Бибі апа
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Тауық үшінші шақырғанда, Бибі апа жастықтан басын көтерді. Бөлме іші әлі қараңғы. Кішкене терезеден сықсиып бозарып, таң саз беріпті. Сыртта жүрген тауық дауысы ма, әлде терезені сабаған жел ме... ажырата алмады. Қолымен сипалап жаулығын тауып, тартты. Немересінің көрпесін қымтаңқырап, бас жағынан сіріңке іздеді. Сіріңкені тұтатып май шамның білтесіне тигізді. Мақта білте жіңішке күрең қара түтін шығарып, тысырлап жана бастады. Тілдей жарық Бибі апаның тыныс лебінен дір-дір ойнап, шалқып жамбастап барып қайтады. Қаумалаған ірі көлеңкелер ербең қағысып қалады.
Шала-шарпы сүртіп, шамның мұржасын кигізді. Білтесін көтерді. Секектеп тұрған көлеңкелер таса-тасаға жып беріп жасырына қалды. Бөлме ішіне түгел жарық түсті.
Пеш түбінде жатқан ала мысық «ыңқ» деп басын көтеріп, жылтыратып көзін ашты да, іле қайта ұйықтап кетті.
Бибі апай «бисмилла» айтып, қолымен жер таянып түрегелді. Ауыр тыныстап, терезенің, алдына келді. Тіксінген кейіппен бүгінгі күннің ауа райына зер салады. Жел терезеге дамылсыз сүйкеніп, кешеден ойнақ салып өтіп жатыр. Жапырағын төккен ағаш бастары теңселіп шу-шу етеді. Иненің жасуындай әйнек саңылауына бармағын төсеп көріп еді, мұп-мұздай жел соғып тұр екен.
Бибі апа күбір-күбір етті. Әрине, ұнатпай тұр.
Астапыралла, әлгі Қаумен қыстауына жетіп қона алса болар еді-ау! Мынау күн жаумай тарқамас. Жауатын уақыты да болды ғой.
Ішігін иығына жамылып, сиыр сауатын шелегін алып тысқа шықты. Аула іші ұйтқыған жел. Қуыс-қуысқа қарайып бүр енген жапырақ үйіндісі паналапты. Ақ сиыр көлбеп жатқан күйі ұйқылы көзін бір ашып, бір жұмады. Жайбарақат. Шелек ала шыққан иесіне құлағын қалбитып, мойнын енжар бұрды. Бұзауда маза жоқ. Қазығын айналып, енесіне ұмтылады. Бибі апа жанына келгенде ақ сиыр буын-буыны сытырлап ұмтылып түрегелді. Бұзау тыпыршып кетті. «Е, ашықтың ба, тентегім!» Бибі апа бұзаудың сағағын босатты. Бұзау қуанғаннан құйрығын шанша мөңкіп енесіне жүгірді.
Бибі апа аспанға қарап күбірлеп тұр. Ішінен: «Мына желдің арты жауын-шашынға айналар»,— деп жорып ауылда үш күн бекер жатып арақ ішіп, малына кеше кеткен Кәуменнің балалығына күйініп ұрсып тұр.
Таңдайына жып-жылы сүт құйылған бұзау рақат дүниесіне енді-енді шома беріп еді. «Ойбүй»! деп Бибі апа жүгіріп келді. «Еміп қойдың ба, жүгермек!». Үрпінен сүт саулаған емшектен жабысып айырылмай бұзау жатыр. Әрең ажыратып, шет қазыққа апарып байлады. Ақ сиырдың бауырына кіріп, шелегін тосты. Қос қолдап сауған сүт бос шелекке дыңылдап, жіңішке әндетіп құйылады. Соңы гүрпілге айналып бітті. Ақ бұзауды қайта босатты.
Құйрығын шанша мөңкіп енесіне ұмтылды ол.
Сүтті ауызғы үйге қойып жатқанда, іште немересі қыңқылдады.
— Әже-ау!
— Ау.
— Мен ояндым.
— Жата тұр қазір пеш жағамын.
— Әже-ау!
— Немене?
— Велсебетім...
Бибі апа үйге сексеуіл ала кірді. Пештің ішінде түнде салып қойған қи бар еді. Әйтсе де сексеуілдің шоғына не жетсін.
Пештің қақпағын ашып, қалбырдағы майдан аздап септі де, сіріңке тұтатты. Пеш лау етіп гулеп жанды. Керосин аралас қи иісі бөлме ішіне жайылды. От сытырлап дыбыс таратып жанады. Қақпақ саңлауынан қызғыш жарық бұлтылдап көз қысып ойнайды. Бөлме іші жылынып жанданғандай. Әлгіндегі сірескен салқындық сейіліпті.
Жалаң бұт сары бала төсегінен жүгіре шықты. Дедектеп келе әжесіне асылып құлағына сыбырлап жатыр: «Әже, велсепед» дейді. Ауызғы үйден әжесі үш дігірлі «Велсебет» әкеп берді. Сары бала «сәйгүлігіне» қарғып мініп қонжиып жайғасып алды.
— Далаға шықпай үйде ойна, мен қазір сиырды айдап келемін.
Әжесі қалың киініп сыртқа шығып кетті. Сары бала велосебетін шиқылдатып есік пен төрдің арасында өзімен-өзі жарысып делебесі қозып жүр. Қанша уақ өткенін білмейді. Бір кезде «дырр» деп сәйгүлігін іркіп еді, бөлме тып-тыныш, демін ішіне тарта қалды. «Ә, бала қолға түстің бе!» деп түкпір-түкпірде бұғып жатқан үрейлер өре түрегелгендей. Терезедегі гуілмен, пеш үстіндегі шәйнектің ызыңы да қорқыныш сарынын сыбырлап тұр. Қимылдауға батылы бармай Сары бала көзі жыпылықтап төңірегіне қарады. Алшаң басып келе жатқан ала мысықты көріп қуанып кетті. Ала мысықтың кейіпінен абдырап сасу нышаны сезілмейді. Бұның аяғына кеп жайбарақат басын сүйкейді. «Саспа, мен бармын ғой!» дейтін сияқты.
Есік жақ тықырлады.
— Әже!
— Ау.
Сары бала есікке жүгірді. Үйдің іші қызыпты. Бибі апа төсекті жинап, ошақтың басын сыпырып және құдықтан екі шелек су да әкелді.
— Әже, сүт!
— Қазір, міне шай демдейміз, сәл шыда!
Сары бала қуанып кетті. Ортаға дастарқан жайылып, әжесінің оң тізесіне сүйеніп шай ішкенге не жетсін. Ол кезде әжесі әсіресе кен пейілденіп кетеді. Сондықтан неше түрлі түйіншектердің ауызы ашылады.
Бибі апа шай демдеуге кірісті. Сексеуілдің шоғы бар күшіне мініпті. Пеш түбіндегі көк шәйнек сақылдап қайнап тұр. Үнді шайы салынған ақ құман да қатарынан кеп орнықты. Дөңгелек аласа столға дастарқан жайылды.
Сары бала ойынды қоя салып столдың жанына жетіп келді. Стол үстіне сары май, керсен толы бауырсақ, қаймақ, қағазды конфеттер кезекпен қонып жатыр.
Пешке қойылған ақ құман гүтір-гүтір қайнап, қақпағын серіпкенде жақын отырған Бибі апа қолын созып көтеріп алды. Түбінде сүті жылтыраған кесеге қыжылдап қызыл күрең шай құйылды. Қалампыр аралас үнді шайының хош иісі бұрқырады.
Сары бала үн-түнсіз, мұрны ғана пысылдап, бір ұртына жұмарлап ақ бауырсақты, екіншісіне конфета тыққыштап жатыр.
Бибі апа ыстық шайды асықпай ішеді. Асықпай ішсе өткен-кеткендер оралады есіне. Бибі апа, шүкір, үрім-бұтақсыз емес. Төрт баланың анасы. Төртеуі де ер жетіп, ел қатарына қосылды. Үлкен ұлы Қаумен — шопан. Одан кішісі — Қараш әскерде. Үшінші ұлы — Саттар Алматыда оқиды.
Бибі апаның көзі қабырғадағы календарьға түсті. «Он бес күнсіз екі жыл» Қарашының үйден кеткеніне. Келетін күні жақындасын деп календарьдың қағазын жатарда жыртып қояды. Ал кенжесі — Айкенже дұқтыр боламын деп оқығанына мінеки үш жыл. Әлі үш жылым бар дей ме, құдай-ау! Түбі жоқ бұл неткен оқу! Қолым тимейді деп хат та жазбайды. Ал ана Саттардан хат аламын деп дәмеленбей-ақ қой! Ол да бұтына шалбар ілгеннен бері жар құлағы жастыққа тимей оқумен келеді. Хат жазуға қолы тимейді. Анда-санда ет керек болғанда ғана келіп-кететіні бар. «Әйтеуір тірі болсын да».
Бибі апа немересіне ұрсып отыр.
— Жаман неме, сен де кетерсің-ау ертең өзіңмен өзің болып, — дейді.
Сары бала әжесін алдаудың тәсілін біледі. Жүгіріп кеп мойнынан құшақтады. Бибі апаның арқауы босап кетті.
— Айналайын-ай, осыным болмаса, үлкендерінен қайыр жоқ бұлардың, келші, келші! — деп еміреніп немересін құшағына қысты. — Әжеңді бағасың ба?
— Ба-ға-мын! — деп лепіре айқайлап қойды сары бала.
Шайдан кейін екеуі ақ бұзауды ауыл сыртындағы шеңгелді сайға апарып арқандап қайтты.
Ызғырық әлі соғып тұр. Ауада қатқыл сыз бар. «Соңы қарға айналмаса неғылсын» деп қауіп ойлайды Бибі апа. Оқтын-оқтын тоқтап, түсі бұзылған теріскейге. қарап күбірлейді. Кәрі анаға малшы өмірінің қытымыр шақтағы қиын, қыстауы түгел аян. Кеше кеткен Қаумен үйін қыстауға көшіре алса болар еді-ау! Итініп-тартынып малдарын желге қарсы жүргізе алмай жүр ме, кім білсін. «Күн ашық, жер құрғақта шаруаңды жайлап ал», — деп қақсағанын тыңдады ма! «Әй, басы жоқ балам-ай!»
Бибі апаның ойы сан-сақты аралағанмен, қолы өз ісін тындыра жүреді. Үйге бос бармайын деп жолдан шөпшек теріп жүр. «Қорадағы бір мәшін сексеуіл не болады, аз да болса көмек қой!»
Бөлме бұрышындағы үлкен жәшіктің ішінде төрт тарғыл қауын бар. Бибі апа бақшасының биылғы түсімінен осы төрт қауынды іріктеп алып қалып, әскерден келетін Қарашына сақтап жүр.
Қауындарын күндегі әдетінше түгендеп қойды. Жұлынғанына ай жарымнан асқан қауындардың бүйірі күлкілдеп босап қалғаны да бар. Аңқыған қауын иісі тілді үйірер шырын дәмнен хабар береді. Бибі апаның бүйтіп қауын жасырып жүргенін бұрын ешкім сезбейтін. «Бала-шағада дін бар ма, құдай! Білсе мазамды алар!» — деп бұл жайлы ешкімге тіс жармаған. Осы сыры әнеугүні ашылды. «Бүлдіріп» жүрген бала да емес, шаға да емес, иегіне сақалы шыққан — Қаумен. «Әй, басы жоқ балам-ай!»
Оқиға желісі мен шешім
Нан илеп отыр еді. «Ойбай, апа, мына қара! Таптым, таптым», — дегенге жалт қараса, Қаумен жәшіктегі қауынның біреуін қолға алып, мәз болып тұр. Жерден жеті қоян тапқандай ыржияды.
«Әй, әй, тиме, Қарашқа қойып едім» десе, бүлк етер емес. Қауынға танауын басып пыс-пыс иіскеп, қалтасынан бәкісін алып жейін деп жатыр. «Қалған үшеуі де жетер балаңа» дейді және. «Үйбай, мынау қайтеді-ей, қой деймін, жүгермек!» деп тұра ұмтылды Бибі апа. Қолы пеш түбінде жатқан көсеу темірді іле кетті. Қаумен: «Ау, айлап-жылдап қойларыңды бағып келгенде...» деп ұрысты бастап келе жатыр еді. Көсеуді көргенде бөлме ішін айналып еңкілдеп қашты. Қуамын деп Бибі апа ентігіп қалды. Әйтеуір алды-ау қауынды.
Қауменнің сол қылығы есіне түскен сайын «ұй-бай!» деп күбірлеп таңданады Бибі апа. «Бала сияқты о несі-ей, қауынды ала кеп қашқаны! Ұй-бай, масқара-ай! Есі қашан кіреді бұлардың?! Әйтеуір тірі болсын да! Мына құдайдың күні де сабындай іріді-ау!» Терезеге көз салды. Жел ағаш басымен алысып, ұлып тұр. Бибі апа бір табақ қамырды илеп тастап, «оқудағы қызыма» деп әлдеқашан бастаған жүн шәлісін тоқуға кірісті.
Сары бала төрдегі текеметтің бір бұрышында ойынмен алданып отыр. Бибі апаның көзі стол үстіндегі радиоқабылдағышқа түсті. «Кейде тәп-тәуір қып ескінің әнін айтады. Сонау ерте заманда бұлардың қыз күнінде айтатын әндерін де айнытпай салады. Өкімет те білгіш-ау!»
Жай басып, стол жанына келді. Радионың құлағына қолын апара беріп, іркілді. «Қайсы еді? Әлгі бұрап қалса сөйлейтіні. Ит жегірдің ұңғыл-шұңғылының көбін қайтерсің!»
Бибі апа радионың құлағын ақырын бұрады. Тетік сырт ете түсті. Сандықшаның ішіндегі адам оянып кеткендей қақсап берді: «Кеше американ жендеттерінің бейбіт селоларды бомбалауға шыққан тағы да бір самолеті атып түсірілді. Бұл Вьетнам жерінде ажалын тапқан тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жау самолеті. Кеше Израиль соғысқұмарлары...»
— Ұйбай, жаратқан ием, не дейді?
Бибі апа шошып кетіп радионың үнін өшіре салды. «Не дейді мына бейбақ? Ауыздарынан бір жақсы сөз шықсайшы. Ух, сақтай гөр!»
Буын-буыны әлсіреп, шаршап орнына кеп отырды. Шәлісін қолына алды. Ойына қай-қайдағы түседі. Әскердегі Қарашын да ойлайды. Демі дірілдеп, күрсінді: «Ей, жаратқан, сақтай гөр, әйтеуір! Дайын қамырдан «жеті нан садақа» таратып жіберейінші! Үйде май да жоқ екен ғой».
Сары балаға «үйден шықпа, отыр!» деп өзі ауыл ортасындағы магазинге тартты. Сатушы орыс әйелін Бибі апа «Маржа» дейді. Бибі апаға орыс әйелі болса бәрі «маржа». Оның үстіне мына маржа қазақша сөйлейді. Қалада Айкенжемен бірге оқитын оның да қызы бар. Бибі апа келгенде магазинде маржаның жалғыз өзі екен. Әдеттегісінше:
— А, апа кел, хал қалай?! — дей аңқылдап сөйлеп қарсы алды.
— Халдың несін сұрайсың, Маржа-ау, өзің де сондай аман? Бала-шағаның дені сау ма? Иә!
Бибі апаның сөзінің соңында келетін «иә» әрқашан да «не жаңалық бар?» деген ұғымға саяды.
Әңгіме беті көп ұзамай-ақ қаладағы Айкенже мен Лида жайына ауысады. Екеуі де күрсінеді. Жүздерінде қамқорлық мұңы.
— Апа, сен Айкеннен хат алдың ба?
— Жо-оқ түге!
— Білмеймін. Қаладан жақында муж келді. Жаман айтады. Төрт қызды бандиттер өлтірген дейді.
— Өш, қасқа! Рас па? Иә?
— Өлтіріп жазып кетіпті. Қызыл киген қыздардан және отызын өлтіруге план бар дейді.
Бибі апа Айкенженің қандай киім киіп кеткенін қапелімде есіне түсіре алмай қалды. Үйде қалған киімдерін қарап білмесе! Бибі апа үйге қарай елпіп келеді. «Ойбай, ойбай, тағы не пәле шықты», деп сарнап келеді іштей. Үйге жетісімен Айкенженің киімі сақтаулы сандықты ақтарды. «Бір қызыл свитер дейтіні мен қызыл көйлегі болушы еді?»
— Ұйбай, қызы құрмағыр екеуін де алып кетіпті! Енді қайттім!
Бибі апа мең-зең. Қызының киімдерін алдына жайып сап қарап отыр. Аздап жылап та алды. Магазиннен әкелген майға нан пісірді. Сары бала қазаннан ыстық бауырсақты жағалай берген-ді. «Қабыл болсын айтып же!» деді Бибі апа. Сары бала бауырсақты қылғыған сайын «қабыл болсәән!» деп шыңғырып қойып екіншісіне қол созады.
Бибі апа «жеті нан» садақасын көрші-қолаңға таратты.
Түс қайта жел тынды. Аспанда тұтасқан кіреуке мұнар қалған. Қылауытып қар түсе бастады. Бибі апа терезеден сыртқа тіксініп қарайды. Қабағы түйіліп ерні жыбырлайды.
Қар үнсіз құйылып тур. Дала жынынан қағылған бақсыдай тып-тыныш. Күн ұзын тентек желмен ұстасқан үйлер, қара ағаштар селтиіп қимылсыз қалыпты. Бүкіл өлкені қанат астына ала төніп төгілген ақ сусылдақ күш алдында бойсұнғандай.
«Осы қардың астында Қаумендер мал айдап жүрсе келісетін болды-ау. Қап!..»
Бибі апа арқандаған жерінен бұзауын алып келді. Ашық жатқан сексеуілдерін қораға кіргізді. Бір ойы қалада. «Аман болса жарар еді! Бұ, қызы құрмағыр анда-санда хат салып тұрғанда тағынан тая ма екен! Қап, ауылға бір келерсің. Әлгі хат таситын маржа неғып кешігіп жатыр?! «Апа» деп көш жерден айқайлап келуші еді ғой!»
— Апа! — ауланың сыртынан дауыс шықты. «Өй, өркенің өссін! Кімді ойласаң сол келеді деген...»
— Қазір, қазір...
«Айкенжеден хат келді ме екен?» Үстін қағып қорадан шықты.
— Ә, Маржа аман? Бала-шағаң сау ма? Иә!
— Апа, на газет ал!
— Ойбай, қалқам-ау, хатың қайда?
— Все, апа, хат жук! — деп жүре айқайлап поч-тальон ұзап кетті.
Өрістен мал қайтатын уақ болды. Бибі апа белін буынып сиырдың алдынан шықты. Қаладан келетін автобустан, мүмкін біреу-міреу түсе қоя ма! Мүмкін, қызынан бір хабар білер.
Сиырын үйге қақпайлап айдап, контордың жанынан өте бергенде, үлкен жолдың арғы басынан автобус да көрінді. Қазір автобустан бірер баласы түсетіндей Бибі апа шын дәмеленіп-ақ күтіп тұр. Кеше бойы қарбаласқан, малының алдынан шыққан қатын-қалаш. Шаң-шұң айқай. Қар аралас кешкі апақ-сапақ. Жақындап кеп тоқтаған автобустан жұқа киінген қамыс бұт біреулер түсе сап бастарын иық ішіне тығып алып, үйлеріне тартып жатыр. Бибі апа жөн сұрайтын жанның ыңғайына қарап тұрғанда кісі азайып қалды. Жұрт соңынан ауыр жүгін мықшыңдап көтеріп мал дәрігері Сейсен түсті. Семіздігінен бе, әлде жүктің ауырлығынан ба, ырсылдап-пырсылдап тұсынан өтуге таянғанда Бибі апа «Қарағым» деп тоқтатты.
— Қарағым, қаладан келеді екенсің, біздің Айкенжан аман ба екен, көрдің бе?
— Қайдағы Айкенжан?!
— Үйбай қалқам-ау, ұмытып қала қойғаның ба, ана біздің қызды! Дұқтырлықта оқып жатқан.
— Е-е!.. Жоқ, апа! — Сейсен бұрылып жүре берді.
Бибі апа күбір-күбір етті. Енді кімнен сұрайды. Автобустың шофері ерніне темекісін қыстырып тысқа шықты. Аспанға қарап созылта ысқырып қойды. Бибі апаға көзі түсіп:
— Что, апа! — дейді.
— Ә, балам, Алматыда қыз оқиды. Хат жоқ! — деді Бибі апа өзінше толық орысша сөйледім санап.
— А, кизимка, кизимка джигит найдет, небеспокойся, апа!
«Ой, төбеңнең ұрсын!».
Бибі апа үйге қайтты. Малын жайлап кеспе қайнатты. Немересі екеуі біресе ұрсып, біресе шүйіркелесіп отырып ыстық ішті. Сөйтіп жүргенде жататын уақ болды. Шам сөнгенсін де Бибі апа ұйықтай алмады. Алыста жүрген «қарғаларынын» амандығын тілеп тәңірге көп жалбарынды. Ойына қайқайдағы түсті. Көз алдына жан түршігер суреттер елестеді. Біресе Қаумен қарда малын қайтара алмай жүрген болып көрінеді. Қар. Боран. Ызынаған дала. Байғұс баласы малының о шетіне бір, бұ шетіне бір жүгіріп айқайлайды. «Апа!» — деп айқайлайды. Бибі апа: «Әй, аллай!» — деп көкірек айыра күрсінеді. Біресе қараңғы көшеде жалғыз Айкенін қолында пышағы бар адамдар қоршап алған боп елестейді. Пышақ жарқ етеді. «Апа!» — деп шыңғырған Айкенжесінін даусын құлағы естігендей. «Әй, аллай-ай!» деп тынысы қалтырап күрсінеді. Көзінен еріксіз ыстық жас шұбырады.
Бибі апа түн ортасында талықсып ұйықтап кетіп еді. Ауыр-ауыр түстер көрді. Әлсін-әлсін шошып оянғанда, қара су болып терлеп жатқанын байқады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру