Мазмұнға өту
Home

Иса Тіленбайұлы

Әбілқайыр Спан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Иса Тіленбайұлы

Әбілқайыр Спан — «Иса Тіленбайұлы». Өмірдерек

/uploads/89fa870b-81a0-537c-92a5-fe13026be149/cover.png

Өмірдерек

ҚАРСАҢДА

Түздіктердің ержүрек, жауынгер тайпасы - Адайлардың орысқа бағынбауы Орта Азия хандықтарын Россияның отарлауынан бір жарым ғасыр бойы сақтап тұрды,- дейді Фридрих Энгельс.

Марксизм ілімінің негізін салушылардың бірі, әрі бірегейі - Фридрих Энгельстің өз заманының көрнекті тұлғасы, теоретик ғалым, тарихи жағдайлардан нақты қорытынды шығара білген сұңғыла болғандығына шек жоқ. Ол негіздеп дамытқан марксизм ілімі бүгінде жоққа шығарылғанмен, бұл ілімнің көсемдерінің көп қағидаларын еш тарих талақтастай алмайды.

Жоғарыдағы тоқтамын Ф.Энгельс Европадағы капиталистік қарым-қатынастардың дамып, қанатын кеңге жайып әкетіп, дамыған алпауыт мемлекеттердің дүниені бөліске салуға деген аранының мықтап ашылған тұсын көрегендікпен зерттеп, саралаған соң барып айтады. Оның дұрыстығы кейіннен толық дәлелденді.

Орта Азия хандықтары — Қоқан, Бұхара, Хорезм (Хиуа) — әрқайсысы өз алдарына дербес, бытыраңқы феодалдық мемлекеттер еді. Бір кездері Ақсақ Темір құрған алып империяның жұртында қалған жұқана осы. Тұрғын халықтары түркі нәсілді. Тәжік пен түріктенген сартазшылық. Әр хандықтың басында үздіксіз болып тұратын тақталасы, бір хандық ішіндегі ұлтаралық араздық хандықтардың өзара ұрысы — қысқасы сан түрлі ұрыс қимылдары онсыз да экономикасы мешеу елді әбден титықтатып болған еді. Сөйтіп, бағзы бір замандарда гүлденген, атақты Жібек жолының бойында мықтап дәуірлеген Тұранның бұл тамтығы енді жедел қарқынмен даму жолына түскен тарихтың тозаңына тұншыға бастаған. Қазақ ол уақытта Орта Азияның солтүстігі бетіндегі ұлы даланың заңды иесі, мирасқоры бола тұрса да, бірде ұзарып, бірде жіңішкеріп дегендей хал кешіп жатқан хандық - басқару жүйесі бар ел болғанмен, жау өтінде қалып, басынан бақ дәурені ұша бастаған ел еді. Адай соның, үлкен бір тайпасы. Мұңалжар тауының сілемі, Жем, Сағыз бойы, Арал сыртынан Үстірт, Маңғыстауға қарай ығыстап, біржола бастапқы байырғы мекенінде тұрақтап қалған.

Қазақтың қай руының да жорық атының тері кепкен жоқ десек, үнемі ел шетіндегі, жел өтіндегі Адайдың бес қаруы белден түспеумен келіпті. Ел аузында жеті жұрт келіп, жеті жұрт кетті делінетін, халықтық атауы есте қалмаған арғы көшпелі ұлыстарынан, одан бергідегі Ноғайлыдан қуып өз жері, баба күлдік, ата-жұрты деп санаған бұл қонысқа аяғы тиген Адайлар қанына сіңісті тарпаңдығына басып дербестігін, тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Оған бір жағынан Маңғыстаудың көп жерінің теңізбен шектесіп оқшау жатуы да қолайлы болды. Үстірт үстіндегі Аюке хан бастаған қалмақ ұлыстарын әуелі Жайық бойына қарай ығыстырып, артынан бір жола әрі асырып, Түрікмен руларын Балқанға қарай келген іздерімен кері қайтару қимылдарының ту көтерушісі болған Адайдың түпкі нысанасы осы дербестігін баянды ету еді. Қазақ тарихындағы бетбұрыс кезең — Әбілқайыр хан бастаған ел серкелері Россияға бодан болуға қол қойғанда онда бір де бір Адай биінің, не батырының қолы болмауы — бұл елдің ол қадамды құптамағаны. Ханды қыздарын берген күйеуі Әбілқайырдың ақылман бәйбішесі Бопай ханым Адайдың қызы ретінде қадірлеп, оның саяси салмағын арттырып, тірек болған Адай бұл мәселеден қалыс қалды. Одан соңғы тарих Адайлардың хандық басқаруға әбден көңілі қалып, одан іргесін бөлектей бастағанын айғақтайды. Озбырлыққа, отаршылдыққа қарсы күрестен бастап, ту көтерген Әбілқайыр тұқымдарын қолдап, қару алған ел олардың қай-қайсысының да елді басқарғысы келген әрекеттерінің бәріне бетін әрі салумен болды. Мысалы, Қаратай сұлтанның көтерілісі кезіндегі негізгі қол Адайлар болғанмен, Қаратайдың хандық билігі жүрген жоқ. Хиуа ханы бекітіп, тағайындаған Қайыпқали сұлтанның аты бар, заты жоқ болумен өтті. Адайлар оның билігін тіпті аяқ асты етіп, ханның өкімі бірде жүріп, бірде жүрмейтін бас зекетшісі деңгейіне түсіріп тастады. Солайынша бұл ел ішкі, сыртқы саясатында билердің ежелгі демократиялық негіздегі басқару жүйесін сақтап қала алды. Содан келіп ел өміріндегі үлкен оқиғалардың барлығы жалпылық ортақ мүддеден туындайтын елдік сипатқа ие болумен болды.

Ф. Энгельс айтқандай, Адайлар Азиядағы орыс отаршылдығына бір жарым ғасыр тосқауыл болумен келсе — ол дербес, жеке дара билікті көздеген жеке тұлғалардың әрекетінің жеңісі емес, бүкіл елдің жеңісі.

Ресей патшалығының бірінші құрбаны Хиуа хандығы болған болса, оған жорықтың тұсауы 1715 жылы кесілді. Дәлірек айтқанда, ол I Петр патшаның сенімді адамы тегі қабардалық бек — Дәулеткерей Бекмурзин.

Бекович-Черкасскийдің арнайы тапсырма бойынша 1760 адаммен Астраханға келуінен басталды. Ондағы желеуі - маңғыстаулық түрікмен Қожанепес Сүйіноғлының Астрахан губернаторына барып, Амударияны баяғы арнасына бұрып, сол арқылы Индияға шығып, ең байлыққа кенеліп, империя іргесін кеңейту туралы ұсынысы. Құланның қасынуына мылтықтың басылуы деп, Хиуа ханын да түлен түрте қалып, дәл сол кезде Қызылсудан қамал салып бер деп, орыс патшасына өтініш жасай қоймасы бар ма?

Черкасский сол сапарында Каспий айдынына шығып, теңізді картаға түсіріп, зерттеп, Түпқарағандағы бұрыннан орны бар қамалды жаңғыртып, оның шығысынан 120 шақырым жердегі Бекдұрлы Ишан шығанағынан тағы бір қамал орнын негіздеп, Қызылсу шығанағына барып леңгір (зәкір) тастады. Ақыры 1717 жылы 3 мансаптағы әскер, 1 мыңдай көші-қон қызметшілері бар, ауыр қолмен артынып-тартынып қыр жолымен Хиуаға жорыққа шықты. Осыншама әскер күші барлығына қарамастан жорыққа елшілік сипат берілген болды.

Черкасский жорығының қайырсыз ақыры туралы талай жазылды. Оларды түгел қайталап жату артық. Назар аударалық бір жайт, ол қазақтар тарапынан қолдау тапқан жоқ. Черкасский бұл жердегі халық бізді жақсы қарсы алды десе, ол Түпқараған жағалауындағы түрікмендерге қатысты. Жорыққа ақырына дейін сенімді жолбасшы Қожанепес бастаған сол түрікмендер болып қалды. Аюке хан қосып берген Менді Қасқа бастаған қалмақ жолбасшылары жолшыбай Үстірт үстінде бір түнде тып қойып, қашып кетті. Олардың бұлай етуіне Аюкемен құдандалы, жырынды Менді Қаскамен де аралас-құралас Адайлардың ықпал етуі бек мүмкін.

Черкасский жорығының сәтсіздігінің себептері сан-саққа жүгіртіледі. Бірақ, соның патша кезінде де, коммунистер кезінде де ортақ бір мәмлесі - қорқақ, екі жүзді азиялықтардың опасыздығы дегенге әкеліп тірейді. Оның нақты себебін дөп басып берген Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев болды.

"Рас Бекович-Черкасский дәл мұндай істі еңсеріп тастауға шамасы келмейтін шалағай кісі болып шықты. Бірақ, гәп оның әйелі мен қыздарының өлгенінде де емес, қайтадан шапан киіп, шашын тақырлатып алдырғанында да емес, Хиуа ханының тұмсығының алдында жер ойдық қол шұбыртып, бір Каспийді үш рет айналып, көлеңдеп кеп жүріп алғанында еді. Дәл мұндай оралымсыздыққа Бекович-Черкасский ғана емес, ол кездегі орыс үкіметі де айыпты тұғын. Мұндай жартылай әскери, жартылай дипломатиялық миссияға өйтіп алыстан орағытып, алдын-ала екі жыл бойы зерттеу жүргізіп, ырғалып-жырғалудың көк тиынға да керегі жоқ-ты...

Дәл осындай оралымсыздық дәл сол кезде Орта Азияға Сібір жақтан жеделдетіп жетіп алу жоспарын да жүзеге асырмай тастады."

Әбекеңнің меңзеп отырған екінші оралымсыздығының дені Астрахан, Орынбор бағытынан Хиуаны бетке алып шыққан сауда керуендері. Әдетте қалыптасқан дәстүрде сауда керуендері бейбіт болар еді. Мұнда керісінше жүкші саудагерлерінен гөрі, керуенді жолшыбай қарулы қарақшылардан қорғаймыз деген желеумен ерткен әскері кеп. Оқпаның үңірейтіп сүйреткен зеңбірегі тағы бар. Үргелек хал кешіп отырған, ереуіл аты белдеуіндегі қыр елінде мұндай керуен, сөз жоқ, жасанған ауыр қол түрінде қабылданады. Елдің ұзын құлағы арқылы дақпырты алысқа кетеді. Ұран оты жағылады. Міне, сондайдың бір мысалы, Гавердовский бастаған керуен. Оған қатысқан саудагер Евфаф Кайдалов кейіннен "Керуен жазбалар" деп кітап жазып қалдырып, соңысында аңылжыған, Үстірт даласында керуенді қоршаған ауыр қол әскердің жан-жақтан қоршалып не ілгері, не кейін жүре алмай, әлденеше күн соғысып, жеңілгенін, керуеннің талауға ұшырағанын шебер жазады. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

Оралымсыздығынан әбден опық жеп алмайынша, қорытынды шығаруға орашолақ халықтың бірі — орыс. Соның тағы біріне дұрыстап тоқталып, бүл айтқанымызды жете дәлелдемесек, үлкен халыққа орынсыз кінә артқан болып шығамыз. Алпауыт мемлекеттердің қашаннан көз құрты қадалған ел - Индия болумен келген екен де. Наполеон билігінің басында мықтап дәуірлеген Франция соның бірі. Индияны ежелгі дұшпаны Англиядан тартып алғысы келген Франция бұл мақсатына жету үшін Россияны қолдас болуға шақырды. Сөйтіп 1791 жылы М.де Сент-Жени деген француз саясаткері II Екатерина патшайымға Индияны жаулап алудың жоспарын ұсынады. Ол бойынша орыс әскері Бұхара, Кабул арқылы ұлы Монғол империясын қалыпқа келтіреміз деген желеумен Орта Азия хандықтарын өздеріне қосып алып, аттануға тиіс болды. Екатерина патшайым бұған басында біраз еліккенмен әрі көңілдесі, әрі мемлекет кайраткері Потемкиннің кеңесімен бой тартып қалады. Екатеринаның орнына таққа отырған баласы I Павел керісінше бұған құлай кетеді де, 1800 жылы Наполеонмен Индияны жаулап алуға келісе қояды.

"Индия тұрғындарының күңірене тартып отырған тақсыреті Франция мен Россияның да қабырғасын қайыстырды, содан екі үкімет Индияны ағылшындардың зұлымдық және тағылық бұғауынан құтқару үшін, өздерінің күштерін біріктіруге шешті. Осыған байланысты біріккен армия өтетін жолдағы елдердің билеушілері мен халықтары қорықпауы керек. Керісінше, бұл оларға барлық күштерімен және қол көмектерімен мұндай мәртебелі де даңқты істің орындалысына атсалысуға мүмкіндік береді. Себебі, бұл мақсат барлық жағынан алғанда өте-мөте әділетті. Керісінше, ұлы Александрдың бүкіл әлемді жаулап алуындағы мақсаты тіпті әділетсіз" деп, мәлімдеме жазды. Көп тарихшылардың I Павел ағзамға берген делқұлы, дарақы деген бағасымен осыдан кейін келіспеуге болмас. Бейне үнді халқы бізді ағылшын құлдығынан құтқара көр деп, жасын төгіп мінажат қылып жатқандай сөйлеуінің, сөз саптасының сыйқын-ай! Жорық жолындағы мемлекеттердің ұлы Моғол империясын қалпына келтіріп бере көріңдер, деген өтініші қайда екен? Жақсы, Павел кемпарық болды дейік. Ал, әккі, тақыс саясаткер император Наполеонға не жорық?! "Индияға ондағы Англия үстемдігін жою үшін жасалатын жорық" туралы жоспардың негізгі авторы сол. Ол жоспар бойынша Франция мен Россия жорыққа екі жақтан 35 мыңнан 70 мың әскер шығаруы керек болды. Жорық бағытын анықтау үшін генерал Гарден бастаған топ Россияға жіберілді. Бұл топ болашақ жорықтың қолайлы 124 бағытын жасап, соның 86-сының Россия жеріндегі бөлігімен жүріп өтті. Соның нәтижесінде Наполеон төмендегідей жоспар жасады: Рейн армиясының корпусы Дунайды бойлап, Қара теңізге түседі. Одан Россияның кемелеріне отырып, Таганрогқа жетеді. Онан әрі Дон Пятихатқа, Царицын барып кемемен Еділ бойлап, Астраханда орыс армиясымен кездеседі. Содан соң екі армия кемеге тиеліп, Каспийден өтіп Герад, Феррах, Қандағар бағытымен Индияға өтеді. Сонда француздар үшін сапар 120 күнге созылады деп есептелді. Ал Павел нұсқасы бойынша орыс әскері Дон, Орынбор, Бұхара, Хиуа, Герат барып, француздармен кездеседі. Кеудемсоқ Павел ол жоспарын орындауға кірісіп те кетті. ("Вокруг света" № 5 2003 ж.) Дон әскерінің атаманы генерал Орлов бастаған 40 казак полкі (22507 адам) 24 зеңбірегімен жолға шығып, 1801 жылы 1 наурызда Еділден өтті. (Павел бұл қолға қосымша тағы жаяу әскер де жіберуге уәде етті.) Айта кету керек қолдың бір полкі (500 атты әскер) қалмақтар еді. Әскердің жорық атаманы кейіннен атақты генерал, орыс-француз соғысының батыры Платов болатын. Ол шерудің басында жүрді. Бізге кейіннен осы сапар туралы атаман Платовтың естелігі жетті. Оның айтуы бойынша әскердің алды Гурьевке жете бере, арттан Павел патшаның өлгені туралы хабарға қоса, I Александр патшаның кейін қайту туралы бұйрығы 25 наурыз күні келіп жетіп, жорық тоқтатылды".

Дон қазақтарының даңқты атаманы Матвей Иванович Платовты білеміз. Қарапайым ортадан шыққан, мейлінше адал, үкіметке, патшаға қызметімен жағып, биік мансап, абыройға жетсе де, сол баяғы мұжық, долан қалпында қала барған атаман Платов 1815 жылы Варшавада көп серіктеріне мына бір қызықты естелігін айтады. Оны ез құлағымен тыңдаған декабрист Н.И.Лорер арада көп жыл өткен соң жазған "Менің кезеңімнің жазбалары" атты естелігінде келтіреді. Оқиғаның қалай болғанына қанығу үшін Платовтың сол әңгімесін толық келтіруді жөн көрдік. "Мен, мырзалар, император Павел Петровичтің кезінде бір қызметтесімнің қаралауымен Петропавловск бекінісінде Алексей Петрович Ермоловпен бірге отырдым. Мен генерал майор шенінде, соған дейін дондықтарды басқарып келгенмін. Қамалда қамауда отырып, тағдырымның қалай шешілерін білмей катты қапаландым. "Қайғырма, қазақ, атаман боласың" дейді А.П.Ермолов. Бір күні түнде мені сарайға шақырып, патша ағзамнын кабинетіне кіргізді. Патша ағзам алдына тіземді бүгіп, құлай кеттім. Патша тұруға бұйырды да: "Генерал Платов, мынау менің суретім бейнеленген шақша саған" деді. Бұл мейірім шапағат себебін білмесем де, патшамыздың қолынан сүйдім. Патша сөзін жалғастырды: "Донға бар, полктарыңды жина да, жорыққа шық. Аттанар алдында, бағытын белгіленген картаны, қайда барарың жайлы нұсқауды аласың. Оны алысымен менің бұйрығым орындалғаны туралы рапортынды сенімді офицермен жібер. Ал бар..." Павелмен ойнауға болмайтын, сондай адам еді ол, ішімнен оның маған бұл тапсырманы жақсылыққа бола бермегенін сездім... Павелдің мені қаралаған жазбаға сенгенін, бұл істің мені құртуға бағытталғанын да білдім. Қалай болғанда да іске кірісу кажет болды. Донға келдім де, тез 20 мың қазақты жинадым. Дұға оқып, беймағлұм сапарға дайын болған кезде, патша ағзам уәде еткен карта, жорык бағыты, бұйрық та келіп жетті. Ашып қарасам сапар Индияға... Мәссаған, безгелдек! Мен мұның бәрін патша ағзамның бұйрығы бойынша өте құпия сактадым. Міне, Саратов губерниясынан өттік, Астрахань да артта калды, казақтың ұшы қиырсыз кең даласына шықтық. Өз жерімізде келе жатқан дондықтарым көңілді ән шырқап, дауыстары сембей келе жаткан. Полковниктер мен офицерлердің өздерін қайда бастап бара жатқанымызды білгілері-ақ келіп еді, бірақ мен құпияны ашпай-ақ қойдым. Күн бірте-бірте ысып барады, азық-түлік саркылып келеді, ауыз су да жиі-жиі болмай калады, тек аяқ астында жексұрын сұржыландар ғана сумаң кағады. Жорыққа шыққанымызға алты аптадан асты, кейін ораламыз деген үміт жок, бәріміздің басымыз осы далада қурап қалардай көрінді. Басында мен патша ағзам бізді шағын сапарға шығарып, аптығымызды басып, кейіннен мейірімі түсіп қайтарар,- деп ойлағам. Жо, жоқ... келген жағыма қарай кейін шақырған шабарман көрінер ме екен деп, қарағыштаумен-ақ келемін... Бір күні таңертең старшиналар мен жүзбасылар полктардың екі күннен бері сусыз қалғанын, әскердің абыржулы, қазақтардың ілгері жүргісі келмейтінін мәлімдеді. Әскербасылар менен қайда апара жатқандығымды айтуды сұрады... Жағдай жаман! "Балаларым, ертеңге дейін тұра тұрыңдар, — дедім мен, — таңертең құдай бейнесін шығарып шоқынамыз, сосын әскерге қайда бара жатқанымызды айтамын". Жолдастарым тұнжыраңқы күйде тарап кетті, мен де ұнжырғам түсіп шатырыма ендім, бұрқамның үстінде бүктісіп жатып, мені не өз адамдарым өлтіреді, не Павел бұйрығын орындамағаным үшін дарға асады,-деп ойладым. Анда да, мында да аңдып тұрған әйтеуір бір өлім. Егер ертең кейін қайту жайлы бұйрық болмаса, бүкіл әскеріммен түріктерге ертіп кетіп, жаңа әміршіге қызмет етейін бе деген де шешімге келдім... Осылай түнді көз ілместен өткіздім. Таң атты. Кенет шатырымның етегі козғалды да, адам дейін десең адамға ұқсамайтын, шайтан ба десен шайтан емес, аңға да ұқсастығы аз, әлдекім еңбектеп бері енді де "су...су..." деп қырылдады. Орнымнан атып тұрып, жерде құлап жаткан әлгі мүсәпірдің аузына су тамыздым. Сонда ғана ол тілге келді: "Павел өлді Император — Александр. Донға қайтыңдар!" Алғашкы сәтте қорқып кеткенім соншалык, қуанарымды әлде қайғырарымды білмедім. Іштей мынау жансыз болып жүрмегей деп те ойладым. Бұйрықты оқыған соң ғана куануыма тура келді. Александрдың патшалык құрғандағы бірінші бұйрығы, сөйтіп біздің Донға кейін оралуымыз туралы бұйрық болыпты, бізді жолда куып жетіп, кері қайтару туралы әмірді алып шабарман шықкан екен, содан тек біреуі ғана аман, онда да соңғы демін тауысуға жакындағанда жетіп, патша бұйрығын орындаған беті екен. Ертеңіне біз көңілді түрде жаңа патшамызға ант беріп, туған станицаларымызға қарай беттедік. Алайда көп адамдарымыз бен аттарымызды жоғалтқан едік.

Міне, құдіретті әміршінің бүйрығының құлы М.И.Платовтың әңгімесі осы. Жалған айту, қолынан келмейтін можантопай адамның жүрек жарды шыңдығы, шынайы акиқаты екендігі көрініп-ақ тұр. Сірә, патша үкіметі айғыр акылдау Павел патшаларының, бүйректен сирақ шығарған бұйрық-жарлықтарын жария ете беруге кұлық таныта бермесе керек, Платов жорығы туралы мәліметті бұдан өзге басылымнан әзірге ұшырата алмай жүрміз. Сөйтіп ол да әзірше тарихтың белгісіз бір парағы болып қалуда.

Бұл қол I Павел белгілеп берген бағыт бойынша Үйшіктен тіке Хиуаға тартуы керек еді. Жол бойы сыңсыған Адай ауылдары. Адайдың бәз баяғы ұлы Моғол империясында шаруасы шамалы. Қажет десе, оны білмейді де. Сондықтан орыс әскерінің ол империяны қалпына келтіру мақсатына пысқырып та қарамайды. Қырғиқабақ жүрген орысқа қол ұшын беруге де кұлық танытпайды. Олардың ішінде ата жаулары қалмактардың да барлығын білген соң ит жыны құрыстай жөнелетіні тағы белгілі. Оны азсынсаңыз осыншама нөпір қолдың жолшыбай жергілікті халыққа сапар ауыртпалығы тағы болады. Қысқасы егер орыс қолының алды ел шетіне жетісімен қырғын соғыс басталар да жөнелер еді. Құдай сақтап ол болмады. Сөйтіп Адай елі бір нәубеттен аман қалды. Павел патшаның ажалы араша түсті елге.

Әбекең патша үкіметінің Орта Азияны отарлаудағы сол кезеңге қатысты іс қимылына оралымсыздық деп баға берсе, отарлау мәселесінде патшалық Россияның тікелей мұрагері, мирасқоры Кеңес үкіметі бұл бағытта тіпті оспадарсыз болған екен де. Бұл үкіметтің де Индияға қарсы араны ашылған да тұрған. (Ұқсамасаң тумағыр дейді,- қазақ мұндайда). Соның нақты дәлелі керек болса міне — 1921 жылы Польшадағы Француз әскери өкілдігі жолшыбай ұстаған В.И.Лениннің құпия радиограммасы.

"Сыртқы істер Министрлігінің сенімді өкілі Гоннерге. Көшірмесі Сурицке. № 150. Сіз, Ауғанстан үкіметіне біздің оған кең көлемде көмек көрсете алатынымызды ресми түрде жеткізе аласыз. Біз Ауғанстанға миллион сом алтын, он екі аэроплан, әуеден қорғау жабдықтарын беріп, Кушка-Кабул телеграф желісін тартып, 15 мың мылтық береміз. Есесіне біз саясатымызды жүргізу үшін Индияға еркін өткел беріп, ашып, көмектесуді, сондай-ақ шекарадағы тайпаларға қару мен техникалар жеткізіп, Кабулде баспахана құрып, ауған баспаханаларын Индиядағы жұмысымыз үшін пайдалануымызға беруді талап етеміз." Ал, керек болса! Ойнайсың, құнан қойдың сақасымен! Ақ империяның отаршылдығын қызыл империяның отаршылдығы жолда қалдырған жоқ па?

Россия ауыз жаласқан досы Наполеонмен араздасып, соғысып, оны жеңіп, кұм қаптырған бойда Азияны отарлауға тағы бет бұрды. Бұл жолғы әдіс алғаны соншалық, бұрынғы оралымсыздықтарынан арылып, мысықтабандап әрекет етуге көшті. 1813 жылы Грузиядағы патша әскерінің бас қолбасшысы Инфантерия генералы Ник.Фед.Ртищев Түркменстанға дербенттік армян көпесі Иван Мұратовты жіберді. Бұрын да Астрабадпен сауда жасап жүрген жырыңды саудагер түрікмендердің басшысы Сұлтан ханмен тіл тауып, оның елшілерін Кавказға ертіп келді. Орыс үкіметінің сый-сияпатына аузы қисайып қалған Султан хан мен оған қарсы Персия шахының сенімді өкілі Абул Гусейн хан мен арадағы жік осыдан соң мүлдем алшайып кетті. Түрікмендер екі жаққа жарылды.

Бір жағы Персияға көшті. Түрікмен жағын осылай етіп алған патша үкіметі 1819 жылдың жазында Хиуаға гвардиялық бас штаб капитаны Николай Муравьев басқарған елшілікті аттандырды. Осы сапар жайлы кейіннен жазылған кітабының алғы сөз кезінде айтылғандай Н.Муравьевтың бұл сапарының басты мақсаты "Ұлы Петр патшаның өсиеті бойынша Татария деп аталатын кең дала арқылы Индиямен тұрақты сауда қатынасын ұйымдастыру еді." Каспийдің, Гурген өзенінен бастап жүзіп, Қызылсуға келген Н.Муравьев осы жерден керуен түзеп Хиуаға барды. Онда ұзақ болып, Мұхамед Рахим ханның қабылдауына кіріп, елдің саяси, экономикалық жағдайымен мұқият танысқан ол кейіннен "Түрікмения мен Хиуаға саяхат атты" үлкен еңбек жазып қалдырды. Өте құнды еңбек. Мұнда Маңғыстауға қатысты да біраз жайт қамтылады. Мысалы, Каспийдің сол уақыттағы шығанағы Қайдакесімін өзі аттас құстан алыпты. Қайдаққа аяғы жетіп жатқан, қазіргі 10-темір жол бекетінің жоғарғы жағында Шілікті дейтін қапы сай бар. Бақсақ, Шілік деген де құстың бір түрі екен.

Хиуаның тамырын осылай басып алған патша үкіметі енді қанатын қомдаңқырап іс-қимылын қатаңырақ өрістетті. 1925 жылы қыста Үстіртке келген полковник Ф.Ф. Берг басқарған әскери экспедицияның басты мақсаты Хиуаға барар жолды әскери барлау, қиқар, бағынбайтын түздіктерге, оның ішінде Адай тайпасына орыс қаруының кереметін көрсетіп сескендіріп қою болды.

1825 жылы 15 желтоқсанда Сарайшық бекінісінен өкше көтерген экспедиция арада апта өтпей жатып-ақ, жаугершілік қимылға кірісті.

"22 желтоқсан күні мен отрядтың екінші колоннасынан үш полкті қауырт түрде әртүрлі үш пунктке жібердім. Сөйтіп, кейбір бүлікші басшылар мен олардың сыбайластарын және жантүршігерлік еріксіздікте азап шегіп жүрген россиялықтарға айырбастау үшін қажет болған көптеген кепілдіктерді ұстап алуға үлгірдім", — деп жазды полковник Берг Орынбор генерал губернаторы П.К.Эссенге берген рапортында. 25 желтоқсан күні экспедицияның шолғыншы жасақтары Қарақамыс аралынан қарулы үш қазақты ұстап алды. Сол күні кешкісін полковник Циолковский бастаған Орал казактарының жасағы тағы 198 казакты тұтқынға алады. Ауылдың қалған адамдары қамыс арасына жасырынып қашып таптырмай кетеді. Сол күні полковник Берг жергілікті халыққа арнап төмендегідей үндеу жазады:

"Сағыз өзені мен Жемнің сағасынан Маңғыстауға дейінгі көшпелі қырғыз тайпаларына.

Сіздердің Каспий теңізінің жағасындағы Россия балық кәсіпқойларына көп жылдардан бері созылып келе жатқан қарақшылық шабуылдарыңызбен оларды ұрлап Хиуаға сатуларыңыз, үстіңізден тағайындалған ұлықтарыңыз Қаратай сұлтан Нұралыхановқа бағынбауларыңыз қатаң шаралар алуға тұрарлық. Бірақ, өзінің бағыныштылары ретінде сіздерге мейірімі түскен үкімет кіналылар мен кепілдердің тек біразын ғана алып кетуге бұйыра отырып, маған сіздердің әйелдеріңіз бен балаларыңызды және дүние — мүліктеріңізді тапсырды. Бұл шараны үкіметтің қырағылығының айғағы ретінде естеріңізде мәңгі сақтаңыз. Одан бір де бір сұғанақ ешқашан еш жерде бой тасалап қалмақ емес. Сондықтан қандай да болсын тонаушылық әрекеттер мен Қаратай сұлтан үкіметіне зәредей қарсылық сіздерге жердегі құдіретті патшаның әділетті реніші мен кектегі тәңірінің қаһарын әкелетінін мәлімдеймін. Соған куәлік етіп өз қолымды қойып, гербілі мөрімді бастым.

Полковник Ф. Берг " (АВПР. Главный архив. 1-9. Ед.хр.Ш)

Полковник Ф.Бергтің үндеуінде айтылған Қаратай сұлтан Адай еліне ресми сөз жүзінде ғана басшы болғанмен, оған бұл жақ бағынуды әлдеқашан қойған еді. Соның ел жадында сақталып қалған мысалы:

Бірде Қаратай нөкерлерімен келе жатып, Адайдың атақты батыры Атағозы Айтқұлұлына жолығып қалады. Қаратай семіз, өте ірі адам болса, Атағозы керісінше, аса ұзын, қайыңның безіндей кісі екен. Сірә, екеуінің бірінші жүздесуі болса керек. Әкесі Нұралыны тақтан тайдыруда көзге түсіп, оның үстінен патшаға жазған арызға бастап қол қойғаны үшін Адай батырына қыжылы мықты Қаратай хан атын бұлдап бірінші болып тиіседі.

— Көкте — "Атағозы", "жерде — "Атағозы" деуші еді. Ойда — орыстың жанына, қырда қазақтың малына тыным бермей, алдыңа салып айдап жүрсең де, шыр бітпеген екен ғой.

Батырлығының үстіне алдаспан қылыштай өткір тілді Атағозы қарымта сөзден тосылған ба, Еруліге қарулы, былай деп салады:

— Өлеңді жерде өгіз семіреді, келенді жерде доңыз семіреді. Өлімді жерде молда семіреді, өлекселі жерде карға семіреді. Қаралысында қатын семіреді, қайғысыз хан семіреді.

Сенің кеудеңді бүлік, менің кеудемді күдік кеміреді. Қабырғасына қайғы, шеміршегіне шер батпаған хан ел мен азаматтың жайынан не біледі?! Ендеше сен семірмей — кім семіреді?! Топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп, бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанам. Мен арымағанда кім ариды?

Батыр осылай деп тастап, жолынан қалмай тарта беріпті.

Қаратайға солай қарайтын елді оған бас иіп бағының деп келе сала жекіріп, кіжінушіге бұл ел содан соң қалай іш жылытады. Берг ұлық болса өзіне, патшасына ұлық. Ал мұндағы елге кеудесіне нан піскен көп орыс төресінің бірі. Далалық саясатта бірден осылай сыр алдырған Бергтің тағы бір сақалдатқан жері бар осы үндеуде.

Екі аяқты пенденің, аузына алдымен құдай түссе керек еді. Мейманасы тасқан полковник патшасының атын алғы кезекке шығарып жіберіпті. Сөйтіп, екеуінің де өкілі ретінде қол қойып, мөр басуын қараңыз. Қашанда құдайына қараған Адай Хақ тағаламен тақ таластырған тасыр пенде бар деп, болады деп мойындаған емес. Алла өкілдігін бұл ел түсінігінде бір-ақ адам — Мухаммед пайғамбарға ғана берген. Бұл үндеуден соң сондай ел алдында Берг беделден мүлдем жұрдай болды. Адайлардың қарсылығы өршіп кетті. Әйтсе де экспедиция өз міндетін ойдағыдай орындап, ерте көктемде Сарайшыққа аман оралды. Ол орыстың отаршылдық шежіресінде жарқын беттер болып жазылғанмен қазақ үшін көп қасірет әкелген сапар болып қалды тарихта. Ең бастысы ол Хиуа хандығын, оған барар жолдағы Маңғыстауды түбегейлі бағындырудың шешуші бір қадамы болды.

Н.Муравьевтің ізін ала Каспийге Г.С.Карелин бастаған экспедиция келді. Петербургта оқыған, астанадан Аракчеевтің келемеш суретін салған шалдуарлығы үшін алыс өлкеге қуылған Г. Карелин өз кезеңінің білімдар адамы еді.

Біз күні кешеге дейін даламызға келген орыс саяхатшыларының денін марапаттап, мадақтап, бейне солар болмаса өз жеріміздің, еліміздің қадір-қасиетінің бағасын білмей өтетіндей аспандатып бағумен келдік. Бұл сөз жоқ-ақ, орыстың беті бері қарағанын мақтасақ қызыл орысқа да жағамыз деген жәркелеш, жарамсақ, мүттәйім коммунистер мүсіндеген ұлы орыстық шовинизмнің ләббайшысы — көрдемше саясат еді. Осы ретпен отаршылдық шабуылдың алғы шебіндегі әлгі саяхатшылардың бәрі дерлік ғұлама, жарты пайғамбар болып шыға келді, Г.Карелин де соның бірі. Жоғарының жергілікті халықты үркітпей бетін бері қарату туралы қатаң нұсқауы бар, ол аяғын өте сақтықпен басты. Жергілікті Адай тайпасына жыртқыш, қорқау деген бағасын бере отырып, олармен бейбіт мәмлеге келуге тырысты. Оның бұл әрекеті Адай тарапынан белгілі бір дәрежеде құпталып қабыл да алынды. Олай етуге іргелес Хиуа хандығының бұларға деген дұшпандық қарау саясаты да себеп, қозғау болды.

Дәл сол уақыттағы Адайлар мен Хиуа хандығы арасындағы саяси жағдайды біршама суреттеген құжат — Адай батыры әрі басшы Сүйінғара Үргенішбайұлының ауылдағы молдасы әрі хатшысы Исмаил Шахмардан Батырхановтың Г.С.Карелинге жазған хатын түгел келтіруді дұрыс көрдік. Хаттың жазылған мерзімі — 1830 жылдың жазы. Яғни, Карелиннің Каспийге бірінші сапары кезінде.

"Сіздің бұл өлкеге келуіңізді құттықтаймын. Сіздің қаруыңыз өткір, жүзіңіз жылы, тәңірім жолыңызды оңғарсын, мақсатыңыз орындалсын. Хиуаның қанқұмар құзғындары қазақтардың күшін әлсіретіп, ерлік рухын түсіріп болды. Мен өзім жыл сайын Хиуаға барып тұрамын. Хан да, оның жанындағылар да орыс жақындап келеді,- деп қорғаныс әрекетінде, бас июге де бар. Түрікмендер орыс келсе, Балқан аспақ, біразы Бұхараға көшпек. Ал, қазақтар дал. Жақсы мен жайсаңдары маған ақыл салады. Мен айттым: Көпті көрдім, білемін. Берер ақылым — қайда қаңғырасыңдар. Кіші жүздіктермен қырбайсыңдар. Ор өзенінің бойына орыстар қала салып қойды. Сондықтан орысқа бағыныңдар. Өздерің тиіспесеңдер орыстар өздігімен сіздерге тиіспейді, берілдіңдер ме -тыныш жүріңдер. Олар сөзіне мәрт, сендер дінге берік болыңдар,- деп кеңес бердім.

Олар Сіз келген ретте жолығуға құштар. Антқа адал Адайлар көп те, бай да. Жасыратыны жоқ, Сізге дейінгі орыс экспедициясы үш келді. Біріншісі М.Циалкоизский. Ол Шерғазы ханның айтуынша, Жем суы жарамсыз деп қателесіп, құдай мақсатына жетуді қоспаған. Жолбасшысы жақсы орынды көрсетпеген. Жем бойындағы бар жақсы көлдерді жасырып қалған. Көрсетсек қала салып бізді қуып жібереді,- деп қауіптенген. Бұл істерді енді Сіздің аяқтауыңызға құдай қуат бергей. Жем бойында Маш, Шүкіркөл, Саздыкөл, Сима деген 4 көл бар, бәрі балығы көп, шабындық қамысы шүйгін, қазақтар жағасына тары егеді, суы тұщы. Енді Сізге көру ғана қалып тұр. Егер қала салсаңыздар қаскүнемдердің соры қайнады деп біліңіз. Бұл күлтеңізден 7 шақырым. Егер қала салуды ойласаңыз мен көрсете аламын. Біз қапалымыз, хиуалықтар бар малымызды барымталап тонады болды. Сіздің келе жатқан хабарыңызды естіп, құдайға мінажат қылып, дұға оқыдық. Сізден қорғаныш болуды күтеміз.

Г.Берг, Генс экспедициялары қазақтарды ақ, қарасын айырып жатпастан тонады, орыс үкіметіне қарсы қойды. Сондықтан да жолдары болмады. Құдайым Сізге шыдамдылық берсін, бізге бақыт әкеліңіз. Біз Сізге сенеміз. Сіз саудагер емессіз, Сіз елді тонауға, күштеп бағындыруға келмей, бүкіл ісіңізді ақылға бағындырыңыз.

Сіз өзіңізді күшті санамаңыз, өзгеге астам қарамаңыз. Адайлар туралы Сіздің барлық талабыңызды орындауға бақұлмын, ақыл бергеніме ғафу өтінемін. Мен өз тіліңізде жазылған хат күтемін. Өзіңізбен кездескенде іс толық шешіледі. Ұлы адамдар кешірімді келеді, менің де өткендегі күнәмді кешірерсіз.

Өзім туралы: әкем өлерінде бізге өсиет қалдырып, жастарың жетіскенде Россия үкіметінің құлы болыңдар деген еді. Сондықтан да мен Сіздің қарамағыңыздамын. Әкем Россияда туып, қазақ жеріне кетіп, қазақтан әйел алды. Одан біз төрт тумаласпыз. Әкем Орынборда Балконский князьға адал қызмет етті. Бұл хатты Адай тайпасының батыры Сүйінғараның руласы молда Исмаил Шахмардан Батырханов жазып отыр. (Флоры Сред.Азии. Биография. Г.С.Карелина).

Исмаил Шахмарданұлы Батырханов есімі ел арасында Сарымолда, Саришан есімімен қалды. Жарының Тастемір аулына киімді бала болып кірген. Атақты Айтқұл жырау, журналист Оразаухан Ізбасаровтың, техника ғылымының докторы профессор Алпамыс Айтқұловтардың арғы аталары. Жоғарыдағы хатында Г.С. Карелиннен өткендегі "күнәларыма кешірім өтінемін" дегенде ол Орынборда декабристер қозғалысына тілектес болды делінеді. Сонысы белгілі болып қалған соң қазақтар арасына қашып кетеді. Мұнда келген соң, Сүйінғара батырды паналайды. Сүйінғараның басындағы құлпытас татар емлесімен жазылған. Соған қарағанда, оны жазған адам Сармолда-Шахмардан болуы. Шахмардан бұл хатын орыс тілінде жазыпты. Соған қарағанда, Г.С.Карелинге хатты өз тіліңізде жазыңыз деуіне қарағанда, ол орысша өте сауатты адам болған. Шахмардан уәдесінде тұрып, кейіннен орыс үкіметіне адал қызмет етті. Г.С.Карелин салған Қызылтастағы Новопетровск қамалында тұрып, үкіметтің жасырын тыншысы болды. Хиуаның казак арасындағы өкілі Қайыпқали сұлтанның қамал комендантына келген сапарын құпия түрде мәлімдеген осы кісі. (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева "Махамбет және Маңғыстау ", "Нұрлы Әлем." 2003 жыл 107 бет) Орынбор архивінде Ш.Батырхановтың Адай арасынан жазған бірнеше тыңшылық мәлімдемелері сақталған. Соған қарағанда, ол о баста патша үкіметінің Адайлар ішіне арнайы жіберілген адамы болуы да мүмкін. Оның ол қызметіне баға беру жауапкершілігінен адамыз. Иманды болғыр Сармолда Саришан — Шахмардан Исмаилұлы Батырханов өз кезінде осы елдің сауатын ашқан, имандылыққа уағыздаған дін өкілі болды. Мешіт, медресе ашып, бала оқытты. Қазір басына ел әулие тұтып түнейді. Марқұм әріптес ағамыз Оразаухан Ізбасаров өзінің Сармолда ұрпағы екенін мақтаныш етіп, үнемі айтып отырар еді. Ағасы Айтқұлдың, өзінің жыршылық өнерін сол Сармолда аталарынан жұққан кие дейтін.

Г.С.Карелин үкіметінің өзіне тапсырған міндетін толығымен орындады. Қызыл тастан қамал салды. Қателігі — теңіздің кайтып бара жатқанын қаперге алмады. Содан келіп қамал ғұмыры ұзақ болмады. Стратегиялық жағынан Хиуа хандығының өкпе тұсында болғанымен, қыста теңіз арқылы орталықпен қатынас тоқтап қалатын. Әрі жергілікті халықтың көш жолынан қиыстығы себепті тигізер ықпалы да болған жоқ. Ақыры оны құлатып, қазіргі Форт-Шевченко тұрған жерден, баяғы Бекович-Черкасский қамал салатын жерден басқа қамал салуға тура келді. (Ол туралы әңгіме кейіннен).

Адайлардың негізгі күн көріс кезі — мал шаруашылығы. Өсіретін түлігі — қой мен ешкі, түйе, жылқы. Қысқа азық дайындамайды. Мал — жыл он екі ай аяқтай жайылады. Қыстаулары сай-сайдың тұйығындағы көнқора. Тас үй салу ел тұрмысына әлі дендеп ене қоймаған. Осыдан келіп жұтқа көп ұшырайды. Малы жұтаған жатақтар балықшы болады. Бұрын балықты түрікмендер ғана аулайтын. Келе-келе қазақтар да балықшылыққа ден қойды. Осылайша ол да күн көріс көзіне айналды. Қайдақ, Өлі Қолтық шығанақтары түгел дерлік қазақтардың иелігінде болды. Жем — ол уақытта үлкен өзен. Жоғарыда Ш.Батырханов атап көрсеткен суы тұщы көлдері де балыққа толы.

Теңізден орыстар да балық аулайды. Дауылмен ыққан олардың кемелері кей-кейде қазақтар мекендеген жағалауға шығып қалатын. Олардың аман қалуы сирек. Сол уақытта бұл елдің бір оданы кәсібі бар еді. Орыстарды топ-тобымен ұстап алып Хиуаға құлдыққа сататын. Капитан Муравьев 1819 жылы Хиуаға барғанда сондай орыс құлдарының өте көптігін қынжыла жазған. Адайлар өздері құл иеленбеген. Бірақ, діні бөлектерді құлдыққа сатуды айып санамаған. Осылайша, Хиуа хандығын құлдармен қамтамасыз етіп тұрған. Шығасыға иесі басшы,- деп олардың бұл әрекеттері ақыры жазасыз қалған жоқ. 1825 жылы Ф.Берг экспедициясы жолшыбай қазақ ауылдарының ау құралдарын тартып алды. Қайықтарын өртеді. Артынша орыс үкіметі Қайдақ пен Өлі Қолтықтағы теңіз қарақшыларын біржола құртамыз,- деген желеумен арнайы жазалаушылар шығарды. Басшысы — Фелькерзам Курляндияның неміс ақсүйегі. 1905 жылғы орыс-жапон соғысындағы адмирал Фелькерзамның аталары. Осылайша бұл соры қалың Адайға орыстан өтіп немістің де төмпешін көруге тура келді. Осы жорық - бұл кәсіпті тұралатып кетті. Көп адам тұтқынға алынып, ішкі Россияға жер аударылды.

Бір жақтан орыстардың жаулығын көріп жатқан елдің ежелгі бір дұшпаны — Хиуа хандығы да қарап қалған жоқ. 1832 жылы Бозашыда отырған Сүйінғара батырдың аулын шауып, інісі Кежіні, баласы Бүркіталыны, келіп, серіктерімен қоса өлтіріп, екі қызын тұтқындап әкетті.

Хан Қызылтас қамалының салынғанын кеш біліп сан соғып қалды. Адайларға қамалды құлатуды тапсырып еді, оған бүл тарпан ел құлақ аса қойған жоқ. Кайта, би Әнет баласы Мая бастаған ел ақсақалдары қамалға сойыс малдарымен қол ұшын берді. Г.Карелиннің тапсырмасымен орыс керуенін бастап, Хиуаға барған Маяұлы Бәйменбетті хан аманатқа алып қалып, әкесінен 1 мың жылқы, 180 өрелі киіз алып босатты. Г.С.Карелин Мая биді құрметтеп, алтын сақина тарту етті. Бәйменбетке мол сый жасады.

1839 жылы генерал губернатор В.Перовский Хиуа ханына қарсы жорыққа шықты. Бірақ, жорық сәтсіз аяқталды. Перовский көп адамынан, көлігінен айырылып, кері оралды. Осы жорыққа зарлықпен алынған 2450 қазақ кірекеші суыққа үсіп өлді. Осылайша, ол да ел өміріндегі үлкен қасірет болып қалды.

Орыстардан қаупі мол Хиуа екі арадағы Адайларды өздеріне тартып бұл елмен жақсы қарым-қатынаста болуы керек еді. Амал не, олай болмады. Қайта, өз басын сағаттап жүрген, елде беделі жоқ Қайыпқали сұлтанды хан қылып тағайындап, Адайлардың намысына тиді. Қайыпқалидың хандығы ел тарапынан қабылданған жоқ. Ел керісінше, Мая, Қалбы сияқты билерінің, Сүйінғара сияқты батырларының аузына қарады. Сүйінғара батырлығының үстіне би де еді. Ел аузында, "Қырымқұлдың қырық биі бар, ең төменінің өзі тоқтылы қойдыңдауын екі ауыз сөзбен шешіп кетеді",— деген мадақ сөз бар. Қырымқұл аулынан би көп шыққан және бұлардікі атадан балаға ауысқан тұқым қуған билік. Мысалы Мая бидің баласы Бәйменбет, Қалбының баласы Ғафур. Ғафурдың билігі — баласы Қожаға ақындығымен қоса жұқты. Адайдың билік дарыған ендігі бір әулеті — Олжашы Сегізбай. Сегізбайұлы Қорек сол уақытта алқаға түскен, Хиуа ханымен арада жүрген мәмлегер болды. Бозащыдағы елдің билігін Есен Сейіт, одан Түр, одан Ерменбет ұстады. Тобышта Көбен бидің аты аспандады. Бүл нағыз демократиялық негіздегі басқару жүйесі болып қалыптасты. Және өзін толығымен ақтады. Билермен іргеден келіп жатқан орыс үкіметі де, Хиуа хандығы да, санасып отырды. Әккі, тақыс Г.С.Карелин қазаққа қатысты істердің барлығын билерсіз шешпейтін. Керекті жерінде билердің ауылдарын орыс қаруымен Хиуаның шабуылынан қорғауға да дайын болды. Ежелгі дұшпандары Хиуа хандығын осы елдің көмегі арқылы ғана жаулап алуға болатындығын білді. Түпқарағаннан күшті бекініс салып, іргесіне балықшы қазақтарды әкеліп орналастырып, бүл өлкеге мықтап орналасып алған орыстар, Хиуаға жорықтың қамына мықтап кірісті. Ілкі қам ежелден сыннан өткен әдіс — әскери барлау еді. Дәл осы кезде Үстірт үстінде екі ұлы империя Россия мен Англияның мүдделері тоғысты. Хиуа ханымен тіл тапқан ағылшындар 1839 жылы Үстірт үстіне Джеймс Аббот, Ричмонд Шекспир дейтін екі офицерін жіберді. Оларды Сисем ата түбінде картаға түсіріп жүрген жерінен Сүйінғара батыр ұстап алып, Кетіктегі қамалға тапсырды. Россияда үш жыл тұтқында отырғаннан кейін еліне барған бұл екеуі кітап жазып қалдырды. Өкінішке орай, бұл кітап қазақ оқырмандарымен әлі кездескен жоқ. Сәтті күнін күтулі. Онда Сүйінғара туралы құнды мәліметтің болуы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

Әскери барлау ісі Россияда ежелден жақсы жолға қойылған және бұл қызметке білімді, ержүрек адамдар іріктеліп тартылатын. Мысалы Шоқан Уәлиханов ең алдымен әскери барлаушы. "Дерсу Узаланың" авторы атақты В.Арсеньев те солай. Бір қызығы, әскери қарсы барлау дербес қызметтері болып 1903 жылғы 21 ақпанда құрылыпты. Құрған сол уақыттағы соғыс министрі, генерал адъютант, бірнеше әскери академиялардың құрметті мүшесі — Алексей Куропаткин. Бұған дейін әскери барлаумен Сыртқы істер министрлігі, әртүрлі департаменттер, Соғыс министрлігі жапатармағай шұғылданып келді. 1853 жылы түбекке келген бас штаб офицері, топограф, подпоручик А.С.Алексеев — 2 сондай барлаушы маман еді. Ол әуелі Бозащыны зерттеді. Өкінішке орай, оның бұл өңір туралы жазылған ішінде қолмен салынған 9 суреті бар тамаша еңбегі 1932 жылы жоғалып кетті. Бір үзіндісін С.Асфендияров "Қазақ ССР тарихының очерктеріне" енгізді. Мен содан аударып, жарияладым кезінде. Алексеевтің құнды еңбегі "Солтүстік Үстірттің топографиялық сыйпаттамасы" деп аталады. Ішінде бірнеше суреті бар. Бұл шын мәнінде осы өңір жайлы жазылған жан-жақты зерттеу еңбек. Тілі өте көркем. Құдды Шоқанның тіліндей кестелі . Бұл әскери барлаушылығының үстіне ғалым. Негізгі міндеті Хиуа мен екі арадағы жолдарды, су көздерін жазып, картаға түсіру екендігіне қарамастан, ол көп нәрсеге ғалымның көзімен қарапты. Тілмашсыз жүрген. Соған қарағанда ол сол уақыттағы ресми шығыс тілі — татаршаны жетік білген. Сонда оған қол ұшын бергендердің бірі -Сам Даңұлы би екен делінеді. Самның қызметіне риза болған топограф не бұйымын бар,-деп сұрайды. Орыс география қоғамының дәстүрлі сыйлығына ұсынатынын аңғартады. Сонда сұңғыла Сам, осы бір құмды менің атыммен картаға түсір,- депті. Топограф оны орындайды. Үстірттегі Сам құмының аталу сыры осы.

А.С.Алексеев бүл өңірлердегі құдықтардың ащы, тұщылығын, суынын бір кезде қанша ат, түйе қандыра алатынын, төңірегінде өсетін шөп түрлеріне шейін тәтпіштеп жазады. Зеңбіректерді сүйреп шығуға болатын жер Өрмелі дейді. Үстірт өрнегінен шығатын төте жол — Маната. О баста бұл өте киын асу еді. 1962 жылы оңдалғанға дейін әлденеше жол апаты болып, көп кісі өлген. Алексеев бұл асудың қиындығын жазып, тек атты әскер ғана шыға алады,- дейді. Жол бойындағы құдық суы ол уақытта тұщы екен. Шығуға қолайлы Манатаның солтүстігіндегі - Қаратүйе дейді. Оның суы алаулы, ауыз су көзі — Жарық сайын бойындағы тайыз құдықтай келіп, кіші Қаратүйе, Алтын тау астындағы бұлақ, Байқадам шыңырауын меңзейді. Алтын таудың суретін береді: Алтын тау атануы 1832 жылы Г.С.Карелин осы жерден күкірт қол медалын тапқан. Топырағы алтын түстес, сары жалқын. Бұл Үстірт өрнегінің ең биік жері. Содан кейінгі биік тау — Айрақты. А.С.Алексеев болашақ Хиуа жорығының ұрымтал бағыты,- деп Солқ, Қызыладыр, Ұзын бағытымен жүрді. Соған қарағанда, ол маңай да күңілгері мұқият зерттелген. Бірақ, ол еңбек әлі ұшырасқан жоқ.

Бұл барлаулардың барлығы Хиуа хандығынан құпия жүрді. Ханнан көп қорлық көрген Адайлар барлаушыларды ұстап берген жоқ. Кайта оларды қолдап, көмек көрсетіп отырды. Адайларға сол себепті өшіккен Хиуа хандығы мезгіл-мезгіл аламандарын жіберіп, елді қан қақсатуын тоқтатпады. Жаугершілік, ел тонау, талау — Орта Азия хандықтарының сонау Ақсақ Темір заманынан сіңісті дәстүрі еді. Тіпті, күн көріс кезінің бертіні болатын. Зымиян Хиуа ханы бұл іске әуелден қазақтар мен қырбай түрікмендерді пайдаланды. Жауынгер Текелер ханның гвардиясы іспетті болды. 1832 жылы Сүйінғара шабылған соң, Адайлар Маңғыстаудағы түрікмен ауылдарын шаппақ болды. Бірақ, қоңсы отырған Бәйімбет ауылдарының жігіттері ара түсіп алып қалды. Қазақтармен аралас-құралас Қожа түрікмендерімен араздыққа жол берген жоқ.

1839 жылы ханның үлкен жасағы Бозашыға дейін келіп, Сүйінғара аулын тағы шапты. Оған қоса, көрші отырған Сары ишан-Шахмардан Батырхановты 9 жерден елімші етіп жаралады. 300 қой, 30 жылқы, 15 түйе, 20 бұхара шапанын, 5 мауыт пальтосын, 15 Хиуа тілласын тартып алды. (ЦГА КР Ф4, оп.д.4910)

1844 жылы Қалбы, Мая билер орыс үкіметіне өздерін Хиуа езгісінен құтқарып, бір жола орыс қол астына өту туралы өтініш жасады. Соған кектенген Хиуа 1848 жылы 400 аламанын аттандырды. Бірақ, көңілдері құлақтанып қалған қазақтар Кетіктегі қамалға хабар беріп, орыс әскерін алдырып, Бекі маңында Адай қолы мен орыс әскерін, хан әскерін тас талқан қылып жеңді. Осы ұрыста өлген орыс әскерін жерлеп, басына ескерткіш көтерді. Кейіннен ел ауызында "Кәпір там" аталып кеткен ол мола әлі бар. Осы ұрыста жау жағынан тұтқынға түскендерді кейіннен Хиуа ханына құндарын алып, сатып есе қайырды. Және жай қайтармай құлақтарын кесіп жіберіп, енді, кайта бері беттеместей етті. Кекті Хиуа аламандары 1854 жылы Солтүстік Үстірттегі ауылды шапты. 260 атаманға қарсы Қармыс, Төлеп батырлар бастаған 60 адам ерлікпен шайқасып жеңді. 1856 жылы Қараған, Босаға жерінде Балуанияз, Балтеке, Тұрмамбет батырлар бастаған аз қол Хиуаның 1,5 мың қолын жеңді.

Осы қарсаңда, бір топ Хиуа аламандары Күйкен үстінде отырған Байбоз, Жанбоз руларының тоғыз ауылын бұйқыт шауып, көп адамын өлтіріп, мал-жанын олжалап кетті. Шапқыншылардың ізінен түре қуған аз қол ұрыс салып, жаумен қиян-кескі ұрыс ашты. Доспамбет, Матай Есенияз, Байбоз Жәнет, Төленді, Керпе Әндірейдін. Қабылы, тағы басқа ерлер ерлікпен өлді. Құты қашқан аламандар қашарында, алып келе жатқан тұтқындарды қырып кетпек еді, Байбоз Ықылас батыр ат қойып келіп, аман алып қалды. Бұл ұрыс — бұл елдің тарихында ерлік үлгісі ретінде қалды. Ол туралы өлең, жырлар, Шыршығұлұлы Нұрым жырау "Тоғыз ауыл" атты тамаша дастан шығарды. Қазір, ол шайқас болған жерге ескерткіш қою қамы жасалып жатыр.

1859 жылы Маңғыстау түрікмендерінің ханы — Ата Мұрат Бәйменбет Ғафурге хат жазып, Хиуа ханына қарсы орыстармен одақтасуға шақырды. Бұл Хиуа ханын жоймай бейбіт өмір сүруге болмайтындығына көз жеткен соң, барған соңғы қадам еді. Бірақ, бұл одақтың баяндылығы болмады. 1861 жылы Маңғыстау Түрікмендерінің көп ауылы баяғы қандастарының артынан Ставропольга көшті. Олар осы күнге дейін сол жақта тұрып жатыр. Патша үкіметінің кейіннен Маңғыстау түрікмендеріне Нұралы ханның баласы Пір алыны хан қойып, бұл елдің еңсесін көтергісі келген әрекетінен ештеңе шыққан жоқ.

1844 жылы Адайға дистанциялық билеу тәртібі енген еді. 1867 жылы ел 5 старшыннан екіге бөлініп, дистанция басшылары болып, Ғафур Қалбин мен Бәйменбет Маяев тағайындалды. Екеуіне зауряд хорунжий деген атақ берілді. Кезінде Қоңырқұлжа сұлтан, Есенейлердің де зауряд хорунжий болғанын ескерсек, бұл үлкен лауазым. Ер дистанция басшысының өзін қорғайтын 40 әскері болды. Ауыл-ауылдарды старшындар биледі. Басшыларға кең өкілдік берілді. Жазалыны — билердің кесігі, оған қоса, имамдардың шариғат соты соттайтын болды. Бұрын шет жақтағы ел Хиуа ханына зекет төлейтін болса, енді тиылды.

Бәйменбетке қамал коменданты Сарытастан тас үй, сауда дүкенін, шағын базар салып берді. Жайлаулық жеріне Түбіжік бөлінді. Ғафур ата күлдігі Қарашажы, Тасбасты мекендеді. 1867 жылы Маңғыстаудың жері, суы мемлекет меншігі деп, жарияланды. Бұл елдің ұғымында жер иесі — Құдай. Содан кейін хадық. Әр рудың, атаның меншіктеген жері бар. Әулеттің атақты адамы жерленген жер енді сол әулеттің иелігінде. Қазған құдығы ортақ игілік. Сондықтан "Ел ауа" атанған ұлы сүргін басталды.

Жем бойынан патша үкіметі Даукескен қамалын салған. Ондағы мақсат — ел "кеженей" деп атап кеткен әр түтіннен бір қой салық жинауды реттеу еді. Көп жерде ол зорлықпен, артығымен жиналып отырды. Оған қарсы шыққан ел көтеріліп, Даукескен қамалын әлденеше рет қамады. Патшаның жазалаушы жасақтарымен толассыз ұрыс жүргізді. Бірақ күш тең емес еді. Жеңілген көтерілісшілер басқа елге боса кешті. Ықылас Досұлы бастаған Кіші жүздің бір топ ауылы сонау жер түбі Сирияға дейін барды. Адайлар Тескен тау асып, Тәжікстанның Қорғантөбесіне өтті.

1841 жылы Адайдың ұстыны Сүйінғара батыр 85 жасында өз ажалынан бақилық болып, денесі елдің пантеоны дерлік, Сисем ата қауымына жерленді. Солайша батырлық билік тоқтап, басқару түбегейлі билер қарамағына көшкен еді. Батыр енді ел қорғаны, айбары болып қалды. 1829 жылы алдында өмірге Бәйімбеттің Жаманқара атасынан шекесі торсықтай Иса атты ұл өмірге келген. Жарының Дәулеталы тармағы Досан дейтін перзентпен толықты.

Өлерінде Сүйінғара: "Тәжінің Досанының ерлігі мен Тіленбайдың Исасының билігін көре алмай, арманда кетіп барамын", — деген екен дейтін сөз қалған. Адай қай кезде де жақсысыз болмаған, жақсыға кенде болмаған. Елдің елдігін ұстар біртуарлар болған, бола да бермек. Иса мен Досан солардың бірегейі. Біз білгенде Исатай мен Махамбет ұқсап Иса мен Досан аты үнемі қатар аталады. Бір-бірінің мәртебесін ұстап тұрады. Иса — көсем, шешен, би, кесек қимыл иесі батыр болғанда, Досан қолбасшы, ерліктің үлгісі. Бұл екеуінің маңына топтасқан Есен Ермембет, Исатай батырдың туған қарындасынан туған жиені Медет Қарамұрат, Ер Шабайдың Сүгірі, Бабық Мыңбай — шіркін, елімнің ақ жаулықты аналары біртуар ұлды туғандай-ақ, туған екен-ау өзі! Солардың кескін кейпін, нар тұлғасын айта алып өткен сөз иесінде арман бар ма?!

ҮСТІРТ ҮСТІНДЕГІ ДҮРБЕЛЕҢ

Әлқисса, бұл жерде қазақтың атақты жазушысы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамза Есенжанов туралы қысқаша айтып, әруағына тағзым етіп өтпесек, әңгімеміздің иі қанбайды, кілт ашылмайды, ырымға салсақ, жолымыз болмайды. Өйткені, біз сөз еткелі отырған жайды кешегі кеңес кезінің өзінде, тәуекелі тұрып, қалың оқырманға жеткізген Хамзекең марқұм. Оны жеткізуде оған оңайға түспеген.

Хамза Есенжанов отызыншы жылдар басында жоғары білім алған, қазақтың ұлт зиялыларының бірі. Институттан соң, Ленинградтағы аспирантура, соны тамамдап келгенде "халық жауы" атанып сотталады. Сібірдегі концлагер, одан Сталин өлген соң ғана босап елге келеді. Мұнда да оны құшақ жайып, қарсы алып тұрған ешкім жоққа тән еді. Баяғы сенімді серіктер үркек халден әлі арылмаған. Хамза-Хамза болып жүргенде, сәлем беруге жарамайтын әлдекімдер әлдеқандай болып алған. Мұрындарын көкке көтеріп кісімсиді, менсінбейді. Еріксіздіктен оралған сәтте күн көріс қиын болады. Хамзекең сотталмас бұрын үйленген екен. Әйелі София кейін күйеуі концлагерден шығып, Сібірдің тайгасында бақылауда жүріп, мал баққанда артынан барып, бірге тұрған. Қолда кішкентайлары бар. Алматыда, сірә, баспана жоқ. Пәтер жалдап тұрады. Дұрыс қызмет тағы жоқ, оны бергелі тұрған ешкім де жоқ. Сондай қиын кезде, өзі қиын жағдайда жүрсе де, қарлығаш қанатымен су сепкен, ұлы Мұхан — Мұхтар Әуезов болыпты. Баспаларға айтып аударма бергізген. Жалғыз Хамза емес, оның көп тағдырластарының сол бір жылдары, негізгі күн көріс көзі - аударма болған. Қазақтың жалпақ оқырмандары, әсіресе, ауылдағылар, осы ағаларға қисапсыз қарыздармыз. Себебі, біз - әлем, орыс әдебиетінің небір маржандарымен, озық үлгілерімен, осы ағалардың көз майын тамызып жасаған аудармалары арқылы таныстық, сусындадық. Олар нені аударатынын, халқының қандай шығармаға жерік екендігін жақсы білді және жақсы аударды. Бүгінгі қазақ әдебиеті қанша қарыштап өсті десек те, ол аудармалар дәрежесіне жете қойған жоқ әлі. Дегенмен, аударма - тарлан таланттар үшін күндікші қарекет болды. Олар еріксіздікте де туған әдебиетінен қол үзбеген-ді. Сәйділ Талжанов өзі жатқа білетін А.С.Пушкиннің "Евгений Онегинін" ауызша аударып жүріпті. Болашақ жазатындарын ойша қамдаумен болған. Келе сала соларын қағазға түсіріп, әуелі кандидаттық, ізінше докторлық диссертация қорғады, бірнеше монография жазды. Пушкинге қоса, Горькийдің “Адам” поэмасын, Добролюбовтың "Обломовщинасын" аударды. Көркем әдеби аудармалар, сірә, жетіп артылады.

Хамзекеңде қоржын-қолабасын қамдап бағыпты. Және қалай дейсіз ғой, картон, шай, папирос қорабы, газет-журналдың ақ жері, қысқасы, қолына түскен қағаз атаулының бәріне болашақ романын жазып, қаттап, әйелі екеуінің ең қымбат мүлкі — бөстек пен жастық ішіне тыға берген, тыға берген. Сол қазынаның алды "Ақжайық" романының бірінші кітабы менің қолыма 1961 жылдың көктемінде тиді. Іле-шала осы романның екінші, үшінші кітабы... Сонда ғой, көре алмаған әлдекімдердің газет бетінде жазушыға: Бірінші кітап "Ақжайық", Екінші кітап "Ақжайық". Жайыққа Жайық жалғасып, суға кетіп қалмайық, — деп эпиграмма жазатыны. Көре алмаған көрмәдіктер көтін қалай көлденең тістеймін десе де ерікті. "Ақжайық" оқырманын бірден баурап әкетті. Бала кезімізден бауыр басқан "Ақжайықты", мен бастап оқығанда, 5-ші сынып оқушысы едім. "Ақжайыққа", оның авторына, бүгінде егде жастағы, ата жасындағы біздердің, біздің лектің " Хамза — классикалық үлгідегі жазушы ", — деп ұлы Мұқаңның оған берген бағасы жадтарында әлі жаңғырады. Қазақы қара дүрсін емес, классик жазушы Х.Есенжанов артына алты томдық мұра қалдырып кетті. Төл әдебиетін алты қыр асырып кетті. Талапайлы тағдырының талқысын тас-талқан етіп, бұзып — жарып етті. Мен Хамзекеннің өзін көрмесем де, ізін көріппін. Соған да мәзбін. Алды, сірә, белгілі — "Ақжайықта" оқырман ретінде табысқаным. Екіншісі — Үстіртте, үшіншісі — Түркменстанның Мары облысында Хамзекеңнің басты кейіпкері Құныскерейдің отбасында, зиратында. (Ол жайлы келеле әңгіме, құдай сәтін салса, кейінірек болады). Бұл әңгіменің түп қазығы , "Үстірт үстіндегі дүрбелең" аталуының сыры Хамзекеңмен менің Үстіртегі із тоғыстыруым .

“Ақжайықтың” үшінші кітабының бірінші тарауында "Жем қойнындағы ерлік" деген тақырыпшамен берілген шағын тарау бар. Бүл кітаптың кезінде "Тар кезең" деген атпен жеке кітап болып басылып шыққанын, оны Г.Бельгер мен И. Щеголихиннің аударғанын білеміз. Тарауға Б. Қаратаевтың қолжазба еңбегі негіз болған. Соның ауқымынан шықпайды. 1868 жылы 21 қазанда II Александр патша қол қойып бекіткен... "Дала низамы" аталған заңға Жайық бойындағы қазақтар да қарсы болған. Патша өкіметінің қарсылық атаулыға күш қолдануы - үйреншікті саясаты. Оралдан подполковник барон Штеппель, Орынбордан подполковник Новокрещенов басқарған қазақ орыстардың жалпы қарасы — 500 әскер, екі отрядқа бөлінген, екі қолы екі жақтан қаусыра жорыққа шығады. Байұлының Жем, Сағыз, Елек, Қобда бойын мекендеген, барлық рулары, Жеті рудың біразы әскерге қарсы дүрк көтерілді. Жалпы қол қарасы мол. Әр рудан жиналған қолдың басшылары Айжарық, Қобыланды, Мыңбай тағы басқалар. Бұл кезде баяғы молда Шахмардан Исмайлов сілтейтін Жем бойынан орыс бекіністері орнап үлгірген. Форт Александровскідей емес, жазықта іргесін өзенге беріп, төбе басында салынған қамал. О баста жау жолында қарауыл қараған қазақтардың бір руының ауызша "Ал келді" делінуіне байланысты төбе аты солай аталып кетіпті. Өзге де жанама аты жетіп жатыр. Географиялық орны — Хорезмнен келе жатқан ежелгі Жібек жолының Жемнен өтер жері Нағызөкпетұс. Осы өңірді жайлап қыстайтын елдің қақ ортасы. Қамал салынып жатқанда Хиуа ханының үгітімен, іргелес Адай, Табындар оны құлатуға біраз әрекет етіп, оларының бәрі нәтижесіз аяқталған.

Орынбор, Оралдан шыққан жазалаушы әскер осы қамал түбінде тоғысты. Әскери атақтарының подполковник болуына қарағанда, Штеппель де, Новокрещенов те қазақ әскерінен емес. Бізге белгілі подполковник Рукин алдындағысының оң қолы. Қобыланды батырлығының үстіне ақын да, руы Алаша. Түлкідейін түн қатып, Бөрідейін жол тартып, Жауырынына мұз қатып, Жадаулы найза қолға алып, Жау тоқтатар күн қайда?! - дейтін Махамбет мектебінің ақыны. Кейкіманның руы Ысық. Атақты Құныскерейдің атасы. Қазақта көп рулар қолы бас қосқанда, бас сардарлыққа, төре тұқымынан сайлайтын дәстүр бұл жерде де сақталды. Сардар, яғни бас қолбасшы Арыстан төренің баласы Ханғали сұлтан болады. Ханғали бұған дейін орыс қызметінде болған еді. Әскери шені — Есаул. Бірақ, мына зобалаңда халқынан жырақ кете алмай, озбыр патшаның кызметін де, лауазымын да тәрк етеді. Романда Б. Қаратаев жазбасы деп берілгенімен, ол оған осы әңгімені баян етуші. Ханғали атынан айтылады. Көз көрген куәнің аты көз көрген. Орыс қолымен арадағы ұрыс баталиясы көркем, айқын суреттеледі. Қамал түбінде Қобыланды батыр алпыс серігімен, кейіннен жүзге тарта сарбазы тағы шейіт болады. Жау жағынан бір жүздік атты әскер тұтасымен, бірнеше жаяу әскер жер жастанады. Сөйтіп, бұлардың беті де мықтап қайтады. Жайық, Орынбор қазақ-орыстарының өздері өз болғалы, бүкіл идеологиясы қазақты қырып, солар есебінен күн көру еді. 1744 жылы Сенат құпия қарар шығарып, қазақ даласының батыс бөлігінің байырғы тұрғындарын түгел жоқ ету туралы құпия қарар алды.

Соны жүзеге асыруға тиіс. Орынбордың генерал губернаторы Неплюев Орынбор мен Орал қазақтарына қоса Астрахань, Дон қазақтарынан әскер алдырып, қазақ әскерінің дәрежесіне көшірген қалмақтарды да атқа қондырды. Құдай сақтағанда ол қарар Персия, Түркия сияқты мұсылман мемлекеттеріне де белгілі болып қалып, олармен арада соғыс туып кету қаупінен сақтық қана, орыстарды ол ойдан бас тартуға мәжбүр етті. Бірақ, қазақтар онымен қылышын қынабына салған жоқ. Неплюев, тіпті Орынборда әскери оқу орны кадет корпусын ашты. Сәл нәрсені сылтау қылып, қазақ даласына жорыққа шығу, Жайық пен Орынбор қазақтарының сол кезден бергі сіңісті дәстүрі еді. Байлық көзі саналатын ол жорықтар кезінде ел тоналатын, мал-мүлік талауға түсетін. Қазақтар қайтарында, қора-қора мал айдап әкететін. Бұл бассыздықтың біразын тіпті жоғарыдағы үкіметте білмей қалатын. Себебі, жергілікті жер ондай аламандық жорықтарды, жоғарыға түздіктерді тыныш бағыныста ұстауға бағытталған қалыпты шара түрінде қазақтардың өздерін кінәлай жеткізетін.

1868 жылы Жайық бойында солай әбден мейманасы тасыған әскердің сағы мықтап сынды. Соның алдында, даладағы қарсылық басы сұлтандар,- деп ұққан орыс үкіметі Нұралы ханды Уфаға жер аударып, сонда өлген-ді. Орманға қаза Санкт-Петербург түрмесі де жеткен. Бұл жолы сол Орманның баласы Күсепқали тұқым-теберігімен жер аударылды. Тек бір ғана Байбақты руынан 400 би мен батыр каторгаға жіберілді. Жарқын Жүніс би мен Барқын Сенгірәлі батыр Орынбор түрмесінде өлді. Ханғали Арысланов Хиуа хандығына қашып кетті. Ишан Ықылас Досұлы, Тана Жолмұхамбет би бастаған көп ел Сирияға дейін босып кетті, көбі сол жақтың тұрғыны болып қалды. Домбырашы, сазгер Шәміл Әбілтаев, сол, Жолмұханбеттің ұрпағы. Сол дүрбеленде Кіші жүздің белгілі ежелгі руы Таналар — Жайықтан жоғарғы ата қоныстарынан айырылды. Азшылыққа ұшырады.

Б. Қаратаев еңбегіндегі деректерді Ханғали ағасынан ауызша алғанының үстіне либерал, яғни, үкімет саясатына қиыстау, елге іш тарта қарайтын жазушылар Н.А.Середа мен А.Добромысловтардың 1891, 1902 жылдардағы "Русская Мысльдағы" еңбектерінен, басқа да әдебиеттерден, архив деректерінен алған ғой. Оған қоса, Жайық бойында, әлгі оқиға болған жерлерді көп аралаған, 1870 жылғы оқиғаны жақсы білген, көрген Адайдың үлкендерімен де сөйлесіп, пікірлесіп, білгенін нақтылағаны күдік туғызбайды. Ал, Хамзекең жерлес болуы себепті, Бәкеңді жақсы білген. Тіпті кездесуі де мүмкін. Бірақ, Бәкең ағасының қолжазба еңбегімен оқып танысуы, зерттеуі, 1956 жылдан соң, яғни, еріксіздіктен оралған соң, Хамзекеңнің туған інісіндей болған шәкірті марқұм Зейнолла Серікқалиевтың айтуында, өте сақ, көп сөзге жоқ адам болыпты. Көп нәрсеге келгенде тіпті томаға тұйық, суық бола қалатыны соншалық, Зейнағаң тіпті оның Құныскерей кейіпкерімен қаншама таныс, біліс бола, алғанын сұрауға бата алмадым дейтін. Солай болса да, кеңестік саясат нағыз күшінде, "сұр кардинал" Сусловтай қаһарлы сыншысы кірпік қақпай тұрған кезде Б.Қаратаев еңбегін ауызға алып, ондағы орыс озбырлығын боямасыз сөз етіп айыптау көзсіз ерлік. Бұрыңғы кеңестік, саяси тұтқын жазушы - Хамза Есенжановтың ұлы ерлігі. Елі мен жері алдында перзенттік борышын ақтауы! Аталған шығарма бізге арғы Үстірттегі көтеріліс алдындағы саяси жағдай туралы мол мағлұмат береді. Отаршылдыққа қарсы күрестің туу — әуелі үш Ананың ұлдары бас қосқан Жайық, Жем, Сағыз ортасында көтерілген екен. Ол көтеріліс әскер күшімен аяусыз басылғанымен, ел әлі еңсесін төмен салмаған, қаруын тастамаған. Бұл көршілес Гурьев, Темір, Жем, Маңғыстау әкімшілік бағынысындағы елдердің көктемде нағыз тоғысатын, топтасатын өңірі, жазға салым, ел қарасы жайлауларына көшіп келетін Адайлар есебінен екі есеге жуық көбейеді,- дейді сол кездің жазба деректері. Көтеріліс, ұрыс қимылдарының әдетте күн жылы уақытта өрістейтіні тағы белгілі. Қазақтың осы басы бірігетін аймаққа Жем бекінісінің салынуы — үкіметтің ішкі толқуларды басуға алдын ала дайындығы. Жалпы ішкі саясатында өз орыстарынан да, отар елдерінен де әртүрлі көтеріліс, қарулы баскөтерулерді көп өткеріп, ысылған патша үкіметінің бұл бағыттағы сақтығы жетіп артылатын. 1868 жылдан соң аталған өңірдегі сақтану шаралары тіпті күшейді. Бүл уақытта Хиуа хандығы мен көшпелі қазақтар арасындағы саудадан өзге ашық, жасырын қарым-қатынас жиіледі. Орыстарға Хиуа ханының қазақтарды көтеріліске үгіттеуі құпия болудан қалған. Хиуаның өздеріне бірден-бір одақтас деп білген қазақтардың ханға — орыстар сіздерге шабуыл жасағалы жатыр,- деп өз тараптарынан хабар жеткізетіні, сірә, түсінікті. 1870 жылғы 13 наурызда генерал-адъютант Крыжановскийдің, Түркістан генерал-губернаторы Кауфманға жолдаған мына мәлімдемесі, соны айғақтайды. “Жем уезінің бастығы Үстірттен Орынборға келген билер Сары Шолақов, Ахмед Пұсырманов, Жантеке Жоламанов, басқа да қазақтардың Хиуаға барып, оралғандардың айтқандарына сүйеніп, жеткізген ақпары бойынша маған мыналарды мәлімдеді:

1. Хиуада жаңадан мұнара тәрізді 80 зеңбіректі мұнара салыныпты. Өйтулеріне себеп — орыстар Хиуаға шабуыл жасағалы жатыр-мыс.

2. Амударияның бойынан Талды саласы арқылы Айбүйірге су жіберіліп, хан бұйрығы бойынша бірнеше каналдар қазылған. Ондағысы орыс пароходтарының жүрісін тежеу.

3. 25-тей қазақ бүлікшілері Хиуада жүріп осы көктемде болатын шабуылды күтетіндіктері, соның дайындығында жүргендігі туралы қауесет таратуда...

4. Хан аталған қазақтарды жинап, қасындағы адамды қолында Түрік үкіметінің Бұхарадағы елшілігінің мүшесі екендігі туралы өкілеттілігі бар, әпенді,- деп таныстырып, оның Бұхара сұлтанының шабуыл жасағалы жатқаны, ол үшін Хиуа, Бухара хандарының да солай етулері қажеттігін жеткізіп отырғанын айтқан. Аталған елшілік, Бұхараға Персия арқылы келіпті”. (Ташкент архиві)

Отқа май құйғандай болған бұл хабардың шыңдығы күдік туғызбайды. Оны орыс үкіметіне жеткізуші қазақтардан да басқа хан қабылдауында болғандар бар ғой. Олар елді көгертуге мүдделілер. Демек, сол қыста-ақ, Үстірт үсті алдағы соғысқа астыртын дайындала бастады. Дәл сол кезде, үкімет тарапынан жаңа Ережені енгізудің алғы жұмыстары да жүрді. Әуелі уезд басшылары дистанция басшыларын, белгілі билерін, беделді ақсақалдарын шақырып, түсінік жұмысын жүргізді. Оған келіскендердің ішінде Ысық билері болды. Адай, сірә, қарсы. Сөйтіп, осыған дейін тату ағайын арасына сызат түсті. Адайлардың Үстіртегі батыры Мыңбай Әжіғараев (бұл құжатта Әжібаев деліпті) Ысықтың келісім берген биі Дүйсалы Айтовтың 500 жылқысын барымталайды. Барымта кезінде бидің туысы Мірәлі өлтірілді. Кезінде бүл жай Маңғыстау приставына хабарланып, Мыңбайды ұстап, тұтқындап, барымталанған жылқыны қайтару тапсырылды. Пристав бұл істі екі дистанция бастықтары Маяев пен Қалбинге міндеттеген. Бірақ, артынан пристав Мыңбайдың дала түпкірінде 300 үй руымен көшіп жүргенін, оны ұстауға Маяев пен Қалбинның шарасыздығын хабарлайды. (Ташкент архиві)

Осыдан соң, Ысық пен Адай арасындағы араздық тіпті алшайып кетеді. Мыңбай — белгілі бабық Мыңбай батыр. Іс қағазына аты осылай барымташы атымен түскенмен еліне кезінде қадір арттырған кісі. Сұмса жерінде өз қаражатына мешіт салдырып, молда ұстаған. Қазіргі Шопан ата басындағы құдықты сол кісі қаздырған. Мыңбай қазасы, ақыры Гурьев те жұмбақ жағдайда болды. Кейіннен көтеріліске де белсенділікпен қатысқан. Бірақ Үстіртте болған. Мыңбаймен бірге жарының Дәулеталысынан Әли (құжатта солай делінген, бұл Алғи болуы керек деп ойлаймыз), Досан (бұл сірә Тәжиев), жетімектер де ережені қабылдағандарды барымталайды. Барымталанған жақ орыс генерал губернаторына шағымданады. Ол шағымға байланысты шара алуды Маңғыстау приставына тапсырады. Ал, ол Ғафур Калбинге, Ғафур сардарлары Аманжол мен Көтібарға тапсырады. Бірақ айыптыны тұтқында деп емес, алынған малды қайтартың деп, айыпты жарылар араға Рахменбердіұлы Тоқпан деген беделді адамды салып, Исаға барады. Иса, Ғафурға пристав алдында айыптыларға аратүсуді өтініп, хат жазады. Ол хатты Тоқпан пристав алдында не жақсы атты көрінгісі келді, не Исаны мұқатқысы келді, әйтеуір жақсы ниетпен емес, Ғафурға тапсырмай бірден приставқа апарып береді. Содан соң, әрине, пристав Исаны ұры, барымташыларға жақ адам деген нашар пікірде қалады ғой. Тағы бір барымтада, Бейімбет Медет басшы қаза болады. Орыстар сірә, бекініс маңын торуылдап жүрген, яғни, өз міндеттерін атқарып жүрген сақшылар. Басшы Медеттің басшысы Қарамұрат батырдың туған інісі. Інісінің кегін алмақ болған Қарамұрат, атқа мінеді. Артынша, оның көтеріліс басшысының бірі болуы, бір жағынан, інісінің кегі. Басшы өлгенде, оның басын сүйеген ақыреттік досы — Айманбетұлы Хансұлтан, руы — Жеменей, бұл да атқа мінеді және жалғыз емес. Артына руластарын ертеді. Әдетте, Адайдың үлкен бір руын соңынан ертетіндей Хансұлтан онша үлкен бедел иесі емес. Билік басында да жоқ. Исі Жеменейдің қопарыла көтерілу себебі тым тереңіректе еді. Б. Қаратаевта 1868 жылы Хиуа ханына Адайлардан барған елшілер болғаны туралы дерек бар. Солар арқылы Хиуа ханы «Баймұханбет» (Бәйменбет Ә.С.) пен Ғафур билерге, Мыңбай, Қорек батырларға, Теле молдаға, Мәртебелі Берниязға, Қожабек батырға және барлық Адай руларының ақсақалдарына, отбасының үлкенді, кішілі отағасыларына, жалпы ұлы батырлары мен дала ерлеріне" арнап, үндеу жібереді. Ел арасына көбейтіліп таратылған үндеу патша үкіметіне де жеткен. Арнау мәтінін сөзбе-сөз келтіруіне қарағанда, Б.Қаратаев оны көрген. Өкінішке орай, біз оны кездестіре алмадық. Осы арнаудан көп нәрсе аңғарылады. Ел арасында салмағы Ғафур мен Бәйменбеттен кем емес және оларға туыс Төлепұлы Мәмбетнияз, Есен Ерменбет Түрұлы билердің аты аталмайды. Соған қарағанда, олар хан алдына барған, яғни, хатпен дұғай сәлем жолдау артық. ( Біз бұл тұспалымызды Ерменбет Хиуа елшілігін бастап барды деген деректі ұстана отырып, "Ерменбет би" кітабымызда да айтқанбыз. Олжашы Қорек, осы жолдар авторының аталары, Айдарбай бидің әкесі. Сисем ата қауымына жақын, әкесі Сегізбай бидің қасында жерленген. Ол уақытта осы бес Ордектің бірі Есеннің Ерменбетімен туыс. Ел арасында салмағы жоғары адам. Ендеше, Басшы елімді жеменейлер үшін де сынаққа сылтау бола кеткендей). Жалпы сол кезде рудан Хиуа ханына жасырын елші баруы әдетке айналғандай. 1870-жылдың 2-ақпанында Орал облысының генерал-губернаторы Ішкі істер министрлігіне табындардың рубасы Дәуіт Асановтың Хиуаға елші жөнелткені туралы хабарлаған (КМА к 85, іс 22, тізбе, б 2,1-2 беттер). Бұл мәлімдемеден белгілі болғаны: 1868 жылғы Ырғыз маңындағы руларды бастап көтерілген батыр Мұңайтбасұлы Хиуа хандығында жүр. Және барған қазақтарды патшаға қарсы көтеріліске үгіттеуші.

1868 жылы Жем сыртында әлдебір орыс керуенін белгісіз біреулер суыртпақ жібіне дейін тонап алыпты. Бөрі ауызы жесе де қан, жемесе де қан. Үкімет соны Адайлардан көріп, шығынды екі есе артығымен өндіріп алады. Шығасыға иесі басшы, бұл да наразылық басы болып шыға келді.

Міне, осылай соның алдында ғана басылған, сырт көзге солай көрінгенімен, іші қазандай қайнап жүрген, Үстірттегі қалың ел, ұшқын тисе атылғалы тұрған, дәрі қоймасы іспетті еді. Іргені іреп кірген орыс, орыстың бүйірге қадаған қанды қанжары іспетті. Ембі, Дәугескен қамалы көзге қанды әбден толтырып болған-ды. 1870 жылы 2-ақпанда Маңғыстау приставтығы орталығы Форт-Александровск Орынбор губернаторлығынан бөлініп, Кавказ қарауына берілетіндігі туралы жарлық шықты. Жердегі әміршіні ат үсті мойындап, құдайға ғана бағынуды қалайтын қыр елі бұдан әрине, бейхабар. Тіпті, олар, мұның саяси астарын, өздерін қазақтан бір жола оқшаулап елдігінен айырудың басы екендігін айтқанды тыңдауға да дайын емес-ті.

Қарауындағы әртүрлі толқулардың басты кінәлісі, бәле басы деп, Адайлардан оңай құтылғандарына қуанған Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский енді бұл елді томаға тұйық қуыс Маңғыстауға біржола оқшау қайырып, қамап ұстау үшін батыл іске кірісті. Уақытша Комитет дегенді құрып, оған өзі басшылық етті. Жемнің теңізге құяр жеріне жақын жерден Мәсше деген тағы бір бекініс салды. Ешқандай ұрыс, соғыс болмаса да қырға қарулы әскер шығарды. Ол әскерді қалай орналастырғаны жайлы жоғарыға былай деп мәлімдеді: "Бұзақы Адайлар арасында уақытша Ережені енгізу үшін әскери күштерді мына ретпен орналастырдық: Подполковник Байков басқарған отряд Үстірт үстімен Сам, Матай құмдарына қарай қозғалды. 3 рота мен 2 жүздіктен құрылған генерал-майор Бизянов отряды Ембі шетінен Кендірлі, Желтау, Мансуалмасқа дейінгі аралықты шолуы тиіс. 3 ротадан, 2 жүздік, 2 аттылы зеңбіректен тұратын подполковник Саранчев отряды Адайлардың Өлі Қолтықтағы ерісіне бағыт ұстап, Есенберді Тойтаршың арасында жылжуы тиіс. Ал подполковник Новицкий отряды Ембі шебінде резервте тұруы керек." (Ташкент архиві). Адайлардың біраз рулары Жаңғақтың ойына қурлап, Қарабұғаз сыртымен айналып, қазір түрікмен жері аталып жүрген қоныстарды жайлайтын бұл кезде, яғни, ол қазақ иелігіндегі жер болатын. 1869 жылы патша әскері Красноводскіден қамал салып, онда да әскер әкелді. Енді ол жаққа қарай да жол кесілді.

Генерал Крыжановский әлгіндей қимылға бара отырып, «Жоғары биік мәртебелім, Жаңа Ережені өз дәрежесінде толығымен Маңғыстау приставтығының қазақтары арасында енгізуді мен ертелеу деп, қаперге беремін». Бұл оқшау өңір мен оның көпшілігінің ерекшелігіне орай, приставқа уақытша Ережені енгізуді алдын ала белгіленген тәртіпке ішінара өзгерістер жасауға тура келді»,- деп түсіндірді. Ұқсамасаң тумағыр кеңес үкіметі де 1928 жылғы жаппай тәркілеуде Адай уезі үшін тап осылай деп, өзгеріс жасап, бір жыл кейін тәркіледі.

Адай елі осылай әп-сәтте қамауда қалды да барды.

Осыдан аз ғана бұрын қазақ халқын, тұрмысын, салтын, жерін білетіндігі соншалық, жеке-жеке руларға дейін барып, сипаттай алған, қазақтың Ш.Уалиханов сынды өкілдерімен достық қарым-қатынаста болған ғалым П.Небольсин: "Қазақтардың ең бір басбұзар бөлігін Адайлар, яғни Адай руының қазақтары құрайды. Қазіргі кезде олардың саны 20 мың үйге жетті. Адайлар Маңғыстау, Бозащы түбегінде, Каспий теңізінің кейбір аралдарында және бір бөлігі Үстіртті қыстайды. Бұл халық өте жанжалқұмар, әрі тынымсыз", — деген еді.

Ел сол өзіне берілген мінездемеге сай кесек қимылға таяп келді. Өйткені, шегінер жер қалмап еді.

ТУҒАНЫ ЖОҚ ТУРА БИ

Сөзді сүйегімізге сіңісті шежіре жігінен басталық. Адай — Келінберді — Мұңал Бәйімбет — Сабытай — Жандай — Боққара — Жанбоз — Жаманғара — Тіленбай — Иса. Сонда Иса Адай атамыздың 11 ұрпағы болып есептеледі. Жалпы шежіре атаулыға тән ортақ кемшілік 7-8 атадан әрі бұлдыр, ағаттыққа жол беріледі. Жазба тарихы жоқ елдің бәріне тән жағдай бұл. Сондықтан біз осы дұрыс,- деп кепілдік бере алмаймыз. Жазба деректен бұл әулетке қатысты ұшыратқанымыз— 1832 жылы Бозащыға келген Абросимов дейтін саяхатшы саудагер Айым, Шақаның аулында қонақ болыпты. Ол Жаманғарамен туыс кісілер. Одан соң, бұл шалдардың аты бас штаб полковнигі Иваниннің 1874 жылғы жазбаларында ұшырасады. Жаманғара көп балалы адам болыпты. Тіленбай 8 баланың бесіншісі. Жаманғараның ру аталуы тым беріде. Әйтпесе, бұрын Бәйімбет, Жандай атасымен аталған. Бұл ауылдың, мекен тұрағы Алаторпа, Қошақ. Жайлауы Үстірт, кейде Бозащы. Осы маңайда Хан төрткілі Сағыз деген үсті тегіс бөлек тау бар. Ел жады Нұралыұлы Піралыны түрікмендер осы төрткіл басында — ақ киізге салып хан көтеріп еді, дейді. Енді бір дерек төрткіл аты оған дейін де болған дейді. Қалай болғанда да, бұл озалдан ел басын қосып, алқаға жиналған құт мекені, құдды Ордабасы, Мәртөбе сияқты беделге ие жері. Исекен осы жерде тұрды делінеді. Әрине ат жалы, атан қомындағы көшпелі елдің баласы басқа жұртта тууы да мүмкін. Бірақ, ел-дос түрінде туған жері ата күлдік мекені болып саналады.

Көршілес суы Дағдыұлы, Бұлыш. Бұлыш атануы бағзы бір кезде ұлты Белуджи-Бұлыш молда келіп, осы жерде мешіт салып, медресе ұстады деседі. Ол мешіт төңкеріске дейін болған. Иса осында ауыл молдасынан сауат ашады. Түрікше оқып, жаза білетін, құран оқитын білім алады.

Исекең жайлы деректерді қалдырған ауылдас ағайындары Бәйсеу (1874-1951), Көшек (1888-1971), Тастемір Жары Есенұлы Айтан (1874- 1952), Жанғабылұлы Сәттіғұл ақын (1876-1966). 1960 жылы Өзенде Жолаш зайыбы Балбибі шешемізбен көрші отырдық. Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деп, өте нұрлы кісі еді. Иса атамның қолына түскен кенже келінімін деп, шалқайып отыратын марқұм. Біз ол уақытта ештененің қадірін білмейтін ойын баласымыз. Күндердің күні болғанда, шашты қырау шалып, көз кіреукеленгенде Исаны жазармын деп кім ойлаған. Кәкем Спан Ербайұлы 1892 жылы туған. Үлкен әкесі Ербай старшын болыс болған. Кәкем: "Исекеңді бозбала күнінде бірнеше рет көрдім. Денелі кісі еді. "Жұт ит" жылы оның бақилық болған хабарын естігенде, көкем туысы Дүзжан хажы екеуі бір ақсарбас шалып, бата тигізді, келесі жылы жыл садақасына барып қайтты", — деп отыратын.

Төлесін Көшеков, Сұлтанбек Нұржанов берген деректерде Жаманғараның (шын аты Өтебай) екінші әйелінен Тіленбай жалғыз. Тіленбай ер жеткен соң, Әлі Жаңай Көңілімқостың қызына үйленеді. Иса одан 1829 жылы туған. Артынан Орақ, Құлбарақ деген інілері ереді. Тасы пысық Иса атқа ерте мінеді. 1843 жылы Адай мен Әлім арасындағы қақтығысқа немере ағасы Алданазарға еріп қатысады. Осы ұрыста Адай қолы жеңіліс табады. Исаның астында жүйрік бедеуі, үстінде сауыты, қолында найзасы бар, ағасы Алданазарға келіп:

— Аға, алдыңнан жүрейін бе, артыңнан ерейін бе? — дейді.

— Алдымда жау жоқ қой, артымнан ер. Бірақ қара үзіп қалып қойма, - дейді Алданазар. Онысы інісін сынағаны. Сол жерде арттан жеткен Әлімнің бірі, Исаның аш қолтығынан найза салып түсіреді. Жан бермек оңай ма?

— Іштерінде Әжібайдың Төлепбергені бар ма? — деп айғай салады Иса. Төлепберген Алданазардың қайын ағасы, Әлімнің бір беделді адамы екен. Сәті түскенде, осы жасақ бастығы сол болып шығады. Иса оған өзін Алданазардың баласымын деп, таныстырады. Төлепберген сол жерде екі аттың үстіне найзаны көлденең салып, Исаны бөлеп аулына алып жүреді. Келіп жетісімен, емші алдыртып, жарасын таңады. Жазға дейін емдейді. Бір күні Төлепберген аулына екі арғымаққа мінген екі саудагер келеді. Исаға көзі түсіп, "мынау кім?" — дейді. Төлепберген: "жиенім еді, ауырып жатыр", — дей салады.

Қонақтар:

— Бұл қасқырдың бөлтірігі, көзін құрту керек! — дейді. Соны естіген Иса, сол түнде әлгі қонақтардың бір арғымағына мініп, бірін жетекке алып елге қашады. Жолшыбай өзін іздеп келе жатқан, қасында 20 шақты жолдасы бар Алданазарға ұшырасады. Сөйтіп, бәрі мәре-сәре болып, ауылдарына келеді. Кейіннен, Иса аулына келген мейманыңа жасаған барымтамның қарымтасы деп, Төлепбергенге айғыр, үйір жылқы айдап барып, кешірім сұрапты. Төлепбергенмен өлгенше қатты сыйласып өткен. Кейіннен, Әлім ағайынмен бітіскенде, екеуі екі жақтан дәнекер болулы. Иса бұдан соң, түрікмен аламандарына қарсы жорықтарға жауынгер болып қатысады.

Оның Ғафур, Бәйменбет, Құлыш, Ерменбет сынды билердің қасына еруі, олардан үлгі-өнеге ала бастауы — осы кезден.

Дәл сол қарсаңда, түрікмендермен арада кикілжің басталады. Түрікмен жағының Адайға қояр кінәсі ауыр. Жоғалған аруаналарын осылардан көреді. Ол жақтан дауды Мәмбетсапа би ұстап отыр. Бұл да нағыз ақ қапталдың өзі. Билер кеңесі ақылдаса келіп, Мәмбетсапаға қарсы Исаны шығарады. Екеуі біраз ырғасып, ақыры Иса өздерінің бұл айыптан ада екендіктерін дәлелдеп шығады. Оның алқаға түсіп, би атануының басы осы. 1850 жылы старшын болып сайланады.

Иса төрт некелі болған. Бірінші жұбайы Сарықыздың пұшпағы қанамаған. Екінші қосағы Қытайы. Онымен қалай қосылғаны жайлы әңгіме бар. 1875 жылы Иса болыс болып тұрғанда, Арқада Ысықтың 7 жігіті Адайлардың малын ұрлап, колға түседі. Дау ушығып, билер сотына беріледі. Тебе би - Иса. Билер алқасы 7 ұрыны дарға асып, өлтіру керек деседі. Мал үшін 7 бірдей азаматты өлімге қимаған Иса болмай, ұрылардан малды тіркеуімен, айып айбанасымен қайтаруға үкім шығарады. Ұрылар бұған риза болады. Малды әкелген бір ұрыға әкесі ілесе келген екен. Сол:

— Исажан, мына балама тете қызым бар еді, соны беріп, құда болсам, — дейді. Иса:

— Менің ержеткен балам жоқ, — дейді.

— Ендеше қызымды өзін ал,— деп шал сол жерде Исаға қызын береді. Солай келген Қытайыдан 1878 жылы Нұрберген, 1888 жылы Кемелхан туады. Нұрбергеннен: Жолаш, Шүкіралы, Ақын, Салық. Жолаштан: Өтеғали, Диханғали, Шүкіралыдан: Мырзағали, Жолдығали (Жөкен), Ақыннан ұрпақ жоқ. Салықтан: Жұмаш, одан Теңел, Серік, Берік. Кемелханнан: Әбдіғали, Исламғали, Махмут, Уәли. Әбдіғалидан: Амангелді, Исламғалидан: Салиха, Махмуттан: Ғабит, Уәлиден: Азанбай, Киікбай, Бөкенбай.

Иса тұқымынан менің жақсы білетінім — Жөкен аға. 1964 жылдан Өзенде көрші отырдық. Мамандығы — экономист. Жөкеннің бүкіл еңбек жолы Маңғыстау мұнай-газ барлау ұжымында өтті. Содан, басшы кызметтерде болып, зейнетке шықты. Содан кейін, жақсы білетінім — Дихан аға. Диекең темірдің пірі еді. Ол құрастырған машина моторы, зауыттан шыққандай болады,- деп аңыз қылатын ел. Исекеңнің билік жолын ұстанған баласы — Нұрберген. 1918 жылдан ел оны ревком төрағалығына ұсынған екен, бірақ, ол "менің байдың, бидің баласы деген қонырауым бар, жаңа үкіметке жақпаймын",- деп бұл орынға Тобаниязды ұсынған.

Алданазардың баласы — Шорбас, көп жылдар Иса ағасынын қасына еріп, сенімді атқосшысы болған. Өте қайратты адам болыпты. Оның тамақтылығы туралы ел аузында әңгіме бар.

Бірде Исекең Арқаға асқа бара жатады. Жолшыбай, бір байдың үйіне қонуға тоқтайды. Ертеңгісін жолға жиналып жатса, Шорбас түртінектегі болып, болмайды дейді.

— Бол! Ана қоржында семіз марканың тұтас еті бар. Түске тарта талғажау қыларсың! — дейді Исекең.

Сонда Шорбас:

— Ай, Исеке-ай, піскен астың күйігі жаман екен. Мен соны жеп алып, жолда қайтер екенбіз, деп, тұрған жоқпын ба? — дейтін көрінеді.

Үй иесі бай "Исекеннің атқосшысы аш аттанды деген не сұмдық?" деп, сол жерде қонақтарын жібермей, өрістен ту бие алдырып сойғызыпты.

Ертеңіне жолшыбай Шорбас: — Кешегі бай нағыз қарау екен. Биені бүтін аспай, жарты етін салды қазанға,—деп күңкілдейді дейді. Олай деуі — табағын тауысып қайыруы. Шорбастың бұл ауылға жиендігі бар екен. Жиен ел болмас деген ғой, әйтпесе, Шәкең тамақты болғанмен, обыр, мешкей болмапты.

Исекең қайтқанда, "көзі тірісінде көңілімді тойғызған ағам еді", — деп тоңды оя алмай тұрған жігіттерден сүйменді алып, қабірді осы Шорбас жалғыз қазулы.

Исаның қарапайымдылығының тағы бір мысалы, бірде Мәтжан би екеуі келе жатады.

Мәтекең:

— Мынау пәленшенің аулы. 5-6 құнан, қойы қыстан күйлі шықты,- деп еді. Соның біреуін жей кетсек қайтеді, — дейді. Иса:

— Мәтжан келеді деп, күтіп отырған қойы деймісің оны. Әлдеқалай күн болады деп, ұстайды ғой кісі малын. Онысын шығындап кеткенде не ұтамыз. Сен соның бір борбайын да тауыса алмайсың. Жолымыздан қалмайық,- дейді.

Сонда Мәтекең:

— Сол кісінің ойындағы шаруасы пәленшенің үйіне Иса мен Мәтжан түсіпті. Қонағасыға құнан, қой сойыпты дегеннен, дақпыртты бола қояр ма екен өзі? — деп болмай, ат басын әлгі ауылға туралапты.

Исекең ат баптаған сейіс кісі екен. Өмірінің соңғы кездерінде "жағал ат", "шағадам қоңыр ат" деген жүйріктерді ұстап, бәйгіден келтірген. 1895 жылы Жартының асы болып, Иса жағал атын, Дәулеталы Қоштай қызыл атын қосады. Жағал — бірінші, қызыл — екінші келеді. Исекең, әдеті бойынша, бәйгісін ас берген ауылдың ошағының басына қалдырады.

Оның шаруа күйі орташа екен. Бір қора қойы, екі айғыры, үйір жылқысы, сауын түйесі ғана болған. Одан артық байлық қумаған. Түзде ысырапшыл болмағанмен, үйінде сахи, жомарт. Киімді таза, денесіне қонымды киюді ұнатқан. Ел басшысы болған соң, жүрісі көп. Сонда, жазда көбіне сәуір салып, түнде жүруді ұнатқан. Оның сондай бір сапарынан марқұм Есағаң, Есбол Өмірбаев айтқан бір әңгіме:

Исекең, Кетіктен келе жатып, жолшыбай дамылдапты. Ұйқысы қатты кісі, жатқан бойда қор ете түссе керек. Қасында кілең нағашылы-жиенді, балдызды жас жігіттер. Солар бір сарүйек жыланды қайырмалап әкеліп, Исаның үстінен арлы-берлі өткізеді. Бір уақытта, Исекең сескену орнына: — Байғұсты ала өкпе қылып, өлтіретін болдыңдар ғой, жіберіңдер, - деп, күліп жатыр дейді.

Иса өзгеден бұрын, өзіне қатты талап қоятын би болған. Оның бүкіл адами өлшемі билігіне сиып тұр. Әділ Жұмалыұлы жинаған бір топ сөзі соның дәлелі.

Бірде Асабай деген құрдасы:

— Бірер сұрауым бар еді, — депті.

— Сұра! — дейді Иса. Сонда құрдасы:

— Осы адамның, жердің, сөздің сәні не? — депті.

Иса көп ойланбай:

— Адамның өнері, білімі, ақылы үшеуі бірдей болса сәні.

Асқар таулы, айдын көлді, ну тоғайлы, көкорай шалғын жер сәні.

Сыпайы, тұжырымды, нақ па нақ шын айтылса, сөз сәні — дейді.

— Тағы бір сауалым бар, — дейді құрдасы тақымдап.

— Е, оныңды да айта сал.

— Айтсам, Адам ата мен Хауа анамыз жаралғалы қанша уақыт өтіпті. Адам баласын жақсы-жаман деп, бөлетініміз қалай?

— Жоқтан өзгені сұрады дейді мұны. Адам ата мен Хауа анамыз жаралғанда, қасында тұрған ешкім жоқ. Әйтеуір, екеуі бір-біріне қосыла алмай, іздеп, 300 жыл жүріпті ғой, табанынан таусылып. Шеберді олақ үшін, шешенді доғал үшін жаратады. Бір-бірінің бағасы солай бөлінеді. Білімсіз болса — ұл жаман, шешенің тілін алмаған — қыз жаман. Үш жерден буылып, көрге түскен жаманның жаманы. Бетіңнен алған қатын жаман, артыңнан ұрпақ ермесе, ол да жаман. Бәрінен жаманы — тәубасынан безген ер, тобасынан жанылған ез, — дейді Иса.

— «Жаман қатын алғанның соры — үйінде, жақсы қатын алғанның тойы — үйінде» деген де қанатты сөзі бар бидің.

— «Қара жерді көк өгіз көтереді, арық кісіні ас көтереді, тұманды жел көтереді, бізді ел көтереді» — деп те, төгіп жіберген бірде.

— «Сөзге ұста жігіт, бақшада сайраған бұлбұлмен тең». «Өзіңмен бірге жүріп, ақылы жарасқан жігіт ұлмен тең». «Жақсыдан жарым ес туса қара сумен тең» — деп, тастаған енді бір жерде.

Исекеңнің қартайып келген шағында, екі баласы қасына келіп, бізге не аманат, өсиет айтасыз? — депті.

Сонда би: Өгіз деген мал болады, өрге айдасаң, қанатыңды талдырады, наданға назарыңды салып, ақыл айтпа — сағыңды сындырады, сыйлас досқа өтірік айтпа — сенімінен айрыласың, дұшпандығы бар деп, көңіліне алған кісіге, сырыңды айтпа — табасына қаласың, жылқыға жабыдан айғыр салма — жағдайлап мінер ат тумайды, жаманның малы үшін — жақсының жағасынан алма, барар өрісін, тарылады. Ит жүгіртіп, құс салып, аң қума — әуейі боласың. Үй сыртына кісі келсе, төріңе шығар, ол қыдыр болар, — депті.

Балаларының ішінде Кемелхан, ептеп, салдыққа үйір болған. Нұрберген сөз ұстап, билік құрған. 1931 жылы би, болыс болды деп, Үйшік түрмесіне жабылып, сонда өлді. Балалары өле өлгенше әкелерінің осы өсиетіне адал болып өтті.

Енді бір құрдасы: Байлықтың шеті, шегі бар ма? Адамның бағасын келтіретін, кетіретін не нәрсе? — деп сұрапты. Сонда алған жауабы:

— Байлықтың бірінші шегі — денсаулық, екіншісі, сірә, ақ жаулық. Сосын бірекі баспақ, бес саулық. Адам бағасы білім мен білікте, өнерде, еңбекте. Бәсін кетіретін кесапат —өтірік, өсек, мылжыңдық, парақорлық, күңшілдік, тәкаппарлық. Адам еркінен тыс нәрсе — ажал, кесапат, қорлық.

Исаға Табынай Кенжалы деген кісі келіп, малын ұрлағандардың үстінен шағымданады. Иса оларды алдына алдырса, мойындарына алмайды. Сонда, әлгілерге өрістен жүген-құрық тимеген үш асауды алдыртады да, бастарын желіге байлап қойып: — Ал, ақ болсаңдар, осылардың төрт аяғы астынан еңбектеп өтіңдер, — дейді. Қолы қара ұрылар өте алмай, қылмыстарын мойындайды. Ұрлаған малды иесіне қайтарады.

Бірде, Иса үйінде Есен Ерменбет, Жары — Мәтжан, Қараш Батанияз бас құрап қалады. Үрдіс бойынша, біреуі сөз бастауы керек. Иса қонысы басқа, алыстан келді деп, сөзді Қараш Батаниязға береді. Сонда Батанияз:

— Қауым, орынсыз өңмендесем опақ дерсіңдер, тұрып айтқан сөзімді сопақ дерсіңдер. Сөз қуып айтсам, желбос дерсіңдер, қуа алмай қалсам маубас дерсіңдер. Қай қалауларыңнан шығарымды, білмей қалғаным- ай, — деп бір кідіріп алып, — Иса, сен қонақ иесісін, ел ағасысың. Мықтымын деп тасымадың, осалдығыңды көрсетіп жасымадың, басың — алтын, сөзің — күміс. Қазаныңа арам ас салмадың, ісіңде опығың болған жоқ. Сөз тізгінін өзін ала берсейші, — дейді.

Сонда Иса Мәтжанға қарап:

— Осы жеті ағайынды жамандық пен жақсылық бар,- деуші еді. Арасы қандай екен соларыңның? — дейді.

Мәтжан:

— Сауалға сауал — дүниеде айналайынның шегі нешеу? Кейігенде аузымыздан шығып кететін «атана лағынеттің» түрі қанша? — дейді Батаниязға қарап. Батанияз жұлып алғандай қылып:

— Алдыңғысы үшеу, соңғысы төрт ағайынды. Өзің үйде жоқта, қонағыңды күтіп, риза етіп, жолға салар әйелің — бірінші айналайын, сосын, жүгеніңді алып, барғанда мойнын бұрған атың — екінші айналайын, үшіншісі — әлсізді теңгерген, әлдіні өңгерген, жылағанды жұбатқан, кемді жебеген, жабыққанды күлдірген, құлағанды сүйеген, туғаны жоқ тура би мына Иса — үшінші айналайын.

Ал, нәлетке келсек, оның дос-жолдасы болмайды. Құдайы қонағын қарсы алмай, күлін шашып, барпылдаған көргенсіз қатын — бірінші атаңа лағнет, қартайғанда, басыңа әңгір таяқ ойнатқан, көргенсіз ұл мен қыз — екінші атаңа лағнет, алыстан досың келгенде, сол досыңмен бірге құрмет көрсетпедің деп өкпелеген жаман қоңсы — үшінші атаңа лағнет, еліне тізесі батқан, параның шетінен дәм татқан, құдай атқан, ібіліс қолдаған әкім — төртінші атаңа лағнет, — деп тоқтағанда, жұрт риза болысыпты. Исекең орнынан тұрып, бастас Батанияз биге, құндыз ішігін жауып, "атың көрмеде тұр"— депті.

Сердалы Бекес — Адайдың белгілі байы. Шағадам қаласынан жеке меншік үй салдырған. Ол үй кеңес кезінде педагогикалық училищеге мекен-жай, артынан мектеп болды. Бекес 1930 жылы мал-мүлкі тәркіленіп, атылды. Бекес үйінде жары — Мәтжан, Иса, Шоңай Қожық, Абыз Тілегендер бас қосады. Қожық Исаға:

— Осы Мәтжан екеуің сөз бастағанда, бойлай әңгімені, өздеріңе тарта мақтана сөйлейсіңдер. Осыларының әдеттерің бе, жоқ Адайда екеуіңнен басқа ұл тумаған ба? — деп қалжыңдайды.

Сонда Абыз Тілеген:

— Шежірелі сөзіміз қағазда қатталса, ауыз билігіміз жадта жатталса, билігіміз бұзылмай сақталса, би мұраты — сол ғой. Мәтжан мен Иса көтеріп сөйлесе, сол мұратына жеткені болар. Әйтпесе, Адайдан асып, тудың деген, кепиеттіліктің беті аулақ деп, жайма шуақтаныпты.

Мәтжан тұрып:

— Би қадірі билігінде болса, кей-кейде бір-бірімізден асырып, асығып та жатамыз. Оның аты — тіл безеу. Орынсыз безелген тілден, мініңді көруге асық көзден, орынсыз даудан аманы, жаладан өзге жаманы жоқ биде арман бар ма? — депті.

— Би кесігі кесірден ада болғанда ғана билік, — деп түйеді бұл сөздің артын Иса.

Иса жасы келіп, ауырып жатса, көңілін сұрап, жақын жиені келеді. Сөзі түйеден түскендей болса керек онысы. Оны-мұны бір шатып отырып:

— Нағашы-әке, жасыңыз біразға келді. Енді бақилық ауылдан да хабар ала берсеңіз болады ғой, — деп салады. Иса жалма-жан:

— Бақи хабары менен өтіп, өзіңді тауыпты ғой. Ұзағынан болсын. Ерінбесең айта отыр,-деп күліпті. Ағат кеткенін сонда білген жиен кешірім сұрапты.

Иса өзінің алдындағы Бәйменбет биді қатты қадірлеп өткен. Оның сұңғылалығын мойындаған. Оның өлімін шәйіт, ақөлім деп қабылдаған. Басында оның орысшылдығын қолдамағанмен, кейіннен, оның жолының дұрыстығын мойындаған. Елі Бәйменбетінің қадірін жете білмеді,- деумен кеткен. Бастастарынан қатты қадірлегені - Есен Ерменбет. Ол өлгенде Иса — Үстірт үстінде. Жасы келіп қалған кісі, алыс жолға жүре алмаған соң, азасы деп, айғыр, үйір жылқы, 90 бойдақ айдатып жібереді.

Бір кезде қасында Мәтжан, тағы басқа белгілі, беделді айғыр топ адам барып, Бозашының Алуа көлі басында отырған Ерменбет аулына барады. Айтушылар, Адайдың игі жақсыларының, бұл — соңғы жүз көрісуі болды деседі. Бірсыпыра айтушылар, Иса ауыздыға сөз берген жоқ, Ғафур, Бәйменбет, Ерменбеттермен, Мәтжанмен айтысып, жеңіпті,- деп жөргемдейді. Бұл — ағат айтылған әңгіме. Бұлар бір-бірлерінің қадірін біліп өткен, тірісінде сыйласқан, орынсыз тәжікеден ада кісілер. Араларындағы нағашылы-жиенді бір қақпайлар есепке кірмейді. Ерменбет билігін Ақбота Қабыл биге қалдырған. Иса мен Ерменбеттен кейін Адай билігінің тізгінін Мәтжан, Тобанияз, Айдарбай билер ұстады.

Тобанияз кеңес түрмесінде өлді. Мәтжан мен Айдарбайға Алланың ақ ажалы бұйырды. Үшеуі бір кезде, зар замандарының талқысын, тартудай-ақ тартып, барып өлді. Мәтжан Жем бойында, ел шетінде, Айдарбай ойда қалды. Осылайша, қазақ даласында, оның ішінде Маңғыстаудағы халықтық-демократиялық билік бір жола жойылды. Керек кетті, кебек қалды. Ендігі билік — кен, естің қызыл көз кеңкелестеріне тиді. Қара сөзден қаймақ айырған ділмарлардың алқа төрдегі тұғырын қызыл маталы мінбер, қағазға қарап көпірген езбе қырттар алмастырды. Әр заманның өз сұрқылтайы бар. Енді солар сұңқылдады, бұлбұл үні құмығып, орнына байғұз шақырды. Иесіз мешітте есек пен көкек азаншы болды.

ҮШАУЫЗ ҚЫРҒЫНЫ. РУКИННІҢ ӨЛІМІ...

Көтерілісшілер мен патша әскері арасындағы ұрыс қимылдарын тәптіштеп жазбас бұрын, аз ғана авторлық шегініс.

Бұл туралы бұған дейін де жазылумен келді. Соның бәрінде, жалпы оқиға сарыны дұрыс қамтылғанмен, қайшылыққа толы, кей ретте, тіпті бір-бірін жоққа шығаратын тұстар да бар. Жазба деректер мен ел жадында сақталған әңгімелер қабыспайды. Солай екен деп, М.Мағауин айтқандай "тоны тозбайтын ел аузы" атты архивті жоққа қалай шығарамыз. Олар да кезінде шындықтан өрілген. Қоспасы болып жатса, зейінді зердеге, сарапшыға арылтып алуға болады оны. Тек бұл көп еңбекті, ізденуді қажет етеді. Ал жазба деректерге келсек, бұл жерде өлкеміздің өткені жайлы, оның ішінде, осы біз сөз етіп отырған тақырыпқа қалам тартқан Дүйсенбі Әріпонтын, орыс отаршылдары түзген құжаттар, олардың өз мүдделері негізін көздейді деген пайымы өте дұрыс. Оларға ден қойсақ, ләббайшының бірі болып, адыра қалудың аулы алыс емес. Бірақ, содан қашып, жазба құжаттарды мүлдем талақ етуге де хақымыз жоқ. Өткенді, тарихи тақырыпты сөз еткен мұңдық талапкер қалам иесінің басынан өткерген, өткере де бермек қиын, тәнтанай тірлігі деген осы болады. Сондықтан мен қолымда бұл көтеріліс жайлы Ташкент архивінен алынған, жалпы көлемі 154 беттен астам құжаттар, өзге де көп деректер бола тұра, қаламға жармаса кетуге асыққаным жоқ. Ізденісімді жалғастыра бердім. Ақыры, тағы бір сонарға тап болдым. Оны тіпті кездейсоқтық деуге де болар. Х.Есенжановтың "Ақжайық" романдары бәріміздің есімізде. Кезінде оны жастанып, жатып оқыдық. Сонда Кіші жүздің, оның ішінде, Жем бойы елінің отаршылдарға қарсы күресін суреттейтін жарқын тарау бар. Хамзекең оны Бақытжан Қаратаев жазған қолжазба енбекке сүйеніп жазғанын айтады. Мен қалам алғанда Хамзекең бақилық болып кеткен. Бірақ, өзі жоқ болғанмен, көзі күні кеше арамыздан кеткен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиев ағамыздың кандидаттық диссертациясы Хамзекең романдарынан қорғалған. Марқұм Қабең — Қабиболла Сыдиықұлы, ағам арқылы сол кісіге шықтым. Зейнекең сөзге келген жоқ, ол еңбектің барлығын, қайда екендігін сілтеді. Сәті түскенде, оның бір тұтқасы жазушы Өтебай Қанахиннің жесірі — Сәбира Төлегенқызының қолында, ал оны Қабең жақсы білетін болып шықты. Онан арғысы оңай. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында, біраз уақыт құпия сақталған қолжазба қолыма түсті. Көлемі өте үлкен. Машинкаға басылған. Қателерін, автор қолмен түзетіп, тұсына "Өз қолыммен түзетілді Б.Қаратаев" деп, тушпен әдемілеп қол қойып отырыпты. Тақырыбы «Қазақ өлкесінің отарлануы, Орынбор өлкесі қазақтарының 1869 жыл мен 1870 жыл басындағы көтерілісіне байланысты тарихи материалдарының шолуы" деп аталады. Бәкең "Қазақ" сөзін орыс емлесінде қазіргіше "казах" деп емес, "қазақ" деп жазады.

Соңында пайдаланылған материалдар тізімі көрсетілген. Қазір біздің көп тарихшыларымыз өздері тапқандай, жаңалық ашқандай болып айтып, сілтеме жасап жүрген көп еңбектер, кезінде Бәкең қолынан өтіпті. Автор бұл еңбегін өз кезінде Қазақстанның ағарту министрі С.Меңдешовке, орталық архив басшысы Николай Яковлевич Болотниковке арнапты. Көзі тірісінде, баспагерлермен келісім жасау үшін ұлы Шәмілге сенімхат қалдырған. Қолжазба Ақтөбе қаласы, Комсомолск көшесі, 54-үйде тұратын қызы Қаратаева Саржаннан 1935 жылдың 21 сәуірінде 400 сомға сатып алынған. Содан бері қозғаусыз. Жарияланбауына, сірә, С.Мендешовтың, Ш.Қаратаевтың "Халық жауы" атанып, сотталуы себеп болса керек.

Ксеро, фото көшірме жасауға қатаң тиым салынған еңбекті Сәбира жеңгем кеншілік жасап, маған конспект жасауға рұқсат етті де, оқу залының елеусіздеу түкпіріне орналастырды.

Содан Кербаланың шелінен өтіп, қаталап жеткен, мүбақ бәдәуидің мөлдір бастауға бас қойған түйесіндей болып, қолжазбаны құныға оқи жөнелді.

О, ғажап! 101-беттен басталған сегізінші тарау — "1869-1870 жылдардағы Маңғыстаудағы оқиға. Ереженің Адайларға енуі — полковник Рукиннің өлімі және Форт Александровскінің қоршалуы" деген тақырыппен бізге арналыпты. Іздегенге — сұраған деген осы болады. Жарықтық Адам атамыз, Хауа анамызды 300 жыл табанынан таусылып, іздеп қауышқанда да мұндай қуанбаған болар!!!

Сол жерде конспект жайына қалды. Бір оқып шығып, жалма-жан орысшадан аударуға кірістім. (Шіркін, осы еңбекті түгелімен аударып, бастырып шығару бір арманым. Қайтейін, қолым қысқа, қалта жұқа. Тамға еткен Қазақтан қайыр қашқан, қара ойды қаран су алған, қу заман-ай!).

Б.Қаратаев заңгер болғанда қандай! Кәсіби шеберліктен атымен мақұрым, Сәлдекендей үш азаматтық істі қорғай алмай, жеңіліп, тауы шағылған сонтабаны шатқаяқтап, марксист, көсемсөзші болып кеткен В.Лениннің өзі ден қойған заңгер! Әрі ұлтжанды қазақ, күрескер - демократ. Ол да қолындағы сөз етіп отырған оқиға жайлы орыс отаршылдары түзеген құжаттарды негізге алғанмен, шындықты сөз еткен сарабдал. Сондықтан осы жайға байланысты әңгімелерде Бәкеңе ден қойыңқырадық. (Бұдан әрі сілтемеде "Б.Қаратаев жазбасы" деп сілтеме жасалады).

1870 жылдың наурызы құрбан айтпен қатар келіпті. Үлкен оқиға! Көрісіп, мәре-сәре болған ел жылында айналып бір келетін діни мейрамын мерекелеп, тағы бір серпіледі. Бірақ, көңіл күпті. Бұқара толқулы. Кінәлісі патшаның "жаңа Низам" аталған ережесі. Бейнетқор ел үшін қыс — қарбалас болғанда, жаз — салтанат. Ен жайлау қызыққа толы. Амал не, сол биыл көн шаңырақ үшін көзден бір-бір ұшқалы тұр ма қалай? Елден бұрын, халқының қамын күйттеген, жақсы мен жайсаңдардың көңілі алаң. Сөйтіп отырғанда, ел құлағы елу, ояз Рукиннің 15 наурыз күні, бері беттегені де, жетіп үлгерді. Жылда келетін Ұлыстың ұлы күнінде қарауындағы елге қару көтеріп, қарсы шығудың өзі тасырлық деп танылатынын кеудемсоқ неме ескермеген екен де. Наурыз бен құрбан айт күндері ел мен елдің арасындағы қанды майдан да тоқтамаушы ма еді!

Орал облысының әскери губернаторына 1870 жылы 27 наурызда жазылған №302 санды қатынаста Рукин жанында пристав көмекшісі есаул Логинов, хорунжий Липкин, дистанция бастығы зауряд хорунжий Маяев, урядниктер Багайдинов пен Макаров, тілмаш зауряд хорунжий Бекшеров, бөлім меңгерушілері Аманжол Сатыбалдиев, Құлат Орақов, Қосым Мырзабаевтар болды деп жазылған. Б.Қаратаев оны нақтылай түсіп, бұлардан басқа Қосшы Емберлиев, Көпей Жүзбатыров, Орақ Жаулинов, түрікменнің ауыл ағасы Атандық Жұмаболов, молда Бура Есенаманов және 5 қызметші қазақ болды, 38 қазақтан тұрған конвой командирі хорунжий Ливкин, қарулары әрқайсысының 40 патроны бар винтовка, көліктері 36 түйе, 45 күндік жол азықтары болғандығын нақтылайды.

Әбішев айтқандай, оралымсыздық, оған қоса оспадарсыздық емей не бұл? Ел арасы толқулы болғанмен, көтеріліп, қару асынып жатқан ешкім жоқ. Ендеше, осыншама қол неге керек болды? Рукиндікі бұл жерде нағыз кеудемсоқтық. Егер ол қасына Бәйменбет бастаған беделді қазақтар тобын, тілмашын, мықтағанда 10-нан аспайтын әскерін ертіп, алдына күнілгері хабаршы жіберіп, ел ақсақалдарымен танысам, көрісем деген желеумен жолға шықса, ел өкілдерімен сөйлесіп, патша әмірін екі ете алмай өзінің де сасулы екенін жаймашуақтап жеткізсе, бәрі бейбіт шешілер еді. Қан төгілмес еді. Жұттан аман, шаруасы орнындағы ел қиналса да, қажет салығын жинап, тіпті, артығымен берер еді.

Б.Қаратаев жасақтың жүріс бағытын заңгерге тән машықпен дәл баяндайды. Кетіктен 15 шақырым жерде алғашқы аялдама — Құрық, 17 наурызда Бөрлі, 18-і Құнан су, 19-ы Ұшанкөл, 21-інен 22-сіне қараған түнде Ұсақ. Осы түні Құлатов түйешісі 5 түйені қуып, қашып кетеді. Ол қашыс тегіннен тегін емес-ті. Алда негізі Жеменей мен Жары руларынан жиналған қазақтар қолы тосып тұр еді. Соған қарағанда, бұлар Бозащы беттегі ауылдардан қапелімде бас құрағандар болған. Демек, бұл елдің "ереуліге қарулы" жоралғысы. Рукин жасағынан жақсылық күтпеген соңатқа мінген беті. Жер жағдайына жетік олар,тосқауылды да қолайлы жерден таңдапты. Осы күні армян көпесінің приказчигі Дәулет Қолдыбаев жасаққа келіп хабар береді. Бұл жерде бір басын ашатын нәрсең ол Кетіктен, Кетікге тұратын армян көпесінің қол ұзартары болуына қарағанда күнілгері тапсырмамен ілгері жіберілген жансыз. Қай жаққа қалай қызмет еткені белгісіз. Әйтеуір, оның айтуынша, алда 200-дей қарулы қазақ, 30 мылтық, I штуцермен тұр. Жолдыбаев сол жерде көтеріліс басшысы Исаға жіберіледі. Бұл жақ, бірінші басшы Иса екенін осы жерде ғана естіген, кейіннен қамал коменданты майор Зеленин мәлімдемесінен белгілі болды. Онда да көмекке жіберілген Колесников жасағына еріп келген — қазақтар.

"...Көтерілістің негізгі басшысы Бәйімбет бөлігінің Жаманқара бөлімшесінің меңгерушісі — Иса Тіленбаев, содан соң, Құтжан Орақов, Құл Балами (сірә, Құл баласы болуы керек Ә.С.), Жеменей бөлімінен би Құрман (әкесінің атын білмеймін дейді мәлімдемеші-Ә.С.), Бәйімбет бөлімі Медет бөлігінен қырғыз Қарамұрат Жолдыбаев, Жары бөлімі Дәулет бөлімінен қырғыз Әли, Досан Тәжиев" (Ташкент архиві). Бұл жерде бір қате Досан руын көрсетуде. Дұрысы, Жары Дәулеталы бөлімінен болып берілуі керек қой Досан руы.

Иса келіссөзге Маяевты жіберуді сұрайды. Рукин, сірә, оған келіскен сыңайлы. 23 наурыз күні 100 қазақ қолыт ағы көрінеді. Кешке оңтүстіктегі бөлек қорған басына барып бекінеді.

Бүл жерде қорған түгілі оның тамтығы да жоқ. Ұсақ құдығының оңтүстігінде биік төбе бар. Басында шағын қоршау тұр. (ол әлі сақталған - Ә.С.) Бұдан белгілі болғаны Рукин қолы Ұсақ құдығының басында, сай бойында бекінген екен. Сол күні кешке Рукин әскеріне оқ атуға бұйрық береді. Көріп отырғандай, оқ алдымен орыс жағынан атылды. Яғни, ұрыс қимылын бастаған осы жақ. Бейбіт келісімге келу мүмкіндігін жою — бұл Рукиннің тағы бір қателігі. Оған қазақтар да оқ атып, жауап береді. Атыс таңға дейін созылады. Отрядтан осы атыста Зевакин деген қазақ пен екі ат оқ тиіп өледі. Сол түнде Рукин Фортқа шабарман шаптырады.

24 наурыз күні таңертең отряд жан-жағынан қоршауға алынғанын көреді. Рукин алға урядник Багайдиновты, бас етігі 5-6 қазақты жібереді. (Б.Қаратаев жазбасында).

Осы жерде ел жады дерегіне жүгінеміз. Бұл шағын жасақ алға емес, артқа қарай жүрген. Сірә, мақсаттары Фортқа жетіп, қамалды хабардар ету немесе Сарытас шығанағында балық аулап жатқан орыстың балықшы кемелеріне хабар беру болғандай. Өйткені, Рукин түнде жіберген байланысшысының Фортқа аман жетеріне сенімді емес қой. Жауынгер урядник қоршауды бұзып өтуін өтеді, бірақ, қуғыннан құтыла алмайды. Қарақауақ дейтін жерге барғанда, аты жүйрік бір қазақ жігіті қуып жетіп екеуі қылышқа жармасады. Ол жігіт Жаманғара руынан Мошан деген ер екен. Сол жекпе - жекте ол Багайдиновты өлтіріп, басын кесіп, өлікті көйлегіне орап. Исаға әкеледі.

Исаға өлген орыстың басын тартып, есің дұрыс па? — дегендерге, басын әкеліп, көрсетпесем, сендер оны жекпе-жекте қылышпен шекеден шауып түсіргеніме сенбей жүрерсіңдер деген күдігім болды, — деп жауап береді. Багайдинов қарауындағы 5-6 қазақ туралы «бірнеше қазақ жараланды» делінеді (Б.Қаратаев). Соған қарағанда, олар қоршаудан өте алмай, кері кайтқан. Осы жерде Рукиннің тағы бір алдырғаны, Маяевтың кеңесі бойынша, көлік атаулының бәрін тастайды. Көлікпен бірге, әрине, азық-түлік те қалады ғой. Б.Қаратаев жазбасында Рукин отрядымен теңізде желкендері көрініп тұрған балықшы кемелерін шақырып, солармен Фортқа жүзіп кету ниетінде болды,- деп түсіндіреді.

"Кешке жақындағы таулардың бірінің басынан қазақтардың бөлек бір тобы көрінді. Бұл өзін күтіп тұрған қазақтар деп есептеген Маяев солай қарай шаба жөнеледі. Бірақ, 200 сажын жерге жете бере қоршалып өлтірілді." (Б.Қаратаев жазбасының 118-беті, астын сызған біз — Ә.С.).

"Отряд осылайша, (алдында жаяу келе жатқаны айтылған — Ә.С.) тағы 2-3 шақырым ілгеріледі. Теңіз жағасына 2-3 шақырымнан астам жер қалып еді. Бірақ, адамдар қатты шаршады және қараңғылық та сапарды жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Отряд Рукин бұйрығымен биіктігі 50 сажын тау басына шығып, үлкен тас тасасында қоналқаға дамылдады. Мұнда су да, азық та болған жоқ. Таң алдында, қазақ жағынан, сірә, Исаның өзі болар, айқайлап, отрядта жолбасшы болған, осы түнде қашып кеткен Қосым Мырзабаевты өзіне шақырды. Исаның айғайына басқармада тілмаш болып қызмет ететін зауряд хорунжий Бекметов шықты. Ол оған Рукин атынан Маяевтың өлтірілгенін, қазақтардың түйесі мен аттарының қалдырылғанын, ал Мырзабаевтың қашып кеткенін хабарлады. (Б.Қаратаев жазбасынан).

Осыған дейін, барлық жазбаларда Бәйменбетті сатқындығы үшін, қазақтар өлтірді делініп келді. Кейін, дау болмас үшін, өз ағайындарына өлтіруге үкім шығарылыпты. Оны орындаған Емен екен делінеді ауыз екі әңгімеде. Жоғарыдағы дерекке қарағанда, ол негізсіз. Бәйменбет шауып барған бетте қоршалып, өлтірілді деген емес пе? Орыстар оның өлімін өз көздерімен көріп тұрған. Ара қашықтық бар болғаны 200 сажын. Винтовка оғы жетер жер, Рукин Исаға көліктерін қазақтар ғана тастады дейді. Бәйменбеттің, қазақтар алдынан шабуына, түнде Қосым тілмаштың қашып кетіп, Фортқа аман жетуіне қарағанда, қазақтардың бәрі атты. Ендеше, шауып бара жатқан Бәйменбетті бізге опасыздық жасап, қоршауға түсіріп, көліктерімізді тастатып, өзі қашып бара жатыр деп, (шынында да солай болуы да мүмкін-ау) орыстардың өздері атып түсіруі. Мұның қисынға келетіні, көтерілісшілер, оның өлтірілгенін бір түн бойы естімей, Рукиннен естіп, біліп тұрғаны. Олар, тіпті, Қосымның сатылып кеткенін де естімеген ғой. Демек, олар, Бәйменбет қазасынан қалыс. Ол өлген жерде, қасындағы көлікті қазақтардың қолына берілген. Ал, олар, көтерлісшілер деп, бой тасалап, басқа жолға түсіп, өз жөндерімен кеткен. Исаның хабарсыздығы сол себепті. Бұл ыңғайға жығылтатын ендігі бір жайт — Емен мен Бәйменбет бел немере. Оның туысқа қолы қалай көтерілмек. Бұл жерде, орыстар қылмыстарын жасырып, қазақтардың өзін жалалы етіп отыр. Мәлімдеме жалған.

Жазба деректі онан әрі парақтайық.

"...Ширек сағаттан кейін ол (Иса) Рукин мен Логинов үшін, екі ат жіберіп, олардың келіссөз жүргізу үшін, өзіне келуін сұрады. " (астын сызған біз -Ә.С.) Рукин ұсынысты қабылдады, есаул Логиновты, хорунжий Ливкинді, тілмаш Бекметовты, урядник Макаровты ертіп, бәрі қазақтарға кетті...

Келген бетте оларды киіз үстіне отырғызып, шай берді. Рукин Исадан көтерілуге не мәжбүр еткенін сұрады. Иса, қазақ Дәулет Жолды отряд мұның аулын шауып, талқандау мақсатымен келе жатыр деп ескертті, деп жауап берді...

Рукин Макаровты кейін жіберіп, құралды тастауға бұйырады. Қазақтар келіспейді. Оның артынан сол бұйрықты алып, хорунжий Ливкин келгенімен, ол да, сол жауапты алды. Ақырында, полковник Рукиннің өзі келді, бірақ, ол отрядтың тек жартысын ғана осыған мойын сұндыра алды. Қалған жартысы орындарында қалды. Рукин екінші рет келіп, өтініп, әрі қорқытып, бұл жартыны да өз артынан еруге мәжбүр етті. "Сіздер өзара айтқанда, — деді ол, — менің өтінішімді орындамадыңдар, енді бұйрықты да орындағыларың келмейді, ал, біліп қойыңдар, Фортқа оралған соң, мен бұл туралы бастықтарға мәлімдеймін де, сіздер тонмойындықтарың үшін бүлікшілер ретінде әр полкқа таратылып жіберілесіңдер. Маған менің өз өмірім, сіздердің өмірлеріңнен арзан емес, сендер құрысаңдар мен де құримын. Одан да тастап кеткен ат, түйелерімізді қайтарып алып, Фортқа оралалық".

Қазақтар тауға паналап, қорғануды өтінеді. Бірақ, Рукин ас-сусыз қорғану мүмкін емес дейді.

Бұдан шығатын қорытынды, Рукин боғына піскен қаукөкірек әупірім, тек әйтеуір бақ көтерген әңгүдіктігінің үстіне барып тұрған ақымақ болып шықты. Қару жарағы сай (тек патронның өзі 1600 дәне) әскер өнеріне жетік 40 ат көлікті әскер — бұл қыруар күш қой. Бірінші түнгі атыста 600 патрон шығарды дегеннің өзінде, түйені тастап, атпен қоршауды ұрыс салып, бұзып өтуге әбден болатын еді ғой. Қаруы нашар қазақтар, олар солай батыл қимылдағанда, жөнді қарсылық көрсете алмас еді. Жоқ, оған жігері жетпеді. Балықшыларға жетіп, қайыққа отырып, Фортқа асам деген есек дәмемен жаяу жалпылдап, көз ұшындағы теңізге қарай сатпақтады. Сөйтіп, подполковник (ол кезде шені сондай, құжаттарға өзі солай қол қояды.-Ә.С.) басымен әскери тактикадан хабарсыз. Біріншіден, ұрыс хабарын естіген бойда, қайықтардың біразы кетіп үлгерген, енді біразын балықшы қазақтар қожаларын өлтіріп, басып алған. Тіпті, олай болмаған күнде, жаяу адамдарды жаппай, атты көтерілісшілер ілгері оңайлықпен жібере қоя ма?! Тау басына келіп, бекінген ретте қорғаның, атысып, 800 метр жерден оғы тиетін 40 винтойзкамен көтерісшілер бетін қайтарып, арттан көмек келгенше, (олар жолда еді) төтеп берер еді. Жоқ, олай да ете алмады. Ақыры, не болды дейсіз ғой.

"Қазақтар топталған қазақтарға келген соң, Иса оларға су мен қатқан нан беруге өмір етті. Сосын, оның бұйрығы бойынша, қазақтар қаруларын тастап, әрі кетті. Содан соң, Иса Рукинге қарап, оның қазақтарға да солай етуге бұйрық беруін талап етті. Осы жерде дау тағы басталды. Бекметовтың көрсетімінше, Рукин мен Логинов қазақтарға келіп, қаруды тастауға үгіттеуге кірісті. Қазақтар көздеріне жас алып тұрып, Рукиннен бұлай етпеуді, қазақтарға сенбеуді өтінді. Өздерін қарусыз қырғызғанша, құралы қолында өлгеніміз артық десті. Бірақ, Рукин өз дегенін жасатып, қару тасталды да, үсті үш әлде төрт қазақ отырған киізбен жабылды. Рукин есаул Логиновқа тасталған қару қасында қалуды бұйырды. Содан соң, Иса қазақтарға қарап, алдында тастап кеткен аттарың мен заттарыңды жинап алған, қазақтардан таратып алыңдар деді.

Қазақтар мұның тек бұларды қарудан алыстату айласы екенін білді де, орындарынан қозғалмады. Осы арада қазақтар қаруының қасына өздеріне назар аудартпас үшін, біртіндеп келген 30 шақты құралсыз қазақтар жиналып қалған. Алдаудың айқын екені көрінген соң қазақтар қаруға ұмтылғанмен, осы топ оларды кері ығыстырып тастады. Рукин бұл кезде қазақтардан 25 сажындай жерде қолын қалтасына салып тұрған, ал Ливкин киіз үстінде отырған. Алдымен, қару қасында тұрған Логиновты тырп еткізбей ұстап алды. Сонда Иса "Алла" деп айғайлап, шабуылға белгі берді. Қазақтарға әуелі қарусыз қазақтар ұмтылды, артынша жақында тосқауылда отырғандары орындарынан атып тұрды да, оларға 100-ден артық қарулылары қосылды. Сол сәтте Рукин мен Липкинде қазақтарға жүгіріп жетті. Біріншісі, көз көргендердің айтуынша, "Өлі деме ештеңені көрмейді де, естімейді" деп айғайлап, револьвермен атылып өлді. Қазақтар қырғыздардың көзінше Рукин денесіне жабылып шешіндірді. Онан әрі не болды, ол туралы бұл бақытсыз оқиғаға қатысушылар тиянақты мәлімет бере алмады. Алыс-жұлыс басталды да кетті, қазақтар қазақтармен араласып кетті, әркім тек өзімен болған жайды ғана біліп, жолдастарымен не болып жатқанын біле алған жоқ. Нақтысы біреу сана, тек қарсыласқандар (мысалы, қазақ Соболев) өлтірілді, қалғандарын қазақтар олжа ретінде өзара бөлісіп алысты.

Бұл іс осылай аяқталды. (Б.Қаратаев жазбасы. 122 бет)

Ұрыс заңы қатал. Наурыздың Маңғыстау үшін қаралы болған сол күні Үшауызда қан төгілді. Жауласқан екі жақ, беттескен тау етегінде Рукин мен 17 қазақ — қарулас серіктерінің денелері жайрап жатты. Урядник Багайдиновтың оны өлтіргенінің дәлелі ретінде, басын кесіп әкелген Мошанды, Иса "Жаугершіліктің де адамгершілік сипаты болады. Оны бұзу — күнә" деп, ұрысып ізінше қайтарып, өлікті жерлеткен. Сөйтіп, ол бұл жақтан 19-шы шөйіт.

Осы оқиға барысы Иса Тіленбайұлының өте сақ, ақылды, айлакер адам болғандығын дәлелдеді. Ең алдымен, ол майдан даласын өте дұрыс таңдады. Ұсақ суы ащы, малға болмаса, адам ішуге жарамсыз. Және жан жағы таршаң, қоршауға өте қолайлы. Ауызсусыз көпке шыдамаған жазалаушылар, қоршауды тек екі бағытта батысқа қарай, не келген іздерімен оңтүстіктегі сай аңғарымен ғана бұзып, өте алар еді. Батыс жолы теңіз бен одан үңілген биік жақпар құз арасынан өтеді. Шын басына бекінген мергендер үшін етектегі тірі нысананы баудай түсіру оңайдың оңайы.

Оңтүстік жолының біраз жері де, қапының тар қылтасымен өтеді. Бұл да Баубек Айназар мерген бастаған, мергендердің екі қапталдан, атты сарбаздардың алдан, арттан ұрысуына тиімді.

Үшауыз Ұсақтан қозы көш, батыстағы бір жағы құрлыққа, екі жағы теңізге қараған үш қылта аңғар. Фортқа баратын айдау жол бойы. Шегінген орыс әскері, әйтеуір, осы үш аңғардың бірі арқылы өтеді. Соны білген Иса негізгі қолды, мылтықты, мергендерді үш аңғардың нағыз тоғысқан жеріне әкеліп шоғырландырды. Алды-арты тұсаулы Рукинмен енді аркавды жарға тіреп отырып, келіссөз туралы әңгіме бастауға болады.

Рукинмен әу деп, жүздескеннен-ақ, сақ Иса үшін ұсақ нәрсе болмаған.

Рукиннің көтерілісті неге бастадың деген сауалына сол келіп, арандатты деп, саудагер ретінде араларына жіберген жансыздың атын атайды. Мұның артында әрине, о бастан дұшпандық ойламасаң ауылыма неге жансыз жібересің деген зілді ескерту жатыр. Рукин не десін, аузына құм құйылды да қалды. Майор Зеленин мәлімдемесінде Иса ел қаламайтын Бәйменбет Маяевты орнынан алуды талап етіпті, Рукин оған көнбепті. Жанжал содан басталыпты дейді.

Мұның жалғаны — Үшауыздағы кездесу алдында Бәйменбет фәниде жоқ. Ал, шындыққа жанасатын жері Ұсақ басында Иса Рукиннен елшілікке жансызды емес, Бәйменбетті жіберуді сұрады ғой. Талап занды. Мұндай алмағайып сәтте елшілікке жүрер адам Исамен терезесі тең, бастасы Бәйменбет қой. Бірақ, Рукин олай еткен жоқ. Бәлкім, оның іштей Бәйменбет не қазақтар жағына шығып кетеді деп, немесе Иса оны өлтіріп тастап, қазақтарға қатысты тірегімнен айырады деп қорқуы. Қайсысы болғанда да, Рукиннің кем парыктығы, елшіге қол көтермейтін қағидаға түздіктер, оның ішінде, Иса өте-мөте қатты қарайтынын білмегені. Орыс қаруының күшін, оның тегеурінін әбден біліп болған, оған қарсы шыққан қандастарының босқа қырылатынын бек біліп, жаны сыздап, екі оттың ортасында жүрген Бәйменбет Ұсақтың басына келгенде жалт беретін кісін емес қой. Демек, Рукин қарамағындағы халықтың басшысы, өзіне жақын Бәйменбетті жете білмегені, білгісі келмегені. Егер Ұсақ басында өзі бастап, оқ атпай келіссөзге Бәйменбетті жіберсе, оқиға мүлдем басқаша сипат алар еді. Жалпы жағдай реті сол ретте "ер шекіспей бітіспейді" дегеннің жолын көрсетіп-ақ тұрғандай. Бірақ, оны ұққан Рукин болған жоқ. Сонысымен Бәйменбетті оққа байлады.

Үшауызда Исаның әуелден қан төгу ойында болған жоқ. Ол Рукинді жекпе-жекке шақырған жоқ, "беріл" деген талап қойған жоқ, келіссөзге келуді ұсынды ғой. Бұлар барған бойда қасына отырып дәм ұсынды. Ұрысатын, қан төгіске баратын пиғылдағы кісі осындай бола ма?! Тіпті ғұмырында бей-берекет мал соя берудің өзіне қарсы болумен аты шыққан Иса, тап осы жерде адам қанына жерік бола қойды дегенге кім сенер. Саясаткер Иса іргесіне келіп, қамалын салып, әмірін жүргізіп, елі бодан болуға уағдаласып қойған патша әскерімен майдан ашуға құлықсыз да. Оның атқа мінгендегі мақсаты — халық күйімен, аужайымен санаспай салық салудың, орынсыз зорлықтың алдын алу. Патшаның жергілікті ұлығын халықпен санасуға мәжбүр ету. Елдігін көрсету. Рукинге қару үстінде мәмле жүрмейді, екі жағымыз да қарусыз отырып, сөйлеселік деуі еш қағидаға шетін емес. Айла-шарғы деуге де келмейді. Бар болғаны ақылмен, күреспен қарсыласын мойынсұндыру, тізесін бүгіп алдына әкелу. Ол дегеніне жетті. Рукин толық жеңілді. Енді оны өлтіріп, қан төгудің Исаға түкке керегі жоқ-ты. Қайта оған өлі Рукин емес, тірі Рукин керек еді. Рукин сол жерде Исаның көп талабына келісетін еді. Амал не тағы шырықты бұзған Рукиннің өзі болды. Ол қорықты. Исадан емес, өзінің үкіметі алдындағы жауапкершіліктен, қаруластар алдындағы ұяттан қорықты. Сосын, өзіне-өзі қол жұмсады, сөйтіп қасындағы 17 қаруласының обалына қалды. Рукин өзін-өзі атқан бойда-ақ, Иса жағдайға иелік ете алмай қалды. Ұрыста тұрыс жоқ деп, білетін серіктерін тоқтата алмады. Тоқтату мүмкін де емес-ті. Біздің бұл сөзіміздің дәлелі — қолға түскен тұтқындарға қазақтардың адамгершілікпен қарауы. Үшауыздағы жараланған қазақтардың жақын ауылға апарылып, күтім көрсетілуі. Тұтқындарды бір жерде ұстау, әрі қауіпті, әрі мүмкіндік жоқ. Сондықтан әр ауыл бөліп-бөліп алып кетті.

"Сол жылы жазда Жемнің төменгі сағасында бас штаб подполковнигі Саранчей отряды Мосье құдығының басында 7 тұтқынды Адайлар тұтқынынан босатады. Олардың үшеуі Рукин отрядынан, біреуі есаул Логинов, төртеуі Форт тұрғындары" (Б.Қаратаев жазбалары. 132-бет). Бұдан шығатын қорытынды — Иса тұтқындарды Хиуаға құлдыққа саттырған жоқ.

Үшауыз оқиғасы өзімен кеткен жоқ. Іргесіндегі Сарытаста балық батағасы бар еді. Көтерісшілер оны өртеп жіберді. Бейбіт 21 орыс балықшысы қарсыласамыз деп, босқа опат болды. Сөйтіп, бұл жерде де қан төгілді. (Б.Қаратаев жазбалары. 123-бет).

Рукин Ұсақтағы алғашқы түні жағдайды баяндап, көмек сұрап, хат жазып, Фортқа шабарман аттандырып еді ғой. Ол шабарман қазақ Қабақ Ерменбетов еді дейді ауызша дерек.

"24 күні сағат 5-те мен одан (Рукиннен-Ә.С.) хат алдым. Онда ол өзін қоршаған қазақтардың әрі де, бері де жібермей тұрғанын айтып, көмекке бір зеңбірегімен, адам басына 40 патрон беріп 20 қазақ жіберуін сұрапты. Мен оны сол бойда орындап, есаул Колесников пен 1 урядник басқарған 1-зеңбіректі, 20 қазақты, дәрі-дәрмегімен фельдшер Лысовты қосып, кешкі сағат 10-да жолға салдым. 25 күні подполковник Рукиннің қандай жағдайда екенін білу үшін байланысшы қазақты тағы жібердім..." - деп жазады, комендант майор Зеленин (Ташкент архиві).

Маңдайы қара Рукиннің алды-артын ойламайтындығын, кеудесіне нан піскенін қараңыз, жасағына медициналық қызметкер ертуді де, қажет деп таппапты ғой. Одан гөрі Зеленин тәжірибелі екен. Жасаққа фельдшер қосып отыр.

Есаул Колесников 1870 жылы 12 сәуірде бұл жорығы жайлы төмендегідей мәлімдеме жазады:

"...татар молдасы Бершүгір мен дистанциялық зауряд хорунжий Маяевтың ұлы Бака Маяевты жолбасшы етіп жорыққа шықтым... 25 сәуір күні таңғы сағат 6-да Форттан 30 шақырым шамасындағы Қаңға баба құдығының басында аттарға бір жарым сағат тыныс алдырдым. Сосын әрі жүрдім. Қару (зеңбірек- Ә.С.) артқан қазақтар мінген аттарды ілбіте отырып, 20 шақырым жүргеннен кейін Маяевтың ауылын көрдік. Сонда зорыққан аттарды ауыстырдық. Азық-түлік артқан 1 түйе мен 1 ат алып әрі жүрдік. Жолшыбай ештеңе кездестірместен жүріп, Қаңға Бабадан шамамен 40 шақырым ұзаған соң, Иір құдығының басында аттарға дамыл алдыру үзінін аялдадық. Осында Адай руының Дәулет (Дәулеталы -Ә.С.) тармағының түйеге мініп келе жатқан қазағын кездестірдік. Ол бізге подполковник Рукиннің жасағымен тұтқынға алынғанын, зауряд хорунжий Маяевтың өлтірілгендігін, жасақтағы қазақтарды қазақтардың бөліп алып кеткендігін хабарлап, ұрыс болған жерден біздің ештеңе таба алмайтындығымызды, кейін қайтуымыздың қажет екендігін айтты. Мен оның сөзіне сенбей, сапарымды онан әрі жалғастырдым. Сол күні бізге бейбіт не, жоқ бүлікшілер ме, белгісіз, қарулы қазақтар ұшырасып, жасақ тұтқынға алынды деді. Мен оған да назар аудармастан әрі жүріп, Сарытасқа жақын Ойраға жетіп, тік құлаудан құралдарды атқа артып, өзіміз қолдап түстік. Тағы бір жарты шақырым жер жүрген соң, өлген зауряд хорунжий Маяевтың денесін түйеге артып келе жатқан қазақ қарсы соғып, бөрінің біткендігін айтты. Жолбасшы молда, оны мен маған белгісіз әлденелер туралы сөйлесіп, бізді алға бастап жүруден бас тартты. Бірге келе жатқан Маяевтың ұлы да өлген әкесін көрген соң, ұнжырғасы түсіп, бізді бастап жүруден ол да бас тартты. Бәлкім, өтірік те болар, мұнан арғы жерді білмеймін деп, аулына қайтаруын сұрады. Мен оны қайтарғаным жоқ, өйткені онсыз ілгері аяқ баса алмайтын едім. Менің пайымдауымша, ары қарай жүруден бас тартқан оларсыз подполковник Рукин жасағы ұрысқан жерді таба алмасым анық. Құрал артқан аттар да, мініс аттар да әбден зорықты, бұларды алмастыратын ештеңе жоқ, бұл жер таулы әрі елсіз. Осыларды саранаға сала келіп, әрі жасақтың талқандалғанын білген соң, менің онан әрі жүре беруге тәуекелім жетпеді. Оның үстіне үш тәулікке алып шыққан азық-түлігім де таусылған еді..."

Есаул Колесников жай-жапсарды еш бүкпесіз баяндап отыр. Оның сөзіне қарағанда, жасақ хабар келген бойда-ақ асығыс атқа қонып, жолға шыққан. Таң атқанша, 25 шақырым жердегі Канға бабаға жетуі өте суыт жүргендерін білдіреді. Бәйменбет аулы соның шығысында 20 шақырым жер екен. Демек, ол сол кезде, қазір Маяның тамы деп аталған жерде отырған болып шығады. Жүк артқан, әрі жан-жаққа қауіппен қарап келе жатқан жасаққа аз жол емес. Жүк дегенде зеңбірек қой. Далалық артиллерияда бөлшектеп алып жүруге жеңіл, екі доңғалақты, лафетті, ұңғылы мортира зеңбірегі. Оғы және бар. Шамамен, бес атқа артылады. Қамалда ұсталып, қыстан қолдағы жем мен шөпке қарап, шыққан арық атта қай бір күй бар? Және олар қысқа, күнде алпыс шақырымды еркін алатын, осы жердің, жағдайына төзімді Адай жылқысы тұқымды аттар емес. Арнайы әскери аттар. Шоқтығы биік, мойны ырғайдай, қырдың әлі көктемеген тырбық шөбінен басын салып, жөндеп оттай да алмайды. Қапанның құлауы едәуір бұру. Ойратын құлауы, қазір де бар, шаппа op. Осындай қиыншылыққа қарамастан, Шиліқұлыққа дейін келген Колесников "онан әрі жүруге тәуекелім жетпеді" десе де, нағыз жауынгер офицер болып шықты.

Көтеріліс басшыларының қай-қайсысы да әскери адамдар емес. Егер олар соғыс ісінен хабардар болғанда Рукин жасағын талқандаған бойда Форттың жолына шолғыншы топ аттандырып, барлап Колесников жасағын сол Ойранын құлауында артынып-тартынып жүргенде-ақ қоршап талқандаған болар еді. Шіркін, оғымен зеңбірек колға түскенде кейін қамалды қоршаған кезде көп жағдайды өз пайдаларына шешер ме еді қайтер еді. Амал не, олай болған жоқ. Колесников қамалға аман - есен қайтып барды. Ол бір сөзінде жолшыбай қарулы қазақтар көргендігін айтады. Олар, сөз жоқ, көтерілісшілерге қосылуға асығып бара жатқан бытыраңкы сарбаздар.

...Рукин жасағы командирімен бірге сол өлген жерлеріне бір молаға көміле салған. Кейіннен ол "40 орыстың моласы' атанып кетті. Үстінде ескерткіш белгі жоқ, тек қабір үсті таудың жалпақ тастарымен бастырылыпты. Төңірегі төрт бұрышты етіп орланған. Бұл ор, сірә, артынан қазылғандай. Қабірдің батыс шетінде жерге тақап кесілген төрт бұрышты ағаш тұқылы. Бұл, әрине, артынан келіп қойылған крестің орны. Қазақтар қай халықтың болсын, моласына құрметпен қарап, бүлдірмейтін, тимейтін еді. Бұл тегінде кешегі бір адами иманнан ажыраған кезде әлдебір пәтуасыз неменің қолынан келген іс. Ағаш кресті түбінен арамен кесіп алып, отқа жаққан шығар.

1-2 жыл тұрғысында Түпқараған аулының әкімшілігі бір ұлағатты іс тындырды. Бұл мола басын жаңғыртып, ескерткіш белгі қойды. Дұрыс жасалған қадам. Елдің елдік санасының қалыптасқандығы дәлелденген шара. Бұл марқұмдар да, өз заманының перзенттері, бұйрықтың құлы. Ең соңғы сәттеріне дейін берген антына адал болып кетті.

Германиядан Кеңес әскері кеткенмен, Берлиндегі Трептов паркіндегі Кеңес солдатына қойылған ескерткіш мызғымастан тұр. Ағылшындар коммунизм идеясы десе, аза бойы қаза болғанмен, өздеріндегі К.Маркстің моласында шаруалары жоқ. Парижден 18 шақырым жердегі Нобель сыйлығының лауреаты И.А.Бунин, орыстың төңкерістен соң, жер ауып барған, небір ақсүйек марқасқалары, қарапайым адамдар жерленген орыс зиратын француздар орыстардан кем құрметтемейді.

Красноводскідегі екінші дүниежүзілік соғыстан соң, осында келіп, жұмыс жасаған жапон әскери тұтқындарының өлгендері жерленген зиратты сол жердегі қазақтардың құрметтеп, күтімге алатынын кезінде жапон газеттері жазған. Сол Жапониядағы 1904-1905 жылғы орыс - жапон соғысында өлген, орыс әскери тұтқындарың ықзираты мемлекет қорғауында. Ал, біздің, Кеңес Еділден Қарпатқа дейінгі кеңістікте, Отан соғысында жерленген әлденеше мыңдаған неміс әскерінің моласын күреп тастады, үстін жыртып, егін екті. Алдыңғысы тағлым, соңғысы тағылық. Құдай мұндай вандализмнен аулақ қылсын. Келешекте "40 орыстың моласы" тарихи орынға айналуы керек деп есептейміз.

ҚАМАЛДЫ ҚОРШАУ. СОҒЫС

Үшауыздағы жеңіс, қанаттандырған көтерілісшілер жаңа шешуші шайқасқа даярланды. Бұрын жеңілместей көрінетін орыс әскерінің де сүйек, еттен жаратылған, оған да қылыш, найза өтетінін көріп, қаһарға мінді. Рукинге көмекке келе жатқан есаул Колесников қолының Сарытастан қорқып, кері кайтуы да жігерлендірді.

Сол бетте қамалға лап беруге де болар еді. Өйтсе қамал қорғанып, орталыққа хабар беріп үлгіре алмай қалар ма еді, қайтер еді? Көтерілісшілердің олай жасамай тосылып қалуы, алдымен, әскери өнерден мақұрымдығы болса, басшы Исаның әлі де болса, көшін молайта түскісі келгені дерліктей. Оның үстіне, бұлар Хиуа ханының уәде етуі бойынша бермек, әскер көмегіне алаңдаулы болғандығында сөз жоқ. Және Жем бойындағы қамалда орыстың көп әскерінің шоғырланғанынан бұлар бек хабарлы. Красноводск де орыс қолында. Олар екі жақтан қаусырып берсе, ел қоршауда қала барады. Егер Хиуадан бері хан әскері шықса ғана тыныс кеңиді.Тылға алаңдамай ұрысады. Осы жағдайды безбенге салған Иса әскербасыларымен, ақылдастар алқасымен кеңесе келіп, жан-жаққа шабарман аттандырады. Осы көтерілістің мән-жайына жетік Төлесін Көшеков ақсақал. Ол шабармандар саны 25 еді дейді. Және әрқайсысы қос атпен, керек жерінде елден ат ауыстырып мініп, тоқтаусыз жүретін өкілдігі болып аттанған. Қағазға түскен орыс құжаттарынан белгілі болғаны Хиуаға да хабаршы кеткен.

Шабуылға дайындалған Иса қосын таратпайды. Таушық, Ұланақ, Сарытас, Ақшұқыр, Тортының ойларына топтастырады. Қосын түзеу қазақтың ежелден қалыптасқан рулық жүйесі бойынша, әр қолдың басында өз батырлары, билері. Сарбаздардың азық-түлігін, көлігін, керек жарағын өз рулары көтереді. Хабар жеткен ауылдардың қару ұстауға жарайтын ер азаматтары бар, қаруын алып, жоғы сойыл, қарағашын тақымына басып, дойыр қамшыларын білеп, топ-тобымен келіп, қолға қосылып жатады. Ел арасындағы ұсталар тез қылыш, найза соғуға кіріседі. Басты ұстахана - Таушық. Мұндағы көмірді жергілікті халық әуелден білетін. Қажетіне жарататын. Сол енді көптеп қазылып ұстаханаға жеткізіледі. Ең қат нәрсе темір еді. Оған сұранысты Сарытастағы талауға түскен орыстардың батағасындағы бар темір өтеді.

Бұл көтеріліске тек Адай емес, Беріш руы да белсенділікпен қатысады.Түрікменнің Морзе дейтін палуаны бір топ жігітін бастап келеді. Дей тұрғанмен, Форт төңірегінде орыстардың ықпалындағы көп түрікпен, оң, теріс жағадағы балықшы түрікмендер сырт көзге бейтараптық сақтағанмен,іштей қазақтарға тілектес болып қалады. Осы бір сәтте олардың халі тіпті мүшкіл, екі оттың ортасында қалғаны түсінікті. Қазақтарға жаппай қосыла кетсе , орыспен жауласады; қосылмаса қазақ біліштер жауығады. Сондықтан олар жауын-жауынның арасын тауып, қазақ қолына сойыстық малмен көмектесуге келіседі. Сақ Иса ол малдарды тек Мурзе арқылы алдырып отырады. Түпқараған сыңсып отырған қазақ ауылдары. Олар көтеріліс бастала бере-ақ қамалдан іргесін бөлектеп, қырға қарай ығыса көшеді. Олардан да бірсыпыра қол келіп, көтерілісшілер қатарын толықтырды. Бұлардың ішінен барлаушы топ құрылып, қамал төңірегін үнемі бақылауда ұстады. Сарытаста колға түскен балықшы қайықтары да әжетке жарап, олар теңіз бетті торуға кіріседі. Бір сөзбен айтқанда, қамал жан-жақтан қоршалып, әбден оқшауланады. Сөйте тұрса да, Ново-Александровск патшаның сол уақыттағы Азияға қараған беттегі ең күшті қамалы еді. Онымен салыстырғанда, топырақтан үйіліп, төңірегі оралған Орынбор бекінісі әлдеқайда әлсіз еді. Жаңа қамалдың ірге тасын қалаған инженер-капитан Геннерих жердің табиғи бедерін шебер пайдаланды. Үсті тегіс, төбе басы тегін таспен қоршалды. "Маңғыстау түбегін алып, онда бекініс орнату үшін жылдың 12 сәуірі күні 700 адам Гурьев қалашығынан екі пароходқа, баржа тіркелген екі жалпақ табанды кеме қайыққа отырып, 14-15 күндері Маңғыстауға ойдағыдай келіп жетті", — деп жазды 1846 жылы 16 сәуірде Орынбор генерал-губернаторы В.Обручев вице-канцлер К.В.Несельродеге. Осылайша, қаланың бастап орланған күні 16 сәуір болып тарихқа енді. Айналасы 3 айда қамалдың ұзындығы 330 сажын, қоршауы бітті. Бекініс Қорғантас биігінің басындағы бас бекіністен, екі дербес форттан және теңіз жағасындағы бекіністі аймақпен байланысын қамтамасыз етіп, айлақты қорғау үшін өңделген тастан қаланған, үш мұнарадан тұрады. Бұларға қосымша бас бекініс және форттан батысқа қарай 120 сажын жердегі ауыз су құдығына қарай тас қабырға өрілген.

Новопетровск горнизонының бекінісі Орынбор Линиялық батальонының екі ротасынан, Орал қазақ әскерінің екі жүздігінен және әртүрлі калибрлі 31 зеңбіректің қызметшілерінен тұрады. Бұл әскер күші жыл сайын алмастырылып тұратын қазақтардан басқасы тұрақты. Бекініс ішінде православие шіркеуі, әрқайсысы 100 адамдық 4 ағаш казарма, штаб офицерлері мен одер офицерлері үшін екі флигель, отбасылы аға офицерлер үшін флигельдер, отбасылы төменгі шендер үшін казармадан аптека және екі медик үйлерінен, 60 адамға арналған госпитальдан, дәрі погребінен, қару-жарақ қоймасынан, гауптвахтадан, цейхгауздан, мәйітханадан, моншадан, кір жуатын үйден, азық-түлік дүкенінен, қарауыл бөлмесінен тұрады. (Орынбор өлкесіндегі қалалар және әртүрлі бекіністер сипаттамасынан). 1848 жылы бекініс маңынан армян көпестерінің лапкілері орнады. Кейін слободаға ұласты. Бекініс орнаған соң, 3 жылдан соң Николаевская станицасы орнады. Сөйтіп, Новопетровск қамалы өз кезеңінің өлшемімен алғанда мықты қамал қала болды. Кезінде Маңғыстаудағы түрікмен ақсақалы сенатор Князь Гатаринге қамал орнасымен, орыстар үшін үкіметтің бұл өлкеге қатысты барлық ойы мен мақсатына қол жеткізуге қолайлы жағдай туады. Маңғыстау сандық болғанда, Түпқараған құлып болды. Бұл құлыптың кілті сіздерде болса — жүректерімнің қай қалағаны болады да қояды" деп, жазған еді. Бұл әрі "Маған бұйырмаған құйрықбоғымен піссін" деген сатқындық еді. Соның сол айтқаны айнымай келді.

Міне, сол Маңғыстау сандық бүгін ертегідегі Шойынқұлақ дәудің жаны сақтаулы сиқырлы сандыққа айналды да кетті. Кілт қамалдың топсасына тегеурінді қол таянды. Ондағы жағдай тіпті мәз емес-ті.

Есаул Колесников әкелген хабардан соң, болған жағдайға әбден қаныққан қамал коменданты майор Зеленин бүкіл басшылықты өз қолына алды. Осы жерде сол уақытта Россия империясындағы қалыптасқан әскери жүйе туралы мағлұмат бере кетейік. Қамал уездің әкімшілік орталығы уезд бастығына бағынышты болғанмен, дербес әскери құрылым. Уездік әкімшілік ісіне араласпайды. Оның төл міндеті — қамалды ұстап тұру,соның кауіпсіздігін қамтамасыз ету. Майор қазақ әскерінің есаул дәрежесінде, ондай есаулдардың мұнда бірнешеу екендігіне қарамастан, қазіргі жағдайда Зеленин уездегі подполковник Рукин мен оның көмекшісі бүгінгі тілмен айтқанда орынбасары есаул Логиновтан кейінгі басшы. Ал екеуінің бірі өлді, бірі тұтқында. Сол себепті, бүкіл жауапкершілік майор Зеленинге қарап қалады да, басшылықты өз қолына алады. Қамал Форт деп аталғанмен, теңіз жағасында болғанмен, мұнда әскери флот жоқ. Патшалық Россия Каспий тұйық теңіз болуы және Персия, ол кезде әлі түгел бағынып болмаған түрікмендерден, яки теңізден қауіп болмауы себепті, мұнда үлкен әскери флот ұстауды қажет деп таппаған. Айта берсе мұнда флот ұстауға да жағдайы жетпейтін. Оның орнына Қара теңізде, Балтықтағы, Қиыр шығыстағы флоттарды күшейтуге кетіп жатқан қазынаның көп қаражаты. Ал қашанда да, қай мемлекетте де қазына дегеніңіз етектен тартса басты, бастан түсірсе етекті жабуға жетпей жататын шапан іспетті ғой. Дегенмен, Фортта теңіз Министрлігіне тікелей бағыныстағы теңіз әскерінің аз құрамасы бар еді. Оның басшысы екінші сатылы капитан (қалыпты әскердегі подполковникпен шендес-Ә.С) Свешников болды. Олар да майор Зеленин қарамағына өтті.

Сол Свешников 12 сәуірде Теңіз министрлігінің басқарушысына төмендегі жедел хатын жолдады:

" 1 сәуір күні қазақтар Форт-Александровск маңына тағы келді. 3 сәуірде шамасы мың қаралы салт атты қазақтар маяк пен селоға шабуыл жасады. Маяк қараушысы Сергеев отбасымен және 3 адам командасымен жаңадан кеткелі жатқан, қайыққа қашып келді. Казактар Маяк пен 40 үйлі сел оға, жағада жүк тиеулі кемелерге шабуыл жасап, өртеп жіберді. 5 сәуірде қазақтар жеті матросымен, қараушысы бар, жоғарыдағы маякқа шабуылдады. Адамдар тағдыры белгісіз. Олар сірә, өлген шығар. Сергеев селоның құтылған тұрғындарымен бірге 23 қайыққа отырып, Астраханға кетіп қалды. Петровскіден шыққан әскер "Шах" әскери пароходы мен серіктестік пароходтарына отырып, Түп қарағанға беттеді деген қауесет бар. Қазақтардың онан арғы қимылы, адам шығыны белгісіз. Форттағы гарнизонда 200 қазақ бар. Екінші сатылы капитан Свешников."

Жеделхаттың төменгі жағында "Ұлы мәртебеліге 13 тамызда мәлімделді" деген ескерту бар. Бүл ескерту, сірә, маяктарды қалпына келтіруге қаражат сұрау кезінде жазылған болды (Ташкент архиві). Бұл мәлімдемеден белгілі болғаны, наурыздың соңғы күндерінің өзінде-ақ, көтерілісшілер қамалға тағы келген. Иса жорық туын Шүйлі бұлағының басына тікті, ендігі ұрыс қимылын сол жерден басқарды, Шүйлі әскери тілмен айтқанда, бас штаб болды деген ауызша дерек рас болып шықты.

Биік басында тұрған екі маяк теңіз министрлігіне қарайтын үлкен құрылыс (Қазірде де бар). Және ол уақытта телеграф қызметін де атқаратын.

Осы жерде телеграф қызметі жайлы қысқаша анықтама. Көп елде әуелі алыстан хабар от жағу арқылы берілген ғой. Мысалы, Испан королінің Англияға қарсы аттандырған атақты "жеңілмейтін армандасының" хабарын ағылшындар жағада жансыздары жаққан оттары арқылы біліп отырған. Ал, көшпелілерде жау тақап қалғаны — ұран отын жағу арқылы белгілі болады. Сондай от жағатын тұғыр орны Үстіртте , Сисем ата мен Өтес арасында әлі бар. Қаратаудың Отпаны да соның міндетін атқарған. Алғашқы телеграф от жарығы арқылы Морзе белгісімен болған. Әуелі әскерде пайдаланылған ондай арнаулы қосынның орыс армиясындағы алғашқы басшысы Ғұбайдолла Жәңгірұлы Шыңғыс хан, Хан Жәңгірдің ұлы. Кейіннен генерал, 1837 жылы С.Морзе электрлі магнитпен хабар беру әдісін ойлап тапқан. Онан бергі телефонды А.Г.Бем 1876 жылы, А.С.Попов радионы 1895 жылы ойлап тапқан. Ал, көтеріліс кезінде қамал іргелес Кавказбен су жолы арқылы почталық байланыста. Онан әрі хабар орталыққа отгелиограф телеграф арқылы жетеді.

Свешников мәлімдемесінде село делініп отырған жағадағы Николаевск станицасы. Балықшы қазақ орыстардың мекені. Үйлері тегіс бөренеден. Тұрғындары сірә, өлтірілді. Қашып құтыла алғандары қайықпен Астрахань асқан. Бір сөзбен айтқанда, ол мекен енді жоқ. Ол уақытта көсеге қарсы жарлауыт қабақ шетінде де ел бар. Балықшы түрікмендердің тұрағы. Оның сөз болмауына қарағанда аман. Қоршаудағы қамал, ұрыс қимылдары жайлы комендант майор Зеленин 13 сәуір күнгі Орал облыстық әскери қолбасшысына жазған мәлімдемесінде толық баяндады. Ешқандай боямасыз болған күйінде қағазға түсірілген де қойған. Бұдан бір білгеніміз, Майор Зеленин топографтар корпусының офицері екен. Яғни білімді, осы күнінің өлшемімен әскери инженерлік білімі бар адам.

"...27 наурызда Ұлы тақсырға почта қайығымен мәлімдемені жіберген күннің ертесіне Фортқа бұрынғы бидің баласы Қосым Мырзабаев келді. Одан алынған мәлімет тіркеліп отыр. Адайлар 3-іне дейін Форттан 6 шақырым жердегі тұщы сулы құдықтар басына топталды.Сол уақытта іргелес шоқылар басында топтанып қара көрсетіп жүрді. Сол күні сағат 9-да қазақтар Форттың шығыс жағынан бері жөңкілді. Қамал бастиондарынан зеңбірекпен оқ атылған соң, Николаевск станицасына қарай беттеді. Оның көп тұрғындары қайықта еді. Кетіп үлгермегендері сол жерде қырғын тапты. Станция түгел таланды, үйлер таланды. Түпқарағанның төменгі маңын да өрт шалды,12 шақырым жердегі Маяк та өртелінді. 4-5 күндері қазақтар қалған үйлерді өртеуге кірісті және армяндардың тауар тиеулі қайықтарын тонады. Олар теңізге кетіп үлгірмеген еді. Қамал іргесіне дейін шауып келген қазақтарды қазақтар оқ жаудырып қарсы алды. Сосын олар тауға қарай шегінді. Сол күні атыс күн батқанша созылды. Қыр бастарына адамсыз ойнап шыққан аттар көрінді. Есаул Кухаркин басшылық еткен 5 бастион атысы сәтті болды. Форт гарнизоны түні бойы қабырғада болды. 7-ші күні Адайлар тарапынан еш қимыл болған жоқ. Тек тау басынан бірнеше топ көрінді. Күні бойы мен қамал қорғанысын нығайтумен болдым. Бұрыңғы флагштокқа 3 фунттық зеңбірек қойдым. Форттың ішкі қақпалары аузына да 3 фунттық зеңбіректер орнатылды. 8 бастион да солай нығайтылды. Өйткені мұнда тау жаққа қараған бетті жақын қашықтықтан ату ыңғайлы еді. Осы күні сағат 11 шамасында Адайлар лагерінен бүлікшілер басшысы Сардар Иса Тіленбаевтан бұдан 5 күн бұрын мен қазақтардың белгілі ықпалды адамдарына бүлікшілерді ақылға келтіруді, өздері олардан іргесін бөлектеуді өтініп, 3 хат беріп жіберген қазақ Нұржан келді. Ол хатта және мен жазылғандар орындалмаған жағдайда ақсақалдарды да үкіметтің бүлікшілерге қосатынын ескерткенмін. Жіберілген адам Иса Тіленбаевқа апарылыпты да, хаттар жіберген адамдарына жетпепті. Бұл қазақ маған Иса Тіленбаевтан хат әкелді. Онда ол Рукин отрядынан оралған Қосым Мырзабаевты, отбасымен ерікті түрде қамалға келіп отырған Қоштайды және мына хат әкелушіні шығарып беруді талап етеді. Сонда ол маған өзіндегі тұтқындарды бермек. Жауабын тек бір тәулік қана күте алады. Ордалықтардың бұл жерде арам ойы белгілі, керек адамдарын алып алмақ қой. Мен сол бойда бұған дейін бостандықта болған 3 адамды қарауыл астына алуға бұйырдым. Исаға бір жұмысшыдан әуелі ол тұтқындарды босатсын, сосын талабын орындаймын деп, хат беріп жібердім. Ол сол күні басқа хат жіберді. Онда тұтқындар жөнінде ештеңе жоқ, діни сөздер ғана жазылыпты. Екі хаттың түп нұсқасын тіркеп отырмын. Жауапқа екі хат берген екен, мен тағы бір хат жазып жібердім. Хат алып кеткен адамым енді кері оралған жоқ. Шабарман орнындағы қазақтан білгенім: «Мұнда бір мыңнан астам қазақ бар. Қайықтардың бәрі өртеліпті. Желкендері жоқтығы себепті алып кету мүмкін болмаған. Қазақтар қайықтың біреуін ғана жөндеп, 5-күні айлаққа шыққан. Айлақтың әрірегінде 6 қазақ пен қазыналық патша қайығы қарсы соққан желден кете алмай тұр екен. Қазақтар ескекті қайыққа отырып, теңіздегі бейбіт тұрғындар мінген қайықтарға жеткен. Қазір ол қазақтардың қайда екендігі белгісіз. 6-сы күні күндізгі сағат 4 шамасында тау басында қазақтар көрініп, Фортқа қарай шабуылдады. Оларға 2,3,4,5 бастиондардан зеңбірек күшті оқ атты. 1-жүздік те оқ жаудырды. Әріректе сап түзеп тұрған қазақтар мұны көрген соң қамалға таяп, келу мүмкіндігі жоғын біліп, енді бұрынғы флагштокқа қарай, соны басып алмақ болып шапты. Ол айналаның бәрі көрінетін биік жер еді. Онда бір зеңбірек адамдарымен және бір урядникпен 20 қазақ бекіністе еді. Олар қарсы оқ атты. Олай қарай қамал зеңбіректері де атты. Қазақтар әуелі тау тасасына паналады да, енді базарға қарай шабуылдады. Оған қараған 4 бастион мен мылтықтан күшті оқ жауып еді. Бірақ, тоқтамаған қазақтар базарға жетіп, ләпкелерді бұзып, үйлердің қақпаларын құлата бастады. Олар тарапынан шыққан айғай құлақ жаңғыртты. Бізге енді үйлер мен көшелерді зеңбірек оғының астына алудан өзге ештеңе қалмады. Жарық болу үшін өртегіш оқ атып едік, одан пайда шамалы болды. Оған қоса ракета да атылды. Қысқасы, ол бет лапылдап жанып жатты. Қазақтар тонауды жалғастыра берді. Бірақ, дауыстары тыйылды. Сол уақытта тас түбіне бекініп алған қазақтар қамалға оқ жаудырып жатты. Үйлер мен көшелерге қарай да оқ атылды.

Қазақтар армян базарын екі жақтан қаусырып, тонап, өртеуге кірісті. Енді шегінер жер жоғын көрген олар не өлу, не Фортты алу керек екенін білді. Сондықтан біздің бұл түнгі назарымыз армян үйлерін, төменгі бекіністегі қазыналық пішенді қорғап қалуда болды. Түн өте қараңғы еді. Таяп келген қазақтар көрінбеді. Горнизонда адам аздығы себепті мен қамалды әлсіретіп алудан сақтанып, сыртқа шыға алмадым. Біздің жағдайымыз мынандай: 40 адам тұтқында, екі почта қайығында 12адам, 4 адам ауру, өлген, бұрынғы флапптокта 30 адам, зеңбіректер жанында 20 адам, қамал қабырғасын қорғауда 150 адам. Адам осылай аз болған соң, мен жұмысшыларды, лазарет командасын, писарьларды, ауа-райын бақылаушыларды, армяндарды — әйтеуір, мылтық ата алатындардың бәрін сапқа қойдым. Оған қоса, бүкіл гарнизонға солдаттың найзалы мылтығын беріп, жау қамал қабырғасына өрмелер болса, сонымен лаждауды бұйырдым. Қай жақтан шабуыл боларын білмеген соң, жан-жақта хабаршылар ұстадым. Түңгі 12-де ай туды. Жарық болды, тонауды саябырлатқан қазақтар жан-жаққа бытырады. Таңертең бәрі кетіп болды. 8-ші күні қазақтар көрінбеді. Төмендегі үйлер, ләпке түгел тоналыпты, мебель, ыдыс-аяқ, әйнек сындырылған. Қалған тауар қалдықтарына қан жұққан. Соған қарағанда, оларға картечь тиген. Бірақ, бірде-бір өлік қалдырылмапты. Бұл жойқын шабуылды көрген соң, сағат 10-да әскери кеңес шақыруға тура келді. Оған барлық офицерлер, чиновниктер қатысты. Қолда бар күшті қорғанысқа жұмылдырып, жаңа мүмкіндік ойластырып, гарнизонды жігерлендіру қажет болды. Соңғы түн бізге оңай соққан жоқ. Снаряд азайды. Егер осылай созыла берсе, қалған снаряд енді бес күнге ғана жететін. Тек өткен күннің өзінде 2 мыңнан астам мылтық оғы атылды. Әр зеңбірек 25-тен астам снаряд атқан. Сол бойда төменгі шендерге оқты қатаң үнемдеу бұйырылды. Көмектің қашан келіп жетері белгісіз, бүкіл қорғаныс осы қолда бар адам мен қорға қараң қалған. Үлкен қақпалардың кіре берісіне тас үйілді. Форт бастиондары мен қабырғаға бәрі 12 зеңбірек қойылды. Оның 14і үш фунттық. Күні бойы ауызсу қоры жасақталып, кешке дейін төменгі бекіністегі пішен, жалпы алынуға болатын нәрсенің бәрі ішке тасылды. Сағат 4 шамасында, Кетік беттен, бақтың оңтүстігінен жүк артылған түйелер, жетектеген қазақтар көрініп, бізден 3,5 шақырым жерге биік басына орнықты. Сөйтіп, күндіз көз айырмай, бақылап отыратынын байқатты. Бұл күні де гарнизон күндегіше ертемен мылтық алып, сақадай сай болған. Бақтағы қазақтар священниктің үйін жағып, шығырға таяп келді. Сосын оларға 2 рет зеңбірек атылған соң, шығыр өртелмей аман қалды. Өткен түн қараңғыда қорғанудың қиын екендігін көрсетті. Сол себепті бүгін түнде шеткі ләпкені жақпақ болдық. Мен оған жұмысшы командасынан унтер офицер Калинин басқарған үш еріктіні жұмсадым. Қазақтар отты көре салып, базарға қарай ұмтылды.

Соңғы күндері түнде мен Форт ішін аралаумен болдым. Сонда ұйықтап отырған, тұрған адамды өте көп көрдім. Оларды ояту өте қиын. Олар әбден шаршаған. Жағдай біртіндеп нашарлай берді. Сонда да, барлық офицерлер өз міндеттерін өте жақсы орындап, гарнизон қорғанысына күшті ықпал етті. Офицерлердің барлығы бастиондарға бөлініп қойылды. 1, 2-ге артиллерия қоймасынын меңгерушісі поручик Николаев, 3-ге есаул Колесников, 4-ге сотник Бошенятов, ширек пұттық зеңбірек қойылған, 5-ке есаул Кухаркин, 6-ға хорунжий Абрамичев, 7 мен 8-ге плац-адъютант штаб капитан Богуславский. Мен үнемі Фортты аралаумен болдым. Өйткені онда өзімнің араласуымды күтіп тұрған іс жетерлік болатын. Мен сол күндері сабырын, ерлігін жоғалтпаған есаул Кухаркин, плац-адъютант штаб капитан Богуславскийге және поручик Николаевке бек ризамын. Олардың міндетіне және бәрін қару-жарақпен жабдықтау, адамдарды орналастыру да енді, сондай-ақ, урядник Калшиннің ерлігін бағалау керек.

Сол 8 күні Форт қарсысындағы теңізден қайық көрінді. Мен оның кімдікі екенін білмедім. Егер қазақтардікі болса тартып алып, онымен жеделхат жібермек едім. Ол көпес Абрам Франгуловтікі болып шықты. Мен онымен бірі үкіметке, бірі Ұлы Мәртебелі Орынбор округінің көмекшісіне екі жедел хат жібердім.

Осы жерде Ұлы Мәртебеліге мәлімдеймін мен, топографтар корпусының офицері ретінде 20 жылдан астам әскери қызметімді түздіктер ішінде өткере жүріп, олармен талай қақтығысқа қатыстым. Бірақ, тап осындай жүрек жұтқан, батыл шабуыл күткен жоқ едім. Бұл қазақтар жауған мылтық, зеңбірек оғы астында базар көшесіне тап беріп, шабуыл жасады, алдыңғылары өліп жатса, соңғылары орнын басады, тайдай тал түсте өлгендерін оқ астынан алып кетеді.

Бұл айтылғандарға қосарым, қоршау кезінде гарнизоннан өлген не жараланған ешкім болған жоқ. Армян саудагерлері үлкен шығынға ұшырады, тіпті тақыршаққа отырып қалды, қойларының бәрі қуып әкетілді, үй мүліктерінің қалғаны аз, қайықтары тауарымен, балығы мен итбалығымен қоса құртылды. Барлық шығын шамамен 100 мың сом күмістен астам. Николаевск станциясы мүлдем қайыршы болып қалды. Тұрғындардың көбі теңізге кетіп қалды. Кетпеген 15-тейі Фортта. Пароход келгенде станицадан ерлер мен әйелдердің пәршеленген өліктерін көрді, бір сөзбен айтқанда, сұмдық, станица орнында қаңқиған пеш мұржалары ғана. Ал тұтқындағылардан ешқандай көңіл тыншыр хабар жоқ. Білгеніміз, есаул Логинов тірі. Өйткені одан екі хат келді. Бірі купец Франгуловтың атына, екіншісі Ванюшиннің приказчигіне. Екеуінде де ол сенімді адаммен өзі үшін 300 сом күміс беріп, жіберуді өтініпті. 9 күні көкжиектен пароход көрініп горнизон қуанып қалды. Оны қазақтар да көрді. Мен флагшток басына ту көтеріп, Форттың орнында екенін хабарлауға әмір бердім. Содан кейін пароходта әскер бар екенін білсем де, алдынан он атты қазақты жібердім. Бірінші кеме адамдары Фортқа келгенде қазақтар бақылап тұрды. Жолаған жоқ. Содан кейін екінші, үшінші топты да бақылап алып, таудан асып шауып кетті. 10 күні менің соңғы хатымды алып кеткен адам оралды. Ол Иса Тіленбаевтың менің хатымды отқа тастап, оның өзін байлауға әмір бергенін айтты. Ол содан бері байлаулы жатты. Пароходтың келгенін Иса көріп тұрыпты, ондағы адамдар қарасын шамалаған соң "енді қамалға шабуыл жасауға болмайды" деп, әрі тауға қарай кеткен. Ол қырғыздың айтуынша, 9-ы күні параход келгенде Адайлар барлық үйлерді, пішенді, отынды — бәрін өртеп, 10-ы күні барлық жағынан Фортқа шабуыл жасамақ екен. Бірақ, бұлары орындалмады. Әрине, ол ойлары болғанда ақырының қалай аяқталарын жобалау өте қиын.

Логиновтың екі хаты маған Исаның хатымен бірге әкелінді. Логиновтың қожасы да бүлікшілер тобында" (Ташкент архиві). Міне, майор Зеленин қамал қоршауын осылай, дәл суреттейді. Сөз саптасынан, оның адал, нағыз әскерін тәртіптің адамы екені аңғарылады. Және көпті көрген тәжірибелі офицер. Топографтар корпусынан болуынан қарағанда, ол жоғарыда айтылған А.С. Алексеев сияқты, арнаулы әскери топографиялық оқу орнының түлегі. Одан соң, 20 жылдан астам даладағы қызметте. Осы уақыттар үшін де, әскери атағының майордан аспай жүруіне қарағанда, қарапайым ортадан шыққан, қолдауы, сүйеніші жоқ. Яғни Пушкиннің капитан Мироновы, М.Лермонтовтың Максим Максимычы, Л.Толстойдың капитан Тушині, П.Паустовскийдің көне тоз шинелді қарты сияқты орыс армиясының ұйытқысы саналатын, көп бейнеткер офицерінің бірі. Қарсыластарына берген жақсы бағасы үшін оған рахмет. Айта кетер жайт, ол Адайлар деп үнемі бас әріппен жазады.

Өкінішке орай, Исаның, сол сияқты есаул Логиновтың хаттарын істен таба алмадық. Иса хаты табылып жатса қандай ғанибет!

Майор Зелениннің алғашқы мәлімдемесі теңіздің арғы бетіне барып жетісімен, телеграф арқылы Форт хабары әрі асты. Содан басталды дейсің дүрбелең. Қалыптасқан дәстүр бойынша, бұл хабар әуелі Кавказ әскери округінің қолбасшысына, патшаның Кавказдағы наместнигі ұлы князь Михаилге, одан соғыс министріне, ең соңында, патшаның өзіне жетеді. Соның бір айғағы, Михаил қол қойған бір мәлімдеме артында оның мазмұны туралы генерал адъютант граф Гейденнің 27-ші мамыр күні ұлы мәртебелі патша ағзамға мәлімделіп, бұл жайлы қосымша Кавказ армиясының басшысына да хабарланғаны туралы ескертпе бар. Соғыс министрі генерал адъютант Милютин 12 сәуір күні Кавказ армиясының қолбасшысына төмендегідей жеделхат жолдады:

"Маңғыстаудан келген соңғы хабарға қарағанда, ондағы жағдай тым шұғыл шешімді шаралар алуды қажет етіп тұр. Патша ағзам онда жіберілген отрядты әсіресе, атты әскермен күшейту қажет деп есептейді. Олай қарай тайланған пішен жіберудің мүмкіндігі бар ма? Маңғыстауға қатысты барлық істек, Ұлы мәртебелім, өзіңізге жүктеледі. Өзіңіз мақұл деп тағайындаған адамға Маңғыстау уезін түпкілікті тапсыру жөнінде генерал Крыжановскиймен телеграф арқылы сөйлесуге мархабат етіңіз".

Генерал адъютант Милютин Кавказдағы патша өкілі Михаилді тез арада Терек қазақтарының жүздігін атқа қондырып, Петровск портына жөнелтті. 8-сәуір күні осы форттан линиялық батальонының екі ротасы екі зеңбірегімен "Түрікмен" пароходына отырды. Соның артынша, Астрахань губернаторы мен Орынбор губернаторы Крыжановскийден Маңғыстау бүлігінің жалпылық сипат алып кетпеуі үшін, тез әскер жібергелі жатқандары туралы хабар түсті. 10-сәуір күні "Шах" пароходымен атқыштар батальонының роталары аттанды. Жаңа жасақталған отряд бастығы етіп Михаил, бас штабтың полковнигі граф Кутайсовты тағайындады. Оған және Маңғыстау приставтығының міндеті, барлық әскерге қолбасшылық, "Түрікмен", "Шах" кемелеріне басшылық сияқты төтенше өкілдік берілді. Кутаисов бұрын Құлалы аралында балық кәсіпшілігі бар, сондағы жұмысшыларын ұрлап Хиуаға құлдыққа сатқан Адайларға әуелден қас адам еді. Көктен іздегенін құдай жерден бере кетті.

9-сәуір күні алды көрінген осы әскер еді. Михаил бұл әскердің артынан тағы Дағыстан атты әскерінің бір жүздігін, атқыштардың екі ротасын, жоғарыдағы Терек қазақтарының жүздігін де Маңғыстауға жіберуге дайын қылды. 15 күні олар аталған кемелермен жолға шықты. Баку портының командиріне Түпқараған портының жағалық оттарын жағу шарасын алу тапсырылды.

Бүл арада граф Кутайсов қаланың қоршаудан құтқарылғаны, бірақ, бүлікшілердің қамалдан 100 шақырымдай ұзап шегініп кеткені, Форттағы қазақтардың да кетіп қалғаны туралы мәлімдеді. Қазақтарға қосылып, түрікмендер көшіпті. Қаладағы 3-4 қазақ, түрікменнің басын құрап жіберген барлаушылар маңайдан ешкімді кездестірмепті. Демек, жүк артатын түйе жоқ. Соған орай, қырға ұзаудың тағы мүмкіндігі жоқ. Амалсыздың күнімен Кутайсовке көлікті сатып алуға ақша жіберілді. Сәуірдің аяғында Дағыстаннан тағы бір жүздік, Терек қазақтарынан бір жүздік жасақталып, алдыңғысы Маңғыстауға, соңғысы Красноводскіге жіберілді. Сол кезде "Шах" пароходы бұзылып, "Кавказ және Меркурий" қоғамынан пароход жалдауға тура келді. Кемелерге атты әскермен бірге жем, пішен, жарақтар да тиелді. Тіпті, көмір екеш көмірді де пароход өзімен бірге алып жүруі керек болды. Себебі, Түпқарағанда бар көмір қорын қазақтар өртеп жіберіпті. Ал, Форттағы Кутайсов қорыққанда қос көрініп, бекер үстіне әскер сұратумен болды. Сәуірден кейін Апшерон полкінің екі ротасы, дағыстандықтардың 3-ші жүздігі, қазақтардың бір батареясы тағы жіберіліп, ізінше әскер дайындалды. Маңғыстаудағы әскери күштің көбеюіне байланысты, оған Кавказдан басшылық жасау, князь Лорис-Меликоиге жүктелді. Михаил Борисович Лорис-Меликов (1025-1888) бізге Л.Толстойдың "Қажымұрат" повесінен белгілі. Россия тарихында нағыз реакцияшыл қимылымен атын қалдырған қанқұйлы адам.

Михаил бұларға қосымша өзінің адьютанты полковник барон Мейендорфты да Маңғыстауға іс-сапарымен жіберді. Ол жоғары бас командашы атынан Форт қамалын қорғау кезінде көзге түскендерге награда тапсырды. Сөйтіп, Кавказдан Маңғыстауға әскер жеткізу шығыны қазынаға 400 мың сомға түсті. Бұл өте көп қаржы еді. Михаил бұл мәлімдемесінде Красноводск маңындағы түрікмендердің тыныш, қазақтар бүлігіне араласпағанын үлкен қанағатпен хабарлапты.

Ең соңында көңілі жайланған наместник жаз ортасына таман Боржомида тынығып жатқан. Кавказ армиясының командашысына былай деп жеделхат жіберді:

"Шын көңілден туған күніңізбен құттықтаймын, құдайым жар бола берсін. Костя (Ұлы князь Константин — Ә.С) кеше Бакуге ойдағыдай келді. Князь екі рота атқыштармен Петровскіге оралды. 1500 үйдей бүлікшінің бағынғанын мәлімдеді. Ол дағыстандықтардан тағайындаған молдалар көшпелілер арасында. Адайлардың үлкен бір тобы бағынып, бас ұрып келеді деген мәлімет бар. Отрядта ауру (анық түспеген-Ә.С) адам. Сізді құшақтаймын Михаил" (Ташкент архиві).

Маңғыстаудағы көтерілісті басуға Орынбор тағы да, өз үлесін қосып бақты.

6-маусымда генерал-лейтенант Мещеринов Кавказға бұл тараптан Орынбордың оңтүстігіндегі яғни, Жем бойындағы капитан Тверитиновтың отрядын күшейту үшін қосымша рота жаяу әскер, бір жүздік қазақтардың жіберілгенін хабарлады. Сөйтіп, Жемдегі әскери құрама үш рота жаяу әскер, 4 жүздік, екі зеңбірекке жетті. Бұл соғыс жағдайындағы толық бір полк. Бұлар Жем бойына келіп жетпей жатып, Адайлардың 35000 үйі үйреншікті жайлауларына көшіп келіп үлгерді. Өздерімен қоса, айдаған маңыраған малы бар. Қазақтың мал айдап, ірметіліп жүріп жауласпайтыны белгілі. Және бұлар көтеріліске қатысқан жоқпыз дейді. Оның анық-қанығын айыру тағы мүмкін емес. Қатаң шара алайын десе, бұлар көтеріліп кетуі мүмкін. Ол сірә, абырой әпермейтін шаруа. Рукин оқиғасы ауызды әбден күйдірген. Жаңа ереже бойынша, салық төлегендері туралы анықтама сұраса, бұлар оны ереже шыққан соң-ақ 1869 жылдың күзінде төлегенбіз деп, бет бақтырмайды тағы. Оның рас өтірігін анықтауға тағы мүмкіндік жоқ. Маңғыстаудағы көтерілістің біраз айыптылары осы ауылдардың ішінде. Оларды, қазақтар сірә, ұстап бермейді. Ақыры, ақылды генерал Крыжановский бәріне қолды бір сілтеп, Орынбор мен Кавказ округтері арасындағы Үстірт шекарасы бекітілген жоқ деген сылтаумен, бұл көшпелі қазақтарды жайына қалдырды. Пәлесінен аулақ, өзінің қарамағындағы ел мен жердің тыныштығы артық деп шешті. Оның түпкі ниеті — малды, жанды, елді, біржола өзі басқарған губернияда қалдыру болғаны, сірә, күдік туғызбайды.

Соғыста нағыз жеңімпаздық бола бермейтіні осы жерде тағы дәлелденді. "Бізге әуелден шын берілмеген Адайлар 1870 жылғы көтерілістен кейін тіпті бағынудан кетті. Біз Маңғыстауда аяғымызды тік басып, өзімізді оның толық қожасы дей алмадық". 1874 жылы Маңғыстау приставының осылай деп жазуы — соның айғағы.

Жоғарыда Михаилдың бағынды деп жүргені — босқан елмен көше алмай қалған, жарлы-жақыбай, жоқ-жітік ауылдар еді. Олар салық төлеп, қазынаға кіріс әкеліп, не қарқ қылмақ? Қалың елден, қарайған малдан тұл, қу далаға приставтық қайтіп билік құрмақ? Уездің жаңа басшылығының алдында осы мәселе турды енді. Құдды 1931 жылғы Адай көтерілісінен соңғы түбек жағдайы. Патша кеңесінің бір топ ақылды бастарына ой түсті. Олардың келген қорытындысы басқару жүйесін өзгерту керек, бұл елдің ерекшеліктерімен санасу керек дегенге саяды.

Көтерілісшілердің Ново-Александровск қамалын қоршауы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы тарихының жарқын беттері болды. Айнала зеңбірек қақпанын үңірейтіп қойып, мұздай құрсанған тас қамалға құр қолмен дерлік шабуыл — бұл шын мәнісінде, жүрек жан ерлік еді. Біз жоғарыда соның алдында ғана Кіші жүздің біріккен қолының Жем бойындағы орыс қамалдарына шабуылы туралы қысқаша тоқталып өткенбіз. Оларды Форттағы қамалмен салыстыруға келмейді. Төңірегіне топырақ үйген, қоршау сыртын орлаған жай ғана бекініс еді олары. Ал, Ново-Александровск — біріншіден, табиғи жер жағдайын, екіншіден, инженерлік ғылымның жетістігін шеберлікпен пайдаланып салынған қамал.

Мәриям Тұрсынова көтерілісшілердің негізгі құралы қылыш, найза, тек 36 мылтығы болды дейді. Олардың өздері де аузынан оқталатын пілтелі мылтық. Үшауыздағы жеңілген орыстардың құралын қосқанда бар болғаны 70-тен астам ғана мылтық болады. Сол аз мылтықтың өзінің оғы, дәрісі жеткіліксіз. Қамалды қамаған түнде көтерілісшілер осы мылтықтарымен оқ жаудырған. Жаяу соғысқа жоқ қазақтар шабуылға тек атпен ғана шықты. Сондағы құралдары — найза мен қылыш. Онымен қамал ішіндегі жауға ештеңе жасай алған жоқ. Граф Кутайсов "Өлке түгелімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ" деп куәлік бергенде, тек найзалы, қылышты сарбаздарды айтып отыр. Дегенмен ержүрек сарбаздар осылай-ақ жауды төбесіне келтіріпті. "Олармен алғаш кездескенде, тіпті, шошып кеттім. Бірде біреуі қаншама атсаң да құламайды. Шауып келеді, шауып келеді. Өлісі қайсы, тірісі қайсы адам айырып болар емес. Адам шошырлық аласапыран. Мұндай қарбаласқа әскердің бас аяғын жинап ұстаудың өзі қиын болды", — деді Кутайсов мәлімдемесінде. Кавказдан көмекке келген Кутайсов қолымен ұрыс қамалдан сыртқары далада болды. Қамалды қоршаудан құтқарған соң, әскер көтерілісшілер бекінген Шүйліге қарай шығады. Қамалды алар алмасына көзі жеткен Иса, енді, дұшпанмен тосқауыл ұрысын сала отырып шегінуді ұйғарды. Ондағысы елдің ұзап көшіп кетуіне мүмкіндік беру. Бұлар мұнда ұрысқа дайындалып жатқанда хабаршылар ел-елге барып, көшуге нұсқауды жеткізіп жүрді. Бұл және бей-берекет қаша басу емес, күнілгері, жайлаулары, қоныстары белгіленген жоспарлы көшу.

Екі жақтың даладағы ұрысы Форттың 6 шақырым шығысындағы қыран басында болды. Баубек Айназар бастаған мергендер жаяулап тас тасасына бекінеді. (Айназар туралы ол жайлы жазылған, еңбегімізде айтылғалы себепті тоқталып жатпаймыз). Осы жерде көтерілісшілер орыстардың Жем бойындағы тактикасын өздеріне қолданады. Шабуылға шыққан болып, өзінше кері шегінген атты жасақ, соңдарына ерген жазалаушыларды мергендерінің оғы жетер жерге алып келеді. Қанды басын бері тарт деп, қаһарға мінген мергендер осы ұрыста жау жағынан 10 адамды өлтіріп, 14 адамды жаралайды. Амал не, күш тең емес. Аз оқ, дәрі таусылады. Айназар бірнеше мергендермен шәйт болады. Сол жерде қазір тастан қиып салған мола тұр. Ол ұрпақтары бертінде орнатқан — Айназар ата ескерткіші. Жанында тас қоршау. Аңыз Әйнекеңнің қаны осы жерде төгіліп еді дейді. Қасындағы молалар — батырдың қарулас серіктерінікі. Бүгінде бұл Маңғыстаудағы киелі мекендердің бірі. Басына ел түнейді. Кутайсов осы дөңде көтерілісшілермен бетпе-бет кетіп ұрысқан. Қарсыластарының тегеурінін осында таныған. Одан алған әсерін қағазға әлгіндей сөздермен түсіріпті.

Уақыт озған сайын ел жады көнереді. Көп нәрсе ұмытылады. Осы ұрыста көтерілісшілерден де көп адам шәйт болыпты. Бірақ, біразының аты белгісіз. Там-тұмдап орыс құжаттарына түскендердің де есебінің дерегі бұлдыр. Мысалы, Иса мен Зеленин арасында хат таситын Нұржан кім? Білмейміз. Иса қамалдан шығарып беруді талап ететін қазақтардың бірі сірә, Қосым тілмаш, енді бірі Қоштай. Қоштай туралы ол өте ажарлы, бай адам болды деген деректің ғана ұшын ұстап отырмыз. Бұлардан басқа қамалда тағы бір қазақ әйелі болған. Ол Ботагөз еді. Форттың бұрынғы бір коменданты Усковтың үйінде қазақтың Ботагөз, Қарагөз дейтін екі қызметші қызы жүреді. Мейірімді Усков оларға жақсы қарайды. Фортқа келген алғашқы фотоаппаратпен ішінде тағы бір түрікмен қызын қосып, үш қыздың фотосуретін де түсіріп алыпты. Ол сақталған. Содан байқағанымыз, қыздар, әсіресе, Ботагөз өте әдемі екен. Ал Қарагөздің суретін "Қазақ қызы Катя" деген атпен Т.Г.Шевченко салған. Ботагөз кейіннен Шолақ дегенге тұрмысқа шығады. Шолақ көтерілісшілерге барып қосылған. Ал, Ботагөз, баласы Мыңбайды алып, қамал ішіне келеді. Орыс тәрбиесін алғанын көрсетті деп, орыстар Ботагөзге қатты риза болысады. Ботагөз кейіннен Қосым Мырзабаевқа тиеді. Сірә, екеуінің тіл табысуы осы қамал ішінде басталса керек. Қосымның арқасында Мыңбай кейіннен үкімет қызметіне ілінеді. Мыңбайдан КазЦиК төрағасы Жалау Мыңбаев. Көтерілісшілерге жасалған кешірімнен соң, Шолақ кері Фортқа оралады. Сонда өле-өлгенше тұрады. Қайтіп үйленбейді.

Осы көтерілістің басынан аяғына дейін қатысып, ерлік көрсеткен кісінің бірі — Бәйімбет Байшағыр Көпмағамбет. Атамекені — Шайыр маңы. Жасанған жауға қайраны аз, бармағын тістеп кеткен Көпмағамбет Хорезм ойына барады, бас сауғалап. Артынан елге оралмай, сол бетте қалып қояды. Бірде Ойылдағы Көкжардың жәрмеңкесіне келіп жүріп, Сергей дейтін саудагердің қазаққа жасаған қиянатына куә болады. Сол жерде шыдай алмаған, әрі орысқа бұрыннан да кекті, Досанның қанына қан деген серті тағы бар. Көпмағамбет Сергейдің басын көптің көзінше кеседі де алады. Қуғыншыға ұстатпай, ізін жасырып, тайып тұрады. Арада жылдар өтеді. Ескі кек ұмытылады. Бірақ, әлгі Сергейге жасағаны қарт батырдың есінен шықпаса керек. Ол өзі балалы-шағалы саудагер екен. Отағасысы өлген соң, үй іші күйсіреп, балалары босып кетті деген хабарды естіп, тағы пұшайман болады. Бір сөзбен айтқанда, тәубесіне келеді. Жаулықтың аты жаулық, онда адамгершілік нормаларының ысырылып қалатыны әбден заңдылыққа айналған. Бірақ, мәңгілік жаулық жоқ. Осыны мойындаудың алды әлгіндей тәуба. Ол да адамның адалында ғана болатын қасиет. Міне, осындай қасиет иесі бақилық болар алдында жақсы көретін бір баласын шақырып алып, өз қолымен жасалған сол бір жайтты айтып, үмітті бір ұрпағының атын Сергей қоюды аманаттайды. Баласы әке аманатын орындайды. Қазіргі Қазақстан киноматографистер Одағының басшысы, талантты кинорежисер, ана жылы Маңғыстау туралы түсірілген тамаша телесериалдың авторы Сергей Әзімовтың атының Сергей болуының сыры осында. Маған бұл деректі берген Маңғыстау ауданы мәдениет бөлімінің бастығы Сағын Нұрғажаев. Ұрыс кезінде қаза болған батырдың бірі Шоңай Көшкін Сеңгірұлы. Оның өлігін туысы Қазанбай Қарасайұлы ат қойып барып, өңгеріп алып шығып, ата қауымы Жыңғылдыға — Кұнан әулиенің қасына әкеліп қояды. Өлікті жерлеп болып, Фортқа қайта оралады. Ертеңгі ұрыста өзі де мерт болады. Қазанбайдан Жұмабек, одан Маңғыстаудың марқасқа азаматының бірі болған марқұм Бақтыбай. Алшын Мендалиев дерегі бойынша, көтерілісте Шоңай аулынан 8 азамат мерт болған.

Шежіре ұрыста Медет ауылы ерлік көрсетті, осылардан көп адам өлді дейді. Қазіргі Ақшұқырдың әуежай жағында жалғыз мола тұр. Бұл — көтерілісшілер ізімен келе жатқан, жазалаушылармен ұрыста мерт болған Медет батырдың ақыреттік мекені. Тағы бір құрбан — Жапан. Ол суда балықша жүзеді екен. Ол солдаттар мінген қайықты жағаға жеткізбей, суға батырмақ болып, сүңгіп жеткен бетінде оққа ұшқан. Сонда оның жүрек жұтқандығын қараңыз! Аузына тістеген қанжары мен қайықтағыларға тұтқұйылдан тарпа бас салмақ болған ғой!

Көтерілісшілер көшкен елінің артынан шегініп кеткен соң барып, қырға жазалаушылар шықты. Олар топ-топқа бөлініп, әр судың басында дерлік, болып, бүкіл түбекті сүзіп шықты. Бірақ, өнжеулі нәтижеге жете алмады. Әр жер, әр жерде бейбіт отырған ауылдардың көтеріліске қатысқан, катыспағанын дәлелдеу қиын еді. Қалған елдің ендігі басшысы Төлепұлы Мәмбетнияз еді. Оның көтерілісшілер жағында болғаны ақиқат. Бірақ, жырында би көтеріліске қатысын, туысым Бәймембетке көмектесу үшін, бардым деп шалдырмайды. Бәйменбетпен туыстығында кемдік жоқ. Оған қол ұшын беруі қисынға келеді. Тығырыққа тірелген жазалаушылар сенбеуін сенбесе де, енді, Мәмбетниязды шыжымдап, өз саясаттарын жүргізуге пайдаланғысы келеді. Ташкент архивінде сақталған құжаттарда осы анық аңғарылады. Орыстардың онысын Мәмбетнияз да өз пайдасына, ел мүддесіне шеберлікпен пайдалана біледі. Күнілгері келісім бойынша, елдегі хабарды Исаларға құпиялап жеткізіп отырады. Бәйменбеттің туыстығын алға салып, өзін орыстарға Хиуа ханының жауы ретінде көрсетеді. Хиуаға жорыққа дайындалып жатқан орыстарға шабуылдың сәтті болуы үшін, көтерілісші қазақтарға кешірім беріп, өз жанына тарту амалын да алдымен Мәмбетнияз ұсынған. Сөйтіп, қазақтың ақылды басы орыстың ақылды бастарымен ортақ мәмілеге келе бастайды.

Форт-Александровск қамалының қоршалуы орыс үкіметіне үлкен сабақ болды. Түздіктерді қорқытып бағындыруға болмайтынын түсінді олар. Бұл қорлыққа көнбейтін ел екен. Ендеше оларды сыртқа теппей ішке тарту, яғни, ежелден өзін ақтаған жымысқы тәсілге көшу дұрыс деп шешті. Ол саясат жемісін де берді. 1884 жылы, яғни арада 14 жыл өткен соң, уезд бастығы Генералов Каспий сыртқы округінің бас штабына былай деп жазды: "Маңғыстаудың түздік тұрғындарының ниеті бейбіт. 1870 жылғыдай тәртіпсіздік жоқ. Өңірдегі жағдайдың атымен өзгеруіне байланысты ондайды, көшпелілер тарапынан күту қиын" (Түркіменстан архиві, қор тізбе 2, іс 7707).

1874 жылдың 16 сәуірінде құрамында Красноводск, Маңғыстау уездері бар Каспий сырты облысының әскери бөліміне мынадай жазбаша нұсқау берілді. "Бөлім бастығы тұрғындар арасындағы жағдайды, сенімділіктерін қадағалап отыру тиіс. Маңызды деп табылған әр іс жайлы толық сипатымен Кавказ армиясының қолбасшысына хабарлап отыруы тиіс". Бұл нұсқауды соғыс министрі Милютин бекітіп, әскери бөлім бастығын губернатор дәрежесіне көтерді.

"Қорықпай сыйлаған — сыйлаған емес" деп, Мәтжан би айтпақшы, орыстар сол көтеріліс нәтижесінде , бұл елді қорқып сыйлауға көшті бір жағынан. 1875-1915 жылдар арасында 40 жыл бойы ел басына мамыражай бейбіт кезең орнады. Көтерілістің басты жеңісі сол болды. Айтпақшы, қоршаудан соң орыстар қамалды жасырын түрде нығайтуға кірісті. Бұрын қала шетінде "Патша құдық'" дейтін бірғана құдық болса, қамал тұрған тау іргесінен жаппай құдықтар қазылды. Тағы бір дерек, тау басындағы қамалдан төменге жер асты жолы қазылған. Ол туралы қамал коменданты мен уезд бастығы ғана білген. Және құпиялық сақтау мақсатында, оның жұмысына ішкі Россияның шеберлері тартылыпты. Жер асты жолының бір ауызы уезд бастығының кеңсесінің астында болыпты. 1920 жылы генерал Толстов Форттан шегінген кезінде, жер асты жолының екі аузын мықтап бекітіп кеткен. Генерал Толстов Урал армиясының алтын қазынасын сонда жасырыпты деген болжам да айтылып қалады. Қысқасы, қазір қирандысы ғана қалған көне қамалдың біз білмейтін құпиясы әлі жетіп артылады.

ТЕРГЕУ. СОТ. ҮКІМ

Алдын ала басын ашып алатын мәселе, көтерілістің негізгі ұйытқысы, бас сардары Иса Тіленбаев мұның бәрінен ада. Ол сотталмақ түгілі, тергелген де жоқ. Тіпті, түсінік те талап етілмеді. Тек Иса емес, оның екі Ермембет (Ермембет Тұров пен Ермембет Құлов), Қарамұрат, Құтжан Орақов өзге аты белгілі, белгісіз көп серіктері де солай жазадан аман қалды. Осыған дейінгі еңбектерде, зерттеулерде оның жауабы дұрыс берілмей келді. Жауаптың берілмеуіне Иса көтерілісшілер мүддесін сатып кетті, сатқындық жасады деген ел арасындағы әртүрлі қауесеттің негіз болғаны және бар. Ал, ол себептің ашылмауының бір себебі, Бақытжан Қаратаевтың аталған еңбегінің жарияланбай, көп зерттеушіге берілмей құпия ұсталуы. Әйтпесе, онда бұл жай толығынан тәптіштеп тұрып баяндалған. Тек Маңғыстау емес, Жем бойындағы 1868 жылғы толқудың басшылары да бір мезгілде кешірім алды. "Көтерілісшілердің көп бөлігі Орынбор ведомствосының шекарасын тастап 1873 жылы Хиуа хандығына кетіп қалды. Орыс үкіметі Хиуаға қарсы жорық бастап отырып, патша атынан Хиуаға бүлікшілер ретінде де, басқа жағдаймен де қашқан қазақтардың барлығына кешірім берген, жалпы манифест жариялады" деп, тайға таңба басылғандай жазылған бұл еңбекте. Үкіметтің мұнысы нағыз көрегендік саясат еді. Себебі, Орынбор губерниясынан ауып барған қазақтардың барлығы Хиуа хандығының Россия жақ шекарасында, яғни болашақ жорық жолында сыңсып отыр. Және қарулы. Орысқа кекті, әрі соғысып тәсіл алып қалғандар, Ресми мәліметте тек бір ғана Адайлардың 10 мың қарулы жасағы болғанда, өзге рулардан барғандар да соншама қол шығара алады. Дала ұрысындағы атты 20 мың қол қаруы нашар болғанның өзінде қаһарлы күш. Орыс әскері қанша күшті, қаруы мықты дегенмен, жат жерде, тылынан алыс, ең бастысы, барлық көліктері — ат пен түйе. Азық-түліктерінің негізгі көзі де — жергілікті халықтың малы. Тіршіліктің басты тіні — су болса, оның даладағы бірден бір көзі — құдық. Қарсыластар кез келген қолайлы сәтінде құдықтарды улап, не көміп кете алады. Бір сөзбен айтқанда, орыс әскерінің алдындағы басты қауіп, қамалдағы хан әскерінен гөрі, осы көтерілісші қазақтар тарапынан күтілген. Ендеше, кешірімге орыс үкіметі лажсыздықтан барып отыр. Сонда да олар онысын қолақпандай етіп, ұстата қойғысы жоқ екен.

Веревкин патшаның атынан барлық көтерлісшілерді, оның ішінде, Әзберген Мұңайтбасов, Алданазар Даутов, Қаратау Күзембаев, Иса Тіленбаев сияқты басшыларын (астын сызған біз — Ә.С.) тек бір ғана тұтқынға алынған, енді әскери дала сотына тартылуға тиісті орыс қызметіндегі есаул Ханғали Арслановтан басқасының бәріне кешірім берді. (аталған еңбектің 35-36 беттері).

Х.Арсланов — қазақтар арасында Қаналы төре атымен белгілі. Атақты Арыстан төренің баласы. Б. Қаратаев жасы ұлғайып барып өлген, онымен кездесіп, бұл жағдайдың бәріне ауызба-ауыз қаныққан. Ол орысша жақсы сөйлеп, жаза алатын сауатты болған. Есаул шенінде орыс қызметін атқарған. Қоңыраттың найыбы болып тұрған жерінен орыс әскеріне беріліп, тұтқынға алынғанда 36 пунктен тұратын айыппен айыпталады. Жорық жағдайында, гауптвахта жоқтығы себепті офицер граф Шуваловтың шатырында тұруға бұйырылады. Бұл жерде орыс армиясындағы офицердің ар намысы дегенге өте жоғары мән берілетінін айта кетуге тиіспіз. Есаул Х.Арсланов мың жерден қылмысты болғанмен, орыс армиясының аға офицері. Әлі сот үкімімен шенінен ажыраған жоқ. Сондықтан ол сотқа дейін, офицерге тиесілі артықшылықты пайдалана алады. Граф Шуволов шатырында ол өзге де офицерлермен бірге тұрады. Көбімен достасады. Әсіресе, подполковник Скобелевпен қатты дос болып кетеді, сол достық себеп болып, Скобелев араға түсіп, Хиуа хандығы толық қолға қарағаннан кейін, ол толық кешірім алып, Торғай облысы, Тұзтөбе болысына тұрақты тұруға жіберіледі. Сонда сонымен қартайып, бақилық болды. Ел арасында Қаналы төре деген жақсы аты қалды. Зираты — Темір станциясы маңында. Патша үкіметі бұл берген кешірімінің өтемін артығымен қайтарып алды. Х.Арсланов генерал Скобелевтің Ахал-Теке жорығына қатысып, кескілескен ұрыста ерлік көрсетіп, 4 сатылы әулие Владимир орденін бриллиант бауымен қоса алды. Артынан генерал Анненковтың шақыруымен, Орта Азия теміржол құрылысына қатысып, оған жергілікті қазақтарды жұмысқа тартып, тағы марапатқа бөленді.

Ал, Әзберген Мұңайтбасов руластарының үлкен жасағын бастап, Ахал-Теке жорығына қатысқалы келе жатқан жолында ауырып өлді. (Сонда 87-бет).

Әзберген батырдың ажалы осы сапарға қарсы болған қасындағылардан болды, солар улады деген қаңқу әңгіме де, шаң берген дейді кезінде.

Міне, Иса Тіленбайұлының патша сотынан аман қалуы себебі осы. Оны ажалдан әуелі, құдай, қала берді сол кездегі тарихи жағдайдың өзі арашалады. Иса Алласының аманат қылып берген жанын ешкімнен саудаға сұрап алған емес. Және ол өйтетін кісінің сойынан да емес. Оған шәк келтіру, ендігі жерде, біріншіден, әлі әруаққа қиянат, екіншіден, елдің сенімін аяқ асты ету, үшіншіден, босқа тантып қадыр кетіру болып табылады.

Сот туралы әңгіме бастамас бұрын, баса айтатын бір нәрсе отарлау саясатының қашанғы әдеті әуелі ұлтанды елді жазықты етіп, құстаналап алады. "Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін", "Күштіңнің көті диірмен бурайды" дегеннің көбі — оған мұның қалай дейтін ешкім жоқ. Соның мысалы, АҚШ-тың Иракты басып алу түрінде, бүгін болып отырса, бұрын тіпті көп болған. 1870 жылғы көтеріліс те соның бірі. Патша үкіметі әуелі елді соттады. Соны айыпқа жықты. Көтерілістен соң, Маңғыстау Кавказға бағындырылды ғой. Енді ол Тифлиске толық бағыныста болды. Бұрыннан Тифлистан "Кавказ таулықтары жөніндегі жинақ" дейтін басылып шығып тұратын. Маңғыстаудың Каспий теңізінің арғы бетінде, оның тұрғындары Адайлардың Қап тауындағыларға үш қайтпаса сорпасы қосылмайтынына қарамастан, үлгі жинақ, 1873 жылғы VII басылымын түгелдей Адайларға арнаған. Бірінші бөлімінде Ғафар Қаражігітов, Бәйменбет Маяев, Бекболат Есекенов, Хожаберді молдалар айтқан діни аңыздар, әңгімелер жарияланған. Екінші бөлімінде түрікмен ақсақалы Мұхамед-Сафа атынан Маңғыстау көтерілісін әшкерелеп, ғайбаттайтын өлең береді. Жинақ орыс тілінде шығатын болғандықтан, өлең орыс тілінде берген. Қазақша аудармасының тоқ етері: "Сен Адай, тентек болма, сен Рукин мен Маяевты өлтірдің, Маңғыстауды тастап, көшеміз дегенді қой, орысқа бағын, оның күші көп, ешқайда кете алмайсың" дегенге саяды. Содан соң, Шелекен аралында тұратын Нури деген түрікмен ақынның 1870 жылы шығарылған өлеңін орысшаға аударып жариялапты. Оның айтпағы, "Қазақтар орыстардың үйін өртеп, ошағын қиратыпты" дегенді естіп таң қалдым. Түрік сұлтаны, ағылшын, француздар орыстарды жеңе алмаған. Отыз жыл соғысып, тұтқын болып тынған. Ал, қазақтардың мұндай іске жүрегі тұрып жүргенін қара! Патша үкіметі сені тоз-тоз қылады, сорыңды қайнатады, асыл заттарыңды, бар байлығыңды тартып алып, әйеліңді күң, балаларыңды құл қылады, ұлдарыңды солдатқа алады" деген қоқан-лоққы. ("Маңғыстау" энциклопедиясы, 265 бет). Мухаммед Сафа Кулпев-Мәмбетсапа деген атпен түрікменге де, қазаққа да белгілі адам. Ғалым Жанбибі Дүйсенбаева оның суретін Түрікменстан әдебиетінен тауып жариялады. Бұл жерде патша үкіметінің кәдімгі ел мен елді, ру мен руды араздастырып басқаратын аяр саясаты айқын көрінеді. Оның астарынан, дәл сол кезде, Кавказ, Балқан, Хорезм асып кеткен түрікмендердің басын Маңғыстауға біріктіріп, Адайларға қарауыл қылып пайдаланбақ ниетінің бағзы Нұралыны түрікменге хан тағайындайтынынан соң, тағы шаң бергенін аңғарамыз. Бірақ, үкіметтің ол ниеті жүзеге асқан жоқ. Ставропольга барып, орнығып қалған түрікмендер қозғала қойған жоқ. Адайлардың төмпеші өтіңкіреген Балқандағы түрікмендер де қайта беттемеді. Ал, Адаймен өмір бойы жауласып, жаға ұстасумен кеткен Хорезмнің түрікмендері ежелгі дұшпанымен қоңсы қонып, оңбасын сірә білді. Сөйтіп, бұл саясат жеміс бермеді. Жоғарыдағы өлеңдерден белгілі болып қалған тағы бір нәрсе, үкімет Маңғыстаудың тұрғын халқының дүрк көтеріліп, басқа жаққа көшіп кету қаупінен де қорқады. Үкімет үшін өңірде ел болғаны пайдалы. Және ол елдің байығанына мүдделі. Жері байдың елі бай, елі байдың мемлекеті бай болатыны белгілі. Бірақ, патша үкіметі осы жинақ арқылы Адай елін баршаға жаман атты қылды. Яғни соттады. Ұлтанды елге солай үкімін шығарып болған соң, барып оның ерін соттауға кірісті.

Жоғарыдағы кешірімге көп адам сенген жоқ. Досан бастаған бір топ ерлер жауы кешірім берді екен деп, алдына баруды намыс санап, күресті фанатиктікпен жалғастыра берді. Енді біразы тіпті одан хабарсыз қалды. Енді оларға үкімет көтерілісші деп емес, кәдуілгі қарақшы деп қарсы жазалау әрекетіне көшті. Сол әрекет іс негізінде ұсталған төмендегі 31 адамның үстінен қылмысты іс қозғалып, әуелі Гурьев, содан соң Форт-Алексанровскінің түрмесіне қамалды:

1. Алғи Жолмағанбетов
2. Тілеуберген Орақов
3. Досан Тәжиев
4. Күмісбек Молсынбаев (Мүлікбаев)

5. Дихан Өтепов
6. Шүрен Иманов
7. Жайсаң Жандаев
8. Әлібай Сүтембаев

9. Нұрша Сланбаев
10. Естілеу Береугіров
11. Есенкелді Мәмбетов

12. Қарасай Мамаев (Қарасай Мамайұлы—Дәулеталы Жары, күйші болған адам)

13. Орақ Байдалиев
14. Табынай Бегешов
15. Өтеген Итемгенов
16. Сүгір Шабаев

17. Берсүгір Жантаев
18. Демесін Жиенбаев
19. Жанбала Тәжиев (Жамақбала)
20. Жарас Тәжиев

21. Табан Досанов
22. Көшмамбет Досанов
23. Қошқар Досанов
24. Қажымұрат Сырлыбаев

25. Қайғылық Әділов
26. Демесін Әкімов
27. Реушен Ахметов
28. Қүлжан Маханов

29. Әділғазы Есмағанбетов
30. Мәлік Төлепов
31. Ержан Бернелиев

Осы көтеріліс жайлы өте-мөте құлағдар, көтеріліс сарбазы Барақұлы Шабайды (1849-1941) көре қалған, әңгімелескен, ол туралы талай жазған марқұм Есаған Естерек Жаманбаев марқұм тізімдегі Жарас пен Жанбалаға Досанның туыстары деп анықтама береді. Берсүгірдің атын Бернияз, Алғидың фамилиясын Жәлімбетов деп нақтылайды ("Маңғыстау" 1993ж. 9-қарашадағы саны).

Досан Тәжиев пен Өтеген Итемгенов, Күмісбек Мүлкібаев, Жаманбала Тәжиев сотқа жетпей өлді. Орақ Байдалиев қашып кетті. Қалғандарын тергеу ісі 1876 жылдың басында негізінен аяқталды. Қылмыстылардың бәрі әскери адам емес. Яғни ол орыс әскерінің есаулы X. Арслановпен теңестірілуге тиіс емес. Соған қарамастан, Маңғышлақ приставтығы, Закаспий облысы басшыларының сұрауына орай, Кавказ армиясының бас қолбасшысы бұларды әскери дала сотымен соттауға шешім шығарды ("Ақиқат", 1996 ж. №3 З.Ижанов мақаласы). Сөйтіп, Форт-Алексанровск қаласының әскер басшысы, 1870 жылы көтерілісті басуға қатысқан подполковник Архангельскийдің төрағалық етуімен, Дағыстан облыстық штабының аға аудитор прокуроры, кеңесші Карачаевтың, Темірхан — Шора (қазіргі Махашқала) әскери басшысының аудитор іс жүргізушісі, кеңесшісі Прилийскийдің қатысуымен 1876 жылы 8 наурызда басталған сот ісі, 12 наурызда аяқталды. Сот Тілеуберген Орақовты дарға асуға, Алғи Жолмағанбетовті он жылға каторгіге жіберуге, Дихан Өтеповті, Шүрен Имановты әскери сот құзырына беруге, Демесін Жиенбаевты, Әлібай Сүтембаевты, Өтеген Итемгенов Сібірге әкімшілік жолмен жер аударуға үкім шығарды. Кінәлары толық дәлелденбегендігі себепті Табан Досанов, Жарас пен Жаманбала Тәжиевтер қоғамдық бақылауда қалдырылды. Табынай Бегешов пен Шолтан Досанов ақталды.

Осы жерде баса айтып өтетін, бір адам Қарасай Мыңбаев. Атақты Мыңбай Әжіғараевтың баласы. Қарасай тергеу барысында жалпы Досан туралы көрсетім беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Мойынына қойылған қылмысты қасарысып мойындамаған.

Үкімді ол уақыттың заңы бойынша бас қолбасшы бекітетін. Сол ретпен 1876 жылы 3 әсетте Кавказ армиясының бас қолбасшысы сот үкіміне өзгеріс енгізді. Тілеуберген Орақов көтерілістің негізгі бастаушысы болмағандығы, ел тонау әрекеттеріне Хиуа ханының бұйрығымен барғандығы ескеріліп, өлім жазасынан босатылып, Сібірге жер аударылды. Алғи Жолмағанбетов те, көтерілістің негізгі басшысы емес деп танылып, 1873 жылғы Хиуа жорығына өз еркімен келіп, қатысып, орыс әскеріне қол ұшын бергені ескеріліп, бұрынғы 10 жылдық жаза 3 жылға кемітіліп, 7 жылға жер аударылуға, Дихан Өтепов пен Шүрен Иманов 5 жылға әкімшілік жолмен жер аударуға кесілді. Үкімнің өзге баптары өз күшінде өзгеріссіз қалдырылды.

Тұтқындардың одан арғы бара жақ жерін анықтағанша, Форт түрмесінде отырған Шүрен Иманов қайтыс болды.

Түрмеде қаза болғандардың, Досаннан басқасы, денелері жерлеу үшін туған туысқандарына берілді ме, берілсе, қайда жерленді олар туралы ауызша да, жазбаша да дерек жоқ. Соған қарағанда, олар баяғы декабристер сияқты жасырын жерленген сияқты.

Сол жылдың жаз аяғына таман тұтқындар кісенделіп, кемемен, әуелі Петровскіге, онан әрі Астраханьға жеткізілді. Онан әрі, тоғыз жол торабы Қазандағы тұтқындарды айырып, жөнелтетін (пересылочная тюрьма) орталық түрмеге апарылды. Осы жерден олар бөлініп, Алғи мен Дихан Самара губерниясының Николаев қаласындағы полицияның бақылауына жіберілді. Pecми құжатта Алғи 1877 жылы 18 наурызда Симбирск түрмесінің ауруханасында өлді делінген. Өлген жылы, күні күдік туғызбағанмен, ауруханада өлді делінуі жалған (Сталин кезіндегі ГУЛАГ-тың жасаған жалған құжатындай ғой). Оның куәсі Дихан Огепов. Жазасын өтеп, елге оралған Диханның айтуы бойынша, ол айдау жолдың бойында келе жатып, әлсіреп өлген. Қасындағы жолдастарына жүзін жасыруға да рұқсат етілмеген. 1884 жылы елге келген Дихан Мұрат, Есенаманның қазасына келіп отырып жылағандарға — Алланың жіберген ақ өліміне жылау әбес екен, жылайтын өлім Алғидың өлімі,- деп тоқтам айтыпты. Солай деп отырғанда, өзі Алғи есіне түсіп, көз жасы сақалын жуып жылап отырыпты деп аңыздайды ел. Иса Диханды өте кұрметтеп өткен. Ол түрмеден оралғанда, елге бас болып, алдына мал салған сол пейілі үшін Дихан да өле өлгенінше Исаға, содан соң нағашы жұрты Жеменейдің Қарат оқаларына қатты риза болумен өткен. Исаның Жолаш немересінің ноқтаға ұлының аты Дихан қойылуы осы достық, силастықтың бір белгісі деп отыратын үлкендер.

Елінің батагөй ақсақалы болып, өткен бейнеттің бәрін салауат қылып, салиқалы қарттықтың да біраз қадір құрметін көрген Дихан батыр ұзақ өмір сүріп қайтыс болды. Қызанның 50 шақырым арқа бетіндегі ата қауымы Итенге жерленді.

Мен 1958-1960 оқу жылында Ақшымырау аулында болдым. Киікбай, Бөкенбай, Нұршабай ағайларды сонда көрдім. Әрине, Диханды, бұл ағалардың ол кісінің ұрпақтары екендігін бертінірек білдім. Бөкенбай әнші еді. Ауылда жалғыз, ауданда саусақпен санарлықтай ғана баянмен ән салатын жастардың бірі еді. Киекен мен Бәкең Ақшымырауда, Нұршабай Ақтауда тұрады қазір. Бәрі де үйлі-баранды. Ауыл-аймағында "Дихан ата балалары" деген абыройлы атақтары бар. Сол Ақшымыраудың Бөкен тас үй дейтін бір бүйірлеу пұшпағында Досан дейтін шал тұрды. Енді білсек, сол Диханның жиені екен ғой. Атын атаның өзі Досан батыр құрметіне солай қойыпты. Дәулеталы аулына жиен болып келетін Бердіғали Досан нағашысының бір "ерлігін" әлі күліп, әңгіме қылады.

Досан колхозда қойшы. Бір қыста малының дені жұтайды. Жұтамағанда қайтеді , —қора жоқ, шөп жоқ, су айдамал. Әйтеуір, таяқ ұстап қалмағанына шүкірлік қылған Досекең көктемде қалған малды тепсенге шығарып, жайып тұрса, былтырғы қарашадан бері ат ізін салмаған колхоз басқармасы келіп, мал неге жұтады де,п кейістік айтса керек. Сол жерде жаны, күйігі кеткен шалын — алты ай қыста керек болмаған мал енді керек болды ма саған деп, қолындағы дырау қамшымен басқармекенді жоннан бір тартыпты. Басқарманы қамшымен тарту ол уақыт үшін шектен шыққандық. Үкіметке қарсы қол көтеру. Ұрмақ түгілі боқтаудың өзі ауыр қылмыс. Дегенмен, басқарма жөні түзу азамат екен, қыр асып бара жатып: — Әй, өзіме де обал жоқ, Дихан батырдың жиеніне қатты сөйлеу не көтіме керек екен, — деп күледі дейді.

Әуелі Адай елін жаман атты қылып, саяси тұрғыдан соттаған патша үкіметі әскери дала сотының үкімімен материалдық тұрғыдан тағы соттады. Соттың іс сапарына кеткен шығынды өтеу деген желеумен елден 465 мың сом өндірілді. Көтеріліс кезінде тоналған орыс балықшыларының мекен-жайы, ау-құралдарының өтемі үшін елден 20 мың сом алынды. Соғыста контрибуция деген бар. Бұл — соғысқан мемлекеттердің женгенінің жеңілген жақтан өндіріп алатын соғыс шығыны. Көтерілген Адайлар мемлекет емес. Россияның боданындағы елдің, халықтың бір бөлігі, Орынбор губерниясына қарасты бір приставтық. Демек, мұндағы көтеріліс империяның ішкі тәртіпсіздігі. Демек, ол контрибуция алуға жатпайды. Соған қарамастан, елге 30 мың сом контрибуция салынды. Ол аз болғандай, көтеріліске қатысқан ауылдың әр үйі 6 жыл бойы құны 3 сомдық бір қойдан, ал көтеріліске қатыспаса да, оны біле тұра хабарламағаны, не көтеріліске қарсы шықпағаны үшін, былайға ауылдардың әр үйі мұндай қойды 3 жыл бойы төлеп тұруға міндеттелді. Мұның аты ашықтан ашық тонау, талау еді. Көтерілістен сөз жоқ, барлық ауыл хабардар болды. Ал, ол хабарын кімге, қай бастығына не деп хабарламақ? Ол бұл айтпай-ақ, бұл туралы біліп отыр емес пе?! Жаппай көтеріліп жатқан еліне алыстағы құдық басында отырған 2-3 үйлі ауыл адамдары қалай, қайтіп қарсы тұрмақ? Қалай ойласаңыз да, осы соңғы бап тіпті оғаш. Үкіметтің ұят, ар дегеннен жұрдай екендігінің дәлелі. Өкінішке орай, бұл көтеріліс туралы егжей-тегжейлі барлық шындығымен шетел баспасөзіне уақытында жазылмады. Егер жазыла қалғанда, онсыз да халықаралық беделі ақсап тұрған Россияның арты ашылудай-ақ ашылар еді. Онда Россияны жамандауға келгенде оспадарсыз деумен ғана шектелген Ф.Энгельс басқаша "бұрқылдайтын" еді.

Көтерілісшілерге болған сот процесі туралы ел аузында бір жақсы әңгіме сақталған. Әзірге оның құжатты дерегін қолымызға ұстай қойған жоқпыз. Бірақ, жадтарда сақталған естеліктер әңгімедегі оқиғаның солай болғанына шөк келтірмейді. Урядник Багайдиновты қашып бара жатқан жерінен қуып жетіп, өлтіретін Мошан батыр бар еді ғой. Бұл әңгіме соған катысты. Өлген урядниктің мылтығы Айназар қарауындағы мергендерге беріледі. Жалпы орыстардан қолға түскен мылтық пен оқтары қатаң есепке алынып, тек мерген жігіттерге ғана беріліп, олардан арнайы жасақ құрылған. Жүйрік шабдар ат Мошанның өзінде қалдырылады. Мошан оны руы Медет бір құрдасына, ол да көтерілісші, сыйлайды. Көтеріліс бітіп, көппен бірге Мошан мен әлгі құрдасы шабдар атымен аулында алаңсыз жүре берсе керек. Ел арасына саудагер болып келетін жансыздардың бәрі — Кетік тұрғындары. Қамалда урядник көп емес. Багайдинов бәріне таныс. Шабдар ат та танымал. Солардың шыққыр көзі атты көріп, оның артын қаузап болған оқиғаға қанығып алған соң, алған ақпарын қамалға жеткізе қояды. Оман арғысы белгілі. Мошан емес ат иесі тұтқынға алынады. Дүние-мүлкі тәркіленеді. Сотталып жыл кесіледі. Түрмеде бір иман жүзді орыс адамы жолығады. Бір қызығы, оның да фамилиясы Рукин болып шығады. Сол бұдан болған жайдың бәрін сұрап біліп, тұтқынның атынан жоғарыға шағым арыз жазады. Сондағы келтірген қисыны — бұл көтеріліске мобилизациямен қатысқан. Қатыспасына болмаған. Қарсы болса қандастары өлтіреді. Мошан соғыста Багайдиновты жекпе-жекке шығып өлтірген. Яғни ұрыстың адамгершілік тәртібіне нұқсан келмеген. Солай заңды олжаланған ат бұған сыйланған. Бұның Багайдинов тағы басқалардың өліміне қатысы жоқ. Көтерілісшілерге кешірім берілген соң, еркімен құралын тастаған. Ат іздеушісі, сұраушысы болмаған соң, қолында жүре берген. Ендеше мұның кінәсі жоқ. Жергілікті соттың бұған кескен үкімі әділетсіз, патша ағзамның кешірім берген әмірін аяқ асты етіп, түз елінің алдында мәртебесіне нұқсан келтіру. Осылай, әбден келістіріліп жазылған арыз жоғарғы сотта қаралып, Медет жігіті кінәсіз деп табылып, түрмеден босайды. Арып-ашып еліне келсе, әйелі бұл ұсталған соң, құсадан өліп қалыпты. Бір кішкентай сәбиі бар екен — ол да шетінепті. Ел іші алтын бесік. Орталарынан жылу жинап жігіттің алдына мал салады, үйлендіреді. Ол әйелі құдайы берген күпі босанып, шекесі торсықтай ұл табады. Балаға ат қоярға келгенде жігіт: — Бір жамандықтың бір жақсылығы болады деген рас, екен. Кесепатты да Рукин деген орыстан көріп едім, құдай оның хиуазын да Рукин деген орыс арқылы қайырды (әлгі арыз жазып беретін орыстың фамилиясы да Рукин екен). Өлген Реукен өзімен кетсін. Тірі Реукенмен айрыларда ақыреттік дос болып, ант ішіп, қоштасып кетіп едім. Сол досыма ризашылығым болсын, ұрпағым біле жүрсін, халқым, қарсы болмасаңдар баламның атын Реукен қойып отырмын, — дейді. Сөйтіп, бала Реукен атанады. Одан өрбіген Реукеновтер әулеті қазір Маңғыстауда бір ауыл. Соның бірі марқұм Сағызбай аға Реукеновты 1987 жылдың күзінде Қызылтуда отырған жерінен іздеп, барып жолықтым. "Қасқа айғырдан төбел туады" демекші, бабасының жауынгер рухы жұғысты Сәкен кешегі Ұлы Отан Соғысына офицер болып қатысып, жеңісті Германия жерінде, аға лейтенант атағымен рота командирі болып, қарсы алыпты. Бірнеше орден, медальдармен наградталған. Ағаның майдан жолдары жайлы кезінде мен облыстық газет бетіне жаздым.

Көтеріліс бойынша, қылмысты жазаға тартылғандар, олардың кейінгі тағдырлары, ұрпақтары туралы айта берсе әңгіме көп. Және өте қызықты. Оларды келер күннің еншісіне қалдыра отырып, әзірге бұл жайды осымен тамамдаймыз.

ХИУАҒА ЖОРЫҚ

Алдымен Хиуа қаласы туралы қазақ арасында Хиуа ханы, хандығы делінгенмен бұл ресми түрде Хорезм аталған. Ежелден осы аймақты мекендеген елдің орталығы. Халқы аралас. Ел саясатына қай халықтың көбірек ықпал етуіне байланысты, хандары жиі өзгеріп тұрған. Мысалы, Әбілғазы түрікмендер мен қазақтарға сүйенсе, енді бір хандары өзбек ықпалында болған. Мұнда қазақ ішіндегі ақсүйек төрелер де біраз билік жүргізген. 1873 жылы орысқа бодан болғанда, хандықта 900 мың халық болды делінеді. 1916 жылы кемеліне келді делінетін кездің өзінде, ел экономикасының негізі егіншілік, аздаған мал шаруашылығы, 60 мақта тазалайтын, май шығаратын зауыт болды. Хан гвардиясы деп аталатып, Асфендиярдың бүкіл әскері 1600 адам ғана екен. Сосын Аралда, Әмуде аздаған кеме қатынасы болған.

Хиуаның 1873 жылдан жеткен бір суретінде, сірә, оны К.П.Кауфман жасағымен келген суретші В.Верещагин салуы, түріне қарағанда, шикі кірпіштен қаланған дуалдың ішкі жағы жапырласып, иін тірескен үйлер, әріректе екі мешіт мұнарасы, биік дарбаза. Үйлер жанына ағаш егілген. Қазақ өлшеміне салғанда үлкен кент. Орыс көзімен қарағанда, сірә, "большой кишлак" қой. Бірақ, үлкен саясаты түскірді қойсаншы- ау, орыстардың соған көз құны қадалын, емешесі құри қапты. Оған жер түбіндегі "Тұманды Альбион елі" — Англия да әуес екен тіпті. Бұл екі елдің саясаттарын таразылап отырған Ф.Энгельс "Санкт-Петербург дипломаттары, Англияның Россияға түпкілікті Босфорда бекінуіне болуы мүмкін, қарсылықты жою соншалықты маңызды екені туралы өздеріне есеп берді. Қырым соғысынан соң, негізінен 1857 жылғы үнді көтерілісінен кейін 1840 жылы-ақ басталған Түркістанды жаулап алу, кейінге қалдырылмайтын міндет болды" (К.Маркс, Ф.Энгельс. Собр.соч. Т.22с-45. Энгельс бұл жерде бір жылға қателесіп 1839 жылғы сәтсіз Перовский жорығын айтып отыр - Ә.С.).

Орыс құлдарына арзан күш ретінде құныққан хандықта, бұл кезде бір ер орыстың бағасы 100-200 тіллә, күн бағасы 300 тіллаға дейін шырқап кеткен екен. 1 тілла орыс ақшасымен 1 сом 80 тиын болыпты. (Б.Костин "Скобелев". Москва. 2000 г. 32-стр.). Осыны генерал Кауфман үкіметіне хабарласса, ол құлдарды сатып алуға 3 мың сом жібереді. Соны қанағат тұтқан генерал ханға хабар салып, көрсе ол кергіп көнбейді. Сондағы сөзі "Мен байыбына бара алмай отырмын. Хиуада достық көңіл қалауымен тұрған бес, он орыс араздық басы қалай бола алады". К.П.Кауфман содан соң, Петербургке "Уақыт созбай біз сонда тұтқында азап шегіп жүрген отандастарымызды босату үшін-ақ Хиуаға аттануымыз керек" деп хат жолдайды. Осылай үлкен саясаттың пісіп тұрған шиқаны жарылды да кетті. Хиуаға жорық төрт жақтан Түркістаннан, Орынбордан, Красноводскіден, Маңғыстаудан, оған қоса, Арал Флотилиясы тарапынан болатын болды. Ортақ басшылық К.П.Кауфманда.

1873 жылғы 13 сәуірде 2140 әскері бар жасақ Маңғыстаудағы Кендірлі шығанағынан аттанады. Басшысы сірә, полковник Ломакин, көмекшілері полковник Гродеков пен подполковник Скобелев, аға офицерлер майор Наврацкий, бас штаб ротмистрі Алиханов-Аварский, т.б. сыннан өткендер. Әскери керуендегі жергілікті қазақ кірешілерін жолбасшы тілмаш Кабак Ермембетов бастап келеді. Пристав подполковник Рукиннің өліміне ас беріп, азалаған (айлакер тілмаш әрине оны есеппен жасады ғой) ол да Адайлар ішіндегі сенімді адам. Қолбасының жанында келеді. Қолдың әскери түр құрамы үш рота жаяу әскер, екі жүздік қазақтар, екі зеңбірек. "Қазақтардың негізі Терек бойындағы гребеньдіктер" (Л.Толстойдың "Казактар" повесін еске алыңыз). Олар әуелі Кетікке су жолымен жеткізіліп, Кендірліге қырмен келген. Кетіктен 30 км жердегі Канға бабадағы Қарагөзбұлақ басындағы мола қабырғасында көп қазақтар еру болып, аты-жөндерін жазып қалдырыпты. Біз үшін олардың есімдерінің қажеті жоқ. Бірақ, ақ орыстың отаршылдығының қызыл орыс тұсында да жалғасқанының куәсі, соның әуелгісіне бұл жолы кіші офицер, екіншісіне М.В.Фрунзенің бас әскери кеңесшісі, қызылдар жағына өткен бұрынғы патша генерал лейтенанты болып қатысқан Ионовқа алабөтен тоқтала кетуді дұрыс санадық. Іскер, білімді офицер қызмет барысында тез өседі. Верныйдың генерал губернаторы лауазымына дейін көтеріледі. М.В.Фрунзенің әскери фельдшер әкесі өлген соң, сұлу шешесі жесір қалады ғой. Содан анасының Ионовпен жақсы қарым-қатынасы басталады. Жоғары мансап иесі ұлық, сұлу жесір әйел — ол екеуінің арасындағы қатынастың қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Ионов өз тарапынан Фрунзе отбасына көп қарасады. Верный гимназиясында оқып жүрген Миша Фрунзеге үкіметтің стипендиясын алып береді. Фрунзе Верныйға қызылдардың әскери қолбасшысы болып келгенде, генерал-лейтенант Ионов қызылдар жағына шығып, оған бас әскери кеңесші болады. Содан екеуінің жұбы жазылмайды. Бұхараны, артынша Түрікменстанды Кушкаға дейін жаулағанда, Қырымдағы Врангель армиясымен ұрыста "Қызыл маршал" бас қолбасшы Фрунзенің әскери миы осы патша генералы Ионов. Әйтпесе Миша Фрунзеге Верный гимназиясы соғыс тактикасын оқытқан жоқ қой. Түрме мен каторга сірә, білім бермейді. Ақ гвардияның көрнекті қолбасшысы, Дон әскери атаманы П.Н.Краснов тек әскери адам емес, мықты жазушы да. Оның "Россия империясының күйреуі" трилогиясы орыс әдебиетінің "Тынық Доннан" кейінгі елеулі бір табысы. Сондай-ақ, Жетісудағы әскери кызмет кезеңінен, ол бірінші дүниежүзілік соғыс алдында Верный түбінде полк командирі болған, жазған очерк, әңгімелері де өте қызықты. Сонда Ионов есімін білікті әскери маман ретінде құрметпен атайды. Оның баласы да жақсы әскери маман болған екен. Азамат соғысында-ақ армияда болып, эмиграцияға кетіпті. Ұрпақтары шет елде тұрып жатыр. Генерал Ионов 1924 жылы Верныйда өз ажалынан өліп, қызылдардың әскери құрметімен орталық зиратқа жерленген.

Міне, түптің түбіне келгенде, патша әскерінің Орта Азияны отарлағанда жинаған тәжірибесі қызыл империяға мұра болып қалды. "Ақ орыс пен қара орыс — бәрі бір орыс" дейтін еді, біздің бала кезімізде ауылдың шалдары қарапайым түсінігімен-ақ. Солар дөп басып айтқан екен.

Орыс әскері десант түсірер жерін дәл таңдапты. Аданың аралы бір жағын қоршап тұрған толқынсыз Кендірлі шығанағы кеме тоқтауға өте ыңғайлы. Әрі Кавказдың өкпе тұсы. Бұл маңайда тұщы су көзі жоқ, ат көлік жайылар оты да тапшы. Оны күңілгері ескеріп, суды, тайланған шөптерін тасып әкелген. Тіпті мініс аттарының біразы да кемеге тиеліп жеткізіліпті. Жорыққа бас штабтан жылнамашы ретінде қатысқан ротмистер М.Алиханов-Анарский мұның бәрін "Хиуаға жорық" дейтін кітабында тәптіштеп жазыпты. Сол уақытта Кендірліде жергілікті тұрғындардан азауыл отыр екен — жазушының қаламына олар да ілігіпті.

Кендірліден өкше көтерген керуен маңдайын туп-тура Сенекке туралап жүреді. Сенек ол уақытта тұщы сулы үлкен мекен. Әскери тұрғыдан алғанда стратегиялық пункт. Салт атты қазаққа дұрыс бір күндік осы Кендірлі-Сенек жолының өзі ағып тамған, улап-шулаған әскери керуенге оңай соқпапты. Жол ауыртпалығын көтере алмай ауырып-сырқағандар осы Сенекте-ақ көріне бастады. Ат, көлікте де шығын бар. Ең алдымен, осы Сенек құдығының басында М.Алиханов -Аварскийдің "Қазбек" дейтін аты өледі. Зорыққаннан емес, әрине, Кавказдың салқын ауасы мен көкорай шалғынына үйренген Қабарда жылқысының тұқымы арғымақ Маңғыстаудың жер тістеген шөбіне дұрыс оттай алмай, алғаулылау суынан іше алмай бұрлығып өледі ғой. Жорықтың басталмай жатып, мұндай қиындыққа ұшырауы басшыларды да абыржытып тастағанға ұқсайды. Олар осында біраз күн болады. Бірақ бір жағы құм, бір жағы шың қылта бойындағы Сенек стратегиялық жағынан қолайсыз болған болу керек, артынша мұнда аз қол ғана қалдырып, бір көш жердегі Бесоқты құдығының басына барып қонақтайды. Бесоқты суы тұщы, әрі мол бірнеше құдығы бар, маңайының оты шүйгін қолайлы орын. Ілгеріде көз жетер жердің бәрін барлап отыруға қолайлы қарауыл үйік бар. Хиуа беттен тосқауыл әскер шабуылға шыға қалса қорғанысқа ыңғайлы. Ал бұлар шабуылды кез келген сәтте күтулі еді. Хиуа ханынан бұрын күні кеше ғана өздеріне қарсы көтерілген, өлі қаруын тастамаған Адайлардан қатты қауіптенетін. Сол себепті келіп жеткен бойы құдық айналасын ор қазып, топырақ үйіп, қоршап, бекініске айналдырды. Мұны Бесоқты форпосты деп атады. Оның сорабы осы күнге дейін сақталған.

Сенекке келген күннің ертесіне ауру-сырқаулар Кендірліде күтіп тұрған кемеге кері қайтарылып, Скобелев пен Наврацкий атты қазақтармен бірі Бозащыға, бірі Үстіртке кеткен. Бұлардың мақсаты — барлау, ең бастысы жергілікті елден жасақ үшін азықтыққа, көліктікке мал тонап әкелу.

"Жаңа ғана майор Наврацкийден Қайдақ шығанағы маңындағы көшпелелерге жасаған сәтті жорығы туралы мәлімдеме алынды, -деп жазады Аварский. Қазақтар қолдарына қару алып, қатты қарсылық көрсетіп, бізден бір адамды өлтірген. Екі қазақ жаралы. Бірақ, жиналған түйе, қойдың көптігі соншалық, екі жүздік әзер айдап келеді екен. Наврацкийдің сұрауы бойынша, көмекке атты әскерлер жіберілді". Қайдақ маңы делініп отырған жер Бозащының шығыс шеті. Қаракешу мен Мәстек құдықтарының басында Ерменбет Түрұлы бастаған қазақ қолы орыс әскеріне үлкен қарсылық көрсетіп онан әрі жібермеген. Мәлімдемеде айтылып отырған сол жай. Біз оны "Ерменбет би" кітабымызда толық жазғанымыз себепті бұл жолы тоқталмай отырмыз. Бірнеше күннен соң Наврацкий Бесоқты басына 200 түйе, 50-дей жылқы, бірнеше жүз қой, Хиуа ханының екі тыңшысын айдап келді.

Скобелев жасағы Үстірт үстіне кеткен еді. Олар да қазақтардың қарсылығына ұшырайды. Мәлбек дейтін құдық басында Скобелевті қазақ мергені шиті мылтықпен атып жаралайды. В.Костин кітабында бұл оқиғаны Скобелев жеті жерінен жараланды, жорықтың қалғанын арба үстінде жатып өткерді, бірақ, әскеріне басшылық жасаудан қол үзген жоқ,- деп әсірелейді. Бұл шындыққа келінкіремейді. Егер ол жеті жерінен жараланған, жорықта масыл болатын халде болса, Ломакин арбамен дереу Кендірлідегі кемеге қайтарар еді ғой.

Бас штаб офицерлеріне тән, мақтауға болатын жағдай — олардың бәрі шетінен байқампаз, ғылымға бейім, көргенін, білгенін көркем етіп жазып қалдыруға қабілетті. М.Алиханов-Аварский де солай болып шықты. Оның "Хиуа жорығы" осы тұрғыдан да құнды еңбек. Мысалы автор Сайқұй құдығының жанындағы зираттан тасқа қашалған жылқы бейнесі, Үстірт ернеуіндегі үңгір (қазір де бар), қабір басына қойған ескерткіштер туралы жазған жолдары назар аударарлық.

"Сайқұйда біз үш сағат аялдадық. Мұнда суы тұщы 12 құдық бар екен. Құдық маңайындағы жазыққа түйе сүйіп жайылатын жантақ, тағы басқа шөптер өскен екен", -деп жазады ол. Бұл құдықтар әлі бар. Ол кезден айырмасы — суы алғаулы. Онан арғы жол Босаға, Құрық, Ұзын. Яғни бұл Маңғыстаудағы атақты Көне Үргеніш жолы деп аталатын ұлы сорап. Баяғы Жібек жолының бір тармағы. Жол бойында бір көштік жер сайын құдық көп. Сірә, біразын орыс қолының келе жатқанын естіген жергілікті ел көміп кеткен сыңайлы. Әйтпесе ұлы жолдағы құдық әрқашан қамқор қол аясында ұсталатын еді дала үрдісінде. Бірақ, бұл қиындықтан жолбасшы қазақтар құтқарып отырады. "Олардың құдық аршуға әрі жылдам, әрі оңтайлы түрде кірісіп кеткені соншалық, үйме-үйме топырақ пен балшықты тез шығарып, көзді ашты. Сөйтіп, қойдың алды келгенше құдықаршылып бітті",- деп жазады автор бұл туралы.

Бірақ, жасақ жолбасшыларына сенбей келе жатты. Әлдебір тамылжыған таңда олардың орнын сипап қаламыз ба деген қауіптерінің болғандығын Алиханов жасырмайды. Сөйте тұрса да әскер, әсіресе, жаяу солдаттар жолбасшыларға дөкір қараған сыңайлы. М. Алиханов - Аварскийдің көзінше түнде жайымен түйесінің үстінде ыңырсып келе жатқан түйешіге қол жұмсалған факт де орын алыпты кітапта. "Қазақтар бір шелек суды тартып шығарып, жарқын жүзбен отряд бастығына ұсынып еді, ол әуелі жолбасшылардың біреуіне ішіп көруді бұйырып, өзі содан соң ішті. Бұл сақтық, хиуалықтар бірнеше құдықты улап кетіпті-мыс деген хабардан соң әлбетте артық емес еді". Бұл Ұзын құдығының басында болған жағдай.

Осы маңайға келгенде Ломакин Орынбор беттен келе жатқан жасақ басшысы генерал Веревкиннен төмендегідей хат алады:

"Сонымен қатар хандықтың солтүстік бетінде қарақалпақтардың, түрікмендердің және біздің қашқын қазақтардың жаңа қарсылық орталығы құрылуы мүмкін. Қазір Алан маңында, жалпы алғанда, сіздердің жолдарыңызда, 1870 жылғы Маңғыстау толқуының айыптылары Ғафур Қалбин, Иса, Досан, Ермембет, тағы басқалар көшіп жүр. Сізге бұл туралы хабарлап қойғанның артықтығы болмас." Бұдан түйетін қорытынды — екі жасақ араларының қашықтығына қарамастан, үнемі байланыс жасаумен келеді. Веревкиннің құлағы түріңкілеу екен. Тек Ғафурға қатысты жері шындыққа келіңкіремейтін сыңайлы. Ол жазда үйреншікті жайлауы оңтүстік Үстірттегі Бәлидің үш суы, Қырық сегіз теппе құдықтарына қарай көшіп кетуі керек еді.

Және орыс әскерінің бұл жорығынан күнілгері хабардар болып отырған сақ, әккі, саясаткер, тақыс Ғафурдың дәл осы қазір әскер жолынан табыла қоюы екі талай. Бұл құжаттың құнды жері — бұл сәуірде Адайлардың негізгі қолы Алан маңында болғандығын білдіреді. Демек, 12 мамыр күні Маңғыстау, Орынбор жасақтарына түнде шабуыл жасап, біраз шығынға ұшыратқан Хиуа ханының әскері емес, осылар болып шықты.

Хиуа ханы жеңіліп, бітім жасалған соң, Алиханов-Аварскиймен шахмат ойнап отырып, "Мен орыстардың Үстірттен өте алмайтынына сенімді едім. Бірақ, сендер Қоңырат жанында Орынбор отрядымен қосылғаннан кейін мен 12 мың жақсы қаруланған ержүрек қазақ әскерінен айырылып қалдым. Олар әуелі соғысуға уәде бергенмен, екі отряд қосылған соң уәделерін орындай алмай қалды" дейді. Бұдан белгілі болғаны қазақтарды жау жаққа, ажал аузына арандатып қойған хан өз тарапынан ештеңе жасамаған. Ол қазақ, қолы жақсы қаруланды дегенмен, бұларда дәрімен атылатын құрал өте аз еді. Хиуа ең болмаса құралмен де көмектеспеген болды. Егер хан тарапынан қолдау, көмек, дос пейіл болғанда, Адайлардың 12 мың қолы ең болмағанда Ломакин әскерін Бесоқты, Үстірт ернегінен әрі асырмай, тіпті, талқандап та жібере алар еді. Олай еткен жоқ. Шығарып салма, уәде иесі, босбелбеу Хиуа ханы үшін басты ешкім өлімге тіккісі келген жоқ. "Мың асқанға бір тосқан" деп екі жүзді хан баяғыдан бергі Адайға көрсеткен теперішінің, 1870 жылы отқа итеріп салған аярлығының, осы жолғы босбелбеулігінің қарымтасын алды. Орыс қолы Үстірттен кедергісіз өтіп келіп, 12 мамырда Қоңырат түбінде Орынбор, Маңғыстау отрядтары қосылды. Енді, жалпы, басшылық шені, лауазымы да үлкен, Оралдың генерал губернаторы генерал-майор Веревкинге өтті. Веревкиннің Орта Азияға жорық жасауда тәжірибесі де жеткілікті еді. Бұдан бұрын Кауфман, Черняевтармен бірге Орынбор отрядын бастап, Ташкентті алуға қатысқан. Жолшыбай Түркістанда Қожа Ахмет Яссауидың ескерткішін зеңбірекпен атуға бұйрық беретін сабазыңыз осы!!!Қоңыраттан Хиуаға дейін әлі 250 шақырым жол бар. Сол кез өлшемімен алғанда, армия енді солай қарай жылжыды. Арықтардың, құдықтардың бәрін тұрғын ел көміп тастап, өздері әлдеқашан босып кетіпті. Әрі, әр күн сайын армияға тұтқиылдан шабуыл жасалып отырды. Үнемі алдын ала барлап, сақтықпен жылжуға тура келді. Хожелі, Маңғыт түбіндегі тосқауыл болмаса, табанды қарсылық көрмеген орыс әскерінің Скобелев басқарған шолғыншы атты әскері Хиуа іргесінде тұрды. Бірақ, арттан негізгі қол келіп жеткенше, басты шабуыл жасалған жоқ. Олар таяп қалған. Арғы беттен Түркістанның генерал - губернаторы Фон Кауфман қолы да жақындап келе жатыр еді. Бәрі тоқайласқан соң қалаға шабуыл басталды. Хан бұл кезде қаланы тастап, қашып кеткен. Осындай әрі-сәрі күйде қалған Хиуа халқы екіге жарылды. Бір жағы қала қақпасын айқара ашып тастап берілейік десе, екінші жағы ақырғы демі біткенше, қарсыласпақ болды. Ақыры осы соңғылардың дегені болып, қала қорғанысқа көшті. Бірақ, зеңбірек оғына жасар лаждары жоқ еді.

Шабуылшылар алға лап берді. Көше-көшемен ұрысып барып хан сарайын алды. 1873 жылы 23 мамырда Хиуа құлады.

Кауфман жасағында әскери емес екі адам бар еді. Бірі кейіннен орыстың ұлы баталист суретшісі атанған Василий Васильевич Верещагин. Мұның сүйікті өнері — соғыс тақырыбын салу. Бұдан бұрын Балқанда, түріктермен соғысқа қатысқан, Түркістанды жаулаудың да басы-қасында болған. Соңғы сапарынан ол "Соғыстың шырқау шыңы" ("Апофеоз войны") атты адамның бас сүйектерінен тұрғызылған, мұнараның суретін салып есімін бүкіл елге танытты. Баталист суретші болғанмен, В.В.Верещагин соғысты дәріптеуші емес, айыптаушы суреткер болып қалды тарихта. (Өз өнерінің шын фанатигі ол 1904- 1905 жылғы Орыс-жапон соғысына да қатысып, досы С.О.Макаровпен бірге "Петропавловск" броненосецімен минаға жарылып өледі).

Екінші адам американдық журналист Мак-Гахан. Патша жорық бастамас бұрын оған Европаның журналистерінің қатысуына қатаң тиым салады. Отаршыл әскерінің бас бұзарлық әрекеттерін өркениетті әлемге әшкере етеді, жаманажа қалам дегені қауіп қой онысы. Мак-Гахан Кауфман отрядында. Жорық дәл басталар алдында келеді, Кауфман әрине ыңғай бермейді басында. Бірақ, нұсқауда тек Европа елдерінің журналистеріне ғана тиым салынған. Америкалық журналист тұрғысында ештеңе айтылмаған. Яғни жорыққа сол кезде Россиямен достық қарым-қатынастағы АҚШ-тың журналисінің қатысуына патша тиым салмаған. Патша бұйрығын орындауға келгенде, тегі немістігіне тартып, педанттықтан бұлжымайтын генерал-губернатор Фон Кауфман, сөйтіп Мак-Гаханга өзі қарсы бола алмай қалады. Жазғандарына қарағанда, Мак-Гаханның өзі де жүзіктің көзінен өтетін пысық, алғыр адам болған сияқты. Хиуа жорығының солайша жылнамашысы болып, АҚШ журналисінің қатысқанынан тарих көп ұтты. Әсіресе, қазақ тарихы ұтты. Демократиялық үрдістің журналисі жорықты еш боямасыз көрсетті. Жолшыбай қазақ ауылдарында болғанын да тәптіштеп жазып, қазақ халқының қонақжайлығын, адалдығын, шыншылдығын үлкен жүрекпен жазады. Осындай халыққа өркениет, озық, адами үрдіс әкелгелі жүрген орысты құстаналап, қазақша қисынмен айтқанда "Әулие-әулие болса көр азабынан құтылсынның", "Өз көтіне қарап алсынның" аужайын ашық бейнелейді.

Орыс қандай мәдениет әкелмек, деп айран-асыр қалады. Мак-Гахан әріптесіміздің пікірінің дұрыстығына орыс тарихынан мына бір мысалды осы жерде келтіре кеткен дұрыс болар тегі. I Петр патшаның орыс ақсүйектерінің сақалын күзеп тастағанын білеміз. Сақал кісіліктің белгісі, дегдарлықтың айғағы деп білетін орыс пұшайман болады да қалады. Арада жылдар өтеді. Райынан қайтты да жорыған бір топ ақсүйек патшаға сақалдарын қайтарып беруді сұрап, өтініш жазады. Айтқанынан қайтпайтын діні қатты патшаларына "Пошлите их на х..." деп, бұрыштаманы сойдақтата салады. Арада тағы көп жылдар өтеді. Петр ағзам өлген. Тақта II Екатерина. Сақалдарынан әлі күдер үзбей жүрген ақсүйектер алқасы, енді, сақал сұраған өтініштерін II Екатерина патшайымға жазады. Патшайым шешім алмас бұрын, мәселенің байыбына қанықпақ болып, кеңесшілеріне сұрау салады. Олар бұрынғы I Петр бұрыштамасы бар өтінішті әкеліп табыстайды. Патшайым оны оқып, әуелі, ішек-сілесі қатып мәз болады. Сосын мына өтінішке өз тарапынан төмендегі бұрыштаманы нәшіне келтіріп тұрып жазады: "Что имел дед, у меня нет. Что есть у меня, вам по сану не положено". Орыс осылай сақалсыз қала барған.

Сөйткен сол орыс, солай орыс, сондай орыс енді бүтін бір жарты құрлықты өзінше өркениетке бастамақ...

Халқымыздың біртуар ұлы Халел Досмұханбетов Адайлардың шын мәнінде патшалық Россияға, ол Хиуа мен түрікмендерді алғаннан кейін ғана бағынғанын баса айтады (Х.Досмұханбетұлы "Аламан"). Яғни Ф.Энгельс пікірін ұштайды. Тек осы жерде басы ашылмай қалып жатқан бір жайт бар. Ол Адайлардың Россия отаршылдығына бағынбауымен, Орта Азия хандықтарын бодандықтан 1,5 ғасыр бойы сақтап қалғанымен, түптің түбінде Хиуа хандығының өздеріне опасыздығына, дұшпандық қимылына жауап ретінде орыстың жаулаушы әскерінің жағына Хиуа жорығында жартылай шығып, соның өзімен баға жеткісіз көмек беруі. Сол көмек арқасында ғана Ломакин бастаған қол Хиуаға жете алды. Ал мұндай көмектен тыс Красноводскіден шыққан қол мақсатына жете алмады. Бұл және онан кейін екі рет сәтсіздікке ұшыраған әуелгі Ахал-Теке жорықтары патша үкіметіне Адай жөніндегі саясатын қайтып қарап, бұл елмен белгілі бір дәрежеде одақ болуға мәжбүр етті. Хиуа жорығынан соң, іле-шала 1870 жылғы көтеріліс басшыларына кешірім жариялауға, алдымен, Красноводск қолының діттеген жеріне жете алмай, масқара болып, көп шығынмен жарты жолдан оралуы себеп болды. Енді ол қолдың жағдайына толығырақ тоқтала кетелік. Онсыз Хиуа хандығын жаулаудың тарихы толық қамтылмайды. Ең бастысы, Ломакин қолына Адайлар тарапынан болған көмектің маңызы ашылмайды.

Красноводск отрядының саны артиллериясымен, атты әскерімен қосқанда 2000 адам. Құрамалары Маңғыстау отрядына ұқсас Ширван, Самур, Дағыстан, Кабарда жаяу әскер полктарының бөлімдері, атты қазақтар әскерінің (Терек қазақ әскері) жабдыкталуы да жақсы. Отряд бастығы полковник Василий Иванович Маркозов (1838-?) Қырым, Кавказ, орыс-түрік соғысына қатысушы, 1873 жылы бас штаб полковнигі, 1872 жылы Красноводскінің штаб бастығы болып тағайындалмас бұрын, жаяу әскер дивизиясының штаб бастығы — бір сөзбен айтқанда, нағыз әскери маман. (РТВИА- ф400, оп 17, д.9809, л-32-46).

Оның адьютанты Иван Федорович Семенов, полковник — бұл да Кавказ соғысына, Терек облысындағы көтерілісті басуға қатысқан, 1869 жылдан Кавказ әскери округі штаб бастығынын адьютанты, 1872 жылдан Маркозовтың адьютанты. Полковник бастықтың адьютанты болуы сирек жағдай. Бұл жерде оны үкіметтің Хиуа жорығына қатты мән бергені арқылы түсіндіруге болады. Ол аз болса, дәл осы жорық кезінде Бакудың губернаторы генерал-майор Д.С.Староильскийдің өзі Красноводскіде жарты айдай болып, жағдаймен танысып кетті.

Отрядтың бас жолбасшысы жәуміт түрікмендерінің бұрынғы ханы, Хиуа ханының хас жауы Атамұрат хан болды. Оның көмекшісі Нефес Мерген, 1890 жылдан соң орыс әскеріне сіңірген еңбегі үшін Түрікмен атты әскерінің офицері болған белгілі адам. Жазушы В. Янның досы болған. В. Ян оны Мерген аға деп қатты құрметтеп жазады. Қосын басшылары да өңшең сен тұр мен атайын жауынгер офицерлер еді.

Красноводск отряды Маңғыстау отрядымен салыстырғанда қолайлы жағдайда болды. Красноводскі Кендірлі емес, сол кездің өзінде қамал, яғни дайын база бар. Кеме жағаға тақап келеді. Әскерлер жүктерін қайықпен түсіріп, тасып алу тауқыметінен ада. Әрі бұлардың Хиуаға барар жолы жақын. Сонымен бірге басты қолайсыздық — өңірдің негізгі тұрғындары жәуміт түрікмендері орыс әскеріне көмектесуден бас тартты. Себебі Хиуа ханының атты әскерінің негізін құрайтын қандастарына іш тартты. Бұларға Хиуа ханы достықпен қарайтын, санасатын. Сондықтан түрікмен ауылдары орыс аяғы жетпейтін құм ішіне іздеріндегі құдықтарды көміп, қаша көшіп кетті де, көп талауға ұшыраған жоқ. Орыс әскеріне қуана көмектескен Атамұрат хандар сияқты Хиуа ханына, хандыққа қара халықтың өштік, қастығы жоқ. Олар үшін Хиуа емес, іргеден келіп тиген тілі, діні бөлек орыс — басты жау. Сол себепті Красноводск отряды да Хиуаға сапары кезінде жергілікті халық тарапынан шабуыл күтіп қауіптенумен болды. Екі отряд жағада тұрған кездерінде су жолы арқылы үзбей байланысып отырды. Жорық басталысымен ол байланыс үзілді. Жоспар бойынша Хиуаға жақын жерде кездеспек болған отрядтар бір мезгілде жолға шықты. Әуелгі аялдама Сүйлі, Сүлмен — сулы жерлер. Суы ішуге жарамды. Жері қатқыл, жүріске ыңғайлы. Түрікмендер өлшемінде ол аралық 3-4 мензіл. Мензіл — бұларда біздегі бір көштік дейтіндей қашықтық — 20-26 шақырым. Одан өту үшін отряд әр ротаға әрқайсысының сыйымдылығы 5 шелек 40 күбі су берді. Оған қосымша барымтадан келген қой терісінен жасалған меске, қарынға, бөтелкеге, торсыққа, құтыға көтергенінше су алынды. Таңсәріден түскі сағат 11-ге дейін жүріп, аялдау, түс қайта сағат 4-тен кешкі 8-9-ға дейін тағы жүріп, қоналқаға тоқтаудың графигі жасалды. Сөйтіп 18 сәуір күні таңсәріде полковник Маркозов Кабарда полкінің бес ротасымен 6 зеңбірекпен, сапер командасынан 25 қазақпен, барымтадан түскен қой отарларын айдап, Егді құдығынан шықты. Отрядтың қалғаны Егдіден 19-ы, 20, 21 күндері шықпақшы.

Егдіден Халмаджыға дейінгі 40 шақырым жол биік құм төбелері арқылы өтетін. Красноводскіден шығарда жүк түрікмендерден барымталанған 1000 түйеге артылған еді. Олар Егдіге жетпей-ақ сыр берген. 18 күні түске салымда түйелер тіпті жүруден қалды. Ақыры 13 шақырымнан соң аялдауға тура келді. Дегенмен, түс қайта тағы 12 шақырым жүрді. Бұл соңғы шақырымдар нағыз тантал азабы болды. Түйелер шөгіп жатып алды, аттар да солай. Адамдар бар суын ішіп тауысты. Жолбасшы түрікмендер бұл жағдайды көрісімен, жақындау Балешем құдығына бұрылуды ұсынып көріп еді "ол құдықтарды жау түрікмендер көміп кеткен болар, әрі ол жол Ортақұйыға барар жолды 25-30 шақырым ұзартады", - деп ойлаған Маркозов келіспеді. Оның есесіне күндізгі жүрісті азайтпақ болды. 19-ы күні ертемен, атты әскерді Ортақұйыға қарай ілгері оздырды. Әрқайсысына күрек беріп, егер құдық көміліп қалған болса аршу керектігі айтылды. Сол күні күн қас қылғандай өте ыстық болды. Термометр түс кезінде 52 градус ыстықты көрсетті. Түскі аялдамадан соң атты әскер алдында құдыққа дейін 25 шақырым жол жатты. Қандай жол еді ол? Құм төбелер бұрынғыдан да биік болатын. Аттар адам түгілі өздері аяқтары тізеге дейін құмға кіріп кетіп, әзер жылжыды. Әрі беріден соң құлап, жатып алды. Жаяулар көбейді. Дәрігер көмегіне жүгінуге тура келді. Оның бар көмегі — суға аздап коньяк қосып жұтқызып, ширату ғана болды. Кешкі сағат 8-де колоннаның жартысы жолда шашылып қалып, олардың басын құрап алуға офицерлер бөлінді. Түнгі сағат 12-де 30 шақырым жер жүрілді. Құдық әлі жоқ. Сонда барып картаның дұрыс емес екендігі белгілі болды. Амалсыздың күнінен арттағы отрядқа бір түрікмен, татарша білетін бір артиллерияның кіші офицерін, бір саудагер армянды барлауға жіберуге тура келді. Сол жерде тағы үш сағат күтіп, шыдамдары таусылған соң, кері қабардалықтарды алдарынан қарсы алуға жүрді. Оларда әрине, аз да болса су бар. Егер тап осы кезде оларға шабуыл жасалса, қарсыласар дәрмен жоқ еді. Бұлар құдықты таба қалған күнде қабардалықтарға су алып шығатын ыдыс тағы жоқ. Барлауға кеткендер жау қолына түсті не мерт болды,-деп шешті бұлар.

Бұл кезде арттағы жаяу әскер — қабардалықтардың да жайы мәз емес-ті. Адамдарда болғанмен жылымшы су шөл қандырмады. Ыстық алқаны кептіріп барады. Бүкіл отряд ұзын ырғасы 10 шақырымға ілбіп қана қыбырлап келеді. Жол бойы өліп, іші кеуіп жатқан қойлар мен түйелер. Әрі беріден соң олардың қатарын құлаған адамдар толтырды. Коньяк көмектесуді қойды. Ілбіп келе жатқан адамдар жүктері мен қару-жарақтарын жолға тастай берді.

Күн шыға бұларға қарсы жүрген қазақтардың да шаруасы бітуге айналды. Әйтеуір, сағат 11-де алдан су артқан 11 түйелі керуен жетті-ау. Полковник Маркозов оны өзі білді. Бірақ, жылы, әрі сор татыған судың көмегі аз болды. 20-сы күні түсте жаяу әскер әбден қалжырап бір орында жатып қалысты. Тіпті, сақшы қою да мүмкін болмады. Құдай бергенде сағат 3-те алға барлауға кеткен қазақтар 15 шақырым жердегі Балешем құдығының көмілуден аман екенін хабарлады. Әскер енді солай қарай жылжыды. Балешемге жеткенде, әскердің көбі шала-жансар еді. Кейіннен бұлардың денін Красноводскіге түйеге артып жеткізуге тура келді. Апара сала лазаретке салды. Бір солдат сонда өлді.

21 күні құдық басында аялдап естерін жинасты. Есептеп көрсе, Егдіден бергі жолда 86 ат өліпті. Олардың ішінде, ең мықты деген отряд бастығы мен атты әскер командирінің де аты бар. Балешемге айдалып келе жатқан аттардан да 40-өлген. Алда Ортақұйы әлі біраз жер. Онан әрі суы аз Нефес Кули мен Додурга дейін 50 шақырым шөл. Онан кейінгі 7 көштік Измыхшарға дейін де солай. Қысқасы тек Измыхшарга жету үшін кемі 12 күн жүру керек. Бұл мүмкін бе? Бұл қиындықтан шығар екі жол бар-ды. Бірі Орта құймен Додурга аялдап, Түркістан, Орынбор отрядтарынан көмек сұрап, шапқыншы жіберу. Ал Измыхшарга отрядтағы бар ыдысқа су толтырып, бар түйені беріп, екі зеңбірекпен 2 ротаны ғана жіберу. Ойлай келе, мұның да мүмкін еместігіне көз жеткізді. Біріншіден, Орынбор мен Түркістан отряды қайда, қандай күйде, шапқыншы оған барып жете ала ма? Өйткені Егдіден жіберілген барлаушылар жан-жақта Хиуа ханының шолғыншылары андыздап жүргенін айтып келген жоқ па?! Измыхшарға жіберілген әскер онда жетуін жеткенмен, қайтар жолы кесіліп, құриды ғой.

Оның үстіне азық аз. Отряд Красноводскіден шығарда, 2 айға молынан жететін азық-түлік алған. Түйелердің өлуіне байланысты оның біразы жолда қалды. Қалған азық кері Красноводскіге шегінер жолдың өзіне әзер жетеді. Красноводскіден қосымша азық сұрау тағы пайдасыз. Өйткені онда көлік жоқ. Қызыл Арбат беттегі Текелерден азық-түлік, сойыстық мал тартып әкелуге атты әскердің аттары жарамсыз.

Осыларды таразылай келген полковник Маркозов шұғыл әскери кеңес шақырды. Оған жиналған ! Кеңес мүшелері бәрі бір ауыздан кері шегінуге дауыс берді.

Ертесіне 22-сі күні таңсәріде отряд кері жолға шықты. 100 қазақ пен 100-ден астам жаяу әскер, не жүре, не атқа отыра алмайтын аурулығы себепті түйелерге отырғызылып, отыруға жарамағандарын қомға артуға тура келді. Қырсыққанда сол күні қарсыдан күшті жел соғып құм борады. Егдіге жеткенше тағы 40 ат жолда қалды. Аттардың тез әлсіреуіне себеп — сол жылы жаз қуан болып, шөп шықпаған еді. Егдіден Жамалға жеткенше де біраз көлік шығын болды.

Ақыры 14 мамырда Красноводскіге ағып-тамып отрядтың соңы жетті. Және бұлар жолшыбай атысып, қорғана отырып жетті. Сөйтіп Красноводск отряды Хиуаны алмақ түгілі жарты жолға да жете алмай, жортуыл басының көбін жолда қалдырды. Бұл сәтсіздіктің ең алдымен кінәлісі — жоғарыда Әбекең айтқандай кәдімгі орыстың оралымсыздығы мен кәдуілгі кеудемсоқтығы еді. Біріншіден, полковник Маркозов дала жағдайын мүлдем білмейді. Жаяу әскердің өкілі. Оның көмекшілері де сондай. Ал оларға басшылық беріп отырған, Бас штаб қажет десе жолдың дұрыс картасымен де жабдықтай алмаған. Дәуде болса, олардың қолындағы баяғыда 1819 жылы капитан Н.Н.Муравьевтің қашып-пысып, Хиуадан келе жатып, нобаймен сызған картасы. Ал, жолбасшылар жол білмейді. Бас жолбасшы Атамұратхан бұрын Хиуаға қараған Қоңырат қаласының әкімі, яғни салулы төсек, салқын үйде, гарем толы қатынының ортасында шарап ішіп, шалқып отырған ақсаусақ. Даладан, оның ішінде, бұл беттен мүлдем бейхабар. Қаны жәуміт дегенмен, мұндағы руластарынан жырақтап кеткен. Салмақ, беделі жоқ. Сол себепті ол жәуміттерді орысқа көмекке жұмылдыра алмады.

Ал Маңғыстау отряды керісінше. Мұндағы шолғыншы отряд бастығы подполковник Скобелев соның алдында, Түркістанда дала соғысының тәжірибесінен өткен. Ал бастық полковник Ломакин мәмлегер адам. Ол ең алдымен, Адайлардың түрікмендермен араздығын шеберлікпен пайдалана білді. Сөйтіп, әуелі, ерікті түрде көлік, адам көмегін алды. Қабақ Ермембетов сияқты кісілерді өз жанында ұстады.

Тіпті, оған бұл елдің жорық туын ұстатып, қолдың алдына шығарды. Мұның әскерінің көбі Маркозовтікіндей емес, дала жағдайына төзімді қыр жылқыларына мінді. Аяқтай жайылатын олар мініске төзімді (Ал балауса көк пен жемге үйренген Бас штаб офицері М.Алиханов - Аварскийдің аты алғашқы асудан-ақ сыр беріп, Сенек басында өлді емес пе). Жолбасшыларының ақылымен бұлар сойыстық қойды айдаған жоқ.. Сойып, етін өз майына қуырып, қарынға салып алды. Жолдың көбін түнде, сәуір салып жүріп ұтты. Алда үнемі шолғыншылар. Құдық аршу, мал суару, жаю міндеттерінен әскер шеттетілді. Оны жалдамалы қазақтар атқарды. Отряд өзімен бірге алып шыққан жем мен шөпті тек зеңбірекке жегілген орыстың шомбал жегін аттарына ғана берді. Отрядтағы кірекеш жұмысшы қазақтарға сенбесе де, қазаннан қағажу көрсеткен жоқ. Шегінер жолын да ескеріп, жолшыбай Бесоқтыдан уақытша бекініс орнатып, әскер қалдырды. Сол арқылы Кендірлідегі базамен, Форттағы қамалмен байланысты үзген жоқ... Және ол байланыста да жолбасшы қазақтар шешуші роль атқарды. Орынбор, Түркістан отрядтарымен байланыс та солай.

Бір сөзбен айтқанда, Ломакин отрядының сапарының нәтижелі болуы — Адайлар тарапынан қарсылық көрмеуі, қайта қолдау табуы арқылы келді. Бұл тағы Ф.Энгельс тұжырымының өте дұрыстығының дәлелі. Сол себепті біз бұл еңбекте жергілікті түрікмендердің қолдауын көре алмаған Красноводск отрядының тағдырына көбірек тоқталдық. Әттең Хиуа ханы 1870 жылы берген уәдесінде тұрып, көтерілген Адайға қол ұшын бергенде, жәуміттер де көмекке келгенде, бұл өңірден орыс аласталар еді. Тіпті олай болмай Хиуа ханы бассауғалап барған Адайларға, олардың басшылары Иса, Досан, Ермембетке сенімсіздік көрсетпегенде, Үстірт үстінде сақадай сай тұрған Адайдың 10 мың қолы мүшкіл жағдайдағы Маркозов қолын тас талқан қылып жеңіп, қару құралын олжалап, Хорезм ойына құлай берісте Ломакин қолына тойтарыс берер еді ғой. Жоқ, олай болмады. Тілі бір, ділі бір, діні бір бауырлас халықтар арасында ауызбіршілік, оны қамтамасыз ететін бірыңғай басшылық жоқ болды. Ақыры, өгізге туған күн бұзауға да туадының көбі келді де қойды. Адайға түскен ажыратқы іле шала Хиуаны, сәл кейінірек Ахалтеке түрікмендерінің басын шырмады. Бодандық деп аталатын аты бостау болғанмен, шын мәнісіндегі құлдық содан аттай 120 жылға созылды.

Хиуаны алған соң, Кауфман ханға астанасына оралуға рұқсат етіп, артынан оның құрметіне салтанатты қабылдау жасады. Бұл бір жағынан жеңіс тойы да еді. Мак-Гахан да соған қатынасып, жазбасында Константин Петрович Кауфман мен Хиуа ханы Сейіт Мухаммед Рахым арасындағы диалогты келтіреді.

Кауфман: Егер сіз бұдан үш жыл бұрын мені тыңдап, әділ талаптарымды орындаған болсаңыз, мені ешқашан бұл жерде көрмеген болар едіңіз... Ұлы ақ патша сізді тақтан құлатқысы келмейді. Ол тек өзінің күшті екенін дәлелдеп қана қойғысы келеді... Сізден кек қайтарып, жатуға ұлы ақ патша тым биік... Ол өзіңізге белгілі шарттар бойынша сізді кешіріп, тағыңызда қалдыруға дайын.

Хан: ... Маған теріс кеңес берілді.

Кауфман: Хан, енді сіз өз астанаңызға оралуыңызға болады. Өзіңіздің басқару жүйеңізді қалпына келтіріңіз, өз халқыңызды талқыңызға алыңыз және тәртіпті қорғаңыз. Бағыныштыларыңызға айтыңыз, еңбек етсін, харекет қылсын, оларға ешкім де тимейді; және де айтыңыз, орыстар қарақшылар, не тонаушылар емес, адал адамдар; әйелдеріне, дүние мүліктеріне тимейді.

Кауфман солай деп отырып, Хиуа хандығына 1 миллион 200 мың сом контрибуция салды. Оны хан жыл сайын 200 мыңнан тәдеп құтылуға тиіс болды (В.Костин "Скобелев", 34-35 стр.).

Көріп отырғандай, Кауфманның бұл сөздерінде ұлы империялық астамшылық жатыр. Ол осыншама қиындыққа, қымбатқа түскен жорықтың себебін ханға бұдан үш жыл бұрынғы екеуінің арасындағы Хиуада жүрген орыс тұтқындарына қатысты кермар келушілік арқылы түсіндіріп отыр. Империясының Орта Азияға қатысты үлкен отаршылдық саясаты туралы тіс жармайды. Өзінше ханды тағында қалдырып, тағы мейірімді, шапағатшы көрініп отырғанын қайтерсің. Хиуа ханы да бұлар үшін іздегенге сұраған болып шықты...

Хандығынан, мемлекетінен оған — қара басы қымбат екен. Орыс әскері таяп келгенде, ең алдымен бас сауғалап қашып кетті. Артынан қолға түскен соң, жауымен хандығы, халқы үшін тиімсіз масқара бітімге қол қойып, сөзге келместен Россияның боданы бола қалды.

Кауфман жасағында патшазада ұлы князь Николай Константинович Романов бар еді. Бұл 1825 жылы таққа отырудан бас тартып, ол мәртебені туысы Николайға беретін Константин Романовтың баласы. Шешесі Ольга Иосифовнаның өте қымбат тұратын алқасын ұрлап, жазықты болып қалып, әуелі Орынборға, одан Түркістанға жер аударылған. Осы жорықта оның арақ-шарап пен консервіні офицерлерге үш есе қымбатына сатып байығаны туралы Кауфман кейіннен патшаның өзіне арызданады. Онымен тұрмай, Хиуада ханның ең қымбат жүйрік атын тартып алады. Хан жылап, Кауфманға келіп шағымданады. Кауфман ұлы князьға атты қайтаруға бұйырады. Ол қайтаруын қайтарғанмен, шпагасын жіберіпті Кауфманға. Бұл нағыз кетісудің белгісі. Тіпті дуэльге шақырудың нышаны. Менің кім екенімді танып қой деген айбат.

Кауфман әрине, онымен тәжікелесіп жатпайды, дуэльге сірә шықпайды. Өйткені орыс армиясының байырғы уставы әскери басшының бағыныштысымен дуэльге шығуына рұқсат етпейді және дуэльге бұл кезде ресми түрде тиым салынған. Сол себепті патшаның айрықша өкілдігіне ие, жарты әмірші генерал-губернатор ұлы князьға: — Мен оның шпагасын қажет деп тапқан уақытымда, тартып алудан жүз жанбаймын, — деген ескертумен шпаганы иесіне қайтарады. Бұл "Қиқанды қой, әйтпесе тұтқынға аламын" деген қатаң ескерту еді.

Міне, бүкіл мемлекетімен бодан бола отырып, еркінен ада қалып отырып, сырты түк, іші боқ, бір атқа бола сорасы ағып жүрген ханымыздың сыйқы осы.

Әрине, орыс отаршылдары үшін басып алған елі мен жерін қарауылдауға осындай бозымбай, мұрнынан сорасы аққан сорлылар керек еді. Жауымен ұстасып өтетін баяғы Жәлелиддиндердің беті аулақ. Бүгін бітімге қол қойып, ертең есін жинаған соң қайта қарсы шығатын жаны сірілер де керек емес. Отаршылдар үшін адыра қалған Хиуа хандығының тағына оның бұрыңғы иесінен артық кандидатура жоқ. Сол себепті, Сейіт-Мұхаммед Рахым хан тағына қайта отырды.

Орыс әкелген өркенді өзгеріс — хандықта құлдық жойылды. Ханның тағына отырғаннан кейінгі бірінші порманы осы туралы болды. Сөйтіп жүздеген орыс еріксіздері елдеріне қайтты. Соның бірі "Жырық Марфа" дейтін ернінің қоян жырығы не тыртығы бар әйел Фортқа келіп тұрақтап, көп жыл өмір сүріп, бертінде қайтыс болды десетін Кетіктің көне көз қариялары. Әрине, еріксіздердің бәрі бірдей қайтқан жоқ. Черкасский жорығында зеңбірекшілер өлтірілмей, тұтқынға алынып, ханның жалдамалы әскерінің қатарына қосылған еді. Олар кейіннен осында орнығып, үйленіп, балалы-шағалы болып қалып қойған. Түрі орыс болғанмен, тілі, ділі, хиуалық олар жылы орнын суытқан жоқ. Өздерін өздері сатып алған, не басқадай себеппен құлдықтан босап, үйлі-баранды болған орыстардан да қалып қоюшылар болды. Тегі орыс күннің қатын құмар Хиуа жұртында жоғары бағаланатынын жоғарыда айттық. Жаңа қожаларынан, байларынан балалы болып, заңды әйеліне айналған олар, сірә, тағдырдың салғанына көнді. Сөйтіп бұрыңғы еріксіздердің елге қайтуы ерікті сыйпаталды. Хан пәрманы ондағы басқа жақтан, әсіресе, Персиядан әкелінген еріксіздерге де келгенде де осындай болды. Қазір Хиуа, Нөкіске барған көлденең кез, жергілікті халық арасындағы кескіні азиялықтан өзгеше, рені европалыққа келінкірейтін адамдарды көп кездестіреді. Бұлар әдгіндей қан араластықтың нәтижесі.

Хиуа жорығы туралы біз атағандардан басқа Н.И.Гродеков, Б.И.Чижов, А.В.Гребнер, полковник В.А.Полторацкий тағы басқалар жазған. Бірақ бұлардың бәрі төңкерістен бұрын жазылғандықтан, кешегі Кеңес кезінде құпия ұсталып келді. Қызыл отаршылдар өздерінен бұрынғы әріптестері-ақ отаршылдардың іс-әрекеттерін әшкере етуді қаламады. Сондықтан олар енді ғана ашылып жатыр. Россияның ұлы орыстық пиғылы қайта күшейіп, қазіргі демократия жылымығы бар саясаты өзгеріп кетпей тұрғанда, соларды тезірек зерттеп, тарихымыздың белгісіз, ақтаңдақ, олқы тұстарын толықтыру қауырт міндет екендігін қаперге береміз.

1873 жылы 24 тамызда орыс әскері Хиуаға, хандыққа қарасты қалаларға шағын күзетші әскер қалдырып кері қайтты. Ломакин жасағының құрамындағы аз атты әскер көліктерімен, кірекештерімен Маңғыстауға оралды да, негізгі қол қыр жолымен Гурьев арқылы жүрді. Бізге белгілі М.Алиханов-Аварский осы соңғылардың ішінде кетті. Оның аталған жазбасы Хиуаның алынуымен бітеді де, ең соңында осы жолмен елге оралғандығын бір ауыз сөзбен баяндайды.

1893 жылы Хиуа жорығының жеңісінің 20 жылдығы құрметіне Форт- Алексанровск қамалының іргесіндегі шоқы басына шойыннан құйылған ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің шойын тұғырының жақтауына жорыққа қатысып, көзге түскендердің есімдері бедерленіп жазылған. Бас штабтың ротмистрі Алиханов-Аварский осы тізімде 7-ші болып тұр. Жорыққа еңбегі сіңген Қ.Ермембетов сияқты қазақтардың да есімі бар. Ескерткіш үстінде 11 Александрдың мүсіні қойылды. Ат қоюға шебер қазақ ІІАлексанр патшаның террористер лақтырған бомбадан өлуіне байланысты оны "күйік патша" деп, ескерткішті де солай атап кетті. Алыстан қарағанда, қара қоңыр болып көрінетін ескерткіштің өзі де, қазақтар ұғымына оттың ысына шалынғандай болып көрінетін.

Қызыл үкімет орнаған бойда өзінің вандалистік — жыртқыштық әдетіне басып, ескерткіш үстіндегі бюстіні құлатты. Мылтықпен көздеп атып мұрнын сындырды. Содан ол бюст жоғалып кеткен. 70-ші жылдардың ортасында Фортта нөсер жауыннан кейінгі жүрген селден пайда болған сай бойынан табылды. Сірә, кезінде әлдекім оны осы сай бойына жасырын көміп тастаған болды.

Ескерткіш тұғыры көп жыл әуелгі орнында тұрып, артынан әскери бөлім алып кетіп, ақыры марқұм Е.Өмірбаевтың қайратымен өлкетану музейінің кіре берісіне қойылды. Ал бюст музей қорында жатыр. II Александр патша ағзамның қызыл орыстары бұзған мұрнын қалпына келтіріп, бұрыңғы орнына — тұғыр үстіне қайтақ дұрыс болатын сияқты. Жалпы қай ескерткіш те, өзінің о бастағы қалпында сақталуы тиіс.

Міне, Ф.Энгельс айтқандай, Адайлардың қаруынан кие қашып, орыстар алдында жеңіліс тапқан соң, патша үкіметінің Орта Азияны отарлаудағы алғашқы қадамы болған Хиуаға жорықтың қысқаша ұзын ырғасы осы.

ДОСАН ТӘЖІҰЛЫ

Оған көтеріліс басшыларының бірі деп баға берсек, беріден қайтқанымыз, жетпей айтқанымыз. Ол көтерілістің бас батыры болды. Салыстырып айтқанда, осы қозғалыстың Исатайы дерлік тұлға. Оны бұл тұғырға халқы сайлаған, билер алқасы тағайындаған. Рукин жасағының қамалдан шыққанын естіген, ел ұрыста тұрыс болмайтынын түсінді де, шешінген соң, судан тайынбау керек,- деп шешті. Жасанған жаумен жаға ұстасып, ұрысудың болғалы тұрғанына көздері жетті. Әу баста Маңғыстау ойы мен Бозащыдан жалпы қарасы 1 мыңдай қол жиналды. Бәрінің тоғысқан жері — Алаторпа, Қошақ маңы. Осы жерде Хан төрткілдің басында кеңес өтеді. Мұның ішінде, сірә, екі дистанция басшылары жоқ. Бәйменбет Рукин жанында, Ғафур әліптің артын тосулы. Тізгінді Иса ұстайды. Билігіне батырлығы сай Есен Ерменбет "жорық туы көтерілді ғой. Менің қару алып, сапқа тұрғаным тиімді болар" деп, өзінің рулас ағайындарынан жиналған жасақтың басшылығын алады. Оның дәл қанша екені белгісіз. Азғантай ғана Қаратоқа аулынан 14 адам атқа қонуына қарағанда, көп болуы мүмкін. Тобыш жағынын жасағын Құл баласы Ерменбет басқарады. Бәйімбеттердің басшысы — Медет Қарамұрат. Жарылардың туын Орақ Байдалы баласы ұстайды. Бәубек Айназар мылтықты мергендерді, олар әр рудан, маңына топтайды. Алғи Жәлімбетұлы бастаған жүздік басшылар маңында, қалыпты әскери тілмен айтқанда резерв. Бас батыр Досан, жалпы басшылық Исада. Көтерілістің әуелден, ел аузында Иса, Досан бастаған көтеріліс деліну сыры осы. Патша әскері түзген құжаттарда Иса аты көп көрініс береді. Оның себебі Рукин әскерімен, артынан, қамал комендантымен ел атынан Исаның тілдесуі, талап хат жазуы. Екінші бір себебі үкімет әкімшілігі даладағы билер ықпалын танып, билік басқару жүйесін мойындап қойған.

Досан сол кезде Адай елінің бас батырларының бірі болды. Сүйінғара, Қармыс, Төлеп батырлар бақилық болған соң, салмағы барырағы Досан еді. Онымен шендесе алады дейтін Бабық Мыңбай Әжіғара баласы Жем бойынан босай алмай жүр. Төлеп балалары әке жолын қуған жоқ. Мәмбетнияздың ерлігі бір басына жетерлік болғанмен, билігі басым. Сүйінғара ұлы Көтібар, бауыры Бүркіталы мен Сатыбалдыдай бола алған жоқ. Сүгір, сірә, Досанның қасында. Осы жерде сөз кезегімен марқұм Естерек аға Жаманбайұлы түзген шежіре бойынша, Досан батырдың ата тегін түгендей кетелік.

Жары-Дәулеталы-Үсен-Төлебай болып өрбиді. Төлебай Шекті Көтібар, Арыстан батырлардың қарындасы Тілепқызы (Тілеуқызы деп те аталады) Алмаға үйленеді. Одан туған төрт баланың бірі — Жәлімбет. Жәлімбеттен — Әжі, Тәжі, Алғи, Жақсылық. Тәжіден — Досан, Қосақ, Шоланбай, бірінші әйелінен — Жаманбала, Жарас. Бұдан білгеніміз атадан бесеу, енеден үшеу Досан Көтібар, Арыстандарға жиен.

Дәулеталының қыс қыстауы — Бозащы болғанмен, жасынан бес қаруын асынып, тебінгісіне тер қатырған Төлебай балалары ел шетінде, жау жолының өтінде көбірек жүрген сыңайлы. Патша әкімдері түзген құжаттарда Досан атының Жем бойындағы әртүрлі қақтығыстарға қатысты атала беруі соның айғағы. Ол көбіне Шабайұлы Сүгір батырдың қасына көп еріп, үзеңгі серігі болыңқыраған дейді ел аузы дерегі.

Адай қашаннан Хиуа ханымен қырбай. Хандық пен екі арадағы Табындардың еркі — хан қолында. Хан оларға Әлке деген өкілін басшы етіп тағайындап, ол өз ортасында өзін-өзі хан деп, дабырайтып күпсіп, Хиуаға арқа сүйеп, Адайға доқ көрсетпек болып, бір алмағайып кезең туған.

Мейманасы тасыған Хиуа ханына қарсы Адай атқа қонады. Қолбасшылары — Сүгір мен Досан. Әлкеге қанша ашулы, оның ыңғайындағы ағайынға қанша жерден өкпелі болса да, жол бойындағы елге тимей Хорезм ойына тереңдей береді.

Табын ақсақалдарымен құпия келісім бойынша, ол ел бұлардың жолынан жырақ, жылыстап көшіп кетіп, бейтараптық сақтап қалмақшы екен. Бірақ шырықты Әлке бұзды. Алдан хан әскерін ертіп шығады. Екі жақ ұрысады. Осы соғыста Сүгір өледі. Батырының сүйегін жорық жолында қалдырып кету — сүйекке түскен таңба. Сол жорыққа қатысқан Төлебайдың кенже баласы Жүсіптен туған Қиыр Сүгірдің етін сылып, сүйегін Хорезм ойына әкеліп, жерге табыстаған екен.

— Сонда, — деседі көне кез қариялар, — Сүгірдің жүрегінің басында үш тал қыл бар екен. Қиыр соны суырып, қасындағыларға көрсетіпті. Әрине, бұл хас батырдың жүрегіне жүн бітеді дегеннен шығарып, елдің қиялымен жөргемделген аңыз болуы да. Қалай дегенде де Шабайұлы Сүгір өз кезеңінің мен деген батыры атанып өтті.

Көтеріліске белсенділікпен қатысып, ерлікпен соғысқан. Қиыр көтеріліс жеңілген соң, Хорезм ойына ендеп кетіп, аман қалады. Қиырдан Бермағанбет, Бекмағанбет. Осы екеуі 1930 жылдары ата мекендері — Маңғыстауға оралып, сонда туған баланың атын Бозащы қоюлы. Ол келісінде тұрақтап қала алмай, Тәжікстанға кеткен. Ұрпақтарының онан арғы тағдыры белгісіз.

Сүгір батырдың өлімі сұраусыз кеткен жоқ. Әлке ханды көне үргеніштің базарында қапысын тауып, Бердәулет пен Жоламан өлтірді. Әлкенің қазасын кімнен көрерін білмей жүргенде, айтыс үстінде Қашаған ақын қызды-қыздымен айтып қойып, арты қызыл шеке дау болды. Бірақ, Адай теңдік бермей кетті. Сірә, Әлкенің өз елінде де жетіп артылған әлегінен зәразап болған Табындар да дау артын онша құнттамаған болса керек.

Марқұм журналист Сайын Әділханов Досан батыр туралы деректі кітап жазғаны, онда батыр туралы біраз қамтылғаны себепті біз жазылған жайларды қайталап жатпаймыз. Оған қатысты дудамай, белгісіз жайттарға ғана тоқталып, өтелік.

Хиуа жеріне өткен көтерілісшілер басында құралын тастаған жоқ. Әуелден қалыптасқан түзем бойынша, топ- топқа бөлініп, негізгі ұйытқысын сақтап қалды. Сонда оның жалпы қарасы 10 мыңнан астам болды,- дейді орыс құжаты. Бұл дегеніңіз бүтін бір армия ғой. Ондай армия, тіпті, мемлекеттік жүйесі қалыптасқан, іргелі ел саналып отырған Хиуа хандығының өзінде жоқ. Ондай қолдың бес қаруы белінде, тобын жазбай жүруі қиын. Азық - түлік, киім, көлік керек. Хиуа ханында ол жоқ. Бар салмақ елдің өзіне түсулі. Бас көтерер ер азаматтары жорықта жүрген соң, елдің шаруа күйі де қожырап кетті. Тағы бір белгілі болып қалған нәрсе — елінің шетінде, осыншама әскер күшінің топтануынан Хиуа ханы да іш жиып қалды. Қазақтардың хан тағын әлденеше рет басып алып, билікке өз сұлтандарын әкеліп отырғызған мысалдары бұл ел тарихында жетіп артылады. Қазақтардың бұл жолы да сөйтіп, анау Ханғали Арысланов сияқты жырынды төрелерін таққа отырғызбасына кім кепілдік береді? Бұрын да хандыққа ішін бермей, күлтасын бүгіп жүрген Адайлар 10 мың қолмен лап берсе, Хиуаның ту талақайын шығармай ма? Осылай қауіптенген хан қазақ әскерінің толық жауынгерлік құрамында сақталуына мүдделілік танытпады. Бірақ онысын сыртына шығармады. Өйтуіне оның бір жағынан орыс шабуылынан қорқуы да себеп. Аяр хан уақытша әскер басшыларының ауыздарын ала тұруға бекіді. Ғафур Қалбинді Беглер-бек қылып тағайындады. Исаны қала іргесіне әкеліп қоныстандырды. Көшіп келген елдің біраз бөлігіне жер беріп шүленсіді. Сөйте отырып, барған елді түрікмен аламандарынан қорғаған жоқ. Олардан Адайлардың өздері қорғанды. Ханның Досанға берген мансабы Россия патшасының ықпалындағы қазақ ауылдарынан салық жинайтын бас зекетшілік еді. Қол бастаған ер енді Хиуа ханының итаршы зекетшісі болғысы келген жоқ. Сөйтіп алтын басын қор етпеді. Оның орнына, көшіп барған елді қорғап, жаңа мекенге орнығып, шаруа күйін түзеп әкетуі үшін күресті.

Хиуаның орыстар тарапынан күткен қаупі ақыры дұрысқа шықты. Орыс армиясы 1873 жылы Хиуаға бірнеше жақтан бастап, шабуылға шықты. Қазақтар тағы екі оттың ортасында қалды. Ел аузы дәл осы кезде Адайлар ханнан құпия түрде алқалы кеңес өткізді деген дерек қалдырған. Хиуаның жайы белгілі болды. Мұздай құрсанып, зеңбірегінің оқпаны үңірейген орыс армиясына ол қауқар көрсете алмайды. Хиуаның айтағына еріп, орыспен соғысу — көре тұра арандау. 15 мың аламанды — бүкіл елдің бетке ұстар қаймағын көзсіз қыру. Осыларды сарапқа салған басшылар қолды таратуға пәтуаласады. Патшаның мойынсұнып келген көтерісшілерге кешірімі бар деген хабарға құлақ түрген Иса ендігі көрешегін Маңғыстаудағы қалың елімен бірге көрмек болады.

Досан қасындағы 200-дей жансебілдерімен орысқа қарсы ұрысуға бекінеді. Сөйтіп, Хиуаны жан-жақтан құрсап, келе жатқан жаудың алдынан тосқауылға шығады.

Хиуа жеңіліп, хандық орыс бодандығына өткен соң, Үстірт үстіне қарай шегінеді. Қазақ даласының, Орта Азияның біраз жерінің бірден бір қожасына айналған орыстарға енді бұл төңіректе қарсы тұрар күш жоқ-ты. Бірден бір қарсылық кезі Досан мен оның серіктері. Сондықтан бұларды қалай да құртып тынуға бекінген жазалаушы жасақтар дала төсін кезіп кетті. Әуелі 1874 жылы мамырда Досанның туысы әрі қарулас серігі Алғи Жәлімбетовты тұтқынға алды. Артынан қапыда Досан аулын шауып, тағы бір серігі Жұманиязды өлтіріп, 2 еркек, 20 әйелді тұтқындап әкетті. Досан Жұманиязды жерлеп, қасындағы тобын тағы шағындайды. Ондағысы ендігі құқайды, не де болса өзі көрмек. Бірақ қанды көйлек жолдастарының біразы қимай қасында бола тұрғанды мақұл көреді. 1874 жылғы 23 шілде күні алдын кешке салып Қырымқұлұлы Қаражігіт аулына келеді. Қаражігіт бұл кезде жасы жеткен қарт. Шаруа ыңғайы — балалары Мұрат пен Нұралыда.

Ұзын құлағы адамынан көш ілгері оза жүретін далада хабар жатпайды, ол құпия болудан қалады. Жазықта кетіп бара жатқан айғыр топ адам, оның үстіне Досан тобының көзге түспеуі еш мүмкін емес. Және былайғы ел оларды Қаражігіт ақсақалдың қол қусырып, қонаққа шақырып отырғанынан құлағдар. Осы хабарды топтың ізіне түсіп келе жатқан есаул Аничкин жасағына Табын Нұрша деген жансыз барып хабарлайды. Өзі жол бастап жүреді және оның олай етердей Досанға қандай кегі кетті, бәлкім жазалаушылардың батыр басына тіккен бәйгісіне қызықты ма екен, тіпті ол үкіметтің ел арасындағы құзғын жансызы шығар, бұл жағы бізге беймағлұм. Осы жерде Досанды ұстап беріп, сатқындық жасады деп, елдің бір топ жақсысын орынсыз жалалайтын қаңқу бар. Иса, Досандармен інісі Мәмбетнияз тілектес, ниеттес дос, қолдас Қаражігітті ағайын-туыс бола тұрып, пайғамбар шағынан асқанда қалай қара басады?! Қарулас серігін көздеп көрсетердей Исаға не көрініпті. Ғафур Қалбин мен Құлыш Түменбаевты құдай атардай не болыпты? Қабақ Ерменбетов — тілмаш, Кетіктен қарға адым ұзап шығудан аман. Ол сол уақытта ояз Наврацкийдін қасында қамалда жүр. Қысқасы, бұл — қисынсыз өтірік! Елге абырой әпермейтін қауесет.

Аничкиннің жоғарыға берген мәлімдемесі бойынша, Досан әуелі, мылтық оғы тиіп, жараланған. Жарадар бола тұрып, қылышымен ұрысып берілмеген. Амалсыз киіз үйді көтеріп тастап, алуға мәжбүр болған. Сонда шекпені ішінен сауыт киіп, алғаш белгілі болады. (Ол сауыт туралы әңгіме кепінпен сөз болады). Досанды "алып батыр" деп естіген жазалаушылар, оның қалыпты адамдардағыдай бой-тұлғасын көргенде таң қалады. Ол бойы орта, бірақ кеудесі аяқ қаптай кең адам екен делінеді. Досанмен бірге серіктері Қарасай Мыңбаев, Тілеуберген Орақов, Әлімбай Сәтімбаев, Дихан Өтепов, Күмісбек Мүлкібаевтар да тұтқынға алынады. Артынша, Шолтан Досанов, Табан Досанов (батырдың балалары), Жарас Тәжиев, Жаманбала Тәжиев (інілері), Демесін Жиенбаев, Табынай Бегешов, Өтеген Итемгенов, Орақ Байдалиев, Дәулет Қалдыбаевтар да қолға түсіп, тұтқындалады. Аничкин — Орал қазақ әскерінің есаулы. Жаяу әскер, артиллериялығы майормен тегі — аға офицер. Сондықтан ол шағын жасаққа басшы болмайды. Қарамағында кемі 1 жүздік қазақтары болады. Соған қарап, Досан мен серіктерін ұстауға қалай мән берілгенін біле беріңіз! Істерін солай тындырған жазалаушы жасақ қыр жолымен Гурьевке тартып, тұтқындарды сондағы түрмеге тапсырады. Алғашқы тергеу сонда өтеді. Бірақ оқиғаның болған жері — Маңғыстау. Маңғыстау приставтығы дербес. Сол себепті 1875 жылы тұтқындар тобымен Кетікке әкелініп, қамал ішіндегі түрмеге жабылады. Тергеу осында жалғасты. Орақ Байдалиев есебін тауып, түрмеден қашып кетті. (Ол туралы әңгіме кейіннен қозғалады).

Кекті тергеушілер тұтқындарға, әсіресе, Досанға адам айтқысыз азан көрсетеді. Демократиялық делінетін кеңестің тергеу әлісін білеміз. ұрып-соғу, азаптаудың қазір де барлығы құпия емес, олармен салыстырғанда, патша үкіметінің тергеу, тәптішіне не сын? Дегенмен, сірә, түрме тамағына шығын болмасын дегені болу керек, сырттан ас су алдыртып тұрған. Сонда сырттан жұма сайын сәлем-сауқат жеткізгендер: Алғидың баласы Тоғызбай мен Досанның әуелде тұтқынға алынғанмен, ақталып, аяқ үстіне жіберілген баласы Шолтан екен делінеді. Сосын Бәйменбеттің әйелі Дәрі жиі-жиі келіп тұрған.

Жазалаудың не бір түрін бастан кешірген Досан ауруға шалдығады. 1876 жылғы 11.02. оның өлімі жайлы толтырылған анықтамада түрме лазаретінің дәрігері сырқаты сусақ дейді. Даланың бұла перзентінің тозақ азабына түскен соң, сусақ болуы күдік тудырмаса керек. Оның өз ажалынан емес, дарға асылып өлуіне мүдделі тергеу, жазалау орны лазаретке салғанда емдемеді немесе дәрігерлер қарамады, құжатты жалған толтырды деуге негіз жоқ. Шүкірлігі, Алласының солай жіберген өлімінің нәтижесінде, дарға асылып, не атылып, өлік сүйегі берілмей, жасырын көміліп тасталар еді (Дарға асылған 5 декабристі еске алыңыз).

Досан денесі де оңайлықпен иерілмесе керек. Түпқарағанда болыс болып тұрған Иса, ықпалды бай Нұрқабай, тілмаш Қабақ пен Қосымдар 90 бойдақ беріп, сатып алады да, Иса бастап, ата қауымына алып жүреді. Мәйітті Кетіктен Қаратөбеге әкеліп жерлеушілердің ішінде Сәттіғұл ақынның әкесі Жанғабыл бар.

Қандай себебінің болғаны белгісіз Досан батыр басы бері келгенше, елеусіз, көзге қораш, күйкі түрде жатты. Мен 1963 жылдың жазында барып көргенімде қабірі басында сырық шаншулы, қасындағы Абыл ақын басында да сырық, қадімше жазылған тастың алқындысы мен ұрпағы Дегбір орнатқан цемент құлпытас қана бар-тын. Бұл екі тұлғаның басының жаңғыруы бертінде 1993 жылы шебер Сайын Назарбеков бастаған "Парыз" ізгілік кәсіпорыны бастарына күмбез орнатты. Артынан екеуіне дүбірлі ас берілді.

Енді Досаннан қалған бір жәдігер - сауытына келелік. Ол сауыт бері келгенше батыр зиратының басында жатыпты. (Сүйінғара сауыты да солай жатқан екен). Соғыстан кейінгі жылдары Бекмұханов Сыран Бозащының Жиделісіндегі колхоз басқармасының төрағасы болды. Сырекең кезінде Ашхабад орта дәрежелі медицина учелищесінде оқыған, аудандық дәрежедегі іс басында болған сауатты, көзі қарақты адам. Досан аулына күйеулігі бар сол сауытты Жиделіге әкеледі. Әйелі Қанай Нұрболқызы (қазір Ақтауда тұрады) Алданышев Ұлғат пен Бисен Жаңбырбаевты қасына көмекке алып, 3 литр керосинмен татынан тазартып, үй төріне іліп қояды. 50-ші жылдар басында ел арасынан көне мұраларды жинап жүрген мұражай қызметшілері алып кетіп, Ақтөбе мұражайына апарып табыстайды. Бірер жері сетінеген (бәлкім ол Досан жараланғанда тиген оқ ізі болуы) жеңсіз көбе сауыт қазір сол мұражайда ілулі. Біз суретін алдырып көрсеткенімізде Қанай шешеміз дөп басып танып, Досан сауыты екендігін айғақтады. — Кеуде тұсы кең, бір адам зорға көтеретін ауыр еді, — деген естелігін қоса айтты. Біз ол сауыт суретін "Үш қиян" газетінде жариялап, хабарын бердік.

Ауызша дерек: батырдың сыртынан киетін тағы бір сауыты, шашақты дулығасы болды дейді. Олардың қайда қалғаны белгісіз. Ал найзасын Алаторпа болысы ЕсенжановТілеген, Қожанепес Есдәулетов дегеннен алып, ояз бастығына жібергені туралы жазба дерек сақталған архивте. Найзаның онан кейінгі тағдыры беймәлім.

Досанның қылышы 1856 жылы қараған босағада балуан Нияз Мүсірепұлының қолынан өлетін түрікмен Бөрі батырдікі дейді,- ақын Сейтқали Нұржан. Қылыш дерегі де белгісіз болып қалды.

Жоғарыдағы марқұм Есағаң - Естерек жинаған мәліметтер бойынша, Досан батыр кіндігінен тарайтын ұрпақтары 28 үйге жеткен екен. Бұл да болса, орны бар ердің оңалғаны ғой! Кешегі қилы замандарда Алғи батыр ізі де тоз-тоз болып кетеді. Мен 1989 жылы кездейсоқ Алғидың бір ұрпағымен жолықтым. Қандағашта тұрады екен. Қолдарында батыр бабаларының қылышы сақтаулы болып шықты. Өкінішке орай, байланысым әрі қарай жалғаспай үзіліп қалды. Қазір Маңғыстау кентінде "Алғимыз" дейтін бірнеше үй тұрады.

Батыр Досан Тәжіұлы жайлы ендігі әңгімені, көтеріліске қатысты оқиғаның ұзын ырғасында айтып отырамыз деген есеппен, ол жайлы арнаулы жазбаны осымен тәмамдай тұрамыз.

ЕСЕН ЕРМЕМБЕТ БИ

Бұл да Адай елінің белгілі тұлғасы. Би, батыр, мәмілегер, шешен, көсем. Исамен тізгін қағыстырып бірге жүрген, ауыртпалық жүгін бірге көтерген қандыкейлек дос. Ерекең араларында нағашылы-жиенді ілік шатыстығы болмаса да, әзілдеп, қалжындаса береді екен. Соны тіліне тиек еткен Мәтжан би:

— Ереке, осы сен Исекеңнен он жастай үлкен емессің бе? — деп қалса керек.

Сонда Мәтжанмен тіпті қатты ойнайтын Ерекең:

— Сен өзің не бықсытқалы отырсын. "Жасы бірге жандай құрдас, бір жасы үлкен балдай құрдас, екі жасы үлкен тандай құрдас, үш жасы үлкен молдан құрдас, төрт жасы үлкен зордан құрдас" дегенді шығарған мен емес — халық. Менің оған қосарым қалғаны құдай қолдаған жолдан құрдас. 11 жас кіші Иса сондай құрдас, құрдастығы — деулі. Екеуінің жарастығына осындай құрдастығынан бұрын бір-бірінің қадірлерін білгендігі, құрметтестігі басты себеп екендігіне сөз жоқ. Біз сенатор Машани Абылхан екеуміз "Ермембет би" атты кітабымызда ол туралы толық айтқанымыз себепті бұл жолы әңгімені бірден, онда да Исаға қатысты жерлерінен ғана қайыруды жөн көрдік.

Ерлігі мен билігі шендес Ерекең Үшауыз шайқасы алдындағы бас қосуда көсемдік басшылық жолын Исаға беріп, өзі Досан, Алғи, Сүгірлердің қатарына жасақ басшыларының бірі ретінде тұрады ғой. Хиуаға барған соң, қазақ жағының сөзін сөйлейтін өкілі ретінде Хан маңайында болады. Дәл сол кезде, сол жағдайда Ханмен бұрыннан да таныс-біліс, сыралғы Ермембет лайық еді бұл орынға. Және ісінде пәтуа, сөзінде тұрлауы жоқ, күндікші Хан жанындағы қазақ жағының барлаушылыққа да көкейкөзі қиядағыны шалатын тақыс саясаткер, жырынды Ерекең сияқты адам керек. Ерекең қасындағы аз қоңсысымен 1870-1872 жылдары Хиуа іргесінде отырады. Жай отырмай, елде қалған ояз тілмашы інісі Қабақпен астыртын хабарласып, орыс үкіметінің аяқ алысынан да хабардар болып отырады. 1873 жылдың көктеміне салым орыс әскерінің Хиуаға жорығы басталған соң, атқа қонып, қол алдына шығады. Генерал Веревкиннің Үстірт үстіне көтерілген Ломакинге "жолдарыңызда Иса, Досан, Ермембет бастаған "шайкалар" жүр» деуіне қарағанда, ол сәуір, мамыр айларында Алаң маңында. Жоғарыда айтылған "қазақтардың күші басым орыстармен Хиуа ханы үшін соғысын арандап, босқа қырылмайық" деген пәтуаға келуі, сірә, мамыр айының басында болғандай. Оның әрине құпия жағдайда еткені белгілі.

Хиуа алынған соң, патша көтерісшілерге кешірім берген соң, Ермембет елге келеді. Қашан қай уақытта келгені белгісіз, анығы әйтеуір, Исадан соң келеді. Содан кейінгі өмірі тыныш, бейбіт өтеді. Елінің сөз ұстар ақсақалы, биі ретінде қалыпты тұрмыс құрады. Досан өлгенде, ол атамекені Бозащыда қаралы хабарды алысымен қаза қамын жасап, Қаратөбе басында үй тігіп, қаралы шеруді күтіп алады. Өзі бір топ адамымен Досан мәйітін Ұсақтың аяғынан қарсылап тұрып Исаға:

— Адайда Атағозы мен Шотан-егіз, Иса мен Досан-егіз, Орақ пен Құрақ-егіз, Несібек пен Нұр-егіз, Әуеталық пен Қожыр-егіз еді. Иса, егізінен айырылып, қабырғаң сөгіліп келеді, қаза қайырлы болғай. Досан тек Исаның сыңары ғана емес, игі Адайдың ту байлар бір тұғыры еді, елдің игі жақсылары, сіздердің де қазаларынның қайырын берсін! — деп көңіл айтады. Бізге бұл деректі берген ақын — Сейтқали Нұржан.

Кейіннен көтеріліс басшыларының бірі Дихан айдаудан оралғанда, оны құшақ жая қарсы алған, алдына мал салып, қамқорлауға мұрындық болған да Ермембет. Ел аузында Иса мен Ермембеттің әзіл жарастығы туралы мынадай әңгіме бар:

Бір сапарда Ермембет би бір жақтан жолаушылап келе жатып, кешке қарай Алаторпаның қабағында отырған Исаның аулына келіп түседі. Уақыт күздің күні, қойдың түнекке кетіп, скі-үш күнсіз оралмайтын мезгілі. Қолында соя қоятын мал болмай қалып, қонаққа өлі ет бұйырады. Үй иесі "бір күн ерулеп тиісті сыбағаңды жеп аттан" десе, мейманы қарамайды. Қош айтпастан, салдыртып жүріп кетеді. Иса ұялыс тауып қалады.

Көп ұзамай Иса Мәтжанға кездесіп қалып, үйіне қонған Ермембетке қонақасы бере алмағанын айтып, "Не де болса ұятты болып қалдым. Бұның арты қалай болар екен?" — депті. Сонда Мәтжан сәл ойланып тұрып, "Бұл жайды Ерекең алдымызға бір соқтырады. Және Исеке, ол сені құрдас қылып алды ғой. Менің ойымша, бұған жасайтын бір ғана амал бар — өзінікін өзінің алдына келтіру керек. Ол үшін келесі жылы күзде, қой түнекке кететін мезгілде, орайын келтіріп, үйіне айғыр топ адаммен барып, түсе қалалық. Бір қапысын тапсақ сонда табармыз. Мүмкін оған дейін Ерекең бұл жайды ұмытып та кетер. Басқа амалын көріп тұрғаным жоқ",- депті. Осыған өзара сөз байласады да, келесі жылы күзде, мал түнекке кететін уақытта Иса, Тілеген, Мәтжан мен Ораз төртеуі бір күні Ермембеттің үйіне сарт етіп түсе қалады.

Бұлар келген кезде жұмсай қоюға Ермембеттің баласы да ауылда болмай қалыпты. Ерекең қызын сыртқа алып, сыбырлапты: "Анау Мәулінің бергі алдында отырған Қоштай ауылы, осы арадан он шақырымнан көп емес. Барып, екі түрлі шәй сұра, егер берсе екеуін екі жанқалтаңа салып келерсің, мен көретін болайын. Шәйіңді келгесін демдерсің. Мең қонақасыға малды сойдырып, дайындатып қоярмын. Сен келгенше қонақтарды ағарғанмен алдарқата тұрармын. Кідірмей тез кел", — деп жұмсап жібереді. Үйінде жақсы шәй таусылып қалған кез екен. Қонақасыға соятын малы, қонақтарына сыйлайтын шапан, мінгізер аттары дайын болса керек.

Сыйлас інілерімен оны-мұны айтып отырғанда қызы да келеді. Екі қалтасының шәйға толы екенін айтпай-ақ байқаған Ермембет, сол отырған күйі қызын дауыстап шақырып алады да: "Әй, қарағым, мына қонақтар елдің еркелері ғой, шәйді де, қонақасыны да талғап ішетін адамдар. Екі аққұманға екі түрлі шәйдан демде, бірін "қатты" дер, бірін "тәтті" дер. Екі қой сойып, екеуінің етін екі қазанға салып пісіріңдер, бірін "арық" дер, бірін "семіз" дер, қалғанын ішіп-жейтін болсын. Қонақасыны дұрыс бермедің деп, мінеп кетіп жүрмесін" депті.

Бейуақытта Ерекеңнің қысылып қапылғанын көргісі келген қонақтары берілген қонақасынан мін таба алмай, енді аттанғалы рұқсат сұрапты. Ермембет "Рұқсат Алладан ғой", — деп қалыптасқан әдеп бойынша қонақтарынан бұйым — қызмет сұрайды. Олар өзара келісіп қойғандай-ақ, "Ереке, бұйымды не қылайық, бұйым бітті. Біздікі тек амандасып, әңгімелесіп қайтайық деген ниет қой" десіпті. Сонда Ермембет Исаға қарап отырып: "Иса, сен төрелеу едің-ау, саған астыма мініп жүрген жорғаның тұқымдасын белдеуге байлатып қойдым. Соны астыңа мініп кетерсің" депті. Абыз Тілегенге: "Сен жұқалау едің-ау, ояз- әкімдермен жақындау жүргеніңмен, ар жағың белгілі, соны ескеріп, бөлек қаматып қойған қырық бойдақ қойды алдыңа салып айдап кет" депті. Тоқтамыс Оразға қарап: "Саған соғымға бір ту биені дайындатып қойдым. Жетегіне ала кетерсің" депті. Ең соңында Мәтжанға қарап отырып: "Әй, Мәтжан, сенің жүрісін тегін жүріс емес. Мыналардың бастарын қосып, қиқым іздеп жүрсің ғой. Саған ештеңе бермеймін деп отырмын" депті. Сонда Мәтжан отырып: "Құр қайтыпты" деген атаққа мен қалмаймын, "құр жіберіпті" деген атаққа сіз қаласыз. Себебін айтайын: Баяғыда Хиуаның ханынан сұрап алған жерге Есеннің отыз үйін көшіріп апарып, қасқалардың дені бір жайылып еді. Мен ханнан суды сұрап алғанда ішінде сіз де бар едіңіз. Сонда: "Мәтжан-ау, бізден де бір ұл туған екен ғой. Мына ісіне ырза болдым. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деген, көп жарыдан тұлпар шыққан екен. Тірі болсам, хиуазын бір қайырармын деп едің. Бүгін сол уәдеңді орындадың" депті.

Сонда Ермембет: "Әй, Мәтжан қайтер екен деп айта салып едім. Өкпең дұрыс,ол айтқанды ұмытқан жоқпын. Әй, құрмағыр-ай, Мәтжан Ермембеттен құр қайтқан екен деген сөз маған абырой еді де, саған өлім еді, соны біліп тұрсын-ай. "Ер назары мен Пір назары жаман" деген сөз бар еді, сен де бір бие алып кетші" деп, Мәтжанның жетегіне де бір бие байлапты дейді. Сөйтіп, әдейі сынай келген төрт биді ауылынан аттандырып салыпты.

Қартайған Ермембет бірде төсек тартып жатып қалады. "Ермембет ауырып қалыпты" деген хабарды естіген достары бірін-бірі тауып алып, бірде оның көңілін сұрай үшін Тартпалыдағы бидің ауылына келіп, Иса төрде төсекте жатқан Ермембетке едеңмен сәлем беріп, былай депті:

Ереке, отырсың ба Тартпалыда?

Келуші еді қаңбақ депті тартқаныңда,

Ел үшін еңіреп туған қайран ерім,

Шандақта нардай шөгіп жатқаның ба?...

Сонда төсектен басын көтеріп алған Ермембет те өлеңмен жауап қайырып:

«Қысы-жазы отырмын Тартпалыда,

Көп болды нардай шөгіп жатқаныма.

Әуелден мүлт кетпеген қара мылтық,

Әлі де бір оғы бар оқпанымда...

— деген екен.

Келген билер: "Оу, Ерекем жақсы екен ғой", — деп, көңілденіп төрге озыпты.

Достары келгеніне көңілі көтерілген Ермембет би де, төсектен тұрып отырып, ұзақ сонар әңгіме желісі таратылыпты...

Көңіл сұрай келген достарымен өткен-кеткендерді айтысып, қонағасын беріп, қонақтары ауылдан аттанар шақ та таялыпты. Жолға жүргелі отырған Исалар бір-біріне қарап, кібіртіктей беріпті. Соны байқап қалған Ермембет: "Әй, сендер неге ірметіліп қалдыңдар? Айта алмай бүгіп қалған бұйым-қызметтерің бар сияқты ғой. Бітеу жара қылмай айтыңдар ондайларың болса", — депті.

Сонда Иса отырып: "Иә, Ереке, көптен бері сізден сұрап алмақ сауалымыз бары рас еді. Соны ақылдасып жатқанымыз ғой. Өзіміз де осы жолы аузыңыздан естіп кетпекке келіп едік. Бірақ кешеден бері басқа әңгімелермен отырғанда, естен шығып кетіпті. Жақсы байқадыңыз, рұқсат етсеңіз соны сұралық. Білмегіміз, осы жасқа келгенше, сөзден мүдірген жеріңіз болды ма? Соны айтсаңыз тыңдар едік. Бұйым қызметіміз сол", — депті. Сонда Ермембет: "Бүл жөнінде мына Мәтжан не айтады?", - деп қайыра сұрақ қойыпты. Иса: "Мәтжан сөз білмейтін мылжыңдар мені күнде жеңеді, ал сөз мәнісін түсінетіндерден әзірше жеңілгенім жоқ деп жүр ғой",- депті.

Сонда Ермембет отырып: "Бұл Мәтжан мақтаншақ екен-ау. Қарақалпақ қызынан бір емес, үш рет жеңілгенің неге жасырады?", — деп күліпті. Үш би жарыса: "Ол қалай?" — деп тыңдауға ықылас білдіріпті, Мәтжан үндемейді.

Ермембет: "Ол жасырып жүрген болса сендерге мен айтайын. Мәтжан бір сапарда жолаушылап келе жатып, бір қарақалпақтардың ауылына кідіріпті. Шөлдеп келе жатқан ғой, бір шеткі үйге кіріп келсе, үйде бойжеткен жас қыздан басқа ешкім жоқ екен. Қыздың әке-шешесі егістік жаққа кеткен" болып шығады. Соны сұрап білген Мәтжан қызға: "Олар келгенше көп заман бар ғой. Мен шөлдеп келе жатыр едім. Жылдамдатып шай қайната қойдағы" депті.

Қыз тездетіп шай қайнатып, дастарқанын жайып, Мәтжанға ыссы шәйды ұсына қояды. Қаталап отырған Мәтжан қаттырақ ұрттап қалса керек, ауызы шәйға күйіп қалыпты. Онысын қызға білдірмейін деп ірге жаққа бұрылып, көзінен жасы шыққан Мәтжан, үндемей қалудың ретін таба алмай, шай құйып беріп отырған қызға "қарағым, мына кереге қай жердің ағашынан жасалған?" — деп сұраған болыпты. Оның жағдайын аңдап қалған қыз: "Ә-ә, Суы саздау жердің ағашы, сабырсыздық ердің жазасы" деген екен. Мәтжан қыздың өз жайын сезіп қалғанын сезіп, қапелімде ұтырлы сөз таба алмай қалыпты. Сосын шәйды жайлап ішіп, шөлін қандырыпты.

Қонақ шәй ішіп болғасын, дастарқан жинап жатқан қыз орнынан қозғалғанда, арт жағынан жел шығып кетіпті. Онысын естіп қалған Мәтжан бірдеңе дегенше болмай, қыз өз-өзінен "иә" депті. Алдында сөзден тосылып қалған Мәтжан шыдай алмай: "Әй, шырағым, күбірлесіп, сөйлесіп жатқандарыңның мәнісін түсінбей қалдым ғой. Не деп жатырсыңдар?" депті күліп. Сонда қыз: "Япырай, әңгімені қозғай бердіңіз-ау. Ол менен: "Мынауың әлгі Адайдың атақты биі Мәтжан ба?" — деп сұрап еді, соған жауап беріп жатқаным ғой" депті. Қанша шешен болса да, Мәтжан тағы да қапелімде ештеңе тауып айта алмай, кідіріп қалады. Оның несін жасырып жүр?" — деп, Ерекең күліп алыпты да, әңгімесін әрі қарай жалғастырыпты.

— Халық қашан да дана, көреген ғой. Ел арасында "Табылған сөз мүдіртер, бұдырлы жол кідіртер" деген нақыл бар. Ал, жаңылмайтын жақты, сүрінбейтін тұяқты Алла тағаланың өзі жаратпаған. Бұл ақиқат. Мен де Алланың жаратқан пендесімін ғой, мүдірген жерлерім жоқ демеймін, -деп алып, өзінің 3-4 жерден тосылғанын күле әңгімелеп берулі...

Содан соң сәл тыныс алып, "қазақта аңдамай сөйлеген — ауырмай өледі" деген сөз, өте тауып айтылған. Ділмардың өзі де көбіне сондайдан мүдірген. "Бұра сөз күлерге жақсы екен" деп, шалыс сөйлеп қалған да аяқтан алдырады. Содан сақ болмақ ләзім, — дейді.

Қонақтар ағаларының әлі дилы екенін көріп, мәз болысып, осы бір үлкен шаруаны тындырғандарына көңілдерін бірлеп, тиесілі сый-құрметтерін көріп, аттарына мінеді. Кеше бұлар келгенде, төсектеп, басын азар көтеріп қарсы алған Ермембет ешкімнің демеуінсіз сыртқа шығып, меймандарын аттандырып салады.

Қазақ салтында ауылдан аттанған жолаушы артына айналып қарағыштамайды. Ұзап кетіп, кейіп бұрылып, қол бұлғау беріде орыстан жұққан әдет. Атқа мінген соң, Иса атқосшысына жайлап қана — ана төбеден асарда, атыңды сынай қамшылаған ретпен жайлап артқа көз саларсың, - деп ескертеді. Қыр асқан соң, атқосшысымен "не көрдің?" дейді. Атқосшы Ерекең үйге әлі кірмей, үй жанында ұстындай болып, бұлардың ізінен әлі қарап тұрғанын айтады. Сонда: — Әттеген-ай, көкірегі түскірі бір нәрсені сезгендей еді. Бүл соңғы жүз көріскеніміз емес пе екен, - деп, басын шайқай берулі. Сол болжамы келген де қойған. Иса ауылы ерте көктемде төлбасын Үстірттің қарнауынан алып, Жем бойындағы жайлауына барғанда, Ермембет бидің қазасы жайлы хабар жетеді арттан. Жер мойны қашық, Исадан жақсы ағасына шаңырақ бұйырмайды. Оның орнын толтырған айғыр, үйір жылқы марқұмның қырқын беріп жатқанда жетеді. Бұл кезде өзінің де жүріс-тұрысы ауырлап қалған Иса, содан бастап ағасына ел қыстауға құлаған соң, қысқа салым ғана келіп, бата тигізе алады. Келесі жылы Үстіртте берілген Ермембет асының бас асабасы болады.

Ермембет би атамекен, құт-қонысы — Тартпалы Үдекте. 2003 жылдың күзге салымында, басына жаңа заман талабына сай, кесене тұрғызып, дүбірлетіп ас берілді.

ОРАҚ БАЙДАЛЫҰЛЫ

Орақ Байдалыұлы — Ру жігімен алғанда Жарының Тоқтамыс бөлімінен көтерілістегі негізгі тұлғалардың бірі. Иса, Досанның өрт ішіндегі бір түп бұтадай аман қалып, ұзақ өмір сүрген үзеңгі серіктерінің бірі.

Ел әңгімелеріне қарағанда, ол кесек қимылымен көтерілістен бұрын да патша үкіметінің көз қырына түскен. Әлде бір ісі үшін сотталып, түрме жазасына кесілген. Одан қашып, әуелі Хиуа жерінде бой тасалап жүріп, елге 1870 жылдың дүрбеленінің алдында ғана келген. Топқа түскен палуан қасына ерген шәкірті, ол айтысатын Балдай қызбен сөз қағыс қылған ақын Иса мен Досан елге жарсалғанда, бір топ ағайындарына бас болып, атқа қонады. Рукин жасағының бір көштік жерден алдын тосып алып, Ұсаққа дейін бағытын барлап келеді. Ұсақта жасақтың ат көліктерін, түйелерін қуып әкетпек болып, көп әрекеттенеді. Сөйтіп, әскер арасында абыржушылық туғызады. Үшауыздағы ұрыста Рукин жасағының Сарытас шығанағына шегінер жолын кеседі. Новопетровскіні қоршағанда да белсенділікпен қимылдап, Николаевск станицасын шабады. Хиуаға Досанмен бірге шегінеді. Досан қолының ішінде Хиуа жорығындағы генерал Кауфман әскерімен соғысады. 1874 жылы Досанның ізін ала Үстірт үстінде жазалаушылар қолына түсіп тұтқынға алынады. Үстінен қылмысты іс көтеріледі. Үкіметке қарсы жасаған барлық әрекеттері ашылады. Белгілі болғаны, сөз жоқ бұған берілетіні жазаның ауыр түрі — өлім. Оны ноқталы басқа бір өлім деп қарсы алған ер сағын сындырмаған болса керек. Ауыр қылмысты ретінде оны Досанмен қоса бір камераға қамайды. Сонда жатып, ел аузында "Орақтың әні" деген атпен таралған әнін шығарады:

Баласы Байдалының Орақ едім, Бәйгіден салса келген пырақ едім. Ішінде сегіз арыс Жары ауылдың, Жал менен жая жеген шырағы едім.

Қарайды қырық солдат сыртымызда, Қанды су қатып қалды мұртымызға. Бейне көлге белшемізден батып жүрміз, Көрісер күн болар ма жұртымызға.

Ғалым Қабиболла Сылиықов марқұм екеуіміз 1987 жылдың қоңыр күзінде Өрісбай Алданов марқұмның аулына арнап атбасын тіреп барып, Орақ туралы мәліметгерді алдық. Өрісекең оның аталас туыс ағайыны болып келеді.

— Орақты 5 жасымда "Жаңай қазған" шыңырауының басында көрдім. Денелі, бурыл сақалды шал кісі екен. Соның алдында ғана Бесқала жақтан келді деп, естігенім бар үлкендерден. Алыс жолдан арып ашып келіп, мұндағы ағайыннан сорпалық мал сұраса, ол бергісі келмей, соған ерегіскен Орақ құдық басына келіп, су ішіп жатқан қойдан екі еркек қойды таңдап ұстап, қосақтап айдап әкеткелі жатқан беті екен.

— Әкем Алдан аман-түгел алысып болған соң: — Батыр, алсаң өз бауырыңның малы ғой, сұрауы, өтеуі жоқ. Біз де бөтенің емеспіз. Қажетің болса хабар саларсың, — деді. Орақ содан күзге салым Бесқалаға қайта көшіп кетті. Артынан 2-3 жылдан соң бақилық болды деген хабары естілді. Артында екі баласы бар, — деген әңгімесін айтқан Өрісекең 1900 жылы туған. Сонда Орақты 1905 жылы көрген болып шығады.

Қамал ішіндегі түрмеден қашып шыққан бірінші адам осы Орақ. Қалайда қарманып өлгісі келген ол, көңілдерін сұрауға келген Бәйменбеттің әйелі Дәріге темір кесетін ара жетістіруді сұрайды. Патша қызметінде жүріп өлген зауряд хорунжийдің жесірі Дәріні құрметтеген қала әкімшілігі оған көп еркіндік берген. Түрмеге келіп тұруына рұқсат еткен. Қасына қызметшісі ретінде бір келіншекті (Ол Жарының қызы болса керек, есімін Есбол Өмірбаев марқұм айтып отырар еді, жадымда қалмапты -Ә.С.) ертіп, қойдың піскен білем құйрығының ішіне бір қарыс ара салып, әкеліп беріп кетеді. Орақ сонымен терезе тұрған қабырғаның тас жігін адам сиятындай етіп, әр түнде ақырындап тіліп кесіп, күндіз кесілген тас ұнтағын сулап, орнына қайта жағып ойға алған ісін орындайды.

— Мен — Досан басыммен қашпаймын. Қашқанмен кең далаға симаспын да.

Байқайым, өлшеулі күнім де азайып қалған тәрізді. Жанғабыл ағайын ішіндегі бауырмалы еді. Жануар, үйіндегі інгені жершіл мал болатын. Қолы қысқа Жәкең соған аяқ артып келіп, торуылдап жүр-ау. Сірә, інгеннің ботасы ауылда қалған болды, түнде жануардың боздаған даусы бір сембеді. Аяғың жеткен ағайынға айтарсың, маған топырақты Қаратөбеден бұйыртудың қамын ала жатар, — деп Досан бірге қашуға көнбейді.

Түрмеге азық-түлік әкелген кешкі ымырттың қарбаласында терезені тас жақтауымен ішке қарай жұлып алған Орақ, шалт қимылдап, күзетші солдатты бір ұрып талдырып тастап, мылтығын алады. Киімін киеді. Сосын аула есігіне таяп келіп ,"Орақ қашты! Орақ қашты ұста!" деп, аспанға бір рет мылтық атып жіберіп, сыртқа жүгіре шығады да, анадайда көзге түскен әлдекімнің артынан тұра жүгіреді. Асып-сасқан қарауылдардың бірі камераға жүгіріп, енді біреулері сыртқа шауып абыр-сабыр. Олар не болғанына көз жеткізгенше қашқын түн қараңғылығына сіңіп жоқ болады. Осы жағдайды суреттеген оның артында "Түрмеден қашқан да Орақ, қуған да Орақ" деген сөзі қалған.

Ертеңіне төңіректің бәрін қаптаған әскер-қуғыншы. Солардың бәрінің көзіне түспей, амалдаған қашқын өзі діттеген Нұрқабай байдың аулына іңірлетіп жетсе, ол ауылда да қуғыншы. Жақындап тың тыңдаса шақырусыз келген қонақтарына қонағасы беріп отырған Шалбар Нұрқабайдың: - Қырға аяқ басса менің ауылымнан іздейтіндеріңді білетін Орақ мұнда өлсе жолар ма?! "Жығылғаннан" арғы жықпылға шығып кеткен болды. Кешелі - бүгінді айлақта Айрақты, Қызылтастан келген сондағы балықшы қазақтардың кемесі тұр деп еді. Соған ілігіп, солай асып кетпесе игі, — еді деп, саңқылдаған даусы естіледі.

Қонақтарын сол тұспалына нандырып жолға салған Нұрқабай жөткірініп түнек сыртына беттейді. Ойлағанындай-ақ аулақта Орақпен жолығады. Сөйтіп қашқынды бір түкпірге елеусіз екі-үш күн тығып ұстап тынықтырған Нұрқабай астына ат мінгізіп, азығын қамдап, жолға салып, бір азаматтық іс тындырады.

Солай суыт сапарға шыққан Орақ жолшыбай Иірдегі ауылдағы бір сейістің жаратып отырған жүйрігінің бірін жетекке алып әрі асады. Жолшыбай күндіз тасаға тығылып, түнде жүрі, Қаратүйе құлауының ернегіндегі Жарықтың бұлағының басында таң атырып дамылдап, еру болып отырса, артынан атын алдырған сейісі жетіп тұр. Мал ашуы жан ашуы, атының соңынан іле шыққан беті екен. Із кесіп келіп тапқан беті.

— Сырты түк, іші боқ жамалдатқырынды ал да қайта бер. Базыналығымды ауырсынсаң, ана мінгі атты айыбым деп, оны да ал, — деген Орақтың мәмілесін естіген Сейіс уәжге тоқтайды.

— Ол не дегенің, Ореке. Ат азаматтың жолына садаға. Сұрауы жоқ, барар жеріңе аман жеткізсе өтеуі сол, — деп, азар да безер болады қайта. Ол ықыласын қоржынындағы азығын мұның қоржынына аударып салып тағы үстейді.

Сейістің сол пейіліне риза болған Орақ, кейіннен, Бесқалада осыдан барған керуенге қомдалған нарға артып, көп жүк жіберіп, атының құнын артығымен қайтарған екен дейді ел.

Қаражігіт аулында Досандарды ұстап берген Табын Нұрша екен деп едік қой. Сол сатқын кейіннен Орақтарды да көрсетеді жазалаушыларға. Соған кектенген Орақ осы сапарында Нұршаны өлтіреді. Патшамен араздығы аздай, енді Табынмен өштескен қашқынның содан кейінгі 2-3 жылы байыз таппай бас қорғаумен еткен сыңайлы. Ақыры елін, жерін сағынған, әрі барар жер, басар тауы қалмаған ол ,бір сәтті күні Маңғыстауға тартады. Ел шетінен елеусіздеу еніп, бір кеште Үдекте отырған Иса аулына келіп құлақ түрсе, Иса үйіне келген бір әншіге көп қонағының ортасында:

— Орақтың әнін тағы бір әуелетіп жіберші! Қайран, кескекті ерім қайда, қайтіп жүр екенсің?! — деп отыр екен дейді. Бұл әнші тамағын кеней бергенде кіріп келеді. Иса екеуі сол жерде жылап көріседі.

Қашқынды сол сапарында елі ішінде паналатып, баяғыда көтерілген қылмысты ісін аяқсыз қалдыру Иса болысқа аз күшке түспеген дейді ел.

1898 жылы Адай елі мықтап жұтап Хорезм ойына қоныс аударады. Елмен бірге Орақ та көшіп барады. Сол жерде ғаріп бас тағы бір арылмас дауға қалады. Табындар баяғы Нұршаға күн сұрап шыға келеді. Одан бері 20 жыл мұңдары өтсе де, ер құнын кешуге құлықсыз қазаққа бұл таптырмас дау. Оған қосымша олжа құмарлық аранның ашылуы тағы бар. Сол 20 жыл бойы алынбай келген құнға басына қоссақ, ізіне тіркеу қоса талап етеді. Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, шариғат жолы қайсысына салсақ та талап қисынды. Бұлтарар жол жоқ. Олай екен деп, құн төлейін десе жұтап кетеуі кеткен Адайда күй тағы жоқ. Құн төлемесең құныкер Орақтың басын бер, —деп Табынның мәмлеге көнер түрі көрінбейді. Дігірлеп төбеңді тесіп барады. Оған да көнбей, атқа қонуға өзара жаугершіліктен ел әбден қажыған. Мейманасы тасыған орыс оныңды және көтермейді. Өзіңді кінәлі етіп шыға келеді. Табын арқа сүйеген Хиуа ханы үшін, сірә, мұндай дау май шелпек. Бұл беттегі елдің сөзін ұстаған биі Мәтжанның Мәтжан болғалы тұйыққа бір тірелген жері осы.

— Орақты алдым дегенше Отанды алдым десейші, құныңды алдым дегенше қотанды алдым десейші, — дейді дау қуып келген Табын биіне қайран ділмар әбден таусылып. Сол жерде алдарына Орақты алдырады. Мән жайды түсіндіреді.

— Мен ол опасызға мұсылманды кәпірге ұстап беріп, қанын ішкені үшін құдай жазасын кестім. Онда да төсектен басын кескен жоқпын. Бес қаруы беліндегі шайқаста ат үстінде өлтірдім. Мені де атымның үстінде бес қаруым белімде алын, — дейді Орақ. Оңашалап Мәтжанға айтқан бұйымы: — Атым нашарлау еді. Елден үзеңгіні шірене тіреп, найза салысқанда, белі қайыспайтын, орамал шабысы бар, ағыны қатты, бір тұғыр мінгізің. Сосын үйден 40 қадам шығарып бере берің.

Табындар келіседі.

Үйден шығарда жанашыр ағайын сауыт киюді айтқан екен. — Алла алғысы келген жанын сауытсыз да алады. Атқа ауыр қылып қайтемін, — деп ыңғай бермейді. Бес қарудан таңдағаны — найза.

Жекпе-жек ұрыс болмайды. Табындар орталарынан таңдап 7 кісіні іріктеп шығарады. Өлгеннің 7 мүшесінің құнын жоқтаушы, әрі баяғыдан бері берілмеген тендіктің бодауы деген желеулері бар. Көп ырғасып барып, оған да келісуге тура келді. Онда да "оған да тұрам" деп ат ойнатып тұрып алған Орақтың өзі.

Үйден 40 қадам ұзаған жалғыз атты күнге қарап, ағыза жөнеледі. Артынан 7 қуғыншы тасырлата жөнеледі. Ерінің жанынан түңіліп, ел тұр. Табын билерінің қасында қабағын төмен салып, Мәтжан отыр. Шеттегі үйде қаза қанынын қас-қабақтан аңғарылатын қамы басталып та қалғандай.

Ет асымға жетер-жетпес уақыт өткенде, жырақтан жалғыз атты бері асады. Орақ үй сыртынан келіп түсіп, Табын биіне қарата айтқаны:

— Ана арты бос немелеріңді тезірек барып, жинап алыңдар. Қаңсырап өліп қалып жүрер.

Сөйтсе, батыр ат үстінен шауып келе жатып, жерден түйенің құмалағын жармай шаншып, алар найзагерлігіне сенген екен әу баста. Жаңа күнге қарай тартқанда да есеп бар. Қуғыншыларды аттарының шабысына қарай тобын жазып алған соң, найзасын көз шағылыстырып, жарқылдатып қарсы салған. Онан арғысы оңай. Жетеуді қой етінен, санынан өлмейтіндей етіп жаралап, түсіріп өте шыққан.

Аққа құдай жақ деген осы деп, Адайлар жағы есе ала жөнеледі.

— Құнанындағы тісеуінді шығарып, дау қуатын үрдісің болса баяғыда Манан құдығының басында орыс жазалаушыларының қолымен өлтірген Жұманияз ерімнің құнын даулаймын. Сен де Үш ананың бір баласысың ғой, оның қосақ, тіркеуін сұрамай-ақ қояйын. Ошақ басына тастағаным болсын деп, кеудесін керік қылған Мәтекең сол жерде қарсыластарының екі аяғын бір етікке тығып, ісі ақтығына құдайы жақ болған Ораққа айып алып береді. Бас жаққа бармауға пәтуаласқан екі жағы содан әрі дау аяғын ұзартпайды. Татуласады.

1993 жылы сәулетші Назарбекұлы Сайын екеуіміз Қаратөбедегі Абыл мен Досан басына көтеріліп жатқан ескерткіштен қайтып келе жатқан бетімізде Тигенге соқтық. Бұл —Тоқтамыс аулының ата-қонысы. Менің көздегенім осы — Орақ батыр жайлы дерек суыртпақтау еді — ол ойым оңынан орала кетті. Кейіпкерлерімнің түрмеден қашқан соң, Бесқала асқанына қоса, оның ұрпақтары жайлы төмендегі әңгімені естідім сол жерде.

Кеңес үкіметі тұсында Орақтың бір баласы келеді осында. Ағайынның өлісіне дұға оқып, тірісіне сәлем беру шаруасы. Сол ретпен Тоқтамыстың біраз шалдарымен бірге Алаторпадағы Иса басына, Құлбарақ батыр басына, Қаратөбедегі Досан басына барып зиярат етеді. Көлігі — арғымақ. Тиген шел өңір. Тұщы суын тасып ішеді. Сондағы су көзі тay бауырындағы күп. Әлгі арғымақ оның көк аязданып кеткен суын ішпейді. Құрметті қонақтың атын шел қою ұят. Содан сонау ит өлген жер Қаратаудың Сиыр суынан, Бозащының тұщы құдығы мен Мәстегінен түйеге артқан метеймен су тасып, ауылдың бозбалаларының ит-зықысы шығады. Ол аздай, арғымақ маңайдың қатты шөбіне жайылмай, таудың жүлге-жүлгесінен көк шөп, құрақ орып тағы әлекке түседі.

— Сөйтіп, алыстан аңсап келген бауырдың арғымағын баққанбыз, — деп күледі Тигеннің көне көздері.

Орақтың ол екі баласының ұрпақтары Қарақалпақстан бетте тұрыпты бері келгенше. Біреуі тіпті бертінде келіп те қайтқан.

— Қайран Бозащының боз топырағы бұйырса, — деп армандайды екен Кетік түрмесінде жатқанда қос мұңдық. Соның орындалысы Досанға жазылыпты. Орақ жат жерде қалды. Бірақ жоқшысы — елі бар. Біз сабақты ине сәтімен деп, соның құлағымыз қармай алғанын ғана қағазға түсіріп отырмыз. Бар мәзір осы.

Орақ батырдың ақындық өнерінен оқырманымыз хабардар бола берсін деген ниетпен оның Абыл ақын қасында жүргенде, ақын қызбен сөз қағысын да бере кетеміз. Өкінішке орай, оның ақындық мұрасынан бізге жеткені "Орақтың әні" мен осы шумақтары ғана. Оның да себебін Орақтың үнемі саптаяқтан су ішкенде, сабынан қарауыл қараған қиын кезеңде қашты-қудымен өткен өмірінің соны жат жер, жат топырақта қалғанымен түсіндіреміз.

Қыз:

Өлеңге сен де дүмді, мен де дүмді,

Айтысса екі дүмді қазар мінді.

Жүлдені шаппай алған жүйрік едім,

Талайдың айтысам деп сағы сынды.

Сіздерді бұрын-соңды көргенім жоқ

Жол болсын, жолаушылар, тағы сынды.

Орақ:

Өлеңге сен де дүмді, мен де дүмді,

Айтысса екі дүмді табар мінді.

Отырған ақ боз үйде, қарындасым,

Бермесін бізге берген саған күнді.

Шөлдеген жолаушыға сусын бермей

Салқам қыз салған жерден неге күлді?

Шалдырмас шаппай бердің өзі болсаң

Белгі қыл сөйлеспекке келер күнді...

Абыл:

Екі жас, үйдестіңдер, бүйдестіңдер,

Сыпайы сыр айтысып сөйлестіңдер.

Адамның аңырғаны — жусағаны,

Манағы келер күнді не дестіңдер?

АХАЛ - ТЕКЕ ЖОРЫҒЫ

Орта Азиядағы дербес үш хандықты жаулап алып, Каспий сыртындағы дененің соқыр ішегі сияқты Маңғыстауды бір жола тұқыртып, оның тұрғындарын өзге қазақтардан оқшаулап, теңіздің арғы жағындағы Кавказға бағындырып алған Россия енді шығыста ежелгі арманы Индияға қарай бір жола бет бұрды. Бірақ мемлекеттің ішкі жағдайы онша емес-ті. Соғыс министрі Д. А.Милютиннің мойындауынша, Россияға кез-келген сыртқы кедергі мемлекеттік құрылымның бүлінуіне әкеліп соғатын. Басталған соң, өзгерістердің бір де бірі аяқталып болған жоқ-ты. Мемлекеттің экономикалық қуаты тұтынысын өтемейтін. Дамудың барлық салаларына әлі өте көп мөлшерде қаржы жұмсалатын. Бірақ, соған қарамастан, Россия жаңа бір соғысқа — Түркиямен соғысқа киліккелі тұрған. Россияны онша елеп-ескеріп, жақтыра бермейтін Ф.Энгельс, осы уақытта Л.Кугельманға жазған хатында "Шығыстағы соғыс көріп отырғандай бола кеткелі түр. Орыстар оны бастауға, қолайлы дипломатиялық шарттарға, дәл қазіргідегідей еш уақытта ие болып көрген жоқ. Бірақ, 1828 жылғымен салыстырғанда, әскери жағдайы өте-мөте қолайсыз, ал қаржы жағдайы тіпті қаусап түр. Өйткені Россияға ешкім көк тиын қарыз бермейді" деп жағдайды дәл бағалады (К.Маркс, Ф.Энгельс. Собр.соч. т.34 с. 169. Орысшадан аударған біз- Ә.С.) Міне сондай жағдайда Россия Түркияға қарсы соғысты бастап кетті. Бастамауға түрік езгісіндегі Болгарияға іш бұрған өзімшіл славяндық саясаты ырық бермеді. Басқа емес Индияға қараған аттанысты дәл осы жағдай кешіктірді. Бұл бағыттағы енді қалған жалғыз өткел — Ауғанстан. Иранға шектес Теке түрікмендері еді. Дербес, біртұтас ел, мемлекет болу түрікменнің маңдайына да жазылмапты. 1860 жылдары бір жағы Хиуа қоластында, бір жағы Россия бодандығында болса, бұл өңірдің Теке түрікмендері жеке-жеке көрбілтей, хандықтарға бөлініп, қандастары жәуміттермен, ауғандармен, парсылармен бірде жауласып, бірде татуласып күй кешетін. Елдің осы ішкі жағдайын бек білген орыстар оп-оңай бағындырып, алудың қадамына бірнеше рет барды. 1869 жылы Каспий арқылы әскер әкеліп, ол әскерді Сағатамда түрікмендер тас-талқан етіп жеңді. 1876 жылы Хиуа жорығынан соң, генерал майор шенін алып Каспий сырты облысының басшысы болған генерал Ломакин үш мың әскермен Қызыл арбаттан өте жығылып, сағы сынды. 500 әскерін ұрыс даласында қалдырды. 1878 жылдың күзінде Англия Ауғанстанға соғыс жариялады. Россия бейтараптық сақтағанмен, Ауғанстанға, Түрікменстанға, жалпы Opтa Азияға ағылшындардың ықпал етуіне тіпті де мүдделі емес-ті. Генерал М.Д.Скобелев "... Англия бұл бағытта әуелі өнеркәсіп, сауда сипатына ие, арты біздің шекараларымызға күшті қауіп төндіретін шабуылға ұласатын қимылға барады" деп болжады бұл кадамды. Сөйтіп, бұл шекарада енді Англия мен Россияның, мүдделері бетпе-бет келді. Айтқандай, Англия түрікмен бектерінің аузын алып, сүйемелдеп, қолдап, нәтижесінде Теке түрікмендері Нұрбердіні хан көтеріп, біртұтас түрікмен мемлекетін жариялады. Бұдан іш тартқан орыстар тағы жорыққа шығып, беті қайтты. Генерал Лазарев 200 әскерімен жойып жіберілді. Бұл жағдай Россияны шешуші іс қимылға баруға мәжбүр етті. Мәселені талқылаған мемлекеттік кеңесте соғыс министрі Д.А. Милютин бұл шепті ала алмасақ, Кавказ бен Түркістан бөлініп қалады, екі аралық ағылшындардың әскери алаңына айналады, оларға Каспийді де беріп аламыз деп, қауіп бұлтын қоюлатып әкетті. Жорық басшысын тағайындауға келгенде ортақтанбау Хиуаны жаулауда, артынан Балқанда данққа бөленген генерал М.Д.Скобелевке түсті. Оның кісілігіне күмән келтірген патшаға қайраткер Победоносцев "Скобелев айтқандай, адамгершіліктен ада адам бола берсін. Ұлы мәртебелі тақсыр, тарихта адамгершілігі жоғары адам аталған ұлы қайраткерлер, қолбасшылар көп пе, солар ғой оқиғаны қозғап шешкен" деп, хат жазып, уәж айтқан соң, оған бұл жақтан қарсылық болмай қалды. Патша генералды тез шақырып алып, тапсырманы айтты. Жорықты төрт жылда аяқтауды міндеттеді. Скобелев сол жерде қазынаның жорыққа 40 миллион сом қаржы бөлгенін, оны қалай жұмсау керектігін, қолбасының өзі шешетіндігін естіді. 40 миллион Россияның ол кездегі жағдайы үшін көп ақша еді. Патша ағзамның қоштасып тұрып айтқан: — "Қандай өтінішіңіз бар?" — деген сауалына Скобелевтің өтініші: — "Ұлы мәртебелі тақсыр, сізден бір ғана өтініш — менің жасағымда корреспондент болмаса екен". Бұл өтініш II Александр патшаға таңсықтау көрінді де: — "Жақсы, солай-ақ болсын", — деп келісе кетті. (Б.Костин "Скобелев". Москва. Молодая гвардия. 2000 г. 189 стр.).

Скобелев бұлай дегенде өз мүддесін көрегендікпен күйттеп еді. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқан америкалық журналист Мак-Гахан жорықтың орыстар тарапынан жасалған аюандық сипатын бүкіл әлемге әшкере етті емес пе? Осы орайда, генерал Черняев жорығында ерсілікті халыққа жасалған қиянатты көріп, Шоқанның кетіп қалғанын еске алалық. Көргеннен көз ақы алатын санаткер Шоқанның ол сапарда да қалам алмауы мүмкін емес. Черняев содан қорықты. Егер Шоқан айтылып жүргендей адам қолынан өлген болса, ол орыстар қолынан келген шәйіт өлімі деп те ойлауға болар.

Скобелев солай дегенмен, журналист ағайындардың да жүрмейтін жері жоқ. Жорыққа сол уақытта Азияны аралап жүрген үнді журналисі Рапчандр есебін тауып қатысады. Ағылшын езгісіндегі үнді халқының өкілі, ол түркмендерге қатты іш тартады. Соны біліп қалған Скобелев журналисті орыс театрынан жырақ жүретін армия керуенінің жабық күймесіне жауып қояды. Әйтседе, Рапчандр қанды қасаптың біразына куә болады. ("Континент" №104. 2000г. стр148). Тегі, еріксіздігі себеп болған болуы керек, Рапчандр бұл сапарынан өнімді ештеңе бере алмады. Жазғандары орта қол журналистің жол жазба очеркінен аса алмаған.

Ахал-Теке жорығынан қалам тартқан ендігі бір адам — армияның бас дәрігері — Александр Щербак. Ол Балқанда Скобелев армиясында бас дәрігер болған. Суретші Василий Верешагиннің, жазушы Антон Чеховтың Сахалин сапарында қол ұшын берген досы. Чеховпен үнемі хат алысып, байланысып тұрған. Бірақ оның кейіннен Жапонияда өліп, сонда жерленуіне байланысты, көп мұралары жоғалып кеткен делінеді. Щербак бұл жорық жайлы жазғандарын "Ахал-Теке экспедициясы", "Көз көргеннің жазбалары" деген атпен Санкт-Петербургта "Порядок" газетінің 1881 жылғы жаздағы үш санында бастырған.

Өзінен бұрыңғы Ломакин жорығының сәтсіздік себебі материалдық жарақтануының нашарлығына байланысты екенін білген Скобелев, оған қапысыз дайындық қамына кірісті. Жорық бағыты Кавказдан Каспий теңізі арқылы Красноводск үстімен өтетін. Орыстың ол кезде Каспийде дербес флоты болмайтын. Ал соншама армияны қару-жарақ, жабдығымен өткізу үшін кеме қажет еді. Скобелев өзі бұрын Қара теңізден білетін С.О.Макаров™ экспедицияның теңіз бөлімінің бастығы етіп тағайындады. Қазіргі Красноводск іргесіндегі Уфра қалашығының (Укрупненный форт Российской армии) іргесі солай орыс флотының мақтанышы С.О.Макаров қолымен қаланды.

Скобелев қолына Ашхабадқа дейін 500 шақырым шөл даламен жүру керек болды. Және жай сапар емес, соғыса отырып. Бұрын Хиуа жорығынан тәжірибесі бар жырынды Скобелев Каспий сыртына аяқ баспай жатып-ақ: "Түйе, түйе және тағы да түйе" деп, ұран тастады. Сөйтіп, 7 мың жасақ үшін 6 мың түйе жинап алды. Красноводск маңында түрікмендер аз, сирек қоныстанған. Сүйлі, Сүлмен, Кошоба сияқты құдықтар болмаса, су көздері санаулы. Оның үстіне, іргесіне орыс қолы тақап келгенде, түрікмендердің ол төңіректі жайлап отырмасы тағы анық. Бұл өңірдің өз қандастарына қарсы қолға оңайлықпен көмектеспейтіні және белгілі. Содан келіп, сол кезде Красноводск уезімен бірге бір әкімшілік бағыныстағы Маңғыстауға түсті көп салмақ.

Адайлар бұл уақытта бейбіт. 1873 жылғыдай малын барымталап алуға болмайды. Сондықтан жорыққа қажет түйе мен атты, адам күшін де ерікті түрде жалдап алу саясаты ұсталынды. Елдің Иса, Өсербай, Ғафур, Кабак, Ермембет сынды би, болыстарын шұғыл түрде Кетікке шақырып, төтенше съез өткізіліп бұйым салынды. Адайлардың түрікмендермен қырбайлықтарын да жақсылап пайдалану жағы да ескерілмей қалған жоқ. Жасыратын несі бар, ол уақыттың жаугершілігінде жеңілген жақтың мал мүлкін барымталау қоса жүретін. Екі қолдары алдарына сыймай, ерігіп жүрген елдің біраз барымташыларына бұл іздегенге сұраған бола кеткені де құпия емес.

Елдің бас көтерерлері кеңесе келіп, жорыққа көмектесу керек деп шешті. Ол жақтағы түрікмендерді Хиуа хандығы сияқты орыс қаруының күшімен жуасытып қойылмаса Маңғыстауға тыныштық болмайтынын ел түгел біліп болған еді ол кезде. Тағы бір жайт, жоғарының сол уақытта Адайдың қолына қару беріп, әскер қыламыз деген емеуріні де ықпал етті. Ақиқатында үкіметтің әскер құрып, оны елдің ішінде белең алып келе жатқан бүлікті басуға жұмсау, Индияға жорық жасалса бұлардың қолымен де от көсеу жоспары сөз бола бастаған.

Сөйтіп бұл жолы патшаның нұсқауын құптай қалған ел, тез арада қажет көлікке қоса, ат-әбзелімен 300 сарбаз жинап берді. Пейілі түскен үкімет қарудан қарасып, соғыс өнерін үйретті оларға. Тілмаш Қабақ Ермембетов, Қожа Ғафурұлы сияқты белгілі адамдар жүзбасы болды. Ел аузында бұл науқан сөйтіп орыстың "Поход" деген сөзінің қазақша жаңғырығымен "бәкот" деп аталды. Мысалы кезінде елдің белгілі адамы болған Бәкотбаев Енсегеннің әкесінің аты, дәл сол жылы туғандықтан солай қойылыпты. Болыстардан қатысқан Бәли Өсербай Сәрсенбайұлы. Оның 1901 жылғы "Огонек" журналында жарияланған суретінде омырауында бірнеше медаль жарқырайды. Бұл оның 1873 жылғы да, 1880 жылғы да жорықтарға қатысқаны үшін алған наградалары. Біз бұрын сазгер Есір Айшуақұлын 1873 жылғы жорыққа кірекеш болып қатысты деп келсек, Есекең осы соңғы жорыққа да барыпты. Күйшінің "Көктөбенің алынуы" күйі осы сапарда шығыпты. Есір Өсербайдың Сауыт деген қарындасын алған күйеуі, жорықта Өсербай қосында болған.

Текеліктерге қарсы күрестегі ержүрегі мен батырлығы үшін осы жорықтан соң, Қосым Мырзабаев (әскери шені — юнкер), Мұхамед Сапа (урядник) ордендермен, қатардағы сарбаздар Сапар Әлиев, Шоман Шымыров алтын, Құрмаш Қасымбаев, Ақжан Тоғжанов, Нұрман Бисембаев күміс медальдармен наградталды. Үкіметке шын берілгендігі және ыждаһатты еңбегі үшін Бозащы болысынан Қабақ Ермембетов, Түпқараған болысынан ИсаТіленбаев алтын, ауылнай Алданазар Иембердиев, шабарман Мыңбай Қосымов, Маңғышлақ болысынан Балқасым Есекенов, аудармашы Тастан Көбеев, Түрікменадай болысынан ақсақал Өмір Қалкаманов, түрікмен Аман Дүрдиев, Бектеміс, Базар ауылдарының ауылнайы Сәтаман Құлманов күміс медальдарын кеуделеріне, омырауларына тақты. (Ә.Спанов, Ж.Нұрмаханова "Қарашаңырақ" Алматы. "Жазушы" 1996 ж. 257-бет). Бағалы сыйлықтар алып, иықтарына шекпен жамылғандар саны өте көп.

Жорықтан екі фото, бір қолмен салынған сурет назарымызды өте-мөте аударды. Екеуі лазарет, бірі М. Д. Скобелевтің әскери кеңесі өтіп жатқан бұларда ағаш үйлер, бір жолым үй бар. Қазақтың үйлері. (Түрікмен үйлерінің уығы иінсіз, шаңырағы шағын болып келеді ғой). Жорыққа қажетті киіз үйлерді жинау Иса мен Қабаққа тапсырылды. Ол пәлендей қиындыққа түспейді елге. Жүн көп, сәмбі талдан киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберлер жетіп артылады. Орыстар "жолым үй" дегенді бұрмалап "жоламайка" деп атап кеткен, бұл үйлер жазда салқын, қыста жылы, кенеп шатырға қарағанда, әлдеқайда қолайлы, көші-қонда жеңіл. Адайлар бірінші дүниежүзілік соғыста Кавказдағы армияны да осындай үйлермен жабдықтап, Түрік майданындағы орыс әскерінің сауабын алған. Жорықтағы қазақтардың билігін өз қазақтарына беріп, азық-түліктен кенделік көрсетпей, орыстар тағы бір мөрттік танытады. Экспедицияға қатысушы Чанцев "Каспий сырты өлкесіне Скобелевтің келуімен бәрі басқаша болды, іс-қимыл үдеді, бәрі мақсатты, мұратты ақылмен жасалып жатты. Генерал ертеңгі сағат 4-те тұрып, адьютанттарымен рота қазандары енді отқа қойыла бере, асханаға келетін, етті, жарманы өзі тексеріп, нанды көретін. Түнде күтпеген жерден госпитальға да келіп, қарауыл қызметін қадағалайтын", — деп жазыпты (Аталған енбектің 186-беті). Қазақтарға да орыстармен бірдей дәрігерлік қызмет көрсетілді. Азық-түлікпен жабдықтауда олардың тамақтану ерекшелігі ескерілді. Шошқа еті олардың қазандарына салынбады. Бұл жерде Скобелевтің салығы жергілікті түрікмендерден талап, тартып алынған азық-түлік есебінен болғанын да ескеруге тиіспіз әрине.

Скобелевтің басшы серіктері, қолбасшылары да бұрын дала жағдайында соғысып, тәжірибе жинағандардан іріктелгендер екенін айтпай кетуге болмайды. Оң қолы — штаб бастығы полковник Н.И.Гродеков 1873 жылы Ломакин жасағында болатын Гродеков. "Түрікмендер — жер шарына қарып басылған қарғыс таңба, оларға төзіп келген адамзаттың бетіндегі жуып кетіре алмас масқара. Егер негрлерді сатып, сауда жасайтындарға ешбір ұлттың заңы қараспайтын болса, түрікмендер де дәл сондай жағдайда болуы керек" — деген. (Ә.Кекілбаев "Ұйқыдағы арудың оянуы" А-ты.1979 ж. 65-бет). Орта Азия жөнінде бірнеше еңбек жазған, осы сапарынан "Түрікмениядағы соғыс — 1880-1881 жылдардағы Скобелев жорығы" деп 4 том жазып, оларын 1883 жылы шығаратын жазарманыңыз осы болады. Кейінгі қызметі Хабаровск маңында өтті. Сондағы Гродеково қалашығының аты осының құрметіне қойылған. Ломакин жасағына тағы бір қатысушы (онда ротмистр) Мақсұт Алиханов — Аварский жекпе-жек үшін қатардағы солдат болып қалып, ерлік көрсетіп, унтер офицер шенінде осы жорыққа тағы қатысады. Көктөбедегі шайқастағы ерлігі үшін прапорщик болады. (Олег Михаилов. "Забытый император". "Роман газета". 1997 г. №18).

Армияның далалық жабдықтауын толық дәрежедегі стартты кеңесші И.А.Арене басқарды. Кейіннен соғыс министрі болатын Н.А.Куропаткин бұл жорыққа Кетік арқылы қырмен барып қатысты.

1881 жылдың қысының басында жаулаушылар Текелердің бас қаласы Көктөбені келіп қоршайды. Ұрыспен асықпай жылжыған орыс армиясы Красноводскіден бастап, іздерімен темір жол тартып келе жатқан қазақ кірешілері, көліктерімен сол жұмыстың ауыртпалығын көтеруде болатын. Көктөбенің 26 мың тұрғыны 5 мың пілтелі мылтықпен қала қорғанысына кірісті. Шикі кірпіштен соққан дуал ішін паналап алдырмады. Біздің елде айтылатын әңгіме:

Қамалды төңіректеп жүрген қазақ барлаушыларының бірі — дуалдың астында құмырсқа илеуі бар мүкі жерін байқап қалады да, басшыларға жеткізеді. Қол түнде әлгі тұсты жасырын үңгіп қазуға кіріседі. Қазушының бірі Шетпедегі Тұқымбай Қалпенің әкесі Түйебай. Түйекеннің айтуынша, жұмыс күндіз ғана жүрген. Сондағы сақтық — түнде ұрыс саябырлайды да қазған дыбысты іштегілер естіп қояды. Туннель бас-аяғы 10-шақты күнде қазылып болады да, дәрі қойылып жарылады. Түрікмендер соның өзінде берілмей, ерлікпен соғыса береді. Дыкма Сардар, Мақтымкүл, Мұрат хан басшылары бар Текелер өліспей, беріспейтін сынай танытады. Ақшұқыр аулының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Әзен Мәткеровтың бір аталары қамал түбіндегі ұрыста жараланып өлген аттың ішін қарнап жіберіп, қарнауын ақтарып тастап, тығылып, бір тәулік жатып, аман қалады. Сол түні шабуылға шыққан Текелер Апшерон полкін шегіндіріп, әскери туын қолға түсіреді. Полк туынан айрылу — масқаралық! Скобелев шегінгендерді жерлеп, желкелеп қайта шабуылға шығарады. Кінәларын қанмен жудырады. Сөйтіп Әзекеңнің атасының аман қалуына апшерондықтардың шабуылы себеп болыпты. Олар, енді, аз кідіргенде, қоршауда ашыққандар, өлген ат етін алуға келгенде, мұны тауып алады екен.

Естігеннің аты естіген. Көргеннің орны бір бөлек. Сондықтан Орта Азия, Россия тарихындағы үлкен оқиға, Қазақстан, Маңғыстау тарихына да күрделі өзгеріс басы болған "Ахал-теке экспедициясы" деген атпен Түрікменстанның отарлануына, соған қатысқан дәрігер А.В.Щербакты куәлікке тарта отырып, егжей-тегжейлі тоқтала кетуді дұрыс санадық. (Оның аталған "Порядок" газетінің 1881 жылғы мамыр-маусымындағы сандарында "Ахал-теке экспедициясы, Көз көргеннің жазбаларынан" атты еңбегінің ксерокопиясын алуға қол ұшын берген қандасымыз, Санкт-Петербург университетінің түлегі, қазір Москва тұрғыны Клара Мұқтасынқызы Суханбердиеваға алғысымыз шексіз. Айналайын Клара, әріптес ағам Мұқанның қызы, шетте жүрсе де, елі мен жерінің қажеті десе қалт тұра қалатын елгезек жан. Бұл жолы да сонысынан жазбай, ағасына мықтап қол ұшын берді).

Оқырманға түсінікті болу үшін, еңбектегі біраз жайттарға алдын ала анықтама бере кетелік. Адайлардың жасағы жорыққа дербес әскери құрама емес, "аңшылар командасы" деп аталған барлаушылар бөлімінде, Красноводск жасағында, әр полк, дивизияда бөлек-бөлек қатысқан екен. Барлық жерде олар жігіттер деп аталыпты. Жігіттердің бірі тіпті генерал Скобелевтің өзінің қасында жұп жазбай жүріп, оны өте бір қиын сәтте құтқарыпты да. Өкінішке орай, оның аты аталмапты. Скобелевтің қасында болғанына қарағанда, ол орысша білген, әрі өте сенімге ие болған. Әлгі ерлігі үшін сыйлық, марапат көріп, награда алғаны да айтылады. Соған қарағанда, оның генералмен 1873 жылдан таныс, дәмдес, сапарлас серігі Қабақ Ермембетов екендігі онша күдік туғызбайды. Адай қолының біраз жігіттері, сөз жоқ, Маңғыстауға 1873 жылдан таныс, біраз жыл осы уезді басқарған полковник Наврацкийдің қол астында соғысқан. Щербак бұл жігіттердің Көктөбеге шабуылда алғы сапта болғанына үлкен ризашылықпен куәлік беруі тегіннен тегін емес. Гелиография — сол уақыттағы жарық арқылы морзе әліппесімен хабар беретін телеграф. Соның алдындағы Балқандағы соғыста орыс армиясының бүкіл осындай байланыс қызметін Жәнгірханның офицер баласы Ғүбайдолла басқарған. Ол кейіннен генерал, Россияның байланыс министрі дәрежесіне дейін жетті.

Скобелев, Куропаткин, Анненков — бұлардың бәрі орыстың әскери тарихында аты қалған әскербасылар. Куропаткин туралы айттық. Анненков — азамат соғысындағы аты шулы атаманның аталары — бүкіл әулетімен әскерилер, князь Голицындер, сірә, белгілі. Баяғы Дәулеткерей, Бекович, Черкасскийдің қайын жұрты. Голицындардың селбеуімен Черкасскийдің ұрпақтары да түгел әскери қызметкер болып кетті. Бірі Орыс-жапон соғысына қабарлықтар қосынын бастап қатысты.

Скобелев туралы жазушы орыс қаламгерлері де осы бізге белгілі басылымға сүйенумен шектелген. Тек А.П.Чеховты зерттеушілер ғана А.В.Щербактың Чеховка жазған 12 хатының болғанын, бірақ олардың табылмай қалғанын айтады. Соған қарағанда, бұған А.В.Щербактың көбіне шет жақта жүріп, ақырында Жапониядан топырақ бұйыруы себеп болды. Егер сәті түсіп, оның жорық туралы жазғандары, хаттары табылса, біздің тарих үшін де аз олжа болмас еді. Ол үмітіміздің ұшын ұстай отырып, сабақты ине сәтімен, әзірге қолда барды оқырманымызбен бөлісеміз. Аудару кезінде автордың жазу машығын толық сақтап, орыс тілінде өзгеріңкіреп кеткен жер атауларының түркі тіліндегі мәтінін дұрыс беруге тырыстық.

"Порядок " газетінің фелестоны, (II) 30 май 1881 Ахал-теке экспедициясы. «Көз көргеннің жазбаларынан».

ИСА АҚЫН ДА БОЛҒАН

Қазақтың жанынан екі ауыз өлең шығарып айтпайтыны кем де кем.

Ал қара судан қаймақ айырған, сөз қадірін білудей-ақ білген, билік иесінің кәдуілгі қазақтан ақынырақ болуы ешкімді таңғалдырмаса керек. Сондай Иса ақын да болған. Оның ақындық өнеріне ден қойып, зерттеу объектісіне айналдырған ғалым Қабиболла Сыдықұлы. Ол "Акын-жыраулар" монографиясында Исекеңнің "Хиуаға кетерде", "Оязға барарда", "Болыс болып жүргенде" атты өлеңдерін береді. Содан кейін Исаның аталған өлеңдерін Адай елінің дербес шығармаларының жинағына құрастырушы Жетібай Жылқышиев енгізді. Одан басқа мерзімді баспасөздерде дүркін-дүркін жарияланып тұрды. Дегенмен, оны ақын ретінде ден қойып зерттеу жағы әлі кемшін. Бір сөзбен айтқанда, Иса Тіленбайұлының ақындығы ерлігінің, билігінің тасасында қалумен келеді. Сол себепті біз бұл ретте қали қадырымызша, оның қолда бар шығармаларының қалай, қайда, қандай жағдайда шыққанына тоқталып өтуді жөн санадық.

"Хиуаға кетерде" бас-аяғы 20 жол өлең. Үлгісі қара өлең. Ұйқасы шымыраулы ши өрнегіндей әсем, көркемдік дәрежесін шебер келіншек қайып түсірген талдырмаға теңеуге ғана болады.

ХИУАҒА КЕТЕРДЕ

Біз кеттік қапылыста қырға қарай,

Хиуа, Бесқала мен Сырға қарай.

Қалың ел — Маңғыстауым,

Қош бола тұр,

Бақытың маңдайда көп тұрмағаны-ай.

Ойладың жыртық-жамау халық қамын,

Қиын-ау артыңды айтып қамыққаның.

Адайдың боздақтарын қойдай қырып,

Патшаның біліп барам қаңғыртқанын.

Патшада қасқыр ит кеп айтақтаған,

Көңілі қан ішпесе жай таппаған.

Түйенің қомындағы момын елге

Құдайдың тыныштығын байқатпаған.

Ауылда жылап-сықтап елім қалды,
Қаңсырап қанталапай жерім қалды,
Жандарал асымды ішіп басқа теуіп,

Қайтейін аяқасты көңіл қалды.

Біз енді қайда барып паналармыз?

Амалсыз бөтен жұртты жағалармыз.

Кең Алла, кеңшілігін берер ме екен,

Біз бүгін боздап қалған қара нармыз...

Көріп отырғандай, өлең элегияға, мұңға толы. Көтеріліс жеңіліс тауып, ел Хиуаға боса көшкен 1870 жылдың жазында шығарылған деуге келеді. Өлеңде ел жанды ақынның өз басындағы жағдайдан гөрі, елі үшін алаңдаушылығы көбірек орын алған.

"Оязға барарда" — Патша кешіріміне үміт артқан Исаның елге оралу сәтінен хабар береді. Соған қарағанда, ол 1873 жылдың жазы болуы тиіс.

Иса Хиуа орыстарға бағынған соң да, алды-артын байқастап, қасындағы аз қоңсы серіктерімен Әмударияның оқшау бір түпкірінде бола тұрады. Бір күні әйелі Сарықыз бір есекке мінген шалға сәлем еткенін көріп қалады.

— Айдаладағы бір сартқа соншама иіліп-бүгілгенің не? — десе әйелі:

— Елдегі пәленше қайнағаға ұқсап кеткен соң, тізем бүгіліп сала берді, — деп көзіне жас алады. Иса ойланып қалады. Ертесіне таң намазын оқып тұрса, қасына ақсақалды, иманжүзді қария таяп келіп: "Иса, шырағым, жат жерде шығандама. Ат басын елге турала!" — дейді де ,көзден ғайып болады. Исекең мұны Қыдыр атаға жориды да, кідірмей көші-қон қамына кіріседі.

Маңғыстаудың атақты көріпкел әулиесі Әуеталық Бекбауұлы сол уақытта сексен сеңгірін артқа салған абыз қария екен.

— Исажанға Қыдыр атасы арнап келіп кетті. Көш қомдалды, — деп күбініпті сол күні. Енді бір күні: — Иса көші жолда, — деп тағы күбінеді. Арада аз күн өткен соң:

— Иса Манатаға келіп аялдады. Маған соғып сәлем беремін дегеніне қарсы болған серіктерінің ау-жайын тыңдамай, ертең сәріден бері беттеуге бекінді. Бүрсігүні жетіп қалар. Үйірдегі қасқа айғырды әкеліңдер. Мен ол жануарды Исаның жолына садақаға айтқанмын,— дейді. Айтқандай, дәл сол уақытта жолаушылар да келіп жатады. Әулие қарттың аулында қонақ болып, батасын алып, сапарын әрі қарай жалғастырады. Аталған елең осы ауылда туыпты. Ыңғайына қарағанда, бұл ұзақтау өлең сияқты. Бірақ бізге жеткендері төмендегі жолдары.

ОЯЗҒА БАРАРДА

Әскерің сай болып, елім қолда тұрса,

Бас иіп, мен патшаны көрмен дегем.

Жоқ болды Махамбет пен ер Исатай,

Олар да бағы кайтып, жөнделмеген.

Қайратым сай келмеді, елім көнді,

Байтақ жер, шағалалы көлім көнді.

Бар кешім таусылғаннан кетіп барам,

Ұсталып бауырларым, отым сөнді.

Рукиннен ауыздары күйіп қалған патша үкіметі, енді ,бұл өңірге уезд басшыларын таңдап, талғап қоюға көшкен. Көтерілістен соң, іле шала майор Наврацкий уезд басшысы болады. Негізі артиллерия офицері, Рукиндей әупірім, әпербақан емес, білімді, далада үнемі жорықта болып ысылған, ол өте сақ, ақылмен басқарады елді. Исаның келе жатқанынан, жолшыбай елдің оны үлкен құрметпен қабылдап, қошеметтеп жатқанынан ол да хабардар болып отыр. Қолында жоғарының өз беттерімен келген көтерілісшілерді кешіру туралы нұсқауы бар. Ендігі бар билік өзінде.

Иса салғаннан салып отырып, белінде қылышы, мойнында мылтығы — Ояздың қабылдау бөлмесіне кіреді. Нәубетші офицер алдын кес-кестеп: — Қаруыңызды тастаңыз, — десе, "мен кез келген есік бағарға қару тапсырар кісі емеспін. Алса патшаның осы жердегі тікелей өкілетті өкілі Ояздың өзі алсын", — деп илікпейді. Бұл мәрттікті ұнатып қалған Наврацкий қаруымен кіре беруге рұқсат етеді. Ел аузында мынандай әңгіме сақталған: "Ұлы Мәртебелі" патша ағзамға қарсы қорықпай қалай қару көтердің?" — деген Оязға Иса: "Мен туған — халық. Ол — бұйырды. Мен қару алып атқа қондым". Орталарында аударғанын осы есіктің сыртынан шығармаудың құлы тілмаш қана бар екеудің сол жерде өзара не айтқаны белгісіз. Мәлім болғаны, екі жақ келісімге келеді. Иса Түпқарағанға болып бекиді. Кешкісін қамал асханасынан тиесілі қонағасын жейді.

Наврацкийдің де, одан жоғарылардың да есебі түгел. Иса сияқты елінің арасында салмағы бар үлкен бедел иесін жазалағаннан гөрі, тіл тауып дос болған тиімді. Кавказды бағындырған тәжірибелері осыған үйреткен. Алдында Хиуамен соғыса отырып, бодан қыла отырып, ханын тағында қалдыру да осындай қитұрқы саясаттан. Ең бастысы, өкімет енді, түрікмендерге қарсы жорыққа дайындалып жатқан. Оған Адайлар көмегі өте-мөте керек. Кешегі Ломакин отрядының Хиуаға сәтті жорығы осы ел көмегі арқылы мүмкін болғаны белгілі. Жергілікті елден қолдау ала алмаған полковник Маркозов басқарған Красноводск отрядының ащы сабағын ұмытуға болмайды. Адайдың аузын алу үшін ендігі жерде Исалар керек. Оны дәл іргедегі Түпқарағанға болыс етуі көзімнің алдында болсын деген сақтық шарасы еді.

Бұл ел басшыларына қатысты әуелі уезд, кейіннен Каспий сырты облысының басшысы генерал болған Ломакин де осындай саясат ұстанды. Ол бір жағынан ғалым да болды. Маңғыстаудың керуен жолдары туралы көлемді еңбек жазып қалдырды артына. Жалпы Маңғыстау уезінің көп басшылары, салыстырмалы түрде алғанда, жаман кісілер болған жоқ. Әділдіктен аттамай оны мойындағанымыз абзал. Қайта олардан гөрі Кеңес кезіндегі ауданның кейбір бірінші басшылары әшаддылығымен атын шығарып кетті емес пе?! Дегенмен, отаршының аты отаршы. Олардың көп іс-әрекеті, қимылы, ұстанған саясаты жергілікті халық мүддесімен қабыса бермейді. Ал, Иса болса халық өкілі, ұлт жанды, күрескер тұлға. 18 жасынан би, 21 жасынан 22 жыл старшина, 35 жыл болыс болған ел басшысы. Сондықтан оның әкімшілікпен көп ретте дәм тұзының жараспай қала беруі заңды. Исаның жергілікті патша әкімдерімен бір араздығы балық кәсіпшілігіне қатысты дейді ел. Каспий айдынының Құдай берген байлығын кешіп пайдаланған келімсектер қазақтарды бұл кәсіпке жолатпауға тырысты. Ау құралын дұрыс қамдауға қолы қысқа қазақ балықшыларына, орысқа жалданудан басқа жол жоқ-ты. Сондағы алатын ақысы мардымсыз. Күн көруге жетпейді. Жазатайым опат болса, мүгедек болып қалса, көмек берілмейді. Жағадағы суы тұщы, шөбі мол жерлерді қоныстануға рұқсат жоқ. Бұл туралы жоғарыға қаншама шағымданғанмен нәтиже шығар емес. Бұған наразы Қанжан Есжанов сияқты намысты жігіттер қарсы шығам деп пират, теңіз қарақшысы атанып, елден жырақ кетті. Бектеміс аулының бір топ азаматы ит жеккенге айдалды. Өзге зорлық көргендер қазақ арасында жетіп артылады. Қазақтар есебінен әбден байыған Дубский, Шараев, Генералов сияқтылардың түкірігі жерге түсер емес.

Исаның "Болыс болып жүргенде" деген төмендегі өлеңі осы жайтқа байланысты шығыпты.

БОЛЫС БОЛЫП ЖҮРГЕНДЕ

Моншақ тағып, балаша қуанбаймын,

Алдағанға баладай жұбанбаймын.

Жаратпаса жез мөрін қайтып алсын,

Бере гөр, деп мен жезді сұранбаймын.

Тазыдай-ақ жез қарғы тағынбаймын,

Артық айтқан сөзіне бағынбаймын.

Ояз мені сүймейді — ел сүйеді,

Сондықтан да Оязға табынбаймын.

Иса мен оның жақтастарының бұл күресі аяқсыз қалмаған. Алдыңғы ғасыр тоғысында қазақ балықшылары Сарығас, Бозащы жағалауына көптеп қоныстана бастаған. Кетікте Шоңай, Қошанай сияқты кеме ұстаған байлар шыққан. Астраханнан сондағы гимназияда оқыған Ерғали Есжанов сияқты білімді приказчиктер келіп, батағаға басшылық еткен. Долгийде біртіні кәсіптік училище ашылады, онда қазақ балалары да оқыған. Айрақтыда пристань орнап, Қоңыратқа тіке керуен жолы ашылған.

Ақын Иса көбіне қазақтың қара өлеңінің бағын жандырумен болған. Соның дәлелі ғақлия, нақыл үлгісінде шығарған мына өлеңі:

Күн тұман, ай қараңғы мұнарланған,

Құтылмас, қашса түлкі құба арланнан.

Құба арлан құтқармаған алтайыны

Көтеріп, таңнан сілкіп жұмарлаған...

Алғидың тауы биік, жері дала,

Aт міндім, жалтыр қылан көзі қара.

Көңілімді Алан десең хаққа тапсыр,

Қай елден тумас екен сонда — дана...

Басына шауып шықтым шоқ қайыңның,

Жігітке пайдасы жоқ құр уайымның.

Өмірде жарлымын деп мұңаймаңыз,

Берсе көп қазынасы құдайымның...

Мұндағы аңшы итінін кейпін беретін "Құба арлан" сөзін кейін Қайып Қорабайұлы Ақбөбекке шығарған ән өлеңінде қайталап екінші ғұмыр сыйлапты. "Алғидың тауы биік, жері дала" дегендегі Алғи жер аты. Аралдың солтүстігіндегі кеңістікті Адайлар осы күнге дейін Алғидың ала шөлі дейді. Бұл жолды "Алғидың" орнын "Оралдың" сөзімен алмастырып, кейіннен Аязбайдың Ерғалиы "Шайтан қара" әнінде қолданыпты. Исекең де өнерге өте жақын адам болған. Қасына әнші, күйшілерді көп топтаған. Өзі де ән салған, домбыра шерткен. Ол ән шығарған сазгер болды деген дерегіміз жоқ. Әйтсе де тап осы жолдар ән сөзіне ұқсайды. Күндердің күнінде бұл жолдар "Исаның әні" деген атпен әлде бір әншінің репертуарынан табылып жатса, таңғалуға болмайды.

Ермембет би де ақын болған. Бірақ оның ел есінде қалған өлеңдері бір қақпай қалжың түрінде болып келеді. Тақырыптық өлеңдері болмаған сыңайлы, болса да кейінге жалғаспай қалған. Яғни жетпеген. Замандас құрбы, тағдырлары қатар түзілген дос, бастас екі би кездескен жерде әуелде, бір-екі ауыз өлеңмен бір қағысып алуды әдетке айналдырып әкеткен. Ермембеттің бақилық болар алдында ауырып жатып, "Әлі де бір оғым бар оқпанымда" дейтін әзіл өлеңінің шығуына да, Исаның әлгіндей бір қақпайы себеп болды делінеді.

Ермембет бидің бір күзде малы ығып кетеді. Ауыл бір дүрлігіп қалысады. Әйтеуір арты қайыр. Малмен бірге ығып кеткен адам аман. Бәрі табылады. Ауыл қоңыр күздің мұндай бола беретін "көтеріп соқпасында" әбігер болып жатқанда, ауа райының талай құқайын көрген, әрі бір жағынан, әуелден-ақ шаруаға мойны аз бұрылатын, екінші жағынан, дүниенің күйкі тірлігінен қол үзген Ерекең абыржымай жата берген болса керек. Соны құлағы шалған Иса төмендегі әзіл өлеңін шығарып хатпен жібереді:

...Көшін көркем көрінер

Бұлдырап асқан белдегі.

Құралай ерткен ақ киік,

Ол да көркем көрінер.

Орғытып қашқан шөлдегі,

Алма мойын ақ үйрек,

Ол да сұлу көрінер.

Мамығын төккен көлдегі,

Тең құрбы еске түскенде

Жатады мас жігіт зерделі.

Ыққан малмен бір кеткен,
Биеттің ұлы Демесін
Тілектес болып, қалмапты,

Сол жігітті ер деді.

Қадамында болыпты,

Есен деген елдері.

Араласып сырласпай ,

Кім біледі пенденің.

Бір кереге, бір киіз,
Бір сапты аяқ жүгері
Ермембет биден табылып,

Сол болыпты бергені.

Исаның ақындық мұрасының жанашыр жоқшылары Төлесін Көшеков пен Сұлтанбек Нұржанов. Ол үшін бұларға алғысымыз шексіз. Жоғарыдағы өлең жолдарын осы екі азамат жинап қағазға түскен нұсқа бойынша беріп отырмыз. Исаның, "Елмен қоштасарда" айтқаны екен делінетін ендігі бір нұсқада "Хиуаға кетердегі" мен "Оязға барардағысының" жолдары араласып кеткен. Жаңа жолдары:

...Сілтеуге қылышымды қол мүдірді,

Халқымыз — шаман келсе көнбе деді.

Атадан ұл туғаның рас болса,

Еліңді, жеріңді де берме деді.

Әскерің қайратыңмен пар келмесе,

Ұрылып, бостан босқа өлме деді.

Ауған соң басымнан бақ, астымнан тақ,

Атса да, ассадағы еркі енді.

Әруақты Бабық Мынбай, Шеркеш Тұрлан

Патшадан оларға да ажал келді.

Хош болың, аға, жеңге, інілерім,

Қайта алмай осы жолдан барам енді.

Бұлар аталған екі өлеңнің "адасып жүрген" шумақтары ма, жоқ әлде дербес шығарма ма — ол жағының төрелігін беруге маман болмаған соң бой тарттық. Айтарымыз, Исаның, оған қатысты өлеңдердің текстологиясын жасап, бір ізге түсіру, кезек күттірмейтін іс. Әдебиетшілеріміздің парызы. Осыған үлгере алмай кеткен ғалым Қабиболла Сыдиықұлы сынды арысымыздың аманаты.

Исаның құйрық, жалы күзеліп, тамтығы ғана жеткен тағы бір өлең жолдары:

Араздаспай айырылдым,

Ағайын туған елменен.

Қызыл су жүріп кеткен күн

Тасыды өзен сенменен.

Дүние-ай, артта қол бұлғап
Құба шың қалды-ау көлденең,
Сағыз да қалды-ау Жемменен,

Алатау сырты дөнменен.

Өтер ме дүние осылай,

Екі аймалып келмеген?!

Ел ішінде Адай көші Маңғыстаудан шегінгенде, Хиуаға бірден тартпай, Жемнің ор басына салып, ол жақта да алдан шыққан патша әскерімен ұрысып беті қайтқан соң барып Бесқалаға құлады делінетін. Мынау өлең солай болғандығын айғақтайды. Жем, Сағыз белгілі өзендер. Құба шың, Алатау сол өзендер маңындағы тау сілемдері.

Исекеңнің біршама толық нұсқасы сақталып жетті деген шығармасы "Күйкеннің сонадайдан көрінгені-ай" деп аталады. Күйкен Бейнеудің оңтүстігінде көрініп тұрған шың аты. "Қырымның қырық батыры" жырындағы Манашы батырдың анасы Күйкен ұшып өлді делінетін жер. Дәл іргесінен о баста өзен, қазір ащы ағар Манашы ағып жатыр. Суы тұзды, тосап Манашы қыста қатпайды. Буы бұрқырап жатады. 1825 жылғы Ф.Берг экспедициясы алыстан солай буалдыр шалып тұрған тауды картаға "Тұманды таулар" деп түсіріп кеткен. Сол бір жағынан жердің ресми атауы болып қалыптасты.

Күйкен бұл өңірдегі ең биік жер. (Бір нұсқада өлең "Күйкеннің көшкен жерден көрінгені-ай" деп басталатынын қаперге береміз).

Күйкеннің сонадайдан көрінгені-ай,

Көк қабақ, көшіп астым беліңнен-ай.

Басқа күн баспақшы қыр түскен кезде ,

Айрылып елден елдің сөгілгені-ай.

Ұлықтар көнген елден ант алып жүр ,

Дегенде көзден жастың төгілгені-ай.

Қосарқан-Шақан, сенен жөнелгенде,

Ақылдың алпыс екі бөлінгені-ай.

Жаз жайлау Сарыарқаны алды орыс,

Қыстауға Маңғыстаудан бермей қоныс.

Әскері алды-артымнан бірдей қоршап,

Ерулеп отырмадым бір күн тыныш.

Әскерім қаруыммен сай болғанда,

Ел үшін салар ем ғой қырғын соғыс.

Дін үшін соғысудан талмас та едім,

Ақ Шәйіт Исатайдан қалмас та едім.

Сатылған шен-шекпенге залымдардың

Бастарын кесіп, колға салмас па едім?!

Көнсек те, патша бізге күн бермейді,

Салқын бел, қоңыр қоныс жер бермейді.

Алауыз аңқау елде қор болғанша,

Кеткеннен Иса енді ел көрмейді.

Хош енді, кіндігімді кескен жерім,

Бай, мырза, бекпен уәделескен жерім.

Асаудай аяғымды алшаң басып,

Сайраңдап көппен бірге өскен жерім.

Жанжалды жатқа салмай, жақыныммен

Кеңесіп көпке созбай шешкен жерім.

Сұм патша жерге қосып малымды алды,

Жон етімді жонып жеп, жанымды алды.

Атан, нар, арғымақ ат — азаматтан

Өзіне керектінің бәрін де алды.

Кетпейін күн шығысқа бетті түзеп,

Шықпаған тек шыбындай жаным қалды.

Қарындас, аға, жеңге, ініменен

Соңымнан бірі ермей, бәрі қалды.

Сұмдығы мұның бәрі патша иттің,

Іс емес — дей беретін тәңір салды.

Күйкен, Манашы баяғы бағзыдағы Ноғай бауырлардың қимай жылап қоштасқан жері ғой. Сонда қаншама жыр ақтарылды. "Қазақ-ноғайдың айрылысуы" бастаған қаншама күй төгілді. Алмағайып күн туғанда, сол кепті ата жұрттың қара шаңырағын ұстап қалған қазақ көшті. Ел зары, ел мұңы, бұл жолы Иса айтуымен осылай жадта жазылып қала барыпты.

Түрік құлақ, зейінді зерде Иса ақынның әр шығармасынын шығуы, дүниеге келуі көл-көсір, тарих құрығанда ауыздан ауызға айта жүрер ұлағатты әңгіме екендігін аңғарады. Соның біреуі былай өріледі.

Хиуада бас сауғалап жүрген күннің бірінде, Сарықыз бәйбіше ретін келтіріп, ұтырын тауып былай сөз бастайды:

— Исекем, сенің жаның жалғыз да — ажалың көп. Оны түгендеп түстесем:

Бірінші — тәңір ажалы, қай күні жіберерін өзі біледі.

Екінші — патша, жансызын әлдеқашан жұмсап қойған, ол іздеп жүр.

Үшінші — Хиуа ханының аламан қарақшылары, ұры-қарылар қапынды күтулі.

Төртінші — жаны үшін жанындағы жолдасын ұстап беретін сатқындар қақпаны құрулы.

Бесінші — мына тоғайдың қаптаған жолбарысы, іргеңнен кезін сатып басқан ізіңді торулы.

Осы араның ашқан бес ажалдан жалғыз жаның қалай, қаншаға дейін аман қалар екен? Қаншама сақтанғанмен, шүберекке түйгенмен, елден жырақ, жерден алыс бұл не жүріс? Кемді күнгі аманат жаныңды сен беріп алғанда, біздің күніміз не болады? - дейді. (Сарықыз бәйбішенің осы сөзінен кейін әйелге шашы ұзын, ақылы қысқа деп баға беріп жүрген қазақтың обалы — азғырған шайтанға, алдырған өзіне демей көр).

Әйелінің осы сөзінен соң Исекең серпіліп:

Адассақ — елге қайталық,

Кейінгі жақты байқалық.

Елді, жерді бір көріп,

Мұңымызды айталық.

Тағы бір қайта қоштасып,

Қол алысып достасып.

Шер тарқатып алмасақ,

Бетті кетер тос басып.

Ұсталсам — өзім кетейін,

Ел аралап өтейін.

Келе жатса ажалым,

Алдынан барып күтейін, — деулі.

Манатадан құлаған бойда — үй-ішін тіке Үдекте отырған (Сартастың оңтүстігіндегі қабақтың үсті) Бәйімбет Қыдырша Есіркеп досының аулына жібереді. Ояз алдынан жолы болып қайтқан Исаны алдынан шығып қарсы алған Есіркеп, боз бие сойып садақа берген.

Өзі түрмеге түскен соң, шаруасы шайқалған Досан қазасының біраз ауыртпалығын Иса көтеріпті. Әйеліне төмендегідей жоқтау шығарып береді.

Дүниенің аулақ жүріп боқтығынан,

Тұлпарым, ұстатпайтын шоқтығынан.

Қайтейін, қапы кетіп қалғанын-ай,

Қолында тендігіңнің жоқтығынан.

Хас жүйрік — тұлпар туған құласұрдан,

Жаралған құдай қалап нұры асылдан.

Еліңнен енді сендей ер туар ма?

Көп жауға қылыш сермеп құлаш ұрған?!

Исекең жетпістен асып, денесі ауыр тарта келген шағында:

Бір жас бар алдымызда сексен деген,

Мақсатым сол сексенге жетсем деген.

Осы күн атқа ырғып міне алмаймын,

Отырмын араз болып бөксемменен, — деулі.

Ұзын сарыны, бірер сөзі Абылдың кәрілікке арнаған, бейпілдігіне байланысты хатқа түспей, ауызда қалған бір өлеңіне ұқсас. Бұл Исекеңнің ақындық өнерде Абылды ұстаз тұтып, ұлықтап өткендігінен хабар береді. "Дүниедегі қызық не?" — деген сауалға:

Жүйрік ат, сұлу қатын, жақсы жолдас

Тірлікте үшеуінсіз бақ сыналмас.

Үшеуі бір басында қатар қонса,

Қызығы дүниенің таныс болмас!

— деп табан астында жауап беруі, Исаның халықтық поэзияның тұнығынан мейірі қанып, сусындап, тұңғиығына бойлаған ақындық қарымынан хабар береді.

Өзі ақын Иса, ақындар ортасында көп болған, олардың думанды, дулы, шулы маңдайын қошеметтеп, қолдаумен жүрген. Содан хабардар елі, ол Хиуадан келе жатқанда Байбоз Телбай ақынды алып шығып, қарсылап сәлемдесуді өлеңмен соған бастатқызған.

— Исеке, жүзін көріп бердік сәлем,

Хан болып Әбіл-Мәмбет өткен әлем.

Ақсұңқар, қолымыздан сен кеткен соң,

Артында бола алмадық біз де бәлен.

Алладан әрбір жерде үмітті едім,

Айналып тұғырына қонар деген.

Сөз тапқан Жиреншедей ділмарымсың,

Өлшессе — салмағын тең соларменен.

Халкыңның әлі сенен зор дәмесі

Көбінен әлі ілгері болар деген.

Бұрын да талай қыспақ көріп едің.

Түрікпенде Мәмбетсапа, би Бәймембет

Оны да жауаппенен жеңіп едің.

Билері үш ананың біріккенде

Айнымай ханға жауап беріп едің.

Өлтіріп полковникті кетсең-дағы

Айнымай, арыстаным, келіп едің.

Айнымай келіп тұрсың, арыстаным,

Бар еді төртеу-бесеу туысқаның.

Өлтіріп Рукинді кеткен күні,

Білінген қарындастан суысқаның.

...Арғы атаң Байбоз, Жамбоз — болып өткен,

Ұсынса көктегі айға қолы жеткен.

Исеке, сен нышаннан құр емессің —

Үстіне Қыдыр ата қонып өткен.

Исеке, қара емессің — ханымызсың,

Түйеде — қалың кілем нарымызсың.

Сан айтып қазақ ұлы мақтанса да,

Қолдағы бүгінгі күн барымызсың...

Бір нұсқада Телбай түйе жайып жүріп, Кетікте Ояз қабылдауынан шығып келе жатқан Иса ағасына кездескен жерде жебеген екен дейді мұны. Бұл нұсқаның құндылығы — толықтау. Алдыңғыға жалғас мынандай жолдары бар:

Қазтуған қарға бойлы,

Орақ, Мамай, Исатай,

Шеркеш Тұрлан, Асау, Мыңбай.

Жауымен жағаласып қылыш сермеп,

Өтті ғой дүниеден заманы оңбай.

Заман азса тәубадан патша кеткен,

Кезеңнен бұрыңғы ерлер олар да өткен.

Қара түгіл кешегі Арынғазы,

Ол дағы жерден ауып жат ел өткен.

Иса, Досан — елімнің егізі ең,

Мұндай ер енді тумас дегізіп ең.

Аузында Үшауыздың ту көтеріп,

Кетікте жауға ажал көрініп ең.

Ер Досан қолға түсті, жалғыз жаяу,

Жатқанда қапияда ұйқылы-ояу.

Қайран ер, жал-құйрықсыз жалғыз қалдың,

Қайрат-жігер болғанмен қимыл баяу.

Кім көнбеген Алланың салғанына?!

Барлық үміт артылған алдағыға.

Қайран аға, қайрат жи, бойды тікте,

Қарап ал да, шүкір деп, жан-жағыңа.

Ел арасында Исаға айтылған талай мақтау, мадақ өлеңдер көп сақталған. Солардың бәріне тән ерекшелік: ақындар ондай өлеңдерін атақ шығарып, жақсы атты көрініп, сый-сияпат көру үшін емес, керісінше ерінің ерлігін, өрлігін өрнектеу, өздеріндей арқалы ақынның қадірін түсінген соң, өздеріне қатал талап қоя отырып айтқан. Олардың бәріне бірдей тоқталып жатпай, Исекеңді көзі көре қалған ақынның соңы Сәттіғұл Жанғабылұлының мына бір жолдарын келтіре кетсек жеткілікті:

...Әділдік сүріп жәрдеммен,

Нашарға қуат әл берген.

Кешегі күні кек алдың,

Нешелер мықты, нәндерден.

Туғаннан Иса аталып,

Байұлы жұрты — Хан көрген.

Осы аз сөзге Иса Тіленбайұлының бар бағасы сиып тұр дерліктей. Атағы бір тайпа елден асып, бүкіл Кіші жүзге жету екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген бақыт. Соның бір тіні ер, ділмар, шешеннің ақындық қыры да болып табылады.

Баяғы әруақты Сүйінғара атасының, он жасар Исаға қарап отырып айтатыны бар еді ғой:

"Мінгенің — арғымақ пен нар болады екен,

Жегенің — жая мен жал болады екен.

Алдың толы — ел, артың толы — мал болады екен,

Жолың — қан, маңын — шаң болады екен,

Көкірегің — зар, тілің — бал болады екен...

Әттең, заманың тар болады екен!"

— деп, әулие шалдардың айтқаны келмеген, атқаны тимеген жері бар ма?! Дәл солай болды да қойды!...

СЕЙІС

Қазақтың қанша біткен бір өнері — сейістігі. Кез келген көзі қарақшы қазақ жылқы жайын біледі. Екінің бірі ат баптап жаратпаса да, мініс атын жолда қалдырмайтындай етіп таңдай алады. Бүгінде атағы әлемге мәшһүр Адай жылқысы сияқты тұқым — халықтың сан ғасырларға созылған генетикалық сұрыптауының, тәжірибесінің жемісі. Арқаның алты ай қысында өрісте тебіндеп жайылатын жылқылардың тұқымы — тек қазақта ғана бар. Өзге малдан бейнеті азырақ жылқы — халқымыздың ең көп өсірген түлігі болған. Ол Маңғыстауда да көп өсірілген.

— Қожаназар байдың жылқысының алды Қарақұмға барғанда, арты Манатадан шығып жатады екен. Бәрі келіп жабылғанда Жемнің суы төрт елі ортаяды-мыс, — деп аңыз қылады ел.

Бүгінгі тілмен айтқанда, атыс порты да қазақтың қызығының бірегейі.

Өткенде М.Ю. Лермонтовтың "Біздің заманның геройы" романы бойынша түсірілген "Бэла" атты көркем фильмді көріп отырып, қаралай сүйсінгенім бар. Оқиға Қап тауындағы шеркестер арасында өтетінін білеміз. Кинода той кезіндегі ат ойыны өте сәтті түсіріліпті. Сондағысы біздің Адайдың кәдуілгі орамал алып қашуы. Көкпар біздің елге сіңісті емес. Ол оңтүстік пен Жетісу қазақтарына ғана тән. Көкпардың біздегі баламасы — орамал алып қашу. Той иесі шетіне алтын, күміс жамбы, ақша түйген орамалды ортаға тастайды да, оны бір жігіт алып қашады. Көкпардағыдай дода жоқ, аты жеткені орамалды талассыз алып әрі қашады. Осылай біреу орамалды алып, әбден қара үзіп кеткенше созыла береді. Орамалды алған жігіт, оны жеңгесінің, егер бойдақ болса, көңілі түскен бойжеткеннің үйіне әкеледі. Ол ауыл орамал жарысына қатысушыларды құрметтеп күтіп алады. Ойын-сауық қайта жалғасады.

Шамалы шабысы бар атты орамал бәйгілік деп бағалау содан қалған. Қазақстанның өзге өңірлерінде ол айтылмайды. Ал бәйге қазақтың бәріне ортақ. Аламан бәйге — 30-40 одан да көп шақырымдық, 10-15, 5- 6 шақырымға созылатын қысқа бәйгені "ошақ басы", "құнан жарыс", "тай бәйге" дейді бір сөзбен.

Рихард Карутцтың "Маңғыстау түрікмендері мен қазақтары арасында" кітабында Бозащыдағы бір бәйгенің суреті беріліпті.

Сейістік өнер Исаға да дарыпты. Өзі жүйрік, баптап бәйгеге қосқан. Талай аламан бәйгеден жүйрігін келтірген. Атақты Қосжан атбегіні өте-мөте жақын тартқан. Ел аузында Қосекеннің лақап аты көп. "Жары Қосжан" - себебі оның руы Жары. "Қу Қосжан" - бұл жерде мұндай анықтама оған жылқының барлық бабын бақайшақтап білетін сұңғылалығына орай берілген. Қосжан Исаның замандасы. Зираты Қияқты маңында.

Бір жылы Арқада Кіші Жүз түгел, Орта Жүздің де көп руы қатысатын үлкен ас өтетін болады. Адай елін бастап баратын Иса қамға кіріседі. Жүйрік баптауды Қосжанға тапсырады. Қосжанның әдеті атын баптап, шақтап жаратады екен. Яғни, бәйгенің қашықтығына қарай, атты іріктеп алып баптайды. Ұзынқұлақ хабарға қарағанда, ол астың бәйгесі тым ұзақ. Ат өте алыстан айдалады. Жүйріктің жүйрігі ғана келе алмақ одан. Сейістің көңіліне мазасыздық енеді. Себебі ондай қашықтықтан озып келер жүйрік жоқ қолда. Сол күдігін Исаға айтса: — Ен Адайдан бір қылқұйрықты неге табылмайды? Дұрыстап ізде,- деп шығарып салады. Ақыры, барымен базар, үмітті аттың бірін алып, жолға шығады. Көш жолы Ауызорпаға келгенде, көзі шығырға жегіліп жүрген көрі бурыл мәстекке түсіп арбалады да қалады. Соны жалма жан есінен саудалайды. Жетектеп келе жатқан жүйрігін береді. Ертең бурыл бәйгі алса, бәрін бермек болып тағы уағдаласады. Ат иесі әрине қуана келіседі. Өзі кәрі, ыңыршағы айналған бурыл — ол үшін семіртіп, пышаққа салар тұғыр ғана. Оның бәйгіден келеріне сенімі аз Сейістің серіктері де күңкілдеп баққан екен, бірақ Қосекең айтқанынан қайтпай, бурылды жетекке шығарады. Ат бабымен жай, ұзақ жүріп ас берілгелі жатқан ауылға да жетеді. Исамен осы жерде кездеседі. Жол бойы түнемеге жайылған бурылдың, сауыры бүтінделіп қалыпты. Жаратылуы да жаман емес. Иса атты алды-артынан айналып көріп:

— Осыдан осы бурылды бәйгеден келтірсең, Қосеке, бір балаңның қалың малы менің қорамнан болсын, — дейді.

— Қаупім — табынның Төртөбелі. Бірақ жаратуы келіспепті, — деп жауап береді Қосжан.

— Ендеше дымың ішінде болсын. Екі елі ауызға — төрт елі қақпақ. Төртөбелдің обалы — сейісінде кетсін.

Исаның бұл ескертуі тегіннен тегін емес. Осы Қосжан ана бір жылғы осындай аламан бәйге алдында, бәйге аттардың бәрін көріп шығып, "Ана құла айғырдың ішінде сыңар құмалақ қалыпты. Сол болмаса, бірінші келгелі тұр екен" деп қалулы. Қосжан не дер екен деп, іргеден қойған тыңшы соны естіп, ат иесіне барып айтады. Ат иесі Қосжанға келіп, өлердегі сөзін айтып, атының бабын келтіріп беруді өтінеді. Тіпті, араға ағайын салады. Әркімнің өз көйлегі өзіне жақын, бәйгеге өздері де ат қосып тұрған бұл жақ көнбеген екен, ана жақтың сөз ұстар биі:

— Қосеке, сынға түсіп тұрған жануардың бағын байлағаныңызды Алла құп алар ма екен?! Ат өкпе артар, базына жасар азамат емес, ер қанаты емес пе еді, — деген екен. Қосжан сылқ ете түседі. Атты аулаққа апарып, жарауын келтіріп, бәйгісін алдырады. Содан ағайындары өкпелеп, Исаға шағым айтқан екен, ештеңе шықпапты. Қайта би Қосекесін қуаттап шықса керек.

— Байұлыныкі ғой. Біз алмасақ та ағайын алды. Ол үшін Қосекеңді кіналама. Бәйгесі біздің ошаққа байланды. Соны қанағат тұт, — деп шығарып салады.

Мына айтқаны — Қосжан бұл жолы солай етпесін деген сақтығы. Көптен күткен аламан бәйге де болады. Түс қыңа аттар да көрінеді. Келісім — бұл жолы ат тартылмайды. Сол себеп болып, қызық құмарлар — аттылы, жаяулы, қарақшы төбе жанында екі жарылып тұр. Қырат басынан әуелі бір ат көрінеді. Әдетте мұндай ұзақ қашықтықта қандай аузы құс тістеген сәйгүлік болса да, барлығып келер еді. Мынаның тынысы әлі кең. Аяқты көсіліп тастап, бейне ауыл арасында қашаған қуғандай еркін келеді. Ауыздық көруіне қарағанда, әлі біразға сілтей берер түрі бар. Бәйге — балада, қамшы сермеп, әлекке түспей, жалға жабысып, құдиып қалыпты. Таяп келгенде, барып көрді — бурыл! Жұрттың кеу-кеу үні, бәйге — баланың "Адай, Адай!" деген әлжуаз үнін көміп әкетті. Қосжанның көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті. Ат үстінде тұрған Иса бастаған игі жақсылардың кеуделері керіле қалды. Табынның Төртөбелі сүт пісірімнен кейін екінші болып келді.

— Әттең, жануардың алақандай жерінің ащы тері алынбаған екен. Әйтпесе, бәйгі соныкі еді, — деп бас шайқап тұр Қосжан.

Бурыл — айғыр екенін. Кезінде иесі оны ақталап жатуды да артық шаруа санаса керек. Жұрт сол жерде жатып келіп саудаласып, қызды қыздымен бір қыздың қалыңмалы дерлік бәсті атады. Онымен де тоқтар түрі жоқ. Өйтпегендеше, бәрі де ең болмаса, тұқым алғысы келіп тұр. Бірақ Қосжан келіспейді. Жануар құлын өрісін сағынар. Жат жерде қалдырмаймын. Әттең, мұның құнан, менің 25 дәуренім енді қайтып келмейді ғой. Келсе аспан астының бар бәйгісін қанжығаға байлар едік, — деп қамыққан. Сөйтіп бурылды жетекке алып, бәйгіден келген малды алға салып, анадағы уәде бойынша Ауылзорпадағы иесіне әкеліп береді. Ауызорпаның қасында Ойранияз дейтін әулие бар. Соның басындағы ақ жем болған ат басын осы бурыл тұлпардың басы екен деп отыратын үлкендер.

Бурылдың әлгі бәйгісі алғашқы және соңғы бәйгесі болыпты.

Иса уәдесіне тұрады. Қосжанның алдына біраз мал салады.

Бір қызықта, Иса өзі жүйрігін әлденеше бәйгіден келтіріп жүрсе де, бәйге малдан алмаған. Жұртқа таратып береді екен. Сейістері де солай болған. Мысалы атақты Қосжан атбегінің бар дәулеті соғымдық, сойыстық, сауындық аз ғана мал екен.

— Бұл Иса барда, Қосжан тіріде біз бәйгеден ұшпаққа шықпаспыз, — деулі онымен қалжыны жарасатын бір ауыз.

Сол Қосжан сияқты бір сейістің асын, бидің өзі бас болып өткізген.

Малды байларға салық салған. — Еліңнің атын бәйгеден келтіріп атын шығарған ердің ерлігі де кем емес. Оның елеусіз қалуы елдікке сын, — деуден жалықпаған. Бір сөзбен, бүгінгі тілмен айтқанда Исекең атбегі сейістсрдің демеушісі болған.

Исекеңнің сейістік өнерде Қосжанды пір тұтып, атын дәріптеп өткенінің бір мысалын маған Төлесін Көшекұлы айтты. Төкең мұны Дәулет ағасынан естіген. Ал Дәукен бұл әңгімені Қосжанның өз аузынан естіген. Сонда Қосжан атбегінің айтқанын тыңдағандар ішінде Исаның ұлы Кемелхан да отырыпты.

1885 жылы Шегемнің мыңғыртып жылқы айдаған Шотықбай байының жастай өлген баласы Есениязға Үстірттегі Салпы шыңырауының басында ас берілетін болды.

Соның алдында Иса болыс Қосжанды шақырып алады. Қосжанды жасы кіші болса да құрметтеп, Қосеке дейді екен, бұл жолы да сөзін солай бастайды.

— Қосеке, сенің сейістігің тағы сынға түскелі түр. Есенияз асына арғы Хорезм, қапталдағы Шағадамның түрікмендері, алты ата Әлім ағайын, Байұлының, аяқ жетер жердегі рулары түгел қатысады деп құлақтанып отырмын. Намысты қолдан бермеуіміз керек. Не ойың бар?— Мен Кіші жиренді баптап отырмын. Құдай қаласа үмітсіз емеспін. Дегенмен, жүйріктің бағы біледі ғой.

Кіші жирен ана жылы осы Қосжанның Қызыл құдықтағы Майлан Жары Қазмағанбет байдың қойшысынан астындағы жүйрік атын беріп, құнан күнінде алған сәйгүлігі еді. Жануар содан бері 7 аламан бәйгінің алдында келді. Атағы сондай болғанмен, тұрқы шағын, күйкілеу. Содан Кіші жирен аталып кеткен.

— Сен жаратқан атқа шәгім жоқ. Негізгі айтпағым ол еместі, Сейіс. Қосеке, байқап жүрсін бе, сенің осы өнеріңді ұстанып қалар серігін, ізбасарың көрінбейді ғой. Топырақтан тысқары болсаң талай жүйріктің бағын ашарсың. Бірақ соңыра көзін жұмылған соңғы бұл Адайдың атқа қарағандағы күні не болады? Осы жағын да бір ойларсың...

— Көңілімдегіні дөп бастың, биеке. Соңымнан Балжұмыр баланы қалдырмай жүрмін. Әлі түбіт иек бозбала. Бірақ сенімімді осы ақтар деймін. Өз балам Серікбайды да баулымақ ойым бар. Осы бәйгіде жиренге сол мініп шабады. Қасқадан төбел туатыны рас болса, Серікбайға ата өнерінен жұғын қалар. Ал енді ат танитын қазақтың басы, құдайға шүкір, әр ауылда да бар ғой. Бірақ шынымды айтсам, оларды сарапқа салып көрген емен.

— Ендеше, осы аста көр. Дәстүр бойынша, бәйгеден бұрын бәйге аттар сарапқа салынар. Сынап қарау жолын саған берер. Сен сырғақтап жолама. Әріптестеріңді солай бір байқап көрші.

Келісім осы болды. Уәделі күні ас басталды. Қосжан бас сейіс болудан әйтеуір бір сылтау айтып, шеттеп қалды. Тіпті, мұның жолын алған Матай Ботағара батырдың інісі Сүйіндіктің қасына ерген айғыр топқа да қосылған жоқ. Бірақ Сүйіндік не айтар екен деп, көкірегіңе түйе кел деп, Балжұмырды ертіп жібереді.

Бәйгінің бас сейісі болу да мәртебе. Соңыра соның болжамы дұрыс болып шықса, бәйгі алған аттың бәйгісінде оның да үлесі бар. Бәрінен бұрын айтқан болжамы дәл келсе, аспандап кетер даңқын айтсайшы. (Сағынайдың асында Құлагерді тауып, тарихта атын қалдырды ғой Күренбай сыншы). Дегенмен, атақ, даңқ, олжадан бұрын кәсіби құштарлығы, құмарлығы жеңген Сүйіндік жіті көзімен көрмедегі сәйгүліктерді ішіп-жегі-ақ келеді. Артындағы тобы аузын бағулы. Барахаттың атақты Көк байталының тұсына келгенде бас сейіс сәл аялдап, жақ ашты.

— Бірінші бәйгені алам деп келіп тұрсын. Бірақ... — аяғын айтпай күмілжіп, әрі өтіп кетті.

Ac иесі Есенияз марқұмның түрікменнен 18 боталы пар маяға алған көк арғымағы да көрмеде тұрған. Балалар жас болған соң, оны әйелі жаратып әкелген. Сейіс оның тұсынан сәл көз байырқалатып аялдады да, ләм деместен әрі ұзады.

Бәйгеге көп ат әкелініп тұр екен. Бәр-бәрінің де атағы дардай. Келмеймін деп тұрған ешқайсысы жоқ. Солардың соңына таман қойылған еді Кіші жирен. Оны сонадайдан таныған Сейіс, аяғын шапшаңдата басып таяп келді. Даусы да саңқ етті.

— Уай, қасқа, мына аттың бәрін қорқытып тұрған сен екенсің ғой. Сөйте тұрып, еңсеңді төмен ұстап сыр бермейсің, ә тоқта, тоқта, төрт аяғыңның шашасы астында тер қалыпты ғой. Бұл Қосжан соны көрмей, ай қарап жүр ме?

Сүйіндіктің бұл айтқанын Балжұмыр бала Қосжанға сол бойда бұлжытпай жеткізді. Шолақ шапанының етегін шала қағып, орнынан ұшып тұрған Қосжан жалма жан екі атқосшысын шақырып, бөлектеп алып шықты.

— Ымырт үйіріле сойылған төрт қойдың қарын, боғын киізге орап, ана қыран астына жеткізің. Сол жерде от жағың. Екі шәйнек су қоламта табында ысып тұратын болсын. Мен де іздеріңнен барамын.

Солай дей салып , ас иесі Есенияз марқұмның Көк арғымақты жаратқан бәйбішесіне келді. Асқа келген бетте, қайырлы болсын айтқаннан өзге таныстығы жоқ-ты онымен. Тек бір-бірінің атына сырттай қанық.

— Уа, замандас, бұйымым — бала симеген бір тулақ. Ырым болар ма екен деп, соны өзге емес, сенен сұрап тұрмын.

— Бала симеген тулақты, қайбір дұрыс атыңа жабармын дейсің? Ана шыбыш лақтаған ешкідей жиренге сұрап тұрсың ғой. "Баспа бас қызға бермес жануарың" былай тұқыртқан соң сейістің ізеті жайына жайылып кетті.

— Замандас, осыдан осы жирен бәйгенің алдында келмеді бар-ау, мен есігіңнің алдындағы құлың болуға бармын. Сен менің есігімде күн болып Өтуге бейіл боласың ба?

Әйел абыржып қалды. Дегенмен, салп сабырын жоғалтқан жоқ.

— Ойпырмай, замандас-ай, қызыл тілі түскірде сүйек жоқ, ауыр-ауыр сөзге барысып қалдық-ау өзі?! Қой, беті аулақ, бұл пендешілігіміз жануар жиреннің жолына садақа. Асып айтқанымызды құдай кешірсін.

Осылай деп, төрде шығыршықталып, жинаулы тұрған көп кілемнің ішінен бір шашақты қалың кілемді таңдап, әкелігі ізетпен ұсынды...

Ертеңіне кіші бесінде аттар көмбеге айдалар алдында, бас сейіс алдынан тағы өткізілген. Сонда Кіші жиреннің алдына кеп тоқтаған бас Сейіс:

— Әй, Қосжан, шырағатия-ау, не істегенсің?! Кешегі төр қайда кеткен. Бәйгімді шаппай бер деп, тұр ғой мына Жирен енді. Қой, қой, Қосжан, саған сөз жоқ екен, — деп басып шайқай берді.

Айтқандай, ертеңгі бәйгіде Жирен қара үзіп келді.

Бас бәйгі мойнына тайтұяқ алтын жамбы байлаулы, кілем жабулы қара нар бастаған он бір буаз нар — мая, бір-бір бесті жорға тіркеуімен еді. Қосжан соны алға салып, Исекең алдына әкелді. Би сонадайдан тұрып келіп, қолын алып құтты болсын айтты.

— Исеке, маған бәйгінің атағы артығымен жарап жатыр. Қалғанының билігі өзінде. Тек Есенияз марқұмның жесіріне абайламай пендешілікпен сөз қарымта қалдырып едім. Соған мыналардың ішінен айыпқа бір түйені атасаңыз болды, — деді. Оған қара нар жамбысымен, жабымен аталды. Тіркеуіндегі су төгілмес боз жорға күміс бас ерімен Сүйіндік сейістің алдына тартылады. Қалған бәйгі ата балаларына жол жолымен үлестірілді. Сонда ғой қасындағы топтың, іші тар ағайынның тағы:

— Бұл Исекеме, оған ақ адал бәйгісінің билігін ұстатқан Қосжанға ем жоқ екен, — деген наразылық күңкілін ауылға ала келетін.

Сол Қосжан 1925 жылы қайтыс болып, Жаманорпаға жерленеді. Басына Жаңайдың Құлбаласынан өрбіген шеберлер там салды. Там байғазысында үш жылдан соң ас беріледі деп сауын айтылған. Бірақ 28- дің зұлмат жұты, 29-дың тәркілеуге қатысты дүрбелеңі оны бере алмау қаупін төнгізгенде, Исаның екі баласы Нұрберген мен Кемелхан нар жүгін көтеріп, сейістің асының бар ауыртпалығын өздері иықтарына алды. Сөйтіп әкелерінің Қосжан сейіс алдындағы ықылас қарызынан құтылды, дос парызын өтеді.

Дүние-ай, Адайда сақилығымен аты шыққан, мыңды айдаған Шотықбай байдың бар малы, бар мүлкі 1930 жылдың жазында Дауысты Дүкеннің басында суыртпақ жібіне дейін тәркіленіп, өрен-жараны қолдарын төбесіне қойып, тентіреп кетті. Байдың басынан бақ тайған соң, келер қыста жұтап, жұттан аман қалғаны ит-құсқа жем болды. Шотықбай шалдан біз білетін тұяқ немересі Аханұлы Жазықбай бар қазір. Алматыда тұрады. Сексеннің сеңгірінде. Бұрыңғы ішкі әскердің полковнигі, 1945 жылы 9 майда Жеңіс күнінде Берлинде бір жылқы сойып, тойлап, атын шығарған ағаңыз осы.

Әттең, Адай елінің әйел сейісі Шотықбай келіні Есенияз жесірінің аты белгісіз болып қалып тұр әзірге. Ол кейіннен Қосжан кенесімен Көк арғымақтың жарауын келтіріп, Арқадағы әлденеше аламан бәйгіні алса керек. Көк арғымақтың атағы солай шыққан соң, бір кезде оны 18 нар маяға сатып, қолынан шығарып алған жәуміт түрікмен сақалын жұлып, санын сабалап өкініпті бір дүбірлі аста.

— Исаның атбегілік өнерін ұстартқан кісі — ұрпағы Жолаш болды, — деген дерек береді тағы Төлесін Көшекұлы.

— Ол өз кезеңінің белгілі атбегісі атанған. Жолаш жүйрік болатын атты қиядан таниды екен. Исекеңнің егдере келген шағында жылқы жағына бас-көздік еткен ол, үйірге кілең жүйрік айғырларды салады екен. Тарлық етпей, көңілдес ағайынға жылқысынан тұқым да беретін болған. Егер сейістік атбегілікті табиғи түйсік, өнер дейтін болсақ, әкесінің сол қырын мирас еткен ұлы Дихан ағаны (марқұм) мен жақсы білдім. Көп жыл көрші отырдық. Туды бітті, Форттан ұзамаған ол 1959 жылы Өзенге келді. Коды ұсынақтылығының арқасында механик болды әуелі.

— Дихан қара темірді қайысша илейді, — дейтін білетіндер. Соның бертінде өзіміз куә болған бір мысалы. Диекең бір жамағайынның ауласынан бұзылып тұрған "Москвич" машинасын көреді.

— Қай жері бұзылып тұр?

— Ойбай, бұзылмай тұрған жері жоқ. Сен сұрама, біз түгендеп айтып арамтер болмайық.

— Дегенмен, мен қарап көрейінші.

— Қарап көрме, басы бүтін алып кет. Жүргізе алсаң, игілігіңе тұтын. Арада апта өтпей Диекең келіп тұр. Астында анау күнгі "Москвич" жүйіткіп жүріп тұр. Диекең аға сөйтіп көлікті болып қалды. Машинаның қат уақыты. Соны ол біраз жыл тұтынды.

Диекең атышулы моторист. Оның бұл өнеріне ден қойғандар, ісі түскендер моторларын оңдатуға кезекке тұратын. Және бәрі бітірген ісіне риза болады. Зауыттан шыққандай болды деп мақтауын жеткізеді. Енді білсек, Дихан бойындағы дарын ата қанынан жұққан екен ғой. Ағаның ұрпақтары, қазір Өзенде тұрады. Жеңгеміз бар. Диекеңнің тағы бір азаматтығы жетім қалған жиені Нұрниязды тәрбиелеп өсіріп, үй қылып шығарды.

Маңғыстау қанша қиындықты басынан кешірсе де, белдеуінен жүйрігін жіберген жоқ. Сейістік өнерінен қол үзген жоқ. Бәйбіше Тасқара соның соғыс жылдарындағы өкілі. Туған жері — Бозащы. Ол өзін Қосжанның, Исаның шылбыр ұшын ұстап қалғанмын дейді екен.

Соғыс кезінде майданға Маңғыстаудан жылқы алды. Соны Гурьевке айдап, барушының, өңкей асау атқа бас білдірушінің бірі Тасқара әкеміз. Майданға баражақ жылқы ішінде сейістің бәсіре "Майлан торы" атты жүйрігі де бар екен. Жылқыны қоршау ішіне қамап беріп, енді кеткелі жатқанда, жануар "Майлан торы" биік қабырғадан қарғып шығып, иесінің қасына оқыранып тұрып алған. Майдан өкілі кавалериат офицер сол жерде "мынадай атты соғысқа салу обал" деп атты иесіне қалдырады. 1948 жылы Алматыда үлкен ат бәйгісі болатын болып, соған Тасекең "Майлан торысын" жаратады. Мақатқа барып, вагонға тиеп, Алматыға барады. Сонда бәйгі басын иемденеді. Астананың атбегі мамандары сол жерде "Майлан торыны" жылқы зауытына алып қалады.

Тасекең елге келген соң, "Майлан торысын" қатты сағыныпты. Жануар жат өрісті жатырқап жүр-ау деп күйзеліпті. Әйелі бала көтеруден тиылған екен. Соны "Майлан торының" наласы ұрды деп қабылдапты.

Ә.Кекілбаевтың атақты "Бәйгіторы" атты шығармасы осы "Майлан торыдан" алынған дейді жергілікті көзі қарақтылар. Әбекеңе елге келгенде, талай ат мінгізілді. Ішінде бәйгі бермес жүйріктері де бар. Әбекең солардың бірде біреуін алып кеткен емес. "Өрісін сағынып құса болады" деп, Маңғыстауда қалдырып кетеді. Сонда тегі іштей "Майлан торыны", Таскара сейісті, бурылды жетелеп қайтқан Қосжанды есіне алатын болса керек.

60-шы жылдары Өзенде Сейітқазиев Әйіп деген қария тұрды. Жанкелдиннің интернационалдық отрядының жауынгері. Баласы Болат мекемеде кадрлар бөлімінің бастығы. Інісі Смагұлов Жәңгір менің ұстазым. Осы ретпен аралас-құралас дерліктей таныспыз. Қазан төңкерісі қарсаңында кәсібін енді бастап жүрген жас журналист менің Айекең қарияға барған бетім. Ол өте кеңесшіл қарт еді. Сонда ол жебеген бір әңгіме Исаға тікелей қатысты. Себебі бұлардың үлкен атасы Сейітқазы — Иса болыстың писары болыпты. Астраханда орысша оқыған.

Жолдығалы өрен-жаранымен жас жігіт Сейітқазы (руы Жаппас) төңкерісшілер үйірмесіне қатысып, тек қатысып қоймай белсенді әрекет жасап сотталатын болған соң Маңғыстауға қашады. Осы жерде Исаға кездесіп, жағдайын жасырмай айтады, қамқор болуын өтінеді. Исекең оны писарь қылып алайын деп Оязға барса, оның қолында Сейітқазыға іздеу салынған қағаз отыр. Иса алған бетінен қайтпайды. Сейітқазының енді ол жолға түспейтіндігіне кепілдік беріп, қалай да өз қарауына жіберуді сұрап отырып алады. Сонда Ояз:

— Ай, Иса Тіленбаевич-ай, басынды тауға да, тасқа да саласың-ау. Бір себептен маған осы тәуекелің ұнайды, — деп күліп бұйымын орындайды. Сейітқазы солай Исаға писарь болады. Сол үйде бір баласындай болып тұрады.

— Исаның қолғанаты ешкімнен кем болмауы тиіс, — деп Исекең оны үйлендіріп, отаулап шығарады. Алдына мал салады.

— Өкіл әкесінен жұғысты бір қасиеті әкеміз де, оның балалары Смағулмен мен де жақсы ат десе, ішкен асымызды жерге қоятын болдық, — дейтін Айекен.

— Жанкелдин отрядында мен көбіне осы қырыммен көзге түстім. Әлекеңе кезінде "Торғай торы" деген жүйрікті тауып берген мен едім. Жангелдин оны өзін Шалқарға бастап, апарған досы Тасымов Қаражанға мінгізді. Қарекең елге сол атпен келді.

Фортта орысша оқыған Смағүл Ссйітқазиев уездегі алғашқы "Қосшы" ұйымының төрағасы, Красноводскідегі педагогикалық училишенің бірінші директоры болды. Ұлы Смағұлов Жәңгір атақты тарихшы ұстаз. Қазір Өзенде тұрады. Маған Иса жөнінде әңгіме жебегеннің бірі осы Жәкең ұстазым.

— Бұл қалай да жазылатын тақырып. Және сенің оң жамбасына келетін тақырып, — деп осы жолдарды жазуды маған табыстаған да мың болғыр Жәкен ағам. Ұмытып барады екенмін. Жәкең кезінде журналист те болған. Форт-Шевченко аудандық "Колхоз жолы" газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқарған...

Р.Карутцтың аталған еңбегінде бір әдемі кереге моланың суреті бар. Соның маңдайшасының үстінде жылқының басы бар. Біздің елдің сіңісті дәстүрі. Мысалы Балуанияздың құла атының басы да иесінің моласында шүберекке оралып әспеттеліп қойылған. Мұның өзге мысалдары да жетіп артылады. Исекең зиратында да ат басы тұрған бертінге дейін. Айтушылар оны қарасына сойылған жүйрігінің басы екен деседі. Міне, жарықтық. Қамбар ата түлігі, жарастықты өнер атбегі сейістік бұл елде солай әспеттеледі, солай құрметтеледі. Өйтпегенде ше. Оның жоқшылары Иса сияқты туып бір кеткен ерлер болған ғой алдымен.

ҒАФУР ҚАЛБЫҰЛЫ

Көтерілістің зардабын тірісінде де, өлген соң да бір кісідей тартқан тұлға бұл. Көтерілісшілерге бүйрегі бұрғанмен ол орыс үкіметі тарапынан жауапталып, сотталған жоқ. Бірақ онымен көтерілген ел, кейіннен көтерілісті дәріптеген кеңестік саясат тарапынан мақталған жоқ. Қайта қай жағынан да датталды. Солардың бәрі себеп болып, ол туралы аз айтылып келді, мүлдем жазылған жоқ дерлік, сөйте-сөйте ұмытылуға айналды. Ал Қалбы баласы Ғафур оған қияр кісін бе еді?!

Бәйімбет 5 Текей — Текейдің 5 баласы Әтембек, Байшағыр, Әнет, Жақау, Мамыртай. Әнеттен Қырымкүл Адайдың пірі Бекет атаның, замандасы, осы елден шетке барып жоғары діни білім алған алғашқылардың бірі. Содан бұл әулет шетінен діндар, софы. Оған қоса, шетінен ділмар, шешен, би, ақын, шебер. Билік тізгінін Қалбы ұстаған. Ол орнын баласы Ғафурге берген.

"Орыс үкіметі Маңғыстаудан көшіп кеткен түрікмен руларын қайта жинау мақсатында 1858 жылы Адай, Табын, Түрікмен арасындағы алауыздықты тидыруға күш салады. Орынбор Самараның генерал губернаторы генерал адъютант Катенин кіші Орданың батыс бөлігінің билеушісі Тәукин мен Новопетровск қамалының коменданты, подполковник Усковқа екі жақтың аузы дуалы адамдарын тауып, келіссөз жүргізуге бұйырады. Тәукен Адай биі Ғафур Қалбинді, Усков Түрікмен қожасы Ишан Нұрмұханбет Бектүрлиевті ұсынады..." (Ә.Кекілбаев. "Ұйқыдағы арудың оянуы". 56-бет).

Бұдан шығаратын қорытынды Ғафур сол уақытында бүкіл Адайды аузына қаратқан би. Патша үкіметі дистанцияның билік жүйесін енгізгенде таңдау Ғафур мен Бәйменбетке түседі. Екеуі төменгі, жоғары деп бөлінген екі дистанция басшысы, яғни бүкіл Адайдың әміршісі болып шыға келеді. Екеуіне де, зауряд хорунжий деген әскери қызметке теңестірілген азаматтық шен берілігі, кесімді жалақы тағайындалады, басқа артықшылық, жеңілдіктері тағы бар. Таңқаларлығы бұл екеуі туыс. Біз білген бұл елде тізгінді мұндай қатынастағы екі адамның ұстауы дау, жанжал, араздық болып тынушы еді. Арғы-бергідегі ондай қаңқу әңгіме естігеніміз жоқ, дерек те ұшыратқанымыз жоқ. (Көтеріліс алдында "екі қошқардың басы бір қазанға симауы" басқа әңгіме). Соған қарағанда халықтық демократиялық билік үкімет жағынан да, халық жағынан да қолдауға ие болған деуге негіз бар. Жоғарыда келтірген дерек үкіметтің оң көзі аралық билік Ішкі Орданың Тәукин сияқты басқарушылары да үнемі Ғафур атын алға оздыра бергенін растайды.

Ғафурдың ел алдындағы үлкен бір еңбегі өрісті кеңіткені. Әуелі Қарабұғаздың солтүстігіне қарай өз жақындарын індетіп, ішкерілетіп қондыра берген оның аяғы Қызылқұм, Қошабаға дейін жетеді. Бұл ретте ел жады қоныс үшін әдетте екі ел арасында бола беретін ұрыс, соғыс, барымта болды демейді. Соған қарағанда ол бұл жеңіске Нұрмұхамед Бекдүрлиев сияқты түрікмендерді аузына қаратып, ақсақалдармен мәмілеге келу арқылы жеткен.

Балқан тау, барғым келген бара алмадым,

Бауырыңнан аңыңды аулап ала алмадым.

Өріске онан арғы малды жайып,

Қауғамды құдығыңа сала алмадым.

— Бұл мүмкіндігі шектелген кезде Ғафур айтқан сөз делінеді. Қазақ "Балқан тау, ол да біздің барған тау" дейді ғой. Соған қарағанда ол баяғы бір заманда қазақ жерінің бір пұшпағы болған. Бидің көкейкесті арманы соны қайта өзіне қаратқысы келуі. Сонда Ғафурдың өзінің, не ағайындарының Маңғыстаудың қара ойына симай жатқан жер ойдық малы жоқ. Елдің келешегін ойлаған қам ғой. Қырымкүл аулының ата күлдігі Қарашажы, Тасбас. Ата зираты сол жерде. Бір баласының енші алып қоныстанған жері Ербасан суы, Сауысқан құмының құбыла беті. Қыстауы Мырзайыр ойының пұшпағы. Әулетте мыңдап жылқы, түйе айдап, отарлап қой ұстаған бай жоқ. Бірақ жуан ортадан бері күйі бар кедейі де болмаған. Қазақта әдетте діндарлау ауыл тақуа, былайғы дүниауй думанды тірлікке сырторайлау болып келетін әдеті бар-ды. Мысалы Есқали аулы. Қашағандай қарқуар ақын келгенде Елпілдектідей жер шұрайы аралда жағасы жайлау болып қыстап отырған Есекеннің қонағасыға тарылмағаны анық. Діннің алыстағы ауылға апшысы қуырылып жеткен, "нақышпанда"сияқты кірме — жалған сопылықтықшалығына ұрынған, діни қасан догмаларының ырқынан шыға алмаған, білімі таяз, сұпы ақынның домбыра тартқанын жақтырмай қалды. Оның түйсігінде домбыра, ойын-сауық шайтан ісі.

Ал бұл ауылда керісінше. Дін жоралғыларын, оқумен бірге ән-жыр, ақындық та қатар жүріп отырған. Кейіннен әулеттен бірнеше ақын, жыршы шығуының түп қазығы осы. Илаған Өнер мен шынайы ғылымды дамытқан хақ жол — Қожа Ахмет Ясауи жолының шапағаты — бұл!..

Ғафур дистанция бастығы бола тұрып, Хиуа хандығымен де байланысын үзген жоқ. Мұны екі ұшты саясат деп бағалауға болмайды. Бәрі елінің күн көріс қамы. Бұл дистанциядағы ауылдар қыста Оңтүстік Маңғыстауды, Жанғақтың ойын қыстап, жазда Хиуа хандығымен шекаралас өңірлерді жайлайды. Ол жерден ең жақын базар Қоңырат мал айдаған керуенге 10 күншілік қана жол. Ол дала өлшемінде қол ұсыным жер. Алыстағы Форттағы дүкенге, базарға олардың аяғы жетпейді. Оның үстіне ақшалары жоқ. Кетікте мал саудасы, мал өнімдерін сатып алу, айырбас әлі дами қоймаған. Сол себепті өзге жұрт түгілі қолы ұзын, мүмкіндігі молырақ бидің өзі негізгі малын Қоңырат, Хиуа базарларына шығарып отырған.

Адай елінің тең жартысын басқарушы Ғафурмен Хиуа ханы да санасады. Оның пейілін өзіне біржолата бұрып алып, орысқа айдап салу саясатын үнемі жүргізумен келеді. Ханның 1868 жылғы үндеуінде Ғафурдың да атының құрметпен аталуы содан.

Бәйменбет әріптесіне қарағанда діндарлау Ғафурдың Хиуа ханын мұсылман дінінің бұл беттегі бас жоқшысы деп түсінетіні де күдік келтірмейді. Дін Орта Азия хандықтарының бірден бір мемлекеттік саясаты болып, қанға сіңіп, қалыптасқан. Сот шариғат жолымен жүзеге асады. Қази хандықтағы нұрадың — бас уәзірден кейінгі шешуші тұлға болып табылады. Ханның өз бастарының қаншалықты діндар, пірадар болғандығы (бір ханның әкесі аяқ салған өгей шешесіне үйленіп, оның арты екі хандықтың арасындағы қырғын соғысқа айналуына қарағанда ол жағы күмәнділеу) бір құдайға аян. Бірақ сөз жүзінде олар пайғамбардың ақ туын көтерушілер.

Ғафурдың сұңғылалығы бүгін мысық табандап, іргеннен келген орыстың ертең төбенде ойнайтынын білді. Сондықтан сырттай оның қызметшісі бола жүріп ішін берген жоқ. Орыстар ендеп кетпей тұрғанда, етекті жиып, іргені бөлектеу керек деп түйді. Сондағы арқа сүйері — Хиуа ханы, сол арқылы бүкіл мұсылман жұрты.

— Сендер орысқа қарсы көтерілсеңдер біз қол ұшын береміз, әскер жібереміз. Арысы орыспен араз ағылшын жұрты да біз жағында, — деген хан үгітіне сенулі. Туысы әрі әріптесі Бәйменбет пен екеуінің арасына жік түсірген осы сенімі екендігінде сөз жоқ. Араздыққа бір жағынан патша әкімдерінің отар елдердегі дәрежесі тең басшыларды, ру мен руды бір біріне айдап, ызғыштырып, араз етіп қойып басқаратын аяр саясаты да қозғаушы болды. Бұл жағдаяттар Ғафурдың көтерілістен соң іле-шала жоғарыға жазған хатынан айқын көрінеді. Хат делінгенмен, бұл хат емес, тергеуге берген жауабына келіңкірейді. Бұл құжаттан бір байқағанымыз жоғарғы ұлықтар көтерілістің шығу себептерін дұрыс зерттеп, содан өздерінше қорытынды шығару саясатын ұстанғандай. Яғни түлкі бұлтаң, қоян жымынын басқа бір сорабын негіздеуге кіріскен. Бұл зымияндықты біліп отырған әккі саясаткер, айлакер Ғафур де хатында ішін бермейді, ешкімді көтеріліс үшін кінәлі қылып көрсетпейді. Тек жағдайдың қалай болғанын ғана қысқаша баяндайды. Қазақ тілінде жазылған хаттың орысша шебер, жатық аударылғаны көрініп түр. (Біз оны орысшадан кері аударып беріп отырмыз. Себебі қолымыздағы құжат орыс тілінде).

... 1866 жылы Маяев жоғарғы үкіметтің бұйрығымен тұрақты жалақы алып отырды да, менен үстем болып кетті, ал мен халыққа бұрынғы ықпалымнан айрылдым.

Өзіңіз білетіндей, биылғы жыл көктемінде Рукин мен Маяев бөтен оймен емес, керісінше халық игілігі үшін жаңа ережені енгізуге шықты. Екеуі де өлтірілді. Егер мен Рукиннің шақыруымен Фортқа барып, оны бастап жүрсем, ол жағдайға мен де душар болуым мүмкін еді. Бірақ сонда мен Рукинге өзім қатты ауру, ал ұлым өлім халінде болғандықтан бара алмадым.

Рукин менің бармауымды басқаша түсініп, мені дистанция басқарудан түсіріп, екі дистанцияны да Маяевка берді. Осыдан кейін мен Рукинге хат жазып, өзім жоғары бастықтарға шағымдану үшін жиналдым. Көп адамдар менен өкімет пен халық арасындағы араздық отын жағушы деп күмәнданады...

Егер Адайлар наразылығының нақты себептерін білгіңіз келсе мен Сізге оны өз білгенімше түсіндірейін:

1. Өткен жылы Орал облысында жаңа ережені енгізгенде, оны халықтың бір бөлігі қабылдап, бір бөлігі қабылдаған жоқ. Қабылдағандарды Адайдың Жары руының бір адамдары барымталады. Сол уақытта мен барымташылардың Даулеталы атасынан төрт барымташыны (басты өкілдері Алғи мен Досан және серігімен) тұтқындауға бұйрық алдым да, оны жергілікті бастықтарға жібердім. Оларға Сардар Аманжол мен Көтібардың ұлдарын тұтқындап, барымталаған жылқыларын тартып алу да бұйырылды. Жергілікті бастықтар мұны орындамағанмен, бүл сөз Жарылар арасында үлкен толқу туғызды.

2. Енді Исаның оларға неге наразы болғанын түсіндірейін. Жары руынан Рахменберді баласы Тоқпан Исаға орталарынан 4 адамды тұтқындап, барымталанған жылқыларды қайтару туралы бұйрық алғанын хабарлап не істеу қажет деп сұрады одан. Иса тіке жауап бермей, хат жазып, маған бәрінен бұрын орыс үкіметінің мүддесіне зиян келтіретін ұсыныс-пікірлерін айтып хат жазып жіберіпті. Тоқпан жақсы атты көрінгісі келіп, бұл хатты Рукинге көрсеткен. Енді осылайша басшылар алдында жаманатты болып қалған Иса бізбен наразы болып, жанына өзгелерді де тартты.

3. Бәйімбет руының Медет атасынан Қарамұраттың інісі Басшы жоғарыда айтылған ережені қабылдаған Орал қазақтарының жылқысын барымталап жүргенде елді. Қарамұрат сол үшін орыстарға қарсы кекке мініп, інісінің қаны үшін қан деп олардан да біреуді өлтіруге тырысты.

4. Тобыш руынан Құл балалары Ержан мен Ермембет Франгуловтың приказчигінен 5 жылқыны тартып алды. Маяев басшылықтың бұйрығы бойынша, олардың 5 жылқысын тартып алып, 5-еуін тағы айыпқа алды. Олар сол үшін Маяевпен де, бізбен де араздасып кетті.

5. Жеменей руынан Хансұлтан Аймамбетов Басшының досы еді, әрі Басшы өлген істе бірге еді. Сондықтан Хансұлтан ол өлім үшін кек алуды борышым деп, маңындағы адамдарды ұйтқытты.

6. Бұларға қосымша өткен жылы Арқада (Жемнің арғы сырты) көпестерді тонаған Адайларға өздеріне салынған айыпты тек екі адам ғана төлегенмен, жаза тіпті шамадан тыс қатты болды да, көп жұртты кейітті. Енді олардың көбі сөлдекендей кінәміз үшін осылай қатты жазалар болса бізге оларға қарсы көтерілуден басқа ештеңе қалған жоқ деп өрекпіп кетті. Бұл туралы барлық білетіндерден тәптіштеп сұрап көрсеңіз олар менің нағыз шындықты айтып отырғанымды растайды.

... Мен де, менің балам да, інім де бұл тәртіпсіздіктерге (көтеріліс туралы болып отыр әңгіме -Ә.С.) қатысқанымыз жоқ.

... Хиуа ханы мұндай сөзін бұған дейін ешбір қазаққа айтып көрген жоқ. Ойлап қалмаңыз, оның маған ұсынған сый-сияпаты мен жеңілдіктері Сіздің қызметіңізде алғанымнан кем екен деп ойлап қалмаңыз. Егер сенбесеңіз бір молланы жіберіңіз, мен оған ханның хатын көрсетейін, ол бұл айтқанымды куәландыра алады. Мен Сізге осыған дейін Хиуаға кетпегенімді түсіндірдім, енді ұлымды ол жаққа неге жібергенімді түсіндірейін..." Ғафур онан әрі көпес Николай Васюшиннен алған тауарына қоса Хиуа базарына 1 мың қой айдатып, ол жақта соның біразын несиеге бергенін, ұлын сол несиені жинауға жібергенін бажайлап баяндайды. Бұл баяндау тегіннен тегін емес. Ташкент архивінде генерал Крыжановскийдің жазбасы сақталған. Онда төмендегідей жолдар бар.

"М.Г.Дмитрий Алексеевич, Орал облысының әскери губернаторы Гурьев уезінен 1 рангалы капитан Тиеригиновтан алған жеке хаты бойынша маған төмендегіні хабарлайды: Бәйімбет руының биі Иса Тіленбаев полковник Рукинді тұтқынға алған соң, сол бойда оқиғаның барысын жақын жерде күтіп отырған Адайлардың тең жартысының басшысы Ғафур Қалбинге хабар береді. Бұл хабарды естіген Қалбин Хиуаға тұтқындарды хан алдына жеткізуге рұқсат сұрап шабарман жібереді. Оған ханның тұтқындарды Көне Үргенішке жеткізіп гарнизон бастығы Қаналы Арыслановқа (қашып кеткен есаул Ханғали Арсланов) тапсыруға, сонымен катар Ресейге соғыс жариялаған бұйрығы табыс етілді. Хан осы соғыста оған көмектеседі деп үміттенеді. Ғафур Қалбин осыдан соң 20 шабарманын Жем сыртындағы Адайлардың бәрі тауға қарай көшсін деген желеумен оларды біріктіруге жұмсады."

Бұдан білгеніміз патша үкіметінің ел арасында тыңшылары жеткілікті. Кім болуы мүмкін олар? Орта Азияда үкімет көбінесе әскер қызметінен қашқан не жалтарған, не басқалай қылмыстарымен қолға түскен татарларды қазақ арасына молда етіп жіберіп, өздеріне тыңшы қылатын. Оған қосымша сол уақытта Фортқа теңіздің арғы бетінен әр түрлі жағдаймен, іштерінде қылмыстылары да аз емес, басқа рудың қазақтары да келіп, көп қоныстанды. Малы жоқ, балық кәсібіне қырсыз олар орыстармен бұрынырақ араласқанын пайдаланып, көпестерге приказчик, тауарларды арзан бағамен көтере сатып алып, ауылдарға апарып қымбатына сататын бақалшылықпен айналысты. Бес саусақтың бәрі бір емес. Олардың арасынан да өкіметке жалданып жансыз болушылар табылды. Міне, бұл хабарлар үкіметке солай жетіп отырды.

Демек, Ғафурдың Хиуа ханымен арада мықты байланыста болуы шыңдық болып шықты. Егер олай болмаса, ол ел бүлініп жатқанда, басқа уақыт таппағандай Хиуаға несиесін жинауға адам жібере ме? Және басқа адам таба алмағандай баласын жұмсауы қалай? Әрине ол ханға болған жағдайды хабарлап әскер көмегін сұрады. Әуелгі келісім бойынша Хиуа ханынан Россияға соғыс бастауын да өтінді. Олай жорамалдауымызға генерал Крыжановскийдің жоғарыдағы хатын "Сіздің ұлы мәртебелі құзырыңызға бұл жоғарғылар туралы мағлұмдап, өз тарапымнан генерал -майор Веревкиннің Хиуа ханы Ресейге соғыс бастамақ деген хабарының негізсіздігін назарыңызға беремін." Яғни аяр хан қазақтарды арандатып алдап кеткен болды. Уәде еткен соғысын бастамайтын болды. Генерал Крыжановский сөз саптасына қарағанда, әскери барлаумен айналысатын басшы. Оның Хиуада да, хан сарайында да көз құлақтары бар. Солар арқылы ондағы жағдайды бек біліп отыр.

Арандап қалғанын кеш ұққан Ғафурдың ханнан аяғын тартқаны түсінікті. Орыс үкіметі қолдарында жоғарыдағыдай деректері бола тұра оны қылмысты жауапкершілікке тартқан жоқ. Себебі оларға Ғафур әлі де керек еді. Ертеңгі күнге жоспарланып жатқан Хиуаға шабуылдының көмегіне ділгер болатынын білді. Білді де жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырды. Дистанция бастығынан алғанмен, мансапсыз қалдырған жоқ. Билігін өзінде қалдырып, болыс етті.

Қожахмет Уәзір "Тұщыбек — кіндігімді кескен жерім" кітабының 32 бетінде "Ғафур Қалбыұлы болыс болып тұрғанда 1880 жылы жаз айында Ашхабад қаласынан шақыру хат келді" дейді. Хаттың Ашхабадтан келуі мүмкін емес. Өйткені ол әлі дербес түрікменнің Теке хандығының қолында. Хат немесе шақыру хабары Красноводскіден келеді. Шақырылу себебі Ахалтеке жорығына дайындық, соған елдің белді, беделді адамдарын жинап ат, түйе, адам сұрау.

Қожахмет жолаушы Мырзайырдан шықты, қасында жалғыз баласы Қисықбас бар екен дейді. Бұл да ағаттау. Себебі бай Ғафур түгілі, орта шаруаның өзі Мырзайырды жайламаған. Ғафур сияқты ел ағасының қасына баласын ғана серік етіп алыс сапарға шықпасы және белгілі. Бұлар ішінде Қисықбас та бар айғыр топ адам Оңтүстік Үстірттегі жайлаудан шығады жолға. Жолшыбай кенеттен ауырып, ақырет қамын досы әрі аталас ағайын Мамыртай Есжанға (Ақбөбек сұлудың әкесі) тапсырып, сүйегін ата қауымы Қарашажыға жеткізуді аманаттайды. Есжан бай осы күнгі Есжан тақыр деп аталатын (Түрікменстанның бергі шеті) жерде отыр екен. Қисықбас келіп, аға баласы деп құрметтеп, алдынан шыққан Есжан ағасына қаралы хабарды өлеңмен естіртеді:

Ассалаумағалейкум, Есжан аға,

Сізге бізді жіберді Хақтағала.

Күнінде Ғафур әкем болыс болған,

Жүруге осы жаққа бір іс болған.

Сәлемін иман жолдап сізге айтты,

Жеткізуін міндеттеп бізге айтты:

Маңғыстаудың Мырзайыр, Басқұдығы,

Қарашажыдан қабірді қазсын деді.

Терең қылып тепкілеп ойсын деді,

Төріне сүйегімді қойсын деді.

Маңғыстау әулиелер қолдаған жер,

Ac беріп, той-тойлағап ат шаптырып,

Ауылым, аймағыммен дулаған жер.

Әнші, күйші, жыршысы жырлаған жер,

Тәу етіп Бекет ата әруағына,

Басына зиярат қып сыйлаған жер.

Тірің түгіл өлің де жатуды аңсап,

Түсінде аян беріп қимаған жер...

Есжан аулы сол жерде қарбалас аманатты орындауға кіріседі. Іш- құрылысын бөлектеп, тұздап, дәрулеп, бұл да дененің бір бөлшегі елеусіз қалмасын деп, оны да кебіндеу рәсімін жасап, Қошоба маңындағы Әнет немересі Назаралы атасының қауымына апарып жерлейді. Ол да кезінде әруақты адам болған екен. Қазір онда да Ғафур қабірі делінген жұрт зиярат ететін орын бар. Мумиялау технологиясы — өте күрделі процесс. Соған қарамастан археологтар Азияның қу меден шөл даласынан біздің эрамыздан әлденеше ғасыр бұрын мумияланған адам денелерін тауып жатыр. Ал соның құпиясын біздің аталар да білген делінеді. Ауызекі әңгімеден ұшығын ұстай қалғанымыз — біздің мумиялауымыз — денені іш құрылысын алған соң, нархоз сияқты қош иісті шөптердің түтініне ыстау деседі. Сонда сартап болған адам денесі кәдімгі ұйықтап жатқан кісідей болып қалатын көрінеді.

Ғафурдың солай мумиялап қатырылған денесін алып, 6жігіт 4сүйек артуға бөлінген нардан басқа азық-түлік артылған 2-3 түйе — қысқасы керуен болып, үдере жүріп, Мырзайырдағы қыстауға жетеді. Ғафур қыстауы қазіргі Ащы егіз, Тұщы егіз деп аталатын екі құдықтың тұсындағы тепсең. Қасында мешіті болған. Ә.Кекілбаев "Тасбақаның шөбі" әңгімесіне Қарабала барды дейтін "Ашкөліңіз" осы. Орны ақ айранданып, әлі керініп жатыр. Қыстауда намазын оқып, жаназасын шығарған мәйітті Қарашажыдағы ата қауымға алып жүреді. Сол жылы қар ерте түскен екен. Қарашаға жете қар борай жөнеледі. Сонда қаралы керуенді Түрікменстаннан бастап келе жатқан досы Қали құбылаға қарап отырып, көкке қарап, қолын жайып: "Е, жаратқан, біз білген Ғафур біз білгенде Хақ жолынан қия баспаған пендең емес пе еді, салмайсыңба шапағатыңды", — деп жылағанда, жел сап тиылып, аспан ашылып, күннің нұры бұлттың жыртығынан дәл осы жерге себезгілеп түсе қалды деседі, мұны бізге айтқан аталар.

Fафур қарасына мыңға жуық адам жиналды. Келесі жылы берілген асына нөкерлерін ертіп, ояздың көмекшісі тарту-таралғысымен келеді. Астың асабасы Иса болған.

1999 жылы қыркүйекте Қарашажыда Қырымқұл атаға әсем кесене, мешіт, түнеухана салынып қатым құран бағышталды. Ac берілді. Сонда осы әңгімелер жебеліп еді.

Қырымқұлдың ділмарлық, ақындық жолын ұстаның қырап қалған баласы Қожа. Қисықбас та ақын, бірақ Қожадай емес. Қожа эпик ақын.

1884 жылғы Ахал-Теке жорығына қатысқан Қожа сонда жараланады. Сол жара зардабынан, әлде аурудан, әйтеуір ерте бақилық болады.

Қазақстан Мемлекеттік Орталық архивінде сақталған құжатта Қожаның фамилиясы үкіметке еңбегі сіңіп, қаза болғандардың отбасына шығарылған пенсия тізімінде Қабақ Ерменбетовтен кейін Хожа Қалбинов болып тұр (Ф-85, опі, д-37, связка 2, стр.6-25).

Қырымқұл Ғафур ұрпақтары — қазір Маңғыстауда үлкен бір ауыл.

Аталарының ділмарлық, ақындық өнері қонған бір ұрпағы Зәмзәгүл Назарова еді. Орта мектептен соң еңбек жолын Мұнайлы аудандық газетінде тілшіліктен бастаған. Газет редакторы, түбек журналистикасының ақсақалы Мұктасын Суханбердиев, орынбасары — мен қызымыздың ілкі кадамына, талабына қуанып, тілектес болып жүретінбіз. Кейіннен ол ҚазМУ-да журналистика факультетіне сырттай түсті. Артынша, облыс, аудан тарап, газеттері жабылды. Облыс кайта ұйымдасты да, ауданға ол бақыт бұйырмады.

Қайта ұйымдасқан облыстық газетке Зәмзәгүл жұмысқа алынбады. Редактор газетке Маңғыстаулық жергілікті кадрларды тартуға, оның ішінде қыздарды алуға, пейілді емес болатын. Бірақ, онымен опық жеген Зәмзәгүл жоқ. Университетті үздік бітірген ол, журналистік дипломмен Маңғыстау кентіндегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің озық мұғалімі болып жүр. Тұрмыс кұрды. Көп балалы ана атанды. Әттең, деймін мен, егер сонда Зәмзәгүл журналистік қызметтен қол үзбесе атасының ақындық жолын сәтімен жалғастырып кетер еді ғой.

Елде бүгінде Иса туралы айтылған жерде әңгіме болмай қалмайтын, көрнекті тұлға Ғафур Қалбыұлы жайлы қысқаша қайырым осы.

МАЯНЫҢ ҰЛЫ БӘЙМЕНБЕТ

Күні бүгінге дейін бұл сауалға жауап бір сарынды болып келді. Соның негізгі түйіні ол кезінде патша отаршыларының сойылын соғып, туған елінің мүддесінен саяқтап, ақыры сонысына орай халық қолынан жазаланған дегенге саяды. Кезінде бір ғана өлшемді — маркистік-лениндік методологияны басшылыққа алып, түзілген тарихымыздың қатал үкім-ұйғарымы осы. Соның ыңғайында жазылып қағазға түскен ғылыми монография, басқа жазба еңбектер де Бәйменбет туралы негізінен осылай дейді. Бір сөзбен айтқанда, ақты қара деп тануға қаны қас, аққа құдай жақтығына құлай ұйыйтын біз осы өңірдің өткенінде елеулі ізі бар бұл есімге келгенде тым аяусыз болып келдік. Ал қашанда халықтың ой-арманының, ықылас-ниетінің, пейіл-сүйіспеншілігінің көрінісі, ділі болып қалған, сертіне берік, ұстанған жолына адал өлең- жыр, толғау, әфсаналары Маяның ұлы Бәйменбетке мүлдем басқаша баға береді. Енді соларды тыңдап бір көрелікші: Бәйменбеттің замандасы, патша өкіметінің озбырлық саясатынан зардап шегіп, елінен, жерінен ығысып, ең соңында сүйегі жат топырақта қалған жыраулығына жауынгерлігі сай ақберен Қалнияз Шопықұлы (1816-1902) өмірінің соңындағы қоштасу сөзінде:

Тілге шешен билерім,
Есенбет Мерген, Бәйменбет,
Алдына шыққан жан бар ма? —

Адай түгіл Алшыннан,-десе, атақты "Елге сәлем" атты толғауында:

Азырақ қырсық шалып біздің елді,
Патшаға қарсы шығып бүлінгені,
Жазалап жазығы жоқ Бәйменбетті

Ерлерім ақылсыздың ісін етті.

Ерлерім ойламаған соңғылықты,

Патшаға кәне кімнің күші жетті?

Көңілі көк тіреген ерлерімді,

Шақырып ояз алды тергеу етті.

Көшпенді шаруа қазақ елдерімді,

Көнбесең қырамыз деп әмір етті.

Біздің ел содан қорқып өрге кетті,

Көбісі Иран өтіп, Ауған кетті.

Дегендей "бөлінгенді бөрі жейді"

Түбінде көрмей қалмас жетімдікті.

Отырған жақсы екен ғой енді білдік,

Қалған ел қонысында несі кетті?

Атамекені қазіргі Бейнеу ауданының Сам құмынан өкше көтеру себебінің басы 1870 жылғы көтеріліс болған Қалнияз ақын бастарына түскен зобалаңның кесірін патша үкіметінің жағында жүрген Бәйменбеттен қоса көруі керек сияқты еді.Бірақ байыпты, оқиғаға үлкен парық-парасатпен қараған ділмәр, керісінше, жазығы жоқ Бәйменбет жоқ жерден жазалы болды, ерлерімнің сонысы ағаттық еді,—дей келіп, күштімен тіресіп асығыстық еткендікке өкінеді. Бұл жерде ол Абылай ханның ақылшысы, сәуегейі Бұхар жырау ұстанған жол, үрдістен жаңылып отырған жоқ, яғни үлкен саясаткерлік танытып отыр.

Ал, енді Қалнияздың ізбасары ақын Өмір Қараұлы (1859-1922) 1910 жылғы "иттің жұтында" күйзелген елінің мұңын мұңдап шығарған толғауында:

— Алдарын ойлап болжаған,

Ақылды кеңнен ойлаған,
Ғапур менен Бәйменбет,
Сөйлеген шығып ордадан,

— дей келіп олардың жолын ұстап ел қамын жеген билер санатында Иса, Тілеген, Мәтжан, Қожықтардың атын атайды. Өмір ақын Қырымқұлдың он баласының бірі Есенәлісінің немересі. Яғни ата жағынан Ғафурмен бел немере. Ал Ғафур болса, Бәйменбетке қарсы көтерісшілер жағында болды ғой. Ақын Ғафурдың арын арлап, жоғын жоқтап, Бәйменбеттің ісін теріс десе жоғарыдағы сөзін айтпас еді. Көтеріліс басшыларының бірі Исаның атын да сол жерде атамас еді. Демек, ол Бәйменбет әрекетінен дұшпандық қарсылық тауып отырған жоқ, керісінше оны Ғафурмен терезесі тең, ел мұңын мұндаған тұлға деп танып, таныстырып отыр.

Екі ғасырдың астасқан жерінде, Кеңес үкіметі орнап, Бәйменбет, Ғафур, Иса сияқты билердің атын атаудың өзі қылмыс болып танылып, жер өртеніп, аспан күйіп тұрған алмағайып кезеңнің өзінде өнерімен, сөзімен көзге түскен Қамысбай Бәйімбет Төлеуұлы (1876-1931) "Шежіре сөзінде":

— Адайда өткен ер Бекет,

Билігі озған Бәйменбет

— деп, Мая баласының атын Бекет ата піріміздің, ұранымыздың атымен бірге атайды. Тағы да сол Қырымқұл атаның сөз өнері дарыған бір шөбересі Ұзақбай Қазжанұлы Әлиев(1897- 1976) Бәйменбет атын былай деп уағыздайды:

Есекең, Құлат, Ерменбет,

Жанғабыл, Қалбы тұсында,

Халықтың басын құрады.

Ақылды дана Бәйменбет —

Ақылдың аққан бұлағы.

Жазыммен шыққан арадан

Айрылған халық данадан.

1976 жылы қазіргі Қызылсай — Ескі Өзенде бақилық болған Үзекең марқұмды біз көре қалдық. Немересі Ұзакбаева Тілектеспен бір сыныпта оқыдық, көрші тұрдық. Есімізде қалғаны — жасының ұлғайған кісі екендігіне қарамастан, кең тынысты жыршы болатын. Қара әңгіменің де жүйрігі еді. Өкінішке орай, ол кезде жас, борбастау болуымыз себепті жыраудың көп сөздерінің байыбына барудан аулақ қалдық.

Міне, өлкеміздің белгілі ақын-жырауларының сөздері арқылы Бәйменбет жайлы бізге жеткендері осылар. Бұл да еліміз егемендік алып, мұрамызды шын мұрагерге сай түгендеп, түстеуге мүмкіндік алған соң әдебиет жанашыры Жетібай Жылқышиев жинап құрастырып, ғалым Қабиболла Сыдиықов алғы сөзін жазып, облыстық баспаханадан шығарылған "Жыр-дария" жинағы арқылы мүмкін болды. Әрине, Бәйменбет жайлы айтылғандар бұдан да көп болуы тиіс. Олай деуімізге себеп — ғалым Қабекең 1986 жылы арнайы іс сапармен Кіндік Азия елдерінде болып оралуы. Сонда Қалнияз ақынның жолын ұстанған ұрпағы Қортан жырау аулында болып Қалнияздың бізге белгісіз "Жорық күйі" дейтін күйін, бірнеше өлең жырларын, тағы да басқа қазыналарды алып келді. Олар оқырманның қолына тиер сәтті күнін күтулі.

Енді шежіре бойынша Бәйменбет Маяұлының ата-тегі қалай түзіліп тарайды — соған тоқталалық. Адай — Келімберді — Мұңал — Бәйімбет — Алдаберді. Алдабердіден: Райымберді. Райымбердіден: Боқсары, Текей, Жанақ. Текейдің бес баласы - Әтембек, Байшағыр, Мамыртай, Жақау, Әнет. Әнеттен: жеті бала - Қыдырша, Қырымқұл, Бабақұл, Мая, Төлеп, Қоштан, Жаныс. Маядан төрт бала - Бәйменбет, Мұха, Әйменбет, Көтібар. Аттарының өзі айтып тұрғандай, бұлардың дені бұл күнде дербес ру атағына ие болып, қыз алысарлық дегендей деңгейге дейін өсті. Ел аузындағы аңызда Қырымқұл Адай елінде алғашқылардың бірі болып Бұхараға барып білім алып, сүйегі сол жақта қалды делінеді. Қазақтың бұрынғы көшпелі аулында әр атаның әр су, өрісті жайлап, қыстап, кейіннен әулетінің меншігі етіп әкететін үрдісі бойынша Қырымқұл ата ұрпағы қазіргі Қарашажы -Тасбас жеріне барып ту тіккен. Көгені ұзын, іргесінің көңі қалың бұл ауыл Жаңғақтың арғы басына дейін шығандап барып жайлаған сияқты. Әнеттің бір баласы Төлеп. Кәдімгі аты аңызға айналған Төлеп батыр. Бүгінде шаңырағының ұзын саны 130-дай болып қалған Төлеп батырдың 13 баласының ата күлдігі Қаратаудың шығысы болып саналады. Ежелден еншісі бөлінбеген екі ауыл Мамыртай мен Жақау Оңтүстік Үстіртті жайлаған. Жанақ пен Әйменбеттің ата қонысы Түпқарағанның шығыс, орталық өңірі. Бәйімбет руының әр атасы, ата қонысына бұлай тоқталып отырғанымыз тегіннен тегін емес. Кең байтақ қазақ даласын баса көктеп билеп қалған патша отаршылары елді алтыбақан алауыз етіп бағындырып ұстаудың өте бір құйтырқы саясатын ойлап тапқан ғой. Онысы түбі бір елді қырық бөліп, қонысы мен өрісін межелеп әртүрлі әкімшілік бағынысқа салып, бөлшектеп ұстау. Сол саясат бойынша күні кеше бірге көшіп, бірге қонып жүрген, мал-жаны аралас-құралас Адай елі әуелі екі дистанцияға бөлінді. Оның бірі жоғары, екіншісі төменгі дистанция деп аталды. Мекен жай орнына қарай өзге рулармен бірге Бәйімбет руы да екіге бөлінді. Бір дистанцияның бастығы Ғафур Қалбин, екіншісінің басшысы Бәйменбет Маяев болып тағайындалды. Сол уақытта қазақтың ең көп руларының бірінен саналатын сегіз арыс Адайға басқа белді, беделді ешкім таппағандай екі туысты басшы ету де сайқал саясат салдары емес пе? Әрқайсысы өзіне бағынышты елінің намысын жыртып, бітіп болмайтын ағайын арасының дауын даулаған екі туыс бет жыртысып, дүрдараз болса, отаршыға одан артық не ұпай керек? Менің ауылымнан ел билейтін ешкім шықпайды деп басқа шонжарлар бұлардың үстінен арыз айтып, есігін құрғатпай тұрса, озбырға одан артық не ұтыс керек?

Оның үстіне дәл осы кезде Адай елінің де сыртқы хал-ахуалы онша емес-ті. Қыр желкенде қит етсе аламанын аттандап салып, қылышын қынабынан суырып Хиуа ханы отыр. Мал жағдайымен жеріне көшіп барып, малын сатып, базарын базарлап тұратын шаруа елдің Хиуа ханының қас-қабағына қарамасқа лажы жоқ. Сол кіріптарлықты малданған хан бұл елден пітір, зекет талап етеді. Тағысын тағы салықтары тағы бар. Дергейіне бас ұрып, орысқа қарап кеттің деген дауы сірә үйреншікті. Қорғаныс іздеп араша сұрауға орыстың ықпалы мен күші алақандай қараған түбектен әзір бері аса алар емес. Осындай жағдаймен Ғафур Қалбин бастаған жоғарғы дистанцияға қарасты ел ханның қас-қабағына қарағыштай беретін де, хан қаһарынан жырақтағы төменгі дистанция, яғни Бәйменбет басқарған ел орыс әміріне көбірек мойынсұнатын. Соған қаһарланған Хиуа ханы ұтырын тауып, бұл жаққа қарақшы аламандарын жіберіп шауып, тонау әрекеттерін тымайтын. Соның бір қайғылы мысалы 1832 жылғы Сүйінғара ауылының шабылуы болса, екінші бір мысалы 1847 жылғы Мая ауылының шабылуы.

Г.С.Карелиннің жазбаларында Мая әулетіне қатысты бір қызықты дерек ұшырасады. Саяхатшы әскерімен әуелі Солтүстік Үстірттің ернегіне келіп мекен тебеді ғой. Бірінші мақсаты болашақ қамал салатын қолайлы орынды анықтау. Сондағы оның орнаған жері Сисем Ата қауымының Солтүстік жағындағы Бесбұлақ сайының басы. Жауынгершілік уақыт. Қаупі күшті экспедиция келген төбе басынан төрт бұрышты бекініс жасап, зеңбіректерін орнатады. Бекіністен бұлаққа тауды қашап жол салады. Бір бөлігі бекініспен болып жатқанда атты шолушылар төңіректі барлайды. Уақытша делінгенмен мықты, тіпті инженерлік өнердің озық дерлік ол бекініс орны әлі сақталған. Осы жерде Г.Карелин Мая тұқымымен кездеседі. "Жаңа мейманымыз екі иығына екі жігітмінгендей қарулы жас жігіт, жасы отыздар шамасында. Сөз мәнісінен Сарайшықта талай болып жүргенін, Жайық бойының орыстарын көріп тұрғаны бір бұл емес екенін аңғардым. Сондықтан көп ойланбастан арақ ұсындым. Ол оған келісті, бірақ алдын ала атын сұрамасқа сөзімді алды" — дейді Карелин.

Бұл жас жігіт те, оның қасындағы шал да ол келістерінде орыстар ұсынған арақтан бас тартпаған. Содан ғой Әбекең — Әбіш Кекілбаевтың:

— Құрымағырлар, менің, Бәйімбет нағашыларым ғой, Адайды бастап, араққа ауыздандырған. Әйтпесе әлемдегі ішімдік атаулыны татып алмайтын ең бір салиқалы жұрт болар едік, — деп күлетіні. Карелин жазбаларын алғаш ден қо зерттеп, кей жерін аударған осы Әбекең. Әуелі орыстармен солай басталған таныстық ұлғая берген сыңайлы. Карелиннің жолбасшыларының бірі Барлыбай, Құлжабай Тасболатовтар — сол жердің тұрғындары Темекейдің Тасболат тармағынан. Г.С.Карелин бекініс салатын қолайлы орын Қызылтас мүйісі деп табады. Бұл тұщы бұлақтары көп, теңізге қараған беті түйе тайлы, құрылыс материалы — тас жеткілікті. Сөйтіп 1834 жылдың жазғы салымында Қызылтастан 500 әскерлік қамал салынып бітеді. Оның бітуіне жергілікті ру басшылары, билер, ақсақалдар да қатысады. Ішінде Мая не Бәйменбеттің болуы да мүмкін. Олай деуімізге себеп: дәл сол кезде Мая аулы бекініске жақын Елегажы, Ешкіқырған құдықтарының басында отыр екен. Артынша Хиуа ханы Мая биді шақырып алып, іргенде салынып жатқан қамалға қарсылық білдірмедің, қайта қолдадың деп үй тұтқыны қылып, қамап қояды. Әкесінің артынан барған Бәйменбетті ұстап қалады да, Маяны 900 тіллә айып әкелуге еліне жібереді. Қазақтар аманаттағы Бәйменбетті 60түйе, 100 сом, 100 жылқы, 180 өре киіз төлеп босатып алады.

1836 жылы хан Орынбор генерал губернаторы Перовскийге хат жолдап, қамалды қиратуды талап еткен. Перовский оны қыртына да қыстырған жоқ әрине. Лажсыздан хан жергілікті қазақтар мен түрікмендерді жаулыққа азғыра бастайды. Бұлар да қозғала қоймайды. Қайта: — Адайлар хиуалықтардан өткен батыр, жауынгер емес,— деп астарында келемеші бар жауап қайырады. Хиуаның сол жолғы қамалға шабуылында бейтараптық ұстанады. Сөз жоқ бұл саясат басында Мая би мен оның ұлы Бәйменбет тұр еді.

Міне содан бастап Бәйменбет біржола орыс қызметіне өтеді. Хиуа ханының ендігі жерде еліне қорған бола алмайтынына, қорған былай тұрсын, тату қоңсы болып та келістірмейтініне көзі жетеді. Хиуа ханының тағайындалған өкілі Қайыпқалидың хандығын да мойындамады. Тіпті Қайыпқалиды өзінің қарамағындағы елге жолатпайды. Салық төлемейді.

Мая би жасы ұлғайып кеткен соң, орнын өзінің жолын қуған баласы Бәйменбетке береді.

"Қасқадан төбел туады" демекші Бәйменбет әкесі Мая сияқты еліне жайлы, әділ тура би болған. Жасынан әкесінің қасына еріп алқаға түсіп баулынған Бәйменбет алғашқы билігін 15 жасында айтқан екен дейді көнекөздер. Ол өзі Әлім мен Табын арасының дауы. Мая бастаған Адай билері соған ара ағайындыққа шақырылыпты. Дау аяғы құрдымға кетіп, екі жақ бітісе алмаса керек. Сонда бір ақсақалды шал таусыла сөйлей келіп: — "Құнан қойдың сақасы ғой, кесікті мына Маяекеннің қасына ерген қаршадай баласы айтсын. Соған тұрарлық", — десе керек. Сонда қамшысын ортаға тастап жіберіп, суырылып сөз алған Бәйменбет: - Менің мына қамшымның сабы қандай келте болса, адам ғұмыры да сондай келте. Қыстың қысқа күнінде соққан боран бір жау болғанда, бітпеген бір дау мың жаудан жаман. Жарылған бас бөрік ішінде жазылсын, сынған қол жен ішінде бітсін. Дау иелері қамшыларын алмасып қайтсын. Барымтаның мал басына - мал. Айыптың айып аяғына тұяқ тіркеуі — әруақтың еншісі", — десе керек. Дау осы кесікке тоқтайды. Содан бастап Бәйменбет би атанады. Әрине Бәйменбет бидің бұдан да басқа қиядан жол тауып, қара қылды қақ жарған, билігі көп болған. Оларды жинап, зерттеу болашақтың ісі, әдебиетші мамандардын еншісі. Енді негізгі оқиғаның желісіне оралайық. Алматыдағы ұлттық мемлекеттік архивте (қор 85, тізбе I, іс 23, байлам 2, 85 бет) бір бағалы құжат, патша үкіметінің алдында енбегі сіңген адамдардың жанұясымен өздеріне берілген пенсия туралы анықтама сақталыпты. Сонда өлген Бәйменбеттің әйелі Дәрі Жанғабыл Маяеваның 100 сом алғаны бар. Мая әулеттерінің айтуы бойынша, Дәрі Беріш қызы, әкесінің аты Жанғабыл екен. Бәйменбет оған шамамен 16-18 жасында үйленсе керек. 100 сом ақша ол уақыттың өлшемімен қыруар пенсия. Соған қарағанда үкімет алдындағы Байекеннің беделі өте жоғары болса керек. Сол тізімде тілмаш Қосым Мырзабаевтың жанұясына, және Рукин приставқа ас беріп, Ломакин отрядына жолбасшы болған Қабақ Ерменбетовке 8 сомнан ғана пенсия тағайындалған. Патша үкіметінің қазақтарға, оның ішіндегі Адайларға өте сенімсіздікпен қарап келгендігін айғақтайтын бір құжат — қағазға 1869 жылы дәл көтеріліс алдында ғана түскен. Сонда бұл айрықша ру дей келініп, жалпы саны 10-15 мыңдай үй екендігі көрсетіледі. Соның 9280-і ғана сол жылы патша үкіметіне салық төлепті. Адайлар сол кезде 9 бөлікке бөлінеді екен. Олар: Түрікменадай, Бәйімбет, Жаулы, Қырықмылтық, Ақпан, Жеменей, Құнанорыс,Тобыш және Балықшы. Үй саны Бәйімбетте - 952, Тобышта — 1843, Түрікменадайдың - Бәли, Тіней, Жаманадайында — 828, барлығы 3624 үй. Бұлар Сартас, Қайдақ, Бесоқты маңында көшіп жүрген бір дистанцияны құрайды.

Жалпы қалай десек те, 1870 жылғы көтерілістің себептері жайлы бірсыпыра жазылды. Авторлар оның ең басты себебі отарлық езгіге қарсылық еді дейді. Соның бір айғағы бұрын дистанцияға бөлініп келген қазақ елін енді халық тарапынан сайланып барып, үкімет тарапынан бекітілетін болыс, ауылнай, би арқылы билік жүргізу туралы жүйе еді. Архив қазынасында 1870 жылы 25 қаңтарда дистанция бастығы зауряд хорунжий Маяевқа осы нұсқауларды жолдаған Маңғыстау приставының қатынас қағазы сақталыпты. (Ал ондай қағаздың Ғ.Қалбинге неге жолданбағанына тоқталамыз). Бұл жаңа ереженің негізгі мақсаты — дала төсінде еркін көшіп жүрген елді бұрынғыдан да қыл сағақтан қылғындырып қыса түсу еді. Әрине, тәртіп біреу болғанымен, оны орындауға мүдделі өміршінің ой-өрісі, мінез-құлқына байланысты төрінің әрқилы болатыны өзінен өзі түсінікті жәйт. Қырсыққанда қымыран іріп, Маңғыстаудың приставы подполковник Рукин ұрдажық кеудемсоқтыққа басып, үй басына жиналатын түтін салығының екі жылдығын бір жылда бір-ақ қамтып, салық төлегені туралы қағазы жоқтарды жайлауға шығармау туралы әмір берді емес пе? Бұл енді тарпаң елді ашықтан-ашық ұрысқа шақырудың өзі болды да шықты. Себебі жазда ары қарай Жем, Сағыз, Елек, Қобда ұзап шығандап жайлап, қыста Маңғыстаудың ойын қыстаған елдің жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу қағидасы бұзылды. Ал, мұның арты қыста жұтап, күнкөріс көзінен айрылу деген сөз. Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы, көтерілістің өзге себептері де жеткілікті еді. Өкінішке орай, біздің тарихшыларының бұл қазақи мінез-құлық дегенге онша мән-маңыз бермей, оны назардан тыс қалдырумен жүр. Ал, ол көп істе шешуші мәнге ие болып та кетеді. Сөзіміздің дәлеліне Әбіш Кекілбаевтың "Үркер" романындағы Әбілқайыр ханның би, батырларға патша елшісінің сандығынан шекпен сыйлық үлестіретін жайын алалық. Сұңғыла хан соны әлгі қазақи мінезге сай әдейі жасап отыр. Және ол ойдан алынған емес, нақты болған жайт. Тевкелов күнделігінде қағазға түскен оқиға. Кемеңгер жазушы Әбекең де сол халқының қазақи мінезін мойындаған соң барып, болған жайды болған күйінде еш боямасыз баяндаған да қойған ғой. Ұлттық мемлекеттік архив қазынасында Ғ.Қалбиннің көтеріліс жеңіліс тапқан соң барып, приставқа көтерілістің себебін егжей-тегжейлі баяндап, оған өзінің қатысының қаншалықты болғанын сипаттайтын ұзақ хаты сақталыпты. Міне, енді сонда айтылған қазақи себептерге тоқталалық. — "Өткен жылы Орал облысында жаңа ереже енгізілгенде халықтың бір бөлігі оны қабылдап, бір бөлігі қабылдамады, — деп жазады Ғафур Қалбин". — Онан әрі Адайлардың Жары руының қарсы жақтан жылқы барымталағанын, оларды ұстау туралы бұл берген бұйрықтың наразылық туғызғанын баяндайды (Оны "Үстірт үстіндегі дүрбелең" тарауында баяндағанымыз себепті бұл жерде қайталамадық). Жергілікті басшылар бұл бұйрықты орындамағанмен де бұл сөз Жарылар арасында үлкен толқу туғызды. Бұл жерде барымташылар әрекетінің жосығы сірә белгілі.

— Менен жанын артық па? Мына тонаушылық ережені неге мойындайсыңдар. Аузымыз бір болып, оған ұйымдасқан түрде қарсылық жасау орнына шырық бұзғаныңның жазасы осы: — дегенге саяды ғой баяғы. Ал басшыларын тұтқындап, малды кері қайтару туралы бұйрық отқа май құйғанмен бірдей. Ат ұстар азаматын матап беріп, Жары ағайынның басына ат теуіп пе? Онсыз да маңдайға азар сыйып жүрген көздері қанталап адырайып шекеге шыға келген де қойған.

Ал, осыларды туған даласы, өмір салтын қалыптастырған қазақы мінез, харекет демей көр. Түздің тарпаңдары үшін дүниенің бір қиырындағы ақ патшаңның, оның жандарал-оязының, заңының, ереже, үрдісінің құны соқыр тиын. Оны мойындағысы, түсінгісі жоқ. Бұлардың ұғымында жер иесі соны жаратқан Тәңірдің өзі де, қала берді аталарының жамбасы тиген жер өздерінікі. Енді келіп әлдеқайдағы бір орыс ұлығының оны меншіктеп салық даулап шұрқан шығаруына жол болсын! Ағайын ала болса ауыздағы кетеді, мына солақай заң-ережеге өз беттерімен мойынсұна қалған ана Арқадағы ағайындарды тәубеге салып қойғанның не айып, шамы бар? Бұл атадан бар үрдіс. Өлген ердің құнын сұраусыз жібергенді қай ұрпағын кешірер? Көтеріліске қатысушылардың түсінік танымы осы еді. Көріп отырғандай, Ғ.Қалбин әскер ішінде болған Бәйменбетті кінәлаудан аулақ. Сөз сарынында болған күйінде баяндаған сарабдалдық басым. Хатының басында ол әкімшіліктің басқару әдісіндегі орынсыздықты былай деп тілге тиек етеді.

"...Бірақ 1866 жылы Маяев жоғарғы үкіметтің нұсқауы бойынша тұрақты жалақы алып, сол арқылы менен айдынын асырды. Ал, мен сол себепті халыққа бұрынғы ықпалымнан айырылып қалдым".

Ол кезде Ғафур да дистанция бастығы, бұл да зауряд хорунжий. Ендеше көпе көрнеу шеттетілуі жөн бе? Үкімет алдында кінәсі болса мойнына қойылмай ма? Бұл жерде әрине хат иесі үкіметтің шылбыр ұшын шыжымдап тартып, түп билікті біржолата өз қолдарына алғысы келген саясатынан бейхабар. Әуелі ханды қолпаштап, содан соң оны жойған патша ендігі жерде қазақты дистанция бастықтары арқылы басқаруға мүдделі емес-ті. Түптеп келгенде Бәйменбеттің де бұл дәурені уақытша. Ертең болыс, ауылнай, билер сайланып жаңа ереже күшіне енген соң ол да шeттeтілмeк...' Осы жылдың көктемінде, сізге мәлім, Рукин мен Маяев бөтен оймен қырға шықты, — дейді одан әрі хат иесі, -Олардың екеуі де өлтірілді. Бәлкім мен де Рукиннің шақыруымен Фортқа барып оған ерсем солардың жолын қуар едім. Бірақ мен сонда Рукинге бара алмадым, себебі өзім қатты ауырып жаттым және ұлым да өлім халінде сырқат еді. Рукин менің бармауымды басқаша түсіндіріп, мені дистанция басшылығынан алып, екі дистанцияны да Маяевке берді. Содан кейін мен Рукинге хат жазып, өзім бұл туралы жоғары әкімшілікке арыздану үшін жиналдым. Көптеген адамдар үкімет пен халық арасындағы араздық оғын тұтандырушы деп күдіктенді содан соң"...

Бұдан тайға таңба басқандай белгілі болып отырған жайт — Ғ.Қалбиннің Фортқа приставқа бармағаны, көтерлісшілер ішінде, яғни Үшауыздағы оқиға ішінде атымен болмағандығы. Демек, оның ауызекі әңгімеде айтылып жүргендей Бәйменбет өліміне тікелей қатысы жоқ. Ол бұл жаладан аман. Әрине, бұдан ол көтерлісшілерден мүлдем ат ізін аулақ салды деген шешім туындамақ емес. Сол кездің құжаттарындағы Ғафур Қалбин көтеріліс жағында болды. Тіпті соның басшыларының бірі еді деген сезік, тіпті, айып тегіннен-тегін болмаса керек. Біздің қолымыздағы Ташкент архивінен алған құжаттар ішінде Крыжановскийдің жоғарыға жазған хаты осыны айғақтайды.

Біз осы кезге дейін 1870 жылғы көтеріліс тек Маңғыстау, бергі Үстіртті ғана қамтыды деп үстірт пайымдап келіппіз. Ақиқатында ол Жем, Сағыз, Елек, Қобда бойын да шарпыған. Және ол 1873 жылға дейін созылған да, Кіші жүздің өзге рулары да белсенділікпен қатысқан. Әуелден өзге ағайындарынан жарылып, салық төлеуге қарсы болған Ысықтардың Тоғызбай атасы көтерілістің басынан аяғына дейін басылымындағы ақынның жырларының бұл уақыттағы соғыс қалмақпен болған деп айтылып келсе, ол — мүлде қате. Күні кешегі кеңестік кездің орысқа шаң жуытқысы келмейтін саясатының ығында кетіп, амалсыздан бұрмалаушылыққа барушылық. Әйтпесе 1870 жылдары аталған өңірлерде қалмақтың өзі түгіл рухы да қалған жоқ еді.

Бәйменбеттің әкесі Мая болғанда, оның інісі — Төлеп. Төлептің 13 ұлының екіншісі Тағанияз. Емен Тағанияздың үлкен баласы. Яғни Емен Бәйменбетке бел немере. Бірақ кезінде көне көздер арқылы бізге жетіп, өкінішке орай бүгінде шылбыр ұшы ұзап кеткен бір дерек бұл қайғылы жайттың желісін басқаша түзейді.

Бәйменбеттің Үшауыздағы қанды қырғында кісі қолынан мерт болғандығын бұл дерек те жоққа шығармайды. Әйтсе де ажал оғын атушы Емен еді демейді. Оқиғаның болары болып, бояуы сіңген соң барып көтерісшілер жағындағы Мэмбетнияз би (Төлептің баласы) інісі Еменді шақырып алып: "Қарағым, атын Емен болып тегіннен тегін қойылмаған болар. Аулына жеткізіп, арулап жер қойнына тапсыр. Бауырларыңа басу айтып, бас-көз бол", - дейді. Емен Бәйменбеттің сүйегін алып қаралы ауылға ат басып тураласа керек. Бәйменбет қазасына байланысты қисынсыз қаңқудың туу себебі осы. Оқиғаның жазба құжат қалдырған бір куәгері дерлік есаул Колесников болған жайттың алғашқы хабаршысы Дәулет руының түйеге мінген бір қазағы еді демей ме. Ол әрине, оқиғаның бүге-шігесіне дейін айтуына қарағанда жай өріс көз деп жүрген әлдекім емес, болған жайды көріп, қолмен ұстап келе жатқан адам. Ақиқатын айтқанда Қаңғада отырған Бәйменбет аулына қаралы қазаны көптің ұйғарымымен жеткізу жүктелген ара ағайынға келіңкірейтін сияқты...

Шегінген көтерісшілер ізімен шыққан әскер басшыларының жазғандарынан ата қонысында отырған Бәйменбеттің жанұясын қамқорлықтан тыс қалдырмағанын білдік. Кейіннен Фортқа шабуыл кезінде дүние мүлкі қолды болған армян көпестерімен, балықшылармен бірге бұлардың да материалдық шығынын өтеген. Көтерісшілерден контрибуция ретінде айыпқа алған мал есебінен Бәйменбетке айып-айбанасымен ердің құнын төлеткен.

Тіпті бір құжатта жазалаушы отряд басшыларының бірі Дәріге көңіл айтып, отбасын туысы Қаражігітов Қапарға тапсырып, қауіпсіз қала іргесіне көшіріп, қондырғаны баяндалады.

Сол кезеңнің бізге там-тұмдап жеткен құжаттарына қарағанда Бәйекең өз елінің қамын бір кісідей-ақ жеген, көшелі азамат болыпты. Оның ең бір елеулі еңбегі жұтаған елге қаладан кәсіп тауып беріп, отырықшылдыққа баулуы. Түпқараған түбегіндегі бұлақ суларына егін салдырған. Ол заманда Қаңға баба, тағы да басқа бұлақ сағасы жайқалған тұт ағашы екен. Ағашқа үйірсектігі жоқ қазақтар әрине отын қылып жағуға, ортағы басқа керек-жараққа жаратуға кетәрі емес пиғыл танытқан. Бәйекең соған тиым салыпты. Оның сол шапағаты тиген бір тұт ағашы қозы өрісіндегі жердегі Түбіжікте әлі тұр. Кезінде болған бақ бүгінде сирегенмен, Қаңға басында да әлденеше тұт бар. Қазақ, түрікмен балаларының қаладағы мектепке барып орысша сауат ашуы да осы Бәйменбеттен басталды. Оның бұл бағыттағы қызметін айғақтайтын құжаттар Орынбор архивінде көп деген деректің ұшын ұстап отырмыз. Ол туралы да сөз етер сәтті күн келер.

Сөз соңында Бәйменбет Маяұлының ұрпақтары туралы. Архив құжатында 1889 жылы Дәрі Жанғабыл Маяева, Қосым Мырзабаевтың жесірі Ботагөздің (Жалау Мыңбаевтың анасы) пенсия алғаны көрсетілген, яғни Дәрі ол кезде бар. Осы әңгімені жебеу үстінде Мая әулетінің біразымен жолығып қали-қадарынша түзілген ата тек шежіресін алдық. Бұл істе бізге марқұм Қуат Балғожаев көп қол ұшын беріп еді. Ескертетін нәрсе: кешегі бір ел жадын жаңылдырған уақытта көп нәрсе естен шығып та кетті ғой. Маяекеңнің көп ұрпағы балапан басына, тұрымтай тұсының кебін киіп басқа жаққа кеткен. Маңғыстауда қалғандары да бай, шонжар тұқымы дегеннен қауіптеніп, көп бой салмай баспақшыл тірлік кешумен өтіпті. Оның салқыны шежіреге тиіп, кейбір қатеге де жол берілгенін қаперге бере кетелік. Маяның Маңғыстаудағы ұрпақтары қазір сол кісінің атымен аталатын бір ру. Ал Бәйменбеттен 6 бала — Бақа, Бекетай, Көтібар, Өтеген, Төлеген, Досат. Бақадан Өришан, одан Жәрдем-Құлсарыда тұрады. Бекетайдан: Жаңғожа, Сахи, Балғожа, Батыр, Ерғожа, Алғи. Төлегеннен — Жетімек. Өзге үшеуінен ұрпақ жоқ. Бұл әулеттен көбірек жапырақ жайғаны Бекетай ұрпағы. Оның баласы Балғожадан Мұқат, Өткіл, Қуат. Өткіл балалары Әби, Сәрсен, Сенбек. Бәйменбетұлы Бақа кешегі бір кезде арғы Үстіртке кетіп, топырақ сол жерден бұйырыпты. Зираты Бөкен-Тортайда. 1988 жылдың қысында мен басына бардым. Шикі кірпіштен салған күмбез тамы бар екен. Құптарлығы аяқ жетер жердегі Мая — Бәйменбет әулеті жыл аралатып дерлік ата күлдіктеріне бір оралып, аталарының басына тәу етеді. Елдің елдігін үстейтін дәстүр ғой.

ӨСЕРБАЙ МЕН ШОРБАС

Екеуі де Исекеңе жақын адамдар. Бәли Өсербай Сәрсенбайұлы болыс, осы елдің белгілі ақсақалы. Жас шамасы Исекеңмен құралыптас. Ал Шорбас Исекеңнің ағасы Алданазардың баласы. Бұрын Шорбас аты болыстың шабарманы ретінде ғана аталатын. Сосын оның қара күш иесі болғандығы әңгіме болатын. Жаманғара әулетінің үлкендерімен, Шорбастың бел баласы Шетпе кентінде тұратын Шорбасұлы Тілегенмен (1927 жылы туған) кездесіп, сөйлескеннен білгеніміз Шорбас — Исекеңнің қол ұзартар атқосшысы болумен қатар жауына айбары, үзеңгі серігі де болған екен. Және қара қайратымен қоңсының қазанына ас салған үлкен қайырым иесі де екен.

Өсербай болыспен мен бұрыннан "таныспын". Және күтпеген жерден танысып, "етене болып" кеткен жайым бар. 1986 жылы іс сапармен Санкт-Петербургте болдым. Мақсатымның бір тіні Маңғыстаудың үлкен мұнайының зерттелу тарихы. Бұл туралы алғаш жазғандардың бірі Гаспар Насибьянец. Геологиялық әдебиеттерде ол туралы Тасбастағы жылымшылап ағып жатқан мұнайды көзбен көріп, үлгісін алып Петербург баспасөзінде жазды деген салақ анықтама ғана бар. Соны індетіп отырып, оның мақаласы 1901 жылы "Огонек" журналында басылғанын анықтадым. Онан арғысы шайдың батасындай оңай. Салтыков- Щедрин атындағы кітапхананың Аничкин көпірінің түбіндегі мерзімді баспасөз бөліміне келіп сұраныс бердім. Аталған журналдың 21 санын парақтай жөнелейін. Жол болды деген осы! Журналдың бірнеше бетін қамтыған үлкен мақала екен ол. Бәрін айтта бірін айт, автордың өзі түсірген 11 фотосурет қоса беріліпті. Біразы Маңғыстаудың пейзажы. Таушықтан Қаламқасқа беттеген жол бойындағы Ақмая тауы, Үшауыз алдындағы ой, тау жақпарлары, Төлеген ишанның моласы, Сабынды сай, т.б. суреттердің ішінен менің өте-мөте назарымды аударғаны - киіз үйдің жанына түскен бір топ адам. Автор оны "Қазақтар мен олардың старшинасы Сансербаев" деп атапты. Барлығы 22 адам. Ортасында тығырық бөрікті, мандала шапанды, омырауында үш медалы бар, ақсақалды, бәденді келген ақсақал. Бұл, әрине, ауыл ақсақалы. Сансербаев деп қате берілген. Дұрысы Сәрсенбаев. Мен келген соң Сәрсенбаевтың суретін бөлек беріп, осы табысым туралы облыстық газет бетінде мақала жарияладым. Газет шыққан күннің, ертесіне жолым түсіп редакцияға бара қалайын. Жігіттер:

— Осы қазір сені шарқ ұрып Сержан ағаң іздеп жүр, — деді. Соның артынша дәлізден менің ізіме түсіп келе жатқан Серағаңның өзінің де даусы естілді. Оның нағашысы Бәли екенін білетінмін. Бірақ нақ осы Өсербай екендігінен бейхабар едім. Серағаң сол бойда мені дедектетіп үлкен шаңыраққа алып келді. Зәуре шешеміз ол кезде бар — тың, бақуатты. Ысқақ ағаның жанары да кіреукелене қоймаған. Сол жерде көкірегі сәулелі екі қариямыз су реттегі адамдарды аттарын атап, түгендеп, түстеп берді. Зәуре шешеміз Өсекен қайтыс болғанда 15 жаста. Суреттегі адамдардың бәрінің көзіне оттай басылатыны содан. Өсекең бұл немересі берген дерек бойынша 1932 жылы 96 жасында қайтыс болған. Сонда 1836 жылы туған болып шығады. Мына суретке түскен 1900 жылдың жазында 64 жаста. Үш медалының екеуін 1873 жылғы Хиуа, 1880 жылғы Ахал-Теке жорығына қатысқаны, ал үшіншісін адал қызметі үшін алған. 1874-1905 жылдары екінші Түрікменадай болысының болысы. Одан кейін орнына баласы Ахмет, суретте ол жас жігіт, болыс болған. Ол осы өңірдің белгілі азаматы Ахметов Бегейбайдын әкесі.

"Бұл сапарымда маған Маңғыстаудың қазақ басқарушысы Сансербаев көп қол ұшын берді" — деп жазыпты автор ол туралы. Г.Насибьянец бұл сапарына 10 казакпен, фельдшерімен, үйелменімен, қазақ жолбасшыларымен шыққан. Тіпті жолына тауықтарын да ала шыққан. Яғни үлкен кешенді экспедиция. Ондай көпір адамның жайын тауып, ас-суын қамдау аз шаруа емес. Назар аударарлығы ол кезде жергілікті ел келген экспедицияларға бәрін тегін берген. Оны өздерінің қонақжайлық ата салты, дәстүрі деп білген. Көлік те тегін. Ол үшін ақша төлегенге ренжіп, алмаған. Ендеше олар риза болмағанда кім риза болады.

Г.Насибьянецтің Өсербай болыстың от басын өрен-жаранымен суретке түсіріп алып, оны дүниежүзіне мәшһүр басылым "Огонекте" жариялауы автордың қазақтарға деген жақсы пейіл, құрметі деп бағалаған жөн. Аты айтып тұрғандай Гаспар Насибьянецтің ұлты армян. Яғни бас штаб офицері екендігіне қарамастан ол да отар ұлттың өкілі. Сондықтан "балықтың тілін бақа біледі" демекші ол қазақ халқының жайына орыстардан гөрі түсіністікпен қарағаны анық. Г.Насибьянецтен бұрын бұл өңірге түбі француз геолог ғалым Барбот де Марни келіп зерттеу жүргізді. Оған жолбасшы болған әрі тілмашы Ораз Оңғалбаев. Бұл экспедиция да Шайырда, Өсербай болыс аулында болғаны шүбә туғызбайды. Бүл ғалым кейіннен Францияға кетті. Архиві сонда. Бәлкім Өсербай туралы оның да жазғандары болуы мүмкін.

Өсекен біз білген деректе өнер адамдарын қатты құрметтеп, қолдап отырған. Жоғарыда айтылған суретте домбыра ұстаған бір мосқал адам бар. Ол атақты Жұлдызбай күйші екен. Өсербай болыс ру жігімен алғанда Қашаған ақынға туыс болып келеді. 12 перзент көрген Қашекең басқа жарымаған. Баланы берген құдайы қайтып алған. Қартайған шағында қолында бауырына басқан жиені ғана болған. Ол да ақын. 1930 жылы ОГПУ Тобанияз тобымен оны да жауып тергеген. Ойыл түрмесінде отырған оны сол уақытта Адай уезінде басшылық жұмыста жүрген Өсекеңнің Оңайбай дейтін баласынан туған Шәдіман құтқарып жібереді де, сол себеп болып өзі шаталады. Тобаниязбен бірге сотталып кетеді. Одан аман оралған Шәкең күйші, жыршы болып осы бертінде дерлік бақилық болды. Қашағанның, тағы басқа ақындардың көп өлеңі осы Шөкен арқылы жетті бізге.

Қашекең өмірінің соңғы жылдары бауыры Өсербай үйінің қасында болады. Қолы қысқа ақынның қамын Өсекең өзі қаузап отырған. Бері келген соң Қашекеңе "ие" көбейіп кетті емес пе?! Соның бірі Мырзағали Іңірбаев: "ақынның күтімі менің үлкен әжем Ақборықтың мойнында болған", — дегенді өңештейді. Қашекеңді жақсы білген, атасының талан шайын құйып берген Зәуре әжеміз олай деген жоқ. Ақборық та сол ауылдағы көп келіннің бірі болған. Қашекеңнің ілтипатына бөленіп, алғыс алғанына шәгіміз жоқ. Бірақ ойы ауыл елдің құтпаны, ортасының отпаны Өсекеңнің алдына шығарып әспеттеу жарасымды емес. Қашекеңнің қарттығындағы сүйеніш, таянышы, ақырет қамын да атқарушы осы Өсербай әулеті. Қашекеңнің "Қырық кездегі тамының" батыс түбінде алты баланың басына қойылған сандық тас бар. Бұлар Өсекеңнің жастай шетінеген перзенттері дейді ел.

Иса да, Өсербай да болыс. Бірақ Исексңнің жаты биік. Яғни ол баяғы елі берген сардарлық лауазымының да иесі. Өзге болыстарға көшбасшы. Әлке ханды Бердәулет пен Жоламан атып өлтіріп, ол Қашекеннің айтыста айтқан бір ауыз сөзінен соң белгілі болып қалады ғой. Құрыққа сырық жалғайтын даукестер үшін бұл іздегенге сұраған. Солар қоламтаны көсей жөнеледі. Табындар Бесқала ойында. Адайлардың ол қалалардың базарынсыз күні жоқ. Ел арасына сызат түскен соң ол жаққа қатынас қиындайды. Ел тарығады. Бұл әрине, Исекеңнің арқасына аяздай батады. Өзге болыстарға қарағанда тасы ауырлау, әрі Бесқала елімен аралас-құраластығы бар Өсербайды шақырып алып, Табынға елшілікке жұмсайды.

— Исеке, бір шартым бар. Соны орындасаң барамын, — дейді Өсербай.

— Е, айт.

— Айтсам, жолсеріктікке Шорбас ініңді қосып бер.

Ал Шорбас кім? Өсекең оны бұрыннан біледі. Танысуы да қызық жағдайда. Ана жылы Иса Ойыл жәрмеңкесіне бара жатып жолшыбай Өсекеңнің аулына соқты. Сонда Шорбасты көріп қап дене бітіміне сүйсінген Өсекең:

— Иса қасына мына бір келісті жігітті ерткен екен. Пошымына қарағанда дайындап алып келе жатқан палуаны емес пе деп қалып отырмын. Не туыс, не қуыс болуы мүмкін, әуселесін байқап көріңдер, — деп қалулы. Бұл сөзді Исаның да, Шорбастың да құлақтары шалады. Исекең күліп:

— Өсекең айтарын айтты ғой, ендігі сын сенде. Бірақ, абайла, — дейді. Шорбас үндемейтін бір тоға алам болғанмен, Исаның інісі ғой, сөз салмағын біледі. "Туыс" дегенінің артында қайраты қандай екен деген сауал түр. "Қуысының" арты да бұқпантайсыз емес. Соны ұққан Шорекең намысқа тырыса жөнеледі іштей.

Алға үйме табақ ет келеді. Үйіткен семіз еркек қойдың еті. Ішіне қысқы соғымның жал-жаясы, женді білектей қазысы да салыныпты. Сақилық, мырзалық, бір жағынан сынақ табақ осылай жасалып келетін. Қазақтың қай-қайсысы да етке жақын, одан оңайлықпен беті қайта қоймайды. Шорбас та сондай. Екі-үш жігіттей тамағы бар. Бірақ арам құрсақ емес. Өнмендей бермейтін қанағатшыл. Атаулы табақ пәлендей орталанбай қалды.

— Үйіншегің дардай болғаннан дәметіп балалар барды салып еді. Сен еруліге қарулы жасай алмадың. Ештеңе емес екенсің ғой,—деген жеңіл әзіл айтылып қалады осы жерде үй иесі тарапынан.

— Табақты бос қайтару мұрат болса оның жарасы жеңіл. Рұқсат болса, — дейді Шорбас.

— Е, рұқсат. Неге болмасын ол, — деп кеу-кеулей жөнеледі қызық құмар жұрт.

Миығынан әсем бір жымиып алған Шорбас кірісіп келіп кетеді. Сәлем етігі еңкейген келін бос табақты алып кетеді. Оның артынан келген кесе-кесе сорпа да сап болады. Шұбат та еңсеріледі.

— Қуыстығын көрдік. Енді туыстығын да көрейік деп едік. Біздің жәрмеңкеге дайындап отырған бел ұстайтын үмітті жігіттер бар. Қазір тер басқасын солардың құрыс-тұрысын жазып берсін бұл жігітіміз, — деген ұсынысын айтады Өсекең енді.

— Болсын!

Солай деуін дегенмен, Шорбас бел ұстап күресіп көрмеген. Күрестің әдіс-айласынан мүлдем хабарсыз. Бойында тек құдай аямай берген қара күш бар. Сонысына сенеді. Сенген құрлы ұстасқан адамның бір жерін майып қылып алам ба деп қорқақтайтыны тағы бар.

Өсекең соның алдында аулына маңайдың күресіп жүрген жеті жігітін жинап күрестіріп, баптап, жаратып жатыр екен. Солардың бәрін ортаға шығарады. Шорбас әлгілердің алдына келгенін қол ұшымен дерліктей көтеріп алып, алқақотан отырған ақсақалдар алдына сыбаға тартқандай сұлата берсе керек. Ең соңғы ертең бас палуанға қарсы шығады деп отырған палуандарын да солай етіп ауыл ағасының алдына әкеліп:

— Өсеке, мынау сіздің сыбағаңыз, — деп тізесімен басып отыра қалған.

Өсербай болыс, риза болып:

— Ойбай, Шорбас айналайын, бір жерін жазым етерсің, босат. Туыс екеніңді көрдік, —деулі. Біраз ақсақалдар сол жерде Шорбасқа ертең Ойыл жәрмеңкесінде күресуді бұйымшылаған екен: — Күрес — өнер. Оның өзін көтергенімен ауыртпалығын көтеріп жүре алмаспын. Одан да менің қайратымды, ағайын басына қауіп төнгенде, іс түскенде, қарның ашқанда көр, — деп келісім бермеулі. Шорбас осы сертін ұстанып өткен адам. Соның біраз мысалын кейінге жеткізуші, яғни Төлесін інісінің құлағына құйған Нәбихан -Исекеңнің барлық қиын сәтте қасында болып екі елі қалмаған кіші інісі Орақтың баласы Нәбихан.

Бірде осы елдің керуені Теке (Орал) базарынан оралып келе жатады. Жайықтың тас кешуінен өтер жерде он шақты жол тосарлар қамайды. Сонда Шорекең:

— Әттеген-ай, қару қоста қалып еді. Сен әуелі басыңды, сосын менің артымды қорға, — деп жайбарақат он үзеңгісін ағытады. Онысы сары жезден арнап құйғызған зілмауырдай үзеңгі екен. Соны шылбыр ұшына байлап, басынан шырқ көбелек айналдырып тұрып:

— Ал, дәмелерің болса жақындаң, — деп ақырғанда әлгілер табандарын жалтыратқан.

Ақтаудың Алаторпаға қараған терістік бетінде Шорбас қазған атаулы көп құдық болған кезінде. Және бәрі сай ішінде емес қыр басында. Шорекең оның себебін "ағыс бойынан қазған құдықтың ғұмыры қысқа. Қарғын алып кетеді" деп түсіндіреді екен.

1910 жылы атақты "иттің жұтында" бұл ел мықтап жұтап, жерге қарап қалады. Жерге қарағаны еске түскені емес, оның беті аулақ, егін салуға кіріседі. Соқаға жегетін көлік болмай оны Шорбас алмастырады. Мұның соқасы да өзіне сай. Оның басын ұстауға тек баласы Ноғай ғана жарайды. Сонда 16 жастағы Ноғай соқаның тілін жерге нұсқау бойынша терең батырса әкесі:

— Айналайын, әлі де салмағыңды салыңқыра. Дән тайызға түссе, кепкен топырақтан бас ала алмайды, — деп нықтаңқырайды дейді. Оның солай дегенін құлағымен естіген Көшек, Төлесіннің әкесі сонда жыртылған жерге дән сеуіп келе жатқан бала екен. Күзде әлгі жерден мол өнім алып ел қарық болулы.

Оның тағы бір қайраты 1899 жылғы "Қара доңызда" көрінген. Жазда жаңбыр көп жауып жерге белуардан тоң түседі. Қақаған қыс ішінде Жаманғара Мақтымберді бай қайтыс болып, қабірін қазуға Алаторпаға 25 жігіт келеді. Олар сірә, таң қараңғысында келген зират басына. Кіші бесінде Шорекең бастаған ел мәйітті әкелсе қабір қазылмаған. Жігітгер бір тамның ығында от жағып бүрісіп отыр.

— Әзірше аманатқа қоя тұралық. Көктемде тон түскен соң жерлерміз, — деп шешіпті өздерінше. Өмірінде қабағы шытылып көрмеген Шорекең сонда бір ренжулі. Ерін астына алақанын толтырған насыбайды тастап жіберіп, үстіне жасақ шекпен киіп, белінен тастамай жүретін ана жылы Көкжардың жәрмеңкесіне барғанда Өсербай болыс арнап соқтырып беретін басы 32 қадақтық шоқпарымен іске кірісіп келіп кетеді. Сонда шоқпарымен жерді соққанда ұшқын шығып, әуелі бармақ басындай тоң ұшады, арты торғайдай, оның артының көлемі біртіндеп ұлғая береді. Шорбас жалғыз өзі қабірдің бойындай қазып жандатпа шығарып болғанда күн әлі тұсау бойы батпай тұр екен дейді.

Содан ауылға барғанда үлкен бір еркек қойдың еті мен сорпасын түгел тауысып болғанда ғана маңдайы жіпсіпті. Қанша қара күш иесі дегенмен қуыс өзек жан иесі, бойын суық алып қалған екен, ертең төсектен төрге малшынып тұрыпты. Сонда да дағдысынан жаңылмай, бетінде мұзы жүзген сумен жуынып, дәретін алды дейді.

Бері келе жүріс-тұрысы қиындағандағы жұғысты болған бір әдеті қонақ сағынатын болған. Үйге келімді-кетімді кісі азайса төбе басына шығып, елеңдеп, жол қарап отырады екен. Сол уақытта оған сиыр малы көбірек бітіпті. Соның еркек жағын ақталап құнан, дөнен, өгіз шығарып қонаққа сою үшін бөлек бақтырып семіртіп отыратын болған.

Шорекең 1927 жылдың күзінде көп ауырмай қайтыс болған. Ол көз жұмғанда қосағының аяғы ауыр екен. Әкесінің өсиеті бойынша баланың кіндігін туысы Олжабайдың Оразы кесіп, атын Тілеген қояды.

Сол баяғы Бесқала сапарынан соң Шорбас Өсербайға да іні болады. Қатты сыйлап өтеді. Біраз жыл қоңсы болып, шаруасына қолғабыс тигізеді. Қолғабыс болғанда Өсербайдың ата қонысы Шайыр сулы жер. Сол маңайдың елін дихандыққа үйретеді.

Исекең бастасы Шорбасты сұрағанда кідіріп қалулы. Шорбас өзінен бұрын елге керек. Ауыл сыртындағы төрт аңғардың алдын бөгеп, тоған салып, етектегі аумағы ат шаптырым көлдеу ойды бес атанды соқаға жегіп, жыртып егін салып отыр. Сол ойды ел Шорбастың ойы, әрідегі төбені Шорбастың төбесі дейді. Жай адам қолданбақ түгілі әзер көтеретін үлкен күрегі бар. Егіз қозылы қойға соқтырып алған. Соқадан кейінгі құралы сол. Өзі алапат қайрат иесі. Және қолы ашық. Қырманда тау болып үйілген астықты елге үлестіріп береді. "Қайратты ерге бақ тұрады" деп сол қайратымен малданып, көпсіген бай аты шықпағанмен, іргесінің көңі қалың. Тек сиырының өзі екі жүзді алқымдап жүр. Былтыр сегіз қанат үй көтерген. Сол үйдің шаңырағын сыңар алақанымен көтергенін көрген ел аузын ашып қалған. Соншама қайрат, бұла күш иесінің айыбы оны ат көтере алмайды. Қомдаған белді нарға мінеді. Сол нән нардың үстінде келе жатқанда аяғы көлігінің тізесінің деңгейінде тұрады. Шорбастың қайратынан сескенген елдің телісі мен тентегі, жаяу ұрысы аулақ жүреді. Оның дақпырты тіпті түрікменнің аламандарына да жетулі. Өсербай болыстың оны қалауының мәнісі осы.

— Жақсы, — дейді Иса, — айтқаның болсын, Өсеке. — Алдағы тойына Шорбасты арнап шақыр. Бөлек үйге қонақта. Мен қасында болмайын. Қасында болсам менің қабағыма қарағыштап, сенің шаруаңа келіспей қалар. Ескертерім — оны тойғызу қиындау. Қазан жағын қамданқырарсын. Өзге аз-мәз қолқасы болса өзі айта жатар.

Өсербай келіседі. Тойға келген Шорбас бөлек үйде күтіліп, еркек қой сойылады. 18 литірлік самаурынмен шай жасалады. Соны жалап жұқтап қойған Шорбас:

— Ay, мыналарыңды Кетіктің қара шекпендерінің қартобы құрлы көрмедім ғой. Тағы берерлерің бар ма? — деулі. Тағы еркек қой сойылды. Ертең күрес болып, Шорбас жиналған палуандардың бәрін жығады. Той артынан Өсербайдың бұйымы айтылады.

— Мен келісемін. Бірақ бір шартым бар, — дейді Шорбас

— Айт.

— "Ебелектің елу аңғарындағы" Жаңай Ебелек байдың Ақшасұлу дейтін жалғыз қызы бар. Басы бос. Соны жалғыз ұлым Ноғайға алып бересіңдер. Құдалығы қазір болсын. Келінім мен Бесқаладан оралған соң түседі.

— Болады.

Сол бойда Үстіртке құда жіберіліп, ол жолы болып оралады. Ел сыйлаған сардар, әлі осы ауылға жиен Исаның бауырына қызын бермей Ебелектің басына ат теуіп пе?!

Содан елшілер 30 түйе керуенмен жолға шығады. Түйенің бірінде Шорбастың тұт ағашын түбімен қопарып алып,басын темірмен қаптаған гүрзі шоқпары бар.

Бұл Адайдың күпсіп тұрған шағы. Қоңырат пен екі арадағы жолда 89 бай ауыл отыр екен. Солардың біріне қонып, біріне түстеніп жылжыған елшілік сапары сәтті-ақ келе жатыр еді. Жолшыбай Қасқа жолдың аузында Шорбастың мінген нары мертігіп қалып, аз бөгелуге тура келеді. Әбүйір болғанда сол елден бір нән нар табылып, соған ауысып мінеді.

Қасқа жолдан құлаған соң, бір төбенің басында тігулі тұрған туды көріп келсе — осы төңіректің атақты Сұлтан дейтін түрікмен байы әкесіне ас бермек болып жалпақ елге сауын айтқан екен. Қарақалпақ, түрікменге қоса 12 ата Байұлы да келмек. Бұлар Ораздының отыз қонағының бірі бола кетеді. Асқа исі түрікменге белгілі қоңыраулы палуан да келген екен. Аяғына қоңырау байлап, күреске түсетіндігі себепті солай аталған онысы бір тау. Соңғы 10 жыл бойы онымен күресуге ешкімнің жүрегі дауаламай бас бәйгіні бел ұстамай алып жүреді екен.

— Жығылсам жер көгерер. Тәуекел деп мен күресемін, — дейді Шорбас. Соны естіген серіктері Шорбасты баптауға кіріседі. Ертең күрес деген күні еркек қой сойылады. Белін буу үшін қайыстан үш өрім етіп белдік есіледі. Діттеген уақытта екі палуан ортаға шығарылады. Әріректе бас бәйгіге арналған 150 ірі қара иірулі тұр.

Сақтықта қорлық жоқ деген қазылар алқасы екі палуаннан күрес үстінде бірі өлсе сұрауы жоқ деген қолхат алады.

Екі палуан таңертеңнен түске дейін алысып, бірін бірі ала алмайды. Басқан жерлері қорс болады. Ақыры жиналғандар үзіліс жариялап, күресті түс қайта жалғастыруға шешеді. Өсербай екі еркек қойдың етін екі тайқазанға астырып қойған екен. Қоңыраулы палуанмен алысып, көзі үңірейіп ашығып келген Шорбас соның бәрін жұмырына жұғын қылмай жеп болып:

— Е, енді жерден Мәді шығып келмесе, түрікменнің палуанына болмаспын, — дейді құрсағының қалған жерін сорпамен толтырып отырып. Айтқандай-ақ үзілістен оралған бетте Қоныраулы палуанды белбеуінен жұлқи тартып көтеріп алып жерге бір ұрады. Қоңыраулы палуан сол бойда жан тапсырады. Түрікмендер жағы шу ете түскен екен, қазылар манағы қолхатты көрсетіп аптықтарын басады. Султан бай бұларды жібермей тағы үш күн қонақ қылады.

Бәйгінің малым қайтарда айдап қайтасыңдар деп бір сенімді малшысына бақтырады.

Сөйтіп бұлар Қоңыратқа да жетеді. Шорбас бастаған біраз нөкер осында қалып, Өсербай аз серігімен әрі асып, Табынның бас сардар биіне барып, Исаның хатын тапсырады. Исамен баяғы 1870 жылдың дүрбеленінен бастап таныс, дос ол би сөзге келмейді.

Әлкенің оқ артынан тиген. Адай атаң баласы жауының артынан атпақ емес. Қарсы келіп жекпе-жекте алады. Әлкенің тек Адай емес, сартқа да азары өткен. Бұл солардан келген іс болар, сірә. Арадағы түсініспестік Исекемнің сәлемінің садағасы. Соған бола жер түбі қияннан ағайынның атын арытқан айып бізден, — деп ақсақалшылық айтып, меймандарын риза қылып жолға салады. Исекемнің сыбағасы деп айдатқан малы мен бес түйеге артқан сәлемдемесі тағы бар. Бұлар солай жолы болып оралса, мұндағы Шорбастар да олжасыз емес. Еріккен бай түрікмендер тайқазанға майына әбден бөктіріп палау асыпты. Соны тауысып жеп, қырық қадам жер сыр білдірмей жүріп еткен кісіге 100 тілла бәйгі беріледі. Ту биенің еті жұмырына жұғын болмайтын Шорбасқа кенеуі жоқ палау бұйым ба, тәйірі. Бәрін жалап-жұқтап беріп бәйгісін қағып алады.

Жерге қар түсе керуен елге көлік басын туралайды. Жолшыбай анадағы Сұлтанның бәйгіге тіккен 150 қарасын алып, артынып- артынып сол жолы Түлейді қыстап қалған Шегемнің 3 мың жылқы біткен Шотықбай байының аулына еру болады. Шорбастың даңқына қанық Шотықбай екі гу биенің қазысы мен қартасын екі тайқазанға асып, қонақ асы береді. Жолсоқты болып келе жатқан Шорбаспен серіктері сыпырып сыйырып жеп алалы. Таңертең тұрса, Шорбас төсекте жоқ. Сыртқа шығып қараса есік алдындағы қасат қардың ішінде пырылдап ұйқыны соғып жатыр. Денесінің қызуымен еріген қар суы көйлек дамбалының сыртына шәуіштеніп қатып қалыпты.

Бесқала жолы ол уақытта өте қауіпті. Жолтосар қарақшы түрікмендер көп. Қазақтың қала шыққан керуендерін тонап, дәніккен солардың үлкен бір тобы тап болады бұларға. Жау қарасы алыстан көрінісімен, Шорбас шоқпарын алып нарымен ілгері озады. Түрікменнің бір мәрттігі жалғыз кісіге бәрі жабылмайды. Бір-біріндеп келеді. Ұрыстың ол шартын бұзу исі түрікменге өлім. Сол үрдіспен ұмтылған түрікмен аламандарын Шорбас шоқпармен сулата береді. Ақыры мұның оңайлықпен алдырмасын көрген қарақшылар қарасын батырумен болады. Тоналу орнына, жараланған түрікмендердің аттары тиіп, олжалы болған жолаушылар сол жерде олжа аттың бірін алып ұрып сойып, той-садақа жасап сапарларын жалғастырады. Қыс ортасында елге келеді. Өсербайдың елшілік сапарының сәтті болғанына ел той жасайды. Сыйға сый, сыраға бал, еруліге қарулы, келесі жылы Иса, Өсербай, Тілеген болыстар, Мәтжан, Айдарбай билер Шорбасты орталарына алып, Табын еліне көп сәлем сауқатпен барады. Сөйтіп Әлкенің өлімінің кесірінен екі арадағы үзіле жаздап қалған жол қайта жаңғырады.

Соншама қайрат иесі бола тура, Шорбас момын, қақ-соқпен ісі жоқ адам болған. Иса оны көтеріліске қатыстырмаған. Ел Хиуаға боса көшкенде жұртта қалған ол жатақ ауылдарды егін егіп асыраған.

Шорбастың әйелінің аты Балжанай. Алашаның қызы. Ғарифолла Құрманғалиевтың "Он алты қыз" әнінде Нағима атымен қосарлана айтылатын "Бәлекей қыз Балжанай" бар ғой. Бұл сол. Ғарифолланың немере апасы. Қодар деген төреге айттырылып қойылған жерінен Адайлар тартып әкеткен. Бұл шамамен 1918 жыл. Бұл елге солай келін болып түскен Балжанай төркіндерімен арада 60 жыл өткен соң табысқан екен. Онда да солай қарай жолы түсіп барған Өсербай ұрпақтары Бегейбай, Көшен, Асан арқылы.

Шорбасұлы Тілеген осы Балжанайдан 1927 жылы 23 желтоқсанда туған. Қазір Шетпеде тұратын зейнеткер Тілекене әкесі досы Абыз Тілеген болыстың атын қойған екен.

— Бертінде Олжабай дейтін атамыздың қосағы Қонар шешемізді көрдім, —дейді Тілекен.

— Зорбайдың қызы өте денелі адам екен. Сол әкемізді көріпті. Түйе үстінде келе жатқанында жүзін көремін деп жоғары қарағанда сәукелесі түсіп кетіпті.

Шорбас 1927 жылдың желтоқсанында қайтыс болады. Сонда денесін 20 жігіт молаға зорға көтеріп барулы. Иса ағасының қасына жерленген. Зираттың күнбатыс бетіндегі ой атыз, егіншілік ізі. Сол жылы Шорбас сол жерге тары егіп, бір жазда екі рет өнім алып, елді астыққа қарық қылыпты.

Өзіне артығымен жететін дәулеті болса да, бұл әулет бай ретінде қудаланудан аман. 1928 жылдың қысында жұтап, әуелі орта шаруа, артынан кедей атанады. Колхозға кіреді. Тілекен Астраханьдағы қысқа мерзімді курсты бітіріп маман, есепші болады. Соңғы қызмет орны аудандық оқу бөлімінің бас есепшілігі.

Өсербай болыстың әулеті де кешегі зар заман талқысын көрмей аман қалды. Елі оның өзін тәркіге берген жоқ. Немересі Ахметов Бегейбай ұлы Отан соғысында офицер болды. Елге оралған соң шаруашылық басшысы, белгілі азамат ретінде танылды.

"Огонектегі" суретте мамасының емшегін еміп отырған бала Көшен осы елдің сыйлы қарияларының бірі болды. Оның үлкен ұлы Социал — ұстаз, Жетібай халық театрының негізін қалаған өнерпаз. Одан кейінгі Тұрсынғали осы өңірден шыққан алғашқы екі мұнай инженерінің бірі. Баку политехникалық институтының түлегі. Еңбек жолын Жем бойында бастаған Тұрсекен Жетібай, Тасболат, Қансу кен орындарын ашушы. Оңтүстік Маңғыстау мұнай барлау экспедициясының бастығы болды. Қазір Құрық кентінде тұрады.

Бір қызықта, өмірде жұптары жазылмай өткен Иса, Өсербай достардың ұрпақтары Жолдығали (Жөкен) Шүкіралин мен Тұрсынғали Көшеновтың де 40 жылдан бері жұбы жазылмай келеді. Жекен Тұрсекең басқарған ұжымның бас экономисі, ол басшылық қызметтің бірінде болған ұжымдағы базаның бастығы. Қазір де үйлері көрші.

"Есепті дос айрылмайды" дейді ғой халық. Бұлардың достығы ешқандай есепке құрылмаған мәңгілік достық. Бабалардың бір-біріне деген көрікті көңілінен бастау алып жатыр ол.

ҚАРЫЗЫ ӨТЕУСІЗ ДОСТЫҚ

Иса орысша білмеген. Жалғыз Иса емес, ол тұстас болыс, билердің бәрі де орыс тілінен мақұрым. Патша ұлықтары қазақша сірә білмейді. Арнаулы оқу орындарында сол уақытта Орта Азия мұсылмандарымен қатынаста ресми тіл болып саналатын татар тілін оқыған немесе қазақ, татар, башқұрт арасында болып тіл үйренген офицер кадрлер баршылық. Бірақ отаршыл үкімет жергілікті халыққа халықтың тілін, дәстүрін, салтын білетіндерді басшы қылуды тіпті қажетсінген жоқ. Құдды кеңес кезіндегі жағдай. Аудан, облыстың бірінші басшыларының орыс, не орыс тілді болуы жолда қалып, сайда саны, құмда ізі жоқ Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болғаны сияқты сорақылық. Шүкір, ол уақытта орысша білімді азаматтар қазақтың өзінен де шыға бастаған. Бірақ оларды мемлекеттің жауапты басшылық жұмыстарына тартуға құлық танытылмады. Мысалы энциклопедиялық білім иесі Шоқанның аға сұлтан сайлауынан өтпей, орнына орысша әліпті таяқ деп білмейтін Ерденнің өтіп кетуі соның айғағы. Қазақтың аз-маз оқығандары, орысша тіл білетіндері мықтағанда ояздың тілмашы болып қана қалатын. Ара-тұра болыстыққа өтетін. (мысалы Қабақ Ерменбетов). Солан келіп ұлықтар қарамағындағы халық өкілдері би, болыстармен, халықпен тілмаш арқылы сөйлесетін. Тілмаштар да саты-сатыға бөлінетін. Жергілікті халыққа сенімі жоқ уезд бастығы бас тілмаш қылып басқа ұлт өкілдерін ұстады. Маңғыстауда көбіне ол татар ұлтынан болды. Маңызды, құпия істерге қатысты мәселелерге сол ғана араласуға құқықты болды. Әрине, оның ұлыққа халықтан пара әперетін бас делдал болғаны да белгілі жайт. Ол тілмаш уездің қазаққа қатысты істерін жүргізуші хатшы да болды. Ал қазақ тілмаштары екінші кезектегі мәселелерге ғана тартылды. Бұлар да сауатына қарай ауызша, жазбаша тәржімашы-аудармашылар деп бөлінді. Сондай ауызша аудармашының бірі Тастан Көбеев. Руы Түрікменадай, оның Шалбар бөлімінен. Шалбарлардың ата қонысы Үстірттің Тасастау-Қайнар маңы.

Қазіргі Бейнеудің Оңтүстік Шығыс бетіндегі Шәкібоз, Бегайдар суларына аты берілген кісілер кезінде осы рудың ақсақалдары болған. Бегайдар ұрпағы өлкемізге белгілі тарихшы ұстаз, қаламгер Мақсұт Нығметуллаев. Республикалық архивте уезд бастығының ауызша аудармашысы Тастан Көбеевке берілген төмендегідей мінездемесі сақталған.

"Маңғышлақ уездік басқармасының сөзбе сөз ауызша аудармашысы құрметті қазақ Тастан Көбеев 1881 жылдың 23 сәуірінен № 106 "Құлшынысы үшін" жазуы бар, кеудеге тағу үшін Станислав лентасына ілінген күміс медалы, кеудеге тағу үшін Анна лентасына ілінген "Құлшынысы үшін" жазуы бар алтын медалы бар, 1886 жылдың 30 шілдесінен №17 "Құлшынысы үшін" жазуы бар кеудеге тағу үшін Станислав лентасына ілінген күміс медалы бар. Діні — мұсылман.

13 жыл бойы аудармашы міндетін өте ыждағаттылықпен абыройлы атқарды. Осы жылы жергілікті және келген мұсылмандарды бақылауда әкімшілікке айрықша қызмет көрсетті (оның қандай қызмет екеніне кейін тоқталамыз — Ә.С.). Дін өкілдері мен халықтың көңіл күйіне ықпал етуге қабілетті адам".

Шалбарлар кейінірек Форт төңірегіне көбірек шоғырланады. Біразы сол маңайдың тұрақты тұрғындарына айналады. Бірақ Үстірттегі жайлауларынан да қол үзбейді. Нарында, Астрахан маңында да Шалбарлар көп тұратын. Орталарынан Астрахан гимназиясында ақырғы сыныпқа дейін оқыған Ерғали Есжанов сияқты сауатты адамдар шыққан Шалбар ауылы ол жақта тіпті беделді еді. Солармен байланысын үзбеген маңғыстаулық Шалбарлар бір жағынан саудамен де айналысып, ауқатты, бай тұрды. Тастан орысшаны осы сауда қызметінде жүріп жақсы үйренеді. Өз бетімен орысша сауат ашады. Ауыл молдасында оқып алған, мұсылманша сірә сауаты бар. Тастан жазда Үстіртке, жайлауына шығатын. Бір жағынан ол жақта елге шыққан орыс әкімдеріне тілмаш болады. Әрі уезд басшысының ел арасындағы көз-құлағы. Дегенмен, көз-кұлақ, яғни тыңшы болғанмен Тастанның ел мүддесіне кереғар қызмет еткендігі туралы мәлімет ешбір архивте жоқ. Соған қарағанда, оның бұл қызметі елге орыс үкіметіне бағынудан өзге жол қалмағандығын түсіндіруден, ауызша үгіттен әрі бармаған. Бұл мәселеде ол, сөз жоқ, Бәйменбет Маяевтың ығындағы адам. Елге беделді Тастан болыстармен, билермен жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болған.

1870 жылы Ново-Александровск қамалы қоршалғанда Қосым тілмаш, Қоштайлар қамал ішіне барып паналап, Иса оларды шығарып бер деген талап қойған ғой. Ал Қабақ пен Тастан тілмаштар туралы сөз болмаған. Бұлар халық жағында қалған.

Жаз жайлаулары, қоныстары бір, әуелден аралас-құралас, сыйлас Тастан Иса 1874 жылы Түпқарағанға болыс болған соң онымен жақсы дос болып кетеді. Иса көбіне оязбен арадағы әңгімені Тастанның аударуына пейіл таныта береді екен. Оның мәнісі Тастан тілмаштың жазу шеберлігі онша болмағанмен, ауызша жатық, шебер аударма жасайтын болған. Яғни орысша қара әңгіменің жүйрігі. М.Әуезовтың "Абай жолында" бір эпизод бар еді ғой. Құнанбайдың тілмашқа "іннің аузындағы ақ көт торғайға ұқсамай, дұрыстап аудар", — деп зекитін. Сонда Құнекең өзінің уытты сөзін жеріне жеткізбей, табаны тайсақтап, майысып аудармақ тілмаштың ыңғайын байқап қалған соң ашу шақырған. Демек дұрыс тілмаш болу үшін тек тіл білу жеткіліксіз, қайрат-жігер де керек. Тастанның Исаға ұнайтыны ол батыл, бетті де адам болған дейді ел. Әлбетте Иса мен ояз арасында былайғы халық білуге тиіс емес әңгімелер де болады. Тіпті адами құпиялар да айтылуы. Оның бірден бір куәсі тілмашын тағы бір міндеті екі елі аузына төрт елі қақпақ қойылуы керек. Тастан бұл ретте де сыр алдырмаған. Патша үкіметінің ішінде Иса да бар, көтерілісшілерге рахымы түсіп, кешірім жариялағанын сенімді адам арқылы Хиуалағы Исаға хабарлаған Қабақ пен Тастан болыпты. Иса кешірім алып, Түпқарағанға болыс болып тағайындалған соң Тастан Шүйлі бұлақтың басына үй тігіп, Исаны шақырып құтты болсын айтады. Оязды да шақырып, екеуін дастархан басында тоқайластырып, достасып кетуіне ықпал жасайды. Бұл сол бір алмағайып сәтте Тастан тарапынан үлкен азаматтық еді.

Ахал-Теке жорығында орыс әскеріне қол ұшын беруде де ол көзге түседі. Қалаға жақын Түпқараған болысы сол жылғы малдарының жүнінен киіз басып үкіметке тапсырады. Әдетте қазақ боз қойдың жүнінен көбіне үйдің жабатын киіздерін, текемет, бау тоқиды. Қара киізден текемет аздап басылады. Бұдан басқа, арқан есілмесе, оған деген сұраныс аз. Жайбасар қазекең оны базарға апарып бұлдауға да қырсыз. Сондай қадірсіз қара жүнді Иса болыс пен Тастан тілмаш киізге айналдырып, әскер қажетіне бергізеді. Ел арасында ол "қара жүн салығы" деп аталып кетулі. Тегін, қыруар пайдаға кенеліп риза болған ояз бұл болыстың халқын екі жылдық түтін салығынан босатады. Ахал-Теке жорығынан соң бұл екеуінің медальмен марапатталуының бір себебі осында жатыр.

Тастан мен Қабақ тілмаштардың елге тағы бір пайдасы үкіметтің қаулы-қарарларын, ол бойынша ояздың алмақ шешімдерін күн ілгері билерге, болыстарға хабарлап, құлағдар етіп, дайындап отырған. Тіпті құпия бас қосып, ертең айтпақ ойларын кесіп пішіп ақылдасып алуды әдетке айналдырған. Түпқарағанда болыс болған кезінде де үкіметтің құпия бақылауында жүрген Иса Үстіртке алыс жайлауға жіберілмеген. Қала маңынан ұзамаған. Сонда дөңгелек шаруасы бар Тастанмен бірге қыстап, жазда қазіргі Қошанай, Нұрқабай шымырауларының басын жайлапты. Түбіжіктің шығысындағы Маңсуалмас сайының тұйығындағы көнді ел бері келгенше "Исаның қара жұрты" десетін. Иса аулы осында күйек алады екен. Бір жылы тіпті қыстап та қалған .

Енді Тастанның жоғарыдағы мінездемесіндегі оның мұсылмандарға қатысты патша үкіметіне сіңірген қызметіне тоқталайық. Мұсылманшылықтың бір парызы — хажылық. Яғни Меккеге бару. Көтерілістен соң орнаған бейбітшілікте есін жинаған Адай елі ішінен де осы парызын өтеуге құлшыныс танытушылар шыға бастайды. Ұлттық Мемлекеттік архив қызметкері Зияда Ижанов тауып «Ана тілі» газетінде жариялаған деректерде 1887 жылы Маңғыстаудан бір адам — атақты би Құлыш Түменбаев Меккеге барған. 1892 жылы 7 адам (3 қазақ, 4 түрікмен барыпты). Одан кейінгі 10 жыл ішінде бір де бір адам Маңғыстаудан Меккеге ат ізін салмаған. Себебі үкімет рұқсат етпеген. Бұдан ол жылдары Россияның өзге мұсылман жұртынан да солай хажыға барушылар шықпаған деген қорытынды болмауға тиіс. Керісінше олар көп болған. Бұл тек Маңғыстау еліне ғана тиесілі тыйырым. Себебі баяғы сенбеушілік. Сол уақытта орыстар үшін қауіпті пантюркизм деген қозғалыс бас көтерді көп елдерде. Ол бүкіл түрік нәсілді халықтардың бірігіп, одақтасып, орыстарға қарсы болуын уағыздаған ағым. Абайға хат жазып, ол бойынша Абай үйінің тінтілігі, хаттың тәркіленуі, Б.Майлиннің "Шұғаның белгісіндегі" Әбдірахманның түрік шпионы деген жаламен ұсталуы сол ағымның салқыны. Онсыз да орыстарға іші жылымайтын Адай елі, енді пантюркизм туының астына алдымен топтала қалады деген қауіп мықты болды үкіметте. Сол себепті бұл елден хажыға барам деп тілек білдірушілерге аңду қойылды. Шет елдік паспорт, рұқсат қағаз берілмеді. Хажыға жібермеудің өзге де күй тұрқы әрекеттері жасалып бақты. Ақыры елдің талабына қарсы тұра алмаған үкімет шегінісі 1902 жылдан бастап рұқсат беруге мәжбүр болды. 1902-1911 жылдар арасында Маңғыстаудан 78 адам хажылыққа барыпты Зияда Ижанов келтірген деректерде. Соның бірі менің ұлы бабам (тізімде 62-ші болып тұр) Бөлебай Қаржауұлы. Ол кісінің есімі тағы бір құжатта 1909 жылы 2-ші Бозащы болысының имамы деп көрсетілген. Демек ол Исаның бақилық болған хабарын естіп, садақа шалып, құран-хатым бағыштағанда болыстың имамы болған.

Сенімсіздік емей немене 1904 жылы Түркістан генерал губернаторы Адай уезінің басшысына "Меккеден хажылыққа барған мұсылмандардың оралуына орай, жоғары мәртебелі, Сізден олардың соңынан бақылау қоюыңызды өтінемін, зиянды үгіт таратып жүрмей ме, соған ерекше назар аударыңыз" деп қатынас жазады (сонда). Уездің сол кездегі басшысы, адамгершілігімен, ғылымға бейімдігімен көзге түскен ояз Ф.Михайлов қарамағындағыларға "Молда Шайқы Қонырбаевтың артынан оның саяси сенімділігін анықтау үшін (Монша ауылы, 2 Маңғышлақ болысы) бақылау жүргізініз, барлық байқалған жайды маған хабарлап отырыңыз" деп тапсырма береді. Уезде хажылар мен Меккеге барушыларды бақылауға бұрын 100 сом қаралып келген екен, 1902 жылдан соң ол 600 сомға дейін көтеріліпті. Тағы бір мәлімдемеде "сырттан тыңшы жіберу істі бүлдіреді, зиян болады, сондықтан, олардың өз айналасындағылардан агенттер ұстап, құнды мәліметтер жинауымыз керек" делінген. Осылай қимылдаған патша үкіметі хажылыққа баратындар ішіне өз адамдарын қосып жіберуге көшті. Сондағы қолайлы адамы Тастан Көбеев 1903 жылы 31 желтоқсанда оған берілген № 9266 куәлікте "Хажылық үшін Меккеге баратын ерекше паспорт бойынша жанында алты атары бар" деп көрсетілген (сонда). Бұған қарағанда Тастан Көбеев бір жағынан хажыға барғанда үкіметтің құпия тапсырмасын да орындаған.

Т.Көбеевтің отбасы туралы деректерді інісі Оспан Көбеевтің 1930 жылы Тобанияз тобымен тұтқындалып ОГПУ тергеушісіне берген жазбаша жауабынан кездестірдік. Оспанның жазуынша ол Шалбар руының Арыстан бөлімі. Көбей екі әйел алған. Тастан бәйбішеден үлкен ұл. Көбей қайтыс болғанда Тастан үйлі-баранды жігіт. Іс басында жүр. Екінші әйелінен 4 бала. Үлкені Омар 10 жаста. Оспан 1876 жылы 28 сәуірде Үстірттің Қайнар деген суының басында туған. Одан кішілері Отарғали мен Әбдірахманның жастары көрсетілмеген. Тастан 14 жасында Омар інісін үйлендіріп, шешесімен бөлек үй қылып шығарады. Оспанды 11 жасында 1887 жылы 2-Орынбор кадет корпусына оқуға береді. Бұл сапарды О.Көбеев қағазға — былай түсіріпті:

— "9-10 жастағы бала кезім. Туған ауылымнан жырақта түйе бағып жүр едім. Бірде үлкен ағам Тастан атпен келіп, әуелі түйенің түгел, түгел еместігін сұрап алды да, өзімен бірге ауылға жүру керектігін айтты. Сөйтіп, мені жерден көтеріп алып, ірілеу келген атқа мінгізді. Ауылға келген соң мені тойғызып тамақтандырып, содан соң тойға баратындай қылып киіндіруді тапсырды. Біраз уақыттан соң жолға шықтық та, келесі күні қалаға (Форт Алексанровскіге) келдік. Қалада қанша күн тұрғаным есімде жоқ, бірақ көп ұзамай тағы жүріп кетіп, пароходқа міндік. Менің орыс тілін білмейтінім былай тұрсын, бұған дейін тіпті орыс адамын да көрген жоқ едім... Сол себепті бәрінен қорқып жылай бастадым. Бірақ ағам болмай пароходқа сүйрегендей болып мінгізіп, өзімен бірге орналастырды. Теңізден соң да бірнеше қаланы басып өттік. Ақыры Орынбор қаласына келіп тоқтадық. Мұндағы қонақ үйде екі күн жатқан соң ағам қала ішімен мені ертіп жүріп кеп, үлкен үйдің қасына тоқтады. Жолшыбай менің орысша оқитын болғанымды, жақсы оқу керектігін айтты. Үйдің ішіне кірдік..."

Оспан Тастан ағасының үмітін ақтады. 1897 жылы кадет корпусын үздік бітіреді. Содан кейін Москвадағы Александровск артиллерия училищесінің далалық артиллерия бөлімін тағы үздік бітіреді. Одан кейін Ашхабадтағы гарнизонда офицер. Орыс-жапон соғысында ерлік көрсетіп наград алады. Бірінші дүниежүзілік соғыста Кавказ майданында генерал Юденичтің қарамағында дивизион командирі, подполковник. Патша үкіметі құлаған соң Фортқа Ашгабадтағы қызыл үкіметтің уездік комиссары болып тағайындалады. Осы қызметінде адмирал Колчак үкіметінен полковник шенін алады. Азамат соғысының қиын-қыстау кезінде Маңғыстау елін жақсы басқарады. 1920-1921 жылдары Бакудегі шығыс халықтары кеңесінің алқа мүшесі, 1921-23 жылдары патша армиясының офицері болғандығы үшін сотталып, Архангельск губерниясында жазасын өтейді. 1924-1929 жылдары аудандық әскери комиссариатта нұсқаушы, уездік жер бөлімінің қызметкері. Тобанияз тобымен бірге тұтқынға алынып, атылады. Көбеевтер әулетінен біз білгенде қазір Теңге кентінде інісі Отарғалидың баласы Қалдыбайдың ұрпақтары тұрады. Олар да Қалдыбай Оспанның інісі болғандығы үшін сотталып, одан босаған соң Түрікменстанға өтіп кетіп беріде оралғандар. Ал Тастанның ұрпақтары туралы дерегіміз жоқ. Досан батыр өлгенде денесін алып, ата қауымына жерлеуге Исамен бірге атсалысқан, көп ауыртпалықты көтерген осы Тастан азамат екен.

Исаның тілмаш ретінде қолын ұзартқан тағы бір адамы әрі досы Ораз Оңғалбаев. Жары руының Тоқтамыс бөлімінен. Туған жері Тиген. Яғни Исаға жерлес те болып келеді. Тиген мен Алаторпа арасы қозы көштік жер. Тигенге ол уақытта көктемде теңіз тасығанда су келетін. Етектегі ойда көл түсіп, құс жұмыртқа салатын. Ораз сонда бөлдекке қайықпен таяу таянып жүріп, кұс атып, саят құрады екен, — деп отыратын шалдар. Ораздың әкесі Оңғалбай Красноводск маңында көп тұрып, сондағы орыстардың құрылысын салған. Ораз қаладағы орыс мектебінде оқып сауат ашады. Оңғалбай Фортқа келген соң ұста болады, Ораз уезд кеңсесіне жұмысқа кіреді. Писарь әрі тілмаш. Көтеріліс кезіндегі құжаттарда Ораздың аты жоқ. Соған қарағанда ол бұл кезде Крановодскіде. Ораз ойына келгенін тура айтатын бетті кісі болыпты. Сайқымазақ, қалжыңбастықтан да құралақан емес. Ол мінезі уездің көп болыстарына ұнамаған сыңайлы. Содан бәрі оязға Ораздың үстінен арыз беріп, тілмаштықтан түсіруге пәтуаласады. Бұған біраз ыңғай бермеген Мәтжан екен. Ақыры ол да көпке топырақ шаша алмай, бейтарап қалатынынан хабар береді. Тек Иса ғана сыр алдырмай, іш пікірін сыртқа шығармай қала барған. Сондай итырқылжыңның кезінде ел жақсыларын Ашхабадқа съезге шақыру келеді. Иса оязға осы сапарымызды Ораз бастап жүрсін деген тілегін жеткізеді. Ашхабад аттылы көлікке алыс жол. Кемі бір ай жүреді. Сондықтан оған қатынас Красноводскіге дейін кеме, онан әрі теміржол. Маңғыстау делегациясы осы соңғысын қолай көріп Форттан кемеге отырады. Қырсыққанда қымыран іріп, сол уақытта теңізде дауыл болып жолаушылардың Красноводскіге жеткенше ит сілікпесі шығады. Бәрі дерлік теңіз ауруымен ауырады. Мұндай сапардың талайын бастан өткерген Ораз ғана сыр алдырмайды. Халі мүшкіл серіктерінің басын сүйеп, жәрдем беруге тек сол ғана жарайды. Көрмеген жер қорыстан, тұрғындары кілең орыс Красноводскіде де жұрттың күні Оразға түседі. Поезда да солай. Ашгабадта, сірә, тізгінді Ораз ұстайды. Ол бұл уақытта Түркістан губерниясындағы Ташкенттен кейінгі орталық. Закаспий облысы, Мары облысымен бірігіп, сонда қарайды. Ашгабадтағы дөкей ұлықтармен арадағы тілмаштық сірә Ораздың төл міндеті. Съезд бітіп, барған шаруалары орындалған делегация келген іздерімен елге келеді. Мұндай үлкен съезге барып келу үлкен оқиға. Бәрі тобымен түрікмен байы Шәкір Бекназаровтың үйінде бас қосады. Сол жерде Иса:

— Ал, жайда — батыр, жауда — жасық ерлерім, ауыл үйдің ішінде көз сұғыңның қадалғаны бір Ораз болып еді. Үйден қарға адым жер шығып міскін халге түскенде қалай болды?—десе керек. Би, болыстар әуелгі райынан қайтып, енді Оразға тимеуге сөз береді.

Ораздың өз қатарларынан көш ілгерілеген жері Тастанға ұқсап баласы Нұрсұлтанды орысша оқытуы. Әуелі Форттағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген Нұрсұлтан Ашгабадтағы гимназияда оқуын әрі қарай жалғастырады. Сонда қаланың қоғамдық саяси өміріне белсенділікпен араласады. Ашгабадта велосипед спортына қатысып жүлдегер болып, Фортқа алғаш велосипедті әкелген, "Түркістан уәлаяты" газетінің аймақтағы тілшісі болған да Нұрсұлтан Оңғалбаев. Гимназияда ол орыс тілімен қатар неміс, француз тілін де үйренеді. Өкінішке орай,жас, албырт Нұрсұлтан гимназия қабырғасында большевиктердің саяси үйірмесіне қатысқаны үшін оқудан шығарылып, беделді әкесінің кепілдігімен Фортқа полиция бақылауына жіберіледі. Сөйтіп Ораздың баласын гимназиядан соң жоғары оқу орнына оқытпақ болған арманы орындалмайды.

Шалымды Ораз Маңғыстауға келген әртүрлі экспедицияларды жолбасшы болып бастап жүреді. Сондай экспедицияның бірінде бәстесіп, кең шапанын парашют қылып Иір ойындағы Шерғалатты бөлек құздан секіріп аман қалады. Ел оны күні бүгінге дейін "Ораз ұшқан" деп атайды.

Атақты неміс этнографы Рихард Карутцты Маңғыстауға бірінші сапарында бастап жүрген де Ораз. Ғалымның екінші сапарында жолбасшы Нұрсұлтан болды. Иса ол уақытта Бозащыда. Р.Карутц кейіннен "Маңғыстау түрікмендері мен қазақтары арасында" атты тамаша кітап жазып қалдырды. Сонда жолбасшыларының есімдерін алғыс сөзімен атап өтіп, халықтың өзін тым пейілді қарсы алғанын, экспедиция кезінде өз жанынан ешқандай қаржы шығартпағанын ризашылық сезіммен жазады. Ол тамаша фотограф та болған. Соның ішінде өте-мөте назар аударарлығы "Бозащы билері" деп аталатын сырт киімімен түскен үш бидің суреті. Үшеудің ортасындағы кісіні ел айтылмыштағы кескін-кейпіне, кейінгі ұрпақтарындағы ұқсастықтарға қарап, Исаның суреті, ал екі шеткі Мәтжан мен Ермембет дейді. Біз идентификация жасайтын маман емеспіз, қолымызда Р.Карутц автордың суретіндегі кісілердің аты-жөнін көрсеткен нақты жазбасы да жоқ. Әйтсе де қалт айтпайтын халықтың Иса суреті деп тануының дұрыстығына ден қоямыз. Оның дәлелі бидің ауызша жеткен портретімен қатар Р.Карутцтың сол жылдардың жазында Иса аулы жайнап отырған Қаражанбас, Долгий маңында көбірек болып, сол жерден көп фотосурет қалдыруы. Оның үстіне досы, бастасы Ораздың баласы Нұрсұлтан қонағын әуелі Исекеңнің аулына бастап келеді топ. Айта кету керек, қазақ тарихында кейінге суреті жеткен қазақ билері көп емес. Қолда солай суреті болмағандықтан ғой қазіргі мүсіншілеріміздің Астанадағы үш бидің басына хан, сұлтандар, төре тұқымдары ғана киетін айыр қалпақ кигізіп "көжені төккені". Қазақ билері еш уақытта айыр қалпақ кимеген. Белгілі үш арыс биінің суретінің сақталуы түбек тарихының үлкен олжасы.

Ораздың Иса досымен өнер жағынан да үндестігі болыпты. Ол да ақын. Ақындығының үстіне сазгер әнші. 1920 жылы Маңғыстаулық өнерпаз Құрмаш Нұраханов А. Затаевичке "Ораздың әні" деген әнді жаздырыпты. А.Затаевич ол әннің нотасын атақты "Қазақ халқының 1000 әні" жинағында жариялап, "Ораз Оңғалбаев Адай қырғыздарының белгілі әншісі" деген түсінік береді. Өкінішке орай А.Затаевич аталған жинағында әндердің тек жеке қайырым, иірімдерінің ғана нотасын берген және сөздерін бермейді. Ораздың кезінде тілмаш болғандығы, отызыншы жылдары бұл әулеттен үш бірдей Оңғалбаевтың "халық жауы" деген жаламен атылып, біреуінің 10 жылға сотталып кетуінің салқыны әнге де тиіп, ол біртіндеп жоғалуға айналды. Оны тек біздің бала күнімізде Жармыш аулының клуб меңгерушісі Сәрсен Иманғалиевтің аракідік айтатынын құлағымыз шалғаны бар еді. Артынан білсек Сәрсекеңнің Айқара дейтін саудагер аталары Оразбен дос болып, соның селбеуімен Ораз бұл ауылдың жиі келетін қонағы екен. Ән Жармыштың жатақ Беріштеріне солай жетіп қалыпты. Қазір 10 теміржол бекетінде тұратын Сәрсен аға 2003 жылы ән жоқшысы Светқали Нұржан мен Сабыр Адайға айтып, жаздырып беріп, екінші ғұмыр сыйлады. Ол үшін Сәкеңе қазақ өнері, Ораз ата рухы дән риза.

Ораздың дәл қай жылы қайтыс болғаны таластау. Басы ашық нәрсе — ол Иса бақилық болғанда бар. Қазаға ояз кеңсесінен келген делегация ішінде Ораз да болды, сонда орыс ұлығының марқұмның от басына көңіл айтқанын тәржімалады дейді ел жады.

Қабақ Ермембетовтың руы Жеменейдің Кенжесі. Бір таңқаларлығы Қабақ көтеріліс кезінде патша ұлықтарының жағында, 1873 жылғы жорықтың бас жолбасшысы болғанмен, ел оны біртүрлі өзімсініп іш тартумен, жақсы көрумен болған. Оны жамандыққа қимаған да, бермеген де Қабақ орысша сауатының үстіне діндар, тақуа да адам болыпты. Орыс үкіметі оны Үшауызда өлген, Рукинге ас берді деп әз әулие тұтқан. Қабақ оны Рукинге берді ме, жоқ әлде, сол соғыста шәйіт болған діндестеріне, қандастарына берді ме, тіпті бәрі де емес, қанды оқиғадан соң құдайын есіне алып, тәубеге шақыру үшін беріле салған тек әйтеуір нәфіл садақа ма — ол жағы әуелі Аллаға, қала берді Қабекеңнің өзіне аян. Әйтеуір Шүйлі бұлақтың алдындағы жазыққа бірнеше үй тігіліп, көп мал сойылып, оған қазақтармен бірге орыстар да жиналып, қаладағы мешіт пен шіркеуде молда, свяшенниктің марқұмдарға дұға оқығаны шындық, болған жайт. Бұдан соң Қабақ беделі патша ұлықтары алдында тым аспандап кетті.

1873 жылы Хиуа алынған соң, Қабақ жасырын түрде сол жорыққа өз еркімен келіп қатысқан, Алғи арқылы Исамен, Досанмен кездесіп әңгімелесті деген деректі кейінге жеткізіп қалдырушы, сол кездесуде болған көтеріліс сарбазы Дихан. Қабақ көтерілісшілерге патшаның кешірімі болғандығын өз аузынан хабарлайды. Ішінара сенбестік танытқандар болған екен, ол ата сөзінің дәлелі ретінде құран ұстап ант береді. Орысқа қарсы тұрып, ендігі жерде мәнпахат табылмайтынын түсіндіреді. Сол сөзімен Исаны иландырады, бетін бері қаратады. Досан Қабаққа сенуін сене тұрса да, кәпірмен ұстасып өтетінін айтып, қасарысып көнбейді. Бәлкім Қабақтың бұл кездесуге айлакер, мәмлегер, жаугершіліктен гөрі бейбітшілікке бейім саясаткер полковник Ломакиннің жұмсауымен баруы да. Ондай қиын кезде ел мүддесі үшін онысы да шетін емес. Қабақ сол көтерілісте Хиуа жеріне ауып кеткен көп елдің ата мекендеріне оралып, бейбіт өмірмен қайта қауышуына көп еңбек сіңірген тұлға.

Өзі діндар Қабақ ел арасында мешіт-медреселер салғызып, мұсылман дінінің шапағатының үстелуіне де ат салысып баққан. Орта Азия мұсылмандарының ол уақыттағы діни орталығы — Қазан. Бас мүфти сонда. Мұсылманша білім берудегі жаңа ағым — жәдидше оқытудың да тұсауы Қазанда кесілген. Ең бастысы Қазандағы мүфти, діни орталық патша үкіметінің қолдауына ие. Орыс қызметіндегі Қабақ Қазандағы діни орталықпен мықты байланыс орнатып, оның нәшіриятында (баспахана) басылған, араб тілін білмейтін қазақтар үшін оқуда жеңіл, харекеті көрсетілген (дауысты дыбыстары қойылып) құран-кәрімді, татар тіліндегі діни әдебиеттерді көптеп алдырады. Кейіннен әртүрлі қоймалардан табылған ескіше кітаптардың дені Қазан, тіпті жәдидшіліктің ендігі бір ту тіккен жері Исмаил Ғаспыралы (Гаспринский) отаны Қырымның Симферополь баспаханаларында басылған болуын сол байланыс арқылы түсіндіреміз. Форттағы бұрынғы тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты тұрған үй маңында төңкеріске дейін түрікмендер салдырған мұнаралы мешіт болған. Жанында дәулетті түрікмендердің үйлері тұрған. Кейіннен сол жерден Мәтжан би де Ашгабадтан фельдшерлік оқу бітіріп келген баласына үй салдырған. Алдыңғы ғасыр тоғысында Форттағы бұл мешіт түбектегі ресми діни орталық, ал Қабақ Ерменбет баласы соның белгілі, белсенді қамқоршысы болған.

Елге дінмен қатар мәдениетті де уағыздаған Қабақтың бұл бағыттағы бүгінге дейін сақталған қолтаңбасы Қаратаудың бұлақтары басына егілген ағаштар. Белгілі қаламгер Сәбит Әбішұлы үлкен әжесінің "Қазіргі Шетпе басына Қабақ келіп, ағаш отырғызып жатқанда келін болып түскен едім" деген естелігін бізге жеткізуші. "Атадан мал қалғанша тал қалсын" демекші Жармыштың Сарықауағында өсіп тұрған үлкен жиде ағашының жемісін тата қалған ұрпақтың бірі бізбіз. Үлкендер оны да баяғыда Қабақ әмірімен отырғызылған бақтың жұқанасы деп дәріптейтін. Ол ағаш осы күні кеше дерлік әбден қартайып құлады. Дөнбегі қазір сол орнында жатыр.

Қабақ 1880 жылы Ахал-Теке жорығында да үлкен беделге ие болады. Зираты Сисем ата қауымында. Ондағы жазу дұрыс болса ол 1903 жылы өлген. (Шәгіміз 53 жасында опат болды делініпті. Қабекең олай емес, қарттығына ден қойып барып қайтты деуге келіңкірейді).

Марқұмның тірісіндегі аманаты — өлгеннен кейін өзін Сисем атаға апарып, әруақты аталардың қасындағы жер қойнына табыстау екен. Қыс ішінде қайтыс болады. Аттан жал, атаңнан көм кеткен өлі ара уақыт. Әрі жер тізеден қар. Солай екен деп марқұмның аманатын орындамау елдікке сын. Тығырыққа тірелген елге ауылдың бір көшелі ақсақалы — мына тұрған Сисем атаға жете алмайтын болсақ несіне жер басып жүрміз. Пәленшенің үйіндегі қара нарды қомдап, мәйітті артыңдар да шығыңдар жолға! Аттарыңа сенбегендерің қосарға ат жетектең. Манатаның аузын қар басып қалған шығар. Алдын ала бір топ жігіттерді жіберің. Барып жолды аршысын, — деп байлам айтып серпілтеді. Сол бойда тамақтанып, жол азықтарын қомдап алған Қожағұл Түйебай (марқұмның Хиуа, Ахал-Теке жорығындағы үзеңгі серігі) бастаған бір топ қажарлы жігіттер суыт жүріп кетіп Манатаның жолын қардан аршиды. Айтылған қара нарға артылған марқұмды Иса, Бәли Өсербай, АбызТілеген, Шонай Құлыш, Жары Мәтжан бастаған елдің игі жақсылары ақтық сапарына алып жүреді. Ел құлағы елу, бұлар Сисем ата басына барып жеткенде, Бозащыдағы Ермембет, Қабыл, Қарнаудағы Олжашы Айдарбай би, 3 мың жылқы айдаған Шегем Шотықбай бай, Қаратау тұмсығындағы Төлеп батыр балалары бастаған елдің игі жақсылары да жан-жақтан жетіп, еру болып күтіп жатыр екен. Қабақтың қайтыс болған хабары жеткенде Иса: "Қабағымның өлгені — Арқадан Қарақұмды жау алғаны, қасымнан қарағымды қағынды алғаны ғой", —деулі. Би бастас досы, сыйласы, құрметтесі Қабақтың артында қалуын тілеп және онысын естіртіп айтып та жүреді екен.

— Қырда ізімді ұзартқан, ойда ояз алдында тілімді ұзартқан Қабақ жоқ. Ендігі жерде үнім жетім қаздың қаңқылындай болып жүрер,— деп болыстықтан бас тартуға бағыт ұстауы да содан. Бастасынан айрылудан бұрын, сексеннің сеңгіріне аяқ басып, шау тартқан кісіге болыс болып, бүтін бір елдің ауыртпалығын көтеру де оңай болмағандай.

— Жаманның ақылы түстен кейін, жақсының ақылы түске дейін деген бар. Мәтжан шын жақсының өзі екен. Болыстық қамытынан ерте кұтылып алды, — деп күліпті және. Ол уакытта уезд бастығы Федор Андреевич Михаилов Маңғыстауға дейін Мары облысында көп жыл қызметте болған. Артына "Каспий сырты облысының түздіктері" деген зерттеу еңбегін қалдырған, орыс мұнай геологиясының атасы болған академик Н.И.Андрусовпен, тағы басқа ғалымдармен достық қарым-қатынаста болған, оның ғылыми сапарларында қолқабыс берген зиялы адам. Маңғыстауда ел ақсақалдарымен жақсы сыйластықта қызмет еткен. Ол Исаның болыстықтан түсу туралы өтінішін қинала орындап, орнына баласы Нұрбергенді тағайындайды.

Қабақ өлген соң, бір жылды артқа салып барып жазда асы беріледі. Осы астың бас асабасы Иса болады. Көмекшісі — Қабаққа ру жігімен жақын болып келетін Айдарбай би, оның қол ұзартар жәрдемшісі — Тобанияз. Қабақтың асы Исаның көсем болып көпті артына ерткен, шешен болып жұртты аузына қараткан соңғы дүрмегі болған деседі ел.

Ақыреттік достық дейтін болсақ, соның өткеннен бір мысалы, осы Иса, Тастан, Ораз, Қабақ араларындағы достық. Қарызы өтемсіз, парызы сұраусыз достық ол.

ТӨКЕҢ ШЕРТКЕН ТӨРТ АУЫЗ СЫР

"Аулыңда қартың болса жазулы тұрған хатпен тең" деген ғой. Мен білгенде Исекең ауылының сондай қарты — Төлесін Көшекұлы. Қарт дегенді сөздіцң сыралғысы ретінде айтып қалып жатырмыз. Әйтпесе ол жігіт ағасы жасында. 1936 жылы Алаторпа өңірінде туған. Туған аулынан ешқайда ұзамаған. Сол сеп болып арғы аталармен алды домдес, арты көре қалған көне коөдердің әңгімелерін құлағына құйып өскен. Әуелден зерек Төкен мектепке бармай жатып-ақ латын әрпімен хаттанып өлең, жыр, қиссаларды оқып, жаттап өскен. Оған қосымша "қасына жақсылардың көп ергемін" дсмекші, Сәттіғұл сияқты жақсылардың да қасына көмере қалған реті бар.

Соғыс жылдарында ауыл мектебіне барған Төкен кейіннен техникум бітіреді. Одан соң Саратовтағы институтты сырттай бітіреді. Сосын да туған жерден ұзамай колхоз, совхоздарда орта дәрежелі басшылық жұмыстарында болады. Әр адамның өмірінде бір өзіне етене әуестігі, құмарлығы болады ғой. Біз оны хобби деп жатамыз. Төкеннің хоббиі — өңірдің өткені. Басында тыңдаушы, ден қоюшы ол, келе-келе өзінің де сыр сандыққа айналғанын сезбей қалса керек. Келіңіз, оқырман, ағамыздың сол сандығының ішіне үңіліп көрелік.

Әке балаға сыншы. Көшек қария баласының зейінін байқаған соң оны жақсыға жұғысты етудің қамын жасаған. Қырдағы малшы аулында ол мектеп — сөз білетіндердің әңгімесін тыңдату. Бірде жайлауда отырған бұлардың аулына маңайдың сыйлы қарты Бектеміс Жары Қойшығара келе қалады. Асығыс екен, бірақ Көшекең бір марқасын сойып тастапты. Маңайдағы ауылдардың үлкендерін де шақырады. Құрметті мейманға қолқасы — әңгіме. Қойшекең белденбейтін кісі екен. Бірақ жайылып жастық, иіліп төсек те бола кетпейді. Әңгімесін сөз ұғар ортада ғана жебейді.

Ол кезінде би Мәтжан ағасына атқосшы болған екен. Бозбала жігіт. Бірде кілең билер отырған үйге кіріп барады. Қалыптасқан тәртіп бойынша олардың үстіне атқосшы түгілі былайғы бейсеубет адам да бара бермейді. Қосшысының мына келісіне Мәтекең тіксініп қалады. Неге келдің деген сауалын кейісті қабағымен аңғартады.

— Жақсы ағаларымның әңгімесін тыңдамақ едім,—дейді бұл ағынан жарылып.

— Әңгімені қызықтап тыңдауға ма, жоқ, жадында ұстап танымына алуға ма? — дейді ағасы.

— Осы соңғысы, аға. Ақпа құлақпен әңгіме тыңдап қайтем? Зердеме құям, — дейді мүлт кеткен жерін түзеткен бозбала.

Мәтекең басын изейді. Ол құп алғаны. Содан би ағасы алқалы ортада қосшысын қасына ала отыратын болса керек. Қойшекең сөйтіп Тобанияз, Айдарбай, Мәтжан, Нұрберген сынды сөз-дариялардың лебізіне біраз сусындаса керек. Бірде мұның суы қанды-ау деген шамада Мәтжан сол серіктерінің арасында тезге салады.

— Шырағым, әңгіменің тыңдауы — тыңдау. Ал тыңдалған әңгіме айтылажақ. Қызыл тілде сүйек жоқ. Жаңылмайтын жақтың да болмайтынын білесің. Жақ жаңылайын демейді. Айтушысы жаңылдырады. Бірде болмаса бірде пендешілігіне жендіріп алады. Бір жалғанның азары — мың шындыққа тие жақ. Сондықтан білгеніңді, естігеніңді сол күйі айтуға антыңды бересін мына ағаларыңның алдында, — дейді. Солай деп ант сөзін айтады. Бұл сол бойда қағып алып, билер алқасынын алдында шарта жүгініп отырып қайталайды. Міне, Қойшекең айтарына сондай жауапкершілікпен қарайтын кісі екен. Ол қасиет оған әлгі аузы уәді ағалардан жұғыпты.

1930-шы жылдардың орта шенінде Маңғыстауға Ораз Жандосов келеді ғой. Әуелі Красноводскіге поездбен түсіп, содан бері қырмен керуен түзеп жүреді. Сонда ол кісінің сұрауы бойынша елден әңгіме айтылатын көненің сарқыты ретінде осы Қойшығара Телмағамбетүлы алдырылып, Орекеннін касында болады. Өлкенің откені, жері, суы, елінің салт-дәстүрі туралы қонағын небір хикаяға қарық қылады. Содан Орекеңді Бұрыншықтан кемеге мінгізіп салады. Орекең қимай қоштасып, бұған әртүрлі жеңілдік жасайтын 3 мандат беріп, барған соң мұның айтқандарын жазып алатын арнайы адам жіберетін болып кетеді. Ол адам Ахмет Мамытов деген дәрігер екен. Артынан келіп, бірнеше дәптерге толтырып жазып алады. Ахмет Кеңес одағының батыры Мәншүк Маметованың әкесі. Яки Мәншүктің өз әкесі — Женсікәлі, Ахмет оның туысы. Мәншүкті бала қылып алған. Артынан 37-нің зобалаңы келіп, Ораз Жандосов сірә шәйт болады. Ахметтіңде дерегі жоғалады. Сонымен бірге Қойшекеңнің әңгімелері де іс-түссіз жоқ. (Шіркін-ай, сол табылар ма еді?!)

Қойшекеңді солай құрметтеп, лебізін тыңдаған Көшекең де қара әңгіменің жүйрігі болыпты. Сонда оның көп жебейтіні өзі жаксы білетін, көрген ағасы Иса, оның баласы Нұрберген екен. Сірә, күндердің күнінде заманның түзелетінін ішкі түйсігімен сезсе керек, бауырларының болыс, би деген атынан заманның күйіп тұрған кезінің өзінде қорықпай баласының құлағына құйып кете алыпты. Біз бүгінде осы еңбегімізде келтіріп отырған біраз деректер үшін сол иманды болғыр Көшекеңе қарыздармыз.

Көшекең Әліби Жангелдин келіп, Қаратөбеде създ ашқанда жас жігіт Исаұлы Нұрберген бауырына атқосшы болып еріп барған. Съезд Қаратөбенің басында, қазір белгі тұрған жерде емес (Жангелдин мың жерден шоқынды болғанда да, мола басын тапап съезд ашпайды ғой), алдындағы Бозбастың жалының үстінде өтеді. Төтенше комиссар төңкеріс комитетінің төрағалығына осында келгелі етене сырлас, сыйлас болып қалған Исаұлы Нұрбергенді ұсынады. Сонда Нұрберген орнынан тұрып:

— Сеніміңізге рахмет, Әлеке! Заман ыңғайы — жарлы-жақыбай. Әкем Исаның болыс, би болғаны бар. Оған екі үйірден артық қылқұйрық, көші-қондық түйе мен бес жүз уақ жандықтан артық мал бітпегенін қайтесін бұл ағайын. Күні ертен-ақ арызды боратып бағар. Ол абырой болмас. Мен бас тартамын. Халық қарсы болмаса төрағалыққа мына сіңірі шыққан кедей Тобанияз лайық. Ол орынға мұның ақылы да, билігі де, ерік-жігері де жетеді! — дейді. Алқақотан отырған ел жақсылары Нұрбергенді қолдайды. Ә.Жангелдин Тобаниязды да жақсы біледі. Қарсы болмайды. Бірақ ол "мен орысша білмеймін" деп тартыншақтаған екен. Жақсылар "ол айып емес. Олқыңды толтыратын мына Нұрсұлтан, Сыдиықтар бар. Осылар қолыңды ұзартады" деп қаумалап әкетеді. Сөйтіп сол жерде Сыдиық Жубаев төрағаның орынбасары болып тағайындалады. Нұрсұлтан Оңғалбаев тілмаш болады. Тобанияз төрағалық қызметінде Нұрберген мен Мәтжан, Айдарбайлар бастаған би, ақсақалдар көмегіне қол артқан. Солармен ақылдасын отырған. Яғни басқару жұмысы демократиялық негізде болған. Маңғыстауды Қазақстан қарамағына өткізу үшін Орынборға барғанда қасына, ішінде Нұрберген де бар,бір топ белді, беделді кісілерді ертеді. Нурберген Үстірттегі елден тігетін үйлер мен сойыстык малды камдап тіпті Орынборға ерте барып, серіктерін күтіп жатты деседі. Сондай қамиың нәтижесі ғой, бұл сапар қайырлы болды. Маңғыстау көршілес Красноводск уезінің де біраз жерімен ешқандай дау-даламайсыз Қазақстанға өтті. Қажет десе одан Түркіменстан бейхабар қалды. Ал Москва бұл өзгеріске бәлендей мән беріп, бас ауыртып жатқан жоқ. Бір қызығы Москвадағы орталық, ол уакытта Адайларды дербес халық деп біледі екен. (Қазақты қырғызбен шатыстырғаны сияқты ғой) 1920 жылы Бакуде шығыс халықтарының съезі болып, оған Адайлардан өкіл шақырылып 10 делегат барады. Сьезд, оған қазақ халқынан делегаттар, неге екені белгісіз барған жоқ, Адайды дербес өз алдына бөлек халық деп танып, оның өкілін — бұрынғы патша армиясының полковнигін төре алқа мүшелігіне сайлап, артынан қызметке алып қалды. О.Көбеев сонда төрде кешегі Түрік майданында өзі соғыскан қарсыласы, Түркия әскерлерінің қолбасшысы, кейіннен Орта Азияда қызыл армияға қарсы қозғалысқа қолбасшылық еткен Әнуар патшамен қатар отырды. Ал Әзірбайжан халқынан өкіл болып Нариман Нариманов қатысып, ол да сонда отырды. Москвадан келген өкіл — Сталиннің ұлт істері жөніндегі орынбасары Тұрар Рысқұлов.

...Төкең, Бекбасар Төлегенов — үшеуміз жол үстіндеміз.Үшауызға келдік. Төңіректі әбден байқастап қарадық. Рукин жасағының моласын суретке түсірдік. Хатқа түскен жағдайдың жадта жаңғыруы оңай. Бәрі көкіректе сайрап тұр. Урядник Багайдинов жекпе-жекте өлетін қара кеуектің алды ана тұмсықтың айналмасы. Ол теңіз жағасындағы жолмен жеткен онда. Рукин қолы сірә мына бөлек таудың бергі бетімен жаяу жалпылап шегінген Ұсақтан. Сосын түнде ана жартас үстінде бекінген. Қазақ қолы мына молалы ойда, бірі батысқа, бірі солтүстікке қараған қапы ауыздарында.

— Мына ойдың құбыла шеті Ембі тауының іргесі ол кезде үлкен қоңырдан, — деп бастады Төкен әңгімесін, — Шилі қонырдаң дейді екен ел оны. Жоғарғы басында өсіп тұрған қалың шиді бала күнімізде біз де көрдік. 1870 жылы ерте көктемде қоңырдан сірә суға ырқып толып жатты. Төңіректегі тұщы судың мол көзі осы. Маңайы жазық. Рукиннің Форттан шыққан хабарын, жүріс бағытын қаладағы Құнан орыс ағайындар арқылы білген қазақтар оны осы жерде күтіп алуға келеді. Үй тігіледі, қонақасы дайындалады. Жалпы қазақтарда салықты мүлдем төлемейміз деген қарсылық болмаған. Ол төленеді. Бірақ қазір емес. Себебі елде ақша жоқ. Және кедей-кепшіктің жағдайы көтермейді. Оның ауыртпалығын бай ағайындары алуы тиіс. Қазақтың малы семіртіліп, пұлдануы үшін қоныр күзді күту керек. Сатуға жақын жерде базар тағы жоқ. Малды келіп көтере сатып алатын Ванюшин сияқты көпестер елді теспей сорады. Одан құтылудың бірден-бір жолы Жем бойынан, Ойылдан орыс бекінісіне жақын қауіпсіз жерден жәрмеңке ұйымдастыру қажет. Иса бастаған би, ақсақалдар Рукинге осы өтініштерін айтып, мәмілеге келмек екен. Ол ойларын Таушық басында Бәйменбет арқылы уезд бастығына жеткізеді де. Бірақ көзінің еті өскен Рукин оған мойын бұрмайды. Онысы не сенбегені, не қажет деп таппағаны. Қалай болғанда да оны сор түртті. Қалың қазақтар мәміле күтіп отырған шилі қоңырдаң басына қарай бұрылу орнына бөктердегі жолмен Бозащыға тіке салды. Оның көңіліне қара шапқанынан қазақтар, әрине, сол бойда хабардар болды. Керуеннен бірнеше түйені қуып, қашып келген кірекеш қазақ оны нақтылай түсті. Сөйтсе де байқастап аңысын аңдады. Егер қазақ қолы қан аңсаса жасақты Ұсақтың жоғарғы жағындағы еспенің аяғы қылтадан күтіп алып ұрыс салар еді ғой. Ұсақта да олар тарапынан бірінші болып ұрыс қимылы басталған жоқ. Рукин қан аңсаған, көңілі әуелден-ақ қараға шапқан. Ол — жазалаушы. Сонда бейбіт елді қай қылығы үшін жазаламақ — оның жауабын өзге түгілі подполковнигіңіздің өзі де бере алмайды. Демек оның бұл сапардағы басты мақсаты, миссиясы жазықсыздан жау жасаушы. Қорқытып, үркітуші. Онын бұл сырына жалпак, ел әуелден қанық. Рукинді Жайык, Жем бойындағы ұрыс қимылдарынан біледі. Ойдағы елдің жаппай қару алып атқа қонуы — алдын ала сақтық шарасы да еді. Ол ел шетіне келіп былағай салғанда қамсыз қалмаудың әрекеті. Осы жерде уезд бастығымен ел арасын мәмілеге келтіруге мүдделі Бәймембеттің Ұсак басында Рукинге көлікті тастатып, жаяулап шегінуге көндіруі, оны қалай да мәмілеге мәжбүр ету амалы да болды деген болжам да қисынға келіп қалады. Ал теңіздегі қайықтардың қолды болып, Сарытастағы батағаның талануы Үшауыздағы оқиғадан соң.

Шилі қоңырдаңдағы дайындық туралы әңгімені Төкен әкесі Қошекеннен өзге де көнекөздерден естіпті. Бұл елдің қанқұйлылыкқан аулақ екендігін дәлелдейтін бағалы дерек.

Қоңырдан — сай бойындағы шөлейт терең жерлерге іркіліп жататын жауын, қар суы. Маңғыстаудың біраз жерінде ол табиғи су көзінен саналады. Мұндағы қонырдаң бүгінде жоқ. Қатты аққан тасқын сумен сай бойы жайпақталып кеткен. Бірақ сұлбасы сақталыпты. Ал бір кездегі қалың шидің байқаған көзге тұқылдары ғана аңғарылады.

— Тарихта кейде кездейсоқ оқиғалардың өзі шешуші роль атқарып кетеді,— деседі ғой ғұламалар. Сол нағыз даусыз ақиқат. Аксиома. Егер сонда Рукин бейәдеп, бейқасиет болмай келісімге келсе, патша үкіметі тарапынан бұл елге он қабақ танылса, Маңғыстау өмір көшінін біраз алдында болар еді-ау, — деп түптеді Төкең ойын. Дұрыс-ақ пікір. Жалпы сөз сабақтаған кісінің, оның ішінде көненің көзінің сарабдал да болғанына жетер не бар. Иса тақырыбының ендігі көзі тірі жадта жазулы шежіресі Төлесін Көшекұлы аға осындай адам, қазақ көші осылармен көрікті қашанда да, қай заманда да.

БАТЫРЛАР ЖОРТҚАН ЖОНДАРМЕН

Тарихи оқиға, тарихи кейіпкерлер туралы жазудың, мехнаты сан сапат. Соның ең оңай қиындығы оқиға болған, кейіпкер өскен, жүрген, әрекет жасаған өңірді аяқбен жүріп, көзбен көру. Біз сияқты шимайшылар түгілі ұлылардың өзі жазарының алдында творчество азабының бұл бекетіне асықпай аялдап алған. Мысалы: Л.Толстой "Соғыс және бейбітшілікті" жазғанда Бородино маңын әр қарға адым жерінде сағаттай тұрып, айлап кезген. Тіпті одан да әрі үңіліп, дәл Бородино шайқасы күнгі ауа райының қандай болғанына дейін анықтаған. Ілияс Жансүгіров "Құлагерін" толғаған кезінде Ерейменге арнап келіп, Қусақ көлінің басында қостанып жатқан, Құлагер жерленген жерге тас үйдіріп мола салдырған. Үлы Мұқаң — Мұқтар Әуезов баяғыда бозбала шағында жора-жолдастарымен дала кезіп, түзде түнегенде еріккеннен, зеріккеннен, саятшылық қысканнан жүрмеген ғой. Болашақ "Абайының" жоспар нобайын ойында орнықтыру үстінде болған. Артына өлмес туынды қалдырған жазушылар тұрсын, менің білетін тісқақты журналистердің өзі, мысалы өзім, бұл салада ұстаз тұтатын ағам Мұқтасын Суханбердиев, әр мақала, очеркін іссапарлап барып, көрмей жазбайды.

Иса тақырыбын қолға аларда маған да осы асудың биігіне атты қамшылаңқырауға тура келді. Оған қатысты сөз болатын өңір бұрыннан да таныс, талай аяқ басқан жерім. Бірақ ат үсті, жол-жөнекей көру бір басқа да, арнайы сапарлау бір басқа. Соңғысында көңіліңе жаңа ой қонақтайды. Қиялын баийды. Жадын жаңғырады. Құдай, сондай олжанды мол қыла көр деген тілекпен 2004 жылдың көктемінде Исекең шебересі Жөкен аға, Қаламқас жеңгеміз үшеуміз Исекеңнің туған жеріне қарай жол тарттық. Таушықтан өте бере Үшауыздың аңғары қарсы алды. Аталарымыз, оның ішінде Иса әскери ғылымның бас штаб академиясы түгілі әліппесін оқымаса да, жауына тойтарыс беретін ұрымтал тұсты қалай дәл таңдаған. Онан арғы Ұсақ — бұл да жол аузы. Шөл дала соғысында таптырмайтын мекен. Осы жерден Алаторпа, Қошақ, Хан төрткілі алақандағыдай көрінеді. Қошақпен Алаторпа белгілі. Мен үшін жұмбақ Хан төрткілі еді. Тарихтан белгілі Маңғыстау ойында Адайлар хан билігін мойындаған жоқ. Мұнда келген Бірәлі Нұралыұлы ғана түрікменге хан болды. Онда да шамалы уақыт. Ендеше, бұл қай хан, қашан болған тақ иесі? Оның жауабын берген Исекең жайлы да біраз деректерге қарық қылған мың болғыр Төкең — Төлесін аға.

— Қай заманда болғаны белгісіздеу, әйтеуір қазақ келместен бұрын түрікменнің Құтлық Сейіт ейтін ханы жайлапты бұл өңірді. Осы төрткіл басында таққа отыру тойы өтіп, содан жер аты қалыптасулы. Мына Тұщы құдыктың жанында Хан құмы деп аталатын шағыл бар. Сол ханның күзеуі екен. Үстірттегі біз Қаңсу деп атайтын ойдың әуелгі атауы Хан суы. Қоныс жақсы жылдары қысы жылы, қар көп жаумайтын сол су маңына барып қыстайды екен. Төлесін Көшеков айтқандар құлақ қоятын дерек. Маңғыстаудың үш жеріндегі Caypa да хан атынан қалыпты-мыс. Саура хан туралы дерек Өскенбай Қалмамбетұлының "Балқасым биге айтқаны" дейтін шығармасынан шаң береді.

Шорбас бастап өнеге көрсеткен соң, осы төңіректе сай табанына егін салушы жатақтар көбейген ғой. Солар қазған атыздар, арыкқтар орны әлі жатыр. Бір таңқаларлығы, шөлдегі суландыру жүйелері, егіншілік орындары ұзақ жасайды. Мысалы біздің Жармыш маңында Досан ой дейтін көлдеу ой бар. Соған Досан деген кісі төңкерістен бұрын тары еккен. Досан кеткенмен, қазған атыз осы күнге дейін бар. "Желкен көлінде, жігіт жерінде" дегеннің ақиқаты тарихи жадқа өте-мөте қатыстылығына ден қойдық осы сапарда. Тұщы құдық аулының, көне көздері Иса, Ерменбет, Досан, Алғилар туралы әңгіме, оқига болған жерлерді айтқанда нұскап, көрсетіп отырды.

Жөкең аға екеуміздің Бейнеу бетіне сапарымыз да олжасыз емес. Басқа-басқа, баяғыда Исекеңнің Хорезм асып бара жатып, "Күйкеннің сонадайдан көрінгені-ай" деп қабырғасы қайысатын асу басында тұрып, көкжиекте қарауытқан Күйкенге көз салғанның өзі неге тұрады?! Ол беттегі қалың ағайынның Иса сынды ерлеріне әлі қылау түспеген ыстық ықыласына куә болғанның өзі бір ғанибет!

Тағы бір сапарымыз Түпқарағанға бағытталды. Бұл жолы оған Исекеңнің Кемелханнан өрбіген шөбересі Азан бастап алып жүрді. Ортамызда Адай билерінің, ақындарының мұраларына үлкен жанашырлықпен қарайтын ғалым, филология гылымының кандидаты Жанбибі Дүйсенбаева бар. Ол және фотосуретші де. Жанына өзімнің жолымды қуады деп жүрген ұлы Дидарды ертті. Қысқасы шағын бір экспедиция құрадық. Форттан бізді жақында сонда аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып ауысқан Айтберген Жаңбыршиев қарсы алды. Ол әзірге сондағы інісінің үйінде үлкен шаңырақта тұрып жатыр екен.

Фортта Иса Тіленбайұлы атына көше берілген. Бұл шаңырақ сол көшенің басындағы №2 үйде.

Форттың өлкетану мұражайы. Сондағы Исекеңе қатысты бір құнды экспонат — өткен ғасырдың тоғысында осы өңірге келген неміс Рихард Карутцтын "Бозащы билері" атты фотосуреті. Онда үш би ұлттық киімдерімен қатар отыр. Исекең ол келгенде Бозащыда болыс. Сырттан келген мейман алдымен соның үйіне ат басын тірейді. Ғылыми сапармен жүрген неміс ғалымы да сөйткен. Үш бидің біреуін көнекөздер бірден Иса дейді. Ұрпақтарына қатты ұксастығы негіз болды олай деуге (Қалған екеуі Ерменбет пен Мәтжан делінеді). Біз Исекеңнің сақталған тек бір ғана осы суреті деп жүрсек, тағы бір суреті тұр осында. Сол үйдегі түскен киімімен сыртқа шығып, ат үстінде бері карап тұрып түсіпті. Сірә, Исекеңнің қол қайырын көп көрген Р.Карутц оған ризашылығын білдіргісі келіп, сырттан да түсіріп алса керек. Бұл сурет Астрахань мұражайынан алыныпты.

Ескерте кетелік, Р. Карутцтын "Маңғыстау түрікмендері мен қазақтары арасында" атты кітабы орыс тіліне ықшамдалып аударылған. Онда бұл суреттер жоқ. Неміс тіліндегі толық нұсқасында ғалымның архиві Германияда, өзі профессор болып қызмет істеген университет мүражайында сақтаулы. Ішінде Маңғыстау сапарының күнделіктері, елден жиналған этнографиялык жиһаздары, кітапқа енбеген суреттері де бар деген дерек жетті бізге. Оны зерттеу — келешектің ісі.

Музей сыртында тұрған ескерткіштің шойыннан құйған түұыры 1873 жылғы жорықтың жәдігері. Сол оқиға құрметіне кейіннен 1883 жылы Ахалтеке жорығынан соң қойылған. Үстінде II Александр патшаның шағын кеуде мүсіні болған (Оның террористер қолынан жарылған бомба астында өлуіне байланысты "Күйік патша" деп кеткен қазақтар). Тұғырда 1873 жылғы жорықта көзге түскендер тізімі — бәрі таныс адамдар. "Өзіміздің" Ломакин, Наврацкий, Алиханов, Гродеков, т.б. дәрігер Одаховский. Бұл Маңғыстауға көп еңбек сіңірген адам. Сірә, фамилиясына қарағанда малороссиялық, яғни украин болуы да. Тұғырда қазақтардан Қабақ Ермембетов пен Қосым Мырзабаевтардың есімдері бар.

Бұл көрсокырлықты қойсаңызшы-ау, төңкерістен соң патша салдырғандығы себепті қамал құлатылды. Үйлер, казармалар — бәрі қиратылды. Дегенмен, оның ізі, қабырғалар сұлбасы әлі сақталған. Шіркін, соның ең болмаса, бұрынғы тұрғын бөлігін қалпына келтіріп, Форттағы әскери бөлімшені орналастырса қандай ғанибет болар еді.

Кетіктен Таушыққа беттеген жол. Қаракөз бұлақ. Қаладан аттап шыққан арғы-бергідегі бар жолаушының, керуеннің алғашкы бекеті. Түбекке келген әртүрлі әскери қосындар да осында аялдаған. Соның куәсі мола қабырғасына жазылған қолтаңбалар өлі сақталған. 1872 жылы жазылған гребендік қазақтардың қолтаңбасы тұр. Хиуаға жорық 1873жылдың көктемінде, 1870 жылғы көтерілісті басуға әскер сәуірде келді. Соған қарағанда бұл елден қауіп ойлаған үкімет, сол аралықта әскерінің бір бөлігін кері әкетпеген болды деген болжамға келесің. Жалпы Форт-Александровск әскери қамалы, ондағы әскери күші зерттеушісін күтіп тұрған үлкен бір тақырып.

Түбіжік, бұл осы жердегі күдер су. Мая, Бәймембет аулыньң мекені. Екеуінің тамы құдықтың шығысында. Бәймембет тамы құлап қалған. Маяның тамы ортасынан жарылыпты. Енді бір жауында ол да құлайды деген сөз. Кезінде ағайындары Бәймембетті әкесінің қасына емес, ілгері алдына бөлек жерлеген ғой. Ескерткіш салуға уезд тарапынан көмек берілген.

Бірақ тумаластары "Бәймембеттің моласын кәпірге салдырды" дегеннен қашып адам күшіне ыңғай бермей, уезд бастығының көңілін қалдырмас үшін, қаржы, мал көмегін ғана қабылдаған. Бәйменбет сынды арысының басын қарайтуға исі Адай түгілі бір Қырымкүл-Бәйімбеттің де шамасы жететінін уезд біледі. Білсе де көмек беруі бір жағы саясат, бір жағы марқұмның орнын бағалап, адамгершілік көрсетуі.

Ендігі бір секерер нәрсе Адайдың атақты Маясы мен Бәйменбетінің басы бұлай күйкі халде болуы елдікке сын. Қалпына келтірілуі керек. Олар қазіргі "Мәдени мұра" науқаны кезінде қолға алатын жұмыс. Ол үшін облыс әкімшілігіне бұл арадан бір азаматтың барып отыруын, не "Қазақ ойылдың" тұтқасын ұстауын күтпсй-ақ қоялық. (Ондай дәурен Адайдың басына жуық арада туа қоймайтын түрі бар.)

Онан әрі шығысқа қарай жол Үдек құдығының жанынан өтеді. Иса мен Досанның Үшауыз шайқасынан соң келіп, жорық туын көтеретін жері осы. Бұл да күдер су. Есаул Колесников артынып- тартынып құлап, артынан Бәйменбеттің өлігін алып кайта шығатын "Ойраның жолы" осы жерден алыс емес. Бертінде астынан "Путь к Коммунизму" колхозы орнаған соң жол жөнделіп, машина түсіп шығатындай болған. Артынан колхоз таpaғaн соң, жол бұрынғы қалпына барды. Қазір ол ат жолы ғана. Астындағы колхоз үйлерінің қирандысы жолмен қосылып Маңғыстаудағы коммунизм идеясына қойылған бір кешенді ескерткіш іспетті. Мұны тарихтың талқысы, жоқ, келемеші дейсіз бе - өзіңіз біліңіз.

Жорық туын Үдек басына тіккен Иса қолын Құсымның ойында, Түлкіліде жинапты. Ал осыдан кейін оны әскери тілмен стратег, дала тілімен өте айлакер демей көріңіз. Үдек — ұлы жол бойы. Патша тыңшыларының көзінен қалыс қалмайды. Мұндағы аз қолды көрген ол, қамалға дұрыс ақпар бере алмайды. Олар әскер шығара қалған жағдайда Үдек бекініп, соғысуға өте ыңғайлы. Шегінген ретте иек астындағы тек екі-ақ жол бірі — Капанный, құлауы, бірі іргедегі Жалбарт аңғарына құлайтын жалғыз аяқ жол. Екеуі де тосқауыл салып, ұрысуға құдайдың өзі салып берген қамал дерлік. Ал Кұсым мен Түлкілі сай жол бойынан тысқары. Ат-көлікке жайылысы мол. Құсым тұраны суға толы, Түлкілі сайы бойы толы таса, құдық.

Үдектен шығып, Құсымға бет алдық. Жаугершілік заманда басында күндіз қарауыл тұрып, түнде ұран оты жағылатын биік қос мола, аздап құлағанмен, қабырғалары сақталған. Беріде аяғы таспен бөгеліп, тереңдетілген тұран лықып толып жатыр. Біздің алдымызда ғана жауған жаңбыр маңайындағы өзге үлкенді, кішілі тұран, тастақтарды толтырыпты. Бейне баяғы 1870 жылдың ерте көктеміндегі жағдайымен қайта қауышыпты өңір жарықтық. Егер бүкіл көтерілістің жорық картасын, тек бұл емес Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Жоламан, Есет бастаған қозғалыстардың да әскери ұрыс карталары жасақталып, Қазақстанның арнаулы әскери оқу орындарында оқытылса артық болмас еді-ау деген ой қонақтайды көңілге. Әскери маман болмасақ та, айтайық, қазақтың кең даласындағы ұрыс — үлкен өнер. Жауынгер бабаларымыздың төл өнері. "Үйреніп, жиренер" емес, ендігі жерде өміршең серік етіп алар нағыз қажет өнер. Қажет болатыны мына, алмағайып күнгейбет заманның күні ертең не бола кетерін кім білген?...

Жолы таусылмағанға не жетсін?! Алдында жүрер жолы үнемі шақырып жататын адам — бақытты адам. Ал ол сонар соқпақ емес, бұрын әруақты аталар салып кеткен ұлы сорап болса, онда солардың салқыныр ізі сайрап жатса, қандай ғанибет.

Бұл сапарлардан бір түйген әсер осындай. Соны жол жөнекей бөлісе кеткенді жөн көрдік.

АЙТЫЛАЖАҚ ТАҒЫ БІР ӘҢГІМЕ

Жұбан Молдағалиев қазағына "мың өліп, мың тірілген" деген анықтама береді ғой. Қалай тауып айтқан?! Әлемде жаны сірі, ең бір өміршең халық болса, оның қазақ екені бүгінде ешкімге талас туғызбаса керек. Өлім ешкімді таңдамаса тіршілікте ғана солай. Ал елдің елдігін, халықтың болмысып жерлеуге келгенде, ол алдымен сол елдің рухани ұстындарын, жақсысы мен жайсандарын, небір пар қоспақтың баласы бағалысын, көш бастаған көсем серкесін табады. Нағыз өлім, ақын айтып отырған қасірет осы. Ардақтыңның аты ажалынан озып, жадта жаңғырып, жасарып, екінші ғұмырын ала алмаса — ол халықтық тақсырет. Біздің қазақтың өткен тарихы өкінішке орай осылармен түзілді ғой. Иса Тіленбайұлы соның Маңғыстау топырағындағы бір кесек мысалы. Бітім болмысы, жаратылысы көптен өзге, озық, ірі туратып Исекең Алланың жіберген ақ өлімін абыржымай-ақ қарсы алады. Сексеннің сеңгіріне келіп жабысқан дерт бауырда. Дала тұрғындары арасында көп тараған кесел, әсіресе біздің Маңғыстаудың шөл өңірінде көп. Соған қарап мамандар оны ауыз судың сапасыздығынан деп есептейді. Оның қазір де жиі кездесетініне қарағанда, содан екендігі шәк келтірмейді. Ол уақытта, сірә, оташы дәрігер жоқ. Ауру төсек тартып жатып қалып, азап шегіңкіресе керек. Дегенмен мәрт адам ұнжырғасы түспепті. Қайта төңірегіндегілердің көңілін делбеуге тырысумен болыпты.

Қарттың бұл дүкпелік емес екенін байқаған баласы Нұрберген абайлап қана қайда жерлеу қажеттігі жайлы сыр тартады әкесінен. Әрине, бала ойы әкесін Алаторпадағы ата қауымы, сондағы Сарықыз аналарының жанына табыстау. Сөз сыралғысында соны да айтып, ишаралап та қояды. Сонда Исекең:

— Нұрбергенжан-ай, шешеңнің жанына жерлейтіндей мені ол жаққа барғанда жігітшілік қылар дейсің бе?! Мүмкін болса, елімнің бек жақсыларының жамбасы тиген Сисем атаға жеткізерсіңдер. Егер жауын-шашын болып, күн суытып дегендей қиындық туып жатса әуреленбеңдер. Бұйырған топырақтан жырақ әкетпең, — деулі. Жұт иттің алдындағы қыс ерте түсіп, күн аяқ астынан суып кетуі марқұмға топырақты Алаторпадан бұйыртады.

Сөйтіп ол өлім алдында да сарабдал сабырынан, өзінің Иса биігінен табылған. Есіл еренді бір-екі мүшел айналмай жатып-ақ асқар атауының, отпандай орнының саудаға түсіп, елі мен жерінің басына өзі бас болып жүріп әкелген аз бағының бақалшы саудагердің қолындағы бақырдай сырғып сала беретінін білмеді ғой.

Елді жадылап ұстаудың жолын дөп басқан большевиктер әуелі рухани мәңгүрт етуден бастады ғой бір кесек қимылын. Сондағы қылпыған қылыш жүзіне ілінгені әдебиет, оның кең тараған жанры поэзия, өлең, жыр. Соның көрнекті өкілдері. Бұларды құрту арқылы елдің елдігін үстеген қаһармандарды, қалаулыларды ұмыттырып, тарихтан біртіндеп өшіруге болатынын олар бек білді.

Міне, соның айғақты бір дәлелі қолымызда отыр. Сәттіғүл ақынның біз сөз еткелі отырған оқиғаға қатысты атақты "Досан батыр" жырының 1937 жылы өзі айтып жаздырған қолжазбасы. Жазып алған сол уақыттағы Форт-Шевченко аудандық "Колхоз жолы" газетінің редакторы Мерген Шақшаев. "Колхоз жолы" 1931 жылдан бастап шыққан түбектің тұңғыш баспасөзі. Шақшаев соның көп жылғы редакторы, Сәтекен газеттің белсенді тілшісі. Даулы жырды ақыннан сол атың өшкір 1937 жылдың өзінде жазып алып, өзінше редакциялап, машинкаға бастырып, архивінде сақтау осы өлкеге азамат атымен танылған марқұм Шакшаевтың үлкен ерлігі деуге болады. Жырдың бұл нұсқасы 425 жол. Сірә, жазушы "Қолды бола қалса, қорғануға қажет болар" деген күнілгері сақтығы болар, жырдың алдына ақынның партияға, Ленинге арналған 14 жол бір өлеңнің сиямен жазылған бір бетін, "Сталиндік заманның" атты ұзақ өлеңінің машинкаға басылған нұсқасын да тіркепті. Алғы өлең жазылған беттің шетіне сиямен "Досан 1829 жылы туған, 1875 жылы өлген" деген жазу бар. Мұндағы Досан көк сиямен жазылыпты. Соған қарағанда ол қағазға соңырақ, заман түзелген соң барып түскендей. Бұл қисынымыздың дәлелі Досандағы сиямен қаламұш ізі "Сталиндік заманындағы" "1951 жылы шығарған, 1952 жылы 22.1 өңделді" деген ескертпе жазу. Бұл құжаттан білгеніміз, бұрын Сәтекең дастанды 1939 жылы шығарған деп келсек, оның дүниеге келген жылы 2 жыл бұрын, яғни 1937 жыл екен. Екі жыл бүгін айтылмай келуіне, сірә, 1937-1938 жылдардың аласапыраны себеп болса керек. Сәтекең тіпті оны Ұлы Отан соғысы басталып, үкіметке ерлікті дәріптейтін әдеби шығармалар қажет болған кезге ейін құпия сақтаған сыңайлы.

Редактор Шақшаев басында сақтық үшін дастанды ендемек болғанға да ұқсайды. Оның дәлелі басталар тұстағы.

Асан қайғы, Қазтуған

Жеті жылдай жер қарап,

Болған екен сергелдең.

Қалған екен бұл мекен

Рет-рет елдерден.

Елдің арты Айладыр
Айладырды бостырып,
Маңғыстаудың қара ойын
Адай халқы жерленген,

— деген жолдар, одан кейінгі Адай елінің көп батырларын тізген жолдар сиямен қоршалыпты. Бірақ үстінен сызылмаған. Бұл саяси сауатты редактордың ақын ағасына ой салып, түпкілікті шешімін өзіне қалдырған ишарасы.

Шығармада Исаны да, Бәйменбетті де даттайтын бір де бір жол жоқ. Оқиға барысы дұрыс, қазақтың ежелгі батырлық жырының үлгісінде баяндалады. Рукин, Ломакин, Наврацкийлер де өрген орындарында. Исаның ояз алдында көтеріліс жеңілген соң келетін жері:

Ояз айтты сонан соң:

Өзін тура келген соң,

Тілегінді бердім деп.

Лауазым ал да қасына,

Әкімі бол елдің

— деп, түрінде қайырылады.

Одан кейін Досан жайын баяндайтын тұс бөлек тарау түрінде. Ал кейіннен жарияланып жүрген көрдемше текстінде ол жолдар:

Болыс қылып жіберді,
Ұстап бер деп Досанды,
Енді саған сендім

— деп, болып өзгертілген.

Барлық пәле басы осы өзгерісте, өзгертушіде. Сәтекеңнің бұл өзгерістен ада екендігін сірә, айтып жату артық. Қазақта "бет алды сөйлеу" деген бар. Мынау тап соның өзі. Ел арасына дау салатын жексұрын өсектің оты. Бәрінен бұрын ол шығармашылық жүгін жеңілдетіп тұр. Біріншіден, уезд бастығы аласуан Рукиннен соң, ақылға келген үкіметтің осы лауазымға қойған ақылды, орнықты, білімді адамы майор Наврацкий. Ол алдына келіп тұрған, патша, губернатор арқылы кешірім алған Исаға Досанды ұстап бер деп салмағын жеңілдетпейтін кісі. Болыстық лауазым үшін қасындағы қарулас серігін ұстап берер кісің емес. Ау, ол орын, мансап үшін бәрінен баз кешуге бар кешегі коммунист, кеңес хатшылығы мен төрағасы емес, халықтың ұлы, мәрт Исатай!!! Сайып келгенде Досанның құны Исаға берген болыстық бола кеткені ме сонда? Қысқасы бұл ойдан олақ құрастырылған танту. Оны көрмеу, мән бермеу барып тұрған көрсоқырлық. Тарихқа, тарихи тұлғаларға, әруақты ақын Сәтекеңе жасалған қиянат.

Сәтекеңнің көрген қиянатының басы Алматыға дейін барыпты. 1948 жылы шыққан "Қазақ әдебиетінің тарихында" ,"Досан батыр" дастанын ел аузынан жазып алған Сәттіғұл делінген. Соған орай Сәтекең 1952 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан Жазушылар Одағына төмендегідей хат жазыпты:

"Тәжіұлы Досан батыр және Тіленбайұлы Иса, Шабайұлы Сүгірлер 1870-1873 жылдары патшаға қарсы халық қозғалысын бастаушы қаһармандар еді. Досан ереуілі менің туып өскен жерім Маңғыстауда болды. Досан батыр өлгеннен кейін, батыр сүйетін сол ереуілге қатысқан әкем Жанғабыл жерлесті.

Досан туралы әкем талай айтқан. Ол көтеріліс жайын жақсы білетін... 1948 жылы шыққан "Қазақ әдебиетінің тарихы" кітабында менің бұл шығармамды "1939 жылы ел аузынан жазып алған Сәттіғұл" деп теріс айтылғанына, өз шығармамды бөтеннің сөзі дегеніне ренжіп қынжыламын". (Қ.Сыдиықов "Ақын-жыраулар" 183-184 беттер) Хат мәтіні академия қорында сақтаулы. Тауып жариялаған Қабең марқұм. Хаттың жазылу үлгісіне және жоғарыдағы қолжазбада бір бетте "1952 жылы 22.1 де өңделді" деген жазуға қарағанда оны қағазға түсірген редактор Шақшаев.

Ақын, журналист Ырза Оңғарбаев ол кісіге балдыз болып келеді. Бірде Ырза марқұм жездесінің архивін ақтарып отырып, осы дастанның мәтініне кез болады.

Сәтекең Ырзаның пірі дерлік. Олай болатыны ол бесікте жатқанда Сәтекең келіп, бір түн жыр айтып, жақсы көретін балдызы Ахметтің тұңғышының аузына түкіріп бата берген. Ырзаға ақындық сол батадан дарыған деседі ел. Әдебиетке кешігіп келсе де, алғашқы жинақтарымен көпті елең еткізген, ақындығының үстіне жақсы аудармашы Ырза нағыз талант.

Сәтекең батагөйінің мұрасын бізге жеткізген Ырзаға біздің алғысымыз шексіз. Әруақ жар болсын!

Аталған шығарма дауы онымен де бітпейді. Шетпелік Жетібай Жылқышиев болмаған жақсы ағамыз. Өлкенің нағыз патриоты. Оның құрастыруымен шыққан Маңғыстау ақындарының жинағы үлкен еңбек. Жетегенді жеті қыр асырған еңбек. Әдебиет аулынан жырақ Жетекең соларды әлденеше жыл бойына жалықпай жинаған ғой. Өзі машинкаға басқан. Баспаханадан шығарып елге жеткізген. Сол жинау кезеңінде болады бір оқиға. Жетекен "Досан батырды" машинкаға басып отырса, қасына бұрыннан жете таныс Әбіш келе қалады. Қырсыққанда қымыран іріп, дәл сол сәтте ол жоғарыдағы қате, бұрыс, көрдемше жолдарды басып бола берген екен.

— Әй, мынау не? — дейді атасына көпе көрінеу жабылған жалаға күйіп кеткен Әбекең.

— Не болушы еді? "Досан батыр" жыры!

— Е, оны білмей маған не көрініпті. Сәтекең тап осылай деп пе?

— Мен аспаннан алып отырған жоқпын. Демек, дегені ғой.

Сол жерде қатты ашуланған Әбекең Жетекенді ондырмайды. Әйтсе де, ашу — дұшпан, ақыл — дос, былай шыға бере онысына қатты ұялады. Асан Әбдіровке барып болған жайды баяндайды. Басында сабырлы Асекең де, аздап ренжіп алып, ара ағайыншылыққа жүреді. Абырой болғанда Жетекең кекшіл емес, кешірімі мол, кең адам. Екеуі татуласады. Егер Жетекең керісінше болғанда, Исекеңнің бұл ұрпағы ата әруағы жолындағы берен қайраты үшін темір тордың арғы жағына бір үңілетін еді.

— Жетекең ол оқиғаны әлдеқашан ұмытып кетті. Ұмыта алмай ұялып жүрген мен, — дейді қазір Шетпеде тұратын Әбекең.

Жарықтық Исекең үшін көресіні көрмесем де, қаңқу сөз қарауылына ілінудей-ақ ілінген жансебілдің бірі мына менің өзім.

Исекең жайлы әуелден құлағы түрік Есбол, Қабең ағалардың тезінен өткен, тарихи құжаттардан да хабардар мен ол туралы әуелден жоғары пікірдемін. Тіпті оның түбек тарихындағы орнын Тобанияздан кем қоймаймын. Досан туралы да жақсы көзқарастамын. Бұл екі үзеңгілес тұлғалар жайлы осы еңбектегі пікірім ежелден етене. Сол ретпен "Маңғыстау" газетінің 1993 жылғы 10 сәуірдегі санына "Исаның оқшонтайы табылды" атты шағын мақала жаздым. Қателеспесем, бұл жәдігер туралы алғаш қалам тартқан мен болармын. Мақалада оқшонтайдың суреті де бар. Сонда қазір Бейнеу ауданында тұратын зейнеткер Сисенбай Алдабергенов маған қырын келді. Қырын келгеннің ығына қаранайын қасиеттен мақұрым мінезіміз бар.

"Маңғыстау" газетінің 25 мамырдағы санында Сәкеннің "Ғайбаттауға асықпаңыз" деп маған саусақ білеген мақаласы жарияланды. Дұрыс қой. Айту құқы бар. Бірақ мақалада "Белгілі бір тарихи тұлғаны мақтап, оның жақсы жағын көрсету екінші біреуге тіл тигізу арқылы жүзеге аспауы тиіс" деп, белгілі қағиданы қайталауы, менің өзімнің ұстанғанымды өзіме қарсы қою орнын тауып тұрған жоқ. Солай болды екен деп мақала авторына мен тарапынан да, реніш болған емес.

Жазарман үшін өзіңнің төл кейіпкерің үшін күрес, оның орнын, ар ожданын қорғау, сол жолда күресу принциптілік. Сайып келгенде, ол өзіңнің кәсібіңді, маңдай теріңді, сеніміңді құрметтеу. Осы принцип тағы бір жайтты айтып өтуді міндеттейді.

Облыстық "Маңғыстау" газетіне Жоламан Бошалақов деген 6,5 жыл редактор болды. Нәтижесі кезінде: 10 мыңнан астам таралымға ие газет 3 мыңға түсті. Сол 6,5 жыл бойында оның бетінде елең еткізер бір де бір жарияланым болған жоқ. Журналистердің творчествосына шек қойылды, тежелді. Авторлардың белсенділігі төмендеді. Біраз жақсы қызметкерлер кетіп қалуға мәжбүр болды. Ең соңында редакция ұжымы редактордың білімсіздігіне, қабілетсіздігіне қоса, оның редакция қаржысын жеген жемқорлығын құжат жүзінде әшкерелеп, заң органдарына, облыс әкіміне, ақпарат министрлігіне арыз жазып, зорға құтылды. Ж. Бошалақов облыстағы осы саланың ақпаратының тарихындағы соры.

Соракылығы сол Ж. Бошалаков осы өңірдің жақсылығын жария етпей, тұмшалап ұстаудағы жымысқы әрекеттің белсенді өкілі болды. Басқа мысал өз алдына Ә.Кекілбаевтың 60 жылдығы қарсаңында оның творчествосы туралы жазылған зерттеу еңбектің үзіндісін орынбасары Ғалым Әріпов ініміз басуға қол қойып, баспаханаға жіберген жерінен қайтарып алдырып, жариялатпай тастады. (Ол кейіннен "Алтын орда" газетінде жарияланды).

Өзінен ешкімнің асып кетпеуіне мүдделі ол газетті әріптесі — мені тежеп өзіне тәуелді етіп ұстау әрекетіне де пайдаланды. Сонда таразы басына түсіп, ана дүниеде құлағы шулаған Иса марқұм. Исаның, оның Бәйменбет сияқты серіктерінің жанкүйері болғандығым үшін газет бетінде мені даттаған науқан ұйымдастырды. Ол науқан онан әрі жалғасып кетуінен мені мың болғыр жалпақ оқырмандарымның жақтастығы, тілектестігі сақтап қалды.

Редактор дегеннен шығады, біз білген жерде ол қалың оқырман қауымның рухани тілегіне өте елгезектікпен, түсіністікпен қарап, соған орай қызметін үйлестіретін творчестволық жауапты лауазым иесі. Облыстық газеттің 10 жылдан астам редакторы болған Киікбай Мырзағұлов сондай азамат еді. Қызыл империя кезінің өзінде Иса туралы Төлесін Көшеков пен Сұлтанбек Нұржанов, тағы басқа авторлардың жазғандарын басуға құлшыныс танытумен болды ол. Қазір Ақтауда тұратын Киекең жақында менің Иса туралы осы жұмысты қолға алғанымды сезіп, сәтімен бітіруіме тілектестігін білдірді. Риза болды. Кеңесін айтты. Шын, шынайы әріптес деген осы.

Иса бақиға аттанғалы да бір ғасырға жуық уақыт өтті. Бұл кәрі тарих үшін қас қағым ғана сәт болғанмен, осы ғасыр ішінде басымыздан талай нәрсені өткердік. Заман ағымының екеуін артқа салып, үшіншісінің босағасынан аттадық. Екі дүниежүзілік соғыс, Азамат соғысы, Сталиндік нәубет, Коммунизм құрамыз деген желеудің екі етек сергелдеңі — бәрі-бәрі артта қалды. Баяғы көшпелі аталарымыз Маңғыстаудың қара ойынан ерте көктемде Үстірт өрнегіне көтеріліп, төлін алып, қыстан әлсіреп шыққан малына қарнау салып, есін жинап, етек бастылықтан бір сәт арылып, керексіз ескі-құсқыны жұртқа тастап, тіпті киімінің де бір киерін иініне іліп, жаңарып, жасарып қалмаушы ма еді? Көптен көріспеген ағайынмен қол алысып, мәре-сәре болып, біраз ағайынмен арадағы пендешілікпен болып кеткен көңіл құлтасынан да арылып бір жасап, құлдырап қалатыны да осы кез болатын. Біз қазақ, қазір дәл осындай шақты бастан өткеріп отырмыз. Алыс сапар алдындағы көлігімізді қамдап жатырмыз. Сәтімен болғай десек те, көп қателесе беретін қазақпыз ғой, алдымыз әлі күңгірт. Олай болатыны өткенде жіберген ағаттығымыздан шығармақ қорытындымыздың пәтуасын өлі берік байлағанымыз жоқ. Шырық бұзар шырығымызда қош қапталында ат ерттеп жатыр. Олар бар мұқаммалы — қаңқуы мен шапшуын бұл жолға да алып баражақ. Қолаба қоқтысында қоқсығы мен бықсығы сынаулы. Оларынан арылуы да айрылуы да қиын. Ертеңгі жаңа қонысқа бірлігін мен тірлігіне көз сұғын қадап, көре алмаған көлденеңмен көңіл жарастыра кететін де осылар, ішінен шыққан осы шұбар жыландар. Баяғыдан бері Иса сияқты абыздардың атын мансұқтап, елінен, жерінен аластап тастағысы келіп, отбасында қобызын білеп, қотанда қорағашын көтеріп жүргендер де осы көгенкөздер. Көпке туған күннің шапағына бұлар да ортақтаса кетеді! Бұлардың екі езуі көпірген ауыздарына қақпақ қоюдың да қиын екені қаперде болғай. Исекеңдердің ендігі елесі осылардың желім ауыздарынан шыққан қаңқуына қақпақ болса елдігімізге сын. Кеш көркі бұзылады. Сондықтан да осы жолдарды ашына жазып отырған жайымыз бар.

ТЕЛҚОҢЫР

Әдетте екі енені тел емген арда құлынды ел осылай атайды. Жай емес әспеттеп, ұлықтап атайды. Жылқы баласының өзге биінің бауырынан шыққан құлынды емізуді сирек кездеседі. Сол себепті телқоңырлар өте сирек. Шанда-шанда ғана ұшырасады. Малжанды қазақтың адамының жақсысын ботасына, қозысына, лағына, құлынына теңейтіні белгілі. Адам атына баға болып бағышталған телқоңыр қос енені тел еміп, уызына жарып өскендікті білдіреді. Ол бұл тұрғыдан келгенде кемелділік кепілі.

Біз Иса Тіленбайұлына телқоңыр деген бағасын беріп, жатсақ асырып айтқандық болмайды. Телқоңыр болатыны ол ең алдымен елінің, жерінің бұла перзенті. Оның екі анасы Жері мен Елі. Исекең осы екеуінің баурын арда еміп, қана дара шығып дарабоз атанады. Ал мұндай бақыт кез келгеннің маңдайына құтая бермеген.

Жер дегеніміз осы өзіміздің сардиған дала. Ол жарықтық қанша кең, шалғайы далиып жатқанмен бар қасиетін перзентінің бойына дарытуға келгенде тым кірпияз, тіпті тар қол. Солай бола тұрса да, Исаға келгенде емешесі үзіліп, дархан бола кеткендей. Несібесі молынан бұйырған бірсыпыраға сегіз қыр тиіп қалса, Исаға тиген қыр сенсең. Ал сыры сірә, сынар. Бірақ тұңғиығына бойлатпайды. Тым терең. "Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла деп" Абай айтпақшы ол жұмбақ жан. Және шешуі талай ғасырларға жететін, талай бастардың шашын ағартатын тылсым жұмбақ. Және бір ерекшелігі жақындаған сайын Исасын өркештендіре беретін, даралап биіктете беретін қасиетке ие. Демек, Иса заманынан озып туған жұмыр жер бетінде қазақ дейтін халық барында халқымен бірге жасап, жаңғыра беретін тұлға.

Осы еңбек жазылып аяқтала келгенде қазақтың "біткен іске сыншы кеп" қисыны қылан бере кетті. Жақсы нышан. Құдай сын назарынан қалыс қалдырғаннан сақтасын. Әйтседе оның дұрысы мен бұрысы бар.

Бұрысы Иса туралы жазылғанда бұрын Исасыз дербес дәріптеліп келген Досан неге жазылған, т.т. сол тақылеттес қыртымбай көтен өкпені сын деп қабылдауға құлақсызбыз, Иса мен Досан Адайдың Исатайы мен Махамбеті. Құдай айырмаған, жұбын жазбаған бұл екі тұлғаны бір-бірінен бөліп алу бір Әбілқайыр Спан түгілі мың, миллион Әбілқайыр Спанның да қолынан келмейтін шаруа. Қарапайым қатардағы қалам кеміріп, қағаз шимайлағыш Спан баласы түгілі аузын айға білеп, кірпігін күнге тіктеген дүлділ қаламгерлердің де қадам баспайтын (қадам баспайтыны ол қайырсыз) бағыты. Ал Иса бейнесі жеріне жете сомдалмапты дегенге келсек ол өте дұрыс. Иса талайлы тақырып. Ол әлі талай қаламгерді қажыта бермек. Біз келген дүниеге өзгелер де келе жақ. Біз күйттеген харекет бізден кейінгілердің де еншісі. Сонда олар да мойындап тынатын бір ақихат бар. Ол ақылынан бұрын ақыны, астындағы атынан бұрын тақымы, көзінен бұрын сөзі, бәрінен бұрын өзі отқа түсуге қасағайым қазаққа қалам ұстағаннан асқан қасіретті мол харекеттің жоқтығы. Сомын жалпы түгілі жалқы қазақтың ұғына алмауымен әсері.

Иса әр заманда, әр кезеңде жаңа бір қырынан әңгіме бола бермек. Солардың бәрін жинақтағанның өзінде оның толыққанды бейнесі механизмнің пайдалы әсер коэффициенті сияқты 100 пайызды құрай алмақ емес. Әне, Исекең сондай тұлға.

Сөзіміздің әлқисасында Иса алдымен Жерінің перзенті деп едік қой. Даласындай мол пішілген оған көп қасиеттер әуелі сол туған жерінен жұққан. Даласының ойымен, қырымен үндестік, үйлесім таба кетер қасиеттің алды аңшылық, саятшылық. Исекең де ит жүгіртіп, құс салған, мылтық ұстап, қақпан жайған саятшы болған екен. Маңғыстаудың байырғы аңшыларының аң ату құралы шиті мылтық болғанын білеміз. Ол аузынан дәрімен оқталып, сүмбімен нығарланады. Исекеңнің бізге жеткен жәдігері дәрі салатын оқшантайына қарағанда ол шиті, пілтемен не шақпақпен от алатын мылтық ұстаған әуем. Оқшантай Исадай иесіне лайық, ағаштан бедерленіп ойылып, өрнектеліп әдемі жасалған. Жылдар ізі кетірген сыры былғарыдан жасалған шүмегі ғана түбінен үзіліп түсіп қапты.

1870 жылдан соң Исаның бәсіре мылтығы Үшауыз соғысында олжалаған бесатар болған. 1873 жылы уезд бастығы батырға құрметі ретінде оны алмай қалдырған. Иса оны өмірінің ақырына шейін Рукиннің қылышының нағанымен бірге өзімен бірге ұстаған. Құлсарыдағы молаға көмілген қылыш пен мылтық осы. Әрине, әскери мылтықпен ешкім аң ауламайды. Аңшы мылтығы бөлек. Қазақ оны құс мылтық дейді. Онысы қазіргі мылтықтарға ұқсас, калибрлері де бірдей. Бесатар шыққан соң әскердің қолданысынан қалған берданкалар (32 калибрлі) аңшылар қаруына айналған. Базарлы жерге көп барған, қолы ұзын Исекеңнің ондай дербес аңшы мылтықтары болғандығында сөз жоқ. Ол Бозащы жағалауында отырған кезде теңіз жағалап, қайықпен құс атуды ұнатады екен. Сондай көбірек мылтық кезейтіні қаз бен үйрек, қоқиқаз. Бозащы жағалауы, теңіздің табаны сорлар қоқиқаздың табиғи қорығы. Қазір де солай. Бисенбі Әріпов ақсақал бала кезінде су астындағы құртқа семіріп мамырлаған қоқиқазды күзде таяқпен соғып алғандарын жазады естелігінде. Жаз кезінде ол оқ жетер жерге жеткізбейді. Өте сақ құс. Қанығы аңшылар таң қиынынан қызығы мол аңшылық бұл. Қырда жайылатын құстан аулайтыны Жек. Жер бауырлап жай ұшатын жекті аңшылар әуелгі ағыны қатты атпен көтеріле бергенде қуып жетіп қамшымен соғып алады. Бірден соғып ала алмаса қос-қос атпен кезектесіп қуып қондырмай ұшырып, шаршатып барып соғады. Марка лақтың етіндей еті бар, әрі аулау қызып, дүбірлі жекті аулауды Бозащы беттің саятшылары үлкен көңіл көтеру салтанаты деп білген. Жасында өзі алдымен шабатын Исекең мосқал тартып, денесі ауыр тартқан соң, аңшы топқа басшы тұғырына көшкен екен. Күзде Ембі, Желше тауларында жұмалап жатып мылтықпен, қақпанмен арқар аулау үйреншікті машығы болыпты. Оған үлкен дайындықпен қостанып шығады екен. Қақпанға сірә, қарауыл жоқ. Бұйырған нәсібі біледі. Ал мылтықпен аулағанда Исекең өзі де, серіктері де үйірден қалған кәрі қошқарлар мен саулықтарға ғана оқ шығарады. Көрешегі, келешегі бар жастарына тимейді. Аң оның ішінде арқар жарықтық та адам тақылеттес. Кәрі, можабай қошқары ұрпақ дүретуге қауқарсыз болса да күйек қайырады. Сөйтіп, жастарға орын бермейді. Нәтижесінде көп саулыққысыр қалады. Кәрі саулықтар да солай. Жатыры ұрпақ ұйытпаса да қошқар астында сүріле беруге құштар. Қартайғанша қытығы қанбайтын мекер әйел сияқты. Аңшылық кезінде аңның осы қасиетін серіктеріне әңгімелеп, түсіндіріп бұл кәсіптің мәні мен сөнін ашып, шырайын келтіріп отырады екен Исекең. Ауланған аңдарының етін маңайдағы елге үлестіріп, сыйлы шаңыраққа байлап өздеріне шағын ғана үлес қалдыратын болған.

Бүркіт ұстау Маңғыстау аңшыларына да тән. Исекең де бүркіт ұстапты. Және біреу емес, екеу. Оларын да талай салбұраңға салған. Бірақ бері келгесін томағаларын алып, бүркіттеріне бостандық берген. Сірә, оған жасы ұлғайып, жүріс-тұрысы ауыр тартуы себеп болуы. Біреуге сыйлауға ол түз тағысының қадірін Исаның өзіндей білсе жақсы ғой. Ол бүркіттер бостандыққа шыққан соң, ұзап кетпей Ембінің құзар шыңдарын мекендеп қалды деседі.

Біз көре қалған бүркітшінің ақыры Кедей Тастықара еді. Ол кісі 1958 жылдың 18 сәуірінде бақилық болды. Ол да кезінде екі бүркіт ұстапты. Ұлы Отан соғысында екі ұлы қайтыс болғаннан кейін, ұлдарының қазасын өзі кіріптарлыққа ұстаған бүркіттердің наласына жорыған Тасекең оларға бостандық беріпті. Бұл бүркіттер де ата мекенінен ұзап кетпеген. — "Тасекеңді Ақтам қауымына жерлеп жатқанда төбеде екі бүркіт қалықтап ұшып жүрді, аяғындағы күміс сақинасынан таныды. Тасекеңнің баяғы қол бала бүркіттері екен бұлар" — деп аңыз қылатын біздің ауылдың көнекөздері. Тасекең бозбала кезінде аңшылық өнерді Исекеңнің қасына көп еріп үйренген лектің өкілі.

Иса бүркіттерін қалай баптады, қалай аңға салды, жалпы саятшылық өнерін қалай ұстанды — ол әрине бүгінгі біз үшін жұмақ... Сондықтан бұл тұрғыда ұстап қала алған осы мағлұматпен ғана шектелеміз.

Исекеңнің көп жадынан уақыт өшкен негізгі қырларының бірі әрі бірегейі, сейістігі. Қасына Қосжан сияқты атақты атбегілерді көп ерткен, оларды үнемі қолдап отырған Исекеңнің өзі де мықты сейіс болыпты. Талай бәйгіге ат жаратып қосып, аламан бәйгінің алдында келтірген. Бәйгінің күлігі түгілі былайғы жақсы аттың да қадірін жақсы білген. Үйірге айғыр таңдап салуға үлкен жауапкершілікпен қараған. Яғни ол бұл орайда өз уақытының белгілі селекционер зоотехнигі. Бізге жеткен деректер Исекеңнің өзі дербес ат таратып қосып, бәйгі алып атын шығарудан гөрі сейістік өнердің кеңінен қанат жайып, жалпының игілігіне апталуына, сөйтіп халқыма жылқының қадірін білдіре түсуге пейілдірек болғанын айғақтайды. "Жылқыны тұтымы жылқы тұяғынан қатты адам ғана бағып тұтына алады" дейді ғой қазақ. Исекең осы бағаға лайық түс қазақ та бола білген. Исекеңнің аты жүгіріп, әбден қартайып, ауыл шетінде тұяқ серіпкелі жатады. Сонда Иса, — Жануар талай дүбірде аламан бәйгінің алдында қара үзіп келіп, менің, менен бұрын елдің мерейін үстеп, көп жарлының алдына олжа салып еді. Адал өлсін бауыздап, денесін қарға-құзға шоқытпай көміп тастаңдар. Бәйгі аты жіліктенбес болар! — деулі. Талайды көрген талай жаманды жақсыны бастан өткерген Исекеңнің дәті сүйікті жүйрігін бауыздап көмуге келгенде сәл сыр беріп қалып, кермендеп атына мініп жылқы көздеймін деген сылтаумен өріске кетіп үш күннен соң оралды дейді ел. Біз білгенде жіліктенбей көмілген Ақан серінің құлагері еді. Оның басына беріде Ілияс Жансүгіров "Құлагер" поэмасын жазар алдында барып, тас үйдіріп, белгі қалдырыпты. Исекеңнің сәйгүлігінің басы белгісіз. Егер ол табылып, басына белгі тақта қойылып жатса, артық болмас еді.

Бұл еңбегімізде Исекеңнің сейістігін жол-жөнекей айтып өткенімізбен, оның тұңғиығына бойлай алмадық. Тайға мініп, ат жалын тартып ұстаған қазақтың баласы болғанымызбен ортамыз, тұрмыс қалпымыз сейістік өнердің қат-қабат сырын, ең болмаса, құлағымызбен қармай алуға да мүмкіндік бермеді. Солай болған соң Иса сейіс туралы тіл безеуге жарықтық бұл өнердің киесінен қорықтық.

Исаға әуелі әруақ дарыған жері, қала берді бата қонған елі дарытқан киелі өнерді — билігі, ділмар шешендігі. Қара сөзден алдына жан салмаған, тілінін мәйегі ақиқаттың ащы тұрған дәйегі Исекеңнің билік, шешендік сөздері біз келтірген санаулылармен ғана шектелмек емес. Біразы ел жадынан шығып қалған. Біразы басқа біреулерге "барымтаға" түскендігі де күдік туғызбайды. Жалпы көп билердің, оның ішінде Исаның да мұраларының басты трагедиясы барының өзі түпнұсқа күйінде жетпеуі. Себебі қағазға түспей, ауызша күйде атадан балаға ұласқан биліктің айтып жеткізушісінің қарым-шалымына тәуелді күйде олардың көп ретте сұлбасы, жалқын шоғының орнындағы күлге айнала бастаған қоламтасы ғана жеткен. Тот баспайтын асыл күміс жата-жата келе үгіліп күлге айналады. Оны қайта ерітіп қақтаған, күміске айналдыра алатын, хас зергердің көрігі ғана. Шешендік сөз өнеріне келгенде мұндай хас зергер Қабиболла Сыдиықұлы сынды біртуар елінің бағына туып, бір кеткен сұңғыла ғалымдар ғана. Ал ол болса бүгінде арамызда жоқ. Қайран аға Исекеңнің тұмасының тұнығынан ауыз тие бере көз жұмды. Біз қанша талаптанғанмен бұл мәселеле Қабекеңдердің қолына су құя алмаймыз. Оның үстіне әдебиет зерттеушісі емеспіз. Сондықтан Исекеңнің билік, шешендігінен бірер мысалын өзіміздегі бар нұсқасы бойынша келтірумен шектелдік. Судың дәмі тамшысынан деп соның өзі-ақ Исекеңнің сөз өнеріндегі хас шеберлігінен артығымен хабардар етіп жатыр. Сөз жоқ, бұл келесі тақырып, Тәуба делік, оны зерттеудің ілкі қадамы сәтімен басталып та кетті. Ш.Есенов атындағы университеттің мұғалімі, филология ғылымының кандидаты Жанбибі Жүйсенбаеваның жетекшілігімен жас талап әдебиетші Кәмшат Әдірейім 2005 жылы Иса Тіленбайұлының ақындық, шешендігі жайлы диплом жұмысын үздік қорғап шықты. Сөйтіп қауқардай биікті алатын бұла қайрат қазақтың қарашадай қызының бойынан табылды. Кәмшат қызымыз солай өзі ғылыми айналымға қосқан бұл тақырыбын әрі қарай зерттей бермек. Қадамыңа гүл бітіп, талабың тасысын айналайын.

Бәрімізді баршамызды тапқан Жер ана, адами болысымызды қалыптастырған Ел ата барлық перзентіне бірдей мол қолдық таныта бермеген сыңайлы. Әркімнің пешенесіне шақталып жазылған көрешегі, ризық несібесі, кісілік пішім-пошымы бар. Таразы басын басуға тиіс жақсылық жақтарымыз дейтін болсақ, сол жарықтық көбімізге келгенде Менделеев кестесіндегі транс уран элементтеріндей шашырап, ұрғының болмашыдан алып шыға қалыпты. Бар жақсы қасиет бір басына ақтарыла қалған бақыттылар сирек. Тіпті қадау-қадау дерлік. Сол санаулының өзін дәуірі, заманы, кезеңі ұзақ толғатып зорға туыпты. Сондықтан біртуар деп береміз олардың ортақ бағасын "Телқоңыр, телқоңырым" деп, жатады емешесі құлай сүйген елі оларын. Исекең сондай төрт аяғын тең басқан телқоңыр. Тарих көшінде тымағын алшы киген қазағымның қанына сіңісті тектілігінің бір дарақ тұғыры. Соны танып, білгеніміздің өзі тектілігіміздің белгісі.

ИСА ҚАЛАЙ ТРАГЕДИЯЛЫҚ ТҰЛҒА АТАНДЫ?

Көне ебірей халқының өткенінен бір баян: Бұл елдің үлкен бір ұлысы жазмыштың жазуымен іргелес ірі елдің қол астында 200 жылдай бодан болыпты. Содан өліп талып азаттық алып өз елдеріне қосылмақ болса, патшалары қуанып қарсы алу орнына мемлекеттерінің шетіндегі қу медиен, құла дүз, ит байласа тұрғысыз бір тұл өңірге айдап тастап, "енді 100 жылдан соң барып сіздерді қабылдап, келемізге қосамыз" депті. Оның сырын маңындағыларға "бұлар осы 100 жыл ішінде бодан болған 200 жылдағысын ұмытады: Сөйтіп тәрбиеге көнуі тездейді" деп түсіндіріпті. Тарихшылар біліп айтса осы күні ел елде, жер жерде бытырап жүрген ебірейлердің біразы сол ұлыстың әлгі жерді жерсінбей кеткендердің ұрпақтары, бұл халықтың бытырап кетуі содан басталған екен.

Кеңестік көсемдер Ленин де, Сталин де, өзгелерде бұл жайтты жақсы білген. Білетіні оларға кезінде дін сабағын оқыту міндетті болды. И.Сталин сірә, діни семинарияда оқыды. Оның жас дипломат А. Громыкоға тілдік қорды молайтып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру үшін шіркеуге барып поптардың уағызын тыңдауға кеңес беруі тегіннен тегін емес.

Кеңес үкіметінің басшылары басқару ісінде басқа емес тап әлгі ебірей патшасының әдісін ұстанған да қойғандай. Әртүрлі ұлт, ұлысты айтқанына көндіріп, айдауына жүргізіп, билікті баянды ету үшін, ең әуелі олардың өткенін ұмыттыру қажет болды. Бұл жолда сірә, не нәрседен болса да тайынбағандары белгілі. Сонда қарауылға, алдымен ілінген құрбандық дін, өзіндік дербес тарих, тіл. Бұл үшеуінен адыра қалудың мәңгүрт аталатын атауын әлемге басқа емес, өзіміз, біз, біздің қандас бауырымыз Әбіш Кекілбайұлы сол кеңестік кездің өзінде-ақ айтып берді. Қазір "мәңгүрт" халықаралық терминге айналды. (Адайлар ауыз екі тілде оны сәл өзгертіп "мәңгүрет" деп те атайды).

Кеңестік әміршілдік жүйенің сондай қысымына қазақ халқы, оның ұлтанды бір тайпасы Адайлар да ұшыраудай-ақ ұшырады. Ел тарихында орын алған талай ұстындарымыздың атын атауға қорқатын дәрежеге дейін жеттік. Соқыр патшаға қарап, көзімізге қоса қысылатын жеріміздің бәрін, қысып отыратын болдық. Сол нәубетке алдымен түскендердің бірі Иса Тіленбайұлы болды. Есіл ер тірісінде отаршылық езгіден көрген құқайы аздай өлген соң бақандай 65 жыл қудаланды-ау. Рукин өлер алдында "Өлі дене ештеңе көрмейді де естімейді" деп айқайлады деп еді, Исекең марқұм бұл дүниедегі бұл әділетсіздіктен хабардар, бейхабар болғандығы беймағлұм. Бірақ әйтеуір көрмей, естімей ерте-ақ өліммен өлгені шүкіршілік.

Марқұмның басына 1910 жылы сәулетті күмбез тұрғызған. Салған шеберлері Жаңай Сахи балалары. Күмбездің маңдайшасының он жақ тұсына "Тамды салған ұста Дүйсенбай Сахиұлы" деп бас шебер атын қалдырған.

Қазір біз ғылымда "аура" деген ұғымды, сірә қазақшаға әруақ деп аударып көрсек, шамаға жақындармыз. Өлген соң әулие деп дәріптеліп жүргендердің бәрі тірісінде әруақты кісілер болған ғой. Сол әруағы өзімен бірге жерленген соң, сол жердің топырағына да әруақ-аура сіңеді деп түсіндіреді теология — дін ғылымының уағызы. Иса басы да солай болған. Кезінде басына түнегендерге түсінде аян беруі, балаға зарыққан әйелдердің перзент сүюі, ботасын алмай ауырған түйенің желінін қабірінің топырағымен шайғанда жуасып, төліне ыңырсып иіп сала беруі тегіннен тегін емес. Тірісінде Қыдыр көріп әруақ дарыған Исекең өлген соң әулиеге айналып кете барған. Кеңес кезінде қызылкөз белсенділер тарапынан тиым салынғанына қарамастан, халық әулиеге түнеуден қалған жоқ. Әбекең — Әбіш сөзімен айтқанда "кеуектегі кемеңгер шалымыз" Бекет-Ата пірімізге әлі келмеген кеңестің пәрмені өзге әулиелерге де жүрмеді. Иса басы түнеуші, зиярат етушілерден арылған жоқ. Ер аты саясат тарапынан қалай жамандалса да, Жаманғара шалдың бұл перзентіне халқының көңілі таза болып қалды. Бірақ ел билік тізгінін ұстағандар алдында шарасыз еді. Ал олар болса мүлде басқаша сөйледі. "1870 жылы Маңғыстауда болған көтеріліс -отаршылдық езгіге қарсы, әсіресе салықтың өсуіне және жайылымдықты пайдалануға шек қоюға қарсы шыққан... стихиялы шаруалар көтерілісі болды", — деп жазды Қазақ СРО тарихы (1 том. А. 1957 ж. 427-бет). "Ағасы" КСРО тарихының ыңғайымен жазылған жалған, жәдігөй, жәркелеш тарих деп бағалаймыз мұны. "Отаршылдық езгіге" қарсы дегені дұрыс делік. Сонда ол езгі иесі кім? Ол айтылмайды. Салық салушы, жайылымдарды тартып алып отырған кім? Ол туралы да ауыз ашылмайды. Бұл отаршылдық езгінің көшпелі ел жағдайындағы кәдуілгі көрінісі ғой. "Отаршылдық езгіге қарсы" деп басын ашып алған соң, бұлай езу неге қажет болды? Бұдан сөз жоқ, тарихты жазып отырған мамандардың әдеби сауатының өз кемшілігі аңғарылып қалады. Одан кейінгі "стихиялы шаруалардың" да келісіп тұрғаны шамалы. Дұрысы сөз "шаруалардың стихиялы көтерілісі" болып түзілуі тиіс. Олай деп жазған күнде де қате. Бұл көтеріліс басындағы Иса, Ерменбет т.б. оз ортасының байлары болған емес пе? Жарлы делінетін Досан мен Орақтың ортадан жоғары күйі бар. Көтеріліске стихиялы деп баға беруге келсек, оның да түйткілі жетіп артылады.

К.Булавин, С.Разин, Е.Пугачевтердің көтеріліс деп дәріптеліп жүрген іс қимылы — бүлік. Ешқайсысында жоба, жоспар болған жоқ. Талау, тонау, зорлықтан тұрады олардың бүкіл тактикасы мен стратегиясы. Ал біздің бұл қозғалыс өз жерін басқыншы, отаршылардан азат етуге бағытталған жоспары бар шын мәніндегі көтеріліс. Кесек іс қимылы жөнінен Кенесары, Сырым, Исатай - Махамбет бастаған көтерілістерден бір де кем емес. Өкінішке орай, өзге көтерілісті дәріптеуге келгенде, қасағайым қазақ тарихшылары Маңғыстау Адайларының бұл көтерілісін көруге келгенде, көзі жұмылып сала берді. Жазғандарының өздері дәл емес. Ең азы көтеріліс басшылары дұрыс көрсетілмейді. М.С.Тұрсынова "XIX ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап осы аттас кітап шығарды. (Алма-Ата 1977 ж. "Наука"). Берері көп еңбек. Бірақ белгілі болып қалған жай кітапта қамтылатын тақырыбынан ауытқып кетеді. Екеуінің арасы үбіспей қалады. Автордың екі оттың ортасында отырғанын сөз қадірін білетін адамның бәрі түсінеді. Егер автор тек көтерілісті ғана жазса, еңбек әлдеқайда сәтті шығар еді. Бірақ артынан белгілі болғандай марқұм Мәкең — Мәриям апамыз да біздің елге он қабақ таныта бермейтіндер тарапынан көп қарсылыққа ұшырапты. Ғалым содан соң көтерілістің бірінші басшысы Иса болғандығын біле тұра, оған іштей бұра тұра амалсыздың күнінен Досан атын бірінші шығарып жіберген. Тарихшы Есбол Өмірбаев та осы жолды ұстануға мәжбүр болды. Егер ол солай демесе, біз осы елдің ең бірінші жазбаша тарихы "Маңғыстау" кітабын көре алмай қалған болар едік. Бұл тақырыпты артынан да бірнеше авторлар, ішінде біз де бармыз, сөз еттік. Бір ренішті жері солардың кейбірінің тарихи жағдаяттарға өзі бойламай тұрып, боямалыққа бой алдырып, өз руластарын дәріптеп, лаққанын жасыра алмаймыз. Сөйтіп сайып келгенде бұл да Исаға қатысты жіберілген қапы, ағаттық болды да шықты. Нәтижесінде ортақ іс ұтылыс тапты. Махамбет тұлғасын аспандатқаннан Исатай тұлғасы ұмытылмай, қайта асқақтай түскенін көп жазғышбектердің әдістемесіне ала алмағанына тағы да өкініш айтамыз.

Исаның басына түскен зауал ,әуелі ол туралы жырлаған ақындарды тапты. Бектеміс Жары Сауран қолы қысқалықтан елең, өнер жолына біржола түсе алмағанмен, өз өрнегін қалдырып кеткен ақын. Оның Исаға арнаған үлкен толғауы бар. Амал не соның бізге төмендегідей тамтығы ғана жетті.

... Мақтана елің атап жүр

Сендей дара жалқыны.

Сенің ғана сөзіңмен,
Әділ айтқан сеніммен,
Адай Адай болғалы

Көңілі есіп балқыды.

Шаруасы өсіп шалқыды.

Шоқалақ тас үйілген
Салдырған өзің белгімен,
Самнан әрі кең өріс

Аралға дейін шарпыды.

Елде би мен болыс көп
Қатарынан солардың
Тура шықты қайсысы —

Осылай халқын қамтыды?!

Ел үшін туған дарасың,

Жел жағына панасың.

Жетім-жесір пақырға

Омырауың ашық анасың.

Келімсектерді асырап,

Көбейттің ауыл қарасын.

Халқыңа қылған ісің көп,

Ойласып амал шарасын.

Әділдікті мирас қып,

Алмайтын берген парасын.

Көрсете алар әркім де

Өзінен тапса Исадай

Терең ойлы данасын.

Ақын сөз жоқ, осы аз да болса, саз жолдардың өзімен-ақ Исаның елбасылық бейнесін сомдап шыққан. Әсіресе елдің өрісін кеңейтудегі еңбегі көңілге қонады. Бұл тарихи шындық. Бұл туралы Ерменбет би туралы кітабымызда, ғалым Жанбибі Дүйсенбаева екеуміз жазған "Махамбет және Маңғыстау" кітаптарымызда толық жазғандықтан қысқаша ғана тоқтала кетелік.

Бұрын да қоныс тарлығын көрген Адай мал, жаны өскен алдыңғы ғасыр тоғысында тіпті көріңкірейді. Басқа рудың жеріне баса көшіп бару арты тағы ру араздығы, барымта, соғыс. Мәмілегерлік жолды таңдаған ел жақсылары Орынбор губернаторына арыз жазады. Оған арызданатыны уезд Ашхабадқа қарайды. Соны салық етіп, ол беттен алар жерін Қошобаға дейін алып алған. Сол себепті арыз қасына "күндердің күнінде өз қазағымызбен бір болу үшін Орынбор губерниясына өтетін ой да бар. Егер жер берсеңіз сауданың көбін Сіздермен жасар едік" деген хатты да қосып жазады. Губернаторға бұл әрине, ұнайды. Келісімге шақыртады. Оған Ерменбет, Абыз Тілеген, Кенже Қабақ, Иса барады.

— Маңғыстаудың ала қырына 10 мың үйімізді қатар тігіп қойғанда симайды.

Жер біздікі деп сізге қарасты ел малымызды Жемнен өткізбейді. Өтпеген соң мал қырылады. Малсыз қазақтың күні жоқ. Сол үшін отқа түседі. Ел аралары ушыққалы тұр, деген сөзін саптайды Адай жағы. Жағдайды түсінген губернатор қарамағындағы елмен келісе отырып, Ақтөбе, Гурьев уездерінен Адайларға жер бөледі. Арты дау болмас үшін, шекара бойына омақа үйіп белгі қоюға келіседі. Оны жерге мүдделі Адай жақ міндетіне алады да, осы шаруаны өзі тиянақтағысы келген Қабақ Қалша Жолан деген белгілі кісіні 60 бойдақ ақы беріп жалдап, айналасы 40 күнде істі бітіреді. Самнан арғы кең өріс бізге солай бұйырыпты. Сонда Арқадағы Алатау деген жерге келіп жүрмелі съезд өткізген Орынбор генерал губернаторы Катенин алдында Адай делегациясы атынан сөз жебеген Иса мен Ерменбет екен де аудармашысы Қабақ болыпты дейтін қариялар.

1930 жылдан соң сол арғы өрісті Ақтөбе облысы басып қалып, арты үлкен дауға, төбелеске ұласып, ақыры бұл мәселе республикалық деңгейде қаралады. Сонда Исамадин Аязбаев ақсақал бұл өрістің ежелден Маңғыстауға тиесілі екендігін әлгі омақалар арқылы дәлелдеп шығып, істі елінің найзасына шешкен. Қазір Бейнеу үлкен бір аудан болып отырса — ол жерінің кеңдігінің, сол аталардың қайрат жігерінің арқасы.

Сауран ақын Исамен шамалас өмір сүрген адам. Ұрпақтары Сенекте тұрады. Ақынның бұдан басқа бізге Қайып пен Ақбөбек оқиғасына қатысты Ақбөбекке айтқан бір ауыз қағытпа өлеңі ғана жеткен. Мұның себебін оған Исаны мадақтағаны үшін саясаттың салқыны тигенінен деп шамалаймыз. Өйткені жоғарыдай жыр жолдарын шығарған қарымды Сауранның мұрасы барырақ болуға тиіс.

Табылып, ел кадесіне жарап жатса қуанамыз. Тіпті ел арасында Исаға арнаған толғауының толық нұсқасы сақталған болар деген де үміттеміз.

1918 жылы Нұрберген Исаұлының өз еркімен Ревком төрағалығынан бас тартқанын біз өз жанымыздан оның ата тегінен жұғысты қанағаттылығы арқылы түсіндіруге пейілміз. Оның мысалы — жолдастары бірде Исадан:

— Өміріңіздің қандай сәті ұнасымды көрінеді өзіңізге?—деп, сауал беріп, біздің қасаң тілмен айтқанда интервью алыпты. Сонда Иса:

— Сылбыр жауын жауып тұрса, Қошақтың батысындағы тегістікте жеңіл 2-3 айғыр үйір жылқың жайылып жатса, өзім үстімде құлын жарғағым, соны ақырын аралап жүрсем — содан артық көңілімді қошуақ санар сәт жоқ деп білем,— деп жауап берген.

Исекең сияқты сүйген ұлын елінің ішінде уақытында мақтап өлең шығарған, шығарғысы келген әр дәрежедегі ақындар көп болған ғой. Бірақ тіпті мақтануға да қанағат биігінен қараған би оларға игі ниеттері үшін алғыс айтып ыңғай бермеген. Сол себепті оны мадақтау өлеңдері, арнаулары 1910-1930 жылдар аралығында шығарылған да жоғарыдағы себеппен жадтан өшкен. Сәтекеңнің "Досан батыр" дастаны 1937 жылы. Ағайыны, әкесінің сыйласы, ауылдасы Досанды және көтерілістің ұзын ырғасын жақсы білген Сәтекең әуелден-ақ тек сол тақырыпты сомдауды мақсат тұтқанында сөз жоқ. Бірақ Досан бейнесі серігі Исасыз ашылмайды. Яғни ол туралы айтылуы тиіс. Сәтекең солай еткен.

1943 жылы Сәтекең облыс орталығы Гурьевке ақындар бас қосуына шақырылады. Сонда ол осы шығармасын айтуға тиіс болады.

Бізге Сәтекеңмен сол сапарда кездесіп, істес болған екі адамның естелігін алудың сәті түсті. Бірі талай жыл көрші, әріптес болған марқұм Жәмек Оспанов, екіншісі — ол да әріптес, Саламат Хайдаров — қазір бар. Алматыда тұрады. Жәкең ол уақытта облыстық газетте корректор, ал Сәкен Қазақстан Жазушылар Одағының облыстағы өкілі. Редактор Жәкенді шақырып алып, Сәтекеңді таныстырады.

— Ағамыз кеткенше Сіздің үйде болсын деп ұйғардық. Қонақүйде жағдайы бола бермес. Әрі Осекең тұстасы, әңгімелесіп отыруына жақсы, — дейді. Осекең деп отырғаны Жәкеңнің әкесі Оспан — ескіше сауатты, орысша екі сыныптық училищені бітірген кәрі құлақ адам. Елгезек Жәкең құп алады ұсынысты. Соғыс кезінде редакция қызметкерлеріне арнайы талонмен айына бір рет азық-түлік беріліп тұрған ғой. Редактор Сәтекеңнің сыбағасы деп сондай екі талон, оған қосымша балықшылармен хабарласып біраз балық алып жібереді. Облыстық, идеология хатшысы келесі күні ала бөтен бөлектеп, Сәтекеңді Саламат інісімен қоса шақырып алып "Досан батыр" дастанын жырлап беруді сұрайды кабинетінде. Өйткенде ақындар ішінде көлемді шығармасымен келіп отырған жалғыз Сәтекең болғасын сөйтіп отыр, не "үндемес" жақтан тапсырыс түсті — бүл тұспалдың қайсысы дұрыс екенін бір құдай біледі енді. Сәтекең жырлап береді. Бітірген соң, хатшы ойланып отырып дастандағы Иса туралы айтылған тұсты не мүлдем алып тастау, не оны жағымсыз кейіпкер қылып шығарудың қажеттілігін сыпайылап отырып жеткізеді. Орындалысын тексеріп, бақылап өзіне хабарлауды Саламатқа тапсырады. Сәтекеңе келіспеске лаж жоқ. Жатқан үйіне келіп дастанды қайта өңдеуге кіріседі. Сөйтіп бұл өзгерістің куәгері Сәкен мен Жәкен.

Осы жерде мықтап еске алатын бір жайт бар. Сәтекең "үндеместердің" бақылауында жүрген адам. 1929 жылы Тобанияз тобымен бірге ол да жауапқа тартылған. Бұл топ туралы тергеу ісінде оның да көрсетімі бар. Аты көрсетім болғанмен Сәтекең ешкімді көздеп көрсетпеген. Өзі туралы ғана, өзінің сіңірі шыққан кедей табының өкілі, күн көріс көзі өлең айту екенін айтумен тынған. Құдай сақтағанда Сәтекеңді екінші қайтара мазаламаған. Сөйтіп, ол от ішінде өртенбеген бір түп бұтадай аман қала барған. О, бұл органның назарына бір ілікпе! Іліктің екен індетіп соңыңнан қалмайды. (Қадірлі оқырман, осы жолдарды жазып отырған "Үш әріптің" теперішін кезінде біраз көрген соң өз тәжірибесінен алып айтып отыр бұл сөздерді.) Асылы, содан көзі қорқып қалған болуы керек, Сәтекең көзі тірісінде жазған көп өлеңдерін жазып, алыс-жақындағы сенімді кісілерге жіберіп, қалдырып отыруды әдетке айналдырыпты. Мен оның Тобаниязбен бірге.

атылған Қонарбай Оңғалбаевқа арнаған өлеңін бертінде тауып алдым (ол "Жыр-дария" жинағында жарияланды). Ақынның осындай өлеңдері көп табылады кейіннен.

Әлгідей темір тегеурін болмаса, қайран Сәтекең, көзі көрген сыйлас ағасы, әкесі Жанғабылдың төс қағысқан досы Иса аузына дастанында ояз алдына барғанда айтқаны деп мынадай сөздерді сала ма?!

Мен алдыға келдім деп,

Жасырмаймын Досанға,

Жолдас болып ердім деп.

Кешегі бір күндерде

Әскеріңнің алдында

Көлденеңдеп желдім деп.

Не қылсаң да өзің біл,

Келіп тұрмын көндім деп.

Көре алатын емеспін

Енді бетін елдің деп.

Өзің жәрдем етпесең

Мен ұяттан өлдім деп.

Сонда ояз айтыпты-мыс:

Өзін сұрап келгесің
Кешірейін күнәңді,
Тілегіңді бердім деп;
Жарлық ал да қолыңа,

Әкімі бол елдің деп;
Бересін ұстап Досанды

Енді саған сендім деп.

Осы өзгеріспен дастан жарияланып кетті... өкінішті-ақ! Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорындағы нұсқа еш өзгеріссіз. Яғни жоғарыдағы жолдар жоқ. Содан болар ондағылар кезінде Сәтекеңді авторлық құқықтан айырғысы келген құйтырқы әрекетке де барған. Соған реніш білдірген Сәтекеңнің хаты да сақтаулы онда. Марқұм Қабен аға — Қабиболла Сыдиықов, Жетібай Жылқышиев құрастырған "Жыр-дария" жинағына дастанды екінші нұсқаны түзетіп, әуелгі нұсқамен жариялауды ұсынып, қысқарған, өзгерген жерлерін қалпына келтіріп берген екен. Бірақ, тағы да өкініш — ол өзгеріс енгізілмеген.

"Досан батыр" жыры о баста сәтті шығарма, кезінде біз хрестоматиядан оқыған Иса Дәукебаевтың "Бекболатынан" көркемдігі жағынан еш кем түспейтін шығарма болғанмен, тағдыры сәтсіз, бақталайсыз, авторына творчество қуанышын сыйлай алмаған шығарма болып қалды тарихта. Алматыда алғаш көргенде Мұқтар Әуезовтың — ұлы Мұханның өзі сонадайдан бұрылып келіп:

— Ойпыр-ай, Маңғыстауда Сәттіғұл деген ақын ағамыз бар дейтін. Сол кісі болмағай едіңіз, — деп сәлем берген Сәтекең, Жазушылар Одағының мүшелігіне де кеш өткен. (Дұрысы өткізілген). 1963-тің күзінде Сәбит Мұқанов Маңғыстауға келген сапарында Жетібайға арнап барып көріскенде қасында болған үш кісінің Берқайыр Аманшин марқұмнан өзге екеуі — жазушы Берік Қорқытов пен ардагер Өтежан Алшынбаев ағалар әлі арамызда. Сонда Сәтекең Сәбит інісіне баспада кітабының шықпай жатқанын едәуір мұңайып шағынған ғой. Сол тұңғыш кітабы "Тоқсан толғауды" марқұм көзінің тірісінде көре алмай-ақ кетті. Бұлардың бәрінің себебі біреу — басты кейіпкер Иса Тіленбаевқа салған кер саясаттың салқыны. Коммунистердің би десе, бай десе ит жыны құрысатын "дерті".

Әбекең — Әбіш Кекілбаев Қашағанның соңғы ескерткіші ашылардағы алқалы бас қосуда айтқан бір сөзінде: — Сәтекең марқұмдар еңсесін тіктемей, басын көтермей, жүзін төмен салумен өтті дүниеден. Сонда олардың ішкі құса, шері — айтарын заманы айтқызбағаны, — деді. Әбекеңнің тап сол сөзінің заттай айғағы — менің архивімде ақынның бір суреті сақталған. О баста оны Гурьев облыстық газетінің фототілшісі Матвеев (Қазір бар. Атырауда тұрады) обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтың кабинетінде түсірген. Нұрекеңнің Сәтекеңмен құшақтасып түскен тағы бір суреті бар екен — оны тауып бере алмады. Мына сурет менің ана жылы облыс тарап кеткенде Гурьевке барып облыстық газетінде жұмыс жасағанда алып қайтқан қол үздігім. Бұрын "Тобанияз" кітабымда жариялағанмын.

"Алтын кездік қап түбінде жатпайтыны" рас болса, соның мысалы осы Исекең. Еліміз егемендік алған соң, елі оған қайта бет бұрды. Оның жаңа тұрпатта жазылмақ, жасалмақ кесек тұлға екеніне ден қойдық. Ең бірінші шара — күтімсіздіктен құлап қалған әуелгі ескерткішті жаңғыртып жаңа күмбез көтеру. Оған жергілікті арнайы алынған қаулы бойынша бюджет қаражатына салынды. Күмбез біткен күні ағайын тума-күшімен дүбірлі там байғазысы берілді. Қошақтың ойы сол күні Исаға деген қошеметке лық толды. Хант өрткілі Қаратаудың Отпанымен иық тірескендей болды. Алаторпа алшысынан түсті.

Иса қалай трагедиялық тұлға атанды? — Біз қал-қадарымызша осы сауал жауабы төңірегінде әңгіме қозғатқан болдық. Бірақ түбегейлі сөзге келгенде түбіміз көрініп қалатын таңқымыз. Таланттың тапшылығы тұсау. Сондықтан қазақтың қара сөзінің ендігі киесі Әбекең — Әбіш ағаға жүгінуге тура келеді. Иса ол кісіге де шетін емес кейіпкер. Ол туралы Исанамаға маманданғандардан да көп білетін сұңғыла. Кезінде марқұм Ізаған — Ізбасар Шыртановпен облыстық "Маңғыстау" газетіндегі әңгіме сұхбаты біз қарманған сауалдың нағыз сауапты жауабы болып табылатыны себепті, соны өзгеріссіз, қысқартусыз сол күйі беріп отырмыз.

— Әбеке, алдымен айтарым жаңа қоныс құтты болсын!

— Айтқаның келсін, Ақмола тек жаңа көшіп келіп жатқан біздерге ғана емес, күллі халқымызға қайырлы астана болсын.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астана жайлы ұсынысы алғаш талқыланған кезде парламентшілер тарапынан талай күйдіргі сөз естуіңізге тура келді. Сол күдік-күмәннің теріске шыққанына ерекше қуанышты шығарсыз?

— Иә, әрбір жаңа іс, әсіресе, әрбір батыл шешім бірден қолдау таба бермейді.

Ол жолы да әр қилы әңгіме айтылғаны рас. Бірақ, көз — қорқақ, қол — батыр емес пе? Жаңа астанаға межелі кезде көшіп келдік. Құрылыс қызу жүріп жатыр. Тұсау кесер тойға келген қауым Сары Арқа төсіне көп ұзамай нағыз осы заманғы шаһар орнайтынына көздері әбден жететініне кәміл сенімдіміз.

— Ақмоланың тұсау кесер тойы — биылғы халық бірлігі және ұлттық тарих жылының да тұсау кесері болмақшы ғой.

— Дұрыс айтасыз. Жаңа астана ұлттық тарихымыздың жаңа бетбұрыс кезеңінің тұсауын кеспекші. Ондай бетбұрыстың идеологиясы — "Қазақстан - 2030" Стратегиясы. Ол қай өлкеде қалай жүзеге асып жатыр? Бүкіл елімізде қалай жүзеге аспақшы? Тұсаукесер тойға әзірленген кезегінде де биылғы тарих жылының өне бойында да бұл мәселе басты назарда тұруға тиісті. Қазір Ақмолада да әр облыстардың күндері өте бастады. Онда айтыстарымыздағы нақты істердің нәтижелері, экономикадағы, өнердегі жаңа жетістіктер көрсетіліп жатыр. Әр өлкенің таяу жылдардағы және арғы болашақтағы ұстанып отырған мақсаттары баяндалып жатыр. Маңғыстаулықтар да өз күндерін үлкен табыспен өткізеді деп күтілуде. Тарих жылын өткізуде де жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп есептейміз. Өлкедегі бай тарихи-мәдени қазынаны жинауда, зерттеуде, насихаттауда бұған дейін де, қомақты шаруалар атқарылып келеді.

— Тарих жылын өткізудегі басты мақсат не деп санайсыз?

— Ол — бүгінгі иемденіп отырған аумақтық тұтастығымызды нығайтып, қоғамдағы ауыз бірлігімізді күшейтіп, тәуелсіздігімізді одан әрі орнықтыра түсуге деген қадам.

— Ол қалай жүзеге асады деп ойлайсыз?

— Ұлан-байтақ қазақ жерін иемденіп, басқыншылардан қорғап қалу жолындағы ерен шайқастардың, жай-жапсарын неғұрлым жетік білсек, аумақтық тұтастығымызды сақтай білудің қаншалықты маңызды екенін соншалықты терең түсінеміз.

Халқымыздың ақ және қызыл отаршылдыққа қатысты күресінің жай-жапсарын неғұрлым жан-жақты байыптай алсақ, бүгінгі тәуелсіздігіміздің тарихи заңдылығы мен болашақ тағдырымыз үшін қаншалықты құндылығына соғұрлым көзіміз жете түседі.

Тоталитаризмнен көрген зардаптарымыздың арғы астарына неғұрлым жіті үңіле алсақ, демократияның адам үшін, ұлт үшін қаншалықты қадір-қасиеті барлығына қаныға аламыз.

Еліміздің өткен жолына осындай үш түрлі қырынан көз салсақ, біздің халқымыздың көкейтесті мүшелеріне жетуі үшін дербес саяси кеңістік керек екендігін, ондай тәуелсіздікке тоталитаризм емес, тек демократия ғана жеткізе алатынын, ал демократия кез келген саяси бостандықтың кепілі болып есептелетін экономикалық бостандық бар жерде ғана жүзеге асатынын, ол нарықтық қатынастарға көшуді талап ететінін ұғына аламыз.

Тәуелсіздікті, демократияны, реформаны тереңдетудің биылғыдай бетбұрыс жылының халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы боп жариялануының негізі себебі де, міне, осында.

— Өткенсіз, бүгінсіз ертең жоқ, деген қағида тағы да өз құдіретін көрсетіп отыр дейсіз ғой.

— Иә, өткенді білмей, бүгінге түсіне алмайсыз. Бүгінді мықтап түсінбейінше, ертеңгі мақсаттарды дұрыстап бағамдай алмайсыз.

— Бұл үшін не істеу керек?

— Әуелі өткенді жан-жақты зерттеу керек. Қалтарыс қалған тұстарға үңіліп қарау керек. Өзіміз өткен жолды өзгелер өткен жолмен салыстырып көру керек. Ұқсас жағдайларда өзгелердің не істеп, не қойғанын, сол арқылы қандай нәтижеге жеткендерін білу керек.

— Қысқасы, тарихыңды білу мақтан емес парыз, бәсеке емес сын деп санаймыз ғой.

— Дұрыс пікір. Өмір ешқашан жиын-той болған емес. Оның ащысы да, тұщысы да мол болған. Өткен өмірдің де тұщысынан қуат, ащысынан сабақ ала білсек қана, өрге басуымызға пайдалы жаңа тарихи сана қалыптастыра аламыз.

— Тарихқа деген жаппай әуестікке қалай қарайсыз?

— Өз тарихына деген жаппай енжарлық - күйінішті, жаппай елгезектік — сүйінішті құбылыс. Бірақ игі ниеттің, жауапкершіліктің арқасында дегеніне жете алады. Әйтпесе, мұндай нәзік іске қарадүрсін кіріссек, "тәп-тәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылды-ау" дегеннің кебін киеміз. Сондықтан өткеннен қалған деректерді, мұрағаттарды, рухани мәдениеттік жәдігерліктерді жинау, сақтау, қорғауды жаппай күш біріктіретін бұқаралық іс, ал оларды зерттеп, бағалап, тиісті қорытындылар шығаруды қажетті дайындығы мен тәжірибесі бар мамандардың кәсіби шаруасы деп санауымыз керек.

Бүл істе де ақылға сиымды еңбек бөлісу арқылы ойдағыдай нәтижеге жете аламыз.

Үстіміздегі жылды ұлттық тарих жылы деп жариялағанда да осындай мақсат көзделіп отыр. Жаңа тарихи сана қалыптастыруға, ұлттық тарихымызды қайта сараптап болашағымызды кайта пайымдауға қажетті деректер мен мұраларды төкпей-шашпай жинақтап алуға күллі халық боп қолғабыс жасаған жөн. Сол арқылы ұлттық тарих ғылымының әдістемелік тұрғыда да, деректемелік тұрғыда да жемісті дамуына жағдай жасаған дұрыс. Өйткені, біздің өткеніміздің көп дерегі қағазға түспеген. Түскендері қазір басқа елдердің мұрағат қорларында қалып отыр. Тоталитаристік үрдіс тұсында көп құнды деректер айтылмай, қалтарыс қалды. Соны білуі ықтимал ұрпақтың бар кезін қапы жібермей, халық зердесінде қалған деректерді уақытылы жинақтап алу керек боп түр.

— Бұндай мүмкіндік бар кезде тиімді пайдаланылып жүр деп ойлайсыз ба?

— Бұл істе ақаулар мен ағаттықтар бар. Бәрінен жаманы — тарихты тәлім деп түсінбей, мақтан деп түсіну де бой көрсетіп қалады. Тарихи тұлғаларды біржолата не ақ тақтаға, не қара тақтаға жазып қоюға тырысушылық та сондай түсініктен өрбиді. Біз тарихи шындықты біржақты емес, жан-жақты білуге ұмтылуымыз керек. Өйткені, біз өткенді сол қалпында қайталау үшін емес, одан дұрыс қорытынды шығара білу үшін зерттейміз.

— Сіз — тарихи романдар авторысыз. Сіздің кейіпкерлеріңіз — Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абылайлар ұнамды кейіпкерлер ме? Ұнамсыз кейіпкерлер ме?

— Екеуі де емес. Тарихи кейіпкерлер. Олардың өз тұсында да, қазір де біреулерге ұнауы мүмкін. Біреулерге ұнамауы мүмкін. Тарихи тұлғалар да кәдуілгі пенделер арасынан шыққан. Кез келген кәдуілгі пенденің біреулерге ұнап, біреулерге ұнамайтындығы сияқты, оларға да әркім әртүрлі қарайды. Бірақ, олардың өмірі өз тұсының шындығын қалғандардан гөрі көбірек қамтып, тереңірек ашады. Шын әдебиетте ұнамды, ұнамсыз кейіпкер деген болмайды. Өз дәуірі шындығын немесе адамның болмыс шындығын бір қырынан ашатын типтік немесе көп қырынан ашатын күрделі кейіпкерлер болады. Мен соның соңғысына көбірек іш бұрамын. Сондай күрделі тұлғалары мол кезең қоғамдық болмыстың қыр-сырын кеңірек, тереңірек түсінуге жағдай жасайды.

— Өмірде жұрттың бәріне ұнайтын адам бола ма?

— Болмайтын шығар...

— Тарихта ше?

— Онда да солай ғой. Көбіне көп елден ерен ерлік көрсеткен немесе елден ерек іс тындырған, тіпті елден ерек қателік жіберген тұлғалар тарих назарын көбірек аударады.

— Неге олай?

— Өйткені, біздер, адамдар, тек ерекшелер мен ересендерге ғана назар аударамыз. Тұсында замандастары сондай назар аударған тұлғалар көп уақыт тарихта да сондай баға иемденеді.

— Ол баға өзгеруі мүмкін бе?

— Әбден мүмкін. Дамудың өз жүйесі, өз заңдылығы бар. Ол, кейде түбегейлі өзгереді. Ал ол, өз кезегінде, тарихи бағаларды да өзгертеді.

— Қазіргі кезеңді соған жатқызуға бола ма?

— Болғанда қандай. Тоталитаризм демократиямен, отаршылдық тәуелсіздікпен алмасты. Бірақ, одан кешегі ақтың бәрі қара, қараның бәрі ақ боп шығады деп ойлауға болмайды. Өйткені, езгі кезінде де еркіндікті, қиянат кезінде де әділдікті көксегендер бар. Олардың кез келгені жаңа тарихымыздан оз орнын тауып, жаңа тарихи санамызға өз нұрын түсірері даусыз.

— Сондай тұлғалардың бірі — Сәттіғұл ақын жырлаған Досан батыр ғой. Биыл сол Досан батырдың тойы өтпекші...

— Игілікті іс. Тәуелсіздік тарихында ең құрметті орын иемденуге лайықты есім. Ол бастаған көтеріліс тек бір өлкенің ғана емес, күллі ұлтымыздың тағдырында өшпес із қалдырды. Ол көтеріліс — патша үкіметінің бір жарым ғасыр әзірленген Каспийден арғы аймақтарды жаулап алудың кең қарымды жорығына ең бірінші боп қарсылық көрсетті. Тек Қазақстанның ғана емес, іргедегі Хиуаның, күллі Орта Азияның отарлануына бөгесін болғысы келді. Қазақ даласындағы барлық көтерілістің ішінде бұл көтерілісті басып-жаншуға патшалы Ресей ерекше көп күш салды. Күллі Кавказдан, Еділ бойынан әкеліп әскерлер төкті. Қуатты империяны соншама дүрліктірген бұл оқиға мен оның орталық тұлғалары, әрине, жаңа тарихи санамызда айрықша мазмұнға ие болмақ.

— Бізде бұл көтерілістегі оқиғалар мен нақты тұлғаларды бағалауда кереғар пікірлер кездесіп қалады. Кей ретте сіздің "Маңғыстау" энциклопедиясындағы Иса Тіленбаевқа берген бағаңызға дау айтушылар бар. "Ұйқыдағы арудың оянуында" атақты бидің көтеріліс соңындағы қылықтарын "жалтақтық" деп бағаласаңыз, аталмыш энциклопедияда "екіжүзділік" деп бағалапсыз.

— Бүгінгі таңда бұл тым үзілді-кесілді пікір деп білем. Бұдан жиырма жылдай бұрын жазылған еңбегімде сол кездегі ресми бағаға мен де қосылғам. Кейін ол энциклопедиялық шолуға айналғанда қолжазбаны баспаға өзім қарап беруге қолым тимегендіктен тиісті өзгерту енгізілмепті. Ал екі ортада талай уақыт өтті. Талай нәрсеге көзқарас өзгерді. Тек бұл көтеріліс емес, сол тұстағы басқа көтерілістер жайында да бұрын білмей келген көп нәрсені біле бастадық. Осы тұрғыдан келгенде, халық тағдырында із қалдырған айтулы оқиғалар мейлінше жан-жақты қарастырылып, тарихи тұлғаларға баға бергенде біржақты дәріптеушілікке де, біржақты даттауға да ұрынбаған жөн екен. Өйткені тарих тізгіні де, тағдыр тізгіні де ешкімнің өз қолында емес екен. Кейде жақсы пиғылдың өзі де, жақсы нәтижеге жеткізе бермейді екен. Ол көбіне көп, адамның тек өзіне ғана емес, қалған тарихи алғы шарттардың қалай орайласуына байланысты болады екен. Сондықтан да, Абай адамды істі қалай аяқтағанына емес, қалай бастағанына қарап бағалау керек деген екен. Егер дегеніне жете алмаса, оның сырын тек өзінен ғана емес, заманынан да іздеу керек екен. Иса Тіленбаев та — тап осы тұрғыдан келіп бағаланатын тұлға. Бұл көзқарасымды "Маңғыстау" қолжазбасын баспаға әзірлеп жатқан топқа айтқанмын. Ол 351 беттегі "Тіленбаев Иса" деген мақалада ескеріліпті де, жалпы шолуда ескерілмепті.

Мәселенің түп мәніне келер болсақ, Иса Тіленбаевтың 1870 жылғы Маңғыстау көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі болғаны, көтерілістің ішкі Ресейден әскерлер келіп жанши бастаған соң, сол жылдың аяғына қарай қалған үзеңгілестерімен бірге ереуілші ауылдарды ертіп, Хиуа аумағына уақытша жылыстағаны, қарсылықты сол жақта жатып жалғастырғаны рас. Бұл 1977 жылғы шыққан М.Тұрсынованың "Казахи Мангышлака во второй половине XIX века" деген кітабында нақты тарихи деректермен дәлелденген. 1979 жылғы "Қазақ ССР тарихының" үшінші томында да солай көрсетілген. Бұл ақиқатты мен де жоққа шығарған емеспін. Бірақ, Ресей Хиуаны да басып алған соң, шалғайда жатып шайқасу да мүмкін болмай қалған көтерілісші ауылдар, басқа барар жер, басар таулары қалмаған соң 1873 жылы патша әскерінің қол астында қалған Маңғыстауға қайта оралып, әскер басшысы Ломакиннің алдына барып, амалсыз мойын ұсынуға мәжбүр болды. Патша үкіметі де ол мәмлеге қарсылық білдірмеді. Өйткені, өлке тұрғындарынан бұл көтеріліске араласпаған бір де бір шаңырақ жоқ еді. Тұтас елді түгел қырып тастау мүмкін емес еді. Сондықтан ақырына дейін беріспеген азғантай ереуіл басшыларынан басқаға кешірім берілді: 1873 жылы Иса да кешірім алып, қайтадан болыс болып тағайындалды. Бұл жәйінде жарық көрген тарихи еңбектердің бәрінде де нақты көрсетілмеген. Оны түбегейлі жоққа шығаратын құжат әзір ешкімнің де қолында жоқ. Менің де қолымда жоқ. Бірақ, бұдан Иса Тіленбаев көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болмапты деген қорытынды шықпаса керек. Оның үстіне бұндай кепті сол тұстағы отаршылдыққа қарсы күрес көсемдерінің көбі киіпті. Олардың арасында отаршылдардың өз қолдарынан қаза тапқандары тек Исатай Тайманов пен Досан Тәжиев қана, Махамбет Өтемісов пен Жанғожа Нұрмұхамбетов үкімет жұмсаған ауыл арасы жандайшаптарының қолынан мерт тауыпты. Сырым Датов, Кенесары мен Наурызбай Қасымовтар ел ауып, жер ауып кеткен жерлерінде отаршылдық құрығынан құтыла алмай, құрбан болыпты. Ал бастарын тауға да ұрған, тасқа да ұрған Есет Көтібаровты, Тайшық, Ахмет, Садық Кенесариндерді, Иса Тіленбаевты құтыларға жер қалдырмай, өздері көп мойын ұсынуға мәжбүр етіпті. Бүл патша отаршылдығының ендігәрі мұндай көтерілістен әбден күдер үздіру үшін жасалған әккі саясаты еді. Соған қаран, әлгі топтағыларды "жалтақ" не "екіжүзді" деп, халыққа жаны ашымаған кісілер қылып шығару тарихи әділеттілікке сыймас еді. Отарлауға қарсыласушылардың соңғы толқынын бастағандардың бұлай етпеске шаралары да қалмады. Бұрынғыдай қаша ұрыс салатын жер қалмады. Қазақстан мен Орталық Азия түгел жаулап алынды. Қытай, ауған, парсы шекараларын орыс әскерлері күзетке алды. Өлкенің барлық елді мекендері әскери бекіністерге айналды. Бұдан арғы қарсылық халықты босқа қырғызу болатын болды. Халық қамын ойламаса, олар әлгіндей жандарың отқа салар ма еді? Тарихи әділеттікке келсек, халық қамын жегендерді жасай алмағандарына қарап жазғыру обал, ал жасағандарын елемеу не бағаламау - қиянат.

Әлгідей амалсыздық — қиянатшыл көгінен ашық айқасқа түскен жаужүректердің талайының артта қалмаған тақсіреті. Шамасынан асар шайқасқа түскен талай шалдардың алдынан қазылған аран ор. Тек қазақ даласында ғана емес Қап тауындағы Шәміл мен Хажы Мұраттар да тап осындай сергелдеңдері бастан кешкен, арман жолында алысқандардың өліп кетуі ерлік болса, тірі қалуы — қасірет. Ол үшін ешкімді жазғыруға болмайды. Егер ежелгі гректер тілімен айтсақ: туған топырақта аты ардақталып, аруағы ұлықталып, дүбірлі тойы өткелі жатырған Досан — героикалық тағдыр несібесі, Иса — трагедиялық тағдыр иесі. Героика да, трагедия да, өнерде де, тарихта да босағаны емес төрді иемденеді. Кейінгі ұрпақ біреуінен өнеге, біреуінен тағлым іздейді.

— Бұндай өрелі қорытынды шығарып, өнеге мен тағлымды тани білу үшін да көп нәрсені елеп-екшей алатын рухани ізденістер керек шығар.

Әрине, рухани ізденіс дегеніміз — өткендегі де, бүгіндегі де, өз басындағы да, өзгелер басындағы да жай-жапсарды жан-жақты пайымдап, одан түйген қорытындыларды қайта-қайта сарапқа салып отыру емес пе? Соның нәтижесінде кешегі қателігіңді бүгін қайталамауға тырысу емес пе? Әрине, бұл оңай емес. Бірақ, қиын екен деп, шындыққа көзіңді жеткізбей бәрібір отыра алмайсың ғой. Тарихи зерде жылын да сол үшін өткізіп жатырған жоқпыз ба? Бұрын білмей келгендерімізді білуге, ескермей келгендерімізді ескеруге, ойланбай келгендерімізді ойлануға тиісті болғандықтан, өткізіп жатырған жоқпыз ба? Өзіміз өзгеріп, өзіміз кемелденбесек, өмірді өзгертіп, өмірді кемелдендіре аламыз ба?

— Тарих жылын өткізуге жұрттың бәрінің тап осылай қарай алатындығына сенесіз бе?

— Тырысуымыз керек. Өзіміздің өткеніміз жайындағы шындықты мейлінше түгел білмейінше, оған керекті деректерді мейлінше толық жинақтамайынша ұлттық тарихымызды да, жаңа тарихи санамызды да түбегейлі жетілдіре алмаймыз. Алыс тарихымызды пайымдағанда да, жақын тарихымызды пайымдағанда да, тіпті бүгінгі процестерге баға бергенде де тапшылық идеологияның не мақтап, не даттауды ғана үзілді-кесілді талап ететін қарадүрсіндігінен арылуымыз керек. Себеп пен салдарды, мүмкін нәрсе мен мүмкін емес нәрсені, обал мен сауапты ұмытпайтын байыптылық пен әділетшілдіксіз тарихи шындықты қалпына келтіру мүмкін емес. Мұндай объективизм күні кешеге дейін "буржуазияшылдық" саналып келді. Расында, бұл — гуманистік қағида.

Менің жоғарыдағы өткен өмірдің қалтарыс деректерін түгендеп жинақтауда қалың көпшілік болып, қолғабыс тигізгенімізбен, оны талдау мен бағалауды кәсіби білімнің қолына беруіміз керек деген пікірім де осыдан туындап жатыр.

Тек сонда ғана күллі бір дәуірдің өзегі болған өрелі процесстерді зерттеу мен бағамдаудың объективті әдістемесін, қателіктерге ұрындырмас қағидаларын мұқият айқындай аламыз.

Маңғыстау көтерілісі мен оның көсемдерінің іс-әрекеттеріне де тек сондай жағдайда ғана түбегейлі баға бере аламыз. Оған дейін бүл оқиғаның қыр-сырын жан-жақты ашатын нақты деректері мен куәліктерін молынан жинастыра бергеніміз жөн.

— Дәл қазіргідей өтпелі кезеңде саясатпен шұғылдану оңай емес шаруа ғой. Қиналғанда, Әбеке, нені еске аласыз, неден қуат табасыз?

— Баяғыда екеуіміз бірге бастан кешкен бала шағымызды еске аламын. Сол кездегі қиындықтар жадыма оралғанда, қазіргі қиналып жүрген жәйттерім жеңілейіп сала береді. Екі колхоздың ортасында қақ маңдайдан қадалған қара суыққа беттей алмай, тобықтан келетін суық, қарды жалаң аяқ баса алмай, дірдек қағып мектепке бара жататынымыз есіңде ме? Соған қарамастан, өршеленіп, ілгері тырмыса беруші едік ғой. Сонда өлермендікке салып, өршелене алға ұмтылатын төзім мен қайсарлық таба алмасаң бұл күндерге жете алар ма едік, жете алмас па едік? Сонда табылған шыдам қазір неге табылмайды? Сонда алға бастырған қайсарлық қазір неге алға бастырмайды? Сонда біз біреуді жазғырып па едік. Қазір неге өйтпейміз? Кісі боп кету сонша киын болғанда, ел боп кету қайдан оңай болады? Ол үшін де төзім мен жігер керек. Сонда ғана көшіміз дүйім көлікті болмақ. Біз бен сіздің дәтке қуатымыз — дәл осындай шешуші кезеңде өмір сүріп жатқандығымыз, талай ғасыр сарыла тосып, сағынып көрген сәби тәуелсіздікті тәй-тәй басқызып келе жата тарихи буынның легінде келе жатқандығымыз, әкеміздің өлгенін тумай жатып көрген біз ешқашан арманнан айырылып көрген емеспіз. Ол мінезден егдергенде де айнымайтын шығармыз.

— Әбеке, аман жүр!

— Өзің де солай бол. Баршамыз да аман болайық.

Міне, заңғар жазушы, кемеңгер саясатшы осылай деп сыр төгеді. Тегі Исаның тарих берген бағасын бұдан асырып айту мүмкін болмас. Оны осы уақытқа дейін трагедиялық тұлға қылып келу — біздің трагедиямыз. Дұрыс қорытынды осы болмақ!

ИСА ӘУЛЕТІ

Қазақтың бұрынғы замандағы белгілі адамдарының дені көп некелі болған. Ол айып емес. Қайта қажеттілік. Тіршілік иесінің ұрпақ қалдырмағы ләзім. Ал адам үшін ол үлкен мұрат, арман. Сол себепті әуелгі әйелінен бала болмаған ер адам жағдайы көтерсе екінші рет үйленеді. Онда да болмаса тағы. Мысалы Абайдың інісі Оспан сол себеппен үш әйел алған ғой. Исекеңнің Сарықыз бәйбішесінен соң екінші рет Қытайыға үйленуінің басты себебі Сарықыздың бала көтермеуі.

Кеп әйел алуға итермелейтін ендігі бір жағдай: әуелгі әйелдерден бала аз болып, ол балалардың әкесі қартайған соң, коп малды бағып, шаруаны дөңгелетіп әкетуінің қиындауына байланысты. Иса ондай мыңғырған бай емес. Демек, оның тағы да екі некелі болуы — кәдімгі ескі қазақ аулындағы билік иесінің саяси жағдайына катысты деп түсінуге келетіндей. Аталы жердің қызын алу, сол руды ықпалында ұстау, не жақындау, жақындату есебінен туындайды. Билік иесі тым кәрі болмаса, ол жақты қайын қылады, жасы ұлғайыңқырап кетсе келін алып, не қыз беріп құда болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл қазақтың ішкі саясатына катысты дипломатиямен ұштасып жататын келелі мәселе. Төрт әйел алған Иса би жоғарыда біз қысқаша оған тоқталып өткен себептердің екеуіне ғана тәуелді болғандай.

Исекеңнің Қытайыдан тұнғыш ерні жібіп сүйген перзенті Нұрберген 1878 жылы туған. Арада дәл 10 жыл өткен соң Қытайыдан тағы бір перзентті болып, оның атын Кемелхан қояды. Кейінгі екі қосағынан 2 қыз сүйеді. Біз осы еңбектің соңында Жаманғара Өтебай атанын қысқаша шежіресін беріп отырғанымыз себепті ұрпақ жалғастығын кеп соз етпейміз.

Исекеңнен өрбіген ұрпақтардың, оған етжақын туыс келетін әулет өкілдерінің бәрімен бірдей сөйлесіп, сұхбаттасудың да мүмкіндігі шектеулі болды. Сондықтан қолдағы бар деректеріміздің өзін мейлінше саралап, сабақтап негізгі кейіпкерімізге қатысты дегендерін зар заманының Иса ұрпақтары не туыстары болғаны үшін оларға көрсеткен құқайын әшкерелеу, қасқа айғырдан төбел туады деп олардың жақсы атаның атына қылап келтірмей азамат атанғанын әспеттеу, қазақтың "тегінде бар теке атады" деген генетикалық пайымының ақиқаттығын дәлелдеу үшін бұл тақырыпты қысқа, санаулы есімдермен қайырамыз.

Әруақты атаның көп әулеті жете әңгіме бола алмай қалып жатса ол үшін реніш артпас деп ойлаймыз.

Нұрберген де, Кемелхан да елінің төрінде отырған, төресіндей құрмет көрген атаға тартып жақсы туған азаматтар болған. Әкесінен соң билік,болыстың тізгінін Нұрберген ұстаған да, Кемелхан шаруаны күйттеген. Нұрберген әділ би, елде, ояз алдында салмағы бар болыс болған.

Өткен ғасырдың басы Россияға ылаң ала келгені белгілі. Әуелі империя үшін сәтсіз аяқталған Орыс-жапон соғысы, онымен жалғас басталып екі жылға созылған ішкі бүлік. (революция емес, бүлік). Екі сиыр сүйкенсе ортасында шыбын өледі деп олардың зардабы түз халқына да тиді. Алым-салық көбейді. Басына іс түссе қай мемлекет те алдымен халқының қалтасын қағады. Ол болған, болатын, болуы тиіс заңды жағдай. КСРО өзінің акырғы күндерінде ақша реформасын жасап, халқының жиған тергенін қақшып алды, ол жамандыққа Қазақстан сірә, ортақ болды, онымен тұрмай егемендіктің әуелгі жылдары халықтың еңбек ақысын, зейнетақысын айлап бермей қойды емес пе? Сол себепті патша үкіметінің ол салық саясатына түсіністікпен қарауға тиіспіз. Кеңестік тарихтың оны сынауы — патша үкіметін жаманатты етіп көрсетудің амалы.

Жан басы артқан, мал басы көбейген, экономикасы да өрлеген Адай уезі ол салықты ауырсынған жоқ. Онымен қоса пітір, зекет, ұшыр дейтін о бастан қалыптасқан салықта төленіп тұрды. Ресми деректерге қарап отырсақ, Маңғыстау сол уақытта Казак даласындағы орысша оқытатын мектептерге қоса мұсылманша сауат ашатын мектеп медреселері, мешіттері көп аймақтың бірі болыпты. Бүл соныларына үкімет тарапынан жәрдем берілмейді. Бәрі халық есебінен. Уезде пітір мен зекеттен түскен табыс түгел мешіттердің пайдасына берілетін дәстүр болған. Оны алдымен қалыптастырып, заңдандырған Ерменбет би. Табыстың жиналу жауапкершілігі болыс пен ауылнайларда да, оның орнымен жұмсалуын қадағалаушы әр болыстың указной, яғни үкімет бекіткен имамы мен әр ауылдағы молдалар. Сондықтан одан бұлтарып қалу, не жиналған мал, ақшаны жеу, қымқыруға жол болмаған. Бәрі елдің көз алдында. 1873 жылдан соң Адай елі Хиуа ханына салық төлемейтін болған. Ал патша үкіметінің пітір мен зекетте шаруасы жоқ. Сонда қазіргі бюджет қисынымен қарағанда бұл нағыз жетілген, демократиялық жүйе ғой. Ал оның дұрыс, әділ болуының елдегі бірден бір жоқшысы болыстар. Халық — айна. Ол бәрін көріп - біліп отыр. 1917 жылы жана үкімет орнаған соң ел парақор, жемқор, елге тісі батқан 3-4 болысты орталыққа шақыртып алып, қара есекке теріс мінгендей етіп орындарынан түсірді. 20-дан астам болыстың ішінен 3-4 болыс қана жаман болып шықты. (Мына бүгінгі өңеші құрдым алпауыттар мен шекесінен қараған шенеуліктер халықты теспей сорып жатқан заманмен салыстырғанда ол дегенің бұйым болып па?!). Ол жаманаттылар ішінде Иса баласы Нұрберген жоқ. Ол қарамағындағы елге қылдай қиянат қылды деген қауесет ел жадында да жоқ.

1810 жылғы иттің жұты түбек еліне тәңірінің жіберген зауалы болды да қойды. Түрікменстанның орталық архивінде сақталған төмендегі құжат бойынша уезде әр болыс бойынша мынадай мал қырылыпты (Ф.17, оп 6, дело 1060)

1. Түрікмен болысы қой 7550, жылқы 485, түйе 416

2. Жеменей - // - - // - 42210, - // - 5825, - // - 3280

3. 1Маңғыстау - // - - // - 53900, - // - 2553, - // - 2340.

4. 2 - // - - // - - // - 48530, - // - 2397, - // - 2013
5. 1Бозащы - // - - // - 41790, - // - 6500, - // - 3980
6. 2Бозащы - // - - // - 55270, - // - 4970, - // - 2930
7. 3Бозащы - // - - // - 52030, - // - 4260, - // - 1970

8. Түпқараған - // - - // - 100600, - // - 3990, - // - 4510.

9. Райымберді - // - - // - 43320, - // - 3062, - // - 2781.

Бәрі 498090 37193 28279

Осы жағдайға байланысты 1910жылдың 1 қарашасында Түркістан генерал губернаторы Самсоновтың қолы қойылып бекітіліп Красноводск, Маңғыстау уездерінің тұрғындарына 36480 сом несие берілген. Несие жылына 4 пайыз ғана өсіммен 3 жылға бөлінеді. Оған қоса бір ғана Түркіменадай болысына боранда бөлініп, пайдалануға жарамсыз болып қалған киіз үйлері үшін қайтарымсыз 1500 сом көмек берілген. Үкімет уезге жұт әкелген жалпы шығын көлемін 3263579 сомға бағалаған. (Обзор Закаспийской области за 1910 год. Ашхабад, изд. 1913 г.). Ел басына келген осыншама нәубетті үкіметке жеткізуші, одан елге көмек алушы әрине, ел жақсылары. Ең алдымен жергілікті жердің болыстары. Біз орыс отаршылдығын, патша үкіметін айыптаушы болғанымызбен оны бір жақты қаралаушы емеспіз. Бұл мәселеде кеңестік үрдістен адамыз. Жақсыны, жақсылықты жоққа шығармауды, айтып өтуді парыз санаймыз. Егер үкіметтің осындай қол көмегі болмағанда Маңғыстауда жұт зардабының тез жойылып, мал санының 1,5 миллионға дейін өсіп, халық саны да көбейіп 20 шақты болысқа жетуі болмас та еді. Ел Нұрберген сияқты ел жақсыларының кесек іс қимылы осы жұт зардабын жоюда көрінді деседі. Өлген малдың терісін алып Кетіктегі былғары зауытына тапсыру, артылғанын шетке шығару ісі ұйымдастырылған барлық жерде. Көктемде ерте түсіп кеткен мұз салдарынан аралдарда малымен қалып қойған елді құтқару ісіне жағадағы ел — орыс, қазағы, түрікмені түгел жұмылдырылған. Одан қалыс қалғысы келген кеме иелерін болыстар уезд бастығына хабарлап қатаң жаза бергізген. Осы жерде Нұрберген қайраты көрініңкіреген еді деседі елі. Еріне деген ел пейілі, ілтипаты қашан да ақынның аузымен жеткен ғой. Исекеңнің Нұрберген мен Кемелханының ел алдындағы бағасын кезінде Сәттіғұл ақын былай деп беріпті. Уақытында жиын-тойларда домбырамен айтылып ауыздан ауызға тараған бұл өлең жолдары да кеңестік кезде тұмшаланып жатып жарыққа бертінде шықты. Онда да жырдың сақталуына мүдделі, Сәтекең марқұмды көзі көре қалған, оның әр лебізін кейінге жеткізуді өзінін аманаты санаған Телесін Кешеков сияқты абыз қарияларымыз арқылы бұл өлең көпке белгісіз және Иса мен оның балаларының кісілік келбеттерін толғаған кесек шығарма болуы себепті толық беруді жөн санадық.

АРНАУ

(Тіленбайұлы Иса өлгеннен кейін Исаның балалары Нұрберген Кемелханға Сәттіғұл ақынның 1911 жылы айтқаны).

Жолдас көріп сенбелік,
Дүние фәни жалғанды,
Мысалына қарасаң,
Бір үлуһы аждаһа

Жалмаған талай нәһәнді.

Басынан бағы тайған күн

Патшалар да тәрк болған

Басқарған байтақ шаһарды.

Кемеңгер кеңес би де өткен,
Үлгілі, сөзді, фәһамды,
Шар айна сауыт киінген,
Үнгісін жауға шүйірген,

Батырлар өткен қаһарлы.

Сан пайғамбар, сахаба,

Әулие, шайқы, пір де өткен.

Күзеткен түн мен сәһәрды.

Баяны жоқ байқасаң

Дүние жалған осындай.

Бәйгілі жерде жүйріктің

Жері жоқ қалған қосылмай.

Ереже, бақыт келтірер,

Тірлікте көңіл-хошынды-ай.

Көңілің болар шаттықта

Жүрегің жүрсе шошынбай,

Ақылың жүрсе шашылмай.

Уайым кірсе ойыңа,

Қаңғытар қайғы басынды-ай.

Назарыңды қайтармас

Жұмысың түссе асылға-ай.

Өткірліктің белгісі

Ойына алған жауабын

Ортаға салған жасырмай.

Расын тауып сөйлейін,

Өтірік айтып асырмай.

Бес арыс Жамбоз болғалы,

Ауыл едің әруақты,

Дұшпаның жүрген басынбай.

Егескен жерде ішіңнен

Ерлерің шыққан ашулы-ай.

Жеті атаңнан бері қарай,

Талабың өрлеп тасулы-ай.

Хош көрсеңіз, мырзалар
Айтайын деп сізді мен келдім
Сыбаға сөзің бізде бар

Алусыз жүрген сіздердің.

Артық туған балдарсын

Бұл күндегі заманға.

Қор қылман айтып сөзімді,

Білмейтін қадір жаманға.

Белгілі берен тұқымсың,

Дұшпанын салған табанға.

Жүйріктер едің белгілі

Байрақ болса шабарда.

Ер талабы жөнделер,

Абырой, бақыт табарда.

Атаң бір өткен Исекең

Басы бар кімнің оларға.

Әруақты ер екен,

Тартынбай шапқан қамалға.

Алты Алаштың баласы,
Кәпірменен жауығып,
Алжасқан күні арасы
Қазақ пен Ноғай, Сейілхан,

Білінген жұрттың шамасы,
Исекеңмен ол күнде
Абырой мен атаққа,

Болыпты кімнің таласы?

Тай келген жоқ тұсында,
Кіші жүздің баласы
Әлі күнге біткен жоқ

Дұшпанға салған жарасы.

Кейіген күні кәрленіп,

Руссия патшаның,

Қираған қамал-қаласы.

Бұл заманда тені жоқ.

Шаһимәрдан Ғалидің

Солардың салған жолы деп.

Дін қылышын серпіген
Тайынбай кеткен сертінен,
Мұсылманның баласын
Нәті кәпір орысқа

Бермеймін деп еркімен.

Егескен күні патшаның,

Қорғанын бұзды беркінген.

Қырық, солдатын жоқ қылып

Реукендей оязын да өлтірген.

Сөйтіп, дұшпан мертілген.

Қырық жыл хакім хан болды.

Жері жоқ одан кемтілген.

Ойына алған істерін

Орнына талай келтірген.

Алқа құрған шаршыда
Озса — Адай,
Қалса — Мұңалдың

Жүйрігі едің желпіген.

Байрақ алып әр жерден

Батырлық сүріп біраз күн,

Дұшпанды жөнді кәрленген.

Кәкім болған күнінде

Нашарға қуат, әл берген.

Кейіген күні кек алды,

Неше бір макты нәндерден.

Туғаннан Иса атанып,

Байұлы халқы хан көрген.

Кемеңгер еді кеңесте,

Әріден айтып шаң берген.

Ісі бар үлкен белгілі,

Ете алмас пенде ендігі.

Бұрынғы өткен заманда
Қырымда болған Ер Тарғын
Солардан жоқты кемдігі,
Қақпасын бұзып, қала өртеп,

Қарсы шығып патшаға,

Осал ма қылған ерлігі?

Өз қолымен өлтіріп,

Полковнигін шенділі.

Бақытына өлшеу жоқ,
Патшалықтың болыпты,
Мархаббат етіп кендігі,
Құдай артық жаратқан

Мұңал деген қашаннан,

Ауыл едік белгілі.

Ерегескен дұшпанның,

Алусыз кеткен тендігі.

Зейінім зерек шешенмін,

Ауызым жүйрік тілділі.

Жанбоздан шыққан жақсылар
Боранқұл, Иса, Құдабай
Қатар жүрген Байұлы,

Кеткен жоқ ақыл сұрамай.

Хабарына бұлардың,

Алаштың қанған құлағы-ай.

Бас қосқан күні соларым

Қираған дұшпан шыдамай.

Абырой тапқан ерлерім
Көтерген туы құламай
Иса мен Досан бірігіп,

Кәпірге салған бұлағай.

Кетерін білмей қай жаққа

Сол күнде сасқан бұл Адай.

Жау болған күні шабысып,

Ер болған күні табысып.

Патшаменен артынан

Бітімі болған мынадай:

Шынымен жауап ойласам,

Көңілге қалмас ұнамай.

Кемелхан мырза, Нұрберген,

Парасатты балдарсын,

Әрбір үлгі түр берген.

Атаның жолын ұстар деп,

Үмітті халық сіздерден.

Сұрасып сізді сыртқы жұрт

Өтірік айтпас шын жерден.

Аруақты орын еді ғой

Бұрынғыдан түр көрген.

Заманым болды түрленген,

Көлеңкең көптің саясы,

Бәйтерек еді гүлденген.

Ел қорғаны едіңдер,

Пананда фақыр күн көрген.

Қашаннан әкім, хансыңыз

Атқарып ісін үлгерген.

Дүниеде қанша болғанмен

Өтпеген дәурен кімдерден?

Аруақты атақ бар еді
Келмеген дұшпан маңына,
Халқының жүрген қамына
Айқайлы жерде ат салған

Адайдың талай арына.

Қазақ түгел сыйлаған,
Қалалы жұрттың, ханы да,
Байұлының баласы,

Болып па еді таласы, Исакемнің бағына.

Бәйге бермес бағына,
Дүбірлі жерде шандатқан
Жүйріктерін сүзілтіп

Талайын салған бабына.

Батырлық, билік, ақындық,

Неше бір түрлі өнердің,

Істеген бәрін тағы да.

Тірлікте еткен ісіңнің

Жете алман айтсам санына.

Қастасқан ханды өлтіріп,

Тұрғызбаған тағына.

Ерлігі солар секілді

Карт Нәрік пен Едіге

Ноғайлық өткен арыда.

Кешегі күнде кәпірмен,
Қастасып қайрат еткенде,
Қатерлі сапар шеккенде
Досан екен Адайда,

Жаралған катар парына.

Алқа құрған Ордада
Жүлдесі жоқты алмаған
Егескен күні табанға
Дұшпанын жоқты салмаған

Қалалы жұрт пен қазақ. Жоқ

Хабарына қанбаған.

Өтірік деп Адай айта алмас,

Зейін қойып андаған.

Әруағы таудай бар еді
Әділдік сүрген хан еді,
Бұхара жұртын қамдаған,
Дүние бірақ, баянсыз,

Кімдерден кейін қалмаған.

Осылайша ойланып,

Баян еттім азырақ.

Исекемдей қартымнан,

Аямаймын жауапты

Көңілде сайрап бар тұрған?

Кешегі өткен кен күнде,
Батырларым да бар еді,
Ерлікке кенелі талпынған

Дұшпаннан күші артылған.

Әулие Пірім бар еді
Жәрдем сұрап сасқанда
Сыйынған талай, алқынған
Билерім де бар еді

Төресі түзу тартылған
Мырзаларым да бар еді
Сахилыққа талпынған
Осының бәрі табылған,

Адай деген халқымнан.

Зейінде жел сөз тұрғанда

Ер аруағын асырмай

Бойымды балап тартынбан.

Кемелхан мырза, Нұрберген,

Арзу едім Сіздермен

Мәжілістесіп қайтарға-ай.

Жорғалығым білінбес

Осындай жерде тайпалмай.

Өне бойы бұл дәурен.

Баста тұрмас шайқалмай.

Осы күнде қатарда

Адамсынған жігіттің

Жүргені жоқ байқалмай.

Шабатын жүйрік сендерсің,
Ар болған күні айқайға-ай,
Атаға тартқан білімді,
Жүйріктер едің дүбірлі,

Жарысса бәйге бермейтін.

Байұлының баласы,

Бастарыңды қашаннан,

Осал деп олқы көрмейтін.

Ерліктерінде бар еді,
Іріге қолын сермейтін
Ерегессең ешкімнің,

Қорлығына көнбейтін.

Мирастарың қашаннан

Алжасқан дұшпан мендейтін,

Алысқан Сізді жеңбейтін.

Атадан туған жаман көп,

Қолынан нәрсе келмейтін.

Бес Жанбоздың баласы,

Бай да шықты ішіңнен

Іріге қолын сермейтін.

Әкім де шықты ішіңнен,

Басқарып халқын тергейтін.

Би де шықты тілділі,

Кеңес айтқан үлгілі,

Адасқанды жөндейтін.

Шайырлықтың белгісі,

Ажарлап сөзін өңдейтін.

Қашаннан бері жұртына
Істерің жоқты жақпаған
Ар болған күні ат салып

Жерлерің жоқты шаппаған.

Атаң бір өткен Исекем,

Талай жерде тілдесіп

Қазақ түгілі орыстың.

Әкімдері тоқтаған.

Мұңал деп бері айтпаймын

Келімберді — Адайдың.

Байрақты жерде қосатын

Жүйрігі еді баптаған.

Жарасар жалғыз Аллаға

Ұлылығын мақтаған.

Бәрімізде пендеміз,

Көп шығар еткен күнәміз,

Кешіре гөр, Құдайым.

Он сегіз мың ғаламды

Панайында сақтаған.

Нұрбергеннің заман ыңғайын аңғарғыш, сұңғыла кісі болғанына оның 1918 жылы өз орнына Ревком төрағалығына Тобанияз Әлниязұлын ұсынуы дәлел. Амал не, кедей болғанмен Тобекең де жазалау құрығынан құтыла алмады. Өмірінің ақырын жазықсыз түрме азабын көріп аяқтады. Нұрберген де ұсталып, сол Тобекең отырған Үйшік түрмесінде өлді.

1960 жылдары біз Қызылсай кентінде Ершуақ деген кісімен көрші болдық. Енді біліп отырмыз, осы Ерекең де 30-шы жылдары Тобекеңдермен, Нұрбергенмен Гурьев - Үйшік түрмесінде бірге, тіпті Нұрбергенмен бір камерада отырыпты ғой. Ерекең оны құпиялап Жөкеңе — яғни Нұрекеңнің немересі Жолболды Шүкіралинге айтыпты. Сталиндік түрме азабын көріп жүрегі шайлығып қалған Ерекең аға әрине шешіліп көп сөйлемеген. Тек Нұрекең жөнінде берген бір ауызды бағасы — ол март, қиындыққа қасқайып қарсы тұра білетін батыл, үлкен сабыр несі адам. Өлгеннен кейін денесін алып кеткен. Қазір Атырау сыртындағы "Адай мола" деп аталатын қауымда жерленгені туралы ғана хабардар болыпты. Нұрберген баласы Шүкіралыға Жұлдыз Кете аулының бас көтерері Доржығұл деген бастасымен құда болып, келіні Нуржауғанды қолына түсіреді. Бүл шамамен сол 30-дын ойраны басталардың алды. Онымен таныстығы — бүл ауылдың жазғы жайлауы Жем, Сағыздың ор басы, Ойыл бойы. Сонда ол да іс басында болыс, би болып жүрген Доржығұлмен достасып арты құдалыққа ұласады.

Қазақтың хас жақсысының әуелгі тілеуі елінің, жерінің амандығы, содан кейін ата атына сынықтық келтірмей өсер ұрпақ, оның ұйытқысы, бесігі, үясы, отбасының құты ақ жаулықтың түсі игіден болып келуі болған ғой. Жарықтық Исекеңнің сол тілегін Алласы күп алған да қойған екен. "Келін қайын ененің топырағынан" деп бүл әулеттің келіндері өңшең бір керім, өңкей бір келісті, отырған орны жұрт, от басы құт, қасы базарлы, алды ажарлы, басқан ізі бақ, басар жері береке болып келеді. Сарықыз, Қытайы енелері жетелеген кештің бұйда ұшын ұстай қалған Нұр жауған келін атына заты сай Нұржауған десе Нұржауған болды. Нұрберген аталарының ақыры жоғарыдағыдай болған соң Нұрекең өздеріне табиғи 10 шақты үй, өзге 40 үй, одан-бұдан жиналған 50 үй — Адай көшін бастап, Ащы Ойыл бойында отырған төркін жұртын сағалап барады. Қиын уақыт болғанмен олар қабағын шытпай қонақжайлықпен қарсы алады. Бұл кәдімгі атақты дихан Шығанақ Берсиевтің аулы екен. Ежелден жер емген жұрт. Іргедегі өзеннің балығы сірә нәпақа. Өзен жағалағанның өзегі талмайды деген ғой, бұл ел аты өшкір отызыншы жылдың аштығын тарықса да коп татқан жоқ. Исекең әулеті дәулетті болса да, байдың балпаны емес, жастайынан еңбекке баулынып өскендер. Бұл әдеті де әруақты атадан жұғысты. Исекең дүниедегі өзінің жан рахатына балайтын харекетінің бірін жарғақ киіп, құрық ұстап жылқы шетінде жүру деп айтқан ғой канатты сөзінің бірінде. Ел жұмысынан қағаберіс сәтінде өзі мал шетінен, шаруадан табылатын ата балаларын да соған тәрбиелеп, тесік өкпе қылып тастағанды. Содан бұлар зейнеті тек қана бейнетпен келетін дихан ауылдағы жаңа қоныстарын жатырқаған жоқ. Нұрболған ана да ақсаусақ кісі болмаған. Тіл қайратына қоса қол қайраты да мол болып шықты. Ең бастысы ақылды шешенің бұл қоныс аударғандағы басты мақсаты орындалды. Атасы Нұрберген бидің баласы, алпауыт тұқым, өзі де болыс делініп, ол өгізге туған күннің бұзауға да туатынын сезген. Ендігі кезек Нұрбергеннің балаларыныкі еді. Егер.1937 —1938 жылдары Шүкіралы Маңғыстауда болғанда, сөз жоқ, ұсталып, ГУЛАГ-тың континентін бір адамға үстейтін еді. Жаңа қоныста, Исаны аз білетін ортада елеусіз жүріп аман қалды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда коппен бірге Шүкіралы да майданға аттанады. Содан оралған жоқ.

Бертінде Жекен сұрау салып жүріп әкесінің Моздок түбінде соғысып жараланып, сол маңайдағы госпитальдардың бірінде қайтыс болғанын, бауырластар зиратына жерленгенін білді.

Қазақ халқы бүл соғыста өзін даңққа бөлегенін бүгінде еш тарих жоққа шығара алмайды. Кеңес кеше жеңіс Ұлы Орыс халқы арқылы келді деген қисынын қанша алға шығарып баққанымен, орыстың келесі тарихы да солай етеріне иманымыз кәміл болғанымен Ұлы Отан соғысының жеңісі — бүкіл Кеңес одағындағы коп ұлттардың ортақ жеңісі. Онда фашизмге қарсы күрескен дүние жүзінін тағы мол үлесі жатыр. Қазақ сол соғыс ауыртпалығын атпал иығымен көтерді. Бүгін бағамдап отырсақ, кұрамында қазағы көп бөлімдер нағыз ажал аузы дерлік Москва, Сталинград түбіндегі, Қалмақ даласындағы ұрыстарға катысыпты. Кавказдағы шайқаста да казак коп болған. Ондағы ұрыстың жай жапсары сонда ауыр жараланып тұтқынға түсіп қалып кейіннен Түркістан Легионында мәдениет жағын басқарған "Қазақтың Паганині" атанған тұңғыш скрипкашы, Абайдың туысы (Жұманның немересі) Айткеш Толғанбаевтің кітабында бірсыпыра баяндалады. Моздок — немістің атақты қолбасшысы Манштейннің танк армадасына тосқауыл болған шеп. Жау оғы Иса немересі Шүкіралыны осы жерде тауып, бақилық мекенін бұйыртқан екен. Топырағың торқа болсын, қайран ер.

Соғыс та бітті. Кеткеннің аманы келіп, ел еңсесін тіктеді дегенмен ол өте-мөте қиынға түсті. "Соғыстан күйзелген шаруашылықты қалпына келтіреміз" деген ұран жақсы-ақ, олай етуге бағытталған халықтық құлшынысқа сын жоқ, қала да, дала да ештеңе аяп қалып жатқан жоқ. Бірақ халқының сол ниетіне түсіністікпен қараған үкіметі болды ма? Болған жоқ ол. Құлдық ажырғысы ел мойнына бұрынғыдан да бата түсті. Kepi кеткеннің сақалы кеңірдегіне қарай шығатыны сияқты Кеңестің коп саясаты ада ми мүдде, адамгершілікке қарсы бағытталған той. Сол экономикада да көрініс тауып отырды. Кеңес алдымен ауыр өнеркәсіпті көтеруге бағыт ұстады. Ол дұрыс. Бірақ күнкөрістің қайнар көзі ауыл шаруашылығын артта қалдыру есебінен болмауы тиіс еді. Негізгі өндірістің маман жүмысшылары соғысқа алынбай қалғанда, ауылдың ер азаматы майданға түгел дерлік алынып, мұнда онсыз да тапшы жұмыс күші тіпті азайып қалған еді. Соған қарамастан өндіріске қажет жүмысшы тағы ауылдан жиналды. Сондағы бір жол ауылдағы қара канат болып қалған бозбалаларды ФЗУ — фабрика-зауыт училищелеріне алу. 1949 жылы Ақтөбенің Ойылынын ойындағы шағын ауылға Новосибирскідегі ФЗУ-ға екі ер бала жіберу туралы бұйрық келді. Соқырдың лақтырған таяғы сорлыға тиеді деп соның Шүкіралыдан қалған екі көздің бірінің үлкені Мырзағалиға түсуін айт. Ол да себепсіз емес еді. Мырзағали жазда қырман басында жұмыста. Бір топ бойжеткен қыздар да, кебі мұнын апалары, алды соғыс кесірінен теңіне жолықпай 20-ны орталап қалған марка қыздар, бөлек қос болып жататын. Түнге қарай желіккен, соғыс кезінде әртүрлі кемістігіне орай андата бармай ауылда қалып тары көжеге тойып тоғаймағына май біткен бригадир-сригадирлер есік қағып, ірге тықырлатып маза бермеген соң қыздар орталарына Мырзағали сияқты естияр інілерін алып жататын еді. Намысты, өжеттеу Мырзағали бірде әлгілердің ішіндегі өлермені — қырман басын тілдеп, боқтап айдап шыққан. Соны кек тұтқан қырман басы жоғарыдағы сыбайластарының аузын алып ФЗУ-ға Мырзағалиды жіберетін қылды. Бүл нағыз тозақ отына, ажалға айдау еді. Өйткені Новосибирскіге барған балалардың дені үсіп не қырқұлақпен ауырып өлген хабарлары ел ішін жайлап алған.

Қарасайын десе құдайдың шапағаты көп қой. Жолаушы поезінің Ақтөбеден Новосибирскіге айына бір қатынайтын бір вагонының жолсерігі бұл ауылға күйеу, Нұрбергеннің қызының күйеуі, Шалбар Адайдың кісісі болып келетін. Сол Мырзағалиды қасына отырғызып Новосибирскге апаруын апарады да кері алып қашады. Әкелуін әкелгенмен ауылға келуге болмайды. Көпті көрген жезде балдызын Макаттағы ФЗУ-ға орналастырады. Бүл да Новосибирскідегідей оқу орны. Сондықтан артынан қуушы болмайды. ФЗУ-ды бітірген соң, Қаратон кәсіпшілігінде жұмысқа қалып артынан шешесі мен інісін көшіріп алдырады. Сөйтіп Мырзекең мұнайшы болып шыға келеді. Қазір Құрықта тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Үлкен баласы Нәсіпқали Ақтауда, кіші баласы Асхат қолында.

1957 жылы Жөкең Қаратондағы мектепті бітірген соң Гурьев мұнай техникумына түседі. Бірақ каникулға келген кезінен мамасы жібермей қалып жұмысқа араласады. Сөйтіп сол кәсіпшілікте 4 жыл жұмыс жасайды. 1961 жылы Казак Мемлекеттік университетінің экономика факультетіне түседі. Артынан ол Алматы халық шаруашылығы институты болып бөлініп шықты. Жолдығали Шүкіралин осы жана институтты бітірген тұнғыш түлек.

Ойылда жүргенде мамасы балаларына Маңғыстау туралы көп айтатын. Аталары жайлы да коп мағлұмат беріп тастаған.

— Өз әкелеріңді айтпағанда аталарын40 жыл ел басқарған, би болған. Қажет жерінде жауға қарсы қол бастап шыққан. — Кандай жауға қарсы шығып, қол басы болып соғысыпты? — ІІІешелері бұл сауалға сырғақтап жауап бермейді.

— Қазақтың жауы көп болған ғой қашан да. Солардың бірі дағы, — дегеннен әрі шешілмейді. Бірде ауылдың көнекөздерінің әлдебір әңгімесін құлағы шалған Жөкең:

— Атам орыстардың сыбағасын беріпті ғой, — дегенде ұрысып, ендігәрі бүл туралы айтпауды мұқият пысықтағаны бар. Содан соң бұл әңгіме біраз жылға дейін қоламтасы көселмей жатты.

Атағы бала кезден құлаққа сіңісті ата мекенді көрудің де сәті түсті-ау ақыры. Мамасы бірінші сапарда ертіп келіп ағайындарды аяқтай аралатып жүріп таныстырды. Өшкені келіп,өлгені тірілген туыстар мәз болып қалысты. Жас жігіт Жөкеңнің сонда аталарының асқар Алатаудай атағын естіп марқайғаны. Ата атағына мас болатын әулет бүл емес. Марқаюдан әріге барған жоқ. Мамасы "елге барамыз, өзім келін болып түскен топырақта қаламын, шетте жүріп ұрпағымды жат бауыр етсем аталардың әруағына шетін" деген шешімін қазақтың бұл түс келіні баласы оқу бітірердің алдыңғы жылы-ақ айтып тастаған. Сөйтіп киын кезде шайқалса да шатынап сынбаған қара шаңырақта келін түсіру, диплом алу, туған жерге оралу қуанышы бір-біріне ұласты. Өлген тірілді, өшкен жанды, кеткен келді, кемтік толды деген болса осындай-ақ болар. Келін Қаламқас Ақтөбенің қызы, Әлім атаның перзенті. Жөкеңмен бірге оқыған. Ол да экономист бухгалтер.

Маңғыстауда әуелі маңдай тіреген жері Қызылсай кенті. Осы күт мекенде жас отаудың тұңғышы Бақтығалидың мамырдың 20 күні кіндігі кесілді. Отбасымен ағасы Мырзағали да осында көшіп келді. Ілкі жұмыс орны Маңғыстау мұнай-газ барлау тресіне қарасты Оңтүстік Маңғыстау мұнай барлау экспедициясында қатардағы экономист. Қаламқас та осында жұмысқа орналасты. Экспедициясының әуелгі орталығы Теңгеде болды. Артынша Ақсуға көшті. Ақсуда әуелі аға экономист, артынан бастық орынбасары. Бастық Тұрсынғали Көшенов — Исаның досы Өсербай болыстың тұқымы. Бұл бір үй артынын тыңшысы саябыр тапқан мамыражай шақ еді ғой. Әйтпесе кезінде болған, толған Маңғыстаудың екі болысы мен биінің әулеттері үлкен бір ұжымның бірі бастығы, бірі орынбасары бола алар ма?!

Түбектің ол бетінен іздегендері табылмаған экспедиция таратылып, Ақсудағы ел Ералиевке көшетін болды. "Қашпақ болсаң — зымыра" деп жұрт көші-қон қамының қарбаласында. Жөкең трестін жабдықтау өндірістік базасына бастықтың орынбасары болып келген. Айтпақшы, мұнын сонау Қызылсайдан басталып Ақсуға жеткен жұрттың артынан көшуші деген атағы бар-тын. Жөкең табиғатында көп асықпайтын, апшымайтын сабыр иесі болса Қаламқас бүл кезде күйеуіне айнымай тартқан да қойған. Тегі әлгі атақтың еруі содан болса керек. Бүл жолы да солай болды. Бұл жолы да ел соңынан көшті. Онда да Жөкең соңғы екі жыл бойы ала алмаған еңбек демалысының 10 күнін әзер алып үйін көшірді.

Жаңа жұмыста бір кілтипан болды. Сол кездегі қызметтің тәртібі мен тәрінен кейінгі ұрпақ хабардар бола жүрсін деп оны да айта кетелік. База бастығының орынбасары КОКП мүшесі болуы керек екен міндетті түрде. Сол себепті мұны аудандық партия комитеті ол орынға бекітпеді. Трест басшысы Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев марқұм өз дегенінен қайтпайтын бежерімді кісі еді. Әлгі бөгесінді естіп қолын бір сілтеді. "Керек болса партиясына өздері өткізіп ала жатар, сен алаңдамай кызметіңді атқара бер", — деді.

Ол уақыттағы Ералиев, казіргі Құрық кентіндегі бірден бір өндірістік мекеме — барлаушылар ұжымы. Кенттің бүкіл ауыртпалығы кен барлаушыларының мойнында. 1977 жылы бұрын база қарамағындағы коммуналдық шаруашылық аудандық бағыныстағы бөлек мекеме болып құрылатын болды. Осы жерде тағы шықты бір көлденең шаруа. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тергеу Айдарханов "егер Шүкіралинді бастық қып жібермесеңдер коммуналдық шаруашылықты аудан алмайды" деген шартын көлденең тартты алға. Халел Жағыпарұлы шарт сынсын.

— Мен өз кадріме өзім қожамын. Ешқайда жібермеймін, — деді де, базаның директоры етті. Бекіген күннің ертеңіне.

— Ал, Жөке інім, кенттің ауыртпалығынан құдай құтқарса құтылдық. Бірақ онымен сенін міндетің жеңілдемейді. Саған тағы бір жауапкершілік жүктегелі отырмын. Бүкіл осы үлкен ұжымның бүкіл қосалқы шаруашылығын да саған беремін. Мал бақ, егін ек. Әйтеуір барлаушымның дастарханы қаңырап тұрмайтын болсын, — деген Халекең. Ата кәсіп мал таңсық емес. Өріс жетерлік. Қора салынды. Отарлап қой мен жылқы бағылды. Кешегі кезде туған жерден босып кеткен бұл Адай не көрмеді, қай қарекеттің басын ұстамады. Егінші, дихандарда табылды. Құмды мүйісте үлкен бақшалық болды. Қысқасы, кешегі экономист Жөкең бүл шаруаны дөңгелетіп әкетті. Дәл сол тұста қазіргі жұрт сенбестей. сенгендері күлетіндей бір оқиға болып етті бүл отбасында.

Халекең Ақтаудан бұларға жана үш бөлмелі пәтер берген. Әуелі қостанып келіп тұрып байқады. Бейтаныс жұрт. Қай жағыңа қарасаң да мелшиген төрт қабырға. Ғұмырлары кең далада, қазақтық ортада өткен бұларға бүл мекен қолайсыз болып шықты. Тіпті қашып құтылғандай болды. Балаларды әкеліп жатқыза қоюға олар әлі жас. Уақытша әлдебір ағайынды, танысты кіргізіп қойып, пәтерден айрылмайтын қулықты бұлар үйренбеген және ол өмір сүру принциптеріне атымен жат. Содан арада ай өтпей жатып әлгі пәтерді рахмет айтып кері тапсырды.

База бастығынан соңғы кызмет сол ұжымдағы автотранспорт цехының бас есепшісі. Одан кейін соңынан кешенді экспедиция болып шағындалып ақыры "Маңғыстау геология" атымен қалған сол ұжымының есепшісі. Ақыры осы қызметінен зейнетке шықты. Ұжымның жаңа басшысы Ғиззат Балмұханбетов марқұм: — Жөке, енді қалаға келуге болатынын ісінген шығарсын, — деп күліп Ақтаудан әуелі үш бөлмелі пәтер берді. Артынан оны төрт бөлмеге кеңітті. Үйренген орын, ұжым Жөкең үшін қандай ыстық болса, ол үшін бүл сондай қымбатта еді. Зейнетке шыққан соң да жұмысынан қол үзе алмады. Қазақтың кей шалдарына беретін түсірімсіздеу бағасы, мінездемесі де болатынын білеміз. Қазымыр, қыдырымпаз, қуаяқ шал деп жатады. Түптеп көрсек әлгі шал байғұстар соның бәріне харекетсіздігінен ғана арандап ұрынып қалады екен. От басында, ошақ күзетіп қайратын қайда сыйғызарын білмей отырып қалған үлкен кісі бала, келіннің, кемпірінің кей күйбің тірлігін сынамай сірә қала алмаса керек қой. Содан қазымыр атанып шыға келеді. Көрші қолаңға барса алатын атағы сірә екіншісі. Ал өрістегі аз қара-құрасын көздеп, қойдың кезегіне барып, қора-қопсының тауқыметін қамдайтын шал ондай аттан аман. Жөкең табиғатында осы соңғылардың сойынан. Бүл шаңырақ сірә малсақ болып үйренбеген. Мамандық, тіршілік ағымы одан жырақ әкетті. Мұның малы — есеп-қисабы. Ал тап осы бір кезде басшылар адал, ұқыпты, шаруа, үнемшіл, көпті көрген осындай маманға қардер. Сол себепті Жөкеңнің күні оларға емес керісінше олардың күні бұған түседі дерліктей. Осы ретпен ағаңыз әлі іс басында. Егделіктің мәні мен сәні жұмыс үстінде өтіп жатыр. Қаламқас жеңгеміз де дулы.

Әттең бүл жарастығы үзілмеген екі қосаққа тиген тағдырдың бір соққысы 1998 жылғы ұлдарының қазасы болды. Бірақ сабырлы, салиқалы пендесі тәңірінің шүкіршілігінен үміт үзбеген ғой. Бұлар да солай. Үлкен шүкірлігі ұлдары ізсіз емес. Қолдарына ұстап қалған Шынар, Нұр-Ата, Нұрсұлтан атты немерелері бар. Ол да қарақанат болып қалды. Қыз бүлдіршіндердің бәрі қиясына қонған. Бір-бір отаудың құты. Аналар. Жиен немерелері ата, әжеге көз қуаныш болып өсіп келеді. Құдай көпсінбесін деген тілекті алға саламыз.

Енді Исекеңнің бір ұлы Кемелханға (1888-1928 жж.) келелік. Ол әуелі ауыл молдасынан оқып сауат ашады. Ертерек шаруаға араласады. Зобалаң басталмай тұрып 1928 жылы дүние салады. Сөйтіп оған топырақ ата мекенінен бұйырады. Егер ол солай Алланың ақ ажалынан өлмегенде сөз жоқ Кеңес үкіметі Исаның баласы болғандығы үшін түрмеде өлтірер еді.

Қазақ 13-те отау иесі дейді. Өзі перзентті зарығып көрген Исекең бұл баласын ерте үйлендірген сыңайлы. Кемелхан 19 жасында 1907 жылы Әбдіғали есімді ұлды болып, Исекеңнің ернін жібітеді. Әбдіғали әуелі ауыл молдасынан сауат ашады да, Форттағы екі сыныптық орыс - казак училищесіне түседі. Бірақ төңкеріс салдарынан училище жабылып қалып, онан әрі оқи алмайды. Оқуға жағдай да, мұрша да болмады ғой содан соң. Соғыстан бұрын Таушықта көмір тресі ашылды. Түбектегі ең алғашқы өндіріс ошағы. Жылына 1 млн.тонна көмір өндіру есебімен Ауыр өнеркәсіп министрі Кагановичтің бұйрығы бойынша ашылған. Оған жер-жерден мамандар келеді. Бірақ соның өзінде жетпейді. Әсіресе сауатты, орысша білетін кадрге зәру. Әбдіғали сол өндіріске келіп әуелі десятник, бригадир болады. Әбекеңнің баласы Аманкелді қазір.

Тұшықұдықта тұрады. Балалы-шағалы. Қызы Қалимаш — ол да Тұщықұдықта, үбірлі-шүбірлі.

Әбекеңе тете Исламғали 1910 жылы туған. Ұлы Отан соғысынан оралмады. Одан қалған із Салиха да Тұщықұдықта.

Кемелханов Махмут (1917-1961). Бұл да соғысқа бастан аяқ қатысады. Қысқасы, оның бар ауыртпалығын бастан өткереді. Оның мамандығы мұғалім. Бейбіт еңбекте өз мамандығынан қол үзбеген. Көне көздер өте білімді, тындырымды, ықтиятты, аждаһатты, адамгершілігі жоғары адам болды деп береді ортақ бағаларын ол туралы. Махаңның ұлы Ғабит қазір Ақтауда "ТрансОйл" мекемесінде инженер, үйлі-баранды. Екі қыз тумаластары тұрмыста. Исекеңнің тағы бір немересі Кемелханов Уәли (1923-1999) де соғысқа катысқан. 1943 жылы ауыр жараланып, госпиталда жарты жыл жатып, енді әскер қызметіне жарамай ауылға оралған. Содан кейінгі еңбек жолы мал соңында өтті. Оның балалары Азанбай, Киікбай, Бөкенбай — бәрі де үйлі-баранды.

Исекеңнің енді бір ұрпағы Жолашов Өтеғали 1923 жылғы, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті.

XX ғасырдағы адамзаттың басына қара түнек зауал әкелген екі қанішер — Гитлер мен Сталин Иса тұқымын бөрідей-ақталапты сөйтіп. Сталин Нұрбергеннің түбіне жеткенде, Гитлер Өтеғали мен Шүкіралыға ажал оғын атты.

Исекең ұрпақтары жайлы аз да болса, бұл мағлұматты да бізге берген Төлесін Көшекұлы.

Нұрбергеннің кенжесі Салық 1910 жылы туған. Иса тұқымы қудаланғанда бой тасалап Красноводскіге барған жерінде әскерге шақырылып, одан оралмады. Одан бір ұл, бір қыз Жұмаш пен Үнзила қалды. Бұлар да бүгінде үйлі-баранды. Бұл деректі берген Жаңбырбай Әлиев.XX ғасырдың үш үлкен сұрапылы, ел басына келген зауалы екі дүниежүзілік соғыс пен коммунистердің әлемдегі ұлы державаның билігін қолға алуы болды ғой. Соның қай қайсысы да Маңғыстауды шарпудай-ақ шарпыды. Одан Иса әулеті мен төңірегі де аман қала алмады. Ұлы Отан соғысына аз ауыл Жаманғараның Шүкіралыдан басқа да бас көтерер біраз азаматы қатысты. Ежелден ереуіл аты белдеуден кетпеген бұлар әрине намысты қолдан берген жоқ. Жанын да аямай қиды, қанын да аямай төкті. Солардың бірі бүгінде арамыздағы майдан ардагері, асылдың сынығы Әлиев Жаңбырбай қария.

Қазір Тұщықұдық іргесіндегі Қияқты ауылында тұрады. 1922 жылы туған. Осы жердің байырғы тұрғыны. Соғыс басталғанда мұрты дұрыс тебіндемеген бозбала жігіт. 1942 жылы әскерге алынады. Москва түбінде, Еділ бойында жау шабуылын тоқтатып, енді майдан театрында басымдықты өз қолына алудың бас жоспарына кіріскен командование бұрынғыдай адам күші атаулыны "зеңбірек жемі" қылудан арылған. Тылдан келген тың күшті әуелі әскери дайындықтан өткізіп жатыр. Қағылез, орысшасы оның тұрмағанымен қатарынан сауаты коп ілгері Жаңбырбайды Уфа қаласының түбіндегі кіші командирлер дайындайтын мектепке оқуға жіберді. Соғыс кезінің оқуы да қауырт, киын. "Үйренуде киын болса, соғыста оңай болады" деген суворовтық қағиданы ұстаған орыс армиясы, оның ізбасары Кеңес армиясында әскери оқу о бастан жақсы жолға қойылған ғой. Содан болар Жанбырбай мектептен әскерлік өнердің "Әліппесін" тым-тәуір меңгеріп шықты. Мектепті бітіргендерді бөлгенде бүл 6-шы әуе десант бригадасының 14-ші полкіне тап болды. Атынын езі айтып тұрғандай бұл шабуылдың әскері. Үнемі алғы шепте, өлімнің өтінде жүруге тура келді. Әуелі қорқынышты еді. Алдан оқ борап, төбеден снаряд, мина, бомба жауып бергенде жердің жарығы болса кіріп кете жаздайтын кездер біртіндеп артта қала бастағандай болды. Мұрын оқ, дәрі иісіне мүлдем үйренді. Пәршеленіп жатқан өлікті көргенде дене түршігуін қойды. Мұның бәрі соғыстың қалыпты көрінісі ретінде қабылдана бастады. Сержант — бүл он шақты адамның командирі. О шеті мен бұ шеті дауыс естім жердегі шептің тағдыры қолында тұрған адам. Жауапкершілік үлкен. Қорғаныс ұрысында өзің атып қана қоймай қарамағыңдағы санаулы адамның да атысын бағыттап, қайрат - жігерлерін жанып жүретін айғайшысын. Шабуылда алдымен көтерілетін ұраншысын.

"Ел ерге қарайды" дегендей, қасындағы үркердей шоғыр топ саған қарайды. Сен үрейге берілдің екен, олардан танғы жоқ, қысқасы, кіші командир бидай ішіндегі арпа. Осы орнын білген сержант Әлиев, 3-4 айдан соң-ақ көзге түсіп, командирлерінен пысық, ісіне тиянақты, қажет жерінде дұрыс шешім қабылдап, шалт қимылдайтын батыл деген бағасын алды.

1943 жылдың 31 тамызы. Соғыс тарихында "шешуші шайқас" делінетін ұғым бар ғой. Ол қарсыластардың бірнеше армиясы бетпе-бет келіп, таразы басын бір жағына аударуға ықпал ететін үлкен ұрыс. Ал, ресми мәліметте "Жергілікті маңызы бар ұрыстар" деп аталып, болып жататын көп ұрыстардың бәрі оған катысушы әртүрлі шағын кұрамалар үшін шешушіден кем емес. Ауқымы, аймағы шағын болғанмен бұл да нағыз жан алып, жан беруші, сондай ұрыстың бірі еді.' Бұлар шабуылға шықты. Немістер де қарсыласып, бакты. Әуелгі шабуыл сәтсіз болды. Кезекті артиллериялық дайындықтан соң кайта көтерілуге тура келді. Бөлімшесін бастап көтерілген Жаңбырбай алғы лекте келе жатқан. Мұрттай ұшты. Әуелі құлағанын біледі. Сосын әлдекімдердің сүйрете арқалап келе жатқанын сезіп, жараланған екенмін деп түйді. Есін бір жиғанында жара тану пунктінде жатыр екен. Енді бір өзіне-өзі келгенде қолқасын дәрі-дәрмектердің күлімсі иісі қауып сала берді. Оқ жүрегінен бір елі жоғары кеудесін тесіп өтіпті.

Көйлегіңмен туыпсың, казак. Ажал тек сүйкеніп қана өтті, — деп күледі дәрігер. Оның күлкісін өзінін жағдайының жақсылығына жорыған бұл да өзінше тілім-тілім болып жарылып, қарайып кеткен еріндерімен күлкі ырымын жасаған болды. Мейірбике аузына тосқан суық шайды сіміріп салып ұйықтап әлде кайта талықсып кетті.

Артынан білді, дәрігер үмітсіз деген, елім халінде деген жаралынын өзіне көңілін демдеу үшін күліп тіл қатады екен. Шынында Жаңбырбайдың жағдайы тым нашар болып шықты. Бірнеше күн өлім мен өмірдің ортасында "кеттім, бардыммен" жатыпты. Ақыры жас ағза жеңді. Беті бері қарады. Содан келіп түскен Тамбов облысы Кирсановка қаласынын госпиталында желтоқсанның 1-іне дейін жатты. Жазылған соң майданға аттанып, 75-ші гвардиялық дивизияның 245-ші полкіне келіп кайта сапқа тұрды. Командирі Кеңес Одағының батыры Мұхит деген полковник, бүл полк соғыстың біраз тауқыметін бастан кешірген атақты кұрама болып шықты. Соның алдында ғана ауыр ұрыстан шығыпты. Бұлар толықтыруға келгендер ішінде 2 сержант еді. Жанбырбай 8-ші ротаның, 2-ші взводының бірінші бөлімшесіне командир болып тағайындалды. Рота командирі лейтенант Толстов. Көрші 9-шы рота командирі гурьевтік казак жігіт Төтебаев. Туған жерден алыста, қан майданда өз ұлтының өкілі, жерлесіңмен кездесу де қуаныш. Екеуі қауқылдасып, жөн сұрасып, қуанып қалысты.

Бүл кезде армияда қару-жарақ жеткілікті. Әр бөлімшенің өзінде бір - бір қол пулеметі. Бұл қаһарлы қару. Алыстан тиеді. Бірақ ауыр. 2 кг, 200 грамм салмағы бар. Онсыз да жүгі жеткілікті солдатқа ауыр. Жаңбырбайға дейін оны иі жұмсақ 53-тегі қартаңдау солдатқа беріп қойған екен. Көзге қораш, әлжуаз ол шалдың әйтеуір, ер қара екендігі көрініп түр. Соны бірден байқаған Жаңбырбай пулеметті өзі алды. Ұрыста сірә тұрыс жоқ. Тағы бір шайқас басталды. Бұлардың шабуылдап келіп тоқтаған жері ойпанда қазылған неміс траншеясы. Іші белуардан су. Алда ДОТ — ұзақ мерзімге арналған атыс нүктесі. Ішінде бірнеше пулемет. Төбесі бетон плитамен бүркелген. Тікелей тиген зеңбірек оғы не төбесінен дәл түскен бомба болмаса алдырар бекініс емес. Бас көтертпестен боратып түр. Кейін шегініп кетер де жол жоқ. Окоптан бас көтерсең — оқ борайды. Солай екен деп бұғып жатайын десең, астын белуардан қоймалжын балшық аралас су. Екі дүниенің тозағы болатын болса тап осы екен. Жан беру оңай емес, Жаңбырбай жандәрмен күйі алдындағы үйілген топырақ арасын кезеп, пулеметтің оқпанын жауға қаратып, темір қалпақ арасынан баспақтап тұр. Дауыстап жолдастарына да солай етуге бұйрық берді.

Сірә, немістер төбеден басамыз ғой деп ойласа керек, шабуылға шықты. Өңмендеген біреуі Жаңбырбайға жақынданқырап келіп граната лақтырмақ болып, онысының шығыршығын жұлып, қолын сермей берген. Әккі Жаңбырбай дәл осы мезетті күтіп жатыр еді. Пулеметтің шүріппесін басып қалды. Неміс киранете түсті. Өзі құлай бере гранаты да жарылып, қасындағы 2-3 серігін ерте кетті. Жаңбырбай пулеметіне ілесе өзгелер де атты. Неміс кері шегінді. Қуалай атқандар біразын жер жастандырды.

Солай аңдысқан, атысқан ұрыс түн болғанша созылды. Бүл күнде шепті ұстап тұра алмасын білген бұлар кері шегінді. Ротаның аман қалған аз жауынгері жаралыларын арқалап, ілбіп келе жатқанда алдан оқтын борап қоя бергені. Жата-жата қалысты. Атыс сәл саябыр тартқанда құлақ түріп қараса атып жатқан оз адамдары. Тіпті, басқа емес Төтебаевтың ротасы. Бұларды әлдеқашан қырылып жорыған олар, көрінген қараны неміс деп ұғып қалса керек. Әбүйір болғанда шығын жоқ. Ротаның үйіріне келіп қосылған бойда тың жауынгерлер бұларды тыр жалаңаш шешіндіріп, балшыққа былғанған киімдерін таза суға бір малып сығып, аз-маз тамақтарынан ауыстырып дегендей, қам жасап жатқан.

Жаңбырбайдың жіті көзі кенет келген жақтан әлдебір адам сұлбасын шалып қалды. Әлгінде жараланып қалған біздің солдаттың бірі екен деп ойлаған ол мылтығы қолында, жүгіре жөнелді солай қарай. Жай жүгірмей дауыстап келеді. Жүгіріп келсе — онысы неміс. Мылтығының оғы жоқ, не қорыққаннан атуға да әлі келмей қалғандай. Сірә, соңғысы болуы керек, қолы да көтерілер емес. Бұған қарап бақшиып қатыпты да қалыпты. Соғыстағы солдаттың сұрқы қайбір келіскен десек те, мынау бір немістің ұсқынсызының да ұсқынсызы екен. Құдды егер болатыны рас болса иесіз жұрттың шайтаны осы де де қой. Жаңбырбай шыдай алмай күліп жіберді де, немістің қолындағы автоматын жұлып алып кете беруге ымдады. Ол түсінбей қалтиып тұра беріп еді:

— Әй, сен пақырдан неміс армиясы азайып-көбеймес. Бар, жоғал. Шнель! Гитлеріне сәлем айт менен. Мына Жаңбырбайдан! Мен барғанша емірем қауып қапы қалдырып жүрмесін. Өз қолыммен ендіршегін жұлып қолына берем, — деп күліп, әлгі мүсәпір немісті артынан онша батырмай итеріп жіберді.

— Сен не, жынмен сөйлесіп жүрсін бе?—деп сұрайды қайтып оралған соң жолдастары. Бұл болған жағдайды айтып оларды да бір серпілтіп тастады.

— Мен де ырымшыл казакпын. Соғыстан аман оралғанымды сол бір көз жастығы төмен сорлы неміс солдатын өлтірмей жібергенімнен ғой деп ойлаймын, — дейді Жәкең.

Ертеңіне бұлар қайта шабуылға шықты. Тым ендеңкіреп кеткен екен. Қоршауға түсіп қалды. Тағы да тамұқты тірідей көруге тура келді. Тізеден су кешіп бірнеше күн жүре берген соң аяқ ісіп кетеді екен. Аштық ештеңе емес, бәрінен сол жаман болды. Қоршауды бұзып өзімізге өткен бойда бәрі етіктеріне жармасты. Өздерінін етігін өздері шеше алмаған соң бір-біріне көмектесіп әзер дегенде шешті онда да. Сосын тамаққа бас қойды. Аяқ киім азабының әбден өткені ғой, ұйқы дұшпанға алдырмас бұрын шұлғауларын кептіруге жайып қоюды ұмытқан жоқ.

...Малая Незинка деген елді мекен үшін болған ұрысты қалың бидай ішінде жүргізуге тура келді. Ілгері күнін ойлаған немістер басып алған жерлеріндегі халықты жаппай зорлап егіске шығарыпты. Жарықтық, сол жылы жайқалып-ақ өскен екен. Тіпті аяқпен таптауға қимайсың. Осы жерде взвод командирі қаза тауып, орнын сержант Әлиев басты. Рота командирі аға лейтенант Баранов еді. Ертеңгі ұрыста оқ тиіп, Жаңбырбайдың қолында өлді. Өлер алдында "Кезімдей көріп жүр" деп сағатын сыйлады. Екеуі өте тату дос еді. Жылап жүріп сол бидай арасынан қабір қазып жерледі. Артынан оның орнына бір капитан келіп, рота толықтырылып тағы соғысқа кірген. Сол соғыстан ротада екі адам ғана сапта қалды. Бірі сержант Әлиев. Оған бүл рота командирін де қолымен жерлеуге тура келгені. Тағы бір ұрыста бұлар тағы қоршауда қалды. Арттан көмек келіп құтқарып, аман қалғандарды тылға жіберген. Үш күн нәр сызбаған Жаңбырбай серіктерінен қараңғыда адасып қалып, көрінген бір жарық сәулені бағдарлап, онысы жертөле болып шығып сақшы токтатты. Тегі ол алғы шептен келген байланысшы деп түсінсе керек, ішке алып кірді. Енсе төрде генерал, қасында екі офицер отыр. Генерал мұның бөлімін айтқан бойда жағдайды бірден ұқты. Офицердің біріне тамақтандыруға, онда да тек нан және қадағалап бөліп беруді тапсырды.

Генерал демекші, Жәкеңе сол соғыста екі мәрте генералдармен бетпе-бет келіп тілдесуге тура келіпті. Бірі әлгі генерал. Екіншісі атақты генерал Батов. Онымен 1944 жылы Бобруюскінің түбінде ұшырасқан. Батов сапта тұрған жалғыз қазақ мұны керіп, қасына таяп келіп, омырауындағы наградаларын, ауыр жараланған белгісін көріп хал - жайын сұрап, иығын қағулы. Ал атақты генерал Чистяковты тек сыртынан көріп қалған. Көретін себебі, сол армия құрамында соғысып Ригаға бірінші кіргендердің ішінде Жәкенде бар. Айтпақшы, гурьевтік жерлес Төтебаеп бар еді ғой. Жәкең онымен 1945-ші жылдың жазында кайта кездескен. Онда ол капитан екен. Өкінішке орай, екеуі бір облыстікі бола тұрып одан соң ұшыраспаған.

Жәкеңнің үлкен бір жауынгерлік наградасы — "Қызыл Жұлдыз" орденін полковник Суса ватпен басқарған 212-ші полктес взвод командирінің көмекшісі болып жүргенде көрсеткен ерлігі үшін алған. Мұнда рота қоршауды бұзып өздеріне қарай өтпек болған танктерге қарсы ұрысқан.

Сәті түскенде бұларда танкке қарсы лақтыратын гранат қоры мол болып шығып, сонымен Қайрат қылып, немістерді мыта тұрып шығындаған. Амал не ұрыстан соң сапқа бүтін ротадан тек 28 адам ғана тұрыпты.

Неміс омақасуын омақасқанмен жастығын да алып кетті-ау сол жолы, —деп күрсінеді Жәкең.

Соғыстан "Қызыл Жұлдыз" ордені, "Ерлігі үшін", "Әскери ерлік қызметі үшін" медалдарымен оралған аға сержант Жаңбырбай Әлиев туған ауылына келіп бейбіт еңбекке араласты. Содан зейнетке шықты. Қосағы Дәмеш апай екеуі бүгінде өрен-жарандарының ортасында, бала - келін, немере-шөберелерінің алдында қарттықтарын сәнді де мәнді өткізіп жатыр.

Қарттар деген тілеуқор халықпыз ғой. Әуелі заманның жақсы болғанын, адам атаулының бәрінің амандығын тілейміз. Содан соң барып, өзіміз білетін саусақпен санарлықтай болып қалған аз майдангерлер бір-біріміздің тілегімізді тілеп, құдай қадірімді біліңкірейтін солардың алдында ала көр деп тілейтін шақтамыз. Сіздерге қайдам, ал мен мұны шадыман-шаттық деп бағалар едім.

Еділден Германияға дейінгі Жеңіс жолында ізі қалған, төгілген қаны қалған, талай қарулас серігін қалдырған қадірменді қария Ұлы Отан соғысының сержанты қияқтылық Жаңбырбай Әлиұлы майдан естеліктерін осылай түйіндеді.

Бекбасар Телегенов менің Исекең әулетінен араласқан азаматтың бірі. Оның себептері коп. Соның басты себептеріне тоқталсам Бекең көпшіл, кеңесшіл, көңілі ортаймайтын көл дария адам. Зайыбы Ақмоншақ құрдасым да солай. Қыскасы құдай екі жақсыны тауып қосқан. Бекең кезінде Мәскеуде жоғары оқу орнында оқығанда сонда казак жастары құрған "Жас тұлпар" ұйымының белсенді мүшесі болған екен. Үйірме жетекшісі казіргі казактың марғасқа азаматтарының бірі Мұрат Мұқтарұлы Әуезов. Бұл елім деп еміренген білімді, білікті жастардың ұйымы еді. Мақсаттары қазақ халқының өркениет күшінің алдынан табылуына атсалысу. Әйтпесе үкімет саясатына қарсы шығу, ұлтшылдық идеясынан ада. Қайталап айтамыз — ұлтжанды болғанмен ұлтшыл емес. Амал не ол кезде ұлтыңды сүюге де болмайды екен. Үкімет қарағашын білеп шыға келді. Әттең, солақай саясаттың сойыл соғарының бірі сол уақытта қазақтың үлкен бір ақсақал жазушысының болғаны өкініш. Және ол құпия болудан қалды. Оның мұнысын әріптесі М.Әуезовпен арадағы бақ күндестігінен болған деген қисын жазушы ағайындар арасында көп айтылады. Қалай болғанда да әйтеуір өтіп бір кеткен істің ащы ақиқаты осы. Әбүйір болғанда "Жас тұлпар" жөргегінде тұншықтырылғанымен мүшелері қудаланған жоқ. Аман қалды. Оған "Хрущев жылымығы" әсер етті ме, жоқ Димекең аға Қонаевтың шапағаты тиді ме — ол жағы айтыла жатар. Бекең маған осы "Жас тұлпардың" мүшесі болғандығымен өте-мөте етене. Мен мен бола тұрып казактың кеңестік кездегі демократ, күрескер жасы бола алған Бекеңмен бей-жай қатынаста қала алмасам керек қой. Бері келе екеуміз достасып кеттік. Исекең тақырыбы тұсында мұндас, пікірлеске айналып, ол атасы жөнінде бағалы дерек беруші бола кетті.

— 1948 жылдың маусымында әкем Алданазаров Төлеген Қоңырбайұлы ауырып карға адым жер жүре алмай қалды, — деп бастады Бекең естелігін, — Соған байланысты Сорқұдықтың соры мен балшығына емделу үшін Тұщықұдық бетіне жол тарттық. Мен сол жылы 6 жастамын. Ес білгелі бұл алғашқы ұзақ сапарым. Басшымыз әкемнің 10 жас үлкен ағасы Жылекеш — Таушық пен Тұщықұдық арасында почташы болған, одан кейін қалашылаған, жер жағдайына жетік, қара қайраты мол, нар түлғалы адам. Бұған қоса анам Қымбат пен езімнен 3 жасар үлкен ағам Орынбасар бар. Көлігіміз ағаш үйдің қаңқасы, ішкі жабдығы қостанып артылған 2 түйе. Күн батуға жақындағанда Алаторпа деген жерге жетіп, ішінде үлкен күмбез тамы бар жерге келіп қос тіктік. Сонда көрдім - ол Иса атамыздың тамы екен, қасындағы тастан қиып салған төрт құлақты там бабам Алданазардікі болып шықты. Соңғысының төрт бұрышында домалақ тасы бар — оны әкем атамыздың үлкен діни сауаты бар молда болғанымен түсіндірді. Бабамыздың Исаны жастайынан қасына ертіп баулыған ағасы екендігін де сол жерде алғаш естідім. Исаның шешесін әмеңгерлік жолмен Алдекеннің алатын жайына кейін қанықтым.

Сәті түсіп бүл сапарында Сорқұдық емі шипа болып Төлеген сырқатынан құлан таза жазылды. Текен сауда жүйесінде 27 жыл еңбек етіп, артына сөз ертпей, Адайдың Төлегені атанып 1956 жылы елу алты жасында бақилық болған.

Бекеңнің атамекенге екінші сапары 1952 жылы туысы Төлесұлы Қашағанның 1942 жылы майданға кеткен бетінен оралуына байланысты. Бұл жолғы сапар әкесінің бастауымен болыпты. Осы жерде бүгінде арамызда жоқ Қашекен аға жөнінде айта кетпесек әруаққа шетін.

Қашекен майданда қалмақ даласында қоршауда қалып, немістің тұтқынына түседі. Онан арғысы белгілі — концлагерь. Жеңістен соң тұтқында болған айыбы үшін енді оз елінің концлагері. Ондағы жазаның соның нанайлардың жерінде өтеп, он жылдан соң оралып тұрған беті ғой. Қашекен келген соң Балажан шешемізге үйленді. Барлаушы болып жұмысқа орналасты. 1957-1960 жылдары ағасы Жолшы (ол да марқұм) екеуі Ақшымыраудағы кен барлау экспедициясында болды. Қашекенмен біздің үй жарлас көрші болды. Сонда менің кіндік інім Орысбай дүниеге келді. Кейіннен Өзенде екі үйіміз тағы есіктес көрші болып отырдық көп жыл. Қашекен қағылез іскер адам еді. Соғыста, концлагерьлердегі көрген қиындықтарын көп қаузамайтын. Ол туралы аз әңгімесін тағдырдың басқа салғаны, жазмыштың жазуы түрінде жаймашуақтап қана тиянақтайтын. Есімде қалғаны ол Сибирьде жергілікті нанай аңшыларымен достасып, солар арқылы алтын қазған Прийскдегі серіктерін бұғы етіне қарық қылып басшылардың ілтипатына бөленіпті. Мерзімінен бұрын, мұртты көсемнің өлгенін күтпей босауына сонысы сеп болған сыңайлы. Әйтпесе оған берілген жазатын көп екен. Бекбасар інісін ертіп, ағасы Төлегеннің бастауымен, Шынжырбекұлы Ерғазының Сартастан үн тиеп шыққан "ЗиЛ" машинасымен сол 1952 жылғы сапарында Қашекеннің мақсаты әрине ата-күлдікке бір аунап, ата-баба басында зиярат қылып қайту ғой. Төлеген сол Жиеналы әулиенің тұсына тоқтап Қиянның қос төрткілін көрсетеді. Өзі 1901 жылы сол төрткіл дің 400 қадам алдындағы жұртта дүниеге келген екен. Содан 400-500 метр жерде аталардың қауымы бар. Баласына жол түскенде сол жерге ат басын тіреп, кейіннен сол үрдісті балаларына мирас қылуды аманаттайды. Бекең соны күні бүгінге дейін бұлжытпаумен келеді. Әр пенденің ең үлкен әулиесі — өз атасы. Алданазар ата орны бүл әулет үшін солай. Тіпті мұны білмейтін, танымайтын бір балгер құмалақ ашып, "үшінші атаңның әруағы желеп-жебеп жүр екен. Зиратының кескін кейпі осындай, тұсында қос биік бар" деп те деп басып айтулы. 1959 Бекбасар 9 сыныпты бітіреді. Бұл кезде әке жоқ. Ол 3 жыл бұрын бақилық болған. Жұмысқа орналасуды құп көрген бала Фортта жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау мүнай-газ барлау тресіне келеді. Кадр бөлімінің бастығы Орынбай Бәлдеков марқұм мұны, аталарын жақсы біледі. Сөзге келмей жұмысқа қабылдап "атаң жатқан жер. Алғашқы терін сонда төгілсін" деп Қошаққа барып жатқан экспедицияға жұмсайды. Бірақ мұнда көп жұмыс жасай алмайды. Бір ай өткен соң әкесінің ағасы Жылекеш атпен келіп алып кетеді. Жай алып кетпей "Әлі шикі өкпесін, ауыр жұмысқа жарамайсың. Ең бастысы, жұмысқа баруға бізден ұлықсат алған жоқсың" деп кейістік айтады. Солай Таушыққа келген соң жанадан ашылып жатқан жүргізушілік курсқа түсіп, 12 автобаза атынан оқып 1-карашасы күні қолына куәлігін алады.Ол уақытта Маңғыстауда екі мамандықтың бағы жанып түр. Тіпті ханға сәлем бермейді дерлік. Оның бірі оқытушылық, бірі шоферлық. Бекбасар көңілі шофер бола салу еді бірақ анасы Қымбат,әкесінің баласына он жылдық білім алғанын қолайлап кеткен арманын алға тартады. Әке айтқаны болуы тиіс. Ол — заң. Соған мойынсұнған Бекен 2-токсан басталған күні мектеп есігін қайта ашады. Сынып бөлмесінде көріп қалған ауданда, облыста "математика королі" деген аты шыққан мұғалім Шоңқалов Торғай:

— Ау, Төлегенов, сен келіп қалғансың ба, бір оқпен екі қоян атып алғалы жүр екенсің ғой,- дейді. Онан әрі соз ұзартпайды. Тек мұның бір тоқсан яки алмағанын ескергені болар басында сабақ жағын тәптіштеп сұрағыштап жүреді де, артынан лекке қосылғанын көрген соң оны да қояды. 1960 жылы 21 маусым күні 10 сыныпты бітірген аттестатын алып 22 маусым күні 12 автобазаға жүргізуші болып орналасады. Машина руліне отырады. Осы кезде мектепті орташа бітіргендер үшін бірден жоғары оқу орнына түсу киын. 2 жыл жұмыс істеу керек. Бекбасар — екінші жолдың жолаушысы. Бірақ 1961 жылы әскер қатарына шақырылып Мәскеуден бір шығады. Карантин мерзімі біткен бойда әскери бөлім командирінің шофері бола кетеді. Құдай қарасқанда командир бір мейірбан адам болып жолығады. Мұны туған баласынан кем көрмейді. Қақ-соқпен ісі жоқ, машинаға жақсы қарайтын кәсіби шофер Бекбасардың бірден ұнағанында сөз жоқ. Соның өтеуі 3 жылда 3 рет демалыс алып елге келеді, 41 рет алғыс алады.

Бірде бұлар маршал С.М.Буденныйдың дачасын жөндейді. Буденныйдың бір әдеті солдаттармен де саптан тыс жерде қол алысып амандасады екен. Бекбасармен де солай амандасып, казак екенін білген соң "казактар, сендер жылқының жайын жақсы білесіңдер" деп мақтап, өзінің екі мінгі атын көрсетеді. Өзі қолтаңба жазып бір кітабын және сыйлайды. Ол кездегі солдат бала Бекбасар түгілі, қазіргі мына "сөз сауып" күнелтіп жүрген аға жасындағы біз кітаптың қадірін біліп жарыта бермейміз. Өкінішке орай, Бекең ол жәдігерін казармада бір жатқан жолдастарына көрсетіп жүріп қолды қылып алыпты.

Әскердің екінші жылы елден бірге келген туысы Самарханов Жалғасбай екеуі дайындық курсына түседі. Оны бітірген соң Автожолдар институтының кешкі бірінші курсын бітіреді. Бірақ әскери кызмет мерзімі бітіп бұлар оқуларын жалғастырғысы келсе әлгі институт бұларды күндізгі бөлімнің бірінші курсына аламыз дейді. Бүл екеуі оған келіспейді. Жалғасбай Теміржол институтына, ал Бекең мал дәрігерлер Академиясына түседі.

Бұл Россиядағы ең ежелгі білім ордасының ізі. Кезінде императорлық академия деп аталған. Патша кезінде жоғарғы білімге зор маңыз берілетіні соншалық, егер қарапайым әулеттен атасы, әкесі, баласы императорлық дәрежедегі жоғары оқу орнын бітірсе бірден ұрпақтары дворян ақсүйек дәрежесіне көтерілетін болған. Ауыл шаруашылық академиясы соның бірі. Кеңестен соң оған К.А.Тимирязев аты беріліп, мал дәрігерлік Академиясы содан бөлініп шыққан екен. Бекең сол оқу орнын жақсы бітіреді. Кейіннен ғылым жолын қуып қала беруге де мүмкіндік бар екен бірақ ел тартыңқырайды да Маңғыстауға келіп өз мамандығымен кызметке орналасады.

Міне, бір кейіпкеріміз Ақмоншақ Баужановамен танысатын рет келді. Ол Гурьев пединститутының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген соң осында жолдамамен келген жас маман. Бірақ білімді, жалынды жас маман мектепте қалып коймай комсомол қызметіне тартылады. Жас жастың тілегі жарасып Бекбасар екеуі отау көтереді.

1993 жыл. Бекбасар Төлегенов бүл уақытта облыстың кәсіподақтар кеңесінде хатшы. Комсомолдан аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылығына дейінгі жолдан өткен Ақмоншақ та қызметі жоғарылап, облысқа келген.

Жаз басында Бекбасар кеңсесіне марқұм ағалар Е.Айтаманов, Е.Отаралиев, Ө.Ниязбаев келіп тұр. Бұлардың бұлай ошарылып жайдан жай жүрмесі белгілі. Шаруалары Иса аталарының ескерткішін жөндеп, тарихи атын қалпына келтіруді қолдау. Тап осы мәселені Ақмоншақ та жиі-жиі айтып мұны мазалап жүрген. Әлімнің бүл қызы оқымысты жан. Қолы қалт етсе ұстайтыны кітап. Біраз әдебиеттерді оқып Иса атасы жайлы қаныққан. Енді ел егемендік алып, дербес, тәуелсіз тарихымызды негіздеуге бетбұрыс басталғанда әруақты атасынын қалыс қала барғанына қарсы. Сөйтіп "келіндер көтерілісінің" қолбасшысы болып алған жайы бар.

Ағайындар сол күнді кеңеспен өткізіп артынан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Құжырғали Төлеуішовке барды. Қазір Орал драма театрының директоры Құжекең Маңғыстауға еңбегін сіңірген бір мың болғыр азамат болды. Ол өтінішті асықпай тыңдап алып, келіскен ыңғайын білдірді.

Әуелі тас жағын қамдап алыңдар, — дегенді айтты. Ұрыста тұрыс болмайды, Бекең сол бойда Өзендегі Жалғасбаймен хабарласты. Ол екі күннен соң 24 блок тасты атаның басына 4 тіркемелі машинамен жібергенін хабарлады. Соны ести сала Құжырғалиға қайта барды. Ол сірә мұншама тез басталады деп ойламаса керек. Әуелі таңғалып алды да, тарихи ескерткіштер Мұражайының директоры Мақсұт Нұрқабаевқа жолығуға ақыл қосты. Мақсұт Нұрқабаев баяғы Исекеңмен бірге Досанның сүйегін Кетіктен алып барып ата қауымына жерлескен Нұрқабай шалдың бел немересі. Баласы Нұрқабаев Султан Ералиев өліміне катысты іс бойынша жазықсыз айыпталып Тобанияз тобымен бірге сотталды. Жылын өтеген бойда Фортқа келіп, отбасын бір түнде көшіріп әкетіп, Астрахань облысына барып тұрақтады. Онысы үлкен ақылдылық, сәтті кадам болды. Репрессияның кейінгі толқынынан аман қалды. Жоғары білімді құрылысшы инженер Мақсұт облыс ұйымдасқан соң барып ата мекенге оралды. Мамандығы құрылысшы Махаң шебер тамшы, жан-жақты білімдар жігіт. Қазақ интеллигенттері ішінде Бартольдты тұтас оқыған осы ағамызды ғана білемін мен. Ал онымен тарих, археология тақырыбында әңгімелесу үлкен бір ғанибет.

Махаң соның алдында ғана Сәттіғұл ақынның ескерткішін салып шаршаулы болуы себепті айтулы шебер шәкірті Ермұханға жұмсады. Ермұхан әкесі рұқсат берсе қарсы болмайтындығын айтты. Есқали ағай мен Бекбасар екеуі Түлкілі сайда отыра әкеге барып келісімін алды. Солайша 15 күн ішінде жұмыс басталып, 1993 жылдың 1 қазанында ескерткіш бітті. Оның құрылысына аудан әкімі Алқажан Еділханов, совхоз директоры Аманжол Қартбаев, мұнай базасының директоры Бақтыбай Жұмабековтер аяқтай жүріп қол ұшын берді. "Қолмыш" қожалығын басқаратын С.Нұғымановтың еңбегі тіпті зор. Үрдіс бойынша там байғазысы берілді. Оған шақырулы қонақтың бірі ретінде мен катыстым. Сонда Алқажан өте әсерлі, мазмұнды сөз жебеді. Қожаназардың бұл ұрпағы да ділмар шешен, жан-жақты білімді.

Иса, Досан тақыр өңірге шыға кеткен бәйтерек емес. Олар Атыраудың арғы бетінде Исатай мен Махамбеттің Маңғыстаудағы сыңарлары, — деген аталы сөз Алқажан аузымен айтылды сол бас қосуда.

Қазір Исекең ескерткіші тарихи жәдігерлердің бірі.

Иса атасының нағыз жанашыры марқұм Нұғыманұлы Сисенбай інім еді. Екеуміз көрші болдық, әрі кездескен жерде әңгімеміз жараса кететін. Оның бір арманы атасы жайлы жазылған кітапты көру еді. Бірде Қарашажыда Қырымқұл атаға ас берілетін болып екеуміз Сисенбайдың микроавтобусымен жолға шықтық. Рульде өзі.

— Жолаушыларым көп еді. Бірақ оларды басқа машинамен жібердім. Ондағым — сізбен ұзақ жол үстінде емін-еркін әңгімелесіп құмардан шығу, — деп қойды аттанар алдында. Айтқандай армансыз әңгіме тиегін ағыттық. Сисенбайдың мамандығы шофер. Кезінде қол қысқалықтан оқи алмаған. Бірақ өте зерек, көкей көзі сәулелі. Техниканы кез келген инженеріңнен кем білмейді. Сол уақытта Германиядан машина әкеліп сатып, сауданы кәсіп қылып жүрген. Іс сапарымен неміс елінде бірнеше рет болған. Ол жақта достары да көп.

— Иса атамның суретін қалдырғаны үшін неміске қарыздармын, — деп күлетін.

Мені Германияға апарып, сондағы Рихард Карутц әулетімен таныстыру, архивін көрсету ниеті бар еді. Амал не, екеумізге ол сапар жазылмаған екен.

Есіл Сисенбай әлгі аты жаман сырқаттан дүние салды. Балалары жасаңдау қалып еді. Енді орнының оңалып, сол балалардың әкелерінің топырақ жасын жасауларын тілеп қалған жай бар.

Басшы Телесов Маңғыстаудың байырғы шаруа қазағы. Сталиндік репрессияның шеті оны да шарпып, жазықсыз он жылға сотталып, оның алты жылын отырған адам. 1950 жылдың бас шенінде Маңғыстауға әртүрлі экспедициялар келе бастады. Оған жергілікті қазақтар да тартылды. Солардың ішінде біздің әкей Бақыт Спанов. Осы Басекең де бар. 1957 жылдың жазында Түбіжіктегі мұнай қарайтын экспедицияның бір бөлігі Қошаққа көшті. Орнығып қалған жерінен көшу оңай емес. Бірақ ол уақыттың адамдарына "болмайды" деген сөз болмайды. Қынжыла, қинала көшкен. Сонда қуанып, өзі сұранып жүріп көшкен Басекең екен. Өйтетін себебі Қошақ оның ата мекені. Аталары Алаторпадағы қауымда жатыр. Сол маңайдан мұнай табылып қала орнар деген үміт те жоқ емес. Сөйтіп екі үйіміз Қошақта бас қосып көрші бола кеттік. Әрі тонның ішкі бауырындай араласа кеттік. Оған бір себеп Басекеңнің жұбайы Нұрсұлу Сәрсенқызы Жетімек Сүйінғараның қыздарының бірі. Біздің үйге нағашы болып келеді. Қошақтан соң Ақшымырау. Онда да көршіміз. Басекеңнің тұңғышы Әбубәкір. Маған құрдас. Ахан әжеміз де бар. Көп нәрсенің парқына бара алмайтын баламыз. Әйтсе де Балғабай, Еңсеген, Арықбай сияқты көрші қарттардың айтқандарынан аракідік құлағымыз шалады. Ахан Исаның келіні екен. "Исекеңнің батасын алған сартіс үлкеннің арты" деп кұрметтеп отыратын оны әлгі шалдар. (Ахан әже 1966 жылы Құрықта бақилық болды.) Басшекең Маңғыстау мұнай газ барлау ұжымында біраз жыл еңбек етіп, 15-теміржол айрығында теміржолшы болып зейнетке шықты. Қазір Иса атасының жанында жер бесігінде тыныстап жатыр. Басында ақ тастан қиып салған ескерткіші бар. Қошақ оған күт мекен бола кетті. Осы жерде 1959 жылдың2 желтоқсанында ұлды болып атын Қошақбай қойды. Нұрсұлу ағамыз Әбібәкір (Таңғақ), Ару, Тамара, Қосымбай, Дүйсенбай есімді перзентті болды. Қазір Ақтауда кенже ұлының қолында қарттығын сәнді де мәнді өткізіп отыр.

Қошақбай әуелі техникум бітірді. Содан кейін Маңғыстау энергия комбинатында автоматшы болып 9 жыл еңбек етті. Жұмыс істей жүріп Ақтаудағы политехникалық институттың машина құрылысы факультетін бітірді. Қазір мұнайшыларға техникалық жабдықтау кызметін көрсететін ұжым басшысы. Жеке кәсіпкер. Ел азаматы. Екі перзенттің әкесі. Үлкені Анар Қазақ мемлекеттік университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірді. Шынары жоғарғы сыныпта. Жұбайы Бақытгүл тараздық Сауда қызметкері.

Иса атасы туралы осы кітапты шығаруға демеуші болып, қаржылай коп көмек көрсеткен осы мың боғы Қошақбай азамат. "Атадан ұл тусайшы, атаның жолын қусайшы" деген осы.

Исекең, онымен бірге есімдері аталған әруақты аталардың рухы желеп жебей берсін осындай азаматтарымызды.

Біз жоғарыда Исаның екі баласын ғана атадық. Әуелде білгеніміз солар ғана еді. Кейінгі деректер оның баласының үшеу екенін айғақтады. Ол баланың аты Нұрмағамбет. Исекең екінші әйелінен де ұрпақ көрмей зарыққан соң інісі Орақтың баласы Қалбасты бауырына салады. Ол атқа шауып жүргенде жығылып мерт болады. Орақтағы бір баласын алуды айтқан екен — енді інім ұрпақсыз өтер деп алмайды. Бір сапарында Нүрмағанбет дейтін Ноғай баласын әкеліп Сарықыздың бауырына салады. Ол ақын болады. Оның Иса әкесіне арнаған:

Әуелі келіп дәм таттым,

Әруақты ердің қолынан.

Сүйген құлы Құдайдың,

Қалмады жем жолынан.

Кем болмадым ешкімнен,

Дүниені кештім молынан,

— деген өлең жолдары сақталған.

Нұрмағанбет 1910 жылғы иттің жұтынан соң бақилық болады. Одан қалған бала Дәулетбай (1897 жылы туған) емші, зікір салатын бақсы, көріпкел болады. Әлиұлы Жаңбырбай оны көрген.

— Бірде Жеткізген деген ауырып, Дәукене зікір салғызды, — дейді Жәкең. Дәукең: —21 жаста бір катер. Одан қалсаң 80-ге барасың, — деді. Айтқандай Жеткізген 21 жасында суға кетіп өлді. Ғабит Кемелханов Жаңаөзенде ертеректе түрі татарға ұқсас бір кемпірдің өзін іздеп келіп, Исаның қызымын деп танысқанын еске алады. Өкінішке орай ол кезде тым жасаң Ғабитол апасының атын ұмытыпты. Бұл сол Дәулетбайдың қыздарының бірі Исадан тағы бір қыз болған. Ол Қаршыға дейтін Шеркешке ұзатылған. Қаршығадан Ақмер, Ақмердің баласы Амандық — мұнайшы "ТрансОйл" мекемесінде басшы кызметте болды. Қазір "Қазақ Ойлда".

Тілембайдың үш баласын Байұлының атақты бір сыншысы сынапты. Сонда Исаға "бойында үш Әжібай бар" деулі. Әжібайдың бірі атақты Кете Әжібай, қалған екі жақсы Әжібайды біле алмадық. Ал Ораққа "ез тайын өзі ұстап, өзі жуасытып міне береді. Көзінде жылт бар" деулі.

Құлбараққа "момын, шаруаның адамы" болады деген. Сыншының сол айтқандары айнымай келді. Құлбарақ шаруадан ұзаған жоқ. Көтеріліс кезінде де малымен болады. Хиуаға кеткен Исаға ермеді. Оның әйелі Ақбота Қалдыбектің қызы. Ал Орақтың әйелі Бегімбет Қара кісінің қызы. Оның өмір жолы Иса ағасынын жанында түзіледі, көтерілістің белгілі сарбазы болады. Хиуаға Исамен бірге барады. Құралын 1875 жылы тастайды. Содан дөңгелек шаруасын күйттеген Орақ 1911 жылы бақилық болған. Моласы Иса ағасының қасында. Орақтың үлкен ұлы Ақбас 1862 жылы туған. 1870-1875 жылдары Исаның қасында жүреді. Сөйтіп көтеріліс ауыртпалығын бала күнінде бастап кешіріп, 1919жылыөлген. Ақбастан Керекбай 1885 жылы туған. Шешесі әлденеден шошып, баланы түсік тастап, бәрібір адам болмайды деп керексінбей, Орақ "саған керек болмаса маған керек" деп тымағына салып алып, содан Керекбай қойған. Керекбайұлы Әли. Бізге бүл деректі беруші Жаңбырбай Әлиұлы. "Қарындастың дауысы қараңғыда танылады", — деп ата күлдік, Тұщықұдықта бұл әулеттен бір қыз өкіл Салиқа апай бар.

Құлбарақ әулеті де жақсы есті. Оның әзінен үш бала. Бәрінің де орны бар. Баяғы сыншының аталарына айтқаны келіп, бүл әулет шетінен малбегі болды. Иса аталарының там байғазысына сонау Үстірттен ақбоз ат алып келіп, оны Исанаманы алғаш негіздеуші журналист Асан Әбдірұлының астына мінгізген Телен аға осы Құлбарақ атасынан. Бұл әулет Нәсібек аталарының сейістік қасиетін мирас етігі алып қалған. Ат жаратады. Белдеуінен сәйгүлік үзілген емес. Бұл екеуі қазір Бейнеуде тұрады. Исаның мұқабаның соңғы бетінде берілген ат үстіндегі суретінде беліне қылыш асынған. Қыны түсті металдан, атты әскер қылышы. Үшауыз шайқасынан соң өлген Рукиннің қылышы, тапаншасы, бір бесатар Исаға тиеді. 1875 жылы ояз алдына ол осы құралымен келулі. Ояз "жауынды жеңіп алған бүл қарулардың заңды мирасқоры енді сенсің", — деп, оларды алмай, өзінде қалдырған. Олар балаларында сақталып келіп, 1931 жылы Құлсарыдағы бір моланың түбіне киізге оралып көмілулі. Өкінішке орай ол әлі табылған жоқ. Иса тұтынған мүліктен тек оқшантайы ғана сақталып қалыпты. Біз қазақ жадта естеліктерді, жақсы әңгімені сақтауға келгенде өте ықтият болғанымызбен, жәдігерге катысты өте салақ, тіпті салақтың салағымыз ғой. Сол әдетімізді бұл жолы да көрсетіп алыппыз. Исаның әулетінде қалған жалғыз тәбәрік сол оқшантай.

Ал екі суреттің түп нұсқасы Германияның Гамбург қаласындағы әлем халықтарының этнография музейінде. Бір көшірмесі Форттағы музейде. Бірақ кімдікі екені белгісіз болып қалған екен. Исаныкі екені енді анықталды. Суретші Айтбай Құлбай түрлі-түсті бояумен көшірмесін жасап, қазір оны Исаның бар әулеті қасиетті жәдігер ретінде таратып алысты.

Исекеңнің маңайынан өрбіген тұқым-теберігі көп. Олардың бәрімен кездесіп, сұхбаттасудың мүмкіндігі шектеулі болды. Басқаны айтпағанда, екі қызынан тараған ұрпақтардың да дерегін түгендей алмадық. Көнекөздер олар туралы тіпті аз біледі. Бәрінің кінәлісі кешегі балапан басына, тұрымтай тұсына дерлік алмағайып заман.

Бұл мәселеде түйіп айтарымыз Исекеңе қатысты әулетте жақсыдан жақсы ғана туған. Жаманат арқалағанды, ата атына сөз келтіргенді көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Жалпы Жаманғара аулының болмысы атына заты қарама қарсы жақсығара ауыл.

Кемеңгерді дәуірі туғызады. Атаулы тұлғаны заманы толғатады. Содан соң, кезеңі сомдап қалыптастырады. Мәңгілік ешнәрсе, ештеңе жоқ, келте ғұмыр олар үшін де өлшеулі, өткінші. Татар дәмі таусылған күні олар да Жер анасының тар бесігіне тапсырылады. Одан кейінгісі тарихқа аманат. Ал ол аманаттың обал сауабы артындағы халқының мойнында. Замана желі қалай құбылса да, қаһарман халық орнында қалмақ. Түптеп келгенде халық өзінің жасампаздық қызметін қолынан шығарып алмақ емес. Ол кызметінің қадірлісі де, көрнектісі де тарихы. Тарихтың барлық ғылымның атасы болып саналатыны да содан. Пенденің мойнында кеткен қарызы мен парызын бір құдайға тапсыратын аталардың тірлікте жасаған бар харекетін тарихқа табыстайтыны да сондықтан. Солай өткеннің алтын сандығы болып саналатын ата тарихтың келе-келе сол өткендегіден қорытынды, сабақ алу арқылы алдағыны бағдарлайтын құбыланама бола кететіні де ақиқат. Казак бүгін тол тарихымыз қажет деп, соның жолында жамбасы жер иіскемей қам жасап жатса осы ақиқатқа мойын сұнғаны. Кейінгі ұрпақ, келешектің алдындағы жауапкершіліктің зілмауыр ауыртпалығын мойнына алғаны.

Қадірлі оқырман, сол казактың қатарын қара қызметші болып көбейтіп жүрген (Қалам ұстаған казак қашан да солай болып қала бермек) біз осы тақырыпқа қалам тартқанда сол тауқыметке мойынсұндық. Онымызды соқыр тәуекел деуші болып жатса, қарсылығымыз жоқ. Тек "айтпаған сөздің атасы өледі" деген уәжіміз ғана бар. Ал сөздің айтылар тұсы да дәл осы мезгіл. Ол кей ретте лебіз, пікір аулынан да әрмен кетіп запыранға ұқсап жатса кінәсін айтушыларынан емес соған жеткізген бір ықылым заманы мен кезеңінен іздеңіз. Себебі формация мен формацияның, ғасыр мен ғасырдың өліарасын көрген біздің лектің жүрегінің басында кілкіп тұрған запыран да алып жүре беруді көтермейтін, көтертпейтін ауыр жүк.

Осы әңгімеміздің бір жерінде орыс әдебиетінің классигі Ф.М.Достоевскийдің орта Азияны орыстардың отарлап алғанындағы қуанышты лебізін келтіре кетіп едік қой. Оған ұлы орыстық өпіремдігі үшін өкпемізді ірке алмай қалғанбыз. Ұлылар да жағдайға қарай жалт беріп, екі сөйлей салады деуден аулақпыз. Дегенмен соларды түсіну тіпті киын. 1881 жылы Скобелев әскері Көктөбе қамалын алып, Түрікменстанды түгел жаулағанда жүрегі жарылардай қуанған Ф.М.Достоевский тап соның алдында ғана, 1880 жылдың 6 маусымы күні Москвада А.С.Пушкин ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде "Өзгенің бақытсыздығына негізделген қандай бақыт болмақ" деп көсіледі. Бұлай дегенде ол "Евгений Онегиндегі" Татьянаның өз бақытынан бас тартқанын мадақтап тұр. Бүкіл Орта Азияның миллиондаған халқының қанына қара жерді тыңайтып, өз бақыттарының бағын егіп жатқан отаршылар ше? Бүл сауалдың жауабы жоқ. "Татьянаға ғашық" ұлы жазушымыз ол жағын ескермепті. Достоевский солай деп алады да "Пушкинде барлық жерде орыс мінез-құлқына, рухани қайрат-жігеріне деген сеніммен мұңдылайды. Ал сенім бар екен — үміт, орыс адамына деген ұлы үміт те болуға ләзім" деп ақтарылады! Жазушының өз халқына деген бұл сеніміне, үкілі үмітіне, ақжайма, марқайма тілегіне қол соғамыз. Құптаймыз. Оның бүл сезімі бізге де, өзгеге де жұғысты болуын қалаймыз. Қазақтың қазіргі ұлымын деп кеуде қаққан жазушыларынан, тірі данышпандарынан да үлкен мінбе мен баспасөзден тақ иесін сарнап мақтау орнына халқының көңіліне жақын осындай жүрекжарды сөз айтуларын тамшы етеміз, күтеміз.

Әлгіндей деп орысын көкке бір шығарып, бүл мәселеде Пушкинді өзіне серік етіп алған ұлы Достоевский, "Қылмыс пен жазаны", "Нақұрысты" т.б. классикалық шығармаларды берген Достоевский, бұрынғы "өлі үйдің" тұтқыны енді былай деп ақтарылады: "...болашақтың шалымды орыс адамдары бір кісідей нағыз орыс болудың қалай екенін түсініп қалды. Яғни, европалық қарама-қарсылыққа үзілді-кесілді бітуажа ағайындылығын енгізуге ұмтылу, европалық жабырқаудан шығудың жолын өзінің бүкіл адамзатшыл, бәрін қауымдастырушы орыстық жан-дүниесімен көрсету, оған біздің барлық қандастарымыздың бауырмалдығын енгізу, ең ақырында мүмкіндігінше, тайпалардың ұлы жалпыға ортақ үйлесімге ие, ең ақырғы бауырластық соңғы сөзін шығарып алу..." Паһ, жарықтығым- ай, айтудай-ақ айтқан емес пе?! Ол сол сөздерді көзіне жас алып тұрып, үлкен қошемет астында айтып тұрғанда Каспий сыртындағы шөл далада орыстың қара құрым әскері езге шарасы қалмаған соң барып, Адай берген ат, түйеге аяқ артып, артынып-тартынып еріндері кезеріп, патшаларын көктегі құдайымен қоса боқтап, қарғап-сілеп түрікмен кұмының төріне қарай шұбап келе жатқан еді. Астанадағы орыстардың ендігі бір тобы миллиондаған шаруаларға бостандық берген "азат етуші" II Александр патшаларын өлтірудің қамына жанталасып жатқан. Алдағы ғасырдың басында сол орысты екі төңкеріс, екі соғыс, патша тағының күйреуі нәтижесінде бүкіл елдің еркін сайда саны, қырда ізі жоқ алаяқ жүліктердің басып алып, империяның мойнына коммунистік құлдық қамытын кигізу күтіп тұрғанын ол уақытта Достоевский, әрине, білген жоқ. Сол сияқты өзі құлай сенген орыс халқының тарих берген ұланғайыр мүмкіндікті пайдалануға қабілетсіз, әлемге тұлға, үлгі өнеге болу түгілі өзінің бас амандығын күйттей алмайтын халық екендігін, оның біржола баяғы хазарлардың құрып біткен қайырсыз жолына аяқ басып үлгергенін де білген жоқ. Сөйтіп орыс халқы ұлы жазушысының ұлы сенімін талақтастады, аяқ астында таптады. Сөйттік-ау деп ұялыс тауып, тәубесіне келіп жүрген орыс та, орыс халқы да жоқ. Қашан болары тағы белгісіз.

Орыстар, Россия, КСРО державасы тарих сахнасынан өздігінен кетпей, әсіресе Орта Азияның тілі, діні, тілі бір тағдырлас халықтарын да киын жағдайда қалдырды. Мұндағы саяси жағдай бәз баяғы қалпына кайта құлдырады. Тіпті одан да күрделі жағдайға түсті. Баяғыда мұнда тек орыс пен ағылшын мүдделері ғана тоғысса, енді өлі арыстанның терісінен үміткер тіпті коп. Алпауыт АҚШ, онымен ымы да, жымы да бір Англия, қысық көз Қытай, ылдым-жылдым Жапония, түнінің түндігін әлдеқашан көз көрген Түркия, дербес саясаттың иін қандырған Иран, ең соңында ежелгі қоңсы — өлең өрісін әлі бізден іздеген, дәндеген жеріне басы бұрыла беретін Россия. Бүл және құпия болудан қалды. Әлемдік қауымдастыру институтының басшысы М.Децкин: "...Біз Орта Азияға ғана бара аламыз. Украина, Белорусия, Молдавияға, Кавказға да — бір сөзбен айтқанда Чубайс өзінін "Либерал имперализмімен" құлаш ұрып бұрып отырған ТМД елдеріне емес, сондай-ақ Прибалтикаға да — оған бізді саяси тұрғыдан ешкім жібермейді, онда АҚШ пен Европа, олар әр нәрседе алауыз болғанмен біріге кетеді. Ал енді Орта Азияда болса - есік ашық" ("Завтра" №42, 2003) Міне, әлемнің жартысы аран құрсағына жұғын емес қауымдастық деп аталатын ендігі бір алпауыттың тәбеті осындай.

Бір кезде Орта Азияның Европаға қараған қақпасы Батыс Қазақстан өңірінде болып еді. Енді сырттан келер жаңа отарлаудың айқара ашық қақпасы сол болғанда Маңғыстау оның босағасы да, табалдырығы да. Әскери тілмен айтқанда аванпост, плацдарм, тірек Маңғыстау, бір сезбен айтқанда, баяғы Исалар атқа мінген кездің кебімен қайта қауышты. Ол кезде де әлемдік отаршыл державалар (Россия, Англия, мүдделері теке тіреске түсе келіп дәл Маңғыстауда түйісіп еді. Бүл жолы да дәл солай және олардың саны өте коп. Маңғыстау ол кезді де өзінің сыртынан саудаға түскенінен хабарсыз қарсы алып еді, бүл жолы да солай болды. Әбжылан алдындағы қоян әуелі құлағын жымып жатып-жатып ақырғы сәтінде ажал аранына өзі жүгіріп барып қойып кетуші еді ғой. Біздің мүшкіл халіміз дәл сол қояндай болды да шықты.

Бізге формация атаулы өзгенің еркімен сырттан таңылып, телінуіне байланысты оның қай қайсысын да дайындықсыз қарсы алып едік. Капиталистік қарым-қатынасқа айырбас саудасына ғана жарайтын мал мен оның жүн-жұрқа, тері-терсек өнімімен келдік. Бір тәуірлігі ол уақыттың басында өріс оз қолымызда болды. Жер тайпалық меншік ретінде қолымызда тұрды. Иса-Досан бастаған халықтың бұлқынысы сол иеліктен айрылмау жолындағы соңғы тұяқ серпу еді. Қалыпты өркениет, дамудың қалыпты заңдылықтарына атымен қарсы социалистік қоғам күтілмеген жерден келген нәубет болды. Бүл ел баяғы "Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұламадан" соңғы зауалды содан көрді. Тарихқа "Адай көтерілісі" деген атпен енген 1931 жылғы көтеріліс қызыл отаршылдыққа қарсы халықтың соңғы дәрмені. Ерлер рухының, Исалар рухының бой жасауы. Амал не, ол жеңіске жете алмады. Көтеріліс ел үшін апатты трагедиямен аяқталды. Түбектің тұрғын халқы басқа жаққа босып кетті, аштықтан қырылды. Өзге жерде халықты Сібірге айдап қырып азапқа түскен Кеңес үкіметі Қазақстан, оның ішінде бұл елден оңай құтылды. Қазақтың бірден бір күнкөріс көзі малын алып еді. Өз өзінен қырылды. Бұл жерде большевиктер отаршылдардың Америкадағы бизондарды кұртып барып жергілікті үндістердің аштықпен түбіне жеткен әдісін қайталады. Сол киын кездің өзінде елім деген ерлер тығырықтан шығар жолын іздестіріп бағыпты. 1932 жылдардан соң, Маңғыстаудың интеллигенциясы Түрікменстанға барып бас сақтаған еді.Түрікменстандағы басшы қызметтердің дені солар қолында болды. Республикадағы тұңғыш өнеркәсіп Қарабұғаздағы сульфат тұзын өндіретін комбинатта 98 пайыз қазақ қызметкерлері мен жүмысшылары еңбек етті. Облыс орталығы Красноводскіде қазақша педагогикалық училище ашылды. Қазақша "Жүмысшы" газеті шықты, Халық театры жұмыс жасап тұрды. Амал не, 1920 жылы Тобанияз бастаған серкелер күшімен Маңғыстауға қоса Красноводскіге дейін Қазақстанға өткен ол жерлер Бекдашыдан бері 40 шақырым жерден межеленіп Түрікменстанға берілді де кетті. Оның ешкімнің келісімінсіз жасалғаны соншалық, жер иесі қазақ тіпті хабарсыз қалды. Бір күнде өздерінің Түрікменстан азаматы болғанын ғана естіді. Түрік көтерілетін заман келмеске кеткен. Оны бәрі біліп болған. Енді күрестің демократиялық жолына көшкен ұлтжанды ағаларымыз қол қусырып қарап қала алмаған. 1936 жылы "Қарабұғаз сульфат" тресінің директоры, 1917 жылдан ВКП (б) мүшесі Яков Генрихович Рубейнштейннің қолы қойылып ВКП(б) Орталық Комитетіне хат жазған. (Ол хаттың маған мәтінін тауып жариялау егемендік алған соң ғана мүмкін болды).

Хатта 1926-1936 жылдар аралығында бұрынғы Адай уезіндегі адамның 300-350 мыңнан 25 мыңға, 1,5 миллион малдың 26 мыңға кемігені ашық жазылады. Өңірдің тарихи байлықтарына шолу жасалып, оны барлап игеру қажеттілігі көрсетіліп, үлкен экономикалық өрлеу болашағына талдау жасалады. Солай талдай келіп жергілікті тұрғындары Адай казактарынан тұратын Қазақстанның Адай уезі мен Түрікменстанның Красноводск уезінің негізінде РСФСР-ға тіке бағынатын дербес Адай республикасын құру қажет екендігін дәлелдейді. Оның тез арада өркендеп өсіп, Одақтағы гүлденген республика болатындығына сендіреді. Рубейнштейн қаншама сұңғыла дегенмен жергілікті жер жағдайына шорқақ. Оның артында тұрған кеңесшілері, сөз жоқ, Адай интеллигенциясының өкілдері. Бұл кадамға барғанда олар сесператистік пиғылда болды десек қателікке ұрынамыз. Олар ең алдымен елі мен жерінің патриоты ретінде мәселеге сол кездің жағдайы, экономикалық мүддесі тұрғысынан келіп отыр. Және астарында үлкен саясат та жатыр. Одақ құрамында екі қазақ республикасы болса, асықтың алшы тұрғаны емес пе?! Шіркін, мәселе олар ойлағандай шешілсе, бүгінде әлемдік таразы басында де екі қазақ мемлекетті тұрар еді ғой. Амал не, мәселе Түрікменстан мен Қазақстан тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Олар ОГПУ-дың жазалау диірменін іске қосты. Я.Г.Рубинштейн өз пікірлестері ғалым, геолог О.Тұрмағанбетов, Түрікменстан басшылары ағайынды Оңғалбаев, ТурЦик төрағасы Н.Айтаков, Саратов заң университетінің түлегі З.Қосымов, тағы баска Түрікменстандағы казак интеллигенция өкілдерімен бірге Ашхабад түрмесінде атылды. Ол онымен тынған жоқ. 1931 жылғы көтерілістен соң Адайға деген өштігі қозған, сенімі жоқ кеңестік органдар бүл оқиғаны желеу етіп, Түрікменстан мен Маңғыстаудағы казактың бас көтерерлерін Рубинштейн тобына жапқан Алашорда, халықаралық имперализмнің итаршылары, кеңестік құрылыстың зиянкестері деген жаламен айыптап жүздеп, мыңдап атты, концлагерге тоғытты. Қазірге дейін ашылмай жатқан Адай елінің азаматтарын басшы кызметке қоймау туралы құпия қаулының алынуына да осы жайт себеп болды. Аталған қаулы Маңғыстау облысының басына марқұм Саламат Мұқашев келгенше күшінде тұрды. Адайларда оқшаулану пиғылы бар деген қанқуды әлі естумен келеміз. Бұл казактың бірлігіне нұқсан келтіретін сөз. Оны айтушылар сонысымен ұлттың тұтастығына қарсы жұмыстанатынын білмейтін көрсоқыр ағайындар. Егер бұл ел шынында қазағынан ірге бөлгісі келетін ойда болса кеше Кеңес үкіметі бір күнде қираң ете түсіп Одақ тараған кезде шідер үзер еді ғой. Себебі Адай уезі 1920 жылы Кеңес үкіметінің декретімен қосылды Қазақстан құрамына.

Ол үкімет құлаған соң ол декрет автоматты түрде күшін жойды. Жоқ, ел оған барған жоқ,. Қайта Қазақстанның біртұтастығы жолындағы іс-қимылдың алдыңғы шебінен шыға келді. Алдыңғы кезде де ел бірлігіне төнетін қауіп болса, алдымен соған Адайдың, тосқауыл болатыны ешкімге шүбә келтірмеуге тиіс. Өйтетін себебі бұл ел осы жерді қасықтай қаны қалғанша қорғап, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен ұрпағына табыстап кеткен Шотан, Сүйінғара, Төлеп, Құлбарақ, Балуанияз сынды батырларының рухына адал, Иса, Досан, Сүгір, Ермембет, Тобанияз, Жалау сынды көсем серкелерінің сеніміне селкеу түсірмейді, казактың атынан айнымайды.

Патша үкіметі тұсында Г.С. Карелин аузынан бұл Адай "қорғау" атанды. Ф.Ф. Берг қарақшылар сапына апарып қойды. Ең ізгі тарихшы, этнограф делінетін П.П.Небольсиннің өзі "тынымсыз", "ұрыншақ" деген бағасын беріп тынды. Солардан өзінше қорытынды шығарған патша үкіметті елден тұрақты әскер ұстаудан ат-тонын ала қашып безді. Кеңес үкіметінен көрген құқайдың зардабынан әлі арылып болған жоқпыз. Бұл қызыл үкіметтің біздегі жеңісі зорлығына көндірді. Бірақ қорлығына көндіре алған жоқ. Соның айғағы Желтоқсан оқиғасының Маңғыстаудағы жаңғырығы — аты шулы 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы. Ол — елде әлі бабалар рухының барлығын, тамырда ата қанының ойнайтындығын дәлелдеді. Демек ендігі жерде қаңқудың да, шаншудың да жолы кесіледі. Ырғынына ұңғы бойлап, ұлтаны сөгіледі. Мемлекетіміздің ішкі саясаты осыны мықтап ескеруі тиіс.

Саясаттың қашан да күрмеуі қиын. Ол заман жаңғырған сайын жыл санап күрделене беретініне де көзіміз жетті. Дегенмен ол қаншама жалына қол апартпаймын деп тарпан бола түскен сайын түгел сөздің түбі сияқты төркіні бір болып шыға береді. Соның барлық халыққа ортақ, оның ішінде қазір сату, сатпау мәселесінде екі ұдайлыққа келтіріп дау туғызып отырған бір негізі жерге катысты.

Жер тақсыретін тартқан елдің бірі халқы тығыз Германия. Халықтың осы осал жерін дөп басқан Гитлер жерді алып сатуға қарсы заң шығарды. Фермердің 125 га. жері ұлттық байлық деп жарияланды. Оны бөлуге, сатуға, борыш үшін тәркілеуге (егер иесі келген жағдайда) тиым салынды. Егер фермер келсе, оның жері ұрпағына, тумаластарына мұраға берілетін болды. Нәтижесі не болды дейсіз ғой? Ауыл шаруашылығының өнімділігі бірден артты. Соғыс кезінің езінде Германия армиясының азық түлікке қажетінің барлығын дерлік ез есебінен өтеп отырды. Тельман Гитлер үкімет басына келісімен "Гитлер дегеніміз — соғыс" деген болса, ол Гитлердің халқына ендігі жерді езге елді жаулау арқылы алып беремін дегенін естіген соң айтылған тұжырым. Гитлер осы жер саясатымен-ақ ақылды, бейнетқор неміс халқын соңына ерте алды. Неміс армиясы Қызыл армиядан барын салып қорғанып, батыс майданды ашық - тесік тастауы большевиктер басып алған жерде жерге иеліктің жоғалатындығын білгені.

Ал біздің қазақ әлдеқашан-ақ жер қадірін білген халық. Білмесек, біз осыншама ұлан ғайыр аймақты иеленіп қала алар ма едік? Қазақ жер үшін тіл безеген. Иса сонау ала қырда ат сабылтып омақа үйдіріп, шекара белгілегенде артындағы ырғындай елінің ертеңін қамдады. Ерменбет екі етек болып жалғыз Итібайдың құдығының дауына барғаны да сол үшін. Мәтжанға Хиуа ханынан Хан жапты сұратқан да сол қам. Тобанияз да ата мекеннің ұлтарақтай жері үшін талай топқа түсті. Тек Тобанияздығымен Маңғыстауды қазағының қара шаңырағының астына әкелді. Ендеше сол Әуіз ата мекен, баба күлдік, Жер ананы шүршітке, ағылшынға, тағысын тағыға жалға беріп немесе жат жұрттың шылауында қалтасын қампайтқан әлдекімге сатсақ әруақ кешпейді, қарғыс атады. Келешек ұрпақтың көз жасына ана дүниеде шомыламыз.

Қалам ұстаған кісіге де қазымырлық жараспайды. Ол үшін де бүл қадірсіздікке апарар жол. Біз Исекеңнің бар қыры мен сырын қал-қадарымызша түгендеп, түстеп кетсек, оны қажеттілік деп тапқанымыз. "Құдайдай адам керек қой, құдайы жоқ мына заманда" деп еді ғой кешегі бір кезде Қадыр ақын әдебиетіміздің абызы Әбу Серсенбаев ағасына арнаған өлеңінде.

Экономикасы күйреген, тұрмысының көбесі сөгілген, көз үңірейген, жұмыссыздық, ұрлық-қарлық, парақорлық, маскүнемдік, нашақорлық, көзбояушылық жайлаған, басшысы бассыз, қосшысы атсыз, заңы жарымжан, оның жанкүйері деген сот, полиция, прокуратурасы жантық, жарапазаншысы - баспасөзі тантық, алты бақан алауыз, күшігі иесін қапқан, иті қожасының қоймасын қаққан, ақсақалы дуана, зиялысы дәруіш мына бір алмағайып кезде, қайран Исеке Тіленбай баласы-ай, қадірін өтті ғой, өтті! Бізді осындай халге жеткізген 70жыл бойы сол Исалардың қадірін білмей кеткеніміз ғой! Әр ұлыстың Исадай ұлысы болғаны дүйім қазақтың ырысы, Тобанияздар — тобасы, Мәтжандары Мәтібиі, Тілегендері — Тілеуқоры, Құлшықтары — Құты екен ғой. Туырлығы жоқ тұл үйге айналу алдына таяп-ақ келіп қалғандаймыз ба немене?! Құдайым оның бетін аулақ қылсын! Еңсені енді тіктемесек кеш қалуға айналды. Қазақтың бір соры қашанда бармағын кеш тістеуі еді. Ендігі опықта байлаулы қолдың бармағын аузына да жеткізе алмайсың, жеткізсең де тісің жоқ қызыл иегіңмен қайзалап қаласың, қазақ.

Осылай дегенге оғаш, оқыс ойлап қалмаңыз, оқырман қауым. Ашынғаннан шыққан ащы дауыс осындай болады! Ащы дауысымыз болғанмен тілі жоқ. Өзімізге өзіміздің өкпе, нала - өткінші. Ол заңды да. Өйткені жалғыз казак емес, өркениетті халықтардың көбі де қапелімде абызының қадірін білмей қалған қапыдан ада емес. Ұлы грек халқы ұлы Периклінің бағасын Перикл бақилық болар сәтте ғана біліп, көз жастарын көл қылған. Француз жұрты ұлттың мақтанышы, айбыны, айбары генерал, президент Шарл де Гольдарының қадіріне бір рет көзі тірісінде жетпей бас бармақтарын тістеді. Орыс кеңестік кезде Булавин, Разин, Пугачев сияқты ант атқан, құдай ұрған қарақшыларының атақтарын аспандатып, ұлттарының шын қамқорларын ұмытып кеткендеріне ұялысы тауып жүр қазір. Демек "ештен кеш жақсы" үрдісі тарлан тарихқа да шетін емес. Жоғалтқанын тапқан тарих — кемелденген тарих. Айдын дарияда ескексіз қайықты кеме алмастырғанның кебі. Біз дәл сол кезеңге енді келдік. Ендеше Иса Тіленбайұлы сынды туып бір кеткен дарабоз, өз заманының заңғары, ұлысының ұраны болған ұлан ұлының төрге озар сәті туды. Оны, оларды тануымыз елдігімізге табынудың басы.

Сол бастау сәтімен, аяғы қайырымен болғай деп тілейік.

Автор осы еңбектің жазылып жарық көруіне атсалысқан азамат Рахман Исаев, фотограф Талғат Айсағалиұлы, ғалым Жанбибі Дүйсенбаева, компьютерші суретші Айтбай Құлбай, тағы да басқа көптеген жанашыр, тілеулес, батагөй достарға шексіз алғыс сезімін білдіреді. Кітапқа демеуші болған атпал азамат Қошақбай Басшыұлы Төлесовке оқырмандарының алғыс, ақ тілегін жеткізеді. Қошақбай інім, Иса атаң әруағы жар болсын деймін тағы!

ҚОСЫМША №1

ЖАМАНҒАРА

(ӨТЕБАЙ)

Жамбоздың бес баласының кішісі — Жаманғара;

Жаманғара руынан замана бел-белесінде еліне танымал, сыйлы ақсақал, азаматтары өткен. Би атаТілеп, алып күш иелері Телемген мен Шорбас, қайырлы бай, қайырымды мырзалар — Амандық, Сатыпалды, Мықтымберді, Қосуак, Есенгелді, Сүйішбек, Батырбек, Жарастар мен "Көкжар" жәрмеңкесінде Үшананың қасқасы мен жайсандарының таңдауына жарап, талай рет талмай шүлен тарқатқан Шақыр Нұржақыпұлы, елінің намыс туын биікке көтерген палуан Сүйішбекұлы Ниязбайды үлкендер жағы сүйіспеншілікпен әлі әңгімелейді.

Әсіресе, патшалық Ресейлік темір ноқтасына, еселі езгісіне (жеңсіз берен киініп, бір Аллаға сиынып) қасқайып қарсы шыққан әрі көсем, әрі аруақты батыр, көшелі боп Иса Тіленбайұлы, оның інісі Орақ Тіленбайұлы, Мошан Мысаұлы, Жаманғараұлы Амантұрлы батыр, тағы басқалары туған жердің төсінде, қилы заман кешінде қиялай жорытқан тарихи тұлғалар еді. Сол аяулы аталардың кейінгі ұрпақтары осы уақытта тамырын тереңге жанған бәйтеректің сан тараулы саялы бұтағындай еліміздің әр өлкесіне тараған.

Бүл күнде аталар мен әжелерінің аруақты абырой атақ даңқын төмендетпей жүрген жұрағат тұқымдары баршылық. Жаманғара ата "Сисем атада" жерленген, жебелі қамы Жанайұлы Қожаназар тамының күншығыс қасында түр. Телемген, Көтембай, Сүйінбек, Жарас сияқты белгілі тұлғаларға қойылған ескерткіш тамдар да сол "Сисем атада". Ал, Алданазар, Шорбас, Сатыпалды, Мақтымберді, Әліш, Орақ, Құлбарақ, Бекен, Ұшқанбай, Ниязбай, Көшек, Отаралы, Телес тағы басқалары "Алаторпа" қорымында жайланған. Сарыарқаға кешіп жүріп жайланған "Қайнар", "Сағыз", "Караколдеу", "Боранқұл" жерлеріндегі қауымдарында қалғандары да бар.

Иса Тіленбайұлы Ресей патшалығының езгісіне қарсы Маңғыстау шаруаларының көтерілісін бастап бес жыл кескілескен соғыста жеңіліске ұшыраған соң Фортта кепілдікке ұсталған пікірлестері мен тумаластарын тұтқыннан босатып алу үшін езі аяғынан келіп уезд басқармасына берілген. Сол кездегі патша саясатшылары Иса Тіленбайұлының ісі туралы Ресей патшасына арнайы хат жолдап хабарлаған. Патша Исаға кешірім жариялаған.

1873 жылдан бастап, өмірден озғанша Иса Тіленбайұлы уездің №2 Түпқараған болысын басқарған. Иса ата аруақты батыр, әділетті би болуымен қатар, ақын, ит жүгіртіп, кұс салған саяткер, аса мерген болыпты. "Жағал ат", "Шағадам Қоңырат" сияқты жүйріктерді жаратып, баптап, талай аламан бәйгілерден келтіріпті. Өзі бай болмаса да, бәйгі сыйлықтарды алмаған, өзгелерге үлестіріп берген. Иса ата "Алаторпадағы" "Сарықыз" қорымына жерленген. Бұрынғы биік төбелі тамы көнеріп, 1993 жылы Қазақстан үкіметі қолдауымен ауылдың ағайын туыс азаматтары еңселі төбелдірікті — там салды. Бүл қорым мемлекет қорығында.

Атаның Нұрмағамбет деген баласы суырып салма ақын, оның баласы Дәулетбай емші болған.

Екінші бір баласы Нұрберген — ел ұстаған, сөз ұстаған, әкесіне кандидат болыс болған, кешелі би, білімді екен.

Түбекте кеңес үкіметін орнатуға келген Әліби Жанкелдин Қаратөбе съезінде Исаев Нұрбергенді ревком төрағасына ұсынған. Бірақ, Нұрберген Әлібиге "Әкем Иса 40 жыл болыс болды, өзім кандидат болыс болдым. Ертең-ақ менен бұрын сені патша болысын ревкомға қойдың деп жазалайды. Үкімет жарлы халықтікі екен, олай болса бүл орынға Тобанияз Әлниязұлы лайық", — деп ұсынған екен. Нұрбергеннің сондағы айтқаны он үш жылдан кейін дәл келді. Маңғыстаудағы "Адай көтерілісінің" себептерін өздерінен өзгеден іздеген "шолақ белсенділер" патшалық кезінде кызмет атқарғандар мен молдаларды жинап ұстатқанда Нұрберген де қалмаған.

Ол 1931-1932 жылдың қысында 53 жасында Атырау түрмесінде өлген. Сонда оған тағылған кінәнің бастысы 1918 жылы Тобанияз Әлниязұлын "хандыққа" ұсынды делінген.

Исаның бір баласы Кемелхан да дәуірінің белгілі азаматы болған. Сейітқазыұлы Смағұл ескіше сауатты, оған қоса екі кластық орыс мектебін бітірген. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Адай уезінде «Қосшы одағын» басқарып, елдегі ауыл кедейлерін бірлесіп еңбек етуге, олардың еңбек ақысын басқа әулетті топтың қанауын болғызбауға аянбай еңбек еткен.

Ол Мыңбаев Жалаудың кезінде Қазақстан атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметінде болған. Оның інісі Сейтқазиев Әйіп Әліби Жангелдин отрядында Маңғыстаудан Шалқарға дейін барып, қазақ атты әскер полкында болып, Мәскеудегі атты әскер парадына қатысқан санаулы казак сарбаздарының бірі.

Иса атадан тәрбие алғандардың бірі Алдаберген Жақсылықұлы бірнеше сайлауда атаға кандидат болыс болып, еліне танылған азамат екен.

Жанпейіс ата кезінде өзі күй шығарған сазгер екен. Тілеп-ата Жаманғараұлы Үшананың баласына билік айтқан, бір баласы Алданазар басқыншы жауға қарсы талай соғысып, есе жібермеген батыр. Кеңес үкіметі орнап, елді кеңестендіру кезінде Тұщыдық өңіріндегі кедейлердің «Қосшы Одағын» Сүйішбекұлы Көшек басқарған. Ұшқанбайұлы Отаралы елдің жағдайын, жұтқа ұшырағандардың жайы, оларға керек көмекті сұрастырып, үйлестіруші болып есеп-санақ жұмыстарын жүргізген.

Қуанышбеков Сәркен Тұщықұдық ауылдық кеңесін басқарған. Иесіне өз малын сойдырмайтын, саттырмайтын "шолақ белсенді" белең алған аса ауыр кезде ауылдық кеңес аумағында арызданып күйзеліп келген адамдар Сәркеннен анықтама рұқсат алып малын сойып жеген, киім-кешек үшін Форттың базарына сатқан. Бірақ, жаманшылықтың жаны сірі ғой, Сәркенді тойымсыз "шолақ белсенділер" домалақ арызбен жалалап жұмысынан түсірген, тек кінәсі жоқтықтан ғана аман қалған. Колхоз басқарғандардан Жақсылықов Кенже, Айтманов Табылған, Ниязбаев Күлмехан, Сүйішбекұлы Көшек, Ұшқанбайұлы Отаралы, Бекенұлы Бердіғали, Айтманов Есқали, тағы басқалары болған.

Ниязбаев Жұмақан, Алданазаров Төлеген, Шорбасов Тілеген, Балмағанбетов Итібай, Сүйішбеков Самархан, Ноғаев Болатбай және басқалары есепші-экономистер еді.

Мал өсіру шеберлерінен тек Қойбағаров Оразатты айту жеткілікті сияқты. Ол 1939 жылы және 1941 жылы екі рет Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы болып, күміс және алтын медаль иегері болды. Еліміздегі бұрын болмаған ауыртпашылық алып келген Ұлы Отан соғысына Жаманғара ауылының жігіттерінің сексеннен астамы аттанып, неміс фашистерімен жан аямай "не өмір, не өлім" деп арпалысқа түскен. Солардан тек отызға жуығы елге оралып, елуден астамына топырақ жат жерден бұйырды. Соғысқа үйленбей кеткендердің артына ұрпақ қалмай, шаңырақтары құлады. Соғыстан аман оралғандардың көбі қазір о дүниелік болды.

1942 жылы алғашқы ұрыстарға катысып шаһит болғандардан "Қара қағаз" келе бастағанда, "Арпа" колхозында төраға болғандықтан брондаулы Ниязбаев Кемелхан соғыс құрбандары - боздақтарды олардың артында қалған қаураған ата-анасына, аяулы жарына, іні-қарындас, бауыр еті балаларына естіртіп жүргеннен, солармен бірге соғыста болуды қалап, басын оққа байлап, езі сұранып соғысқа кеткен, содан қайтпаған. Аман келгендердің көбі жаралы, жарымжандар еді.

Жеңістен кейін жетіскен ұрпақтардан оқып, жоғары білім алып, еліне пайдалы қызмет атқарғандары көп.

Түбектегі тұңғыш заңгер — Құрмашев Жабағы, мал маманы дәрігерлері — Табылғанов Тоқсан, Айтыманов Кенжеш, Көшеков Төлесін, Отаралиев Еламан, Сағашев Көбеш, Жоламанов Дүйсенбек; энергетик — Самарқанов Жалғасбай; инженерлер — Жаймағанбетов Болатбай, Нұғыманов Сисенбай, Шалабаев Әбіш, тағы басқалары; Жанбыршиев Әбіл, Ергенбаев Марат, Сарғожаев Дүйсенбек — заң - тәртіп сақшылары; Әбілов Дүйсеке, Жұмабай, Қырышбаев Ердәулет, Бердәулет, Айтманов Берікбай — теміржол инженерлері, тағы басқа оқытушы, мұнайшы, машина жасаушылар — Кемелханов Азанбай, Нұрбергенов Нүсіпқали, сауда саласы сияқты халық шаруашылығының әртүрлі бағыттарының мамандары өсіп жетілді. Олар тиісінше елінің құрметіне бөленуде.

Жаманғара.

Жаманғарадан — Телемген, Тілеп, Көтенбай, Тілеміс, Есенгелді, Тіленбай, Амантұрлы, Бектұрлы;.

Телемген.

Телемгеннен — Амандық, Алдаберген, Жапар, Тақан, Шәмпік, Жанпейіс, Жолмағанбет, Ізмағанбет, Қожамбет, Аманжол;.

Амандықтан — Қосжан, Бекен, Сарай, Құлшыбай;
Қосжаннан — Балмағанбет, Айбас;
Балмағанбеттен — Итібай;
Бекеннен — Жақсыбай, Жүзбай, Қоржынбай, Жарқынбай;

Жүзбайдан — Оңайбай;
Құлшыбайдан — Жылкелді, Шандыбай;
Жылкелдіден — Артықбай;
Артықбайдан — Нұрғожа;

Шандыбайдан — Орынбай, Жеңіс, Кеңес;
Орынбайдан — Нұртуған;
Жеңістен — Ербол, Ерлан;
Алдабергеннен — Құрманияз, Есжан, Көпжан;

Жапардан — Жұбай, Жұбан;
Жұбайдан — Қибас;
Жұбаннан — Ағыс, Дабыс;
Ағыстан — Қойлыбай;

Қойлыбайдан — Орынғали, Кенжеғали;
Дабыстан — Қайырбай, Жәрдембай;
Қайырбайдан — Бақыт, Балтабек, Нұрлыбек, Қази, Қарасай;
Балтабектен — Жалғас;

Нұрлыбектен — Айбат, Ғизат;
Қазидан — Қамзат;
Шәмпіктен — Маңғыбай, Таңғыбай;
Таңғыбайдан — Төлеген;

Маңғыбайдан — Наурыз;
Жанпейістен — Айтмағанбет, Зейнеп, Меке, Сарықожа;
Айтмағанбеттен — Саламат;
Саламаттан — Нұртай;

Нүртайдан — Файзулла, Мұратжан, Нұржан, Мейрамбек, Нұрлан;.

Мекеден — Сухамберді;
Сухамбердіден — Берекет;
Берекеттен — Ермек;
Сарықожадан — Нұрсұлтан;

Нұрсұлтаннан — Дүйсенбек;
Дүйсенбектен — Бауыржан, Жандос, Жұмажан;
Бауыржаннан — Досан, Абылайхан;
Жолмағанбеттен — Аралбай, Алшынбай;

Ізмағанбеттен — Қайырхан;
Қайырханнан — Төлесін, Аманғали;
Аманжолдан — Құлбас;
Құлбастан — Тұраш;

Тілеп.

Тілептен — Алданазар, Нәубет, Мәмен, Бабан;
Алданазардан — Қоңырбай, Шорбас, Олжабай, Үдербай;
Қоңырбайдан — Жылкелді, Төлеген;
Жылкелдіден — Орынбасар, Бейсенбі;

Орынбасардан — Бақыт, Темірбек, Әлібек;
Бақыттан — Бағдат;
Темірбектен — Райымбек;
Бейсенбіден — Бауыржан, Ержан, Ерлан;

Төлегеннен — Қуан, Бекбасар;
Бекбасардан — Әмірбек, Айбек;
Әмірбектен — Мүбәрәк, Расул;
Шорбастан — Ноғай, Тілеген;

Ноғайдан — Қанатбай, Болатбай;
Болатбайдан — Жамбыл, Байбақты, Асқар, Абай;
Абайдан — Нұрсұлтан;

Тілегеннен — Сырым, Аралбай, Мұқит, Қуанышкерей, Бақтыгерей, Сұлтангерей, Нұрлан;.

Сырымнан — Асылбек;
Аралбайдан — Ақылбек, Сәрсенбек;
Мұхиттан — Қадірбек;
Бақтыгерейден — Нұржан, Ержан;

Сұлтангерейден — Мұханбет;
Олжабайдан — Аққұл, Ораз, Өтеп;
Аққұлдан — Дүйсенбай;
Дүйсенбайдан — Нұрбай;

Нұрбайдан — Руслан, Бақтыбай;
Өтептен — Доғдырбай;
Нәубеттен — Есенғұл, Мәмбетқұл;
Есенқұлдан — Шәкібас, Әнес, Әукеш, Сақаш, Әсет;

Шәкібастан — Намазбай;
Әнестен — Сартбек, Орынбек;
Орынбектен — Жәнібек;
Сартбектен — Бердібек, Өмірбек;

Бердібектен — Әскербек, Қошан, Ескелді;
Өмірбектен — Талғат, Абат;
Әсеттен — Жантоған, Аман;
Аманнан — Барақ, Мұрат, Бейкелді;

Байкелдіден — Көреғұл;
Сақаштан — Әбен, Өтеш, Көбеш;
Әбеннен — Іңірбай;
Өтештен — Қуаныш;

Көбештен — Олжас;
Мәменнен — Нұғыман, Телағыс;
Нұғыманнан — Жаңбырша, Әзіғұл;
Жаңбыршадан — Әбіл, Ұлықпан;

Әбілден — Айтберген, Есберген, Қозыбағар, Қожаберген, Құлынбек, Кенжеғали;.

Айтбергеннен — Асқар, Бақтияр, Нұрсұлтан;
Есбергеннен — Бақытжан, Серік;
Қозыбағардан — Бекболат, Аманбек;
Құлымбеттен — Момыш;

Кенжеғалидан — Момынқұл;
Ұлықпаннан — Ербол, Ерболат;
Ізіғұлдан — Сисенбай;
Сисенбайдан — Мейрамбек, Асқат, Серік;

Телағыстан — Қозыке;
Бабаннан — Байшағыр, Қостек;
Байшағырдам — Бәтуәлі;
Бәтуәлідан — Рамазан, Аман, Жоламан, Еламан;

Қостектен — Толтырбай, Шоқыбай;
Толтырбайдан — Найзабек;
Найзабектен — Бердіқожа, Қожан, Серік;

Көтенбай.

Көтенбайдан — Ерменбет, Қалманбет, Сүйішбек;

Ерменбеттен — Батырбек, Қуанышбек, Таласбай, Жарас;

Батырбектен — Аманқос, Төлес, Бөлекбай, Қонай, Айтыман, Кенесары, Бөпесары;.

Аманқостан — Қайнарқан, Жағабай;
Қайнарханнан — Құлынқара, Қызылқұл;
Жағабайдан — Қуан, Жұлдызбай;
Қуаннан — Нұрмұқан, Николай;

Төлестен — Қашаған, Басшы;
Қашағаннан — Орысбай;

Басшыдан — Әбубәкір (Таңғақ), Қошақбай, Қосымбай, Дүйсенбай;.

Әбубәкірден (Таңғақтан) — Жетібай, Мұрасбай;
Қосымбайдан — Ерлан;
Бөлекбайдан — Ақыбай;
Ақыбайдан — Оразай;

Қонайдан — Жұмаш, Әбдір;

Әбдірден — Айтбай, Елмырза, Беймырза, Бекмырза, Кенжеғали, Нұрлан;.

Елмырзадан — Мирас, Ілияс;

Айтыманнан — Табылған, Қонай, Шәпен, Есқали, Ерпан, Баша, Кенжеш, Рысбай, Тоян; Табылғаннан — Тоқсан;.

Тоқсаннан — Бексұлтан, Қайрат, Марат, Мақсат, Саламат;
Бексұлтаннан — Самат;
Қайраттан — Сахат;
Есқалидан — Бекқали, Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Жолды;

Бекқалидан — Аманбек;
Нұрсүлтаннан — Әбусейіт;
Ерсұлтаннан — Әлібек, Әділбек;
Жолдыдан — Айберген;

Башадан — Бақтыбай, Тұраш, Жоламан, Нұржан, Нұрлыбек, Болатбек;.

Тураштан — Тарқан;
Нұржаннан — Талғат;
Кенжештен — Сәбит;
Рысбайдан — Берікбай, Өтелген, Аманжол;

Берікбайдан — Арман;
Кенесарыдан — Нұрғалы, Досқали, Жұмағұл;
Нұрғалыдан — Аманбек;
Досқалидан — Жылқыбай, Жолды, Жауымбай, Нұрбай, Жаңабай;

Жылқыбайдан — Ербол, Мереке, Талғат, Болат;
Жолдыдан — Ерлан, Нұрлан, Серік;
Нұрбайдан — Бақтияр;
Жауымбайдан — Айтқали;

Жұмағұлдан — Берікбай, Тәңкебай, Шәудірбай, Өтеген, Аманжол, Есенжол;.

Бекбайдан — Есберген;
Тәңкібайдан — Берікжан;
Шәудірбайдан — Жадырасын, Жақсылық;
Өтегеннен — Ержан, Нұржан, Біржан;

Бөпесарыдан — Ісім, Ыбыраш;
Қуанышбектен — Шәукен, Сәркен, Мұзбай;
Шәукеннен — Ұзақбай;
Сәркеннен — Дәдел, Жыңғылбай;

Жыңғылбайдан — Сексенбай, Жолдасбай;
Сексенбайдан — Серік, Берік, Қанағат;
Жолдасбайдан — Қалдыбек, Райымбек;
Таласбайдан — Сарықұл, Жиенбай;

Сарықұлдан — Өтес;
Өтестен — Амангелді;
Амангелдіден — Нұрлан, Нұрым, Сырым, Дамир;
Нұрланнан — Бауыржан;

Нұрымнан — Жоламан;
Жарастан — Сағындық, Ішкен;
Сағындықтан — Дәулет, Имамәлі;
Дәулеттен — Мұрат, Қуат, Қанат;

Мұраттан — Әсет, Барақат, Саясат, Жақсығат;
Ішкеннен — Шайқы, Жаманқұл;
Жамақұлдан — Марат, Таңат, Ғизат, Саламат, Азамат;
Мараттан — Талғат, Жұмат;

Таңаттан — Бағдат, Сағадат;
Қалмамбеттен — Тайбек;
Тайбектен — Қылышбай, Боқай;
Қылышбайдан — Амалбай, Ережеп;

Амалбайдан — Таңатар, Есенқос;
Ережептен — Бердәулет, Ердәулет;
Таңатардан — Көңілімқос, Абай, Әсет;
Көңілімқостан — Дастан;

Есенқостан — Шапай, Шадияр;
Шапайдан — Сұлтанбек;
Шадиярдан — Бейнеубай, Руслан;
Бердәулеттен — Ғабит, Ғабиден, Мұқтар;

Ердәулеттен — Нұржан, Абзал, Руслан, Мейірбай;
Боқайдан — Жоламан;
Жоламаннан — Болат, Бисен, Мереке, Талғат;
Сүйішбектен — Үшқанбай, Ниязбай, Бәйсеу, Көшек, Олжабай;

Үшканбайдан — Отаралы;
Отаралыда — Жанғожа, Еламан;
Еламаннан — Серік, Берік;
Серіктен — Ержан, Ерлан, Біржан;

Ниязбайдан — Жұмахан, Күлмехан;
Жұмаханнан — Кенған;
Кенғаннан — Нұрлыбай;
Нүрлыбайдан — Самат;

Күлмеханнан — Өтепберген, Тілепберген;

Өтепбергеннен — Нұрқасым, Еркінжан, Өміржан, Әбілқасым, Әміржан, Теміржан;.

Нұрқасымнан — Сенімбек, Мейірбек;
Еркінжаннан — Рақымжан;
Тілепбергеннен — Жомарт, Есімжан, Алмаз;
Жомарттан — Бекасыл, Ерасыл, Атымтай;

Байсеуден — Мырзахан, Самархан;
Самарханнан — Жалғасбай, Қозыбақ, Маханбет;
Жалғасбайдан — Ырзабек;
Көшектен — Баян, Төлесін;

Төлесіннен — Балкасым, Есенжан, Ғалымжан, Темірхан;
Балқасымнан — Ермек, Әлібек;
Есенжаннан — Жәнібек;
Олжабайдан — Оңғарбай, Орысбай;

Онғарбайдан — Жолболды;
Жолболдыдан — Айдос;

Тілеміс.

Тілемістен — Сатыпалды, Мақтымберді, Қосуақ;
Сатыпалдыдан — Әліш, Бека;
Әліштен — Құрмаш, Мендіғұл;
Құрмаштан — Әбдіғұл, Барақбай, Жабағы;

Әбдіғүлдан — Тынымбай;

Тынымбайдан — Дүйсенбай, Сәрсенбай, Қабидолла, Сағидолла, Темірбек;.

Сәрсенбайдан — Дәуірбек, Еркебұлан;
Қабидолладан — Данияр;
Барақбайдан — Нұрлыбай, Сырлыбай, Балтабай;
Нүрлыбайдан — Өмірбек;

Жабағыдан — Нұрлан;
Бекеннен — Нұржан, Бердіғали, Телеп, Түрлаш, Төлебай;
Бердіғалидан — Дербіс, Амангелді (Меңке);
Дербістен — Тілеген;

Тілегеннен — Руслан, Асылан, Марлен, Ерлан, Ахметжан;

Амангелдіден (Менкеден) — Мәді, Мәсімхан, Бақытжан, Есімхан;.

Мәдіден — Бауыржан;
Мәсімханнан — Ғалымжан, Бекжан;
Есімханнан — Әлихан, Мәлихан;
Тұрлаштан — Төлеуіш;

Төлеуіштен — Батырхан, Темірхан;
Батырханнан — Батырбек, Мырзабек, Темірбек, Райымбек;
Мақтымбердіден — Шормық, Шәкім, Құлжүмыр;
Шормыктан — Демесін, Әлібай;

Демесіннен — Темірқұл, Тұрбай;
Темірқұлдан — Ордабай;
Ордабайдан — Еркін, Абай, Жанай, Аманбай;
Қүлжүмырдан — Баянқұл;

Баянқұлдан — Сағын, Ағын, Мақсым, Нүрбол;
Қосуақтан — Қиян, Төребай, Тобағұл;
Қияннан — Табын, Дағыстан;
Табыннан — Тәңірберген, Молдабай, Ордабай;

Теребайдан — Әлім, Майбек;

Әлімнен — Құдайберген, Алдаберген, Қыдырберген, Оразберген, Молдаберген;.

Құдайбергеннен — Марат, Болат, Набат, Қуаныш, Бауыржан, Талғат, Нұрлан, Тимур;.

Алдабергеннен — Арман, Руслан, одан — Әлішер;
Оразбергеннен — Алик;
Молдабергеннен — Мәлік;
Майбектен — Айса, Муса, Қожа, Мұрат;

Тобағұлдан — Бауалай;
Бауалайдан — Болатбек, Өмірбек, Макай;

Есенкелді.

Есенкелдіден — Мыса, Нұржақып, Қайралап, Тоқтар;
Мысадан — Мошан;
Мошаннан — Ергенбай, Жолдыбай, Қораз, Назархан;
Ергенбайдан — Сапар;

Жолдыбайдан — Қадір, Ербөлек;
Қадірдан — Болат, Марат, Берік;

Нұржақыптан — Шағыр, Боранқұл, Құбыкұл, Наурызбай, Сүндет;.

Шағырдан — Орынбас, Шоңқы;
Орынбастан — Әшір;
Әшірден — Мүлік, Жалғаубай, одан Мейіржан;
Мүліктен — Сағынжан, Ғалымжан, Әміржан;

Құбығұлдан — Шәди;
Наурызбайдан — Әлібек, Бисенбек;
Әлібектен — Атшыбай, Әуелбай;
Бисенбектен — Тоғызбай, Сағынбай, Сәрсенбай;

Қайралаптан — Демеген, Қойбағар, Жолдасбай;
Қойбағардан — Қаржаубай, Оразат;
Қаржаубайдан — Шерім;
Шерімнен — Аянбек;

Тоқтардан — Отарбай, Қосбармақ, Жайлаубай, Жаймағанбет, Ырлаубай, Құлбала;.

Отарбайдан — Мәтек, Ордаш;
Мәтектен — Аманқос, Өтеп, Амантай;
Ордащтан — Қуаныш;
Қосбармақтан — Жаманқұл, Қанат;

Қанаттан — Құлынтай;
Құлынтайдан — Бердімұрат, Құттымұрат;
Жайлаубайдан — Ізтілеу;
Ізтілеуден — Құрмаш;

Кұрмаштан — Есболат;

Жаймағанбеттен — Сеуле, Жұма, Қуандық, Сүйіндік, Қуатбай, Болатбай;.

Сәуледен — Сәрсен;
Сәрсеннен — Мұқтар;
Жұмадан —Кәкіш;
Куандыктан — Қойлыбай, Бақыт, Марат, Мұрат;

Койлыбайдан — Жомарт, Сұңғат;
Бақыттан — Дулат, Ержан, Ерлан;
Сүйіндіктен — Нон, Самат;
Ноннан — Дархан, Думан, Мейіржан;

Қуатбайдан — Айтжан, Сейітжан, Әлімжан;
Болатбайдан — Бауыржан;
Құлбаладан — Жантілеу, Күзембай, Аязбай;
Жантілеуден — Владимир;

Күзенбайдан — Ербол;
Аязбайдан — Серікбол;

Тіленбай.

Тіленбайдан — Иса, Құлбарақ, Орақ, Нұрлыбек, Сеңгірбек, Сейітқазы;.

Исадан — Нұрмағанбет, Нұрберген, Кемелхан;
Нүрмағанбеттен — Дәулетбай;
Дәулетбайдан — Өтеген;
Өтегеннен — Дүйсенберді;

Дүйсенбердіден — Руслан, Жасұлан;
Нұрбергеннен — Жолаш, Шүкіралы, Салық, Ағын;
Жолаштан — Өтеғали, Диханғали;
Диханғалидан — Тұрғанғали, Мақсат;

Шүкіралыдан — Мырзағали, Жолдығали (Жәкең);
Мырзағалидан — Нүсіпқали, Руслан, Асқат;
Нүсіпқалидан — Эльбрус;
Жолдығалидан (Жәкеннен) — Бақтығали;

Бақтығалидан — Нұр-Ата, Нұрсұлтан;
Салықтан — Жұмаш;
Жұмаштан — Теңел, Серік, Берік;
Теңелден — Жолболды, Нұрбол;

Серіктен — Ахат;

Кемелхан.

Кемелханнан — Әбдіғали, Исламғали, Махмут, Уәли;
Әбдіғалидан — Аманкелді;
Аманкеліден — Нұргелді, Ершат, Ербол;
Исламғалидан — Адай;

Махмутган — Ғабит;
Габіптен — Арман;
Уөлиден — Азанбай, Киікбай, Бөкенбай;
Азанбайдан — Нұрлан, Нұржан;

Киікбайдан — Мансур, Мәди;
Бөкенбайдан — Ерлан, Еркебұлан, Әнуар, Ардақ;

Құлбарақ .

Құлбарақтан — Тұсмағанбет, Сарықошқар, Қыдыр;
Түсмағанбеттен — Ізберген, Тасқынбай, Үмбет;
Ізбергеннен — Боранбай, Әлімбай;
Әлімбайдан — Бөкейхан, Қарақұл;

Бөкейханнан — Қарғабай;
Қарағұлдан — Нұрғабай, Нүрлыбай, Нүржаубай;
Нүрғабайдан — Бердіғали, Игілік;
Үмбеттен — Ермек, Бисен;

Ермектен — Шегем, Қырыкмылтық;
Қырықмылтықтан — Руслан, Жалғас, Жандос, Ақниет;
Шегемнен — Бағдат, Сұңғат, Ақжол;
Сарықошқардан — Демберген, Серік;

Дембергеннен — Әбу, Мұқан;

Мүқаннан — Жұмабай (Жұмағали), Сәбит, Ғабит, Аманғали, Айдынғали, Қуанышқали;.

Жүмабайдан (Жұмағалидан) — Елнұр;
Ғабитен — Шынболат;
Серіктен — Төлен, Бақыт;
Төленнен — Көлбай, Мықтыбай, Жылқыбай;

Көлбайдан — Амангелді, Қанат;
Мықтыбайдан — Қайрат, Айдос, Нұрдәулет;
Жылқыбайдан — Тарас, Жорас, Сұңғат;
Бақыттан — Бисенбай, Мүратбай, Мейірман, Роман, Марат;

Бисенбайдан — Қанат;
Мүратбайдан — Самат, Дулат;
Романнан — Медет;
Мараттан — Тоқтар;

Қыдырдан — Қайрош;

Қайроштан — Қосқұлақ, Қылыш, Қадырғали, Қуаныш, Жолболды, Есқуат;.

Қылыштан — Руслан, Ерсұлтан;
Қадырғалидан — Артур;
Жолболдыдан — Бекзат;

Орақ.

Орақтан — Ақбас, Сейілхан, Жайылхан, Нәбихан;
Ақбастан — Керекбай, Әли;
Керекбайдан — Жәңгір;
Жәңгірден — Бисекен, Сенбай, Қосқұлақ;

Сенбайдан — Мұрат;
Әлиден — Жаңбырбай;

Жанбырбайдан — Бекназар, Биназар, Байназар, Ақназар, Айназар, Құлназар, Бекшебай, Қуанбай, Дүмсебай, Кенжебай;.

Бекназардан — Нұрлан, Асқат, Самат;
Биназардан — Айтмұқан, Асқар, Берік;
Айтмұқаннан — Нұр, Сұлтан;
Байназардан — Талғат, Қанат;

Талғаттан — Баудат, Данар;
Ақназардан — Қайрат, Бекзат, Нұрбақыт;
Айназардан — Азамат, Саламат, Қазбек;
Құлназардан — Балғабай, Мерей, Асылбек;

Бекшебайдан — Парасат, Тұрар, Ерген;
Қуанбайдан — Нұржан;
Дүмсебайдан — Наурыз;
Кенжебайдан — Атымтай;

Сейілханнан — Шалабай, Өскінбай, Қызылғұл;
Шалабайдан — Түйеші, Ізқали, Әбіш;
Түйешіден — Мықтұрған, Төлеген, Байтұрған;
Мықтұрғаннан — Мұратбай, Лесбай, Айболат, Серік;

Төлегеннен — Балтабай;
Байтұрғаннан — Серікбай;
Қызылғұлдан — Сағынбек, Нүрлыбек, Бибек;

Ізқалидан — Құлынбай, Жақсыбай, Сәуірбай, Тәуірбай, Жексенбай, Көндібай, Сонабай;.

Құлынбайдан — Парасат, Игілік, Қозы, Шаттаныш;
Жақсыбайдан — Мақсат, Кеншілік, Біршілік;
Тәуірбайдан — Мұқтар, Сырым;
Көндібайдан — Жарас;

Әбіштен — Икембай, Аманбай, Теңелбай, Бисенбай, Өтебай;
Тенелбайдан — Тарас, Манас;
Нәбиханнан — Жоламан, Берекен, Аязбай, Жамиғат, Шариғат;
Жоламаннан — Нәсібек;

Нәсібектен — Дүйсенбек, Қылышбек, Назарбек, Жазылбек;
Берекеннен — Құлыбек, Жұмабек;
Құлыбектен — Елубек, Рахмет, Жәнібек;
Жұмабектен — Қазбек, Манарбек;

Аязбайдан — Қуантқан, Әбілсейіт;
Қуантқаннан — Рамил;
Әбілсейіттен — Самат, Марат;
Жамиғаттан — Бек, Болат;

Шариғаттан — Темір;

Нұрлыбек.

Нұрлыбектен — Жақсылық;
Жақсылықтан — Алдаберген, Қилыбай, Мастек, Кенже;
Алдабергеннен — Сисенбай;
Сисенбайдан — Құрмет, Марат, Мәлік, Мүслім, Елнұр;

Құрметтен — Айдос;
Мараттан — Айбек;
Мәліктен — Елдос;
Қилыбайдан — Шәудірбай, Егдірбай, Қатарбай;

Шәудірбайдан — Сансызбай;

Сансызбайдан — Василий, Берекет, Барақат, Парасат, Жора, Шора;.

Василийден — Сәрсен;
Берекеттен — Мұқтар;
Парасаттан — Ынтымақ;
Егдірбайдан — Кеңес;

Кеңестен — Нұрбек, Әлібек, Сүлтанбек;

Қатарбайдан — Эсер, Жайлаубек, Рахат, Телман, Нұржігіт, Еркін;.

Өсерден — Жомарт, Мереке;
Жайлаубектен — Жәнібек;
Рахаттан — Мұқтар;
Телманнан — Еламан;

Мәстектен — Төкен, Алпысбай;
Төкеннен — Бейбіт, Өмір;
Өмірден — Қошқар;
Алпысбайдан — Тоқсан;

Кенжеден — Бөкен, Сайлау;
Сайлаудан — Қуаныш, Сағыныш;

Сеңгірбек.

Сеңгірбектен — Көшербай, Орғабай;

Көшербайдан — Иманбай, Мәди, Жұмағұл, Дүйсен, Әбілхан, Дәлухан;.

Мәдиден — Жақан;
Дүйсеннен — Амангелді;
Әбілханнан — Аққали, Жанғали;
Дәлуханнан — Амалхан;

Сейітқазы.

Сейітқазыдан - Сұмағұл, Әйіп, Қайып;
Сұмағұлдан — Жәңгір;
Жәңгірден — Аман, Төкен, Саламат;
Әйіптен — Уәли, Болат;

Уәлиден — Қасым, Серік;
Болаттан — Аманқос, Берік, Ермек, Нұрлыбек;

Амантүрлы.

Амантұрлыдан — Ізтілеу, Мынбай;
Мынбайдан — Айберген, Жайберген;
Ізтілеуден — Жантілеу, Бейтілеу;
Бейтілеуден — Өтеген, Бітеген, Ырзахан;

Өтегеннен — Ерболат;
Ерболатган — Бекен, Көбен;
Бітегеннен — Аманжол, Рамазан, Беген;

Бектұрлы.

Бектүрлыдан — Келдібай, Төлеу;
Келдібайдан — Рақыш, Қожахмет, Әбіл, Әбдіқалық,
Әбді; Ракьіштан — Қами, Наурыз, Әжі, Өтебай;
Қамидан — Қадірберген;

Наурыздан — Аяпберген, Жақсымұрат, Қалдымұрат;
Әжіден — Қанат, Марат;
Өтебайдан — Нұрбек, Сұлтанбек;
Әбілден — Дүйсеке, Жұмабай;

Дүйсекеден — Талап;
Талаптан — Әділет, Нұрдәулет;
Жұмабайдан — Самат, Қайрат, Асқат;
Әбдіден — Елеусін, Тәңірберген, Қожаберген;

Төлеуден — Алым;
Алымнан — Таңбай, Тәліп;
Жинақтаған: Төлесін Көшеков
Ақтау қаласы: 11-17-79

Тел: 33-82-17

ҚОСЫМША №2

Исаның кесенесін салысуға ат салысқандар: Нұғыманұлы Сисенбай — марқұм, Тоғасан ұлдары: Қайрат, Марат, Мақсат; Есқали ұлдары: Бекіш, Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Жолды; Баша ұлдары: Тұраш, Нұржан; Досқали ұлдары: Жылқыбай, Жолды, Жауымбай, Нұрлыбай; Жаңғылбай ұлдары: Сексенбай, Жолдасбай; Дәулет ұлдары: Мұрат, Қуат, Қанат; Жаманқұл ұлдары: Марат, Танат, Саламат; Еламан ұлдары: Серік, Берік; Өтепберген ұлдары: Нұрқасым, Еркін, Өміржан; Тілепберген ұлдары: Жомарт, Есімжан; Төлесін ұлдары: Балқасым, Есенжан, Ғалымжан; Тынымбайұлы Темірбек; Әшір ұлдары: Мүлік, Жалғаубай; Шегемұлы Аянбек; Қанатұлы Құлынтай; Сәрсенұлы Мұқтар; Қуандық ұлдары: Қойлыбай, Бақыт, Мұрат, Марат; Сүйіндік ұлдары: Нон, Самат; Қуатбай ұлдары: Айтжан, Сейітжан; Болатбайұлы Бауыржан; Өтегенұлы Дүйсенберді; Диханғали ұлы Мақсат; Мырзағалиұлы Нүсіпқали; Жолдығалиүлы Бактығали; Әбдіғалиұлы Амангелді; Амангелдіұлы Нұргелді; Уәли үлдары: Азанбай, Бөкенбай; Жәңгірұлы Бисекен; Түйешіүлы Мыңтүрған; Ізіғали үлдары: Қүлынбай, Жаксыбай, Сәуірбай, Тәуірбай, Жексенбай, Көндібай, Сонабай; Әбішүлдары: Аманбай, Теңелбай; Нәсібек ұлдары: Дүйсенбек, Қылышбек; Берекенүлы Қүлыбек; Аязбайүлы Әбілсейіт; Қайырбай ұлдары: Балтабек, Нұрлыбек, Қази, Қарасай; Нұртайүлы Мұратжан; Дүйсенбек ұлдары: Бауыржан, Жандос, Жұмажан; Жылекешұлы Бейсенбі; Орынбасар ұлдары: Бақыт, Темірбек, Әлібек; Болатбай ұлдары: Асқар, Жамбыл; Тілеген ұлдары: Сырым, Аралбай, Мұқит, Қуанышкерей, Бақтыгерей, Сұлтангерей; Әбіл ұлдары: Айберген, Есберген, Қожаберген; Бәтуалыұлы Жоламан; Қашқанбай кызы Оңайхан; Есенқызы Меруерт; Исламғалиқызы Салиқа; Бектұрғанкызы Алуа; Әбдіғалиқызы Қалимаш; Әбдіғали келіні Забира; бас шеберлері: Ермұхан, Жеңіс, көмекшілері: Әбілұлы Қожан; Ерсайынұлы Қажығали. Там байғазыға Үстірттен ақбоз ат әкеліп тарту еткен Төлен Серікұлы аға.

ҚОСЫМША №3

1941-1945 ЖЫЛДАРДАҒЫ СҰРАПЫЛ СОҒЫСТАН

ОРАЛМАҒАН ЖАМАНҒАРА АЗАМАТТАРЫ

1. Айтыманұлы Табылған
2. Айтыманұлы Қонақ
3. Айтыманұлы Шәпен
4. Айтыманұлы Ерпан

5. Айтмағанбетұлы Саламат
6. Аманқосұлы Құлымқара
7. Балмағанбетұлы Итібай
8. Бөпесарыұлы Ыбыраш

9. Бөпесарыұлы Ісім
10. Бекенұлы Бердіғали
11. Жарасұлы Ішкен
12. Жолашұлы Өтеғали

13. Жолдыбайұлы Ербөлек
14. Қилыбайұлы Шәудірбай
15. Қиянұлы Дағыстан
16. Құрмашұлы Әбдіғұл

17. Келдібайұлы Әбіл
18. Келдібайұлы Әбдіхалық
19. Кемелханұлы Исламғали
20. Кенесарыұлы Нұрғали

21. Көстекұлы Шоқыбай
22. Қонайұлы Жұмаш
23. Құлбасұлы Тұраш
24. Мыңбайұлы Айберген

25. Мыңбайұлы Жайберген
26. Ниязбайұлы Жұмахан
27. Ниязбайұлы Күлмехан
28. Ноғайұлы Қанатбай

29. Нұрбергенұлы Шүкіралы
30. Нұрбергенұлы Салық
31. Отаралыұлы Жанқожа
32. Сақташұлы Әбен

33. Сарқұлұлы Өтес
34. Сейілханұлы Шалабай
35. Сейілханұлы Өскімбай
36. Сүйішбекұлы Самархан

37. Сағындықұлы Имаммәді
38. Төлеғұсұлы Қозыке
39. Үмбетұлы Бисен
40. Шағырұлы Шоңқы

41. Ізбергенұлы Әлімбай
42. Ізбергенұлы Боранбай
43. Ішкенұлы Шайқы

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙