Кешкі әңгіме
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.
Әңгіме
Алматы күні де ақын жанындай аумалы, төкпелі-ақ. Күні кеше шыжғырған ыстық еді. Жұрт ысынап-пысынап көлеңкеден-көлеңке іздеп сенделіп еді. Бүгін сол ыстықтан түк қалмапты. Таң атқалы көңілсіз томсырайған сұрғылт аспан қабағын әлі ашқан жоқ. Қала үстінен ауыр салбырап көшіп жатқан қорғасын бұлттар түстен бері сілбіреп тұр. Төгіп-төгіп кетсе бір сәрі! «Діңкеңді өстіп құртайын» дегендей шылпытып ұзын-сонар гөй-гөйлейді.
Лекцияның соңғы сабағы ілбіп бітер емес. Аудитория іші ала көлеңке. Профессордың құлаққа майда, қоңыр үні терезе сыртында сіркіреген жуас жаңбырдай ойды тербеп ұйқы шақырады.
Алдыңғы орындықтағы әлдекімдер шұқшиып лекция жазған болып отыр. Соңғы орындықтарда қисайып кеткен мойын, салбырап кеткен бас, жұмылып кеткен көздер.
Саттар терезе алдында. Тұнжырап сыртқа қарайды. Ағаш бұтақтары малынған су-су. Сидиып қарауытқан бұтақтарды бойлап тамшы сорғалайды. Тамшы терезе маңдайшасынан да моншақтап тұр. Аспанның алашадай сынығынан салбырап жылжыған сең-сең бұлттар көрінеді. Үнсіз маңып әлдеқайда кетіп жатыр. Көш-көш тізіліп етіп жатыр. Үй тұр. Профессор тұр. Ал анау бұлттар өтіп жатыр, өтіп жатыр! Саттар назарын аудиторияға аударып еді, профессордың мақалдап сөйлеуі, оны тыңдап отызының иіріліп отыруы жас баланың ойынындай мағынасыз да, күлкілі көрінді.
Қасындағы біреу есінеп, сағатына қарады.
Саттар бүгін біртүрлі көңілсіз. Себебін қанша ойласа да таба алмады. Жүрек басында.белгісіз бір мұң тұр.
Лекция қажытқанда көлденең кітап оқитын әдеті бар еді. Оған да зауқы жоқ. Лекция бітісімен таң атқалы шаршаған жұрт лезде тарады. Саттар қаланың батыс шетінде тұратын. Аялдамаға келіп жаңбыр астында автобус күтті. Бүгін ақшам ерте үйірілді. Шылпытып құйған жаңбыр тыйылар емес. Сыпсың-сыпсың құйып тұр. Саттарға күн қабағы енді ашылмастай әсер етті. Онан сайын көкірегіне зіл тұнба ұйып жабырқаулық басты. Дүниеде бимақсат тұру жаман. Аялдамадағы бес минут — бес жылдай.
Елмен бірге сығылысып автобусқа мінгенде көңіл бұлты аздап сейілгендей болды. Жұмыр денелі келіншек қатар тұра қалған екен. Соның қимыл-тітіркеуі ойын сәл бөлгендей. Келіншек ұзамай түсіп қалғанда көңілі қайта құлазыды.
Автобустан түскен соң да пәтер біраз жер. Сылпытып едәуір балшық кешу керек. Шалшық суларды жағалап, кейде секіріп өтіп жүріп келеді. Көшедегі жұрт бір-бірінде ісі жоқ. Иықты қысып ап тұқшыңдап зытып бара жатқан біреу. Зытып бара жатқан уақыттай әсер етеді.
Саттар біртүрлі жылуды, жарықты аңсады. «Қанша ысыса да күннің ашық болғанына не жетсін» деп ойлады. Қазір пәтеріне жеткенмен отырып та мәз болмас. Онда бұны күтіп отырған кім бар? Анда-санда өмірден шапалақ жеп налып келгенінде зілінің тең жартысын көтеріп ала қоятын ана алыс.
Қазір де төңірегі себепсізден-себепсіз суынып, іш дүниесін қырау шалғандай. Қалтыранып еріксіз жарық-жылуды аңсайды. Қолы тоңса отқа жылытар еді, тоңған көңілді қайтып, қалай жылытпақ? Кинотеатрға да барғысы жоқ. Енді не дауа? Не шара қолданар? Соның жолын ойлай бастады. Қиял тұманының арасынан жылы шырай күлімсіреп, таныс бейне жарқырап жүзіп шыққандай. Шұғылалы үлкен жанарын қадап қалқып-ұшып жақын келгендей. Кітапханашы келіншек еді сол.
Саттар сағатына қарады. Уақыт алтыдан аунап барады екен. Кітапхана жетіде жабылады. Дереу бағытын өзгертіп қаптал көшеге түсті. «Егер жұмыста өзі болмай, басқа біреу отырса не демек. Бір жоқ кітапты сұрай салар да». Осыған көңілін бекітіп адымдап келеді. Ойы келіншек төңірегінде.
Келіншектің айтуы бойынша, қыздай тиген күйеуінен екі жыл отасып ажырасқан. Қазір шешесімен бірге тұрады.
Күйеуінен бір бала қалған. Ол биыл мектепке барады. Келіншек жайлы Саттардың бар білері осы. Одан арғыны ол айтып, бұл сұраған емес.
Жұмыс басында келіншектің өзі екен. Саттар есік ашып, сәлем беріп кіргенде үңіліп әлдене жазып отырған қалпынан басын көтеріп қарады да, жүзі лып қызыл тартып жымиды. Саттар табалдырық алдында аяғын сүртіп, жанына барғанша келіншектің жұқа жүзіндегі шаттық сәулесі өшпей, мойнын. сәл қисайтқан қалпы қарады да отырды. Ол жалпы көп сөйлемейтін. Айтарын нұрлы айқын жанарымен-ақ ұқтырып, жеткізуге шебер. Қазіргі қарасында сұрақ пен таңданыс. «Неге келмей кеттің?, «Мен сені күттім ғой!» «Келгенің қандай жақсы!» тәрізді назды көзқарас.
Сөзді Саттардың өзі бастады:
— Қалай жүріп жатырсыз?
Келіншек ұзын кірпіктерімен қуаныш толы әсем жанарын жауып, басын изеді де:
— Көрінбей кеттіңіз! — деді.
— Сабақ қиындап кетті, — деп бұлтарды Саттар. Ішінен соңғы кезде жиі келіп тұрмағанына өкінді.
— Неғып кеш келдіңіз?
— Ертең семинар еді. Кітап қажет еді. — (Шынын жасырып, тағы бұлтарды).
— Қандай кітап?
— «Капиталдың» бірінші томы.
— Іздеп көрейін.
Келіншек ерініндегі тәтті күлкісін жимай орнынан жеп-жеңіл түрегеліп тергі бөлмеге өте берді. Саттар соңынан ілесті. Тау-тау жиналған кітап қоймасын аралап жылжып отырды. Бұл оған таныс мекен. Көлденең кісі жібермейтінін біле тұра еркін жүріп келеді. Келіншек кенет кілт тоқтап, жанарын төңкеріп қарады...
— Кеше менің қайда болғанымды білсең еді!
— Е, қайда болдыңыз? — деп Саттар жабыса кетті..
— Тауда болдым, күнге тотықтым! Ал сен байқағың да келмейді! — деп бұртиып, тұрған орнында бір дөңгеленді.
Келіншектің жұп-жұмыр жалаңаш иық, қос анары томпиған жартылай ашық омырау, қолдарын шыныменен күн сүйіп қызартқан екен. Жас дене өзгеше түлеп қуатын сыртына тепкендей.
— О, тым ажарланып, құлпырып кетіпсіз. Сізбен бірге болмағаным қандай өкінішті!
— Көрдің бе? Қазір болса көктем, ал сен... қалғып жүрсің! — деп келіншек сылқ-сылқ күлді. Бұл әзіл жігітке қышқылдау тиді.
— Олай демеңіз... Олай десеңіз...
— Ба-ла-қай!..
Саттар алдында тұрған әйелге қол салды.
— Ондай қылжаққа төзе алмаймын... — Келіншек нарттай қызарып үнсіз күліп бұлқымады. Саттардың алақаны жұқа көйлек астында бұлтқыған жұмсақ денеге батып тұр. Уысына толған белді өзіне қарай тартады. Келіншек Саттардың кеудесінен қос қолдап итеріп, риясыз жымиып басын шайқады. Сәуір көгіндей мөлдір жанары сиқыр ұшқындап жанып қарайды.
Сыртқы есік ашылды. Келіншек бойын тез жиып сыбыр қақты.
— Босат! Біреу келді, мен қазір...
Туфлиінің біз өкшесі еденді тық-тық шертіп жүгіре басып ауыз бөлмеге шықты. Саттар сорайып қуыста тұр. Келіншектің еміренген көңілді даусы естілді.
— Ой, Сережа! Сен бе едің? Сабағың бітті ме? Су болып қалыпсың ғой! Кел, жаным! Сыртқы киіміңді шеше ғой!
Саттардың бойы сәл жеңілденгендей. «Сережа» дегені келіншектің баласы. Қабырғалас мектепте бірінші класта оқиды. Сабағы кеш бітеді. Үйге ылғи шешесімен бірге қайтады. Екі-үш рет кітапхана алдында ойнап жүргенін көргені бар.
Сережа әлсін-әлсін міндетсіп міңгірлеп қояды. Шешесі лыпыл қағып өбектеп бәйек.
— Сережа, білесің бе, мен саған, — дейді,— суреті көп қызық кітаптар алып қойдым-ау! Ой, қандай тамаша кітап! Қазір көресің.
Туфли тық-тық жортақтап барып тоқтады. «Мінеки, Сережа! Мә, ала ғой!» Жүгірген баланың аяқ тықыры естілді. Келіншектің үні бәсең шықты.
Оқиға желісі мен шешім
— Сережка!
— Не мама?
— Сен осында ойнап отыра тұрасың ба, қалқам. Мен анда жұмыс жасап жатырмын. Жарай ма?
— Жақсы, мама!
— Міне, ақылдым менің, мә, шокалад жей ғой, көгершінім менің!
Сәлден кейін біз өкшелі жүрдек туфли тас еденді қайта шертіп жақындай берді. Қалтарыстан келіншектің әсем бойы көрінді. Сәулелі жанары жайнап күлімсірейді.
— Балақай, сенің де кітабыңды тауып берейін! — деп жанынан өте берді. «Жиырманың үстіндегі жігіт неғылған «балақай!».
Саттар шап беріп құшақтай алды. Келіншек құшағынан балықтай бұлтқып сытылып шықты да нос беріп мазақтап түкпірге қарай жылысты. Көшеленген биік кітап сөрелерінің арасы бір адам әрең сиярлық қуыс.
Келіншек аяқ астына орындық қойып, кітап сөресінің текшесіне көтерілді. Қат-қат кітаптарды бір-бірлеп алып қарай бастады. Биіктегі кітапқа қолын созған сайын етегі көтеріліп, көтеріліп кетеді.
Саттардың жүзі дуылдап терезеге қарады. Сыртта қараңғы түсіпті. Терезе жарығынан сыпсыңдап жылт-жылт құйылған жаңбыр байқалады.
— Жоқ екен, қолда болар! — деді келіншек түсуге ыңғайланып. Саттар орындықты шетке ысыра қойды. Келіншек күліп, әрі оқыс таңданып:
— Иә, Бұл ненің ақысы?
Саттар сес бермеді. Орындықтың орнына өзі состиып тұра қалып, келіншекке мәз-майрам ыржия қарады.
— Былай тұр! — деді келіншек. — Секіремін.
— Секіре бер! — деп қыңыраяды бұл да.
Келіншек сөре кенерімен жорғалап қашпақшы болып еді Саттар құтқармады.
— Ендеше үстіңе құлаймын!
Саттар құшағын ашты. Құшағына топ ете түскен шағын денелі келіншекті көтеріп алды.
— Ал, еденге тастап жіберемін! — деп қорқытып еді, келіншек мойнынан тас қып құшақтап алды. Бір шырын өткір иістен басы айналғандай.
Келіншекті көтерген қалпы орындыққа отырды. Келіншек алдында, бұның төсіне маңдайын төсеп отыр. Білегі мойнында. Маужырап қалғығанға ұқсайды. Ұзын кірпіктері шұғылалы жанарын көлегейлеп жасыра береді.
Саттар келіншектің ернінен сүйгісі келіп еді. Келіншек бетін Саттардың иығына төсеп алып көтермеді. Әсем алтын шашы толқынданып жалаңаш иығына құлап жатыр. Жігіт бір қолын белге орап, екінші қолымен қалың шашты сипай тарап отыр. Хош иісі аңқыған шашты ысырып ай сырғалы кішкене құлақ түбінен сүйеді. Қоянның көжегіндей бүрісіп бауырына тығылған нәзік жанның жүрек лүпілі сезіледі. Ыстық демі иығын жылытып барады.
Саттар еңкейіп бетіне бетін тигізіп еді, келіншек көзін жұмды. Демі дірілдеп баяу сыбырлады.
— Он сегіз жасар қызға айналып кетсемші!..
Саттар оны сөйлете түскісі келді.
— Олай деуіңізге не себеп?
Келіншек бұның көзіне тура қарады да, назарын тайдырып әкетті. Бұл тұңғиық қарастан Саттар түк ұқпады. Келіншек бір нүктеге қадалып ойланып, жіңішке қасы иіліп қабақ шытқандай болды.
— Өмірді қайтадан бастар едім... Мысалы, саған жолдас болар едім.
— Қазір жолдас бола алмайсың ба?
Келіншек мырс етіп езу тартты.
— Балақай, сен қазір қаншадасың?
— Жиырмада.
— Аттай жеті жас кіші екінсің! Көрдің бе?
— Бекер айтасыз. Асып кетсе бір-екі жас қана үлкенсіз, — дейді Саттар.
Келіншек реңі ерекше нұрланып күледі. Бет ұшында әдемі шұңқыр пайда болған. «Балақай!» — деп Саттарды мазақ етті.
— Жетер енді! — деп, келіншек орнынан тұрды. Саттар да іле түрегелді.
Жігіт қолы батыл. Келіншектің қос шынтағын жоғары көтеріп жіберіп аш белді үзердей сығып бауырына тартты. Әйел білектері мойнына асылды. Саттардың көзі бір сәт қалтарыстан шығып состиып қарап тұрған кішкене сары балаға түсті. Бала реңі тым сынық. Сұқ саусағын аузына салып бұртиып тұр. Көз жиегіне дымқыл айналыпты. Назары биіктеп Саттардың назарымен түйіскенде жалт бұрылып кейін қарай зытты. Жалт еткен көз қарасынан жарқ еткен бір ашу Саттардың өн бойына салқын шымыр таратты.
Құшағындағы жұлындай бұралған келіншектің бұл көріністен хабары жоқ еді.
Азғана тұрыстан кейін: «Босат!» — деп күбірледі. Жігіт құшағы әрең жазылды. Келіншек сағатына қарап:
— Жеті болыпты! — деп таңданды. — Үйге қайту керек. Көп отырып қалдық-ау! Жаным, Сережа, отырсың ба?
Ауызғы бөлмеде Сережа жоқ екен. Келіншек кітапхананы жабудың қамымен жүйіткіп жүр. Әредікте:
— Далаға ойнап кетіпті, оңбаған, күн жауында не бар екен, отырмай! — деп қояды. Плащын киіп, орамалын тартып есікке беттеді. Сыртқа басын шығарып: «Сережа!» деп дауыстады. Жауап болмады. Саттарға «Сен қайта бер!» — деді.
Саттар «қош!» айтып, көшеге шықты. Жаңбыр иісті салқын таза ауадан көкірегін кере дем алды. Көше жарығында сынапша жылтылдап сирек жаңбыр себездейді. Қаптал үйлердің шатырлары үздіксіз тысырлап тұр.
Саттар салқын жаңбырға бетін тосып пәтеріне қарай аяңдады. Арқа тұстан «Сережа!» деп айқайлаған келіншек даусы шықты. «Се-ре-жа!»
Ешкім жауап қатпады. Сәлден соң келіншек тғы айқайлады. «Сережа!», «Сережа деймін!».
Саттар өз көшесіне бұрыла бергені еді. Қараңғы бұрышта жаңбыр астында бүк түсіп бүрісіп отырған кішкентай баланы көріп, шошып кетті. Сәл кідіріп үңілсе, Сережа! Құнысып алған, басын көтермейді. Бетін білегіне төсеп отыр. Иығы бүлк-бүлк етеді. Саттар аңырып біраз тұрды да кенет селк ете түсті. Баланың тұншығып жылағанын естіп қалды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру