ҚАЗАН
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Есенғали Раушанов — «ҚАЗАН» (Көркем әңгіме). Есенғали Раушанов
Қазан айы қашан дәл биылғыдай жаймашуақ болды екен?! Құдай тағаланың ықыласы ауып, мейрімі түсіп біз пенделеріне берген бір нығыметі дейсіз бе, жоқ бүкіл ғаламдық жылынудың бізді айналып өтпейін дегені ме, әлде келер қыстың кереметім әлі алда деп тырнағын ішіне бүккен алдамшы тыныштығы ма – әйтеуір майтоңғысыз мамыражай күндер ұзаққа созылды.
Қазақтың күн қайыруға бағытталған ескі өлеңінде:
«Қай қазан, мына қазан –
жәйлі қазан.
Мал семіз, малшы ыржақай,
майлы қазан», –
дейтін жолдар бар. Демек, биылғыдай мамыражай күздер қашан да болған, лайым бұдан былай да бола бергей. «Майлы қазан» дегеннен шығады, бұл расында шыбын-шіркей жоғалып, шөптің буыны қатып, төрт түлік қоңданатын кез. Бала-шаға соғымға дейін қызылсырап қалмасын деп қойы мен тайыншасын сойып күздеудегі елдің «қазан майлайтын» берекелі, мерекелі шағы. Ойдағы диқан дәнін ұраға төгіп, ендігі жерде қай базарда қандай нарық бар екен деп қиялымен байып – ол жатыр.
Табиғат ше? Ағаш біткен жапырақтарынан айрылып, өңі қуқыл тартқан. Әсіресе, үйеңкінің қызыл ала, жөкенің сары ала жапырақтары «табан астында аяқпен бопыр ақша басқандай сықырлайды» (Жұматай Жақыпбаев).
Бір айға бір ат аздық ететін секілді.Әр айға қосымша құстың, аңның, ағаштың атын қоюға болмас па? Мысалы дейсіз бе? Мысалы, қазан айын шетеннің айы десек ше?
Күзгі желік күллі алапты күпір ғып,
Астан-кестен.
Не боп кеткен бұ тірлік?
Шетен ғана қызарады шет тауда,
Ұялады – оған-дағы шүкірлік.
Шетен ғана қызарады қияда,
Оған бола күз айылын жия ма.
Шешең байғұс сен
туғанда, әттең-ай
Шетен бесік неге алмаған, би аға?
Би-ағасы бар болсын, әңгіме ол туралы емес, жоқ ол әңгіме етуге арзымайды, әңгіме – табиғат хақында болмақ.
Шынында, шетеннің күзгі «өрті» ерекше. Көлденең жатқан көкжасыл таулар кенет бір түннің ішінде сақал-шашын қызылға бояп ұйқыға кеткен үндінің абызы секілді. Әсіресе, қара жидек шетен (рябина черноплодная немесе арония) батар күннің сәулесімен құбылғанда бейне алыстан талып көрінетін тандырдың аузындай алаулайды. Сөйтіп, мамыр-маусымда алма ағашының гүлдері секілді аппақ гүлдерін ашатын шетен күз түсе жапырақтары жалқын тартып екінші рет құбылады.
Шетеннің жидегі өт татиды. Ішін ашсаңыз үш дәнегі болады. Әдетте сол ащы жидек алғашқы аяз сорып өткен соң әдепкі дәмін жоғалтып шырын татиды. Айтпағымыз ащы болған соң оған ешкім де, ештеңе де тимейді, өрттей қызарып ұзақ тұрады. «Біз шетеннен қаламыз ба?» дегендей өріктің жапырақтары да нарттай жанады. Бірақ жеміс ағаштарының дені бұл кезде жалаңаштанып біткен, сұрқай, сидаң, сұрықсыз. Осыдан бар-жоғы бес-алты ай бұрын мына сидиған бұтақтар аппақ гүлдерге бөленіп алыстан мен мұндалап тұратын еді дегенге қалай сенесің. Күзбен ақтық жапырағы қалғанша айқасатын мықтының бірі сирень. Көктемнің жазға ұласар кезінде әрі кетсе екі апта ғана гүлдеп одан кейін көзге іліне бермес көп бұтаның біріне айналатын сиреньнің осындай ғажап қасиеті бар. «Тұлпар бойын жасырады» демекші елеусіз тұрып-тұрып, ең мықты дейтін еменнің өзі сидиып жалаңаш қалғанда қара жаңбырға қасқайып қарсы тұратын жасыл жапырағы ерекше нұрланып сала береді. Алғашқы қар жауғанша сирень жапырағынан айырылмайды. Орманшылар арасында «сирень бір жылда екі рет гүлдейді» деген әңгіме бар. Бірінші гүлдеуі – көктемде, екінші рет гүлдейді дегенде қазан мен қарашаның қаһарынан қаймықпаған өрлігін айтса керек.
Халық жорамалында «Ағаштың жапырақтары кеш түссе қыс ұзаққа созылады әрі суық болады». Беті аулақ, биыл әлі жапырағы түспеген ағаштар бар. Славян халықтары ертеректе бұл айдың атын «жапырақ түсетін ай» (листопад) деп бекер айтпаған.
Биылғы қазанның қыркүйектен айырмашылығы аз боп тұр, әйтпесе, бұл екеуі бір үйдің бірі сабырлы, бірі шайпау апалы-сіңілі екі қызы секілді екі бөлек мінездің иелері.
Күнпарақтар бізге дейін талай ауысқан. А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» атты драмасы бәрімізге мектеп қабырғасынан таныс қой. Сонда Хлестова қалай деуші еді: «Календарлардың бәрі де өтірік айтады» демей ме?! Расында, табиғатты сүйген адамның ешқайсысы да күнпараққа қарамайды, себебі табиғат қатып қалған қара тас емес, ай сайын, апта сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп отыратын тірі құбылыс. Биылғы күздің аужайына қарасақ айда отыз күн емес, қырық күн деп есептеген мақұл болар еді.
Ғылымда қазанның орташа температурасы +3, 3,8 градус делінеді. Биылғы күз одан бірнеше есе жылы болып тұр.
Қайыңның алтын сырғалары жерде жатыр төгіліп.
Емен жапырақтары жездей жалтырайды.
Дегенмен, қазанның түсі сары да, қызыл да, күлгін де, көгілтім де, ақсұр да, жасыл да түс емес, қазанның түсі – қарақоңыр. Жер бедері бір тегіс, топырағы бетіне шығып, алуан түрлі құстардан тек қарға мен құзғынға ғана мекен боп құлазып жатыр. «Құзғын» демекші бұл айдың «қазан» аталуы әу баста осы құзғынның атына байланысты деген де сөз бар. Көне түріктер құзғынды «кұзан» деген көрінеді, құзанымыз келе-келе фонетикалық өзгерістерге ұшырап «қазанға» айналған. Ғылым, оның ішінде тіл ілімі де – болжамға толы.
Осындай жері де, құсы да қарақоңыр, аспанын екі бастан қара бұлттар бүркеген қазан айының өзінен іздеген адам алуан түрлі бояу табар еді. Күзгі селдір орманда келе жатып кенет араның ызыңын естисіз. Байқап қарасаңыз әбеқоңыр әлемнің ортасында «жылқы ішінде – ала жүр» әдемі бір гүл өсіп тұрады. Сары гүл. Оны сарыраушан дейді, орысша аты – золотая роза. Күздің ең соңғы гүлі!
Сарыраушаннан ертеде каучук алған дейді.
Сарыраушаннан матаның өңін келтірер түрлі-түсті бояулар алған көрінеді.
Сарыраушан иіс май, опа-далап өндірісінде кеңінен қолданылған дейді.
Мұның бірі де қызық емес. Қызығы сол – қарайған, қоңыр тартқан, уайым шеккен табиғаттың қайғысын жеңілдетейін, жабыққан көңілін көтерейін дегендей суықтан, соғатын желден сескенбей, жасқанбай гүлдейді. Бәлкім ол күні ертең жынды дауыл, қасат қардың құрбаны болатынын сезетін де шығар. Мейлі. Өлімнің де өлімі бар.
«Өлім емес бұл өлім есіркейтін,
Әдемі өлім, бұл өлім ғажап өлім»,–
Оқиға желісі мен шешім
дейді ақын. Рас айтады. Бұл тармақтарға тағы бір еншілес іздесек – ол хризантема гүлдері. Алғашқы қар жауып тұрғанда ол әлі ажарын бермей әдемілене түседі. Жерорта теңізі жағалауы елдері «хризантема солса қыстың келгені» дейді екен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Алматы мен Астанада, Атырау, Ақтауда вилла, коттедж салуға жаппай кіріскен «жаңа қазақтар» да олардың алтын-күміске малынған «жаңа бәйбішелері» де үй алдына гүл отырғызуға көңіл бөле бермейді, бітпейтін, таусылмайтын құрлыстың соңында жүргенде ағаш, гүл өсіріп, баптауды ұмытып та кетеді. Нәтижесінде салған үйі тастың үстіне тас үйген секілді сұрықсыз, сұрқай бір ғимаратқа айналады.
Есентай бойы – ен тоғай.
Есентай бойы – құстардың мекені.
Жазда қай құстың қай ағаштың арасынан шырқағанын білмейсің. Бұлбұлдың әнін естігенмен өзін көрмегендер көп. Ағаш біткен қанатты достарының ұяларын жапырақтарымен бүркемелеп сұқ көзден, суық желден, күннен қорғап тұрады. Ағаш құстарды қорғаса, құстар зиянкестерден ағаштарды қорғайды. Сіз бен біз ақтарған неше бір ақылды кітаптарда айтыла беретін, қайталана беретін «үйлесім» (гармония) деген осы емес пе? Сіз бен біз сырттай табынып, іштей ақыл жетпес үлкен бір ұғымдарға балап жүрген Ұлы үйлесім өте-мөте қарапайым нәрсе екен. Әсте, ұлы нәрселердің қай қайсысы да қарапайым. Енді бүгін ағаш жапырағынан айырылғанда жалаңаш бұтақтағы ескі ұялар анық көрінеді. Мұнда да үйлесім бар, тәртіп, заңдылық бар. Қарға ұя салған ағашқа басқа құс жоламайды. Құрқылтайдың салбарып тұрған «қалта-ұясы» сол ағашты жалғыз иемденген.
В.Бианки өзінің бір әңгімесін «Двойная весна» деп атаған. Солтүстіктегі Ленинградта сең енді жүре бастаса, оңтүстіктегі Кавказ тауларында көктемнің кемеліне келіп тұрғанын айтады. Екі аймақ, екі көктем.
Қазақстанның әрбір жыл мезгілін осылай атауға болар еді.
Есентай бойын қазан айында көктемнің өзі болмағанымен елесі кезіп жүрсе, Көкшетаудың көк ормандарын қар басып жатады. Біз айтып отырған жаймашуақ қазан солтүстікте бұдан бір ай бұрын қонақ еді, жәйлі «қонақтың» соңын ала «кәрі құда» қыс келгелі қашан.
«Жұт жеті ағайынды» дейміз.
«Жеті қазына», «Жеті шәріп» т.б.
Қазан қалай келеді? Жеті қырдың астынан ақырып келеді, жеті жынын шақырып келеді, жеті сауал арта келеді, жеті сауап тарта келеді; жеті сауабы не жеті сауалы не дейсіз бе?
1. «Егініңді егейін бе?» – деп келеді (Ақ егісті һәм жеміс ағаштарын отырғызуды мегзеп айтса керек).
2. «Қырманыңды суырайын ба, қызылыңды қуырайын ба?» – деп келеді (жиын-терімді нұсқап отыр).
3. «Бөркіңді теріс кигізейін бе?» – дейді екен (халық «қазанның қара дауылы» деп атайтын желді айтады).
4. «Тұнығыңды ылайлайын ба?» дейді екен – (Өзен-көлдің тартылуы, бұлақтардың сарқылуы).
5. «Тұмарыңды жұлайын ба?» – деп келеді екен («қазанның жапырақ желі» яки жапырақтардың түсуі, жемістердің пісуі).
6. «Төбеңнен құяйын ба?» – деп келеді екен (жаңбыр, тұман, қар).
7. «Төменнен сыпырайын ба?» («қазан ұрды» дейтін ызғырықты айтып отыр).
Халықтың қазанға берген бағасы осындай. Мұның қай-қайсысы да талай жылғы тәжірибеден алынған, көзбен көріп, көңілге түйгеннен шыққан ойлар. Артық-кемі жоқ.
«Қазан атты келе ме, қатты келе ме, шана мініп келе ме, арба жегіп келе ме?» деп сұрайтын көрінеді ілгеріде. Шанаға мініп келгені – қар жауғаны, арба жеккені – жаймашуақ, жайлы мезгіл болғаны емес пе?
Тағы бір рауятта алғашқы қар жауып еріп кеткен соң алты аптадан кейін нағыз қыс түседі дейді.
Қысқа әлі ерте. «Қазан жылы болса қыс қатты болады» дегенге де сенгің келмейді.
Суық түндердің, сұрғылт күндердің қыр астына келіп, бері өтуге жүрексініп тұрғаны, бізден емес әлі қайтпаған құстардан қорыққаны болар. Әлде, құстарды құрметтегені ме?
Аза бойыңды қаза ғып қазанда тырна қайтады. Иван Буниннің бір әңгімесі бар еді ғой, «Кешеу күздің шайдай ашық салқын күні еді, кең жолда желе жортып келе жатыр едім, кенет соңымнан ат тұяғының дүрсілі естілді, бұрылып қарасам, біреу жеңіл арба жеккен атын ақ тер, көк тер ғып шауып келеді екен. Тани кеттім – көрші деревнядағы пәленше деген екен. Малы қонды, шаруасы оңды қаражамбас күйлі жігіт болатын. Киген киім, мінген атының өзі қатарының алды екенін айтқызбай-ақ танытып тұр. Сонымен, жанымнан «Мырза, жол беріңіз, былай кетіңіз, мырза» деп айқай салып ағызып өте шықты. «Апырмай, астындағы аты қам екен, аяғына қан түсіріп обалына қалмаса қайтсін» дегенімше болған жоқ ұзап барып атынан аунап түсіп, жер бауырлап жата кетті. Байқаймын, удай мас. Тақап келіп едім, сақалын жас жуып:
– Кетті ғой, мырза, жеткізбей кетті ғой, – деді өксіп, – кетіп қалды ғой, мырза. Тырналарды айтам, тырналарды. Кетіп бара жатыр тырналар».
Бунин неге ұлы? Әсте, Абыз табиғат өзін өлердей сүйген суреткермен «сыйға-сый» деп ұлылығын бөлісетен болуға керек.
Аңшылардың арасында «күзді күні атқан оқ құсқа тимейді» деген сөз бар. Мұның мәнісі неде? Әлбетте, оқ тиеді, бірақ құс құламауы мүмкін. Мысалы, қырғауыл қарауылға нақ іліккенмен ауып барып қайта ұшып кетеді, үйрек пен қаз да солай, оңайлықпен құламайды. Себеп? Күзде құстар әбден семіреді бұл – бір, екіншіден – түлеуден кейін пайда болған қауырсындары қалың боп өседі, қашықтан талып жеткен бытыраның өтпейтіні содан. Мұның мәнісіне бармаған желауыздар неше түрлі адам сенгісіз әңгімелерді әлдеқандай бір құбыжықтармен байланыстыра майын тамыза «жырлағанда» аңқау елге нағыз «арамза молда» боп шыға келмек.
Біздің ел ерте көшіп, кеш қайтады.
Елменен бірге көшіп құс қайтады,–
дейді қара өлең. Бұл жыр да, шамасы, биылғыдай жайлы, қазаны майлы, қазанда шықса керек.
Құстар кеш қайтты.
Боқырау (Покров) (ескі есеп бойынша 14-қазан) тыныш өтті! Қар да, жаңбыр да жаумады, тіпті жел тұрып ағаш басы қимылдаған жоқ. Әдетте, боқырауда алғашқы қар түсуші еді. Жиын-терім аяқталып, диқан демін алса, малшы қора-қопсысын қайта бір қарап қысқа дайындалатын.
Айдың басында бал арасы
омартаның есігін іштен «іліп» ұйқыға кетпеуші ме еді?!
Оны айтасыз, биыл қазанның соңында бақ-бақ қайта толып үлпілдей ұшты.
Бәрін жақсылыққа жорып біз отырмыз.
Көресіз әлі, бәрі де жақсы болады. Жақсы ырым, жақсы сөз, жақсы заман…
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру