Бізді "мәңгілік есте қалдырмақшы"
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұстай Кәрім — «Бізді "мәңгілік есте қалдырмақшы"» (Көркем әңгіме). БІЗДІ «МӘҢГІЛІК ЕСТЕ ҚАЛДЫРМАҚШЫ»
БІЗДІ «МӘҢГІЛІК ЕСТЕ ҚАЛДЫРМАҚШЫ»
әңгіме
Қаладан келген жылмақай фотограф Кіші шешем екеумізді ауыл шетіндегі биік төбе басындағы үлкен жалпақ тас үстіне әкеліп отырғызды: "Сіздің даңқыңызға ауылыңыздың көрікті көріністерін қосып, елге жаямыз. Қайда қарасаң, рақат. Мәңгілік есте қалдыруды сұранып тұр. Түрлі түсті фото ойлап тапқан адамға рақмет жаусын. Мына сұлулықты бойына сіңіріп алады түсті фото..." деп бәйек болды.
Біз бұл жақты Тау сырты дейміз. Тау сыртының биік төбесіне шығып, айналаға қарасаң, дүниенің торт тарапы аяғыңның астында тұрады. Сондықтан біздің ауыл адамдары бесіктен түсіп, тәй - тәй басудан Жер шарының кеңдігін өз көздерімен көріп өседі. Оң жаққа қарасаң, жарқырап жатқан Димді, өзеннің арғы жағындағы көгілдір тауларды көресің, сәл бұрылсаң, айдын шалқар Ар алқаптары, әріректе Сайран ауылының тоғайлары андыздайды. Сол жағыңа қарасаң, Бәрсуан бойы, Айғалыш ормандары шақырады. Ту сыртыңа айналсаң, аппақ тау басында аппақ қала - Үфі жарқырайды. Мен ашық күнді айтам. Бұлтты күні дүниенің көркі қашады, тынысы тарылады. Ол сені жатырқағандай көрінеді, ал ашық күні өзі ынтығып, құшағыңа келіп кіреді. Бұрын айтқанымыздай, әлемнің Кіләштан басталып, Кіләшта аяқталатынын біз көріп өсеміз, көріп өлеміз.
Жаз жаңа ғана басталды. Әлі ашық күн бетін күңгірт мұнар шалмаған. Жердің жасылы жасыл, әуенің көгі көк.
- Отырыңыздар, сөйлесіңіздер, еске алыңыздар, ойланыңыздар, - деді фотограф. - Мен өз шаруаммен айналысайын Маған назар аудармаңыздар.
Қалайша назар аудармайды, адам шыбын емес қой. Шыбынға да назар аудармауға болмайды. Ал Кіші шешем, шынында да, біздің қасымызда бәйек боп жүрген кісіні байқамайтын сияқты. Шың басына қонған бүркіттің ұябасарындай өзінің тоқсан жылдық өмірінің биігінен жым - жырт қарап отыр. Басын ақырын ғана бұрып, туған елінің ирелең өзендерін, жолдарын, сай-салаларын, ормандарын, қырларын шолады. Бәрі түгел, бәрі де өз орнында тұрғанына дән риза. Демек, дүниені маған бүтін қалпында қалдырып барады. Ол менің арқамнан қағып қояды. Мұнысы: "Осының бәрін өзіңе сеніп тапсырам" дегені. Жұмсағанда, жұмысқа жеккенде ол өмір бойы осылай арқадан қағатын. Мұны ол үлкен шешемнен үйренген. Ертеректе, біз үшеу кезімізде - Үлкен шешем сонау тас шарбаққа кірместен бұрын мен жанымды бөлшектеп бөлмейтін едім. Ал әлгі ақ жерге қара қар жауған күні жаным жарылып, қақ бөлінді. Талай заман өткен соң қайта жалғанды, бірақ тыртығы қалды. Мен жалғыз Кіші шешемнің ұлы болып кете алмадым. Мұны ол сезе тұрып, сезбеген болды. Керісінше, менің көңілімді аулау үшін орайы келгенде Үлкен шешемді құрметпен еске алатын еді. Үш - төрт жыл бұрын ол маған: "Осы жасыма жеткенше Үлкен шешеңнен инабатты, ақылды кісі көрмедім. Әкең оны неге өзіне тең есептемеген? Егер оның осындай екенін күні бұрын білсем, әкеңе тұрмысқа шықпас едім. Бәлкім, мен де оған ұнамаған шығармын деген ой келеді кейде басыма..." деді. Кіші шешемнің бұл сөзі маған осы кітапты жазуыма берген рұқсаты деп ұқтым. Сонда күндесі туралы менің жақсы сөзіме ренжімеген ғой. Жасырақ кезінде ол аса ашушаң, өтe шамшыл еді. Қит етсе көзінің жасы кірпігінің ұшына ілініп тұратын. Қайғысы артқан сайын сабыр сақтады. Алғаш үлкен шешем оны біржола өзінің орнына тастап кеткенде бейнеті көбейді, аздан соң тентек Мұртаза ағам көшедегі төбелестен опат болды. Кіші шешем бұл қасіретке қатты қайғырса да сабыр сақтады. Содан соң соғыс. Салих ағам, Ілияс інім, мен -үшеуміз де майданға аттандық. Ағам ауыр жаралы болып қайтты. Соғыс аяқталған соң сол жаралары оны алып кетті. Осы тұста әкем дүние салды. Бұл қазалардың бәрі де Кіші шешемнің құйттай жүрегінен өтті. Иә, басына қасірет түскен сайын ол ширай берді.
Кіші шешем зират шарбағына қарап, тоқтап қалды. Тоқтамай қайтсін. Өзі өмірге келгелі төркіндерінің төртінші ұрпағы өсіп келеді, суалған тамыр, сынған бұтақ қаншама! Он үш баланың оны да тап осы тас шарбақ ішіндегі көгалдың астында. Соның бәрін еске ала берсең.... Шешем үндемейді. Еске алып тұрса керек, сірә. Міне, Назияз көпірі жаққа айналып, иегімен ым қақты:
- Мен сені талай жоғалтып алып, коп азап шектім... Алғаш әлі нәресте кезіңде. Қара Жақыптан қонақтан қайтарда Назияз бойында жоғалтып алғам. Қалғып кеткенмін - ау, сірә, көпір түбінде шана ауып, сен көрпешеңе ораулы күйі түсіп қалғансың. Жоқ екеніңді қақпа түбіне келіп тоқтағанда ғана білдік. Ат басын бұрып, кері қайттық. Әйтеуір, айлы түн еді. Жол шетінде домалап жатыр екенсің. Оянбапсың тіпті. Үлкен шешеңнен жасырдық бұл жағдайды.... Ораққа алып барсақ, қалың бидай арасында адастың, пішенге алып барсақ, орман арасында жоғалдың. Шишмадағы сабантойда масқарапаздарға еріп кеттің... Танауыңа жел біте бастаған соң білгеніңше сайран салдың, соғысты айтпаймын енді - бірде хабар-ошарсыз зарықтырсаң, бірде өлі хабарың келді. Әліге дейін түсімде сені жоғалтып аламын да, зәрем ұшып оянамын.
Мен оның көңілін жұбатпадым. Өйткені бұдан соң да жоғалмаймын деп уәде бере алмаймын. Алдымда әлі талай тар жол, тайғақ кешулер бар. Солардың бірінде сүрініп кетпесіме кім кепіл..
Ол ашыла сөйлегенде бөгет жасамауға тырысамын. Сөзін қажетінше өзі сабақтап, өзі өрнектейді. Mінe, жалғап әкетті.
- Анау терең сайдың өріне көтеріле бергенімізде сенің әкеңмен алғаш рет бетпе - бет кездестік. Онда мен отыз жасар жесір әйел едім. Көшеміздің әйелдерімен тоғайда талдың қабығын сыдырып алып, құшақ-құшақ байламдарын арқалап келе жатқанбыз (Сол тұста көктем шығудан бүкіл көшемізбен тал қабығын сыдыратынбыз. Уәликай бай байламына 15 - 20 тиын береді. Соған ризамыз). Осы өрде қара ат мінген әкең қуып жетті. Мен оны былтыр Ілияс азаншының орақ асарында көргенмін, тек сөйлеспегенбіз. Ол қазір тұсымнан өте беріп, атының басын оқыс тартып, елден ерек тәуекел жасады. Мен зәрем ұша қорқып, қайран қалдым бұған. Көптің көзінше аяқ астынан маған дүрсе қоя берді:
- Уәзифа, сәл тұра тұр. Сөйлесетін шаруа бар! - деп бұйырды, бірақ дауысы сыпайы шықты. Мен сасқалақтап жолдас әйелдеріме қарадым. Арамызда ең батыл есептелетін Жамал:
- Несі бар, қал! Жеп қоймас! - деді.
Оқиға желісі мен шешім
Мен қайырылмадым. Жолдастарыма ере бердім. Әкең тас мүсін секілді ат үстінде қақшиып қалды. Біраз жүрген соң аяқтарым ырыққа көнбей, тынысым тарылып, жүрегім дүрсіл қағып, шекем шыңылдап кетті. Алдымдағы өр бой бермес асуға айналды. Жүре алмадым. Қабық байламы еңсемді басып, жерге тартып барады. Тоқтадым. Кенет ту сыртымнан тұяқ дүбірі жетті.
- Бер, байламыңды өңгеріп алайын.
Мен қарсыластым. "Өзім..." деген болдым.
- Бер! - деп бұйырды ол тағы да. - Сөйлесу керек. Сен жүк арқалап бара жатқанда мен қалай сөйлесемін.
Менің рұқсатымды күтпестен арқамдағы жүкті жұлып алып, алдына өңгерді. Мұндай батыл кісіні алғаш көруім, тек әбестігі көңіліме тимеді. Әйтсе де абыржып қалдым, басым айналды. Ақ шала бастаған сақалын ғана байқадым. Жасы қаншада екен?
Біраз жерге дейін сөйлеспедік.
- Мен әлі сенің дауысыңды да есітпедім... Көптен бері көңілім бар сенде, - деді ол ақырын ғана. - Менің тұрмыс жағдайымды, тірілігімді білетін шығарсың. Бір ауылда тұрамыз ғой. Әлі көктем. Жаз бойы ойлан. Ризалыққа ишара білдірсең, дереу жаушы жіберемін. Бұл қадамды мен бірге өмір кешкен кісінің ризалығынсыз жасамаймын. Ашығын айтайын, жас әйел іздеп жүргенім жоқ. Сен көңіліме ұнадың. — Ол езу тартты. — Махаббат десем, менің жасымдағы кісіге ұят болар. Қырық тоғыздамын мен.
Аңқиып қалыппын, тіл қатпадым. Ұялдым да, қуандым да. Ұялмағанда не айтар едім.? Сөйтіп, атты - жаяу анау Губернатор көшесіне келіп кірдік.
- Жүгіңді шарбағыңа тастап кетейін, - деді ол.
- Жоқ, рақмет. Өзіме бер, - дедім. Ол маған қарсыласпады. Жүгімді қайтадан арқалап алдым. Арқамдағы ағаш қабығының байламы емес, аққудың мамығы дерсің. Жүгім енді еңсемді баспай, көкке көтереді. Міне, осылай арбады көңілімді сенің әкең. Өзі атының басын оқыс бұрды да, кері қарай шаба жөнелді. Көп ұзамай Үлкен шешең аса сенімді кісі арқылы маған ризалығын жеткізді.
Фотограф біресе оңға, біресе солға шығып, қарсы алдымызға келіп, иіліп - бүгіліп, жерге жатып, аппаратын сарт - сұрт сыртылдатты. Кіші шешем мұны назардан тыс қалдырмады, әуелі басындағы жаулығын түзетті, көйлегінің етегіндегі жирықтарды қолымен сипалай жаздырып қойды. "Әкең марқұммен бір рет те суретке түспедік. Соған өкінемін" деді ол өзінше. Фотограф уәдесінде тұрды, біздің сөзімізге араласпады, бірақ әбден жалықтырды. Жұмысы солай болған соң біз ренжімедік, көндік.
- Жеріміздің атын шығарғаныңа рақмет, балам, - деді оған Кіші шешем. - Адам өмірі қызық.... Сенің қас қағымда бір сырт еткізген сәтің де, менің тоқсан жылғы өмірім де -бәрібір.
Фотограф жерімізді, өзімізді "мәңгілікке" айналдырып, жайына кетті. Кіші шешем екеуміз баяғыда оз заманымыз келген кездерде жалаң аяқ жүгірген шаңдақты соқпақпен Мүкіш бұлағына қарай беттедік. Осы бұлақтың салқын суын алақанымызға құйып, сіміргіміз келді. Шөлдегендіктен емес, жай аңсағандықтан. Бұл жерге екеуміз енді қайтып келеміз бе, жоқ па, кім білсін...
Соқпақтың борпылдақ шаңдағында бұлаққа қарай жүгіріп өткен екеудің емен жапырағындай ғана екі ізі жосылып жатыр. Оһо, бізден бұрын жеткендер де бар екен...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру