Ертөстік маршруты
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Мынау айлы түн, бозамық сәулеге бөгіп тұрған алма бақ, анау будай жеңіл қылаңытқан Алатау сілемдері әлгінде... әлгінде ғана демалыс үйінен қызара бөртіп шыққан Ертөстік үшін таңғажайып бір қияли әлемдей еді. Кең дүние манаурап әнтек тербелгендей болған. Бақ аралап Жансерікпен кеткен жары Назымды тауып алып, құшақтап құшып, бүгін бір жалғанды жалпағынан басып өмір сүрмек еді ойы...
Арадан сағат жарым өткен жоқ, енді, міне, төсегінде етбетінен түсіп жатыр. Іші ит жыртқандай. Әлгі әсемдіктің бәрі адыра қалған.
Ертөстік жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, орта бойлы, қара домалақтың өзі. Кезінде күреспен айналысқан. Спортты тастағаннан кейін бе әлде бастықсымақ болғасын ба, соңғы кезде толыса бастаған.
Төсегінде аударылып түсіп, көкірегі қарс айрыла күрсінді. Назым сол теріс қарап жатқан күйі. Қозғалмапты. Ояу екені сезіледі. Мына түн, ерлі-зайыпты екеуінің басына түскен азапты түн, жылдай созылып, өтер емес. Ертең не күтіп тұр? Ертөстіктің басына сияр емес. Өзегін әлдеқандай бір опық, ыза өртеп барады. Көзін ашса да сол бір бейнені көреді. Ол — Жансерік.
Сонау Сыр бойында өткен түн еріксіз есіне оралды. Осындай айлы түн еді. Жаз ортасы. Оңтүстіктің нағыз күйіп тұрған шағы. Оның алдында ғана Ертөстіктің бастығы Ыбыкеңді бүкіл аудан болып құрметті демалысқа аттандырған. Жұрт содан гулеп: «Ойбай, Ертөстіктен лайық кім бар ол орынға!» деп жатты. Алғаш Ертөстік те солай ойлаған. Ыбыкеңнің орнына бұны уақытша отырғызған да анау-мынау емес, бірінші хатшының өзі еді. Бірақ көп ұзамай тағы бір сөз шықты: «Ойбай, ол орынға көрші ауданнан біреу келеді екен. Біріншінің бұрынғы істеген жерінен». Бұл қауесет бұрынғы қауесеттен де пәрменді гуледі. Назым: «Тіпті жақсы, бекітпесе, қойсын. Көшеміз», — деп түйді. «Алматыға ауысайық» деп бұрыннан құлақ етін жеп жүрген. Енді Ертөстіктің «бекімеуі» сол отқа май құйды. Осындай екі оттың ортасында жүргенде, Алматыдан Қайыржан телефон соқты. Курстасы ғой. «Бала! Ей, бала! Көктен сұрағаның жерден табылды! — деп айқайлады жер түбінен. — Ауылыңа Байжұманов Жансерік деген жігіт барады. Бізде инспектор. Ал енді ішіңде болсын, жақын адам. Сол кісіге сөзін өткізетін жігіт. Сен жайлы айттым. Дұрыстап қарсы ал!»
Поезд ертеңіне келеді деген күні түсте жеткен хабар еді бұл. Ертөстік ойланбастан: «Сыр бойына үй тіктіріп, көп сойдыру керек», — деп бір-ақ шешті.
Алдан жарқ етіп дария көрінгенде, қонақ көзілдірігін шешіп, еңсесін көтерді. Ертөстік қонақтың иығына еңкейіп:
— Міне, келіп те қалдық, — деді елп етіп.
— Тоғай... ымм... Қырғауыл бар ма? — деді қонақ аздап есінеп.
— Хе-хе, Жәке! Бәрі ескерілген... Бәрі бар... тоғайы, қырғауылы, мылтығы түгел ескерілген, — деп аңқылдап, Ертөстік та лай сыйлы кісілердің осы арада құс атып, балық аулап дегендей риза аттанғанын айтып салды. Аты аталған кісілер тым беделді жандар еді. Қонақтың ең болмаса осы арада топсасы босауға тиіс еді. Қараса, былқ етпеген. Сұп-сұр, безеріп отыр. Тоқпақтай көзілдірігін дүң кіс тұмсығына қондырып, нығыздап ырғап -ырғап қойды. «Ал керек болса».
Дарияның бұл тұсы ішінара сортаңды, сарабдал дала еді. Су шөлейтті кесіп жар астымен сыбырлап жылжып ағып жатады. Төбесінен күн төскейінен құйыны арылмаған сүреңсіз өлкенің әр жерінде шоқ-шоқ тоғайлар төбе көрсетеді. Жиде, тораңғыл тоғайлары. Үй сондай бір шоқ жиде көлеңкесіне тігілген еді. Төбесінен түспейінше, түтіні көрінгенмен, өзі көрінбейді. Ошақ басында қос келіншек Назым мен Оксана жүр. Қазан асулы. Келісім бойынша, бұл кезде пісіп тұруы тиіс еді.
Тәкаппар қонақ бұты серең етіп мәшинеден ырғып түсе беріп, жиде астындағы ақ отауға, жер ошақта бүлк-бүлк қайнаған қазанға, от басындағы бірінен бірі өткен әдемі келіншектерге қарап қалғандай болды. «Ә, бәлем! — деді іштей бұл. — Қалай екен?»
Қонақ иіліп-бүгіліп, екі келіншектің қолын алма-кезек сүйіп жатыр. Сұп-сұр түсі де сонда тұңғыш жылығаны есінде. Әлдене деп, оған Назым мен Оксананың ұяла қылымсып күлгені есінде. Ертөстікке де керегі сол еді. Мәшине айдап келген інісі Жекенге:
— Давай, Жекен! Тездет! Жеңгеңе көмектес! Жәкең бүгін оразасын ашпаған адам, — деп бұйрықты ысқыртып беріп жіберді.
Қонақ үстін қағып-сілкіп, жуынып-шайынғанша, Назым, Оксана, Жекен үшеулері дөңгелене жүріп үйге дастарқан жайып, үстін түрлі-түсті жеміс-жидекпен толтырып тастады. Назым қайнатқан ақ самауыр да қос бүйірінен солықтап ішке еніп, дастарқан шетінен орын тепті. Шәй соңынан ортаға ас келіп, түс қайтқанша мол отырғаны есінде. Қонақ құйғанды ірікпейді екен. Бірақ мінезі гол қалпы. Өзгермейді. Салмақты-ақ. Артық сөзі жоқ. Көбінесе Назым мен Оксанаға қарап күлдіргі нәрселер айтып отырды. Жансерік не айтса да, Оксана екі беті нарттай жанып күле берді. Назым сызылды. Маңдайы жіпсіген Ертөстік сыйлы қонағының аздап болса да тілі шешілгеніне мәз. Оның тілін шешкен Оксанаға риза.
Оксана бұның қол астында істей бастағалы көп болған жоқ-тын. Үш жасар ұлы бар, жесір келіншек. Өзін мына отырысқа араластырып, жүдә, дұрыс жасаған екен.
Астан кейін қонақ мылтыққа көзі түсті де, құс атуға ықыласы ауды. Жарайды. Жалғыз мылтықты қолына ұстатып, тоғай жақты нұсқап жолға салып жіберді. Содан кейін не болды? Ие, қонақ аңға кеткеннен кейін Назым екеуі Сырдың суына шомылып жүріп жоспар құрды. Шаруаны қонақтың құлағына қалай жеткіземіз деп ойласты. «Қазық жұтқандай қақшиып қалған неме екен. Мұндайларға мен шаруа айта алмаймын», — деп Ертөстік ат-тонын ала қашты. «Дұрысы, Оксанаға айттырайық, екеуінің әңгімесі жарасқан сияқты ғой», — деді ақырында. Назым қарсылық білдірген жоқ. Тоғай жақтан екі рет мылтық атылды. Көп ұзамай қолында салаңдаған әлденесі бар Жансерік төбе көрсетті. Оксана су ұралады.
— Қырғауыл емес, қоян, — деп айқайлады Жансерік анадайдан.
— Ура! Қоян етін жақсы көрем! Жақсы көрем! — деп Оксана секіріп-секіріп түсті.
Жансерік тоқтыдай сұр қоянды жағада тұрған Жекенге ұстатты.
— Бөлшектеп таста, Жекен! — деп бұйырды бұл су жақтан.
Жекен қоянды алып үй жаққа кетті.
Оксана кенет:
— Әй, әй, келіншек! Қайда барасың? — деп шырылдады.
Ертөстік бұрылса, Назым құлаштап жүзіп дарияның ортасына таман барып қалыпты. Назым, жалпы, осал жүзбейтін. Қалайда физкультура институтын бітірді деген аты бар ғой.
— Ертөстік Әленович! Қараңызшы, Назымға бірдеңе көрінген шығар! Дариядан жүзіп өткелі барады! — деді Оксана.
— Мүмкін емес, — деді Ертөстік.
Судың бұл тұсынан жүзгіштің жүзгіші ғана өтетін еді. Назым қайтар емес. Оксана тағы шыр-шыр етті:
— Жігіттер! Неғып тұрсыңдар! Шаршады ғой, әне, көрмейсіңдер ме!? Қары талды ғой.
Ертөстік суға секірді. Назымды құтқармақ тұрмақ, оның жарты жолына жетуі екіталай Ертөстіктің. Бірақ қалай тұрмақ мынандай жағдайда? Сөйткенше, жанынан еркін құлаштап біреу өте шықты. Жансерік. Желке тұста Оксананың айқайы. Қары талып та қалды. Жансерік сұрапыл жүзеді екен. Жауырыны суға батпай, аяқ-қолын сілтегенде бейне бір орасан балық айдынды жарып жүйткіп барады. Алыс су бетінде Назымның басы қылтияды.
Ертөстік енді тырбаңдап жағаға қайтты. Ентігіп, өлдім-талдым дегенде жерге аяғы әрең тиді. Бұрылып артына қараса, Назым мен Жансерік ары бетте ойқастап жүр. Намаздыгердің көлеңкесінде сидаң - сидаң етеді. Ертөстіктің іші шыңылдады. Талшыбықтай солқылдаған кербез Назымға осылай біреу жақындап кетсе, іші шым ете түсетін о бастан әдеті. Бірақ үндемейді, интеллигент қой.
— Қонағымыз жігіт - ақ екен! — деп сампылдап ақ жұмыртқадай Оксана судан шықты.
— Ие, маладес екен, — деді бұл да қостағансып. Көзі келіншектің суреттей денесінде. «Кіндігінің шұқырын - ай! Коньяк ішетін оймақтай».
Үй алдында Жекен қоянды бөлшектеп бола берген екен. Жейдесінің жеңіне терін сүртіп, дария жаққа қарағыштай береді. Осы қара бала Ертөстіктің жақын дегендегі жалғыз бауыры. Әке-шешеден ерте айрылып, екеуі аздап жетімдік көріп өсті. Осы інісінің арқасында Ертөстік ілініп жүріп институт бітірді. Одан кейін үш-төрт жыл, табақтай дипломы болса да, совхозда бала орнында шапқылады. Кәріпжан ақсақалдың қызы осы Назымға үйленіп ашылды көзі.
Жекен темекісін сорғыштап, айдын ортасында жарыса жүзіп келе жатқан Назым мен Жансеріктен көз алмайды. Қабағы түсіңкі. Жеңгесін құдайдай сыйлаушы еді, содан болар.
Кешкісін алашаны жиде астына жайып, аңқып соққан самалға жүздерін бере отырып, қуырдақты жәукемдеді. Қоянның жұмсақ қуырдағы. Коньяк пен шұбат. Үйіріліп соққан түздің саумал самалы. Отырыс шат-шадыман күлкімен басталды. Былқ етпейтін қонақ та жиі-жиі кеңкілдеп, әңгіменің қызу ортасына түсіп кетті. Бәрі көңілді. Әсіресе Назым. Кекілі маңдайына түскен, үлкен ала көзді, қараторының әдемісі Назым екі беті албырап, оқыс шырайланып кеткен. Оксана болса да бақытты. Күле береді. Ертөстік те қызу. Орынды-орынсыз ыржақтап, қонаққа қарай біресе кесесін, біресе шөлмегін ала жүгіріп елпілдеп отыр. Орталарында жалғыз Жекен ғана өзімен-өзі. Онда ешкімнің шаруасы да жоқ. Ду-ду әңгіме дария, Назым, Жансерік жайлы. Назым:
— Қорытынды сол — жас әйелге енді тентек су ұрттатпаңдар! Ұрттайды екен, ол дарияны ғана емес, мұхитты да кесіп өтеді, — деп күлді.
Жансерік:
— Нәкеңнің жүзгіштігінде мін жоқ. Мен тек жағаға жеткенде ғана қолтықтан демеуге жарадым. Бүкіл заслугам сол, — деді.
— «Заслуга» деген не ол? Бізде орысша сауат жоқ. Түсінбей қалдық! — деп күңк етті Жекен.
Дуылдаған жұрт «ә» дегенде оның сөзін естімей қалды. Бірақ Жансерік есітті. Жалт етіп қара балаға тұңғыш рет назар тоқтатып қарады. Бірақ үндемеді. Әңгімесін жалғастыра берді. Жекен тосты күтпей-ақ, өз рюмкесін төңкерді. Сосын тыжырынып, жұдырығын иіскеді. Әңгімеде шаруасы жоқ. Қонақ теңізден жүзіп өткен қайдағы бір Байрон деген ағылшынға ауысыпты. Келіншектер білімді жігіттің аузына үңіліп қалған. Ертөстік өзінше мәз.
Жекен қиқайып шегініп отырды. Жидеге сүйеулі домбыраға қолын созды. Маңдай терін жеңімен сүртіп тастап, бір кезде домбыраны күмп-күмп ұрды. Өзі ауылға танылған әнші еді. Жұртты селк еткізіп, айқайға басты. Мойын тамырлары білеуленіп, ащы дауысын түнгі аспан әуелетті.
«Ақ сиса, қара сиса, сиса, сиса,
Қалмайды кімдер жаяу, зорлық қылса...»
Отырғандар әңгімені тыйып, түгел Жекенге бұрылған.
— Өй, жарайсың!
— Айда, Жекен!
— Бас! Аянба!
Жекен де аянбады. Бір бүктеліп, бір жазылып, домбыра байғұсты аямай сабалады. Асқақ әніне мынау түнгі ен дала құлақ түргендей біраз көсілді. Ән бітісімен іле-шала екі келіншек «Желбір Жекенді» айт деп жабыса кетті. Жекен екі иығын қомдап қойып, тағы да домбыраның құлақ күйін келтірді. Көз қиығын тәкаппар қонаққа салып қойды. «Желбір Жекенді» айтқанда бұл бейне артады жандай екіленіп кетуші еді. Көз қиығын Назымға да тастады. Жеңгесінің сұлу дидары жұмсақ нұрланып, ойланып қалыпты. Жекен қолындағы домбыраны күмбір-күмбір күңірентті. Қара өзекті қақ жарған опынғыш үні естілді:
«Желбір Жекен, Желіп жүрген жайлауда Біз бір бөкен - ай...»
Қара бала дұшпанын көрген бүркіттей қомданып, екі иығын жұлып жеп, құшағындағы домбыраны зар еңірете төмпештеп, талай әннің басын қайырды сол кеште.
Содан кейін алыс шағыл тасасынан сызылып күміс табақ ай туды.
— Әй, Жәке! Жәке - ай! — деді Ертөстік шашы көзіне түсіп. Давай, мына келіншектерді қолтықтап, дала аралап, кішкене серуендеп қайталық! Тоқ басылсын.
Ойы негізгі шаруа жәйлі әңгімелесуге жағдай тудыратын.
Төртеуі қолтықтасып, ай астына қарай аяңдағанда, қара бала жалғыз өзі дастарқан басында жантайып қала берді.
Сәл алда Жансерік пен Назым. Ертөстік, Оксана он қадамдай артта. Ертөстік келіншекке бұлардың шаруасын қонаққа қалай жеткізудің жолдарын үйретіп әлек. Бұның қолтығына жабысып алған Оксана антұрған есіней береді. Өзі қапырық кеште оң бүйірін келіншектің қыз - қыз қайнаған денесі күйдіріп барады. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, Оксана мүлде жүруге құлықсыз.
— Ертөстік Әленович! — деді бұны іркіп. — Сол шаруаны айтуды Назым қолға алған сияқты, қарашы! Давай, кедергі жасамайық!
Бақса, Жансерік пен Назым, шынында, шүйіркелесіп, бір қызу әңгімеге кіріскен сияқты. Ұзап барады. Ертөстік ойланып тұрғанда, Оксана бұны қолтығынан қысып, күштеп кейін бұрды. Өзі сыңқ-сыңқ сайқалдана күледі.
— Не болды? — деді Ертөстік.
— Сіз маған ұнайсыз! — деді Оксана, үлкен көздерінде нұр жайнап.
Сайтан, әп-әдемі қазір. Қосыла шабуға Ертөстіктің көңіл күйі жоқ еді. Ойын Жансерікпен қолтықтасып кеткен Назым мазалау еді. Үй жақта Жекен дарылдап әндетеді.
— Неге үндемейсіз? — деді Оксана, қолтығынан сілкіп.
Сөйткенше, машинаның фары жарқ етті. Жарық көздеріне түсті. Оксана қолымен көзін көлегейлеп:
— Әй, өшір! — деп баж етті.
Фар өшті. Жекен ха-ха-ха-лады. Содан кейін көңілденіп, тағы да барылдады. Анық мас.
— Жындысын қарашы! — деп бүлк-бүлк күлді Оксана. — Қызық жігіт өзі.
Осы арада гүр етіп мотор от алды.
— Өй, мынау... не істегелі жүр? — Ертөстік тұра жүгірді. — Әй, кәне, қой машинаны! Фар қайта жанып, газик лықсып орнынан қозғалды. Қарсы жүгірген Ертөстік іле машинаның сол қанатына қарғып мінді. Жекен рульді тас қып құшақтап алыпты. Әндетеді. Ана жақта Оксана күліп жүр.
— Тоқтат! — деп жекірді Ертөстік.
Машина тоқтады.
Оқиға желісі мен шешім
— Шық! — деді Ертөстік.
— Ақырма! — деді Жекен. — Несі бар, біраз ақбөкен атып келемін... әкесінің...
— Сөзді қой, түс!
— Әкіреңдеме! Мә, мәшинеңнің тура әкесінің...
Жекен арғы есіктен дүрс етіп құлап түсті. Қолына әлденені іле түсті. Не десе — мылтық.
— Әй, мылтығың не?!
— Өй, әкесінің... ақбөкенді мен, не, түкірігіммен атады дедің бе?! Одан да ары қара! Фардың жарығына! Дұрыстап қара!
Фардың қуатты жарығы жарты даланы жолақтап тұр екен. Шағылдың бергі етегінен әлдене ағараң етті. Жанында көлеңке қозғалды. Жансерік пен Назым.
— Немене, танымай тұрсың ба? Қонақ пен Назым ғой!
— Мен баяғыда танығам. Сен танымай тұрсың! Сен! Есіттің бе? Сен! — деп айқайлады Жекен.
— Әй, сөзді қой! Бар! Жат! Демал!
Жекен тұқшыңдай қалып, сырт-сырт мылтықтың құлағын қайырды. Ертөстік ес жиып үлгіргенше, түн ішіне қарай шошайған мылтық ұңғысы гүрс етіп жалын бүрікті. Дауысы бейбіт түнді қақ айырды. Жағалау жарлар күңіренді. Дәрі иісі мүңкіді.
Ертөстік қалай секіріп барып, мылтықты Жекеннің қолынан қалай жұлып алғанын білмейді.
— Не істедің, ит! — деп ақырды.
— Түк те істегем жоқ. Аспанға аттым.
— Кет дедім ғой мен... сен итке! Кет! — деді енді дауысы жыламсырап. — Сен ит бізді арандатарсың!
— Бекер аттым аспанға... Қап, аспанға атпау керек еді... әкесінің! — деп «Желбір Жекен» бырсылдап жылап жіберді. — Әй, әттең!..
— Не болды? — деп Оксана жүгіріп келді.
— Мас... — деді Ертөстік далаға қарай далақтап қашып бара жатқан інісінің соңынан қарап. «Желбір Жекен» бұларды сыпыра сыбап, бүлкілдеп желіп барады. Жылап барады. Жүгіріп Жансерік пен Назым да жетті. Мылтық дауысынан қорқып кетіпті. Бір жақсысы, Назым шаруаны қонаққа түгел айтып үлгіріпті. Жансерік оң құлағымен тыңдапты. «Ертөстікті егер мына орынға бекітпейді екен, онда астанаға ауысуына көмектесейін. Нұр ағаңмен таныстырайын» депті. Соны есіткенде, Ертөстік қуанғаннан аспанға қалпағын лақтыра жаздады. «Нұрағаңмен таныстырайын» деген, ә! Нұрағаң! Қол жетпес, алыстағы ақ бас шыңдай асқаралы Нұрағаң! Ертөстікті өз қанатының астына ала ма - ей, сонда?!»
— Өзің дипломат екенсің ғой! — деп Назымның да арқасынан қақты. Назым қасын керіп қойды.
Жекен далада түнеп, беті - көзі ісіп, сәскеде бір-ақ оралды. Үн жоқ, мәшинесін шұқи береді. Жансерік қоштасарда: «Ал енді Алматыға жол түссе, хабарласыңдар!» — деп көңілін білдіріп аттанды.
Төсегін сықырлатып Назым да дөңбекшіді. Тынысы дірілдеп, келіншегінің күрсінгенін сезді. Ұйықтамағаны байқалады. Ертөстіктің ойы бөлініп кетті. Табан астында жат болған мынау Назым не ойлап жатыр? Біліп болар емес. Неткен қиын кісі деген. Өзгені қойғанда, өз қойныңдағы жалғыз жарының да жан құпиясын ұқпағаны ғой.
Терезе ағарып, бас жарып таң да атып келеді. Жәй таң емес, бұл қос шерменде... жол айрыққа әкеп тіреген таң. Ертөстік күрсінді...
Жансерікті шығарып салғаннан кейін, «Желбір Жекеннен» қалды пәлеге. «Мәшинеңнің әкесін» деп, жұмыстан босануға арызын әкеп тұр. Бұл оқымай-ақ, өзіне қарай лақтырып жіберді. «Астында машина, қалтаңда ақша, ерік өзіңде, енді атаңның басы керек пе саған? — деп ал кеп ұрысты. — Ей, ақымақ! Мен сені ертең анау қоймаға меңгеруші еткелі жүрмін. Сен соны білесің бе?!» — деп тағы күйіп-пісті. Сонда да қыңбады. Ақыры, арызына қол қойды.
Бұндай да мінез болады екен. Бас иіп келген бақытын басқа тепті. Аудан орталығын тастап, бұлардан іргесін бөлектеп, совхозға кетті. Барып трактор алыпты. «Жетіскен екенсің» деп бұл мына жақта шаршады. «Бас пайдасын білмейтін адамды қой, бұл».
«Жығылғанға — жұдырық» деп, сөйтіп жүргенде Ертөстік бос тұрған орынға бекімей қалды. Жұрттың қауесеті расқа шығып, ол орынға көрші ауданнан Қырбасов деген біреу келді. Ошақ басында о бастан жылуы шамалы келіншегінің қабағы енді тіпті ашылуды қойды. Бір есіктен шығып жүрсе де, екеуінің шүйіркелесуі сиреді. Алматыдан телефон тағы шылдыр етпегенде, осы тоң-торыс хал Құдай білсін қашанға созыларын. Телефон соққан баяғы курстасы Қайыржан. «Бала, ей! — деп айқайлады жер түбінен. — Ал тез жет! Нұрағаң өтпеске шығып, «Көктөбе» демалыс үйіне орналаспақшы. Келесі бейсенбіден бастап. Жансерік екеуіміз со л демалыс үйіне сені де орналастырған жөн деп таптық. Нұрағаңды қолға түсірудің ең оңай жолы сол. Келсең, путевка дайын!».
Айналасы үш күннің ішінде қалталарына мың сомдай ақша салып, екеуі «Алматы қайдасың?» деп тартып отырды. Поездан түскен бойда Қайыржан қолдарына екі путевка ұстатты. «Көктөбе» демалыс үйі қаланың оңтүстік батыс жақ шетінде сыңсыған алма бақ арасында екен. Терезесін ашсаң, заңғар күміс шындар күлімдеп қоя береді. Қолыңды созсаң, алмасы үзіліп алақаныңа түседі. Пай, рахат. Келген күннің ертесінде Жансерік бұны Нұрағаңның номеріне ертіп апарып таныстырды. Кереуетте Алатаудың шоқысындай біреу отыр. Басында қылтанағы жоқ. Медеу мұз айдыны секілді жап-жалтыр. Күмпиген иық жағына әрең сыйып, бұқа мойны баспен тұтасып кеткен. Майға батып кеткен құлақ ұшы шошайып, шықшытта әрең көрінеді. Мына күннің ыстығына ренжіп, ырсылдап отыр екен. Жансерік Ертөстікке ишара етіп: «Ал құя ғой», — деді. Ертөстік портфельден кішкентай канистра алып, кесеге шүпілдетіп шұбат құя бастағанда, Нұрағаңның көзі алақандай болды. Кенет жалпақ беті күлкіден жайылып: «Шұбат па, ей?» — деді. «Шұбат», — деді Жансерік. «Әй, бұл өзі мықты бала болды ғой. Кешеден бері есіме осы қайта-қайта шұбат түсіп еді. Өй, айналайын-ай. Өзіңді Құдай айдап келген ғой сенің!» — деп Нұрағаң ұзақ мекіренді. Әр жұтқан сайын «ех» деп қойып, төрт кесені қатарынан төңкерді. «Ал бұл ініңіз сізді шақыра келіп тұр!» — деді Жансерік делдалдық рөлін одан әрі атқарып. «Құп!» — деді Нұрағаң. Кешке Жансерік Нұрағаңды қолтықтап, бұлардың номеріне алып келді. Аюдай қомпайып төрге жайғасқан Нұрағаң дастарқан тола Қази, жал, жая және сызылып қызмет етіп жүрген Назымды көргенде, екі езуі тіптен екі құлақтан түспей қойды. Дастарқанға бір, жас келінге екі қарап: «Өй, айналайын-ай», — деп мекірене берді.
Шаруа жайын айту тәртібін Жансерік екеуі алдын ала ақылдасқан-ды. Жансеріктің айтуынша, Нұрағаң тіптен бәйбішесінің көзінше ондай келелі мәселені талқылағанды сүймейді екен. Екеуден-екеу оңаша қалғанда ғана: «Ал бала, тапсырмаң болса, айта отыр!» дейді екен. Ертөстік: «Олай болса, отырыстың аяғына таман, Жәке, сіз бір есебін тауып, Назымды алып шығып кетіңіз», — деді.
Нұрағаң тамақты да алады екен, әңгімені де айтады екен. Мезгіл түнгі он бірге таяғанда, астан ине шаншар орын жоқ стол үсті жау тигендей ойсырап қалды. «Әңгімелеріңізге кедергі болмайық», — деп Жансерік Назымды алып мана шығып кеткен. Айтқандай-ақ, Нұрағаң көлдей орамалымен беті, мойнын, шып-шып терлеген жалтыр басын сүрте отырып: «Ал бала, бізге тапсырмаң болса, ұялмай, айта бер! Өзің маған ұнадың. Болайын деп тұрған бала екенсің», — деді. Ертөстік мыжыңдап сөйлей бастағанда, Нұрағаң бегемот сияқты қолапайсыз еңкейе қырындап құлағын тосты. «Шаруаң сол-ақ па?» — деп кеңк-кеңк күлді: «Кел! Көшіп кел. Жұмыс табылады. Бірер жылға дейін пәтер болмайды, шыдасаң!» — деді Нұрағаң, ыңыранып орнынан тұра беріп. Ертөстік шалды қолтықтап номеріне дейін жеткізіп салғаннан кейін, демалыс үйінен ытқып сыртқа шықты. Қуанышы қойнына сияр емес. Табанына жел, қолтығына қанат біткендей. Түн ғажайып. Алатау шоқыларынан сәл биікте сызылып жүзген ай. Тау жақтан аңқылдаған қоңыр салқын леп. «Үлкен шаруа бітті. Үлкен шаруа» деп жүрегі дүк-дүк ұрады. Аяқ буыны босап кеткен екен, бірақ не істейді. Бұндай күні ішуге болады ғой. Алма бақ аралап, теңселе басып келеді. Тезірек Назымды тауып алып, қуантпақ. Аллеялардың бәрін сүзіп шықты. Еш жерде жоқ. Олай бір, бұлай бір сенделіп аз-кем жүрді де, алдындағы алма ағаштың түбіндегі скамейкаға сылқ түсіп отыра кетті. Гуілдеп тұрған басын уқалады. Табан астында жер, анау тау, жұлдызды аспан түгел теңселіп, төңкеріліп кете жаздайды кейде. Көзін жұмып, басын құшақтап, ұйқылы-ояу бүк түсіп ұзақ отырды. Әлден уақытта құлағына күбір-күбір үн шалынды. Басын көтеріп қараса, тау жақтан жайбарақат қолтықтасып Назым мен Жансерік келе жатыр. Бас түйісіп, иін тірескен қалпы.
Ертөстіктің өкпесі лықсып, көмейіне тірелді. Тынысы бітеліп, мелшиді де қалды. Кетейін десе, аяқ-қолы зіл батпан. Ырқына көнер емес. Біраздан соң есін жиса, мәссаған, әлгі екеуі бұның дәл желке тұсындағы, төбесі қырқылған бұтаның арғы жағындағы скамейкаға жайбарақат жайғасып жатыр. Ай жарығында желкелері анық көрінеді.
Қою көлеңкеде отырған Ертөстікті олар, әрине, үңілсе де көре алмас еді. Әңгімелері анық естіледі.
— Е, қызық тарих, — деп Жансерік дауысын созды.
— Тыңдағанға қызық, әрине, — деп Назым күрсінді.
— Ары қарай не болмақ?
— Өзім де білмеймін.
— Өзі жаман жігіт емес. Бірақ, әрине, сезім ол сезім.
— Өзіңді де, өзгені де алдаған қиын... Бір білетінім, бүйтіп өмір сүре алмақ емеспін.
— Неткен сирек жансың, айналайын! «Сен» дегеніме кешір!
Жансерік оң қолын Назымның иығына салды.
— Небәрі екі-ақ рет кездестік! Қалай тез бағалап үлгердіңіз? — деді Назым.
— Бір көргенде екеуіңіздің екі түрлі жан екеніңізді байқағам. Сенің жаңағы сырыңның бәрін сонда-ақ көзіңнен оқығам.
Назым сылқылдап күлді. Жансерік Назымның бетіне еңкейе беріп еді, Назым шалқайды.
— Қажеті жоқ, — деді әлсіз.
— Жаным! — деді Жансерік. — Жеңілтек деп сөкпе! Айтшы, өзіңдей жанның қасында осындай түнде қай жігіт тыныш отыра алар?
— «Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы», — деді Назым. «Мақалдап сөйлемеуші еді, бұны қайдан үйренген?» Жансерік Назымға тағы еңкейді.
— Қайғысы құрысын. Өзің жас, өзің сұлу келіншексің. Және Жансеріктің жанында отырсың. Бақыт туралы ойламайсың ба?
Назым тағы күлді. Жансерік Назымды сүюге тағы талпынды. Назым басын тұқыртып алды.
— Қойыңызшы!
— Назым! — деді Жансерік сыбырлап.
Дәті шыдамай, Ертөстік төмен қарады. Енді бірде назарын көтерсе, Назымның басы шалқайып Жансеріктің иығында жатыр. Шашы арқасына төгілген. Жансерік аузынан өліп-өшіп сүйіп жатыр. Назым тұншыға ыңырсыды.
Ертөстік қалай атқып тұрғанын білмейді. Корпусқа қарай дызақтап келе жатқанын бір-ақ білді. Әлгілер бұны көрсе, көрген де шығар. Бірақ енді бұған бәрібір. Бітті. Күйреді. Содан төсегіне жетіп, етпетінен құлаған. Ізін ала Назым да кірген. Ол да шамды жақпады. Тіс жарып үндемеді. Туфлиін дүрс еткізіп еденге тастай салды да, төсекке қисая кетті.
Мінеки, сол жатыс. Екеуі екі кереуетте дөңбекшіп, көрер танды көзбен атырды. Алдымен Назым түрегелді. Тысырлап жүріп киінді. Чемоданын ақтарды. Ертөстік жастыққа бетін басып, қозғалмастан жатқан. Әлден уақытта Назым еденді тық-тық басып, есікке беттеді. Кілтті бұрады. Бұл сонда барып еңсесін көтерді. Назым иығында тыңқиған рюкзагы, бұтында баяғы қыз күніңде киетін джинси сымы сыптай болып, есіктен шығып барады. Бұл «ау!» деп үлгіргенше, есік сарт жабылды. «Ау, қайда барасың?» демекші еді.
Шалқасынан түсіп, сәл ойланды. «Не істеу керек?» Кенет атып тұрып терезеге үңілді. Аялдамада көк белдеулі автобус тұр. Назым рюкзагын көтеріп солай қарай барады. Қуып жеткенде не демек? Дымы құрып, теңселіп тұрып бөлме ішіне назар жіберді. Тумбочка үстінде жатқан бір парақ қағазға көзі түсті. Жүгіріп барып үңілсе: «Мені іздеп әлек болма! Қош!» деген жазу. Терезеге келіп сыртқа қараса, аялдама аңырып бос тұр. Автобус кетіп қалыпты.
Ес-түстен айрыла мас болғысы келді Ертөстіктің. Бірақ ақылы оған жібермеді. «Нұрағаң көрсе, не ойлайды?» — деді. Екі күн есеңгіреп жүрді де, үшінші күні, не дер екен деп, Жансерікке телефон соқты.
— Назымды іздеп жүрмін, — деді.
— Іздегені қалай?
— Жоқ. Қайда кеткені белгісіз.
— Қалай, сонда? Хабар-ошарсыз ба?
— «Іздеме» деп қағаз тастап кетіпті. Дегенмен, іздеп телефон соғып тұрғаным ғой.
— Оу, мен қайдан білем оны? — деп шошып кетті Жансерік.
Ертөстік үнсіз ашуға тығылды.
— Ертөстік! — деді соны сезген Жансерік дауысын жұмсартып. — Мен сені түсіндім... Бірақ бұл шаруаға менің түк қатысым жоқ. Ал енді көмек сұрасаң, айтайын. Назымның кетуіне себеп болған адам басқа...
— ...Қалайша?! — Ертөстіктің үні шығып кетті.
— Ендеше, тыңда!.. Аты-жөнін маған Назым айтқан жоқ. Өзі хирург көрінеді. Талдықорғанда тұрады-мыс. Назымды іздесең, енді тек сол қаладан табасың.
Ертөстік күтпеген жаңалық еді бұл.
— Жалғыз басты біреу ме екен? — деді қалтырап.
— Жоқ. Үйлі-баранды көрінеді. Естігенім сол.
Ертөстік шауып жүріп самолетке билет алды да, аэропортқа жетті. Талдықорғанның самолеті енді ұшайын деп тұрғанда, кенет ойға қалды. «Осыным бос далбаса болмаса игі, — деді ойы. — Одан да, көші-қон, қызмет жөніндегі шаруаны бір жағына шығарып, Талдықорғанға содан кейін неге бармаймын, оған дейін Назымның да ақылы кірер еді». Осы ойы өзіне жөн көрініп, билет кассасына қарай бұрылды.
Ертөстік маршрутын өзгертіп, күңіренген «Ил-18» - бен оңтүстікке бет алып ұшып барады.
1981
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру