Мазмұнға өту
Home

«Жолдастар!..»

Тоқаш Бердияров

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

«Жолдастар!..»

Тоқаш Бердияров — ««Жолдастар!..»» (Көркем әңгіме). «ЖОЛДАСТАР!..»

(әңгіме)

Біз дем алуға келген «Рахат» демалыс үйінің директоры Сафу Сафич шешен кісі екен, ә дегенде-ақ сарнай жөнелді.

— Азаматтар, тынығушы жолдастар!.. Ішкі тәртіп бізде өте қатаң. Ертеңгісін уақытылы тұрып дене шынықтыруға дер кезінде жаппай қатысуларыңызды өтінем. Асханада немесе палатада уытты ішімдік ішуге ешқашан да жол берілмесін. Ешқандай дау-дабыра, ұрыс-төбелес болмасын. Халық жасақтарын іріктеп алу жұмысы, менің оң қолым яғни орынбасарым Қуырдақовқа тапсырылсын!..

Демалыс үйінің бас дәрігері Антонина Ивановна екінші күні біздермен әңгімелесті.

— Тынығушы жолдастар!.. Кәне, азырақ тынышталыңдар! Сіздер мұнда дем алуға келдіңіздер. Саналы дем алып, денеге салмақ қосу үшін, күн тәртібін қатаң сақтай білу керек. Әсіресе, түнгі ұйқы өте пайдалы. Сондықтан, бойдақ жолдастар, айлы түнге әуес бола бермеңіздер... Тағы да ескертемін...

Дем алушы бір азамат тосыннан дәрігердің сөзін бөліп, ашына сөйледі.

— Менің қаным аз, өзім әлжуаз егде адаммын. Сіздер қандалаға бай екенсіздер. Түнімен таланып шықтым. Құрсақ, борбайларым білеуленіп ісіп кетті. Қандаласы жамыраған палатадан гөрі айлы түн, бұта түбі әлдеқайда артық па деп ойлаймын.

Жұрт осы бір сөзді мақұлдап, ду күлісті.

Үшінші күні орынбасар — Қуырдақовтың өзі мінбеге шықты. Ол қолын сермеп, көп ескертпелер айтты.

— Жолдастар!.. Сіздер мұнда дем алуға келдіңіздер. Сондықтан ішкі тәртіпті күшейту керек. Құрметті Сафу Савич сіздерге мынаны ескертеді; кімде-кім арақ ішіп, мас болып, жанжал шығарса, сол күні сол азаматты демалыс үйінен аластау туралы администрациялық бұйрық жазылып, тақтаға ілінеді. Және де сол азаматтың қызмет істейтін мекемесіне, біздің администрациядан оның мінез-құлқы туралы сыпаттама ресми қағаз жіберіледі!..

Төртінші күні, демалыс үйінің коменданты — Махниборада біздермен кең түрде кеңесті.

Құрметті жолдастар!.. Сіздер тынығуға келдіңіздер. Біз әрқашанда құшақ жайып сіздерді қарсы аламыз. Есігіміз кең ашық. Ал, осыған орай тыныштық сақтау керек қой жолдастар!.. Кеше екінші палатаның жігіттері арақ ішіп, мас боп, есік-терезені қиратыпты...

Дем алушылар ду-ду дабырласып, айқай-шу көтерді.

— Арақ ішпегенде не істемекпіз?

— Экскурцияға неге шықпаймыз?

— Қашан кино көреміз?

— Доп ойнайтын алаң қайда?

— Мәдени ойын-сауық басқарушысы қайда?..

— Бастықтардың құрғақ сөзіне әбден байыдық қой!

Он екінші күн дегенде, мәдени ойын-сауық басқарушысы төбесін көрсетті.

— Кәне, жолдастар!.. Қол ұстасып, дөңгеленіп тұра қалыңдар! «Мысық пен тышқан» ойынын бастаймыз, — дей келді ол...

Сонымен, не керек, жолдастар, «Мысық пен тышқан» ойнап жүріп демалыс мерзімінің қалай өтіп кеткенін де білмей қалыппыз. Үйді-үйімізге қайқайдық. Кім қанша семірді, кімдер «төркініне» хабарланды, о жағы әзірше беймәлім...Көгілдір дарбаздағы «Хош келдіңіздер!» деген әдемі, инабатты жазу соңымызда бұлдырап қала берді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙