Мазмұнға өту
Home

"Ақ сүт" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

"Ақ сүт" жинағынан

Қанипа Бұғыбаева — «"Ақ сүт" жинағынан». ІЗДЕР

/uploads/a82e9d96-8595-5c15-8f9d-a9955aac35bb/cover.png

ІЗДЕР

Бір соқпақтан бір соқпақты іздесем,

Айқыш-ұйқыш заман басқан із кесем.

Сол жолдардың төсінде өскен, құрбыжан,

Өтінемін, бір тал гүлді үзбе сен!

Жолдар, жолдар табан сүйген не түрлі,

Көз алдыма түрлі сурет келтірді.

Тартсам деймін төменнен бір биікке,

Маңдайымнан тамған терден көл тұрды.

Ертеңімнің көріп ізін бүгіннен,

Уақыт қысқа, уақыт қамшы, жүгірем.

Өмір менің сүйеушім де, демеушім,

Сол себептен өмірге мен жүгінем.

Дәуір салған іздің көріп аумағын,

Ыстық тартып, үстіне сан аунадым.

Осы жолдан дүниеге кеш келіп,

Ата-бабам сыбағасын дауладым.

Бола алмаспын бір тірі жан сан үшін,

Менің де бар жарды соғар ағысым.

Асқақтаған арманымның дауысын,

Кім де болса сонадайдан танысын.

Арман, арман асу бермес көп өткел,

Кей жүректі сол арманнан кем еткен.

Жатыр әне, үлкен жолмен жалғасып,

Өткелді өмір сеніменен мен өткен.

Сезінбеймін көңілімнен күз демін,

Әр қабақтан күн арайын іздедім.

Тарсам деймін төменнен бір биікке,

Айқыш-ұйқыш тіршіліктің іздерін.

АҚ СҮТ

Ақ сүт, алғашқы мен емген,

Аналық аспанды көкірек.

Қан тамыр айналған денеден,

Ембеймін сәби боп екі рет...

Ақ сүт, тіршілік талшығы,

Сол үшін мен оған бас ұрам.

Ақ сүт, мөп-мөлдір таң шығы,

Аналық бойдан тасыған.

Ақ сүт, ақ теңіз шешемнің,

Ақ төсін айырып басталған.

Күніге өлшеусіз неше емдім,

Кезім жоқ өмірде аш қалған.

Ақ сүт, алғашқы анадан,

Мейірім бұлағы тараған.

Ол сәуле оянған санадан,

Сарқылмас мен одан нәр алам.

Ақ сүт, тазалық ардағы,

Алаңсыз қаймағы шаттықтың.

Ақ сүт әлемнің арманы,

Азығы ол балалық пәктіктің.

Ақ сүт, адамды уаттың,

Бірімін адамның уанған.

Ақ сүт, көктегі шуақ күн,

Тіршілік тамырын суарған.

Жер-ана саусағы гүл өрген,

Сабағын күн тарап көктеген.

Өтеусіз өміріме бір емген,

Анамның ақ сүтін көп көрем.

Ақ сүтті кірлеуден сақтанам,

Ақ сүтті ақ сүтпен ақтаймын.

Аналар ақ сүтін сатпаған,

Мен де оны балама сатпаймын!

ТҮНГІ ОТТАР

Түнгі оттар, түнгі оттар тірі ұшқын,

Жанады жалындап өрлеп тек.

Қарашы, сонау бір қыр үстін,

От кілем оранған өрнектеп.

Күндерім сан тарау бүркеп із,

Жалындар өрге тік бойлаған.

Жер деген қап-қара бір теңіз,

Ал оттар ақ шабақ ойнаған.

Түнгі оттар құбылар көп өңге,

Құбылар көп өңге не түрлі.

Шыңырау түскен бір тереңге,

Шар айдың сәулесі секілді.

Түнгі оттар жанады жаңғырып,

Жарқырап әжімді жол маңдай.

Сөнбеген, сөнбейтін мәңгілік,

Адамдар асыққан армандай.

Түнгі оттар кеудеме жақшы үміт,

Үміт те өзіңдей жүреді.

Жаныңда жалғанған жақсылық,

Түнгі оттар тіршілік жүрегі.

Түнгі оттан оранып әр мекен,

Толқыды далада от қандар.

Жүрегін жұлып ап бар ма екен,

Жер төсін алғашқы жаққандар!

ЛАБАСЫҒА

Емшек тау, ақ бұлт емген Лабасы,

Төнеді төбесінен күн анасы.

Жатыр ол қарсы алдымда жонын керіп,

Секілді арманның ту мұнарасы.

Толқын тау, толқын бұлт, егіз бейне,

Көркіне көз бойламай жол іздей ме.

Бұлт әппақ, тау қара боп беттескенде,

Көбікті жанды, жансыз теңіз бейне.

Сырға сыр, ойға ойлар алмастырып,

Жібердің мені өзіңмен жалғастырып.

Сыңаймен әр таң сайын сәлем күткен,

Төрде отыр кәрі атамдай малдас құрып.

Емшек тау ақ бұлт емген Лабасы,

Төнеді төбесінен күн анасы.

Мен үшін айтылмас ән, жазылмас жыр,

Соғылған сұлулықтың мұнарасы!

Ақ қайыңдар сыр шертеді ырғалып,

Көкте жұлдыз бір өшеді, бір жанып.

Қарай берем тіл қата алмай өзіңе,

Қара көздің қиығымен ұрланып...

Ай барады бұлт қойнына ақ маңдай,

Жұлдыз нөкер қол соғады дәт қалмай.

Мен жеткізбес сырды саған осынау,

Қыз табиғат түсіндіріп жатқандай.

ТАУ ШАЛЫ

Өзі туған таудай тұлға сом біткен,

Көтерілмес оңайлықпен қабағы.

Кейбір кезде жолаушыдай жол күткен,

Бір ноқатқа ұзақ қарап қалады.

Таулар түстес үстіндегі шапаны,

Өңірімен жел саусақтар ойнаған.

Өзі туған тау сүңгісі – сақалы,

Маңдайына сай-сай әжім бойлаған.

Сәлем берсең жауабы да тым қысқа,

Серігі оның күні бойы үнсіздік.

Оның сөзі ұқсайды бір жыл құсқа,

Неткен ауыр үлкендегі тілсіздік.

Жылылық жоқ сыртқа тепкен түсінде,

Сол баяғы шөгіп қалған бір таудай.

Не болса да бар асылы ішінде,

Сырт адамға я керең, я мылқаудай.

Өмір ізін толқын таулар жасырып,

Бұлттан көрпе, шыңнан жастық бүктеген.

Тағдыр талай, маңдайына тас ұрып,

Тал басына тау міндетін жүктеген.

Үнсіз ғана көзі өткеннен көл жиып,

Жан дүниесі күйге түсіп не түрлі.

Ол отырса қабақ түйе, қонжиып,

Таудың тірі көшірмесі секілді!..

Жапырақтар үзіледі желменен,

Үзілген бір үміттей.

Жазғы таңмен жарын ойлап келмеген,

Мұңаяды жігіт кей.

Күзгі күнмен қалтырайды бұйығып,

Ашық мінез ақ айдын.

Жапырақтар жатыр жерге құйылып,

Тағдыры ұқсап талайдың.

Жастық айлар жақсы еді ғой бір кезде,

Білсең ерте қадірін.

Сезгің келсе, көктемді күт, сырды өзге,

Жеткенінше сабырың.

Жапырақтар билейді күз желімен,

Жер сұр бояу орансын.

Бір кездегі сонау көркем көлінен,

Кеткен құстар оралсын!..

КӨҢІЛ САЗДАРЫ

Көңіл бір жел толассыз үрлеп ескен,

Сезімім жалғыз бұта шайқалатын.

Жүрек жер ғой, көтерер үндеместен,

Жүрек болып жан шіркін жай табатын.

Құмарлық, нәпсі егіз сезімді ұрған,

Көңіл жеңге, алданғыш арадағы.

Жеңсе ерікті, болар ем өзім құрбан,

Ар бетіне жағылған қара дағы.

Сұлу күлкі сүйкімді-ақ күміс үнді,

Сұлудан бір сұлу бар сиқырлаған.

Маған сәт салып көзін гүл ұсынды,

Гүлдер, гүлдер жанардан ұйқы ұрлаған.

Гүлдер сұлу иіскеп сұқтанамын,

Өмірді гүл деп неге түсінбеймін.

Өмірден өмір болып жүкті аламын,

Мен жалған сұлулыққа кішірмеймін.

Көңіл, сезім құмарлық ар заңынан,

Аспайды, сыртқа шықтап сыр ұрлайды.

Шығар ем, жүрегімнің ар жағында,

Ақыл, сабыр қой-қойлап сыбырлайды.

Бір күнім өтсе, бір жасым,

Кемігендей екен-ау.

Өмірім имей тұр басын,

Бас ию де бекер-ау.

Күндерім өтпек әрі үдей,

Жауабын жинап алады ай.

Өткен күнгі кәрідей,

Келер күнге баладай...

СЫР

Қырдағы шоқ қызғалдақтай қыз едік,

Қанат жайып біз де бойды түзедік.

Көзімізде көктемдей бір күлкі ойнап,

Қабақтарға көрмеп еді-ау күз еніп.

Біздер жүрген сонау жалды сай-адыр,

Тербетеді бір ырғақпен ояу жыр.

Ортақ болып сырымызға ұзатқан,

Ай жеңеше орнымызда ояу жүр.

Кез жоқ еді-ау, таласқа бір қызбаған,

Жүрек бар ғой, сондықтан да қыз да адам.

Қырын қарап көрсе де боп көрмеген,

Кей жігіттер қарамаса, біз де оған...

Қызығы мол берсек сол бір күнге есеп,

Жыламасақ, осы кезде күлмес ек.

Үміт артып жол үстінде қиынға,

Солқылдаушы ек, қол ұстасып жүрмесек.

Қыз күндерім, аңғырт өткен, о, қайран,

Сапыратын жалын жаным от-ойран.

Болашаққа жол сызушы ек көңілмен,

Аулақ қалып, күңгірт сезім, жат ойдан.

Біз бір едік, жүзуші едік бір көлде,

Біз деген бір сөзімізде тұр көмбе.

Қызық көріп басымызға орамал –

Тартушы едік, десе де әжем, бүркенбе!

Жастық шағым, бүр ашпаған ой, көкмем,

Кеудемізге төңкерілген ай көктен.

Мен білмеймін, сырт көздерге ертелеу,

Қайсымыз боп көріндік бойжеткен.

Қыз күнімше кейде кетер жүргім кеп,

Көкірегімде ұшпа құс күй күмбірлеп.

Өмір заңы қатал екен, қыздар-ай,

Бір-бір елге кете бердік, бір-бірлеп...

Жылдар-жылдар бетке әжімін сызады,

Жылдарға адам сол үшін де ызалы.

Көңілдерің қандай, қазір достарым,

Менің көңілім үркек елік, қыз әлі...

Қайғырмаймын, қабағымды күз етіп,

Қателігін қызба кездің түзетіп.

Біз отырмыз ана болып сақшыдай,

Бір-бір үйдің шаңырағын күзетіп!..

Тыныштық.

Далада түн.

Ұйқым қашқан,

Кеудеме келеді бір күй тынбастан.

Самала сан сәулесін ойнатады,

Жұлдызды, жұмбағы мол сиқырлы аспан!

Жалғызбын.

Сендік сезім тұрды айықпай,

Өзіңді өзімменен бірге айыптай.

Қиялым айдын көлмен теңселеді,

Толқынға қарсы жүзген бір қайықтай...

Сабырсыз жүгіреді қайда көңіл,

Әнеки салқындатты ай да өңін?

Құйындай байлауы жоқ, тұрағы жоқ,

О, сәулем, көз алдыма ойнады о күн.

Тағдырдан сыбаға осы, тиер маған,

Ойланған, оңаша қап, қиялдаған.

Басқаны алғашқы арман серігіндей,

Зорланып күйіп-жанып сүйер ме адам.

Тыныштық, далада түн сезімді үрген,

Келмейді сабыр алып төзім бірден.

Таңым-ау, менің көңілім сені іздеген,

Сазан ай, түн көгінде кезіп жүрген...

Болса ауыр махаббат жүгі тым,

Сәл тынық, отырып, жігітім.

Сен үшін мен шаршап көрейін,

Сөнгенше ақырғы үмітім.

Жаныңнан бір жаңа саз ұқтым,

Демеймін уақытты аз ұттым.

Ұшындай қиялдың жеткізбес,

Бір арман байланар қазықпын.

Бақытты қандай жан тілемес,

Жанымда бір үлкен жүр елес.

Қыз жаны қырдағы сен айтқан,

Иіскеп тастайтын гүл емес.

Болса ауыр махаббат жүгі тым,

Сәл тынық, ұйықтап, жігітім.

Самал боп оятып алайын,

Сөнгенше ақырғы үмітім...

Жайлар көп әлі жаным, сен білмеген,

Өзіңді білемінге сендірмеген.

Рұхсатсыз кіріп келдік арман артып,

Бақыттың отауына ендірмеген.

Білместік күйдіреді, күлдіреді,

Кірпікке күміс моншақ ілдіреді.

О, ғажап, мойнымызға шаңырақтан

Сұлудай оралады күн білегі.

Сыр оқып туған жердің әр тасынан,

Өмірдің сыбаға алдық қалтасынан.

Келіңдер, іздегендер бақыт кілтін,

Есікті ашып қойдық шалқасынан.

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР
* * *
Көзінен көкте бұлт жас парлатып,

Шаншылды бір қою бұлт асқарға тік.

Бет тосып қарсы алдынан тас бұлақтың,

Кеткендей қойынына аспан батып...

Еркекпін деп ол ұрсады әйелге,

Осы үйде менен күшті кім дейді.

Бұл дүниеге сол әйелде әуелде,

О, жасаған, жаралғанын білмейді!..

Бел тұтатын біреулер бар мансабын,

Санайтұғын өзге алдында тау басын.

Мансап деген ақ көбікті ол сабын,

Жуып өтсе келтірмек бір тәубасын...

Қабағына кейбіреудің суық тым

Қарап тұрып мен де қабақ суыттым.

Уақытпен түспей жаның әр күйге,

Бұл өмірге ат шалдырмақ суыт кім?!

Айқасып аппақ білектер,

Жазылса қайта мен емес.

Өмірін ұқса жүректер,

Махаббат ұстаз тілемес.

Күйіп-жанған қайда қазір құмарлық,

Көздің алдын әкететін тұман ғып.

Бізде бар тек, құпия бір қимастық,

Бізде бар тек ерекше бір сыйластық.

Бізде бар тек бойға сіңген сабырлы үн,

Соны түсін, түсін соны қадірлім!..

Іңкәрлікті мендегі бар тергесең,

Неге апарып, неге теңеп, шектеймін.

Көк нөсер боп құйып өтсең жерге сен,

Көктем болып көріктене көктеймін.

Түсім бе бұл, әлде, жаным, өңім бе,

Көңіл деген аунақшиды сан күйге.

Қандай қиын, қандай қызық, өмірде,

Ана болу алғашқы рет сәбиге...

Біртін-біртін орын теуіп таң көшіп,

Үзілмейді үйімнен бір ән-күйім.

Тербеледі сықыр-сықыр тал бесік,

Жалғасады әлдиіме әлдиім.

Түн көгінен әйнегіме тамып шық,

Дала жатыр тартып түрлі таң күйін.

Түні бойы талып қарым, талықсып,

Тұңғышымнан өзім бұрын қалғимын.

Біртін-біртін орын теуіп таң көшіп,

Көкірегімде күмбірлейді мол ағын.

Тербелгенде сықыр-сықыр тал бесік,

Бір өмірді тербеткендей боламын.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙