Бір тойым бар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеген Айбергенов өзіндік өрнек, тың ізденісімен қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді. Автордың өткір сезімі, өмірге іңкәрлігі оның жан-дүниесін байқатып, тілі жатық, ұйқасы шымыр, мазмұны терең өлеңдері оқырманын поэзия әлеміне жетелері сөзсіз.
/uploads/89cbc0f0-fff3-5068-b979-51100b119698/cover.png
«БІР ТОЙЫМ БАР» КІТАБЫНАН
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде .
КЕГЕЙЛІ ДӘПТЕРІНЕН
Кегейлім жердің еркесі,
Жас жаным толқып тұр менің.
Бердақтың 1 сүйген өлкесі,
Ажнияз 2 айтқан жыр ма едің?!
Қаһарман мынау халықтың
Серті де сенің бетіңде.
Еңбектен өскен алыптың
Көркі де сенің бетінде.
Әлемнің жүзін селдеткен
Жаңбыр күй сенің бетіңде.
Даланың төсін гүлденткен
Алғыр ой сенің бетіңде.
Өзіңді көріп кеудеме
Дүрсілі қонып жүз аттың,
Осынау сұлу өлкеңе
Өлеңнің қызып ұзаттым...
Жонында әкем жорға атпен
Жортып бір өткен Кегейлі,
Атаның жолын жалғап мен
Елтіп бір жеткен Кегейлі.
Қырыңда анам қыз күнін
Қыздырып өткен Кегейлі.
Келем деп қайтып, түз гүлін
Үздіріп кеткен Кегейлі!..
Су алған сайда әжемнің
Сырғасы қалған Кегейлі.
Сырласы қалған Кегейлі,
Мұңдасы қалған Кегейлі.
Әмудің арғы бетінен
Арқалап келдім көп ойды.
Жүректің ыстық отымен
Мархаббат, қарсы ал, Кегейлі!
Көркімді көріп қуанған
Баладай кемпір-шалдар-ай,
Алыстан келген нарлар-ай,
Арыстан кеуде жандар-ай.
Жаралу шарт па егіз боп,
Туысқа мен де ғашық ем.
Тербеліп кеттім теңіз боп,
Сүйдім де көздің жасымен.
Анаммен тұстас болғандар,
Әкеммен қиқу салғандар.
Мендегі ыстық сәлемді ал,
Мендегі ыстық арманды ал.
Жанассаң жанда жаз қалар,
Жарқырай түскен жарықтар.
Қазылмай жатқан қазбалар,
Жазылмай жатқан тарихтар.
Тастыңдар неге бұлақтай,
Өзен-ой басын сағалап.
Жалынға тиген сынаптай,
Жастарың кетті домалап.
Жоқ ем ғой кірбің әкелген,
Бар еді қандай сыр мұнда!
Жан досың болған әкемнен
Айнымай қалып тұрмын ба?
Шаттыққа толы шақтарды ең
Өткіздім сенде, қыр бастым.
Сыбдырлап тұрған бақтармен
Сыбырлап тұрып сырластым.
Көңілі көктем кең кеуде
Ағаймен пікір алыстым.
Жаз келбет жарқын жеңгейге
Әзілімді айтып таныстым...
Жүректе өкпе назың жоқ,
Күшті едің шіркін ой неткен!
Көрінді маған алыс боп
Қасымда тұрған бойжеткен.
Қайтейін жаны пәк достар,
Бозбала күндер өтті ғой.
Сақылдап күлген көп қыздар
Арман боп қалып кетті ғой...
ЖҮРЕК СӨЗІ
Жолменен жүрем мен ізгі,
Беремін көрік көлдерге.
Арындап жатқан теңізді,
Ақтарып құям шөлдерге.
Ілесіп көптің көшіне,
Жайлауға шығам қой айдап,
Шадыман дала төсінде,
Шалқамнан жатам ой ойлап.
Шырқаймын шыңға жар салып,
Жасану үшін жаз дәуір.
Жаңбырлы күнді монша қып,
Жуынам бұлтқа қазбауыр.
СЕРТ
Азамат болсаң сөзіңді салма бұлтаңға,
Шаба алам мен де бір жігіт шапқан тұлпарға,
Тарта алам мен де бір мерекенің көкпарын,
Бере алам мен де қонақасыны бір таңға.
Керіліп еркін келетін болсаң көрмеден,
Оқалап бір тай мінгізе де алам зерменен.
Тап бүгін осы шаңырағым қирап кетсе де,
Әйтеуір тұрам бір жігіт тұрған жерге мен!
* * *
Тіл байлаған бір кезде өндір едің,
Тілім-тілім жүрегім болды менің
Қызғаныш боп кеудемде күйіп-жанып,
Кірпігімде күнәсіз мөлдіредің.
Қоштасарда болдым деп бос қалатын
Жалбарындым жамылып аспан атын!
Қалды сенің беймаза жауырыныңнан,
Тарамдалып тал түсте қос қара түн.
О, құдірет! Сол жалын етек алмай,
Көкірегімде көміліп кете барды-ай...
Талай бала қайыңға сүйендім мен,
Көз жасымды кірпігім көтере алмай.
Жоқ енді қанша айтқанмен ыстық құшақ,
Киік боп зымырап кеткен қызықты шақ!..
Жылдар бойы сыздаумен келесің сен,
Жүрегімде қап кеткен жүзік құсап...
Қымыздайын мөлдіреген зеренде,
Алып келдің мені қара тереңге.
Толқынындай қуанышты жарманың,
Тобылғы аяқ толқындатып денемде.
Мен білемін дала даусын, жел шуын,
Сен танисың дария сырын, жер сырын.
Баурайында балабан тау Бөршінің,
Ал көр енді сексеуілдің өршуін!
Аспанынан дария құлап, қар құлап,
Қара семсер жал-құйрығы жалбырап.
Баурайынан бара жатқан сияқты
Зымырап бір қара берен арғымақ.
Сімірдім мен сенің мәрмәр кесеңнен,
Бүл тасқынмен әлі талай көшем мен.
Осынау көлді артық болар ма екен-ау,
Өз көзімнің қарашығы десем мен.
Бұрқырап сол бір сағыныш жүр-ау деп ағып қанында
Аға деп бір хат салмадың, осы да сағынғаның ба?
Інілер деген ағаның ізін басқан сұрау сап,
Жортпаушы ма еді таң алды тырна көз көлдер қырау шақ.
Арқамдағы асқар тауым деп таулардан іздеуші еді ғой.
Кеудесіндегі күдігін жаулардан үзбеуші еді ғой.
Төбеден бұлттар көшкенде шатырлап аспан жай тендеп,
Жазықтан іздеуші еді ғой жазым боп кетсе қайтем деп,
Сағыныш деген қашанда қарамаушы еді көп-азға.
Сен болсаң мені сағынбай зар қылдың бір бет қағазға.
Жүз өріп жұмыс басты боп жазылмай жүрсе жай тегі,
Алматыға ағам қайда деп звондай салсаң қайтеді?
Сұраусыз кетіп барады мерекелер де нелер көп,
Күтіп ем сені гүл басқан 1 Майда келер деп.
Кірпігімді ілмей тосып ем отызға толған күнімде,
Қарақшы көрген киіктей ғайып болды о л да бүгінде.
Білесің дос, көзіңше,
Шығып жатыр күнде аты.
Бұл жердің де өзінше,
Бар ғажайып сымбаты.
Малынып тұр көк жусан,
Таңның маржан шығына.
Хош иіске құмартсаң,
Шық самалдың ығына.
Бал самалдың шәрбатын,
Сіміресің, тоймайсың.
Дүниенің жаннатын,
Осы екен деп ойлайсың.
Жоталардан сағымды
Жаутаң қағып тұрғаны.
Қызыл құмдар кәдімгі,
Қызыл бидай қырманы...
КӨЛ
Қазды көл, қоғалы көл, балықты көл,
Көркіне қашан сірә қаныпты шөл.
Жарыңды жарып құйып құлағыңа,
Еншісін таудан аққан салыпты сел.
Ақжарқын сыр шерткіш бір қыздай таныс,
Жағаңда сыпсыңдайды сырнай қамыс.
Көз тіксем көгінде ұшқан қаз-үйрекке,
Шарықтап көкірек құсым самғайды алыс.
Сұлу боп кетесің сен қазың келсе,
Мен жүзем айдынында жазым келсе.
Жатқандай боласың бір шалқып күліп,
Мөлдірің жібек желмен әжімденсе.
Бар тапқан қызығыңды жазға арнайсың,
Құстарға қызығы мол базардайсың.
...Қусың тым, күн аруды сүйесің-ау,
Шамасы көк аспаннан көз алмайсың.
ТЕҢІЗ
Көк теңіз толқыныңмен бекіре жалды,
Жатырсың құшып-сүйіп секіре жарды.
Жағаңнан түр әнеки төніп жартас
Көміліп көк суына кекірек алды.
Жартасты жақын тартып сыңар жандай
Өбесің, аймалайсың шыдам қалмай.
...Мінезің мінезімдей екен менің,
Сәулемді көп сүйетін құмар қанбай...
Оқушым, риза бол аз барыммен,
Зергер де болғаным жоқ сөзге әлі мен.
Жеріген құландайын өз қағынан,
Бұлбұлдай безіп ұшқан өз бағынан,
Осымен үшінші рет жазғалы мен
Қоштастым сағындырған саздарыммен.
Сырласып сыбызғылы дәуірлермен,
Сұқсұр боп сыңсып ұштым сәуірлерден.
Көгілдір сезімдермен қош айтыстым,
Бұрымдай тарқатылған босай түстім...
(Айтып қал барың болса білтелемей
Арқасы қасқалдақтан жауыр мерген...)
Арбасып қыр басымен сан құздардың
Жырладым жанарларын жан қыздардың.
Бақытпен үшінші рет душар болып,
Осымен үшінші рет жалғыз қалдым.
Ойлама соғады деп маған осал,
Әлі де бар сырымды саған ашам.
Мен өзімнің ақындық ажалыммен
Осымен үшінші рет жағаласам.
Осымен үшінші рет кез келемін
Түседі таз соқпағым тезге менің.
Көп тасқын құшағында ғайып болам,
Жарқылдап баурайындай жез кеменің...
Көрініп жаздан кейін күз белеңі,
Қайтадан тырналардың тізбелері.
Паналап өкпе тұсын бір қурайдың
Мен сонда ақпан болып бұрқыраймын.
Қаусатып қаңтарларды мұз денелі,
Бұл көктем әлі маған жүз келеді.
Күн жақсы көріскенше, ар жұлдызым,
Енді сен басқа ағыстан ізде мені.
ЖЕЛ
Арқадан кенет күшті жел ысқырды,
Мүлгіген терек басын теріс бұрды!
Талдарды түйістірді, керістірді,
Дос-тату бұтақтарды тебістірді.
Ақыры ұрыстырып әлсіретті,
Талдардың көңілінің хошы кетті.
Есер жел есіп өтті, несі кетті,
Тек тату достар шекті қасіретті.
Жүрегімде бір өжет сотқар ағын,
Тудырғандай өрттіктің ақ боранын.
Жолымда тау тұрса да тас-талқан қып,
Ағызып әкетуге оқталамын.
Жұмылғанша, сөнгенше қарашығым,
Таба алам ба жанымның жарасымын.
Мүмкін емес тыншуым теңіз көрмей,
Өйткені мен көктемнің баласымын.
ПЕЙЗАЖ
Көк шықты таудың тарғыл тасын жарып,
Арықтан сулар жатыр тасып ағып.
Аямай жерге төгіп алтын нұрын,
Күн көзі күлімдейді қасын қағып.
Ойламаған өлеңдерім —
Бойламаған тереңдерім.
Қаланбаған қатарлармен
Лапылдайды денем менің.
Айдың тегіс лаулауы үшін,
Лағыл ойлар тамсантады.
Қайта сөніп қалмау үшін,
Күйіп-пісем жансам-дағы.
Азабыңмен, өлеңіңмен.
Керек көпке көрінуің,
Өлеңнің де өрілуі.
Айнымайды дәл өмірден.
Махаббат! Неткен алып, қайратты едің,
Мен сені мұншалық деп ойлап па едім.
Тұсаулап, табандатып тағдырымды,
Қолына қара көздің байлап бердің.
Көп екен өмір сыры білгізбеген,
Жаны пәк таныстым да бір қызбенен,
Түріліп шаттығымның томағасы,
Сырласа бастадым ай, жұлдызбенен.
Көз алмай қарай бердім кіл шыңдардан,
Қиядан қолын созып құлшынды арман.
Әйтеуір, сол бір қызға кездестім де,
Тап болдым қуанышқа тыншымды алған.
БАУЫРЫМ МЕНІҢ
Түрікмен жазушылары Қазақстанға келгенде
Кеудеме менің махаббат құйып тербеңдер,
Өрлеңдер биік, далама дархан төрлеңдер.
Туыстас жерден ту ұстап келген саңлақтар,
Қанаттас жұрттан қанатын жайып келгендер.
Күн санап артса бауырлас достар қатары,
Бұрқырап көңілім Бурабай болып жатады.
Сондағы мөлдір сексен қол болып тебірен,
Дәл бүгін сен де Мақтымқұлының отаны!
Тынысы сендік жүрегімдегі гүл-бақтың,
Дыбысы сендік көкірегімдегі ырғақтың.
Өздеріңе елім оң сапар тілеп тұрғанда,
Ұзаққа тартқан сапарын мен де Мұрғаппын.
Мыңғырған мал мен мақтаға толған өр төсі,
Кербабаевтың керіліп жатқан өлкесі.
Бүгінгі палуан қолымен батыр түрікменнің,
Сырылып шетке барады құмдар өркеші.
Ғасырлап кепкен шөлдерге таңдай қатырған,
Арналар елі зәмзәм су болып атылған.
Мұнайдың елі, мың айдың елі жердегі,
Аяулы түрікмен, айналдым сенің атыңнан!
Аяулы түрікмен, туыстас бауыр өлкесің,
Сен бізге ылғи бірліктің күйін шертесің.
Ашхабатыңнан қол сермеп Ленин тұрғанда,
Білем мен осынау достықтың мәңгі өлмесін.
Ақ самалдар, аңқыған ақ самалдар,
Ақ самалдар ақ бұлақ ақша қарлар.
Тырна даусын шақырып,
Омырауымнан
Ойнақ салып барасың пәтшағарлар.
Ақ самалдар, аңқыған ақ жаңбырлар,
Ақ жаңбырлар,
толқыған тоғжан қырлар.
Менің қара сабаудай кірпігімнен
Сатырлатып сапырдың маржан қыруар
Ей, ақ жаңбырлар.
Жүрегімнен бұзылып сеңдер еріп,
Мен келемін кеудемді селге беріп.
Қай жаққа барасың сен,
қайран аспан,
Ақ қайың боп төбемде
дөңгеленіп.
Қүй, бұрқылда, құмарым,
жан сыңғырым,
Жаратылыс қауызын
жарсын қырдың.
Қарсы алдымнан қапыда
теріс борап,
Қазір мені көк терге
малшындырдың.
Еніп ек-ау өмірге ерке біздер,
Қанша қырда қалмады тентек іздер!
Жаңбыр кешіп қап кеткен он сегіздер,
Мен өлердей сағындым сенсеңіздер
Ей, аяулы он сегіздер!
ҚАРАУЫМБЕТ 7
Арқасы Аралменен араласқан
Құбыласы кең құшағын құбылаға ашқан.
О, менің кіндік кескен топырағым,
Шыңдарға арманымды ала қашқан.
Көктемнің аспанындай алабың көк
Аңқиды жусан иісі дала гүлдеп.
Тос маған, сімірейін шеребеңнен 8
Мен де кен болар ма екем, Қарауымбет.
Армысың сарқылмасым, таусылмасым,
Бармысың сау-сәлемет, оу, сырласым.
Сақылдап күлейін бір
Сандық-сандық
Тұзында жаңғырығып даусым қалсын.
Заманда қара халық азап көрген,
Үстіңе қырдан ауып қазақ келген.
Тұз тасып
Ақысына менің әкем
Байлардың атызынан масақ терген.
Болыпсың сөйтіп оның шөпшір наны,
Иығын жаншып жылдар көп салмағы,
Октябрь нұрымен тек жұмсарыпты
Тұздалып қатып қалған жақсы арманы.
Мен ондай көргенім жоқ қасіретті,
Құлдықты құтты дәуір басып өтті.
Өмірім арайымен, дана ойымен,
Өзімнің тұз кеніме ғашық етті.
Мен неге сені айтқанда жайнамайын!
Салмақты сандық тұздан айналайын.
Россия қызының көздеріндей,
Жаутаңдаған жүзіңнен айналайын!..
Ықыласы табиғаттың жауған саған,
Ынтасы жамиғаттың ауған саған.
Анамның ақ сүтіндей киелі кен,
Ақ кенім, айналасын тау қоршаған.
О, ұлы тұздың кені шалғайы кең,
Өміріңе өмірді жалғайын мен.
Ойға шомып қарайын дүниеге,
Әйтеуір тұзы жоқ жан болмайын мен.
Адамдар, қыз өсіріп, ұл ұстаған,
Бүл жерде ізгілік бар ту ұстаған.
Іш, досым, парасатқа байисың сен,
Бұл кеннің жұтсаң суын бір стақан.
Көктемде бүл даланың көк шөбін көр,
Бітер ме ондай болып ексе гүлдер.
Жел соқса күй шертеді құлағыңа
Ақ қыздың білегіндей сексеуілдер.
Рахмет, жанартауым, атыңа мың,
Кейде мен өзіңе ұқсап атыламын...
Достарым ұлылықты армандаса,
Мен үнсіз тек сені ойлап отырамын.
Сүңгиін сұлулыққа өзім де енді,
Сұлу маң суырып түр сезімдерді.
Жолыма жусаныңды төсе, дала,
Жусан боп аңқитұғын кезім келді.
Деймін-ау мың көрсем де қайта көрсем,
О, неткен туған аймақ байтақ ең сен.
Сен маған бар жүгіңді арта берсең,
Мен талмай алға сүйреп тарта берсем.
Көгілдір көлдей ырыс алабы кең
Сүймейін қалай сендей даланы мен.
Тұра гөр медет беріп, о, туған жер,
Мен сенің өз тұзыңнан жаралып ем.
ШАРДАРА ТОЛҚЫНДАРЫ
Мен тұрмын жарқылдап-ақ жарқын қарап,
Сезімді сексен бояу толқынға орап.
Қойнынан қара түннің қаптай ұшып,
Ақ үйлер асқақтайды алтын қанат.
Жайнаған Шардарам, Шардарам,
Толқыған сазбен айналам.
Жүрегім сырға тоймаған,
Білегім күшке қайнаған,
Өзіңсің кештер,
Өзіңсің ГЭС-тер,
Өзіңсің кештер жайнаған!
Кешегі көкірегінен cap даланың
Тербейді бүгін сені арман ағын.
Толқисың тоқылған ақ жібек пе деп,
Толқынын көрсең, досым, Шардараның.
Кел, досым, кел, кел, досым, асыл ағам,
Мен қалай шаттығымды жасыра алам?
Кеудемде бүгін менің миллион ГЭС бар
Шардара толқынынан шашыраған.
САҒЫНЫШ
Талайын артқа тастап сағым қырдың,
Сәулешім, алыс кеттің, сағындырдың.
Қадалған көкірегіме от көзіңмен
Жаныма жағып кеттің шамын жырдың.
Сені ойлап ертелі-кеш қиялдадым,
Бөлмеде қиын болды сыя алмағым.
Есіме ап күбірлесем, күмбір етіп,
Кеудемнен таси ақты сыр-арманым.
Кетпей бір көз алдымнан күлімдедің,
Бақытым, бар тапқаным, күнім дедім.
Уақыт озған сайын сағындым мен,
Жүз жерден жүрегімді тілімдедің.
Қадамын басқан сайын алға сағат,
Барады бойда тіпті қалмай тағат.
Он көріп тәулігіне келер едім,
Ұшатын, әттең, менде жоқ қой қанат.
СЫР СУРЕТІ
Сұлудың бұрымындай ойнақтаған,
Суыңның сырына, Сыр, бойлап па адам.
Сіміріп қоңырау үнді мөлдіріңді,
Барады күннен-күнге жайнап далам.
Жарды ұрған толқыныңа үңіле кеп,
Төнеді тас төбеден шүйіле кеп.
Күлкіңді сыңғырлаған ойлап қалам,
Нәзік үн Тәттімбеттің күйі ме деп.
Қарамай алды-артыңа жөңкілесің,
Шаттана жібек желмен желпінесің.
Толқының қуанышты жолаушыдай,
Жол бойы барады айтып «әңгімесін».
Екенсің албырт мендей бала күнгі,
Тігемін сылдырына құлағымды.
Жарысқан толқыныңа қол бұлғаймын,
Тұрғандай аттандырып қонағымды.
КҮЛКІЛЕР
О, күлкілер,
ерке назды күлкілер,
Сендер барда жүрегімде жыр түлер.
Сендер барда көктемінде шаттықтың
Аунап-қунап көңілім бір сілкінер.
Сендер барда көңіл жайсаң күйге еніп,
Шердің өзі шерленеді именіп.
Жатады бір сол кездері кеудемнің
Радиосы тасқын-топан күй беріп.
Жақсы едіңдер
неткен назды күлкілер,
Болмағай да сәттерің де бір іркілер.
Өз басы үшін жақсы атыңды жамылып
Кетпесе екен бірақ кейбір
ҚҰТБАЙҒА
Термесі қою арман маужыраған,
Зердесі ескен самал тау-жырадан.
Теңдесін бұл аймақтан таптырмайтын,
Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам.
Бүл ағаң қазір елу алтысында,
Жамбылға бұйырған жас жартысында,
Риза бауырлардың ортасында,
Сүйіскен жүректердің дәл тұсында.
Ташкенттің бар қазағы құрметтеген,
Күйінен сең бұзылып, қыр көктеген.
Әнінен Шыршық бойы шырын-дария,
Астасып жатыр қазір жыр көкпенен.
Тында сен, таңсық болсаң Құт-ағаны,
Арманы лапылдаған от-ағаны.
Оны естіп қатып қалған тас болсаң да
Жаныңда бір жанартау тұтанады.
«Сұлу бар әдемірек сұлулардан»,
Жанына жас Хорланнан жылу барған.
Мың бақ бар шуылдаған кеудесінде,
Ырғақ бар қайталанбас үнінде алуан.
Даусында гүрілі бар Қарасудың,
Бөрі де өз бойына жарасулы үн.
Бұл ағаң баршасынан асып өткен,
Бұл аймақ жырындағы бар асуың.
Сәтімен туып қалған маңдайлы адам,
Жырлаған алтын шанақ таңдайлы адам.
Қырық жыл той мереке сапарында,
Халқының қанжығасына ән байлаған.
Құт-аға, әннің көлін мөлдіреттің.
Алғысын айтпақ болып мен жүректің.
Сіздік мол ықыласқа тиек салып,
Сыр толы көкірегімді домбыра еттім.
КОСМОНАВТ МОНОЛОГЫ ҰШАРДА
Жанынан бұрқылдаған күй тынбастан,
Қара Жер, қасиетті ұйқымды ашқан.
Мен сенің босағаңнан ұзап барам,
Суырып қырманымды сиқырлы аспан.
Жасампаз арманыңнан жаралып ем,
Қойныңа талай аңсап оралып ем.
Қош боп тұр көріскенше, о, туған Жер,
Тағы да алыс самғап барамын мен.
Дайынмын жұмсасаң да қайда дәйім,
Қалайша бұрқ та сарқ қайнамайын.
Қош боп түр, сырбаз ағам, сырлас інім,
Қарлығаш қас қарындас, айналайын!
Бақыт пен бұйырды ғой талқы саған:
Жаныңа айтсам бірақ қайғы салам,
Сондықтан айтпай ұшып кетіп барам,
Жылама естіп қалсаң байғұс анам.
Жан ана, жылай көрме, ардағың ем,
Мен әуре құштарлықтың толғағымен.
Ақ тілек, адал ниет сапарына
Көз жасты алып ұшудан қорқамын мен.
Мен сенің жастығың ем қуат алар,
Мен сенің тасқының ем шуға толар.
Қаһарман дәстүріңмен, дос тіліңмен
Бере гөр ақ батаңды ұлы аталар.
Қоса гөр қолдан ұшқан ерге тілек,
Майса бел, мақпал қырат, келбеті көк.
Алысқа ұзап кете алмаспын мен,
Ақпасам табанымды жерге тіреп.
Қош боп тұр, қарағай мен көл өлкесі,
Қария қарлы шыңдар көлеңкесі.
Қош боп тұр, ашаң жүзді қара бұрым,
Қағілез қайындардың желең төсі...
Жан сәулем, жанарыңда жазғы арай бар,
Аңсатар арамызды азғана айлар.
Мен сүңгіп кеткен жақтың ақ бұлтына
Қадаған кірпігіңді қозғамай қал.
Күт мені бал-шырыннан гүлден күткен,
Күт мені шұғыладан күннен күткен.
Мен саған ақ жаныммен жақын келдім,
Қара Жер, қашықтықты білгендіктен!
Мен сенде үлбіреген жас бақ едім,
Түбінде үнсіз жатқан аспан едім.
Жолымда жолдасым жоқ жол сілтейтін,
Көз таныс жұлдыздардан басқа менің.
Демессің айтып тұр-ау қорқыныштан,
Сәтімді ризалықпен толқып ұшқан.
Күшті екен махаббат пен ендік сенім
Жердегі ұлан-ғайыр тартылыстан.
Алдымда бозала таң, батпаған ай,
Қаймағы алынбаған аппақ арай.
Мен солай ағып барам
Иә, кәдімгі
Найзағай шатырлайтын жаққа қарай.
Мен саған оралармын ізгілікпен,—
Мен саған оралармын қыз қылықпен.
Адамзат арманыңа ұшып шықтым,
Қиялды тұңғиыққа жүздіріп мен.
Мен сенің ертеңіңе ара тұрып,
Өтермін көк күмбезін дара тіліп.
Қара Жер, қасиетті толассыз Жер,
Тұратын жоқтан бар боп жаратылып.
КӨТЕРІЛУ
Зымырап көтерілді жерден денем,
Көз алдым көк өзендер көлбеңдеген.
Сан ғасыр жол сұраған керуендерден
О, сәлем, заңғар таулар мен көрмеген.
О, сәлем, қатпар-қатпар қиял шыңдар,
Биіктікті енді маған қиярсыңдар.
Сыймаған қиялыма дүние едің
Тіпті енді құшағыма-ақ сыярсыңдар.
Жететін алдым қиян шуақталып,
Жетілткен Жер барады шын-ақ қалып.
Астымда табанымның көлдер жатыр
Ымырттың терезесі сияқтанып.
Балбырап бақтар қалды ырғатылып,
Қалтырап қақтар жатыр қырға тұнып.
Жанымда аласапыран жалт ойнатып
Мен барам жанарымды нұрға тігіп.
Қызығы неткен қыруар бұл шақтардың,
Бояулар — бояуындай гүл шоқтардың.
Мен барам шатырлатып көк күмбезін
Астымен сатырлаған бұршақтардың.
Барамын өзеуреген өзге ағыспен,
Мың нұрды қозғай ішкен... қозғалыспен,
Қош, сау бол, кірпік қақпай қарайтын күн,
Құстардың қанатына қызғанышпен.
Мен де бір Прометей «от ұрлаған»
Зулаймын жұлдыздарға жыпырлаған.
Келемін киелі Жер шұғыласын ап,
Дүние, томағаңды сыпыр маған.
Мен сенің нұрларыңмен таласамын,
Мың жұлдыз артқа тастап әрі асамын.
Кемемде келе жатыр кемеңгер Жер,
Жетектеп қызыл тулы болашағын.
Құямын қуатыммен сарқырап бар,
Кеудемнен күбірлеген толқын ап қал.
Мен мәңгі сөнбес күнмін.
Ең болмаса
Бір рет шағылысып жарқырап қал.
Құямын қуатыммен бұрқылдап бар,
Даусымды ең болмаса бір тыңдап қал.
Шел болса көктемеген бұлтымды ап қал,
Сыр болсаң ашылмаған кілтімді ап қал.
Мінеки, қалды алыста балалығым,
Қосуға қиял мен ой аралығын,
Кеудемді тербеп қыруар барады ұғым,
Көтеріп ұштым Жердің даналығын.
Десеңші, ех, мен қанша алыстадым,
Тұрсындар бәлкім күтіп таныс бағым,
Сен болсаң туған Отан төсіңдесің,
Мен болсам көз жетпейтін ғарыштамын.
Еткенде сезім-дүнием сыңсып елең,
Саған сан қарадым-ау сүйсіне мен,
Масығып жатқан байтақ топырағым,
Қаптаған қара ормандар иісіменен.
Дір еттің жүрегімде, шымыр еттің,
Аты да сен екен ғой құдіреттің.
Мен саған қайталанбас махаббат ем,
Сен мені қайталанбас ғұмыр еттің.
Мен сенде жабығуды білмеген ем,
Жарқырап ақ төсіңде гүлдеген ем.
Ризамын тағдыр егер
Қойыныңа
Оралуды жазбаған күнде де мен.
КӨК ТӨСІНДЕ
Құлағын күй арманның мың бұраумен
Мен келем, әлі келем зымыраумен.
Оу, сұмдық, төменде деп жүруші едім,
Тұңғиық төбемде өскен шыңырау кең.
Мен әлі маздап келем, шаршамадым,
Алуан түс сәулелерге қарсы ағамын.
Әкеле жатырмын мен жұлдыздарға
Желпіне Жерден ескен таң самалын.
Мен қазір сан аймақтан ағып ұштым,
Мен қазір сан жұлдызбен шағылыстым.
Көз алдым ғаламат от дүниесі,
Мартені көкірегім сағыныштың.
Бойымда құштарлықтың бай күші бар,
Ойымда ризалық алғысы бар.
Көзімде Алабама болашағы,
Жанымда Хиросима қайғысы бар.
Мен адал перзенті едім көп тілектің,
Көп тілек құлпырсын деп көп гүл ектім.
Елеуреп сан ояндым шырт ұйқымнан
Қара Жер күңіренгенде оқтын-оқтын.
Жүректер қанша менде табыспаған,
Дариға арман қанша қауышпаған!
Болды ғой қасірет даусы ғасырдың
Қаралы үн Вьетнамнан дауыстаған.
Мұраттар қанша темір тор қамаған,
Бұл да сыр, дүние, саған толғамаған.
Жүр менің көкірегімде көздің жасы
Алжирдің омырауынан сорғалаған.
Қашан да жанашырың болған едім,
Көре алмай жүрген жандар сорлап елін.
Күнә сіз даңқты өмірлер кісенделген
Дәл қазір көз алдымда ол да менің.
Қарашы мынау әлем кеңістігін
Таппайсың кеңістіктен кемістігін.
Мен болсам, кең дүние құшағында,
Тар пейілін ойлап барам Жер үстінің.
О, Адам, ақылсыз ба ек біз мұншалық,
Қашанғы сүйретерміз тозған шарық.
Сан рет бездірдік қой қонған бақты
Бауырмал жүректерге тізгін салып.
Өр тұлғаң бар емес пе ед көк тіреген,
Өр кеудең қайда кеткен от тілеген.
Онсыз да аз ба сенің жүрегінде,
Борандар терезеңді тепкілеген!
Мен әлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Азамат тыныштығын қорғау үшін
Ғаламның бұзып келем тыныштығын.
ҚИЫРДА
Барады бір күн мені бір күнге алып,
Барады бір нұр мені бір нұрға алып.
Қызарып қызыл ала моншағымен
Алдымда аспан жатыр күмбір қағып.
Қиялын қызыл шұғыла мүсіндеген,
Әлі де қиқулаған күшінде өлең.
Көгілдір жер көк шыны секілді бір
Келемін көк шынының ішінде мен!
Мен зулап әлі келем асығумен,
Өртеніп сол баяғы ғашық умен.
Қияға қызғалдақты қыр жетектеп,
Жүз мәрте шұғыласынан ашылумен.
Мен — Жермін арман толы аңқылдаған,
Мен — Жермін мың сөніп, мың жарқылдаған.
Біресе әлем менен ән тыңдаған,
Біресе дүние менен зар тыңдаған.
Мен — Жермін бармағы бал, бауыры — қан,
Қасірет сорғалаған сауырынан.
Сан рет шөгіп қайта түрегелген
Уақыттың ала сапыран дауылынан.
Мен — Жермін көз ашпаған кешірімнен,
Мен — Жермін мың жанып, мың өшірілген.
Жаңғырып сән кетпеген дидарымнан,
Мәңгілік ән кетпеген есігімнен.
Мен — Жермін қылыш кеспес, мылтық өтпес,
Мен — Жермін жасаруға шын тілектес.
Кеудемде үзіліссіз үздік-создық
Келеді керуен-керуен дүркіреп көш.
Мен — Жермін тіршілікке пана болған,
Арқамда ауыр жүктен жара қалған,
Тірнектеп жиғанымды аш көздікпен
Қанқұмар талай ғасыр тонап алған.
Келемін бәріне де шыдам беріп,
Азабын у да болса жұтам көніп.
Әйтеуір ізгілікке ұя болып,
Әйтеуір махаббатқа Отан болып.
Қираған сан қақпамды қайта құрдым,
Тіршілік балапанын шайқадым мың.
Сөндірмей келе жатыр ұшқынымды
Мың болғыр мына байғұс әйтеуір Күн.
Сынса да талай мәрте төздім сағым,
Көрсем де кей ұлымның озбыр шағын.
Япырым-ау, қашанғы мен күйіп өтем,
Өзіме дұшпан болып өз құрсағым?
Теңім жоқ тіршілікті сүйгенде мен,
Әлі сол күмбірлеген күймен келем.
Ұрпағым апаттардың қасірет-қаупін
Неге бай тарихымнан үйренбеген!
...Десеңші, ех, мен қанша алыстадым,
Тұрсыңдар бәлкім күтіп таныс бағым.
Сен болсаң туған Отан төсіндесің
Мен бол сам көз жетпейтін ғарыштамын.
Сағындым, о туған Жер, даласы кең,
Қайғысыз қауызында бал ашып ем.
Мен сені ертеңіне алып барам,
Самсаған жұлдыздардың арасымен.
Ырзалық лапылына толы денем,
Келемін баба-қиял жолыменен.
Төзермін қайғы болсаң оған-дағы
Көрермін бақыт болсаң оны да мен.
Көрермін жазың бар ма, қысың бар ма,
Ұмтылып мұратыңды құшып алға.
...Қырандар дәл осы лай баулитұғын
Қияға балапанын ұшырарда.
ОРАЛУ
Кеткендей едім-ау мен көк түбіне,
Жеткендей едім-ау мен жоқ түбіне,
Ақталды ақ мұратың о,
Туған Жер,
Сағаты оралудың соқты, міне!
Қайтамын түкке де енді іркілместен,
Шығарта көрме тағдыр жұртымды естен.
Мың ғасыр патшалықтан жұлдыздарға
Өмірім артық жерде бір күн кешкен.
Қайтамын түкке де енді бұрылмастан —
Гүлдерге қыруар дала қырын басқан.
...Төбемнен төніп тұрған еді-ау бұрын
Мінекей көз жетпеске сырылды аспан.
Аналар аңсатар ма мұнша мені,
Інінің сағындырды бір сәлемі.
Екен ғой сыңғырлаған сыбызғы орман
Жарылмай жапырағынан тұрса әдемі.
Екен ғой шындарымен таулар әсем,
Су сұлу боздап көшсе аруана сең,
Сағыныш сабылдырды-ау ессіз мені.
Тіршілік,
Неткен мұнша қарбалас ең!
Туған Жер, ризамын тұрсаң күтіп,
Келтірмей жатыр толқу мұршамды түк.
Мен саған салт ат мінген жолаушыдай,
Келемін Құс Жолынан нұр шаңғытып.
Әлі көп ашылмаған қыраттар бар,
Арнасы аршылмаған бұлақтар бар,
Атпаған таң сияқты армандар бар,
Аттанып оралмаған мұраттар бар.
Келемін баршасын да көріп-біліп,
Ортасын кең дүниенің толықтырып.
Сен мені бақытты еттің, аяулы Жер,
Жолымда жұлдызды аспан жолықтырып.
Мен әлі алғаным жоқ тыныс-тыным,
Жан-жаққа сеуіп келем нұр ұшқынын,
Адамзат тыныштығын қорғау үшін,
Ғаламның бұзып келем тыныштығын!
ЖАРИЯЛАНБАҒАН ЖЫРЛАР
АҚ АТЫРАУ АРДАГЕРЛЕРІ
Айнымас ақ бас жалды Атыраудан,
Көз тартып алтын алқап жатыр алдан.
Келеді мені әлдилеп ұлы еңбекпен,
Туғызған сан ерлерді батыр аудан.
Ер етіп сен туғыздың талай қызды,
О, Келес, «ақ алтынды», арай күзді.
Бүгінгі бригадир Мәрзияның,
Ерлігі талайларға тарайды ізгі.
Ақтарған қазынасын алтын күздің,
Ол сенің адал перзент, жарқын жүзің.
Сентябрь аяқталмай «100»-ден асты,
О, шіркін, ғажайып қой қарқын біздің!
Толып түр көкіректер мақтанышқа,
Шет пен шек ол жасаған жоқ табыста.
Комсомол бригадасы ұйымдасып,
Туған жер бақыты үшін аттаныста.
Шарықтап шартарапқа үздік ойлар,
Құйып тұр берекесін күздегі ойлар,
Мақтаның Алатауын жатыр үйіп,
Тұрсындар, Үмияндар, Қыздығойлар.
Тер төккен ыстық кеуде отыменен,
Бұл жерде әрбір адам батыр екен.
Ал, бүгін Ақ Атырау тербеліп тұр,
Гүлжандар, Сейсенкүлдер атыменен.
Ертеңнің қарап асқар асуынан,
Тербелсе «ақ алтынға» асылып ән.
Біз бүгін болашаққа қол созамыз,
Даңқты қаһармандар ғасырынан!
АТА ҚОНЫСЫНДА
Атты да апаты мол азап таңы,
Өмірді жоңғар оғы мазақтады.
Дүние астан-кестен, алай-түлей,
Жосылып жатты жерде қазақ қаны.
Өлімнің найзағайы шартылдады,
Жасылы жауған оқтың жарқылдады.
Күнәсыз қызғалдақты жайсаң дала,
Ақ шаңнан кебін киіп, зар тыңдады.
Сан найза омырылды жотасынан,
Сан жұбай марқұм болды отасудан.
Сан боздақ ботасы үшін боздап өліп,
Сан бала жетім қалды атасынан.
Күңіренді жер де мұңды, көк те мұңды,
Өрт қылып алдырды іштен оқ деміңді.
Сан ана сарнап күң боп кете барды,
Сан ару қанжығаға бөктерілді.
Шарт сынды шайқасудан шаңырақтар,
Лақты құла дүзге маңырап мал.
Ауыздан тасталмайтын тасбиық болды,
«Қаралы үй, қарасы өшкен, қаңырап қал».
Қу соғыс түпке жетті, һарап етті,
Жаутаңдап жау қолында бала кетті.
Жып-жылы ұясына жылан түсіп,
Талай ер туған жерін талақ етті.
Армандар найзалардың ұшында ойнап,
Елді жау қуып тықты қысымға айдап.
Жер жатты желкесінен қанға батып,
Кек жатты кеуделерде тісін қайрап.
Бойдағы жан айрылды қуатынан,
Ойдағы мал айрылды суатынан.
Жүрегі жаралы көш, қаралы көш,
Басынан Қаратаудың шұбатылған.
Ордасы озбыр қолдан ойрандалып,
Ағылған қырдан халық, ойдан халық.
Табанды талай таудың тасы тіліп,
Жолында талай он-сан орман қалып.
«Басынан Қаратаудың көш келеді»,
Сол шақта зарлы әуен боп ескен еді.
Сөйтіп, ол
Айрылысу орамалын
Қимас көз моншағымен кестеледі.
Жер болды талай көлдің жекені көк,
Тарылды аспан асты екі елі боп.
Сарыарқа сағымданып қалып кетті.
Телегей мұң мен шердің мекені боп.
Қала алмай туған жердің алабында,
Жөңкілді Қызылқұмға, Қарақұмға.
Аңдысып, алдан құрып ажал — қақпан,
Талайды аштық алды қарауылға.
Талықсып сан қырқадан асқан ердің,
Жібітті жаңбыр ғана тосқан ернін.
Жазылып жалпақ дала жата берді,
Көзінен су жасырып босқан елдің.
Заманы қабақ түйіп шатынады,
Ажалы садақты иіп жұтынады.
Өлімнің құрығынан бас сауғалап,
Босқан ел бет-бетіне бытырады.
Өмірден менің атам сорлап өткен,
Әмудың жағасына сонда кеткен.
Көз жұмған шаққа дейін жақсы арманын,
Сарыарқа топырағына жалғап өткен.
Ойласа осы көрген бүлікті өткен,
Ыза-шер бауыр етін тіліп кеткен,
Алайда қайта оралу мақсаты боп,
Сығалап көкірегінде үміт кеткен.
Көзінен жас тамыпты, аш талыпты,
Қайғы еміп, қар төсеп, мұз жастаныпты.
Сол шақтан ес жиюға мұрша бермес,
Қаңғырған зарлы өмірі басталыпты.
О, тағдыр, мына тағдыр қатал екен,
Қалды артта қазыналы атамекен.
Бәрінен өз жеріңнен өгей ұлдай,
Шерлі етіп, шетке қаққан батады екен.
Даланың күлге айналып гүл ағашы,
Осылай болып өткен жыл обасы.
Қазақтың қанды «Ақтабан шұбырындысы»,
Азаптың ланды «Алқакөл сұламасы».
ТЫҢНАН ХАТ
Арайлап атқан таңдай ақмаралым,
Алыссың, естілмейді айтқан әнім.
Көкейде күй боп толқып жатқан сырдың
Қалайша сыйғызамын хатқа бәрін.
Қозғайын әңгімені әріректен,
Есімде ерке желді ару көктем.
Қойныма қуанышты толтырып ап,
Аттанғам айдын тыңға ақ ниетпен.
Есімде перрон маңы, вокзал алды,
Эшелон, міне, қазір қозғалады.
Есімде сол бір сәтте қимастықтың,
Жүректе жалын оты маздағаны.
Есіттім дос тілекпен жолдастардың,
Көңіліме жайдың сен де гүл-дастарқан.
Қолымды бұлғай-бұлғай кете бардым,
Аттанып Сахараға жан баспаған.
* * *
Айтылған жерге жеттім көп күн жүріп,
Қойнына қиын істің кеттім кіріп,
Кестелеп кер даланың кербез төсін,
Қашаған арманымды жеттім қуып.
Тау тілдім, жолдар салдым, тас қаладым,
Кірпішін құйдым жаңа асхананың.
Қасарып қайсар қыстың қаһарына,
Қабырғасын көтердім жас қаланың.
Жабуын жалқаулықтың лақтырдым,
Отырдым руліне трактордың.
Жанбасын тілгіледім қырат-қырдың,
Бір ғана сені сонда мұрат қылдым.
Жайқалттым ен далаға егін — орман,
Жасытпай жетеледі мені арман.
Шөп шаптым, егін ордым, қырман салдым,
Есімнен шығармадым сені, қарғам.
Басынан ән ағызып жарқабақтың,
Шілдеде күнге күйіп мал да бақтым.
Білген ем со л уақытта бақытымды,
Әкеле жатқандығын арқалап күн.
Қалмады маңдай терім бағаланбай,
Аяулы асыл Отан-ана қандай?
Кеудеме қос орденді жарқыратты,
Көктемгі жұлдызды алып қадағандай.
Қанатын самғай қағып жас қиялым,
Шыңына өрмелейді тас қияның.
Өзенін қиындықтың бірге кешкен,
Қасыма айрылмастай дос жинадым.
Алдым мен кітаптан да сыбағамды,
Тауыстым талай ғажап романды.
Коп сурет көз алдымда көлденеңдеп,
Күн бейнең көз алдымда тұра қалды.
Бөленіп таң нұрына бар аймағым,
Сағынып ертелі-кеш сені ойладым.
Кеудемде махаббаттың көлі тұнды,
Дірілдеп сәулесіндей шар айнаның.
Көргенде сенен келген хатты бүгін,
Қабағым қуанғаннан қақты күлім.
Бейнеңді көз алдыма әкеліп ол,
Төсіме сағыныштың тақты гүлін.
Ал бірақ оқығанда ойландырды,
Мазасыз мұңлы күймен бойды алдырды.
Қайт дедің, қалай ғана тыңды тастап,
Кім жұлмақ өзі өсіріп қойған гүлді.
Ері боп, еркесі боп мен елімнің,
Осы ма жеткен жері өнерімнің.
Саясын қалай ғана тастап кетем,
Жайқалып өскен жасыл еменімнің.
Өрбіткен өз қолымнан сәби қалам,
Өз қолым өрнектеген сахи далам.
Туғанда түңғыш жатқан жөргегімдей,
Бесігім бейне мәңгі бақи маған.
Ауылым жатыр рас шалғай менің,
Алайда бұл өлкеге арнай келдім.
Көз тартқан әр көшенің кірпішінде
Сорғалап тұр ғой аққан маңдай терім.
Кешегі жазық дала, мал жайылым,
Жамылды жапырағын тал-қайыңның.
Емізіп жатқан соны сонау арық,
Тері ғой ол да менің маңдайымның.
Өзенге салдым өмір бұғалығын,
Үстінен оның да өктем шығады үнім.
Кетемін қалай ғана көзім қиып,
Қызығын көрер кезде қырманымның.
Бұл үшін сені бірақ даттамайын,
Келші өзің, бәрін бірге атқарайын.
Бір менің сенде, сәулем, бар қызығым,
Бір менің осы өлкеде бақ-талайым.
ТУҒАН ЕЛІМЕ
Естірген жас жанымнан шабыт желін,
Пейіліңнен айналайын даңқты елім.
Сен менің мәпелеген ұстазымсың,
Танытқан сырын өмір — әліппенің.
Сен менің алтын ұям, жыр бесігім,
Жанымда шоқ боп жанып тұр есімің,
Сүтіңді ақтаймын деп келем өсіп,
Ері боп бақытты әмір күресінің.
Бұрқанып бойда тасқын жас жігерім,
Сен үшін қиындыққа бас тігемін.
Сен айтқан құлағыма естіледі үн, —
Деп әр күн «гүл боп жайнап өс, түлегім».
Өсемін, өміріңді жайнатамын,
Жеріңнің жеткіземін айға атағын.
Шын сүйген ұланыңның анты деп біл,
Осы бір өлеңімнің әр қатарын.
БАҚШАҒА САЯХАТ
Қаласың кірсең бір жасап,
Тұра алмас бақтар сыр бүгіп.
Сал самал әнін шырқаса-ақ
Шыға бір келер дүрлігіп.
Думанға толы өмірің,
Есіңе түсер мұндайда.
Шаңқобыз тартып көңілің.
Айналар кеудең сырнайға.
Жанында тулап ағындар,
Қуаныш шоғын жайнатар.
Тереңдеп кеткен тамырлар,
Терең ой саған ойлатар.
Күзетіп құба таңдарды,
Көзіне күміс шық тосқан,
Сүйем мен талма талдарды,
Табанын жерге нық басқан.
* * *
Шығанға шұлғып шың басын,
Қара тал қара тұяқты,
Кісінеп желмен қимасын,
Сағынып тұрған сияқты.
Кейбіреу сылбыр ісімен,
Етпейді әсер маған түк.
Міңгірлеп тұрған кісіден,
Күмбірлеп тұрған бақ артық...
Не деген мынау сән-көрік,
Ақ қайың қандай аяулы.
Төбеден көзін төңкеріп,
Аспан түр алпыс бояулы.
Қасқиып тұрған жартасты,
Қарағай өскен қақ қиып,
Өріктер бұтақ жалғасты,
Басына гүлден ақ киіп.
Белестен қосты ән құрақ-тал
Тел өскен қатар құрбыдай.
Бұлқынып жатқан бұлақтар,
Бұралып жатқан бұрғыдай.
Аралап жүрмін бау ішін,
Бау ішін салқын сарай кең.
Бұлбұлдың назды дауысын,
Кетемін қиып қалай мен...
ӘМУДАРИЯ ЖАЙЛЫ ӨЛЕҢДЕР
Сені, Әму, көрген сайын сел ағысты,
Қияға қиял құсым самғап ұшты.
Көңілімнің көктемінің көгі менің,
Жайқалған өн бойыңның ну қамысы.
Көргенде шағалаңды қалықтаған,
Аспанға арман құсым шарықтаған.
Сылдыры қышқыл сары толқыныңның,
Қалқамның күбіріндей анық маған.
Қайтпайтын қайсарлығы алған беттен,
Мінезің ұқсас еді маған неткен.
Оралып сағынышпен келем тағы,
Еске алып жаз әмірді жағаңда өткен.
Құпия сырларыңа қанбақшымын,
Жырыма жақсы ой тауып алмақшымын.
Арнаңа арманымды жалғап шырын,
Жағанда шам-шырақ боп жанбақшымын.
Иірімді толқып аққан ерке Әмуім,
Жанымның дәрісіндей лай суың.
Сағынып алыс жолдан балаң келді,
Мәртебе санап сенен бір қануын.
Жайқалып гүлге оранған жағаларың,
Үйрек пен сұлу даусы шағаланың.
Тартады мені өзіне магниттей,
Менің де кеп тұрады жағалағым.
Жасымда құшағыңда еркеледім,
Өзімен жарыстырды тентек желің.
Десе де өзге адамдар асау Әму,
Келеді сені өзімдей ерке дегім.
Иірімді толқып аққан ерке Әмуім,
Жанымның дәрісіндей лай суың.
Өмірлік дүниені шарласам да,
Қиын ғой сенен артық жер табуым.
III
Шоқысындай Памирдің,
Толқынының өркеші.
Ассалаумағаликум,
Үш халықтың еркесі.
Қойнауың көп балықты,
Қазанкеткен.., Қызкеткен.
Дариясың даңқты,
Басымды ием ізетпен.
Жайнаған жағаң гүлстан,
Басымды саған игенім.
Суынды ішкен туысқан,
Үш халықты сүйгенім.
Өзен ең көзін көрген аталардың,
Арнаңнан арманыма от алармын.
Құй, Әму, жас жаныма керемет күш,
Жағаңда бәлкім ақын атанармын.
Гүлстан атырабыңды аралайын,
Жаныма тасқыныңнан нәр алайын.
Суыңа шашып жырдан уылдырық,
Дарынның мәпелейін қарағайын.
Өзені өзге елдің дегізбейін,
Ерке Әму сұлу Сырмен егіз дейін.
Көкке атып толқынымды дауыл күнгі,
Шалқыған асау Арал теңіз дейін.
Жағаңда жазда гүл боп ырғалайын,
Қысыңда айдыныңда сырғанайын.
Бердақтың сел жырындай сарқыраған,
Көктемгі келбетіңе бір қарайын.
Өзен ең көзін көрген аталардың,
Жырламай сені қалай жата алармын.
Бер маған, Әму ата, қуатыңды,
Жағанда бәлкім ақын атанармын.
СЫРДАРИЯ
Таласым жоқ кең пейілсің,
Ел десе елжіреген ер көңілсің.
Айтшы, сен, неге мұнша сабырлысың,
Немесе арнаң толы ақылмысың.
Терең ой сенен қазақ мол алды ма,
Сондықтан аңқылдақ боп жаралды ма.
Сылдырың көңіліңнің күйі ме еді.
Жомарттық сенен алған сыйы ма еді.
Өнеге көп ап сендей қариядан,
Даламда көбейген-ау, дария адам!
Тамаша жандарыңмен Сырдағы елім,
Сан рет ойын-сауық құрған едім.
Келемін бүгін таңда сағынып мен,
Үстінде шайқалатын Құлагердің.
Сүйеді беттен кештің лебі майда,
Шаттықтан кетті міне сергіп бой да,
Алдымда Сырың жатыр сылаң қағып,
Келбеті секілденіп сұлу айна.
Әнеки көрдің ГЭС-тің мұнарасын,
Жайнатқан миллион шаммен кең даласын.
Қуана оң мен солға жалтаң қағам,
Сыпырған қыран құстай томағасын.
Жайқалған бидай басы жерге тиіп,
Толқиды жібек жолмен тербетіліл,
Сол бидай теңізіне жүзіп келем,
Шомылып қоңыр қаздай көлге тұнық.
Сыр елі, топырағыңды құша келем,
Кеудемнен дария боп тасады өлең.
Өзіңмен қол ұстасып өлі талай
Болашақ белдерінен аса берем.
Мақтаарал, тарихыңды білем сенің,
Анамның ақ сүтімен денем шөлін.
Дүниеге мен келіп қандырғанда
Еміпсің сен де алғаш Сыр емшегін.
Қойнынан сай-сала мен көк төбенің,
Еліңе ақтарыпсың мақта кенін.
Сондықтан Мақтаарал деп атың қапты,
Жайылған кең әлемге даңқ көлемің.
Болғанмен түйдей құрдас меніменен,
Теңмін деп мақтана алман сеніменен.
Отанның алдындағы борышыңды,
Ақтадың сен, не бердім еліме мен?!
Жасық деп күдер үзбе бірақ менен,
Құлағын талабымның бұрап келем.
Селдетіп жас кеудемнің әр шыңынан,
Халқыма ағызармын бұлақ өлең.
СЫР БОЙЫНДА
Сыр шерткен талай ақын Сыр бойынан,
Табылып көп тақырып қыр-ойынан.
Қандырған сусынымды Сырдың суы,
Кетпейді ертелі-кеш бір ойымнан.
Құлпырған қырларының қызғалдағы,
Өмірдей елестейтін бізге алдағы.
Ырғалған гүлдерінің жапырағы,
Секілді үлбіреген қыз бармағы.
Сол қырда әлі есімде ойнағаным,
Алысып асау желмен бойда жалын.
Жүгіре беруші едім алға ұмтылып,
Ашқандай Сырдың сұлу қоймаларын.
Сыр бойы жаюшы еді құшақ маған,
Сан рет толқындарын құшақтағам.
Аралап аңға толы ормандарын,
Жерім жоқ қақпан құрып, құс атпаған.
Өткізген өңірінде жас бала күн,
Қызық ед өміріндей астананың.
Жүрсем де Сырдан қашық сол күндерді
Жадымнан жалғыз рет тастамадым.
ҚОҢЫРАТҚА
Жанымды жақсы үмітке шомдыратын,
Аймағым, кіндік кескен Қоңыратым.
Атынды айтқан сайын жас кеудемде,
Шабыттың дабылы бар қағылатын.
Сүйемін жарқын жанды қауымыңды.
Сүйемін қойныңдағы ауылымды.
Қалайша ұмытпақпын мен дегенде
Балам деп елжіреген бауырымды.
Қиялмен шолып алыс сан қияңды,
Сен десем көңілім әр кез шалқи алды.
Сүйемін сені сондай, қандай сүйсем,
Түлеткен тұғырымда партиямды.
Жерің жоқ мәпелеуден қажып көрген,
Таусылмас жаныма өзің азық берген.
Суына мәдениеттің қандырам деп,
Ғылымның шыңырауын қазып келем.
Көбейтем оқып барып қатарыңды,
Ат салам шығаруға атағыңды.
Сүйгенім сені сүйсем, дүниенің
Жартысын алып жатқан Отанымды.
ТУҒАН ЕЛГЕ
Сүйем мен туған елім әрқашаннан,
Өлкені, өзен, тауды сен жасаған.
Сүйемін шыңнан құйған бұлағыңды,
Далаңа қазып ағып арна салған.
Өзімен ала келген жаздарымды,
Сүйемін қаңқылдаған қаздарыңды.
Ыстық қой шыңылдаған жартасың да,
Көтерген айқайласам наздарымды.
Аунасам ауырлығым білінбеген,
Сұлу ғой гүлді далаң күлімдеген.
Көркем ғой кісінеген көп орманың,
Ораған көк шәлісін бастарына.
Әсем ғой гүлді далаң күлімдеген,
Мөлдірі жас жүректей дірілдеген.
Қиялдың алып ұшқан асқарына,
Көркем ғой ақша бұлтты аспаның да.
Қойнымнан қазынамды төгем деген,
Қозыдай жатыр тауың көгендеген.
Сүймес ем сонда да мен бүл аймақты,
Егер де сен болмасаң мекендеген.
Ы. АЛТЫНСАРИН
Қайғырдың өз еліңнің арман, мұңын,
Сондықтан мәжбүр етіп сенің мұның.
Халқыңның келешегін ойлатуға,
Алып келді білуге оның сырын.
Халықтың бақыты үшін басты қару,
Деп ойладың «алдымен білім алу».
Ғылыммен иелесек дүниені,
Қазақта болады деп сонда даму.
Даласында қазақтың бірінші рет,
Оқыттың жас ұрпақты ашып мектеп.
Бар күшіңді аямай елің үшін,
Болдың сен бүкіл ғылым нұрын төкпек.
Бұныңа жол берді ме сұм патшалық!
Қазақтағы тұсау боп қараңғылық.
Сонда да бұзып сондай бөгеттерді,
Шығардың коп жастарды адам қылып.
Мақсатың орындалды, қайғырма сен,
Тілегің өмір бойы арман еткен.
Бүгінгі қуанышты өмір тарихында
Жазулы атың алтын әріппенен.
СӘКЕНГЕ
Айналған қымбатына қалың жұрттың,
Жырыңнан жақсы ойлардың балын жұттым.
Таңдаулы «Тар жол тайғақ кешуіңнен»,
Еліңе шын берілген жаныңды ұқтым.
Кеш туып көрмесем де келбетіңді,
Байқадым өлеңіңнен ер бетіңді.
Отырмын шежіре етіп, оқып бүгін,
Аянбай халыққа еткен қызметіңді.
Танытып тың ырғақтың құдіретін,
Ақынға қазы бопсың жүгінетін.
Жаныңды жайып жазып «Көкшетауда»,
Салыпсың сұлу далаң суретін.
Сан сырлы «Советстан» дастанында,
Жыр таудың өрмелепсің асқарына.
Сен бүгін жарқырайсың шолпан болып,
Кең шалқар поэзиям аспанында.
Мол мұраң мақтанышқа жарады елге,
Сырлассың кәрімен де, баламен де.
Күн санап қасиетің арта түсіп,
Атағың жатыр тарап бар әлемге.
ҚАСЫМҒА
Қолыма ұстағанда алғаш кітап,
Жалынды өлеңіңді оқып едім.
Баурап ең көңілді сол кезден-ақ,
Жанымды жылытып бір отты лебің.
Жылынып жалыныңа лапылдаған,
Сол кезден үзбей оқып әлі келем.
Оқимын да мен жырын аңқылдаған.
Сырласам ақ көңілді жаныменен.
Өтті ақын дүниеден, бірақ оның,
Жатталып көкіректе жыры қапты.
Сұм тағдыр суытқанмен от-жүрегін,
Жалыны өлеңінің суымапты.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ
Заманның кемерінен асып аққан,
Лепіріп сен бір өзен тасып аққан.
Шақырған бостандыққа зор дауысың,
Кезінде тауды жарып, тас уатқан.
Бетінен сүзіп жырдың балқаймағын,
Халқыңның тойындырдың барша аймағын.
Ер жетіп со л қаймақтан татып мен де,
Өзіңді бар ақынға «хан» сайладым.
Қолданып сөздің не бір «пайғамбарын»,
Жасадың жырдың «Тарғын», «Ер Қамбарын»,
Аямай теуіп күшті, нәлді өкшеңмен,
Қираттың ескіліктің қорғандарын.
Құрдас боп таудың шың, құз асқарына,
Жырың жүр қалқып Отан аспанында.
Тұлғаңа бас иеді, адам түгіл,
Кристалл Алатаудың тастары да.
О, ақын, алып едің биік неткен!
Мақтасам қай сөзім де сыйып кеткен.
Жырың ғой жас жанымды тебіренткен,
Жырың ғой жас жанымды тебіренткен!
ШОҚАН УӘЛИХАНОВҚА
Ғалым Шоқан
Біздің жақтан
Ғалымы түңғыш қазақтың.
Өмірдің арман
От боп жанған
Қайғысын тарттың азаптың.
Шынжыр балақ,
Халықты қанап
Шықтың жүрген ортадан.
Болғанмен олай,
Оларға жолай
Баспадың жақын бір қадам.
Түсіндің бірден
Сені өсірген
Әкең Шыңғыс мүддесін.
Елін билетпек,
Күйін күйлетпек,
Алмақ езу жүлдесін.
Терең бойладың,
Ой ойладың,
Бермек боп білім еліңе.
Қолдамады ешкім,
Жалғыз күрестің,
Ауырлық түсті беліңе.
Тарихшы, этнограф,
Саяхатшы, географ,
Бәрі де сен бола алдың.
Тұңғыш мәдениетші
Және әдебиетші
Тарихта боп қалдың.
Мақтанады елің сенімен
Үміт күткен елінен.
ТАУ ЖОЛЫНДА
Қия тасты, ұя тасты, ақ тасты,
Міне, алдан сансыз таулар қақпа ашты.
Аспай қайтпау асулардан серт болсын,
Арман-талап арғымағы ерттелсін,
Жүр, Сабырхан, шежіре-жыр шерт, досым.
Дүние есігін сен де жаңа ашқан ең,
Мен де өзіндей оқылмаған дастан ем.
Қанша тау бар балғын табан баспаған,
Қанша құз бар біздер әлі аспаған,
Қандай жақсы жолды шыңнан бастаған.
Бұл өмірде аз ба асуға өрлеген,
Бәрі бірдей шың төбесін көрмеген.
Көргендерін сан ғасырлар сүйіпті ел,
Әрине олар топты жарған жүйріктер,
Сәлем саған, біз шықпаған биіктер!
Бұл өмірде бір күн қызық бір күннен,
Көңілдердің қылауы жоқ кірбіңнен.
Жер-дүниені желпіндіріп ойменен,
Тоқсан таудың ортасында тұрмын мен.
Кейбір жота дем алып тұр гүлдерден,
Соған ғана қадалыпты күн - Мерген.
Алтын күнді құшақтағым келеді
Табиғатқа таңғажайып түр берген.
Асқар шындар, арманыңмен біргемін,
Қандай бақыт қақ ортаңда жүргенім.
Жоғарыда тұрған қандай жақсы еді,
О, биіктер, түскім келмей тұр менің.
МҰXТAPҒA
Оқысам тарау «Абайдан»,
Хабардар болам талайдан.
Тілімнің өңі бұзылса,
Сияқты қарар шар айнам.
Ұлы Абай сүйген пәк жанды,
Ойласам сұлу Тоғжанды.
Жас жанымда алаулап
Махаббаттан от жанды.
Күндер сап заңды себепті,
Оқыдым «Еңлік—Кебекті».
Адамдық жолда өлсе де,
Жауыздар «обал» демепті.
Оқып ап ауыр күйге ендім,
(Оралмас сол бір күйген күн).
Адам боп өмір сүруді,
Күрестерінен үйрендім.
Көп жылдар өтіп кетсе де,
Еңбектен ерін кепсе де.
Шығардың аға оларды
Зор күшпен асқар текшеге.
Өзінің сүйген халқы үшін,
Арнаған бойда бар күшін.
Аяулы сендей ағаға,
Айтады әр жан алғысын.
АҚПЕЙІЛ ЖАН
Әбділда Тәжібаевқа
Бала боп дүниеге жаралғалы,
Ақпейіл көріп келем адамдарды.
Авторын сүйгендіктен жүрмін қазір,
Қолтыққа қысып ұйықтап «Аралдарды».
Суындай мөлдір екен көк бұлақтың,
Мен одан сөнбес жалын, отты таптым.
Мейірін авторының көрмегенде,
Санар ма ем бірі ғой деп көп кітаптың.
Білмеймін неге сонша ол жақын маған,
Бейне бір тума алтындай жарқылдаған.
Тұрғандай көрінеді қолыма алсам,
Авторы күле қарап аңқылдаған.
Құрмет құс қолға еңбексіз қонған емес,
Түсінем, іске асты іспен арман елес.
Көп бүгін сенің біздей жеткіншегің,
Әрине, «Жалғыз ағаш орман емес».
Атың бар дейтін елің: «Ақын аға»,
Жоқ ешбір қартаюға қақың, аға.
Қатардың жүр алдыңғы сапын ала,
Шығар сан «Майраларды» сахнаға.
АЛТЫН ҰЯМА
Ұямдай әр бұрышың, қалтарысың,
Анамдай институтам — ар-намысым.
Сіміріп таңғы ауадай біліміңді,
Өмірдің көрмей өстім қаңтар-қысын.
Келсе де сан тығылып сөз алқымға,
Мен сенің мейіріміңді жаза алдым ба?
Тек қана өзен болып жатады ағып,
Таусылмас мол білімің көз алдымда.
Келгенде он жетінің бозбаласы ем,
Мінеки, өтті талай жылдар әсем.
Жетілдім азамат боп кемелденген,
Еттің бе жақсылықты азғана сен.
Біліммен жетеледің өрге мені,
Қияға тұрдым құлаш сермегелі.
Жаныма өзің құйған ыстық лептен
Кеудемде бесік — өлең тербеледі.
ҰCТAЗҒA
Мектепке алғашында ерке келдім,
Төбелес, сотқарлықты ерте келдім.
Қай жерде ұрыс-қағыс шу-шу болса,
Бір нәрсе беретіндей ентеледім.
Сол жерден іздегендер тапты мені,
Қонбады ақыл сөздің ешбір емі.
Көрсем де талайлардан қатты соққы,
Дедім мен: «Батырлықтың» осы жөні.
Мұнымды көп өтпей-ақ біліп қалып,
Қыстың көп тергеудің астына алып.
Кішкентай төбелескіш тентек қолым,
Сол күннен қалды амалсыз құлыпталып.
Ермегім болды енді кітап қана,
Қызығып оқи бердім құмарлана.
Ертеңгі болашақтың зор күмбезі,
Көріне берді маған мұнарлана.
Тоқтамай солай қарай жүре бердім,
Батпақты жол қиынын жүре көрдім.
Ақыры жеттім сол бір мұнараға,
Өрмелеп биігіне міне бердім.
Маршалым бүл жорықта өзің болдың,
Мендегі сотқарлыққа төзім бердің.
Кешегі со л бір тентек шәкіртіңнің,
Мінеки, адам болған кезін көрдің.
Шәкіртің көрмек болып келді бүгін,
Баяғы есіне алды тентек күнін,
Айтпақшы білім берген ұстазына,
Борышты өмір бақи екендігін.
Ойыныңның ойпатында өрледі өлең,
Білімнің сүтін ішіп көгеріп ем.
Қош-сау бол, ақпейілді ұстаз әке,
Аралдай асып жатқан кемерінен.
Түлеттің, жас қырандай қалықтаған!
Қияға қанатымды қағып барам.
Өлкеме өнегеңді алып барам,
Жанына жас ұрпақтың жағып бағам.
Ықылас Атырауынан маған деген,
Өзіңнен таптым әр кез табам деп ем.
Ақ өркеш Алатаудай асқар ұстаз,
Махаббат Сырдария саған деген.
ІІІ
Онжылдық сыбағасын асағасын,
Аттап ем институт босағасын.
Келеді әлі шырқап ұша басым,
Туған ел мәпелеуде жас ағашын.
Томынан ленинизм-қалың бақтың,
Жаныма мәңгі өшпейтін жалын таптым.
Өттім сан күрес-жылдар үтірінен,
Кеп қалды нүкте қояр жақындап күн.
Кеп қалды жолдама алар күн өмірге,
Ойнайды қуаныш от іреңімде,
Жыры бар зор сенімнің жүрегімде,
Қайраттың тасқыны бар білегімде.
Өзгертіп, гүлге бөлеп, дала тынды,
Аламын болашақтан алатынды.
Старты бітірудің берілген сәт,
Қағуға тұрмын дайын қанатымды.
ЖЕҢЕШЕМЕ
Сүйкімді арай нұрдай атар таңғы,
Аяулы жан жеңешем адал жанды.
Қиялшыл жастығыма мұрат көрем,
Мен сенен «төре жігіт» аталғанды.
Болып бір бейне құрдас жанашырым,
Ұқтың сен арманыңның бар асылын.
Жігіттік құпиямды шерттім талай,
Ағытып жүрегімнің дара сырын.
Реніш-қуанышқа ортақтасып,
Қасымда жүресің сен алшақ басып.
Жадырап жаның шалқып күлсең әр кез
Кетеді көңіл-өзенім толқып тасып.
Көрсеттің кейде ойымның келтелігін,
Көбіне өтті өзіңе еркелігім.
Құлшынтып шабытыма қанат бердің,
Маздатып үмітімнің жел көрігін.
Жақтыртпас сөзінде жоқ қысқа зілің,
Кетпейді көкейімнен күшті әзілің.
Ізгілік қорғасынын құйған ойға,
Бірісің сен де менің ұстазымның.
Сөз болып отырғанда ай шынары,
Басқа ойды ақын біткен қойсын әрі.
Қабыл ал сәлемімді, аяулы ата,
Өзбектің өлеңінің Байшұбары!
Сипатын жырларыңның шекерлеген,
Санаға жырмен айтсам жетер ме екен.
Қоқанның жібегіндей сұлу жүрек,
Сенің пәк көкірегіңде мекендеген.
Өртетіп өмір үшін өзегіңді,
Сүйдің сен өзбегіңді — өз еліңді.
Перделі Ферғананың бақшаларын,
Зер жаға Зеравшандай өзеніңді.
Сүйдің де Тянь-Шаньның бұлақтарын,
Марғұлан гүлін көріп сыр ақтардың.
Шахмардан самалындай заулап жүріп,
Өткенін сезбей қапты күн аптабын.
Қайғысын арылтуға түнек күннің,
Бас тігіп, белді буып, білек түрдім.
Жаңа өмір сағаты үшін жар салғанда,
Қайыршы қалың елді тірек білдің.
АЛАТАУҒА
Жайлаған баурайыңды бала атаулың,
Сүйетін шығар сені Алатауым.
Қойныңда өспесем де, өр шыңыңа,
Келемін орнатып мен ән отауын.
Рас, мен көргенім жоқ сені бұрын,
Қарсы алшы құшақ жайып мені бүгін.
Ынтық бір махаббатпен аймалайын,
Көгілдір көк тасыңның өрі-қырын.
Тыңдайын сырларыңды қойып зейін,
Аяулы ақ сүт берген анам дейін.
Ізетпен туған елім сүйсе сені,
Мен сүймей қалай ғана қалам кейін.
Демессің, әрине, сен мұнымды ерсі,
Мінеки, құшақ жайдым келші, келші,
Елжірей елім сүйген асқарыңнан
Менің де жүрегіме орын берші.
Алатау бұршы маған мойыныңды,
Анам боп ашшы ыстық қойыныңды.
Құшақтап жартасыңды ант етейін,
Төгем деп мұхит етіп мейірімді.
Анам дейін, Алатау,
Панам дейін, Алатау.
Жұрт сүйгенде мен қалай
Қалам кейін, Алатау.
Әнімді аспаныңа қалқытайын,
Көңілімді дариядай шалқытайын.
Табылған сөз маржанын өзіңе арнап,
Әніммен көк тасыңды балқытайын.
Анам дейін, Алатау,
Панам дейін, Алатау.
Жұрт сүйгенде мен қалай
Қалам кейін, Алатау.
Ауаңа көндіктіріп, жас тәнімді,
Оқиын ғажайып сыр, дастаныңды.
Көгіңе жұлдызың боп атылайын,
Шарлайын қыраның боп аспаныңды.
МАХАББАТ ЭЛЕГИЯСЫ
Көрмес деп күдер үзбеймін,
Саламын сұрау, іздеймін,
Сағына сені сарғайдым,
Сары жапырақ күздеймін.
Атынды айтсам ардақтап,
Ойым жоқ басқа жар таппақ.
Сен бе деп көше қызының,
Жүзіне қараймын жалтақтап.
Тілдеспей кетем сөзге кеп,
Шыққан соң сенен өзге боп.
Қаяулы көзден моншақтар
Тамшылап жатар кез де көп.
Сол сәттен сені жоғалтқан,
Сүю таңы әлі жоқ атқан.
Күтем мен сол таң арайын,
Үмітпен келер сағаттан.
Мен саған бере алмадым қымбат сыйлық,
Шерттім тек жүрегімнің шерін күй ғып.
Жалын боп алаулаған отты лебің,
Еріксіз мені өзіне тартты үйіріп.
Қоймадың оның үшін күнә маған,
Айтпадың деп ісің бұл ұнамаған.
Сонда да сүйдің мені, сондықтан да
Сен болдың көкейіме ұялаған.
Сен болдың ең бір жақын жан ашырым,
Ағыттың жүрегіңнің дара сырын,
Сондықтан теңіз болып буырқандым,
Мұхит боп дауыл күнгі аласұрдым.
Көл болып кірсіз көңілім растан да,
Кеудемнен атты көбік көк аспанға.
Ерідім, қорғасын боп балқыдым мен
Арманым арманыңа ұласқанда.
Ізетпен аймаладың, аяладың,
Сырымды мен де ағыттым, аямадым.
Таптым деп бақытымды мақтанышпен,
Дәл бүгін бүкіл жұртқа жая аламын.
МАҒИРАШҚА ХАТ
Мағираш, ақын досым, замандасым,
Келеді таныс болғым, амандасқым.
Өлеңге мен де өзіңдей құмар жаспын,
Жырының қайрап жүрген ақ алмасын.
Саңқ еткен Қызылорда қаласынан
Үніңді есітіп жаным аласұрған.
Болашақ шабытыңа нұр тілеймін,
Қол созып қарақалпақ даласынан.
Көп болған жоқ өлеңнің аймағыңа,
Менің де құшағымды жайғаныма.
Шыңына шығам деген үмітім бар,
Тайсам да, жығылсам да тайғағына.
Мен сендей өзен емен күркіреген,
Жырым бар өткіншідей сіркіреген.
Қусам да құйрығынан ұстатпай жүр,
Бір сырлы, сегіз қырлы сылқым өлең.
Көбісі боранындай суық күздің,
Жаз желі жырымыз да тапшы біздің,
Ойлаймын жақын болсам шабытыма,
Әсері тие ме деп жақсы қыздың.
Жайыммен біразырақ таныстырдым,
Көңіліңе ой келмесін шалыс, құрбым.
Хат жаздым дос болмақ боп ақ ниетпен,
Жүрсем де ар жағында алыс қырдың.
Көп жазар ақын емен шүйде тілді,
Қабыл ал қайырмастан ниетімді.
Жауап жаз сөз сарасы — өлеңменен,
Сол маған бәрінен де сыйға өтімді.
* * *
Бір қызды көрдім бақшада,
Демалып жүріп мен кеше,
Жазылған жырдай жақшаға,
Ақ Марал екен өзгеше.
Абайша айтсам қалам қас,
Навоиша айтсам гөззал тым.
Әзіл-сыр шертіп аралас,
Жан жүйесін қозғалттым.
Салқын жел шырқап азанын,
Гуледі бақша бақтары.
Қайнады жастық қазаным,
Ашылып көңіл қақпағы.
АСЫЛ АРМАН
Сен менің аяулым ең, айнам едің,
Басымды бақытыңа байлап едің.
Айтшы сен, айтшы толған айым, жырым,
Бал күнім, балбыраған қайда менің.
Сен менің аяулым ең, жақыным ең,
Жаныма жақын кел деп шақырып ем.
Жүруші ем қуанышым бойға сыймай,
Арманның сырқатына табылып ем.
Шаттықпен ұштастырып күнге-күнді,
Арнап ем жалғыз саған жүрегімді.
Қуанып, емірене сен күлгенде,
Елжіреп жан дүнием бірге күлді.
Сөзіне кейбіреудің «төмендеген»,
Тыжырына көз алартып жиренген ем.
Сөзіңді тоқтат деп ем, айтпа деп ем,
Өмірлік жұбай етіп жүрем деп ем.
Аса ару болмасаң да сүйген едім,
Ықыласпен шын басымды иген едім.
Кездескен көп қатеңді кешіргенде,
Деп пе едім сенен мұндай сый көремін.
Деп пе едім сенен мұндай мінез көрем,
Қойып ем сөйлесуді түк өзгемен.
Сен деп ем көңілімдегі күмбез деген,
Арманның нысанасы ең шын көздеген.
Тимей сол нысанаға оғым менің,
Қаңғырып кеткеніне өкінемін.
Тиер еді тұрмадың ғой уәдеңде,
Жарылды қарс айырылып көкірегім.
Жарылды қарс айырылып көкірегім,
Едің сен қиялымның көгіне күн.
Аямай жылаттың да кете бердің,
Аяғыңды алшаң басып емін-еркін.
Тағдырдың берген сені сыйы деп ем,
Елітіп ем көңілімнің күйіне мен.
Айтшы енді, қайтемін мен, қайтемін мен,
Қалайша арманменен күйіп өлем?!
Қызыққан жоқ ем ғой түр, келбетіңе,
Қараймын енді қалай ел бетіне.
Не деймін сені сүйген жүрегіме,
Айтшы сен, осы менен шын кеттің бе?
Айтылған осы сөздер ұшқары ма,
Не деймін достарым мен дұшпаныма.
Не деймін елжіреген бауырыма,
«Қайда ол» деп дем алдырмай қысқанында.
Өз сыйын тағдыр бүгін тартып алды,
Мойныма мол қайғыны артып алды.
Тек қана ерініңнің ерінімде,
Жалын боп алаулаған өрті қалды.
Сол бір өрт жылытар ма екен тұла бойды,
Немесе сарғайтар ма ұлан ойды.
Сол бір өрт елестетіп тұрар ма екен,
Сүйкімді түр-тұлғаңды орта бойлы.
Сол бір өрт жарқырар ма жалын болып,
Сол бір өрт күлімдер ме таңым болып.
Сол бір өрт өмір бойы сақталар ма,
Еш қызға сөз айтқызбас арым болып.
Жүректі сүю шаншу сұққылады,
Сонда да қойман саған көп кінәні.
Жалғанда сенен сұрар өтінішім,
Мен үшін жалғыз ғана ұқ мынаны.
Десейші айырылысу ауыр қанша,
Демеймін елжіреген бауырды аңса.
Сен десе алып ұшқан жаным деп біл,
Лепіріп теңіз толқып, буырқанса.
Лебімде ызыл қағып жел гулесе,
Көңілімде қызыл жалау желбіресе.
Кіршіксіз менің таза ықыласым де,
Айна көл тыныш қана мөлдіресе.
Сырым де сырлы бұлақ сылдырласа,
Арманын айтып тілсіз домбыраша.
Сен десе сәуле төккен үмітім де,
Арайлап, шұғыла шашып таң құласа.
Көзімнің нұры де күн күлімдесе,
Қолыңа мен де оны ілінбесе.
Сен десе солқылдаған жүрегімде,
Асқардың тарғыл тасы дірілдесе.
Мендегі дегейсің тек асыл арман,
Самалмен сыпсыңдаса жасыл орман.
Дария сүюімді кінәламай,
Қорытынды шығарып жүр осылардан.
ДОМБЫРА
Домбыра, қандай сенің әсем сазың,
Сені тартып әр уақыт көңіл жаздым.
Болсаң да кейде керек мұңды адамға,
Көбінесе құралы сұлу наздың.
Той-думан бірдейіне сен барған жер,
Саған қосып шырқалар әсем әндер.
Сүйер заты қазақтың көңіл қошы,
Жүректің қуанышты күйін төгер.
Көрсем сені қуанам, шаттанамын,
Ән салып, әсем күйді ақтарамын.
Дауысыма сені қоспай айтсам егер,
Қалайша мен «жай жігіт» атанамын.
Талайғы сыр кеуліне медеу етті.
Үніңді қазақ халқы құдіретті.
Талай жыл елімізді езіп келген,
Әшкере жасадың сен би мен бекті.
Көсеу боп от басында қорландың сен,
Азабын талай тарттың зорлардың сен.
Сонда да жасқанбадың, қорланбадың,
Сөздерін сөйлемедің олардың сен.
Қазір сен ұлттық ән-күй құралысың,
Қуанышты өмірдің ұранысың.
Ықыласты көңілмен шырқағанда,
Адамның тербететін жан тынысын.
ҚЫЗЫМ МЕНІҢ
Үйлендім. Балалықтан із қалмады,
Жаңа өмір қол бұлғады бізге алдағы.
Өмірге сен келдің де гүлін жарды
Менің жас семьямның қызғалдағы.
Көңілге сырын құйып дала, көлдің,
Сен маған әкелік ат ала келдің.
Жатқандай жақсы арманым тербетіліп,
Айналып бесігіңе бара бердім.
Көп шеккен азабымды байғұс анам,
Құшағын менен де кең жайды саған.
Кім білсін,
жылдар бойы аңсап күткен,
Шығарсың аяулысы айға ұсаған.
Әйтеуір сен туғанда ол күле берді.
Бойынан бір тың қуат түрегелді.
Ән бастап таңертеңнен домбырасыз,
Кеудесі күйге толып жүре берді...
ӨМІР
Сенен сұрағаным көп еді,
Қиыныңнан жалтарғаным жоқ еді.
Емес менің жаралғаным қазір-ақ
Бірақ сенен ала алғаным азырақ.
Берші маған теңіздейін тереңдік,
Келбетіңді оюлайын өлең ғып,
Алматының бауырындағы орманнан,
Орын берші саңқылдайын сол маңнан.
Секірейін асқарларға киік боп,
Өсейін бір Алатаудай биіктеп.
Жыр садағын жаратайын пайдаға,
Ел қолданар соқа қылып иіп кеп.
Жан еркем, жалықсаң да жаза берем,
Бермен кел, тайсалмастан, қазақ өлең!
Қанша рет ар алдында қорландық біз,
Сотталып ән сүймейтін жазаменен.
Ащы ән мен ащы теңіз тұшығанда,
Тәтті ән мен тәтті қымыз ашығанда.
Сен ойға кірпік малып тұрып қалсаң,
Жүрегің мына өмірге ғашық онда.
Сен анау тас емессің ғой мелшиетін,
Сен жаным өмірсің ғой мен сүйетін,
Дүниеде бір өмірге ғашық болу,
Өмірге ғашықтық қой ол сүйетін.
Соқпағы тар да болар бала көштің,
Кең бол деп қоя да алмас талап ешкім.
Дегенмен көлдері бар, шөлдері бар,
Кең бола алмағансың. Дала емессің.
Бір-біріңе ұқсайсыңдар адамдар,
Ісіңмен де, түсіңмен де, бәріңмен.
Бұл ұқсастық бар дейді ғой әріден,
Түсінбей-ақ келем соған әлі мен.
Бір-біріңе ұқсамайсың адамдар,
Ісіңмен де, түсіңмен де, бәріңмен.
Мен ұнатып тұрам бірақ ішімнен,
Сол сендердің басқалығың үшін мен.
Ойланғыш боп кетіпсің деп мені сен,
Кінәлайсың созбен қуып жыраққа.
Бос күніңе өкін десең келісем,
Ал мұныңа келісе алман бірақ та.
Көктем де өтті, күзді де тұр көз көріп,
Қыс та бұғып сығалайды жырадан.
Көз алдымда дүние жатса өзгеріп,
Қалай ғана мен ойланбай тұра алам.
Ойланбаса не болады бүл адам?
ЖИЫРМА ЖАЙЛЫ
Қыздарға көзі түспес қиырдағы,
Мен сүйем жылқы елі жиырманы.
Бір көріп мейірі қанбай қоймайды ол,
Болса да екі талай бұйырмағы.
Өтсем де одан сол бір албырт шақтың,
Кетпейді көкейімнен күй ырғағы.
Тату кезде арамыздан қыл өтпес,
Болған едім арманыңа тілектес.
Қызғалдағы гүл жарғанда сүюдің,
Елестеп ең қиялым боп қол жетпес.
От жүрегім суынғалы мұз болып,
Көрінесің қарапайым қыз болып.
Көз салсам жаңа жазған өлеңіме,
Сүңгимін теңіз ойдың тереңіне.
Қиялдаймын тай жырым дөнен шығып,
Етсем деп оны тарту ер еліме.
Еліме бермегенде кімге берем,
Өмірдің жалғыз болсам керегі не?
Табиғат берген әмірмен,
Құлайсың шалқып Памирден.
Дүбелей сотқар толқының,
Баспаған қадам сабырмен.
Ағасың көркем көрікпен,
Қоралы қойдай үріккен.
Бірге ішіп жатыр суыңды,
Қарақалпақ, түрікпен.
Иірімің шұңғыл тостаған,
Балығың елге ас-тағам.
Тарихың көп, сырың көп,
Кітаптай бетін ашпаған.
Асау деп сені ел тегін,
Айтпаған, Әму тентегім.
Шабыттың отын маздатып,
Жағаңнан жырлар шертемін.
ЖОЛДА
Таң көрінді қылаң беріп, бозарып,
Әнге басты бұлбұл со шақ сөз алып.
Келем жүріп алдымдағы даңғыл жол,
Жатыр жарқын болашақтай ұзарып.
Жанға жайлы жел келеді қырлардан,
Алтын бидай тербеледі тыңдардан.
Адым жерден қиял қаша жөнеліп,
Қанат сермеп қалықтайды шыңға арман.
Ұзақ жолдар бір-бірімен ұласқан,
Құзар жолдар жолаушылар сыр ашқан.
Қалсын сенің келбетінде мәңгілік,
Сапары мол ояу іздер мен басқан.
БҰРЫЛЫС
Шоферлардың қорқатұғын жері осы.
Бүл жерде оның ұшады иман-зәресі.
Мәңгі бақи қалатындай сапарына жол тоқтап
Оңға-солға жалтақтап,
Осы жерден өтерде
Қарайды ол қауіп пенен қатерге.
Қарайды ол бұған адамның
Өмірге қарағанындай
Бар арманына жетерде.
Қарайды ол бұл адамның
Өлімге қарағанындай,
Ғаламның мынау қақпасын жауып кетерде.
Қарайды ол бұған махаббат жанын жеңгеннің
Қарағанындай қыздарға.
Қарайды ол бұған ішқұста болып мергеннің
Қарағанындай қаздарға.
Дәл осы тұста елестейді оның көзіне,
Өмірдің барлық қаңтары менен көктемі.
Кей машинаның жайратып тастап кетпегі
Ғажап та емес өйткені.
О, сәлем саған, бұрылыстардың мектебі!
Бұрылысы жоқ еш күн де
Эсер етпейді түк маған.
Өмірде мынау ешкім де,
Бұрылмай жолға шықпаған.
Айғыздап жатыр бұрылыс әрбір жотаны,
Асқарға тартқан ол бір даңқты жолда бар.
Жанымда менің бұрылыс жасап жатады,
Бұрылып жеткен әр хабар.
Бұралаң жолың алып шыға алса заңғарға,
Мен оның текке кетпегендігін білемін.
Аман бол сен де, ақпейіл барлық жандарға
Бұрылып тұрған жүрегім!
Құдірет бүл кез көрсең кеп,
Дария түсі айбарлы.
Шапшиды көкке қол сермеп,
Жас толқын алтын айдарлы.
Көрінер өрт боп сең мүлде,
Күн төксе нұрын аспаннан.
Кеудеңде шақ бүл сенің де,
Ерек бір дүбір басталған.
Дауысы жатқан жаңғырып,
Жүзінде қызыл жалқын бар.
Сүйем мен сені мәңгілік,
Апрельдегі толқындар.
Көрген соң мынау көктемді,
Тұлғаң да түгел өзгерген.
Сен жайлы сыр ғып өткенді,
Толғайды қарттар көз көрген.
Айтады олар жүрген деп,
Бүл жермен Темір, Шыңғыстар.
Барады мені тілкемдеп
Сілтеген заңсыз қылыштар.
Құл етпек болған құмартып,
Қанқұйлы соғыс болған деп.
Түр мені қазір мұңайтып,
Көкірегіме толған кек.
Бұрқылдап халық қанымен
Ағыпты қан боп мынау су.
Кеудемде менің әріден,
Көтерді басын бір ашу.
Сөз таппай тіпті Темірлер,
Сұраймын өткен неге деп.
Шерменде болған өлілер,
Түр мені шермен шегелеп.
Мың шаян қазір дәл менің,
Омырауымнан өргендей.
Амалсыз құрып дәрменім,
Мың әскер маған төнгендей.
Толғандар, қарттар, толғандар,
Орамды жолдан оралған.
Қуанышқа ортақ болғандар,
Қайғыға да ортақ бола алған.
Мұңайып жүруім күнімен,
Түпсіз ғой шіркін ой деген.
Қуану үшін шынымен,
Қайғырып кетем кейде мен.
МОЙЫНДАМАУ
(Евтушенконың ізімен)
Сара боп жолың тұрса да,
Дос емес кейбір ойлар бар.
Мойындау тиіс болса да,
Мойындамайтын жай л ар бар.
Өзгеден ерен іс қылып,
Шықсаң да топтан қанша үздік.
Мойындатуың — күштілік,
Мойындауың тек әлсіздік.
Адамдар аз ба танытқан,
Әлемге шексіз өз күшін.
Айнымай қалған алыптан,
Өзгертпей қалған өз түсін.
Қанатын сермеп шыңдарға,
Жастығым дархан тұрғанда
Түсермін талай сындарға.
Жоғыңды жүрер жасырып,
Сенім ғой елдің қанаты.
Жеңбеймін деген асылық,
Жеңемін деген ер аты.
Дандайсу жүрсе көп еріп,
Ақыры күннің күнінде.
Түйемді құмға шөгеріп,
Білем мен кететінін де,
Шылбырын тежеп төзімнің.
Қостармын досты қостасам,
Күшімді бірақ өзімнің
Мойындамаспын ешқашан!
О, алтын ай, аспанда мөлдіреген,
Құмарта көз тігемін көркіңе мен.
Сені көрсем әр уақыт жас жанымның,
Көкке құмар жалауы желбіреген.
Куә боп тарихына сан ғасырдың,
Жадырап күліп талай танды асырдың.
Ай ата, айтшы маған, бір өзіңе,
Ақтарды қанша ғашық арна сырын.
Себебін сұрап заман тарлығының,
Шертті ме Баян саған зарлы мұңын.
Алдыңа жайып тастап шер дастарқан,
Ер Кебек жыр етті ме жарлылығын.
Сендегі эсер етіп сымбат-тұлға,
Қызыға қыз Ақжүніс тіл қатты ма.
Зәлім бай таяқтаған жетім бала,
Сәулеңе көздің жасын құрғатты ма.
Қиялын тамсандырып тамам көптің,
Жарқырап ақ самайың маған жеттің.
Ызамен Баймағамбет сұлтанға айтқан,
Толғауын тыңдадың ба Махамбеттің.
Қадамын тұншықтырып қатал заман,
Шақты ма ащы мұңын Абай саған.
Жамылып қайғы мұңын Сұлтанмахмұт,
Арманын ағытты ма жаны аңсаған.
ЖАСТАРДАЙ ЕКЕН СҮЙІСКЕН
Күлімдеп туған от күннен,
Күмістен сәуле шашылып.
Жығылып түсті екпінмен,
Мақпалдай жерге бас ұрып.
Төгілген саулап тынымсыз,
Алтындай нұрды жарқырап.
Жасырын ғана түк үнсіз,
Топырақ жатыр тартып ап.
Мамық жер кетті түрленіп...
«Жастардай екен сүйіскен»
Деген ой тілге күрмеліп,
Қайталап тұрмын жиі іштен.
КӨКТЕМ ЖЫРЛАРЫ
Шыға бере тоқтаңқырап азғана,
Көктем күні көтерілді наздана.
Тігіп еді жерге өткір от көзін,
Көгеріп сап жүре берді таз дала.
Сәби жүзді қызғалдақтар құлпырып,
Құшақтарын жая түсті ұмтылып.
Шапшып ағып сулар жатыр арықтан,
Ойнап жатқан ақ сазандай бұлқынып.
Әрбір сөзін ұйып тыңдап бақылап,
Тұрған жандай бір-бірінен ақыл ап.
Сыбдыр қағып сөйлеседі жайымен,
Қыз ерніндей дірілдеген жапырақ.
Түкті кілем секілденіп нақ қасы,
Қыр басында қой жайып түр бақташы.
Қуаныштың оты ойнайды жүзінде,
Ашылғандай малға өрістің қақпасы.
Көктегі ай бейне күміс таба сынған,
Құс жолы — бешпенттегі жаға сырған.
Ақша бұлт көк бұлттармен көмкерілген,
Ұқсайды ақ матаға жаңа ашылған.
Артына ай мойынын бұрғызбастан,
Уақыт қуады алға тұрғызбастан.
Арқайып ұйықтап жатыр ару аспан,
Жалтылдап омырауын жұлдыз басқан.
Шуылы құлағыңды керең етіп,
Көл суын сапырады жеребе етіп.
Же л тартса сыбызғысын, балапан тал
Жан-жаққа жалт қарайды елең етіп.
Жер жарып найзағайдың өктем үні,
Бұлтының көктен кетпей көк теңбілі.
Миуасы піскен өрік ағашындай,
Бұршағын шашты жерге көктем күні.
Төгілді сақ-сақ күліп айналаға,
Сатырлап тиіп жатыр айнаға да.
Ерітіп суын жұтып жатыр оның
Жер беті секілденіп жайдары ана.
Жауыны ақ бұршақтың тынып бір кез,
Көрінді бұлт астынан күліп күн тез.
Бар бұршақ су боп еріп, жоқ боп кетті,
Күшінен көктем күнінің қырық мінез.
Тағы да міне көктем кеп,
Бөледі гүлге тау басын.
Ұсынады баққа көкпеңбек,
Жас жапырақ сауғасын.
Тастады алтын күн көзі,
Даланы нұрға бөктіріп.
Үйілген ақ қар күмбезі
Сары су болып кетті іріп.
Еріген суды қуана,
Сай-сала жатыр ұрыттап.
Шығарды аспан сахнаға
Бал қаймақтай бұлтты ақ.
Сағымданған сары дала,
Қыс бойы жатқан мұз қармап.
Дәл қазір оғаш паңдана,
Көтерді туын қызғалдақ.
Келді март жанға жайлы жел естіріп,
Мерзімін түн мен күннің теңестіріп.
Әйел-қыз еркіндігін еске салып,
Даламен көктем жайлы кеңес құрып.
Ертеден егіншіге жерді өңдетіп,
Төбемен тырна өткізіп керуендетіп.
Өзеннің сексен қабат сеңін айдап,
Көлдердің көп үйрегін көлбеңдетіп.
Март күні белгісіңдей бусанудың,
Көктеудің, жасарудың, жасанудың
Жанындай қарт ананың мейірімді,
Оты мол жүрегіндей жас арудың.
Жаулығын январьдың лақтырып,
Май сұлу жетіп келді гүл ап кіріп.
Дауысы оркестрдің жаңғырыққан,
Парадын тыңдады әлем құлақ түріп.
Өмірдің қуанышты тойын тойла,
Құмарың қанғанша жүгір, ойна.
Дегендей гүл өрнекті кілемдерін,
Тастады жайып төсеп қыр мен ойға.
Әкелген табиғаттың бар әсемін,
Сүюдің таптырмаған ара-шегін.
Сүйкімді ерке мінез жатағаңдай,
Май таңы неткен сұлу тамаша едің!
КЕШКІ ӨЗЕН
Әуеге моншақтаған толқын атып,
Ұрады су жағаны солқылдатып.
Бу етіп бәрін көкке ұшыруға
Әлі келмей барады күн де батып.
Көк өзен гүрілдейді, лепіреді,
Кең еді неткен алып көкірегі!
Атылсын аспанға оқ боп шортан, сазан,
Жарысып толқындардан секіреді.
Көк өзен сылдырайды, есіледі.
Әлде бүл ойдың жүйрік көші ме еді?
Әнеки, параходтың зор гудогі
Айқайлап жер жаңғыртып есінеді.
Төсінде қалықтаса параходтар,
Тіресіп жұлқынады толқып сотқар.
Менің де еске түсіп албырт шағым,
Жанымның жайлауында жанады оттар.
ҚЫС ТУРАЛЫ
Далаға ақ текемет жайып тастап,
Шырқайды дүлей боран әнін асқақ.
Тамшыдан меруерт шашу шашамын деп,
Аспан да салют беріп жатыр қоштап.
Ышқынып, алып-ұшып көкірегі,
Селеуден серке қоян секіреді.
Нұрымен айналасын тазартып түр,
Күміс ай секілденген көк күрегі.
Торғайлар бұтақтарға қонып алып,
Сайрап түр балмұздақ жеп шөлі қанып.
Қыз беті қызғалдақ боп құлпырады,
Жатқандай арай өзен толып ағып.
Қайыршыдай ақтаған,
Көк ала құйып көк боран.
Еш жерде тыным таппайсың.
Аязбен төнді қақтайсың.
Көпіріп ауыз жаппайсың.
Еш жанға сірә жақпайсың.
Нәлі бар мұздың өкшеңде,
Мейірдің шоғы жоқ сенде.
Сен болсаң мен не етер ем?
Жуымай елге кетер ем,
Самал боп қайтып жетер ем,
Аймалап желпіп өтер ем.
Төкті қыс үскірігін айналаға,
Көкпеңбек қырау тұрды айнаға да.
Бетіне мұздан қалың қаймақ салып,
Көгілдір сулар жатыр сай-салада.
Өткізіп өктем күшін шаналарға,
Сол мұзда сырғанап жүр балалар да.
Ық іздеп қалың шөпке тығылады,
Аяздан қалтыраған ала қарға.
Аспаннан жапалақтап қар тастады,
Тоңазып дірілдеді жартас тағы.
Қаупінен қатал қыстың қалшылдаған,
Ауылдың малға кетті бар жастары.
Терек таққан ақ күмістен сырғасын,
Көше мұзы құйған сұйық қорғасын.
Айналада сықырлаған өкшелер,
Шыңылдатып ескерткіштің түр тасын.
Дала жатыр күйсеп күртік малтасын,
Тау да жатыр аяз жал ап арқасын.
Дірілдейді қырықтық тиген қозыдай,
Көгілдір тас, көк еркесі, марқа шың.
Қарсы келген ақша бұлтты аластап,
Күн жүзеді көк аспанда құлаштап.
Естілмейді атыраптан мүлгіген,
Жаз күніндей қоңыраулы үн асқақ.
САЙРАШЫ, САНДУҒАШЫМ
Мен үшін қымбат жан жоқ бір өзіңнен,
Айналдым, қыр желіндей мінезіңнен.
Сүйем деп айлы түні берген сертің
Бір шықпай жатсам-тұрсам жүр есімнен.
Жазылып жан қуансын,
Кеудеде ән туласын.
Естиін бір қимас үн
Сайрашы, сандуғашым.
Мен үшін бақыт та сен, арман да сен,
Жүр, сәулем, серуендейік орманға әсем.
Жас талмен сырласайық мен де өзіндей,
Үмітті жанға бүршік жарған жас ем.
Көңілдер толқындасын,
Жүректер солқылдасын,
Шайқасын әркім басын,
Сайрашы, сандуғашым.
Орманға ғажап сұлу түр берейік,
Дүниені шат күлкіге бір бөлейік.
Қадамды қарағайдай нық басайық,
Ақ қайың бұрымындай тербелейік.
БІР БАСТЫҚ ТУРАЛЫ
Қалса сәл көңілі бұлттанып,
Еш көрген емес ол жұрт танып.
Зытасың көрінбей, басынды
Бәледен алғандай құтқарып.
Бұл шақта ол өзін тау санар,
Үстіне кіргенді жау санар.
Тіл қатсаң жосықсыз дау салар,
Қатыңқы қабақпен қарсы алар.
Жай айтсаң бырт дейді, шырт дейді,
Қатты айтсаң жұмысың бітпейді.
Көзіңнен көз алмай,
Ұялмай-қызармай,
«Әлі де үш-төрт күн күт»,— дейді.
Амалсыз, аңдисың «уақытын».
Киесің жалтақтық қамытын.
Көңілсіз отырса — бейнетің,
Көңілді отырса — бақытың.
ЖАҢАРҒАН МАҢҒЫСТАУ
Жаңғырған заңғар көкте мұнаралар,
Қазаққа ата қоныс бүл аралар.
Сыңсыған жүрегіңнен өн суырып,
Көк аспан күмбезінде тұрады олар
Құшағынан шағала боп көтеріліп
Омырауы гүл қалалар.
Асқақтап байтақ дала тұлғасын,
Тас төбемде жиырмасыншы тұр ғасыр.
Жаса менің байтақ жүрегім
Маңғыстауым мекендеген күн қасын.
Фонтандар барқыт мұнай атқылаған,
Ақтауға құс жолынан от құлаған.
Әкеле жатыр дана жан партия
Бақытқа толып, тасқан шақты маған.
Кеудесінде кең даланың — аспан тіреп
Комбинаттар сап құраған.
Бұл мені ғашық қылған тулап қанда
Кеудемнен заулап аққан бұлақтар ма?!
Жүрегі Жер-ананың — жүмысшы тап
Ту қадап жатыр жалпақ қыраттарға.
Ақ самала оттарымен Жетібайлар
Жетектейді мұраттарға.
ЗӘУРЕШІМ-АУ!
Сен мынау Әмудария кептерлерін,
Ұшыраған жүрегіңнен бақтар ма едің.
Әуелеп аққулардың қанатындай
Ән болып жазылмаған дәптерлерім.
А... жан жарым,
Алқынып аңсаған арманым.
Судырлаған көгілдір орманым.
Мен сені көп іздедім гүлдерімнен,
Сұрадым барша қайың бүрлерінен.
Көктемгі тырналардан сәлем айтып,
Сырластым сағындырған күндеріммен.
А... сәулешім,
Қалайша ұмытам сол түнді,
Сылдырлаған бұлақтай күлкіңді.
Махаббат жұлдызы боп көзде жандың,
Мен саған сағындырған кезде зармын.
Жаным-ау, амалым не, кеттің менен,
Айналып бақытына өзге жанның.
Тау да өлең, бақша да өлең, бұлақ та өлең,
Мен әлі қоңыраулатып құлап келем...
Ұмытсаң ұмыта бер, асыл Зәурем,
Әрқашан ұмыта алман бірақ та мен.
СЫРЫМДЫ АЙТАМ, ШЫРАЙЛЫМ
Жағасынан Жайықтың
Бір үн қаттың, шырайлым.
Ескегімен қайықтың
Сырыңды айттың, шырайлым.
Тұрдың Каспий тұсынан
Күмбір қағып, шырайлым,
Ақ қайындар ұшынан,
Сыбдырладың, шырайлым.
Өзіңді ойлап күн сайын
Мың нұрландым, шырайлым.
Көктеміңнен мен сенің
Сусындадым, шырайлым.
Қанатынан қаздардың
Сусылдадың шырайлым.
Арманымды сен менің
Айға астырдың, шырайлым.
Сапарымды алысқа
Жалғастырдың, шырайлым.
Жан дүнием, жан еркем
Солмас гүлім, шырайлым.
Жүрегімді тербедің,
Байқармысың, шырайлым.
Айдынымды сен менің
Шайқармысың, шырайлым.
Жанарыңда гүлдесем,
Қарармысың, шырайлым.
Теңіздерге жүр десем
Барармысың, шырайлым!
Қоштасарда қия алмай
Қалармысың, шырайлым.
СОТ АЛДЫНДАҒЫ СӨЗ
(Ақ өлең)
Егер сен бір рет заңды сотталып тұрсаң,
Онда мен анық білем.
Бұған дейін сан рет сотталғансың.
Адамдар бұнда сені алып келген,
Білген соң көкірегіңде от қалмасын.
Алғашында дүкеннен зат алғансың,
Кезекке қарамастан.
Кеткенсің түк те өзіңді
Айыпты санамастан.
Екі кісі жатқанда жанжалдасып,
Айырмастан,
Артыңа қайырылмастан
Кеткенсің алшаң басып.
Ал сонан соң жұмысқа қос жақпаған
Бір де бір күн қалмаған
Достармен тост қақпаған.
Көңілің асқақтаған,
Ал арың қас қақпаған.
Ал сонан соң халықтық қазынаға
Қол созғансың,
Ох, қанша азғансың?!.
Адамдарды атқансың ала көзбен,
Қолыңды қақпалаған.
Қылмысың тоқтамаған.
Бұл жерде де сені арың соттамаған.
Аямағансың анаңды
Түн ұйқысын төрт бөліп таң сарғайтқан.
Аямағансың атаңды
Революцияда қан саулатқан.
Ох, қазір қарғыс айтып,
Түр олар қанша аулақтан!
Осы бір тамаша таң нұры үшін,
Қанша қанды біз үшін төкті атамыз.
Біз кейде бір адамның тағдыры үшін,
Қанша заводты тоқтатамыз.
Төменнен құлаған бір кірпіш үшін,
Қанша кірпіш құлайды жоғарыдан?!
Кейде біздің бар арымыз азап шегеді,
Кейбіреулердің жоқ арынан.
Ұят қазір көміп түр жерге мені,
Менің тіпті қылмыс жайлы,
Сөйлегім келмеп еді.
Мына жолда,
Мына залда
Революция қатайтқан жас қанатын,
Жеткен уақыт біз үшін әлдеқашан.
Жара біткен сылынып тасталатын.
Бұлақ біткен шөлдерден басталатын,
Ардақтайтын адамның асқар атын,
Қылмыстың жолдарында,
Төреші залдарында
Айыптының орыны бос қалатын.
МАСКҮНЕМГЕ КЕШЕГІСІН БАЯНДАУ
Жалақыңды алдың да,
Жата қалдың шалғынға.
Сылдырады сынаптай,
"Ақмағамбет" алдында.
"Ақаңды" айтып мадақтап,
Қандың ішіп қадақтап.
Түнде оралдың үйіңе
Айлығыңды адақтап.
Тасып шаттық бұлағың,
Шыдай алмай жыладың.
Омырылғандай омыртқаң,
Омақаса құладың.
ЕСЕК ПЕН САУЫСҚАН
(Мысал)
Есек бастық қол беріп түрегелді,
Жұмыс сұрап сауысқан кіре берді.
Көп ойланбай есекең берді жұмыс,
Көргендей болып көнбіс шүрегейді.
Сауысқан атақ алды сабырлы деп,
"Бермесін оған ешкім жәбірді көп".
Осылай бұйрық берді есек жұртқа,
Бірақ жұрт, сауысқанға жабылды кеп.
Өйткені сауысқаның сау емес-ті,
Ал көптің іздейтіні дау емес-ті.
Сауысқан ептілікпен шоқып жүрді,
Есектің жонындағы жараны ескі.
Сезбеді аңқау есек оны мүлде,
Шоқылды еш мейірімсіз жоны күнде.
Сауысқан ойдағысын істеген соң,
Есекке ауна деді барып күлге.
Сағы сынып алғашқы алысқанның,
Мерейі артып кетті сауысқанның.
Есекке үсті-үстіне пәле жапты,
Жалпы жұрт жиналыста табысқан күн.
Пәледен есек бірақ аман еді,
Амал не сауысқан оны таба келді.
Сауысқан қамқоршысы есекжанға,
Тағы да сансыз жала жаба берді.
Мұңайып жұрт алдында егілді Есек,
Қайтсін, байғұс, о баста болмапты есеп.
Көп ақылын алмаған сол Есектің,
Қалай болар қайғысы әділ десек!..
Шалғайыңды ту етіп,
Желбіретсе же л өкпек.
Табиғаттың тартуы ол,
Түсіне білу керек тек.
Көк бұлттың босап көңілі,
Ақтарса жаңбыр шелектеп.
Берген ол саған өмірі,
Түсіне білу керек тек.
Ырғалды гүл дірілдеп,
Түннің қоңыр салқыны-ай!.
Жұлдыздар түр күлімдеп,
Жарқырайды алтын ай.
Орынынан қозғалмай,
Айтасың деп сыр қандай.
Барлығы да көз алмай,
Маған қарап тұрғандай.
О, дархан далам сағынған,
Ауып түр құлап бар көңіл.
Жасырынып ұшқан жанымнан
Махаббат па екен әлде бұл.
Андамай жырлап жүр ме едім,
Білмедім, досым, білмедім.
Балқып аққанда еркіме
Бағынған емес тіл менің.
Жақсы екен сонау бала шағыңнан,
Жақсы үлкенге ізет ету, тік тұру.
Сол арқылы жарқын болашағыңнан
Көңіл толар үлкен үміт күттіру.
ЖЫР ЖАЗДЫМ
Жыр жаздым арнап мен саған,
Уақытты бөліп талай күн.
Шығарсың сен де аңсаған
Арайлым, менің арайлым!
Демалыс алған кезінде
Келсейші үйге мен тұрған.
Беремін оқып өзіңе
Бірнеше шумақ сол жырдан.
Жақсы ойлар тауып сен үшін,
Тоқудан өлең шаршаман.
Көңілің тапса келісім,
Арнауға дастан бір шамам.
Елжіреп жаным еркелей,
Қарасам, әр кез күлем мен.
Деп ойла оның жыры екем,
Жаным мен жаны бір екен.
МАҚСАТЫМ
Өмірдің бойламаған тереңіне,
Өзімдей балдырған жас өлеңім де.
Күн сайын сылап-сипап келем оны,
Халқымның жаратам деп керегіне.
Жүргем жоқ оны "жеңіл ермегім" деп,
Қыруар оған кеткен еңбегім көп.
Мақсатым ақын болып, алғысын ап,
Елімнің ұлы болып бір көрінбек.
Сәби жүзді қызғалдақтар құлпырып,
Құшақтарын жая түсті ұмтылып.
Шапшып ағып сулар жатыр арықтан,
Ойнап жатқан ақ сазандай бұлқынып.
Әрбір сөзін ұйып тыңдап, бақылап,
Тұрған жаңдай бір-бірінен ақыл ап.
Сыбдыр қағып сөйлеседі жайымен,
Қыз ерніндей дірілдеген жапырақ.
ҚОС ШЕКТЕР
Жарым маған: үлкен дастарқанымыз,
Бөлсек қарсы болмаймысың сен, — дейді.
Келісе алмай жүрміз соған әлі біз,
Менің оны екі бөлгім келмейді.
Ол айтқанын қылмағанға күйінеді,
Ал мен болсам қолын қағам шеткері.
...Адамдардың басы бүтін дүниені
Бөлгенінен қорқамын мен өйткені.
Тігісі жердің сөгіліп
Қопарылды қорғаны.
Тұқымдар жатыр себіліп,
Егіліп егіс орманы.
Мәнсіз деп сірә бүл көктем,
Кім оны шенеп айта алмақ?!
Далада осы күні ертең
Теңізі дәннің шайқалмақ.
Мен туыппын қызғалдақты көктемде,
Жеті қабат жерге шұғыла жеткенде.
Қатал қыстың қабырғасы қақырап,
Өзендерден сең бұзылып кеткенде.
Тумай жатып кім болжапты болмысты,
Көргенім жоқ оралмайтын о л қысты.
Менің даңқты сапарыма алдағы,
Қызыл гүлдер арасынан жол түсті.
Бүгінге дейін келіп ем,
Әуедей жоқ деп кеңшілік.
Бал татпай сүю көлінен,
Жасаппын үлкен кемшілік.
Жүрмеген екем өзіңмен,
Жүр екен сүю басталмай.
Кішкентай күлім көзіңнен,
Кеңшілік таптым аспандай.
БҰЛАҚ
Жөңкілген күй сазындай айна бұлақ,
Жатырсың жоғарыдан сайға құлап.
Жартастан секіресің құйған сүттей,
Зеренге ақ тамақтан қаймағын ап.
Ой жерден, шұңқыр жерден сүңгіп өтіп,
Ағасың қоңыраудай сыңғыр етіп.
Екенсің қайнап шыққан өлеңімдей,
Жанымның тереңінен күмбір етіп.
КӨКТЕМ ӘУЕНДЕРІ
Төбеде найзағай жарылып,
Аспанға салды кеп сойқанды.
Қыстағы қаймағы алынып,
Өзеннің күбісі шайқалды.
Шағала шаттана ән бастап,
Көлге кеп үдетті қиқуды.
Кеудесін көтерді тау да асқақ,
Бүршігі үлбіреп гүл тұрды.
КҮЗДЕ
Сыңсиды жел қобызын бұрап тартып,
Қалмады қырға біткен қияқтан түк.
Телміріп тас төбеден ай төнеді,
Аспанда алтын қазан сияқтанып.
ҚЫС
Аяздан тұрған жан жоқ өзін біліп,
Сақтапты тау ғана тек төзімділік.
Шебер қыс көлді ұқсатып бір ғалымға,
Көзіне іліп кетіпті көзілдірік...
Сүйгеніммен жүректің мол отымен
Ықыласымды теуіп тастап кетіп ең.
Содан сол-ақ ішкі реніш жеңді ме,
Не де болса көрмеуге серт етіл ем.
Емес еді дүние қайғы, үй қайғы,
Бірақ та өзің түсінбедің, күй-жайды.
Амалым не ауызға да алмас ем
Естен ешбір кетпейтінің қинайды...
Көңілім жақын қыл өтпейтін арада,
Болғаныммен, қазір дос деп санама.
Қиналғанда, іс түскенде басыңа,
Жалтармасам жанашыр деп шамала.
Жалт бұрылсам бетіме де қарама,
Асықпа, дос, мені асықпай бағала.
Өткізіп гастролін бір апталық,
Дауыл тұр көңілінен күй ақтарып.
Даламда белуардан ақ қар жатыр,
Халқымның ақ пейілі сияқтанып.
Ырғалса бірге өзімен ырғалады,
Қыз талдың күміс мұздан сырғалары.
Ағы бар ақша бұлттан көк көз аспан,
Шолады кірпік қақпай, қыр, даланы..
ЖҰЛДЫЗДАР
Құттықтап жатыр достарым,
Жатырмын сүйіп мен де оны.
Тілекке тілек қосқан үн,
Барады кернеп кеудені.
Не деген мынау тасқын ән,
Не деген мынау ен дәулет,
Жерімнен ұшқан қос қыран
Барады Жерді белдеулеп.
Жұлдыз боп ұшқан жұлдыздар,
Жұлдызға қолды жалғатты.
Әрбірі планета боп,
Көтерді жерден салмақты.
Келісті жырлар келді күн,
Құдіреті күшті Отаным.
Ұланы болдым мен бүгін,
Ұласқан үш планетаның.
Тағы ұшты шаттық көңілден,
Дүрсілдеп жүрек тұр қатты.
Қос жұлдыз тағы көгімнен,
Дүниеге бүгін тіл қатты.
Жұлдыз боп ұшқан жандардың,
Бөлекше құяр нұры бар.
Бұдан соң атқан таңдардың,
Ерекше болар түрі бар.
Әлемнің барлық жұлдызы,
Қалса да енді сөніп-ақ.
Жасаймыз түннен күндізді,
Өзіміз жұлдыз болып ап.
АДАМДАР
О, адамдар, біргемін мен сендермен,
Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен.
Сендер менің бақытымның бұлағы,
Сендер менің дарыныма жел берген.
Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым,
Жарты құртты бөліп жедім, сырластым.
Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп,
Рақатын ойлау үшін бір бастың.
Гүлстанға айналдырған тақырды,
Болат қолдар, алғыр милар ақылды,
Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді
Алар демім қалғанынша ақырғы.
Менің үшін бірдей тілің, жынысың,
Көбің ана, көбің аға-інісің.
Достық өскен, ерлік өскен ортаңа
Енген сайын кеңи түсер тынысым.
Не кездессе өздеріңмен көрмекпін
Қарапайым адамдары еңбектің!
Барлығын да бағыштар ем сендерге
Махаббаттың маған берсе жер-көктің.
Қолыңнан қала тұрса тас қаланып,
Құдіретіңе табынса аспан алып.
Сен жасаған бақытты көріп тұрып,
Сені сүймеу не деген масқаралық.
Алдымнан көрген емес жол кесіліп,
Келемін демеуіңмен өрге шығып.
О, адамдар, ғапу ет, шалыс бассам,
Кешіріңдер,
Менікі пендешілік.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖЫРЫ
Есімнен мәңгі өшпейтін қимас ағам,
Ұясын қыран бүркіт шыңға салған.
Сан емен домбыраға саусақ басып,
Туған жер орманынан күй жасаған.
Даланың мынау дарқан Жақсылығы,
Ән-жырдың көк тіреген ақ сырығы.
Адамның адамдығын нұрландырған,
Той менен мерекенің жақсы күні.
Ол айтқан жырдан қандай жыр аса алған,
Ол тартқан күйден қандай күй аса алған.
Табиғат оған барын құя салған,
Мың бұлбұл таңдайына ұя салған.
Жақсылық мен білетін ашаң кісі,
Сұңғақ бой, шоқша сақал, жасаң кісі.
Он саусақ домбырадан айрылмаған,
Қайтқанша қос қарынан қашан күші.
Өмірі өзі туған далада өткен,
Мереке жүрген жері бола кеткен.
Әніне Әму,
Сырды ішек қылып,
Аралды терең күйге шанақ еткен.
Тартқанда талай күйді безілдеген,
Беріліп тоқсан түрлі сезімге мен,
Өн бойым өзеуреген өзен болып,
Кезім көп ұзақ таңға көз ілмеген.
Бірде озып, бірде саусақ жата қалып,
Саңлақ күй сағағынан жортады ағып.
Қасқиып отыратын біздің Жөкең,
Қиялын жұрттың жіпсіз матап алып.
Тартатын:— «Мынау, қалқам,
Ән басы» 3 — деп,
— Ал, тыңда «Сексен сезім арбасын» 4 — деп,
«Әлемнің бар әуені, назды ырғағы,
Қала сап көкірегіңе орнасын»,— деп.
Болса да оқиғасы күн баяғы,
Кетпеген кереметті жыр бояуы.
Ол салса махаббатқа гимн еді,
Өзекті өртеп кеткен «Ыңғай-ауы».
Кеудесі кемелденген ән үясы,
Зердесі Талдықтың кең дариясы.
Ант еді адамдыққа, адалдыққа
Шығанға шырқап шығар «Ғалиясы».
Басталса әсем әуен «Ән басынан»,
Бір әнге бір ғажайып жалғасып ән.
Жас-кәрі таңдай қағып тамсанатын,
Мәңгілік риза еді халық осыған.
Тас кескен тілдің өткір ақ алмасы,
Тыңдаған жүректердің жоғалмасы,
Ол есім қалай ғана естен кетер,
Тұрғанда туған елдің аман басы.
Кейде ол керемет бір сыншы да еді,
Ақылға бұрып құйған жыр шүмегін.
Термені өмір жайлы теріп келіп,
Дейтұғын «Шын ойымды білші менің».
Әдетте таң алдында ән қызатын,
Билейтін сонда әлемді жалғыз ақын.
Көңілдер көк аспандай биіктеп кеп,
Сан рет «Көкайнаға» салғызатын.
Түндіктен түн жұлдызы жымыңдайтын,
Дегендей: «Естіп тұрмын үніңді айқын».
Жырынан Жақсылықтың мысал алып,
Жігіттер сүйгеніне сыбырлайтын.
Ормандар судыр-судыр гулесетін,
Бұлақтар былдыр-былдыр тілдесетін.
Балықшы - ой шартарапты шанышқылап,
Тереңде сылдыр-сылдыр су кешетін.
Кейде ол:— мынау менің әнім, дейтін,
Жаңа әнін сөйтіп кепке мәлімдейтін.
Сырлы әуен сиқырымен көзді байлап,
Ұста — сөз орынына желімдейтін.
Әдетте таң алдында жыр қызатын,
Ару саз ауылды тік тұрғызатын.
Қарасай, Қобыланды, Қамбарлардың
Шатырын айдалаға құрғызатын.
Батырлар табан жолға таласатын,
Түн қатып жота-жота жол асатын.
Жалынды ер жауды жеңіп жапырғанда,
Көлденең жан болмайтын жақ ашатын.
Өртенген өткен күннің тіпті, шетін,
Шығарса-ақ кемпір мен шал бүк түсетін.
Амалсыз көздің жасыл жайлауына!
Көңілдің аспанынан шық түсетін.
Жүректер тебіренетін, тербелетін,
Кеудені аймалап бір жел келетін.
Үйінен қырық қадам шықпайтындар,
Аралап тауды-тасты жер көретін.
Жанына жалын құйып жас басынан,
Өзіне өнер беріл қос-қосынан.
Бұл халық жақсы арманын Жақсылық қып,
Жасапты ән, жыр, күйдің қоспасынан.
«ӨМІРГЕ САЯХАТ» КІТАБЫНАН
ТУҒАН ЖЕР
О, менің байтақ мекенім,
Жанымның қаршығасы сен.
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен.
Қызығың тербеуде мені,
Тарқамас той шығарсың сен.
Тулаған тар кеудедегі,
Тумаған ой шығарсың сен.
Ай маңдай алуан дарынның
Тері боп тамшылайсың сен.
Сан жүйрік армандарымның,
Тұлпарын қамшылайсың сен!
Бақыт па ең қонған басыма,
Қиялды ойнатасың сен.
Құмар ғып ұйықтатасың да,
Қуантып оятасың сен.
Құстарың мәңгі ән салсын деп,
Жат қолға ілгізбедім мен.
Қызарып мәңгі қалсын деп,
Қырыңнан гүл де үзбедім мен.
Далаңның тербеп өскені,
Қызғыштай шыр айналдым кеп.
Толқып бір көл де кешпедім,
Тұнығын лайлармын деп.
Аптапта аяласын деп,
Бұздым тау жалтыр мұздарын,
Мәңгілік сая қалсын деп,
Бауыңа балта ұрғызбадым.
Келемін таласа гүлдеп,
Алдыңда кіршіксіз едім.
Бір сенің болашағың деп,
Мың ойға кірпік сүземін.
Шынында мен үзбей жүрген
Көктемгі бір гүлімбісің.
Телегей теңіздей сырмен,
Тебіренген бұлбұлымбысың?
Көлбеген ақша бұлтпысың,
Көгімнің қаз әнімісің.
Бір келген пәк шабытпысың,
Бір менің базарым үшін?
Сенбісің шамшырақ толған
Ақ сәуле — жолақтармысың.
Аспанға шаншылып қалған
Ақ сүңгі заводтармысың.
Сен десе толған ағыстан
Қалайша ақтарылмайын.
Сағынып салған алыстан
Солдаттың хаттарындаймын.
Жауынды кескілермін де,
Қас етпен ешкімді ешкіммен.
Бағың боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен.
ӨМІР
Өмір деген — көк мұхиттың толқыны,
Бір-бірімен жатқан шулап жалғасып,
Бір-бірімен жатқан тулап арбасып,
О, толқындар, арпалысып, алға шық!
Өмір деген пәк жаралған махаббат,
Ғашықтықтан жарқылдаған көздері.
Ұғынбайтын өз ойынан өзгені,
Өз жүрегін өртейтұғын өз демі.
Өмір деген — мәңгі гүлдеп жататын,
Құштарлықтың толғағы мен көктемі.
Ешкім оған қоя алмайды нүктені,
Өмір деген сөйлем емес өйткені.
ЖОЛДАР, ЖОЛДАР..
Жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар,
Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар,
Қаламдаймын әлі мен ұшталмаған,
Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған,
Сын тақпасын дос түгіл дұшпан маған.
Қайғың болса тартайын тақсыретін,
Ғұмыр болса көрейін пәк суретін.
Пәк сүретін ғұмырға кез болайын,
Достар түгел көретін көз болайын,
Әйтеуір мен тынымсыз қозғалайын.
Қол қусырып өмірді құр өтпейін,
Реттейін, даңқ болсам жыр ет кейін.
Қулық болса, адалдық талап етем,
Бақыт болса Отансыз, ала бөтен
Ар-ұжданның алдында талақ етем.
Жолдар, жолдар, бастаңдар мені алысқа,
Мені алысқа бастаңдар, толы ағысқа.
Өткіз мені шөлдерден, баққа орайын,
Түн отындай жүйткиін, тоқтамайын.
Пәк едім мен, әлі де пәк болайын.
Гүл егін бар кеудемде, тілегім бар,
Таудан тірек, құздардан жүрегім бар.
Алысым бар жетпеген, парызым бар.
Қарызым бар, минутпен жарысым бар,
Кел, қиындық, менімен алысыңдар!
Қонып жүйрік мақсат пен қиял - атқа,
Ойнақтатып шығайын қияға аттап,
Баста, жолдар, жанға арман ұялат та!
Теңізді әкеп сен жаққан құям отқа,
Егер мені бастасаң қиянатқа!
АРАЛ ТОЛҚЫНДАРЫНДА
Қарайтын барша құмартып,
Теңіз бе, ей, мынау тулаған.
Сыңғырлап келіп сыр айтып,
Сыпсыңдап жатыр су маған.
Етегі-жеңі далиған,
Осы ма шуға толы әлем!
Теңіз боп тусам дариға-ай,
Көрші кеп қонған болар ем.
Көркіңе жұртты таң қылып,
Жатсың ба, ұлы бекзатым.
Өзің бол менің мәңгілік,
Туысым менен жегжатым.
Шаттансын жүрек нұр алып,
Әкем боп қолды бұлға сен.
Інім боп жетсең құба-құп,
Ағам боп келсең бүл да әсем.
Ақиығындай арқаның,
Нағашым болсаң басы аппақ,
Сый қылып саған тартамын,
Мәрттік пен жырды қосақтап.
Тебірен достық аты боп,
Ізгілікпенен жалғаса.
Теңіздің маған жаты жоқ,
Шіріген көлдер болмаса...
Арманға қанат қақтырсаң,
Тас болсам да егер жұмсарам.
Шынымен теңіз боп тусаң,
Тағады кінә кім саған.
Шыңға атқан оқтай зулайды,
Шулайды толқын шұбырып.
Балықшы қолы тынбайды,
Тереңнен сазан суырып.
Катерге толқын туратып,
Заулайды алға ер жандар.
Теңізді жатыр тулатып,
Маңдайдан тамған маржандар.
Жандарда мынау жүзі аппақ,
Десеңші қуат қаншалық.
Дүлейді жатыр тұзақтап,
Моторлы қайық қарсы ағып.
Ұлылық төсі түгелдей,
Қаптаған қайсар білекті ел.
Ау қапқан асау сүгендей,
Бұлқиды асау жүректер.
Алдыңа бір сәт қарасаң,
Қауіптен ойды бұлтартып.
Жатады кеудең орасан,
Заңғар таулардан үн тартып.
Қайтейін келем күйіне,
Амалсыз тағам тілге мін.
Көзіме сыйған дүние,
Сөзіме сыймай тұр менің.
Саз аңсап жүрген тереңнен,
Сазан көз мөлдір көз ем мен.
Дәл қазір бүкіл денеммен,
Теңізді сезіп келем мен.
Жағалар қалды жарды асып,
Қатпарындай боп киімнің.
Жүйткиді катер алға асып,
Қақ төріндей боп үйімнің.
Төндіріп қатер кемеңе,
Лап берсе сансыз тірі қыр.
Ойнақ сап тура төбеңе,
Шапшиды үрей құрығыр.
Көз алмай келем толғанған
Көзінен теңіз — гөзалдың.
Ұйқысыз атқан таңдардан,
Таң түстес менің көз алдым.
Толқыны тау боп құлаған,
Суға да күшпен мың есе
Бас байлайды екен бүл Адам
Құрлыққа бақыт тілесе.
ҚОС ШЕКТЕР
Өмір ғашық, бүкіл әлем мас маған,
Көзім заңғар күн сияқты қырағы.
Менің денем Менделеев ашпаған,
Металдардың қоспасынан тұрады.
Қойны кенге толы таудан аумаған,
Кеудем шексіз қазыналар Отаны,
Сондықтан да айқайласам тау маған
Жаңғырығып жауап беріп жатады.
Достық деген таусылмайтын қазына,
Көктемеде солып қалар гүл емес.
Қарамайды ол сыйдың көп пен азына,
Нағыз достар тіпті сый да тілемес.
Сырлас болсаң есігімді кір қақпай,
Шын дос болсаң шақырмай кел, тілегім.
Шын шақырсам саған ұқсап тіл қатпай,
Жауымның да келетінін білемін.
Өмірді үлкен домбыра деп білем мен,
Егіз туған екі шектен тұратын.
Бірі — қайғы қабағында түнерген,
Бірі — шаттық әлдилеген мұратын.
Бұл екеуі жұп жазбайды әуелден,
Қосып тартсаң күй қалады құлақта.
Жаңыласың кеудеңдегі әуеннен,
Сыңар шекпен тартам десең бірақ та.
Мен де өзімше жаратылыс сияқтымын бәлек бір,
Көзім жұлдыз, ал маңдайым тау шыңындай ерек тұр.
Жүрегім — күн, ойым — өзен күмбір-күмбір тасыған,
Сол өзенді мен күніге мың тасытып, басылам.
Төрт мезгілім — жазым, қысым, көктем, күзім бар тағы.
Жылытатын, суытатын өзім жүрген ортаны.
Бірақ олар бірі-біріне кезек күтпей сөз беріп,
Тұрады ылғи тек мақсатқа байланысты өзгеріп.
Бір ұғым бар ауырлықты сезбеген,
Қуатымен дәйім алға бастайды.
Бір ұғым бар қара басын көздеген,
Бір ұғымға басқа түгіл бас қайғы.
Кейбіреуі өзгермейтін тас - ұғым,
Жұмысы жоқ жатса да өмір түлетіп.
Сәл кірбіңін өзі ақымақ басының,
Көрсетеді дүниенің мұңы етіп...
Біреулермен есім шығып таласам,
Таласам да өкпелесіп, жарасам.
Достық үшін дауласамын біреумен,
Біреулермен шын достыққа жол ашам.
Ұнатпасын тұрсам-дағы сезіне,
Ұнамасын тура айтамын көзіне.
Бәрі соның — алғанымды өзінен,
Қайта апарып беру үшін өзіне.
Қыруар шаттық, қыруар қайғы бар менде,
Ой менен қырға жүгірген тынбай дедектеп.
Намыспен де, адамдықпен де, армен де,
Аялар оны ақ жүрек қана керек тек.
Ақжүректі Адам!
Мәрттік пен ардан жасалған,
Мен сендер үшін көз жұмбай барам құрбанға.
Ешқашан да мен құлайтын шыңнан қаша алман,
Құлағаныма қуанбас жандар тұрғанда.
Сенен бүгіп қаларым жоқ жасырын,
Тілегім мен шартым мынау, ғашығым:
Егер де мен күлмек болсам бұрын күл,
Ал мұңайсам, оны да сен бұрын біл.
Бұрын сағын, сағынышың болса егер,
Кім қуанса қайғысын да сол шегер,
Мұхит кешпек болсам да мен бұрын кеш,
Кеш қалған соң, кешкенің де білінбес.
Орман іші. Көз тұнады жарыса өскен ағаштан,
Бірі қисық, бірі түзу — бәрі көкке таласқан.
Оқтай түзу кей қарағай көзін жазбай тұрса айдан,
Шілік-шырша орта жолда омақаса қисайған.
Мен ойланам: егер түзу өспесе кей бәйтерек,
Қисықты да біз тура деп қабылдар ма ек, қайтер
Егер де сен туралықтар жеңсін десең әлемде,
Өзгелердің қисықтығын тура тұрып дәлелде.
Көп адамды дос еттім мен осынау аз жасымда,
Бірін жолда кездестірдім, бірін қырман басында.
Бірі үстінде туыстасты ту ұстаған жарыстың.
Біреуімен бау ішінде бауыр болып табыстым.
Біреулері жанын салып сан қатерден қорғады,
Біреулері мендегі үлкен адамдықты қорлады.
Бірі шаттық, бірі реніш — бәрін жаным сезеді,
Менің кеудем — сан толқынның сарқыраған өзені.
Теңіз болсаң ерсілі-қарсылы мен,
Дүниені жаңғыртып кешер едім.
Ал, тау болсаң көтеріп бар шыңыңмен,
Ауырыңа арқамды төсер едім.
Емессің бірақ тау да, теңіз де сен,
Кеудем — зерен, бал болып толып тұрсын.
Басын тау мен тасқа ұрып сені іздеген,
Менің пәк жүрегімнен жолықтырсын.
Ақтара алмай келемін, жұртым ой кенін,
Қате де болар пікірім айтқан кей менің.
Алдыңда сенің бірақ мен ойда барымды,
Жасырмай әр кез келеді адал сөйлегім.
Қателіктердің бәрінен де мен басты ашам,
Тек қана саған ағынан айтып бастасам.
Сен үшін, халқым, махаббатпын мен ізгі, шын.
Шын махаббаттар алдамаған ғой ешқашан.
Азырақ ұрттап алсаң-ақ
Керістің ашын сағасын.
Өзіңді жұрттан нән санап,
Жанжалдың отын жағасың.
Тоқтамай көптің сөзіне,
Ұрамын дейсің кимелеп.
Жұмылып кеткен көзіңе
Тұрса да шыбын үймелеп...
* * *
Жағымпаздар жандар емес ашынар,
Ойлан, бауырым, бола алмайды досқа сан
Күлетін де, қуанатын да шығар,
Бірақ олар сағынбайды ешқашан.
Көкірегінде қалдырардай терең із,
Жоқ олардың көздерінің жарқылы.
Ал біз болсақ өмір сүріп келеміз,
Сағыну мен аңсау күту арқылы.
Көк поезд ирелеңдеп, бұралып та,
Қанатын қағады алыс аралыққа.
Аттанып кеттім бүгін қалаңнан мен,
Салмадың ең болмаса шығарып та.
Өттім сан басып қала, қыстақтарды.
Соқтырып көкірегімнен қыста ақпанды.
Кім білсін... Бәлкім сені «қош» дегізбей,
Менен де үлкен махаббат ұстап қалды...
Сөз етпе, дос, тақырыптың тарлығын,
Меніңше, ол — жарлы ұғым.
Мен жалғыз-ақ туған жерді сүйемін,
Сол арқылы сүйемін мен барлығын.
Ол тар болса — тар де барлық дүние,
Алмайсың сен сүйіне.
Домбыраның шанағы да кең емес,
Келгенімен дүниенің күйіне.
Еркіндікке, дарқандыққа құштарсың,
Құштарсың-ау бәріне де, жүрек сен.
Кейде тіпті өзіңе-өзің дұшпансың,
Шошып кетем дір етсең.
Келе алмай бір кемел тапқан байламға,
Мың оралам өз ойыма қайта мен.
Тар кеудеге қамалмаған болғанда,
Сен еркіндік тілемес пе ең, қайтер ең?..
ТҮРКІСТАН ДӘПТЕРІНЕН
Сан қырдан бізді асырған,
Ырсылдап поезд тоқтады.
Көз алдым менің қазір дәл
Тербелген қала оттары.
Көз алдым менің гүл қызыл,
Көз тіккен үйлер биіктен.
Аспанның бүкіл жұлдызын,
Көтеріп тұрған иықпен.
Сыңсыған тұрба бұл ара,
Сырық боп көкке асылған.
Мұнартып жатқан мұнара,
Сыр тартқан сансыз ғасырдан.
Көз алдым менің қаһарлы
Ескерткіш өскен аландар.
Жырлайды мынау шәһарды,
Шыңылдап лирик бағандар.
Жан досым, тағы алға жүр,
Жырыма менің жалға жыр.
Қуаныш қаптап барады,
Кеудемде менің дәл қазір.
Кетті той бойда от қаптап,
Айтшы сен, айтшы, досым-ау.
Бабалар басқан соқпақ па,
Мен басқан соқпақ осынау?
Келмеген екем бекерге,
Кетпепті босқа тілек шын.
Егер де атамекенге
Тұрсам мен табан тіреп шын.
Қарадым саған мың тұстан,
Отымен ақын көзінің.
Аяулым менің, Түркістан,
Арбасып жатқан сезімім.
Жер бар ма саған тең келер,
Көліңе бақыт жазғандай.
Алдымнан шықты жеңгелер,
Алыстан қайтқан қаздардай.
Алдымнан талай шықты ағам,
Арманға жолды нұсқаған.
Кеудесі заңғар таулардың,
Кеуделеріне ұқсаған.
Төсінде тулап анары,
Тоқтатты қыздар жол бермей.
Жаутаңдап тұрған жанары
Жаудырап жатқан көлдердей.
Ақ шашты бабам Шуақты
Көзін тұр менен алмастан,
Маңқиған шындар сияқты,
Мәңгілік басын қар басқан.
Қыран боп ұштым қасқиып,
Бәрінен тауып тоятты.
Бәрі де мені мас қылып,
Бәрі де мені оятты.
Үзілмей керуен-керуен боп,
Кеудеме менің кіре бер.
Күле кел, туған жүрек ел,
Жүректен жыр боп түрегел!
Бір кезде қанды соғыстан,
Қаралы болған Түркістан.
Садақтан самсап оқ ұшқан,
Жаралы болған Түркістан.
Миы аққан жердің қуырылған,
Танабы болған Түркістан.
Тұяқтан шаңның суырылған,
Алаңы болған Түркістан.
Сен үшін бабам жұлқысқан,
Сен үшін бабам алысқан.
Аяулым менің Түркістан,
Алқынып жеткен алыстан.
Кешегі сағым Түркістан,
Сарқылып қала жаздаған...
Көгінен құстың бұлты ұшқан,
Көл болдың салған қаздар ән.
Сен тартқан салмақ көп білсем,
Жүк бар ма сенің жүгіндей.
Әйтеуір келіп жеттің сен.
Бүгінге белің бүгілмей.
Жасампаз от aп жаныңнан,
Жарқылдап кетіл барамын.
Жосылған сенің жоныңнан
Бір соқпақ болсам жарадым.
ҚАРАТАУ
Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,
Армысыңдар, қария қарлы шындар.
Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,
Сен менің керуен-керуен алғысымды ал.
Сенбісің сияқты орман күй ақтарған,
Ұзатқан қыздың көші сияқтанған.
Жанында саз қалды ма, наз қалды ма,
Сан тұлпар дүбірлеткен тұяқтардан.
Маңғаз тау, мас қылатын шәрбәтімен,
Мен саған мың-сан үміт жалғатып ем.
О, сәлем, қия-шыңдар, қиял шыңдар,
Жоныңнан жортқан бабам жорға атымен.
Қиналсам талай-талай асырдың бел,
Жауымнан жасырдың жол, жасыл гүлдер,
Сөйлесем жаңғырып бір, сән кіріп бір,
Жырлады тау тілімен тас үңгірлер.
Біздің ел әлі талай көшер шыңмен,
Құлар жол құздарыңнан көсемсіген.
Жарасты жақсы күндік ақ шымылдық,
Қаншалық сүйем сені десеңші мен!
Мұнша мал, мұнша дария, мұнша баумен,
Тұрсың сен дүние көзін тұмшалаумен.
О, шіркін, тусам-ау мен биік болып,
Өзіңдей жер мен көк боп тұрсам-ау мен.
ҚАРАШЫҚ 5
Сімірейінші қанып бір,
Жан едім суға сусамыр.
Қастерлеп қағып алып тұр
Сусылдап менен туса жыр.
Кеше еді жағаң ақ тақыр,
Жайқалған бүгін мақта кіл.
Толқының ойнап қақпақыл,
Толқыған талдар сапта тұр.
Көтергіш кран еркіндеп,
Жүйткиді білмей толасты.
Ғаламат күшпен селкілдеп,
Желпілдеп жатыр жер асты.
Үйлерді қуып жетіпті,
Әндермен әсем қызған бақ.
Көшеге кіріп кетіпті,
Қырлардан қашып қызғалдақ...
Ох, неткен сұлу Қарашық,
Қарашық неткен әсем ең!
Гуілдеп жатыр таласып,
Уілдеп жатыр жас емен.
Дос дейтін болсаң дос дейін,
Жанымды баурап алшы сен.
Көзімнің мәңгі өшпейтін
Қарашығы боп қалшы сен.
ҚЫЗДАР
Әнбісің төсі алқынған,
Таңбысың көкке шарпылған,
Көгілдір үйрек көп қыздар
Көлбеңдеп өткен алдымнан.
Бала қаз ба еңдер талпынған,
Шағала ма ендер шарқ ұрған.
Бұлаңдап өткен сыр андап,
Сылаңдап өткен алдымнан.
Аққудай мұнда қыздар ақ,
Тоймайды көзің жүз қарап.
Мұзбалақ болсаң білесің,
Ілерсің болсаң мұзбалақ.
О, қыздар, бәрің тербедің,
Көкке ұштым зулап жерде едім.
Домбыра ем, күйлі төсіме
Байладың шешен перне мың.
Байладым қанат болаттан,
Самғаса дауыл боратқан.
О, қыздар — қаздар алдымнан,
Дүрлігіп ұшып баратқан...
АЛМАТЫҒА
Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем несі мін.
Жарқыраған көк тасында көшеңнің
Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің.
Жамбыл жыры аспаныңда жаңғырып,
Әуеніне кетті әлемді таң қылып.
Алатаудың ақ шыңдары Күләшша
Күләш әнін қайталайды мәңгілік.
Жасыл барқыт жапырағы бақтардың,
Саянда жүр құрбылары Саттардың.
Осындағы талай залдар куәсі
Иса еліне жыр тыңдатқан шақтардың.
Беу, Алматым, тұра алам ба сүйе алмай,
Келемін мен, келемін мен қиялдай.
Жас қаламым дірілдейді қиналып,
Сен жайлы жыр ақ қағазға құя алмай...
ҚАРСАҚТЫ
Қаншама мені сағынтып,
Қаншама мені аңсаттың,
Кеудемнен жырлап қанша ақтың,
Қанша ақтың жырлап, Қарсақтым.
Тентек-ау сенің толқының,
Көкірегімдей өр менің.
Қаншама мені тербедің,
Қасиетті әлде жер ме едің!
Естіртіп қазір түр маған,
Бұрқырап жатқан ағысың,
Жаңғыртып жатқан тау ішін,
Мұзбалақ шопан дауысын.
Мөлдірің бейне қымызбен,
Мөлтеңдеп жатқан тостаған.
Қажет-ақ сендей дос маған,
Түп-түгел жыр боп көш маған.
Тұр бүгін орман дүрлігіп,
Сыбырлап маған сыр айтқан.
Кешегі күні мұңайтқан,
Құлындар жортқан құмайттан.
Басады сенде ентігін,
Алдында таңның шаршап түн.
Қасымда-ақ тұрып аңсаттың,
Қабырғалы өзен Қарсақтым.
ҚАРАҚАЛПАҚ ЖЫРЛАРЫ
АТТАНУ
...Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар, аппақ вокзалдар,
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер маған ақ жолдар.
Кеудесі толы сыр бақтар,
Тебіреніп тұрған жырлап тал,
Оң сапар тілеп соңымнан,
Сендер де қолды бұлғап қал!
Бұлғап қал қолды көп белдер,
Тулап қал толқын көк көлдер,
Шыңдап бар мені жеткенше,
Тыңдап бар мені көк пен жер!
Көңілді тербеп қал әнмен,
Қаламмен бауыр далам кең.
Бауырлас мынау өлкеге,
Бауырымды төсеп барам мен.
О, өмір, жатқан жар салып,
Сүйем мен сені қаншалық.
Мәңгілік мені тұра бер,
Шығарып салып, қарсы алып!
КӨК ТӨСІНДЕ
Алдыма жалғап тілекті,
Соңымда қалды көп халық.
Адамға ғашық жүректі,
Ақ сұңқар ұшты көкке алып.
Қуаныш сыймай қойынға,
Болғанмен көңіл жолға алаң.
Барады менің ойымда,
Бақытқа құмар бар ғалам.
Жер қалды туған аулақта,
Жұлдыздар күлді төбемнен.
Жұлдызы жанған аймаққа,
Жұлдыздай ағып келем мен.
Шыққанда арман шындарға,
Қаймықпай алға қарсы бар.
Шығарып салушың бар да,
Қарсы алушың да бар шығар
ӘМУ ЖАҒАСЫНДА
Сезімге селің от өріп,
Кеудемде ыстық толды ағын.
Мен тұрмын зорға көтеріп,
Толқыған ойдың салмағын.
Жағаңа біткен толғану,
Қолдарын жатыр бұлғасып.
Аяулым менің бол, Әму,
Арман ғой саған бұл ғашық.
Тілек көп аттануда да,
Жақсы екен бірақ оралу.
Шет кеткен шақтарымда да,
Ұмытқаным жоқ о, Әму!
Жалғадым қылын тілектің,
Түсімде көрдім өң түгіл.
Серпіле сүйген жүректің,
Сеніммен айтқан серті бұл.
Көрісіп төбем, білдің бе,
Болды ғой көкке тигендей.
Ұмыту сені мүмкін бе?
Ұмыту деген — сүймеу ғой.
Апрельде кел, жыр шағы,
Әмуді көрем десең сен.
Бұзылып мұздар құрсауы,
Жөңкіліп тау-тау көшер сең.
Жүйткиді дария тербеле,
Толқындар үсті толы адам.
Жүзеді мұнда әр кеме,
Айнымай «Аврорадан».
Толқындар тулап балықтай,
Сеңдерге киттей асылып,
Разливтегі халықтай,
Жатады толқып басылып...
Мойынға дәуір салмағын,
Артыңдар, алға тартыңдар,
Жүзінде қызыл жалқын бар
Апрельдегі толқындар!
МАРИЯШ ҚАРЫНДАСҚА
Нөкістің әнші қызына
Сезімнен сыр тыңдаған Марияшым,
Өзің де сұңқылдаған ариясың.
Сен үшін тулатайын, шулатайың,
Өлеңнің бұрқылдаған дариясың.
Қаратау асып келген қарындасым,
Қаздайын қаңқылдаған шағыңдасың.
Ұнатам жарқылдаған жаның жасын,
Бәрінен ойың жүйрік, әнің басым.
Сен қайың бұратылған бақшадағы,
Әмудің суда атылған ақ шабағы,
Сақтарсың есте бәлкім мені мәңгі,
Жүрегі жырға тұнған жақсы ағаны.
Мен де бір жасыл орман — жасыл жаным,
Лаулаған жалын атқан жасымдамын,
Сенде егер адам сүйгіш жүрек болса,
Мәңгілік мен де сенің қасыңдамын.
ІНІГЕ КЕҢЕС
Не болады тамған шық,
Нөсер болсаң құйып өт.
Бұлақ болсаң таудан шық,
Мәртебеңді биік ет.
Терең болсаң тол-дағы,
Тулап толқын ұйқы ашып.
Өлең болсаң қал-дағы,
Қас қаққанша ұйқасып.
Шүйлікпесін тамам көз
Жығылып кетіп қақтығыс
Өмір көкпар, шабандоз!
Тақымыңды қатты қыс.
Жұлдыз болсаң аспанға үш,
Жарығыңды аяма.
Өмір сені бостан-бос,
Жарқыратып қоя ма?!
ЖАҢБЫРДА
Жақұт үзіп жас талдан,
Ағыл-тегіл құйды күн.
Бұлақ біткен қашты алдан,
Бұлаңдатып құйрығын.
Өр өзендер жөнеді —
Өз сауырын қамшылап,
Шымшып жатыр денені,
Шымшық көзді тамшылар.
Барабанын қаққандай,
Жерге салып бұлт ойнақ.
Үй артынан жатқандай,
Үйір-үйір жылқы айдап.
Гүл көмкеріл жиегін,
Сайдан көлге су ақты.
Арқандаулы биенің,
Ақ шылбыры сияқты.
Орман жатыр тас тұйық,
Шырақ жайып шықтардан,
Таулар тұр тек қасқиып,
Айнымай қап Мұқтардан.
ҮШ КЕЗЕҢ
Өмір бізді үш толқыннан құрапты,
Дүниеге жалғыз келген жан емен.
Кеше, бүгін және ертең сияқты,
Әкем, балам ортадағы және мен.
Тіпті өкпелеп тұрса-дағы қаншама
Үш сүйгенде албырайды сүйгенім.
Үш тартқанда қанша қиын болса да,
Көкірегімде сайрап қалар күй менің.
Әлі талай самғаймын мен алға ұзақ,
Жер гүлінің мүмкін емес салмағы.
Әрқашан да өмір маған жалғыз-ақ,
Үш кезегін беріл тұрса болғаны!
БІР
Мен әрқашан бір есіктен шығамын,
Мен әрқашан бір есіктен кіремін.
Сүйсем де мен бір сүйетін шығармын,
Біреу менің жүрегім.
Мен алыссам бір-ақ рет алысам,
Жету үшін бірегей бір мұратқа.
Мен жарыссам бір-ақ рет жарысам,
Мініп алып бір атқа.
ЕКІ
Кейде, досым,
сөйлеймін мен екеу боп,
Екі ой қазір алды мені мекендеп.
Бір адамнан екі адамның ойы ізгі,
Қос рельс зымыратар поезды.
Қос шекпен домбыраға күй келер,
Қандай әсем пар ат жеккен күймелер.
Омырауынан бүршік жарып қос алма ақ,
Музыкалы қыз өмірі басталмақ,
Қос қанатпен қыран ұшар аспандап,
Бақытымды жасаймын мен қос қолдап.
Екі жауған жаңбырменен гүл өспек,
Қайығыңды қисайтады бір ескек.
Бұны бұрын білмей жүрген екенбіз,
Тәп-тәттіміз жарымыз бен екеуміз.
Қатар аққан Әму менен Сырдаймыз,
Бір Аралдың толқыны боп жырлаймыз.
САПАР
Көк самолет біз мінген,
Көтеріле аспанға,
Мен де ұқсадым әлемнің,
Көк қақпасын ашқанға.
Алда қазақ даласы,
Ару қырын гүл басқан.
Артта Арал жағасы,
Әмуменен сырласқан.
Алда қазақ даласы,
Сансыз малы шулаған.
Артта Арал жағасы,
Ақ сазаны тулаған.
Қыз қылықпен бұралған,
Жылу құйып жанға тың.
Құшақ жайып түр алдан,
Ай маңдайлы Алматым.
Ойдың шолып тереңін,
Жарыса ұшып желменен.
Аспанына өлеңнің
Алып ұшып мен келем.
ЖИЫРМА БЕС
Қарттық пенен сәбиліктің арасы,
О, жиырма бес, қыруар өмір таласы.
Лапылдаған тасқын қуат қайнары,
Жез қанатты ұшқыр ойлар қаласы.
Түн қойнынан шартарапқа жол ашқан,
Жиырма бес! Жұлдыздарға толы аспан.
Қою шашты, көзәйнексіз ұлылық,
Бар қимылы тұлғасына жарасқан.
Жиырма бес, қаз дауысты көктемдер,
Қаңқылдап кеп талай қонып өткен жер...
Жиырма бес — биіктік пен тереңдік,
Биіктік пен тереңдікте — көк пен жер!
Жиырма бес әр асуға бір шығып,
Кең әлемге көз жіберу құлшынып.
Жиырма бес қашықтыққа ғашықтық,
Қашықтыққа ғашықтық қой — тіршілік.
Дала тұнса айнымай көк кілемнен,
Қала тұрса көкке иығы тірелген.
Қозғалса өмір, сұлулыққа көз қанса,
Барлығын да жиырма бес деп білем мен.
Жан досым, болсаң егер сырға әуес сен,
Кел, достас, кемел шағың жиырма беспен.
Мәңгі бақи шықпайтын ырғағы естен,
Жиырма бесте самал бар жырлап ескен.
Аяулым, сен де оған болшы құмар,
Болшы құмар, көзіңнен аршы мұнар,
Жиырма бесте ең биік адалдық пен
Жиырма бесте ең биік ар шыңы бар.
Күй ғой о л қанша тартса қайта тыңдар,
Қайта тыңдар күйлерден нәр татыңдар.
Жиырма бесін желпінбей айтатындар —
Бұл дүниеге босқа кеп қайтатындар.
* * *
Сен ғой менің бұралған бұлақ биім,
Шырт ұйқымнан оятқан құлақ күйім,
Оянбаған жиырма бес жиырма бес пе,
Оятпаса, бәсі оның бір-ақ тиын.
Жиырма бес, арманыма жету үшін,
Рақмет сыйлаған отың үшін!
Достастырған күндерге ризамын,
Қоштастырар күндерде өкінішім...
Саған жақ барлық жақсы адам,
Жақсы адам барлық жақ саған.
Жастықтың сырбаз сарбазы
Жиырма бес, өшпес даңқ саған!
Көтерер майда тусың сен,
Сусың сен шөлге қаптаған.
Күрсінбес жерде күрсінсем,
Беріп тұр қуат — от маған.
Жолымды баста оңғарып,
Ой сыйла маған тереңнен.
Кетпеуім үшін соң қалып,
Асығыс басып келем мен...
Жүрейін еріп дүрмекке,
Соңында мені қалдырма.
Алдамшы мені түлкі етпе,
Күлкі етпе мені тағдырға.
Қажетті жерде құрбым сен,
Жанымды тіпті сал мұңға.
Арманымды айтып тұрмын мен,
Айтатын достың алдыңда.
Жиырма бес — станоктардың
Зырылдап жатқан ұршығы.
Бәйгіге қосқан аттардың,
Тұяқтарының дүрсілі.
Үздіксіз жеңіп талқысы,
Бір шыңнан кейін бір шынды ап,
Жиырма бес —
вагон тартысы
Тепловоздардың ырсылдап.
Ойлы да сырлы шыңырау
Мұхитпен түбі іргелес.
Жиырма бес деген зымырау,
Зымырап ағу жиырма бес.
Жаңғырықтыру даусың тау,
Өмірге кетпеу есең еш.
Жиырма бес құйып таусылмау,
Таусылу жиырма бес емес.
Жиырма бес көрмеу жасқанып,
Көз бенен сөздің батылы.
Бұлақ боп құйттай басталып,
Теңіз боп толу ақыры.
Жиырма бес, егер сен тау бола қалсаң,
Көңілім құздарың боп өсер менің.
Егер сен мың заводты қала болсаң,
Мәңгі бақи мен сенің көшеңдемін.
Ерлікпен егер тыңға барған болсаң,
Жұп жазбас мен де сол тың тұрғынымын.
Егер сен ойдай шексіз орман болсаң,
Мен сенің бұтағыңның бұлбұлымын.
Кеуденің күйге толы ырғағымен,
Қалықтап алысымнан арман ұшып...
Мен сенің жүріп келем қырларыңмен,
Жанымда қуаныш, мұң арпалысып.
Жақсылық аз етпедің жыр саңлағы,
Келер, дос, кез де қару қайтаратын.
Мен сені ессіз сүйіп тұрсам-дағы,
Халде емен рақмет айта алатын.
Қолымды жетпес шыңға жеткер менің,
Өзіңмен көкке өрлеймін, көктемдерім.
Өмірге келгенде емес, кеткенде мұң,
Мен сенен кетпей мәңгі көктер ме едім!..
РОССИЯ
Көкірегім алып ұшып айтарым,
Шөлдеп барсам қанып ішіп қайтарым.
Не айтсам да жүрегімнен айтамын,
Россиям, байтағым.
Күннің жатқан шұғыласынан нәр алып,
Россия! Тіл жеткісіз даналық.
Даналығын төбесіне көтеріп,
Жаратқан ба сені әлемге ана ғып?!
Жұлдыз толы қойның сенің тамаша-ақ
Россия! Толып тасқан парасат.
Қанатында қатар ұшып келеді
Санатында қол ұстасқан болашақ.
Нұр шұғылаң маңдайымнан түн түрді,
Барша жүрек бір өзіңе ұмтылды.
Сен арылттың мұңнан ғазиз жұртымды,
Күй сандығым мың тілді.
Өз қолымда бүгін арман-қиялым,
Өлі шөлге өмір болып құямын.
Теңдесі жоқ, сен де революция едің,
Мен де бүгін түгел революциямын!
Өзің лаулат жүрегімнің ұшқынын
Заңғар биік махаббаттай ыстығым.
Россиям — Радишев, Герценім,
Некрасов, Пушкинім.
Қатар аққан Еділім мен Есілім,
Мәңгі тербер мақпал баулы бесігім.
Россиям — төрт жақта төрт құбылам,—
Тең ашылған есігім.
Дүние жүгін арқалаған кемесің,
Мұхиттарды бұзып-жарып келесің.
Өрт шалмасын адамзаттың денесін,
Өзің ұста жер өсін!
УАҚЫТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Заулайсың-ау жасырынып түк үнсіз,
Минуттар-ай, минуттар-ай тынымсыз.
Өмір бойы ойлар орып тереңнен,
Озамын деп арпалысып келем мен.
Сен болсаң тек сырғанауды білесің,
Менің болса толып жатыр күресім.
Өте алмаймын мен бекерге сырғанап,
Маған дүние болашағы тұр қарап.
Мен жолшыбай жол сілтеймін керуенге,
Сәбилерді ала шығам серуенге.
Гүл егемін, нұр егемін далаға,
Болысамын толғақ қысқан анаға.
Мартендердің қазаны боп қайнаймын,
Бұрқыратып шөлге бұлақ айдаймын.
Жұлдыз болып жыпырлаймын ГЭС-терде,
Нұр беремін, сыр беремін кештерге.
Сәлем беріп, қолын қысам атаның,
Отыра қап өлең жазып жатамын.
Қыруар еңбек... Көтереді күн шаққа,
Ал сен болсаң зымырайсың бұл шақта.
Бүл шақта сен болып бейне нар киік,
Зымырайсың самайларға қар құйып.
Мендік сенім бірақ сенен қуатты-ақ,
Айшылықты ағып өтер бір аттап.
Менің басым сондықтан да сияқты-ақ,
Жеңімпаз бір ту аппақ.
О, минуттар, жүйрік болсаң сал күшті
Мықтағанда соғарсыңдар алпысты.
Ал, минутта тентек жүрек мендегі
Тоқсан рет дүбірлетер кеудені.
Көрші өзің ара қанша тұр алшақ,
Сол жүрекпен мен барамын ұран сап,
Мен өзім де қызыл қанға боялған
Сол жүректің соғуынан оянғам.
Ұқсамайды, ұқсамайды түк саған,
Мендік жүрек тек өзіме ұқсаған.
Мейлі сендер дұрыс деңдер, жоқ дендер,
Менің жаным ашылмаған көп кендер.
Қыруар отпен қырман салып, тас қашап,
Мен сендермен жарысамын басқаша.
О, минуттар, жүйрік болсаң сал күшті...
ЖАЛҒЫЗ ТАЛ ҚАУЫРСЫН
О, адамдар — перзенті ұлылықтың,
Ұлылықтың көзінен тілін ұқтым.
Өздеріңнен көрдім мен көп ізгілік,
Көкірегімді тербеген теңіз қылып.
Лапылдатып жанымның өр талабын,
Оттан ыстық сендердің орталарың.
Алыс жүрсем сағынып хат алыстым,
Жақын жүрсем қасыңнан қатар ұштым.
Көкірегімді толтырып ән-күйменен,
О, аяулы аналар, әлдилеген.
Аталы сөз аузынан ақтарылар,
Бабаларым, шашында ақ қары бар.
Ағаларым арманды алға астырған,
Інілерім, жолымды жалғастырған.
Әпкелерім, жүрекке сезім берген,
Әкелерім, әкемнің көзін көрген,
Ормандарым, гүл жапқан атырабын,
Мен сендердің жалғыз тал жапырағың.
Мен сендердің жалғыз тал қауырсының,
Көп тағдырдың көтерген ауыр сынын.
Бақытым боп мәңгілік елестеңдер,
Адам еткен өздерің емес пе еңдер.
...Қарсы шауып көк толқын бұйраттары,
Көк мұхитта қайығым қирап қалды.
Үмітімді жатқанда сендер бөліп,
Құтқардыңдар, адамдар, сендер келіп,
Қара түнде қара орман адастырды,
Қарсы алдымнан жол көміп қар асқынды.
Деген ем мен сол түні «тамамдалдым»,
Өздерің боп онда да аман қалдым.
Сендер еткен жақсылық аз ба маған,
Бар ма сырың жүректен қозғамаған.
Сендер берген шаттық бар келбетімде,
Түгел шашсам жететін жер бетіне.
Түгел шашсам әлемді бақытты етер,
Соның үшін төгем мен уақытқа тер.
Жігіт болдым күй толы көкірегі,
Ықыластардың тербейді оты мені.
Мен сендердің жалғыз тал қауырсының,
Көп тағдырдың көтерген ауыр сынын.
Рақмет, адамдар, жасарыңдар,
Бауырың ем, жүрек қып жасадыңдар!
АҚ ҚАЙЫҢДАР
Аққу мойын, ақ көйлекті қайыңдар,
Дәл сендердей менің де аппақ айым бар.
Бақытымды шулап көкке жайыңдар,
Шулап көкке жайыңдар, ақ қайыңдар.
Ойларыма жібер ұшқыр қиял сап,
О, қайыңдар, тұрмын сенен күй аңсап.
Ол да сендей қаз омырау, сұңғақ бой,
Ол да сендей кей кездері ұялшақ.
О, қайыңдар, шуылдасқан топтала,
Сырды ұрлаудан, сыбдырлаудан тоқтама.
Ол әзірше ағытқан жоқ сыр маған,
Төмен қарап жымияды тек қана...
ШАБАНДОЗБЕН ӘҢГІМЕ
Бала күннен тартып мінсең ат жалын,
Онда сенің көкірегің от жалын.
Білдің онда не екенін бәйгінің,
Бұл өмірде жарыс емес қай күнің?
Ақ жазықтан ағып ұшып өттің бе,
Барар жерге қас қаққанша жеттің бе?
Өкшелесіп өзің теңдес жас кілең,
Зуладың да жұлдыздардың астымен.
Кес-кестеген сан аңғардан қарғып-ақ,
Кеткен шығар сені ап ұшқан арғымақ.
Қапталыңда қаптап қалып гүл қалың
Шарбы бұлттан шаршы орамал бұлғадың.
Арманыңды қалдың бәлкім алқымдап,
Жатты күліп қарлы өзендер қарқылдап.
Тұлпарыңның тұяғында тас балқып,
Өттің бәлкім туған жерді дастан қып.
Қуаныш пен жаныңда үрей арбасты,
Бәлкім сенің жануың бұл алғашқы.
Сан қатпарын жазды алдыңнан сағым — қыр
Бәлкім сенің сағындырған шағың бұл.
Өзегінде өзгеше алау лаулады,
Болып бейне жер-дүние аумағы.
Мөлдіреттің көздің ыстық бір селін.
Бәлкім мөлдір махаббатың бұл сенің.
Ой мен қырдан орғып өту арқылы
Қалды бәлкім көзінде оттар жарқылы.
Мұны айтқанда мың тұлпар боп жүрегің,
Дүбір салып жатқанын да білемін.
ТАБИҒАТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Лапылдаған менің ыстық лебізім
Тас тәніңді тұрған сенің жұмсартып.
Мен болмасам теңіз де емес теңізің,
Даңқың сенің кете де алмас мұнша артып.
Мен болмасам аспан да емес аспаның,
Жұлдызына қарайды кім қызығып.
Орманыңа менің көзім сүзіліп,
Жапырағынан сорғалайды жүз үміт.
Тек менімен бақыты бар далаңның,
Менің қолым ертеңіңді қамшылар.
Тек ұшымен мен ұстаған қаламның
Сатыр-сұтыр ұйқасады тамшылар.
Менің жаным лирикаңның жинағы,
Туларыңның биіктеткен мерейін.
Менің кеудем ерекше бір күй бағы,
Бұлбұлыңның бүлкілдеткен көмейін.
Ең сұлу нұр саған менен тараған,
Мен болмасам көкірегіңе толар мұң.
Кешіре гөр, жаратылыс жан анам,
Тентектікпен қатты айтқан да болармын.
ДОСҚА СЫН
Қанша дос боп жалғасам да аяулы арман-тілекті,
Аямайтын ащы сыным ашындырар жүректі.
Табысыңа шын қуанып, сырға қоссам сыр алуан,
Бекер басқан қадамыңды бетке айтпай да тұра алман.
Білген жанға өмір деген мәңгі жарқын жаз емес,
Жұмыр бастан кетіп жатар кемшілік те аз емес.
Әрине, оған кейде-кейде керек шығар кешірім,
Алайда оны кешірместен досша айтудың несі мін.
Өмір бізге кінәлі емес, шексіз достық сый еткен,
Сондықтан да менің сыным өтер бәлкім сүйектен.
Мейлі ұнат, мейлі ұнатпа мені тіпті ол үшін,
Қажет болса қолды саған бір сермеу де борышым.
Сені өкпе мен ренішке батырғанда белшеден,
Кем мұңайып, аз қиналып тұрмын ба екен мен сенен?
Бұл айтылған достық сынды мейілің шын ұқ, шын ұқпа,
Тек қана оның маған да жай тимегенін ұмытпа.
АНА
Арманыңды ақтарамын ба жүрегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.
Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,
Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.
Сендік қуат болар бәлкім, басын иді көк маған,
Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.
Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,
Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шермеңде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.
Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,
О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!
Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,
Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?
Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.
Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,
Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.
Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,
Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.
Білмедім мен, сен әйтеуір ораласың көп тілге,
Киелі сүт құдіретімен әлде есейіп кеттім бе?
Ана десе әйтеуір мен өзге сөзді есітпен,
Құлағыма үн келеді қоңыраулы бесіктен.
Құлағымда ол үн менің көрген емес толастап,
Өйткені сен жылауыма қарсы болдың о баста-ақ...
Бүкіл әлем шуларына жіберді де сүңгітіп,
Өзің қаққан қоңыраудан кетті маған тіл бітіп...
Қоңыраулардың үні мені жетектеді қиянға.
Қоңыраулардың үні мені шомдырды сан қиялға.
Тұтқасынан ұстамақ боп дария — білім есіктің,
Мектеп бардым, онан да мен қоңырау үнін есіттім.
Ұстаз болдым. Сөз сөйлетті болашақтың мінбері,
Көз алдымда қызыл ала қызғалдақтар гүлдеді.
Дәл бүгін де нұрлы ертеңнің қоңырауы етіп тұр мені,
Өміріме өзің қаққан қоңыраудың үндері.
Өзің қаққан қоңырауда өмір жыры бар екен,
Оның үні тарқамайтын болды менің мерекем.
Сол үнменен тыным таппай бақытымды күреймін,
Өйткені мен мерекемнің тарқамауын тілеймін.
КӨКТЕМ
Қанша жүректі
Нұрлантып келдің.
Қанша теректі
Ырғалтып келдің.
Қанша қап алма
Тағы үзіп келдің.
Қанша балықты
Ағызып келдің.
Қанша сәулеңе
Сүйгізіп келдің.
Қанша сәукеле
Кигізіп келдің.
Мына келісіп
Қызық-ақ келдің.
Қанша тырнаны
Тізіп ап келдің.
Қанша көп ектің
Күлін шынардың,
Қанша бөбектің
Тілін шығардың.
Баққа мәуелі
Тола ма шөлейт.
Айтам,
Әуелі,
Әуелі сен айт.
Қанша қалаға ірге қаладың.
Кел-кел, аяулым,
Бірге барамын.
Қызартып келген
Қырқаның белін.
Іңкәрім менің,
Сұңқарым менің..
ӨСІП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН
Кеудесінде таулардың,
Кемесінде арманның,
Жалау етіп өрлікті,
Ескек етіп ерлікті,
Есіп келе жатырмын!
Адал терін әрдайым,
Моншақтатып маңдайым..
Соқсын дауыл, соқпасын,
Қиындықтың көк тасын,
Кесіп келе жатырмын.
Кейде күнмен теңесем.
Таласып күнмен мен өсем.
Гүл теремін жерімнен,
Бірге туған елімнен
Өсіп келе жатырмын!
Өтті ғой, сәулем, ай талай,
Көрмедім қанша өзіңді.
Қайталай берем, қайталай,
Сүйемін деген сөзіңді.
Қайтейін жаным аңсады,
Сабыр да керек десек те.
Сағынған көздің моншағы
Шашылып жатыр төсекте...
Мен жүрдім сені күнім деп,
Сен бе едің маған құмар шын.
Қоштасқаныңмен күлімдеп,
Жылап та жүрген шығарсың.
Көп болды көрмегелі де,
Көрдің деп сен де айта алман.
Сезімнің пернелерінде,
Көгілдір көлім шайқалған.
Солдат боп жүрген кезімде,
Таң болып талай атты арман.
Сен салған аппақ қайыңның!
Жапырағындай хаттардан.
Көктем — ол қуаныштың ізгі лебі,
Қызғалдақ қыздарға арнап үзіледі.
Аспанда жақсылықтың атын жазып,
Тырналар қатар-қатар тізіледі.
Қарай берші, аппағым,
Көңілімді қайтармай.
Көп қой менің айтпағым,
Жүрген саған айта алмай.
Көз тілімен, көріктім,
Көңіліңе салдым ба ой?
Лағындай еліктің,
Елең ете қалдың ғой.
УАҚЫТ
Уақыт деген кері ақпайтын бұл өзі
Бұрқ-сарқ етіп таудан құйған тас бұлақ.
Қызық-ақ тым, қатал-ақ тым мінезі,
Асықпасаң бара жатыр басқылап.
Әкелердің әр тайдырып жүзінен,
Аға болып өтіп жатыр арынды.
Іні болып қуалайды ізіңнен,
Сенен тіпті әлдеқайда дарынды.
Қарап тұрсаң сен шыққан тау олардан
Әлдеқайда, әлдеқайда аласа.
Өтіп жатыр қыз боп жаны толы арман,
Сүйгеніңнен әлдеқайда тамаша...
Жандардың отты жарқылындасың,
Көгімде мәңгі маздар күн.
Шағалалардың шаңқылындасың,
Қаңқылыңдасың қаздардың.
Құрышы қанбас құлақтардасың,
Құрақтардасың ән шерткен.
Дауыстап жатқан бұлақтардасың,
Алқынып келем аңсап мен.
Саусағындасың күйші біткеннің,
Аңсауындасың құрбымның.
Шалғайындасың биші көктемнің,
Таңдайындасың бұлбұлдың.
Қызғалдақ қамал қырларымдасың,
Сырларындасың атаның.
Жанымның барлық ырғағындасың.
Аяулы менің Отаным.
МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМ
Бұлыңғыр күндер кетті оралмасқа,
Бұл күнде Балқаш басқа, Арал басқа.
Лениндік даналықтан туған дала,
Айналды көрген көзің ала-алмасқа.
Сенбесең Ертіс, Сырды арала бар,
Болашақ арнасымен ағады олар.
Тайганың орманындай бұл далада,
Басына жұлдыз қонған бағаналар.
Еліне миллиард пұтты несібе етіп,
Тың жатыр ен қимылдан есі кетіп,
Ала қиғаш шабады рельстер,
Тауларды тесіп өтіп, кесіп өтіп.
Самсаса комбинаттан дала тұнып,
Заводтар зіркілдейді болат үгіп.
Бір қаланың болғанша атын қойып,
Басқа жерден жатады қала туып.
Адамы боран күшін иліктіріп,
Құлаққа жеткізеді күй ғып тұрып.
Кендер мен телевизор вышкалары,
Заманға заңғардан тұр билік құрып.
Тербелсе Оңтүстікте мақта алабы,
Каспийде алтын сазан қақталады.
Тереңін көмір кернеп, өмір тербеп,
Түр бүгін Қарағанды шахталары.
Аумағы ұлан-ғайыр мұнша дала,
Сұлу ғой ақ алтынмен тұнса ғана.
Болады күзде бейне
Жүйек сайын
Жатқандай қатар қонып мың шағала.
Бұл жерде шағаладай көп қалалы,
Орманға сүңгіп жолдар жоқ болады...
Ту жатқан торғын торқа топырағынан
Алтын тіс «дала аруы» қапталады.
Қарт Ембі мұнайымен маздап жатыр,
Қырларда қыруар мал қоздап жатыр.
Қысқасы: адым жерден кен толғатып,
Бұл дала «жарылуға» жаздап жатыр...
Бұл жерде ана сансыз он балалы,
Кернейді олар жайлы ән даланы.
Бұл аймақ атом күшін соғыс емес,
Адамның бақыты үшін қолданады.
Жезқазған мыс дариядан сыр ақтарып,
Алтайы алтынымен тұр апталып.
Жүрегі Магнитка домнасының
Жетіп тұр жер тербетіп құлаққа анық.
Көктемде қыры толған Мәргия 6 гүл,
Жаныңа қасиетін мол құя біл.
Ұшы мен қиырына көз жетпейтін
Ұштасқан тоқсан сегіз Бельгия бұл.
Одан да салмақты ойлар ырғатылар.
Жүрегін жырға тұнар, сырға тұнар.
Бұл жерде жасайтын әр семьяның,
Шағын бір мемлекеттей қуаты бар.
Көгінен көктемі ерте қатады тіл,
Жазын дән шайқап-тербеп жатады кіл.
Жасаған өз қолымен молшылықты,
Кең ойлы кемеңгерлер Отаны бұл!
Алматы Алатаудан алма ақтарып,
Шымкент тұр қорғасындай салмақтанып.
Үзілер жүк тиеген ауыр состав,
Арасын қос қаланың, жалғап барып...
Қызу күш Қызылорда кең алабы,
Тұлпар азу күрішпен дем алады.
Қаз-үйрек қара бұлттай қаптап ұшқан,
Көкшетау көлдерінен көк алалы.
Достықты бақытына байлайтұғын,
Бүл елге қызыға аз ба қарайтұғын?
Абай мұнда Пушкиннің жырын жаттап,
Ұлы Пушкин сөйлейді Абай тілін.
Қазағың кешегі күн атқа мінген,
Айға ұшты қанат байлап Октябрьден.
Бұл жерде әрбір адам адамзаттың,
Жаратқан даналығын жатқа білген.
Жастығы — Гагарин боп аспандады,
Астығы — Ай жолының баспалдағы.
Дәл мұндай кереметтің мүмкін де емес,
Бүл жерсіз басқа жерден басталмағы.
Бұл аймақ бір кездегі қаза құшқан,
Жұлдызға космодром — ғажапстан.
Міне, дос, парасатты партияның,
Қолымен қайта туған Қазақстан!
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ...бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам...
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,
Ақ көңілімен ақ қайың бүртігіндей,
Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,
Ажырасқанды жүреді қайта қосып.
Мен өзім де ән салам түн ауғанша,
Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйгі берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін.
Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді,
Бір тамаша той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қазанымда бір асым ет қалмауын.
Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,
Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.
Кім білсін талай түнгі тілегім ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.
«ҚҰМДАҒЫ МҰНAPAЛAP» КІТАБЫНАН
АҚҚЫС
Ақ қолғаппен құшақтап,
Сақылдайды қыс аппақ.
Өзен, теңіз, тау-төбе,
Тегіс аппақ сәукеле.
Жатыр іздер жосылған,
Рояльдың басылған
Ақ тіліне ұқсап қап...
Ақ қыс — сұлу ақ өлең,
Табанымның астында
Таңғажайып ақ әлем.
Сырласады сырлассаң,
Қырға асады қырға ассаң.
Аппақ әуен сықырлап,
Жырлағалы тұр бассаң,
Жанарынан жаз бүркіп,
Тұр қыс күні сүйкімді.
Оянбасаң мәжбүр қып,
Ашатұғын ұйқыңды.
Құлақ күйін он бұрап,
Төнеді аспан төбемнен.
Аппақ қардан омбылап,
Көктем іздеп келем мен.
САҒЫНЫШ
Мұхтар Шахановқа
Сағындым, жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып,
мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным,
өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен, есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң,
қосыла алмайсың қатарға,
Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық
шағындай.
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың
бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан
шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп
тас қаптап...
Үмітке толы, арманға толы өр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай,
Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған,
Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.
Көкірегіңде сағыныш барда мұрат та сенде бар, жаным,
Алдында тұрған қыраттың саған көрінбей
жатқан ар жағын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен
көктеп өт
Мен бұны саған жазып отырмын, арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген
кезімде.
Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім,
қолайсыз,
Дегенмен, жаным көгілдір дүние сағынбағансың арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз,
бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры Абайсыз.
Өткелі қыруар жолдарда жанға батқан да шығар
сан ызғар,
Бір қасық суды аңсатқан шығар сан тарам сарша
тамыздар,
Бірақ та, жаным, өледі қыран қияға самғап баратын,
Болғасын бейбақ өз жүрегінің сағынышына қарыздар.
О, шіркін, менің сағынышымдай көлемі шексіз
болса аудан,
Ондағы жандар көз ашпас еді-ау қуану менен
шаршаудан.
Сүйем мен сені, сүйем мен сені көкірегі ыстық дүние
Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан!
Сағыныш деген — молшылық қазына, бола да берер
артық-кем,
Ал нағыз асқақ сағыныштарда араның балы бар тіптен.
Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса тәртіппен!
Сағыныш деген алдыңа тұрған ақ ала басты көк заңғар,
Бақытың сенің бағытын солай бара жатса алып
пәк жандар.
Заманым менің жанарымда алып сағыныш болып
жарқылдап,
Ағады тынбай күңіреніп-сыңсып аэропорттар мен
вокзалдар.
Сағыныш шалғай сапарларыма жасаған шақта иелік,
Кеудемде менің сан рет кеткен табан астынан күй еніп.
Қойнымда менің қалғиды бүгін ақ жұпар әлем қыз - өмір,
Сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп...
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай сағынып көрген,
қарағым,
Жалғасын сен айт бүл асқақ әннің, жабылып кетсем
егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
Қараңғы түнде қамығып жүрсең қанатына алып
қаусырар,
Бұл өзі, жаным, әйбат-ақ дүние, күні жоқ тіпті таусылар,
Сағыныштар да төбеңнен өтер түйдек те түйдек
қош болып,
Көктемдегі барлық тырнаның даусы бар!
Зулайды ол бүгін — тұсымда менің жаңғырып барлық
ендікпен,
Сұрша құмдарға, құм шағылдарға таңдайы кеуіп
сел күткен,
Егер сен жарық жанарыңды алсаң қайғы мен мұңға
қаптатып,
Сағынып жүрмегендіктен!
Сағыныш деп ұқ жүйткісе поезд босағасына әнді іліп,
Сағыныш деп ұқ далалар жатса, қалалар жатса
жаңғырып.
О, сәлем саған, шартарап қырға жұлдыз боп ағып
баратқан.
Өз жүрегімнің түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгілік!
III
Ей, адамдар, айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге коп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі бақи дос еткен
Қазір мені жұлып алды төсектен.
Жатыр екен оянсам
Көкірегімде астан-кестен басталып,
Жастығыма жас тамып!
Шырт ұйқымнан жұлмалап
Сағындырып оятты үш нәрестем.
Иә, кәдімгі ұшан-теңіз арманның
Ұшындағы үш-ақ түйір тал өскен.
Басқа дүние шығып кеткен бәрі естен.
Ұзақ жолдан шаршап келгем
Жыр жазатын халде емен,
Жындандым ба әлде мен?
Мұндай түстер бұрын маған енбеген,
Онсыз да мен сағыныштан кенде емен.
Мұндай халді шерткен бір кез өртене,
Жұмағали жырына да сенбегем.
Саясында болдым мен сан шынардың,
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.
Адаммын ғой шын сағыныш тән маған,
Бірақ менің тамды бүгін көз жасым
Сол қыздардың біріне де тамбаған.
Қазір менің ессіз шөлім басталды
Еш қайнардан қанбаған...
Ей, адамдар, айналайын жыр кені,
Менің осы қайнарымнан қанып іш.
Әкем өлген кезінде де бүл мені
Өртемеген сағыныш!
Мен сағынбас адамдармен дос емен,
Сан ағынға келдім, толған кесемен.
Жүрмін қазір көрінгеннің баласын
Ұстап сүйіп көшеден.
Мен осынау азын-аулақ жасымда
Сан заңғарлар төсінен
Сан дария кешіп ем.
Құштарлығым бермегесін тіпті бой,
Бәрі бұдан терең болмай шықты ғой.
Ешқашан да менің мынау кеудемде
Ешбір теңіз мұншалықты тасқан жоқ.
Мен бармаған аспан жоқ,
Бәрі мұның биігінен асқан жоқ.
Мен осынау азын-аулақ жасымда
Жүрегімнің лапылдаған отымен
Сан жолдардан өтіп ем.
Сан орманның ұшар басын идіріп,
Сан тұлпардың құйрығын шарт түйдіріп.
Сан жарыққа өз шұғыласын сүйдіріп.
Бірақ менің мына мөлдір өз дертім,
Бара жатыр тиген жерін күйдіріп...
Сағыныш!
Көбірек жүріп кеттім-ау деймін көшеңнен,
Көбірек тартып кеттім-ау деймін кесеңнен.
Артық та болар ма екен-ау осынау зымыран
жылдар ішінде,
Күн сайын сені жүз рет көрдім десем мен!
Көріндің маған түнекте — жарық, өкпе түс
болып түстіктен,
Сөйлейді сенің тілінде барлық құс біткен.
Күйдіріп те ала жаздадым кейде мен сені
Жүрегімдегі ыстықпен.
Жолықтың ару армандар болып алысқа тартқан
жолда кең,
Босатып қайта қоя да берген қондырып алып
қолға әрең.
Орамал сыйлап Оралда қалдың қара бұрымды
қыз болып,
Сағынып кеткем сонда мен.
Кірпігімді ілмей қарадым саған найзағай болып көк тілсең.
Жұлдызды күндер, басымнан талай өттің сен!
Көз таңбақ ойнап көгілдір Ертіс кешінде,
Омырауымның түймесін үзіп кеттің сен...
Болып та келдің дос сенген,
Сен барда, жаным, еш сөнбен.
Жердегі барлық арбалар,
Вагондар, платформалар
Тарта алармысың жабылып,
Осынау байтақ Сағынышыммен көшсем мен?!
Осылай да бір өссем мен!
Қарар еді онда әлем де маған көз қанбай.
Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!
Көшер еді онда дүние түгел, Жер түгел,
Ормандар, таулар жұпар иісімен қозғалмай...
Соңғы бір жылдар есімнен кетпей, түсіме сен ең
көп енген,
Ағып та жүрсің ракеталар керуені болып төбемнен,
Жолдарың сенің осал да маған соққан жоқ,
Сағынып өттім дегенмен.
АПАЛАРЫМ
Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,
Төртеуіміз бір әкенің баласы едік.
Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын
Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.
Таралып шартарапқа жолдар шықты
Сендердің бұрымдарың сияқтанып.
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,
Қатыгез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,
Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.
Деді әкем: қиын болды-ау, қарағым-ай,
Жан көкем, жадыратшы қабағыңды-ай.
Мен үйде жалғыз қалдым, мергендердің
Қосына тастап кеткен қарауылдай.
Кеттіңдер «Жат жұрттық» боп жаратылып,
Жанары басқа ауылға қаратылып.
Мен болсам еш дария құймайтұғын,
Көлшік боп қалдым шетте дара тұнып.
Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,
Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.
Әкенің қасиетті шаңырағы,
Тікейіп кетті талай құлап барып...
Туғасын талмай ұшу қанатқа сын,
Білем мен ол күндердің сан аптасын.
Көнбеуге жалғыздыққа амалың жоқ,
О бастан жалғыз қылып жаратқасын.
Жігерін жетті жылдар қайрап маған,
Сонда да амалым жоқ ойлап қалам!
Төрде үлкен шарайна тұр, айдынында,
Бір кезде алты бұрым ойнақтаған.
Кейде мен көлінде қап Қособаның,
Сендердің саулығыңа тост аламын.
Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,
Бақытын ойлап басқа босағаның.
Көп өтті қимас күндер белестері,
Көп болды сендер жақтан жел еспеді.
Өзі ұшқан ұясына қонбай кету —
Япырым-ау, құстарға тән емес пе еді?
Бұл үйде әкең өтті бас иетін,
Ана өтті ардақтаумен қасиетін.
Бір менің маңдайыма жазылған ба,
Көтеру мына төрдің қасіретін.
Қайтейін, өтсін деп ем еленбеумен,
Мықтырақ болып шықты менен кеудем.
Мен бе деп жүрмісіңдер әлде сендер
Көлденең көк аттыға елеңдеумен.
Бар болған кездеріңе сүйінемін,
Жоқ болған күндеріңе күйінемін.
Мен жалпы ақ перзенті болсам керек
Үміті үзілмейтін дүниенің.
АРУАНА — БАУЫР ДҮНИЕ
Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы
боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап-айлап таңдайын мейілі тасбауыр шөлдер
құрғатсын.
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті
күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана — бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,
Жетер ме адам сөзі оған!
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені
бай қылмас.
О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен
Қазығын таппай қайырылмас.
Әрқашан аңсап оралам саған тартпасын мені қай тарап,
Көгілдір көлге алқынып ұшқан аққудың даусын
қайталап.
Оны да кешір, ойда жоқ сәтте жанардан ыстық
жас болып,
Мөлт ете қалсам балапанымды шайқап ап...
Қашаннан жақын таныс хал маған болғанмен удай
бұл шарап,
Дидарың үшін қалдырдың артта қанша бақ!
Мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып,
туған жер,
Сарғайып ұшып, жүректі тоқсан пәршалап.
Қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да,
тіпті басқа да,
Гүл шығады ғой тасқа да.
Тауға да керек астана,
Тасқа да керек астана.
Басқаға сенен айта алман,
Әнім бұл менің басқа сөздермен сан рет салып
қайтарған.
Сәнім бұл менің жамылып шығар жаңғырған басқа
тойларға,
Жүрісім менің басқа жорғамен шайқалған.
Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ!
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!
ҚАРАҚАЛПАҚ ҚЫЗЫНА
Бүгін ғой жаңбырлатып жақын келдім.
Ұзасам таңдайыма татыр демің.
Қағілез қара бала болғаныммен,
Жүрегім кәдімгідей ақын менің...
Мен барда армандап қал, аспандап қал,
Балқысын бауырындағы баспалдақтар.
Су қылып мойыныңды Мойнақ жақтан,
Бір кезде ұшушы ең-ау қасқалдақтар.
Көшер ме сені керіп қыс түнерген,
Мылтығын лақтырар ма сұсты мерген.
Мен саған Алатауымды көрсетейін,
Қасыңа қырық қыз ертіп шықшы бермен.
Қалайша арман саған елтімесін,
Дауысын қазды аспанның келтіресің.
Қайтпасам болмайды енді Алматыма,
Сен мені өртей-өртей өлтірерсің.
ӨКПЕЛЕМЕҢДЕР, АҒАЛАР
Жер бетінде қанша өкпелі ағам бар,
Бөрі менің болашағыма алаңдар.
Бірақ маған сенімменен қараңдар,
Мен сендерді алдамаймын, адамдар!
Көз алдымда келесіңдер алаулап,
Менен бұрын көтерілген жалаулар!
Сендер барда мен де таңмын шығыстан,
Шұғылаңды батысқа алып жылысқан.
Сенімдерің қалар болып мұратым,
Жігіт бол сам бір өкпеге тұратын,
Алыстама, бермен кел,
Көк теңізде көтерілген желкендер.
Өкпелеңдер, күйініңдер,
ұрсыңдар.
Бәрің маған сыңғырлаған жырсыңдар
Әйтеуір тек үміт үзе көрмеңдер...
ЖАР БҰРЫМЫ
Кейде ұқсап жалғыз еркеме,
Көрінесің қай шақта сан қыз болып.
Жауырын дейтін өлкеде,
Жатасың кейде жалғыз қонып.
Екеу де боп ағасың қосарланып,
Қырық та боп қоштасып тарасасың,
Қай жаққа құласаң да жарасасың,
Ей, менің қара шашым!
Қара мақпал қойнаулар көктемде де
Саған ұқсап жатады қарауытып.
Алабұртып ұшады бала бүркіт,
Ол да сендей жүрекпен далаға ынтық.
Сусылынан сары тамыз салқындаған,
Қара семсер қанат боп қалармысың.
Белдеуінен даланың солқылдаған
Бесқарағай орманы болармысың,
Ей, менің қара шашым!
Келдім саған жұлдыздар жүз аққанда,
Қашықтатпай көзімнен бір елі мен.
Сапарыңды толқындар ұзартқанда
Кемелердің саулығын тіледім мен,
Ей, менің қара шашым!
АРАЛ ЖЫРЛАРЫ
АРАЛ ҚЫЗЫНА
Қай жаны пәк жігіттің
Бақытына жаралдың?
Қарлығашы үміттің,
Ақ сазаны Аралдың.
Қызғалдақ па ең сен әлде,
Көгеретін көктемде.
Қасқалдақ па ең сен әлде,
Көлбеңдеген көк көлде.
Қиялдаған Навоидың,
Жоқ жары ма деп едім.
Қайта туған Абайдың,
Тоқжаны ма деп едім.
Арта берсін мерейің,
Жайқала бер орман боп,
Несін айта берейін,
Көкіректе арман көп...
Шараңа суың сыймастан.
Теңселіп жатқан теңізсің.
Теңі жоқ ғажап күй-дастан,
Тербелген ыстық лебізсің.
Сілкіле құлай жаздатып,
Толқыныңмен қағып өт.
Жіберші мені маздатып.
Кеудеме жалын жағып от.
Бойында туған балаңмын,
Аяма, теңіз барыңды.
Арманын тыңдап даламның
Алайын сенен бар үнді.
Жандардың мынау көңілді
Кемесін, теңіз тербей біл.
Тербеліп жатқан өмірді,
Тебіреніп сүйген ел ғой бұл...
Теңізге мынау қарашы,
Жетпейді көздің шарасы.
Кеткендей боп тұр астасып,
Аспан мен жердің арасы.
Мұнда жоқ кінә-кек деген,
Мұнда жоқ шет пен шек деген.
Сан бақыт мұнда бүршіктеп,
Сан мұрат мұнда көктеген.
Оған жат қайғы-қасірет,
Айтары ерлік өсиет.
Теңіздің теңіз екенін
Тану да үлкен қасиет.
ҚАЗАҚСТАН КӨКТЕМДЕРІ
Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға,
Көктеме келді тағы да Қазақстанға.
Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап
Сапарын тартты сабылып саз алыстарға.
Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақберен,
Бұрма құзардан бұзылып көшті қақ терең.
Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан,
Кеудемнен менің сыбызғы тартып ақты өлең.
Алмалы бақтар бүршігін жарып ақ қардай
Дүркірейді өлем көсіліп тартқан көкпардай.
Жалтыр нулардан аққулар ұшты, қанаты
Солдаттар жақтан сағынып жеткен хаттардай.
Сағындым сені болғанмен алшақ аралар,
Дауысын маған дара тыңдатқан далалар.
Көзімде менің жарқылдап қалып жүрсің сен
Аэропорттардың қанатында аққан қалалар!
Составтар шеру тартқанда болат шектерден,
Сүқтандым саған сұқсырлар ұшқан бөктерден.
Мен саған ғашық осынау жылдар ішінде
Алдымнан аспан кемпірқосағын көп көрген...
Ойладым сені құрбымен наз алысқанда,
Көктем де келді, мінеки, Қазақстанға.
Мен сене алмаймын
Қазақстанға сенгеннің
Басынан базар ұшқанға.
Құлағым сенің қоңырауыңнан ашылған.
Жасым да сенің омырауыңа шашылған.
Тентектеу менің бозбала күнім жүр сенде
Көзіме оттай басылған...
Қызығы қырды ұрлаған,
Қызғалдақ сылқымдары.
Кеудемнен сылдырлаған
Сырдария толқындары.
Даланың шартарап ән,
Барабан дастандары.
Қарағай қалқалаған,
Қарағанды аспандары.
Сағадан салқындаған,
Алатау ақпа қары.
Жаңадан жарқылдаған
Қаратау қақпалары.
Көкшетау ормандары
Жүрегі бұлбұлстан.
Маңғыстау армандары
Көзімнен бір-бір ұшқан...
Өр сулар, батыр сулар,
Ғажапсың бұл шағыңда,
Бәрің де жатырсыңдар,
Көктемдер құшағыңда.
Сендер жақ кең керіліп,
Қанаты жырлап есіп.
Төбемнен төңкеріліп,
Барады тырна кешіп...
Ауылды үш айналып,
Кетті олар көк аспаннан.
Осыдан басқа байлық
Қажет те емес маған.
ІІІ
Алдында ай дірілдеп ұзақ таңға,
He жетсін айдын көлден құс атқанға.
Сол құсы құрғырыңды атпасаң да
Өзіңді құс атқанға ұсатқанға.
Қыр маздап қызыл-жасыл гүлдерменен
Бақтарда бұлбұл тілі күрмелмеген.
Тағалап жатқан мынау аспан жақты,
Ғашықпын қара зергер түндерге мен.
Толтырған құшағыңды гүл шоқтарға,
Іңкәр да болар жаның бүл шақтарға.
Сағынсаң, осынау көлге мені шақыр,
Ақ еркем, ақ жақұтың бұршақтарда.
Таусылмас болды-ау ғасыр бұл бір маған,
Қашан да саған қарай күмбір қағам.
Ақ сүйрік саусағыңды сағындым мен
Көк пішен көз алдымда судырлаған...
МЕН СЕНІ КӨРГЕМ
Жатады сенің құз кеудең толқып - басылып,
Ойнайды сезім жүзіңде сенің от болып.
Әндерің сенің тауларға заңғар басы бұлт,
Барады мені бөктеріп.
Ақ дидарыңнан жаныма бір шоқ түсті ме,
Алдымда менің алаулап жатқан қыр қандай.
Қатпар да қатпар мың жылдық қарлар үстінде,
Қызғалдақ қаптап тұрғандай.
Қалай мен келгем бүгінге дейін мән бермей,
Қалай мен келгем өн білмей.
Мен сені қазір теңіздерге ертіп кетер ем,
Тек маған ерсең жанға ермей.
Қай жақтан жүрсің, қай тұстан естің арман-ән,
Шығар-ау саған сан арман қанат қармаған.
Бір жерде сені көргендеймін-ау осы мен,
Қызғалдақ, гүлін жармаған!
Көрдім бе сені әлде мен жазық алшақтан,
Көрдім бе әлде қырлардан жұпар аңсатқан.
Тұлғаңды сенің вагоннан көрдім әлде мен
Бұрылыстарда алдымнан состав қарсы аққан.
Онан соң сені өткелде көрдім өрде мен,
Тереңін толқын тербеген.
Сондағы сотқар, тебіренген ағыс мен саған,
Өтуге мұрша бермеген...
Мен сені көргем жырақ армандай лаулаған,
Жырлап жатқанда тау маған.
Сондағы тентек тәкаппар аспан мен саған
Шатырлап тұрып жаумаған!
Мен сені көргем көктемде көктен назар сап,
Ұшқанда тырна азан сап...
Жоқ, сені қазір, дәл қазір көріп тұрмын мен
Шалқыған көлім қалқып қалғанда қаз аңсап.
ҚОШТАСУ
Сенделіп өрттей сезіммен
Лапылдап кетіп барамын.
Үзуге моншақ көзіммен
Жақындап кетіп барамын.
Құдіретіңе о, туған Жер,
Сеніп кетіп барамын.
Қимастық, сенің отыңнан
Теңселіп кетіп барамын.
Алысты барам арман қып,
Ауырың болса арт, өмір!
Жолына жырдың құрбан қып,
Басымды тіктім әйтеуір.
Сенімге мені бөлеген,
Жандардың мынау алдында,
Қадірмен дос ең, о, өлең,
Ұятқа мені қалдырма.
АЯУЛЫ ІНІМ
Сәкенбісің, жазбаған Қасымбысың,
Әлде менің маздаған жасымбысың.
Әлде сен өзгеше бір ғұмырмысың,
Немесе менен басқа ғасырмысың.
Жыл сайын сан өзгеріп дала мынау,
Мен де осы кексе тартып барамын-ау.
Жоғалтқан ақ қайыңдар арасында
Он жетім сенде жүр ғой, қарағым-ау.
Жиырма бес басын зорға тізгіндеген,
Сырға әуес сенде жүр ғой қызғын денем.
Сен менің ойнақтаған ақ ботам ең,
Он жетім, неге күдер үздің менен.
Тентегім, бұның қалай аңсатқаның,
Мен сені тау мен тастан қанша ақтардым,
Отыршы қарыс жерден бір көрейін,
Тағы бір лапылдатып жан шоқтарын.
Жүрсің-ау, мына қызды ұнатып-ақ,
Тұрсың-ау, мына күзде гүл атып-ақ.
Ол менің кезім еді,
Есім кетіп
Сүйетін арманымды жылатып-ап...
Күн сайын өтіп жүрдік кіл сындардан,
Қу соғыс қасіретінен мың сынды арман.
Өміршең біздегі ұлы махаббаттар
Без көйлектің ішінде бүршік жарған.
Қалай мен оны мұңмен толғамайын,
Кез еді о л қуанышқа қайғы ағайын.
Біреудің бүл да өзіндей жұлдызы ғой
Жылатып ала көрме, айналайын...
Кел бермен, альбомымды көр, қарағым,
Тулаған өмірім менің толған ағын.
Мұнда мен бірде темен құлдилаймын.
Қасқайып тұрып бірде ерге ағамын.
Мұнда мен тілсіз сөйлеп, кезсіз керем,
Ұғарын талай сырды сезсіз көрем,
Сары ауыз мына сурет балапан шақ,
Сырласып кермеген шақ еш қызбенен.
Мына шақ жігіттікке ұмтылған шақ,
Ал мынау кеудемде алғаш жыр тұнған шақ.
Мына шақ ертеңді аңсап тұрған шағым,
Мына шақ тұрған шағым былтырды аңсап.
Суреттің түсіппіз-ау алуан санын,
Мынада ессіз-түссіз жарды аңсадым.
Мына жас жаутаңдаған жанардағы,
Сендерді өкпелетіп алған шағым.
Ал, мынау жігіттікке бұғалық сап,
Арман қып аңсап жеткен ағалық шақ.
Бұнда мен алынбайтын қамалдаймын,
Жоқ, жоқ, жоқ сол қамал тұр маған ұқсап!
ЖҮРЕККЕ АЙТЫЛҒАН ӨЛЕҢДЕР
Маған жақын қонғандардың
Бәрі саған таныс емес.
Саған жақын болғандардың
Бәрі маған алыс емес.
Алыссың сен — таулардың ар жағысың,
Жылытасың мұз бассын, қар жамылсын.
Жақынсың сен — төрінен жарқыраған
Мына теңіз кеудемнің маржанысың,
Шындықсың сен, бір туған өзімменен,
Сен сөйлесең ой да кең, сезім де кең.
Оһ, қандай жақсы болған туылғаным,
Адамдарда жүрек бар кезінде мен.
III
Жатыр сенің құдіретіңнен
Қадам сайын тас балқып,
Қаншама жыл керек сені жырлау үшін дастан қып!
Сайра, менің сандуғашым, дүниеге келерде
Дақ түсірмей көкірегіме орап шыққан бостандық.
Кел, кел, менің жұпар өлкем,
омырауыңды ағыт кең,
Кім едің сен, мені іздеген ақ омырау бақыт па ең?
Сен дірілдеп, тақымымда сайгүліктер ойнақтап,
Ағып келем барша дала барабанын қағып мен.
О, жаным менің — зымыран арман қуанышыңа
малдың ғой
Сен жаққа қарай қиялын қыруар қаптаумен-ақ
алқынды ой.
Кімім боп кеп ең, әлде сен менің таң алды
көрген түсім бе ең.
Жалғыз-ақ рет дір еттің-дағы есімнен кетпей қалдың ғой.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Болғанмен бойда қандай күш.
Не жетсін бауырың болғанға.
Жападан-жалғыз мен байғұс
Келе жатқандаймын орманда.
Жаралып па ем деп жейдемен.
Тас-талқан болам кейде мен.
Мен жерге түскен жалғыз дөң
Жапырақтардан сөйлеген.
Сыздауы менің арқамнан
Өтпеген сірә жон бар ма.
Суындай таудың тарқалған
Адастым талай жолдарда.
Кешетін сазды етікпен
Басында ердің аз ба күн.
Осынша арманды ертіп мен
Теңізде қирай жаздадым...
Қайтейін, қайран құрбым-ай,
Күн кештім маңдай терменен.
Жыласам қой дер, бұл құдай
Аға да маған бермеген.
Шығам деп шырқап асқарға,
Тайғанда табан тастарға.
Сүйендім арлы достарға,
Армандай қарындастарға.
Сүйендім сенбей жалаға,
Алыстан жеткен хаттарға.
Баламнан кіші балаға,
Әкемнен үлкен қарттарға.
Жарған ем бүршік, жанардың
Жалынып балап арға мен.
Арқасыменен солардың
Аунаттым талай қарға өлең...
Секілді менің тағдырым
Тағдыры корабльдердің.
Сан кепті менің жаңбырым
Көзінде лала гүлдердің.
Көктемдер жетті мені іздеп,
Тұндырып сайға салқын қақ.
Сөйледім Қара теңізден
Қара семсердей жарқылдап.
Қуатыменен қос қолдың
Қала да болдым қамалсыз.
Балға да болдым, төс болдым,
Қайрақ та болдым амалсыз.
Теріс те борап ұштым мен,
Көтеріп бәрін еңсеммен.
Күндерде осынау үстімнен
Үкілі бақтар теңселген.
Десем де жауған оқтарға,
Жауынгер болсаң жалғыз бар,
Кейде амал таппай тоқтарға
Қаламын соқса жанға ызғар.
ҚЫЗҒАЛДАҚ ДӘУРЕН
Қызғалдақ қуып құмардан
Шығатын болдық, құрбым-ау.
Аэропорттардан туы алуан
Айнымай жатқан қыр мынау.
Гүл де өсем мұнда, көр міне,
Қап-қара мақпал түн де әсем.
Толқымай жатқан көлді де
Толқисың көріп мұнда сен.
Тау да әсем жалтыр көк айдын,
Қауырсын қанат бау да әсем,
Зер шашақ шығы тоғайдың
Шашылғалы тұр «әу» десең...
Қай-қайдағы ыстық балдырған
Сағынышыңа от себер.
Шүрегей үйрек алдыңнан
Шүйкілдеп ұшып кетсе егер.
Басайық, бауырым, ілгері,
Сазанды сайлар қайда екен.
Мынау сай сәби күндегі
Мен тұзақ құрған сай ма екен.
Тырналар мынау кеудемнен
Сусылдап ұшқан құс па екен.
Жанымды менің тербеуден
Бір тынбай қалай ұшты екен?
Білмедім қанбас. сыр ма бұл,
Жазылмай қалған жыр ма бір,
Қай жерлерде ұшып жүр екен
Ұстатпай кеткен қырғауыл.
Айтпақшы, соны қайтсең де
Қыз қайда ұстап кел деген?
Ол да ұшып әлде кеткен бе
Қырғауыл кеткен жолменен.
Дариға, менің алдымнан
Тағы бір өтсең кес-кестеп,
Қырғауыл арман! Жанымнан
Қалар едің-ау өшпес боп.
Жастықтың кейде сыры өзге,
Кеттің бе еске сақтамай.
Сен тоқтар разъезге
Мен кеттім бе әлде тоқтамай.
Жолығар болсам қайта мен
Тағы бір мәрте сол шақпен,
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен...
АТАМЕКЕН
Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып.
Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутаңдап қазір менің жанарымда
Тұп-тұтас жиырма жеті жыл түр ғашық.
Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп.
О, менің мәңгі басар нық тұрағым,
Қалайша махаббатымды ұқтырамын?
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.
Мен сендік азаматтық сертімменен,
Даусыңа дауыс қосам шертілмеген.
Мен сенің серпілмеген күніңе де
Қараймын кереметтей серпінменен.
Бәрін де мендегінің анамша ұғып,
Тұрсың ба болашағыма алаңшы үміт.
Мен сенің жалғыз тамшы тасқыныңмын
Кететін сенен шығып, саған сіңіп.
Қайғы да, мұң да менен көп табылар
Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.
Баурайы мәңгі көктем заңғарлардың
Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.
«ПРАВДА» ТУРАЛЫ ОЙ
Сен есік қақсаң, кетеді бірден таң атып,
Жетесің менің түнекті қуып ауламнан.
Желекті қырға жез - арай шұғыла жалатып
Соғады самал ормандар менен таулардан.
О, менің тұтас алты бет толы Шындығым,—
Күн сайын тауысар бір мектеп!
Сен есік қақсаң, қызғалдақ атып, қыр көктеп,
Кетеді дүние дүрмек боп.
Көзімде менің көлбеңдеп сусып көк сағым,
Көгілдір сағым дүние.
Сен есік қақсаң, мен тіпті қара тасқа да
Қараймын әйбәт сүйіне.
Келеді барлық домбыра
Келмейтін барлық күйіне.
Жанымда менің жатады, қайрап сол шақта
Торғай боп шырылдап оянып кеткен дүние...
Заводтар сыңсып тұрбаларымен көк тірер.
Тербелер меруерт текті көл.
Сымдардың мынау ұшымен цехтар шойынын
Сызылып ағып ток тілер.
Арқаларына вагондар менен машиналарды теңдеп ап,
Қозғалып бара жатады жердің күре тамыры сияқты
Вокзалдар, проспектілер...
Бетіңнен сенің адымдап келе жатады
Лермонтов, Шоқан оралып бала шақтарға.
Отарлар түнде жұлдызын жерге қондырып зымырау
аспанның.
Толады дала шоқтарға. Сені оқып барлық моторлар іштен
от алып Тартады болашақтарға!
Деп мынау жердің үстінде жүрек, қасиет,
құрмет тозбасын
Сен басып өткен аз ба шың!
Сені оқып әрбір темір мен шөген иісі сіңген саусақтар
Жетелейді алға өз басын.
Жетесің маған омырауыңа толтырып алып күн сайын
Жердегі барлық коммунистердің бақыты менен
көз жасын.
Қойыныңнан сенің қаңқылдап ұшып қаз дауыс
көлдер тостаған
Жаңғырып дария құяды таулар тас табан.
Лениндік Ұлы революцияның қажымас ардагерлері
Сөйлейді сенің бетіңнен заңғар басымен.
Соңғы жылдары ақ бурыл тарта бастаған.
Сен барсың таңғы шығында барлық көгалдың,
Аяулым менің, аспандай дарқан кең алдың!
Сен болып бүгін күркірейді асқақ даусымен
Толқыны Ганга, Неманның.
Көзімнің алды мұнартып жүрген кезде мен
Сені оқып қанша дем алдым!
МАҢҒЫСТАУ САЗДАРЫ
СЫРЛАСУ
Шәмші Қалдаяқовқа
Көрсең ғой шіркін, бәрін де көзбен көрсең ғой,
Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей.
Осынша сазбен ынтызар қылған аймаққа
Бір әсем дария керек-ақ екен дәл сендей.
Қуаты керек мендегі асқақ арынның,
Құдіреті керек Әбділдадағы дарынның.
Қара орман керек, қап-қара орман, түп орман
Көзіндей менің жарымның.
Әр ағыс керек теңізді тентек тербеген.
Құс Жолы керек омырауы толған зерменен.
Бәрін де тастап осылай қарай ағар едім-ау, әттең-ай,
Дария болып жаралған болсам Жерге мен.
Сен болып мұнда ақ жаңбыр неге төкпеген,
Қашанғы көкке өтеміз қарап өкпемен.
Кірпігімді ілмей армандаймын-ау, ақ босағама дүние-ай,
Енисей құйған күндерді көрсем деп те мен.
Қойнына сұқсыр жасырған шалғай көл жағасындағы
жекендей.
Бұл өзі бізді ынтызар қылған мекен ғой.
Табанын мынау мұнайға басқан мұнараларға қарашы.
Аспан дегенің қашық та емес екен ғой...
Бумасын шешкен кеудемнен талай теңдердің
Теңізді бойлай тебіренген арманмен көрдім.
Фонтан боп мынау бетімен жердің жүйткіген қара дария
Бұрымы сынды сіздің үйдегі жеңгемнің.
Жандарға біздей шаңырағында дастарқан да кең,
қол да кең,
Мұнаралардан басталар болар жол деген.
Ақын боп туып өз бақытымды жасырар болсам дүниеден
Тілімді кесіп тастауым керек онда мен!
БАРСАКЕЛМЕС
Үрейлі сенің атың «Барсакелмес»,
Тұрады көз алдында қаншама елес.
Қысса да қандай сындар қыспағына,
Адамның жақсы үміті аңсауы өлмес.
Надандық санасы сап шырмауына,
Жылдардың жол беріпті зырлауына,
Пайдалы нәрсе бермес» «Барсакелмес»,
Ешбір жан қана алмаған сырларына.
Төсінде сан ғасырлар жан баспаған,
Күстер алмаспаған, жалғаспаған.
Бүгін мен Айға ұшам деп тұрғанымда,
Сен болдың жүрегімде ән бастаған.
Сүйдім мен сені туған мекенім деп,
«Соры бар» сор топырақ шекерім боп,
Жанында жүріппін де, біліппін бе,
Қойнында бай қазына екенін көп?!
Кешегі шексіз дала қаймақтанған,
Мұнайдың кені болдың аймақты алған.
Кейде мен бар бақытым,
Табанымның
Астында екен ғой деп ойлап қалам...
«Бұл неткен есімі елге запы мекен,
Әлде бір соқыр сезім аты ма екен»,—
Деп саған көп қараушы ем,
Жанарымдай
Жаутаңдап мұнай толқып жатыр екен...
Еліммен дүниеге аян атым,
Жаным жоқ, гүлдентуден аянатын.
Кендердің кезі келді,
Мен ұстаған
Бұрғының солқылынан оянатын.
Оятқан сол кендерді құрбылардың,
Мен талмай ерлік ісін жыр қылармын,
Заман бұл. — Дүйім халық
Найза емес,
Ұшымен бақыт тапқан бұрғылардың.
Жайнатқан «Үшқұдықтың» нұрлы аспанын,
Бәрі де менің ағам, құрдастарым,
Өмірге қожа болып, дәуір жасап,
Қиыны, қызығы мол күн бастадым.
Жалғасқан зәулім көкке мұнаралар,
Бір көрсең есіңе ой мың оралар.
Соғыста болдырмайтын қарауылдай,
Қасқиып дүниеге тұрады олар.
Сыпырды сыр — томаға аспанымыз,
Білмейміз биіктеуден басқаны біз.
Уақыт алыс емес,
Әр ашылған
Жұлдызбен есептелер жастарымыз.
Толтырып тоғандарды жұлқи ағам,
Жүйткимін бір қияға бір қиядан.
Аспанға қанша метр биіктесем,
Жерге де сонша метр сүңги алам.
Табынса ата-бабам күн көзіне,
О л оны санамаған мін де өзіне.
Ал, мен ертең Шолпаннан көз тігемін
Күннен жарық Елімнің күмбезіне.
Қалайша бұрқап ақпай басылмай жай,
Басқа нұр көргенім жоқ асылы ондай.
Шашырап жатыр сәуле сол күмбезден
Менің туған далама осынау бай.
Ойыма бала күннен бермей тыным,
«Барсакелмес» жанымды тербейтұғын.
Мен қуанам бүгінгі сол дала үшін,
Барған адам келгісі келмейтұғын!
Күн — бикеш көкжиектен құлап кеткен,
Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен.
Сүңгітіп тереңіне жұлдыздарды,
Сақырлап қайнап жатыр бұлақ біткен.
Тосшы сен құлағыңды андай қалып,
Барады кең дүние әнге айналып.
Нар қамыс суылдаса жер бауырлап,
Бақалар тамсанады таңдай қағып...
Ұқсаған көктегі ай асқан шамға —
Аспанға бейне шоқтан басқан таңба.
«Жұлдыздан жез шегедей жымыңдаған»
Шашылған ақ шекердей дастарқанға.
Көк әуе — көзі қыздың москвалық,
Бұлт жатыр биік таудан жастық алып.
Қаңтардың қалшылдаған қатты аязы
Барады тәнді үсітіп, тасты қарып.
Суықтан дала жатыр тымауратқан,
Мұртына теректердің қырау қатқан.
Айналып қуғыншы жел жүгіріп жүр
Әупілдеп үрген иттей құр аулақтан.
Аяздан алма жүзі арайланып,
Жүр әне, күзетші шал қора айналып.
Дәл қазір нені ойлап түр екен ол,
Телміріп бір нүктеге қарай қалып?..
ШЕВЧЕНКО – МҰНАЙ ОРДАСЫ
Жас қала тұр Атырау жағасында
Көкірегі толған арман-ән,
Аппақ гүл дерсің қауызын әлі жармаған,
Сарғалдақ өңді сәбимен құрдас қала бұл
Әлі мектепке бармаған.
Көшелерінде бояулар шіркін мол қандай,
Құдай да болсаң қарай алмайсың толғанбай.
Жан-жағы толқын
Терезесінен теңізге
Секіріп кетсе болғандай.
Ақ ерке осы қалаға
Айырмай көзін көк тігіп,
Тұрады екен көкірегін түгел өрт қылып
Құс Жолы мұнда аңдамай келіп шашылып
қалған сияқты
Мұнаралардың заңғар басына соқтығып...
Бұл күнді, әттең, десеңші етті қанша арман,
Шевченко бастан кешірген түнек тар жалған...
Қарайды менің төбемнен бүгін жақұтты көзбен жас қала
Қабырғалары қаланып түгел маржаннан.
Таң азанменен қыруар оттар зымырап ағып төске өріп
Қойнына мың сан самаласымен жатады қайта кешке еніп,
Қол созым аспан шатырлап кейін шегініп кеткен
сияқты,
Мына қаланың биіктігінен сескеніп.
Төбесін тіреп ақ желкен бұлтқа — ақша қар
Ақ үйлер қырға барады жөңкіп алдынан тілеп ақ сапар.
Жырлайды маған қара көк мақпал дариялардың
даусымен,
Іргетасы әлі қаланбай жатқан көп шаһар.
Омырауымды мұнаралардан соққан самалға тосып кең
Ару залдарда оқыдым жырлар өсіп мен —
Теңіздің даусы «Сарыарқа» болып сарқырап кіріп
жатқанда
Терезелер мен есіктен.
Туған жерінде комбинаттардың жұлдызды басы көк
сермеп
Жатқанда сенің кеудеңде қалай от сөнбек!
Армандар едім егер мен жерге көк таспа мәрмәр
жол болсам.
Осы бір тұстан өтсем деп,
Сонан соң әрмен теңізге шығып кетсем деп...
МҰНАРАЛАР
Кезім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барды қыр ап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда
Мұнаралар басына шырақ тасып.
Қалайша мен жаным-ау тұра аламын,
Жүрегімнің сыңсытпай шынар әнін.
Табанымның астында қара дария
Тас төбемде тайгасы мұнараның.
Мұнаралар, сыңсыған Мұнаралар,
Бұрқыратып тереңнен бұлақ алар.
Болдың менің ойласам Маңғыстауды
Көз алдымда тізіліп тұра қалар.
Өмір, өмір, ойлайсың, толғанасың,
Жастық шағың аңсайды қарбаласын.
Мұңаяды жиырма бес — қызық дәурен
Көкке осылай шаншылып қалмағасын.
Ержеткенше, адам боп бастыққанша
Ағалардан көрдік біз достық қанша!
Қартайды ғой біз үшін талайлары
Жер бетінде жарар деп жастық қалса.
Омырауын төсеген бүл ағалар,
Кешегі күн жүрекке жылыған әр.
Бүгін де түр қарап сол шырқау көктен,
Мұнаралар, сыңсыған Мұнаралар!
Өмір, өмір, ойлайсың, алқынасың,
Қанат байлап қияға шарқ ұрасың.
Жету деген сөз емес,
Тек әуелі
Қарсы алдыңнан Мұнара жарқырасын.
Жер бетінің жақұты — Мұнаралар,
Маңдайдағы бақыты — Мұнаралар.
Мұнаралар жарығы сөнбесін деп,
Кірпік ілмей шығады ғұламалар.
Білмедім мен кеудемнен ашты ма кен,
Омырауы осынау тасқын әлем.
Күн көтеріп барады Маңғыстауда
Мұнаралар аспанның астыменен...
ТӨСТЕГІ ЖАҢҒЫРЫҚТАР
Жетібай құрылысшыларына
Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған.
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам.
Мен жарық Жермін, Жаңғырықтарға үн қосқан,
Төбемді көрсе түн қашқан,
Омырауымнан жарқылдап ағып жатады,
Құйрықты жұлдыз тынбастан.
Тартып ап таңнан шуақты,
Жер төсін жылытам жұмысшы табы сияқты!
Түрендер болып көтерген тоңын тыңдардың,
Мен сірә төспін — сызылып аққан сымдармын.
Жаңарған болат жолдарға дейін
Басталып құйттай қармақтан,
Күн балдақ заңғар залдарға дейін
Мұнарасына қар қатқан
Жаралған менің жүрегімдегі салмақтан
Мен қара төспін шойынды саздай илеген,
Құлаштап соқсаң күйге енем.
Жаңғырта алмайды жапанды
Жаңғырығымды сүймеген.
Болғанмен қара, пәк жаным,
Тіршілік үшін уыстап шашам ақ жалын.
Отыма менің ұқсайды барлық ұрандар,
Қанатын малып ұшады соған қырандар.
Мен қара төспін, соқсаң да қанша шаршаман,
Қып-қызыл шоқ боп үскіріктерге қарсы ағам.
Шеге боп енем үйлердің
Қабырғасына қаусаған.
Шаңытып қалам жолыңнан
Самала болып самсаған...
Омырауынан ақ шашақ толқын боратқан,
Көгілдір ГЭС боп құямын барлық тораптан.
Ақ сүңгі Лайнер қанаттарында отым бар
Төбеңнен зулап баратқан,
Мен қара Төспін, жасампаз қылып жаратқан!
Жадырап менен тоңғандар,
Жайнайды қайта солғандар,
Жүзінде менен тапталып өткен кетпеннің
Шулайды қара ормандар,
Мен қара Төспін, Қаһарман Адам армандар
КҮЙЛЕР
Қателессең тартып отырған күйіңнен,
Керілдесіп қалады екен Адайлар.
Шақыртып алып ару қыздарын сонан соң
Бармағында от ойнар,
Күй сұрайды екен атойлар.
Тарттырады екен сен тартқан күйді
қайтадан,
(Саусақ дегенің айтады ән)
Жігітім, енді шыдамың жетсе төзіп бақ,
Өлгенің жақсы, қайта одан.
«Қонақ баланы ұялтпа» дейді құдағи,
Ал анау қыздың жанарындағы от қандай!
Жүректен емес мына күй
Саусақтан шығып жатқандай.
Сиқыры қыруар ырғақтар байлап көзіңді.
Алдыңа келіп дөңгеленеді Жер деген.
Көк терге түсіп айта да алмайтын сөзіңді
Айтады ол он бір пернемен.
Осынау шақта құлақ та сонда, ой сонда,
Құмарсың мынау жайсаңға.
Тулайды теңіз кеудеңнен сенің күмбірлеп
саздар кешкенде,
«Адайдан», «Баламайсанға».
Атпаған таңнан шашырап алуан нұр көзге,
Қаз қанат әуен жатады тарап үйлерге.
Жетеді кезек бір кезде
«Аврораның» даусымен жеткен күйлерге.
Өзгеріп перне сонан соң сәтте-ақ қас қағар
Шұлғиды басын басқалар.
Атырау жақтан кемелер келе жатады
Ақбурыл толқын жонынан тіліп таспалар.
Балға мен төстің басында болған күнімен,
Жүмысшы қауым құйылып қалған қорғасын.
Жердегі барлық сыбызғы бақтың сұңқылдап
бұлбұл үнімен
Жырлайды сағақ мұнаралардың өр басын.
Көшеді саздар керуен де керуен дүрмекпен,
Күй жоқ па дейсің таусылар.
Мына бір күйде жүр көктем,
Ал мынау күйде Ералиевтің даусы бар.
Кім көрген бұрын табиғат тартқан бүл сыйды.
Арман да мұндай болады екен-ау ақ заңғар!
Мына бір күйден сыңсиды
Жүрегі меруерт вокзалдар.
Алдыңнан сенің қалалар өтіп жатады
Тізіліп ағып қаз-қатар.
Құрманғазы мен жез бармақ Дина отаны
Көре білмеген көзге тар.
Осында жатыр жамырауық өзен-қазынаң,
Көтеріп көштің ауырын.
Көкірегіңнің самала жарық сазынан
Жаңылып кетпе, бауырым!
Ақ Жайық!
Сен еркем едің,
Кеттім бе ерте келіп.
Мен көркем едім,
Сезімімді тауыстың шерте беріп...
Жақындығын жаныңның аса маған,
Қайдан білсін жағаңда жасамаған.
Бұрымдарын тарқатқан ақ қайыңнан,
Жайық, Жайық, айнасы босамаған!
Сен сүйікті едің,
Қазанат арманыңмен.
Мен биіктедім,
Қаз қанат орманыңмен.
Сен теңіз едің,
Көктен тамған көгілдір ертінді едің.
Мен егіз едім,
Махамбет сертіңдемін.
Мөлдірейді көк сынық қол де сен деп.
Қарағайын тартады жел де сен деп.
Келіп ем мен де сен деп,
«Аяулым енді есен бол...»
Дөңбекшиді өрт болып жүзің маған,
Жүрегімде жүр әлі сызылған ән.
Көкірегімнің қақ төрін жарып аққан,
Жайық,
Жайық қаймағы бұзылмаған.
ТІЛЕКТЕСТІК
Сейілхан Құсайыновқа
Бірімізге біріміз арнап барып,
Кезігеміз арманнан арна ақтарып.
Амал қанша, тағы да айрыламыз,
Тарнау жолдар тартқанда тармақталып.
Сол баяғы бір тынбай желбіреуден,
Кетеміз-ау қия алмай мөлдіреумен.
Қуаныш бар жолдарда қасірет те бар,
Қорқады ғой селеулер селдіреуден.
Шарасыздан шатырлап отты көсеп,
Қанша ормандар сұйылып кетті кеше.
Дірілдейді жүрегім әліге дейін,
Жұлдыз зулап төбеңнен өтті десе...
Жазатайым сырлассам біреуменен,
Тау тұрғандай алдымда тіреу көрем.
Мен қайтейін балапан ғасырларым,
Өтсе түгел амандық тілеуменен.
Шығарып сап тұрғанда тамам бір шың,
Айтпай кетсем тағы да маған бүл сын.
Хаттарының қанаты талып жеткен
Алыстағы азамат аман жүрсін.
Талайлардың өмірге күле кірген,
Тағдырын да білемін тірі егілген.
Тоймай қарап келем мен дидарларға,
Көп шайлыққан осынау жүрегіммен.
АҚ ЕРКЕ АҚ ЖАЙЫҚ
Арманым саған ауған
Самал соқса жағалаудан,
Жүректе тербетілген
Ақ Жайығым,
Ақ еркем,
Аңсаған ән өлкем.
Жаным-ау дара туған,
Ағыстардан жаратылған.
Жайықтың жағалай тал
Жағасынан
Қымбаттым,
Сен маған тіл қаттың.
Өзіңсің, жаным,
Жаңғыртқан әнім,
Каспийдің толқын тауларын.
Сенбісің көгілдір
Махаббатым,
Алқызыл алаулы таңдарым.
Айдының шалқыған бір,
Дидарыңда толқыған нұр.
Мен сені көрдім, еркем,
Ерке теңіз, Аспанға
Маржандар шашқанда.
Айрылмас достығыңның,
Айғағы ма қос бұрымың.
Жанымды нұрландырып,
Сенің шолпан жанарың,
Алаулап барамын.
Бір сәуле күлімдеген,
Жанарыңнан дірілдеген.
Мен сені балықшының
Арманынан,
Жан сәулем,
Іздеймін аңсаумен.
Арманым саған ауған
Самал соқса жағалаудан.
Жүректе тербетілген,
Ақ Жайығым,
Ақ еркем,
Аңсаған өн өлкем.
МАРФУҒА
Сен қарайсың мен бе деп,
Жаралғанды айтуға.
Мен қараймын сен бе деп,
Желбіреген бар тауға.
Ей, сырлы саз, сырлы саз,
Мөлдіреген Марфуға!
Сендей қызға сыйлық аз,—
Өмір керек тартуға!
Жақұт па едің япырмау,
Жанарымды жасқаған.
Бір бұлқынып Атырау
Жағаға әкеп тастаған...
Күймен тербеп байыттың
Нөсерлетіп сыр маған.
Сол бір кеште Жайықтың
Жағалауы жырлаған.
Мен отырдым саз-әннің
Мұхитынан ән тыңдап.
Сен отырдың сазанның
Бауырындай жарқылдап.
Боялды аспан сан түске,
Кеш қойынын мекендеп.
Мен шошындым тал түсте
Сөніп кеттім бе екен деп...
РЕВОЛЮЦИЯ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ
Революция!
Қашан да маған қасіретті шақтан, тар шақтан
Қол создың ару армандар болып қарсы аққан.
Омырауымнан аппақ самалдар сапырып,
Кеудемнен менің жұмсарып кеткен барша ақпан.
Сен десе маған жаңғырық жетіп бір өктем,
Жарқылдап көкке шаншылып та ұштым түнектен.
Мен сені сүйіп келемін маздап, аяулым,
Аналық алып құрсақтан,
Құндақтап шыққан жүрекпен.
Ақ қайыңдардың бүртіктерінде барсың сен,
Ақ арулардың кірпіктерінде барсың сен.
Барсың сен барлық отында күзгі орманның,
Пәктікке келсе, қаңтардағы аппақ қарсың сен.
Ақ жұпар аңқып бұрқырап өзен тараған,
Барсың сен жаздың жаңбырында аппақ бораған.
Жетеді сен боп дүңкілдеп маған қаққанда —
Самала мынау таулардан Сарқырамалар — барабан.
Қойныңнан сенің оянып ғарыш қуатты,
Алдымнан менің астаубас жондар бу атты.
Сүйем мен сені коммунистердің қаһарман
сеңгір тұлғасы
Мұзбалақ ұшқан басынан
Даланың дарқан қарағайлары сияқты!
«Бұл бақты бізге құдай да, хан да бермеген».
Ғасырым менің —
тұлпарлар аққан кермеден.
Ұрпағым менің келеді бүгін осынау туға сап болып,»
Омырауын аспан зерлеген!
Нұры бар онда раушан жарық қандардың,
Рауандап атқан таңдардың.
Бәрі де палуан өмірде
Осынау туды құшақтап жығылғандардың.
Мен ұшам бүгін армандарыма алды аспан,
Лениндік ғасыр қанатыменен талмастан.
Сапары - сынды Маңғыстау атқылауының
Заманаларға революция жалғасқан!
Құмарта тыңдар жетеді таңсық саз маған,
Көктеме жаққа қайтқанда салып қаздар ән.
Жалыны-сынды Қаратау фосфоритінің
Көзімде менің революция маздаған!..
Шағала қанат шатырлап дүние даусымнан,
Сен жайлы мәңгі бұрқылдауымнан таусылман.
... Магниттаудың домналарындай лапылдап
Жиһанды менің революциям қусырған!
ЕЙ, МЕНІҢ АҚЫН БАУЫРЫМ
Украина ақынына
Төсеймін саған, мінеки, бақ бар — бақ десең,
Жолыңа құрбан зымыран жарау ат та әсем.
Наубайлар буы бұрқырап мынау қырлардан,
Далама келдің ақ бидай піскен шақта сен.
Келдің сен маған, ақ самал үрлеп іргеден,
Теміртау біздің жайнаған кезде нұрменен,
Тұр басы көкте қасқайып тартқан садақ оғындай
ыңыранып,
Кеудемнен менің Қарағандылар гүрлеген.
Келдің сен, менің Оралым толып оттарға,
Келестен жолдар керуендеп мақта тартқанда.
Сәлемге келсең,
аварлық әлгі мұзбалақ ақын айтатын,
Кенде емес таулар пайғамбар-сынды қарттарға.
Көкшеден соққан көгілдір желмен жырлап бақ.
Маңғыстау жақтан келеді қыруар ту қаптап.
Көкірегінде тербелтіп осынау аспани қазақ қаласын
Алатау жақтан көшеді бұлттар будақтап.
Азамат болып есігіме енсең арқалап арман-мұратты,
Белдеуден шеш те мініп кет мына пырақты.
Мен сенен, бауырым,
бір тайдың басын қайтарып сұрар деймісің,
Шевченкоға да мінгізген қазақ бір атты.
Қалғанмен артта қар басқан қанды белеңдер,
Сен келді десе рухы төзбей елеңдер,
Құдайдай жырлап тауыса алмай кеткен ақ толқын
Айдар өзенін,
Жұмағалидың босағасына сәлем бер!
Ағайынға да, асқа да,
Дастарқанға да, досқа да
Қашаннан менің қадірмен далам астана!
Кез келген жолы түрмеге бастап қасірет
тартқан күндерде.
Тарасқа қазақ іздеткен емес баспана,
Келеді бүгін Маңғыстауымнан атымен соның атойлап,
Омырауында от ойнап
Ақ шабыр бұлтқа қанатын шаншып қос қала!
Желекті қырда желбіреп өскен тұлымым,
Мен сол аймақтың ару-ана — боздақ ұлымын.
Достымды жатқа қорлатпан
Жұлынып кетпей жұлыным!
Даламды мынау данышпан сырға бай тіптен,
Аралап бәрін Алматыма қайтып кел.
Украинаға қаздардан айтар сәлемді
Жіберем сенен айтып мен!...
СЕМЕЙ
Астынан алшақ белдің орап ойлар,
Мен сені аңсап келдім қара қайнар.
Армысың, менің қара шаңырағым,
Ботакөз қарындастар, нар ағайлар.
Алдымнан қаптап шыққан қарағайлар.
Төсінде Абай өткен кіл самғаумен,
Армысың, менің жұпар жусан кеудем.
Көк Ертіс көкірегімде буырқанған,
Қос жаға қоңырау қаққан мың сан баумен,
Мен сенде келдім қайта тусам деумен.
Шулатып көкірегімнің бар құрағы ең,
Сәлемге келдім саған, жарқын анам.
Орап ал шалғайыңа қара шалдар,
Мен ғашық қара мәрмәр жарқыраған.
Ормандар төбесімен сарқыраған...
Әуезов әлдилеген сырлы әуезді ел,
Менің де жүрегімнен нұрға кез бол.
Тоғжанның жанарында мөлтеңдеген,
Қайдасың қара бұрым, тырна көз көл,
Кел, менің жанарымда жырлап өзгер?
О, менің ақ жайлауым, Әміре еңсем,
Қашаннан махаббаттың тәңірі ең сен.
Мұнша ну орманыма орап сүйер,
Орала бермес маған өмір өңшең,
Аяулым, жанымда жүр тебіренсем.
Бір бұрып маңдайыңды қарат маған,
Арманым ақша бұлттан әрі аттаған.
Айдында ақ мамығын бұрқыратып,
Сыбызғы қайыңдардың аспанынан,
Сыбырлап сыңсып ұшып баратқан ән...
ПЕРЗЕНТ ЖЫРЫ
Сен менің мәңгілікке өлмес атым,
Атымды ап алыс жылға жалғасатын.
Әкеде өсиет бар өмір жайлы,
Балада қасиет бар алға асатын.
Сен менің ұшар басым биіктеген,
Жолыңа тапқанымды үйіп-төгем.
Сен менің дүрсілдеген жүрегімсің,
Қай нәрсе сол жүректен сүйікті екен?
Сен мені өскен сайын ойландырып,
Заңдарын табиғаттың ойға алдырып.
Бір қадам басқан сайын өзің мені,
Барасың шежіреге айналдырып...
ДАЛА КЕШІНДЕГІ КӨРІНІСТЕР
Жылқышы ағады белдерден
Табынын шұрқыратып.
Мама қаз ұшады көлдерден
Мамығын бұрқыратып.
Ақ қайың бейне шатыр ақ
Қалғиды айға асылып.
Найзағай барады әлі шатынап
Астында айна сынып...
Қызғалдақ жазбаған қатарларын
Сияқты ту қаптаған.
Алыстан ақ орда отарлардың
Түтіні будақтаған.
Тұлпарлар ауызымен алыстырып
Сағымнан сүңгіп өтіп,
Бұлақтар шыны аяқ қағыстырып
Бұралып сыңғыр етіп.
Газиктер жайлаудың сахнасын бай
Жаңғыртып дөңнен өріп,
Қыздардың үкілі тақиясындай
Дүние дөңгеленіп.
Түр кештің қойнында күндізгі бақ,
Бас шұлғып желге сирек.
Бағандар келеді жұлдыз құлақ
Аспанды жерге сүйреп.
Дариға, көк орман кептелді кеп
Көзіме құрсау құрыш.
Қарағай леп белгі боп
Сұрақты түр жаудырып...
Қанжардай қанға малған ұзынша қақ.
Батыс жақ нұр лаулатып.
Жер күнді қызылшақа
Батырды құмға аунатып.
Тұрғандай «Әй, осы сен бала ма»
Деп барлық от сөнбеген.
Мен осы кемеңгер кең далама
Айналып кетсем бе екен?
СЫР
Құм басқан меңіреу шөлдерде,
Атылып қалған армандай,
Сен жақтан тоғыз толғанда ай,
Тоқтады хаттар ормандай.
Бәлкім, сен бұны ар санап,
Жоғалдың мойын бұрғызбай.
Ымыртта тауды тасалап,
Арқамнан аққан жұлдыздай.
Алдымнан таулар күркіреп,
Дөңбекшіп теңіз жалдары,
Келеді мені сілкілеп,
Домалақ шардың жолдары.
Тоқтады хаттар мертігіп,
Қанаты сынған кептердей.
Бұрауы түспей шертіліп,
Үзіліп кеткен шектердей.
Тоқтады жым-жырт тылсымнан,
Тоқтаймын деп те ескертпей.
Жарқ етіп көздің ұшынан
Ғайып боп кеткен кешкі өрттей.
Асты ма әлде шектен бұл,
Кеудемде жүрек салды асыр.
Дәл содан бері өтті он жыл,
Сағынған жанға он ғасыр.
Мен болсам жүрдім бұл шақта,
Жүгіртіп ойды сан саққа.
Сатылып кеткен елшідей
Машиналар мен мансапқа.
Арада қалған мол аршын
Кетті ме тірі өлтіріп.
Жолға да шыққан боларсың
Тостағаныңды толтырып...
Көрмеймін деген жоқ ем мен,
Жеткізбеді ғой сан қырлар.
Қаншама құйды дегенмен
Басылған шығар жаңбырлар.
Бесікті болсаң жорыдым,
Боларсың мүлдем тыныққан.
Бір кезде сенің орының
Ол босаға деп кім ұққан.
Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп...
Сені аңсап шар лап бақтарды,
Кетті атып таңдар табаннан.
Сабылтып пароходтарды
Сұрадым барлық гаваннан.
* * *
Қоя ма өрт екпін,
Келеді тер төккің
Ертеңі үшін өлкеңнің өз арыңдай.
Қоя ма өрт екпін,
Кейде мен тентекпін
Тентекпін теңіздің сазанындай.
Ағыстардың айдарын солқым қылып,
Толқынды толқынға ұрып,
Өрге қарай күреймін күркіретіп.
Жер бақытын жүргенде орнатысып,
Кейде мен торға түсіп,
Торға түсіп жатамын дір-дір етіп.
Төмені тастан түлеп,
Төбесі аспан тіреп.
Аспан тіреп сыңсиды қарағайлар,
Тауысып сабырды әр күн
Ұшады тамырлардың,
Тамырлардың сымынан тарап ойлар.
Бұлағы бұратылып,
Бұрымы таратылып,
Жол қалмайды сол шақта мен кезбеген,
Ақ қалмай қарамықтай,
Түнеріп қара бұлттай,
Найзағай тілеймін-ау сол кезде мен!
ОРМАН
Орман, орман күңіренген, қаптаған.
Орман, орман судырлаған соқпағы ән.
Орман, орман самғай-самғай сабылып,
Сансыз қыран көлеңкеңе тоқтаған.
Орман, орман қара басып қар басқан.
Орман, орман заңғар көкпен арбасқан,
Ізсіз-түзсіз құритындар қашан да
Қара таппай ормандарға жармасқан...
Орман, орман сарқыраған, ырғалған,
Орман, орман жарқыраған нұрлардан.
Бір нөсерін қимағандар қашан да
Ормандардың жұпарынан құр қалған.
О, құдірет, неткен шалқар күй ең сен,
Бүгін менің әулием сен, ием сен.
Осындайда ойланып қой, жігітім,
Жығылмайсың орманыңа сүйенсең.
Оралам үйге кейде мен
Ойнақшып сылқым ойда өлең.
Қайтамын үйге кейде мен
Еңсемді басқан ойменен.
Келем мен үйге кей шақта
Шаршаған дел-сал бойменен.
Келемін кейде өсіп мен
Сағынып кенже баламды.
Әрине бұл шақ есіктен
Құшақтап кірем ғаламды.
Қиялдың маздап ой-қыры
Келемін болып тас керең.
Қайралып кетіп кей күні
Шабылып қайтам тасқа мен.
Тірлікті жатқан қоздатып
Мен мынау Ата — Жердеймін.
Жанымның отын маздатып,
Түнде де дамыл көрмеймін.
Қалғыма, әлем, мен саған
Бәрібір тыным бермеймін.
СЕНІ ОЙЛАДЫМ
Мен сені, жаным, сезімді
Ой толғағанда ойладым.
Айтайын деген сөзімді
Айта алмағанда ойладым.
Жан сырын жанар түбіне
Қымтап алғанда ойладым.
Сыйлауға туған күніңе
Гүл таппағанда ойладым.
Қанатын ару залдарда
Вальс қаққанда ойладым.
Кемелер тартып танды алға
Алысқа аққанда ойладым.
Ойладым сені кезде мен
Ормандар нөсер тілеген.
Дүниеге ғашық көзбенен
Көгілдір аспан түнеген.
Келеміз тартып өрлерге,
Жолдармен түйіспейтұғын.
Сондықтан менің көргенде
Сенімен сүйіспейтінім.
МЕНІ ОЙЛА
Сеземін сүйген жүрекке
Сағыну соқпас оңайға.
Дегенмен, қалқам, қалайда
Қалт еткен шақта мені ойла.
Таңертең тұр да шықты көр...
Оянған шақта мені ойла.
Шұғылаға шығыс түп-түгел
Боялған шақта мені ойла.
Дүниені нұрлы кірпігің
Қамастырғанда мені ойла.
Талдарға көктем бүртігін
Жаңа аштырғанда мені ойла.
Арадай балға тоймаған
Бал қызғанғанда мені ойла.
Жым-жырт боп тегіс айналаң
Жалғыз қалғанда мені ойла.
Тағатсыз аңсар ынтық үн,
Жаралы хал ғой ғашық хал,
Рояль көрсең бір тілін
Мені ойлап бар да басып қал.
Тек қана көзге жас алма,
Ойлай бер мені күніге.
Махаббаттардың қашанда
Ойламау жеткен түбіне.
ӘУЕН МЕН ЫРҒАҚ
Ғарифолла Құрманғалиевке
Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған,
Ей, Ғареке! Қасиетті қазына жыр, байтақ ән,
Сенің ару жүрегіңді қалайша мен айта алам,
Сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан.
Дидарласқан бұл күндері інің тоқтап тұрмақ па
Зерігер ме сенен адам сөйлесіп те, тыңдап та.
Таңдайында ұя салған сенің мың сан бұлбұлың
Қонып жатыр-ау мың баққа.
Бүгінде сенің заңғар басынды қар шалған,
Қар шалған баста қабысып жатыр қанша арман!
Алуан өлкеде атып жүрсің-ау таңша алуан
Аяулым менің, мен тумай жатып ән салған.
Толғамас сені қалам бар ма екен жүрекпен,
Сен «Әу...» дегенде жүрегім менің дір еткен.
Әлемді түгел әлдилеп салған әніңнен
Оянып кетсем керек мен!..
Қарашы маған, қарайын саған көз қансын,
Олсыз да ғой сен қыруар ойға қозғаусың.
Ғарекең бе екен деп қаламын-ау кейде мен,
Көктемдегі қаңқылдап ұшқан қаз даусын.
Жүр екен ғой айтушы-ақ жаратылмай,
Әсем болса тыңдайды-ау дала тынбай.
Мен отырмын «Әу...» десем ару сазды
Құз басынан құлатып алатындай.
Оу, ағам, Алатауым ба ең, ақ тау ма едің?
Кеудеңнен тағы ақтарар жоқ па-ау кенің.
Әсем ән көтерілгенде көз ұшына,
Төменде жүргім келмей кетті-ау менің.
Тұр маған қанша ой салып сырлас алап,
Осы ма тебіренер шақ шуласа бақ.
Мен бейне көктеменің қырларында
Шалқамнан жатқандаймын тырна санап...
Ғұмырын қыруар ырғақ мүсіндейтін,
Күш-ақ қой шіркін сенің күшің дейтін.
Осынша әнмен алпысқа баратсың ба, ей,
Мен сенің қартайғаныңа түсінбеймін.
III
Уһ, дүние-ай, бір толып басылдым ба-ай,
Мен әнді есітем деп пе ем асыл мұндай.
Қазір менің жүз тұлпар көкірегімнен
Жүз тарапқа кетті ағып басын бұрмай.
Қиялдан қуып шығып қысты кілең,
Осы өн бе сөйлеп жатқан құс тілімен.
Япырым-ау, қанша жерге кеп қалғам мен
Ағалар алақанының ыстығымен...
Бірі де сияқты емес таныс маған,
Әлде бұл арман ба алыс қауышпаған.
Бүл әсем жаңғырығы ма екен әлде
Өзге әннің өз кеудемнен дауыстаған?
Жүректе жоқ екен ғой өлшем деген,
Көрмей-ақ жүр екем ғой көрсем де мен.
Мен енді Темірқазыққа бір қарап ап,
Жолсызбен тартып кете берсем бе екен...
Басса да аспан жердің арасын сең
Бәрібір, байтақ ағам, даласың сен.
Қыздардың көлден қайтқан шелегінде
Үйіріліп пірім тартып барасың сен.
Қашан да сырлы сайың жел тілеген
Өзінің шулайды той еркіменен:
Мен кешкен күндеріме риза емеспін
Кеудемді Ғарифолла ән желпімеген.
Атырау толқынынан көрем сені,
Ақ бұлтқа шаншып тастап ер еңсені...
Мен емес заңғар көкке тигізіп түр
Өзіңнің аппақ заңғар төбең сені.
Іңкәрмін мен сен сүйген бар адамға
Қарауға таңнан шұғыла тарағанда.
Дегенмен алдымен мен сені көрем
Жолдардың тау жағына қарағанда.
Әріге кеткендермен әрмен басып,
Беріге кеткендермен бермен басып,
Мен сенің қиырыңды қуып келем,
Алдымнан түйдек-түйдек орман қашып.
Мен сені барлық жарық жақтан көрем,
Айдыннан көрем дария аққанда кең,
Көзімді тас қып жұмып сені іздеймін
Далиып дала болып жатқанда мен...
ӨНЕР ТАРЛАНЫ
Ауылымда бүгін өнердің өрен тарланы,
Даламның мынау «Ер Тарғын» ерен арманы.
Жаңғырып жатыр дәл қазір соның даусымен
Көгілдір көлді, шұғылалы Шымкент бар маңы.
Өстік біз одан қаншама жыр мен ән тыңдап,
Көкірегі оның сарша тамызда салқын бақ.
Келеді менің қырық жыл бойы бұл ағам,
Жанарында алып жақұтты мұқит жарқылдап.
Келген де осы шығарып даңқын «Жалбырдың».
«Жалбырдың» даңқы,
жанымда қанша жаңғырдың!
Бүгін де даңқты көктемі болып келеді ол,
Әміре менен Исадан қалған жаңбырдың.
Саңқылын оның таныды түгел бұл Отан,
Есіткен сайын мен де оны сансыз гүл атам.
Бекежандарды жек көремін-ай қаншалық,
Құрекеңдерді десеңші қанша ұнатам.
Ауылымда бүгін қазақтың ұлы бір ірі
Құлақта бүгін ғажайып сырдың сыбыры.
Көзімде менің керуен де керуен сан сурет.
Кеудемде менің «Біржан — Сараның» дүбірі.
Көркіне көрші, көркіне көрші қарап бір,
Қазір де ол бейне таң асқан тұлпар —
жарап тұр.
Қырық жылында қырық ру жұрттың арманы,
Қыран көзінде қыруар сыр мен характер.
Сырыңды айт оған жамырап жота біткендер,
Мөлдіреп қарсы ал аққуын аңсап күткен көл.
Араларыңнан ағалар өтіп барады.
Ақ мәрмәр таулар, сендер де бойды тіктеңдер.
Жаны оның толы жігіттік арманы,
қыз-арман,
Қанатын жайып қаһарман жолға ұзарған.
Ұзарған жолға ұшар басынан қол созып,
Кеудемде менің күмбірлеп жатыр жүз арман.
А-ҒA
Сен маған душар болдың,
Батқанда бақтар сырға.
Мен саған сусар болдым,
Қатқанда қақтар шыңға.
Деміме мынау алқынған
Сен енді тоқтарсың ба?
Оралып өткен алдымнан
Оралдан ұшқан көк қаршыға.
Жүрсің сен жанарымда
Жолы боп басқа өлеңнің.
Тастары табанында
Жарқылдап Қаскелеңнің.
Кеудемде тасқындаған
Барады даусымдағы ән.
Қай құдай бас бұрмаған.
Бұл жырға таусылмаған.
Мен сені көп іздегем
Әнді арман, ариялы арман,
Сабылып шартараптан,
Бұраң бел дариялардан,
Бұрымы тарқап аққан...
Қырлардан іздедім мен,
Қыран боп самғап та тік,
Сайлардан іздедім мен.
Сайгүлік ойнақтатып,
Бақтардан іздедім мен
Ақ сезім пәк санамен,
Ақпаннан іздедім мен.
Ағызып ақ шанамен.
Көк көлден іздедім мен.
Көк жасыл гүл көктетіп,
Көктемнен іздедім мен.
Көк бұлақ дірдектетіп.
Сен маған душар болдың
Батқанда бақтар сырға.
Мен саған сусар болдым,
Қатқанда қақтар шыңға.
Деміме мынау алқынған
Сен енді тоқтарсың ба?
Оралып өткен алдымнан
Оралдан ұшқан көк қаршыға!
АНАМА
Анам Жібектің Ескерткішіне
Өтті анам - үш баламның пайғамбары,
Үш сәби жүрегінің сайран бағы.
Жыр қылып жатты біздің қара шаңырақ,
Менің сор маңдайымның тайған бағын...
Ана еді ол менің үшін не көрмеген!
Азаптың бәрін көрген, тек өлмеген.
Көк жасыл көктем болып қарайтын ол,
Тасқа да талай ғасыр көгермеген.
Қайтейін, жүрмегенсін жанға байлап,
Алыс та кеттім одан арман айдап.
Айналып-толғанатын ақ дидарлы,
Ана еді ол — жауымды да андамай қап...
Алдына ап ән шырқайтын ала таңда әр,
Енді жоқ алаулаған алақандар.
Амалсыз кірді ұшып кеп қойыныма,
Ұясы тоз-тоз болған балапандар.
Сарқылды шетсіз-шексіз ен жыр бөлек,
Іздейді әлі әжеден кенже ұл дерек.
Маған да мұның осал соқпағанын,
Алдының түсінуіне он жыл керек.
Болар ма мұнан ауыр күй аса алған,
Кезіктім сан қасіретке құя салған.
Бәрін де қарағай боп көтердім мен,
Қайтадан сан мұзбалақ ұя салған.
Тіршілік жанардағы жарқылменен,
Мен саған мұншалықты алқынбап ем...
Зымырап барасыңдар қайран өмір,
Осынау түсініксіз қалпыңменен.
Қайтейін, арман, арман, арман әттең!
Жазбады жүруді оған қолғанатпен.
Жылытып келем бүгін үш баламды,
Мен соның көкірегінен қалған отпен.
АҒЫСТАР МЕН ҒАСЫРЛАР
Құмда жүрсең құмарсың жағаға сен,
Бақ тілейсің бақтарға абат, әсем.
Талқан қылып таулардың босағасын,
Көкірегіңді қақ жарып ағады өзен.
Құлағыңда сатырлап жаңбыр әні,
Құмар таңдар ұйқыңды қандырады.
Жеті қат аспан мұхитын жерге сүйреп,
Адамзаттың өмірі жаңғырады!
Тарам-тарам жолдардың таспалары,
Шақырады арманға асқаралы.
Кешулердің беймаза бақытына,
Барлық сапар жүректен басталады.
Жанарында жаудырап бұлақ тұрса,
Дейді арманның: «Мөлдіреп бір-ақ тұнсам».
Тағдырыңа ризасың
Алға қарай
Ғасырларды шумақтап лақтырсаң...
Долы басы доға боп ал шақты иіп,
Жарма қақпа жарлардан жар сап биік.
Теңіздерге бұралаң арналардан
Шалқар сулар жатады шаршап құйып...
Келеді адам өмірге маздау үшін,
Толқын іздеп өтеді өз бауы үшін.
Қапталыңнан желеді қарағайлар
Оқтын-оқтын қайталап қаз дауысын...
Өмірінше өткендер құмға сүңгіп,
Теңіз көріп көтерген тұлғасын тік.
Бір дарияның басы мен аяғында
Тарихы бар адамның мың ғасырлық.
Сарнап жеткен алыстан саздың маған
Сарынында сағым бар көзді ұрлаған.
Содан болар бабалар
Күрек қолын,
Дариялардың жалынан жаздырмаған.
Көз алдыңа көк шалқар келтірмесең,
Кеудеңдегі толмайды мөлдір кесең.
Теңіз болып тұнасың сен де бір күн
Өзеніңнің ағысын өлтірмесең.
Өмір қысқа, қалады ерген еріп,
Жүре алмайсың арқаны кеңге беріп.
Жер бетінен өтеді дариялар!
Ағыстардың заңымен дөңгеленіп.
III
Құзар шыңдар таң жалап алқымдарын,
Сарқыратып құяды салқын қарын.
Ормандардың бояуы өзгереді,
Дүмпуімен кейінгі толқындардың.
Жетектейді өмірді озған ағын,
Мен де соның жолымен қозғаламын.
Дидарымнан зымырап заманалар,
Дидарына көшеді бозбаланың.
Ұзақ түндер ұйқысыз ұрындырып,
Көктем солай көшеді нұрын бұрып.
Жанарлардан көшеді жаңбырлы аспан,
Кірпіктерге меруерт сүріндіріп...
Көл көшеді көгілдір келбетімен,
Астауынан даланың тербетілген.
Мен осынау аспани құдіретіммен,
Пайғамбарлық етемін жерге түгел.
Кеудеңдегі осынау ымырттағы ән,
Шыңырауыңнан қанша өзен шұбыртпаған.
Сусылдайды қанаты көктеменің,
Әлі қауыз жармаған жұмыртқадан...
Арманымды болсын деп ұл ұғынар,
Мезгейді әке тауларды тұлымы қар,
Жерге түскен арулар бұрымында,
Аналардың ұзарған ғұмыры бар.
Тоқталмайды өмірден жаңбыр әні,
Жаңа толқын жаңғырып жарға ұрады.
Қоңыраулатқан осынау ұлы керуен,
Ғасырлардың иығын талдырады.
Ортасында мен келем сол керуеннің,
Шымылдығын сыпырып шеңберлердің.
Жер барады зырылдап жамбасымнан,
Жүзігіндей дөңгелеп зергерлердің.
Бір кездері бұл күн де көшер менен,
Шектерімді шулатып неше өрлеген.
Шаңқай түсте шатырлап тас төбемнен,
Ала сапыран ғасырлар нөсерлеген!
Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардың әлі талай,
Жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан!
ДАЛА
Арманың ада болмас арна сенің,
Туған жер, сірә сенің бар ма шегің?!
Сен үшін қызыл аяқ қырды кезіп,
Жалаң аяқ жар кешемін.
Шаттықтан мінген төбем шыңға айналып,
Тамырлар ток жүретін сымдай жанып,
Мен саған қарап тұрмын мың ойменен,
Көзім күліп, тіл байланып.
Отырмын түнді жамылып,
Ауылда ояу мен ғана.
Самалын шайқап сапырып,
Кереді төсін кең дала.
Естіліп бәсең бақ шуы,
Төгеді нұрын жарық ай.
Жаңбырдан қалған қақ суы
Секілді сұйық сары май.
Нар болып жусап жатыр паң,
Өркешті дала қыр-жоны.
Қиналтып мені отырған,
Қиыспай тұрған жыр жолы.
Бір көргеннен адам сыры байқалмас,
Байқаймын деп бәлкім ешкім айта алмас.
Кей жандар бар ұйып тұрған қатықтай,
Анау-мынау қозғағанға шайқалмас.
Көбінше оған аса көңіл бөлмейсің,
Бөлсең де оның терең сырын көрмейсің.
Сондықтан да көп жағдайда қасында,
Жан сыры мол жан жүргенін білмейсің.
БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР
Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа,
Жарқылдаған алмас па
Дейсің-ау, дейсің сен оны,
Айырып кетсе жол басқа.
Орны тіпті толмас та.
Дулатар тек от денені.
Бұл қазақта жігіттер бар қонаққа
Маңдайындағы бір атын
Жайратып салып, жарқылдап күліп тұратын.
Көкірегінен күн сөнбей
Осы бір шақтан білсең ғой
Тұратын тауып мұратын.
Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр.
Жалаңаш батыр көбі оның.
Аударып тастар сен үшін
Алтын бар десең, астында мынау төбенің.
Солардың аппақ ниетімен.
Ақ қарға жаққан отымен
Лапылдап мен де келемін.
Бұл қазақта жігіттер бар шың тектес
Тұра да алмас шың бұлай.
Қасқайып олар тұрғанда
Биіктер сенің тұлғаң да,
Миллион мәрте, құрбым-ай!
Көлдер бар небір бұрқанған
Теңіз боп тулап жатады.
Теңіз бар не бір тұлданған,
Көлдерден төмен атағы.
Төбе бар таудан аумаған,
Таулар бар қалған төбе боп.
Сүйкімді кейде қарғадан
Көлбеңдеп ұшқан көбелек.
Жүр небір бала бүркіттер
Жасына толмай көкке өрлеп.
Төсінен қысты үркіткен
Далалар да бар көкпеңбек.
Не жетсін шыңға өр демді
Басына шықпас бұлт өрлеп.
Көкқұмар менің кеудемді
Шөкпеген таулар жүр тербеп.
Сен менің өзімді көрсең,
Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,
Шошыр едің!..
Сен онда ойланар ең,
Мен болып сезінер ең,
Мен болып оянар ең,
Мен болып көз ілер ең,
Жеткізе алмас ең бұны
Адамның сөзіменен.
Иә, сен ойланар ең,
Толғанар ең бармақты тістеп тұрып.
Мендегі ыстық жалын
Бойыңа күш боп кіріп,
Тұрар еді сен түгіл тас та лаулап.
Көзінде жатар еді,
Жұлдызды аспан аунап...
Сен мендегі достықты көрсең,
Қалтқысыз сенетұғын.
Қайғыңды көтеруге
Қайғысыз көнетұғын.
Тек қана сол болар еді,
Түсіңе енетұғын.
Сен мендегі бауырмалдықты көрсең,
Баурайынан бар таудың сел күреген.
Жел өтіңнен желкен боп желбіреген.
Көлдерге айналар ең,
Көктемде мөлдіреген.
Сен мендегі махаббатты көрсең,
Тұратын кіршік түспей.
Жүрегің қалмас еді
Бір рет ыршып түспей.
Шошыр ең көрсең құдірет бүл сезімнен,
Туған жермен, адаммен аймаланған,
Онда сен дер ең сөзсіз,
«Мынау иттің баласы, мұнша байлықты
қайдан алған?..»
АҚЫНДЫҚ
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бүл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бүл — тоғыспас жолдар торабын.
Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсыз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.
Бір жетсе менің ажалым жетеді
Найзағай оттарынан,
Сатқындар оқтарынан,
Өйткені мен теңіз боп ақтарылам.
Бір жетсе менің ажалым жетеді
Адам қолы жасаған ұяттардан,
Қалыңдығы осынау сияқты орман.
Әйтпесе пысықтыққа пысқырмайды
Мендегі қуатты арман.
Мен күн сайын теңіз боп ақтарылам,
Бұлбұл болып шулаймын бақтарыңнан.
Көктем жаққа аққулар ұшырамын,
Жазираның ақ түтек ақпанынан.
Басқасынан ажалым жетпес менің,
Жауыздықпен өйткені шектеспедім.
Мен жарақат салмаған семсер едім
Сондықтан жарқылдаймын,
Әйтпесе өтпес те едім.
Өле берсін күншілдер күйігінде
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде.
Көңіліме тисең, үндемен,
Ащы ғой кейде тіл деген.
Өкпелеп қалсаң сен егер,
Үйіңе келем күнде мен.
Жаралған ізгі тілектен
Атымды жатсаң өшіріп,
Махаббат толы жүрекпен
Оны да кетем кешіріп.
Арыма тиіп ал егер,
Адамдығымды қорласаң,
Онда сен кәміл сене бер
Құлатып кетем орға сан.
Онда мен кекпен сен түгіл,
Пайғамбарды атам бұлтартпай.
Үйірілмей қалып иманы
Құдай да кетер тіл тартпай!
ҚОЖАХМЕТ ЯССАУИ КҮМБЕЗІНДЕ
Қой, досым, айтпа мұның кешегісін,
Қырылып кетіпті ғой неше кісі.
Әулекі әлдекімнің бақыты үшін,
Қаңғырған қайдағы бір «көсем» үшін.
Қайтеміз жоқ жердегі «сырды» шантып,
Түр одан сірі жанды құл күші аңқып.
Біреулер үшін мынау дүниеде
Адамнан алақандай кірпіш артық.
Көр, қара, ішіне кір, далаға шық,
Бір өрнек бір өрнектен барады асып.
Мың түспен құлпырып тұр бұл мұнара,
Бояуға ана сүті араласып.
Сондықтан менің бабам арда ембеген,
Өскен тек тағдыр жазған бар демменен.
Жуылып ақсақалы өкініштен,
Құлаған асқар тауы арманменен.
Қараймыз оған кейде жасарып бір,
Қараймыз кейде көзге жас алып бір.
Амал жоқ даттағанмен бұл дүние
Туған жер топырағынан жасалып түр.
Өмірден менің есімде қалғаны:
Сенімімнің сүрінбеген кездері,
Жүрегімнің дірілдеген кездері,
Анамның ілінбеген көздері.
Ағамен қауышқан күнім,
Көңілдің күнгей төсінде боп.
Достармен табысқан күнім,
Ажырасқан күн есімде жоқ.
Құмар-ақпын түз бен ащы пиязға.
Кейде ащыдан жаралдық па біз деймін.
Ала білген алақанға сый аз ба
Тәттілікті мен ащыдан іздеймін.
Бал татыған ақ сазандар тереңі,
Теңіз түбі тұзды сумен тұнса да.
Маған нанның тәтті дәмін береді
Маңдай терім ащы бола тұрса да.
Сенің кеудең тынысы Алматының,
Сенің көзің түн іші айнымаған.
Бір жағынан әкеліп жанға тыным,
Бір жағынан салдың сен қайғы маған.
Дариялардың таситын шағы ма бүл?..
Жеке ұялсаң кештетіп кел біреумен.
Астан-кестен болайын тағы да бір,
Жалғыз тамшы жанарда мөлдіреумен.
СӘЛЕМ САҒАН, ҚАЖЫМҰҚАН
Заңғар таулар жотасын
Мен өзіңе ұсатам.
Танымайтын атасын
Сәлем саған, Күш-атам!
Келдік туған жеріңе,
Қадіріңді ел білсін деп.
Жатқан шығар сенің де
Көкірегің дүрсілдеп.
Пернеге ән боп енбеген
Шулағанда мынау бақ,
Орынынан сом денең
Түскен шығар бір аунап.
Күтіп талай батыр сын,
Деп тұрғанда белдесем.
Қалай сыйып жатырсың
Мына қара жерге сен.
Бар кезінде түп-түгел
Шығыс пенен Батыс ең.
Бүгін де бұл шайқастың
Шаң суырған аты сен.
Сан жыл мынау қыр елін
Жүрегіңде тербеп ең.
Ақ екен ғой жүрегім
Өлгеніңе сенбеген.
Болашағың алдыңда елі жақсы інім,
Қазір сенде қуат та бар, от та бар.
Қандай дарын жиырма бесте тоқталар
Қызығумен қыз да саған көп қарар.
Шараппенен сыйлайтын да көп болар.
Баяны жоқ бақыт та бар кеп қонар,
Жауың да бар бір сілтесең жоқ болар.
Ал сен болсаң бәрінен де қаш аулақ,
Нәпсіңді жүр тұсаулап.
Сенің арың — маған ар,
Деп сыр шертті маған сансыз ағалар.
Мен нәпсімді қалғам сонда-ақ тұсаулап,
Көзім тұрды ырзалықтан жасаурап.
Жаным тұрды жабырқаусыз елжіреп,
Соқтым, достар, болып сонда мен жүрек!
Ақыл айтар әкем менің ерте өлген,
Денесі оның дертті жылы өртенген.
Аз емес-ті күндер бойға кек толар.
Бірақ маған әкем болып жетті олар.
Анам менің тіпті ерте қартайды,
Отызында ақ жүзінен әр тайды.
Адамдыққа бар ма ұлылық тең келер,
Анам болып жетті маған жеңгелер.
Мен оларға болдым бала, әрі іні,
Көзімде қан, кетті көздер жалыны.
Жанымда қап кетті сұлу жан біткен,
Сол оттармен әлі келем шалқып мен.
«МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЕДІМ» КІТАБЫНАН
ЖАҢА ЖЫЛ
Жаңа жыл туындаған жаңа армандар,
Жаңа жыл шуылдаған жаңа ормандар.
Ол мынау мәңгі бақи жаңа дүние,
О сәлем, жаңа жылда жаңарғандар!
Жаңа жыл алаулаған тұр өңімде,
Атаның өсиетінде, тілегінде.
Күніге жүз айналып толғанатын
Ананың жаңа жыл бар жүрегінде.
Тербеген сағынышпен талай түнін,
Жаңа жыл жар лебінен тарайтын үн.
Қыздардың жанарында жаңа жыл бар
Дәл биыл он сегізге қарайтұғын.
Жаңа жыл январьдың ақ қарында,
Көктемнің бұлбұл қанат бақтарында.
Әрқашан мен жаңа жыл аңсап қалам
Достарым алыс кеткен шақтарында...
Жаңа жыл ақ ниеттің алаулауы,
Жаңа жыл тарихтардың тараулары,
Жаңа жыл жалындаған алқызыл нұр,
Сенімен мен көтерген жалаудағы.
Жаңа жыл қуануда, күрсінуде,
Сел-дария сезімдердің түйсігінде.
Жолдардың жан баспаған торабында,
Талдардың гүл жармаған бүршігінде.
Жол бар ма жаңа жылдар байқамаған,
Көл бар ма жаңа жылдар шайқамаған.
Мен әр жас сәбиімді көрген сайын,
Әлемге жаңа жыл боп қайталанам.
Жаңа жыл бұрылыстарда бара алмаған,
Жаңа жыл құрылыстарда қаланбаған.
Ағалар қарапайым өмірінен,
Бір жаңа жыл жасар деп алаң маған.
Жататын омырауынан шайқап өлең,
Жаңа жыл мынау ару байтақ әлем.
Мен оған ұқсаңқырап кеткен сайын,
Жан досым, бір жаңа жыл байқа менен.
Жаңа жыл қайсарлық пен жүректілік.
Баратын болашаққа білек түріп,
Мен жаңа жылдарыма қол созамын,
Әлемге жаңа жылдар тілеп тұрып.
Шетсіз-шексіз кеңістікті жыр қылып,
Көктің ару жұлдыздары тұр күліп.
Келбетіне мен қараймын құмартып,
Тербетіле таулар да түр сыр артып,
Сақ құлақты орман да түр ойда қап,
Ақ бұлақты арман жатыр аймалап. •
Сырға толқын сылдыратып тоғандар,
Сыбызғысын тартып жатыр бағандар.
Тұяғы бүтін тұлпар бар ма екен,
Қанаты бүтін сұңқар бар ма екен.
Туған жердің көгілдір дидарына
Олар осы дәл мендей іңкәр ма екен?
Қай сағынып жүрегін тасытты екен,
Туған жерден тап солар қашып па екен.
Көкірегімде дірілдеп аяулы Жер,
Көз жасымды жаңбырдай шашып келем...
* * *
Тентек мұхит тепсінген
Дауылында,
Балықшының оттарын өшіреді.
Күз бен қыстың тұманды жауыныңда,
Ұшқыштардың тағдыры шешіледі.
Жөні басқа өлудің ұрыстардан:
Шофердің бұрылыссыз жол тілегі.
Милиционер өледі ұры ұстаудан,
Ақындарды махаббат өлтіреді.
Достық үшін қол жетпестен құс ілген,
Көкірегім ұлы дарқан той мынау.
Кейбір жанның ақ ниеті үшін мен,
Құрбан болсам деймін-ау.
Кейбіреумен өкпелесіп, ай кейін,
Жүрегім жүр туыстыққа бұрылып.
Кейбіреулер иттігімен қайтейін
Қалдырып жүр «тірі» қып.
О менің ой мен парасат тұнған әр төбем,
Қалады-ау өсіп басыңа шықсам мәртебем.
Қырлардың мынау бәрі де менің өз жерім,
Өз жерім менің бүгінгі таңда жарты әлем.
Жатқандар анау жасантып жапан сауырын,
Қимасым менің, сырласым менің, бауырым.
Жүктеді маған көтер деп бүгін дәуірім,
Бүгінгі түн мен ертеңгі таңның ауырын.
Арылсын десең бұлттан құбыла, батысым,
Сапқа кір, досым, ғасырға күндер татысын.
Шығысқа қара!
Қарашы мынау шығыстың,
Шұғылаға мәңгі қанатын малып жатысын.
Тұрғанда заман жұлдыздарға алыс жол сілтеп
Кемеңгер шығыс кемелерімен толсын көк.
Ойларым менің жүгендеп жатыр тездікті,
Туған жер үсті шұғылалы мекен болсын деп.
Етемін арман, қыламын тілек қанша мен,
Тұсында менің атсын деп батыс таң сенен.
Болар еді-ау, болар еді-ау тамаша,
Шығысқа егер айналып кетсе барша әлем.
Соғыстың құрбан алмаған өші қалған ба,
Айырды бізді қуаныш толы шақтардан.
Бауырдан — қанды майданда,
Ауылда махаббаттардан.
Егер өмір соғыс болса қыратын,
Одан менің жеңіс те емес Мұратым.
Қашан менің ол жеңістен безгенім,
Қарғыс атқан қарғыстардан тұратын.
Соғыс бізге сия еткізді жосаны,
Қаламсапты қамыс-шиден жасады.
Мені өмірге қаз бастырған ағалар,
Сол соғыстан әлі ақсап басады.
Қайғы, азап — бәріне де ар көніп,
Тайды талай ақ жүрегі әр көрік.
Мені өмірге жетелеген жеңгелер,
Әлі де жүр бір перзентке зар болып.
Оның кейпін жеткізе алар теңеу жоқ
Тек тіршілік жүрді бізге демеу боп.
Соғыс, соғыс
Есіме алған түні оны
Шырт ұйқымнан оянамын елеуреп.
Жалынан тарта шапсам қай күреңнің,
Мен қатар қуаныш пен қайғыны емдім.
Туған жер, халқын сүйген азаматқа,
Екен ғой таусылмайтын қайғы мен мұң.
Бауырым, көтерерсің, жігіт болсаң,
Қыруар көкірегіңе үміт толса.
Өмір бүл үзіліссіз күйіп-жанар,
Соңғы рет жүрегіңді суытқанша.
Емес ем қайғы ойлайтын шаққа құмар,
Шыным да аз емес шат боп ақтарылар.
Тек қана баурайы жаз заңғарлардың
Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.
Мен саған Жер сияқты бауырмалмын,
Қаңтарда дауысымын дауылдардың.
Қашан да жағында боп қаламын мен,
Жанында сатырлаған жауып бардың.
Мен саған жер сияқты тілектеспін,
Жарыққа бола алмайды түнек тосқын.
Кейде күл тасығанмен күнің үшін
Әмірін жүргізе алмас жүрекке ешкім.
Тау бұзып, тас қаласып, гүл егісіп,
Саулығын бір-бірінің тілеп ұшып.
Тіреусіз аспан-жердің арасында,
Адамдар күн көреді сүйенісіп...
* * *
Аралығы қарын менен жүректің
Төрт-ақ елі болса да,
Қашық олар қаншама!
Иә, көп болса төрт елі.
Бірақ осы төрт елі
Түгесілмес ертегі.
Қарын болса ойлайды тек тойғанын,
Ал жүрегің өзге күйді шертеді...
Қарын мені талай рет ұялтты,
Ұялуға тиіс емес жерімде.
Қара жүрек туысқаның сияқты,
Хабар алмас тірің менен өліңде.
ОРТАҢА КЕЛДІ ӨЗ БАЛАҢ
Жансын деп жақсы орталарыңда маздап ән,
Қалсын деп жақсы көңілдер ойды қозғаған.
Тік тұрып қарсы ал, о, туған елім тілектес,
Тілектестікпен қойныңа кірді өз балаң.
Сағына келді қайтпаққа сені бір көріп,
Жанына жібер жасампаз жарық нұр беріп.
Ақтарыл алдан сырларға толы сыр болып,
Жасарған жерім, дүниеге бүгін бір келіп.
Келді ол саған белдермен сансыз қыр басып,
Төбесін көкке тигізу үшін сырласып.
Күн санап, сенің көркеюіңді тілеген,
Жүрек қой саған, жүрек қой саған бұл ғашық.
Арманның жүгін алысқа тартқан нарың бұл,
Ортаңнан шыққан орта түспейтін дарын бұл.
Сен — көлсің үлкен, қайықтағыңды тербеткен,
Аяулы, іңкәр, ақмаңдай, ақсұңқарың бұл.
Бүгінгі күні қанатын қомдап, пәк түлеп,
Шөмшіден ұшты сендерге деген ақ тілек.
Алыста жүрсе сүю де жақсы аңсаумен,
Жақынға келсе құшақтап сүйген тәттірек.
Құшағыңдағы сүйікті сенің жан еркең,
Оянады әр күн жан еркеменен таңертең.
Балаңа ойлар қазынасын бер, қазынам.
Ұлыңның ынтық ықыласын ал жан өлкем.
Көңіліменен өмірі мәңгі шуақ ел,
Әр көрген сайын сендерді қайта туады ол.
Азамат дала, куә бол, ыстық құшаққа,
Азамат таулар, сендер де бұған куә бол!
Қыстың күні күлмейді,
Көктемде күлмеген.
Жақындықты білмейді,
Қашықтықты білмеген.
Болмас саған бақталас,
Арманыңды аңғарған.
Құлағанды даттамас,
Құлағандар заңғардан.
Қайсарлардан қашан да
Күдеріңді үзбе сен.
Қарсы алдыңнан сол шығар,
Қараңғыда іздесең.
Шыдағандар сындарға,
Аңсағандар жарықты.
Өрмелеуден шыңдарға,
Қорқатындар қауіпті.
Мен марттағы найзағай күркірімін,
Құрманғазы күйінің бір тілімін.
Менің жаным саясын паналаған,
Дүниедегі бар қыздың кірпігінің.
Құшағыңды жаясың ба,
Кес-кестеп тоқтасам мен.
Кірпігіңнің саясында
Бір қанып ұйықтасам мен.
Енді несін айтайын бұл шақта мен,
Құшақ-құшақ өзіңе гүл сақтап ем.
Омырауымда жарылған ақ барабан,
Қайда жүрсің тас-талқан бұршақты әлем.
Сені іздедім көк теңіз кешерде мен,
Көк желкен боп алдымнан көшер деп ем.
Бір көруге зар қылған ақ дидарың
Дүние, нөсерлеген.
Құдірет болсаң жүректі,
Тебірентіп күйден күй ақтар.
Осындай болса керек-ті
Тұлпардан қалған тұяқтар.
Қасында сенің бұлқынған,
Тайбурыл да әлі тай шығар.
Қырық жыл салған қиқудан,
Бабында келген Байшұбар.
Осындай болса керек қой,
Сөнбеуге тиіс соқпақтар.
Тастарға жанып табанын,
Жарқылдап аққан шақпақтар.
Қиялын қырдан қуалап,
Арманын баққан қармаған.
Риза да саған шығар-ақ
«Нартау» тартқан
нар бабаң.
Қаһарлы құрман,
бай тасқын,
Әруақты дала еркесі.
Азаттық атты шайқастың
Қайрат тартқан өлкесі.
Арқаңмен сенің бақтардан,
Шулайды бұлбұл мазамды ап.
Кезінде сырлар ақтарған
Дәулеткерей мен
Қазанғап.
Риза да саған заңғары,
Таулардың мынау тозбаған.
Тәттімбет,
Мәмен жолдары
Жоғалып кете жаздаған...
Менің халқым қашаннан ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан ауыр зардан,
Көкірегімде бостандық жыры қалған.
Менің халқым ұлыны аз туған ба,
Басқалардай басында жаз тұрғанда.
Олардың да дауысы жетер еді,
Бұл ғасыр құлағына
Бірақ бұған ұлылар кінәлы ма?
Бұның үшін жылдардың өкпесіне
Қандай адам кепілдік берер еді.
Дауысы олардан бүгінге жетпесіне
Қаншама жұлдыз туды ол,
Жарқырар көк төсінде!
ӘЗИЗА НҰРМҰҚАНОВАҒА
Мен туған жердің ардағы,
Жарқылдап жүрген жақсы апам.
Ризалығым бар-дағы,
Тағатын кінәм жоқ саған.
Әкелмек елге ырыс бір,
Сендегі жарқын пәк талант.
Кешегі сайлы министр,
Бүгінгі ойлы докторант.
Бір болғай алғы мақсаттар,
Гүл болғай шыққан әр төбең.
Нұр болып жаусын жақсы аттар,
Шырқалып шыңға мәртебең.
Бұл ғасыр бейне ертегі,
Теңі жоқ жыр ғой асылы.
Әз інілердің ертеңі
Әзизалардың ғасыры.
Қиындықтардан тайсалма
Тоқтайтын түк жоқ бас алға,
Шын бақыт адал маңдайдың
Терлерінен жасалған.
Талайдың көсегесін де
Көгертіп жатқан сол ғасыр.
Бүгініңді ал да есіңе
Ертеңің жайлы толға сыр...
Мен-дағы сөз келген соң төзем бе енді,
Сарқырар ақпа бұлақ кезең келді.
Алатау ақ бұлтынан сәлем саған,
Арқаның жамырауық өзендері.
Тыңдасын енді мені заңғар атам,
Мен енді қара өлеңнен қар боратам.
Алатау басы болып міз бақпай қап,
Атырау толқыны боп жардан атам.
Мына Ертіс шарапатты тұрақ саған,
Жағады шырқау жұлдыз шырақ соған.
Сол Ертіс ернеуінен күмбірлесең,
Құймайтын дария бар ма жырақ саған.
Теңіз жоқ түпте маржан тұңдырмаған,
Дария жоқ бір сырлы ақын тудырмаған.
Бар сенің бүгін қазақ жырында атың,
Павлодар орманынан судырлаған.
Қалайша биіктемес жарқын еңсең,
Арналар дүрліккенде алқымы сен.
Әлемді алдыңа алып жыр жазасың,
Қаламы Аманжолдың арқылы сен.
Арқадан бір арманның сыр ақтарып,
Даусыңды бара жатыр жыраққа алып.
Далаңда белдеу-белдеу жолың жатыр,
Көктемгі кемпірқосақ сияқтанып...
Өзгеге өміріңді мектеп етіп,
Кеудеңді гүл — жазира көктем етіп.
Жеттің сен, мұнаралы ғасырларға,
Жетпістің қарлы шыңын көктеп өтіп!
Елеусіз еркін болып, Қайкен болып,
Ондаған шамшырақты бай кен болып.
Бүгін сен аспан аунап жанарыңнан,
Отырсың жиырма бесті қайта өңгеріп.
Апайлар, қарындастар, даңқты ағайлар,
Гүл жарған алма бақтар аппақ айдар.
Бір сезім шымырлатып жүрегімнен
Шыбығы солқылдаған көк тоғайлар.
ЖАЗ ҚАҚПАСЫ
Шертті дала сырларын,
Жамыраған жаз келді.
Қанатында тырнаның,
Қалықтаған саз келді.
Жырлап теңіз жырақтан,
Бұрқыратып бу атты.
Былдыр-былдыр бұлақтан,
Сылдыр-сылдыр су ақты.
Жусан аңқып белдерден,
Жер сімірді шуақты.
Сұқсұр ұшты көлдерден,
Сұрау белгі сияқты.
Қолтығына баулардың,
Қонды бұлбұл елеңдеп.
Дәптерінен таулардың,
Төгілді өзен өлең боп.
Қанатын қаз суларға,
Әлі қағып барады.
Балбыраған нуларға
Балық ағып барады.
Қармақтарын саптасын,
Айтайыншы досыма.
Көктем ашқан қақпасын,
Жаз дегенің осы ма.
Көктем болсам қайран қып қыздар елін,
Көкірегімнен талай күй қозғар едім.
Сезімдегі ізгілік жырға сыймай,
Дөңбекшіген түндерім аз ба менің.
Аз ба менің түндерім қиналмаған,
Қашан тағдыр мұхит жыр сыйлар маған.
Айтсам деп ем бәрін де шағымда мен,
Дүниеден төсегім жиналмаған.
Сырлатып көп дүние қиялдай-ақ,
Бірақ тегін қағазын сиям бояп.
Беріп келген өмірге түк те бермей,
Алып келем әлі мен ұялмай-ақ.
КӨКТЕМДЕ
Әуеден алтын сәуле қарға құлап,
Жанданды жазды көріп жарғақ лақ.
Жүгірді айдын-айдын айна бұлақ
Орғылап ойдым-ойдым ойға құлап.
Бұлт жөңкіп айдалаға аспан көшкен,
Тынымсыз дүние тулап астан-кестен.
Сенің де дәл осындай күндерің бар,
Адамзат көктемі үшін бастан кешкен.
МЕНІ ІЗДЕ
Сен мені ізде, аяулым,
Шұғыладан барлық түн қашқан.
Сен мені ізде, аяулым,
Көктемнен барлық гүл басқан.
Сен мені ізде, аяулым,
Қарап қанбаған бөктерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Парақталмаған беттерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Ашылмай жатқан кендерден.
Сен мені ізде, аяулым,
Бұзылып жатқан сеңдерден.
Көлдерден қанат қақпасам,
Даусынан ізде сырнайдың.
Онан да іздеп таппасаң,
Көркіне көз тік нұрлы айдың.
Әйтеуір, қалқам,
мен саған
Нұр түсер жақтан жырлаймын.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру