Ағалар - жағалар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Софы Сматаев — «Ағалар - жағалар». ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК
/uploads/7bace847-d012-59ef-928f-2216066fa892/cover.png
ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК
Қаз дауысты Қазыбектің кіндік қаны тамған топырағы, туған мекен-жайы ешбір хат-шотта сақталмаған. Долбармен жобалап даңқты бабамызды Сыр бойында туыпты деп нақтылап айта алмай, жалпылап көрсетіп кетіп отырмыз. Өйткені он жетінші ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының басым түсіп отырған шабуылының әсерінен ата қонысынан ығысқан қазақ жұртының Алтай мен Арқаны еріксіз тастап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне жөңкіле құйылғаны тарихтан мәлім. Қаз дауысты Қазыбек те біздің есебіміз бойынша да, бірнеше тарихи жазба деректердің көрсетуі бойынша да 1667 жылы сол өңірде туып, 1764 жылы тоқсан жеті жасында дүниеден өткен екен.
Қазыбектің сүйегі - Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі -Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы - бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. Қазыбектің атасы Шаншардың ескіше көп оқып, көп тоқып, төңірегіне ақыл-кеңесімен, үлгі-өнегесімен ерекшеленіп Абыз атануы да тегін емес.
Қазыбектің анасы - Тоқмейіл. Қазыбек - осы Тоқмейілден туған алты баланың ең үлкені екен. Тоқмейілдің әкесі Сүлеймен деген кісі осынау ғұлама жанмен көрші болу үшін қасына әдейілеп көшіп келмесе, Келдібек пен Тоқмейілдің бір-бірімен кездесуі, отау құруы жайындағы ел аузында аңыз болған хикая таралмас па еді, халықтың кемеңгер көсемі болған Қаз дауысты Қазыбек өмірге келмес пе еді. Әрине себепке себеп десек те, талғампаз тағдырдың кей-кейде қиыннан қиыстырып, алысты жақындатып, болмасты болдыртып, осындай бір құдіреттерді жасай алатынына таң қалмасқа және болмайды. Қалай десек те, 1667 жылы шыр еткен іңгәсімен дүние есігін ашқан нәресте - өсе келе Үйсін Төле бимен, Алшын Әйтеке бимен терезесін теңестіріп, қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі - Қаз дауысты Қазыбекке айналып еді.
Қазыбектің ат жалын тартып мінген тұсы халқының қиын-қыстау тағдырымен дөп келгендіктен жүйрік мініп, сұлу киініп, бұла тірлік кеше алмаған ол. Әрине бедеу мінгізіп, бүлде кигізіп, нөкер ертем десе, қызды ауылдың сыртында түн күзетіп, торғын шапан жамылған бұлықсыған бойжеткенді оңаша құшам десе, әке дәулеті жетер де еді. Бірақ есі кіргеннен ел бетіндегі мұңды танып, біліп өскен елгезек жігіт сол мұңды ел бетінен қууды, сол мұң торлаған ел жүзіне күлкі шырайын енгізуді өмірлік мақсұт қып алған ғой. Содан да ол ел келесіне ерте араласып, ел дауын шешуді өз басына ғұмырлық міндет етіп еншілеп алып, ел бірлігін сақтаудың төте жолына тайсалмай түсіп кеткен-ді.
Бала би деген аттан дана би деген атаққа дейін көтерілген Қазыбектің ғұмыр жолы он жетінші, он сегізінші ғасырлардағы қазақ халқының аса бір қилы кезең, дүрбелең шытырман оқиғаларымен тікелей байланысты.
1680 жылы, Қазыбек он үш жасқа толғанда кейінде әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді. Есім ханның кезінде "алты алаш" атанып: қазақтың үш жүзі мен ноғай, башқұрт, өзбекті құраған қазақ даласындағы хандықтың бірлігі әлсіреп, ноғай, башқұрт, өзбек одақтары ыдырап, енді "төрт алаш" атауымен үш жүзге қырғыз ұлысы қосылып, Тәукенің қол астына жиналып қалған еді. Осы төрт алаштың басына төрт биді - Ұлы жүзге Төлені, Орта жүзге Қазыбекті, Кіші жүзге Әйтекені және қырғыз биін қырғыз ұлысына қойып, солар арқылы ел басқару тізгінін өз қолында ұстап отырған.
Тәуке тұсында қазақтың шығыстағы көршісі - Жоңғария фашистік-феодалдық хандығының негізгі халқы - ойраттар ат арқасын құрғатпай жиі шабуылдап тұрған ғой. Бірде ойрат, бірде қазақ жеңіп, ит-жығыс түсіп жатқан жерде елшіліктің, мәмлегерліктің ықпалы мол болады. Сондайда атақты үш бидің еңбегі ерекше сіңген.
1710-11 жылдары қазақ-ойрат шабуылдары кезінде қазақтар ойратты біраз тықсырып, сәл де болса үстемдеу шығыпты. Осыдан кейін Жоңғар хандығы бұрынғыдай өршуін тежеп, бітімшілікке шақырғаны тарихтан аян. Осы бітімшілікке барған елшіліктің ішінде Қазыбек би де болған деп кесіп айтпасақ та, болжауға әбден ретіміз бар. Ұзақ ғұмырында Жоңғария хандығына елшілік, бітімшілік, мәмлегерлік міндетпен үш рет барған Қаз дауысты Қазыбек нақ сол жылдарда ойраттарда болуға тиіс. Әрине дәл осы елшілік жөнінде жазылған құжаттың әзірше жоқтығын ескерсек, ел аузындағы аңыз-әңгімелер шындық сүрлеуіне бастар бірден бір адастырмас шиыр. Ендеше осы аңыз, хикаяларды салыстырып, салмақтап, екшеп байқап, содан соң ақиқатқа сәйкес, ұғымға лайықты жобаларын оқырман талғамына ұсынуға болар деп ұйғардық.
Бір аңыз былай көсіледі.
Қанды қырғын ұрыстан кейін бейбітшілік жолмен бітімге келу үшін қазақ пен ойрат бір-біріне мәмлегер елшілік жібермек болады.
Жоңғария хонтайшасы (сірә Цеван-Рабтан болса керек) "Қазақтың атақты үш биінің бірі келсін. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған иісалмас біреу келсе, бітім болмайды" деп қолқа салады. Осы хабарды естіген үш би қырандай дүр сілкініп, әрқайсысы да бармаққа ниет қылған екен.
Төрде отырған Төкең екі биге кезек қарап, екі етегін қымтанып, екі иығын қомданып қойып, тамағын қырнапты:
– Уай, қос інім, қос шырағым! Аға боп алдарыңа түсейін деп тұрмын. Ағаң -алдындағы әуелеп ескен дарағың. Інің - қанатың мен құйрығың, қайрап салар жарағың. Артымда сендер бар да қанат жайып самғармын, алдаспанды сермермін. Дауласқанды жайғармын, жауласқанды жерлермін. Мен барайын бұл жолға! - депті.
Сонда Әйтеке жай оғындай жарқ етіп, жайраң қағып, шапшаңдық танытыпты.
– Уай, Төкем! "Аға - бордан, іні зордан" демей ме. "Іні - найза, аға - қорған" демей ме. Арқамды қорғанға тіремеймін бе, найзамды ерсілі-қарсылы іремеймін бе. Жағаласқанды жапырып, дауымды аршып, күремеймін бе. Менің баруым жөн емес пе? -дейді ғой.
Сол кезде қоңыр қаздың даусындай даусын бір жотадан екінші жотаға асыра саңқылдай Қазыбек есіліп кетіпті.
– Уай, асыл ағам! Уай, асқақ інім! Ағасы бардың жағасы бар емес пе. Жағасы бардың тоқсан пәледен сақтар панасы бар емес пе. Інісі бардың тынысы бар емес пе. Тынысы бардың елде - ырысы, жауда - ұрысы, дауда жұмысы бар емес пе.
Екі би үнсіз бас шұлғып, бірақ тіл қатып, ләм дей қоймапты. Қаз дауысты Қазыбек енді Төле биге еңсеріле бұрылыпты.
– Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен. Қазақта хандыққа жолсыз таласқандар болғанмен, билікке жөнсіз таласқандар болған емес. Ендеше, әділ би, әділетін өзің айт: аттың басы күшті ме, белі күшті ме, құйрығы күшті ме?
– Шырағым Қазыбек, жол бастайды әманда омырауы жүйріктің. Бөгелекті қуарда пайдасы мол құйрықтың. Аттың белі қызметті көп қылар, саған кепті кезегі осы жолғы бұйрықтың. Жай онда қолыңды!
Атасызға ата бол!
Батасызға бата бол!
Арып-ашқан қаріптің,
Жел жағына жота бол!
Панасызға пана бол,
Кек сақтамас бала бол!
Дос сүйініп, қас сыйлар,
Асу бермес дана бол! –
деп батасын беріп, аттандырып салыпты.
Хош. Қазақтан келген елшілерді сынау үшін хонтайшы қарапайым киініп, белін жіппен буынып, түсіне кәрілік сипат оң беріп, жотасына бөстек-өркеш өңгеріп, Қазыбектер түскен үйге келеді. Әңгімеден әңгіме туындап, бара-бара сұрақ-жауап додасы басталып кетеді.
– Әуелінде не бар? Ортасында не бар? Ақырында не бар? - деп бүкір кейпіндегі хонтайшы Қазыбекке шаншыла қарайды.
– Арға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлік түрмас па, - деп Қазыбек бір түйіп қойыпты.
– Аспан мен жердің арасы қаншалық жол? - деп "бүкір" хонтайшы қыңырая қадалыпты.
– Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім, ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін, -деп Қазекең тағы бір қайырып тастапты.
– Батыс пен шығыстың арасы қаншалық жер? - деп кірпіше жиырылған хонтайшы кіржие қалыпты.
– Небәрі күншілік жер ғана. Олай дейтінім, азанда шығыстан атқан күн ымыртта бағысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп ұясында қалжырап жатады. Ал кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты естіген емеспін, - деп соңғы рет кесіп түскенде, хонтайшы үн-түнсіз шығып жүре беріпті.
Содан көп кешікпей келіссөз басталып кеткен ғой.
"Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз"... деп басталатын атақты дауын Қаз дауысты Қазыбек бабамыз дәл осы сапарында айтуы да мүмкін деген пікірді қостағымыз бар. Не десек те, осы елшілік екі елдің арасындағы дау-жанжалды бейбіт жолмен тындырып, бітім тапқызып, екі елдің жер шебін белгілетсе керек.
Ойрат пен қазақ бітімінен кейін тұтқын алмастыру болған ғой. Сол кезеңнің тағы бір үлгілі аңызына құлақ түрейік.
Сол жолғы сапарынан туған жерге оралып келе жатқан Қазыбек шағын тобымен жол-жөнекей Қоңырат руының бір жігітінің үйіне қонып қалыпты.
Қонақжай қазақ дәстүрімен қолын қусырып қойын сойып, құрақ ұшып қымызын ұсынған үй иесінің жүзі сынық, көңілі күпті көрінген ғой. Қонақтар әліптің артын бағып, суырыла сөйлеп, сұғына қоймапты. Ет пісіп, табаққа түсіп қонақтар алдына келіп те қалады. Сыйлы меймандардың мүшелі сыбағасын турап берген жігіт енді бір табақ етті майдалап кесіп, құрулы тұрған шымылдықты түріп қалып, ағаш төсекте жатқан иттің алдына апарып қойыпты. Қонақтар аң-таң боп, үнсіз отыра берген ғой. Жігіт сыртқа шығып кетіп, үй қасындағы үйшіктен үсті-басы алба-жұлба, мойнына дорба салған, шашы ұйысқан, бет-аузы тырысқан, көзі кіртиген, өңі оңған бір әйелді ертіп кіріп, итаяқтағы сүйек-саяқты алдына итере салыпты.
Қазекең тіксініп қалып, қолын майлыққа сүртіп, кейін шегініп арқасын жүкаяққа сүйеп, қасын қиғаштай кере үй иесіне шаншылып қарапты. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, қолын кеудесіне төсеп, бас иіп, хикаясын бастап кетіпті.
Сөйтсе, келіншек жігіттің қыздай айттырып алған әйелі екен. Содан бірер жыл бұрынғы ойрат шабуылында қолды боп кетіпті. Қазақ-ойрат бітімінен кейін келіншегін іздеп барған жігітті некелі жары кеудеден итерген ғой, Тұтқында жүріп тұрмыс құрған ойрат күйеуіне әбден бауыр басып алған бәтшағар шіркін бұрынғы қазақ отағасына пысқырып та қарамай қойыпты. "Қолға түскендерді тегіс қайтару керек" дейтін хонтайшы әміріне бас иген ойраттың жігіті: "Көнсе, алып кете бер!" деп мәрттік танытыпты. Әйелді иліктіре алмай әбден мысы құрыған жігіт: "Алыстан әдейі іздеп келіп ем, ең болмаса әудем жер шығарып сал" деп келіншекке жалынады. Амалсыз ілескен әйелді ұзап шыға беріп, мойнына қыл шылбырды тастап жіберіп, артына қағып салып, іліп ала жөнеледі. Ер жігіттің аты-қанаты.
Түнімен құйғытып, таң ата қазақтың жер шебіне жеттім деген мезетте артынан шаң көрінеді. Жарамды атпен қуып жеткен кең жауырынды ойрат күйеу екен. Анадайдан айқайлап, дабылды қағып қалады ғой. "Енді бұл әйелді жеңген алар. Кел, бауырым! Сенімен аянбай бір ойнайын!" деп қылышын ала ұмтылады. Жігіт те аттан қарғып түсіп, қарсысына шыға беріпті. Дәл сол кезде әйел жігіттің аяғынан шап беріп, екеулеп жерге алып ұрады. Ойраттың астына түсіп, өлгелі қалғанда күшігінен асыраған иті жауын жарып тастапты. Содан бері өмірін сақтап қалған итті қадірлеп, иттік жасаған әйелге итаяқтан ас беріп жүрген екен.
Қаз дауысты Қазыбек ұзақ ойланып отырып, бір кезде қоңыр қаздай қаңқыл дауысты көмейден төгіпті деседі:
– Жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлықтың қызыл тілді күрмейтінін білмей, сен жүректі білекпен жеңбек болыпсың. Құшағына өктемдікпен енбек болыпсың. Сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Одан соң бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңа болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Сонымен айыпты айып жусын да, ашуды ақыл қусын. Бұл әйел төркінін тапсын. Сен өзің өшпенділіктен босап, еркіндігіңді тап! - деп кесігін шорт кесіпті би бабамыз.
Тағы бір аңыз мынандай бір сыр шертеді.
Дәл осы бітім тұсында әлде келушілердің көзіне түсе қоймаған ба, әлде іздеушісі болмаған ба, қаршадай ғана қозышы қазақ баласы жылқының бас сүйегін құшақтап; "Толыбай сыншының баласы деп мені кім айтады, алдына қара салмаған тұлпардың басы деп сені кім айтады?" деп еңіреп отырған жерінен хонтайшы әлгіні шақыртып алады.
– Балам, сен тұлпарды танимысың? Онда мыналардың ішінен маған тұлпарды көрсетші, - деп мың-мыңдаған жылқысын айдап өткізеді.
– Тұлпар жоқ, тақсыр. Ылғи жабы жинапсыз, хан ием! - дейді бала.
– Онда сен маған елімнен тұлпар тауып бересің. Таппасаң, басыңды мен шауып берем! - деп хонтайшы баланың қасына кісілерін қосып, хандығын аралатып жібереді.
Апта жүреді, ай жүреді - тұлпар кездеспейді. "Ханға не деп жауап берем?" деп алаңдап келе жатқан баланың көзі өзенде ағып бара жатқан жылқының тезегіне түсіп кетеді ғой. Қуанған бала: "Тап анау тұлпардың тезегі!" деп айғайлап жіберіпті. Өзенді өрлеп, құйғыта жөнелген бұлар су жағасында дамылдап жатқан саудагерлерге кездеседі. Баланың көзі сал сүйек, көтерем, арқасы жауыр атқа түскен бойда айрылмай қалғанын көріп, қасындағылар әлгіні бір бедеуге айырбастап алады.
Көтеремді жетектеп хонтайшыға әкеліп көрсетеді ғой.
– Тулақтан тұлпар іздеген бұл ақымақ па, малшыдан сыншы іздеген мен ақымақ па? -деп хонтайшы арық атқа осқырына қарапты.
– Тақсыр, біздің елде "ерді кебенек ішінде таны, түйені жүк астында көр, тұлпарды бәйгеде сына" деген мақал бар. "Жылқы жануарды күніне мінсе - есек, айында мінсе - ат, жылында мінсе - тұлпар" деген емес пе. Сіз бұған он қысыр биеден үйір салып беріңіз. Жылында кезегімен біреуін сойып көріп, тұлпардың толған уағын өзіңізге айтып берем, -дейді бала.
Содан әлгі көтеремді үйірге салып, жайлауға айдап кетіпті.
Жылда бір биені сойып байқап жүрсе, жетінші жылғы сойылғанының жілік майы ақ кемік болған көрінеді дейді. Тұлпардың мүддеге толғанын білген сыншы енді оны баптап, суытуға кіріседі. Сымға тартқан күмістей болған тұлпарды бәйгеге қоспақ болады. Хан бұйрығымен бүкіл елден арғымақтар жиналып, күншілік жерге жіберіледі ғой. Ә дегенде тұлпар қиқақтап шаба алмай, жарысқа қосқан сәйгүліктердің ең соңыңда қалып қойыпты дейді. Анау да, мынау да мазақтап ағызып өтеді екен. Бір кезде өз-өзінен еліріп, өршіген ат сәске түсте алдында замғап бара жатқан арғымақтардың бәрін көктей өтіп, күн қыза хонтайшының алдына қара үзіп жетіп барған ғой.
– Аз да болса дәмдес, тұздас болып ем, сау бол, хан ие. Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деген. Арманым бір тұлпар еді, міне сұңқар боп еліме ұшып барам, - деп бала жігіт батысты бетке алып, тартып беріпті деседі.
Бұл шақта Толыбай сыншы құсадан жатып қалған екен. Күншілік жерден тұлпардың дүбірін естіп, орнынан атып тұрған көрінеді.
– Тұлпар дүбірі жетіп тұр, қашып шыққан ұлым болар-ау осы!.. Хас тұлпар басын тасқа соқпай тоқтамаушы еді, амалдап баланы түсіріп алайық, - деп Толыбай сыншы арқан кергізіп, кілем төсетіп қойыпты ғой. Әлгі керілген арқан баланы тұлпардың арқасынан сыпырып қалып, кілемнің үстіне топ еткізіп түсіріпті дейді. Құйғытқаннан құйғытқан тұлпар басын тасқа соғып, мең-зең боп, Жиделі Байсынға жетіп бір-ақ тоқтаған ғой. Ол жақтағы жұрт оған дейін жылқы тұқымын көрмеген екен деседі аңызда. Бір қария әлгі тұлпарға қарап тұрып: "Бұл өзі төрт тұяғы болат жылқы деген мал екен, жүрген жері жаугершілік пәле екен. Құтырғаннан құтылған абзал" деп жануарды атқызып тастапты деп аяқталады аңыз.
Халық тағдырының қиын-қыстау шағында, ел өмірінің аса қиын кезеңінде шұғыл жасалатын құбылыстар - төңкерістер, өзгерістер, реформалар әр заманда сол халықты билеген әкімнің, басшының пәрменді әрекетімен тікелей байланысты болған. Осы тұста біз өз қазақ жұртының болашағын, туған халқының тарихтан өшіп кетпеуін тілеген Тәукенің, ел аузында құрметпен әз Тәуке аталған ұлы ханның еңбегін ерекше атап кеткеніміз жөн. Ол хандық құрған (1680-1718) тұстың бас кезінде бір орталыққа бағынған бұрынғы дербес қазақ мемлекетінің тұтастығына сызат түсе бастаған еді. Шыңғыс хан тұқымынан тараған төрелер елді іштен ірітсе, сырттан теріскей көршісі Ресей патшалығы мен шығысындағы Жоңғария хандығы қорқаулана қоршай түскен болатын. Бірінші Петр тұсында қатты дәуірлеген Ресей оңтүстік пен шығысқа құлашын кең созып, империясын барынша молайтуға жанталаса әрекет жасап жатқан кез еді ол. Дәл осы кезеңде қазақ жұртының іргесінен дамылсыз шаң боратып, шабуылы мен шаңдуылын үдетіп Жоңғар феодалдық-фашистік хандығы қатты бел алып тұрған-ды. Ол аздай-ақ Бұқар мен Хиуа хандықтары, төменгі қалмақтар мен башқұрттар "түрт шайтанды!" қоздырып қойып, саяқ шыққан қазақтың мал мен жанын қылғып жұтып, құнығып алған еді.
Сондықтан да әз Тәуке шығысындағы ойраттардан төнген қауіптің алдын алу үшін батысындағы орыс патшалығымен барлық қарым-қатынасты түзеуге мейлінше күш салған. Сауда-саттық, елші алмастыру, дипломатиялық байланыстарды жандандыруда Тәукенің қызметі өте мол. Және де оның қазақ хандығын бас сауғалаған кіріптар күйде ұсынбай, іргелі ел, темірқазықты мемлекет дәрежесінде қабылдатып, батыс-шығыс көршілерімен иығын теңестіріп, терезесін тең ұстап сөйлеуді дәстүрге айналдырғаны көптеген архивтік құжаттардан белгілі. Болжағыштығы мен көрегендігі қауіп-қатердің алдын алғызып, қазақ жұртына төне бастаған зобалаңның бұлты мен түтінін бұрып жібертіп отырғаны да тарихтан мәлім.
Әз Тәукені сыртқы басқыншылардан да гөрі әсіресе ішкі алауыздық қатты қобалжытқан ғой. Содан да ол осы бас араздық, ру таласы, іштей арбасу, аяқтан шалу, шоқ тастап өрт тұтату, үй арасының шаңын қоюлататын дау-жанжал, ұйқыны алып, шырық бұзатын барымта, сырымталарды азайту, тежеу, өшіру үшін хандықтың ішкі жағдайына ерекше назар аударып, мемлекетінің күш-қуатын арттыруды алдына үлкен мақсат қып қойған-ды. Сол мақсаттың түп қазығы - Ұлы жүзде билік құрған Үйсін Төле бидің, Орта жүзде әділ қазылық жасаған Қаз дауысты Қазыбектің, Кіші жүзде әділеттік жүргізген Алшын Әйтеке бидің қатысуымен дүниеге келген "Жеті жарғы" еді. Қазақ даласының ереже-қағидаларының үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп-низамының, салт-дәстүрінің әсем жиынтығы - "Жеті жарғы" қазақ қоғамына біртұтастық беріп, ынтымақтық әкелді. Ауыл-үйдің берекесін қашыратын талас-тартысты азайтып, бірлікке үндеді. Күншілдік, бақталастық, қызғаншақтық сияқты күйдіргі дерттен айықтырып, шаруаға құлшындырып, еңбекке баулып, қарекет-тірлікке икемдеді. Ел басы қосылып, ер қосы көркейіп, ел жасы азамат аталып, ұлдан ұлан өсіп, ұлт қадірленіп, халық өз қасиетін таба бастап еді. Әрине іргелі елдің ірілігі бірден келе қойған жоқ-ты. Ол екі тізгін бір шылбырдың қарулы қолға тигендігінің арқасында болған-ды. Ол тізгін - Тәуке хан меңгерген хандық билік еді. Ол тізгін - Тәуке хан маңайына топтасқан үстем тап өктемдігі де еді. Ол тізгін - бүкіл халықтық әдет-ғұрыпты, тәртіп-низамды қамтамасыз ететін һәм қорғайтын бірден-бір дала заң-жосығының жинағы еді. Ол тізгін - елдің елдігін, халықтың бірлігін сақтап, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін кеудесін оққа төсеп, жанын құрбандыққа шалатын ерлік пен жанкештілікке апаратын, арды шындап, намысты қайрайтын Адалдық пен Әділет нұсқалары еді.
Әлбетте "Жеті жарғыдай" заң нормалары тақыр жерден өздігінен туа салмайды. Осы жарғының негізіне Тәуке хан "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы" деп аталатын байырғы қазақ хандарының мемлекетті басқару мен халықты билеудің қалыптасқан жосықтары мен низамдарын алғызған ғой. Ал сол кезеңнің үш данасы атанған, үш кемеңгері деп танылған, халқының үш көсеміне айналған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер сайын сахараның сол замандағы тұрмыс тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаңғыртып қайта жасаған ғой. Сондықтан да бұл жарғы "Тәуке хан заңдары" деп те аталады. Сондықтан да бұл жарғы "Төленің жеті жарғысы", "Қазыбектің жеті жарғысы", "Әйтекенің жеті жарғысы" деп те аталады. Ендеше біз енді "Қазыбектің жеті жарғысында" қандай жосындар болған еді дейтін оқырман сұрақтарына қолымыздан келгенше жауап іздеп көрелік.
Қарағанды облысында шығатын "Қарқаралы" журналының бірінші санында: "Көне түрік тілінде "жарғы" деген сөздің "жарлық" деген тұлғада айтылып, қазақ тіліндегі "әмір, билік, заң" деген мағына беретінін, ал бүгінде баршаға жақсы мәлім "Кодекс Куманикусте" "жарғы" сөзі "дау, айтыс, тартыс", "әмір", "әдет-ғұрып заңы" ұғымын білдіретінін, оларға жер дауы, құн дауы, барымта, айып-жаза, алым-салық және басқалар енетінін еске алып, бажайлар болсақ, "жеті жарғы" деген сөздің жеті салада, жеті бағыт-бағдарда, жеті бап - пункт бойынша сараланған жарлық-әмір, байлам-тоқтам деген ұғым болса керек". (14-бет). Әдемі айтылған, дәл айқындалған тұжырым. Әдет-ғұрып нормалары елдің жер-суын, қоныс-құдығын бөлуде, малының ен-таңбасын анықтауда, әртүрлі дау-жанжалды шешуде жоба-нұсқаға айналып, құн мен айып төлеудің жайы мен мөлшерін белгілеуді де ретке келтірген еді.
"Қазыбектің жеті жарғысының" өзінен бұрынғы жарлықтардан бір өзгешелігі - қатал кесім, қанды өлімге тиым салғандығы. Әріден беріге қанды өткел салып, қарғыс зауалындай суық сұсты ажалын сүйреп жеткен "қанға-қан, жанға-жан" дейтін тоқтам-байламды барынша жеңілдетіп, енді құн төлеу сияқты жаза, кесік түрлерін далалық правоға енгізген болатын.
Ел аузындағы аңыздарға сүйеніп, халықтық дастандарға жүгінсек, онда Қазыбек, Төле, Әйтеке түзген "Жеті жарғының" ұзын-ырғасы төмендегі жосындарды қамтитын болған тәрізді.
Бірінші һәм негізгі сала - жер дауы. Қыс қыстау, жаз жайлау, қоныс, құдық - мал баққан елдің атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі. Өйткені жер - атамекен, кіндік жұрт, отан. Жер-тіршілік етер ортасы, баба моласы, кіндік байлар қасиетті тұрағы. Сондықтан көшпелілер үшін жерден киелі ештеңе жоқ. Жер дауынан қиын дау да жоқ.
Екінші сала - үй ішілік тірліктегі сыйластық, байланыстылық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, үлкен мен кіші арасындағы сыпайыгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбиелеу, баулу сияқты инабаттылық, имандылық шаралары. Өйткені, "баланы жастан" дейтін қағиданы қатты ұстанған халқымыз ұл-қызын ибалылыққа үйретіп, имандылық қасиетке икемдеп отырған ғой.
Үшінші тармақ ұрлық пен қарлыққа, барымта мен сырымтаға кедергі қойып, бұқараны адалдыққа шақырып, еңбекпен күнелтуге бейімдеген заңдар тізбегін қамтиды. "Арам жемейік, адал өлейік" дейтін пікір сол кезде қалыптасса керек.
Жарғының төртінші бабы ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Ынтымақтық тілеген ел дауды білекпен емес білікпен тындыруды көздегені ақиқат. Өйткені Қазыбек би өмірі - соның ақиқат куәсі. Сондықтан бұл тармақтың қазақ даласы үшін де, қазақ баласы үшін де мәні зор екені даусыз.
Бесінші бунақ-бап ел бірлігін сақтау, отанын қорғау, сыртқы жауға тойтарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау, сауын айту тәрізді жаугершілік кезіндегі мемлекеттік ірі оқиғаларды қамтыған ереже-қағидалар шоғырын түзсе керек.
Алтыншы тармақ түгелдей құн дауына бағышталған. "Қанды кек", "қанды мойын құныкер", "ежелгі дұшпан", "ескі жау" ұғымдары қалыптастырған қаталдық пен қатыгездікті жұмсартып, қазақтың онсызда оңай желпілдегіш түндігіне одан сайын жел үрлемей, жаттан емес жақыннан жау тапқызатын қатқылдықты иітуге барын салған үш бидің, соның ішінде Қаз дауысты Қазыбектің де мәмлегер даналығы бар бұл тармақта. Өлімді өліммен көбейтпей, ізгілік тілекпен Өмірді арашалаған, Өмірді қорғаған бұл жосынның маңызы да ерекше.
Тағы да дәлелге жүгінейік. Қасым мен Есім хандардың әдет-ғұрып заңдары бойынша кісі өлтірген айыпкердің шаңырағы ортасына түсіріліп, қара орманы бүлдіргісіне дейін түк қалынбай түгел таланып, өзі өлім жазасына бұйырылатын болған. Ал, "Жеті жарғыда" бұл даудың жазасы әжептәуір жеңілдене түскен. "Қанға - қан" жойылып, енді құн төленіп, айып кесілетін болған. Және ол айып - жеті айып аталған. Олар мыналар:
Бірінші айып - "қара қазан" төлеу. Қара қазан төлеуі - айыпкердің шаңырағының ортасына түскенінің белгісі.
Екінші айып - "қара нар беру". Сол қара нар мен өлген кісі атақты адам болса Түркістанға апарылып қойылатын болған.
Үшінші айып - "қара мылтық алу". Қара мылтықты алу - қылмыскердің күшін алуы, қаруын жоюы. Бұдан кейін ол өлгенмен тең болмақ-мыс.
Төртінші айып - "қара шолақ бие жетектету". Қара шолақ бие жетектету айыпкердің ырысының шайқалуының анық нышанына баланған.
Бесінші айып - "қара кілем ұстату". Қара кілем ұстату - тұралағандықтың көрінісі саналған.
Алтыншы айып - "жетім беру". Ол көңілде кірбіңдік қалмасын, аралас-құраластық басталсынды мезгеген.
Жетінші айып - "жесір бастаған тоғыз жөнелту". Ол - қан-жыны араласып, ағайынның қылшықсыз табысуының басы деп есептелген.
Әрине бұл жерде мен айыптың шешімінің бәрін қолмен қойғандай етіп шегелеп айттым деуден аулақпын. Өзіме жеткен қисындардан түйіндеген жобамды ғана ұсынып отырмын. Өзгелердің дәлелмен өзгерткен басқа нұсқалары бар болса, оған да қарсылығым жоқ.
Енді "Жеті жарғының" ең соңғы жетінші тармағына көшелік. Бұл тармақ тұтастай жесір дауынан құралады. Әрине ол тұста ру мен руды, ауыл мен ауылды әрі біріктіретін де, әрі бөлектейтін де жесір дауы болғаны рас. Құда боп төс түйістіріп, көңіл қосып, құшақ табыстырған қазақ осы қыз дауы, жесір дауы арқылы аттан-айқайға басып, сойыл-шоқпарға жармасып, барымта-сырымтаға аттанып, оқ боратып, шаң суырып, бас жарып, білек сындырып, қан ағызып, көз шығарып алыс-жұлысқа да, төбелес-ұрысқа да, сойқан соғысқа да барып қалатын. Сол себепті де ең бір осал түс, өкпе сызы көп, айқай-жанжалы мол, ұрыс-керісі орасан осы жесір дауына үш бидің - Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің "Жеті жарғысы" қатты көңіл бөлген көрінеді.
Бір ғана мысал.
Айттырған жеріне бармай, өзге жігітпен көңіл қосып кеткен бойжеткеннің төркіні алған қалың малын қайтарып қана қоймай, қосымша үш тоғыз айып (біріншісі жамбы бастаған тоғыз, екіншісі ат бастаған тоғыз, үшіншісі түйе бастаған тоғыз) төлейтін болған. Әрине бұл өте ауыр айып, қиын айып. Бірақ бүтін елдің бүлінбеуін, тату ағайын арасының ірімеуін, шырық бұзар шабуыл, шандуылдың шықпауын түгендеген қатал ұйғарым. Сонысымен де құнды.
Әз Тәукенің тұсында әдеп-ғұрып заңдарын жасап және соны үш жүздегі үш бидің -Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің жүзеге асыруымен қазақ хандығы біршама бейбіт өмір сүрген еді.
Бұл кезде он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегінде, Қазыбек Ұлытауды жайлап, осы төңірекке топтасқан Арғындарға ықпал етіп отырған. Шын мәніндегі осынау кемеңгердің Тәуке өлгеннен кейін тақта отырған (1719-1828) Тәукенің ұлы ынжық, дімкәс, әлжуаз Болат ханның нашарлығынан үшке бөлініп кеткен елді ақтабан шұбырындыға ұшыратып, атадан ұлды, анадан қызды айырылтып, қайғылы күйді күңірентіп жеткізген Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ жұртын қайта көтерудегі еңбегін баса көрсету ләзім. Әсіресе жиырмасыншы жылдардың орта шенінде Орта жүз бен Кіші жүздің ауылдарын қысы-жазы аралап елді бірлікке, ұлдарын ерлікке, бай-билерін бірауыздылыққа шақырып, азаттық аңсаған халықтың, қонысын жоқтаған босқын жұрттың тәуелсіздігін әперіп, атамекенін құтқаруды үндеп сауын айтқан Қаз дауысты Қазыбек бидің ат үстінен түспей, алты малтаны қорек қып, Сарыарқаның сарқыраған суына шомылуға да мұршасы болмай, түнгі шығына омырауын төсеп, күндізгі мұнарына бетін шайып, кең даланың кер бетегесін сырлас етіп алғанын аңыздан да білеміз, құжаттардан да кездестіреміз.
Қаз дауысты Қазыбектің елінің еркіндігі, ұлтының тәуелсіздігі, азаматының азаттығы деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жылдар бойы түн жортқан жолаушы болып жүріп, 1731 жылғы Ресей патшалығының қол астына бодан боп кірген Әбілқайыр хан тіршілігін қолдағанынан да хабардармыз. Ол ол ма, 1741 жылы Орск қамалына барып сенатор Иван Неплюевтің алдында императрица Елизавета Петровнаға ант бермекші болған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға қатты ықпал етіп, Арғын руының атынан ант беруге қосылатындарын білдіріп хат жазып беріп, өз өкілін жөнелткенін де көне жазбалардан оқығанымызды растаймыз. Сонда қалай? Азаттық аңсаған Қазыбек, халқының еркіндігін көксеп, ұлтының тәуелсіздігін армандаған Қазыбек, кіріптарлықты адам бойындағы ең бір ауыр азап деп сезінген батагөй қария құлдық құрығын, отаршылдық бұғауын, теңсіздік қамытын өз қазағының мойнына өзі салып беруге құлшынған ба дейтін сұр жыландай сумаңдаған сұрақтардың тірілетінін де білем.
Бірақ сол кезеңнің шындығына сүңгіп шыққанда ғана, кереғар заманның ақиқатына бойлаған шақта ғана Қазыбек сияқты кемеңгер, сұңғыла әрі алдағысына ой көзін жіті жеткізе алатын данышпан адамның жан дүниесіне енуге болады.
Қаз дауысты Қазыбек хандыққа таласқан Әбілхайыр, Барақ, Әбілмәмбет, Батыр сияқты хан, сұлтандардың әрекеті елді іштен іріткенін көрген еді. Ойрат, қалмақ, башқұрт шабуылы аз болғандай ендігі қауіп қара құрттай қаптаған шүршіттен төне бастағанын сезген еді ол. Қазақ халқы тарихтан біржола өшіп, жоғалып, құрып кету қаупі туғанын болжаған дана қарт қайткен күнде де елді сақтап қалудың амалын іздеген еді. Сондағысы -Ресей империясына еріксіз қол қусыру еді. Сондағысы - еркін халықтың тәуелсіздігін құрбандыққа шалу еді. Сондағысы - мойнына отаршылдық қамытын кию еді. Бірақ азаттық аңсаған халық та, би де сол кезде де демократиялық мұжық Ресейдің де бар екенін ұғынса керек. Ізгілікті де, қайырымдылықты да келешектен күткен Қазыбек сынды халық ұлдары тәуелсіздігін жойса да, Ресейге қосылып, дербес елін, кең-байтақ жерін, үлгілі ұлтын, шұрайлы тілін, озық мәдениетін сақтап қалуға тырысқан еді.
Қаракесек Қазыбек би Арқадағы Орта жүздің ұлы биі боп тұрып Сәмеке хан тұсында да, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан тұсында да әділет туын бір жықпай келген ғой. Әрине сүйегі қара болғанмен ниеті түзу, айбыны асқақ, беделі зор, аузы уәлі, мерейі үстем, алды кең, абыройы артық адамды төре тұқымы онша жаратпайтыны белгілі. Дәлелге құрық созайық.
1741 жылғы жаздағы қазақпен ойрат арасындағы соғысқа байланысты Қаз дауысты Қазыбек Орскідегі ант беру рәсіміне өзі қатынаса алмаса да, Орта жүздің төбе биі ретінде ант берудің қажеттігін түсіндіріп Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға хат жазып беріп, өз өкілін жөнелткенін жоғарыда айтқанбыз. Алайда сол хат Орынбор экспедициясының (Комиссиясының) бастығы Иван Неплюевке жетпепті. Қазыбектің жіберген адамдарының бір де біреуі Орскіге қарай өтпепті. Себеп не сонда? Себеп ат-атағы үш жүзге мәшһүр майталман шешеннің ат-есімі орыстың зор мәртебелі сарайларында көп естіле бермесін дейтін қарамыз бен төреміздің қанына сіңген күншілдік. Онсыз да алды-артын әділ төрелігімен, ақиқат шындығымен, бұлтартпас туралығымен орап кетіп отыратын беделді биге қарсы төрелер мен шоралар: "шеттете берейік, ығыстыра түсейік, қақпайлап жуытпайық" тәріздес қызғаншақ ой, күндес қыжыл, өзімшіл мүддені омыраулата ұстанған ғой. Ал өздеріне қажет кезде, Қазыбектің атақ-абыройын пайдаланып, дау-дамайды тезірек бітіруге асыққан кезде биді Әбілмәмбет хан да, Абылай сұлтан да ат сабылтып іздеп келіп, жәрдем сұрап, қол жайып, қолқа салып жатады екен. Сөзімізді тағы да дәлелдеп тұздықтайық. 1734 жылы Сәмеке хан өлген соң, соның орнына Орта жүзге хан сайланған Әбілмәмбет Түркістан шаһарында тұрып жатқан. 1761 жылы аяқ астынан хан ордасының түндігін жел үрлеп, түтінін түзу ұшырмаған бір келеңсіз оқиға туындап қалып еді. Сәмекенің Есім атты баласы осы Түркістан қаласының түстігінде тұрақтап қалып, ата тағынан дәмелі ме, кей-кейде немере ағасына көз алартып қойып, сыныққа сылтау іздеп, сызданып жүреді екен. Іздегенге сұраған дәл сол жылы Әбілмәмбет хан Түркістан жұртшылығына салықты әдеттегіден еселеп көбейтіп салып жібермей ме. Кент тұрғындары ауыр салықты қалай төлерін білмей, азуларын егеп жүргенде, қолтықтарына дым бүріккен Есім сұлтан әлгілерді ханға қарсы айдап салып, Әбілмәмбетті Түркістаннан қуғызып тастайды. Содан Әбілмәмбет хан Арғын ішіндегі Алтай-Қарпықтағы ұлы Әбілфәйіз сұлтан мен Қаракесектегі Қазыбекті сағалап келіп, Арқада қыстап қалады. 1762 жылы көктем туа Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан бастаған Орта жүздің игі жақсылары Қаракесек ұлысына, Қазыбек ауылына түсіп, ұлы бидің қазылығына жүгінеді. Ел қамын өз басынан артық ойлаған, ел бірлігін өмірлік мақсұт тұтқан Қаз дауысты Қазыбек Түркістан шаһары мен оның төңірегін Әбілмәмбет хан мен Есім сұлтанға әділдікпен бөліп беріп, қазақ даласында ушыққан үлкен дауды әдемі шешіп, қарсыластарды бітістірген көрінеді.
Әрине адам болған соң әркімде де пенделік, күйкілік, шаруақор ұсақтық, пайдакүнемдік, іштарлық болуы әбден ықтимал. Бірақ Қаз дауысты Қазыбек би туралы ондаған жылдар бойы тапқан құжаттарымда, кездестірген деректерімде, естіген аңыз-әңгімелерімде ұлы бабамыздың пендешілік күйге құлдырамай, әманда азаматтық, адамдық биік тұғырда тұрғанына көзіміз жетумен келеді. Дәл осындай шынайы адамгершілік, мөлдір тазалық, имандылық қасиет Қазыбек замандастарының көпшілігінің бойынан сирек табылатын. Мен өзім саясаткерлігіне, көрегендігіне, қайсарлығына, табандылығына мықтап табынатын Абылай ханның да пенделік көрсетіп алған, ұсақтық күйкілікке құлдилаған келеңсіз сәттерін жазба деректерден оқыған кездерде жүрегіме шаншу қадалатын. Адамгершілік пен пәктіктің биігінде тұру көрінгеннің қолынан келе бермеген ғой.
Осы орайда тағы да дәлелді көлденең тартайық.
1741 жылы маусым-шілде айында Жоңғария қолбасшысы Сары-манжы бастаған отыз мың ойрат шерігі Орта жүз иелігіне шабуыл жасап, қазақтың біраз ауылын шауып кеткен еді. (Кейбір оқиғалардың әлдебір мөлшерлі уақытта айналып соғып отыратынына кездейсоқтық демей, мән бере қарайтын болсақ, Ұлы Отан соғысының 1941 жылғы маусым айында басталуында біз әлі айқындай қоймаған сабақтастық болуы әбден мүмкін-ау). Дәл осы жолғы шайқаста жасынан қан майданға түсіп, батырлық дәрежеге дейін көтерілген Абылай сұлтан жекпе-жекте ойрат ханы Қалдан-Цереннің Шарыш атты баласын өлтіреді. Бірақ өзі қолға түсіп қалады. Кей деректер бойынша Жоңғария хонтайшысының: "Баламды өлтірген сұлтанды байлап бермесеңдер, тұқымдарыңды тұздай құртып, үрім-бұтағыңнан түк қалдырмаймын, қазақ!" дейтін әмір-бұйрығымен билер кеңесі Абылайды аңда жүргенде ойраттарға ұстатып жіберіпті-мыс. Бір шындығы: 1741 жылы Абылай сұлтанның Қалдан-Цереннің қолына тұтқын боп түсіп, екі жыл бойы аяқ-қолы кісенделіп, зынданда отыруы.
Қашаннан өз мұңынан ел қамын жоғары қойған, халық мұңын ойлаудан бір жалықпаған Қаз дауысты Қазыбек Абылай сұлтанның ерекше алғырлығын, терең айлакерлігін, болжағыш көрегендігін, ұстамды мінезін, етінің тірілігін, икемді саясаткерлігін, сұлтандар ішінде халық мүддесі, ел бірлігі дейтін қасиетке көбірек илігетінін сезіп, қайткен күнде де оны тұтқыннан босатып алуға тырысады. Содан да болар 1742 жылдың ерте көктемінде Қаракесек Қазыбек би өз жүрек әмірімен хонтайшыға екінші рет барған екен (Мүмкін бұл - оның үшінші сапары да болар).
Әрине Қалдан-Церен атақты қазақ биін қанша сыйлағанымен, кемеңгерлігіне қаншама бас игенімен, қазақ даласының тұтқасы мен қазығына айналып келе жатқан, қазақ мемлекетінің, сұлтан атауы қалмаса да, болашақ ұлы ханы болар Абылайды оп-оңай өңгертіп жібере қоймас та еді. Бір сөзге тоқтап, бір сөзден жеңіліп, бас шұлғып, қол қусырып, ат-шапан айып төлеп қала беретін ауыл-үйдің дауы да емес еді ол. Екі елдің арасындағы тіпті Ресей, Қытай, Бұқар, Хиуаларды қоссақ, әлденеше елдердің арасындағы шиеленіскен әртүрлі сақтағы мәселелерді қамтыған қиын түйін еді ол. Содан да болар Сары-манжы бастаған қалың қолын тағы да тастүйін етіп дайындап отырған Қалдан-Церен айылын жия қояр ма, ауыздықты шайнап, сыңарезуге басады ғой. Сондағы тілегі: Әбілқайыр, Әбілмәмбет хандар, Батыр, Барақ сұлтандар, Жәнібек бастаған батырлар, барлығы қазақтың он атақты адамы кепілдікке бір-бір баладан шығарып, "ақ үйлі аманат" берсін. Оның үстіне қазақ хандығы Ресей боданынан кетіп, Жоңғария үстемдігіне бас иетін болсын. Осы шарттар орындалар болса, екі елдің арасындағы жаугершілік тоқтатылып, ағайынгершілік жобамен алыс-беріс басталады. Абылай сұлтан да, басқа тұтқындар да өздеріне лайықты сый-сияпатымен еліне қайтады. Ойраттардың иелігіне өткен қазақтардың ежелгі астанасы - Түркістан шаһары және оның төңірегіндегі отыз екі қала қоса қайтарылып, қазақтардың емін-еркін көшіп-қонуына жер бөлінеді тәрізді "жақсылықтардың" төбесін де қылтитып қояды.
Қазыбек әкелген бұл хабар қазақтарға да, орыс патшалығына да онша жайлы тимеген еді. Қазақтар, оның ішінде Орта жүз бен Кіші жүз бұл кезде ресми түрде Ресей қоластында болатын. Хонтайшыға "ақ үйлі аманат" беретін болса, онда Ресей мемлекетінен ат құйрығын үзуі қажет. Өз ішінің алауыздығынан жылына әлденеше рет құбылып отыратын Жоңғария хандығының өзгермелі саясаты қазақ халқы үшін қолайлы болмайтыны аян. Ал тізеге салып отырған ойрат өктемдігіне көнбейін десе дәл сол 1742 жылдың жазында Түркістанның нақ іргесіне төніп келіп тоқтаған қолбасшы Сары-манжының екі түмен қолының ызғарлы сұсын немен қайтарар? Қайтара алар ма?
Ал Ресей империясы қос басты самұрығының шеңгеліне өзі келіп түскен қазақ хандығынан қарап отырып қалай оңайлықпен айрылып қалсын. Өйткені Петр патшаның сөзімен айтсақ "қазақ даласы - күн нұрына мейлінше шомылған орталық Азия елдеріне барар жолдың кілті мен қақпасы" емес пе? Ендеше орыстар кілтті өз қолынан беріп, қақпаны өз еркімен сарт жапқызбақ па? Жапқызбайды! Ендеше тездетіп шұғыл әрекетке көшу керек!
Сол-ақ екен Сыртқы істер Коллегиясының жарлығымен Орынбор комиссиясының бастығы Иван Неплюев Пенза гарнизонының жаяу әскер полкінің майоры Карл Миллерді Жоңғарияның хонтайшысы Қалдан-Церенге, поручик Гладышевті Әбілқайыр ханға, тілмаш Уразалинді (әлде Оразалинді) Әбілмәмбет ханға жедел жөнелтеді.
Карл Миллер арқылы Орынбор комиссиясы Қалдан-Цереннен "Қазақтың Орта жүзі мен Кіші жүзі Ресей боданындағы ел" екендігі, "сондықтан бұл елге көз аларта беруін тоқтатуды, өйтпеген жағдайда Ресей патшалығымен түс шайысып қаларын, сол себепті тұтқындарды қайтаруды, ең алдымен Абылай сұлтанды босатуды, сонда қазақтар да ойрат тұтқындарды алмастыратынын" нықтап айтып, мықтап талап еткен еді.
Ал Гладышев пен Уразалин қазақ хандарына: "Тырп етуші болмаңдар! Сендер бізге сүйеніңдер. Жоңғар хонтайшысына аманат берем деп ауыздарың қышымасын!" деген зілді жеткізген болатын.
Бірақ саясат араласқан жерде әртүрлі айла-әрекет қоса жүретіні белгілі ғой. Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтан балаларын Қалдан-Церенге "ақ үйлі аманат" қып беріп, екінші жағынан орыс елшілігінің қатаң талабының әсері де болып, Абылай сұлтан 1743 жылы елге оралған. Түркістан бастаған отыз үш қазақ қаласы қайтарылып берілген. Әбілмәмбет Түркістан шаһарындағы ежелгі хан ордасына көшіп алған. Сарыарқада хан болмаса да, хан билігін жүргізіп Абылай сұлтан дәуірлеген.
Шау тартып қалған Қаз дауысты Қазыбек ас беріп, ат шаптырған тойға да қатыспай, қор мен зорды тең тұтар билігін айтқызу үшін іздеп келер қарапайым жан мен қаһарлы хан шыққанша, қазақ жерінің жоңғарлардан біртіндеп босануына қарай алдымен Ұлытауды жайлап, одан соң Есілдің бас жағындағы Ерейментау маңындағы Долбыны мекендеп, кейіннен Семіз бұғы тауындағы Теректінің бойында тұрақтап, жүріп жатқан. Әрине биді біз тыныш ұйқы, уайымсыз күй кеше қойды дей алмаймыз... Ақылы кең, азбайтын аға іздеп сандалған жұртты көріп бір қиналса, тозбайтын ақ кіреуке жаға таппай сенделген шерменділерді кездестіріп және күйзелетін. Наданға сөзін ұққыза алмай, жаманға түскен күйіне опынып, әркімді бір сағалаған есепшіл жылпостардан жаны түңіліп кей-кейде үйінен ұзап шықпай, ақ ордасында ұзақ жатып қалатын. Бидің сондай бір оңаша күйзелуін, оңаша күңіренуін мен "Елім-ай" романында былай деп көрсетпек болыппын.
"...Дүние - толқын. Лықсып туып, ығысып шегінеді. Адам-лек, ұрпақ-лек ауысып жатады. Сонда дейім-ау, осынау қонақ дәуреннің қас-қағым мәурітінде алысып-жұлысып, жағаласып-жауласып өткенде нені аңсайды, нені көксейді? Ырылдассын, иттессін, арылдасын, қасқырлансын, адамдығы неде? Қасиеті қандай? Қаскөйлегі ме? Ауызданғаны ақ уыз емес пе? Алғашқы естігені ана әлдиі мен бесік жыры ғой. Табалдырық аттасымен-ақ төбеге де жетпей төбелесе жөнелетіні қалай? Белдеуге қыстырған құрық пен құдыққа салған қауғаның кейде қан, кейде зәр ішкізетіні неліктен? Әлде әнімізден айтағымыз көбейіп, еміренуімізден ежіреюіміз асып түсіп жатқанын сезбей ме екенбіз?
...О, тоба! Осыны талайдан естідім. Өзегін өртеген өкініші-өзгені өлтіре алмағаны. Өзі әміре қапса да, өңгенің оза шауып, өрлеп кеткенін көре алмайды. Зар тілегі - зұлымдық. Ақсаққа тоқсақты қосып, мертікке шортықты жамай алмаған әлсіздігін аруақтың азғаны, тәңірдің тозғанына ғана балайды. Ит-ай! Қақ сойылдың сартылын, қара шоқпардың қақтығысын әні мен күйіндей сезініп, аттан мен ойбайға құдайы мен піріндей табынып, исініп, еміреніп сала бергенде, кіндікпен маталған құдірет - туған жердің ақ төсін ат тұяғымен езгілегенін білмейді-ау. Түсінбейді-ау! Әйтпесе мұңға бөккен көп кеуденің үнсіз ыңқылын бір арнаға жинаса, жер сілкініп, тау шайқалар ма еді?! Неге сезсін! Сезбеген соң әркім өз сырын өзгеден қымтап, өз қотырын жасырып қасып, басқаның қотырына тұз себуге құштар..."
Бәрібір әділдік деп соққан үлкен жүрек, адалдық, туралық деп құлшынған көпшіл көңіл алыстан арамдықтың ызыңы жетсе, зорлық-зомбылықтың сыбысы естілсе, қылмыс-қастандықтың дүбірі білінсе, биді еріксіз атқа қондырып, Әділет туын жалындатып, жалаулатып әлгілерге қарсы шығаратын.
1748 жылы 24 тамызда Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіріп, ел арасына іріткі салып, қобалжу енгізіп, тұтастыққа сына қаққан кезде дүниенің сөзін емес туралықтың сөзін сөйлеген Қазекең ала болған қисық жұмысты, қырсық жұмысты түзету үшін Барақ сұлтанның жолына жолбарыс боп кесе-көлденең тұра қалыпты. Бұл 1748 жылдың қыркүйек айында болған екен. Істерін істеп, тындырарын тындырып алған Барақ сұлтан Кіші жүз жұртшылығынан, Әбілқайыр балаларынан һәм орыс патшалығының ыңғайынан сескеніп, қол созса Орта жүздің Арғынына арқа сүйемек болып, оң қабақ берілмесе Жоңғария хонтайшысының қолтығына тығылмақшы боп жылжып келе жатқанда менменсінген ерлер мен тәңірімсінген хандарды талай рет алдына қойдай өңгерген Қаз дауысты Қазыбек қанды қақпандай сарт етіп қауып түскен ғой.
– Уай, Барақ! Ойланбай жасаған қылмысыңмен Орта жүзді ойсыратып кетер салмақ түсірдің сен. Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жаулығын бастадың сен. Бәрінен де бұрын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын босаттың. Ханыңды қарадай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың. Жауыздық қақпасын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал егер еліңді ығыр қылғың келмесе, жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды. Бірақ өлгеннің ісін жалғастырып, өшкеннің отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды. Жайлауымды өрт, жұртымды дерт шалмасын десең, Әбілқайырдың Орынбордағы ұлы Айшуақ сұлтанды ауыстырып, орнына аманатқа өз ұлыңды бер де, қаның мен құныңды кешірсін десең, бола алсаң - Әбілқайырдың орнына хан бол. Әйтпесе дәл қазір тобырыңмен түгел бұрылып, Әбілқайыр ұлдарының алдына барып, кісілігіңді тастап, кісенді мойныңа сал! Кіріптарланып қол қусыр! Қаныңды шаша ма, құныңды кесе ме, қылмысыңды кеше ме -солар, құныкерлер шешеді. Сен үшін жақыннан жат табар, ағайыннан алашы іздер Орта жүз жоқ! Кісәпірге кешірім етер де Орта жүз жоқ! Кесіміме көнбесең, бүкіл Орта жүз тұрмақ бүтін Найманға да сыймассың. Сиғызбаспын! Ауып кетем деп дәмеленбе, жоңғарға да өткізбеспін! - деп қатал талап қойыпты.
Әрине Барақ сұлтан да үнсіз қалмаған ғой.
– Уай, би! Қараны ақтап, ақты қаралағанды қайдан көрдің. Жаманды жақтап, нақақты жаралағанды қайдан көрдің? Сұңғылаң Әбілқайыр болса, сұмырайың мен бе? Адалың Әбілқайыр болса, арамың мен бе?! Сұғанақ жанды әулие тұтар болсаң, тура би, тура жолыңды өзің бітеп көмгенің бе? Айлашыл пысықайды аза тұтсаң, арызымды ұқтырар арынды таба алармын ба? Жолымды кесіп, қолымды байлап келген Әбілқайырды бір көрмей, оның арамдығына көнбей, сұғанақтығына ермей бұлқынған мені тергей жөнелгенің қалай? Жолымнан қағылып, тонымнан тоналып қала бергенім үшін, баламның маған сыйға жіберген керуенін жолшыбай талап алған Әбілқайырды жазалап, қылмысына лайық шара бергенім үшін айыптымын ба? Сұғанақты сілейтіп, қылмыскерді құлатсам, тәңір бұйрығын орындағаным шығар. Бөлекей-Қоянның шәлтірегі Тоғым-Шығайдың тектісінің алдынан шыға бермесін.
Қазыбек даусын қоңыр қаздай қаңқылдатыпты.
– Әруақты қазбалап, көп созбалай берме. Сылтауратып сытыла алмайсың, бұлталақтап құтыла алмайсың менен. Қанды қол, қара жүрегіңмен қанжар ұшында тұрсың. Қолды жуып, жүректі тазартуды ойламасаң, тағдырыңды сол қанжар шешер. Орта жүздің атынан талша мойныңа қыл арқанды тастадым. Не өліп құтыласың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, Барақ!
Барақ сұлтан еріксіз ылдилапты.
– Уай, би! Айттың сен. Көндім кебіңе. Олай болса мені Кіші жүз бен Орта жүздің екі-екіден төрт биі тергеп тексерсін. Ендеше мен де өз шартымды айтып қалайын. Қанына тартпас кесектігімен Алшынның Төртқарасынан Қаратоқа бидің, Қаракесектің Қозанайынан Мәмбет аталықтың, Орта жүздің Бағаналы Найманындағы Өтебайдың есімдері белгілі.
Сен мені осыларға тапсыр. Басымды ала ма, шашымды ала ма - шешсін де кессін! - дейді.
Билердің шешіміне иліктіріп, ел ыңғайына Барақ сұлтанды Қазекең осылай көндірген екен.
Бұл оқиға - ағайын арасында да, көрші елдермен де тату ынтымақта болуды көздеген Қаз дауысты Қазыбектің туралығына дәлел. Әсіресе оның орыс елімен бейбіт қарым-қатынасты орнатуда сіңірген еңбегін ескергеніміз жөн. Сібір генерал-губернаторының міндетін атқарушы генерал-майор фон Фрауендорфтың Сыртқы істер Коллегиясына 1763 жылғы 11 наурызда жолдаған рапортыңда "Орта жүздің төбе биі Қазыбектің Ресейге жақсы ниетпен қарайтыны" мәлім етілген. Және де осы құжаттан біз 1762 жылдың күзінде Орта жүзге мол сыйлықпен келген Қытай богдыханының елшілерін Қаз дауысты Қазыбектің Абылай сұлтанға өткізбегенін де, өзінің қытай елшілерінің бағалы сыйлықтарын алмастан, талап-тілектерін қабылдамастан кері қайтарып жібергенін де білеміз.
Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаркелді, Барқы, Сырымбет атты бес ұлы және Маңқан есімді қызы болғаны белгілі. Осы ұлдарының біріне қызын айттырып алып беріп, Қазекең ұлы замандасы Төле бимен құда болған дейтін де болжам бар.
1764 жылы қысқы соғым кезінде (шамамен желтоқсан ішінде) Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі бұлағын қыстап отырған Қаз дауысты Қазыбек тоқсан жеті жасында мәңгі көз жұмған екен. Қазекеңнің сүйегін былғарымен қаптатқан баласы Бекболат әкесіне арнап тіккізген киіз үйдің ішіндегі төрт таған тас-сөреде төрт ай сақтап, көктем шыға жолға шығып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи сағанасына апарып қойғызыпты. Қазекеңе орнатылған құлпытас әлі күнге дейін тәу етіп келушілердің көз жанарын суырады.
Қазақ елінің әдет-ғұрып заңдарын қалыптастыруға ат салысқан, халқының еркіндігі мен азаттығын ойлап, ұзақ ғұмырын ат үстінде, ел шетінде, жау бетінде өткізген кемеңгер ойшыл, қажымас қайраткер Қаракесек Қазыбек есімі ұлтының есінде мәңгі сақталары аян.
1991 жыл .
КӘРСЕН АРАЛБАЙ
Уақыт керуені тоқтаған емес, тоқтамақ емес, бірде жылдам, бірде баяу бірақ үнемі алға жылжып бара жатады. Ал осы уақыт керуенінің із өкшесіне үңілсек, тарих қойнауында, тауарих қатпарында қалған талай айшықты белгі, айтулы белестерді көрер едік. Уақыт керуенінің сан ғасырлық жолына көз жіберсек, өткен күндер елесі тіріліп, өткен заман дүбірі құлағымызға жетіп, өткен дәуірдің куәлері көңіл алаңына дүркіреп келіп, күбірлей тіл қатып, шеру құрып тұра қалар еді.
Біз өткенді көп елемей, өгейсіретіп келгенімізді бүгін жасыра алмаймыз. Біз төл тарихымызға көп қайырылмай, шеттетіп тастағанымызды бүгін бүркемелей де алмаймыз. Біз - бұрынғымызға мойын бұрмай, тәкаппарси тәптіштенгенімізді енді-енді ғана ұға бастаған ұлтпыз. Өткеннің бәрі опасыз, бұрынғының бәрі былғаныш, баяғының бәрі баянсыз деп тамырымызды отатып, бабамыздан бездіртіп, тегімізден алыстатып келген өктем саясат, озбыр идеология, пәрменді биліктің уысынан шыға алмаған бишара халімізді әлі де аңсайтын күндеріміз, әлі де іздейтін, іздеттіретін әдетіміз бен азғырушыларымыз баршылық. Бірақ күннің көзін ешбір пенденің алақанымен жаба алмайтыны қандай ақиқат болса, өткен заманның бүгінмен өзектес екені, ертеңмен сабақтас екені сондай шындық. Жетпіс жыл бойы жетімсіреткен шешен шежіремізге, тылсым тарихымызға көңіл бөлмесек, әрі кінәліміз, әрі кінәсізбіз. Кешіккенімізді шын сезінсек, жоғалтқанымызды тез табуға тырысайық.
Жеті атасын білмеген жетесіздіктен жетпіс жеті атасын білмеген тексіздік жаман. Елгезек көңіл мен ұшқыр қиял алдағыны қанша болжағыш болса, сол болжағыш көңіл мен арманшыл қиял енді өткенімізге қайырылта білсе, тарихымызды қопарта білсе, көп жоқтың орны бәлки толар ма еді. Көп олқымыз бәлки теңесер ме еді. Көп шаламыз бәлки бүтінделер ме еді?
Әр халықтың өз тарихы бар. Өз талан-тағдыры бар. Осынау ұлан байтақ даланың ұлы иесі, алып қорғаушысы - ата қазақтың күрделі тарихы, күресті жолы, күре тамырлы өмір-ғұмыры болғанын соңғы жеті-сегіз жылда әжептеуір біліп те, танып та қалдық.
Халқымыздың тарихы мән тарихи кезеңдерінде кездесетін талай ақтаңдақтарға бұрын мән берілмесе, шынын айтсақ, мән бергізбесе, бүгін сол ақтаңдақтардың пердесін ашып, тылсымын сыпырып тастау үшін жапатармағай ұмтылғанымызды да жасырмағанымыз жөн. Осындай айғайшыл, байбаламшыл кезеңде өзгенің қамынан өзінің бабын артық көретін өзімшілдігіміздің оза берерін де, өзімдікі дегенде шабан атымыздың алдына қара салмай оза кетерін де ескергеніміз дұрыс-ау.
Қазақ - елім дегенде етігімен су кешер ер халық. Қасиеті кеңдігінде, кемелдігінде, еркіндігінде, елдігінде. Осы қазақтың күншіл, қызғаншақ, бақас өзімшілдігі - қасіреті екені де рас. Тарих қойнауына үңілгенде кешегінің бар көрініс-бейнесін бояу-бедерімен, аяныш-өкінішімен, қуаныш-қайғысымен, ерлік-ездігімен, батырлық-баянсыздығымен, қайсар-қаһармандығымен, кісәпір-опасыздығымен жақсысын асырмастан, жаманын жасырмастан түгел ашып беруді парызды мақсат етудің орнына көбінесе өз лағымызды теке қойғыш атүсті жылпың-жылпостыққа құрық созып жүргеніміз қатты қынжылтады.
Мен Түйте Жарылғап батыр жөніндегі мақаламда былай жазғам: "Аулы көшіп кеткен көне жұрттың орнынан қоламтасы өше қоймаған жерошақ таппақ түгіл бүгінде біз сол ауыл қонып өткен бейбіт мекен, шалқар қонысты да таба алмайтын халдеміз ғой. Сондықтан да ши түбінен немесе күл астынан тауып алған күйелеш ешкі асығын сақа қып, сақылдай күліп ала жөнелетін бала мінезінен аулақ болайық. Жоқтан бар, топырақтан қар жасау -шындыққа қиянат істеу, әділетті сойылға жығу ғана. Ендеше қылыш ұстағанның бәрі батыр емес екенін, қамшы ұстағанның бәрі би емес екенін естен шығармаған абзал. Шын батыр - халық перзенті, ұлт мерейі. Шын би - халық қамқоры, ел тірегі. Батырын бір ауыл емес, бар ауыл, бар өлке білсе ғана сол батырдың аты елден елге кетеді. Ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Жерге тамған қаны ел көкірегінде шоқ боп маздар атақты билер, даңқты батырлар бүгінде туған жерге қайта оралды.
Олар - Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер. Олар - Абылай хан, хан Кене. Олар -Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай. Олар - Тарақты Байғозы, Әлтеке Жидебай, Түйте Жарылғап, бүгінгі Кәрсен Аралбай".
Алдаспанның жарқылынан от тұтатып, найзасының ұшқынынан найзағай ойнатқан Аралбай бабамыздың ұрандаған дауысы ғасырлар қойнынан жаңғырығып шығып, жер түбінен дүбірлетіп жетіп ұрпақтарының құлағына ғана емес, жүрегіне құйылып жатқанына қасиетті даласы, киелі топырағы куә!
Ел болса ер туғызбай тұра алмаған,
Туғызған Аралбайды қыран далам.
Үш мәрте үш жеңіске көкпар салған
Алыпты ол ер дауысты бір алладан.
Қарамай қас дұшпанның аз, көбіне,
Бас ұрмай өз ханына, өз бегіне.
Кәрсеннен дана туған өр Аралбай
Үзеңгі серік болған Қазбегіңе.
Аралбай бабамыз 1670 жылдардың бас кезінде Жиделі Байсын жерінде, Қаракесектің Тәңірімбердісінің бес Назарының бірі - Алданазардың шаңырағында нәресте іңгәсімен шыр етіп дүниеге келіпті.
Осы арада 17 - ғасырдың екінші жартысындағы тарихи кезеңге аздап тоқтап, мәлімет бере кетсек дейміз. Әңгімені сәл әріден бастайық.
Шыңғыс империясы құрылған кезде тарихи жылнамаларда арығ ғүн немесе арғү, кейіннен қазіргі атауымен арғын аталған үлкен тайпалық одақ, арабша Мәуреннаһр өлкесін яғни Әму мен Сыр өзендері арасындағы құдіретті қалалары көп құнарлы қонысты қысқы мекен еткен. Шыңғыс хан өзінің төрт баласына еншілеп жер бөліп бергенде, осы Мәуреннаһр өлкесі Шағатайдың иелігіне көшкен екен. Арғындар сол кезде-ақ өздері Жиделі Байсын деп қастерлеп атаған Әму мен Сырдың арасындағы қыстауларынан жаз жайлап сайын Сарыарқаны басып өтіп, Мұз теңізге дейін барып қайтып тұрған.
Арғындардың қазақ хандығының қалыптасу, өсу кезеңіндегі еңбегі өлшеусіз мол. 15-ғасырда Орталық Азияда Дәулет шайхының ұлы Әбілхайыр билеген аса мықты хандықтың үш астанасы болған деседі. Оның бірі - Ібір-Сібірдегі Шамқай тура мекені, екіншісі Ұлытаудағы Ордабазар кенті, үшіншісі Сыр бойындағы Сығанақ қаласы. Хандықтың қол астындағы ең беделді арғын елін Ақжол би атанған Қотан ұлы Дайырқожа басқарса, тағы бір мықты қыпшақ жұртына Қобыланды батыр ықпал еткен көрінеді. Әлдебір пәнәйі себеппен ағайынды екі елдің арасына алауыздық кірш, сайын далада Ақжол мен Қобыланды оңаша кездесіп қалып, қыпшақ батыры арғын биін қапыда өлтіріп кетеді. Содан ел арасына бүлік кіреді. Сүттей ұйыған тыныштық бұзылады. Екі оттың ортасында қалған Әбілхайыр хан әділ билік айта алмайды. "Қанға қан", жанға жан тілеген арғын жағына үш құн алып бітіс! - деген солқылдақ шешім тастайды. Сол заманда арғын ұлысының сұлтаны болған әз Жәнібек ұлысымен түгел Әбілхайырдан бөлініп кетіп, Жетісудағы үйсін тайпаларымен одақтасады. Арғын, дулат бірігіп Әбілхайыр ұрпағымен ұзақ жылдар бойы айқасып өтіп, ақыры өз Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтар бүкіл Сарыарқаға ие болады.
Ал осы Қасымның баласы Хақназар ханның тұсында Еділ мен Жайық арасын мекендеген Ноғай ұлысы дағдарысқа ұшырап, Орманбет ханы өліп, он сан ноғай қайғырып, Ордың қара ағашы жанып, ноғайдың басымы Қап тауына қарай ығысып, қалған бөлігі қазақ құрамына кіреді. Сөйтіп қазақтың үш жүзі құралады.
Ең бірінші хандықтың ту тіккен жері - Жетісу болғандықтан, сол өңірдің Ұлы жүз аталатыны, Қасымның кезінде өзбектен босаған жер - Орта жүз аталатыны, ал ноғайлы келіп қосылғандықтан батыс өлкенің Кіші жүз аталуы осыдан. 1635 жылы дербес мемлекетін құрып, өз туын көтерген Жоңғария қазақ даласына осы 17-ғасырдың бас кезінен-ақ шабуыл-шаңдуынын көбейткен.
Ақыры жылжи-жылжи Алтайды алып, Ертісті құлдилап, Есілді бойлап, Тобылды жайлап, Жем мен Жайыққа жылжып, 1730-40 жылдары Еділ бойына құба қалмақ қоныстанады. Ал 17-ғасырдың екінші жартысында қазақтың Сібір өңіріндегі жеріне Ресей патшалығы ендеп кірсе, асыл Алтай, сайран Сарыарқа, жәннат Жетісу Жоңғар ойраттарының иелігіне көшеді. Жаз жайлау сөйтіп көзден бұлбұл ұшады.
Бір ғасырдай уақыт ішінде бұрынғы ата қонысқа жете алмаған қазақтың құтты мекеніне айналған Жиделі байсында Қаз дауысты Қазыбек, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, қаржас Бұқар жырау тәрізді қазақтың атақты ұлдарының кіндік қаны таматыны да сондықтан. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Шыршық бойы ата қонысымыз еді. Мейрам Софы бабамыздың бейіті сол өзеннің бойында қалды деуінде осындай сырлар бар.
Біздің қасиетті бабамыз Аралбай да Сыр бойының сол жағасында егін егіп, бақша салған, мал қайырған қоныстарда Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек балалары қатар отырғандықтан Мейрам алқабы аталған өлкеде дүниеге келген. Сол кездегі әдемі дәстүрмен баланы біраз жыл бауырына басқан Ерназар бабамыз он жасар Аралбайды Бұқардағы Көкалдаш немесе Көкілташ медресесіне оқуға береді. Күні кеше ғана Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ -оқымаған надан халық деп санап келген идеологияны түбегейлі өзгерткен кейінгі жылғы зерттеулер халқымыздың небір зиялы азаматтарының сонау ерте заманда-ақ Бұқара, Самарқантта оқып, шариғат заңын да, тарихат ілімін де игергенін анықтап отыр. Бұқардағы он екі баб ғылымнан хабар беретін Көкілташ медресесін тәмамдаған тобықты Әнет бабаны, Қаз дауысты Қазыбек биді, қаржас Бұқар жырауды атасақ, әлгі тұжырымымызды растайтын айғақ болар еді. Аралбай бабамыз да осы Көкілташтан жүзіп ішпесе де, кәусарынан сусындағанын тілге тиек етіп, болашағына өмірлік нәр, жан дүниесіне ғұмырлық іңкәр тапқанын мақтана айтуымызға болады.
Ұлттық дәстүр-ғұрыптың өнеге үлгісін мол қамтыған қазақ халқының саналы бала тәрбиесі мен сол замандағы ілім-білімнің сан саласын қамтыған медреселік дәріс Аралбай бабамыздың абыройлы азамат, арқалы шешен, білікті би, намысты батыр боп өсуіне, қалыптасуына үлкен ықпал жасаған.
Жиделі Байсынға үйірілген қазақ руларының ішінде сол кезде ең көбі Қаракесек болған деседі. Бес Мейрамның өлі де бір-бірінен ірге ажыратпай, шек айырыспай бірге көшіп, тұтаса қонып отыратынын жар еткен тарих жылнамалары әсіресе Қаракесек арасының аса татулығына, ынтымағының молдығына қатты сүйініш білдіреді.
Бес Бошаннан тарайтын аталары Сұраулы мен Абыз шөбере ағайын боп келетін Аралбай мен Қаз дауысты Қазыбекті тетелес ғұмыр бірге өсіріп, біте қайнастырып жіберген. Қазекеңнен бес-алты жас кіші болса да, Аралбай бабамыз атақты бидің ең жанашыр туысы, ақылдас досы, үзеңгілес серігіне айналған. Алғаш медреседен ауылға келген кезде кітап, қауырсынын қолынан тастамай оңаша отауда ұзақ-ұзақ отырып қалатын туысқанына жігітшіліктің қызығына бөккен Қазыбек талай іздеп келіп, ойдағы тойға, қырдағы қынамендеге, бауырдағы билікке ертіп кетпекші болғанда Арекең,.
- Жасанған жаудай жұт жетсе,
Ілесіп байлық кетпес пе?
Жең астынан пара өтсе,
Биіңнен билік кетпес пе?
Биліксіз биде бел болмас,
Биі жоқ жерде ел болмас,
Шәкіртке ұстаз аталған
Азамат ханнан кем болмас.
Менің жөнім - шәкірттің тілін сындыру, санасына ілім сіңдіру болса, Қазеке, басқа мұратты онша қаламаспын, - деп көбіне көп жекелене берген көрінеді.
Әрине ойы терең, айтары орамды, реті келгенде көмейден жыр шумақтары құйылып кететін Арекең бірте-бірте ат үсті тірлікке де дағдылана бастайды. Ара-жігі бөлінбей, шоғырлана қоныстанған Арғын, Қоңырат, Дулат жұртының төскейде малы, төсекте басы қосылған соң той-дүрмегі көбеймей қайтсін. Сондай бір ұлы жиын, үлкен қызықшылықта жиырмадан енді ғана асқан Аралбай бабамыз Қазекеңді әрі қатты таң қалдырып, әрі мейлінше сүйсінтіп, болашақ ұлы бидің көңіл қуысынан мәңгі орын алған екен.
Аңыз - дерек былай өрбиді.
Әлгі тойға ағылып Арғын, құйылып Қыпшақ, Қоңырат, дүрілдеп Дулат келген ғой. Әрине жарыс бар жерде намыс қызатын әдет ертеден белгілі.
Ауыл арасындағы айғайшыл бәсеке емес, жұрттың жығасы жығылар намыс бәсекесі қызбасын ба. Дулат жағы алқақотан дөңгеленген көптің ортасына атақты түйе балуанын шығарып, Орта жүзге оқшырая қарап: бәйгені шаппай бер! дейтін ыңғай танытқан екен. Жауырыны әлі бір рет жерге тимеген түйе балуанға қарсы біразға дейін Арғын, Қыпшақ, Қоңыраттан ешкім шыға қоймапты.
Елдің ерге, ердің жерге қарайтын нағыз қысылтаяң кезеңін бастан кешірген Қазыбек жан-жағына шыдамсыздана көз жүгіртіп қиналып тұрғанда, Аралбай жігіт кеудесіндегі киімді сыпырып тастап, ортаға шыға берген ғой. Тәжірибиесіз жастың асығыстық жасағанына риза болмады ма, әлде түйе балуанның қолтығына кіріп кеткен талдырмаш інісін аяды ма, Қазекең қаз дауысты қаңқылдата шығарып, артынша ауыр күрсінген екен деседі.
Бірақ... қасиетіңнен айналайын Аралбай бабамыз түйе балуанның астынан кіре беріп, омыраулай көтеріп алып, шыр айналдырып тұрып, жерге алып ұрған ғой. Сонда әрі қабырғасы сынып, әрі намыстан жарылып, түйе балуан жылап жіберген екен.
Бота жүн шекпенін жалаңаш денесіне жамыла салып, алқалап дүрліккен жұрттың арасынан сытылып шығып, Аралбай жігіт оңаша ұзай бергенде, Қазекең соңынан қуып жетіпті.
– Ерледің, Аралбайым, ерледің. Намысты қолдан бермедің! Сиқырың бар ма? Тылсым не? Ғажапты мұндай көрмедім! - деп мән-жайды сұрапты.
– Қазеке, менің жұлдыз болжайтыным бар ғой. Түйе балуанның жұлдызы - қыдырма жұлдыз екенін сезетінмін. Ал менің есептеуім бойынша қыдырма жұлдыз айдың бірінде жерде, төртінде төбеде, жетісінде желкеде болады.
Балуан шіркін талтүсте жұлдызының қай тұста екенін аңғармай, қарама-қарсы отырып қалды.
Жұлдызына қарсы келген адам қашанда жеңілетін ғадаты. Соны білдім де, тәуекел еттім. Тылсым сыры осы, - депті. Қазекеңді Аралбай бабамызға біржола құлатып, тізелеске айналдырған бір оқиға 1702 жылы болған екен. Сол жылы әз Тәуке хан Күлтөбедегі Ханабад сарайында үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, мемлекетіндегі дауды шешуге ыңғайлы, шеттен келген жауды жеңуге қолайлы, халықты басқаруға икемді, жұртты ұйыстыруға оңтайлы бол сын деген талаппен үш жүзді басқаратын үш төбе би сайлауды ұйғарады. Ұлы жүздің көп Дулаты арасынан Төле биді шығарғанда, Орта жүздің алты арысы - тау суындай арынды Арғынның Қаз дауысты Қазыбегін алқалап төбесіне көтереді.
Кіші жүз жұрты да көп созбай Әлімнің Төртқарасы - Әйтеке биді ыңғайлайды. Орта жүз баласы түгел дөңгеленіп, ертең әз Тәуке алдында алқалағанымызды атаймыз, сол үшін бүгін баталасып, бәтуаласып қоялық деп ақбоз атты құрбандыққа шалып он екі қанат ақ орданы оқшау тігіп, отыз бес жасар Қаз дауысты Қазыбекті құрметтеп төрге отырғызыпты. Астау-астау ет келеді. Табақ-табақ мүше тартылады. Белгілі дәстүрмен асату басталады. Әппақ қардай құйрық пен сарыала қазыға алақаны толып, Қазекеңнің аузына қарай созыла ұмтылған жүндес қолдың білегінен Аралбай кенет шап беріп ұстап, алақандағы май мен етті өз алақанына аударып сапты. Аударып сапты да ішінен шеңгелдің темірден де қатты, бізден де өткір екі-үш тікенегін суырып-суырып алыпты. Дүниедегі ең жаман қасиет - күншілдік! Дүниедегі ең айықпас дерт - қызғаншақтық қой. Ол ілгері талпынам, асқақтап өсем демейді. Күншілдік, бақастық асылды өлтірем, жақсыны қаралаймын, жанғанды өшірем дейді. Жетсе, іштен шалады, жетпесе балтырдан қабады. Әлгі бірігейік, іріленейік, бәтуаласайық деген ағайынның арасынан да бидің беделін көре алмай, өзіне қонбаған бақ өзгеге де бұйырмасын дейтін жауыздық ниетпен ертеңгі төбе бидің төрдегі басын көрге сүйретпек болған ғой. Қазекең тағы да Аралбайға қатты қайран қалыпты. Кейін екеуі оңашаланған кезде: - Суала жаздаған суатымды көлшіттің-ау, қанатым! Үзіле жаздаған қуатымды өршіттің-ау, құйрығым! Көріпкелің бар ма, қалай білдің? Қарғыс қолды желкеден қалай ілдің? - депті.
– Оу, Қазеке, онда тұрған не бар. Қаскөйдің көзі сұғанақ, қолы үркек емес пе, қимылы қорғалақ, ісі бүркек емес пе. Таныдым да тап бастым, - деп жауап беріпті. Әрине Аралбай бабамыз көбіне-көп ел шетінде, жау бетінде үнемі жүрген еді деп айта алмаймыз. Алайда қазақ елін жан-жағынан тықсыра бастаған алакөз дұшпандарға қарсы алты үйден бір сарбаз шығаратын жаугершілік заманда қолға найза ұстап, атқа ер салып, маңдайды оққа төсеп, майдан даласына оның талай кіргенін білеміз. Сондай бір қанды жорықта Арекеңнің бір ерлігі аңыз боп ғасырлар қойнауынан жетіп отыр. 18-ғасырдың басындағы Жетісуда өткен қазақ-ойрат шайқасының бірінде екі жақтың да бетпе-бет келіп, бірін-бірі ала алмай текетірес түсіп, қалжырап тұрған шағы екен дейді. Әлде бір тұстан, әлдебір айла-амалдан, әлде бір шарасыз үрейленуден сәл жаңсақтық, сәл шалағайлық танытып алса, жығасы жығылып, туы құлап, жігері жасып, жер тезек күйге түсерін білген екі қосын жан аямай қидаласып жатқан шақта "Алаш! Алаш! Алаш!" - деп озандаған бір дауыс бүкіл майдан даласын, бүкіл қызыл қою мұнар бүркеген жер мен аспан арасын тітірентіп алып кеткен ғой. Қазақтарға әлгі ұран тәңір даусындай естіліп, бойына толқындатып қайрат-күш құйыпты. Әлгі жер дірілдетіп, тау жаңғыртқан дауыс ойраттарға жаналғыш әзірейіл үніндей сезіліп, зәре-құтын қашырыпты. Содан есінен танған жоңғарды жігерленген қазақ дендеп алып кетіпті. Қуып, қырып кетіпті. Артынан арқаланған сарбаздар, әруақтанған қолбасылар "Алаштап!" аламанды үркіткен, ағайынды рухтандырған Аралбайды таныпты. Аралбайды әспеттепті. Қашанда ерлік күште емес, рухта болатыны аян. Ерлік білекте емес, жүректен туатыны ақиқат. Ерлік бар кезде емес, тар кезде, сын сағатта туатыны ақиқат. Арекеңнің үш жүздің "Бұқар!" "Құндыз!" "Тұлпар!" ұрандарының бірін де атамай, халқына ортақ, әрі асқақ "Алаш!" ұранын аспандата үш шайқаста үш-ақ мәрте көтергенін, сол үш шайқаста қазақтардың жеңіс туын желбіреткенін аңыз-дерек жеткізеді.
1715 жылғы Аякөз бойындағы өткен қазақ-ойрат соғысында екі жерінен ауыр жарақат алған Аралбай бабамыз одан кейінгі айқастарға қатыспапты. Жарасына киіз күйдіріп басып, төсек тартып жатқан Арекең немере інісі Ер Таңыбайды шақырып алып, өзінің алтын балдақты алдаспанын өсиеттеп тапсырған деседі.
– Біздің әулеттен бұдан былай жасанған жауға қарсы қару ұстап қол бастар ту иесі өзің бол, Таңыбайым! Менің болжалдық, алғырлық озан-ұраншыл қасиетімнің киесі де өзің бол, бауырым! - деп сенім артқан ғой. Содан бастап Таңыбай бабамыз сұрапыл күштің де, жау тайсалтар сестің де иесіне айналып, батырлығын хас дұшпанына танытып, атағын еліне жайған екен. Екі ұлы бабамыздың әруақтарын ұрпақтары мәңгі-бақи ұмытпастығы айғақ.
Аралбай, Таңыбай, Бес Назар, Кәрсен-Керней, Қаракесек, әріге үңілсек - Арғын, Алаш ұрпақтары бабалардың ерлік ісіне, елім деп соққан жүрек тынысына бас июі парыз. Осынау өгіз терісі - талыстай ұлан-байтақ жеріміздің - тауымыз бен даламыздың бөлінбей, бөлшектенбей бүгінгі күнге тұтас жетуі, қазақ ұлты бүгінгі тәуелсіздіктің көк байрағын желбірете көтеріп, аман-есен жер басып, тілін, дәстүрін, салтын сақтап қалуы аталарымыздың арқасы, бабаларымыздың батырлығы мен даналығының нәтижесі. Мен Аралбай бабамыздың батырлығынан гөрі байсалдылығын, көсемдігінен гөрі көрегендігін, шешендігінен гөрі парасаттылығын баса айтқым-ақ келеді. Бірақ баба өзімдікі болғандықтан тым ашылып-шашылып кетуге әддім жоқ. Сонда да ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы дау-дамайдың, араз-құраздықтың халық тұтастығына сына боп енерін сезген Аралбайдың халық бірлігі үшін сол ұлан даласының батыры да, биі де, қазысы да, бүтіндеушісі де болып, үлкен қимыл, батыл әрекетке баратынын қайталап айтып жатпайын. Өйткені ол азаматтықтың шыңына жеткен, бір өзінде көрегендік, кемеңгерлік, имандылық тәрізді алуан қасиет тоғысқан күрделі тұлға. Өйткені Аралбай бабамыздың "ұстаса қашағанның ұзын құрығы болғанын, ызаланса ұзын буыршынның бұта шайнар азуы" боларын көрген Қаз дауысты Қазыбектің өзі қатты сыйлап өткен ғой. Сондықтан да шамамен 18-ғасырдың отызыншы жылдарының соңы мен қырқыншы жылдардың басында қайтыс болған Аралбайды қасиетті Түркістанда жерлеуге Қазыбек бидің көп әсері тиді-ау деген жорамалымды жасыра алмаймын. Жақсының арты әрқашанда жақсы болмағы шындық. Ұрпағы өсіп-өніп, көркейіп көбейіп ұлы бабасының 325 жылдық мерекесін атап өтіп, ас берді. Аралбай бабамыз қазақ еліне қайта оралды. Ұрпақтары, ұлты оны мәңгі ұмытпайды. Бүгінгі еске алу рәсімдері ұлы бабаларымыз бен алып аталарымызға деген құрметтің басы ғана. Арекеңнің жаңғырып тірілген аты жүректерге мәңгі орналассын деген тілекпен ұрпақтары оған ескерткіш орнатты. Ендігі бір түйін ой - Аралбай бабамыз туралы рухани қазынаны құнттап жинап, бастырып шығарып ел игілігіне айналдырсақ, Қаракесек Аралбай өз атына көше, ауыл берсек сонда ғана өз үрім-бұтағымен қайта түлеген бабамыз қазақ елінен өз орнын ойып алады.
Өйткені:
Ел болса ер туғызбай тұра алмайды,
Ер тумай ұлттың басы құралмайды,
Ұрпағы өсіп-өнген бабамыздың
Алашым! Алашым! деп ұрандайды.
Ғасырлар төтеп беріп азабына,
Оңынан туды күні, оралды айы.
Қауышты бүгін міне қазағына
Қаракесек Кәрсеннің Аралбайы.
1998 жыл .
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН - ЕЛ ДЕП ЕҢІРЕГЕН ЕР
Қазіргі кезең - тәуелсіздіктің көк байрағын көтеріп, егеменді дербес мемлекетіміздің керегесін үмітпен жайған нағыз сын кезең. Өйткені бұрынғы аяқта тұсау, мойында қамыт, білекте бұғау тұрған сәттегі көңілде қалған дақ пен кеудедегі қыжыл кей-кейде алды-артыңды пайымдауға үлгертпей, атүсті кетер асығыстыққа итермелеуі даусыз. Содан ба екен жоғалтқанымызды аласұра іздеп, өшкенімізді жанталаса жандырмақ болған бүгінгі құлшынысымызға өз басым көбінесе күдіктене қараймын. Әрине, қалғыған ой мен мүлгіген сана селт етіп оянса, намысты қайрап, жігерді жанитыны ежелден белгілі. Осылай десек те, талай сан соққызған ауыр өкініштердің орнын толтыру үшін біз кей кезде жұрт көзінен тасалау әлдебір қуысына қызыл бұрыш тығып алып, есегінен де озып кеткен Хожанәсірдің кебін қайталап та жүрген тәріздіміз.
Соның салқынын мен Сәкен Сейфулиннің мүшелді мерекесіне дайындық үстінде төменнен жоғарыға дейін талай кездестірдім.
"Сәкен - төңкерісшіл!"
"Сәкен - орысшыл!"
"Сәкен - большевикшіл!"
"Сәкен - Алашордаға қарсы!"
Осы төңіректен бықсыған күңкіл-күбір, қаңқу-сыбыр талай кеуденің сасық түтінін шұбалта бастағанын өздеріңіз де байқап қалған боларсыздар. Бірақ күншілдік пен міншілдікте қазақтың алдына жан салмасын білмесем, онда мен өз Сәкен Сейфуллинімді өзінің заңды биік тұғырынан түсіртпеуге тырыспас едім. Өз қасиеттісін елемеген ел қасірет құшады. Өз тектісін табалаған өзгелердің табанын жалайды. Бірақ қадірліңді қастерлеп, тектіні тани білу - қиынның қиыны болғанмен аса қастерлі де міндет.
Сай жырадан, көл тұмадан, ел ұланнан құралатыны ақиқат. Көлдің құдіреті - тереңдігінде. Елдің ұлылығы перзентінде. Пендесінен азаматы көп, өзінен ері артық елдің өнегесі мол, үлгісі озық, таланты зор, тарихы елеулі. Ол елдің кешегісі ұмытылмас, бүгіні ортаймас, ертеңі шошытпас болса керек. Сондай өскелең елдің жұртын ілгері жетелер тобы ең алдымен интеллигенцисы - зиялылары. Зиялылар қауымын ұлттың қаймағы деу өз алдына, меніңше, ол халқының қамал бұзар тараны, оқ қағар қалқаны, жауын жұлып түсер жебесі, қауымын сүйреп ілгері бастар көсемі, дауын түйреп тастар шешені.
Зиялылар қауымының өз ішінде серкесі боларын тағы ескеру ләзім. Ол серке топ - ақын, жазушылары. Өйткені жазушы - әрі өткен дәуірдің, әрі өз заманының шежірешісі, өз қоғамының сыншысы, өз уақытының айнасы. Хас қаламгер халқының қасіретін күні бұрын сезіп, ұлтының жан ыңқылын өзінің жан даусымен жаралы жүрегінде үнемі жаңғыртып отырады.
Менің Сәкен Сейфуллинім дәл осындай өнегелі ұлан. Дәл осындай асыл азамат, дәл осындай өнегелі зиялы. Дәл осындай құдіретті жазушы. Дәл осындай асқақ өнерпаз. Дәл осындай көрнекті мемлекет қайраткері.
Себебі ол елін сүйгендіктен ғана, ұлтын ардақтағандықтан ғана саясатшы болды. Сондықтан да ол өз жүрегінің әмірімен, өз ширыққан жан дүниесінің бұйрығымен әлеуметтік формацияның әр кезеңіндегі халқының һәм емшісі мен елшісі, һәм жаушысы мен даушысы да болды. Өйткені сезімтал ақын Сәкен қанында ұлтшылдық емес, ұлтжандылық қасиеті мол еді. Содан да дүние есігін шыр етіп ашып, дүние есігін тарс еткен мылтық үнімен жапқанға шейін өз ұлтының қамын жеу, қайғысына ортақтасу, қасіретін шегу - Сәкен аға Сейфуллин маңдайына тағдыр таңбалап берген баға жетпес сыбағасы еді. Сол себепті де: "Өз анасын сүймеген жан ана біткенді, әйел қауымын құрметтей білеріне сенбеймін. Өз ұлтын қадірлемеген адам, өзге ұлтты сыйлап жетістіре қоюы да қиын. Өз ұясын, өз кіндік жұртын аңсамаған ұланның басқа мекенді, басқа елді ардақтайтынына және күмәнім бар" - дейтін ойшыл Сәкеннің тұжырымына еріксіз бас изеймін.
Қазаққа тұлға, халыққа тұтқа, ұлтқа ұстаз, елге қазық болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтүрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасовтар - әруағына сыйынып, рухына табынып, мәңгілік қадірлеп, қастерлеп өтер иісі қазақтың біртуарлары ғой. Ал осы ортақ асылдарымыздың өзін оңашалап иемденіп, "өзімдікі!" деп үздігіп, өзгеден қызғанып қыз-қыз айтысып, қызылкеңірдек боп жататынымызды байқағымыз келмейтін өр көкірек атты ауру әдетімізге қайта баса бастағанымызды несіне жасырамыз.
Дәлел ме? Дәлел жеткілікті-ақ. "Анау ананы кінәлаған!" "Анау мынадан кек қайтарған!" "Анау анандай жерде отырған!", "Мынау мынадай жәбір-жапа көрген!" деп жікшілдік желігіне жел беріп, ауызбірлікті ыдыратар ұсақтыққа құрық созып, танаулап кететініміз көбейді.
Кемшіліксіз жан тумайтынын, қателіксіз қайраткер өспейтінін еске тұтпай, есіріктене бергеннен жау да, дау да табарымызды білмейміз-ау. Әйтпесе, әлгіде атын атап кеткен ұлы азаматтарымыздың қай-қайсысының да қателескені де, қайшылыққа ұрынғаны да баршамызға белгілі. Олар - сол азаматтар өмір сүрген ортаның күрделігінен туындаған-ды. Солармен тұстас келген дауылды, сұрапылды заманның үскірігі мен ызғырығы әлгілерді бірде бүрсеңдетіп, бірде қалшылдатқанын да ұмытуымызға болмайды.
Сәкен де - өз кезеңінің, өз дәуірінің, өз қоғамының бел баласы. Уақыт - болмыстың құдіретін мойындар болсақ - сол құдірет - болмыстың сан алуан тауқыметімен ер-азаматты адастырар озбырлығын да сезінбей, сезінгіміз келмей тұра алмаймыз.
Менің Сәкенім - ең алдымен арлы азамат еді. Ендеше ол еркінен тыс әлемнің тұтқасы, болмыстың ұйтқысы болуға тиіс-тін. Ал сол "ел!" деп соққыш жүрекке ақындықтың сезімтал қылын, суреткерліктің сыршыл пернесін тағып берсе, онда өзін әлеммен ғана теңгерер, ал өзін әлемді зерттегендей үңіле зерттей алатын шабытты құдірет иесіне айналмай ма? Сонда ғана ол үнемі адам жанына үңіліп отыратын, үнемі адам құпиясын ашуға ұмтылып отыратын кемеңгерге айналмай ма? Әрине айналады! Сондықтан да шынайы қаламгер ретінде де, айтулы қоғам қайраткері болып та Сәкен ел шетінде, жау бетінде тұрған. Сондықтан да ол халқының тілегі болып көптен бұрын көзге түсіп, ұлтының ары мен намысы болып алға шыққан.
Мысал қажет пе? Тыңдаңыздар онда.
"Қайран ел! Тағы да бір науыт болар шаққа кез болдың-ау! Айбалта, құрықпен зеңбірекке қарсы не істерсің? Өлгенің өлген жерде, қалғаның қалған жерде тағыдай тағы жосығаның ба? Көкірегім қасіретке толды ғой. Қолдан келер қайыр жоқ. Патшаның меңіреу дүлей күшіне қарсы ұмтылып, өлімге бел байлаған жұртым, тұңғиық жалпақ теңіздей буырқана қозғалдың. Әттең сол тұңғиық қара теңізге қара дауыл құтырына соқтықты ғой.
Жүрегімнің нәзік тамырлары шертіп қалса, үзіліп кеткелі тұр. Жанымның құлын даусы шұрқырап, аңырағалы тұр."
Міне, ұлы ақынның 1916 жылғы ақ патшаның июнь жарлығы кезіндегі аласұрған жұртына аһ ұрған жаралы жүрегінің лүпілі!
Бұл әлі күрес жолына бел шешіп түсе қоймаған, бірақ бүкіл жанымен "Халқым! Елім!", деп елжірейтін ақынның ғұмырлық бағдарламасы!
Төңкеріске толы 1917 жыл туғанда ақын ауылда ұстаздық етіп жүрген. "Патша құлады! Азаттық жетті!" деген хабар тиісімен-ақ Сәкен Ақмолаға асықты. Өйткені ол ұл мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған еді. Ендігі жерде ел тілегі ер білегімен жетерін ұғынған жас қайраткер саясат айдынына солай сүңгіп кеткен болатын. Ендігі оның арман-мақсұты халқының бүгінін көркейту, өткенін ескеру, келешегін асыға көксеу еді. Осы жолда сәл ауытқыса да, адасқан жоқ. Сәл қисайса да, құлаған жоқ. "Кедейді жеткізем, кемшілікті түзетем!" деу - сол кездің ұраны болатын. Сол ұранға адал, сол уағызға берік болды ол. Кешегі отаршылдық империяның құлдығындағы елі автономиялық республика туын желбіреткенде алғашқы үкімет басшысының бірі болып халқын оқу мен білімге, ғылым мен өнерге қаулысымен де, қаламымен де, ісімен де, жігер күшімен де шақырған өзі болды. Сондағы ылғи ойлайтыны аз қазағы тез көтеріліп, өзге ұлттармен терезесін теңестірсе екен деген үлгілі арманы еді. Сондағысы: қазақ деген көшпелі халқы тарих көшінің бір жұртында жер томпайтып мәңгі құрып қалып қоймай, жер бетінде жігерленіп жүрсе деген ынтық тілегі еді.
Бірақ... дүрбелеңге толы заманы Сәкенді де аямады. Сәкенді аяқтан шалды. Күншілдік алдынан тосты. Қызғаншақтық бұғалық тастады. Жазғанын сынады. Өндіргенін өшіруге тырысты. Жан-жақтан шәуілдей ұмтылғандарға үндемей қалса, балтыр қанарын, балақ жыртыларын білмейтін ашықауызың емес еді ол. Өр рухтың тәкаппар кеудесі иілмеді. "Ә" дегенге "Мә!" дейтін кезең Сәкенді әрине біраз ауытқытты да. Уытты тіл талай тар жол, тайғақ кешуде бата тиіп, батырып кетіп отырды. Бірақ шыншыл ақын ақиқаттан аттамады. Қанша дауласып жүрсе де Сәкен Аханды, Байтұрсынов ағасын қатты ардақ тұтты. Мағжан досының ақындық құдіретіне азаматтығымен бас ие білді. Құрметтей қадірлей білді.
Қазақ даласына "Кіші Октябрь" дауылы мен қанды құйынын үйіріп Голощекин келді. Қазақ байларын тәркілеп, елді советтендіреміз, халықты отырықшыландырамыз деген Сталиннің саясатын еркін жүзеге асырған Голощекиннің геноциды қазақты баудай қырықты. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ:
Ыстық күні, оттай құмы,
Ми қайнатқан елсіз Бетпақ даласы.
Жолда жаяу, жүріс баяу,
Келе жатты қазақтың бір баласы.
Ол бір ерке, бағлан серке
Елде жүрген көк өрімдей жас еді.
Енді ғаріп, болған арып,
Бұл қаңғырған қалтылдайды аш еді.
"Итке, құсқа жем қылдың ба,
Тәңірім алла, қинадың ғой жанымды.
Жылаттың ғой жазасызды,
Масайратып өңшең жауыз залымды!
Жомарт едің, мейірімді едің,
Бауырларым, бабам қазақ, қайдасың?
Бар еді ғой сансыз малың,
Ол мал қайда?
Кім көрді оның пайдасын?"
Ыстық күні, оттай құмы
Күйдіреді! Елсіз Бетпақ даласы!
Қалды құлап. Жатыр сұлап.
Аштан өлді сорлы қазақ баласы! –
деп ашынған ақын енді Голощекинмен ашық айқасқа шығады. Өзінің қателескеніне көзі жетіп, енді Сәдуақасов Смағұл, Нығмет Нұрмақовтарды батыл қолдайды. Әсіресе Сәкен Сәдуақасовтың 1923 жылы айтқан: "Қазіргі кезеңде еліміз ешқандай дүрбелеңге зәру емес. Оған шабытты бейбіт еңбек қана қажет. Елді ауыздықтау емес, еңбек пен ғылым сақтап қалады. Ауылдағы әлеуметтік-экономикалық қатынасты өзгертудің еш қажеті жоқ. Өйткені қазақ байы - қарапайым еңбек адамы, қанаушы емес" дейтін тұжырымын кеш ұғынғанына қатты өкініп, өзінің бір сөзінде:
"Қайран Аха, Ахмет аға! Шіркін Смағұл! "Барымызды дұрыс базарлайық. Шикізат ғана өндіріп, тағы да жаңа империяның отары болып, тұттай тоналмайық!" дегендеріңді енді ғана түсіндім!" деп бармақ тістегені - асыл азаматтың шыншыл турашылдығының куәсі де ғой.
Әрине, бір басының қуанышы мен қайғысы мол, табуы мен жоғалтуы көп, ауытқуы мен қайта оралуы қабат жүрген ұлы Азамат ақын һәм үлкен трагедиялық тұлға Сәкен Сейфуллинді сол кездегі әрі жарылқағыш, әрі жабырқатқыш одақтық үкімет пен партия 1936 жылдың 12 шілдесінде Қазақстан көгіне шарықтатып көтеріп, қазақ әдебиетінің ұлан-асыр мерекесін бастап жібергенін де білеміз.
Сол тойда ағынан жарылған ұлы замандасы, ұлы ақын Ілияс Жансүгіров:
Шап жүйрігім, тұлпарым,
Шапсаң қуант халқыңды.
Шырқа, қызыл сұңқарым,
Салшы кекте саңқылды.
Жырламасқа теңіздей
Қуаныштың шегі жоқ.
Ардақталған өзіңдей
Қазақта ақын тегі жоқ, -
деп тебіренгенін де білеміз.
Ұлтының жан-жүрегімен табысып кеткен сұлулықтың үлгісі Сәкен ағаны, тәкаппар қарапайымдылықтың үлгісі Сәкен ағаны, елін емірене сүюдің өнегесі Сәкен ағаны шарықтаған биігінен құлдыратып тастап жіберген де сол әміршіл-әкімшіл жүйе еді.
Салалы саусақтарын бір-бірлеп буын-буынынан сындырған, аппақ маржан тістерін бір-бірлеп ұрып түсірген, сұлулық сиқырындай көрінген қою мұрттың әр қылын іскектеп, қысқашпен жұлып "жүндеген" жендеттер ақын Сәкенге, арда Сәкенге, азамат Сәкенге өздері ойлап тапқан "халық жауы" деген қарғыс таңбасына қолын қойғыза алмай, жер асты түрмесінде жан азабы мен тән жазасын соза берген ғой.
Әрине шындықтың анасы - уақыт. Уақыт аршымайтын, тазартпайтын көмбе жоқ. Бүгін өз елінің төріндегі, өз ұлтының жүрегіндегі өз орнын ойып алған ұлы Сәкенге көз аларта қарайтындарды сезгенде, еріксіз жаным түршігеді. Бізде әлі де әділетке жүгінгісі келетіндер аз да, заманның әуеніне, уақыттың ыңғайына бейімделгіш айғайшыл ұраншылдар көп. Солар бүгін ұлыларының тойын өткізгенсіп, шашбауын көтергенсіп, уағыздай сөйлеп қарық қылғандарымен, күні ертең-ақ (құдай оның бетін аулақ қылсын) басқа жақтан жел ессе, басқа тұстан бұйрық жетсе, құйрық қыса қойып, өзгеше әуенге баса жөнелері айдан анық. Олар әдебиетті де, ақиқатты да өз пайдасымен, өз дәрежесімен, өз лауазымымен түсінеді ғой.
Ал халық әрқашанда ақиқаттың - адалдықтың айнасы екенін біледі. Ал адалдық -азаматтықтың белгісі екені шүбәсіз. Олай болса адамзат кешегісін келешегімен қатар қоя алғанда ғана кемелдене түседі.
Ендеше кейбір шәуілдегіш тексіздерге Сәкеннің ең соңғы ақтық сәлемхатын тағы бір қайталап айтқым бар:
Сатқам жоқ мен елімді!
Сата алмаймын!
Атқам жоқ мен халқымды!
Ата алмаймын!
Сыртымнан мені біреу сатқын десе,
Көрімде тыныш ұйықтап жата алмаймын!
Тағы да ендеше мен:
Өміріме өзек болған, азық болған Өнерлім!
Дала - Сәкен, Сәкен - Дана! Асар екен сенен кім?
Сұлулықтың тәңіріндей тіке қарап тұрмасаң,
Жер айналмас қазығында, көк аспанда сөнер Күн.
Толғандырған тағдырымен, тәңіріммен кем де емес,
Ұлы далам ұландардан, ұлылардан кенде емес.
Жұмыр жерді жұдырықтай жүрегіне сиғызса,
Бірде бірі кеуде қағып, ешқашанда "Мен!" демес.
Талай саусақ шымшып ойнап жүрегімнің тиегін
Талай рет жаным шымшып, сырқырады сүйегім.
Хас шебердің маңдайынан сипамайды алақан,
Өзің сипап, өзің жебе Қасиеттім! Киелім!
1994 жыл.
ҒАБЕҢ ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Ел, жер, ер. Құдіретті үш ұғым. Қасиетті үш таған. Өйткені Ел құдіретті. Жер киелі, Ер қасиетті болмақ. Киелі топыраққа кіндік қаны тамған ардақты азаматын Елі алақанында аялайды. Сондықтан киелі Жердің қасиетті Ері Елін құдіреттендіреді.
Бүгін еркін елі еңіреген Ерін киелі топырақты туған Жерінде қайта туғызып отыр. Ол -елдің еріне деген өтелген борышы. Ол - елінің асыл ұлына деген сүйініші. Ол - елжіреген елінің Азамат қаламгеріне, қайраткер қаһарманына деген үзілмес, өшпес махаббаты!
Өйткені Ғабит аға Мүсірепов елін сүйгендіктен ғана, ұлтын ардақтағандықтан ғана қайраткер болған. Кенжелеп қалған қазағын кеуделетіп ілгері ұмтылтқан көшбастаушы болған. Білім-ғылымға талпынтып, өнер-мәдениетке жеткізу үшін қаламгер болған.
Ғабең ірі тұлға еді. Ескінің тозығын бұзып жаңаның озығын халқына ұстату үшін республика мәдениетінің тұтқасын ұстады. Сол үшін біз оған борыштар едік.
Ғабең паң асқақ еді. Отарлық езгінің шырмауындағы ұлтына тәкаппар қайсарлық, еркіндікке деген өжет сенім егу үшін де өршіл рухын барынша тік ұстады. Сол үшін де біз оған борыштар едік.
Ғабит аға сырбаздық үлгісі еді. Елінің нәзік жаны, ғажап сырының белгісіндей етіп өз көкірегінің әсем назын әсерлі әңгімелерімен, сыршыл пьесаларымен, ғажап романдарымен халқына таратып еді. Сол үшін де біз оған борыштармыз.
Ғабит аға әділдік пен тазалықтың өнегесі де еді. Қиракезік заманының дүлей дауылының өтінде қасқайып қарсы жүріп, иілсе де сынбай, сүрінсе де жығылмай, әділет туын шайқалтпай алып өткен. Ол айтысса да Мұхаңды, Әуезовты, Сәбеңді, Мұқановты қатты сыйлаған. "Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын!" деп қасиетінен айнымай, Майлинді ерекше құдірет тұтқан. Сол үшін де біз оған борыштымыз.
Ғабең күрескер еді. Голощекиннің қанды қырғынына қарсы батыл айқасқа шығып, "Бесеудің хатын" жазып, қазағының тозағын тоқтатпаққа барынша күш салған болатын. Сол үшін де біз оған борышкер едік.
Міне, киелі топыраққа ұлы Ғабеңнің бүгін кіндік қаны қайтадан бір тамғандай. Жүз жылдан соң тәуелсіз елінің төрінде өз шілдеханасын өзі тамашалап отыр. Жер киелі дегенім осы. Ұлы перзентін екінші рет туғызып отыр. Ер қасиетті дегенім осы. Дүниені түгел дүбірлетіп: "Бірігіңдер! Іріленіңдер! Көбейіңдер! Көркейіңдер!" деп тойына шақырды. Ел құдіретті дегенім осы! Ұлан даласында ұлан баласына - ұлы данасына мәңгілік орын берді. Ендеше Ел де, Жер де, Ер де мәңгіліктің өзі. Осы үш таған ұғым біріккен кезде әлем-болмыс ешқашанда ірімейді.
Тойларың құтты болсын аяулым, ардақтым, асқар белім - Туған халқым! Ұлы Ғабеңнің ұрпақ, жерлестері!
2002 жыл .
БАЯҒЫ СОЛ АСЫЛ ҚАСЫМ
Қасым... Баяғы сол Қасым. Арқаның қарқарасындай қасиетті Қарқаралының Аққорасында туып, "Ақтайлақтан ақтарыла аққан сумен" бетін жуған, Қарадоқ, Күйген бекет, Талдың бойыңдағы ата-бабаларының кең жайлауында тасбауыр жетімдіктің жалаңаяғының қанды мөрін қалдырған Қасым. Сол киелі топыраққа кіндік қаны тамған сәттен бастап-ақ Табиғат-анасына тартып туған "бірде жаз, бірде күз мінезді" ұлы перзент Қасым. Сондықтан да бір күнгі аштықты жоқтық санайтын, бір кекіргенді тоқтық санайтын далақбайларға "шарпыған қызыл жалын мінезімен" шекірейе қарап, "өртке тиген дауылдай өлеңімен" адамзат сапарының аласапыран жолында бұлқына тасып, еркіндей басып поэзия көш-керуенін бастай жөнелген Қасым.
Қиялы ерте қанат қаққан ол өзгелер бүгежіктеген кезде бұрылмай, тығылмай алға ұмтылып, өзгелер "күн көсемнен" басқа тақырыптан үрке қашып, күмілжіген шақта "серінің сертке тартқан семсеріндей" өткір өлеңдерін бұрқыратқан дауыл Қасым. Әлемді аузына қаратса да, сол әлемдік дүниенің әлдебір жалтырақ-жылтырағын не иініне ілмеген, не кеудесіне тақпаған, таға алмаған Қасым. Бірақ "бары да, бақыты да жүрегінің жақыны мен досы да болған" өршіл өлеңімен сол адамзат әлемін әлдилеп тербетіп, әлпештеп аялаған Қасым!..
Ат-атақсыз-ақ Абай деген, Мағжан деген ұғым халыққа қандай қасиетті, қадірлі болса, Қасым да ұлт жүрегінің бұрын да, бүгін де дәл сондай ықыласы мен құрметіне бөленген аяулы ұланы. Ол сол даласындай данышпан Абайдың, мөлдір Мағжанның жалғасы. Өйткені Шыңғыстаудағы Абай қалыптастырған мәдени орта, әдеби рухани тірлік Сарыарқаны кең жайлап кетіп, сұлу Көкше маңындағы Мағжанға мол дарыса, сол қос алыптың поэзиядағы жасампаздығы қасиетті Қарқаралының Қасымына кәусар боп құйылған. Сол асқар Абайды феодалшыл-байшыл ақын, шалқар Мағжанды ұлтшыл-түрікшіл заржақ деп қымтап жауып, кінә-жаланы дүрілдете жөнелгенде, Қасымның өр даусы өктем шыға келген-ді. Өйткені оны тіршілік телегейі тебірене тербетіп, өмір толқынының бұйра жалына өршелендіре алып шыққан-ды.
Сондықтан да оның:
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Сол себепті де асқар Қасым, асқақ ақын:
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін,
Бетіне туған жердің өшпестей ғып
Ол жазды өз қанымен жүрген ізін.
Өз жүрек қанымен жүрген ізін ешкімнен қаймықпай, ештеңеден жасқанбай жаза білу құдіреттілік қана. Белгілі мөлшерден асыртпай, нұсқаған бағыттан ауытқытпай бір қалыппен құйғандай етіп шығарма туындатқызатын "Социалистік реализм" құрығынан құтылып шығатын басасаулар некен-саяқ кезде Қасымның өзгелерден қара үзіп, озық кетуі шын мәнінде құдіреттілікпен егіздес болатын.
Құдіреттілік... Құдірет. Көктегі құдірет - жаратушы Болмыс десек, ол бәлки Тәңір хақ, ол бәлки Табиғат ана шығар. Оған ешкіммен таласым жоқ. Бірақ жердегі құдіретті мен ақын... жазушы, әйтеуір шығармашылық иесі деп ойлаушы да едім, соған сенуші де едім. Өйткені қандай да болмасын шығарма жазушы талант иесі бейнебір құдіретке айналып, өз Әлемін жасап, өз кейіпкерлерін тудырып, сол өзі тудырған тұлғаларын күйінтіп, сүйінтіп, асқақ қып Азаматқа дейін өсіріп, пенде ғып, құрт-құмырсқаға айналдырып, өшіріп, билігін айтып, өкімін жасап жататын.
Алайда сол құдіретті өнерлілердің өзегін суырып алып, өкпесін отқа қақтап, жүрегін жұмырығында қысатын олардан да әндемді құдіреттер те бар екен. Олар кешегі өкімет билігін уысына сығымдаған ықпалды орғандар - заң өкілдері, милиция, прокуратура, сот екен. Қаңды тізгінді тұқырта тартып, ауыздық жыртқан тіршіліктің екі езуінен қанды көбікті селдей ағызып, оңды-солды сілтеген қамшысынан кеңестік одақтың бұлыңғыр көгіне найзағай отынан да өткір ұшқын ойнатқанда, олар сол өз кезеңінің ғана емес, алдағысының - бүгінгі күндердің де темір-бетонды іргетасын берік қып орнатып кеткен еді. Өткен ғасырдың отыз жетінші һәм елу екінші жылдарындағы ықпалды органдардың: "Халық жауын кім көп әшкерелейді? Кім оларды көбірек жабады?" дейтін өрескел социалистік жарысының нәтижесінде түймедейден түйедей жасап, әшейін ғана нәрседен байбаламшыл саяси процесс тірілтіп, жаппай террор мен дүрбелең үрейді дауылдата туғызып, кеңестік әлем деп аталған бүкіл алып елді концентрациялық лагерьге айналдырып жіберген де қойған-ды. Көп құжатты ақтарып, көп деректі тексергендегі бір пайымдағаным: осынау ССРО дейтін үлкен мемлекетті биліктің ең ұшар басында отырған қаһарлы мұртты көсем Сталин емес-ау, әртүрлі сатыдағы шүпірлеген прокурорсымақтар, НКВД және парт-босстар бірігіп, саусақ ұшында шырқ айналдырған-ау деген ұйғарымға тіреле берем. Ал енді осындай қатаң тәртіп, қатал бақылау пресінде жаншылған шығармашы құдіреттің үні еркін, әні асқақ естіле қояр ма екен. Кешегі цензоры зіркілдеген, редакторы еркіндеген кезеңде "поэзия кәусарына, Михаил Светловша айтсақ, аяқ-қолын жуып", мөлдірін лайлап, шуағына шуашын сіңіріп барып, оқырманға поэзия шайындысын ұсынушы еді ғой. Дауысы құмығып, тынысы булығып шыққан Қасым ақынның:
Ленин - бақытты өмірдің
Туа қалған тұлғасы.
Қызыл туы Лениннің -
Алтын таңның шұғласы –
демесіне қойды ма сол кезеңнің "шындықты шала түсінгендіктен идеясы тым аласа, шеңбері тым тар өлең жазатын ұлтшыл ақын" деп өңменіне оқты да, шоқты да шірене қадайтын қызылкөздер.
Әдебиетке деген осындай қиянатшыл қастандық, поэзияның нәзік әсемдігіне деген дөрекі зорлық жалаңаштанған ақын жанын қалай жараламасын. Қайтіп шырылдатпасын. Айдалада жалғыз адасқан, жалғыз еңіреген хас суреткердің жандалбаса әрекетпен махаббат талшыбығын қармаудан басқа шарасы қалды ма? Сол себепті де отызыншы жылдары Қасым озбырлығы күн сайын өктемдеп тұрған қоғамдағы бұлыңғыр тұрмыстың ең негізгі асылы, аяулысы - махаббат Тәңірісін таңдап алады. Әсемдікті сүю мен сұлулыққа табыну арқылы ол Болмыстың өзін қинаған, қамаған мезеттері мен кезеңдеріне деген өксікті өкініштерін айғақтай отырып, өгей өмірге азынатқан арызын жолдайды. "Махаббат періштесіне жүрегін қолына ұстап жалбарынып", жан қайғысын жұмсартып, жұбатып есіркеуін өтінеді. Ақынның махаббат періштесі жай періште емес, әрине әділет иесі, адалдық киесі еді. Жалындаған ақын жүректің ойланары да, толғанары да көп. "Жер мен көктің арасын талақ етіп", жалған дүниеден жалп етіп өшер де еді. Бірақ "Жырла!" деп жүйрік тіл берген, "барла!" деп өткір ой берген Табиғаттың құдіретті дарынын тұншықтырып, елі мен жерінің аманатын айта алмай кетіп, өзі аңсаған әділетке қиянат жасамас па еді онда. Сондықтан да махаббат тақырыбы арқылы ол өз түйсігін өзгелердің -адамзаттың түсінігімен мидай араластырып, жымдастырып жібереді. Өз уайым-мұңын астарлап отырып, күна-кінәсынан арылып, қоғамдағы зұлымдықтың өңезесін сыпырып тастап, құлантаза жазылмаса да, сәл-сәлдеп айығуды мақсат тұтады.
Бұл күнде сыртым жалын, ішімде шоқ,
Бір өзіңнен басқада үмітім жоқ.
Шашсаң күлмін, егер де алсаң-гүлмін,
Ой түйіні шешілсе тілегім боп.
Өмірге пенде болып неге тудым?
Не себепті қоғамның жолын қудым.
Балапандай талпынып жас кезімнен
Неге сонша серт беріп, белді будым?
дегенде өмірге пенде ғана емес, азамат боп туып, өгей қоғамда да арман қуған ақынның асқақ ойы тұлғаланып тұрған жоқ па.
Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жатпай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың? ...
Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдығын қазайын.
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,
Сырыңды мен жырға тізіп жазайын. –
деп, өз жүрегіне тіл қатуы тегін бе? Тегін емес. Ұясында, кеуде бесігінде тыныш жатпайтын, тыныш жата алмайтын мазасыз жүректі ақын ой құдығын қазбаса ақын болар ма еді. Ендеше махаббат лирикасына сүйеніп, Абайды байшыл, Мағжанды түркшіл, Сәкенді жапон тыңшысы деген тұрпайы социологиялық сынның нөсерінің арасынан сытылып шығып, сол қоғамның шыны мен сырын "кеудеден тау суындай ақтарылған сөз шығарып жазу" Қасымның ғана қолынан келген ерлік. Сондықтан да сыр-сандыққа сыналап енгізген жүрек құпиясы сол қаһарлы һәм үрейлі отызыншы жылдардың бізге жеткен ақындық, азаматтық аманаты.
Сандығым - тән азығы, жан азығы,
Сандығым - қуат, жігер, қан азығы.
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын,
Сандығым - сана-сезім, ар азығы.
Сандығым - жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.
Сақталған көкірегімде сыр-сандығым
"Сенікі", "менікі" емес, көптің мүлкі.
Жүрекжарды сөзі! Қасым жыры - елінің қазынасы. Халқының жауһары "Ұлы тарих мұрасында сақталып", "қара жердің жырасында қалған" ақынның бұл өмірде ғана емес, қазақ халқы тауарихтан өшпей, көшпей тұратын бар-бар заманда мәңгілік сақталатын асыл дүниесі. Рухани шежіресі.
Ішім пысты. Жалықтым.
Жүре алман енді аяңдап.
Кенде қаппын. Жаңа ұқтым,
Не болса соған аялдап.
... Жүргенімде тиісті
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйінішті
Жас шағымды ұрлаттым...
Шырқыраған шындығы осы. Қанша сүйкімді де ыңғайлы тақырып болса да, махаббат лирикасы азамат Қасымның асқақ ойына тарлық ете бастаған еді. Екі бүйірі қысылса да өз үнімен, өз даусымен аянбай айтқысы-ақ бар. Ауыздық тістесе де, азуды шақыр-шұқыр егеп тұрып, буындырған көмейден өз ойын, өз түйсігін асқақ сөзбен төккісі-ақ бар. Содан кейін-ақ нар тәуекелге басып, махаббат күйінішінен де ауыр күй барын ерте сезген Қасымның ендігі өршіл рухты поэзиясы өзгеше нұрға, серпінді қуатқа ие бола бастайды. Сүйіспеншілікке еліткен бозбала емес, зұлымдыққа, зәлімдікке қарсы бой көтерген асау да арынды жырдың тоғанын ағытқан қайсар ақын көш бастай жөнелген. Сол-ақ екен қызу қанды Сәкенінен, жыр селіндей Ілиясынан, нәзік сезімді Бейімбетінен айрылған қазақ поэзиясының ендігі кезеңі - Қасым кезеңі басталады. "Квартбюро тізімі" өмір сыйы емес екенін ұғынған сайын ақын өзін-өзі қамшылаудан жаңылмайды. Дарынсыздардың даңғырауық дабылынан қанша безінсе де, ұлыққан қаншықтың "нөкеріндей" шұбыратын шуылдақтардың өсегі мен кесегінен құтылған да жоқ. Бірақ оған да қасарыса қарап, қасқия білген Қасым ақындық кеңістіктің түпсіз тұңғиығына шарлады да кетті. Жалғыз шарықтап кетті.
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
... Екі аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелін.
Сар далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.
Мына қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты. ...
"Тағы" емеспін, тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Ақын әманда жалғыз. Оның жалғыздығы ғарышпен шеңберлес. Сондықтан да бүкілғаламдық өксік те, бүкіл планеталық күрсініс те ақын жүрегінің бүлкілімен тыныстайды. Өйткені шынайы ақындық дарын бүкіл адамзаттық күйініштің телегейінде тұншығады да, сол бүкіл адамзаттық арманның қатты серпіген қанатының лебімен жан шақырады. Ақынның жалғыздығы - бақытсыздығы да. Ақынның жалғыздығы - ғарыштан ғана даралап жеткен құдіреттілігі де.
Мүмкін Жаратушы Болмыс тек қана шерлілер мен шерменделерді аялайтын, ардақтайтын болар. Шерлінің арманы, шерменденің үміті - болашақтың бұлжымас тірегі десек, бақытты данышпанды, төрт құбыласы түгелденген генийді көргендеріңіз бар ма? Жел өтіндегі сарғайған жалғыз жапырақтай дірілдеген өз тіршілігінде ғұмырына риза боп, рахат күй кешкен бір де бір данышпанның болғанына өз басым куәлік бере алмаймын. Бағыт-бағдарсыз ұшатын Бақыт атты басыр құстың көбіне көп "ортақ өгізден оңаша бұзауын" артық көретін, өз тірлігін ғана күйттейтін орташа пенделердің ғана басына қонатыны қалай. Осыны әділет деуге әддің жетер ме. Бірақ байырғы, бүгінгі һәм ертеңгі жалған дүние - замананың үрдісі осылай ауыспай, бұлжымай жалғаса берер болса, солай демеске амал нешік.
Сондықтан да жалғыздықты құдіреттілігімен қоса маңдайына еншілеп алған Қасым ақын өзінікінен де, бұрын өзгенің, ең алдымен өз қоғамының сан түрлі сауалына жауап іздегіш елжіреуік жанын оймен улап, алай-түлей күйге түспей қайтсін. Анда-санда көз алдында найзағайдай жарқ ете қалар шындық пен ақиқат қалың тұман арасында адасып жүрсе, қиялында өзі туғызған әдемі өрнек, айшықты жыр жолдарын секемшіл ортасының жау аңлағыш "қырағылары" шаранасынан шыққызбай тұзақтап қылғындырып жатса, жаралы жүрегін ұғар жан қайда, жұбатарлық жар қайда. Жалғыз ақынның аласапыран кеудесін басқан қорғасыннан да ауыр ойды быт-шыт қып бұзып, Қасым өзінің өмірлік нысанасын ту ғып көтереді.
... Жел жынданып, ызыңдайды, еседі,
Сұм жалғанның суылдайды өсегі.
Бірақ оған мойымайды жас ұлан,
Албырт болып, ақын болып өседі.
Ақын ұлан өмір сырын тереді,
Қырағы көз көрмегенді көреді.
Сезгіш жүрек, асқақ ақыл, алғыр ой,
Қайтпас қажыр ақынға күш береді.
Ақын ұлан арыстандай айбатпен,
Ар, намыстың майданына ереді.
Замана желі ғана жынданбаған, елі де жынданған. Суылдаған өсек ызыңдап қана еспеген. Ызғарлы сесімен жеткен. Отыз жетінші жылдың қап-қара "воронка" - машинасымен жеткен. Қойнынан жарды, төрден әкені суырып жетіп, кеудедегі әнді ұрлап, көкірекке зәр мен зар құйған. Жүйрік жүректі үреймен тұсаған, терең жанды оймен улаған, асқақ арманды күдікпен ауыздықтаған. Жабайы жұртқа ұғымсыз, жат мінезді тірліктен жерінген Қасым тынымсыз оймен шырмалса да, өзіне ғана тән адуын қайсарлықпен бас шұлғығыш тобанаяқ тобырға арнап пішкен топыршықтай қалыпқа симай, көк төсіне тік самғар қырандай шалқар кеңістікке ұмтылған. Албырт ақын бұрын сұлулыққа табынып, сұлулықты жырласа, енді мынау "өсегі суылдаған сұм жалғанның" көңіл жұмбағынан гөрі өмір жұмбағы түйіндірек түсіп жатқан кезде өзгелерден өзгеше күйге ауысады. Қасымды Қасым еткен де, басым еткен де осы өзгешелігі. Ақындыққа деген адалдығы, әлеумет алдындағы адамзаттық парызына тазалығы.
Жығылам деп жүре алмаймын тәй басып,
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап, жай басып.
Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетермін.
Бұл отызға да жасы жетпеген нартәуекелшіл тың серпін тапқан, жаңаша ырғақпен кең тынысты жаңа жырлар туғызып, өзгелерге ерекше ықпал жасаған Қасым. Бұл өзіндік бағыты, өзіндік беті, өзіндік ақындық кредосы бар ойшыл, сергек сезімді Қасым. Әлсізге шіреніп қарап, мықтыға шыбындап бас изейтін іш пыстырар қорқақтардың мимыртынан мезі боп, жығылса да, қызғаншақтар мен қызылкөздер аяқтан шалып жықса да, барар жеріне өзгелерден бір дәуірдей бұрын жеткен Қасым. Сол жүйрік екпінмен, киіп-жарған дауылдай адуын қимылымен қазақ поэзия сына соны мәдениет әкелген Қасымды да тежеген дүлей күш, бөгеген сұрапыл болған-ды. Ол соғыс еді. Қырқыншы жылдардың қырғын зілзаласы еді. "Өмір деген бір өзен ғой. Адам сол бір өмір өзенінде домалап бара жатқан тас секілді. Толқын қақпақылынан жағаға жеткенше күндер өте береді. Сұрапыл соғыс жазатын жақсы жылдарымды алып кетті. Енді бір сілкініп алмаса болмас!" деп Қасымды өкінткен замана қырсығы еді ол.
Ішімде жанартаудай жатыр жырым,
Ұшқындап, іште қайнап сұрапылым.
Керерсіз соның бұрқап атылғанын
Жаңғыртып жан түкпірін, ойдың шыңын.
Өлеңнің қаптатармын отты селін
Толассыз топанындай ертегінің, –
деп Сәбит Мұқанов арқылы халқына серт берген ақын жан түкпірінен жаңғырып, жанартау боп атылған жырларын майдан даласынан топан судай тоғытқанына "Қоштасу", "Қанқұйлы жау", "Ғабдолға", "Ғалиға жауап", "Ертіс", "Орал", "Сарыарқа" сияқты әлденеше өлеңдері куә.
Сарыарқа сағындырған ата мекен,
Сардала - анам едің құшағың кең,
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп
Артта - Сен, алда - майдан
Қайтсем екен?
Туған өлке, ыстық ұя, кіндікжұрт артта қалып барады. Алда майдан. Өмір мен өлім арпалысы. Көңіл мұңы қайсар ақынды елжіретпей қойсын ба. Ал дәл осы жолдарды қырқыншы, елуінші жылдары Қасымға кінә ғып тағып, "ұлтшылдықтың анық шыңы, ұлы орыс жерінен өз қыстауын бөліп алып, бөлектеп жырлады" деп солақай сыншылар Қасымның соңына шырақ ала түскен еді. Ал бірақ сол Қасымның:
Қош болшы енді, Оралым,
Мен үшін сен күл, сайранда.
Айтпақшы, қайда бораның
Кетейін алып майданға –
дейтін өлеңіндегі өзегін өртеп шыққан қайсарлығын, өксігі болса да өкініші жоқ өжеттігін, өзін де, өзгені де кекке қайраған терең әлеуметтік сырын көргісі де келмеген ғой сол әркімге бір шала байлағыш "көрегендер".
Ал ақынның "Абдолла" поэмасы Ғабит Мүсіреповше айтсақ, "майданнан соққан жаңа леп" болған. Өйткені ол ешкімге ұқсамас "жаңа тақырыптағы сапалы шығарма" еді. Адал ойды жаңа идеямен кіріктіріп, поэзияның құдіреті сыртқы сұлу суретте ғана емес, ішкі терең сезімде екенін танытқан-ды. "Абдолла" майдан тақырыбына жазылған поэзия туындыларының оған дейінгілерінің де, одан кейінгілерінің де ішіндегі ең биік нұсқасы еді, ең биік шыңы да еді.
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытпайды мені елім, -
деп соғыстан елге оралған Қасым ойдың асқарына ұмтылып, өлеңнің отты селін өзіне ғана тән адуын шабытпен тоғыта жөнеледі де, 1948 жылы "Дауыл" атты өлеңдер жинағын шығарады. "Дауыл" - Қасымның ешкімге ұқсамайтын өз өршіл үнімен, айшықты орамымен, ішкі еркін тәуелсіздігімен қалың оқырманына өшпес әсер еткен кітабы.
Қасым рухы қанша жоғары болса, тағдыры сондай қиын да күрделі болған-ды. Жалынды жырдың Пайғамбарын күйкі тірліктің нашар тұрмысы, ауыр кеселі, күншілдіктің дертіне душар болған шәуілдегіш "қыраты" сыншылар мен бес минуттық "достардың" балтырдан қабуы - еркін лепті сыршыл поэзиясы әр қазақтың серігіне айналған Қасымды тағы да өгей жалғыздықтың қазығына қаңтарып қойған еді. Тіршілікте тізе бүгіп көрмеген тәкаппар ақын ешкімге көз де сатпай, ешкімге қол да жаймай, өзегін өртеген өз сырын өлеңіне ғана ашып отырған.
Мен не жаздым, шығармастай үнімді,
Әлде маған қырқ дей ме екен тілімді,
Әлде менің жүрегіме су құйып –
Өшірмек пе оттай жанған көңлімді.
Әлде мені өмірге жат көре ме,
"Ірткі салар өмірге" деп сене ме,
Әлде менің күш-қайратым харам ба,
Ақыл, ойым, тілім зиян бере ме?
деп көсемдігін көре алмайтын іші тарлар мен тәкаппар басын имейтін өркөкірек ақынды мұқатып, жүндеп, жуасытып алуға жанталаса шүйлігетін беделділер мен биліктілердің тәйтік қылықтарына ашынса да, арқасын жарға тірегендей, жәрдем мен қуатты көптен, халқынан ғана күтеді Қасым.
Жоқ! Ол болмас! Мүмкін емес болмағы!
Көп тұрғанда аздың батпас салмағы!
Мен - көптікі. Көп те мені өзінің
Қолтығына айдан анық алмағы!
Мүмкін емес аздың тиіп қолдары,
Мезгіл жетпей қызыл гүлдің солмағы!
Мүмкін емес көкте жүрген бүркіттің
Қара құсқа ойдағы жем болмағы.
Әрине көңілінен табылған көбі ол кезде де, бар кезде де дәрменсіз еді. Бүкіл совет халқын бір шыбықпен айдайтын Сталиннің тұсында көптің тілі күрмеліп, қолы шырмалып, ізі аңдылып тұрғанда алып Қасымды ауру Қасымға, аш-жалаңаш Қасымға айналдыру поэзияның иісі мұрнына да бармайтын тізгін ұстағандарға тіпті де оңай еді. Оңаша ойдың тұңғиығына батқан Қасым:
Біреуге достық жасасам,
Қастық боп қайтар өзіме.
Жүрегімді ұқпай, етед шам,
Еркіндеу айтқан сөзіме. ...
Ұғынар дедім достықты,
Болған соң адам баласы,
Осы бір ойым бос шықты,
Жанымда қалды жарасы –
деп базбіреулерден түңілсе, өмірден, келешектен түңілмейді. Бәрібір сол үндемес, бірақ жанын, жайын ұғар халқына, қазағына сенеді.
Әлі ұзақ өмірімнің жазы барда.
Сенемін тесік өкпем жазылар да,
Кей пасық күрек ұстап асыққанмен
Қабірім өлмей жатып қазылар ма?!
"Қасымның өлсе барман өлігіне"
Дегеннің түссін күйік желігіне.
Ол сорлы тамырына түк шықпаған
Сұқтанар менің бітік егініме.
Қасымның елуінші жылдардың басында-ақ жыр егіні өте бітік еді. Сол бітік егінді көре алмай, асқақ рухты адал ақынды жапатармағай жанталаса кіналап, қаралап, қара бояуын қара атан көтере алмастай ғып газет, журнал беттеріне үйіп төккен қарау замандастары қаншама еді. Бұл әрине Пушкиннің "Ақын мен тобырынан" да тамыры тереңде жатқан әлеуметтік құбылыс еді. Дарынсыздардың дарылдақ келетін әдетімен шуылдақ тобыр енді саясат дейтін сайқалдың етегіне жармасқан-ды. "Социалистік тұрмысымызды, гүлденген дәуренімізді құбыжық етіп көрсетті. Ұлтшылдықтың туын көтерді" дейтін кінә-жалаларымен Қасымның еркін тұсап, аузына құлып салуға тырысты. Ақындықтың шынайы лебізін сұмдықтың салқыны деп байбалам салған тұстастары талғампаз ақынды біразға дейін тілін тістетіп, көмейін тығындап, жігерін жасытып, жүрегін жүдетіп қойған да еді. Ол - кейіннен әміршіл-әкімшіл жүйе аталған заманның қысастығы еді. Ол - озық тұлғаның ойшылдығын кешірмейтін аярлық пен зұлымдықтың мекерлігі еді. Ол -қоғамдық болмысты өз қалпында, өз бейнесінде боямасыз көрсетуге талпынған шынайы суреткерді бұғаулап тастаған тоталитарлық жүйенің өктемдігі еді. Бірақ тәні ауырса да, мойымаған, өкпесін дерт тессе де, езілмеген қайсар ақын балағына жармасып, ит пен биттей өршеленген ергежейлілерге:
Жазғанымды жамандап,
Сен төккенмен жыныңды.
Мен жатқам жоқ алаңдап,
Ұрдым сенің сыныңды.
Ауырсам да қажыман,
Құйған қайрат-жігермен
Сорың үшін жазылам,
Ауызыңды бүрермін,
деп болашағынан еш күдер үзбейді. Сол күдер үзбеген қайсар рух 1955 жылдың 18 қаңтарында қазақ поэзиясының көгінен ағып түседі.
Қасым. Сол Қасым. Отызыншы, елуінші жылдардың қиын-қыспағында зобалаң көрген Қасым. Баспана ала алмай, баспалардан қолдау таба алмай, бастық пен басқалардан жәрдем, көмек көре алмай көңілі құлазып, қағажуды көп көрген Қасым. Істейін десе, жұмыс таба алмай, не кітаптарын дұрыстап шығара алмай зығырданы қайнап, ауыр тұрмыстың тауқыметінен айықпас кеселге душар боп, өкпесі тесіліп, өзегі талып, аштықтан көз жұмған қайран да есіл Қасым.
Бәрінен де бұрын іште буырқанған жанартаудай бұлқынып жатқан қазынасын толық бере алмай, ауызы буылып, қолы байланып, еркі тұсалып, тәуелділік торында бұғауланған Қасым. Егерде ол тағы бір бес-он жылдай өмірін ұзартып... "жылымық" дейтін жылбысқылау кезеңге жетсе... онда бүгінгі кейбір "пайғамбарлардың" қай жерде жүрерін көрсетер де еді-ау!..
Өкінесің. Өкінесің де, "Қой! Саусақпен ғана санарлық құдіретті дарындарымызды біріне-бірін қарсы қоймайықшы!" дейтін тәубеге ұйисың.
Бәрібір өкініш өзегіңді өртейді. Қасым... Баяғы сол Қасым. Көзі тірісінде де, көзі жұмылғаннан кейін де өзінің меншікті орнына бір отырып көрмеген Қасым. Күншілдер мен қызғаншақтар, бастықтар мен бақталастар көзі тірісінде әдебиет ордасының босағасынан ғана сығалатса, көзі жұмылғаннан бері көкжиектен қылтитып қана көрсетіп, көк аспанның қақ төріндегі тұғырына қондырылмаған Қасым. Қасымның қойны-қонышынан өсіп-өнген ақындарға... әрине іздеушілері көп, шырқатушы, шарықтатушы кран, домкраттары мықты ақындарға "ұлы", "данышпан" деген желбуаз атақтарды үйіп-төгіп беріп, Қасымға тиесі киелі үлесті өзгенің иығына жаба салғанымызға әдебиет төңірегіндегілер де, үкімет басындағылар да мән бермей емес-ау, көңіл қоймай келе жатқаны ақиқат.
Бірақ халық көңілінде, халқының көгінде Қасым - дара. Қасым - басым. Қасым - Ақын.
Бәрібір. Қасым сол баяғы Қасым ғана. Өзгелерге басынан бақайшағына дейін құйылған аста-төк құрмет-қадірдің (көшенің аты, сыйлық, мектеп аты... ескерткіш... т.б.) оған әлі күнге дейін бір де бір нышаны жасалған жоқ. Елуінші жылдары жарық көрген төрт томдықтан кейін, оқта-текте биттің қабығындай боп шығатын шағын кітапшалары болмаса, мол мұрасы бүгінгі бейтаныс ұрпағына... ұрпақтарына жетер емес. Елу жыл бұрын шыққан көптомдығының құрдастарының балалары тұрмақ мектеп есігін ашқан немерелері бүгінгі тәуелсіз елімізде Қасым есімінен мүлде бейхабар. "Мерседес", "Вольво", "Тойота" машиналарынан, "Анталья", "Флорида", "Майами", "Лазурь жағалаулары" тәріздес курорт-санаторилардан, "Нұр", "Қазкоммерцбанк" сияқты банктерден, "Бутя", "Цесна", "Мирас", "Қазақойл" іспеттес концерндерден, бесіктен белі шықпай жатып, қазақы тіл, салт-дәстүрден мүлде мақұрым болса да ағылшынша сайрағаны үшін ғана өте биік лауазымды орындарға қонжиып жататын қалталы "жас қазақтардан" басқа өмірде әдебиет, мәдениет дейтін рухани әлемнің бар екені ұмытыла бастағанын бір-бірімізді отырып алып кінәлаумен он жылды жоғалтып та алдық. Ал әдебиет қоғамдық қозғалыстың бүлкілдеген көмекейі екені, ал сол әдебиет өкілдері өз парызын орындауда Ізгілік пен Ақиқаттың ең негізгі қайраткерлері екені ескерілуден қалып барады. Ал Қасым сияқты рухани әлеміміздің алыбының отты жырлары өмірімізге сәуле шашып, мән беріп, көн қайыстай қатқан көңілдерді жұмсартып, тіршілікке нәр құяр зәмзәм суы боларын жадымыздан өшіріп тастағанбыз.
Жоқ! Қасым аты ешқашанда өшпейді. Қасым қазақ көгінде мәңгі-бақи жарқырай берері хақ. Оған сенімім кәміл. Халқының аяулы ұлдары бар да, Қасым, Сыдық, Мұқағали сынды өнер иелері ұмытылмайды. Соған дәлел келтірейін. Ақынның мерейтойына орайластырып кітаптарын қайтадан жаңғырта шығартпақ ниетпен Қасым ағаның қызы Дариға екеуіміз былтырдан бері министрліктерге, үкімет басындағыларға қайта-қайта хат жазып, телефон шалып, шаршаңқырап жүргенімізде, бір ауыз сөзімізді құп алып, Амангелді Ермегияев сынды тәңір жарылқағыр асыл азаматтың тұлғаланып бой көрсеткені бар емес пе!
"Қасым Аманжолов - бүкіл қазақтың рухы ғой! Сол рухпен қанаттанып өскен біздер ұлы ақынның рухани дүниесін шығаруға аянып қалмаспыз" - деп жең сыбана кірісіп-ақ кеткені. Сол-ақ екен Қасымның төрт томдығы даярланып, үш кітабы жарық көріп те үлгерді. Ақынның туғанына 90 жыл толуына арналған "Дауылпаз ғасыр - дауылпаз жыр" ақындар мүшайрасын ұйымдастырып, жол-жүлдісіне бағалы сыйлықтар тағайындады. Азаматтықтың биігінен көрінген Амангелді Дінұлының игілікті ісінің арқасында үкімет көтеретін ауыр жүктер жеңілдеп, асылымыздың жүрек қазынасы қалың қазағының төрінен орын алып та жатыр.
Сондықтан да баяғы сол Қасым өзінің асыл жырымен тәуелсіз елінің он жылдық тойына өз мерекесімен кеп қосылып, басым Қасымдығын тағы да айғақтап, ғасырлар жыр керуенін бастап та кетті.
2001 жыл.
ДАРҚАН ДАРЫН
Халқымызды ән әлдилеп, күй тербетіп келгені ақиқат. Қазақтың кеудесінен күй төгіліп, көмейінен ән ақтарылып жататыны содан ғана десек, онда ең алдымен ұлтымызды әлімсақтан әсем әуен, тәтті сазбен ауыздандырған бұлбұл әншілеріміз бен дүлдүл күйшілеріміздің алдындағы перзентті борышымыз бен парызымызды ұмытпағанымыз жөн. Ғасырлар қойнауынан көне тарихымыздың мәңгі жоғалмас сәлем-хатындай, уәзипа-назындай ұлтымыздың кейде күмілжіп, кейде құйқылжып жететін әндері, кейде күңіреніп, кейде күмбірлеп жететін күйлері - рухани мол байлығымыз ғана емес, киелі қазынамыз ғой. Өткен заманнан бүгінгі күнге алтын көпір болып жеткен осынау мәдени ұлы мұрамызға көрсетілер құрмет әсем ән мен күмбір күйге ғана бағышталмай, сол әуен мен саздың жаратушы құдіреттері - сазгер-композиторлар мен әнші-күйшілерге де тікелей арналғаны керек-ау!..
Ел табынған жазушы! Немесе жұрт исінген композитор! Творчество адамына осы асыл атаулардан қадірлі ешнәрсе жоқ деп ойлаушы едім. Соңғы кездерде мына нарық дейтін парықсыздықтың құрығы қыл мойынға тұншықтырып оралғалы ол ойымнан мүлде арылдым, өйткені сананы тұрмыс билеп те, жүндес білегімен илеп те жатқан қазіргі бас ие жоқ дәйексіз заманда кеудеңді тік ұстайтын бұрынғы "жазушы", "сазгер" дейтін қасиетті ат-атауың адыра қалғандай-ау. Күн сайын төбеңнен тоқпақтайтын жүгені сыпырылған тіршіліктің жалы тұрмақ сауырына да саусақ тигізе алмайтын жаяу, жалаңаш, қайыршыға бергісіз күйің тәңірідей өр зор көкірегіңді көркөкірек етіп, жігерлі жанарыңды жасқаншақтата жасауратып қойса, қай құдіретке мұң шағарсың. Композитор - құдірет еді. Бұрын болған еді. Жазушы - жасаған хақпен бірдей еді. Бұрын бірдей еді. Бүгін енді олар алыпсатар - құдірет, акционер - құдірет, шенеунік - құдірет, депутат - құдірет, әкім -құдірет сияқты "пысықтардың" қолына су құюға да жарамай қалды.
Себебі халқымыздың өз ішінен ерекшеленіп туған, құдіреттеніп дараланған өнер иелеріне жасалар құрметімізді бүгінде жеті қабат жер астына көміп тастады. Жоғарыда отырғандардың туысқандарынан басқа есімдері ерекше аталуға тиіс ұлы Азаматтарымызға арналар сүйіспеншілігімізден баз кештік.
Сөзімді енді дәлелдермен тұжырымдап кетейін.
Сыдық Мұқамеджанов! Осы ұлы есім аталған сәтінде жұмыр жердің үстіндегі исі қазақ баласы ішкен асын жерге қоярына күмәнім жоқ. Ал Сәкеңді бұрынғы ССРО, бүгінгі Еуропа, сонау мұхиттың арғы бетіндегі Америка білетіндігіне сол елдерде үздіксіз ойналатын айтулы шығармалары куә. Солай десек, ұлы композитор - Арқа түлегі, Қарағанды азаматы, Киік перзенті Сыдық Мұқамеджановтың аты естілгенде жүрегін күй тербеткен, бірақ чиновниктік мерезі жоқ бүкіл адамзат бір тебіреніп алары сөзсіз. Саз құдіретін ауыздықтап, әуез қасиетін тұла бойынан тұма бұлақтай мөлдіретіп төгетін, өнер сүйгіш жанның көкірегіне әуен мен күйдің жылы толқынын енгізетін аса дарын иесі Сәкең жаратушы табиғаттай, немесе болмыс-құдіреттің өзіндей еді.
Арқаның қасиетті топырағынан жаралып, Үлкенбұлақ суында шомылып, Оңтүстік өңірінде өскен Сыдық аға жаймашуақ Жетісудың тау бөктерінен есетін самалдай жайдары әуендері мен Сарыарқаның түпсіз тұңғиық зеңгіріне шаншыла самғайтын асқақ әндерімен ауызданып өскендіктен, шынайы өнердің асыл әрі мен дәмді нәрі мол екенін ерте аңғарған. Жастайынан ерте ізденіп, творчестволық жолдың ыстығы мен суығын өзгелерден гөрі басымырақ көргендіктен айтулы өнер қайраткері болып тез-ақ қалыптасқан еді.
"Ал Сыдық Мұқамеджановтың осынша шебер, осынша құдірет иесі бола білуінің тамыры неде? Бастауы қайда? Негізінде қандай құдірет жатыр? Асыл тегінің бәсі қанша?" дейтін сұрақтар еріксіз туындайтыны ақиқат нәрсе.
Енді соларды таратып беруге әрекет жасап көрелік.
Қандай дарын болса да, ең алдымен ол өзі жаралған топырақтың перзенті болатыны хақ. Киелі топырақтың қасиетті ұлдары көп болары даусыз десек, Арқа өңірі, оның ішінде Орталық Қазақстан аумағы - дарын мен таланттың шымырлап қайнап шығар өзегі, шыңдалып суарылып шығар көрігі.
Дәлел керек пе?
Әрідегі ұлы Тәттімбет, шалқар Шортанбай, күй күңіренткен Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Сембек, Әбди, Қыздарбектер, берідегі асқақ Сәкен, адуын Әсет, арқалы Тайжан, желаяқ Маясар, дүлдүл Шашубай, сырбаз Сәрінжіп - әрқайсысы бір-бір елдің атын әлемге жаяр шабыт иелері. Ал осыған Сәкеңнің, Сыдықтың өзі шар етіп дүниеге келген шаңырақтағы туған әкесі Мұқамеджан мен анасы Ақборықтың әнші-әуенгершілігін қоссақ тал бесігіндегі алғашқы іңгәсімен ертеңгі ел бесікті ән-күйімен тербетер ұлы сазгердің киелі топырақтан күй иесі боп, жаратушы құдірет-болмыстың куәлік таңбасымен туғанына шәк келтірмейсіз.
Екіншіден, Арқаның сал-серілі дәстүрін сақтап қалған бұл өңір сан салалы өнердің тоғысқан сәтті тұсына жататындығына баса назар аударған жөн сияқты. Өйткені әнді ерттеп, күйді қосарлап мінген Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Ыбырай, Жарылғапберлі тәрізді айдын-шалқарлардың тұнығынан жүзіп ішкен бұл төңіректің өнерпаздары түстігіндегі алып Абай, шексіз Шәкәрім, теріскейіндегі ғұлама Ыбырай, қазына Қазанғаптардан тұшынса, Шу бойы мен Балқаш көлінің арғы жақ беткейіндегі Ұлы жүздің Үйсіні мен Жалайырының Жамбылдай даңғылымен, Кенендей кененімен, Орта жүздің Найманының Молықбайдай даулескер обызшыларымен қойындасып жататын. Жыр қыстап, ән жайлаған, саз қонақтап, әуен түнеген бұл аймақтың осындай шадыман дәстүрін ән-әуезге барынша әуес отызыншы жылдардың жас қаласы - Балқаш айрықша түлеткен еді. Өткенді түгел мансұқтап, бұрынғының бәрін бүгінгінің құрбандығына шалуға дайын тұратын айнығыш, ойнамалы, жезөкше саясатшылдығымызды сәл бүркей тұрсақ онда шын мәніндегі социалды құрылыс дәуірінің халықтың мәдениеті мен тұрмысына кәдімгідей үлкен ықпал жасағанын жасырып ұстай алмасымыз хақ. өндірістік жас қала сол кездің өзінде-ақ өмірлік құрылыстарға сай әлеуметтік құбылыстарды да қазақ арасына, қазақ даласына көбірек әкелген-ді. Сол жас қаланың көркемөнерпаздарының ойын-сауықтары - болашақ ұлы композитордың ең алғашқы кәсіби мектебінің алғашқы баспалдақтары болып еді.
Әрине өнер жолын - даңғыл жол деп ешкім атамайтыны ақиқат болса, әсіресе Сыдық аға Мұқамеджановтың үйрену, өсу, іздену, шарықтау, кемелдену, көркею, кеңею кезеңдері әртүрлі қиындықтар мен кедергілерге мол болғанына замандастары барынша қанық.
Сыдықтың өнер жолының алғашқы ізін өзінің замандас қазақ композиторлары тәрізді ән мен романс жанрынан бастағанын айтсақ, пәни жалғанның қызулы жастық жәрмеңкесінде бір-біріне жалындай ұмтылған екі жастың жүрек лүпілінің мәңгі алау гүліндей өшпейтін, солмайтын символдық белгісі - "Жарқ етпес қара көңілім неғылсаданы" ең алдымен ауызға алар едік. Ауызға алар едік те, биікпен биік қана таласа алар, ұлыға ұлы ғана жанаса алар өмір заңын алдымызға тосқан Абай мен Сыдық көңілдерінің толқыны тоғысқан, ұлы Абай мен үлкен Сыдықтың жүрек шарпысулары араласқан осы ән-романстың мәңгілік сұлулығына, мәңгілік ғашық жанның үзіліп шыққан жалын лебінің отты қызуына, сүйіскен жандардың сертке берік адалдығына бек риза болып, желді күнгі Арқаның күлте құйрық селеуіндей қайта-қайта бас изер едік. "Тербеледі тың дала", "Шофер әні", "Әйтеуір сол қыз бір сұлу", "Шолпаным" сияқты әсем де әдемі әндерді шығарған Сыдық Абай сөздеріне жазылған бір топ сұлу романстарымен халқының жүрегінен өз орнын ойып алған еді. Тәжірибесі толысқан, ой өрісі кенейген, шабыт серпіні күшейген кезде тағы да алғашқылардың бірі боп жалын жүрек сазгер симфониялы шығармалар жазуға батыл бет бұрып, ең алғашқы "Шаттық отаны" деп аталатын симфониялы күйімен Қазақстанның симфония көшін бастап-ақ кетіп еді-ау. Сол симфониялы күй республикамыздың музыкалық эмблемасы, әуездік айшық таңбасы ретінде Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірінде қырық бес жылдан астам уақыт ойналып, Қазақстанды, қазақ өнерін күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің бар түкпірінде таныстырып, табыстырып келе жатыр.
Авторына Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын әперген "Дауыл" симфониясының жалпы қазақ музыка өнерінде алар орны ерекше. Төрт бөлімнен құралатын симфонияның "Дауыл" аталуында да айрықша мән бар, Тұнып қалған ойды, тұрып қалған бойды, ақпай тұрған суды, көтерілмей тұрған буды, тымырсықта көмілген дуды дүр сілкінтіп оятып, астан-кестен сапыратын құдірет-дауыл ғана. Өмір-тіршілік ауқымын өзгеше сапаға түсіріп өзгертетін де - дауыл. Сана мен сезімдегі бұйығылықты серпіп тастап, тән мен жанға сергектік пен жылдамдық беретін де дауыл. Табиғат дауылы, болмыс дауылы, әлеуметтік құрылымды жаңғыртар, жаңартар бұлқыныс, төңкеріс дауылы!
Бір сөзбен айтқанда дауыл - пенде мен пайғамбар аралығындағы биік мақсұтты тірлік иесін жаңа белеске көтерер, сенім мен таным құбылысын өзгертіп, ғұмырлық бағыт-бағдарламасын анықтап нұсқар аз сәттік құдіретті құбылыс. "Дауыл" симфониясының айтары осы төңірек. Өзгерген заманның өскелең арманы мен асыл мұраты азаматын да асқарға шығарып, ой-санасын аспандатып әкететінін айғақтайды ол.
"Дауыл" - көненің жаңарып, кәрінің жасарып, аздың көбейіп, өткіншінің мәңгілікке айналып кетер ғажап мезеттері болатынына сендіретін өміршең, аса құнды туынды.
Ал Сәкең "Көне Түркістанда" атты сюитасында ежелгі ұлтының көңіл назындай сабырлы ойы мен саналы сырын қоңыр әуен арқылы алуан үнді оркестрге түсіргенде, өткен күндер тізбегі көз алдыңнан тіріліп жеткендей сезіліп еді. "Шаттық Отанындағы" сахараның сусыған сағымында мол тұяқ дүбірінен оянған құдіретті күй сарынын көп аспапты симфонияға ауыстырғанда, сыршыл сазгердің өзінің үлкен жүрегіндей ұланғайыр даласының ғаламат кендігі мен шексіздігі, қазақ жанының еркіндік аңсаған жайсаңдығы шиыршық атып, тыңдаушысын мейлінше әсерлендіріп, мақтаныш сезіміне тоғытып жібереді. Сыдық Мұқамеджанов халқымыздың әуез өнерінің айтулы туындыларына айналған құдіретті симфонияларымен жұмыр жерге елінің атын әуелетіп шығарса, осы әсем дүниелері Мұқамеджановты адамзаттың әлемдік көгіне шарықтатып әкетіп еді.
Композитор творчествосының тағы бір алуан қыры - вокальды-симфониялық шығармалары. Суреткердің "Ғасырлар үні" деп аталатын қазақ топырағында ең алғаш туған ораториясы бүкіл республикамыздың музыкалық көкжиегін барынша кеңейтіп, кәсіби музыка өнерін жілікше шағатын Еуропа елдерінің дәрежесіне жеткізіп, терезесін теңестіріп қойғанын бүгін бүкіл қазақстандықтар мақтаныш етеді... Қырықтың қырқасына ілінер-ілінбестен-ақ сол кездегі ССРО көлеміндегі білгір мамандар түгіл тыңдаған қарабайыр жұрттың көңіл пернесін тап басып, жүрек қылын қапысыз шерткен дарынды таланттың бұл ораториясы үлкен құбылысқа айналған аса шоқтықты дүниесі еді. Амал не, қазақтың қанына сіңген күншілдік, қызғаншақтық дейтін айықпас ауруына сол кездегі әміршіл-әкімшіл жүйенің өзімшіл сасық кеуде дерті қосылды да, жарық дүниеге жар салып енген, Лениндік сыйлықты енді алайын деп тұрған әсем туындыны қиянатшыл тобыр көрбілте опасыздықтың қанжығасына байлады да жіберді ғой.
Оратория бірақ әлі күнге дейін өзінің сол оқшау биігінен төмендеген жоқ. Әсемдіктің символындай алғашқы боп туған құдіретті бұл шығарма өзінен кейінгі туындаған ортақол әлденеше ораторияға әлі күнге дейін шекесінен қарап, сол биік тұғырдағы меншікті бірінші орнын босатқан да емес.
Композитордың "Жыл мезгілдері", "Табиғат" тәрізді поэтикалық хор капеллалары, жеке дауысқа, скрипкаға, қобызға, оркестр мен домбыраға арналған концерттері сан әуенді саздылығымен тыңдаушысын баураумен келсе, ондаған спектакльдер мен кино-фильмдерге жазған музыкасы Қазақстан өнеріне қосылған асыл қазыналарға айналып та кетті.
Сан қырлы біртуар дарынды тұлғаның шығармашылық еңбегінің ең ауқымды әрі ең жауапты кезеңі - опералары. Эпикалық жанрдың қазақ топырағында қалыптасуына, біршама дамуына да сазгердің зор үлес қосқанына оның төрт операсы куә.
Қазақтың ең тұңғыш комедиялық "Айсұлу" операсын дүниеге әкелген тағы да Сыдық екенін атасақ та, композитордың көшбастаушы ролін және қайталайтынымыз хақ. Көп кешікпей "Жұмбақ қыз" операсына кірісіп кеткен ол шығармашылықтың биік белесіне қадам басқан болатын. Қазақ халқының басынан кешкен аса ауыр кезеңі - Абылайхан тұсы - төл тарихымыздың алтынмен жазылар беттері ғой. Адамзаттық тірлік керуенінен біржола көшіп, тауарихтан мәңгі өшіріліп қалар қауіп төнген қазақ халқын жер бетінде аман сақтап қалған бір адам - ұлы адам Абылай туралы сүбелі шығарма жазу Сәкең арманы ғана емес, ерлігі де еді. Өйткені алпысыншы жылдары Абылай туралы шығарма жазбақ түгіл, оның атын ауызға алуға да болмайтын-ды. Сол кездегі жиырманың ішіндегі студент маған "Сәкен Сейфулиннің "Көкшетау" поэмасының негізінде операның либреттосын жаз!" деп қолқа салуы тегін емес те еді. Біріншіден, композитор ағамыз осы тақырыпты тандап қалуымен екі ұлы адамға - Абылай хан мен Сәкен Сейфуллинге деген өзінің суреткерлік парызын өтемек болса, екіншіден, осы жауапты тақырыпты өзінің жас інісі, жас әріптесі маған жүктеуін ағаның ініні баулуы деп те, үлкен жауапкершілікті бірден сеніп тапсыруы арқылы ұлы мақсатқа талпынта жетелеуі деп те сезінемін бүгін.
Бір ғана дерек.
Осы операны үлкен комиссияға өткізерде Сәкең екеуміздің қатты қиналғанымыз бар. Өйткені хор сөзінде:
"Сақта, тәңірім, Абылайды.
Зарды Абылай танымайды.
Күлсе ол - күлер күллі әлем,
Ол - шат, жаудың жаны қайғы!
Сақта, тәңірім, Абылайды –
Ұлт жан ұлы Абылайды!" деген шумаққа сол кездегі Орталық партия комитетінің хатшысы: "Сақта, тәңірім, Абылайды!" деп сахна төрінен аңырап тұрудың қажеті қанша!" деп операны қабылдатпай, қасарысып отырып алған-ды. "Ханды сақта!" дейтін бүгінгі біз емес, бұрынғы өз ортасы ғой!"– деп бұлтарта жауап беріп, спектакльді әупірімдеп өткізіп едік. Сол опера бүгінде ұлттық мәдениетіміздің озық дүниесіне айналды.
Либреттосын Ғабит Мүсіреповке жазғызып, "Ақан сері - Ақтоқты" операсын театр сахнасына шығарған Сәкең, жаңа бір асудан асып, сол қарқынмен "Ақбаян" операсына кірісіп те кеткен-ді. Партитурасының соңғы нүктесін қояр-қоймастан алып жүрек аяқ астынан соғуын тоқтатып, сұм ажал арамыздан ұлы суреткерді суырып алып кетті ғой...
Сыдық Мұқамеджанов! Бұл есім иесі ғажап суреткер ғана емес, үлкен қоғамдық қайраткер, мемлекеттік тұлға да еді. Оның шығармашылық таланты мен ұйымдастырушылық қасиеті таразының қос табағын тең басып жататын. Сондықтан да ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан композиторлар одағын басқарған. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы мен Абай атындағы қазақ опера және балет театрының директоры болған.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кешегі ССРО халық артисі Мұқамеджановтың еліне сіңірген қыруар еңбегін айтып тауысу қиын. Ал осы ССРО халық артисі дейтін құрметті атақты талай дүниені бірінші боп берген, қазақ музыкасының көп жанрының ең алғашқы тұңғыш туындыларын дүниеге әкелген еңбекқор композитор, жылпос, жағымпаз композиторлардың ең соңынан алып еді. Сол үлкен атаққа еті үйренбей, көзі қанықпай, қызығын көре алмай, хас суреткер атақ тиер-тиместен көз жұмып еді-ау!
Осы арада жарты дәнді жарып жеген аталарымыздың ауызбіршілігіне ұйымай, жікшілдік, жершілдік, керек десеңіз рушылдық бөлшектенудің жалғау-құрау тізгініне жармасып алған сол кездегі ел басындағы, министрліктегі кейбір азаматтарымыздың қылығын бүгінгілер қайталамаса игі еді дегім келеді.
Әрине ұлы суреткерге тиісті құрмет, дұрыс ілтипат, лайықты атақ-дәреже өз уағында келсе, Сыдық бәлки тым ертерек көз жұмбас па еді. Тағы да талай айтулы шығармалар тудырып, халқымызды одан сайын қуантар ма еді дейтін өксікті өкінішті айтпай тұра алмаймыз. Өйткені қандай тарлан талантқа, тұлпар дарынға бақ керек емес, бап керек деу қиянат. Жоқтан бар жасайтын сұғанақ пысықтықтан аулақ болайық, масылдан асыл шығаратын ептілік пен епсектіктен таза болайық деуді - келешек өкініштердің алдын алу үшін қайталап отырмын.
Асыл... Шын асылды тот баспайды, уақыт ұмыттыра алмайды, қиянатқа иянаттауға жібермейді. Бірақ шын асылды дер мезгіліңде жарқырата білгенге не жетсін! Сонда оның нұры кеуделерге сәулені бұрынғыдан да мол түсірер еді! Жанға жігер, бойға қуат құяр еді! Асылымызды аялауды ұмытып барамыз-ау, ағайын!
Творчество адамы данадай көпшіл, баладай өкпешіл. "Қадірлім!" десе-ақ құлпырып шыға келеді... Бірақ... бірақ Сыдықты көзі тірісінде бұрынғы Жезқазған, бүгінгі Қарағанды облысының бір де бір басшысы өз жерлесі ретінде білген де жоқ. Дарынымыз, қасиеттіміз деп бағалаған да жоқ. Қошемет, құрмет көрсетпек түтіл, науқастанып жатқанда есендік-саулығын да сұрамаған.
Тегінде Оңтүстік өңіріміздегі ағайындарға қарағанда, біздің теріскей облыс пен аудан азаматтары суықтау, жатбауырлау. Олардың "өліні сыйламай, тірі байымайдыны" ескермей кетер кездері көп. Әйтпесе жерлесі - Сыдық Мұқамеджанов атымен Қазақстандағы бір елді мекенді атаса, көптік етер ме еді? Үкіметке, елбасыға ізденіп, Астананың, Алматының, Қарағандының бір-бір көшелеріне атын бергізсе, тақиямызға тар келер ме еді? Тұрған үйіне тоғыз жылдан бері ескерткіш тақта қойылса, кімнің көңіл күйі бұзылар еді? Шөп басып кеткен қабірінің басына белгі қойып, ретке келтірсе, елдігіміздің қай сыны кемір еді?! Әй... өкпені халық атты көпке ғана айтпасақ әміршіл топқа ешқашан оқпен де айдап жеткізе алмаспыз.
Көп демекші, халық демекші дәтке қуат бір сырды көлденен тартудың реті келіп тұр. Мынандай қиын кезең, қысталаң сәтте Сарыарқа өңірі, Астана жұртшылығы ауызбірлік танытып, Арқа топырағының перзенті, бүкіл қазақтың қадірлі азаматы Сәкеңнің - Сыдық Мұқамеджановтың мерей тойын өткізіп, үлкен ерлік жасапты. Лайым ұланын бағалаудың басы осы болғай. "Халық - алып қой. Алыптығың асқақтай берсін. Қысталаң шақтан аман-есен өтіңдер, асыл тек ағайыным! Ардақты аяулы елім!" деп аяқтағым келеді ағаға арнаған бүгінгі сөзімді.
1999 жыл.
ҚАЙРАТКЕР
Заманына қарай адамы болады. Ал адам пендешілікке дейін құлдырай да алады, Азамат атанып, шарықтай да алады. Замана толқынының жалына дер кезінде жабыса білген сол адамның замандастарының көз құртына айналып, сөз өтпес суық сурет боп, қол жетпес құдай боп, құдіреттеніп кететіні де, көзден тайған күні-ақ көңілден өшетіні де шындық. Енді бір адамның көп арасындағы елеусіз қарапайым қалпынан жылдар озған сайын ұлылық биігіне көтеріліп, халқының жүрегінен перзенттік, азаматтық орнын ойып алары да ақиқат. Осындай ұлтты тұлғаның бірегейі - туғанына жетпіс жыл толатын Кәкімжан аға Қазыбаев.
Қазақстан Орталық партия комитетіне қызметке шақырылып, Мәдениет және Ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушілері - М.Шайжүнісов пен Қ.Сұлтановтың қабылдауларында болғам. Бір күні ертелетіп Мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтан Оразалинов үйге телефон шалып: "Таксилетіп дереу жет!" деген бойда-ақ Орталық Комитеттің биіктеу жерге орналасқан, сұрғылт суық сұсымен кеудеңді басатын ошау тұрған ғимаратының алдынан табылдым. Темекісін сорғылап Сұлтан тосып тұр екен. "Қайда жүрсің?" дегендей қабағын түйген қалпы мені лифтіге ала кіріп, алтыншы қабаттан бір-ақ шығарды. Жеңінен ұстай беріп ем:
– Хатшыға кіреміз! - деп тілімді тістете қойды.
Машинканы сартылдата басып отырған мосқалдау орыс әйелі жалт қарап, бас-аяғымды сүзіп өтті де, орнынан лып көтеріліп, ту сыртындағы қызыл қоңыр ауыр есікті шірене ашып, кіріп кетті.
Сұлтан маған ақыл қосып жатыр.
– Өз бетіңмен сөйлей берме. Бұл ара - Жазушылар одағы емес. Хатшының сұрақтарына ғана жауап бер.
Секретарь әйел іштен шығып, хатшының тосып отырғанын айтты.
Қос емен есік бірінен соң бірі дыбыссыз ашылып, Сұлтан екеумізді жұтып жіберді.
Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың атын естігенмен, өзімен жүзбе жүз кездеспеп едім. Орталық Комитеттің хатшысы деген айбарлы атағы еріктен тыс жүрек қобалжыта ма, басқан аяғым қыбырлап қалғандай.
Кәкең отырған орнынан қозғалмай:
– Ә-ә, Сұлтан! Е-е, кел... Сматаевты шақырдыңыз ба? - дей берді де, енді маған кәдімгідей қадалып қалды. - Сен... сіз Сматаевсыз ба?
– Иә! Софы Сматаев осы жігіт! - деп Сұлтан еркіндеу сөйлеп,ілгері озды.
Кәкімжан аға шашын бір жағына жылтырата қайырған басын сәл-сәл изеді.
– Отырыңдар! - Хатшы алдындағы жаюлы қағазға шұқшиды. Қайтадан иегін көтерді. - Ә, мен туған жылыңызға мән бермей... Байқамаппын.
Мен Кәкеңнің нені байқамағанын аңғарған жоқпын. Әйтеуір өзімнің хатшыға онша ұнамағанымды сезгендеймін. Орталық Комитеттегі қызметке онша ұмтылмасам да, идеологиялық хатшының алдынан маңдайым тасқа соғылып, тауым шағылып қайтар болсам, Жазушылар одағында гуілдеп ала жөнелер ертеңгі алыпқашпа сөздерден әлден-ақ жүрексіндім бе, мұрнымның үсті жіпсіп қоя берді.
Сұлтан да хатшының маған көңілі тола қоймады деп ойлады ма, тауарын мақтап өткізер саудагердей мені желпілдете жөнелді.
– Кәке, бөлімде біз бұл жігітті біраз сынап көрдік.
Орысша жазған мақалалары тәп-тәуір. Оның үстіне төрт-бес романы шыққан белгілі жазушы. Москваның Болат институтын бітірген... мамандығы - инженер-металлург.
Кәкең сәл жымиды.
– Онысы дұрыс екен. Сіз, Сұлтеке, бара беріңіз.
Сектор меңгерушісі шығып кеткен соң, Кәкең алдындағы қағаздарын ысырып қойып, маған еңсеріле бұрылды. Көзіне көзім түсіп еді, адамды елжірете өзіне тартатын әлдебір жылылық жанарына орала қалған екен. Күні бойы құрысып отырған арқа-басым босап, кеңіп сала берді. Мен де күлімсіреген болуым керек.
– Софы... Софыжан!.. - даусынан да жылылық, жақындық есті. Денем дір ете қалды. Әлгі "Софыжаннан" жазушының жазушыға деген ағалық мейірімінің шарпуы толқындай тараған еді. Соны сездім бе, әлде мерейлендім бе... басымды қайта-қайта изедім.
– Софыжан, мен әлгінде... сізді... сені бір жасы елуден асқан... шау тартқан адам шығар деп... Адам ойы кейде өзінше өрнек салады ғой. Ал сені көргенде, сол ойымнан таба алмай... "Елім-айды" жазған жазушыны өз көңілімде басқаша түрде елестетуші едім. Оқасы жоқ. Қайта маған қазіргі қалпың ұнап отыр.
– Рахмет, аға!
Хатшының алдынан қанаттанып шықтым. Кәкеңнің адамды арқаландырып жіберетін мейірбандығының мөлдір шуағына мен сол алғаш кезіккенде-ақ бөленген едім.
Орталық Комитетте төменгі дәрежелі қызметкердің өзінен бір мысқал жоғары басшыларына тікелей сатылап бағынатын - субординация деп аталатын жүйе қалыптасқан уақыт еді ғой. Бірақ сол кездегі сол субординацияны бұзған, сірә, Кәкең екеуміз болармыз. Кәкімжан аға ұзақ жылдар газет редакцияларында, Орталық Комитетте, министрлікте, ҚазТАГ-та істеп, жазушылар арасының ұңғыл-шұңғылын онша біле бермейтін. Көп жазушыларды тіпті көрмепті де. Алғашқы күндерде-ақ мені кабинетіне шақырып алып, Жазушылар одағының тап ортасынан келген менен қаламгерлердің өтініш-шағымын, тілек-талаптарын қарап, шешерде, кімнің кім екенін, қандай еңбегі барын, творчествосының деңгейі туралы өзіне объективті түрде таныстырып отыруымды өтінген болатын.
Басқа мықтылардай көмекші, хатшыларын жұмсамай, Кәкең телефонды өзі шалып, сабырлы салмақты даусымен:
– Софыжан, сен мынаны айта қойшы...
немесе
– Софыжан, сен маған келіп кетші, - деп хабарласатын.
Хатшы мен қатардағы нұсқаушының екеуара кездесуі көбейіп кетенін, әрине, жақтырмағандар да біраз болды. Әсіресе қарасұр өңіне өмірі күлкі табы жуымаған, қазық жұтқандай шаншылған жұқалтаң денесіне шыр бітпеген, бажырайған көздері үнемі суық шақырып тұратын Кәкеңнің көмекшісінің мені атарға оғы болған жоқ. Өзінің кебіс қойып, есік күзеткен, қатал тәртіпті қатаң бақылаған, ешкімді орынсыз емексітпейтін, төбеңнен қарайтындардың қасында тұрып, төмендегі орныңды күніне әлденеше мәрте ескертіп отыратын міндетінен ажырап қалғанына бүліне ме, кейде менің қолыммен жазылған хатқа жауапты, анықтаманы, хатшылардың мақала, баяндамаларының тарау-үзіктерін аяусыз шимайлап, кері қайтарудан жалықпайтын. Ол "жазалаудан" да Кәкең арқылы құтылған едім.
Тоқырау заманы дегенмен де ол кезде шығармашылық интеллигенция үшін Орталық Комитеттің маңызы өте зор болатын. Шынын айту керек, Орталық Комитет идеологиялық салада күнделікті әрі қатаң бақылауын, әрі социалистік реализм дейтін талабын, әрі зиялы қауымға деген қамқорлығын үнемі жүзеге асырып отыратын. Бүгінгі көңілі қоңылтақ, жүрегі жаралы, жаны жалаңаш, тіршілігі үрейлі, дастарқаны таусылып, үміті өшіп бара жатқан творчество адамдарының хал-күйін - сол уақыттағы жағдаймен салыстыра елестетудің өзі де қиын болар еді. Өйткені қазіргі кітабы жарық көрмейтін аш-жалаңаш жазушының, еңбегі еленіп-ескерілмес, жоғарыда отырғандарға керексіз, мәдениетке, Қазақстанға еңбек сіңірген әрі жетім қайраткердің рухани дүниесінің құлазығанына, тұрмыс-болмысының құлдырағанына пысқырмайтын сыбайлас "младотюрктердің" (яғни "жас қазақтардың") мұртының бір талы да қисаймайды.
Ал ол кезде шығармашылық һәм ғылыми ортаның кез келген мүшесіне қамқорлық жасаудың, құрмет білдірудің үлкен өнегесін ұлы Азамат Димаш ата Қонаевтың өзінен бастап, төңірегі түгел көрсететін еді десем, аузым қисайып кете қоймас. Ал Кәкеңнің тірлігі - қаламгерлерге аса түсіністікпен қараудың үлгісі болған еді. Әрине бес саусақ әркезде де бірдей емес. Жазушылардың арасында үй мен күй де, атақ пен сыйлық та, шен мен шекпен де тек маған ғана бола берсін, тие берсін деп орынды-орынсыз маңырап, өршелене жамырап, қолын өңешінен де бұрын созатын, өңешін қолынан да ұзарта созатын сұрамшақ, тілемсектердің көп болатынын сол кезде білген едім. Әсіресе, жылына бір немесе екі кітап шығармаса, Орталық Комитет тарапынан жылына бір сый-сияпат көрмесе, көз жасын көлдетіп жетіп келетін бір бикеш ақыннан бәріміз тегіс ығыр болғанда, Кәкең жымиып қана, "Қайтесіңдер. Қанына сіңген қасиеті солай шығар. Ер-азамат емессіңдер ме, ескере салсаңдар, елей қойсаңдар, түбінде өзі де бір түсінер" дейтін. Бірақ ол ақын түсінбей кетіп еді. Әлі де сол пиғылда екенін кейінгі тірлігінен сезем.
Ал республика өміріне байланысты қат-қабат жауапты жұмыс, сан алуан мәжіліс пен жиналыс, конференция мен құрылтайлардан мұрнынан шаншылып жүрсе де, Орталық Комитетке өтініш білдірген кез келген жанға қолынан келгенше жәрдем беруді, арыз-мұңын қанағаттандыруды ең алдымен өздерінің азаматтық парызы санаған Димаш аға және Кәкеңмен бірге істеген жылдарымды өмірімнің өнегелі сәттеріне балаймын.
"Қоғам жеке адамдардан құралады. Жеке адамдардың мүдделері қоғамдық мүддеге айналады. Сондықтан әр адамға, әр тілек білдірушіге индивид деп қараңдар. Өйткені индивидум ой-пікірімен, ұсыныс-кеңесімен бізге көп көмек береді. Олардан біз қажеттісін ала білуіміз керек. Ақыл-кеңестеріне құлақ қоя білуіміз қажет. Талап-тілектерін орындауға міндеттіміз" - деп отыратын Димекеңнің талабын Кәкеңнің өзі де орындауға асығатын. Өзгелердің де орындауын қадағалаудан жалықпайтын.
Соған бірер мысал келтіре кетейін.
Бірде телефоным шыр ете қалды. Трубканы көтердім.
– Әй, менің Орталық Комитетім, таныдың ба? - дейді өктемдеу дауыс.
Сәл ыңғайсыздана абыржып отырып:
– Тоқа, сіз бе бұл? - дегенім.
– Иә! Таныдың. Ғабеңнің "Орталық Комитеті" кім болғанын білесің. Менікі - өзің. Басқаларда жұмысым жоқ.
Менің ешкімге сызылмайтынымды ескер. Қалам ұстауға жағдай қалмай барады.
Тоқаш Бердияров ағаны пәтер жағы қинап жүргенін Жазушылар одағында профсоюз комитетінде болған кезімнен білетінмін. Жайсыз көршілер кездесіп, жағасы жайлау боп жүретін ақкөйлек ақынды жұмырыққа жұмарлап қыспақ ниетпен милицияға қайта-қайта сүйрелеп, әртүрлі комиссияға әлденеше рет шақыртып әбден есін шығартып біткен-ді. Соны қиялатып тұрғанын түсіндім.
– Тоқа, ұқтым. Ендігісін өзім хабарлаймын.
– Жөн, жолдас Софы! Cay бол. - Тоқаң трубкасын қоя салды.
Кәкеңе қоңырау соқтым. Кіруге рұқсат сұрадым да, алтыншы қабатқа көтерілдім.
Хатшы Тоқаш Бердияров ақынды жақсы біледі екен. Ақындығына, талантына сүйсінеді екен. Бірақ Тоқаңның шалдуарлау мінезін, ішімдікпен қойындасып қалған кездерде қызулықпен Жазушылар одағының бастықтарынан бастап, олардан да жоғары лауазымды басшылардың жеті аталарын түгендеп беретін "мықтылығынан" да хабардар екен. Мен "ақындықтың мінезсіз болмайтынын, мінезді ақынның қос жүзді қанжардай қайралып тұратынын, жалаңдаған алмастың оңға да, солға да сілтенетінін, сондайда әлдебір бейкүнә шынашақты тіліп кететінін, бірақ алғыр ақындықтың қиянатқа шыдамайтынын, екіжүзділік пен есерлікке, өтірік пен аярлыққа, әулекілік пен астамшылыққа үнемі қарсы шығатынын, төменде тұрып-ақ төбеде отырғандарды өткір тілмен төбесінен түйреп өтетінін" өз білгенімше түсіндірген болдым. Кәкең жымиды.
– Мен Тоқаңның ақындығын танушы ем. Сен азаматтығын танытқан болдың. Онда екеуміз бір әрекет жасайық. Құжаттарды дайындат.
Көп ұзамай Тоқаң - Тоқаш ақын Бердияров екі бөлмелі ыңғайлы пәтерге көшіп алды.
Орталық Комитеттегі қағазбастылық қатты қажытатын. Сондай қарбалас бір күндерде бөлімде Қазақстан шығармашылық одақтарының біріккен конференциясына дайындық жүргізіп, қапылып жатқанбыз. Техникалық секретарша қыз кіріп, мені төменде, есік аузында әлдекімнің тосып тұрғанын айтты.
Бардым. Бұрын кездеспесем де, Қайрат Байбосыновты бірден таныдым. Қарсы ұмтылған әнші қос алақанын ұсынды.
– Софы аға, сіз мені...
– Танимын, Қайратжан. Жай іздедің бе мені?
Қайрат ыңғайсыздана күмілжіңкіреп бастап, менің құптап бейіл бергенімді көрген соң, шешіліп сөйлеп кетті. Жасы отыздан асып кеткенін, өз қатарының ілтипатқа ілініп, атақ иеленіп, құрмет көріп жатқанын, т.б. мұң-мұқтажын ақтарып жатыр.
Қатты қайран қалып тұрмын. Ұлы Біржанның өзіндей болып, ақиық Ақанның көзіндей болып бүкіл қазақты әсем даусымен, әншілік өнерімен тәнті еткен біртуар Қайраттың осы уаққа дейін құрметті атақ алмай, елеусіз келгеніне сенбейтін тәріздімін. Бірақ атақ бергіштердің қиянатынан түңілген әншімнің көз алдымдағы наразы түрі сендірмеске қоймады. Жаным күйзеліп кетті. Мені неге іздегенін ұқтым. Бар қолымнан келгені, арқасынан қақтым.
– Былай болсын, Қайрат! Сен үш-төрт күннің мөлшерінде менімен хабарлас, - деп сол бойда Кәкеңе көтерілдім.
Менің неге ренжіп келгенімді естігенде, хатшы аға да күреңітіп кетті.
– Әй, қандай өзімшілміз! Бітеу көңілдің саңылауы жоқ.
Қайрат, - әрине, халқының сүйікті әншісі. Жұрты, қазағы біледі оны. Ал өнерпазға лайықты атағы өз уағында берілгені дұрыс. Софыжан, тездетіп қағаздарын реттеңдер.
Димекеңмен өзім сөйлесем.
Бір айдың ішінде Қайрат "Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс" боп, алғашқы атағын иеленсе, содан кейін-ақ "жақсыдан шарапат" дегендей араға екі-үш жыл салып, "Қазақстанның халық әртісі" атанып, лайықты құрметке бөленген еді.
Кәкеңнің бойындағы тазалық, шынайылық, адамгершілік қасиет қаламгерлік еңбегімен еселеніп өсіп, көбейіп жататынына қазір көзім анық жеткендей. Қай іске, қай мәселеге араласса да, соның тура, тез және әділ шешілуіне асқақ қатты көңіл бөлетін. Әсіресе ұлт мүддесін, ел мүддесін ілгері тартып, алға сүйретуде ұлтшылдық шектелудің уысында емес, ұлтжандылық кендіктің аясында туындаған ой-пікірлерін ортаға салатын. Жекеден топ тілетін, тобынан көп мақсатын асқақ қоя білген Кәкеңнің аса жауапты кезеңі, ерлікке парапар кесектігі Мәскеуге барған соңғы іссапарында анық байқалды.
Түкірігі жерге түспей, ісініп-қабынған М.Горбачев Кремльге келісімен-ақ Қазақстанға сұғын қадай бастаған еді. Әсіресе Димекенді қырына ала келген-ді. Осындай қысталаң кезде Мәскеуге барып келген Кәкеңмен бір ғана сәтке кездескен ем, шаршаңқы жүзінен қажығандықтың емес, қажырлылық табын көргенмін.
– Софыжан, сенің кітабыңды неге "Елім-ай" деп атағаныңды кейінгі ұрпақ түсінеді әлі. "Елдік - бірлікте" деп жүректеріне нұр тамшылатқаныңды сезінеді әлі.
Тамшыдан - теңіз. Әрқайсымыз бір тамшыдан құйсақ қой...
Ел... тұтас ел өз жерінде. Жері - елінде, - деп нықтап тоқтаған-ды.
Сол сапар - Кәкең мен Димекеңнің қазақ халқы мен қазақ даласының тұтастығына үлкен еңбек, азаматтық ерлік, кесек қайраткерлік танытқан сапар болған еді.
Еділ бойындағы бұрынғы автономиясын қайта құруды сұрап, қатаң талап қойған КСРО-дағы неміс диаспорасының тілегін, Еділ өңірін қимаған Қызыл Кремль қазақтың ұлан-ғайыр кең даласының есебінен орындамақ болған ғой. Сол арами әрекетін жасырмастан Димекеңе айта-айта дігерлете телефон шалып, алып еменді қаншама шайқаса да иліктіре алмаған соң, автономия құруға арналған комиссияға бір хатшыны тез жіберуін бұйырған. Мәскеуге жүрер алдында Димекең мен Кәкеңнің оңаша пікірлескенін, екеуінің қандай түйінге келгенін жобалауға болады.
Ал Кәкең Мәскеудегі сол комиссияда "Еділ бойындағы өңірді сұраған диаспораға тұтас қазақ даласын бөлшектеп, автономия алып беру - ұлттар арасына алауыздық енгізуі мүмкін. Ол үшін халықтар келісімін анықтайтын республикалық референдум өткізу қажет. Мен мұны жеке өзім шеше алмаймын. Сондықтан келісім бере алмаймын" деген қайсар өжеттік көрсеткен. "Ұлт келісімі керек" деген үлкен тосқауыл қалап кеткен хатшыны Кремль аясын ба, іле-шала Кәкең қызметінен босап еді. Бірақ қазақ халқының сан ғасыр бойы қанын ағызып қорғап, терін сауылдатып жайнатқан кең байтақ жерін бөлшектеуден сақтап қалған болатын.
Бүгінгі "жерді сатамыз ба, сатпаймыз ба?" деп анасын да базарлауға дайын тұратын ұшқалақ, парықсыз кейбіреулерге Димекең мен Кәкеңнің перзенттік адалдығынан үйреніңдер дегің келіп тұрады.
Адамды Азаматтық тұғырға көтеріп, қайраткерлік биікке өсіретін тазалық пен адалдық қана.
1998 жыл .
АЗАМАТ
Өткен ғасырдың тоқсан бірінші жылы. Халқымыздың рухани қазынасы - кітап пен газет-журналдар сақталатын республикалық Кітап палатасының Мемлекеттік баспасөз мұражайы тұрғын үйлердің астындағы екі жертөледе орналасқан. Сасық су мен ыстық буға белшесінен батып, шіріп-құрып бара жатқан сол мәдени байлығымызды сақтап қалу үшін жаңа мекенжай іздеп шарқ ұрғанымды басқаның басына беруді ешкімге тілемеспін. Сәті келіп партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлына мән-жайды айтқанымда, Нұрекең дереу Алматы қаласының басшысына Комсомол көшесінде салынып бітуге жақындаған үйдің бірінші қабатын түгелдей Кітап палатасына бергізуге қаулы шығартқызған-ды.
Енді сол палатаға бөлінген қабатты мұражайға лайықтап жасату үшін тағы біраз салпақтауға тура келді. Қала мен қалалық күрделі құрылыс басқармасы басшыларының табалдырығын тоздырдым десем, артық айтқаным болмас. Орталық Комитеттің де, Министрлер Кеңесінің де "тездетіп қол ұшын беріңіздер! Көмектесіңіздер!" деп қадағалап тапсырғандарына қарамастан тілін шайнай сөйлейтін күрделі құрылыс басқармасы бастығының "осы кітап палатасы деген қандай мекеме өзі?" деп кісәпірленуі жүйкемді жүн қылып жіберген еді.
Намысыма ши жүгірте берген әлгі қыңырдың қырсыққанына шыдай алмай Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа кіріп, ашына сөйлегенім есімде. Ұзекең азамат қой, орынбасары Күмісжан Өмірбаеваны шақырып алып, мықтап, нықтап тапсырды.
Күмісжан Сағындыққызы әлгі қыңыр бастықты телефон арқылы біраз сілкілеп алды да, трубканы тастай салды. Сірә ана қу жақ ақи көз неменің келеңсіздігінен көңілі қатты қалса керек. Басын шайқап отырды да, трубкаға қайта қол созды.
– Амангелді Динович, мен сізге үлкен өтініш жасағалы отырмын. Халқымыздың рухани қазынасын сақтап қалу аса қажет болып тұр... - деп жай-жағдайды айтып жатты. Ал менің бір шенеуніктен шайлыққан көңілім одан сайын құлазып, енді екінші дөкей шенеунікке жалынышты көзбен мөлие телміріп, табанын жалаймын ба дейтін қыжылға толып жүре берді. Оның үстіне әлгі құрылыс министрінің Динович дейтін әкесінің атының һәм Ермегияев дейтін фамилиясының құлаққа тосындау естілетінінен секемдендім бе, Күмісжанның министрмен хабарласыңыз деуін де естен шығарып, Амангелдінің кабинетіне бас сұққан жоқпын.
Сол екі ортада "Меншік туралы" заң шығып, Кітап палатасының қаражаты болмағандықтан, бізге тиесілі мекенжайды Орталық Комитеттің сол кездегі екінші хатшысы Ануфриев шетелдіктерге сатып жіберіп, аузымызды құм қапырып еді.
Амангелді Дінұлымен кейін танысып-біліскен соң сол кезде алдына жетіп бармағаныма, әлгі бізге бұйырмаған әсем мекенжайды сақтап қалмағаныма әлі күнге дейін өкініп, бармақ тістеумен жүрмін.
Ермегияев шын мәніндегі ұлтжанды, аузын ашса, адал жүрегі, ақ пейілі түгел көрінетін нағыз Азамат, даланың тазалығы мен даналығын кеудесіне барынша мол тоғытқан нағыз қазақы тұлға екен. Осынау жаны жайсаң, жүрегі жомарт, құшағы ыстық, қолтығы кең замандасыммен ә деп танысқаннан, табысқаннан бері оған деген көңіл құштарлығым бір бәсеңдеген емес.
Тоқсан үшінші жылдың жазы болатын. Абылайдың атақты сардарларының бірі һәм ең сенімді серігі - Жарылғап батырдың туғанына 275 жыл толуын атап өтпекші болған сол кездегі Жезқазған облысының басшылары мен тұрғындарының маған айтқан өтініш-сәлемдерін орындап, үш-төрт академикті, төрт-бес жазушыны, бес-алты профессорды және сазгер Әсет Бейсеуовты арнайы жіберілген он бес орындық самолетпен Балқаш қаласы арқылы Ақшатау кенішіне алып барған едім.
Жарылғап батырдың тойын өткізуге көмек көрсетіп, қол ұшын берер қалталы азаматтарды қайдан табам деп басым қатып жүргенде, қайырымдылықтың тұтқасын ұстап отырған білікті ер жігіт, нар жігіт дейтін сипаттамамен тағы да осы Амангелді Дінұлының атын әлдекімнен естіп, Ермегияевтың есігін тықырлаттым.
Қоңыркүрең жүзінен жылылық есіп, аппақ тістерін түгел көрсете аңқылдай лекілдете күлгенде ешкімді жатырқамай ішкі дүниесіне түгел сүңгітіп жіберетін адаммен, Әбекеңмен әңгімеміз бірден жараса кетіп еді.
Самолетке симай қалған алматылық қонақтар мен Жарылғап батырдың ұрпақтарын арнайы автобус жалдап, бір күн бұрын Ақшатауға жөнелткен де Амангелді болатын.
Сол сапарда мен Амангелді дейтін бауырымды тауып, Амангелді Ермегияевтай алаштың аяулы азаматын танып қайтсам, ал сол жігіт өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кеңестік тәркілеу дүрбелеңінің қысымынан ата-анасы жылыстап, жырақтап кеткен ата-бабаларының қасиетті мекенімен табысып қайтып еді.
Туған жердің тулақтай тұсын да жау табанында таптатпай, жат елдік басқыншылардан азат етуде сауылдатып терін, сорғалатып қанын төккен құдіретті Жарылғап бабамның Амангелді тікелей ұрпағы болып шыққанын естігенде, төбем көкке жеткендей болған-ды. Өйткені тектіден тектілік туындап, негізден кісілік егіздеп өнетінін Амангелді бірден танытып, күні бүгінге дейін сол таза дегдарлығын мейлінше дәлелдеп келеді.
Алматыға келе салысымен ол "Жарылғап батыр" қоғамдық қорын ашып еді. Осы қорға жиналған қаржыдан дәулескер күйші-домбырашы Мағауия Хамзинге Алматы консерваториясының құрметті профессоры деген атаққа ие болуына жағдай туғызып, профессорлық жалақы тағайындап, сол оқу орнынан шертпе күйлер кафедрасын ашқызуға мұрындық болған еді. Ол ол ма, дәл осы консерваторияның аса талантты үш-төрт студентіне ауқымды стипендия бөліп, өз қамқорына алғанын да жақсы білем. Бұлар -Амангелді-меценаттың бір ғана жоғарғы оқу орынына тигізген шарапаты. Ал оның басқа да әлденеше мектеп, институт және мәдени ошақтарына жариясыз, жарнамасыз жасап жатқан қайырымдарын тізбелей беруді жөн көрмедік.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, алаштың ардақты азаматы, нар тұлғалы, ер көңілді, таза жүректі адал оғланы Тоқтар Әубәкіровтың тоқсаныншы жылдардың басында бірінші қабаттағы аядай екі бөлмеде сығылысып тұрып келгенін көпшілік жұртшылықтың білмеуі де мүмкін. Атағы әлемді аралап кеткен, аты бүкіл шығыс халықтарының мақтанышына айналған хас батырдың шынайы досы мен әр ұлттық тілектес замандастары көп болатыны да белгілі жәйт. Алматыға соққан сондай айтулы адамдардың ат басын бұрып, Тоқтардың төрінде қысылып-қымтырылып отырғанын көргенде, келіннен де, келген қонақтардан да қатты ұялатынымды әлдебір кездескенімде Амангелдіге құлаққағыс етуім мұң екен.
– Сәке, онда ол бауырыңызды маған жіберіңіз. Қазақтың ғарышкер Әубәкірові қашанда біреу-ақ. Өйткені ол тұңғыш қой. Алғашқы ғой. Ұлтымыздың айдынын асырып, айбынын көкке көтеріп, ғарышқа шығарған асыл азаматы шетқақпай көрмеуі қажет. Қолдан келгенді аямаспыз!.. - деп лапылдап, намысқа қызып қоя берген еді.
Сол-ақ екен, "Самалдағы" тәуір үйдің алты бөлмелік (алтаудан үлкен-үлкен төрт бөлме жасатқанбыз) бір пәтерінің кілті қолына тиген Тоқтар бауырым менің пәтерімнің дәл астынан қоныс теуіп, көршім боп шыға келген болатын.
Амангелдінің танымал азаматтардан да гөрі ат-атағы белгісіз, дүрдей дәрежесі, дардай орынтағы жоқ қарапайым еңбек адамдарына, мұң-мұқтажы мол, мүмкіншілігі аз міскін жандарға көбірек қол ұшын созатынын көпшіліктің біле бермейтінін жақсы сезем. Өз басым Амангелді Дінұлының қолынан пәтер кілтін алған талай орыс-қазақтың көкірек көзінен төгілген ыстық жасынан адамға деген ұлы Сенімнің, ізгілікке деген шексіз алғыстың жылт-жылт етіп, мәңгі сөнбестей жылтыраған ырзалығын талай көргенімді, азамат бауырымның жариялауды жақтырмайтынын білсем де, азаматтың азаматтығын елі білсін, халқы сезсін деген ниетпен айтып отырмын.
Ілияс пен Бейімбеттің тойлары республика көлемінде дүрілдеп өтті де, Сәкен Сейфуллиннің жүз жылдық мерекесінің өткізілуі кейбір себептермен тоқсан төртінші жылдың жазының ортасына дейін кешеуілдей берді. Мемлекет пен үкімет басындағылардың үн-түнсіз жатқанына зиялы қауымның өкілдерінің, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын зерделілердің бас шайқауы сол тұста көбейіп кеткенін ұмытпайтын шығармыз. Осындай көңілді күпті қылған күндердің бірінде тағы да осы Амангелді бастаған бір топ кісі Сәкеннің туған жері - сол кездегі Ақадыр ауданында тойын өзіміз бастап жіберіп, халық көңіліндегі кірбеңді жұлып тасталық деген тоқтамға келіп едік. Мен Ақадыр ауданының басшыларымен біраз келіссөз жүргізіп, әупірімдеп көндіріп, Сәкеннің жақын туыстары, бір топ ақын-жазушылар барып, думандатып тойын өткізіп қайтқанбыз.
Жақсыдан шарапат...
Иә, шарапатын жақсылар мен жайсаңдар ғана тигізе алады. Сол тигізген шарапаты көптеген көңілге шуақ боп құйылады. Дән болып егіледі. Жеміс боп өркендейді.
Амангелдінің шарапаты халқымыздың Қасым Аманжоловтай асылының мерей тойын өткізу кезінде барынша тиген еді. Ұлы ақынның алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерекелері әртүрлі себептермен дұрыстап бір тойланбай келгені Арқа жұртшылығының кеудесіне күдік ұялатып-ақ баққан-ды. Сондай келеңсіз тірлік тағы қайталанбасын деген тілекпен мен өзім үкімет басшыларына да, Ақпарат, мәдениет жөне қоғамдық келісім министріне де, Қазақстан Жазушылар одағына да дауылпаз ақынның тойын республика көлемінде өткізейік, көп томдығын шығарайық деп қайта-қайта хат жазып, әрқайсысынан қаражат-қаржы жоқ дейтін жаттанды жауап алып, тауым әбден шағылып біткен соң, салып ұрып Амангелдіге жетіп барғам. Ширығып кіргенімді бірден сезе қойған сергек інім барлық талапқа менен де әрман құлшына келісіп, бүкіл күдігім мен күмәнімді әп-сәтте шайды да жіберді.
Амангелді араласқан соң-ақ ақиық ақынның мерейтойын өткізетін комиссияның құрамы тездетіп бекітілді. Соның арқасында Қарағандыда, Қарқаралыда, Алматыда салтанатты жиындар өткізіліп, әдемі безендірілген төрт томдығы жарық көріп, Қасымға арналған жазба ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Осы аса жауапты істердің басы-қасында өзі жүріп, үкімет тарапынан атқарылатын мәселелерді өзі ғана атқарып, мерейтойдың бар қаражат-шығынын түгелдей көтеріп алған Амангелді Дінұлының нарлығын, ерлігін кеудесінде сәулесі бар қазақтың ешбіреуі ұмыта алмасы хақ.
Халқымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін жоғары көтеретін озық салт-дәстүрін, өнегелі өнерін өркендетуге, жастарды тәрбиелеудің үлгілі мектебіне арналған ауыл спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп, жан-жақты көмек көрсетуде республика көлемінен Амангелдіге жете қояр жомарт жанды таба қою, әй, қиын болар. Бір ғана айтысты жандандыруға жасаған қамқорлығы мен демеушілігі бірнеше азаматтың еңбегіне татитынын екінің бірі білетіні дау тудырмайды.
"Алматықұрылыс" холдингінің президенті, Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының төрағасы, "Отан" саяси партиясының төрағасының бірінші орынбасары тәрізді аса жауапты қызметтеріне қарамастан, қат-қабат жұмыстары басынан асып жатса да, Амангелді өте кішіпейіл әрі аса елгезек адам. Өйткені оның туысқа, елге, халыққа, қазағына үнемі бұрып тұратын бүйрегі азаматтығының арқауы іспетпес.
Осыны бір дәлелмен түйіндейін.
Осыдан екі жылдай бұрын өте ауыр операция жасатып, ауруханадан үйге шыққан күні кешке қарай аулада көлеңкеде отырғам. Дәл сол сәтте ауыр джипін дік еткізіп тоқтатқан Амангелді машинасынан секіріп түскен бойда құшатын жая берген-ді.
Сол құшақтан адам мен адамды матастырып қоятын туысқандық жақындықты, жүрек пен жүректі жалғастырып тастайтын адамгершілік қасиетті, кеудеңді қуанышқа бөлейтін қазақы кендікті, қазақы мейірімді сезініп, сауығып кеткендей қатты тебіренгем.
Дәл сол күні Амангелді Дінұлына Елбасымыз "Отан" партиясына басшылық етуді жүктеген екен. Дәл сол күні асыл Азамат ел алдындағы азаматтық борышын адалдықпен ақтаудың күрделі де қиын соқпағына алғашқы қадамын бастаған еді.
Амангелді алпысқа келіп қапты. Үйреншікті сөзбен "алпысың - талтүсің!" дей отырып, алаштың біртуар оғланына, белгілі мемлекеттік қайраткерге, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің шын мәніндегі жанашыры һәм демеушісіне, асылдың тұяғына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, жарқырай бер, жалындай бер асыл Азамат демекпіз.
2004 жыл.
ҚОС ҚАНАТ
Ол мені аға деп сыйлайды. Мен оны Азамат деп қадірлеймін. Менің шығармаларымды оның кей-кейде іздеп оқитынын білем. Ал мен онымен жыл аралатып іздеп кездесемін. Өйткені ол әсемдікке құмар жан. Сұлулыққа табынған жан. Өзі қандай келбетті болса, жан сарайы да сондай көркем. Және де ол өте намысшыл. Жақсы мағынасындағы намысшыл адам. Ал намыс - жан қайраты. Жанып отырмаса, намыс та мұқалмақ. Сол намысын мұқалтпайтын азаматтық парызы оның кеудесіне шырақ орнатқан. Намыс пен парызды қабат жеккен оның көкірегі - ән мен күйдің кеніші.
Ән мен күй ылғи да әсем. Ал әсемдікке еліткіш көңіл әманда сыршыл. Оның сыршыл көңілі Шортанбай, Тәттімбетті ардақ тұтқан. Маясар ақынды, Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілерді ұғындырған. Сол атаусыз қалған жерлес күйшілерінің мұрасын іздеттірген оған. Таптырған, халқына табыстауға талпындырған. Қыздарбек, Сембек, Әбди күйлерінің болашақ ұрпақтың игілігіне айналарынан үмітін үзбейді. Сенімін жоғалтпайды. Үміт пен сенімнің тілі - күй. Күй рух пен жанның елшісі де. Ол: "күймен ауызданған сәби сойылға ұмтылмас" деумен келеді.
– Софеке, сіздің бір кітабыңызда "Ән - өкініш пен сүйініштің перзенті. Күй - күйік пен шаттықтың сығындысы" дегеніңіз ылғи көкейімде жүреді. Бұрын ән көзден жас тамызатын. Ол - қуаныш яки реніш жасы болды мүмкін. Күй күрсінтетін, күй шалқытатын... Ал қазір... Күй жоқ. Әннен мән қашқан. Сазы мақау, сөзі мылқау әнде қандай қасиет болсын, - деп үнсіз қалды да, қарсы алдымыздағы көбігін бұрқырата тынышсыз толқыған Балқаш көлге - Көкше теңізге көз жіберді. Тынымсыз толқыған теңіз тынымсыз толқыған ойымен үндесе ме, жүзіне жылу орнап, көзіне жылт оралды. Енді сыршыл жанның сыры ақтарылды. - "Көкше теңіздің жағасында алқызыл тулар желбірейтін. Тұрғындарының жүзінде алаулап нұр ойнайтын. Жеңіс күйі жүректерді дүрсілдетіп, кеуделерде күмбірлейтін" дейді сексеннің жетеуіндегі бұрынғы еңбеккер, бүгінгі зейнеткер көршім. Жай ғана айтады. Бірақ көмейіне көмілген ащы сұрақ барын сезем.
Ауырған жанымен мынау есік-терезелері тарс бекітілген үйлерден төгілетін сәбидің әсем күлкісін аңсайтын болар. Анау цехтың, сонау өнеркәсіп ордасының бүгінгі тым тырс мешеулігінен сескене, іштей күрсініп, бұрынғы еңбек күйінің қоңырқай да болса жүрекке жылы сарынын көксейтін болар.
Ал өзі... нағыз тарих. Қарапайым ғана еңбек торысы, бірақ тірі тарих. Жас кезінде қиял құшағына енді ме екен ол... білмеймін. Ғасырлар бойы тылсым қойнына тығып, қазынасын жұрт көзінен жасырған төбені, 517 тонна... бес жүз он жеті (нықтап қайталады) тонна қопарғыш дәрі қойып, кеншілердің ертегіден де артық құдіретімен төңкеріп тастауы қандай ғажап! Димекеңмен, Димаш Ахметұлы Қонаевпен бірте қопарған ғой Қоңыратты.
Кейін 1938 жылдың 23 сәуірінде Балқаштың алғашқы мыс концентратын да құюға қатысқан. Халқының ұрпағынан ұрпағына табыстап келген арманды өсиетін орындап, алғашқы мысты қолына ұстағандағы қария көршімнің кеудесін кернеген қуанышты сіздер, ақын-жазушылар ғана қағаз бетіне түсіре аларсыздар, мен жеткізе алмаймын...
Ал, мынау Сарышыған... Полигон... Қалқан. Есе алам, үлес, талабымды қарумен, стратегиялық ракеталармен шеше алам дейтін өктемшілдерге тосылған берік қалқан. Елбасының өзі... Қарулы күштердің Бас қолбасшысы Нұрекең аға Назарбаевтың осы Сарышыған полигонына баса назар қоюы - ел іргесінің беріктігіне, бейбіт тірлігінің бұзылмауына үлкен кепіл.
Өткен жылы байырғы Қоржынтүбекке орналасқан Приозерск қаласының қырық бес жылдығына арналған мерекеге қырық беске жуық генерал қатысты десем шындықтан ауытқымаспын. Әрине, оның көбісі Ресей Федерациясының өкілдері ғой. Мемлекеттеріміздің коллективтік қауіпсіздігін нығайту жолында әуе шабуылынан қорғаудың небір жаңа тәсілдерін көрсеткен биылғы жылғы Сарышыған полигонында өткен әскери жаттығу сынақтарына арнайы қатысқан Елбасының ойынан шыға алғанының куәсі болдық. Президентіміз Қарулы күштерді нығайтуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Бір ғана мысал. Соңғы жылда Қазақстанда полктың жаттығу ойындарына небәрі 10 мың әскери ғана қатысса, биылғы бірінші жарты жылдықта осы жаттығуларға 30 мыңнан астам жауынгерлер қамтылыпты.
Ол маған жүзін бұрды. Көзінде ырзалық нұры әлде сенімділік нышаны тұрған-ды. Ырзалығы да, сенімділігі де маған әрі түсінікті де болды. Әрі ұнады. Енді мен Сағынбайға, Приозерск қаласының әкімі Сағынбай Мұкатайұлы Медеубаевқа өз ризашылығымды жеткізуге асықтым.
– Мен де саған қатты ризамын, бауырым.
Сағынбай дәл осындай бетке мақтар "ырзалықтарды" ұнатпай ма, жүзі құбылып, қозғалақтап қалды.
– Сіздерді ырза етерлік не істей қойыппын. Кейде қол қысқалығы, кейде қаражат тапшылығы қинай береді-ау.
Әйтпесе... - тағы кідірді. Сұңғақ денесі сәл дір етті де, адамды үнемі өзіне тартып тұратын жылулы жанарға кіреукеленіп көмескі көлеңке орнады. - Әйтпесе мынау шалқар көл, анау жайын дала жан-жануардың пейішіне айналар мекені ғой...
– Оралмандарды оралтып, өзге де жұмыссыз қалғандарды маңайына топтап, қолыңнан келгенше көмегіңді аямай жатқаныңа қанықпын. Ол да азаматтығыңның бір қыры ғой, Сатынбайжан. Қалаң жайнап, ана тілің сайрап, қаракөздерің күн санап көбейіп келеді. Ал енді мынау қаңырап босаған үйлердің есік-терезесін кірпішпен қалап, сылап, сырлап қойғызуың тіпті ғажап!..
– Қолдан келгені осы ғана...
– Бұдан артық не істеуге болар. Талай жерде, талай құлазыған қала, қаңыраған көшелерді мен көрмеді деп пең.
Сол босқындардың босаған жұртында қалған үйлердің өліктің көзіндей мөлиген қуыс терезелерінің үңірейген орны, опырылған қабырғаларының арса-арса қаңқалары көрген жанның жүрегін тітіркендірмейді деймісің. Ал, сен...
Ұсақ-түйек ештеңе жоқ. Әр ұсақ-түйекке осындай үлкен жауапкершілікпен қарау – ірі істің баспалдағы ғой. Босаған үйлерің бәз-баяғы қалпында. Есігін бұзғызбай, терезесін жұлғызбай сақтап отыруың ертеңіңе сенуіңнің,ел келешегіне үміт артуыңның кепіліндей-ау, бауырым. Осы үйлерге қандастарыңды орналастырып, қам-қаракет жасап, жұмыс тауып беруің - тек әкімдік міндетің ғана емес, адамгершілік қасиетің де. Ал адамгершілік қасиет ерлікпен ағайындас.
Сағынбай тағы да бас шайқады. Бетіме қарап сәл күлімсіреді.
– Ерлік - елдік қасиеттен туындайды. Ел қасиеті ерін туғызады. Ел-ана ұл-қызын еңбекте шыңдайды. Еңбек арқылы ерлікке баулиды. Рас қой осым, ата?
– Рас! Ерліктің елдік қасиеттен туындайтыны рас.
Қалай дәл айттың! - деп Сағынбайға риза боп қызыға қарадым.
Сағынбай енді рахаттана күлді.
– Оу, Софеке! Бұл сіздің сөздеріңіз ғой. Жаттап алғам.
Енді мен күлейін. Әрине өз жазғанымды өзімнің ұмытқаныма ыңғайсызданам, бірақ әкім інімнің жадына сақтап жүргеніне ырзалықпен күлдім білем.
– Ел емеспіз бе... Екі қолы алдына сыймағандарға жұмыс тауып беру, соларды еңбекте шындау әкімдердің, биліктегілердің міндеті ғой, - деп Сағынбай орнынан тұрып, өзін іздеп келген екі-үш адамға қарай бұрылып кетті.
Сағынбайдың өнер саласында сыйлайтын аталары көп.
Сағынбайды іздеп баратын ағалары да мол. Жасы отыздан енді аса бергенде Жезқазған облысының Шет ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Медеубаев сол тоталитарлық кезең деп аталатын тұста номенклатуралық биік лауазымды орындарға әбден екшеп, жан-жақты тексеріп, илеуін қандырып, барынша қадағалап барып қана тағайындалатындардың ішіндегі аудан басқарғандардың ең жасы болатын. Және сол ауданды ол қандай аброй, құрметпен басқарып еді. Ол сенім, ол аброй-құрмет Сағынбайдың іскерлігіне, тапсырған міндетін үлкен жауапкершілікпен орындайтын қасиетіне, биік адамгершілігіне, еңбек адамына жасар қамқорлығына, өнер адамына білдірер ізетіне байланысты да болар.
Солардың таты бір айтағы: Приозерскідегі әкімдік қызметінен бір-екі жылға Алматыға ауысқан Сатынбайды қала тұрғындары мен әскерилер қалап шақырып, қайтадан өз ортасына оралтқан да еді.
Сексенінші жылдары - коммунистік идеологияның тегеурінді тұсында-ақ осы Сатынбай зар заман жаршысы - Шортанбайдың, халық ақыны Маясардың мерейтойларын ешкімнен қаймығып, қыбыжықтамастан аудан көлемінде дүрілдетіп өткізген-ді. Республиканың түкпір-түкпірінен айтыс ақындарын шақыртып, астанадан, облыс орталықтарынан ақын-жазушы, ғалымдарды арнайы адам жіберіп алдырып, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырған. Отызыншы жылдары атылып кеткен Диа қажы, Әбди, Сембектің өлеңдерін жинатып, күйлерін іздеттіріп, азаматтық ерлік танытқан.
Бүгінде Сағынбайды Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Дүйсен Қорабаевтай әдебиет пен өнердің қайраткерлері Қайрат Байбосынов, Ерік Асқаров, Бекболат Тілеуханов, Жанат Жаубасов т.б. құрдас-достары іздеп барып, сағынып тосып отырады. Өйткені Арқа өңірі – әнші мен күйшінің, ақын мен жыршының мекені. Ол – жыр кені, ән кені, күй кені. Ал Сағынбай жүрегі – осының бәрінің кеніші. Ән – оның өмір серігіндей, күй – жанының іңкәрындай. Арманшыл халқының ән мен жыры – қос қанаты болса, сол қос қанат бүгін Сағынбайда. Шу асаудай аспанға шаншылатын Арқаның ән-әуендерін кеудесінде толқытқан, аңшылық, құсбегілік өнерді қадір тұтқан ол кешегі сал-серілердің ізбасарындай боп сезіледі маған.
Бүгінгі елуге ентікпей жетіп, жігіт ағасына, ел ағасына айналған Сағынбай азаматтықтың асқақ жолымен ілгері тартып барады. Тоқтама, кідірме, Сәкем! Туған жерге деген сүйінішіңнен ірі-ірі әрекеттерің туындай берсін. Ал әрекет әманда ерлікке бастайды. Азаматты шындайды. Елу жас – ердің дер кезі. Аршындай бер.
ЕЛ АЗАМАТЫ
Күйкі тірліктің күйбеңіне жіпсіз шырматылып, қыбырлаған топтың қатарын ғана көбейтетін бедерсіз пенделердің арасында маңайына сәуле шашып, шуақ төгіп тұратын қадау-қадау Азаматтар болады. Өмірдің көлеңкелі жағын күнгейге қарай өршелене сүйреп, тірліктің тауқымет-бейнетінен зейнет пен рахат тудыруға тырысатын сол Азаматтарға ә деп көргеннен тәнті боп, тағы да кездессем, шүйіркелессем деп құштарлануың ақиқат.
Мен үшін дәл сондай азамат - Қасымбек Медиев. өйткені мен Қасымбек ағаның қатардағы қызметкерден қоғам һәм мемлекеттік қайраткерге дейін көтерілген ғұмыр жолының куәсімін. Өзі ұнатқан кейіпкеріне немесе өзі жан тартқан тұрғылас, тағдырлас замандасына жазушының ылғи да сын көзімен қарап, оның өсу, есею, шыңдалу кезеңдерін үнемі қадағалап отыруы табиғи әрі кәсіби машығы. Осы орайда мен орда бұзар отызының ішінде Қ.Медиев жаңадан құрылған Жезқазған облысының жас Ақадыр ауданының аяғынан тік тұрып кетуіне ерекше еңбек сіңірді десем, іскер, тынымсыз, ізденгіш Азаматтың шынайы бейнесін бере алмас та едім. Қазақтың шетсіз, шексіз даласының қиыр пұшпағында жатқан, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тірлігі кешеуілдеп қалған Жезді ауданын қамал бұзар қырқында бірінші басшы боп жүріп, өгіздей өрге сүйреп шығарып, аудан жұртшылығының ықлас-алғысына бөленген десем, мен оның алғырлығы мен ұйымдастырғыш қабілетін жеткізе алмас та едім. Егер де мен елуге толар-толмастан Сарыарқаны кең көсіле жайлаған бұрынғы Жезқазған облысының негізгі басшыларының бірі болған Қаскең борандатқан қыста, аптаптатқан жазда үнемі диқан мен малшылардың ортасынан табылып, облыстың ауыл шаруашылығының дамуына айрықша ықпал етті десем, оның қайтпас табандылығы мен қажырлы жігер күшін толық айқындап бере алмас та едім.
Осының бәрі Қ. Медиевтің өзгелер алдында өзінің жауапкершілігін барынша сезінуінен, қай іске, қай әрекетке болса да бел шеше килігіп, білек сыбана кірісетін құлшынуынан туындайтын кәнігі іскерлігі деп пайымдаймын.
Қасымбек ағаның ісіне сүйсіне қызығатын ерекше бір қасиеті - оның адамды, еңбек адамын мейлінше түсінуге тырысуы, мейлінше сыйлауы, оған мейлінше қамқорлық жасауы. Қаскеңнің өнер адамына деген айрықша құрметі мен өзгеше ықыласына талай рет куә болдым. Арқаның ақиық ақындары - Шортанбайдың, Шашубайдың, Маясардың, Тайжанның, Болманның, күйшілері - Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Қыздарбектің облыс, республика көлемінде мерейлі той, еске алу кештерін өткізуде сіңірген еңбегі де зор. Өнер адамының Қаскең үшін үлкені не кішісі болмайды. Табиғат болмыс әлде құдірет болмыс ерекшелеп дарын сыйлаған ақын мен жазушыны қастерлеп төбеге көтеретіні, әнші мен күйшіні аялап алақанында ұстайтыны сондай, кей-кейде биік лауазымды жасы үлкен ағаның тым елпілдеп кететініне кәдімгідей ыңғайсызданып қаласың. Бірақ ол әсемдікке ынтық әсершіл жүректің кеңдігінің белгісі, дархан даласының қонақжай бауырмалдығы қан тамырын бүлкілдеткен тазалығы, шынайылығы һәм дүниенің төрт құбыласынан адал дос, тілектес жолдас табуға асығып тұратын ақ көңіл адалдығы. Қаскеңнің ақын досы көп. Қаскенді дос санамайтын, аға, бауыр тұтпайтын Алматыда өзім білетіннен ақын-жазушы және жоқ. Мүмкін ол оның мейлінше кішіпейілдігінен де шығар. Мүмкін ол оның мейлінше сезімталдығынан да шығар. Дала тұрмысындағы қазақы кеудеде екшелген адамзаттық мәдениетті исіне игеруінен де шығар.
Шет ауданының әкімі боп жүрген кезінде бірде Қаскең маған жетіп келді.
– Әу, Софыжан, жүр! Сен екеуміз қазір бір үлкен шаруа тындырамыз... Жо-жоқ! Мойнымызға жауапкершілік жүктейміз! – деп ерте жөнелді. Ылғи асығыс, апыл-құпыл жүретін мінезін білем. Келдік. Сөйтсе, Қасең өз инициативасымен Шортанбай ақынның ескерткішіне заказ берген екен. Енді сол дайын ескерткішті өзі де сынап көріп, маған да сынатып, көңілге қонса, ауданға алып кетпек.
Әрине ұнаттық. Әрине Қаскеңе, Қаскеңнің ниетіне ырза болдық. Әр аудан әкімі өз білігімен белгілі өнер қайраткерлеріне дәл осындай құрмет танытып жатса, оны неге құптамасқа, оған неге ырза болмасқа.
Өзіне де, өзгеге де тыным бермей, өмір сүруді жасампаздық деп түсінетін, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған үлкен шаңырақ иесі - Қасымбек аға бүгінде алпыс жасқа толып отыр. Қазақстан Жоғары Кеңесінің бұрынғы депутаты, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" Қасымбек Медиев әлі де ат үстінде. "Алаш" акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі ретінде өзінің өмірлік бай тәжірибесін ел игілігі үшін қызмет етуге жұмсайтынына кәміл сенеміз. Киелі жерінің атын әуелетіп аспанға шығаратын осындай ұлдары, Ерлері бар Елдің құдіреті әманда арта түседі ғой. Ылайым мейірлі Ерлері бар Елдің мерейі үстем бола бергей. Елімен бірге Қаскендей азаматтары ұзақ жасай бергей.
ӨТКЕНДЕРІМ – ӨТКЕЛДЕРІМ
Ұлы Отан соғысы...
Осынау үш сөз тіркесін кейінгі кездерде онша елей қоймайтын халге жетіп, соған әлдебір күдікпен үрке қарайтын да боп бара жатқан тәріздіміз.
Отан деген ұғымға сол кездегі Кеңес Одағын сиғызамыз ба, бүгінгі Қазақстанға сол Отан соғысының ешқандай қатысы жоқтай, мұрын шүйіре шыр айналатын қатарымыздың күн санап көбейе түскенін де жасыра алмаймыз.
Бірақ Ұлы Отан соғысы - ақиқат болған оқиға ғой. Туған елден жырақта, от пен оқтың ортасында, өмір мен өлім арпалысында фашистік жендеттерді бір адым ілгері аттатпай, оқ тескен кеудесімен жат жердің топырағын құшып, мәңгілік тосқауыл боп қалған қазақстандық боздақтардың "Отан үшін!" деп өлгенін қалай ұмытармыз. Кейінгі ұрпақ ұмытқанмен, қанды қырғынның қызу жалынын кешіп келген, тәні түгіл жаны жаралы жауынгерлер, жүздеген бауырлар қорымында жатқан әруақтардың үзілмес рухы ұмыта қояр ма екен...
Әрине ұмытпайды.
Отан деген ұғымның аясы қандай кең болса, сол Отан-анаға деген перзенттік сүйіспеншілігі сондай мол ұлдарының, әсіресе Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің майдан даласында, өрт құшағында тілкемденген жүйкелері мен жалынға оранған жаралы жандары соғыстың сұрапыл күндерін, етігімен қан кештірген қасіретті сүрлеуін ешқашан ұмытпайды.
Жақында ғана осы ойымды барынша растайтын бұрынғы майдангер, бүгінгі зейнеткер, полковник ағамен кездескен едім.
Ол - ардагер Боранбай Бекбосынов.
Боранбай аға Қарағанды облысының Жаңарқа ауданының түлегі. Арқаның атан түйедей атпал азаматы. 1940 жылы жиырмаға енді ғана толғанда Ақмоланың педучилищесін бітіріп, сол қаладағы орта мектепте екі ай сабақ беріп үлгерместен-ақ, сол жылдың қоңыр күзінде әскер қатарына шақырылады. Орта білімі бар Бөрекеңді қазақстандық екі досымен бірге Хабаровскідегі әскери училищеге қабылдап, оны 1942 жылы бітіртіп шығарған екен.
Бұл кез - соғыстың ең бір ауыр, әрі шиеленіскен шайқастары жүріп жатқан қиын-қысталаң кезеңі екені тарихтан мәлім.
"Сол, 1942 жылдың маусым айында мені Ленинград майданына әкеп түсірді, - деп әңгімесін бастай берген Бөрекең ақсақал сәл кідіріп қалған еді. Қанды қырғынның сойқаны көз алдына барлық бедер-белгісімен оралды ма, жанары сәтте суық тартып, қоңырқай жүзі сұрланып сала берді. - Майданның нағыз қысылтаяң күндеріне тап болған екем, келген бойда шын мәнінде от пен оқтың ортасына ендім де кеттім. Блокада құрсауында қалған ленинградтықтардың адам төзгісіз ауыр жағдайын күн сайын естиміз. Естіген сайын қабырғамыз қайысады. Қайтсек те блокаданы бұзуымыз қажет екенін, арып, ашыққан тұрғындарды азаптан тезірек құтқару керектігін жан-жүрегімізбен сезіп, екі қолға түкіріп жүрміз. Мен Екінші екпінді армияның құрамындағы 131-ші Ропщинск дивизиясы 593-ші атқыштар полкының бірінші батальоныңда взвод командирі боп бастағам жауынгерлік жолымды. Содан блокаданың беломыртқасын үзіп түсу үшін аса күрделі айқастарды бастап та кеттік. Жан беріп, жан алысқан шақтар ғой ол, жиенжан. Қайсыбірін айта берейін. Отан деген ұғым ол кезде әрі кең, әрі киелі болатын. Ол ақселеулі кең көсілген қазақ даласы, ақ басты, қарлы шыңды Алатау да қарауыта мұнартқан Қаратау да, алтын алқадай ардақты Алтай да, алаштың кіндік қазығы Ұлытау да ғана емес, Отан ол кезде өртке оранған Украина мен Белоруссия, Балтық елдері мен Закавказье, қоршауда қалған Ленинград та болатын. "Отан үшін!" деп шыбын жанды шүберекке түйіп жүріп талай рет атакаға да шықтық қой. Талай қанды көйлек достардан да айрылдық қой... Амал не, соғыс заңы солай. Өлім арқылы өмірді ұзартуға боларын, қырғын арқылы тірлікті сақтап, әрі жалғастырып әкетуге боларын сол күндерде ұққан да едік. Сол ұғым, сол жеңіске деген құштарлық дейтін киелі борышыңды бүкіл болмысыңмен сезіну - сол кездегі барлық совет азаматтарына тән қасиет еді. Одан бүгінде айрылып, алыстап бара жатқанымызға қатты қайғырам, әрине...
Бөрекең тағы да үнсіз қап, сырттағы көктемгі шуақты мәдақтап жатқан торғайлардың үніне құлақ тосқандай, әлде сонау бір от-жалынға оранған жастық шағына қиялмен қайта оралды ма, біразға дейін қыбыр етпеді. Сол мінәжат еткендей маған жұмбақтау, байырғы жауынгердің өзіне сондай қымбат һәм аяулы қалпын бұзуға дәтім бармай, мен де отырып қалдым.
Бөрекең оқыс қозғалып, әңгімесін жіті сабақтап кетті.
– Иә! Фашистерді тұмсыққа соғып, блокаданы да бұздық. Ленинградқа азаттық ауасын әкеліп, тіршілік тынысын кеңітіп бердік. Сол кезді еске алғанда, әлі күнге өзіме өзім ырзалық танытам. Өйткені осынау аса көркем мәдениет ошағы - Ленинградты қылғындырған блокаданы тас-талқан еткен құдіретті совет армиясының бір офицері болғанымды өзім ғана емес, өзгелер де құрметтейді.
– Блокада қашан бұзылып еді?
– 1943 жылдың күзінде басталып, 1944 жылдың қаңтарында Ленинград жаудан толық азат етілді ғой.
Ленинград... Жүрегімді өзіне жіпсіз байлаған құдірет қой ол. Жауынгерлік жорығымды осы қаланы азат етуден бастағанымнан ба, әлде ленинградтықтардың өз құтқарушы ұлдарына деген адал көңілдерінің үнемі шарпып тұратын ыстық ықыласынан ба, мен қазіргі Санкт-Петербургты емес, бұрынғы Ленинградты елжірей еске алып отырам...
Ленинградтың 533-мектебіндегі музейде менің суретім мен жауынгерлік жолым туралы жазылған экспонаттар бар. Сол мектептің оқушылары менімен хат арқылы үзбей хабарласып тұрады.
Ленинградты көрмегелі де жиырма шақты жыл боп қапты... Соңғы рет 1984 жылы 20-қаңтарда өткен.
Ленинградтың толық азат етілуінің 40 жылдық мерекесіне қалалық партия комитеті мен ардагерлер кеңесінің шақыртуымен жеңгең Сабилә екеуміз барып қайтқанбыз.
Жауынгерлік өмір мені өз дивизияммен бірге Эстонияны азат етуге алып кеткен...
Эстонияда небір қиянкескі ұрыстарды бастан кештік.
Батальон командирімін. Полк басшысынан Майево деген селоны немістерден қайткенде де босатыңдар деген бұйрық алған соң, барлаушыларды жөнелттім. Барлаушыларым қарауылда тұрған екі немісті желкелеп алып жетті. Солардан жауап алып, әлгі мықты бекінген селоның жай-жапсарымен танысып, осал тұстарын белгіледік. Резервтен көмек жеткенше кеш болатындықтан өзім шұғыл әрі тұтқиыл шабуыл жасауға бекіндім. Түн жамыла елеусіз сақ қозғалып, түнгі төрт шамасында үш ротаға селоны үш жағынан қоршауға алғызып, станокты пулеметтерді құрып қойып, сақадай сай дайындық жасадық. Әр солдатқа қадау-қадау түрде қысқа да нақты тапсырмалар беріп, белгі-оқ атылысымен-ақ "Уралап!" атакаға көтерілуін пысықтадым.
Таңғы бес жарым кезінде бір мезгілде бүкіл қару-жарақтан оқты төпеп кеп бердік. Содан әрі ұзатпастан тұс-тұсынан селоға жөңкіле құйылдық. Есі шығып, зәре-құты ұшқан жау әскері жалаңаш-жалпы дүркіреп шығып, еш қарсылық көрсете алмастан бүрсеңдеп қол көтеруге мәжбүр болды. Сонымен жүз елу солдат, арасында полковнигі бар он үш офицерді тұтқынға түсіріп, селоны босатып алдық.
Одан әрі Нарва қаласы үшін шайқастар жалғасып кетті. Нарва-Эстонияға кірер қақпаны мықтап жауып тұрған неміс армиясының мықты бекініс ауданы болатын. Бірақ жеңіс дәмін татып, әділет үшін арпалысқан совет жауынгерлері бұл кезде мықтап дүрілдеп тұрған-ды. Тұтқиыл шабуылмен 1944 жылдың 26 шілдесінде Нарваны жаудан тазартып алдық. Осы шайқастан кейін біздің 593-полкке 593-ші Нарва полкі деген ат берілді. Ал мен Нарва қаласының құрметті азаматы деген атаққа ие болдым. 1979 жылы Нарваның азат етілуінің 35 жылдығын тойлауға жұбайым екеуміз қатысып қайтқанбыз.
Көп ұзамай Таллинды, Эстонияның Саарема, Езала дейтін деревняларын қайтарып алдық...
Жеңістен кейін Қазақстанның бес облысында: Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған, Алматы, Гурьевтерде офицерден Әскери комиссарға дейін көтеріліп, 1972 жылы әскер қатарынан босанғанша қызмет атқардым. "Соғыс ардагері", "Еңбек ардагері" деген құрметті атауларым көңіліме жақын. Әскерилерден қол үзіп кеткем жоқ. Әскери академиялар мен әскери бөлімдерде жиі-жиі болып, ел қорғаны - жауынгерлермен кездесулер өткізіп тұрам. Ізімді қуған екі ұлым - Серік, запастағы полковник. Мэлс, халықаралық әскери ұйымның бас секретары, генерал. Сәуле дейтін қызым - ұстаз. Жаннам ғылым докторы, профессор. Нартайым - құрылысшы болса, Қапал, Раушан, Гауһарым - дәрігерлік мамандықты қалап алған...
Борекең әңгімесіне көп нүкте қойғандай бірер жөткірініп қалып, бетіме қисая қарады. "Барым осы. Кешегімнен бүгінімді ажыратпаймын бірақ. Өткен жолым - өмірімнің өзегі. Өкінішім жоқ. Борышымды адал атқарғаныма күмәнім жоқ. Соныма шүкіршілік етемін" дегендей сабырлы қарасынан жаныма жылылық тарап бара жатты.
Мен әкелер рухына тағзым етерлік осы бір сұхбатты көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру