"Эйнштейн. Ғылым жасаушы ғалым"
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мырзагелді Кемел — «"Эйнштейн. Ғылым жасаушы ғалым"» (Көркем әңгіме). ЭЙНШТЕЙН. ҒЫЛЫМ ЖАСАУШЫ ҒАЛЫМ
ЭЙНШТЕЙН. ҒЫЛЫМ ЖАСАУШЫ ҒАЛЫМ
Өшпейтін идеялар мен ерекше мінез иесі Альберт Эйнштейн – теориялық физиканың негізін қалаушылардың бірі, 1921 жылғы Нобель сыйлығының иегері, атақты ойшыл және қоғам қайраткері, әлемнің алдыңғы қатарлы 20-ға жуық университеттерінің құрметті профессоры.
Жылу сыйымдылығының және фотоэффект кванттық теориясын жасады және Бозе-Эйнштейн кванттық статистика теориясы, Броун қозғалысының статистикалық теориясы, флуктуациялардың теориясын негіздеді.
Конец формы
Начало формы
Жылдар жылжыған сайын биіктей беретін ғасыр адамдарының бірі – данышпан Альберт Эйнштейн 1879 жылдың 14 наурызында қарапайым еврей отбасында дүниеге келді.
Ол үш жасқа дейін сөйлемеген екен. Оның зерттеушілері мұны көру санасының сөйлеу санасынан ерте қалыптасқанымен түсіндіреді.
Алғашқы білімді Альберт Эйнштейн жергілікті католик мектебінде алады. 12 жасында ол терең діншілдіктің күйін кешеді, алайда тез арада атақты ғылыми кітаптарды оқып білімін жетілдіреді. Бұл мектепте оған барынша діни түсініктерді таңуға тырысса да, кейін оның ғылыми кітаптарға ынтызары ауып, ақыры ғылым жолына бет бұрады. Эйнштейн балалық әсерлерін Евклидтің «Құбылнама», Иммануил Канттың «Таза ақылдың сыны» еңбектерін есіне алып отыратын. Анасының бастамасымен ол алты жастан скрипкада ойнаумен шұғылданған. Эйнштейннің музыкаға деген ынтасы өмір бойы сақталды. Германиядан оралған ғалым және мәдениет қайраткерлерінің пайдасына АҚШ-тың Принстон қаласында 1934 жылы Альберт Эйнштейн Моцарт туындыларын скрипкада ойнап қайырымдылық концертін береді.
Гимназияда Альберт үздік оқушының санатында болмады. Ол қиын оқушылар қатарына жатқызылып, оның тәртібі туралы мұғалімдер арасында көп әңгіме жүрген. Мұғалімдермен пікірталастыруға бейім тұратын ол математика мен латын тілі пәнінен басқа сабақтарға салғырт қарап, жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей оқыған. Оқушылардың материалдарды механикалық түрде жаттап алуда тамырланған жүйе (ол бұны оқу рухының өзіне және шығармашылық ойлауға зиян келтіру деп санаған), сонымен қатар, мұғалімдердің оқушыларға авторитарлық қатынасы Альберт Эйнштейнге жағымсыз әсер тудырды, сондықтан ол өзінің оқытушыларымен жиі таласқа түскен.
14 жасынан Швейцарияда тұрған болашақ ғалым 1895 жылы Цюрихтегі әмбебап колледжге оқуға түсуге әрекет жасап көреді. Дегенмен, сол жолы бағы жанбай қалып, оқу орны табалдырығын аттай алмайды. Келесі жылы қайта бағын сынап, сол жерде білім алуға кіріседі. Ғылым мен техникаға бейім Альберт білім ала жүріп, осы оқу орнында өзінің болашақ жары Марич Милевамен танысады.
Оқуын аяқтаған соң, Альберт біраз уақыт бойы тұрақты жұмыс орнын таба алмай әуреге түссе де, өзінің ғылыми ізденістерін тоқтатпай, жалғастыра береді. 1900 жылы орта мектепте сабақ берді, кейін патент бюросында сарапшы (1902 – 1909) болып қызмет атқарды. 1909 – 1911 жылы Цюрих университетінде, 1911 – 1912 жылы Прагадағы Неміс университетінде, 1912 – 1913 жылы өзі оқыған Цюрих колледжінде профессор болды. Пруссия Ғылым Академиясына сайланғаннан кейін (1913) Берлинге көшіп келді (1914). Мұнда ол 1933 жылға дейін тұрды. 1933 жылдан өмірінің ақырына дейін Принстондағы (АҚШ) Іргелі зерттеулер институтының профессоры болып жұмыс істеді.
1901 жылы өзінің алғашқы "Капилярлылық теориясының салдары" атты мақаласын жариялайды. Тура төрт жылдан соң, 1905 жылы салыстырмалылық теориясы жұртшылыққа таныстырылады. Осы жылы Эйнштейннің 3 атышулы мақаласы жарық көреді. Бұл теория ол кезде «Арнайы салыстырмалылық теориясы» деп аталған еді. 10 жыл өткен соң, жалпы салыстырмалылық теориясы пайда болып, бүкіл жер жүзіне белгілі күйге енді. Басқаша айтсақ, осы жылдары Энштейн бүкіл ғылымды дүр сілкіндіріп, теориялық физиканың жаңа дәуірін бастап берді.
Эйнштейн жаңа сала – релятивистік космология және «Бірыңғай өріс теориясымен» айналысты, оның ойы бойынша гравитацияны, электр магнетизм мен микроәлем теориясын біріктірді.
Тойып тамақ ішпеген, өзіне қарайтын ешкім болмаған, өте қауырт ой еңбегінен қалжыраған Эйнштейн бірқатар аурулармен ауырды – бауыры ауырып, асқазан ойығы ауруымен, кейін сары аурумен ауырды, жалпы әлсіздікке ұшырады. Ол бірнеше ай бойы төсектен тұрмады, бірақ белсенді жұмыс істеуін жалғастыра берді. Бұл кезде Милевадан бөлек тұратын еді.
Үйленерден 2 жыл бұрын, 1901 жылы Эйнштейн өзінің сүйіктісіне былай деп хат жазыпты: «…Мен ақылымды жоғалттым. Өліп барамын, махаббат пен құштарлықтан өртенудемін. Сен бас қойып жатқан жастық менің жүрегімнен жүз есе бақытты! Сен түнде маған келесің, бірақ түсімде ғана...».
Солай басталғанымен салыстырмалылық теориясының әкесі махаббатта да салыстырмалылық бар екенін дәлелдегендей, екеуінің арасы тез суыған. Тіпті некелеспей тұрып-ақ екеуінің арасында үйлесімсіздік туындаған. Үйленбей жатып ол: «Егер тұрмысқа шыққың келсе, менің мына шарттарымды қабылда:
- біріншіден, менің киімім мен төсек-орныма қамқорлық жасайсың;
- екіншіден, менің кабинетіме күніне үш мезгіл тамақ әкеліп тұрасың;
- үшіншіден, қоғамдағы әдеп қағидалары үшін керектілерден басқа кезде, менімен барлық жеке қарым-қатынастан бас тартасың;
- төртіншіден, мен өтінген кезде жатын бөлмем мен кабинетімнен шығып кетесің;
- бесіншіден, ешбір қарсылықсыз мен үшін ғылыми есептерімді орындайсың;
- алтыншыдан, менен ешбір сезім ұшқынын күтпейсің».
Милева осы қорлық ұсыныстарды қабылдап, бірге болған кездері адал әйел және бағалы көмекші бола біліпті.
Сондай кездері оның жағдайына қараған анасы жағынан немере, әкесі жағынан шөбере қарындасы Эльза Эйнштейн-Ловенталь болды. Ол Альберттен үш жас үлкен, екі қызымен ажырасып отырған әйел еді. Альберт пен Эльза бала кезден дос болатын, жаңа жағдайлар оларды бұрынғыдан да жақындастырып кетті. Мейірімді, жүрегінің жылуы мол Эльза өзінің атақты інісін қарауға бар ынтасымен кірісті. Эйнштейн бірінші әйелімен ажыраса сала, олар үйленді. Альберт Эльзаның екі қызын өз атына жаздырып алып, оларға жақсы қарады.
1919 ж. күзде ағылшын экспедициясы Артур Эддингтон күн тұтылған сәтте Эйнштейннің болжаған Күннің тартылу өрісінде жарықтың ауытқуын белгіледі. Бұл ретте өлшенген мәндер Ньютонның тартылыс заңына емес, Эйнштейннің тартылыс заңына бағынады. Сенсациялық жаңалықты барлық Еуропа газеттері басып шығарды. Эйнштейннің даңқы жоғары белестерді бағындырып, әлемге таралды.
1920 ж. мамырда Эйнштейн Берлин ғылым академиясының басқа мүшелерімен бірге мемлекеттік қызметші ретінде ант қабылдады, заң бойынша Германия азаматы болып саналды. Алайда Швейцария азаматтығын өмірінің соңына дейін сақтады. 1920 жылдары барлық жерден шақыртулар алды, Европаны көп аралады (швейцарлық төлқұжаты бойынша), ғалымдар мен студенттер үшін дәрістер оқыды. 1921 жылы АҚШ-қа барды, дәрежелі қонақ ретінде Конгрестің арнайы құттықтау қарары қабылданды. 1922 жылдың соңында Үндістанға сапар шекті, Тагормен көп араласты, Қытайға барды. Қысты Жапонияда қарсы алды. 1923 жылы Иерусалимде сөз сөйледі, онда Еврей университетін ашуды ұсынды.
Эйнштейн физика саласы бойынша Нобель сыйлығына бірнеше рет ұсынылды, алайда Нобель комитетінің мүшелері оған соншалықты революциялық теориялары үшін сыйлық беруге ұзақ ойланды. Ең ақырында дипломатиялық шешім қабылданды: 1921 жыл қорытындысымен сыйлық Эйнштейнге фотоэффект теориясы үшін, яғни ешқандай даусыз және өте жақсы жүргізілген жұмыс эксперименті үшін берілді; сыйлық беру мәтінінде мынадай қосымша сөздер болды: «…теориялық физика саласындағы басқа жұмыстары үшін». Әрине, Эйнштейн Нобель сыйлығын алу кезіндегі дәстүрлі сөзді салыстырмалылық теориясына арнады.
Эйнштейн 1926 жылға дейін физиканың көптеген салалары бойынша жұмыс істеді, атап айтқанда, космологиялық модельден өзеннің бұралаңдарына дейінгі себептерін зерттеумен айналысты. Әрі қарай, ол «Бірыңғай өріс теориясы» мен квантты проблемаларға күшін шоғырландырды.
Үлкен тұлға ретінде және жалпыға танымал беделінің арқасында Эйнштейн осы жылдары әр түрлі саяси акцияларға қатысты, онда ол әлеуметтік әділдік үшін, интернационализм және елдер арасындағы ынтымақтастық үшін сөз сөйледі. 1923 жылы мәдени байланыстар қоғамын ұйымдастыруға қатысты. Еуропаны қарусыздандыру және бірігу, міндетті әскери қызметті жою туралы бірнеше рет бастамалар көтерді.
1929 жылы бүкіл әлем Эйнштейннің 50-ге толғанын салтанатты түрде атап өтті. Мерейтой иесі салтанатты шараларға қатыспады, Подстамға жақын өзі қызығушылықпен гүлдер өсіретін үйінде жасырынып жатты. Осында өзінің достары – мәдениет және ғылым қайраткерлері Рабиндранат Тагор, Эммануил Ласкер, Чарли Чаплин және т.б. басқаларды қабылдады.
Теориялық зерттеулерден басқа, Эйнштейнге бірнеше өнертабыстар тиесілі, соның ішінде: өте шағын кернеулер өлшегіші (Конрад Габихтпен бірге); фотоға түсіру кезінде экспозиция уақытын анықтайтын автоматты құрылғы; бірегей есту аппараты; шусыз тоңазытқыш (Силардпен бірге); гирокомпас, т.с.с. заттарды ойлап тапты.
Гитлер билік басына келгеннен кейін Эйнштейн фашизмнің өріс алып келе жатқанына қарсылық ретінде 1933 жылы Германиядан біржола кетіп, отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды. Кейін ұлтшылдыққа қарсы неміс азаматтығынан және Пруссия мен Бавария ғылым академиясына мүшеліктен бас тартты.
Эйнштейн АҚШ-та елдің ең белгілі және құрметті адамдарының біріне айналды, данышпан ғалым деген атағы өрледі. 1934 жылы қаңтарда ол Ақ үйге президент Франклин Рузвельтке шақырылды, онда жылы қарым-қатынастағы кездесу өтті. Эйнштейн күн сайын мазмұны әр түрлі жүздеген хат алды, осы хаттардың барлығына (тіпті балалар жазған хаттарға да) жауап беруге тырысты. Әлемге танылған атағы бар табиғи ғалым күнделікті өмірде қарапайым, ашық, мейірімді және аса қатты талап қоймайтын адам күйінде қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Эйнштейн бейбітшілікті көп насихаттауға бет бұрды. Ол адамдардың жадында тек ұлы физик ғалым ретінде ғана емес, сондай-ақ, бейбітшілік, теңдік, қайырымдылық, жанашырлық және т.б. жалпы адамзаттық құндылықтар үшін күрескер ретінде де қалды.
Конец формы
1952 жылы Израиль президенті Хаима Вейзманна қаза тауып, Израиль премьер-министрі Давид Бен-Гурион Эйнштейнге Президент лауазымын ұсынған. Қазіргі күнге дейін Израиль Президентін Парламент дауыс беру арқылы таңдайды. Эйнштейн бұл ұсынысқа: «Израиль мемлекетінің ұсынысына ерекше қуаныштымын, өкінішке қарай, оны қабылдамауға міндеттімін», - деп жауап хат жазған.
1952 жылдың 14 наурызында Сейсс атты фотограф Эйнштейннен ойланып отырған түр көрсетуін (бір деректерде, камераға қарап жымиюын) өтінеді. Бұл сөзге Эйнштейн тілін шығарып жауап берген. Осы әрекетімен Альберт ғалымдардың тек ой түбіне тереңдеген ойшыл ғана емес, өмірге құштар қарапайым адамдар екенін де көрсеткісі келген. Сурет жария болғаннан кейін ғалым оның ең сәтті сурет екенін мойындаған. Қоғамда қалыптасқан ғалым бейнесі туралы стереотип ойшылды мезі етсе керек. Бұл суретті Эйнштейн өз достарына жаңажылдық құттықтау хаты ретінде жіберген. Барлығы 9 түпнұсқа сурет басылып, 2009 жылы оның біреуі 74 000 долларға сатылған екен.
Эйнштейннің ойлау тәсілі ерекше болатын. Ол эстетикалық белгілерден әсем мәнерсіз және үйлесімсіз идеяларды бөліп қарап, оны үйлесімділік қалпына келетін жалпы қиғидатқа алып келетін. Сөйтіп объектілер өзін қалай ұстайтынына қарап болжам жасайтын. Мұндай тәсіл таңырқарлық нәтижелер беретін.
Ғалым өзінің мәселеге сырттан қарайтын іскерлік қабілетін жетілдіруші еді, оны күтпеген қырынан көріп, оңтайлы жолын табатын. Ол тығырыққа тіреліп қалған сәттерде скрипкада ойнайтын, сонда оның басына мәселенің шешімі өзінен-өзі келе қалатын.
Эйнштейн олпы-солпы киініп жүре беретін. Бірде ол былай депті: «Жас кезімде мен бас бармақтың шұлығымда тесік табуға әдеттеніп кеткенін көрдім. Содан кейін шұлық кимейтін болдым». Ол, тіпті, президент Рузвельт өзіне шақырғанда да бәтіңкесін шұлықсыз киіп барыпты.
Ғалам туралы адамзат түсінігін өзгерткен ғалым Альберт Эйнштейн 1955 жылы 18 сәуірде 1 сағат 25 минутта 77 жасқа қараған шағында Принстонда аорта аневризмінің жарылуынан қайтыс болды. Көз жұмар алдын жазған хатында: «Мен Жердегі тапсырмаларымды орындадым» деген сөзді жазған.
Жеке басқа табынудың қандайда бір түрін қабылдамағандықтан, ол шулы рәсімдермен ұлан-асыр жерлеуге тыйым салған, сондықтан жерлейтін орны мен уақытын жарияламауын өтінген. 1955 жылы 19 сәуірде көпшілікке жария етпей ұлы ғалымды жерлеу рәсімі атқарылды, оған бар болғаны ең жақын 12 досы ғана қатысты. Оның денесі Юинг-Семетери крематорийде өртелді, ал күлін желге шашып жіберді.
Эйнштейн бір ойды қуып кеткен желікпе (маньяк) адам ғана айтарлықтай нәтижеге жете алады деп санайтын. Ол өзі өлген соң миын зерттеуге келісім берген.
Ойшыл ірі болған сайын, оның өмірбаянында дәуір ерекшеліктері сондай айқын көрінеді, өмірбаяны тарихпен шынайы ұштасып жатады. Әрі қарай әлемді онсыз елестету мүмкін емес. Болашаққа үңіле қараған сайын Эйнштейннің шығармашылығының және одан шығатын идеялардың тиімділігі өшпейтіндігіне сенімді болуға болады.
Эйнштейнді білетін жұрт өте кішіпейіл, жайдары жан болғандығын айтады. Өте абыройлы ғалым болса да, өзінің де қателесуі мүмкін екендігін әрдайым мойындап, диалогтан еш қашпаған.
Кемеңгердің өмірі адамның, адамның болмысының ұғымын жүзеге асырып қана қоймайды, сонымен бірге біріктіреді және кеңейтеді. Данышпанның өмірі едәуір жалпы түрде адам идеалын нақтылы көрсетеді. Тек қана, мұндағы жалпылау анықтамалар мен өзгешеліктердің байлығынан кедей абстракцияға көшуін білдірмейтіндігін аңғару керек. Керісінше, едәуір жалпы түрде адам идеалы көрсетілген сайын, жарқын және әсерлі болып көрінеді.
«Адамның құндылығы оның неге қол жеткізгенімен емес, не беретіндігімен анықталуы керек. Табысты емес, қажетті адам болуға тырысыңыз» деген Альберт Эйнштейн, өзінің ғылымға арналған өмірінде осы ережелерді өзі де ұстанды.
Күнделікті жағдайда ғалым шамадан тыс сабырлы, өзін шектеп тастаған адамдай көрінетін. Барлық сезімдердің ішінен өзіне риза өмірсүйгіштігі ерекше еді. Жанында біреу мұң шегіп отырғанын қаламайтын. Көргісі келмейтін нәрсені көрмейтін. Бірақ жағымсыз жағдайларға байсалдылықпен қарайтын. Жағымсыз нәрсені жеке жоспардан алып, жалпы жоспарға өткізуге болады деп санайтын. Мысалы, өзінің ажырасудан болған қайғысын, халық басынан кешіп жатқан соғыс жағдайымен салыстыратын. Сезімдерін басып тастауға Ларошфуконың «Максимдер» атты еңбегі жәрдем беретін, ол бұл кітапты қайта-қайта оқып отыратын.
Ол «мен» деп сөйлейтін, «біз» деген сөзді ешқашан қолданбайтын, ешкімге айтуға да рұқсат бермейтін. Жақын бір досы әншейінде сабырлы Эйнштейннің «біз» деген тыйым сөзді айтқаны үшін әйелі Эльзаға долданып ұрысып жатқанының үстінен шыққанын айтады. Ол Эльзаға: «Өзің туралы айтуға болады, мен туралы айтуға болады, тек біз туралы бір сөз айтушы болма» депті. Осы арқылы ол толық тәуелсіздікті қалайтынын көрсетті.
Өзін жалпылама пікірлерден аулақ ұстау үшін, Эйнштейн жалғыз болуды қалайтын. Бұл – жас күнінен қалған әдет еді. Ол өзіне қолайлы өз әлемін жасап алатын да оны нақты өмірге қарсы қоятын. «Егер ағын су сіздің храмыңыздың баспалдағына жетсе есікті жабыңыз да күліңіз. Ашуға ерік бермеңіз, храм ішінде киелі қалпыңызда қалыңыз» дейтін кеңесті ұстанатын.
Оның юморы мен жайша айтыла салған сөздерінде жай адамдарды мазасыздандыратын құмарлықтың ұшқыны да болмайтын, ондай ойларға оның уақыты да болмады.
Оның хаттары қысқа және құрғақ сөздерден тұрады екен.
Ерекше құбылыс иесі болған данышпан өмірде аңқау және қарапайым болған. Ол барлық уақытта істі беріліп атқаратын. Балаларын жұбатып отырып та қағаз жазып, формулалар құрастырып отырады екен. Өстіп отырып үлкен баласының сұрақтарына жауап беріп, кішісін тізесіне салып тербететін болыпты.
Оның бойынан ылғи да бір балалық тазалық лебі есіп тұрады екен.
Ол үй ішінде ақиқаттың тынышын алып, қорқытып алатындай болып, ұсақ қадамдар жасап, жәйімен тыныш қана аттайды екен.
Эйнштейн асүйде отырып, скрипкада Моцарттың әуендерін ойнап демалуды сүйеді екен.
Өмірінің екінші жартысында, ақылы ештеңемен шектелмегенде, денесі алдын-ала бекітілген ережелерге бағынбағанда, Эйнштейн ерекше транс жағдайында болыпты – оятқанша ұйықтайтын, ұйықтауға кеңес берілмесе отыра беретін, тоқтатқанша тамақ жей беретін қалыпқа түсіпті.
Өмірінің соңғы жылдарында Эйнштейн Бірыңғай өріс теориясын жасаумен айналысты. Оның басты мағынасы – бір ғана теңдеумен үш іргелі күштің: электромагниттік, гравитациялық және ядролық күштің өзара әрекеттесуін зерттеді. Бұл күтпеген жаңалық Эйнштейннің өз еңбегін өзі отқа жағып жіберуге итермелеген секілді. Салыстырмалылық теориясының өзінің ұзақ таластардан кейін өмірге енгенін басынан өткерген ғалым, сол кереғарлықтан құтылғысы келді ме, кім білсін?! Енді бұл қандай еңбектер екенін ешкім білмейді. Бұл құпияны ұлы физик өзімен бірге ала кетті.
Эйнштейннің ғасырдың ұлы данасы ғана емес, ұлы беделі екеніне күмән жоқ.
Ол – адамдардан биік тұратын данышпан ғана емес, данышпан-адамның өзі еді.
Кемерінен асып тұратын мол идеялар иесі Альберт Эйнштейннің арнайы айтпаған, бірақ адамды терең ойларға жетелейтін маңызды пікірлері тұстастары мен зерттеушілері молынан жинапты.
Эйнштейннің өзі 1953 жыл 25 қазанда: «Бұрын менің басыма менің кездейсоқ айта қалған бір ауыз сөзімді қағып әкетіп, жазып алады деген ой келмепті. Әйтпеген күнде мен өз ішіме бұдан да тереңірек үңілген болар едім» деп кетіпті.
Адамның қалағанына қол жеткізу мүмкіндігі жеңілдеген осынау заманда, сол қалаудың өзін саралап, солардың ішінен нені қаламауды білу қажеттігі өткірленді. Біздің пікірімізше, Эйнштейн осы екеуін бір-бірінен мұқият ажыратумен өмір сүрген.
Төменде біз Эйнштейннің адами және ғалымдық тұлғасын аша түсу үшін оның афоризмдері мен тосыннан айтылған сөздерінің бірқатарын ұсынып отырмыз. Бұл ойлар «адамдардан биік адам» (сверхчеловек) дегеннің не екенін түсіндіреді.
Біздің не айтқымыз келгеннің бәрі осы жерден табылады...
Басқа адамдар бізді ас-ауқатпен қамтамасыз етеді, киіндіреді, біз үшін үй салады. Сондықтан, әділеттілік үшін, біз оларға бұл істері үшін төлем ретінде, өзімізге ғана қанағаттану сезімін әкелетін емес, басқаларға да қызмет ететін жұмыспен айналысуға тиіспіз. Олай болмаса, біздің талаптарымыз қанша шектеулі болса да, жатыпішер арамтамаққа айналғанымыз.
Бүгінгі күніне өте риза, болашақ жайында көп толғанатын адам бақытты.
Даңқтан мен топастана түсудемін, бұл – өте кең тараған құбылыс.
Менің ойымша, адамдарға ақылы мен мінезінің шектен тыс қасиеттерін айтып, биік мінберге көтеру белең алып кетті, бұл – әділеттілік емес. Менің тағдырым да солай.
Бірақ, мен туралы қоғамдық пікір мен нақты қалпымның арасында қандай терең құз жатқанын ойлағанымда, күлкім де келеді, мұңға да батамын.
Егер менің салыстырмалылық теориям дұрыс болып шықса, онда Германияда мені неміс деп атайды, ал Францияда – әлем адамы дейді. Егер теориям дұрыс болмаса, онда француздар мені неміс дейді, ал немістер еврей дейді.
Мамандығым қандай? Натурщик.
Бақыт пен жайлылыққа мақсат ретінде ешқашан ұмтылған емеспін, мұндай этика шошқалықтың іске асуы деп санаймын. Менің өмір жолыма жарық беріп тұрған және уақыт сәтінде маған өмірдің алдында күлімсіреуге ерлік беретін: Ізгілік, Сұлулық және Ақиқат.
Менің барлық сыртқы да, ішкі де өмірім, көптеген өлі де, тірі де адамдардың еңбектерінің нәтижесі екенін күн сайын жүздеген рет өзімнің есіме салып отырамын. Сондықтан мен адамзат баласынан алған және алып келе жатқандарым үшін ешбір шаршаусыз жұмыс атқара беруге тиіспін.
Күнделікті өмірде мен жалғыздықтамын, бірақ жалғыздық сезімінен шындық, әсемдік пен әділеттілік үшін күресетін көзге көрінбейтін туыстастықтың құрамындамын деген тұрақты ой мені құтқарады.
Мен бүкіләлемдік категориямен ойлауға тырысқаныммен, түйсігім мен бейімділігім жағынан еуропалықпын.
Неге ешкім түсінбесе де, мен жұрттың бәріне ұнаймын?
Менің ғылыми жұмысымның мәнісі – табиғаттың құпиясын танудан басқа ештеңе де емес.
Менде ешқандай ерекше талант жоқ, тек әуестік қана бар.
Құпияға таңырқау – осы маған жеткілікті.
Менің математикалық түйсігім ең маңызды және негізгі мәліметтерді ешбір қателеспестен басқа немесе пайдасы азырақ мәліметтерден айыра алатындай онша мықты болған жоқ. Бірақ табиғатты зерттеудегі қызығушылығым күштірек болғаны күдіксіз... Бұл салада мен мәселенің негізіне алып баратынды, ақылыңды алдаусырататын көптеген түрлі ұсақ нәрселерден айыруды сезгірлікпен танимын.
Құдай маған жақсы сезім мен өгіздің қасарыспалығын берді.
«Біз» деген сөзге мен сенбеймін, өйткені:
- басқалар туралы ешкім «Ол – менмін» дей алмайды;
- кез-келген келісушілікте жалтарып кету бар;
- ұқсас болып көрінетін әрбір нәрсе түпсіз тұңғиықты жасырып тұр.
Көптеген мұғалімдер оқушының нені білмейтінін анықтауға уақытын кетіреді, мәселе мұғалім сұрақ қойғанда оқушының нені білетінін немесе нені білуге қабілетті екенін білуді мақсат тұтуы тиіс екенінде емес пе?!
Фактілерді жаттап алу студентке міндетті емес, оны кітаптан-ақ біліп алуға болады. Жоғарғы оқу орнының құндылығы адамға көптеген фактілерді білдіру емес, кітаптан ала алмайтын нәрселерді түсініп алатындай етіп ойын шынықтыру.
Өз дәрістеріңе қарызды өтеуге тиіс нәрсе ретінде қарамаңдар, рух саласында табиғаттың азат етілген әсемдігін тануды үйрену мүмкіндігі деңдер және болашақта өз істеріңнен қоғамға пайда әкелуді ойлаңдар.
Өзіне-өзі сенімді және надан мұғалімдерден шығатын қорлау мен моралдық қысым көрсету жас азаматтың санасына жазылмайтын із қалатын жара салады және оның алдағы бүкіл өміріне зиянды әсерін тигізеді.
Менің ойымша, қорқыныш, зорлық пен жалған беделге негізделген мектептен жаман нәрсе жоқ.
Білім берудің мақсаты тәуелсіз ойлайтын және сезінетін тұлғалар тәрбиелеп шығару болуы тиіс.
Жоғарғы мектеп өзінің қабырғасынан «маман» ғана шығуын емес, үйлесімді дара тұлға шыққанын көруі тиіс.
Олай болмаған күнде мектеп өзінің арнаулы білімімен ғана болса, үйлесіммен дамыған тұлғаны жетілдіруді емес, үй итін өсіруді еске түсіретін болады.
Білім беру еркіндігі, кітаптар мен баспасөздегі пікір еркіндігі – адамзаттың салауатты және табиғи дамуының негізі.
Капитализмнің ең жаман қасиеті – ол тұлғаны жарымжан етеді. Біздің барлық білім беру жүйеміз осыдан запа шегуде. Студенттің құлағына өмірдегі барлық нәрседе «бәсекелестік» тәсілі болуы тиістігі сіңіріледі, оны қандай жолмен болса да жетістікке жетуге үйретеді, тек осы ғана оның болашақ мансабына жәрдем етеді дейді.
Дәріс беру оқушыларға зеріктіретін мылжың міндет емес, қымбат бағалы сый ретінде қабылдайтындай болуы тиіс.
Академиялық еркіндікті мен ақиқатты іздеу, оны жариялау және нені ақиқат санасаң соны үйрету құқығы деп түсінемін.
Тәп-тәуір физик бола тұрып, нашар философ болуға болады.
Ұлы адамдар қашанда адамды тануға қабілетсіз ортанқол білгіштер тарапынан қарсылық көреді.
Мендегі теңіз ауруы теңізден емес, адамдардан пайда болады. Ғылымда да осы кеселден ем іздеу керек-ау деп қорқамын.
Басқалардың қуанышына қуану мен қиыншылығына бірге қайғыру – адамның ең дұрыс ұстазы.
Тағдырдың түрлі соққылары арқылы адам нағыз ұлылыққа жетеді.
Біздің тайпамыздың ақылы шектеулі топастары қабырғаға қарап, алды-артына қарай теңселіп, дауыстап мінәжат етеді. Олардың өткені бар, болашағы жоқ адамдар екенін ойлап, жаным ашиды.
Иерусалимдегі «Жылау қабырғасына» барғаннан соң айтқан сөзі.
Егер біз арабтармен адал ынтымақтастық пен адал келісім жолын таба алмасақ, онда екі мың жылғы қасірет бізді ештеңеге үйретпегені. Демек, бұдан кейінгі әрекеттердің бәріне біздің лайық болғанымыз.
Еврейлік, тарихтағы ең күшті құрал интеллект екенін дәлелдеді.
Еврейлердің дәстүрінің негізгі белгілері не десе, мен олардың білім үшін білімге ұмтылуын, адалдыққа бар ынтасымен ғашықтығын және жеке басының тәуелсіздігіне құмарлығын айтар едім.
Біздер, еврейлер, өзімізді құрметтеуді үйрене бастағанда өзгелердің құрметін иеленетінімізді білгенде ғана өзімізді ұлт деп атауға батылымыз жетуге тиіс.
Жүрек «ия» дегенде, сана «жоқ» дейтін кездер болады.
Бағасы төленбесе – құны болмайды.
Біз өмірге қысқа мерзімге, не үшін келгенімізді білмей келеміз. Тек кей жағдайларда ғана келуімізде қандай да бір мақсат бар екенін сезінеміз.
Жеке адамның өмірі барлық тіршілікті игілендіру мен әсемдеуге бағытталса, мағыналы болғаны. Өмір киелі: бұл ең үлкен құндылық, оған барлық құндылықтар бағынады.
Біздің әрекеттерімізде өмірімізге немесе құндылықтарымызға залалы тиетін, сол арқылы өмірімізді өзгертетін нәрселердің бар-жоғын түсіне жүруге тиіспіз.
Өмірдегі ақшаға сатып алуға болмайтын нәрселер – ең құнды нәрселер.
Өз жаныңның қалауын ғана орындауға арналған өмір, ерте ме, кеш пе, ащы өкінішке ұрындырады.
Кім бақытты өмір сүргісі келсе, көңілін адамдар мен заттарға емес, мақсаттарға бұрсын.
Мәселені санамен шешуге мүмкін болған жағдайлардың бәрінде мен адал ынтымақтастықтың жағындамын, бұлай бола алмағанда – Ганди ойлап тапқан жамандыққа қарсы бейбіт қарсылық тәсілін таңдаймын.
Менің пацифистігім – адамдарды өлтіру жексұрындық деп ұғатын түйсік сезімім. Ол қайсыбір интеллектуалдық теориядан туындамаған, бірақ кез-келген қатыгездік пен жек көрушілікті түбегейлі жаратпауға негізделген.
Ұлы мәдениетке ие шағын елдерді арсыздықпен жек көріп, әділеттілікке қарсы әрекетпен жойып жатқанда, ұлы ұлттардың бейтарап қарап отыруы лайықсыз іс.
Әлемдік үкіметтің шексіз билігінен де (тирандығынан) қорқамын. Дегенмен ол жаңа соғыстарға жол бермес еді...
Соғыстар аяқталады, бірақ бейбітшілік түбегейлі жеңбейді.
Мен өмірімде бір қателік жасадым – президент Рузвельтке атом бомбасын жасау жөнінде хат жаздым. Бірақ, оны немістер де осы іспен айналысып, әлемдік билікті бір қолға жинағысы келіп жатқан соң ұсынғаным үшін мені кешіруге болады деп ойлаймын.
Ұлтшылдық – адамзатқа зияны тиетін балалық ауру.
Менің саяси идеалым – демократия, оның мағынасы – әр адамды тұлға ретінде құрметтеу, бірақ ешкімді Құдай санамау.
Мемлекет адам үшін құрылған, адам мемлекет үшін емес.
Менде таңдау бар кезде, мен саяси еркіндік, шыдамдылық пен барлық адамдардың заң алдындағы теңдігін ереже еткен елде өмір сүремін. Қазіргі Германияда бұл шарттар сақталмайды.
1933.
Саясат – бұл анархия мен тиранияның арасында тербелетін, ұдайы жанданып тұратын қиялдың әсерінен болған маятник.
Қиын, кеселді дәуірде, қарбаластық пен теңсіздік жағдайында өмір сүрген адамдар ұшқалақ болады және ұшқалақ лидердің соңынан еруге әзір.
Демократияның төбесінен ылғи де экономикалық қорқыныш төніп тұрады.
Платон дәуірінде, тіпті Джефферсонның кезінде де демократияны адамгершілік және интеллектуалдық аристократиямен байланыстыруды түсінуге болатын еді, бірақ біздің кезімізде демократия – «басқалардың менен ешқандай артық жері жоқ» деген қағидатқа негізделген.
Достым, бұл өте қарапайым нәрсе: саясат физикадан гөрі күрделілеу.
«Атомды ашып, атом қуатын бақылай алмағаныңыз қалай?» деген сұраққа берілген жауап.
Адамның адамгершілік мінезі мейірімге, білімге, қоғамдық байланыстар мен қажеттіліктерге негізделуі тиіс, дінге емес. Өлгеннен кейінгі жаза мен өлгеннен соңғы марапат қана әсер ететін адам аянышты.
Сезім мен қалау – барлық адамның ұмтылысы мен жетістіктерінің артында тұрған қозғаушы күш.
Мен ғылым саласындағы барлық күрделі және шығармашылық ізденістер терең діни сезімдерден туындайды деген пікірді ұстанамын.
Философия – барлық басқа ғылымдарды туындататын және қоректендіретін ана.
Ғылымның үздік ақылмандарының арасынан діни сезімге ие емес адамды таба алмайсыз. Бірақ ол аңғырт адамның діншілдігінен өзгеше. Аңғырт адамдар үшін Құдай – оның қамқорлығынан бір нәрсе ұтуға үміттенетін және жазасынан қорқатын Ие. Бұл – баланың әкеге деген сезімінің төңірегіндегі ғана нәрсе.
Адам өмірінің, тіпті, барлық тіршілік иелерінің өмір сүруінің мағынасы неде? Осы сұрақтың жауабын білу дегеніміз діндарлық.
Өзінің өмірі мен өзгелердің өмірінде ешбір мағына жоқ дегендер, бақытсыз ғана емес, өмірге нашар бейімделгендер.
Эпистемология (адамның тану қабілеті, танымның бастауы, формалары, әдістері туралы, ақиқат және оған жетудің жолдары туралы ілім ) жаратылыстану ғылымымен байланыссыз бос сызбаға айналады. Ал жаратылыстану ғылымы эпистемологиясыз қарапайым және шатасып кеткен ғылым.
Ғылымның дамуына өз үлесін қосу бақытына ие болғандар, біріншілік жайлы таластарға жол беріп, бірлескен еңбектің нәтижесін сезіну бақытын бұзып алады.
Шопенгауэрмен бірге мен адамдарды өнер мен ғылымға жетелейтін себеп – күнделікті өмірдің аурушаң қаталдығы мен үмітсіз сарыуайымынан, көңіл қалауымыздың бізге салатын былығынан қашу ниетінен туындайтынына сенемін.
Кім еркін құласа, өзінің салмағын сезінбейді.
Менің ғылыми ізденістерім, сайып келгенде негіздерді зерттеумен ғана шектелді.
Кез-келген техниканың дамуы ылғи да адамның өзі мен оның тағдырына қамқорлық үшін болғаны дұрыс. Біздің ақыл-ойымыздың өнімдері адамзат үшін игілікті болуы, лағнет әкелмеуі тиіс.
Адамның ойы салыстырмалы, ал табиғаттың заңдары әмбебап.
Барлық ғылым – біздің ой-өрісіміздің тазаруына қызмет етеді.
Ұсақ нәрселердің бәрінде менің жолым болады, бірақ түпкі мақсатқа жете алған күйі қаламын. Бұл қиын, бірақ нағыз бақыт алып келеді.
Түпкі мақсатқа жетуге деген сенім – ғылымға құмарлықпен берілудің негізі, ол зерттеушіні ұдайы шабыттандырып тұрады.
Біздің уақытта адамдардың инабаттылық тұрғысынан жан түршігерлік құлдырауы біздің өміріміздің механикалануынан және адамгершіліктен ажырай бастағанымыздан келіп жатыр. Бұлар ғылыми және техникалық ой-сананың қосымша өнімі.
Ғылым, егер оны өмір бойғы күнкөріс көзіне айналдырып алмасақ, керемет нәрсе.
Ғылыми ізденістерде шынымен құнды жетістікке жету өте сирек кездеседі. Сондықтан уақытыңның үлкен бөлігін өз табиғатыңа сай қарапайым істерге арна.
Лессингтің: «Ақиқатты іздеу оны иеленуден бағалырақ» дегенін дұрыс санаймын.
Ағаш тақтайды алып, оның ең жұқа жерінен тесік жасауға тырысатын ғалымдарға төзе алмаймын.
Ғалым өзі қателік жасаса нәзік мимоза гүлі де, басқа біреудің қателігін тапса – өкірген арыстан.
Жетістіктің құндылығы – оған баратын жолда.
Ештеңе жоғалпайтын жасы келген адамдар, ойын айтуы шектеулі жастардың мүддесі үшін пікірін ашық айтып отыруы тиіс.
Сыртқы көркімді уайымдасам, өзіммен-өзім бола алмай қалар едім.
Жаңа киімді де, жаңа тамақты да жақтырмаймын.
Еттен оның сыртындағы орауышы жақсырақ болғанда мұңға батамын.
Әйелі Эйнштейн жұмысқа бара жатқанда дұрысырақ киім киюін өтінгенде айтқаны:
Неге керегі бар? Онда мені барлығы таниды ғой...
Әйелі Эйнштейн бір ірі конференцияға бара жатқанда дұрысырақ киім киюін өтінгенде айтқаны:
Қойшы. Сәнденіп қайтем. Онда мені ешкім білмейді ғой..
Менде милардың жарысына қатысуға қажеттілік ешуақытта болған емес. Бұған қатысу маған жеккөрінішті құлдық, ақша мен билікке құмарлық секілді пәледей көрінеді.
Ұятыңа қарсы келетін ештеңе жасама, тіпті олай етуді мемлекет талап етсе де.
Мен ойындарды ойнамаймын. Оған уақытым жоқ. Жұмысым біткенде, ой еңбегін талап ететін ештеңемен де айналысқым келмейді.
Адам өмірінің карнавалында нағыз құндылық саяси құрылым емес, саналы және шығармашыл дара тұлғаның өзі; сол ғана барлық биік және ізгі нәрсені құрайды, ал табындық ахуал өз ойлары мен сезімдерінде топас және ештеңе күтпейтін жағдайда қалады.
Жалпылай игілік үшін даралықты қалыптастыру маңызды, себебі тек жеке адам ғана қоғамның ұдайы алға жылжуы үшін және оның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, атап айтқанда, қатайып қалу мен жеміс бермеуден құтқаруға қажет жаңа идеяларды туындатады.
Барлық ұлы ғылыми жетістіктер түйсіктік таным арқылы келеді, атап айтқанда, аксиомадан басталады. Олардан одан арғы пайымдау келіп шығады. Түйсік осындай аксиомаларды ашудың қажетті шарты.
Махаббат бар жерде, міндеттеме болмайды.
Ойлар денеге әсер етеді деген ойға барамын...
Адамгершілік Құдай үшін емес, біздің өзіміз үшін аса маңызды.
Адамгершілікте Құдайлық ештеңе жоқ, ол таза адамдық қана іс.
Ақиқат пен білім іздеу – ең биік адамдық ізгіліктің бірі, бірақ оны басқалардан асырып бар даусымен мақтаныш ететіндер – оған ешбір қатынасы жоқтар.
Ұсақ нәрселерде шындық туралы уайымдамайтын адамға байыпты істерді сеніп тапсыруға болмайды.
Әлемнің бар байлығы мақсатына әбден берілген бір адамның ғана қолына түссе де, ол адамзаттың алға жылжуына жәрдем бермейтініне мен сенімдімін. Ұлы және тап-таза адамдардың мысалы – біздерді биік идеялар мен ізгі істерге жетелейді.
Даналықты мектепте үйрене алмайсың, оған жетуге біз бар өмірімізді жұмсаймыз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру