Мазмұнға өту
Home

Есболат Амангелдіұлының әңгімелері

Есболат Амангелдіұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Есболат Амангелдіұлының әңгімелері

Есболат Амангелдіұлы — «Есболат Амангелдіұлының әңгімелері» (Көркем әңгіме). Пари

Пари

Пари кеңсесіне күндегіден ерте келді. Есік алдындағы түнгі кезекшілігі ауыса қоймай мүлігіп отырған хатшы орнынан шапшаң түрегеліп:

— Сәлеметсіз бе, Пари мырза, — деді.

— Саламат па! Бүгінге не бар?

— Осы уақытқа дейін үш жүз қырық алты шағым кеп түсті. Олардың бардығы дерлік әр өңірден келген, ал біреуі өзімізден

. Ол ләм-мим деместен кабинетіне кіріп кетті. Париді осы іспеттес арыз-шағымдар шаршатып-ақ болды. Күніге бес жүзден жеті жүзге дейін осы жұмыр басты пенделерге реніштерін білдіріп, ыза мен кекке толы шағымдар жер астының түпкір-түпкірінен үсті-үстіне толассыз ағылып кеп жатады. Әрине, оның бәріне жауап ретінде жазатын бір-ақ жауабы бар, ол жауап: «Сабыр сақтаңыздар. Өкінішке орай бұл арызыңызды қанағаттандыра алмаймын» деген екі-ақ сөйлем. Екінші жағынан жұрт арасындағы абың-күбің әңгімелер де әбден мезі етіп болды. Әсіресе, Уони мен Карр. Екеуі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай адамдарды жамандағанда бет-жүздері сыпылдап алдарына жан салмайды. Оларды да түсінуге болады. Құмырсқалар әлемінің өркендеп, осындай дәрежеге жетуіне өздерінің жанқияр маңдайтерлері арқылы осы уақытқа дейін үлестерін қосып жүргендердің бірегейлері. Ал адамдар ше? Олар, жаратылғандар ішіндегі тынымсыз еңбек ететін мақұлықтардың табжылмас еңбектерінің астан-кестеңін шығарады. Адам баласы не себепті осыншама қатыгез екен, а? Олар өздерінің, тек қана өздерінің қара бастарының қамын ғана ойлағаннан өзге ештеңе де білмейді. Өзгелері күл болмаса бүл болсынның кейіпін киіп, соқырларша алаң-ғұлаң етіп адыраңдап, оң-соңына да қарамай біреулерге зиянын тигізіп жатқандарында еш шаруасы жоқ тайраңдап кеп жүреді жер бетінде. Осындай қылықтары себепті адамзат баласына деген өкпесі қара қазандай болса да Пари үшін олардың орны өте ерекше. Әлі есінде, аяқ астынан қар жауып жер бетін аппақ көрпеге орап тастаған. Баспанасын таба алмай жаны шыр-пыр боп, тұла-бойы тызылдап тоңып, есігі айқара ашық қалған зәулім үйге кіріп паналағаны. Ол кезде бала еді. Үй иесі зейнеткерлікке шыққан Исатай есімді қарт профессор — кемпірі мен Аман есімді немересі үшеуі тұратын. Осы үйде он жыл тұрақтап, адамдардың күнделікті өмірде пайдаланатын көөөп дүниелерін жасырын тұрып меңгерген қарапайым жұмысшылар тобының құмырсқасы Пари өз қауымына қайта оралып, ол жерді керемет бір ғажайып ғаламға айналдырып жібереді. Әрине, ертегілердегідей әп-сәтте ақ бола салған жоқ. Еңбек етті, тер төкті. Паридің жұмырбасты пенделерге бауыр басқаны соншалықты, өз ұлының есімін де Эмн (Аман) қойған болатын. Оның құмырсқалар әлеміне билік жүргізбек түгілі, патшалар отрядының жанында жүруіне ешқандай да құқы жоқ еді. Тек қана өзінің білімділігі мен еңбекқорлығы оны бүкіл құмырсқалар бас иіп, бұрын-соңды болмаған хан деген үлкен дәрежеге жеткізді. Қандастарының осыншама шағымдарын жылы жауып қою да оңай шаруа емес. Осы мезетте есік қағылып, кіруге рұқсат етпесе де Карр кірді.

— Пари мырза, мен сізге шағым айта келдім. Олар мені шаршатып болды. Шыдамым бітті. Жаңадан қашап жатырған құрылысымызды барлық нәрседен де жоғары санайтын адамдарыңыз жермен-жексен етті. Оларға қарсы шығуымыз керек. Біз олардан миллион есе көппіз, талан-таражын шығарайық. Сонда ғана жаным байыз табады. Қауым сіздің аузыңызға қарап отыр.

— Сабыр, Карр мырза. Осындай дәрежеге жеткендігіміз тек қана сол адамдардың арқасы екенін өзіңіз білесіз.

— Жоқ, ол адамдардың емес, сіздің арқаңызда, Пари мырза.

— Ал, мен қайдан үйренгем екен? Екеуінің бұл әңгімесін жоғарыдан естілген дарылдаған дыбыс бөліп жіберді. Ол дыбыс күшейе келе бұларға жақындап қалды. Әлгілер ешнәрсеге түсінбей бір-біріне қарасып қалды. Ұзақ уақыт өтпей эксковатор шөміші бұлардың жанынан өтіп, жоғары көтерілгенше бейшаралардың тұрағын әп-сәтте-ақ, тып-типыл ғып жермен-жексен етіп тастады. Тас қыртысының ішін тасалап аман қалған Карр жарақат алып қиналып жатқан Париге:

— Енді келісіміңізді берерсіз, Пари мырза?-деді.

— Жоооқ, барлығын да қалпына келтіреміз.

Коллекционер

Нью-Йорк қаласы. 2086 жыл. Джек пен Пауло мектеп оқушыларын тасымалдайтын арнайы автобустан түсті. Бағыттары жаңадан ашылған гипермаркет тауарларын тамашалау. Киген киімдері тәртіп бойынша жейделерінің оң тұсында қошқар мүйіз оюы бар мектеп формасы. Автобустан түсісімен құлаққаптарын тағып, әуен тыңдай бастады.

— Раulо, did you hear this melody? (Пауло, сен мына әуенді бұрын-соңды естідің бе?)

— Give to me. The same is a Кіу of Kurmangazy. Better listen this update version. (Қане, тыңдап көрейін. Бұл Құрманғазының Сарыарқасы ғой. Одан да мына жаңа версиясына құлағыңды түрші), деп, өзі тыңдап келе жатқан құлаққабын Джектің құлағына тосты.

— Wow, miraculously! (Вау, неткен ғажап күй!) Қазақтың заманауи түрде әрлеген осы бір туындысын тыңдап екеуі балпаң-балпаң басып дүкенге де кеп жетті. Олар осы күндері СNN арнасының жарнамасынан түспей қойған таза былғарыдан дайындалған қамшыны гипермаркеттің әр бутигін кезіп жүріп әрең дегенде тапты. Сатушыдан:

— Excuse me, do you accept a dollar? (Кешіріңіз, сіз доллармен қабылдайсыз ба?)

— Do YOU joke? (Бұл қалжыңың ба? Доллардың құлдырағаны қай заман?) Амалдары құрыған екеуі осы ғимаратта орналасқан ақша айырбастау пунктіне келді

— Excuse me, aunt. Will you change a dollar on a tеnge? (Кешіріңіз, апай. Долларды теңгеге айырбастайсыз ба?)

— No, (Жоқ) — деп терезесін жауып тастады. Екі жасөспірімнің бастары салбырап көңілсіз күйде бара жатқанын көрген әлгі:

— Guys, hey, guys. There is an old man. He will change on a tenge. (Балалар, Әй, балалар. Төменгі қабаттың кірер берісінде отырған шал бар емес пе. Сол кісі теңгеге ауыстырып береді.) Төбелері көкке екі елі жетпей екі бүлдіршін қуана басып әлгі шалды тауып алып, долларларын теңгеге ауыстырып алды. Қуаныштары қойнына сыймай екі жасөспірім кетіп барады. Кенет, Джек артқа бұрылып, таңырқап шалдан:

— Uncle, why to you dollar? (Ағай, сізге доллар не үшін қажет?)

— I am a collector, sonny! (Мен — коллекционермін, құлыным)!

Қара кемпір

Өткен жұма намазында ойымның сан–саққа жүгіргені-ай. Тахаратымды алып, Алланың разылығы үшін құлшылық етуге келген ниетімнің быт-шыты шыққанын қарашы. Бұл шайтанның сыбдыры ма екен, әлде, елеусіз, ешкімге қажетсіз өмірден кеткен кейуананың жалғыздықтан жылағандағы жаңғырығы осы мен отырған орында қап менің өне-бойымды еліжіретіп ой салғаны ма? Алланың өзі кешірсін, қанша рет ниетімді жаңартуға ықыластансам да ырық бермей қасиетті үйде белі бүкірейген кемпірдің көз алдыма келе бергені. Бала кезімде осы Теңге ауылына нағашымдікіне жиі келетінмін. Осы қараусыз қалған қара түнек үйде қара кемпір кіріп-шығып жүретін. Балалық болу керек, өз басым осы кемпірді көргенде ертегілерде кездесетін жалмауыз кемпірге ұқсататынмын, қорқатынмын. Әй, баламын ғой сол кезде мен. Қайдан түсінейін оның қараусыздан азып-тозып, осындай бейшара халге жеткенін. Шалы бақилық боп, асырап алған Қарабай ұлы түрмеге кеткенін. Қол ұшын созатын тумалары жоқ, өмірдің талай ауыртпалықтарын өз арқасымен көтеріп, жападан-жалғыз күн кешкенін. Міне, менің тура қазір құлшылық етіп отырған орным, тек менің ғана емес, осы ауыл тұрғындары мен қонақтарының ғибадат етер орны бір кездері осы бүкірейген қара кемпірдің қара шаңырағы еді. Тағдырының көрсеткен ашаршылық пен сұрапыл соғыстың кішкентай ғана жанына мұң салғаны аздай, қартайған шағында жалғыз, қараусыз қалғанын. Қарт ананың бір кездегі қаңыраған суық сұсты қоңыр үйі бүгінде мұсылмандар бас қосатын Алланың нұры мен тыныштығы орнаған қасиетті ғибадат орнына айналарын кім білген?! Мүмкін, тура мен маңдайымды сәждеге тигізген орында мұңды кеуананың жалғыздықтан зарығып, тағдырына мұңын шаққан ащы жастары тамған болар. Имамның құтпа оқып тұрған қазіргі мінбер орнатылған орнында бір кездері кішкентай қара бала Қарабайын бауырына қысып, болашағынан үлкееен үміт күтіп, армандар әлемін шарлаған шығар. Әлде, әнеу бір қос қолын көкке көтеріп дұға жасап отырған жас жігіттің орнында жылағаны соншалықты өксігін баса алмай, қараңғылықпен аралас қалың мұң жетегіне қамалып, талықсып барып ұйқыға кеткен болар. Жарығы да жоқ қараңғы үйде жалғыз өзі қалай өмір сүрді екен? Ай, жүрегім-ай, шаншып кетті ғой. Қамат түсіріліп жатыр. Жамағат орындарынан түрегеліп, намаз парызына ниет етуде. «Астапыралла, мен де тұрып, сап түзейін». Намазымды аяқтап сыртқа шықсам көшеде сіркіреп жаңбыр жауа бастаған екен. Аспан әлемі де қабағы шытулы адамдай түнеріп сол ананы есіне ап жылап тұрғандай сезілді маған.

Бала үміті

Айдын ұйқысынан қуанышты оянды. Өйткені ол түсінде анасын көрді. Анасы күнделікті әдеті бойынша жанына кеп еркелетіп, маңдайынан сүйіп, қолтығынан қытықтап оятып жатыр екен. Айдынды ешнәрсе алаңдатар емес, жаны жайбарақат, құдды анасынан ажырамағандай, сол бақытты шақтарына қайта оралғандай. Тіпті анасы екеуі көлік апатына да ұшырамағандай сап-сау халде. Әттең, оянып кетті. Бірақ, ол өкінбейді. Себебі түсінде анасымен жүздескеніне разы. Бұл түсі қысқа да болса жанына медет беп, көңілі бір серпіліп қалды. «Анашым, апатайым менің, мені бұл жерден алып кетші. Сағындым сені, анашым». Тық-тық-тық. Таныс дауыс. Бұл коридормен бұның палатасына келе жатқан жеке медбикесі Айжанның аяқ киімінің дыбысы. Қазір ол Айдынның аяқ-қолын он бес минут уқалайды. Содан соң беті-қолын жылы сумен жуып, мүгедектер арбасына жайғастырып асханаға түскі ас ішуге апарады. Медбике ішке кірісімен Айдын:

— Айжан апай, анашым келмеді ме?

— Мен айттым ғой, сенің анаң да басқа ауруханада сен сияқты ем қабылдауда. Тәуір болғасын сені кеп алып кетеді.

— Көрші палатадағы Марат маған сенің анаң өлді деп еді ғой.

— Олар айта береді. Сенің анаң аман. Мен саған бәрін түсіндірген жоқ па едім?! Әлде маған сенбейсің бе? Айдынның әрбір минутына білікті мамандар кеңесімен шешіліп регламент қойылған. Осы іс-шаралардың ішінде оның қатты жаны сүйетін бір ғана нәрсесі бар. Ол – тыныштандырғыш уколын салысымен ұйқыға кетуі. Бастапқыда уколдан қатты қорқатын. Бірте-бірте оған да үйренді. Ал, қазір медбикелер уколға дайындап жатқанда ойлайтыны — анасы. Лүпілдеген кішкене ғана жүрегімен тәңірінен осы жолғы ұйқысында асыл анасын көруді өтініп сұрайды. Бірақ, өкініштісі ол дұғасы көбіне-көп қабыл бола бермейді. Сондай-ақ, оның екінші жақсы көретін нәрсесі түскі ас ішіп болысымен аурухана алаңшасына таза ауа жұтуға шығу. Өйткені ауруханаға қарсы бетте балалар саябағы орналасқан. Сол саябақта балалар аналарымен бірге ойнайды. Солардың ойнап-күлген әрбір іс-әрекеттеріне қарап жаралы жанына үміт сәулесі ұялайды. Осы бір орында, осы бір мезетте анасы кеп қуанатынын бала көңілі күтеді. Кіп-кішкентай жүрегі үміт етеді. Күндегі әдеті бойынша медбикенің көмегімен отырғызып кеткен аурухана сыртындағы үлкен теректің көлеңкесінде отыр. Ол тек қана бұл жерде өзіне бекітілген тәртібі бойынша он-ақ минут отырады. Қарсы беткейдегі саябақта асыр сап ойнап жүрген балалар. "Қандай бақытты жандар, аяқ-қолдары сау! Шіркін, бір күндері маған да осы балалар секілді асыр сап ойнауды жазар ма екен?" Кенет ойнап жүргендер ішінен сұр телпекті баланың сүрініп құлағаны қалғаны сол еді, анасы жанына жетіп кеп, әлгінің ауырған жерін сипалап, үсті-басын қағып, құшағына қысып жұбатып, жаны бәйек боп жатыр. Бұл көрініске бергі жақтан куә боп тұрған Айдын әрі қызығушылықпен, әрі қызғаныш сезімі оянып, кіп-кішкентай көздерінен аққан жастары еріксіз кеп төгіліп жатты. Көздерінен саулаған жасын сүртейін десе жансыз қолдары оған ырық берер емес.

— Уақыт аяқталды, келесі процедураға көшу керек, — деп, медбикесі кеп Айдын отырған арбаны бұрып ауруханаға қарай беттеді. Кенет артқы жақтан жанына жақын таныс дауыс:

— Ұлым, — деп, арбаға таңулы отырған Айдынды құшақтап, — біз енді ешқанан ажырамаймыз, құлыным менің. Осы сәтте тек жұмыр ғана басында жаны бар Айдынның қолдарына жан бітіп анасын құшақтап алды.

Балалық шағымның таба наны

Соңғы кездері сонааау алыста қалған балалық шағым жиі есіме орала береді. Көзді ашып-жұмғанша ержетіп, балалығыммен, қимас ыстық балалығыммен қалай қош айтысқанымды да байқамай қалыппын. Ауылда балалармен тай-құлындай жарасып, жалаң аяқ жалаң бас таңнан кешке дейін еш алаңсыз ойнаған әрбір сәттерім — өмірімнің ең бақытты кездері боп менің жадымда өшпес бір сағыныш боп мәңгіге қалады. Асық дейсің бе, ләңгі дейсің бе, ойын атаулының көкесін танытып тұрып ойнайтынбыз. Айналамызда боп жатқан дүниелерді еш елемей, балға шүйіліккен араларша бір жерге қадалып, бір-бірімізден асып түсу мақсатында, бар ықыласымыз ойын деп аталатын әлемге еніп кететінбіз. Бірақ, осы ойын әлемінен әрбірімізді бір сәтке болсын арашалап алатын бір-ақ нәрсе бар еді. Ол — Дыбыс әжейдің піскен таба нанының әрқайсымыздың танауымыздан кіріп, аш екендігімізге миымызға сигнал беретін буы будақтаған, ыстық аралас дәмді иісі болатын. Осы сәтте барлығымыз ойынды тастай сала бір үйдің балапандарындай әжейдің қасына жетіп баратын едік. Сол кездегі апалардың кеңдігі тамсандырады мені. Әйтпесе, сол 90-шы жылдары дүкеннен нан сатып алу қиямет қайым еді мен үшін. Өз басым осы дүкен нанын алу үшін жұмысқа ерте кететін анаммен таңғы сағат алтыларда тұрып кезек сайлайтынмын. Дүкен ашылып, нан келгенде үлкендер жағы мені итере-митере шығарып жіберсе де арпалысып жүріп үйге нан әкелетінмін. Бірақ, сол нандардың еш қайсысы Дыбыс әжейдің айқастырылған қос табада шоқ арқылы пісетін таба нанына жетпейді ғой, шіркін! Үстіңгі табаны көтеріп, ортадағы нан көрінгенде сілекейіміз ағып, асқазанымыз шұрылдайтын. Жаны жұмақта, иманы жолдасы болғыр Дыбыс әжей піскен наннан әрқайсымызға өзінің тарам-тарам болған мүбәрак қолдарымен турап үлестірген таба нанын жегенде дәмінің дәмділігі сонша, тырнағымыздың ұшына шейін сезетінбіз. Біздің қомағайлана асап-асап жеген түрлерімізді қызық көреді ме екен, әлде, өзінің жомарттығы ма, әйтеуір, сол арада бірнеше таба нанын жеп қоятынбыз…

Есейіп кетсем де сол әжейдің шоқ қоламтасына піскен таба нанын әлі күнге дейін аңсаймын, дәмі де әлі күнге дейін таңдайымнан кетер емес! Кей кездері, Дыбыс әжей секілді пейілдері сар даламдай кееең абзал аналарымызды ойлап, біз де артымызда қалған ұрпақтарға үлгі боларлықтай іс қалдыра аламыз ба деген ойлар келеді.

Бауыр

– Алло, жедел жәрдем. Қандай көмек қажет?

– Мен өз-өзіме қол жұмсадым. Маған тез арада ота жасауға болатын әмбебап жедел-жәрдем көлігі келсе болғаны.

– Міндетті түрде барады. Сіз тек қана медициналық нөміріңіз бен қандай әрекет жасағаныңызхды айтсаңыз болғаны.

– 52664.

–Табылдиев Сәбит. Мекен жайыңыз Байтұрсынов көшесі – 415, үй телефоныңыз...

Сәбит мед.реттеушінің сөздерін аяқтатпай тұтқана қоя салды. Дереу алдын-ала әзірлеп қойған жуынатын бөлмедегі салқын сумен толтырылған ваннаға-тоңазытқыштан ішінде квадрат пішіндес мұздар сақталған полтэтиленді ыдыстарын екі қолына сыйғанынша көтеріп әкеп, ыдысын жыртып, мұздарын салды. Бұл әрекетін тағы да бес мәрте қайталады. Содан кейін нотариалды түрде мөрленген сенімхатын көзге түсер тұсқа қойып, еш ойланбастан тастай мұзға толы суға екі аяғын салып түрегеліп тұрды. Әп-сәтте ақ өз аяқтары өзіне бағынбай денесін құдды біреу бар күшімен төмен қарай тартқандай суға күмп етіп отыра кетті. Бірден осыншама төменгі температураға тап болған жылы денесі ауырсынып, өмірінде көрмеген азапты басынан өткерді. Сонда бар ойы медицина қызметкерлері дөп уақытында кеп жоспарының іске асырылуын ойлап жатты. Осы мезетте үй телефоны шыр ете қалды. Стандартты жеті гуілден соң автожауапбергіш қосылды: «Сәлем. Мен Сәбитпін. Қазір менің қолым бос емес немесе үйде жоқпын. Дыбыстық белгіден соң өз дауыстық хабарламаңызды қалдыруыңызға болады». Дыбыстық белгі беріліп арғы жақтан ер адам дауысы естілді: «Сәбит, бауырым. Саған қуанышты жаңалығым бар. Маған донор табылды. Қай жерден екенін білесің бе? Өзімнің жатқан ауруханадан. Жаңа ғана дәрігерім кеп төменгі бөлімшеде хәл үстінде жатқан науқастың өз ықтиярлығымен бауырын беретіндігін айтып сүйіншілеп кетті. Бағасы да біз ойлағаннан әлдеқайда төменірек. Қажетті құжаттарға қол қойғаннан соң мені бір сағаттан кейін отаға дайындайды. Сен қазір ұйықтап жатқан боларсың. Құдай қалап, ертеңгісін маған келгеніңде, мен әлдеқашан есімді жиып сені құшақ жая қарсы алатын боламын. Бәрі де жақсы болады, бауырым! Мен сені жақсы көрем! Жарайды, сау бол». Онсыз да шыбын жаны қиналып, екі өмірдің ортасында жатқан Сәбитке бұл хабарлама қатты батты. Бар пәрменімен судан шығуға әрекет жасап та көрді. Ешқандай нәтиже шықпады. Қас болғандай айғайлап көмек сұрайтын дауысы да шықпай қалды. Көзін ашып дүние есігін ашқалы бері осы бір қиын да сынаққа толы өмірдің талай тәлкектерінен өзінің парасаттылығының арқасында еш мүдірмей өтіп, істеген әрекеттеріне өкініп көрмеген ол бұл жолы қатты өкінді. Көз алды бұлдырап, ажал сәтінің таяп қалғанын сезді. Жоспары бойында үш-ақ минутта жететін жедел-жәрдем кешіккендей ме, қалай? Сонда, жоспарының барлығы құрдымға кетіп, быт-шыты шыққаны ма? Өз бауырына өз бауыры бұйырмай өзгеніңбауыры бұйырғаны ма? «Мен де сені жақсы көрем, бауырым!». Осы сәтте есік ашылып, ақ халат киген медицина қызметкерлері кірді. Ақыл-есінен айырылып, жанын қоярға жер таппай жатырған Сәбитке бұл жандар аппақ періштелердей көрініп, өше бастаған үміті қайта жанғандай болды. Ақ халатты жәрдем періштелері төменгі температуралы тіс қақтырар суға көгере бастаған Сәбитті ваннадан шығарып, алғашқы дәрігерлік көмектерін көрсетіп жатты.

– Төртінші дәрежелі үсік түрі. Сүйек тіндері жансыздана бастаған болуы керек.

– Науқас бірнәрсе жазып қалдырған секілді. Белгілі бір адамға өз бауырын, мұқтаж жандарға басқа да дене мүшелерін трансплаттауға рұқсат жөніндегі сенімхат.

– Дәрігер мырза, қан қысымы төмендеп, жүрек соғысы әлсірей бастады.

– Тез арада носилка әкеліңдер...

Таңның атысымен ұшықтап жауған қар төңірек атаулының барлығын аппақ көрпеге орап тастағандай. Тобықтан сәл ғана асатын ызғарлы қар астынан күзден бері қарай өз реңін бермей, бұл жалғанда табиғаттың сықырлаған суығына мойымай, асқан табандылықпен «мен мұндамын» дегендей әр тұстан тәкәппар жусандардың төбелері жасылшұрайлана көрінеді. Айнала құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Тек қана құлпытасы қойылған төртқұлақты мазар мен күмбездітамдардың үстінде отырған қарғалардың оқта-текте қарқылдап, ал, екінші біреулерінің бір орында қонақтамай ұшқандағы қауырсын дыбыстары бұл өлілер ауылында да тіршіліктің бар екендігін еске салғандай. Бұл мәңгіге ұйқыға кеткен, мәңгілік деймін-ау, бұл өмірдің сынағынан өтіп, Алла тағаланың сұрақтарына істеген амалдарына орай дайындалып жатқан әруақтар мекені, жоқ, астапыралла, тағы да қате сөйлеп отырған секілдімін. Себебі, бұны айтуға менің шариғи ілімім жетпейтін сияқты. Қазақы жалпақ тілмен айтар болсам, бұл қорым – Теңге апа қорымы деп аталады. Ертеде бұл жерге көштен адасып қалған Теңге атты әйел адам қайтыс болып, сүйегінтапқан іздеушілер осы жерге жерленген дейді-мыс.

Алыстан джип автокөлігі кеп зиратқа жетіңкіремей тоқтады. Ішінен әйелдің сүйемелдеуімен толық денелі жігіт түсіп, екеуі қатарласа жүріп, қаз-қатар орналасқан бейіттер ішінен ең шетіндегі үюлі топырағы қатая қоймаған жас моланың қасына кеп шоқшия тұрып қалды. Сәлден соң әлгі жігіт қар басқан қабір төмпешігінің бір шетін оң қолымен қардан тазалап, кесектеніп қалған ұсақ топырақтарын саусақтарымен уақтап, қайта сол орнына себеледі. Көздерінен аққан көз жасы көкірегіне қарай сорғалап үстіндегі тонына сіңіп жатты.

– Бауырым, бауырым-ау. Неге? Неге бұлай болды? Сәбитім, бауырым, менің! Біраз отырыстан соң әйеліне қарады. Ол ерінің не меңзеп отырғанын лезде түсіне сол қалтасынан бүктелген парақшаны шығарды. Сәрсен қағазда жазылған зират еткенде оқитын дұғасын бар ынтасымен оқып, соңынан «Тәңірім, бауырымды кешіргейсің» деп бетін сипады. Екеуі орындарынан тұрып, келген іздерімен көлігіне кеп жайғасты.

– Бәлкім, көлікті мен жүргізермін – деді әйелі. – Жоқ, бәрі де ойдағыдай.

Сәрсен автокөлігін оталдырып, орнынан қозғалып жүріп кетті. Екеуі де үнсіз. Тек қана асфальттан естілген машина дөңгелектерінің дыбысы мен ара-тұра жылдамдықты үдеткендегі қозғалтқыштың ыңылынан басқа. Бір мезетте әйелі:

– Кешегі кездесулерің қалай өтті?

– Өте қиын кездесу болды. Барлығы, он бірі де келді. Мен үшін бауырымның мүшелерін иемденген жандарды көру оңайға соқпады. Әсіресе, араларындағы Сәбиттің қос жанары бұйырған тарар әйелі Иркя. Олар бір жылдық кәдесіне орай үлкен кесене орнатпақшы екен. Сол үшін шақыртқан. Шариғатқа қайшы екендігін ескере отырып жиналған қаржыны мұқтаж жандарға садақа ретінде тарату керек деп өз пікірімді білдідім. Тағы да үнсіздік. Бұдан әрі ешқандай сөз қозғалмады. Кенет, Сәрсенге түнде көрген түсі есіне түсіп кетті. Түсінде бауыры кеп: «Жағдайым өте нашар. Жан берер сәтте де, қазір де қиналудамын» деген болатын.

Қымбат жәдігер

Бүгін Айдар үшін ерекше күн. Тұңғыш ұлы Темірдің туылған күні. Тура үш айдан соң алғаш мектеп табалдырығын да аттамақ. Ұлына арнаған сыйлығы да жоқ емес... Қалың ойдың жетегінде отырған ол, кенеттен, орнынан ұшып тұрып, бір нәрсе жоғалтқандай жүрегі дүрс-дүрс соғып шалбарының оң жақ қалтасына қолын сүңгітті. О, тоба, бар екен! Сондағысы, осыншама уайымға булығып, күндіз-түні жанынан тастамай, арасында «жоғалтып алмадым ба?» деген күдікпен күніге сан рет тексеріп сары уайымға салып жүрген дүниесі – жіңішке ғана шынжыры бар, төбесіндегі түймесін басқанда дөңгелек қақпағы ашылып, уақытты көрсететін тілі мен садық межелері анық көрінетін ескі қалта сағат қана. Ия, кәдімгі, егде тартқан адамдардың қалтасына салып жүретін сағаты. Бірақ, Айдар үшін оның орны ерекше. Ерте тұл жетім атанып, қаршадайынан тағдырының көрсеткен талай-талай тәлкектеріне төзе алмайөне бойын өксік кернеп жалғыз қалған сәттерінде жанына демеу, рухына қуат беріп, болашақ өмірінің жарқын боларына сендіріп, өмірге деген көзқарасын оңжақты өзгерткен жан досы, сырласы да, осы бір тәуліктік уақытты өлшейтін құрал болатын. Оған қарап отырып балалық шағын жиі еске алатын. Қазір де фильм лентасының әрбір кадрындағыдай балалық шағының әрбір көріністері көз алдынан өтіп жатты. Айдар да өзге балалар сияқты бақытты еді. Ата-анасының арқасында жегені.

алдында, жемегені артында бал дәурен шағы қызықты басталған. Бұның ойыцншықтары да өте көп және ақылға сыйымсыз ерекше болатын. Бала – өмірдің мәні дегендей бар тапқан-таянғандарын жалғыз ұлының аузына ұстап, басынан құс ұшырмай өсірген-тін. Жұмыстан шалдығып келген сәттерінде алдарынан жүгіре шыққан айдарлы ұлдарын көріп, шаршағандары судай басылып, бір шаттанып қалатын. Ата-анасының осы іспеттес ғұмырының ең қызықты шақтары ұзаққа созылмай, көлік апатына тап болып, Айдар небәрі жеті жасында тұл жетім атанды. Бұл қаза оған қатты батты. Әсіресе, ата-анасының жаназалары оқылып, жер қойнауына тапсырар сәттегі жаны шырқырап қатты жылағаны есінде. Бауырына қысып, басынан сипаған әкесінің немере ағасы Тоқтамыс қартқа:

– Дәде, Дәдешім, олар мені тастап кетті ғой, енді жалғыз қалай өмір сүрмекпін, Дәде-ау? – деп жылаған болатын.

– Бекем бол, құлыным. Жазмыштың салғанына көнбеске шарамыз жоқ. Бұлай айтушы болма. Мен бар емеспін бе?!

Осылайша кішкентай Айдар тағдырдың кермек дәмін тым ерте татып, сорлап қала берді. Іні-келінінің жерлеу рәсімі аяқталысымен Тоқтамыс қарт оны өз үйіне алып келді. Бұл отбасының да асып-тасып тұрғаны шамалы. Өзінің де бір-екі жас аралығындағы үйелмелі-сүйелмелі тоғыз ұлы бар. Қазекең қай кезде де жетімін жылатпаған халық қой. «Осы боқмұрындарым аман болсын. Әр баланың өз ризық-несібесі бар деген. Құдайға тәуба, енді, міне, арыстай он ұлым болды. Астымдағы қотыр тайым сау болса нәпәқалары табылар», дейтін. «Қотыр тайым» демекші, Тоқтамыс Қарақұдық ауылының шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шағасына дейін «Дәде» деп (неге олай айтатынын білмедім) сыйлайтын абыройы асқақтаған шопаны. Әйелі Рабиға үй тірлігімен айналысса, үлкен ұлдары әкесіне қолғанат боп, ортаншылары кішкентай бауырларына қарайласатын. Барлық жағдайы қарастырылған үйге үйренген Айдар кішкене ғана үш бөлмеден тұратын жертөле секілді жұпыны бұл шаңырақты жатсынып, үйренісуі қиын болды бастапқыда. Балалы үй базар дегендей, ойыншық деген атымен жоқ болса да нағыз қызықты ойын түрлері осы үйде ұйымдастырылатын. Тоқтамыс қарт балаларының тағы бір ерекшелігі киген киімдерін өте ұқыптылықпен киіп, сыймай қалса кейінгі інілеріне беріп, бірінің киімін бірі еш талассыз ауыстырып кие беретін. Айдар да өзінен бір жас үлкен таңертеңгі кезекте оқитын ағасының киімдерін киіп мектепке барған болатын. Бір күні қаладан балалардың оқу үлгерімі мен ахуалын тексеретін ревизия келіп, мектеп құжаттарын тінтілей отырып, Айдардың ата-анас ы жоқ жетім екендігін анықтап қаладағы облыстық балалар үйіне ауыстыру туралы шешім қабылдады. Жаны шыр-пыр боп Тоқтамыс қарттың жүгірген еңбегі еш нәтиже бермей Айдарды қалаға алып кете барды. Артынан еріп келген Дәдесі дәрменсіздігін түсініп:

– Құлыным, еңсеңді түсірме. Жігіт деген өмірдің талай сынақтарынан мойымай өте білетін мықты болуы керек. Салыңды суға малдырмай басыңды тік ұста, кәне, – деп, Айдардың қолына осы көне сағатты ұстатқан болатын.

– Бұл сағат сенің атаң Бердалыдан бері қарай аманат есебінде келе жатқан жәдігер. Әкең үшін оның орны тым ерекше еді. Бұл сағаттың ендігі егесі өзіңсің.

... Балалық шағын есіне алып қалың тұманды ойдың ішіне еніп бара жатқан Айдарды жұбайының дауысы селт еткізді:

– Отағасы, келіңіз енді. Сізді күтіп отырмыз.

Айдар ас үйге қарай беттеді. Сан түрлі көз жауын алатын жеміс-жидектер мен тәттілерге толы құлпыртып жайылған дастархан басында келіншегі Әсия мен ұлы күтіп отыр екен. Төрден орын алып, алма шырыны құйылған бокалды қолына алып:

– Ұлым, туылған күнің құтты болсын, жарығым! Дүниедегі барлық жақсылықт арды тек қана өзіңе тілеймін. Өмірдің таршылығын көрме! Және де саған арнаған сыйым бар еді, қабыл ала ғой, - деп, өзі үшін құнды боп саналатын ескі сағатты ұлының қолына ұстатып, маңдайынан сүйді. Темірге бұл сыйлықтың ұнамағаны бет-әлпетінен байқалып, жай ғана:

– Рахмет, – деді

– Менің де саған сыйлығым бар, ұлым, - деп, анасы Темірге жымия қарады.

– Қандай сыйлық? Жаңа компьютер ме?

Ұлының тағатсыздана қуанышпен күтіп тұрған жауабына Әсия басын оң иығына қарай сәл қисайтып, екі көзін жәй ғана жұмыңқырап «ия» деген ишара білдірді. Темірдің қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей, қолындағы сағатын асүстелінің үстіне қойып, бөлмесіне қарай бет алды. Ал, Айдар болса сағаттың жерге қарай дыр-р-р етіп салбырап екі жаққа теңселіп тұрған шынжырына сәл ғана ойлана қарап қалды.

Коля ағай

Туған жер... Туған жердің неге екені беймәлім, адам баласын шексіз ықыластандыра өзіне баурап алатын қасиеті бар. Сапар шегіп жыраққа аттанар болсаңыз, мейлі, ол жер жұмақ іспеттес миуа бақтары бір сіз үшін өз жемісін көмкере ұсынып тұрсын, сол секілді, қор қыздары әсем де тартымды келбеттерімен қол қаусыра қызмет етер болса да, уақыт өте келе сол жәннаттық рахаттардан жалықтыртып, өзіне, тек қана өзіне ғана миагниттей тартқызатын қасиеті тағы бар. Мен Өзен деп аталатын кішкентай ғана бекетте дүниеге келдім. Кішкентай деймін-ау, ол қазір еліміздегі үлкен стансалардан кем емес. Бұрын тек қана Өзен-Атырау жолаушылар пойызы қатынап, кей кездері мұнайлы қаламызда өндірілген мұнай өнімдерін цистерналармен тасымалдау жұмыстары сияқты шойын жол тұлпарлары қазіргідей ерсілі-қарсылы жүрмейтін. Маңғыстау облысы бойынша елді-мекендердің ең түбі саналып, темір жол қатынастары да осы Өзен стансасынан аяқталатын. Еліміздің стратегиялық жоспарлары бойынша бұл батыс өңірінен аяқталатын рельстер торабы Болашақ жаңа ауылы және Түркіменстанмен байланыстарын тауып өркендей түсті... Оқта-текте осы ыстық ұяма жолым түсер болса ең алдымен үркердей қаз-қатар үйірілген, барлығын құдды бір формадан құйып қойғандай екі қабатты манаураған үйлер қимас балғын балалық шақтарым мен ешбір мұң-мұқтажсыз ержеткен бозбалалық кездердегі қызығы мол әрбір кезеңдерді көз алдыма әкеледі. Ғажайып ертегілерде кездесетін сыйқыршы кеп бірер сәтке, бірер минутқа болсын сол балдәурен шақтарыма оралтар болса, еш ойланбастан келісімімді беріп, құмарым қанғанша асыр сап ойнар едім, шіркін! Япыр-ай, сол кезде құмарым бір басылар ма екен?! Менің осы бір туған ауылымды әркім әрқалай атайтын. Біреулер – станция, біреулер – вокзал, ал, енді базбіреулер – орыс ауыл дейтін. Орыс ауыл деуге негіз де бар. Өйтені, бұл ауылда ұлдары жоралас, малдары қоралас орыстар да өз біртуған бауырындай бір үзім нандарын бөліп жеп, қуанышына шаттанып, қайғысына ортақтасып, аралас-құралас бірге тұратын. Қазіргі қозғағалы отырған әңгімем де осы орыс ұлты өкілінен табылатын көршім – Коля ағай турасында өрбімек. Ол орташа бойлы, қыр мұрынды, орыстарға тән тартымды келбеті бар орыс ағасы еді. Жетпісінші жылдары Жаңаөзенге ата-аналары қайтыс болғаннан кейін Мәскеуден алыс емес бір поселкесінен күн көріс қамымен әйелі Галина екеуі атбасын тіреген. Содан бері жергілікті байырғы тұрғындармен араласып, бауыр тұтып, қазақтың той-мереке, салт-дәстүр, ырымдарына сыйластық танытып, қазақ тілін аз уақыт ішінде меңгеріп, шама-шарқына қарай көрші-көлемдермен шүйіркелесетін. Коля ағайдың ауыл тұрғындарымен тез сіңісіп кетуі оның мамандығы десем қателеспеген болар едім. Құдай адам баласын ана құрсағына енгізгенде тағдыры, ризық-несібесімен қоса қандай кәсіп иесі болатынын да жазады дегендей, Николайға да құдай тағаланың электр желілерін жөндеуші мамандығымен сусындатуы да қазақ ауылының өркендеуіне өз септігін тигізсін деген мейірімділігінде деп есептер едім. Бастапқыда ол стансаға қарапайым жұмысшы боп орналасып, бертін келе таланты мен өз жұмысына деген ықыластылығын көрсете кеп, дәрежелері көтеріліп ауылымыздың бас электригі болды. Әсіресе, ол ағайдың мінезінің мамықтай жұмсақтығы мен кішіпейілділігінің дархандылығы соншалықты, ауылдың еңкейген қариялары мен жүгірген балаларына дейін үйлерінде тоқ жөнінде қандай да бір мәселе туындай қалса, «Айналайын, құлыным, үйде тоқ жоқ. Қосып жіберсең, жарығым», «Дядя Коля, дядя Коля. У нас дома электричества нету», «Алланың рақымына бөленгір Коля, үйдің розеткасын ауыстыру керек еді» сынды әркім әртүрлі жұмыстарын өз біртуған бауырына жүктегендей емін-еркін табжылмастан тапсыратын. Осындай сәттерде өз шаруасы өз басынан жетіп арытылатын ағамыз ешкімнің көңілін жықпастан «Жарайды, міндетті түрде барамын» деп, құдды өз жеке басының міндеті ретінде қабылдап, міндетті түрде жәрдемін тигізетін. Өмір өз ағымымен өтіп жатты. Өзінің мықты маман иесі болуының арқасында Коля ағамыз баспаналы да болды, жергілікті тұрғындардың арасында да абыройы одан әрі асқақтай түсті. Бір қыз, екі ұлды болды. Бір сөзбен айтқанда ешкімнен кем болмай ел қатарлы өмір сүріп жатты. Күндердің күнінде жұмысы, ақша-күйі бар, мал-мүлкі түгел ол ішімдікке салына бастады. Қолына бір тиын түссе болды сайтан суына лық тойып ап, аузы кеппейтін нағыз алқаштың өзі болып шыға келді. Коляның іщкен жеріне мас болып қисая кететініне немесе көшеде өлең айтып жататынына жұрттың көздері де үйрене бастады. Жан қияр еңбегімен халқына қызмет етіп жинаған абыройы құмға сіңген судай кете барды. Әйелі балаларын алып, басқа бір отбасын құрып кетіп қалды... Бір күні ауылыма барғанымда Коля ағайымды жолықтырғаным бар. Шаштары өсіп кеткен, үсті-басы алқан-талқан, біреуден қатты соққы алған білем, бет-аузы көнектей боп ісіп, көгеріп кетіпті. Қасына барып қол алысып амандастым. – Ассаламуағалейкум, аға, қалайсыз? – Уағалейкум. Сен қай бала едің? – Мен Ерденмін ғой. Танымадыңыз ба? Денсаулығыңыз қалай? – деген сұрақтарыма түсініксіз бір нәрселер айтып кетті. – Я не давно был в Москве. Там меня встречали матушка и мои старые друзья. И еще я там встрелил Ольгу. Она не хотела меня видеть... И родственники меня... – деп, сөздерін әрі қарай жалғастырып, менімен ісі жоқ өз-өзімен сөйлесіп кете барды. Сол кезде оның түбіне сұм арақтың жетіп, есінен алжасқанын байқадым. Аяп кеттім. Бірнеше ай өткен соң ағайымның ұшты-күйді жоқ болып кеткенін естідім. Қазір сол ауылымыздың бір кездері асыл азаматы болған, ыстық та жүрекжарды ықыласына бөленген Коля ағайым бұл күндері қайда екен?! Жолым түсіп жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдейтін ауруханасына барғанымда да, тастанды қарттар үйінен сұрастырғанымда да ондай адамның жоқ екендігі туралы мәлімет алдым. Егер де Коля ағай бұл өмірде бар болса, қазақтармен бірге өткерген қызықты тұстары өткен Өзенін кей сәттерде ойына алар ма екен?! Тірі болса есіне алмай немесе бір көріп кетпеуі мүмкін емес. Ондай адам ұза-а-ақ өмір сүруге, бақытты да мәнді ғұмыр кешуге лайықты!

Сыған қызы – Шукар

Шағын қала, шағын аудан, шағын ғана жер... Осы шағын ғана қазақтың қара жері өзге ұлты үшін аңсаған арман, орындалмас қиял болар деп үш ұйықтасаңыз түсіңізге де кірмген болар, сірә?!

Ол кезде бала едік. Біздің ауылдың қарсы беткейіндегі шағын ғана жерде сығандар аз уақыт қана мекен еткен болатын. Ол жерді ауыл тұрғындары «сыған ауылы» деп атап кеткен. Қазір, зәулім үйлер тұрғызылған «Бәйтерек» шағын ауданы болса да қала тұрғындары үшін әлі де сол «сыған ауылы» атауы өз күшін жоя қоймады. Ерлерінің музыка аспаптарында, әсіресе, гитарада тамаша ойнап, әйелдерінің мың бұралып билегендерінің сан рет куәсі боп, алыстан ғана тамашалайтынбыз. Неге екені белгісіз, әлде, қорықтық па екен, әлде, өзге де себептері болды ма, әйтеуір, осы бір ән мен биді серік етіп, тарыдай шашылған бір орында тұрақтай алмай көшпелі тіршілікті салт тұтып, еш пендеге титтей де болсын зиянын тигізбейтін жандарды құдды бір адам жанын алатын әзәзілге теңеп, іргемізді аулақ ұстауға тырысып бағатынбыз... Сізді көп күттірмей, оқырманым, арнаны әңгімегелі отырған басты кейіпкерім сыған қызы – Шукарға бұрайын. Он жасынан ата-анасынан ерте айырылған ол кәмелеттік жасқа толғанша нағашы ағасы Мануштікінде тәрбиеленеді. Өз балаларынан кем көрмей өсірген нағашы аға-жеңгесінің арқасында Шукар деген атына заты сай көз тартарлық көрікті, өжет те намысқой, ермінезді боп бойжетеді. Жас та болса оның бұл өмірде қайсарлы үлкееен армандары бар еді. Ол армандар анасы қайтыс болғаннан кейін жадында қалған ол туралы естеліктері мен анасының айтқан әңгімелерін жиі есіне алу арқылы туындаған. Анасы күн өз ұясына батыпШукарды ұйықтатар алдында ертегінің орнына сыған халқының осы уақытқа дейін тағдырдың көрсеткен ауыртпалықтары мен бастарынан өткерген небір оқиғаларын бүге-шүгесіне дейін қалдырмай айтатын. Әсіресе, сыған ұлтының ән айтып, би билеу арқылы өздері мен өзгелердің көңіл-қоныштарын көтеруді басты орынға қоятын халқының бүгінгі күнде өзгелерден қайыр-садақа сұрап, аянышты көріну арқасында тиын-тебен алғандарына мәз боп күй кешіп жүрген тірліктері жанын қынжылтып, байырғы нағыз сығандар секілді өмір сүру керектігін насихаттап, өз ұлтының ұлттық болмысынан ажырап бара жатқандығы қатты қынжылтатыны анасының әңгімелерінен байқалатын. Осындай әңгіме барысында Шукардың туған жері туралы айтып бергені есінде: «Сен туылғанда ауа-райы да өзінің айырықша бір жылылығымен жабырқаулы жанымызға демеу боп, жүрегімізге бұрын-соңды кешіп көрмеген тыныштық орнап, шаттанғанымыз-ай. Ол жердің тұрғындары да сайын даласындай пейілдері кең, көңілдері ақ... Осы қазақ деп аталатын ұлттан шыққан Шәмші дейтін атақты сазгер біздің халқымызға өзінің «Сыған серенадасы» деген әнін арнаған, сондай-ақ, рухымызды асқақтатып, дүниеге қызықпай тек қана көшпелі сайран құрып, осы өмірге ойын-күлкі мен шаттықты өмір кешу үшін келгенімізді түсінген бірден бір аяулы азаматтардың бірі». Кей кездері тіршіліктің соқтықпалы соқпақсыз әртүрлі ісіне жап-жас жаны құлазыған сәттерінде анасының осы бір әңгімесін есіне ап, аз да болса ата-анасының шаттықты күндері өткен қазақ елінің шағын қаласын, соның ішінде, шағын ғана жерді көруді алдына мақсат тұтты. Кәмелеттік жасқа жетісімен Шукар сол кездері қазақ жерінде өз таборына басшылық еткен Гозело есімді вайдаларына (көсемдеріне) өзінің туған жері туралы және оған қалай бару керектігі турасында хат жолдайды. Арада ай өтпей: «Зачем тебе это? Это же маленький городок, и какой-то маленький участок. И местные жители тоже не очень-то как ты полагаешь. Вот адрес – Казакистан, Новий Узень, район Байтирик. Возле водокачки» деген жазуы бар бір тілім қағазбен жауабы келді. Мекен-жай қолына түсісімен Шукар өзі тұрып жатқан Питерден пойыздан пойызға отырып, апталап жол жүріп көптен күткен арман қаласына кеп жетті. Қалаға келісімен киімдерін түзеп, шаршаңқы жүзін жасырып, нағыз сыған қыздарына тән жарқын, келбетінде күлкі, әрдайым әндетіп, ойнап-күліп жүруге тырысып бақты. Өйткені, ол өз жүріс-тұрысынан өткен-кеткендерге кедергі жасап, біреулерге аянышты көріну арқасында ризықтарын тапқандарына разы боп соры сорпадай қайнаған бейшара бір іші өлген сырты сау халге жеткен халық емес, керісінше, ешкімге тәуелді емес, жинақы, ешбір ұлттан кем түспейтін жандар екендігін көрсеткісі келетіндей. Сұрастырып жүріп Бәйтерек ауылын да тапты. Жанынан өтіп бара жатырған егде тартқан әйелден: – Кешірерсіз, апай, – дей беріп еді, әлгі әйел қайыр сұрап жүрген қайыршы сығандардың бірі болар деген оймен қашумен болды. – Апай, сіз ұл-келініңізбен, немерелеріңізді күтіп жүрсіз. Қазір олар ұзын жолда. Санаулы минуттан жол апатына ұшырайды, - деп, өз қулығына көшті, қаласаңыз мен ол бәле-жаланы кері қайтара аламын. Әлгі әйелдің көздері шарасынан шығардай Шукардың қасына жетіп келіп: – Жарығым сол, қалауыңды берейін, маған көмектесе гөр, - деп бәйек боп жатты. – Маған еш нәрсенің қажеті жоқ. Тек бұрындары осы ауданда мекен еткен сығандар таборының орнын көрсетсеңіз болғаны. – Әні, анау тұрған су айдау цехының жанында тұрған бір кездері сығандар, -деді де Шукарға жалынышты кейіппен қарады. – Апай, жүре беріңіз. Мен балаларыңыздың жолын тазарттым, - деді. Содан соң Шукар алғысын жаудырып жатырған қазақ әйелінің сөздерін елеместен, бар есі-дерті туылған топырағын көрумен қанағат тұтып, тәтті бір сезімге бөленіп, көз алдынан ата-анасы мен туысқандарының, Мануш ағайы мен жеңгесінің қуанышты жүздері жайнап би билеп жүргендері өтіп жатты. Жүздері бал-бұл жайнайды! Қандай бақытты! Құдды бұл өмірден ешқандай қиянат көрмеген жандардай. Шукар ата-анасының өткерген бақытты сәттеріне еніп, айналасында боп жатқан нәрселерге көңіл аударар емес. Ол түгілі, қос полиция қызметкерлерінің кеп оған айтып жатырған сөздерін де құлағына ілер емес. Бұл жалған қызығын аяп қалғандай осы бір қаршадай ғана қызға бар пәрменімен құйынша түйіліп, сан рет артқа қарай тартса да еңсесін төмен түсірмей өзінің алға қойған мақсатына қарай асқан табандылықпен ілгері қарай қадам басып, кіндік қаны тамып, жаялығы жуылған, жанына жақын жандарының аз уақыт болса да шаттықты күн кешкен жерін көріп, мауқы басылған күйде, кейбір жандарға жылы, ал екінші біреулерге қатал боп келетін тағдыр деп аталатын құдыретке бойұсынған күйде, еркінен тыс қос тәртіп сақшыларының айдауымен кетіп бара жатты.

Өкініш

Кешегі отырыстан соң екі шекесі солқылдап, басы мең-зең болған Азамат бас жазуға себепкер біреу-міреулер кезігіп қалар деген ниетте көшеге шықты. Әрине, бұл оның күнделікті әдеті. Анасында ақша жоғы белгілі. Кеше ғана сыпырып-сипап алған болатын. Жаяу жүргіншілер жолына түсіп аяңдап келеді. Амал нешік, өткен-кеткендерден сұрамасқа шара жоқ. Құрып кеткір осы бір жүз-ақ грамм ащы бәлеге пұл табылып тамағынан өтер болса, өңеш арқылы бүкіл өне-бойына таралып, жаны рахатқа бөленіп басының да шайдай ашылары сөзсіз. Бұған қарсы жасы өзі шамалас жігіт келеді. Не де болса сол жігіттен аз-маз тиын-тебен сұрауға бел буды. Жақынай келе әлгіні біреуге ұқсатты. «Ия, қалай ғана есімнен шығып кеткен. Қайрат қой ол. Тура өзі». Оның өн-бойынан ерекше бір нұр шашырап жүзі бал-бұл жайнап, төңірек атаулыны сол нұрға бөлеп келе жатқандай. Ескі досын көріп Азаматтың бойында өз-өзінен қымсыну пайда болды. Өз өмірін ойлады. Ешқандай мағына жоқ. Үсті-басы қараусыздықтан қопырап, арақ жеп тастаған келбеті әбіржіп кеткен. Ол өзінің осындай бейшара халге жеткенін енді ғана сезгендей досының жүзіне қарауға дәті бармай ыңғайсыз бір күй кешті. Сәл тосылып қап енді ғана артына қайырылып көрінбеу ниетте болған Азаматты тани кеткен досы: – О-о-о, Азамат, қалайсың? – деді күлімсіреп. – Жақсы. Өзің қалай? – деп қолып ұсынды. – Құдайға тәуба, аманбыз. Анаңның денсаулығы қалай? – Жақсы. Осылайша екеуі жол үстінде өткен-кеткенді айтып шүйіркелесіп ұзақ тұрды. Мектепті бітіргелі кездесіп тұрғандары. Достық сезімдері қайта лаулағандай боп бірін-бірі қимай, қоштасқылары да келмейді. Сөз арасында Қайрат өзінің намаз оқып жүргенін және кішігірім жеке кәсіппен айналысатынын тілге тиек етіп, қандай көмек қажет болса да қол ұшын беруге әзір екендігін айтып өткен. Біраздан соң Қайрат: – Жүр біздікіне барып шәй ішейік. Әйелім жұмыста. Екеулеп отырып жастық шағымызды еске алайық , - деп ұсыныс тастады. – Олай болса, көлігім анау жақта тұр. Сені бұл ауданнан көшті деп естігем. Қазір қайда тұрып жатырсың? – Саяжайға қарсы беттегі жаңа мөлтек ауданнан әкімшілік жас отбасы екенімізді ескеріп бір бөлмелі пәтер берген. Сол жерде тұрып жатырған жайымыз бар. – Құтты болсын, достым! Олай болса, жүрелік. Екі дос жигули автокөлігіне кеп жайғасты. Азамат оталдырып, көлігі дарылды басып орнынан қозғалды. Ұзын көше бойымен жүріп келеді. Көктем кірісімен осы қаз қатар өскен теректерге де жан бітіп, қала көркіне өзгеше бір рең беріп тұрғандай. Көлік терезесінен ішке қарай ағылған саф ауа әсер етті ме, әлде, жолдасымен екеу арадағы жүрекжарды ықыласты қарым-қатынастары түрткі болды ма, әйтеуір, манағыдай емес Азамат өзін тамаша сезініп көңіл-қошы да көтеріліп келеді. Әне-міне дегенше толастамаған әңгіме-дүкен үстінде отырған екеуі Қайраттың үйіне кеп жеткендерін де байқамай қалды. Жаңа үй, жаңа жиһаздар, бәрі-бәрі жаңадан. Осы бір үйден берекеге толы леп сезіледі. Шәй даяр болғанша деп Қайраттың ұстатып кеткен фотоальбомын парақтап отырып мектеп кездерінде түскен суретіне көзі шалып қалды. Фотограф кеп осы бір суретке түсіргені кеше ғана еді-ау. Уақыт қалай зымырап өтіп шыққан?! Содан бері он бес жыл өтіпті. Осы он бес жыл уақыт ішінде Отаны түгілі, қара басы мен жалғыз анасына да қайыры тимепті-ау, Азаматтың. «Қайран, мектептегі өткізген әрбір кездерім. Ешнәрсе ойламай уайым-қайғысыз өткізген шақтарым-ай! Қайран, балғын, үлпілдеп тұрған алаңсыз жастық кезім, жадымда өшпес бір бақытты шақтар боп сақталған». Шәй үстінде досы Азаматты жұма намазына баруға көндірген болатын. Содан екеуі жуынып-шайынып мешітке кірді. Табалдырығын оң аяғымен аттай сала осы уақытқа дейінгі жасаған пенделік күнәлары себепті осы бір Алланың жер бетіндегі қасиетті үйінде өзіне деген орын жоқтай сезініп, Азаматтың аяқ-қолдары діріл қағып, тұла-бойын қорқыныш биледі. Досының толқулы күйін бірден сезген Қайрат оны қасынан бір елі тастамай екеуі қатарласып тұрып екі бас намаз оқыды. Бағанадан бері жан дүниесін кернеген үрей бірте-бірте әлсіреп, ерекше бір жағымдылық пен жанына тыныштық орнап ғұмырында сезініп көрмеген тамаша әсерге ұласты. Намаз оқып болып құтпада айтылған имамның ата-ана туралы айтылған уағыз-насихатын тыңдады. Ұйып отырып тыңдады, көздеріне жас ала отырып тыңдады. Мешіттен шығып Қайратпен қош айтысқан ол үйіне, яғни, жалғыз анасына асықты. Досы себепші боп көкірегіне иман деген құдіретті нәрсенің дәні себілгендей осы күнге дейін жіберген қате-кемшіліктерін Құдай тағала жуып-шайып, өзін анасынан жаңа туылған бейкүнә сәбидей сезінді. Бұл әлем ол үшін тек қана жақсылық пен қуаныш атаулыға толыдай көрініп жүрегі алып-ұшты. Бұрын бұған көшедегі бейтаныс адамдар да тұмсықтарын шүйіре тәкәппарлана қарайтын секілді еді, ал, қазір керісінше жылы шырай білдіретіндей. Имамның әрбір айтқан насихаттары да құлағынан кетер емес. «Кешірші, анашым! Жер бетіндегі ең қымбат та ең асыл апатайым менің! Енді бәрі де жақсы болады. Көресің әлі, менің абыройлы азамат боп, ел қатарлы өмір сүре білетінімді дәлелдеймін мен сізге. Арақты қойып, қызметке тұрып, тапқан-таянғандарымды бір тиынына дейін қалдырмай өзіңіздің алақаныңызға ұсынатын боламын. Осы уақытқа шейін қалай ғана сіздің жаныңызды түсінбегем, анашым?!» Көлігінен түсіп үйіне жақындай бергенде етек-жеңі жасқа толы көрші Сәбира апай кеп: – Қайда жүрсің, балам? Ажар апаның жүрек талмасы ұстап жедел-жәрдем шақырғам. Оны ауруханаға алып кетті, - деп егіле жылады. Азаматтың мойнына су кеткендей екі иіні салбырап қолдарымен басын ұстап жерге отыра кетті. Көп бөгелмей отырған орнынан атып тұрып: – Қай ауруханаға әкеткенін білесіз бе? – деп сұрады. – Мүмкін Самалдағы кардиологиялық бөлімге апарған болар. Азамат тәуір болып қалар деген үлкен үмітпен ауруханаға қарай бет алды. Осы уақытта медицина қызметкерлері кәлима орнына «ұлым, ұлым» деп ақ тілеумен кеткен ананың аппақ жүзін ақ матамен жауып жатты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙