Жиен
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ғалым Әріп — «Жиен» (Көркем әңгіме). ЖИЕН
(әңгіме)
«Ғалым!
Осы фотоны әскери өмірдің алғашқы күндерінен ескерткішке ұсынамын.
Ағаң Досан. 29.12.70. Дальний Восток».
Танкист шлемін киген жиен ағаның осыдан аттай отыз бес жыл бұрын жолдаған суретіне ойлана көз салдым. Иә, ол ер көңілді еді-ау, берен еді-ау, мәрт еді-ау... Иә, иә...
...Біздің үйді күтпеген жерден өрт шалған. Қаратаудың баурайына қоныс тепкен Шайыр атты табиғаты тамаша ауылдың жоғарғы жақ беткейінен биіктеу, орнықтылау етіп қара тастан қашалып салынған ежелгі еңсегей нән үйдің шатырлары жерге құлап, тіреу ағаштары өртеніп жатыр.... Совхоздың барлық халқы да,техникасы да осы жерге шоғырланған десе де болғандай. Адамдардың бірқатары бөлмелердегі жүкті далаға жандәрмен алып шығып жатса, ауылдың кәрі-жасы, бала-шағасына дейін қалмай өршіген өртті сөндірудің қамында. Бірақ, бұл өрттің сойы бөлек болып шықты. Өйткені, оның шығу себебі - газға байланысты. Ал газ плитасы мен баллондары ауылда ең бірінші болып осы үйге келген еді. Сол газды қарап, іске қосамын дегенде кенеттен өрт шығып, күйікке шалынған Есекең мен осы үйдің кенже баласы ыңыранып жатыр...
Оқиға желісі мен шешім
Көпшілік қауым қаншалықты қарбаласа қимыл танытса да, тілсіз жауды ала алмағандай. «Көгілдір алаудың» сойы бөлек болып шықты... Енді әлгі өрт басталған ас үйдегі баллондар шетінен аспанға атылар болса, маңайдың бәрін шарпып, дүние астаң-кестең болуы да ғажап емес. Сау болсын, ел іші ерсіз, азаматсыз болған ба! Ауылдағы ең бойы да ұзын, денесі де кесек Амангелді аға өрт ұшқыны жалаңдаған ас үйдің жұлынған терезесінен ары қарай секіріп түсті де, баллондардың бірін далаға қарай ытырды. Далаға ыршып түскен газ баллоны ойға қарай домалап барады... Адамдар «ойбайлап» аулақ қашты...Ойлары: жарылып кете ме деп қорқа соғып тұр. Қайтсын, кім-кімге де жан керек емес пе!
Ендігі көптің күдігі іште қалып қойған газ баллондардың жайы. Ол жарылатын болса, үйді қопарып түсіруі де мүмкін... Осы кезде әлдекімнің «Бал-ла!», «Бал-лон!» деген жан шошырлық айқайлаған даусы естілген. Бәріміздің де көзіміз атыздай болып, жан-жағымызға жалтақ-жұлтақ қараймыз. Үмітіміз - үлкендерде, ағаларда... Апырай, қайсыбір кезде де аға деген жақсы екен-ау...
Жалыны далаға ытқып сумаңдаған әлгі ас үйдің терезесі тұсынан ғайыптан тайып пайда болған жиен ағамыз Досан іркілместен ішкі бетке қарай секіріп, қойды да кетті. Санаулы секундтар ішінде ішті шолып, кері оралған Досекеңнің арғы беттен «Бала қайда?! Бала?!» деген айқайлаған әупірімді зор дауысы шықты. «Ішінде.Сонда!»- деп біреулер қолымен қайтадан ол тұрған бөлмені меңзейді. Үй ішін қайта шолып үлгерген Досекең «Жоқ! Ешкім жоқ!» деп қайта айқайлағанда, жақын тұрған жігіттердің бірі «баллондарды айтып тұр» деп қаттырақ үн қатты. Мезет шалт бұрылған есіл ерің қаз-қатар тұрған газ баллонын бірінен соң бірін сыртқа қарай зітіріп жіберді... Бет-аузы қап-қара болып түтігіп, үсті-басын өрт шалған күйі өзі де секіріп түсті-ау...
Осы бір оқиға ылғи да есіме түскен сайын оның анасы, Марқаш апамызды ойлаймын. Сонда бала кездегі бір оқиға есіме түсе кетеді. Ауылдың балалары қораның үстіне шығып, төмен қарай секіріп жүретініміз бар. Ол кезде жалаңаяқ жүретін ауыл қара сирақтарымыз ғой. Бір күні қора үстінен төмен қарай секіргенде жердегі қара тікен табаныма бойлай еніп, қан саулап, жүре алмай етбетімнен жығылып қалғаным бар. Үйде анам болмай, балалар анадай жерде көрші тұратын жездеміздің үйінен апамды шақырып келген. Сонда апам жерге отыра кетіп еңкейіп, менің лас-лас, қап-қара табаныма қадалған шегедей қара тікенді қан-жынымен бірге тісімен жұлып алғаны бар...
Тағы да суретке қараймын. Отыз бес жыл болыпты. Ол пәниден бақиға озды... Қауым басында оның кісілігі, азаматшылығы, мәрттігі туралы айтылды. Бала-шаға, үрім-бұтағы желкілдеп өсіп келеді. Дара болмысты Досан атанған Досекеңді жоқтаушылар аз болмады. Халық өте көп келді. Себебі, Мамай жездеміз бен апамыз өмір бойы халықтың қалың ішінде, елдің қиындығы мен қызығын бірге жүріп бастан өткеріп келеді. Құдайға шүкір, оншақты баладан немере-шөбере, құда-жекжат, шатақ-бұтақ дегендерің жетіп артылады. Қалың ормандағы бас бәйтеректей апа-жездеміз «арты қайырлы болсынға» амалсыздан жүгінеді.
Мен адам баласының ерлік істері, қайырымдылығы, ізгілікті істері ешқашан ұмытылмайды-ау, бауыр бол, нағашы бол, жиен бол, туыс бол, дос-жаран бол - бәрі де адамның шынайы көңілі, бір-біріне деген сый-құрметі, басына іс түскендегі жан аямас көмегіне жететін ештеңе жоқ екен-ау деп ойладым. Бұл - адам баласы тіршілігінің жазылмаған заңы, бұлжымас қағидасы іспетті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру