Мазмұнға өту
Home

Кітапқұмар

Санжар Керімбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Кітапқұмар

Кітап оқуға деген сүйіспеншілік пен әдебиеттің ғажайып әлеміне арналған. Шығарма кітаптың қиялды, ой-өрісті және дүниетанымды дамытудағы маңызын көрсетіп, оқырманды жаңа білім алуға және әр кітаптан тұтас бір әлемді ашуға шабыттандырады.

Жексенбі болса да, Бөкен ерте оянды. Әшейінде ерте тұруы мұң болатын. Сабаққа барарда қиналып оянатын.

«Неге екен...?» деп таңданды ол. «Көңілім түртпектеп ерте тұрғызса, бүгін ерекше оқиға болуы тиіс» деп ниеттенді.

Таңғы астан соң шешесі Бөкенді ертіп дүкенге кетті. Бөкен дүкен маңынан Киік атаны көрді. Оның кеудесінде алтындай жарқыраған төсбелгі бар екен.

Ол шешесіне келіп:

– Апа, Киік атаныкіндей төсбелгі әперші, – деп өтінді.

Шешесі:

– Балам-ау, ол – кітапты көп оқыған кемеңгерге ғана берілетін марапат. Білім сатылмайды, ол кітап оқумен ғана көкірекке қонады, – деді.

– Сонда қандай кітап оқимын? – деп сұрады Бөкен.

– «Кітапқұмар» ұйымында балаларға арналған 100 кітаптың тізімі бар. Соны оқысаң сен де сондай төсбелгінің иесі атанасың, – деді шешесі.

Бөкен үйге келе сала кітап оқуға кірісті. Тізімдегі кітаптың біразы үйдегі сөреде бар екен. Кезінде суретіне қызығып сатып ала беріпті.

Ол кітап оқуға алаңсыз кірісу үшін өзіне мынадай қатаң тәртіп белгіледі:

– екі сағат кітап оқу;

– он минут мазмұндама жазу;

– түсінгенін шешесіне айтып беру.

Сол үшін күніне бір сағат кітап жайлы әңгімелесуге әке-шешесін көндірді.

Алғашқы күндері Бөкен тапжылмай кітап оқуға қиналды. Көңілі әр нәрсеге алаң боп, біресе телефон, біресе теледидар қарағысы келді. Тіпті ұйықтап та кететін. Бірақ ол жалқаулықты ақыры жеңіп, тұрақты кітап оқуды әдетке сіңірді.

Бөкен күнде кешкі аста әке-шешесіне оқыған кітабын айтып беруді әдетке айналдырды.

«Кішкентай суретші», «Бала Мәжит», «Нелло мен Патраш», «Робинзон Крузо» сияқты қызықты шығармалар олардың күнделікті ортақ әңгімесіне айналды.

Бір күні таңертең Бөкен жұмысқа кетіп бара жатқан әкесіне:

Оқиға желісі мен шешім

– Әкетай, үйдегі кітаптарды тауыстым. Маған мына тізімдегі қалған шығармаларды сатып әперші, – деп өтінді.

Әкесі тізімді алып, кітап дүкенін аралауға кетті.

Бөкен мектептен келген соң, үй тапсырмасын орындап, шешесіне қолғабыс етті. Бірақ кешке жұмыстан қайтатын әкесін тағатсыздана күтумен болды.

Айтқандай әкесі оған өзі қалаған кітаптарын әкеліп берді.

Бөкен әкесі әкелген кітаптарды құлшына оқыды. Тау-таста жүрсе де, саябақты кезсе де, сабақ үзілісінде де кітабын тастамады.

Кейде кітап кейіпкерімен бірге шытырман оқиғаны бастан кешіп, бір күліп, бір жылап та алатын. Оқыған сайын білімі артып, кемелдене түсті.

Ол жүз кітапты оқып тауысқан соң, әкесі тосынсый жасады. Баласының жетістігі жайлы «Кітапқұмар» ұйымына хат жолдаған. Ұзамай әлгі ұйым оларға сыйқорап жіберді.

Ішін ашып қараса, дәл Киік атаның пенжегінен көрген төсбелгі жалт-жұлт етеді. Онда «Кітапқұмар» деп жазылыпты. Төсбелгімен бірге мақтау қағазы әрі арнайы сыйлығы да бар екен.

Сол кездегі Бөкеннің қуанғанын айтсаңшы.

– Міне енді, сен де кітапқұмар атандың, – деді шешесі.

– Сен бұл мәртебеге әбден лайықсың! – деп әкесі мақтады.

Сол күні Бөкеннің кеудесін шаттық кернеді. Ол оқыған кітабының жемісін татқандай күй кешті.

Бөкен төсбелгіні барлық жерде мақтанышпен тағып жүрді. Сыныптастары қызығып қарады.

Олардың да Бөкен сияқты төсбелгі таққысы келді. Бөкен оларға 100 кітаптың тізімін беріп:

– Балалар, сендер де мына кітаптарды оқып шықсаңдар «Кітапқұмар» ұйымынан мен сияқты төсбелгі ала аласыңдар, – деді. Сыныптастары тізімді алып, кітапханаға жүгірді.

«Кітапқұмарға» қажет ақпарат

Кітапқұмар адамды «библиофил» деп атайды. Ол ежелгі гректің «кітапты сүю» деген сөзінен алынған.

Кітап оқымаса да, кітап жинай беретін адамды «библиоман» деп атайды. Ондай кітап көрсе қызығып сатып ала береді. Кейін оқимын деп өзін алдауы да мүмкін. Бірақ оқысаң – сенікі, оқымасаң – кітаптікі деген тәмсілді естен шығармаған жөн.

Кітап оқудан қорқуды «библиофобия» деп атайды. Ата-анасы кітап әперсе немесе кітапханаға кіріп кетсе, қалың кітапты көріп жүрегі қысылып, өзін жайсыз сезінеді.

9 тамыз – халықаралық кітапқұмарлар күні. Бұл күні біреулер кітап оқуға арнаса, біреулер өзара кітап алмасады, сыйлық жасайды.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙