Мазмұнға өту
Home

Тағдыр

Тобанияз Әлниязұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тағдыр

Тобанияз Әлниязұлы — «Тағдыр» (Көркем әңгіме). АРМАНДА КЕТКЕН ECІЛ ЕР

АРМАНДА КЕТКЕН ECІЛ ЕР

(АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА)

Қадірменді ұстаз, оқушы қауым! Сан жылдарды артқа тастап, өлкенің ақиық азаматы, ел бастаған көсем, сөз ұстаған шешен, ел мен жерін сақтауға еңбек сіңірген көрнекті мәмлегер Тобанияз Әлниязұлының 120 жылдығы өлкеде аталып өтіп, Маңғыстау орталығы Ақтау қаласының төсіне оның ескерткіші ойып орнатылды.

Ақтауда, төңкеріс комитеті ту тіккен Ақшымырау жерінде мерейтой шеруі өтті.

Бұл егемендігіміз бен елдігіміздің салтанаты. Бұл Ата заңымыздың қарымды қайтарымы.

Тобекең өлім жазасына кесілді. Ол өлімге де, еңсесін тік ұстап, бетіне тура қарай алды.

Өйткені оның ары таза, жаны ақ еді. Ол өлімімен келер ұрпаққа, егемендікке, ұлттық азаттыққа қызмет етті.

Оның басты кінәсі ұлтының ар-ожданын, абыройын жоғары ұстауы. Ол Шовнистік құйтұрқының қайсысына да бас имей өтті. Тобекеңді сол үшін жазалады.

Ол өлім аузында тұрып егемендік алған ел өз тарихына Тобекең есімін алтын әріппен жазады деп ойламаған шығар.

Қадірлі ұстаз! Сабақта, сабақтан тыс тәрбие сағатында пайдалануға арналып отырған бұл материал сізге көмекші құрал есебінде ұсынылып отыр.

Мектеп ішілік жұмыстарда Т. Әлниязұлының өмірін насихаттауда кең келемде алдын-ала шаралар белгілеп алуды басты назарда ұстаған абзал. Ол үшін мектепте өтіп тұратын линейкаларды, радио торабын, оқушылар семинарын пайдаланған жөн. Түбектің тұңғыш қайраткерлері қақында қабырға газеттерін шығарып, оған конкурс жарияласа. Жеке кластарда Тобекең жөнінде мазмұндамалар, шығармалар жаздырса; ұлт азаттық ісінің бірегей туып-өскен, болған жерлеріне болашақта саяхаттар ұйымдастырса; тарих пәні мұғалімдері өз сабақтарында жеке кластар бойынша рефераттар жаздырып, оны пән үйірмелерінде талдап отырса; мектеп жанындағы өлкетану үйірмесінің мүшелері Т. Әлниязұлының өмір жолдарын кезеңдерге бөліп, оған іздеу салса; табылған жинақталған материалдардан альбомдар дайындаса; тарих кабинеттерінде Тобекеңе арнап бұрыш жасақтаса; оның ел ішіндегі, сыртқы байланыстардағы көзқарастары мен атқарған жұмыстарындағы демократиялық көзқарастары қазіргі Қазақстанның саясаты мен сабақтас жатқанын жете түсіндірген болар едік.

К. МЫРЗАБАЕВ - облыстық мұғалімдер білім жетілдіру институтының директоры.

Еліміздің егемендігі, Маңғыстау өлкесінің ертеңі үшін күрес жолындағы елеулі(тұлға Тобанияз атындағы мектептің ашылу салтанатында облыстық білім басқармасының бастығы, философия ғылымының докторы, өлкемізге танымал азамат Ө. Озғанбаев мектеп ұжымына Тобанияздың бюстісін сыйға тартты.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ

философия ғылымының, докторы.

ӨЛКЕНІҢ АҚИЫҚ АЗАМАТЫ

Адамзат тарихына көз жіберсек, сонау ежелгі дүниеден қазіргі күнімізге дейін тіршілігі мен өз бостандығы үшін, адамдар мен адамдар арасындағы тартыс-соғыстарға сан жеткісіз. Күшті жеңеді, әлсіз алдырады. Табиғат заңдылығы.

Дүниеде әлемді уысында ұстаған қаншама алып державалар билік құрып, қаншама ұлт Жер бетінен мүлде жойылып кетті. Бұл да шындық, ақиқат фактілер.

Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің де ғасырлар санына төтеп беріп, небір жаугершілік заманда да ұлттың тұтастығын сақтап қана қоймай, дербес мемлекеттігін қалпына келтіруінің өзі халқымыздың біртуар перзенттерінің, ақылгөй билері мен ел қорғаған ерлеріміздің, жақсы мен жайсаңдарымыздың ұлттық бірлікті қамтамасыз ете білудегі күрестерінің нәтижелері екені даусыз.

Бүгінгі әңгімеміз сол жайсаңдарымыздың бірі, кешегі алмағайып заманда халқына қорған да, орман да бола білген, ел еркіндігі жолында құрбан болған жұмбақ та, заңғар тұлға Тобанияз хақында.

Өз перзентін өз халқына жау етіп көрсеткен, кешегі сұм заман талабы, Тобанияз туралы ақиқат деректерді халыққа жеткізуге мүмкіндік бермеді. Журналист Ә. Спановтың тілімен айтсақ:«Осы өңірге, қала берді бүкіл қазақ халқында бір кісідей еңбек сіңірген Тобекеңді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді, білгендеріміздің өзінің айтары жалпылама деректерден аса алмай жүр, ал білмегенге сын жоқ. Өйткені Тобанияз атын атауға күні кешеге дейін құлық танытпағаны былай тұрсын, тіпті тиым салып келді емес пе?»

Ия, бүгінде ел билігі өз халқымызға қайта оралған сәтте жергілікті баспасөздер Тобекең туралы ғалымдардың зерттеулерін, шежіреші қариялардың естеліктерін, басқа да ел ішіндегі ауызекі деректерді көптеп шығара бастады, Архивтен Тобекеңе қатысты құнды деректер тауып, «Тобанияз» атты көлемді зерттеу жазған өлке танушы журналист Ә. Спанов түрмеде түсірілген фотосуреттері және соның негізінде бет бейнесі (портреті) салынған кітабын көпшілік қауымға ұсынды. Мұның өзі Тобекең тұлғасына лайықты бағасын беруде едәуір септігін тигізуде. Сонымен Тобанияз кім еді?

Оның, ата тегі Адай - Келімберді - Бұзау - Айтумыс (Жеменей) - Шылым - Өрдек - Кенже болып келеді. Осы рудан шыққан, атақты Қонай батырдың тікелей ұрпағы. Кейбір деректерде оны Маңғыстау ауданының Аусары жерінде 1875 жылы дүниеге келген деп көрсетеді. Алайда осы мәселеде дәлсіздік бар сияқты, өйткені ауыл арасындағы көне көз қариялар Тобаниязды өз ата-бабаларының негізгі қонысы, Бозашы түбегінің қазіргі Ақшымырау шаруашылығының территориясында туған, Аусарыға 1910 жұт жылынан соң көшіп барған дейді.

Сонымен, жас кезінен-ақ батыл да, өткір Тобанияз ел ішінде ертерек көріне бастаған. Жасынан мұсылманша сауаты бар ол күштінің әлсізге, малдының кедей-кепшікке зорлық етуіне, әділетсіздік атаулыға болысып, ел ішінде өте беделді, абыройлы болса керек. Оның үстіне сөзге шешендігі тағы бар Тобекеңді халқы би атаған.

Тобанияз өмір сүрген кезең Қазақстанның оның Ішінде Маңғыстаудың да Ресей империясының қол астына толықтай кіріп, отарлық езгінің күшейе бастаған кезіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан да ежелден еркіндік сүйген халқымыздың бостандыққа ұмтылысынан Тобекеңді бөлектей алмаймыз. Өзінен бұрынғы ата-бабаларының сырт басқыншыларға қарсы күрестері, өз бабасы Қонай батырдың ел ауызындағы ерліктері, Ресей отаршыларына қарсы Маңғыстаудағы XIX ғасырдың 70-ші жылдарындағы қарулы көтерілістер, жас Тобанияздың қалыптасуына көп әсер еткені даусыз.

Әсіресе, Маңғыстаудағы Иса мен Досан батыр бастаған көтеріліс басып жаншылғаннан кейінгі елге салған соғыс шығындары мен ауыр алым-салықтар, халықтың қиын тұрмысы, отарлық қысымшылық Тобаниязды да өз атасы Қонай батыр секілді ел мүддесі үшін алдыңғы саптан табылуға мәжбүр етті.

Қашан да қиыншылық заманда ел ерге қарайды емес пе? Бірінші Дүниежүзілік соғыстың ауыр салмағы қазақ даласына, Маңғыстауға да келіп жетті. Мал-мүлікке салынған ауыр салыққа қоса, «жығылғанға жұдырық» дегендей, 1916-шы жылғы қазақтың 18 бен 31 жас аралығындағы жастарын «қорғаныс бекіністерін, әскери шептерді жасауға қара жұмысқа алу туралы» патша жарлығы бүкіл Қазақстанда сондай-ақ Маңғыстауда да халық наразылығын туғызды. Бұл кезде Тобанияз Шылымның болысы еді. Тобанияз бастаған азаматтар Маңғыстауда патша жарлығына қарсы шығып елде жігіт жібермеу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Алайда, Маңғыстаудағы патша жарлығына қарсы қозғалыс Торғай мен Жетісудегідей жаппай қарулы сипат алған жоқ, Тобанияз бастаған бірнеше азамат тұтқынға алынады.

1917 жылы ақпандағы патшаны тақтан құлатқан төңкерістің. ықпалымен Тобанияз абақтыдан босанып елге оралады. Іле-шала болған Қазан төңкерісін сол кездегі еркіндік аңсаған қазақ зиялылары сияқты Тобанияз да жылы қабылдайды.

1918 жылы 23 тамызда Түпқараған түбегіне келіп түскен Ә. Жангелдиннің отряды Маңғыстаудағы кеңес өкіметін нығайту үшін, түбек халқын соңына ерте алғандай тұлға іздеді. Мұндай азамат, әрине, Тобанияз еді.

Ә. Жангелдин осы сапарында Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі Қаратөбе жерінде бүкіл Адай елінің съезін ашып, сонда Маңғыстау уездік революциялық комитетін құрып, оның төрағасы етіп Тобанияз Әлниязұлын тағайындады. Бұл 1918 жыл еді. Бүкіл елді азамат соғысының жалыны шарпып тұрған кез. Осы қысылтаяң кездегі Тобекеңнің, Жангелдин отрядына үлкен көмек көрсетіп, олардың шашылмай, тоналмай межелі жерге жетуіне, бірден бір ықпал еткен адам екені бізге тарихи құжаттардан таныс.

Сөйтіп, бұрыннан да ел арасында үлкенді-кішілі билікке араласып жүрген Тобанияз Маңғыстаудағы халық тағдырын өз қолына алады. Сол кездегі жаз жайлауы сонау Қарақұм, Ойыл, Теке, Ақтөбе, Орынборға шейін болса, күздігі мен қыстауы Маңғыстаудың Бозашы, Түпқараған түбектеріне, Түрікпеннің Жаңғақ ойы, Шағадамға дейін жайылған қалың Адай елінің бірден бір ресми, әрі халық таныған басшысы болды.

Осы тұстағы Маңғыстаудағы күрделі саяси құрылысқа да тоқтала кеткен жөн сияқты. Фортта қызыл флот ревкомы құрылса, Закаспий облысы да өз ревкомын құрды. Және осы уезд орталығы Фортта Совдеп пен. Мұскенде (Мұсылман кеңесі)өз ықпалдарын нығайтуға тырысты. Алайда, Маңғыстаудағы халық таныған бірден-бір билік иесі Адай уезінің революциялық комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлы болды.

1918 - 20 жылдардағы азамат соғысы кезеңдерінде де, Алаш Орда қайраткерлерінің тәуелсіз автономия жолындағы күресі кезеңдеріңде де, Тобекеңнің ақылмен әрекет етіп, елді бейтараптау ұстап, орынсыз шығынға ұрынбауға тырысқанын байқаймыз.

Өзі кеңес үкіметіне қызмет етсе де Алаш Орда қайраткерлерімен тұрақты байланыс орнатып қазақ автономиясы үшін де бірқатар қызметтер еткен. Атақты жазушы X. Есенжановтың «Ақ жайығында» Тобанияз туралы былайша суреттеледі:«Таңертең қалаға 60 жігітпен Адай руының атақты басшысы Тобанияз кірді. Жауынгер Адай руының басшысы өзі бай, өзі би Тоба нияздан басқа бұл қалаға, көптеген байлар мен билер, хазіреттер, оқымыстылар, чиновниктер мен әкімдер келген. Мәжілісті Жанша Досмұханбетұлы өзі басқарып, өзі сөйледі. ...Ал Тобанияз ше, егер Тобанияз ауызын ашса бесіктегі бала жылағанын қояды. Бұл руда одан қадірлі адам жоқ.

-Хатшы жазыңыз, - деді Тобанияз, - менен 100 жігіт Ойыл кадет мектебіне жіберіледі, олардың барлық шығыны менің есебімнен, Оқу бітіргеннен кейін оларды атпен, ер-тұрманмен жабдықтаймын. Оқу бітірген соң жүздіктің әр біреуіне 20 жігіттен қосып Адай полкын құруға көмектесемін. Менің көмегіме сенуіңізге болады деді Жаншаға»

Атақты жазушының бұл жазғандары, Тобекеңнің барлық болмыс бітімін ашып тұр. Түсінік берудің қажеті де жоқ. Осы арада мына бір жайтты айтып өткеніміз жөн. Ә. Спанов пен А. Бүркітов ақсақал Оралда шығып, тұрған газет «Жайық правдасына» сілтеме жасап Адайлардың (Тобанияз жасағының) 300кісілік Алаш Орда әскерін жойып жібергенін айтады. Бүгінде Алаш қайраткерлерін ақтап жатсақ та, сол кезеңдерде олардың большевиктерге қарсы күресте ақ гвардияшылармен одақтас болғаны бізге мәлім. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері, ауыр алым салық, тоналу тағы да сорлы бұқараға түседі. Халқын осы қыспақтан құтқару үшін Тобекең тағы да атқа қонған. Біз бұл фактіден де Тобекеңді саясаттан тыс, халқының ортасынан, сарбаздарының алдынан көреміз.

«Қара орыстың жанынан сары орысты көрсең aпa деп бас саларсың» деген сөз қалған, қатігездігіне айтатын сөз жетпейтін казактар ұрпағының өкілі. Орал казак әскерінің-атаманы генерал Толстовтың армиясын тоз-тоз қылған да осы Тобекең мен оның қыран жігіттері. Генерал Толстовтың«туған елге аман жетер күн болса, алдымен Әлниязов деген қырғыздың басын алар едім» - деп және кейін Францияда жазған мемуарында:«Ең соңғы Адайдың сүйегін музейден көрсем армансыз, бақытты жан болар едім,» - деп жазуы Адай жігіттерінің қандай: дәрежеде қарсылас болғанын дәлелдейді Олардың басында әрине, Тобекең тұр.

1918 жылдан 1922 жылға дейінгі аралықта Тобанияз Маңғыстау уезінің(1920 жылға дейін Закаспий облысының Маңғыстау уезі 1920 жылдан 1927 жылға дейін Қазақ АССР-інің Адай уезі)революциялық комитетінің төрағасы қызметінде, ел қамын жеген азамат ретінде кедей шаруаларды ағарту жұмыстарының жайдануына ықпал етті.

«Адай ревкомы Тобанияз Әлниязов бір жылы малдың арық, қоңсыз болуына байланысты, қуаңшылықты қатерге ала келе түбек тұрғындарын ет салығынан босата тұруды, тым болмаса оны жеңілдетуді ұсынып орталыққа хат жолдайды.(Қараңыз. Ө. Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз, 1993 ж.).Мұндай хаттар Тобекеңнің жалғыз бұл жағдай. емес барлық қайраткерлік кезеңдеріне тән.

Тобекеңнің және бір ерекшелігі заманындағы ұшқыр ойлы, сауатты да зиялы азаматтарды өз жаңына топтастыра білуінде еді. Жоғарыда айтылып өткен хатты Нұрсұлтан Оңғалбаев пен Толқымбек Алмановтар қолымен жазылып, орысша мәтіні даярланған.

Тобекеңнен бұрын Маңғыстауда ұзын саны 19 - 20 мұсылман мектебі, бір орысша мектеп болса, бұл кісі ел билеген кезде, дәлірек айтсақ 1920 жылдары қысқа мерзімде мұғалімдер даярлап әр жерлерде мектептер аштырады. Адай уездік деңгейінде өткен кеңестердің бірінен жазылған есепте былай жазылған «из них 10 киргизских и 4 русских школ с количеством детей учащихся около 1100 человек».(Қараңыз. Ө. Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз 1993 ж.). Бұл 1923 жылғы 3-ші стуердегі мәлімет.

Тобекеңнің 1922 жылы ревком төрағалығынан босағанын ескерсек осы мектептерді құрушысының өзі екені түсінікті де.

Қандай ел болмасын білімсіз, ғылымсыз жарқын болашағын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан Тобанияз басшылық қызметінде халықты ағартуға ерекше мән беріп, әсіресе балаларға көптеген қамқорлықтар жасаған. Маңғыстау уезінің революциялық комитетінің төрағасы болысымен бір жылдан қалмай Маңғыстауда көптеп мектептер аша бастаған. Алғашқы мектептер Ақмышта, Жыңғылды мен Тигенде, Қызылқоға ауданының Ақшілік, Сағыздың Қопа, Буракөл деген жерлерінде ашылған. Осы мезгілдерде Фортта балалар үйі және интернат ашылып, қызмет істей бастады. Интернатта қашық елді мекендер балалары жатып оқыса, балалар үйінде жетім балалар тәрбиеленді.

Маңғыстаудың алғашқы толқын интеллигенциясы, көрнекті қайраткерлер:Орынбай Бәлдеков, Естөре Оразақов. Өтежан Алшынбаев, Есбол Өмірбаев, Нәдір Нұрғалиев, Ысқақ Шәкіратов сияқты көптеген азаматтар Тобекеңнің игі ықпалы арқасында ашылған, алғашқы мектептердің алғашқы қарлығаштары еді.

Тобанияз 1922 жылы ҚазЦИК-тің III съезінде Маңғыстау қазақтарының шаруашылығы үшін өзені бар жерлерден жер бөлдіру, елді отырықшыландыру, мектеп, ағарту жүйелерін дамыту үшін қаржы көмектерін көрсету талаптарын қойған. Үкімет мүшелеріне - халықты араламайсыздар, халықпен байланыстарыңыз жоқ - деп санаған. Сол үшін де осы съезде КазЦИК-тің мүшелігіне өтпей қалған сияқты.

«Тобанияз Әлниязұлы ел тізгінін ұстаған кездегі ұстанған ең басты саясаты көрші елдермен бейбіт ынтымақшыл қарым-қатынас орнату болды. Және ол бұл саясатын әлсізге бопса жасап, әлдінің алдына түсіп емес, барлық елмен олардың мүддесін құрметтей отырып, терезесі тең дәрежеде жүргізеді. Соның нәтижесінде уезд орталығында сол уақыттағы көршілерінің ішіндегі экономикалық жағынан. ең тәуперлісі Персия (Иранның» сауда факториясы болды. Факторияның сансыз дүкендері қыр елінің сұранысына ие тауарларды сатып тұрды...

...Ревком төрағасының мамлегерлігі арқасында Дағыстан, Азербайжан, Астраханьмен арада айырбас саудасы да бір сыдырғы жолға қойылды.

Тобекеңнің дипломатиялық-мәмлегерлік қызметінің шыңы Хорезм республикасымен арадағы бейбіт қарым-қатынасты жолға қоюы» - деп Ә. Спанов осы саладағы қайраткерлігін әділ бағалайды.(Қараңыз. О. Спанов. Тобанияз. 44 бет. 1995 ж. Ақтау).

Тобекеңнің қайраткерлігінің жаңа қырын дипломат ретінде ашқан осы 1921 жылғы Бесқалаға барған сапары.

Хиуа хандығы мен Адайлар арасындағы ежелден келе жатқан барымта-тастыс күшейіп, шекаралас отырған ауылдарды түрікпен жасақтары жиі шауып кетіп отырған соң, Тобанияз бұл мәселені орталықтың алдына қойған. Алайда, Қазақстан үкіметінің талабы жағдайға ықпал ете алмайды, әрі, үкімет басшылары өздерің бейтараптау ұстап бұл іске жете маңыз бермейді. Тобанияз бұл мәселені ревком мүшелерінің сұрауымен өз қолына алады. Бұл кезде Тобанияздың жақсы қаруланған мықты-әскери күш құруға мүмкіндігі бар еді.(Қару-жарақтың көбі Толстов армиясын талқандағанда қолға түсірілген, әрі бұрын Тобанияздың Түркстан майданының қолбасшысымен тікелей байланысы болған).

Алайда Тобанияз ел билерімен, ақсақалдарымен кеңесе келе Хорезмге жаулықпен емес, елдікпен бітім сұрап бару қажет деп тапты. Кейбір ресми орындардың 3000адамдық әскермен келіп Хорезмді шапты деп көрсетуі шындыққа сәйкес келмейді. Расында білікті өлке зерттеушісі. Ә. Спанов архив құжаттарына сүйене отырып Тобанияз 180адамдық жасақпен(оның ішінде әнші, күйші өнер адамдары билер мен әйелдер де бар)барғанын дәлел дейді. Сонда Түрікпен және Қарақалпақ халықтарының беделді адамдарымен, жергілікті үкімет мүшелерімен келіссөз жүргізіп, жағдайды талқылайды. Шекара, сауда саттық, көші-қон, ел аралығындағы қақтығыс мәселелерін ағайынгершілікпен, бейбіт шешу туралы келісімге келеді. Осылайша ежелден жауласқан көршілер(Адайлар мен Түрікпендер)арасындағы ұзақ жылғы жанжал тиылып, екі ел арасында бейбіт заман орнайды.

30-шы жылдардағы аштықтан босқан Адайлардың көбі Түрікпенстанға барып жан сауғалағанда, екі ел арасындағы тыныштықтың маңызы зор болды.

Қазіргі ашылып жатқан архив материалдары Тобекеңнің Қазақстанның қазіргі территориясының осы деңгейде қалыптасуына тікелей атсалысқан азамат екенін дәлелдейді.

Қазіргі Маңғыстау облысы, кезінде Закаспий облысының құрамында Түрікменстанға қарап келсе, 1920 жылы Тобекеңнің Орынборда Адай уезін Қазақстан Құрамына қосу туралы мәселе көтеруі нәтижесінде, қазір Егемен Қазақстан Республикасының бай өндірістік өлкесі. Бұл да Тобекеңнің еңбегінің жемісі екенін ұмытпағанымыз абзал.

1922 жылы, сол кездегі бірден бір дара билік иесі және елтаныған көсем ретінде, халқы«қарадан шыққан хан»атаған Тобанияз қудаланып, қызметінен алынады және«ұлт араздығына жол берген дінді, ескілікті дәріптейді»деген сияқты айыптармен кінәланады, алайда оның халық ішіндегі беделінің зор екенінен сескеніп абақтыдан босатады.

1925 жылы қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф. Голощекин келеді, Қазақ топырағына келген 30-шы жылдардағы қасірет тікелей осы фамилиямен сабақтас. «Ұлы Қазан төңкерісі қазақ даласына келмеген жанай өтіп кетіпті, сондықтан мұнда да «кіші» Қазан төңкерісі «өтуі тиіс» - деп есептейді. Осы «кіші Қазан төңкерісі» миллиондаған отандастарымыздың өмірін мезгілінен ерте әкетті. Қазақстандағы әдейі ұйымдастырылған жаппай ұжымдастыру мен байларды тәркілеу науқандары қазақ елінің тарихындағы ең бір қасіретті 1932 - 33, жылдардағы жаппай ашаршылық қырғынына бірден бір себепшісі болды. Әрине бұл қырғын біздің өлкеміз Маңғыстауды да айналып өткен жоқ. Тобанияз кезінде бұл салтына қарай біртіндеп, асықпай жүргізілгені дұрыс. Қазақта орыстардағыдай көп бай жоқ, сондықтан оларға салық саясатын қолданған жөн. Әйтпесе ел бүлінеді. Тізгінді қолдан бір шығарып алған соң бұл тарпаң ел қайыртпайды, жұртын сипап қаласыздар» дейді Тобекең. (Қараңыз. Ә. Спанов. Маңғыстау. 21 қаңтар. 1995 ж). Мұның қаншалықты дұрыс пікір екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Әрине, тарихтан білеміз, голощекиншілер бұл пікірді елемек орны науқандарға да қарсылық білдірді. «Ұжымдастыру елдің тұрмысына, науқанды қайта өрбіте жүргізді.

«Әзірге бізде Адай округінде Адай князі Әлниязов бар, мұндай мыңдап мал айдап, халықты қанап отырған округтің ең ықпалды қожалық етушісі, бұларсыз атқару комитеті түк істей алмайды және бұқараны кедейліктің шырмауынан босату туралы сөз болуы да мүмкін емес» - дейді Голощекин 1927 жылғы Қызылордада өткен IV Бүкілқазақтық партия конференциясында. (Қараңыз. Т. Омарбеков. Ақиқат. 1995 ж.№ 6). Бұл сөздер Голощекиннің қызыл қырғыны алдындағы кіріспесі іспетті.

ОГПУ-дің құпия архив істерінде Әлниязов құрды және басқарды деген әртүрлі ұйымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұлар «Адайды құтқару тобы», «Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымы» тағы басқалары бар. ...Қазақстандағы ПП ОГПУ төрағасының орынбасары жендет Алшанский Голощекинге жазған хатында ...Әлниязов Тобанияз басқаратын контрреволюциялық ұйымдарды әшкерелегенін хабарлайды.

Тобаниязға және оның «контрреволюциялық ұйымына»:«1922 жылы Форт Александровскіде кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған, Адай даласында жергілікті ұлтшылдықты қоздырып орыстарды қуғындаған, кеңес үкіметінің нұсқауын елемей оларды шариғат заңдарымен ауыстырған, Түрікменстан мен Ауғанстанға халықтың жаппай көшуін ұйымдастырған, Құрмаш Қосжанов бандасын қолдаған»-деген сияқты толып жатқан айыптар таққан. Алайда ОГПУ дәлелсіз, негізсіз айыптады.

«Дегенмен жергілікті халыққа сыйлы да құрметті, әрі өзінің де едәуір ауқатты шаруашылығы бар Тобанияз секілді көзі қарақты,көкірегі ояу ірі тұлғалардың дәстүрлі шаруашылықты қорғап, күшпен . ұжымдастыруға наразы болғаны, Адай даласын басқаруға бөтен, орыс ұлты өкілдерінің. жіберілуіне қырын қарағаны. зорлық, зомбылық. пен аштық апаты төніп келе жатқан Адайлардың жан бағып Түрікменстанға жаппай көше бастауларын ұйымдастыруы заңды, табиғи еді деп ойлаймыз».(Қараңыз. Т. Омарбеков. Ақиқат. 1995 ж № 6) Осы пікірлерді айтушы тарихшы, ғалым Талас Омарбеков сол кездегі жағдайды дәл, әділ бағалаған.

1929 Жылы желтоқсанда Тобанияз ұсталып Ақтөбе түрмесіне жөнелтіледі. 1930 жылы ОГПУ-дың үштігі Тобанияз бастаған 69 азаматтарды соттайды. Тобаниязбен бірге 20 адам мал-мүлкі тәркіленіп атылады. Қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге айдалады. Бұлардың көбі Гурьев округтік партия конференциясына 1928 - 29 жылдары Форт Александровскіден сайланған коммунистер еді.

Халқымыздың ең көзі ашық зиялы деген 22 мың азаматтары атылып 44 мыңы түрмелерге қудаланған. 1937 - 38 жылдардағы саяси террордың басы Тобекеңдер кеткен осы 29-дан басталып еді. Барлық адам құқы, оның бостандығы мен өмірі деген адами қасиеттер аяққа тапталып, әкесі үшін балалары жауап бермейді деген адамзатқа ортақ принциптер өрескел бұзылған дәуірде, Тобанияз ұрпақтары да қудалауға түсті.

Тобанияздың Дидар атты баласы жасынан қайтыс болды, ал Бердіхан мен Зәкіржан деген балалары әке үшін қудалауға түсті. Бердіхан азап түрмелерінде көп зардап шегіп, аман оралған кейін соғыста айып батальонында қайтыс болса керек. Ал нағашыларын паналап Түрікменстанға қоныс аударған Зәкіржан сол жақта өмір сүріп, 1974 жылы 52 жасында өмірден өткен. Оның балалары осы Маңғыстауда әр салаларда еңбек етіп жүр.

Тобанияз өмірін зерттеп халыққа жеткізуде белгілі өлке танушы журналист Әбілқайыр Спановтың орасан еңбегін зор қанағат сезіммен айтып кеткеніміз жөн. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің темір, тас қабырғаларының астында бітеу жатқан құжаттар, осы азаматтың бірнеше жылдарға созылған қажырлы еңбегімен, төккен терінің нәтижесінде сөйледі.

Тобаниязды бүкіл ел іздеді, ерлер ізденді. Бүгінде Тобекеңнің болмыс бітімін тұтас-қалыптастырып халыққа жеткізе алсақ ол елінің, жұртының еңбегі. Осы бағытта тарих ғылымының докторы, белгілі ғылым Талас Омарбеков, суретшілер Көшер Байғазиев, Бірғали Баекеев, ардагерлер Дүйсенбі Әріпов, Айтуар Бүркітов, Ізтұрған Сариев, Ысқақ Шәкіратов, Естерек Шаманбаев, Нәдір Нұрғалиев, Нұралы Қазақбаев, Лебен Садуақасов, Жұмабек Лұқпановтар және т. б. көптеген азаматтар осы игілікті іске үлес қосып келеді.

Иә, ел үшін өлген ер шейіт дейді. Тобанияздың мерейтойын өткізгелі жатырмыз, өткізерміз де. Әйтседе бұл той Тобаниязға емес, бізге, оның артындағы ұрпағына, қалың еліне керек. Болашақ үшін, ұлттық бірлік үшін керек деп есептеймін.

Ерін ардақтаған ел азбас, Тобекең халқымен қайта табысты. Осы күнге дейін Тобанияз халқынан қағыс қалса ол біздің кінәміз емес, заман кінәсі, уақыт кінәсі деп ұғынайық, ағайын.

АМАНАТТЫҢ АУЫР ЖҮГІ НЕМЕСЕ Ә. СПАНОВ МЫРЗАНЫҢ «ТОБАНИЯЗЫ»

Егеменді елміз Ата заңымызды қабылдадық. Осы бір екі ауыз қасиетті тарихта қаншама мазмұн мен мән бар. Толарсақтан саз кешкен сан ерлеріміздің жерге тамған қасық қаны, ертеңгі ұрпақ болашағы үшін қиған жаны, ерлігі, елдігі, барлық болмысы бар емес не егемендігіміз де. Әттеген ай, солардың көбінің кеше ғана атын атаудың өзін қылмыс көріп жалтақтадық емес пе.

Сол боздақтарымыздың қаны тамған топырақ тарихына жалтақсыз да, журналистік кіршіксіз адалдықпен қол созған қаламгерлеріміздің бірі де, бірегейі Әбілхайыр Спанов. Оның «Тобаниязы» көз қуантарлық.

«Қызыл қырғын» құрбандарын шырақ етіп алып, өлке тарихына үңілген Әбілхайыр ісін ерлен демеске шараң жоқ.

Өйткені ол да көшпелі елдің жұртының қоламтасын үрлеп, от алмақ жолаушыны көз алдына келтіреді. Соңғы куәгерлердің кейбіріне тек Әбілхайыр ғана үлгеріп қалды десек артық болмас.

Бұған бір мысал: «Тобаняз» кітабындағы Назу әже мен Бердібек қалдырған естелік жатады.

Көре қалдық, Назу әже аса сұңғыла жады бар, ескі тарихты, әсте көп сақтаған адам еді. Бірақ ол әңгімелердің өзіне сақтықпен қарап, соңғы кезге дейін айтпағанда болуы мүмкін.

«Тобанияз» туралы зерттеу журналист Әбілхайыр Спановтың толық қанды дүниесі, автордың жүрек қаны мен жазылған құнды еңбек.

Әбілхайыр бәз біреудей бейтарап жан емес, сол қанды оқиғаларды қабырғасы қайыса нар жүгіндей бүгінге жеткізген атпал азамат.

Ол бейтарап қалай қалар, егер бас аяғы 100 түтінге жетер-жетпес бір ғана Әбілхайыр аулының 1937 жылдың нәубетіне 54 адам ұшырап, соның екеуіне ғана топырақ осы жерден бұйырса, ал отызыншы жылдар ойранынан қанша оралмады.

Қалай ғана бейтарап қалар, өзі 1938 жылдың ылаңынан саяқ жүріп әупіріммен аман қалған қажының баласы болса.

Мен осы бір сәтті туындыны әке аманатының дәнінен өрбіген бе ұғам.

Оған кітаптағы мына сөздер куәдай:

«Айналайын, солардың бәрі жазықсыздан жазықсыз босына кетті, Ақ жолда ақ жолымен кеткен шәйіттер олар, малмы тымақ малшы болғаныңды қалар едім, оған құлқын жоқ. Қағазға үйірлек танытып жүрсің ғой. Бетіңнен жарылқасын. Тек бір айтқанымды ұмытпағайсың. Аман жүріп, өз аузына жетер күн болса, сол арманда кеткен марқұмдарға жақсы сөзіңді бағыштай жүр. Сауаптың ең үлкені сол болады».

Бұл әке аманаты еді.

Сол батып бара жатқан күн шапағымен күміс сақалынан тамған бір тамшы жасты әке аманаты деп қабылдаған Әбілхайыр, сол қасиетті жүкті бүгінгі ұрпаққа жүрек жылуымен ұсынып отыр.

Өркенің өссін, Әбілхайыр. Сенің еңбегің ерлікке пара-пар. Оған сенің арыстанның апанындағы Тобанияз туралы деректерге салған соны соқпағың дәлел бола алады. Тек Тобанияздың фотосын тауып, анықтауың өзі қанша күшке түсті.

Кітапта Адай уезінің тұңғыш төңкеріс комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлының ерлік пен күреске толы өмір жолы, халқын тығырықтан шығаруға еткен еңбегі, зар заман душар еткен қиямет қайым тағдыры сындарлы сөз болады.

Автор мемлекет қайраткері, ақиық азамат, ел ағасы, өнер иесі Тобаниязды сомдай түсуге ересен еңбек еткен. Кітаптың қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік Орынбор архивтері материалдары негізіңде нақты деректер негізінде жазылуы оның құнын арттыра түседі.

Кітап мазмұның оқушы қауымның өзіне қалдырып, дарынды қаламгер Спанов еңбегіне сәт сапар тілейміз.

Әрине замана, уақыт бейнесін жасауда әлі де ойластырар жәйттар болуы мүмкін. Сондай-ақ Тобекең билік сөздері қалтарыста қалмау керектей.

К. МЫРЗАБАЕВ

АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ

1930 жылдың 26 қазан күнгі «Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымы туралы» өлкелік партия комитетінің бюросының қаулысы.

1.ПП ОГПУ-ға Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымы туралы коллегия үкіміне сәйкес, оның дүние-мүліктерін тәркелуді толық жүзеге асыру ұсынылсын.

2.Табын, Маңғышлақ және Жылқосы, Ойыл және Алты Қарасу аупарткомдарына бұл мүлікті толық есепке алуды жүзеге асыру ұсынылсын. Оның үстіне ұсынылған уставқа сәйкес, мұның 06 проценті ТОЖ-дар ұйымдастыруға жұмсалулары және 50 проценті кедейлер мен батырақтарға таратылып берілуге тиіс. ТОЖ-дарды ұйымдастыру кезінде рулық принциптен аулақ болу керек. Жекеше қожалықтарға мүліктер таратқанда да осыны ұстанған жөн.

3.Үгіт-бұхара бөлімі барлық партия ұйымдарының жұмыстарын қайта құру қажеттігінің көрінісі ретінде және кеңестерге қайта сайлау кезінде ауыл бұхарасының белсенділігін көтеру мен бұл аудандар да пәрменді кеңес үкіметін құру үшін ГПУ-дың Әлииязовтың контрреволюциялық ұйымы бойынша материалдарын пайдаланып, 3 күндік мерзім ішінде партия ұйымдарына хат және осы аудандардағы кеңестерді қайта сайлауға байланысты Қазақ Орталық Атқару комитетінің үндеуі даярлансын.

БК(б) Казкөлкомның хатшысы

ГОЛОЩЕКИН

(Алматы саясаттану және басқару институтының партия архиві, 141-том, 464 іс, 8 байлам)

Қосымша № 1

Қазақстандағы ПП ОГПУ үштігінің 1930 9 қазандағы Т. Әлниязов және басқаларды қылмысты істер кодексінің 58 бабы 2 тармағы бойынша айыптап (іс № 2434, мәжіліс хат № 35-к) шығарған үкімнің көшірмесі. (Ескерту: жақша ішінде аттар мен фамилия құжатқа солай түскен, сірә ол айыпкердің әкесінің есімі мен өз атының жұртқа белгілі сыңары болуы керек - Ә. С.)

Әлниязов Тобанияз Көбжанов Қуандық
Атанов Мұхамедшар Көбеев Оспан
Байжанов Асар Маймақов Жолдыбай
Балқиев Сағындық Нәубетов Қожа

Бекназаров Шәкір Омельянович Вас.

Ғұбайдуллин Садық Амвросиечи
Дауылов Орынбаса Оңғалбаев Қонарбай
Жұбанов Талпақ Оңғалбаев Қажы
Жұбаев Садық Ожаров Балкот

Иманғазиев Отарбай Омаров Жұмағали

Қожықов Қалым Омаров Хайрош.

- атылсын, еңбек үлесі қалдырыла отырып (жанұясының үлесі - Ә. С.) бәрінің дүние мүлкі тәркіленсін.

Қосымша № 2

ҚОРЫТЫНДЫ

1930 жылдың 10 қыркүйегі. Гурьев ауданының прокуроры Денисов бұрынғы Адай округіндегі төңкеріске қарсы ұйымның іс бойынша айыптау қорытындысымен таныса келіп таптым:

1.Айыптау қорытындысы өзінің тарихи бөлігіндегі сияқты іс бойынша тергелгендердің нақты айыптау бөлігіндегі де жағдаймен және алдын ала тергеуде алынған материалдармен толықтай сәйкес келеді.

2.Айыпталғандардың әрекеті ерекше қауіпті қылмысқа жатады; 10 жылға тарта уақыт басқа аудандардың тап осындай төңкеріске қарсы топтарымен тұрақты байланыс жасап отырған.

3.Бұл төңкеріске қарсы ұйымның байланысы Ауғанстаннан шыққан басмашы отрядтар арқылы ССР-дан тысқары жерге таралып жатты деп есептеуге толың негіз бар.

Осының негізінде тергеушінің айыптау қорытындысымен келісе.?

(Прокурордың қолы қойылған жарты бет қағазға қолмен асығыс жазылып іс соңына тіркеле салынған - Ә. С.)

АРХИВНАЯ СПРАВКА

Дело по обвинению Алниязова Тобанияза 1875 года рождения пересмотрено судебной коллегией по уголовным делам Верховного Суда КазССР 8 февраля 1962 года.

Постановление бывшей тройки при П.П. ОГПУ в Казахстане от 9 октября 1930 года и постановление Президиума Гуряевского областного суда от 3 января І961 г. в отношений Алниязова Тобанияза отменить и дело производством прекратить за отсутствием всего состава преступления – реабилитирован.

Директор архива М. X. АВИЛОВА

Исполнитель Г. Т.ЖАКЫПКАЛИЕВА

ТОБАНИЯЗ БЕН СӘТТІҒҰЛ

Ел тағдыры жолындағы күрестегі айластықтан туындаған Тобанияз бен Сәттіғұл достығы ұрпаққа үлгі етер сыйластықтың сырлы-аяқтай көркем көрінісі.

Тобанияз төңкеріс комитетінің төрағасы мандатын Ә. Жанкелдиннен қабылдап, ел ағасы деген ресми атаққа ие болды. Халқы ақ киізге хан көтеріп сыйлады, Ол бұл беделге төгілген шешендігі, қара қылды қақ жарған әділдігі арқасында ие болды.

Осы сәт Сәтекең жырынан орын тапты.

Тобанияз Орынбор съезіне қатысқаны үшін түрмеге жабылды. Сәтекең қабырғасы қайысып мұны да жырға қосты.

Халық жауын жырға қосу – басын бәйгеге, тігуге пара-пар еді. Тобанияз үшін бәріне де дайын екенін танытты Сәтекең. Бұл жыр әртүрлі деңгейдегі қауіпсіздік комитеттерінің бақылауымен оқушыдан көп жыл қақас келеді. Ол жыр үшін сан адам жаза шекті.

Сәтекең мен Тобекеңнің көзіндей, арымас достығына қойылған ескерткіш бұл жырлар туған топырағына жасырынбай, жатсынбай аяқ басса - бұл да егемендігіміздің арқасы.

СӘТТІҒҰЛ

ТОБАНИЯЗ ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕНДЕ

Жаратқан Қадыр жұмыласын,
Көп тұрған екен түзетіп,
Бұл заманды құрғалы-ай,

Ай менен күнді шам қылып.

Дүние жүзі нұрлады-ай,
Ібіліс дұшпан ізбенен,
Атамыз Сафи тұрғалы-ай,
Одан бұрын Құдайға,

Құлшылық екен қылғаны-ай.

Ғаршыда сабақ айттырып,

Періштілер тыңдады-ай.

Сөйтіп заман тұрғанда,
Дәрежесі артылып,
Үлкендік ойлап, тартынып,
Адамға сәжде қылмады-ай

Көкірек-көңлі кепкеннен.

Тәкаппарлық еткенмен,

Тауқымет тартып шырлады-ай.

Жылан менен шайтанның,

Қосылысып сырлары-ай.

Жегізді бидай азық қып,
Сонаң соң Алла жазғырып,
Атамыз Сафи, Ауа-ана,

Жәннетте дәйім тұрмады-ай.

Бірінен бірі айрылып,

Қосыла алмай үш жүз жыл.

Қасірет-қайғы шырмады-ай.

Қапа болған бұрын ду,

Алланың талай құлдары-ай.

Ғазіреті Жақыптың,

Арыстан өңкей тұлғалы,

Он eкі дейді ұлдары-ай.

Көкірек-көңіл, өскеннен,

Ең кенжесі Жүсіпті.

Атасынан айырып,

Ағалары ұрлады-ай.

Сөйтіп жүрген күнінде,

Нарқы шығып арзанға,

Кеміген баға пұлдары-ай.

Оларға қапа бұл жалған.

Біздерге қалып тұрғаны-ай,

Әуелден байқап қарасақ,

Халқының жақсы құрбаны-ай.

Көтеріп көңіл хоштады.

Табылса сездің ырғағы-ай.

Заманнан заман кеміген,
Айтпады жауап беріден,
Мұсылманды кәпірден,

Мирасы екен қорғамақ.

Келе жатқан бері қарай.

Ғазіреті Ғали-шеріден.

Пайғамбар-патша Сүлеймен,
Дүниеден көшерде,
«Адамға зиян етпе» - деп,
Ант алған жын мен періден,

Қалың жұрт басып баға алмас,
Сасқаннан айла таба алмас,

Айрылса қорған-елінен.

Қазақ - Алшын - Байұлы,

Пайдаланған халық едік,

Хахараның кеңінен.

Заманнан заман тарылып,

Бұрынғы дәурен қалынып.

Адасқан халық жөнінен...

БАЛАСЫ ЗӘКІРЖАННЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН

- Әкем ұсталғанда 7 жасқа қарағанмын. Біздің елдің үрдісі бойынша оған кәке дейтінмін. Есіл кәкемнің кескін-кейпі, сөйлеу мәнері, қимыл-қозғалысы әлі көз алдымда сайрап тұр. Бейне жадымда жаңғыра бергісі келетіндей аракідік сол қалпында түсіме де енетінін қайтерсің. «Бас кеткен соң кеуде лас» - кәкем ұсталды-ақ, біздің үйді пәле-бәтердің бәрі келіп шырмады. Әуелі мал, мүлік тәркіленді. Олар қолына түспей қалған іске асар бұйым, жиһазды қызылкөз белсенділер тартып алды. Ағайын, туманың жанашырлықпен ауыздарынан жырып берген аз мал қарасы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Бәрінен батқаны қоңсы боп отырған ағайындардың басы саудаға түсті. Біртіндеп олардың қарасы да сирей берді. Бізбен көшіп кетер алдында жылап айрылысқан сол ғазиз аға, жеңге, апалардың алақанының жылуы мен көңіл шуағын әлі сезінемін. Ақыры амалсыздың күнінен 1931 жылы ата мекеннен шешем Дөңбай екеуміз жаяу жалпылап қашып шығып елден ел, жерден жер асып Қарабұғазға келдік. Бүкіл қара орманымыздан тигені шешімнің түйіншегі ішіндегі біркиер көнтоз киімдеріміз болды. Сол жылдың күзінде мектепке бардым. Бірақ менің Тобанияздың баласы екенімді біліп, шошып кетіп қабылдамады. Менің ағыл-тегіл шұбырған көз жасыма қараған Сұлтанмұратов деген бір мұғалім ақыры басын тәуекелге тігіп фамилиямды нағашымның атына Бақтыбаев деп өзгертіп оқуға қабылдады. Содан соң осы уақытқа дейін нағашы атамның атағымен жүрмін. 1931 - 1933 жылдары Қарабұғаз, Красноводск қалаларында болдық. Бірақ Тобанияз жанұясы болғанымыз бір жерде байыз таптырмады. Байрамалыға көштік. 1937 жылы осында 7 жылдық мектепті үздік бітірдім. Содан кейін Красноводскідегі педагогикалық училищеге түстім. Мұнда 1940 жылдан жақсы оқитын оқушылар айлық алатын болды. Олар ВЛКСМ-ға өтті. Бірақ бұл жақсылықтың бәрі мені аттап өтті. 1940 жылы училищедегі 370 баладан өңшең үздік 21 баланы, ішінде мен де бармын, іріктеп Ашхабадқа ұшқыштар училищесіне жіберді. Оның қабылдау емтиханын түгел «беске» тапсырғаныма қарамастан комиссия қабылдамай тастады. Себебі баяғы сол - Тобанияз баласы екендігім. 1941 жылы педучилищені үздік бітіріп, Түрікменстанның Мары облысы Түрікмен қала ауданындағы 7 партсъезд колхозына мұғалім болып келдім. Соғыс басталған соң Армия қатарына алуға арыз бергенмін. Ақыры бір күні шақыртып, Кавказдағы Орджоникидзе атындағы әскери училищеге жіберді. Қуанып кеттім. Бұл маған үкіметтің әкемнің адалдығын, ол үшін шеккен менің зәбір-жапамды түсінгені болды ғой деп ойладым. Әттең, мұның да барлық қабылдау емтиханын «беске» тапсырғаныма қарамастан қабылдау комиссиясындағы бір подполковник мұнда оқуыма үзілді-кесілді қарсы шықты. Училище басшыларына арызданып кірейін деген үш күндік әрекетімнен ештеңе шықпады. Тіпті оқуға қабылдау былай тұрсын «саған сеніп қару беріп майданға жіберуге болмайды» деп елге қайтарды. Осылайша Тобанияздың баласы болғаным үшін үшінші рет маңдайым тасқа тиді. Бұл ит тірлікте қатары нан үш рет қалған ақсақ көңілдің келеге келе қоюы қиын екен. Елге келген соң негізгі мамандығым мұғалімдікке де оралған жоқпын. 1942 жылы Ертілеу қызы Әуесқанға үйленіп, шешім Дөңбай екеуін қолынан жетектеп алыс қырға қой бағып кете бардым. Қойшылықтан қор болғаным жоқ. Халқымнан айналайын, қайда барсам да төрі менікі болды. Сонда олардың маған көрсеткен құрметі кәкеме көрсеткен құрметі ғой.

Әттең, дүние-ай, көңлімді аһ ұрғызған екі арманым кете барды. Оның бірі қайран кәкемнің ардақты есімінің ақталса да зерттелмей, халқына жетпей қалғаны. Екіншісі сонау бала күнімде кезімнен бір-бір ұшып, қайта оралуды, оралу былай тұрсын екінші рет көрудің өзін маңдайыма жазбаған қайран ата мекен Буракөл, Қопаның елсіз қаңырады. Естуімше ондағы біздің қыстауымызды колхоз 1953 жылға дейін пайдаланып келіпті. Көкем төрінде отыратын үйіміз төл қора болыпты. Шаңырағымыз шайқалған соң бастары қарайтылмай қалған туғандарымның моласының үстін шөп басып кетіпті. Біз жағасынан құстың жұмыртқасын теретін Буракөл суалыпты. Маңырап отыққан жетім қозы тірлікке осылардың септесуімен соңғы кезде қан қысымым көтеріліп, жүрегім шаншитын кеселге душар болдым. Құданың құдіреті, сырқат берекетімді алған бір сәттерде жарықтық ата мекен - Арқа жақтан жел соға қалса айығып, серігіп, қунап қалатынымды қайтерсің.»

(Ә. Спановтың «Тобанияз» кітабынан)

МӘТЖАН ЖӘНЕ ТОБАНИЯЗ

Исі қазақтың белгілі билерінің бірі, әрісі Ресей берісі Хиуа, Хорезм, Түркпенстанға танымал Мәтжан ел тағдырына түн ұйқысын төрт бөлген қоғамдық қайраткер. Қара сөзге дес бермеген Мәтжан артында үміт артарлық ат жалын тартып мінген інілерінің ішінен Тобаниязды бір төбе биік ұстады.

....Өлсем, артымда сен бар деп кетемін, - деуі үлкен азаматтың сенім емес пе.

«Екінші кездескенде түрмеде жатыр екенсің, кепілдікке алып едім» - Бұл да Мәтжан мен Тобанияздың өзара жақындығын айқындай түседі.

Мәтжан мен Тобанияз туралы жиырмаға жуық әңгіме бар.

Содан бірер сөз қақтығысын хатқа түсіріп отырмыз...

АРТЫМЫЗДА ТОБАНИЯЗ БАР

МӘТЕКЕҢ ҮЛКЕЙГЕН кезінде Тобанияздың ауылына түйеге мініп барыпты. Үйге кіріп отырып, аман-түгел алысқасын, үй иесі отырып:

- О, Мәтеке, өз уақытында атқа мініп, ел аралап билік айтып, сізді олқы болды деп ешкім айтпайды. Ендігіңіздің жарасымы жоқ. сияқты. Балаларың бар емес пе? Бұл қай жүрісіңіз?

Сонда Мәтжан:

- Сені Тобанияз осы мен үш көріп отырмын. Бірінші көргенімде әке-шешең тентек қылды деп керегеге таңып қойған екен, шешіп жібердім, екінші көргенде қалада қараңғы үйде екенсің, сені қашып кетеді деп ешкім кепіл болмай тұр екен, қашып кетсе, орнына өзім жатам деп босатып алдым. Бүгін үшінші көріп отырғаным. Ауылда жатыр едім. Әлнияздың бір баласы ревком болыпты деген хабар жатмызбаған соң өз көзіммен барып көрейінші деп ауылдан шығып келіп отырмын, - депті.

Қасында отырған адамдар әңгіме тыңдағысы келіп: Мәтеке әңгіме айтып отырыңыз дегенде:

- Мен әңгіме айтсын десеңдер ия өзіме, ия ақылыма тиің, - дейді екен.

Сондай уақытта сөйлеп кетеді екен.

- Жаста келді, алдымызда ажалда күтіп тұр. Ажал жетіп, о, дүниеге бара қалсақ, ондағылар сенде келіп қалдың ба? Артыңда үміт артарлың кім қалды? дегенде айтам ба деп жүрген екі адам бар еді... Біріншісі Айдарбай еді, оның би десең би де еді, ер десен ер де еді, бірақ жүрегі қап қара еді. Екінші Тобанияз сен едің...

МӘТЖАННЫҢ ТОБАНИЯЗДЫ ҚАҒЫТУЫ

БІРДЕ МӘТЕКЕҢ түстеніп, демалып отырған үйге ревкомның төрағасы Тобанияз келіп, құс төсек, құс жастыққа жантайып жата бергенде «Уһ!» депті шаршағандық белгісін білдіріп.

Сонда Мәтжан:

- Әкең Әлнияз Бесқалаға жаяулап ешкі айдап, жылына екі рет барып келгенде бір рет те «Уһ» демейтін еді, енді мынау сенің мінгенің ақ жорға ат, төсенгенің құс төсек, жастанғаның мамық жастық, сонда сен шаршамағанда кім шаршасын. Уһлеуің дұрыс қой, шырағым, - деген екен әдейі.

Мәтжанның қартайған шағында Тобаниязға берген жауабы

БІРДЕ МӘТЖАН үлкейген шағында, жолаушы келе жатса, алдынан Тобанияз кездеседі де. өзінің Мәтжанды көрсе әзілдесетін әдетімен:

- Ау, Жарының алжыған шалы-ау, айдалада неғып жүрсің? Өстіп жүріп бір күні далада өліп қаласың ғой, - депті.

Сонда Мәтжан:

- Ия, дұрыс. Мен бұл тірлікте жүргенде қарадан туып, хан болтаный көрсем, одан сол ханның тағынан түсіп, ақылының дал болғанын көрсем деп жүр едім, оның бәрін де көрдім, енді қайда өлсем де арманым жоқ-ау, - депті. Сонда:

- Әй, тілің кесілсін, сен шалдың, - деп Тобанияз мәз бола күліпті деседі.

ТӨҢКЕРІС КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАРАҒАСЫ

Түбек тарихының қилы-қилы таралғы-тағдырында не бір өрен ойлы, орақ тілді адамдардың өмір кешкені хақ. Солардың бірі және бірегейі, Адай төңкеріс комитетінің тұңғыш төрағасы-Тобанияз Әлниязұлы. 1875 жылы түбек төсінде дүниеге келген Тобекең жастайынан көсемсөздің көрігі атанған игі жақсылардан өнеге алып, озық ортаның Ұлағат сөздерін көп тыңдап, оны өз ойынша түйіндей білген, қастерлі сөздің қанатты арғымағы атанған адам еді. Ел аузындағы ақсақал сөздерге қарағанда бұл шешеннің беделі Мәтжан, Қарабала билерден кем түспеген. Тіпті Қарабала «Мұңалдықтар дауы» кезінде Тобекеңмен сайыса отырып, оның шешендік қабілетінің өзінен артық екендігін жасыра алмайды. Ал сол Қарабала өзінің зерделі сөзі ұшқыр ойы, өткір тілімен рулы әлімді тақыршаққа отырғызып кеткен адам болатын. Қарабаланың Тобекеде қарсы келмеуіне қарағанда, оны тек қана сөз сүлейі деп бағалау дұрыс шығар. Тобекең тұтқындалған кезде «бұл адамды сөзге тартсақ, ол жеңдірмейді» - деп қорыққан судиялар сұрақ-жауапсыз оған сыртынан үкім шығарады. Мұның бәрі Тобекеңнің ерен шешен екендігін дәлелдесе керек.

Әрине Тобанияз Әлниязұлы тек шешендігімен ғана емес, ел басқарған көсемдігімен де түбек тарихына алтын әріппен жазылған адам. Оны біз Тобекең ел басқарған он жылдық мерзімдегі атқарған істерінен анық көре аламыз.

Төрағаның алғашқы іргелі жұмыстарының бірі - елді Кеңестендіру барысында өрістеді. Маңғыстау жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының кеңесі құрылғанда оның төрағалығына Тобекеңнің ұсынысы бойынша Нұрсұлтан Оңғалбаев тағайындалады. Сол замандар үшін жергілікті кадрды былайша көтеру әрине қиынның қиыны болатын. Ал Тобекең төңкеріс комитетінің атынан бұл қиындыққа тәуекел жасады.

1918 - 1919 жылдар түбек халқы үшін аса бір қиын кезең болып саналады. Жаңадан құрылған кеңес өкіметін ақ бандалар келіп құлатты. Кеңес өкіметіне қатысушыларды қуғынға салып, салықтың түрлері, еріксіз тонау арқылы елді қайыршылыққа түсірді, Осы кезде Тобекең ақ бандаларға қарсы күресті аса шеберлікпен ұйымдастыра білген еді. Оны дәлелдейтін ел аузында талай-талай деректер де жоқ емес. Соның бірі мынандай: Атаман Толстовтың салық жинаушылары елге аттанады. Бұл хабар Тобекеңе де жеткен.

Тобекең олардың алдынан бірнеше үйлер тіктіріп, қонақтарды қарсы алдырады. Ақ бандаларды әр үйге бес-бестен бөледі де, оның екі жағына өз жігіттерін отырғызады. Шай ішіліп бола берген кезде бұрынғы келісім бойынша Тобекең күні бұрын дайындап қойған қаңылтырды соғып, белгі береді. Сол кезде күтініп отырған жігіттер «Өздеріне тиесілі бандыларды» тұтқындайды. Олардың елден еріксіз алып келе жатқан дүние мүліктерін иелеріне кейін қайтарады. Осындай істердің нәтижесінде атаман Толстовтың әскерлерінің иен дала - Маңғыстауда тас талқаны шықты. Әрі сол шараны ұйымдастырушы тек қана Тобанияз Әлниязұлы басқарған революциялық комитет болатын. Себебі ол кезде партияның шағын ұйымдары талқандалып, толық ұйым әлі құрылмаған еді, Сол атаман Толстов Францияда жүріп, «Ең соңғы адайдың сүйегін көрсем мен армансыз адам болар едім» - деп жазыпты. Ал бүкіл әлем оқыған мұндай тарихи тағылымның дүниеге келуіне ең басты себепкер болған адамды біздің Тобекең атамыз демеуге құқымыз жоқ.

1920 жылғы 4 қазанда Орынбор қаласында Советтердің бүкіл қазақтық бірінші съезі ашылды. Осы съезге Ревком төрағасы Т Әлниязұлы қатысып, бұрынғы Закаспий уезіне қарасты Красноводскдегі 4,5 адай болыстарын Қазақ АССР-не қосу жөнінде ұсыныс жасайды. Сөйтіп, елден іргесі бөлінген екі болыс өзінің тарихи отанымен қайта дидарласқан. Тобекеңнің басшылығымен 1921 жылы Адай уезі тікелей ҚАССР-ға бағынды. Мұның өзі үлкен жетістік еді.

Осындай қиын-қиғаш кезеңдерде төрағаның атқарған жұмыстары сан-алуан. Оның ең бастыларының бірі - елде мектептер ашу, әрі оны аса маңызды қажетті құралдармен қамтамасыз ету. Бұл салада Тобекеңнің аз тер төкпегені байқалады. Оны дәлелдейтін анықтамалар да жетіп жатыр. Біз кезінде Алматы мемлекеттік архиві мен Гурьев облыстық архивінен Әлниязов туралы талай-талай құнды материалдарды жинақтаған болатынбыз. Сондай материалдардың бірінде мынандай мәліметтер көрсетіліпті. «Революциялық комитет жанындағы халық ағарту бөлімі мектептерде балалардың тізімін алды. Мектеп үйлерін әзірледі, мұғалімдер кадрін іріктеді. 1920 - 1921 оқу жылында Маңғыстау уезінде 11 бірінші сатылы мектеп ашылып, онда 772 бала оқыды. Бір-екінші сатылы мектеп ашылып, оған 12 оқушы қабылданды. Уездік оқу, бөліміне Орынбордан 3810 аршын Мануфактура. 223 пар аяқ киім, 980 көйлек, 50миллион сом ақша, 9 мың оқулық жіберілді. Қала бойынша сауатсыздардың тізімі шығарылып, оларды оқытуға адамдар бөлінді. (Гурьев парт, архив, ол-З, 3, д 45, 70 бет).

Тобанияз Әлниязұлының басшылығымен атқарылған айырықша жұмыстардың бірі -Маңғыстау қазақтарын Ойыл жәрмеңкесіне қатыстыруды қамтамасыз ету. Әрі оның қауіпсіздігін сақтау үшін жәрмеңкі комитетін құру, оған адайлардан мүше тарту. Бұл жөнінде Т. Әлниязұлының орталыққа жазған хатының көшірмесін Әбекең (Ә. Спанов) «Маңғыстау» газетіне шығарған болатын. Әрине ол хат бізде сақтаулы құжаттарында да болып шықты. Ал сол хатқа орай Маңғыстаулықтардың ойыл жәрмеңкесіне қатысуына және оның қауіпсіздігіне КазЦИК ерекше мән берген. 1920 жылдың тамыз, қыркүйек айларында Маңғыстаулықтардың бұл жәрмеңкеге қатысқаны жөнінде мынандай тарихи құжаттар сақтаулы «Маңғыстау еңбекшілері Ойыл жәрмеңкесіне 30670 қой, 745 жылқы өткізіп, қажетті заттарын сатып алды. Жәрмеңкеге қатысқан 18.044 адамға 23.479 пұт астық, 144.352 аршын мата, 451 пұт қант, 56 пұт шай, 18.044 сіріңке, 2.227 машина жіптері берілді». («Красный Урал» газеті, 12. IX. 1920 ж. № 152).

Сол жылдардың айрықша беттерінің бірі - елді жайлаған ашаршылықпен күрес болатын. Осыған орай революциялық комитет кезектен тыс шаралар қабылдап, халықты аштықтан құтқарудың жолдарын іздестірді. Айырықша комиссия құрылып, оны тікелей Тобекеңнің өзі басқарған. «Бұл комиссия Астрахань, Петровск қалаларына өкілдер жіберіп. 90 мың 274 пұт астық алдырды. Ақтардан қалған мал-мүліктер есепке алынды. Үстем таптардың басы артық азық-түлік қорлары еңбекшілерге берілді».(Гурьев мем. архив. ф-16, оп-19 -16, 13 бет).

Екіншіден, ревком төрағасы Хорезм, Түркімен елдерімен арадағы жағдайларды реттеп, сауда-саттықты жандандыруға да ерекше мән беріп отырған. Бұл елдермен арадағы ескі байланыстарды қалпына келтіру жөнінде әлденеше рет - елшіліктер жіберген. Нәтижесінде Орта Азиямен жүргізілетін сауда-саттықты айтарлықтай жандандырған. Осындай мәліметтерге қарағанда Тобанияз Әлниязұлының Ірі дипломат екендігі байқалады.

Сол замандарда бандылар өте көп болды. Олар, елдің ішкі байланысын әлсіретіп жіберді. Осы салада Тобекең ерікті халық жасақшыларын құруды, олардың милиция қызметкерлерімен байланыса жұмыс жасауын өзекті мәселенің бірі деп санаған, әрі өз тарапынан ондай істерді атқарып та отырған. Оған төрағаның ұйымдастыруымен көптеген бандылардың ұсталғандығы дәлел. Ол жөнінде мерзімді баспасөз жиі-жиі жазып та жүр.

Міне осындай аса. көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі ақтаңдақтар заманының құрбаны болып, дүниеден өтті. Марқұмның қандай лагерьде көз жұмғаны да белгісіз. Оны анықтау болашақтың ісі болар. Ал Тобекеңді есте мәңгі қалдыру үшін Форт-Шевченко қаласына тұңғыш Ревкомның атын берсек, онда ол кісінің рухын қадірлеудің бір белесі алынар еді.

Бақтығали ИЫҚСАНОВ ,№ 20 мектептің бас директоры.

Мақсат НЫҒМЕТУЛЛАЕВ тарихшы.

ҮЛГІ ТАҚЫРЫПТАР

(Т. Әлниязұлының өмірі мен қоғамдық қызметін мектептерде насихаттау және оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланудың үлгі тақырыптары)

ОБЛЫСТЪІҚ МӘСЛИХАТТЫҢ Т.ӘЛНИЯЗҰЛЫНЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫСЫН НЕГІЗГЕ АЛА ОТЫРЫП, ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ «АҚТАНДАҚТАРЫН» ТОЛТЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ЖҰМЫСТАРДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ.

1.Тобанияз өмір сүрген кезең 1916 ж. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістер.

а).Тобанияздың оған қатынасуы, сол кезеңдегі қоғамдағы оның орны.

ә).Патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы, оған Тобанияздың қарсы болуы.

б).Тобанияздың түрмеге қамалуы.

2.1917 ж. Ақпан, Қазан төңкерістері кезеңіндегі ел жағдайы және Тобанияз.

а).Тобанияздың түрмеден босауы

ә).Ә. Жангелдин сапары, Тобанияздың МУРК төрағасы болып сайлануы.

б).Тобанияздың ел басшысы ретінде күрделі кезеңдегі қоғамдық-саяси қызметі.

в).Тобанияздың өлкеміздегі халық ағарту салаларын дамытудағы қызметі.

3.Тобанияздың дипламатиялық-мәмілегерлік қызметі:

а).Тобанияздың Маңғыстауды Қазақстан құрамына қайта қосу туралы еңбегі.

ә).Хорезм республикасымен арадағы саяси жағдайлар:

б).Маңғыстаудың Кавказ елдерімен Иранмен қарым-қатынас жағдайлары.

4.Тобанияз - өнер адамы:

а).Тобанияз би, оның шешендік өнері.

ә).Тобанияздың зергерлігі, ұсталық өнері.

б).Тобанияз туралы шығармалар.

5.Тобанияз және Кеңес өкіметінің халыққа қарсы саясаты:

а).1919, 1921, 1932 жылдардағы жаппай ашаршылық және Тобанияз.

ә).1937-38 жылдардағы қудалау оның зардаптары.

б)Тобанияз – әділетсіздік құрбаны.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.Ә. Спанов «Тобанияз». Ақтау 1995 ж.

2.Т. Омарбеков «Адай князі кім?». «Ақиқат» № 6, 1995 ж.

3.А. Бүркітов Естеліктер. «Маңғыстау» 1990 ж. 7 желтоқсан.

4.Сариев. Тобанияз: Халық кеңесі, 1995 ж.

5.С. Жанғабылұлы «Тобанияз хан». «Маңғыстау» 1993 ж. 18 мамыр.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙