Саттар соқпағы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Түнде қар жауып еді. Апасы Саттарға: «Таңертең қойшыларға азық-түлік апарасың» — деді.
Саттар қуанып кетті, демек, ертең сабаққа бармайды. Ой, рақат-ай! Шопандар алыс. Барса қонбай қайтпайды. Арғы күннің сабағына ғой, жете алмайды. Сөйтіп анау-мынау емес, екі күн дем алады.
Отар басында Саттардың әкесі мен Кәумен бар. Бұрнағы күні өріске қой шығарып кеткен. Жерге қар, қаққа су түскенше шопандар малды өрістете түнетіп жаятын әдеті.
Бүгінгі жауған қар, малшыларды ұзақ күттіріп, ноябрьді аяқтап әрең жарылқаған алғашқы қар.
Алысқа, жаңа өріске шығып кетейін десе, судан ұзай алмай, күзеуде айналсоқтап жүрген шопан қостарында бүгін «ақ түйенің қарны жарылды». Сонау өрістен құдыққа итініп мал айдамайды. Қыстап қалады. Осыны түнде Бибі апа ойлаған. Ертең қойдың ауылға қайтпайтынын білген. Малшылардың алып кеткен нан-шайының шамасын ойша топшылап, таң ата азық-түлік жөнелтпесе тарығып қалатынын сезді.
Таңертең апасы мінгі есекті ерттеп, үстіне екі басы толы қоржын салды. Саттардың басына үлкен құлақшынды кигізіп, иегінің астынан байлап тастады. «Күн жылы ғой» деп иегінің астынан байлатқызбайын деп еді, апасы: «сөйлеме, саған не сәндік керек» деп үстіне тон жауып, есекке көтеріп мінгізді де, тізесін қымтаңқырап қойды. Сонсын: «қарның ашса, қоржыныңнан нан .алып же!» деп, малшыларға баратын жолды ұзақ сілтеді. Жолды Саттардың өзі де білетін, тәптіштей беретіні несі!
«Жолың болсын, қаттырақ жүр, байқа, адасып кетіп жүрме!» «Уай, сөз болды-ау. Адасып не бопты!» Саттар тұқшыңдап есегін қаттырақ жорғалатып, қыр асып кетуге тырысты. Апасы соңынан айқайлап «өйт», «бүйт» деп бірдеңелерді тағы да тапсырып жатыр. Біреу көріп тұрса ұят. Күледі-ау! Ертең класқа барғанда мазақтамай ма? Әй, осы апам-ай!
Ізінен Қарауыз қуып жетті. Саттар қуанғаннан ыржиып күліп жіберді. «О, Қарауыз!» Ит бұған еркелей кеудесін көтеріп, шаттана қыңсылап, «келістік, екеуміз бұл сапарда бірге боламыз» дегендей болды. Саттар итінің риясыз достығына көңілі толып, қоржындағы нанның біреуін алып тастады.
Қарауыз жүгіріп кеп нанды қармен қоса асап аулақ кетті.
Батыс тұста алыстан көрінген қарлы төбені бетке алып, есегін китің-китің жорғалатып келе жатыр.
Бүгін дала сондай әдемі. Ауыл ортасындағы жалғыз еңселі үй — мектепте бүгін балалар қармен ойнайтын шығар. Ойнай берсін. «Ит ертіп, сонау малшыларға жалғыз бардым» дегенде бәрінін, аузы ашылады әлі.
Жылт-жылт етігі жатқан аппақ таза қарға қызығып қарайды. Шашырап ақырын көтерілген күннен бе, әлде төңірек-тұсты түгел, тұтас жабындаған ақ ұлпа қардан ба, дүние жап-жарық. Көзді қарықтырады. Кеше қимылды, қозғалысты дала бүгін құлаққа ұрған танадай мең-зең. Кірпік қақпай, тырс етіп үн шығармай, ойланып жатыр. Қараған сияқты бойшаң бұта бұтақтарының қары үнсіз сырылып түседі. Сидиған бұтақтардың қарауытып ылғалы жылтырайды. Жусан бастарының қары бітеу, ақ сәукелесін бұзбапты. Жел жоқ. Күн жылы.
Қарауыз ойқастап олай бір шығып, бұлай бір шығып, қоян іздеп жүр. Ұзағырақ кетіп қалады да, қайтып келеді. «Алыстағы қоянның керегі жоқ, сенің алдыңда ұстап, қызыққа батырамын» дейтіндей, Саттарға көп қарақтайды. Саттар оның іш пиғылын түсініп келе жатыр. «Ал көрейік, қайратыңды», деп күліп, ізінен ере түсті.
Иесінің сын көзінде келе жатқанын иті де сезген. Сондықтан қайтсе де қоян таппақ боп аласұрып жүр. Кейде Саттардың күлкісін келтіріп бір бұтаны айналып шығып, ішіне тұмсығын сұғып, байлап қойған қояны бардай ұзақ қарайды. Сонан соң қоянның жоқтығына бейне бұта кінәлідей талтайып тұрып байғұстың басына сарып кетеді.
Дегенмен Қарауыздың аңшылықтан білігі бар көрінеді. Ұзақ жүріс бұларды қарлы жарлауыт арасына алып кеп еді. Қалың бұталыққа түсісімен, Қарауыз одан әрі құлшынып бұта түртпектеуін бастады. Қарға малынып сыртынан жабық ақ отаудай көрінген үлкен дүзгенге Қарауыз дағдылы әдетімен жетіп барып тұмсық тығып қалған. Бұта сатыр-сұтыр етті. Қарауыз кейін ыршып түсті. Дөңгеленіп шыға безген қоянды көріп барып ұмтылды. Қуып қыр асып, көрінбей кетті. «Айтақ!», «Айтақ!», «Бас!», «Бас!» деп айқайын зорайтып есегін төпеп келеді. Есегі қоржынды ауырсынып шаба алмай, борт-борт желеді. Қызынып ердің үстінен ұшып кете жаздайды. Ит кеткен бағытпен желіп асығады. Ит те жоқ, қоян да жоқ. Құла далада жалғыз өзі қалыпты.
Әлден кейін артына бұрылса, Қарауыз ізінен еріп келе жатыр.
— Қоян қайда? — деді Саттар. Қарауыз бұған Жасқана қарап: «Әй, болмады!» — деп құйрығын бұлғақтатты. Қаптал тұста шұңқыр сор қалып барады. Саттардың, есіне әлдене түседі. Сор жақты итіне көрсетіп: «Тым құрыса анау өлген әкеңе ұқсамайсың ба? Өй көргенсіз!» — дейді.
Есегі китіңдеп өндіріп жорғалайды. Саттар мойын созып селеулі құм шағылды терең сорға әлсін-әлсін қарайды. Сәл күрсініп есегін «ыхқ» деп қояды. Осы Қарауыздың әкесі Қарауыз ит осы шұқырда өлді. Не керек, мықты ит еді. Әй, осы Кәуменнің мінезі-ай! Соның мінезінің қаттылығы болмаса Қарауыз өлмес еді.
Өткен көктемде Кәумен екеуі аңға шыққан. Кәумен мылтық алды да, Саттар кішкене сулы қалбырды иығына іліп, осы шағылға келді. «Бала алдымен терең сорда қақпан бар, соны көрелік» деді ағасы. Со күні Қарауыз еріп шығар ма! Ажалы ғой, пақырдың! Ізіне еріп келе жатқан Қарауыздың зым-зия жоқ боп кеткеніне біраз болған. Терең сорға келсе, Қарауыз қақпанға түсіп жатыр. Мәссаған! Түйе елігіне құрған қасқыр алар қандыауыз қақпан екен! Ит маңына жолатар мес. Қақпанның ызасынан әбден ұрынып қызыл көзденіп алыпты. Жақындаса, ырылдап тісін көрсетеді.
Кәумен курткасын шешіп иттің басын бүркеп баспақ болады. Ит бұлқып әл бермейді. Саттарға «аяғына жабыс» деп ақырады Кәумен. Бұл аяғына жабысамын деп жүргенде, иттің басы босанып кетіп, бірер рет қауып та ала жаздады. Екеуі әбден әлектенді. Кәуменнің атақты жыны осы арада қозды. Қап-қара боп түтігіп итпен көп арпалысты. Саттарға: «Кет, жолама!» деп өзі алысып жүр. Итті тамақтан ұстап көтеріп жерге ұрып, тізеге салып, енді қақпанға аяқ сала бергенде, ит тағы бұлқынып астынан шығып кетті. Бір рет жағалас үстінде ит Кәуменнің білегінен оңдырмай тістеп алды. Кәумен «мылтықты әпер!» деп қалды. Мылтық қолына тигенде, бір адым алдында бақшиып жатқан итті өкпеліктен тақап қойып атып жіберді. Ит сеспестен қатты. Қимылдауға шамасы келмеді. Тілін шайнап, сұлық қалды. Мылтықтың түтіні сейілгеннен кейін екеуі жақындап итке үңілді. Иттің тайыншадай зор денесі көсіліп жатыр.
Талай аңшылар сат деп жабысқанда, маңынан жүргізбей жүрген итін Кәумен осылай атып салып қарап отыр.
Қанша уақыт өткені белгісіз, ақыры Саттардың тағаты таусылып, ағасының жүзіне үңілсе, жылап отыр.
Осы Кәуменнің мінезі қызық. Итті жер қазып, адам сияқты жерледі сонда.
Жалғыз жүрсе адам қиялшыл бола ма? Саттардың есіне осы сияқты өткен-кеткендер жиі оралады.
Күн түс болыпты. Қар еріп, шұрқ тесіліп, күнгей жондар түгел қарауытып, дала алақаттана бастапты. Жол ұзақ. Есегінің митың жорғасына ырғалып, ойланып келеді. Жол бойы жайылған ат іздеріне көзі түседі. Есіне мынадай бір сөз оралады. «Ат бір баспайын деген жерін мың басады» дейді үлкендер. Осы сөз Саттардың есінде қалыпты. Көпке дейін ат ізін көрсе: «Бейшара, өлгенше әлі талай қайтып келіп, осы ізді басады-ау!» — деп таңданушы еді. Бірақ келе-келе бұл сөздің атқа емес, адамға айтылғанын сезді Саттар. Басқан ізіне ең кемінде бір айналып, сөзсіз соғасың деген мағына екен. Одан бетер таңдана түсті. Бірдеңенің тұсынан өтіп бара жатып: «Ақыры бір күні айналып соғамын-ау осында! Қашан екен?! Ертең бе, әлде пәлен жылдан кейін бе!» — деп ойлайды.
Қазір де бір сексеуілдің тұсына кеп, есегін іркіп қойып, қиялданын тұр: «Мінеки сексеуіл. Өзі имек. Жардың тасасына өскен. Оң жағынан жол өтеді. Осы сексеуілге мен қашан айналып соғар екенмін...» Артына қарайлап кетіп барады. Жапандағы жалғыз сексеуіл оның соңынан жетімсіреп селтиіп қарап қала берді.
Кештете қой түнейтін жатаққа да жақындады. Малшылар аңдаусыз отырғанда дәл үстінен түсейін деп ойлады Саттар. Сай-сайды қуалап, бой жасырып келеді.
Қазір жақын қалғанда малшылар бұны көріп аң таң, болып, от басынан өpe түрегеліседі. Сонан кейін: «Жапан далада бізді бетке алып келе жатқан бұл кім болды екен?!» — десіп естері шыға ғажаптанып, Саттарды танымай бәрі аңтарылып қарап тұрады. Күтіп тұрады. Жақындай бергенде Саттардың ағасы танып қалады. Қуана айқайлап жібереді. «Ойдайт дерсің, мынау біздің, Саттар батыр ма-ей! Міне, жігіт, міне азамат!» — деп қалбалақтап қарсы жүгіреді.
Осындай қиял ойлап, қосқа келіп қалыпты. Таң қалып тосып тұрған жан байқалмады. Қос биіктің үстінде еді. Биіктің ық жағына мал түнейтін. Саттар биікке көтерілгенше шопан қостың орнын ғана көрермін деп ойлаған жоқ-ты. Қараса, қос көшіп кетіпті. Таңертең көшсе керек. Жаққан оттарының күлі жатыр. Қағаз, андай-мұндай сүйек, жағуға жинаған отын, қарда ат, адам іздері. Керзі етік киген ағасының қисық ізі көрінеді.
Кішкентай Саттар құла дүзде, тіршілігі көшіп кеткен биік үстінде есеңгіреп біраз тұрды. Есегін қақпайлап қора айналып, із кесіп еді, таңертең өрген отардың қар үстінде шұбырған ізі сайрап жатыр екен. Бір ойы сыбырлап: «Енді таба алмайсың, ауылға қайтсайшы!» — дей еді, Саттар ол ойын дереу тежеп, жекіп тастады. «Суыққа тоңып малшылар азық-түліксіз бұралып далада жатқанда, қоржын нанды көтеріп, ұялмай ауылға қалай барамын! Көп ұзамаған шығар. Мүмкін, кешке дейін қусам жетермін».
Көз жетер жерде қара көрінбейді. Қой кеткен батыс жақ бірыңғай созылған ақ қарлы кеңістік. Көлеңке тұсынан қарағандықтан да, ол тұс көңілсіз бозаң тартып, түсі суып үнсіз көсіледі.
Саттар қойдың жас құмалағын, жаңа ізін көрген сайын үміті бекіп, сол жайын кеңістікте жалғыз ноқаттай қозғалып ұзап барады. Осы безеріп мелшиген дүниеде таң атқалы тыншымай ілбіген тағы бір жолаушы бар. Ол анау сұр аспанның әлі шетіне шыға алмай итеңдеген бейшара күн. Саттар: «Күннің де хәлі мүшкіл екен ғой! — деп бүгін бірінші рет аяп ойлап келеді. — Қазір мені жалғыз тастап, батып кететіні жаман-ау!»
Қарынының ашқанын сезді. Қоржыннан нан алды. «Ауылға кетіп қалмасын» деп Қарауызға да нан тастады.
Жусанды тегістік пен қойдың сүрлеуінен шықпай, есегін китің-китің жорғасына бастырды. Көкжиекке жалғасып ақ мұнартып жатқан жоталар бірі бітсе, екіншісі басталып жалғаса берді. Таусылар емес. Көзі қарсы алдында көлденең созылған аппақ жотаның бергі баурайындағы қимылды шалды. Аңдап қараса: біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау! Япыр-ай, алты қара-құйрық!
Оқиға желісі мен шешім
Қызғыш жоталы, құйрық ұштары қап-қара, ақ сан жүнді шілтірейген сидың бұт киіктер! Құйрықтарын қипың-қипың еткізіп, Саттарға ұзын мойындарын биіктетіп едірейе қарасады. Бір-екеуі сырт беріп қозғала бастады. «Бас, Қарауыз, бас!» — деп айқайлады. Киіктер құйрық-бастарын тіп-тік шошайтып алып, шұбырып тізіліп әрмен қашпай, бұлардың алдынан орай көлденеңдеп жортып барады. «Ауф!» деп бүйірден қосылған Қарауызды көргенде, киіктер қатарын бұзып допша ырғып-ырғып қашты. Таңдары жарқылдап барады. Саттардың тірі киікті алғаш көруі еді. Есегін тепеңдетіп ит пен киіктің ізінен ере түсіп, аузы ашылып, алыс жонда жұлдыздай ағып өткен төрт-бес ақ нүктені көзбен шығарып салды.
Саттар күнге қарап еді көкжиектен әрі түсіп кеткелі тұр екен. Жолына қайта түсті. Әлдеқайдан «шиқ», «шиқ», «шиқ» дескен тышқан үндері естіледі.
Қарлы дала таусылмады. Күн батып, дала, төңірек-тұс көгере бастағанда, Саттар шұбырған қойдың ізі болмаса, өзін кездестірген жоқ. Күн қалай үнсіз шықса, солай үнсіз батып еді. Аспан қара көктеніп, қабағы түйіле түсіпті. Көкжиек мұнартқан. Көмескіленіп бездиіп езу тартпай, үмітті өшіріп неғайбылдық дүниесіне ауысқан. Сүренсіз кеңістіктің көз жетері тарылып, алысы қарауытып, жақыны ала көлеңкелене түсті. Өз бағытынан гөрі батысырақта тұрған ауылды көрді Саттар. Ойлап-ойлап, ақыры тапты. Есейдің ауылы. Есей екеуі түйедей құрдас. Бір класта оқиды. Және ол бұған туған құда бала. Есейдің әкесі түйе бағады. Мына көрінген соның ауылы. Барғаны дұрыс па, бармағаны дұрыс па!? Иті жаман ауыл еді, Қарауызды талап тастайтын да шығар!..
Қазір барса, бәрі жабылып қайдан жүрсің деп сұрамай ма? Жайын білгеннен кейін: «Ой, адасып жүрген бала екенсің ғой!» деп күлмей ме!
Алыстан келгесін бұдан хабар сұрайтыны сөзсіз.
Қалай хабар айтады. Сонсын да біреудің үйінде қалай қонады?...
Көз байланып із көрінбеуге айналды. Саттар сонда да алғашқы бағытын өзгертпей, ауыл тұсынан өтіп барады. Ауыл жақтан бота боздап, ит үріп, мал қайырған кісілердің айқайы тынымсыз естіледі.
Саттар ауыл жаққа қайырылмай, шетсіз-шексіз түн жамылған айдалаға итініп кіріп, ұзап барады. «Мүмкін, шопандардың оты көрінер, табармыз» дейді. Есегі шаршаған ба, кегежектеп от жағып, иті үріп жатқан жақын ауылға бұрыла береді. Саттар онысына көнбей, таяқпен қақпайлап, басына бір-екі рет ұрғанда есек те құлағын жымып, мөңкіп-мөңкіп қалды. Бұдан ары жүргісі келмейді. Саттарды Қарауыз ғана қостайды. «Қайда барсаң да мен сенімен біргемін, достым!» дейді. Бұл жүрсе, жүреді, тұрса тұрады. Дегенмен Саттар бір қауіп ойлап, есегін тоқтатты да, итіне бұрылып:
— Әй, сен кетіп қалып жүрмейсің бе, мені жалғыз тастап? — деді.
«Е, кетпегенде қайтейін, таң атқалы бергенің бір таба нан!» деп иті мұңайып жата кетті.
— Ал, жарайды өкпелемей-ақ қой, мә тағы бір нан! — Қарауыз керемет қуанып кетті. Секіріп-секіріп түсті.
Түйекеш ауыл да ұзақта қалды. «Алдымнан әне шығар, міне шығар» деп әр қыр өткен сайын күткен малшылар кездеспеді. Мына түнгі йен даланың қай шалғайында жатқанын кім білсін! Бір жерде отты жағып, қуырдақ пісіріп, жып-жылы отыр-ау! Саттардың түн аралап, қарлы дал ада келе жатқанын қайдан білсін. Осындай алғаш жерге қар түскен салқында қасқыр жорытады деуші еді. Саттарға тап болса қайтеді. Бір-екеу болса жақсы ғой. Онда Қарауыз беріспес еді. Ал топ боп келсе!... Адамды қасқыр қамағаны жайлы талай аңыздарды есітіп қызығушы еді. Қызық емес нәрсе сияқты.
Жақында ғана оқып шыққан «Қырық қыз» дастанының Алтынайды атымен бірге тауда қасқыр қамайтын жері есіне түсті. Денесі түршікті. Тоқтап тың тыңдады. Тым болмаса шопан иттерінің даусы естілмес пе!
Жаңа жүріс үстінде аңдамапты. Дала тіпті қорқынышты екен. Тоқтай қалғанда, демін ішіне тартып, түн де бұны қоршап тоқтай қалғандай.
Әлдене қарайғандар да аңди қалып жалғыз баланы бақшиысып, назарға алып қапысын тауып бас салғалы тұр. Бұғып еңкейіп қараса, құбыжық қарайғандар бұта екен. Саттар бусанып терлей бастады. Түн ішінде жалғыз адамға үнсіз тұрудың қиынын сезді. Бейне бір жан-жақтан бақылаған құбыжықтар сенімен жекпе-жек аңдыса қалғандай. Үрейлі түн екі елі ажырамай, алды-артын қоршап, аяқ бастырмайды. «Ух!» Түнді жаратқан кім екен? Саттар ылғи жарық болып тұратын жерді аңсады. Апасы айтушы еді «түнде жүргенде бісміллә деп жүр, жын-шайтан жоламайды» деп. Ауылда жүргенде «бісміллаға» күле қарап, мән бермейтін. Неге екенін кім білсін! Сатекең қазір «бісмілланы» судыратып соғып келеді.
Бір кезде арт жағынан созылып дауыстаған айқай естілді. Жалт қараса, манағы қалған ауыл төбе басында лаулатып от тұтатып, айқай салып жатыр. «Таптың баратын адамды! Түн ішінде жат ауылға адасып барып, қонақ болғаннан, осында тонға оранып жатып, таңертең ағасын тауып алғаны артық емес пе!»
Саттар қойдың ізінен адасып кеткенін білді. Енді таң атпай таба алмас оларды. Біраз жүре түсті де, бір жардың ығына кеп есегінен түсті. Шырша жағып, жылан жоқ па екен деп тексеріп алды. Қары кетіп, сәл кепкен жерді жатуға сайлады. Ауыр қоржынды әрең түсірді. Жіптің бір ұшын есектің аяғына бір ұшын өз аяғына байлады. «Енді ешқайда қаша алмас!» От жағуға қорықты. Қасына келген Қарауыздың басынан сипап еді. Анау «әлі де қарным тойған жоқ!» деп сәл қыңсылады. «Түу, бәдбақ! — деп ұрысты оған Саттар .— Нанның бәрін екеуміз жеп қойсақ, шопандар не жейді?» «Шопандарыңда шаруам жоқ, берсең бер, бермесең ауылға кетемін!» — деп мұңайған Қарауыз қыңырайып орнынан тұруға ыңғайланды. Саттар шошып кетті. «Мә, мә ал, же!»
Тонға оранып ашуланып жатып қалды. Әлден кейін жел тұрды. Бұта бастары жүдеу үн шығарып ұлығанға ұқсады. Төңірек тұстан қасқыр ұли бастағандай. Саттардың есіне алыста қалған апасы түсті. Ауылға кеткісі келді. Бірақ мүмкін емес-ау! Түні жоқ жер бар ма екен! Сондай жер болса еді!..
Қарауыз ырылдап түрегелді. «Міне, басталды, қамады!» Ит жүгіріңкіреп, желге таман барып үрді. Бір затты байқағандай. Үріп тұр, үріп тұр. Саттар тонына орана түсті. Ит енді шабаланып үре бастады. «Құртты-ау, келіп қалды-ау!» Осы сәт есек тура желке тұстан ойбай-сала бақырды. Саттардың зәресі ұшты. Не де болса орнынан ытқып тұрып, жауды қарсы алуға дайындалды.
Ит әзірейіл өкшелегендей безілдеп қашып келеді. Саттар қалтырап кетті. Таяғын қаттырақ сығымдап ұстап, тісі-тісіне тимей қалш-қалш етіп тұр. Иті Саттардың аяғына оралып, жау келе жатқан жаққа кәр шашып, шабалаңдап тағы ұмтылды. Осы сәт Саттарға бір қарайған жақындай берді. «Кім бар-ау!» деген кісі даусы естілді. Саттар тістеніп тұрып жылап жіберді. Атты кісі екен. Атының сулығы, қасқыр қамағаны жайлы талай аңыздарды есітіп қызығушы еді. Қызық емес нәрсе сияқты үзенгісі шылдырлап жақындап келеді. Адам барлығын білдіре итіне «жат!» деп ақырып қойды. Атты кісі: «Бұ қайсың?» деп қасына кеп тоқтады.
— Мен ғой!
— Менің кім?
— Саттар!
— Ay, біздің құда баласың ба? Қарағым-ау, сен неғып жүрсің мұнда?
Саттар Есейдің көкесін дауысынан таныды.
Есейдің көкесіне еріп, от жағып, айқай салып жатқан ауылға кеп түсті. Бұл кісі түйе қарап кеткен екен. Адасып кете ме деп, соған от жағып жатыпты ауыл.
Саттар сыйлы қонақ болды. Есегін біреу байлап жатты. Қоржынын біреу үйге кіргізді. Итін талатпай, тағы біреу қорып жүр. Өзі құдасына еріп үлкен үйге беттеді.
Қатты тоңғанын, есікті ашып, жап-жарық жылы үйге кіргесін сезді. Саттар аузы жыбырлап, болмашы сәлем беріп, есік алдына тоқтағанда, ортада қызған үлкен темір пештің он жағында қаракөл ішік жамылып отырған құдағи:
— Тәңір жарылқасын! Ибай, мынау Саттар ма?! — деп таңырқап, орнынан түрегеліп келіп, Саттардың қолы, бетін ұстап: — Өзің тоңып қалыпсың ғой! Ауылың аман ба? Қайдан келесің? Пешке жылын! — деп тон, құлақшынын шешіндіріп керегеге апарып ілді.
Саттар жеңілденіп, текемет төселген кең төрге өтіп отырды. Осы сәт ішке кірген ақсақал, Саттар жайын құдағиға қызық етіп, даурығып әңгімелеп жатты.
— Өзі көрініп тұрған ауылға келмей, далаға түнемекші болыпты. «Кімсің, ей!» — десем, аспай-саспай «мен ғой» дейді және.
Малды жайлап үйге кіріп жатқан кісілер де Саттарға таң қалып қарайды да, ақсақалдың әңгімесін тыңдап, бастарын шайқап, таңдай қаға күліседі.
Саттар ұялып отыр. Үйге бойжеткен құдаша да ақырын кіріп, пештің сол жағына қайнаған самауырын әкеп қойды. Пештің үстінде қара қазан бықыр-бықыр қайнайды. Кең жылы үйдің ішін жайлаған піскен еттің иісі, мұрынға жағымды. Кісілер көңілді әңгімелесіп жоғары шығып отырысты. Ақсақал жоқ түйесін қараған, сұраған жерлерін әңгімелейді. Қосқақтың күн шығыс тұсында Саттардың қойларын да көріпті. «Ертең түйе қарап сол тұстан және өтемін, қоржыныңды мен-ақ апарып тастармын», — деп Саттардың шаруасын да біржайлы ететін болды. «Ертең Есеймен екеуіц екі есектің беліне қонып, құдықтағы ауылға қайта беріңдер, сабақтарыңнан қалмаңдар»,— деді.
Құдаша әшекейлі сандықты қасына қойып, шай жасап жатыр. Құлағында жаңа туған айдай кішкене алтын сырғасы тынымсыз тербеледі. Ортаға көлдей үлкен дастарқан жайылды. Дастарқан үстіне ақ бауырсақ, көп түрлі қағазды конфеттер төгілді. Құдаша пештің қақпағын ашып, жайнаған сексеуіл шоғынан табаға тартып, гүлді ақ құманды үстіне қойды. Ақ самауыр өз-өзінен зыңылдап тұр. Құдашаның епті саусақтары жорғалап, аппақ тас аяқтарды тізіп қойып қара шайдың иісін бұрқыратып құя бастады. Сүт құйған қою қара шай.
Саттардың есіне әлгінде қорыққан сәті, үрейлі суық елсіз дала түсті. Кездейсоқ ана кісі үстінен шықпағанда таң атқанша жатар ма еді! Ол жағын ойламас үшін ыстық шайдан құшырлана жұтты. Бір жақсысы бұның қорыққанын ешкім білген жоқ. Саттар қуанып, шайға қант салып ішті.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру