Ғазиз басым қалды жас күйі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Ғазиз басым қалды жас күйі» (Көркем әңгіме). "ҒАЗИЗ БАСЫМ ҚАЛДЫ ЖАС КҮЙІ"
"ҒАЗИЗ БАСЫМ ҚАЛДЫ ЖАС КҮЙІ"
әңгіме
... Сөйтіп, немістің оғы мына жерден маңдайымның сүйегін тесіп өткен соң көпке дейін есірік болып, есеңгіреп жүрдім. Он шақты күнге ауылға да барып қайттым. Мен қайтқан күні мұғалімдер жұрттың жабыққан көңілін көтермек болып клубта концерт қойды. Би биленіп, ән шырқалды, өлең оқылды.
Ең соңынан сахнаға сенің келіншегің Рауза шықты.. Кенет жұрт күбір - күбір сөйлесіп кетті. Сәл ду етті де тынды. Сол күні ақ көбелектей үлбіреген ару Рауза ғаламат құлпырып кеткен еді. Кейде алдыңнан көкжиек кейін шегініп, аспан төңкеріліп,. ескен желді айқын көретін кезің болады. Рауза сахнаға көтерілгенде алдымнан кең жазира айқара ашылғандай аңқиып қалыппын. Тіпті жер жүзіндегі барлық зеңбірек тынып, денелердің сыздағаны. басылғандай, жаралар жазылғандай, дүниенің бір шеті әрі шегініп кеткендей. Әлемдегі әділет атаулыдан жалғыз Рауза ғана қалғандай көз алдымда. Оның жүзінен сағыныш мұңы арайлы шұғыла шашып, алаулап тұр. Бәлкім, бұл шын Рауза емес, тамылжыған әуенін тыңдату үшін көктен түскен керемет шығар....
"Ашқадар" 1 әнін бастады ол Тамылжыған әсем әуен мамырлай қалықтап, құйқылжи көтерілген сайын жұрттың еңсесін үрейлі тыныштық басты. Сол тыныштық қапелімде құлап түсіп, жұртты жапырып, таптап кететін сияқты.
Сусар аулап кетіп опат болды,
Ғазиз басым қалды жас күйі...
Тереңнен толғап, шарықтата шырқалған өн тыңдағандардың ет бауырын елжіретті. Бірақ неге екенін қайдам, жұрт жөнді қол шапалақтамады. Әр жерден әлдекімдер бір-екі рет алақан соққан болды. Онысы да әлденеден қаймығып, жасқанып қалған жандардың әуре қимылы сияқты.
Кенет кейінгі жақта отырған бір әйел солқылдап жылап қоя берді. Оған қасындағы әйел қосылды... Менің жанымдағы қыз бала да қолымен бетін басты. Ана жерде де, мына жерде де кәрі-жас қосыла жылап отыр. Біраздан соң бүкіл зал күңіреніп кетті. Рауза қатты толқып, абыржып қалды. Әнімен талайдың жан жарасын, іштегі шерін қозғады ғой. Беті ду етіп, қызара түсті. "Ғазиз басы жас күйі қалғандар" аз ба? Торт жылға созылған сұрапыл соғыс талайдың титығына тигені рас. Ел басқа түскеннің бәріне көнсе де, мұңды, зарлы ән шырқалса, шыдай алмайтын хәлде.
Жұрт еңіреп жылай берді. Біреуді біреу жұбатпайды, басалқы айтпайды. Тек жас шықпаған менің көзім. Тасбауырға айналғаным ба, қалай?
- Клубта ән салған сайын осылай жылайсыздар ма? - деп сұрадым мен әлгі қызға қарай бұрылып. Ол үндемей қалды.
- Жоқ, - деді, - мынау шыдауға болмайтын жағдай.
- Негe олай?
- Бір апта бұрын Кіндіктің қара қағазы келді. Бүкіл ауыл біледі.
Раузаға айтуға жүрегіміз дауаламайды. Шыдай алмас деп қорқамыз, қатты сүйетін еді.
Мен ақырын жердің жарығына кіріп, қайта шыққандай болдым. Алдымыздағы биік сахнада Рауза әлі тұр. Қылдырықтай жіп - жіңішке, үп етіп жел соқса, шайқалып құлап кететін сияқты. Балғын келіншектің нәзік иығына қандай ауыр қасірет түсті. Сабыр сақтағайсың, әйтеуір! Орнымнан ұшып тұрып ауылдастарға: "Ойбай - ау, не істегендерің? Жазықсыз жанды жабылып азапқа салғандарың ба? Аяймын деп құртып аларсыңдар сорлыны! Ау, ертең оның көзіне қалайша көрінесіңдер? Бетіне қалай қарайсыңдар?" деп айқайлағым келді. Айқайламадым. Мүмкін, мен емес, ауылдастарынікі жөн шығар. Сірә, көңіліне қайғы түспей тұрғанда ән шырқап қалсын деген - ау. Қайғы бір түн кешігіп, бақыт бір түн баста тұрса, адамға бүл да зор сыйлық емес пе? Дүние салған күйеуі келіншектің көңілінде әлі тірі ғой.
Таңертең Рауза мектепке кеткенде мен сіздің үйге бардым. Ата - анаң бұл жағдайды біле тұра қасіретін ішке сақтап, Раузаға сыр бермеуге тырысады екен. Тағдырдың құрығынан қашып құтыла алмайсың, қайғыны жасырған сайын өзегің өртенеді, ажалға айла жоқ. Түбінде шындық шықпай қала ма, біз соны ащы да болса ашық айтуды ұйғардық. Сол ауыр міндетті мен мойныма алдым. Бесікте алаңсыз ұйықтап жатқан балаңа қарадым. Тіпті осы баланың жетім қалғанына өзім айыпты болғандай зәремнің ұшқаны - ай сонда.
Бұл міндетті орындаудың реті келмеді маған. Бүкіл ауыл төбесіне төнген қайғының бөгеті басқа жерден ашылды, тастай көгеріп қатқан Раузаны екі әйел үйге қолынан жетектеп қайтты. Оны шешіндіріп, сандықтың үстіне отырғызды.
- Кіндікті өлтіріпті, - деді ол біраздан соң, - хабары келді. Міне, - умаждалып қалған бір жапырақ қағазды жалма-жан үстелге қойды.
- Қағаздың аты қағаз, - деді Кіші шешең, - біз оған сенбедік. Балам өз көңіліме әлі тірі. Сабыр ет, қызым.
Раузаның қасына жан жоламады, ешкім оны жұбатпады. Кешке дейін осылай үнсіз отырдық.
- Жазмышқа не шара, - деп күрсінді әкең, - көнбеске амал жоқ. Шамыңды жақ, жарқыным. Жайсаң жігіт еді, қараңғыда ұзатқанымыз болмас оны.
Сол кеште әрқайсымыз білгенімізше жаназаңды оқып сені жер қойнына тапсырған болдық.
Неге екенін қайдам, мен дереу үстелдегі әлгі хатты алдым. Қайта-қайта оқып шықтым. Иә, аты-жөні дәл өзіңнің аты - жөніңе ұқсас. Мекен-жайы да біздің ауыл Тек туған жылы басқа. Шамасы, хатшы шатастырған болу керек. Тоқта! Ay, мына жерде "қатардағы жауынгер" деп жазыпты ғой?
- Әскери атағы қандай еді? - деп сұрадым. "Еді" дегеніме төбе құйқам шымыр етті.
Әкең жауап берді:
Оқиға желісі мен шешім
- Онда барған соң бәрінің атағы бірдей - дағы. Атағына емес, атқарған қызметіне қарайтын болу керек.
- Міне, қағазда "қатардағы жауынгер" деп жазыпты. Ол командир ғой. Солай емес пе?
- Мен жазуды оқи алмадым, - деді Рауза. Есін жинағандай бір сәт елең етті де, қайтадан мұңайып қалды.
- Командир, біздің бала командир, - деп көтеріліп басылды Үлкен шешең, - командирді "қатардағы жауынгер" деп жаза ма...
Көңілімізде үміт оты жылт еткендей болды. Ажалды алдағымыз келгендей, хат иесін басқа адамға жорыдық. Әуелі фамилиясы ұқсас адамдарды, содан соң аты ұқсастарды көше-көшені қалдырмай атап шықтық. Біреуі де сәйкес келмеді. Әкеңнің аты бүкіл ауылда біреу... Ауылымызға қарасты Ақманай қыстағын да араладық. Көшенің арғы басынан бастай бергенімізде Кіші шешең шыр ете түсті:
- Күйеу! Ақманайдың күйеуі! Ой, байғұс Кәфия сұлуым - ай! Ой, бишара! Күйеу балаңызды қатты ұнатамын, апа, балаңызға соның атын қойыңызшы деп жалынып еді-ау, бақытсыз сорлы!
- Иә, күйеудің әкесімен екеуіміз аттас едік. Дүние салғанына кеп болды. Жақсы кісі еді, марқұм, - деп әлгі сөзді растады әкең.
Жездеңнің аты-жөні де сенің аты - жөніңмен бірдей екен. Бірақ көңіліміздегі күдік кете қоймады. Қуанғанымыз жоқ. Күздің ұзақ түнінде көз ілмей шықтық. Қалғып кетсек, әлгі үмітіміз түске айналып, ғайып болатын сияқты. Сары таңға көз шырымын алмадық.
Ертеңіне әлгі қағазды ұстап ауылкеңеске тарттым. Ауылда сенен жасы үлкен аттасың бар екені шеттен келген хатшы қыздың тіпті қаперінде жоқ. Түп кітапқа тіркелген мәліметтерді түгел ақтарып шыққан соң қаралы қағаз сенің жездеңнің хабары шығар деп топшыладық. Енді ажал соған ауысты.
Ең ауыры келесі күні болды. Жылай - жылай бет - аузы ісіп кеткен Кәфия апайың келді сіздің үйге. Қолында әлгі қара қағаз. Оны Кіші шешеңе ұсынды:
- Апай - ау, мұныңыз қалай? Мына қағаз өздеріңе келген ғой. Оны сіздерге жіберген. Маған неге бердіңіздер? Осы да әділдік бола ма? Апай, мә, қайтып алыңыз, қара қағазды! -Кіші шешең оның қолынан ұстап сәкіге отырғызды. Кәфия көзі жаутаңдап Раузаға қарады:
- Келін! Келінжан! Сенің балаң біреу-ақ қой, мен шиеттей баланы бағып отырмын. Жалғыз балаңды жетім қалдырғың келмейді, ау, мен бес баланы қайда қоямын? Бір баланың жолына бес баланы қиғаның ба?
Біреуді телміртудің орнына бесеуін телмірткің келді ме? Өзім де аш-жалаңаш жетім өстім... Уа, тоба!
Ол біраз жылап алды да, Кіші шешеңе былай деді:
- Апай, күйеуіңнің атын балаңа қойғаның қалай? Басқа ат құрып қалды ма? Сол атты қоймағаныңда, мүмкін, мұндай қасірет тартпас едік.
Кіші шешең қайғыдан есі ауыса жаздаған сіңлісінің бетінен қақпады:
- Қайтейін, қалқам. Бұлай боларын білсем, ондай ат қояр ма едім, - деп Кәфияның басынан сипады.
- Енді не істеймін, қайда барам? Кімге барып телмірер екен енді балаларым? - деп Кәфия зар еңіреді.
Бұған дейін айыпты кісідей сүмірейіп отырған әкең сөзге араласты:
- Аман болсақ, жалғыз қоймаспыз, балдызым. Балаларыңа қолдан келген көмегімізді аямаспыз. Көңіліңді аулайтын басқа сөз таба алмай отырмын, өкпелеме. Берген уәдем -шын сертім. Сырым өзіңе мәлім, балдызым.
Сандық үстіндегі тап кешегі орнында бір уыс болып бүрісіп қалған Рауза дереу ұшып тұрды да Кәфияның мойнына асылды. Кеудесіне басын қойып өксіп - өксіп жіберді. Кәфия да қосыла жылады. Бірі - бірінің бауырына тығыла түскен екі әйел ұзақ еңіреді. Әйтеуір, біреуінің күйеуі мерт болған. Қайсысы? Бұқл бізге әлі дүдәмал...
... Маған бір өкпесін, жарты жанын бөліп беруге келген Хамитжан міне осы жайларды айтты. Ал қасымнан кеткен соң өзгенің өмірін қорғап қалу үшін өз өмірін қиыпты.
Кіші шешемнің немере сіңлісі Кәфия апай бұдан соң кілең ізімнен еріп жүретін сияқты көрінді. Оның нәркес қара көздері маған ызалана, кектене қарайтындай бір түрлі. Өзіме атылған неміс оғын жездеме қарай бұрып жібергендеймін, сол үшін бізге келген қара қағаз апайдың қолына тиген секілді. Әйтеуір, жан баласына жазығым жоғы айдай ақиқат. Кісі бейнеті түгіл өзім тартқан тауқымет те жеткілікті. Өз мойныма түскенді өзім көтеремін. Шатырдан тамған сәуір тамшылары емес, өмірімнің санаулы сағаттары соғып жатқандай. Бәлкім, соңғы тамшы үзіліп түскенде менің де демім бітер. Әйтеуір, әзірше тірімін. Тірі пенде өкінбей, күдіктенбей, бейнеттенбей тұра ала ма. Үмітімді үзгенім жоқ әзірше. Анау тырс-тырс түсіп жатқан тамшылардан мықтырақ шығар мынау, сірә?!
Осынау алмағайып ауыр шақта мен бір қарапайым шындықты - өзгелердің өлімінде менің де үлесім бар екенін, ал менің өмірімде өлгендердің үлесі бар екенін терең түсіндім. Хамитжан мені бекер алдарқатыпты. Мен өзім қара басым үшін әлі бір рет шынымен өліп көрген емеспін. Бәлкім, өзгелер маған өз өмірін қарызға қалдырып, мен үшін де жанын қиған болар?
... О бір заманда, әлі бүлдіршін кезім, күн батып бара жатқанда Сағыл таудың басын аралап жүріп, үйілген қойтастың үстінен шыққанмын. Әлдекім монша қыздыруға жинаса керек оларды. Неге екенін қайдам, еңкейіп, әлгіден бір жұмыр тасты көтердім. Жып -жылы екен. Сонысына қайран қалдым. Шетіректе шашылып жатқан тастарды ортаға тартқалы қолымды создым. Бұлар сап - салқын. Тастар да бірге жатса күннің қызуын біріне бірі өткізіп, ұзақ сақтайды екен - ау.
Ал адамдар ше? Қанша адамның жанының жылуы, жарығы, қайраты бар екен менің бойымда? Мен өмір бақи солармен қоян - қолтық, қол ұстаса өмір сүрдім. Құрбыларымның арасында маған алғаш жан жылуын сыйлаған Асхат. Ол әрқашан менен екі жас үлкен болып жүреді. Мен сегізге шыққанда, ол онға, мен он сегізге толсам, ол жиырма жасқа шығатын. Келе - келе мен Асхаттан екі есе үлкейіп кеттім, тіпті өскен сайын үлкейе бердім. Ол өмір жолына жаңа аяқ басқанда бір орында тұрып қалды. Мен ілгері кете бердім, кете бердім. Алысырақ кеткен сайын кейінге жиі-жиі қайырылып қараймын. Көкейімде сайрап қалған мұң мен сазға құлақ саламын. Сол үндер кейде маған ар - ожданның дауысы болып есітіледі. Ғажап.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру