Мазмұнға өту
Home

Мінәжат

Смағұл Елубай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мінәжат

Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.

/uploads/9d0854ba-1e21-5433-ba31-2050ce58cfd6/cover.png

Роман

"Бұ неткен құбыжық,, бұ неткен құбылыс,

бұ неткен қым-қиғаш қайшылық...

адам деген?

Блез Паскаль

САЙТАН ЖЫЛЫ

Күн ұлы сәскеге таяғанда дала өлкесі әуірлеп ысуға айналды. Айнала көкжиекте бұлдырап сағым кілкіді. Сонау көз ұшында орағытып, бұлтыңдап, билеп құйын барады. Ұзыннан шұбап жатқан сахара төсінде кейбір төбелер бұлтиып кек сілемі сағым айдынында аралдай жүзеді.

Шақырайған күнді шекеге алып қой соңында ілбіген Шеге сол көріністі түгел назардан өткізіп келеді. Астында — түйе. Бағыты — анау көрінген ақ шағыл. Қой жаятын өрісі. Кедір - бұдырлы бытбылдық төбелі. Қырқаларында шоқ жалындай қаулаған баба сақал селеулер. Тырбық дүзгендер. Сәукеленіп, шашағын төгіп, бойшаң қоян сүйек бұталары тұрады. Елден жырақ болғандықтан шығар сай, жылғалары іріген от, ақ кәдесі мен раңы, изені мен жусаны құмаршығы, сабаны сыңсып тұнып тұрады. Ашқылтым шөп жұпары аңқыған таза өрісті мал сезгіш - ақ. Қара құрттай қаптап саудырап жылжыған қара қойлар шағыл етегіне тұяқ ілісімен шашырай байыздап, тоқтай жайылады.

Шопанға керегі сол. Көңілі жайланып түйесін ең биік деген қырқаға қарай бұрды. Жұмсақ шағылдың дәл төбесіне көтеріліп түйесін шөгерді. Қоржынын, жүгін түсірді. Түйесін тұсады. Содан қос жасаудың қамына кірісті. Қоян сүйек бұталарын сындырып қыр басына үш - төрт сырғауыл алып шықты. Мосы тәріздендіріп әлгі сырғауылдардың бұтын керіп, басын қосып таңды. Үстіне алаша бүркеді. Төбесі шошайған күрке. Ішіне күн жеп түсі оңып кеткен ескі плащын теседі. Одан кейін шай қамына кірісті. Местегі судан шойын құманға жартылай құйып күрке алдына шықты. Шөпшек жинап қара құманның жел жағынан от түтетті.

Бой жазып тіктелді Шеге. Бұл арадан алыс-жақын аймақ түгел шалынады. Қойлары шағылдың қойын - қойнына құрттай жыбырлап кіріп жатыр. Оқта - санда жықпыл арасынан тұншығып сыңғыр ете түскен қоңырау үні естіледі. Серке мойынындағы жез қоңырау үні. Одан езге мына дәл - сал ұйыған тыныштық шырқын бұзар тырс еткен дыбыс жоқ. Төбеде — ақ шағырмақ аспан. Төменде — жәй бұзылған керенау шел, кер жазық. Шөгіңкі төбелер. Жабағы жондар. Одан әрі арқа тұста, сонау сағым буған көкжиек тасасында үйі қалған. Тұщыбұлақ басында шошайып жалғыз қалған. Бұлдыраған көкжиектен көзіне ештеңе ілікпесе де сол жаққа қарай береді. Көңіл көзі бұлақ басында жалғыз шошайған қоңырқай үйін елестетеді.

Есік алдында анадай жерде беткейді тесіп ағып жатқан көз жасындай бұлақ бар. Бұлақ суы жер бауырлап, кесірткедей жорғалап, сонау жазық ойпаңда көлшіктеніп, жиналып айнадай жалтырайды. Жан-жағын көмкерген аз ғана көгал. Түс болса сол шалшықтың суын шалпылдатып Түгелбек жүреді. Тұлымы желбіреп, шіңгірлеп үш жасар Үміті жүреді. Екі нәресте жапандағы жалғыз үйдің маңайын базар етіп жүреді.

Қай жерде жүрмесін, жеті жасар ұлымен тілі тықылдаған титімдей қызын ойласа болды, Шегенің жүзі жылып сала береді. Күн қақты өңі жұмсарып, шағыл басында, қазір де күлімсіреп тұр. Ұшқыр қиялы қиырда қалған үйіне қайта-қайта бара береді.

Енді, қоңыр үйден бұралып сыртқа шыққан талдырмаш тұлғалы келіншекті көргендей. Кигені — ұзын етек қырмызы көйлек, кеудесін, белін қынай қаусырған қара мақпал жеңсіз. Бұл — Хансұлу. Хансұлуды басқаша елестете алмайды. Хансұлудың әдеті, қашан керсең де кербез қалпын бұзбай сыланып сырбаз жүргені. Бойын күткен паң, кербез — қыз күніндегі әдеті. Шопан болдық екен деп салпы етек болған емес.

Олпы-солпы жүргенін көрмейсің. Иә, айтпақшы... бір-ақ рет көрген екен. Осыдан төрт жыл бұрын... ел аштыққа ұрынып Хансұлу бір түрікпен шалдың есігінде жүргенде керген екен.

Ол 33-ші жылдың көктемі еді. Шеге түрмеден оралып бала-шағасын сұрай - сұрай оларды Қоңырат маңынан тапқан.

Көкжиектен бұлыңдап сағым керелеген мына ми далада тұрып қиялы кең дүниені шарлап, жортады. Өткен - кеткенді де сүзіп етеді. Ал, бірақ жан-жүрегі бәрібір үйіне бала-шағасына айналып соға береді. Қиял көзімен соларды көреді. Солармен ойша тілдеседі. Әйтпесе, үйден шыққаны күні кеше - ақ.

Шай қайнады. Қоржынынан торсықтай қара қалтаны алды. Қара қалта ішінде Хансұлу мұқияттап салған қалақ шай, піскен ет, бармақ басындай қант, бір таба маң бар. Хансұлу өз қолымен пісірген таба нан. Сүтке илегендіктен бе нан исі бұрқырап жұп-жұмсақ боп тұрады.

...Аталап шөлдегенін шайдан ұрттай бастағанда сезді. Аңқасы кеуіп қалған екен. Ыстық шай тамыр - тамырын қуалап, шымырлап, тұла бойына тарады. Бейне бір наша буы жүйкесіне шапқандай. Көз жанары ашылды. Маңдайынан шып-шып тері шықты. Кең жазира шөлейт күрсінгендей қарсы беттен бір салым майда өлкек жел үлбіреді. Саржағал тартып, алыс көкжиегі сағымға шомылып жуас мүлгіген боз жазық бос медиенге көз жібереді. Күн жазира шөлістан тынысын кеңейткендей, көкірегіне сәуле сепкендей. Солтүстік салқын жақта жүргенде түрменің сұрқай әр күні жылдай созылып, титықтатқандай жүрегін үнемі осы даласына деген сағыныш сүлікше соратын. Ағаш кесіп тұрып та, жер қазып жатып та, кірпіш тасып жүріп те сағынғаны осы жарық дүние емес пе еді? Тағдыр бұны тұқыртып тұңғиыққа тастағанымен болашағына деген үміт оты жылтырап өшпей тұрар еді жан қуысында. Өзі тұңғиықта жүргенмен ой-қиялы тыншымай сол болашақтағы кең жарық мол сәулелі дүниені шарлап шарқ ұзар еді. Сол... көкірегінде сөнбеген титтей үміт оты бұны алдамапты. Сылпытып тайғақ кешіп жүре отырып бұл ақыры жетіпті көксеген кең дүниесіне. Қазір соның шалқайып дәл ортасында отыр. Бейіске бергісіз ата жұртының кәусар ауасын жұтып, ыстық нұрына риясыз шомылып отыр. Бір сирек шұғылалы сәтті бастан кешіп отыр. Шалдарша "О, тоба!" деп бұ фәнидің қызығына таңырқап кексе ойларға бой ұрады. Ойқы-шойқы тағдырды айтсай, біресе әрі, біресе бері. Біресе отқа, біресе суға салады. Тұңғиыққа да салады, одан суырып жарыққа да алып шығады. Енді бір күні қарасаң керген қиындықтарыңның бәрі артта қалады. Жарық дүниенің қызығына араласып та кетесің, бел шешіп. Сөйтіп жүргеніңде шыңырау түбіне түсіп шыққаныңды ұмыта бастайсың. Ол бір көрген түстей алыс тартады.

Бір жағынан сол тұңғиықта өткен екі жылына өкінгісі де келмейді. Мына жарық дүниенің қадірін түсініп еміреніп, елжіреп отыруының өзі сол екі жылдың арқасы емес пе? Шынға бақса, бұны есейткен, ес жиғызған сол екі жыл емес пе? Ол жерден Шеге баз біреулердей тауы шағылып, тауаны қайтып оралған жоқ, қайта ширығып, шыңдалып оралды. Сонысына тәубе етпей ме? Ауылдан алты адым ұзап көрмеген қатар - құрбыларының қасында қазір Шеге көрген - білгені, көкірекке түйгені мол естияр ересек жан. Бұдан ығады. Білмегенін бұдан сұрап жатады. О, тоба!

Аңызақ шөл танабынан суырылып жуас торғын керімсал үлбіреді. Күмістей ақ селеу бастары сыбдырласып судырласты. Етек сай тұстан құмтышқанның сұңқылы естіледі. Қой жақтан қоңырау үні де тұншығып сыңғырлайды. Түйесі бөрт - бөрт күйсеп тұр. Иттері дүзген көлеңкесінен ін қазып алыпты. Аспанға қарады... Етегі ақ шағырмақ аспанның зеңгір төбесі кек жайқын. Тұңғиық алыс жатыр; Қанатын кең жайған мамыражай марғау парасат. Ұлы парасат. Жәй созылған керенау жазық шөл өлкесімен әсем үйлесім тауып бейбіт мүлгиді.

Дастарқанын жиып, ұйқы қысып отырған жерінде қисайды. Күркеге кеудесі сыйғанмен, аяғы сыртта қалды. Тұла бойын ұйқы жеңіп, балбырап қайта-қайта есінеді. Өріске күн қызбай жетем деп түнімен қой айдап шала ұйқы болған еді... Сілтідей тұнып ұйыған тыныштық маужыратып тербеп, шырын ұйқы құшағына тартады.

Үй ішін, ошақ басын мұнтаздай таза ұстау Хансұлудың әдеті. Өйтпейінше ішкен асы бойына сіңбейді. Бүгін де сол дағдымен үйін жинады. Ошақ басын сыпырып, тазалап тап -тұйнақтай етті. Түске таман есік алдыңдағы жерошаққа от жағып, қуырдақ қуырып жатқан. "Апа, ана қара!" деп айқайлады шалшық су кешіп жүрген балалары. Балалары нұсқаған тұсқа мойын бұрса күн астында шошайып бір атты кісі келе жатыр. Таныды. Жирен қасқа мінген Ждақай. Бастық болғасын малшыларды аралап шыққан ғой. Кішкентайдан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен осы Ждақайдан кәнпеске, кәллектип тұстарында кеңілі қатты суып еді. Бірақ, өзінде намыс жоқ қой. Арсалаңдап: "Әй, кербез қатын, керілмей шайыңды қайнатшы!" деп салдырлап жетіп келеді, Шегемен құрдастығын алға салып. Пахраддинді "құлақ" ету тұсында, өзінің, Хансұлу алдында кінәлі болғанын біледі. Қалжыңдап сол кінәсін білдіртпегенсиді. Кейде Шеге мен Хансұлуға елден бұрын шай әкеліп тастайды, үн әкеліп тастайды. Көмегін аямайды. Ондайда, "Қанша шыққанмен ескі дос қой" деп, бұның іші жылып қалады. Бұрақ, Шеге Ждақаймен, көп болды, араласуды қойған. Біресе, Ждақайдың аштықта әке-шешесіне көрсеткен қылықтарын есіткеннен кейін Шеге Ждақайдан іргесін мүлдем бөлек салған. Ол жылдары Хансұлудың өзі Қарақұм, Әму бойында аштыққа ұшырап қаңғып жүрген кезі ғой. "Жаңа жолда" не болып, не қойып жатқанын қайдан білсін. Сөйтсе, аштық басталарда осы Ждақай, Нұрила, Сұржекей, Калашниковтар "Голощекин бұйрығы" деп тыныш жатқан елге қасқырша тиеді. Қыстың алдында "ет жоспар" деп қолдағы малдарын сыпырып алады. Тігерге тұяқ қалдырмайды. Қыс аяғында бір күні екі шанамен ауылды аралап жүріп осы Ждақай, Сұржекей екеуі жұрттың пісіп жатқан қазанына дейін төңкеріп бір жапырақ етіне дейін жинап алып кетеді. Шәріп сияқты шырылдап қарсы тұрғандарды қамшының астына алады. Елден жиналған еттерді аудан орталығына апарып үйеді. Облыстан мәшине келеді деп жарты ай күтеді. Сөйтіп, жүргенде күн жылып, үйіп қойған ет шіріп кетеді. Айналғанда, мектеп оқушыларына солярка шаштырып, сасып кеткен етті өртетеді. Ел аштыққа ұрынады. Қалаға шұбырады. "Жаңа жол" орталықтан шалғай болғандықтан ешқайда шұбырмайды. Борсық аулап, етін жеп күн көреді. Байғұс Шәріп атасы иығына екі қақпанды салып алып таңның атысы, күннің батысы дала кезеді. Сондай бір күні түрмеден Шеге оралады. Елді қырғыншылыққа ұшыратқан Калашников қызметтен босап, оның орнына ауданға бірінші хатшы болып Апанас тағайындалып, орталықтан елге азық-түлік келіп жатқан көз екен. Шеге өз ауылына құр қол келмейді, бір арба астық ала келеді. Сол жолы ғой, түрмеден аш-жалаңаш оралған Шегеге ескі танысы Апанастың етік кигізіп жіберетіні. Жаңадан болған бірінші хатшының бұл құрметі ел көзінде Шегенің абыройын аспандатып жібереді. Шеге астықты тиеп "Жаңа жолға" жетсе аштықтан жұрт ісіп - кеуіп қырыла бастаған екен. Ауылдан күй кеткен. Естен танған байғұс халық. Шешесі, қарындастарының түрлерінен кісі шошырлық. Көзден аққан жасына етектері толады. Әкесі Шәріп екі күн болыпты үйде жоқ. Тышқан аулап кеткеннен қайтпапты. Оны іздеп кеткен Балжан мен күйеу бала Андалы мұғалім де жоқ. Шеге іздеп шығады әкесін. Ауылдың ірге тұсында - ақ Балжан мен Андалының төбесі көрінеді. Келсе әкесі бұралып жерде жатыр екен. Шыбықтай боп жүдеген. Құр қаңқасы қалған. Шегені таниды. Кемсеңдейді. Жылайды. Әлсіздіктен сөйлей алмайды. Көтеріп үйге әкелгеннен кейін сол күні әкесі жұлдыз туа үзіледі.

Ауыл - үй өстіп аштан бұралып, біртіндеп өліп жатқанда осы Ждақайдың әкесі ауылнай Жорғаның үйі тоқ болады. Бір тәуірі, қайыр сұрап барған қатын - қалашты қумайды. Қолына ауыздан қалған сүйек - мүйек ұстатып жібереді. Жорғаның қатыны ол істеген жақсылығын әлі күнге мақтаныш етіп айтып отырады.

— Ой-хой... құла дүздің кербезі!.. Сізге бір жалынды сәлем!..— деп қазық жанында атынан "дүрс" етіп түсе берді Ждақай.

— Иә, басеке, сәлем бердік!— деп Хансұлу да еріксіз езу тартты. Дырдай ферма меңгерушісінің қалжыңын кім жерге тастасын. Адамы азайып қалған "Жаңа жол" 34-шы жылдан бастап "Амангелді" колхозының бір фермасына айналған. Содан бері Ждақай "Жаңа жолдың" меңгерушісі. Өзі би, өзі қожа. Шеге мен Хансұлуға өзгермеген баяғы жайдақтау даңғырлаған ақ көкірек Ждақай болып көрінеді. Онысы Хансұлуға ұнайды. Шын ақымақ болса, бұларды қойшысынып, әкімдік көрсетіп, сыздануына болар еді ғой. Есі бар. Ондай мінез сездірмейді.

— Оу, Хаке, жалғызбысың? Стахановшы байың қайда?

— Қойда ғой. Ертең келеді,— деп күлді Хансұлу.

— Мәледес қойын семіртейін деген екен,— Ждақай қолындағы қоржынын есік алдына дүрс еткізіп тастады. Дауылдатқан екпініне қарағанда қоржыны құр емес сияқты.

Үсті-басы су-су боп ұлы Түгелбек жетті. Ждақайға қол берді. "Өй, мәледес, міне жігіт!" деп Ждақай қоржынға еңкейді. Ырсылдап жете алмай жүгіріп Үміт келеді. Ждақай Түгелбектің қолына бір шақпақ қант ұстатты. Түгелбектің есі шығып кетті. Үміт екеуі бір шақпақ қантты бөлісе алмай, у-шу болды да қалды.

Ждақай алшаңдай басып мұнтаздай таза үйге кірді. Хансұлу төрге көрпеше төседі. Жастық тастады. Ждақай қара домбыраны қолға ұстап жастыққа қисайды. Үй ішіне көз жіберді. Шопанның үйі емес, жаңа түскен келіншектің отауы дерсің, мұқым. Қашан келсең де Хансұлудың үйі осындай, кірсең шыққысыз. Мұнтаздай. Әйелден ғой бәрі. Бұлар бала күнінде Пахраддиннің еңселі ақ боз үйіне бас сұғуға жүрексінетін. Мінезі жібектей сызылған бәйбіше бұлардың бетіне леп боп тимейтін. Сөйте тұра бұлар, ауыл балалары, сол үлкен ақ боз үйдің есігін сирек ашатын. Көп бара беруге именбегін. Ол үйде тұратын жандар өзгеше бір текті жандар сияқты еді. Соның бірі — осы Хансұлу. Ол кезде ерке тотай қыз, Пахраддиннің жалғызы. Хан ордасындай Пахраддин үйінің іші, дүние-мүлкі түгел ерекше көрінетін бұларға. Сол ерекшелік бекзаттық осы Хансұлудың от басынан әлі сезіледі. Есіне өз келіншегі Нарқыз түсті. Күрсінді. Салақтау. Томпылдатып әйтеуір бала туып жатқаны болмаса еркек қызығарлығы шамалы.. Шіркін, әйел заты осы Хансұлудай бол май ма екен?! Әлі сол қыз кезіндегі сәнін, сынын жоғалтпаған. Мықыны сәл жұмыр тартқаны болмаса, баяғы тал шыбықтай солқылдаған паң қалпы. Етегі тобығын жапқан қырмызы көйлек. Қынай белді қара жеңсіз, аш белін үйердей толық омырауын бедерлеп тұр. Жарасып-ақ тұр. Білегіндегі күміс білезігі, құлағындағы сырғасы келіншектің туысы бөлек асыл текті қасиетін аша түсетіндей. Осындай сәні, салтанаты ерекше әйел затының бұған өмірде ең болмаса бір рет қызығып көз салмағаны, еркек деп елемегені шымбайына батады. Пахраддиннің ерке - бұлаң қызы, айналып келгенде, Шегенің етегінен ұстады. Шегені таңдады. Кезінде Хансұлудай қызды алған Шегеге кім қызықпады? Кім қызғанбады? Хансұлу Шегеге бас қосуы арқылы Шегенің беделін көтерді. Ал, Шегемен қатар өскен Ждақай жайдақтау көрінгенімен жұрт ойлағандай жынды емес еді. Ждақай қадалған жерінен қан алатын шақар, тесік өкпе іскер жігіт. Қазір, бұ төңіректе "Жаңа жолға" бастық боп Ждақайдың орнын басатындай кім бар? Тіпті, Шегенің өзі бұл жұмысты дәл Ждақайдай дөңгелентіп әкете алмас еді... Бірақ түрмеден келгелі бері Шегеде бастық болайын деген құлық жоқ. Мүмкін, өзінін саяси көзқарасының мәз еместігін мойындағанынан шығар. Ал, Шегенің орнында басқа біреу болса, Апанастай досы ауданды басқарып тұрғанда, ой - хой, өмірді сүрер еді. Шеге өйтпеді. Шопан болып малға шықты. Орнымды тартып ала ма деп қатты қауіп ойлап еді Ждақай... Кеше бір үлкен жаңалық есітті. Апанас ұсталыпты. Ұсталғанда да оңбай ұсталыпты. Түркияның агенті болып шығыпты. Оның неге қазақша сөйлейтіндігі енді елге мәлім болды. Бұның әкесін, Жорға Күреңді қудалап еді, бір кезде. Ауыл совет председателдігінен түсіртіп еді. Енді, міне өзі тас төбесінен түсті. Шпион боп шықты. Мына паңсыған келіншек байсымағының досы — Апанастың түрмеден топ ете түскенінен, әрине хабарсыз.

Ждақай іштей бүлк-бүлк күліп қойды.

— Ждақай, ауыл аман ба? Жаңалық айтсай!— деді үйге самауырды енгізіп дастарқан қамына кіріскен Хансұлу.

— Несін сұрайсың, жаңалық көп,— Ждақай қоржынына қол созып бір-екі түйіншекті Хансұлудың алдына тастады.— Үш метрдей кездеме. Мынау шай, қантың.

Хансұлудың көзі шырадай жанды. Күліп жіберді беті ұшына қызыл теуіп.

— Өй, Жәке... рахмет! Байытып тастадың ғой!

— Басқа шопандарға түк те жоқ. Өзіңе деп кәпір етіп алдым...— деді Ждақай қолын шайып төрге оза беріп. Хансұлудың күлгені, сыңғырлаған үні үй ішін бір түрлі жадыратып жіберді. Мына дастарқан басы жайнап, бейіс төріне айналғандай. Ждақайдың жан сарайына сәуле құйылып, көңілі шошыды. Хансұлу тәрізді әйел затын қуантудың өзі бақыт екен. Назарына ілігудің өзі ғанибет екен. Әлгі бір жарқ атқан жалғыз күлкісінің өзі неге тұрады?!

— Иә... Ол не қылған жаңалық?— деп келіншек үні көңілді әндеткендей естілді.

Мына шырайлы басталған дастарқан басының әдемі рәуішін бұзғысы келмей, тосылып, кібіртіктеп барып... аздасын тіл қатты Ждақай. Кірпі шашын ысқылап жіберіп ыржалақ етті.

— Ой, атасына нәлет, анау Апанасымыз шпион боп шықты ғой,— деді төбеден қойып қалғандай.

Хансұлу тұнық қара көзіне үрей ұйып, серпіле қарады Ждақайға. Жаманаттан шошыды. Елде шпион, агент қаптап кетіпті, оларды құрту керек деп Сталин айтыпты дегенді естіген. Бірақ... оның Апанасқа не қатысы барын ұға алар емес. Ждақай мығым.

— Солай... кеше ұсталды. Түркияның жалдамалы агенті екен. Сұржекей бастаған НКВД ашты қылмысын. Сатқындығын дәлелдеп ұстапты,— деді, әр сөзін талмап айтып, содан ләззат алғандай.

Хансұлу өңі аз-кем қуқыл тартып, Ждақайдың аузына қарап қалған. Осы сәт Ждақай өзі езіне разы еді, тәкаппар келіншекті бір тұқыртып алғанына разы еді. Өзіңнен мерейі үстем жандардың бірі сәтке болса да осындай мүшкіл халін көргенге не жетсін. Аздап кідірістеп осы минутті соза түсіп ләззаттанды Ждақай. Содан кейін, әлгі хабары тудырған салқын тоң-торысты жылытқысы келді, жуып - шәйіп:

— Ой, атасына нәлет, ондай беті ашылып жатқан сатқындар жалғыз ол емес, көп қой қазір...— деді, "оған бас ауыртып қайтесің" дегендей.

— Мысалы; Құлымбетов, Қазақстанды басқарып тұрған. Ол да жапон - герман разведкасының жалдамалы агенті болып шықты ғой! Әйтпесе... Өзіміздің құдайдай табынып жүрген ақынымыз Сәкен — деп Ждақай іргеде сатқан қызыл мұқабалы кітапты қолына алды.— Ежов көкем елді тазартуға кірісті ғой... Өңшең сатқын, халық жауларынан... Газеттер шулатып жатыр шындықтың бетін шиедей ғып... Дұрыс әкең... Аямау керек...

Ждақай сөзінің аяғын ашулы аяқтады.

Оның сөзін Хансұлу да мақұлдағандай болмашы бас изеді. "Жау", "ұсталыпты" деген суық хабарларға жаны қанша түршіккенмен "сатқындардың" ұсталуын мақұлдағандай. Бір ауық ұзын кірпігін сәл түсіріп, Ждақайдың қолыңда әлгі ұсталған ақынның кітабы отырғанын ойлады.

Ждақайдың баққаны кітап емес шай құйып отырған сұлу келіншек еді. Ай сырғасы дір етіп, ақ тамағы бүлкілдеп төмен қарап ойлана қалыпты Хансұлу. Қасы, көзі қиылып бір тізерлеп, шоқиып қана отыр. Ждақайдың жүйрік қиялы Хансұлуды құшақтап, қысып құшты.

— Шай іш!— деп келіншек Ждақайдың кесесіне қолын соза беріп жігіт кейіпіне көз салып өтті. Ждақай абдырап қалды. "Арам ойын" Хансұлу түсініп қойғандай. Сезімге жіті, зерек келіншек жігіттің "мүшкіл халін" шынында сезді. Бірақ бұ жәйт Хансұлу үшін таңсық емес еді. Хансұлуға назар тоқтатқан бөрікті атаулының өстіп, жорғасынан жаңылып, абыржып, абдырап отыруы үйреншікті тірлік еді. Бірақ, бұ жолы іштей таңырқағаны бала күннен бірге өскен Ждақайдың, Хансұлуға еркексіп қарау миына да кіріп - шықпаған неменің енді кеп табан астынан сұғын қадай қалғаны еді... "Еркек дегенде, құрсын, пәтуа болмайды" деуші еді Рәш жеңгесі. Мына отырған кірпібас Ждақай сүйкенбеген беті жылтыр әйел жоқтың қасы осы төңіректе. Бозбала кезінде-ақ бұзылған баяғы Балқияға ғашық болып. Одан бері де, Рәш жеңгесіне сүйкенді. Бүгінде балалы - шағалы болса да, баяғы берекесіз тірлігін тыйған жоқ. Бастық боп қона - түстенген жерінде аңдитыны қыз-келіншек көрінеді.

—. Домбыра тартшы!— деп жалынды. Хансұлудың домбыраға зауқы болмады.

Әңгімесін айта отырды Ждақай. Ауданға шақыртқан екен жолшыбай бұларға соға кетуді мақұл көріпті. Хансұлудың қолынан оңаша отырып дәм татқанына мәз болып аттанды Ждақай. Бағыты — аудан орталығы.

Ждақай жирен қасқа айғырды сар желдіріп аудан орталығы Нарқамысқа күн ұясына отыра жетті. Қатты жүрген себебі — түнде НКВД бастығы Сұржекейдің "келіп кетсін" деген сәлемін алған еді.

Ждақай ат басын тура НКВД қорасына тіреді. Бұрын да келіп-кетіп жүрген жері ғой. Саз кірпіштен өрген терезелері темір торлы жатаған сұр кесек үй. Қомпиып Қозбағар шықты іштен. Үстінде әскери формасы, басында шошақ төбе буденновка. Маңдайында — жұлдыз. Абыржулы. Талтаңдап келеді. Әскер киімі демесең — баяғы бала Қозбағар.

— Бала, хал қалай?— деді Ждақай ақ тісі жарқырап, ыржиып.

— Ассалаумағалейкум, Жәке! Сізді Жекей Қалиевич таң атқалы күтіп отыр!— деді Қозбағар желкесін қасып, салмағын екі аяғына кезек салып. "Таң атқалы" деген сөзде зіл жатқанын аңғартты.

Сұржекеймен арасы жақсы тын Ждақайдың. Сондықтан Қозбағар қапылтқанымен Ждақай нығызсыған қалпын бұзбады. Ыржиған күлкісін жиған жоқ. Абыржып тұрған Қозбағарды:

— Нешауа!— деп иықтан қақты да көк сырлы темір есікке қарай аттады.

— Жәке, тұра тұрыңызшы!!! Мен сіздің келгеніңізді... Жекей Қалиевичке хабарлайын!— деп Қозбағар қорбаңдап бұның алдына түсті. Әлі шам жағыла қоймаған қара көлеңке дәлізге Ждақай іркілді. Сұржекейдің кабинетінде адам бар тәрізді. Күбір-күбір әңгіме. Апанастай дәуді тиісті жеріне аттандырған мына мекемеге Ждақай өзгеше бір құрметпен бажайлап қарады. Дәліздің іші әктелген, етегі сырланған. Қабырға қалың. Аздасын сыртқа Қозбағар шықты. Қозбағарға ілесе әскери киімді екі жас жігіт бой көрсетті. Бірі орыс, бірі қазақ. Олармен Ждақай иек қағып амандасты. Қозбағар:

—...Жәке, кіріңіз!— деп бүгежектеп есік ашты. Іші сәл-пәл секем алды, Қозбағардың осы бір әсіре ілтипатынан. Сұржекейдің есігін ашты. Табалдырықтан сенімді аттады. Сұржекейді талай қонақ қылғаны бар, сыйлағаны бар. Сондықтан ырсия күліп:

— Ассалаумағалейкум!— деп екпіндеп қол ұсынды. Тарамыс бойлы Сұржекей терезе алдында сәл еңкіштеніп теріс қарап махорка орап тұр екен. Дорба .ауызын томпайтып:

— А-а-а...— деді. Қол ұшын ғана беріп қасын керді не махоркасын орай берді. Үстінде сұр кителі, бұлтық сан галифесі, аяғында былғары жылтыр қара етік. "Сабаз ғой" деп ойлады, Ждақай Сұржекейдің салқын қанды суық қалпына құлшына қарап. Келген екпіні су сепкендей басылып, кепкесін умаждап, состиып тұр Ждақай. Осы бөлмеде бір ауыр сұс ызғар барын сезіп тұр. Билік, құдірет, күш салқыны бар. Қабырғада — үйікті көсем Сталин бейнесі. Жалаң бас ақ кительді ұлы көсем сәл иек көтеріп ойлы қалпы қияға көз жіберіп қалыпты. Ждақай күн көсемнің айбарлы бейнесіне жүрегі елжірей қарады.

— Та-ак... отыр!..— деді Сұржекей былғары етігін зар илектеп жалғыз телефон тұрған столына қарай қозғала беріп. Добалдай шылымын дорба аузына таман алып барып құшырлана сорады. Кек бұйра түтінді маңғаздана үрледі. Етігін шыңғырта шиқылдатып барып орындығына отырды. Күрсінді.

— Та-ак...— деді Сұржекей. Алдында отырған мына ақымаққа шабуылды қай тұстан бастауды ойлады. Қандай әдіс қолдану керек? Көз алдынан күні кешегі Ақтөбеде болған оқиға кетер емес. Мәскеуден келген төтенше өкіл — қызыл бет полковник бұны шәкірт баладай тұрғызып қойып, жерден алып, жерге салды. "Почему не работаем?" деп, тура алдына кеп ақырды. "Жұмыс істегің келмейді екен жұмысты, партбилетті өткіз ұқтың ба?!" деді жер тепсініп. "Немене, сенің ауданың да Грининнен басқа бірде-бір халық жауы жоқ па?" "Неге, Мәскеуде бар, Ленинградта бар, Алматыда бар, ал сенің ауданыңда жоқ?!" "Мүмкін сен оларды жасырып отырған шығарсың?" "Сіз немене, Сіздің ауданда Құлымбетовтың құйыршықтары, Грининің қалдықтары жоқ деп ойлайсыз ба?" деп ақырды, бұны көкіректен сұқ саусағымен нұқып. Сұржекейдің жаны мұрнының ұшына келді. Пәлен жыл аңдып Афанасий Грининді әшкерелеген еңбегін қызыл бет өксіп бір тиын етті. Сызып тастады. Сұржекей қызыл бет полковникті түсінді. Сталиндік нарком Ежовтың саясатын түсінді.

Ежовтың арқасында ұлы көсем Сталин тур. Рас, өкіл айтпақшы, бұндай төңіректі жаулар қоршаған қатерлі жағдайда көсем төңірегіне бұрынғыдан да бетер топтасу керек. Социализмді жан сала қорғау керек, ішкі жаулардан. "Жұмыс істеу керек". "Ағайындықты қою керек" деп ширығып оралды облыстан.

— Так, Ждақай жолдас! Халық жаулары Мәскеуде бар... Ленинградта бар... Алматыда бар... "Жаңа жолда" неге жоқ?

Ждақай басқа ұрған балықтай көзі бақырайды.

— Немене... менің сұрағымды... түсінбей қалдың ба? Анау Рұсқұлов, Құлымбетов, Сәкен Сейфуллин мынау Гринин жалғыз емес! Олай болуға тиіс емес! Так... Ұқтық ба? Солардың құйыршықтары, пиғылдастары қайда деп отырмын?! Барлық жерде бар, "Жаңа жолда" неге жоқ ондай құйыршықтар деп отырмын???— Сұржекейдің дауысы қаңылтырдай шатынап кетті.

— Жәке-ау... Мен...

— Стоп! Ойлан!.. Асықпай... жауап бер! Жауды бүркемелеп жасырған басшылар да саяси қылмыскер санатына жатады...

Сұржекей шылымын тағы сорды. Күрсініп орнынан түрегелді. Етігін еңірете басып қозғалды. Добалдай шылымын саусақ ұшына қондырып оқта - санда терезе алдында кідіреді. Қиырға ойлана көз тастайды. Содан кейін былғары етікті зар иелетіп зілденіп төрден есікке беттейді, ойланып. Есіктен төрге қайта оралады баяу, маңғаз басып.

— Ойладың ба?

— Нені, Жәке?

— Кеше,— деді Сұржекей сызданып.— Менің пайымдауымша, Құлымбетовтың құйыршығы "Жаңа жол" фермасының меңгерушісі мына сенің дәл өзің деп білемін...

Ждақай ыршып кетті.

— Ойбай-ау, Жәке... бұ не дегеніңіз?!— Шашы тікірейіп ұшып тұрды.

Сұржекей столдың қаптал тұсындағы бір нүктені басты. Үрейленіп Қозбағар апыл-ғұпыл кіріп келді.

— Мынаны жеке орналастыр!— деді Сұржекей, қоңыз мұрты жыбыр етіп.

— Сонда... мені... қамағаныңыз ба?— деді Ждақай ышқынып.

— Әкет!— деді Сұржекей. Ждақай жыламсырап ескі достарына алақ-жұлақ қарады жәутеңдеп.

— Жде - еке! Жүр!— деді Қозбағар.

Ждақай Қозбағардың алдына түсті. Басқа лажы қалмады. Тұтқын болу деген оп-оңай екен.

Түнде қой шетінде жатып Шеге түс көрді. Жаман түс көрді. Түсінде жеті жасар ұлы Түгелбек екеуі ұйыған қараңғыда құла дүзде қой жайып жүр екен дейді. Қоңырауы сылдырап бұта аралап түн жамылып жыбырлап жайылған отар. Түгелбегі дызақтап отырды айналып жүр екен дейді. Бір ауық қараса қой шетінде жаяу шидеңдеп жүгірген баласы зым-қайым жоқ. "Түгелбек!" деп айқайлап бұ да бүлкілдеп олай-бұлай жүгірді. Төбеде — дүниені қымтаған мылқау аспан. Төменде — қарауытқан жер. Айқайлап шақырады ұлын. Түн тас керең бүлк етпейді. Дыбыс қатпайды. Енді бірде айқайлап қана емес бебеулеп жүгірді Шеге. Түн жұтып қоймаса қалай да ұлын табуға ұмтылды. Тапты. Үстінен түсті. Қанатын жайып жерде жатыр екен. Қаршадай ұлын қармап көтеріп алды қолына. Сөйтсе ұлының ішін үңгіп қасқыр жеп кетіпті. Зар қақсады Шеге. Бір жапырақ баласының жансыз сүйегін құшып зар иледі.

Сол-ақ екен өз үнінен өзі шошып оянып кетті. Ебіл - себіл жылап бас көтерді. Қараса, шығыс жақ бозарып, таң саз беріпті. Қойлары үрпиіп қарайды. Бұл отар шетінде ескі плашқа оранып жатыр екен. Оянғанмен түсінде көрген сұмдығы жүрегін қалтыратып тұла бойына шапқан ызғар дірілі көпке шейін тарқамады.

Қоңыраулы көк серке бас болып отар да біртіндеп өре бастады.

Күйіс қайырып маңқиып жатқан қара түйенің беліне қоржынды салды. Молда торғай шырылдап тәтті ұйқысынан енді ояна бастаған төңірек кең өлкеге бір көз жіберіп, түйесіне мінді. Қара түйе буын - буыны күтірлеп түрегелді. Арқаға қарай, суға қарай саудырап шұбырған қой соңына ілесті.

Түйенің бір ырғақ маңғаз аяқ алысы жұмсақ, жәйлі. Тербеліп отырып ой мұхитына малтисың. Әкесі Шәріп байғұстың өлер алдындағы бейнесі көз алдында. Сорлы әке, ит қорлық көріп аштықтан талықсып жатып, тілі байланып, шыбықтай жүдеу қалпы шүңкиіп жатып, бұған назары түскенде де кемсеңдеп, көзіне жас алып, әлдене айтқысы келіп еді-ау. Бұл сондағы әке жанын түсінгендей. Сорлы әкесі, түрмеден оралған ұлын сағынған екен ғой. Сол сағынышын айтуға тілі жетпей, күші келмей кемсеңдеген екен ғой. Үзілейін деп жатып і, өлейін деп жатып та бұған деген, ұлына деген жанын ірке алмай толқыған екен ғой.

Ал, бұл, өзі ұлын екі жыл тұрмақ екі күн көрмеген - сағынып түс көріп әлек-шәлек болып келеді. Әлгі көрген сұмдық түс көз алдынан кетпей қашан он екі сау баласын көзімен көргенше жаны қыдырып тінту табар емес.

Шашырап күн шықты. Кең жатқан дала өлкесі ойы, қыры қырдай айқындалып, бедерленді. Ашық анық аспан төрінде кереге қанат қара құс айналады. ардың алдын орап ызғып бір үйір киік барады. Анадай жерде шөпке жәйіп топ қоңыр қаз жүр. Сонау кілки бастаған домалақ төбе басында шошайып ажанның діңі көрінеді. Ие, бұл өлкенің күні кешегі егенің бала кезіндегі ажары мүлдем бөлек еді. Бұл ырғапты толтырып Мажанның қисапсыз үйір-үйір ықыласы, мыңғырған қара құрттай қойы, сандық өркеш келе-келе нарлары жүруші еді. Дала бүйтіп қаңырап бос қайтпайтын ол кезде. Әр қырдың астында бір атан отырады. Жаз болса той, ат шабыс, қыз ұзату. ал ел іші ығы-жығы қан базардай қайнап жатушы еді. Қазір соның бірі де жоқ. Ел Голощекиннің бүлігінен кейін, быт-шыт болып басы ауған жаққа қашып, қалғаны аштыққа ұрынып, қырылып, одан қалғаны жігінде енді - енді ес жиып жатқан тәрізді. Қалайда ел қыла қатты өзгерген. Кәнпеске, отырықшыландыру басталғанда жаңа өмір үшін жанын жалдап шапқылағанның өзі өзі болса да, бас бостандығынан айрылып Ресей орнында жүргенде түсіне үнемі баяғы ескі ауылы ретін. Балшық үйлі, жертөлелі "Жаңа жолды" емес, аяғы Тасқұдықтың басындағы киіз туырлықты көшпелі сағынатын. Комсомол — жастар болып өзі құртқан сол ауылын сағынатын.

Күн өрмелеп сәскеге көтеріле ауа қызып, ыси түсті. қоңыраулы қарағай мүйіз көк серкеге ілесіп суға қарай іле шұбырған отар. Саудырап шаңытып толассыз тарылды. Отар алды Мәтінің көзіне тұяқ іліктіргенде тілдері лақтап ауылға қарай оза жортып кеткен иттерінің гені естілді. Жусаны жабағы жон үстінде бір нәрсе иіт етті. Жүрегі шымырлап қоя берді. Боз дамбалы аяғыңда ағараңдап жүгіріп келе жатқан баласын таныды. Бір іске бірге кетем" дегенде ұрсып үйге тастап кеткен.

Шешесіне қара болсын деп. Егер сонда өріске алып кеткенде ғой жеті жасар ұлы далада екі түнеп бүгін шешесі мен қарындасының алдында беделі өсіп, мал бақтым деп даңдайсып өрістен қайтып келе жатар еді.

Аяғына тікен кірді ме... Түгелбек ойпаңға түсе беріп еңкейіп отырып қалды. Басын көтеріп бұған қарап қояды. "Ит - ай жалаңбас жүргені несі екен?" Түйені желдіртіп айдады. Баласы табанын шұқылап отыр. Жанына келіп түйені шөгерді.

— Не болды, Түгелбек?

— Тікен кірді...

Қасына келіп тізе бүгіп аяғын шұқылап отырған баласының төбесінен иіскеді. Қышқыл тер исі шығады.

— Қайсы?— деп бұ да үңілді. Ылғи жалаң аяқ жүргендіктен баласының табаны күстеніп кеткен. Көрініп тұрған тікен жоқ.

— Қатты ауырып тұр ма?

— Жүргенде ауырады.

— Е, онда түйеге мін. Үйге барғасын инемен алармыз,— деді бұл.

Түгелбек келісті. Ақсаңдай басып тұрды. Шеге оны көтеріп жазының үстіне отырғызды. Түйеге өзі де мінді.

... Көлденең белге көтерілді. Қарсы беттен үлбіреп майда өлкек жел есті. Тұщыбұлақ аңғары көрінді. Бұлақ басында отауы қоңыр жұмыртқадай томпиып тұр. Қоңырауы күлдірлеп кек серке бастап бұлақ суына жүгіре шұбырған отар. Сол тараптан қызыл көйлекті титтей қызы жүгіріп келеді. Жан сарайына жылы толқын шапты. Енді назары Хансұлуды көргісі келіп үй төңірегіне ойысты. Сол ойын білгендей-ақ есіктен Хансұлу бой көрсетті. Үстінде ақ көйлегі, қара жеңсіз. Есік алдында шошайып тұрып қолын көлегейлеп, күн астына қарап Шегені көргендей болды.

Қызы мен ұлын түйенің беліне отырғызып бұлаққа қарай жіберді де өзі етігі сыпылдап жаяу үйге тартты. "Ә, бәлем, сағындың ба?" деп Хансұлу да бұның ойын сезіп күліп тұрған болуы керек. Мейлің күле бер. Сағынғаны рас.

Есік алдында тұрған самауырға еңкейіп аш белі үзіліп от салып жатыр, келіншегі. Кестелі етек ақ көйлегі мен мақпал қара жеңсізін Хансұлу жиын - тойларда болмаса сирек киетін.

Шегеннің көкірегіне! ыстық шуақ құйылды. Құла дүздегі томпиған қоңыр отауы ынтықтыра тартады.

Үйге жақындаған сайын жүрегін қуаныш керней үсті. Үй төңірегі айна таза, су себіліп, сыпырылған. Әр нәрсе ез орнында, тап-тұйнақтай жиналған. Қалай үймесін Хансұлуды. Мына жарық дүние, шымшықтары шықылықтап, күн сәулесіне қорғалап бөккен мажырау ұжмақ мекендей елестеді.

Хансұлу әлгінде үйге кірген. Шеге иығындағы қоржынын сырт босағаға тастап, қамшысын белбеуге ыстырып есікке беттеді. Ашық есіктен ішке күн сәулесі құйылып тұр. Еңкейіп ішке кіре берді Шеге. Хансұлу ұны босағада тосып тұр екен. Келіп мойынына асылды. Кестелі ақ жаулығы ысырылып арқасына түсті. Шеге келіншегін қармап бауырына тартты. Хансұлудың бойы бұдан қарыс темен. Қос өрім етіп екі айыра тараған қалпынан құшырлана иіскеді. Хансұлудың шашы тұнық ара қалың, әрі бірсыдырғы мықынға жетер ұзын еді. Бұрымын тарқатып жіберсе қобырап иық кеудесін түгел сауып кететін. Шегенің әулетті қолы келіншегінің аш елін үзердей қысып, умаждап барады.

— Шаршадың - ау!— деді Хансұлу әлсіз.

Шеге үндемеді.

— Көкесі!..— деді Хансұлу дауысы дірілдеп, тал бойы ұйып. Шегенің қолы тұла бойын шарлап алақанымен күллі мүшесін түгендеп, аймалайды. Хансұлудың салмағы бір кезде күйеуінің білегіне құлады. Буыны босап тіптен құр сүлдері асылып тұрды. Шеге кеңкейіп келіншегін еппен көтерді. Хансұлудың, көзі тұман, көңілі мас, ұзын етек ақ көйлегі төгіліп жарының мойынына асылып қалған. Келіншегін тердегі текемет үстіне, еппен әкелді. Хансұлу:

— Есікті жапшы!..— деп сыбырлады.

Шеге екі аттап барып есікті қаусырып іштен ілді. Балалар малмен араласып бұлақ басында жүр. Иің кірлеген дауыстары естіледі. Үй іші қара көлеңке бұны тосып ерні сәл шөліркей түріліп, тамағы күлкілдеген Хансұлу. Хансұлудың сезімге кеберіп болмашы түрілген нәзік еріндерінен аздасын балдай тәтті өздер гүлден ұшқан көбелекше қанат қағып жатты. Шегенің түндегі түсі, содан төгілген ыстық жасы, маған үй төбесі көрінгеннен кең зәулім жарық дүние ақ ұласып көкірегіне құйылып, бастан кешкен сәулелі сәті енді жиналып кеп жар құшағына айналғандай. Жарық дүниенің күллі жарығы мен жылуы бір нүктеге шоғырланып, "әйел" атты құдіреттің бойында бас адасқандай. Бұны естен тандырып бір иірім үйіре тартады. Кең, мол сәулесі жарық дүниенің нұрына құлаштап бой ұрғандай. Шұғыласына шомылғандай. Сол ақылға сыймас орасан ұлы жаратылыстың күллі қасиетті қызығы — құшағындағы қайыстай созылған сұлу жарының тал бойыңда тоғысқандай.

...Біраздан кейін екі беті албырап, қара көзі шырадай жанып, шәй құйып отырды Хансұлу. Шәй ішіп төрде құс көпшікті шынтақтап көлбеп Шеге жатты. Осы дастарқанды жинатпай өмір шіркін аяқ астынан астан - кестен болар-ау деген ой қаперінде жоқ еді екеуінің. Қаймақ қатып Хансұлу құйған шайдай тәтті тіршілік жалғаса берер деп ойлаған. Дәмге сіресіп тұрмаса да қант, құрт, ірімшік, исі бұрқыраған таба наны бар осы дастарқаннан артықтың керегі жоқ Шегеге. Шешеден еншілеген тәлімі болуға керек қалампыр қосып шәйді де бабымен құйып отыр Хансұлу. Тас құманның астында шойын табада жайнаған шоқ. Үй ішіне қалампыр исін таратып тас құман гүтір - гүтір қайнайды. Ірге түрулі. Керегенің көзінен кең даланың керімсалы желпіп қояды.

Шегенің шөлдеп, шаршағаны терімен шығып, көзі жарқырап ашылғандай. Содан болуы керек Хансұлудың әр қимылын, қозғалысын, табада жайнаған шоқтың шеті күлгін түстене бастағанын, есік алдында баған ағашқа бармақтай шымшық құстың кеп қонғанын, сол бір жұдырықтай тіршіліктің тамағы бүлкілдеп, төңірекке жалт-жұлт қарағанын, ашық есіктен көрінген сонау бұлақ басындағы ала бажыр малды, түйесін жетектеп үйге беттеген ұлы, қызын, төңірек дүниенің талма тал түс ыстығына қорғалап мүлгіп мамыражай тыншу күй кешуін — түгел көріп, сезіп отыр.

Хансұлу үйге кеше Ждақайдың келіп кеткенін, ауыл-үйдің ұсақ-түйек хабарын айтса да басты жаңалықты Апанастың ұсталуын айтудан тартынды. Шеге тынықсын соңырақ естіртермін деп ойлады. Әйтсе де:

— Рас па, өтірік пе білмеймін... Алматыда бір топ үлкен адамдар ұсталған дей ме...— деп қана қойды.

Шеге қабақ шытты. Кесесінің түбіндегі екі ұрттам шәйді енді бөліп-бөліп түнере түсіп асықпай ішті. Кесесін жантайтты.

Ашық есіктен шаңқай түскі әлем кең атырапқа, алыс сағымды көкжиекке қарап үнсіз, қимылсыз қалды.

Хансұлуда да үн жоқ, қыбыр жоқ.

— Е-е-е...— деді күрсін атып, әлден уақта Шеге.

Шегеннің көңіл шырқының бұзылғанын байқады Хансұлу. Қазіргі беймаза заман жәйлі ойланғандай болды екеуі. ...Сөйтіп отырғанда үй сыртында ат аяғының ; үбірі, жүген, үзеңгі шылдыры естілді. Дүрс етіп біреу аттан түсті. Хансұлу мен Шеге бір-біріне қарады. Иттердің абалап дыбыс білдірмегені несі? Шеге еңкейе үсіп ашық іргеден сығалады. Екі кісі түсін жатыр аттарынан. Ауыл адамдарына ұқсамайды. Киім киістері қызметкерлерге ұқсайды.

— Кім?— деді Хансұлу.

Үн-түнсіз Шеге шапшаң түрегеп, етігін қоңылтақ кие алып сыртқа шықты. Терлеп отырған көйлекшең, жалаң ас қалпы тысқа шыққан еді. Арқасына салқын жел тиді. Үйді айналып, аттарын қазыққа байлап жатқан бірі орыс, ірі қазақ екі жас жігітке шоши қарап жақындады. Екі жігіттің екеуінің де жамбас түс жұқа плащтарының ішінде қылтиған қабыр бары байқалады.

Үрпиіп жақындай берген үй иесін көріп жігіттер қол беріп амандасты.

— Қаспақов Шеге сіз боласыз ба?— деді орта бойлы тығыншықтай бақабас қара қазақ жігіті.

— Ие, ие. Менмін...— деді Шеге.

Қара торы жігіт мойынындағы сөмкесіне еңкейді.

Шегенің жүрегі суылдап қоя берді.

— Мінеки ордер...— деп бір жапырақ қағазды Шеге ұсына беріп.— Бізбен бірге жүресіз!

Шеге қағазын өзіне қайтарып берді. Қабағы шытып көз алды бұлдырап Тұщыбұлақ өңірін шолды назы. Бірақ осы сәт көзі түк көріп тұрған жоқ еді. Үңірек бір бұлдыр лайсаң сияқтанды. Бақабас жігіт деді. Сөз орайынан "тінтеміз" дегенін түсінді. ұл қостағандай бас шұлғып қонақтарды үйге қарай бағады. Түйесін жетектеп Түгелбек келеді.

Шеге есеңгіреп есікке беттеді. Кішкентай үміті бозғадан қонақтарға жымиып қарап тұрды да сықылықтап үйге зып берді.

Бұл алға озды. Хансұлу босаға тұста состиып тұр кен.

— Үйді тінтеді...— деді Шеге үні жарықшақтанып. Сөйтеді де Шеге "қонақтарға" жол берді. Сары орыс жігіті ішке кірмей есік алдында тұрып қалды да, ақа бас ішке кірді.

Хансұлудың оңы шүберектей қуқылданып Шегеге аралды.

— Шәй қояйын, ба?— деді абдырап келіншегі.

— Әуре болмаңыз, жеңгей! Біз асығыспыз!— деді бақабас.

— Мені... алып жүрмек...— деді Шеге. Хансұлудың көзі бұған қадалды. "Бұ не?" дегендей. Шеге иығын қысты.

—...Киімдерімді дайында!— деді.

Бұ кезде бақабас үй ішін тінтуге кіріскен. Алдымен кітаптарды көрді. Сәбит Мұқановтың "Адасқандар" романын, Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешуін", Ілияс Жансүгіровтің поэмаларын, Бейімбет Майлиннің әңгімелерін аударып - төңкеріп қарады. "Адасқандардан" басқа, үш кітапты сөмкесіне, салды.

— Мына жүгіңізді алыңыз!— деді бақабас Хансұлуға. Хансұлу абдырап қалды. Шеге сөйткенше сандық үстіндегі көрпе-төсекті төрге қарай лақтырды.

Теңді Хансұлу қапталға ысырды да шашбауынан кілтті шешіп алып сандықтың құлпын ашты. Бақабас сандықтың ішіне қол салып ішіндегі Хансұлудың, Шегенің, балалардың киімдерін шаша бастады. Ақтарды. Ақыры еш нәрсе таппаған ыңғайы білінді.

Хансұлу теңді шешіп Шегенің қыс киімдерін шығарды.

Шегеде үн жоқ.

Қуыс - қуысқа үңілген бақабаста да үн жоқ. Хансұлу шыдай алмай:

— Әй, інім! Бұл ағаңды... Қанша... ұстайсыздар?— деп қалды саңқ етіп.

— Еш нәрсе айта алмаймын! Оны қылмысы біледі,— деді бақабас, теріс қарап іргеге үңіліп тұрып.

— Қайдағы қылмысы?— деп түршігіп шошып кетті Хансұлу.

— Афанасий Грининнің сізге сыйлаған етігі қайда, жолдас Қаспақов?— деді бақабас.

Шеге бақабасқа қарады. Ойы он саққа жүгірді.

—...Сұраққа жауап беріңіз!

Шеге өз аяғына өзі еңкейді. Қоңылтақ кие салған ескі былғары етік аяғына.

— Мінеки...— деді. Бәрінің назары Шегенің аяғындағы шаң-шаң етікке қадалды.

— Ендеше дәл осы күйіңізде... жүріңіз... кеттік!!!— деді бақабас, дауысы қатқылданып.

— Жә, болсын...— деді Шеге. Босағада отыра қалды да аяғына шұлғауын орап етігін қайта киді. Бұ кезде Түгелбек кеп есік алдында, үй ішіндегі көрініске манадан көз салумен тұрған. Әке-шешесінде өң жоқ, түс жоқ. Мана екі әскердің де кейіптері бей-берекет қонаққа ұқсамайды.

Шеге көнетоз пиджагын киіп, күпі шалбарын қолтықтап, түнеріп есікке беттеді. Беттей түсті де ойланып үй ішіне қайта қарады. Күткені мына бақабас өзінен бұрын шықса оңашада келіншегімен тілдеспекші еді. Бақабас бұның ол ойын түсінгендей қақшиып тұр қатуланып.

Шеге лажсыз табалдырықтан аттады.

— Шеге - ау бұ не масқара?!— деген Хансұлудың үні, ізінен ере шыққан бақабастың арқа тұсынан естілді. Есік алдына шығып Тұщыбұлақ атырабына кең шола назар жібергендей қас қағымға іркілді Шеге. Қанша қараса да бір лайсаң бұлдыр ақ шағырмақ боп елес береді дүние. Түк көре алмайды.

Қасында, әлдеқайда жиналған әкесіне тесіле қарап ұлы тұр. Бұрылып баласының көзіне көзі түсті. Жеті жасар ұлының жанарында шарпысқан сауал-сұрақ, үрей... Манағы... Түгелбектің табанына кірген... тікен түсті есіне. Ұлының кір-кір аяғына қарап тұрды да:

— Маған бір ине берші!— деді дауыстап іштегі Хансұлуға.

Ұлының басын сипап тізерлеп отыра берген Шеге тәлтиіп тұрған бақабасқа жүзін бұрды. Бақабастың біздиген бетіне ызғар жиналыпты. Содан іші тітіркенді. Бірақ міз бақпады.

— Сәл шыдаңыз! Қазір... тікенін алып берейін... баланың...

Бақабас ашуға тығылды. Бұрылып әлдене деп күңк етті. Орыс жігіті аттарға қарай шапшаң адымдады.

Сүріне аттап Хансұлу шықты үйден. Бақабас есік алдында олай бір, бұлай бір теңселіп жүр еді түнеріп.

Шеге баласының табанын үңіліп тікенді шұқылап алуға кірісті. Қасына келіп тізе бүккен келіншегі боп - боз. Көзі — Шегеде.

— Не істер дейсің... қорықпаңдар!— деді Шеге.— Тергер... тергер де жіберер... Апанас ұсталған тәрізді ғой. Соған қатысты шығар...

— Көке... сен қалаға барасың ба?..— деп кішкентай Үміті тақылдап қоя берді. Хансұлу:

— Өшір үніңді!— деп жекіді оған.

— Серікбайға қазір бар, ауылға хабар жеткізсін... Мүмкін қойға біреуі келер... көмектесуге... Мен босағанша...

"Серікбай" дегені көрші шопан еді.

— Балаларға бас-көз бол!

Орыс жігіті екі атты жетектеп жақындады. Шеге баласының аяғындағы тікенді алды.

— Түгел!— деді.— Мен ауданға кетіп баратырмын. Шешеңе көмектес, тілін ал!

Баласы бас изеді.

Шеге ұлының бетінен сүйді.

Түгелбек бір зобалаң салқынын сезсе де, оның не екенін болжай алмай жалтақтайды. Үлкендер бұдан шындықты жасыратын сияқты. Әкесінің өңінен, жүріс - тұрысынан көз алмайды. Шешесінің теріс қарап сығымдаған көз жасын байқап қалды. Әкесінің бұл кетісі тегін емес сияқты. Мына суыт жандарға қарудың неге керек екенін түсінді. Әкесі қашса ататын нагандар екен.

Екі қонақ атқа мінді.

— Қашан келесің?— деді әкесінен.

— Келем... көп ұзамай...— деді әкесі.

Әлдене деп күбірледі шешесі көзін сүрткіштеп.

Әкесі басындағы ескі сүр кепкесін баса киіп, шешесінің қолындағы түйіншекті алды. Жаяу, аттылардың алдына түсті. Жүре беріп, бұрылып соңына қарады.

Осы сәт Түгелбектің жүрегі шымырлап қоя берді. Ауыздығын қарш-қарш шайнап, екпіндете жөнеген екі қара аттың алдында жаяу бүлкектеп әкесі барады. Көз алды жастан бұлдырап кетті Түгелбектің. Енді бірде қараса, екі атты кісінің соңынан жаяу ызғып жүгіріп келеді екен. Соңынан шешесі айқайлап жатыр. Жылап жүгірген бұл бірақ естімеді. Қазір дүние түгел шулағандай, дүние көздің жасына толғандай. Кісінің біреуі ат басын тартты. Түгелбектің жолын кес-кестеді. Бүлкектеп бара жатқан қалпында көкесі мойын бұрып "қал!" дегендей белгі берді. Бұл состиып тұрып қалды.

Жарты жолда состиып тұр Түгелбек. Ебіл-себіл жылап тұр. Атты кісілердің алдында әкесі барады. Ұзап барады. Түгелбек шыдамады. Тағы жүгірді. Көзден аққан жасы бет-ауызын айғыздады. Бірақ, аттыларға жақындасуға қорықты. Шаршағанша, әкесінің соңынан ере бергісі келді. Осы күйінде өріскей беттегі құба жоннан асты. Әкесі соңына жалтақтап бұған қарап қояды. Іркілді бір кезде. Аттылармен жанжалдасқандай болды. Аттылардың қолдары ербеңдеді. Әкесі бүлкектеп жолға қайта түсті.

Сөйткенше, түйе мінген шешесі қуып жетті. Оның да көзі іскен, қатуланып алған. Түгелбек ұрсады екен ғой деп қашқақтап, ығыса берген.

— Әй, мін түйеге!— деді Қара түйені іркіп шөгере беріп.

Түгелбек те мінді түйеге. Шешесінде үн жоқ.

— Шу!— деді. Түйе ырғып түрегелді. Енді үйге қайтады екенбіз ғой деп ойлаған бұл. Жоқ, сөйтсе, шешесі түйені қамшымен борбайдан шықпыртып жіберіп тура алға қарай айдады. Түгелбек қуанып кетті. Дәл осы екпінмен бұлар аттыларға қуып жетіп әкесін айырып үйге алып қайтатындай қуанды. Жарықтық арқасы көлдей Қара түйенің желісі жәйлі - ақ. Қарсы беттен жел естіріп, құлаштап тастайды аяқты. Ақ тақырға таяй бере қуып жетті әлгілерді. Аттылар көлденеңдеп тоқтады. Әкесі кепкесін қолына алып басының терін орамалмен сүртіп тұр.

— Әй, інім!— деді шешесі дауысы саңқылдап мұрны шуылдаған Қара түйе үстінен.— Ол байғұсты Нарқамысқа шейін жаяу айдасандар несі қалады! Неге, біреуің мінгестіріп алмайсыңдар! Сонша қинайтындай жау ма еді ол!— Шешесінің үні ащылау шықты.

— Ол біздің шаруамыз, жеңгей!

— Сіз қайтыңыз?— деді қазақ жігіті сұрланып. Дауысында сыз бар.

— Ең болмаса мына түйемен біраз жерге шығарып салайық!

— Шығарып салатындай бұл кісі қыдырып бара жатқан жоқ!— бақабас жігіт дауысы шығып ақырып жіберді.

Буы бұрқыраған басының терін сүрткіштеп тұрған әкесінің көзі бұларда. Түгелбек көкесінің көз жанарынан бұрын-соңды көрмеген бір аянышты қалды байқады. Әкесі шешесіне:

— Қайтесің... Қайтыңдар!— деді. Жанарындағы әлгі нала табы бір өзгермеді.

Аттылар қозғалды. Әкесі де түйіншегін иыққа салып аттылардың алдына түсті.

— Балаларыңа ие бол!— деп дауыстады.

Бұлар қарап тұр. Қара түйенің мұрны ғана шуылдайды. Шешесі бұ жолы жыламады. Кетіп бара жатқандарға үнсіз қарайды түйе үстінен. Осы тыныш сәтті пайдаланып Қара түйе талтайып тақыр жерді ылғалдап тұр.

Көп ұзамай бұның көкесі де, көкесін алдына салып айдаған аттылар да қыр асып көзден ғайып болды.

Төңіректі зіл тыныштық басты. Тек шегірткенің шырылы ғана толассыз естіледі бұта арасынан.

Шешесі күрсінді. Көкірегі қарс айырылғандай болды. Содан кейін Қара түйенің бұйдасын қағып "Шүу" деді, басын кейін бұрды.

Күн әлі ыстық. Аптабы жалын шарпиды. Шешесі екеуі үн жоқ, түн жоқ Қара түйені баяу аяңдатып үйге қайтып келеді. Түгелбек бұрылып әкесі кеткен тұсқа қарады. Көкжиек жым - жылыс. Қаңғыбас құйындар ғана бұлтыңдайды.

Үн-түнсіз есеңгіреп қалған шешесі екеуін Қара түйе маң-маң басып сонау бұлақ басында жетімсіреп тұрған жалғыз үйге қарай әкеле жатыр.

Жемнің суын кешіп өтіп Шегелер Нарқамысқа ел жата кірді. Қарабарқын жұмсақ түн еді. Ауыл көшесі бос. Бірен-саран иттердің үргені естіледі. Өміріңде талай қуғын-сүргінді көрсе де Шеге бүгінгідей ит - сілікпесі шығып шаршамаған сияқты. Тұщыбұлақтан Нарқамысқа дейінгі елу-алпыс шақырым аралықты жаяу желіп өтті. Аяғынан жан кеткендей, ап-ауыр. Енді тек құлау ғана қалған. Тезірек түрмесіне жетсем екен деп тілеп келе жатқан. НКВД- інің қорасын көріп "уһ, жеттім бе" деді іштей. "Енді тек... тезірек қамаса екен". Тек сұлап түсер еді. Бұны айдап келген екеу сыртта аттарын байлап жатқанда, бұның жанына қараңғыда қауқиып біреу жақындап:

— Бері жүр!— деді. Қомпиған тұлғалы әскер. Шеге соның ізіне ерді. Балшық үйдің дәлізіне кірді әлгінің ізімен. Дәлізде — білте шам. Жарығы ала - көлеңке түсіп тұр. Шеге тізе бүккісі кеп орындық іздестірді назарымен. Бірақ, дәліз іші жым-жылас. Қомпиған әскер бұрылып бұған қол ұсынды. Қозбағар! Өзінде өң жоқ, түс жоқ.

— Камераңа тезірек жатқызшы!..— деді Шеге, басқа нәрсе айтуға қошы келмеді.

— Әлгі... тергеуші сөйлесетін сияқты...— деп Қозбағар абыржып, бұның иығындағы түйіншегін алды.— ...Қалтанда темір-терсек жоқ па? Менің,.. тексеру міндетім...

— Тексер...— деді де Шеге қабырғаға арқа сүйеп сылқ отыра кетті.

Қозбағар Шегенін шалбарын, пиджагын сырттай сипалап тексерді. Тері киім сыртына шығып кетіпті.

Дүрсілдеп ішке әлгілер кірді.

— Әкел!— деді бақабас Қозбағарға, қаптал есікті ашып.

— Жүр!— деп, Қозбағар бұны бақабас кіріп кеткен есікке қарай бастады. Шеге әрең түрегелді. Ісіп кеткен аяғын әрең сүйреп қаптал есікке беттеді.

Кішкентай бөлме екен. Жалғыз терезесі биіктеу, торлы.

Терезе алдында — шағын стол. Стол үстінде әлсіреген білте шам.

Столдың екі жағында екі орындық.

— Отыр!— деді бақабас. Орыс жігітімен әлдене деп күбірлесіп қоштасты. Анау шапшаң шығып кетті.

Әлсіз буыны салмағын ұстай алмай Шеге орындыққа сылқ түсті. Есік сықырлап жабылды. Еңсесін көтерсе бөлме ішінде бақабас екеуінен өзге жан қалмапты. Бақабас жалаңбастанып алып стол астына еңкейіп әлдене іздеді. Қап-қара қысқа шашы тіп-тік.

Бөлменің едені ескірген тақтай екен. Қабырғалары әктелген.

— Атыңыз? Фамилияңыз?— деді бақабас стол үстіне қағаз қалам шығарып жазғалы ыңғайланып.

— Қаспақов Шеге,— деді бұл.

— Туған жылыңыз?

— 1909 жыл.

— Ұлтыңыз?

— Қазақ.

— Шыққан әлеуметтік тегіңіз?

— Кедей шаруа.

— Партияда жоқсыз ғой?

— Болғам, бірақ 1930 жылы шығарып жіберген.

— Не себептен?

— Сотталғаным үшін.

— Не үшін сотталдыңыз?

— Үйімнен қайын атам Пахраддиннің алтын-күмісі шыққаны үшін.

— Түрмеден қашан оралдыңыз?

— 1933 жылдың апрелінде.

— Содан бері не кәсіп істедіңіз?

— Бір-екі жыл колхозда счетовод болдым. Содан кейін қойға шықтым.

— Шетелде болдыңыз ба?

— Жоқ.

— Басқа партияда болдыңыз ба?

— Жоқ.

— Үй-ішіңізде кімдер бар?

— Әйелім, өзім, екі балам.

— Әйеліңіздің аты-жөні.

— Хансұлу Пахраддинқызы.

— Қай жылы туылған?

— 1910 жылы.

— Балаларың?

— Ұлым — Түгелбек Қаспақов 7 жаста. Қызым Үміт Қаспақова 3 жаста.

— Әке-шешең?

— Әкем — Шәріп Қаспақов 1933 жылы аштан елді. Шешем — тірі. "Жаңа жолда" тұрады. Жасы алпыстың үшеуіне келді. Аты — Жайбасқан Тұрайқызы.

— Бауырларың?

— Балжан Шәріпқызы. Жасы 24-те. Айжан Шәріпқызы 22-де. Наржан Шәріпқызы —20-да. Тоғжан Шәріпқызы —18-де. Гүлжан Шәріпқызы, жасы 15-те. Айжан "Амангелді" колхозында тұрады. Наржан —"Балықты көлде" қалғандарының бәрі "Жаңа жолда".

Бақабас қаламы тысырлап жазып жатыр.

Осы кезде есік ашылып, ақырын басып Сұржекей кірді. Иығына желең жамылған шинелі. Езуінде — темекі. Бақабас орнынан ыршып тұрды. Шеге де түрегелді.

— Салаумалейкум...— деді Шеге. Сұржекей үндемеді. "Отыра беріңдер!" дегендей ишара етті қол ұшымен. Бақабас отырды. Шеге де отырды. Сұржекейдің өңі өрт сөндіргендей, сұрланып қанын ішіне тартып алған.

Бақабас тергеуші бұның алдына әлгі езі толтырған қағазды ысырды.

— Жаңағы айтқандарыңды растап қолыңды қой!

Шеге қолын қойды. Бүгінгі әңгіме осымен біткен шығар деп ойлаған... Сөйтсе, бақабас қозғалар емес, және бір ақ қағазды алдына жәйді. Сұрақтың көкесі енді басталатын сияқты.

— Гринин Афанасий Василиевичті қай жылдан бастап білесің?

— Бірінші көргенім.—1928 жылдың жазы. Содан бері білемін.

— Араларың қалай?

—...Жақсы. Өткешевке ауылды қуғанда, еріктілер отрядында мен де болғам. Содан бері білемін.

— Үйінде болдың ба?

— Болдым...

Бақабастың қаламы тысырлап жатыр. Сұржекей олардың сұрақ-жауабын жүре тыңдап, ағаш еденді зар ірете сықырлатып, ауыр басып, бөлме ішінде теңселіп тұр.

— Сен түрмеден оралғанда Грининнің саған өз етігін ойлағаны рас па?

— Рас. Мына етік!— деп Шеге аяғына еңкейіп етігін көрсетті. Сұржекей:

— Прекрасно...— деп осы арада сөзге араласты, темекі түтінін ерін ұшынан үшкірлеп жіберіп. Ішінде ит өлгендей Сұржекей беті бүлк етер емес.

— Грининді қандай адам деп ойлайсың?

Шегенің күткені осы сұрақ еді. Сайрай жөнеді.

— Апанас патша қысымымен революцияға дейін ,Қазақстанға жер аударылған. Демек патша өкіметіне соқпаған. Революцияны қолдаған. Темірде бала оқытып сүріп өзі қазақша үйренген...

— Стоп!..— деді Сұржекей саусағындағы темекісін шошаң еткізіп,— ол кісінің өмірбаянын біз білеміз!... Сен одан да ол кісі туралы өз пікіріңді айт!

—...Ол кісі туралы пікірім өте жақсы. Ол адал коммунист. Қазақтар оны "Апанас" деп жақсы көргендіктен таған.

— Түсінікті...— деді Сұржекей, "тоқтат" дегендей әл қол көтеріп қабақ шыта ишара етті.— Көрсет! Оқысын!

Бақабас столдың тартпасына еңкейіп бір қағазды алып Шегенің алдына қойды. Бір бет толы машинкамен басылған. Орысша ең соңында көк сиямен Апанас қол ;ойған.

— Оқы! Оқы!— деді Сұржекей.

Бір бет жазуға Шеге жүрегі дүрсілдеп шұқшиды. Түсінгені Апанас өзінің көптен Түрік разведкасымен айланысты болғанын, Түрік пашасы Әнуардың Совет еліндегі жалдамалы агенті екенін, Қазақстандағы Совет өкіметін құлату мақсатында ұзақ жылдар арандатушылық жұмыстар жүргізгенін, сол мақсатпен жергілікті халықтар тілін үйренгенін, ауданда басшы қызметте болған қылдары қарапайым шаруа халықты социализм ісіне қарсы тәрбиелегенін, сөйтіп, өзінің 1918 жылдан бастап Түркияның шпионы екенін мойындапты. Қол қойыпты. Шеге Апанастың қолын танитын. Қол сонікі. Шеге түс көргендей әуре-сарсаң. Дүние табан астында төңкеріліп астын-үстін болғандай.

— Мүмкін емес! Шпион болуы мүмкін емес... Апанастың!!!— деп қалай ышқынып ыршып тұрғанын білмейді.

— Отыр!!!— деді Сұржекей дорба ауызын томпайтып, иегімен орындықты нұсқап. Сұржекейдің ала көзіне ақ сайтан ашу ойнап шыға келген. Шеге қорыққаннан отырды. Сұржекей еденді сықырлатып, асықпай басып столға жақындады. Стол үстінде жатқан әлгі жиіркенішті қағазды қолына алды. Қағазды сұп-сұр боп қаздиып отырған Шегеннің көз алдына әкеліп сілікті.

—... Немене сонда біз... НКВД подлогпен айналысып отыр демекшісің бе? Вста-а-ть!!!

Шеге тағы түрегелді. Сұржекейдің шақшырайған көзіне бұл да қасарысып шақшырайып көз алмай қарады.

— Оу, Жәке! Мен бар болғаны Апанастың агент екендігіне сенбеймін дедім ғой!

— Сядь!!!— деп тағы ақырды Сұржекей, көзінде найзағай жарқ етіп столды бір ұрды,— Сядь!!! "Халық жауымен" ауыз жаласқан сволочь! Сенің қандай арандатушылықпен айналысқанын уже мәлім бізге!!! Совет өкіметіне қарсы әрекетке түрмеден келгеннен кейін кіріскенсің!!! Сенің тұқымыңды баяғыда-ақ тұздай құрту керек еді... кулактың қызын алып, алтын-күмісін жасырған күні-ақ құрту керек еді, подлец!!!

Сұржекей бұрқ-сарқ етіп бұған айтарын айтып болып енді бақабасқа бұрылды.

— Құлберген! Мынаны одиночкаға тық! Бұл әлі "сүттен ақ, судан тазамын" деп қарсыласудан тайынбас. Кірісіңдер!!!

— Жекей Қалиевич!— деп есіктен сығалаған Қозбағардың табақтай беті шалынды. Дауысында қуаныш бар. "Жекей Қалиевич" бас изеді. Әлгі бір жапырақ қағазды бастығының созған қолына ұстата берді. Сұржекей сызданып темекісін құшырлана сорды да Қозбағар әкелген қағазға шұқшиды.

— Молодец!!!— деді Сұржекей басына шайқап, дорба ауызын томпайта.

Құлберген де:

— Қайсысы!— деп күлімсіреп Сұржекейге жақындады.

— Шақылдауық күзен. Қол қойыпты,— деп танау астынан күңк еткен Сұржекей ызбарланып Шегеге қарай бұрылды. Қоңыз мұрты жыбыр етті.

— Ендігі тапсырма, Құлберген екеуіңіз мына конторамен айналысыңдар! Өзі немене нағашы ма, жиен бе ағаң? Әлгі Пахраддин кулактың қызын сенен баяғы артып алатын жақының ғой. Дұрыстап жұмыс істе! Көпке созбаңдар? Отчет сұрап жатыр облыс.

Сұржекей қолындағы темекінің тұқылын күлсалғышқа езгілеп өшірді. Қоңыз мұрты жыбыр етті. Танау астынан:

— Кірісіңдер!— деді. Маңғаз қалпы сызданып, етігі тықырлап есікке беттеді. Қашан Сұржекей шығып кеткенше бөлмедегі үшеуі тізе бүкпей есіктен көз алмай арап тұрды. Есік жабылды. Сұржекейдің асықпай асқан етік сықыры дәлізбен кем-кемдеп ұзай берді. Үшеуінде де үн жоқ. Сұржекейдің тысыры кешіп, бөлме ішінде меңіреу тыныштық орнады. Шегенің аңдығаны Бақабас. Бақабас қозғалды. Қол созып терезенің кішкентай көзін жапты.

— Жолдас Қаспақов!— деді терезеден бұрыла еріп,— Сіздің Совет өкіметіне қарсы сөйлеген, ұлы көсеміміз және ұстазымыз Сталин басқарған партия линиясын сынаған фактілеріңіз белгілі болып отыр...

Әңгіменің жалпы осылай басталарын, болжаған Шеге. Сондықтан, тағатын кінәларын тезірек естіртсе екен деп білеген. Орта бойлы бақабас қара жігіт Құлбергеннің жүріс -тұрысы өзгерді. Әлгі, шіреніп шырт түкірген бағысы тәрізденіп бұ да екі қолын арқасына салып, батпанын бөлме ішінде ерсілі-қарсылы теңселе бастады. Сұржекейден бір айырмашылығы езуіне темекі қыстырған соқ. Бірақ, жүріс-тұрысы сонікі. Тіпті бастығының ыңыранып еріне сөйлеуіне дейін айнытпай келтірді.

— Мысалға мынандай фактілер: Сіз түрмеден арылғаннан кейінгі жылдар бір емес, бірнеше рет жұрт өзінше "баяғы өзіміздің ескі ауыл түрмеде жүргенде түсіме кірді" депсің. "Бие байлап түйе сауып, той тойлап жатқан ескі ауылды сағындым" депсің. Дедің ғой!

Шеге бас изеді.

— Дегенім рас...

— Та-ак. Бұл — бір. Екінші факт. Сіз 33-шы жылы дрельде түрмеден оралып аштан қырылып жатқан ұлылыңызды көргенде ашуланып Совет өкіметін біл депсіз. Дәлірек айтқанда "Әй, бүйткен ауданың да ар болсын Голощекиннің де бар болсын!"— депсің.

— Дегенім рас. Бірақ мен өкіметті емес, асыра сілтеуді сынадым. Асыра сілтеуді сүйікті көсеміміз Сталиннің өзі де сынады!

— Сталинді қайтесіз! Сұраққа жауап беріңіз!— деп ауысы қатқылданып Құлберген түсіне ызғар жинады.

Қозбағар мұрны пысылдап бұлардың әңгімесін ақ қағазға сойдақтата жазып жатыр. Құлберген еденді сықырлатып, маңғаздана басып айналып келіп бұның тура көк желкесіне тақап тоқтады.

— Үшінші факт!!!— деді бір кезде дауысы қаңылтырдай қатқылданып. Тергеушінің үні тура тас төбеден балғамен ұрғандай, Шегенің тұла бойына ызғар шапты.

— Үшінші факт. Сол жылы сізге ауданның бұрынғы бірінші хатшысы, қазір НКВД әшкерелеген Түрік пашасының жалдамалы агенті Гринин, яғни, сіздерше айтсақ Апанас, өз етігін сыйлаған. Ол етік қазір сіздің аяғыңызда. Рас қой?

— Рас.

— Төртінші факті...— деді шымыр қара жігіт Құлберген екі қолы артында, ағаш еденді шыңғырта басып тағы қозғалды.— Төртінші факт. Бүгін сіздің үйді тінту нәтижесінде буржуазияшыл - ұлтшыл жазушы Сәкен Сейфуллиннің кітабын таптық. Рас қой?

— Рас...— деп Шеге қозғалақтап сөйлеуге ыңғайлана берген. Құлбергеен оң қолын көтерді. "Тоқта!" дегені. Шеге басылып қалды. Қозбағар сорлы, тұмсығын столдан көтермейді. Мұрны пысылдап айдақтатып жазып жатыр. Әріптері қағаз бетіне тулаған түйенің борбайындай арса-арса арбаңдап түсіп жатыр.

—...Сізге әлі сөз берілген жоқ. Сіз әлгі фактілерді растайтыныңызды білдіріп мына қағазға қол қойыңыз!— деді, Құлберген әр сөзін асықпай шегелеп. Қозбағардың жазғандарын мұқият оқып шығып... Шеге қол қойды.

— Дұрыс. Енді Қаспақов жолдас, біз сізге сөз береміз! Әлгі анықталған фактілерге қайта оралудың қажеті жоқ. Сіз бізге осы күнге дейін жасырып келген қылмысыңыз жеңілде немесе, Отанды сатып шпиондық жолға қалай түстіңіз? Немесе, Грининнің шпиондық етуіне қалай қолқабыс бердіңіз, соны айтыңыз! Түрік разведкасына қай жерде, қай уақытта, қандай мәлімет тапсырдыңыз, соны жырлаңыз!— деді, Құлберген шегір көзін терезе сыртындағы түн ішіне қадап, қушық маңдайын құрыстырып, түсі қабарып.

Шеге: "Мынаның шыны ма, қалжыңы ма?" деп ойлап тергеушінің бет-әлпетіне әлі біраз үрке тікірейіп қарады. Тергеушінің тік қабағы қарс жабулы. Жүндес қабағы астынан жылтыраған кішкентай қанішер көзі кірпік қақпай түнге қадалып қалған. Қалжыңдап тұрған кісіге ұқсамайды. Бөлме ішін тыныштық жайлады. Шпиондық әрекетпен қолға түсіп жатқандарды Шегенің естуі үтін емес еді. Ондай сұмырайлардың дер кезінде әшкереленіп қолға түсіп жатқанына іштей қуанатын., сөйтіп жүргенде, Алматыда бір топ атақты адамдар :талды. Әсіресе Сәкен Сейфуллинді "Жапон шпионы", енгенге табан астынан илана алар емес. Енді, міне, Апанас "шпион" болып шықты. Бұған не дейді?! Жоқ. Сен дейді.

— Неге үндемейсіз, жолдас Қаспақов?! Біз сіздің өзіңізді күтіп отырмыз?— деді тергеуші мекерленіп,— айтпақшы, сіз былай... тұрыңыз! Сіздің орныңыз анау... бұрыш! Сонда барып тұрыңыз!!!

Шеге қозғалды. Бөлменің бұрышына таман барды.

— Мен не айтарымды білмей дал болып тұрмын. Қайдағы түрік? Қайдағы разведка? Қайдағы шпиондық? Апанас агент дегенге әлі сенбеймін. Менен ол туралы сұрауыңыз сұмдық. Мен түс көргендей болып тұрмын...— еді Шеге.

— Сіз... НКВД- ға тағы жала жабуға кірістіңіз!— Кеп бөлме ортасына кеп зірк еткен, Құлберген бұған атып жіберердей қарады.— Жанағы Гриннің өзі қол қойған протоколды көрсеттік емес пе?

— Көрсеттіңіз... бірақ бұл масқара... бұл мүмкін мес!!!— деп ышқынды Шеге.

— Сонда, әй, сен... немене, біздің елге Түркия, Герман фашизмі, Жапон империализмі дос деп ойлайсың а?!

— Неге дос деп ойлаймын? Олардың революцияға қарсы екені о бастан белгілі емес пе?

— Дұрыс... Дұрыс... ендеше сен... сол сыртқы жаулардың біздің елде шпионы жоқ деп біледі екенсің ой?

— Неге, болуы мүмкін... шпионы.

— Мүмкін емес... бықып жатыр... Кейбір Гринин тәрізді сатылғандар солардың жалдамасы агенттеріне айналып Совет өкіметін құлату, іштен ыдырату әрекетінде жанталасып жұмыс істеп жатыр. Заводтарды сарып, поезд жолдарын бүлдіріп диверсиялық жұмысты етіп жатыр. Оған жергілікті буржуазияшыл ұлтшыл - ар, Құлымбетов, Есқараев, Рысқұлов, Сейфуллин, Аспандияров қосылып, Қазақстанды Совет өкіметінен бөліп кетіп Жапон империализмнің отарына айналдырмақшы! Совет өкіметінің, Октябрьдің, Сталиннің арқасында бас бостандығын алған қазақ халқын шетел империализміне ұл етпекші. Ол шпиондар қазір осы зұлым пиғыл Дарын мойындап отыр. НКВД- інің арқасында, Сталиндік нарком Ежовтың арқасында осындай Отанымызға ең қауіпті сұрқиялар дер кезінде әшкереленіп отыр. Қазір солардың ауыл, аудандардан құйыршықтары табылып жатыр. Қаспақов сен, бізді көп әлектемей өзіңнің кім екеніңді жырла!.. Ең дұрысы тез мойындағаның. Біздің сізге айтар ақылымыз осы... Солай ғой Қозбағар Уапич?

— Солай... Құлберген Кәденович,— деді Қозбағар апалақтап сасып қалып.

— Мына Қозбағар Уапичтің қатар өскен досы екенсіз... Соны ескеріп біз сізге жанашырлық ақылымызды айтып отырмыз. Біздің шеф, өзіңіз білесіз Жекей Қалиевич НКВД органына жалған ақ бар беріп өтірік айтқандарды онша ұната қоймайды. Ондай тікбақайлардың талайының мүйізін қағып алған. Так что, асаулықтан сізге келер пайда жоқ. Ондай тереңге бармай-ақ қояйық. Одан да сіз бір ауыз сөзбен Грининнің құйыршығы екеніңізді мойындай қойыңыз!

Құлберген теңселіп жүріп өз "жырын" осылай айтып шықты. Сөз басын көтеріңкі қатқыл рәуіште бастаса да соңғы тұсын жұмсартып, қоңырлатып, қамқорсығансып аяқтады.

Шеге тергеушінің көмекейін түсінді. Оған керегі, Сұржекейге керегі, НКВД- ға керегі, Шегенің де шпион болғаны екен. Осынау, жиырманың жетеуіне келген жасында, тергеуі бар, түрмесі бар, өмірдің талай құқайын көрген еді. Бірақ, мынадай қиянатты әлі көрмеп еді. Тар кеудесіне сыймай жүрегі аунап түсті. Екі көзі ытырынып ұясынан шыға жаздады.

— Соңда мен!!! Мені сіздер... шпион еткілерің келе ме? Мақсаттарың сол ма?!— деп ышқынып қалды. Дауысы қалтыранып тарғыл шықты.

— Апанаспен таныс адамның бәрі шпион болса, осы ауданның халқын түгел қамаңдар ендеше!!! Апанас менің екі туып бір қалғаным емес... ескі танысым ғана! Үйінде болсам бір-екі рет болған шығармын... бүкіл кінәм — кигізген етігін алғаным ба! Онда тұрған не бар?— күйіп кетті Шеге. Бөлме ішін жалын шарпығандай. Тынысы тарылды. Ауызымен ауа қармады. Аласұрды. Сол екпінінен сескеніп мына екі күйкі жан, бұны ақтай күйдірмекші болған екі сілімтіктің мысы басылғандай. Құттары қашып кеткендей. Шеге енді аруақтанып биіктеп кеткендей. Өзі бөлме ортасына шығып алған. Құлберген бұл сөйлеген сайын түнере кетті. Енді бірде екеуі екі жағынан жақындады. Екеуі қолына шап берді. Әттең, осы сәт Шегеннің есіне НКВД кабинетінде тұрғаны түсті... Түрмеде талай төбелесті көрген Шегенің алақаны қышығанымен бұлқына қамады. Қарсылық көрсете алмады. Екі қолын омырып қасыла қайырған мына екі немеге "өнер" көрсетуге тылы жетпеді. Өйтсе, алдымен өз кінәсін ауырлатар берді. Бала-шағасына зияны тиер еді. Сөйткенше, құлақ шекеден бір соққы тиді. Көзінің оты жарқ етті. Көзі көрмесе де тиген тергеушінің жұдырығы екенін білді. Келе шайқала беріп жалт қарады. Көзіне қан толып тергеушіні атып жіберердей шақшырайды.

— Неге ұрасың ит?!

— Ұрмақ тұрмақ мен сен өлтіремін! Отанын сатқан малғұн!— Тергеуші тағы ұмтылды. Қозбағар ұмтылып кеуінің арасына түсті.

— Әй! Сенің көмейіңе құм құйылды ма? Менің кім сенімді неге айтпайсың мына құтырған итке?!— деп айқай салды Шеге, Қозбағарға. Қозбағарда дыбыс жоқ.

— Мен бе екенмін, Отанын сататын?! Ондай ісім болса сотсыз атып тастаңдар!!! Қисынсыз неге жала жалғызсыздар!!! Әй, сенің неге үнің шықпайды, Қозбағар?! Сенің кім екенімді біле тұра неге үндемейсің?

— Кәке! Шеге! Сабыр, сабыр!!!— деп үрейі ұшып, .Қозбағар екеуін екі қолымен итеріп жік-жапар болып қартада тұр.

Құлберген тергеуші:

— Көргенбіз сендей тулағандардың талайын,..— деді, осы сәт тергеушіден гөрі бұзақы балаға ұқсаңқырап.— Қозбағар, апар камераға! Сусыз қатыр!.. Ұйықтатпа! тізе бүктірме! Әкет!!

— Құп, жолдас старшина!— деп шаңқ еткен Қозбағар Шегені қолтықтап есікке қарай тартты.— Кеттік! Шеге! Кеттік! Жүр!!

Ағаш еденді дүрсілдетіп бұлар дәлізге шықты. Таза ауадан көкірек кере жұтты Шеге. Әлгі тар бөлмеден араға таланып шыққандай әңкі-тәңкі басы дыңылдап, құлағы шуылдайды. Тершіген беті ызадан лау - лау жанады. Тұла бойы жеңілденіп алған бұлшық еттері шиыршық атып бір арсы - гүрсі айқасқа тіленеді. Күн ұзақ күттіруден ойылып іскен аяғының ауыруы сезілмейді. Азу тісін қарш-қарш қайрап, кішкентай жылан көзі шырадай жанып жанығады. Соны сезген Қозбағар бұның ыңғайына жығылып қорбиған аю тұлғасына қарамастан құрақ ұшып келеді.

—... Мынауың бір жынды ғой!— деді Шеге әлгі тергеушіге деген ызасын ірке алмай.

— Өй!„.— деп қалды Қозбағар ауызын басып артына жалт қарап.

Дала көзге түртсе көргісіз қараңғы. Ауыл шырт ұйқыда. Түн ортасы мезгілі болыпты.

— Бері! Бері!— деп Қозбағар қараң - құраң етіп алға озды. Шеге жұтына берді. Таңдайы құрғап қалыпты. Әлгінде "Байтал тұрмақ, бас қайғы" деп су сұрап ішуге де мұршасы болмап еді.

— Қозбағар! Су бар ма? Қаным кеуіп барады.

— А, не дедің? "Су" дедің бе?— Қозбағар іркіле түсіп абыржып қалды.— Қазір камераға жетіп алайықшы! Қозбағар кілтін шылдырлатып көлденең кесек үйдің бүйіріндегі бір тор көзі бар есікке маңдай тіреді. Есікті ашты. Үңірейген қараңғы қуысқа бастап өзі кірді. Ізінен Шеге ілесті. Бөлме іші жып-жылы. Едені тас.

— Осында боласың...— деді Қозбағар міңгір етіп.— Төсек-орын болмайды, сірә.

— Төсек-орыны құрсын! Су тапшы, бір жұтым!

—... Сәл... сәл... шыда! Анау кетсін!..— деп, сыбырлады Қозбағар.

Қараңғыға көзі үйренген соң қуықтай бөлме ішіне назар қыдыртты. Кірген есіктен терезеге дейін созылған ұзынша тар қуыс екен. Ішінде манағы Шегенің түйіншегінен басқа іліп алар нәрсе жоқ. Шеге сылқ түсіп ұзынынан құлай кетті жерге. Түу жамбасы жерге тиетін де күн бар екен-ау. Сол екен:

— Ойбай? Шеге! Тұр!— деп безілдеп қоя берді Қозбағар.— Ойбай әлгі көріп қалса құрыдық! Мен құримын...

Шеге былқ етпеді. Бұны Қозбағарға аңдытып қойғаны тіпті он болды. Қанша айтқанмен баяғы Қозбағар ғой. Бала күнінде өзін талай төмпештеп еді. Содан Шегенің бетіне келмей өскен.

— Сен одан да... әлгі пәледен қорықсаң есіктің сыртында тұр! Кел жатса белгі бер!— деді Шеге көсіліп жатқан күйі.

— Құритын болдым... Мен құрыдым...— деп, жыламсырады Қозбағар. Шапшаң ұмтылып есіктің сыртына шықты. Есікті қаусыраңқырап қойды. Шеге қара жер жамбасына қазір құс теспектей жәйлі тиеді. Бүгінгі күн уақиғасы көз алдынан бір аласапыран түстей қойыртпақтап өте берді. Қанша ойламаймын десе де бір сұмдық ой ызғары ішін қалтыратып барады. Бұл тергеу жәй тергеу емес дегізеді. Соңында бір сойқаны бар алыптан басталған қаһарлы дауыл екпінін аңғарады! Себеп - алдары бұ төңіректе емес. Алыста тәрізді. Сол алыс сұрапыл дауылдың екпіні бұл төңірекке, жетіп бұл сияқтылардың тағдыры жаңқадай ұшып жатқанға ұқсайды. Ақ - қарасын ажыратуға мұрша бола ма ондай топалаңда? Сол топалаң, сол дауыл кім-кімнің де болғасын есін алып қорқытып, құмырсқадай дірдек қақтырып жатқанға ұқсайды.

Есік тықырлады. Шеге ұшып тұрды.

— Келатыр!— деп сыбыр етті ішке зып берген .Қозбағар. Дауысында — үрей. Шеге терезе алдына таман жылыстап, тіктеліп есікке қарап тұрды. Түн ішінде әлдекімнің аяқ дыбысы сылпылдап, жақындап келеді. Есіктің төр көзінен ішке назар салып үңілді. Қозбағар кеттік.

— Қозбағар Уапич! Қылмыскерден көз алмай отыру керек!

— Жолдас старшина, ішке бір көзімді салып есік алдында тұрғам!

— Сөйт, мен сағат жетіде келемін! Көзіңді айырма!

— Құп... жолдас старшина!

Бақабас тергеуші сәл еңкейіп, есіктің тор көзінен қараңғы камера ішіне тағы бір үңілді де, пәпкісін қолтықтап, бұрылып жүріп кетті. Қозбағар сол сірескен қалпы. Тергеушінің аяқ шылпылы ұзай берді. Сөйткенде, қаптал тұстан ереуілдеген бір дүрсіл шықты. Айқай тілді, күзетшіні шақырған.

Қамаудағылар болса керек. Қозбағар есікті шапшаң ептеп "дүрс", "дүрс" жүгіріп кетті. Шеге етігін шешіп сол жағына тастады. Солқ-солқ ауырған басын уқалап қынынан сұлай кетті. Шөл бір жағынан қысып барады. Маңдайына тілі желімдей жабыса береді. Жас кезінде өтті ме, белгісіз, жаз болса табанының қызатыны бар-тын. Қазір де дауылдап жанған табанын біресе салқын топыраққа біресе кесек кірпіші ырсиған басады. Содан жаны сәл-пәл сая табады. Ішегін басына жастап, тұла бойы зіл тартып мызғи берген. Есік сыбдырлады. Өңкиіп ішке Қозбағардың басы кірді. Қолында ұстаған әлдене бар.

— Шеге!.. Мә!

Анау-мынау емес бір шиша су әкеліпті. Шеге шишаның ауызынан сап-салқын суды сылқ-сылқ жұтты.Қаңсып қалған өзегі жібіп, алпыс екі тамырын қуалап шипалы ылғал тарады. Қозбағардың қарлығаш достығына иман жанымен риза болды. "Уһ!" деді.

Қозбағар босаған шишаны алып кетіп әлдеқайда апарып тастап келді.

— Шеге!— деді Қозбағар бұған жақындап, сыбырлап.— Мен саған бір нәрсе айтайын. Ол үшін, білсе, менің басымды алады. Бірақ, саған, айту міндетім. Ертең тергеушің бір қағаз дайындап әкеледі. Сенің атыңнан. Оған сен... өлсең де қол қойма! Ұрар соғар, қинар, бірақ сен өлтіріл қол қойма! Қол қойдың екен, құрыдың, атылып кетесің. Екінші қағазды күт! Сонда жұмсартып әкеледі. Шыдамың жетпесе соған қол қоярсың... Менің саған айтарым осы... Жағдай өте ауыр Шеге... "Халық жауларын" аз әшкерелеп жатсыңдар деп жоғары жоқ Сұржекейді қатты қысып жатыр. Сұржекей бізді қысып жатыр.

Шеге Қозбағарды тыңдап біраз үнсіз жатты. Аздасын:

— Тіпті... қол қоймаймын... Оңайына да, қиынына да — деп күңк етті.

— Бәрібір құтқармайды...

— Қылмысым жоқ болса ше? Тексерсін!..

— Манағы өзің қол қойған фактілерің ше? Соның өзі жетіп жатыр... 58-ші статья.

— Онда не тұр? Ол неге қылмыс?

— Сол айтқандарыңның өңін айналдырып... "подрыв Советской власти" дегенге іліктіреді. Шеге! Мен құрыдым... Айтпайтын нәрсені айттым...— деп Қозбағар беу - беу қағып жаны қыдырды.

— Маған сенбейсің бе... Неге қорқасың?!— деді Шеге үнінде өкпе бар.

— Ойбай... Сұржекейдің сезбейтіні жоқ...— деп Қозбағар сыбыр қақты.— Білмейтіні жоқ. Түріне қарап отырып кісінің ішіндегісін оқиды. Ол білді, бітті. Тірілей сояды... Сен одан да... мен отырғанда... тынығып ал, көресіні ертең көресің!

— Уһ!..— деді Шеге. Сөйлесуге хал жоқ көзін жұма берді талықсып.

Сілесі қатып ұйықтап қалған екен. Дауыстан оянды. Көзін ашып қуықтай бөлмеде неге жатқанын пайымдай алмай жан-жағына аларып қарады.

— Шеге!— деген дауыс шықты. Есіктің тор көзінен Қозыбағар сығалайды. Қайда жатқаны сонда есіне түсті.

— Шеге! Шай әкелдім. Жүрек жалға!.. Көп ұзамай жау келеді...

Шеге ыршып түрегеп Қозбағардың қолынан буы бұрқыраған бір кружка ыстық шай, бір жапырақ нан қойды.

— Тезірек соғып ал! Тоймай қалсаң және келемін!— деді Қозбағар сыбырлап.

Шеге бас изеді.

Шеге ақ қалайы кружканы жерге қойды. Осындай кружкамен өрісте, ақ шағылдың басында отырып ішкен шәйі түсті есіне.

Ыстық шайдан мейірлене жұтып жұмсақ таба нанды соқты. Шайға қанбай, нанға тоймай қалды. Маңдайы сәл жіпсіп есікке қарағыштай берді. Дүрсілдеп Қозбағар жетті. Тор көзден сығалады. Қолында — әйнек.

— Әкел... кружкаңды!— деді асығыс, шайдан толтырып кружкаға тағы құйды, бір қолын жан қалтасына ғып жіберіп бір жапырақ нан суырып алды.

— Мә?!

— Шегеде үн жоқ. Ас ішуге тағы кірісті. Шәйнегін көтеріп Қозбағар әлдеқайда тағы кетті дүрсілдеп жүгіріп.

...Күн шыға Құлберген келді. Бұ кезде ас-су ішіп кәдімгідей әл жинап, тынығып алған Шеге қуықтай камераның ішінде арлы-берлі теңселіп жүрген. Құлберген сәлемдеспеді. Шеге де үн қатпады. Кішкентай оқты көзін тергеушіге қадады да үн-түнсіз теңселіп жүре берді!

— Иә, Қаспақов! Ойландың ба?

Шеге үндемеді. Осы мінезімен тергеушінің жынына келгенін білді... Бірақ, жағынып, жалпақтап қайтеді. Шамасы, жаны ашымасы айдан - анық. Енді өлсем де осы қалпымда өлейін, бұндай шошқаның табанын жалап ит болмайын деп томырылды іштей.

— Неге үндемейсің?!— деді Құлберген бұған қан шегір көзін қадап.

"Ә, шамыңа тиді ме?!" От солай, бір жаман қойшыны, оп-оңай илеп алғың келген екен ғой" Бұл жаман қойшың" кезінде бандымен айқасқан революционер, одан жазықсыз екі жыл түрме көрген, бірақ жасыған, сынбаған күрескер. Біліп қой! Партиядан шығып кетсе де, дәл сен сияқты иттерден ары таза.

— Қырсықпа! Сөйлейсің әлі, сен, сөйлегенде де бұлбұлдай сайрайсың!.. Сендей Отанды сатқан қарабеттердің талайын бұлбұлдай сайратқанбыз!..

Шеге шыдамады.

—...Сен... тіліңді тарт!! Сен қарабет пе, мен қарабет пе, оны уақыт көрсетер!!!— деді тарс айырылып. Салқын сұғын тергеушіге тікендей қадап айтты. Ашуланғанда пышақтың қырындай сылыңғыр қара жігіт Шегенің сұсы тым ызғарлы еді. Бақабас тергеуші ығысып қалды. Өңі қуқыл тартты. Шегеге де керегі сол еді. Ұсталып діңкесі құрып тұр ғой, әйтпесе, бұндай жаман нарқоспақтың баласын оңаша жерде жолықса екі бүктеп бір-ақ шайнар еді-ау...

Қозбағар жетті, сасып - салбырап, маңдай тері быршып.

— Мынауыңды алып жүр!— деді Құлберген өңі түтіндеп, жақ жүні үрпиіп.

— Құп... құп болады!

Тергеуші пәпкесін қолтықтап көк сырлы есікке қарай бұрылды. Қозбағар үрейі ұша қарады Шегеге, "не бүлдіріп қойдың?" дегендей.

...Жан-жағы биік балшық дуалмен қоршалған НКВД қорасының ортасына таман жеткенде Шеге жүзін көтеріп аспанға қарады. Жалғыз қазбауыр қызғыш бұлт тұр екен, кең жайқын таңғы аспанда. Камерадан шығып тергеуші кіріп кеткен көк есікке жеткенше қора ішін назарымен шолып өтті. Қапталда қатар-қатар темір құрсаулы бес-алты есік. Сол есіктердің ар жағында күбір-күбір сөйлескен кісі үндерін шалды құлағы. НКВД қорасының қақпа алдында орындықта тағы бір солдат отыр, екі қолын төсіне айқастырып алған. Кешегі орыс солдат.

Шеге Қозбағар ашып тұрған көк есікке кірді. Кешегі дәліз. Майшам түтінінің исі сезіледі. Қозбағар қорбаңдап алдына түсті.

— Осы жерде тұра тұр!— деді де кабинетке алдымен Қозбағардың өзі зып кіріп кетті. Бір минуттей кідіріп қайта шықты. Есікті ашты:

— Кір!— деп Шегеге жол берді.

Столын құшақтап бақабас жапалақша жарбиып отыр екен. Өңіне зәрін жиып алған. Бұның келуін күтумен отырса керек. Қаламымен столын тықылдатып кіріп келе жатқан Шегенің етігінен көз алмайды. Шеге де әдейі асықпады. Қалбалақтап құрақ ұшудың орнына тура Сұржекей "шефтің" өзіне ұқсап батпансып, еденді баяу сықырлата басып, кешегі тұрған бұрышына қарай өте берді. Есік жақта қалған Қозбағар әлдене деп күңк етті.

— Кемпір кіріп кетсін,— деп қалды Құлберген. Есік жабылды. Етегі көк сырмен сырланған қабырғасы әктелген бос кабинетте, оңаша, тергеуші екеуі қалды. Алдымен столын тықылдатып ойланып терезеден көз алмай отыр бақабас. Кішкентайлау шегір көзі әнтек ;анталаған. Ұйқысы қанбаған тәрізді. Темір торлы шағындау терезеден сиырларын өріске айдап жүрген бала-шаға, қатын-қалаштар көрінеді, дауыстары естіліп тұр.

—...Туркияның жалдамалы агенті Грининнің үйін тінткенімізде оның шкафынан "Қисса сул - әнбие", Шежіра-и-түрік" деген саяси қауіпті кітаптар табылды. Бұл кітаптарды сенің көргенің бар ма?

Шеге сұраққа түсінбей қалып сәл тосылды.

— Қалай сонда? Қайда көргенімді айтуым керек пе?

— Қайда кездестіргеніңді айт осы кітаптарды!

— Лабақ-ахунның мешітінде оқып жүрген бала кезімізде талай кітапты көргем. Лабақ - ахун олардан өзге үзінділер оқып беріп отыратын, кейбіреулерін өзіміз де оқитынбыз. Кітабы көп болатын ахуанның. Соның ішінде әлгі айтқан "Қисса сул - әнбие", "Шешіра-и түрікте" болатын.

— Сен үйінде сақтадың ба сол кітаптарды?

— Жоқ.

— Сенің қайын атаң Пахраддин деген кулакта барма, бұл кітаптар?

— Пахраддинн Лабақ — ахунмен дос еді. Олар бірінен бірі ылғи кітаптар алып оқып жүретін. Дәл осы аптарды Пахраддиннің қолынан "көрдім", "көрмедім" деп айта алмаймын. Есімде жоқ.

— Бұ кітаптар Гринин сұмпайының қолына қалай жетті деп ойлайсың?

— О жағын білмедім.

— Болған істі жасырып, бұрмалап тергеу ісіне кедергі жасағаныңыз үшін... қылмысыңның ауырлай түсетінін есіңе саламын!— деп Құлберген бұның ауызынан шыққан сөздерді теріп ап қағаз бетіне түсіріп жатыр.

— Әлгі берген жауабың үшін мұнда қол қой! Шеге әлгі айтқан сөзі үшін протоколға қол қойды. Тергеуші Шегенің қолына бір парақ қағазды ұстатты.

— Оқып шық!— деді.

Шеге аяқ үстінде тұрып қағазға үңілді. түсініктеме" деген айдарына көзі түсті. Сөйткенше тықырлап есік ашылды. Есіктен ақ жаулықты шүйкедей кемпір сығалады.

— Кіріңіз!.. Кіріңіз!— деді Құлберген, кемпір бүкшеңдеп ішке кірді. Қолында буы бұрқырап қайнаған шәйнек. Әкеліп тергеушінің столының астына қойды да, бүк шектеп қайта шығып кетті.

Шеге "Түсініктемені" оқи бастады.

"Апанастың Совет өкіметіне жаулық әрекетін мен ете ерте аңғарғанмын. 1929 жылы банды болып кеткен ауылды Қарақұмнан қайтарып келе жатырмыз. Сонда осы Апанасий Гринин көшті тоқтатып қойып, Лабақ- ахун бастаған молдалардың намаз оқуына жағдай жасады. Өзінің коммунист емес екенін дінге, ескілікке бүйрегі бұратынын дәлелдеді. Содан кейін ол Совет өкіметінің қас жауы бай-кулак Пахраддинді түрмеден шығарып Қарақалпақстанға қашырды. Сөйтіп, ол, Пахраддин сияқты буржуазияшыл - ұлтшыл алашорданы заңның қатал жазасынан құтқарды. Апанастың қазақ тілін үйрену себебі — ол тіл жергілікті халық арасында шпиондық әрекет жүргізуіне керек болды. Кезінде белсенді комсомол, партияға мүше болған, бірақ бандиттермен ауыз жаласқаны үшін партиядан қуылып, совет түрмесінде әділ жазасын өтеген. "Жаңа жол" фермасының азаматы Шеге Қаспақов та Апанастың ықпалындағы құйыршық. Екеуінің арасындағы арам шпиондық әрекетке негізделген достық байланысы талай жылдарға созылды. Бірақ, Шеге өзінің қожайыны Түрік пашасының жалдамалы агенті Апанаспен жолығуын ылғи сырт көзден бүркемелеп бақты. Мен өз басым Шеге Қаспақовтың Апанастың үйіне күндіз барып кіргенін көрген емеспін. Соған қарағанда олар өздерінің шпиондық әрекеттерін түн жамылып жасырын жүзеге асырған. Ал, ұлтшыл - буржуазия, алашшыл Пахраддиннің үйінде толы болатын кейбір саяси қауіпті, ескілікті уағыздайтын кітаптар Грининнің қолына қалай түсті десек бұл жерде де Шегенің байланысшы қызметін атқарғаны көрініп тұр. Гринин өзінің жалдамалы агенті Шеге арқылы саяси қауіпті кітаптарды алып тұрды. Әрі ел ішінде таратып тұрды. Шеге соңымен қатар 1933 жылы түрмеден босанып шыққаннан кейін өзінің Совет өкіметіне наразы екенін талай рет жасырмай айтты. Аштыққа ұшыраған "Жаңа жол" ауылын көргенде "Істері бар болсын", деп Калашниковке, Голощекинге және "Жаңа жолдың" ауыл совет председателі Күреңге тіл тигізді. Оны мен өз құлағыммен естідім. Голощекин, Калашниковтың арқасында Совет өкіметі, партиямыздың сүйікті көсемі жолдас Сталин тұр. Демек, Шеге Қаспақов Сталиндік партия линиясына жау троцкист білемін. Осы жазғандарымды қол қойып растаймын. Күреңұлы Ждақай"

Шеге хатты оқыған сайын қаны қаша түскен. Ең соңында, хат иесі бір кездегі жұбы жазылмайтын өзінің жасы Ждақай болып шыққанда көз алды бұлдырап кетті. Құлағы шыңылдады. Хат ұстап тұрған саусағына діріл қапты.

— Иә, бұған не айтасың?!— деді орнынан тұрып кен стол арасында теңселіп жүре бастаған Құлберген. Екі қолы артта. Сұржекей "шефке" ұқсап қабағын ашып ойланып батпансып, баяу қозғалады. Өңі өрт шіргендей, ызбарлы.

— Ештеңе ұқсам бұйырмасын... Естен адасқан ба?..Қайдағы жоқтағыны шатып...— деді Шеге жұтынып, адал таңдайы құрғап.

— Жоқ, есі дұрыс. Ждақай жолдас қазір ауылында,еңбек етіп жүр.

—...Мынауы... сау адамның сөзі емес қой!!!

— Сіз, жолдас, қызбалақтамаңыз! "Сезікті секірер" Есіз неменеге шындықтың бетіне тура қараудан жалығасыз? Шындыққа жақындаған сайын шыжбалайсыз! Қылмыскердің бәрі өстеді. Бәрі де сен сияқты алдымен Совет өкіметінің адал азаматымын деп алдап ақымақ етуге тырысады. Ол аз болса, байбалам салады. Тіпті біздің өзімізге тарпа бас салады. ВД- ні кінәлайды. Қылмысын мойнына қойып берген де, өзінің жау екенін мойындап сайрап отырғаны. Жай, сіздердің қылауларың белгілі!!! Одан да сен, мына қағазға қолыңды қой! Бет пердеңді аш, кім екеніңді мойында!— деп Құлберген стол үстінде жатқан бір парақ қағазды Шегенің алдына ысырды. Шеге үндей алмады. Сөйлесе, ауызынан айқай ытып шығар түрі бар... Жынданып кететін түрі бар... Бық шыт еті білеуленіп, тістеніп, сұрланды... Қолы тырап тергеуші ысырған қағазды алды. "Мен, Қаспақов Шеге Шәріпұлы "Хантөрткіл" ауыл төріне қарасты "Жаңа жол" фермасының азаматы. Сондықтан өкіметінің қас жауы, Түркияның жалдамалы агенті Афанасий Васильевичиті 1928 жылдан білемін, ауылдық жерде Совет өкіметінің ықпалын әлсірету сатымен көптеген зиянкестік, арандатушылықтар жасады. Соның бірі дер кезінде әшкереленіп, 1931 жылы жылға сотталдым. Бірақ, өзімнің зиянкестік істерімді 1933 жылы түрмеден екі жыл мәулетімді өтеп келгеннен кейін де тоқтатпадым. Екі адамның басы қосылған жерде өзімнің аштан өлген әкем Шәріпті, сүйегі далада жинаусыз қалған қайын атам ұлтшыл - буржуазия Пахриддинді, қайын енем Сырғаны еске алған болып отырып әдейі антисоветтік үгіт тараттым. Сталин бастаған партияның коллективтендіру саясатына, қазақ халқын бақытты өмірге бастаған Голощекинге шек келтірдім. Жұрттың ойына күдік туғыздым. Бұл антисоветтік әрекеттердің бәрін мен Түркия шпионы Грининнің тікелей тапсырмасымен істедім. Ол екеуіміз үнемі ел көзінен тасада түнде кездесетінбіз. Көбінесе ауыл сыртында, бұта арасында бұғып отырып сөйлесетінбіз. Кездескен сайын Совет өкіметін қалай құлатудың троцкисті жоспарын жасайтынбыз. Гринин өзінің бұл жауыздық ісінде Рысқұлов, Құлымбетов, Есқараев, Жүргенов, Сейфуллин, Асфандияров тәрізді буржуазияшыл - ұлтшылдардың, қазақ халқын шетел империализмнің құлына айналдырмақ болған алашордашылармен тізе қосты. Солардан жасырын нұсқаулар алып отырды. Мен бүгін өзім істеген антисоветик қылмысымды мойныма аламын. Сол үшін, Отанымды сатып Гринин жауыздың қолына берілгенім үшін қандай жазаны болса да өз мойыныммен көтеруге дайынмын. Шеге Қаспақов".

— Соңына қолыңды қой! Числоны жаз! Сенен біздің талап ететініміз не бары сол-ақ!— деді Құлберген. Екі қолы артында, теңселе басып жүр.

Бұл... бақабас тергеушінің жиіркенішті сықпытына үнсіз түйіліп аз-кем назар тоқтатты. Нақұрыстың шатпағыңдай мына сұмдықтарды қағаз бетіне түсіріп, соған "қолыңды қой!" дейді. Екі аяқты ит! Түк түсінсе бұйырмасын... қараптан — қарап жүрген Шегені шпион етіп шығарғаннан бұған не пайда? Бұның әкесін өлтірген жоқ, қой Шеге. Тіпті 32-шы жылы үйден - үйге кіріп жүріп жұрттың ішіп отырған асын тартып алып, заготовкаға өткізген ақымақ Ждақайға да бұл бір ауыз сөз айтпап еді ғой. Тек, томырылып теріс айналып "ат құйрығын үзіскеннен" басқа не істеп еді? Мына итке талатып қоятындай? Сұржекейге не істеп еді? Ұқса бұйырмасын...

— Неге үндемейсің? Күтіп тұрмыз!

— Жолдас тергеуші!— деді Шеге жұтынып таңдайын құрғап,— Жолдас тергеуші!!.

Шеге одан әрі сөйлей алмай тұтығып басын сілкіп ауызымен ауа қармады. Мына қиянаттан жүрегі мойынына бұғақ түскен асаудай тулады.

—...Осы сөздерді жазған... Осы жаланы ойлап тапқан дам... Сол... Соның өзі... қол қойсын!.. Айтарым осы!..

Тергеуші түсі бұзылып тура иек астына жетіп келді, шақшырайып:

—...Тілінің қотырын... Сволочтың!!! Мойында сатқын!— деп ақырды. Жұдырығы ауызына сарт етті.

— Мойында!— екінші жұдырығы оң көзіне тиді. Көзі оты жарқ етіп, іле дүние кешіп қараңғы тартты. Неге сол көзін ұстап шайқалып барып әнтек құламай, ұрып қалды.

...Тергеуші шапшаң басып столға барды. Шәйнекті астады. Кружкаға шай ұйды буын бұрқыратып. Тергеушінің не істегелі жатқанын ұқпады. Беті дуылдап, құлағы шуылдап тұр Шегенің. Тірлігі жүндей түтіліп, киіздей тапталды. Өмірді ұғудан қалды.

— Мә, іш!!!— деген дауысқа жүзін көтерді. Алдында тайып бақабас тұр. Екі жеңін түріп алған, мал сояйын қасапшыдай. Шеге ыстық шәй толы қалайы кружкаға бір, бақабастың зәрлі қарасұр бетіне бір қарады. Түсінбеді. Неге шай беріп тұрғанын түсінбеді. Тергеушінің көзі құтырған мал көзіндей. Шеге жауының айдалған суық сұғына шыдамай тұңғыш рет назарын аудырып әкетті. Тұңғыш рет мына иттен сескенді.

— Іш!— деді, тергеуші. Шеге тосылып тұр.

Ақыры лаж жоқ, қалтыраған қолын кружкаға таман соза берді. Тергеуші кружканы лып еткізіп кейін тартты да, ыстық шәйді Шегенің бетіне шашып кеп жіберді. Шеге тек кірпік қағып ғана үлгерді. Ыстық шай бетін арып түсті. ... Көзін жұмып біраз тұрды, еңкейіп... суы еденге сорғалатып... Удай ашып барады беті. Үн жоқ. Ана жендетте де үн жоқ. Бұның сүмірейген кейпінен көз алмай шақшырайып қарап, ләззат алып тұрса керек. Шеге ішіне су сорғалаған жейдесін сілкілеп еңкейіп тұр. Үнсіз. Ашу да жоқ тұла бойын кернеп аласұрған. Тырс-тырс... еденге тамған тамшы тырс - тырс... тырс-тырс...

Шегемен қоштасқаннан кейін Хансұлу баласы екеуі таң далада жалғыз қалған.

Маңқиған алқа-салқа Қара түйе асықпай аяңдайды. Томаға тұйық Хансұлу көзі боталап, Тұщыбұлақ басына жетімсіреп жалғыз шошайып көрінген үйіне, бұлақ асындағы көгалда жатқан отар қой, ешкіге құлықсыз назар қыдыртады. Отардың шет жағы өріске қарай шашырап өре бастаған. Көкірегінде бір ащы запыран қордаланып көңілі оңаша бір жалғыздықты күсеп келе жатқан Хансұлу баласына: "Сен үйге бара бер, мен қой жақты айналып келейін",— деп үйге жетпей түсіп қалды. Жалғыздықпен бетпе-бет оңаша қалды. Мылжа - мылжа болып сыздап ауырған жанын қоярға жер таппағандықтан еді оңаша қалғаны. Үйдің желке тұсы тек жатқан тегіс шеті мен бұ шеті тай шаптырымдай атырап болатын. Шегенің мал тұяғын тигізбей сақтаған қорығы. Ақ көде, боз, бидайығы теңіз бетіндей жыбыршып толқындаған жазира тегіс шөбі таза қорық. Отар шеті солай қарай шашырап өре бастаған. Сол атырапқа қарай бағыттап жалғыз шошайып Хансұлу да келеді. Үстінде етегі кестелі төгілген ақ көйлек, кеудесінде қара мақпал жеңсіз. Басында кестелі шашақты сәнді ақ жаулық. Күн қақты қара торы өңі сынық. Адыра қалғыр, мына бүгінгі кесірлі күннің таңертеңі алаңсыз қуанышпен басталды емес пе. Өрістен ошақ басын сағынып оралатын Шеге үшін киді емес пе, мына ақ көйлек, қара жеңсізін. Қауашақтай отауының ішіне сәуле енсін, өрістен қайтқан Шеге жар қуанышын сезінсін, шаршағанын ұмытсын деп бүгін таңды арайлы үміт лебімен атырмап па еді. Үйін жинап, сәске түсте той - домалақта киетін осынау жалғыз ақ көйлегін сандық түбінен алып кимеп пе еді... Таранып қол айнасына сұғына қарамап па еді... Өз көркіне, бидай өңді пісте мұрын, тұнық қара көзіне сол сәтте өзге тұрмақ Хансұлудың өзі сүқтанып қарамап па еді... Бұның жылы назары түскен еркек шіркіндердің неге жылан арбаған қояндай тыпырлайтын мүшкіл халін сол сәт тұңғыш түйсінбек пе еді... Әйел көркі дегеннің құдірет - күші жәйлі сол сәт тұңғыш ойланбап па еді... Бас қосқандарына жеті-сегіз жыл өткен Шеге мен екеуінің жас жұбайлардай жүрек жұбын жаза алмай жүруі де содан емес пе... Әлі бір махаббат деген шыңырау сезімнің тереңіне Шеге екеуі жете алмай келе жатқан тәрізді. Қанша сіміре жұтып сусындаған сайын сонша шөліркей түсіп жүр емес пе... Әсіресе Шеге. Бұны құшағында жұмарлап қысып, илеп, жұтып қоя жаздайды. Хансұлу одан сайын жаңбыр шайған гүлдей ашылады. Түгін төккен түлкідей құлпырады. Шегеден әбден ес кетеді. Бақыттан басы айналады. Бейне пейіш төрінде жатқандай болады өзінің кішкентай үйінің төрінде. Сезім шәрбатынан екеуі де елтіп, мас болады...

Жас қабылан жүректі жігіт асылы қойын жары Шегені сонша қуанышқа кенелткеніне Хансұлу да масайрайды. Көңілі өседі. Ағы ақ, қызылы қызыл екі беті бұл-бұл жанып алакөлеңке үй ішіне гауһардай нұрын ашады. Ондайда өзін Хансұлу ай астындағы әлемнің зат еркесі сезінеді. Екеуі де нұрдан жаралғандай... Бір - біріне екеуі тек нұр дарытып, нұр құятындай...

Жас көмген көз алды бұлдырап күміс толқын жүгірген ақ көделі, бозды, бидайықты жазықпен шошайып жалғыз келеді Хансұлу. Көкіректі қасірет қысқанда лай маң далаға мұңын шағу әзелден әдеті еді. Қазір солай... Көңіл шарасына меймілдеп жас толып, баяу баянсыз күй кешіп келеді. Желісін үзбей тартып бұлақ түбінде ызыңдаған майда өлкек жел, мұңлық үйдей гуілдеп аспан астын құлазытады. Жорғалап өтіп жатқан опасыз өмір күйіндей. Тұрлаусыз, баянсыз аққан мезгіл үніндей. Осылай, басқа ұрған балықтай сенделген сәтте тауың шағылып, тауаның қайтқан сәтте, әсіресе, бұлағыңа шалынар кең ғалам үні. Тұрлаусыз тірлік жәйлі, опасыз өмір жәйлі уіл.

Бесінге еңкейген қиғаш күн сәулесі сынаптай жылдап, ұзарып солған алтын шашақ қуалап, тынымсыз сырғанайды. Толқынды толқын қуалап тегіс алқап ісінде күміс ағын жүгіреді. Ақ көде, боз бидайық, ақ тұйғын теңіз бетіңдей толықсиды.

Осынау көрініске қарап Хансұлу көп заман үнсіз қалды. Тұйыққа тірелгендей. Құлап түсуге шақ бір сүлдері тұр. Шарасыздан іштей күбірлеп жаратқан жалғыз иеге жалбарынды. "Құдіреті күшті құдайым-ай, тапа-тал түсте қиянатқа құрбан етерліктей не күнәм бар еді",— деді. Кісінің ала жібін аттамап еді ғой. Шеге екеуін осынша зарлататындай қай қылығынан тауып ? Нақақ неге жылатады? "Уа, құдіреті күшті құдайым !" Осы кезге дейін тағдыр қақбастан бұлардың көрген жайы аз ба еді? Аштан өлген әке-шешесінің түрікпен мұнда сүйегі шашылып көмусіз қалғаны аз ба еді? Шегенің әкесінің тышқан жеп ит қорлықпен өлгені аз еді? Шеге екеуі, бірі — түрмеде, бірі — Әму тасында баласын арқалап қайыр сұрағаны аз ба еді? Бүгін ес жиып етек-жеңін жинай бастағанда... тағы пәлеге тап қылдың?! Мына қиянаттың сұсы тіпті жаман... "Жасаған ием! Сақтай гөр тек жаладан! Көз жасымызды көре гөр! Үміт пен Түгел қос ашығымыздың көз жасына қалдырма!" Сезеді. Бір амандықты сезеді іші. "О, Барақ ата!!! Құдіретті Бабамыз! Желеп-жебей көрші! Бір мал садақа айттым құдай, жолыңа! Садақа!

Ебіл-себіл жылады кеп Хансұлу. Уілдеп жел де егілді. Мазасы кетіп маң дала күрсінді. Атырапты бойлап жел азынады. Толқынды толқын қуалады. Ойнақ салып айнала шапқылады жел. Хансұлудың көз жасын жел іліп кетіп бас шұлғыған бидайық, көде үстіне шашқылады.

Бүк түсіп отыра кеткен Хансұлудың алақанына ағыл - тегіл ыстық жас құйылды. Ащы өксік, запыран өксік, манадан бунап тұншықтырған өксік өн бойын оңдырмай сілкіледі. Ащы өзегін бұзып-жарып ышқынсын. Бүгінгі ғана емес бүкіл тағдырдан көрген наласы тоқсанның қара бұлтыңдай құрсанып, түйіліп кеп шатырлап, сынып, бұлқан - талқан нөсерледі. Ағыл-тегіл құйып селдетті. Қанша уақыт өткенін білмейді, әлден уақытта уілдеген, суылдаған жел аралас "Хансұлу!!!" деген үн жетті құлағына. Басын көтерсе... қарсы алдында қара құрттай қаптал қорыққа кіріп жайылған қой. Көзін сүртті жаулық ұшына. Сөйткенше, "Келін!!!" деген дауыс шықты желке тұстан. Енесінің дауысы. "Қайдан келіп қалған?" Хансұлу аяқ буыны дірілдеп түрегеле беріп бұрылды. Сөйтсе, сұр есек мінген енесі келеді, тепеңдеп. Қасында атты біреу. Көрші шопан Серікбайға ұқсайды.

— Ой-бо-ой, Шеге аман ба, ой-бо-ой!!!— деді Хансұлудың жылаулы жүзін көріп шошыған кәрі ана боздап. Хансұлу не дерін білмеді. Жаулық ұшымен бетін басып екі иығы селк-селк етті.

— Ой-бо-ой!!! Рас болды ғой... жұрт өсегі!!! Ой - бо - ой не жаздық жаратқан аллаға!? Қай қылығымыздан таптық, ой-бо-ой!!!— деп есек үстінде теңселіп аңырай бастады Жайбасқан. Хансұлу "Апа-а", "апа-сы" деп үн салып кеп енесін құшақтай алды.

Состиып тұрып қалған Серікбай солым аздан кейін бұл іске кейіс білдірді.

— Әй, сіздердің бұларың не, айдың күннің аманында жаманат шақырып!!! Қойыңдар!!! Ақ - қарасын анықтар да босатар әлі!!! Құр тек "әкетті" екен деп қара жамылуға бола ма? Кім біледі? Мүмкін ертең қайтып келер... Қойыңдар! Әнеки, балалар келеді, балаларды шошытарсыңдар!!!

— Айтқаның келсін, Серікбай! Солай болғай... ылай- ым!— деп солықтап, толас тапты Жайбасқан. Хансұлу да тыйылып көз жасын сүртті.

— Уһх...— деп көкірегі қарс айырыла күрсінді, енесі.— Қашан әкетті, балам - ау?

— Осы жаңа... Түсте. Түскі шай ішіп отырғанда екі қатты келіп "бол, болдың" астына алды. Түс көргендей болдық та қалдық... Айдады да кетті...

— Ой-бо-ой... құлыным - ай... Ой-бо-ой...— деп кәрі апа тағы аңырап теңселе бастады.

Сопайған Серікбай атын борбайдан бір тартты да үйіне қарай желе жөнеді.

— Не жазығы бар еді... құлынымның? Қасқа құдай!!! Не жазығы бар еді??? А-а-а...

Ана дауысын жел жүйткіп әкетіп жатты алысқа. Сенім ішіне тартып сазарып, самсоз аспан тұрды, аударып. Қабырғасы қайысып, тіл қата алмай томсарып қара жер жатты.

Мына тар қапасқа келіп түскеніне талай замандар өткендей. Желімдей созылған лайсаң күн мен түндер. сапыран бір дүние. Бүкіл тірлік қараңғы, ызғар, сасық, қуықтай камераға тығылған. Күн көрмегелі қай заман. Көретіні кердей тар төрт қабырға, Құлбергеннің қара сұр жүзі. Арс-арс еткені. Сілтеген жұдырығы. Естігені, "сілімтік!", "сатқын!" "Қара жүрек дұшпан, я осы қасарысқан мінезің арқылы социализмге емес, шетел империализміне берген антыңды бұзғың келмей тұр ғой?! Сен кәззап, соларды, шетелдегі өз ағайындарыңды сатқың келмей отыр ғой!!! Біз сені әлі сөйлетеміз!!! Бұлбұлдай сайратамыз!!! Сендей тілін тістеген талай шпиондар бұлбұлдай сайраған. Сайратып біз жатырмыз!!!" деп столды пергілейді. "Қол қой, мә, мына қағазға, құтыласың содан кейін сұрақ-жауаптан!" Әйтпесе, шөлден қатасың, өстіп қақшиып тұрып".

Шегенің тізе бүкпегеніне талай заман. Тізе бүктірмейді. Қақшиып тұрады, екі аяқтың үстінде. қақшиып тұрып қалғып кетсең теуіп оятады. Өзегін от өртейді. Дүниедегі ең жаман ұйқы екен. Шөлдеген аң да жаман. Кірпігің ілініп кетсе меймілдеген шелек толы суды көресің. Айдын шалқар көлді көресің. Сол елге тек жата қап бас қояды. Кеңсірігін су исі жарасты. Тұмсығын көлге тереңірек батырып салқын судан қылқ — қылқ жұтады. "Қаспақов" деген айқай шығады. еге көзін ашады кілбитіп. Көз алды бұлдыр. Сол салдыр арасынан "қызыл жағалы" сұр формалы кекшіл көреді. Бұның жаналғышы, әзірейілі сол. Қалғытпайды. Тізе бүктірмейді. Бір тамшы су тарттырмайды. Тамақ орнына тұздалған балық береді. Аштан талықсыған Шеге соны қайзалайды. Талмап сорады. Одан сайын өзегін шөл өртей түседі.

Көбінесе, безеріп Құлберген отырады алдында. Қасында — графин толы су. Есі кіресілі-шығасылы Шеге, аяғы добалдай ісіп кеткен. Шеге... әлсіз теңселе тұрып... графиндегі мөлдір суға телміреді. "Ішкің келе ме?" дейді Құлберген. Қандай қамқор сұрақ. Әрине, әрине ішкісі келеді. Ең болмаса бір жұтсашы... Бір-ақ рет... Қайран су... Сенен артық не бар екен дүниеде?! Сенен шырын не бар екен?!.. Су қадірін білмейді той адамзат... Су... су... ең қымбат... Ең қымбат байлық су...

Шеге әрпіл - терпіл басып тергеушіге жақындады. Ауызы құрғап желім боп қалған. Тілі ісіп кеткен. Сыймайды ауызына. Икемге келмейді. Сөйлейін десе, тілі таңдайына жабыса береді.

Құлберген мөлдір судан кружкаға сылқ-сылқ құйды.

Есі кетті Шегенің. Есі кетті. Мөлдір су... Қол созым жерде. Қазір жұтады. Қазір... Кружкаға сылқ-сылқ құйылып жатыр. Қолын созды Шеге. "Тоқтай тұр!" деді Құлберген. "Әуелі сен айтқанды істе! Қасарысқанды қой! Мына қағазға қолыңды қой!!! Мә кружка!!! Суды содан кейін ішесің!"

Шеге теңселіп тұрды. Қолында — қаламсап. Алдында — стол үстінде бір парақ қағаз. Протокол. Шегенің алдына талай келген жексұрын қағаз. Жиіркенішті сөздер шаяндай бықып жатыр сол қағаздың бетінде. Шегені "сатқын" ететін, "шпион" ететін, "түрік разведкасының агенті" ететін жалалар.

Шеге кірпідей жиырылды. Бас шайқап тұр. "Жоқ" деп ішінде бір дауыс шыңғырып тұр. "Шеге сатқын емес, Шеге "халық жауы" емес!!! Өлсе қол қоймас!!! Өлсе!!!" Тәлтіректеп тергеушіден, столдан, мөлдір судан алыстады. Өзегі өртеніп барады. Ашу, ыза намыс тағы бір жағынан бунап барады. Санасы әлі өлмеген, өшпеген. Адам екенін ұмытпаған. "Сволочь!!!" дейді тергеуші, арқа тұсынан жыландай ысқырынып. Мейлі не десең о де, бірақ Шеге көнбейді. Өлтір! Өрте! Турап таста! Бірақ, көнбейді. Сынбайды. Солай. Зорлап көндіремін деп дәме етпе, ит! Жендеттер! Адамдарыңа кездеспеген екенсіңдер! Қорқатын, қояндай бүгежектейтін адамды тапқан екенсіңдер! Шегені жау етіп өкіметті алдағыларың келеді ғой!.. Сөйтіп жоспар орындағыларың келеді ғой!.. Ол болмас!!! Жендеттер! Құрбанға шалатын бұл лақ емес!!!

Түн болса шырқыраған дауыс... ыңыранған... дауыс... күйкеге тиеді... Сорлап жатыр. Анау қалын кесек сұр дуал бұларды өзге дүниеден томаға тұйық бөліп тұр. Кесек дуалдың ары жағы ел, халық, Отан, бергі қағы — сол халықтың "жаулары"!... Сондықтан дуалың ішіндегі шыңғырған дауысқа жан баласының жаны ашымайды. "Өлсін кәпір шпиондар!" "Көздері жойылсын ай саптардың!" деп қарғап-сілейді. Өйткен, бұлар жаулар. Дуал сыртындағы көп халық осылай ойлайды. Дуалдың ішінде емес, сыртында азат жүргенде Шеге де олай ойлаған. Ұлы көсем, халықтардың әкесі Сталин бағытына қарсы келіп арандатушылықпен, сатқындықпен айналысқан "халық жауларына" деген аяушылық сезім болмайтын Шегеде. Керісінше, осылай агенттерден, шпиондар, буржуазияшыл ұлтшылдардан ел ішін НКВД тартса, содан кейін кір-қоқыстан тазарған тамаша қоғамда өмір сүреміз деп ойлайтын. Бірақ, қоғам арылуға тиіс "кір-қоқыс", "жат элементтің бірі өзім болып шығармын - ау" деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті.

Енді өзіне жабылған жаланы қалай мойындамақ? Әлі от алдына барар. Өзіне сөз тиер. Сонда әділ заң алдында көкесін танытар Құлберген, Сұржекейлердің. Тек, бұлардың арандатушылық алдау-арбауына, қоқан - лоқысына түсіп қалмау керек. Шыдау керек. Астына ат қойып өртесе де шыдау керек. Қара басы үшін, емес, ары, намысы үшін, бала-шағасы үшін, солардың ертеңі үшін, "жау баласы" етіп тарих алдында жерге қаратпау үшін шыдау керек. Айқасу керек! Ақтық демі ;алғанша! Үміті мен Түгелбегі үшін, ақ сүт берген анасы үшін, асыл жары Хансұлу үшін айқасып бағады.

Сұржекей кірді сұп-сұр болып. Құлберген ыршып тұрды. Сұржекей саусақ ұшында шылымы, ойланып, баулап басады аяғын. Аяғындағы қара былғары етік зар кеп шыңғыра сықырлайды. Бөлме ішіндегі тыныштық ырқын сол етіктің шиқылы бұзды. Олай бір, бұлай бір еңселі үнсіз жүріп алды Сұржекей. Құлбергенде оң сол, түс жоқ. Әлі сол тікейген қалпы қақшиып тұр. Сұржекей:

— Көпке созылды ғой!..— деді әлден уақытта, қаңырайып. Басқа еш нәрсе деген жоқ. Темекісін сықпай сорып бөлме ішінде теңселіп жүріп алды. Шефтің" әлгі бір ауыз лебізі Құлбергенді бір қызартып, бір бозартты. Шеге, "Бұл иттің де бетінің ;ызылы шығады екен ғой" деп ойлады.

Сұржекей есікке беттеді. Былғары етік "шиқ-шиқ" зар илейді. Етік шиқылында бір зіл бар. Есік тұтқасын ұстап тұрып "шеф" танау астынан:

— Орын болмай жатыр... Жаңадан ұсталғандарды орналастыруға... Бұларды срошно Темірге аттандыру керек...— деді баяу.

Сол-ақ екен Құлберген қағаздарын жалма-жан жинады да Шегені камераға апарып қайта тықты. Қуықтай камераның ішінде бұған бейтаныс екі кісі байқалады. Біреуі мыжырайған шал. Шапанын астына төсеп қуысқа жамбастапты. Екіншісі — жап-жас бозбала. Жалаңаяқ. Жалаң бас. Шалдың есік жағыңда еңсесі түсіп екі бүктетіліп отыр. Екеуінің де назары теңселіп ішке кіре берген Шегеге қадалды. Ажырайып үрейлене қарады. Шегенің оң жақ қабағы жарылып көзінің асты көлкілдеп іскен еді. Тұмсығы да бұзылған. Жалпы бетінде сау-тамтық қалмаған. Мыналардың шоши қарағаны содан.

Құлберген есікті сарт жауып зым-қайым жоғалды. Шегеге де керегі сол еді. Құлай кетті қара жерге. Қара жер құс төсектен артық еді, осы сәт. Жамбасы жерге тиетін де күн бар екен ғой... Ия, алла!.. Ісініп кеткен добал аяғын қоярға жер таппай ауырсынып ыңырсыды. Көзі тарс жұмулы. Ұйықтаса, шіркін... Тезірек жоқтыққа жұтылса... Дәл осы сәт әлгі әзірейіл келіп жаныңды суырып аламын десе де, кеуде көтеруге жоқ. Қимылдауға жоқ. Оған шамасы да жоқ еді. Қорғасын құйып қойғандай басы. Миы ішінде құжынап құмырсқа жүргендей. Миын шағып, талап тастағандай. Содан құтылғысы келеді. Одан да ұйықтап, не өліп құтыласың. Ұйқы! Ұйқы! Басқа еш нәрсенің керегі жоқ... Тек ұйқы бер, құдайым!.. Ұйқы бер!.. Ұйқы... Ұйқы...

Тағы көл кірді түсіне. Бұлақтың мөлдір суынан жиналған айнадай көл. Анадай жерде жалғыз үй тұр. Хансұлу жүр есік алдын сыпырып... Балалары жүр көл шетінде ойнап. Шеге жата қап сімірді салқын судан. Ішіп жатыр... ішіп жатыр...

— Қаспақов!

Есеңгіреп басын көтерді Шеге, камера есігі ашық. Кеш пе, таң ба біліп болмайды. Әйтеуір, алагеуім шақ. Қозбағар кірді апыл-ғұпыл:

— Бол, Шеге!— деп.

Шеге тұруға ұмтылды. Ет, сүйегі мылжа-мылжа. Аяғы өзінікі еместей. Шайқалап барады. Қозбағар жүгіріп кеп қолтығынан алды. Тіктелді Шеге. Қараңғы камера ішін назары шолды. Өзіне басқа адам саны төртеуге жетіпті. Түгел сұлап - сұлап жатыр. Бірінің аяғын бірі жастанып киімшең құлаған. Ұйықтап жатыр!.. Ауыл адамдары.

Сыртқа аттады Шеге. Тұңғыш байқағаны — жұлдызды аспан. Жарықтық түн екен, әлі. Екінші байқағаны НКВД қорасының ортасында — егіз арба тұр. Мылтығы шошайған әскерлер. Көлеңкедей жылжыған дәл Шегенің өзіндей арестанттар. Үн-түнсіз, қапталда шоқ бұтадай шоғырланып тұр. Жиырма шақты адам. Дуал сыртында дабыр - дұбыр дауыс. Жәйма базардың шуылдай. Сұржекейдің үні шықты саңқ-саңқ еткен:

— Аналарды есіктен аулақ әкетіңдер! Әрегірек!..

Екі солдат жүгірге жөнеді. Көп ұзамай дуал қақпасының арғы тұсы жау - жанжалға толды. Шулаған әйелдер.

— Әрі! Әрі, тұрыңдар!

— Ибай, өлтіре ме? Баланы бастың құрғыр!!!

— Әй, итерме, адыра қалғыр! Көріп қалайық тым құрса!— деп шу-шу етеді әйелдер.

— Жиырма адам, Жекей Қалиевич— деп бір солдат Сұржекейге мәлімдеді.

— Ендеше, айда тартыңдар!

Біреу қараңғыда жүгіріп барып биік жарма қақпаны айқара ашты. Арба үстіндегі Қозбағар "шу!" деп жәшігін көтерді. Өгіз арба сықырлап қозғалды.

— Алға!— деп бұйырды бір әскер ұйлығысып тұрған тұтқындарға. Топырласып қозғалды бұлар, арбаның соңынан. Ашық қақпадан аңқылдап таң самалы қарсы есті. Мияның қою жұпар исі кеңсірікті жарды. Жақын өзеннің су исі қытықтады танауды. Су! Су!.. Естен тана жаздады Шеге. Арба үстінде... ағаш күбі. Сонда шылп - шылп су шайқалады. Арбаға таман ойысты Шеге.

Қақпадан өгіз арбаның ізін ала бұлар шыға бергенде - ақ сыртта таң қараңғылығын жамылып ошарылып тұрған затын - қалаш қойдай маңырап қоя берді. Ызы-шу.

— Ебейсін!!! Ебейсін!!!

— Құлжабай қайдасың?

— Ыбыраш Битанов бар ма?

— Көке! Көке!!!

— Жоламан! Жоламан!!!— Ақ жаулығы ағараңдаған әйелдер әскерлерге бой бермей топырлап қапталдасып алды. Улап-шулап жылап араларында балалар да жүр. Азы - шу. Қым - қуат. Абыр - дабырдың арасынан Шеге құлағына таныс үн шалынды.

— Шеге! Шеге!— деген.

Шегенің сол көзі ашылмайды. Ісік жауып кеткен. Он көзінің де оңып тұрғаны шамалы. Сығыраяды. Қарайды. Қараң - құраң кісі нөпірі арасынан Хансұлудың ашаң тұлғасы бұлдыраңдайды. Ақ жаулығы ағараңдайды. Шеге айқайлағысы келді. "Хансұлу!" деп. Бірақ, кеуіп қалған көмейінен дыбыс шықпады. Айқайлайын десе, қырылдайды. Ысылдайды. Күшенуге күш жоқ. Тек көзі ғана, тесірейген көзі — келіншегіңде. Шеге өлмелі қалпы... жалаң аяқ жалаң бас, сүйретіліп әрең қозғалды. Төңірек ызы-шу, қым-қуыт.

Арестанттардың қос қапталын ала келе жатқан мылтықты екі солдат ұмтылған әйелдерді жасқап әлек.

— Әрі! Әрі!!!

— Жақындамаңдар!!!

— Тоқсейіт, Таңатар... бар ма! Құлдановтар??

— Қаршыға? Әлиев Қаршыға! Қаршыға барсың ба?..

— Шуламаңдар!!! Аулақ! Тәртіп сақтаңдар!!!

Арестанттар жиырма шақты, нөпірлей жүгірген қатын-қалаш елу - шақты.

— Шеге!!!— деп айқайлап топтың алды қапталына озыңқырап шығып Хансұлу келеді.

— Шеге, неге үндемейсің?! Шеге деймін!!!

Аласапыран жұрттың арасында боздау, жылап-сықтау молайды. Біреу біреуді тауып жатыр. Біреу біреуді іздеп жатыр.

Шеге бір қолымен арбадан ұстап тәлтіректейді. Саутамтығы қалмаған көк талақ ісік бетін бұрып Хансұлуға қарайды. Хансұлуды кеудесінен солдат итере береді, кейіндетіп. Хансұлу сонда да болмай тыртысып арбаға жақындауға тырысады. Таң қараңғысын жамылып улап - шулаған топ ауылдың шығыс тұсында құмсаққа шыққан.

—...Шеге, не болды?! Шеге-е-е!!!— деп жан дауысы шықты Хансұлудың.— Бірдеңе десеңші!..

Тіл қатуға шама жоқ, Шегеде. Арба үстіндегі Қозбағарға қолын сермеп қырылдайды. "Мынау судан берші! Тамақ жібітейін!" дегісі келеді. Қозбағар тас керең. Мойын бұрмайды. Өгізді қыстап бишігін шолтаңдата береді. Артына қарамайды. Добалдай ісік бетін бұрып Шеге Хансұлуға қарай береді. "Балалар аман ба?" дегісі келеді. Сөйлеуге дәрмен жоқ. Қырылдайды. Ысылдайды. Үні шықпайды.

Маңдай тұстан алыс дөң үстінен таң бас жарып сызаттады. Он қапталда кең аңғарда күміс белдіктей созылып Жем жатыр. Қайран Жем!..

Мылтықты солдаттар осы қырға шыққасын әйелдерді ірікті. "Осы жерде қалыңдар!" деп әмір етті.

Өгіз арбаға еріп шұбап кетіп барады арестанттар. Арттарына қарай-қарай кетіп барады. Қоштасып бірін - бірі құдайға тапсырып жатыр. Жылау-сықтау, дауыс ету күшейді. Топ әйелдің алдыңғы қатарыңда, бетін басып бүгіліп Хансұлу тұр, жылап...

Ағаш бөшкенің түп жағынан аққан ылғалды Шеге бір-екі рет жабыса жалады. Бөшкедегі су арба жүрісіне шайқалып шылп-шылп етеді. Естен тандырады...

Алда — беймағлұм тағдыр, артта — боздап шулаған қатын-бала, арасында Хансұлу.

Арбаның жақтауынан айырылмай тәлтіректеп барады Шеге.

СҰРЖЕКЕЙ

Жатса түсінен тұрса есінен кетпейді сондағы қызыл бет полковниктің: "учти, под трибунал угодищь!" деп бұның иек астына кеп тақалып тұрып сұқ саусағымен кеудесінен нұқығаны. Бастықтардың айқайына, қоқан - лоққысына үйренген ғой Сұржекей. Орталықтан келген полковниктің зіркілі де сол көп айқайдың бірі ғой деп қанын ішіне тартып мізбақпай сұрланып тыңдаған. Шикіл сарының сұқ саусағы өңменіне оқтай тиді. Нұқыған жері әлі күнге сыздайды. Қиянат дегенді бала кезінде, батырақ кезінде көрсе көрген шығар, бірақ ес біліп, етек жиғалы түгел бір ауданды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстағалы, "Жекей Қалиевич" болғалы, "Сұржекей" деген лақабы шыққалы кеудесін кісі баласына бастырмап еді. Және жалаң аяқ батырақтан шыққан Кеңес өкіметінің Сұржекейдей тол баласын пролетариат диктатурасы сау тұрғанда тірі жан тұмсықтан шертпеуі керек еді. Ендігі жерде дүниенің қожасы осы Сұржекей, Қозбағарлар емес пе?! Кеңес өкіметінің, Лениннің, Сталиннің бұларға алып берген сол правосын, ендеше, шикіл сары кеудеден неге нұқиды? "Жолдас Тұңғатаров!" деген бұны Ежовтың өзі, бір рет осыдан үш жыл бұрын Ақтөбеге келгенде. "Жекей Қалиевич!" деп Зелин де бұны құрметпен атаған. Мына келген полковник бұның тіпті аты-жөнін де атаған жоқ. Кісі екен деп көзге ілген жоқ. Кабинет толы чекисттердің көзінше тұрғызып қойып кеудесінен сұқ саусағымен нұқыды. Шынын айту керек. Москвадан келген жоғарғы лауазымды өкілдің қатал сынына, берген нұсқауларына бұл іштей қарсы емес-ті. Осы кезге дейін бүкіл ауданнан жалғыз Грининнен өзге халық жауын, шпион, тыңшы таба алмаған өзін іштей жерден алып, жерге салып тұрған. Сұржекей, кешегі бай, құлақ, конторалармен айқаста көзге түскен, республикалық органның талай құрмет грамотасына ие болған Сұржекей, сөйтіп, 37-ші жылдың августында өз ауданындағы халық жауларын аластай алмағаны үшін күллі жұрттың көзінше жер болды. Бұны өкіл жер қылды. Республика алдында осыған дейін от пен суға кіріп жанын жалдап жүріп жиған абыройы, сөйтіп, табан астында айрандай төгілді. Облыстағы ең нашар аудандық НКВД бастығы Жекей Тұңғатаров болып шыға келді. "Жағдайды күрт түземесең сені түзеймін" демеді де шикіл сары, Сөйтіп, Ақтөбедегі төтенше кеңестен Сұржекей жаны мұрын ұшына тақалып есеңгіреп оралды. Келе қол астындағы қызметкерлерін бүрді. Столды тоқпақтады. "Мені подводит еттіңдер, жұмыс істемедіңдер! Бір ай срок берем, сол бір айдың ішінде аудан территориясын халық жауларынан тазартпасаңдар, НКВД кеңсесін мен сендерден тазартамын",— деп ақырды, шолтық қоңыз мұрты дір-дір етіп, өзі безгек ұстағандай қалшылдап. - Салмақты, сабырлы, салқынқанды "шефтің" бүйтіп шектен шығып алапат ашу шақырғанын Құлберген, Борис тәрізді бұл ауданға жаңадан келген жас қызметкерлер, тұңғыш көрді. Көбінің зәрелері зәр түбіне кетті. НКВД тірлігінде төтенше жәйдің басталғанын көбі сонда сезді. Өткен актив жиналысыңда аудандық НКВД- іні сынаған комсомол хатшысы Нұриланы Сұржекей сол күні-ақ кеңсесіне шақырып ап жеке отырып ұзақ сөйлесті. Нұрила аудан активінің алдында: "Біздің ауданда НКВД әлі салғырт жұмыс істеп келеді. Бұхарин, Рыковшылдар, Косарев, Тәштитовшылдар, Рысқұлов, Құлымбетовшылдар жоқ па бізде? Бүкіл Отанымызда кісі өлтіргіш әлгіндей жат элементтерден ел ішін, партияны, комсомолды тазарту науқаны басталды. Социализмді, күн көсеміміз Сталинді жек көретін, бүйірлері бай, буржуйларға бұрып тұратын, сөйтіп, бізді ішімізден ірітуге итермелейтін әлгіндей жат пиғыл сұмырайлар біздің ауданда аз ба? Аз емес! Толып жатыр. Бықып жатыр. Оны біздің Тұңғатаров басқарған НКВД ғана көрмеуі мүмкін. Ал, біз көріп отырмыз",— деген еді. Сұржекей Нұриламен оңаша кездескен күні-ақ аудандық комсомол хатшысы қол қойған протоколмен танысты НКВД қызметкерлері. Нұрила лениндік комсомолды сүймейтін, Сталинді сүймейтін аудандағы бір топ халық жауларының атын атап, түсін түстеп беріпті. Оған жұрттың бірінің үстінен біріне жазған шағымдары, НКВД тыңшыларынан жиналған ақпарлар қосылып сол түні-ақ алдымен аудан орталығы Нарқамыста "халық жауларын" ұстау басталды. Аудандық прокурор Сұранышев сөзге келместен Сұржекейдің ұсынған адамдарының бәріне санкция беріп жатты. Жәй берген жоқ, қуана-қуана қолпаштап, құптап беріп жатты. Алдымен Апанаспен аралас-құралас мамандарды . топырлатып ұстады. Көп ұзамай сол тізімге Шеге ілікті. Аудан өмірі астын-үстін болды. Партия, комсомол, колхоз еңбеккерлерінің жиналыстарында жұрт енді өз халық жауларының атын естіді. Нұрила сияқты шешендердің дауыстары ол жиналыстарда бұрынғыдан бетер саңқылдай түсті. Жарқын болашаққа беттеген советтік бақытты өмірге іріткі салушыларға деген ашу-ыза бұрынғыдан бетер орши түсті. Сөйлеушілер қолға түскен халық жауларына ешбір кешірім болмауын талап етті. Ел ішін ондай сұмпайылардан тазартып жатқан Ежов басқарған қырғидай қырағы Сталиндік наркомға деген алғыстарын аямады. Сұржекейдің абыройы аспандап көтерілді. Құлағы мақтау ести бастады. Алғыс ести бастады. Сұржекей, Кеңес өкіметі үшін қасық қаны қалғанша күресуге даяр Сұржекей бұл күндері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылғанша сабылып жұмыс істеді. Әкесінен қымбат сүйікті көсем Сталин бастаған күллі Совет халқы ішкі таптық айқасты бастап жегі құрттай мемлекеттің тұла бойын жайлап алған тап дұшпандарымызды аластай бастағанда бұл, Кеңес ісі, партия, Сталин, мемлекет дегенде ішкен асын жерге қоятын Сұржекей, сол жауапты науқанның көш басында көрінбей салпақтап соңында қалғанына өзінің партиялық ар-намысының алдында өлердей ұятты еді. Сол ұятын жуып-шаю үшін Сұржекей күні-түні ұйықтамай осы август айы түгел ауданнан табылған тап жауларымен айқасты. Отан алдындағы парызын мүлт еткізбей орындауға кірісті. Кешегі коллективтендіру кезіндегідей тағы да көзге түсіп, тағы да өкімет пен партияның алғысын алғысы келді, құрметіне бөленгісі келді. Ең қиыны қолға түскен сүмелектердің істеген істерін мойындамай НКВД- ға көрсеткен қарсылықтарын жеңе білу еді. Ол үшін НКВД- іні ойыншық еткісі келген, алдағысы келген жат елдің жансыздарымен, тыңшыларымен, іштен шыққан сатқындармен күрестің небір түрлерін ойлап тапты. Мақсат — біреу. Халық жауларына неғұрлым тез арада істеген істерін мойындату. Ұйықтатпай ит сілікпесін шығару, отырғызбай, апталап тік тұрғызып қою, су бермей шөлден қатыру, бетін ыстық шәймен шарпу, жығып салып іші кепкенше тепкілеу, әйел - балаңды тұтқындаймын деп қорқыту, оқсыз наганмен тарс еткізіп ату сияқты толып жатқан әдістер қолданады. Осының бәрі Сұржекейдің жігіттеріне оңай тимеді. Шаршады. Титықтады. Ұйықтамады. Ақыры, бірақ, дұшпанды әшкереледі. Мойындатты. Бірен-саран Шеге тәрізді әккі, тіс қаққан, жаннан безген жауыздары да кездеседі. Олар ездерінің іште мұз боп қатып қалған жаулықтарын жаны шыққанша жасырып бағады. Қарсылық көрсетеді. Шындықты жасырады. НКВД- інің көмегімен әділеттің салтанат құруына өле-өлгенше кедергі жасайды. Қолға түссе де советтік заңға, тәртіпке кедергі, зиян келтіріп, тергеушіні шатастырып бағады. Бірақ ондайлар кеп емес. Ондай, Шеге тәрізді "иттің балалары" кездесе қалған күннің өзінде Сұржекейді ақымақ ете алған емес. Сұржекейдің темір шеңгелінен сытылып кете алған емес. Ондай — қасарысқандарға бұ да қасарысады. Қаны қарауытып тістеніп алады. Аямайды. Ісі сонымен болады. Август түгел аудандық НКВД, сөйтіп, бұрын-соңды болмаған сұрапыл операциялар жүргізді. Күн демей, түн демей жарғақ құлақтары жастыққа тимей сабылды. НКВД тірлігі сақырлаған қазандай қайнады. Халық жаулары аудандық НКВД түрмесіне сыймай кетті. Ел іші жат пиғыл элементтерге бықып кеткен екен. Аңдудың, іздеудің, бақылаудың керегі жоқ болып қалды. НКВД бөліміне домалақ хаттар жауып кетті. Әр ауыл, әр бөлімшеден жат элементтердің атын атап түсін түстеп көрсеткен хаттардың астында қалды НКВД. Жұмыс сөйтіп, молайып кетті. Сұржекей НКВД- нің облыстық бөліміне хат жазды, штатымызды кеңейтіңіздер деп. Сөйтсе, НКВД қызметкерлері бүкіл облыста жетпей жатыр екен. Оның орнына, "Аудандық Советтің атқару комитетінің аппаратының председателінен бастап кез-келген қызметкерін НКВД-інің қара жұмысына пайдаланыңдар" деген нұсқау келді. Ауатком председателі Тоқташев Битемір дейтін "әліпті таяқ" деп білмейтін солым еді. Енді соны Сұржекей екі күннің бірінде шақырып алып жұмсайды. Байғұс екі сөзге келмейді, томпаңдап жүгіріп кете береді. Ауаткомды, сөйтіп, табанына салып илеп алды. Ауданда әлі Сұржекейдің алдында кісімсіп жүрген екеу бар. Бірі — Сұранышев, прокурор. Ол қу, залым. Сұржекейді арқаға қағып алдап қойған болады. Қалайда іштей ығып тұрады. Ал, мына Апанас ұсталғаннан кейін соның орнына бірінші хатшы болған Қойлыбаевтың кеудесі әлі шалқақ. Өзі бұрын Темірде екінші хатшы екен. Мұнда келгелі екпіні дауылдай, екі сөзінің бірі "құртам да жоям". Рас, Сұржекейге тіке келіп әкіреңдеген емес, бірақ бюроның отырыстарында талайды түтеп жегенін көзі көрді. Сұржекейге "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда" дегендей тәсіл қолданатын тәрізді. "Менің ықпалыма көніп, айдағаныма жүрмесең сені де екі бүктеп бір шайнаймын" дегенді қырын қарап өзгеге жекіре отырып ызғарлы сұсымен сездіреді. Сұржекей де бұл өмірінде талай бірінші секретарь көрген ысаяқ, елп етіп мына жаңа біріншінің ыңғайына құлай беретін қалып танытпады. Өз кәсібіне мығым іші берік маманның мізбақпас салқынқанды кейпін сездіртті. "Е, бопты, көрейік" деп кергіген сияқты жаңа хатшы... "Е, көрсең көр, біз де сізді көреміз" деп бұл да салмақтанды іштей. Сөйтіп, жаңа хатшымен екеуінің арасында бір-біріне тәуелсіз іштей аңдысқан қалып орнады. "Сен тұрмақ республиканы басқарып отырған мүйізі қарағайдай мықтылар мұрттай ұшып жатқанда, қарай гөр шікіреюін, біріншімін деп, ну что, бірінші болсаң, Апанас та бірінші болған..." деп қитықты Сұржекей.

Қамалғандардың бір партиясын Темірдің түрмесіне жөнелткеннен кейін бір топ хатты сөмкесіне салып Қозбағар екеуі ел аралап шықты. Кемері, Бұлақтыкөлден бастап Оймауыт, Доңызтаудағы елді аралады. "Мәдениет", "Буденный", "Тасқабақ", "Калинин" колхоздарында болды. Талай адамдармен сөйлесті. Ақпар жинады. Енді Доңызтау арқылы "Жаңа жолға" қарай беттеп келеді. Екеуінің астында екі ат. Дала кен. Мезгіл сәске түс. Қалай қарасаң да жәй созылған сахара. Ауа шыныдай мөлдір таза. Аспан жайқын, зеңгір биік. Күн ашық жалтыр. Ыстық емес. Жұмсақ жәйлі қоңыр күз. Жарықтық Қозбағар адам болып әңгіме айтуды да білмейді. Кебеже қарын кер биенің белінде қарақұстай қалбиып, қалғып-мүлгіп келеді. Бір есептен сонысы да жақсы. Артық сөзі жоқ. Қулығы жоқ. Сұржекей десе шығарға жаны жоқ. Елпеңдеп құрақ ұшады. Отызға жуық.аудандық НКВД қызметкерлерінің ішінен жанына ертіп жүретіні жалғыз осы — Қозбағар. Сенетіні осы — Қозбағар Айға жуық халық жауларымен айқасамын деп ит сілікпесі шығып шаршағанын Сұржекей осы соңғы күндері Қозбағар екеуі ауыл аралап шыққалы сезді. Айға жуық арпалыстан талған жүйкелері енді ен далаға кеңістікке мамыражай тыныштыққа шыққанын кейін босаңсып, тарқатылып, жақтарын керіп есіней берді. Талай рет ер үстінде қалғып кетіп аттан құлап қала жаздады. Бұған қарағанда Қозбағар пәле екен. Ат үстінде қарақұстай қалбиып отырып қалғып ұйықтап келе жатады. Алыс-жақын қырлардың астынан шиқылдаған саршұнақ үндері де ұйқы шақырады.

Бозарып қураған ебелек, боз, күйреуігі жабағыланып қалың төселіп жатқан піл жота жондар үсті бейне құс төсектей қызықтырып көз тартады. Аунап-қунап жата кет дейді. Есенқұлдың түйесін баққан балалық шағы есіне түсіп шырын қиял бесігінде ой-санасы тербеледі.

Ат басын тартты. Шабдар көк құлақ қағып тоқтай қалды.

- Бала!— деді Сұржекей.— Ішін ұрайын ұйқы қысып барады. Бір аздап қисайып алайын. Сен ат шалдырып тұр!

Жақсы, Жәке!— деп Қозбағар елп етті. Атынан қарғып түсті. Бөктергідегі көрпешені лезде шешіп ап шөбі таза тегіс алаңқайға жүгірді.

Былайырақ, анда таман!— деді Сұржекей иегін көтеріп сарғайған шөбі тегістеу жерді нұсқап. Қорбаңдаған Қозбағар төсей берген көрпешені сүйрей - мүйрей Сұржекей көрсеткен тұсқа ұмтылды. Жалғыз көрпешені шеп үстіне жайып тастап қорбаңдап енді шабдар көкке қарай далбақтады. Шабдар көктің үстіндегі Сұржекейдің көрпешесін шешіп алды. Бүлкілдеп желіп барып екінші көрпешені жастық тәріздендіріп бірінші көрпешенің бас жағына шоқитты.

— Шинельді әкелші!— деді Сұржекей. Қозбағар бүлкектеп жортып барып бөктергідегі қызыл жағалы сұр шинелді де шешіп әкелді. Көрпешенің үстіне тастады.

Сонымен басекеңнің жатар орны дайын болды. Сұржекей сылқ етіп түсіп көрпешеге отыра кетіп жамбастады. "Уһ" деді, дүниенің рахатын сезініп. Ес білгелі қызмет", "қызмет" деп жансебіл жүгірумен өмірдің кейбір ләззаттарынан марқұм қалған ба? Мына мамыражай алтын шапақ сар жағал күз күнін енді көріп отыр ғой. Баяғы бейкүнә балалық шақтан кейін көзін ашып енді көріп отыр. Көптен кір басып кептеліп қалған сезім көздері жіпсіп енді ашылып саңылауланғандай. Аспан тұстан тынымсыз құйқылжыған молда торғай кейбір ұмыт қалған сезімдерін оятады. Ұйыған зіл тыныштық ойын, бойын дәл -сал ұйытып есінетеді. Қым-қиғаш тіршілік тауқыметінен басы ауырлап ісіп кеткендей. Жастық аңсайды. Туған өлке төсінде бір көсіліп жатып рахаттану керек ғой. Шұлғау орап киген аяғындағы ауыр тағалы етікті де шешкісі келді. Бұл етікті шешу де оңай емес. Еңкейе бергені сол, садағаң кетейін, Қозбағар:

— Мен тартып жіберейін!— деп елп етіп аяқ жағына отыра қалып оң жақ етігіне жармаса кетті. "Інісі бардың тынысы бар" деген осы да. Қозбағар екі сілкіп етігін суырып алып аяқ тұсқа шөп үстіне қатарластырып қойды. Шұлғауларын ішіне салып екі етікті тіп-тік сап түзетіп қойды.

— Енді сен... әрегірек барып ат шалдыр... Мені оятпа!— деп, манаурап, Сұржекей шинелін басына бүркеніп жата кетті.

— Жақсы, Жәке!— Қозбағарда бұдан артық сөз жоқ қой, сөз жоқ. Не десең де жарықтық "жақсы" деп тұрғаны. Сол ғой Сұржекейдің бұ баладан айрылмай жүргені. Қалғи беріп осыны ойлады Сұржекей. Қозбағар жетектеп бара жатқан қос аттың аяқ дүрсілі кем-кемдеп ұзай берді. Темекі иістенген ескі шинелмен басын қымтап бүркеніп алған Сұржекей көп ұзамай шырт ұйқыға кетті.

2 .

Дәл осы сәт мына далиған кең аспан астында Қозбағардан бақытты жан жоқ еді. Шаршаған бастығының, көптен көз шырымын ала алмай жүрген Жекей Қалиевичтің қазір томпиып сары беткейде бейқам ұйықтап жатқанын көрудің өзі бақыт еді. Аттарды тұсап отқа жіберді де шинелін жерге төсеп бұл да қисайды. Аттардың тысыр-тысыр жайылғанын естіп жатып көзін жұмып ойға шомды Көз алдына Сұржекейдің бойшаң еңкіштеу тарамыс арық тұрқы кетпей қойды. Томпақ дорба ауызы соның үстіңгі жағына жапсыра салғандай шолтиған қоңыз мұрты елестеді. Сұржекей көбінесе ауызын томпайтып кісіге қырын қарап тұрып сөйлейтін әдеті. Сирек ашуланады. Ал, ашуланса қой көзі шапыраштанып кетеді. Бастығының сірә күлгенін керген емес, ішінде ит өліп жатқандай салқын. Түсі ызғарлы, сұсты.

"Сұржекей" деп жұрт соған қарап атап кетсе керек. Жақсы көргендіктен емес, жек көргендіктен, қорыққандықтан атап кетсе керек. "Сұржекей келіп қалды" десең бесіктегі бала жылағанын қояды екен" дейді жұрт. Ал, жақын жүрген Қозбағарға Сұржекей соншалықты кісі шошитындай құбыжық емес. Тіптен түсіне келе өзің жақсы көріп кетесің. Ең бастысы қара қылды қақ, жарған әділ азамат қоң Сұржекей. Әсіресе, езілген, жаншылған тап үшін, осы Қозбағар сияқты дүниеге көзін енді тырнап ашқандар үшін жанын салуға бар Сұржекей. Бай-бағлан, қожа-молда дегендеріңе о бастан қарсы. Ондайларды беті бүлк етпей қойдай топырлатып қырып жіберуге әзір. Шімірікпестен шетінен бауыздауға бар. Кешегі коллективтендіру жылдарында Сұржекейдің атағы бекер шыққан жоқ. Есенқұл, Пахраддин сияқты жуандарды сол жылдары зар еңіреткен, бір шыбықпен айдаған Жекең бұл. Тап күресінің сол асқынған қиян-кескі шағында бай, құлақпен, шайқасып ысылған, ауылдағы кеңес өкіметін, сөйтіп қан кешіп жүріп орнатқан Жекең бұл. Үстем тапқа бүйірі бұрған кімде де болмасын аямады бұл Жекең. Соның бірі Апанас еді. Кезінде Лабаң ахуанға, Пахраддинге жақсылық жасаған Грининді бұл бірінші секретарь болғанына қарамастан көзін құртты. Түрмеге тығып тынды. Сол үшін, таптық шайқаста Сталиндік қырағылық танытқаны үшін Сұржекейге өкімет тек алғыс атты. Мінезі темірдей қатал Сұржекей дұшпанның да таңдап жүріп ірісімен айқасатын. Табиғатына біткен ерлікпен толып жатқан ұсақ-түйек нәрсеге көңіл бөлмейтін. Егер Сұржекейдің орнында басқа біреу болса биылғы науқанға дейін-ақ аудандағы талай кісінің басы түрмеде шіритін еді. Сұржекей өсек-аяң, хат - жаланың талайын жаптырып тастады. Соның есесіне аудандағы ең үлкен шпионның ұясын талқандады. Ең үлкен халық жауын әшкереледі. Сұржекейдің мемлекет мүддесін қорғаудағы, отанды сатқан сұмырайларды ұстауды шеберлігіне, табандылығына, айлакерлігіне бұл таң қалады. Шынын айтқанда Гринин мәселесін шешкен Сұржекейдің жалғыз өзі. Бұл іспен өзі айналысты. НКВД- інің қалған қызметкерлері Грининді ұстауға прокурор санкция берген күні бір-ақ білді. Сұржекейдің кім екендігін талай жігіттер сол күні түсінді. Шефтің беделі коллектив алдында қатты өсті.

Ауылда молдадан хат таныған болмаса орысша сауаты жоқ Қозбағар мына күнде өзгеріп, жаңарып жатқан қым - қиғаш заманда мелиса болмақ тұрмақ райком боп кетсең де Сұржекейдей сенімді басшысыз бұ кезде он омақасып басы түрмеде шірір еді. Сауаты болмаса да бағы бар екен Қозбағардың. Құдай бұны Сұржекейге кезіктірді. "Аға", "іні" болды. Томпаңдап жүгіріп жүріп қызметін істеді Сұржекейдің, томпаңдап жүгіріп жүріп суын тасыды Сүржекейдің. Мықшыңдап отынын жарды. Қойын сойып берді. Қой демекші, қойдың өзі келіп жататын Сұржекейдің үйіне түнделетіп. Тас қараңғы түндерде біресе Бұлақтыкөл, біресе Кемерші, біресе "Жаңа жол" жақтан түйеге, атқа қой өңгерген қазақтар келіп Сұржекейдің қорасына томп еткізіп қой тастайтын. Оны отын сарайдың ішінде мықшыңдап Қозбағар жайғайтын. Қозбағардың келіншегі ішек-қарнын тазалайтын. Сол жүз таныс қой әкелгендермен Қозбағар Сұржекейдің кабинетінде, кейде ел аралап шыққанда кездесіп қалып жүрді. Сұржекей ауызы томпайып шолтық қоңыз мұрты қыбыр етпей оларды үнсіз тыңдайтын. Сөйлемейтін, тек қоштасарда "Жарайды, жүре бер!" дейтін қоныз мұрты жыбыр етіп. Қой берген адам әрі сәрі күйге түсіп, бүкіл арызына бір ауыз жауап ести алмай созалаңдап түрегелсе де қипақтап кете алмай тас мүсіндей сап-салқын сазарып отырған Сұржекейге жалтақтай беретін. "Жүре бер!" дейді Сұржекей ызғарлырақ. Кісі сасқаннан есікке жотасымен соғылып, құлап қала жаздап, апалақтап шығып кетер еді.

Сұржекей сол қазықтай қақшиып отырған қалпы шылымын добалдай ерніне қыстырып құшырланып сорып "идиот" деп шіреніп орнынан тұрар еді. Сәл бел жазып керіліп алар еді де, сықырлауық етігін зар илетіп маңғаз қалпын бұзбай бөлме ішін ерсілі-қарсылы қыдырып, теңселіп жүріп алар еді. Тек ұлы көсемге тән ауыр да терең ойларға шомар еді. Ондай сәттерде Қозбағар қыбыр етуге қорқып столға шынтағын сүйеп мелшиіп отырады. НКВД- інің қалың балшық қабырғалы сыз бөлмесінде қорғасындай ауыр тыныштық орнар еді. Ұшқан шыбынның ызыңынан өзге бөгде сес, дыбыс білінбейді. Шефтің шірене басқан жылтыр қара былғары етігінің ұлтаны ғана дүниеде "ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс" құдірет иелерінің бар екенін паш етіп маңғаз сықырлар еді. Шеф тар кабинетті ерсілі-қарсылы біраз кезіп, ақыры, қызмет столының жоғарысындағы көсем портретіне сүзіле қарап үнсіз шылым соратын. Тік жаға ақ кительді, қайратты қалың шашын шалқайта қайырған әсем қыр мұрынды Сталин Сұржекейге емес, қырандай қияға көз салады.

Ұлы көсемге қарап темекісін асықпай сорып Сұржекей тебіреніп мол тұрар еді. Темекісі таусылғанда ғана ес жиғандай қозғалып қайта-қайта бас шайқап "Гений!" деп терең тебіреніспен тіл шешер еді, темекісінің тұқылын күлсалғышқа апарып езер еді.

Ұлы көсемге деген махаббатын әрбір отырыста сездіріп отырар еді. "Бұрын-соңды жер жүзінде бұндай кемеңгер болды ма екен, әй, бола қоймаған шығар" деп сыр ашатын кейде шайға маңдайы жіпсіп толқыған сәттерде. Сондықтан да, Сұржекей қай жерде жүрмесін Сталиннің абырой, атағын қызғыштай қоритын. Бәлен жерде біреу Сталин туралы қыңыр сөйлепті десе, бітті, шеф түнере қалатын. Қабағынан қан жауып, қоңыз мұрты жыбыр ететін. Сол, Сталин туралы ғайбат сөйлеген халық жауы тұрған ауылға ат сабылтып өзі кететін. Ондай алып-қашпа сөздің растығына көзі жетсе, оны айтқан дұшпанды ат алдына салып айдап әкелетін. Әріптестер жиналып бас қосқан кейбір көңілді отырыстарда Сұржекей міндетті түнде ұлы көсемнің құрметіне бірінші болып тост көтерер еді. Ұзақ сөйлеуге Сұржекейде көсілген шешендік жоқ қой. "Жолдастар! Дүниежүзілік империализмнің қоршауындағы жас Совет мемлекетінің басы, көзі, миы, құлағы... ұлы көсеміміз Сталинге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейік! Сталин бар болса, біз бармыз. Жоқ болса, біз де жоқпыз. Сталин — күніміз. Күніміз мәңгі сөнбесін! Ұстазымыз, досымыз, халықтардың әкесі ұлы Сталиннің айналасына тезірек ұйымдасайық!" дейтін. Содан мұрты жыбыр етіп, алабұртып, толқып, орнына отыратын. Бұның тостына лепіре қол соғып, даурыға қошемет көрсетпеген кісі болса сол кісінің не ойлап отырғанын әшкерелегенше ілік-шатыс сұрақ қойып тыныштық бермейтін. Сұржекей өзі көп сөйлемегенмен, кісінің қытығына тиер қырғи тұрақтарды беруге шебер еді. Соңдықтан да, Сұржекей көсемді мадақтап тост көтергенде төңіректегі жұрт жел тиген қоғадай жапырылып, дүрлігіп кетер еді. "Ай, жасасын!" деген қиқулар да қосыла жаңғырығар еді. Алда - жалда сөз Қозбағарға беріле қалған күнде бұл: "Мені үстем таптың езгісінен құтқарған, батырақ боп жүрген жерімнен оқуға тартқан, кеңес ісіне араластырып адам еткен, өз басыма әкемнен артық жақсылық жасаған езілген тап жарлы — жақыбайлардың үлкен қамқоршысы ұлы көсемнің сенімді солдаты Жекей Қалиевич жасасын! Мен сол үшін ішем!" дейді. Бұл сөз шефке ұнап кетеді. "Рахмет" деп қоңыз мұрты жыбыр етіп бет ұшына қан ойнап шығады. Отырғандар енді көсемді ұмытып Сұржекейге ауысады. Осы өлкенің тарихында қалатын жалғыз адам Сұржекей деп айтады. Осы өлкедегі Кеңес өкіметін тіреп тұрған Сұржекей болып шығады. Сұржекей шала мас алабұртып, құлақ құрышын қандырған шырын сөздерге елтіп, есеңгірей бастайды. Аздап аузына шарап тиген Қозбағар ондай сәттерде бала күнгі қалпына түсіп тарқ - тарқ күледі. Қайтсын, бақыттан қуаныштан басы айналып бара жатса. Бастығы өмірге бір риза болса, бұл екі риза. Ауыл балаларынан күңде таяқ жеп өкіріп жылап жүретін боқмұрын Қозбағар бүйтіп кісі болам деп, адам қатарына қосылам деп сірә ойлады ма екен? Үстіне сұр мелиса форма киіп бүкіл бір елдің құрметіне бөленем деп сірә ойлады ма екен? Кісі болармын - ау, менен де кісі жасқанар - ау деп ойлады ма екен? "Қозеке!" "Қозеке!" деп үлкен-кіші жапырылып сәлем беріп жарылып жол берер - ау деп сірә ойлады ма екен? Жоқ. Бұл — Қозбағардың жеті ұйықтаса түсіне кірмеген әлеметтері. Беліне — наган, мойынына қылыш іліп Қозбағар жүрмеген жол бұ Жем бойында, Оймауыт, Доңызтау елінде кемде-кем шығар. Талай шіреніп шырт түкірген ел жуандарын еңкілдетіп ауданға айдады - ау. Мелисада істеген алғашқы жылдар о бастан сужүрек жігіт кім көрінгеннен қорқа беретін. Бала күніңде кісінің жұдырығы өтіп жасып қалған сорлы басы біреу "тәйт" десе дір ете түсетін. Сөйтсе, үстінде, сүр формасы, мұздай қарулы Қозбағардан жұрттың бәрі ығысады екен. Бәрі бұдан жасқанады екен. Енді, Қозбағар "тәйт" десе олар зытуға дайын. Сондықтан, бұл жаңа қалыпқа да Қозбағар үйрене бастады. "Тәйт" деп ешкімнің зәресін алмай-ақ қабағын түйіп жүрсе де жетіп жатыр. Бұдан еңбектеген баладан бастап, еңкеңдеген кәріге дейін қорқады екен. Соған қарағанда өмірде қылмыссыз пенде жоқ тәрізді. Бұны көргенде пенде пақыр сол қылмысы үшін қипақтап қуыстанатын тәрізді. "Хансұлуға үйленемін" деп баяғы қалың елдің алдында қас масқара болғаннан кейін бұл әйел бетін көрмей кетуге ант ішкен-ді. Әсіресе, бұны тастап кеткем "желқуық ұрғашы" (апасы Хансұлуды ылғи осылай атайтын) Хансұлу бұның туған бөлесі Шегеге тиіп алғанда жыртық үйінің іргесіне қарап жатып бармағын тістеп жылаған. Шешесі ақсақ Торқа ауыл ішін шақырып шаңқылдап Шәріп інісінің құлағын сарсытты. Бірақ "Жау кеткесін қылышыңды тасқа шап деген. Шеге Хансұлуға үйленеді. Хансұлудың жыры сонымен аяқталды. Сөйтіп, ауыл арасы Қозбағарға Дозақтан бетер болып қайда қашып тығыларын білмей жүргенде осы мелисалықтың оқуына Сұржекей кедей - бақырақ балаларын жинап жүр екен. Соған іліккені Қозбағарды ең алдымен "үйлен" деп құлақ етін кемірген шешесінің ызыңынан құтқарды. Екіншіден, ауыл-үйдің гулеген өсегінен құтқарды. Одан кейінгі жылдары ел ішінде талай топалаң жәйттер болды ғой. "Аткошевкі" болды. Аштық болды. Шеге томп етіп түрмеге түсті. Хансұлу бөпесін құшақтап Қарақалпақ жақта банды боп жүрген әкесін іздеп кетті. Хансұлудың әке-шешесі, Шегенің әкесі Шәріп аштан өлді. Ел тозды. Азды. Қозбағар ауданды тітіреткен атақты Сұржекейге атқосшы болды. Өсті. Қазақтың бір қара торы қызына үйленді. Бала сүйді. Мінеки, бүгінде заманның ауа райы тағы да ойран-ботқа. Ұсталған адамдар түрмелерге сыймай жатыр. Байғұс Шеге тағы ұсталды. Хансұлу тірі жесір боп тағы зарлап қалды. Бір жағынан "дүние кезек" дегендей олардың Қозбағарға жасаған қиянатын құдай алдына келтірген сияқты. Бір жағынан — обал. Еш кінәсі жоқ еді, Шегені Апанасқа қоса кетті. Апанаспен достығы осы жолы түбіне жетті. Апанас шпион болса болар, бірақ Шегенің соған таңылып агент аталуы, сатқын аталуы адам баласының ақылына сыймайтын жәйт. Зәредей кінәсі жоқ Шегенің. Түбіне жеткен өз досы Ждақайдың протоколы. Ит екен, Ждақай. Адам емес, ит. Көзін тырнап ашқалы бері қатар келе жатқан, бірге ойнап, бірге өскен Шеге емес пе еді. Қалай көзі қиды екен. Шырылдатып дозаққа тастады ғой досын. Соншалықты түнде жасайтындай Шегеден не зәбір көрді екен? Шегеден зәбір көрдім деп бір адам айтса Қозбағар айта алар еді ғой.. Ондай пасықтыққа бұл барған жоқ қой. Ендеше иеге Ждақайдың қимасы қышиды? Шегенің басына қонған бағын, азды-көпті ауыл арасындағы абыройын көре алмағаны ғой. Қызғанғаны да. "Жаңа жолда" қалғысы келгені ме? Рас. Осының бәрін біле тұра шындықты айта алмады Қозбағар. Шегеге ара түсе алмады. Бүгіндері не қиын? Қара күйе жағылған жан ет бауыр жақының, қойынындағы қатының болса да ара түсу қиын. Ара түстің екен былқылдақтық, саяси бос белбеулік танытқаның. Ара түстің екен, Сталинді емес, жақыныңды жақсы көргенің. Рас, Сталинге деген жалпы халықтың махаббаты мызғымас болу керек. Онсыз социализм болуы мүмкін емес. Ал, күні кеше ақ патшаны құлатқан қалың бұқара халық үшін социализмнен қымбат нәрсе жоқ. Социализм жолында, мемлекет мүддесі жолында бәрін де құрбан етуге болады. Ие, мемлекет мүддесімен салыстырғанда анау Алматыда ұсталған ат төбеліндей қазақтың игі жақсылары, анау Мәскеуде ұсталып жатқан ірілі - ұсақты қайраткерлер, жазушылар, әртістер, мынау өз төңірегінде ұсталып жатқан Грининдер, Шегелер немене? Дәнеме емес. Қайта, мемлекет осындай жат пиғыл элементтерден тазарып, Сталин төңірегіне бұрынғыдан бетер шоғырланып жатқан болашаққа құрыштай қатайып аяқ баспай ма? Осы жағын ойлағанда Қозбағар бүгінгі таңда НКВД қызметкерлері атқарып жатқан істі, мына Сұржекейдің қол астында өздерінің күн-түн демей сабылып ел ішін халық жауларынан тазартып жүргендерін сөз жоқ ерлік деп біледі. Аса маңызды, революциялық жанқиярлық деп біледі. Сталиндей қатал да болса әділ көсем Сұржекей, Қозбағар тәрізді чекисттердің бұл жансебіл еңбектерін көріп, біліп, риза болып отырған сияқты іштей. Осы ерліктері үшін ұлы көсемнің жылы алақаны маңдайынан сипайтын сияқты. "Қимылда, балаларым, Отан үшін қимылда! Жер бетіндегі тұңғыш халық өкіметі үшін қимылда! Еңбектеріңіз ескерусіз қалмайды. Ел ішіне тазартыңыздар! Сатқындардан, шпиондардан, буржуазияның жалдамалы тыңшыларынан тазартыңыздар! Бұл үлкен маңызды мемлекеттік іс! Бар сенгендерім сендерсіңдер, балаларым, қимылдаңдар! Жат пиғыл арамза, кісі өлтіргіш қара ниет жендеттерге аяушылық болмасын! Олар біздің дүркіреп күннен күнге ұлы жеңістермен алға басқан социалистік Отанымыздың қас жауы! Олар Совет өкіметін құлатқалы жүр! Аяусыз қимылдаңдар! Қимылдаңдар!" деп бағыт сілтеп тұрған сияқты сүйікті көсем. Сенім артып тұрған сияқты ұлы көсем. Ұлы көсемнің өзі сөйтіп Ежов басқарған наркомға осылай сенім артып отырғанда, бұлар, өкімет солдаттары қалай жансебіл жүгірмесін? Несіне, аянсын?!

Аспан неткен биік... Мөп-мөлдір көгілдір айдын... Теңгедей бұлт жоқ... Жұмсақ нұрын құйып жалтыраған батыс аспанға қарай ойысыпты... Тұнған тыныштық. Қыр астынан саршұнақ қана сұңқылдайды.

Сұржекей шалқасынан жатқан күйі көзін ашып жоғары қарап ойланады. Кең жер, биік аспан қалғып тұрғандай. Бұ неткен жайбарақаттық? Бұ неткен ұлы сабыр? Табиғаттың осы күйін ұмытқалы қашан бұл... Орган жұмысына араласқалы бері жарғақ құлағы жастыққа тимей дірдектеумен келеді. Соңғы бір жылда, әсіресе, соңғы бір айда ұйқы дегеннің не екенін, ошақ басы дегеннің не екенін ұмытты. Екі білегін сыбанып өмірдің бір опыр-топыр додасына түсіп кетті. Не осы додадан өз қарабасын алып шығар не мойыны үзіліп тынар. Екінің бірі болар. Өмірдің ащы - тұщысын бір кісідей бастан кешіп үлгерген Сұржекейдің іші соны сезеді. Кейін шегінерге енді шама жоқ.Атасы нәлет "тап!" деді ме, "халық жауын!" тапты. Тауып жатыр. Бір құдайдың өзі біледі, қаншасы ақ, қаншасы қара екенін. Ақ, қарасын ажыратып жататын көген мезгіл қайда Сұржекейде?! Ондай мұрсат -.

мұршаны бұған жоғарыдан беріп те жатқан жоқ. Бұйрық келді. Бұл орындады. Не кінәсі бар Сұржекейдің. Іші сезеді. Оттың ортасында қалды. "Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң ат өледі" Сұржекей емес қой топырлатып елді қамайық деген. Орталықтың өзі бастап берген жалпы мемлекеттік науқан ғой. Оған кінәлі кім? Айналып келгенде, сол халықтың өзі емес пе? Тыңшылар, шпиондар, сатқындар, буржуазияшыл ұлтшыл фашисттер халықтың арасынан шығып жатқан жоқ па? Алматыдағы Құлымбетов, Есқараев басқарған ұлтшыл - фашистер болмай немене?! Неге халықты оң жолдан тайдырғысы келеді? Олардікі қылмыс па? Қылмыс болғанда да, саяси мемлекеттік қылмыс. Немесе анау Ұржан ісі не, қылмыс емес пе? Мемлекетке қарсы уайымның болғанын өздері сайрап айтып жатқан жоқ па? Ендеше ондай республиканы қамтыған жау ұйымның болғанын қолдаушыларға неге бұл Табын ауданыңда болуға тиіс емес. Тікелей қатыспағанмен Сұржекей қаматтырған отыздан аса қылмыскерлердің бәрі дерлік ертең андай - мұндай күн туса Совет өкіметін емес, сол фашистік ұлтшыл жасырын ұйымды қолдайтындар ғой. Жәйдан - жәй қарап жүрген жанды ұстатқан жоқ бұл. Өздерінің іштерінде тұншыққан жат пиғылдарын сездіріп қойған байқатып қойған және солай қыңыр, қисық сөйлеу арқылы халықтың арасына іріткі көздеген қауіпті элементтерді ұстады. Соларды дер кезінде әшкереледі. "Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды". Сол ұсталғандардың дені шынында да жат пиғылды сілімтіктер екенін өздерінің троцкисті рухтағы "халық жаулары" екенін мойындады ғой. Біразы Құлымбетовтың құйыршықтары екенін айтып бет - перделерін ашты. Қыса түссең түбі сайрайды екен. Жау екендіктерін жырлайды екен. Бір жағынан Сұржекей ыңғайсызданады. Өзінің чекисттік ар-ожданынан ыңғайсызданады. "Осынша жауды нұсқау бергеннен кейін ғана әшкерелеп отырсың, Жекей Қалиевич, нұсқаудан бұрын қайда жүрдің?" деп біреу айтып тастай ма деп қуыстанады. Неде болса бір науқан басталды. Бұл науқан Сұржекейдің ұғымынша тарихи науқан. Ұлы көсем Сталиннің тағы бір даналық шын мәніндегі тұңғыш халық өкіметін аман-есен сақтап қалудағы бір зор қырағылық танытқан тұсы. Бұндай оқыс шара қолданбайынша ішкі-сыртқы жау басқа шығып алар еді ғой. Кеше Кировты өлтірген кісі өлтіргіштер ертең Сталиннің өзіне қол жұмсамасына кім кепіл?! Сонда Совет халқының күні не болады? Жарық күнінен, көсемімен, әкесінен айрылған халық соқыр адамдай серменіп қалмай ма? Сол үшін ғой март пленумында ұлы көсемнің қырағылыққа шақырғаны. Қалайда, ең бір керекті, кезек күттірмейтін науқан басталды. Қолға сыпырғыш алып тұрып енді Ежов басқарған наркомға ел ішін тазалау парыз.

кір-қоқыстан.

Сұржекейдің бір таң қалатыны, "кір-қоқыс" бұл ойлаған шамадан әлдеқайда асып түскені, аудандық НКВД органы хат, жалалардың астында қалғаны. Ендігі жерде алғашқы қарқындағыдай топырлатып ұстамай іріктеп - іріктеп ұстамаса көп ұзамай бұл ауданда кемпір - шал, бала-шағадан өзге еңбекке жарар жан қалмауы ықтимал еді. Қойды кім бағады, сиырды кім сауады, жерді кім жыртады, баланы кім оқытады домалақ хатқа түскендердің бәрін қамата берсе? Хат жазғыштардың, бірінің үстінен бірі арыз бергіштердің, әшкерелегіштердің адал ниетіне, Отанға, Сталинге деген адал шетіне соңғы кезде шүбәлана бастады. Жазғыш, әшкерелегіштердің көбі алдымен өздерін Сталин мен Совет өкіметін қасық қаны қалғанша қызғыштай қорғаушы етіп көрсетуге тырысады. Ары қарай сол Совет өкіметін, қорғау емес, жеке бастың есебі тәрізді. Бұны ескеру керек. Ескермеймін деп осы науқанның алғашқы күндері асыра сілтеңкіреп алды ма кім біледі. Ие, болар іс болады.

"Тап!" деді "халық жауын". Тапты. Тапқан адамдары мойындады жау екендіктерін. Қол қойды протоколға. Бұларды, Сұржекей басқарған аудандық НКВД бөлімін енді ешкім заң жүзінде қаралай алмайды. Бір тәуірі, Сұржекей әлі бір ұрғашыны түрмеге жаптырған жоқ. Бұл оның азаматтығы емей немене?! Солай, ұсақ - түйекке қолын былғаған жоқ Сұржекей. Ондай жағдаяттар орталықта, басқа аудандарда болып жатқан көрінеді. Сұржекей басқарып отырған... Тойст... Сұржекей істейтін ауданда әлі бір ұрғашы түрме есігін көрген жоқ... Сұржекейдің ерлігі бұл. Әйтпесе, анау Қарағандыдағы "Карлаг", сонау Ақмоладағы "Алжир" сияқты "халық жаулары" әйелдерінің түрмесіне Хансұлу тәрізді тегі құлақ, бүгіңде Шеге тәрізді шектен шыққан "халық жауының" әйелін оп-оңай ысыра салуға болар еді ғой. Болар еді. Бірақ, оған Сұржекейдің еркектік намысы жібермеді. "Сұржекей қатындарды ұстауға кірісіпті" деген сөздің астында қалғысы келмеді.

Сұржекей ойы осы араға жеткенде бас көтеріп жан - жағына қарады. Бұның әлгі ойын, халық жауларының әйелдерін қорғаштаған ойын біреу-міреу сезіп қалған жоқ па деп секемшіл әдетіне басып жан-жағына қарады. Сарғайған шөпті сары жонда жалғыз отыр. Төңірегі айдала. Төбеде далиған жайқын көк аспан. Саршұнақтың ғана үздіксіз шиқылы естіледі. Сұржекей орнынан тұрды. Әрегіректе қос аттың қасында саршұнақша шошайып отырған Қозбағардың төбесі көрінді. Қозбағарды басқа бұ маңайда жан жоқ, бұның әлгі "опасный" ойын сезетін. Жүрегі орнына түсті. Қозбағарға қол бұлғады. Ана байғұс аттарға қарай тұра жүгірді.

Әлгі ойынан, "опасный" ойынан шошыған себебі, бұ күнде жалпы таптық тазалығына зәредей сызат түскен жанға зәредей аяушылық жоқ қой. Әсіресе, бұның қызметінде. Сәл босандық танытқан, күдіктілерге аяушылық білдірген чекисттердің күйі қараң болып жатыр емес не? Мойындары үзіліп жатыр емес пе? Әріге бармай-ақ қоялық осыдан төрт күн бұрын естіген сұмдық оқиға ше? Айтуға ауыз бармайды. Серікқали Жақыпов ұсталыпты. Әйгілі чекист. Совет өкіметін өз қолымен орнатқандардың бірі. Қазақстан НКВД- ісінін наркомы орынбасары. Сәкен Сейфуллинді ұстаудан бас тартқаны үшін ұсталыпты. Өткен жылы Серікқали Жақыпов Жарқамыста болған. Атақты чекистке бұлар төбесімен жорғалап жүріп қызмет еткен. Бірге ішкен. Дәмдес әмпей-жәмпей болған. Атақты чекистің кішіпейіл, қарапайым мінезі, кең біліміне бұлар таң қалған. Осы науқан бітісімен езіне Сұржекей арнайы барып кіріп орталыққа ауыссам ба деген базынасын айтқысы келіп жүрген. Мінеки, сол ағасы табан астында істі болыпты. Сәкенді қорғаймын деп оңбай омақасыпты. Бәсе, сол келгенде Сәкен жәйлі біраз әңгіме айтып еді. Сәкенмен дос екендігі сезіліп еді. Сөйтіп, сол атақты чекистің түбіне жеткен аяушылық, достық сезім болыпты. Күдіктің исі шыққан тұстан ат-тоныңды ала қашпасаң көретін күнің осы.

Қозбағар жетектеп қос атты алып келді.

Бұ кезде Сұржекей темекісін сорғыштап сары жонның үстінде оңды-солды теңселіп жүрген. Бастығының тағы да ауыр ойға беріліп кеткенін Қозбағар көріп келеді. Ол ойлар, әрине, аса маңызды мемлекеттік ойлар. Қозбағардың миына қонбайтын шым - шытырман құпия әлем. Сондай тауқыметті жалғыз өзі көтеріп теңселе толғанып жүрген Жекей Қалиевичтің еңкіштеу арық тарамыс тұрқына табына қарады Қозбағар. Бастығын толғантқан сол маңызды ойларды үркітіп алмайын деп жүрісін де бәсеңдетті, еппен басып аяғын. Ойлансын шеф. Бүкіл бір ауданның тұтқасын ұстап тұрған дөкей ғой. Әрбір ойы алтынмен бірдей... Әрбір ойы адам өмірімен өлшенеді. Кім біледі, Сұржекейдің басында қазір Қозбағардың тағдыры шешіліп жатқан шығар? Әнеугүні камерада жатқан Шегеге бұл біраз қарлығаш достық көрсетті емес пе? Соны сезіп қойған Сұржекей ескерту жасады емес пе? "Сен, бала, кончай! Ағайынгершілігіңді "халық жауынан" өзге адамға жаса!" деді, қоңыз мұрты жыбыр етіп. Қозбағар сонда іш киіміне жіберіп қоя жаздаған. Бірақ, Сұржекей бұны одан әрі қажамай танау астынан "сматри" деп, күңк етіп дәлізді бойлап жүріп кеткен. Қозбағар байғұс екі ортада состиып тұрып қалған, қан жоқ, сөл жоқ. Ол әңгімеге одан кейін Сұржекей айналып соққан жоқ. Қозбағар соры қайнап, бұрынғыдан бетер жалпаңдай түсті. Бұрынғыдан бетер жорғалай түсті. Ендігі жерде бұның жаны Сұржекейдің ашса алақанында, жұмса жұдырығында екеніне көзі толық жетті. Бұл хал екеуіне де түсінікті еді. Қозбағардың бағынышты күйі бұрынғыдай бетер тереңдей түсті. Онсыз да Сұржекейдің қол баласындай болып кеткен Қозбағарға, Сұржекейдің әйелінің күніндей болып кеткен келіншегіне, шынына келсек, осыдан артық өмірдің керегі де жоқ еді. Өмірде кімге қызмет қылдың бәрібір емес пе, әйтеуір жалпаңдап жүргенің, томпаңдап жүргенің. Сұржекейдің отынын жарып, суын әкелгенің не, өкіметтің қызметін қылдың не, бәрібір емес пе? Әйтеуір, жазған құлға бұл тіршілікте жұмыс істеу керек қой. Екі қолға — бір жұмыс. Көз ашқалы кісінің жұмсауымен келеді. Өз білгенімен өз басымен іс тындырғаны шамалы. Бала кезінде, сірә, өз үйінің, ауылдың, Пахраддиннің қозы лағын бақты. Бертін келе ойласа, ауылдың қозы-лағын баққаны бұның өміріндегі бір таптық астары бар уақиға болып шықты. Соның арқасында бұл "батырақ" деген құрметті атаққа не болды. Пахраддин қанаушы тап болып есептеліп, протоколдарға жазылып, ал, бұл Қозбағар ғұмыр бойы "соры қайнап қаналып" өмір сүрген, "күңіренумен күн өткізген" батырақ болып шықты. "Шыққан тегім — батырақ!" Солай деп айт, деп үйреткен бір кезде Ждақай. Бұл өзін өкілдерге солай деп жаздырды. Мінеки, соның арқасында ісі оңға асты. Темірде үш ай мелисалық курста оқыды. Үстіне әскери форма киді. Кеңес өкіметінің қорғаушысы "Қозбағар Уапич" болып шыға келді. "Жаңа жолдағы" ағайындардың көзінде Қозбағар ауданды сұрап тұрған "үлкен адам". Бұл ауылға келсе жұрт жамырап арызын айта бастайды. Үйлеріне қонаққа шақырады. Әкесі Уәп зергердің де абыройы ауыл-үйдің арасында өсіп кетті. Бір ауылдың білдей темірші, ұстасы.

— Бала... дем алдың ба?— деді Сұржекей қырын қарап тұрып.

— Әрине, Жекей Қалиевич! Аздап қисайдым... Ұйықтап алдыңыз - ау деймін, өзіңіз де?

— Ие... аздап көз ілінді... Ұйқы қайда. Ұйқымен қош айтысқалы қашан!..

Сұржекей соны айтып ауызын томпайтып мұңайғандай болды. Бұған мұңын шаққан тәрізденді. Дүниеде бастығыңның өстіп бір сәтке болса да шарасыз көрінгенінен артық не бақыт бар? Қозбағар қуанып кетті. Ұйқысы қашып, жүйкесі талып, осындай титықтап жүрген шефті аяп кетті. Осы сәт қолынан келсе Сұржекейдің басына ұжмақ орнатқысы келді. Әттең не келеді қолынан?!

—"Жаңа жолға" жетейікші, Жәке! Сонда бір дұрыстап дем аларсыз!..— деп қалды Қозбағар, толқып аяныш білдіргендей.

Сұржекей атқосшысына бір шекесінен көз қиығын тастады.

—...Олар сонда... күтіп отыр ма... бізді?

—...Хабар беріп қойғам... Ждақайға...— деп күмілжіді Қозбағар.

Сұржекей қиғаштау назарымен атқосшысының тұрқын бастан-аяқ тағы бір сүзіп шықты. Қозбағар желкесін сипап, ыржиды.

— Ты... молодец!— деді Сұржекей, қоңыз мұрты қыбыр етіп. Бас шайқады. Бұл оның мына "балаға" қатты таңдауы еді. "Сматри!" деп қойды. Қозбағар көлденең тосып тұрған шабдар көкке отырды.

Көп ұзамай қос атты арқаға қарай шапшаң қозғалып соқтыртып жүріп кетті.

Арақ дегенді әркім әр түрлі ішеді. Бұл "тентек су"— ауызына тигенде әркім өзінше жаңа мінез ашады Біреу көпіріп, лепіріп кетеді. Біреу, керісінше, тілім жұтқандай тым-тырыс дыбыссыз монтаны күйге түседі. Баз біреу бурадай шабынып, екі иығын жұлып жеп құтырынып шыға келеді. Енді біреу, мына Қозбағар тәрізденіп ырқылдап күле береді. Ждақай сияқтылар болса көсемсіп, көлгірсіп өзі би өзі қожа, жалпақ шешей мінез ашады. Бұқарбайдың да мас болғанын көрген Сұржекей. Оныкі тіпті қызық, ұрттаса бітті, көзі түскен ұрғашыдан әукесі салбырап бұқадай мөлиіп көз алмайды кеп. Оңаша кезіксе әй-шәй жоқ, тарпа бас салады. Ал, Сұржекейдің мас болуы бір өзінше жыр. Алдымен Жәкең күй тыңдағысы келеді. Шарап кір басқан, көмескі тартқан көкейіне саңылау ашып жарық түсіретін болу керек. Алдымен Құманғазының өзегін өрт жалаған "Кішкентай", "Топан", "Ақбай" тәрізді күйлерін аласұрып аңсайды. Содан кейін, арқаның терең ойлап шертпе күйлерін тыңдағысы келеді. Тыңдағанда мазасыз тыңдайды. "Но!".. "Но!" деп бас шайқап, қол шапаттап, қайта-қайта қалтаңдап тұрып кетіп әбігерге түседі. Енді бірде өзінен - өзі күбірлеп жүргені үйді айналып. Ол күні Сұржекей ұйқы көрмейді. Қасындағы жолдастарын да ұйықтатпайды. Содан кейін Сұржекейдің бір қызық қасиеті көлденең көздің алдында татып алмайды "тентек судан". Бұл оның сақтығы, Жекей Қалиевичтің осы қасиетін жақсы білетін "Жаңа жолдың" ферма меңгерушісі Ждақай Сұржекей келеді деп естіген күні ақ өз отауын ауылдың арқа тұсына қыр астына көктем де су жүріп өтетін сай жағасына апарып тіктірді.

Қасына бір семіз тоқтыны байлады. Ертесіне, бесін шамасында Ждақай "Өгіз өлген" кезінің үстіңде алдынан шығып қонақтарды қарсы алды.

Ұшы-қиырсыз дала кезіп шалдығып келе жатқан жолаушылар алдарында домалақ төбе етегінде өздеріне арналып тігілген боз отауды көріп көңілденіп кетті. Құрғақ сайдың кемерінде тықыр шөпті тегіс таза алаңда жұмыртқадай жалғыз отау тұр. Есік алдында бір бозбала екі жеңін түріп тастап боршалап қой сойып жатыр.

Молодец деді іштей Сұржекей. Күңк етіп бас шайқап қойды. Мәртебелі қонақтың түсі жылығанын байқап қалған Ждақай:

Бәрі болады, Жәке! Домбыра да, домбырашы да болады. Сіз бүгін бір тынықсын деп осында үй тіктірдік деді Жадақай лепіріп.

Жұмыс— деді Сұржекей.— Алдымен жұмысты бітіру керек ...

Сұржекейдің жұмысы арыз берген, немесе үстінен арыз түскен кісілермен кездесу ғой. Ждақай о жағын да ойластырған ғой. Ол жұмысты қазір шайдан кейін ет асқанша жайғап тастамай ма, несі бар. Ауыл мына төбе астында. Сұржекейге керек адамды шауып барып қонды бұлар. Ол да жұмыс боп па?! Бәрі болады, Жәке! Сіз қам жемеңіз! Керек адамыңызды осында алдыртамыз. Оңаша сөйлесесіз!

Милодец!— деді, Сұржекей қоңыз мұрты жыбырлап, - Молодец!

Үй ішін реттеп тазалап мәртебелі қонаққа жорғалап қызмет етуге жаны қалмай әзірленіп жүрген Ждақайдың келіншегі Нарқыз самаурынын көтеріп лыпып сыртқа шықты. Үстінде көлдей қызыл көйлек. Қара камзол. Басында ақ жаулық. Сүйекті, ірі Нарқыз күніндегісінен жүдеген. Жақ сүйегі шоштиып өңі сарғыш тартқан.

Қазақтың жанына келгенде Қозбағар мен Ждақай бұрынырақ аттарынан домаланып түсіп шефтің көлігін ұстады. Асықпай керіліп-созылған Сұржекейді екеуі екі қолтықтан сүйеп аттан түсірді. Шеф бөгелеңдеп үйге кіруге асықпады. Қой сойып жатқан домалақ қара бала домаланып кеп сәлем берді. Тізе бүгіп сәлем еткен келінге Сұржекей болмашы ғана бас изеді. Содан кейін сонау қызарып күн еңкейген көкжиекке көз тігіп байыздап ойланып тұрды. Екі қолы артта. Үстінде қызыл әскери формасы. Жағасында жұлдызшалар.

Ауылдың кеңес ағасымен сөйлессек...— деді қырын қарап.

— Қазір... қазір... әкелейін!— деді, Ждақай әскери адамдай сақ-сақ еткізіп. Атына тұра ұмтылды.

— Қазір жеткіземін, Жәке!— Ждақай атын қос өкпеге тепкілеп есік алды боз жусанды домалақ төбеге қарай дүсірлете жеңеді.

Бұ кезде бастығының атының ерін сыпырып жатқан Қозбағар. Оны көз қиығымен байқап тұрған Сұржекей мүштігіне махорканы баппен толтыра бастады. Шынын айту керек ажарсыздау, ірі сүйекті Ждақайдың әйелін көргеннен кейін көңілі қоңылтақсып қалды. Әлгінде, айдалада, алдында тігулі тұрған ақ отауды көргенде бір түрлі кеңілі көтеріліп елегізген-ді. Сұржекей тәрізді бүгінде түкірігі жерге түспей тұрған дөкейге иіліп сәлем беріп жұмыртқадай ақ отаудан бұралған бір әдемі келіншек айдай жарқ етіп шығады деп дәмеленген. Сондай бір уылжыған жас келін мың бұратылып қызмет етеді ғой деп күткен. Сөйтсе...

Мүштіктің трубкасынан ащы түтінді екілене сорды. Енді бір тиын. Екеуінің, Ждақай мен Қозбағардың жалпаңдағаны бір тиын. Ет жемей жүр ме екен? Арақ ішпей жүр ме екен? Демалыстың сәні келмейтін болды. Сөйлесетін кісісімен сөйлесіп, аздап дәм татқаннан кейін қисаятын шығар.

Сұржекей үй сыртындағы, кезінде жаңбыр суы шайып өткен құрғақ сайды жағалап жалғыз толғанып баяу келеді. Аяқтағы хром етік аттаған сайын зар еңірейді. Хром етіктің шиқылы жанға шипа. Бір ырғақты әндей. Осылай хром етікті шиқылдатып мәңгі теңселіп жүре берсе. Ие, сөйтіп бұл балалар ағаларының діттеген жерінен шыға алмады. Шай құйып беретін, анау-мынау емес осы ауданның құдайындай Сұржекейге қызмет ететін қонақ үрікпес бір дені дұрыс ұрғашы таппады. Бұлардан гөрі кешегі жылдар Сұржекей айқасқан бай - құлақтар зерделі шығар... Отряд басқарып мұздай қаруланып осындай отырған жабайы ауылға сау ете түскенде қаруды көріп бай - бағландар құрдай жорғалайтын. Сұржекейге шәй беруге уылжыған ең сұлу деген жас келіншектерді жіберетін. Кім біледі, қандай пиғылмен жіберетінін? Сұржекей өзін-өзі ұстап бағатын. Коммунист деген атына кір келтірмейтін. Қолға тиген билікке мастанып кейбіреулер қарудың күшімен қорқытып байлардың әйел, қыздарын бүлдіргенге мәз болып та жүр. Ондайларға зығырданы қайнайды. Белсенділерді ел көзінде жексұрын көрсетіп болған да сондайлар. Бірақ, байлардың қыздарының қызығын Сұржекей де көрмей қалмады. Талай байлардың шаңырағы ортасына түсті. Солқылдаған талай арулары Сұржекейдің аяғын өздері келіп құшты, бас сауға тілеп, е, не етпеді бұл дүниеден...

Сайдың кемер үсті қалың жусан. Жусан арасында темекінің түтініне елтіп, шамалап жүйкесі босап, қалқиып Сұржекей тұр. Ақырын аяқ басып жанына Қозбағар жақындады.

— Әлгі... домбырашыларың кім...— деді Сұржекей ұясына толықсып нарттай қызарып барып қонған күннен көз алмай.

— Хансұлу ғой...— деді Қозбағар дауысы әрең естіліп.

Көкжиекке лаулап жалындап кіріп бара жатқан күн шұғыласы жалпақ өлкені қырмызы нұрға бояйды. Ғажайып ертек дүниесіндей сахара кеші. Күн ұялып жүзін жасырған сұлудай бой тасалады.

"Хансұлу! Но, но... Хансұлу десе. Хансұлу Но! Но!.."

Сұржекей осы бір сәт мынау кең кешкі әлем ортасында тұрған өзін дүниедегі ең бір бақытты жан сезінді.

Айтқанындай - ақ, Ждақай ауыл совет әкесін тез жеткізеді. Ат аяғының дүрсілі құлағына шалынған тәрізденіп еді, енді бұрылса, бұған қарап шапанының етегі делектеп қара домалақ, қара бөрікті кісі жортақтап келеді. "Жорға" десе жорға. Шапаны жаңа. Жағасына ақ елтірі жүргізген қара мақпал. Бөркі де жаңа, қара елтіріден. Аты ауыл совет демесең күні кеше Сұржекей айқасқан ескі ауылдың "игі жақсыларынан" бір аумайды сүдіні. Күлімсіреп келеді.

— Жекейжан, амансың ба қалқам?!— деп іші - бауырына кіріп келеді.

Жасы үлкенге құрмет қанға сіңген дәстүр ғой. Сұржекей қанша үлкен ұлық болғанмен жаны қалмай қорғалап келе жатқан Жорға Күреңге қарсы жүрді.

— Ассалаумағалейкүм!— деп қол берді. Жорға бұның қолын уысынан жібермей мәймөңкелеп жатыр.

— Иә, Жекейжан, үй-іші, от басы түгел аман? Келінжанның денсаулығы?! Мал-жаның түгел, жүріп жатсың?!

— Шүкір... шүкір... Көке!

—...Ат ізін салмай кеттің! Күнде бара беруге жер алыс... Оның үстіне ағаң да жас емес... қыңқыл-сыңқыл көбейді.

Сұржекей қасын керіп қарады, "о, не?" дегендей.

— Құяң ғой... құяң... бұрыннан бар еді ғой... Қазір сол... кирелеңдеп құлай беретін болдым...— деп Жорға Күрең оң қолымен жамбасын ұстап ауырсынып, шалқайып белін жазған болды. Сосын:

— Үйде сөйлесеміз бе... әлде?..— деді әңгіме бетін күрт өзгертіп.

Қоңыз мұрты жыбыр етіп, Сұржекей бұл сұраққа бірден жауап бермей, шығыс жақ жайдақ далаға назар жіберді. Бір топ боталы түйе айдап "Жаңа жолға" бағыттап бара жатқан жаяу малшы балаға көзі түсті. "Астапыралла!" Дәл өстіп бала кезінде өзі жүріп еді-ау Жалаң аяқ шидеңдеп... мал соңында... Әке-шешеден ерте айырылыпты. Есенқұлдың малын бағыпты. О, заман! Бұлай өзгерер деп кім ойлаған. Шіреніп шырт түкірген Есенқұл әулеті быт-шыт болды. Кезінде Жекей деген жетім баланы көзге ілмеген Гүлбарша деген кербез келіні бұның аяғын құшты, үрім-бұтағымен Темір түрмесіне айдалып бара жатқан жолда түн ішінде келіп Сұржекейдің қойынына кірді.

Жорға Күрең тамағын кенеді. Жорғаның сұрағы есіне түсті.

— Осы сырт дұрыс болар... әңгімелесуге...— деді Сұржекей дорба ауызын томпайтып.

Жорға Күрең төңірекке жалт-жұлт қарады.

— Сайға таман... былай... түсейік!— деді жортақтап алға өте беріп. Сұржекей лажсыз Жорғаға ілесті. Үй орнындай қиыршық құм алаңға іркілді Жорға. Жүрелеп тізе түкті. Бұнысы "салмақты әңгіме бар отыр" дегені. Алакөлеңке сай табанда екеуі қарсы қарап отырып құпия бір әңгіме бастады. Жорға Күрең ауық-ауық сақтық жасап мойнын созып төңірекке қарап қояды.

— Естіп жатырмын, інім, естіп жатырмын... біраз шаруалар атқарыпсың... Атағың жер жарып жатыр...

—...Жә...— деді, осы арада Сұржекей қолды бір сілтеп қоңыз мұртын жыбыр еткізіп...— Жә... бүгінгі мәселеге көшелік... Хатыңызды алдым... Сол әңгімеге көшелік!..

— Ендеше... сол хатта жазғанымның бәрі рас... Серікбайдың үйінде Сталиннің сол суретінің табылғаны рас. Суретті әкелдім...

Жорға Күрең шибарқыт бешпетінің қойын қалтасына апыл-ғұпыл қол сұқты. Орамалға әспеттеп оралған бума қағазды алды.

— Менің документтерім ғой... Өзіммен бірге алып жүрем... адам баласына сенуге болмайды... бұ заманда...

Орамалды жазып бір газет қиындысын суырды. Сұржекейге ұсынды.

— Мінеки, қақ маңдайдан шегемен қаққан... оңдырмаған...

Сұржекей сүйікті көсемнің газеттегі бейнесін аса бір ілтипат ұқыппен аударып-төңкеріп қарады. Көсемнің алақандай портретінің тебе жағы шыннан да тесік. Шеге көсемнің хатта жазылғандай, маңдайын емес шашын тесіп өтіпті.

— Ымм...— деді Сұржекей, тісі ауырғандай түнеріп.

— Көрдің ғой...— деді Жорға қозғалақтап.

— Сол үйден тапқаныңды дәлелдейтін факті бар ма?

— Міне... Жекейжан - ау... сырт жағын қара!!! Қолы бар... Серікбайдың сол күні үйінде болған 13 жасар баласының қолы...

Шынында газет қиындысының сыртында бір шатпақ бар екен. Баланың қолы. "Өсербаев" деген қисық-қисық жазу.

— Қазір қайда... Серікбай?

— Малда ғой... Малда болғаны да, тура анау шпионның Шеге деген құйыршығының үйімен көрші. От басы араласқан достар.

—...Жә, бұ газет менде болсын...— деді. Сұржекей көсемнің төбесі тесілген портретін ұқыптап төрт бүктеп төс қалтасына салып жатып.— Басқа не айтарыңыз бар?

—...Әлгі, Шеге деген құйыршық ұсталғаннан кейін, шешесі, әйелі Хансұлу екеуі қосылып ап зарлап Сәбит өкіметін күнде қарғайды дейді.

Сұржекей жүзін қырын беріп біраз үнсіз отырды. ...Өз құлағыңызбен есіттіңіз бе?— деді. ...Әйелдер біледі ғой... Солар айтады...

Сұржекей ыңыранып қозғалды.

Қатын өсектің қажеті жоқ...— деп қалды, үні қатқыл шығып.

...Жекейжан-ау... "Жел болмаса шөп басы қозғала ма?"

...Енді қатын өсекті жинай берсек көп ұзамай бұл ауданда мал бағып егін егетін жан қалмайды, жолдас ауылдық кеңес ағасы!— деді Сұржекей дауысы ширап, көтеріле бастап. Қараңғы болса да Сұржекейдің қабара қалған қаһарлы сұсын анық көргендей болды Жорға Күрең. Бұл, Жорға күтпеген жәйт еді. Сұржекей осы көзге дейін Жорғаның сөзін жерге тастап көрген жоқ еді, Мынаусы несі? "Халық жауы" десе қырғидай шүйлігетін, кешегі аты-шулы тас жүрек Сұржекей қайда? Мына былқылдағаны бар болсын...

—...Сіздің де үстіңізден... арыз бар!— деп дүңк етті, сөйткенше Сұржекей. Деді де... жүзінен жымысқы күлкісі өмірде арылмайтын қара шұбар бетті Жорға Күреңге көз қиығын тастады. Сөйтсе, Жорға Күрең былқ етер емес. Әлі сол жымсырайған қалпы.

Жорға Күреңнің шын кескін-келбетін енді көргендей, Сұржекейдің іші мұздап кетті. Жыны құрыстады. Өмірінде қауіп төнсе де қорыққанын жасырып жылмырайып отырған Жорғаның бетіндегі кісәпір күлкісін, дәлірек айтқанда, кісәпір бет-пердесін дереу сыпырып алғысы келді. Ақырып жібере жаздап ашуын, әрең ірікті де:

—...Сіздің бәйбішеңіз... Мэлс деген балаңызды бүкіл "Жаңа жолдың" көзінше жерден алып жерге салып қарғапты ғой...— деді Сұржекей. Деді де Жорғаның өңіне тағы да қарады. Зәресі ұшып, түсі бұзылып кеткен шығар деген. Жоқ, сөйтсе, Жорға әлі жымиып отыр, былқ етпей.

— Ие! Ие, құлағым сізде!— деп қояды майда сөйлеп.

—"...Жер жастанғыр, Мэлс!" "Мола болғыр, Мэлс!" депті, айқайлап бәйбішеңіз! Түсініп отырсыз ба... қарғыстың кімге тигенін?.. Сол үшін сізді де, бәйбішеңізді де Сібірден бір-ақ шығаруға болады!!! Қолыма да қатыруға болады!!!— Сұржекей жекіріп - жекіріп кеп жіберді. Бейне бір Жорға Күреңнің қара шұбар бетіне былш-былш ұрғандай болды. Сол екпінмен едіреңдеп түрегеп кетті. Мүштігіне от тигізетін оттық іздеп серменіп сырт қалталарын сипалады. Әлгінде бұл жақындап ақырғанда түсі өзгеріп кетті бетбақтың. Жымысқы күлкісі зым-қайым болды. Ал, күл... қақбас!..

Сұржекей мына зымиянды табанға сап жер қылған жеңісіне іштей қанағаттанды. Галифе шалбарының сол қалтасынан оттық тауып алып темекі тұтатты.

Анау, әлгі бетбақ, құрғақ алаңда қанаты сынған қарғадай қалбиып отыр. Ал күл!.. Ал жыми!.. Ойының келген екен Сұржекеймен! "Әмпей-жәмпей болдым" деп, "ауыз жаластым" деп ойлап жүрген шығарсың! Кешіріңіз! Сұржекей ешкімнің де қол баласы бола алмайды. Әсіресе, сендей наданның айтқанына көніп айдағанына жүре алмайды. "Аяз —әліңді, құмырсқа — жолыңды біл!" деген. Сен кімсің? Құмырсқасың. Сендейлерді мына хром етікпен бұл езіп жүре берсе, бұған ешкім неге өйттің демейді. Бес тиын, сендейлердің өмірі Сұржекей үшін. Вот солай, біл, кімнен ойнап жүргеніңді! Арыстанның жалынан сипағың келеді. Ақырып атып тұрсын... Вот, солай! Жолдас Күрең! Сенің маған, өйтіп, жымиғаныңның керегі жоқ. Сұржекейдің кім екенін ұмытпа! Жалына созба қолыңды! Шайнап тастайды. Отырсың ба? Отыр солай, енді... асына жіберіп қойған мешел баладай мелшиіп. НКВД- іні сен ойыншық еткің келеді екен. Қатын өсекке былғағың келеді екен... Бұныңды сенің достық деу қиын... Сен кіммен сыбайласып жүргеніңді түсіне бастайсың!!! Ойланасың...

Сұржекей қышқыл түтінді құшырлана сорып теңселіп... хром етікті ырғай басып... зар илетіп біраз жүріп кетті де... әрегірек барып... әскери қимылмен шалт бұрылып кейін қарай... аяғын нығыз басып қайтып келеді.

Бұ кезде Жорға Күрең де қалбиып түрегелген екен. Үн жоқ.

Сұржекей асықпай хром етікті ыңыранта "әндетіп" жақындады. Ымырт қараңғысында бет - әлпі көрінбейді Жорғаның. Бірақ, Сұржекей оның кескін-келбетінің дәл осы сәт оңып тұрмағанын сезді.

— Ие... жолдас ауылдық кеңес ағасы! Тағы не жаңалығыңыз бар?

Жорға Күрең тосылып барып үн қатты.

-...Жекейжан-ау... не айтайын... басқа...

Жә... ендеше, әлгі ақбарларыңызға рақмет... Тексереміз... Зерттейміз... Сіздің еңбектеріңізді де ескереміз...— деді Сұржекей. Есігі алдында жер ошақта от жанып жатқан үйге қарай қозғала берді. Жорға Күрең үн - түнсіз томпаңдап еріп келеді.

...Шегенің жақын-жуығы жәйлі де берген фактілеріңді тексереміз... Жауап аламыз әйелінен... Фактілеріңіз расталса күйеуінің қасына апарып оны да жабамыз... "Халық жауларына" деген, олардың от басыларына деген аяушылық болмайды...

Жекейжан - ау... менің де айтайын дегенім сол еді ғой. Тротскі, Құлымбетовтердің ел ішіндегі сойыл соғарлары еді ғой менің айтайын дегенім.., құдай сақтасын... жазықсыздан жазықсыз... біреудің үстінен арыз айтып, мінеки түн жамылып келеміз... мені құдай атып па?

Сұржекей іркілді.

Жә... жә...— деді, арқадан қағып Жорғаны.

— Жақсы онда, інім... Жекейжан... Мен ауылға қайтайын... Демал! Қонақасыңды же! Өзіңе арнап жаңағы сойылған қара тоқтыны жаз бойы бордақылағам... Ниетіміз дұрыс екен... Ақыры өзіңе бұйырды. Келіп тұр осылай... жиі-жиі!— деп, Жорға Сұржекейдің қолын қос қолдап қысып сілкілеп біраз уаққа шейін жібермей тұрып алды.

—...Жақсы... сау болыңыз!— деді Сұржекей Жорғадан құтылғанша асығып.

—...Әйтеуір... өзіңнің бір жаман ағаңмын ғой... Әйтеуір, қазіргі мына науқанға титтей де болса көмегін тие ме дегенім ғой... Ал, керіскенше қош - аман тұр. Келінге сәлем айт!

Үйге қарай сырт беріп баяу басып кетіп бара жатқан Сұржекейдің желкесіне және бір-екі рет тағзым етті де Жорға Күрең қазықтағы атына қарай бұрылды.

Сұржекейдің Жорғамен қоштасқанын көріп жерошақ қасында жүрелеп отырған екі жігіт — Ждақай мен Қозбағар өре түрегеліп мәртебелі қонақтың алдынан ұмтылды.

Бұ кезде Сұржекей екі қолы арқасында, түнеріп, баяу басып үйді жағалай беріп еді.

— Ал, Жеке, енді үйге кірейік!— деді Ждақай салдырлап, құрақ ұшып есік аша беріп. Сұржекей үндемеді. Есікке бас сұқпай тұрып сәл іркіліп мына екі жігіттің түрлеріне көз қиығын тастады. Көлденен сыр байқамады. Үй іші самала жарық. Ортада шойын табада жайнаған шоқ. Жиегінде — тас құман. Білте шам қасында. Көлдей дастарқан, үсті толы бауырсақ, ірімшік, құрт, женті, кәмпит - сәмпит. Босағада сызылып жол беріп келін тұр.

Сұржекей табалдырықтан аттады. Шайдың жұпар исі танауға ұрды.

Шәй үстінде қуырдақ келген. Ждақай бір шөлмек арақ қойған дастарқан шетіне. Сол-ақ екен терде қос құс көпшікті шынтақтап көлбеп жатқан қонақ азар - безер болды бас шайқап. Қозбағардың айтқаны расқа шықты. Бастығының сырын жақсы білетін Қозбағар ескерткен Ждақайға. Дастарқан басында көлденең кеп отырғанда арақ ішпейді деген. Бірақ, Ждақай талайды көрген жылпос қой, саспады. "Емізулі баласы бар еді" деп іле Нарқызды ауылға қайтарды.

Қонақ Ждақайдың ебіне, ұсылына таң қалды. Оңаша үйде енді үшеуден үшеу қалып көлдей дастарқанның шетіне бір шөлмек арақ қайтып келгенде Сұржекей танауынан мырс күлді. Басын шайқап қойды.

— Но! Но! Но!— деді. Дүниенің ажары енді кіретінін сезіп қуанышын жасыра алмады. Бастықтың қабағы ашылғаны бұлт астынан күннің шыққанындай үй ішіне бірден көңілді рәуіш кірді. Ждақай да, Қозбағар да мәз-мәйрам қомпаңдасып тездетіп үш шыны аяқтың құлағынан ұстап көтере берді. Көтере берді де шыны аяқты дастарқан үстіне қайта қойды.

— Мынаны... толтыршы!— деді Ждақайға. Ждақай лып етіп шөлмегін ала ұмтылып кеп ақ фарфор кружканы ұстап.— Ждақай, інім, біріншіден, әнеугі болған... жәйтке ренжімессің деймін... Ондай шараға біз мәжбүр болдық... Өзің білесің... елдегі саяси жағдайды... шиеленісі жатыр.... Социализм... жаулары қайта бас көтеріп жатыр... Бұндай кезде лажсыз қатал боласың... Онсыз мемлекет, мемлекет болмайды. Қоршап тұрған қалың жау лап қояды... Тарпа бас салады.... жас өкіметті...

Дұрыс... Жәке... бәрі дұрыс... менің өкпем жоқ, алғыстан басқа сізге айтарым жоқ...— деді Ждақай.

...Бізді түсінген осындай Ждақай тәрізді азаматтар көп болсын!.. Сол үшін!— деді Сұржекей шыны аяғын тағы жоғары көтеріп.

Рахмет, Жәке! Ағалық бұл ниетіңізді біз еш уақытта ұмытпаймыз. Сіздің әр сөзіңіз біз үшін нұсқау! Рахмет, Жәке!

Сұржекей бұл кезде ақ фарфор кружканы басына бір-ақ төңкеріп тастап, екі бүктетіліп жиырылып, үні шықпай, қабағы кіржиіп қолына іліккен бармақ басындай танауын басын жан шақырып жатқан еді. Бір кезде басын сілкіп-сілкіп қалып еңсесін көтерді. Беті қызарып талауранғандай.

Уһ!..— деп, күңірене бір күрсінді де табақтағы қуырдаққа еңсе салып жауша тиді. Мәртебелі қонақтың жаны жәй тарқанын көрген жігіттер қаужаңдасып көңілденіп елпең қақты. Ждақай қуырдақ толы табақты қонақтың алдына таман ысырды.

Сұржекей үшін өмір өзгеріп сала бергендей. Отырыстың сәні енді кіргендей. Нағыз демалыс енді басталғандай. Бұған арналып тігілген мына отау үйдің ішін күн күлгендей. Дүниенің ажары кіргендей.

Қуырдақтың да дәмін енді сезгендей. Күллі тұла бойын, алпыс екі тамырын қуалап өмір оты жүгіргендей. Қалғып жатқан, өліп жатқан жүрегі сілкініп оянғандай.

— Молодец...— деді. Бұл жалпы көңілі қоштығын байқатқаны еді. Риза еді. Бәріне риза еді.. Әсіресе, мына кірпі бас, тарғыл бет, қара торы, төртбақ жігіт, екі езуі екі құлағында, ыржиып күле беретін жігіт Ждақайға риза еді. Бұның жанын түсінетін осындай азаматтар сау болсын. Отырып шықса да камерада, түсініп отыр ғой Сұржекейді. Осындай азаматтардан айналып кету керек қой.

—...Қалай, Жеке... Күйшіні алдыртайын ба?.. Хансұлуды?!— деді Ждақай дауысында бір екі ұдай ойнақылық бар. Жалпы Сұржекеймен еш уақытта, тіпті Сұржекей төрттағандап мас боп қалса да қалжыңдауға болмайды ғой. Бірақ, дәл осы сәт көңілі шаттан бір қалжыңын кешірді Ждақайдың. Кешірді.

—...Сәл. Біраздан кейін!— деп Сұржекей төс қалтасынан сағатын алып шалқалай беріп үңілді.— Енді жарты сағаттан кейін... концерт тыңдауға болады.

Ждақай жартылаған шөлмектен шыны аяққа тағы да құйды. Мөймілдетті.

— Ал, інім, Ждақай, айт!— деді Сұржекей көп күттірмей,— Мен болдым осымен, мына шишаны құртыңдар, ешкім көрмесін...

— Ау, Жеке-ау!..

— Жо... жоқ... бітті... Жетеді. Сөйле!

Ждақай тіктеліп тізерлей отырды. Кірпі басын сипап - сипап жіберді. Шыны аяқты қолға алды.

— Жеке... мен өзім басқасын білмеймін мен үшін көсем сізсіз...

Сұржекей жастыққа шынтақтап жатқан жерінен басын жұлып алды.

— Но!.. Но!.. Но!..— деді бас шайқап, қолын ербеңдетіп.

— Сталин бәріміздің... бүкіл халықтың әкесі ғой... оған дау жоқ... күллі езілген таптың көсемі ғой... Ал... сіз... біздің ауданның көсемісіз. Біз басқа ешкімді білмейміз...

— Хым... Хха! Хха!..— деді Сұржекей сабасына түсіп.

— Сіз аман болыңыз, аға! Сіз... тек, сіз аман болыңыз!— тебіреніп кеткен Ждақайдың дауысы бұзылды осы сәт. Көзіне жас айналды. Сұржекей:

— Рахмет, інім!— деп қоқиланып жөткірінді. Содан кейін үшеуі де үнсіз шыны аяқты басқа көтерді.

Өз шыны аяғын бұрын босатқан Сұржекей дастарқанға төңкерді. "Осымен ішуді доғардық" дегені. Сұқ саусағымен босап қалған шишаны "құрт" дегендей ишара жасады. Қозбағар шишаны іргеге ытқытып жіберді.

Ортада шойын табада жайнаған сексеуіл шоғынан ба, әлде әлгі жұтқыншақтан өткен "отты судан ба", сыйлы қонақтың қырыс-тырысы жазылып маңдайы жіпсіді. Қаймақ қатқан ыстық шайдан біраз сораптады. Мына оңаша отау, ортада жайнаған сексеуілдің шоғы, көлдей кең дастарқан, сыртта қоршаған кең дала, дәл - сал тыныштық бұның балалық шағын еске түсіріп балқытқандай. Бір сәтке де болса, мына тұла бойын, жайлап алған "жынды" су бұның түн ұйқысын төрт бөліп жүйкесін күнде кеміріп жүрген сол бір жеті құрт ойлардан құтқарғандай. Бұндай азапты дұшпанның да басына бермесін. Не, көсіліп, жатып ұйықтау жоқ. Не, ақ жарылып бір күлу жоқ. Қылмысқа батқан адамдай қуыстанады да жүреді. "Талайдың обалына қалдың!" деп, жегі құрт кеміреді жанын. Бұл ал, кеп айтысады. Ал, кеп қарсыласады. Әр тұтқынның ұсталу себебін айтады, талай дәлелдер келтіреді. Жегі құрт сәл тыншиды. Бұл да тыншиды. Бірақ, өзі-өзімен сәл оңаша қалды бітті, бәрін ақтағысы келеді. Сұржекейді кінә қылмысқа белшесінен тығады. Батпаққа батырына тұншықтыра бастайды. Ондайда бұл жанынан безіп кете жаздайды. Мылтықты алып шекеге тіреп тұрып сол жегі құртты бір-ақ тылпитқысы келеді...

Мінеки, мына "отты" су, жұтқыншағын күйдіріп өткен "жынды су" ғана сол жегі құрттың аздап "үнін" өшіргендей. Әйтпесе, Сұржекейдің "тентек суға" тіптен әуестігі жоқ еді бұрын. Той-томалақта, әйтпесе сыйлы қонақ қыстағанда болмаса ауызына алмайтын. Мінеки, қырық екіге толған жасында тірліктің тағы бір қырын ашып отыр.

Енді бірде қараса үйде ешкім жоқ. Жалғыз өзі қалыпты. Бұны мазалағысы келмеген шығар, әлгілер шығып кетіпті.

Әлгіңде жай тапқандай болған жаны қайта құлази бастады. Қоңылтақсыған көңіліне әлдене жетіспей тұр. Айтпақшы, әлгі күйші қайда? Тебіренген жанын тербетіп әкететін бір ырғақ, бір күй керек-ақ. Сенделіп жан-жағына қарады. Керегеге сүйеулі тұрған қара домбыраға ұмтылды. Қолға алды. Қарағай сапты күмбірлеген қара домбыра. Құлағын бұрады. Бұрауын түсірді. Қазір қара домбыра сөйлей жөнейтіндей, саусағы шекке тиер-тиместен боздай жөнейтіндей еді. Бірақ, олай болмады. Домбыра "дың" еткені болмаса сарнай жөнелмеді. "Әттеген-ай" деп іштей өзегін өкініш тырнап не істерін білмей қарманды. Тебіреніп тұрған жанын тербете жөнейтін кейуана күй, шерменде ырғақ тілеген көкірегі иттей ұлып барады. Құдай-ау, енді не істейді? Жапырылып, жанын жалдап қалай шертсе де домбыра қиқар дегеніне көнер емес.

— Но! Но! Но!— деп күйініп бас шайқады. Орнына сүйеп қойды домбыраны. Ашынғандықтан қарманып темекісін іздеді. Осы сәт есік ашылды. "Кір!" "Кір!" деді Ждақай біреуге жол беріп. Сұржекей ажырайып есікке қарады. Алдымен байқағаны — қызыл торғын көйлектің шұбатылған етегі, шоңқайма қара етіктің тілдей сүйір басы. Содан кейін қынама бел қара камзол, етегіне сары жағал жалпақ зер жүгірткен қара камзол, содан кейін еңкейіп кіре берген жас келіншектің сопақша ұяң сұрша жүзі, кіршіксіз ақ жаулығы. Құлағында — ұзыншалау күміс шығыршығы. Бейне табалдырықтан күлдіреп - сылдырап сән-салтанатымен мереке аттағандай. Үй ішіне нұр шашылғандай. Хансұлу табалдықтан аттап кіре беріп биязы иіліп, оң тізесін бүгіп сәлем берді.

— Көп жаса!— деп, күбір етті Сұржекей шапшаң тіктеліп, кителінің жағасын реттеп, түймесін салып. Келіншектің іркіліп, есік алдында бөгелеңдей бергенін көріп орнынан ұмтылып түрегеліп:

— Отырыңыз! Былай шығыңыз!— деп ізет білдірді.

Хансұлу, мұңлы тұнық көзі шам жарығына жарқ етіп, текеметтің темен жақ шетіне қорғаншақтап, имене келіп биязы тізе бүкті.

— Но! Но! Сәл жоғары отыр!

—...Осы жер... жетеді...— деді, Хансұлу үні сыңғыр етіп қымсынып, етегін жинап жайғаса беріп.

— Но! Но!— деп, наразы бас шайқап Сұржекей төрге, өз орнына өте берді. Есікке көзі түсіп:

— Әй, сіздер қайда жүрсіздер!— деп, ұрысты әлгілерге.

— Мұндамыз!— деп, іле тіркесіп Ждақай, Қозбағар кірді үйге.

— Отырыңдар!— деп, бұйырды Сұржекей қоңыз мұрты жыбыр етіп, төсекті нұсқап.— Мына, қонаққа қызмет етіңдер!

— Қонақтың үлкені, Жеке - ау... сізсіз ғой...— дей берген Ждақай.

— Хватить!— деп, шорт кесті Сұржекей, дауысы саңқ етіп.

— Қойдым, Жеке! Қойдым!— деп Ждақай жалма - жан қос қолын көтерді де, іле төрттағандап жорғалап Хансұлудың алдына дастарқанның шетін тартып бебеу қақты. Қозбағар жүгіріп барып құманға жармасып құрдай жорғалап кеп Хансұлудың қолына су құйды. Ждақай сасқалақтап Хансұлуға сүлгі алып берді. Қозбағар келіншектен алдына қасық қойды.

— Шай ішіңіз! Ас алыңыз!— деді, Сұржекей төмен қарап дорба аузы томпайып.

— Жоқ... Рахмет!— деді Хансұлу.

— Но! Но! Жарамайды! Ауыз тиіңіз ең болмаса!

Хансұлу ірімшіктен бір шымшым үзіп алып ауызына салды.

Керегеге сүйеулі тұрған домбыраны қолына алды. Үйдегі үш жігіт келіншектің батыл қимылына серпіліп қарай қалған. Әлгінде есіктен кіргенде ұялып бет ұшына қызылы тепкендей еді, енді өңі сәл қуқыл тартқан. Мойыл қара көзін де бір тентек ұшқын тұтанғандай. Домбыраны "дыңң", "дыңң" шертіп құлақ күйін келтіре бастады. Хансұлудың мына қимылынан жасқанып қалғандай үш жігіт. Осынау мінезді келіншектен және бір тосын әрекет тосқандай ләм деуге шама жоқ үшеуі қаңтарылып дағдарып қалған.

Қолындағы қарағай сапты қара домбыра Хансұлудың өз домбырасы еді. Бүгін Ждақай алдыртқан Сұржекей келеді деп. Бұны да алдыртып отырған Ждақай, "Егер Шегенің жәйін білгің келсе осыдан оңтайлысы жоқ" деп. Бұл елге аты әзірейілдей үрейлі Сұржекей дастарқан басында күй тыңдағанды қалайды-мыс. Хансұлу бұларға сол үшін керек болыпты-мыс. Темір түрмесіне айдалған Шегеден бір хабар болса осы Сұржекей емес пе білетін. Тіпті, "...беті бері қараса. Шегені құтқару деген Сұржекей үшін дәнеме емес, өзің оңаша сөйлесіп көр..." деп те жұмбақтатты. Содан енесін қой басында қалдырып Хансұлу бүгін "Жаңа жолға" келген. Содан екі көзі төрт болып қараңғы түскенше Ждақайдан бұйрық күтіп отырды.

...Құлақ күйі келген кең құрсақ қара домбыра енді тақымға тиген жарау аттай зымыран шабыс тілеп лып - лып етеді. Ақтарыла жөнелгісі кеп күмбірлеп құлшынады. Көкірегінде көптен шер болып шеменденіп жатқан ащы запыран күйін домбыраның тілімен ағындап тұма бұлақша атылғысы бар. Неге екені белгісіз, домбыра, жансерігі сыңғыр қара домбыра "Қайран шешем!" деп боташа боздап теңселе жөнеді. Көкіректі тепкілеп зәбір -жапа, налыстың арнасын тауып күйге бөленіп атылып сыртқа шыққанына жаны жусай бастады. Мына, қанын ішіне тартып, сұрланған түсі суық жыландай жанмен тілдесуден тайсақтағаны, қашқаны еді... домбыраға жармасқаны. Күйге кезек бергені... Әлгінде үйге кіргенде, мына шолақ мұрт сұр жыланды көзбен көргенде бір тар қапасқа кіргендей... ауа жетпей тұншыққандай болған... Енді сәл, көңіл құсы күй толқынының үстімен парлап ұшып тынысы ашыла бастады. Қарағай сапты қара домбыра "Қайран шешем!" "Қайран шешем!" деп боздап кең дала боп көсіліп, самал - жел боп есіліп отырғандарды мына қапас қара түн, тар қапастан алып шығып аруана сұлу дүниені аралатады. Бұлар көптен көрмеген, дастарқандай киелі, ана құшағындай аялы атажұрт, ұлы даланы қыдыртады. Сол дала, сол дүние, қазір, жанарына жас толған байғұс ана кейпінде елестейді.

Күй біткенде, күрсініп, еңселерін қорғасын салмақ езіп үйдегі үш еркек тапжылмай отырып қалды. Сұржекейдің қоңыз мұрты өліп қалғандай. Қимыл жоқ. Жерге қарап қалған. Әлденені өзінше ұғып басын ғана болмашы изейді. Еңсесін қалың бір ой басқандай.

...Дауылды күн ыңыранып арнасына сыймай тебіренген теңіздей кең тынысты бір күй көкірегі қаяулы ырғақ... қарағай сапты қара домбыраның кәрі көкірегінен суылдап бас көтерді. Жапандағы жалғыз үйді бұл сойқан әуен сипап жоқ қылып, үрлеп ғайып қылғандай. Домбырашы келіншек мына үш жігітті шайқақтаған желқайыққа отырғызып сол алапат түнерген күй теңізіне алып шыққандай. Азынаған дауыл үн көп ұзамай түнерген теңіз айдынында ышқынып тау-тау толқын атарын аңғартқандай. Шайқақтаған желқайықты көп ұзамай толқын таулар допша қақшып ойнап лақтыратын сәт қарсаңы ауыр ыңыранып үн ызғарынан сезілгендей. "Кішкентай" еді бұ күй. Шамырқанған шатақ күй. Күй көп ұзамай қарашаның ауыр қара бұлтындай түйілді. Кең дүниенің ысқырып, апшысына қуырды. Содан кейін тығыны ағытылған айқай дауылдайын сырнай дала төсін сырғып, азынап, аңырап ақты. Ақпанның ақ түтек аласапыраны боп барады аздасын. Қара домбыра көкірегін қақ айырып айға атылды бір уақ. Шамырқанды, шарт сынды.

— Но! Но!— деп, айқайлап жіберді Сұржекей, басын шайқап, орнынан едіреңдеп тұрып кетіп. Шайқалып барып құлай жаздады, абырой болғанда, Қозбағар ұстап қалды. Тәлтіректеген қонақтың Ждақай екінші қолтығынан жабысты.

— Но! Но! Жіберіңдер! Сіздер немене?— Сұржекей теңселіп тұрып сүзіле қарады жігіттерге.— Жіберіңдер! Темекі...темекі тартамын... Сіздер... анадан... және бір шынаяқ құйыңдар!

— Құп болады, Жәке! Қазір!— деп Ждақай тізерлеп отыра қап іргеге жүктің артына қолын сұқты. Бір шишаны сумаң еткізіп алып шықты. Қозбағар теңселіп тұрған бастығының аңысын аңдап жанында тұр. Сұржекей қарманып кителінің іш жағынан бір кішкентай қалтаны суырып алды. Бір қолында — мүштігі. Шашы жалбырап көзіне түсіп кеткен. Қозбағар лып етіп темекі қалтаға жармаса кетіп . бүріп буған ауызын жып-жып шеше бастады. Мүштігін тосты бастығы. Қозбағар ұнтақ махорканы шымшып алып, мүштіктің қолқасына салып жатыр.

Домбырасын тізесіне қойып бүрісіп отырған Хансұлуға сүзіле қарады мас қонақ.

—...Келін... сен... сен... айып етпе... біз... қазір!

Хансұлу тітіркеніп ығысып қалды, ошақтағы шоққа қарап, ой тұңғиығына батып қимылсыз отырған.

Ждақай арақты төрт шыны аяққа алма-кезек сылқытып құйып жатыр. "Есі дұрыс па, мынаның, мынасы несі маған да ішкізбек пе, сонда?!" Ждақайдың бұнысы қамқорлықтың сыңайына ұқсамайды. Бұл бұнда арақ ішіп ыржақтау үшін келіп пе екен? Ждақайдың адал ниет, қамқорлығына деген секемі ояна бастады Хансұлудың. Мына оңаша отау, тас қараңғы түн, ымы - жымы бір үш еркек, әдемі келіншек... төрт кесе меймілдеген арақ... Ждақай... неткен сатқын едің!!! Сенің кеселің Шеге емес... Күйттегенің өз бас қамың... мына қонағыңның қалайда көңілді аттануы екен ғой!.. Тағдырдың бір қиянаты аздай-ақ... енді Хансұлудың көрмегі сендей сілімтіктердің табасы ма еді?...

Табада жайнаған сексеуіл шоғына қарап шоқиып отырған Хансұлудың мойыл көзі шоқтанды.

Шоқтың қасына "дүрс" етіп бір тізерлеп Сұржекей еңкейді, темекі тұтатқалы. Қозбағар одан бұрын лып еткізіп оттан бір шаланы суырып алды. Бастығының темекісін тұтатты. Іле үй ішіне темекі исі тарады.

— Ал, Жәке! Отырыңыз!— деп, Ждақай лып етті.

Сұржекей сіміріп жұтқан темекінің түтінін бір кезде жоғары қарап тұрып ашық түндікке туралап үрледі. Түн тұңғиығынан жымың қаққан сирек жұлдыздарды байқады. Жұлдыздар сәл теңселгендей. Дүние шайқалғандай. Мырс етіп танауынан күлді Сұржекей. Екі ұрттам араққа тәлтіректегені несі? Әсіресе, соңғы жылдары осал боп барады. . Іше алмайды арақты. Ішсе бірден басына шабады. Бәрі жүйкеден болар. Жүйкені кемірген жегі құрттан болар. Осынау шытырман жұмыстан болар. Күн-түн қатып Сұржекей тәрізденіп сабылумен жүрсе кім-кім де болса жұқармай қалмас. Бұндай күндер аздап та болса арқауың босап арқаң кеңитін күндер, өкінішке орай, сирек... Сирек... Мінеки, топсасы босап тұр... Жаны жусап тұр... Буын - буынына түскен нашадай әлгі отты су... одан... жүйкесін балқытқан әлгі құдіретті күй... жасаған ие - ау... Сұржекейді бала қылып жіберді емес пе?! Дүниеге көзін ашып қайта тудырды емес пе?

— Ал...— деді Сұржекей сылқ түсіп текемет шетіне отыра кетіп...

— Өй, Жеке төрге өтіңіз!..

— Стоп!— деп, сұқ саусағын көтерді. Сұржекей, кесені қолға ала беріп.— Бұл тосты біз әлгіндей күйлер тартқан... қарындасымыздың...келініміздің... Хансұлудың... денсаулығы үшін көтереміз!

— Дұрыс!!!

— Дұрыс! Хансұлудың денсаулығы үшін!— деп, Ждақай мен Қозбағар жарыса жамырады.

— Ал, Хансұлу, ұста... мынаны!— деп, Ждақай бір шыны аяқты ала ұмтылды Хансұлуға.

Ждақай бір шаян әкеле жатқандай Хансұлу шошып арақ толы кеседен шегіне берді.

— Ішпеймін мен... дұрыс па есің?— деді, Ждақайды өзімсініп ұрсып.

— Жарайды, кербез бике! Өлмессің, бір жұтқаннан... ұсташы!— деп, жалынып әлек-шәлек болды Ждақай, кесені ұсынып.

— Ішпеймін...— деп, ышқынды Хансұлу бүрісіп жүкке тығылып.

— Қап, қасқитты - ау,— деді, Ждақай күйініп.

— Стоп...— деп, сұқ саусағын шошайтып шашы желбіреп көзіне түскен Сұржекей.— Ішпейді келін... Біз ішеміз... келінің денсаулығы үшін... Ал, айналайын сен үшін... Аман бол, бақытты бол!

Сұржекей кесені төңкерді. Ждақай тыжырынған Сұржекейдің қолына аршылған пияз ұстата берді. Сұржекей пиязды танауына басты.

— Уһ...— деп, тұшырқанып басын сілікті.

Дүние теңселгендей. Дүние шайқалғандай. Жып-жылы сусыған бір шарана буға бөленгендей бейкүнә, сәби дүние. Сұржекей жеп-жеңіл. Осынау ұжмақ әлемді шарлап кеткісі келеді жаны жұдырықтай шымшыққа айналып. Бұндай бір көл-көсір, жаны жайлауға айналған рухани бостандықты көптен ұмытып еді. Сондай сәтті бастан кешіп отырғанына қуанды.

Мүштігін ғана керіп отыр. Қор-қор жұтқан көк түтін. Танауынан бұрқыраған көк түтін. Сол көк түтін мынау сирек ғажайып бейіс минуттердің хошын келтіретіндей. Шыбын жанын масайратып әлдилейтіндей. Құлағы, о несі екені белгісіз, кереңденіп үй ішіндегі дыбыстар доғалданып естіледі. Оған мән беріп жатқан Сұржекей жоқ. Өзімен-өзі. Кілбиген көзі бір ашылып, бір жұмылып, ортадағы шойын табадағы шоққа қарап, темекінің түтінін үстін-үстін сорғыштап өзімен-өзі бейтарап отыр. Дүние теңселгендей. Дүние шайқалғандай. Еміс-еміс дыбыстар күңгірлеп естіледі. Әйел үні "кетем, жібер!" дейтін тәрізді. Еркек үні жалынатын тәрізді. "Сәл, тоқтай тұр!" "Сәл, шыдай тұр!" "Ұят болады!" "Кетсең, рұқсат сұрап кет!".

Сол қаңғыр - күңгірге қарай ап-ауыр басын әрең бұрып сүзіле қарады Сұржекей. Ең алдымен көргені — босаға тұста тұрған ұзын шұбалаң қырмызы көйлекті, қынама қылдырық бел қара камзолды сылыңғыр талдырмаш сұлу келіншек. Сопақша әдемі жүзді, алма мойын қараторы уылжыған келіншек. "Бұл кім!" деп айран - асыр таңырқады Сұржекей. Өмірінде бұндай сұлу әйел баланы көрмеген еді. Есікті іштен ұстап осындай ұжмақ құсын ұшырып алмай іркіп тұрған анау жігіттердікі дұрыс... әрине. Жаңа жауған қардай таза ақ жаулық. Сол ақ жаулыққа қарға тамған қандай шымқай қызыл жолақ кесте салған. Сол жаулықтың астынан жарыса дөңгелек мықынға құлап тұр. Қашауын тапқан мүсіндей сұңғақ ашаң тұлға. Биік өкше "тікбақай" қара етік. Осындай бейіс гүлі неге Сұржекей сияқты жігіт сыртынан, мұқым ауданды сұрап тұрған мықтыларға емес, анау Шеге сияқты немелерге бұйырады? Тағдырдың бұл неткен тәлкегі? Ерегіссе ғой, тағдырыңның езін бұл тізеге салып омырып жібермей ме? Ерегіссе, бұл, мына талшыбықтай бұралған келіншекті қазір-ақ бүктеп бауырына баспай ма! Тулап көрсін... Туламақ тұрмақ тұяқ серпе алмайды. Тұяқ серіпті екен тұқымы тұздай құриды. Сондықтан бұл қаласа... бұл қаласа... мына оңаша отаудың қақ төрінде... қазір, бұ келіншек... енеден туғандай жалаңаштанады... Бұл қаласа... басыбайлы тоқалы болады Сұржекейдің... олай -бұлай өткенде ат басын тіреп аунап-қунап кететін. Бұл қаласа... Сұржекей қаласа... бүгінде болмайтын нәрсе жоқ...

Көңіл құрты осылай қобалжи бастады Сұржекейдің. Тәлтіректеп түрегеліп кетті орнынан. Босағада тәжікелесіп тұрғандарға жақындады. Күңк етті.

— Бұ не?— деді, танаурай сөйлеп. Шашы көзіне түскен. Қоңыз мұрты жыбыр етіп, көзі өлген қойдың көзіндей мөлиіп қарады... келіншекке. Келіншек қорғаштап именіп қалды.

— Қонағымыз асығып...

—...Жібермей тұрмыз, Жеке!— десіп, жамырап қоя берді екі жігіт.

— Но! Но! Но!— Сұржекей Хансұлуды қарынан ұстады. Шеңгелдеп қатты ұстап төрге қарай икемдеді. Абырой болғанда келіншек қарсыласпады. Қарсыласқанда Сұржекей "Иттің баласы, құлақтың қызы!" деп, жақтан шапалақпен тартуы мүмкін еді. "Сен... тұқымыңмен еңбекші халықтың қанын сорып келген қорқауларсыңдар!.. Енді келіп, еңбекші халықтың мына дастарқанын аттап... кекірейіп, менсінбей кеткің келіп тұр, ә... Ойының келген екен... сенің... еңбекші халықтың мына кешегі батырақ ұлдарымен?! Әкеңді танытып жібереді бұлар сенің!" деп, іштей зығырданы қайнай бастап еді... Абырой болғанда... келіншек еңсеріліп... жетегіне еріп жүре берді...

— Отыр!— деді текеметтің үстіне қарай сілкіп қалып. Өңі қашып зәресі ұшқан Хансұлу төсеніштің үстіне жалп ете түсті.

— Ұста!— деді, домбыраны ұсынып Сұржекей. Саусағына діріл жүгірген Хансұлу әрең ұстады домбыраны.

— Айналайын... тарт... Әкесінің көрін... аяма!.. Тарт!.. Бүгін... мына ағаңның алдында... ештеңеден қорықпа!.. Тарт қазақтың күйлерін!.. Бүгін мына ағаң шошып, тасып отыр...

— Дұрыс!

— Дұрыс айтады, Жекең! Ал, Хансұлу! Тағы бір күй... қасқайт, әкесінің көрін!.. Қасқа Ждақай күнде жалынып жатқан жоқ қой!!!

Хансұлу, өңі қуқыл тартып, кішкентай танауы қусырылды. Түндей тұнық қара көзі оттай шоқтанды. Саусағы сүйкеніп еді... күмбір-күмбір етті қара домбыра. Қара домбыра көп ұзамай құдіреттеніп күңірене бастады. Көкірегінен қаяулы бір ауыр толқына шер көпіршік атып қанасына сыймай ыңыранған қарабарқын теңіздей шайқалды. Сол теңіз үстінен тізіліп ұшқан сарыала қаздай сағыныш әуен биіктеп сыңсып тұрып алды. Зар қаққан "Заман-ай" еді. Киіз туырлықты көшпендінің өлара мезгіл — замана тар қыспағында сенделген көңіл - күйі, өзегін өртеп шырқыраған шері еді. Замана дауылы ала құйын ұйытқып соққанда сергелдең кешкен халық қайғысы еді.

Басын тас қып құшақтап теңселеді Сұржекей. Бір уыс болып қос шекесін қысып алған Сұржекей. Күй ырғағымен теңселеді. Теңселе береді Сұржекей. Төмен қарап екі көзін тарс жұмып алған Сұржекей. Аспан жердің арасын керелеп жойқын дауыл күй жөңкиді. Бір уыс боп сол дауыл табанында басына тас қып құшақтап бүріседі Сұржекей. Шанағынан шер ақтарған қара домбыра құдіреттеніп, жер жаһанның апшысын қуырып, ышқынып, күңіренеді.

Көз жасы ыршып кеткен Сұржекей тұра ұмтылды есікке қарай... бір сүрініп құлап барып босағаға қолы ілікті. Көз жасы жаңбырша шашылды табалдырыққа. Жан дүниесін сілкілеп бір толқын өзегін жарып барады. Сүріне аттап ытқып сыртқа шықты. Тас қараңғы түн екен тыс. Жүгіре басып тәлтіректеп сол түнге сүңгіп кетті. Көп ұзамай қалың бидайықты құшақтай құлады етбетінен. Қара жерге маңдайын тіреп көкірегін тепкілеген ащы толқын өксікке ерік берді. Азамат болып ат жалын тартып мінгелі тұңғыш рет бұндай күй кешулі. Көз жасы пора-пора ақты. Екі иығы селкілдеп еңкілдеді. Күй бітер-бітпестен үйден шыға жөнелген Сұржекейдің бұл құбылысына үйдегілер түсінбеді.

Жүрегі лоблып таза ауа жұтқысы келген шығар деп ойлады. Келер деп тосты. Бірақ, Сұржекей көп айналды. Қозбағар мен Ждақай сыртқа шықты. Қонақты іздей бастады.

"Осылардан жәрдем күтіп жүрген, сорлы басым!!!"— деп, налып үйде жалғыз қалған Хансұлу аздасын сыртқа домбырасын алып бұ да шықты. Сырт — көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қозбағар мен Ждақай үй сыртынан - әрегіректе дауыстап іздеп жүр мас қонақты.

Хансұлу көп ойланып тұрмай шапшаң басып түн ішіне сүңгіп кетті. Жаяулатып қыр астындағы ауылға қарай тартты.

ХАНСҰЛУ

Содан... сол оқиғадан кейін Хансұлу айдалада шошайып жалғыз қалғандай болды. Бұның жапандағы жалғыз үйіне жан баласы ат ізін салмады. Таңның атысы, күннің батысы демей жападан-жалғыз өрісте қой соңында жүргені. Хансұлудың жолына қарап аһлап - уһлеп үйде кәрі енесі отырады Кішкентай Үміті қалады. Түгелі, сірә, ауылда оқуда. Қара күздің сағыздай созылған ұзақ күнін кеш қыла алмай жер құртындай жыбырлап жайылған қой шетінде Хансұлу тұрады қалқиып, тұлдырсыз көкжиекке көз талдыра қарап. Далиған мидай кеңістіктің әсіресе батыс жағына, "Жаңа жол" жағына кеп телміреді, қылт еткен бір қара шыға келе ме деп. Қылт етіп бір қара көрінсе, бүйрегі бүлк ете түседі. Бірақ ол алдамшы, саяқ жүрген мал - қара болып шығады. Алыс-жақын білем - білем белдері таңертең де, түсте де, кешке де бүлк етпестен безеріп сұлқ жатқаны. Шегені жұтып қойған суық қабақ кең дүниеден жылт еткен жылы хабар келмейді. Ел - қауым Хансұлуды ұмытқандай. Бұның мына дала толғандай мұң, шерін ұмытқандай. Сырт бергендей.

Осылай қара күзгі ызғырық өтінде қой шетіңде жүріп жабыққан торыққан сәттерінде тым құрса, ит те болса Ждақай-ақ төбе көрсетсе екен деп тілейді. Қашанғы тас керең қалыпта жүреді? Ең болмаса сол-ақ келіп бір хабар берсе екен дейді. Шеге турасында да ұзын құлақ не дейді, ең болмаса соны айтар еді ғой. Ай сайын әкеп тұратын азық-түлігінен бұрын Ждақайдың бұларға керегі сол тәрізді әңгімелері еді. Ол әңгімелердің бел ортасында "халық жауы" боп кеткен Шеге жайлы қайткен күнде де бірер қауесет жүреді. "Халық жауы" демекші бүгінде бұ таңба күйеге де еті үйренуге айналды. Ел аузында қалай қақпақ болсын?! Бүгінде кім ұсталса сол "халық жауы". Бұлай деп көзге түртіп, бетке басып та жатқан ешкім жоқ. Бірақ, Хансұлу жора-жолдас, абысын-ажындарының түгел осылай ойлайтынын біледі. Мейлі, ойласа ойлай берсін. Кімнің кім екені бір алламның өзіне аян.

Әнеугіден кейін Ждақай кәпірдің жүзін көрмеспін деп еді. Алғашында, Хансұлу Ждақай мен Қозбағардың сол тірліктеріне зығырданы қайнап, қатты күйінді. Қорланды. Ежелгі достары бұның қамын ойлаған болып жүріп қақпақылдап әкеліпті сол үйге. Ойлай келсе, "достарының" күйттегені бұның емес, өз бастарының қамы екен. Арыстандай азулы бастықтарының алдында құрдай жорғалап соның көңілінен шығу үшін бір жас келіншек іздесе керек. Осы жымысқы ниеттеріне лайық басы бос жас келіншек таба алмай екі бейбақ бебеу қақса керек. "Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" Сұржекейге бүгінде кіріптар Хансұлуды әкелу оңай болса керек. Сөйтіп, сүмең қаққан қос түлкі Шегенің ісін көлденең тартып, Хансұлуды алдарқатып әкеп Сұржекейдің қойынына салмақ болған. Соның арқасында жеңгетайлық жасап, абырой алмақ болған. Егерде сол түні Хансұлу әлдекімге ұқсап, шараптан ұрттап алып, бұлғақтап мас Сұржекейдің мойынына асыла кетсе ғой, құдай ақыңа, сол үш еркектің ешқайсысы ләм деп бұның абыройын қорғамас еді. Қайта "құдайлары беріп" қол шапақтап қуанар еді. Арақты баса құйып "түрт сайтан" деп Хансұлуды орға итермелей түсер еді. Әй, имен жоқ-ау осы еркектерде! Ждақай мен Қозбағарды айтсай... Қара бастары үшін достықты да, ар-ұятты да, ел ғұрпын да аяққа басты - ау! Солардың бәрінен жандарын артық санады - ау... Осылардың қай жерін азамат дерсің, ер дерсің... Азған... алақандай бетінде асықтай ар қалмаған күйкі жандар емес пе? Кешегі алапат аштықта Пахраддин, Лабақ ахун, Бұлыштай арыстарынан айрылған сорлы елге... енді осы сияқты алаяқтар басшылық еткесін не оңсын...

Қайта, Сұржекейде аздап ұят бар екен, "тентек ауға" тойып алса да есінен жаңылмады. Ерлік, азаматтық танытты. Хансұлудың намысына тиер қылық көрсетеді. Қайта Хансұлу тартқан домбыраға елтіді. Едіреңдеп, шелеңдеп кетті. Хансұлудың өкінетіні НКВД астығына өз шаруасын айта алмағаны. Сол түні Шегенің жәй-күйін сұрай алмағаны. Анандай жағдайда не сұрап береке табасың!

Сол сәт, ауылға барғанда Балжан қайын сіңлісінен біраз жаңалық есітті. Не бары отыз шақты түтіннен аспайтын "Жаңа жолдың" алып қашпа әңгімесі - ақ көп болатын әдеті. Есіткені —"Халық жауының" әйелі, бала-шағасы, ағайын-туысы, көрші-қолаңы, жора -жолдасы түгел қамалады-мыс. Жан-жақтың бәрінде, үлкен қалалардың бәрінде тәртіп солай көрінеді. "Арыстыбай" болғандар түрмелерге сыймай жатқан көрінеді. Сондықтан, кей жерлерде "арысты байларды" қараңғы түнде қала сыртына шығарып, білдіртпей атып тастап жатыр-мыс. Өкімет "халық жауының" жақындарына аяушылық білдіргендерді де айыптайды-мыс. Жуырда Жорға Күрең Балжанның күйеуі Андалы мұғалімге тіпті ашықтан - ашық доқ көрсетіпті. "Әй, халық жауының" күйеу баласы! Сабағыңды жөндеп өткіз, әйтпесе сенімен де әңгіме басқаша болады!" депті. Әшейінде зәкүншілігі Күреңді он орап алатын мұғалім бұ жолы ауылнайға қарап тіс жарып бір ауыз сөз айта алмапты. Содан, Балжанның үйіне қазір жұрт ат ізін салуды қойыпты. Көңілі жақын қимас дос-жарлар болса, күндіз жұрт көзінше келуге қорқып, түн жамылып, бұқпантайлап кешкісін ғана астыртын жалғасатын болыпты. Бұлармен жалғасуға жұрт Жорға Күреңнен қорқады дейді. Жорға Күрең НКВД- нің "Жаңа жолдағы" жансызы, тыңшысы деген сөз бұрыннан бар-тын. Жұрт соған, әсіресе Сұржекейдің соңғы келуінен кейін, Жорға Күрең, Ждақаймен аралас-құралас жасағаннан кейін көз жеткізгендей болады. Жорға Күрең мен Ждақайды ауыл суқандары сүймей тұрса да, бетпе-бет келгенде, осынау әкелі - балалы аярлардың алдында төбесімен жорғалайтын көрінеді. Қысқасы, ендігі жерде "Жаңа жолда" Жорға мен Ждақайдың қырына іліккен жанның күні қараң дейді. Жалпы жұрт Шегенің қамалуын да осы әкелі-балалы найсаптардан көреді екен... Кім біледі?.. Анық көзің жетпегеннен кейін... "пәлен бүйтіпті" деп біреудің кінәсін қалай арқалайды?

"Жаңа жолды" осылай ойша шарлаған Хансұлу қой шетінде өрісте жүргенін кейде ұмытып та кетеді. Өткен - кеткенді осылай ой елегінен он қайтара өткізіп тұрғанда, кейде, қойының алыстап, астындағы жуас қара түйенің басы өзіне тиіп лағып жайылып жүргенін байқайды. Қазір де еңсесін езген ойдан серпіліп есін жиса, төңірегі жым-жырт тыныш, маңында отар жоқ, қаңыраған сортаң аланда жалғыз қалыпты. Қара түйе үстінде адам барын ұмытып, сортаң алаңды кезіп, ащы шөп, балық көз, сораңдарды орып асап жәйіліп жүр екен. Көлеңке басы ұзарған кіші бесін шамасы болыпты. Ашық, жарқын сәулелі, бірақ жылусыз күн жамбастап кен аспанның сонау батыс шалғайына құлапты.

Анадай жерде ақ кебір топырақ алаңда Ақ қаншық пен Алыпсоқ ойнап жүр.

Алыстан, сораң тақырдың шығыс тұсынан тұншығып талып қоңырау үні шалынды. Тырбық жыңғыл аралап қойлары алыстап жайылып кетіпті.

— Шүу!— деп қара түйенің бұйдасын қағып, қой соңынан ақ кебір тегіс, сортаң тақырмен желдірте жөнеді. Басына киген түлкі тымағының қос құлағы желпілдеп, үстіндегі белін буған қалың күпінің шалғайы да далп - далп етеді. Аяғында — Шегенің қыс киетін ауыр байпақ етігі. Қой соңында жүргенде сәндік не керек? Бойы жылы жүрсе болды да.

Ойы жүйткіп тағы да "Жаңа жолды" шарлады.

Солай, ел құсқыны кетті. Әсіресе, осы екі-үш айдың ішінде жұрт көлеңкесінен қорқып отыратын күйге жетті. Кісі кісіге сенбейді. Біреуді аңдып отырады. Осынау айдалада жүріп-ақ соны біліп отыр Хансұлу. Анау Серікбай ше, шопан көршісі. Құлын - тайдай тебісіп қатар өскен құрбысы. Әйелі Сақыпжамал. Ол да бөтен емес. Осы елдің қызы. Алғаш Шеге ұсталған күні шауып келген екеуі де. Есіркеп, мүсіркеп, көңіл білдіріп, дос ниетін танытқан. Ал енді... Сол соңғы кездері қалай өзгерді дейсіз ғой?! Сақыпжамал келуді доғарды. Өздерін Шеге екеуі жақсы көретін біртоға момын жандар деп. Бірақ, сол момын жандардың жаны өзгенікінен гөрі тәттірек болар деп күтпеген екен. Соңғы кездері Хансұлудың көзі соған жетті. Шеге ұсталғаннан кейін көп ұзамай өрісте Серікбаймен кездесіп, екеуі оны - мұны әңгімелесіп, ұзақ күнді кеш қылып жүрді. Сөзге жоқ, жуас, құр ыржиып күле беретін Серікбай бұнымен әңгімелесе тұрып, кейде неге екенін белгісіз, төңірек құла дүзге үргедек аларып қарап қоятын. "Бұнысы несі?" деп алғашында ұқпай жүрді Хансұлу. Бір күні өрісте қызық болды. Екеуі түйе үстінде әңгімелесіп тұрған. Кенет Серікбайдың түсі бұзылып бара жатты.

— О не, Сәке?— деді бұл да шошып Серікбайдың назары іркілген жаққа қарағыштап. Бірақ қапелімде көзіне еш нәрсе іліге қоймады. Ал, әпшері қашып кеткен Серікбай абдырақтап:

— Ал... мен... енді... қой жағыма барайын! Шүу!— деп түйесінің басын бұрып жіберіп, қамшы басып, ызғыта жөнелді. Хансұлу түк түсінсе бұйырмасын.

Бұған не көрінді?" деп аң-таң. Бұрылып, әлгі Серікбай қараған тұсқа тағы шұқшиды. Сөйтсе, сонау Қаритөлген үстінде қылтиып бір атты кетіп барады екен. Бері қарай келе жатса бір сәрі. Бағыты бөлек — арқа түс. Мәссаған, Сәкен содан қорыққан болып шыққаны ма? Өй, бар бол, Серікбай! Табиғатынан үргедек ынжық Серікбай көлденең көздің алдында "халық жауының" қатынымен шүйіркелесіп тұрудан қорыққан болып шықты. Соңғы кездері Сақыпжамалдың келуінің сиреу себебін сонда Хансұлу түйесін борбайлап қашып бара жатқан Серікбайдың сыртынан қарап тұрып бір-ақ білді. Бір-ақ түсінді.

Түсінсін де ал кеп күлсін. Даланы басына көтеріп, ал кеп күлсін. Рахаттанып, көзден жас аққанша күлді.

Содан бері Серікбайдың қарасы батты. Қойын басқа өріске жаятын болды.

Түйесін майпаң - майпаң желдіріп, отарын айналып өтіп жабағы жусанды жонға шықты. Сол-ақ екен, назарына сонау шығыс тұста Тұщыбұлақ басында тарғыл жұмыртқадай томпиған үйі шалынды. Жапанда томпиған жалғыз үйіне қарай жақындай берген адамға түсті назары. Жүрегі зірк етті. Астапыралла!!! Бір атты кісі бір шоғыр ұсақ жандықты айдап барады. Бұл кім?

Жүрегі кеудесіне сыймай туласын. Қалт тоқтап, үй жаққа қадалып кеп қарады. Бұл кім болды екен?

Бұл Ждақай еді. Алдында сап айдағаны он шақты қошқар. Әлгісін бір бөлігін Серікбайдың үйінің қасына тастап кеткен. Енді қалған мына топты Түгелбек екеуі Тұщыбұлаққа қарай айдап келеді. Ауылдан сәскеге таман шыққан. Сабақтан Түгелбекті босатып алды. Онысында мән бар. Ждақай езі кеше Нарқамыстан келген. Сонда Қозбағардан бір жаңалық есітті. Шеге тройканың шешімімен Сібірге айдалатын болыпты. Статьясы 58 дейді. Қанша жыл екені белгісіз. Ең кемі сегіз жыл шығар дейді Қозбағар. Келесі сәрсенбіде Ақтөбенің темір жол вокзалынан Шеге Сібірге "етап" болады-мыс. "Егер Хансұлу келсе, мен де сол күні Ақтөбеде боламын" деді Қозбағар. Бұл әңгімені үшеуінен басқа жан білмеуін өтінді. Бұл жаңалық Ждақайдың құлағына майдай жақты. Іштей қатты қуанды. Шегеден үзіл - кесіл құтылатынына қуанды. Рас, Шегеден бұл жамандық көрген емес. Бірақ, Шеге ауылда жүргенде Ждақай осы дәрежесіне жетер ме еді. Әрине, жетпес еді. Бұл ауылда баяғысындай алшаңдап Шеге жүргенде Ждақайдың бүйтіп адам болып ел басқаруы екіталай ғой. Екіталай. Көзге ілікпей Шегенің көлеңкесінде қалар еді. Өйткені, неге екені белгісіз, Шегенің төбесі бұдан ылғи да бір-екі елі жоғары тұратын. Оның көзі құрып еді, бұған деген көзқарас та өзгерді. Қазір "Жаңа жолда" кім сыйлы? Ждақай сыйлы, Кім мықты? Ждақай мықты. Ел аузында — Ждақай. Көптің назарында — Ждақай. Бұл бір ақиқатты ұқты, түсінді. Бұл ауылда не Шеге, не Ждақай тұруы керек екен. Баяғыда Хансұлудың сандығынан алтын шығып Шеге ұсталғаннан кейін ғана түсінді емес пе бұл осынау жықпыл шындықты. Екі жыл отырып қайтып келгеннен соң Апанастың арқасында Шеге "Жаңа жолға" басқармалықты тағы тартып ала ма деп зәресі қалмап еді. Сөйтіп жүргенде Шеге неге екені белгісіз, малға шықты. Ждақайдың көңілі бірақ, сонда да тыншымады. Той-томалақтарда, бас қосуларда бастық басымен бұл өзінің қол астында істейтін шопан Шегеден мысы басылды. Соның алдында күрмеліп айылын жыйды. Батылдық үшін кейде ішіп алып дарылдап елге күлкі болды. Осы көрген қорлықтарының себебін бұл Шегеден көрді. Соның артықшылығынан көрді. Шегенің ауыл үй арасындағы беделінен көрді. Басқасын былай қойғанда, Шегенің кербез сұлу қатынынан көрді. Бұл төңіректе кімде бар ондай қатын? Тіпті, бір ауданды ұстап тұрған Сұржекей ұлықта да жоқ ондай сұлу ұрғашы. Кейде Шегені "Шеге" етіп жүрген де осы кербез сұлу қатынының ақылы емес пе деп күдіктенеді. Осындай әуре-сарсаңмен жүргенде, мінеки тағы да тас төбесінен түсті Шеге. "Халық жауы" Апанастың құйыршығы болып шықты. Жас, Ждақай бір қағазға қол қойды. Шегенің Совет үкіметіне жат пиғылды жан екенін растады, НКВД Ждақайдың жанын қысқанда... Бұл, не Кеңес өкіметін татқан Шеге жағына, емес бүкіл еңбекші халықтың болашағы — Кеңес өкіметі жағына шықты. Ждақай Шегедей отанын сатқан шпион емес, Сталиндік саясатты қолдайтын, Ұлы Совет өкіметінің бел баласы. Бүкіл Отан, партия, Сталин - Ждақай жағында. Мінеки, осылайша әділет заманы туды. Шеге сияқты Совет өкіметін тынағыштардың, мінегіштердің күні біржола батты. Уақыттың өзі Ждақайды шығарды. Сол үшін күн көсем — Сталинге қасық қаны қалғанша қызмет етеді. Әлгідегі мәселе ел ішін осы Шеге сияқты сатқындардан, социализмге шүбә келтіргіштерден біржолата тазарту, сөйтіп жарқын болашаққа күн көсем Сталиннің арқасында тездетіп асқан ұйымшылдықпен жету керек.

Шегеден құтылды сөйтіп. Сібірге кетті дегенше күні мәңгі батты де. Әңгіменің қызығы енді басқада. Әңгіменің қызығы — Ждақай Шегеден құтылғанымен, оның аты шулы келіншегінен құтылғысы жоқ. Қозбағардың хабарын естігенде, тағы бір қуануы содан. Енді Шегенің жаңалығын естіртіп дос пиғыл танытып Хансұлудың алдына әнеугі күнәсін жуып-шаймақ. Күйектің кезі болғандықтан, қошқар баққан Қауқаштың отарынан біраз қошқарды бөліп алып Тұщыбұлаққа келе жатқан беті сол еді.

Шеге ұсталғаннан бері қойға Жайбасқан шыққан, Хансұлуға көмекші ретінде. Кім біледі, кәрі қақбас қалай қарсы аларына? Шегенің ұсталуына Ждақайдың араласы бар дейтін көрінеді жұрт. Тіміскіленбей тыныш жүре алмайды осы жұрт. Әйтеуір бір нәрсені тауып алып бықсыта отыру әдет болған. Оны естісе кәрі қақбас бірдеңе дейтін де шығар.

Кезінде бұны жігіт деп көзге ілмегеннің бірі осы Хансұлу ғой. Кімнің кім екенін сол сылқым сұлуыңның енді-енді іші аңғарып жүрген шығар. Солай, жолдастар! Қасқа Ждақай түбінде қасқайып бір жерден міне шықты емес пе?! Заман беті бері қарады емес пе? Хансұлудай тікбақай ұрғашылардың талайы қазір Ждақайдың қолына иіліп су құяды. Керіліп қойынына да жатып жүр. "Халық жауының" қатыны деп теперіш көрсетпей Ждақай сияқты ел билеген дырдай азамат көрпесін қимылдатса тірі жесірге одан артық бақыттың керегі не? Бұ күнге де аз қалды. Содан кейін Ждақайдың етегіне жабысып, шылауына оратылар. Сыйынар пірі Ждақай болар әлі. Сол күнді Ждақай асыға күтеді. Жан тәні сол балдай шырын тәтті күндерді асыға - аптыға күтеді.

Бірақ бұл сырына жан баласы білмеуі керек. Біріншіден, мына кәрі қақбас енесі сезіп қалмауы керек. Екіншіден, Хансұлудың өзі сезбеуі керек. Ждақай осы үйдің жалғыз қамқоршысы тәрізденіп, Шегенің жанашыр досы тәрізденіп қала беруі керек. Сонда мұның арман құсы алдынан өзі-ақ шығып, қолына қонбақ. Құшағына топ ете түспек. Өйтпегенде қайда барады, кімі қалды Хансұлудың? Солай, тәкаппар сұлуым! Ждақай құрған тордан құтылар нең қалды? Не қауқарың қалды? Одан да ақылыңа кел, алжаспай, Ждақайдың етегінен ұста! Пір тұт, Ждақайды! Сөйт, кербез келіншек!

Тұщыбұлақ басындағы жалғыз қоңыр үйге де жақындап қалды. Есіктің алдына шығып Жайбасқан оң қолымен көзін көлегейлеп шұқшия қарайды. танымай тұрса керек. Тани салысымен кәрі қақбас: "Келінімді алдарқатып алып кетіп Сұржекейге қолжаулық еткің келген екен ғой! Ой, аузыңа пәлен қылайын, қолыма бір түспей жүр едің!!!" деп, бақанды ала жүгірмесін!

Ждақай жүрексініп келеді. Қанша надан дегенімен, білуі керек қой, мына Ждақай баяғы жәркелеш Ждақай емес екенін. Аяғын аңдап басуға тиіс қой, тіпті келініне Сұржекей шөгіп қойған күннің өзінде де.

Дегенмен Ждақай жүрексініп келеді.

Бұнымен бірге келген Түгелбек бала жүгіріп барып қара кемпірдің құшағына қойып кетті. Қара кемпір еңкейіп немересінің бетінен сүйді.

Ждақай қазық жанында ат басың тежеді.

— Сәлем бердік, апа!— деді анадайдан дауыстап, атынан топ етіп түсе беріп.

— Ибай - ау, Ждақаймысың?!— деп қара кемпір апыл-ғұпыл басып, беруі жүрді. Ждақайдың жүрегі сонда барып орнына түсті.

— Ибай - ау, көрінбей кеттің ғой, қарағым - ау, аманбысың?! Ауыл-үй аман ба? Әке-шешең күйлі - қуатты ма?— деп бәйпектеп келіп бұның қолын алып қайта - қайта қысып жатыр.

Ждақай да араларында бейне ештеңе болмағандай, жапақтап ауыл жаңалығын айтып, амандық, саулық сұрасқан болды.

— Үйге кір,— деп алдына түсіп бүлкектеді, Жайбасқан. Тапалша бойлы, етженді, әшейінде мама қаздай мамырлап жүретін қара кемпір қазір қаңбақша жеңілдеп кеткендей құрдай жорғалайды. Ждақай іштей мырс-мырс күлді. Көңілі жайланды. Бұның Хансұлуға барар жолында алда-жалда біреу тұрса, ол осы қара кемпір болса керек еді. Бақыт таңына барар жолдағы сол кедергінің құлағанын көргендей көңілі көбеңсіді.

Ждақайдың Хансұлуға деген ынтығы әнеугі айтулы уақиғадан кейін мүлдем өршелене түскендей еді. Бүкіл бір жалпақ елді "ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында" ұстап отырған Сұржекейдей дөкейдің өзін бұ келіншек бетпе-бет келгенде құрақ ұштырды - ау. Арығандай ақырған бастық екен деп жүні жығылып елпең ағып етегіне сүрінбеді - ау. Баяғы сол паң қалпын бір бұзбады. Пах, шіркін, әйел деп осыны айт! Әйтпесе, сонда күнім түсіп тұр екен деп Сұржекейдің шылауына оратылып қылмыңдай салса несі кетер еді? Түгі кетпес еді. Мүмкін, тіпті анау абақтыдағы жаман байын құтқарып та алар еді. Екіншіден, Сұржекейдің ойнасы болып алса, бұл төңіректе оның маңдайына ешкім шертпес еді. Керек десең, осы Ждақайдың өзі бас болып бүкіл "Жаңа жол" Хансұлудың алдында құрдай жорғалар еді. Соны біле тұрып ала жіпті аттай алмады ғой... Пай, шіркін, әйел деп...

— Ал, балам,үйге кір!— Жайбасқан есік ашып, жік - жапар болып жатыр.

— Хансұлу қойда ма еді?— деп қалды еңкейіп ішке ене берген Ждақай. Қоржынын босағаға тастады.

— Ие, келін малда... Келіп те қалар!..— деп елп етті кемпір.— Түгелбек айнам, жүгірші, апаң үйге келсін!

Текеметтің үстіне жамбастай берген қонақтың іші жылып қоя берді.

Үй жақтан құлдыраңдап жүгіріп келе жатқан баласын көріп Хансұлудың жүрегі қалтыранып кетті. Бала жайдан-жай жүгірмейді ғой. Шегеден бір хабар болды - ау. Зәресі зәр түбіне кетті. Астындағы Қара түйені шапшаң шөгеріп, Хансұлу табаны жерге тигенде тәлтіректеп құлай жаздады.

...Қанатын жайып, жүгіріп жеткен қаршадай ұлын құшағына қысты. Көзін жас көмді.

...Хансұлу табалдырықтан аттағанда алдымен байқағаны, ортаға дастарқан жайылыпты. Шәй жасалынып қойыпты. Төрде көпшікті қолтықтап қисайып жатқан Ждақай бұны көріп шапшаң еңсесін көтерді.

— Хансұлу, аман ба?!— деп ырсиып, кірпі басын сипап - сипап қойды. Қыбыжықтап кетті. Құты қашқан Ждақайдың қара шұбар өңі, тіпті құлық тартқандай. Осылай боларын сезген Хансұлу. Бір сұмдықты бастағалы, естірткелі келгені енді айдан анық. Хансұлу амандық-саулық сұрасып, жуынып-шайынып дастарқан басына кеп тізе бүккеннен кейін де біршама уақыт үшеу - ара ыңғайсыз тоқ торыс хал орнады.

— Бастарыңыз қосылғасын айтқалы отыр едім...— деп, Ждақай дауысы қобалжи түсіп сөз бастады.— Кеше ауданда Қозбағарды жолықтырғам...

Ждақай кірпі басын сипады. Жаман хабарды лақ еткізіп айта салудың ретін таба алмай дағдарды. Бұның аузына қарап қалған қара кемпір мен Хансұлуға деген аяныш сезімі пайда болды. Үйдегілер бұның аузына қарап қатып қалған.

— Сәлем... айтты Қозбағар. Егер Шегені көріп қалам десе, сәрсенбіде Ақтөбеге жетсін деді, етап болатын көрінеді...— деп бір тоқтады Ждақай.

Сілейіп қалған екі әйел бір кезде естерін әрең жиып:

— "Етабы" несі?

— Ашығын айтсай!— десті қосарлана үн қатып.

— "Етабы"— алысқа аттандырамыз дегені ғой...

— Жыл кескені ме... сонда?

— Не дейді, ойбай! Қасқа құдай...— деп зарлана бастады Жайбасқан.

— ...Мен ештеңе білмеймін... Қозбағардың айтуы — солай. Бірақ қанша жыл кескенін ол да білмейді.

Хансұлу енді сөзден қалғандай. Қанын ішіне тартып, сазарып қалған.

— О, қасқа құдай! Қасқа құдай!— деп зарланды Жайбасқан.

— Мен асығыс едім... жүрейін!— Ждақай орнынан тұра бастады.— Мына бала әзірше болсын қастарыңда, көмектессін!

— Қасқа құдай! Қасқа құдай!!! Не жазығым бар еді, қасқа құдай!!!

Ждақай атына шапшаң мініп ащы дауыс шыққан мына азалы үйден тездетіп ұзағанша асықты.

— Қасқа құдай-ай... не жазығы бар еді. Жарығымның?! Бұлты арылмай... қойды ғой, түге, басылған... Құлыным - ау... не жазып едің бұ құдайға?!— деп мүжіліп екі бүктетіліп теңселіп отыр Жайбасқан. Сарғайып кеткен жаулығының ұшымен көзін басып уһлейді.

Хансұлу әлі сол сазарған сілейген қалпы. Ес-түс жоқ. Қиянат аяқтан қырық шалғанмен, ақтың аты ақ к,ой деп ойлайтын. Кінәсі жоқ Шегеге қалай қара қағады деп ойлайтын. Қанша әуреленгенмен, түбінде шындық жеңіп шығар деп үміттенетін. Осы үміті тірлігіне тірек болып келген. Енді сол жалғыз тіректен айырылған. Сүйенетін, таянатын жан тірегінен айырылған. Ендігі жерде қалай тірлік кешпек? Кәрі кемпір, шиеттей бала-шағаға қалай тұтқа болады? Өзгеге тұтқа болмақ тұрмақ өз қара басын қалай алып жүрмек?

Жаулығы бір жағына қисайып аппақ шашы бұрқырап, естен, түстен, жаңылғандай балпылдап теңселген қара кемпір. Оған қараудың езі киын, Хансұлу тысырсыз түрегеп, көлеңкедей қозғалып есікке беттеді. Есік алдында үйдегілерге бақырайып қараумен тұрған кішкентай Үмітін қолынан жетелеп тысқа шықты. Бейне тар қапастан шыққандай...

Батып бара жатқан күн астында ауылға қарай қаптап жайылып келе жатқан отарға қарай қозғалды Хансұлу. Бойын жайлаған уытты, жүрегін жалаған уытты жеңердің басқа амалын таппады. Қылқадан қысқан тағдыр шеңгелі тұншықтырып бунап барады. Аласұрып аузымен ауа қармап келеді.

Көп ұзамай сам жамырап ымырт үйірілді. Тек жатқан кең сахара ауыр түн көрпесін бүркенді. Ауық - ауық ит үріп қояды. Қотан жақта сарт-сұрт қошқарлар сүзісіп қояды. Түгелбек пен кішкентай Үміт қана, қабағы жабық үлкендерден сескеніп ірге жақта сыбырласа сөйлеседі.

Ортада темір пеш тысыр-тысыр жанады. Сол темір пештің аузынан жылтылдаған отқа қарап үнсіз томырылып Хансұлу отыр. Қара кемпір де көңілсіз. Желден бе, әлде зулап жанған оттан ба, пеш мұржасы гуілдейді.

— Сөйт, балам!— деді Жайбасқан әлгінде үзіліп қалған әңгімесін жалғап, көкірегін қарс айыра күрсініп.— Кездің жасын көлдете бергеннен ештеңе өнбес! Белді бекем буалық! Бұ да құдайдың ісі шығар. Кембағалдық басқа түсті екен деп боркеміктене бермелік. Қарсы тұрып қайрат қылалық. Сөйт! Түгелді алып, сен таңертең қозғал! Жолда екі түнеп аман жүрсең, Ақтөбеге де жетерсің.

— Түгелбекті алып кетсем, малға кім қарайды?— деді Хансұлу.

— Бір аллаға сыйынып, Үміт екеуміз қарай тұрармыз.

— ...Үмітті алып кетейін... Түгелбек қалсын малға бас-көз боп...

...Қоржынның екі басын толтырып нан, піскен ет алып, жылы киім-кешек алып, сәскеге таман Үміт екеуі Қара түйенің беліне отырды.

Қара кемпір көзіне тағы да жас алды.

— Жырымдап жүріп жинаған... аз ғана тиын-тебен еді мынау. Шегеге бер сәтін салып кере алсаң!...— деп қолына ескі орамалға ораған бір түйіншек ұстатты.Қалалы жерде ұры-қары көп болады, балам, ақшаңды беліңе орап ал, көйлек ішінен!

Қара түйе арбаң етіп орнынан тұра бергенде, Жайбасқан:

— Я, патша - құдай, жар бола гөр! Қыдыр ата, жолдасың бола гөр! Я, паруардігер!— деп әулие-әнбиелерге сыйынды.

Қара түйе маң-маң басып жапандағы жалғыз үйден ұзай берді. Бағыттары — арқа! Бұлар көзден үзілгенше, қара кемпір үй маңында шошайып тұрып соңдарынан қараумен болды.

Үй көзден тасаланғаннан кейін Хансұлу маңқиған жуас Қара түйеге қамшы басып "шүу!" деп қыстап желдірте айдады.

Жарықтық Қара түйенің желісі жайлы - ақ. Бейне бесіктей тербеп май бүлкілмен теңсеп келеді. Қалай қарасаң да, сұр өңкей дала. Осы өлке толған кезінде ыңырсыған ел еді. Әр төбенің астында шоқ-шоқ ауыл, төңірегі ала бажыр мал болатын. Анау "Пәленшебайдың ауылы", мынау "Түгеншебайдың ауылы" деп жол қысқартып Жемге қалай жеткеніңді білмей қалушы едің. Бүгінде сол сыңсыған ел жоқ. Қаңырап жұрты жатыр. Қалқиып молалары тұр, қыр басында. Жұрт сайын мешіттердің құлаған қабырғалары жатыр... Ел жоқ. Ел көшіп кеткен. Кешегі жылдардағы асыра сілтеулерге шыдамай, әркім беталды кетті қаңғып. Аяғы жеткендері Иран, Ауғанға асты шұбырып... Оған шамасы келмегендері жылы жақ — өзбек, түрікпен, қарақалпақ жерлеріне қаша көшіп құтылды. Оған әлі жетпегендері аштан қырылып, сүйектері сай-салада қалды. Ал мынау кең аймақтың қойын-қонышындағы азын-аулақ ел сол, 32-33-тің нәубетінен тышқан жеп, шеп жеп, жан сауғалағандары. Таңырқайтын түгі жоқ. Осылай болды. Жемнің түстігінен бастап сонау Үстірттің қырына дейінгі қалың елді жер жұтып қойған жоқ... Аштық жалмады. Бұның әке-шешесін аштық қалай жалмаса, кешегі қалың көшпелі елді де аштық - зұлмат дәл солай жалмады.

Хансұлу күрсінді. Қара түйе тербей желіп келеді. ...Арқасында Үміті жабысып алған. Қалғып келе жатқанға ұқсайды. Құсмұрынның шығыс желкесінен өте бергенде, батыс қапталда шошайған жалғыз үй көріңді.

Жылқышының үйі болса керек. Ары жағында бір табын жылқы көрінеді шұбартып. Солай таман селтеңдеп атпен жортып біреу барады. Аттылы кісінің бері емес, әрі қарай бара жатқанына қуанды, неге екені белгісіз, Хансұлу. бір есептен мына кен далада жан кездеспей жалғыз келе жатқанының өзі оңтайлы еді. Тынышы — жолыңда ешкімнің кездеспегені. Жалғыз басты жас әйел деп, адамға сеніп бола ма бұ заманда.

Сар желіп отырып түс қайта Жемнің суына да жетті. Нарқамыстың жоғарғы жағын айналып Қарауыл төбенің астынан түйесін суға салды. Су таяз. Қара түйенің тірсегінен де келмеді. Тай шаптырым жерде биік жағада көрінген Нарқамысқа жоламай осылай алыстан орағытып өтті Хансұлу. Анау жар басында көрінген ауылда баяғы өткен Шеге екеуінің тату-тәтті күндері қалып бара жатқандай. Аздасын Нарқамыстан шығып Темір асып Ақтөбеге тартатын жалғыз аяқ сүрлеу жолға түсті. Енді адаспайтынына көзі жетті. Дүзгенді, селеулі құмсақ шағыл арасында түйесін іркіп, бұта түбінде отырып Үміт екеуі үйден алып шыққан піскен ет, таба наннан аздап қаужады. Бой жазып, аз-кем тынығып, Қара түйенің беліне қайта отырды.

Ел-жұрттан шығандап бейтаныс алыс жат өлкеге аяқ басқандай. Жалғыз аяқ жол шұбалаңдап біресе сайға, біресе қырға көтеріледі. Бір қиырдан бір қиыр басталады. Қара сұрланып жоталар жатыр. Алыс бұлдыр-бұлдыр белдер. Күздің қара суық қатқыл тынысы бет ұшын шымшып, саусақ сыздатады. Етек, шалғайыңды еріксіз қымтатады. Хансұлудың бар сенері — осынау алдында қашқан қасқа жол. Осы жол қалайда Ақтөбеге алып барады. Терістіктегі бұл белгісіз үлкен қаланы Хансұлу өмірінде көрген емес.

Қас қарайды. Енді Хансұлу неде болса түнейтін бір оңтайлы жер көздеді. Сөйтіп келе жатқанда жол бір көлденең қарауытқан терең сайға құлады. Жол сайға ылдилап түскен сайын жел тыйылып, ықтасында ұйып марғау тартқан зіл тыныштықты сезіне бастады. Сай ішінің түйе шалатын оты да мол екен. Жануар Қара түйе салақұлаш мойнын созып жіберіп, исі бұрқыраған тұз өскіндерінен оңды-солды орып асай бастады. Бұл да дұрыс. Арқандап қояйын, тан атқанша жәйілсін жануар, деп түйді Хансұлу кәнігі малшыларша. Бұл терең сай кезінде су өткен жылға болса керек, табаны қиыршық ұсақ тастақ құмды жұмсақ тегіс. Түйесін сондай бір құмсақтың үстіне шөгерді.

— Ана, Ақтөбеге келдік пе?— деп тіл қатты қызы.

— Қайдағы Ақтөбе осы жерде, далада түнейміз...— деді түйеден түсе беріп. Кішкентай Үміт үндемей ысырылып түсе бастады түйеден.

— От... жағамыз ба, апа?

— Жоқ... Немене, тоңдың ба?

— Жоқ.

— Онда оттың керегі не?.. Одан да қазір бір паналайтын ық тауып алып, тонға оранамыз да, жатып қаламыз,— деді Хансұлу әдейі, дауысын ширата үн қатып. Мынау қалың түн иесіз, елсіз қараңғы сай, шынында да, бала ғана емес, өзінің де үрейін ұшырып тұр еді. Сондықтан сәбиге қорыққанын сездірмеуді ойлады.

— Еш нәрсе жемей-ақ жатып қаламыз ба?

— Жоқ... неге? Жатардың алдында, өй-дөйт, қазір қоржынның аузын ашамыз!...— деп кішкентай Үмітпен қаңғыр-күңгір тіл қатысып, сөйлескен болып мынау елсіз сайда бойын билеген әлгі бір сұғанақ үрейден жүрегін сәл-пәл аршығандай болды. Содан қара түнек төңірекке еті үйрене түскендей, бұны аңдыған жын — шайтан, пері - мерілер сескене серпілгендей.

Төбеде бозарған аспан аясынан өзге еш нәрсе көзге шалынар емес. Жанында серейіп тұрған түйе сұлбасы шалынады.

Түйені жақын бір бұтаға арқандағаннан кейін Хансұлу Үмітті жүктердің үстіне шоқитып отырғызып қойып өзі түнеуге оңтайлы пана, қалқа іздеді. Кезінде су кесіп кеткен жарлауыт бар екен. Ық жағы қиыршық құмайт, кәдімгідей ық, пана. Оттық тұтатып, сол араны зерттеп, үңіліп қарап шықты. Көзге тосын ештеме байқалмады. Аяғымен құмды жан-жаққа ысырып екі кісі сыятындай орын сайлады. Тек күн жауып кетпесе деңіз, әйтпесе күздің бұл қатқыл суығына екеуі тоңа қоймас. Шегенің қыста мал баққанда киетін ескі үлкен тонын киіп алып, Үмітті бауырына қысып жатса, суық өтпеуге тиіс.

— Апа! Бізді қасқыр жемей ме?— деді бір кезде Үміт.

— Өш! — деп нұқып қалды оны Хансұлу.— Қайдағыны айтпа! Пәленің атын атама!!!

Қара түйе төңірегін жалмап орып асап, ауыр тағы түрсілдеп жұтқыншағы ашқарақ қолқылдап, тынымсыз жайылады.

Үлкен тонның ішіне кіріп кішкентай қызын оң қолтығына қымтап қысып, сирек жұлдызды суық аспанға қарап шалқасынан түсіп жатыр Хансұлу. Тек қарынның тойғанын ғана ойлап, қышқылтым иісті түрлі - түрлі тұз шөптерін орып асап отап жатқан түйенің тірлігіне ойша қызығады осы сәт. Не кешегісін, не келешегін ойламай маңқиып бейбіт жайылған осынау мал екеш малдың тірлігі де артық екен-ау бүйткен өмірден... Ес біліп, етек жиғалы жанын қуырумен келеді емес пе осы өмір? Оттан алып — суға, судан алып -отқа салумен келеді емес пе осы өмір? Шеге екеуінің басы неге саудаға түсе береді? Не жазығы бар еді екеуінің? Шегенің бар кінәсі Хансұлуды сүйгені ме? Хансұлудың бар кінәсі Қозбағарға тимегені ме? Сөйтіп өзі қалаған адамының ет етінен ұстағаны ма? Неге жас отауының шаңырағы қайта-қайта шайқала берді? Әлде бұлардың отын біреу әдейі үрлеп өшіргелі жүр ме? Ол кім ендеше? Шегемен отасқалы бергі көрген тақсыреттеріне кім... кім кінәлі? Түк түсінсе бұйырмасын... Әлде бүгінде сүр жыландай ысқырған Сұржекейдің атқосшысы боп жүрген Қозбағар ма? Хансұлу өмірде бір адамды ренжітсе, осыны ғана ренжітіп еді ғой. Жоқ... ол сор қайнағанның бар жазығы кезінде аспандағы айға қол созғаны, батырақтығын арқаға таңып Хансұлуды алмақ болғаны ғана емес пе?! Бүгінде қолына билік тигенде сол баяғы өкпесі үшін зұлымдық жасайтын адам емес қой ол... Қозбағар. Ондай тақыстыққа Қозбағар баруға тиіс емес. Бейшара ашықауыз аңқау бозымның өзі ғой. Бірге өскен Шеге мен Хансұлуды бұндай қиянаттың құрбаны етуге оның дәті жетпес. Сонда кім? Шегенің ізінен шам алып түсіп жүрген кім? Шеге алғаш ұсталғанда атасы Шәріп сол балықтың түрткісі болған, құдай бар-ды, осы Жорға Күрең деген. Бұдан басқа "Жаңа жолда" арызды сауатты жазатын адам жоқ деген. Сөйткен Жорға Күрең тағы қастандық жасауы мүмкін бе? Соншама жауығатындай, япырым - ау, Шеге оған не жасай қойып еді? Ең болмаса титтей кінәсі болсашы Шегенің сол Жорға алдында. "Қызғаныштан" деп еді-ау бір рет марқұм атасы Шәріп. Шегенің сол жылы ауыл жастарының ішінен суырылып шығып артель басқарғанын көре алмады демеп пе еді атасы. Жарайды, ол кезде Шегенін басқарма болғанын көре алмаған екен делік, енді бүгін, биыл, ол несін көре алмады? Айдалада қой баққан шопандығын көре алмағаны ма сонда? Тіптен миға қонбайды. Енесі де күңкілдеп "осылардан болды" дей береді. Апырм - ау, Шегені құртқанда сонда бұларға келіп-кететін не бар? Бұларға дейтіні, қазір әкелі -балалы Жорға мен Ждақайдың ымы-жымы бір. Жас кезінде Ждақай мінезінің аздап жәркелештігі болмаса, қулық - сұмдығы аз аңғал сияқты еді. Комсомол болып, жаңашыл болып, ескілікпен өлтіріл шайқасқан белсенді Ждақай емес пе еді? "Барақ атаның" басында киелі сексеуілмен "күрескен" құдайыңнан да қорықпайтын мықты емес пе еді? Шал - палдарыңды тыңдамайтын. Қызып кетсе, әкесі Күреңнен де ықпайтын.

Жаңа заманның жарапазаншысы болды. Ескіліктің шаңын қағып, оның орнына ұжмақты орнататын кісің Ждақай болды. Жұрт атақты би Пахрадиннің емес, әпербақан ұрда-жық Ждақайдың аузына қарады. Сөйткен Ждақай еді бұл. Бірақ әлі орнатқан ұжмағы жоқ. Ол ұжмақ орнаса, анау орталықтарда орнап та жатқан шығар, мүмкін, айыр планмен қонбай ұшып Әмрикаға барып жатыр дейді ғой. Үлкен зауыттар салынып, каналдар қазылып жатыр дейді ғой. Ал, мына "Жаңа жолдың" сол баяғы тұрысы тұрыс. Өзгере қойғаны шамалы. Өзгерген жалғыз Ждақай болды. Бастық болды, балпаң болды. Қара халықты қабағымен, қасымен құрдай жорғалатты. Ырқына көнбегеннің тұқымын тұздай құртты. Серікбай сияқтыларды томпылдатып сабайтын да болды. "Жаңа жол" үшін тура құдай болды Ждақай. Жұрт соның аузына қарайды. Қорыққанын сыйлайтын әдеті ғой халық сорлының. Рас, Ждақайдың тісі Шегеге батпады. Шегенің алдында жүні жығылып баяғы жәркелеш қалпына түсе қалатын. Шегенің бұ жолғы ұсталуын осы Ждақайдан көрейін десе тағы қисынын келтіре алмайды.

Жануар Қара түйе жұтқыншағы қолқылдап төңірегін жалмап орын асаумен тұр.

Оң қолтығындағы Үміті мұрны пысылдап әлдеқашан ұйықтап қалыпты.

Сирек жұлдызды тұңғиық аспанға қарап жатып Хансұлу түпсіз, тұрлаусыз ой кешеді. Анау аспан қалай түпсіз де тұңғиық болса, бұл жалғаншы дүние сыры да сондай түпсіз терең болып шықты. Анау жұлдыздар қалай шым - шытыр шидей қотыр шашылып жатқан болса, бұ жалғандағы адам баласы - дағы дәл сондай түсініксіз, берекесіз, қисынсыз қыбыр тірлік кешетін тәрізді. Бір аласапыран, әуре - сарсаң, ойқы - шойқыш тіршілік. Анау кен ғалам сирек жұлдызды аспан әлемін ақылға, санаға сыйғызу қаншалықты қиын болса, мынау өрмекшінің торындай шиыр - шатыс кісі тағдырын жүйелеу, зерделеу де соншалықты машақат ақырет тәрізді. Басы қатады. Ми жетпейді. Бойын бір шарасыздық сезімі билейді. Өзінің мүшкіл, дәрменсіз халін түйсініп, мойындай түседі. Үрей, қорқынышы ұлғая түседі. Қорқыныш, үрей сезімі ұлғайған сайын өзі мұқалып, омырылып, әлсізденіп, дәрменсізденіп, жоқтыққа айналып бара жатады.

Араға тағы екі күн салып жылтылдаған мол отты үлкен қалаға түн жамылып жақындай берген түйелі Хансұлудың бойына тағы да үрей шапты.

"Қала" дегенің Хансұлу үшін бір жұмбақ қыры - сыры беймағлұм дүние. Қаланы көргенде, тұз тағысындай үркетін әдеті. Баяғыда аштан шұбырып Дәу апа екеуі қарақалпақтың Қоңырат деген қаласына жеткенде де жүрегін дәл осындай үрей билеген.

Түйесін баяу аяңдатып мынау үлкен қалаға кірер - кірмесін білмегендей тартынып келеді. Қалтасында бұларға жекжат болып келетін Битемір дегеннің адресі. Хансұлудың көрмеген кісісі. Андалы күйеу балаға жамағайын болады - мыс. Почта бастық боп істейді - мыс. Өмірде араласып - құраласпаған үйге түн жамылып жетіп баруды айтсай. Бармағанда қайтеді? Басқа амалы жоқ. "Амангелді көшесі, 55-үй" дегенді іздейді енді.

Қалаға жақындаған сайын бұл үшін тосын, жат иістер молая түсті. Жатырқау сезімін күшейтті. Танауы шуылдап, құлағын қағып жануар Қала түйе де қаланы жатырқап үргелектеніп келеді. Қаланы көргенде қуанған жалғыз ғана Үміт. Әр нәрсені бір сұрап тақылдай бергесін, әлгінде өзіне ұрсып жекіп тастады Хансұлу.

Қала шетінде оқшауланып, терезесінен жарық білініп аласа бір бәкене там үй тұр. Соған таман жақындай беріп Хансұлу түйеден түсті. Түйені жетегіне алды. Там үйдің сыртында адам қара байқалмайды. Ит үрді. Хансұлу шеткері үйді айналып өтіп қала көшесіне кірді. Үйлер тығыз, біріне-бірі жалғасып салына берген. Қаланың бұл шеті ауылға ұқсас жатаған үйлі екен. Қаңыраған түнгі көшеге кіре беріп алақтап абдырай бастады Хансұлу. Жөн сұрауға көшеде ешкім көрінбейді. Ел орнына отырған шама болса керек. Әлдеқайдан, бір үйден барылдап ән салған дауыстар естіледі. Хансұлудың ызғырық көшеде қайда барарын білмей тентіреп жүргенінен хабарсыз, қала жұрты есіктерін бекітіп алып жылы ұяларында қағанағы қарқ, сағанағы сарқ дуылдайтын тәрізді. Терезелерін қағып, жөн сұраса қайтер еді? Түн ішінде мазалағандық болады - ау. Біреу-міреу кездесер деп Хансұлу түйесін жетектеп көше бойлап жүре түсті. Бір қораның есік алдында шам жарығында қуықтай үйшікте басы қылтиып отырған бір кісі көрінді. Панардың жарығынан тон киген шал екені байқалады. Жақындай түсіп іркілді бұл. Жебесі ербиген отағасының құшағында шошайған мылтығы көрінді. Кісі мұны байқап қалып қозғалды. Мылтығын ораулы нәрестедей құшақтаған күйі есігін ашып сыртқа ұшықты.

— Сәлем бердік! Ата, жөн сілтеп жіберсеңіз. "Амангелді" көшесін іздеп жүр едім!— деді саңқылдап Хансұлу.

Шал ажырайып қарады бұған. Аздасын:

— Келесі көше ғой...— деді.— Міне, мына бір жердей бұрылып келесі көшеге шық!

— Битемір дегеннің үйін білмейсіз бе, ата?

— Пошташы Битемір ме?

— Иә, иә.

— Жоқ, үйін білмедім. Пошташы екенін білемін әйтеуір. Қайдан келесің, балам?

— Табын ауданынан келемін.

— Жөн екен! Міне, мына жерден шықсаң, келесі көше!

— Шал нұсқаған бағытпен Хансұлу түйесін жетектеп, қараңғылау қуыспен келесі көшеге өте берген. Қалтарыста, кенет, темекі тартып ұйлығысып тұрған топ жігіттің үстінен шықты. "Біткен жерім осы болды, шпаналар" деген ой осып өтті санасын. Бұлтаруға, жалтаруға мұршасы болмай қалды. Жолы тар қуыс. Не де болса тіке салды. Темекілерін жылтыратқан үркердей қара шоғыр топ жол берді. "Я, Барақ атам, жар бола гөр!" деп іштей сыйынған Хансұлу сабаудай - сабаудай жігіттердің беттеріне бұрылып қарамай, қастарынан үн - түнсіз түйесін жетелеп өте берді.

— Мәссаған... ауылдың аруы... өтіп барады!— деп күңк етті біреуі.

— Ендеше жармас!— деді екіншісі. Қарқ-қарқ күлкі естілді.

Зәресі зәр түбіне жеткен Хансұлудың арқасынан суық тері шықты. Көше бойлап шапшаң басып барады әлгі топтан ұзағанша асығып.

...Битемір шүңкиген арық қара кісі екен. Есікті өзі келіп ашты. Хансұлудың түйесін жетелеп аулаға кіргізді, түкпірде бастырма астында жатқан сиыр бар екен, түйені соның қасына апарып байлады. Бір езуінде — темекісі. Сараң сөйлейтін кісі екен. Хансұлудың жәйін тыңдап ойлана берді, темекісін сорғыштай берді. Шегенің ұсталғанынан хабардар екен.

Ыңқылдап әрең қозғалтып жалпақ сары бәйбішесі бар екен, қинала жүріп тар үйінің теріне көрпеше төседі. Екінші ішкі бөлмеде балалары жатқан сияқты. Жалпақ сары бәйбіше пешке шай қойып, от жақты. Битемір беті шалбарланып, темекісінің тұқылын үстін - үстін сорды. Хансұлудың хабарын сұрастырды. Бас изей түсті. Ойлана түсті. Жалпақ сары бәйбішесі де сөзге жоқ. "Тық, тық" жөтеле берді. Сөйте жүріп дастарқан әзірледі. Қозғалған сайын қабақ шытынғанына қарағанда, белінің құяңы барға ұқсайды. отағасы шай үстінде де үнсіз еңсесі салынып отырды. Бас изей түседі. Хансұлу "НКВД- де істейтін Қозбағар деген ауылдасымды кездестіруім керек еді" деген тұста Битемір елең етіп басын көтерді, бірақ үндемеді. Шегені керіп қалу үшін бұл қалай да Қозбағарға жолығуы керек екенін айтқанда ғана: "Онда облыстық НКВД- де іздеу керек шығар" деп бір тіл қатты. Түнгі әңгімелері осымен бітті.

Таңертең Үмітті үйде қалдырып, Хансұлу Битемірге ере шықты қалаға. Битемірдің түндегі қалпы әлі өзгермеген. Көше бойлап асықпай жүріп келеді. Басы еңсесіне түсіп, темекісін сорғыштай береді. Хансұлуда да үн жоқ. Екеуі осылай үш-төрт көшені өтті. Халқы молдау қаланың ортасына таман кіргендей болды. Екі қатар еңселі үйлер жиі кездесе бастады. Көп ұзамай Битемір іркілді. Ойлы жүзін көтерді.

— Анау көшенің арғы жақ қапталындағы кірпіш үй, алдында кісілер тұрған. Сол — НКВД. Қайтарыңда адасып кетпе, келген ізіңмен жүр.— деді Битемір. Содан кейін,— Құдаша!— деді беті шалбарланып. Хансұлу жүрегі өрекпіп Битемірдің аузына қарады.

— Құдаша келін, сұрқы белгілі ғой заманның, кімнің үйінде түнегеніңді айтпағайсың ешкімге!

— Құдай сақтасып, айтып нем бар!— деп шыр ете түсті Хансұлу.

Сонымен, Битемір жұмысына, Хансұлу НКВД үйіне қарай қозғалды. Кірпіш сұрғылт үйге қараған сайын, жүрегі дүрсілдесін кеп. Мынау көшесінде ызғырық ескен жат бауыр салқын бейтаныс қала жалғыз Шегені жалмаған араны кең жалмауыздай көрінеді. Анау сұрғылт үй сол жалмауыздың аузы тәрізденеді. Жақындаған сайын, сол жалмауыздың суық тыныс - демін сезінгендей түршігіп келеді. Сұрғылт үйдің алдында тұрғандар — өңшең қатын-қалаш. Жақтарын бөкебаймен таңып алған орыс қатындар көбі. Ақ жаулығымен жағын шандып орап алған өзі тәрізді қазақтың қатын-қалаштары да тұр. Жүрегі құрғыр сезді. Мына тұрғандардың бәрі де осы Хансұлу сияқты жүрегі жаралы бейбақтар екенін сезді. Бірінің-бірі аузына қарасып шүпірлесіп әңгімелеседі. Сол топқа Хансұлу да кірді. Сампылдап тұрған орыс қатынның сөзін түсінбеді. Әрі-бері тұрғаннан кейін Хансұлу:

— Бұ жердің жөн сұрайтын жері қайсы?— деп қазақтың бір қала модысымен киінген әйелінен сұрады. Әйел нұсқаған есікке кірді. Алақтап ішке ене берді.

— Қайда барасың?— деген дауыс шықты. Сөйтсе, есіктен кірген жерде оң қолында столды құшақтап бір қызыл әскер отыр екен. Түсі суық, қарасұр қазақ.

— Жөн сұрайын деп едім!..— деді Хансұлу әлгіге бұрылып.

— Сұраңыз!

— Адамым бар еді ұсталған.

— Фамилиясы? Қай ауданнан..

— Аты — Шеге. Пәмилесі... пәмилесі... үлкен атамның атында еді... қап...

— Түсінікті... айта алмаймын де... мә... қарындаш... жазып бере ғой!.. Темнота;., эх...

Қарасұр қызыләскер берген қаламды қолына алып бір жапырақ қағазға "Қаспақов" деп жазды.

— Қаспақов дейсіз ғой... Қаспақов...— қарасұр қызыләскер бір жалпақ дәптерді парақтай бастады.— Қаспақов Шеге. Так. Жеті жылға сотталған, 58 статьяның... тармағы бойынша. Хат жазысуға рұқсат жоқ.

— Көруге... көруге бола ма? — деді Хансұлу тынысы тарылып.

— Болмайды!— деді қызыләскер дәптерін сарт жауып, қабағын шытып.

— Пойызға қашан отырады? Соны айтыңыз!

Айтуға болмайды. Рұқсат жоқ.

Хансұлу есеңгіреп беті дуылдап әлгі кірген есігінен, енді аяғын сүйреп басып тысқа шықты.

— Табылды ма адамың?— деген әйел үніне ажырайып бұрылса да жауап қатпай есеңгіреп тұрды. Бейтаныс әйел бұны қолтығынан сүйеп, есіктің алдынан аулағырақ әкетті. Кіргізді, түкпірде бастырма астында жатқан сиыр бар екен, түйені соның қасына апарып байлады. Бір езуінде — темекісі. Сараң сөйлейтін кісі екен. Хансұлудың жәйін тыңдап ойлана берді, темекісін сорғыштай берді. Шегенің ұсталғанынан хабардар екен.

Ыңқылдап әрең қозғалатын жалпақ сары бәйбішесі бар екен, қинала жүріп тар үйінің төріне көрпеше төседі. Екінші ішкі бөлмеде балалары жатқан сияқты. Жалпақ сары бәйбіше пешке шай қойып, от жақты. Битемір беті шалбарланып, темекісінің тұқылын үстін - үстін сорды. Хансұлудың хабарын сұрастырды. Бас изей түсті. Ойлана түсті. Жалпақ сары бәйбішесі де сөзге жоқ. "Тық, тық" жөтеле берді. Сөйте жүріп дастарқан әзірледі. Қозғалған сайын қабақ шытынғанына қарағанда, белінің құны барға ұқсайды. Отағасы шай үстінде де үнсіз еңсесі салынып отырды. Бас изей түседі. Хансұлу "НКВД-де істейтін Қозбағар деген ауылдасымды кездестіруім керек еді" деген тұста Битемір елең етіп басын көтерді, бірақ үндемеді. Шегені көріп қалу үшін бұл қалай да Қозбағарға жолығуы керек екенін айтқанда ғана: "Онда облыстық НКВД- де іздеу керек шығар" деп бір тіл қатты. Түнгі әңгімелері осымен бітті.

— Құдай сақтасына, айтып нем бар!— деп шыр ете түсті Хансұлу.

— Сұраңыз!

— Адамым бар еді ұсталған.

— Фамилиясы? Қай ауданнан..

— Түсінікті... айта алмаймын де... мә... қарындаш... жазып бере ғой!.. Темнота... эх...

— Қарағым, жас адам екенсің... тірі болса соған шүкірлік ет! Мына біз... адамымыздың өлі - тірісін біле алмай жүрміз үш айдан бері!— деді әйел.

— Сотталыпты... жеті жылға...— дегенде, Хансұлудың ыстық жасы бетін жуды. Бейтаныс әйел де көзін сығымдады.

— Тірі жүрсе... Жеті жылына да көнер ем - ау...— деп бырсылдады бейтаныс әйел. Қос мұңдар бір-біріне сүйеніп, біріне-бірі мұңын шағып тұрды. Қанша уақыт өткені белгісіз. Әлден уақытта "Хансұлу" дегендей болды біреу. Ер адамның дауысы. Хансұлу жылаулы жүзін көтеріп жан-жағына алақтады. Желке тұсынан келіп өңкиіп төніп тұрған қызыләскерді көріп, жүрегі зәр түбіне жетті.

— Сәлем бердік!— деп ерні күбір етті қызыләскердің. Қозбағар!

"Ух" деп жүрегі сонда орнына түсті Хансұлудың. Хансұлу да ернін қимылдатқандай болды. Қозбағар асығыс:

— Бүгін түнде, не ертең түнде станцияға бар!— деді де, жанынан ығысып өте берді. Үстіндегі сұр шинеліне басындағы құлақшыны қомпиып әрең сыйып жота беріп ұзай берді. Бұл аңқиып тұр ес жия алмай.

— Әлгің кім, келін - ау? Не деп кетті?— деді бейтаныс әйел не қуанарын, не қуарарын білмегендей.

Жаңа танысының аты Бүбітай екен. Екеуі кеш түсісімен адамы құмырсқаның илеуіндей құжынаған шойын жолдың стансасының алдында қайта табысты. Бүбітай Темірден екен. "Айлас қатын — мұңдас" деген. екеуінің көксегені — бір. Азаматтарын көріп қалу. Бұл қайта адамының тірлігін есітті ғой, ал байғұс Бүбітайдың жағдайы тіпті қиын — азаматтың әлі өлі - тірісін де білмейді. Әйтеуір жақын күндерде "арыстыбайларды" Ақтөбеден "этап" жасайды екен деген сыпсың хабарды естіп келіпті. Күндіз НКВД, түрме жағалап, түнде стансада түнеп жүргеніне бес күннің жүзі болыпты.

Стансаның іші-сырты толы халық. Ине шаншар жері жоқ. Жұрт сендей соғылысады. Іштегі адам отыратын залына да тізе бүгер орын жоқ. Залдың бір бұрышын сығандар жайлапты. Алабажақ киінген қатын-қалаш. Шүпірлеген өңшең бадырақ көз балалар. Киімдері кірден сауыс-сауыс. Залдың бір бұрышын жата жастанып, үйіндей иемденіп меншіктеп алғанға ұқсайды. Кісіден аузы-мұрны шыға толған зал ішінің ауасы көңірсік тым ауыр. Хансұлу жиіркеніп шыдай алмай барады. Қаланың сасық иесінен, дәретханасынан кешеден бері әбден бизар зәрезап болған Хансұлуға мынау станса тар қапас дозақ тура.

— Құрсын... сыртқа шығайықшы!!! — деп Бүбітайды бастап есікке қарай ұмтылды. Біреуді әрі, біреуді бері итеріп, тысқа шыққанда таза салқын ауадан "ух" деп тыныс алды.

Бұл — кеш қараңғысы үйірілген шама еді. Қою түнді шұрқ тесіп әр тұстан қала оттары жылтырайды. Дүниенің төрт бұрышына қалай қарасаң да шыпырлаған үйлер, терезелер. Мына станса үйінің төңірегі де қара құрым халық. "Япырым - ау,— деп ойлады Хансұлу,— бұның да көрмегені көп екен-ау. Бұ неткен көп халық? Және көбі орыс, астапыралла." Өзге бір дүниеге өтіп кеткендей. Кешелі бергі көргендерінің бәрі түстей. Қыры – сыры беймағлұм жем - сауы кең мына жат бауыр дүниеде жалғыз қалғандай. Жетімсіреп жәутеңдегендей. Егер Бүбітай болмаса, бар ғой, құдай біледі, Хансұлу бұл уақта анау кепкілерін көздеріне киіп сеңдей соғылысқан қала қарақшыларына әлдеқашан-ақ жем болып, бір қараңғы қалтарыста томпиып жатар еді. Станса төңірегіндегілердің көбі әлдебір күткені бар, тосқаны бар өзі тәріздес мұңдыларға ұқсайды. Соны жүрегі сезе бастады. Хансұлу тақылеттес жүрегі жаралы жандарға ұқсайды. Әркім іштей өз қайғысымен өзі алысып,Хансұлу сияқты түпсіз терең тұрлаусыз ойға шоматын тәрізді. Дауыс көтеріп дабырласпайды. Бейне өлік жөнелтуге келген қаралы топтай салқын сабыр сақтап өзара сараң да сирек баяу тіл қатысады. Бәрінің күткені, зарыға күткен адамдары бары анық. Соны сезе бастады Хансұлу. Соны түйсінген сайын қасірет жүгін арқалаған жан бұ дүниеде жалғыз бұ ғана емес екеніне көзі жете бастады. Соны түйсінген сайын мына бейтаныс жұртпен бұның арасында бір жіпсіз байланыс туындап, туыстық жылы сезім балапандағандай.

Бүбітай екеуі егіз қозыдай жұбын жазбай жүріп ішке кірді, сыртқа шықты, әйтеуір ұзақ түнді қысқартудың амалын жасады. Азаматтарымызды көреміз - ау, тілдесеміз - ау деген үміт сәулесі екеуіне де дем бергендей. Әрқайсысы өз тағдырларын жыр етіп әңгімелейді. Мезгіл түн ортасынан ауа берген шама залдағы ұйқылы-ояу жұрт гу етті. Қоғадай жапырылып есікке ұмтылды. "Әкеле жатыр" десті. Бүбітай екеуі ойланып жатпады. Бұлар да ұмтылды есікке. Есікке қысылып қолдары ербеңдеп шаңқылдап жатқан қатын - қалаш. Шар еткен бала. Әлгінде монтиып мүлгіп отырған жұрт табан астында құтырып кеткендей. Қазір тез шықпаса бәрінен құр қалатындай бұлар дағы жандары мұрын ұшына тақалып, алғы топты кеудемен итеріп тырмысып жатыр. Есік аржағында шаң - шұң айқай. Арс - арс үрген ит. Тарс етіп мылтық атылды. Айқай, шу. Аласапыран. Бұларды біреу итерсе, бұлар біреуді итеріп бір кезде тар есіктен тұншыға ытқып тысқа да шықты - ау. Әлгінде шыққан халықтың алдын кес-кестеген шолақ тонды тізілген солдат. Иықтарында мылтық. Қолдарында — шапшыған бір-бір қасқыр ит. Арс-арс етеді. Ызғып соққан жел. Ұшқындаған қар. Қашан келіп, қашан тоқтағанын білмейді, шойын жолда ұзыннан шұбап пойыз тұр. Станса алдындағы ұзыңқай алаңды бойлап батыс пен шығысқа қарай сымдай тартылған шойын жолдар. Ызғырық гулеп соғып тұрған алаңның батыс жақ бүйірінен түн ішінен қойдай қаптап нөпірлеп бір тобыр адам - қара келе жатыр. Жұрттың бәрінің назары сонда. Бұларға арқасын беріп тұрған солдаттардың да назары сол жақта. Тайыншадай қасқыр иттер солай қарай шапшып үреді.Келе жатқандар "арыстыбайлар" еді. Оларға деген аяныш болмауға тиіс. Олар "халық жаулары". Соны мына ит екеш иттерге шейін біліп үріп қыжалданып шапшып секіреді.

— Назад! Назад! — деп ақырды бұларға қарап бір әскер. Командирі болса керек. Солдаттар шебіне таман жақындап кимелеген алажабыр халықты жасқағандай қолын сермеді. Халық үрпіп қалған. Алдағылары командирдің кәрінен ығысып шегіншектеді. Оншақты дырау төбеттің арсылынан құлақ тұнады. Жұрт солдаттар шебіне 10 қадамдай жерде қойдай иіріліп тұр. Бүбітай екеуі тобырдың орта шенінде. Бірінің бірі қолынан тастай ғып ұстап алған. Есі - дерттері — алда. Дүрлігіп жүгіре басып келе жатқан алба -жұлба "арыстыбайлар". Әркім өз адамдарын көргісі кеп мойындарын созып көп қарайды. "Арыстыбайлардың" бәрі ер адам. Етіктері гүрсілдеп, бүлкілдеп келеді. Көбінің бастарында — құлақшын, малақай, тымақ. Үстерінде — күпі, шапан, шинель. Иықтарында — азын-аулақ түйіншектері. Төрт қатар боп жүгіре түсіп келе жатқан "арыстыбайлардың" қос қапталында, арт жағында ит жетектеген мылтықты солдаттар. Олар да бүлкіл желіспен келеді. Ап - ащы дауыс шықты:

Стой! — деген. Екі жүздей "арыстыбайлар" дүсірлесіп іркілді.

— На колени!

Төрт қатар сүмірейіп тұрған ұзыннан - шұбақ тұтқындар жапатармағай жүрелей қалды. Состиып қалғандарын артқылары иықтан басып отырғызды.

Хансұлудың назары бебеу қағып ала көлеңкеде түстері онсыз да шала көрінген тұтқындарды аралап Шегені іздейді. Шарқ ұрады. Халық арасынан у-шу айқайлар шықты. Жұрт адамдарын тани бастады.

— Қоспамбет! Уай, сенсің бе?!

Малғаждар! Көкесі - ау, амансың ба?!

Гриша!!!

Осылай біреуді біреу танып, иін тіресіп тұрған халық жел соққан қоғадай тес бөліп кетті. Қозғалып кетті.

Назад! Назад! — деп әлгі командир тағы зекіді жұртқа қарап. Қолын шошаңдатты. Жұрт шуы басылайын деді. Үркіп, үрпиісіп қалды.

Шолақ тондарының шалғайлары делеңдеп солдаттар жүйткіп тез қимылдай бастады. Салдыр-гүлдір еткізіп біреу вагонның есігін ашты. Бір панарлы солдат шамның жарығын әлгі командирдің қолындағы ақ қағазға түсірді. Әскерлер қалай жүйткіп, қимылдаса, солай шапшаң, тез тіл қатысады.

Командир қолындағы қағазға үңіліп, дауысы саңқылдап тізімді оқи бастады. Ызғыған жел, қардың ұшқаны тура командирдің көз алдына шам жарығына жиналып үйіріліп соғады.

— Потапов Геннадий Иванович! — деп айқайлады.

"Потапов" деген кісісі вагон есігіне қарай сүмеңдеп жүгірді. Бірақ көзі қаптап тұрған халық жақта.

— Живее! — деп жекірді бір солдат.

— Айтқалиев Бұлдыбай!

Бір күпілі қазақ басында — тымағы, сорайып түрегелді. Еңгезердей, қапсағай зор тұлғалы шал екен. Жүгірмеді. Сұп-суық назарымен тұрғандарды бір шолып кең адымдап вагонға беттеді.

— Бегом! Гад! — есік алдында тұрған солдат боқтанды. Шал түк естімегендей сол бастапқы аяңын бұзбай вагонға барып мінді. Арс-арс үрген ит. Шаңқылдаған дауыс. Қар үйіріп ұйытқып соққан жел. Шулап жылаған қатын-қалаш. Таусылмайтын тізім.

Тұтқындарды бірінен кейін бірін толассыз "жұтып" жатқан пойыз, қанша "жұтса да" тоймайтын мешкей пойыз. Бейне мына тұтқындарды жіберсе, жұлып жегісі бар шапшып секірген қасқыр иттер. Қаланы бүркеп тұмшалаған түн. Бүкіл қала жұрты бұларға сырт бергендей. Мына жан аямас иттер мен жендеттердің талауына тастағандай. Түтіп жесін мейлі дегендей. Мына қора - қора тұтқындардың және адамдарынан айырылған Хансұлу, Бүбітайлардың тағдыры енді ешкімге керек еместей. Өйткені бұлар "халық жауларының" әйелдері. Сондықтан да мына жендеттер бұларды адам деп есептеп тұрған жоқ. Жақындасаң ақырады. Боқтайды. Бұлар да бір, мал да бір. Төңірек әлемді тарылтып тұмшалаған түн. Үйіріліп соққан қарлы жел. Шаңқылдап тізім оқыған дауыс. Бірі — солдаттардың ар жағында, бірі — бері жағында, айқайласып тіл қатысқан тұтқындар мен тұрған жұрт. Ызы-шу, қым - қуыт. Дозақ дегеннің ішіне тура кіріп кеткендей Хансұлу, ию-қию араласып кеткендей. Әсіресе, ойбайлап дауыс еткен қазақтың қатындарының зары жанды түршіктіреді. Естен тандырады. Осы көріп тұрғаның өң бе, түс пе, белгісіз пәруана сарсаң күйге түсесің. Есіңнен жаңылып сенделесің. Солдаттар кейін итерсе, арқаңнан көпшілік алға итереді. У- шу. Құлақ шыңылдайды. Естен танып қалғандар да болды. Сүйреп әкетті. Бүбітай қайда? Білмейді, Өйткені үшінші лек "арыстыбайларды" әкелген. Соның ішінен Шегеге көзі түскен. "Шеге!" деп айқайлаған. Жел, арасындағы ит, жұрт шуылы көміп кетті Хансұлудың дауысын. Естіртпеді. Тағы да — тізім. Тағы да пойыз жұта бастады "арыстыбайларды." Шаңқылдаған дауыс.

— Мулканов!

— Ахметшин!

— Сидоров!

Алға ұмтылған қатын-қалашты кейін қарай итеріп жібереді солдаттар. Түйіп тастайды. Боқтап жібереді орысшалап. Қатындар, әсіресе орыстың қатындары есе жіберер емес. Шабалаңдасады. Тілмен у шашады. "Арыстыбайлардың" ішінде пойызға міне беріп әйеліне қарап әлдене лақтырғандары болды. Хат болса керек. Бір орыстың қатынын жығып салып тепкілеп әлгі "арыстыбай" лақтырған нәрсені солдат тартып алды. Соны көрген Хансұлу солдаттардың жан аямасына көзі жетті. Егер Шеге хат лақтырса, бұны да жығып салып тепкілейтіні анық. Бұлар үшін сен "жаудың әйелісің". Сондықтан сені әлгі әйелдей тепкілейді. Аямайды. Осындай ойлар осқылады санасын. "Шеге!" деп тағы айқайлағанша бұған Шегенің көзі түсті. Төрт қатар тізерлеп отырған "арыстыбайлардың" ортан тұсынан еңсе көтеріп қарады. Оң қолын бұлғады. Осы сәт мына ызы-шу, қым-қуыт дүние оқыс қаңтарылып жоқтыққа айналып, осы сәт мына қара түнек аспан астында екеуі ғана оңаша қалғандай! Екеуінің ғаріп болған, пенде болған екеуінің бір-біріне деген ыстың сезім үнінен өзге шу тілі байланып талақ болғандай.

— Шеге! — деді Хансұлу сыбырлап. Шеге есіткендей. Бордай езілді Хансұлу. Көз жасы омырауын жуды. Құлағы естуден қалды. Еңкілдеп жылаған үнінен өзге түк естімейді. Енді бірде байқаса Шеге бермен келеді. Жүрегі ыршып кетті. Одан әрі не істеп, не қойғанын шала-пұла біледі. Тұра ұмтылғанын біледі. Солдаттың ербең еткен қолын қағып жібергенін біледі. Ит шапшып ұмтылғанын біледі. Пойыз есігіне бұрылар тұста жетті Шегеге. Шегенің зәресі ұшып кеткен. Бет - аузын жүн басқан. Оң қабағы жарық. Ұрған ғой, ұрған. Иттер! Жендеттер! Шеге менікі!. Талатпаймын! Қолдарыңда өлемін! Жіберіңдер! Хансұлу тура өртке дүрсе кіріп кеткен кісідей. У-шу, айқайға қарамастан атылып кеп бас салды Шегені, темекі сасып, тер сасып кеткен Шегені.

— Шеге! — деп ышқынып. Сөйткенше иығынан бір темір шеңгел жабысты.

— Жеті жыл! Аман болыңдар! Хат жазу жоқ!..— деп үлгірді Шеге төбеден жауып кеткен жұдырық астында. Бұны Шегенің құшағынан жұлып алды бір дырау күш. Қаңбақ құрлы көрмей дедектетіп әкетіп барады. Екі қолтығынан қармап көтеріп жұлқа тартып сүйреп барады. Қазір ит тепкінің астына алады. Өлтіреді.

— Балдарға ие бол! Сұлу...— деп ышқынып айқайлаған Шегенің дауысы. Іле айқай шу қым-қуыт аласапыран жұтып қойғандай. Абалаған ит. Ду - дабыр. Қар аралас ұйытқыған жел. "Сука!" деп бұны желкеден перді. Қараңғы қуысқа қарай ет беттеп ұшты Хансұлу. Қар қауып бір үйіндіні құша құлады. Содан, сол жатқаннан жып-жылы мамық төсек ұйқы құшағына енді де кетті. Мол шуақты, сәулелі рақат дүниеге шымшық боп құлдырап кіріп, көгілдір ауаны сүзе самғап, емін - еркін қанат қақты. Жұмсақ ұлпаға оранғандай шерменде жаны орасан ләззат тапты. Нұр сәулелі ғажайып әлемді аралады. Тәнсіз, құр жаны, шыбын жаны ғана қалықтап рақат айдынында жүзіп ұшады. Беймезгіл кеңістік кезіп, салмақсыз пәруана күй кешеді.

...Есін жиса, көзі ісіп жылаған Бүбітайдың құшағында сұлап шалқасына жатыр. Төбесі — биік бір жәй, астында — ұзынша сәкі. Бұның бетін ылғал шүберекпен сүрткіштеген Бүбітай:

— Тірісің бе, ойбай! — дейді аузына су тосып, Қаны кеуіп қалған Хансұлу басын қалтитып көтеріп салқын судан біраз сімірді. Төңірек толы бейтаныс жұрт. Таң атқан. Күн шыққан.

...Бұл күні Битемірдің үйінде тұрмастан жатып ес жиды. Ертесіне Үміт екеуі Қара түйенің беліне қайта отырды. Елге қайтты.

ҚОЗБАҒАР

Қозбағар осыдан он күн бұрын, июльдің 14-і күні ұсталғанда - ақ енді қайта айналып шықпас құрдымға кеткенін білген, бірақ, дәл бүгін... бүгін түнде атылатының білмеп еді. Соңғы он күн ішінде анадан туғалы көрмеген азабын көрді. Таяқты да жеді, аяқ үстінде қақшиып та тұрды бірнеше күн ұдайы, тілі ауызына сыймай шөлден де қатты. Ақыры, тергеушінің айтқанына көніп, айдағанына жүріп тынышталды. Өзіне жабылған жалаға өзі қол қойды. Содан міне, екі күн өтті, қара жылан тергеушінің жүзін көрмегелі. Камерадан жалғыз өзі, тас еденге төселген ескі матрас үстінде өмірде көрмеген рахатын көріп көсіліп түсіп ұйықтаумен жатыр. Балбыраған бір рахат сезім кешеді. Қозбағар бала екен дейді. Мезгіл — жаз. Мөлдіреп атқан сахараның ғажайып сұлу таңы. Шашырап шыққан күн. Сол күннің риясыз мол шуақ сәулесіне шомылып көшкен ауыл. Астаубас көлдей қызыл нардың үстінде, киіз қоршаудың ортасында шешесінің қасында отыр бала Қозбағар. Маужырап, масайрап оянған таң әлеміне биік түйе үстінен назар қыдыртады. Ашқылтым жұпары танауды жарған алуан-алуан тұз өскіндерін қызыл нар орып асап жәйіліп келеді. Үстінде отырған Қозбағарды баяу шайқай тербеп келеді. Көштің қайдан шығып қайда бара жатқаны белгісіз. Әйтеуір бір, берекелі бейбіт мезгіл кешеді. Мол шуақты жарық дүниенің қызығын көріп мұңсыз, қамсыз жайбарақат келеді. Берекесі бұзылып, ырысы төгілмеген қызыл — жасыл көш. Есінеп оянған таңмен, таңғажайып таза шөл далада ырғап-жырғап көшіп келеді. Осынау сәт, бейқам сәби күндері, беу шіркін, созыла түссе екен, түс болып ғайып боп кетпесе екен деп жалбарынды іштей құдайға. ...Ес білгелі өкіметтің айқай-сүреңіне ілесемін деп жентектеліп кеткен байғұс санасы, енді-енді ес жиып шымшықта шырыл қағатынға ұқсайды. Бала күнгі пәктігін аңсап, тамыры тартылып, қаңсып қалған бұлақтай сезім көздері аршылғандай исініп босаңсып бойы балбырайды. Әлгі көш, әлгі әсер шынында елес боп шықты. Қозбағарды тас камераға жалғыз тастап ете шықты. Ғайып болды.

Шалқасынан жатыр екен Қозбағар. Ыстық жасы самайын сызады. Қара көлеңке тас камераның сықпытын көргісі келмей көзін жұмды. Әлгі елеске қайта еніп мына сұры жаман сұрқай тірліктен баз кешкісі келді. Әйтсе де, әлгінде бұны жұмсақ әлдилеген ап айқын елес әлемі алыстап кетті. Көзден бұлбұл ұшты. Артында тек жүректі торлаған өкініші, мұңы қалды. Дариға - ай, сол ғажайып мол сәулелі кең дүниеден неге келдім мына қара тас төрт қабырға қыспағына деп шыбын жаны кеудесіне сыймай алас ұрады. Шымшықша шырыл қағады. Бебеулейді. "Ескіліктің қалдығы" деп кешегі өздері күйреткен сол ескі тірлік, көшпелі өмір соңғы кездері түсіне жиі кіреді. Қозбағардың. Сап-сары сағыныш боп сыңсып енеді. Жүрегін сорады. Өмірінің ен қызық сәулелі шағы болып аңсатады, сол ескі ауылда өткен күндері. Әттен дүние-ай, сол бір күндермен қайта айналып тағы бір қауышар ма еді... Оймауыт даласында жалаң аяқ қозы баққан күндері енді айналып қанша аңсағанмен келер ме? Сол күндерінің... көшпелі ауыл тірлігінің бәрі қызық екен ғой... Көшкені, қонғаны бәрі қызық екен ғой... Мал көп, ел көп. Жиын көп, той көп. Ала жаздай қыз, бозбала үшін бір бітпейтін тамаша еді ғой... Айлы түндер таң атқанша ұйықтамайтын еді-ау, қыз, бозбала бас қосып... Жыл құсындай екен-ау сондағы ауыл... Қыста жылы жаққа ұшып кетіп, жазғытұры қайта айналып келіп жайлауына қонып жататын... Топ-топ ала қаз дерсің сол көшпелі ауылды. Кешкен сайын қоныс жаңалаған сайын жаңарғандай, түлегендей көңілденуші еді-ау... Бір сілкінуші еді-ау ел... Қазір қанаты қырқылған ауыл дегеннің. Көшу жоқ, қону жоқ... "Колхоз" аталып, "ферма" аталып бір жердей қозғала алмай отырған мешелдей. Елдің баяғы малды, берекелі, жиын-тойлы, ырду - дырдулы күндері жоқ бүгін. Азын-аулақ колхоздың берген еңбек ақысына қарап жетім баладай алақанын жәйіп отырған біреу... Байлық болмағасын, мыңғырған малы болмағасын не сән болсын қазақта?!

Көшпелі елді отырықшы еткенде елдің ұсқыны кетеді-ау деп ойлаған жоқ-ты бұлар. Керісінше көшіп, қонып жүретін ескі тірлік, ескі күнкөрістің тамырына тезірек балта шауып, отырықшы болсақ, төрт бұрышты там үйде тұрсақ, өмір күрт өзгеріп бір озық мәдениеттің қақ ортасына күмп ететін шығармыз деп армандады. Сондықтан, оқулы -білімді озық кеткен өзге елдер тәрізді өмір сүруге, бұлар, отызыншы жылдардың жастары қатты ұмтылды да, неғұрлым сахара тірлігіндегі ескілікті тезірек жойсақ, соғұрлым аңсаған жаңа заманға шапшаңырақ жетеміз деп ауаланды. Әулекіленді. Қиқу салып тығылып жатқан елді қойдай бөрліктірді. Қиратты. Сүйретті. Күйретті. Айдатты. Не керек, ескілік атаулының күлін көкке ұшырды. Оның аяғы аштыққа ұласты. Кешегі қалың елдің сүйегі шашылып сай-салада қалды. Әкесі — Мұса, шешесі — Торқа да аштан өлді, құмаршық жеп, тышқан жеп. Одан кейін "асыра сілтеушілер" ұсталды.

Қазақстанды басқаруға Мирзоян келіп аштан аман қалған жұртты жинады.Нан берді, мал берді. Естен айрылған халық біраздан кейін тіпті жер басып тірі жүргеніне шүкіршілік етті. Сол үшін рахмет айтты Мирзоянға. Бірақ Қозбағарлар аңсаған бақытты болашақтың ауылы алыс болды. Ол болашаққа жеткенше халық байғұс сіңірін әлі біраз созғылау керек екен. Сөйтіп жүргенде 37-ші жылға килікті. Ел ішін шегірткедей қаптап кеткен "халық жауларынан" тазарту басталды. Сталин айтты бітті, Ежов көкесі айтты болды емес пе. Күн, түн демей бұлардың сабылып аулағаны "халық жаулары" болды. Топырлатып қамады, томпылдатып сабады, атасы нәлет, кәпірлерді. Бұйрық бұлжытпай орындалу керек қой, елуін десе — елуін, жүзін десе — жүзін тапты "халық жауларының". Жұмыс қиындап кетті. Күндіз — күлкіден, түнде — ұйқыдан айрылды. Совет өкіметінің жауларымен айқасқан жалғыз НКВД болды. Сол еңбектерін, әрине, өкімет көрмей қалған жоқ. Еледі. Бәрінің де шендері өсіп шыға келді, небары 7—8 айдың ішінде. Аға сержант деген атаққа Қозбағар да ие болды. Осы өскенім өскен шығар, әрі қарай тек асқар асуларға өрлей беретін шығармын деп іштей мәз болып күмпиіп кетті Қозбағар. Сөйтіп жүргенде 38-ші жыл келді. Ежов көкесінің аяғы көктен келді. Өткен жылғы топалаңды ұйымдастырған бүліктің көкесі сол болып шықты. "Ежовщинаға" салынған боп шықты. Енді топалаң НКВД- інің өз ішінде басталды. Ежовшылдар ұсталды. Соның бірі — Қозбағар еді.

Қуықтай тар камера. Бір адам әрең сияды. Жоғарыдағы темір торлы титтей терезеден өлеусіреп қана ішке жарық түседі. Тірілей көрге түскенмен бірдей. Есіктегі ойық - көзден оқта - санда барлаушы — надзиратель қарап өтеді. Күндіз-түні дікектеп зікір салған бақсыдай жанын қуырған қара жылан тергеуші — Құлбергеннің қарасы батқан.

Бұның қағазға қол қою - ақ мұң екен. "қара жыланның" арбауы сап болды. Неге де болса мойынсұнған Қозбағар содан көсіліп жатып ұйықтасын. Дүниеде ұйқыдан өткен азап жоқ екен. Ойпырмай, адамды ұйықтатпай қинау дегенді, сөйтіп дегеніне көндіру дегенді қай залым екен ойлап тапқан? Неткен кісәпірлік? Соны, басқа түскенде ғана ұқты - ау, бұл, ақымақ. Ақылы, өстіп шаруасы біткен күні кірді басына. Ежов басқарған партияға қарсы блоктың мүшесімін деп қол қойды. Халыққа қарсы қылмыс ұйымдастырғанын мойындады. Күн-түн демей бірнеше тәулік қатарынан тұрғызып қойып қинағанда бұл төзе алмады. Тез сынды. Тек қинамай өлтірсе екен деді. Тек, алдымен бір ұйықтатып, сосын өлтірсе екен. Сол арманы іске асқандай. , Екі күн ұдай көсіліп түсіп ұйықтады. Тек кезекші әкелген азын-аулақ сұйық ас ішуге ғана көтереді басын. Содан қайта жатады. Ғұмырында бүйтіп ұйқы ләззатын алмап еді. Ұйқы деген осыншалық тәтті болар деп ойламапты. О, тоба! Көрмегені көп екен.

Мына қара күңгірт тар қапастың ішінде жатып үйықтай бастаса болды жан сезімі іле лып етіп қараңғы құрсаудан кең жайқын жарық дүниеге ұшып шығады. Ғажайып абат дүние аралап азат бұлбұл жаны сайрайды. Бақыт сезімі жарқ етіп шок сәуле боп тұтанады. Күңгірт тірлігіне күлімдеп қуаныш жарығын түсіреді. Осындай, алдамшы, он мен түс аралық сәттен ес жинамай-ақ, жан түршігерлік қапас тірлік кеспірін қайтып көрмей-ақ шырын ұйқы құшағында тербеліп жатып, оянбай-ақ, жоқтыққа сіңіп жоғалып неге кетпейді. Көптен ұмытқан құдайды тұңғыш еске алып "Е, құдай!" деп жалбарынады іштей Қозбағар. "Мәңгі бір тынышталар мамық құшақ өліміңді жіберші!" деп жалбарынады.

Қорқытпай, үркітпей, зәбірлемей, қинамай келген өлімнен ғанибет не бар дейсің. "Қозбағардай күнәһар пенденің бір тілегін қабыл ет, я, жаратқан ием, жалбарынам!" Қазір төңіректі қоршаған тіршілік сұсынан шошиды Қозбағар. Тіптен, үстіне "қызылжаға" НКВД формасын киіп қомпиып жүріп те, шынына келсе, Қозбағардың күні күн болмады. Күндіз демей, түн демей қыпылдаумен өтті өмірі. Ес білгенше ауыл-үйдің қозысын бағып әп жыландай ақырған Әзбергеннен ұшты зәресі. Өзі тұрмақ кәпірдің басып кеткен ізінен қорқатын. Содан кейін комсомол болды, белсенді атанды. Мелиса, НКВД болды. Бірақ Қозбағар сол баяғы Қозбағар күйінде қалды. Әлі сол қол бала жалпылдап шауып жүрген. Бұрын Әзбергеннен қорқып келсе, енді бастығы Сұржекейден қорқатын болды. Бірақ, ол екі қорқудың арасы жер мен көктей еді. Бала күнгі көргендерінің бәрін содан кейінгі жерде, өмірден көрген құқайларымен салыстырғанда ойыншық деуге болады екен.

Пәленің бәрі неден басталды? Қозбағардың ойынша, ауылды тастап сонау алыс қала Темірге мелисалық оқуға аттанған күннен басталды. Тек жүрмей бұ байғұс со жылдары әкім болуды армандады. Сөйтіп, Сұржекей тәрізденіп, адам баласынан ықпайтын ықпайтын мықты болуды ойлады. Қызыл әскерше киініп, мойынына салаңдатып қылыш асынғысы келді. Белге — наган байлағысы келді. Мойынына сөмке ілгісі келді. Сөйтіп ыздиған әскер боп ауылына көрінгісі келді. "Жаман Қозбағар", "Әйелі менсінбей тастап кеткен сорлы Қозбағар" деген аттан өстіп құтылғысы келді. Бұны бүкіл елге күлкі ғып тастап кеткен Хансұлу, оның жігіті Шегеге өстіп бір көрінейін деді, мойынға қылыш асынып, жылтырауық түймелі форма киіп. Сөйтіп бұл келе жатқанда ауылдас ағайын жұрттың жаппай жапырылып "жайылып — жастық, иіліп — төсек" болып жатса деді. Бұны өмірдің шырғалаңына апарып салған соқпақ басы осылай басталды. Әйтпегенде, бар ғой, көз ашқалы үйренген кәсібі малын бағып ауылда жайына жүре бергенде бар ғой, құдай біледі, Қозбағар қақ - соқ айқай - сүреннен аман бала-шағасының жанында бұ кезде қарнын тыр-тыр қасып тып-тыныш жатар еді.

Содан мелиса болды. Арманына жетті. Қозбағар келе жатқанда жұрт қоғадай жапырылды, "Қозеке", "Қозеке" десіп. Бұл тұрмақ, бұның жаман ақсақ шешесі Торқаның да, әкесі Мұса байғұстың да еңсесі көтерілді адам санатына еніп.

Бірақ, осы өзгерістің бәрі шынында сырттай қарағанда еді. Сырттай қарағанда, кешегі батырақ бүгін мелиса болып, билік қолына тиіп, басқа адам болып кеткендей еді. "Ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс" Сұржекей нәшендіктің оң қолы сияқты. Ал, шынында, Қозбағар сол баяғы бозым "Қозбағар" күйінде қалып еді. Лабақ ахун мешітінде төрт жыл отырып алған сауаты мен мелисалық курстан басқа Қозбағарда оқу да жоқ еді. Мелиса боп аудан орталығында істей бастағанда-ақ Қозбағар қатты қиналысқа ұшырады. Мелиса шықпайтынын білді, өзінен. Мәселе, Қозбағардың сауатының аздығында емес еді, мәселе оның мінезінің бостығында болды. Ел аралап ірілі - ұсақты қылмыспен айналысуға да, кеңседе отырып қағаз жүргізуге де жоқ боп шықты Қозбағар. Бұл екі саланың екеуінде де түк бітіре алмайтыны көрінді. Мұрынының ұшы терлеп, сасып - салбырап адам аяғандай болады. Соны Сұржекей аңғарды. Кезінде мелисалық курсқа жібергендіктен бе бұған аздап іші бұратынын сезетін. Жанынан өте беріп дорба ауызы томпайып "Ну, как?" деп қоятын әдеті орысшылап. Қозбағар ыршып тұрып тіп-тік қалшия қалады. Ыржиып күледі. Күлгенінде мән бар: "Өзіңіздің сол... ауылдан шыққан жаман ініңіз..." дегені. Сондай бір күні Сұржекей "Ертең менімен бірге жүресің, Оймауыт жаққа" деді қысқа қайырып.

Сонда Қозбағар қатты қуанды іштей. Бұның Сұржекейден күткені басқа еді. Түсі суық сұр жыландай Сұржекей бұны "екі бүктеп бір шайнап" жұмыстан қуатын шығар деп жүрген. Жоқ олай болмады. Сұржекей он шырай берді. Мелиса формасын кигені болмаса, қолынан түк келмейтін бұны өзіне атқосшы етіп алды. Мінгендері жарау ат, екеуі содан ел аралап шықты.

Әлдеқашан қар кетіп, жер дегдіп, жер-дүние көктей бастаған жазғытұрдың кезі. Нарқамыстан таң ата шыққан. Бағыттары — түстік. Мақсаттары — Хантөрткіл арқылы Оймауыт асу. Ой-хой, сол сапарда көрді ғой бұл Сұржекейдің құдіретін. Қай ауылға барса да хан көтеріп қарсы алады. "Ассалаумағалейкум, Жеке!" "Келіңіз Жеке!" Қол қусырып, бас иіп, атының шылауына оратылған халық. Қолтығынан сүйеп атынан түсіріп алады. Құрақ ұшып жүгіріп келіп қолын алады. Бүкектеп жүріп атын байлайды. Сұржекейге көрсеткен құрметке Қозбағар да ие. Бұларды ауылдағы ең жақсы деген үйге кіргізеді. Ең кең бөлмеге отырғызады. Ең таза деген көрпелер жайылады. Ең әдемі көпшіктерді тастайды қолтығына. Сұржекей қылышты, наганды кабурымен іргеге сүйеп қойып, өзі кең төрде құс жастықты шынтақтап көсіліп жатады. Шіреніп темекіні будақтатады. Қозбағар өйтпейді. Бастығына жасалған құрметке іштей мәз, риза боп сәл төменірек отырады, малдас құрып, қомпиып. Ауылдағы ең тәуір деген кең бүйір сары самауыр буы бұрқырап ортаға келеді. Ауылдағы ең әдемі деген қыз қырын отырып сызылып шәй құяды. Шайға салған қалампырдың жұпары үй ішіне тез тарап, кісіні шала мас қылады. Әңгіме қыза түседі. Сұржекей не айтпасын бас изеп шыбындаған халық. Жұрт назары тек сонда. Құдірет десе құдірет Сұржекей. Жалпақ халықты бір ауызына қаратқан кісі құдірет емей немесе. Шіреніп шырт түкіреді. "Ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс". Қозбағар ел білгелі бұл елде талай-талай мықтыларды көрген ғой, бай дейсің бе, би дейсің бе, ауылнай дейсің бе, өкіл дейсің бе, бірақ, дәл Сұржекейдей құдіретті қазақты бұрын-соңды көрген емес. Хандар еткен дейді бұ далада, батырлар өткен дейді, бірақ, әй, қайдам, солардағы НКВД бастығы Сұржекейдей құдіретті болмаған шығар. Болу қайда. "Сұржекей келе жатыр дегенде бесіктегі бала жылағанын қояды" деп аңыз етеді, бұ жақтың елі. Мінеки, сондай адам Қозбағардың бастығы. Ауданның бірінші хатшысы Апанастың өзі бұ Жөкеңе орнынан тұрып сәлем береді деп аңыз етеді НКВД жігіттері. Әнеки солай. Бұл елде Сұржекейдің бетіне келетін, демек, жан адам жоқ. Тан қалады Қозбағар. Жүрегі қалтырана таң қалады. Сұржекейдей аты-шулы құдірет иесіне атқосшы болуға жарап қалғанына таң қалады. "Астапыралла" дейді. "Астапыралла! Кешегі ерні жарық - жарық боп табаны жарқылдап қой соңында шауып жүретін, жаман Қозбағар, қарашы бүгін, мұздай қару асынған мелиса. Басқа біреудің емес, дүйім бір елді "ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында" ұстап отырған Сұржекейдің дәл өзінің атқосшысы. Астапыралла! Адам айтса сенгісіз нәрсе ғой осының бәрі. Совет өкіметінің құдіреті ғой осының бәрі?"

"Сары ишан" ауылынан аттанарда Қозбағар осындай бақытты сезімдерді бастан кешкен. Сол жолы көктем де ерте түсіп еді. Күн жылып, қайда қарасаң да бусанып көктеп гүлдеген беткейлер, алқаптар, піл сауыр жоталар. Шырылдаған молда торғай. Сұңқылдаған саршұнақ. Жолды кесіп дүркіреп қашқан кеп киік. Анадай жерде жұмыртқа басып қалбиып отырған қарақұс. Мөлдір, таза ауа. Жасанып, толықсып жатқан жапан дүз. Дариға - ай деп күрсін атады Козбағар. Баяғы бала күндерін аңсап күрсінеді. Екі салт атты сар желіп жабағы жусанды көлденең кезге соқтырып шыға келгенде қарсы алдынан кең ашылған ақ шашақ бидайығы теңіз бетіндей толқыған ат шаптырымдай алапта көл бетіне қонған аққудай шоғырланып ақ боз үйлі бір топыр ауыл көрінетіндей лүпілдейді жүрегі. Түйе сауып бота байлаған, қозы-лағы ауыл төңірегінде дүркіреп ойнаған, қыз-келіншектері қызыл-жасыл киініп жасыл желек беткейде сыңқылдасып күліп гүл терген, жігіттері асаумен алысқан, асық ойнап бала-шағалары құдық маңында шуылдасқан, қатын-қалаштары есік алдында түтіні будақтаған ошақты төңіректеген ескі ауылды көргісі келеді. Бейбақ жаны бейне тұлыпқа мөңіреген сиырдай, ботасын көксеген аруанадай боздайды. Бірақ, қыр басына екі атты боп сау етіп шыға келгенде алдында хан базардай қайнаған ауыл емес, аңырап бос алап жатады. Аңқылдап жел еседі. Тегіс өскен раң, боз, бидайық басы құбылып күміс толқынданады. Сыбдырлап, сусылдап, сыңсып тұрады. Елсіз қалған, иесіз қалған, ауылсыз қалған тұл медиен жырын сыңсыйды. Жолаушыға паш етеді.

Ішінде ит өліп жатса да байқатпайтын қиын кісі Сұржекей. Иен дала, ұзақ жолда жолсерігімен тіл қатып сөйлесу деген дінінде жоқ. Солқ-солқ желген жарау жирен белінде сұрақ белгісіндей имиіп қабағы қарс жабылып қалғып-мүлгіп келе жатқаны. Қозбағардың бары-жоғын, мүлде ұмытады. Сұржекейдің бұнысын алғаш тосын көрген Қозбағар келе онысына да үйреніп алды. Бір жағынан, тіпті ыңғайлы. Әркім өз ойымен өзі. Оңаша, үнсіз келе жатады. Борт-борт желіп, Сұржекейдің ізіне ересің де отырасың.

Ымырт үйіріле алдарынан бір от жылтылдады. Қуанып кетті Қозбағар. Иесіз түнгі медиен түкпірінен жылт еткен үміт оты, көңілге жылы ұшырайды. Жақындай келе жалғыз үй екені анықталды. "Ақбұлақ" басында Құлатай деген жатақ болушы еді. Атамзаманнан бұлақ басында егін салып, жалғыз үй отырушы еді. Соның үйіне ұқсайды. Терезелері өлеусіреп бұлдыр ғана жарықтанған бәкене ғана ұзынша балшық үй. Арқа тұсынан жапсарлас жыңғыл қора салынған. Ішінде мал - қора байқалады. Анау төменірек ылдида тағы бір қора қарауытады. Қоршалған егін болса керек. Алдарынан шауып екі-үш барқылдақ төбет шықты. Көп ұзамай сыртта отағасының өзі бой көрсетті. Жақындай келе Сұржекейді көргенде шабалаңдасқан иттеріне ақырып - жекіріп ұмтылды. Иттерін, сөйтіп, тырқыратып қуып тастап, бәйпектеп, қайта айналып келіп Сұржекейдің атының шылауына жармасты.

— Өзім байлайын. Жәке, өзім! — деп буы бұрқырап терлеген жиренді қораның ығына қарай жетелей жөнелді.

Сұржекей тамағын кенеп жөтелді. Қалтасынан папирос алып сіреңке тұтатты. Шылым шекті, Сықырлауық есік ашылып іштен бір жас келіншек шықты бұралып. Отағасы сол-ақ екен:

— Тұрымтай! Тұрымтай! — деп бебеу қақты.— Жекең келді, төсек сал! Тез бол!

"Тұрымтай" атты келіншек бұларға жарқ етіп бір қараған тәрізденді. Қараңғы да өңі көрінбесе де Қозбағарға солай көрінді. Отағасы келіншектің атын атағаны несі деп ойланып әрі-сәрі болды Қозбағар. "Әйелі болғаны ма, сонда?", "Ойбай-ау, мына шалдың тоқалы болғаны ма, әлгі келіншек?! Уыздай уылжыған келіншек?"

Атын байлап жатып өз ойымен өзі алысады. "Құлатайың кемінде алпысты еңсерген қу аяқ емес пе? Сонда әлгі..."

Осы арада есіне сап ете түсті. Кешегі 32-інің аштығында егін салған Құлатай тоқ болады. Оймауыт даласынан Нарқамысқа қарай шұбырған аш ел Құлатайдікіне соғып түней -түстене өтеді екен. Құлатай сол жылдары "шық бермес Шығайбайдан" асып түседі. Бала-шағасын жетелеп жаяу-жалпылап шұбырған кешегі ағайынды Құлатай бір үзім нан бермей қара сумен, сірә мырзалығы ұстап кетсе сол қара суға талқан шайып беріп аттандырып отырады. Бір қасық сүт, не бір кесек ақ ішкендері Құлатайдың мырзалығын аңыз етіп елге жаяды. Сондай бір ашыққан момын шаруа аты есінде жоқ, Құлатайдың үйіне сүйретіліп әрең жетіп бой жетіп қалған қызын тастап, оның есесіне азын-аулақ тары алып, шұбырған елдің соңына ереді. Сол әңгіме есіне сап ете түскені. Рас болғаны - ау сол әңгіменің. Сол жетім қызды тоқал етіп алған болды - ау, Құлатай.

Әлгі келіншек уыздай... қынама бел камзол киген, басына шашақты ақ жаулық тартқан...

Сұржекей темекісін сорып бола бергенде тағы бой көрсетті есікті ашып. Бұл жолы басқа есіктен шықты. Үйдің екі тұсында екі есік бар екен. Екі әйелдің есіктері екі бөлек болғаны - ау.

— Ал, кіріңіз, Жеке! — деп отағасы жортақтап барып есікті кеңірек ашып бас қонаққа құрмет көрсетті. Босағада көзі танадай жарқырап сызылып тұрған қара торы келіншек Сұржекейге қарап ақ тісі жарқырап ұяла күлді. Бұрыннан танитынын байқатты.

— Иә сәлем бердік, кербез жеңеше! — деп Сұржекей жарықтық күліп келіншектің қолын қысты. Ұстаңқырап тұрды қолын. Келіншек:

— Сәлеметсіз бе?! — деп сыңқ етті. Майыса қалды. Үстіндегі зер жағалы қырмызы камзолы, етек - жеңіне өрнек төккен қос етек ақ көйлек — онсыз да көрікті келіншектің ажарын одан бетер ашып гүл-гүл жайнатқандай. Айтпақшы, мана алғаш көрінгенде келіншектің кигені ақ көйлек сияқты емес еді, қызғыш па, қоңыр ма, әйтеуір, бұндай жарқыраған ақ емес еді. Енді, міне, әбзаматта жасанып ақ көйлек киіп жарқырап шығыпты. Құлағында үлкен күміс шығыршық сылдыраған. Қолы толы жалпақ білезік, сақина. Қозбағар байғұс аңқиып қарап қалса керек. Отағасы:

— Кір! Кір! — деп ішке икемдемегенде аңқиып тұра беретін түрі бар екен есік алдында. Түу, сүйкімдісін кәпірдің тура түлкінің күшігіндей. Қозбағарға да жылмиып күле қарайды, әдемі ерні әнтек ашылып сәлемдескен болып.

Келіншектің жанынан ішке өте беріп... өте бергеніне сұмдық өкініп барады. Мына әдемі асықтай келіншектің албыраған бетінен сүйе алмағанына өкініп барады. Сүйе алмайтынына өкініп барады. Мына шоқша сақал қара шал күнде сүйетін шығар шөпілдетіп, ал... Қозбағар тіпті қолын да ұстай алмады - ау. Әділет қайда? Әділет жоқ. Іші ит жыртқандай. Рас Қозбағарда ажар жоқ. Икем жоқ. Орамды тіл де жоқ. Әйтеуір, қомпиған біреу. Содан болар, шешесі тауып берген, нағашысы Жәутік дегеннің момын қызына үйленді. Қой ауызынан шөп алмас жуас. Қозбағар дегенде шығарға жаны жоқ. Өзін Қозбағар да жақсы көреді. Жуастығын басынып зәбір көрсетпейді. Әйелін менсінбеген кейбір жігіттердің әдетіне салынып көлденең жүріске түсу де жоқ бұнда.

Оған бола Қозбағарда сезім жоқ екен деп ойламаңыз. Сезім жоқ кісі елді шулатып кезінде Хансұлуға ғашық болар ма еді. Сонда өзі Пахраддин үйінің қозысын баққан малайы. Сөйте тұра ауызды Пахраддиннің жалғыз қызы Хансұлуға салды - ау. Өкіметтің арқасы. Батырақты байға теңеген, садағаң кетейін, социализмнің арқасы. Аз-ақ қалды, Хансұлуды алуға. Атаңа нәлет Әзберген болмағанда Хансұлу бұның әйелі болуға сәл-ақ қалып еді... Құрсыншы... ол күндер... қайғы болып өтті де кетті ғой. Содан бері сұлу қатын көрсе... зәресі ұшады, беталды тұра қашқысы келеді, тіке қарамай, көзін тайдырып әкетеді. Бүгін өйту жоқ. Ақ көйлегінің етегі көлбеңдеп отырып, тұрып, шолпысы сыбдыр қағып дастарқан жәйіп, шайға жасаған екі бетінің ұшы алмадай албыраған тобылғы торы асықтай келіншектен көз алалар емес. Тіптен аңсары ауып есі шығып отыр Қозбағардың. Шын беріліп іштей құлап қалған. Осы сылқымнан келген пәленің бәріне көнуге бар. Отқа ұмтылған көбелектей. Осы жалынға қанаты күйсе арманы жоқтай. Қозбағардың есеңгіреген қалпын сезеді сұлу келіншек. Ауыр білезікті жұмыр ақ білегін әнтек соза, шай кесе ұсына отырып шырайлы өңі сәулеленіп жымияды.

Қозбағарда ес жоқ. Төрде әдемі құрақ көрпешенің үстінде шашақты қызыл көпшікті шынтақтап жатып шай сораптаған Сұржекей мен екі көзі маңдайында бадырайып апалақтаған үй иесінің сөзін бірде естісе, бірде естімейді. Байғұс Құлатай шал екі көзі тас төбесінде алақтап көл жағасында отырған көлбақадан аумайды. Төрде шұбатылып жатқан Сұржекей болса сұржыланды еске түсіреді. Ызғарлы. Зәрлі. Қаласа қарсы алдында мына қалбиып отырған көлбақаны жұта салады. Қаламаса жұтпай шыдай тұрады, әзірше, арбай тұрады. Осы көлбақаның тірі жүргенінің өзі шын туа мына сұржылан көкесінің арқасы екені байқалады. Әңгімелерінің нобайынан соны сезеді Қозбағар. Сұржекей де бұ шалға қамқорлық танытып пейіл беріп отыр. Сұржекейдің бұлай мейірімі түскен жанды Қозбағар алғаш көріп отыр. Әңгімелерінің түрі кейде тіпті бір-бірін көптен білетін әмпей-жәмпей жандарға да ұқсап кетеді.

Қоржын үйдің Қозбағарлар отырған жағы екі бөлме мына жұтынған сұлу Тұрымтайдікі сияқты. Бұлар шай ішіп отырған кеңдеу бөлме ас үй болса, қапталдағы шағын ғана тап-таза құстың ұясындай екінші бөлме Тұрымтайдың жатар жәйі екені көрініп тұр. Жас келіншектің жатар орнына тән жасау — қырмызы шымылдық. Қат-қат жиналған көрпе, жастық. Қызыл - жасыл. Көздің жауын алады.

Шайдан кейін бір шөлмек арағымен ас келді. Астан кейін жататын уақыт болды. Темекі тартып бой жазуға Сұржекей бастап бұлар булары бұрқырап сыртқа шықты. Шашбауы сылдырап - гүлдіреген Тұрымтай күйбеңдеп үй ішін тазалап қонақтарға төсек салу қамына кірісіп жатты.

Сырт тастай қараңғы. Аспанды қымтаған бұлт. Жұлдыз көрінбейді. Жаңбыр исі бар. Болмашы дымқыл бүркіп тұр. Көктем исі, бүр жарған қышқылтым жусан исі танауды жарады. Құшырлана жұтады содан Қозбағар. Көкірек кере тыныс алады. Өмір шарабын жұтқандай жан сарайы кеңіп, мамыражай бір масаң күй кешеді. Азғана татқан арағынан ба, әлде, әлгі келіншектің балдай тәтті жанарынан ба буыны босап жіпсіп масайрайды. Тәлтік бой Құлатай байғұс Сұржекей не айтса соған мәз. Өп-өтірік шақалақтап күледі. Сұржекейді төңіректеп бәйек қағады. Әредікте, Сұржекей қабақ түйіп жазатайым гүрк жөтелсе, алақтап екі көзі тас төбесінен шығады. Біраздан кейін Тұрымтай есік ашып бой көрсетті.

Бұлар ішке кірді. Үй-іші қаракөлеңке. Май шам бүк тұрулы. Төрге екі кісілік төсек салыныпты. Әдемі ұқыпты салынған. Бұлар үйге кіргенде шашбауы сылдырап - гүлдіреп Тұрымтай сыртта қалған. Үй иесі әпек - жәпек боп:

— Жәйлі жатып жақсы тұрыңыз, Жеке!— деп, бұлардың басы жастыққа тиісімен шамды сөндіріп қалбалақтап шығып кетті.

Қарын тартқан, терезенің болмашы саңылауланған сілемі болмаса үй ішінде түк көрінбейді.

— Жаттық па, бала?!— деп қойды Сұржекей.

— Жаттық,— дейді Қозбағар артық сөз айтуға қорқып.

Тастай қараңғы үйде Қозбағардың көз алды самала жарық сияқты. Уыз жас келіншектің шырадай жанған жанары әсіресе көз алдынан кетер емес. Қылымсып күлгені тіпті кісі өлтіретіндей. Адамның жанына от сала күйдіретіндей. Әйтеуір, кеудесінде қыбыр еткен шыбыны бар еркекті түртпектеп тірілтіп, оятып, өзіне тартып әуре еткендей. Сондай бір құдіретін сезді бұл келіншектің.

Жан сезімі осылай астан-кестен болып жатқанда, есік ашылған тәрізденді. Қозбағар демін жұтып сілейіп қалды тың - тыңдап. Сылдыраған шашбау үні. Өзге тырс еткен сыбыс жоқ. Сылдыраған шашбау баяу сыбырлап, жібектей жылжып ішкі бөлмеге өте берді. Аяқ басқаны сезілер емес. Тек, мұрынға жағымды бір нәзік жұпары келіп, жуас леп есіп өткендей.

Жүрегі атша тулады. Жанынан жылжып өткен түн перісі дерсің. Бағы ма, әлде соры ма байғұс Қозбағардың? Кезінде Хансұлудың отына күйгеннен кейін қалған өмірінде сұлу ұрғашыға сүқтанбауға серт етіп еді. Сол серттен бүгін неге тайды? Өз обалын өзіңе енді, Қозбағар.

Қозбағар осылай өз ойымен өзі алысып біраз жатты. Терезеге тартқан қарынға тиген жаңбыр толассыз сыбырлайды. Сөйтіп жатқанда Сұржекей жөткірінді. Қозбағардың зәресі зәр түбіне кетті. Демін жұтып сілейіп қыбырсыз қалды. Сұржекей қозғалды. Басын көтерген сияқты. Орнынан тұрған тәрізді болды. Енді сыртқы есік ашылар деп ойлаған Қозбағар. Жоқ. Сыртқы есік ашылмады. Сұржекей ішкі есікке қарай қозғалыпты. Жүрегі ыршынып кетті Қозбағардың. "Мәссаған" деп ойлады "Ал, керек болса!" Атойлаған жүрегі біразға шейін дүрсілдеп ештеме естіртер емес. Қыбыр етуге қорықты. Бұның ояу екенін білмеуі керек Сұржекей. Ала құйын сезімі әрең дегенде сабасына түсті ішкі бөлме жаққа еппен құлақ түрді. Сыбырласқан, асығыс шапшаң дыбыс құпия пыш-пыш әңгіме. Ынтығып бір-біріне әзер қауышқан ғашықтар, тура. Ал керек болса! Козбағар соны күн ұзақ неге аңғармаған? Өмір бойы өстіп алданып жүретін әдеті - ау байғұстың. Жат енді осылай, ауызың пәңкиіп, қыбыр етпей. Одан әрмен тың - тыңдауға кірісті Қозбағар. Өйтпегенде лаж не? Үздігіп үзік-үзік сыбыр қағады. Шөпілдесе сүйіседі. Бейне аңқалары кеуіп қалғандай.

Осы арада Қозбағар төсегінен атып тұрып қараңғы үйден шыға қашқысы келді. Беталды безгісі келді. Бірақ, белгісіз бір құдірет бұны қыбыр еттірер емес. Албастыдай басып қимылдатар емес. Келіншектің үні құбылып шығады. Қозбағар екі құлағын тас қып тығындап, жиырылып, көрпенің астына кіріп кетті. Әлгі үн, әзәзіл үн бұны сонда да қуып жетіп қуырып барады. - Табаға салып шыжғырғандай. Дозақ отына қақтағандай. Бір өліп, бір тірілді Қозбағар. Адамның адамнан көретін азабының нобайын көрдім деп ойлаушы еді, онысы бекер екен, көрмегені көп екен... Қозбағардың.

Осы сапардан кейін Сұржекей бұны мүлдем езіне жақын тартты. Қозбағардың біртоға момын, әрі езіне берілген адалдығына біржола көзі жетсе керек. Бастығына Қозбағар шынында адал еді. Қалай адал болмасын. Сұржекей осы өлкедегі өкіметтің өзі десе болғандай. Кешегі бай-құлақтар бас көтерген кәмпеске жылдарында кедей - бай боп тірескен таптық айқас жылдарында Совет өкіметі үшін жар құлағы жастыққа тимей жорытқан кім? Сұржекей. Талай бай - балпанды бір шыбықпен айдаған кім? Сұржекей. Кім біледі, бұл ауданда Сұржекей болмаса өкіметтің хәлі не боларын. Шынын айту керек, осы ауданда өкіметті ұстап тұрған Сұржекей. Осы аудандағы Сталиннің оң қолы, оң көзі Сұржекей. Сол үшін, Сталинге адалдығы үшін жақсы көреді. Сол себепті бұл құрақ ұшып Сұржекейге қызмет етеді. Сұржекейге қызмет еткенім, жарқын бақытты болашаққа қызмет еткенім деп біледі. Сол себепті Сұржекей дегенде жаны қалмайды. Жүгіріп кеп сәлем береді. Қолтықтан сүйеп аттан түсіреді. Жүгіріп барып есікті ашады. Лып етіп қолына су құяды. Жататын кезде жастығын алып береді, тұратын кезде етігін әпереді.

Осы сапардан кейін Сұржекей бұны үйіне араластырды. Қой сойып, отын жаруға, су әкеліп, қора тазалауға Қозбағардың жүргені, мұрын ұшы тершіп. Бір жағынан Қозбағарға осы тіпті оңтайлы болды. НКВД- інің кабинетінде сарсылып отырып, ми қажап қағаз толтырғанша осы емес пе рахаты. Қой аузынан шөп алмас Бибажар ше, әлгі үйіндегіні айтады, келіншегін, азаматы қызылтанау боп Сұржекейдің үй шаруасын істеп жүргесін, оған не жорық. Ол да араласты екі білекті сыбанып жіберіп Сүржекейдің үй шаруасына. Қой сойылса — ішек, қарын тазалайды. Үй сыпырыса — күл төгеді. Көп ұзамай Сұржекейдің қысыр жыландай қайқаң қаққан қатпа қара қатынының қолбаласы боп шыға келді. Сұржекейдің қатпа қара қатыны Қатша жеңгейдің бір тәуірі — тілі майда. Бірін —"қайным" деп, бірін —"келін" деп жұмсағанда бар ғой, қалай жүгіріп кеткеніңді білмей қаласың. Шаршасаң, тағы да алдайды. "мынаны іше ғой, мынаны жей ғой" деп. Сұржекейдің үйі етсіз тұрмайды. Әйтеуір тұс-тұстан қой дегенің ағыл-тегіл келіп жатады. Оны соятын Қозбағар, бұтарлайтын Қозбағар. Ішек-қарнын тазалап, бас-аяғын үйітетін Бибажар. Кешкісін үйлеріне қайтқанда Қатша қалды тың - тыңдап. Сылдыраған шашбау үні. Өзге тырс еткен сыбыс жоқ. Сылдыраған шашбау баяу сыбырлап, жібектей жылжып ішкі бөлмеге өте берді. Аяқ басқаны сезілер емес. Тек, мұрынға жағымды бір нәзік жұпары келіп, жуас леп есіп өткендей.

Жүрегі атша тулады. Жанынан жылжып еткен түн перісі дерсің. Бағы ма, әлде соры ма байғұс Қозбағардың? Кезінде Хансұлудың отына күйгеннен кейін қалған өмірінде сұлу ұрғашыға сұқтанбауға серт етіп еді. Сол серттен бүгін неге тайды? Өз обалын өзіңе енді, Қозбағар.

Сұржекейдің хәлі бұдан да мүшкіл еді. Кезінде "өзі асырап ит еткен күшігі" Құлбергеннен керді көресің. Жастайынан жетім өсіп өмір құқайын бір кісідей кердім деуші еді. Онысы бекер екен. Әрі көрмегені көп екен. Кісіге қаталдығымен аты шыққан Сұржекей, өмірде өзінен де өткен безбүйректің барын білмейді екен. Құлбергеннің нағыз жендет екенін білмейді екен. Рас, аудандық НКВД- іге бұның қоластына келіп істей бастағанда бұл Құлбергеннің тұтқындарға қаталдығын байқаған. Өзге жігіттердің иіне көнбеген "асауларды" Құлберген бір-екі күнде илеп жіберетін, жіптіктей етіп жіберетін. Оның бұл қасиетін онда Сұржекей өз ісіне нағыз берілгендік, майталмандық деп бағалады. Қолпаштады. Өзгелерге үлгі етті. Облыстық НКВД- інің ұсынысымен бұның қол астына оперуполномеченный боп келген бұл бақа қара жігітпен кикілжіңі неден басталды? Бәрі сол хаттан басталды. Өткен жылдың күзі еді. Қарашаның аяғы еді. Ел ішін жат элементтерден тазарту науқанының нағыз жанып тұрған кезі. Домалақ хат "Жаңа жол" ауылынан келіп түсті. Хат қазіргі саясатты жақсы білетін кәнігі, ысылған қолмен жазылыпты. Баяғы "коллективтендіру" жылдарында банды боп кеткен әйгілі Бұлыш мергеннің көзі тірі кәрі шешесі Дәуапа туралы жазылыпты. Тәжрибелі жазғыш тура сол түптен — Бұлыштың Совет өкіметіне қарсы болу тарихынан бастапты. Бұлышты баспашылар қолынан өлді демепті, Совет өкіметінен қашқан ауылды Пахраддин екеуі Қарақұм арқылы Ауғанстанға қарай алып бара жатқанда құмда аштан өлді депті. Сондай, қолына қару ұстап Совет өкіметіне қарсы күрескен бандит баласын қақбас кемпір әлі күнге шейін ауыл шетіне шығып алып ешкі баққан болып жүріп күңіреніп жоқтайды деп жазыпты. Кәрі қақбас бандит баласын жоқтап қана қоймайды, айдалаға шығып алып сарнап дауыс етіп қазіргі заманды қарғайды депті. Совет өкіметіне шын берілген "Жаңа жол" ауылының бір топ пионері Дәуапаның Шилі сайда ешкі бағып жүріп, талай рет Бұлыш бандитті сарнап, зарлап жоқтауының куәсі болған. Айналып келгенде анықталған пәкті — қақбас кемпір Дәуапа Совет өкіметінің "Жаңа жол" ауылындағы қас жауы. Кешегі ескі өмір, Мекалайды аңсаған, бүгінгі іштен шыққан шпиондар Шеге, Апанастардың арамызда қалған агенті. Одан әрі Дәу — апаның "өкімет өкілімін" деген адамдарға тіл тигізетіні, өкіметті мойындағысы келмейтіні жазылған.

Құлберген әкеп берген осындай хатты оқып шығып қоңыз мұрты жыбырлап тұтығып, түйіліп қалды Сұржекей. Осы уақиғаның сәл алдында ғана Сұржекей аудан бойынша тағы 20 кісі ұстауға обыстық НКВД- ден ауызша құпия нұсқау алған. Ол жиырма адамның бәрі түгел жасы алпыстан асқан, ауыл арасында ықпалды адамдар болуы керек деген нұсқау болды. Сұржекей Ақтөбеден келісімен бөлімшеде. есікті ішінен ілдіріп алып жетекші 5-6 чекиске орталықтың құпия тапсырмасын естірткен. Орталықтың аты — орталық, нұсқаудың аты — нұсқау. Сол күннен бастап ауыл ақсақалдарын ұстаудың қауырт науқаны басталып та кеткен. Ықпалды кісілерді ұстаудың керектігі, Сұржекейдің түсінігінше — бұлар ел ішінде ықпалды болғандықтан, әрі ескі көзқарасты болғандықтан халықты кеңес ісіне қарсы буржуазияшыл ұлтшылдардың ізімен капитализмге бұрып әкетеді-міс.

Осылай ұқты бұ науқан саясатын Сұржекей. Қол астындағыларға осылай ұқтырды. Жиналғандардың ішінде Құлберген де болатын.

Мына хат тура осы науқанға сәйкес келді. Хатты оқып шығып Сұржекей өзінен өзі тырсиды. Ызаланды. Қанша қатал болса да, қанша қаныпезер болса да чекист Сұржекей қолын қатын-қалашқа былғаған емес-ті. Есі бар аңшы ешқашан киіктің текесі тұрғанда киіктің ешкісін атпаған ғой. Еркегін атқан ғой. Малдың ғана емес, жанның да ертеңін ойлаған ғой. Мына хатты әкеліп жұлқынып тұрған бәтшағар сонда немене, "кемпір агент" дегенге шынымен сенгені ме?!

— Жала болар... қисынсыз...— деді сөзінің жартысын жұтып.

— Тексеру міндетіміз... бәрібір...— деді Құлберген. Тік. Қайтар емес.

— Тексер...— деді күреңітіп Сұржекей. Әттең сол арада "прекрати!" деп ақыру керек еді, Құлбергенге. Ақыра алмады. Нағыз қазақ сол жерде Құлбергендей қырттарды жерге тығып жіберер еді. "Иттің баласы, не оттап тұрсың?! Енді көгендеп аналарымызды қаматуымыз қалған екен ғой! Доғар, хайуан! Қараңды батыр! Елдің бетін енді қайтып көрме!!!" деп Құлбергендеріңнің ит терісін басына қаптап, айдап салар еді. Халық алдында қарабет етіп, елден бездіріп жіберер еді. Нағыз қазақ сөйтер еді. Сұржекей өйте алмады. "Тексер!"— деп күңк етті. Құлбергеннен жиіркеніп және сол жиіркенішін жасырмай қабарып теріс айналды.

Құлберген тексерді. Хатта айтылған фактілердің бәрін расқа шығарып құшақ-құшақ протокол алып келді "Жаңа жолдан". Сұржекей не десін.

— Қас масқара боламыз!... Кемпірге тиісудің керегі жоқ!— деді жұқалап Құлбергенге.

— Прокурордың ордері міне!— деді Құлберген. Сол - ақ екен талағы тарс айрылды Сұржекейдің.

— Неге, еркінсисің?! Кім рұқсат берді саған, прокурордан санкция сұрауға?!— деп бұрқырап кетті.

— Рұқсатты маған берген... әділдік!!!— деді бақа қара Құлберген шақ етіп сүзетін текешіктей едірейіп. Шаптығып, шабынып тұр.

Бұл сонда-ақ сезген, осы Құлбергеннің "жәй Құлберген" емес екенін. Сонда-ақ сезген, бұл әңгіменің дереу тиісті орындарға жететінін. Құлберген өз дегенін істеп тынды. Дәуапаны "РИК шақыртып жатыр" деп Нарқамысқа алдыртып, алдастырып ертіп әкеп НКВД- інің түрмесіне жапты да тастады.

Ер пішінді, ірі, қауқиған қара кемпір Дәуапа, сонда:

"Е, бәсе, ниетіңді енді ұқтым, қалқам! Бәсе, мені қай бастық керексіне қалды деп ем - ау, қастерлеп шақырып ап сөйлесетін! "Бастық емес, түрме еді" десеңші Дәуапаны керексінген. Әдіре қалғыр, кезінде бұның бандит баласын қолға түсіре алмап едік, енді соның есесіне шешесін қамайық" дегендерің екен ғой! Е, жөн екен! Әй, болыпты да, түбі бір өлім ғой..." депті даудырлап. Осыны естігенде өзінен өзі жер болды Сұржекей. Өз-өзінен қор болды. Өзі билеп тұрғанда "бұл ауданнан қатын-қалаш, бала-шаға ұстатпаспын" дегені бар еді, осындай сұмдықтардың талай жерде болып жатқанын естігенде. Рас, саясат, кісінің жасына, жынысына қарамауға тиіс. Саясат баршаға ортақ болуға тиіс. Сол себептен де қазір партияны, Сталинді сатып контрреволюциялық жолға түскендердің өзімен қоса әйел, бала-шағасы, бауырлары да аласталып жатыр ғой. Бұл — дұрыс, әрине. Тазарғаннан кейін осылай тазарту керек, біржола. Болашақта шынайы, әділетті қоғам құру үшін кір-қоқыстың бәрін сыпырып тастау керек, осылай. Құрту керек көзін. Дей тұрғанмен, ауылдың аты — ауыл ғой. Бұнда жағдай басқаша ғой. Ақсақалын, азаматын бұтарлағаннан кейін қатын-қалаш, бала-шағада не қауқар қалсын? Айдаған жағына жүре бермей ме қара қойдай топырлап. Саясатынды қайтсын олар... Бас көтеруді бес атасына дейін ұмытпай ма... Не айтсаң да "құлдық" деп тұратын салпаң құлақ құлдың дәл өзі болады ғой, бұ халық. Саясатқа керегі де сол емес пе? Ендеше, қатын-қалаш, бала-шағадан қауіп етудің не жөні бар?!

Осылай ойлаған Сұржекей. Сұржекей осылай ойлағандықтан да, осы кезге дейін бұл ауданнан бірде - бір әйел, не кәмелетке толмаған бала ұсталып көрмеп еді.

Дәуапаның ұсталуы — сол дәстүр шырқының бұзылуы еді.

"Қайда әлгі, Сұржекей дегендерің?! Шақыр бермен көзіме көрінсін! Әкесінің құны қалғандай атқа мінгелі аңдығаны Бұлыш болып еді. Күн бермеп еді, құмға қашса да қуғындап, елден, жерден бездіріп, қыры өліп құтылып еді, осы "қызыл көздің" құрығынан. Енді, Бұлыштың өзінен ала алмаған өшін, шешесінен алмақ екен ғой, құдайдан безген жендет. Шақыр бермен, ЕНКВ болмақ тұрмақ, анау мұртты құдайы — Сталиннің кіндігінен салбырап түссе де, ит терісін басына қаптайын, харам неменің!"— деп Дәуапа, атқора түрмені басына көтеріп дар-дар айқайлады.

"Ойбай, апа, ақырын! Сталинге тіл тигізбеңіз!" деп бебеу қаққан Қозбағарға болар емес қиқар кемпір.

"Әдіре қал, ой, жаман Уәпдің боқмұрыны! Шешеңнен артық болып па Сталин? Әкеңнен артық болып па? Сол мұртты көсеміңе алып баршы мені, көрейін, қайдан шыққан құдай екенін! Ит терісін басына қаптап берейін, анасынан арам сүт емген, ондай харам жендетті!" деп гүрілдеп, гүжілдеп екіленіп кетті Дәуапа. Қозбағар су берсе керек.

"Әкет әрі, сендердей харамдардың қолынан нәр татпағаным! Әкет!!!" деп зекіп тастады Дәуапа.

Дәуапаның жүзін көруге дәті бармады Сұржекейдің. Тездетіп атының беліне қонды да, "мен ел аралап кеттім" деп тартып отырды. Нарқамыстан кеткенше асықты. Дәуапаның дауысы бұл қыр асқанша естіліп тұрды ауыл тұстан.

Содан жеті күн жүріп, біраз арыз, домалақ хаттарды тексеріп Нарқамысқа оралса, "Дәуапаны кеше ғана жерледік" деп отыр екен жігіттер. Дәуапа сол нәр татпаған күйі, теріс қарап алты күн жатып жан тапсырыпты. Жігіттер түнде апарып ешкімге көрсетпей мола шетіне көміпті. НКВД түрмесінде өлген тұтқындарды осылай түнде апарып жұртқа көрсетпей жерлеу — көптен дәстүрге айналған-ды.

Не десін Сұржекей. Үндемеді. Сазарып, қанын ішіне тартып, мүштүгіне темекісін салғыштады. Саусағы икемге келіңкіремей, тосылды. Содан кейін, мүштүкке темекі толтырып болғаннан кейін терезеге таман қозғалды. Аяғындағы әміркен етік аяғын басқан сайын "зар еңіреді". "Шиқ", "шиқ" етеді. Сталин көкесіне ұқсап шіреніп басады. Саусақ ұшына мүштүгін қондырып мемлекеттік үлкен мәселелер шешкенде ұлы көсем дәл осылай асықпай зілденіп кабинетіне сыймай теңселеді дейді. Сонда Сталиннің аяғындағы етігі көсем көкірегінде қордалаған ауыр ойдың салмағын көтере алмай "шиқ", "шиқ" шыңғырады-мыс. Сондағы көсемнің ауыр қозғалып жүрген кемеңгер тұлғасы жиі-жиі елестейтін бұған. Түсіне де кіретін. Соны ойлай-ойлай ақыры, өзінің де жүріс-тұрысы, сөз саптасы, мүштүктен асықпай темекі сорысына дейін көсемге ұқсап кетті. Сол, ұқсағанына қуанатын. Жанынан содан ләззат табатын, тірлігіне демеу табатын. Қазір де бір жағынан — Дәуапаның өліміне сәл-пәл ренжісе, екінші жағынан — өз кабинетінде сондай ауыр ойларды көкірегіне құйып шиқылдауық етігіне "ән салдырып" жүргеніне ұлы көсем тәрізденген сәтіне шүкірлік етті. Әлі де өз бойындағы құдірет, күш, билікті сезіп, түйсініп сол сезімнен жүрегі құпия бал сорғандай құшырланды. Қанша айтқанмен, осы уақыттың Отан болашағы үшін, тарихи мәні ұлан - ғайыр. Бұл — оқиға, 37 жыл оқиғасы шын революциялық төңкеріс деуге лайық. Қоғамдағы троцкийшіл, зиновьевшіл, буржуазияшыл - ұлтшыл, контрреволюцияшыл жат пиғылды жандардан жаппай бір құтылатын болды. Халық бір тазаратын болды. Тазарған ел ендігі жерде мамыражай өмір сүріп, алаңсыз, еңбек етіп, бақытты болашаққа ұйымшылдықпен нық қадам басатын болады. Бұған Сұржекей басқарған аудандық НКВД- інің де қосқан үлесі аз емес. Тек осы бір... Дәуапаға байланысты осы бір келеңсіз жағдай ғана көңілдің шырқын бұзды. Бірақ енді... революция кезінде не болмайды. Рас, "революция құрбансыз болмайды."

Сұржекей терезе алдына келіп иек астындағы өңшең жыпырайған балшық үйлерге, ауылдың арғы жағындағы қырат үстіндегі зиратқа, одан әрімен күн астына қарай кетіп жатқан Жем өзенінің кең шұбалаң аңғарына көз салды. Кең дүние — алақаныңа салғандай. Өзі биіктен қарайды. Өзі бір құдірет иесіндей. Мына иегінің астындағы ел қыбыр-жыбыр — құмырсқа дерсің, табанының астыңдағы құмырсқа. Қаласа езе салады осылардың бәрін Сұржекей. Ел біледі бұның құдірет күшін. Бетіңе жан келмейді. Еркегі бар, әйелі бар Сұржекей дегенде етегіне сүрінеді. Құрақ ұшады. Құлың болуға әзір. Күңің болуға бар. Беті жылтыр талай ұрғашысын таңдап жүріп тоқал етті Сұржекей. Кеше бұл жас, жетім кезінде көзге ілмеген талай сұлулар енді өздері келіп Сұржекейдің шылауына оратылды. Қыз-қырқынның қызығына тойды, Сұржекей. Кешегі. жаман батырақты көтеріп, осылай батыр еткен Совет өкіметі үшін өліп кетуге бар Сұржекей. Бұл табынатын жалғыз құдай болатын. Оның аты — Сталин еді. Сталин "ол" десе өліп, "тіріл" десе тірілетін партияның шын берілген солдаты еді Сұржекей. Сөйткен Сұржекейге де кінә тағылды. "Совет өкіметіне іштей іріткі салған Ежов банданың қолшоқпары болыпты". "Кінәсіз халықты қыраң жапқандай етіпті". 37- ші жылдың ылаңына кінәлі жоғары жақта Ежов болса, төменгі жақта Сұржекей болыпты. Не десін бұл Ежовтың бұйрығын орындамадым деп қалай бұлтарады? "Оның қама!" десе оның қамады Сұржекей. "Жүзін қама!" десе жүзін қамады. Ежовтың бұйрығы Сталиннің бұйрығы деп білді. Ежовтың көкірегінде жат пиғылдың жатқанын қайдан білсін Сұржекей. Сөйтсе, бұл Сталиннің емес, Ежовтың ізімен кеткен боп шықты. Сталин жолдас Ежовтың бет пердесін сыпырып сұрқия бейнесін халық алдында жарқ еткізіп ашып отыр. Шындық десе әкесін де аямайтын нағыз Сталинге тән мінезбен мінеки, Ежовыңды да екі бүктеп бір шайнады. Дұрыс істеді. Сатқындарға еш аяушылық болмауы керек. Ондайлардың мүйізін дәл осылай қағып алу керек. Сталин қателеспейді. Ал, бұл... қателесті. Ежовтың қолшоқпары болды. Сол үшін қандай жазаға да дайын Сұржекей. Сол үшін, Отан үшін қателігін мойындады Сұржекей. Бұны ұрды. Тепті. Қорлады. Бәріне көнді Сұржекей. Бір ғана нәрсеге көнбеді. "Сталинді саттың" дегендеріне ышқынып қарсы шықты. "Мейлі, атып жіберіңдер! Мен Сталинді сатқам жоқ. Сталинге адалмын" деп ышқынды. Сол үшін тепкінің де көкесін көрді. Бірақ қалай қинаса да Сұржекей өзінің ұлы көсемге деген адалдық антынан танбады. Керісінше, Құлберген тәрізді иттер бұны домалантып "бұтын — бұт, қолын — қол" етіп қанша "талаған" сайын Сұржекейдің Сталинге деген ыстық сезімі сонша арта түсті.

Осындай не тірі емес, не өлі емес күйде көрші камерада жатқан еді Сұржекей.

Жата - жата жамбасы тесілер болғасын Қозбағар көрдей қараңғы тар қуыс камера ішінде қалқиып түрегеліп қазығын айналған аттай қыбырлауға кіріскен. неше күн ұдай қатарынан қалшиып тұру қандай азап болса, сұлап түсіп жата берудегі сондай қиын екен. Бұрнағы күнгі Сұржекеймен болған оқиғадан кейін, Қозбағар протоколға қол қойғаннан кейін тергеушілер төбесін көрсетуді қойды. Айқай жоқ, ұйқай жоқ, үр, соқ тергеу жоқ, тып-тыныш. Құлағы бітелгендей. Өзі де ес жиып тыңайғандай. Ес жиған сайын уақыт өтпей зілденіп ағымы ауырлай бастағандай. Баянсыз күй кешеді. Анда-санда келіп есіктегі тесіктен сығалап көретін кезекшінің аяқ тықырын алыстан таниды. Құлағы елең етті. Дәліздің арғы тұсынан темір есік салдыр-гүлдір ашылды. Шымыр басқан өзге тосын аяқ дүсірі естілді. Кезекшінің аяқ дүсірі емес. Өзге. Дүсір жақындаған сайын бұның жүрегі өрекпи түсті. Келе жатқандар бір емес, бірнеше кісі — тәрізді. Кілттері шылдырлап бұған жақын бір есікті жедел аша бастады. Қозбағардың жүрегі кеудесіне сыймай ытқырынып барады. Мезгіл түн іші еді. Әлгілердің қолдарындағы шам жарығы бұлтыңдап бүның есігінен де түсіп тұр. Келушілер көрші камераның есігін шиқылдатып ашты. Күбір-күбір сөйлесті. Қозбағардың ойы он саққа кетіп, тықыршып аласұрды. "Не істер екен? Сол жерден қайтар ма екен? Әлде бермен... аттар ма екен?" дейді тағаты бітіп. Сұп - суық есікке сүйеніп үн андып қалшиып қатып қалған. Сол-ақ екен... аяқ дүсірі бұның есігіне қарай бағыттады. Шам жарығы бұлталаңдап секектеп кетті. Кілт шылдыр - шылдыр етті ап - ащы.

Қозбағардың тұла бойы мұздай суынды, жүрегі аузынан шығып кетердей атқақтап , матрастың үстіне жалп беріп отыра қалды, тас қабырғаға арқасын сүйеп. Темір есіктің ұңғысына кілтті шақырлатып, сойдақтатып тыққылап жатыр. Кілт қапелімде ұясына түспей жатыр — шақыр-шұқыр безектеп. Осы арада көзі қарауытып _кеткендей болды. Есіктің қашан ашылғанын білмеді. "Уапов!" деген үнді естіді. "Шық!" деген бұйрықты естіді. Қол шамы бар есік алдында серейіп-серейіп екі-үш кісі тұр. Қозбағар орнынан тұра берді. Осы камерада өзіне тиесілі жалғыз түйіншек бар-тын, басына жастап жүрген. Киім-кешек еді. Соған еңкейе берген, қол созып. "Таста!" деді бұйрық. "Қайтіп келесің... Қозбағар таң қалды. "Қайтып келесің деді ғой..." Шықты. "Кеттік" деді бұйрық. Қараңғы дәлізбен бейтаныс кісінің ізіне түсіп селпеңдей берді Қозбағар. Жер асты дәлізден жоғары шықты. Есік алдында кезекшінің жанында өзі тәрізді ыпыны кеткен біреу отыр. Сұржекей. Бұны айдап әкеле жатқан плащты екі кісі. Плащының астында қаруы бары сезсіз. "Кеттің!" деді Сұржекейге. Сұржекей сүметіліп тұрды орнынан. Плащының біреуі оны қолтықтан ұстады. Сұржекей әлсіз екен. Сүйемелдеп алып жүрді. Есік алды желемік, тас қараңғы. Көлденең тартып мәшине тұр. Қозбағар аспанды шалды. Жұлдыз көрінбейді. Аздап жел бар. Аспанды жапқан бұлт бар. "Мініңдер!" деді бұйрық. Алдымен Сұржекейді икемдеді мінгізуге. Мәшиненің үстінде кісі бар екен. Әлсіз Сұржекейді қолтығынан қармап тартып, көтеріп алды. Қозбағар доңғалақты басып мәшинеге өзі мінді. Кузовтың жақтауынан бұт артып міне беріп әлденені салдыр-сұлдыр басып кетті. Күрек. "Бұнысы несі? Күрегі несі?" деп қылп етті іші. Сол ойын сезгендей-ақ әлгі бұйрық таратушы үн: "Көрші колхоздың тоғанын су бұзыпты. Соған көмекке барамыз" деді. "Кеттік!" деді.

Мәшине қозғалды.

Бұлар кузовта — алтау. Төртеуі тұтқын, екеуі — орган кісілері екенін көріп отыр. Үстеріне плащ киген екеуі кузовтың артқы жағынан орын алған, бұларға жүзін беріп қатар отыр. "Бұлары" өзімен қосқанда төрт тұтқын кузовтың алды жағында шағын бүркеншек астында қараңғы қуыста артқа қарап сығылыса отыр. Сұржекей — оң жағында. Мәшине секірген сайын былқ - сылқ құлап кетердей болғасын Қозбағар иығымен тіреп сүйеп отыр пақырды. Құшақтап ұстап отыруға қауіптенді. "Халық жауымен" құшақтасқан болып кетер деп. Мәшине түн жамылып қала аралап қаңыраған бос көшелерді қуалап кетіп барады. Жарық жоқ. Селт еткен жан баласы байқалмайды. Жым-жырт. Әлде, жұрт мына сұсы суық мәшине, қарулы жендеттерден сескеніп көрінбей қалды ма? Әйтеуір, әдеттен тыс бос қуыс үңірейген көшелер үрей тудырады. Шошытады. Осынау үрейлі көшелердің өзі бұларды атуға апара жатқанын айдан - анық айтып тұрғандай. Оны ұқпастай ақымақ емес еді Қозбағар. Ұқты, түсінді. Көзі жетті. Атуға апара жатқаны анық. "Тоғанды су бұзғаны" сылтау. Алдау. Аярлық. Алдау, арбау, қорқыту үркіту, екіжүзділік тәрізділердің талайын көрді ғой, НКВД- да істегелі бері. Адамның адамға жасар қиянатының небір сортын көрді. Қиянат дегеннің шегі болмайды екен. Адамдықты, адалдықты ойлап қиянатқа қарсы тұрсаң өзіңе зиян жасайды екенсің. Жала жабылғанға қол ұшынды бердім дегенше құрдымға сен де кеттім дей бер. Керісінше күйе жағылғанға жаға түс күйені. Сонда сен Құлберген тәрізденіп көтерілесің, өсесің. Ел, мемлекет тұтқасын Сталин тәрізді қара қылды қақ жаратын әділ көсем ұстап отырғанда қалайша бұндайларға, Құлбергендерге жол беріледі? Миы жетпейді. О жағын ойлай берсе шатасады Қозбағар. Сондықтан бұйрыққа жүгінді. "Бастық айтса болады", шапқылай берді. Сол үшін атпақ... Қозбағар ең болмаса, өздігінен іс қылса бір сірә - ау! Өздігімен зәредей іс тындырды ма екен. Жоқ. Айтқанды істеді. Сонда не кінәсі бар бұ байғұстың? Жазығы бұйрықты орындағаны ма? Жоқ, олай бола қоймас! Бұл тіпті қисыннан жұрдай қиянат қой.

Бұны жазаға кескендердің бірі оңбай қателесіп отыр. Алданып отыр, бір әзәзілдің айтқанына. Шіркін соны ұстаса. ...Осы арада өзінің протоколға қол қойғаны есіне сап етті. Ойбұй, ойбай-ай. Өзін өзі атуға кескен екен ғой. Енді кімді кіналайды? Қылмысыңды мойыңдағаннан кейін бітті емес пе? Біреу жұтқыншағынан қылғындырып ұстағандай ауызымен ауа қармады. Тынысы тарылып бақадай аузын ашты. Бусанып терлеп кетті. Дүние бір уыс болды. Қозбағарды уысына алды. Шымшықтай шырылдады жаны. "Атады!", "Атады!" "Қазір атады!" "Сағаттан да аз өмірің қалды!" "Қоштас жарық дүниемен!" "Мына күректермен көмеді қазір, төртеуіңді". "Мүрдеңнің басына ең болмаса шошайтып бір таяқ та қадамайды. Өзің де сөйтіп жерлеп ең ғой талайды. Енді сөйтіп өзіңді көмеді, өз әріптестерің!" Осылай деп шарқ ұрады жан дауысы. Осы айқайды естіп отыр құлағы. Осы айқайды мәшине үстіндегілердің бәрі де естіп, біліп отыр, әрине. Бұл шындық енді ешкімге құпия емесі байқалады. Сондықтан, тілін тістеп мәшинеде үнсіз шайқалып келеді, бәрі.

Қаланың түстік жағынан шықты. Темір, Нарқамысқа апаратын жолға _шықты. Алыс қалған, жүрегін сағыныш боп сорған өзінің Нарқамыстағы жылы ұясына қарай келе жатқаны аздап та болса дәтке қуат сияқтанады.

Оң жағында ұйқылы - ояудай ырғатылып отырған Сұржекей осы тұста бұны бүйірден нұқыды. Бұл жүзін бұрды. Қараңғыда бет - аузына анық көру қиын Сұржекейдің. Сұржекей бері еңкейді. Бұл құлағын тосты.

— Атады,— деді Сұржекей, сөйлегені ысылдағандай естіліп. Бұл "білемін" дегендей бас изеді. Бұларға қарсы отырған қос жендет бастарын тікейтіп шақшырайды. Қозбағар түк білмегендей біздиіп отыр. Сұржекей де өзінің былқ-сылқ бастапқы қалпына түсті. Жел күшейіп, суылдап, оған мәшине гүрілі қосылып, әрине, бұлардың сыбырын жендеттер естіген жоқ. Естігенде не істейді. Асып кетсе ататыны тұр ғой. Мәшиненің секіруі, шайқалуы, ышқыну жиіледі. Соны пайдаланып Сұржекей бұны бүйірден тағы нұқыды. Бұл жолы Қозбағар сақтық істеп жүзін бұрмады. Басын оң жағына сәл ғана қисайтты. Құлағын тосты.

— Сенің... кінәң жоқ,— деді Сұржекей, сыбырлап. Осы арада мәшине ыршып кетіп екеуінің басы түйесіп қалды.

— Тілдесуге болмайды!— деп шақ етті, қос жендетін бірі. Бірақ, Қозбағар былқ етпеді. Бойында тіптен қорқыныш сезімі жоқ. Керісінше, бір өлермендік, батырлық пайда бола бастапты. Соның арқасында: "АЛ, сөйлесеміз, не істейсіңдер?" деп айтып қала жаздады. Ойласа да, ойлағанын айта алмау әдеті ғой өзінің. Үндемеді. "Кінәсінің жоқ екенін" Қозбағардың өзі де біледі, оның несін айтты Сұржекей? Мәшине тағы ыршыды.

_— Қаш!— деді, Сұржекей күбір етіп, басын әдейі Қозбағармен ұрып алған болып. Қозбағар былқ етпеді. Бірақ, жүрегі ыршып-ыршып түсті. Сұржекей не айтса да бекер айтпайды ғой. Демек, қашуға болады екен ғой. Бірақ, қайтіп, қалайша қашады? Қалай құтылады, _мына аңдып отырған қарулы қос жендеттен? Ол аз болса кабинаның ішінде де біреуі отыр. Шопыр, ол да НКВД болуы мүмкін. Сонда төрт тұтқынды аңдыған төрт жендет. Төртеуінің де мылтығы оқтаулы. Қашып көр. Желкеңнен тарс еткізсін.

Машина селк етті. Сұржекей лықсып кетті бұған қарай.

— Бәрібір өлім! — деді сыбыр етіп.

— Сіз ше? — деді бұл жұлып алғандай. Гуілдеген жел, мотор үніне араласып кетті үні.

— Мен — біттім...— деді Сұржекей.

Мәшине сүрлеу жолдан шықты. Оң жаққа қарай ойысты. Арылдап, гүрілдеп кедір - бұдыр жермен шоқақтай бастады. Қою шаң қолқаны атты.

— Мен бұларды алдарқатам... сол кезде қаш!!!

Осы сәт өзінің не істеп, не қойғанын білмеді Қозбағар. Ойы аласапыран бір қойыртпаққа айналды да кетті. Борша-борша тер кетті, маңдайдан, самайдан, қолтықтан. Жаны мұрын ұшына тақалды. Аласұрды. Қашқан дұрыс па, әлде, "әліптің артын баққан" дұрыс па? Бір нәрсе анық. Қашса да атылады. Қалса да атылады. Ал, қашты. Сонда қайда барады, қайда тығылады? Бұлардың құрығынан қалай құтылады? Жан баласы аяқ баспаған шөлге, қиянға қашса ше? Кісікиік болып кетсе ше? Қайдан табады? Көлік тапса ғой Үстірт асар еді. Қарақұмға сіңіп кетер еді. Кешегі жылдар талай ел өкіметтің құрыған сөйтіп құтылмап па еді? Ататыны, анық қазір. Анық. Кәпірлер беттері былш етпей "тоған жөндейсіңдер!" деді - ау. Кімді алдағылары келеді? Ол алдауына мына отырған екі байғұс сенсе сенген шығар, бірақ, Қозбағар, Сұржекейді, қалай сендіресіңдер?!

Осы сәт танауына бұрқ етіп қышқылтым жыңғыл иісі ұрсын. Рахаттанып тыныс алды. Жыңғыл тоғай ішіне енгенін білді. Тоғай! Тоғай! Қашатын болсаң ыңғайы осы емес пе? Тоғайдан артық не керек, қашқынға?

Машина іркіле түсіп, ышқынған сәтте Қозбағар борттан сыртқа қарай ырғыды.

— Стой! — жан ұшырған айқайды Қозбағар борттан асып ұшып келе жатып естіді. Қалың жыңғылдың үстіне түсті, үкілі шақасын сындыра – мындыра "гүрс" құлады. Құмсаққа түсті, қалың бұта арасына. Ытқып тұрып зытқыды түн ішіне, қарай. Бетіне сып -сып ұрған шақалар. "Тарс", "тарс" мылтық атылды. Дәл құлақ түбінен атылғандай болды. Омақаса құлап тұрып қайта безді. Дүсірлеп келеді соңынан. Мәшине жақ айқай-шу. Тіптен апан асты дүрбелең, атысқа толып кеткендей. Бейне соғыс басталғандай. Ышқынған, бұлқан-талқан ұйытқыған жел. Түн аласапыран. Аяқ асты көрінбейді. ЬІққа қашты бұл, дыбысым естілмесін деп. Атып келеді, желкеден. Ысқырған оқ. Бұға қашады бұл. Бұта айналып бұлтара қашады. Түлкі де осылай қашушы еді, тазыдан. Бұл да сол түлкі бұлтаққа салды. Бұта айналып жата қалды. Тас қараңғы. Түк көрінбейді. Қуып келе жатқандар жанына дүсірлеп өте шықты, "тарс", "тұрс" мылтық атып. Сол-ақ екен Қозбағар төрттағандап, еңбектеп кейін қарай жылжыды. Отыз-қырық қадамдай осылай еңбектеп барды да қалыңның ішіне қарай бүкектеп кіріп кетті. Желдің ысылы, бұтаның гуілі, қою түн қараңғысы еді бұның панасы. Әлгі екеу ұзап кетпей, дүрсілдеп Қозбағар бұққан бұтаға қайтып оралғандай. Аласұрып іздеп, даурығысқан дауыстары естіледі. Әлсін - әлсін үнсіз қалады. Тың - тыңдайды. Өстетінін біліп, аяқ ұшымен басып, ыққа қарай бүкектеп бұта аралап жортады Қозбағар. Желді түн, дала сырына олардан гөрі қанық қой Қозбағар. Енді араны ашып алғанын білді. Жарық түспей таптыртпасы анық. Әзірше, өкшелеген әлгі екі жаудан құтылды. Енді ұзау — мақсат. Кету керек бұ маңайдан. Басқа амал жоқ. Арт жағынан қуалаған желмен жарысып ықтай берді Қозбағар. Бүлкектей берді. Мәшиненің жарығы, даурықпа дауыстар қыр астында қалды. Бағыты — түстік. Жыңғыл сайды қуалап ырсылдап келеді Қозбағар. Өз теріне өзі шомылып келеді. Не де болса бір істі бастады. Енді аллам жар болсын. Бұл өлкеден "қарасын батырып" қиян асып кету керек енді. Ия, алла! Ия, Барақ ата! Жар бола көр! Жар бола көр! Өздеріңе сыйындым! Қолдай көр! Деп жылап келеді Қозбағар. Көз жасы бетін жуып бүлк-бүлк желіп келеді.

Әлгі желдің соңы аздап себездеген жаңбырға айналды. Бірақ көп жаумады. Бүркіп өтті. . Дала жынынан айырылған бақсыдай монтаны күйге түсті. Дүние тынышталды. Байыз таба алмай келе жатқан жалғыз Қозбағар ғана. Жортақтап талай бел, талай сайдан өтті. Осылай шығыс тұстан бас жарып таң бозарғанша жүгірді. Бір бос жатқан медиенге шығыпты. Алдында да, артында да жан қара жоқ. Беде, бидайық, раңы аяққа оратылған тақтай жазық алап. Құлаққа ұрғандай тыныштық буынға түскендей. титықтағанын сезді. Жортуға әл жоқ... аяңға көшті. Манаураған таңғы тыныш таза қыр өлкесі бұны жуас торғын самалымен аймалайды. Аялайды. Ана алақанындай арқауын босатып маужыратады. Есінетеді. Құрап күміс шашақтанған қалың ранды құшақтай құлады. Шөп исі танауды жарды. Ыңырсып, ауыр денесін әрең қозғап шалқасынан түсті. Сол жатқан күйі қалғып кетті.

...Шекесін қыздырып шақырайған ыстықтан оянды. Көзін ашса — талтүс. Алыс көкжиекті кілкіп сағым буа бастапты.

Тағы қозғалды Қозбағар. Көлденең белге шықты. Осы арада жүрегі зірк етті. Тура, дөңнің құлар астында жәйіп бір келе түйе келеді. Қозбағарға қарай жайменен шашырай жәйіліп келеді. Жақын маңда ел барын білді. Бірақ, не қуанарын, не қуарарын білмеді. Жол жүрген жолаушы кейіпте, түйелерге таман келеді.

Түйелер жайбарақат. Ащы шөптерді орып асап бұған маңқиып қарап қояды. Шағын келенің дені, қолға үйренген сауын інген, мінгі атан, нарлар екенін көріп келеді. Екі-үшеуі тіпті басына түрілген бұйдасымен жүр. "Ұры тиер" деген ой кәперлеріне кірмесе керек, иесінің. Енді, ұрлайтын болды, Қозбағар. Ұрламаса өледі. Қайтеді, өлмес үшін ұрлайды. Сөйтті Қозбағар. басына бұйдасы түрулі семіздеу келген айыр өркеш атанды ұстады. Сәл "маңқ" етті атан шегерерде. Бейтаныс кісі үстіне мініп "шу" деп бұйдасын қаққанда және бір "маңқ" етті. Тебініп, бұйда ұшын қағып еді атан лыпып ызғып ала жөнеді. Аяқ алысы неткен жұмсақ жануардың. Бесіктей тербеп майпаң - майпаң желеді.

"Ия, алла, сәт сапарыңды бере гөр!" деді Қозбағар.

Атан ызғып түстікке қарай тартып барады. Қозбағар жаны қыдырып, жан-жағына, алды-артына қарай береді. Желтабан жүрдек мынандай жануардың тақымына тигені рас па, өтірік пе? Сенер сенбесін білмейді. Жарылқайын десе жаратқан иеңнің шарапаты мол - ay. "Өлмеген құлына өлі балық жолықтырды" деген осы емес пе?

Түстікке қарай, мидай елсіз медиенге қарай ызғиды атан. Алдында — Жем. Екі-үш күншілік жер. Жем жағалай — ел. Одан әрмен — атажұрт. Оймауыт. Одан етсе — Үстірттің айқай даласы. Одан өтсе — Түрікпен құмы.

Бағытты солай беріп ызғиды атан.

АЙ АСТЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ

Есіне Қозбағармен соңғы рет кездескені түсті. Онда да, бүгінгідей өрісте қой шетінде жүрген. Астында — Қара түйе. Жан-жағы ұшы қиырсыз ми жазық дала. Шілденің басы еді мезгіл. Назарына алыс теріскей беттен қылт ете қалған жүргінші іліне кетті. Елпең-елпең желіп келе жатқан түйелі адам. "Ия, Жасаған Ие! Ия, Алла!" деп Хансұлу ерні күбірлеп жүрегі ерекпіп кетті. "Сүйінші" сұрап келе жатқан біреу болар ма, Шеге оралып Сібірден".

Түйелі адам жақындай беріп айналып ете берді. "Доңызтаудағы елге беттеген біреу болды-ау! Ау, неге іркіліп жан сұраспады? Дала салтында жолаушы құла дүзде жан сұраспай етпеуші еді ғой".

Айыр еркеш атанға жайдақ мінген жолаушы қой шетінде тұрған Хансұлуды орағытып ете берді, көз айырмай қарап. Бұл да қарады, бейтаныс кісіге. Бір жағынан қорықты. Кім біледі... Неғып жүрген жан екенін?!

Кісі түйесінің басын бері бұрды. Бет-ауызын түк басқан, көнетоз ескі күпілі еңкиген біреу. Басын шүберекпен байлап алыпты. Үн-түн жоқ. Түйесін мысық табандатып жақындай түсті. Тура баукеспенің жүрісі. Маңдайынан суық тері шып-шып шықты Хансұлудың. Зәресі ұшып буын - буынынан жан кетіп қалды.

— Хансұлу, аман ба?— деді, бейтаныс кісі. Сонда барып, Хансұлуға ес кірді. Қозбағар!

— Астапыралла, сен қайдан жүрсің?— депті бұл, тілі әрең шешіліп.

— Жұтатын нең бар, Хансұлу?— деп, ернін жалады Қозбағар. Торсыққа құйып алып жүрген қымыраны бар еді Хансұлудың. Соны басына бір-ақ кетерді Қозбағар. Түрмеден қашқаны көрініп-ақ тұр, кешегі "НКВД Қозбағардың". Айранды ішіп болып та о жақ, бұ жаққа қарады.

— Қашқынбыз, несін сұрайсың. Сірә, бір елім... түрікпен асып барамын — деді Қозбағар өз жағдайынан хабар бергісі келгендей.— Атасы нәлет, Шегенің қамытын біз де қойдық. Өкіметі де құрсын, бүйткен елі де құрсын, көз көрмес, құлақ естімес жер асып барамын.

Хансұлу не дерін білмеді. Түс керіп тұрғандай. Мына көрден шыққандай бет-ауызын шаң, түк басқан өңкиген еркек кешегі Қозбағар ма? Құлын тайдай тебісіп қатар өскен Қозбағар. Бір кезде Хансұлу үйінің қозысын баққан... Кешегі кәмпеске, кәллектив тұсында асығы алшасынан түсіп Хансұлудың мойынына құрық салатын батырақ... үйленемін деп... Күні кеше НКВД болып дүрілдеп... бүгін, міне, сол НКВД- ісінен басын алып қашып жүрген кәріп... Хансұлудың алдында жалғыз кінәсі бар. Кедей болып, комсомол болып құтырып "Хансұлуды аламын" деп алжасқаны. Сол жылдары, рас, Хансұлудың ата жауы осы Қозбағар еді. Бірақ, тағдыр шешімі басқаша болды. Қозбағардың ойлағанындай болмады. Хансұлу қалаған жігітінің етегінен ұстады. Қозбағардың тойын талқан қылды. Содан комсомол Қозбағар ел бетін көрмей кетті. Темірге кетіп оқу оқыды. Мелиса болып, әскерше киініп, мойынына салаңдатып қылыш тақты. Содан баяғы жаман Қозбағар атқа мінді. Шешесі ақсақ Торқа тіпті шелеңдеп кетті, ауылға сыймай. 37-ші жылы Шеге тағы істі болды. Хансұлудың басына тағы күн туды. Шынын айту керек, НКВД Қозбағардан осы тұста Хансұлу жақсылық күтпеп еді. Кезінде қалыңдығын тартып алған Шеге "халық жауы атанып қолына түсті. Бастығы Сұржекейге айтып, Шегені үйтіп жеймін десе қолында. Бірақ, обалы не керек, Қозбағар ондайға бармады. Шеге мен Хансұлудан қарлығаш достығын аямады. Содан бұл Қозбағарға деген ескі өкпесін ұмытып, жүрек қуысында достық жылы сезімі оянған. Мінеки енді сол Қозбағар өз басына іс түсіп келіп тұр. Тіптен үйдегі бұның енесі Жайбасқанға көрінуден қорқып жалғыз Хансұлуға ғана төбе көрсетіп тұр. Достығына сенгендіктен. Жалғыз Хансұлуға ғана ат басын тірепті. Аяп кетті өзін Хансұлу. "Байғұс - ай, бала күніңнен мырқымбай едің, қулық-сұмдығы жоқ, сол мырқымбайлығыңнан күйдің - ау", Қозбағарға азық керек екен, алыс түрікпен құмына асу үшін, сол үшін Хансұлуға ат басын тірепті. Кешкісін Хансұлу үйден жасырып, ауыс-түйіс ет, нан, су, айран шығарып алып берді. Үй сыртындағы сайда бұғып отырған Қозбағар азық-түлікті алып жүретін болды. Есебін тауып жеткіз деп Нарқамыста қалған келіншегіне сәлем айтты. "Жаңа жолға" енесінің қолына көшсін деді. Тірі екенімді білдір деді. Тірі екенімді жалғыз шешем мен келіншегім ғана білсін деді. Осы аманатын айтып Қозбағар жүруге ыңғайланды. Салмағын екі аяғына кезек салып тұрып көмейінде әлдене қалғандай бөгелеңдеді. Бұл тосылуы енді Хансұлуға қатысты екенін сезді бұның іші. Е, бәсе.

Түн жамылып оңаша тұрғанда Хансұлуға деген ескі дерті қалай қозбасын?! Ескі жарасы қалай сыздамасын?! Сыздайды ғой... өл - өлгенше бұл мырқымбай ұмыта алмайды ғой... ол дертті. Аяды Хансұлу байғұсты. Не істейді аяғанда? Әй-шәй жоқ, сөйтіп тұрғанда бұны бас сап құшақтады Қозбағар. Тер исі мүңкіп-ақ тұр екен. Хансұлу шыдады. Үрікпеді. Қозбағар, апыл-ғұпыл бетінен сүйіп іле теріс бұрылып көзін сығымдады. Хансұлу басу айтты:

— Қозбағар! Қой, босама! Ер жігіттің басына нелер келіп не кетпес... Әлі бәрі бір күндегідей болмай өте шығар... Бас аман жүрсе...— дегендей болды.

Содан Қозбағар көз жасын сығымдап айыр өркеш атан түйенің беліне отырды.

— Хансұлу қош! Қош болып тұр!— деді, дауысы тарғылданып төменшіктеп.

— Жолың болсын, ал, аман жүр керіскенше!— деді Хансұлу жарқын дос пейіл үнімен Қозбағарды қолтықтан сүйегендей болып. Еріксіз елден, жұрттан безіп алып жат жұртқа жан сауғалап жалғыз бара жатқан Қозбағардың кәріп көңілін аз да болса демейін дегені еді. Заманында осқырынып маңынан жүргізбеген тәкаппар Хансұлудың жылы қарсы алып, жақсы шығарып салуы, шынында, Қозбағар байғұсқа осал әсер етпесе керек, айыр өркеш атанды майпақ - майпақ желдіріп түн ішіне қарай ұзай беріп, артына бұрылып үш рет қарады.

Түн жамылып құла дүзде жалғыз тұрып қалған Хансұлудың жанын аяныш баурады. Анау кетіп бара жатқан Қозбағарды аяды. Шегеден айырылып құла дүзде құлазып жүрген өзін аяды. Әкесі жоқ тірі жетім балаларды, азаматынан айрылған жарымжан жесірлерді аяды. Солардың ішіндегі ең аянышты хал Дәуапаның НКВД түрмесінде өлуі еді, жалғыз басты кемпірдің соңында бұғанасы қатпаған немересінің жалғыз қалғаны еді. Баяғы атақты Бұлыш мерген мен Балқия сұлудан қалған көз еді... Едіге бала. Кемпірді НКВД айдап әкеліп Нарқамыстың түрмесіне қамағанда сол бала ізінен келіпті. "Ойпырмай, оннан енді асқан шиеттей нәресте жетпіс шақырым жерге қалай жаяу барды екен, жолда өліп қалмай" деп жұрт аңыз қылады.

Одан бері де, мінеки, төрт жыл өтіпті. Соғыстың басталғанының өзіне екінші жыл. Шегеден әлі хабар жоқ. Қозбағар да сол кеткеннен мол кетті. Ауылдың жастарын сыпырып алып жатыр майданға. Осы биыл қыздарды да әкете бастады әскерге. Шегенің ең кіші екі қарындасы Айжан мен Гүлжан бірден алынды әскерге. Байғұс енесі — Жайбасқанға қиын болды. Бұрынғы Шегенің зары аз болғандай, енді оған бой жетіп отырған өрімдей қос қызының қайғысы қосылып, байғұс ана боз інгендей боздап, зарлап қалды. Шашы ағарып аққудай болды. Бірақ ел басына төнген ауыр зұлмат бұлар сияқты қатын-қалашты ширатпаса, босаңсытқан жоқ. Белді бекем буып ер-азаматтардың жұмысын атқарды. Балалар ерте есейді. Соның бірі — анау отардың арғы шетінде жүрген Едіге.

Өз әке-шешесін Едіге еміс-еміс біледі. Әкесі Бұлыш мергенді біреу мақтап айтады, біреу даттап айтады. Біреу "әкең атақты батыр еді", "құралайды көзге атқан мерген еді" дейді, біреу "бұның әкесі, совет өкіметіне қарсы күрескен, банды болған, бандыны басқарған" деп айтады. Жақсы лебізге қуанса, жаман лебізге қуарады. Дәуапа: "Оны айтқан кім өзі, шыт - ақ. Бұлышымның басқан ізіне тұрмайтын өңшең қиқым... қиқым болғасын бықсиды да..." деп ондайды естігенде дар-дар етіп түтігіп кетеді қауқиған кәрі әжесі. Едігенің жүрегі орнына түседі. Әжесінің айтқаны рас, әкесі кейбір керауыздар айтқандай "банды" емес, атақты мерген болған, баспашымен айқасқан батыр болған. Оған күмән жоқ. Алайда, әкесі жәйлі естіліп қалатын әлгіндей уыт кәуесеттер бала жанына кірбің түсірмей қоймайды. Бала сөзден қорықты. Көпшілік жиналған жерден тайсақтады. "Сенің әкең банды!" деп бетіне біреу басатындай, жұрт көзінше көзге шұқып табалайтындай. Содан болуы керек, жуырда, оқу жылы басталарда жеті класс бітіргендердің бәрін жұмысқа бөлерде, бұған: "Хансұлуға көмекші боласың" дегенде жаман қуанды. Қалай қуанбайды? Бір жағынан, өсегі көп ауылдан құтылмақ, екінші жағынан өзінің осы ауылдағы ең жақсы көретін адамы — Хансұлуға жәрдемші болмақ. Тағы бір қуанышы, Ждақай басқарманың зіркілінен аулақ болмақ.

Он бес жасар Едіге осылай Сарыжазықта қой бағып жүрген Хансұлуға жәрдемшілікке қуана-қуана келген еді.

Түгелбегі ауылға оқуға кетіп, енесі — үйде, өзі өріске жалғыз шығып жүрген Хансұлуға керегі де жәрдемші еді. "Едігесің бе? Түу, қандай жақсы болды келгенің, жалғыз қорқып жүр едім..." деп бұны көрген сәтте үні күміс қоңыраудың үніндей тәтті сыңғырлады. Осы Хансұлу жеңгейдің Едіге балаға тіптен ұнамайтын қылығы жоқ. Үні сонда құлағына қандай жақсы десеңізші! Ондай үн жоқ қой бұл өлкеде. Бет - ұшына қызылы теуіп ақ тісі сәл ашылып ақ жарыла күлді ғой Хансұлу. "Мені көргенде соншалықты қуанар" деп ойламаған ғой. Едігенің төбесі кекке .екі-ақ елі жетпей қалды. Жарық дүниеде жан баласына керегім жоқ шығар дейтін. Жетім жүрегі адамдардан шуақ, шапағат күте, күте күдер үзуге айналған. Сөйтсе, Хансұлу, ешбір ет бауыр жақындығы жоқ, өзі сұлу, өзі кербез, кезінде Пахраддин деген көсем кісінің қызы болған, ізіне қанша жігіттер шам алып түссе де, ешқайсысын көзге ілмеген әйгілі Хансұлу Едігенің келгеніне мәз болды. Ал, керек болса! Осы аз ба? Осының өзі жетеді Едігеге. Керек десе, осы аспан астында бұдан, бақытты адам жоқ. Қазір Хансұлудың қас-қабағына қарап елпең қағып құрақ ұшады Едіге. Тек, сол үшін - ақ, жүзінен нұры төгіліп Хансұлудың бұны көргенде қуанған ықыласы үшін - ақ өліп кетуге бар, шыбын жаннан кешуге бар.

Енді тек осы, талай жылдан сырттай сүйсініп іштей табынып жүретін жанының өзіне деген сол ыстық ықыласын ақтау керек. Қалай да ақтау керек. Хансұлу бұған үлкенсіп төбеден қарамауы керек. Бұның ер екенін, жігіт екенін ескеруі керек. Едігені "бала" емес, "қорғанышым", деп білуі керек. Едіге сол сенімнен шығуы керек. Осы төңіректегі еркек кіндік өзі екен, демек, ер азаматтың орнына жүруі керек.

Едігенің осы ішкі тілегіне Хансұлудағы қарсы емес тәрізді. "Сен деген жігітсің ғой!" деп олай-бұлай жұмсар да бұны қолтықтан сүйеп қомпитып жібереді. Хансұлу өзін әйел санап, әлсіз санап, ал, Едігені еркек санап қиынға салғаны Едігеге майдай жағады. Құлшынып кетеді. Жұмыстың ауыр жағына Хансұлуды немесе үйдегі Жайбасқан кемпірді жолатпай өзі ұмтылады. Тас - талқан ғып отынды да отап тастайды. Бұлақтан суды да әкеп тастайды. Түйені де жазылайды. Мінекей, осылай Едіге. Тіптен шаршауды білмейді. Хансұлу енесі екеуі бұған өлердей риза. Айналып-толғанып бар тамақты алдымен Едігенің ауызына тосып жүргені.

Бүгін Хансұлу екеуі түн асып жететін алыс жайылымға қой айдап шықты. Азық-түлік көрпе-төсектерін түйеге тиеп әлгінде, екінді әлетінде үйден ырғалып - жырғалып аттанды. Бұлар бір, бейне жыл көрмейтін алыс сапарға шыққандай, Жайбасқан кемпір әулие -әнбиелерге сыйынып бұлақ басындағы шошайған жалғыз үй алдында шошайып жалғыз қалды.

Тымық желсіз кеш. Қолында таяғы, Едіге қой соңында, өз ойымен өзі, ілбіп келеді. Іңір шапағы әлдеқашан семіп, ымырт қараңғысы төңірекке қанатын кең жайған. Мана бір әзірде көзге көрініп иесіз жатқан сары беткейлер, піл жота жабағы жондар, тегіс айтақырлар енді қою тұтас қараңғыға жұтылып, үңіле қарасаң сілемдері ғана байқалып сыр бүгіп, тыншып тылсым жұмбақ жатыр. Қарауытып қалқиған әр бұтаны тасалап бір құбыжық бұғады. Осылай беймағлұм, қорқынышты сыр, сиқырлары молая түскен сайын қызықты тәрізді, мына, жылжып келе жатқан жәйлі түн. Балалар бас қосқанда үнемі айтатын ертектегі жын, пері, жезтырнақ, бала ұрлайтын бөлтеберлер енді тіріліп төңіректеп түнгі далада жапа-тармағай өре бастағандай.

Қолында — жыңғыл таяғы, жүрегі лүпіл қағып қойға анда-санда "өйт, шәйт!" деп қойып ысқырып келеді Едіге. Маңайды қоршаған зіл тыныштық, ауыр қараңғыны Едігенің ысқырығы, жез қоңырау сыңғыры ғана сәл серпе шайқайды. Қоңырау қара шоғыр қаптап жайыла жылжыған отардың жүрегі тәрізді. Бір қалып баяу сыңғырлайды. Қой бастаған көк серке мойынындағы қоңырау сыңғырына үңірейген түн әлемі түгел томсырайып құлақ тігетіндей. Мүлги ден қоятындай. Қойлардың оқтын-оқтын пысқырғаны, ысырлап жайылғаны, қоңыраудың былдыры мылқау меңіреу дүниеге жан бітіргендей. Тас керең тыныштық ұйқысынан серпілтіп, тірілгендей.

Қой алдында келе жатқан түйелі Хансұлу біраз көрінбей кеткен. Сөйтсе, озыңқырап іркіліпті. Жанған от керінді алғы тұстан. Шөгіңкі төбе үстінде от жағып жатыр Хансұлу. Лапылдаған жалынға жақын бойы көрініп күйбеңдеп жүр. Қоржынды ақтарып жатса керек. Едіге қарны аша бастағанын, шөлдей бастағанын байқады. Құла дүзде Хансұлумен екеуден-екеу отырып шай ішіп, дәм тататынын ойлағанда жан-жүрегі шырын бір балдай тәтті сезімге шомды. Хансұлу екеуі күндіз мал шетінде, өрісте талай рет дәм татқан ғой. Ал, бірақ, мынау бүгінгі кеш, алыс жол ай далада екі күн, екі түн қиындықпен бетпе-бет келіп, бірге жүрер сапардағы алғашқы кештің орны бөлек тәрізді. Жүрекке бір түрлі жылы лүпіл енеді.

Әжесі, марқұм Дәуапа ашық дауысы саңқылдап өткен-кеткенді жыр етіп айтып отырар еді. Соның көбі "ел басына күн туған" "ел, кәмәнес боп, банды боп екіге бөлінген" ақтабан шұбырынды боп жер ауған, Иран, Ауған асқан, қалғаны "ақ сүйек аштыққа" ұрынған, кешегі заман турасында болар еді. Сол қызғылықты әңгіменің бел ортасында Дәуапаның өзі жүрер еді, "Батыр туған бұның әкесі Бұлыш" жүрер еді. "Бұлыштың басын айналдырып алған, перісі бар, сұлу тоқал" шешесі Балқия жүрер еді. Сол әңгімелердің бір белді кейіпкері — Хансұлудың әкесі. Би Пахраддин. "О, сұм заман!" деп оны айтқанда күрсініп, күңіренеді әжесі. "Сол сияқты асылдарды жалмаған бұл заман, бәйбішесімен айдалада аштан өліп көмусіз қалған", деп дар-дар етер еді әжесі. "Сол асылдың тұяғы ғой Хансұлу. Әкесін аямаған өкімет, бұны аясын ба? Ізіне шам алып түсті ғой, түсумен келеді ғой!" дейді. Осы Хансұлу екеуі түрікпен, қарақалпақ аралап, балаларын (Едіге, Түгелбекті) жетелеп жүріп нан сұрап қайыршылық еткені бір сүре әңгіме.

Осындай оқиғаларды ес білгелі естумен келе жатқан Едіге үшін, алдымен өз әжесі, қала берді күллі ауыл адамдары, мына Хансұлулар тура ертектің ішінен шыққан таңғажайып кейіпкерлер сияқты. Сондай сұмдық, қызық оқиғаларды көрген, бастан кешкен осынау тарихи адамдарға, олардың көз алдында жер басып жүргеніне сенер - сенбес күйде таңырқап қарар еді Едіге. Сондай аңыздан шыққан адамның бірі және ішіндегі ең аяулысы, сүйіктісі бұл үшін Хансұлу еді. "Алпамыс", "Қобыланды", "Қамбар батыр", "Қыз Жібек" тәрізді дастандардағы әйгілі батырларға лайық "ақылға дана ару жарлар" бар ғой; (Назым, Қыз құртқа сияқты) Хансұлу, дәл, сол әйгілі сұлулардың тірілген бейнесі болып көрінеді бұған. Хансұлуды жиірек көруге ынтығады. Көрген жерде; ауылда садақа жиын, тойларда, ауызын ашып аңқиып қалады. Осы келіншектің киім киісі, жүріс-тұрысы тұнып тұрған бір салтанат, бір мереке. Кербез келіншек шашбау, моншақтары күлдірек сылдырап жанынан майда басып өтеді. Төңірегіне бір хош иіс таратып өтеді. Көңіл қоңырауларын қозғап, ән салдырып кетеді. Жан сарайыңа бұлбұл қонақтатады. Аңыз, жыр ішіне кіріп шыққандай есеңгіреп әсерленесің. Хансұлуға қарап бұл қызыққан сайын, жүрегі шөлдеп ынтыққан сайын, іле сол қиялшыл бала жүрегі өкініштің запыран уына да малтып, тұншығатын. Хансұлу дастандардағы ару екен делік, жарайды. Ал... Едіге сол аруға лайық батыр емес қой. Шілпиген бала ғой. Хансұлу Едігеге жар болмақ тұрмақ, тіптен, бұны жан деп көзге ілуден аулақ қой!..

Рас, келіншектің жасы бұдан көп үлкен. Пісіп толған әйел. Үйлі-баранды. Бұл — бала. Он төрттен енді ғана асты. Жо... жоқ... жұрт... жұрт осылай ойлайды. Шынында Едіге бала емес — жігіт. Балалықтан кеткен. Қобыланды, Алпамыстар жеті жасында ат беліне отырып ел қорғамап па еді?! "Он үште отау иесі" дейді. Он екі, он үште келін боп түскен кемпірлер бықып жүрген жоқ па, ауылда. Қай шал еді, анау... әлгі... он екісінде әкесі әйел алып беріп, әйелі бала күйеуін ұйықтап қалған жерінен көтеріп апарып төсегіне салып жүріп өсіретін?..

— Едіге!!!— деп дауыстады Хансұлу, от жанып жатқан төбе тұстан.

— Ау!— деп үн қатты, өз ойымен өзі, қойдың арғы шетінде жүрген Едіге.

Отардың алдын қосқа таман қайырып, жинаңқырап тастап Едіге қосқа қарай келеді аяндап. Әйел адам дастарқан жәйіп, ілтипат көрсетіп шақырып жатыр. Ондайда арсалаңдап жүгіріп барсаң ұят. Едіге үлкен кісілерше аспай-саспай келеді. Төбе үстіндегі от сөнуге жақын. Жайнаған шоқтың үстінде сиыр тіліндей ғана сұмаңдаған жалын бар. Ойнамалы жарық түсіріп тұр. Сол жарыққа қарап бір тізерлеп ойға шомып Хансұлу отыр. Үстінде — ұзын етек ескілеу қызыл көйлек. Ескі қырмызы камзол. Басында да көнетоз, бірақ кірсіз, кестелі ақ жаулық. Отқа қарап ойланған сопақша ашаң күзді, сұлу сұрша кескінін Едіге анадайдан көріп келеді. Келіншектің жуынып, шәйініп алғаны байқалады. Өрісте жүрсе де, әдеті, өңіне шаң тигізбей, жуынып, шәйініп, қол айнасына үңіліп, таранып жүретін. Сол әдетімен тала жерге әдемілеп дастарқан жәйіп, қоржында бар азын -аулақ азықты сәндеп дастарқанға қойып отырғаны байқалады.

Хансұлу шәй ішіп отыр екен.

— Кел, отыр!— деді, шоқтан қара құманды ала кіріп. Едігеге шәй құюға ыңғайланды. Едіге дүңгірдегі судан қолын шәйіп жердегі құрақты көрпешенің үстіне келіп отырды. От басы, кішкене дастарқан ойлағанындай, мұнтаздай таза. Қалайы дүнгірдің ауызы ашық. Іші толы — піскен қуырдақ. Дастарқан үстінде екі шақпақ қант, қуырылған бидай, құрт, ірімшік. Кесеге буы бұрқыраған ыстық шәй құйды Хансұлу.

— Шаршадың ба, Едіге? — деп қояды, биязы күліп.

— Жоқ, шаршағам жоқ, түк те...

Шақпақ қанттан тық өткізіп тістеп, ыстық шайдан ұрттады Едіге. Қаны кеуіп шөлдеп қалған екен. Алғашқы кесені ысынып - пысынап асығып ішті. Тамыр - тамырлары қаңсып кеуіп қалғандай... сол қаңсыған тамырларын қуалап ылғал жүгіргендей... Қаңсыған сайға бұлақ жүгіріп бірден қаулап көк көтеріліп бүршік жарған жасыл қауда мың сан бұлбұл оянғандай... Көзі жарқ етіп ашылып күміс жұлдызды алып аспан шатырын, қою қараңғы бұйығы кеш әлемін жаңа көргендей... Ұйып тұрған уыз қараңғының шығыс шеті бозарыпты. Сол тұстан алыс қара жиек аспан етегін түріп ай сығалады.

Бұлар отырған төбешікті қоршап қара құрттай қыбырлап айнала жайылған ала бас қара қойлар енді назарға анық шалына бастады. От басында отырған екеуі кешкі асқа қалай құнығып кіріссе, төңіректі қоршаған қойлар да дәл солай құлшынып, жердің түгін жарыса ырт - бырт жұлып, ашқарақ жайылады. Соған қарап отырып, қойлардың "асы" бұлардың асынан гөрі дәмді ме деп ойлап қаласың.

— Мінеки, жарықтық ай да туды...— деп қояды Хансұлу, талауранып көкжиектен көтеріле берген үлкен шара, жез табақ айға қарап. Айдың жарығымен қозғалып отырсақ, иншалла, түн ортасынан ауа "Есекөлген" жеріне жетеміз. "Есекөлген" жеріне жетсек болды, Сарыбайдың құмы ары жағында тиіп тұр...

Бұндай мал түнетіп жаятын алыс өріске өмірінде тұңғыш рет шыққан Едіге үшін шопан келіншектің "Есекөлген кезі", "Сарыбайдың құмы" дегендері бір ертектердегі қиял -ғажайып мекендердей естіледі. Сол жерлерді көруге ынтыға түседі.

Күндізгі ыстық қажап, шөлдегендері, шаршағандары төбе басында сұлу кешке телміре отырып терлеп ішкен шәймен бірге шыққандай. Майлы қуырдақ бойға әл бергендей. Қутыңдап тыңайып қалыпты. Едіге. Қолына таяғын алып қозғала беріп еді., Хансұлу:

— Өй... түйеге мінбейсің бе?— деді.

— Жоқ... жаяу жүрген жақсы...

— Мә... өлесің ғой, шаршап!

— Шаршамаймын,— деп, Едіге басын сілкіп тастап, қисайып қой соңынан жаяу кете барды.

Хансұлу шын аяп әлек-шәлек болды. Ақыры, Қара түйенің беліне өзі отырды. "Қап!" деп, қиналды Хансұлу. "Мына баланың қыйсығын - ай, бекер шаршайтын болды, түн ұзақ шұбырған қой соңында салпақтап..."

Баяғы Балқия сұлу мен Бұлыш мергеннің көзіндей Едігеге Хансұлудың іші қатты бұратын. Едігені көрген сайын сол бір, аттары аңызға айналып өмірден ерте кеткен аяулы жандар еске түсер еді. Көзі жабайы мысықтың көзіндей жайнап тұратын ақ сарының әдемісі еді ғой Балқия. Бала шешесіне тартқан. Ақ сары. Бетіне қызылы теуіп тұрады. Кешегі дүрбелең әжесінен айырды. Дәуападан қалған жаман жертөле үй, азын-аулақ ешкі - лаққа ие болып жалғыз қалды Едіге.

Ер-азаматтар майданға аттанып Хансұлу тәрізді жас келіншектердің бәрі малға шыққан. Малға шықпағандарын жан-жаққа қара жұмысқа айдап жатыр. Еңбекке жарап қалған балаларды да мектептен алып жұмысқа салып жатыр. Бір отар колхоз малы — мойында; өлтірсең, жоғалтсаң — сотталасың. Өстіп шыбын қанын шүберекке түйіп жүргенде көмекке осы бала келді. Қалай қуанбасын Хансұлу. Арқасын тауға түйегендей болып қалды, тіптен.

Мана бір әзірдегі қарабарқын қою қараңғылық көрпесі селдіреп сыпырыла бастаған дала үстінен. Үрген қарындай жеп-жеңіл ай көкжиектен үзіліп алқара көк аспан айдынына жылжып асыққан сайын қараңғылық сұйылып азайып барады.

Ай астына қарай ай мүйізді көк серке қойды бастап қоңырауы күңгірлеп тартып барады. Көктемгі тасқын ағын селдей алды қарауыта сүйірленіп, соңы мол нөпір толқындай шұбап қалың отар қой барады, түн жамылып. Ұзағынан шұбап мол қара нөпір қойдың оң жағын ала айға жарқырап Аққаншық пен қара төбет Құтжол келеді. Құтжол Аққаншықты күн ұзын иектеп жүр. Бір табан ажырамайды. Күндізгі ыстықтан пысынап шыққан дала енді кең жайқын түн аспаны астында тіріліп бой жазып, жуас торғын түн лебіне төсін керіп еркелейтін тәрізді. Тірлік біткен құтыңдап, асыр салып ойнап, азулылары жемтік іздеп онды-солды жортып жапан дүздің түнгі өмірін адамға беймәлім бір қызыққа толтырып өткізіп жатқан тәрізді.

Қой соңында етігі сырпылдап келе жатқан Едіге соны сезеді. Үнсіз түн жамылып ию-қию өтіп жатқан өмір шеруін сезеді. Көзбен көрмесе де түйсінеді. Сонау қой алдында озғындап ай астына қарай түйелі Хансұлу кетіп барады. Ай астына қарай асықпай аяңдаған сида борбай түйенің көлеңкесі ұзарып қара жолақ боп ізіне еріп барады. Түйе үстінде шошайып Хансұлу отыр. Жаулығы ағараңдайды. Осы сәт Едігеге, неге екені белгісіз, Хансұлу баяу ән салып бара жатқан тәрізденді.Неге олай ойлады? Өзі де білмейді. Хансұлу ашық жапан дүзде қой шетінде жүріп сызылта ән салғанын талай естіген. "Қара торғай" дейтін әнді әсіресе үзіліп айтады. Қазір де сонау қой алдында баяу аяңдаған Қара түйенің үстінде тербеліп отырып сағыныш, жалғыздық сазындай —"Қара торғайға" салып бара жатқан тәрізденеді. Бірақ, естілмейді.

"Шіркін-ай сол бір әнге салса екен" деген тілек бұның жанын баурап жүрегін қоңыраулатады. Аңсарын аударған ай астындағы ақ жаулықты келіншек тараптан бұның көкірегіне қарай ай сәулесіндей сырғып ақ жібек нұр аңырап ағылады. Кішкентай кеудесіне кең әлем қуаныш, шапқат нұры боп күмбірлеп құйылады. Хансұлу ән салмаса да сол тараптан ұяң желпіген майда өлкек жел сыңғыраған сұлу саздай сырғып ағып үлбіреп аймалайды. Басы айналғандай... бір бақыт сезімнен көзіне бұрқ етіп жас келді. бір ақ жалын бұрқақ сезім жүрегін бунап, қысып бұлбұлдай бебеу қақтырады. Көкірегін жарып бір шырқау бұлбұл үн айлы түн аспан мұхитына қарай әуелеп зымғайды.Ән салмаса да бір ғажайып әнді, өз жанынан жарып шығып түнгі әлемді қоңыраулатқан әнді естіп келеді Едіге. Жібек талдай созылған ән. Елтіп келеді Едіге.

Ұзын серек түйе мінген Хансұлу. Ай астына қарай жылжып барады. Майпаң - майпаң адымдайды түйесі. Көлеңкесі ұзын... қара жолақ боп... жер сызып барады. Хансұлу! Бала Едіге талай сырттай сағынып... талай аңсаған Хансұлу. Әлгіңде "түйеге мін!" деді - ау! Қалай мінеді түйеге! Түйеге мінсе Хансұлудай ғазиз жанның арқасына жабысып, белінен құшақтап отыруы керек! Қыпша бел сылыңғыр сұлу келіншектің арқасына жабысып бұрымынан тараған хош иістен есеңгіреп түйеден сыпырылып түсіп қала жаздаған. Хансұлу оны сезбейді. Бала деп ойлайды. Едіге үшін, оның, мақпал жұмсақ арқасына жабысып отырудың қаншалықты азап екенін білмейді. Едіге сол себептен сылпып қой соңында жаяу келеді.

Төбеде — төңкерілген айлы аспан. Түйелі Хансұлу саяқ келеді, ойға шомып. Бақандай бес жыл - өтіпті, Шеге ұсталғалы. "Бес жыл" емес, бес ғасыр өткендей. Не хат, не хабар жоқ. Не тірі, не өлі екені белгісіз. Таңның атысы, күннің батысы демей жатса да, тұрса да ойлайтыны Шеге. Тірі болуы керек, ылғи түсіне енеді. Еш нәрсе болмағандай екеуі Тұщыбұлақ басында қой суарып жүреді. Түсінде кейде өрісте қой шетінде жүреді. Көбінесе, екеуі оңаша өз үйі, өлең төсегінде жалындап табысады. Майға еріткен қорғасындай балқиды, ондайда Хансұлу. Ботасына қауышқан бозінгендей иіді. Құрғап, қансып, бітеліп қалған бұлақ көздері ашылып тұла бойын толқын қуған жер-анадай исініп көктеп, жапырақтайды. Бақыт шарабын ұрттағандай... ондай түстер де көп бола бермейді. Көбінесе жалғыздан жалғыз құлазып қоңырқай тірлік кешеді. Таңның атысы, күннің батысы бітпейтін тірлік тауқыметімен алысып күні өтеді. Еркектің жүгін мойнына іліп, жапан дүзде қой бағып шаршап-шалдыққанына емес, жалған жала, бірі —"халық жауы",— бірі —"халық жауының әйелі", бірі —"халық жауының баласы" атанғанына күйінеді. Күйіне - күйіне жаны, іші жанып та біткендей, бүгінде... Кеудесінде шоқ емес күлі қалғандай...

Шегенің түбіне жеткен, оны ақыры түрмеге тығып "қарасын батырған" қиянат сонымен көншіп, тыншымады. Қайта-қайта оның үй іші, жақын-жуығына қақпан тұрды. Ауыз салды. 37-ші жылғы қанды сойқаннан кейін, бұл ауылда, әсіресе, Ждақайдың тасы өрге домалады. Бетіне жан келмей, "басқа шауып, төске өрледі". Қарсы келгенді қазық қып жерге қақты. Бүкіл ауыл Жорға Күрең мен басқарма Ждақайдың алдында құрдай қорғалады. Жорға Күреңнің, Ждақайдың НКВД- мен байланысы барын бүкіл ауыл білді. Тіпті НКВД- мен байланысы барын әкелі-балалы екеуі де жасырғысы келмеді. Айқайлап ашық айтпаса да соны сөз саптасымен екпін, ызғарымен сездірер еді. Бұл елдегі жалғыз құдайдан кейінгі (мұртты көсемді айтады) күш НКВД болса, Жорға Күрең мен Ждақай сол ысқырынған құдірет - күштің "Жаңа жолдағы" секілді болды. Бала күнінде, пәтуасыз, осы Ждақай кәмпескенің тұсында атқа мініп "екі иығын жұлып жеп" шыға келді. Сәйгел киген сиырдай, ауыл үстін айнала шапты. "Шаш ал десе, бас алды". Бұл елдің Бұқарбай белсенді мен осы Ждақай, Сұржекейлерден көргені аз емес. Оны айтып түгел алмайсың. Кірпі бас, тарғыл бет Ждақайдың көзі мүлдем басқарма болғаннан кейін шапыраштанып кетті Өңеш жыртып қатын-қалашпен айқайласып, енді жыны түскенді борт-борт қамшының астына алып сабайтын болды. Соғыс басталғасын тіпті екіленіп кетті. Соғыстың басталғанына осы "Жаңа жолдың" халқы кінәлідей қырғидай тиді. Екі сөзінің бірі —"айдатам, соттатам, әкеңнің көрін!". Ішіп алса қыз-келіншекке соқтығады. "Әр асқанға бір тосқан" деуші еді халық. Ждақайға қарсы келіп маңдайдан шертетін ешкім болмады. Ждақайға қарсы келу — Сталинге қарсы келумен бірдей болды. Сталиннің оң қолы осы ауылда Ждақай екенін түсінді жұрт. Ждақайдың айқайсыз тірлік керуені бұл ауылда бір адым да алға баспайтынын түсінді жұрт. Осы "Жаңа жолдың" жойылып кетпей тұруының өзі Ждақайдың арқасы сияқты. Сондықтан жұрт, Ждақайдың әкіреңдеген сәтінде ренжігенімен, кейін сабасына түсіп, ойланып, "қайтсын, пақыр, о бізге айқайламаса, оған аудан айқайлайды. Айналғанда, осы ауыл үшін, ел үшін шырылдайды да... қайтсын"— деп кешірім етер еді.

Бұрнағы жыл. Мезгіл, дәл осындай қыркүйектің басы — балалардың оқуы басталатын кез. Енесі Жайбасқан дәл осы Қара түйемен Түгелбек, Үмітті ауылға алып кетті де Хансұлу мал басында жалғыз қалды. Үйге қарайтын адам болмағандықтан, қойды үйден ұзатпай жәйіп кештетіп жатарға таман қотанға әкеліп иірді. Түн жамылып иесіз, жетімсіреп тұрған үйінің алдына от жағып шай қайнатты.

Аққаншық пен Құтжолдың итаяғына оны-мұны құйды. Мосыға ілулі тұрған қара шәйнекті алып үйге кірді. Сығырайған білте шамның жарығымен дастарқан жәйіп кешкі ас қамына кірісті. Сол-ақ екен, сыртта ит үрді. Иттер жүгіре түсіп арсылдап әлдекімді қоршағандай болды. "Жат, Құтжол! Мен ғой!" деген ер кісінің дауысы шықты. Иттер сап тыйылды.

Хансұлу дастарқан басында отырған қалпы сыртқа құлақ түріп қатып қалған. Түсі қашып кеткен. "Сол... сол...— деді іші.— Кәпірдің қарашы, аңдып тұрғандай... бүгін келе қалуын..." Сөйткенше, есік айқара ашылды да:

— Кеш жарық!!! — деп даурығып табалдырықтан, иығында қоржыны, Ждақай аттай берді. Шойын табадағы шоқ түтіні төрге қарай шалқыды. Білте шамның жарығы қалт-құлт етіп сөніп қала жаздады. Сәлемдескен болып ұзын бойлы Хансұлу тізесі қалтырап бозарып орнынан тұра берді. Толықша келген тартыл бет Ждақай ыржиып былғары кепкесін қолына алып кірпі басын сипап - сипап қойды.

— Аманбысың, кербез бәйбіше! Астың үстіне келіппін ғой... Пай-пай қайын енем сүйетін жігітпін ғой!!!— Ждақай қос қолын ұсынды. Хансұлу іштей тартынса да, құдіретті қонақтан сескеніп, бозара күліп Ждақайға он қолын ұсынды. Ждақайдың баттиған тарбақ саусақтары қомағайлана бас салып Хансұлудың сүйірлеу саусақтарын бір-ақ қылғытқандай. Қолын босатар емес ұстап алып. Ауызынан арақ исі мүңкіп, қызара бөрткен Ждақай сол сәт бұған қарап шошақ көзі шоқтанып, не деп жатқанына зейін қоймапты. Әйтеуір, бұған наз айтқансып, құрдастығын малданып қалжыңға басты. Етігін шешіп жатып та ауызы жалпылдап тиісумен болды.

— Білеміз, енді... сіздің... бізді менсінбейтініңізді... Жақтырмайтыныңызды да білеміз... бірақ құрдас жоқта сені... қасқа Ждақай қалай жалғызсыратады? Келеді бәрібір қасқа Ждақай... қойыныңа кірмесе де үйіңе кіреді... Солай емес пе?

Ждақайдың қолына жез құманнан су құйды Хансұлу. Ждақай бетін жуды. Сүлгіге сүртінді.

— Ал, жағдайларың, қалай?— деп тәлтіректеп барып төрге, Хансұлу салған төсекке өтіп, жалп етіп отыра кетті. Хансұлу көпшік тастады. Ауызы жалпылдап сөйлеп отырған Ждақай көпшікті қолтығына басып, аяғын созып, қисайды.

Хансұлу қонақтың алдына қуырдақ қойды. Шай құйды. Мына шала мас Ждақаймен қалай сөйлесерін білмей қылпылдайды. "Жынды судан" ұрттап алғанының арқасы дауылдатып, есіп отырғаны. Әйтпесе, Хансұлуға тіке қарауға батылы жетпейтін түлкісымақ Ждақай емес пе? Батыр, арыстан бола қалыпты. Керте келген кімді де болса дәл қазір құмырсқа құрлы көрмей таптап кетердей. Өзінің ғана айтқаны болу керек, дәл қазір. Қонақ емес, тура осы үйдің қожасындай еркінсіп, көлбеп жатыр төрде. Кенет, әңгімесін қалт тыйып, аяқ жағында жатқан қоржынына қол созды. Екі қалақ шай, бір уыс шақпақ қант алып Хансұлуға ұсынды. Хансұлу күліп жіберді, қонақ келгелі тұңғыш рет жүзіне қан жүгіріп.

— Ә, қалай, ә! Қасқа Ждақай сен дегенде өледі ғой! Өледі. Ал, сендер Ждақайды жау көресіңдер! — деп Ждақай шақылдап күліп мәз болды.

— Ол, аз болса... тағы бар!— деп тәлтіректеп қоржынға қарай құлай беріп қағазға оралған бірдемені суырып алды. Қағаздың жыртығын қызыл ала шыт Хансұлудың көзіне оттай басылды. Қуанудың орнына зәресі ұшып, қолын сермей берген, Ждақай аузын аштырар емес:

— Мынау... Ждақайдың өзіңе деген базарлығы... Керек десең бұндай көйлекті менің әйелім киген жоқ әлі. Жасырып алып келдім...— деп Ждақай қағазға оралған матаны Хансұлудың алдына тастады. Хансұлудың дүниесін өрт шалғандай. Бір қызарып, бір бозарып асыққанда қойын қалтасынан ақшасын ала алмай жатыр. Мас Ждақай "Жо-жоқ!" деп, ұмтылып келіп, бұның қолына жабысты.

— Менің базарлығым... өзіңе деген!— деп жалынды.

— Жоқ, ақшасын аласың...

— Жоқ, қасқа Ждақай, алмайды ақшаны! Ждақайдың байлығы жетеді.

— Ждақай! Есің дұрыс па? Ақшаңды ал!

Ждақай бұның ақша ұсынған қолын әрі итеріп, Хансұлу ақшаны мас қонақтың қалтасына салғысы келіп екеуі біраз тәжікелесті. Ждақай бұның ақша ұстаған қолын қайырып, бетінен сүймекші болып мойынын созып, ауызын шошайтты.

— Айналайын, жаным... ұлтарағың болайын! Қолымды қақпашы!

Хансұлу бетін ала қашып, қисайғанда Ждақай құлап қала жаздап қолымен жер тіреді.

— Ждақай, орныңа отыр! — деді, Хансұлу ашуы бұрқ етіп, көзінен ашу ұшқыны шашырап. Сол ашу ұшқыны Ждақайдың бет терісі қанша қалың болса да дыз еткізіп күйдірсе керек. Сәл есін жиғандай үнсіз қалды да, еңбектеп орнына қарай жылжыды.

— Жде-еке! Жайыңа отыр... шайынды ішіп...— деп, Хансұлу сөзінің соңын жұтты ашуға тығылып.

— Жә... жә...— деді, төмен қарап өкпелеп қалған Ждақай, "ары жағын айтпай-ақ қой" дегендей, қолын сермеп. Суып қалған кеседегі шайынан бір ұрттады да, қоржынына тағы қол созды. Бір шиша арақ суырып алды. Дастарқанның шетіне "дүрс" еткізді. Шишаның арағы орта екен. Ауызының тағының мықшындап ашты. Хансұлу таза шыны аяқ берді. Шыны аяққа сылқ-сылқ құйды арақты Ждақай. Толтыра құйды. Төмен қараған күйі:

— Өз...ыдысың қайда?— деді дүңк етіп. Дауысы қатқыл.

— Мен ішпеймін... Өзің іше бер!

— ...Ішесің!— деді Ждақай, әлгі құйылған шыны аяқты Хансұлудың алдына ысырып қойып. Өзіне кесеге құйды. Ждақаймен бұ қалыпта айтысудың әурешілік екенін білді Хансұлу. Үндемеді. Сазарып отыр шайдан ұрттап. "Бұ, пәледен қалай құтыламын?" деп, ойы құйындай ұйытқып отыр.

— Пиязың бар ма?— деді Ждақай.

Шай сандықтан пияз алып берді Хансұлу. Басындағы былғары кепкасы қайда қалғаны белгісіз, кірпі шашы тікірейіп бұ кезде жалаңбас отырған Ждақай шүпілдетіп арақ құйған кесесін көтеріп Хансұлудың алдындағы шыны аяққа түйістірді. Түйістірді де, мұрны шуылдап, бұқаша көз сүзіп, алдында қақшиып отырған сұрша жүзді, сұңғыла сұлу келіншекке қарады. Қарлығаштың қанатындай дірілдеген қиғаш қас. Тұнық қара нәркес көз. Қайқы кірпік. Үстіңгі ерні сәл түрік. Алма мойын. Омырауы толық. Құмырсқа бел. Ждақайдың алдында бейне хор қызы отырғандай. Тіптен жынды болды Ждақай. Өзіне бағынғысы келмей сазарып отырған мына тәкаппар сұлуға не шара қолданарын білмей жынды болды.

— Хансұлу!— деді. Деді де аузына үтірлі сөз түспей тосылды. Құдіреті қайда, қарсы келгенді қазық қып жерге қағып жіберетін? Сөзінде де, өзінде де күш жоқ, құдірет жоқ қазір.

— Хансұлу!— деді тағы да.— Ит те болсақ құрдаспыз ғой... Кішкентайдан бірге өскен... Сол үшін... алшы!!!

— Жоқ!— деді Хансұлу шынаяқты ысырып,— Іше бер өзің... Арам тағамды... мен... іше алмаймын.

— Сен не... молдасың ба, сонда, адал, арам деп бөлетін?!

— Болса несі бар?..

Қырқылдап кеп күлді Ждақай.

— Қойшы Хансұлу... Ішпесең ішпей-ақ қой, бірақ... ұрттап көрші!

— Ішпеймін дедім ғой... Бекер әуре боласың үгіттеп... Іше бер!

Ждақай үнсіз бас шайқап аз-кем ойланған болды. Содан кейін, көзді тарс жұмып өз кесесін ауызына бір - ақ төңкерді.

Жалыға жұтқандай беті тыржиып, пиязды танауына пыс-пыс басты. "Уф" деді, әлдесін жан шақырғандай бас шайқап. Аш қасқырдай араны ашылып тостағандағы қуырдаққа бас қойды. Ас үстінде оны — мұны әңгіме етті. Нобайы "Жаңа жолдың" жаңалықтары. Хансұлу әңгімеге араласа алмады. Мас адамның әңгімесі құрсын. Мезі қылды. Дастарқанды тез жинап мас қонақты ұйықтатып, құтылуды көздеді. Ждақай тәлтіректеп тысқа шықты, темекі тартты. Бұл оған дереу төсек салды. Ыңылдап ән салған болды Ждақай. Әрекідік "Кет! Жоғал!" деп иттерге ақырып қояды. Атымен "сөйлесті" енді бірде. Хансұлу соны пайдаланып, өз көрпе - төсегін қолтығына қысып сусып далаға шықты. Үй тасасымен Ждақайдың көзіне түспей, жылыстап қотанды айналды.

Таза шептің үстіне көрпеше жәйіп өзіне төсек салды. Сол күні де дәл осындай айлы әдемі түн еді. "Анау келіп мазамды алмасын" деп сақтық ойлап түн жамылып жалғыз өзі ай астына ұзаңқырап дала кезіп кетті. Үлп еткен желі жоқ құлаққа ұрған танадай тыныш бейбіт жапан дүз. Жападан жалғыз Хансұлу шошайып тұрып өз жүрек дүрсілін өзі тыңдады. Сызылып жүзеді ай. Жарығы кең дүниені көрсетіп тұр. Түңнің ақ сүт нұры бұның әлгінде дал-дұл болған көкірегіне шипа - шапқат болып құйылады. Жанын жусатады. Көңілін ластан айықтырып мейірімі мол табиғат әлемі Хансұлуды өз құшағына алып әлдилеп емдегендей.

Ай астында бүк түсіп жан сырқатынан кем - кем айығып біраз отырды Хансұлу. Үй жақтағы Ждақайдың үні өшкендей болды. Қойдың оқта - санда жөтелгені ғана естіледі ай астында. Иттер де ұйықтағандай. Пысқырып Ждақайдың мініп келген аты жәйіліп жүр анадай жерде. Ай астындағы әлем түгел төсекке бас қойғандай марғау тартады.

Хансұлу аяғын санап басып... келеді үйге қарай. Көлеңкесі де ақырын жылжып келеді. Ай астында қарауытып томпиып үй тұр. Қотанда үлкен қора шеңберленіп қой жатыр.

Қой шетіне салған төсегіне таман жақындай берді Хансұлу. Томпайып жатқан төсегі кенет... қимылдап кетті де, Ждақайдың сайқал күлкісі шықты. Басын көтеріп алып екі бүйірін таянып ап кеп күлсінші Ждақай.

— А-ха-ха! Ха-ха-ха!

Есірік күлкі аспан астын жаңғырықтырды. Дүниені дүрліктірді. Иттер шошып оянды. Отардың бір жағы түріліп үрікті. Хансұлу қалшиып тұрып қалды.

— О-хо-хо! Ехе-хе-хе!...— деп күледі, Ждақай, тәлтіректеп түрегеле беріп.— Қорықпа! Кел! Кел! Хи- хи-хи!

Хансұлу дал болып тұр.

Ждақай теңселе басып, қырқылдап күліп жақындай берді. Жалаң бас. Үстінде . көйлек. Бұтында — дамбал. Аяғында — етік.

Хансұлу жылыстап қашқақтады. Қашудан басқа амал қалмап еді.

— Қаштың ба? Ал, қаш! Мен қуайын!

Етігі тырпылдап тұра ұмтылды Ждақай. Тұра қашты Хансұлу. Абырой болғанда, аяғында жеңіл кебісі бар еді. Бір қолымен етегін көтеріп, басы қайқайып безіп кеп берді Хансұлу. Ішіп алған мына жәркөлеш жындының қолына түскенше, өлгені артық. Ышқынып, ай астындағы ай даламен ақ көйлек, ақ жаулығы желбіреп құлдыраңдап ызғып барады.

— Ұста! Ұста! Ха-ха-ха!— деп, қуады Ждақай. Алғашқы бетте құнтиып қуған Ждақай тарпылдап, ырсылдап жетіп қалды. Сонда, Хансұлу, "бұ, кәпір, өтірік мас болғаны ма, әлгі, тәлтіректеп, құлағалы жүргені қайда?" деп, іштей таңырқап, жан ұшыра қашты. Құтжол мен Аққаншық әупілдеп үріп, түк түсінбей, қосарлана жарысумен келеді. Бойшаң арықтықтың пайдасын осы жолы көрді. Ұстатпады. Ырсылдап, ентігіп қалды Ждақай.

— ...Тоқта... әкеңнің... Жеп қоймаспын... Тоқта!!!— деп қырылдады.

Өкпесін ұстап тоқтады, ақыры, Ждақай. Хансұлу да ентігіп, өкпесі өшіп, әрегірек барып одағайлап іркілді.

Өкпесін ұстап сылқ түсіп отыра кетті Ждақай.

— Өй, әкеңнің... ақымақ қатын... бұнша қашқаны несі?!— Ждақай ауызына келгенін айтып, балпылдап сыбап жатыр Хансұлуды.

— Әй, неге қашасың? Еркек көрмеген... желқуықсың ба немене?

Айтарын айтып қалатын түс келді.

— ...Сен неге қуасың? Нең бар... біреудің некелі жарында? Құдайдан қорықпайсың ба?— деп ышқынып жан дауысы шықты Хансұлудың.

— Е-е-х! Ех-ех-ех!— деп ал кеп күлсін анау, маңдайы жерге тигенше қарқылдап. Аздасын, әбден күліп болып, көз жасын сүрткіштеді.

— Әй, надандық!!! Қайран надандық! "Құдай" дейді — Ждақай ішін ұстап тағы күлді.

— Қайдағы "құдай" Әй, надандық!— Ждақай басын шайқай берді.—"Некелі жарымын" дейді. Қайран ескілік. Молдалардың сандырағы! Әй, ақымақ!!! Құдайың да, құраның да... мына Ждақай емес пе? Соған ақылың қашан жетеді? Құдай емес сені... сақтайтын да, таптайтын да... Ждақай! "Біреудің жарымын" дейсің! Қайдағы "біреу"? Шеге ме, сондағы біреуің?!" Шеге біткен!!! Естисің бе? Біткен!!!— деп бақырды Ждақай.

Ждақайдың "Шеге біткен!!!" деп жер тепкілегені Хансұлудың бойында қалған соңғы күш, соңғы жігеріне тиген соққыдай болды. Жан-жүрегі лағнет айтты Ждақайға тастай қатып. Мәңгіріп, санып құр сүлдері көлеңкедей жылжып кете барды, дала кезіп. Жалғыз шошайып кете барды түнге сіңіп. Жоқ, бұ жолы қумады Ждақай. Әлдене деп балпылдап жатты. Сөзі құрсын. Құдай бетін көрмегір. Күйініп, назаланып, қорланды Хансұлу.

— Құдай бетін көрмегір...— деді көзден ащы жасы шығып.

Ай жарығы астында қылаулана сызылған бұлыңғыр көкжиекті бетке алып маңып барады. Бейуақ тұнжыраған түн ортасы. Ай дала. Жалғыз Хансұлу. Осы күйге түсірген құдайға да, адамға да өкпесі қара қазандай. "Құдай жоқ!" деген әлгі әзәзілдің үні ызыңдап миын масадай шағып мазалап келеді. Ашу бунап, ыза қысқанда дәл осы қазір көзге түссе аямас еді құдайыңды да. Қасіреттің бәрін Хансұлудың басында үйіп-төгетіндей, не әкеңнің құны бар еді, дер еді. Құдайдың бар екені рас болса әлгі "Ждақай кәпірді неге көрмейді? Неге сыбағасын бермейді? Кезінде "бандыны қудым" деп жазықсыз Рысбек жалшыны өлтірген осы кәпір емес пе еді?

Кеше алғаш артель болған жылы аруағыңнан айналайын Барақ ата зиратына шабуыл жасаған кәззап осы емес пе еді? Киелі батырдың аруағы неге ұрмады Ждақайды? Неге ауызын қисайтып жібермеді? Ішкені арақ, істегені қиянат, бұл хайуан құдайдың кәріне ұшырамақ тұрмақ, жыл өткен сайын тасы өрге домалап, тайраңдап, тасыраңдап барады. Бұған не дейсің? Әділет қайда? Құдай қайда? Бар болса осыны құдай неге көрмейді? Әлгі әзәзілдің "құдайың — менмін!" деуі тегін емес. Осы төңіректегі жалғыз құдай сол екені рас, Хансұлу тәрізді жетім жесірлердің тағдыр-талайы соның "ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында" екені рас. Оның үстіне, Хансұлудың "халық жауының әйелі" деген "шылдырмағы" тағы бар. Басқа бір жаққа кетіп қарасын батырайын десе көшуге рұқсат жоқ. Көшкенде қайда бармақ? Қай "екі туып бір қалғаны" күтіп отыр бұны, барған жерінде?

Хансұлудың осындай шарасыз, қорғансыз күйін біліп келіп отыр әлгі зымиян арам пиғылмен. Тыпыр ете алмасын біліп келіп отыр. Хансұлуға не істесе де, оның қолынан арашалап алар күш жоқ екенін біліп келіп отыр. Кезінде бұлғаңдаған бай қызы бүгінде "Совет өкіметінің қас жауының әйелі" Хансұлуды құртуға "өкімет адамы" Ждақайдың бір ауыз айтқан сөзі, немесе бір тілдей қағазы - ақ жетіп жатыр. Кез-келген күні түрмеге апарып тыға салады. Өзінің сол құдіретін біліп келіп отыр. Тіпті шынтуайтқа келгенде, Хансұлу тәрізді таптық жаудың бала-шағасының қасында мал бағып басы азат жүруінің өзі, бүгінгі күнде, біле - білсе, өз басына үлкен олжа. Егер Ждақай жамандыққа барғысы келсе Хансұлу осы күнінде зар болар еді. Дәуапаның жолымен айдалып кетіп түрмеде шірір еді. Бірақ, Ждақай қанша айтқанмен қатар өскен құрбылығы бар, ондай жамандыққа барған жоқ. Сол үшін Хансұлу, бір есептен, Ждақайға алғысты болуға тиіс. Әлі күнге басы азат жүргеніне қарыздар болуға тиіс. Ждақай соны біліп келіп отыр. Осы кезге дейін көмектесіп, желеп-жебеп келгеніне төлем сұрап келіп отыр. "Құшағыңды аш, қойыныңа ал! Оған көнбейді екенсің, тулайды екенсің, өз обалың өзіңе, Ждақайдан айырыласың, кәріне ілігесің" деп, салмақ салып келіп отыр. Ждақайдың бұл келісінен осыны түсінді Хансұлу. Осыны ұқты. Осыны ұқты да, алды артын орап алып, тырп еткізбей тұсап, тұралатқан тағдыр шідеріне шырмалғанын сезінді. Шарасыздықтан тауы шағылып тауаны қайтты. Аяқ, қолын тұсаған шындық көзге көрініп, мен мұндалап, жағаға қолды салған көрінеу ақиқат боп қамап келеді. Кең дүниесін қушитып, тарылтып келеді. Хансұлу сиынған "Жаратқан Ие", "жалғыз Құдай" болса, сонау көктен, қатыгез тағдырдай бүлк етпей назар салатын сияқты, осы қиянат, осы озбырлықтарға. Хансұлу тәрізді қорғансыздарды қорғап араша түсудің орнына Ждақай сияқты әпербақан "Құдайдан безген" әңгүдіктерге тойтарыс берудің орнына, әзәзілге дем беріп, сайтанның қолына шала ұстатып ар-ұяттың ұясына өрт қойдырып жатқаны несі? "Дүниені кәпір жаулап алғанда, мұсылманнан дін көтеріледі, аруақ көшеді" деуші еді Лабақ ахун баяғыда. Әлде сөйтті ме? Құдай теріс айналды ма бұлардан? Жалғыз қалғанда, жабыққанда бір сүйенері, сиынары жалғыз Алла еді... "Құдай — бір, Құран — шын" дер еді... Көкте Құдай бар да жер бетінде ертелі-кеш әділет ту тігеді деп кәміл сенер еді... Енді сол сеніміне жарықшақ түскендей... Тарыққанда таянышы болған, қолтығынан сүйеген сол сенім — тірегінен айырылуға беттегендей. Оның ар жағы не болмақ?.. Онда орға құламай ма?.. Құлайды. Тірексіз, демеусіз қатыгез сұрапыл суық дүниемен бетпе-бет қалады. Жалғыз қалады. Төңірегін мұз қоршаған гүлдей солады.

Тұңғиық ой мұхитына малтимын деп, қанша мезгіл өтіп, қанша жер жүргенін байқамапты. Есін жиып алса, ұзап кетіпті дала кезіп. Еті мүздап, тоңазимын деген. Аяғын сүйретіп келеді екен. Іркілді. Үй жаққа бұрылды. Алыста, ай астында қарауытып шоғырланған мал, үй жәй, баланың ұмыт қылған ойыншығындай кішірейіп шалынады.

Еті мұздаса да, ыстың ойы суыр емес. Жүйкесі ара талағандай дуылдайды. Гуілдейді. Не істеу керек? Алды артын орап алып тығырыққа қуып тыққан мына қиянаттан құтылатын жол қайсы? Алас ұрып, арпалысады ақылы. Шарқ ұрады. Шалықтай - шалықтай шаршады ақыры ақыл-ойы. Отырды бүрісіп. Дүниеде мағына қалмады. Құлазып, адыра қалды дүние. Ай астыда Хансұлу жалғыз. Құдай да жоқ. Шеге де жоқ. Қаңырап азынаған дүние. Жоқ, дәл осы сәт жоққа айналып, кетуге шақ қалған, ғайыпқа айналып кетуге беттеген Хансұлуды келіп тоқтатқан, сабасына түсірген екі періште жан болды. Бүк түсіп құла дүзде отырған Хансұлудың иығынан асылып, құшақтап көзінің ағы мен қарашығындай Үміті мен Түгелбегі" келіп тұрды" жанына. "Апа" деп иығына асылып тұрды. Сол қос құлынымен күбірлесті, "сөйлесті" Хансұлу. Еміренді. Исінді.

Осылай түн жамылып отырып таңды атқызды. Үйіне қайтты. Жолда бұның жолына қарап Аққаншық пен Құтжол жатыр екен. Олар да сөлпектеп ере жүрді: Ждақайдың үй маңынан өзі де аты да көрінбейді. Жым - жылас. Кетіп қалыпты.

...Мінеки осындай да оқиғаны бастан кешті Хансұлу. Бұл жарық дүниеде көрмегені көп екен. Жалғыз өзі түйе үстінде жалпақ әлемге нұрын сепкен ай астында келе жатып осылайша өткен-кеткенді сабылып ойлаумен келеді.

Тумысында тұңғыш рет бастан кешіп келеді бұндай сырлы түнді Едіге. Әке-шешеден ерте айырылып тұлдыр жетім қалған бала жаны, әсіресе, күні кеше ендігі жердей жалғыз тірегі — әжесінен айырылғанда өмір дегенді тасбауыр талақ дүние екен деп еді. Сөйтсе өмір деген бұл ойлағандай емес екен. Сәтке де болса кейде кішкене көкірегіне сұлу сәйкесім бұлбұлстан орнатады екен. Осындай шырын жұмбақ сәтті бастан кешіп келеді.

Төбедегі ай осыдан бір сағат бұрынғы қалпынан да айқындала, ағара түскендей, жез қоңырауы сыңғырлап шұбырған отар үстіне жақындап келгендей, Дәл осы сәт жерге ине түссе де жоғалмастай самала жарық. Ай нұрына бөленіп тек жатқан кең атырап. Мөлдір тымық тамылжыған түн. Аспан жайнаған мың - миллиард қисапсыз көк жұлдыз. Ұшқындап жымыңдасады. Жақұт шашқандай аспанға қарай бергің келеді. Жұмбақ аспан сыр бүккен кенезесі кең ғаламмен іштей тілдескің келеді. Сырласқың келеді. Едіге қазір нені тілесе де осынау мейірім, шапқаты мол кең парасат әлемі мақұлдап, қостап қолдайтындай. Бейне бір жұмсақ мейірбан әже сезіммен шарапатын көл-көсір төгетіндей. Айдың, аспанның, күміс жұлдыздардың, сәл күрсінген майда өлкек желдің бұған деген кәусар таза аналық ықласын сезеді. Жылы құшағын сезеді. Көз жанары басталады Едігенің. Қам көңілдің шарасы жасқа толды.

Қолында — ақ таяғы. Қой соңында келе жатып көз жасын сығып - сығып тастады. Жыламаушы еді. Ждақай басқарманың қамшысы талай жон арқасын осып өткенде де жыламайтын. Жыламақ тұрмақ онда безеріп тастай қатып қалатын. Ждақайға деген ыза-кегі көкірегінде шемен боп жатыр. Өскесін бір қарымын қайтарармын дейді ойы. Өзін Едіге ешқашан нашарға есептеп көрген емес Керісінше, нағыз батырмын деп біледі. Он сегізге бір жетіп майданға аттанар күн туса кім екенін көрсетеді, сонда. Едіге үшін анау Матросов тәрізді, Бауыржан Момышұлы тәрізді ерлік жасау сөз емес. Тек он сегізге жетсе болды. Майданға барады да жаудың күл-талқанын шығарады. Сталиннің қолынан алады орденді. Сөйтіп, әкесі Бұлыштың, әжесі Дәуапаның ешқашан да халыққа жау болмағанын Сталинге өзі айтады. Ждақайдың "Жаңа жолды" бүлдіріп, елге қоқан-лоққы көрсетіп жүргенін де айтады. Сөйтіп, бұл ауылда мәңгі бақи әділет орнатады Едіге. Қой бағуға Ждақайдың өзін салады. Ал, Хансұлу тәрізді тірі жесірлерді желеп-жебейді. Қанаттыға қақтырмай қорған болады. Шіркін сондай болашақты ойлағанда тәтті қиялға шомып кетеді. Ой-хой, Едіге — батыр. Белінде — қылыш. Басында — шойын дулыға. Үстінде — темір сауыт. Қару-жарақ асынған қасы-көзі қиылған сұлу жігіт. Алпамыс, Қобыландыдан айнымайды. Ел сүйген, жауды жеңген қас батыр. Хансұлу келеді бұралып. Тоты құстай таранған айдай сұлу Хансұлу ер жігіт Едігенің алдынан шығып атын ұстап мың бұралып майысып еркелеп құшағына кіреді. Батырдың жары болғанына өлердей риза болады Хансұлу. Сөйтіп, бүкіл ел дүрілдетіп той жасап екеуін некелеп қосады. Жыршылар Хансұлу мен Едігені жырлайды. Гүлжазира далаға ақ отау тігіледі. Хансұлу мен Едігенің отауы. Ол ақ отау ішінде үлпілдеген құс төсек үстінде, жібек шымылдық ішінде ер жігіт Едігені күтіп айдынға қонған аққудай сыланып Хансұлу отырады. Ай астында — ақ отау.

Тәтті қиялға беріліп есі кеткені сонша аяқ астын көрмей сүрініп омақаса жаздады бір-екі рет. Әлгі қиялындағы ғажап әлемнің қасында мына айдың күміс нұрына малынған түн әлемі де түк емес еді. Қиялындағы Едігенің қасында бұл Едіге кім балыпты? Басында тақиясы, қолында — таяғы тазша баладай қой соңында келеді, етігі сылпылдап. Ал, қиялдағы болашақ тым ерекше еді. Едіге ересек еді. Хансұлумен терезесі тең еді. Тең емес тіпті артық еді. Өйткені, Едіге елден асқан, атағы жер жарған батыр еді. Ондай батырдың етегінен ұстауға бір сұлу емес, мың сұлу құмар емес пе? Сондықтан ай астындағы айдаладағы ақ отау ішінде Едігедей ермен бас қосқанына Хансұлу қалай қуанбасын?! Құдайына, қалай, мың мәртебе алғыс айтпасын?!

Әзірше, жүйрік қиялы, балауса арманы ғана жете алған осынау іңкәр күнге асығады. Едіге. Тезірек есейгісі келеді. Есейсе майданға аттанбақ. Аржағы, яғни, ерлік жасап жалпақ жұртты таң қалдыру деген Едігенің өз қолында емес пе?

Едіге еңсесін көтеріп көз алдында көсіліп жатқан кең дүниеге көңілі өсіп масаттана қарады. Хансұлуды иемденер болашақ қожайынның көзімен қарады. Көңілі ұйытқып елірді. Шырқау бір ән салғысы келді. Табанына жел бітіп ызғып кеткісі келді. Анау болашақ жарын жүгіріп барып құшақтай алғысы келді. Тал бойы ұйып, сезім оты лау - лау жанады. Қиялын тербеп, ақыл ойын арбаған арманы шіркін, қазір, осы бүгін неге орындалмайды? "Он үште отау иесі" емес пе? Ал, Едіге он үш тұрмақ он төртіңнің өзінен зымырап етіп бара жатқан жоқ па?

Жүрегі лүп-лүп етеді. Әсіресе, бүгін ғашығы Хансұлумен тұңғыш рет айдалада екеуден-екеу түнегелі келе жатқанын ойлағанда ойы он саққа шапқылап, ұжмақ бағына кіруге шақ қалғандай, танауы құсырылып қуаныш пен үрейдің топ құсы құлдырап төбесінен айналып ұшқандай болады.

Отар айтақырға шығыпты. Шыт-шыт жарылған тақырмен созыла шұбырған қара қойдың тұяғы тықырлап келеді. Қой алдында — түйелі Хансұлу. Оқшау кетіп бара жатыр. Басында жаулығы ағарып, ай астында қарай маңып барады. Көлеңкесі шұбатыла еріп барады. Не ойлап барады екен, сұлу келіншек? Жұмбақ. Ойы да, өзі де, жүріс-тұрысы да жұмбақ жаратылыс. Оны түсінуге бұның әлі құдірет күші жетер емес. Бірақ, талпынады. Ұққысы келеді, "әйел" деген жұмбақ, құдіретті.

Сол атқа, бірақ, жақын келіп жасқанып қалғаны бүгін емес, шынын айтса. Өткен жыл ала жаздай Сары адырдағы шөпшілерге арба жегіп колхоздың "Шанды - бел" деген жаман торысымен азық-түлік тасумен болған. Ауыл мен Сары адырдың арасы таңертең шықсаң түс жететін жер. Шөпшілер ел көрмей айлап жатады құла дүзде. Тігіп қойған киіз үйлері бар. Шөпті кәселкамен шабады, түйеге сүйреткен. Өңшең бала-шаға, қатын - қалаш. Ер-азамат жоқ. Майданға кеткен. Соған қарамастан, кеш түссе қос тұрған қырдың басы бейне той өтіп жатқандай көңілді болады. Келіншектер шулап салады. От басына жиналып алып күлдіргі әңгімелер айтудан ауыздары құрғамайды. Бала біткен солардың аузына қарап отырады, от жағып, қызмет етіп. Бұларды еркек деп елемейді келіншектер. Әбден еркінсіп небір бәдік әңгімелерді, ойхой, судай сапырады. Соған мәз болып қыран-топан ал, кеп күледі. Шөпшілердің Ждақай басқарма қосына жиі-жиі келіп тұрады. Ол келген күні дала қосы тіпті тойханаға айналып кетеді. Жас қатыңдар, бір таң қалатыны. Ждақайдан қорықпайды. Керісінше оны көрсе құтырып кетеді. Ждақай атына бөктеріп ылғи мес толы арақ әкеледі. Бұндай көп арақты дала жұрты өмірде көрмеген ғой. Қой сойылады. Ет асылады. Ждақай өзі бастап келіншектерге зорлап арақ ішкізеді кружкамен. Келіншектер қылымсып алғаш: "Көтек, құрсын, ішпейміз!" деп баж-баж етеді. Бір көзде қарасаң бәрінің қызара бөртіп күліп отырғанын көресің. Бәрінің байлары майданда. Жылаудың орнына жырқылдап күле беретіні несі деп Едіге іштей таң қалады.

Шөпшілердің ішігінде Тұрымтай деген бір жас келіншек болды. Анау "Ақбұлақ" басында егін салып жалғыз үй отырған Құлатай дегеннің тоқалы дейді. Шөпшілердің тобына сол қосылды. Ждақайдың өзі алып келді бір күні атына мінгестіріп.

Едіге таң қалды. Тұрымтай деген келіншек, құлағында сырға, қолы толған білезік, сақина, шөпке емес, мерекеге келгендей жарқ - жұрт етеді. Көзі оттай жанады. Оны Ждақай жұмысқа салған жоқ. Шөпшілерге ас-су дайындайтын аспаз етіп қойды. Тұрымтайды көргеннен-ақ Едіге біртүрлі жүрегі шымырлады. Мынандай асықтай әдемі келіншек Ждақайдай әулекі жындының жетегінде келгеніне күйді іші. Орта бойлы дембелше кісі жұтып қойғандай сылқым келіншекті бұл жаман қызғанды Ждақайдан.

Келіншектің тұнық қара көзі бір сиқыр ұшқын шашып үнемі күлімдеп тұрады екен. Едігеге де күлімсіреп қарап қойды.

— Әй, неғып тұрсың, аңқиып, әй, бала, бар отын алып кел!— деп ақырды Ждақай. Ждақадың түрі өрт сөндіргендей әлем-тапырық екен. Жаман қорықты Едіге. Бүлкілдей берді ауыл сыртына қарай. Әдемі келіншектің күлімсіреген көзіне көз тоқтатып қаратпады - ау... Ждақай әке-шешесінен түк қалдырмай сыбап күбірлеп барады. Едіге құшақ-құшақ шөпшек терді. Ждақай білекті сыбанып жіберіп бағлан қозыны домалантып сойды. Терісін түйгіштеп сыпырып, етін боршалап қазанға асты. Шөпшілер сол күні Ждақайдың бұйрығымен кеш түспей - ақ жұмыстарын тоқтатып, қос басына жиналды. Жұтынған өңшең жас қыз, келіншектер, көңілді у-шу етеді. Ждақаймен жездесіндей ойнайды. Едіге таң қалды. Бақса, Ждақайда бұрынғы кәр де жоқ, зәр де жоқ. Сойған түлкідей ыржиып күле береді. Едіге тәрізді балаларға дегенде пәшистей қатал Ждақай, енді қараса қыз-келіншектер дегенде ыржалақтап тұр. Бұл неткен жұмбақ? Құдайдан безген Ждақайдың өзін елпең қақтырған бұл неткен құдірет? Ұқса бұйырмасын. Білмейтіні көп екен Едігенің. Әсіресе, көп өрмекшінің торындай шатысқан үлкендер тірлігі бұл үшін бір шешуі қиын жұмбаққа айналды. Шақша басы шарадай қатты. Соған қарамастан, сол қиын қалтарысты жұмбақты шешуге деген ынтығы асқына түсті. Бәрінен бұрын "Ақбұлақтан" Ждақайды, өзі әкелген мойылдай қара көзі жарқ-жұрқ еткен жас тоқал Тұрымтайдың жүріс-тұрысын қалт жібермей аңдумен болды. Үсті-басы толған моншақ малынып киінген осынау жас келіншектің жәй әйел емес екенін бала да болса сезді. Балдай шырын бір сиқырды барын сезді. Сол тәттіге ұмтылған шіркейдей еркек кіндіктің Тұрымтайға ынтықпауы мүмкін емес еді. Ол сиқырдың түп мағынасы не екенін бұл әлі айырып білген емес. Бірақ сезеді. Бимағлұм бір құдіреттің арқасында Тұрымтайдың тұла бойы толған сиқыр екенін сезеді. Сондықтан да сылқым сұлудан көзін ала алмай тоймай қарайды.Қараған сайын сұлулық шәрбатын сіміре түседі. Елітіп, масығады.

Жоқ, бұл, табан астында лау еткен сезім, ғашықтық емес еді. Қызыққандық еді. Ал, шыны, Едіге Хансұлуға ғашық еді. Өйдейтін себебі, Хансұлуды қиял әткеншегіне салып тербеткелі қай заман. Хансұлуға тәйірі, бұл жалғанда тең келетін әйел бар ма? Ондай ғазиз жан бұл өмірге шамасы, сирек келетін шығар. Іші, сырты тең сұлу кербез паң ғой шіркін... Тіптен артық сөзі жоқ - ау... Жүріс-тұрысының ақауы жоқ-ау... Өн бойынан бөлек бір бекзаттық еседі де тұрады... шіркін...

Тұрымтайдың жағдайы басқаша. Қуыршақтай қызыл - жасыл киінген бұ келіншектің әсері жүрек тереңіне ауыр дерт боп шөкпегенмен қараған көздің құрты еді. Қай сәби әдемі қуыршаққа талпынбайды. Ұстап көріп ойнағысы келмейді.

Қос басындағы Ждақай бастаған еркек атаулының пәруана күй кешіп Тұрымтайдың сиқырына шалдығуы содан еді.

Мес толы арақ ішіліп, бағлан қозының балқып піскен еті желінгеннен кейін кілбиген масаң көздердің ішіп-жегені тек Тұрымтай болды. Басқаныкі басқа, қос басындағы мал біткеннің бақташысы есалаң Есіркептікі не десейші?! Өзі Едігеден 2-4 жас - ақ үлкен. Иреңдеген ұзын бойлы, алақандай ала көз, қалқаң құлақ жарымес бозбала. Өзін үлкен-кіші бір жағынан мүсіркеп аяса, екінші жағынан марапаттап қойып балаша жұмсай береді. Енді байқаса сол Есіркеп байғұстың екі езуі екі құлағында Тұрымтайға қарап есі кетіп отыр. Күлді іштей Едіге.

Ымырт үйірілген шама еді. Жерошақта лаулап жанған от. Жұрт сыртта. Киіз үйдің көлеңкесіне төсек салдырып ас пен арақтан кейін шұбат ішіп "қағанағы қарқ, сағанағы сарқ" отыр. Әңгіме, күлкі ду-ду. Қыз - келіншектердің қоршаған ортасында шалқып Ждақай отыр. Желдей еседі сөйлегенде. Өзі - құдай, өзі — би. Жас қыз-келіншектердің бірнешеуі қызмет етіп жүр. Солардың бірі уыздай уылжыған жас келіншек Айжарқын еді. Арақты ішпей тартынып жалғыз қалған да сол. Қосылғандарына үш ай толмай жатып күйеуі жақында майданға кетті. Ол да уыз жас жігіт еді, Жорабай деген. Осы Айжарқыннан басқа келіншектердің бәрі ұрттап алды арақтан. Ұрттап алғандықтың арқасы — ду - дабыр, қарқ-қарқ күлкі. Үлкендердің бүйтіп түгел еліріп көңілденуі балаларға рахат болды. Бұлар да — мәз. Барша деген бір тілі ұзын сақа келіншекпен Ждақай айтысып қалды. Домбыраны күмп-күмп ұрып Барша келіншек өлең сөзбен ал кеп тиіссін Ждақайға. Бұндайда Ждақай қалай тыныш қалады? Басындағы кепкісін былғап ұрып, кірпі басын сипап - сипап жіберіп, отырған жерінде ұшатұғын қыранша жұлқынды. Домбыраны алып дүрсе қоя берді Баршаға.

Жұрт тіптен еліріп кетті. Сөз сайысы деген жаман ғой. Қыза-қыза келе Барша қыз – келіншектердің атынан сөз боратса, Ждақай исі бөріктілердің намысын қорғады. Баршада бет жоқ екен. Бәдік өлеңге басты бір кезде, "Тоятын күнің бар ма қыз — қырқынға?" деп. Ждақай да оңып тұрған жоқ. Кісі ұялатын сөздерді Баршаның бетіне былш-былш ұрды. Қыз-келіншектер "Ойбай!" десіп қылымсып, ұялғансып беттерін шымшып жатыр, бірақ, Ждақай бәдік теңеулерді үстемелеткен сайын жандары кіргендей, қызыққа кенелгендей. Бұған қалай таң қалмассың! Кейбір жас қыздар Рысты, Гүлдан сияқты, айтысушылар тереңірек кеткен кезде тұра қашты үйді айналып. Ұялшақ уылжыған Айжарқын да мына "жынды су" ішіп алған бәдік топтан ойын аулақ салып жерошақ қасында от жаққан болып теріс қарап отыр.

Қараңғы түсті. Ай жоқ. Аспан быжынаған жұлдыз. Ойпырмай, со түнгі жұлдыздардың ірісін - ай. Тура жұдырықтай - жұдырықтай. Тұрымтайдың омырауындағы жалпақ күміс теңгелердей жайнайды әрқайсысы. Едігенің өмірінде со түні және бір үлкен оқиға болды. Ересектер "бой жазайық" деп ән салып тобырымен үй сыртындағы қырқаға беттеген кезде бұлар есалаң Есіркеп бастаған балалар әлгілердің жартылай ішіп дастархан үстіне қалдырып кеткен кружкаларындағы арақты ішіп салды. Содан кейін "бұнымызды Ждақай көріп қалды ма?" деп түн ішіне қарай топырлап кеп қашты. Тұншыға күлісіп түн ішіне таман барып байыздады. Құрмағыр үлкендер қасқалдақтың қанындай әспеттеп ішкенге, бұл бір кереметтей нәрсе десе у екен, ап - ащы. Өзегін өрттеп кетті. Екі ұрттап қақалып-шашалып қалды. Бірақ, әлгі "у" минут өтпей-ақ әсер етсін бір түрлі. Буынын босатып, көз алдын көлегейлендірді. Тұла бойы, дүние - ғалам жидіп, жұмсарып кеткендей болды. Қисалаңдап, болмашы нәрсеге күлегештеді. Бір кезде:

— Едіге!— деп гүж ете түскен Ждақайдың үні естілді үй жақтан.

— Ау! — деді, Едігенің мастығы тарап кетіп.

— Бері кел! — деді Ждақай. Тұра жүгірді Едіге. Таң қалып келеді. Қыз-келіншектермен қыр асып кеткен Ждақайдың қос жаққа жалғыз оралғаны несі?!

"Екі өкпесін қолына алып" жүгіріп жетсе шоғы жылтыраған жер ошақпен үйдің ортасында Ждақай тұр екен, теңселіп.

— Бері... бері... жақында! — деді қолын созып, ишара етіп.

Едіге сескене түсіп жақындады. "Бітті. Қалған арақты ішіп қойғанымызды білген екен... өлтіреді..." деп зәресі зәр түбіне кетті. Жақындай беріп тағы іркілді.

— Өй... қасқалдақ... Әлде де бері!..— деп қолын созды Ждақай. Ждақайдың үнінен басқа бір сырды аңғарғандай. Жақындады. Ысынап - пысынаған Ждақай бұның қарынан ұстады қармап. Кәпірдің шеңгелі жаман қатты екен темір қысқаштай. Жұлқып тартты өзіне. Едіге әлі ештеңе ұққан жоқ. Танауы пысылдап арақ исі шыққан Ждақай бұған еңкейді. Былай деді:

— Мен... қазір... мына үйге кіремін... Сен есік алдында... күзетші боп тұрасың... Ешкім ішке аттап баспасын... Айтасың... Ждақай ағам деп алып жатыр деп... Ұқтың ба?.. Есіктен біреу кірді екен... оңбайсың... Сені оңдырмаймын... Түсіндің бе?!

— Түсіндім!— деді Едіге, таяқтан құтылғанына қуанып.

— От... солай! Дәл мына жерде тұр!— Ждақай тәлтіректеп есікке беттеді. Едігенің тұратын жерін көрсетіп. Есікке қол соза беріп, Едігеге қарап тағы ежірейді Ждақай. Түн де болса кәпірдің ежірейген теке көзін көріп тұр Едіге.

— Көрген - білгеніңді жан баласына айтпайсың... Айтады екенсің... Тұқымыңды тұздай құртам... Тура, ФЗО- ға өз қолыммен айдатам...— деді Ждақай сөзін бөліп-бөліп.

— Айтпаймын...— деді бұл ышқынып. Айтып жыны бар ма?

Ждақай "байқа" дегендей сұқ саусағын шошаңдатып қойды. Едіге командирдің алдында тұрған солдатша сазарып сымдай тартылды. Ждақайдың кілегейленген көзі бұны бастан-аяқ және бір шолып шықты. Үйге содан кейін ғана кірді. Едіге біразға шейін ес жия алмай тұрды. Енді бірде жүрегінің дүрсілдеп соққанын естігендей болды. Суып іркіліп қалған қаны бойын қуалап аға бастағандай. Тынысы да енді ашылды. Буыны босап отыра кетті, үйге арқа сүйеп. Құлағы шуылдағандай. Көз жұмып сансырап отырды. Алыста салған ән, әрегіректе балалардың дуылдап ойнағаны естіледі. Қанша қорыққанмен, әлгінде Ждақай "үйге ешкімді кіргіз бе!" дегенде-ақ бұл сезген үй ішінде біреу барын. Біреу болса Тұрымтайдың өзі шығар деген. Рас болып шықты сол ойы. Үйге кіре салысымен Ждақай біреумен сөйлесті. Едіге демін жұтып құлақ түре қойды үй ішіндегі әңгімеге. Ждақай кәпірдің дауысы қатқыл - қатқыл естіледі. Дүңк - дүңк етеді. Әйел дауысында наразылық сезіледі.

— Қойыңызшы! — дейді әйел үні жыламсырап. Әй, мынау Тұрымтайдың дауысы емес қой!

— Бол деймін!.. Ждақайдан құтылам деп ойлама!

Содан кейін үйдің іші дүсірлеп кетті.

— Былай жүр... қашпа!— дейді Ждақайдың үні гүр - гүр етіп.

— Сізге не болған?! Ұялмайсыз ба?— деп жылап жіберді әйел. Мәссаған, мынау Айжарқынның дауысы ғой. Уылжыған ұялшақ Айжарқын! Кеш бойы арақ ішпей жұртқа қосылмай шеттеп отырған. Кеше ғана майданға аттанған Жорабайдың уыз жас қалыңдығы. Жүрегі атқақтап кеудесіне сыймай кетті Едігенің. Ыршып тұрды орнынан. Ызаға булығып не істерін білмей аласұрды Едіге.

Сөйткенше, іштегі Айжарқынның жылаған үні шықты.

— Өшір үніңді!!!— деді Ждақай.— Өшір!

Айжарқын тұншығып жылады. Тістеніп алғандай.

Едігенің жаны қыдырып не істерін білмеді. Кіріп барып Айжарқынды зорлап жатқан хайуан Ждақайдың көк желкесінен шабар ма еді балтамен! Шабар ма еді... Әттең... Ызадан көз жасы бұрқ етті. Осылай, өз ойымен өзі арпалысып тұрғанда кенет... Қараңғы үй ішінен бір тосын үн құлағын елең еткізді. Шөп-шөп сүйіс сияқты өліп-өшкен.

— Жаным... Ғашығым!...— дейді еміреніп Ждақай.

— Сенің басқан ізіңе тұрмайды... ана қатындар... бір сен үшін... жаным құрбан!!!— дейді Ждақай үздігіп.

Көп ұзамай ыңырсып, ыңыранғандай болды Айжарқын. Қорлық көріп жатқан жанның үніне ұқсамайды. Бұ не? Едіге біразға шейін мәңгірді. Жүрегі еліріп ереуілдеп соқты. Түк ұқса бұйырмасын.

Аздасын Айжарқын бірдеңе деп күбір-күбір сөйледі.

— Жо-жоқ... Ешкім жоқ... Жарайды. Жарайды. Киім қайда әлгі?— деді Ждақай. Үй іші тас қараңғы. Кермей жатса керек. Едіге бұ кезде үйге жабысып жабықтың жыртығынан сығалап тұрған. Үй ішінде, кенет оттық тұтанды да сөнді. Сонда Едіге не көрді дейсіз ғой. Сол көрген қызығын Едіге өмірде ұмытпас. Көзін жұмса көз алдында тұрады. Қыпша бел түзу борбай жарқ еткен әйел бәдені. Ай еткен сайын, жыл өткен сайын ұмыта ма десе, жоқ, олай емес, еске алуы жиілеп барады. Еске алған сайын тал отындай лап-лап етеді сезімі.

Қазір де солай. Қолында — таяғы, ай астына қарай айтақырмен тұяқтары сытырлап саудырап шұбырған қара құрым отардың соңында ілбіп келе жатып, бір түрлі, әуейленіп, төбедегі - далиған аспан мұхитына, буалдыр алыс көкжиек сілемдеріне жұтынып қарап қояды. Бұлбұл жүрегі көкірегіне сыймай, жарып ұшқысы келіп талпынады. Тылсым жұмбақ, ғалам кеңістігін сүзіп ұшқысы келеді самғап. Қанат қағып бұл ғажайып жұмбақ дүние сырын тез, шапшаң ашуға аптығады. Анау айтақыр ортасында ақ жаулығы ағарып түйе, үстінде бара жатқан Хансұлу — осынау айлы, жұлдызы жұмбақ ғаламның кілт кіндігі сияқты. Бір бойында бар дүниенің құпиясы бара жатқандай. Хансұлудың жұмбағын шешкен адам осынау күллі жаратылыстың да жұмбағын шешетін тәрізді. Қысқасы, Едіге үшін аспандағы ай да — бір, жердегі Хансұлу да — бір. Екеуінің де құпиясы бұл үшін қол жетпес ақирет.

Күрсінді Едіге. Бұның ұшқыр, құстан жүйрік қиялының жолында, байқаса, түксиіп қап тауындай кедергі тұр. Ұшқыр қиялы самғап қайда ұшса да сол тұстан мұнартып аспанмен таласып Қап тауы бой көтереді. Неге? Неге бұлай? Сол Едіге көксеген көп қиял, арман, тілектің ең болмаса біреуі орындалса ғой, бұл бақытқа тура белшесінен батар еді ғой. Тағдыр бұны, бірақ, тәлкек ету үшін жаратқан сияқты. Қиялдай бер, армандай бер, бәрібір оның саған бірі де жоқ, дейтін сияқты. Ол армандарының ауылы әлі алыс дейтін Тағдырдан осы пәтуаны есітеді де, ал, кеп асығады Едіге есейгісі кеп. Бала болу дегенің — иттің қоры екен. Дүние қызықтың бәрі қараңғы үйдің ішінде, ал бұл — сыртта. Сол бір пәруана сәтті өмірде ұмытпас. Ұялшақ, уылжыған жас келіншек Айжарқын іште ашылып-шашылып жатқаны, Ждақай кәпірді айқайды салып үйден қуып шықпағаны, "аттандап... құтқар!" деп келіншектің жұртты шақырмағаны, сықсыңдап жылауға ғана шамасы келіп, сүттен таза ақ тәнін арам есек әңгіге таптатқаны мың сұрақ боп миын қайнатты. Айжарқын, кешегі майданға аттанған жас жігіт Жорабайдың өліп-өшіп сүйгені, бетінен ұят нұры тамған Айжарқын аттандап айқай салмақ тұрмақ, Ждақайдай әңгі есекпен құшағы жарасып шолп - шолп сүйісті... Құдай бар-ды сүйісті...

Қараңғы үйдің ішінде ата жауы Ждақай, Жорабайдың емес, бейне бұның өз келіншегін үптеп жатқандай біресе күйіп, біресе жанды Едіге.

— Болыңызшы... тез!— деп жалынады Айжарқын.

— Өй... Қорықпа! — дейді Ждақай. Есікке беттеп келе жатқаны байқалады. Ыршып кетті Едіге.

Сол бір қағынған түннің оқиғасы Едігенің өз басы үшін осылай аяқталып еді. Қызықты басталып көңілсіз аяқталған. Қазір, қой соңында келе жатып, неге екені белгісіз, сол түнді, бүге-шігесіне кейін қайта тірілтіп еске алады. Қызық екен адам деген. Жұрттың бәрі мас болып жаппай қағынған, өзі де соларға еліктеп арам судан ұрттап алған, сөйтіп, ұят іске бой алдырған сол бір түнге неге қиялы қайта айналып бара береді? Соған таңырқайды. Едіге ұмтылған үлкен болашақ — адамзат тірлігінің жұмбағын сол түн ауырлатпаса жеңілдеткен жоқ.

Жез қоңыраудың үні ұйқысырап керенау күңгірлейді. Тамылжыған түн кешіп тұяқтары тысырлап біркелкі жуас ағындай жылжиды отар. Ай, қақ маңдайда, жап-жақын шақырайып тұр. Мың миллион күміс инелерін үнсіз көл - көсір құюмен тұр кең медиен далаға.

Түйеге Едігені отырғызып енді Хансұлудың өзі жаяу түсті қой соңына. Түн ортасына бейімделген күллі әлем жуас тербетіліп ұйқы құшағына енгендей. Шөгіңкі алыс - жақын қырлар. Бұталар. Қыбырсыз үлп еткен жел үнсіз мүлгиді. Кең дүниені керелеп ұйыған ұлы тыныштық шырқын бұзбай ысырылып ай жүзеді аспаңда. Жер де ысырылып қойлар жылжиды.

Және бір ұйқысыз, қалғусыз келе жатқан Хансұлудың ой-қиялы. Сол, ой-қиялы өткен өмір мұхитына талассыз құлаш ұрумен, жүзумен келеді. Ел шетіне жау кіріп, дүниенің мынадай астан-кестені шығып, ата — баладан, бала — анадан, ел — азаматтан айырылып жатқанда, "Бәрі де — майданға!" деп ұрандатып еңбектеген баладан, еңкеңдеген кәріге дейін еңбекке жегіліп жатқанда, өстіп күллі халық пәшестеп айқасып жатқанда, бұ сорлы, алыстағы пәшестен он есе жаман жақыннан жау тауып алды емес пе... Ждақай атты... Бұның түбіне пәшес емес осы Ждақайдың өзі-ақ жететінін білді Хансұлу, әнеугі оқиғадан кейін. Онсыз да ұрынарға қара таба алмай жүрген қызыл көз әулекі сол түні қойнына алмағаннан кейін аясын ба бұны? Әрине, кешегі заман болса: "Жолы болмаған бір жігітшілігім" деп, ұмыта салар еді жігіт адам. Қазір заман өзгеше ғой. Қазіргі заманды да, адамды да ұға алмай жүр ғой Хансұлу. Түсініксіз болып кетті тірлік. Ұяттан, Құдайдан қорқар еді бұрынғының адамдары. Бүгінде басқарма, НКВД, саясаттан ғана қорқатын болды халық Бұрын "Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін!" деуші еді. Бүгінде: "Ауызы қисық болса да бастық сөйлесін!" дегенге көшті. Халық та бір, мына топырлаған қара қой да бір екен. Қазір Хансұлу мына отарды оңға айдаса оңға, солға айдаса солға жүре бермей ме, топырлап? Халық та — сол екен. Әйтпесе, осы Ждақайлар ел басқармақ тұрмақ өзінің қара басын алып жүре алмайтын нақұрыс емес пе? Соған "Жаңа жолдың" тұтқасын ұстатқасын бұ заманнан не сұрайсыз?! Бықпырт тигендей етті ауылды. Қарсы келгенді — Шеге, Дәу апа, Андалы сияқтыларды қазық қып жерге қақты. Қалған жұртқа білгенін істеді. Ждақайға қарсы келгенің — тұра Сталиннің өзіне қарсы келгенмен бірдей. Партияның тоқпағы, өкіметтің тоқпағы жауып кеп береді басыңа. Табан астында күллі өкіметтің, партияның, халықтың жауы боп, көп ит талаған көк итке айналдым дей бер.

Одан кейінгі баратын жерің белгілі. Өмірдің осы шындығын әбден ұққан халық сорлы. Үндемеске бекінген. Ждақайлар не айтса да "Құлдық!" деп тағдыр делбесін Ждақайларға біржола ұстанып, өздері жетекке ергіш салпаңқұлақ бұзау болып алған сияқты. Соны сезеді Хансұлу. Соған ызасы келеді. Тіптен Ждақай нақұрыс қыз, келіншектеріне көрінеу қол салып жатса да мыңқ етпейтін мал мінез қалыпқа түскен. Бұл халыққа не болған? Ер азаматтар қайда? Қашанғы тайраңдатып қояды мына құдайдан безгенді? Ит тепкінің астына алып бұндай кәпірді илеп алатын баяғының намысқой жігіттері қайда? Қайран Бұлыш... Бұлыш жездесі, кешегі өткен... Бұндай құдайын ұмытқандардың ала сайтанын қағып алар еді ғой... тірі жүрсе.. Бүйтіп тайраңдатпас еді... төбеге шығарып. Не бүк, не шік болар еді... Көкесі Пахраддин де көнбес еді... бұл қиянатқа. Бір жолын табар еді... бұзақыны ауыздықтаудың. Шеге де сөйтер еді... не сынар еді, не сындырар еді...

Сол түннен кейін... Хансұлу дегеніне көнбеген түннен кейін... Ждақай екеуінің арасын балалық шақтан жалғап келе жатқан ескі көпір күмп етіп қирап түскендей еді. Ендігі жерде бір-бірін көрмей кеткені абзал еді. Ендігі жерде Ждақайдан жақсылық, жәрдем күтіп емексуге бұның жақсы жоқ еді.

Е, бұл ит тірлік неге үйретпеді Хансұлуды? Адам жәйлі осылай жаман ойлауға үйретті. Бұндай қасиет болмысында жоқтың. Ата-ана тәрбиесінен болса керек, бұрын кісі туралы тек жақсы ойлап, кісіден тек жақсылық қана күтетін. Білместік екен. Сол қасиетіне алдымен өзі сүрінді ғой. Өзі опық жеді ғой. Өз қабырғасын өзі шайнады ғой. Сондай да ақ сүт берген Сырғадай анасына, Пахраддиндей әкесіне сауал қояды ашына: "Неге бүйттіңдер! Адам дегеннің екі аяқты жыртқыш екенін неге айтпадыңдар! Әлде, сіздер, бұл адам дегеннің құбылмалы, сатқындық табиғатын, тек, өз, қарақан басын ғана ойлар өзімшіл қасиетін білмедіңдер ме? Білсеңдер, оны неге Хансұлудан жасырдыңдар?" дейді ышқынған ойы. Өстіп қиналған сәттерде кешегі 32-інің ақсүйек аштығында қарақалпақ жерінде сүйектері көмусіз қалған байғұс ата-анасының аруағын күңірентеді.

Осындай жаман ойлар удай тарайтын болды бойына. Сол ойлар: "Енді Ждақайдан жақсылық күтпе! Күтпе!" деп құлағына күнде сыбырлайды. "Ждақай қанша айтқанмен еркек қой, шынын айтқанда Хансұлудан не жамандық көрді? Шегеге адал жар болғаны үшін кінәлі ме Хансұлу? Осыны неге Ждақай ойламайды? Егер ойласа, қарап жүрген Хансұлуға неге дұшпандық жасауға тиіс?!" деп өз-өзіне басу айтқан болады.

Ждақай содан кейін бұларға ат ізін салмады. Күзде малшы қауым шұбырып қыстауға көшті. Алыс түстік Сам құмына тартты. Айшылық алыс жолда ең болмаса бір рет келіп жағдай сұрамады Ждақай. Мейлі, сұрамаса қойсын. Енесі екеуі өз күндерін өзі көрді. Құм арасына жеткесін, әркім өзінің жылы қыстауына орналасып арқалары кеңіді. Айшылық жол азабын ұмытқандай болды. Жер от. Сексеуіл қалың. Мал өз аяғымен жайылады. Кәуіп ететіні тек құмның қасқыры. Түйеден күн ұзын түспей қойын шашыратпай жүріп бағады Хансұлу сақтық жасап. Сөйтіп, жүргеннің өзінде қыс орталай екі қойын қасқырға алдырды. Қасқыр жеген екі қойдың басын домалантып қапшыққа салып, Қара түйенің беліне отырып, Ждақай басқарма жатқан понкітке тартты. Шығын болған екі қойды шығарту ойы. "Понкіт" дегені — ықтасын ойға орналасқан Серікбайдың қыстауы. Сексеуілмен қоршаған мал қора. Мал қораның жанында томпиып бір киіз үй тұр. Шаңырағынан будақтаған түтін. Бұл Серікбайдың үйіне ұқсайды. Екінші үй, қорадан алыстау тұр. Бұл да қоңырқай. Бұл үйдің бір ерекшелігі — шекесінде қызыл жалау. Маңдайында — ұран жазылған күн жеген қызыл мата. Матаға жазылған орыс әріптерін Хансұлу оқи алмады. Арабша болса, оқыр еді. Ескінің жазуы деп оны құртты. Жаңаның жазуы деп кешегі аштықтан сәл бұрын латынға кешті. Жұрт жамырап оны үйренді. Енді бүгін, ол да ескіріп қалды ма кім білсін, орыс әрпіне көшіпті ғой. Құрсын... күнде — өзгеріп жатқан заман...

Қызыл жалаулы киіз үйдің сыртына түйесін шөгерді. Күшік үрді шәуілдеп Серікбайдың үйі тұстан жүгіріп шығып. Үйдің есігін ашып шүпірлеп жас балалар қарады тысқа. Қызыл жалаулы үйдің де есігі ашылды. Бекебайдың иек астынан тартып алған күпілі домалақ бір келіншек бой көрсетті. Көзін қолымен көлегейлеп шұқшиып кеп қарады. Сақыпжамал. Серікбайдың қатыны. Анау таныды ма, танымады ма белгісіз, күйбеңдеп тұрып, тұрып үйге қайта кіріп кетті. "О, құдай тас төбеңнен ұрсын, Сақыпжамал! Қонақтың алдынан шығудың орнына... о, несі кеп... зып бергені?!"

Қасқыр жеген қойлардың басын үй сыртына дүрс еткізіп тастай салып бұл есік ашты.

— Сәлем бердік! — деп. Үйдің ыстық лебі бетіне ұрды.

— Үйбүй, Хансұлу ма едің, оранып алған бұ кім десем — Сақыпжамал кінәсін жуып -шайғандай бәйпектеп келіп Хансұлуды келіп құшақтап жатыр.— Амансыздар ма? Мал жандарың түгіл ме?

— Шүкір!— деп Хансұлу ішке көз жіберіп сырт киімін шеше берді.

Ждақай төрде үлкен тонға оранып жатыр екен, жаңа босанған әйелдей. Енді күбірлеп басын көтерді. Тіктеліп отырды. Сықырлаған сары аяз қысып бара жатқандай, басында — құлағы түсірілген тұмақ. Тонның етегін қымтап алған. Жабайы адамдай бет-ауызы қыл-қыбыр. Көзі суланып іскен. Қабағы қарс жабық. Көзі кілбиіп ортада жерошақта маздап жанған сексеуілдің отына тесіліп қарап отыр. Келген қонақты анық жақтырмаған тоң торыс қалып танытып отыр. "Жақтырмасаң жақтырмай-ақ қой!" деді іштей Хансұлу.

— Құрдасыңыз тұмауратып қалып... екі-үш күн болды,— деп Сақыпжамал есік пен төрдің арасында сөйленіп жүйткіп жүр. Көп сөйлемейтін, біртоға, момын жан еді... өзіне тіл бітіп, жүрісі де ширап кетіпті ғой. Хансұлу өзі бұрыннан білетін Сақыпжамалдың жүріс - тұрысындағы бір жасандылықты байқады.

Сақыпжамал дамыл қақпай сөйлеп:

— Әйтеуір, Сәкең екеуміз қолымыздан келген ем - домы жасап жатырмыз. Бүгін жаман емес... беті бері қарады,— деп ызыңдап домаланып барып Ждақайдың жастығын алып берді. Тонының шалғайын қымтаңқырады. "Бәсе, ала қыстай Ждақай неғып әйелсіз жатыр деп еді-ау... Бәсе... Ждақайдың тірлігі басқаша болуы мүмкін емес қой... Байғұс Серікбай, таңертеңнен кешке дейін қойда жүрсе, мына екі бетбақ — ойда жүрген сияқты ғой..."

— Отыр!— деп күңк етті Ждақай, ортада маздап жанған сексеуілдің отынан көз алмай тұқшиып түнеріп отырған қалпы. Ол айтпаса да Хансұлу Сақыпжамал салған көрпешеге отыра берген. Беті, қолы мүздап қалыпты. Мына сексеуілдің қуатты жалынын бетке ұрғанда сезді.

Сақыпжамал қара шәйнекке су құйып отта тұрған үш бұт мосыға іле беріп ауыл-үйдің жаңалығын сұрап жатыр. Не жаңалық болсын Хансұлуда, құмға тығылып қой бағып отырған.

Ждақай бастықтың тесірейген зәрлі сұғы біраздан отқа емес күйбең қағып жүрген Сақыпжамалға қадаулы еді. Ауызы — сөзді, қолы - істе Сақыпжамал, бұрыла беріп сол тесірейген көзге назары сүрініп аузындағы сөзінен жаңылып қалды.

— Үйбүй, ана балдардың қарны ашып қалды-ау... қап... кетейін...— деп сөзі божырап сасқалақтап, сөйленіп есіктен шығып кетті...

Ортада лаулаған от. Сол отқа кірпік қақпай көзін қадап Ждақай отыр. Бауырына жастықты алып екі бүктетіліп отыр. Хансұлудың алдында қаңбақтай қалт - құлт етіп кететін бұрынғы Ждақайға ұқсамайды. Мынадай мызбақпас Ждақайды бұл бүгін тұңғыш рет көріп отыр.

— Жә... құлағым сізде...— деді Ждақай, Хансұлуға бет бұрмай. Үні қаңылтырдай қатқыл. Қырын отырған Хансұлу Ждақайдың отты сүзіп бүкшиіп отырған қалпына көз қиығын салды. Мына отырған жан баяғы бала күннен бірге өскен Ждақай емес, шамалыға жібімес іші мұз кесек тоң дерсің.

— ...Екі қойдың басын әкеліп отырмын... қасқыр жеген...— деді, Хансұлу, ашу бунап бойынша діріл шауып.

Ждақай былқ етпеді. қырысқабақ тоң торыс. Ең болмаса кірпік те қаққан жоқ. Жылан көзі суланып тесірейіп отқа қараумен отыр өңкиіп, Хансұлудың ақпарын ойша қорытқандай.

— ...Ол бастардың керегі не... маған?— деді бір көзде.

Хансұлу енді бастықтың бетіне ажырайып көз тікті.

— ...Неге... саған керегі жоқ?! Өлген өкіметтің малы емес пе?

— ...Өлтірмеу керек... жолдас Хансұлу!!!

— Қасқыр тартты деп отырмын ғой!

— Тартқызбау керек қасқырға... Мал бағып жүрміз бе, ай бағып жүрміз бе?

Мандайын тасқа ұрғандай болды Хансұлу. Ауызына сөз түспей далырды. Осы сәт не десе де, қара тасқа айтқанмен бірдей екенін ұқты. Тұрып кетуге де болар еді. Келген шаруасы осымен "біткен" еді. Бірақ, қозғала алмады. Ойы алақұйын сапырылысып үнсіз отырып қалды.

— ...Бұл екі қой үшін сен... әлі... жауап бересің! Заң алдында! Екі қой үшін емес, бір түйір масақ үшін сотталып жатыр жұрт... Солай жолдас Хансұлу! Мемлекет мүлкімен ойнауға болмайды.— Ждақайдың дауысы осы тұста көтеріліп ширығып алды.— Мемлекет сендей зиянкестерді алшаңдатып қоймайды. Пәшеспен қалай айқасса, ішіміздегі сендейлермен дәл солай айқасады. Вот так! Табарыш! Шалтай-балтай қаншай!!!

Соңғы орысшасын Ждақай ышқынып жекіп айтты. Хансұлу қалай ытқып тұрғанын, сыртқа қалай шығып кеткенін білмейді. Түйесінің бұйдасын қазықтан қолы дірілдеп, асығыс-үсігіс шешіп, ырғып арқасына мінгенін біледі. Қамшысы шолтаң еткенде түйе пақыр ыршып-ақ түрегелді. Содан ізінен жау құтандай Қара түйені сар желдіріп құйын да құйын жүйткісін қыстауына қарай.

Хансұлудың дүниені өрт шалғандай жалпылдап келе жатқанын қой шетінде жүрген байғұс енесі алыстан байқап қыр басында қалқиып күтумен болды.

Хансұлудың түрін көріп шошып кетті.

— Не болды?— деді. Хансұлу болған жәйді хабарлады.

Көпті көрген ақ басты ана беті шалбарланып, қабағына кейістік жиып, жанары боталап алысқа, алақанат қарлы көкжиекке көз жіберіп, түйіліп сәл ойлана қалды да:

— "Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас" деп, әдірам қалғыр, Күрең жұрт өзінен бизар болып еді, кешегі жылдар, енді мына жаман боқмұрыннан көрдік пе көресіні...— деп түтігіп түсі қарауытып кетті.

Лағнет атқан сол бір түн... сол бір оқиға түсіне жиі кіреді, кірген сайын шошып оянады. Жер қозғалса, қозғалмайтын Хансұлу, әй, сол түні жүгірді - ау!.. Қорқуды, үркуді білмейтін Хансұлу, әй сол түні бебеу қақты - ау!.. Мына сұм заман кімді домалатпады қаңбақша?.. Қорғасынмын деп жүргендердің көбін қаңбақша қақпақыл етті емес пе?.. Соның бірі — Хансұлу. Пахраддин бидің алақанға салып әлпештеп өсірген жалғызы... Күндердің күнінде бүйтіп өкіметке күң болып қой бағып құла дүзде жүрермін - ау, жаман Ждақайға жалтақтармын - ау деген ой, оллаһи, он ұйықтаса түсіне кірмеп еді... "Е, заман, бірде бетін берер, бірде көтін берер" деуші еді әкесі. Сол айтқаны келді, қой бағып, Ждақайға күң болып өтіп жатқан бұл тірлігіне де кеңдігін қалып еді... Құдай Хансұлуға енді... бұны да көп көрген сияқты. Көлденең көк төбет сарып - сарып өтетін, жол бойындағы бір түп ши болмадың деп бұған сыртын берген сияқты сұм тағдыр. Асау еді Хансұлу. Сол асаудың тәкаппар мойнына құрық лақтырып өкшелеп соңына түсті сұм заман. Алдын орап, жолына тұзақ құрды. Қолға түсті — барар жері біреу - ақ. Түрме! Көрдей салқын түрме дегеннің ызғар лебін сезгендей Хансұлу. Шегені қылқ еткізіп жұтып қойған сол жалмауыз енді бұған аранын ашып ұмтылып жүр. Хансұлу қашумен жүр. Ол жалмауыздың тісіне өл - тіріл ілікпеуге тырысып жүр. Хасұлудың түрмеге түскені — Шеге екеуінің шаңырағының бұ фәниде қалпына келместей болып құлағаны емей немене? Құрысын... құдай сақтасын... ондайдың бетін әрі қылсын...

Сол түні Хансұлу... Түрменің тап... аузынан қайтты десе болар.

Көкек аяқталып мамырдың жалтыр жаймашуақ күндері басталған. Құмның көбі көтеріліп, майда мал көкке тойып ерте туған қозылар шұнаңдап аяқталып қалған көз. Шопан қауымы ала қыстай көріспеген елге қарай әне-міне көшеміз деп отырған. Түн жылы, отар сыртта, ашық аспан астында жатқан. Енесі екеуі үйде, көзі ілініп кеткен дейді. Шыңылдаған у-шудан оянды бір кезде. Сырттан енесінің:

— Хансұлу! Хансұлу! — деген айқайы шығады. Дүние астан-кестен. Ышқынған дауыл. Ағаш үй сықырлап, шайқалады. Үйді сатырлатып сабалап ұрған жаңбыр. Шулап маңыраған қой. Үрген ит. Аспанның бір қанатын күңіренте сындырып, сөйткенше, күн күркіреді. Жалт ойнады. Есі шығып кетті Хансұлудың. Етігін апыл-ғұпыл киіп, иығына қаудырлақ плащын іле сап, сыртқа ұмтылды. Қап-қара түн аранына күмп етіп түсіп кетті. Жаңбырлы қара дауыл бұны қаңбақ құрлы көрмей дірдектетіп әкетіп барады. Аспан асты, жер беті толған шу, ықтап босып бара жатқан қой қозының шуы.

— Ене! — деп ышқынды Хансұлу ықтап жүгіре түсіп.

Аласапыран түн ішінен енесі байғұс:

— Айт! Шәйіт! — деп шырылдайды. Енесі шұбырып ыққан отардың алғы шебінде тәрізді. Хансұлу да жүгірді:

— Ай-ай! Хай-хай! Айт! Шәйіт!— деп солай қарай.

Әупілдеп үріп иттері қоса жарысып келеді. Жел — батыстан. Бұлар келе жатқан шығыс түс тегістеу беткей еді. Отар солай ыққан екен. Дүние, кенет, аппақ болып кетті де тас төбеден аспан шатынап шатырлап сынды. "Бісміллә!" "Бісміллә!" Жер беті, қара құрттай қыбырлаған қой, қозы екен. Шашырап тоз-тозы шығып босып бара жатқан мал. У-шудан құлақ тұнады. Сол андыздап — ықтаған нөпір малдың алғы тұсынан жаулығы ағараңдап селтеңдеген енесі көрінді. Шаңыта төгіп нөсерлеген қалың жаңбыр пердесінің арғы тұсынан әрең шалынады. Қас-қағымда жарқ еткен сол көріністі іле үңірейген түн жұтты. Көзі түк көрмей қараңғы қармап, әлгі көрінген шамамен далақтап келеді. Қалай да отардың алдын орап екеулеп қайырмақ. Жүгіргенде жаны көзіне көрінді. "Сотталдың!", "Біттің!", "Түрме!" Осы ойдан онан сайын ышқынады. "Біттің" "Сотталдың!" "Түрме!. Алқынып алдына шықты отардың. Тағы да жалт ойнап аспан даңғырлады. "Бісміллә! Бісміллә!" Алдына шыққанмен, ендеп қара құрым қойды тоқтату мүмкін болмады.

— Айт! Шәйіт!— деп құр айқайға басып малдың алдына түсіп жүгіре берді. Бір ықтасын кезігіп соны паналап отардың езі байыздамаса, бұлардың айқайынан ештеңе енбеді.

Дүние астан-кестен. Төңірек азан-қазан шуға толып аласапыран жөңкиді. Сол бағыт, сол ағынмен Хансұлу да ығып келеді. Топан су қаптағандай, дүлей ағыс әкеткен жалғыз жаңқадай қанкөбелек ойнап кетіп барады. Аспан қақ айрылып жерге түскендей. Жер бетінде бір ұлы сүргін жосқын басталғандай. Оңы қайда, солы қайда бимағлұм. Қиямет қайымның ғарасат майданы басталса, керек. Қозысымен мыңға жуық отар мынау ұлы дүмпумен быт-шыт шашырап әлемнің әр бұрышына сіңіп ғайып болғандай. Енді енесі екеуі мың жерден жыртылып айрылса да, ол малдың басы бірікпейтіндей. Мыңға жуық қой қозы бытыраған жапан түздің қойын-қонышы қан жосын өлікке толғандай. Қасқыр, құзғынға жем болғандай. Осы апатқа кім кінәлі? Хансұлу кінәлі. Осы қылмысы үшін жауап береді. Сот алдында жауап береді. Қайта-қайта құлады, аяқ астын көрмей. Қайта-қайта түрегелді қолымен жер тіреп. Үсті-басы малман су. Қолы — балшық. Етігі де су. Шылқ - шылқ етеді. Енді бірде байқаса қой — қозының шуы алыстап озған. Бұл салпақтап артта қалған. Өкпесі әшіп діңкелеген. Жүрегі күйіп барады, кеудесіне симай. Жылап келеді боз боран.

Солықтап, қос өкпесін қолына алып, жас төгеді. Бұны өмір бойы өкшелеген сұм тағдыр, ақыры енді, дегеніне жеткендей... Қылша мойыннан қысқандай. Аузымен ауа қармайды. Жеңілді Хансұлу. Шама - шарқ қалмады күресуге. Енді құласа жер құшып жата беруге дайын. Басқа не қалды? Қармағаннан не пайда? Табан тірейтін не қалды? Құрдымға осы кеткені кеткен шығар... Қатты жүгіргеннен жүрегі күйді. Қарс айрылардай бұлқынып кеудесіне симай шарқ ұрады. Екі екпесін қолына алып, ырсылдайды ентігіп. Дізесінде әл жоқ, буыны ұстамай, ақыры сылқ отыра кетті. Сырылдап құйған жылы жаңбыр жағасынан құйылып екі емшегінің арасынан жыландай сумаңдап өтті. Жүрек қысылғанда оған қарауға шама жоқ. Ентіге берді... көзден аққан жасы бетін жуып.

Әлден уақта, құлағы бір дыбыс шалды. Кісі сөйлегендей. Сытырлап жауған жаңбыр, ысылдаған жел арасынан енесінің күбірлеген үні шыққандай. Балпылдап, сөйленіп келеді. Құлақ тікті бұл.

— Қу құдай... қасқа құдай... қақбас құдай...— деп келеді енесі зарланып.

— Ене! — деді Хансұлу қап-қараңғы түнге қарап. Әлгі үн сап тыйылды.

— Хансұлу! — деді әлдесін.

— Мұндамын мен...

Сол-ақ екен, енесі кетті аңырап.

— Ойбо - ой!!! Тірімісің, жарығым! Сорладық қой, ойбай!!! Қай пейілімізден таптық ой-бо-ой!!! Онсыз да маңдайымыздың соры аз ба еді?! А-а-а!!! Ах-ах!!!— деп аңырап келеді кәрі ана. Хансұлу да орнынан сыңси түрегелді.

— Ене! Ене!!! — деп. Жаңбырлы түннің астында құшақтасып жылаған қос бейбақ дауыстап біраз шерді тарқатты. Содан бір-біріне сүйеніп қозғалды. Жүгіруге дәрмен жоқ.

— Иә, Барақ ата! Иә, Бекет ата! Иә, Шопан ата! Желеп-жебей гөр!!! — деп сарнап келеді кемпір. Көп ұзамай жел тынып, жаңбыр саябырлап дүние жарықтық жынынан айрылған бақсыдай жуасып, жайбарақат қалыпқа да түсті. Түн қараңғысы сұйылып, алыс-жақын айнала бедерленді. Шығыс жақ көкжиек сілемі айқындалды. Бірақ отар көрінбеді, жер жұтқандай тым - тырыс. Теріскей түс .Үстірттің жылмағай жазық даласы. Түстік жақ ұзыннан шұбап жатқан Сам құмы, бұталы, сексеуілді, адырлар, ойқы-шойқы төбелер. Сондай бір көлденең жатқан құйқалы, бұталы белге көтеріле берді бұлар, аруақтарды шақырып. Жотаның төбесіне шыққанда жерге ала көбең жарық та түсіп қалған еді. Қырдың арғы құлар асты көлденең сай екен, сексеуілі сыңсыған. Қарауытып түлейді паналап тығыз жатқан қалың отар көзге оттай басылды.

— Ене!!!— деген жан дауысы шықты Хансұлудың. Жер қозғалса қозғалмайтын салмақты еді, бірақ сол сәт қуаныштан елпілдеп ұшып кете жаздады. Тұра жүгірді. Жайбасқан болса:

— Иә, алла! Жасаған ием, жасаған!!!— деп кемсеңдеп талтаңдап келеді.

Хансұлу жүгіріп құлады сайға.

...Күйіс қайырып тығыз жатқан қой - қоз. Жүгіріп келе жатқан Хансұлуға самарқау қарап қояды, түк болмағандай. Түбі күрдек сексеуілге бөксе тығып жылы жатқан Аққаншық пен Құтжол бұны танып керіле түрегелді. Құйрық бұлғап қояды, қуаныштарын жасыра алмай.

Енесі екеуі күн шашырап шыққанша сайдың ішін құлдап жүгіріп жүріп және үш бөлік қойды тапты. Содан кейін барып санап еді, малдары түгел болып шықты. Өз көздеріне өздері сенбеді. Қайта санады. Тағы сол — отар түп-түгел! О, жасаған Ие!

Сол арада енесі құбылаға қарап тұрып Құдай жолына бір ақсарбас атады.

Күн шапағы жаңбыр шайған мөлдір ауаны қыздырып, ылғал жер бусана бастаған шамада қалың отарды ысырып айдап бұлар үйге қайтты.

Содан екі-үш күннен кейін құмды қыстаған малшы қауым шұбырып Үстіртті кесіп өтіп ырғап-жырғап сонау алыс, айшылық жолы бар жаз жайлауы — Хантөрткіл, Түгіскен, Бас Оймауыт, Жем бойына қарай лықсыды. Күн жалтыр. Дүние кең. Жайнап құлпырған көктемгі дала. Алда бұлар қыс бойы сағынған бала-шаға, жақын жуық ел. Ырду - дырдулы ұлан-ғайыр жаз бар.

...Мінекей, сол жаздың да ортасы ауып барады. Қасқыр тартқан екі қойдың орнына Хансұлу өз жекеменшігінен екі тоқты төлеп құтылды. Бірақ сол түнгі оқиға, енесі екеуі отардан түгел айрылып қалып жаңбыр астында шырылдап пәруана боп жүгірген аласапыран түн... Сол түнді еске алудан жүрегі шайлығады... Түсіне кіреді. Түсіне кірген сайын суық тері шығып, шошып оянады.

Жаздың бұл айлы түнінде... айнала әлемге түйе үстінен көз жіберіп келе жатқан Едігенің ойы басқаша еді. Үсті кемедей кең түйенің аяңы жұмсақ, жайлы. Баяу тербетеді. Албыраған бетін түн түкпірінен суырыла тартылған қоңыр салқын күрсін леп өбеді. Бейне райыс желі ескендей тынысы кеңейеді. Көңілі лепіреді. Әндей қалықтап шырқау биік көтерілгендей болады. Жүрегі... Жүрегі ше? Жүрегі құмыр бұлбұлындай құлдырап құйқылжып тұр. Анау сыңғырлаған жалғыз жез қоңырауға ұқсайды. Дәл осы сәт мына кең ғаламның қожасы Едігенің өзі тәрізденеді. Өйткені, еңселі биік түйе үстіндегі Едіге күллі жердің төбесінен қарап келеді. Түйе үстіндегі Едіге анау айға да жақындап қалыпты. ...Сәл ұмтылса, созған қолы жеткелі тұр. Ай дегені әдемі арудың ақ дидары екен дейді. Әлемге сәулесін құйып тұрған сұлулық падишасы Хансұлудың ай дидары! Тоймай қарайды Едіге, аспандағы сол дидарға. Қараған сайын сол... аспандағы ғажайып перизат ынтықтыра түседі. Қараған сайын... сол, ай нұрынан сомдалған ару бұны арбап, аңсарын аударып барады. Бұның қиял - назары енді сол аспандағы арудың ақ күмістен құйылған сұлу мүсін тұлғасын көріп тамашалайды. Құмырсқа бел, ашаң тұлға аспан сұлуына аузының суы құрып телміреді. Телмірген сайын сол сұлуға деген ынтық іңкәрі арта түседі. Жүрегіне бал тамады. Жүрегіне у тамады. Аспандағы сол сұлу жерге түспесе де, келіп мойнына оратылып құшпаса да дәл қазір жер бетінде жалғыз... жалғыз ғана Едігемен үнсіз сырласып тұр. Сүйгені, назарының ауғаны Едіге. Көл-көсір нұрын жалғыз Едігеге құлады. Ықылас, ынтасын Едігеге бағыштайды. Осы сәт Едіге бақытты. Ай нұрынан сомдалған анау аспан сұлуының назары түскен жер бетіндегі жалғыз өзі болғаны үшін бақытты. Қиянатшыл тірлікті, "Жаңа жолда" өткен өксікті өмірін ұмытқаны үшін бақытты. Өмір деген тек тар қыспақ, түгел түртпек емес, мейір-шапағаты мол мынау тәрізді ғажайып кең сыңғыраған айлы әлем екен. Соны көргені, білгені үшін бақытты еді. Өзі ақ түбіттей жеңіл. Жаны ақ кіреуке мұнарға шомылып сәулеге айналып кеңістік кезіп құлдырайды. Шарап ұрттағандай масаң күй кешеді.

Хансұлу отардың алдына шығыпты. Оны Едіге біраздан соң байқады. Отар іркіліпті. Қоңырау сыңғыры үзіліп иіріліп тоқтапты мал. Ұзақ түнгі жәйілістен тойса керек, жол соқты болса керек, ың-жыңсыз байыздап ұйқыға бейімделіп жата бастаған.

— Шаршадың ба?— деді Хансұлу күліп. Бұны баласынғаны.

— Жоқ,— деді Едіге.

Хансұлу түйе бұйдасын қолына алып шеттеу шағын алаңға шөгерді. Жүкті түсірді. Едіге Қара түйені былайырақ жетектеп барып, тұсады. Хансұлу төсек салды.

Едіге бұта арасында аспанға қараумен тұр. Темірқазықты оралып бүкіл жұлдызды әлемнің айналғаны байқалады. Үркер төбеге таман көтерілген. Таңшолпаны туыпты. Жетіқарақшы шалқая түскен. Аспанның жартысын сызып бір жұлдыз ақты. "Біреу өлді" деді ойы. "Бейшара кім болды екен? Қай жерде екен?" "Анау жыпырлаған қисабы жоқ көп жұлдыздың арасында Едігенің де жұлдызы тұрған шығар, жылтырап. Жерде қанша адам болса, аспандағы жұлдыз да сонша дейді ғой. Әр адамға бір-бір жұлдыздан.

— Едіге, жатпайсың ба?— деп дауыстады Хансұлу.

— Қазір...

Едігенің мүлдем ұйқысы келер емес. Әлгі бір шырын қиял желісін үзер емес. Сары майдан қыл тартқандай жан сыры шежіресін сөйлеткендей күй кешті. Ауылда жертөле үйде өмір дегеннің езі тымырсық тар қапас көрінсе, мұнда, дарқан дала төсінде, әсіресе, төбеңде жұлдыз аспан шатыры төңкерілген айлы түнде Едіге бір мүлдем бөлек адамдай. Жаңғырып, жаңарғандай. Қайта туғандай. Осындай оқыс күй сыйлаған, жан түлеткен мына таңғажайып табиғат әлеммен сырласа тұрғысы келеді. Жүрекпен жалғаса тұрғысы келеді. Бұндай жан балқытар жәйлі түн, кім біледі, мүмкін енді қайтіп, Едігенің өмірінде кездеспес... Қайта осы сәт тордан шыққан құмыр құсындай Едіге үшін дүние кеңейген сәт. Азат құсындай бұлбұл жаны тұңғыш, өмірдің кең ғарышына құлаш ұрған күні. Томағасын сыпырған қырандай қияға қараған түні. Сол себептен осы түннен, осы балқыған көңіл күйден ажырағысы келмей айлы аспан астында ойға шомып жалғыздан-жалғыз біраз отырды.

..."Жатсам, мүмкін, ұйқым келер" деген. Бірақ қисайғаннан кейін ұйқысы мүлдем ашылып кетті. Жастықтың бір шетінде Хансұлу жатыр, теріс қарап. Ұйықтап қалған тәрізді әлдеқашан. Пыс-пыс етеді. Құмайтқа төселген кең ескі құрақ көрпешенің бір шетіне Едіге жайғасқан. Хансұлу жамылған жалғыз көрпенің астына кіруге ұялады. Хансұлу көрпенің бұл жағын бос қалдырыпты. Жамылсын дегені ғой. Камзолын жастық астына салған. Сол ескі камзолдың шалғайы — тура, Едігенің тұмсық астында. Иісі танауын қатықтайды. Ғажайып жұпар иіс... Бұ неткен құдірет?! Едіге ұғып болар емес. Анда-санда той -домалақта қыз келіншектердің қасынан өткенде тура осы бір құдіретті сезер еді... Содан жүрегі елпіп жаны елтіп елегізер еді... Сол шырын иіс неге бұны алаңдатады? Жан құрышын қандырғандай неге беймағлұм ләззат дарытады?! Едігенің бұл шешпеген жұмбағы. Бүгін, мінеки, сол ғажайып жұпар таратқыш камзолға маңдай төсеп жатыр. Алпыс екі тамыры иігендей, Жүрегі... жүрегі екіленіп дүрсілдейді. Қабына сыймай ісініп барады дабылдап...

Әбден ит болды. Жүрегінің әдеттен тыс дүңкілін Хансұлу естіп қоя ма деп зәресі кетті. Камзолдың есірткі хош иісінен құтылайын деп аударылып шалқасынан жатты. Бірақ жүрегін, ойын, бойын билеп алған әйел падишасы Хансұлудың тұтқынынан құтыла алмады. Хансұлу, енді қараса, қақ маңдайдан жарқыраған ай болып, күлімсіреп бұған қарап тұр, жанарынан, жүзінен көл-көсір нұр құйылып. Үнсіз, бүлкіп ақ жібек сәулелер ағады. Мың миллион күміс инелер төгіледі. Сынаптай сусып құлдилап жарысады. Жылт -жылт жақұт тасқын. Осынау аспан төрінен бұған қарай жамырап ұмтылған ақ самала ағынға қарсы ұмтылып жүзін тосып ұшқысы келеді... Сөйтіп, ұшып барып, анау аспандағы күлімсіреп тұрған ғажайып келіншекті құшқысы келеді... Құшқысы келеді... "Құш!" деп ұлиды жаны. "Құш!" деп құлшынады құшағы. Тұршылаған, жүршілеген есер сезім... еліртпе сезім. Сол сезім бұны көбелектей бебеулетіп, дедектетіп отқа итереді. Сол отқа, жақындап келген іңкәр жалынға шарпылып өлуден өткен бақыт жоқ сияқты... Сол сезімнің жетегіне еріп бұл... бір кезде... қасында жатқан жүрек іңкәрі Хансұлуға көз қиығын тастады. Жүзі ұяттан өртенді. бірақ... теріс қарап жатқан ғашығының ақ жаулық оранған басына, жастық бетіне төгілген шашбаулы жуан қос бұрымы, шашына, көйлектің кең жеңінен шығып жатқан жалпақ күміс білезікті жұмыр білегіне жұтынып қараудан тыйыла алмады. Қараған сайын, тамағы құрғап, дем жетпей тынысы тарылды... Қол созым жерде... Қол созым ғана жерде жатыр... бақыты. Әлгінде, балдай бақыт түні сондай бір құдіреттің бұл сорлығы сыйлаған нәпақа тартуы екені сөзсіз...

Көзін жұмған Едіге осылайша ой толғап, жоғарыдағы бұны желеп-жебеуші Жаратқанға жан тілімен алғысын бағыштады. Көзін содан кейін ашты. Ай қалжырап батыс аспанға еңкейіпті. Сәулесі әлсіреп сарғыш тартыпты. Едігеге төбеден төніп, шақырайып қарағанын қойыпты. Керісінше, бұлар жатқан атырапқа сәулесін көмескілеу сеуіп Едігеге болысқандай. "Ұялмасын, еркіндеу болсын" дегендей.

Бейқам жатқан келіншектің омырауы жұқа шыт көйлек астында екі бөлек томпияды.

...Едіге қалғып кетті. Көп ұзамай жүршілеген бір сезімнің жанын баурап бара жатқанын сезді... Хансұлу үн-түнсіз бұны қолынан жетектеп... сол әлгі қиялында тербеткен ұжмақ дүниеге жетелеп әкетіп барады. Жалаң аяқ, жалаң бас, шашы қопырып арқасында жатыр келіншектің. Қуаныштан, бақыттан дүние бұлбұлстанға айналғандай. Мезгіл не таң емес, не түн емес бір беймағлұм шақ. Хансұлудың қолынан ұстап, жанын баурап жүршілеген алдағы іңкәр қызық дүниеге ұмтылып жүгіріп барады. Бұл да жалаң аяқ, жалаң бас. Табан асты, о тоба түбіт жұмсақ қызғыш құм! Дүниеде мұндай таза ұлпа құм бетімен жалаң аяқ жүгіргеннен артық не бар дейсің. Оның үстіне, қасыңда жалаң аяқ, жалаң бас, шашы арқасында толықсып, аққудай ару Хансұлу жүгіріп келе жатса, одан артық өмірдің керегі не? Едіге бақыттың шалқар көліне күмп беріп қойып кеткендей еді. Қуаныштың, қызықтың айдынында құлаштап жүзіп келе жатқандай еді. Құм толқындардың бетімен әлдеқайда асығып барады екеуі. Ел көзінен таса оңаша бір мекенді іздеп келеді екен, сөйтсе. Едігенің көңілі де — сол, Хансұлудың көңілі де — сол. Сондай бір оңаша жұмсақ ойпаңға жүгіріп құлады екеуі. Екеуінен басқа адам ізі түспеген қалтарыс, тыныш бұйығы ойпан екен. Бейне ғашықтарға арнап табиғаттың өзі мұнтаздай жайған төсектей таза құм бетіне екеуі отыра кетті.

— Едіге! — деді Хансұлу. Бұл дауыс түсіндегі мәмілешіл Хансұлудың үніне ұқсамайды. Сәл қатқылдау. Содан шошып басын көтерді Едіге. Көзін ашса, таң ағарып атыпты. Қой өріп кеткен. Хансұлу түйені әкеп шөгеріп жатыр. Бұл төсектің үстінде селтиіп отыр. Сұмдық өкінді. Әлгі түсінің ен шырын... ең қызық жерінен үзілгеніне... удай ашыды, іші.

...Түк болмағандай көзін уқалап тұра берді орнынан.

— Беті қолыңды жу! Кеттік! — деді Хансұлу асықтырып.

Едіге шойын құмандағы судан беті, қолын шәйді. Ұйқысы ашылды. Ұзақ түн бастан кешкен жәйіттері көрген түстей алыстай берді. Бірақ, таңдайынан тәтті дәмі кетер емес. Ол түнгі оқиғалардың мына таңертеңгі қарбаласқа қатысы жоқ сияқты. Хансұлуға көмектесіп жатыр... заттарды түйеге артып дегендей. Көрпе-төсек салынды. Қоржын салынды. Содан кейін жатқан түйеге "бісміллә!" деп Хансұлудың өзі мінді. Жаяу жүргісі кеп тартыншақтап еді, бұл.

— Отыр, бол! — деді Хансұлу келте бұйырып. Едіге де мінді түйеге, келіншектің арқасына жармаса.

— Шүу! — деп қалды Хансұлу. Түйе арбаң етіп түрегелгенде Едіге шап беріп белінен ұстай алды, Хансұлудың.

— Ұйықтап қалыппыз... қойдың өріп кеткенін де білмей қалыппыз...— деді Хансұлу көңілді. Едіге де күлді. Хансұлудың үні тағы сыңғырлады:

— Байқап келесің бе жарықтық жердің отын!? Өріске де жетіппіз - ау!!

Түйе майпаң - майпаң желіп келеді. Жұмсақ табан жануар бір ырғақ шайқап тербеп келеді. Түйенің тік құлақ қайқы басының арғы жақ алдынан сонау алыс жота тасасынан күн шекесі жылтырады. Кең, дала жапан түзді қыдырып қызыл бояу шапақ шашырады.

Алтын жағалдана бастаған ойқы-шойқы адырлы, атырапты сахара өлкесіне көз жіберіп келеді Едіге, биік түйе үстінен, маужырап, есінеп оянған ғажайып ең әлем сүретіне тоймай, талмай қарайды. Таңғы таза ауада жабайы тұз өскіндерінің алуан түрлі құпары білінеді. Дүниенің осы сұлулығын туғалы тұңғыш рет байқап тұшынып келеді. Кешелі бері бұған бимәлім жаңа бір өмір көкжиегі көрінді. Сәулелі арман, күлім қағып, қол бұлғап шақырғандай алдынан. Кішкентай көкірегінде құлдырап мың бұлбұл оянғандай.

Жұмсақ табан жүрісі жәйлі жануар Қара түйе майпаң - майпаң желеді, шашырап шыққан күнге қарай. Күліп келеді.

ЖДАҚАЙ

Нарқамыстан шығып "Жаңа жолға" баратын жалғыз аяқ жолмен жалғыз атты кісі келеді. Астыңдағы жұлындай теңбіл көктің басын бос жіберіп жолаушы қалғып келе жатқандай. Ждақай еді, бұл. Күн мейлінше ыстық. Мезгіл - шілде. Кепкісінің күнқағары жылтыр шекесін толық жаба алмай келе жатқан Ждақай көңілсіз. Қалай көңілді болсын? Қалтасында қағаз, әскерге шақырған. Істемеген айласы жоқ, соғысқа бармаудың жолында. Бірақ болмады. Бәрібір қармаққа ілінді. Соғыстың үшінші жазында ілінді. Курск түбінде қиянкескі шайқас басталғанда ілінді. Күрсінді. Лаж жоқ. Қан майдан — қасапханаға қара қойдай топырлатып апарып салады ертең. Ішінде бұл да кетеді, шайналып сол етке кеткен малдың бірі сияқтанып. Құдай біледі, қай жерде теңкиіп қалатынын. Әйтеуір, пәщестің бір оғы тиер-тиместен жайрап қалатыны сөзсіз. Көмілмей де қалауы мүмкін, нөпірлеген адам мен танктің астында. Сөйтіп, отыз төртке келген жасында, жолдас Ждақай, жатарсың бір жерде, ауызыңды топырақ жауып. Денең құрт - құмырсқаға жем болып... Үйіңе, сені екі көзі төрт боп күтіп отырған бала-шағаңа бір жапырақ қағаз келер. "Отан үшін шайқаста, ерлікпен қаза тапты" деген. Сонымен, тәмәм боларсың жолдас Ждақай! Тәмам боларсың!!...

Ойы осы жерге келгенде шарасыздықтан сенделіп кетті, не істерін білмей. Бұның бағының тайғаны — Сұржекейдің жоқтығы ғой. Әйтпесе, бұл ауданда Сұржекей тұрғанда, ешкім де тырп етпес еді ғой. Ждақайды жауға бермес еді ғой әйтеуір, бір есебін тауып. Сұржекейдің орнына келген Кәрімов дегенмен де жаман емес еді. Соның арқасы ғой, әскерге жұрттың ең соңы болып шақырылды. НКВД дегеніңіз күшті ғой, құрсын. Бұдан ықпайтын мекеме жоқ. НКВД бұны әлде де қорғап қалар еді, бірақ, майданға күш керек, адам керек болып жатса керек. Оның үстіне — Ждақай партияда бар. Бұндайда Отанға қауіп төнгенде коммунист деген сөзге келместен кеудесін оққа төсеуге тиіс... Анау Матросов тәрізді. Коммунистің бұл заңын біледі. Соңдықтан... бұлталақтауға шама жоқ. Бірақ... Бірақ... Ел ішінен шығып, "Жаңа жолды" тастап ұзап кету дегенің Ждақай үшін ақирет. Өмірінде Ждақай "Ждақай" болғалы ең алыс шыққанда Нарқамыстан әрі асып көрмеген екен. "Қала" дегеніңді, "пойыз" дегеніңді естігені болмаса көзі көрмеп еді. Енді, міне, сол дозақтың ішіне барғалы отыр. Құдай біледі. Ждақай соғысқа жетпей-ақ құриды... Құриды. Әншейінде, "аңқау елге, арамза молда" болып "жарқын болашаққа барамыз", "үлкен қалаларда тұрамыз, мәшине мініп жүйткиміз, айырпланға отырып көкке ұшамыз!" деп жұртты желіктіріп көкігенімен жеме-жемге келгенде сол "қала", "пойыз", "айырплан" дегендеріңнен зәресі ұшады Ждақайдың. Жаңалықтың "жарапазаншысы"— Ждақайға шындап келгенде мына иен даланың адам бармас шалғай түкпірінде, әлгі айтқан жаңа заман жаңалықтарынан мақрұм қалған жыпырайған кішкентай ауылынан өзгенің керегі шамалы.

Атынан түсті. Тоқтаған жері ебелегі ұйысқан желпең жайдақ жота үсті еді. Сарғайып қураған шөп үстіне жантайды. Биік тебе үстінен жарты әлем көрінеді. Қойыны -қонышында сағым кілкіп бос жатқан боз дала. Аздап үлбіреген самал бар. Ат сағағының бір ұшы қолында, Ждақай таза шеп үстіне шалқалап жатыр ақ шағырмақ аспан тұңғиығына көз жіберіп. Әлдеқайдан сұңқылдаған сарышұнақ үні келеді. Жусан арасынан шегіртке шырылы үзбей естіледі.

Ждақай осы дүние, тірліктен түңілгендей көзін жұмды. Аспан да томсарып, жер де тырп етпей, бүкіл тірлік ағымы іркіліп қаңтарылғандай еді. Әдепкі жүрісінен жаңылып, төңірек түгел дағдарғандай. Жалпы бұндай сәт — тығырыққа тіреліп ойға бату Ждақайдың өмірінде болмаушы еді. Сонау "кәмпеске" жылы комсомол болып атқа мінді де, содан бері партияның ұранын салып "жар құлағы жастыққа тиместен" келеді. Буырқанған өмір ағымына күмп беріп түсіп кетіп, содан шырқ көбелек айналып шыға алмай кетіп бара жатқандай еді. Ой-хой, бұл Кеңес өкіметін орнату оңай болмады ғой, Ждақай тәрізді жаңашыл жастар үшін. Кескілескен айқаспен, қан төгіспен келді ғой бұл жаңа өмір. Ескілік ездігімен оп-оңай орын бере қойсын ба?! Атаңа нәлет бай-құлақтар аяусыз айқасып бақты ғой. Әйтпесе, бұл, бала күндері бірге өскен Рысбекті өлтіріп не әкесінің құны бар еді? 29-шы жылдың жазында банды күшейді емес пе, Қарақұм жағында байлар, құлақтар кәллективке қарсы болып бас көтерді емес пе, осы қазақ жерінің тұс-тұсында? Байғұс Рысбек өзі кедей, өзі жетімек бола тұрып Бұлыштың бандысына еріп Иранға қашты емес пе? Сөйтіп, ізінен қуып жеткен комоотрядтың жауынгері Ждақайдың қолынан қаза тапты емес пе?

Ой-хой, несін сұрайсыз, айта берсе ол заман тауысылмас жыр ғой. Елдегі би-болыс, қожа-молдадан ой - хой, бұлар өшті бір алды - ау... Ждақайды адам деп елемеген өңшең игі жақсыларды илеп жіберді емес пе сонда?! Сонда ғой, Бұлыштың бандысын талқандап, көшті қайырып келе жатқанда бұның Лабақ ахуннан өш алатыны. "Намаз оқимын" деп кәрі қырт бүкіл жұртты иіріп қойып бір кезде таспиқ санауға кіріссін. Шыдамады Ждақай. Кезінде "найсап!" деп тілдеп, бұны мешіттен қуып шыққаны барды. Сол есіне түсіп, зығырданы қайнап кетті. Атасы нәлет, жүгіріп барып шалдың қолындағы таспихын жұлып алып құлаштап тұрып йен далаға қарай лақтырды. Аппақ ақ құдай ахун ерні күбірлеп сақалын саумалап отыра берді. Отрядты бастап келе жатқан Афанасий Гринин "Бұның не?" деп жекіді бұған. Ждақайда қайтпады. "Ол намазын әлдеқашан оқып болған жолдас командир! Ал таспиқ санағаны — саботаж!!! Бізді ақымақ қылғаны!" деп жақтырмады. таптық шайқаста табанды болу керек. Апанастың солқылдақтық танытқаны сол сапарда-ақ анық болып еді. Оның жау екенін бұл сонда-ақ сезген. Ал, Калашников (сол кездегі ауданның бірінші хатшысы) шіркін сабаз - ақ еді. Негізі пролетариат қой. Орталық жақтан келген. Діні қатты еді. Бетің бар, жүзің бар демейтін. Жарып түсетін. Нағыз бәлшебек еді. Сонда, клубтағы тамам жұрттың көзінше "Бұлыш бандысын талқандағаны үшін" деп Ждақайға табақтай алғыс Грамотасын өз қолымен тапсырды емес пе! Ой, шіркін дүние десеңші, бүкіл отрядтағы күллі қазақ жігіттерінің ішінен тек Шеге екеуіне тиді - ау сол Грамота. "Тап жауымен айқаста ерекше ерлігімен көзге түскені үшін" депті жазуында. !8-дің о жақ бұ жағындағы жанып тұрған кезі ғой. Клуб толы халықтың көзінше Калашниковтің қолын қайта-қайта сілкіп: "Кеңес өкіметі үшін қасық қаным қалғанша қызмет етемін! Жасасын революция!" деп айқайлап еді-ау. Жұрт ду қол соқты. Қасқа Ждақай, қалай қуанбасын. Күні кеше қыз қырқынға қылжақтағаннан басқаны білмейтін ауыл арасында жүрген жай ғана біреу еді. Енді мінеки жауды жеңген батыр! Ауданның құдайы Калашниковтың өзі өз қолымен Грамота берді!!! Қалай тасымасын?! Қолында табақтай Грамота, Нарқамыстың клубынан шықты сыртқа басынан буы бұрқырап. Оған дейін Рысбекті өлтіргені есінен кетпей жүдеп кетіп еді. Сөйткен Ждақайды атыңнан айналайын Сәбетски бластың өзі шығарып алды емес пе шыңыраудан қол ұшын беріп. Бұны ел көзінде ақтап қана қоймай, күллі езілген тап мүддесі үшін күрескен батыр епті емес пе?!

Қолында — Грамота бота табан мөрі бар, алшаң - алшаң басып шықты Ждақай сыртқа. Жұрт қоршап алған. Қысып жатыр қолын. Арқасынан қағып жатыр. Бұның екі езуі екі құлағында. Көзі тұманытып ештеме көрер емес. Сол сәт төңірегіндегі тобыр аласарып, Ждақай биіктеп кеткендей еді. Төбесі көкке тиіп тұрғандай еді. Мына қасындағы көп халық аяқ астындағы құмырсқа дерсің жабырлаған. "Рысбек тұрмақ қалғандарыңды да қырып тастайын, кәнеки, енді бас көтеріп көріңдерші!" деп ақырғысы келді осы сәт мына тобырға.

Сол күннен бастап Ждақайдың тасы өрге домалай бастады. "Жаңа жолды" өз қолымен орнатып, оны енді жарқын болашаққа қарай сүйреген кісіңіздің Ждақай екеніне жұрттың көзі енді жетті. Ждақай Кеңес өкіметіне, содан, қалтқысыз қызмет етуге кірісті, ауыл арасын шаңытып айқай-сүренді сала шауып жүріп. Артық кеткен жерлері де жоқ емес, сол Грамота алғаннан кейін көп ұзамай бұны "асыра сілтеді" деп үстінен домалақ арыз қаптап кетті, Әсіресе 31 жылдың аяғына таман "ет жоспары", "Астық жоспары" дегендердің күйіп тұрған шағы. Қалай асыра сілтемессің? "Өлсең де — тап, тірілсең де — тап! Жоспарды бер!" деп Калашников бас болып түгел аудан сенің төбеңе әңгір таяқ ойнатып отырса?!.. "Партбилетіңді алып, басыңды түрмеде шірітем!!" деп Сұранышев деген бір бюро мүшесі сұр жылан шұқшиып түсті емес пе, ізіне. Содан есі шықты Ждақайдың. Айқайды салып жетті ауылға. Мезгіл тура ақ түтек қыстың ортасы. Нұрила бастаған комсомол - жастар қоса келді. "Жаңа жолға" бес өгіз шанамен. "Тапсаң да табасың әр үйден 20 кг ет, 5 пұт астықты, таппасаң да табасың!" Осының алдында-ақ бүкіл ауылдың шаңын сілкіп ет, астық, майын жинап алып еді. Жұрт азар да, безер қан қақсап еді... Бірақ, жұрттың зарына еті өліп кетті ғой бұлардың. Халық деген жылауық заржақ бала сияқты. Тартып алмасаң ешнәрсе бермейді. Ақылға келіп өкіметке жәрдем көмек бол сын демейді. Сараң болғанда, айтары жоқ. Шеттерінен шығайбай. Қамшы үйірмесең үгіт - насихатыңды қыстырмайды. Бұл надан халыққа социализмнен гөрі анау қорасындағы қотыр ешкісі артық. Дәл солай! Қалай ызыланбассың?! Осылар үшін емес пе, қайран большевиктердің оққа кеудесін тосып Ақ патшаны құлатқаны?! Байғұс Рысбекті не үшін өлтірді Ждақай? Бәрі осылар үшін. Енді келіп бұлар өкіметтен қотыр ешкісін аяйды?!

Осындай ашу-ызамен келіп кірді бұлар ауыл шетінен. Аудандық комсомол Нұрила деген кәрі қыз, ойпырай, өкіметке бұндай берілген жанды білмейді. Үстінде сықырлаған қара былғары тон, белінде — тапанша, қолында — қамшы, тек, шанадан түсе өрттей тиді ауылға. Әйел демейді, еркек демейді, тек, қарсы келгенді қамшымен қақ маңдайдан тартып кеп жібереді. Үйден үйге кіріп, асып отырған етін, қалтадағы астықтарын улатып-шулатып сыпырып алып, шанаға тиеттіріп жатыр. Боранбай деген момынның Қатша деген шапылдаған қара қатыны бар еді. Ждақайға талай тілі тиген көкбет еді. Өй, соны ит тепкінің астына алды - ау Нұрила, қардың үстіне домалатып. Кәнпескенің кезінде қатыгездігімен атағы шығып еді, осы Нұриланың. Өзі ұзыншалау келген қатпа қара қыз. "Ә" десең "мә" дейді. Нағыз комсомол. Қатшаны қар үстіне домалатып тепкілегенде ауызы аңқиып жұрт қарап тұрып қалды. Бұрын соңды бір қатынды, бір қатын сабағанын көрмеген, ғой бұ жұрт. Жағасын ұстамаған жан қалмады. Ждақайдың қыбы қанды. "Ұра түссе екен" дейді. "Қызыққа" батпаған жалғыз Боранбай еді. Байғұс, аяғыңда көбісі, үйінен жүгіріп шығып, тура Нұриланың қолына жармаса кеткені. "Алда байғұс - ай, өлетін жеріңді білмей ұрындың - ау" деді бұл іштей. Сол-ақ екен, Нұрила тапаншаны суырып алды. Мылтық тарс етті. Жұрт серпіліп "Ой-бай!" десті қатындар. Боранбай жалаңаяқ тұра қашты қарменен. Тапаншасын кезеніп, өкшелеп қуып берді Нұрила. Жүйрік екен, қыз да болса Боранбайды екі аттаттырмай жетіп, тапаншамен ұрды көк желкеден. Боранбай омақаса құлады. Қарға омбығып қайта түрегелді. Сөйткенше, Нұриланың атқосшылары опыр-топыр жабылып кетті Боранбайға. Нұрила саңқылдап айқайлап тұр:

— Контра! Бандит!! Қама, атқораға!!!— дегені естілді.

Жігіттер Боранбайды дедектетіп сүйреп барады жақын атқораға қарай.

Нұрила, тапанша ұстаған оң қолын биік көтеріп, жиналған жұртқа қарап кіжініп, шаңқ-шаңқ етеді:

— Шеттеріңнен бәрінді қаматам! Өкімет қаулысына қарсы келгенге аяушылық жо оқ!!! Қол көтергендеріңді, қаматам!!! Анау сияқты!!! Түрмеде шірітем бастарыңды!!!

Оны тыңдап тұрған жұрт теңселіп кетті. Шыда - шыда, Ждақай да жүгіріп шықты ортаға, айқайды салып:

— Төтенше жағдай бұл!!! Өкіметке нан керек! Ет і грек! Жоспарды орындамағаның жаусыңдар!— дегендей.

Содан не керек, қарулы жастар қойсын ба, "бергенін — қолынан, бермегенін — жолынан" деп табан астында бүкіл ауылды астын-үстін етті. Асып отырған қазандарын теуіп төңкерді. Тыққан жерлерінен еттерін ауып алып, шанаға тиеді. Қарсы келгендерді қақ маңдайдан ұрды. Боранбай қамалған ат қораға тағы бір топ кісі қамалды. Соның бірі Шәріп еді, Шегенің әкесі. "Әй, сіздер, бұ жұртты, таза қырайын деген екенсіңдер!" деп қып-қызыл боп өңештегені үшін, белсенділер оны да желкелеп апарып атқораға тықты. Ждақай мұртынан күлді мәз болып. "Мен сұрасам, Ждақай жынды дер едіңдер, ал енді не дейсіңдер, мыналарға!"дейді іштей.

Не керек, Нұрила бастап Ждақай, Жорға Күрең қостаған өкімет адамдары кешке шейін ауылдың ойран - ботқасын шығарды. Жинаған азық-түліктерін бес шанаға тақай тиеп кеш бата жүріп кетті. Ал атқораға қамалған алты отағасының бас бостандығын Ждақай жалынып - жалпайып сұрап алды Нұриладан.

Сол қыстан кейін ғой, жазғытұры, алапат аштыққа ұрынғаны жұрттың. Түу, құдай бетін әрі қылсын, ашыққан халық өңіреңдеп таза мал болып кетеді екен. Күн ұзақ жұмыстан шаршап келіп, маңдайы жіпсіп кешкі шайға енді отыра бергеніңде баласы, не қатыны тұрады есікте сүмірейіп, бір уыстары сұрап. Жыны құрыстап Ждақай: "Не дейсің қаттырақ айт!" деп ақырады құс көпшікке шынтақтап жатып.

— Әжем жіберді...— дейді қыз бала әрең үні шығып.

— Немене... әжеңнің бізге қосып қойғаны бар ма еді?

Кішкентай қыз бала, үсті-басы өрім-өрім, назарын көтермей тұрғаны үнсіз сөлпиіп, қолында — тақиясы.

Ждақай күрсінеді.

— Әкел бері тақияңды! — дейді. Байғұс бала назарын сол кезде көтеріп, өз құлағына өзі сенбей таңырқап қарайды. "Солай қалқам таңырқай бер, таңырқай. Ждақай қатал басшы болғанмен халқының қамын ойлайды!"— Өстіп өз ойына өзі балқыған Ждақай қыз баланың ұсынған тақиясына дастарханнан шымшып алып бір уыс тары салады. Мінеки, өстіп, жалғыз бұл ,емес талайды асырады. Солардың көбі Ждақайдың сол жақсылығын ұмытып та кетті соңғылықта. 32-шінің әсіресе жазғытұры ауыр соқты. Ел бұта аралап кетті... Есігі ашылмай түтіні шықпай қалғандар болды. Қойлыбай, Қауқаш, Ізбасқан, Сүгірәлі дегендер үй іші, бала-шағасымен түгел қырылды. Тышқан ұстап аңшылық еткендер аман қалды. Төңірегі баудай түсіп қырылып жатқанда бұлар түгі жылтырап қазы-қарта жеп отырды. Обалы не керек, әкесінің арқасы соның бәрі. Кезінде сауда жасап қала көрген кісі ғой әкесі Жорға Күрең. Ауылнай болып атқа мінгеннен кейін үйдің төңірегін биік дуалмен қоршаттырды. Көрегендігі ғой. Бұнысына алғаш Ждақай қарсы шығып еді, сөйтсе, әкесі байғұс болашақты жіті болжаған екен. Күн суықта бұлардың ауласында піскен еттің исіне ұмтылған өңшең аш арық-тұрықтар сол жазғытұры биік дуалдан асып ішке кіре алмай бұралып жатты емес пе, сыртта есік алдында. Сол дуал болмағанда, аш ағайын, бұлардың қазанда пісіп жатқан еті тұрмақ, өздерін жейтін еді ғой!.. "Бүгін қайыр береді екенсің, ертең бала-шағаңмен өзің де, қырыласың!" деді әкесі. Әкесінің ақылымен қайыр беруді доғарса да тамақтан қалған сорпа-су, сүйекті дуал сыртыңда бұралып жатқан аш ағайынға бергізетін Ждақай. Соның арқасында Ждақай сол жылы ел сүйіспеншілігіне бөленді. Жаз шыға ауданнан азын - аулақ көмек келе бастады. Бірақ сол жазғытұры "Жаңа жолдағы" 48 ошақтың 22-сінің оты өшті... Түтіні шықпай қалды...

Тұңғиық аспан көгене көз тігіп жайдақ төбе үстінде шалқасынан жатқан Ждақайдың көз алдынан баяғы сол қиын жылдар суреті тізбектеліп өте берді. "Е,— деп күрсінді Ждақай.— Солай... құрбандықсыз революция болмайды."

Мінеки, сол сай-сала өлікке толып ел шыбындай қырылған аштық апаттан бері де он жылдан асып барады. Обалы заманға болсын. Ждақай мен Нұриланың кінәсі жоқ. Бұлар аудан не бұйырды, соны — орындады. Аудан — Голощекин не айтса соны орындады. Голощекин партия мен Сталиннің тапсырмасын орындады. Партия мен Сталин халықты социализмге неғұрлым тез жеткізуді ойлады. Әрине, асырас сілтеушілік болды... ептеп. Нұриланың жалан аяқ Боранбайды ақ қардың үстімен қуалап жүріп сабағаны, топырлатып бір топ кедейді суық атқораға қамағаны артықтау болды. Бірақ халықтың көзін сүйтіп қорқытпаса азық-түлік жоспары орындалар ма еді?! Жоқ, орындалмас еді. Діннің, надандықтың, саяси соқырлықтың шырмауынан бұл елді жарыққа алып шығу үшін Ждақай Нұрила бастаған жастар не істемеді?.. Күн, түн демей жарғақ құлақтары жастыққа тимей үгіт-насихат жүргізді. Етектен тартқан ескілікпен солай күресті. Партияның бастауымен, комсомолдың қостауымен ауыл-ауылдарда "Общество безбожников" деген құрылды. былайынша айтқанда —"Құдайдан безгендер қоғамы". Нұрила сол қоғамды басқарды, аудан бойынша Ждақай "Жаңа жолдағы" жергілікті ұйымына жетекшілік етті. Бұл ұйымға ескілікке, дінге, қожа-молдаға қарсы еті тірі жастар кірді. Міндеттері не дейсіздер ғой? Араб әрпімен жазылған кітаптарды іздеп тауып алып өртеу, спектакль қойып қожа-молданы келеке ету, ораза ұстағандарды әшкерелеп оразасын бұзып жіберу, айтты өткізбеу, жарапазан айтқызбау, кісі өлігінен пайда тапқан молдаларды өкімет орындарына ұстап беру. Мінеки, осындай жаңа заман талаптарына сай қызметтер атқарады. Ескіліктің көзін неғұрлым тез жойсақ, соғұрлым бақытты жана заманға заулап жетеміз деп асықты. Рас, кемпір-шалдардың қарғысын да аз естіген жоқ. Бірақ, олардың сөзін, шынын айтқанда, қыстырсын ба. Шүкір, қазір ел өзгеріп қалды. Партия саясатын түсініп қалды. Қазір қарсыласпайды. Кейбір, керауыз Дәу апа сияқтыларды, Шеге сияқтыларды 37-шінің дауылы әкетті, сыпырып.

...Сол жылдардан кейін Ждақай мола көрсе айналып өтетін болды, айтпақшы. Үлкен кісілер о дүние туралы әңгіме қозғаса жақтырмай тұрып кететін болды.

Ертеде... бала кезінде, ел аман жұрт тынышта... қозы бағып жүріп, өстіп өрісте жатып аспан тұңғиығына назар жібергенді жақсы көретін. Ал, есейіп ес жиғалы өйтуді қойған. Ес білгелі мінеки бүгін, тұңғыш рет деуге болады, тыншып... ойланып... сонау биік зеңгір көк дидарына көз тіккені... Бүгін тұңғыш рет өмірдің асау арнасынан шығып, жағада байыз тапқандай болып жатқаны. Асықпай, аспанға қарайды. Сол биік, қиял жетпес аспан тереңінен бұның жүрек түкпіріне бір көз үңілгендей. Беймағлұм бір алыстан сызаттап суырылатындай бір нәзік леп... Түсініксіз сыр, сезім лебі. Өмір дегеніңіз Ждақай үшін жұмбақ дәнемесі де жоқ "Қамшының ұшы мен білектің күші" болып қана келген ғой осы кезге дейін. Өзге жұмбағы жоқ еді. Аспанға қарап айдалада жатқан осы бір шай қайнатым мезгіл ішінде Ждақайдың тас шемен түсінігіне кәдімгідей жарықшақ түсті. Сол саңылаудан көкірек қуысына күдік сәулесі сығалады...

Аспанмен бетпе-бет қалған осы бір оңаша сәт Ждақайдың қоңырқай тартқан көңіл бұлтын сейілтпеді. Керісінше еткен күндер түйткілін көз алдына алып келіп шақша басын шарадай етті. Шешімі қиын ауыр-ауыр сауалдар бас көтергендей... өткен күндерді көңіл сүзбесінен өткергенде "Құрсын..." деп қаумалап келген ойдан қашқандай бас шайқап түрегелді. Апыл-ғұпыл атына мінді. Жортақтата жүріп кетті. Жұлындай теңбіл көктің басын Ақбұлақ басында жалғыз отырған Құлатайдың үйіне қарай бұрды. Көз алдына орта бойлы, дембелше Тұрымтай сұлу келе қалды. Құлатай шалдың асықтай әдемі тоқалы Сұржекейден бастап қызығын кім көрмеген аққаптал дейсің. Со жағын біле тұрса да жиіркенген жоқ Ждақай, қайта ынтықты. Сұржекейдей дөкейдің басын айналдырып жіберген бұл ұрғашы Ждақайға қол жетпес аспандағы ай тәрізденді Сілекейі шұбырып сол айға қарап тұмсық көтеріп ұлыған құтпан сияқтанатын кейде. Сұржекей ұсталып келмеске кеткеннен кейін бұл да келді, жағалап Құлатайдың үйін. "Іздегенге сұрағанның көрі болды. Қанша айтқанмен, "байы ғой" деп Құлатайға сол үшін керек болып еді ғой. Енді міне Ждақай да, Құлатай, Тұрымтайға ең керекті, адам болып шықты. "Жәйіліп — жастық, иіліп — төсек" болды, байы да өзі де. Сөйтіп, Ждақай мен Тұрымтай оп-оңай табыса кетті. Жарықтық Тұрымтай кісі қызықса, қызыққандай - ақ келіншек екен. Алғашқы айлар қызығына тоймай күн құрттатпай шауып жетіп барып тұрды, атын ақ көбік етіп. Обалы не керек, ақылды кісі ғой, Құлатай, көрсе де көрмеген болды. Көп ұзамай Тұрымтайдың бойына бала бітті. Сол қызы екі жасқа келді.

Ойлап отырса Тұрымтаймен өткізген күндері өмірінің бір қызық шағы екен. Күліп-ойнауға келгенде Тұрымтайдан оралымды келіншек кездестірмеді. Ждақайдың алдында зәредей кінәсі жоқ еді, байғұстың. Кінә Ждақайдан болды.Әпсаматтың уыздай уылжыған келіні күйеуі жақында майданға кеткен Айжарқынға көңілі кетті. Ол тотынаманың басталғаны Сары жазықтың шөбін шауып жатқанда ғой, бір топ қыз-келіншекті бұл бастап барып. Далада қостанып айлап жатқаннан кейін ерікпей ме адам деген?.. Сонда ғой Айжарқынға ынтық болғаны. Бет моншағы үзіліп тұрған үлбіреген жасқа кім қызықпасың, әсіресе, ішіп алғаннан кейін!.. Алдымен жын - ойнақ жасады, бір мес арақты шөпші қатындармен судай сапырып ішіп, бәрі ләйліп кетті. Айжарқын ішпей қойды. Едіге баланы есік алдына қарауыл етіп қойып, ой-хой дүние-ай, бұл үй ішінде жалғыз демалып жатқан Айжарқынның үстіне баса-көктеп кіріп барды. Келіншек ұятқа шақырды. Без-без етті. Бірақ, ондай асаулардың талайын қайыстай илеген ғой Ждақай. Гүлдей нәзік Айжарқын сөз боп па? Тарпа бас салды. Аранын ашып ұмтылған аш көкжалға жолыққан қозы пақырдай тіптен тұяқ серпуге шамасы келмей қалды, жас келіншектің. Ждақай шайнамай жұтты. Сол түннен бастап көзін ашса да, жұмса да көретіні Айжарқынның құшағы болды. Басқа қызықтың бәрін ұмытты. Сол түннен кейін Тұрымтайға салқындап кетті. Айжарқын мен Тұрымтайды салыстырды. Жер мен көктей арасы... Кім көрінген артылып аққаптал еткен Тұрымтайды, бала тазалығы бойынан кетпеген Айжарқынның қатарына тіптен қоюға болмайды екен. Бірақ, сол түннен кейін бұның Айжарқынға баруы қиындап кетті. Ауылдан Қатша келді, Айжарқынның енесі. Адуын, сұр жыландай ұзын сұр қатын. Түрін көргеннен зәрең ұшады. "Келін ауылға қайтсын, онда да жұмыс жетеді, мінепті мен - ақ шабайын..." деп, төстеңдеп сөйлей келді. Айжарқын ауылға қайтты. Ауылда бір сіңлісі, қылтиып өсіп келе жатқан, шешесі тапсырған болуы керек, жеңгесінің қасынан екі елі қалмайтын болды. Үйге кірсе - кіреді, шықса — шығады. О, тоба! Есік алдында. Одан ақ төбеті және бар. Ждақайдың жолы өңделгендей. Бұның күндіз-түні ойлайтыны — Айжарқын. Әйелінің, қасыңда жатса да есінен Айжарқын шықпайды. Төсегінен түн ішінде тұрып кете береді. Әйелінің онда шаруасы жоқ. Сұрамайды "қайда барасың?" деп. Сондай бір түні, ел жатқасын тағы да тұрып кетті төсегінен.

Түн жамылып ауыл шетіндегі марқұм Дәу апаның жертөлесіне келді. Едіге жетімек тұрушы еді бұнда, жалғыз. Көршісі — баяғы, көзі құрыған Қозбағардың үй-іші. Жалғыз басты қу жетім Едіге бала сол үйдің бір адамындай болып кеткен. Отынын жарып, малын бағып, тамағын ішіп дегендей. Бірақ түнегенде өзінің жаман жертөлесіне келіп түнейді. Ұйықтамаған екен. Есікті ашты.

— Не болды? — деді бұл, Едігенің тапсырманы орындамағанын сезіп.

Бала үндемеді, төмен қарап. Жертөле іші қараңғы. Қарын ұстап қойған төбедегі "терезеден" болмашы сәуле енеді.

— Бардың ба? — деді бұл, жыны құрыстай бастап.

— Жоқ,— деді бала.

Осылай боларын сезіп келген іші. Бұрын жұмсаған жеріне жалпылдап жүгіре беретін. Соңғы кезде тосын мінез ашты. Әсіресе, осы Айжарқынға байланысты жұмсағанда, назарын төмен салып, кегежесі кері тарта қалатын болды. Бейне, бұл бір оның туған шешесіне барып жүргендей. "Өй, әкеңнің көрін! Бұл күшіктің әкесі баяғы банды Бұлышпен де жұлдызы қарсы болып еді... Көрдің бе, бөрінің бөлтірігі де енді тіс көрсетуін!.. "Бүгін қалай да Айжарқынмен сөйлес, ел жата сыртқа шықсын, күтемін..." деп тапсырған Ждақай бұл күшікке күндіз. Мінеки, көрдің бе, түк бітірмеген! Қыстырмаған! "Өлетін бала көрге жүгіреді" деген осы! Ждақай сен тұрмақ, сенің әкеңді қаңғытып жіберген, елден бездіріп. Сен емес, сенің әкеңдей адамдар бұ күнде Ждақайдың қолына су құюға зар боп жүр!!!" Осылайша ойлап, зығырданы қайнап кетті Ждақайдың.

— Өй, шешеңді!!!— деп жағасынан шап берді.— Неге бармадың шешеңнің?!

Безеріп, тағы үн қатар емес. Аласайтаны қозып, ой, ұрды-ау өзін, көкала торғайдай ғып. Қолына жармасып қарсылық көрсетпекші!!!

— Бандының күшігі... сен тірілейін деген екенсің... Көзіне көк шабын үймелетіп... ендеше... ФЗО- ға айдатайын, ертең сені!!!

Ұрып - ұрып тастап кетті үйіне. Иттің баласының шыннан да тісі шығайын деген екен. Өлесі ғып ұрса да, бір дыбыс шығармады – ау. Бұрын ұрғанда "ағатай" деп жылап жіберуші еді. Бұ жолы өйтпеді. Тістеніп қасарысып алды. Қанша табалап тапса да... қыбы қанбай қайтты үйіне. Өйткені, қаршадай бала қанша таяқ жесе де... жалынбады. Жыламады. Сынбағаны ғой, демек! Бұған бас имегені ғой!! Ждақайға мойын сұнбайтын жан жоқ "Жаңа жолда" бұл бір жаңалық болды. (Сонда не, бұ Ждақайға қарсылықтың басы ма? Әлде бас көтеру ме? Тоқтай тұр пәлем, Ждақайдың ісі теңімен болсын. Жоқ-ау, ойлап қараңызшы, ағайын, бұл ;ауылдың мынау сияқты күшігі жағаласса бастықпен, сонда тәртіп қайдан болмақ бұл елде? Жөн-жөніне кетпей ме бытырап?

Осылайша тұлданған сол түні, өз-өзінен бүлініп. Жалғыз Едігеге емес, осы ауылдың кәрі-жасына түгел ренжіп кіжініп қайтты үйіне. "Айтқанды қылып, айдағанға жүрмейтін, бұ неткен халық!!"— деп, зығырданы қайнады.

Содан, арадан бірер күн өтті ме, өтпеді ме әлгі "күшік" жоғалып кетті. Дәу ападан қалған жалғыз боталы түйесі бар еді, соны мініп кетіп қалыпты. Сол кеткеннен, міне, әлі жоқ. "Е, мейлі, жоғалсаң жоғал" деді бұл. Одан ешкімің ешнәрсесі қисаймай мас. Іздеуге мұрша қайда? "Бәрі де майдан үшін" деп айқай сүреңдетіп жүргенде. Біреу мал бағып, біреу шөп шауып, біреу қой сауып, біреу құрт илеп, біреу сол ірімшік, құрттарды арбаға тиеп орталыққа тасып жатқанда бір жетім бала үшін кім тұра шапсын?! Одан да зорды жоғалтып ойран-ботқасы шығып жатқан заманда.

Жо-жоқ... Ждақайдың титтей де кінәсі жоқ. Ол жоғалған бала үшін бұл кінәлі емес. Ау, Ждақай қатал болмаса бұл ауылдың күйі не болады? Ана жақта жау жағадан алып жатса, мына жақта қалайша жұмсақ болады Ждақай? Жау жағадан алып жатыр. Жұмыстан бір сағат кешіккендер сотталып жатыр. Ждақай қатал емес, жағдай қатал. Оған шыдау керек. Шыдамағанды бір айдау керек. Осылай... Сталин жолдастың соңғы кездері шығарып жатқан заңдарының... тоқ етері осы. Сондықтан, Едігенің қашып кетуіне байланысты жетім - жесірге тізе көрсетіпті - мыс деп күңкілдеген кейбіреулерге айтары біреу-ақ; Ждақай жетіміңе де, жетім емесің де бірдей қатал болды. От — мәселенің тоқ етері!

Байғұс маймақ шал Құлатай, қабағы түнеріп аттан түсіп жатқан Ждақайдың қолтығынан сүйеп, атын байлап жалпыл қақты.

— Тұрымтай!.. Қонақ келді, шәйіңді қамда!

— Жоқ, ақсақал... мен асығыспын!..— деді Ждақай беті белдеуленіп.— Отыра алмаймын... Тек, сусын жұтып аттанамын...

Маймақ шал жортақтап озыңқырап барып жатаған балшық үйдің есігін ашып, ішке бас сұқты. Ждақай сыртта іркілді. Мезгіл екінді әлеті еді. Екі қолы артта, төңірекке шаршаулы назар жібереді. Аспан кең, биік, шығырмақ! Көкжиек көз жеткізбейді. Сағым буып алыстап бұлыңдайды. Осындай жан-жағы далиған дала жапан дүзде бұлақ басында атамзаманнан осы Құлатай отыр. Ждақайдың бала кезінде осы жерде отыр еді. Тапжылмай әлі отыр. Бұлақтың суына егін салады. Анау сыртын қоршап қойған сол — егінжай. Тары егеді. Өзі кісіге жұғымды, кішіпейіл, қонақшыл. Соның арқасында, кешегі жылдардың барлық сойқанынан аман қалды. Кешегі 32-інің ақсүйек аштығында жұрт үй орманымен қырылып жатқанда, осы Құлатай тағы да дін аман қалды. Аман ғана қалған жоқ, басына бас қосылып жас тоқал алып төсек жаңғыртты.

— Кіріңіз!— Құлатай есік ашып тұр. Ждақай, қамшысын қымтап ұстап ішке беттеді. Тұрымтай жүрегі лүпілдеп босағада күтіп тұрған шығар. Тұрымтайдың ошақ - басы мұнтаздай таза болатын әдеті. Есіктен кірген сәттен соны сезіп келеді. Ауылдағы әйелі, салақтау Нарқызды ойлады. Әйелден бақыты жанбады ғой Ждақайдың. Сызылып тұр екен Тұрымтай. Бұны көргенде мойыл көзі жарқ етті. Ақ тісі ашылып күліп сәлемдесті. Үстінде кестелі етек, жеңі төгілген ақ көйлек. Басында кестелі, шашақты ақ жаулық. Білезік, саусақтары жылтырауықтан көрінбейді. "Қайран Тұрымтай! Мына маймақ шалды саған "байым" дегізген аштық - ау... кешегі, атың өшкір!" деді іштей Тұрымтайды аяп. Төрге шығып малдас құра отырды. Шал төмендеу төсек шетіне шоқиып тізе бүкті. Молда алдында кінәлі болған шәкірттей бүрісіп қана отыр Құлатай.

— Ал, қосшы бала, жол болсын!— деді Құлатай.

— Ауданнан келемін...— деді Ждақай түнерген қалпы, сөйлеуге қошы жоқ сыңай тынытып.

— Ал, майданнан не хабар?

— Соғыс жүріп атыр. Мінеки, маған да шақыру қағаз келді,— деп Ждақай жанқалтасына қолын сұқты.

— Не дейді?!— Құлатай үрейі ұшып кеткен тәрізденді, тіксініп. Тұрымтай шын шошынды, жалт қарап, боп-боз боп кетті.

— ...Шұбатыңды әкел... Тұрымтай!— деп, шал абдырады. Шынында, Ждақайдың соғысқа аттанып көзі құнына іштей қуанып кетсе керек.

— ...Е, қосшы бала... құдай сақтасын... "Қырық қыл қырғын болса да ажалды өлер..." деген бар...— деп, сасқалақтап, астынан су шыққандай, қозғалақтады.

Ждақай талауранып ісінген жүзін көтеріп, есік тұсқа қарады. Қолында керлен толы ағарғаны бар табалдырықтан аттап ішке кіре берген Тұрымтайға қарады. Содан кейін:

— Ақсақал, қайдағы құдайды... айтып отырсыз...— деп бір қойды. Тұрымтайдың қолынан керлен толы ағарғанды алып ортаға қоя берген шалдың екі көзі тас төбесіне шықты. Ждақайдың комминист екені, құдайға қарсы екені есіне енді түсті.

— ...Енді былай... үйреніп қалған ауыз ғой... айып етпе!..— деп шал бебеу қағып, жаны мұрын ұшына келді. Шалды жақтырмай Тұрымтайдың да қабағы шытынай қалыпты. Шал апалақтап, сасқалақтап:

— Тұрымтай... қонақтың қасында сен отыра тұр!.. Мен әлгі малға қарап келе қояйын! Ал, қосшы бала, жауға барсаң есен-аман оралғайсың,— деп тұра есікке ұмтылды.

— Айтқаныңыз келсін!..— деді Ждақай зілді, төмен қарап бас изеп.

Шал тайды.

Ждақай қара керленді басына көтеріп үн-түнсіз жұтты шұбаттан. Тұрымтай жақын келіп жанаса отырды бір қырын. Көз қиығы — қонақта.

— Сен үшін... келдім...— деді Ждақай аздасын, керленді жерге қойып.

— ...Рахмет,— деді, келіншек, кекеткені, не шыны екені белгісіз. Кекететін де орны бар. Өліп-өшіп баяғы ғашық болған Ждақай табан астында Айжарқынға қарай тайқып кетті емес пе! Сатып кетті емес пе?

— ...Сонымен, жауға аттанатын болдық...— деді Ждақай күрсініп.

Көлге қонған ала мойын үйректей боп монтиып қырын қарап Тұрымтай отыр. Қарақат көзіне ой тұна қалған.

— Ал, ендеше... қош тұр!..— деді Ждақай әдейі қозғалақтап жүруге ыңғайланғандай. Келіншектің қиғаш қасы қарлығаштың қанатындай дір етіп, шытынай қалды.

Ждақай жұлқынып түрегелді. Есікке беттей беріп... Тұрымтайдың арқа тұсынан өте беріп тоқтады. Тұрымтайда әлі үн жоқ. Қозғалған да жоқ. Бұнысы Ждақайға анық өкпелегендік сипаты еді. "Оңаша үйде қалғанда айда, жылда бір кездескенде көрсеткен әуселең осы ма еді?" дегенді үнсіз, өкпелі қалпымен білдіріп отыр. Аяп кетті Ждақай ескі дос, аяулы ашынасын. Еңкейіп шашынан иіскеді. Көтеріп ап, бауырына басты құшақтап. Дембелше бойлы Тұрымтай бұның кеудесіне бетін басып, белінен тас қып құшақтай алды. Тұрымтайдың қолы қатты, тас кенедей жабысатын әдеті еді. Сол шабытты тегеурінін сезді бұл. Жоқ... Қазір айқасуға көңіл қошы жоқ. Келіншекті құшағына тартқанмен жалындап құша алмады. Өшіп қалған жан оты тұтанбады.

— Қош!— дей, келіншектің жасаураған жанарына тіке қарай алмай ыстық бетінен сүйді де, жалт бұрылды есікке. Сол аршындап адымдаған қалпы теңбіл көк аттың сағағын шешіп беліне ырғып мінді. Артына бір бұрылып қарамастан "Жаңа жолға" бетті түзеп, сыдырта жөнеді. Осылай аттанары бар бұл үйге неге келді сонда?

Ақбұлақтың басындағы жалғыз үйлі жанның бәрі сыртынан аңтарылып қарап қалғаны анық. Тұрымтай жылап тұрған шығар. Бәйбіше күліп тұрған шығар. Құлатай сыртынан сыбап тұрған шығар.

Былай шыққасын қара бұлттай тұтасқан қорғасын ой еңсені тағы басты. Көлденең көзге Ждақай ат үстінде ұйықтап келатқандай көрінуі мүмкін. Иесінің арсы - гүрсі мінезіне сыр мінез теңбіл көк те бір өзгерісті сезіп келеді. Иесі бүйтіп, делбені бос тастап бейжай отырмайтын ешқашан. Мініп алса болды, екі өкпесін тепкілеп қамшысын шолтандатып, үнемі асығып, алға ұмтылып ұрынып отырушы еді. Дауылдатып, екпіндетіп жүргенді жақсы көруші еді. Бұған не болған бүгін? Теңбіл көкке бұл жағы бір ауыр жұмбақ.

Бұл хал, шынын айту керек, Ждақайдың өзі үшін де тосын еді. Ел ішінде ентелемей құйындатпай жүрген күні сірә болды ма екен, сонау ат жалын тартып мінген "кәмпеске" жылдан бері?!.. Әй, болмаған шығар. Егер, Ждақай айқай-сүренді салмаса, ұйқыдағы мынау елді айнала шауып ақ тер, көк тер болмаса, социализмге қарай шықпыртып айдамаса, бұл далада не болар еді?

Түк те болмас еді. Жаңа заманның шалғайынан жармасқаны кімнің арқасы? Күн демей, түн демей жарқын болашақтың іргесін қалап жатқаны кімнің арқасы? Ждақайдың арқасы. Бұл бірнәрсеге таң. Ертең Ждақай майданға кеткеннен кейін бұ "Жаңа жолдың" күні не болмақ? Бұ "Жаңа жол" майданға беретін азық-түлік, қорап - қолғап жоспарын өлтіріп орындап жатқаны арқасы?! Соны өкімет неге көрмейді? Жол басшы еркесінен айырылған өңшең қара тобыр қой не өлтіреді?! Айбынды басшысыз ел не оңады? Мысалы, қазір, Сталин жолдас болмаса не күйге ұшырар еді. Совет елі? Герман шекараны бұзды дегенде тұра қашқан болар еді, қасқыр тиген қойдай дүркіреп. Сталиннің арқасында Мәскеу аман қалды күні кеше. Жұрттың бәрі Мәскеуді тастайық дегенде жалғыз Сталин емес пе, міз бақпаған. Соған қарап қалың ел рухтанып "Сталин үшін!!!" деп мұздай темір құрсанған жаудың бетін қайтарды емес пе Мәскеуді қорғап. Бауыржанның атағы да сол шайқаста шықты емес пе? Сол тәрізді, майдан үшін еңбектеніп жатқан "Жаңа жолды" Ждақай, ең бір жауапты кезеңде тастап кетсе не болады? Басы жоқ дене не бітіреді? Жалпы аудан үлкен қателік жасады, Ждақайды қозғамау керек еді. Шақыртпау керек еді әскерге. Ждақай "Жаңа жол" фермасының басшысы ретінде пайдалы болар еді Отанға.

Ілбіп аяңдаған ат үстінде еңсесі тым түсіп кеткен екен... өткен-кеткенді ойлап. Басын көтерсе күн бесінге еңкейген. Дала дел-сал. Қыбыр етпей, кең дүние ауыр ой тұңғиығына батқандай. Сол желіде ұйыған зілмауыр тыныштыққа... әлдебір қозғау енгендей болды. Соған бұл еңсесін көтерген екен. Көзі түріле қашқан бөкеннің үйіріне түсті. Алдында зымырап текесі барады. Дала төсін сызып ағады. Аңырып қалған Ждақай. "Әнеки,— деп ойлады әлгіндегі ойына тағы бір дәлел тауып.— Әнеки, ақбөкендер қара тобыр халық болғанда, алдында жол бастап бара жатқан жалғыз текесі — Ждақай емес пе?!"

Алдын орап жүйткіген бөкендердің арғы тұсында "Тәжікөт ата" күмбезі көрінеді. Сап-сары жапан дүз төскейінде баланың ұмыт қалған ойыншығындай төрт құлақты зираттар. Ескі зират. Сол зират шоғырынан бөлек қашықтау сонау сайға таман көмерде жалғыз мола тұр. Жетімсіреп, әудем жерде жалғыз тұр. Баяғы аудандық комсомол ұйымының хатшысы Нұриланың бейіті. Байғұстың өлгеніне де бес-алты жыл болып қалыпты - ау! Ой-хой, зымыраған заман-ай. Мынау, Доңызтау жақтағы елден намаз оқитын төрт қожа, молданы тауып, әшкерелеп, төртеуін бірдей ат алдына салып ауданға қарай айдап келе жатады осы жолменен 37 жылдың шілдесінде. Осы тұсқа жақындай бергенде Нұрила жәй келе жатқан аттың үстінен сылқ құлап түседі. "Бұған не болды?" деп жанындағы жолдастары жүгіріп барып басын сүйесе, жаны әлдеқашан шығып кеткен көрінеді. Сонан не істейді айдалада? Күн күйіп тұр. Өлікті Нарқамысқа жеткізуге жол алыс. "Жаңа жолға" бұрылады. Бір жолдасы Нарқамысқа кетеді, дегенмен, марқұмның туған-туысқандарына хабар жеткізуге. Күн ыстық. Ертесіне жерлеу керек. Жерлейтін күні түске таман Нарқамыстан әлгі кеткен шабарманға еріп жалғыз-ақ кісі келгені. Ол да қызмет басындағы орынбасары екен марқұмның. Жұрт таң қалды. "Ау, сонда бұ пақырдың, ағайын-туысы жоқ па!" деп."Нағыз коммунисте ағайын-туыс болмайды" деп күңк етті біреу. Отызға келіп қалса да не бай жоқ, не бала жоқ екен Нұрилада. Жетім екен інтірнатта өскен. Немере ағайындары бар екен, бірақ - бәрі теріс айналыпты Нұриланың атын естігенде. Содан, өлік шығаратын көз болды. Әңгіме туды. "Бұны қалайша шығарамыз?" деген. Ескіше мұсылманша ақ жауып, арулап көмейін десе Нұрила аты-шулы коммунист, елдің төбе шашын тік тұрғызған. Аудандық "Құдайдан безгендер қоғамының" бастығы. Қызметкер боп таққа мінгелі қақылдап құдайға қарсы сөйлеумен келеді. Құран аттап қожа-молда көрсе безгегі ұстап қалады. Қашан түрмеге апарып тықпай тыныштық таппайды. Талай мешітті талқандаттырды, жастарды бастап жүріп. "Бұны мұсылмандық тәртібімен жерлеуге бол мас. Коммунист ретінде жерлеген лайық" десті жиналғандар. Ждақай да осы пәтуаны мақұлдады. Осы арада тағы бір шатақ шықты. "Ау, бұл елде коммунистердің зираты деген зират жоқ қой... Қайда апарып қоямыз?" Бұл әңгімеге қатысқан үлкендер ақылдаса келе: "Коммінистерді" ендеше мұсылман зиратына араластырмай бөлектеу жерлеген жөн болар" десті. Бәрі осы пәтуаға келді. Содан, Нұрила "Тәжікөт атаның" әудем жер төмендеу жағына оқшау жерленді. Араға екі-үш күн түсті. Монти деген қойшы бала зираттың жанынан өте беріп көріпті, Нұриланың денесінің жерден шығып қалғанын. Өкпесін қолына ұстап жүгіріп ауылға жетеді. Ждақай жоқ еді ауылда. Көр қазған жігіттерді үлкендер қайта жібереді. Олар Нұрила денесін қайта көмеді. Біршама күннен кейін әлгі қойшы бала зират маңына малын жәйіп барса Нұриланың моласынан сыртқа шығып жатқан мәйітті тағы көреді. Бұл хабарды естіген ел шошып үлкендер кеңес құрды. "Ау, енді не істейміз?" деп. "Жер өлікті алмаған жағдайда өлікті жылқының тезегіне орап көмеді" деген сөз болды. Содан, Нұриланың денесін жылқының тезегіне орап үшінші рет көмді. Ждақай ауылда еді. Болса да бармай қалды, зират басына. Ешкім бетіне баспаса да, бұл оқиға Ждақай сияқты коммунистердің ниетіне шіркеу болды. Кемпір-шалдар жағы үндемесе де "Әнеки, сіздердей құдайдан безгендерді жердің өзі алмай жатыр..." дегенді бетке айтпағанмен қабақпен танытып қыбы қанып қалғандары анық еді. Бірақ, Ждақай былқ етпеді. Кемпір-шалдардың күнкілін "надандық" "қараңғылық" деп білді.

Сол Нұриланың моласы ғой, анау зират шетінде жалғыз шошайған. Төңірегіне аудандық комсомол балшықтан там тұрғызып маңдайына бес жұлдыздың суретін салды. Ендігі жерде коммунистер осында жерленетін сияқты.

Өзінің коммунист екені есіне түсіп, Ждақайдың басына түрлі-түрлі ойлар келді. Қоңырқайлап келе жатқан қөңілі одан бетер жабырқап құлазыды.

Сары масадай ызындаған бір ой: "Сен де... сол Нұрила сияқты боларсың! Жазықсыз жандарға жасаған қиянат, зорлығың Нұриладан аз ба еді?!" деп санасын шағумен келеді.

— Түу, әкеңнің!..— деп, ызадан үні шығып кетті Ждақайдың.

— Қайдағы зорлық-зомбылық?.. Ашып айт!— айт, зығырданы қайнап, бұрқ-сарқ етіп.

— ...Рысбекті өлтірдің, жазықсыз... 29-шы жылы! — деді маса ой ызындап.

— Ау, ол ұрыста болған жағдай ғой. Ұрыс болғасын адам өлмей тұра ма?!.. Егер, Рысбек банды боп кетпесе оған ешкім тиіспес еді ғой...

— Барақ ата басындағы киелі сексеуілге қол салдың?.. Әруақ аттадың!..

— ...Ау, суықтан тоңғасын өлеміз бе?.. Киелі болса да, отын ғой... жанымнан артық емес пе?!

— "Құдай жоқ" дедің! Құран аттадың! Қожа - молдаларға азап бердің?!

— ...Рас, "құдай жоқ" дедім. Әлі де айтамын... Құдай атымен, Құран атымен еңбекші халықтың қанын сорған дүмше молдалармен күрестім. "Өтірікпен уламасын" дедім халық санасын. Дін — апиын!

— Бала күннен бірге өскен досың Шегенің үстінен 37-ші жолы арыз жаздың. Жазықсыз еді... ұстатып жібердің?!!

— Жоқ... арыз жазғаным жоқ! Шындықты жаздым!!! Шегенің не айтып, не қойғанын жаздым!!! Онда да... НКВД камерасына салып үш күн қинағасын жаздым... Бірақ, жазғаным жала емес... ақиқат!!! Естіген – көрген - білгенім... Рас... Шеге кезінде досым еді... Бірақ, ол өзгерді!!! 32-ші жыл түрмеден шығып келгеннен кейін!!! Сол келгеннен бастап Кеңес үкіметін кекетіп, мұқатып жүрді. Күйсеуі бөлек болды... пәтшағардың. Ақыры, сол пиғылынан тапты. Шегенің екінші ұсталуы қателік емес, әділеттің салтанат құруы деп білемін. Қоғамның тазалығы үшін ондайлардың арамыздан ертелі-кеш аластанғаны керек еді. 37-ші жылғы тазалау үлкен жеңіс болды. Ұлы Сталин жолдастың жеңісі!!!

— Жұрттың сүттей ұйып отырған талай ұясын бұздың!!! Некелі жарына қол салдың!!!

— Мен... ешкімнің ұясын бұзғаным жоқ! Ешкімнің әйелін зорлағаным жоқ... еркінен тыс!!! Желқуық ұрғашылардың өздері кінәлі!!! Шыбыш сүйкенбесе, теке артылмайды!!! Мен зорлағыш болсам Хансұлуды неге зорламаймын?? Кегім бар, қыжылым бар... Әрі, өзегіме түскен жегі құрттай... ұшқым кетіп жүрген ұрғашы... Ал, тағы қандай айтарың бар, зәнталақ!!! — деп, кіжініп миын бұрғылаған әлгі бұралқы ойға қарсы айқайлады.

Бұралқы ойлардың үні өшіпті. Үндемеді. Ждақайды енді не деп кінәларын білмеді.

— От... солай!!! Ждақайға тиіспеңдер!!! Ждақайға тиіскендердің бірі Бұлыштың кер ауыз шешесі Дәуапа емес пе еді? "Құдай ұрады бұны", "Аруақ ұрады", "Ауызы қисаяды" деп еді Ждақайды. Ал, не болды? Кімнің "ауызы қисайды"?? Өзінің ауызы қисайды. НКВД түрмесінде!!! Құдайы қайда қалды арашалап алса?? Құдай жоқ аспанда!! Құдайларың жерде!!! Ол... Ол...

Ашуға булығып астындағы атты қалай тебініп қалғанын аңғармады. Ат ытқып кетіп, өзі мұрттай ұша жаздады.

— Ол — мына мен!! — деп ақырды ат үстінен, сонау сары беткейде шоғыр боп көрінген "Жаңа жолға" қарап.— Мен... сендердің құдайларың!!! От, солай!!! Ұғып қойыңдар!!!

Осыны айтып, текіректеген теңбіл көк үстінде көтеріліп - көтеріліп қойды. Биіктеп кеткендей өзі... әлгі олардан кейін, бір түрлі... Ал, ауыл бір түрлі қушиып кішірейіп кеткендей. Бұдан ығып жер бауыр жыпырайғандай... Бұғыңдар... жыпырайыңдар!!! Қазір дер емес пе еді... кезінде Ждақайды бәдік салмаған?.. О кезде "бұндай балшық үйде тұрамыз - ау" отырықшы боламыз - ау" деген ой сіздердің миларыңа да кірген жоқ еді... Пахраддин "көсемсымақ" бидің аузына қарайтынсыңдар. Мажан байдың қолына қарадыңдар. Лабақ ахунның кітабына қарадыңдар. Бұлыш сияқты мергендердің атқан оғын әңгіме еттіңдер. Соларға құлдық ұрдыңдар. Ауыл арасында жалаң аяқ, жалаң бас мал қайтарып жүрген Ждақайды көзге ілмедіңдер. Ждақай ол кезде бала еді. Әзіл - қалжыңнан ауызы құрғамайтын. Жазықсыз дала тазалығымен жайраңдап жүре беретін. Осы (іздерді, басшыңыздан көшеңізге дейін құдайдай сыйлайтын. Әлгі атақты кісілерге маңайлауға қорқатын. Тіпті, жасы үлкендер ғана емес, Шеге, Хансұлу сияқты құрбыларының өзінен төменшіктеп бір адым кейін жүруші еді, сыйлағандықтан. Өзін кем санағандықтан емес. Сол құрметті білді ме бұлар? Білмек тұрмақ, Ждақайды бәдік көріп, жәркөлеш көріп келеке етті, күлді. Ақымаққа санады. Ждақайдан адам шығады деп ойламады. "Түбінде бәрімізді Ждақай басқарар - ау" деген ой бұ жұрттың, қаперіне де кірмеді. Киіз туырлықты қазақтың баяғы ескі өмірі, ескі арнамен аға береді деп ойлады. Бірақ, тарих, революция ол ойдың быт-шытын шығарды. Ескі өмір астын-үстін болды. Пахраддин би, Лабақ ахун, Мажан бай, Бұлыш сияқты ығай мен сығайлар торғайдай тозып кетті. Кеңес өкіметі кедейді көтерді. Ждақай, Шеге, Қозбағар, Нұрила тәрізді жастарды атқа мінгізді. Қолына билік ұстатты. Бұлар орнатты сондай тендікті. 15 жылдай мезгіл өтіпті одан бері де. Өмір өзгерді. Ждақай да өзгерді. Баяғы "жәркөлеш" Ждақай қазір бір тайпа елді аузына қаратқан бастық, мінеки. Мына жатқан кең дала, "Жана жол" ауыл - аймағымен, бота-тайлағымен енді Ждақайдың аузына қарайды. Ждақай осы ұланғайыр дүниенің қожасы.

Күні бойы қоңыр тартып қоңылтақсып келе жатқан көңілі осы арада өсіп, еңсесі көтеріліп қалды. Өз қоластына қарайтын, жерге, елге биіктен шолып назар жіберді. Өз өткен өміріне риза еді Ждақай. Күні кешегі, аяғы табаны күс-күс болып ауыл алдындағы айтақырға асық ойнап жүретін "кірпібас" жаман Ждақай, бүгіндері қарап отырса, "ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс" дөкей!! Шынын айту керек, "ат жалын тартып мінген" осы жылдардың ішінде Ждақай, ой-хой, өмірді сүрді ғой!! "Ішемін" дегенін ішті, "жеймін" дегенін жеді, "киемін" дегенін киді, "сүйемін" дегенін сүйді. Енді не арманы бар? Бұны күлкі еткен, бұны көзге ілгісі келмегендер қоңыз теріп кетті. Ждақайдың басына бақ қонды. Тасы өрге домалады. Бәрінен де бұрын, бірге өскен досы, бұдан төбесі бір елі жоғары тұратын Шегенің бір емес, екі рет түрмеге түскені Ждақайға жақсы болды. Бұл ауылда енді Ждақаймен тайталасатын ешкім қалмады. Соның бәрі кімнің арқасы дейсің? Әрине, совет өкіметінің арқасы. Теңдік, әділеттік орнатқан. Сол әділетке әлі бас имей келе жатқан жалғыз Хансұлу... бұл ауылда. Ждақайды мойындағысы келмейді. Бұны адам деп менсінбеді - ау. Әйтпесе, қойнына алар еді ғой... баяғы түні. Бір нәрсеге сұмдық өкінеді. Жұмсақтық жасады. Солқылдақтық жасады. Анау бір қыста, екі қойын қасқырға тартқызып пенде болып бас иіп алдына келгенде, қыстауда... иттің қатынын... ит тепкінің астына алу керек еді, "Неге жөндеп қарамайсың оғам малына!" деп. Беттен былш еткізу керек еді. Қашан аяғын құшып жылағанша... қаншықты аямау керек еді. Одан кейін қиқаңдаса, "қоғам мүлкін талан-таражға салғаны үшін" деп протоколдап соттатып жіберу керек еді. Бірақ, Ждақай ондай жамандыққа бармады. Ойы болса да, қолы бармады. Қанша айтқанмен, Хансұлуды сүйгендей еш қатынды сүймегеніне сонда көзі жетті. Бірақ, сол жақсылықты ол білді ме? Кездескен сайын кердиіп ернін ғана жыбыр еткізіп өтіп кетеді. Бас игісі келмейді, үстем таптың қызы екенін білдіріп. Ақымақ!!! Жаны Ждақайдың уысында екенін неге білмейді?! Ждақай шын кәрленсе... тұқымын бір-ақ түнде тұздай құртпай ма?? Хансұлу екеуінің арасы осылай ушыққан... қырбай қалпында қалып барады. Бұл майданға аттанатын болды. Қап... бір жағына шығару керек еді... Өкінді Ждақай Іші удай ашыды. Хансұлуға байланысты бастаған ісінің аяқсыз қалатынына өкінді. Әлгінде ғана өткен өмірін еске алғанда арманы жоқ тәрізді еді... Сөйтсе, аялаған арманының ең үлкені іске аспапты. Әрі досы, әрі дұшпаны Шегенің... бұны менсінбеумен келген сұлу қатынын алшысынан сала алмапты. Жаншып төске ала алмапты...

Осы ойын іске асырғанда... шынында, армансыз аттанады екен жауға...

Күрсінді. Басын көтерді. Ауылға келіп қалыпты. Қайран "Жаңа жол!" Ауылына мейірімі түсіп мөлие қарады. "Жылыбұлақ" басында отырған жыпырайған сұр кесек, балшық үйлі алақанға салғандай кішкентай ауыл. Ботасы боздап, ешкі - лағы бұлақ басында шашырап жайылған малшы ауыл. Сыртта, мектеп алдында алажабыр ойнаған бала. Түтіні будақтаған жерошақ. Маңында қатын-қалаш.

Тағы да күрсінді.

Баласы соғысқа аттанған үй мал сойып, үлкендердің батасын алып, жолашар жасау дәстүрге айналған. Кешкісін жастардың басын құрап, жолашар жасау әдет болған. Ждақайдың алғашқы хабарынан кейін-ақ әкесі соятын малға бала жүгіртті.

— Керегі не соның!! — деп, Ждақай елді жинауға қарсы болды. Әкесі көнбеді. Талай жыл ауыл совет болса да, әкесі соңғы кездері шалдардың сөзіне көбірек құлақ түруді шығарып жүр. Кәртаяйын десе керек. Ждақайға керегі жоқ еді шалдардың да... батасының да. Ауылға өзі басшы бола тұрып садақа беріп, шалдарға бас иіп жатуы — масқара емес пе?! Аудан естісе не дейді? "Қалтаңдағы қызыл билетті тапсыр!" дейді, әрине. Әкесі болмады. "Өзім жауап берем!" деп. Сонымен, қой сойылды. Кемпір шалдар түгел жиналды. Ждақайдың аман-есен оралуына тілек білдірді. Ждақай, бірақ, оларға сәлем берсе де түс жылытпады. Бірге отырмады. Ескілікпен, діни сеніммен "ауыз жаласқысы" келмеді. Ішкі бөлмеде төрде ілулі тұрған Сталиннің суреті тұрған бөлмеде сұлқ түсіп жатты да қойды.

Бар ойы — кешкі жастар құралы төңірегінде. Айжарқын мен Хансұлу ойлағаны. Екеуін де шақыртқан. "Келер ме екен, келмес пе екен?" Кештің түсуін тағаты таусыла күтті.

Бұл ауылдағы ең еңселі үй, төңірегін биік дуалмен қоршаған жалғыз үй — Ждақайдың үйі еді. Бұл аулада той, не садақа болмапты ойлап қараса, талай заманнан бері. Сондықтан "Жаңа жол" халқы үшін, бұл, биік дуал іші жұмбақ, құпия, таңсық. Ждақайдай түкірігі жерге түспей тұрған дырдай дөкейдің босағасын көру "Жаңа жол" халқы үшін осал олжа емес. Хан ордасына кіргенмен бірдей.

Айтқандай-ақ, кеш түсе жастар тез жиналды. Бастықтың үйіне көбі тұңғыш бас сұғып тұрғандықтан таңырқап, сенделіп қарай береді жан-жағына. "Жастар" дегенде тек қыз-келіншектер ғой. Ересек еркек кіндік бұл ауылда жоқтың қасы. Еркек атаулыдан кешке келген жалғыз-ақ Андалы мұғалім. Шегенің күйеу баласы, Балжанды алған. Бұрын суқаны сүймейтін өзін. Бірақ, иттің баласы, Ждақайдың жүрегіне жол таба білді. Тілі майда. Оқыған. Сыпайы. Сол сыпайылығы, білімі үшін ұнамаған еді алғаш Ждақайға. Талай реті келген, Шегенің соңынан "барса келмеске" аттандыра салуға. Соны сезген болуы керек, зәнталақ. Ждақайдың қолтығына кіріп алды тура, ұры иттей, құйрығын бұтына қысып. Ждақайды мақтағанда одан асып түсетін ешкім жоқ, бұл ауылда. Және майын тамызып дәл тауып айтады. "Көсеміміз үшін" деп талай рет тост та көтерді ғой. Сталин үшін емес, Ждақай үшін. Несі бар, расында да "Жаңа жолдың" көсемі Ждақай ғой. Содан бері, бұл мұғалімге керемет іші жылыды Ждақайдың. Сондықтан, сырттан абыройлы қонақ келгенде үнемі осы мұғалімді қосып шақыратын болды Ждақай. Ондайда мұғалім Ждақайдың жақсы жақтарын дөп басып айтып тыңдаған құлақтың құрышын қандырып-ақ жібереді. Сонысы мәледес. Екеуі соңғы кездері дос іспетті. Еркек кіндіктен жалғыз сол келді бүгінгі кешке. Айжарқын келді бір үкібас қайынсіңлісін ертіп. Содан, Ждақайдың жүрегі лүпілдеп берсін... Бірақ ішкі бөлмеден шықпады. Қонақтарды қарсы алмады, ірілік танытып. Әрине, бүйткенге, жас қонақтар ренжімейтіні анық. Ждақай жаңа заманды орнатушы адам, бұл өлкеде. Сондықтан, ескіден келе жатқан ата салтты Ждақай бұзса бұл жастарға "ескіге қыр көрсеткендік" немесе жаңа заманның салты болып қабылданатыны анық. Озық дәстүр үлгісі болып елестеуі де ғажап емес.

Үлкен залға қонақтар, бас-аяғы жиылып жағалай тізіліп отырып болғаннан кейін ішкі бөлмеде темір кереуеттің үстінде киімшең жатқан Ждақайға келіншегі Нарқыз келді.

— ...Қонақтарың... Сені күтіп отыр! — деді бәсең дауыспен.

Күйеуінің осылай ірілік білдіріп жатуы Нарқызға да ұнайды. Бүйтпесе төбеге шығады ғой, бұл ағайын.

Ждақай манаурап басын көтерді. Кірпі басын сипап қойды. Қабырғада ілулі тұрған жалғыз әскери кителін киді. Байғұс Қозбағар тауып беріп еді төрт жыл бұрын. НКВД-да істеп жүрген кезінде. Ждақайдың ол кезде бар арманы бір китель кию еді, Сталинге ұқсап. Оған да қолы жетті. Жиналыс жасаған сайын киеді үстіне. Ауданға барған сайын киеді. Ел аралап шыққанда киеді, жұртқа көз қылып. Кисе китель бір түрлі бұған күш береді.

Сол... ескілеу сұр кительді иығына ілді. Бұтында — бұлтық сан галифе шабар. Тура әскери қолбасшыдан айнымайтын орта бойлы төртбақ Ждақай түсін суытып... ішкі бөлмеден мысық табандап үн-түнсіз шыққанда абажадай кең залға сыймай жағалай отырған жұрт жапа-тармағай түрегелді орындарынан. Андалы мұғалім жүгіріп кеп Ждақайды бас сап құшақтап, іле көзін сулады. Ждақай үн-түнсіз бас изеп оң қолын көтерді. Жұрт жапатармағай орындарына отырды. Ұйымшыл, тәртіпті шәкірттердей.

— Ал, жұртым!.. Жағдай осылай болды!!!— деп ресми сөз бастады Ждақай, тізе бүкпей тұрған қалпы. Оның қасында қол қусырып қағылез арық Андалы тұр, оның әр сөзіне бас шұлғып.

— ...Отан шақырып жатыр жұртым, майданға! Атасына нәлет, пәшест жаумен ақтық айқас жүріп жатыр. Сол шайқасқа шақырып жатыр. Отан-ана шақырып жатыр. Бірақ... біз пролетариаттың ұлы көсемі Сталиннің басшылығымен жауды қайтсек те күл-талқан етеміз!!!

Андалы бастап ду қол шапалақтады жиналғандар.

— Нарқыз, енді дастарханыңды жая бер!— деді де Ждақай сол тіп-тік қалпын бұзбастан баяу басын есікке беттеді. Жұрт орындарынан тұрып ізет көрсетіп қақ жарылып жол берді. Іштей риза болып қалды... мына жұрттың өзіне деген сый-құрметіне.

— Андалы сен... менің орныма қызмет ете тұр қонақтарға... мен аздасын келемін!..— деді, дауысы бәсең сабырлы естіліп. Бірақ, зілді.

— Жақсы, Жәке!.. Жақсы!!!— деп, Андалы мұғалім жалпыл қақты. Ждақай сол қазық жұтқандай тіп-тік қалпы есікке жақындағанда біреу зып беріп жолына аяқ киімін қоя қойды. Ждақай шынында бұл тобырмен отыруды өз басына ар санаған еді. Әттең, Айжарқын қалды іште. Оны оңаша алып шығудың есебін таппады.

Хансұлу жоқ. Қойы жақын еді ғой, ауылға! Келетін уақты болып еді ғой...

Аула іші қарбалас. Шәй қойып, ет пісіріп жатқан қатын-қалаш.

Жүйкесі тырысып қатты шаршаған еді. Іші түтін. Іші өрт. Оны өшірудің жалғыз жолы "арақ!", "Арақ" деп қақсап тұр ындыны. "Басқа емі жоқ" дейді. Қораға кірді. Тығулы бір шиша арақты қараңғы қуыста тұрып тура аузынан қылғытты. Ух... жарықтық-ай, іштегі бықсыған отты су шашқандай басты. Маңдайы жіпсіп, қорадан қызара бөртіп шықты. Сыртқа беттеді. Ауыл үстін қарабарқын түн жауыпты. Аспан жайнаған жұлдыз. Есіктен сыртқа аттасымен бірден далиған кең далаға шықты. Ымырт жабылса да жапан дүздің молдығын, кеңдігін сезіп тұр. Көкірек көре тыныстады. Дүниенің сұлулығын сезгендей. Төңкерілген жұлдызды аспан сәл қозғалып... шайқалғандай.

...Қараңғы ішінен қаптал тұстан жақындай берген тысырды естіді. Бұрылып шұқшиды. Жаулығы ағарып әйел адам келеді. Қасында біреу бар сияқты. Жүрегі шым етті... Хансұлу! Талдырмаштау келген соның сұлбасы. Шолпысы сылдырап... сызылып басып бір әсемдік әлемін әкеле жатыр. Қасындағы баласы екен. Түгелбек. Едіге қашып кеткеннен кейін Ждақай осы Түгелбекті өзіне жақын тартқан. Бұ бала келіншектерге хат тасуға Едігеден де епті боп шықты.

— Оу... Хансұлу... сәлем бердік!—деп жасандылау үнмен жарқын амандасты Ждақай, араларында бұрын-соңды түк болмағандай. Бірақ, іштей қатты абыржыды. Хансұлудың алдында толып жатқан кінәсі есіне түсіп абыржыды.

Хансұлу да қысылып-қымтырылғандай.

— Сәлем бердік!— дегенде ақ тісі ашылып ұяла езу тартты. Ждақай өліп кете жаздады. Хансұлудың осы бір биязы қылықпен нұрланған дидарын көргені үшін... біржола шырын жаннан кеше жаздады.

— Жүр! Кір үйге!!!— деп, алдына түсіп елпең қаға жөнелді, Ждақай.

— ...Сөйтіп... майданға біз де кететін болдық! — деді қуанышты раймен.

Хансұлу:

— ...Құдай сақтасын...— деп, сөзінің соңын жұтты.

— Әрине.. әрине...— деп қостады Ждақай, Хансұлудың ауызынан шыққан "құдайға" қарсы болмай. Елпеңдеп барып есік ашты. Бұндай құрметті ешкімге жасаған жоқ-ты бүгін.

Хансұлу:

— Сен... енді қайта бар! — деп бұрылды баласына.— Біраздан кейін келерсің, қайтарда!

"Апыр-ай, дауысы неткен шырын... тәтті. Тек... тыңдай бергің келеді".

Оттың жарығынан байқады. Хансұлудың үстінде шұбатылған қырмызы көйлек. Ждақайдың баяғыда өзі апармап па еді осы матаны?! Іші жылып... бауыр еті езілгендей болды. Хансұлу осы сәт өз әйелі сияқтанып кетті. Хансұлуға өмір бойы жамандық емес, тек жақсылық жасап жүрген жанға ұқсатты өзін. Хансұлудың жалғыз қамқоршысы өзі екен ғой... Бұ төңіректе бұндай бекзада әйелге лайық еркек те өзі екен... ойлап тұрса. Жүрегі лүпіл қақты. "Өлі арыстаннан — тірі мысық" дегендей, келмеске кеткен Шегеден гөрі, ендігі тірегі Ждақай екенін түсінсе керек қой Хансұлу. Айналайын-ай, неткен ақылды жан. Хансұлудың "халық жауының" әйелі екенін Ждақай ұмытып кетті осы сәт. Көз алдында — тек, әлгі Хансұлудың ақ тісі ашыла езу тартқан миық күлкісі.

Ждақай көп ұзамай есін жия қойды. Ауызғы бөлмеде жиды есін. Өзінің бүкіл "Жаңа жолды" ауызына қаратқан бастық екені түсті есіне. Коммунист екені, НКВД тыңшысы екені, сол үшін ақша алып тұратыны түсті есіне. Әйтпесе, әлгі арақтың буымен осалдық жасап Хансұлуды бастап дүрілдетіп залға кірмек еді. Жұрттың бәрін орнынан тұрғызып Хансұлуға құрмет көрсетпек еді. Онысы қате екен, сөйтсе. Хансұлу "халық жауының" әйелі. Бұны ұмытпау керек екен. Оған деген ашық ықыласын дүйім көпшіліктің көзінше білдіру кәуіп екен.

— Сен ішке кіре бер! Мен аздасын келемін! — деп ауызғы бөлмеден кейін қайтты.

Сыртқа шықты. Дала аралап сенделіп түн жамылып біраз жүрді. Қалай да жақсы болды жұрттың жиналғаны. Әсіресе, Хансұлу мен Айжарқынның келгені... Бүгін, әрине, ешнәрсе бітіре алмас. Бірақ, ғашық жандарын көріп қалудың өзі неге тұрады?

Ары-бері теңселіп жүріп, ақыры, ішке кірді. Дуылдап көңілді отырған қонақтар сап тыйылды бұл ішке кіргенде. Қызара бөртіп алған Андалы мұғалім қалбалақтап түрегеп төрден орын ұсынды Ждақайға. Бірақ, Ждақай шәй құйып отырған Нарқыздың қасына жайғасты.

Андалы мұғалім қызу, лепіріп сөйлей жөнелді.

— Айналайын, Жәке... өзіңізді күте-күте екі көзіміз төрт болды. Бірақ... енді өзіңіз тапсырғаннан кейін... Сізді жоқтатпай мына қонақтарыңызға әл келгенше қызмет көрсетіп жатырмын... Пәшест жауды талқандап сіз елге аман оралсын деп біз біраз тост көтердік... Ішпейім дегендерді... Хансұлу сияқты... Айжарқын сияқты... ішкіздік. Немене, сонда сіздер менің асыл Жәкемнің аман-есен оралуына қарсысыңдар ма дедім, қыспаққа алып... Содан, мінеки, түгел ішіп отырмыз. Көңілді отырмыз. Өмірінде аузына арақ алмаған менің кәдірлі қайынбикем — Хансұлу ішті ғой, сіз үшін! Естіп отырсыз ба, Жәке?!

Жұрт ду қол соқты, Андалыға ілесіп.

Ждақай өз құлағына өзі сенбеді, "Хансұлу да ішті" дегенге. Таңырқап төрге таман бір қырын отырған Хансұлуға қарады. "Ойбай, рас сияқты! Екі бетінің ұшы албырап, күлегештейді Хансұлу!.. Сопақша келген әсем кескіні күнге кәдімгідей тотыққан Хансұлудың. Қыз күнінде бидай өңді еді... Бүгін де арық сылыңғыр қара торы келіншекке айналыпты. Бірақ, "асылдың қыры кетсе де, сыны кетпейді", Хансұлу осы отырған үй толы қыз-қырқынның ішінде көзді айрықша тартады. Тіптен, үлбіреген жас келіншек Айжарқынның өзі Хансұлудың қасында ай шыққаннан кейінгі сөнген жұлдызға ұқсап қалды. Не бәлесі бар бұл ұрғашының?.. Хансұлуды айтады әрине. Бұ не құдірет?! Осы кештің сәнін келтіріп Хансұлу мына абажадай кең залға лықа толы жұртқа нұр таратып отыр. Хансұлу!.. Ждақайдың өзегіне түскен жегі құрт!! Сол жегі құрт қайта жыбырлап ескі жан жарасын қоздырғандай... кеміргендей. Іштей буырқанды Ждақай. Күйіп бара жатты өзегі. Алдында меймілдеп тұрған шыны аяққа үңілді. Тек осы... арақ қана өшіреді ол өртті?!!

Шыны аяқтың құлағынан ұстады.

— Келгендеріңе рахмет! Сталин үшін!!! Жолдастар, Сталиннің кемеңгер басшылығымен біз жеңеміз!!! Ұлы көсем Сталин үшін!!!— деп ышқынып айқайлады Ждақай орнынан ыршып тұрып.

Жұрт өре түрегелді. Андалы да ышқынды, одан қалыспай.

— Сталин үшін!!! Сталиннің сенімді солдаты Ждақай үшін!!!— деді айқайлап, бурадай шабынып зіркілдеп.

— Әлгі айтылған екі ұлы адам үшін... Түгел ішеміз жолдастар!!! Олар үшін у ішуге де, жан қиюға да әрқашан әзірміз! — деп жұдырығын түйіп кіжінді Андалы көзі қызарып, түсі сұрланып. Қонақтар тым-тырыс жасқанып, қорқып қалғандай. Түрегеп тұрған күйі түгелімен дерлік... стакандарын босатып жатыр. Ждақай байқайды. Өмірде арақ ішіп көрмеген Хансұлу да көзін жұмып алып жұтып жатыр.

Босаған стаканын Ждақай жерге тартып ұрды.

— Ет піскенше... кеттік!!! — деді,— Далаға!!!

Бұл ұран үй толы ұрттап алған жастарға ұнап кетті. Ду күліп дуылдап далаға ұмтылды. Айжарқынға еріп келген үрпек бас қыз іргеге қисайып ұйықтап қалған. "Сәтін салды" деді іштей Ждақай.

Көңілді топ ауладан дуылдап шығысымен қараңғы түнге жұтылды. Келіншектер сылқ-сылқ күледі. Андалы қу тілді, сөзшең жігіт. Соның айналасында қыз-келіншектер ду-ду етеді. Әрегірек барғасын жұрт бытырап топ-топқа бөлінді. Бұл Айжарқынды жібермей білектен ұстап алған. Айжарқын бұлқынар деп еді. Өйтпеді. Ботадай томпаңдап жетегіне ере берді. Ждақайға да керегі сол. Қапталға оңашалап алып кетті жетелеп. Бұлақ жағасындағы көгалға жеткенде сылқ түсіп отыра кетті Айжарқын. Ждақай тарпа бас салды.

Жерде жатқан адамға далада қыдырып жүргендердің сұлбасы көкжиек етінде анық көрінеді. Топтанған қыз-келіншектер шоғыры қарауытып кері қайтып келеді. Тояттаған Ждақай киініп алды. "Қатын бұзылса қиын екен ғой. Мына Айжарқын ауылдағы бет моншағы үзілейін деп тұрған үлбіреген келіншек емес пе еді... Түк түсінсе бұйырмасын. Әйел абыройы деген сонда... жұрт ойлағандай ақирет емес... сәл-ақ болғаны ма?!.."

Осы ойдан Айжарқынның құшағынан алған тояты... Табан астында іркіттей іріді. Аспанға қарады... неге екені белгісіз жан сарайы қаңырап, құлазып. Удай ащы өкініш тілді өзегін... Тістеніп жұмды көзін. Күміс жұлдызды түнгі аспан шайқалып тұрды санасында... Дәл осындай түн... Дәл осындай жұлдыздар — аспан көздері жылтырап қарап тұрып еді-ау... бұл түрікпен Қара-Құмында Рысбек байғұстың... ішіне пышақ ұрғанда... Соры қайнаған Рысбек нең бар еді... Иранға қашқан Бұлыш бандыға ілесіп?!. Нең бар еді сорлы... жетімек?!. Сенің әкең де, шешең де Совет емес пе еді?!.

"Нең бар еді?" деп өкіріп айқайлағысы келді осы сәт... түнгі дүниені күңірентіп. Көзі, осы сәт, қараңғы жамылып анадай жерде тұстарынан өте берген екі бейбаққа түсті. Бірі — жаулығы бозарған әйел. Бірі — еркек. Жүрегі шым етті. Жүрегі иттей қарғыды. Хансұлуға ұқсайды әйел сұлбасы. "Әкеңнің көрін... сонда еркегі кім?" деп қаны басына тепті. Қасындағы Айжарқынның қайда қалғанын білмейді. Елпіп келеді. Зығырданы қайнап. Сәл еңкеңдеп көз салса... белінен құшақтап алыпты әлгі еркек Хансұлуды! Бұл кім... әкеңнің көрін?!

Бүлкектеп жүгіре түсіп жетті әлгілерге. Сөйтсе, екеуі қарамайды бұрылып... құшақтасып кетіп барады. Ой-хой, дерсің! Жақындап қараса Хансұлудың қолы - әлгі еркек сымақтың иығында... Еркек сымағы - Андалы! Иығынан шап беріп ұстай алды. Сонда ғана бұрылып қарады иттің баласы.

— Оу, Жәке!!! Жәке!! — деп бебеулеп қоя берді, мұғалім.— Жәке, біз сізді іздеп жүрміз, манадан!!! — Сасқалақтап сол қолындағы шишаны көтеріп көрсетті. Ждақай қабарып тұр, бір қолы мұғалімнің иығын мытып ұстап.

— Сізді таба алмағаннан кейін... сіздің денсаулығыңыз үшін... деп... Хансұлу екеуміз... әлгінде...

Ішкенін айтпаса да көрініп тұр, аузынан арақ исі мүңкіп... Хансұлу сылқ-сылқ күлді.

— Жәке! — деп Ждақайдың иығынан ұстады. Тас-талқаны шықты Ждақайдың.

Осы сәт не болғанын білмейді. Ала сайтаны қозып кетті. Хансұлудың қолын қағып жіберіп, шишасын көтеріп тұрған жарғақ құлақ мұғалімді құлақ шекеден қонжитты. Мұрттай ұшты мұғалім.

— Ойбай, Жәке!..— деп жыламсырап қалбалақтап тұра беріп еді, құйрықтан теуіп кеп жіберді.

— Әкеңнің көрін!..— деп.

Жығып салып әлжуаз мұғалімді ит тепкінің астына ала бергенде, қолына біреу жармасты. Одан бетер құтырынсын Ждақай. Қолын қағып жіберді. Қараса - Хансұлу. Әй, сонда Андалыға арашаға Хансұлу ма түсетін?! Иттің етінен жек көріп шапалақпен тартты беттен қаншықты. Қолы дәл тиді. Хансұлу қалпақтай ұшты. Дүние ойран-ботқа. Ың-жың ызы-шу. Төңірегін қоршап алған жұрт. Біреуді біреу ұстап жүр. Біреумен біреу ілінісіп жатыр. Құлағы түк естір емес. Біреу бұның екі қолын қайырып ұстап алған. Бұл екі иығын жұлып жеп, ақырып:

— Қырам!!! Жоям!!! Талқандаймын!!! — деп бурадай бұрқырайды. Сөйтсе бұған кеп бір бала жармасып жүр, іштен түйгілеп, жылап. "Бұл кім?" десе... Түгелбек! Ө, әкеңнің көрін... Хансұлудың баласы! Шешесіне болысқаны ма?! Мүмкін, әкесінің кегін қайтарайын дегені шығар, түрмеде жатқан?!

Ждақай қолын қайырған қатынмен алысып-жұлысып босанып шығып, айдалаға... түн ішіне қарай тұра кеп қашты тапырақтап. Мына қатын-қалаш, бала-шағамен төбелесіп жарымасын білгеннен кейін... бар пәрменімен жүгіріп ішті тырнаған ала сайтанын тыншытқысы келді. Ырсылдап, аласұрып сәйгел тиген сиырдай ышқындап безіп барады айдалаға қарай.

Ақыры өкпесі өшіп ентігіп, солықтап тоқтады, ауылдан ұзап шығып барып. Терезелері сығырайып алыс қалған ауылға қарап қояды, бұрылып. Ізінен ешкім қумады. Төңірек құлаққа ұрған танадай тыныш. Жұлдызы бықыған түн аспаны тіпті үлкейген тәрізді. Жапырлаған қалың жұлдыз төбеден сыбырласып төнеді бақытсыз Ждақайға үңіліп.

Ждақай таза шөпке арқасын төсек шалқасынан түсіп жатты. Түнгі әлемге көз жіберді. Өзін-өзі аяды. Дүниедегі ең бақытсыз жан екеніне көзі жетті. Анау үнсіз сыбырласқан жұлдыздар да соны сыр қылып тұр емес пе?!

Көзінен пора-пора жасы ақты. Жас балаша жылады Ждақай. Ес білгелі бұндай әлсіздік көрсеткен емес еді... Бала кезінде жыласа жылаған шығар. Бірақ, Ждақай "Ждақай" болғалы бұндай күйрек күйге түспеп еді.

Сол жатқан жерінде ұйықтап қалыпты. Күн шыға оянды. Иығы салбырап үйіне қайтты.

Сәске түсте "Жаңа жолдан" аудан орталығы Нарқамысқа қарай қос салт атты шықты.

Ждақай майданға аттанды.

АСПАН ҮНІ

Сол түнгі жанжалдан кейін Ждақайдың қонақтары быт-шыт болып тарап кетті.

Хансұлу Ждақайға қарсы "бас көтерген" баласын жетелеп қойдағы үйіне тартты. Жаяу. Ждақайдың ұрған бір шапалағы шала мастығын сыпырып алғандай. Қасындағы Түгелбектен ұялғандай үнсіз келеді, түн жамылып. "Жігіт болып қалғаны-ау" деп ойлады баласын. "Шешесін қорғап көрдің бе, Ждақай жындының жағасынан ала кеткенін! Жынды ғой Ждақай, жынды ғой! Cay болса, төбелес шығарар ма еді? Бұның Андалымен қолтықтасып келе жатқанын көріп қызғаныштан жарылып кетті емес пе?! Өй, жынды! Жынды!.. Қап, бекер-ақ келген екен." Баяғы дүрдараз қалпы, Хансұлу сызданып шақырған жолашрына келмей-ақ қояйын деп еді. Бірақ "Қан майданға баратыр ғой. Жынды болса да өлімге баратыр ғой" деп аяғандықтан келіп еді. Бекер істепті. Пәленің бәрі арақтан шықты. Өмірі ауызына алмаған нәрсесі еді. Андалы ғой, қиылып отырып алған. "Ең болмаса бір ұртташы!" деп. Жұрттың бәрі ішіп жатқаннан кейін бір әзәзіл ой: "Қойшы, Хансұлу, осы сен жұрттан артықсың ба, "у ішсең руыңмен" деген бар емес пе?" Жұрттан тым ерекшеленбеші!" деп сыбырлап тұрып алды. Сөйтіп Хансұлу "арам судан" алғаш ұрттады. Бекер-ақ жасаған екен. Асылы арам жақпаушы еді өзіне... Не болды міне соның ақыры? Шеттерінен қағынды. Желікті. Ұятты ұмытып жырқылдады. Аяғы төбелеске ұласты. Шірік Ждақайдан таяқ жеді. Кісілігі тапталды. Ждақайға ашуланайын десе, әзәзілге еріп, арақ ішкен өзінен де бар.

Жер болып келеді. Табан астындағы қара жер айрылса ғой дәл осы сәт... түсіп-ақ кетер еді... Бүйтіп жер басып жүргенше өлгені артық қой... Өлген артық!!!— деп айқайлағысы келді. Айқайлай алмады. Бүкіл ызасы көзінен ащы жас боп сырғыды.

Шешесін жетектеп бүгін үлкен кісідей қамқорсып келе жатқан бала көп нәрсені ұға бермейді. Бала ғой. Жасы биыл ғана 12-ге толды. Дегенмен оңы-солын танып қалған екен. Шынашақтай Түгелбек тұрмақ, талай шабынған шонжарларды екі бүктеп бір шайнаған Ждақайдың жағасына жармаса кетті-ау. Дүние астын-үстін төңкерілгендей... Бұл бір миға сыймас жәйт болды. Көрген түстей адам сенбес. Соңы не болмақ бұның? Екеуінің де осы сәт ішін осы сауал қалтырата мұздатады. "Ертең не болады? Таң атпай әкететін шығар "арыстыбайт" етіп...

Әсіресе, қорқып келе жатқан Түгелбек. Аяғы аяғына жұқпай ызғиды. Ждақайдың Ждақай екені рас болса, қуып жетеді ізінен. Жон терісін сыпырады. Түгелбектің көзінде бұл әлемде Ждақайды ауыздықтайтын құдірет жоқ. Ждақайдың қырына іліктің бе, жазаңды қалай да аласың. "Ждақай майданға аттанғалы жатыр" дейді. Бірақ оған сенбейді. Ондай жауыздан, Тесентау асса да, құтылу жоқ шығар сірә. Үрейі ұшып алақтап артына қарай береді. Түн жамылып жетіп қалғандай. Ждақай.

Бұта біткеннің бәрі Ждақай болып көрінеді ербеңдеген. Жүрегі суылдай береді.

Әнеугі, Едігенің басына туған күн бұның да басына туды міне. "Едігенің соңынан мен де кетсем бе екен елден безіп?!" дейді бір ойы. Едіге болса, бұл кезде жүрген шығар сонау Қара-Қалпақ елінде, Бибіажардың төркін жұрты жағында шалқып. Бибіажар дегені баяғы "НКВД" Қозбағардың әйелі ғой. Бибіажар болмағанда тұлдыр жетім Едіге қайда қашар еді? "Барар жер, басар тауы да" жоқ еді ғой пақырдың. Бірақ Едіге жүректі, жігерлі еді. Екі жас үлкен болғасын ба, әйтеуір Едіге бұған қарағанда жөн білгіш ересек тәрізденетін. Бұған дос, әрі аға есепті болатын. "Сені Едіге шақырып жатыр" дегенге барса... алакөлеңке жертөле ішінде ескі көрпешенің үстінде бет-ауызы талақтай ісік... Едіге жатыр... ыңырсып. Зәресі ұшып кетті Түгелбектің. Екі көзі алақандай болды.

— Ждақай... Ждақай ұрды...— деді әрең сөйлеп Едіге. Жыламады.

— ...Мен бүгін түнде кетемін... ауылдан... Ішіңде болсын! — деді Едіге. Түгелбек көз жасы тамшылап бас изеді.

— Бибіажар жеңешем... маған жолға нан пісіріп жатыр... Түн жамылып. Кермаяға мінем де... кетемін...

— Қайда?!— деді Түгелбек мұрны бырсылдап.

— Айтуға болмайды...— деді Едіге. Қайда кеткеннен соң білді ғой. Сол сәт Едіге тура ертегінің есіл ерлеріндей елестеді бұған. Сол күні кешке дейін Едігенің қасынан шықпады. Айтқанын істеді. Түн болғасын Биібажар екеуі Кермаяны үйдің тасасына әкеп шөгерді. Жазылады. Жол азығын, киім-кешек салған қоржынды салды түйеге. Мес толы су байлады. Екеуі қолтығынан сүйеп Едігені мінгізді, Кермаяның беліне.

Кермая серең етіп орнына тұрып қоштасар сәт туғанда үшеуі де жылады, үндерін шығармай мұрындары бырсылдап.

Жарты айлық жолы бар Қарақалпақ еліне Едіге осылай аттанды. Содан жоқ Едіге ұшты-күйді ғайып болды.

Өткен өмірін ойлап қараса бір қым-қиғаш... аласапыран көрген түстей екен. Ешбір жүйесі жоқ. Тағдыр мен тағдыр, оқиға мен оқиға мидай араласқан бір қым-қуыт тіршілік. Миға сыймайды. Бұ не сонда өмір дегеніміз?! Өмір дегеніміз осы болғаны ма?

Қазақ жерінен алыс түрікпен құмының бір шалғайында шашырап жайылған қой шетінде түн жамылып тұрып осындай ойға шомды Қозбағар. Баяғы "НКВД" Қозбағар. Бүгінде Қозбағар аты ұмытылып, түрікпен Дұрдымұрат шопанның жәрдемшісі "Сабыр шолық" атанып жұрт. Оған да төрт жыл өтіпті. Жұрт көзінде тек "ас ішіп аяқ босатар" қой соңында сөлпектеп жүре берер жарымес. Нағыз үндеместің өзі. Қозбағардың бұрынғы тарихынан түрікпендердің хабары жоқ. Қозбағардың кім екенін жалғыз ғана білетін кісі бұ маңда Әнет қана. Бибіажардың төркіні. Үстірт асып қашып келгенде соның үйіне тұмсық тіреген. Сол Әнеттің ақылымен Дұрдымұрат шопанға жәрдемші болды. Сол Әнеттің ақылымен аты-жөнін өзгертті.

Қой бағу бала күннен үйренген кәсібі ғой. Қуанып кетті. НКВД-ның камерасын көрген Қозбағарға айлап-жылдап кісі назарынан тыс шөл далада қой соңында жүру ұжмақтың дәл өзі ғой!.. Дәл өзі. Түрікпен шопандарының қой баққандары қызық екен; сабаудай екі еркек болып қысы-жазы көрпе-төсегін түйеге артып алады да, қой соңында салпақтап көшеді де жүреді. Қазақ бүйтпейді ғой. Үйімен, бала-шағасымен, ауыл-аймағымен көшеді ғой көшсе. Түрікпен жерінде, бір жақсысы, қыс жоқ айтарлықтай. Мал бағу жеңіл. Әйтеуір, салпақтап қой соңынан ере берсең болды. Дұрдымұрат егде тартқан кісі. Жарымес те болса, зіңгіттей шолықтың табылғанына мәз сияқты. Жүре келе Сабыр шолықтың сенімді жан екеніне көзі жеткеннен кейін отарды бұған мүлдем тастап, өзі ауылға екі-үш күнге кетіп қалатынды шығарды. Хабарды көп әкеледі. Қозбағар соғыстың басталғанын да, Москва үшін болған шайқасты да, Сталин айтыпты деген сөздерде де тұңғыш осы Дұрдымұрат яшулының аузынан естіді. Әйтпесе, меңіреу шел далада жападан-жалғыз қой соңында жүріп, Қозбағар тас керең дал болғандай еді. Бұл үшін өмір ағысы тоқтап, тырс еткен дыбыс жоқ құла дүзде уақыт қаңтарылған сияқты. Таңертең күн көкжиектен көріне салысымен, жалындап қашан батысқа еңкейгенше кең дүниені қуырдақтай қуырады да тұрады. Тірлік біткен көлеңкеге тығылып ап тұяқ серіппей жатқаны... қашан кеш түскенше...

Кеш түскен соң дүниенің рахаты. Құм өлкесінің түніндей сұлу түнді өмірі көрген емес Қозбағар.

Қоңырауы сыңғырлап айдың әлсіз сәулесіне шомылып түнгі салқында қыбырлай жайылған қара қойлар. Төбеңде жұлдызды, айлы аспан шатыры далиып кең жатқан. Қой шетінде құмсақ төбе үстінде тұрасын буалдыр ай нұрына бөккен ғажайып құм өлкесіне көз жіберіп. Өткен өмір көрген түстей, көз алдында елестейді де тұрады. Сол бастан кешкен уақиғаларым рас па, өтірік пе деп таңырқаумен тұрасың. Қозбағардың, бір кезде Пахраддин бидің қозысын бағып жүретін боқмұрын батырақтың 28-жыл комсомол болып, байларды қырып-жойып, одан кейін артель басқарып, коммунист атанғаны, мелисаның курсында оқып, бұның алдында бүкіл ел құрдай жорғалағаны, одан НКВД Сұржекейдің оң қолы болып елдегі "халық жауларын" қан сидіргені, одан өзі де ұсталып, Ақтөбедегі НКВД түрмесінде азап шеккені, ақыры түнде атылайын деп тұрғанда оқ астынан қашқаны — құдайым-ау, осының бәрі бір Қозбағардың басынан өткені ме? деп таңырқайды. Өтсе, сол сұмдықтардың бәріне бұ қалай аман қалды?! Біреу "тәйт" десе тұра қашуға дайын тұратын, сауаты әріп танығаннан әрі аспаған бұ пақыр әлгіндей 28-ден 38-ге дейін созылған 10 жыл дозақтан қалай тірі құтылған?!

"Өз басы өзіне олжа" тірі қалғаны болмаса, рас, қазір жетісіп жүргені шамалы. Бала-шағаны, үйді, елді тастап безіп кетті бір қиянға. Үй жоқ, күй жоқ. Шоқпыт-шоқпыт. Дұрдымұраттан ауысқан ескі-құсқыны иығына іледі. Бүгінде сылынып арықтаған. Баяғы НКВД болып жүргендегі қомпиған тұрпатынан түк қалмаған. Аузы-басын жүн басқан қапсағай бойлы еңкіштеу жабайы адам.

Түн жамылып тұрып ойланғанда көбінесе әйелін, бала-шағасын ойлайды. Құлдыраған екі кішкентай қаршадай қызын ойлайды. Қарадомалақ момын келіншегін — Бибіажарды ойлайды. Бұны құдайдай көруші еді... Сол "құдайының" бүгінде құл болып түрікпен құмында табаны жарқылдап жүргенін біле ме екен? Әлде "ерің түрмеден қашты" деп Бибіажарды бала-шағасымен түгел апарып түрмеге тықты ма екен? Төрт жыл бойы осы сұрақ өртеді өзегін. Жуырда ғана осы сұрағына жауапты тапты.

Дұрдымұрат ауылдан түйесіне мінгестіріп бір баланы ала келді. Осындай айлы түн еді. Бала да мұны танымай қалды. Бұл да баланы танымай қалды.

— Аға, мен Едігемін ғой, Бұлыштың баласы!— дегенде барып, байғұс Қозбағар баланы бас сап құшақтай алды. Көзінен жасы ыршып кетті.

— Жаным-ау, сен қайдан жүрсің?— деді иегі кемсеңдеп. Бала хабарын айтты. Содан есітті Бибіажардың, бала-шағасының хабарын. Ел жаңалығын естіп ашылды, бітелгендей болған құлағы. Төрт жылдан бергі елдегі жаңалықты түгел айттырды. Ждақайдың тепкісіне шыдамай, құс қанаты талатын Үстірт асып келген Едіге баланың ерлігіне таң қалды. Үш-төрт күн бірге Едіге екеуі қой бақты. Содан кейін бұл ақыл айтты балаға: "Қойды мен-ақ баға берейін, сен Әнеттің үйінде жатып оқуыңды жалғастыр!" деді. "Қаржыдан қысылма, көмектесіп тұрамын" деді. Бала ақылын алды. Қазір оқып жатыр, Шоманай деген ауылдағы мектепке қатынап. "Ждақай сияқты иттерді жеңудің жалғыз жолы, осы — оқу", деді Қозбағар. Сөйтіп, елден безіп шыққан Едіге, балаға бұл, әке орнына — әке, шеше орнына — шеше болды.

Өстіп, бір күніне бір күні ұқсас, өмірі өтіп жатыр Қозбағардың! Едіге айтқан жаңалықтардың ішіндегі бұл үшін ең таңқаларлығы бұны іздеп әйел, бала-шағасын ешкімнің мазаламағаны болды. "Бұның сыры неде?"— деп әрі ойлап, бері ойлап тапты. Демек, Қозбағарды жыңғыл сайға апарып, Сұржекеймен қосып атуға тиіс жендеттер бұны қашырып алғаннан кейін шындықты мойындаудан қорқып, бастықтарына "бұйрық орындалды" деп жеткізген болды. Солай шығар. Әйтпесе дереу бұның үйін аңду болар еді ғой. Іздер еді шарқ ұрып. Демек, бұл — Совет үкіметі үшін "өлген адам". Аты-жөнін ауыстырғаны жон болыпты. Осы ақпарды естігелі бері болашаққа деген үміт сәулесі оянды. Тек, бұның тірі екенін НКВД білмеуі керек. Ендігі жерде Бибіажар төркініне көшкен адам болып кетуі керек. Бірақ оны кім көшіріп әкеледі?

Осыны ойлай, ойлай басы қатты. Әйел, бала-шағасына қосылудың оңай емес екеніне көзі жетті. Ең дұрысы, көнсе, астына жақсы көлік тауып беріп Әнетті аттандыру. Қарындасын іздеп барған ағасына кімнің шүбәсі бар. Күйеуі НКВД түрмесінде із-тозсыз кеткен қарындасын "қор қылмай, жаныма көшіріп аламын" десе, оған кімнің шүбәсі бар? Тек, осыған Әнеттің батылдығы жетсе...

Түн жамылып айлы аспанның астында қой шетінде сорайып тұрған Қозбағардың көкірегін осындай үміт пен күдік оттары шабақтады. Қасында бейне момақан келіншегі Бибіажар тұрғандай, төңірегін үрпек бас қыздары қоршап алғандай. Еңсесі көтеріліп, түнгі аспанға назар жіберді. Қара аспанды қақ жарып шаңытып жатқан Құс жолының бір шеті, сонау арқа түс "Жаңа жол" жаққа қарай созылып жатыр.

Осы сәт Құс жолы алыс қалған елменен қияндағы Қозбағардың арасын жалғап тұрған аспан көпіріне ұқсап кетті.

Ждақайдың жолашар кешінде болған сол түнгі оқиғаның ауыр әсерінен Хансұлу көпке шейін арыла алмады. Сол бір түн Хансұлудың көкірегін басып, жаншып тастағандай. Сол оқиға жанын суырып әкетіп, кеудесін бос қалдырғандай. Әйтеуір көлеңкедей жылжып жүр құр сүлдері. Сол күні арақ ішіп азғаны сатқындық емей не, Шегеге? Арақ ішіп, Андалымен түн жамылып иін тірестіріп жүргені, Ждақайдан таяқ жегені, құрсын... жүрегі май ішкендей айниды... еске түскен сайын. Ұяттан, масқарадан жерге кіріп кете жаздайды. Жарайды, Ждақайдікі жындылық болсын. Ел не ойлайды? Сан-саққа жүгіртпей ме? Әсіресе, Хансұлудың абырой, ажарын өлердей күндейтін ауыл қатындарының өсегіне өзі май құйып бермеді ме?!

Осылай қысыр оймен тәңірдің тарыдай күнін далада, қой соңыңда өткізумен келеді. Шегеден хабар жоқ. Биыл жетінші жыл кеткеніне. Не өлі екені, не тірі екені белгісіз. Бірақ енесі екеуінің есінен осы жеті жылдың ішінде бір минөтке де шыққан жоқ. Кешкісін бастары қосылса-ақ Шегені еске алып, көздерін сулап отырғаны. Биыл бұлардың дертіне және бір жаңа дерт қосылды. Мәскеу түбінде әскери дайындықтан өтіп жатқан Гүлжаннан хат келді. "Ертең майданға кіретін болдық" деген. "Ойбай, не дейді?" деп содан енесі зарласын. Майдандағы Гүлжанның, түрмедегі Шегенің амандығын енді екеуі күн сайын жалбарынып құдайдан сарнап сұрайтын болды. Бір ақсарбас сойып садақа берді, ауылды жинап. Енесі: "Ей, балам, құдай де, "құдай" деген құр қалмас!" деп күнде қақсап отырса да көп мән бермейтін бұрын, ол бір кемпір-шалдар ескі жыры тәрізденіп. Ждақайдың жолашар кешінен кейін Хансұлу қатты ойланды. Алланың ақ жолынан тайдым деп қиналды. Күнәға баттым деді. "Ей, алла, кінәмді кеше гөр!" деп түзде жалғыздан-жалғыз жүріп жылады. "Сайтанның сідігі" арақ дегенді енді ауызыма алсам оңбай кетемін!" деп ант ішті. Сондай бір жабырқап жүрген күні түсіне марқұм әкесі Пахраддин мен шешесі Сырға кірді. Түсінде, ақ кебінге оранған әке-шешесінің ортасында жатыр. Ақ кебінге оранған әке-шешесі жүздерін құбылаға беріп намаз оқып отыр. Хансұлуға қарамайды. Бірақ Хансұлудың тілегін тілеп жаратқан Жалғыз Иеге жалбарынады екеуі. Күбірлеп мінәжат етіп. Марқұм әке-шешесі түсінде ешқашан мұндай айқын болып көрінбеп еді. Әке-шешесінің дидарына жүрегі жасқа толып аңсары ауа қарады Хансұлу. Жүздерін құбылаға беріп отырған әке-шешесі бірақ бұған бір бұрылып қарамады. Көңілдерінде реніш жатқан сияқты. Сайтанның азғыруына еріп арақ ішкен Хансұлуға өкпелі тәрізді. "Апа!" деп, "көке!" деп ышқынды Хансұлу. Өз дауысынан өзі шошып оянды, омырауын ыстық жас жуып. Сол күннен бастап бір тақуа кейіпке түсті Хансұлу. Кезінде Лабақ ахунның мешітінде оқыған жылдары жаттаған, бірақ, кейінгі кездері ұмытыла бастаған аяттарын еске түсірді. Қой шетінде тұрып сарнап аят оқып, Жаратқан Жалғыз Иеге жалбарынатын болды.

Жан дүниесі өзгере бастады Хансұлудың. Аяқ астына түскен гүлдей мылжаланып, тапталған жан сарайы осы ит тірліктен көрген қиянаттан кірлеп кептелген жан сарайы мінәжат еткен сайын жылы жаңбырдан кейінгі сәуір көгіндей тазарып, жұмсарып ашыла бастады. Түн болса төсегінде күңіренген тірі жесір. Таң атса бітпейтін бір беймаза тіршілік. "Арқа еті арша, борбай еті борша" боп арпалысумен өтіп жатқан тіршілік. Жан селт етер бір қуаныш, жұбанышсыз. Жаны жабы болды. Көңілін кір басты. Өрім талдай солқылдап оң жақта өскен кешегі қыз күнінде, өзі қалаған ер жігіттің етегінен ұстаса, бұ жарық дүниеде көрер қызығы бітпес көл дария сияқтанушы еді. Жалпақ ел сыйлайтын Пахраддиндей кемеңгер әкенің, Сырғадай сырбаз ананың көз қарашығындай еркесі болып үкідей үлпілдеп өсті. Бетіне ешкім леп боп тимеді. Өмірде қиянат дегенді, кесірлік дегенді, жоқшылық дегенді білмей өсті. Қызығы көпке созылмады. 28-жылы дүние төңкеріліп түсті. Қызығы көпке созылмады. 28-жылы дүние төңкеріліп түсті. "Балапан — басына, тұрымтай — тұсына" кетті. Зар заман басталды. Шегемен отау көтерді. "Құлақтың қызын алғаны" үшін кінәлі болды Шеге. Қудаланды. Сотталды. Содан әлі, міне, қуғын-сүргіннен көз ашпай келеді. "Бұл өмірде біздің де басымызға бір бақыт, береке оралар-ау" деген үміті үзілуге айналды. Сөйтіп, өмірден түңіліп жүргенде ғой, Ждақайдың әлгі жолашарына барғаны. "Іш!" деп жолдас-жоралары қинады. "Жаңа заманның дәмі ғой, мүмкін дертін жеңілдетер" деп сол жолы тұңғыш рет арақты аузына алған еді... Жан дертін жеңілдетпей тұрмақ асқындырып, ауырлатып жіберді "жаңа заманның дәмі."

Содан жылады, жалбарынды Жасаған Иеге. Барақ ата рухына жалбарынды. Басқа кімге мұңын шақсын?.. Жаңа заманның "жарапазанынан" шошып алыстап кеткен екен ата-баба рухы. Атын атап қайта-қайта шақырды. Өзі білетін Құран аяттарын судыратып оқумен болды. О, тоба! Содан, көкірек көзі саңылауланып күннен-күнге ашыла түскені... Қараңғы, күңгірт кеудесіне сәуле түскендей. Тасбауыр қатыгез дүние төңірегін қоршаған... Кем-кемдеп исініп жұмсарғандай. Иі босап, мейірбан жылы тартқандай. Тіпті, кеше езіне қол тигізген Ждақайдың өзі бұрын ойлағандай безбүйрек емес, жәй алаңғасар ақымақ болып елестейді. Хансұлудың атағын, көркін күндейтін "Жаңа жолдың" сыпсың бикелері дегенде бұрын қаны қарайып кететін, не істерін білмей. Шіркін, бәрін жиып бір шөмеленің үстіне үйіп қойып астынан отты жіберер ме еді, деп кіжінетін. Енді соларға да бұрынғы ызасы жоқ, "Әй, кімнің аузына қақпақ боламын, кім не демейді? Әйтеуір, ез арыңның алдында, Құдайдың алдында адал болсаң жарады да!" дейді іштей бір ойы парасатқа шақырып.

Мінеки, осындай өзгерісі бар Хансұлудың. Өмірдегі қуанышы бітті ме десе, жоқ, соңғы күндері, сәл нәрсеге исініп, жібіп, сәл нәрседен алданыш табатын болып жүр. Мысалы, маужырап атқан таңға қарап тұрып қуанады, толықсып батқан күнді көргеніне қуанады. Қарабарқын сахара кешін айтсай, әсіресе! Қараңғы кеште аспанға қадаған күміс моншақтай жылт-жылт еткен мың сан жұлдыздарды айтсай!.. Жаздың айлы кешінде тысырлай жайылған қой шетінде тұрып күміс нұрға бөленген түнгі даланы тамашалау неткен бақыт. Сахараның қоңыр салқын самалына жүзіңді тосып тұру — ойлап қарасаң, адам пенде үшін аз қуаныш емес. Жалпы дала, кең дүние, табиғат жақсы ғой. Жүрегі мейір-шафхатқа толы ана байғұстай мейірімді ғой. Бейне сені тал бесікке салып тербеткендей. Кеңдік, мейірбандық, тазалық тәрбиесін көл-көсір меймілдетіп көкірегіңе құяды ғой. Зәредей зұлымдық байқалмайды жаратылыста. Соны неғып бұрын білмеген. Жалпы, жапан түзде жалғыз жүрген адам, әсіресе мал шетінде жүрген шопан ойға бейім келеді екен. Таңертеңнен кешке дейін қасыңда сұхбаттасатын кісі болмағасын өзіңмен-өзің сөйлесесің, қиялыңмен кең дүниені шарлайсың. Өз жан түкпіріңе өзің үңіліп өмір туралы үздіксіз ойға батасың.

Осындай күйде жүрді Хансұлу.

44 жылы, шілденің аяқ шенінде бір оқиға болды. Тұшыбұлақ басында отырған баяғы. Өрістен қайтқан отар бұлақ суына қанып, қарындары қампайып шалшықты жағалай ұйлығысып жатқан. Үйде — Түгелбек, Үміт, енесі — төрт көздері түгел отырған. Түскі шайға бас қоя берген. Сырттан кісі дауыстады.

— Кім бар-ау?— деді. Ер кісі дауыстады.

— Біз бармыз! Кіріңіз!— деді енесі.

Есік түрулі еді. Түрулі есіктен сағым буған жарты әлем көрініп тұрған. Есік алдында жолаушы бой корсетті. Үстінде ескі боз шапаны бар, ақ бурыл сақалды, басын ақ шүберекпен таңып алған орта бойлы шал кісі екен. Қолында — ақ таяғы. Сұлу өңді, тақуа кейіпті. Тура есік алдында Қыдыр атаның өзі тұрғандай болды. Бұлар орындарынан өре түрегелді.

— Есенсіздер ме?— деді шал. Дауысы әуезді, жұмсақ екен.

— Құдайға шүкір, кіріңіз!— деді енесі.

— Құдай бұйыртса...— деп бейтаныс кісі Хансұлуға көз тастады.— Келін бір құман болса... дәрет алатын...

Хансұлу лып түрегеліп, су толы жез құманды алып берді шалға.

— Өркенің өссін!— деді шал. Құманды алып үй сыртына беттеді. Тас төбеден түскендей болған тақуа қонаққа бәрі таң. Хансұлу шапшаңдатып от басын сыпырды. Жайбасқан дастархан үстін реттеді. Үміт жүгіріп үй ішін жинап жүр. Түгелбек еңкейіп, ашық іргеден сығалап жатыр, бейтаныс кісінің әр қимылын бағып.

Жайбасқан тас құманға шай салды, шоққа қайта қойды.

Іргеден сығалап жатқан Түгелбек ыршып кетіп:

— Келатыр!— деді үрейі ұшып. Үйдегілер орын-орындарына отыра қалды. Кісі сөйленіп келеді, әулие-әнбиелерге сиынып. Сақалын саумалап есік алдында сәл іркілді.

— Ал, кіріңіз!— деді Жайбасқан.

— Я, пірім!— деп кісі ішке аттады.

Шапанын шешіп, керегеге ілді. Мол пішілген боз жейдесінің кең ұзын етегі жартылай шалбарын жауып тұр.

Төрге шықты. Малдас құрып отырды тіп-тік, сақалын саумалап. Нұрлы сұлу жанары боталап, ашық есіктен алысқа көз тікті. Кенет қос алақанын жайып алға соза көтерді де, әндете аят оқып кетті. Білегінде — таспиқы. Үй ішіндегілер бас тұқыртып ұйып ден қойды. Дұғасын аяқтай келе әулие-әнбиелердің аттарын тізіп, шұбырта жөнеді. Аруақтардан осы үйді желеп-жебеп жүруді сұрады, бет сипады.

— Әумин!— десіп бет сипасты түгел.

— Шай ішіңіз!— деді Жайбасқан.

Шал тасфихын мойынына салды. Назары — ашық есіктен көрініп тұрған алыс далада.

— Бәйбіше,— деді. Ошақ басыңызда "Құдай" сүйген бір жан бар екен. Сол адамның нұры түсіп тұрады екен төңірегіне. Соны көріп бұрылдым. Әйтпесе қара көрсем — қашып, адам көрсем айналып өтіп келатқан... біз бір бейбақ едік...

— Е-е...— деді Жайбасқан шалдың жүзіндегі шаршау табын енді көргендей.

— Бісміллә...— деп шал шай толы кесені ұстады.

— Е, "қашқынмын" деңіз!— деп Жайбасқан бас изеп отыр бейтаныс шалдың тұрпатынан көз алмай. Шал байғұс апыл-ғұпыл сораптап жатыр ыстық шайдан. Үйдегілердің көзі — қонақта.

— Е, пірім Бекет-ата!— деп қояды шал әлсін-әлсін маңдай терін орамалымен сүрткіштеп. Өзі жаяу, өзі кәрі, арып-ашып келген жолаушыны бұлар жөн сұрап мазаламады.

— Е, пірім Бекет-ата!— деді шал бір кезде шайға қанып, кесесін жантайтып. Дастарқаннан сәл шегініп отырды. Қойынынан кішкентай қалта алды. Қалтаның аузын шешіп, көрпеше үстіне төңкерді. Қарала бұршақ тастар саудырап төгілді.

— Я, пірім!— деді шал, екі қолымен тастарды топ-топқа бөлшектей бастап. Құмалақ ашуға кірісті. Сарнап отыр.

Сайрамда бар сансыз бап,
Ең үлкені Арыстан-бап,
Күн көзінде әулие,

Жер жүзінде әулие.

Машырықта әулие,

Мағырыпта әулие...

Үйдегілер түгел ұйып көздерін құмалақ тастардан алмай қалған. Мына кісінің әулие екендігіне көздері әбден жеткен. Бұл құдіретті жанның тартқан құмалағы қазір осы үйдің болашағын болжап беретіні сөзсіз еді. Құпия сырлы сиқыр тастар не айтар екен?! Жаман "айтар ма" екен, жақсы "айтар ма" екен?! Жүрегі қалтырады Хансұлудың.

Әулие шал шоқ-шоқ үйілген тастарға үңіліп үнсіз шұқшиып отыр.

— Е... бір қуаныш, бір реніш бар екен...— деді тастарды қайта араластырып, алақан астына жинап.

— Я, пірім Бекет-ата!— Шал көзін жұмды. Саусақтары тастарды еппен бөле бастады. Ойланып-толғанды шал, бөлінген құмалақ тастардың тұрасына қарап. Еңсесі түсіп біраз үнсіз отырды.

— Жол... тұйыққа тіреліп тұр ғой... ымм...— деп, күмілжіп, күбірледі.— Кәпір жеткен екен. Балаларым, шығып қарап жіберіңдерші!— Арқа тұстан келатқан ешкім жоқ па екен?!— деді.

Балалар жүгіріп сыртқа шықты. Арқа тұсқа қарады.

— Бір атты кісі келатыр!!!— деп айқайлап жіберді Түгелбек.

— Сол... сол кәпірдің өзі...— деді шал назары төмендеп.— Алдынан шықпасам болмас... зияны тиіп жүрер әйтпесе сіздерге де... Берген тұз-дәмдеріңіз алладан қайтсын!.. Егер жазатайым... ажалым жетсе... анау кәпірдің қолынан... бір уыс топырақ тастарсыздар! Қолдарыңды жайыңдар!!!

— Қыдыр дарысын,

Қырсық арылсын! — деп бет сипады шал. Кетуге ыңғайланды. Бұлар ере шықты.

— Ау, "Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл" деген, аты-жөніңізді айта отырыңыз!— деді Жайбасқан.

— Сұрауыңыз жөн, бәйбіше! Әнет қожа деген боламыз, мынау Темірдегі. Түрмеден үш рет қашсам дағы үкімет құтқармады. Төртінші рет тағы жетті. Әй, енді... бұл келген ажалым болар... алдынан шықпасам болмас!!!— деді шал. Таяғын қолына алды. Жортақтай жөнеді, келатқан аттының алдынан.

Бұлар есік алдында тұр түс көргендей үрпиісіп. Әскери порма киген кісі екені байқалды аттының.

— Әлгі шалдың айтқаны рас болды... Мелиса сияқты келатқан...— деді Хансұлу енесіне естірте.

— Астапыралла...— деді Жайбасқан, таңырқап жағасын ұстап.— Жарықтық әлгі шал үйде отырып-ақ айтты-ау "келатыр" деп... әулие екен... "Бақсы", "Әулие" деген атағы тым ерте шығып еді... "өкімет келгелі бақсылықты қойды" деуші еді... жарықтық бой жасырып жүрген екен ғой... Жасырынғанмен өкімет қоя ма?! Е, пақыр-ай, құдай аясын!

Сөйткенше, мылтық "тарс" етті. Атты кісіге жақындай берген шал мұрттай ұшып түсті.

Аты үркіп одағалаған мелиса, айнала беріп тағы атты. Бұлар топырлап үйге кірді.

Көлеңкеде жатқан екі ит әупілдеп тұра жүгірді. Хансұлу:

— Жат! Жат!— деп ышқынғанмен иттер қайтпады. Бұларда зәре жоқ. Бүрісіп отыр үйде ашық керегеден сығалап. Енесі "Алла!" "Алла!" деп сарнайды, Үмітті тас қып құшақтап. Түгелбек кенет:

— ...Құтжолды атқалы жатыр!...— деп жан дауысы шығып есікке ұмтылды. Хансұлу шап беріп ұстай алды:

— Ойбай, отыр!— деп. Сөйткенше, мылтық атылды. Ит шаңқ етті.

— Отыр!!!— деді бозарып, дір-дір еткен баласын, құшақтап алған күйі Хансұлу, ішке қарай жұлқа сүйреп. Бір көзі— сыртта. Анау қарулы жендетте көзі. Салып ұрып мұнда жетіп кетсе о кәпір бұны, бала-шағасымен қырып кететін тәрізденді.

Аққаншық құйрықты бұтқа қысып алып, қыңсылап қашып келеді үйге қарай. Мелиса атының басымен алысып жерде жайрап жатқан ит пен кісі елігін бір айналып шықты. Содан атының басын бұрып тебініп, соқтырта жүріп кетті.

Хансұлудың сіресіп қалған құшағы сонда барып жазылды. Баласын босатты. Өзі іргеге сылқ түсіп отыра кетті.

Әлгінің әрі бұрылғаны рас па, өтірік пе деп өз көзіне өзі сенбей қарайды соңынан. Атты жендет ұзап барады.

— Құдай зекет! Хансұлу, Түгелбек!.. Барсыңдар ма, амансыңдар ма?— деді енесі ахлап, ухлеп.

Атты жендеттің қарасы үзіліп көрінбей кеткесін де бұлар көпке дейін естерін жия алмады. Аққаншық үйге бөксе беріп тұрып, қыңсылап, арқаға қарап үре береді. Өліктердің жанына барғысы келген Түгелбекті Хансұлу енесі екеуі екі жерден ұрсып тыйып тастады. Әлгі жендет қайта шыға келіп қырып кететіндей без-без етті. Қырып кетеді! Ойбай, өкіметтің адамымен ойнауға болмайды! Енесі екеуі бұл өмірде не көрмеді?!

— Ей, Алла! Сақтай гөр кәріңнен! Сақтай гөр!— деп күңіренді енесі.

Үйге кіріп-шығып жүріп қара кемпір бір кезде көз жасына ерік берді, балпылдап сөйлеп.

— Ой-боой, құлыным-ай,— деп зарланды.— Шегені айтамын-ау, ойбоой, әлгіндей жендеттердің қолына түскен құлынымның күні не болмақ?! Ой-бой, не болмақ?! Ай, құдай, көресіні көрсеттің-ау... Шұнақ құдай! А-а-ай!!!

Күн бесіннен ауа бұлақ басында жатқан отар шымқынып жәйіліп, қыбырлап ере бастады. Арқаға қарай, әлгі өліктер жатқан ашық сары жағал алапқа таман беттеді.

Екі күрек алып бұлар, үйге Үмітті қалдырып, қалған үшеуі отардың ізін ала әлгі өлік жатқан алаңға жетті.

Шейіт болған Әнет қожаның тура қасынан көр қазды үшеулеп. Шапанына орап, бетін орамалмен жапты. Киімімен жерледі. Түгелбекке дұға оқытты. Содан кейін Құтжолды аяғынан сүйреп, алысырақ апарып көмді.

Талтүсте небары бірер сағаттың ішінде болған бұл оқиға бұларды түгел сенделтіп кетті. Кешке шейін жақ ашып сөйлеуден қалып әркім өз ойымен өзі болды. Гүлжанның майданнан соңғы келген хатын күн сайын кешкісін білте шамның жарығында Түгелбекке оқытып отыратын әдеті еді енесінің. Бүгін оны да ұмытты. Жайбасқан деген атына лайықты жер қозғалса қозғалмайтын кісі еді енесі. Етжеңді ірі болатын. Байқап отырса, соңғы кездері еті қашып шөгіп кетіпті. Жақ сүйектері шығып, көз үясы үңірейіп, жүдепті. Шашы түгел ақ қырауланып, сұйылып, кейуана қалыпқа түсіпті. "Байғұс ана!" деп аяп кетті іштей енесін. Бірақ, бір жағынан, майданнан "қара қағаз" алып аңырап қалған аналарды, улап-шулаған жетім-жесірлерді ойлағанда іштей шүкір еткендей. Әзірше ондай жаманаттан аман ғой құдайға шүкір, отының басы?! Үміті бар емес пе ертеңнен?! Сол үміт сәулесі емес пе еді сүріне аттатып бұларды алға сүйреп келе жатқан?! Сібірден Шеге оралса, майданнан Гүлжан оралса, соғыс бітсе, содан кейін бір "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" бейбіт күндер басталатын тәрізді. Соны күтеді. Мүмкін емес, бұл тіршілік дегенің қатын сабаған тулақтай тозып, астан-кестен бола беруі. Аспанда құдайдың бар екені рас болса, Шеге ақталып, оған қиянат жасаған жалақорлар жазалануға тиіс. Ерте ме, кеш пе, сөйтіп бір әділет орнауға тиіс. Соған имандай сенеді. Жайбасқан да сөйтіп ойлайды. Жазықсыз Шегеге қиянат жасағандардың құдай жазасын береді деп ойлайды. Ылайым солай болғай. Ия, Алла, ия, жасаған ие, сол күнге тезірек жеткізе көр! Ия, Барақ ата, желеп-жебей көр!

Сыртта, түнгі аспанның астында, басын жастыққа қойып жатып та, сібірлеп атқан таңға қарап ояна беріп те, өрісте қой шетінде қалқиып тұрып та Хансұлу осылай сыйынады Жаратқан Жалғыз Иеге. Осылай сыйынады. Содан дәтке қуат табады. Арқасын бір алып күшке сүйегендей болады. Сол күш, ешнәрсеге асығып-аптықпайтын бір сонау жайқын көктің өзіндей биік, кең, ұлан-байтақ парасат түптің түбінде мынау құрт-құмырсқадай жер бетінде жыбырлаған екі аяқты пенденің арамдығын да, адалдығын да сұрыптап, екшеп таразыға тартары хақ деп түсінеді. Жер бетінде қыбырлап жүргендер, жыбырлап жүргендер сол Ұлы Құдіреттің таразы, тезінен құтыла алмасы хақ деп біледі. Хансұлудың көзі соған жеткен. Әділет, адалдықты белден басып Ждақай тәрізді дүниені былғап жүргендерге таң қалады. Құдайдың кәрінен құтыламыз деп бірді бірге соғып былықтырып жүргендеріне таң қалады.

Жалпы жұрттың табалдырығынан аттаған, төрінен орын тепкен соғыс атты қасірет көп ұзамай бұлардың да от басын ойран етті. Гүлжанның қазасын жеткізген қара қағаз келді майданнан. "Қара қағазды" жылмырайып Жорға Күрең алып келді... "Жаңа жолдың" билігі Ждақайдан кейін Жорға Күреңге өткен. Жұмсақ тілді Жорға Күрең төрде қара құстай қалбиып отырып бұлардың көздерін бақырайтып қойып, болған жәйтті майда тілмен майдалап жеткізді.

— Ойбай, Күрең-ау, не деп отырсың?!— деген әжептарқы дауысы шықты Жайбасқанның. Жорға Күрең әңгіменің осылай аяқталарын біліп келген ғой. Шімірікпеді. Басу айтқансыды міңгірлеп. Жайбасқанның боздауы бел ала бастасымен дереу аттанып жүріп кетті. Бұлар у-шу болды да қалды.

Тұщыбұлақ басында мал бағып отырған жалғыз үйдің төбесін қалықтап, өстіп қайғы үні, қасірет үні айналды. Аңыраған жоқтау үні сол күні ымырт жабылғанға шейін толас таппады. Ертесіне Гүлжанның қазасына "қайыр болсын" айтуға "Жаңа жолдан" жақын-жуық, көрші-қолаң ағайындар келді, ағып-тамып.

Ешкі сойып, Гүлжанның қазасын сол күні түс ауа тарқатты.

Шілде өтіп, күн ыстығы қайта басталды. Шекеден шағатын лапылдақ шақар күндер артта қалды. Иі жұмсақ мамыражай жуас күндер басталды. Дала өлкесінің бір тамаша шағы тамыз айы келген еді. Маужырап кербез баяу сабырлы таң атады. Сарғайып, қураған сары жазық өлкесіне алдымен ысырылып алтын жағал шұғыла түсіреді. Кең дала көпке шейін есінен ояна алмай дел-сал жатады. Аспан жайқын, кең. Мөлдіреп тұнып тұрады. Сары дала — көк аспан. Бір-біріне ғашық көзбен үнсіз тұнжырайды. Қыбырсыз телміреді.

Осындай күндердің бірінде, мезгіл кіші бесін шамасында Сары жазық алабына арқа тұстан "Өгіз өлген" асуына жалғыз атты кеп ілікті. Жалғыз атты "Өгіз өлгеннен" үстіне шығып іркілді. Ат үстінде екі адам бар екен. Бірі аттан түсті. Екіншісі аз-кем кідірістеп тұрды да, аттың басын кейін бұрды. Шошайған жалғыз кісі қалды қыр басында.

Бұл — Шеге еді. Жеті жылдан кейін, баяғы 37-де өзі ұсталып кететін Тұщыбұлақ басына қайта оралып тұрған беті еді. Әлгі атты кісі Жорға Күрең еді. Екеуі кеше кешкісін Нарқамыста жолыққан. Жорға Күрең "Шегежан!", "Шегежан!" деп бәйектеп бәйек болды. Жеті жыл ел көрмей түрмеден арып-ашып оралған Шегені аяған сыңайы. Шегеге қамқорсып: "Жаяу кетем" дегенді қой! Көк теңбіл екеуімізді де көтереді" деп Шегені атына мінгестіріп алып қайтты. Шеге "Жаңа жолға" соқпай, Тұщыбұлақ басындағы үйіне жақындатып тастауды өтінген. Сөйтіп, Жорға Күреңнің арқасында Шеге Тұщыбұлаққа жақындап "Өгіз өлген" асуына жетіп қалып еді.

Қыр басында қалған Шеге түстік тұсында сонау жазаң алапта жалғыз шошайған үйдің төбесін көріп тұрғаным рас па, өтірік пе дегендей өз көзіне өзі сенбей қарай береді.

— О, тоба!— деп күбірледі аяқ-буыны әлсіреп.— О, тоба! Рас па, өтірік пе, осы көріп тұрғаным?

Шынымен келгені ме Шегенің? Шынымен Тұщыбұлақ маңын көргені ме?! Алты күнге созылған алыс жол... пойыз доңғалағының дүрсілі ну орманды Сібір, жеті жылға созылған абақты... соның бәрі шынымен артта қалғаны ма? О, тоба!

Өз көзіне өзі сене алар емес. Табанымен туған жерін басып тұрғаны, осы өлкенің шафқат ауасын жұтып тұрғаны рас па?! Сене алар емес. Өмірдің дозағына үйренген сорлы басы, енді келіп осыншама шалқар кеңіс туған жер құшағына үйрене алмай тұр. Бұл азаттық, бұл ғажайып жарық дүние қызығынан Шеге біртүрлі жатырқап қалыпты. Тар қапас, сасық абақтыда өткен тәңірдің тарыдай көп күні мен түндерінде еш уақта қол жетпес жерұйықтай көрінген жер жәннаты осы Сары жазық, Тұшыбұлақ емес пе еді?!

Ілбіп Шеге міне сол сағынған жердің төсінде келеді. Жүдеу, арық. Сақал, шашы өсіп кеткен. Үстінде — көнетоз пиджак, шалбар. Аяғында — сіресі жырық қисық табан етік. Басында — біреуден қалған ескі кепкі. Босатарда түрме завхозының берген киімдері. Жалаңаш жібермегеніне де шүкір.

Кәрі кемпірдің шашындай ұйысқан ебелек, күйреуікті тысырлатып басып келеді. Жел "уф" десе ұшып кетердей әлсіз, жадау. Тірі аруақ, көлеңке тәрізденіп жылжиды, баяғы Шеге жоқ, тепсе темір үзетін. Талай НКВД-нің сабағаны, түрменің ішіндегі төбелестер жүйкесіне зақым келтірсе керек. Осы қыста талма ауруына шалдықты. Кез-келген жерде естен танып қалатынды шығарды. Ауруханаға жатқызды. "Тұқымыңда қояншықпен ауырғандар болмап па еді?" деп шұқылап сұрап қоймады дәрігерлер. "Жоқ" дейді бұл. Ондайды естігенде емес еді. Үш жеті жатып шықты ауруханадан. "Ауруың жүйкенің әлсіреуінен, қайғы шегуден..." деп айтты қорытындысын бұны емдеген невропотолог.

Содан, Шеге оңалмады, әлсірей берді. Адаммен ашылып сөйлеспейтін тұйық қалыпқа түсті. Әсіресе, жеті жылдың соңғы жылы бұл үшін өте ауыр болды. "Ангарск" деген лагерь, Ангара жағасындағы Богучан деген жердегі. Істейтін тірліктері — ағаш кесу. Кескен ағаштарды атпен жағаға сүйретеді. Сорттайды. Топтап сал жасап өзенге ағызады. Ауруханадан шыққасын, Шегені жеңіл жұмысқа ауыстырды, плотбищаға өткізілген ағаштарды қабылдап тұратын есепшіге жәрдемші етіп. Бірақ кеселі айықпады. Қияли болды, өзімен-өзі сөйлесе беретін. Алыс қалған Хансұлумен сөйлеседі. Түгелбекпен сөйлеседі. Шешесімен тілдеседі. Солар қасында тұрғандай күбірлеп жүргені күн ұзақ. Ондай сәтте төңірегін ұмытады. Бригадир айқай салғанда ғана "шешеңді!" деп, селт етеді, төңірегіне аларып қарап. Өзінің қайда тұрғанын, не істеп жүргенін есіне түсіре алмай тұрады аңырып. "Есуас" десе есуас. Үндемес. Тұйық. Момын қалыпқа түсті.

Лагерьде бұған дос, жанашыр Молдабай Кәбдіров деген жасы үлкен, оқымысты кісі болды. Өзі лагерьдегі он шақты қазақтың ішіндегі бас көтергені. Сол кісі болмағанда, лагерьдегі қазақтар Шегені көзден таса қылмай қамқорлыққа алмағанда, сырқат Шегені зектер ұрып өлтіріп тастауы ықтимал еді.

Құрсын, бәрі өтті ғой. Адам өлмесе, әйтеуір күн өтеді екен. Итшілеп өтеді екен. Жеті жыл. Жеті жыл емес, жеті ғасыр десе болғандай. Дүниедегі ең қиын нәрсе шиеттей балаларыңның қалғаны екен артыңда, көздері жәутеңдеп. Жеті жыл бойы соларды ойлаудан, ең болмаса бір минөтке тыйыла алмады. Ойлай, ойлай іш құса болды. Қайғы ішке түсті. Еңсесі езілді. Мойыды. Әсіресе Түгелбегін ойлағанда... Бұны баяғыда НКВД айдап бара жатқанда шидеңдеп, ізінен қалмай жүгіргені естен кетпейді. Жеті жыл бойы елеске айналған баласы шидеңдеп ізінен қалмай жүгірді де отырды... Басқа дүниеде жүрген әкесіне ерді де отырды. Өстіп тек қиялымен ғана ана дүниеде, азат дүниеде қалған үй ішімен, бала-шағасымен жалғаса алды. Құдайдан күні-түні бір нәрсені тіледі. Бала-шағасын ең болмаса бір көруді тіледі бұл өмірде. Ия, Алла, тек осы арманыма жеткізе көр деді. Туған жердің топырағын бір басып, бала-шағасын бір көрсе, армансыз өтетін сияқтанды өмірден. Өйткені, ес-түс жоқ Шегені жолдастары талай рет көтеріп әкелді орман ішінен лагерьге. Шеге енді адам болмайтын шығармын деді. Бірақ ес жинасымен қатарға қайта қосылып жүрді. Осындай кеселге шалдықты. Өлім туралы көп ойлайтын болды. Өлімді ойлаған сайын жан дидарын Аллаға бағыштайтын болды. Барақ ата рухына сиынды. Бала-шағама, ел-жұртыма қауыштыр деп тіледі.

Мінеки, сол тілегі қабыл болды. Тірі әруақтай шыбыны қалып шыбықтай жүдеген Шеге қазір туған жер топырағын басып келеді. Жанға дауа ауасын жұтып келеді. Бұл өлкенің басқа өлкеден исі де ерекше. Шеге соны сезіп келеді. О, жарықтық! Бәрі сол бәз-баяғы қалпында тұр. Күн де тұр сол биігінде. Жер де тұр. Таныс төбелер, сай, жылғалар, қолаттар. Тұшыбұлақ аңғары. Тіптен баяғы жұртында қоңырқай үйің де тұр, төбесі шошайып.

Өз көзіне өзі сене алар емес. О, Жаратқан! Қанша дүрбелең өтті осы жеті жыл ішінде! Дүние жүзілік соғыс басталды. Әлем астан-кестең болды. Шекараны басып кірген жау бүгінде, сол бұзған шекарасын тастап қашып барады. Ал, мына боз дала шөбі сарғайып қураған дүниеде түк болмағандай жайбарақат ұйып жатыр, мөлдіреген айна таза аспан астында. О, жаратқан!..

Сай табанына жетіп іркілді. Көктемнің жаңбыры жуып өткен сай екен. Құлаққа ұрғандай тыныш. Саршұнақтың сұңқылы естіледі әлдеқайдан. Шегенің көзіне жас келді. "Неткен керемет әуен!" деп тебіренді. "Неткен керемет!"

Сайдан шыға бере тағы бір үнді шалды құлағы. Елең етіп іркілді. Бір зарлы үн. Әйел үні. Ән салғанға да ұқсайды, жоқтау айтқанға да ұқсайды. Жүрегі аунап түсті. Астапыралла! Шешесінің дауысы болмаса игі! Әндетіп зарлайды. Шешесі-ау!!!

Шеге қозғалды. Шапшаң қозғалды. Иығында түйіншегі. Ентелей түсті. Жаулығы ағараңдай көрінді бұта арасынан шешесінің. Отын жинап жүрген сияқты. Жанында кішкентай қыз баланың бойы көрінді, 10-11 жастар шамасындағы. Астапыралла! Үміт! Үміт қой! Шегенің көз алды бұлдырап кетті. Бірақ тістеніп үн шығармады. Еңкеңдеп келеді. Шешесі қауқитып бір құшақтай отын жинапты. Үміт шөпшек теріп әжесіне көмектесіп жүрген тәрізді. Қызы бұл ұсталғанда 4 жасар титімдей нәресте еді... Өсіп қалыпты! Кәне өзгермегені дүниенің?!

Лай су аққан тұнбай ма?

Күн шықса қайтып қонбай ма?

Алыстап кеткен құлыным,

Көретін сені күн қайда?

— деп сарнайды шешесі. Айнала-төңірегінде хабары жоқ. Өзімен-өзі. Жинаған отынын буып-түйіп жатыр. Шегені қызы көріп қалды. Көрді де шошып кетті. Әжесінің жанына жүгіріп барды. Аңыраған ананы жеңінен жұлқылады. Сол кезде бұл:

Үміт!!!— деп анадайдан дауыстап, қызының танымай тұрғанын сезіп. Түрі мынау, тірі әруақ. Сақал-шашы өсіп кеткен. Қызы әлі аңырып қарап тұр. Үстінде жеңсіз кеудешік. Көкшіл көйлек. Аңырағанын қалт тыйып, состия қалған шешесі:

— Құдай, зекет!— деді тарғыл үні шығып.— Ия, жасаған Ие! Мынау Шеге ғой... Ия, Барақ ата! Ия, Алла! Ия, Құдай!

Сол-ақ екен, қызы:

— Көке!— деп тұра жүгірді бұған қарай. Қанатын жайып жүгірген қызына еңкейе беріп көтеріп алды Шеге. Көзден жасы ыршып кетті. Қызы да "көке-көкелеп" бетінен сүйіп жатыр. Шешесі:

— Ия, Алла! Ия, Жасаған Ие! Ия, Барақ ата!— деп ышқына айқайлап отынға сүйеніп отыра кетті. Ат шашты мүжілген қара кемпір болыпты.

Балпылдап жылап теңселіп жоқтау айта бастады Шегені құшақтап отырып.

Заман қандай бұл болды-ау!

Азамат ұлдар пұл болды-ау!

Ару жарлар күң болып,

Тұлымдымыз тұл болды-ау!

Заман қандай сұм болды-ау

Өтірік, жала шын болды-ау.

Асқар таулар жер болып,

Жатаған төбе шың болды-ау!

Өзің жоқта, құлыным,

Біздің тірлік зарланған

Қайғы менен мұң болды-ау!

Өзің жоқта, құлыным,

Соғыс деген сын болды-ау!

Соғыс жалмап Гүлжанды,

Қартайғанда, құлыным,

Қайғым менің мың болды-ау!

Осындай қарғам, күн болды-ау!

Күн емес-ау, түн болды-ау!

Жетпіске келген анаңның,

Өртенгенде өзегі

Жанып-жанып күл болды-ау!!!

А-а-аһ!!!

Еш нәрсе дей алмады Шеге. Бордай езілді. Біраз аңырап Шегеге мұңын шаққандай болған шешесі жылап-жылап шерін тарқатты. Содан кейін ғана барып кәрі ана толас тапты.

Шешесінің отынын арқалап келді Шеге үйге дейін. Күн қалжырап көкжиекке еңкейген шама еді. Бір байқағаны, бұлақ басы, кең жазық, мал, адам қарасыз жетімсіреп тұр екен. Құлазып тұр екен.

— Хансұлу мен Түгелбек малда...— деді шешесі хабарын айтып.— Іңірлете келіп қалар.

Үйіне көз салды Шеге. Үйі ескіріпті. Ұсқыны кетіпті. Ашық, түрулі есіктен ішке де үңілді. Хансұлу жоқ үй іші үңірейген жадау қуыс сияқтанды.

— Қызым-ай, от басын сыпырып жіберсейші! Үйді жинамай кетіппіз ғой!— деп жатыр шешесі үйге Шегенің шұқшия қарағанынан қысылғандай. Үміт сыпырғыш іздеп зыр жүгірді.

Шеге бой тіктеп кешкі аспанға, кең дүниеге қарады. Күннің қызғыш күн сәулесі қиғаш түсіп тұрған Тұщыбұлақ аңғарына жағалай көз жіберді. Бейне түс көріп тұрғандай. Осы шындыққа әлі иланыңқырамай тұрғандай. Анау жылтыраған шалшық суы көрініп жатқан бұлаққа қарай жүрді Шеге. Қаталап шөлдеп еді.

Шешесі шақыр-шұқыр қазан қырып жатыр. Бұ төңіректің исін айтсайшы! Исі де өзгеше ғой. Жердің исі, қой шуашының, қиының исі. Жанына етене жақын иістер.

Бұлақ басына келді. Жан-жағын көк шөп көмкерген қазаншұңқырда көздің жасындай мөлдіреп тұнған бастауға еңкейді. Етбеттеп жата қалып шарайна суға ауызын басты. Tic жарғандай салқын екен. Бұндай ғажайып суды, Тұщыбұлақ суындай ғажайып суды еш жерде, ешқашан ішпеген екен. Су жанына дауа, тәніне шипа болып тарап жатыр бойына.

Қызының жез қоңыраудай шіңгірлеген үні шақты.

— Көке! Көке!— деп елпілдеп ұшып келеді үй жақтан.— Әнеки, қой келеді! Апамдар келеді!

Шеге тіктелді. Үміт сілтеген шығыс тұсқа қарады. Батып бара жатқан күннің қырмызы жалқылына боялған көлденең қабақ үстінде тұтасып қарауытқан отар. Қапталында шошайған түйелі адам. Түйе үстіндегі жаулығы ағарған әйел. Хансұлу!

Жүрегі тыпыршып ышқынып кетті Шегенің. Осы сәт Тұшыбұлақ аңғары жайнап жадырап кеткендей. Шығыс аспанда бозарып дөңгеленген ай.

Үміт құлдырап ызғып барады қойдың алдынан. Үміттің соңынан Шеге де қозғалды. Түйелі Хансұлу бұларды көрсе керек. Түйесін желдіртіп қарсы жүрді.

Қол бұлғап әлдене деп шіңгірлеп жүгірген Үмітке жақындай беріп түйесін жалп еткізіп шөгерді. Түйеден түсе салып қызына қарай жүгірді. Қызын құшақтап тұрып қой жаққа қарап айқайлайды.

— Әкең! Әкең келеді!— деген дауысы шықты. Қызы екеуі далпылдап келеді.

Хансұлу... үстінде белін шүберекпен қынай буған қарабарқын камзол. Басында ақ жаулық, иегінің астынан орап тартып алған. Бұтында — шалбар. Аяғында — етік. Аш белі бұраңдаған, арық, сұңғақ бойлы Хансұлу...

Шегенің көз алды бұлдырап қарауытты. Басы айналып, әлі құрып бара жатты.

— Ия, Алла! Ия, Барақ ата!— деді. Қорқып кетті, тағы да естен танып қалады екенмін ғой деп. Маңдайынан суық тері шықты. Дүние қап-қара түнекке айналып тұрды бір сәтке. Еңкілдеген үні естіліп келеді Хансұлудың. Көзін ашты Шеге. Жарық дүниені көрді. Жүгіріп шешесінен бұрын жетіп Үміт келіп құшақтай алды. Қолы қызының әңгелектей домаланған басынан сипап жатыр. Көзі — Хансұлуда. Жаулығының бір ұшымен бетін басып сүріне аттаған Хансұлу. Оның ар жағында — иті әупілдеп жарысып бір бала келеді. "Құдай-ау, Түгелбек болмаса игі?!" Мәссаған, жігіт болыпты ғой!!!"

Жүрегі кеудесіне сыймай ыршыды. Көзін жас көмді. Құдай-ау, күнге күйіп тотыққан мынау қап-қара келіншек Хансұлу ма?! Боздап жылап келіп бұны бас салған Хансұлу, бір сәтке Хансұлу емес, өзге біреу тәрізденді. Жаны жатырқаса да келіншегімен құшағы айқасып жылап тұрды.

Әупілдеп жанына жеткен итті де таныды Шеге. Баяғы Аққаншық. Ит байғұс бұларды айналып түкке түсінбей елеуреп үре береді. Түгелбек те дүрсілдеп жетті жүгіріп. Баяғы жеті жасар — шілпиген сәби емес, таралып өсіп қалған жеткіншек. Тек көзі, жас айналған мұңды көзі өзгермеген, баяғы бала Түгелбек екенін айтып тұр.

Ұлының күн иістеніп тершіген басынан сүйді. Жалғыз Хансұлудың ғана үні шығады жылап солықтаған. Өзгелері мұрындары бырсылдап соған құлақ түргендей.

— Көкесі-ау, өңім бе бұл, түсім бе? Көкесі-ау, келгенің бе шыныңда?! Көкесі-ау, біз бастан кешкен қорлықтың, көкесі-ау, біткені ме, шынында?! — деп жатыр Хансұлу. Әрі қарай жоқтау мақамымен толғап кетті.

Дос дегенің жау болды-ау,

Қас дегенің тау болды-ау!

Тірлік деген тор болды-ау!

Алды-артым op болды-ау!

Кім көрінген зор болды-ау!

Артыңда қалған жұртыңа,

Билігі барлар сор болды-ау!

Солардан көріп қиянат,

Асыл жарың қор болды-ау!

Аманат еткен қос қозың

Тірі жетім төл болды-ау!

"Жау әйелі" атанып,
Артыңда қалған жарыңның,
Көзінің жасы көл болды-ау! —

деп шұбырта берді.

Құлақ жусатар әдемі әуезбен жылады. Бұ сөздерді талай жылдар жүрегінде сақтап тербеткені байқалады. Осы қауышуға арналғаны байқалады. Жар сөзін көз жасын сүрте тұрып тыңдады Шеге. Осындай ақылды сөздерді құрастыра білген Хансұлудың енеріне таңырқады. Бұндай жоқ сияқты еді ғой бұрын. Бірақ, басына қайғы түскенде кім де болса ақын болып кететін әдеті ғой...

...Ай жылжып төбеге келіп Тұшыбұлақ аңғары ақ күміске малынғандай маужырап тұр. Қотандағы қойдың анда-санда қақалып шашалғаны болмаса алып тыныштық шырқын бұзар тырс еткен дыбыс жоқ. Шеге сыртта кең төсекте, ашық аспан астында жатыр. Жалғыз. Хансұлу әлі келіп қасына жата қойған жоқ. Әлгінде, қолында құман, үй сыртына таман алыстап кеткен еді.

Шешесі мен балалар үйде. Дыбыс білінбейді. Ұйықтап қалса керек. Шаршаған болар. Біресе жылап, біресе күліп отырып әңгімемен кешті ұзартып алыпты. Жатарда Шеге су жылыттырып жуынды. Үй сыртына алып шығып Хансұлу бұны үлкен легенге отырғызды да, төбесінен жылы су құйып балаша жуындырды. Бұ дүниеде Хансұлудың алақанындай жұмсақ, шипалы алақан сірә жоқ шығар. Келіншегі арқасын, мойынын сабынмен ысқылаған сайын денесі балбырап рахаттана түсті. Шомылып болғаннан кейін, бұны бейне жас баладай аялап Хансұлу сүлгімен сүрткіштеді, басы, мойын, арқасын. Шеге одан сайын серги түсті. Ұзақ кеш бойы қуаныштан, қайғыдан есеңгіреп шаршағаны шыға бастады. Хансұлу сыртқа су сеуіп, кең алаша төсеп, алаша үстіне қалың көрпеше жәйіп, екеуіне баптап төсек салған екен. Жар төсегін жатырқап қалыпты. Көрпе, жастықтың исін бейне жат кісідей тосырқайды. Қазір қасына келіп көрпеге кіретін Хансұлуды да бейне жат біреудің әйелін тосқандай жүрексіне күтеді. Әсерден де әсем төбеде далиған түнгі аспан әлеміне ынтығып тоймай қарайды. "Ей, Алла, бергеніңе шүкір!" дейді тәңірге тәубе етіп. "Бұл жаққа жеткізгеніңе де шүкір!" Жеті жыл көрген азабы жеті жыл ішкен удай, шер сағынышы көрген түстей тарқап қашық тартып оның орнына балдай шырын өмір дәмі таңдайына тамғандай жан-тәнін баурайды. Масауратады. Сүйегі қауырсындай жеңіл тартып, жаны құмыр құсындай құлдырап сонау жымыңдасқан жұлдыздарды оралап самғап ұшады. Шаттықтан шарқ ұрып кең дүниені кезеді. Бұ не ғаламат?! Бұ не неткен кенезесі кең ғалам?! Мына жамбасында жатқан алып жер, төбеде төңкерілген жұлдызды аспан шатыры, неткен ұлы парасат, неткен ұлы жаратылыс?! Бұ кім сонда Шеге деген? Анау ұланғайыр дүниемен салыстырғанда бір түйір құм емес пе? Шеге... Жұмыр басты пенде. Отыз төртке келген жасында көрмегенді көріпті. Аштықты да көріпті. Жалаңаштықты да көріпті. Бір емес, осы жасқа шейін екі рет түрмеде отырыпты. Әлі құдай білсін алда не тосып тұрғанын?! Әзірше басы азат. Бірақ құдай біледі осы бостандығының қаншалықты баянды боларын?! 58-бен отырып келгендерді топырлатып қайта ұстап жер аударып жатқандарын біледі. Өкіметтің ондағы саясат 58-бен ұсталғандарды халық ішіне жіберсе, іріткі салады-мыс. Неткен зұлым саясат! Иттің баласы Берияның ойлап тауып жүргені-ау! О, кәпір! Сталинді үгіттеп көндірген ғой. Ұлы адамдардың баладай сенгіш келетін әдеті. Сталин Берияға сеніп қалған болды.

Үйіне келіп, жар төсегіне шалқасынан түсіп түнгі аспанға қарап жатқан Шеге, бүгінде еш нәрсеге таңданбайды. Осы түн өтер-өтпестен НКВД жігіттері келіп төсегінен тұрғызып алып қайта айдап кетеміз десе де таң қалмас еді. "Бұларың қалай?" демес еді. Бала-шағасымен қоштасар еді де, жендеттердің алдына түсіп бүлкілдеп тарта берер еді. Тәжікелеспес еді. Үйін көрді. Бала-шағасын құшты, сүйді. Мауқын басты. Енді не өкініші бар?! Жеті жыл жер шетінде жүргенде тәңірден жалғыз тілегені осы бала-шағасын тек бір көру емес пе еді?! Сол арманына жетті емес пе? Ендеше неге өкінуге тиіс?! Мейлі, енді не істесе де. Шеге дегеніне жетті.

Туған жердің төсінде Тұшыбұлақ басында, өз үйі, өлең төсегінде жатыр, майда өлкек үлбірей ескен қоңыр салқынға жүзін тосып. Ата мекеніңнің ауасы да шипа. Көкірек кере қайта-қайта жұтады. Сонау ай астында бұлдыр кескінделген көкжиек сілеміне тоймай қарайды сүқтанып.

Назары өстіп түн әлемін, Тұщыбұлақ атырабын жағалай сабылып қыдырса да құлағы Хансұлу кеткен жақта, үй сыртында. Қашан келер екен деп тағаты таусылып тыпыршиды жүрегі. Қашан келіп келіншегі қасына жатқанша, бұл оны құшақтап құшқанша осы бүгін үйге келгенінің растығына шындап көзі жетер емес. Ақырын басқан аяқ сырпылын сезіп қалды құлағы.

Мойын бұрды. Хансұлу! Үйрек мойын жез құманды төсектің аяқ жағына қойып, аяғын сақ басып төсекке жақындап келеді. Басында ақ шаңқан жаулық ілмелеп әдемі өрнектелген. Иығына желбегей жамылған қырмызы камзол, өңіріне жез жүгірткен. Тұнық қара көзі ай сәулесіне жарқ еткендей болды күлімсіреп. "О, тоба!" деді іштей Шеге. "О, тоба, өңім бе, түсім бе?!"

Хансұлу төсек жиегіне келіп отырды. Аяқ киімін шешті. Камзолын шешті. Содан кейін ай жарығы нұрландырған жүзі шаттықтан толықсып жәудіреген көзі тағы да бір жарқ етіп Шегеге қарады да, күлімсіреп көрпеге зып берді.

Іле құшақтары табысып, тастай қатты. Хансұлудың көз жасы Шегенің бетін жуды. Үнсіз жас төкті Хансұлу. Толқын ұрған жас талдай дір-дір етеді денесі. Үнсіз тұншығып жылаған Хансұлуды көпке шейін жұбата алмады Шеге, аймалап әуреленіп.

Жылап-жылап әбден әлсіреп толастады Хансұлу. Төсектен тұрып құмандағы сумен бетін жуды. Содан кейін жастыққа қайта бас қойды. Қатар жатып маңдай тұста жарқыраған айға, түпсіз терең түнгі әлемге қарады екеуі.

— Жүдеп кетіпсің...— деді Хансұлу сөзінің соңын жұтып.— Сүйегің ғана қалыпты...

— Денсаулық болмай жүр... деді Шеге. Хансұлу басын бұрды.

— Басқа... зақым келгендей...— деді Шеге. Хансұлу селтиіп еңкесін көтеріп Шегеге шоши қарады.

— "Зақым келгені" несі?..

— Несін сұрайсың... түрме болғасын... Төбелессіз күн жоқ...— деді де Шеге үндемей қалды.

— Кәйтіп ауырады... сонда?

— Ауырмайды... Талып қалатын болдым... қараптан-қарап отырып.

Хансұлу Шегенің жүзіне шұқшиып көз шарасы үлкейіп қарап қалыпты. Ұзақты кеш бойы Шегенің мінезіндегі бір өзгерісті аңғарғандай еді. Бұрынғы Шеге ашық, қайратты, тұла бойынан жігер оты ұшқындап тұратын. Ал, мына Шеге, әдеттен тыс біртоға тұйық, бүкіл сырын ішке бүгіп отырған бір кембағал момын жан. "Бұ несі?" деп іші сескенгенмен жан жарын жаманатқа қимаған. "Шаршап ес жия алмай отырған шығар" деп ойлаған да қойған. Мінеки, енді сол күдігі расталғандай.

— ...Қияли болдым... Сіздер көз алдыма елестеп... Сол елеспен кәдімгі жанды кісімен тілдескендей сөйлесетін болдым... Ауруханасына да жатып шықтым... Бірақ ештеңе өнбеді...

Хансұлу еңкейіп келіп жабысып бұның бетіне бетін төседі. Білегі мойынына оратылды.

— ...Уайым, қайғы шеккендіктен шығар... сырқат емес...— деді Хансұлу күйеуін балаша жұбатып, бауырына тартып.— Үйге келдің ғой... жазыласың! "Ия, Алла!" дейік! Барақ атаға жалбарынайық!

Шеге үндемеді. Балқыған жан-тәні үнсіз тыныштықты қалайды. Аспан толы быжынаған сонау қисапсыз көп жұлдыздарға шейін үнсіз, сабырлы. Шаңытып Құс жолы жатыр түнгі аспанды қақ жарып. Құлақ түбін Хансұлудың ыстық демі жылытады. Қан тамырың бүлкілі сезіледі. Күллі жаратылыстың қан тамырың бүлкіліндей. Бір ырғақ. Сол ырғақтан үзіліп түсіп қала жаздады емес пе бұл... құмға сіңген жалғыз тамшыдай... Әйтеуір ілініп жетті осы күнге... Бұта басында ілініп тұрған тамы болды... кісі ғұмыры деген. Әне-міне мөлт етіп үзіліп топыраққа сіңіп кетуге дайын... дір-дір әрең ілініп тұрған жалғыз тамшы. Үзілмей тұр, әзірше... Шегенің кішкентай көз аясына шетсіз, шексіз ғажайып кең ғалам, сыйып тұр... әзірше...

Ертеңі не болады... білмейді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙