Мазмұнға өту
Home

Жарық дүние

Смағұл Елубай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жарық дүние

Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.

/uploads/af5557fe-92fe-5105-bdfd-087e2599dc51/cover.png

Хикаят

...Түннің бір уағы екен. Үй іші тас қараңғы. Шешесі пысылдап тыныс алып төрде ұйықтап жатыр. Жабықтың теңгедей тесігінен жылтырап ай сығалайды. Көзі ұйқыда, көңілі ояу, сол ай астында жайын құм өлкесінің бозамық нұрға малынып, тып-тыныш ұйыған сәтін көргендей. Жұмбақтанып, сәл-кем үрейлі сыр бүккен түнгі медиендегі моп-момақан жалғыз үйін, үй сыртындағы желіде күйіс қайырып көлбеп жатқан түйелерін көріп, сезіп жатқандай. Есік жабулы. Ол аз болса, жатар алдында күректің сабын көлденең қыстырып бекіткені де жадында. Үйде де, түзде де құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бұл демін ішіне тартып, жүрегі үркіп, сол есіктен біреу кіріп келетіндей сескенеді. Есіктен көз алмайды. Қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан апасын оятуға шамасы жоқ. Қорқады.

Күткендей - ақ, есік ашылмай да жабылмай үйге біреу кірді. Ақ киімге малынған беймағлұм кісі. Жабық есіктен елестей туындап өтіп, табалдырықтан бері аттап тоқтады. Қыдыр ата. Қыдыр ата соңыма ер дегені ғой деп түсініп, Сүлкей орнынан ақырын тұрып, жалаң аяқ, жалаң бас үйден ысырылып шыға берді. Табалдырықтан сыртқа аттай беріп байқады. Әлгінде көк жүзінде күлшедей дөңгеленген ай ұшты-күйді жоқ. Үй алдында теріс қарап Майлы аяқ тұр. Әншейінде аяғына орала кететін төбет Сүлкейді сезбейді. Үй үстіне шитте жайған құрттар ғана ағарады. Жұмыртқадай тізіліп жатыр. Есік алдында құм төбе. Шешесі екеуі оны Тауқұм дейтін. Күнде төбесіне сан шығып жүретін сол Тауқұм қазір біртүрлі көлегейленіп жат көрінеді.

Сүлкей ақ киімді кісіге еріп, сол төбеге таман барды. Кісі үстіндегі киім емес, шұбатылған кебін екен дейді. Бұрылуға шама жоқ. Мына кісі не десе, соны орындауға бар. Кісі құм төбенің етегінде тоқтап, бұған көзіңді жұм дегендей болды. Кісі әлдеқайда жетелегендей. Көзі жұмулы Сүлкей бірнеше қадам аттады. Ұмытпаса, жеті қадам. Бірақ жеті қабат дүниеден аттап басқа бір әлемге енгендей. Бейтаныс дүниеге бастаған кісі — кебін киген Кеңесі. Өзінің Кеңесі. Соншама күткенде, соншама сағынғанда, осылай кездесеміз деп пе еді! Бірін бірі таныса да, сөйлеуге рұқсат жоқтай. Тіс жаруға Сүлкейдің дәті барар емес. Күйеуін назарымен шалады. Уыз жас Кеңес көзі шүңірейіп, бет-ауызын жүн басып, қартайып кеткені несі? Самай шашы бурыл тартыпты. Оны келіншек жұмулы көзбен-ақ көреді. Шал - Кеңес қоңыр дауысын қоңыраулатып үн қатты: «Қазір көзіңді ашасың, өмір бақи сен көрмеген, тіпті көрем деп ойламаған өзге дүние, оқыс ғаламатты көресің, қорықпа! Қорқып сыр білдірсең, құз жартастан түпсіз тұңғиыққа құлайсың!»

Сүлкей көзін ашты. Алғаш байқағаны алуан сәуле алмасып жатқан күңгірт кеңістік, таулы аудан. Беймағлұм қоңыр әуен және естіледі. Шаппа терең құз бүйіріндегі жас баланың төбесінде ғана жалғыз тасқа табаны ілініп тұр. Табаны тайды дегенше, мынау шыңырауға шырқап құладың дей бер. Неге екені белгісіз, мұның үстінде лыпа жоқ. Қатты ұялып, қысылады. Бірақ қимылдауға болмайды. Қанатын жайып, жартасқа арқасын беріп тұр. Көз алдында сұйық тұман көшеді. Сұйық тұман өңшең иін тіресіп жатқан жалаңаш қызыл тас бейнелер үстімен жөңкіледі. О шеті мен бұ шетін қызыл тас таулар көмкерген үлкен ойыс аудан толы әлгіндей алып тас адамдар. Біріне бірі сүйеніп, әртүрлі қимыл, әртүрлі әрекет үстінде мәңгі сіресіп қалған адамдар.

Өздері орасан зор алпауыт. Арбиып - арбиып әлдеқайда ұмсынған, көздері ұясынан ыршып ұмтылған қалпы, көмейлерінен қашқан ащы айқайларына дейін тасқа айналып, меңіреу қатып қалған. Өкшесін құмға, маңдайын мұзға тіреп ышқынғанда, бұлтиып шығып кеткен иық жауырыны аспан тіреп, жер мен көктің арасына қайратын сыйғыза алмай, сұрапыл күш иелері мәңгі көз ілдіріпті. Иықтасып өзара сыйыса алмай, шынтақтасқан күйде қалған әпербақан тас мүсіндер үстінен көшкен сұйқылтым тұмандай жылжыған кісінің төбе шашын тік тұрғызар күңіреніс естіледі. Қайдан шығып жатқаны белгісіз осы сарыннан адамның аза бойын қаза қылар о дүниелік жат ызғар еседі. Алып тас бейнелердің аяғы да, басы да жоқ өсиет үні болса керек. Үн шым-шымдап жүрегін тербеп, жанын уатып, нашадай бойына тарады. Кеңестің бұнда ертіп әкелу себебін енді ұғынғандай, қордаланып түйіліп көмейіне тіреліп толқын өксік келеді. Бұршақтап өңіріне ыстық жас құйылды.

Келіншек төсегінен тұрмай, өксік атып жатты. Терден бе әлде жастан ба, омырау, тамағы ылғалданып, тарқатып шашы жалаң мойын, иығына жабысыпты.

Киіз үй іші самала жарық. Тесік - тесіктен найзала құлаған өткір күн сәулесінен ыси бастаған.

Шешесі тұрып кетіпті. Орны жинаулы. Үй маңынан дыбысы естілмейді. Түйелерді өріске айдап жүрген болар.

Дүрс-дүрс соққан өз жүрегіне құлақ тосып жатыр. Әлгі өңшең қызғыш тас бейнелер иін тірескен қияли өлі таулар арасы, мезгіл үніндей гөй-гөйлеген басы да, аяғы да жоқ зор күңіреніс Сүлкейге қайта елестеп, қайта естілгендей. Кеңес неге бұны онда апарып жүр? Неге бұның көзіне тура қарамайды. Жер аяғы қиянда жүрсе де сезгені ғой. Көшпейін дегені ғой.

Назары керегеге ілулі суреттердің ішінен мұңайып отырған ашаң жүзді, бадана көзді, түбіт мұрты енді тебіндеп келе жатқан арық солдатқа түсті. Бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой, Кеңес!

Көз жасын жұтып, басын көтеріп, өңіріне құлаған қою шашын сілкіп арқасына тастады. Шекесі солқылдады. Бешпентінің қалтасынан ескілеу қол айнасын алып, кескініне қарады. Ұйқыдан іскен көзінің қарашығы үлкейе түсіпті. Ерні әнтек кезеріп, қан - сөлсіз сұрша сопақ жүзіне бетін жартылай жауып тұрған тараусыз қалың шашы біртүрлі жарасып тұр. Дәл осы сәт Кеңес кіріп келіп, келіншегінің дидарына бір қарар ма еді! Дәл осы күйде бір қарар ма еді! Сосын мейлі, соғысына барып соғыса берсін. Өз жарының сәл мұң тұнған үлкен таза қой көзін, танауы қусырылған ірілеу түзу мұрнын, сопақшалау келген сұрша бет - пішініне тараусыз көмір қара шашы осы сәт қалай жараса қалғанын бір көрсе... Қазір, дәл қазір Сүлкей қай сұлумен қатар қойсаң да кем түспес еді. Мүмкін, әйел тең келмес. Осы көрік, осы тұлғасының жан баласына керегі жоқ жалғыздығын ойлағанда, айнаны лақтырып жібере жаздады. Өз-өзіне сұқтанумен өткен бұл өмір! Көрік екеш, көркіне қарау үшін де еркек керек. Адамды жеке-дара жаратқаннан кейін, жеке-дара бақытты болатын етіп неге жаратпады екен? Ылғи да, әйтеуір, бақытың біреуге тәуелденеді де жүреді...

Ызаланғандай, ұзын етек қызыл шыт көйлегін жұлқып шапшаң киінді.

Есік алдына шығып, шақшиған күннен көзі ұялып, іркілді. Үйдің маңдай алдынан басталатын сусыма құм төбеге қарады. Өңшең сыптай жалаңаш құм таулар күннің жалқын ыстығына қыза бастағанға ұқсайды. Үлп етпе ұяң самал толқынында ысуға айналған құм тынысы сезіледі. Арагідік түнгі ызғардан адасып қалған қоңыр салқын леп те сүйкеніп, аймалап өтеді.

Жер ошақта үш бұт мосыға асулы шәугім зыңылдап қайнауға жақын тұр.

Апасы құмның ұшар басында көрінеді. Қолы тисе, құм басына шығып, алақанын көлегейлеп күн астына қарайтын әдеті. Ауылдан келетін жолға қарайды. Майданнан хабар күтеді. Осы қаңсыған қызыл қиял құмда кім жүреді деп ойлайды екен. Бос үміт екенін біле тұра сөйтеді. Апасы да қызық. Айқайлап жібере жаздады. Жарайды, қаласаң, қара да тұр. Мүмкін, кім біледі, келсе, келіп те қалар біреу. Аласапыран уақыт қой.

Әлдеқайдан борсалаңдап жүгіріп төбеті жетті. Майлы аяқ. Түнде бұны ай астына қарай ақ киімді адам ертіп шыққанда, теріс қарап қала берген Майлы аяқ.

Ит екі бүйірін соғып, тілі салақтап, құйрық бұлғап, аз аялдады да, нар селеудің көлеңкесіне қарай шаба жөнелді. Таза құм бетіне ит тілінен үзіліп түскен жалғыз түйір мөлдір тамшы құлады.

Іші шым ете түсті.

Кешеден бері сары масадай ызыңдаған сол бір күдік ой тағы да гуілдеп қоя берді. Құрысын деп, бейне масадан қашқандай қолын сермеп, үйге қайта кіріп, сүлгі мен жез құман алып шықты да, беті-қолын жууға кірісті.

Шешесі де құм басынан түсіп келеді.

Сап-салқын мөлдір сумен бетін шайып отырып, шашылып жатқан маржандай тамшыға назары ілікті. Тамшы!.. Қалай деуші еді Кеңес? Иә, тіршілік о баста судан өрбіген, бір кезде жер беті қыбыр еткен мақұлықсыз, тіршіліксіз, жым-жырт өлі дәуірлер болған. Күн көзінің жылуы әлемдегі мол сулар, көлдер, теңіздер, мұхитта құрсағын қыздырып, ұзақ уақыт тербетіп, сол суларда күндердің күнінде алғашқы жан иесі — тірі тамшылар, яғни бір клеткалы оянған. Жер бетіндегі алуан түрлі тіршілік атаулының, адамның да қайнар көз ата-тегі сол тамшылардан басталған демеуші ме еді Кеңес.

Сол сөздің сырын кешеден бері қайта-қайта ойлай түседі.

Өз-өзіне деген күдігі күшеймесе, одан азаяр түрі жоқ.

Шешесінің кебіс тырп естілді.

Шешесі қолтығындағы шөпшегін жер ошақ маңына лақтырып тастап, шәугімнің қақпағын ашып жатыр.

Түсімді айтсам ба екен, айтпасам ба екен деп толғанып тұрды да, үй төбесіне жаңа жайылған жұмсақ құрттан сындырып аузына салды.

Шешесі жер ошақтың күлін ысырып, шойын табаны ашып, қызарып піскен дөңгелек күлшені суырып алды. Сүлкей көкке қарады.

Шайдай ашық аспан... Көк зеңгірі биіктеп кеткен. «Шілденің де өткені - ау» деп еді кеше апасы. Рас.

Әлдеқайдан саршұнақ дауысы естіледі. Шайдан кейін Сүлкей күндегі әдетінше тоқып жүрген биялайы мен бір домалақ иірген жібін алып, түйе соңынан өріске кетті.

Шешесі белін бекем буып, белбеуіне жыңғыл сапты балтасын қыстырып, сексеуіл сайға тартты.

Мезгіл сәске әлеті. Алда өгіз аяң ілбіген ұзақ күн бар. Сүлкейдің аяғында келін боп түсетін жылы тіктірген биік өкше жұқа былғары етік. Шалбардың балағын қонышына салып киген. Көйлек етегін шалбардың ішіне жіберген. Шекесіне тартқан бір жапырақ қызыл шаршысы болмаса, сұңғақ бойлы, үлкен қоңыр қой көзді әдемі боз жігіттің өзі. Аласы: «Ойбай, басыңа мына бөрікті киіп алсай, осы қу жапанда саған не сәндік керек», — деп күнде ұрсады. Оған көнетін Сүлкей жоқ. «Қызық, апа, мына білектей бұрымды кесіп тастамай тұрып, қай бөрік сию еді», — дейді.

Алдымен Тауқұмның ұшар басына шығып, күнде көріп жүрген бұлдыр-бұлдыр көк жиекке қарады. Қай тарапқа қараса да, назарын жетелеген қызыл қия құм қиырлар. Бүлкілдеп сағым көшеді. Күн асты өртенуге шақ қалғандай әурелейді. Жалаң иық, сусыма құм баурайлар мың-миллион жыбырлап жатқан құрғақ толқын. Жақындап та келеді, алыстап та барады.

Сүлкей көз алмай қарайды.

Сап-сары аңызақ жапанның осынау үнсіз жадау кейіпінде бұның жан дүниесімен тілдес, тетелес сарын барын түйсінеді. Сондықтан да жападан-жалғыз құм арасында жүру бұған қамалып үйде отырғаннан, әйтпесе, өсегі гулеген ауылда жүргеннен әлдеқайда қолайлы. Өзімен өзі сырласады. Қысылып-қымтырылатын жат көз жоқ. Кез келген жерге құлай кетеді. Аяқ асты тап-таза. Құм електен өткізген ұндай.

Аяңдай басып келеді.

Ылдидан қырға, қырдан ылдиға түсіп, соң тағы қырға өрлейді. Құм толқыны таусылмайды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық шырқын сонаның ызыңы, шегірткенің шырылынан өзге бұзар дыбыс жоқ. Сары масадай ызыңдаған өз ойы ғана мазалайды.

Ойпаңдау жерде іркіліп, Сүлкей мықынынан төмен байқастап көп қарады. Бөксе құрылысын сипады. Тоқтағаны несі? Қарағаны несі? Әлде тал бойында шынымен жат тамшы тірілді - ау деген күдігі ме екен?

Бүтінді жарты қылған, жартыны жалғыз қаңғытқан қу тағдыр-ай, егер Кеңесі қасында болса, осы күйге түсер ме еді. «Өзіңмен бірге ала кет соғысқа, өзіңмен бірге өлемін!» деп еңірегенде, неге алып кетпедің екен, Кеңес!

Осы келе жатқан бағытында құм арасында жалғыз түп сексеуіл бар. Сексеуіл қызық біткен. Егер ала көлеңкеде түйе қайырып жүріп үстінен түссең, зәрең ұшады. Құм сақ алаң ортасында көкке сүйек саусақтарын созып жүресінен отырған қаудыраған шалды көресің...

Сол шал - сексеуіл түбінде осыдан ай бұрын не болғанын еске алудың өзі қиын. Сүлкей дініне берік әйел еді. Жалына қол салдырмас бір әйел асау болса, ол Сүлкей еді. Өзінің тек Кеңес үшін жаратылғанына имандай сенуші еді. Кеңес соғысқа кеткелі үш жыл ішінде сол жүрісінен жаңылмаған асау Сүлкей осыдан ай бұрын ойда жоқта осы қызыл қия арасында оңбай сүрінді...

Осыдан ай бұрын дәл осы түспен жалғыз өзі алыстап кеткен түйесінің соңынан асығыс басып келе жатқан. Біресе қырға көтерілсе, біресе ылдиға түсіп, Белқұмның дүзген бөктерін қиып өтіп, сирек селеулі шағылдарға енген. Құм бетінде әртүрлі түз аңының ізі сайрап жатады бұл тұста. Түнімен жортып, күндіз қою көлеңкеде індеріне кіріп кететін сияқты, көзге түспейді. Селеу астынан селтеңдеп көбінесе қоян қашады. Қаннен-қаперсіз, әлдебір әнді танау астынан ыңылдап келе жатып, кенет тыпырлап қарсы келіп, құмды бұрқ еткізіп бұлтарған тоқтыдай сұр қояннан қатты шошыды.

Қоян қашып шыққан бүйірден тұп-тура бұған қарай асыға басқан жалғыз жаяуды көрді. Солдатқа ұқсайды. Иығында бұлтиған қапшығы. Басына көлеңкелеп ақ орамал байлап алыпты.

Өкпесі ыршып аузына тығылды. Кеңес! Одан басқа мынау құмда кім жүруші еді? Құс қанатын күйдірген аптапта Кеңестен басқа кім келуші еді бұ маңға!

Сүлкей ойланып тұрмады. Жолаушыға қарсы ұмтылды. Кеңес! Үш жыл жарың сенің не көрмеді! Жарың сенің сен көрмеген соғысты көрді емес пе!

Жүгіріп келеді. Қателеспепті. Солбырайып Кеңесі күтіп тұр. О, тоба! Бұтында ескі сүр солдат шалбары. Гимнастерка және бір түйіншегі қолында. Алдынан Сүлкей жүгіріп шығады деп күтпесе керек. Өз көзіне өзі сенбей, аңырып тұр.

Көз алды жастан бұлдырап жүгіріп жеткенше жөндеп қарай да алмады. Он қадамдай қалғанда шошып кетіп, қалт тоқтай қалды.

О, тоба! Қарсы алдында көзі адырайып, өңі тұрмақ, түсінде де көрмеген жат біреу тұр. Сақал-шашын алмаған жігіт. Пақырдың есі шығып кетсе керек. Таң қалғаннан аузы қисайып, беті жыбырлағандай болды. Күлгені шығар. Бұл отан, ол бұған есуас жандардай қарап тұрып қалыпты.

Сөйткенше, кісі ернін жалап, кірпігін қақты да, бір нәрсе айтуға оқталды. Саусақтарын тарбитып алақанын жайды. Онысы Сүлкейге құшақ жайып дүрсе ұмтылған сияқты әсер етті.

Жалт беріп тұра қашты.

Көзінің жасын жүре сүртіп, бел астында жайылып жатқан түйелеріне қарай тартты. Көз қиығын салып еді, жігіт сол тұрған орнында саусағын тарбитып созған күйі аңырып қалыпты.

Бел асып, құм қарағанға отығып жатқан түйелерінің қасында, ашық құм алаңда тұрған жалғыз сексеуіл көлеңкесіне жетті де, ұзынынан құлады. Ет беттеп жатқан күйі бетін білегіне төсеп өксіді.

...Біраздан кейін көзі құрғап, басы зеңгіді. Еңсені басқан зіл тыныштық бұйықтырып, ұйқы шақырады. Шегірткенің бейбіт шырылы да қоса әлдилейтіндей.

...Қашан қалғып кеткенін білмейді. Бір кезде тыныштық шырқын бұзбай үнсіз басып Кеңесі келді қасына. Қамқор жанармен үнсіз аймалап қарай береді. Түк өзгермепті. Сол кеткен қалпы, көзі мөлдіреп тұр. Әлі арық әрі талдырмаш. Білгем дейді, бұл да үндемей, осылай ойда жоқта, қажыған шақта, жалғызсырап өксік атып иен далада жатқан шақта келетініңді білгем. Солай деп сенгем дейді. Көп таңданбайды. Үнсіз қолын созады. Жүргені қалықтағандай болып, ақырын қонады кеп қасына Кеңесі. Құстың қауырсындай жеп-жеңіл өзі. Сағыныштарын айтуға тіл жетпейді. Екеуінде де үн жоқ. Құшақтары ашылады. Құшақтары табысады. Неткен шырын бақыт! Бірін бірі жұтып қоярдай ұмтылып сүйеді кеп. Шөлдері қанар емес. Бұл да түс боп кетіп жүре ме деген күдік мазалайды. Талай аузы күйгені бар.

Сүлкей қайратты құшағын кең ашып, қауырсындай нәзік, қауырсындай жеңіл күйеуін қапсыра құшақтайды. Қабырғасын уатып жіберердей құшырланып кеудесіне тартады. Қалқасы қолына әрең түскен сүйген жары бұның ілгегіне қол салады. Келіншектің алпыс екі тамыры иіп, «қалқам-ау, өзім - ақ, өзім» дегенді махаббат толы жанарымен баяндайды. Сағынып қалған, сағынып.

Алқымын қытықтаған шаш, қолқасына ұрған махорка және бір жат иістен түшкіріп жіберді.

Өңі не түсі екенін ажырата алмай, бұны аймалап омырауына басын тығып жатқан жат кісіге аларып біраз қарады. Тер сасыған солдат жейделі жігіт бұның кеудесіне басын қойып ұйықтап қалған ба? Жоқ, ұйықтамапты. Омырау ілгегін ағытып, өбіп жатыр.

Тал бойын талдырып, өзіне таныс жау — үш жыл ұдайы алысқан от сезім билеп алыпты. Сол сезім, отты толқын буын - буындарына будай тарап, «қозғалма, тырп етпе, қосылып бір шырын ән шырқайық» деп азғырып барады. Жоқ!..

Келіншек қос қолдап бейтаныс жігітті кеудесінен итеріп қалды. Шойындай мығым екен, шегеленіп қалғандай қозғалар емес. Әлеуетті қолдары Сүлкей денесін темірдей қаусырып орап алыпты. Бүкіл жаны, тәні ән салуға ыңғайланып, әні-міне шырқап жіберуге шақ тұрған болмысы «неге туладың, неге?» деп шулап қоя бергендей. «Қозғалма» деп шулағандай. Үстіндегі бейтаныстан гөрі тұла бойындағы сол әзәзіл күштің қауіпті екенін сезді. Жалғыз сүйенер сана күші қайда жүр? Ақылы қайда кеткен? Не көрінген?

Мынау қыпша бел, тығыз мықын, оқтау балтыр баяғы таныс жау — от сезімге қосылып ап, асау Сүлкейді алып ұрғандай. Сылқ түсіпті. Енді байқады, Сүлкей көлеңкелеген түп сексеуіл кәдімгі аңдаусызға ат үркітетін «шал сексеуіл» екен. Жүрелей қалып, көкке қолын созып отыр.

Дүние ұят оты мен құмар отының шарпуынан лау жанып, жалындап бергендей. Келіншек көзін жұмды.

Төңірек қызылиек құм екенін, бейтаныс жігіт екеуінен өзге бұ маңайда тірі жан жоқ екенін, түп сексеуілден өзге көз куә жоқ екенін, жамбасында құс төсек емес, құм жатқанын шапшаң ойлап өтті. Ақылы өшіп, әлдебір болжамдары алыстап, әлдебір болжамдары жақындап, оң дегені теріс, теріс дегені оңға беттегендей аз ғана, соншама аз ғана қас қағым ішінде түсінік дүниесінің шапшаң өзгеріп бара жатқанын сезді. Қасиеттеп, қастерлеп сақтаған, ана сүтімен қоса бойына дарыған киелі түсінік - дүниесі төңкерілген. Ет пен сүйегі езіліп, тұла бойын қуалап сынап жылжып ағуға жақын. Аспан - жердің арасына жалын шарпып, саусағын тарбитып, жұмыр жердің жалына жабысты.

Бейкүнә құмды мытып шеңгелдеді. Шырқап көтерілген ән биікте үзіліп, көз алдында найзағай сынғандай.

...Аспанда емес, жерде емес, жұп-жұмсақ түлеген түнекке, ештеңе естілмейтін кеңістікке құс боп ұшып енгендей. Қанат қағып, сол кеңістікті сүзіп біраз үнсіз ұшқандай. Болмыс пен қиял жымдасып, барлық пен жоқтық арасында өзін өзі жоғалтып, енді өзін өзі қайта табудан сескенгендей сәт. Осылай аспандатып бір ән шырқауды талай түн боздап көксеген қайратты жас тәні жуасып, мамыражай масат күй кешеді.

Ойлап жатты. Жаңа дүниені өрт шалған кезде көрген құбылысын ойлап жатты. Қас қағып қалғаны еді, «шал сексеуіл» көмейінен жан пара айқай қашыртқандай сіресіп көкке қолын созып қалыпты.

Қазір бәз-баяғы қалпы. Тек бұтағына іле салған мына бейтаныс жанның брезент дорбасынан құм бетіне тырс-тырс мөлдір тамшы үзіледі.

Аспанның сонау төрінде жұқалаң шарбы бұлт тұр. Әлдеқайдан саршұнақ шиқылдайды. Жайылып жүрген түйелер ыңырсиды. Әлгінде ғана бір ғажайып биікке көтеріліп шырқап ұшқандай болған болмысы, енді жынынан қағылған бақсыдай, жерде, өзінің күнделікті қоңырқай тіршілігінің ортасында жатыр.

Сол биікте неге өліп кетпеді? Неге тірі қалды? Самайын қуалап ып-ыстық жас сорғалады. Әлгі қас қағымда не болып, не қойғанын енді зерделегендей.

Бейтаныс солдат бұны аймалап, білектей бұрымынан сүйіп жатыр. «Бұзаудай жалана бергені несі» деп, бұл қолын қағып тастап, шеткерірек барып тұрды. Бүкіл ашу, ызасы көзінен жас боп бұршақтады.

Бейтаныс кісі езу тартты.

«Айналайын... өлім мен өрт ішінен шығып, ел шетіне аяқ басқан күні өзіңді кездестіріп отырмын... Өзім күлгенмен, жаным ботадай боздап отыр... Сәл тізе бүк!..» — деді.

Назарымен ашу атып Сүлкей бейтаныс кісіге жалт қараған. Құм бетіне көз жасы домалап түсті. «Неге тидің... неге бүлдірдің!» дегенді айқайлап айта алмай, алыстап жайылып кеткен түйесінің соңынан тұра жүгірді.

Кісі ізінен: «Тоқта, айналайын! Атың кім еді, ең болмаса?» — деп айқайлағандай болды.

Біраздан соң бұрылса, дорбасын арқалап кісі жолға шығыпты. Сөйтіп, ол батысқа, бұл шығысқа тартқан.

Ортада ербиіп түп сексеуіл қалған.

Сол кездесуден бері, міне, ай өтті. Құм бетіндегі іздерін жел сипап өшірген. Тек кешеден бері бір күдік оянды. Сол кездесу ізі өшпеген бе деген күдік.

Белқұмның жотасына көтеріле түсіп іркілді. Ғұмырында құрсақ көтеріп көрмегендіктен бе, тал бойында анау ай мен күнді сыйдырып тұрған жұмбақ әлем тәрізді бұның өзіне тәуелсіз бір жұмбақ құрылыстың барын енді мойындай бастағандай.

Кезінде көп тыңдап, аз ұққан Кеңес әңгімелері енді еске түседі.

«Табиғаттағы ең қызық нәрсе — адамның өмірге келуі» дейтін Кеңес.

Бейне жаратылыстану пәнін өткізіп тұрғандай сөйлейді. Сүлкей аузын ашып тыңдайды.

«Білесің бе, адам ана құрсағында жатқан тоғыз ай, тоғыз күн ішінде өзінің сонау суда пайда болған тірі тамшы күйінен бастап, бүгінге дейінгі бүкіл биологиялық «сапарын» бастан кешеді. Соған сенесің бе? — дейтін. Бұл не айтқалы келеді деп, Сүлкей алғаш еш нәрсе ұқпайды. — Ойлашы, — дейді Кеңес, — жер беті дүлей тыныш меңіреу заманда, су бетінде жыбырлап тірі тамшылар пайда болады. Одан күндердің күнінде балық пайда болады. Балық құрлыққа шығады. Одан қанаттылар, аяқтылар шығады. Со л бір түрден екінші түрге айналу аралықтарында миллион жылдар өткен. Соның бәрі ұрпақтың тірлікке айналу кезеңінде, ана құрсағында қайталанады. Адам өзінің бүкіл биологиялық тарихын қайталайды», — дейтін Кеңес.

«Қойшы, айтпа», — деп Сүлкей оның аузын баса қояды. «Бұл ақиқат», — дейді Кеңес. Сүлкей оның мойнына орала кетеді де, көзіне үңіледі. Сонда Кеңес ақиқаттың Сүлкей екеніне көзі жеткендей еріксіз еңкейіп, ернінен сүйетін.

Енді бүгін сол әңгіме еске түсіп келеді.

Қалайша Сүлкей құрсағында «адамның бүкіл биологиялық тарихы» қайталанбақ?!

Белқұмның ұшар басына да ілікті. Марғау шағылдар арасы томаға-тұйық сияқты еді, құм басы самалды кеңіс екен. Тынысы кеңіп, қол созым етекте жатқан қолтық суға, су бетін жолақтап жатқан ұлы сәскенің шағырмақ күніне қарады.

Түйелері әлдеқашан суға құлап шықса керек, қазір қарындары қампиып, ата қаздардай ақырын жылжып, көл маңының гулеген шыбынынан аулақтап, көлбеп аунайтын шаңдақ іздеп барады. Құлақтары ербиіп, бұны тұңғыш көріп тұрғандай шекелерінен осқыра қарайды. Танаулары пысылдап, жиі пысқырады. Үйір жүзден асады. Бота-тайлағы, кәрі-жасы аралас, топтарын жазбай, алды-арты жинақы қозғалып барады. Иір-иір тұрықтары, түстері, тіптен жайбасар мимырт аяқ алыстарына дейін осы қызғыш құм өлкесі үшін жаратылған дерлік. Ертелі-кеш теңкиіп ұйықтаған құм шағылдарына енжар назар салып қойып күрсініп оттап тұрған маңғаз пішіндерінде қаймағы бұзылмаған мәңгі бейбіт өмір табы. Анау қыр астында дүние түйдек-түйдек түтіліп соғыс жүріп жатыр дегенге сенгің келмейді.

Жағаға жүгіріп құлады. Танауына судың кермал иісі ұрды. Әлдеқайдан құс саңқылдайды. Арнасынан ауытқып құмға кіріп жатқан бұл суды Сүлкейден өзге тірі жан көрмеген десе болар. Жағалауына қоға, жыңғыл, шырмауық шашырап өскен көл суы қып-қызыл құм арасында көз жасындай мөлдірейді де жатады. Құмды кесіп өтетін бұл аңғар ертеректе өзен табаны болған дейді. Қазір суы тартылған.

Асықпай алдымен су бетіне қарап біраз тұрды. Елсіз жағалау, енжар құмдар да бұған асқан төзіммен асықпай тесіліп қарайтын тәрізді. Құрылдаған бақа дауысы, қоға тасасында су бетіне секірген әлдеқандай балық шолпылы естілді.

Етігін шешіп, қапталға қойды. Ыстық құмға тобығына дейін батып тұрып, ерініп ұзақ шешінді.

Жыңғыл басында тамағы бүлкілдеп отырған жалғыз бозторғай бұдан көз алмай қарайды кеп.

Киімін әдемілеп бүктеп, етігінің қонышымен бастырып, үстіне жаңа туған ай пішіндес сырғасы мен күміс сақинасын қойды. Қос бұрым шашын асықпай тарқатты. «Қарасаң, қарай ғой» деп жыңғыл басындағы бозторғайға жотасын беріп тұрды да, күн шаққан иығын құшақтап, үрке басып суға беттеді. Тарқату қалың шашын еспе самал ақырын лықсытып толқытып қояды. Су перісіндей лыпасыз бұ не жүріс? Ішінен күліп қояды. Қос қолын төбесіне қойып, неге екені белгісіз, шалқайып аспанға қарады. Аспан биік, тұнып тұр. Қалай қараса да өзін, өзінің бітімді, бәйге атындай аш бел сұңғақ тұлғасын сезінді.

Ғашық жанның майда алақанындай жұмсақ жағалау құммен жүгіре түсіп тоқтады. Біреу керіп тұрғандай сезіктеніп, жан-жағына ұрлана назар жіберіп құлақ салды. Тып-тыныш. Тұрған жерінен тіп-тік секіріп, өзін өзі суға лақтырды.

Табаны күйіп қалған екен. Сүңгіп, судың терең салқын астына таман барды. Ыстық етіне салқын су шипадай жағып, мамыражай сазан жүзіспен ысырылып, баяу қалқып, аударылып-төңкерілді. Арқасын жапқан қою шашы әсем үйіріліп шалқып, біресе көлбеп жауырында жатса, біресе лықсып төсіне төгіліп, төңкерілген кеседей шағын ғана қос анарын аймалап толқиды.

Сол күні сағымнан шыққан жолаушының қарасы алыстап сағымға сіңіп жоғалып кеткеннен кейін, Сүлкей дереу жүгіріп кеп осы көлге шомылған. Ойда жоқта, ойламаған жерде ес-түсінен айрылғандай алмағайып халде жасап қойған күнәсін көлдің таза суымен жуып-шайғысы келгені болар, айдынның мазасын қашырып, тұнық суға қайта-қайта секірген. Тігінен де, төбесімен де секірген. Тіпті күмпілдеп арқасымен де құлаған. Жат кісіден жұққан қонысты осылай жойдым санап, кешкісін түйесін айдап үйге қайтқан. Сол күні шешесі бұның бетіне жалтақ-жалтақ қараумен болды, бірақ тіс жарып еш нәрсе сұрамады.

Кіндігінен келетін тереңдікте тұрып, тұла бойынан домаланып үзіліп жатқан тамшыларға назары сүрінді. Тамшы... Титімдей ғана тамшыдан аз ғана ай ішінде жиырылып - созылып бой тіктеп, күлетін, жылайтын, секіретін, құлайтын адам атты беймаза тірліктің бас көтеріп, ғұмыры басталғанын қайтерсің. Жоқ! Сақтай гөр!

Салқын судан шығып, құмға беттеді. Күн жақ беткейге келіп, ыстық құмнан ұзынынан жатқанда өзі сиятын орын ашып, жалаңаш күйі соған шалқасынан түсіп жатып көмілді. Қылтитып басы, қолын қалдырып, денесін түгел құммен жасырды да, бетін түйетабан жапырағымен көлеңкеледі. Әсіресе жамбасын ыстық құм сорса екен дейді. Бойында өнгелі жатқан тірлік бары рас болса, сол күйінде тірілтпей өлтірмек. Ыстық пен салқын алмасқаннан түсік тастайды дегенді естігені бар-ды.

Біраздан соң құм табы шымырлап еттен өтіп, сүйекке жетіп, одан тамыр - тамырын қуалап бу жүгіргендей, ол бу, жылымшы бу жүйкесіне шауып, бүкіл өңменен иітіп жұмсартқандай, әр - сәрі шырын мас күйге ойыса бастады. Көзін жұмып, денесін ұлпа еріндерімен ысытып сүйіп сорғыштаған құм әсерін сезінеді. Маңдайына жіпсіп ақ тер шығып келеді. Аптаптың өрттей қапырық лебі тершіген жүзіне жәннат самалында жайлы тиеді.

Естіліп жатқан өз жүрек дүрсілі. Төңірек қызыл құм үздіксіз қайнап тұр. Омырауындағы құмды сипап жатып ойлайды. Осы құм мен адам бір нәрседен жаралған шығар деп. Айырмашылығы жоқ. Бәрі ұқсас.

Басын шапшаң жұлып алып, меңіреу құмдарға тесіліп кеп қарады. Осы күйінде үстіне біреу келіп қалатындай сезік. Әнеугі жалғыз жолаушы қарап тұрғандай күдік алып, қызыл қия құм толқындарынан өзге еш нәрсе көре алмай, тынышталды.

Кірпігін тағы айқастырды. Аспан астын кернеген мол жарық, шаңқан сәуле көзін жұмса да сезіледі. Жұмулы көз алдында қызыл барқын, түпсіз тұңғиық, қырмызы дүние. Мың сан алқызыл сәулелер сақиналанып, мың сан жұлдызшалар тұс-тұсқа шашырап қашып жоқтыққа сіңіп, табан астында жаңа бір түсініксіз иректер туып, табан астында өшіп жатқан беймағлұм кеңістік. Жоқтық пен жоқтық арасы. Шоқ сәулелер жалт етіп бас құрап қауымдаса қалып, енді бір мәулетте іріткі шілдің қиындай ыдырайды. Басталмай жатып тарқаған салтанаттай. Қозғалыс, өзгеріс, өніп - өшіп аударылып, төңкеріліп лықсыған дүние. Ыстықта көзін жұмып, күнге бетін тосқан жан ғана оны көре алады.

Есінде, осылай көз жұмып жатып күнге қарауды алғаш Кеңес үйретіп еді. Екеуінің де бала кезі. Ауылдың маңында кішкентай өзен болатын. Сол жылғы жаз түгел сол судан шықпады десе, өтірік емес.

Одан сәл бұрын Сүлкейдің әкесі алпыс екі жасында аттан құлап қайтыс болып, бұлар шешесі екеуі ата кәсіп жылқыны тастап, жайлаудан ауылға біржола көшіп келген. Онда Сүлкейдің «Сүлкебай» атты тентек ұл болып жүрген кезі. Қартайғанда көрген жалғызын әкесі осылай тәрбиелетті. Қыз емес, ұл. Қалай түсінсең, олай түсін. Сүлкей де әкесінің айтқанымен ғана жүретін қиқар мінезді, тентек қара боп шыға келді. «Қыз» деп, аузы қисайған баланы аямайды. Қамшымен маңдайдан тартып жібереді. Ол аз болса, ат бауырына алып жүріп сабайды. Жайлауда бұның бетіне жан келмейтін. Астынан ат, қолынан қамшы түспейтін. «Балам, кімді аласың?» — дейді әкесі. Бұл ойланбастан: «Кербезді алам», — дейді. Әкесі жатып кеп күледі. «Әй, ол біреудің қалыңдығы емес пе?!» — «Мейлі, Кербезді алам».

Сөйтіп жүргенде сол әке көз жұмып, Сүлкей ауылдан бір-ақ шықты. Ауыл бұл тәрізді тентекке кенде емес екен. Сүлкебайдың қамшысы жайлаудағы кәрінен айрылды. Үш-төрт күн көшеде қамшысын бұлғаңдатып олай-бұлай теңселіп жүрді де, төртінші күні сегіз өрім дырауды үйге әкеліп іліп қойды. «Әй, еркекшора» деп мазақтап қашатын балаларды тұра қуғаннан, бірі жеткізсе, бірі жеткізбей кетеді. Астында ат сірә жоқ. Тентектігінен ит ұлитын ауыл балаларынан шеттеп жүргенде, осы Кеңеспен оп-оңай тіл табысып, достасып кетті. Кеңес бұл не айтса, соған көне беретін иі жұмсақ, бадана көзді, аққұбаша, арық, талдырмаш бала еді.

Алғаш көздерін жұмып күнге қарайтын күні екеуі өзен жағасында шуылдақ балалардан аулақ, оңаша ақ құм сақта жоталарын ыстыққа қақтап манаурап жатқан. Кеңес бітпейтін бір ертегі айтқан. Кеңестің баяу қоңыр дауысы әлдилей ме, ондайда әңгіме тыңдап отырып бұл ұйықтап қала беретін. Шалқасынан жатқан. Қашан ұйықтап қалғанын білмейді, оянып кетіп көзін сығырайтса, Кеңес бұның жанында ербиіп отырып, көзі жыпылық - жыпылық етіп қарайды кеп. Бұның төсін көзі біртүрлі тесіп бара жатыр. Сүлкебайдың денесін от қарып алғандай болды. Ары қарай не болғаны еміс-еміс есінде. Атып тұрыпты. Кеңесті бас салып сабапты. Анау қарсыласпады. Бұл жұдырығының Кеңеске онша әсерлі болмағанын сезіп, жылап үйге қашыпты. Үш күн үйден шықпай, төсек тартып жатып жылапты. Төртінші күні жуасып, шалбар, жейдені тастап, төгілдіріп ұзын етек көйлек киіп, сыртқа бір-ақ шыққаны есінде. Балалық шақтың сол ең соңғы күні екен, ойлап қараса.

Кеңес сол кеткеннен кейін мол кетіп, қалада педучилищеге оқуға түсіп кетті.

Сүлкей күрсінді. Талай балалықтар өтіпті - ау! Енді, міне, керіскідей әйел болып құмға көміліп жатқаны. Уақыт қалай өзгертеді.

Жақын маңайдан шақшақай шықылықтап өтті. Шамасы, табаны күйіп, жүгіріп барып сәукеле өскен дүзген мәуесінің қою көлеңкесіне зып кіріп кетіп, тамағы бүлкілдеп тұрған болар. Қызық құс өзі. Қып-қызыл құм аралап келе жатқанда, көкпеңбек боп алдыңнан тұра қашады. Ұшпайды. Ши бұты сидаңдап зытып бара жатады. Сүлкейдің де ондайда балалығы ұстап кетіп, жалаң аяқтанып алып, құм бетімен ал кеп қуады. Жұдырықтай аспан көк құс безілдеп кеп қашады. Құм бетімен жорғалап сызып бара жатады. Әп-әдемі көк құсты ұстай алмайтынын білсе де, қызыққанынан белден - бел асырып қуып шерін тарқатады. Өз-өзінен күліп, шақшақайдың қорыққанына ішек-сілесі қатып мәз бола күліп, көңілі көтеріліп қалады.

Жалаңаш етіне құм жабыса бастаған. Тұла бойы түгел тер. Бет, маңдайы енді құрғауға айналған. Аптаптың ыстық лебін сезді.

Кеңес ауылға соғыс басталған жылдың қысында оралды. Келісімен жетіжылдық мектепке сабақ бере бастады. Соғысқа кеткен мұғалімдердің орнында бір емес, бірнеше пәнді қатар жүргізді. Сүлкей жетіжылдықты бітіріп, енді одан әрі қалада оқуға бел байлап жүрген. Соғыс оны да өзгертті.

Ел басына күн туды.

Білекті сыбанып, қырманға шықты. Сөйтіп жүргенде, Кеңес мұғалім болып мектепке келіпті, оқып азамат болыпты дегенді естіп біресе қуанса, біресе мынау қыз киімімен қалай көрінемін деп зәресі кетіп ұялды. Арада өткен жылдар танымастай етіп өзгертті емес пе, бірі бойжеткен, бірі азамат болыпты деген жігіт. Кеңес бес жыл қалада оқыды. Мүмкін, бұны ұмытып та кеткен шытар, қаланың ақсаусақ қыздарын көріп келген жігіт. Қаншалықты оны көргісі келсе, кездесуден соншалықты қорқады да. Сөйтіп жүргенде, «сені Кеңес сұрады» деген сөздер шыға бастады. Енді Сүлкей Кеңес кездеседі - ау деген жерден айналып қашатын болды.

Кездескендері қызық. Азаматы соғысқа аттанатын үй бір малын сойып, елді жинап «оң сапар» жасайтын әдетке айналған. Ал жастар жағы соғысқа аттанатын құрбыларының қасында болып, түнімен ән салып, би билеп көңіл көтереді.

Қасына бір баланы ертіп, үстіне қынама белді қызыл бешпенті мен төгілген ұзын етек сары көйлегін киіп, шақырған үйге қараңғылатып беттеп келе жатты.

Әлі ай туа қоймаған қою қараңғылық кезі еді. Алдынан бір нәрсе ағараңдап, сүріне аттап қашқандай болды. Бала екен. «Ата келе жатыр, келе жатыр!» деген дауысын бұл естіп қойды да, тоқтай қалды. Темекісінің шогын жылтыратып бір кісі бұған қарсы жүрді. Кеңес!

Бұл жалт бұрылып, кейін қарай тартты. «Сүлкей!» деп дауыстады асығып соңынан ұмтылған жігіт. Қаттырақ қашайын десе, аяғындағы биік өкшелі етігімен масқара боп құлап қалатын түрі бар. Соңынан ұмтылған Кеңес екі-үш секіріп, бұны білектен ұстай алды. «Сүлкей, мен Кеңес қой!» дейді.

Бір кездегі екі дос бала енді бірі бой жетіп иығына шашы төгіліп, төмен қарап, екі беті өртеніп турды да, екіншісі шалқалатып шаш қойған, тік иық костюм киген, жұқа өңді, бадана көз, тұлғалы жігіт боп алдындағы бойжеткеннің сұңғақ бойынан көз ала алмай қарайды. Біраз ойланып-толғанып тұрып, оқыған азаматтың сондағы айтқаны «Тамаша!» деген жалғыз ауыз сөз болды.

Құмға көміліп жатқан күйі өз-өзінен сықылықтап күлді. Бүлкілдеп жатыр. Ең қызығы үйленгеннен кейін. Бұл да жынды екен-ау!

Үйленді. Той өтті. Ең соңында жеңгелер оңаша бөлмеге екі кісілік төсек салып берді де, сықылықтасып, сыпсыңдасып жоғалды. Ойларын Сүлкей айтпай-ақ түсінеді. «Ұлмын деп күні кешеге дейін төбемізден әңгір таяқ айырмаған ең, көрейікші енді... әуселеңді» дейтін болар іштері. Әй, дұшпандар - ай!

Шамын сөндіріп, бойы үйренбеген үрейлі төсекте тоңазып дірілдеп жатты. Біраздан соң әлгі сыпсыңдар есік алдына және тақап, ішке біреуді итеріп кіргізіп жіберді. Кеңес екенін түсінді.

«Жарайды, кел, көрейік» дейді іші.

Кеңестің есі бар екен. Әлде шынымен қаймықты ма, төсекті ашпай, бұның жанына келіп еппен отырды. Сүлкейдің қалың, жылқының жалындай шашынан үнсіз майда сипады. Сүлкей іштей риза болды. Сонан кейін Кеңес бұған бала күннен таныс баяу қоңыр дауысымен бір әңгімелер айтты. Сүлкей маужырап тыңдады. Тыңдай берді. Түн ортасына таман Кеңес төсектің шетіне әрең ілініп жата беріп, «ашшы!» деп көрпенің етегін көтере бастады. Сүлкейдің жүрегі ытқып аузына келгендей шошынып, бар пәрменімен итеріп қалғаны, Кеңес еденге томп ете түсті. Қараңғыда түрі байқалған жоқ. Біраздан кейін күлді:

— Ау, қара қыз, бұның қалай?

— Ал сенікі дұрыс па?

Ұяттан, намыстан Сүлкейдің көзіне жас айналғанын қараңғыда кім байқасын.

— Ымм... дұрыс, — деді Кеңес өзінше бір ақылға келіп.

Сосын сүйретіліп есікке беттеді.

Екі-үш күн осылай біріне бірі тиіп кетсе, от шығатындай қауыша алмай жүрді. Төртінші, бесінші күндері Сүлкей күйеуінің көзіне жымиып күліп қарайтын болды. Бұл күлгеннен кейін Кеңес мүлде әдепті қойып, тарпа құшақтап бас салатынды шығарды. Алыса кетеді. Сүлкей бой бермейді... Он шақты күннен кейін ғана еріндері айқаса алатын халге жетті. Кеңес сүйе бастаса, бұл сәл шыдайды да: «Қойшы, түйеше сораптамай», — деп басын тұқыртып алады. Кеңестің ішегі қатады. «Әйелге жарыған екем» деп, көзінен жас аққанша күледі.

Сондай қызық, көрген түстей ұжмақ күндер екен-ау! Таң алды бірінің бауырына бірі тығылып, сілелері қатып ұйықтап қалатын.

Соғыс күндері. Ерте тұрады. Кім бұрын тұрса, сол құлақтың түбінен ерінімен жыбырлатып сүйіп екіншісін оятады. Таңертеңнен түске дейін, түстен кешкісін жұмыстан қайтқанға дейін бірін бірі сағынып өліп кете жаздайды. Кім үйге бұрын оралса, есіктің алдында елеңдеп күтіп тұрғаны. Сәл кешіксе, шыбын жандары шыға жаздайды. Сәл кешіксе, дүние құлазып, дүние тұл - талақ бос қалады. Ботадай боздайды.

Сондай бір күні Кеңес үйге кеш оралды. Алдынан жүгіріп шыққан Сүлкей бет ұшына қаны теуіп, мойнына асыла кетуге дайын тұрды. Кеңес бұны еркелетіп мұрын ұшынан қысып қойды да, қолтығынан ұстап үйге алып кірді.

— Қара қыз, үлкен жаңалық бар. Ертең мен майданға аттанатын болдым, — деді ақырын киімін іліп жатып.

Үйленгендеріне он жеті күн дегенде болған әңгіме еді бұл. Үйленген деген аты ғана, әйтпесе, екеуі шын ерлі-зайып болып бір-біріне жөндеп бойы үйреніп те үлгерген жоқ-тын.

Сонда бұл тіл жоқ, қимыл жоқ, жан жоқ, сілейіп тұрыпты да қалыпты. Әлден уақыттан кейін тұра ұмтылып, күйеуін бас салыпты.

«Бермеймін!», «Жібермеймін!», «Бармайсың!», «Менікісің!» деп тас қып құшақтап, құлын дауысы шыққан. Кеңестің жұқа өңі шүберектей қуарғаны есінде. Қап-қара көзінде ашу оты маздаған. Үлкен бір ыза толқыны кеп көмейіне кептелгендей, жақ жүні үрпиіп, түйілген. Сүлкей Кеңестің енді соғысқа бармай, соғысқа барып жауға қарсы шаппай көңілі көншімейтінін тез ұқты да, өзге тәсілге көшті.

— Ендеше, мені де ала кет! Өзіңмен бірге ала кет! Бірге соғысамын. Бірге өлемін! — деп боздап сілікті күйеуін.

— Қой деймін, қайдағы жоқты айтпа! — деп ашуланды Кеңес.

— Соғыс емес, өртке салып жіберсе де келемін! Сен үшін келемін! Өлмеймін! — деген Кеңес.

— Қайтсең де кел, Кеңес! Аман кел, Кеңес, мені ойла, Кеңес!

Кеңес! Дүние-ай, қайран дүние-ай, қайда, қайда, қай жерде жүр екенсің дәл қазір? Сүлкейіңнің қызыл құм арасында сені ойлап жатқанын білер ме едің! Мүмкін, сен де бір жерде ойланып отырған шығарсың. Мүмкін, соғыс емес, үзіліс шығар. Сағынып жүрсің -ау...

Ыстық тамшылар самайын сызып өтіп, құлағына барып құйылды.

Селеу басы сыбдырлады. Кезбе құйын екен. Анадай жерде шайқақтап дөңгелек ойнап, селеу басын жұлқып зытып барады. Қайдан келеді, қайда барады, белгісіз...

Орнынан сілкініп түрегелді. Үсті-басы түгел құм. Айнымаған жабайы адам.

Орғып секіріп жүгіріп барып, тағы орғып көкпеңбек тұнық суға күмп қойып кетті. Сүңгіп шықты. Су бетінде ақ көбіршік қыжылдады. Денесіне жабысқан құм қиыршықтанып түсер емес. Жағада тұра қалып, үсті-басын ысқылап жуынуға тырысты. Ықшам мықын, жинақы тұлғасына көз жүгіртіп қояды. Бөкен санды, қоян жонды дейтін ұршықтай келіншек. Ертең осы... өз денесінен дене бөлініп шығатынына сенгісі келмейді.

Салқын суға жіңішке белуарынан кеп тұрды. Ыстық құм сорған бөксесін салқын суға тұншықтырып әдейі ұстайды. Құрсағының қараңғы қуысында оянғалы жатқан тірлік бары рас болса...

...Жоқ, сен, тірлік, оянба! Жо-жоқ, оянба!

Балқып келген ет сүйегіне шым - шымдай салқын тарап жатыр. Аш белін, иық - мойнын алақанымен ысқылап тұрып, едірейген қос анарына назары сүрінді. Нәзік терісі қазір салқын судан құс еттене қалған, үлкен де емес, кіші де емес, шағын қос алмасы қашауын тапқан мүсіндей уыз тұлғасына көрік беріп тұр.

Сол күні ғұмырында тұңғыш рет кісі ерні тиіп еді-ау... Сол күні, яғни... Сүлкей өз-өзінен ұялып миық тартып күлді, яғни бұл алғаш әйел болған күні.

Кеңесті шығарып салуға түйелі арба жегіп бұның өзі шыққан. Станцияға жақындай беріп, бұлар қалың өзен жағасында тоқтады. «Әрі қарай бармай-ақ, осы жерден ауылға қайт, енді өзім жаяу барам», — деді Кеңес. Күн ысып, түске таяп қалған мезет еді. Өзен жағасы иісі бұрқырап сыңсып тұрған көк балауса. Гүлге ду-ду ұшып-қонып жүрген ақ көбелек, көк көбелек, көп көбелек. Күннің ыстығы, гүлдердің алуан иісі, Кеңестің әр күрсінгеніне дейін сол күн түгел есте қалыпты.

Сүлкей тұрған жерінде бой жазып керілді. Қазір ол күн еске түскенде, он бойы жидіп уылжығандай. Омырауы иіп, ыстық сүт әне-міне өңіріне құйылып кетердей. Лау - лау етіп бір сезім келеді.

Төбесінен суылдап сұқсыр ұшып өтті. Сүлкей шалқалап жүзіп жүр. Су мөп-мөлдір. Мөлдір судың белінде күн сүйген денесі піскен шелпек қызарады. Мауқы басылып, жағада үстін кептіріп олай-бұлай ойқастап жүрді. Анда-санда оқыс жүгіріп ұмтылып үлкен секіріс жасайды да, қанша қадам секіргенін көзбен мөлшерлеп өлшейді. Тез кепкен өрусіз шашы айғырдың жалындай арқасында күдірейіп, аяғын сілтеп басып кейін тартады. Күннің көлденең түскен алтын инелері жалаңаш етіне шым-шымдап батады.

Асықпай киінді. Қалың шашын көлбетіп, асықпай таранды. Қол айнасын алып, үлкен қоңыр көзінде сабыр бар, бидай өңді жүзін түндей қара шаш көмкерген, пісте мұрын әсем келіншектен көз алмай ұзақ қарады. Қанша қараса да көз тоймайтын келісті дидар екен, бақыт аңсаулы жүрегі дүрсілдей түсті де, шым етіп ауырды. Кімге керек сол көрік? Бүйтіп жалғыз жүріп жайнағанша, кеудіреп кемпір боп неге қалмайды!..

Адыра қалғыр етікті сірісін аямай-ақ тепкілеп киді де, артына бұрылып қарамастан, түйе кеткен тұсқа шапшаң басып тартып барады. Әлі өрмеген шашын сілкіп тастап, тәкаппар басын тік ұстап, биік құмға батыл - батыл ғарыштап өрлеп барады...

Жалға көтеріліп, сонау үй маңындағы құм басында қалтиып тұрған шешесін көрді.

Түйелер бергі ойпаңдағы шаңдақта, тыныстаған қаздардай қарындары жалпайып, ирек мойындары соқайып, маңдайларын түгел күнге беріп жатыр.

Құмның көлеңке тұсына жайғасып отырып алды да, түнде бастаған шұлығын одан әрі тоқуға кірісті. Әбден ықтияттап тоқиды. Майданда қар кешіп бара жатқан солдат елестейді. Аяғы тоңып, Сүлкей тоқып жатқан жүн шұлық қашан келеді деп күтетін тәрізденеді.

Иә, сол бір ерекше күн болып еді. Бәрі есінде. Май күнінің бой маужырап ыстық шуағы, өзен жағасында сыңсып өскен көк балауса. Су бетінде ойнаған күн сәулелер. Гүлде ду-ду ұшып-қонып жүрген ақ көбелек, көк көбелек, көп көбелек.

Кеңеспен қазір қоштасады. Кеңесті шығарып салуға жалғыз Сүлкейдің шыққаны қандай тамаша болған. Таза аспан, гүл жұпары аңқыған ауа, мөлдір су, жан жары Кеңес — бәріне, бәріне он сегізге енді толған Сүлкей анау шырыны мол түз гүлін бұралып еркелейді. Сол гүлдердей хош иісімен көбелек біткенді мас қылып, сол гүлдердей осы дүниеге өмір шырынын таратып, өзін де, өзгені де бақытқа кенелтіп, сол гүлдердей мезгілді кезінде үзілгісі келеді. Дер кезінде өсіп, дер кезінде қауызын жарып, жұпарын шашып, дер кезінде солып жататын гүлдер неткен бақытты.

— Есінеп тұрсың ғой, ұйқың келді ме? — деді Кеңес арбаға же гүлі түйені тұсап жатып.

— Екеуіміздің алғаш көз жұмып күнге қарайтын шақ есіме түсіп кетті.

— Алғаш сені сабаған күнім десеңші!

Екеуі қосыла күлді. Әлі ерлі-зайыпты болып беті ашылмағандықтан ба, екеуі де қызарып кетті.

Сонан кейін екеуі балалық шақты еске түсіріп, өзеннің суына бір-бір шомылып шықты да, көздерін жұмып күнге қарап жатты. Лүп етпе жел жоқ. Жан-жағы бұта, үй орнындағы алаң.

Алыстан паровоз шыңғырды.

— Кеңес! — деді Сүлкей көз жұмып жатқан қалпы.

— Айта бер!

— Екеуіміз қазір, ойлашы... екі көбелекке айналып кетсек, қандай жақсы болар еді, ә! Онда екеуіміз ажыраспай, осы гүлдерді аралап жүре берер едік қой. Ылғи бірге болар едік...

— Отанды кім қорғайды сонда?

Сүлкей жауап қайтарудың орнына біртүрлі ұяң жымиды да, басын көтеріп, басын Кеңестің жалаң төсіне қойды. Кеңес зеңгір аспаннан көз алмай үнсіз жатыр. Не ойлап жатқанын кім білсін.

Көбелектер гүлге ду-ду ұшып қонады.

Маужырап, буын - буыны босап, ұйқысы келетін сияқты Сүлкейдің. Кеңестің сол қолы аймалап, бұны сипап жатыр.

Паровоз жақыннан айқайлады. Сүлкей басын көтерді. Өзеннің арғы жағасымен жылжып ауыр состав өтіп барады. Өңшең тұмсығы шошайған зеңбіректер, тізілтіп әскери машиналар тиеген. Беталысы батыс. Поездың құйрығы шұбатылып әлі станцияда жатыр.

Сүлкей тұңғыш рет мынау жұмыр жердің ауыр жылжыған зіл темір табанында тітіркейтінін сезді. Қару-жарақ тиелген поезды жер әрең көтеретін сияқты. Ертең осынау темірлер мен темірлер шайқасында, Кеңес солардың ортасына түспек пе?!.

Сүлкей тістеніп көзін жұмды. Түседі... Сондықтан да оны соғыс дейді. Кеңестің төсіне қос тамшы домалап түсті.

Кеңес келіншегін қапсырып, құшағына тартты.

Сүлкей айдынында қазбауыр бұлт қайырлап тұрған зеңгір аспанды бір шолып, көзін жұмды.

Қара жерді анда-санда солқ-солқ ұрып өтіп жатқан ауыр составқа бір қарап қойып, келіншегінің өзгеше момақансыған дидарына үңілді Кеңес. Кеңесті таң қалдырған қару -жарақ тиеген поезд емес, үйленгелі бері жалына қол салдырмай келген асау Сүлкейдің кенет көз жасы бұршақтап жуасып жатысы еді.

Құлаққа ұрған танадай тыныштықты екеуі де тыңдай қалыпты. Бұта арасында әлдеқандай шыбын ызыңдайды.

Жүрек бұлқынып, ауыздан ытқып шығуға бар.

Танауға жабайы гүлдердің шырын иісі ұрды.

Сол сәт Кеңесінің құшағында жатып өліп кетуді армандаған Сүлкей.

Кеңес бұны жұбатып, сәл-кем аймалады да, тұрып кетті. Барып күмп етіп суға құлады. Салқын судан тыжырынып, «ишша» деп дауыстап сақ-сақ күлді. Сүңгіп шығып олай бір, бұлай бір секіріп суға құлап жүр. Оған қарап Сүлкей де күліп жіберді. Кеңестің көзіне тура қараудан ұялып, бұл да барып суға түсті. Кеңес бұны көтеріп алды да, тереңге апарып суға бір сүңгітіп алды.

Біраз шомылып, күліп-ойнап жағаға шықты.

Су жағасында шағын дастарқан жайылып, ауылдан алып шыққан азық-түліктерін ортаға қойып, тамақтанды. Екеуі де көңілді еді.

— Тағы не айтасың? — дейді Сүлкей.

— Саған бір тапсырма бар!.. — деп қуақы жымиды Кеңес.

— Айтшы, — деп асықты Сүлкей.

Кеңестің назары Сүлкейдің тұлғасын анықтап шолып өтті.

— Шекесі тоқпақтай бір ұл тауып қоясың!

Сүлкейдің нұры теуіп бетіне шықты. «Қолымнан келсе, табамын» деп айта жаздап іркілді де, сыңқылдап күлді.

— Тілегің осы-ақ па? — деп күлген.

Тамақтанып болып, Сүлкей дастарқанды жинауға қолын соза берген, Кеңес бұның білегінен ұстап тоқтатты.

Сүлкей күйеуінің көзіне тура қарады. Кеңестің жанарында сабыр бар.

— Сүлкей! — деді.

Сүлкейдің жаны шыңылдады. Қоштасатыны еске түсті.

— Сүлкей!.. Соңымда қалып бара жатқан не әкем, не шешем жоқ. Не ет жақын бауырым жоқ. Соңымда жалғыз сен қалып бара жатырсың... Не болсам да, тілегімді енді жалғыз сен тілейсің... Осы дастарқан кішкентай болғанымен, екеуіміздің дастарқанымыз ғой. Сенің жайған дастарқаның. Қазір осы жерде қоштасамыз. Маған қолыңды жайып, бір тілек айтшы! — деді де, дастарқанға үңіліп, төмен қарады Кеңес.

Сүлкей алақанын жайып, неден бастарын білмей үнсіз отырып қалды. Көз жасы алақанына бырт-бырт тамды. Ерні дірілдеді.

— Соғыс тез бітіп... тез елге оралғайсың. Майданда жауды жеңгейсің... Оққа ұшпағайсың. Аман... есен... — дей беріп, сыңсып күйеуінің омырауына құлады.

Сонда Кеңес бұны шашынан сипап жұбатқан. «Айналайын» деген ғажайып сөзді айтқан. Әкесі, бұны он үшке дейін мойнына мінгізіп өсірген әкесі, бұл балалармен төбелесіп жылап келгенде, дәл осылай басынан сипап отырып, «айналайын» деген осынау жалғыз ауыз ғажайып сөзбен жұбататын...

Сол өзен бойындағы қоштасу боздап жылаған бұған емес, жас жарын тастап кете алмай лажы бітіп, іштей түйілген Кеңеске қиын болған екен, ойлап қараса.

Сөйткен Кеңеске не опа көрсетті? Айналып келгенде, беті қара болды емес пе?

«Кеңес! Жалпақ дүниеде енді сенің кімің қалды? Өрт кешіп, тұла бойыңды оқ тесіп, сағынып елге оралғанда, «өз үйім, өлең төсегім» деп алып ұшып келгенде, бұндағы құлаған шаңырағың мен қураған дастарқаныңды көріп, о, Тәңірім, қандай күйге түсер екенсің!

Үш жыл бойы сен жолдаған сағыныш хаттар, мен жастығымның астында сақтаған сол сен жазған асыл сөздер... желге ұшты ғой. Күл болып көкке ұшты ғой. «Олай болса, енді неге тірі жүрсің сен?» деп сұрайсың, әрине. Қалайда сұрайсың. Тірі жүрген себебім, өзіңді бір көрсем деймін, көріп, соңғы рет мойныңнан құшақтап, тас қылып құшақтап, үш жыл жан азабымды көздің жасы етіп омырауыңа бір құйсам деймін. Сонан кейін өз қолыңнан өлсем деймін. Сол үшін тірі жүрмін...»

Шұлықты тоқи отырып, Кеңеспен осылайша сөйлесті. Осылайша тоқтамға келді.

Күн еңкейіп, көлеңке басы ұзарыпты.

Құм басынан ылдилап түсіп, қарағанға жайылып жүрген түйелеріне беттеді.

Сексеуілдің шақасына қобыраған жабағылар ілініп қалыпты. Әлгі түйелер сүйкенген ғой. Кеңес тәрізді бір-екі солдатқа шұлық болар деп, шашылған жүндерді түгін қалдырмай жинап алып, түйелерін айдап үйге беттеді.

Ың-жыңсыз ысырылып басып үйге қарай шұбырып келеді түйелер. Өзі мылқау құмдар арасында, еңседен басқан меңіреу тыныштық шырқын зәредей бұзбай қозғалатын осынау жануарларға Сүлкей таң қалады. Жалпақ май табанымен сусыма құмды басып қозғалғанда, жүзін емес, мыңын қосып айдасаң да бір дыбыс білінсе, сірә.

Сүлкейге сонан кейін осынау түліктің шектен тыс кербез тазалығы ұнайды. Ылғи бір паң, кірпияз арудай тәніне лас жуытпай, таза жүреді. Жат иіс болмайды. Тегіне тән бір танауға жағымды майда қоңыр иісі бар. Тірі жанға қиянаты жоқ, маңқиып жүрген аңқау жануарлар.

Қыс иекке тақаған күздің қара суығында ғана бірер жеті оқыс мінез ашатын кездері болады. Оны өткен жылы байқады.

Өрістегі сол оқиға есіне түссе, әлі күнге өзінен өзі ұялады. Қайдан білсін, алғашқы түйе баққан жылы ғой. Сол күні таңертеңнен бастап ши бұт ақ аруана жайылмай, бураны айналсоқтай бастаған. «Мына сорлыға не көрінді?» деп бұл таң қалды. Түсте үйір өріске жетіп шашырай жайылған.

Сүлкей биялай тоқып қыр басында отырды.

Ақ аруана шудасы жер сызған бураны тағы да жағалады. Тынышына жайылып жүрген бураны мазалай берді. Әй, бір кезде бураның да жыны қозды - ау. Басын кекірейтіп лоқ -лоқ гүркіл етіп ши бұт аруанаға шекесімен осқырып қарады. Талтайып тұрып бар айбатын сыртына шығарып, құйрығымен бұтын сабады. Аруана мүләйімсіп, нәзік шыңғырып қояды. Табанына же л біткендей шарқ ұрып, бір орнында тұра алмайды. Бура о жақ, бұл жақтағы жынын шақырған бақсыдай біраз қоқиланып, желкесін күжірейтіп айбаттанып алды да, бір кезде ошарылып құлаған құз жартастай аруанаға қарай ауызды ашып ұмтылды.

Сүлкей сақ-сақ күліп жіберді. «Сазайың, нең бар тыныш жүрген бураға тиісіп!» — дейді іштей аруанаға.

Аруана шыжбалақтап, өрісті бой лап безіп барады. «Ал енді жетсе, желкеңді үзеді, өзіңе де сол керек», — дейді Сүлкей ши бұт аруананы табалап.

Екі иығын жұлып жеп албастыдай ұмтылған бура безілдеп, зымғаған ши бұт аруананы өрісті бір айналдырып қуып әкеп, дәл Сүлкейдің алдына жеткенде, тірсектен тістеп қалпақтай ұшырды. Аруана жалп етіп жата кетті. Жердің шаңы бұрқ етті.

«Үзсін желкеңді», — дейді бұл аруанаға іштей ұрсып.

Қаһарлы бура шыжбалақтап бақырған аруананы төске алып, қара бұлттай шөкті. Тұштақай аруананы омыраулап, шыңғыртып ұйпалай бастады.

Сүлкей таяғын сығымдап, ұшып тұрды.

Бура аузы аруананың желкесінде. Тырп еткізер емес.

«Әй, көргенсіз» деп бұл бураға ашуланғаны сонша, қайқы таяғын білеп, жандарына айқайлап жетіп барды. Аяп кетті аруананы. Ай-шай жоқ, озбыр бураны қара саннан салып өтті. Қайта айналып және ұрғалы ұмтыла беріп тоқтады.

...Екі беті ду жанды. Бура ақырын мойнын бұрып, бұған қарады. Бураның назарымен назары жолыққанда беталды тұра қашты.

«Ойбуй, ұят - ай» деп, құм ішінде өз-өзінен сыңсып күліп жүр. Әсіресе бурадан ұялғаны. Әлгі көз қарасында «неткен жетесіз жан едің» дегендей бір түңілме наразылық бар еді. Алғаш күлерін күлсе де, соңынан ойға батқан.

Ақ аруана жәйлі ойлаған. Сөйтсе, аруана Сүлкейге қарағанда әлдеқайда бақытты. Бұл сияқты қосағынан айрылып күңіренумен, күтумен ай, жылдарды құр өткізіп жүрген жоқ. Өз үйірі ортасында. Мезгілінде жатады. Мезгілінде тұрады. Мезгілінде туады. Қазір үрпек бас ақ ботасы бар. Еміренеді. Аймалайды. Күнде кешкісін емізеді. Ақ ботасы желінін түйгіштеп, нәзік ерінімен солқ-солқ сорып жатқан кезде ақ аруана ыңырсып ботақанының шипаңдаған құйрығынан иіскейді.

Сонан кейін аруана мына әлемді жалпағынан басып тұрып, төңірекке самарқау назар жіберіп, рахат күйіс қайыруға көшеді.

Ботасы бауырында, бурасы қасында, үйірі бұзылмаған ақ аруананың бақытын бұндай сәтте Сүлкей қызған алмай қалмайды. «Шіркін, ақ аруанаға айналып кетер ме едім! — деген ой да шаң береді. — Несі бар, айналып кетсе! Тіпті тамаша болар еді. Түйе де адамзаттың бауыры дейді ғой. Тек дамымай, өспей қалған бауыры. Адам төрт аяқтап жүрген дәуірде терезесі тең болған бауыры. Солай дейтін Кеңес. Адамның бір өзгешелігі, беймаза болған. Тез дамып кеткен, өзге дәуірлесі алға озған. Сөйте келе от пен темірді ашып, дамымай қалған мынау аруана тәрізді аңқау төрт аяқтыларды бір шыбықпен айдаған. Енді бүгін сол отпен, темірмен өзі айқасып жүр адам.

От пен темір арасында айқайлап жауға ұмтылып шырқырап Кеңес жүр. Сенің дамымай, түйе болып қалғаның қандай жақсы болған, аруана. Егер адам болсаң, менің кебімді сен де киер ең ғой, адам болу сондай қиын, аруана. Сондай қиын. Әйтпесе, бойыма біткелі жүрген әзірше иненің жасуындай тірлікті өшірем деп, өзімді біресе құмға, біресе суға лақтырып нем бар еді. Дүниеде өзім тәрізді немесе от пен темір шарпысы түсіп жүрген Кеңес тәрізді және бір бақытсыз жан әкелгім келмейді. Әкелгім келмейді! Түсінесің бе, аруана! Өмірге және бір бақытсыз жан әкелгім келмейді!»

Үйге жеткенше құм арасына қараңғы үйіріліп қалды. Есік алдындағы жер ошақта от бықсып жанып жатыр. Түтіні көлбеп ұшады.

Бота боздап, сауын түйелер жамырасып жатыр.

Шешесі шелек алып шығып, боталарды біртін-біртін босатып, саууға кіріскен. Сүлкей де үйден шелек алып шықты. Шиге жаюлы құрт мөлшері ұлғая түсіпті. Босағадағы төртінші қапшық бүгін толып, аузы бүріліп тігіліпті. Көп ұзамай бұл құрт толы қапшықтардың әуелі арбаға, одан поезға, поездан самолетке тиеліп, қоршаудағы қалаларға, майдандағы солдат, партизандарға жететінін шапшаң ойлап өтті.

Құрттардың әрқайсысы жас баланың жұдырығында. Шешесінің уысынан шыққан аппақ сықпа құрттар.

— Шырағым-ау, қайда жүрсің қараңғы түскенше? — деді шешесі.

Қайда жүруші еді, құм арасынан басқа. Екеуінің мүлде сөйлесетін де нәрсесі қалмаған - ау.

Сүлкей ақ аруананың үрпек бас ботасын қазықтан ағытты. Үрпек бас бота тапыраңдап шауып, енесінің бауырына ұмтылды.

— Әлгі, Барша апаны айтам - ау, — деді шешесі, — келетін уағы болды. Ай аяқталып қалды. Неге кешікті екен!

«Барша апа» деп тұрғаны, осында совхоз орталығынан азық-түлік, хабар алып келіп, бұдан арбасына тиеп құрт, тоқыған биялай, жүн алып кететін арбакеш әйел.

Аруана исіне бастасымен, ақ ботаның басын шегеріп қазыққа байлады Сүлкей.

— Жарықтық, алғашқы кездер шырқап дауыстап Құмбелден бері құлағанда, төбе шашымыз тік тұрушы еді, қулағымыз оған да үйренді - ау! — дейді шешесі Барша апа жәйлі.

Сүлкей аруананың бауырында тұрып, шелегін бір тізесімен көтеріп ұстап, әлгінде бота ерні ылғалдаған сүтті жып-жылы желіндерді қос уыстап қысып - қысып жіберді. Шелек түбіне сүт дызың - дызың әндетіп ура бастады.

Бұларға айына бір келетін арбакеш Барша апа ауылдың әйгілі жоқтаушысы еді. Жоқтауға Барша апа кіріспей, қазаның сәні келмейді. Өзі кәдімгідей өлеңші... Суырып салма... Ол аз болса, мақамдап дауыс көтергенде, боздаған айқын үні ауыл үстінде шарықтап тұрып алғанда, еңкеңдеген кәріден, еңбектеген сәбиге дейін қаңтарылып тұрып, азалы жоқтауды жырдай тыңдап, Барша апаға еріксіз қосылатын. Жалғыз улы финдермен соғыста қаза тапқан Барша апа сол қазаны әлі күнге дауыс салып жоқтаумен келеді. Бертін келе «қаралы қағаз» алған үйден Барша апа дауысы естіліп жүріп, енді ауылда қаза болса, онсыз өтпейтін белгілі жоқтаушыға айналды. Барша апа шығарған жоқтау сөздер жұрт аузында кетіп, ұмытылмай, әр жерге тарап айтылып та жүр.

— Мана шапқан сексеуілімді жинап жүрсем, құлағыма Құмбел жақтан Барша апаның дауысы естілгендей болды. Келеді екен ғой деп қуанып кетіп, қыр басына жүгіріп шықпаймын ба, бақсам, боздап келе жатқан сенің түйелерің екен, — дейді шешесі.

Барша апа Құмбел асуынан жоқтау айтып, әнін аспандатып құлайтын әдеті еді. Асудан бері өткен соң, ауылға жақындай бере айқайын тыяды. Ол келген күні шешесі екеуі әкелері базардан келгендей қуанып, ел жаңалығын, майдан жаңалығын естіп желпініп қалады. Барша апа да бұлардың меңіреу құм арасында хабарға зарығып отырғанын біледі, бітпейтін көп әңгімелер әкеледі. Арбасының бір бұрышында байлаулы кішкене қалта жүреді. Ол асықтар соғыста қайтыс болған жалғыз ұлының бала кезінде ойнаған асықтары екен, сөйтсе.

Түйе саууды аяқтағаннан кейін, ошақтағы төрт құлақ жалпақ қара қазанға шелектен сүт құйды. Қайнатқан сүтті ашытқысы бар жұқа қалталарға бөліп толтырып, үй алдындағы көлденең бақанға тізілтіп іліп қойды. Осылай сүт түнімен әрі сүзіліп, әрі ашып тұрады. Сүзбені одан әрі илеп құртқа айналдырып, күн көзіне жаю ғана қалады.

Шайдан кейін шешесі ұршығын алып жүн иіруге кірісті де, Сүлкей жаңа бір шұлықты тоқи бастады.

Түндік түсіріліп, шам сөнісімен шешесі тез ұйықтады.

Қызық шешесі. Басы жастыққа тиді дегенше, қор ете түседі. Әлдеқайда күн ұзын дамылсыз ұзақ тартып, кешкісін сүрініп құлап, құлаған жерінде қара жер жамбасына мамықтай жағып, тыныштық табатын жолаушы тақылеттес. Сілейіп кеп ұйықтайды.

Кірпік ілдіре алмай жатқан Сүлкейге апасы сол кезде жер бетіндегі ең бақытты жан тәрізденеді. Жас баладай былбырап ұйқыға кірген анасы тіршіліктің осынау қым-қуыт ойларынан ада әлдебір ертегі қияли әлемге өткендей.

Сары маса ой мазалаған, дерде селі тірлік ортасында желімдей созылған ұзақ түн жамылып, Сүлкей өзімен өзі жалғыз қалады. Үйде ғана емес, бүкіл аспан астында жалғыз қалғандай. Түн салмағы түгел бір өзіне түскендей. Бүгін де қараңғы үйде сол дөңбекшумен жатыр. Оң қапталымен де, сол қапталымен де жатып көрді. Ұйқыға ерегісіп, етбетінен де жатты.

Сайтан алғыр ұйқы одан бетер ерегіскендей маңына жуыр емес. Қанша шақырған сайын, сонша қашқалақтап, ара үзіп ұзап та кетпей, айнала мазақтап ойын құрып, сары масадай жабысқақ ойларын бұған қаптатып жіберіп отырған сайтан ұйқы. Әлгінде пысынап, ыстықтап жата алмай, шүберекке су бүркіп жамылып еді. Онысы құрғап барады. Шүберектің етегінде қалған ылғалды бетіне, лыпып жанған мойнына, қолтық астына басты.

Ойдан ой туып, «әлі... қаншықтай қыңсыларсың!» — деген Әбдірәсіл сөзі еске түседі. Мәнін бірден ұға алмаса да, алғаш естігенде қатты қорланып, Әбдірәсілді иттің етінен жек көріп кетіп еді. Бұл ер кісінің аузынан естіген тұңғыш уыт сөз еді. Өзіне де, өзгеге де көңілі қалып жүрді. Осы жасына дейін жүрегі суынып кісіні жаман көрген еместі. Қатарлары болса қиылып сыйлап, үлкен біткен бұны ата - анасында әлпештеуге дайын тұратын. Бұның сәл ғана қабақ жылытқан құрметінің өзі-ақ еркек кіндікті жайылып жастық, иіліп төсек ғып жіберетін. Ілтипатына іліккен жан көңіліне қанат байлап, шаттық пырағына мінгендей болатын.

Тал бойына мінез бен көрікті, табиғат-ана жарастықты пішкен Сүлкей шын бақытты еді.

Оның үстіне тағдыр өзі қалаған жігітіне қосқанда, бір дарқан - дария қызық өмірге аяқ бастым деп еді. Табан астынан бәрі де төңкеріліп түсті.

Он жеті күн.

Сол он жеті күн үшін өмір сүріп келеді. Өзімен де, өзгемен де күресіп келеді. Ертелі-кеш сол он жеті күн өмір жалғасар деген үміт алға сүйрейді. Күндеп емес, айлап, айлап емес, жылдап төсегі құлазып, жалғыз дөңбекшігенде, әлдеқайда жетелеп, әлдеқайда итерген дұшпан жаманы — бойындағы от сезіммен алысқанда, кейде санасы талып, түбегейлі жеңілдім - ау деп тал қармағанда, көңіл көкжиегін көтеріп сызаттап атар жалғыз таңы, жамырап көрінер шоқ сәулесі сол үміті еді. Он жеті күн жалғасар деген үміт еді.

Сүлкей күрсініп, аударылып түсіп жатты. Жыртығынан жұлдызды аспан сығалаған мына қараша киіз үй тарылып, пысынап, ысып барады.

Үстіндегі құрғап кеткен шүберекті теуіп ашып тастады.

Бір тірі жан дүниеге келуіне қандай қисын бар?! Атын не затын білмейді емес пе ол жолаушының! Сексеуіл түбінде болған, тіпті болады деп ойламаған сол қисынсыз, күтпеген кездесуден өмірге біреу келеді, адам тағдыры басталады деу ақылға сыя ма? Әзірше бір дөңгеленген тамшыдай-ақ болар құрсақ ішінде. Қызық, дүние түгел дөңгелектен тұратын сияқты. Бұл дөңгелек үйде жатса, үй дөңгелек аспан әлемінің ортасында тұр. Дөңгелек құрсағы ішінде дөңгелек тамшы — өнгелі жатқан тіршілік.

Ұйқысы шайдай ашылып, басын көтеріп, тіктеліп отырды. Маңдайын тізесіне сүйеп, тізесін қос қолдап құшақтап, өзі де бір дөңгелек болып қалған.

Бұлар құмға шығардан сәл бұрын бір жәйт болған.

Орақтың қызған кезі. Ауылдың шығыс тұсындағы қырман басы таңның атысы, күннің батысы толассыз қарбалас. Көктасты сүйреп, масақты таптап шыр айналып мал тасқа жегілген ат. Ат үстіндегі қаршадай баланың «шу», «дырр» деген шырыл дауысы. Шиқылдаған ағаш. Астық бастырып жүрген қыз-келіншектердің тынымсыз шуылы. Сүлкей екі-үш келіншек боп желге астық суырып, тазарған бидайды қаптап, арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған. Кеш үйіріле, жұмыс аяғында Әбдірәсіл келді де, жанынан өте беріп: «Сүлкей, сен маған кіріп кетші!» — деді. Сөйтті де, өзі станциядан мезгілінен кеш оралған арбакештерге жекіруге кірісті. Майданнан бір хабар естірткелі шақыртты ма деген ойдан төбе шашы тік тұрды Сүлкейдің.

Жұмыстан кейін кеш қараңғысымен басқарма кеңсесінің есігін ашты. Жүрегі дірілдеп әрең ашты.

Әбдірәсіл елпең қағып қолтығынан сүйеп отырғызды. «Бұл кісі неғып қалбалақтап қалды» деп іштей секем алған Сүлкей басқарманың аузына қарады. Есіне тағы да Кеңес түсіп, шошып кетті. Ауыр хабарды дәл өстіп қипақтап отырып жеткізетін әдеті емес пе үлкендердің. Томпақ бет, тершең, өзі сонысына қарамай, қысы-жазы жуан мойнын қылғындырып байлап галстугы тастамайтын басқармадан ауылдың бас көтергені тұрмақ, бесіктегі баласына дейін «басқарма келіп қалды» дегенде жылауын тыятын. Сол Әбдірәсіл қазір Сүлкейді аса сыйлап, ілтипат байқатады. Қыртыс желкесін титтей орамалымен ысқылап сүрте береді. Сөз бастай алмай қысылу. Рас, Сүлкейге бұрын да ақырып-жекіріп көрген емес. Керісінше, Сүлкейге ерекше бір ізет байқататын. Неге екені белгісіз, әйел балаға қолайсыз жұмыстардан Сүлкейді қорғаштай жүретін. Алыс станцияға түйе арбамен астық тасудан, айлап жатып шөп шабатын шеткей шабындықтан екі-үш мәртебе алып қалғаны бар. Ылғи бұнымен майда сөйлеседі. Айтар әмірін жақындап келіп, қырын қарап тұрып айтар еді де, мұрны пысылдап тіке жүріп кететін.

— Сүлкей! — деді терезе алдына қырын қарап тұрған Әбдірәсіл.

Сүлкей шошып кетті. Әбдірәсілдің дауысынан шошыды. «Өлгенмен бірге өлу жоқ» деген тәрізді қазаға айтылар жұбатуды ғана күтуге болар еді, әлгіндей жарықшақ қалтырап дауыстан кейін. Тұра сап қашқысы келді. Буын - буыны қалтырап, қозғала алмады. Кеңес қазір осы кісінің алақанында тұрғандай, тұңғиық орға әне-міне тастап жіберетіндей.

Сүлкей қайта тыныс алғанша, Әбдірәсіл ағаш еденді зар еңіретіп теңселіп жүріп алды. Бар өші темекіде қалғандай еселей сорып, көмейіне іркілген сол бір жалғыз ауыз салмағы бүкіл ғұмырға жүк болардай сөзді айта алмай қиналғанда, Сүлкейдің жылдап аялаған үміті өшіп, көз алды бұлдырап, ыстық жас өңіріне төгілді.

Алақанымен бетін басып, бүгіліп отырып қалды.

Әбдірәсілдің қамқор алақаны шашын, арқасын сипады. Бұл мүлдем егіліп кетті. «Өй, Сүлкей, бұның не?» — деп Әбдірәсіл құшақтап аймалағандай. Осындайда кісінің қамқорлығы қажет-ақ қой. Жұбатқанын жек көрмей, тым осалданып бара жатты. Бір сәт «бұның не қуанудың орнына?» дегенді естіп есін жиып алса, басқарманың мұрты тамағын қытықтап тұр. Көйлегінің жоғарғы ілгектері ағытыла бастапты. Танауына тер иісі ұрды.

— Аға, сіз не айттыңыз? — деп ыршып түсіп, түрегелген.

— Жарайды, жарайды, тентек болма, бала емессің, — дейді Әбдірәсіл.

Бұрыштағы май шам өлеусіреп сөнгелі тұр.

— Жалғыз сен емессің, ұялма! — дейді Әбдірәсіл ерсілеу күліп, бешпентін еденге жайып тастап жатып.

— Мен сізді Кеңестен хабар айтады десем.

Сүлкей басқарманы енді ұққандай, шапшаң есікке ұмтылды.

— Қайдағы Кеңес!

Әбдірәсіл аңырып тұрып қалыпты.

Сүлкей есіктен ытқып шығып, қараңғы түнге сүңгіп кетті.

Шаңдақ жақтан аруана шыңғырды. Шамасы, бура сүйкенген болуы керек. Бейтаныс солдаттың ыстық демі алқымын тағы күйдіріп өткендей. Сол екен, жалаң аяқ, жалаң бас үйден ытқып шықты. Өз үйінде өзі тұншығып, кең дүниеге шығып ауа жұтқысы келгендей.

Аспан асты тіптен жайбарақат. Бейжай мызғып, ай нұрына бөгіп тұр. Ару құмдар жалаңаш иықтарын ай сәулесіне тосып мамыражай қалғу. Жеңіл будай мөлдір көк шәлі жатыр төңіректе.

Есік алдында сәл іркіліп, кең тыныстап алды да, қарсы тұстағы Тауқұмға беттеді. Бет қабаты салқын тарта бастаған құм ып-ыстық табан етіне шипадай жағып келеді. Төңірек самала жарық.

Сонан, Әбдірәсіл араға үш күн салып қырман басында кездесті. Әдеттегі тіке қарамай, қырын беріп тұрып: «Көрерміз әулие екеніңді, қаншықтай қыңсыларсың әлі», — деді де өтіп кетті. Ол кезде Әбдірәсілдің нені мегзегенін түсінбеген.

Қобыраған шашы арқасында лықси аунап, жалаң аяқ, жалаң бас құмға өрлеп биіктеп барады. Неге бара жатқанын өзі де ұқпайды. Иығында ай тұрған жал құм төбесіне шықпай тоқтайтын түрі жоқ.

Біраз биіктеп құмның бел ортасына жетіп іркілді. Тыныштыққа құлақ түрді. Түн түкпірінен шегіртке шырылы, жел сипаған жақын селеу сыбдыры естіледі. Құм өлкесі жым-жырт ұйқыда. Бұрылып төмендегі үйіне қарады. Үйі қаумалаған үлкен құмдардың иек астында монтиып тұр. Үй төбесіне жайған құрттар ақ қылаңытады. Есік алдында леген бе, шөлмек пе, әлдене жылтырап айға шағылысады. Үй сыртындағы аларып жатқан не десе, Майлы аяқтың бауыры екен.

Әлгі уақиғадан кейін көп ұзамай Сүлкей шешесімен бірге осынау елден шалғай жапан құмға, түйе бағуға шыққан. Екеуіне түйе сүтінен майданға, қоршаудағы Ленинградқа құрт дайындау тапсырылды. Түйенің жабағысынан майдандағы азаматтар үшін биялай тоқу да тапсырылды. Жүмысшы қолы жетпей жатқандықтан, құмның сексеуілін құлата беруді де осыларға жүктеді. Көмір жоқта сексеуіл де отын ғой. Совхоз орталығынан бұл ара көлікті күндік жер. Алғашқы айлар арба тартып бір жарымес жетім жігіт келіп жүрді. Сүлкей ақкөңіл жігіттің тілін қызық көріп: «Қожалақ, сен осы соғысқа неге бармай жүрсің?» — деп тиіседі. «Ой, әкесінің аузын... одан да ауылда қыздай ойнап жүйе бермеймін бе», — дейді Қожалақ. Бары осы. Сүлкей ал кеп күледі.

Қожалақтың келіп тұрғаны қызық еді. Мазақтап күлуге жақсы. Бірақ көп ұзамай Қожалақтың қарасы өшті. Әбдірәсіл оны дереу басқа жұмысқа ауыстырды да, орнына әйгілі Барша апаны арбакеш қып қойды. Сөйтіп, Барша ападан өзге тірі жан бұлар түйеге шыққалы құм ішіне із салған емес. Алғашқы айлар жалғыздықтан, адам - қара жоқ, тырс еткен дыбыс жоқ құм жапандағы меңіреу зіл тыныштықтан жаны түршігіп, жабығып жүрді. Шуылдаған ауыл арасын, келіншектермен дуылдасып жүріп жер жыртып, орақ орган күндерін өлердей сағынды. Безерген меңіреу құмдар арасында күні жылдай созылып өтпей де жүрді. Сөйтсе, адамның үйренбейтін нәрсесі болмайды екен. Бұған да көндікті. Бұ тірлікке де үйренді. Алыстағы Кеңеспен ылғи ойша сөйлесіп отыруға, шексіз қиялдай беруге құм арасы ұзақты күнгі жалғыздық тіптен ыңғайлы болып шықты.

Құмның ұшар басына жетіп тоқтап, түнгі төңірек әлемге көз салды. Демін ішіне тартып, осынау бір уыз қас қағымды үркітіп алмайын дейтін сияқты. Қалай қараса да кілегей нәзік бу пердемен қымтанған қырлар, сайлар, өркеш-өркеш бұйраттар сүт сәулелі таңсық қияли өлкеге айналып жатыр. Қол созым иықта ың-жыңсыз ысырылып жүзген толық Ай. Ай көзінде де ұйқы жоқ. Жас ғашықтың таза жанарында ашық жарқырайды. Ұйқысыз ұзақ түнде Ай мен келіншек үнсіз сыр жалғасатындай.

Аяғын толық балтырына дейін құмға батырды, әлі семіп үлгермеген күндізгі ыстық табын сезінді.

Салқын тарта бастаған құм бетімен Ай астына қарай баяу аяңдады. Өңір түймелері атылып, әлдеқалай жыртылып кеткен көйлек омырауы кең ашулы. Ұяң ескен самалға қарсы барады. Оқтай түзу балтырлары жарқылдап айта көрініп, өрусіз жатқан қобырау шашы дөңбекшіп аунап, мойнына оратылып толықсып, әсте тыныш табар емес.

Айдың сабырлы күміс нұры құйылып тұрған құм беті кіршіксіз ару тәнінде тегістеліп биязы қылаңытады. Қиял арсыз, жүрелеп отырып «қолын» аспанға созған «шал сексеуіл» түбінде жамбасын ыстық құм ұйпалаған күнге секіріп, секіріп барып қайтады.

Бір ауық дүние түп-түгел жалындап жанып бергендей. Не өзі лау жанып, сол дүниені өртеп жіберердей.

Ыңырсып құм бетіне отыра кетті. Бүгіліп, маңдайын тоқ тізесіне қойып, шымыр денесі қыз - қыз қайнап, көзін жұмып, ернін тістеді.

Сонан кейін құшатын жайып ет беттеп жатып, алақанын құм бетіне жүгіртті. Нәзік бір сезіммен сипады. Құшырланып сипалады.

...Құмды шеңгелдеп бүріп жіберіп, жалын ата күрсініп, шалқасынан аударылды. Бет ұшы балбырап ысып, кірпік айқастырып қиялға шомды.

Әлгінде кірпік қаққанда бүкіл сайраған айлы аспан назарында қалған. Енді көзін жұмып ойланады. Жайнаған аспан шатырын көңіл елегіне салып ойланады.

Жұлдыздар жұдырықтай - жұдырықтай. Көздің жасындай мөлтілдеп тамып кетуге шақ тұр. Бәрінен биік Құс жолы. Ұзыннан сұлап, шаңытып жатыр. Тілсіз меңіреу, жұмбақ ғалам. Сонау ауыл арасында ақсүйек ойнайтын бала кештерде де осы тұрысы еді. Бір өзгермепті. Бәрі өз орнында. Әне Ақбозат — Көкбозат. Міне Жетіқарақшы. Әне Темірқазық. Бәрінен биік аспанды белдеулеген Құс жолы. Шапқылап өткен бураның аяқ шаңынан бір ауса. Аяғы анадан - мұнан бір тиіп қашқан аруана, оны өкшелеп арбаңдап қуған ата бура.

Ырғып тұрып қос қолын тіп-тік алға созып, дене шынықтыру сабағы өтіп жатқандай шапшаң отырып - түрегелді. Қаздиып тік қалпы қол ұшын жерге тигізіп, жазылды. Белін таянып аяқ ұшында тұрып, тік секіріп қалды да, құм бетімен ақ табаны жарқылдап, Ай астына қарай ал кеп жүгірді. Мектепте дене шынықтыру сабағында жарыстырғанда, қыздардан құлаш бойы озып келетін.

Шашы желбіреп, ашық омырауын жел кеулеп жүгіріп келеді. Ай селкілдеп қаша түседі. Көкжиек селкілдеп серпіле түседі.

Тоқтады. Ай да тоқтады. Көкжиек те тоқтады. Көгілдір нұр кілкіген Ай асты құм толқындарға қарады. «Осы өңім екені рас па?» деп ойлады. Өйткені қарсы алдында көз сенгісіз ертегі әлем жатты. Сәл үн қатса, қоңыраулап қайта үн қатқалы тұрған айлы әлем. Қорықпаса, осылай жалаң аяқ, жалаң бас Ай астына қарай құм кешіп жүре берер еді. Көз жұмып, осы тірліктің ұйқысын тонаған сары маса ойларынан ада, жападан-жалғыз Хауа Анадай уыз жалаңаштанып, сүттей таза денесін Ай нұрына жуып кете берер еді. Ай астына қарай кете берер еді. Сонда Сүлкейдің уыз тазалығын бағалар жан шығар еді-ау алдынан. Сөзсіз шығар еді. Әйелдердің анасы — Хауа Ана, әлде жабыққанға жебеуші, адасқанға жол сілтер Қыдыр ата, әйтеуір, бір киелі жан кездесер еді алдынан. Сүлкейді түсініп, ұғып, маңдайынан сипап, күнәсін кешірер еді.

Көз алды бұлдырап жасаурап, ақырын аяңдап кейін қайтты. Ойланып, көзі қиялын ғана көріп келеді.

Қиялымен құм бетінде жыбырлап ойнап отырған қисапсыз көп жалаңаш нәрестелерді көреді. Өңшең қызыл шақа нәрестелер қыбыр - қыбыр ойнап отыр. Аяқ басарға жер жоқ. Әп-әдемі томпиған балалар. Үстінде лыпасы жоқ Хауа Ана балаларды ақырын аралап келеді. Әрине, Хауа ана — Сүлкейдің өзі. Құм бетіне сыймай ойнап жатқан қисапсыз бала Сүлкей - міс. Сүлкей ен баланың ортасында тұрып құмға шынтақтап жатады. Алаң толы бала. Топырласып келіп бұның омырауына асылады. Өрмелеп үстіне шығады. Бәрінің емгісі келеді. Бұл көлденең түсіп жатыр. Байқайды, тәй-тәй басып төңіректеп жүрген нәрестелердің бәрі өңшең ұл балалар. Қиял - ай!

Сүлкей жасын сүртіп, жымиды. Төңірек ала көлеңкелене бастапты. Таң жақындаса керек.

Таяқ тастам қарсы алдында ербиіп тұрған кісіні байқап, зәресі зәр түбіне кетті. Қалт тұра қалды. Саусақ ұштары мүздап қоя берді. Ербиіп тұрған кісі өзіне қарсы жүрді.

— Жазған бала - ай, әбден қияли боп біттің - ау! — деді.

Анасы екен. Сүлкей үндеген жоқ. Тілі байланғандай.

— Жүр! — деді шешесі көп қажамай. Өзі жалаң аяқ, жалаң бас. Бұны іздеп біраз жүгіргені байқалады.

Екеуінде де үн жоқ. Үн-түнсіз салқын құмды басып үйге қайтып келеді. Сүлкейдің еңсесі темен. Анасы, өмірдің құқайын көп көрген анасы, іштей сіресіп жаныққанға ұқсайды. Әлден уақытта тіл қатты:

— Жын соққан екен десем... селтеңдеп жүргенге...

Сүлкейде әлі үн жоқ. Еріп келеді. Шешесі сол бұрылмай аяңдаған бетінде тағы тіл қатты:

— Азар болса, құрсақ көтерген шығарсың!

Маңдайдан қамшымен тартып жібергендей тиді сөзі.

Сүлкей іркіліп қалды.

— Жүр! Жүр, шошыма!

Сүлкей лажы таусылып, осы сәт Хауа Ананың дәл өзіндей көрінген шешесінің соңынан сөлпектеп тағы да ерді. «Қайдан бәрін біліп қояды», — дейді іші. Шешесі ол ойын естіп қалғандай.

— Бала көтерейін деген ұрғашы, құм тұрмақ, Үскен тау асырсаң да көтерер... — деп Сүлкейге неғайбыл дау өзінше бір байлам жасады.

Дауысы таңға ауада саңқылдап естіледі. Шарасы таусылып, қатты назаланғанда осылай сөйлейтін. Дауысы саңқылдап айтып-айтып тастап, морт түйіліп, көпке дейін тіс жарып үндемей, шаруасын жайпай беретін. Қазір де сырттай салмақты көрінгенімен, іші ширығып келе жатқаны анық. Қарайып күнге күйген әжімді қабағы одан бетер шытынған болуы керек.

Қазір ойлап келеді. Егер сонда бытпылдық құм арасында сәл бағытын өзгертсе той, бейтаныс жолаушыға кездеспес еді. Еш уақытта кездеспес еді... Ең болмаса бір төбені айналып өтіп кеткенде де кездеспес еді... Соншалық келеңсіз кездесу.

Құм. Жапан. Жолаушы. Жүрелеп отырған «шал сексеуіл». Болашақ бір адам. Ойламаған іс болған! Осы уақиғаның бәрін жуып - шайып тастап, кейін қарай, әнеугі қамсыз - мұңсыз күніне қарай қашар ма еді. Кейін оралуға шамаң жоқ. Уақыт неткен қатал. Енді не де болса алға жүресің. Тағдырдың салғанын көресің. Тірі болсаң, іштегі иненің жасуындай дәннің ертең соқталдай жігіт боп қарсы алдыңда отырғанын да көрерсің әлі. Ол сені түсіне ме? Түсінбеуі де мүмкін. Өмірден түңіліп, баз кешіп кетуі мүмкін. Айтпақшы, уақытты тоқтатуға болады. Оның бір жолы бар. Мырс күлді. Оның жалғыз ғана жолы бар... Егер жетсе... батылы.

Бозторғай шырылын естіді. Маңайды аққұйрық сәуле кезіп, таң атып қалыпты. Шұқырға құлай бергенде, алдарынан құйрығын бұлғап Майлы аяқ шықты. Ит қабақ шытып қаңсылап, тым мазасызданып тұр. Оған көңіл аударуға мұрша жоқ. Ұйқы жүрекке түсе бастады. Шіркін, бәрін қойып, бір үйықтар ма еді. Бір үйықтар ма еді.

Үйге жетіп, төсекке басы тиісімен сілесі қатып ұйықтап қалыпты. Сәскеде бір-ақ оянды. Үйге кіріп-шығып шешесі шай жасап жүр. Ошақ басын су сеуіп сыпырып, үйдің ішін мұнтаздай тазалап жинап қойыпты. Есік түрулі. Ортада ошақта таба толы жас шоқ. Жайнаған сексеуіл шоғы. Жартылай сары қи салыпты. Төңірекке қи иісі тарайды.

Шешесі сырттан сылқ-сылқ қайнаған сары самауырды көтеріп кіріп, ошақтың оң қапталына жайғастырды. Самауырдың зыңыл үні үй ішіне жадыраңқы жай берді. Көңілге монтаны шаттық құйғандай.

Шешесі дастарқан жайып, кесе сүрте бастады. Қызыл шоқта тұрған белі шандулы ескі тас құман іштей, шайдың жағымды иісі шықты.

Ашық есіктен көрінген күн сәулелі құм дала таңғажайып бақыт мекеніндей көрінеді. Өмір құлпырып тұр. Табалдырыққа жас баланың жұдырығыңдай сары шымшық кеп қонды. Моншақ көзі мөлтілдеп жалт-жалт қарап отырды да, қозғала берген Сүлкейден үркіп, пыр ұшып жөніне кетті.

Сары қидың иісі үй ішін жайлап алған. Ашық есіктен әрі жатқан ақша құмдарға, айна -таза аспанға, ортадағы гүлдей жайнаған қырмызы шоққа қарап отырып, екеуі үнсіз шай ішті. Қаймақ қатып ішті. Сүлкей назарын әсіресе шойын табадағы қырмызы шоқтан алмайды. Қараған сайын бір беймағлұм ләззат табады. Шоқ гүл өңденіп, лүп етпе лептен үлбіреп, бояу алмастырып құбылады. Кем-кемдеп әлсіреп, шет жағы бозара бастайды. Жанып, қуатын тауысып, күлге айналар шағы таянған. Орта тұсы әлі қоздап жанып тұр.

Осындай шырын сәт үзілмесе екен, созыла түссе екен деп тілейді. Мереке болмас па ең сонда өмір!..

«Мынау несі» деген дауыс ойын бөліп, басын көтеріп алды. Шешесі екен. Есік алдына көп шоқиып отыра берген Майлы аяқты нұсқады. Майлы аяқ қабағы шытулы, сәл қыңсып қойды да, сәл шоқиып отырған күйі, тұмсығын аспанға бағыттады. Күрк жөтеліп алды. Сонсын тұмсығын көкке шаншыған қалпы тарғылдау көкірек үн шығарды. Іле созылтып ұли бастады. «Қара басыңа көрін, жоғал!» — деп шешесі жанында жатқан көсеуді итке қарай жіберді. Көсеу бөксені қағып қаңқ еткен төбет құмға беттеп жортты.

Шай тез жиналды.

Көп ұзамай сексеуілді сайға жетіп, соңғы жеті ішінде құлатылған томарларды екеулеп жинауға кірісті.

Түс ауа шешесі күндегі әдетінше құм басына шығып жол қарап тұрған. «Сүлкей, тез жет!» — деп шапшаң қолын бұлғады. Сүлкей сексеуіл көлеңкесінен жүгіріп шығып, құм басына ұмтылды. Ентігіп жетті. Шешесі Құмбелді нұсқады. Құмбелден бері құлаған түйелі арба, арбадағы Барша апаның ақ жаулығы ағараңдап көрінеді.

— Байғұс, неғып тыныш келе жатыр! — деп таңырқады шешесі.

Сүлкей белден бері құлаған түйе арбадан көз алмай тұрып, тың тыңдады.

— Ештеңе естілмейді! — деп таңырқады бұл да.

— Жарықтықтың дауыс етпей де келетін күні бар екен ғой! — деді алыстан көз алмай тұрған шешесі.

Үйге жеткенше, олар да ар жағынан жетіп қалар деп, екеуі жүгіріп келеді. Әлсін-әлсін тоқтап, тың - тыңдап қояды.

— Сен бір нәрсе есіттің бе? — дейді апасы.

— Жоқ, — деді бұл. Сонсоң қайта жүгірді. Әншейінде Құмбелден шырқап дауысы жететін әйгілі жоқтаушының бұл жолы белден үнсіз құлауы бұл екеуіне түсініксіз жұмбақ болды.

Сарпылдап желіп үйге жетуге көлденең жалғыз құм қалғанда, Барша апаның тұтқиылдан салған айқайы зеңгір көкке көтерілді. Алдында жортқан шешесі сүрініп бір құлады. Өкпелері аузына тығылып, екі иықтарынан дем алып құмға шықса, түйелі арба жақындап қалыпты. Арбада түйе бұйдасын бос тастап, қос бүйірін таянып аңырап теңселіп Барша апа отыр:

«Жылқы ішінде жүйрігі – е - ең, Құс ішінде тұйғын – е - ең. Кеңес жаннан айрылдық, Алланың болды-ау бұйрығы.»

Енді Сүлкей сүрінді.

Ақырын жылжыған арба үстінде Барша апа әндетеді:

«Гүл ішінде қырмызы - ең, Су ішінде құндыз - ең. Ағып тау түстің көгімнен, Өмірі зая жұлдыз - ең».

Төңірек шайқалғандай. Күн селкілдегендей. Есік алдына жете бере буыны ұстамады. Қос қолдап босағаны құшқан күйі асылып отырып қалды. Түйелі арба үй алдында іркілді. Қаз дауысы қаңқылдап Барша апа арба үстінде отыр.

Шошып кетті. Шешесі үйге кіріп, беліне жыландай шұбатылған қара орамал орап жатыр. «Жарылқар болсаң, жарылқа - ау Қасер менен ғаріпті - ау. Елін қорғап сүрінген Кеңестің алды жарықты - ау!..»

Арба үстінде отырған Барша апамен шешесі барып құшақ айқастырды. Енді екі ана қосылып дауыс етті. Барша апа дауысы әуелеп шарықтай түсті:

«Басыр да басыр, басырды - ау, Көк жүзінде жасылды - ау? Өлімге қайтіп қиярмын Сен секілді асылды - ау?!»

Шешесі қолтықтап арбадан түсірісімен Барша апа аңырап келіп Сүлкейді бас салды:

«Ақылға дана ару жар, Туу барда өлу бар. Тасқа тисе тұяғы, Тұлпар да болса тұралар. Бұл жалғанда кім қалған, Көсемдер өткен не дүлдүл, Шешендер өткен не бұлбұл...»

Барша апа ұзақ көсілді. Қаңқылдаған әнші көмейден айтылған жоқтау пәни мен бақи тірлік жайлы сазды терең қайырымды толғауға айналды.

Шешесі екеуі тыңдап қалыпты. Түйдек-түйдек өріліп шығып жатқан өлең сөз, мұң мен налысқа шыланып үйіріліп қанат сілтеген биік әуен еріксіз тыңдатып, еріксіз ұйытады. Айтылуға тиісті жүрек сөзі, бақылдық ниет, түгел Барша апаның боздау әні қаз дауысымен айтылып, көз жасымен жуылғандай.

Сүлкей не әрі, не бері ес-түс жоқ әлі отыр. Үй ішінде қыбырлап жүрген жалғыз шешесі бұны да қолтықтан демеп сүйеп әкеліп, жүктің қасына отырғызды.

Барша апа қоңыр дауысымен баяулатып аят оқи бастаған. Жүкке маңдайын сүйеп отырған Сүлкей тілсіз, қимылсыз, өзімен өзі. Жүйесіз, бедерсіз лайсаң ой жетегінде жеп-жеңіл жаңқадай дөңгеленіп әлдеқайда ағындайтын тәрізді. Осы кезге дейін алды-арты бар, жүйткіп келген шулы уақыт табан астында әлденеге соғылып қаусап, күлпарша шашылып түскендей. Кеше мен бүгін, бүгін мен ертең немесе дүнияуи тірлік мәні секілді ұғым, болжамдар өңін, бояуын жоғалтып, күңгірлеп алыстап, оның орнын үздік-создық ой перделері мұнарланып басады. Тозаңдай жеңіл, тозаңдай пәруайсыз болмысы біресе жұтылып сол лайсаң тереңіне тартылса, біресе оңы да, солы да жоқ, табаны не төбесі белгісіз пәруана кеңістік кешіп, беймақсат қалықтап аунайды. Түйсік - сезімі доғалданып, түсініксіз тірлік құрады.

Осыдан он екі жыл бұрын осындай күй кешкені барды. Сол күні де шешесі — қарағай тұлға, қайратты анасы беліне осы түрмені байлап еді. Түсі суық жыландай қара түрмені байлаған. Сонда да мезгіл бұның тұлымшағы желпілдеген бала шағы әлденеге соғылып, қалт тоқтағандай, күн жүрісінен жаңылғандай, ай кері қозғалғандай ұғымға жат шұбар күн болып еді.

Ұмытпаса, Сары жазықтың тегіс даласы. Күңгірт тұман ішінен туындағандай сілемі айқындалып, сіреңкенің талы секілді қылтиып қар кешкен анасы келеді. Борап ұшқан қар тозаңытып, аспан - жерді түгел тұйық ақ әлемге айналдырған. Ол кезде әрі биік, әрі жас шешесі бір қолымен Әлкейді көтерген, бір қолымен Сүлкейді жетектейді. Алғаш қатты тоңып еді, соң бәрін де ұмытты Сүлкей. Ауылдан шыққанын біледі. Бірақ қашан шыққандарын білмейді. Әкесі біресе озып кетіп, біресе кейіндеп қалып жүрді жол бойы.

Барша апа шешесіне шай үстінде күңгір-күңгір бір әңгіме айтып отыр. Құлақ тікті:

— Жаратқан Жалғыз Ием Күнді, Жерді, Айды, әлемдегі барша хайуанатты жаратады. Енді кезек Адамға келеді. Әрі ойлап, бері ойлап, Жалғыз Иеміз Адамды неден жаратарын білмейді. Періштені шақырып алып, Жерге жұмсайды. Адамды жарататын нәрсе алып кел деп жұмсайды. Періште Суға барады. Су өз тәнінен тән беруден қашады. Періште Отқа барады. От та Адамға тән беруден қашады. Жел де қашады. Сонда періште шарасы таусылып: «Алланың әмірін орындай алмадым, енді оның жүзін қалай көремін?» — деп жылап отырыпты-мыс.

Сонда Жер айтады: «Ей, періштем, сен Алла бұйрығы үшін қиналдың, сенің тілегіңді мен орындаймын», — дейді. Сол кезде Жел шу ете түседі, От шу ете түседі: «Берме! Өкінесің!» — деп. Бірақ Жер періштені аяғандықтан, Адам жасайтын топырақты қиналып өз тәнінен жұлып алып берген дейді.

Желдің, Судың, Оттың айтқаны расталып, Адам жаратылысымен Жер бетінде қантөгіс соғыстар басталыпты. Жер сілкінеді дейміз ғой, расында ол нақақ төгілген кісі қанынан Жердің тітіренгені көрінеді.

Барша апа әңгімесін айта берді. Сүлкей қайтадан қиялға шомды. Сол жылғы қыс есіне оралды. Ақ түтек аралап келе жатып естіген бұталар үні бұл ғұмырда құлағынан кетпес. Әлде кісі бала кезінде көргендерін ұмыта алмайтындықтан ба? Бәрі есте. Жолда бір ауылға түнеген. Таңертең ертемен шешесі бірін жетектеп, бірін көтеріп, тағы жолға шықты. Науқасты Әлкей шеше құшағында біртүрлі үнсіз ұйықтап қалғандай еді. Төңірек еміс-еміс бұлыңғырланған мидай тегіс ақ әлем ішінде қозғалып келе жатқан.

Бір ескі қыстауға жақындай бергенде, шешесі өзімен өзі сөйлескендей дауыстап: «Неге ғана келдің екен бұл дүниеге» деп екі-үш рет қайталады. Бұны ескі қыстаудың аузында қалдырып, өзі ораулы Әлкейді құшақтаған күйі қыстаудың ішіне кіріп, біраз кідіріп шыққаны есінде. Сөйтсе, бес жасар Әлкейді осы соңғы көруі екен. Осы қара түрмені шешесінің белінде сонда алғаш көріп еді.

«Неге ғана келдік екен бұл дүниеге» деп еді-ау сонда шешесі. Егер қазір Кеңесті тапқан ана тірі болса, ол да солай түңілер еді-ау. Неге сонда туады адам? Бүгін бар, ертең жоқ болу үшін бе?

Кеңес айтушы еді: «Жер бетінде адамнан да бұрын талай тірлік қожалық еткен, — деп. — Адам әлі еңсесін көтере алмай жүрген кезде жер бетінде алып кесірткелер сайрандаған, — дейтін. — Оларға қарсы келетіндей күш ай астында талай мың ғасыр болмапты. Табиғат күрт өзгеріп, алып кесірткелер ауа райына төзбей тоз-тозы шығып, ендігі жерде жұмыр жерді динозаврлар, мамонттар билеп-төстейді.

Ауа райы айнып түсіп, олардың да мезгіл «аяғын аспаннан» келтіреді. Жер бетінде сүйектері қалады. Солай, мәңгілік еш нәрсе жоқ. Жер бетіне келген тірлік жер бетінен мезгілінде көшеді», — дейтін Кеңес.

Осы соғыстың басталғанына үш жыл емес, Сүлкей үшін үш мың жыл болғандай. Қашан бітетіні және белгісіз. Ендеше, өмірге құрсағында енді басталған тірліктің келгені дұрыс па?! Ештеңені білмей, сезбей, әлі адам боп қалыптаспаған сол тамшы күйің өзіңе қолай емес пе, о, белгісіз жан! Жарық дүниеде сен асығатындай не қызық бар? Жер беті әлі кісінің көз жасы мен қанынан құрғаған жоқ! Адам боп қалыптаспай тұрғанында буға айналып ұшып кет, о, белгісіз жан! Суға айналып тамып кет, о, белгісіз жан!

Осы күйде қанша отырғаны белгісіз. Есін жиып, көзін ашса, үй іші ала көлеңке. Сыртта жел тұрыпты. Ұлыған суырма жел. Туырлықты желпіп, сықырлауық есікті сыңсып қозғап қояды. Түңлік жабулы. Шешесінің шығып кеткеніне көп болған сияқты.

Бараш апа жүгін тиеп қайтып кеткен сияқты.

Жел үні сондай мазасыз. Тірлікті тонап жан құлазытар өңшең бір боздау сарындар оянған. Кісінің аза бойын қаза етеді. Құрысын, осы ықылым аттың бәрі түстей жылдам өте шықсын дегендей, көзін қайтадан жұмып, аяқ-қолын бауырына жиып бүрісе түсті.

Сырттан айқай естілді. Апасының айқайы:

— Сүлкей! Ай, Сүлкей!

Сүлкей сыртқа ытып шықты.

Анасы қолында жаулығы, үйге қарай айқайлап жүгіріп келеді. Арқа тұсында үйір түйе иіріліп тоқтаған. Сүлкей еш нәрсені ұқпай, зәресі ұшып кетті.

— Ойбай, неғып тұрсың! Үйді арқанда! Дауыл келеді! Дауыл!

Сүлкей үйдің жел тұсына жүгірді. Орамалын жел ұшырып, әрең қақшып алды. Жел етіне қараса, солтүстік батыстан қызара мұнартып қара көлеңке түйіліп, қара дауыл келеді. Құмды жердің әдепкі шаң дауылы. Күн көзі кіреукеленіп, қызыл барқын шағырмақ сәуле тартады. Биік құмдар басы суырып тұр.

— Бол! Бол! Тез! — деп айқайлап келеді шешесі.

Сүлкей үйді айнала жүгірді. Қазық үйдің батыс және шығыс тұсынан қағулы еді. Өйткені бұл өңірде дауыл соқса, тек осы екі тұстан ғана соғатын. Қазір арқан үйдің шығыс тұсындағы қазыққа таңулы екен. Аспанның батыс тұсын көмкеріп ысырылып келе жатқан қою шаңға тағы бір жалт қарап алды да, шығыс қазықтан арқанды дереу шешуге кірісті. Ешкінің қылынан төрт қабат етіп өрген ала арқан асыққанда Сүлкейдің саусағына әл берер емес. Олай бір, бұлай бір жұлқып ағыта алмай, тіске салды.

Сол кезде жүгіріп жеткен шешесі бұны итеріп тастап, қазықты қос қолдап тіке жұлқып жерден суырып алды. Үйге шандулы арқан ұшын батыс қазыққа байлағалы жүгіріп барады.

Дауыл жақындап қалды. Әлдеқайдан шоқаңдап босып ұшқан қаңбақтар тұс-тұстан шапқылап өте бастады. Жер ошақтағы қазанның қақпағы салдыр-гүлдір құлады.

Арқанның бір ұшын жел тұстағы қазыққа ілдіріп үлгірген шешесі:

— Тарт, бар күшіңмен тарт, байлайын! — деп айқайлады.

Сүлкей қыз арқанға жабысты. Бар салмағымен өзін шалқалап тастап арқанды тартты. Шешесі бір аяғын қазыққа тіреп тұрып, «әп» деп сілкіп арқанды қазыққа күрмеді.

Осы кезде дауыл кеп арқадан ұрды. Екеуі ұшып түсе жаздады. Үй ағашының сықырлағаны естілді. Шешесінің жан дауысы шықты:

— Жабыс, ойбай, жабыс арқанға!

Екеуі табанды жерге тіреп, арқанды шалқалап тартып жатыр. Дауыл бұларда өші қалғандай оқтын-оқтын өкіріп соғады. Үйдің уығы, керегесі сықырлады. Құм қиыршықтары көзге, мойынға түсіп жатыр. Қолқаны атқан құм иісі. Әдіре қалғыр құрғақ құм иісі.

Егер екеулеп тартпағанда, мынау қазық дауылдың алғашқы екпінінен қалмай-ақ жұлынып, бұл кезде үйі желдің ығына қарай әлгі қаңбақтар домалап ұшып бара жатар еді.

Көзді жұмып, арқаннан айрылмай сіресіп қалған. Дүниедегі жаман ырым — үй құламаса екен! Үйі құламаса екен!

Шешесі жер бетіндегі пірлердің бәрін көмекке шақырып жатыр:

— Я, пірім Бибі Фатима! Я, пірім Бекет ата! Я, пірім Барақ ата! Я, Қыдыр ата, қайдасың! — дейді бебеу қағып сыйынып.

Дауыл ышқына гуілдеп, екпіндеп тағы соқты. Алақанын арқан жұлықты. Үй жапырылып барады. Қисайып барады.

— Тарт! Тарт! Я, пірім, тарт!

Үйдің ағашы «ыңырсып» теңселгенмен, бұл жолы, әйтеуір, құламай қалды.

— Сүлкей, — деді анасы дауысы шолақ шығып, — сен жүгір, мен ұстай тұрайын, жүгір, құм толы қапшықты шаңыраққа ас!

Сүлкей арқанды қоя беріп ұмтылып, сырт босағада тұрған құм толы қапшықты үйге сүйреді. Ап-ауыр қапшықты сүйреп ішке енгізіп, ортаға қойды да, шаңырақ бауды түсірді. Шаңырақ қозғалып, үйдің бүкіл ағашы шиқылдап, сықырлап тұр. Кісінің үрейі ұшады. Төбедегі жыртық, тесіктерден ішке суылдап құм құйыла бастады. Апасының ерте бастан қазан - табақты жауып тастағаны қандай жақсы болған...

«Әп» деп ышқынып қапшықты жерден жұлқып, шаңырақ бауға ілдіргелі көтере берді. Бойындағы өніп келе жатқан тірлік барын ойлағанда, тіпті өршелене түсті. Баса көктеп өмірге ұмтылған сол белгісіз тірлікті тоқтатудың реті енді келгендей.

«Әп» деп ұмтылды. Жоқ, шамаға келер емес.

Дауыл тағы да ұлып соқты. Үй ағашы тағы сықырлады.

— Ойбай! Бол! — деп айқайлады шешесі сырттан.

Бір уықтың қаламұшы сынып, ортаға құлап түсті.

Сүлкей құм қапшықты тізеден жоғары көтере алмай шіреніп тұр. Керегедегі Кеңестің суретіне көзі түсті. «Кеңес!» деп айқайлап жіберуге шақ қалды.

— Апа!.. Көтертер емес...

— Не?! — Ашулы дауысы шықты анасының.

— Көтере алмай жатырмын!.. Күшім жетер емес!

— Шық далаға! Ұста мына арқанды!

Сүлкей құм қапшықты сылқ еткізіп тастай салып, сыртқа ұмтылды. Жауынның иісі сезіледі. Нөсер келе жатыр.

— Мықтап ұста! — Шешесі арқанды ұстата салып, жүгіріп үйге кірді. Әлден соң:

— «Әп! Әп!» деген айқай шықты. Шамасы, ол кісінің де күші жетпей жатқан болуы керек.

— О, адыра қалғыр! Сүлкей, кел мұнда! — деп айқайлады.

Сүлкей ішке жүгірді. Шешесі қапшықты төсіне қойып, одан әрі қозғай алмай тұр екен. Екеулеп шаңырақ бауға ілдіреміз деп жатып, қапшықты тағы құлатып алды. Шешесі күйіп кетті:

— О, адыра қалсын, адыра қалсын, бүйткен еркексіз үй адыра қалсын! Өңшең қатынға қараған күн адыра қалсын! Неге айрылып қалдың, ойбай! Қолыңда жан бар ма?

Әрең дегенде екеулеп құм қапшықты шаңыраққа асты. Сөйтіп жүргенде, туырлыққа сытырлап жаңбыр тамшылары ұра бастады.

Аспан тұстан ысылдап нөсер келе жатты. Дауыл бұларды жайына тастап, жөңкіліп қыр асып кеткен.

Кеш түсіпті.

Әлгінде тұлан тұтқан табиғат жынынан айрылған бақсыдай тынышталған. Тек сыбырлап жаңбыр ғана құйып тұр.

«Осыдан кейін түсік тастамаса... бұл да енді темір шығар...»

Екеуінде де үн жоқ, қыбыр жоқ, үйдің екі босағасында сұлқ отыр. Ұйықтап не ойланып отырғаны белгісіз. Бүгінгі күн ұзақ бір ауыр түс тәрізді. Сол түсті тезірек өткеріп, бұл дүниеде не болып, не қойғанын содан кейін ғана сараптағылары келеді. Таң атқалы созылып небір ұзақ заман өткендей. Барша апаның келуі де бұлдыр-бұлдыр уақыт пердесімен көлеңкеленіп қалғандай. Екеуі үнсіз жүріп үй ішін жинады. Көрпе-төсек, алаша, сырмақ, тулақтардың шаңын қағып-сілкіді.

Түйелерді желіге айдап әкеліп байлап, қараңғы түскенше сауып шықты.

Шешесі сүт қайнатып жатқанда, бұл төсек маңында қисайған, сол күйінде сілесі қатып ұйықтап қалыпты.

Көзін ашса, таң атқан. Шошақ құм басына күн сәулесі ілініпті. Үй ішіне назар жүгіртіп, жалма-жан ырғып тұрды. Көрпе-төсек кешегі өзі жинаған күйде. Шешесі үйде түнемегені ме?

Жалаң аяқ, жалаң бас үйден жүгіріп шықты. Түнде жауған жаңбырдан құм өлкесі бусанып жатыр екен. Әлі ұйқысын аша алмай Тауқұм тұр. Желіде күйіс қайырып үйір түйе жатыр. Сүлкейді көріп есінеп Майлы аяқ керілді. Шешесі жоқ. Сүлкей жүрегі дүрсілдеп берді. Құм ішінде жалғыз қалғандай тұла бойы мұздады. Құлағы шыңылдады.

Сөйткенше үй сыртында дауыс естілді. Біттім деп ойлады Сүлкей. Жалғыз шешесі кіммен сөйлеседі. Кім де болса, жат біреулер. Бар зейінін салып, үй арқасынан естіліп тұрған дауысқа тағы құлақ тікті. Апасының дауысы. О, тоба, ол кіммен сөйлеседі? Үйдің артын жағалап барып көз тастады. Шешесі үй сыртындағы шағын төбешік үстінде төңірегіне ши төсекті жайып тастап, еңкеңдеп қимылдап отыр. Сүлкей тұра жүгірді. Жүгіре түсіп іркілді.

Бұған арқасын беріп шығысқа қарап жүрелеген шешесі екі білекті сыбанып алып мықшыңдап, дауыстап құрт илеп отыр. Не деп отыр десе, әр құртты сығып ши үстіне тастаған сайын: «Оқ боп ти! Оқ боп ти!» — деп саңқ-саңқ етеді.

Үлкен-үлкен ши төсек үсті жыпырлаған аппақ құрттарға толып қалыпты.

Шешесі тоқтайтын емес. Мықшындап отыр. Ширақ дауысында анық ыза бар. Саңқ-саңқ етеді:

— Иә, пірім, жау жүрегіне оқ боп ти! Оқ боп ти! Оқ боп ти!

Белінде шұбатылған қара түрме.

Кеше бұл дүниеде не өзгеріс болғанын Сүлкей сонда түсінді. Шын түсінді. Барша апаның қаздай қаңқылдаған дауысы және жаңғырыққандай. Құлаққа естілгендей. Сүлкей теңселіп кетті.

«Жылқы ішінде жүйрігі - ең, Құс ішінде тұйғыны - ең. Кеңес жаннан айрылдық, Алланың болды-ау бұйрығы!»

— Апа-а-а-а!

Сүлкейдің шыңғырған дауысынан желіде жатқан үйір түйе үркіп өре түрегелді.

Сүлкей боздап келіп, шешесін құшақтай алды.

— Ала-а! Кешегінің бәрі рас па, апа? Кеңестен айрылғанымыз рас па?

Шешесі ләм-мим демей, жұмысын тоқтатып, Сүлкейдің жылауына аздап ерік беріп, біраз үнсіз отырды.

Әлгінде Тауқұмның иығынан сығалаған күн бұл кезде жерден қазық бойы көтерілген.

Апасы жан-жағындағы шиге жайылған мол құртқа үңіліп отыр. Сонау алыстағы майданға жетіп, жаумен айқасып жүрген ер-азаматтардың бойына қуат беретін жұдырықтай -жұдырықтай аппақ тағамдарға үңіліп отыр.

Күстенген жарық-жарық алақанымен қызының басынан сипады.

— Қой! — деді. — Қой, балам! Жалғыз біз емес, ел басына туған күн ғой! Берік бол! Қасіретке қайрат қылар болар, бел буып қарсы тұрар болар!

Сонсын ана бас көтеріп, төңірегіне биік бір парасатпен назар жіберді. Мынау тап-таза таңға, желіде ыңырсып тұрған қоралы түйеге, ойпаңдағы монтиған жалғыз үйіне қарады. Құйрық бұлғап келіп тұрған Майлы аяққа қарады.

Осы күннен бастап екеуі бір іштей қасарысқан томаға-тұйық сирек халге ауысты. Онсыз да сөзге шамалы жандар, енді мүлдем тілден айрылғандай, басқа түскен қайғыны тістеніп үнсіз көтерді. Таңның атысы, күннің батысы қолдарын жұмыстан босатпай, жан сала қимылдайды.

Қазір сексеуілге шыққан. Балта жүзін күнге жарқылдатып шешесінің құлаш сілтесі Сүлкей таң қалады. Шешесі қара тері арқасынан шығып, қалың томарды жайпап келе жатыр. Осынша күш қайдан шығып жатыр деп таң қалады бұл.

Біраз қимылдап, аспанға, көкжиекке қарап, жанарына жас толып, көңілі бұзылып тұрып қалған Сүлкейге: «Тоқтама, қимылда, қане, ал қолыңа балтаңды!» — деп ақырып жіберді шешесі. Бұл бірден есін жиып алды.

— Қане, шап, аянба, сілте балтаңды! — деп жекиді апасы. Ашулы көзі шақшиып, қашан бұл сексеуіл томарына құлаштап балта ұрғанша кірпік қақпай қадалып тұр.

Сүлкейдің бордай езіле берген жан дүниесі қатайып, тоңази қалды. Жалаңдап тұрған балтаны құлаштап кеп сермеді. Көмейіне лықсып ыза толқыны тіреліп, балтасын өршелене сілтеді. Өмірдегі бақытын, қуанышын жойған тағдыр сұммен жекпе-жек айқасқаны ма әлде. Әйтеуір, қара тер боршасы шықса да, толас таппай отай берді сексеуілді. Отай берді. Бейкүнә сексеуіл томарлары қирап құлап жатыр. Шалқалап та, ет беттеп те құлайды. Оңынан да, солынан да құлайды. Бұл кезде іштегі тірліктің екі айға жуықтаған кезі. Не деуші еді Кеңес? Бойға біткен нәресте екі айға жуықтаған шамада әлі адам пішініне келе алмайды. Ол кезде ұрық пішіні сүтқоректі көптеген жануарлар деңгейін еске салады деуші ме еді?..

Сүлкей маңдайының терін сүртіп тұрып қалыпты. Балтасының дауысы естіліп апасы әріректе қимылдап жүр. Шешесінің қайратына іштей таң қалады. Шатырлап сынып сексеуілдер қирап жатыр. Балтасын сілтеп жатыр апасы.

Әншейінде Сүлкей қайда жүрмесін, жанында Кеңес бардай сезінетін. Ойда жоқта солдат Кеңес ыржиып күліп бұйра құмның тасасынан шыға келетіндей, сөйтіп, екеуі ойда жоқта қызық кездесетіндей тосып жүретін. Енді ол күн жоқ. Сүлкей мынау сексеуілдер арасында, телегей құм мұхиты арасында мәңгі жалғыз қалғандай. Енді қайтпек? Кеңессіз енді қалай өмір сүрмек? Осы жасына дейін қолына ұстап келе жатқан шырағы, алдын жарық қылып келе жатқан шырағы ұшып түсіп, күл - паршасы шығып, енді жол ортасында қайда жүрерін білмей дал болып есеңгіреген еді Сүлкей. Алды қараңғы, арты қараңғы, бағыттан адасқан көрсоқыр жандай, кім келіп қайда жетектесе жүре берердей әлсіз, шарасыз. Тіптен бұлай болады деп, Кеңес бұны жападан-жалғыз жер бетінде қаңғыртып қалдырып кетеді деп күтпеген еді; мынау төбедегі жап-жарық күң бұлай төңкеріліп түседі деп сенбеген еді. Осы соғыс басталған үш-төрт жыл ішінде ауыл арасында қарадан қайғы жамылып жылаған - сықтағандарды көп көрді. Бірақ әлдебір сенім, өміршең тілек сол өзге ошақ басында сұңқиядан жоқтау бұның үйінен де естілер -ау дегенге сенгізбейтін. Дүниедегі жақынын, жарын жоғалтқанның салмағын бүгінде бастан кешкенде түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, иыққа түскен салмақтан қазір де тізесі бүгіліп жүр. Сондайда есіне Кербез түседі.

Бала күнінен сырттай қызығып, өзіне пір тұтатын осынау бітімі бөлек есті жанмен Сүлкей бертін келе ерек тіл тауып жақындасып кетіп еді. Өзі кербез десе — Кербез. Ұзын бойлы, аз сөзді, ер мінезді әйел еді. Қыз күнінде бір басына екі рулы ел таласқан. Нартай деген сүйген жігіті Кербезді әйел болып отырған жерінен тартып алып, атқа өңгеріп алып қашқан, сөйтіп, үлкен дау-жанжалдың үстінде бас қосқан.

Қазір сол Кербез ауылда көрінеді. Күйеуі соғыста қаза тапқан.

Бүгінде сол Кербез анда-санда кештетіп ауыл шетіне шығып дауыс етіп жылайды дейді. Сүлкей байғұс Кербезді жиі ойлайды. Қасында болып, қайғысын бірге көтерер ме еді дейді. Ол өз мұңын, ауыл шетіне шығып боздап айдалаға айтатын мұңын Сүлкейге ақтарғанда, бұл Кеңес туралы мөлдіретіп сыр шертпес пе еді. Жоғалғаны келгендей, өлгені тірілгендей екеуі іштегі шерді босатпас па еді... Жалғыздықты сөйтіп ұмытпас па еді...

Жанары боталап, күн астында қаңсып жатқан аңызақ шөл далаға, бедеу белдерге назар жіберіп тұр. Қалай қараса да бедірейген меңіреу құм, жым-жырт өлке. Осынау басы да жоқ, аяғы да жоқ өлі құмдар арасында Сүлкей мәңгі ұмыт қалғандай. Біреу келіп құтқармаса, енді көп ұзамай Сүлкей мынау құмдар арасында өз қайғысына өзі тұншығатындай. Ауылға, қатар құрбыларының арасына барса ғана жалғыздықтың мойнына түскен құрығынан құтылардай. Сағаты күндей, күні жылдай созылған бұл неткен тірлік! Шын сықпыт, ақиқат бейнең осы ма еді, өмір, сенің! Бүгіннен ертеңім қызық деп, баяғыдан балаң қиялдың ғана қанатында шарықтап жүргені ме?! Алданып келгені ме, алданып?! «Жалғаншы» деп халық шын айтқан гөрі сонда өмірді!.. Жалғаншы! Ей, іштегі тірлік, күннен күнге ұлғайып, бұл жарық дүниеге үнсіз қасарысып ұмтылып келе жатқан тірлік! Не десем екен саған?! Не десем екен! Сен де бір жұдырықтай ұжмақ құсысың. Парлап ұшып келе жатырсың. Алдыңнан, қызыл-жасыл көлеңдеген дүниеден қыруар қызық - бақыт күтіп құлдилап ағып келе жатырсың. Кішкентай қанатың тыпырлап ұшқан, өзге бір әлем түкпірінен жарық дүниені, жер бетін бағытқа алып ұмтылып ұшқан періштем менің! Алдында не тосып тұрғаныңда хабарың жоқ, асықтай жүрегін алып ұшып келе жатқан періштем менің! Сені қарсы алуға деген дайындықтың жер бетіндегі бүгінгі сиқын қалай ұғындырсам екен мен саған?!

Жұмыс арасында қалт етіп қолы сәл босағанда осылай қиялдап кететін Сүлкейдің әдеті. Қашан апасы «Әй, Сүлкей!» демейінше, есуас жанша мәңгіріп тұра береді.

Түсте Әбдірәсіл келді. Апасы екеуі қара үйдің есігін түріп қойып шай ішіп жатқан. Табан астынан Майлы аяқ үрді. Жай емес, өрекпіп ереуілдеп үрді. Елең ете түсті бұлар.

— Біреу келді-ау... қарашы! — деді апасы.

Сүлкей жүгіре басып тысқа шықты. Желі басында қара айғырынан түсіп жатқан Әбдірәсілді көрді.

— Кім екен? — деді апасы, аңтарылып қалған Сүлкейдің түсінен көз алмай. Сүлкейдің өңінде қуанышқа да, қорқынышқа да келмейтін екіұдай құбылыс бар еді.

— Басқарма... — деді, қызы қабағын сәл шытып.

— Е, келсін... Апасы ысырылып түрегеле беріп, белін ұстап шойқиып тұрып қалды. Сонан кейін «уһ» деп барып текшеленген төсек үстінен құрақ көрпеше алып төрге жайды. Анау-мынау емес, Әбдірәсілдің өзі бұл үйге ат басын тірегені төбеден түскендей жаңалық, әрине. Сүлкей босағада әлі состиып тұр, шешесі оған жалтақ-жалтақ қарап қойып, дастарқан үстін жаңалап жатыр. Қызының неге қиқая қалғанын ана байғұс та ұға алмай жатыр.

Сөйтіп тұрғанда, еңкейіп есіктен Әбдірәсіл кірді. Басы есіктен енгенде кішкентай қиық көзі төр жақтағы апасына қадалғанмен, босағада тұрған Сүлкейді қоса көрді. Басқарманың ерні жыбырлағандай болды да, жеңіл басып барып көрпеше шетіне тізе бүкті.

Апасы аят оқып, бет сипасқаннан кейін, басқарма онсыз да әрең көрінетін қысық көзін жұма отырып, Кеңестің қазасына көңіл айтты. Бірдің ғана емес, елдің басына түскен қазіргі ауыр хал туралы айтты. Бұндай есті сөзді Әбдірәсілден күтпеген Сүлкей елең етіп, басқарманың тершіген тоқ шекесіне қарап қалыпты.

— Өркенің өссін, айналайын!.. — деп шешесі бас шұлғып, риза болып отыр.

— Бекейдің Есламынан, Жанжігіттің Аққозысынан да «қара қағаз» келді... — деп Әбдірәсіл төмен қарады.

— Не дейді — деп шешесі мен Сүлкей шошып, біріне бірі қарап үн-түнсіз қалды.

— Майданнан жақсы хабар бар, — деп Әбдірәсіл ырғалып еңсесін көтерді, — әскеріміз шекараны түгел жаудан босатты... Енді батысқа қарай қуалап барады...

— Я, Паруардігер!.. — Шешесі сыйынып, қозғалақтап қалды.

— Майдан жағдайы солай... — деп көз қиығымен Сүлкейді қиып өткен Әбдірәсіл, енді назарын түрулі есіктен көрініп тұрған Тауқұмнан алмай отыр, — ел жағдайы қиын... Бидайды әрең жинап алдық... Енді жұртты түгел шөпке айдап жатырмыз... Адам жетіспейді. Кеше ауданнан жарлық келді. Түйе шұбатын енді станцияға жеткізіп тұрыңдар деп жатыр.

— Қайным, шай іше отыр.

— Жеңге... мынау еңбектеріңізді елегеніміз!..

Әбдірәсіл қоржыннан екі көйлектік шыт, бөз және бірнеше домалақ шай алып, дастарқанға қойды.

— Алла разы болсын, қайным! — деп шешесі тебіреніп қалды.

Еңкейіп, басқарма әкелген базарлыққа қол соза берді. Сол кез Әбдірәсіл Сүлкейге қарады. Қаймыға қарады. «Қайт дейсің енді...» дегендей жуас көзқарас.

Сүлкей түсін бермей, назарын тайдырып әкетті.

— Елді сағынған боларсыздар? — деп Әбдірәсіл шешесіне қараған.

— Е, сағынғанда қайт дейсің! — Шешесі ауыр күрсініп, басқарманың созған кесесін алып жатты. — Сүлкейжан болмаса, бізге ауылы не, даласы не!..

Алаша шетінде манадан әңгімеге қосылмай үнсіз отырған Сүлкейге екеуі де біртүрлі мүсіркей қарады. Қынама бел қызыл көйлектің кеудешесіне әрең сыйып тұрғандай Сүлкейдің толық омырауы, тоқ балтыр, жұмыр білегі шындығында жалғыздыққа кісі қиярлықтай емес еді.

— Ауылдағы құрбы келіншектеріңнің бәрі дұғай сәлем айтып жатыр, Сүлкей!

— Рахмет.

Сүлкейдің көзіне жас іркілді.

— Осы жолы сіздерді... мынау жұмыстың қиындығын ескеріп... ауылға қайтаруды ойлап келдім! — деп Әбдірәсіл және назарын Сүлкейге аударды.

— Е! — деп алғаш қуанып қалған шешесі іле Сүлкейге жалт қарады.

Сүлкей ытып сыртқа шығып кетті. Құм арасында жыл он екі ай көрген жалғыздығы көзінен жас болып бырт-бырт үзілді.

Үй сыртындағы құм төбешікке қарай, әлдеқалай басы айналғандай, сәл теңселіп жүре түсті. Алқаптың ыстық тынысы бетін, мойнын, маңдайын күйдіріп шарпып өтті.

Құм төбешік үстінде іркіліп, тыныштық үніне, шыбын-шіркей ызыңына ден қойып сұлқ тұрды. Самал маңдайына құлаған балапан шашымен үлбіреп ойнап қояды.

Іштен:

— Сүлкей! А, Сүлкей! Ағаң бізден жауап тосып отыр! — деген апасының айқайлаған дауысы шықты.

Мынау төбешік үстінде әнеугүні апасы таңға бет бұрып, «Оқ боп ти! Оқ боп ти!» деп құрт илеп отырып еді-ау!..

Сүлкей бұрылып, құм ойпаңда бүрсиіп жүдеп тұрған қараша үйіне қарады. Күн жеп, жел жеп ескірген киіз туырлық сондай жұпыны көрінді. Жетімдік табы жапырайған үй тұрқы да танылатын сияқты. Үй арқандаулы қазыққа, есік алдындағы қазан-ошаққа, әріректе томпайып үйілген күлге назары іркілді. Осында өткен азды-көпті өмірінің ізіндей солардың бәрі қазір көшу жәйлі әңгімеден кейін көзге ыстық шалынады. Анау құм бетіндегі із екеш іздерінде де аяқ табының семіп үлгермеген жылуы жатыр емес пе...

Белдеуге қыстырған еңбекқор балта жүзі де көзді ұялтып күнге шағылысып қояды. Әлгінде ғана қара орман сексеуілмен айқасқан қос балта.

Есіктен апасы басын қылтитты.

— Иә, не дейміз! Көшеміз бе? Мына ағаң жауап тосып отыр! — деді, әдейі екі жаққа естірте самбырлай сөйлеп.

— Апа! — деді Сүлкей. Көз жасы құрғаған, дауысы ширақ шықты. Апасы есіктен еңкейіп қараған күйі құлағын тосып тұр. — Қайта алмаймыз деп айт, апа! Қиын да болса, шыдаймыз... Шыдап бағамыз...

Апасы ойланып сәл тұрып, ішке бұрылды.

Тысқа Әбдірәсіл шықты. Анадай жерде күбіден өріске алып шығатын брезент дорбасына су құйып алып жатқан Сүлкейге қысық көзімен қия қарады да, қамшысымен қонышын сарт ұрып қойып, атына қарай беттеді!

Сүлкей түйесін өріске өргізгелі шаңдаққа қарай шыбығын сүйретіп жүре берген. Қара айғырын жетектеп алдынан кесе-көлденеңдей берген Әбдірәсіл аз-кем іркілді.

— Сүлкей! — деді Әбдірәсіл. Сүлкей жүрісін қиялдай бәсеңсіткенмен, іркілген жоқ. — Ағаңның бір айыбын кешірер ме деп едім... Бір ашуыңды...

Сүлкей ар жағына құлақ салмай өтіп кетті. Шамалауынша, Әбдірәсіл бұның желкесінен назарын алмай, біраз теңселіп қарап тұрып қалған сияқты.

Қалғып-мүлгіп сылқ-сылқ күйіс қайырып манаурап жатқан түйе үйіріне жетісімен шеттеу көлбеген бақырауық інгенді шыбықпен саннан осып жіберді. Жануар «бақ» етіп ырғып тұрды. Түйелер буындары сытырлап өре - өре түрегелді.

— Шу! Әйт! — деп ысқырып жіберді Сүлкей.

Көз астынан назар салса, қара айғырын адымдатып Әбдірәсіл Тауқұмның шығыс жалына көтеріле беріпті. Екі иығы салбырап, ер үстінде шөгіп, кішірейіп барады екен. Иығын көріп, ат үстінде шалқайып отыратын басқарманың мынау қораш күйін алғаш байқағаны.

Сүлкей тағы бір ысқырып жіберіп, миығынан күлді.

Үйір түйе шоғырланып ұйымшыл қозғалып, күн астына қарай маңғыстап барады.

Ақырын жылжып күз келді.

Сүлкей құм басына таман қозғала түсіп, ішін ұстап отыра кетті. Іштегі тірлік тұңғыш рет қозғалған еді. Ауырмаса да, ауырғаннан бетер қабағын шытып, көзін жұмды.

Бүйірін ұстап тұрған алақанына іштен бүлк-бүлк тағы тепті. Қорыққаннан Сүлкейдің қос тізесі дірілдеп берді. Бұрқ етіп маңдайынан ақ тері шықты. Буынынан әл кетіп барады. Неге екені белгісіз, іштегі түрі, түсі белгісіз тірлік қарсылық көрсетті деп түсінді. Сол түрі, түсі белгісіз тірлік алдында именгендей.

— Құлыным! — дейді Сүлкей. — Теуіп жатсың! Маған деген алғашқы наразылығың болар. Рас, заңсыз келе жатсың. Сенің өмірге келуіңе алғашқы күннен бастап шешең қарсы болды. Әкеңнің сен басына да кіріп шыққан жоқсың. Ол үшін бір ойда жоқта кездескен келіншек оңай олжа еді. Аунап тұрды да, жөніне кетті. Сен туралы, сенің болашақ тағдырың туралы ой қаперіне кірді дейсің бе?! Қарсылық білдіруге хақың бар. Ертең мына бейбақ шешеңнен әкеңнің атын сұрауға хақың бар. Бірақ түңілуге хақың жоқ! Жарық дүниеге келе жатсың! Күн бар, мөлдір аспан, кең жер бар, саф ауа, таза құм бар дүниеге келе жатсың! Бұл дүниеде, ол аз болса, жусан бар, көл бар, киік жортқан шөл бар! Таңғажайып таулар бар, сыңсыма жасыл баулар бар! Ол аз ба? Жұлдызды аспан, айлы түн, қырмызы кеш, маужырап атар таңдар бар! Ол аз ба? Ең бастысы, сыбырлап қана айтайын, бұл өмірде бақыттың кәусар бұлағы — махаббат бар, балам! Адамға деген махаббат! Қанша ішсең, сонша шөлдей түсетін кәусар бұлақ! Ғұмыр бойы сарқылмас адамға деген махаббат!..

Дүние неткен сұлу деп, жұтқан ауаңа тоймассың сонда! Түнде ұйқың келмес. Ынтық болған құрбыңның өзі тұрмақ, басып кеткен ізін өпкің келер! Табиғат та жасайды екен-ау деп, оның нұрлы дидарын, сәулелі жанарын жақыннан көруге зар боларсың! Қолың бір жетсе — өзге өмірдің тауқыметі сен үшін бір тиын... Кенет, сол іңкәріңмен бетпе-бет кездестің бір күн. Кездесіп қана қойған жоқ, қол жетпес періштеңнің көзінен — тұнған жанарынан сен деп лаулаған тілдей жалынды көрдің! Сені аймалап, саған ұшқын таратып тұрған қос жанар! Сол сәт ай астында сенен асқан бақытты жан жоқ, балам. Сол сәттен бастап сен өмірге ғашықсың! Жарық дүниеге сені әкелген бейбақ анаңа сонда рахмет айтарсың! Сол күннен бастап сен жеріңе, еліңе де ғашықсың!

Маңдайынан шып-шып ұсақ тер шығып, жанары боталап, айқын көкжиекке қарап теңселіп тұрды. Аппақ құмдар жақындап та келеді. Алыстап та барады. Ақ толқындап алыс көк аспанның етегін ирек-ирек көмкеріп жатыр.

— Тағы бір нәрсе айтсам, сенесің бе, жарығым? Мен, жастай әкеден айрылған, жиырмаға жетпей жесір қалған мен, өзім осы өмірге келгеніме өкінбе! Жарық дүниеде Кеңесті сүйгенім үшін, сүйгеніммен он жеті күн басым қосылғаны үшін, оның мөлдір жанарында жалғыз ғана мен болғаным үшін өмірге ризамын! Соған сенесің бе, балам? Қандай қиын болмасын, қандай ауыр болмасын, өмір бар жерде бақыт бар, соған сенесің бе, балам?

Буынында әл жоқ, биік тұрған балауса ағашқа таман келеді. Қолындағы ойыншық арбаны аударып-төңкеріп сипап келеді.

— Менің бүгін қандай қуанышқа бөленгенімді білесің бе? Сол қуанышты маған адамдар сыйлады! Танысқаныма небәрі ай болған, мүлдем бөгде адамдар. Балам, осындай адамдар аз емес. Сен келе жатқан жер бетінде сондай ғажайып адамдар аз емес.

Олармен дидарласудың өзі неге тұрады?!

Балам, жер бетінде жеті ғажайып бар дейді. Бос сөз емес пе? Жер бетінде жалғыз ғажайып бар емес пе? Ол — Адам емес пе!

Сен жарық дүниеге келуге тиіссің, балам!

Балауса ағашқа маңдайын сүйеп, ентігін баса алмай тұрды.

— Ендігі өмірімнің бүкіл мән-мағынасы өзің боласың! Сен үшін өмір сүремін! Сен үшін ұйқысыз түндер өткізіп, ұйқысыз таңдар атқызамын! Мен сені бүкіл аналық махаббатыммен сүйемін. Сөйтіп, бақытты боламын!

Қозғалмайсың! Тыныш жатсың! Құлақ асқаның шығар! Сөйт, балам! Қыс өтсе, көктемнің бір жалтыр күні сен де өмірге келерсің.

Станция тұстан паровоз айқайлады. Сүлкей құм басынан түсіп, арбасына қарай жүрді.

Көктемнің бір жалтыр күні сен тағы да тыпырладың. Бұл кезде сен кәдімгідей ұлғайып қалған шағың. Шешең балпаң басып әрең көтеріп жүреді сені. Өз жағдайынан бұрын, іште жатқан сенің көңіл күйіңді көбірек аулайды. Сенің қабақ шытқаныңды немесе риза болып ұйықтағаныңды да болжайды. Соңғы кез сен ана құрсағын тарсынғандай ішің пысып, тыпырлайтын боп жүрсің. Тезірек жарық дүниеге асығатын сияқтысың. Жеңілтек болмасаң игі.

Бұның қабақ шытып отырғанын сезіп, шешесі жалтақ-жалтақ қарап қойып, бүгін түйенің соңынан өзі кеткен. Үй маңында көкке шымқап жайылып жүрген боталар ұзап кетпесін деп, Сүлкей үйде отыра алмай, сыртқа шықты.

Күн маңдайға келіп шақырайып тұр екен. Қызуы өткір, ап - ащы. Әлдеқашан тірілген шыбын-шіркей төңіректеп гуілдейді. Аспан биіктепті. Тамаша бір көктем келеді. Көруге жазса.

Сүлкей кібіртіктеп басып, боталардың ізіне түсіп, өріс тұсқа беттеді.

Әйтеуір, аман шыққаны болмаса, биыл қыс қатты болды. Әншейінде өз аяғымен жайылатын майда мал биыл 15—20 күндей қолға қарап қалды. Кеудесінде жаны бар пенде түгел биыл шөп шабуға шықты. Ел, көмір жоқ, отыннан тағы қысылды. Бұлардың үйін бүкіл қыс бойы отыншылар басып жатты. Сүлкей аяғының ауырлығына қарамастан, ауылдан келген бес келіншекке алтыншы боп қосылып, қыс бойы отын шапты. Соғыс бұл қыста да біткен жоқ-тын. Сондықтан әйел басына берілген алты арба сексеуіл — жоспарды, өлтіріл, әйтеуір өткізіп жүрді.

...Қазір құм өлкесі түлеп жатыр. Ызыңдап ұшқан қоңыз көбейіпті. Шиқылдаған балпақтан аяқ алып жүргісіз. Құм беті шатысқан ирек ізге толы. Ізіне қарап, сол аңның көбін таниды Сүлкей. Өзі көрінбей, селеуді сыбдырлатып әлденелер қашады. Биікте қалқып шөл бүркіті жүр. Бұлдыр-бұлдыр сағым ойнап, сай-салаға су толғандай кілкіп көрінеді. Жарыса, таласа қаулап өсіп келе жатқан көк өскіндерді басуға аяйсың.

Ұзап кеткен боталарға әне жетем, міне жетем деп отырып, Белқұмның етегіне де жақындапты.

Белге тырмыса беріп, екі қолымен жер таянып отыра кетті. Сегізкөзі сырқырап қоя берген еді. Бұл несі деп, дем алуға ұйғарды. Сырқырау үдемесе, бәсеңсіген жоқ. Көзін жұмып бозарып қанша отырғаны белгісіз, бір кезде сегізкөзден ұстаған аурудың жамбасын түгел удай жайлап бара жатқанын байқады. Толғақ екеніне көзі жетті. Не де болса, қырдың басына шығайын деді.

Көз алды қарауытып, сүлдері таусылып, сүйретіліп қарыс жерге әрең көтерілді. Бұлай болар деп ойламаған ғой. Төменнен басталған сырқырау денесіне кем-кемдеп жайылған сайын көз тамыры әлсірегендей.

Әлі сергек санасы үйден ұзап шығып кеткеніне опынады. Кім біледі. Шешесін аяды. Бұның түгі кетпес - ау. Өлер - кетер. Шешесін айтсай.

Бойға дуылдап тараған індет, сырына бұл қанық емес үрейлі індет естен айырып, алып ұрмай тұрғанда, өрісте жүрген шешесін шақырып үлгергісі келді.

Құм басында бойын жаза алмай бүкшиіп тұрып, асу-асу алыс құм бұйраттарға қарады. Көкжиек еріп бара жатқан сияқты, сұйылып бара жатқан сияқты, жидіп бара жатқан сияқты. Бұлдырай береді. Жоқ, бұлдырап тұрған бұның жанары екен. Әлгі бір көз алдын кіреукелеп көмескілей беретін көлеңке тағы бар. Осы тұрысын — жалаң төбе басында орамалын жел үрлеп, халы мүшкіл теңселіп тұрысын түйе шетінде жүрген шешесі көрер ме. Көрсе, ұшып жетер еді. Жан дегенде жалғыз арқасы — Анасы, ол келсе, бір шара қолданар еді-ау. Мына шаншу желді тебе басында кеп тұра беруге болмас.

Кібіртіктеп ілбіп ойпаңға түсіп барады. Аяқ астында мамық құмға алғысын төгеді. Құмның жұмсақтығы сонша, қыбырлап жүргені білінбейді. Осы күйде сәл шайқалдым дегенше, жаны шығар еді ғой. Борша-борша қара тер маңдайдан, самайдан, жауырынның қақ ортасынан жосаланып кете бастаған. Танауы сәл делдиіп, ылғалды бетіне шаш жабысыпты. Шашы қобырап алдына құлағанда барып жалаң бас келе жатқанын ұқты. Қайда түсіп қалғаны орамалының?! Құрысын! Осылай ілби берсе, мүмкін, шешесі шығар алдынан. Түйе өрісі осы түс сияқты еді ғой. Іші ду ауырды. Іштегі тірлік аяғын созды ма, керілді ме, бір әрекет етті.

«Әй, жүгермек - ай! Шыдай тұрса қайтеді екен! Сол жатқан жерінен жәйлі бола қояр дейсің бе? Асығуын!»

Көзіне құйыла берген ащы терді сілкіп тастай беріп көзі шалды, құм бетімен сызып бір дәу көлеңке барады. Қанатын жайған құстың көлеңкесі. Манаты құзғын болар. Басын көтеріп қарауға әл жоқ.

Келе жатқан алаңды сезді. Болмысымен сезеді. Сирек селеулі тыныштық ұйыған күн сәулелі оңаша алаң. Із түспеген таза құм беті. Ырсиып - ырсиып бетке шығып қазылып қалған селеу тамырлары тарқатылған шаштай созылып жатыр. Аңдамасаң, сүрініп құлайсың. Осы көріп тұрғаным, осы сезіп тұрғаным жарық дүниенің пешенеме жазған соңғы күні емес пе деген ой келді. Жас та болса, әр пендеге бір зауалдың дайын тұратынын болжайтын. Ол — өмірге келген жұмыр басты пенденің сол өмірмен мәңгі -бақи қоштасар Ұлы күні. Ол күнді Сүлкей жақын арадан күтпегенмен, түбі бұл үшін де туатынын жүректе зерделейтін. Осынау Ұлыстың Ұлы күні кісі өзінің ұзынды-қысқалы өткен өміріне ойша шолу жасап, жер бетіндегі тағдырына өзі, тек қана өзі бағасын беріп, арының алдында ағынан жарылатын күн болуы керек. Ғұмыр бойы адал өмір кешсе, шүкірана жасап, егер өзін өзі алдап өмір сүрсе, осы соңғы Ұлы күн — Ұлы тазалықтың алдында тізе бүгіп, мойнына бұршақ салуға тиіс. Кешірім сұрауға тиіс. Кімнен сұраса да ерікті. Қаласа, Құдайдан. Қаламаса, ең жақын құдайдай адамынан. Ең болмаса, өз арының алдында еңкейіп, тәубаға келуге тиіс... Ол күні кісі тас та болса бір жібуге тиіс... Ол күні кісінің қасында ең жақыны болуы керек, шамасы. Кісі жер бетіне қайтып келмейтін, мәңгі тұлдыр, құмға айналып, буға айналып, мәңгі жоқтыққа кетер сапарының алдында ең жақын қимасының дидарына анықтап қарауға тиіс. Жер - Анаға, Күнге, кең Аспанға, қызылды-жасылды барша тірлікке байыздап қарауға тиіс. Өйткені ол Күн — ақырғы Күн.

Бұл үшін де Ұлы күн туғаны ма?

Сүйек - сүйегі сынып, сырқырайды. Еті лаулап жанып, шеке тамыры солқ ұрып, бір күңгірт масаң күйге еніпті. Енді тоқтаса, сол тоқтаған жерінде томпайып қалатын сияқты. Сондықтан, шамасы келгенше, кібіртіктеп келеді. Тұсап қойғандай кібіртіктейді. Санасы шырқырап, «көзіңді аш», «көріп қал», «соңғы күн», «соңғы күн» деп дабылдап жатқандай.

Бірақ Сүлкей оған құлақ қояр емес. Бір нәрсеге таңданады. Жарық дүниенің айылын жимай жатқан бейжай қалпына таң қалады. Бұл өмір мен өлім арасында алмағайып күй кешу. Ал кең дүние, алуан бояулы кең дүние бәз-баяғы қалпы. Бұл қазір төңкеріліп түссе де, мұрты жыбыр етер түрі жоқ. Анау қи домалатып бара жатқан қоңыздың өлгеніне бұл қалай мән бермесе, бұның кеткеніне де кең дүние солай селқостай. Келдің, кеттің. Әумин. Ешкімге өкпең жоқ. Осының бәрін ойлай келе жатса да, және бір нәрсеге таң қалады. Көзі қанша қарауытқанмен, көңіл түкпірінде мызғымай жатқан бір сенім бар. Ол — ертеңге деген сенім. Бүгін бәрі бітеді дегенді жоққа шығарып жатқан сенім. Таусылу, жоққа айналу мүмкін емес қой, мүмкін емес деген сенім. Іші түйіліп бүріп, отыра кетті. Қос қолдап ішін ұстап алған. Одан бетер бүре түсті іші. Ыңыранып, жаны көзіне көрініп ұлып жіберді. Әлгінде қайтқандай болған тері қайта шапшып шыға келді. Қас қағымдай сәтте дүние тас түйнектеніп, тіпті дыбысы да шықпай көгеріп, сазарып қалды. Сонсын іштегі бүрген нәрсе алақанын жазғандай тыныс алуға шамасы келді. Тісі тісіне тимей, қорқып кеткендіктен бе, селкілдеп жылап кеп берді. Қалш-қалш етеді. Жасы боршаланып ағып, еңкілдеп отыр. Жұбататын ешкімнің жоғы жақсы болып, дауысына да аздап ерік берген. Көңілінде осы нала дауысым бір құдірет иесінің құлағына жетпес дейсің бе, көз жасымды елемес дейсің деген үміті де жоқ емес. Қалайша осынша жас құмға сіңбек? Еленбейтін Сүлкейдің не қылмысы бар? Қалай ойласа да, бір кісідей бақытты болуға лайық емес пе?!.

Осы ауыр күндердің бәрі әншейін уақытша ықылым тәрізденеді. Бәрі өтіп, ар жағында қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын жарық күндер — ұзақтан-ұзаққа жарық күндер басталатын тәрізденеді. Мүмкін, соғыс аяқталса, со л күндер басталар. Бірақ Сүлкей оны көре ала ма?

Жаны сәл жай тауып, көз ашты. Аппақ құмдардың арасында отыр. Қай түс екенін болжау қиын. Күннің ерке сәулесі ойнайды. Жақындап келіп үңіліп тұрған күн шапағатты мол нұрын құйып тұр.

Ізіне қараса, кісі күлерліктей. Берекесіз - ақ жүріпті. Есі барда үйге жетуді ойлады. Ізімен емес, тура жүру керек.

Кібіртіктеп келеді. Шықылықтап шақшақай қашты. «Шошаңдап талай қуып едің, әуселеңді көрейік енді» деп жырқылдап табалап бара жатқандай. Миық тартты. Табаласа, табалағандай. Мына құмның ішінде аспан астына сыймай жүрмейтін күні жоқ! Айдын көлдің жағасында тарқату шашы айғыр жалындай күдірейіп, бәйге атындай ойқастап олай-бұлай жүретін, бірі міні жоқ тұлға, қыпша бел, түзу борбай, тұйғын төс, түндей тұнық көзін тамашалайтын тұмса күндері жоқ бүгін! Лаулап жанған күн астында, қызыл -барқын құм үстінде тотығып күйген денесін жалын тілді желге сүйдіріп, тандырдай қызған құмға жаңа туған баладай еркелеп аунаған күндері жоқ бүгін!..

Іштегі тірлік тағы да қозғалды. «Әп» деп ішін ұстап үлгергенше, есінен тана жаздады. Іле құрсағы дуылдап ауырып бергенде, тісі тісіне тимей зар - зар қақсады. Дүние қусырылып, қоршап келіп, тас түнек боп төбеден басқандай.

Жел ағысын тоқтатып, талмап жұтар ауа біткендей. Табан астынан жер жылжып, қазір құлайтындай. Құласа, қайтып шықпас құрдымға кететіндей. Баяғы бір түсінде көрген құрдым. Сондағы қорқыныш сазы биледі бойын.

Жаңа оң жағында бұта байқалып еді ғой. Қолын созды. Қарманды. Табан астында жылжыған жер әлдеқайда алып кетердей, бір бекем нәрседен мықтап тұрып ұстағысы келеді. Ұстап, осы сойқан өткенше көзді тарс жұмып сіресіп тұрғысы келді. Дауылдай үдеп соққан ес тандырар әлепетті сезді. Бұны тамырынан жұлып көтеріп, жоқтыққа ұшырып әкетердей. Екпіні жаман насыр.

Анадай жерде көмескі бұлдыр перде арасынан еміс-еміс ербиген бұтаға жету қараң. Асып кетсе, он қадам шығар - ау.

Бұрыла беріп, қолымен жер таянып отыра кетті. Сол-ақ екен, тәні екі айрылып, әне-міне жамбасы жарылып қақ бөлініп түсердей жаны шырқырап танау ұшына келді. «у-у-у», «А-а-а»-лап айқай салды. Уысын бүріп жазып, құмды шеңгелдеп жатыр. Сусыма құм алақанынан сусып кете береді. Әлденені өштеніп мытып, әлденені қарша шайнап орып -орып жібергісі келеді. Дала! Жалғыздық! Жарынан айырған заман! Аласапыран дүние! Ойран дүние! Отты дүние! Жер бетінен өзін өзі жоюға ұмтылып жүрген алғашқы тірлік — адамдар! Соғыс! Ештеңеден хабары жоқ, бұл дүниеге келе жатқан нәресте!!!

«Егер барың рас болса, жібермейсің неге ажалыңды, алмайсың неге жанымды, бүйтіп қинап қойғанша, өшірмейсің неге үнімді!» — деп Құдайды да едәуір жерге апарып тастады. «Құрысын бүйткен тірлік! Құрысын! Күйсін! Жансын! Күлі көкке ұшсын!» — деп зар қақсап жатыр.

Сүйектері жарылып сынып, үгітіліп барады.

Ұстағысы келіп, ұстайын десе, ештеңе қолына ілінбей, еңбектей түсіп, саусағын тарбитып, таяқ тастам жерде бұлдырап селтиген бұтаға таман жылжып сүйретіледі.

Сол бір түс, өңшең тас мүсіндер күңіренген, марқұм Кеңес бұны жетелеп алып барған таулы аудан, шынтақтасып жер сүзіп әлдеқайда жапырылып ұмтылған орасан зор тас бейнелер сыймаған таулы аудан... Тас мүсіндердің керіскі шынтақ, шіреніп бұлтиып шығып кеткен жауырын араларынан жылжып көшкен сұйқылтым тұман... Тұман арасынан кісінің аза бойын қаза етердей сарындаған зор күңіреніс сол күйінде қайта жаңғырып елестейді! Сол күңіреніс сырын шамалап енді зерделегендей. Өзі де сол мақаммен ыңыранып келеді екен!

Апасын еске алды. Қайда екен қазір. Жаулығын қолына алып жүгіріп, табаны жарқылдап мына саһараның қай пұшпағынан іздеп жүр екен бұны...

«У-у-у-у». Көз жасы тамшылайды. Қолымен жер таяп жылжып келеді. Сүйенгісі кеп, арбиып тұрған бұтаға созды қолын.

Сексеуіл. Таң қалды. Таныс сексеуіл! Қос «қолын» көкке созып отырған «шал -сексеуіл!!!»

Сексеуілдің андағайлап көкке ұмсынған «қолдарына» ажырайып кеп қарады. Әне бір шақаға бейтаныс жолаушы дорбасын іліп қойып еді-ау. Ой, тоба - ай, қайдан қаңғалақтап келіп қалған бұнда. Қос қолдап тіктеніп сүйену ойында еді. Бірақ жатқан жерінен көтеріле алмады. Шалқасынан көлбеп өкшесімен құм теуіп, шүйдесімен жер ұрды. Қос шеңгелі тарбиып әлденені қарманып, әлденені іздеп әлек...

Биіктен сығалаған күн біресе жақындап үңіліп, біресе шегініп алыстап кетеді. Әлсіреп сығырайып сөнуге жақын. Күзетшідей қалшиып сексеуіл тұр. Күн, құм, сексеуіл — бәрі демдерін ішіне тартып, алаңда өзімен өзі жалғыз алысқан адамнан көз айырмайтын сияқты.

Бір кезде ішке түйгендей бүрсиіп, аяқ-қолын бауырына алып жиырылып, қалш-қалш домаланды да қалды. Аңғарғаны, күн сөніп барады екен. Дүние таскерең, сілтідей тына қалды да, соңынша жұлқынып жан - пәре айқай шықты.

Қас қаққанда байқағаны, көкке «қолын» созып отырған «шал - сексеуіл» жерге маңдайымен құлаған қара найзағайдай болып тұр екен... тізерлеп, көкке қолын созған шарасыз кісіден аумай қалыпты.

Қызыл қия құм арасында түп сексеуіл түбінде шашын жайып әйел отыр. Жылап отыр. Құм үстінде жер тепкілеп жатқан қызыл - шақа нәрестеден көз алмайды.

«Мінеки, кең дүниеге сен де келдің» дейді ойы.

Әнеки, жаулығын қолына ұстап, далақтап жүгіріп шешесі де келеді.

«Қазір сенің жер бетіндегі ұзыннан-ұзақ сапарың басталады... Мынау жалғыз сексеуіл түбінен қазір сен алғашқы қадам аттайсың! Кең дүниеге алғашқы қадам аттайсың!»

Құм бетіне ыстық жасы тырс-тырс тамып аунап түсіп жатыр.

«Не дейін?.. Жолың болғай деймін... Жолың болғай, бөбегім! Жолың болғай!!!»

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙