберлік гармониясы сегіз өрім қамшыдай болып, бір-бірімен жымдасып, сіңісіп кеткен.

Алдыра да қоймаған қырауға әлі.

домбырамның қаттырақ бұраулы әні.

бір ауғаны басымнан бұлағай күн –

өлеңімде түп-түгел тұр-ау бәрі!..

Тағдырымның темірдей шындағаны,
қабырғамның қақырап, сынбағаны,
тірлігіме жабылған жалалар да,

жаралар да – жазылмай тұрған әлі:

Сергей Есенин өмірбаяным өлеңдерімде десе, оны кезінде Қасым да, Мұқағали да қайтадан айтқан еді. Енді сол ойды Сәкен қозғап отыр. Бірақ ол алдыңғы тұлғалардың уәжін сөзбе сөз қайталамайды. Өзінше, Сәкенше айтады. Сәкенше оқшау түйін жасайды.

Сонымен бірге ол бұл өлеңінде жеке өз басының мұңын күйттеп тізбелеп кетпейді, азаматтық пен азғындықтың, кісілік пен пенделіктің, жақсылық пен жамандықтың күресін арқау етіп, алға тартқан. Күні бүгінге дейін не көрді, не білді – соның бәрі осында шежіре тілмен әсерлі баяндалған. Өлеңді оқыған қай азамат та Сәкен өміріндегі жеңісті де, жеңілісті де, мұнаралы шағы мен Мұқалған сәтін де аз уақыт ішінде сындарлы жақсы біліп шығары даусыз.

Әдетте өлеңде ақын мінезінің болмысы молынан көрініп жатуы ләзім дейміз. Ендеше, кейде біраз тұстастарымыздың Сәкен жырындағы ақындық өжет мінезге көбірек үңілгеннен гөрі оның жеке басына, әз мінезіне барынша ден қойып, соны көбірек сөз етуге құмартатыны қалай? Бұның басты бір себебі – ақынның тектілігін тіршілікте жарата бермейтін біраз ағайынның оның өлеңдеріндегі өжет те тік мінезді балағысы келмейтін іштарлығында жатыр. Сәкен жырларын түсініп оқып, ішкі әлеміне жіті үңіліп, жетістік-кемшілігін әділ таразылаудың орнына сыртқы көрінісін қызықтап кететін өресіздігінде жатыр. Сонан да болар. С. Иманасов алғашқы кадамынан бастап-ақ суреткерлігімен, шеберлігімен көзге жарқырап түссе де, оның творчествосын кемелдікпен кеңінен тоз етуге келгенде замандастары әлі де сараңдық жасап келеді. Оның шығармашылығына арнап осы кезге шейін бірде-бір көлемді мақаланың жазылмағанын еске салсақ та жеткілікті ой деп ойлаймыз. Кейде өжеттігі өктемдік боп көрініп, турашылдығы тарпаңдық боп танылып, Сәкен ақынның үлесінен құр қалып келгені де өтірік емес. Оның есесіне Сәкен талантының ширегіне де татымайтын қайдағы біреулердің елпілдетіп, желпілдетіп, жұлдызын жарқыратып келгеніміз және өтірік емес. Марқұм, Ж. Нәжімеденов: "Арғымақты арқан шалып, есек озып кетіпті" деп шамырқана жырлағанда, міне, осыны қадап айтқан.

Алайда С. Иманасов оған бола мойып, жаси қойған жоқты. Қайта шашқа түскен ұстарадай өткірленіп барады. Өйткені намысын шар болат-жігерге, жігерін шашақты найза – намысқа жағынған ерке бұлан ақынның шабытты шағы еді. Үш-төрт жыл бойы үндемей жазып келді және алау жалыны бетті шарпыған қызулы өлеңдер жазды. Көкірегіндегі күркіреген асау ағыстар көл-көсір өлең боп ақ қағаз бетіне өз-өзінен құйылып жатты, құйылып жатты.

Сәкеннің бұл кітабына енген бұла жырлар оның еліне, туған халқына шаққан мұңы емес, адамзат алдында ақтарыла айтқан жүрекжарды сырбаз сырындай айқын да жарқын естілді. Оның қай өлеңі де мақсатсыз жазылмаған, белгілі бір ойдан, мүдде-мұраттан туындаған. Иманасов поэзиясының күре тамыры өткен күн сүрлеуінде де, бүгінгі күн келбетінде де, ертеңгі күн өресінде де өрісті көрініп, лүп-лүп соғып, сабақтасып жатыр. Ол өткенге тарих көзімен үңіліп, шежіре тілмен сөйлесе, бүгінгі күннің биік мінбесіне желпіне жеңіл көтеріліп, болашаққа батыл ой жіберіп, жарқын тіл қатады. Сондықтан, "Бел-белес" кітабы – оның жаңа қыры, творчествосындағы жаңа беті, толысқан кемел шағы. Бұдан бұрынғы жинақтары Сәкеннің осы кезге дейінгі қарышты қадамын танытса, мынау кітабы оның жаңа болмысын, жаңа табиғатын, жаңа әлемін, жаңа биігін белгілейді. Сонымен бірге творчествосындағы жаңа өрлеу кезеңінің шұғыл басталғанын дәлелдейді. Мәселен, оның "Халықтар достығы немесе қазақ жері хақында", "Асыл муза", "Адамның кейбір кездері", "Қажымұқан", "Түс", "Бір ақбоз ат түсіме көп кіреді", "Сөз патшасы", "Түс көрем", "Тарихпен тілдесу", "Екі жирен" сияқты өлеңдерін қызынбай, алабұртпай, тебіренбей оқу мүлде мүмкін емес. Осы аты аталған туындылардың қай-қайсысында да ақынның әлеуметтік белсенділігі мен қоғамдық-философиялық көзқарасы творчестволық тұтас бірлікте айқын көрінеді. Бірінде ердің ерлігі сипат алса, бірінен елдің елдігі танылады. Бірінде жұмыр басты пенде атаулының күйкі тіршілігі бейнеленсе, бірінде пенделіктен бір мойын озық жаратылған азаматтың биік мұраты шымыр суреттеледі. Бірі тарих қойнауына жетелесе, бірі жаңа дәуірдің яғни қоғами құрылыстың сұлу тұлғасын жарқыратып алдыңа әкеледі. Бұл туындылар идея айқындылығы жағынан болсын, эстетикалық көркемдігі жағынан болсын, жазылу шеберлігі жағынан болсын, әйтеуір, қалай десек те, бір-бірінен асып түсіп, бүгінгі қазақ поэзиясы маржандарының сапынан саналары даусыз. Сенбейсіз бе? Ендеше ақынның "Қажымұқан" деп аталатын бір ғана өлеңінен шумақтар, жолдар алып талдап көрелік.

Жапон деп те жүріпті-ау,

түрік деп те

амал қанша, бәріне кене бердің.

Бұдан Қажымұқанның көнбестігі, маңғаз төзімі тұлғаланып көрінеді.

Жығып беріп шетінен ұмтылғанын,

Жұмарлап-ақ жүргенде, шіркін, бәрін.

Ұлтың барын сенің де еледі ме ел
арқа сүйер –
асқар бел –

жұртың барын!

Белдескенін белден басып, алысқанын атып ұрып бет қаратпай өткен арыстан кеуде Қажымұқанның жүрегін, жан сезімің мәдениетті деген Европа елдері де түсіне алмапты. Керек десеңіз арқа сүйер елі барын, көкірегін күмбез етіп көтерген Алатауы барын білмеген. Қандай ұлттан түлеп ұшқан ұлан екенін және білмеген. Соған ашынған ақын:

"Қайсақ" деп те кемітіп жүргендердің

Қайсысының басынан аттамадың! –

деп жанарынан ызалы жасын атса, келесі жолдарда:

ашындың-ау, ағатай, қасында бір

қауқылдасар қалың ел жоқтығына!–

деп Қажымұқанға аяушылық білдіреді. Бірақ бұл атақты палуанды мүсіркеу емес. Қайта жігерін жану еді.

Өлең екінші бөліміне ауысқанда мүлде басқа сипатта өріледі. Бірінші бөлімінде тұтас халықтың бодауына жүрген Қажымұқанның алып тұлғасы, ол өмір сүрген замана бедері, уақыт тынысы айқын сезілсе, екінші бөлімінен де сол Қажымұқанның асқақ рухы есіп тұрғандай болады. Бірақ бұған қоса әйгілі палуанның атақ-абыройын мансұқ еткен бүгінгі ұрпақтың психологиясы жан-жақты терең ашылып көрінеді. Сонымен бірге жақсы әке баласына қырық жыл азық болса, Қажымұқанның бүкіл исі қазаққа әлі айбар боп келе жатқаны және танылады. Сонда Қажымұқан десе қазақ, қазақ десе Қажымұқан еске түсетінін жақсы біліп алған палуанның қазіргі ұрпағы сөйлейді дейсіз ғой.

" Үзе жаздап тұрамыз үзеңгіні – Қазақпын!– деп, Қажеке, шіренгенде!" деп өз сезімің таза мойындайды. "Ақынға да, білеміз, алыпқа да абыройын асырар ел керегін!" – деп елсіз ердің көсегесі көгеріп, мәртебесі артпайтынын жан дүниесімен жіті сезінеді. " Ұлтымызға лайық ұл бола алсақ, жарар еді Қажеке, енді біздер!"– деп ақыл тоқтатады.

Осындағы қай жол да оқ жыланның тілінен өрілген қамшыдай шымыр көрінеді. Неге? Себебі, Сәкен бұл өлеңді жазғанда бүкіл жан-дүниесімен сілкініп, өртеніп, тебіреніп отырып жазған. Өзі бүкіл бір дәуірдің келбетіне айналып, сол дәуірдің тыныс-тірлігін жүрегімен сезініп, ағыл-тегіл төгіліп кеткен. Соның арқасында Қажымұқан жайлы, Қажымұқан өмір сүрген ортаның бүкіл тіршілігі, бүкіл сезімі, бүкіл тынысы бедерленіп көрінген көркем өлең дүниеге келген.

Рас, Қажымұқан жайлы көп өлең жазылды. Ол өлеңдерде алысқанын алып ұрып басынан аттап өтіп кете беретін әйгілі палуанның ерен күші жәй хабарлама ретінде сипатталатын да, ішкі жан дүниесі, тіршілік драмасы ашылмай сырт қалып келген-ді. Сәкен болса ол таптаурынға тізгін бұрмай, ел намысын жалғыз арқалаған біртуар алып азаматтың жүрегіне үңіліп, көкірегіндегі мұңлы ағыстарды бағдарлап, жіті тани білді. Түренін тереңге батырып, құнарлы топырақтың арғы астарын бәрі аударғандай қопара жырлады. Сондықтан да Сакен жыры Қажымұқан хақында жазылған бұрынғы туындылардың қай-қайсысынан да үздік шыққан деп батыл да кесіп айта аламыз.

С. Иманасов туған халқының мұрат-мүддесін, қадір-қасиетін, болмыс-табиғатын жырлауға келгенде тіпті асқақ рухқа бөленіп, көкірегі күмбірлеген күйге толып, жалындап, көсіліп сала береді:

Белгілі бұрынғының бәрі маған:

бір ызғар кімнің ішін қарымаған,–

жан-жақтан жау анталап тұрған шақта,–

жұрт едік жұрағатқа жарымаған...

Ақын "Халықтар достығы немесе қазақ жері хақында" деген өлеңінде сонау тарих қойнауынан осылай суыртпақтап сыр тартып, әуелі кезінде қандай жұрт болғанымызды ашып айтып алады да, одан әрі қазіргі сән-салтанатын, шерулі қозғалысын, жарқын сипатын шабыттана жырлап кетеді. Бірақ ол бір елден бір елді жоғары қоймайды, қай халықтың да бір-бірімен терезесі тең иықты ел екенін азаматтық биік өреде жырлайды. Орман боп ойға шомған ұлы орыс халқымен қай кезде де, қандай жағдайда да іргесі бөлінбейтінін, қырғызбен құда болып, құйрық жескенің, түрікпенен туыс боп кеткенін, өзбекті өз ағам деп танитынын мақтаныш тұтады. Қазақ жері достық ниетпен келген кім-кімді де жатырқамайтынын, ешкімді алалап бөліп-жармайтынын, қайта ыстық ықыласпен құшақ жая қарсы алатынын халық атынан ағынан жарыла ақтарыла айтады. Өлең жетістігі, міне, осындай халықтығымен, халықтық сипатымен оқшау көрінеді десек, бұған асылы ешкім дау тудырмаса керек.

Қарт тарих қазақ халқының өткеніне көне көзбен ой жіберсе, Сәкен ақын сол қарт тарихтың өзіне көсем көзбен ой жібереді. Қарт тарих қазақ халқының бағзы заманнан бергі ғұмыр-шежіресін жасаса, Сәкен ақын сол қарт тарихтың ғұмыр-шежіресіне өз шешімін білдіреді. Сыни көзбен қарайды.

Аманатын атамның бүгіп қалып,

жаманатын көбірек тізгесің бе?

Немесе:

Сандығымды жеткіздің салдырлатып,

ішіндегі сан асыл мүлкі қайда?

Я, болмаса:

Жоғымды асыр демеймін, қартым саған,

болады ғой барымды жасырмауға!

Заманында қазақ бойындағы табиғи асылдар бағаланбай, керек десеңіз, тарлан тарихы да жүлгелі жүйесін таппай, солақайлықпен сұмдық бұрмаланып келген-ді. Жалпақ даланы жалғыз жайлаған іргелі ел болса да тағдыр оған өз атын да қимапты. "Қайсақ" деп те, "қырғыз" деп те аталып бұралаң жолды бастан көп өткерген. Қазақ деген киелі атына Октябрь революциясынан кейін ие болған. Өзек өртер осы ащы шындық ақынның "Тарихпен тілдесу" деген өлеңінде шынайы сыр боп әдемі шертілген. Ол мұнда тарихпен ғана сырласып, тілдесіп отырған жоқ, тұтас халықтың қадір-қасиетін тани білмеген сұм тағдырдың өзімен де бетпе-бет кеп отыр. "Жоғымды асыр демеймін, бірақ барымды жасырмауға болады ғой",– деп абыздық көңіл танытып отыр.

С. Иманасов кемелденген келбетті елдің көркем тілді шежіресі екенін өсте ұмытпайды. Себебі ол бүгінгі ұлы ғасырымызда, бүкіл әлемде күнделікті болып жатқан әлеуметтік өзгерістер мен уақыт тынысына жіті үңіліп, ондағы қайшыласқан қозғалыстарды жан-тәнімен терең ұғынып, батыл бағдарлап отырады. Бүкіл ғаламның тыныштығына, бүкіл адамзаттың бейбіт қатар өмір сүруіне өзі де жауапты екенін айқын сезінеді. Башқұрт ақыны М.Кәрімнің сөзімен айтқанда, әлемге атылған оқ алдымен ақын жүрегіне қадалатынын әбден түсініп болған. Сондықтан да оның "Қыр көрсете келгеннің барлығына Сібір болып сіресіп жатып алам!",– деген аятына еріксіз сенесің.

Мұхиттың арғы жағалауында бомбаларды тауықтың жұмыртқасындай балалатқан, "МХ-ларды" қара құстай қаптатқан, адамзат әлеміне ажал боп аранын ашқан соғысқұмар "аждаһаларға" ой сала жазған бұл өлеңі "Менің мәлімдемем" деп аталады. Ақын мұнда үлкен мінбеге көтеріліп, ел атынан, бүкіл адамзат қауымы атынан сөйлейді. Бұл жалғыз Сәкеннің ғана соғысқұмарларға жасаған ескертпесі емес, күллі ақынды, күллі прогресшіл халықтың мәлімдемесі секілді сұсты естіледі.

Дарымайды десек те сұсы бізге,
сыймай-ақ тұр, не керек, ішімізге,–
Еліміз де ежелден тең емес пе,

кем емесін білмей ме күшіміз де?

Қорлатқандай бұл күнде кім даласын!

Қоқаңдатып,

қарауын бұлдамасын.

Түбі келіп зардабын өзі шегіп,

езі тартып жүрмесін зілзаласын!..

Көрдіңіз бе? Сәкен саяси-публистикалық өлеңнің өзін қалай-қалай түрлентіп, құбылтып, бұлшық еттей ойната білген. Оқығанда көз де, көңіл де сүрінбей еркін жүгіріп отырады. Нағыз өлең, нағыз поэзия келісім тауып осылай құйылса керек-ті.

Қылыштан өткір қырықтан асып, егеулі найза елуге иек артып қалған Сәкен өмір болмысын зерттеп, зерделей келіп, сабасына түсіп, ендігі жерде кілең салиқалы да салмақты жырлар жазған десек бұл асыра сілтеп жібергендік емес. Қайта кемел таланттың бүгінгі жетістігін әділ бағалағандық боп табылар еді. Шынын айту қажет, Сәкенде нашар өлең жоқ. Оның ең төмен орта қол деген жырының өзі біраз ақындарымыздың таңдаулы туындыларынан асып түсіп жатады. Өйткені Иманасов шеберлігі әбден шындалған ақын. Керек десеңіз, онда етістікпен немесе әдебиетімізде көп қолданылып, мүлдем жауыр болған жаттанды сөз құрамымен ұйқасқан бірде-бір өлең кездеспейді. Қай туындысын оқысаң да қиыннан қиысып, табиғи құйылып жатқанына көзіңіз бірден жетеді.

Аян еді бәрі де өзіңізге,

қарай алмас кінәм жоқ көзіңізге.

Тойға барған қазақтар емес пе едік,

бұдан да жұпынырақ кезімізде.

Түсініңіз,

тұрғам жоқ шенегелі,

Түсінбей-ақ келесіз неге мені?

Елге біткен ерсілеу пенделікпен

ағамыз "ауырмауы" керек еді.

Бұл өлең Сәкен жинағындағы маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып туған мойны озық туынды бола қоймас. Алайда осының өзінде де ақын көкірегінен көтерілген ерке бұлан наз бар, тұла бойыңа ыстық қан боп тарап, бүкіл жан-дүниеңді сілкіп өтер құрыш күш қан бар, тау қойнауына тұнып тұрып қалған көк мұнар секілді бұлаңытқан мұң бар, кісілік тұғырдан бір саты төмендеп кеткен ағасына деген қынжылыс бар, Еркіндік бар, еркелік бар.

Өлең бір ғана ағаға арналып жазылғанмен, сайып келгенде бұл пенделікпен "ауырған" барша ағаларға қаратылып айтылған уәж. Анау-мынау емес інінің ағаға деген уәлі уәжі. Өлеңді оқып отырып еріксіз ойға қаласың. Ойланып отырып өлеңді қайта оқисың. Жалғанда жанында жүрген жайсаң ағаңа өзіңді түсіндіре алмаудан қиын нәрсе бар ма дейсің. Көңілінде көсемдігі болмаса өзіңді қанша ұқтырдым дегенмен бәрібір ол түсінбей жігеріңді құм қылмай ма қайта деп сезімің ауырлаған үстіне ауырлай түседі.

С. Иманасов жырларында Адам рухы таудан соққан самалдай жаңа леппен аңқылдап өсіп тұрады. Ол Адамды жақсы, жаман деп екіге бөлмейді, жұмыр басты пенде және Азамат деп қарайды. Пенденің пенделігін бетке айтса, Азаматтықты ту етіп жоғары ұстайды. Атқа мінген азамат жырлар жазуының бір себебі – ақынның, міне, осы қасиетінде жатыр.

Сәкен жырларының бояуы қанық.

Жібімей қойып еді-ау көңіл көптен,

Тасада жатыңқырап қалған қардай...

Қараймын қабағыңа,

ауық-ауық

аспанға көз тігетін қырманшыдай...

Әр төбеден күн нұры бір көрінді

қырдан қашқан түлкідей қылаң беріп...

Алдыңғы екі жолда тағдыр шуағынан тасада қалған бөз бала жігіттің көңіліндегі тоң айтылса, ортаңғы екі жолда сүйгенінің қабағына жаутаңдап қарай берген ғашық жігіттің көңіл күйі берілген. Ал соңғы екі жолды оқығанда әр төбенің тасасынан жарқ етіп көтерілген күн нұры, сонымен бірге көзіңе жоны күн нұрына малынып, қырдан қашқан қызыл түлкі алаулап елестейді.

Мұндай бейнелі де, бедерлі жырлар "Бел-белесте" молынан ұшырасады.

Иманасов соғыс жылдарының аз-ақ алдында өмірге келген буынның өкілі. Анықтап, дәлірек айтқанда, адамның қабағынан гөрі дүниенің қабағын көбірек бағып өскен буынның өкілі. Адам қабағын баққан әкім боп оссе, дүние қабағын баққан ақын боп жетіледі. Оның:

Пеш түбінде отырып,

сезетін ек

дүниеде бір сұмдық ызғар барын...

Немесе:

Ауыл-үйдің ахуалын аңғарушы ек,

ауық-ауық бұрқ еткен түтінінен,–

деуі содан.

Бұны түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. Себебі, осы жолдардың өзінен-ақ соғыстың соңғы жылындағы бар ауыртпалықты, бар қиындықты бірден суық сезінесің. Лирикалық кейіпкермен бірге сенің де арқаң мүздап қоя береді. Ішің осыдан қырық жыл бұрынғы соғыстың ызғарын сезіп тітіркенеді. Жас жаның күзгі жапырақтай және қалтырайды.

Әдетте белгілі бір қаламгердің шығармашылығын келелі сөз еткенде тақырыбы анандай екен, мынандай екен немесе тақырып аясы тар екен деп қызыл кеңірдек боп дауласып жатамыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс заманында шөп те, шеңге де елең боп жарытпайды. Ақын нені жазу керек дегенде алдымен көңілін қозғаған, тербеткен, көкірегіне қыжыл боп дарыған соны құбылыстарды жалындап жырлауы қажет. Ендеше осы тұрғыдан қарағанда С. Иманасовтың "Бел-белес" жинағына енген өлеңдердің тақырыбы сан алуан екенін аңғарамыз. Тақырып аясы кең. Әзінің от басынан бастап бүкіл Отан кеңістігі, өзінің табалдырығынан бастап бүкіл жер үстінің бейнеті мен зейнеті, тіршілік-қозғалысы, мұраты мен мақсаты... бәр-бәрі Сәкен жырларында түгел қамтылған. Рас, ол туып-өскен Алакөлінен, Алматы мен Алатауынан, өрі кетсе Москва маңынан ұзап шет елдерге саяхатқа шықпапты. Оны өзі де жасырмайды. "Ніл дарияны несіне жыр етейін әрі кетсе ол да бір Іле шығар!" немесе "Ақын, тегі, Магеллан емес шығар жерді айналып шығатын жел кемемен!" деп шынын айтады. Бұл, әсілі, Ніл дарияны я болмаса өзге елді менсінбеуден туған жалған көкірек емес, ақынның тақырыбын тар деп жазғыратын жолдастарға қайтарған тұжырымды жауабы болса керек.

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықты түйінін айтқанда, Сәкен үнемі іздену, осу үстінде жүрген ақын. Ол сүйікті Алакөлі жайлы бір өлеңін былай аяқтапты.

Алқынып келем әлі,

айдыны кең

алыс бір дарияға жетем бе деп!

Жүйріктің мұраты – озу болса, ақын мұраты көздеген мақсатқа жету.

Сәкен, амандық болса, оған да жетеді.

"Лениншіл жас" газеті,
1985 жыл
Исраил САПАРБАЕВ
АЛАКӨЛДІҢ АҚИЫҒЫ

Аққуын Алакөлдің шерулеткен

Өтіпті-ау ес жиғанша Елу көктем...

Мың бөліп ақын мұңын теберіктей,

Кім келіп ақын жүгін жеңілдеткен?

Алакөл тілемейді шүрегейді,

Баптайды ол бапкер дейін бірегейді.

Қақпасын ақ орданың ашып тастап,

Ат басын кім Елуге тіремейді?.

Қолға алып "Бел-белесте" "Адырнаны"

Садағын Сәкен ақын тағы ырғады.

Қалың ел қаумаласқан қабырғалы –

Мереке мерейлі екен мамырдағы.

Жамырап Жетісудың мың булағы

Ақ жүзін ақиыққа Күн бұрады.

Ақынды ақбоз үйге жетелейді

Достары, інілері, құрбылары...

Ашылар гүл сияқты әр көктемде

Сал көңіл Сәкендерден соң кеткен бе?

Жайылар ақын жаны алақандай,

Аққудың қанатымен ән жеткенде.

Оқа емес ағарғаны шаштың ептеп,

Жасындай бір жарқ етіп жастық өтпек...

Табылған Тәңір шыңнан Елуінде

Сәкенді атайды елі Тастүлек деп.

1988 жыл

ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕР

"Иә, Сәкен бірер ауыз өлең жаздым деп қаладан шықпай жұмыссыз жүретін кейбір замандастарына ұқсамайды. Ол Жер-ананың өз бауырынан нәр алып, сол жерді көріктендіре беретін балауса терек секілді... Ауыл өмірін көбірек жазатын жырдағы Тұманбаймен, прозадағы Сайынмен үндесіп жататындығын байқаймыз".

Әбу СӘРСЕНБА ЕВ,

Қазақ ССР Халық жазушысы

Сәкен Иманасовтың "Алтын аймағы"... елдікпен ерлік. азаматтық пен адалдық жайында жазылған жырлар. Әргі-бергі әдебиет тарихынан тамырлас туынды іздер болсақ. "Алтын аймақ," Александр Твардовскийдің "Бір қиырдан бір қиырын" еске салар еді. Бұл екі дүниеден тақырыптық, көркемдік жанрлық ұқсастық іздеп әуре болмай, авторлық мақсат ұқсастығын қарастыру ләзім".

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ,

Ақын Сәкен Иманасовтың поэзиясын оқығанда менің көз алдымда қашан көрсең де арнасы ортаймайтын, мөлдірлігімен, әз әуен, әсем тынысымен айналасындағы тіршілік атаулыны жайдарман, жайсаң күйге бөлейтін тұма бұлақты елестетемін.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,

"...Қазақ поэзиясында "Менделеев кестесі" бар болса. Сәкен соның бір ұясын бекем мекендеген ақындардың бірі"..

Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ,

жазушы-драматург.

Тоқтасын СҮГІРБЕКОВ

ЖЕРІНДЕЙ ЖЕТІСУДЫҢ ҚҰНАРЛЫ ӨЛЕҢ

Бұл Сәкен өлең-жырмен туған бірге.

Өзінше өрнек жасап тыңнан мүлде.

Балаймыз отты өлеңнің ұясына,

Еңселі елуге кеп тұрған күнде.

Өнердің артқа тастап бел-белесін,
Сәкен сан қиындықты жеңген есім,
Оқысаң әр сөзіне тәнті болып,

Сезімнің айдынында тербелесің.

Бақытты балалы деп, әкелі деп,

Кітабын досқа сый қып әкеліп ек.

Өйткені Иманасов азаматты

Айтамыз "Жетісудың Сәкені" деп.

Оқысаң ой табасың "мынау" деген,

Алдында жасыл белес, тұрар белең.

Сәкеннің қаламынан туындаған,

Жеріндей Жетісудың құнарлы өлең.

Тағдырын жырға қосқан тамам елдің,

Өзі ғой Сәкеніміз саналы ердің.

Бойында өр толқыны жағаға ұрған,

Адуын мінезі бар Алакөлдің.

Шалқытып ақын – Сара жыр мұрасын,

Ақ иық Біржанға да бұрды басын.

Үйреткен баласына жеті атасын,

Ақынның көрдік содан сұңғыласын.

Басында бір өмір бар көріп-білген,

Оны жырға қосады көрікті үнмен.

Әкесінің сырласып құрдасымен,

Талай сыршыл жастарды еліктірген.

Елімен үні бірге, күйі бірге,

Жер тарпып сәйгүліктер үйірінде.

Өлеңнің адырнасын шірей тартып,

Секен түр елу жастың биігінде.

Жайырбек ҚАСПАҚОВ,
СССР Журналистер одағының мүшесі
ӨР ДАУЫСТЫ АҚЫН

Сонау 1968 жылдары облыстық "Октябрь туы" газетіне қызметке келіп, Сәкен Иманасовпен бір бөлімде істедім. Сөйтіп, ол менің журналистикадағы алғашқы ұстазым болды. Ұсақ-түйекпен ісі жоқ, оған көңіл де аудармайтын. Адам жаны, оның тазалығы, парасат деген ұғымды жеке басының үлгісімен ұқтыратын. Кезі келгенде қамқоршы да, пана да болады. Сен үшін беделіме нұқсан келеді екен деп тартынып жатпайтын мәрттілігімен жас журналистердің жақын ағасы болды. Осы жылдарда жақсы өлеңдерімен бірге көркем очерктерімен де бізді сүйсіндіретін. Оның творчестволық жолы газетпен осылай тығыз байланысып, астасып жатты.

Бүгін елуді еңсеріп отырған қадірлі ұстаз ағамызға творчестволық жеміс сарқылмас шабыт тілейміз.

Октябрь туы", 1988 жыл
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ
ЖЫР ТҰЛПАРЫ
Бұйырды жырдан несібең,

Өлеңге өкпең жоқ бүгін
Толқынмен ойнап өсіп ең

Толқыннан да асып кетті үнің.

Өзіңе біткен мәрт мінез,

Жырыңа қасиет дарытты.

Ақ сөйлеп айттың арлы сөз,

Толғап бір ойлар парықты.

Жұлдызды жырдың бағы үшін

Ойында ардың оты ойнап.

Өлеңнің қорғап намысын,

Майданға шықтың атойлап.

Нысана етіп әр уақыт,

Жақсы мен жаман егесін.

Адырнасын аңыратып,

Ұшырттың жырдың жебесін.

Қастерлер халқың ұрлағың,

Өзіндей ақын ардағың.

Тайпалтып жырдың тұлпарын,

Тарта бер өрге тарланым!

Мамадияр ЖАҚЫП,
"Егемен Қазақстанның "
Шартарап бөлімінің редакторы
ДАРЫН ДАМЫЛ ТАППАЙДЫ

Сәкен екеуіміз қызық таныстық. Мәскеуде. Жоғары партия мектебіне оқуға барғанда. Мен ол кезде "Социалистік Қазақстанның" Семей облысындағы тілшісі едім. Талдықорғандағы әріптесімнен Иманасовтың да сол мектепке баратынын естігенмін. Сырттай өлеңін оқып жүргем. Құрдаспыз. Бірақ көрген адамым емес. Оқуға келгенде тіркелетін жердегі бір-екі жігіттің ішінен әңгіме айтып тұрғанын Сәкен боларсың деп ойлап, бірден атын атадым. "Қайдан таныдың, ей!" деді таңданып. "Барлық облыс оқуға ақындарын жібере бермес, сенің ақын екенің көрініп тұр",– дедім. Күлістік.

Бұл оқуға көп адамның қолы жете бермейтін. Мұнда бұрынғы қызметтегі жалақың сақталады, оқығың келсе – оқисың, оқығың келмесе – екі жыл уақыт демалып қайтасың. Бір нәрсені бүлдіріп қоймасаң оқудан шығара қоймайды. Ал оқимын дегенге, үлкен мүмкіндік бар. Мұнда барлық жағдай жасалған. Оқытатындар кілең мықтылар. Марксизм-ленинизмнің миын шаққандар. Барғандардың көбі сол іліммен қаруланып, кейбіреулері ғылыми атақ алуға негіз қалап та қайтады. Әйтеуір оны бітіргендер әжептәуір беделге ие болып болашақ қызметіне де жақсы баспалдақтар жасайды.

Сәкен, менің ойымша, соны екеуін де: марксизм-ленинизмді игерейін деп те, кейін партиялық қызметке баспалдақтар жасайын деп те бармаған сияқты – оның ойында үнемі өлеңі жүрген сонда.

Көп нәрсеге уақыт баға береді ғой. Жұрт сияқты келген мақсаты – оқуына бар қуатын неге арнамайды, өйтпеген соң неге келді деп аз-кем оны кінәлауға да болар ма еді, кім біледі. Ал Сәкен өлеңдерін тастаған жоқ. Конспекті жасайтын дәптерлердің үстінде өлең тұрды...

Уақыт өткен соң, ойға қаласың: сонда оқуға келдім деп, басқалардай "Капиталды" конспектілеуге жарты жылын жіберіп, өлең жазуға уақыт таппай қалса да Сәкен ақындығынан, әрине, айырылып қалмас еді ғой, бірақ тұлпардың үнемі бабы келісіп тұрмаса, шабысынан жаңылатындай, біраз нәрсені жоғалтып алар еді-ау дейсің. Дарын дамыл таппауға тиіс. Ол дамыл алатын болса, шабыт мұқалатындай көрінеді. Сонау қып-қызыл коммунистік идеологияның нағыз ортасында тұрып, поэзияны соның от-жалынына күйдіріп алмай, аман алып шыққанын біртүрлі ерлікке санағын келеді де тұрады.

Мәскеуде марксизм-ленинизм теориясы жайында лекциялар тыңдай жүріп те Сәкен өлең жазды. Үзбей жазды. Жазбай кетсе де, кейін оқуды бітірген соң жазармын, әзірге қоя тұрайын деп, сол екі жылда шабыт қаңтарылуы қалғанда да, кейін де Сәкен өлең жазар еді, кітаптар шығарар еді. Бірақ, "Адырнаға", "Жебеге" кірген көптеген құдіретті жырлар қазіргідей болып шықпас еді-ау дейсің. Біраз уақыт бәйгеге қосылмаған, бабында болмаған тұлпардай кібіртіктер еді-ау дейсің. Сәкен дейтін ақын шабытты ешқашан да қаңтарған емес.

1998 жыл.

Құттыбек БАЯНДИН

ӨЛЕҢ-ӨМІР

"Лениншіл жас" газетінің редакторы Әбдісаттар Бөлдекбаевтан бірде Алакөл аудандық газетінде қызмет істеп жүрген жиырма бір жасар Сәкен Иманасов: "Сізді газетімізге қызметке шақырамыз. Келісіміңізді берсеңіз, тез хабарлаңыз" деген мазмұнда жазылған жеделхат алып, төбесі көкке жеткендей қуанышқа бөленеді. Дереу Алматыға жетеді. Сөйтіп, жастардың сүйікті газетіне қызметке тұрады. "Жұрт "Лениншіл жасқа" институтта оқып, университетті бітіріп қызметке тұрушы еді, қаршадай мына Сәкен қатарынан озып қайда барады, ей"... деушілер де болмай қалған жоқ. Ал Сәкен болса, бұрқыратып мақаласын жазды, жарқыратып өлеңдерін жариялады.

Бірде ақын ағамыз Әділбек Абайділданов бригадир туралы жазылған очеркімді үш рет қадағалап қарап. түзетіп, үш рет өзіме қайт көшірткізіп, "енді жақсы болды" деп "Жетісу" газетіне жариялатқан еді. Сондағы Әдіекеңнің "Жазған соң' сөзді сөйлетіп, ойды ойнатып, жыр тудырған ақын сияқты, өзіміздің Сәкен сияқты жазу керек" дегені ғұмыр бойы жадымнан шықпай-ақ келеді.

Сол Сәкенмен кейін Талдықорған облыстық "Октябрь туы" газетінде бірге қызмет істедік. Бұл кез оның газеттің қара жазуынан қашқақтап, жыр жазуға бүтіндей бет бұрған қызулы, қызықты шағы еді. Сәкен өлеңдерін оқитын. Пікіріңді білуге ыңғай беріп, ықылас танытатын. "Өтірік айтпа, өтірік мақтама?" дейтін. Көлгірсігенді көзше айтатын. Жанын ұғар жақсы жолдас, өнерді, өлеңді сүйетін өнерпаз іздейтін. Бұл күнде есімдері елге танымал болған белгілі ақын Ғұсман Жандыбаев пен Әбен Дәуренбековті ауылда жүрген жерінен газетке сүйреп, қызметке әкелген де осы Сәкен еді.

Ақсу өңірінде тірлігінде әдебиетке тік тұрып қызмет еткен марқұм ақын, өрі драматург Құдаш Мұқашевтің 60 жылдық мүшелтойы болып өтті. Ақынға ескерткіш орнатылды, ауылдың аты берілді. Тойға республикаға белгілі ақын, жазушылар қатысып, арнау өлеңдер оқылды. Осы тойдың өтуіне ұйтқы болып, ұйымдастырушылық іс атқарған, аудан, облыс, одақ басшыларын бәтуаға келтіріп, батасын алған Сәкен Иманасов еді.

Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген мына бір зауал шақтың өзінде ақын Сәкен:

"...Әліде
Бір жақсылық жасағым-ақ келеді, елдің бәріне,
Риза болып жүрсе деймін, күлсе деймін мәз болып,
Еңбектеген баласы да, еңкеңдеген кәрі де",–

дейді ағынан ақтарылып. Ақын ағалары Ғали Орманов пен Әділбек Абайділдановтың еңбектерінің атаусыз қалып бара жатқанына да ең алдымен соның қабырғасы қайысатын сияқты.

Әсте де Сәкен жалғыз жүре алмайды. Сапарға шығып, жол жүрер болса, жолдас іздейді. Жай жұмыста жүріп те, түскі асқа: "Жүр, біздің үйге барайықшы" деп, өтініш жасап жүргені. Ал ертелі-кеш үйіне бара қалсаң, ақын жары ақ жарқын Мариямның өзі бастап, балалары Гауһар мен Олжас қостап, құрақ ұшып, көптен күткен, Қырымнан келген қонақтарындай қуана қарсы алады. Бұл үйге жатсыну мен жатырқау мүлде жат.

Бұл күңде Алакөлден шыққан алаштың ақсұңқар ақыны аталып, абырой-атағы шартарапқа тарап жатқан Иманастың Сәкені, міне, асқаралы асулы алпысқа да кеп қапты. Тәйірі, ақын үшін алпыс жас – тал түс жас емес пе?! Ардақты ақын досқа "жүректен шыққан жырларың жүректерге жете берсін, өлең-өмірің ұзақ болсын!" дегім келеді де тұрады.

Октябрь туы" газетінен,
1998 жыл
Қасым ҚАЙСЕНОВ,
партизан-жазушы, Қазақстан

Республикасының Халық қаһарманы.

ІНІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Осы таяуда ғана "Жазушы" баспасынан тасқа басылып шыққан "Партизан Қасым Қайсенов" дейтін кітаптағы осы аттас очеркіңде Сәкен Иманасов алғаш рет менімен танысқаны жайлы: "Қасым Қайсеновтің сырына көптен анық бол сам да танысып-білісудің сәті алғаш рет 1970 жылдың жазында түсті. Талдықорғанда тұратын біздің үйге бір күні кештете Қасекең бастап Әділбек Абайділданов, орыс ақыны Сергей Киселевтар кіріп келді. Ол кезде көркем әдебиетті насихаттау бюросы деген болатын. Сол бюроның атынан жазушылар топ-топқа бөлініп, оқтын-оқтын ел аралап тұрушы еді. Бюро директоры қазіргі үлкен жазушымыз Сайын Мұратбеков Қасекең бастаған әлгі топқа мені де іліктіріп, құжат, қаражатын қоса беріп жіберіпті. Қасекең басшылығымен жарты ай бойы Ақсу, Талдықорған аудандарының шаруашылықтарын аралаған едік..."

Сол очеркінде Сәкен менің атыма бұрыннан қанық, екенін, кітаптарымды оқығанын, бірақ жүзбе-жүз танысу сәті енді түскенін айтады. Мен де жас ақын Сәкен Иманасовтың атын замандастары айтуынан естіп жүретінмін. Сол Әділбек, Сайындар аса бір талантты ақын деп әлгі сапар алдында тағы қадағалай айтқан.

Ел ішін аралап, көпшілікпен кездесу кездерінде сөзің дәлелді болмаса, өзіңді елей қоймайды жұрт. Әділбек, Сергейлердің екпіндеп оқыған мәнеріне Сәкеннің жігерлі зор дауысы қосылып, сөзінің салмағы басым түсіп, тыңдаушыларға аса ұнап қалатынын әр кездесуде байқап жүрдім.

Сол сапардан кейін мен аға, Сәкен іні болып, күні бүгінге дейін аралас-құралас келе жатырмыз. Бәрін деп айта алмаспын, әйтеуір жазғандарын оқып отырам, ол турасындағы жұрт пікіріне де құлақ түре жүрем. Бөрі де Сәкеннің ақындығын азаматтығынан айырмай, таза көңілмен көтере мақтап жүреді.

Бірақ ол алға түсе қояйыншы деп, өлермендікпен ұмтылмайды. Мінезінде де жөпшендіні менсіне қоймайтын ерлік бар. Содан барып көбіне үлесінен қағылып жүретінін байқаймын.

Іні болғасын маған ылғи бала көрінеді ғой, таяуда ғана оның да алпысқа келіп қалғанын біліп, телефон соқтым – "Ау, Сәкен, сен де алпысқа келіп қалдың ба? Апыр-ай, ә, енді біраздан соң бізді қуып та жететін түрің бар ғой жас жағынан, мен сені бала екен деп жүрсем!"– деп қалжың айттым.

Екеуіміз де күлісіп, мәз болып қалдық.

Не деуге болады. Ағасы әрдайым інісінің тәуір болғанын, абыройлы болғанын тілейді ғой. Тынысыма балайтын Сәкен ініме де мен соны тілеймін.

Айтан НҮСІПХАН

АҚ БЕСІККЕ ТЕРБЕГЕН ЖЫР

1938 жылды "репрессия" деген бір ауыз сөзге сыйғызып жүрміз. Ұлтымыздың бетке ұстар азаматтары, жақсылары мен жайсаңдары жаппай қудалауға түсігі, қолды болып, көзі жойылып, өмір атаулының басына күн туып, өлім атаулының есіріп тұрған кезі еді ғой ол. Бірақ, сол жылы да әдеттегісінше көктем келген. Сол жылы да табиғат ана бар кереметін паш етіп жер-жаһанды жасыл желекпен орап тастаған. Осындай күндердің бірінде, көктем шіркіннің болып-толған шағы мамыр айында, әйгілі Алакөлдің жағасында отырған Құсайынның отбасында дүниеге перзент келді. Ауыл-аймақ жиылып шілдехана өткізді. Атын Сәкен қойды. Сөйтіп, Өмірден бір Сәкен өткенімен (Сәкен Сейфуллинді айтамын), оның орнын он Сәкен басып жатты...

Данышпандардың сөзіне бақсаң, бұл ғаламда кездейсоқ ешнәрсе жоқ секілді ғой. Махаббат пен ғалауат майданының гол тұстағы бұл да бір көрінісі шығар.

Көп өтпей соғыс басталды. Соғыстан соң бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жылдары кезек-кезегімен өтіп жатты. Сол жылдардың барлық тауқыметін өзінің құрбы-құрдастарымен бірге басынан өткеріп бала Сәкен де өсіп, ержете берді.

Бұрынғы КСРО халықтарының рухани өмірінде айтулы серпіліс болған алпысыншы жылдары поэзия атты сырлы да, тылсым әлемнің есігін имене ашқан жас Сәкен, содан былайғы 40 жыл бойы өмірді өлеңмен өрнектей жүріп, алашқа аты әйгілі ақын атанды.

Маған Сәкен ағамен араласудың сәті соңғы жылдары ғана түскенімен, поэзиясы баяғыдан, жетпісінші жылдардың орта шенінен бері таныс болатын. Отызыншы жылдардың аштық апаты кезінде құр сүлдерін сүйретіп Қытай асқан біздің әкелеріміз бен шешелеріміз. "Қайран Алакөл-ай. Сені де бір көретін күн болар ма екен!" дегенде көкірегі қарс айрылатын. Бала кезден санаға сіңіп, жадымызда жатталған сол Алакөлді бір көру бізге де асыл арман еді. Бірақ, Қытайдан Қазақстанға келген соң да Алакөлге барып айдынына шомылудың, ата-баба зиратына дұға қылып, тағзым етудің орайы көпке дейін келе қоймады. Бір-екі жылды Алматыда, бір-екі жылды Көкшетауда еткізіп, одан кейін Мәскеуге кеттім де, ол жақта ұзақтау тұрып қалдым. Айтайын дегенім, дүниенің қай түкпірінде жүрсем де әке-шешем, ата-бабам кіндік кесіп, кір жуған Алакөл жан-дүниемнің терең түкпірінде сағыныштың сазына бөленіп өзіммен бірге болды. Содан да шығар маған Алакөл туралы жазылған нәрсенің бәрі де қымбат, бәрі де жақын болып көрінетін. Жетпісінші жылдары Сәкен ағаның поэзиясымен алғаш рет танысқанымда, оның маған айрықша жылы сезілгені сонша, содан былайғы уақыттарда бұл ақынның тағы несі бар екен? Алакөл туралы тағы қандай жырлар жазды екен? деген бір ынтық сезімнен бір сәтке арылып көрген емеспін.

Шынымды айтсам, маған Сәкен ағаның барлық жырлары тек Алакөл жайында, алакөлдіктер жайында жазылғандай болып сезіледі. Бақсам, оның екі түрлі себебі бар тәрізді. Бірінші себеп, Алакөлде туып-өскен ақын дүниені алакөлдік болмыспен, алакөлдік жаратылыспен қабылдап, поэзия тілім кестелегенде, оған өзінің сол болмысына тән белгілерді түсіріп отырады екен. Екінші себеп, оқырманға, мына маған байланысты екен. Мен Сәкен ағаның басқа ортада туып-өскен, тұла бойын Алакөл-арман билеген тағдыры өзгеше оқырманы екенмін. Өлеңдерін сүйіп оқитын ақынымен мен құсап табысқан оқырманның қай-қайсысы да мен кешкен күйді бастарынан кешіретін шығар деп ойлаймын.

Ақындық шабыты ағыл-тегіл тасыған кезде Сәкеннің Алакөлі шексіз кеңейіп, оған күллі дүние тұтас сыйып тұрғандай болады. Ақын күллі дүниені Алакөлдің айдынына тоғытып қойып шайқап, тазартып отырған тәрізді.

Алакөл Сәкен үшін жанындай жақын, арманындай әсем, ертегідей тылсым болмаса, достарын қонаққа шақырған ақын көңілден:

Айдынның омырауын сөккізейін,
Аржаққа "сырғаменен еткізейін"
"Мың бір түн" мысырында жүргендей-ақ,
Көзіңді кереметке жеткізейін, –

деген тәрізді жыр жолдары тумаған болар еді. Сәкен Иманасовтың баспадан жаңа шыққан, әлі сиясы кебе қоймаған жыр жинағының атын "Алакөлім-айдыным" деп атағаны да осындайдан болса керек. Оны оқып отырғанда айдынның омырауын сөккізетініне де, аржаққа сырғаменен өткізетініне де, көзіңді кереметке жеткізетініне де сенесің, иланасың.

"Алакөлім – айдынымды" оқып болған сәтте маған мынадай бір ой туды. Адамның жан дүниесін жаңартуда поэзиядан асқан құдіреті күш әй, сірә, жоқ-ақ шығар, деймін мен өзіме-өзім іштей тіл қатып. Ұлттың рухын өсіру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отырған қазіргі кезде поэзияның мән-маңызы бұрынғы қай замандағыдан да арта түсетін тәрізді. Халқымыз бұрын да талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешірген ғой. Кейде мен халықты сол киын кезеңдерден алып шыққан поэзия ма деп те қаламын. Қазтуған, Доспанбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Дулат, Махамбет, Абай, Мағжандарсыз қазақ жұртының рухы үстем бола алар ма еді?!

Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып та кетер қайдағым, –

деп Сүйінбай ақын айтқандай, қанынды қоздырып, жаныңды жанитын рухты өлең жоқ жерде ерлік те жоқ. Ерлігі жоқ елдің еркін, тәуелсіз болуы екіталай.

Өмірде не болмайды. Адам баласы бір терінің ішінде сан семіріп, сан арықтамай ма? Ал егер сол адамыңыз ақын болса, онда да Сәкен болса қайтер еді? Не себептен дейтін емес, туған жерінің табиғатына тартып туған ақынның мінезі құбылмалы. Толуы да, солуы да демде "Алакөл – айдынымды" оқып шыққанша оқырман екеш оқырман біз де сан толып, сан солып отырдық.

Ақын қала тірлігінен шаршап-шалдыққан шағында, кұлазыған, торыққан сәттерінде Алакөлін аңсайды.

Толқыныңа оранып адыр, адыр,
Адасайын есімнен тағы да бір
Ауық-ауық алсам деп мауқын басып,

Анасының құшағын сағынады ұл.

Немесе:

Алакөл ғұмыр дейін бе,

Алакөл арман дейін бе.

Бәрін де сырып барады,

Баспақшыл тірлік кейінге.

Немесе:

Саған да жиі бара алмай,

Самалыңмен шашым таралмай...

Сәкен ақын өзінің сүйікті көлін аңсап, сағынғанда жай бір демалып қайтатын курорт ретінде аңсап, сағынбайды. Оны "ғұмыр дүние", "арман дүние" деп аңсап, сағынады. Өйткені ол Алакөлден тәнге қуат, жанға дәру алады.

Сәкеңнің сыры сан қырлы "Қарқаралы басынан бұлт кетпес" деген сияқты, ақын жанынан мұң арылып көрген емес.

Хайуаны кім, кімі адам,
Арылдық, па дей тұрсақ та күнәдан,
Әлде нелер жетпей тұр-ау әлі де,

Кетпей тұр-ау көңілімнен бір алаң.

Иә, ақын көңілі ылғи да алаң. Ақын алаңсыз болған күні поэзия тәмам.

Өртеніп ішім тұр анық,

Жазғыра көрме мені сен.

Үніңді сыртқа шығарып,

Мұңымды жұртпен бөлісем.

"Көкірегінде көзі бар" оқырмандардың жақсы жырды оқыған кезде туатын бір қызғаныш сезімі болады. Өзім шексіз рахатқа бөлеген әдемі дүниені мына жұрт дәл өзіндей түсіне, сезіне алмай қор қылар ма екен деген бір күмән туады оның санасында Сәкен Иманасовтың жырларын оқығанда өз басым мынандай бір күй кешкен сәттерім болғанын да айта кеткім келеді.

Кешке қарай теледидардан биолог-ғалымдар бір ерекше қасиеті бар жалбыз туралы айтып жатты. Әлгі жалбызды ластанған суға салып өсірсе, су біраздан соң тазарып сала беретін көрінеді. Неге екенін білмеймін, бәлкім Сәкен ағаны оқып жүрген көңіл күйіме орайлас келгендіктен шығар, менің есіме поэзия түсті. Рухани айдынымызды тазартып отыратын құдіретті күш осы поэзияда жатқан жоқ па екен деймін мен өзіме-өзім.

Оразбек СӘРСЕНБАЙ, Жазушы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
Сәкен Иманасовтың ақындығы туралы бір ауыз
ПІКІР

Бүгінгі күнгі қазақ әдебиетін, оның ішінде қазақ өлеңін асқарала биіктерге көтеріп жүрген замандас ақындарымыздың бірі – Сәкен Иманасұлы екеніне менің күмәнім жоқ. Оның есімі ұлттық поэзиямыздың өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жаратылған Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов қатарында тұруға лайық.

С. Иманасов поэзиясы біздің қазақы руханиятымызды недәуір байтты десем, артық айтпаспын деп ойлаймын. Оның қаламынан туған ондаған кітаптардан өзіміз өмір кешіп отырған мезгілдің өлең тілімен күйленіп, кестеленген сазды шежіресін оқып, танимыз. Әрі бұл әлеуметтік ұраншыл, құрғақ декларативтік сарын емес. Анық сұлу, сырлы поэзия. Іштен, жүректен шыққан, кейде мұңды, нәзік, ал көбіне-көп ереуілшіл, бірбеткей, өжет, өршіл поэзия. Иманасовты өзге тұстас ақындардан ерекше айырып, бөлектеп тұратын да – оның осы өжет, өршіл мінезі.

Сәкен ақынның осындай елден ерек жемісті еңбегінің ресми қоғамият тарапынан әділ бағаланатын, сөйтіп ақынның өзін ғана емес, өзге де Сәкеншіл оқырмандарды риза ететін уақыты келді деп білеміз.

30.12.2003 ж Алматы.

Т. БЕЙІСҚҰЛОВ

ӨЗ ДАУЫСЫ, ӨЗ МІНЕЗІ БАР

Әр ақынның тағдыры, поэзиядағы жолы әрқалай. Сәкен Иманасовтың творчествосына келсек, әу баста ақындар әулетіне бірден дүрмекпен шулы келді десек, ақиқатқа жата қоймас. Ол салқынқанды, сабырлы салмақпен қосылып, көп ұзамай жас ақын атанды. Ақындық ауылға, жыр дүниесіне тәй-тәй басып келгеннен бері аз уақыт еткен жоқ. Творчествосы шыңдалып, қаламы қатайды, ойы толысты, сана-өрісі кеңейді, талант қарымы арта түсті. Бірақ ол соған оңайлықпен жеткен жоқ. Талай қағажу көрді, жаны күйзелді, әділетсіздікті басынан кешіруге тура келді.

Алайда тағдырын ақындыққа бағыттаған, оның ыстық, суығына төзімділікпен көнуге берік байлам жасаған талант бәріне төтеп берді. Бүгін ол шалқар шабыттың дер шағында. Оның көктемі енді туғандай. Таланты көктем гүліндей құлпырып, жарқырап ашылғандай. Міне, оның "Адырна" жыр кітабын (1988 ж. "Жазушы" баспасы) оқығандағы алғашқы түйген ойымыз осы.

Қазір С. Иманасовтың есімі, ақындығы кеңінен белгілі. Ол қарымын алысқа сермеп:

"Тыңдауға туған дала болса дайын,

бере тұр, қорамсаққа қол салайын".

Жебенің жеті атасы бар-ау мұнда,

өткір ме – қолыңа алып көрші, ағайын!"–

деп өзінен үлкен үміт күттіре үн тастайды, өлең өлкесіндегі құлшынысы бұрынғыдан артып, алуан сырлы жыр қашайтынына меңзейді.

Жыр кітаптан байқағанымыз, ақын еркін көсіліп жазған, кібіртіктеп, тек ұйқас үшін сөз іздеп жатпаған. Әр өлең жолдары жатық келіп, жеңіл оқылады. Жырлары, негізінен ойға, оқиғалы сюжеттерге құрылған. Сөзуарлыққа құштар емес. Оның кредосы – өмірде көргендерінен, көкірегіне ұялағандарынан түйін түю, ой жинақтау, міне, соларды поэзия тілімен айту. Асығып, аптығу, күпілдеп құр даурығу жоқ. Алдында үлгі тұтар ағалары, артыңда үміт артар інілері болған соң, ол жаман жазуды мұрат тұтпаған. Керісінше, олардың қай-қайсысына болса да өзі үлгі-өнеге боларлық қамы көбірек толғандырған сияқты. Жыр шумақтарынан ақындығы мен азаматтығы тоғысқан арлы жан бой көрсетеді, бүгінгі күн үдесіне сай ширақтық пен жауапкершілік сезіледі. Өз үнімен, өз арнасымен келеді ол.

Ақын өзегін жарып шыққан өлеңдеріне жүрегін сыздатқан көп жайлар арқау болған. Кей өлеңі асқақ сезімге, алабұртқан алаулы жалын күйге, енді кейбірі ойдың тұңғиығынан шым-шымдап шыққан шымыр толғанысқа, сабырлы сырға толы. Өлеңдерінде ызғарлы қыс пен жайдары жаз, салқын күз бен самалы өскен жадыраңқы көктемді еске түсіретін көңіл-күйдің арпалысқан, толғағы жеткен тұстарындағы жан толқынысы өрілген. Адалдықты, ақиқатты аңсайды, ақ жүрек, таза пейілді уағыздайды, жақсыға қуанады, жаманға жирене отырып сынайды, өткір жебесін түйрейді.

С. Иманасовтың туған жерге, ауылыма, ата-анасына деген сүйіспеншілігі, сағыныш сезімі көп өлеңдерінде желі тартқан. Олар үшін не қиынға салса да, өгіздей өрге тартар мінез көрсетіп, бас тігуге бар азамат. Міне, өзін тыңдап көрейікші:

"Бас тартпаймын: туған елім дәл қазір,

Тау қопартып, тас жарғызам десе де".

("Күш" өлеңінде).

Елінің қай талабы болса да оны орындауға дайын ол. Мұнда патриоттық сезім ерекше сезіледі.

"От басының реңі де тірегі ең,

көз алдымда кескінің тұр жүдеген.

Өкпелетіп алдым ба деп,

әлі де қабіріңе күнде барып, гүл егем",

– деген жыр жолдарынан ("Анам туралы триптих" өлеңінен) анаға деген іңкәр көңіл, жүрек түкпірінен бұлқынып шыққан балалық сағыныш сезім, жанға жылу бергендей әсердей боласың. Ана алдындағы борышты өтеудің көрінісі сәтті айтылған.

Ауылын сағыну "Ауыл" өлеңінде асқақ үнмен жырланады.

"Қайтейін", бірақ ауылға,

бұрды да тұрды жүрегім", –

десе, бір жерінде:

"Сағына берем тек сені,
Түтіні түгел тәтті ауыл", –
немесе,
"Қағынып жүрмін кетем деп

сағынып шалғы, кетпенді", –

дейді.

Ауылда туып, сонда өскен жанның адал көңіл-күйін білдірмей ме осы өлең шумақтары. Ақын мейірі, жүрек лүпілі шапағатты жылы лебізінен, күншуақты жан дүниесінен сергек сезіледі. Ауылында ескірген, тозған күйкі тірлікке, бас бұзар төрешіл, әкімшіл қылықтарға күйзеледі, көкірегі қарс айрылып, араша түседі. Ендеше ақын жамандықтың қандайына болса да қарсы.

Ақындықтың нарқын бағалай алмаған кей ақын, әрине, оның қиыннан қиыстырылатын мән-мағынасын түсіне алмаса керек. Осы орайда да С. Иманасов қатты толғанады, біраз өлеңдерінде ойлы-орамды сыр шертеді. Асқар шың атасы Абайға табынып, жүгінеді, оны арқа тұтады, өлең сөздің жайы арзандап бара жатқаны туралы уәж етеді. Жамбылды ақын емес дегендерге күйінеді, Абайға тіл тигіздік деп реніш білдіреді.

"Көңілге келе жатқан толмай әлі,
айтарым өлең қамы сол баяғы, –
бүлініп жүргендер бар жүлде десе,
жүгіріп жерге тимей қолды аяғы"–

дей келіп ("Абай ескерткіші алдында" өлеңінен), ақын бастықтың "бақырбас баласына" өлең арнап, "өңеш созған", татымсыз өлең буымен өздерін елге әйгілеп, қатарындағыларға миығынан күле қарап жүретін кейбір ақынсымақтарды сынай отырып:

"Білмейсің: ақыны кім, ақымағы,
былығып баяғыдай жатыр әлі,
құлқынын тығындайтын "цитат" іздеп,
Сіздің де басыңызды қатырады", –

деп батыл пікір қозғайды, шымбайға батыра айтады, осылардың ұнамайтынын ашына айтады. Осы ой ақынды көп мазалаған болуы керек, "Жыр обалы", "Өлең жолы", "Ауылдаспен әңгіме", "Жауап", "Есею", тағы басқа өлеңдерінде соған оралып отырады. Опа кермей, талай соққы тиіп жапа шеккен жүрегі жаралы, көңілі жадау тартып келген ақын шемен-шерін ағытып, түр-түсі сан өзгеріп тұратын жәдігейлерді нысанаға алады. Азап, бейнет тартқызған кінәлілерді жеріне жеткізе, қабырғасын қайыстыра айыптайды, бүгінгі күн тұрғысынан өз үнін қосады. "Ақын деген – баяғыдан ар құлы" – міне С. Иманасов позициясы. Сондықтан ақындық ар-намысты өзінің эталоны есептеген ол өлең жолының "қилы", "қиын" екенін біле келіп, түні бойы түңіліп, түнеріп, өзін-өзі қайрап, шабытын ширықтырып тынымсыз тірлік кешіп жүріп жазды. Төтеннен тауып алған олжасы да жоқ, бәйгесі де жоқ, үлесі де жоқ. Жылпостық та жат әрекет оған. Талай жүрегі шайылып, түршігіп жүрсе де өмірден түңілмеді, үмітін үзбеді, ешкімге емінбеді, телміріп, телінбей, өз парызын өтеп жүре берді.

"Қолдауы маған да көп бір бақыттың,

болмауы бір жақсылық мүмкін емес", –

деп ("Сенім" өлеңінен) сеніммен қарады болашағына. Кешегі тоқырау заманының жаңаратынына, күн көзінің жарқырап ашылатынына, бәрі өзгеретініне сенеді ол. Сондықтан ол:

"Өзгереді,

бәрі де өзгереді,

құлағың естігенді – көз көреді.

Кеше ғана күндеген көп пысықтар

маған да бір мінбедеп сөз береді",

– деп еді ("Жаңарады" өлеңінен).

Сол айтқандай, С. Иманасов әр мінбеден жиі көріне бастады. Ол қошеметке, қолпашқа, көтермелегенге қарсы, ел ықыласы болса, сол жетеді оған. Сондықтан ол басын тасқа да, тауға да ұрып сан қателескенін де, өз бойында кемшіліктердің, де болғанын ағынан жарылып мойындайды. Ендігі мақсатын:

"Туған жермен бір едім бар тынысым, бар тынысым,

базарлы алқынысым.

Ұнасам да еліме, жыласам да,

құласам да – барлығы халқым үшін! –

деп ("Ардагер сөзі" өлеңінен) түйеді.

Сонымен, өлеңдеріне қаңдай да бір өлшемдермен, зор талаппен қарасақ та, С. Иманасовтың азаматтық белсенділігі күшті ақын екендігіне көз жеткіземіз. Ол ақындық жауапкершілікті, поэзияның ауыр жүгін, сапа-салмағын қатты сезінеді. Сондықтан жүрек көрігі мен ой ордасынан сараланып, сығымдалып қорғасыннан құйғандай салмақты, құнарлы әр сөз, әр өлең ақынның бұлқынған, буырқанған ішкі әлемін, мазалаған жан дүниесін ақтарып алдымызға жайып салады.

Ақын ердің жасы елуден асты. Қызу қанды жастығы етті. Енді оған қара басына түскен жәйттарды көбірек жырлай беруден гөрі, өзекті, күрделі тақырыптарға әлеуметтік, қоғамдық салмағы қомақты ой-пікір қозғауын тілек ретінде айтар едік. Халықтың өмір тынысына тереңірек үңіліп ой толғау, жыр жазу – ендігі толғанатын тұсы осы болса керек. Әйтпесе, "Адырнаны" оқып отырып, өз күй-жайын көбірек жырлапты деген ой да туып кететін сияқты. Бәрін қойғанда бейбітшілікті сақтау мәселесіне, қару-жарақты жою ісіне Сәкен сияқты еңбегімен беделге ие болған ақынның жырларымен үн қосуы ләзім.

"Соңғы сөз орнына" деген кітаптың ақырғы бетіндегі өлеңінде ақын әлі көп жазатынын паш етеді. Сонда тілегіміз ескерілер деп білеміз. Олай болса С. Иманасовтың:

"Жазам бәрін солардың, қазам бәрін,

денсаулық бер, ей өмір, мұрша бер тек!" –

деген өтініш-тілегінің орындалуын қалай отырып, одан әлі де тамаша өлеңдер күтеміз.

"Жетісу " газеті, қыркүйек,

1989 жыл.

Оңалбек КЕНЖЕБЕК,
жазушы, журналист,
Ақмола облысы, Щучье ауданы
СӘКЕН АҒА

1980 жылдың қараша айында "Жазушы" баспасында жаңадан фольклор жөне халық шығармашылығы аталатын редакция ашылып, сонда қызметке орналастым. Редакция негізінен көне жыраулар, халық ақындары шығармаларын жариялаумен қатар, ұлттық фольклорымыздың 100 томдық үлгілерін шығарумен айналысуға тиіс еді. 15-16 кітап жариялап үлгердік те, ары қарай заман өзгеріп шыға келді. Редакциямызды басында Есләм Зікібаев басқарып, аяқ астынан "Кітап жаршысына" редактор болып ауысты да, оның орнына бізге бастық болып ақын Сәкен Иманасов келе қалғаны.

"Жазушы" баспасы сол кездегі ең атақты, ең беделді, өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар үлкен мәдени мекеме еді. Күллі жазушы атаулы осы жерден кітап шығарып, қаламақы алады, ақын-жазушылардың бірталайы сол мекемеде қызметте жүр. Баспада екі жүзге жуық адам қызмет етеді, жыл сайын 300-400 кітап шығарады, 5 миллион сом көлемінде табыс табады, Одақ бойынша әлденеше рет бәйге де алып, ордендермен марапатталып та жатты. Ұжымда өзара тату-тәтті қарым-қатынас, қазақы мейірбандық, жылы көзқарас орнаған, жоғары деңгейдегі астыртын айтыс-тартыстарда шаруамыз жоқ, қатарлас жүрген азаматтар ішінде ала қойды бөле қырыққан жаман мінез-құлық байқала бермейтін. Тақырыптық жоспарға кіру, кітап шығару өте қиын, екі-үш жыл еңбегіңді сіңіріп барып қана ол жайлы аузыңды аша бастайсың.

Сәкен ағаны бұрын сыртынан білетін едік. Өте білімді, мәдениетті, өз күшіне, өз талантына сенімді мықты ақын дегенді де естіп жүреміз. Қай ортада болсын беделді, салмақты. Асықпай жүріп арбамен қоян алатын, кең өлшеп, мол пішетін жаны жомарт, мәрт те, маңғаздардың бірі дейтін жұрт. Біздің орда бұзар отыздағы кезіміз. Сәкең болса қырықтың үстіндегі "әлі де қылшылдап тұрған" жігіт ағасы жасындағы азамат.

Алпысыншы жылдары дүрілдеп келіп, қатарға қосылған талантты толқынның өкілі. Дос-жоралары Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Әділбек, Фариза, Сабырхан сияқты кілең бір ығай мен сығайлар. Мәскеуде, Жоғары партия мектебін бітірген, Жоғарғы Кеңеске депутат та болған, әдебиет саласында белгілі орны бар қаламгер. Оның шығармашылығы, алғырлығы, көркемдік ізденістері туралы кезінде замандастары, әдебиет сыншылары да көп жазды. Халықаралық "Алаш" сыйлығын да сол кезде алды-ау деймін.

Батырға лайық гүрілдеген жуан дауысы бар ақыннан талай-талай дөкейлердің өзі де аяғын тартып, кейде жақтырмай, кейде ығып жүретінін де байқап қаламыз. Сәкең бетің бар, жүзің бар демейді. Тура ғана тікесінен айтып салатын ержүрек, батыл мінезді, серілігі де, әділдігі де жетерлік қарапайым, қайырымдылығы да әрдайым сезіліп тұратын біртуар жігіт ағасы. Ә дегеннен Сәкең менің де хал-жағдайымды, бала-шаға, шаруамды жиі сұрап біліп алды.

Мен аң-таң қаламын. Шынымды айтсам, осы Алматыға көшіп. келгелі біздің хәлімізді пәтер жалдаған қожайын ұйғырлар ғана сұрайтын еді, сол себептен бе, әйтеуір ішім жылып кететін...

Жұмысқа тұрмай жатып "жығылсаң нардан жығыл, нар тәуекел!" деп Алматыға көшіп келгем, пропискіні әрең дегенде жасатып едім, ол да кейін жалған болып шықты. "Луч Востока" аталатын колхоздағы бір ұйғырдың жазғы жеркепесіне көшіп кірдік, әйелдің аяғы ауыр. Бұған дейін ауылда алты жыл мұғалім болып, мектеп өмірімен жете танысқанбыз. Әке-шешемізге көмектесіп, үлкен үй де салып бердік. Алматыға қарай жетектеген сол баяғы кітапқа, әдебиетке деген құмарлық.

Не керек, Сәкен аға бірден-ақ туған ағамыздай болып кетті. Жұмыс жүрмей жатса қаттырақ зекіп те алады, бірақ мен бастық екенмін деп ығырымызды шығарып, жеке бас жұмысына жегіп, кейбір тез таситын шолақ сай сияқты жылпостардай дікеңдегенін көрген емеспіз. Ақын-жазушылардың біразы Сәкенді іздеп келіп жатады. Атақты партизан Қасым Қайсенов те іздеп келіп тұратын, тіпті бірнеше рет жолсапарларға да бірге барып қайтуға шықырып жүрді. Аңызға айналған батыр туралы Сәкең бізге үнемі алыстан сермеп, шешіле қызықтап, әңгіме айтып отырады. Өзі өте әңгімешіл, бір бастаса, ол кісіні оңайлықпен тоқтата алмайсың. Талайды бастан кешкен, көкірекке тоқыған мол парасат-пайымы дегдар азаматтың ішіне сыймайды ғой деймін, сірә. Бізге, әрине, бәрі қызық, айта берсе екен деп отырамыз... әңгіме айту да біле білгенге зор өнер, қазақта ауызша әдебиетті де сол шешендік, әңгіме айтқыштық сақтап келген жоқ па. Ортамызда Айсұлу Қадырбаева ақын бар, Ақтөбенің тумасы, сұлу келіншек, сүт қосып қайнатқан керемет қою шайын дәмдеп сәндене бір керіліп отырушы еді. Көкшенің көк перісі Тортай ақын бар. Дәуітәлі Стамбековтың өзі неге тұрады. Нағима атты тағы бір керілген келіншек болды. Сол 81 жылы Тортайды үйлендіріп, тойын бірге тойлап тастадық. Сәкен аға 25 сомнан жинаңдар деді өзі басқарып, ешкім қарсы келе алмайды, ол кезде бұл қомақты сома. Той жақсы өтті, кербезденіп Сағи ағамыз жүрді бикештермен би билеп. Айһай, дедің-ау, сол бір уайым-қайғысыз керім кездер-ай! Ертегі тәрізді, әлі күнге есімнен шығар емес.

Алғашында кіші редактор болып бір жыл жүрдім. Жалақы 110 сом. Сәкен аға директорға қайта-қайта кіріп жүріп, редакторлыққа өткізді. Ол орынға таласып, менімен бәсеке болып С. деген жігіт пайда болып еді. Ағамыз менің партияға мүше екенімді айтып, әйтеуір әрең дегенде директорды иліктірді-ау! Ол кезде редактор болу қ и ын. Әйтеуір, жеті-сегіз жыл ішінде Сәкең бізге көп нәрсені түсіндірді, авторлармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті, өзі де үлгі болды, бәрімізді кісілікке, адамгершілікке тәрбиеледі. Белден басып бір өзі ештеңені шешпейтін. Бірде көп жағымпаздың бірі жүгіріп келіп, "Ойбай, министр келе жатыр, ананы әрі, мынаны бері тығып отырыңдар!"– деп, зәремізді ала діккеңдеп бергені. Өзі де сол кезеңнің солақай белсендісінің нақ үлгісі, кері басқан кейіпкері еді. Сәкең шарт кетіп: "Немене, нені тығып отырамыз, көз бояушылықты қашан қоясыңдар осы!"– деп өре түрегелді. Ашу шақырды. Анау да кішігірім бастық еді. Біраз айқай, айтыс туды. Сол неме де директорға жеткізіп, ол да сабырлы кісі еді, әрең басса керек. Бастық атаулыға қарсы шығу дегенің ол кезде сенсация. Сәкең "бастық екен, тағы бірдеңе екен" деп қорқып-пысып жатпайтын.

Сол баспада жүріп бес-алты директордың қызмет тәсілдерін көріп, байқадық қой. Сәкен аға жылдар өте келе салмақты мінезімен үлкен беделге ие болды. Бірде С. деген бастық "Әй, ана жігітің жұмыс істей ала ма өзі?" – дейді Сәкеңе мені нұсқап. Бір көңілі жақын әйел арыз айтса керек. Жұмысты кешіктіріп жатқан мен емес, суретші болатын. Сәкен аға да аяғын тартқан жоқ, мені қорғаштап, тіпті ұрсып та жіберді, қатты-қатты айтып тастады. Бірде жаңа директор келіп, бір Т. деген бөлім меңгерушісін тез ауыстыра қоймақ болды, онда да Сәкең "ендеше, мен де жұмыстан кетейін" деп наразылық білдіріп, оны орнында қалдыруға күш салды. Ең үлкен баспа өкпек желдің өтінде тұрғандай, тартыс-таласпен екі-үш жыл сайын бастықтар алма-кезек ауысып жатады. Қай жеңгені өз адамын әкеліп жылы орынға отырғыза қояды. Сәкең бастықтар үшін алынбастай бір қамал. Қарапайым редактор болып жүргенде өзінің редакция меңгерушісі Ж. деген ақынның аударма өлеңдерін жаратпай тастапты. Бастығы шыж-быж болып, мұндай "қырсықты" бірінші рет көрсе керек, бұлқан-талқан ашуланса керек, Сәкең оған айылын да жия қоймайды. Өйткені, ананың ақындығы расында да шамалы еді. Екеуі ұзақ уақыт дүрдараз жүріпті. Баспадағы жігіттер осының бәрін аңыз етіп әңгімелейтін.

Сәкен ағамыз қай жерде жүрсе де, үнемі қатардағы қарапайым жігіттерді қолдап, қорғап жүрді. Ал ол жігіттер де ағаның жақсылығын ұмытпай, өте сыйластықпен қарап, алдынан кесе өтпей, ылғи да арнайы сәлемдесіп, бір хабарын беріп, араласып жүретін. Кейде шынын, ақиқатын айтам деп қатар жүрген әріптестерін ренжітіп алып, оған өзі де өкініп отырушы еді. Басқа редакция жігіттері сөгіс алып, айлық, тоқсандық сыйақыдан қағылып жатқанда да біздің есебіміз түгел болушы еді. Бастықтарға айтқанын қалай өткізеді, оны өзі айтпайтын, біз де сұрамайтынбыз. Кейбір аса атақты ақындар біздің редакцияға келіп, Сәкеңе өлең оқып беретін, ағаның әділ баға беруін өтінетін. Бұл ағаларыңның өлеңдеріндегі кемшілікті, оңаша ғана өзіне жазып беріп едім дейтін кейде. Жұмекенмен жақсы дос болды. Қазіргі гимннің авторы Жүмекең "Мектеп" баспасында қызмет етеді, бесінші қабатқа көтеріліп, сәлемдесе келетін, келгенде жай келмейді, Сәкенді тарпа бас салып құшақтай алып, селдір, күмістей шашын ұйпа-тұйпа етіп жұлмалап тастайтын, әшейінде адуынды ағамыз мүлдем ашуланбай, отыра беретін-ді, "Апырай, аюдай ақырған Сәкеңе не болды?" деп қаламыз, сөйтсек ежелгі сыралғы, "қанды көйлек" достар екен ғой. Иә, сондай мықты досы болғанға не жетсін!.. Қазір онды дос табу, сөйлесіп, сұхбаттас болатын жанды кездестірудің өзі қиын болып кеткен жоқ па.

Бірде ақын Фариза келді, көңіл-күйі онша болмай тұрған тәрізді. Сәкең жаңа баспадан шыққан кітабын көрсетіп жатыр, ішінде күлімсіреп түскен суреті бар-тын, Фариза:

– Соншама, мәз болып тұрсың ғой өзі, өзіне өзі тоқ мырзалар сияқты,– деген тұрғыдағы бір сөздерді айтып тастады. Қапелімде Сәкең не дерін білмей абдырап қалды. Кейін білдік, Фариза апамыздың әлденеге көңіл-күйі болмай, мазасы кетіп жүрген кезі екен. Кейіннен Сәкең айтып жүрді: "Фариза ақынды елге апарып, Алакөлдің жағасына демалатын, шама-шарқымызша ел боп күттік" деп. Иә, ақын жанын ақын ғана түсінеді. Сәкеңнің достары көп, көре алмайтын жаулары да болды, талайы дымы құрып, сыртынан ғана күңкілдеп жүрді. Талайы алдына келіп, арашаға араластырыңдар қаншама.

Жерлестері де ауылдан жиі келіп, соғып кетіп тұратын. Бұлардың қыруар бұйымтай, шаруасы бар. Аға қолынан көмек тиетін болса, еш аянбайды, құрысып-тырысып бұлданбайды. Аударма, рецензия кітап береді, әйтеуір көмек қолын созбай қоймайды. Қиналып жүрген жастар келсе, қалайда көмек беріп, біреулерге жәрдем бердім ғой деп және міндет еткен емес. Қазіргі танымал аудармашы, француз тілінің маманы, публицист, талантты ақын Ғалымжан Мұқановтың француз тілінен тікелей аударған "Владимир мен Сара" поэмасын да қолдап, "Қазақ әдебиетінің" айқара бетіне жариялатқан да, оны кейін жарыққа шығуына көмектескен де, мол етіп қаламақы төлеткен де Сәкен аға. Сол Ғалымжан Мұқанов менің курстас досым. Сәкен ағаны әлі де мақтап жүреді. Ұлы Абайдың, Махамбеттің, Мұхтардың шығармаларын мерейтойлары кезінде француз тіліне аударып, жариялады, шетел сыншыларынан, әдебиетшілерінен жоғары баға алды, бірақ үлкен бір өкініші, өз елімізде әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келеді. Қазір денсаулығы сыр бере бастаған, он мың пенсиямен мемлекет пәтерінде тұрып жатыр, осындайда "бұл өмір неге сонша әділетсіз?" деген қырсау ойға бой салады екенсің...

Сәкең қажетті жерінде қатал сыншыл, кіді, тарпаң, табиғатынан текті мінездің адамы. Қалыптасқан тәртіпке орай бәрімізге де бірдей талап қояды.

Бірде әңгіме арасында:

– Сәкен аға, мына дүние осылай кете бере ме, енді ештеңе өзгермейтін де шығар?– деп қалғаным бар еді.

Бұл сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Советтік жүйенің көк сұр мұзы әлі ери қоймаған уақыт еді, партия жиналысы, тәртібі тырп еткізбейтін, басқан ізіңді аңдыған, бетін, беделін сатқан мүсәпір пенделер жетеді. Олардың қара дәптеріне бір іліксең, қысқаруға қарай бір табан жақындап қаласың. Рушылдықтың, жүзге бөлудің көрдің иісіндей салқын сызын сезетінбіз. Апырай, азғантай қазақтың тыраштанып, екіленіп, жарамсақтарын жинағыштап, сонша бөлінетіні несі екен? Бұл ұлттың кеселі ме? Тілі бөлек ұлттың ішіне дендей кіріп кететін, бір-бірін қолдауда алдына жан салмайтын жебірейілдерден неге үйренбеске? Сол кезде жарнаны уақытыңда төлемесең, мәселең, мүлде қиынға айналатын, жиналысқа түсіп, әсіре жандайшаптардың, партия ардагерлерінің келемежіне, түрткісіне түсетінбіз. Айықтырғышқа мекемемізден әр айда кімнің түсіп қалғанына дейін бір белсенді әйелдер милицияға телефон шалып, қара тізімін алып, анықтап жатады, Шариковтардың "шарықтап" күшінде тұрған уағы еді...

– Неге олай дейсің, өзгермейтін дүние бола ма екен, бәрі де өзгереді, әлі заң да, заман да, – деді Сәкең сенімді түрде. Мен аң-таң қалдым. Расында уақыт өте келе бәрі өзгерді, іріп-шіріген қоғамның аяғы аспаннан келді, дәл осылай боларын, апырау, кім білген, ал Сәкең ақын болғасын ба, бір көкірек түйсігімен, алтыншы сезімімен бе, әйтеуір, болжап біле алды. Әлде көп оқып, көпті көргеннен кейін көп нәрсенің, күллі қоғам дамуының заңдылықтарын жете білгеннен соң ба екен. Әлі де бар ғой, осындай нар тұлғалы, кесек азаматтар. Алды-артына сергек қарап үйренген.

...Уақыт өте келе көп нәрсе ойға жаңғырығып жиі оралады, мазаны алып, тыным бермейді, сонша жылдар өткенде ғана кейбір жайлардың сырын шешіп жатасың. Адуынды да, айбарлы ақын Сәкен аға туралы жазбасыма болмады, іштегі сырлар, естелік – еріксіз қолыма қалам алдырды. Тура Максим Горький айтқан "жазбауға мүмкін болмай қалған кезде ғана жазу керек" деген осы ма деймін. Аға туралы айта отырып, жазушылар туралы да азды-кем өз ойларымды да білдірейін деген едім. Өз сөзім өзімдікі ғой, ол үшін ешкім сөге қоймас деймін.

Таяуда ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың 2005 жылы жарық көрген "Тәңір таразысы" аталатын өлеңдер жинағы қолыма түсе қалғаны. Байботаның Сәкен ағаға арнаған "Қазаққа қат бір ақынсың..." деген өлеңі тура менің ойымның үстінен түсіпті, ағаның көсеми тұлғасын тамыршыдай дәл басқанына таңырқадым. Кәне, сол өлеңді асықпай оқып көрелікші:

Махамбет дер ем, ғасырың басқа,

сауытсыз, жүрген көйлекшең.

Қаттырақ айтып жасы құрдасқа,

тұрасың өктем сөйлеп сен.

Шындықты жұрттың бәрі ұнатқан ба,

тыңдайды біреу сүртіп тер.

Жатарың өткір жалын атқанда,

құлайды төмен кірпіктер.

Жарамсағы мен жағымпазы көп

ортада өңің бұзылып, дәуірдің даусыз дауылпазы боп,

оқисың жырды кіжініп...

...Күн нұрын төгіп, жаяды ғарыштан құшақ,

сенен елге ортақ Күннің сол пейілін көрем.

Гүжілдеп кейде ашулы арыстан құсап,

еркелетесің иттерді мейірімменен.

Қоқысқа кім бас иеді күресінге кеп?

Тұғыры биік хас қыран екенің анық!

Балағы битті баланы жүресің демеп,

қашан көрсем де, бір жасты жетегіңе алып.

Аңқылдап дәйім осылай, аға, жүр аман,

бақ береді, рас, түбінде Алла мұңдыға.

Әр сөзіңді алтын кірменен таразылаған

ақылды ұрпақ айырар салмағыңды да!..

Осы өлеңді қысқартып бергеннің өзінде ақынның сом тұлғасы көз алдымызда сомдалып тұра қалады. Байбота ақын осыны көкірек көзімен байқап, бәрін келісті өрнектейді. Бір-бірін қарақаттап, қаралап, жанын жаралап жатқан, соны да әлдеқандай ат шығару, атақ алу, сенсация ретінде бір-біріне сайтани құлқынмен топырақ шашып жатқандарды көргенде Сәкен ақын бейнесін көріп дәл, разылықпен нұрландырған осы бір шуақты өлең шумақтарына еріксіз елеңдеп, өз бойында әлдеқандай қанағат сезімі оянады екен.

Дүниеден шамаң келгенше жақсылық іздегенге не жетсін. Бізге жуан қарын, шалағай, аспаннан түскендей болып,' кекірігіне шашалып жүрген оспадарсыз топтың кейіпкері емес, жаңа заманның ойлы да терең білімді, кесек, тұлпар текті азаматтары үлгі бола алады. Ақын Сәкеннің адами тұлғасын сипаттаудағы басты мақсат қазақ халқының топырағы талантты, асыл ұлдарға қай кезде де кенде болмағанын атап көрсету болатын. Орындай алдық па, жоқ па, ол енді басқа әңгіме.

"Жетісу " газеті, 10 ақпан 2007жыл
Мақсұт НӘРІКБАЕВ, заңгер
"ҒАШЫҚ ДҮНИЕ "

Жерлесіміз Сәкен Иманасов өзінің жаңа кітабын жинақтың екінші бөліміндегі "Ғашық дүние" деген өлең тақырыбымен атапты. Автордың жырлар жинағын осылайша атау себебін аталмыш өлеңнің өзінен іздейік:

Дүние-ай,
қадіріңді құрт ұқтырып,
Барасың күннен-күнге ынтықтырып,
Көлбеген көк белдерге,

Көк пен жерге

Қараймын көздің жасын сүртіп тұрып...

деп, өткен өмірінің тереңіне үңіле қараған Сәкен, өзін дүниеге келтірген бұл өмірге берері мол болып, беріп үлгергеніне қанағат тұтпайтын ізденімпаздығын білдіріп:

Дүние-ай,
Қуанып та,
Небір күле,
Енді ұқтым өзіңді де, өзімді де,

Алдыңа ақтарыла кеткісі кеп,
Аңқылдап ашық тұрған көңіл міне!–

Замандастар мен қаламдастар деген шумақтарымен жалан өкініштің құлы болып қалмай, адамзат алдындағы ақындық парызын өтеуге әрдайым әзір екендігін ашып айтады. Сәкеннің бұл өлеңінен оның өзіне тән айнала дүниеге сырттан қызықтап қана қарамай, жан дүниесімен толқитын ақындық арынын байқаймыз. Жыр жинағындағы басқа өлеңдерінде де ақынның осы қасиеті сезіліп өзіне тартып отырады.

Сәкеннің өз сөзімен айтсақ "ақын парызы-өнегелі өмірді, батырлық пен даналықты дәріптеу". Осы тұрғыдан қараған да ақынның жаңа кітабындағы Отан, Коммунистік партия, совет жастары жайлы жырлары өз тақырыбын дал тауып, оқырман көңіліне күмәнсіз ұялайтын жолдар демекпіз. Әсіресе кітаптың беташары болған "Бүгінгілер атынан" атты ақын толғауы бүгінгі замандас тұлғасын, оның образы мен портретін суреттеуде Сәкен өзіндік үн, соны ізденіс байқатады.

Мен сөйлейін!...

Сөйлеуге хақым да бар,
Сөйлемеуге қоймайды тақымдап ар,
Жауап алса жұртынан Отан мына –

Сот алдына алдымен ақын барар!

Ешбір көлгіреусіз шын көңілден шыққан осы жолдардан қоғам өміріндегі ақынның алар орны, оның адамзат алдындағы үлкен парызы оқырманына да ой салады. Ел алдындағы өз міндетін осылайша мүлтіксіз түсінген ақын замандастары жайлы:

...Ертеректеу өмірге келмедім деп,

Біздің ұрпақ кімдерден кем көрінбек?

Әр ісін кейінгілер ардақ тұтар

Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерім көп,–

деп шалқыта жырлайды.

Сәкеннің туған жеріне еліне, алыстағы ауылына деген ыстық махаббаты, сазды сағынышы жинақтағы "Хат келмеді", "Ауылға сәлем", "Апарайын ел жаққа", "Талдықорғанға барар жолда", "Алакөлге айтар сыр" сияқты өлеңдерінде ыстық сезіммен өріліп жатыр.

Ақынның туған жер туралы жыр топтамаларындағы өлеңнің бірінде ойындағы жарқын жандар жайлы ойлана сөйлеп, ауылдастарына баға берсе, екіншісінде арнасынан аса шалқып кетеді. Ол туған жеріне деген өлшеусіз махаббатын да өз өлеңдерінде айқын аңғартады.

Әзірлеп отыр екен ат ағайын,

Жүрші дос, Алакөлге апарайын.

Ол жақта өзгешелеу атады таң,

Әйтеуір өзгешелеу батады айың.

Қыр көлеңкесінен көрінбей-ақ қалатын алақандай ауылыңның бейнесі осы сәт әлемдегі ең бір әсем де, құдіретті жер екенін сезінесің.

Бұта жоқ мен сүйінбес бір тал мұнда,

Сүйемін қырынды да, қырқаңды да,

Туған жер.

Саған ұқсау керек екен,

Қызармай жүру үшін жұрт алдында!–

деп аяқталатын "Талдықорғанға барар жолда" атты өлеңінде азаматтық үн, терең жауапкершілік жатыр.

Сәкеннің бұрындар жарық көрген кітаптары да адалдық, достық, махаббат туралы ашыла сөйлеп, бүкпесіз сыр шертісетін жырларға айтарлықтай орын берілетін. "Ғашық дүние" деп аталған тақырыптағы өлеңдер тобы кітаптың едәуір бөлігін иемденіп жатыр. Бірақ, бұл өлеңдерден бұрынғы кітаптардағы жырларға ұқсас бір сарындылық байқалмайды. Айтары бір болса да, үні бөлек, сарыны басқа жырлар. Көкірегін айқара ашып, оқырман алдына жайып салып отырғаны күнделікті өмірдегі сыр. Әйткенмен, ақынның айтпағы сені де өз өміріңе үңіле түсуге жетелеп, кейбір іс-әрекеттеріңе бағдарлай қарап, баға беруіңе жетелейді. Айналадағы адамдарды сын көзбен сынай қарап, олардың ішінен адалы мен әлі де болса арамызда жоқ емес "арамын" ажырата білуге тәрбиелейді.

Дардай қылып атымды, атағымды,

Жүретін "дос" көбейтіп қатарымды.

...Осал жерің осы ма?" дегендей-ақ

Дәлдеп тұрып жүректен ата білді.

деп, бір өлеңінде адалдықтан танған "бұрынғы досына" налыса, енді бірде!

Бүгінгіге бұлтақсыз жеткеніндей,
Жүр ғой талай жақсылар жоққа еміңбен
Аңқылдап-ақ жүрген бір ағайын бар,
Жарлымын ба, жоқпын ба?"–

деп те білмей, деп ақ жүрегін ашып салады.

Сәкен "Жұлдыз" журналының 1975 жылғы 8 санында басылған поэзия жайлы мақаласында "Нағыз ақынның соқпағы қилы-қилы қиындықтан тұрады. Ол соқпақ бірден емес, біртіндеп өрлеп, біртіндеп биіктейді..." деген еді. "Ғашық дүниедегі" кейбір жырлардағы орынсыз мұңлы жолдардың кездесуі ақын өміріндегі қиын-қыстау кезеңдерде туған сезім ырғақтары деп қана түсінгіміз келеді.

Қорыта келе айтарымыз, Сәкеннің жаңа жыр жинағы, өлеңдерінің дені оқырман көңілінде нәзік сезім, азаматтық парызды оятып, ойландырар дәрежеге көтеріліп қалғаны қуантады. Бірақ, оқырмандардың ақын творчествосынан күтері әлі де көп екендігін есіне түсіре келіп:

Жалын ата жалтырап терден дене,

Ұмтылып қал – ұрымтал өр көмбеңе.

Болғанға да не жетсін өз биігің,

Сол биікке бір шығып көргенге де?!–

деген ақын толғауына қосылып: "Шығар белесің биіктей берсін" дейміз.

"Октябрь туы" газеті,

6 тамыз 1977 жыл

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.

АРДА МІНЕЗ, АДАЛ ЖҮРЕК

"Өмірбаяныма қосымша деректерді өлеңдерімнен табасыз..." Осы ойды Сергей Есениннен бастап, ақындар әулетінің әр буын өкілдері жиі қайталайды. Асылы, өлеңдері өзгеше өмірбаянға айналатынын сезіну де ақынның бақыты шығар.

Сонау алпысыншы жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінің айдынына желкендерін жел кернеген көп кемелер шыққанын, олар қатар түзеп, жарыса, алыс жағалауға қарай асыққанын бейнелі түрде елестетеміз. Әсіресе, ақындардың ақ кемелері көзге айрықша шалынады... Жыр – желкені үнемі оқырмандарының назарында жүретін қаламгердің бірі – Сәкен Иманасов.

Сәкеңнің өзінен сыр суыртпақтап, өлеңге құштарлығы алғашында қалай оянғанын сұрадым. "Түсімде Абай атам аян берді" десе де сенер едім. Бірақ олай деген жоқ. Мектепте 5-класта оқып жүргенде өзінің парталас досы, шешен баласы Сұлтанбек Шәмілхановтың бір күні "Қазақстан пионері" газетінен "С. Сарғасқаев" деген кісі қол қойған хат алғанын еске алды. "Ұлы көсемге" арнаған өлеңіне пікір білдірсе керек. Бір парақ қағаздағы қызылды-жасыл жазуларға қызықты ма, әйтеуір, Сұлтанбек сияқты астанадан хат алуды армандапты. "Ұлы көсемге" арнап өлең жазыпты. Оны "Қазақстан пионеріне" жолдапты Сансызбай Сарғасқаев ағасынан жауап алыпты. Әрине, өлең газет бетіне шықпаса да хат алғанының өзі неге тұрады. Өлеңге құштарлығын оятқан бір себеп осы шығар, бәлкім, бұл емес те шығар, әйтеуір, өзі тұстас қолына қалам ұстағандардың қай-қайсысының да басынан еткен хәлді кешкен. Ақыры 8-класта оқып жүргенде "Кім болам?" дейтін түңғыш өлеңі баяғы пионерлер газетінде басылыпты.

"Жас дәурен" дейтін жинақта бір топ өлеңдері жарық көреді, көп ұзамай, 1966 жылы "Туған ауыл" атты түңғыш кітабы оқырмандар қолына тиеді. Сөйтіп, өлең дейтін сиқырдың соңына түскен жылдар керуені тізбектеледі. Қазір ақын Сәкен Иманасов – оннан астам жыр жинақтарының авторы. Өлеңді өнер деп түсінетін, құрметтейтін, әспеттейтін зиялы қауым С. Иманасов жырларына да ерекше ілтипатпен қарауда. Әсіресе, соңғы жылдардағы тегеурінді қарымы тұщынтады.

"Өз басым ақ пен қараны ажырата білетін әріптес дос-жарларым пікіріне орай ғана "шынында ақын болармын"дегенге осы соңғы жылдары ден қойып, көңілімді тіктеп, енді-енді ойыса бастадым. Өйткені ақындық дегеннің өзі кітап санымен де, жұрт дақпыртымен де өлшенбейтін, қанға сіңген, жан-дүние діріліне байланысты аса қасиетті ұғым екенін әріден болса да аңғарушы едім де, жолдастарым әлдекімдерге ақын деп таныстырғанда, не дерге білмей күмілжіп, өзімді ұрлық жасағандай ыңғайсыз сезініп, жанарыммен жер шұқып қалатынмын " ("Қазақ әдебиеті", 31.03.89). Бұл Сәкеңнің "Өлеңді кім қорғайды?" деген мақаласынан алынған үзінді Қызық пікір емес пе? "Мен – ақынмын!" деп телпегін аспанға атып, лепіріп жүретін кейбір замандастарымыз ойлансын деп те жазған шығар. Дегенмен, өзінің қарапайым табиғатынан, "өзінде бармен көзге ұрып", "өзгеден артық көрінсем" демейтін дегдар қасиетпен де хабар береді. Бұдан бірнеше жыл бұрын Жазушылар одағының жыл қорытындысы мәжілісінде баяндама жасап, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып айтар әділдігімен, батылдығымен бір көзге түскені бар. "Өлеңді кім қорғайды?" деп жаны шырқырап жар салуының мәні тереңде жатыр. "Сөз патшасы"– өлеңге, ұлттың ар-иманы – ақынға деген салғырт көзқарас, енжарлық дендеген кезеңде жұртшылықты оянуға үндейді. "Ардақ тұтар ақындарыңды ұмытсаңдар, кім болғандарың?!" деп ашынады. Өзі ақын болған соң ғана емес, қазақтың қасиетті қара өлеңінің тағдыры алаңдатқандықтан! Әйтпесе, елуге келгенше өнері үшін сый дәметіп, сыбаға сұрамапты...

Ағыл да тегіл ақтарыла, үдете, дауылдата жазғанды ұнататын Сәкен Иманасовтың қолтаңбасын тану оңай. Тек соңғы "Бел-белес" ()1985 , "Адырна"(1988), "Жебе" (1991) жыр жинақтары бір-бірімен үндесе, бірін-бірі толықтыра дүниеге келгенін байқаймыз. Мейлі Алакөлді, ауылды жырласын, мейлі ағайын, туыс, бауырмен сырлассын мейлі тіршіліктің тоқсан тарау толғауын шертсін, тек қана бүкпесіз көңілмен, өмірге адамдарға ғашық жүрекпен сыр ағытады. Оқырман да ақынның адалдығын ұнатады. Өлеңдегі жасандылыққа, сезімің саудаға салуға бармайтынына сенеді. Ал ақын үшін бұдан асқан абырой бар ма? Өлеңінде иненің жасуындай жалған сезім жасырынған болса қырағы көз қалт жібермес еді. Ондайда жыр-шумақтарды "үлде мен бүлдеге" орап берсең де құнсыз. Жыр анасы – Ақиқат дейтініміз сондықтан. "...Сәкеннің адал, шыншыл, елім деген, тілім мен қаным, қазақ деген халықтың ертеңгі, алпыс жыл кейінгі ұрпағы қандай болар деген мұратты арманға толы азаматтық бейнесі оның поэзиясындағы мінезден қашалған,– дейді белгілі ақын Фариза Оңғарсынова,– Мінез дегенді, әдетте, "тентек, телі, ұрда-жық" деген сүйкімсіз мағынада түсінетініміз бар. Ал мен күнделікті өмірдің илеуіне көне бермейтін, әр құбылыс, әр кезең жайлы өз пікірі, өз түйіні бар, біреу айтты деп аттана шаппайтын ақын ретінде мінезді ақын дегенді айтып отырмын" ("Қазақ әдебиеті", 12.07.85).

Кейде ойлайсың, ақынды ақын ғана шын түсіне алатын шығар деп. Өйткені өлеңдегі мінез туралы, ол мінездің тек сол ақынға тән қасиет екендігі туралы былайғы жұртқа айтып жеткізу қиын. "Мен – желмін" деген Мағжанды кім қалай ұғады, өз еркінде. Сол сияқты турасын айтамын деп туғанына жақпай қалатыңдар, ең алдымен ақжүрек ақындар. Сәкен Иманасовтың көптеген өлеңдері ашынудай, ширығудан шамырқанудан туады. Жүйкеге тым жайлы тимейтін, ақынмен бірге алабұртып, адалдықтың, әділдіктің ауылын іздетіп, шарқ ұрғызатын, беймаза күй кештіретін қуаты бар.

"Сенсең, әлі күнге дейін үйімде жеке жазу үстелім жоқ..."– дейді Сәкең. Содан соң менің көзімдегі: "Неге? Қалай?"–деген сауалды оқып алады да, күліп өзінің жоспармен жұмыс істемейтінін, әсіресе жаз, қыс айларында қолына қалам алмайтынын, көктемде және күзде өнімді еңбек ететіннің, Қырымға демалуға барып, бір шумақ өлең жазбай кайтқан кездері де болғанын да жасырған жоқ... "Бел-белес" жинағының көлемі – 10 баспа табақ. Баспа жоспарына енгеннен кейін, көлемі толмай тұрғандықтан өзін-өзі қамшылап күні-түні өлең жазғанын, бас-аяғы бір-екі айда қыруар жұмыс тындырғанын еске алады. "Бәлкім, басқаларға үлгі-өнеге етіп айтуға келмес, бірақ жұмыс істеу тәсілім кейде осындай"– дейді ол.

"Бір өлеңді бүгін бастап, жалғасын ертең, бүрсігүні жазатындарға таңым бар, – дейді тағы. – Мен бастаған өлеңімді бір деммен аяғына дейін жазып шығамын. Егер орта тұсына келгенде көңіл бөлетін жағдайлар болса (Мәселен, "шайың суып қалды", "телефонға шақырады", т.б.) бітті, ол өлең жазылмайды. Бір жазылмай қалған өлеңіме қайта қарағым да келмейді. Мұны не деуге болады?"

Мұны, бәлкім, әсерленбесе, сезімін қозғамаса жаза алмайтындығы, "зордан молда еместігі" деп түсіну керек шығар.

Жалпы, қазіргідей, бұрынғы наным-сенім күйреп, дүние астаң-кестең болып жатқан кездегі көңіл-күйін, өлеңге деген ықылас-пейілін сұрағанымда Сәкең біраз үнсіз қалды. Содан соң мынадай бір аңызды тілге тиек етті. Баяғыда бір хан уәзірлеріне тапсырма беріпті: "Қол астымдағы елдегі ақынмын дейтіндерді түгел ақ сарайға жинап, алтынмен аптап, күміспен күптеп не ішем, не кием дегізбей, барлық жағдайды жасаңдар",– депті 30–40 ақын жиналса керек. Хан жарлығы орындалыпты. Бір жыл өткен соң қараса, әлгі ақындардың тең жартысы өлең жазуды қойып кетіпті. Өлең жазуды ұмытқандарды босатыпты да қалған он бес шақты ақынды зынданға салғызыпты. Тағы да бір жыл өткен соң тексертсе, әлгілердің ішінде біреуі ғана бұрышта бүкшиіп, бүрісіп, өлең жазып отыр екен. Сонда хан: "Міне, мынау – нағыз ақын. Барлық жағдай осыған жасалсын!"– депті. Қилы замандарды бастан кешкен қазақ, халқының тарихында осындай оқиға болды ма, болмады ма мәселе онда емес. Мәселе – нағыз ақын бас пайдасы үшін, күнкөрісі үшін, жылы-жұмсақ үшін жаратылмаған. Тіршілік күйбеңдерінен биік тұрады, тағдыр тауқыметтеріне мойымайды, сынбайды. Өйткені оның езі – Тәңірі тектес Тағдыр иесі дегенге саяды!

Осы, есейген сайып, адамдардың Абайға деген көзқарасын білгің келіп тұрады. Өйткені Абайды оқымайтын адам мейлі ол ақын болсын-болмасын – жарымжан жан. Рухани мүгедек жаратылыс...

Сәкең Абай туралы ұзақ толғанған. Оның бәрін қағазға түсіре алмағандығымды сезіп отырмын. Қызының кішкене кезінде: "Менің көкем жұп-жұқа кітапты оқып тауыса алмайды" деп таң қалатынын, ол кітап Абай өлеңдері екендігін аңғартып бір қойды. "Бір қызығы, басқа бірде-бір ақын қажет кезінде дәл Абай сияқты қайғыңа да, қуанышыңа да" ортақтаса алмайды. Аласапыран, алай-дүлей көңіл-күй пернелерін дөп басатын әр уақытта тек қана Абай!"– деді ол.

Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде өлеңнен қол үзіп кеткен тұстары да болыпты. Сонда белгілі журналист, облыстық газеттің редакторы Ұзақ Бағаев қойын кінежкесіне жазып алған мұның өлеңін оқып беріп, газетке жариялауға жаңа жырларын сұрапты. "Ұялғанымнан қайтадан өлең жаздым"– деп еске алады. Сондай-ақ Жұмекен Нәжімеденов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, т.б. әріптестерінің қолдау көмегін көргенін ұмытпайды.

Бір сауалым ақындық пен әкімдікке қалай қарайтындығы жөнінде еді. Алдымен ақындық пен азаматтықтың егіз ұғым екендігіне тоқталды. Жұбан Молдағалиевті, Олжас Сүлейменовті, Мұхтар Шахановты шын мәніндегі ақын-азаматтар деп бағалауға тиіспіз деді. "Ақын – әкім болса, тек қана жақсылық жасауы мүмкін, басқаша болмайды. Түн ұйқысын бөліп, ізгілік пен адамгершілік, адалдық туралы толғанған ақынның ертеңінде тіршілік толқынына еріп, біреулерге қиянат, кесір келтіруі, жамандық жасауы ақылыма сыймайды. Жалпы, өлеңі мен өмір сүру тәсілі бір-біріне кереғар ақындарды түсінбеймін де қабылдамаймын" дегеніне іштей қосыласыз. "Әрине, әкім болу, ел басқару тек қана санаулы азаматтардың еншісіне жазылып қоймаса деймін. Олар оны бабасынан мұраға қалғандай сезініп, баласына табыстап кетуді көздейтінін қайтерсің. Маған осы ұнамайды"– дегенін де құптайсыз...

Байқап отырсыздар ғой, бұл мақалада ақынның ой пікір, көзқарас, пайымдауларына біршама тоқталған сияқтымыз. Енді елге танымал, жыр жанашырларын елеңдетіп жүретін ақынның өлеңдері туралы, оның өзіндік ерекшеліктері жөнінде бір ауыз сөз. С. Иманасов, өзі айтқандай, бір деммен, бір тыныспен, бір әуенмен ондаған, тіпті, жүздеген шумақтарды төгіп-төгіп тастайды. Жеке-жеке өлеңдері бір-бірімен үндесіп, ұласып, тұтасып жалғасады. Негізінен әдеби тілдегі "ой ағысы" дейтін арнадан көбірек табылады. Адал жүректің алғаусыз ақтарған сырлары қымбат. Содан да шығар, кейде өз басының өкініші мен күйінішін көбірек тәптіштеп кеткендей көрінуі де мүмкін. Бірақ терең үйіле қарағанға, ол бір адамның ғана мұңы емес. Не туралы толғанса да әсіреқызыл бояусыз, бүгежектемей, өткірдің жүзінен өткізетіндіктен, шындыққа суарылған жырлары салмақты, ойға кенен. Бұрынырақта ақын Сара өмірінен "Айтыс" дастанын жазған. Кейінгі жыр кітаптары түгелдей дерлік өлеңдер. Облыстық, республикалық газеттерде журналистік қызметтер де атқарған. Мәскеуде Жоғары партия мектебінде оқыған. Бірақ еліне ақын болып танылды. Азаматтығы да ақындығынан бөліп-жаруға келместей біртұтас.

"Бел-белес" жыр кітабы туралы "Жұлдыз" журналына (1986, N 6) пікір жазғанмын. Одан бері жеті жыл өтсе де сондағы қазық етіп қаққан ойларыма тағы да ораламын. Оңда автордың ішкі ұйқастарға айрықша ден қоятынына тоқталған .едім "Мәселен, "Мауқын басып алсыншы деп азырақ, қауқылдасып қарсы алдыңдар сендерде!", т. б.).

Өлеңдеріндегі қуатты ішкі ұйқастар – ақын Сәкен Иманасовтың тапқан олжасы, өзіндік ерекшелігі. Мұны оның шығармашылығына қатысты айтылар ойлардың негізгісі десе артық, болмас. (Мысалы: "Елім дейтін еңіреп есіл ерім, етігіңмен лай су кешіл едің. Дәрменім аз, дәмем көп, не қылайын, қолдан келген жәрдемім осы менің!", "Жебе", 1991). Мұндай жыр шумақтарын жинақтарынан жиі ұшырасамыз.

Ал ақынның махаббат лирикасы мың кернеулі сезім толқындары екенін де еске сала кетеміз Мына, санаға салмақ түсіріп, жүйкені жаныған қым-қуыт тіршіліктің құтқарар тұтқасы да махаббат болар, бәлкім.

Ақынға қуат беріп, арда мінез, адал жүрекпен халқына арнап жыр жазғызатын құдірет те сол шығар...

"Халық кеңесі" газеті, 6 сәуір 1993 жыл
Әбен ДӘУРЕНБЕК
ҚҰЙҚЫЛЖЫҒАН ЫРҒАҚТАР
"Мақтанарың тұрмаса жүрегіңде "

Жының бар ма жырыңды жоқтан құрап "
(Хамит Ерғалиев)
Болмадың ба сөзге ұста, тілге шебер,

Өз әліңше, талпын да, күн кеше бер.

Шабан атты қамшылап жының бар ма,

Бір хас фүлпар алдыңда жүрмесе егер.

Жастайынан тербеткен гүл бақтарын,

Сұлу сазды, сүйкімді ырғақтарым!

"Жының бар ма жырынды жоқтан құрап"

Жүрегінде жүрмесе бір мақтаның...

Құйқылжыған, шынында, ырғақ қайда,

Осындайда шалқытып жырлатпай ма?

ол тимеген жалына сұлу сезім,

Саурынынан сипатпай, сырғақтай ма?

Арқаласып жүрмесең ақын жүгін,

Жаратады бабында атынды кім?

Жамалыңа жағымды нұр себеді,

Жақсы адамға бір адым жақындығың...

Арындама, даурықпа, дабырлама,

Атылғалы тұр "Жебе", "Адырнада".

Алты алашты аралап ат арытқан,

Төрге шығып, жайғассын қадірлі аға!

26 маусым 1998 жыл.

Баққожа МҰҚА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
СӘКЕН ИМАНАСОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

ТУРАЛЫ

Сәкен Иманасов қазіргі қазақ поэзиясының көш басында тұрған аса талантты ақын. Ол ешқашан биліктің жетегінде жүрмеген, шығармашылығын күйбең тірліктің шылауына салмаған, күнкөрістің көзіне айналдырмаған дарын. Ол ұлы шындықтың сөзін сөйлеген Бұхар жырау, Шалкиіз, Махамбет, Абай, Мағжан сияқты қазақ ұлтының рухани көсеміне айналған дана бабаларымыздың дәстүрін жалғастырушы, ешкімге ұқсамас мәнері, айбынды үні бар ақын. Сәкен Иманасов творчествосының ауқымы кең, ол мынау күрделі дүниенің әрбір құбылысына сергек қарайтын, ойы кемел де терең қаламгер.

"Өткірдің жүзі" кітабы ақынның бір белесі. Бұл жинақта әлсіз өлең жоқ. Заманның уайымы, халықтың мұңы ақын өлеңдерінің өзегі. Оның қайсы өлеңін оқысаңыз да бей-жай отыра алмайсыз. Ақынның сөзі алмастай өткір, тиген жерін тіліп түседі. Ол жоғарыға жалтақтамайды, бұқпайды, ықпайды. Бұл өр мінезді ақынның табиғатына тән қасиет.

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Сырласатын дәуірменен, ғасырмен,

Бірге туған құдірет жыр – асылмен.

Ақын Сәкен,– өлкеміздің өрені, –

Құттықтаймыз кемелденген жасыңмен!

Елу жаста Сәкеніміз – жаны ізгі,

Алакөлде салып едің сан ізді.

Ақындыққа ұмтылған сол ұлы жол

Талапкерден басталатын тәрізді.

Осы жерде жырың сенің гүл атты,

Жүгендедің асау Пегас – пырақты.

Оттан ыстық Отан сөзі сен үшін

Алакөлден басталатын сияқты.

Елу жылда ел жаңарды, көгерді,

Кемел жасқа келдің биыл сен енді.

Көтерілдің биіктерге алқынбай,

Артқа тастап талай асу, белеңді.

Елу – тал түс, алыс әлі екінді,

Жырың қазір бір биікке бекінді.

Алакөлдік арынды асау ақындық

Бір өзіңнен басталатын секілді.

"Жаңа өмірде" қаламыңды шындадың,

Жер тарпыды асау тұлпар – жырларың.

"Адырнаңды" ала егіздей мөңіретіп,

Жыр – садағын шірей тартып тұрғаның.

Осылайша өте берсін асыл күн,

Жарқырай бер, сынығы едің асылдың.

Елу деген өзің үшін түк емес,

Арқалайтын тұтас жүгін ғасырдың.

Талдықорған облысы, Алакөл аудандық

"Жаңа өмір" – "Новая жизнь"

газеті редакциясының коллективі.

ҮШАРАЛ ҚАЛАСЫ, 2 МАЙ 1988 ЖЫЛ.

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ

АҒЫНАН ЖАРЫЛҒАН АҚЫН

Алпысыншы жылдардың бас кезінде қазақ поэзиясына тегеурінді бір жас толқын, жаңа толқын келіп қосылды. Осы толқынның алдыңғы легінде ақын Сәкен Иманасов бар еді.

Өзен болып толтырылам теңізге,

Өмірдің сол толқынынан мені ізде –

деп, өзгеше бір тың тебіреністің тынысын сездірген ақынның сері мінез, серпінді жырлары жырсүйер қауымды елең еткізгені анық.

Жас ақынның бұлай дейтін жөні әбден бар. Өйткені ол бұған дейін ақ шағалалы Алакөлдің ақ айдынында емін-еркін ерсілі-қарсылы жүзуді үйренген. Кеңістік пен кендікке сұлулық пен ерлікке ғашық болған. Ақын мінезі, болмысы осындай ортада қалыптасты. Алакөлдің толқынындай сол арынымен, бойдағы толағай дарынымен, қазақ поэзиясының кең шалқар айдынына келіп қосылды.

Сол кездегі бозбала жас ақын бүгінде ел ағасы жасына жеткен, атақты ақындарымыздың бірі. Жиырмадан астам жыр кітаптарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағы "Алаш" сыйлығының иегері. "Туған ауыл", "Ақ айдын", "Ғашықпын саған", "Бел-белес", "Адырна" "Жебе" секілді кітаптары кезінде өзіне лайық бағасын алған. Ақынның оқырман жүрегіне жол тапқан жырлары оның поэзиядағы орнын да алып берді.

Ақын бүгінде поэзияның биік белесіне көтерілген шағында. Осындай асулы кезең үстінде халқына есеп беру ел сүйген талант иесінің қашанғы әдеті. Ақын есебі – оның жыры, кітабы. Ақын Сәкен Иманасовтың жақында Жазушы" баспасынан жарық көрген "Алакөлім – айдыным" атты бір томдық таңдамалы жыр кітабын біз осы тұрғыдан қабылдаймыз. Сондықтан ақын туралы сөзімізді осы кітаппен байланыстыра айтуды парыз санадық.

"Таңдамалыны" (көлемі 25 баспа табақ) оқи отырып, өзімізге танымал тарланбоз ақынмен қайта табыстық. Сыртқы мұқабасы сәнді, тартымды кітаптың ішкі сарайы да жиһазды, сәулетті екен. Енді осы кітаптан алған әсерімізді айтып көрейік.

Әр ақынның өмірдегі жөне өлеңдегі мінезі бар. Біз білетін Сәкен ақынға тән мінез – ағынан жарылу.

Дуние-ай, қуанып та не бір күле,
Енді ұқтым өзіңді де, өмірді де
Алдында ақтарыла кеткісі кеп,
Аңқылдап, ашық тұрған көңіл міне! –

деп ақын өзі айтқандай оның елінен де, халқынан, қала берді ағайын, дос-жараннан бөлек сыры да, жыры да жоқ. Мұны оның әрбір өлеңінен аңғару қиын емес. Бір қызығы Сәкеннің ақындық болмысы – адамдық бітімімен өлеңдегі мінезі өмірдегі мінезінен еш ажырағысыз, біртұтас. Сәкенді білетіндер бұл айтқанымызбен келісер деп ойлаймын, ал мұндай дәлме-дәлдік әркімде бола бермейтін қасиет екені де белгілі.

Сәкен – лирик ақын. Оның әрбір өлеңі шымырлап шыққан мөлдір сезім мен шиыршық атқан шымыр ойға өріледі. Әсіресе көңіл-күй лирикасы, махаббат лирикасы, азаматтық үні айқын жырлар – ақынның кітаптан кітапқа ауысып отыратын, арқауы берік тақырыптары.

Ақын көңілі тіршіліктің өзіндей тынымсыз, аунақшыған теңіздей тынысты, ол қашан да қозғалыс пен өзгерісті қалайды, жаңалыққа құштар. Жыр табалдырығын аттап кірген сонау балаң кезінің өзінде-ақ: "Мені теңіздің толқынынан, балғаның солқылынан ізде" деп жырлаған ақын арада көп жылдар өткеннен кейін Тайбурылдай тайпалған таңдамалысында да сол сертінен айнымай:

Бақтардан ізде мені шық төгілген,

Жақпардан ізде мейлің – құт көрінген.

Әйтеуір, дүбір шыққан жақ болмаса,

Мүлгіген тыныштықтан күтпе мүлдем!...–

деп, барлық қиындыққа қаймықпай қасқая қарап тұрғанын көреміз. Тегінде Сәкен болмысындағы қайсар өрлік оған табиғат-ананың өзінен ауысқандай сезіледі. Өйткені:

Өзен ағып өзінің арнасында,

Ойға батып мен тұрмын жар басында.

Ықты-жарды білмейтін асау ағыс төте

жолын тірліктің таңдасын ба!..–

деуінен арынды өзен мен ақын мінезіндегі ұқсастықты аңғарамыз.

Сәкен – азамат ақын. Оның жырларының ең бір мәнді де әрлі бөлігі ел мен жерге деген перзенттік сезімнен бастау алған. Азамат ретіндегі ақын кредосы – адалдық. Бұл жолда ол сырын да, шынын да ешкімнен жасырмайды. Бірде ол әділет пен шындық үшін майданға шықса ,енді бірде достық пен сыйластық жолында шыр-пыр болады. Сәкенше, туған елі мен жұртының жақсысы мен жаманына ортақ болу, сол үшін өмір сүру – ақынның міндеті, парызы. Сондықтан да:

Жауап алса жұртынан Отан мына –

Сот алдына алдымен ақын барар! –

дейді ол. Бұл жолдағы ақынның сенері де, серті де – әділет. Оған:

Самғап та жетер сан қырға,

Саңқылдап шығар үнім ен.

Қашанда арым алдында,

Өзіңе ғана жүгінем, –

деп, жүрекжарды сырын ашады. Ал "Ар алдында" – өзін дар алдында тұрғандай сезінетін ақын үшін әділет – шындықты қорғау үшін керек екен. "Жүгірем деп, түңілем деп баршадан, шыр-шыр етіп шаршаған" шындықтың тағдыры алаңдатады ақынды. Оқырманың әділет пен шындықтың, адалдық пен жақсылықтың алды жарық, екеніне сендіреді.

Жасырып елдің жамандықтарын,

Жамадым-жасқап әрі өңдеп.

Әйтеуір, жерде адалдық барын

Дәлелдеп келем, дәлелдеп! –

дейтіні де сондықтан.

Ақын жырларының ендігі бір үлкен өрісі – туған жер, ата-баба, туыс-жұрағат, дос-жаран тақырыбы десек, мұның өзі азаматтық лириканың өкініші бір кең арнасы екені даусыз.

Бұта жоқ мен сүйсінбес бір тал мұнда,

Сүйемін қырынды да, қырқаңды да.

Туған жер! Саған ұқсау керек екен,

Қызармай жүру үшін жұрт алдында! –

деген, жапыраққа қонған шықтай мөлдір сезімнің шынайылығына риза боламыз. Сәкеннің қай кітабынан болса да Алакөл туралы жырлар табылады. Алакөл – оның ақындық эмблемасы іспеттес. Алайда, Сәкен Иманасов – бір ғана ауданның ақыны емес екені қандай ақиқат болса, оның жырларындағы Алакөл бейнесі – бүкіл қазақ даласының, туған Қазақстанының өзіндік бір символы етіп алынғандай әсер етеді. Ақынның Алакөлге арнаған бір жырындағы:

Тұрса сәл жанға қаяу, жанарға шық, Күш алам, құшағымды барам да ашып, ...Басқа елді бөгде жерді сүйе алар ма ем, Болмасам осыншалық саған ғашық! – перзенттік сөзін біз осылай түсінеміз. Қашан да туған жер мен елдің мәртебесі адамдарымен биік Ақынның барометр көңілі осыны өте сезімталдықпен, дәл аңғарып, шын ризашылығын білдіреді:

Жанға мені жалғанда теңгермеген,

Жақындарым қаншама мен көрмеген!

Ел үшін де, бауырлар, жер үшін де

тұлға болып тұрсыңдар сендер деген!

Иә, азамат ақын туған жердің әрбір адал жанын өзінің туысындай жақын санайтынына біз де иланамыз.

Махаббат пен жастық шақ – ақынның айнымас тақырыптарының бірі. Екеуі де сұлулықтың өлшеміндей ұғымдар. Сондықтан да ақын:

Олпы-солпы мына мені ақын ғып,

Сені сұлу жаратқаны – не еткені? –

деп табиғатқа наз айтады да, іле-шала:

Күні-түні саған қарап сұқтанып

Мені сұлу жырласын деп қойған да –

деген әсерлі ойдың түйінімен өзі жауап береді. Ал мына бір екі-ақ шумақтан тұратын өлеңді оқып көрейікші:

Тағы ұнарсың біреуге, тағы ұнарсың,

Тағы да ұнап, тағы да жаңыларсың.

Мен есіңнен шықпаспын қайда жүрсең,

Жек көріп те отырып сағынарсың.

Мен де, бәлки, біреуге тағы ұнармын,

Тағы талай тірлікте жаңылармын.

Сені есімнен, әйтеуір, шығара алмай,

Жек көріп-ақ отырып, сағынармын...

Махаббаттың ақыл жетпес тылсым күшін бұдан артық бейнелеп жеткізу қиын шығар. Бұл секілді шынайы шеберлік пен шабыттан туған өлеңдер "Таңдамалыда" жеткілікті. Осындай ойлы да сезімтал жырлардың қатарында "Алма", "Ат", "Қарағай", "Жаралы құс", "Екі жирен", "Жеті ата жыры", "Жүрек туралы жыр", "Үрей", "Қағаз", "Өмір арбасы", "Үй", "Қарт", "Ауыл", "Еліктеу", "Ағаш", т.б. көптеген өлеңдерді атай аламыз.

Шағын мақалада үлкен ақынның "Таңдамалысын" түгел талдап шығу мүмкін емес. Алдағы уақытта талай сөз айтыла да жатар. Бірақ басы ашық жай – өмірдің белесті бір асуына көтеріліп отырған көрнекті ақынымыздың бұл таңдамалы жырлары – оның оқырманға, туған халқына ұсынған лайықты тартуы екеніне көз жеткізіл, ақын ағаға бұдан кейін де талмас қанат, сарқылмас шабыт тіледік.

"Шалқар " газеті Көкек,

1998 жыл.

Серік ТОЛҒАНБАЕВ

АЛАКӨЛІН ЖЫРЫНА АРҚАУ ЕТКЕН

Ақын болып жаралып, Алланың берген дарынын төгіп алмай уысына мығым ұстап, кемеліне келіп, берерін еліне молынан беріп отырған, бүгіндері арқалы ақынымыз Алакөлден өсіп-өніп, бүкіл Алаштың поэзия пырағын ерттеп мініп жүрген азаматымыз Сәкен Иманасов. Сонау алпысыншы жылдардың басында ерте көктемгі қырдың қызғалдағындай дүр көтерілген құрдас, замандас ақындарымыздың тобына Тайбурылдай көсіле қосылған Сәкен ақындық екенін бірде-бір мәрте тежеп көрген емес.

Мен сөйлеймін!..

Сөйлеуге хақым да бар.

Сөйлемеуге қоймайды тақымдап ар.

Жауап алса жұртынан Отан мына

Сот алдына алдымен ақын барар! –

деп бастаған Сәкен өзінің ақындық, азаматтық кредосын осылай түйіндеген.

1962 жылы алғашқы "Туған ауыл" деген жұп-жұқа кітабы шықты дегенді естіп, іздеп жүріп аудандық кітапханадан тауып алдық. Сәкенді білмеймін, менің қуанышым кеудеме сыймады. Көшеде жолыққан жолдас-жораларға аптыға:

– Міне, Сәкеннің кітабы шықты деп жар салдым. Сүйіншісін сұрай, әмбе де, "Әке, біз де азамат болдық" дегенді білдіре арынымызбен Сәкеннің үйіне барып, Құсайын ақсақалға көрсеттік. Сол кездің өзінде сараңдау болса да сазды өлеңдер жаза бастаған Қастек Баянбаевқа кітапты көрсетіп ентіге барғанымызда, ол:

"Дегенің осы болса естиін

Бағасы кітабыңның бес тиын",

деп шірене тұрып шырт еткізді. Басында көңілімізге кірбің кіріп, дүрдиіп қалған біздер, соңынан қуаныштың күлкісіне бастық. Біздің есейгеніміз де сол күндерден басталған болар... Бүгін қолымызға "Алакөлім – айдыным" деген қомақты жыр жинағын ұстап отырмыз. Бұның да тақырыбы сол туған ауылы Жоңғардың биігі, Тентектің арыны, шалқар көлінің жан тербеткен толқыны, ел азаматтары.

Армысыңдар, алқынған бұлақтарым,
Құрақтарым, құба жөн қыраттарым,
Кіндігім де сендермен бірге ме еді,

Қас қағымға келмейді-ау жырақтағым.

Жырақтағым келмейді, қарлы шындар.

Барлығыңа айтатын алғысым бар!

Армысыңдар құм-арал, жыраларым,

Тумаларым, сендер де бармысыңдар?

Туған жерге, елге деген тұнып тұрған махаббаттан туған төкпе жыр. Екпіндетпей, дауысыңды өктем шығармай оқу мүмкін емес!

Аялдап Алакөлге іргедегі,
көп болды жалаң аяқ жүрмегелі,
жапырып Жағаталдың көк шалғынын,

талықсып, тал түсте көз ілмегелі.

немесе:

Көгілдір Көктұманың тұнық таңы,

Сені де барамын-ау ұмытқалы.

Көп болды көлге қармақ салмағалы,

Аралға бармағалы жұмыртқалы.

Бұл жолдарды оқығанда кімді де болса нәзік ой, сағыныш, сүйіспеншілік назы тербетеді. Жүрегіне жылу ұялатады.

Ауыл тіршілігі, ел тынысы Сәкеннің көзінен еш уақыт таса кеткен емес. Жақсысына қуанады, жаманына күйінеді, жырына арқау етеді:

Қаншама жыл қаперсіз күндер кешіп,

Елім бар деп осында, жүргем бөсіп,

Баяғыда бәріне пана болған.

"Бесағашты" әкеткен кімдер кесіп?

Ділге берік жер еді, тілге-бекем,

Қоныстарың ендігі мүлде бөтен.

Ауылымды, ел аман, жұрт тынышта,

Жылы орнынан қозғаған кімдер екен?

Бәріміздің көңілімізді құлазытып жүрген ой, бүгінгі ауыл көріністері, заман ағымы. Біз, ауыл арасы, ауыз екі, күңкіл сөз етіп жүрген көлеңкелі көріністерді Сәкен үлкен ақындық мінбеден азаматтық жанайқайымен сездіреді.

Қайда жүр қазекеңнің қалған ұлы,

Елім деп еңіреген бар ма бірі?

Осылай өткені ме ендігі өмір,

Біржола кеткені ме ар қадірі!

Ауылдың атқа мінер азаматтарына, ел ағаларына бұдан артық қандай қайрау, қандай үгіт керек! Ел мен жердің тағдыры, ауыл адамдарының күн өткен сайын ауырлап бара жатқан тірлік-тынысы Сәкен сынды жүрек жарды перзенттей өзгелерді де тереңірек толғандырса, ойландырса болмас па...

Жә. Арқалы ақынымыздың мерейтойы үстінде көңілімізге кірбің салмай-ақ қоялық. Сөз реті келгенде ағытылған ойлар ғой... Сәкеннің күллі творчествосына, сан қилы тақырыптары мен өрімталдай, сұлу қыздың төгілген бұрымындай Сәкен өлеңдерінің ұйқастарына талдау жасау менің әлемнің ісі емес. Мен тек ауылдың алты ауызын ғана айтып отырмын.

Бүгін Алакөл перзенті, Алакөлдік ақын Сәкен Иманасов алпысқа толып, ел-жұртына еселі еңбегінің есебін бергелі келіп отыр. Біздің төрімізде, қазақ ақындарының үлкен ағасы, халық жазушысы Мемлекеттік Әнұранның авторы Тұманбай Молдағалиев отыр. Көш бастаушы Тұмағаң, қол бастаушы да Тұмағаң көкеміз. Жазушылар одағының екінші хатшысы Темірхан Медетбеков, жерлестеріміз Қастек Баянбай, Сәкеннің ізбасар інісі Ахмет Кендірбекұлы біздің құтты қонақтарымыз.

Әзірлеп отыр екен ат ағайын,

Жүрші, дос, Алакөлге апарайын.

Ол жақта өзгешелеу атады таң,

Әйтеуір өзгешелеу батады айың...

Ел маған,

Енжарлықтан мүлде арыла,

Аунатып алайын да құмдарына.

Алакөл толқынына шомылдырып,

Жоңғардың шығарайын шындарына.

деп Сәкеннің өзі айтқандай, қадамдарыңызға құт, істеріңізге сәттілік, көңілдеріңізге шаттық тілейміз. Алакөл айдынын аймалауға, толқындарының өркештерінде әткеншек тебуге шақырамыз.

"Алаш" газеті, 3 шілде, 1998 жыл.

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

ИМАНДЫЛЫҚ ЖЫРШЫСЫ ИМАНАСОВ

Кешеге дейін бізде әдебиеттің иесі де, киесі де секілді ірі тұлғалар болып келіп еді. Қарабайырлар мен өлермендер олар барда аяқтарын байқап басып, ауыздарын абайлап ашып, біртүрлі сескеніп, қорқып жүретін. Сол әулие сынды әзіздер мәңгілікке кеткелі әдебиеттен де мән-маңыз қаша бастады ма, қалай? Әйтеуір, кім көрінген сыншы-сарапшы, бәрін жоққа шығарғыш мансұқшы, өлінің де, тірінің де басына әңгір таяқ ойнатушы әпербақан болып алды. Өлеңде де, өмірде де өтірік айту салтқа айналды. Абай заманында "жаны аяулы жақсыға қосамын деп әркім бір ит сақтап жүрсе", бұл заманда кейбір баспасөз құралдарының басшылары "жалдамалы киллер" – әдеби террорист ұстайтын үрдіс қалыптасып келеді. Сөйтіп, жала жабу арқылы, кекшілдікпен ғайбаттау арқылы ақиқаттың аузына құм құюды көздейді.

Кеңес тұсында да, имандылығы кері кеткен қазіргі кезеңде де ақиқаттан айнымай келе жатқан бір ақын бар – Сәкен Иманасов! Осы үшін де Құдайға мың да бір рахмет! Иманасов қатысқан ортада жалғандық пен жағымпаздыққа, арамдық пен пасықтыққа орын жоқ! Ақын Сәкен поэзиясында да осы қадір-қасиет басты қағида! Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған мына "Ар алдында" жинағы С.Иманасовтың имандылық жырлары талдау шағында да шау тартпай, шамырқана түскенін анық аңғартады. Неткен қуат! Неткен пафос десеңші?! Кемел ой, керемет сезім, Ебі желіндей ереулі рух-жігер, нағыз Ел перзентінің сөзі, адамзатқа аманаттай аруақты күй – бәрі осында!

Көрнекті ақын Иран-Ғайыптың: "Сыйлық маған керек емес, мен сыйлыққа керекпін!" деген өлең жолының астарында келелі шындық, кемеңгер пәлсапа-тұжырым жатқанын мен енді әбден түсіндім. Расында да, дарынсыздар алса – сыйлықтың беделін түсіреді де, Иманасов секілді сирек те ақиқи, арқалы таланттар ғана қандай да бір жоғары сыйлықтардың берекесін кіргізіп, беделін көтеретініне мен сенімдімін. Ал қазіргі қазақ әдебиетінің классигі – бүгінгі поэзиямыздың иесі де, киесі де іспетті Сәкен Иманасовтың "Ар алдында" жинағы жөнінде қара сөзбен емес, өлеңмен айтайын:

АҚЫНҒА

(Сәкен Иманасовтың авторлық кешінде оқылған өлең)

Ұмыта қойған жоқ шығар қазақ жұрты әлі:

Қаза тапқанда өлеңнің қызыл сұңқары,

Құдай жарылқап, өмірге келген Сәкенсің –

Қазіргі алаш жырының Асау Тұлпары!

Күйінде күллі Күн астын ырғап-жырғардай

Құлагер сынды құйылған саз бен нұр қандай!

Баяғыңнан да дәуірлейсің ғой шын қызсаң,

Өз аяғынан қызға да бармас Біржандай.

Тегеуріні Ебі желіндей текті өлең
(Мемлекеттердің шекараларымен шектемен!)
Барша адамзатқа Сәкен ақынның айтам-ау

Мәмілегерлік Мәлімдемесі деп те мен.

Қашық-ақ қонсын карда жорғалар қарға-бақ

Ақиықтардан ақиқатқа дос, арға жақ.

Жараса алмайды қай заманда да жалғанмен,

Аласармайды батыр Сәкені бар қазақ.

Кеңес кезеңде шайырлар Шыннан безінген

Келелі сөзден айныған, сірә, кезің кем.

Ақын жоқ сендей Ардың алдында тұрғанда,

Дардың алдында тұрғандай өзін сезінген!

Адалдықтан сол ат мінбесең де қатырып,
Жүресің ылғи Жүректен танды атырып –
Жамандықтарды алып шықпаңдар жолға деп,

Жақсылықтарды Алакөл жаққа шақырып.

Арынды Ақсу, Тентек өзендер сырласың,

Шындық дейтұғын шындардан алған жыр басын.

Асқақ болмасқа қақың жоқ екен,

Алдында

Дастан Ілияс, асқар Алатау тұрғасын!

Теңізің әлі тасып та тасып, тасып кеп,

Теңдік бермейтін таулардан әрі асып төк.

Құдіреті күшті жыр жазу қиын ақынға

Құдайдай өзін сезінбей Иманасов боп!

2 маусым 2006 жыл.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙