Мазмұнға өту
Home

Сайлау Жылқайдаров

Әбілқайыр Спан

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сайлау Жылқайдаров

Әбілқайыр Спан — «Сайлау Жылқайдаров». ЕЛ БАЙЛЫҒЫН МОЛАЙТҚАН МҰНАЙШЫ

/uploads/78227255-928c-5a7c-8d21-5407e30850d5/cover.png

ЕЛ БАЙЛЫҒЫН МОЛАЙТҚАН МҰНАЙШЫ

Мен Сайлауды соңғы жылдарда "Сайлау-бей" деп атайтын болғанмын. Оның сыры мынада. Мен (өткен ғасыр, 1993 жыл) Қазақстан Республикасы Энергетика Министрінің бірінші орынбасары, Сайлау министрліктегі минералдық шикізаттар ресурстары бөлімінің бастығы болып тұрғанда іссапармен Түркияға бірге бардық. Бұл қызметке Сайлауды Ақтаудан өзім шақыртқан болатынмын. Кім-кімнің де жанына сенімді, жұмысты білетін адамды жинайтыны шындық қой. Бұл — ең әуелі жұмыстың жүруі үшін, алға қойған мақсатқа жету үшін қажет. Әйтпесе, Шымкентте өскен Сайлауға маңғыстаулық менің үш қайнаса, сорпам қосылмайды. Сайлаудың 1962 жылы Қазақ политехника институтын бітіріп, Өзен геология-барлау экспедициясында коллектор, инженер-геолог, аға геолог, бас геолог... не керек Маңғыстауға келгелі білетіні тек мұнайдың жайы. Отыз жыл ішінде өзі үйренді, өзгелерге үйретті, ақырында барлық даңқпен дақпырттан биік туратын — "Сайлау — нағыз кәсіби мұнайшы" деген атаққа ие болды. Министрлікке шақырылуының бар сыры да осында...

Содан, Түркияға келген соң өз шаруаларымызбен мен Энергетика министрлігіне, Сайлау мұнай өндіретін кәсіпорындарды аралап, танысуға кетті. Таңертең Сайлау болып кеткен ол, кешке қарай "Сайлау-бей" болып келіп тұр. Өзі көңілді. Күні бойы көргенін, түйгенін маған егжей-тегжейлі түйдек-түйдегімен айтып жатыр, арасында кейде күліп қояды. Не керек, өндірісті аралау барысында мұнай мәселесін жілікше шағатын Сайлау түрік мұнайшыларының сан сауалына сүрінбей жауап беріп, нағыз профессионал екенін көрсетеді, өзі де көп нәрсеге қанық болады. Осыдан кейін олар сыйлағанына ғана "сыйға" беретін "бей" — марапаттау сөзін Сайлау есіміне қосады ғой. Міне, осы сапардан кейін мен де оны "Сайлау-бей" дейтін болдым.

Ал, мен Сайлаумен алғаш өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында танысқан болатынмын.

Маңғыстау мен Гурьев бір облыс болғанымен, екеуінің ара қашықтығы мың шақырымнан асып түседі. Мұндай қашықтық жолсыз, сусыз түбекте жатқан Маңғыстау мұнайын барлау, іздеу жұмыстары көптеген қиындықтар туғызатын. Күн сайын түрлі проблемалар шықты. Ембіден тәжірибелі барлаушылар Маңғыстауға келіп, мұнай іздеу жұмыстарын бастады. Осыдан кейін барлау жұмысын облыс орталығы — Гурьевте отырып басқару мүлдем мүмкін болмады. Содан, Форт-Шевченко қаласында 1957 жылы "Мангышлакнефте-газразведка" тресі құрылды. Ол кейіннен теңіз жағасындағы Ералиевке көшірілді.

Ембі мұнайшыларының қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1961 жылы әуелі Жетібайдан, сосын Өзеннен үлкен мұнай фонтаны атқылады. Артынша Маңғыстауда мұнайды игеруге арналған көптеген кәсіпорындар, құрылыстар салынып, тез арада бұл өңір үлкен өндіріс алаңына айналды.

Жаңа кен орындарын өндірістік пайдалану қажеттілігіне орай Маңғыстау мұнай бірлестігі құрылып, оған бүгінгі Қазақстан мұнайының абызы атанып отырған Сафи Өтебаев көп жылдар бойы басшылық жасады. Өзендегі барлау экспедициясы бірлестікке берілді. Оның орнына трест қарамағында жаңадан Қарақия, Оңтүстік Маңғыстау мұнай барлау экспедициялары құрылды. Жетібай дербес барлау экспедициясы болды. Осындай істің басы-қасында, ыстығына күйіп, суығына тоңып, Маңғыстау мұнайын молайтуға өлшеусіз үлес қосып, Халал Өзбекқалиев, Өтеп Балғымбаев, Рахмет Өтесіновтер жүрді. Олар талай жасқа тәлім-тәрбие берді, шапағатын шашты.

Маңғыстау мұнайының маңызын, болашағын естіген жас мамандар жан-жақтан келе бастады. Бұл кезде мен трестің, яғни, аппаратта бас механиктің орынбасары едім. Менің негізгі жұмыс объектім Жетібай мен Өзен, оған жиі барамын. Дәл осы жерде (1962 ж.) бойы ортадан сәл-сәл биіктеу, Маңғыстаудың аңызағына қақталған жүзі қоңырқай тартқан, көзі көк, маңдайы ашық, шарбы бұлттай бұйра-бұйра шашы бар, жұмысты жұтынып істейтін, езіліп, есінеп жүрмейтін, ретті жерінде құрдастарына қалжыңды төпеп-төпеп жіберіп, елді қыран күлкіге көметін ақ жарқын Сайлаумен алғаш таныстым. Және сайдың тасындай, жоғары білімді бір топ жастар - Әшірәлі Бижанов, Мақсұт Боранбаев, Жақсылық Жанғазиев, Мұрат Саламатов, Мұрат Құрбанбаев, Сағын Қырымқұлов, тағы да көптеген азаматтар Өзен-Жетібайға келді. Олармен де қоян-қолтық араласып, еңбек еттік.

Содан мен 1964 жылы Ресейдің Иваново қаласындағы Энергетика институтына оқуға түсіп, төрт жылдан кейін оралдым. Төрт жыл ішінде жас маман — жастар тәжірибесі молайған, ысылған, кәдімгі кәнігі мұнайшы болып алған. Ол кезде қазіргідей техника қайда?! Жұмыстың көбі қолмен, балға, күлішпен атқарылады. Сол қиындықтардың бәріне төзіп, жұмысқа әбден төселіп, шынығып, шыңдалған.

Сайлау болса "главный геолог" — бас барлаушы екен. Бұл аты ғана, ал затында - қажет болған жерде қатардағы қара жұмысшы да бола біледі, инженер, барлаушы да бола алады. Маман аз, жұмыс қолы кем, күтіп отыруға уақыт тар. Мемлекет жоспарын орындау керек. Не керек, бәрі қадалған жерінен мұнай алмай қоймайтын хас мұнайшыға айналған! Рас, Сайлаулар діттеген жерден "мұнай шықпай қалыпты" дегенді естіген де, көрген де емеспін. Қайта, Жетібай, Өзен аймағынан талай кеннің көзін тауып, бұрқыратып қара майды аспанға атып, абыройлары талай тасыған. Қуаныштан жүздеріңде нұр ойнап, бөріктерін аспанға талай атқан. Бәріне де куәмін!

Сол мұнайдың арқасында аз ғана жатағы бар Өзен өркендеп, 1968 жылы Жаңа-Өзен қаласы болып құрылды. Өзен — Куйбышев мұнай құбыры іске қосылды, ал 1973 жылы Маңғыстау жеке облыс болып, шаңырақ көтерді. Мұның бәрінде мұнайшылардың, оның ішінде Сайлаулардың да еңбегі, үлесі зор еді.

1969 жылы трестен "Өзенмұнайға" бас энергетик болып ауысып, одан 1974 жылы Жаңаөзен қалалық партия комитетінің әуелі екінші, сосын бірінші хатшысы, "Мангышлакнефть" бірлестігінде директор болған сәттерімде Сайлаумен сәлеміміз түзу, бір-бірімізге деген құрметіміз төмендеген емес. Кездесіп, келелі әңгіме құрған кездеріміз аз болған жоқ.

Маңғыстау мұнай кәсібінің қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосқан Сайлаулар қашанда қадірлі, құрметті болса керек. Өкінішке орай, Өзен мұнай кен орнының игерілгеніне 40 жыл толған жиында жасалған баяндамада Сайлаудың және тағы басқалардың да есімдері аталмауы үлкен әбестік болды. Егер қолымызды жүрегімізге қойып тұрып шындықты айтар болсақ, мұнай маңында "бес күн" істегендер марапатталып, мақтау алып жатқанда, құла дүзге соны соқпақ тартқан, жертөледе жатып, қалайы табақ, қалайы қасық... . консервіленген тамақ... аптап ыстық... қақаған аязға құрамай.

Махамбетшелеп: "Ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып, ерлердің ісін бітірген...", сөйтіп, сан ғасыр тұншығып жатқан мұнайдың көзін ашып, ел ырысына айналдырған Сайлаулар - өз кезеңінің ЕҢБЕК EPЛEPI десек асыра айтқандық емес. Сол үшін де олардың есімі ұмытылмай, баяндаманың басында аталуға әбден хақылы еді... Тіптен өздері ашқан бір кенішке Сайлаулар есімін берсе де еш артықтығы жоқ.

Ал, біле білгенге Сайлаулар — бүгінгі Қазақстанның интеллектуалды байлығы! Осы байлықты біздер пайдалана, "оборотқа" түсіре алмай отырмыз. Сайлау секілді профессионалдардың орнына пысықайлар, "саморекламаның" таланттары өтіп кетіп, шатты-бұтты шарттарға қол қойып, соның салдарынан ел ырысы мұхит асып, қолды болуда... Және мұнай іздеудің, барлау, бұрғылаудың негізгі тәсілдері барлық елде — Америка, Англия, Қазақстанда да бірдей. Сондай жұмыстарға сырттан маман іздемей-ақ өзіміздің кәнігі мұнайшыларымыз — Сайлауларды тартсақ болмас па еді?!

Өмір - сапар! Сол сапарда сан адаммен танысып дос, жолдас, әріптес боласың. Сайлаумен басында қызметтес, әріптес болдық, сосын бір-біріміз үшін ҚҰРМЕТТІГЕ айналдық.

Сайлау - жарына адал, балаларына асқар тау — әке, бауырларына — қамқор.

Қандай ортада да көптің көңілінен шыға алатын, қазақтың қара сөзінің майын тамызып, әдемі қалжың айта білетін жүрегі таза, жүзі жарқын жан.

Қандай маңызды шаруа тапсырсаң да аспай-саспай, сырбаз қалыпта, айналасындағыларға дабыра қылмай талай іс бітіріп, еңбексіз ешкімнің хақысына қол сұқпайтын адал Адам.

Абайдың: "Атымды Адам қойған соң, қайтіп надан болайын..." дейтін АДАМЫНЫҢ нақ өзі.

Ол — басқалар үшін Сайлау Есжанұлы Жылқайдаров, мен үшін — Сайлау-бей!

Нұрлыхан БЕКБОСЫНОВ, Маңғыстау мұнай кәсібінің негізін қалаушылардың бірі, Кеңестер Одағының Құрметті мұнайшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, "Халықтар Достығы ", "Құрмет " орденінің иегері.

YЛKEH МҰНАЙ БАСЫНДА

Маңғыстаудың үлкен мұнайында үлкен қолтаңбасы бар, Өзен кен орнына алғаш келген геологтардың бірі, жеделдес ағам Сәкең — Сайлау Жылқайдаров менің еңбек жолымдағы алғашқы ұстазым дерлік. Менің мұнайшы болуым тіпті кездейсоқтықтан. 1964 жылдың қоңыр күзі. Сол жылы Қызылсай кентінде басталып ашылып жатқан мектептің 9-сынып оқушысымын. Туған ауылым Жармыштан келгенмін. Сол уақытта бүкіл Маңғыстау ауданында үш орта мектеп бар. Интернаттарында орын жоқ. Сосын мектеп іздейсің. Көп баламен салыстырғанда менің жағдайым жақсы. Туған әке-шешем Өзенде тұрады. Әкей бұрғышы. Бүгін айтсақ ертегі, Өзен сол кезде нағыз қайнаған өмірдің өзі еді. Маңай самсаған мұнара. Түнде самаладай жарық. Ағылған техника. Ал күндіз айналаны тұмшалаған қою шаң. Кей күндері тіпті көз көрсетпейді. Буып тұрады. Негізгі орталық Қызылсай. Қазіргі Жаңаөзен орнында "Газды қалашық" деген елді мекен ғана бар. Онысы иін тірескен вагон үйлер. Сол жерден үлкен қала орнайды деген хабар шығып оған ешкім нанбай жүр. Неге нансын, ол тіпті мүмкін еместей болса. Жол жоқ, тұрақты электр желісі жоқ. Энергия көзі — дизель. Ауыз су отыз шақырым жердегі Жармадан машинамен тасылады. Әр үйдің дерлік іші цементтелген құдығы бар. Соған құйып алады.

Ол кездің мектебінде бар үрдіс оқушы кәмелеттік аттестатпен қоса мамандық алып шығады. Ол қажеттілік болып саналады. Солай болашақ мамандыққа келгенде менің маңдайыма ұңғыларды сынау операторы деген жазылыпты. Сұрастырып көрсек, мұнайшылық. Болашақта журналист болғалы жүрген маған ол неге қажет?! Жатып келіп қисаяйын, қырсығайын. Сынып жетекшіміз марқұм Жанағұл Мәмбетбаев еді. Бұлқан-талқан болып ашулансын.

— Сен барып тұрған саппас екенсің, — деп жер-жебіріме жетті әуелі. — Ендігі жерде мұнайшылық ата кәсіпке айналады. Журналист болам деген талабың дұрыс. Сонда мұнайшылықтың әліппесін білмей тұрып мұнайшы туралы қалай жазбақсың? Сөзді қой, ұтыры келіп тұрғанда оқып ал.

Ағамның айтқанын орындауға тура келді. Енді ойлап отырсам Жәкең маған ат мінгізгендей ақыл берген екен ғой. Менің творчествомның бір бедері өндіріс, мұнай геологиясы болып қалыптасты. Сонда үйренгенімнің жемісін көргендей-ақ көрдім десем ағаттық болмас.

1965 жылы жаздың басында бір ай өндірістік тәжірибеге келдік. Өзен геологиялық барлау экспедициясы қызметкерлері көріп жүрген таныс адамдар. Сәкең геология бөлімінің бастығы. Басқа геологтар Николай Селиванов, Төремұрат Торғауытов, оның әйелі Мәкен апай ұстаз, әдебиетші. Маған академик Қажым Жұмалиевтің "Әдебиет теориясын" сыйлаған, өзге де кітаптар беріп қамқоршы болып жүретін. Қызмет машинасының шофері Бек Қалмұратов Сәкеңнің балдызы. Алғашқы әңгімеден ұққаным, біздің жұмысымыз арқылы кен орнының қоры қорғалады. Ұңғының терең қабатына түсірілетін аспап аты.

— монометр. Ішінде сағат механизмі бар. Соған оралған қағазға қабат қысымы жазылады. Жұмыс біткен соң әлгі қағазды геологтарға әкеліп тапсырамыз. Оған қосымша ұңғының тәуліктік өнімін өлшейміз.

Бұл менің алғашқы жұмысшы ортам еді. Оны мен осы уақытқа шейін сағынышпен еске аламын. Көгілдір көздері ұшқын атып жүзінен үнемі күлкі арылмайтын Сәкең көңілді. Аздап актер, әртістігі де бар. Тоқаш Базарбаев, Оңғар Зайыров, Майлыбай Аймағанбетов, Дихан, Харитон—тісқақты мамандар. Ішіндегі жұмысқа бойкүйезі Харитон ғана. Өзгелері нағыз ерінбейтін жансебілдер. Харитонның бір әдеті ертеңгісін машинасын жүргізе алатын жігіттерге беріп жібереді де үйіне барып жатып алады. Міне, ол тағы сол әдетіне басып, ақкөңіл болмайдысы жоқ Диханды азғырып тұр. Бопсалап тұр. Алдында Дихан Харитонның машинасымен қи түсіріп алса керек. Харитон оған кейіген. Екеуі жүз шайысып қалған. Өзге шарасы таусылған Харитонекең бұл жолы енді "Ладно, Дихан, бери машину, разрешаю, гавно привезешь", — деп сақилықтаныта салды. Тыңдап тұрған жұрт ду күлсін. Ол күлкі жынына тиген Дихан Харитонға тұра ұмтылып, әбүйір болғанда жұрт ұстап қалды.

Өзен геологиялық барлау экспедициясы Өзен мұнайының авторы. Яғни алғашында ол Маңғыстау мұнай-газ барлау тресіне қарайтын. Кенет сол 1964 жылы бір күнде Мұнай министрлігінің қарамағына соламайымен беріле салды. Марқұм Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев соны солақай шешім болды деп бағалаумен кетті. Экспедицияның негізгі кадрлары сонау Тасбас, Түбіжіктен келе жатқан сыралғы мамандар еді. Олардан айрылу оңай емес-ті.

Кен орнындағы ұланғайыр жұмыстарды тындырған осы ұжым. Басқа — басқа, Өзеннің Гурьев мұнай айыру зауытына жіберілген алғашқы эшалон мұнайы түгел дерлік экспедиция қазған ұңғылардан өндірілген еді. Сондағы асыра сілтегендіктің бір мысалы Талақтың ойының шетінде N33 деген ұңғы болды. N36, 38 ұңғылар, топтық қондырғыдан алыс. Солардан құбыр тартылды. Қыста қабат қысымы ұңғы мұнайын қондырғыға жеткізе алмайды. Қысқасы бос тұрысы көп. Тартқан құбырының шығынын да ақтаған жоқ. Экология дегенді біз қазір айтатын болдық. Ол уақытта оған назар аударған ешкім жоқ. Ұңғыдан шыққан мұнай түбіндегі апанға құйылып, одан асып төгіліп жер дүниені былғап жататын.

Жалпы сол кез үшін Өзенге қауырттық тән еді. Мұнара құралдана сала қазылады. Қазылып болған бойда қатаң графикке бағындырылған ол сыналады. Соның өзінде барлауда ұңғының өнім беріп кетуі ұзаққа созылады. Ал пайдалану бұрғылауының қазылуы шапшаң және тез өнім беруге көшеді.

Өзен геологиялық барлау жұмыстары экспедициясы негізінен атына сәйкес барлаумен айналысады. Яғни алғы шеп. Айналасы 3-4 жыл ішінде ол Өзен төңірегіндегі Шұқыр ой, Түрікпен ой, Көкімбай — бірнеше жаңа алаңдарға шықты. Жерге қатысты жұмыстардың оңайы жоқ, ал енді мына барлау ұңғысын қазу дегеніңіз нағыз көр азабы. Соның негізгі ауыртпалығын көтеретін геолог. Жаңа алаңға барған ғұрлы көңіл күпті. Әр геологтың арманы жаңа кен орнын ашу. Бейне әр провинциялық актердің Гамлетті ойнағысы келетініндей ғой. Ал ол қазу жұмысы оңайлықпен келмейді. Қабатта бұрғының тұтылып қалуы апатты жағдай болып саналады. Сонда тұтылған бұрғы күшпен тартылғанда алып мұнараның жаны ышқынады. Геологтың ұңғыдағы көз өлшем, көңілі мөлшері, қабаттан алынатын тау жынысы керн. Онсыз болашақ барлау бағытын айқындау мүмкін емес. Айталық 3 мың метр тереңдіктен керн алынуы тиіс. Ол үшін оған арнаулы аспап жіберіледі. Бәдізшінің ептілігі дерліктей ақырын қазылады. Сосын көтеріп алынады. Бір сәйкессіздік бұрғылау бригадасына еңбек ақы қазған тереңдік үшін төленеді. Керн алуға сол себепті олар құлықты емес. Осыдан келіп геологтармен аралары қырбай бола кетеді. Геолог олар үшін бақылаушы надзиратель. Ішінде Сәкең де бар барлаушы геологтардың маңдайын тым ерте әжім торлап, шашы мерзімінен бұрын ағарып жатса, оның бір себебі осындай тауқыметке қатысты.

1971-дің қысқа салымы. Барлау жұмысы негізінен Оңтүстік Маңғыстау бетінде. Бір күні газ бұрқағы атты деген хабар елең еткізді. Өте қуатты екен деген сүйіншісі бұрын жетіп қуанып қалдық. Қуанбай ше, Өзенге газ да керек. Соның алдында газ өңдеу зауыты салынған. Ақтаудағы ТЭЦ- тердің бірден бір отыны сол. Бір сөзбен айтқанда, газ өмір тетігі. Жоқ. Қуаныш су сепкендей басылды. Әлгі газ алдамшы бірдеңе болып шықты. Яғни, қабатта жиналып қалған болмашы нәрсе. Геологтар тілінде оны "бөрік" дейді.

Геологгың мекен-қонысы көбіне түз, меңіреу қиыр. 1970 жылдардың орта шенінде барлау бағыты түрікпен шекарасына қарай ауысты. Кезектегі алаң — Ақбас. Мен ол кезде облыстық газеттің қызметкерімін. Кезекті бір іссапарымда солай қарай жол тарттым. Жарықтық Маңғыстаудың жер бедері жайлы жақсы пікір айта қою қиын. Ал мына Ақбас дегеніңіз нағыз тамұқтың табалдырығы екен. Анадайда Үстірттің адырлы ернегі. Етекте көлдеу ой. Табаны есие шағыл. Шынжыр табанды техника болмаса қарға адым жер мұң. Біздің алдымызда тампонажшылар зорға жетіпті.

— Осы геологтар қайдағы бір бұйырмаған жерге көз сұғын қадайды да жүреді,—деп күледі олар. Реніш күлкісі емес, әрине.

Ал енді сондай бейнет иесі барлаушы геологтардың кешегі кеңестік кезде тұрмыстық әлеуметті жағдайы кеш ойластырумен келіпті. Ана бір жылы марқұм Социалистік Еңбек Ері Төреғали Қадыровты кездестіріп қалдым Ақтауда. Біздің әкеймен 1958 жылдан бірге жасап келе жатқан құрдас, дос. Содан екеуміз жақсымыз.

— Төке, Ақтау қаласында пәтеріңіз бар ма?—деп сұрап қалдым.

— Қайдағы? Кім береді оны маған?—деп күледі Төкең, Сол Төкең марқұм боларының алдында ғана үй-жайын түзеді. Онда да "Қазақойлдың" президенті Балғынбаевтың тікелей қол көмегімен. Енді бір атақты барлаушы Ғазиз Әбдірзақов екі жыл тұрғысында ғана Ақтауға өз қаражатына пәтер сатып алып қоныс аудара алды. Ал Сәкең — Сайлау Жылқайдаров біз білгенде әуелі Қызылсайда қуықтай шағын бір пәтерде бірнеше жыл тұрып, экспедиция тарар алдында ғана Жаңа Өзенге қоныс аударды. Сәкеңнің бір жолы бола кеткен жері ғайыптан алғашқылардың бірі болып жекеменшігіне "Волга" автомашинасын алып қалды. Маңғыстаудың бір қолүздігі осы.

Қазақтың адами бір жақсы ілтипаты "бір күнгі танысқа мың күн сәлем" дегенге саяды. Соның басында осы Сәкең жүреді. Бұдан қырық жылға жуық таныс-білістікке әлі қылау түскен жоқ. Ана бір жылы Ақтауда облыстық әкімшілік ішінде Өзенде Сәкең үйімен көрші болған бұрынғы мектеп директоры Дәмет Өтенова үшеуміздің басымыз қосыла қалды. Сәкең әдейі арнап келіпті, ой, содан бір арқайын әңгімеге кірістік қой, шіркін!

Жалпы ұжымдағы ахуалды қалыптастыратын басшы ғой. Сәкең экспедицияда бөлім бастығы, бас геолог кезінде бәрін шегендеп кеткен. Соның есіме түсіп кеткен бір мысалы.

1967 жылдың күзінде Маңғыстауда адам көрмеген жауын болды. Жерге бір метрден астам ылғал түсті. Жұмыс аяғы. Мен шофер оператор Зайыров Оңғардың қосшысымын. Шамалыға абыржи қоймайтын Оңкеңде бір алаң бар.

— Әлгі Бек мына Қауынды бетке бір шаруасы шығып жылыстап кетіп еді. Айналып қалсам іздерсіңдер деген. Ізімен шығып қайтсақ қайтеді? Мына күні түскір де алақаншықтанып бұзылып тұрғандай ғой.

— Е, не тұрыс бар. Тарттық ендеше.

Екеуміз тартып кеттік. Бектің ізімен жүріп келеміз. Машина "Газ-51" еді. Балшығы түскір тұтып алдымызды аштырмай келеді.

Көп кешікпей қараңғы түсті. Көңілге қауіп кірді.

— Қап, мана Сәкеңе айтып, ескертіп кетпеген екенбіз.

— Саспа, бала, Оңғар Оңғар болғалы жолда қалып көрген жоқ,— деп серігім жымиып қояды. Тап осы соз асылық болды. Машина бір оппаға түсіп кетіп омалды да қалды. Және анау-мынау емес қораптың астына дейін кептеліп тұр. Екеуміз шарасыз күйге түстік те қалдық. Сәтін салғанда күректеріміз бар еді. Мықшанды салып қазып жатырмыз. Біраз балшықты аршыдық. Әлгінде мен машина жарығымен жабулы екі түйе көріп қалғанмын. Соларды жетелеп келіп доңғалақ астына жабу салып көрдік. Қайран жоқ. Кабина ішіне кіріп жылынып отырмыз.

— Оңке, әлгінде жолда қалып көргем жоқ деген едіңіз мен қағыс естімеген болсам.

— Иә, дедім. Демек қалмаймын деген сөз, — деп күледі серігім. — Қалмау үшін мен бір амал жасаймын. Бұрын қолданып көргем жоқ. Айтумен білем.

— Жасалық.

Екеуміз қораптағы кеспелтек бөренені машина артына жер қазып қақтық. Екі темір арқанның бір ұшын артқы аяқтың арасынан өткізіп, балон кілтпен, монтировкамен тығырықтадық. Арқанның келесі ұшын бөренеге іліп, жылдамдықты қосып қалып еді — машина өзін-өзі тартып сопаң ете түсті.

Асай-мүсейімізді жинап жолға шықтық. Бек жайына қалды. Енді өзіміз ел қарасына жету мұң. Көзі қорқып қалған Оңкең де сақ отыр. Бір тәуірі тоң түсіп, жер дегдіген. Қыраң-қыраңның басын ілдалап үйге жеткенде таң да саз беріп бастаған еді. Судан шыққан тышқандай болып үйге енсек, Оңкең үйіндегі жеңгей:

— Бектерің мана келді. Таңертең ерте сіздерді іздеп шықпақ,—деп қарап отыр. Ізінше машина жарығын көрген Бекең жетті арсалаңдап.

Ертеңіне бәріміз жұмыста болдық.

Артынан бұл біраз күлкі әңгімеге азық болды.

— Сонда Бекті іздемей-ақ қойсақ та болар еді. Ол өзі де келеді екен. Бірақ онымыз жолдастыққа жатпас еді,—деді Оңкең.

Оңғар Зайыров қазір зейнеткер. Жаңаөзенде тұрады. Бекпен құдайы көрші. Қазақстан мұнайының 100 жылдығына ағамыз медальмен марапатталғанда өзіміз алғандай қуандық.

Бұл тұтам тірлігі түскірде сыйласып өткенге не жетсін, сыйластықтың шексіз болғанына жетер не бар.

Менің Сәкеңнің алдын көріп, шәкірт болып, мұнай иіскегеніме биыл 40 жылдан асып барады екен. Бір ықылым уақыт қой. Міне, екеуміздің жолымыз тағы тоғысты. Ол пайғамбар жасын екі жыл бұрын артқа салған зейнет жасындағы аға. Менің де уылжып тұрған ештеңем жоқ. Сәкеңнің ізін қуған жігіт ағасы жасым бар. Бұл жолы ұшырасуымыз себепсіз де емес. Қалам ұстаған кәсіп иесі — халқының қызметшісі. Елі мен жерінің жегін аты. Солай болған соң Сәкенді өздері менен де жетік білетін мұнайшы қауымы ол туралы жазуымды қалады. Және молынан қамтып. Сол сұранысты құп алып қарманып кеткен жайымыз бар. Сәкең жүрекке жылы, көңілге етене тақырып. Жауапкершілігі мол да тақырып. Оны қамту үшін кедейдің баласы қолда барын сақа қыладының кебін кигенімізді де жасырмалық. Аянып қалмадық. Соның нәтижесі арқылы, құрметті оқырмандар, нар қазақтың бір марқасқа жігітімен аз да болса танысып жатсаңыздар мұратымыздың: орындалғаны деп білеміз.

ҰЛАҒАТЫ МҰРАТТЫ ЕЛ МЕН ЖЕР

Қазақтың жарықтық сардиған сары даласының олқы біткен ойы, солпы біткен қыры жоқ, бәрі өз орнында. Әр пұшпағы қасиетті. Сондай киелі өңір — Қазақстандағы Шәуілдір қазағымның бағзы баяғыдан мәйегі ұйыған ата қонысы. Мәуелі өріс. Бір ортада елдің байырғы орталығы Отырар. Дәлін айтқанда, 1219 жылы Шыңғысхан шапқыншылығынан қалған орны ғана. Сол қасиетті орынның өзі көз арбайтын кие, қасиетке ие. Жанында жарықтық Арыстан баб әулиенің мазары. Әріде шалқып жатқан дария. Шоқ-шоқ тоғай. Ерсілі-қарсылы суландыру жүйелері. Жайқалған егін, толған ырыс. Дариядан қырға қарай ұзаған шұрайлы өpic. Мыңғырған мал. Әріден аңызда жер кіндігі делінетін, Нұх пайғамбардың кемесі келіп тіреледі делінетін Қазығұрт тауының сілемдері. Жағалай ел. Соның ортасын кесіп теміржол өтіп жатыр. Соның үлкен бекеті — Темір. Олай аталатыны жаулаушы Темір Қытайға бара жатқан сапарында осы Отырарда өмірем қапқан.

1902 жылы салынып, пайдалануға берілген Түркістан теміржолының бойы, оның үстіне өзен жағалағанның өзегі талмайды деп бұл ел Қазақстанның өзге көп жерімен салыстырғанда 30-шы жылдардың басындағы қиыншылықтардан тез ес жиды. Колхоз құрылысы жылдам аяғынан тұрды. Оған бір жағынан ежелден жер емген елдің еңбекқорлығы да себеп болғанында сөз жоқ. Қазіргі тілмен айтқанда Оңтүстік тіпті ол уақыттағы Қазақстандағы екпінді құрылыс алаңы болғанын да білеміз. Бір ғана Арыс-Түркістан каналының өзі неге тұрады? Қол арбамен, кетпенмен, күрекпен қазылған ол бұл жұрттың еңбекқорлығының ескерткіші. Сол көп қазақтың қатардағы қарапайым бір өкілі Жылқайдарұлы Есжан. Руы — Найман. Наймандар әдетте Қазақстанның солтүстігіне таман шоғырланған ел ғой. Бұл әулеттің бұл жаққа келіп қалуының өзі бір хикая.

Есағаң шаруа адамы. Оқуы жоқ, Бірақ тоқуы мол. Елгезек. Болмайды демейді. Ісіне тындырымды. Содан елге де, басшыларға да сыйлы. Сол пейіліне орай құдай да басын молайтты. Әйелі Бибісара екеуі Патима, Сайлау, Дариха, Салиха, Бибімариям, Мұқтархан атты арыстай алты ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі.

Сәкеңнің әкесінен естігені бойынша арғы бабалары Құдабай Түркістандағы атақты жеті датқаның бірі болған екен. Қоқан хандығының ықпалында болыңқыраған бұл елде датқа жоғары мансап. Қазақтың ішкі жұмыстарына аз араласқан хан оларды сайлау еркін қазақтың өзіне қалдырған. Сөйтіп ол сайланбалы негіздегі қызмет. Бізше айтқанда, демократияшыл жүйенің басшысы. Мысалы, сол жеті датқаның бірі — Мұстафа Шоқайдың бабасы Торғай датқа. Оның елге жасаған шапағаты елде әлі айтылады. Жетеудің енді бірі - Кенесары баласы Сыздық сұлтан.

Түркістан маңында Құдабай құдығы деген құдық та болған екен. Ол уақытта даладағы парасат иесі басшының бір үрдісі шөлден құдық қаздырып, елдің сауабын алу да болған ғой. Құдабай құдығының қазылуы және оның елдің ортақ пайдалануында болуы соны айғақтайды. Құдекең кейіннен өздері келген жаққа көшіп, Көкшетау дуанына барып, Арғындарға датқа, болыс болған. Жасы ұлғайған соң билікті үлкен ұлы Қолдасқа, ал шаруаның қамын екінші ұлы Әленге берген. Әлен ертерек 46 жасында қайтыс болып, екі биліктің ендігі мирасқоры Бораншы болады. Бұл қазақтың оқу-білімге ден қоя бастаған кезі. Елінің Борекесі атанған Бораншы ақсақал аулын оқытуды бірінші кезекке қояды. Өз қаржысына мектеп-медресе салдырады. Талапты жастардың орыс мектебінде білім алуына қолдау көрсетеді.

1906 жылы Қолдас Меккеге баруға жиналып отырған жерінен дүние салады. Бораншы әкесінің інісі Аманбайды Меккеге қажылық сапарына салады. Яғни, ол енді марқұм ағасының да орнына беделді қажы болмақ. Діни үрдісте егер оның сапары сәтті болса, Қолдас марқұм да қажыға барған болып саналады. Қажылық сапар қайырымен аяқталады. Аманбай әкелген сәлем-сауқаттың көрнектісі бір мәуіт шапан, 50 метр ақ мата, иіс сабын, әтір. Шапан қазір Құдабай әулетінің үлкен үйі атанып отырған, қара шаңырақ иесі Баймаханұлы Әбдісейіттің үйінде сақтаулы. Ал өзге бұйымдар 1955 жылы қайтыс болған Аманбайұлы Мақаттың қазасына жұмсалған. Сонда жарықтық Мекке сапарынан әкелінген тәбәрік бұл үйде аттай 48 жыл сақталғаны ғой. Және ол қандай жылдар еді десеңізші!

Аманбай қажы 1847 жылы туылып, 1932 жылы 85 жасында қайтыс болған. Жезқазған қаласынан 75 шақырым жерде қосағы Кеттібидің қасына жерленген.

Беті аулақ, қазақтың көп жақсысының арты бордай тозып, бірікпей кеткен ғой. Бұл әулет керісінше небір қиын кезде де жұбын жазған жоқ. Бауырмал көңіл биігінен табылды.

Ағайын ішінде оқып, басшылық ісіне ерте араласқан Қолдасов Сұлтан Әлмұханұлы. Әуелде Шәуілдір ауданы МТС-інде бас есепші, Қаракөл совхозында бас есепші, МТС директоры, Алматы облысындағы Іле, Нарынқол аудандары атқару комитетінің төрағасы. Балқаш ауданында бірінші хатшы, "Түрген" қой совхозының директоры. 1965 жылы 53 жасында бақилық болды. Қазір Алматы облысы Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында бір көшенің аты Сұлтекең атында. Сұлтекеңнің бауырмалдығының бір мысалы 1942 жылы Есжан әскерге алынады. Есағаң кетерінде Сұлтанға хат жазып, отбасын табыстайды. МТС директоры соғыс кезінің қауіптілігіне қарамастан тәуекелі тұрып, тез машина жіберіп, Есжан үйін қасына көшіріп алады. Есжанның алды 5-тегі, арты жасқа толмаған 3 балалы отбасы Сұлтанның арқасында ол келгенше тарықпайды.

Есжан хабарын естіген Махат аталары жасының ұлғайғанына қарамастан түйемен алыс жолға шығып, Есжан ауылына жетеді. Ауыл сыртында ойнап жүрген балалардың ішінен бір баланы шырамытып, ол Есжан інісінен айнымай қалған екен, қасына шақырып алады. Сөйтсе қарияның жіті жанары алдамапты. Бұл бала Есжан інісінің баласы Сайлау. Алдына алып, маңдайынан иіскеп қоржынынан қауынқақ алып береді. Сәлемдемеден өзге балалар да ауыз тиіп мәре-сәре болып қалды. Содан Сәкең сол кісіні "қақ берген ата" деп атап кетулі. Махат атаның тағы бауырмалдық шапағаты Байқасұлы Әбілқасқа тиген. Соғыстан кейінгі жылдар. Әбілқас зіңгіттей жігіт. Жұмысшы болғысы келеді. Бірақ еш жерге алмайды. Себебі, паспорты жоқ. Шаруаның баласына паспорт бермей ауылда қалып, колхозға жұмыс жасауға мәжбүр ету кеңестік кезеңнің бір құйтұрқы саясаты. Әбілқас сол мұңын Махат атасына айтады. Махат бауырын қасына алып, Шымкентке аттанады. Сонда соғыстан офицер болып оралып, милицияда деректі қызмет атқарып жүрген баласы Нұржанға келеді. Әбілқасқа паспорт талап етеді. Ақсақал бұйымы орындалады. Әбілқас содан дәнекерлеуші мамандығына оқып, Жезқазған мыс комбинатының бірнеше орден, медальды жұмыскері болған. 2002 жылы бақилық болды.

Бүгінде Құдабай әулетінің ақсақалы 85 жастағы Әбдуәли Әлмұқанұлы. Әуелгі партия, совет қызметкері. Шымкент, Арыс, Мақтаарал аудандары оқу бөлімінің меңгерушісі. Мектеп директоры. Бір сөзбен айтқанда халықтық ұстаз. Ұлдары мен қыздарынан 24 немере, шөбере сүйген абыройлы ақсақал.

Оның ізін қуған ақсақал ішкі істер полковнигі 78 жастағы Нұржан Мақатұлы. Түркістан, Қазалы, Жаңақорған аудандарының ішкі істерін басқарды. 10 баланың әкесі, елуге тарта немере, шөберенің атасы.

Құдабай тұқымынан алғашқы ғалым, ғылым кандидаты, соғыс, еңбек ардагері, Ленинград институты, Москваның Тимирязев академиясының түлегі Әбділда Әлмұханұлы соғыстан соң шаруашылық басшысы Тараздағы технологиялық институт доценті, зейнеткер. Сонда сәнімен қарттығын өткеруде.

Баймаханұлы Әбдісейіт ағаға аталардың ділмарлығы жұғыпты. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өнегелі ұстаз. Айтыс ақыны. Қазір Шымкент түбіндегі Ынтымақ ауылында.

Махат ақсақалдың тағы бір ұлы Қалмаханбет те мұғалім болған, математик. Бұл да көп балалы. Бәрі жоғары білімді. Бауыржаны — академик, Розасы — үздік дәрігер.

Мен бұл деректерді Әбдуәли, Нұржан, Әбдісейіт ағалар түзген Құдабай әулетінің қысқаша шежіресінен алдым. Осындай көкірегі алтын сандық абыздарымыз жасай берсін. Оларға ризашылық сезімімнің хизауы болсың деп, Орынбор архивінен Құдабай датқа туралы деректерді көзеп көруді бір жұмыс жоспарыма енгізіп қойдым. Сәтімен болсын деп тілелік. Қазақтың құдайына қараған Құдекең сынды абыздарының атын жаңғырту кім-кімге де парыз.

Жоғарыда Есжан ағаның да балаларын оқытуға құштар болғанын айттық.

— Ендігі өмірдің кестесі оқу, білім,—дейді екен ол балаларына. Бірақ түкпірдегі ауыл жағдайы белгілі. Ол кездің ауылдарының дені Қазақстанда өңшең көтерем дерлік колхоз, ферма орталықтары еді ғой. Біразында бастауыш, шамалысында жеті жылдық мектептер. Орта мектеп аудан орталықтарында. Ауылда пән мұғалімдері жетіспейді. Зерек әке осыларды түйсігімен сезіп үш бала қарақұлақ болған соң-ақ үш жаққа таратып өркениетті саналатын мектептерде оқуына жағдай жасады. Сайлау 1957 жылы Темірландағы орта мектепті күміс медальмен бітірді. Мектепті медальмен бітіру ол уақытта сирек оқиға. Тіл-көзден аулақ деп жататын қариялар осындайда.

Сайлаудың бір ойы дәрігер болу еді. Ол да қат мамандық. Дәрігерге әсіресе ауыл зәру. Соңыра туған жерге келіп, ауру-сырқаулардың жанына шипа болу көп жасқа шетін арман емес-ті. Бірақ Сұлтан ағаның шешімі басқа екен. Көкей көзі алысты шалатын кісі ғой. Бірден — қазір Қазақстанға өнеркәсіпке қажетті мамандар керегірек. Онсыз үлкен индустрия жетілмейді,—деді.

Таңдау Тау-кен институтының геология факультетіне түсті. Биыл жетпіс жылдығы тойланған Политехникалық институттың негізі — бұл сол кезде республикадағы белгілі, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны. Кейін оның ұлғайып Политехникалық институты болуының басында тұрған академик Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев шіркін нағыз біртуар перзент екен ғой. Қазақтың техникалық интеллигенциясын шын мәнінде қалыптастырған осы мәртебелі білім ордасы екендігін жоққа шығара алмасақ керек. Міне, тағдыр Сәкеңе соны бітіруді жазған. Мамандық мәселесіне келгенде, таңдау геологтыққа түсті. Медалистер емтихан тапсырмайды. Оның орнына әңгіме өткізіледі. Ауылдан келген қаршадай қара бала онда болашақ ұстаздарын риза етті. Студент атанып шыға келді әп-сәтте.

Геология өте күрделі ілім. Ол кезде, әрине қазіргі космостық геология жоқ. Өзге салалар түгел негізделіп қойған. Жер бетіндегі пайдалы қазбаларды іздеп тауып, игеру бір басқа. Жер астындағы кенді іздеу өзінше бір әлем. Геологқа берілген анықтама ештеңе жоғалтпаса да жоқ іздеумен өткен адам делініп те кететіні бар. Дұрыс айтылған.

Сәкең кейіннен соның да күрмеуі қиын күрделі саласы мұнайшы геологтықты таңдады. Бұл да сітті қадам. Мұнай геологиясы Қазақстанда ол уақытта кенже сала. Соғыс кезінде "Мұнайшылар, мұнай бер, соны сенен сұрайды ел" деп айтылғанына қарамастан солай. Сол өлең дүниеге келген Құлсары, Доссор, Мақатта тұз күмбездері енді ғана сөз болып жатқан. Біз көзіміз көре қалды Маңғыстауға барлаушылар аяғы енді ғана тиген-ді сонда. Және олар өз геологтарымыз жоқтығы себепті басқа жақтан. Мысалы, сол 1957 жылдың жазында Бозашының Мәстек шыңырауының басына қостанып келген ВНИГРИ-дің бір партиясын жоғары курс студенті қазір С-Петербургта тұратын профессор, геология ғылымдарының докторы Александр Иванович Димаков басқарып келді. Студент басшы болған соң ол жақта да жағдай онша мәз емес болғаны ғой. Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің бас геологі, Маңғыстауға аяқ басқан алғашқы геолог дерлік Валентин Петрович Токарев Грозныйдан. Сонда бозбала жасында.

Міне, сондай жағдайда Сәкеңнің осы бір тосын мамандықты таңдауының өзі ерлік еді. Сірә, тап сол жерде баяғы Құдабай бабадан жұғысты өр рух шаң берсе керек. "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" эпосында қос мұңлық қыз Ай мен Таңсық Қарабай әкелері жетім ұлға қыз бермеймін деп үдере көшіп қашқанда.

Балталы, Бағаналы ел аман бол,

Бақалы, балдырғанды көл аман бол...

Қарабай қайын атаң қаша көшті,

Жөргекте Қозы Көрпеш, сен аман бол...

— деп толғайтын еді ғой. Сәкең сол Балталы, Бағаналының төл өкілі. Жырдағы оқиға болды десек Айбас, Қозы батырлардың ұрпағы.

Намысқа мінген бұл батырлар қазақтың сары даласының шығыс түкпіріне дейін шығандап қашқан Қарабайдың көшінің ізімен Баян қызды іздеп барып еді. Енді солардың жансебіл ұлан ұрпағы Қазақ даласының күнбатыс қиырына апаратын сапар сорабына солай түсті. Мұның жоғы Баян емес, елінің баянды бағының кепілі мұнай. Және жердің бетінен емес құрдымынан.

Сайлауының студент болған хабары келгенде Есағаң көршілерін шақыртып көгеніне жүгіріпті. Тақуа ағаңыз сонда Құдабай аталарының атын ауызға алды алдымен. Сол тілегі қабыл алынды, баласының жолын Алла оңғарды.

ЕРДЕН ТУРАЛЫ ЕКІ ӘҢГІМЕ

Ерден Сандыбайұлы Ұлытау, Шу бойы Наймандарының басшысы. Оның аты тарихта Шоқан Уәлихановпен сайлауға түсіп жеңіп шығумен қалған. Содан келді де ол Шоқанды ұлықтаушы саясат алдына жаман атымен танылды, танытылды. Оған қоса оның бай, шонжар аты тағы бар. Демек оны кеңестік тарих ағаш атқа мінгізіп жатып кеп жамандауға тиіс болды. Егер дұрыс саралар болсақ Шоқандай адамды сайлауда жеңіп, қазақта қарадан шыққан хан ретінде Құнанбаймен қатар аты аталғанына қарағанда Ерден осал емес. Құдайға шүкір, қазаққа қазір сайлау мен оның тәртіптері өте-мөте таныс. Біз тіпті белсенді сайлаушы қазақ болып алдық әбден. Қазіргі демократиялық үрдісті ұстандық деген елдегі сайлау осындай біз көргендей болғанда ол заманның сайлауы да осыған ұқсас. Бел шешіп шықтың ба, қалай да жеңуің керек. Демек Шоқанмен шарға түсіп жеңгені үшін Ерденді кінәлау артық. Ерденді жақтап кеттің деп бұқара қазақты да күстаналау дұрыс болмас. Өйткені ол кездің қараңғы қазақтары үшін Шоқан бар болғаны орысша оқыған төре, Шыңғыс сұлтанның баласы ғана. Төре тұқымына іші жыли бермейтін көп қазақ айта берсе оны шыққан ақсүйек тегі үшін жақтырмайды да. Есжан дәптерінде төмендегідей бір шумақ өлең бар.

Баласы Сандыбайдың Сары Ерден,

Сайландың аға сұлтан салған жерден.

Ши аяқ жаман төре көп таласты-ау

Сонда да асу қайда сары белден.

Гуманитарлық ғылымдар Академиясы мен Алматы халықаралық Журналистика институты шығарған "Найманның бір баласы Бағаналы" (Алматы, 1998 ж.) атты шежіреде бүл өлеңнің толық нұсқасы берілген. Авторы атақты Арғын Құлтума ақын. Ерден бір топ нөкерімен Арғын Кішкентайдың Аққошқарының үйіне барып отырғанда Құлтума оны мадақтап өлең шығарады. (Жинақта ол өлең бар.) Риза болған Ерден енді "мінімді айт және жасырмай айт" деулі. Құлтума былай деп төкпектете жөнеледі:

Бата алған сенің әкең Барлыбайдан.

Хабарлап сөз етелік өткен жайдан.

Түбің жақсы болғанмен өзің нашар

Ешқандай тимеді ғой елге пайдаң.!

Салтанат барлық дәулет өзіңізде

Айламен іс істейсіз әрбір кезде.

Айыбыңды бетіңе айта алмай,

Күңкіл сөз толып жатыр еліңізде.

Тоқтайды кім де болса шын сөзге.

Пақырларды шулаттың көрер көзге.

Ақырсаң арыстандай айбатыңа

Жан біткен қарай алмас бетіңізге.

Құр мақтап енді айтайын өтірікті.

Батыр деп елің жүр ғой сом білекті.

Дауылда жел ұшырған қаңбақтай ғып

Қоқанға көрсеттің ғой кереметті.

Шіркін-ай, амал бар ма қонған баққа.

Лайық болмасаң да сұлтандыққа

Қортық бұқа секілді күлді шашқан

Батыр деп ат жайылды-ау әрбір жаққа.

Бар ма еді сенде атақ қамал шапқан.

Бөгенбай, Қабанбайдай елден асқан.

Еліне тыныш жатқан жау боп тиіп

Не пайда от басында батырлықтан.

Тік кірпік, сирек сақал, серейген мұрт
Құлаған тебінгідей суалған ұрт
Ей, Ерден, сен жақсы деп кім айтады
Ер жігіт бір қыз үшін сата ма жұрт

Баласы Сандыбайдың сарша Ерден.

Сен болдың аға сұлтан салған жерден.

Найманға төре сайлап неге керек

Қасқырдай өз күшігін өзі жеген.

Босты ғой біраз Қоқан қонысынан

Тастап безді қыстау мен жер суынан.

Әлгі бір жесірдің ел бүлігі,
Ерден-ау, айрылдың ғой туысыңнан
Ей, Ерден, туысыңды өзің саттың
Өлтіріп бейшараның басын шаптың

Басшысы Құдайменде 40 адамды
Ұстатып жақсыларын шынжырлаттың,

- деп Құлтума жостыра бергенде Аққошқар шыдай алмай кідіртіпті.

Ерден - болған нәрсенің бәрі рас, бәрі рас, - деп жер шұқи берулі. Аққошқар - Ақын елдің еркесі, батыр елдің серкесі. Тіліңнен жазып ақынды өзің сөйлеттің. Ол мініңді бетіңе басты. Сен ұмытқанмен қиянатты ел ұмытпайды. Ақын соны білгізді. Мойындағаның -Ердендігің. Енді ол айыбыңнан қалай құтыласың — ол өзіңнің Ерден шаруаң, — деп төрелік айтулы.

Шіркін, арқалы ақынға сөз бар ма?! Ерденді осылай жерлеген Құлтума алдында Ерденді мақтағанда бейне оны жер бетіндегі пайғамбардың елшісі қылып көкке көтерген.

Елінің телісі мен тентегін жөнге салу ол уақыттың басшыларының қай-қайсысына да оңайға түспеген сыңайлы. Ерден соның бірі. Құдайменде бастаған 40 азаматты Сібірге айдатуы сондай бір әрекеті. Құнанбайдың Жігітектің 30 адамын соттатып итжеккенге жібергенінің Найманда қайталануы. Ағайынды өкпеге қиса да өлімге қимаған Ерденнің артынан ол ісіне өкінгені күдік туғызбайды. Ал өлеңдегі "әлгі бір жесірдің ел бүлігі, Ерден-ау, айрылдың ғой туысыңнан" деген сөздің артында Ерденнің кезінде еш ақтала алмаған, артынан онысына өкінумен өткен үлкен бір айыбы жатыр (оны біз Ерден туралы бірінші әңгіме деп қазір жебейміз).

Қара қазақтың арасында жалы биік Ерден де өз тұстастары сияқты алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып өткен.

Шыңғыстың әскери шені полковник. Сұлтан. Патша заңы бойынша аға офицер дворян болып саналады. Бірақ оның дворяндығы ұрпағына мирас болмайды. Өзімен кетеді. Сол себепті Шыңғыс тегінен-тегіне ұласқан титулды дворян болғысы келеді. Князь атағынан дәмелі. Оның осы атақты алуына бөгет болған Ерден мен оның серіктері. Шыңғыс С-Петербургте жүрген баласы Шоқанға жазған хатында осы титулды дворян атағын қаузап көруді сұрағанда оның астарында осындай жай жатыр.

Сәкендер Найманның Қоқаны болғанда, Ерден Қоқанмен бірге туған Жырық атасынан. Яғни Ерден уағында қыз алыспайтын ағайын. Ел аузында Ерден, Дүзен деп екі адам аты қосарлана айтылады. Дүзен інісі. Бұл да мыңды айдаған мыңғырған бай. Ерден аты билікпен шыққанда мұның аты жомарттық, сақилықпен шыққан.

Есағаң Сәкеңе "Ерденнің алдына бір ақын баласы істі болып түрмеге түсіп соған араша түсуді өтініп келгенде ол қиын жерден жол тауып баласын босатып, ақынды ризалап жіберген. Оның халқына мұндай қол көмегі көп болған" деген бір әңгіменің ұшығын айтулы. Біздіңше ол ақын емес сазгер ЬІқылас. Кәдімгі қазақтың қыл қобызының пірі, Қорқыттың өнердегі ізбасары Ықылас Дүкенұлы. Ықаң ол келісінде Ерденнің өлген баласына көңіл айтады. Бұл бір шаруасы. Екінші шаруасы мал барымталаймын деп түрмеге түсіп қалған баласына қол ұшын беруді өтіну. Патша заңы барымтаға қатал. Ол ауыр статья. Ит жеккенге жіберіледі. Ықылас бата оқуға құр қол келмей "Ерден күй" деген күй әкеліп, соны тартып Ерденнің көңілін жібітеді. Қазақта азаға өнер туындысын салған екі сазгер бар. Бірі Зәурештің қазасын осы аттас әнімен азалаған Мұхит та, екіншісі осы Ықылас. Ықылас сол сапарынан баласының басына бостандық алып олжалы оралады. Бұл оқиға жайлы қарымды қаламгер Тәкен Әлімқұлов тамаша әңгіме жазды. Ал сондай Ерденді шылғи жамандай беру елі аруақ алдында күнә екендігін ескерген абзал.

Ерденнің билігін ұлы Бименде мирас еткен. Сол Дүзеннің баласы Жылқайдармен, яғни бел немере туысымен болыстыққа таласып жеңген. Айта кету керек Найманда Жылқайдар деген ең көп тараған ат. Тіпті әр ауылдың, әр аталықтың бір Жылқайдары болды дерліктей. Бименде болыс болып бір жыл тұрғаннан кейін түсінде әкесі Ерден аян беріп енді дүние қарекетінен тиылып, қажылыққа барып, хақ жолына түсуді табыстайды. Бименде ояна сала туысы Жылқайдарды шақырып алып мөрді ұсынады да:

Баса білсең жер қалып барады

Билей білсең ел қалып барады, —

деген бір ауыз сөзін айтады. Содан жолға шұғыл қамданып, малын сатып қаржылап жолға шығады. Құнанбай екеуінің сапары тоғысады. Бірі аға, бірі іні болып сыйластығы жарасады. Бименде өте ірі тұлғалы; жүзінен нұр төгілген сұлу адам екен. Қажылығы қабыл болып, Қағбаның қара тасы алдында намазда тұрғанда көп жұрттың төбесінен қарап, арабтар "Япыр-ай, мұсылманда мұндай сипатты кісі болады екен- ау. Елі тіл-көзден қорықпай қалай шетке жіберді" екен деулі. Бұл тіл-көз деген пәлеңнің түрі жаман. Сол жерде Бимендеге әлгі арабтардың тілі өтіп, қалпақтай түсіп ауырып қаза болады. Құнанбай сол жерге ақ жуып арулап жерлейді. Бар кәдесін атқарады. Содан ол кері сапарында Ұлытау арқылы қайтып, жолшыбай Ерден аулына соғып Бименденің қазасын естіртеді. Марқұмды аулымен бірге бір жұма азалап еру болады. Неге екені белгісіз бұл жайт Құнанбай туралы жазылғандардың бір де біреуінде жоқ. Құнанбай жайлы ең қомақты, жан-жақты қамтылып жазылған Бейбіт Сапаралиннің "Құнанбай қажы" кітабында да жазылмаған.

Ерден өлген соң баласы Бименде басына күйген қыштан зәулім ескерткіш тұрғызып дүбірлетіл ас береді. Ол ескерткіш Ерденнің атамекенінде әлі тұр деседі. Ал ас туралы Сабыр Шәріпов "Бағаналы елінің кешегісі мен бүгіні" деген тамаша еңбегінде жазған. Ол Сағынайдың асы сияқты атақты астардың бірі болып өтіпті.

Енді Ерденге қатысты ел аузындағы әңгімеге көшелік. Есағаңның көк дәптерінде Арғынның бір ақынының Ерденді жамандап шығарған мынандай бір шумақ өлеңі бар.

Ежелден бірге туған Қоқан, Жырық,

Жатады үй артында бақан сырық.

Әйелін Қоқаныңның тартып алып

Сары Ерден, жатырмысың құдай ұрып.

Қоқан бауырларының бірі, атағы шыққан Әділ деген палуанының жас тоқалы өте сұлу адам екен. Сапарлап келе жатып сол ауылға түскен Ерден көріп қызығып алып кетеді. Әділ ауылына келсе бәрінің назары пәс. Ортадан бір ақсақал шығып болған жайды естіртеді. Бес қаруын асынып келіп Ерден аулының сыртынан ат ойнатады. Бұл жекпе-жекке шақырған белгі. Намысқа тырысқан Ерден әуелі шықпақ болған екен, әлгі әйел "Әділдің көзіне қан толып тұр. Ол бұл тұрысында ештеңеге тоқтамайды, ешкімді аямайды. Сенің одан атағың басым, оның сенен күші басым. Бір төмен етек үшін ағайынның қаны төгіледі. Оның беті аулақ" деп етегінен тартып жібермейді. Сол ақылды алған әрі қорқынышқа жеңдірген Ерден үйден шықпай қалады. Ерденді төсектен басып бауыздау Әділдің мәрттігіне сын. Сосын ол кермеде тұрған Ерденнің жүйрік сары атының құйрығын шорт кесіп алады. Бұл ағайынмен ат құйрығын кесіскенінің белгісі. Онымен тынбай маңдайшаның үстінен үзіктің етегін шаңбақтап шабады. Бұл туырлығыңды тіліп, сықырлауығыңды отқа жағам деген серт.

Солай қаһарға мінген Әділ аулына келіп Темен, Үдер, Өтес деген үш інісін ертіп нағашы жұртына үдере көшіп кетеді.

Арада біраз жыл өтеді. Қазақ даласына қанатын кең жайған Кенесары қозғалысы бұл өңірді де молынан шарпиды. Хан Кене ерген елді ерікті, ермеген елді зорлықпен туының астына жинаған ғой. Сондайда жалаң қылышы інісі Наурызбай батыр. Кенесарыға қолқ етіп ере қоймаған Ерденді Кенесары шапқызбайды. Сыйлағаны емес, қалың Найманда салмағы бар онымен санасқаны. Әуелі бір рет қолқа салады, артынан екіншісі. Үшінші рет хан хабаршысы келгенде онан әрі кергуге Кенесары айбарынан сескенген Ерден қосылмақ болады. Бірақ бір шартпен: Кенесарының қарасын көбейтуші көптің бірі емес, өз алдына дербес, жеке Найман қолын құрап, соның басшысы болып ереді. Кенесары туының астында болғанмен өз билігі өзінде. Сөйтіп бұлар Қырғыз еліне беттейді. Ақылды Ерден бұл жорықтың ақырының қалай боларын күн ілгері білсе керек. Сол себепті құлықсыз ереді. Реті келсе жырылып қала барғысы бар. Соның сәтін құдай келтіре кетеді. Жолшыбай олар бір жайлы қонысқа 4-5 күн еру болады. Әлдебір той өтеді. Кенесары мен Ерден көші қатар, қанаттас келе жатыр екен. Тойлаушылар сол көштегі осы екі ауыл — хан маңындағылар мен Наймандар. Күрес болады. Хан жағының палуандары Найман палуандарын бет қаратпай жыға береді. Ортада енді болмаса бас бәйгіні қанжығасына бөктергелі тұрған ханның бас палуаны.

— Қайран ер Қаптағай-ай! Шибұт төренің палуанының белінен ұстайтын бір перзентің болмады ма! — деп дауыстап жібереді Ерден болмаса өзім шығамын да. Ерден қара күш иесі, палуан да болған екен. Бірақ бұл жерде ол ұлтанды елдің басшысы. Күшін малданып күреске жатуы елге сынақтық. Исі Найманның тауы шағылғаны.

Сонда Кенесары ханның қолы ішінен сияқатты, еңгезерей бір жігіт шығып, Қаптағай деп қалдың ғой. Батаңды бер, — деп Ерденнің алдына келеді. Батасын алған соң хан палуанына барып ұстаса кетіп, көзді ашып-жұмғанша оны төбесіне көтеріп алады да, Ерденнің алдына атып ұрып, артына қайырылмастан келген ізімен қайтып тарта береді. Бұл беттен дауыстағандарға қайырылып та қарамайды. Жұрт та, Ерден де аң-таң. Сол жерде ақсақалдардың бірі мұның баяғы Ерден әйелін тартып алатын Әділ мен үш інісінің бірінің баласы екендігін айтады. Төртеуінің балалары түгел Кенесары қосынында ханның ең сенімді жауынгер сарбаздары болып жүр екен. Ерден бармағын тістеп шөкелеп отыра кетеді.

Той өткен соң беделді, исі Найманның сөзін ұстаған бір ақсақалды жұмсайды. - Әділге жасаған қиянаты үшін аяқтарына жығылып кешірім сұрайды. Тартатын айып-айбанасы әзір. Бауырлары кешсін. Елге қайтсын. Қалаған жеріне келіп орналассын, — деген сәлемін жолдайды.

Елін, жерін сағынып жүрген жігіттер келіседі. Бұл шаруаны осылай бірыңғайлаған Ерден сәрсенбінің сәтіне Кенесарыны боз бие сойып қонаққа шақырады. Қонақасы үстінде бұйымын айтады. Біріншісі, хан қосынында жүрген бауырлары. Екіншісі, мұның елімен бірге осы жорықтан бас тартуын қабыл алып, дос пейілді ажырасу. Ерденді сыйлайтын Кенесары қинала отырып екеуін де қабылдайды.

Ерден елге келген соң уәдесінде тұрып, бауырларына Сарыкеңгір бойынан шұрайлы бір қонысты Балталы Айранбай деген байдан тартып әпереді. Кейіннен олар өсіп-өніп осы жерде бір ауыл болады.

Уақыт озады. Ерден өледі. Енді бұл жердің бұрынғы иелері шықпай ма шеке тамырларын білеп, атамекендерін даулап. Бұлардың бауыр басып қалған жерден айрылғысы жоқ. Қазақтың мұндай дауының арты барымта. Мал ашуы, жан ашуы деп барымта жүрген жерде бас жарылады, қол сынады. Екі жақтың соққыға жығылғандарының елде есебі жоқ. Сондайда шетінен жау түсіргіш палуан бұл жақ қарсы жақтың жылқысын көбірек барымталайтын болса керек. Барымтадан келген малды ешкім желісіне байлап малданбайды. Жалма жан пышаққа жығады. Ауыл ақсақалы Бораншы ақсақал сондайда жылқы ішіндегі айғырды сойғызбай аман сақтап, артынан келген жоқшысына тапсырады екен. Себебі қазақ асыл тұқымды малын аталық қояды. Ол киелі жануар. Малдың иесіне тисең де киесіне тиме. Қасиеті атады. Осы пейілі үшін қарсы жақ қанша жауласып жүрсе де Бораншы аулын айналып өтеді екен. Тағы бір қызық: Жауығып жүргендердің екі жағы да Найман. Ұрандары ортақ. "Қаптағай". Ағайынға қарсы шапқанда "Қаптағайлап" ұран шақырту ұят, сол себепті бұл жақ олармен ұрыста өздеріне осы қонысты тартып әперіп, артынан осы дауға ұрындырып қойған Ерденнің әкесінің атын ұран қылып алып "Сандыбайлап" шабатын болған. Қарсы жақ та бір аталарының атын ұран қыла қойған. Сөйтіп бұл "мәселені" бейбіт, оңай шешкен. Солайша бұл қоныстың дауы бері келіп колхоз орнағанға дейін созылған. (Қайран қазағым-ай, Қазақстан егемендік алған бүгінде, жер шұрайы қалтасы барларға сатылатын болған мына заманда ол қоныстың кімдікі болғаны, не болары белгісіз. Сандыбай, Қаптағай түгілі исі Қазақтың атын ұрандаса да бұрынғы жер иелерінікі бола алмайды ол.)

Әділдің үш інісінің бірі Өтес дедік. Ол Кенесарының белгілі палуаны, батыры болған. Өтестен Алтай. Одан біз жоғарыда әңгіме еткен, әлгі жер дауында біреуді жазым етіп сотталып, одан ақыры Нұртас Оңдасыновтың шапағатымен аман қалатын Дәулет қария. Біздің Сәкеңе талай ет асатқан батагөй атасы.

Ерденнің екінші әңгімесінде. Кенесары өлерінің алдында айтты деген бір сөз, дәлірек айтқанда орындай алмай кеттім деген бір арманы бар. "Ұлытаудағы хан қазынасын не өзімнің, не қара бұқара халқымның игілігіне жарата алмай кетіп барамын". Бұл баяғы Шыңғыстан бері жиналып, қордалана берген қисапсыз қазына екен. Ұлытаудың бір белгісіз үңгірінде өте құпия сақталатын болыпты. Есігін күзететін ханның сенімді нөкерлері — төлеңгіттер. Мезгіл-мезгіл ауыстырылатын олар келгенде бірнеше көштік жерден көзі таңылып әкелінеді, солай әкетіледі. Олар солай қазынаның дәл қай жерде екендігін шамалау мүмкіндігінен ада. Төлеңгіттердің сыртында бір көштік жерден біздің Адай жасақшылары торуылдап іштен сыртқа, сырттан ішке адам баласы түгілі жүгірген аңды да өткізбейді. Адайлардан сыртқары тағы бір қоршау - әр рудан жиналған. Солай сақталған қазынаны Кенесары қырғыз асарда өзі мен қасындағы санаулы сенімді адам ғана білетін жерге көмдірген. Маңына қазынаның қайда көмілгенін білмесе де жаман айтпай жақсы жоқ, қолды болса құлағы түрік жүрсін деп бірер төренің үйін қалдырып кеткен екен Ұлытауда (Сол қазына қазағын әлі күтіп жатыр деседі). Соның бірі Қылышты деген төре. Соның жүйрік қара қасқа аты болады. Соған Ерден қатты қызығады. Айдаладағы жалғыз үй (қарашы төлеңгіттері есеп емес) төреден тартып алса да болар еді. Бірақ кешегі Кенесары хандармен дос. Досына тізе батыру әуелі өзіне сын, қала берді, аруаққа шетін. Солай екен десе қара аты түскір көз құрты, күндіз-түні көз алдында көлбеңдейді де тұрады. Ерден бір қызықпасын. Қызыққанда жақын ағайынның қатынын да тартып алған оған не жорық. Өзге амал-айласы таусылған соң аяқ жетер жердегі ұрыларға сөз салады. Ұры әкеліп қорасына байласа Ерден жауапкер емес. Обал-сауабын ұры көтереді.

Балталы Жанқораз деген атақты ұры-қары атты мен әкеліп берсем, Ерденнің өтеуі не бол ар екен? — дейді. Ерден жердегі бір қазақтың берерін беріп, қолынан келетін жақсылықтың бәрін жасауға уәде етеді. Соны малданып іске кіріскен Жанқораз қыстың күнінде дуана болып келіп Қылыштының; аулында қыстап шығады. Мақсаты — қара қасқа ат қалай бағылып, қалай сақталады — соны білу. Малсақ төре атын қыста далаға арқандап өзі қасындағы төбе басында қасқыр ішігін жамылып серігімен тоғыз құмалақ ойнап отырады екен. Бір көзі, сірә атының қарауылы. Арқандайтыны бұл жануар тебіндеп жайылмаса шабулы шөптен қарнау сала алмайды екен. Қазықты, сірә күн сайын аударып қағып отырады. Ал түнде қораға кілттеп, ат аяғын кісендеп, кілтті қалтасынан тастамайды. Соны әбден көріп-біліп алған Жанқораз түнде ертең ат арқан алатын жерге келіп қарға көміліп жатып алады.

Күн түске тырмыса Қылышты келіп атын арқандайды. Ол ұзай бергенде қар астындағы панасынан сығалап жатқан Жанқораз қозғалып қалады. Маңайына егесінен өзгені жолатпайтын ат жер тарпып оқыранады. Төре бұрылып кеп жан-жағын байқастаса ешкім жоқ. Қайта барып киіз төсеттіріп қойған орнына отырады. Анадай жерде қызметшісі құрт көжесін ысытып, дастарқан қамдап жатыр. Далада, ашық аспан астында жылқының тоңазыған семіз етін, жал-жая, қазы-қартасын қарбыта асап тойып, артынан майлы сорпаға езген бір саптыаяқ құрт көжені сыңғыта ішіп түстену төренің дағдысы. Сөйтіп бабына келмесе жас тоқалының қабағы жазылмайды. Тоқал былай тұрсын сартіс бәйбішенің де қытығы қанбайды.

Қолын қармен жуған төре табаққа бас қоя берген. Қазақты, ет жегенде алаңдату қиынның қиыны. Бар ынтасын тамаққа салады. Сондайда ет шайнағаннан бөгде жалғыз шаруасы-қолының майын жалау ғана. Тегі жат болғанмен әлденеше атасынан бері қазақ ішінде әбден қазақтанып кеткен төре бар ыждаһатын салып қарбытып асап жатыр, асап жатыр. Дәл сол сәтті және аттың түскі сәл жусау мезетін андып жатқан Жанқораз қар көрпесін серпе салып атып тұрып қара аттың үстіне қона кетеді. Жолшыбай кездігімен арқанды бір шалады.

— Ал, төре, қайыр қош. Қазаққа сенің де талай тізең батып еді ғой. Мынау сол көп мен қылдымыңа менің бір қылғаным.

Ренжіме. Ренжісең мені емес құдайыңды қарға! - деп қырға қарай қасат қардың арасына түскен соқпақпен ағыза жөнелді. Айтпақшы жай кетпей мосыға ілулі бақырды "осының ішінде менің жүрегімді жалғарлық бірдеңе қалған шығар" деп іле кетті. Себебі, кешеден нәр татпаған, таң алдынан бері бұрлығып қар астында жатқан ұры байғұс аш еді. Кіндігі омыртқасына жабысып тұрған.

Қара қасқа атты сіңіріп кету қиын. Оның Ерден қорасына байланғаны сол бойда естіледі. Бірақ Қылышты төре артынан іздеп келмейді. Келгенмен Ерденнің енді оны қолдан шығармайтынын біледі. Солай қара қасқа ат Ерденнің игілігінде қала барады. Жұрты Ерденнің мұнысын айып санамайды. Қайта төрелерге қыжылы көп елдің қыбы қанады. Ерденнің ол қылығын күстаналау былай тұрсын ерлікке балап дәріптеп әкетеді.

Сол жануар жаңа иесін бір қиындықтан құтқарады. Ерден қанша жерден Ерден болғанмен тосылар, қиналар сәті көп. Билік басындағы мансап иесінің бәрі солай. Тек олар көп саспайды, ал сасса жаман сасады. Ел билігі дегеннің сондай қиын күрмеуі бар. Сондай күн туып ертеңге дейін Атбасарға оязға хабар салуға тура келеді. Ертеңнен қалса кешігеді. Дұшпан есе алады. Қиналған Ерден оязға хат жазып ертеңгісін ертемен өзінен басқа жан адамның тақымын тигізбейтін қара қасқа атпен сенімді кісісін жолға салады. Ерден аулы сонда Ешкіөлмес деген жерде. Ешкіөлместен уезд орталығы Атбасарға дейін Қатым, Көкшетау Көкпекті, Шабдар, Сарыобда, Тасбекет, Атбасар бекеттері. Әр бекеттің арасы 25-30 шақырымнан. Солардың біріне аялдамастан суыт жүрген жолаушы намаздыгерден төмен түсе ояздың ауласына келіп атын қаңтарады. Қаңтарады да оязға қағазын тапсырып жығыла кетеді. Ояз бір ақ ұнтақ дәрі беріп, артынан исі күлімсі, түсі қызыл әлдебір сұйықтың жарты кесесін ішкізіп жолаушыға төсек салып бергізеді. Содан қатып ұйықтап қалған ол таңертең бір-ақ оянады. Кешкісін дәріге қоса ішкен сұйығының коньяк екенін білмей, намазым қаза болды-ау деп опық жеп отыр.

Ояз түнде шаруаны тәмамдап, жауабын қағазға жазып конвертке салып дайындап қойыпты. Ат жайын жақсы білетін қызметшісі қара қасқа атты таң алдында ерін алып аунатып, суарып шөпке қойған екен. Ол қарнау салып тыңайып, көзі жарқырап тұр. Мұны көріп жер тарпып оқыранды. Текті жануардың жер тарпығаны тағы бір сүргін жүрістің болғалы тұрғанын білгені.

Жолаушы суыт кейін салды. Енді мына ояздың жауабы әрісі ертеңге, берісі бүгін күн батқанша Ерденнің қолында болуы керек. Қара қасқа атқа тағы сын. Жол бойындағы бекеттерге, ауылдарға аялдамай, қалтасындағы майлы құртын талмап талғажау еткен жолаушы күн намаздыгерге таянғанда аулының қарасын көрді-ау әйтеуір. Сонда барып жануар қара ат қалжырағанын білдіріп қалт тұрып қалды. Сәл тұрған соң бір сілкініп, оқыранып алып қайта тізгінді сүзе ілгері ұмтылды.

Малсақ қазақ үшін ер қанаты — бәсіре аттың жөні бөлек қой. Ерден сол күні қасына қойған атбегісіне қосылып қара аттың жанында көз ілмей шығады. Ат өлмей аман қалады. Осы жайдан кейін ел аузында — Ерденнің бағын бабында қалдырған қара қасқа ат болды, — деген әңгіме қалады. Ерденді сондай ұлы сүргінге салып абыржытқан оқиға жадтан әлдеқашан шығып кеткен. Ал қара қасқа ат қайраты әлі айтылумен келеді. Мына біз соны қайталаушы көптің біріміз.

Жанқораздың баласы Үкібайды Есжан аға көрген. Үкібай мықты шабандоз атбегі болыпты. Төңкеріс алдында Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде съезд өтетін болады. Ол уақытта Арқадағы Атбасар оязының да, Оңтүстіктегі Түркістан оязының да көп елі қыста Шу бойының қамысты, қопалы бойына қыстайды. Сонда малын төлдетіп, төлін аяқтандырған соң барып екі ел арасы шалқайып жайлауларына көшеді. Съезд өтпес бұрын әлдебір қауырт шаруамен уезд орталығы Атбасарға барып келу қажеттігі туады. Мерзім өте қысқа — бар болғаны үш тәулік. Кім барады дегенде тек Үкібайдың ғана тәуекелі тұрады. Жылқыдан таңдаған атын ұстайды. Ол зорықса жолдағы елден қалаған атын мінуге өкілдігі бар. Қалай да үш тәулікте барып қайта оралып үлгіруі тиіс. Солай тартып кеткен Үкібай баяғы Хан жолымен, біз Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешуінен" оқыған Сәкеннің Арқадан Түркістан асатын жолының сілемімен шоқытқан жолаушы Қаракеңгірге жетеді. Одан Сарыкеңгір асады. Жолдағы бекеттерді жағалай Атбасар барады. Ондағы шаруасын бітіре сала кері жібереді аттың басын. Сөйтіп дәл үш тәулікте ертең съезд басталады деген күні Үкібай іргеде атынын түсіп жатыр. Жүзі аздап күн қақты болғаны болмаса шаршағандықтың ізі жоқ. Сонда оның Атбасарға тез барып келуіне мүдделі, жолына екі көзі төрт болып қарап жаны дызғып, алдынан тың ат жіберіп күтіп отырған мырза:

- Ерім, мына астындағы ат - мінгізгенім, қосарына үш құлынды бие бар, сойыстық қойды қазір балалар айдап келеді көгеніңнің басына, - деп иығындағы жібек шапанын Үкібайдың үстіне жабулы.

Атбегі, сейіс қазақта ат үстінде шаршамай ұзақ жүру де өнер саналған; Үкібай соның үздігі болған өз кезінде.

Ерденнің баяғы Әділдің әйелін алып кететін айыбы бұл әулеттің бетіне шіркеу болады. Соның айып, айбанасы ретінде ағайынды екі ру қыз алысатын жерге жеткен соң құда болысады. Ерденнің бір немере қызы Рахима Бораншыға кішілікке беріледі. Әрине зорлықпен. Және қалыңмалсыз, Сонда Рахима:

— Мен Ерденнің қызы бола отырып тоқал болғаным ба? Оның үстіне қаймана қазақ құрығандай бауырыма! - деп жылап басына жаулық салдырмаулы. Рахима әжесін Сәкең көрген, әңгімесін тыңдаған. Алаған қолым-береген жоралғысы құдалықта да жүріп бұл жақ Ердендермен қарсы құда болған. Сәкеңнің бір апасы Ерденнің тұқымы Ахмеджанға (Ахмедия) берілген.

Ерден 3 некелі болған. Олардан 6 перзент сүйген. Бәрінен де орын бар. Бұл мәуе жайып өскен әулет. Қазір үлкен бір ауыл. Алды 7-ші атаға жетті. Бұл әулеттен шыққан бір белгілі адам Секеңнің әріптесі геолог, геология-минералогия ғылымының докторы, академик Айтмұханбет (Айтжан) Абдуллин. Алматыда тұрады.

"ӨЗІҢДЕЙ ҚАМҚОР ӘКЕ ҚАЙДА МАҒАН"

Қасқа айғырдан төбел туады делінеді. Бүгінгі қазақтың қаймағынан айырған тілімен сөйлеп, ойлайтын қаймана қазақ бұл сөздің байыбына дұрыс бара алмайды. Дұрысында қанатты сөздің қамбар ата баласына бұл жерде қатысы жоққа тән. Ол адамға қарата айтылған. Жай айтылмаған, жақсының жақсылығы тегінде дегенді кестелі тілмен жариялап, көркемдеп жеткізу үшін айтылған. Бір сөзбен айтқанда мұнда кәдімгі генетика ғылымының негізі жатыр.

Тап осының біз жебеп отырған тақырыпқа тікелей қатынасы бар. Оның тоқетерін түйіп айтар болсақ Сайлаудай жақсы қайдан туады, егер Есжандай жайсаң әке болмаса! Жақсының жақсылығын айту қажеттілігіне орай енді әңгімемізді Есжан әкемізге қарай ойыстырайық.

Есжан Жылқайдардың баласы. Бірақ фамилиясы Әленов болып жазылған. 1897 тауық жылы Жезқазған маңында Қаракеңгір, Саркеңгір өзендерінің бойында туған. Өзінен бұрын Көшек атты ағасы болып ол 9 жасында шетінеген. Артынан Бәтіш деген қарындасы ерген.

Балалары ес білген кезден бастап Жылқайдар ауру болған. Сырқаты белінде. Әуелі шойырылатын. Сосын жүргізбейтін болды. Келе-келе тұрғызбауға айналды. Мұндайда қыр елінің жалғыз емшісі оташы, сынықшылар. Аты шыққан емшінің бірі ем-домын жасап өзі белгілеген мерзімге дейін қимылдамай жатуды тапсырады. Қазақ ұғымында мұны шектеу дейді. Әдетте бұл шарт бұзылмай сақталуы тиіс. Бірақ сырқат оны бұзып көрші ауылдағы жаназаға барып қалады. Беті бері қараған соң еркін баурап кеткен тәуекелі түскір ғой баяғы. Сол жаназада оны көріп қалған емші "әттеген-ай, Жылқайдар енді жазылмайды" десе керек. Айтқандай-ақ сырқат келе сала төсек тартып қалады. Содан 16 жыл төсек тартып жатып 61 жасында көз жұмады.

Жылқайдар төсек тартып жатып қалған соң әйелі төркін жұртын сағалайды. Шалын жерлеген соң ғана өз ауылына оралады. Ондағысы балаларды ағайыннан бездірмеу.

Әке ауырған соң Есжан бала шаруаға ерте араласады. Шаруа қамынан қолы босамаған себепті оқи алмайды. Әйтпесе өзге ауылда жоқ мешіт, медресе бұл ауылда бар.

Жомарт құдайының үлкен сыйы Есжан зор қайрат иесі болып өседі. Ауыл арасында палуан аты шығып жүргенмен жасында ас алды, алқа топ ішінде бел ұстап күреске түспеген. Оның ол кездегі бұла қайраты кәдімгі шаруашылық қаракетіне жұмсалған қара қайрат.

Қазан төңкерісі қазақтың басына да келген зауал болды ғой. Ақ орыс пен қара орыстың жауласуы қазақтың шаруасын шайқалтты. Артынша кеңестің кеңкелес саясаты тіпті тұралатты. Оған қоса жұт келді. Әулет ағасы Бораншы тәркіленді. Ел босты. Баяғы 1723 жылғы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" екінші рет қайталанды. Онда қазақ қайың сауды десетін еді, бұл жолы сол қайың сауатын да қауқар қалып жарымады. Адамның басы Алланың добы, елінде, жерінде Найман Есжан атанып жүрген Есжан енді сонау жер түбі қиян өзбек жерінен бір-ақ шықты. Ферғана, Наманған өңірі. Сонда жүргенде бір оқиға: Ауылға көріпкел балшы келеді. Әрі бақсы. Сол ойын көрсетеді деген соң Есжан да барады. Ойын әуелі зікір салудан басталады. Бақсы "менің аруағым қозғанда екі иығымнан басатын қарулы төрт адам керек" деген соң жұрт қаумалап ортаға Есжанды шығарады. Жай уақытта, әрине, Есжан мына бақсыдай он шипаяны тыпыр еткізбейді. Бірақ бақсекең аруағы қозып бергенде Есжан мен оның өзіндей үш серігін қолының ұшында ойнатса керек. Артынан бал ашады. Кезек Есжанға келгенде өмірдерегін түгендеп дөп басып айта келіп, сәл күмілжіп, күрсініп "отбасыңа қатер төніп тұр" десе керек. Солай деп алып 88 жыл 9 ай, 10 күн өмір сүресің" дейді мұның көңілін делбеп. Балшы дөп басыпты. Іле Есжан қалпақтай түсіп ауырып, 1 ай ес-түссіз жатады. Белгісіне қарағанда бұл сүзек. Жұт жеті ағайынды деп сол бір жылдары бұл сорлы қазақты әр түрлі індет те қынадай қырды ғой. Сүзек қанша алам деп келгенмен Есжанның палуан денесі төтеп берсе керек. Беті бері қарайды. Амал не, бұл табалдырықтан аттаған ажал бос қайтпапты. Әйелі Жұпар мен екі ер баласы қасында жоқ. Ауыл іргесіндегі зиратта жатқандардың қасына қосылыпты олар...

Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі тірлігін жасамақ. Өзіне сеніп, күні өзіне қарап отырған бүтін бір ауыл өрен-жаран бар. Есжанның жаңа жерде де қара күш иесі палуан аты шыққан. Қайратты ерте қақ тұрып, төңіректегі отырықшы бай өзбектердің қыруар шаруасын тындырып жинаған аз-мұз дәулеті де бар. Алажағы да аз емес. Соларды жиып-теріп, кейбірін сатып, кейбірін жалдап 14 түйенің басын құрады. Жеке меншігіндегі қара нарының бұйдасын өзі ұстап, өзгесін қасындағы ағайындарына беріп кіре тартуға кірісті. Төңіректегі ағайын басы баршылық еді. Бұған сенген олардың біразы бірге, біразы арттан көшіп келіп бір ауыл болып отырған. Кіре тиімді кәсіп болып алған бұл кезде. Себебі, қышлақ-қышлақтағы өзбек ағайын кіре тартуға қырсыз. Тартам дегенде де негізгі көлігі есекпен қайда ұзамақ. Содан келіп астығын алысқа жеткізе алмайды. Кеңес үкіметі болса қолы қысқалықтан алыс жердің астығын теміржол бекеттеріне жеткізе алмай отыр. Өлмегенге өлі балық деп сол аз-мұз түйесімен артынып жеткен қазаққа нәпақа бола кетті. Есжан түйекеш, мұның жаңа жердегі лақап аты осындай, өзбек дихандардың астығын алады да Ташкент, Түркістан, Қызылорда апарып пұлдап өткізіп, қат тауар — шәй, кездемеге айналдырып әкеліп береді. Кісі хақына адал мұсылманның сірә қиянаты жоқ. Содан дихандар мұны сыйлайды, құрметтейді. Астығын өзге қандастарынан гөрі осыған сеніп беруге пейілді. Сонда бұлардың көрер пайдасы кіре пұлы бір ауылды асырауға молынан жетіп тұр. Оған қосымша табыс көзі — кіре басының қайраты. Керуен барған жерінде тынымсыз қарекет иесі бұл қарап отыра алмай жүкші бола кетеді. Вагоннан ұн тиеп түсіреді. Жұрт мықшаңдап бір қап көтеріп жатса бұл екі қап ұнды екі қолтығына қыстырып тарта береді. Соған орай ақысы да мол. Көп ретте жүгін тез тиеп жөнелтуге, не түсіріп алуға мүдделі иелері жарылқап та тастайды. Мұның атынан хабардарлар көбейген соң қолқашылар молайды. Ұнға қосымша өзге жүктерді де түсіруге тура келді. Келе келе осы қосымша табыс кірешілердің жол бойғы шығынын артығымен көтеретін дәрежеге жетті.

Есжан ауырып жатқанда бүкіл ауыл болып тілегін тілеулі. Өйтпегенде ше, ел арасы қашанда аламансыз болмаған. Заман азған соң солар тіпті көбейіп кетті. Бірақ Есжан атынан сескенген олар бұл керуеннен аяғын тарта жүретін. Айбары төсек тартып қалған соң керуен жүргізу де тоқтаған. Енді сол кәсіп қайта жанданды.

...Сүзегі түскірден әлі айығып кете алмаса да мінуге жануар қара нарын аяған Есжан керуен алдында ілбіп жаяу келе жатқан. Алда жол бойынан жалғыз адам көрінді. Қасында есегі жайылып тұр. Бұл жаққа көзін көлегейлеп қарауына қарағанда күткені бар. Қасына жақындағанда қолын кеудесіне қойып нәшіне келтіріп сәлем берді. Бұл беттен де дос-жар мезірет жасалды.

— Уа, әкәлар, іштеріңде Есжан әкәңіз кім болады?

— Оны қайтпек едіңіз?

— Жай, тек көрейін деп едім.

Сол жерде Есжан өзінен өзі танды. Мен Есжанмын дей алмады. Себебі құр сүлдері дерлік келе жатқан. Қу сүзек осыған жеткізген. Нарын жетектеп келе жатып көзіне жас алды. Сырқат отбасынан айрылған қайғының азары дегенмен онда мұсылман баласын алдағанына деген өкініштің көз жасы да бар еді. Есағаң осы бір шағын оқиғаны өмір бойы айтумен өтулі. Есжан сияқты ел кісісінің салт бас, сабау қамшы жүруі тап сол бір уақыт үшін ерсі. Жұбайының жылын күтіп азалайтын кез де емес. Соңдықтан үйленуге тура келді. Сөйтіп Қыпшаққызы Бибісараға жаулық салды. Бас екеу болған соң мал басы қосарланып шаруа бағыты оңала жөнелді. Желіге құлын байланды, көген ұзарды. Қора-қопсы түзелді. Бәкене там еңсесі биіктеді. Бірақ ел жағдайы тіпті нашар. Қызыл белсенділер әлі тіл мен жағына сүйеніп, өңештеуден әріге барар емес. Шаруаның қиюы қашқан. Көп ел кәсіпсіз сенделіп жүр. Негізгі жұмыс көзі — бай өзбектерге жалдану. Одан күн көрістік нәпақа әзер айырылады. Онда да науқандық. Аш ел, жоқ-жітік ел бар ағайынды төңіректегіш. Ауып келген Найманның табары — Есжан. Үйден күндіз-түні нөпір қонақ арылмайды. Бибісара бір ақтан тілеген жан болып жолықты. Қабағы жазық. Қолы ұсынақты. Көрші-қолаңға сыйымды, ағайынға үйірімді. Берекетті. Қолы ашық. Бір жолы кезекті кіреге кетер алдында бір семіз биені сойып кіргізіп беріп кеткен. 10 күннен соң оралды. Дастарқанға өңкей бір сіңір, толарсақ, кәрі жіліктің басы сияқты кенеусіз қатығы ғана бар кеспе көже келіп тұр. Бұл сұраулы жүзбен қараса Бибісара:

— Осыдан басқа ет емге жоқ. Бәрін сенің аш-арық Наймандарыңа асып беріп тауыстым, — деп күледі. Есжан да күліп жіберді. Әйеліне деген ризашылық күлкі еді бұл. Ертеңіне көктемде соқаға жегем деп семіртіп отырған дәу өгізді жайратты да тастады. "Оқасы жоқ, қаранар жануардың жанына жамандық бермесе соқа тартыла жатар" деп шешті. Сол қыстан Есжанның көршісінің иті қораға үрмей шықты. Малдың бауыздау қанына, тағысын тағы тасталған оны-мұнысына тойып алып ұйықтаған итке үріп шала бүлініп не көрініпті. Тойынғаны соншалық көршінің итіне сүйектен де таршылық жасаған жоқ... Әрине, оның бәрі иелері Есжанның кесек қимылы мен Бибісараның қара қазанының оттан түспеуінің арқасы.

"Ағайын жоқ болса бере алмайды..." — тегі бұл басқа бір жерде, елде кездейсоқ ажалы жетіп айтыла қалған сөз болар. Кезеңінде келген кердің бірі-дағы. Әйтпесе Есжандай түс қазағы болған бар қазақ аулына жат қауесет бұл...

Есағаңның осы кіре тасып жүргенде тұңғыш рет палуан болып дулы ортада күреске түскені бір хикая. Ол қалай болды дейсіз ғой?

Ташкенттен Түркістанға дейін тіке керуен жолы 280 шақырым. Сол 14 түйемен Түркістанға ұн әкелген. Тап базар алаңқайына жете бере күн сіркірей жөнелді. Ұн су болып қалар деп жан ұшырған Есжан жалма-жан іске кірісті. Қаптарды қалқа астына үкітіп жатыр. Жанындағы серіктері де тырбаңдап көрген. Бірақ өндіре алмаған соң түйе жайғау жағын жағалап кетті. Мұның қимылын сырттай тамашалап тұрған бір өзбек таяп келді. Өзі де бір еңгезердей неме екен.

— Әй, қазақ, күресесің бе?

— Мына менің қара нарымдай бәйге тіксең күресейін.

— О, жоқ, менде мұндай нар қайдан болсын.

Ертеңіне Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Яссауи мешітін бұл ел солай атайды — Ә.С.) басында үлкен бір той өтіп жатыр екен. Соған Есжан да барған. Палуандар күресіп жатыр дегенге келсе — қазақтар жағының сағы сынық. Палуандары жығылыпты. Намысқой қазақ оған қалай жасымасын. Есжанның қайратынан хабардарлар сол жерде жатып кеп жабыссын. Қолқалары — күреске түсу.

— Жығылса жер көтерер дейтін жағалас емес бұл. Мен машықтанған палуан емеспін, — деп бұл қапелімде абдырап қалды.

— Енді намысты қолдан бергеніміз бе сөйтіп, күйеу бала. Бүйтеріңді білгенде қарындасымызды оң жақта қартайтуға бейіл едік, — деп салды бір қыпшақ шарт сынып. Бұл аты қыпшақ болғанымен Бибісараға ауылдас. Мұны жақсы таниды. Бұл сөзді естіп құлақтан асырып жібергеннен өлген артық. Қазақты намыс өлтіреді. Ортаға шыға келді. Шамырқанып шығып еді. Алғашқы екі палуанды шопақ құрлы көрмей лақтырып жіберді. Енді өзбектер мыш болды да қалды. Қыбы қанып, қауқылдап қазақтар тұр. Әсіресе әлгі мұны қайрайтын Қараспан Қыпшақ мәз. Осы тұрғысында құдайын танып сәлем беруі екіталай. Тосылып қалған өзбектер ана пәленшені шақырың деп кеу-кеулесіп кетті.

— Аспандамаңдар, әй, қазақтар. Қазір-ақ Түркістанның шаңын қауып қаласыңдар әлі!

Есжан өзбектердің қаумалап әкелген палуанына қараса — кешегі базардағы өзбек. Үн қамымен қапылып жүріп абайламапты — мынау бір дәу. Арқадағы тау көтерген Толағайдың өзбек қатыны болып, одан туған шаранасы нағашыларында қалса мынау дәл соның ұрпағы дейтіндей. Ерден ердің қаупі бар, көңілге қобалжу кірді. Күрес салмағы ауырлаған соң екі жақ орталарынан төрешілер шығарды. Бәйге белгіленді. Және онысы қомақты. Есжан кәсіпқой палуан болмаған дедік қой басында. Сол себепті оған күрестің құйтырқы әдістері таңсық. Ал мұндай күресте оны қолданбау туралы шарт қоюға болады. Әділ қазылар оны ескереді. Соны тиянақтап алысымен бел ұстасты. Мынауың алдырар емес. Әншейінде талай мен деген дәмеліні асықша үйіретін жігітімізден мына өзбекке келгенде тері шықты. Қарсыластың қолы темірдей. Екеуі сүт пісірім алысты. Сірә, Есжан да оған оңай қарсылас болмаған болуы керек, ақыры өзағаң өзағаңдығына басты. Басындағы келісімді бұзды. Аяқтан шалды...

Бұл жалпы мұсылман, оның ішінде қазаққа мүлдем жат үрдіс. Пайғамбар үмбетінің ілгері басқан аяғынан шалу күнәнің ауыры. Қазақтың кейіннен саяси күрес, итырқылжыңы көп өзге де тірлігі арқылы ұғымға енген "аяқтан шалуыңыздың" негізі осында жатыр. Аяғы шалынған Есжан бір тізерлеп қалып шапшаң қайта тіктелді. Өзбектер жағы шулап ала жөнелді. Қазақтар жағының қолдары қоныштағы қамшыларына барып қалды. Енді болмаса шиқыман төбелес бола кеткелі тұр еді. Бірақ Әзірет Сұлтан басында көрепіле күнәға жол беріп, оның артын шатаққа ұластырып әділ қазылар алқасы қаралай алжымақ емес қой. Және бұлардың бәрі асыл текті пайғамбар әулеті қожалар еді. Сондықтан жұртты тез ауыздарына қаратты. Өзбек палуаны күрес ережесін бұзды. Ол үшін мешіт пайдасына айып тартады. Күрес қайта жалғасады.

Өзбекті қайрат иесі деген құрметін әлгісінен кейін ашуы алмастырып тұрған Есжан қарсыласына — Иә, Қаптағай бабам! — деп бір саңқ етіп келіп шап берді. Оң жанбасқа салып жіберіп алып ұрды да шаң қауып қалған өзбек палуанның үстінен аттап жүре берген еді бір қожа жүгіріп келіп, - қарағым-ай, өзбектің назары жаман болады. Жамылшы, — деп шапанын бүркеп жіберіп жетелей жөнелді. Анадай жерге ұзай бергенде артынан әлгіндегі Қараспан Қыпшақ пен екі жігіт жетті. Қазылар алқасы бәйгесін алсын деп шақырыпты.

— Ақсақалдар алдына салдым. Қайнаға, ішінде сіздің де үлесіңіз бар, — деп аялдамай ілгері аса берді Есжан.

...Есағаң 1970 жылы Түркістанға көшіп келді. Жаңа қоныста бір қожа — Сен баяғыда күрестің. Танба! Танып тұрмын. Мына оң бетіндегі қалыңнан таныдым. Көзіме оттай басылдың! — деп жабыса кеткені көп ішінде. Мойындауға тура келді. Жастықтың бір желігі ғой деп жақауратып жатыр бұл күнде бел ұстаудан қалған шалмыз.

Есағаң атбегі де болған. Соның шет жағасын көрген баласы Сәкең былай дейді: 1953 жылдың күзі. Бір топ жігіттер асау атты жуасыта алмай әкелді. Үйіміз алдында ғана күздік бидай егілген, әлі суы кеппей балшық болып жатқан алқап шетінде отырған. Атам (Сайлау әкесін ата деген) әуелі — бірден дұрыс жуасыта алмай әбден жаман үйретіп алыпсыңдар. Енді бұл оңайлықпен көндікпейді, — деп кейістік танытып алып іске кірісті. Күздік егілген жерге апарып құлағынан ұстап қарғып мініп алды. Ат әрі тулады, бері тулады. Мөңкіді. Бірақ атамды жыға алмады. Сосын шаба жөнелмек болып еді — толарсаққа дейін қармаған балшық адымын аштырмады. Әбден болдырды. Сосын ыңғайға көнді. Атам оны моп-момақан күйде мініп келді де тізгін ұшын жігіттерге ұстатты.

Есағаң сейіс болып ат жаратып, бәйгіге қосты деген дерегіміз жоқ. Бәлкім жасында болса болған шығар, тіпті атақты атбегі атанбаған күйде де бозбала шағы нағыз аламан бәйгі отаны Ұлытауда өткен оның бұл өнерден шетін қалмағаны анық. Ал кейінгі кіре тартқан кезеңде ат баптауға, өйтіп сән түзеуге жағдай болды ма. Соңғы қонысы оңтүстік елі көкпар шабады. Наймандарда көкпар тартылмайды. Сондықтан көкпаршылықтың бұл кісіге сіңісті болмауы заңды. Шіркін, зор қайрат иесі Есағаңды сіңірлі атпен көкпарға салғанда ғой!

Қыр қазағы баласын шаруаға ерте баулиды. Ат жалын тартып мінбей жатып-ақ қасынан қалдырмайды. Баласы бар шаруа қолқанат іздемейді. Сол ретпен Сайлау әкесінің оң қолы. Үйлеріндегі малдың құты шұбар бие бар. Үйдің күш көлігі де сол. Үй алдында қыр бар. Соның ар жағында шөп маясы. Сайлау әкесі екеуі биені арбаға жегіп шөпке барады. Әкесі бастырып тұрып тиейді. Қыраңға келгенде бие арбаны тарта алмайды. Сондайда Сайлау биені тізгінінен сүйрейді, әкесі артынан итереді. Әкесінің қайраты әлі қайтпаған. Оның қолы тиген соң-ақ бие күш алып арба қыраң басына тез көтеріледі. Сөйтіп бұлар екі барып әкелетін шөпті бір-ақ қатынап түсіріп алды. Биеден соңғы бұл үйдің бейнетқор күш көлігі есек. Кейде арбаға сол жегіледі. Сайлаудың сонда бір түйгені жарықтық пайғамбар мінген көлік бола тұра қазақ арасында онша қадірі біліне бермейтін есек байғұс шын мәнісінде мақтауға лайық мақұлық. Ол еш уақытта көткеншектемейді. Әлгі қырға жетіп, арбаны онан әрі тарта алмағанда тұмсығымен жер тіреп жатып алады. Пошымынан бейне осыны қалай да тартып шығарамын деген ерегіс аңғарылатындай. Әкесі екеуі арбаны арттан итергенде жетексіз-ақ өрге қарай мықшаңдай жөнеледі. Бір сөзбен айтқанда кәдуілгі шаруаның еті арам, күші адал есегі өзінің қара бейнетінде нағыз оптимист.

Есағаңның қолы өте ұсынақты болыпты. Егер бұл қырын қуып кетсе шебер де бола кетер мүмкіндігі бар екен. Бірақ құнттамаған. Дәлірек айтқанда қаламаған. Ол кісінің аяғы өте үлкен. 44 мөлшерлі аяқ киім киеді. Ал ондай етік те, кебіс те Ташкенттің базарында жоқ. Содан торығып қайтқан соң үйге келеді де көннен өзіне етік тігеді. Қалыбын да өзі жонады. Содан өз етігін, өз мәсісін өзі тігіп алумен өткен. Кемпірінің мәсісін де өзі тігіп береді екен.

4-сыныпта Сайлауға былғарыдан қайып, оюлап, тақасын, сірісін қатырып етік тігіп берді. Балалардың бәрі қызығады. Балалар былай тұрсын мұғалімдер де қызықса керек. Алды көп кідіртпей сұранысын беріп те тастапты. Бірақ Есағаң оларға мен кәсіпкер етікші емеспін деп жауап беріп аттандырса керек.

Сәті түспеген нәрсені қойсаңшы-ау, Есағаңа оқып, сауат ашудың бір тамаша мүмкіндігі туып қолдан шығып кете барыпты. Кінәлісі өзге емес жақын туыс, ел арасында батыр аты шыққан Дәулет. Ал туғызған ол да жақын туыс Қазақбаев Әпсәмет.

Қазақбаев болғанда бұл баяғы С.М.Кировтың мақтауына ілігіп онымен егіс даласында кезігетін Ә.Қазақбаев. Жасынан оқыған, орысша жетік ол 18 жасынан бастап ел басқару ісіне араласады. Мұндай білімді, адал, еті тірі жас жігіттерге сусап отырған жергілікті кеңес басшылығы оны қолдап, қызмет барысында көтермелеп әкетеді. Әпсәмет туған ауылына бір келгенінде өзге ағайындарынан ақылы, өнері, қайраты, дүниетанымы, пайымы көш ілгері Дәулет пен Есжанға — қысқа мерзімді курсқа барып сауат ашыңдар. Сосын іс басын ұстаңдар. Сендердей қабілетті жігіттерге сусап отырмыз. — дейді. Есжан құп ала кеткендей екен. Дәулет бүлдіреді бәрін.

Қараңғы Дәулет ұғымында орыс оқуын оқу — діннен безіп шоқыну. Өйтіп сүйекке сынықтық, әулетіне қара таңба әкелгенше Шудың бойына барып шошқа бағып кеткені артық. Өзінің орыс болғанымен тұрмай Есжан екеуін де соңынан ерткісі келген бауырына ренжіп, өкпелеп қалғаны сонша тіпті оны енді қайтып көрмеуге де серт беріп тастайды ашу үстінде. Өзі солай оқуға бармайтын болып Есжанды да жібермейді.

Құдай Дәукеңнің мұнысын асылыққа жазғандай. Әпсәмет бауырының алдын көрсетпесе де жақындатады. Және ойламаған жерден. Дәукеңді тентек дегенмен көшке қорағаш ала шабудан аулақ. Ал енді ұрынғанды оңдырмайды. Солай ретпен мұның қолынан әлдебір есерсоқ жазым болады. Арты белгілі. Сот. Иркутскідегі концлагер. Дәукең одан есебін тауып қашып шығады. Ташкент маңына келеді. Қайратына қоса өнерден де құр алақан емес ол бұл жерде қалың ағайын арасында тұрмыстан таршылық көрмейді. Бірақ елін сағынады, отбасын аңсайды. Сосын тәуекелге салып Алматыға тартады. Бұл 1940 жыл. Ә.Қазақбаев бауыры 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы сайланған. Сол қызметінде 1947 жылға дейін болды. Оған баруға баяғы серт бар. Сол шіркеу болып ҚазССР Министерлер Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың қабылдауына кіреді. Сол уақытта елден келген адамның қабылдауға кіруі жеңіл болса керек. Қазіргідей бюрократизм жоқ. Нұрекеңе бар жағдайын жасырмай айтады. Мұқият тыңдап алған оның жауабы салқын болды.

- Бұл мәселе бойынша Әпсәмет Қазақбаев бауырыңызға барасыз.

- Ау, Нұреке мен Найман, Қоңырат бір туған деп, әрі лауазымыңыз жоғары деп сізге келіп отырған жоқпын ба? Баяғыда өзім айтқанын тыңдамай бетін қайтарып жіберген айыбымды мойныма алғандай болып, оның жүзін көргенше Иркутскідегі түрмеме өз бетіммен тарта бермеймін бе? — деп сол жерде баяғы сертін айтады.

Нұртас Оңдасынов соны естіп бір күліп алады.

- Жақсы. Мен сені өз ауылыма жіберейін. Өз ауылыңа бара алмайсың. Онда тағы сотталасың. Тек тыныш абайлап жүргейсің, - деп ақылын айтып өзінің туған аулының ақсақалдарына Дәукеңді тапсырған хатын жазып, сонда жіберді.

Сөйтіп, Дәукең Нұрекең ауылының құрметті тұрғыны болып шыға келген. Онысын бұлдап кергитін Дәукең емес. Колхоздың оны-мұны шаруасын тас қайнататын болса керек. Содан қалған "соғыс кезінде ауылды елді Мерейім (басқарма төрағасы) емес Дәулет асырады" деген сөз ол елде әлі айтылады. Оның себебі мынада. Көктемде Сыр тасиды. Тасығанда жайылған қара сумен шығып шүңейт ойда қалған қара судың балығын Шымкенттің орыстары аулап арба-арба қылып тасып әкетуді кәсіп етіп дәндеген.

Дәулет алдымен соған тосқауыл қойды. Қолында дойыр қамшысы, астында ат, арбасын балыққа толтырып қайтар жолына шыққан арбалы керуен алдына көлденең тұрып алды.

— Бұл жердің иесі колхоз. Суының да, балығының да иесі колхоз. Керуен басын солай қарай бұрың. Әйтпесе жол жабық.

Орыстарға келіспеске лаж жоқ. Керуенді шұбатып колхоз қамбасына әкелген Дәулет батыр ауланған балықтың үштен екісін қамбаға түсіреді де қалғанын аулаған ақыларың деп орыстардың өздеріне қалдырады. Әрине, ол да аз байлық емес. Соған да риза болған. Орыстарды тағы келің деп шығарып салады. Олардың ерінбегені келеді, сірә. Ал қамбаға түскен балықты Дәулет үйді-үйге отбасы санына қарай өлшетіп бөлгізіп береді.

Нұртас аулы Түркістаннан дәл 21 км. жер. 1970 жылы Есжан үйі Түркістанға көшіп келеді де Дәулет екеуінің жолы тағы тоғысты. Қайта табысты.

Есағаның ағайын, бауыр ішіндегі ендігі бір сыйласы да, сырласы да Сұлтан. Сұлтекеңнің Шымкент облысында аудандық атқару комитетінің төрағасы кезі. Есжан ағасымен арасы 15 жас. Іс сапарында бұрылып аға үйіне келеді. Қуанып қалған аға бір марқаны алып ұрады.

— Қонақасы бар, бірақ арақ бермеймін, — деп ескертіп тастауды ұмытпайды. Тақуа, намаз оқитын Есағаң жалпы ішімдік атаулыға қарсы. Сөйтіп шай арақсыз ішіледі. Жолсоқты қонақтар қоңылтақсып отыр. Ет піce бергенде сабақтан Сайлау оралады. Әкесі күле сөйлеп:

- Ал, үй иесі, мына Сұлтан ағаң келіп отыр. Не істейміз,- десе Сайлау таңдайы тақ етіп: - Қойды соямыз, арақты әкелеміз, — десе керек. Әкесі мәз болып "үй иесінің айтқаны заң" деп баласын жалма-жан дүкенге араққа жұмсайды. Сұлтан аға кетіп бара жатқанда,-айналайын Сайлау, жарадың. Сен болмасаң Есағам аузымызды ырситып еді, — деп күледі.

Сұлтан аға Сайлауды жақсы көрумен өтті. Алматы облыстарының Нарынқол, Бақанас аудандарында басшылық жұмыстарында жүргенде Алматыға жиі келеді. Сондайда студент Сайлауға соғады. Қоржында бөктерген еті бар. Және ақша да беріп кетеді.

1965 жылы қаңтарда ол кісі қайтыс болғанда ішінде Дәулет, Есжан да бар біраз ағайын жиналды. Жерлеу комиссиясын облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасының орынбасары Канцеляристов басқарды. Сол кезде қалыптасқан үрдісте марқұм жаңа коммунистік ғұрыппен жерленуі тиіс. Тап сол жерде Есжан шұрқан шығарды.

— Бауырым тірісінде сендердің коммунистерің еді. Енді менікі. Мен мұсылман ғұрпымен жерлеймін.

Басшылар әрі-сәрі күйге түсті. Олай айтады, былай айтады — Есжан көнбейді. Шарасы таусылған соң Дәулетке кісі салды.

— Саспаң, - деді Дәукең ол шешенді... шошқа көзді мен көндіремін. Бұлай деп кесек сөйлеуі Дәукеңнің әкесі Есжанның әкесінен үлкен. Сосын боқтауға әбден құқы бар. "Шошқа көз" — Есжанға қойған өзінің жанама аты. Есжан көзі үлкен кісі болатын.

Дәукең сөзінде тұрды. Есжанды шақырып алды да.

— Жаңа ғұрыпта ел сыйлаған басшы азаматты қаралы жиын өткізіп, сөз сөйлеп қоштасып аттандырады ақырғы сапарға. Онысы өтпесе біз бауырымыздың құнын өзіміз кеміткен боламыз. Сен мұсылман ғұрпымен арулап, жаназасын оқып, киіндіріп шығарып бер. Қалған рәсімі жаңаша бола берсін.

Есжан келісті. Бәрі Дәукеңнің айтуынша болды.

Сұлтан марқұм ақылына ажары сай сұлу адам еді. Бақи сапарына сұлу аттанды, Айтпақшы, Дәулет ағаның Оразалы дейтін інісі бар. Оның қызы Гүлсім Оразалиева талантты журналист болды. Нұртас Оңдасынов атасы жайлы екі тамаша кітап жазды. Сөйтіп Нұрағаның әкесіне жасаған жақсылығын қайтарды.

2000 жылы Сәкеңе Шымкентте жол түсті. Шаруасының бір тіні туған топыраққа аунап-қунап қайту. Тіріге сәлем бермек, өліге бата тигізбек. Ең бастысы нағашысының басына құран бағыштамақ. Ауылдың ақсақалы Дүзеев Ысырайыл деген қарт екен. Бір аяғын сылтып басады. "Есжанның баласымын" дегенде көзіне жас алды.

— Асылдың сынығы екенсің ғой, айналайын. Әкеңнің бұл елге жасаған жақсылығын Алла қайтармаса адам қайтара алмас, — деп алып баяғы қиын-қыстау кезде болған бір жайды айтты.

Ел аш-жалаңаш. Сататын ештеңе жоқ. Колхоз еңбек күнге сірә ештеңе бермейді. Есжан әйтеуір есебін тауып бірді бірге жалғап, біразын өз есебінен қосып ақша жинап Созақ барады. Содан бидай сатып алып ауылға әкеліп жұртқа үлестіреді. Бұл шал сол кезде 14 тегі бала. Қалашылаған Есжанға ештеңе қоса алмаған. Дымдары болмаса несін қоспақ. Бірақ Есжан 50 кило бидай әкеліп тастады. Қарызға да емес. Тегін. Сол бидайды қуырып, бір жағын диірменге тартып нан көміп бір тойынғаны бар.

— Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді. Есағанның сол жақсылығын қалай ұмытайын, — деп қария тағы да көзін сулап алды.

Есжанның ең бір үздік адами қасиеті досқа адалдығы болыпты. 1942 жылдың аяғында 45 жасында әскерге шақырылады. Ауылдан екі адам. Қасындағы серігі Шубаев Бақмағанбет — досы әрі құрдасы. Әскери комиссариаттан шақыру қағаз алған соң екеуі ауыл-аймақпен қоштасып, пышақ қанатып құдайы шалып жүріп 2-3 күн кешігіп қалды. Келсе эталон жасақталып аттанып кетіпті. Комиссариаттың бір офицері жер тепкілеп айқайды сала жөнелді. Қырам, жоям, түрмеде шірітем ғой баяғы үйреншікті. Есжан шыдай алмады.

— Жолдас бастық, біз әскерден бас сауғалап жүргеніміз жоқ. Өйтсек, келмес едік бүгін. Серуенге емес соғысқа бара жатырмыз. Елімізбен, жерімізбен қоштастық. Оның айып-шамы жоқ. Қыр қазағымыз — өз түсінігімізбен жүреміз. Сенің тәртібің таңсық. Ал енді келдік қой, жібер соғысқа. Сол немісің де сүйек-еттен жаралған немелер шығар әуселесін көріп алалық.

Офицер Есжан осылай деген соң аптығын басты. Бұлар келесі жасақталған эшалонмен майданға аттанды. Сталинград түбіне келіп поездан түсті. Біраз жер жаяу жүріп бұрын бір кішігірім қала болған елді мекеннің жұртына аялдады. Төңірек қара күйік. Әр жерде өліктер жайрап жатыр. Есжан іштерінде мұсылманы болса бетін жасырайық деп қарап еді, бәрі орыстар екен. Осы жерді жаудан босатамыз деп қырғын тауыпты. Жер тоң. Өліктерді жерлеп жатуға мұрша жоқ әзірге..

Келгендерді сапқа тұрғызды. Бақаң екеуі сірә, орысша нөл. Өзге қазақтардың да оңып тұрғаны шамалы. Аңғарып тұр — әскер түріне іріктеп жатыр. Кезек Есжанға келді.

— Мен жаяу жүре алмаймын. Ат берің. Атты әскер жоқ па? — деді бұл.

— Екеуміз бір ауылдан едік. Доспыз. Бірге болайық. Ажыратпаңдар — деп безектейді Бақаң.

Ол өтініштері қабыл болып екеуі жұмысшы батальонына тап болды. Сірә бөлу кезінде бұлардың егдерген жасы есепке алынуы. Командирлері татар. Айтқаныңды түсінеді. Құдай бұл жағынан да қарасты. Бақмағанбет нағыз аңқаудың аңқауы. Оның үстіне қолапайсыз. Әйтеуір бірдеңені қоқытады да жүреді. Бірде бұлар бір селоға келді. Бүлінуден аман село екен. Бақаңа ақша беріп — сен мына көшемен жүріп нан сатып алып кел. Мен мына көшемен жүріп жейтін бірдеңе қарайын, — деп жұмсаған. Жолы бірден бола кетті. Бір сарайда әскер қазаны үшін қой сойып жатыр. Етін алады. Бастарын лақтырып тастап жатыр. Есжан бұған сәл таңданып тұрды да дорбасын әлгі басқа толтырып алды. Екеуі кездеспек болып уәделескен жерге келсе мойнынан су кетіп Бақаң тұр.

— Нан бар ма?

— Ешкім нан сатпайды. Және нан саудалап жүргенімді қалай түсіндіремін мен бұларға?

Екеуі әлгі бастарды үйітті. Екі шелекке толтырып асып пісіріп, әй, несін айтасың сол жолы бір тойды-ау. Бақаң құрым сорпаны маңдайы тершіп сораптап тіпті от басынан ұзар емес. Өйтпегенде ше, армия аш. Реті келгенде осылай "аяқтай жайылады".

Қыс іші еді. Бір селоға келді. Қоналқаға шеттегі бір үй белгіленді. Бірақ есігінде құлып тұр. Ашары жоғалыпты. Күн қақап тұрған. Бүрсеңдеп тоңып берекелері кетіп барады. Найқалып тұрар уақыт қайда, Есжан барды да құлыпты бұрап түбін қопсытып, жұлқа тартып жұлып алды. Қасындағы орыстар бастарын шайқап қойысты. Ішке енген соң бұл тез от жағып, отын қамдап шаруаға кіріскен. Бұл түнемелікке отын қамдап жүрсе өзгелер пеш маңына орнығып, рахаттанып жылынып, котелоктарын қызған плита үстіне тізіп қойып жайбарақаттана бастапты. Бақаң бір шетте состиып тұр. Оның котелогына орын тимей қалыпты. Есжан үнсіз ақырын басып келіп, плита үстіндегі котелоктарды әрі қопара ысырды да орнына серігі мен екеуінің котелогын қоя қойды. Сосын дәл пештің түбіндегі отырғандарды әрі қағыстырып отырып алды. Ешкім қыбыр еткен жоқ. Екі қазақ темекі тартпайды, арақ ішпейді, сірә. Паекқа қосылып берілетін оның билігі Есжанда. Аш болса да темекі мен араққа алдымен қол созатын орыстарға тамаққа айырбастайды. Бақмағанбет екеуінің бір үнем көзі сол.

Қарап отыра алмайтын Есжан қоналқаға тоқтағанда асхана маңына барып қолқабыс та жасай салады. Содан ол жақты басқаратын старшина мұны жақсы көреді. Құрметтейді. Солай-солай ретпен Бақаң екеуі жақсы есепте. Ашқұрсақтау болғанмен жұтқан жұтамайдының кебі.

Әскер тәртібі қатты, саптағыларға көзқарас бірдей дегенмен теңсіздік, тіл білмейтін шығыс ұлттарын шеттету бар. Тапсырманың қиынына осы екеуін жұмсайды. Бірде Бақаң ауырып қалды. Басқа болса госпиталға тартар еді. Онда барсам серігімнен айырылып қалам деп қорыққан ол жертөле түкпірінде бүрісіп жатыр. Күн суық. Аяз 40 градус деп -боқтанып жатыр саптағылар. Есжанға қарауылға тұру бұйырылды. Устав бойынша мұндай суықта қарауыл әдеттегідей 2 сағат сайын емес жарты сағатта ауыстырылуы тиіс. Оны қараңғы қазақ қайдан білсін. Таң атқанша қарауылда дірдектеп бір орнында жүгіріп шықты. Бұлар Беларусь майданында. Жұмысшы батольоны атанғанмен алғы шептегілердің артын ала отыратын бөлім. Қауіп мол. Бірде аспаннан келіп бомбалады. Бұрын мұндайды көрмеген Бақаң екеуі аспанға қарап ауыздарын ашып тұрып қалса керек. Серіктері айқайлаған соң барып окопқа жүгірді. Есжан көз қиығымен көріп жатыр — көктен бомба тура төбелерінең сорғалап келеді.

- Сол жолы құдай бір ажалдан қағып әлгі бомбасы түскірді жел ықтырып анадай жерге түсірді. Әйтпесе парша-паршамызды шығаратын еді, - деп отыратын Есағаң майдан естеліктерін айтқанда. Ауыр бомбаны ықтырар жел жоқ. Есағаңа солай көрінген ғой. Солай бұлар Берлинге жетті. Жау жеңілді. Жаз өтіп, күз келді. Солдаттарды елге қайтарып жатыр. Бір күні Есжанға штабтан шақыру келді. Елге қайтармақшы. Бақмағанбетке жоқ. Оның өңі ауып кетті. Сосын өзен жағасына барып отырып жылап қоя берді. Тіпті жұбанбай жылайды. Оны жұбатайын деп отырып мұның өзі жылады.

- Қой сені де көп кешіктірмей босатады, — десе мен сенсіз енді қалай тауып барамын. Бәрібір өлемін ғой, — деп онан сайын еңірейді келіп.

— Ендеше мен сенсіз кетпеймін. Қаламын.

Сондай берік шешімге келген Есжан штабқа келді. Ондағылар мұны бабай дейтін.

— О, бабай, домой вернем тебя. Маржу, баранчука увидишь. Мирным трудом будешь заниматся!

Әсіресе әйелдер жағы мәз болысып құттықтауда. Қара қайратына орай штабтың оны-мұны жұмысына жиі жұмсалатын, әрі ісіне тындырымды Есжанды штаб төңірегіндегілер, әсіресе әйелдер жақсы білетін, қадірлейтін. Есжанның бұларға өзін танытуы бір хикая. Бірде көшкелі жатқан штабтың дәу темір сейфін бір топ адам сыртқа шығара алмай мықшаңды салып жатыр. Есжан келді де әлгілерді әрі итеріп тастап, сейфті жуан арқанмен шандып байлады. Сосын арқаға салып жіберіп есікке беттеді. Қасынан екі елі қалмайтын Бақаң — Ойбай, бір жерің мертігіп қалар, таста, құрысын, — деп безектей жөнелді. — Сөзді қой, ана есікті айқара ашып тұр одан да, — деді Есжан оған. Сол көтерген бетінде аяғын ақырын саумалап басып келіп машина қорабына таяды. Онан арғысы оңай сейфті әуп деп қорап үстіне шетін іліндірді де әрі ауната салды. Көріп тұрған жұрт, аузын ашып қалған.

— Мен ауылға қайтпаймын, — деді Есжан құттықтаушыларға.

Жұрт аң-таң. Себебін түсіндіріп айтуға мұның орысшасы жоқ. Бар болғаны қайту қағазын алмай азар да безер болады. Бұдан үш жыл бұрын бұларды қарсы алатын татар бүгінде капитан. Штабта үлкен қызметте еді. Біреуі барып соны шақырып келді. Мән-жайды білген ол штаб қызметкерлеріне қатты ұрысты. Бірге келген екі досты бірге қайтару орнына олар тізім бойынша жұмыс жасапты. Есжанның фамилиясы Әленов. Тізімде алдымен тұр. Ал Шубаев артында. Бақаңның қалып қоюының бар себебі сол. Эшалон жүргелі жатыр. Енді үлгірте алмайды.

— Келесі эшалонды күтесіңдер. Ол 15 күннен соң болады. Оған дейін екеуің қызметтен боссыңдар. Демалыңдар. Асханадан екі үлестен тамақ беріліп тұрсын. Бұл екі қазақ — нағыз солдат! — деп бұйрық берді капитан.

Бақмағанбет Есжан досынан кейін 3-4 жыл кейін қайтыс болды. Есжан мені соғыста 3 жыл асырады, — деумен кетті марқұм.

Қазір Алматыда оның баласы Бақтияр тұрады. Сәкең ара-тұра оған "сенің босбелбеу әкеңнің кесірінен мен 15 күн артық жетім болып, әкемді күтіп көзім боталады" деп қалжыңдайды. Әкелері достардың балалары да сондай. Екі үй қатты араласып тұрады. Әкесі келгенде Сайлау бала оң-солын біліп қалған. Сонадайдан келе жатқан солдат алдынан бәрі тұра жөнелгенде бұл состиып тұрып қалған. Өйтуіне бір себеп осы үйде тұратын нағашы әжесі Бибіштің баласы болып үлгірген. Соғыс жылдарында бұл отбасында жеті нәзік жыныстың өкілі — Бибіш әже, шешесі, жиен апа Жәмила, Айнаш, Зейнеп, Пәтима, Дариха. Орталарында Сайлау жалғыз. Содан аздап шалдуарлау болып өсті. Әке келген соң ол шаңын қақты. Ауыл баласы шаруаға ерте араласады дедік қой. Сондайда алдымен атқаратын міндеті қозы, лақ, бұзау бағу. Азаматы кем, бары мүгедек болып оралған ауылда бала елеулі жұмысшы күші. Сайлау табиғатында тіл алғыш, жұмысқа жұғымды. Әкенің ол тұрғыда реніші болған жоқ. Тек қатты тапсырғаны өз малына қоса ана күйеуі жоқ, жұмсайтын баласы жоқ пәленше, түгеншелердің де малын бағуы керек. Ол айтқаны орындалды. "Аюға намаз үйреткен таяқ" деп қалт жіберсе шықпыртып алудан тайынбайтын. 5-тен аса есеп үйретті. Қосу, алу, бөлу амалдары. Сонда мысалдары тым қарапайым.

— Мен еңбек күнге 10 кило бидай, ал Бақмағанбет 50 кило көп алды. Сонда нешеу болады?

— Бізде 10 тауық бар. Ал Бақмағанбетте одан бір жарым есе көп. Сонда онда қанша тауық бар? - деген сияқты болып келеді. Ондай есепті шешкеннен оңай не бар. Сайлаудың таңдайы тақ ете түседі. Әкесі басын изеп құптап қойып, келесі есебін күрделендіре түседі. Осылай Сайлау есеп жағын жақсы меңгерді.

Әкенің баласына берген басты ақылы адал болу, кісі хақын жемеу. Бірде мынадай жағдай болды. Ауыл шетінде көрінім жерде Аққойлы Дулат бір кемпір болды. Күйеуі соғыстан оралмаған. Баласы да сол сор соғыстан келмей қалған. Әкесі содан 3 кило жүгері алып келуге жұмсады. 4 кило әкелді. Кемпірдің көзі нашар көретінін пайдаланып тағы бір кило қостырып өлшетіп жіберген. Соған мақтанып келді. Себебі табыс тауып келді ғой. Әкесі ести сала жостырсын. Шыпыртқымен аямай ұрды.

— Сен оңбаған, мені арамнан мал тауып асырамай-ақ қой. Үйде жүгері анау қабымен тұрған. Мен саған ол жүгеріні ертең ол базарға шығарып сата алмайтын болған соң сатып алып отырмын. Оған солай қол ұшын беремін. Ал сенің қылығың мынау.

Осы бір оқиғаны Сайлау өмір бойы ұмытпай өтті. Ұмытпайтына сабақ болды ол.

1960 жыл. Оңтүстік Қазақстан облысында өндірістік практикада жүрген. Далада шатыр тігіп жатыр. Бірнеше адам. Бір аяғы ақсақ татар шалы әрі шаруашылық меңгерушісі әрі кассирлері. Сол бір сапарында ақша әкелді. Сайлауға 60 сом аванс. Ведомостқа қол қойып алып шатырға келген соң санаса — 69 сом. 9 сомды артық беріп жіберіпті. Жігіттер — бұйырған ақша ғой. Бір көйлек сатып аларсың. Бүктеп қалтаңның түбіне тығып қой - деп жатыр. Сайлау серіктерінің бұл ақылын құлағына қыстырған жоқ. 9 сомды татарға апарып берді. Әрине оның да тап осыған қарап тұрған күні жоқ шығар. Бірақ жас жігіттің адалдығын көріп, "Рақмет, ұлым", — деп қатты ризашылығын білдірді.

Есжан Жылқайдар баласының замандастарының бірсыпырасына белгісіз болып кеткен тамаша бір қыры — ақындығы еді. Тіпті кезінде айтысқа да қатысып кеткен жері болыпты. Бұл Отан соғысы алдындағы оқиға. Дулаттың бір байының қызы да ақын. Ақын болғанмен шайпау. Тіпті көргенсіз. Көп әріптестерін сонысымен жеңген көкбеттің нағыз өзі. Есжанның ақындығынан хабардар дос-жаран қаумалап қызбен айтыстырмақ болады.

— Ойбай, беті аулақ пәлекеттің. Мен жеңе қалған күнде қамшыларын білеп отырған төрт атасы бар. Олар теңдік бере ме? Бермек түгілі айтыс үстінде артық-ауыз сөз айтып қалсам да көкемді көзіме көрсетеді ғой!

— Біз де елміз. Сені жауға бере қоймаспыз — деп серіктері кеу-кеулеп кеткен соң келісуге тура келді. Айтыс бірден қызу басталды. Қыз нағыз көкайыл көкбеттің жүлде алғаны екен. Беті ашылмаған қыз түгілі саркідір әйелдің аузы бармайтын сөзді айтып салды. Ол солай деген соң иба сақтап не керек. Есжан да тотияйындай улы жауабын бере қойып еді қыздың үні өшті. Қып-қызыл болып орнынан тұрып жүре берді. Ағалары орындарынан қопаңдап көтеріліп бермек еді. Бай оң қолын көтеріп тамағын кенеген соң жым болды.

— Жарадың, Найман бала! Қызы түскірге осы бейпілдігіңді қой деп қанша қақсап қойдыра алмап едім. Тәубесіне келтірдің. Ал енді осы елде, осы жерде бұл Найманның бетіне ешкім жел болып тимейтін болсын. Қазір қонақ бол. Қонақасыңды жеп болғанша бәйгеңді мына балалар жолға салып қояр.

Есжанның айтысқа қатысуының алды да, арты да осы. Көңілдің кейбір кездерінде ол өлең шығарған. Әрине, бәрі бірдей жетпеген. Айтылған жерінде қала барған. Яғни қағазға түспеген көп өлеңнің жолын қуған. Бізге жеткендері Сәкеңнің қағазға түсіріп қала алғаны. Соның бірі Есжанның соғыста айтқаны делінеді. Есағаң соғыста Бақмағанбет досы екеуі біраз уақыт әскер аттарын бағыпты. Бұл өлең сонда туған.

Басынан құламаның құлағаным.

Дегені болады екен бір Алланың.

Барды ма құлағыңа Бәтен, Сайлау,

Отырып от басында жылағаным.

Көрер көз, жоқ боп тұр ғой естір құлақ.

Aт мініп жылқы бағып жүрміз бұлап.

Барды ма құлағыңа Сайлау, Бәтен,

Үстінде сары қасқа аттың тұрмын жылап.

Қанаты қайқы келер қара құрдың

Сағынып Дәренімді аласұрдым.

Барды ма құлағына Сайлау, Бәтен,

Үстінде тор биенің жылап тұрмын.

Өлеңдегі Бәтен, Дәрен — қыздары Пәтима мен Дариға, Сайлау сірә ұлы ғой.

Біз қашанда қапы қаламыз да жүреміз. Соның бірі осы соғыста шыққан өлеңдер. Ақын халық қазақтың көп өкілі соғыста осындай өлең шығарды. Олардың дені авторының білім дәрежесіне байланысты ауыз әдебиетінің үлгісінде. Көркемдік жағынан Әбекеңнің — Әбу Сәрсенбаевтың "Ақша бұлтымен" шендестіре алмайсыз оларды. Бірақ бұл өлеңдердің артықшылығы қарапайым адамдардың үлкен жүрегінен жарып шыққан. Халықтық сипатқа ие жырлар бұлар. Егер Жазушылар одағы мәдени мұра бағдарламасына орай ел арасындағы сондай жәдігерлерді жинап, жинақ етіп бастырса қандай ғанибет болар еді. Елеусіз қалған сан Есжан ақындардың аруағы бір аунап түсер еді.

Есағаның тағы бір өлеңі нақыл, ғақлия сипатында болып келеді.

Өлгесін арыстаннан тышқан артық.

Аңдысқан ағайыннан дұшпан артық.

Қолына бір наданның түссе гауһар

Бағасын шығара алмас мыстан артық.

Бак, қонса сыйлар Алаш ағайындай.

Келе алмас дұшпан батып маңайына-ай.

Басыңнан бақыт құсың ұшқан күні

Құл-құтан басынады маңайыңды-ай.

Ер жігіт сөйле десең зарды айтады.

Қосылған ғашық болып жарды айтады.

Шабан ат, жаман қатын, шолақ дәулет.

Жігітті сол үшеуі қартайтады.

Бар болсаң ешкім саған алыс емес.

Жоқ болсаң ағайының таныс емес.

Жыртық үй, жаман қатын, арық соғым

Жігітке кедей болса намыс емес.

Бұл жолдардан Есжанның шын мәнісінде талантты ақын екендігі аңғарылады. Қазақтың түс еркегі қасындағы қосағының қадірін білген. Әйелі олар үшін сенімді серік. Отбасының құты. Балаларының анасы. Оның әлмисақтан бағасы осындай болатын. Кеңес үкіметі келді де "жоқ, қазақ әйелі теңсіз. Бостандықты, бақытты оларға біз береміз" деп жарапазандатып шыға келді. Иә, берді атасының басын! Түс қазақ әйелін еркек атқаруға тиіс түз жұмысынан қағыс ұстайтын. Олай етуге намыстанатын. Кеңес әйелге еркекпен теңсің деп ер-азаматтармен бірге небір ауыр жұмыстарға салды. Сол келеңсіздікті Есжан ақын бір ауыз өлеңмен былай деп шаншып өтіпті.

Дем алып сүйеніпсің кетпеніңе

Жас өмір осымен өткенің бе?

Ілгергі әйел көрген жоқ бұл тірлікті

Риза бол, әйел теңдік, жеткеніңе!

Бірде Сәкеңнің әкесінен: "Ата, бұл өнер сізге қайдан жұғысты болып жүр. Арғы аталарымызда ақын болған біреулер болған ба?" — деп сұраған. Әкесі атаң Жылқайдардың өлең шығаратыны болған деп айтқандарынан есінде аз-мұз қалғандарды ақтарды.

Найман қазақтың көп руының бірі. Бір бөлігі қазір Қытайда, Монғолияда тұрып жатыр. Олай қарай өтуіне әрине, әр түрлі жағдайлар сеп болған. Жылқайдар тұсында да Ұлытаудағы Наймандар, сірә оған орыс отаршыларының озбырлығы себеп болуы, Тарбағатай аспақ болады. Сонда Жылқайдар былай депті:

Сары Кеңгір, Қара Кеңгір қалдың бізден,

Шалғыны Ұлытаудың жалпақ тізден.

Кірім жуып, кіндігімді кескен жерім,

Сарысу, әлі сенен күдер үзбен.

Бұл, сірә, ұзақтау өлең болуы. Бірақ Есжанның есінде тек осы шумақ қана қалған. Құдай қолдап ол жолы бұлар шекара асып кетіп қалмаған, ата мекендерінде қалып қойған.

Жылқайдар енді бірде ауылдастарын, қайын жұртын дәл кейіптеп бір жағы шын, бір жағы қалжың төмендегі өлеңді шығарады.

Омардың отырады сықылы кеп,

Таянар Райымбек мықының көп.

Би қойды Жақыпбекті биыл таңда,

Бұрынғы Құба ханның тұқымы деп.

Есжан да жүруші еді селтіреңдеп,

Бір пысық тәуір жігіт деңкірер деп.

Биліктен Байбатырды қалдырып тұр,

Шор аяқ дорба көрген жем тілер деп.

Шаңырақ абыройлы Дүйсек те жүр,

Әшенді өсекті сөз сүйкеп те жүр.

Қолына Жүніс, Бәшен пышақ алып,

Көп сөйлеп, құнсыз сөзді күйсеп те жүр.

Бара алмай қажылыққа Татанбай жүр,

Хажы боп тәуір кісі атанбай жүр.

Әр жерлерде хажылар көбейген соң,

Төсекте тыныш ұйықтап жата алмай жүр.

Хажы боп осы күні Көтенбай жүр,

Оларға баз біреулер жете алмай жүр.

Айбыны асқар таудай болғаннан соң,

Үстінен дұшпан аттап өте алмай жүр.

Тәжіге жас күнінен бақ айналды,

Бір серпіліп кетті де тағы айналды.

Кешегі ел айырылған сайлау жылы,

Кім алыс, кім жақыны абайланды.

Әкесінен жұғысты, өзі де өлең ауылына қоңсы қонған Есжан Сайлауын да қазақ өлеңін, әдебиетін сүйіп өсуге баулиды. 6 жасында "Қыз Назым", "Күлше сұлу" дастандарын мәнерлеп айтып беріп, құлағына сіңіріп, жоғары сыныпта жүргенде айтып отырып жаздырады. Сайлау сауат ашқан бойда қолға түскен жыр кітаптарын әкеліп оқытып, тыңдап отыруды әдетке айналдырған. Кей-кейде газет-журналдардағы өлеңдерді көріп қалса да оқытады. Қазақта Абайдан басқа ақын жоқ,— дейтін оның айтуында "Жамбыл ақын емес".

Сондай Есжан аға өзінің туған әдебиетіне баға жеткізсіз еңбек сіңіріп кеткенін енді біліп, қатты риза болып отырмыз. Сайлау жоғары сыныпта оқып жүргенде қасына алып, білгендерінің нобайын үлкен бір көк дәптерге жаздырады. Бұл шаңырақтағы әкеден қалған жәдігер, тәбәріктің басы — сол көк дәптер. Басында әулеттің қысқаша шежіресі. Содан кейін Шернияз ақынның Баймағанбетке айтқаны. Біз білетін хрестоматиядағы нұсқасынан айырмашылығы арты:

Ассалаумағалейкум сәлем берді,

Орнынан Баймағанбет тұра келді.

Әр сөзі хан иеге ұнап кетіп,

Мың сомдық жанат, ішік жаба бepді,

—деп аяқталады. Есағаң нұсқасының бір ерекшелігі мұнда тап осы жерде Манамбай деген ақын көріне кетеді. Баймағанбет маңында ондай сарай ақыны болды дегенді естігеніміз жоқ. Бірақ кім де болса, оның маңында әйтеуір бір ақынның болуы мүмкін. Өйткені ол кездің дәстүрі сондай.

Шернияз келіп: "Мен едім Исатайдың Шерниязы",- деп өзін тепсініп таныстырған соң іші қып ете қалған Баймағанбет Манамбай ақынын шақыртады. Сөйтіп, Манамбай келгенде, Шернияз айылын жимай,.

Өлеңді аз айт десең, көп айтайын,

Лайық падишаға деп айтамын.

Манамбайың келді деп сасамын ба,

Шайымды ішіп, етімді жеп айтамын.

Манамбай:

Өлеңді аз айт десем, көп айтарсың,

Лайық падишаға деп айтарсың.

Мың сомдық жанатыңды шешіп алсам,

Қаяңды хан алдында жеп айтарсың.

Шернияз:

Мынау ма Манамбайың қылжақтаған,

Тарта алмай қу домбыра бармақтаған.

Өсіп пе бүре сөзден бұл көргенсіз,

Қаясын хан алдында салмақтаған.

Кигенім аяғыма бітеу қара
Байпағым, батсайыдан кәпір ала,
Салғаның табағыңа қаяң болса,

Ханыңмен жаңа жедік екеуара.

Айтысты баяндаушы одан арғы болған жағдайды бір шумақпен былай деп түйеді.

Өлеңді айтушы едім әуел келіп
Тұрады дихан баба дақыл сеуіп
Әр сөзі Шернияздың ұнап кетіп

Шығарды Манамбайды көтке теуіп.

Онан әрі Шернияздың Баймағанбеттің қыздарын жамандайтын жолдары бізге белгілі нұсқасынан аз-мұз өзгеріспен түсіпті хатқа.

Есжан жазбасындағы енді бір назар аударатын тұс — Шернияз "Мен едім Исатайдың Шерниязы" дегенде Баймағанбеттің "Оның әлгі мен өлтіретін неме ме?" — деп көкірек керуі.

Біз білетін нұсқадағы "Аржақта Арынғазы дүмбірлеген" деп басталатын Баймағанбетті жамандау Есағаңның айтуында былай:

Аржақта Бөкен батыр дүмбірлеген
Байеке, сөзім барма білдірмеген
Баласын мұсылманның зар жылаттың
Сен иттен шүршіт жақсы шүлдірлеген

Түйеде тайлақ бар ма тестірмеген

Байеке, сөзім бар ма естірмеген.

Баласын мұсылманның зар жылаттың

Сен иттен орыс жақсы кестірмеген.

Қандай отты жолдар. Шернияз мұрасын жинаушыларға соңғы шумақ белгілі де болуы. Бірақ орысқа табынған заманда оның жинақтарға енбей қалуы мүмкін. Қалай болғанда да мұның баспа жүзін алғаш көруі осы. Оны жоғалтпай кейінге жалғаған Есжан ата аруағы алдында бас иеміз. Айта кету керек заманыңда Шернияз ақын аты алысқа кеткен, сонау Ұлытау, Шу бойына да барған екен.

Көк дәптердегі тағы бір жақсы өлең Мәнжан Бодықтың (Бодық — ру аты) 15 түйе деген төрт шумақ өлеңі. Дәуренбек дегеннің аманатқа қосқан айғырмен айтысы. Айтыста Дәуренбек айғырдан жеңіледі. Себебі, ол аманатқа қиянат жасап, үлкен күнәға батқан. Тағылым, тәрбиесі мол өлең. Көркемдігі де жоғары.

Есжан жаздырған қазынаның ең құндысы Қалмамбай Байдәулетұлының "Назымбек", "Қожа Мансұр" дастандары. Есағаң берген дерек бойынша Қалмамбай Байдәулетұлы (1862-1916) Жауғашты Қарабаладан тарайды. Моласы Жезқазғанның Қырқа деген жерінде. Қалмамбай болыс та болған кісі екен. Сірә, оның ақын атының шықпауына, ұмытылуына осы болыстығы себеп болуы. Қалмамбай бірде Қызылжар қаласына барып Сәтбек батырдың үйінде жатады. Сонда Сәтбек басынан өткен хикаяны естіп дастан қылады. Өкінішке орай, Есағаң оны ұмытып қалуы себепті жаздыра алмаған. 1910-1911 жылдар шамасында Қалмамбай 1 айдан астам ауырып жатып "Назымбек" (кейде ол "Назым-Күлше" деп те аталады екен), "Қожа Мансұрды" шығарады. Назымбек көлемі 664 жол, қара өлең үлгісімен шығарылған махаббат тақырыбындағы дастан. Өте көркем. "Қожа Мансұр" шығыс аңыздарының ізімен ("Сейфіл Мәлік-Бәдиғұл Жамал" үлгісімен) жазылған хисса түріндегі дастан. Мұның да тілі көркем.

Президентіміздің мына мәдени мұра бағдарламасы бойынша бұл шығармаларды жариялауды басты парызымыз санап отырған жай бар. Алдын ала көңілді тоқ санап айтарымыз қазақ әдебиеті тағы бір екі шығармаға байыды, бір ақынмен толықты.

Қалмамбай туралы шағын анықтаманың артында "Қалмамбайдың баласы Зият "Құмқоңыр" совхозында тұрады" деген ескерту бар.

Көк дәптердегі тағы бір қазына Шәді Төренің беташары.

Төрде отырған сыпыра қария аналар,
Жапсардағы отырған жастарың үлкен ағалар,
Сіздерге де қуаныш, жасы кіші балалар,
Бұрынғының бір жолы келінді көрген адамнан

Көрімдік сұрап мал алар.

Келінің де құр емес
Сақина мен білезік
Үкілі тақия кәжекей

Нәрселері тағы бар.

Көңілі жақын ағайын
Ащы беріп құттықтап
Қалағанын тағы алар

Шәді төре қазақ әдебиетіндегі белгілі адам. Өлеңді жазып шығарған. Мынау өлең оның суырып салма ақын болғанының да дәлелі.

Көк дәптерге түсіп қалған ендігі мұралар "Қасқыр мен Төлектің айтысы" (көлемі 16 жол), "Бодық Назардың інісі Базар өлгенде шығарғаны" дейтін ұзақ өлең, Өтебай Қарабалаға, Үкібайға, Тәуірбайға, Ерден Сандыбайұлына қатысты әңгімелер. Әңгімелер нақты деректерге құрылған. Ауызша айтылған әпсананың көркем үлгілері.

Есағаң сол көк дәптеріне айтып жаздырған бір әңгіме:

Ертеде бұл ауылда Қыдырма деген адам өтіпті. Дәптерде ол туралы ""Алматыдағы Қасымбеков Қайсардың атасы" деген анықтама бар. Сол мал шетінде жүрсе өтіп бара жатқан бір адам бұл кімнің ауылы, қай ауыл деп сұрапты. Сонда Қыдырма: "Ағасы, бұл Әлен, Қолдас, Ақыш, Тоқыш, Жаңылдық, Жақсықыз, Құдабай, Жұрқабайлардың ауылы" деп жауап беріпті. Ақышы ауыл ағасы Бораншының бәйбішесі, Тоқышы Жылқайдардың бәйбішесі, Жаңылдық Бораншының шешесі, Жақсықыз Жылқайдардың шешесі, Құдабай ауыл ақсақалы, Жұрқабай Қыдырманың өз атасы.

Қыдырманың сөзін естіген жолаушы.

- Ой, ит, көбейтіп жібердің ғой, — деп кейістік айтады. Сонда Қыдекең:

— Өзі де аз емес көп ауыл, — деп жауап бере салыпты.

Сол Қыдекең айтпақшы, Есағаңның өз басына қатысты айтпағымыз да жетерлік. "Көк дәптерді" қызыға оқып, парақтай берсек алысқа кетер түріміз бар. Оны жайына қалдырайық. Ескерте кетеріміз ондағы Ерден жайлы жазба деректер негізінде бөлек әңгіме қозғамақпыз. Себебі, Ерден бұл әулеттің мақтан тұтар бабалары. Бүтін бір рулы елдің ұстыны, тарихта аты қалған тұлға. Егер Ерден кешегі кезде дұрыс бағасын ала алмаса ол заманның кінәсі.

Есағаң қосағы Бибісара қайтыс болған соң ол кіші баланың қолында. Балалары көптеп-көмектеп Түркістаннан сайлы үй салып берген. Жасы ұлғайған кезде ораза, намазын соғыстағы 3 жылынан өзге уақытта қаза етпеген тақуа, діндар кісі жарықтық Әзірет Сұлтан маңында болғысы келді.

1976 жылға қараған қыс. Жаңаөзенде тұратын Сәкең сонда келетін туыстарына.

— Атамды ала келің. Біздің үйде аунап-қунап жатып қысты өткеріп қайтсын, — деген сәлем, әрі тапсырмасын айтты.. Бірақ шал барғысы келмейді. Алысқа жүруге құлықсыз. Жалпы ол соңғы жылдары сапарлауды тым азайтқан. Ал Сәкең болса туыстарына әлгі тапсырманы қайта-қайта айтып қояр емес. Енді қайтсін, жырақта жүрген оның да әкесімен бірге қасында болғысы бар. Өзі келіп туған үйінде аунап-қунап жатуға мүмкіндігі жоқ. Жер аяғы қашық. Жұмыстан қол тимейді. Сәкең тапсырмасы бұйрық сипатына ауыса бастаған соң мұндағы балалары қулыққа көшті. Әкеге қулық жүрмейді ғой, бұлары базыналық. Жаңаөзенге ұшаққа билет алды. Әкелеріне — Шымкентке барамыз, — деп өтірік айтты. Шымкент таяқтастам жер. Және онда тірісіне сәлемін беріп, қуанышына құтты болсын айтып, өлісіне бата тигізетін шаруа да толып жатыр. Есағаң оған қуана келісті. Сөйтіп ұшаққа отырды.

— Ау, балалар, тым ұзақ ұшып кеттік-ау өзі, — деді әлден уақытта мазасызданып.

— Жел қарсы беттен. Ұшақ жай ұшып келеді, — деп жақауратады балалар. Өзенге келді. Әуежайға түсті. Есағаң жан-жағына қарағыштап тұр. Шымкенттің әуежайы таныс. Ол мұндай емес сияқты еді. Зәулім болатын. Мынау еңсесімен жер тістеген бәкене үйлер. Ауасы да бір түрлі құрғақтау ма қалай? Әлдебір күлімсі иіс те шығады.

— Осы сендер мені ұрлап әкеліп тұрған жоқсыңдар ма, — деді ұшақтан түсіп аяғы жерге тиген соң қоюлаған күдігін сыртына шығарып. Алда күліп мәз болып күтіп тұрған Сайлауын көргенде барып:

— Е, мына немелер мені ұрлап әкелген екен ғой, — деп өзі де күлді. Сол сөзі сеп болып Сәкеңмен қалжыңы жарасатындар сырттай "ұрланған шал" деп қалжыңдап жүрді кейіннен.

Есағаң бұл сапарынан олжасыз болған жоқ. Жата-жастана Адай елімен, құдаларымен танысты. Сәкең әдейі Өзендегі әңгіме білетін кәрі құлақ ағалардың жиі-жиі басын қосатын. Артынша Найман меймандарын олар шақырды қолдарын қусырып. Қол қусырып дегеннен шығады. Қазіргі жаңа қазақтың өз жолы өзінде. Бұрынғының қазақтары, біз көрген Адайдың үлкендері өзге рудың, әсіресе Орта, Ұлы Жүздердің тұстастары түгілі жастарын аға баласы деп төрге отырғызып, басты алдарынан өткізіп барып ұстап құрақ ұшып құрметтейтін. Жаңаөзенде ол уақытта осындай асылдың сынығы ағалар көп болатын. Олардың дені қара әңгімеден қаймақ айыратын жүйріктер еді. Есағаң солардың ортасында айбын асырып, айдынын кеңітіп бір жасады. Оларды да әңгімеге қарық қылды. Оның үстіне келіні Әлпия босанып, дүниеге София дейтін немере келіп, ерні жібіп шалың тағы мәз болды.

Бірақ жаңа жыл өте қарттың көңіліне мазасыздық енді. Екі сөзінің бірі — "елге қайтам". Сәкең сылтауратып кейінге қалдыра берді. Әкесін оңайлықпен жібергісі жоқ. Тағы бірде сондай әңгімеден соң:

— Жер қарайсын, күн жылынсын, — деп жақауратты.

— Балам, сақтықта қорлық жоқ деген. Сүйегімді арқалап баруға тура кеп жүрмегей. Құлағында баяғы балшының айтқан болжауы бар Сәкең жаманшылық қауіптен ада, әкем әлі де болса 7-8 жыл жер басып жүре тұрар деп қамсыз еді. Балшының өлім жайлы бүгіп, адам көңілін бірлеп қорықпай жүрсін деп срокты күнді ілгері ұмсындырып айтатынынан тек Сәкең емес осы баршамыз да бейхабар болумен келдік қой.

Сәкең әупірімнің күшімен әкесін інісі Мұхтардың каникулға келуіне қарата алды. Соған қайтарында ертіп жібермек. Солай етті. Әттең Есағаңның үлкен баласының үйіне, Адай еліне сол сапары бейне бой жасау іспетті болған екен. Қаңтарда ауылға барған. Содан сырқат аздап білдіре бастады. Сұңғыла қарттың көңіліне кірген алаңы түскір алдамапты. Ол келе жатқан ажалы түскірдің сақтандырған хабаршысы екен. Аз күн төсек тартып жатып 2-мамырда бақилық болып кете барды. Қазақ бір абыз қариясынан айырылды. Мәнімен, сәнімен өткен бір ғұмыр үзілді. Қосағы Бибісара енді ана дүниеде жалғызсырамайтын болды. Қазаға алыс-жақын ағайынның бәрі жиналды. Елдің бір жақсы салты жер аяғы алыста көңіл жақын ағайындар орталарындағы марқұмның балалары үйіне барып дұға бағыштап көңіл айтады. Осы ретпен Есжан марқұм қазасын құдасы Адай елі де азалады. Жақсының жақсылығын айтып рухын биіктетті. Одан бері де біраз жыл өтті. Бірақ шіркін асқар тау әкенің орны бөлек қой, бөлек. Әкесі есіне түсіп кеткен көңілдің кейбір кездерінде шашының ағы әбден дендеген ата жасындағы Сәкеңнің көкірегі Үстірттің елі көшіп кеткен даласындай болып аңылжып сала беретінін қайтерсің.

Атаға тартып өскен бала қашан да солай болмақ.

Бүгінде қасиетті Түркістанның күреңселі топырағында тыныстап жатқан қазақтың абыз қариясы Есжан Жылқайдарұлы, саған қазағыңның өз ортасында мерейін үстеген Сайлаудай ізбасар тәрбиелеп қалдырғаның, бойындағы бар жақсылығыңды кейінге мирас ете алғаның үшін рухың алдында тағзым!

АНАНЫҢ АБЗАЛ БЕЙНЕСІ

"Алып анадан туады" — деп келеді қазақтың тағы бір генетикалық пайымы. Сол қазақ тағы көңілі қатты қалған әлдекімге "жатыры жаман еді. Соған тартты-ау" деп те жатады. Бұлардың түп қазығы адамның бітім болмысын құт та жұт та қылатын ананың құрсағы дегенге саяды. Атаға тартып туған бала анасына да тартады. Баяғы аруағыңнан айналып кетейін ата-бабаларымыз текті жермен құда болам деп ат арытып ел адақтағанда болашақ ұрпағым жақсы болсын дегеннің қамын жейді екен.

Текті атадан туған Есжан екі баласы мен әйелі өліп, жасы отызды орталап қалса да мойымай өзіне лайық жар іздейді. Ол бір қиын қысталаң кез ғой. Елде жесір әйел де, Есжан сияқты ер азаматтың етегінен ұстай кетуге дайын қыз да көп. Көп еркектің бірі болса солардың бетіне қараған біреуін үйіне кіргізіп алар еді. Бірақ бұл Жылқайдардың баласы Есжан ғой. Таңдауы ел ішіндегі ауызға іліккен қыз Бибісараға түседі. Руы Қыпшақ. Демесін деген атақты молданың қызы. Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған, Бибісараның көңілі де Есжанға кетәрі болмайды.

Елдің әлі де болса қоңторғайлау кезі. Ойын-той, шілдехана дегендер болмайды. Көңілі жарасқандардың кездесу, әңгімелесу мүмкіндігі шектеулі.

Оның үстіне аңдушы да көп. Бибісараға қырындап сөз салушылардьщ ішінде Әлібек деген жас жігіт бар. Қыз ағасы, ағайындары соны қолайлайды. Себебі, Әлібек жас әрі кірекештікті кәсіп ететін ол осы үйдің бір түйесін де өз түйесімен бірге жалдап табыс түсіріп тұр. Қыз жағының осындай ықыласын малданған Әлібек Бибісараға "маған қашан тиесің" деген қыңқылынан танбайды. Әрі-беріден соң дегбірі таусылған ол түнде ағаш үйдің қыз жатқан тұсына келіп, керегесінің көзіне аузын тосып сыбырлап өзіне тезірек тиюге үгіттейді.

Бибісара одан құтылғанша асық.

— Ана түйені арықатпай осы жолғы кіреңе де аман барып қайт. Сосын сөйлесерміз, — деп шығарып салды бұл жолы да керегесінің көзінен сыбырлап. Олай демесіне шарасы жоқ. Әлібек кіреге жалдап жүрген түйе осы үйдің күн көрістігі.

Бибісара аңқаулау адам болыпты. Оның сол мінезіне қатысты езу тартқызар әңгімелер де көп болған. Оны бізге жеткізуші үлкен қызы Пәтима апай. Оған мамасы папасымен қосылып күліп отырып талай айтып берген екен. Бірде Әлібектен соң іле-шала Есжан келеді үй іргесіне. Екі ғашықтың "ұялы телефоны" сірә сол үйреншікті керегесінің көзі. Қыз оған әлгі Әлібекке айтқанын қайталап айтады. Себебі, сол қайта оралып келіп тұр екен деп ойлап қалыпты...

Соны еске алып Есжан екеуі өмір бойы мәз болып күлумен өтіпті.

Ақыры алушыны аңдушы жеңіп, екі ғашық қол ұстасып уәделі күні қашады. Көліктері түйе. Бірақ қыз туыстары оны күн бұрын біліп қойған екен. Жолда аңдып тұрып айырып алып кетеді.

Жолы болмаған Есжан үйіне келіп жатып қалады. Көңіл алай-дүлей, ұйқы келер емес. Бибісараның қазір қандай күйде екенін ойласа іші онан сайын әлем-жәлем болады. Жаңа оны бермей тартып алып жүре беруге де болатын. Оған қайраты жететін. Бірақ қыздың ағаларына күш көрсетуге дәті бармады. Ауылдары қоңсы, күнде көріп араласып жүргендері тағы бар. Иесіз үйде енді дөңбекшіп жатқаны міне. Ашуға мінген қыз жағының енді бірер күннен кейін кіреден оралатын Әлібекке алас-қапас ұзатып жіберер қаупі тағы бар. Бәрінен бұрын Бибісараның ағасының "қарындасымды қатыны өлген шалға бермеймін" деп тұлан тұтқаны батты-ау жанға. Қайдағы шалдық. Мұның жасы 38-де, Бибісара 19-да. Жас айырмашылығы рас, барырақ. Бірақ о заманда, бұ заман қазақ 40-қа жетпеген ер азаматты қашан қарт санатына қосып еді?!

Сықырлауық сықыр етіп ашылды. Адам баласынан қауіп күтпейтін бұл есігін ілмей жататын. Басын көтеріп алса — есік аузында ай жарығымен елеуіржіп екі әйел тұр.

— Ay, біз асығып қашып ала өкпе болып келіп тұрсақ күйеуіміз шалжиып жатыр ғой, — деп күлді бірі. Тани кетті—бұларға тілектес болып жүретін қыз жеңгесі. Қасындағысы Бибісара!!!

Ағалары қарындасын айырып алып үйге апарып, оның арты аз-мұз ұрыс-керіске ұласып барып басылып, абыр-дұбыр тиылып, жұрт ұйқыға бас қойған соң мейірбан жеңге қайын сіңілісін қолынан жетелеп бері салған.

— Есжан алтын басыңды қор етпейтін азамат. Етегінен бір ұстаған екенсің айырылма. Ақ жолға бара жатқан қарындастарының алдына кесе-көлденең тұрған ағаларыңдікі тентектік. Оны сен де, Есжан да көңілдеріңе алмаңдар, — депті ақылды жеңге.

— Түнделетіп екі өкпеңді қолыңа алып өз аяғыңмен жүгіріп келіп тиген еңбегің ұмытылар ма? — деп папам мамама қалжыңдап қоятын деп есіне алады Пәтима апа күліп. Ондайда мамасының жауабы дайын.

— Мен сөйтіп келгенде сенің қаннен-қаперсіз шалжиып ұйқыңды соғып жатқаныңды мен де ұмытпай өтермін.

Жақсының ашуы жуған жібек орамал кепкенше. Қайын жұрт, қыз ағалары тез сабасына түсті. Екі жақ араласып туыс болып кетті.

Айтпақшы әлгі түйемен қашып келе жатқанда Бибісара—бүгін ала көңіл болып нәр сызбап едім. Өзегім талып барады. Қоржында қаужаңдайтын бірдеңең бар ма? — деулі. Қыз алып қашу қарбаласымен жүріп күйеу жігіт азық-түлік қамдауды есінен шығарып алса керек. Түйені жалма-жан шөгере тастап түнде түртінектеп жиде теріп кетеді. Аялдаған жерлері қалың жиде ағашының іші екен. Солай жиде терем деп жүріп кешігіп қалады. Егер олай аялдамай бірден тартып кетіп үйге келгенде қуғыншылар сан соғып қала береді екен. Себебі, қыз босағадан аттады-ақ — сол үйдің келіні. Жат жұртына барып түскені. Енді оны қайтарып әкете алмайды. Өйтсе қарындастарының артына "есік көрген" деген атты өздері тіркеп беріп, сүйектеріне таңба салғаны.

— Жиде жеймін деп, соның салдарынан екі рет қашып әлекке түстің-ау, — деп қалжыңдайды екен Есағаң қосағына. Бұған келгенде Бибекең жауап таппай қалатын болса керек.

Әйел үйдің құты, берекесі. Ер азаматтың түзден түсірген табысын үйде ұқсататын әйел болған соң Есжан үйі тез тұрмыстанды. Күпсіп байып кету қайда, бірақ ішіп-жемнен, киер киімнен тарықпайды. Бибісара түскеніне бір жыл толмай жатып бір перзентті болған екен — ол тұрмайды.

Сүтімен көтеріп Пәтиманы табады. Ол туған жылы бір оқиға болады. Биекеңді жоғарыда аңқау, сенгіш, ақкөңіл адам болған дедік қой. Бұл соның бір мысалы дерлік әңгіме. Үй иесі ауылда жоқ. Кіре тартып кеткен. Үйге киімі жаман бір адам келеді.

- Келін, танымадың ба? Мен Есжанның нағашысымын ғой. Бодық. Былтыр көк шапаным бар үстімде, қонақ болып кетіп едім ғой.

Бибісараның бір әдеті адам тануға орашолақ. Мына кісіні де шырамыта алмай отыр. Әйтеуір бір көк шапанды біреудің—руын Бодық, Есжанға алыстан қосылатын нағашы едім,—деп келгені еміс-еміс есінде. Келіннің танымай отырғанын білген қонақ сыртындағы шекпенін шешіп ішіндегі көк шапанды көрсеткен соң күдігі болмады. Шәй қамдады, қазан көтерді. Аш келген мейман алдына қойғанды апырып-жапырып жеп тойып алды. Онысының әбестігі жоқ. Жиеннің үйіне келген нағашысы солай еркін болуы керек.

- Келін, мен алыстан борбайым созылып келе жатырмын. Мына түйені мініп кетейін. Кейін жетістірем ғой. Есжанға сәлем айт.

Келіні нағашы қайнағасына болмайды деген жоқ. Түйені қомдап, жолға азық-түлігін қамдап беріп риза қылып жөнелтті.

3-4 күннен соң Есжан келді серіктерімен. Бұл хабарын айтты. Көк шапанды нағашының келгені де сөз болды.

- Ай, пәдеріңе нәлет-ай, қатырған екен.

Есжан санын бір соқты. Боқтық сөз айтпайтын, нағыз ренжігенде тіл ұшына оралатыны осы "пәдеріңе нәлет" болатын.

- Менің көк шапанды Бодық нағашым жоқ сияқты еді. Ол сенің аңқаулығыңды пайдаланған ұры болды. Қап, өзімнен де бар, сол атанды анада кіреге алып кетем бе деп бір тұрдым да, қоңдана берсін деп тастап кетпек едім. Келесі ай аяғында сойып мына ағайынға қызылдамақ болғанмын. Бұйырмаған мал болды. Пәдеріңе нәлет ол қуаяқ ұрының жолы болды.

- Көрсем танимын ол ұрыны, - деді Бибісара ұялған тек тұрмастың кебін келтіріп.

- Келін, абыржыма, ұры енді сен танып алсын деп алдыңа екінші қайтара келмейді. Садақадан болсын, кісі жетіскеннен ұры болмайды ғой, бойына құт. Бас аман болса мал табылар, — деп басалқы айтты ауылдың үлкен қариясы.

...Екі-үш күннен соң үй сыртынан түйе бақырды. Ізінше екі-езуі екі құлағында ыржиып күліп біреу кіріп келеді. Бибісара көз тоқтатып қарап қайда көрген адамы екенін есіне түсіре алсашы. Есжан да күліп орнынан тұрды. Былтырдан бері көрмеген, хабары естілмеген ері аман ба екен деп қауіп ойлап жүрген нағашысы. Туған не ет жақындығы жоқ. Көп Бодықтың бірі. Нағашы қауқылдап тар жерде қол ұшын беріп, сөзге келмей түйесін мінгізіп жіберген келініне алғыстың бәрін жаудырып жатыр...

— Мамам жасында тым ерке болып өсіпті, — дейді Пәтима апа, — тіпті еркенің де еркесі. Бірақ шолжаң емес. Қонаққа мал сойса асық жілігін өзі жейді екен. Бірде үйге бір сыйлы қариялар келіп, әлгі мамамның бәсіре жілігі табаққа түсіп кетулі. Мамам ол уақытта 8-9 жаста, менің жілігімді неге бердіңдер басқа біреуге, бұлар кім ол жілікті мүжитін, — деп дастарқан басының берекесін алулы. Сонда төрде отырған қария — бұл баланың көзінің оты бар екен. Болайын деп тұр, — деп батасын берген.

Бар жерде өскен, келген босағасында да көп жоқшылық көрмеген ол кербез. Таза. Сәнді киінгенді ұнатады. Өз құнын өзі білген әйелдің мінезді келетіні де заңды. Мінез дегенде оның ауыл әйелдеріне қарата айтылатын шайпау, адуын, долы, көкбет дейтін де категориялары бар. Оның беті аулақ. Бибекеңнің мінезі еуропалық тілмен, өлшеммен алғанда нағыз ледилік мінез. Өрлігі бар, бірақ өркөкірек менмен емес. Бірде көрші бар ағайыннан тұз сұрайды. Мал сойып жатса керек. Ол Пәтиманың екі уысын толтырып қана тұз беріп жіберіпті. Мамасы содан соң ол үйдің есігінен қарамай қойған. Солай көңілі қалса да әлгі сойған малдың басына шақырған. Молданың қызы ол мейлінше діндар адам болыпты. Құдайдың-барлығына, Құранның шындығына шәк келтірмеген. Қызыл белсенділер ауыл-ауылдағы мешіттерді бұзып, бұзбағанын клуб, мектеп қылып діннің тамырына балта шаппақ болды емес пе? Кезек бұл ауылдағы мешітке де келеді. Қараман деген бригадир ауылдың еңбекке жарамды адамдарын соны бұзуға шақырады. Бибекең бармайды, үйдегі адамдарды да жібермейді. Қараман бригадир зікір салып келген екен, Бибекең қолына қамшы алып қарсы шығып қуып жібереді.

- Құданың құдіреті, бригадир Қараманның да, мешіт бұзған өзгелердің де арты оңбады, -деп отырады екен Бибекең бері келгенше. Ол өте бауырмал кісі болған. Айнаш, Зейнеп деген өз сіңлісі Жәмила дейтін қайын сіңлісі сәби кезінде тұлдыр жетім қалып осы үйде тәрбиеленген. Бибекең бақилық болғанда Жәмила келіп жоқтаған. Сонда жоқтаудың сай-сүйекті сырқыратқаны соншалық танымайтын жұрт Жәмиланы Пәтимадан үлкен қыздары екен деп ұғулы. Есағаң майданға алынғанда әйеліне айтпай Шәуілдірге барып келем деп алдап кеткен. Ондағысы сүйген жарының жылағанын көрмей кету. Әрі Есжан ұғымында алыс сапарға бара жатқан ер азаматтың артынан әйелінің жылап қалуы жаман ырым. Артынан күйеуінің майданға кеткенін білген Бибекең "қап, құшақтап бір жылап та қалмадым-ау, ең болмаса!" — деп қатты өкініпті. Бірақ солай деп отырып көзіне жас алмаған. Онысына таң қалғандарға "жыламай қоштасқан күліп кездеседі деген бар" деп отыратын әкем" десе керек. Сол айтқаны болып күйеуі майданнан оралып келгенде алдынан күліп шығулы.

Есжан армияға кеткен соң Сұлтан аға үйді көшіріп әкетуге машина жіберді ғой. Шофердың аты Қиясбек екен. Сол бас болып ауыл адамдары үйді машинаға тиейді. Айтпақшы, Бибекең көшер алдында үлкен сіңлісін асығыс-үсігіс ұзатады. Асығыс болатынының мәнісі дәл сол кезде бойжеткен қыздарды тыл жұмысына алу басталған. Олар жаудан азат етілген аймақтардағы бүлінген шаруашылықты қалпына келтіруге тиіс болған. Қазақтың көп қара көздерінің Сталинград қаласының құрылысына жегілгенін тарихтан білеміз.

Көшкенде бұл үйде 40 шақты қой мен бұзаулы 2 сиыр болады. Ағайындары сатып ақшалап алуға кеңес береді. Бірақ Бибекең ол ақылды алмайды. Абысыны Күлтуға (Бегайдардың келіні) малыңды сатпа дейді. Бірақ кемпір оны сатып жіберіп, жаңа қонысқа келгенде ақшасы құнсызданып кетіп жоқшылыққа ұшыраған.

Сол малды жаяу айдап жүздеген шақырым жер жүріп жаңа қонысына жеткізеді. Малының еркек төлін көжеге қатық қылып, жаратып, ұрғашы төлін өсіріп, сауып сүтін ішіп балаларының қарнын ашырмайды. Сұлтан бауырларының мансабы, абырой атағы сеп болып, салықшылар бұл үйді айналып өтеді екен. Бірақ "күйеуім майданда жан алып, жан беріп жүргенде менің мал аяғаным, елге келген нәубеттен қалыс қалғаным айып" деп салығын да төлеген, соғыс кезінің заемын да алған.

Денсаулығының нашарлығына байланысты Бибекең колхоздың қол жұмысын көп жасамаған. Тек үй шаруасымен болған.

Бибекеңнің ендігі бір қасиеті тамаша әнші болған. Тойларда, шілдеханаларда тамылжытып қазақ әндерін айтатын. Ондайда да ажарлы жүзі онан сайын құлпырып кететін еді, — деп естеріне алады қыздары Пәтима мен Дариха апалар.

Үйге келген соң — дәу көз, аңғармадың ба?! Мен әлі сұлумын, — дейді екен.

Есағаң — Айтпа! Тек тіл-көзден аулақ бол! — деп қоштап қояды ғой әрине. Әйелі мен "жақсымын" ба деп сұрағанда қай еркек "жамансың" деп басына пәле шақырады десек те Есағаңның айтқаны көлгірсуден ада. Бар шыны.

"Дәу көз" — Бибекеңнің күйеуіне қойған аты. Бір қызықта ол өмірінде күйеуінің азан шақырып қойған атын атамай "Дәу көз" деумен өткен кісі. Ал бұдан соң қазақ әйеліне таңқалмай көр!

Өмірінің ақырында қарттар Түркістанда тұрды. Дариғаның үйі қастарында. Қайтарының алдында төсек тартып қалады. Бірақ қиналған, ауруын уайымдаған белгісін сыртқа шығармайды. Төрт қызының басы анасымен оңаша қалғанда айтқан ақылы:

— Тіршілікте не болмайды, ұрысасыңдар, шекісерсіңдер, бірақ әкелерің бір, шешелерің бір кетіспейсіңдер. Келісесіңдер, татуласасыңдар.

Ал аға, інілеріңмен жүз шайыссаңдар табысуларың қиын. Өйткені олардың әйелдері бөтен. Еркектің құдайы болса да қойнындағы әйелінің ырқынан шығып, шідер үзіп кете алмайды. Осыны есте ұстаңдар.

Қандай даналық. Аналарының сол ақылын алған төрт қыз Сайлау мен Мұхтарханның бетіне шаң болып тиместен келеді. Бұл екеуінің қосағы, сірә нағыз құдай деген жандар болып жолықты. Туыстардың арасын бітістірмесе кетістіруге жоқ. Тіпті ондай да болады екен-ау деп ойлауға құлықсыз.

Дегенмен енелерінің әлгі ақылы келіндерінің де құлағына қонды. Өмірден алынғанын мойындайды, дұрыстығына ден қояды. Енді бұлар өз қыздарына жеткізуде оны. Төрт қыз өз кезегінде өз қыздарына айтуда ол даналық ақылды.

Ғазиз аналары балаларына көз жұмар алдында шалын тапсырады.

— Әкелеріңнің әдеті, алдына әкеліп қоймасаң тамағын сұрап не өз бетімен ішпейді. Қарны ашып жүдеп қалмасын.

... Түнгі сағат 3. Ана әуелі сәл талықсып кеткендей болған. Әлденені ұмытқандай көзін қайта ашып алды. Сосын аяқ жағында аяғын уқалап отырған шалына, қырық жылдан астам отасқан қосағына, өмірдің талай-талай талқысын бірге бастан өткізген серігіне, тұтам тірлікте Қазыбектің тауындай биігі, арқа сүйер ұстыны болған қара шалына қимай-қимай ұза-а-ақ қарап, үнсіз қоштасып жүре берді. Баяғыда осы шаңырақтың құтты босағасын дәл осы уақытта оң аяғымен ай жарығында аттап еді. Сол ақ босағасының төрінде, қосағының алдында, ұл-қыз, немерелерінің аясында, маздап жанған шам сәулесі астында бақилық болып кете барды асыл ана.

Ана атаулының ақ тілегі бауыр еті балаларында. Ақ батасы да солардың жолына бағышталған. Бибісара ананың сол ақ тілегін, ақ батасын Алласы қабыл алды.

Перзенттің алды Пәтима бүгінде әже. Күйеуі Төлемеш Раманқұлов биология ғылымының кандидаты. Бұлар байырғы алматылық. Тұңғыштары Достай Алматы политехникалық институтының, Москваның арнаулы академиясының түлегі. Артынан АКДІ университетін тағы бітірді. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымында жауапты қызметте. Екі ұлдың әкесі. Ләзиза Көкшетауда тұрады. Күйеуі қаланың бас архитекторы. 3 қыз, 1 ұлы бар. Айгүл Алматыда. Әзірге 1 ұлдың анасы.

Дариха Түркістанда тұрады. Күйеуі Қоңырат руының Жолбарыс дейтін жолбарыс жонды азаматы. Бұл үйдің үлкені Жомарт нағашыларының қолында кемпір-шалдың баласы болып өсті. Руың кім десе Қоқанмын дейтін болды. Өз әке-шешесін солар кеткен соң ғана мойындады.

Дариха мен Жолбарыстың тұңғыштары Бақытжан. Жұмыс орны Құмкөлде, мұнайшы инженер. Қазір Қызылордада. 2 қыз, бір ұлы бар. Жомарт қазір Құмкөл кен орнында мұнайшы инженер. 1 ұл, 1 қызы бар.

Сағдана – ол да Құмкөлде. 1 қызы бар. Жиендерінің бірыңғай мұнайшы мамандығын алып, туған жерлерінің бір пұшпағындағы Құмкөлдің байлығын игеруге атсалысуына ықпал еткен Сәкең - Сайлау Есжанұлы екендігі, сірә белгілі. Кенже қыз Розаның өзі бүгінде 1 ұлдың анасы.

Салиха туралы айттық. Бибімариям Шетпеде Адай ауылының келіні, ол да үйлі-баранды.

Бибісара да, Есжан да күйеу балаларын қатты құрметтеп жақсы көріп өткен. Бұларды күйеу деп емес өз баламыз деп жақсы көрген. Осы орайда Төкең — Төлемеш аға жебеген бір естелік:

— Көрісіп, сәлемдесу мақсатымен ата-енеме бардым. Атамның түс көретінінен хабардармын. Мені көрген жерде:

— Бәсе, бүгін қалай да біреудің арнап келетінін біліп отыр едім, — деп қуанып кетті. Мен оның тағы түс көргенін сездім. Атам малын бауыздап, етін бұтарлап берді де мені ертіп жарты шақырым жердегі қораға беттеді. Қора есігі сырттан кілттеулі. Іште бір ат аяғы кісендеулі тұр.

— Мына жануар кілттеулі қалыпты ғой, — деп атам ішке секіріп түсті де әуелі атты жетелеп қораның қоршауының түбіне әкелді. Сосын астына кірді де, иығымен көтеріп екінші жағына аунатып жіберді. Үрінді құм үстіне түскен ат бір аунап тұрып жайылып кетті. Сонда атам 66 жаста еді. Дуалдың биіктігі ортадан жоғары ер адамның бойындай болатын. Атам ентігу, ынтығу дегеннен ада. Бейне бір ерін астына бір шөкім насыбайды тастап жіберіп жаны жай тапқандай жайбарақат.

— Жүр, үй жаққа баралық. Енең қызының, кішкентайлардың хабарын тағы бір сұрап қанықпаққа асығып отырған шығар, — деп үйге бастады.

Енемнің бір ілтипаты соғым сойса ішінде менің төсім бар сыбағамды қалдырмайтын. Мен келеді-ау деген шамада, сірә ана көкірек сезеді-ау деймін, мен әйтеуір бір жол түсіп барып қаламын, жылы-жұмсағын сақтап дегендей қамданып отырар еді.

"Ана көрген тон пішер" деген ғой, енем бақилық болған соң барғанымда — енеңді жоқтатқандай болмайын. Ата күлдікте отырмын ғой,— деп Дариха балдызым табаққа төс салумен болды үш жылға дейін. Содан соң барып жезде табағымнан ауыз тидім.

"Қатын алма, қайын ал" депті ғой баяғы аталар. Мен соның екеуін де қатырып алып, екі жеп биге шыққан кісімін.

Төкең әңгімесін солай көңілді, күліп аяқтады.

Бүтін бір әулеттің анасы Бибісара марқұм міне, сондай адам болған. Ондай қазақ әйелдеріне қайран қалып қана қою аз, жеткіліксіз. Табыну керек оларға!

Артына жақсы атын, жақсы естелігін, өнегесін, ғибратын қалдырып, бар ізгі қасиетін ақ сүтімен ұл-қызының бойына дарытып кеткен Бибісарадай аналар екі дүниеде де армансыз.

ЕРДІҢ СОҢЫ ДӘУЛЕТ

Жылқайдар әулетімен бірге жасасып, тағдыры табысып, талай ащы-тұщыны бірге тартқан ағайын, Есжанның үзеңгі жолдасы әрі туысы Дәулет. Біз бұған дейін ол туралы ретті жерінде ғана тиіп-қашып ат үсті ғана айтып кете алдық. Дәулет жол-жөнекей ажалы жеткен әңгіме арадігінде айтыла қаларлық кісің емес сом тұлға, кесек тураған кескекті ердің сойы, солардың сарқыты. Бір-ақ сөзбен бағасын беретін болсақ — Дәулет Алтайұлы нағыз түс қазақ.

Оның жас шағындағы қайратының танылғаны жер дауында. Баяғы Ерденнің бұл ауылға тартып алып берген қонысын ақыры бұрынғы иелері Айранбайлар қайтарып алады. Соған кектенген Дәулет атқа қонады. Екі жақ бір-бірінен әлденеше рет барымта алады. Талай бас жарылады, талай қол сынады. Жаулық ақ кетіп, қызыл келіп елде тұрақты үкімет жоқ кезде тіпті өршиді. 20-шы жылдардың басында Бағаналы елі Ерденнің тұқымы Хасенді хан сайлап алады. Оған зор өкілдік береді. Хандық басқару жүйесі қанша қараң қалды дегенмен бұл бүлінген елді сабасына түсіруге ықпал етеді. Хасен ханның алдымен қолға алғаны ұрлық-қарлық, зорлық, барымтаны тыю. Бұл бағытта ол әрине, Бораншы сияқты елге ықпалы бар ақсақалдарға сүйенеді. Ханының саясатын қолдаған әрі жанжалдан жалыққан, ығыр болған Бораншы Дәулетті шақырып алып, барымтаны қоюға уәдесін алады. Енді соған ресми сипат беріп, оған ханның да көзін жеткізбек болып Дәулетті ертіп Хасен аулына келеді.

Сақтығы күшті Дәулет жолшыбай ауылға көрінім жер қалғанда қайың шоқпарын суырдың ініне шаншып кетеді. Атын кермеге байлағанда да ұшынан тартқанда шешіле кететін қылып байлайды. Хан ордасы дегенің іргесінен тіркестіріп оңаша тіккен екі ағаш үй екен. Екі босағада айбалталарын серт ұстап екі сақшы тұр. Өзге сақшы жасауылдар анадай жерде бес қарулары бойларында, аттары кермеде, ал десе жөнеле кеткелі дайын тұр. Төбе-төбе бастарында қарауыл. Бір сөзбен айтқанда Хасен хан ордасының сұсы мықты.

Хан Дәулетті тергеп, тексеріп жатпайды. Өйтіп уақыт өткізіп қажеті қанша. Мұның қандыбалақ барымташы екені онсыз да мәлім. Әйтсе де ауыр жаза қолдануға ханның тәуекелі жетпейді. Себебі, мұның артында қалың елі тұр. Бірақ жазасыз жіберуге тағы болмайды. Онда хандығының қадірі кемиді.

- Қазір ауызғы үйде менің көзімше 20 шыбық дүре соғылсын! — деп бұйырады хан. Соны естіген бойда Дәулет орнынан атып тұрады да, — Ұстаған кезде соғарсың дүреңді, — деп есікке беттейді.

Босағадағы екі сақшы айбалталарын айқастырып есік көзін бітей қойған екен, Дәулет шалт қимылмен екеуінің желкесінен бүре ұстап маңдайларымен қатты сүзістіріп талдырып тастап тайып тұрады. Хан ордасынан далбақтап қашып шығып елге күлкі болар кісің емес бұл. Хандарының "Ұстап әкеліңдер" деген бұйрығын алған жасауылдар қамданып үлгіргенше бұл кермеге жетіп атының үстіне бір-ақ ырғиды. Аты Арғыннан барымталап алған жүйрік. Бұл төңіректе оның алдына түсер қыл құйрықты жоқ. Бұл қыраң аса бергенде арттан қуғыншылар да жақындайды. Жалпы қарасы 20 шақты. Сірә, хан табағының сарқытына тойып ерігіп отырған немелер тегіс атқа қонса керек. Екі қапталдан торуылда, қарауылда тұрған жасауылдар тобы да алдын кес-кестеп андыздап келеді. Көптің аты көп, "осыдан мана суыр ініне шаншып кеткен шоқпарыма бір жетсем" деген Дәулет те аттың басын жібереді. Шоқпар орнында екен. Қуғыншылары ат танауының пырылы естілгеннен жақындағанда Дәукең қолы шоқпарына да тиеді. Екпінімен сәл ұзаңқырап кеткен қашқын енді кері салады. Осындайдағы әдісіне алып топтың ортасына қарай шабады. Бір қолында жаңа хан алдында барарда шекпенінің ішінен тығып алып тастамаған дойыры. Атанның көнінен әлденеше өрім етіп өріп, ұшына қорғасын байлаған ол да нағыз ер қаруы. Аты сірә, мұндай ұрыстың талайын көріп дағды алған әккі. Соған сеніп тізгінді бос тастаған Дәулет екі жағындағыларды дойырымен, шоқпарымен жасқап, топ ортасын жарып өте шығады. Сол өткеннен әрірек барып кері оралғанда көзі түсті — әлгінде шекелерінен соққы тиген 3-4 ат құлаған жерлерінде жатыр. Иелері жаяу қастарында қараңдайды. Хан жасауылы демесе өштігі, қастығы жоқ, әрі көбі күнде көріп жүрген жігіттері болған соң қару жұмсамай тек үйреншікті машығымен аттарын шекеден қағып сұлатқан. Оның жарасы жеңіл. Біраздан соң есін жинаған аттар орнынан тұрады.

Мұның қарсы шапқанын көрген қуғыншылар состиып-состиып тұрып қалысты. Және қарап тұрмай "Дәуке, Дәуке" деп айқайласып тұр. Жаулыққа емес бітімге шақырған дауыс болған соң бұл да атының басын тартты.

— Не, сонша жалғыз аттының соңынан бәрің жабыла ат қойып?

— Енді, Дәуке-ау, хан бұйрығы екі болмайды ғой. Қуғанымыз болмаса, сізді ұстап апарар ойымыз жоқ. Жаңа "біраз жер аттарымыздың ащы терін шығарған соң жете алмадық деп айтармыз хан тақсырға" деп ортақ пәтуаға келіп те алғанбыз.

— Е, бұларың жөн әңгіме. Ханға да жарыған екенсіңдер. 20 шыбық дүре деп қаясын не қайзалағаны. Дәулет Алтай баласы болып жер басып жүріп арқасын дүреге тосып жын ұрды дей ме екен. Әттең, Ерденнің төлі болып діңкемді құртқаны. Әйтпесе жаңа мына дойырмен бір тартып, миын шашыратып кететін едім. Енді мың жерден Ерден тұқымы болса да екінші кешірім болмайды. Айта барыңдар!

Ханмен осылай ат құйрығын кесіскен Дәулет енді ел ішінде жүре алмайтын болды. Көкшетау жаққа, нағашы жұрты қалың арғын ішіне қарай жылыстады.

— Сонда мына ынжық әкең соңымнан ермей пұшайман қылды ғой. Бұл қасымда болса Көкшетауға кетіп не жыным бар? — деп бір қойды беріде Дәукең бұл әңгімесін Сайлау баласына айтып отырып. Артынша:

— Есжан ере қалғанда Сарысудың даласы екеумізге тар болар ма еді, кең болар ма еді, ә? — дейді және. Жауабын өзге түгіл өзі де бере алмайтын қиын сауал. Оған заманының ауанына қарай жауабын қармап көрсек сөз жоқ, Сарысуда бұлар сайран салып жүре алмас еді. Аманкелді батырдың серігі Кейкі Көкімбайұлының жолын құшып, бір бұтаның түбінде көмусіз қала барар еді. Қанын қызылдар жүктер еді мойындарына.

— Сонда Дәукеңе неге ермей қалдыңыз? — деп сұраған бірде Сайлау атасынан.

— Қауіптен қорыққан ештеңем жоқ. Дәукеңнің біраз жерде белден басып, тізерлеп жіберіп, қатты кетіп қалатыны бар. Біреуге сонысын істеп, обалына мені де ортақ қыла ма деп қаймықтым,— деп жауап берді Есағаң.

— Солай батыр атыңыз жер жарып жүргенде қорыққан тұсыңыз болды ма? — деп сұрады Дәукеңе көп баладан жақын, етенелеу Сайлау.

— Қуыс өзекті жанның бәріне қорқыныш тән. Қорықпадым деп үзілді-кесілді айту — тантығандық. Қазақ "батырға да жан керек" деп тегіннен тегін айтты дейсің бе?! Сол қорқынышты тәуекелмен жеңу — міне нағыз ерлік. Мен мен болғалы үш рет қатты қорықтым. Оны жасырған да емеспін. Ретті жерінде айтып та жүремін. Саған да айтып берейін, құлағыңда қалсын.

Сайлау құлықты құмарлығын ілгері ұмсынған еңсесімен танытып орнынан қозғалып қойды. Жаратылысынан қара сөздің шебері, әңгімеші Дәукең баласының бұл ыңғайын керіп тіпті қунап кетті.

— Бірінші қорыққаным, бір палуан қызбен күрескенде.

Жезқазған жақта ұзатылған апамыз бар еді. Шубай екеуміз сәуірдің аяғына таман соған көріспек болып жолға шықтық. Келдік. Апамызды көрдік. Дастарқан үстінде әлдекім көрші ауылдағы палуан қыз туралы айтты. Ат жетер жердегі қарулы жігіттердің біразының жауырынын жер иіскетіпті. Алыстан төрт-бес атағы шығып жүрген жігіттер де келіп қыздың бір қарпығанынан қалмай қайтса керек ауылдарына.

— Көрейін ол қыздарыңды,— деп қалыппын мен сол жерде. Албырттық қой, әйтпесе мен күресті кәсіп қылған емеспін. Ал ауыл арасындағы аракідік бел ұстасу есеп емес. Айтқан соң қайту жоқ. Қыз аулына тарттық. Бұл ауылдың қызыққұмар жұрты тайлы-таяғы қалмай соңымыздан ерді.

Қозы өрісіндей жердегі ауылға келдік. Ортадағы еңселі ақ үйге кірдік Шубай екеуміз. Оң жақта бір әйел тігін машинасымен іс тігіп отыр екен. Терде бір шомбал қыз 4 қабат көрпе үстінде отыр. Келіншекке шаруа бағытын айтып едік, ол жымиып күлді де қабағын қызға қарай қақты. Қыз қазір шығатынын айтты. Жиналған жұрт арасына келіп, күреске дайындалдым. Көп кешікпей қыз да көрінді. Шалбарланып, белін жуан қыл жіппен буып алыпты. Жаңа отырғанда абайламаппын — мынауың бір шомбал неме. Омырау тап туырлықтың жартысындай бар. Бөксе жарықтық та біткен екен. Сырдың көктемде тасығанда көлдеу ойды толтырғанындай толып жайылып кеткен. Бура сандар сол жалпақ бөксенің өзін шақ келтірмей, бұлшық еттері ендей шодырайып жөнелген. Екі балтырдың әрқайсысы ішіне бір қапшықтары салып түйетін үлкен келі болса, саусақтарының әрқайсысы соның келсабындай. Қыздың бұл пошымын көрген соң көңілге алаң кіргендей болды. Серігім Шубайға көзім түсіп кетіп еді — ол Шудың басына сүмелек қатқан қамысы құсапты да қалыпты. Жүзінде "қайдан ғана келе қалып едік" деген қапа.

— Иә, Қаптағай, желеп-жебе! — дедім. Бірақ оны ішімнен айттым. Еркек басыммен қызға қарсы "Қаптағайлап" ұрандап қалың елге күлкі болып қалғым келмеді.

Ұстаса кеттік. Қыз қаусыра құшақтап көтеріп алды. Мен жалма-жан бір аяғымды ішке салып үлгеріп, қыздың сыңар аяғынан шалып алдым. Шіркіннің аяғы да аяқ екен. Бұтыммен зорға орап, екі өкшемді бір-біріне әзер жақындатып тұрмын. Басында қызбен күресем дегенде "құшақтап құмарымнан бір шығайыншы" деген арам ойым болған. Құмардан шығу қайда?! Енді мына қаусырған қос темір талқыдан қалай ебін тауып құтылсам құдайы садақа деп тұрмын.

Қыз сол көтерген бойында сығып-сығып сәл тұрды да серпе лақтырды. Мен белдегі жіптен айрылмадым. Жандәрмен күн шалған аяғымды да жазған жоқпын. Бұл ақырғы жан далбаса әрекетім, қайратым еді. Әбүйір болғанда екеуміз итжығыс түстік. Шамалауымша, менің күшіммен емес, қыз өз салмағын көтере алмай құлады ғой деймін. Күрес заңы бойынша біз итжығыстан кейін қайта белдесуге тиіспіз. Сол жерде қыз үйге барып келуге сұранды. Жаңа мені көтергенде әлі дұрыс дегдіп үлгермеген дымқыл жерге етігімен жіліншігінің ортасына дейін сіңіп кеткен екен ғой. Аяғы солай тұсаулы болған соң күш ала алмаған. Әйтпесе мені шопақ көретін түрі жоқ екен. Жығылғанда сыңар етігінің өкшесі опырылып кетіпті. Енді үйге барып, жаңа етік киіп келмек. Ол әрі беттей бергенде мені апам қолымнан ұстап сүйрей жөнелді.

— Осы абыройыңмен тұрғанда қарамызды батырайық,— деген соң ақылым кіріп адымымды тездеттім.

— Ептібаймайттың күштісін-ай, - деп күңкілдеп қыздың сыбағасын беріп келе жатқан Шубай бар қасымда.

Сөйтіп әлгі қыз бір састырды.

Бірде далада жападан жалғыз келе жатқанмын. Ат үстінде қалғып кетсем керек. Жортуыл қазақ солай-ақ көз шырымын алуға дағдыланған ғой. Бұл менің үйреншікті әдетім.

Атымның оқыс тоқтағанынан көзімді ашып алсам — алдымда екі орыс тұр. Біреуінің қолында мылтығы бар. Онысын өңменіме кезепті. Мен де қарусыз емес едім. Алтыатарым бар. Бірақ ол саптама етігімнін қонышында. Оны суырып алуға анау жіберер емес.

— Түс аттан!

— Болады, тамыр,— деп аттан түсе сала тізгін ұшын ұстап орысқа қарай жүрдім. Менің мәймөңке түріме қарап, ол тізгінін қолыма әкеліп ұстатады деп ойлады.

— Мә, тамыр, ұста. Атым үркек еді, қашып кетіп жүрер. Орыстың қарусызы тізгінге жақындады. Мен де сол сәтте таяп қалғанмын. Шалт қимылдап мылтық аузын жоғары көтеріп қалдым. Тарс етіп оқ атылып, далаға кетті. Мылтық қолға бір тиген соң Дәукең бе есе берер. Екі орысты екі ұрып жығып аяқ-қолдарын байладым да тастадым. Жаңа мылтық атылғанда атым үркіп кеткен. Бірақ үйренген сыралғы жануар алысқа ұзаған жоқ. Қыраулап шақырып алдым. Жыра бойында екі орыстың аты тұсаулы тұр екен. Оларды жетекке алдым. Орыстардың аяғын шешіп, алға салдым. Шабандаса қамшымен жостыртып отырып жақындағы бір ауылға айдап келдім. Бұлар сол маңнан өткен жолаушының көлігін, бойындағы алуға жарамдысын осылай тартып алып, қарсыласқанын өлтіріп кетіп жүрген қандыбалақ ұрылар екен. Қолдан келер қайран жоқ ауыл адамдары әбден тісін қайраулы. Өлтіріп жібергілері келген еді - мен болмадым. Пәлесіне қалып қажеті не. Аудан орталығындағы милицияға айдатып жібердім. Менің сондағы олжам — бауырынан жараған семіз ат пен бір мылтық. Бір атты сойып сол ауылға жіліктеп бөліп беріп кеттім. Өйтіп олжалы болғаным құрысын — әлгі мылтық қарауылына ілініп тұрғанда қатты састым.

Бұл менің екінші қорыққаным.

Үшінші қорыққаным да орыстарға қатысты. Есіл тасығанда әрі-бері қатынас қиындайды. Паром жүрмейді. Ал қайықшы орыстар өлсе де қазақтарды қайығына отырғызбайды. Өзеннің арғы бетінде шұғыл шаруам шығып, жағаға келе қалайын. 3-4 орыс қайықтарына отырып жөнелгелі жатыр екен. Соған ұмтылдым. Жағадағы бір-екеуі жолымды кес-кестеп еді, өңмендерінен бір-бір түйіп сұлата салдым да қайыққа секірдім. Алдыңғы тұмсығына барып отырып, ішіндегілерге қабағымды түйіп, көзімді алартып едім. Олар жым болысты. Қайық жағадан жылыстай берген. Кенет аналар ескектерін ала-мала суға секірісті. Суды белуарларынан кешіп жағаға тартты. Мен болсам ағыспен аққан қайықпен төмен жоса жөнелдім. Суға секірейін десем, жүзе алмаймын. Қайық басын туралауға ескек жоқ. Толқын қақпақылдап алып барады. Әуелі бір артынан екі айналмадан астық.

- Иә, құдай, иірімге кез келтіре көрме,— деп тілеп келем. Иірімге іліксек, қайықты асықша үйіріп түбіне тартып әкететінін білем. Онымен бірге сірә, мен де ғарық болып кете бармақпын. Өзен ағысының бір мүйістен айналар жерінде жағадағы жарқабақтан бір ағаштың бұтағы төмен салбырап тұр екен. Шап беріп соған жабыса кеттім. Бұтақ иілгенмен, сынған жоқ. Етігіммен су кешіп жағаға шықтым. Су тілсіз жау. Сондағы қорыққаным есімнен кетер емес. Бірақ оның қарымтасы қайтты. Әлгі мені ажалға берген қаскөй орыстардың сыбағасын бердім артығымен.

Бір атаның балалары Дәулет, Есжан, Әпсәмет, Қыдырмаұлы Қасымбек, Махат, Ахмет — бәрінің жас шамалары бір, бірге өскен. Әпсәмет пен Қасымбек жасынан оқып, қызметке араласып кетті. Өзгелері шаруа тірлігінде. Тек Дәулеттің ғана өмір жолы қиындау түзілді. "Ерді намыс өлтіреді" деп, оны суға д,а, отқа да салған намысқойлығы. Өлуге бар, бірақ арды қолдан беруге жоқ Дәукең бір күні азары өткен бір қаскөйдің жоқтауын бір-ақ асырды. Сөйтіп сотталып, Иркутск түбіндегі концлагерден шыға келді. Ондағы тамұқ азабын айтпай-ақ қоялық. Ол онсыз да жалпақ оқырманға бесенеден белгілі жайт. Құдайдың басқа салғанын көріп жүре беретін пендең Дәулет Алтайұлы емес. Есебін тауып ол бір күні лагерьден қашып шығады. Қалай есебі табылды — ол Дәукеңнің өзімен бірге ала кеткен сыры. Сыртпен байланысы, қолдаушысы, тірегі жоқ, орысша білмейтін тұтқынға онда кім қол ұшын бере қоймақ. Сірә, Дәукең бостандықты қара қайратымен, жігерімен жеңіп алған болулы. Ертегіше айтсақ, қамал бұзып шыққан ғой.

Кеңес түрме, лагерь салуда көсемдері В.Ленин мақтаған патшалық Россиядан да озып кеткен. Кеңестік концлагерьмен XX ғасырда немістің Бухеньвалд, Освенцим, Дахаулары ғана теңесе алады. Бірақ соның өзінен де жол тауып шыға алғандар аз болмапты. Сондай жүрек жұтқандардың бірін мен көзіммен көрдім. Біздің ауылда Сейітжанов Бәлиғат дейтін әкеміз болды. Руы Есен Жеменей. Өр, өжет адам. 1931 жылы Үстірттің Қарақұдық, Қарақозы, Қостам дейтін жерлерінде отырған орта шаруа Бәкеңді қызыл белсенділер келіп тәркілейді. Бәкең оған қарсы шығады. Тарихқа Адай көтерілісі деген атпен енген толқудың жауынгер сарбазы болады. Көтеріліс жеңілген соң қолға түседі. Сотталып Мұзды мұхиттың жаңа жер аралындағы лагерьге жіберіледі. Бәкең тап сол жаңа жерден қашып, көр азабын тіріде көріп туған ауылына жетеді. Одан кейін соғыс. Оның тылдағы қара жұмысының да ауыртпалығын көреді. Ол менің әкем Ысекеңмен түйдей құрдас еді. 1892 жылғы туғандар. Өмірдің солай небір өткелдерінен өткен ер Бәкең ауылдағы көп тұрғыластарын қолынан жерлеп, осы бертінде дерлік бақилық болды.

— Сталиннің түрмесінде де түгі қисаймаған, Гитлер ашқан соғысыңнан да аман өткен бұл Бәлиғат сенен келген керді көріп ала алар. Қолыңнан екі келсе бірін қылып ал, көрейін,— деп бертінде қаһарланып келген аудандық өкілге қарсы ұмтылғанда ананың тұра қашқанын ел аңыз қылып әлі айтады.

Міне, Дәукең Бәлиғаттың Оңтүстіктегі сыңары болып шықты. Сайлау жігіт, азамат болғанда бұл аталары 70-тен асқан. Демалысқа келгенде талай көрген. Түбі бір ағайын, бастас шалдар бастары жиі-жиі қосылып қалады екен. Зер салғанда соның өзі үлкен мектеп. Есжан мен Дәулеттің арасы төрт жас. Дәукең аға. Содан Есағаң оның алдынан қия өтпейді. Оған қоса Дәукеңнің аға баласы болатын бөлек орны тағы бар. Ол өзге туыстармен арадағы қарым-қатынаста тек қазақта ғана болатын иерархиялық жолмен қалыптасқан. Иерархия дегенде біз өзіміз көрген мемлекеттік басшылықтағы құрылымды білеміз ғой. Бірінші хатшы, министрлер кеңесінің төрағасы, президиум төрағасы, саяси бюро мүшесі т.б. да бүгінгінің мысалында Президент, премьер, спикер т.б. Бұлар да бір кезеңде, бір мезгілде өзара сыйласқан, құрметтескен. Бірақ баянды емес. Бәрінің арты итарқылжың араздықпен біткен. Және солай болуы заңдылыққа айналған қарым-қатынас бұл. Ал әлгі қарияларда бәрі керісінше. Олардың достығы мәңгілік. Олар берілсе, өлгенде беріледі. Ә.Кекілбаевтың "Үркер" романында Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің қазақтың мәртебесін аспандатқан Мәртебесінде бас қосуы, өзара сөз саптауы суреттеледі ғой. Сол қазақтың игі жақсылары арасындағы қазақы сыйластықтың классикалық үлгісі. Жарықтық Әзірет сұлтанның жанбасы тиген қасиетті Түркістан топырағында бастары құралып қалған Найманның Бағаналысының бір топ шалы сол ұлттық болмысымызды XX ғасыр соңына жеткізіп кеткен шоғыр ретінде есте қалған ол елде.

Сайлау жолы түсіп ауылына келгенде өз үйіне бір қонып Дәулет атасына сәлемдесуге тартады екен. Содан бастап бүкіл ағайын-туманы адақтап шығады. Қалыптасқан тәртіп солай. Ол бұлжымауға тиіс. 1970 жылы Сәкең Мәскеудегі дүкендердің бірінен қолға ұстап жүретін әдемі таяқты көреді де қызығып кетіп алады. Таяқты әкесіне почтамен салып жібереді. Әкесі мәз болып қалады. Қолынан тастамай таянып жүреді. Есағаң баяғы Ұлытаудағы салтымен қыста әдемі қасқыр ішігін киіп жүреді. Дәукең де солай. Ауа райы жылы Оңтүстік өңірінде ешкім қасқыр ішік кимейді. Ол моданы ұстанатын Бағаналының екі шалы ғана. Төрде төбедей, төскейде таудай денелі қарт Есжан қасқыр ішігін киіп, түлкі тымағын шалқайта киіп шыға келгендегі сәніне мына әсем таяғының нақышы қосылып бір қырланып қалады.

Бір күні үйге Дәукең келеді. Таяқы көреді.

— Мына таяқты бересің бе, қасқыр ішікті бересің бе? — деп төтесінен салады.

— Екеуін де ал, Дәуке.

— Ой, шешенді... Қасқыр ішік өзімде де бар. Маған таяқ керек. Ал саған балаққа ұмтылған итті жасқауға ана Сыр бойының шыбығы да жарап жатыр.

Солай таяқты алып кеткен Дәукең өкінішке орай оны екі айдан соң ұрлатып алады. Ауыл үйдің ұрлығы жата ма. Көп ұзамай ұры табылады. Таяғымды ұрлап алыпсың деп жанжал шығарып жататын жаман шал емес қой Дәукең. Бір күні жалғыз өзі ұрының үйіне келеді. Арты қуыс ол бәйек болып бір семіз қойын сойып қонақасы береді. Бата жасалған соң Деукеңді қорасына ертіп келеді. Қора ішінде 20-шақты қой семіртіліп тұр екен. Соның ішінен құйрығы диірмендей бір қазақы қойды жетектеп әкеліп Дәукеңнің алдына тартады.

— Ой, шірік неме. Менің мұнайшы балам жіберген атымды мына жаман қойыңа теңеп тұрғаның ба? Әкел атымды сол жаныңның барында!

Шал үйіне емпелеңдеп барып таяқты әкеліп береді.

Артынан Сайлау келгенде Дәукең:

— Маған осындай он шақты таяқ жіберші. Мына маубас әкеңе әрқайсысын бір-бір еркек қой қылып әкеліп берейін,— деп күледі. Оның күлкісі де елден ерек болатын. Бар денесімен селкілдеп, түптен қайырып күркілдеп, жөтелге ұқсатып күледі. Және шын күледі.

1971 жылы Сәкең Қара теңізге барады туристік сапармен. Теңіз жағасындағы барлық порттарды кемемен аралайтын жақсы сапар. Сочидың дүкенінен былтырғыдай әдемі таяқ көріп сатып алады. Дәукеңе де алайын десе таяғы түскір жалғыз. Жоққа жүйрік жетпейді. Жалғыз таяқты алады да сол жерде әкесінің атын бәдізшіге жаздырып, почтамен салып жібереді. Атын жаздырғаны Дәукеңнің таяғы сықылды әлдекім қолды қылып кетпесін деген сақтығы.

...Өзеннен оралған Есжан ауырады. Төсек тартып жатып қалады. Көңілін сұрауға Дәулеттің бәйбішесі Балымша келеді. Сонда Есағаң бастас жеңгесіне 3 саусағын көрсетіпті. Ол үш күндік ғұмырым қалды деген ишарасы. Үйден бір ұзаған ұзын етекті әйел пақырдың шаруасы таусыла ма. Бір үйге бата тигізу, бір үйге құтты болсын айту, абысынға көрісу, тағысын тағымен жүрген Балымша үйіне үшінші күні ғана барып жетеді. Мұнымен бірге Есжанның қаралы хабарын алып хабаршы да жетеді. Сонда Балымша шешей жылап отырып 3 күн бұрынғы Есжан қайнысының 3 саусағын көрсеткенін айтпай ма?! Дәукең қолындағы таяғымен бәйбішесін жонарқадан бір жостырып тастап атқа қонады. Жостырғаны кемпірінің хабарды уақтылы келіп айтпағанына алған сыбағасы.

Сол 3 саусақ көрсетілген күні Пәтима апасы Сайлау інісіне телефон соғып әкесінің ауырған хабарын жеткізеді. Жадында баяғы балшының 88 жыл 9 ай өмір сүреді деген сөзі бар Сәкең қамсыз. Хабарды жамандыққа жорымай, әлдеқалай көтеріп соқпа шығар дей салады. Және алда 1-Мамыр мерекесі бар. Мекеменің бір басшысы ретінде оны ойдағыдай өткізу міндеті мойнында. Сол себепті 2 мамыр күні Ибрагим баласы екеуі ұшпақ болып шешеді. 2 мамыр күні Пәтима тағы телефон соғады. Айтқаны:

— Тек Ибрагим емес, түгел келің!— Құдайдың төбеден қос қолдап ұрғанын сонда білді Сәкең...

Қапылып жетсе қайран әке оң жаққа түсіп қалыпты. Қасында көз жасы сақалын жуып Дәукең отыр.

— Есжан-ау, мені кімге тастап кеттің!—деп еңкілдейді жеделдес інісінен айрылып, "бақсының моласындай жалғыз қалдым" күйге түскен қарт,

— Сен басқадан бұрын менікі едің ғой, маған керек едің ғой! — деп тағы егіледі.

Інісінің ақыреттік сапарының басында Дәукең өзі жүрді.

Оңтүстік елінің салтында көрші-қолаң күнде ертеңгісін 40 күн бойына қаралы дастарқан басына келіп марқұмға тие берсін деп кетеді. Аят оқылады. Молда жоқ. Қырқына дейін молда ұстауға Дәукең өзі құлық білдірмеді. Оны өзі алмастырды. Алмастырды дегенде жаңаша сауатсыз Дәукең ескіше әліпті таяқ деп білмейді. Бар болғаны "Құлқуалланы" үш рет әндетіп қайырады да артынан "Ясиннен" ғайыптан тайып құлағында қалған бір сүренің сұлбасымен нүкте қояды. Ниеті дұрыс. "Құлқуалланы" үш рет оқығанның сауабы бір Құран шығарғанмен бірдей деген емес пе Пайғамбар ғаләисалламның өзі. Жарықтық сөйтіп сауатсыз мұсылманның жүгін біраз жеңілдеткен ғой.

Сәкең аят оқуды сол жолы Дәукең әкесінен үйренді. Тұңғыш рет аятын 40 күн өтіп, мұндағы марқұмға қатысты кәделердің біразы жасалып, ескерткіші тұрғызылып болып, ауылға қайтар алдында әкесінің басында оқыды. Бұған қарап коммунист Сәкенді құдай жолына мүлдем атүсті салғырт қарайтын жан болды бұған дейін деп ойлап қалмаңыз. Керісінше ол "піссімілдасыз" аяқ баспайтын, өз үйінің дастарқаны түгілі ресторан, асхананың өзінде қол жайып, бет сипап ас қайырған мезіретін жасамай орнынан тұрмайтын пірадар, тақуа.

Сәкең аулына үзбей үнді шайын салып тұратын. Одан әрине Дәукеңе де ауысады.

— Жарықтық, мүнай сасыған шайдың дәмі-ай,—дейді Дәукең оны ішкенде маңдайы жіпсіп, терлеп. Атасының жылы еткен соң шай салу сиреді. Сондайда келіп қалған Дәукең:

— Әлгі мұнай сасыған шайларың Есжанның өзімен кетті ме,-деп жіберулі. Сол әңгімені естіген Сәкең қап деп санын бір соғып енді Дәукең атасына салатын болды шайды.

Дәукең үш рет некелі болған кісі. 1-ші әйелі баяғыда бұл "итжеккенге" айдалып кеткенде енді оралмайдыға жорып бір баласымен Көкшетау жақтағы төркініне көшіп кетіпті. Дәукең оралған соң артынан іздеп барса — баласы өліп қалған Әйелі:

— Сен қарап жүре алмайсың, тағы бірдеңені бүлдіріп сотталып кетесің де менің басым және қаңғырады,—деп тантиды. "Бала — белде, қатын — жолда" дейтін қазақ нағыз өзі Дәукең ол әйелге қолды бір сілтеп ауылына келген соң Балымша қызға үйленеді. Берірек келген соң, Нұртас Ондасынов ауылының тұрғыны болып, сол ауылда "елді Мерейім басқарма емес Дәулет асырады" атанып жүргенде Үрләш деген жас келіншекті үйіне кіргізіп алады. Үрләш Қоңыраттың Жетімдер деген атасының қызы. (Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбековтың жақын апалары, Нұртас Оңдасыновтың жақын қарындастары).

"Дәулет асырады" дегеннің астында Дәукеңнің тағы бір кесек қимылы жатыр. Бір жылы бұлардың "Аманкелді" колхозында алабөтен егін шықпай ішіп-жемнен тарығудың қаупі туады. Дәукең қоңыр күзде атына мінеді содан. Астығы мол, егісін орып үлгіре алмай мелдектеп жатқан колхоздарға барады, басқармасына кіреді.

— Сендердің біздің колхозға жіберуге тиіс астықтарың неге кешігіп жатыр?—дейді төтеден төте. Басқарма аң-таң. "Ел құлағы елу" Дәукеңнің "Аманкелді" колхозына Оңдасыновтың сәлемімен келіп тұрақтағанын бұл да біледі. Бірақ мына бір вагон астық туралы естісе құлағы керең болсын.

— Нұрекеңнің, Нұртас Оңдасыновтың өзімсініп айтқан тапсырмасын жүре тыңдап, созбаққа салудан қашан арыласыңдар осы,— деп ашу шақыра жөнелді Дәукең енді.

— Нұрекеңнің айтқанын тиянақтап, сендердің әрқайсыңның арттарыңнан салпақтап мен қашанғы жүремін шаруамнан қалып. Бұл қылықтарыңды айтсам ғой, жатып кеп өкпелейсіңдер. Сосын менен жаман адам жоқ қылып шығарасыңдар. Білем ғой сендерді!..

Басқарма байғұстың апысы кіріп, күпісі шығады да қалады. Нұрекеңнің сәлемін ұмытпағанын, ертең-ақ өзінің де қолға алғалы отырғанын айтып жік-жапар бола жөнеледі. Өйтпеуге амалы жоқ. Мына Дәукеңді Н.Оңдасыновтың өз аулына жіберген, қойған "төтенше өкілі" екендігі миына енді жетті емес пе?!

Бірер күнде бір вагон астық "Аманкелді" аулына барып жетеді. Дәукең бұл басқармаға жасағанын тағы бір басқармаға жасайды. Оның да "ұмытып жүргенін" есіне салады. Сөйтіп ол жақтан да бір вагон астық.

Дәукеңнің мына қимылынан шошып кеткен ауылдың басқармасы мен Мерейім ауыл совет қипақтай бастаған екен.

- Не былжырап тұрсыңдар? Қырман түбі деген болмай ма қазақта. Одан кеусен үлестірмеуші ме деді ағайынға. Бұл -сол. Сөзді қойып ана екі вагон астықты үйді-үйге үлестіріп, ұраларына салып беріңдер. Сұрап жатса, Нұрекеңе өзім айтып түсіндіремін жайды,— деп жекіріп тастап жым қылады. (Гүлсім қарындасымның Н.Оңдасынов туралы кітабында Нұрекең мен Дәулет екеуінің суреті бар.)

Сондай Дәукеңе ауылда "Мұның қалай, екі қатын алатын заң жоқ қой" дейтін ешкім жоқ. Нұрекеңнің "осы маңайдағы өкілі", оның үстіне енді оның күйеу баласы болған кісіге қарсы келіп жұрттың тастай алмай жүрген жаны бар ма?!

Дәукең екі перзентті болған бұл екі қосағынан. Қызы қайтыс болған. Қазір қара шаңырақты ұстап отырған бір ұлы бар. Ол үбірлі-шүбірлі.

Дәукең тілді шешен адам. 70-тің желкесіне мінсе де нұры қайтпаған бадана көзі жарқ-жұрқ етіп шаршы төрдің сәнін келтіріп, ойқастап сөз бастап отырады. Міне, ол бүгін Есжан інісінің жыл садақасында да сол қалпы.

— Түбіңді с...,—деп бір сықпыртып алды ол әуелі балдыздарын.

— Шайнам ақылдарың жоқ. Тапқан-таянғандарыңа арақ ішесіңдер. Одан да оны жинап, басын құрап, алдарыңа мал салып тоқал алмайсыңдар ма?

- Жезде-ау, Кеңес үкіметі екінші әйел алуға ұлықсат етпейді ғой.

- Апаларыңды әйел үстіне тоқал қылып алған мен не сонда басқа бір мемлекетте отырмын ба? Ой, түбінді с...р!

- Жезде, кешегі соғыс кезінде тылдағы келін-кепшіктерді былай нетіп... Қол шығарған кезіңіз де болыңқыраған шығар?

— деп бір балдыз енді осылай оспақтады.

— Тәйт, әрі, көргенсіз. Мен некесі бұзылмаған әйелдің етегін ашып көрген кісі емеспін. Өйтіп аруақ аттап не көрініпті маған. Сенің басы бос апаларың толып жүргенде!

Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі. Сұрақ иесі балдыз жым болып қызарақтап қалды.

Дәукеңнің бұл айтқаны шындық. Ол соғыс жылдарында ер азаматы майданда үйлерді қамқорлап, тірі жесір келін-кепшіктерге қорғаныш болып жүрген. Бірде күйеуі соғысқа кетерден бір апта бұрын ғана түскен келіншек қайтып кетеді.

Үйде күйеуінің қарт анасы жалғыз қала береді. Соны естіген Дәукең атына мініп, келіншектің үйіне келеді. Атынан түспей тұрып дауыстап шақырады. Келіншек үйден шығады. Төркіндері де ере шықса керек.

— Бері жақында,— дейді келіншекке әмірлі үнмен. Ол таяй келе бергенде қамшымен жондатып бір тартады.

— Байыңнан жаман хабар жоқ. "Қара қағаз" келген жоқ. Майданда от кешсе де аман жүр ол. Ал сен өлмелі енеңді жалғыз тастап төркініңе кеттің. Осың адамшылық па? Байың соғысқа кетерде солай деп серт беріп пе ең? Қане, түс алдыма жаның барында! Екінші рет осылай етсең обалың өзіңе, айтпады деме, ат бауырына салып ұрып өлтіремін өз қолыммен!

Солай деп келіншекті 18 шақырым жердегі аулына жаяу айдап әкелулі. Артынан әлгі келіншекгің күйеуі соғыстан аман келген. Болған жайды естіп Дәукеңе риза болулы. Және оны күйеуіне өзге емес "бір ағат қадамымды солай түзетті" деп келіншектің өзі айтулы.

Міне, Дәукең сондай адам еді, жарықтық. 1991 жылы 98 жасында бақилық болды ол. Сөйтіп қара жер қазақтың нағыз түс ерінің соңғы сарқындысын қойнына алды. Атасының сырқат хабарын естіген Сайлау баласы келген көңілін сұрауға. Сонда жасын сұрағандарға — "112"-демін деп отырды қарт. Үлкендік қой бір мүшел жасын қате, артық есептеп отыр. Сәкең анық біледі. Дәукең атасынан аттай 4 жас үлкен. Ал ол болса биыл 93 жасын толтырды топырақ жасымен.

Ердің соңы дерлік Дәулет қария сөйтіп екі қосағының, баласы Аманкелдінің алдында немерелерінің маңдайынан сүйіп, батасын беріп, мәңгілік сапарына атына сай жөн-жоралғысымен жақсы аттанды. Бір немересінің фамилиясы Дәулетов болып жазылған. Бұрынғы "Амангелді" колхозының ізі қазақтың мен деген перзенті Нұртас Ондасынов ауылының үлкендері оны "жарықтық кешегі Дәукеңнің көзі" деп құрмет тұтып, төріне отырғызады. Әкесі сыйлының баласы қашан да құрметті ғой қазағымда.

ӘУЕЛГІ БАСПАЛДАҚТАР

Қазақтың тау-кен институтының геологиялық барлау факультетіне 1957 жылы түскен Сайлау Жылқайдаров пайдалы қазбаларды іздеу және барлау мамандығы бойынша үш курс оқыды. 1960 жыл институтты Қазақтың политехникалық институты деп өзгертті. 1960-61 оқу жылынан бастап осында мұнай-газды іздеп барлайтын мамандық ашылды. Сәкеңнің тобы институттың бұйрығы бойынша осы мамандыққа оқитын болды. Республикада өзінің дербес мұнайшы инженер-геолог мамандарын дайындаудың ілкі қадамы еді бұл. Мұның да көп өзгешелігі, айырмашылығы бар. Біраз жаңа пәндер оқытылуы керек. Айта берсе мұнай-газ геологиясы өзге саладан күрделі де. Соған орай бұл топ қосымша тағы жарты жыл оқып, өздерімен бірге түскен курстастарынан кеш бітіретін болды. Оның өтемі — бұлар Қазақстанның төл жоғары оқу орнынан шыққан тұңғыш жоғары білімді мұнай мамандары еді.

Өзінің ізбасарларына қарағанда осы бір үркердей топты бақытты десек, тіпті артықшылығы жоқ, геологияны кең ауқымда, жан-жақты, тереңдетіп оқыды. Тамаша ғұламалардан дәріс алды. Ең бастысы Қ.И.Сәтбаев сынды алыптардың, XX ғасыр адамының шапағатына бөленді. Шапағаты дегенде оның ауқымы тіпті кең. Қазақстанда ғұлама ғалымдардың бас қосуы тікелей академик Қ.Сәтбаевтың еңбегі. 30-жылдардағы репрессияның қанды қақпанына алдымен интеллигенция, ғалымдар ілінді. Одан геолог ғалымдар да cay қалмады. Небір атақты ғұламалар концлагерьлерде азап шекті. Хрущев жылымығынан соң олар босып Москва, Ленинградқа келді. Бірақ онда жайлары болған жоқ. Сәтбаев көбін біледі. Сырттай таниды. Олар болса Сәтбаев атына қанық. Қанекең біраз ғалымдарды Алматыға шақыртты. Пәтер берді, жұмыс берді, лаборатория берді. Қысқасы барлық жағдайын жасады. Соның бірі Кригер-Войновский — дворян, ғылым докторы, профессор, орыстың нағыз зиялы ақсүйегі. Ол академиядағы жұмысына қоса студенттерге тарихи геологиядан лекция оқыды. Сәкеңнің сүйікті ұстаздарының бірі.

Сәкеңнің студенттік шағының есте қалатын елеулі қымбат бір сәті — Сәтбаевпен кездесуі. Бұл 1959 жыл еді. Еліміз 7 жылдық жоспар қабылдап, сол жоспар орындалғанда АТСТТТ-ты әкесін танытып қуып жетіп басып озамыз деп желпініп жатқан кез. Қ.Сәтбаев кезекті съезге делегат болып қатысып келген. Минералогиядан дәріс беретін Қожахметова деген мұғалімнің сабағы еді. Сол апай бүгін Сәтбаевпен кездесу өтеді екен. Оған қатысып әңгімесін тыңдау 100 лекцияға.

Мерей тоймен туыстар құттықтау үстінде, 2004 ж.

Сайлау мен Әлпияның жора-жолдастары 60 жасымен құттықтау үстінде. Солдан оңға қарай Жүсіпбек Қоразов, Бітім Кезбаев, Қуаныш Сейсембаев, Нұрлыхан Бекбосынов және Әшірәлі Бижанов, 2000 ж.

60 жас мерей той. 1-қатарда: Төремұрат, Мәкен, Сайлау, Әлпия, Роза жөне Жұма. 2-қатарда: Бек-балдыз, Қожас-бажа және Алшынбек, 2000 ж.

Баласы Ибрагимнің үйлену тойына келген жұмыстас-әріптестері, 1988 ж.

Бауырлардың бас қоса қалған сәті

Салиха Есжанқызы Бекет-атаның 250 жылдығы алдында, мешіттің ашылу салтанатында, 2000 ж.

Әбіш Кекілбаев Салиха Есжанқызына қолтаңба қалдыруда.

Төлемеш жезде мен Патима апа Біріккен Ұлттар Ұйымының үйінде. Вена, 2000 ж.

Бурабай, "Ғашықтар үңгірі" деп аталатын Балуан Шолақ үңгірі, алдыңғы қатардағы Нұртас Оңдасынов туралы екі кітап авторы, журналист Гүлсім Оразалиева, оның қасында қайын сіңлісі Айман және құрбылары Бақыт, 2004 ж.

Жарылқасын Дәуітов атындағы көшені ашу салтанатында. Жаңаөзен, Рахат мөлтек ауданы, 2004 ж.

ҚР геология министрлігінің делегация мүшелеріне Калгари қаласының әкімі "Ковбойдың ақ қалпағын" сыйлау рәсімі, Канада, 1995 ж.

София Сайлауқызы, Халықаралық конференцияда, 2004 ж.

Сайлау мен Әлпияның кенжетайы - София әріптестерімен

Балалар мен немерелер, 2004 ж.

Кеңес Жоламановпен бірге Түркияда іссапарда, 1993 ж.

Мысыр пирамидаларының жанында, 2001 ж.

Сайлау бір топ әріптестерімен Аманкелді газ кенорнын іске қосу салтанатында, 2003 ж.

Геология-барлау факультетін бітіргеніне 40 жыл толуына жиналған курстастарының бір тобы оқытушыларымен, 2002 жыл.

Академик Мая Хажетдинқызы Шығаева - (оң жақта) – Сәкеңнің жеңгесі, Қыдырма атаның немере келіні.

Министрліктің делегациясымен Түркияға барған іс сапарында түскен сурет. Ортада -Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыхан Бекбосынов, оң шеттегі Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері Сағындық Нұрғалиев, сол шеттегі "Қазтүркмұнай" БК тең бас директоры Ілкәр-бей.

Өкіметтің жұмыс тобы жер қойнауын пайдалануға шетел компаниясымен келісім шарт жобасын дайындау кезі, 1993 ж.

Сәкеңнің бажасы Әбенов Жүніс жанұясы.

ҚР Өкіметінің жұмыс тобы Брюссельде, 1993 ж.

Курстастар ҚазҰТУ-дың 70-жылдығында, 2004 ж.

Сайлау мен Бауыржан

Қазақтың атақты кинорежиссер-актеры Асанәлі Ақтауда, 1985 ж.

Жаңаөзен және Ақтау қалалары өкілдерінің кездесуі, 1985 ж.

татиды, — деп Сәкеңдерді кездесу өтетін жерге бастап жүрді. Бұлар ертерек келген. Олары дұрыс болған екен. Залда ине шаншар бос орын қалған жоқ. Қанекең шықты мінбеге. Өте шешен адам екен. Айтқандарынан бір сөзі, сол уақытта өзін үлкен мақтаныш сезіміне бөлеген сөзі есте қалыпты. Ол уақыттың заңы бойынша жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарды жер-жерге Одақтық мемлекеттік жоспарлау комиссиясы бөледі. Күнілгері сұраныс беріледі.

— Сонда, - деді Қанекең - біздің Тау-кен институтын бітірушілерге жыл сайын талас болады. Институттың даңқы Калининградтан бастап Сахалинге дейін жеткен.

Зал бұл сөзді ду қол шапалақтап қарсы алды. Қанекең төрдегі орнына барып отырды. Қолына әдемі алтын шақшасын алды. Алақанына насыбайын салды. Сосын оны шалқайып жіберіп нәшіне келтіріп тілінің астына үкітті. Сәкең енді қалай, қайтіп түкірер екен деп қарағыштап отыр еді. Бірақ Қанекеңнен кейін сөйлеген сол уақыттағы республикадағы ең жас 31 жастағы министр Ш.Есеновтың сөзіне ұйып отырып Қанекеңнің насыбайын қалай түкіргенін аңғара алмай қалыпты.

Қанекеңнің бір ұлылығы жайлы әңгімені бертінде бір ағасынан естуге тура келді. Бір ғалым докторлық диссертация қорғайтын болады. Аз-мұз қарсылық та бола кетіп Қанекеңнің араласуына тура келеді. Қарсыларға қойың деген ағалық ақылын айтады. Сонда біреу тұрып:

— Қанеке, бұл баяғыда сізді қудалау науқаны жүргенде талмай арыз жазған қарағым ғой. Оны қорғаштауыңыз қалай болар екен, — деп қалса керек. Қанекең өңіне күлкі жүгіртіп алып:

— Білем. Уақытында не болған жоқ. Бір пендешілік кеткен болар. Қорғауына бөгет болмаңдар. Қазақта бір де болса бір ғылым докторы артық болсын, - дей салулы.

Міне, сондай жандардың республикадағы перзенті дерлік оқу орнында оқып, білім алу қандай ғанибет!

30 маусым. Диплом алды практика. Диплом Маңғыстаудан қорғалатын болды. Өзен кен орнынан. Сөйтіп жолға шықты. Теміржолмен Гурьев, онан әрі "АН- 2" ұшағымен, 3 сағатқа жуықтаған жолдан әбден сілесі құрып жетті-ау ақыры. Осы күнгі Қызылсай кентінің күн батыс бетінде шағын алаңқайда кассир үшін шағын бөлме, саңлау алдында кеңдеу бір бөлмелі үйшік болды. Сол Өзеннің әуелгі әуежайы. Міне, сол кейіпкеріміздің алғаш аяғы тиген жері.

Көкжиек көлкіген сағым. Аяқ асты бұрқылдаған ақ шаң. Ілгеріректе бәкене үйлердің сұлбасы қараяды. Жолы болғанда әуежайда оған өзінен бір курс кейін дәл өзінің мамандығы бойынша оқитын, қазір осында практикада жүрген Тергеу Айдарханов кезіге кетті. Екеуі шұрқыраса көрісті. Тергеу өзі жатақханада жатады екен. Ертіп әкеліп қасындағы бос орынға салды. Бір тәуірі асханасы бар, содан тамақтанып алып ұйқыға бас қойды. Жол соқты Сәкең қатып ұйықтап кетіпті. Бір кезде бүкіл денесі құрсап, дуылдатып алып барады. Шыдамаған соң жарықты жағып көрсе — беті аулақ, үсті быжынаған қандала. Зәндемі немелер быртиып тойып алыпты. Төбе де, еден де толы осы сұмырайлар және олар нәпақамыздан құр қалмайық дегендей жапырып ентелеп келеді. Құдды баяғы неміс әскерінің кеңес шекарасынан әуелгі өткен қарқыны дерсің. Шошып кетті. Ал, Тергеу болса қыңқ етер емес. Пырылдап ұйқыны соғып жатыр. Жалма-жан оятты. Жайып айтты.

— Ой, құдай-ай, соны да сөз қылып, кісінің ұйқысын бұзып, — деп бұрқылдай оянды ол. — Шыда да ұйықтай бер, — деді. Артынан білді — Тергеуді жалпы қандала, маса деген қансорғыштар шақпайды екен. Сыйлағандықтан емес әрине, оның қаны ащы, яки олар үшін "не вкусно". "Бейбіт қатар өмір сүрулерінің" бар құпиясы осында. Серігінің ақылын алудан аза бойы қаза болған Сәкең далаға атылды. Бұл ауылда ешкімді танымайды және тани қалған күнде де түнде кімнің есігін қақпақ. Мана көрген кеңсеге қарай тартты. Кеңсе артында 2-3 үй бар еді. Соның біреуінің сыртында бассейн бар-тын. Сырт көзден оңаша. Соның үстіне басына қолға іліккен әлденелерді жастап жата кетті. Маңғыстаудың түні қандай тамаша. Нағыз аспаннан жұлдыз жауған түн. Бетін цементтеген бассейн үсті салқын. Нағыз рахатизм. Ұйқыға қайта шомды. Ертесіне елден бұрын оянып бассейн суынан шелекпен алып жақсылап жуынды, шайынды, қырынды, сүртінді. Сөйтіп "пайғамбар" қалпына келіп, асханаға барып тамақтанды. Жұмысқа келді. Өндірістік мекеменің есігін бірінші рет аттауы. Оң аяғымен кірді. Тәртіп бойынша бас геолог Халила Махамбетов деген кісі- екен, — соған мәлімденді. Халекеңнің орынбасары, яғни аға геологы Жарылқасын Дәуітов деген аға екен. Екеуі университетті бірге бітіріпті. Сол жерде өздерінің алдында оқып, геологтың дипломын алған Олжас Сүлейменовтың геологияға "опасыздық" жасап ақын болып кеткенін күліп ауызға алып қойды. Мамандығы бір әріптестерінің жақсы ақын болғанына ризашылық белгісін білдірген күлкі, әрине олары. Түсте Жарылқасын аға үйге шайға шақырды. Отбасымен таныстырды. Жеңгейдің аты Манаш. Мектепте мұғалім. Екі қызы бар. Үлкені Гүлшат, кішісі Гүлнәр бесікте. Сөйтіп, Маңғыстаудағы алғашқы дәм осы ағаның үйінен бұйырды.

Шіркін Жәкең! Нағыз болмаған жақсы ағам еді ол менің де. Манаш жеңгеміз өзіне сай. Маңғыстауға бір кісідей еңбек сіңірген кісі болса осы Жәкең болар алғы толқында. Өмірде аржайы, көңілді, қабағы шытылмаған Жәкең сонысымен өтті. Жер қозғалмаса қозғалмайтын Манаш апа да сол күйімен кетті. Қыздары тұрмыста. Гүлнәр политехникалық институт филиалы алғаш Ақтауда ашылғанда соған түсіп, жақсы бітіріп шықты. Қазір тұрмыста. Атақты мұнайшы Табын Оржановқа келін болды. Ақтауда тұрады.

Өзен мұнайының 40 жылдығында Жаңаөзен қаласында Жәкең атына көше берілгенде, Сәкең інісі сол салтанатқа қатысып сөз сөйледі.

Халекең — Халила Махамбетов Жәкеңе бір мінезі ұқсас, бір мінезі қарама-қарсы жан екен. Ұқсастығы кішіге өте-мөте мейірімді. Бірақ ол мейірімді ұлы теңіздердегі ұлы ағыс сияқты көрсетпей ұстайды. Ал қарама-қарсылығы — бастық атаулы өз көңіліне жақпайтын бір сөз айтса қырсыға қалады. Ондайда тіпті қатты шамшыл. Қайырып тастайды, түйдек-бүйдегімен айтып тастайды. Құдды қарсыдан соққан қара дауыл бола кетеді.

Ал жұмысқа келгенде өзін де, өзгені де аямайды. Осындай екі ағасы болашақ әріптесін бірден қамқорлай кетті. Халекең Өзен кен орнының қорын тез қорғау талабына байланысты жұмыстан кейін, түнгі 10-11-ге дейін жасау тәртібін енгізген. Сол себепті кеңсенің геология кабинетінің шамы кеш сөнеді. Сәкең бірден-ақ сондай қызу жұмысқа араласа кетті. Геолог жұмысының негізгі бір бөлігі өз ойын картаға, диаграммаға түсіру, яғни сол тілде сөйлеу. Қиын-ақ. Сәкең жаутаңдап Халекеңе қарайды. Ал ол болса "оқыдың, өзің жаса" дейді. Жәкең бастығынан, сірә аса алмайды. Сөйтіп, бұл карта, диаграмма, профиль дегендерінің бәрін өзі сызады. Ал қателікті түзетуге келгенде ағалар барын салады. Дауыс сарындары үнді, биязы, сыпайы, сазды, батагөй кейіпте. Тек айтқан сөздері нақты. Бұл жерде олар кафедраның талапкер профессорлары. Ал енді геологиялық бөлімнің өзінен де, Сәкең тарапынан да сызылып келген деректі әлгі "дүниелерді" талқылауға келгенде, негіздеуге келгенде олар басқа қырынан танылады. Бүгінде 65-ке келген, сол ағаларының артында қалған, қадірін білетін көне көз Сәкең "қарт" біліп отыр, солар — сол қайран ағалар нағыз өміршең демократиялық принциптерді ұстанған екен ғой.

Қысқасы, Өзенде өткен осы бір-екі ай практикант студент Сайлау үшін бір мектеп болып қалды есте. Шәкірті аттанар сәтте Халекеңнің ініге айтқан ақылы төмендегідей болды:

— Сайлаужан, осы аз уақыт ішінде туған інімдей болып кеттің. Теңіз суының дәмін тамшысынан-ақ біл деген рас екен. Мен сені бірсыпыра біліп болғандаймын. Ләйімде осы білігім өзгермегей.

Аға ретінде екі сөз айтам. Екеуі де сенің пайдаңа шығар, иншалла. Бірінші: оқуың біткен соң Өзенге кел. Сен Өзенге керексің, қажетсің. Сені Өзен де өгейсітпейді. Екінші: үйленіп кел. Мен кеш үйленем деп денсаулығымды бұздым. Қазір бауырдан азап шегіп жүргенімді өзің көрдің. Әйел ер адамның, оның ішінде геологтың берік тылы. Осыны есіңнен шығарма.

Сөйтіп Өзеннен көңілі тоқ, қоржыны толық оралған Сәкең Алматыға келген соң күзде үйленді. Жұбайы Әлпия Қалмұратова Адайдың оның ішінде Қосай Есенбет аулының қызы. 30-шы жылдар басында Түркменстанға көшіп барып сонда тұрақтап қалған.

3 қарашада екі жастың Алматыда тойы өтті. Тойдан соң іле-шала диплом жазуға отырған Сәкең бас-аяғы 20 күн ішінде оны дайын етті. Ағалардың ақылымен практикада сызған карталарының көшірмесін ала келген. Сол қажетке жарап кетті. Айта кету керек, бұл Өзен кен орны бойынша жазылған бірінші диплом жұмысы еді. Оңайға түскен жоқ. Ең басты қиындық - тіл. Ауыл баласы орысшаға орашолақ. Бірақ задында көпірме сөзге жоқ Сәкең кейбір әріптестері сияқты 200-300 бет емес бар болғаны 100 бетке айтарын сыйғызды. Қорқа соқтап Геология министрлігінің бас геологы Петр Ильич Краевтың төрелігіне ұсынды. Рецензент сол еді. Қаупі бекер болды. Петр Ильич "Маңғыстау жайлы әзірге қолда бардың бәрі айқын, нақты, дұрыс, қысқа да, нұсқа тұжырымдалған" деген өте жақсы бағасын берді. 27 желтоқсан күні диплом үздік қорғалды. Қаңтар айында 1 айлық әскери қызмет басталды. Жол Түркменстандағы әскери бөлімге түсе кеткені. Сәкең Қызыл Арбатқа сұранып, ол тілегі де қабыл алынды. Бұл сұраныс себепсіз емес. Қайын жұрты сонда тұратын. Атасы Мұхамбет Бабақұлұлы Қалмұратов 25 жыл кәсіптік училищенің директоры болған қарт ұстаз.

Осы орайда Мұхаң марқұм туралы аз сөз. Ол кісі менің де ұстазым. Өте бір жылы жүзді, мейірімді адам еді. Еңбек сабағынан берді. Сабақты тек орыс тілінде өткізетін. Соның себебін бірде былай түсіндірді.

— Балалар, мен қазақша білмейді емеспін. Керісінше, ол менің ана тілім. Оған қоса түрікменше де таза білем. Мақсатым сендер аз да болса орысша үйренсін дегенім.

Мен әу бастан қолы олақтың бірімін. Нағашым Қапаш, Қали шеберлігі маған келгенде айналып өтіпті. Балға, қышқаш ұстауды сөйтіп алғаш мың болғыр Мұхаң әкемнен үйрендім.

Мұхаң үйі де Өзенге сол 1964 жылы көшіп келді. Жалғыз емес. Қасында ағасының баласы Дәулет Төлеуұлы бар. Ол автомеханик. Дәукең үйі бізбен көрші болды. Кейіннен біздің Жармыштың қызы Бәтимаға үйленді. Бұл әулеттің тағы бір өкілі Әбіл. Ол музыкант. Ойын-сауықтың гүлі. Бәріміз бірге жүреміз. Кейіннен Әбекең біздің сыныптас Несібеліге үйленді. Бұл отбасылар қазір Жаңаөзенде тұрады. Аталар, әжелер. Арагідік кездескенде шұрқыраса қаламыз. Сондайда, әрине алдымен Мұхаң марқұмды еске аламыз.

Жас маманға жолдама Гурьев облысындағы Батыс Қазақстан геология басқармасына берілді. Басқарманың бас геологы Нәрен Орынбайұлы Имашев. Ол әдеті бойынша жас геолог маманды өзі қабылдап ақ жол тіледі. Басқарма жолдаманы Маңғыстау мұнай-газ барлау тресіне берді. Сол жерде болды бір қызық. Әуежайға келсе Ералиевке ұшақ жоқ. 4-5 күнсіз болмайтын түрі бар. Тесік қалта Сәкеңнің ақшасы таусылған. Ұшақ күтіп жатуға мүмкіндігі жоқ. Ақтау ол уақытта "Гурьев-20" деп аталатын жабық қала. Арнаулы жолдамасы бар адамдарды ғана ұшаққа тексеріп отырғызады. Тексеруші орыс әйелі бөлек бөлмеде отыр. Сол жерде Сәкең бір батыл шешімге келді. Әйелдің алдына келіп паспорты мен жолдамасын жайып тастады.

— Ақтауға барсам — Ералиевке барғаным. Ал оған ұшақ жоқ. Күтуге менде жағдай жоқ. Қалтамдағы соңғы ақшам тек билетке ғана жетеді. Бұл жерде ешкімді танымаймын. Алматыға жеделхат салып, ақша сұратуға әйелім студент. Қара нанға қарап отыр.

Әйел күліп жіберді де билет алуға рұқсат қағаз жазып берді және сол бойда ұшқалы тұрған рейске. Онан арғысы шайдың батасындай. Ақтауға келіп топ ете түсті. Әуежайдан қала тиіп тұр. Қаладан өндірістік аймақтағы су айдайтын тораптық станция көрінім жер. Одан Ералиевке су таситын машиналар ағылып жатыр. Келсе күткендей-ақ бір машина Ералиевке жүргелі тұр екен. Соған отырып қас қарая Ераливке келсе асхана, дүкен бәрі жабық. Жолға қазекең сірә, азық алып шығуға салдыр-салақ. Жатақханаға кірсе ешкім жоқ. Сөйтіп іші шұрқырап аш жатуға тура келді. Ұйқыға кетер алдында аштық жоқ, соғыс жоқта соншама ашығып деп күліп алды.

Осы жерде айтатын рет келді. Бұл Халекең ағасының бірінші аманатына қиянат жасамақшы. Өйткені, Әлпияның оқуы әлі аяқталған жоқ. Оның болашақ мамандығы геофизик. Ал геофизика тресі дәл сол уақытта Форт-Шевченкодан Жетібайға көшіп жатқан. Сол себепті бұл ертең трестен жолдаманы Өзенге емес, Жетібайға алмақ.

Ертесіне асханаға ерте барып есігін күзетіп тұрып, алдымен кіріп тамаққа тойып алып шықса, мәссаған, Халила ағасы бетпе-бет жолықты. Қасында Жетібай экспедициясының бас геологы Вадим Тевяшов бар. Ағасы құшақтай алды. Жалма-жан Вадимге таныстырып, — міне менің анада саған айтқан геологым келді,— деп те салды. Амандық біткен соң Сәкең әйеліне қатысты проблеманы айта бастап еді, Халекең — оның жарасы жеңіл. Трест геофизиктердің 3 партиясын Өзеннің басына байлап қоймақ. Орнын да белгілеп қойды. Сонда орналасады деді.

Үшеуі асханадан шыққан соң бірден трест кеңсесіне тартты. Халекең кадрлар бөліміне кіріп — мендегі 3 коллектордың штатын алып, орнына бір инженер-геолог берің. Ол заңға сияды деді. Кадр бөлімінің бастығы киіз кітабын ашып қарап заңдылығына көз жеткізіп алып, солай жасады. Екеуі трест басшысы Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевке кіріп, жолдамаға бұрыштама соққызды. Заң бойынша жас маман қызметін коллектордан бастауы керек.

Онсыз болмайды. Ал ол дегеніңіз ең төменгі қызмет. Заңның аты заң. Сөйтіп, Сәкең 1963 жылдың 1 сәуірінде 189 сом айлықпен коллектор болып жұмысқа кірісті. Жатақханада жайың болмайды деп Халекең үйіне жатқызды. Жатақхана сірә, баяғы қандаласынан арылған. Қытайдан ерекше дихлофос алдырып улап сап қылыпты. Өздері де бір жансебілдер екен, біздің кеңестік дихлофосқа өлмепті.

Өзендегі экспедиция ол кезде Өзен мұнай барлау экспедициясы деп аталады. Бастығы Дүйсен Үсенов. Өзенге алғаш келген байырғы барлаушы. Байыпты адам.

Коллекторлық мерзім тез бітіп 13 майда инженер-геолог болды. Бұл да Халекеңнің шапағаты болғанмен Сәкеңнің іскерлігіне берілген баға. 13 дегеннен шығады. Көп елде бұл сәтсіз, қайырсыз цифр саналады. Оның түсінікке мықты енгені соншалық, патша армиясында 13 санды әскери құрама ресми түрде басқаша аталған екен. Бірақ, солай бола тұрса да осы цифр Сәкең үшін өте сәт. Алғаш Маңғыстауга 13 мартта шығып, 13 санды вагонның, 13 орнына келген. Алматы-Гурьев вагоны Алматы-Москва поезына тіркеліп Қандыағашта 22 сағат тұрады. Сонда 13-ші жол айырығына қойылғаны және бар.

Жұмыс қызу. Халекең сірә, бұрынғы Халекең. Талапкер. Уақытпен санаспайды. Бөлімнің тағы бір қызметкері Ханзиба Есмұрзина.

Осы орайда Ханзиба апай туралы тоқтала кетелік. Ол Гурьев мұнай техникумының алғашқы түлегі. 1954 жылы Тасбасқа келді. Одан Түбіжік, Ақшымырау, Өзен — қысқасы Маңғыстаудың қара ойын түгел айналып шықты. Көп балалы. Күйеуі Жұбатқанов Шолтыр марқұм бұрынғы десантшы офицер. Соғыста рота командирі болған. Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің бірінші партком хатшысы. Ханзиба aпa қазір бар. Сол баяғы Өзенде тұрады.

1965 жылы Әлпия институтты бітірді. Геофизиктер Өзеннің құбыла бетіне өздерінше бір ауыл болып отыр еді. Сонда жұмысқа орналасты. Пәтер алды. Өзен өлшемінде кең пәтер.

1964 жылдың қыркүйегінде Сәкең учаскелік геолог болды. Бұл да бір саты өсу. Учаскелік геолог таза өндіріс. Қазылып жатқан ұңғылардың басында болады көбіне.

1965 жылы жаңадан пайдалану бұрғылауы конторы ашылды да, Халекең зорлап отырып Жарылқасынды бас геолог қойғызды. Зорлап отырып дегеннің мәнісі бар. Сол уақытта қазақтың жоғары білімді мамандары өз елінде өгей хал кешетін. Жоғары жақ бас маманның бәрін Бакуден, Татариядан, Самарадан, Грозныйдан алдырады. Халекең әрине, онымен келіспейді. Жарылқасынның орнына Сәкең аға геолог болды. Сөйтіп және бір саты өсті.

1965 жыл үлкен жаңалығымен келді. Маңғыстау мұнайын ашқандары үшін бір топ адам СССР-дің ең жоғары наградасы — Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ іштерінде бүкіл Өзен мұнайының ауыртпалығын көтерген қара нар геологтар жоқ. Мұндай әділетсіздікпен келісер Махамбетов па? Москваға барды. Кезекті съездің секретариатына арыз жазып отырып лауреаттықты тартып алды.

— Мен Өзенге осы атақ үшін келгенмін. Мұратыма жеттім ғой, —дейді және төтесінен. Ол солай лауреаттық дауымен жүргенде барлық жұмыс Сәкеңнің мойнында қалды.

— Нұсқауды егер дұрыс деп есептесең, менің атымнан бере бер. Ол дұрыс болмай шықса соңында бас тартып тайқып кетер кісің мен емес — дейтін және шегелеп.

1963 жылы сәуірде басшылыққа өзгеріс болған. Дүйсен Үсенов кетіп орнына А.Ф.Шурандин келген. Министр Жезқазған жақтан өзі әкеліп қойып кеткен. Ол бір жұмыспен ісі жоқ адам болып шықты. Бар бітірері қыдырып арақ ішу. Бүкіл экспедицияның қызметіне басшылық бас инженер С.Д.Саркисовтың мойнында. 1964 жылдың наурызында тағы өзгеріс. Экспедиция Үкімет қаулысымен Геология министрлігінен Мұнай министрлігіне берілді. Сөйтіп ол Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің қарамағынан жаңадан құрылған Маңғыстау мұнай-газ өндіру бірлестігіне өтті. Шурандин кетіп орнына түбі бакулік, Андрей Хачатурович Шахраманов деген армян келді. Ал бұл енді нағыз суайт. Өндірістік бас қосуда көзі жоқ адамды жамандайды. Біреуді біреуге айдап салуға әуес. Бірде Сәкең күліп досы инженер Әнес Бүркітбаевтан:

— Айтшы, Әнеке, бұл суайт мені де жамандай ма, жоқ па, — деп сұрап еді Әнекең:

— Е, сен бәрімізден артықсың ба? Алғансың сыбағаңды. Және әлденеше рет, — деді мәз болып. Жоғарыдағы сүйеушілеріне сенген Шахрамановтың шідер үзем дегеніне көне кетушілер аз. "Мың асқанға бір тосқан" жасау қолдан келеді. Бірақ қазақ табиғатында көп нәрсеге кешіріммен қарайтын халық қой. Әсіресе іс басындағы басшы ағаларымыз солай болды кезінде. Олардың мұндайларға зілі байыпты ескертумен ғана шектеліп жататын. Сондай ағаның бірі Өтеп Балғынбаев марқұм өте сыпайы, мәмлегер, байыпты басшы болатын. Бірлестік бастығының орынбасары. Бірде Шахраманов, Сәкең үшеуі машина ішінде келе жатқан. Шахраманов әдеттегі мінезіне басып бұл жолы жұмысшыларды жабдықтау бөлімі басшыларын сықпыртып жамандап келеді. Әләуләйінің қайырмасы сірә, белгілі. Олардың да тиесілі жұмысын Шахраманов жасап, шақшадай басы шарадай болып жүр екен. Өтекең біреу сөйлеп отырғанда ұнасын, ұнамасын әңгімесін бөлмейді. Сол әдетімен тыңдап алды да.

— Слушай, Шахраманов, ты руководишь или руками водишь? — деп сұрады әуелі. Шахраманов қапелімде түсіне алмай қалды.

— Мен өзімнің үйімнің бірінші басшысымын. Әйелім, балаларымның басшысымын. Олар немен айналысып жатыр біліп, көріп отырамын. Жетпей қайырған жерлері болса ақырын айтып түсіндіремін. Барлық іс, қарекет осындай түсіністікке ғана негізделген. Ал енді олардың қателігін айтып үстерінен әкем мен шешеме шағымданбаймын. Өйтіп жатсам менің отбасымдағы басшылық орнымда не құн, не құт, береке бар?!

Шахраманов еңгезердей қара кісі еді. Машинаның артқы орындығында мыш болды да қалды. Беті қара талақ болып қабарып кетті.

Шахраманов және әупірім де. Сонысын бірде Халекеңе де жасағысы келді. Әдетте жаңа қазылатын орынды тек бас геолог белгілейді. Оны ешкім өзгертуі тиіс емес. Өндірістік лездеме өтіп жатқан. Шахраманов босаған мұнараны ана жерге апар деді.

— Жоқ, онда емес мында барады! - деді Халекең столды жұдырығымен нұқып.

— Шаруаң болмасын! Мен Дурмишьянмен келістім! — деп ақырды Шахраманов.

— Я е.... твоего Дурмишьяна! Он тоже пройдоха как ты! — деп өре түрегелді Халекең. А.Г.Дурмишьян бірлестіктің бас геологы. Шахрамановтың қандасы. Бұл ыңғайсыз көріністен жұртқа біртіндеп далаға шығып кетіп құтылудан өзге жол қалмады. Екі қошқар жекпе-жек сүзісіп қалып еді. Біраздан соң Халекең шықты. Жеңіспен шықты. Сол-ақ екен Шахраманов Халекеңнен аяғын тарта жүретін болды. Таныды құнан қойдың сақасын. Шахрамановтың әрекеті көрсеткіш қуу. Жұмыс нәтижесі мұнда қазылған тереңдікпен өлшенеді. Ал оның негізгі нәтижесі — табылған мұнай не игерілген жаңа қабат қосалқы көрсеткіш болып қалады көрсеткіш қуғандар үшін. Келімсек бастыққа алаңның тағдыры емес, атақ, мансап керек.

Міне, Халекең марқұм сондай кісі еді. Кейіннен бас геолог ретінде Сәкеңе де басшылар Н.Ә.Марабаевпен, М.С.Чудновскиймен әлгіндей дауға баруға тура келді. Әрине, Халекеңше ұрыспайды ғой бұл. Бірақ өз пікірін табандылықпен қорғап қалатын. Сондайда Халекеңді еске алатын.

Х.Махамбетов кейіннен Алматыға ауысып кетті. Сонан соң жақсы ағамен жолы тоғысқан жоқ. Асқынған бауыр сырқаты есіл ағаны ақыры алып тынды.

Халекең бас геологтық орнын інісіне мұра етіп кетті. Сәкең сөйтіп қызмет барысында нағыз космостық жылдамдықпен дерлік өсті. Бас-аяғы 3 жылда үлкен бір экспедицияның бас геологы.

Өзенде Сәкең көп достар тапты. Соның бірі көршісі Сабыр Назарбеков. Ол гараж меңгерушісі. Әкесін соғыста немісте тұтқында болдың деген айыппен соттап Сібірге жіберіп, Сабыр Гурьев балалар үйінде тәрбиеленіп, өмірдің нағыз өткелінен өткен. Соның бір мысалы — әкесін сағынған Сабыр 8-ші сынып бітірген жылдың жазында поезға "қоян" болып мініп тартып кетеді Барыс жағы — Свердловск маңы. Әкесі сонда ағаш кесу жұмысында. Адресін біледі. Жолшыбай поездан поезға отырып, әркімдердің қоржын-қолабасынан жымқырып үнем айырып ақыры жетеді. Назекең кешке жұмыстан келсе алдында баласы отыр. Сонда сабырлы Назекең жағасын ұстаулы. — Балам-ай, тіл-көзден аулақ жүре көр, - деп үшкірулі тақуа, Түркістан легионында рота молдасы болған Назекең.

Айтпасқа болмайтын қызық тарих — бұл әулет Махамбетпен туыс. Махаңның атасы Мәлі қолға түскен Иран ақсүйегінің баласы екен демей ме?! Мәті соның туысы. Мәліні Беріштер бала қылып алғанда Мәті Адайлар арасында қалады. Үлкен молда болады. Моласы қазір Бозашының Тасорпа түбегінде. Әулие. Басына ел түнейді. Назарбековтар осы Мәтінің ұрпақтары.

Сабыр аңшы. Аңшы болатыны бір жағынан әуесқойлық, екінші жағынан қажеттілік. Себебі, Өзенде ет жоқ. Тіпті ет дүкені жоқ. Мүмкіндігі барлар аң аулап үнем айырады. Оларға тыйым салынып та жатқан жоқ. Бір жақсысы далада қарақұйрық пен киік жыртылып айырылады. Ол уақытта түнде қарақұйрықты аулау да оңай. Машина жарығынан қашпайды. Сабыр апта аралатып аңға шығады. Бейсенбіде кетеді, сенбі, жексенбіде түнделетіп келеді. Әуелі Сәкең көршісінің есігін қағады. Осында түсіреді. Ауыз үйге үйеді. Тіреу ағашқа жуан шеге қағулы. Соған толарсағынан іле салып сойғанда Сайынның қолы қолына жұқпайды. Нағыз қасаптың өзі. Тұздап, қақтап, қапқа салған аң етінің бір бөлігін Таушыққа — қарттарға жібереді. Біразын көршілерге таратады. Бірде аңшылық құмарлығы қозып кеткен Сабыр түн ортасында машина қорабын толтырып оралып тұр. Ауыз үй толды да қалды. Бергі көрші түгілі арғы көрші қарық болды. Аңшы сондай мол қол болатын.

Қайран Сәкең де жоқ бүгінде. Қошқаратада жатыр. Зираттың қала жақ шетіндегі әсем күмбез оның бақилық мекені. Інісі Сайын тұрғызған оны.

Сайын ағасының үйінде тұрады. Бойдақ. Экспедиция бастығы Дүйсен ағасының қызмет көлігі "ГАЗ-69" машинасын жүргізеді.

Бірде — ертең Ералиевтен бастығымды қарсы алуым керек еді. Бүгін жүріп кетіп Таушыққа қарттарға барып қонып арғы жағынан Ералиевке топ ете түссек қайтеді? Сен бірге жүріп серік бол. Ел көр, жер көр — деп қолқа салды Сайлау досына. Оның бір әдеті жолда серіксіз жүре алмайды. Өзі қара әңгіменің жүйрігі. Серігін жалықтырмайды. Серігінің де әңгіме айтып отырғанын қалайды. Сол әдетін білетін Сәкең қарсы болған жоқ. Екеуі тартып кетті. Түнделетіп Таушыққа келді. Бір той болып жатыр екен, соған түсті. Таң атар-атпаста кері салды. Айтпақшы Таушыққа жету сапарында радиатор тесіліп кетіп біраз азапқа салғаны бар. Енді қайтар жолда бензин жүрмей Жетібайға зорға жетті. Бастық қарсы алусыз қалды.

Дүйсекең кеткен соң Сайын машина ауыстырып су жаңа "ЗИЛ-157" мінді. Сонысымен бірде Сәкеңе тағы қолқа салсын.

— Ералиевке барып, қайтарда Жетібайға соғып бір саяхаттап келсек қайтеді. . .. -

— Болсын.

Сайын Жетібайшыл. Артынан белгілі болды осы күнгі әйелі Қантөре сонда тұрады екен. Жалпақ тілмен айтқанда екеуі жүреді. Сайынның талабы енді қызды тезірек қолға түсіру ғой. Екеуі кештетіп Жетібайға келді. Сәкеңді институтта бірге оқыған досы В. Савченконың үйінде қалдырған Сайын негізгі шаруасымен кетіп түнгі 10-нан аса оралды. Екеуі енді Өзенге салды. Ол уақытта асфальт жоқ. Қара жолдың өзі тарам-тарам. Қарамандыбастың тұсына келгенде Сайынның:

— Жаңа есіме түсті. Құлшекеңе оншақты тай шөп түсіріп берем деген уәдем бар еді. Мына сол қапталда қора жақын. Басында ауыл жоқ. Басында бір мая шөп бар — демесі бар ма?!

Құлшық Өзеннің атақты молдасы. Оның үстіне сыйлы қарты. Сәкең де қатты құрмет тұтады оны.

—Е, неге 10 тай. Машинаны толтырып апармаймыз ба қартқа.

— Солай екен-ау. Әрі қол жұмыс жасап құрыс-тырысымызды таратамыз. Құлшекеңді де қыстан тарықпай шығатын етеміз.

— Тарттық ендеше.

Қырсыққанда қымыран іріп сол бойда қар жапалақтай жөнелді.

— Адасып кетпейміз бе? — деген қауіп айтты Сәкең.

— Бұл Маңғыстаудың мен білмейтін ой-шұңқыры жоқ. Тіпті, Бозашының әр алда төмпегіне дейін көзіме оттай басылады.

Солай мардамсып қойған Сайын салып келеді, салып келеді. Иек астында деген қораның ұрғыны да жоқ. Бір уақытта барып бір қора көрініп еді оның басында үй бар, басқа болып шықты.

— Енді білдім. Біздің қора осыдан қозы өрісіңдей жерде. Қазір-ақ жетіп барамыз. — Солай деп алып Сайын газды баса түсті. Қар әлі жапалақтап тұр.

— Тым солға алып кеткен жоқпыз ба?

— Жоқ. Солға кетсек Үштағанның құмынан бір-ақ шығамыз ғой — дейді Сайын нақ сеніммен.

Бір уақытта қар тиылды. Қора әлі жоқ. Кенет бұлт жыртығынан аспан көріне кетті. Сәкеңнің жіті көзі Жетіқарақшыны шала қойды.

— Қай бағытта келеміз өзі? — деп сұрады Сайынды сынау мақсатымен.

— Тура Сенекке қарай — дейді жершіл Сайын өзіне өзі сенімді түрде.

Сәкең мәз болды да қалды. Сенек емес өздерінің Тасбасқа қарай келе жатқанын айтқанда Сайынның көзі бәжбиіп қалды. Өзге адам болса былш еткізіп бір боқтық айтар еді. Сайын тақуа. Жаман сөз айтпады. Тек ұялған тек тұрмас деп кеңкілдей жөнелді. Сәті түскенде алдан бір қора ұшырасып, екеуі шопан үйіне қонды. Қонар алдында мұқият Сайын радиатордың шүмегін ағытып жатыр.

— Ойбай, ол суды шелекке құйып ал. Малшы ауылында су бола бермейді. Бұлар да солардың бірі шығар.

— Е, сондайы да болады, - деп шелек тосқанша судың біразы ағып кетті. Таңертең су сұраса айтқандай бұл шөл ауыл. Кешегі шелектегі су радиатордың жартысына ғана жетті.

— Ал бұл қаншаға жеткізеді?

— Ана қораңнан аспай-ақ мотор кетеді.

Қырсыққанда бұл жаққа қар аз жауыпты. Бұта-бұтаның түбінде ғана ағараңдайды. Амал жоқ соны екеуі уыстап жинап жүргенін көрген үйдің бәйбішесінің мейірімі түсіп жарты шелек су берді. Соны құйғанның өзінде аз.

— Ештеңе етпес. Қазір ана жолмен Өзеннен Жармаға суға бара жатқан машиналар өтеді. Солардан толтырып аламыз - деген оптимист Сайын солай салды. Айтқандай алдан бір машина қарсы соғып күбісінің түбінде қалған суды артын ойға қаратып қойып құйып алысты.

Таңғы 9-ға таяп үйге келсе Әлпия ұйықтамай абыржып отыр. Сонда тұңғыштары Зейнепке ай-күніне жетіп отыр еді. Абыржымағанда ше? Өзен тәртіпсіз. Әсіресе кавказдықтар жағы. Пышақтасады да жатады. Кісі өлімі болып тұрады. Сәкең қатты ыңғайсызданып қалды.

Сол Сайын қазір аты қазаққа белгілі азамат. Баяғы Қантөрені артынан екі етек болып қалмай жүріп ақыры үйінің шамын жаққызып тынған. Қазір ол бірнеше баланың анасы. Жарының Тоқтамыс аулына белгілі бәйбіше. Сайын артынан политехникалық институттың құрылыс бөлімін бітірді. Біраз жыл сонда мұғалім болды. Денсаулығына байланысты елге келіп сәулетші болды. Абайдың кесенесін, Домалақ ана, Әзілхан Нұршайықов ағасының үйіндегі жеңгесінің ескерткіші, Абыл, Досан күмбезі, тағы басқа ондаған ескерткіштердің авторы. "Құрмет белгісі" орденінің, Махамбет сыйлығының иегері. Жазушылық қыры да бар ол бірнеше кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Сәкеңіміз әлі "қаңғыбас". Бұлай дегенімді, оқырман қауым, оның біздің ауылға жиендігі барлығымен түсіндіремін. Жақсы қырларының бәрі бізден жұққан екен деп ұғыну да шетін емес. Мені де біраз сапарларына серік етіп ерткені бар. Ондайда Сәкеңді тыңдау бір ғанибет. Әттең қолы түскір тие бермейді. Әйтпесе, онымен сапарлас бола бергенге не жетсін.

Қасқадан төбел туады деген әкесі Назекең қазақтың нағыз түс қарты еді. Молда. Ағасы Айдарбек те солай. Екеуі тағдырлас та. Ол да Түркістан легионында болған. Әрине, еріксіз, зорлықпен. Елге оралған соң сотталған. Бірде Айдекең Назекеңнің баласы Сайынның үйіне келмей ме. Келіні шай жасап, алдына пышақ, шанышқы, қасық, тарелка қоймай ма.

Сонда Айдекең:

— Біздің қазақ та жетіліпті-ау. Мұндайды баяғыда немістің ресторанынан көретін едік.

— Көке-ау, сізді соғыста тұтқында болып қорлық көрді деп аяп жүрсек Германияда ресторандатып жүрген екенсіз ғой, — деп Сайын мен әйелі мәз болады ғой енді. Айдекеңнің айтқаны дәл, ресторан да шындыққа келеді. Мен ана жылы Атырау ҰҚК-нен баяғыда М.Шоқай негіздеген "Миллет Түркістан" журналын алып таныстым. Журнал Жылойға түсетін Ә.Ағаев десантымен келіп қалыпты. Сондағы бір суретте генерал фон Менде бастаған неміс офицерлерімен, Вали Қаюммен бірге ішінде Айдекең де бар бір топ легионерлер ресторанда отыр. Ол сурет көшірмесін мен Ақтаудағы мұражайға сыйладым.

Бірде Назекең Сәкеңе келіп отыр.

— Сайлаужан, сені білгір деген жақсы сөзді көп естимін. Естіген сайын балаларымның досы болған соң, бір мәз болып қаламын. Бір сұрақ қойғалы келдім.

— Бір емес, он, жүз, мыңын сұраңыз, аға. Білген жауабымды берейін.

Сұрасам — осы Өзеннің мұнайы қанша жылға жетеді? Ертең таусылып қалмай ма?

— Мақат, Доссорды білесіз ғой.

— Білгенде қандай!

— Ендеше содан мұнай өндіргелі жарты ғасырдан асты. Әлі өндіріле береді. Өзеннің мұнайы ондағыдан кемі он есе көп.

Назекең риза болып кетті. Тіпті мәз болып қалды.

— Балалар қыңқылдап қоймаған соң Таушықтан бері көшіп келем бе деп едім. Ертең мұнай шолтаң етіп таусылып қалып, қайта көшіп әлекке түсем бе деген қауіп қой менікі. Ал басқа жаққа қарай сарылдап ағып Қаржаудың шалындай қылып кету қаупінен аман ғой әйтеуір, - деп бұл жағын да нықтап жатыр сұңғыла шал. Қаржаудың шалы біздің елде сан соғып қалудың" баламасы ұғымында. Міне, Назекең марқұм сондай кісі еді. Жарының өзге шалдарының көзсіз, соқыр тәуекелінен ада-тын.

Сөйтіп, Назекең Өзенге көшіп келді.

Таудың қотыр тасынан сырнайдай қып әдемі үй салды өзі. Ол шебер де болатын. Сәкең балалары жексенбі сайын келіп қол ұшын беретін. Ондайда шал — жұмасында бір демалыстарыңыз. Демалмайсыңдар ма? — деп кейістік танытады.

Ана бір жылы Өзенде бір ыңғайсыз оқиға болды. Сабыр әлдебір себеппен сотталды. Ақиқатында көре алмайтындар жалаға жықты. Сонда ноқай тергеушілер ошағы бөлек, ит жылдан бері Сабырдан бөлек тұратын Назекеңнің жинақ кассасындағы ақшасын тәркілепті. Және онысы қыруар сома. Сөйтсе, Назекең немерелерімнің еншісі деп зейнетақысын алмайды екен ғой. Артынан әрине, ол қателік түзетілді.

Сәкеңнің енді бір көршісі Жанағұл Мәмбетбаев еді. Мұғалім Жәкең артист те. Қызылорда пединститутында "Қозы Көрпеш-Баян сұлуды" қойғанда Жантық рөлін ойнаған. Сол өнерін Өзенде жалғастырып жастардың басын құрап, сол қойылымды қойды. Қодар -Сайын, Қозы - Сәкең, Қарабай — кешкі мектеп директоры Оразғали Оңғарбаев (қазір Ақтауда тұрады), Жәкең - Жантық. Сонда ғой Қодар Сайынның Қозы Сәкеңе шыңымен өлтірейін бе деп залға естіртпей күңкілдейтіні.

Қайран Жәкең жоқ бүгінде. Өзеннің шаң-тозаңды ауасы дімкәс демікпе өкпесіне жақпады да, алып тынды. Қызы Гүлшат дәрігер, Жетібайда тұрады. Мамасы Жандаш қолында. Әріптес көрші, дос Төремұрат Торғауытов қазір Таразда тұрады. Ол облыстық газеттің белсенді штаттан тыс тілшісі болды Өзенде. Валерий Дегбірұлы атақты Абыл ақынның шөбересі, Сайын Шындәулетов бәрінің жұптары жазылмайтын. Демалыс сайын бастары қосылмаса қоңылтақсып қалатын.

Сол кездің жастарына тән мінез принциптілік, батылдық еді. Әділетсіздікті кешпейтін. Дөрекі, менмен, өпірем, ұлтшыл А.Х.Шахрамановтың үстінен баспасөзге хат жазып, одан арнаулы тілші келіп, артынша "Шахрамановтың көздегені өз мүддесі" атты мақала жарияланды. Артынан ол екі қолын төбесіне қойып кетті Бакуіне тентіреп.

Сәкеңнің тағы бір досы Әнес Бүркітбайұлы болды. (Марқұм). Туысы маңғыстаулық, Бакудың М.Әзізбеков атындағы мұнай институтын инженер игеруші мамандығы бойынша бітірген. Экспедицияда ол ұңғыларды игеру цехының бастығы. Яғни, қызметі Сәкеңмен тікелей қанаттас. Сол бірде қиын жағдайға тап болды. Ақтауға бара жатқан бетте машина апатынан экспедицияның бөлім бастығы Мұхтар Иманбаев қаза болды. Онымен бірге кабинадағы жолаушы Әнес. Апат арақ ішкен шофер кінәсінен. Асқазаны ауыратын Әнекең ішімдікті татып алмайды. Соған қарамастан қызылкөздер Әнекеңді де шатты. Өзенде сот болды. Сәкең қоғамдық ақтаушы. Дос тағдыры үшін қатты күйзеліп жүрген жайы бар. Сондықтан даусы қатты шықты. Әлгінде тепсініп сөйлеген прокурорға ренжіп қалған. Содан өрге тіке салды.

— Жолдас прокурор, сіз өз міндетіңізге адамды қайткен күнде де соттату тұрғысынан қарайсыз. Содан ләззат аласыз, Ал ол адамның одан арғы тағдыры қалай болады. — Сіз ол жағына пысқырмайсыз. Орысша человеконенависник дейді мұны. Қазақша сірә, адамды жеккөрушілік десе керек. Сотталғалы тұрған жас адам. Жас кадр. Ал біздің Маңғыстауда әр инженер кадр есепте. Сіз мұны соттатқанда бәлкім түбек мұнайын игеруге атсалысып жүрген алғы шептегі инженерді темір тордың ар жағына тығып үкімет пен партиямыздың түбек тыңын игеруді тездету туралы қаулысына қарсылық ойлап отырған шығарсыз. Ең бастысы сотталушының қылмысы, кінәсі жоқ қой. Меніңше, қадірлі сот мұны ескерер.

Зал қоғамдық қорғаушының сөзін қол шапалақтап қарсы алды. Ақыры Әнес Бүркітбаев ақталды. Ол көп жылдар бойы газ өндіру басқармасын абыройлы басқарды. Қазір Әнекең.

Маңғыстауда құрметпен аталады.

Халекең ағасының тезінен өткен Сәкең приципшіл. Бірде бірлестіктің партия шаруашылық активінде бұған сөз сөйлеу ұсынылды. Соның алдында ғана барлаушыларға бесжылдық ішінде барланған мұнай қорын 235 млн. тоннаға жеткізу жоспары бекітілген. Бекітетін жоғары. Жергілікті жердің жағдайымен есептескен ешкім жоқ. Аспаннан ала салған жоспар. Даурықпа бөстекілік. Оны орындау мүмкіндігі атымен жоқ. Әрине, мұнайды бұлар да тапқысы келді. Кімнің жақсы атты болғысы келмейді дейсіз. Бірақ қолайлы барлауға дайындалып берілген алаңдардың барлығы барланып біткен. Алыстағы да, жақындағы да. Өзен төңірегіндегі көлшімектерді қанша қазсаң да қазына толтырып қарық қылмайды. Бірақ жоғары айтты екен деп ләббай құлдық ұрып бұл тараптан жоспар орындалады делінген уәде беріліп кетсе ертең сұрауы болмай ма? Жоғары жалпы Өзен мүмкіндігін асыра бағалайды. Өзен сөз жоқ, Одақтағы, тіпті әлемдігі ірі кен орны. Бірақ өлшеусіз ештеңе жоқ қой. Мұның да шеті, шегі бар. Жоспар қуған мұнайшылар әлден-ақ игеру ережесін бұза бастады. Ал ол кен орнының ертеңіне күллі зиян. Геологиялық құрылымы ерекше кен орнынан мұнай өндіру қатаң геологиялық заңдылыққа сай болуы тиіс.

Сәкең көкейінде қордаланып жүрген осы ойларын мінбеден ақтарсын келіп. Бүкіл активте жоғары басшылыққа қарсы айтылған жалғыз осы сөз. Төрде отырған басшылардың көздері атыздай болды. Өре түрегелді. Ал зал керісінше қыбы қанып отыр.

Артынан сенімді бір жолдастан естіді. Басшылар тізіміндегі мұның фамилиясының тұсына "демагог" деп жазып қойыпты.

- Оттаң, шіркіндер! - деп бір мәз болды оған Сәкең.

Өзен геологиялық экспедициясы таратылды. Оны дербес құрылым ретінде ұстау тиімсіз деп шешілді де Өзен бұрғылау бөлімшесінің бір бөлімі ретінде соған қосылды. Сәкең сол басқармаға ауысты. Бұл кезде отбасы Жаңаөзен қаласына көшкен. Ол уақыт өлшемімен алғанда кең, жайлы пәтер берілгенде бұлар Ескіөзенге қатынап жасап жүрген. Экспедиция тараған соң бұл кезде Ескіөзен атанған кенттен біржола өкше көтеруге тура келді. Жалынды жастықтың біраз жылдары өткен, қалыптасқан, ең бастысы Маңғыстауда құт қоныс болған, алғаш аяғы тиген мекенмен қимай қоштасуға тура келді. Айтпақшы, көшер алдында тағы бір жағдай бола қалғаны. Мұның пәтерін басшылар ылдым-жылдым бір таныстарына бермек болып бөліп қойыпты. Соған шағымданып Ғазиз Әбдірзақов келіп тұр. Өзендегі алғашқы газ фонтанын атқызған атақты бұрғышы мастер ғой бұл. Бірақ жуас адам. Оның үстіне білім де алмаған. Қара тәжірибемен ғана жүр. Екеуінің достасуы да қызық. Бірде мұның кабинетіне Ғазекең келіп тұр. Жүзі пәс! Әлдене айтпақ, бірақ бата алмайды. Ағасының жайына жетік Сәкеңнің өзіне алуға келді инициативаны. — Сәке-ау, не екенін білмеймін, менің бригадам барлық бригададан кем алады айлықты. Ал қазған тереңдігіміз ешкімнен кем емес. Жоспар асыра орындалады. Соның себебін білейінші деп едім.

Сәкең түсіне қойды. Ғазекеңнің сауатсыздығын білетін кеңседегі қулар бір құйтырқылық жасап жүр және олары да белгілі.

Сәкең сол жерде Ғазекеңді қасына алып отырып, асықпай, ұғынықты қарапайым тілмен қазылған тереңдіктің уақытқа қатысты әр секундқа дейін есептелген қатаң нормативтігін түсіндірді. Соған сай наряд толтыруды бажайлап үйретті.

Келесі айда Ғазекең күліп келіп тұр. Айлық көтеріліпті. Содан ол мұны "Сайлаужан" деп кеткен. Сәкең жақсы көретін ағаның мына мәселесін оңай, кәдімгі партизандық жолмен шешті.

— Мен екі күннен соң біржола көшемін. Ал сіз қазірден бастап дүние-мүліктеріңізді осында тасып әкеле беріңіз. Сосын келетін керді екеулеп көріп алармыз.

Ғазекең айтқанды бұлжытпай орындады.

Ертең кеңседе айқай. Бір шеті пәтерін Ғазизге беріп кетті деп Сәкеңе де тиіп кетті. Оған апшыған бұл болған жоқ. Қайта - Ғазекеңе менің ескі пәтерімді көпсінгенше қаладан әлдеқашан өздеріңнен бұрын сайлы пәтер берулерің керек еді. Осыдан бұл аға ренжіді бар-ау, айтпады демеңдер — бірлестіктің өзіне дейін жетеді бұл әңгіме. Қоздырушы басқа емес тап мына мен - Сайлау Жылқайдаров боламын! — деді ашынып.

Дау иелері жым болды.

Ертесіне бір мал құдайысын берген соң Жаңаөзенге көшті.

Қош, бақыт бастауы болған қасиетті мекен!

ШЕТПЕНІҢ ШЕТІ, ҚАУЫНДЫНЫҢ ҚАСЫ

Геолог түз мамандығы. Оның несібесі далада. Оның үстіне Сәкең жетпіс жеті атасынан, оның арғы жағындағы соншама бабасынан бастап қыр қазағы. Бәлкім қазір археологтар әр жер, әр жерден орындарын тауып жатқан аттары белгілі, белгісіз көп қалалардың бірінде Бағаналының бұларға таныс бір баласы тұрса тұрған шығар. Бірақ оның есімі ұмтылғандығы себепті есепке кірмейді. Бір сөзбен айтқанда бұл әулет урбанизация аулынан алты көш жер алыс.

Ата қаны тартып далаға жерік, оған мамандығының түздік сипаты қосылған Сәкең қолы қалт еткен сәтте сыртқа шығып, шығандап кеткісі келеді де тұрады. Қашқалы тұрған қоянға тәйт деген соң не жорық деп балдызы Бек те қоян аяғын жеген болып жолықты. Бұларға етене, осы топта жүретін, Бекпен бірге геологтардың оперативті машинасын жүргізетін Зайыров Оңғар ағалары бұл елдің тілімен айтқанда "мәстәтіна жүрудің мәстірі".

Бектің ойлап шығармайтыны жоқ. Бірде — Маңғыстауда тұрамыз. Ал сол Маңғыстаудың кіндігі — аудан орталығы Шетпені көргеніміз жоқ. Осынымыз дұрыс па? — деген сауал тастады далада жайылған көңілді газет дастарқанның басында.

— Дұрыс емес. Тіпті ұят, — деп қауқылдай жөнелді отырғандар. Бұл бұрын басымызға неге келмеген деп өзді өздерін өзара сынның найзасына бір іліп тастап, Бектің ойына орнымен келе қалған идеясы үшін ризашылық сезімдерін білдіріп қоюды да мытқан жоқ.

Ендігі сөз Сәкенде. Өйткені ол — бастық. Алда екі күн демалыс бар. Қол бос. Бастық ал кеттік десе тартып кеткелі отыр.

— Шетпеге бұрын-соңды барғандарың бар ма? Жолын білесіңдер ме?

Бұл сұраққа Оңғар лекіте күліп алып жауап берді.

— Ой, Сәке, долы қатынның шаптырғанда сідігі жететін жер осы тұрған Шетпені таба алмай не көрініпті. Әне анау Бесіктінің төрткілі, ары қарай Мырзайырдың ойы. Одан шыға келгенде Шетпенің шеті мен мұндалап көрініп тұр.

Ал Бек болса жездесінің ол сұрағына жауап берудің өзі артық деп білді.

Ертеңіне ертелетіп бәрі екі машинамен — Оңғар мен Бектің машиналарымен жолға шықты. Екеуі де жаңа. Анау-мынау балшығыңа, құмыңа тоқтамайтын, алды артының дөңгелегі бірдей айналатын "ГАЗ-6З". Сәкең алдағы жолбасшы Оңғардың қасында.

Әне-міне дегенше Мырзайырдың ойына құлады. Ол бір жағы шың, бір жағы құм жота, табаны дыңылдаған сор. Солтүстікке қараған бауырдан жол шығып жатыр екен. Оңкең соған салды. Қыраң астында көлдеу ой бар болып шықты. Оңкең маңдайын бұрмастан сол оймен әлі тартып келеді. Сәкең мана жолға шығар алдында картаға қарап Шетпенің бағытын анықтап, шамасын біліп алған. Көкірегінде сайрап тұр ол. Ата қанынан бір жұғысты нәрсе — Сәкең жершіл. Бір көрген жерінен тіпті адаспайды. Оған геолог мамандығының түйсігі, картамен жұмыс істегені қосылып ұшталған соң тіпті жолбасшыны қажет етпейтін болып алған. Оңкеңнің оңға қиыстап кеткенін біліп келеді. Бірақ кешегі айтқаны есінде қайтер екен деп үндемей келеді. Тек серігіне аңғартпай бір жымиып күліп қояды. Енді бір қыраң асып еді — алдан қоламтаға көмген бауырдай қара қошқыл тау көрінді. Қаратау. "Жарықтық ана бір шоқысы Қазығұртқа ұқсас екен" деп таңғалып келеді. Бұрын Қаратауды көрмеген Сәкең. Таудың қойнауынан ауыл көрінді.

— Әне, анау Шетпенің шеті, — деді Оңкең нық сеніммен. —Сәке, кеше айтпадым ба?! Міне, тура рельспен әкелгендей тап түбіне жеткізіп тұрмын.

Бұл әсерін арттағы серіктерімен де бөлісіп аздап желпініп мақтанып алу үшін аялдады. Одан да басқа бір үлкен себеп бар. Шетпенің көрінгенін атап өтпесе ырымға жаман.

Атап өту айта қалғандай болды. Оңкеңнің жол білгіштігі, сұңғылалығы, нағыз ас шофер екендігі туралы оңтүстік мақамымен айтқанда жүдә жақсы тостар көтерілді. Бек те мақтау, мадақтан қалыс қалған жоқ. Ол да біраз жерге апарылып тасталды. Сәкең әлі сыр бермей күліп тұр. Іштей құмарларынан шықсын деп тұр.

Екі машинадан тұратын шолақ керуен қайта қозғалды. Көңілі бірленген Оңкең қою мұртының астынан әлдебір әуенді ыңылдап келеді.

Алдағы ауылдың үрген итінің даусы естілетіндей жерге таяп келеді. Қарға тамырлы қазақ, Шетпеде Оңкеңнің баяғыда бұлар Түркменстанға көшіп кеткенде осында қалып қойған апаларынан туған жиендерінің хабары шыққан. Ондай туыс, жұрағат Бекте де жетіп артылады.

Ши ішінде бір есекті шал азғантай қой-ешкісін қайырмалап жүр екен. Қиыстап келіп тоқтап соған қарай жаяу жүрді. Баражақ үйлерін сұрап алмақ. Қысқаша аман-саулық. Онан арғы әңгіме бір түсті үбіспей тұр. Бұлар сұрайды. Шал түсінбейді. Сөз жандануы үшін реті келгенде ру сұрасып қалып еді шал Жаңай екен. Осы жердің байырғы тұрғыны.

Туды-бітті Маңғыстаудың қара ойынан шықпады дейтін ағайын туыстарын мына шалдың білмей шыққанына бұлар таң қалып тұр. Тегі өзі бір кеңкелес неме болмаса игі еді. Ақыры шалдың ойына бірдеңе түсті ғой деймін әңгіме ауанын күрт аударды.

— Балалар, осы сендер қайда келе жатыр едіңдер?

— Шетпеге дағы, ата. Басқа қайда болушы еді?

— Ой, қарақтарым, бұл — Оңды. Шетпелерің — ілгеріде. Бәсе бұл ауылдың ересегі түгілі еңбектеген баласына дейін білетін сияқты едім. Сендер өздерің екен ғой мені қаралай алжытып тұрған.

Сәкең мырс ете түсті. Серіктері аң-таң.

— Е, жаңа еске түсті. Шетпе ана таудың ар жағында еді ғой. Әне жолы ақсиып көрініп жатыр, - деп ұялған тек тұрмастың кебін киген білгіштер таудан асып жатқан жолды нұсқаған. Шал кейіп кетті.

— Өздерің насыбай орнына меңдуана атқаннан саусыңдар ма? Ол Жармыштың жолы, Шетпе мына батыс жақта. Анау басында мола көрініп тұрған үйіктен ары асып шамалы жүрсеңдер үстінен топ ете түсесіңдер, — деп есегін сауырлап бір тартқан шалекең тепендеп ұзап бара жатыр. Жай кетпей - шырағатия-ау, осы күнгінің балалары не болып кеткен, — деп наразылығын естіртіп айтып бара жатыр.

— Сәкең мәз болып тұр.

— Жалпы Жаңайдың шалдары осындай жаман, мінезі дөкір, шадыр болып келеді. Меңдуана атқан деуін көрдің бе, — деп күңкілдеген екі шофер жолбасшы машиналарына беттеп барады. Дегенмен "Жаңайдың жаман шалы" дәл сілтеген екен. Әп-сәтте діттеген жеріне жетіп келді...

Шетпедегі ағайын-тумалармен көрісіп, бұл елді де, жерді де көріп, танысып көңілдері бірленген жолаушылар қайтарға бет алды.

— Сендердің әуселелерің белгілі болды кеше "Шетпенің шеті" көрінгеннен-ақ. Енді жолбасшы өзім боламын. Қане, мен нұсқаған бағытпен ғана жүресіңдер — деп бұл сапарда Сәкеңнің өзі алды қолына тізгінді. Бір көмескелеу жолмен тура оңтүстік шығысқа бағыт ұстап тартып келеді. Бір уақытта тауды қиялаған ирек-ирек жолмен терең ойға қиналыңқырап құлады. Етекте ауыл бар екен. Соған келді. Жөн сұрады. Тап сол жерде, құдай бар-ау, Бек пен Оңғар іштей Сайлау бағытынан адасқан болғай деп тілеп тұр іштей. Оның өздерін мат қылып есе алып кетпегенін қалайды. Қайтсін, өйтпесе қазақ бола ма?!

— Өздерің Шетпеден тұп-тура келе жатырсыңдар ғой. Сірә, аң қуып жүрген тақыс неме болмағай едіңдер. Мына ат жолға ешкім жолай бермейтін еді. Сендер машиналарыңа сенгенсіңдер ғой. Мынау Мырзайырдың ойының пұшпағы. Анау көрініп тұрған — Борлы. Өзеннің жолы содан әрі шығып жатыр, — деп ауыл адамы жөн сілтеді.

...Сол сапардан соң біразға дейін Шетпе ауызға алынды-ақ Бек пен Оңкең жайлап жылыстап шеттеп кететін болып жүрді. Енді біраздан соң "Шетпенің шетіне келгендей болдық" деген ретті жерінде айтылатын қағытпа сөзге айналып кетті.

Тағы бірде Сәкең Көкімбайға баратын болды. Шаруасы сондағы қазылып жатқан ұңғының діттеген қабатын қабат сыпағышпен байқауға бас-көз болу. Бұл өндіріске келген жаңалық. Күрмеуі қиын. Көп жұмысы инженерлік дәл есеп, ұсынақтылықты талап етеді. Бас геологтың өзі жүрмесе болмайды.

Қасындағы серіктері орыс жігіттері. Олар да геологтар, осы саланың қызметкерлері. Көкімбай аптасына барып жүрген жерлері. Соңғы бір әзірде жұмысбасты болып кабинеттен шыға алмай қалған Сәкеңдей емес Көкімбайға жиі қатынайды. Жол жағдайын жетік білетін болған соң алды түн екендігіне қарамай жүріп кетісті. Барлаушылар қосына жетіп қонып, ертесіне жұмысқа ертелетіп кіріспек.

Сәкең артқы машинада. Өзеннен шыға бере-ақ алдыңғы машина оңға қарай қиыстаңқырай жөнелді. Басында жолдың тегісін қуып бара жатқан шығар деп мән бермеген. Жоқ, анау маңдайын бұрар емес.

— Мыналар тіке Қауындыға тартты ғой. Онда не шаруасы бар еді?

Қасындағы жүргізуші білмей шықты. Өзі бұл бетпен онша таныс емес екен.

Қауындыда бір барлау алаңы болған. Сәкеңдер оған да бұрғы салған. Ол бір шүңгіл ой. Ертеректе бір жатақ кедей ой табанындағы тепсеңге қауын егіпті. Суағар сай аяғын бөгеп, соған жиналған жауын суымен суарып бақшасынан мол өнім алса керек. Ой аты содан Қауынды аталып кеткен. Айтылған әңгіменің ақиқаттығын білдіретін дәлел — ойда егістік орындары, арықтардың іздері әлі көрініп жатыр.

— Біздің пәлен деген атамыз, түген деген бабамыз осы ойға тары егіпті — дегенді түбі осы жерлік қариялар айтып та отырады. Алдыңғы машина тап сол Қауындыға қарай зулап барады. Күдігі жеңген Сәкең жүргізушіге қуып жетіп ана машинаны тоқтатуды өтінді. Ол аялдаған соң бағытынан қиыстап бара жатқанын айтып еді жолбасшы:

— Сайлау Есжанович, Сіз маған күнде келіп жүрген Көкімбайымды көрсетпеңіз. Тыныш қана арттан ере беруді біліңіз, — деді. Мұның өзі әлгі бір ерсілеу анекдоттағы "Селсәбет біле ме, сен білесің бе" дегенге ұқсастау болып шықты-ау өзі деп күлген Сәкең әліптің ақырын күтуге бекінді. Көптен далаға шықпап еді. Түнгі таза ауамен болған мына серуен ұнап келеді.

Күткендей алдыңғы машина Қауындыға жетіп мандайын тіреді.

— Сайлау Есжанович, бұл не? — дейді аң-таң қалған жолбасшы.

— Бұл атаңның қақ басы, Қауындының қасы деген болады, - деп әуелі қазақша айтып қазақтарды ду күлдірген Сәкең айтқанын түпнұсқасына мейлінше жақындатып орысшалап еді енді әріптесі мәз болды.

— Оқа емес. Осыдан Көкімбайға тіке тартамыз. Ол осы жерден тиіп тұр. Қазір жетіп барамыз.

— Қой, саған ереміз деп Түрікменстанға асып кетіп күлкі болармыз. Көкімбай тұрсын осы сен енді Өзенді де тауып бара алмайтын сияқтысың.

— Ой, Сайлау Есжанович, Сіз тіпті мені жер қылып біттіңіз ғой. Өзенді таба алмай не көрініпті.

— Ендеше баста Өзеніңе. Екі сағатта жетіп барамыз. Көкімбайға бүгін жол түспей тұр екен. Ауылға жетіп қонып, Көкімбайға ертеңгісін шығармыз. Біржола қамданып, сонда бірер күн жатып таза ауада демалатын дегендей есеппен.

Сәкең бұлай дегенде әріптесін тағы бір сынап көру үшін жорта айтқан. Геолог бола тұрып бағдарын анықтап алып жүруге салақтағынан қорытынды шығарсын деп айтқан. Ал "қамданып, таза ауада демалып" деген емеуріні сол қармағына ілген жемі. Иван атасының баласы емес пе — бірден қапты.

— Болсын. Ол да жөн екен. Кеттік Өзенге! — деп тағы алға түсті.

Қауындыдан сәл ұзаған соң Сәкең тағы күлсін. Ізінше күлкісінің себебін жүргізушіге түсіндірді.

— Мына саппас тағы қиыс тартты. Ескі Теңгенің құбыла бетіне қарай бағыт ұстап барады енді.

— Ойбай, қуып жетіп тоқтатайық. Жүреміз бе осылай адасқанның артынан салпақтап.

— Жоқ, асықпа. Құмарынан шықсын. Алдында қазуы аяқталып сыналып жатқан ұңғы кездеседі. Мына жол соған апарады. Басында адам болуы керек. Жол білгіш неме далаға лағып келе жатқанын содан естісін.

Сүт пісірімдей уақыт жүріп әлгі ұңғыға келді. Онда адам бар болып шықты. Осы жерден Өзеннің оты көрінетін еді. Бірақ күн бұлыңғыр тұман. Жолбасшының бұра тартуы содан.

— Сіздер тура Құрыққа бағыт ұстап келе жатырсыздар. Өзен ана тұста. Көкімбай мына бетте. Айналасы бір көштік жерде адасып жүрген өздерің не қылған адамсыңдар? Мына түрлеріңмен бензиндерің таусылып, далада қаласыңдар ғой. Одан да осында қона кетіңдер.

Ұңғы басындағы қарауылдың бұл сөзін естіген соң барып жолбасшы сабасына түсті.

— Сайлау Есжанович, мен болдым. Ендігі жолды өзіңіз бастаңыз.

— Мана Өзеннен шығарда солай демейсің бе. Ер артымнан. Кеттік Көкімбайға: -Қазір-ақ барамыз. Алыс емес.

— Ал Өзен... Жаңа "ертеңгісін қамданып" дегендей едіңіз.

— Е, орыстың опық жегенін көре-көре қазақ қамдану жағынан қапы соқпайтын болған. Ол жағы жеткілікті. Бірақ тамағың жыбырламасын. Ертең жұмыс.

Енді бұл жолы Сәкең алға түсіп көп кешікпей Көкімбайдағы мұнара басына жетіп келісті.

Осы сапардан соң жұрт аузында "Атаңның қақ басы, Қауындының, қасы" деген сөз көпке дейін айтылып жүрді.

Маңғыстауда алыс жолға бірге шыққанда жер жағдайына жетікпін, Тескентау асып Балқан тау бар десең де адаспай тауып барам деп көкірек соғатындардың өзі Сәкеңнің алдына түспейді. Оның жершілдігін әбден мойындап қойған.

Өмірлік бағдарында шалыс жүріп қия баспаған Сайлау Есжанұлы жолшыбай жүріс сапарларының да бір де бірінде де адаспаған кісі.

"ІШЕГІМДІ ЖИНАП БЕРІҢДЕРШІ"

"Дәрігер — ажалдың хабаршысы" дейтін менің тауып айтатын бір құрдасым. Сол айтқан құдай дәрігерлердің қолына түсіре көрмесін. Артық айтсам ақ халатты абзал жандар кешіре жатар маған осы кәсіптің адамдарымен әсіресе, оташылармен салыстырғанда мал соятын қасапшылардың жүрегі әлдеқайда мейірімді сияқтанады да тұрады. Сол себепті мен бұлардан қорқамын. Сыйласам — оным қорыққандықтан сыйлағаным. Адайдың Мәтжан биі дұрыс айтқан "Қорықпай сыйлағаның құрысын" деп. Қорқып сыйлағанға жететін сыйластық болмайды екен өмірде. Соған да осы арқылы көз жеткіздім.

Төрткіл әлемде сондай қорқақтың бірі өзім шығармын деп жүрсем мен жалғыз емес екенмін. Мына кейіпкерім Сәкең, Сайлау Есжанович менен де өткен су жүректің өзі болып шықты. Айырмамыз мен алыстан қарасы көрінгеннен қашатын қорқақ болсам, ол оташының пышағына түсіп жүрегі шайлығудай-ақ шайлыққан "аузы күйік" жырынды қорқақ екен.

Ал ол оташының пышағына Сәкеңнің Сәкең болғалы бір-ақ рет түскені жатқан бір хикая.

Онда үй Жаңаөзенде. Таңды-таңға ұрып ойнаған карта, кеу-кеу әңгіме көңілді отырыстан шаршап келіп ұйықтап оянса іші ауырады. Әуелде арам шеміршектің асты шаншыды.

- Асқазан, — деп қойды диагнозын Сәкеңнің өзі.

- Ащы суы түскірді енді татып алмау керек.

Біраздан соң шаншу төмен қарай көшті.

- Құрсын, мынау бауыр болмаса игі еді? - деп қалды да ол ойынан өзі шошып кетіп, — қой, мүмкін емес бұл қарынның оң жақ бүйірі ғой, гастрит болды, — деп диагнозын қойды тағы. Қойған ғұрлы таң қалып жатыр.

Бұл, жалғыз бұл емес бар жігіттер карта ойнағанда сол жағымен шынтақ астына көпшік қойып, рахаттанып жатып ойнайды. Отырып ойнаулары сирек. Ендеше жеген ет, майлы қуырдақ, ащы сумен қосылып қарынның сол жазғына шөгіп ауыртуы, түгін кетірсе сол жерден кетіруі керек еді. Оң жақтың жазығы қанша?! Бұған Сәкеңнің медициналық сауаты жетпей дал. Сауат дегенде дәрігер алдына баруға құлықсыз Сәкең "сақтансаң — сақтармын" дегеннің ығымен медициналық әдебиеттерді көп оқыған. Соның пайдасы анау-мынау шибұт ауруларының диагнозын өзі қойып, өзін-өзі емдеп жазып жүре береді. Дәрігердің өзі жақтыртпайтын әрі қорқатын уколынан, одан да бұрын арты асқынып кетсемен аяқталатын уағызынан солай құтылып жүр. Онысына қит етсе емхананың есігін тоздырып көк қағаз алып көсіліп жатып алатын жанаяр құрдастарының алдында мақтанып қоятыны да бар.

Ауырғанға сеп болар ма екен деп шалқасынан жатып көріп еді. Жайы тыншыды. Сосын әлдеқандай бірдеңеге жорып жұмысқа кеткен. Онда отыра алмады. Бойын жылбысқы тер басып кетті. Бір әлсіздік бар. Және ауруы түскір күшейіп барады. Амалсыз үйге қайтуға тура келді. Төсекке жатып алып тағы өзінің ауруына өзі диагноз қоюға кірісті. Жаңа айттық қой, Сәкеңнің медицинадан әжептәуір сауаты бар деп. Соқыр ішектің де қандай болатынын, оны қалай анықтауды да білетін. Оң бүйірін саусағымен басыңқырап жіберіп босатып еді, қатты шаншып кетті. Сол-ақ екен Сәкеңнің көзі атыздай болды. "Құдай ұрғанда бұл сол соқыр ішегіңнің өзі болмағай". Оның емі тек оташының пышағы арқылы алып тастау екенін де біледі. Маңдайынан мұздай тер бұрқ ете түсті. Дегенмен жамандығы түскірдің беті аулақ, біраз шыдап жата берген. Кеш болды. Қараңғы түсті. Жатар мезгіл болды. Ауру тым дендеп әкетті. Енді бүкіл кіндіктің түбі ендей де, бойлай да шаншып алып барады. Жаның қысылғанда жалғыз медеуің құдай қосқан қосағың болады екен. Соның аты ауызға түсті алдымен.

— Әлпия, а Әлпия!

Әлпия жетіп келді.

— Жайшылық па?

— Ай, сол жайшылық болмай жатыр-ау. Мен соқыр ішекпін.

— Жаманшылық айтпа. Жай әлдеқалай бірдеңе шығар. Салқын тиген, жақпас бірдеңе жеген дегендейін.

Сәкеңнің дүниеде бір жаратпайтын нәрсесі өзгенің өзінің білігіне, білгеніне сенбей шүбә келтіруі. Ондайда тіпті бар-ау мың бір жыны құрыстап кетеді. Бұл жолы да сөйтті.

— Айттым ғой соқыр ішекпін деп. Құдайға шүкір, анау-мынау дәрігердің білгенін өзім де білемін. Бұл соқыр ішек. Тез "Жедел жәрдем" шақыр.

Әлпиядан зәре кетті. Жалма-жан телефонға жүгірді. Іле "Жедел жәрдем" де жетті. Қаумалай апарып машинаға салып, ауруханаға әкеліп салды. Керуетте жатыр. Оташы дәрігерді күтіп жатыр. Медбике қыз қазір келеді деген онысы әлі жоқ. Біраз уақыт өтті. Келетін дәрігер көрінбейді.

Бұл тықылдап сұрап қоймаған соң медбике қыз шынын айтты: кезекші оташы дәрігерді үйінен таба алмай жатыр. Аурухананың қатал тәртібі бойынша әр күннің өзінің кезекші дәрігері бар. Олар үйінде құлағы түрік, кез келген уақытқа дайын шақыруды күтіп отыруы керек. Егер бір жаққа кететін болса баратын жерін айтып кетуі керек. Қырсыққанда. бүгінгі кезекші өйтпепті. Үшті-күйлі жоқ.

— Қоян аяғын жеген қаңғыбас неме болды ғой оларың. Отырған шығар бір жерде қонақта күпсіп, арақ ішіп, карта ойнап, — дейді Сәкең. Осы сәтінде ол түн баласы қонақтап жүретіндерді жан-тәнімен жек көріп кетті. Өзі де ондай әдетке үйір болмағанмен де қалыс қалмайтын. Бірақ Сәкеңде өзін-өзі жек көру деген болмайды. Сол себепті өзіне шаң жуыған жоқ.

Әлден уақытта іздеушілер бір дәрігерді тауып әкелді үйінен. Онысы оташы емес травмотолог, яғни сынған, қираған сүйек-саяқты орнына салатын сынықшы дәрігер болып шықты. Еңгезердей шомбал біреу. Бұрын-соңды көрмеген адамы. Жасы үлкен деп сәлем мезіретін жасамастан бірден келіп ұстай алды. Бейне базар да мал саудалаған адамның қимылы сияқты. Ол кірген бойда Сәкең қолы ауырған бүйіріне барып қалған екен оны қағып жіберді. Ішіне ақ жайманы бүркеп жіберіп оң бүйірді қаттырақ жаншып басып тұрып жіберіп қалған. Сәкеңнің қатты шаншудан көзінің оты жарқ етті.

— Соқыр ішек. Тез операцияға, - деді дәрігер гүр етіп.

Медбикелер шұғыл іске кірісті. Тездетіп санитарлық тазалау дейтіні болады екен, онысы онша жағымды жұмыс болмай шықты, содан өткізді. Қоларбамен сырғанатып әкеліп үлкен бөлменің үлкен люстрасы астына жатқызды. Бүйірден бірнеше укол салды. Дәрігер содан соң пышағын жалаңдатып іске кірісті. Аяқ жақта бір, бас жақта бір медбике, сол жақтағы біреуі дәрігеріне оны-мұнысын әперіп қолқабыс жасап тұр. Тас төбедегі люстраның айнасы арқылы Сәкең дәрігердің қол қимылын көріп, не жасағанын бағып жатыр. Әуелі бүйірді тіліп қарыннан ішектерін шығарып шетке үйіп қойды. Сосын ішінен түртпектеп әлденені іздеп жатыр.

Сол уақытта Сәкең аздап қоң бітіп, қарны да бұлтиып шығып кетіп еді. Яғни сыртқы пошымының "авторитеті" толық. Махамбетше айтқанда бұл мәселеде "бір қазақпен тең, қай қазағыңнан да кем" емес.

— Соншама семіріп, — деп күңкілдейді дәрігер. Сірә, бұл естімей жатыр деп ойласа керек. Сәкең құлағы сақ екенін қайдан білсін. Өзі жардай болып тұрып, менің аз қоңымды күндеуін көрдің бе деп ренжіп қалған Сәкең үнсіз жата беруді жөн көрмеді. Қыршыңқы мінезіне басты.

— Қазым қанша елі екен? Шарбы майым туырылып тұрған шығар, ә?

Тыныш жатыңыз. Қазыңыз да, шарбы майыңыз да бойыңызға құт. Арасынан соқыр ішегіңіз таптырмай діңкемізді құртуда, — деп зекіді дәрігер. Онысы рас болды. Жүзін тер жуып кетіпті. Бас жақта тұрған медбике жұмсақ мақтамен оның терін сүртіп жатыр. Сонда барып Сәкең өзінің де көзіне тер құйылып жатқанын сезді. Сүртіп жіберуді өтінді. Медбике мұның бетін мақта емес ар жағынан алып бетке қатты тиетін әлдебір шүберекпен құрғатып сүртіп жатыр.

— Ай, қара жердің сауырын шақырымдап тесіп жүрген қайран геолог Жылқайдаров-ай, бетіңді әлде бір шөпбас қыз еден жуатын шүберекпен сүртті-ау! "Құлан құдыққа құласа құлағында құрбақа ойнар" деген осы ғой, — деп жатыр Сәкең тісін қайрап.

Сайлау Есжанұлының көл-көсір медициналық білімі осы жерде оның шүберек емес арнаулы тазалаудан өткен сүзгі мата екеніне жетпей мүкі жіберді өкінішке орай.

Дәрігер әлі күнжаңдап жоғалған соқыр ішекті іздеп жатыр. Оның бұл әрекетін төбедегі люстра әйнегі арқылы көріп жатқан Сәкең таң қалулы. Ішек анау ақтарылып жатқан. Өкпе, бауыр, жүрек жоғарыда — олардан бөлек "кабинада". Сонда ол құрғырыңның қайда кетіп қалғаны. Сол жерде мына ноқай дәрігер мына түртпектеумен оны тіпті де таба алмайтындай көрініп кетті. Ендеше құр әуре неге керек.

— Әй, айналайын, табылмаса қойшы. Ішегімді жинап беріңдер де, аулыма жіберің.

— Үндемей жатыңыз! — деп зірк етті дәрігер. Ізінше Сәкеңнің тап бір кеңірдегімен қосып өңешін қолқасына қосып жұлып жатқандай жаны көзіне көрініп ауырып кетті. Бақырып жіберді.

— Айқайлама. Шыда! — деп жекіреді дәрігер. Әлден уақытта бірдеңені алып үңіліп қарап жатыр.

— Ғалым геолог дейді еще. Сауатсыз неме. Енді болмасақ соқыр ішегі жарылып өлуге келіпті, — деп күңкілдеп қойды және. Бүйтіп соқыр ішек тапқаның бар бол сын деді іштей Сәкең. Шашылып, жайрап жатқан ішектерді жинау оңай екен. Сірә, шешесі малды ауылдың қызы, ішек-қарын аршып қалып алған тирақ неме болуы керек, соған айнымай тартқан ғой, бұл шаруаны тез бітіріп, жарған жерін ұлтарып жамай салды. Медбикелер арбамен палатаға алып бара жатқанда сақ Сәкең "мына қолапайсыз неме асығып-үсігіп жүріп ішімді қарнаған жерде талақ, бөтеке сияқты оны-мұнымды ұмытып кетпеді ме екен" деп қарап еді. Жоқ, Құдай сақтағанда ештеңе қалдырмапты. Бәрін орын-орнына түгендеп салыпты.

Палатаға әкеп салды. Қарнаған жер тұсын әлдебір қалтамен жауып кеткен медбике қыз. Пәлелі соқыр ішектен құтылып көңілі жайланған, екі түннен ұйқысы шала Сәкең маужырап ұйықтап кетіпті. Оянса тал түс. Түндегі қалта әлі орнында. Соған қарағанда орнынан қозғалмай қатып ұйықтаған болса керек. Медбикені шақырып алып, - мына қалта осылай тұра бере ме? — деп еді ол байғұстың көзі атыздай болып кетті. Бұл жай қалта болмай шықты. Операциядан кейін бірер сағат қана қойылып алынуы керек екен. Медбике оны ұмытып кетіпті. Сәкең оның сол ұмытшақтығы салдарынан әлгі жері қабынып ауырып біраз азап шекті. Бірақ медбикенің кінәсі деп айтқан жоқ.

Түсте ең алдымен мұның хабарын естіген досы оташы дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Өтелбек Махмутов келді.

— Е, бәлем түстің бе қолға. Дәрігер атаулыға шекесінен қарайтынның бірі сен едің. Қап, операцияны мен жасамаған-екенмін. Жаныңды көзіңе көрсететін едім. Бағыңа біздің иі жұмсақ, жуас жігітіміз тап болыпты, — деп жатыр ол. "Жуас, иі жұмсақтарыңның түрі түндегі болса жетіскен екенсіздер",— деп жатыр Сәкең іштей.

Оның артынша күліп досы дәрігер Бәйдеш Нұрбаев жетті. Есіктен енгендегі күлкісі кереует жанына келгесін тіпті үдеп кетті. Ішек-сілесі қатып отыр тіпті.

- Сен әумесердің ішегімді жинап бер, үйіме кетемінің не, әй!. Қазған жеріңнен мұнай шықпаса бұраубайыңды ала-мала көше жөнелетін сен дейсің бе бізді? — деп онан сайын мәз болады. Ертеңгісін басқосуда түндегі операция жасаған дәрігер мұның сол сөзін айтып, онымен де тынбай Сәкеңнің жаны қыл үстіне жатса да қыршаңқыланып "қазым қанша елі, шарбы майым туырылып тұр ма" деуін де қалдырмай жұртты күлкіге қарық қылыпты.

— Ол травматологтығының үстіне жақсы хирург те, — деп мақтауын жетістірді Бәйдеш дәрігерінің. Шынында, ол өте бір биязы жайсаң жігіт болып шықты. Оған Сәкең әбден сауығып шыққан соң танысып, білісіп барып көз жеткізді.

Сөйтіп бұл соқыр ішегі түскірдің ақыры Сәкеңнің артына "ішегімді жинап беріңдерші" деген күлкілі әңгіме ертіп тынды. Соны маған да бүгін еске түсіруге тура келді.

Бұра сөз күлерге жақсы деп емес, керісінше Сәкеңнің жаны алқымға келген қиын сәтте де үйреншікті қалпынан жаңылмайтын рухының мықтылығының, дәті беріктігінің мысалы ретінде.

Құдай сақтап Сәкеңнің ғұмырында дәрігер қолына сол бірінші және соңғы түсуі. Ләйімде солай болып қалғай!

КӨҢІЛГЕ КӨЛЕҢКЕ САЛҒАН ЕКІ ЖАЙТ

Өмір жолының бұралаң бұлтарысы көп. Өзенде ол Сәкең үшін де үнемі алдан сардиып жатпай, күйзелткен кездер болды. Жалпақ елден өгейлік көрмеген кейіпкеріміз кезеңінің қалыптасқан қағидасынан қағажу көрген тұстар кездесті. Соның алғашқысы Өзен геологиялық барлау экспедициясында бас геолог болып жүргенде ұшырасты. Еңбегіне зейнеті сай дегендей жұмысы ауыр болғанмен бұл қызметтің жалақысы жоғары. Негізгі жалақыға қосымша 110 пайыз үстеме, оның үстіне ай, тоқсан сайын біраз мөлшерде сыйақы бар. Қысқасы, Сәкең сол уақытта геология министрінің жалақысындай жалақы алады.

Соған әлдекімнің көз сұғы қадала қояр деп кім ойлаған?...

Бір күні әскери комиссариат шақырады. Комиссар Досжанов деген майор.

— Армияда офицер кадрлар жетіспей жатыр. Сіз запастағы лейтенант екенсіз. 2 жыл армия қатарына шақырамыз, — деді.

— Балалы-шағалымын. Түркістанда қарт әкем-шешем бар. Олардың да ауыртпалығы менің мойнымда. Менің бұл жағдайымды ескеруді сұраймын.

— Ештеңе етпейді. Армияда офицер ретінде жалақы аласыз. Әйеліңіз инженер геофизик. Оның жалақысы жақсы. Босқа жақауратпаңыз. Отанға қызмет ету парыз, коммунист лейтенант Жылқайдаров. Бара беріңіз, сапқа тұруға дайын болыңыз. Аттанар күнді хабарлаймыз!

Комиссар айтарын осылай бұйрық райда кілт қайырды.

Сәкең шынымен күйзелді. Бәрінен бұрын төрінен көрі жуық қарттарының жайы алаңдатты. Өмір бойы тырбынып еңбектен қол үзбесе де әкесінің зейнет ақысы колхозшы болғаны үшін жартымсыз. Үй шаруасындағы мамасының зейнетақысы тіпті тиын-тебен. Ай сайын Әлпия мұқият түрде ақша салып отырады. Іні-қарындастары оқуда, оларға да ай сайын көмек көрсетіп ақша жіберіп тұрады. Жаны қысылған Сәкең жағдайын ағасына — Қамысбай Мырзағалиевке айтты.

— Ол комиссар Досжановыңның шешесі анау гинеколог дәрігер Әптиева біздің апамыз — Қаратоқай Беріштің қызы. Бірақ менің араласым жоқ. Ол үймен жақсы араласатын Тоқашев. Сен соған айт жағдайыңды. Хангерей оны шайдың батасындай қылады. Жиеніне сөзі өтеді. Өткізе алмаса апасына айтып тыңдатады.

Сол ақылды алып Тоқашевқа барды. Хангерей Тоқашев Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының партком секретары. Осы күзде парткомға сайланған мерзімі бітеді. Қайта сайланбайды. Артынан білді. Ханекең енді өзіне қолайлы, мамандығы геолог болатын, жалақысы көп қызмет қамдапты. Сонда көздегені С.Жылқайдаров орны болыпты. Жұмыста тек жақсы атқа ие, мақтаулы Сәкенді оңайлықпен қызметтен кетіре алмайсың. Жалғыз жол — армияға жіберу. Соны жиені (Ханекеңнің руы Қаратоқай Беріш) әскери комиссар Досжановқа айтқан. Ол келіскен. Бұл әрине, екеуі ғана білетін құпия. Одан Сәкең сірә, бейхабар. Енді сөйткен, сондай Ханекеңе жағдай айтып тұр.

— Өзің білесің әскердің тәртібі қатты ғой. Ол қазақшылықты көтере бермейді. Бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасайын. Ал қолдан келмей жатса өкпелеме,— деп шығарып салды Ханекесі.

Арада аз күн өтпей әскери комиссариаттың комиссиясына шақыру келіп тұр. Барды. Дәлізде тұр еді. Милицияның бастығы Жайберген Бірқұлақов ұшыраса кетті. Жасы үлкен болса да сонадайдан көріп бұрылды. Сәлемін жылы алды. Жәкең араласпаған кісісі. Тек бір рет кездейсоқ танысқан. Алдыңғы жылы экспедицияның бастығы да, бас инженері де іс сапарына кетіп Сәкең үш күнге бастық болып қалды. Қаладан телефон соғылды. Трубканы алса осы Бірқұлақов екен. Көрмеген кісісі еді. Ол таныстырған соң бұл да аты-жөнін айтты. Телефон соққан себебі милиция бастығының анасы қайтыс болыпты. Көкімбайдағы ауылдан бір кісіні жаназаға әкелу керек екен. Жер езіліп кеткен. Жіберген машинасы жете алмай қайта оралыпты. Марқұмды жерлеу— ертең. Соған қысылып отырған жайы бар. Көкімбайға барып келер тікұшақ сұрайды.

Экспедицияда жалдап отырған жалғыз тікұшақ бар. Ол инженер Петр Шамрай бастаған комиссияны алып құралданып біткен мұнараны қабылдап алу үшін алыс алаңға ұшқалы жатыр. Құралдаушылар дызғып жатыр. Өйткені олар бүгін қалай да тапсырып жоспар орындауы керек. Кәдімгі күнделікті қарбалас. Тікұшақ комиссияны апарып тастап оралса Көкімбайға үлгермейді. Күн еңкейіп қалды. Сәкең сол бойда телефонға жармасып комиссияны кері алдырды. Бірқұлақовқа қайта телефон соғып, бастап баратын адамын тез тікұшаққа жеткізуін сұрады. П.Шамрай мен құралдаушылар өкілі дау шығара бастап еді. — Қазақта өлімнің жолы ауыр. Оның шаруасын кейінге қалдыру тіріге ұят, сын, күнә. Сендер ертең барып та жұмыстарыңды бітіресіңдер. Қабылдау, алу актісіне бүгінгі күнмен қол қойыңдар, — деп аптығын басқан.

Жәкең сол көмегі үшін артынан кездескен жерде рақметін айтқан. Таныстықтарының бары осы. Сайлау інісінің жайын естіген ол, — басқа офицерлері құрып қалып па? Бармайсың!—деп бір-ақ кесті.

Комиссия қабылдауына кірді. Сірә, комиссар мұның мәселесін күн ілгері шешіп қойған болса керек бірден іске көше жөнелген. Комиссия мүшесі Жәкең қарсы түрегелді.

— Жылқайдаров үлкен бір экспедицияның бас геологы. Мұнда керегірек. Сондықтан мен оны армияға алуға үзілді кесілді қарсымын.

Досжанов та оңайлықпен берісер болмады.

— Алу-алмау мәселесін әскери комиссар мен шешемін!

— Ендеше біз несіне комиссия мүшесі болып отырмыз! Бармайды Жылқайдаров армияға! Сіз оның отбасы жағдайына да қарамай отырсыз ең болмаса!

Екі қошқар, бірі әскердің, бірі милицияның екі майоры сүзісе кетті. Бұл ыңғайсыз көрініске куә болғысы келмеген Сәкең мен комиссияның өзге мүшелері сыртқа жылысты. Іште қалған екеудің қатты-қатты дауыстары шығып жатыр. Әлден уақытта іштен есікті тарс жауып ашудан түтігіп Жәкең шықты.

— Сен қайткенде де бармауың керек бұл Досжанов немеге ерегескен соң. Ақтаудағы, не облыстағы әскери комиссиядан алып қалудың қамына кіріселік, — деді Сайлау інісін оңаша шығарып алып. Сосын: — Түсінбеймін. Мұның алабөтен саған шөбі неге түсе қалды. Жоқ, мұнда бір гәп бар, —дегенді үстеп қойды. Заңның адамы ғой, бұл жайдың тасасында бірдеңе тұрғанын сезді. Дұрыс. Милиция майоры Ж.Бірқұлақовтың түйсігі алдап тұрған жоқ. Сол уақытта ортадан шеттеткісі келетін адамды әскери комиссариат арқылы әскер қатарына жіберетін бір құйтұрқы үрдіс болған. Мысалға оны алыстан іздемей-ақ өзімнің Әбіш ағамнан — Әбіш Кекілбаевты-ақ алайын. Әуелі ақын, артынан жазушы ретінде танылған Әбекең жұртқа күшті әдебиет сыншысы екендігін де мойындатты. Және мұның сынының Адайша айтқанда тойнағы бөлек. Жас таланттың қалам қырымен бұрын да көре алмай жүрген қу мүйіздер оның мына жаңа қырын көргенде ішін тартып қалады ғой енді. Енді бұл өздерінің можантопай шығармаларын аспажалап қасапшыдай қолын қол, бұтын бұт қылып бұтарлап сынап берсе басқан жерлері ойылып, аспандары опырылып төбелерінен түспей ме. Қой, болмас, бұл Адайдың аптығын басайық деп бірауызды бәтуаға келген олар Әбекеңді 2 жыл әскер қатарына жіберді. Олардың тоқпағының мықты болғаны ғой әскери комиссариат тіпті Әбекеңнің үлкен отбасылы, қолында Ұлы Отан соғысы құрбанының жесірі қарт анасы барлығын да қаперге алмады. Құдай сақтағанда ол уақытта бейбітшілік. Егер бір елмен, айталық Ауғаныстанмен соғыс болып жатса Әбекең бірден ажал аузына жіберілер еді. Сөйтіп, Әбекеңнің нағыз творчестволықпен еңбек ететін жалаулы жастығының екі жылы әскер сапында босқа өтті.

Амал не, Жәкең әлгіндей дегенмен Ақтаудан да, облыстан да қайыр болмады. Бірлестік басшыларының өтініші де аяқсыз қалды. Әскери комиссариаттағылар үшін Досжанов өз адамы. Қарға қарғаның көзін шұқымайды емес пе?!

Сайлау бауырларының хабарын ата-анасы да, Алматыдағы апа-жездесі де естіген. Оларға да күбініс енген. Жездесі республикалық әскери комиссариаттағы таныстармен сөйлесіп көрген екен. Бірақ олардың мүмкіндігі шектеулі. Біреуінің ақылы — бірлестіктен Орта Азия әскери округінің командашысына геолог С.Жылқайдаровты әскерден қалдыруды сұрап қатынас жазғызу. Сол бойынша Сәкең бірлестікке телефон соқты. Келесі күні ондағы сенімді адам хаттың дайын екенін, екі күннен соң бірлестіктің бас директоры Сафи Өтебаевтың Алматыға баратынын, содан жіберілетінін хабарлады.

Уәделі күні Сәкең келді. Інісі оны тура әуежайдан қарсы алды.

— Ау, Сайлау, армиясы несі бұл. Біз кадрға жарымай, бір қолымызды екі ете алмай жүрсек армияның мұнысы не?

— Өзім де білмеймін.

— Енді не істеу керек. Мында біреулермен сөйлесіп көрмедіңдер ме?

— Біздің аузымыз подполковниктерге ғана жетті. Ал олардың қолынан ештеңе келмейтін түрі бар.

— Округ командашысы армия генералы Николай Григорьевич Лященко таныс еді. Өткенде Лениннің 100 жылдығына арналған банкетте қатар отырғанбыз.

— Оған біздің аузымыз жетпейді ғой. Үзеңгілес, дәрежелесіңіз ғой. Өзіңіз бірдеңе демесеңіз, — деп жіберді Сәкең. Онысы бір жағынан базынасы болғанмен шыны да. Сафи Өтебаев Лященкомен жастары қарайлас. Ол әскердің генералы болса, бұл Қазақстандағы үлкен өндірістің генералы. Республика мұнайының королі.

— Сен онда ертең сағат 10-да Министрлер Советіне мына кабинетке кел, сол жерден бір әрекет етіп көрелік, — деп Сәкең інісін жолшыбай жатқан үйіне әкеліп тастап қонақ үйге кетті.

Ол айтқан кабинет иесі геолог ғалым марқұм Саламат Шалабаевтікі екен. Сол уақытта Министрлер Советінде жауапты қызмет жасайтын.

Сәкең сондағы ішкі телефонмен генерал Лященкоға шықты.

— О, Сафи Утебаевич, сәлем, сәлем! — деп бірден ақтарыла кетті ол Сәкеңнің даусын бірден танып. Ұзақ, көңілді аман-саулық сұрасқаннан кейін Сәкең кіріп шықпақ екенін айтып еді. Ол тағы қолқ етті.

— Сізге барлық уақытта есік ашық, Сафи Утебаевич!

— Қазір барсам бола ма?

— Неге болмайды. Тартыңыз бері. Мен күтіп отырамын.

Екеуі Орта Азия әскери округінің штабына жөнелді. Есік алдындағы күзетшіге айтылып қойылған екен. Сөзге келмей өткізді. Қабылдау бөлмесіндегі кезекші адьютант майор да хабардар болып шықты.

— Сафи Утебаевич боларсыз? Сізді қолбасы күтіп отыр. Сұраулы жүзбен Сайлаудың жүзіне қарап еді. Сәкең бұл менің көмекшім деп таныстырып өзі ішке еніп кетті. Шамалыдан соң іштен көңілді шықты. Жаңа осында келерде Сәкең өзімен бірге ала келген бірлестіктің фирмалық қағазына өзі айтып тұрып Лященконың атына хат жазғызған. Соның шетіне генерал "Я думаю мы обойдемся без товарища Жылкайдарова. А нефть нам нужна и очень" деп бұрыштама жазып бір полковникке жолдапты. Адьютант соны оқып қарап — бұл генерал пәленшенің міндетіне қарайтын іс. Ал ол болса іс сапарда. Қайтсек екен, — деп абдырып қалды.

— Олай болса оның орнындағымен хабарласыңыз. Біз нәтижесін біліп кетейік — деп Сәкең тақылдап қояр емес.

Сөйтіп тұрғанда кабинетінен Лященко шықты. Орталық Комитет шұғыл шақыртыпты. Дәл сол сәтте қабылдау бөлмесіне округ басшыларының бірі Кеңес Одағының батыры генерал Сағадат Нұрмағанбетовтың ене қалмасы бар ма?! Меймандарының бөгеліп тұрған себебін кезекші майордан білген Лященко қағазды соған беріп, орындалысын қадағалауды тапсырды.

— Сагадат для своих казахов все сделает, — деп қалжыңдап қояды және. Сайлаудың бір жерден оқығаны бар еді денесі үлкен адам қайырымды, мейірімді келеді деп. Лященко өте денелі, екі иығына екі кісі мінгендей дерлік еңгезердей кісі екен. Және айтқандай алды кең адам болып шықты.

Айтпақшы қабылдау бөлмесінде Сайлауды көріп. — Мына жігіт пе Жылқайдаров. Қап мұндай әдемі жігіт армияға да өте-мөте керек еді. Мына Сафи Утебаевич қу ғой, маған бұл жігітті көрсетпей тұрып алып қалды. Егер көргенде мен иығына сөзсіз пагон ілер едім, — деп тағы бір әсем қалжың айтып күлдірді.

— Жас жігіт, Сіз ауылға қайтып алаңсыз жұмысыңызбен бола беріңіз. Мұнай іздеуші геолог екенсіз ғой. Сізді ондай келелі міндетіңізден шеттету дұрыс емес қой. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін қызмет қой. Және бас геологсыз. Біздің жергілікті әскери комиссарлар тегі елдің мүддесімен санаса бермейтін нағыз солдафондар ғой деймін. Мұнайшылар соғыс кезінің өзінде майданға алынбаған! — деп Сағадат аға аздаған кейістігін де сыртқа шығарып алып, жылы қоштасты. Сыртқа шыққан соң Сәкең ағасына енді бұл оқиғаны атап өту туралы емеурінін танытқан.

— Сайлау шырағым, әуре болма. Елге барамыз ғой. Жақында Орталық Комитеттен бір нұсқаушы келетін еді іс сапармен. Соны қазақтың инженерінің үйін көрсетем деп ертіп апарып келіннің қолынан дәм татып шығармын. Әкем келіп жатыр дедің бе Алматыға. Сәлем айт оған менен.

Сәкең аға сөйтіп інісінің шаруасын шайдың батасындай қып қайырып тастап жұмыстарымен кетті. Жақсы аға, Сәкең қазір Алматыда.

Сайлауының хабарын естіп жаны дызғыған атасы шыдай алмай Алматыға келіп жатқан. Оның түс көретіні де бар еді. Сайлау студент. Сонда анда-санда ауылға барса үй күтініп отырады. — Көкем Сайлаужан келеді түс көрдім деп айтып отырған, - деп алдынан Салиха жүгіре шығады. Әскер мәселесінің қиындап Алматы асқанынан секем алған Есжан қария — түсім алдамаса керек еді. Сайлаужан аздап жүріске түсіп барып ауылда қалатындай-тын. Бұл не болғаны. Жоқ. Мен қате жорыдым ба? Онда қартаяйын дегенім ғой, — ден айран-асыр қалып отырған.

Алдымен хабарын айтып әкесін қуантты. Сосын ауылға ұшаққа билет алды. Келген соң алаңсыз жұмысын жасай берді. Жұрт мұны әскерге кеттіге жорып қойды. Алматы сапарын ешкімге айтқан жоқ. Сұрағандарға — әскерге аламыз деген. Неге екенін білмеймін шақыру қағазы әлі жоқ — деп жауап берді.

Бірде дүкеннен сүт алып келе жатса алдынан әскери комиссар Досжанов қарсы ұшырасты. Комиссариат дүкеннің жанында болатын.

— Сен әскерге кетуге тиіс едің ғой! — деп тіпсінді ол.

— Мен қазір жіберсеңдер де әзірмін. Шақыру қағаздарыңды асыға күтіп жүрмін, — деп жауап берді Сәкең досжар пейілмен жылы жымиып. Ол күлкіні өзінше түсініп, өзінше қабылдаған комиссардың жүзі көк талақ болып қабарып, түтігіп кетті. Енді ештеңе деместен жүре берді. Сөйтіп мәртебелі кеңес армиясына лейтенант Сайлау Жылқайдаровсыз-ақ екі жыл өз күнін өзі көруге тура келді.

Адамның адамға қысастығы сан алуан. Ол да саты-сатыға бөлінеді. Табиғатымызда кешірімшіл, қараулыққа-қараулықпен жауап беруге қарсы қасиетті Құран уағызы сіңісті біз оның кейбірін пендешілік деп азарын жеңілдетіп жіберіп те жатамыз.

Жылқайдар немересі, Есжан пірадардың сондай-сондайларды елемеуге пейілді бұл баласына жасалған ендігі бір көпе-көрнеу қиянатты қалай деп бағалайсыз — оның еркін өзіңізге бердік, оқырман. Біз тек болған жайды болған күйінде еш боямасыз баяндап берелік.

1963 жылы бұлар жас маман болып жұмысқа келгенде кәсіподақ ұйымының белсендісі Жәкең — Жарылқасын ағалары Төремұрат Торғауытов екеуін көзі аз тауарларды алу тізіміне жазған. Кілем, тоңазытқыш, гарнитур — ол кезде бәрі дефицит. Машина тіпті қырғын. Машинаға кезекке қоюға келгенде Сәкең "Волга" дей салған. Қалжың ғой. Әйтпесе тап сол уақытта түбінде бір машина мінермін деген ой мұның үш ұйықтаса түсіне енбеген. Жәкең айтуы бойынша Сайлау інісін "Волга" машинасын алудың кезегіне жазыпты. Кілемін алды, тоңазытқышын алды. Ал машина мәселесін әлдеқашан ұмытып кеткен. Тіпті кезекте тұрғанын да білмейді. Бір күні басқарманың кәсіподақ комитеті шақырады.

— Бізге бір "Волга" автомашинасы бөлініпті. Сіздің кезегіңіз келіп тұр. Аласыз ба?

— Үймен ақылдасып, жауабын ертең берейін.

Өйтіп жақауратуының сойылдай себебі бар. Волга 9600 сом тұрады. Ал мұнда ондай көп ақша жоқ. Табыс көп болғанмен жиналып жарымайды. Қарттарға ауыстырады. Шет тілдер институында оқып жатқан Салихаға қарасады. Келімді-кетімді кісі де көп дегендей. Болса не болып қалады деген сақтықпен жинақ кассасына салған 3 мың сомның үстінде ғана ақша бар.

Үйге келсе балдызы Бек отыр екен.

— Алу керек! — деп сарт еткізді ол бірден. Басында екі ойлы болып қалған Әлпия да інісінің сөзі сеп болып алу жағына шықты.

— Ақша деген сөз болып па? Жинаймыз, жетпеген жерін қарызға аламыз! — деп қопаңдайды Бек. Ол жаратылысында еті тірі оптимист жігіт. Сонысына салды. Және екі айтпайды. Ақшаның жетпесін табатыны рас. Шүкір, Сәкеңнің өзі де қолы ұзын, жолдас-жорадан кенде емес. Ақша табылады ғой. Сөйтіп жағасы жайлау Сәкең машинаны алатын болды. Енді күтіп жүрген жайы бар. Жоқ, онысы ұзап бара жатыр. Және күңкіл әңгіме көбейіп барады. Оның шет-шепірі құлағына жетіп те қалды.

— Жылқайдаров басшы қызметкер. "Волганы" қатардағы жұмысшыға беру керек депті бір дөкей. Содан Ғазиз Әбдірзақовқа ұсыныпты.

— Сайлау бала алғалы жатқан жоқпа еді оны! Мен сақалды басыммен Сайлау інімнің алдына кесе-көлденең тұрмаймын! — депті Ғазекең. Сондай жауапты Тынышбай Опиев пен Қанатбай ағалары да беріпті. Сонда бұрғышы мастерлер олардың бір машинаға ақшасы жоқ емес. Тіпті жетіп артылады. Бірақ ұяттары жібермейді. Тіпті енді Сайлау інілері алмаймын деген күннің өзінде олар "Сайлау інілеріне тиежақ машинаны алып кетті" деген қаңқудан қашып маңына жоламайды. Бұл ағалар сондай жандар.

Көңіліне күдік қашқан Сәкең ептеп сұрау жағалатып көрсе басқарма кәсіподағының шешімін аудандық атқару комитеті бекітуі керек екен. Ал олар неге екені белгісіз бекітпей жатыр. Сөйтіп алакөңіл жүрген күннің бірінде кәсіподақ комитетінің төрағасы Әдиет Шапақов шақырды. Барса онда Дүйсен Үсенов отыр. Өзенде экспедиция бастығы болатын Дүйсекең ағасы.

— Сен машинаңды алмайтын болдың ба, Сайлау? Сен алмайтын болды деген соң мына Дүйсекең мен аламын деп отыр.

Көпті көрген жырынды Әдекең, сірә бірдеңені сезіп қалса керек, мәселенің мәнісін осылай екі ауыз сөзбен бірден ашып салды.

— Мен тарапынан алмаймын деген сөз ешқашан болған емес. Сізге олай деп қате ақпар беріп жүрген кім?

Дүйсекең ыңғайсызданып қалды. Әдекең бара бер дегендей ым қақты.

Мәселе түсінікті болды. Басқарманың бас экономисі Үсенов Тұрар Дүйсекеңнің туған інісі. Өткен жылы ескі үлгідегі "Волга", ГАЗ-21 алған. Анада:

— Ескі Волгамды бір таулыққа 25 мыңға сататын болдым. Жақында басқармаға жаңа үлгідегі ГАЗ-24, "Волга" келеді. Соны Дүйсен ағам арқылы қағам! — деп ішінде Сәкең де бар бір топ жігіттерге бөскен. Бұл соның әрекеті болды сөз жоқ. Сәкең күйіп кетті. Ерте тұрып бірінші хатшы Қ.Б.Исентаевтың жолын тосты. Ол таңертең жұмысқа жаяу баратынын білетін.

— Аға, осы бізде біреуге тиесілі машинаны сырттай саудаға салатын тәртіп бар ма? Заңдылық неге бұзылады, аяқ астында қалады?

— Не болды, Сайлау?

Ширығып тұрған Сәкең әрі қысқа, әрі нұсқа жағдайды баяндады.

— Жақсы, сөйлесіп көрерміз. Анық-қанығына жету қиын шаруа емес қой.

Хатшыдан күткен жауабын қапелімде ала алмаған Сәкең онан сайын ширықты. Кешке үйге келген соң қағаз, қаламға жабысты. Атқару комитетінің тікелей араласуымен жасалып отырған заңсыздықты ашып жазды. Оны ағасы Дүйсен Үсенов арқылы кімнің алғалы отырғанын, ал оның алыпсатарлықпен айналысып жүргенін де көрсетті. Дүйсекеңнің бір емес бірнеше машина аларлық еңбек сіңіргенін, егер ол алатын болса өзінің таласпайтынын, құрметті ағасының өйтіп алдына шықпайтынын, бірақ оның артында былтыр ғана машина алған інісі тұрған соң осы хатты жазып отырғанына тоқталды. Хаттың соңына посткриптум белгісін салып, егер іс басындағы жолдастар Сайлау Жылқайдаровты басқа жақтан келді деп шеттетіп отырған болса, олардың ол ойлары бірінші хатшыға да мәлім болса, күштімен тіресіп теңдік ала алмасы белгілі, екінші қайтара бұл мәселені сөз етпейтінін сыпайы ескертті. Сәкеңе бұлай деп жазуға кеңес берген басқарманың кәсіподақ комитетінің төрағасы Әділет Шапақов еді. Ертеңіне хатшының алдындағы қызға хатын апарды.

— Айналайын, мен тарихта арызқой болып атымды қалдырғым келмейді. Мынаны мүмкіндігі болса журналыңа тіркемей-ақ қоюыңа болады. Бірақ, Қожанияз Бәйтеновичтің өзі оқып танысатын ретін жаса-дағы.

Хатшы қыз хатты алып қалған. Мың болғыр ол Қ.Исентаевқа жеткізіпті. Басқарма бастығы Н.Марабаев, партком хатшысы Х.Нұрғалиев, кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Шапақовтарды шақырады.

— Дүйсекең сіздерден машина сұрады ма? — деп төтесінен қояды сұрақты бірінші хатшы.

— Сұраған жоқ, - деп жауап берді Ә.Шапақов, — тіпті ол кісінің тіркелген арызы да жоқ. Егер күні бұрын арыз жазып сұрап жатса әңгіме жоқ қой.

— Біз машинаны Жылқайдаровқа беру туралы шешім шығардық. Оны бұза алмаймыз. Сол машинасы түскірді бізден қайта тартып алыңдар да беретіндеріңе бере беріңдерші. Дауынан аулақ. Миымызды ашытты ғой тіпті, — деп Н.Марабаев шорт кесіпті.

Алдында көшедегі әңгімеде Қ.Исентаев: — Сайлау "Москвич" алсаң да болады ғой. Ал қалай да "Волга" алам деп жатсаң ол тағы келеді. Сонда ескерерміз алдымен, — деген.

— Жоқ, мен осы өзіме тиесілі машинаны аламын! — деп жауап берген Сәкең ол ұсынысқа маған, жақсы қазір "Москвич" берерсіңдер. Оны біреуден тартып алып бересіңдер тағы. Ол адам ренжиді. Біреудің ренішін арқалайтын машинаның қажеті қанша? Оны мен қалай ұялмай мініп жүремін. Қысқасы бұл болмайтын әңгіме.

Аңыздағы тау көтерген Толағай дәу тіріліп келсе сол бетінде Маңғыстаудың Қаратауын орнынан қопара көтерсе көтерер, бірақ мына Найманның ешкінің асығындай баласын орнынан тапжылта алмас, алған бетінен қайтара алмас еді.

Бірінші хатшы атқару комитеті тарапынан жасалған қиянатты құптамаған кейістік танытады. Машина Жылқайдаровқа берілетін болды.

Тағы бір ықылым уақыт өтті. Атқару комитеті машина кешігіп жатыр деген желеумен шешім шығарып болар емес. Сөйтіп жүргенде Ж.Есенжанов демалысқа кетті. Дәл сол мезетте Гурьевтегі базадан жұмысшыларды жабдықтау басқармасына бөлінген машиналарыңды алың деген хабар келіпті басқарма кәсіподағына. Одан Сәкеңе жетті хабар. Бұл бейсенбі күні болған жағдай. Сәкең ертеңіңе атқару комитетіне жүгірді. Хатшы Шеркешбайдың шешім шығаратын ойы жоқ. Есенжановтың оралуына қаратып отыр. Салып ұрып төрағаның орынбасары Киікбай Рзахановқа келді. Қулық-сұмдықтан ада, тура жолдан ауытқымайтын бірбет Киекең Шеркешбайға телефон соқты.

— Сен мына Жылқайдаровтың машинасының шешімін не созбақтап жүрсің?

Ана жақтан әлдене сылтау айтылған болса керек. Онысына пысқыратын Киекең бе.

— Сезді қой, қазір жаз шешімді!

Анау тағы бір қиырға салса керек Киекең енді тіпті күйіп кетті.

— Сөзді доғар дедім ғой мен саған! Мен несіне отырмын осы жерде? Беремін жауабын өзін ертең келген соң оған! Қазір мына Жылқайдаров барады саған. Шешімді қолына ұстат деген соң ұстат!

Шеркешбай беті қабарып түтеп отырып шешімді дайын етті. Енді ол заңды болып күшіне ену үшін атқару комитетінің 6 мүшесіне қол қойдыруы, ал оған Сәкеңнің өзі жүгіруі керек. Оларды қайдан таппақ. Тағы Киікбайға келді. — 5 адамға қол қойғыз. Алтыншы болып өзім қоямын, — деді ол. Алашапқын екі етек болып 4 мүшеге қол қойғызып, бесінші адамды іздеп атқару комитетіне кіріп еді алдынан Киекесі қарсы ұшырасты. Мұның шаруасына қаныққан соң шешімді алып бірінші хатшы Қ.Исентаевқа кетті. Өзі шақыртумен сонда бара жатырған беті екен. Барған шаруасын бітіріп шықты. Күледі. Қолында шешім. Қ.Исентаев та атқару комитетінің мүшесі еді. Алтыншы адам болып өзі қол қойыпты. Киікбай арқылы "көлігі құтты болсын, игілігіне тұтынсын" деген сәлемін жолдапты. Сөйтіп жүргенде кеш болды. Ертең сенбі. Гурьев дүйсенбі күні келіп машинасын алып кетсін деп қысып жатыр. Сәкең сасулы. Бұл уақытта анадағы 3 мың ақшаны жалақы, сыйақы бар бәрін қосып 7 мыңға жеткізген. Қалғаны 2 мың 600 сом. Оны бір дос дүйсенбі күні қарызға бермек.

Жабдықтау басқармасының сенбі күні де жұмыс жасайтынын білетін. Ақшаны соған өткізіп, өткізгені туралы сенімхат алуы керек. Әйтпесе Гурьевтегі база машинаны бермейді. Басқарма бастығы Жолмағанбетов Бақтыбай дейтін жігіт еді. Сыртынан ғана таныстығы бар. Бетті қойып маңдаймен соған келді. Жасырмай жағдайын айтты. Бұйымы ақшасы төленді деген сенімхатты бүгін беруі. Ал ақшаны келген соң төлейді. Жағдай соған мәжбүр етіп тұр.

Бастық сөзге келген жоқ. Бас есепшіні шақыртты да қолхатты беруге әмір етті.

Алынбаған ақшаны алынды деп қолхат жазу нағыз қылмыстың өзі ғой. Бас есепші аң-таң қалып отырған екеудің жүзіне алма кезек қарай берді.

— Мен бір кісіге сенсем Сәкеңе сенем. Мен сенген азаматқа сен де сен, ақшасын Сәкең оралған соң алақаныңа салады. Бұл шаруа солай біте кетті. Бек балдызы екеуі ұшақпен жексенбі күні Гурьевке келіп, дүйсенбі күні ертеңгісін базаның алдында тұрды. Сонда біліп бұлар жағасын ұстады, машина сонау ерте көктемде келіпті базаға. Содан бері сарылып алушысын күтулі. Белгілі болды. Анада Д.Үсеновке берілмейтін болғаннан бері бұл машинаны әлдекімге қымбатына сатып жібермек екен қолы ұзындар. Таңқалатыны жоқ. Мұнайлы Маңғыстауда, оның ішінде Өзенде бұл әбден ендеп алған жайт болатын бұл сол заманда. Қымбатына алатын кавказдықтар. Бұл халықтар үшін үй салудан соңғы мұрат машина міну. Ол тіпті бәсеке. Ал мына жаңа үлгідегі ГАЗ-24 "Волга" үшін олар әкесінің құнын беруге бар. Бұйырған деген осы. Қара "Волга" иесінің астында жарқылдап база ауласынан шықты. Тал бойында тек бір міні бар. Артқы әйнегі жоқ. Жолшыбай Доссор мен Мақаттың тентек балалары тиеліп келе жатқан машинаның әйнегін сындырмай жіберсе мәртебелеріне нұқсан келеді екен.

— Ой, терезе ме, оның жарасы жеңіл. Қазір-ақ табылады, — деді оптимист Бек. Аузына құдай салса керек. Бензин құйып алып, үлкен жолға шыға беруі мұң екен алдарынан Өзендегі технологиялық транспорт басқармасының жабдықтаушысы Санақ дос шыға келді. Астында "ЗИЛ-131" машинасы. Мекемесіне жүк алуға келген беті. Марқұм ақкөңіл, ақкөйлек жігіт еді, арсалаңдап мәз болып жатыр. "Құтты болсынды" кемі 10 рет айтқан шығар. Терезенің жоғын көрді де "жүрің артымнан" деп алға түсіп тарта жөнелді. Бір базаға әкелді. Ішке еніп кеткен. Бір уақытта бері шығып келеді. Артында бір жігіт терезе көтеріп еріпті.

— Әй, Сайлау, қалтаңда 10 сомың бар ма? Берші мына жігітке. Менде кілең ірі ақша екен құрымағыр.

Сәкең жүкшіге 10 сом ұстатты. Санақты ортаға алып "Гурьев" қонақүйіне келіп орауын ашып көрсе — терезе екеу. Қоймашы абайламай, дұрысы Санақ қойған бөтелкелердің "шапағаты тиіп тұрып" екі терезе беріп жіберіпті. Сәкең — қой, обал болар. Апарып берелік, — деп еді. Санақ — Құдай аямаған қоймашыларды сен аяп ұшпаққа шығармақпысың. Әулиесін қара мұның! — деп ұрысқан соң жым болды.

Санақ Құлсарының жігіті. Сонда тумаластары тұрады. Өзінің машинасын ілгері оздырып жіберген ол бұлармен бірге жүрмек болды. Жолшыбай ағайындарымен таныстырмақ. Қамыскөлге шомылдырмақ, сөйтіп жолы құтты Таз атаңның баласы Сәкеңнің көлігіне батасын бермек. Гурьевтен арғы сапар сөйтіп Санақтың айтуымен, сол белгілеген бағытпен жалғасты. Бек нағыз кәсіби шофер. Аман-есен Өзенге жетті. Қара "Волга" армансыз жуылудай-ақ жуылды.

Сәкең көңіліне дық сақтамайтын жігіт. Жазды күнгі өткінші жауыннан кейінгі аспандай боп реніш артынан баяғы өзінің ақ көңілін қайта табады. Бұл жолы да сөйтті. Машинаға байланысты аз өкпе ұмытылып қала барды. Дүние қолдың кірі, оған бола дық сақтап қалу мен деген азаматқа жарамды қылық та, құлық та емес қой.

Осы жайды әңгімелеп отырған бізде де бөтен көңіл жоқ. Тек сөз сыралғысы ретінде айтылып кетті бұл жайлар. Азары мен безері болса беті аулақ, ғибраты болып жатса бойға құт.

ҚОСАЙ АТАНЫҢ АРУ ҚЫЗЫ

Қарақалпақстанда, Нөкіс қаласының шығысында бір көштік жерде, бағзыдағы Жойқындария (Жейхун), бүгінгі аты Амудария жағасында Бестөбе деген жер бар. Cap даланың төсінде арудың алма жүзіне жараса біткен меңдей бір-біріне иін тіресе біткен бес төбешік. Түсі қара қошқыл. Геология тілімен айтқанда триас жынысынан тұратын тас шоқы. Осы маңдағы ең биік тұс осы.

1993 жылы соған жолым түсті. Себепсіз емес. Бестөбе басында Қосай атамыздың бейіті жатыр. Киелі орын. Өзбекстандағы қазақ қауымы, Қазақстанның Маңғыстауы мен Атырауындағы самсап отырған Қосай атаң ұрпақтары ата басына түнеухана, қонақүй кешенін тұрғызып ас беріп жатыр. Мен сол дүбірлі оқиғаны хатқа түсіру үшін шақырылған мейманмын. Жалғыз емеспін. Қасымда сол уақытта мектеп оқушысы, есімін осы Қосай атаның атағы жер жарған бұла перзенті Фариза қызының құрметіне Фариза деп қойған қызым бар. Аруақты атасының басына зиярат қылсын деп ырым қылып әдейі әкеліп тұрған бетім.

Қосай ата ұрпақтары бүгінде Адай тайпасының үлкен бір бөлігін құрайтын, әлденеше аталықтарға бөлініп кеткен рулы ел. Ата туралы ел аузында айтылатын небір айшықты аңыз көп. Олар бір кітапқа жүк және көбінің бұрын хатқа түскендігі себепті тоқталып жатпаймыз. Қаперге бере кетер жайт, Қосай ата туралы аңыз әпсәналардың бәрі жоғары адамгершілік нормаларының ел жадындағы үлгілері. Олар бойынша бейнесі сомдалған Қосай ата — шын мәнісінде әулие. Алласы шапағатын молынан салған Атаның жапырағы жайылудан жайылған. Қазіргі Атырау облысындағы Адайлардың дені Қосайлар кезінде Бөкей ордасының негізін қалағандар. Дерек Кенесары жасағында да Адайлар қолы болғанын, оның негізінен Қосай жігіттері екендігін айғақтайды. Кенесары баласы Сыздық сұлтанның әйелі Айғаныс, Әбілқайыр ханның әйелі Бопай Қосай атаңның қыздары.

Қызыл қырғын нәубетінен бұл ата да қалыс қала алмады. Зар заманның темір талқысы сүттей ұйыған елдің тоз-тозын шығарды. Маңғыстаудан босқан олардың алды Иран, Түркияға барып мекендеп қалды. Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Россия — бұлардың қай-қайсысы да сол кезеңінде Қосекең ұрпақтарының қонысы болған елдер. Соның бір мысалы, Сәкең — Сайлау Есжанұлы айтқан бір әңгіме:

— Туған өңірге демалысқа келіп жүрген бетім. Ертеңгісін бір ағайынның үйінен шықтым. Автобус жүрмейді. Асфальт жол 7-8 шақырым. Сонда жетіп жолшыбай машинаға қол көтермекке бекіндім. Ерте шыққанмын. Ауыл әлі тегіс ұйқыдан тұрған жоқ еді. Асфальт жолға қараған Соқпақ аузында бір мосқалдау кісі тұр екен. Байқаймын, маған сапарлас болатын түрі бар. Таяп келіп сәлем бердім. Болжамым қате кетпепті. Жолымыз бір болып шықты. Тіпті мен енді баратын ауыл қасында тұрады екен.

— Мында келген ісімді құтарған соң мәшін күтіп тұр едім. Асфальтқа дейін біраз бар. Ауылдан солай баратын көлік-мөлік бола ма деп қарайлағаным ғой.

— Ағасы, мен кеше кешкісін білгенмін. Бұл ауылдан түске дейін ұзап шығар ешкім жоқ. Енді екеулеп жаяулап тарта береміз. 7-8 шақырым деген бұйым болып па — қазір-ақ жетіп барамыз әңгімемен жол қысқартып.

Мен солай деп, жасы үлкен көргені көп қой деп сөз бастау кезегін серігіме ыңғайлағанмен ол қапелімде шешіле қоймады. Енді өзіме суыртпақтауға тура келді. Жаңа серігімнің сөз саптауы бір түрлі таныс көрінген. Маңғыстаудағы Түрікменстаннан келген ағайындардың сөйлеу мәнері.

— Түрікменстанның қай жерінен келдіңіз? — дедім қайдан шықса одан шықсын деп. Серігім аң-таң қалып жүзіме қарап Түрікменстанның, қазір есімде жоқ, бір жерін айтты.

— Менің Түрікменстаннан екенімді қайдан білдің, інім?

— Сөйлеген сөзіңізден. Сіз "ісімді құтарған соң" дедіңіз. Ал бұл ел "ісімді бітірген соң", не "шаруамды тындырған соң, біржайлы қылған соң" дейді. Сосын тағы мәшін дедіңіз. Бұл ел машина дейді.

Серігім күліп жіберді.

— Ал жақсы, Адайдың қайсысы болдыңыз?

- Қосаймын.

— Қосай көп қой. Жаманадай - Сүйіндік, Тіней, Тәзіке, Шалбар, Өрезек, Есембет...

— Есенбетімін. Әй, Түркістанға бара жатқан жігіт, сен менің Адай екенімді де қалай білдің, ә!

— Маңғыстаудың жергілікті Адайлары еш жаққа көшпейді. Көшсе де бұл жаққа көш мандайын тіремейді. Мұнда тек Түрікменстанның, там-тұмдап Өзбекстанның Адайлары ғана келеді.

Серігім маған білетіндігім үшін ризашылық сезімін білдіріп күліп алып өздерінің Одиссеясынан бірқыдыру ұзақ сыр шертті. Аталары 1931 жылы Маңғыстаудан кетіпті. Әуелі Хорезм ойына құлаған. Одан Ташауз бетке ығысқан. 60-шы жылдарға таман Қазақстанымызға барамыз деп Мырзашөлге келген. Хрушев ол жерді Өзбекстанға берген соң "өзбекке бодан болып оның мақтасын еккенше қазағымыздың ортасына барып есек арбамен тезек тасып күн көргеніміз көп артық" деп, Хрушевты жетпіс жеті атасынан бері партия-мартиясымен қоса бір сыпыртып боқтап тастап бері салыпты. Жалпы қарасы 5-6 үй. Сондай-сондай әңгімелермен жолға жеттік. Одан бір машина тап бола кетіп қорабына отырып серігімнің ауылына да келіп қалдық. Негізгі ауылдан өзге сабан кірпіштен салған шатырсыз 5-6 үй тұр жол қапталына таяу. Бұл серігімнің жаңа қонысы екен. Тұсына келген соң машинаны тоқтатты.

— Ал қайыр қош, ағасы. Қайнағам екенсіз. Мен Қосай Есенбет ауылына күйеумін. Серігім қапылды да қалды.

— Не дейді құдай шебер. Қой, болмайды түс. Қонақасыңды жеп кет.

— Алла разы болсын, аға. Жолымнан қалмайын. Егер мана бастап танысқан бетте, мен Түрікменстаннан келген Адай екеніңізді айтқан бойда осы төңіректе үйі бар аға ретінде менің алыстың жолаушысы екенімді ескеріп шақырғанда қабыл алар едім. Енді мынау күйеу балаңыз екенімді білген соң барып шақыруыңыз кеш. Дегенмен ниетіңізге рақмет,- деп күлдім мен.

Жаңа қайнағам қыбыжықтап абдырап қалды. Машина орнынан қозғалып ұзай бергенде барып есіне түскен болуы керек.

— Әй, күйеу бала, сұрауға ұмытып барады екенмін, қайын атаңның аты кім? Оның әкесінің аты кім?! — деп бері ентелеп келеді.

— Мұханбет. Фамилиясы Қалмұратов. Бабақұлдың баласы! – деп айқайладым мен.

— А, а! Им дедің? Естіңкіремей қалдым. Қайта айтшы! — деп қайнағам машина артынан біраз ұмсынды.

Ол атын айтып еді - ұмытып қалыппын. Кейіннен Өзенде қайын жұртымның бір басқосуында осы әңгімені айтқанымда ол кісіні де, ауылын да білетіндер шықты. Солар айтты олар бұл жерге де тұрақтамай Сырдың арғы бетіне өтіп, сонда осы өңірдегі барлық Адай бас құрап бір совхоз болып отырған көрінеді. Енді бір құдай сәтін салып жолым түссе сол ауылда менің күйеу табағым дайын тұр.

Сәкең дағдысынша бұл әңгімесін солай күліп бітірді.

Сәкең жездемізге Адай елінен төс ұстау бақытын бұйыртқан Әлпия апамыз туралы айту кезегіне де жеттік. Әңгіме ауанымыздан аңғарылғандай ол Қосай атаңның қызы. Оның Есенбет атасынан тарайды.

Әлпия отбасындағы 11 баланың үлкені. Папасы мен мамасының тұла бойы тұңғышы. Бұл отбасынан бастап үйлі-баранды болған алдымен өзі. Мұхамбет пайғамбарымыз күйеу балаларын өз баласындай көріп құрметтеп өткен ғой. Пайғамбардың аттасы Мұханбет ағамыз да солай болды. Әсіресе ол үлкен күйеу балам деп Сәкеңді өте жақсы көретін. Оны "менің 12-ші перзентім" деп те жіберетін екен кейде.

Әлпия сынды Адайдың ару қызы туралы сөз етпес бұрын әрине атасы оның қандай-ды деген сауалға жауап бермек ләзім. Ол үшін басқа емес Мұхаңның сол мақтаулы күйеу баласы Сәкеңнің естелігіне сүйенелік.

Мұхаң 1909 жылы туған. Ағасы Төлеу медреседе оқыған үлкен молда болыпты. Кеңес дінге қарсы күресті қанша күшейткенмен хақ жолынан таймаған. Ағасының селбеуімен Мұхаң да әуелі медреседе арабша сауат ашқан. Түрікменстанға көшіп барған соң оқуын онан әрі жалғастырып Ашқабат теміржол техникумын бітірген. Бұл ол уақытта үлкен білім және Түрікменстан үшін. 1939 жылы кәсіптік техникалық училищеге директор болады. Бір қызыға күні бүгінге дейін Түрікменстандағы теміржолшы кадрлардың 90 пайызы қазақтар. Бүкіл мемлекеттік теміржол қазақтар қолында. Ана жылы атамекенге үдере көшу басталғанда теміржолдағы қазақтардан айырылғысы келмеген. Түрікменстан үкіметі оларға барлық жеңілдіктерін жасап бақты. Ондағы қазақтардың экономиканың күре тамыры саласында солай орын теуіп қалуы осы Мұхаң сияқты алдағыны көре білген сұңғыла ағалардың арқасы. Түрікмен жастарының өндіріске құлықсыздығын пайдаланған Мұхаң оқуға қазақ балаларын көптеп тарта берген кезінде.

Мен өткен жылы журналдан кинорежиссер Дариха Тіналинаның Түрікменстанға барып бұл ел тарихындағы-тұңғыш деректі фильм түсірген сапарынан естелігін оқыдым. Дариха апамыз ондағы қандастарының бауырмалшылығын, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссер қызын мақтаныш етіп хан көтергенін сүйсіне жазады. Туған елден шетте жүргендіктен бе, Түрікменстандағы қазақтар өте-мөте бауырмал келеді. Ал жаратылысынан ұстаз, балажанды болып туған Мұхаңның тіпті бауыры жұмсақ екен. Өте білімділігінің үстіне көп қырлы. Шахматты, нардыны жақсы ойнайды. Әңгімеші. Егер ол алған білімін балаға үйрететін ұстаздық жолға түспей ең бір негізгі қыры-шеберлігін жетілдіре бергенде біраз жерге барған болар еді. Мен бұл пайымды жайдан жай айтып отырғаным жоқ. Өзім көзім көрген жайттан алып айтып отырмын, Мұхаң бізге еңбек пәнінен ұстаз болды дедім ғой басында.

Бірде сабақта — балалар, алдағы көктемде Ақтауда мектеп оқушыларының олимпиадасы болады. Онда оқушылар қолымен жасалған бұйымдар да сарапқа түседі. Ал кімде қандай ой бар, — деді. Біз тосылып қалған соң сөзін әрі өзі сабақтады.

— Мұнайлы өңірміз. Жасар бұйымымыз соған сай болсын. Бұрғылау мұнарасының макетіне қалай қарайсыздар.

Тағы үнсіздік. Мұнараны, ауызекі тілдегі бұраубайды сыртынан көріп жүрміз. Оның макетін жасау өң түгілі түске де енбейтін нәрсе сияқты.

— Көз қорқақ, қол батыр. Жасауға болады оны, — деп Мұхаң аға үлкен пакетті ашты. Ішінен тақтаның өн бойын алатындай үлкен қағазды алып ілді. Онысы мұнараның сызбасы екен. Соны бажайлап, асықпай түсіндірді. Әншейінде орысша сөйлейтін ағай бұл жолы қазақша айтты бәрін. Сонымен келген қорытынды ішіміздегі қолы ұсынақты Уәли Қарабасов пен Жексен Медешов жұмысты қолға алатын болды. Өте ауыр жұмыс екен. Үш айда бітірді. Дегенмен, атағы екі оқушынікі болғанмен нобайын жасаған Мұхаң ағаның өзі болғандығы құпия емес. Өте әсем жасалған бұйым болды ол. Нағыз "Урал ЗД" барлау мұнарасының өзі. Олимпиадада ол бірінші орын алды. Сол Өзендегі N4 мектеп шеберханасында ол мектептің тұңғыш 1966 жылы бітірген түлектерінен қалған жәдігер ретінде бері келгенше тұрушы еді. Қазір бар ма, жоқ па білмеймін. Оған қолтаңбасын қалдырған екі оқушы шебердің бірі Уәли Қарабасов бүгінде марқұм.

Мұқаң аға саятшы да болыпты. Өзен маңында ол кезде киік көп. Анда-санда соған шығып қайтады. Жолбасшысы күйеу баласы — Сайлау. Шоферлары Қожа Оңғар деген жігіт. Қарауылға іліккен аңның бәрін топырлатып ата беретін қаныпезерлік емес бұлардікі нағыз саятшылық, көңіл көтеру. Басшылықты өз қолына алған Мұқаң Сайлауға тек үш киік — онда да үйірден қалған текелерін ғана атқызады. Сосын аялдайды. Қожа мен Сәкең олжаларды сойып, бұтарлайды. Ал Мұқаң болса бұта жинап әкеліп әуелі алау жағады. Соның шоғына бауыр қақтайды. Бұл оның сүйікті кәсібі және оның теңдесі жоқ шебері. Шарбы майға орап, уыттап пісірген кәуабы таңдай жұлады.

Мұқаңның педагогтық қағидасы - алған білім өмірде өзіңе қызмет ететін болсын. Шәкірттерін соған үндейтін. Балаларының қабілетін күні бұрын қадағалап, дөп басып, мектептен соң соған орай білімін жалғастыруына қамқорлық жасаған. Тұңғыштары Әлпия сабаққа алғыр болды. Және жан-жақты. Физика, математикаға бейімділігін аңғарған әке оған Ашгабад университетінің физмат факультетіне түсуге кеңес берді. Мұратын теміржолшы қылды. Ол Маңғыстауға келген алғашқы дипломды теміржолшы болды. Бек техникаға бейім еді. Автотранспортшы болды.

Мұхаң аға көп ауырған жоқ. Бақилық болар алдында күйеу баласы мен Әлпияның естияр перзенттерінің басын қосып, Шопан атаға мұсылман ғұрпымен жерлеуді табыс етті.

- Зәулім күмбез тұрғызып әуре болмаңдар, өмірде қарапайым адам қарапайымдылығынан ана дүниеде де жазбауы керек. Шариғатта пайғамбарымның өзі солай болуды уағыздаған. Төрт құлақты белгі қойсаңдар жарайды,- деді.

Сөйтіп, 1970 жылы ақтық сапарына аттанып кете барды. Өсиеті толық орындалды. Тек Сәкең өз бетінше атасының аты-жөнін, ру жігін, туған-өлген жылдарын мәрмәр тақтаға араб, кирилица әріптерімен ойып жазып, алтын сырмен бояп, бетін әйнектеп зиярат басына қойды.

Мұхаңның өмірлік қосағы Миуа Көрпе ауылының қызы. Маңғыстаудың Қызылсу ауылында туған. Қызылсуда Тұрмағанбет ахун ұстаған медіресе бар. Әкесі сонда оқып білім алған. Тұрмағанбеттің жолын Стамбұлда жоғары діни, Бомбейден геологиялық білім алған, Қазан мүфтиінен Адай уезінің дінбасысы болып тағайындалған баласы Оразмұханбет жалғастырды төңкерістен кейін. 1931 жылы Оразмұханбет аулы Түрікменстанға көшкенде бұлар да бірге кетеді. Оразмұханбет Иранға өткенде бұлар өте алмай Түрікменстанда қалып қойды. Бой жеткен соң Мұханбетпен тұрмыс құрады. Миуа ана 11 құрсақ көтерген. Бір қызығы ол "Батыр ана" белгісін екі рет алыпты. 1962 жылы Ажары дүниеге келген соң Қызыл арбаттың жергілікті кеңесі "Батыр ана" белгісін алуға ұсынады. Көшіп кеткен отбасы Өзенге келсе, артынан әлгі белгі араға жыл салып келіп тұр. 1965 жылы дүниеге Мәдина келеді. Ананың бұрын белгімен марапатталғанынан бейхабар Өзеннің жергілікті кеңесі оны қайта ұсынып жібереді. Сөйтіп екінші белгі омырауға тағылады.

— Оқасы жоқ Қызы Әлпияның тұңғышы Зейнептен кейін бір жыл салып бала тауып, қызымен социалистік жарысқа түскен мұндай жеңешелерге белгі емес, алтыннан ескерткіш қою керек, - деп жарапазандай жөнелді тіліне шоқ түскір қайнылары. Айта берсін, осылай жарылқап жатқан Құдайға алғыс. Тәуба. Тек ұзағынан сүйіндіре берсін. Миуа ана күйеуіндей емес ширақ, пысық, шаруа адам. Тұңғышы Әлпияны атасы мен әжесінің баласы деп еркелетіп өсірді. Әуелгі күйеу баласы Сайлауды да солай еркін ұстады. Ерке қылып ұстады. Оған әсіресе Сайлаудың жарасымды ойнақы қылықтары ұнайтын. Соның бірін күле әңгімелеп жүретін.

Институт бітірген соң, Сайлаудың армияға шақырылып, Қызыл арбатқа барған беті. Қасында Төремұрат бар ата-енесінің үйіне келген. Дәулеттің үйі қонаққа шақырған. Мал сойылды. Бұл жақтың дәстүрінде табақ келгенде күйеу бала орнынан тұрады. Сосын ақсақалдар батасын беріп өз табақтарынан бір жілік алып күйеу табаққа салған соң барып орнына отырады. Ол салтты қайнағасы Дәулет ақырындап ескертіп қойған. Содан табақ тартылғанда Сәкең қасындағы Төремұратты да тізесінен түртіп орнынан тұрғызды. Жұрт бұлардың қайсысы күйеулері екенін айыра алмай аң-таң.

— Анау бұйра бастысы, — дейді күйеуді танитын біреу ақырын Сәкеңніңде, Төремұраттың да толқынды ұзын бұйра қара шаштары бар.

— Қай бұйра басты?

— Анаусы.

— Ой, сөзің құрысын. Анаусының қайсысы? — жұрт дабырлап кетті. Сәкең күлкіден жарылғалы тұрса да міз бағар емес. Төремұрат аң-таң. Сөйтіп тұрғанда есіктен Мұхаң кірді.

— Неғып тұрсыңдар, — деді ол состиып тұрған бүл екеуіне қарап таң қалып. Жұрт мән-жайды түсіндірген соң барып Мұхаң мәз. Топ әйелдердің ішінде қасындағыларға күйеу баласын нұсқап көрсетпей отырған Миуа күлкіден өліп жатыр...

Өзенге келген соң түйе, уақ мал сатып алған Миекең қазақы шаруасын күйттеді. Ол оған жаратылысынан бейім болатын. Және тастай қағыстырады.

— Әлпия шұбат ішсін деп түйенің екі-үш күнгі сауынын жинап ашытып қойдым. Астында көлігің бар, неге алып кетпейсің? — деп ұрсады күйеу баласына дүкеннің алдындағы көшеде кездесіп қап. Қызының үйі сол дүкеннің дәл қасында.

— Ала келсеңіз қайтушы еді, — дейді күйеу баласы жорта наз қылып.

— Енді сендерге шұбат тасуым қалып па еді?! — ене шынымен кеюге айналды.

— Өзіңізге ауыр болса, ана толып отырған балдыздарымның бірін жұмсамайсыз ба?

— Оларды саған шұбат тасысын деп туып па екенмін. Жоғал әрі,— ашуға мінген ене ауыл жағына беттей берген.

— Зейнеп кешеден әжелеп отыр еді. Мама, пападан соң ата, әжеге келіп еді тілі. Барып бір сүйіп кетпедіңіз бе? — деді күйеу бала енді майысып. Ұмытқаны жаңа есіне түскендей болған ене:

— Ойбүй көтек, солай екен ғой. Ай, айналайын, жақсы есіме салғаныңды қарашы, — деп қызының үйіне қарай бұрылды.

— Шұбатты үйге барған соң Зинадан не Нинадан беріп жіберермін. Сендер әуре болып жүресіңдер ме, — деп негізгі шаруасын тиянақтап кетті және.

Сәкең күліп жұмыс жағына беттеді.

— Шұбат ішкенде жақсысыңдар. Ал ол түйенің жұтқыны бар екенін ойламайсыңдар, — деп сартабай салды тағы бірде ене.

Ыңғайы келіп қалып бір совхоздың Нағар Будақтағы шөбін тасып беретін болып автоколонна бастап барған Сәкең үлкен бір "ЗИЛ"- ге бастырып тұрып шөп тиеді. Көп тиегені соншалық рессоры жатып қалды тіпті. Түнделетіп ата-енесінің қорасына әкеліп түсіріп жинап берді.

— Асығыс едім, — деп қора алдындағы машинаға беттей берген.

— Сайлаужан, айналайын, шай жасап қойдым ғой мен. Соны ішіп кет. Жау қуып бара ма? — деп енесі жібермейді енді.

Үйге кірсе жайнатып дастарқан жасаулы. Бірер көкмойын да тұрып қалыпты. Шаң басарға таптырмайтын жарықтық қой бұл. Сәкең шаршағанын ұмытып қунап сала берді.

— Ойпырым-ай, шөп сындыратын екен, Сайлау Сайлау болғалы біздің үйдің шаруасына қолқабыс тигізгені екен— деді шай үстінде Миекең.

— Мына қасымдағы шофер жігіт бөтен адам. Енді Жылқайдаров қайын жұртына қараспайды екен деген сөз кетті ғой. Әй, өзім де бір қасқамын артымнан сондай қаңқу ере жүретін, — деп күйеу баласы сарнай жөнелген.

"Аузымнан жазып қайдан ғана айта қойып едім, шұнақ құдай-ай" деп апысы кіріп, күпісі шыққан ене орнынан тұрып, буфеттің бір қалтарысынан тағы бір көкмойынды шығарып жатыр.

Сәкең байқатпай тағы бір күліп қойды.

Жарықтық Миекең сондай кісі еді. 1991 жылы бақилық болған ол өз өсиеті бойынша ауыл қасындағы зират — Теңгеге жерленді.

Мұхаң да, Миекең де ақтан тілеген жандар еді. Құдай сол пейілдеріне орай жарылқаудай-ақ жарылқады. Әлпияға тетелес Мұрат үш қыздың әкесі, Жаңаөзенде тұрады. Бек үш қыз, екі ұлдың әкесі. Ақтаудағы Зина екі қыздың анасы. Қара шаңырақ иесі Азамат екі ұл, үш қыз сүйген әке, Нина, Зина, Мәрия, Зұлхия, Кенже, Ажар, Мадина бұлар да үйлі-баранды. Алды әже болған аналар. Ақтауда, Өзенде тұрып жатыр.

Бір қызығы Мұхаң мен Миекең рулық жүйені кешегі кеңестік өлшемге салып айтқанда интернационалдық ата-ене болып қалды тарихта. Күйеу балалары қазақтың әр руынан -Найманның, Шеркештің, Беріштің, Әлімнің Таздың жігіттеріне тұрмысқа шыққан.

— Бұл жау шапқырлардың біреуі де Адайға тимеді ғой,— деп Миекең бірде шала бүлінді. Сәкең осыны көңілінің бір түкпіріне тығып қойған. Кезекте тұрған балдыздың бірі тұрмысқа шыққалы жатыр. Бұл жолғы күйеу — Қожа.

— Сіз ана бір жолы қыздарымды Адайға бере алмадым деп өкініп жүр едіңіз. Мына қызыңыз тіпті қаймана қазаққа да бұйырмай Қожаға кеткелі жатыр. Қожалар қазақ емес. Түбі араб қой.

— Әй, басымды қатырмашы, немене сонша қалжыңдап айтылған сөзді жіпке тізіп. Менде өшің бар ма? — енесі шынымен кейіп келе жатқанын көрген Сәкең сыртқа жылыстап кетті. Ақыры Миекеңнің тілегі қабыл болып, жетінші қызы Ажар Адайдың Тобышының Қараш ауылына келін болғалы жатыр. Қалың Адайдың ру жігіне жетік, оны-мұнысына әбден қанық Сәкеңнің бұл Қараштардың баяғыда әкесі жауда өліп, әуелі нағашысының, сосын немере ағасының қолында тәрбиеленгенін құлағы шалғаны бар Сәкең дәл сол тұстан оспақтап, ойқастатып енесіне естірте отырып, өзінің ойдан шығарған қисынын көңірсітсін енді.

— Бұл Қараш дегенің Адай емес. Түбі кірме деседі ғой білем деушілер.

Енесі күйіп кетті.

— Оттамасын ол жұртың. Қараш Тобыш атаның бел баласы. Адайдың мен деген руы. Шетінен құдықшы. Сен де бір... жоғал әрі, шешек шыққыр!

"Шешек шыққыр" үйреншікті сөзі. Олай дегені шынымен ашуланғанының белгісі. Бұл шаруасын солай "дөңгелетіп" тастаған Сәкең тып қойып тайып тұрды. Ауыз үйде Адайдан "бай бұйырмаған" балдыздарымен қосылып мәз болып жатыр. Өздеріне Адайға тимедіңдер деп "упрек" жасаған шешелерін қатырғаны үшін балдыздары жезделеріне бір риза болып қалды.

Осындай ата-ананың тәрбиесін көріп, көпшіл, бауырмал болып өскен Әлпия мектеп бітірісімен 1958 жылы Түрікмен мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне түсті. Мектептерде мұғалім кадрлардың жетіспеуіне байланысты ол уақытта университет, пединститутта осылай физика мен математиканы, химия мен биологияны, тарих пен тілді қосарлап оқытады. Оны бітіргендер сол екі пәннің мұғалімі болып шығады. "Кең ауқымды мұғалім" деп атады оны кезінде. Әлпияны да сол жол күтіп тұрған. Бірақ жағдай күрт өзгерді де, кенеттен халықшаруашылығына өте-мөте көп сұранысқа ие геофизик мамандығы керек болды. Бұрынғыдай қат мамандық мәселесінде орталыққа қол жая беру ендігі жерде күндікшінің амалы екенін бәрі де түсінді. Әлпиялар тобында 25 студент оқитын. Әлпия жалғыз қыз. Топтың ұлттық құрамы 1 қазақ, 2 орыс, қалған 23-і түрікмен. Түрікменше, орысша жетік білетін Әлпия олардың бәрімен дос—жар. Түрікмен халқы қазақтай жайдақ емес. Шамалыға ішін аша бермейді. Әсіресе орысқа. Соны сезетін орыстар да қазақ арасындағыдай емес түрікмендер ішінде өзін оқшау ұстайды, аяғын абайлап басады. Өздерінің кірме екенін біледі. Содан келіп түрікмендік болмыстан ада, орысша таза сөйлейтін, білімді Әлпияны өздеріне етене санайды. Түрікмен халқының бір мақтарлық дәстүрі өздерінің қандас қыздарын қамқорлай жүреді. Құрметтейді. Бірге оқыған жігіттердің ішінде орыс, қазақ тәрбиесін бірдей алған білімді, өздерінің түрікмен қыздарындай қара қайыс емес, ажарлы, құба өңді қазақ қызына көзін тігіп жүретіндер де баршылық. Орыстан әйел алған жігіттерін өз орталарынан оқшаулап, шіріген жұмыртқаға балай салатын түрікмен жұрты қаны бір қазаққа келгенде олай емес. Қайта қазақ қызына үйленуді құптайды. Оған керісінше қазақ қыздары түрікменге тұрмысқа шықпайды. Ол рулы ел атына намыс, сүйекке таңба. Красноводскіде қазақ қызын алып қашқан түрікмен жігітін қазақтардың өлтіріп тастаған оқиғасы болған сол қарсаңда. Ашгабадта оқып жүрген қазақ жігіттері де баршылық. Көбі -Адайлар. Олар да ертең университет бітіргелі отырған Әлпияны есепке алып жүрген. Бірақ қыз көңілі алаңсыз. Сөз салған талай жігіттердің меселі қайтты. Солай жүргенде физмат факультетінен Алматы политехникалық институтының геофизик мамандығына ауыстыруға пәрмен түсті жоғарыдан. Мұғалім болғалы жүрген, соған дайындалған студенттердің көбі үшін ол әрине соқыр тәуекел. Қабілетті, білімділер ғана өтпек ол өткелден. Ректорат таңдауы Әлпия Қалмұратоваға түсті. Басқа республикада жүрсе де жүрегі қазақ деп соғатын, Қазақстан дейтін Әлпия қарсы болған жоқ. Қайта қуанып кетті. Сөйтіп Түрікменстан университетінің студенті бір сәтте Қазақ политехникалық институтының студенті болып, Алматыдан бір-ақ шықты. Басында біраз тосырқап жүрді. Түрікменстаннан келіп, оқып жатқандар бірен-саран. Мұның нағыз қандастары көп тұратын Маңғыстау мен Атыраудың студенттері де аз. Бірақ мұны ешкім шеттеткен жоқ. Жаңа орта қатарларына жатсынбай алды. Жаңа достар тапты. Геофизика геологияның бір саласы. Тіпті құрамдас бөлігі. Сол себеп болып бұлар геология факультетінің студенттерімен көбірек танысып етене болып кетті. Бір кеште Төремұрат Торғауытов бір топ жігіттермен бұлардың қастарындағы қыздарымен бірге болып, достасқан. Артынша Төремұрат досы Сайлаумен таныстырды. Қағылез, бұйра бас, науша жігіт бірден ұнады. Жас жастың тілегі бір, сол тілектері қабысты. Сөйтіп 1962 жылы күзде екеуі отау тікті. Екеуінің үйленген тойының құрметті қонағының бірі Боқай Иманғазиев еді. Құрметті болатыны ол Адай. Адайдың Ақбота Жеменейі. Сайлаудан екі курс темен оқығанымен, үш жас үлкен. Мектептен соң еңбек етіп, армияға барып келіп түскен институтқа. Содан келіп Әлпияға аға, Сайлауға қайын аға. Тойда алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі.

Осы беріде бүл шаңырақта болған үлкен тойға келген Боқай аға бұл жолы да алғашқылардың бірі болып сөйлеу құрметіне ие болып, — мен мына Зейнеп қызымның папасы мен мамасының үйлену тойына да қатысып, сөз сөйлеген көне көзбін, - деп жиналғандарға баяғы тойдың шақыру билетін көрсеткені бар. Жақсы аға оны жастық шақтың бір ескерткіші ретінде сақтап жүреді екен.

Нағыз достың қадірін білген адам нағыз досқа өз қадірін арттыра да алады. Өйткені олар арасындағы достық шынайы, сыйластық мәңгілік.

Әлпияның сондай досы Жұма Дәуітқызы Кенішова. Руы Адайдың Қосай атасынан тарайтын Сүйіндік. Бұл жағынан келгенде ағайындығы да бар. Жұма Түрікменстанның Ташауз облысында туған. Музыка училищесін бітірген. Әлпия тұрмысқа шыққанда сонау Ашгабадтан арнап келіп қыз жолдасы болды. 1962 жылы әлі қоңторғайлау кезде стипендиясының әр сомы есептегі студенттің соншама қашықтан тойға ұшып келуін тек татаусыз көңілдің ғана тартуы деп бағалаған ләзім. Жұма артынан Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірді. Одан соң Шымкент Мәдени ағарту институтына мұғалім болып барды. Кафедра меңгерушілігіне дейін көтерілді. Тұрмысқа шықты. Үбірлі-шүбірлі болды. Жұманың отбасының қуанышы Әлпияның отбасының да қуанышына айналғалы міне, аттай 42 жыл. Қазір Шымкентте тұратын олар Алматыдағы бұлардың бір үйі дерлік.

2002 жылы Әлекең мен Сәкеңнің қосылғандарына 40 жыл толған тойға Жұма арнап келіп, бірге тойлады.

— Баяғы бұла бойжеткен шағыммен қайта қауышқандай болдым, - деп бір жасап... жоқ, керісінше 40 жылға жасарып оралды аулына. Жұмекең Қосай атаның тағы бір ару қызы.

Институт бітірген бойда Әлпияның жолы бола кетті бірден. Күйеуі екеуінің жұмысы бір жерден. Пәтер тапшылығын тартқан жоқ. Бұлар орналаса салысымен "Түйе қартайғанда ботасына ереді" деп күліп папасы мен мамасы көшіп келді. Оларға ілесе туған-туыстары келді. Осылай қиыншылық кездерде қоныс аударып кеткен Бабақұл баба әулеті атамекенге бір ру болып оралды.

Кейбіреулер Өзеннің сол уақытын қиын болды. Шаң, жел, ыстық, барлық жағынан жетпестік, тапшылық деп қаран су алдыра жөнеледі. Рас, оңай болған жоқ. Жаңа, тосын басталған іс бірден оңалып жүре бермек емес қой. Әлпия болса сол қиындықтардың біріне қабақ шытқан жоқ. "Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды" туған жердің ондай-мұндайын қабақ шытып, тергеп, тексеріп жатса несіне перзент, несіне Адайдың қызы болып жүр. Қосай атасының асқаралы аруағына шетін емес пе? Бәрі уақытша, өткінші, қиындық екеніне имандай сенді. Әуелі бұлар тұщы судың тауқыметін әбден тартты. Жармадан машинамен тасып әкелген су өлшеулі, жетпейді.

1968 жылдың 7 қарашасында Сауысқан-Өзен су құбыры ауыл тұсына келіп, артынша оның бір тіні көшеге тартылып, тап бұлардың есігі алдында кранмен сарқырап тұрғанда қуанғандары-ай. Артынан қалаға көшті. Мұнда тұрмыстық жағдайлары жаман болған жоқ. Сайлау басшылық қызметте. Өзі геофизик инженер. Балалар жас, табыс молынан жетеді. Тапшылық дегенді білмейді. Сайлауды әуелде комсомол жұмысына қолқалап шақырған. Біледі — оның болашағы бар. Саяси биліктегілердің бәрі жұмысын комсомолдан бастаған. Бірақ Сәкең одан ат-тонын ала қашты. Біріншіден, бұл жалпы сызылып, кісімсіп бастық болуға қарсы. Екіншіден, сүйікті мамандығынан қол үзгісі жоқ. Үшіншіден, комсомолдың аты дардай болғанымен жалақысы аз. Ал бұл болса Түркістандағы қарттарына қарасып отыр. Оларға ай сайын келісімді қаржы бөліп отырады. Әлпия қазақ әйелінің салтынша көстеңдеп, күйеуіне ақыл айтып, көсемсуді, оның отбасы ретінде шешім қабылдауына килігуді қаламайды. Әйтсе де тап сол жолы Сәкесінің өз кәсібінен қол үзбеуін қалады.

Әлпия мен күйеуі бір нәрседе қатты ұқсас. Екеуі де бауырмал, көпшіл. Сонысынан ба бұларға алыстан ағайын табылғыш және оны екеуі екі жақтан табады.

1968 жылы геофизика конторына ерлі-зайыпты екі жас маман жолдамамен келді. Жігіт Әшіралы Бижанов, әйелінің аты Роза. Ол уақытта кәсіпшілік геофизикасы конторында қазақ инженерлері сирек. Әлпия әйелден жалғыз. Содан ба келгендер көз тоқтатыңқырайды. Ол жолы жақын танысуға уақыт тарлық етті. Және жұма, жұмыс аяғы болатын. Ертесіне Әлпия дүкенде кешегі жаңа таныстарды ұшыратты. Жатақханаға орналасып, оны-мұны алуға шыққан беттері екен. Әшіралы сірә, кеше бұл туралы мәліметке қанығып алса керек контордағылардан сұрап. Жалма-жан өзін таныстырып жатыр.

— Мен — Арыстанмын. Институтты Ташкентте бітірдім. Руым — Қоңырат.

— Арыстан болсаң күйеуіме нағыз жерлес болып шықтың, Ол осы жерде жалғызсырап жүр еді. Үйге жүріңіздер қане. Таныстырып сауабын алайын.

Сөйтіп үйге ертіп келіп, жас мамандарға дәм таттырды. Қазір Астанада тұратын Маңғыстау мұнайына бір кісідей еңбегі сіңген ардагер, "Қазақмұнайгаз" ұлттық компаниясының белді қызметкері Әшіралы Бижанов пен әйелі Розаға осылай алғашқы ақ дастарқан осы үйден жайылып еді. Содан осы уақытқа дейін екі үй араласып келеді. Әшіралы танысқан беттен-ақ Әлпияны жеңеше деп кеткен.

— Өзенде, қала берді Маңғыстауда Әлекеңді жеңеше, ақ жеңеше дейтін қайнысы мен ғана, - деп желпінетін ол. Әлі сонысынан жазған жоқ. Әшіралы, Әлпия жеңгесінің атауында "Дәу қайнысы" Әшекең екі иығына екі жігіт мінгендей денелі жігіт.

Жаңа Өзеннен кейін ақтаулық, артынан алматылық болды. Құдай беріп ағайын-тумалардың басы осы жерде құралды. Патима апай мен Төлемеш жездей, сірә әуелден осында. Қайнысы Мұхтархан көшіп келді арттарынан. Жылқайдар бабалары үш тумалас. Біреуінен орын жоқ. Баяғыда ашаршылықта бір өзбектен сатып алған астығы уланған болып шығып, соны көже қылып ішкен үй іші түгел қырылып қалған. Бір туысы Бекайдар. Одан орын бар. Сайлау ағалары Алматыға келген соң олар да маңайлады. Бекайдар аталарынан қалған Бақытжан інісін қолқанат етіп қасына алған Сәкең Алматының тау жағынан әуелі өзіне, қасынан інісіне жер алды. Үй салды. Қазір екеуі көрші тұрады. Апа-жезделері де – жанына келіп, үй салып алып ірге тепті.

Бибісара енелері ағайынды сыртқа теппейтін бауырмал, қауымшыл кісі болып өтіпті. Сол кісілігімен рулы елге қадір арттырыпты. "Келін қайын ененің топырағынан" деп Әлпия келіні сол енесіне айнымай ұқсаған да қалған. Қонысы бөлек, келін болып түскен соң да жер мойны қашықтықтан демалысқа аз күн келіп немерелерін сүйгізіп, қонақ болып кететін келіннің енеге тарта кетуі берісі кездейсоқтық, әрісі жақсы жолдың жалғаса беруіне мүдделі, тілектес қазақтың айтқан бір қанатты сөзі болып қалар еді. Біздіңше бұл жердегі ұқсастықтың бір негізгі төркіні барырақ мұнда. Оны дөп басып айтар болсақ Әлпия Мұханбетқызы Қосай атаның бата дарыған перзенті.

САЛИХА ҚЫЗ

— Бұлай дегенде, қадірлі оқырман, Сіз Абайдағы Салиха қыздың дауын есіңізге алып қалмаңыз. Дау дауымен. Керісінше, біздің Салиха ете бейбіт, жүзінен иманы төгілген жан. Салиха Есжанова — кешегі педагог. Бүгінгі Жаңаөзен қалалық мәслихатының хатшысы. Сәкеңнің қарындасы. Солай болған соң Оңтүстік өңірінің тумасы болатыны өзінен-өзі түсінікті.

Оңтүстік дегенде ол үлкен ұғым. Географиялық өлшемге салғанда, бүгін бір мемлекет сыйып кетеді онда. Кейіпкеріміз Отырардан қозы көш Арыс жағалауында туған. Кәдімгі Шәмші ағамыз әнге қосатын Арыс өзені. Естіген өз алдына, көз көргеннің әсері неге тұрады оны.

Мен тап осы өңірге екі рет жол түсірдім. Бірі 1968 жыл. Мақсатым — Шымкенттен келе жатқан бетімде аты шулы Отырарды көру. Келдім. Ол заманда қала орнын қазу жұмысы әлі басталмаған. Соған қарамастан қыш құмыралар сынығы шашылып жатыр. Отырар жол бойынан біраз жер. Жауынды бір күн еді. Жер балшық. Жол қапталында тұрғам. Бір машина ілбіп келе жатыр екен. Қол көтеріп едім — тоқтады. Шофер мосқалдау кісі болып шықты. Сапар барысын сұрады. Менің Отырарды көре кетпек екенімді, шаруамның тек сол екенін білген соң жүзі жылып сала берді.

— Інім, мұның құптарлық қадам екен. Жүр онда,—деп отырғызып алып, машинасын қалаға туралады. Өзінің осы жердің тұрғыны екеніне мақтанатынын білдіріп те алды. Сол кездейсоқ танысқан жолсерік ағам әкеліп тұр мұнда.

— Анау Пышақшы төбе. Кезінде ұсталар аулы тұрған дейді сонда. Мына қарауытатын төбелердің астында да талай аталарымыздың сүйегі қалған болар.

Солай өзінше экскурсовод бола кеткен ағай кері жол бастап үйіне әкеліп шайлады. Вокзалға жеткізіп, поезға үлгіртті. Сонда бұл жақ жөнінде келген алғашқы пікірім — адамдары мейрімді, ілтипатты болады екен. Сол пікірім әлі өзгерген жоқ. Салиханы көргенде тіпті беки түседі. "Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар". Кешегі қиын кезде атақты Қажымұқан палуан осында келіп, тұрақтап жанбасы осы Шәуілдірде қалды емес пе?!

Екінші рет жолым 1988 жылы түсті. Оның себепкері Атырауда тұратын балдызым Шолпан. Сол Атырауда жұмыс жасап жатқан туысы темірландық Бейбіт дейтін жігітке тұрмысқа шықты. Мен сол ұзатушы топ ішіндемін. Бұл жолы да Отырарға келдік. Арыстан баб әулие басына зиярат қылдық. Дүрмегімен той өтті. Алдында той артынша қайтпақ ойымыз бар еді. Аяқ астынан бұзылды. Себепкері сол ауылдағы бір қарындасымыз. Күйеуі жылжымалы мехколоннаның бас инженері. Өзі түбі оралдық. Атасы отызыншы жылдары жер аударылып осында тұрақтап қалыпты. Біздің құдалармен ілік-шатыстығы жоқ. Керісінше, ағайын біз болып шықтық. Сонау өзі туды бітті көрмеген батыстан бауырларым келді деп бізді қонақ етіп жібермек екен. Біраз адам жиналды. Мен қариялар жағымен дастарқандас бола кеттім. Бұл жақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен онша таныс емеспін. Сондықтан сырторайлау отырып едім әуелі. Жоқ, қарттарым бірден баурап әкетті. Байқағаным — бәрі шешен сөйлейді. Ділмар шалдар бізде де жетерлік. Бір қарағанда олардан пәлендей айырмасы да жоқтай. Бірақ бұлардың мақамынан мейманды елмен-жермен мейлінше таныстырыңқырап жіберу, қазақы қарапайым жарасымды қонақжайлылық байқалумен болды. Біздің елге де кезек беріп сауал тастап отыр. Қазымыр сұрақ емес, білісе отырсақ деген ниет. Қатты риза болып, аттанып кеттік. Үлкен жүректі үлкендер. Олардың қыздары Салихалардың жүрегі неге үлкен болмасқа.

Тегі туған жер өскен өңір перзентінің мінез-құлқын, болмысын да қалыптастыратын болса керек. Оңтүстіктерге оралымдылық тән. Сол қасиетіне көп жылдар Өзеннің ауасын жұтып шыныққандығы қосылған Салихамыз қазақтың нағыз қаһарман қызы, менің ауылымның сөйлеу мәнерімен айтқанда айғыржал. Сол Салиха қарындасымыздың Маңғыстауға жолы түсуі тым ертерек 1964 жылы 5 сыныпта оқып жүргенде басталыпты. Сәкең мен Әлекең жас отау. Кішкентайлары Зейнеп келді өмірге. Ол кезде қазақтың босанған жас келіншектерінің жұмыстан қол үзіп қалуы сирек. Оны алмастыратын маман жоқ. Әр кадр есепте. Осы ретпен қол ұзартар көмекші керек болды. Сөйтіп Салихаға Өзенге жол түсті. Әуелі поезбен Атырау. Содан ұшақ. Ол уақыттың сенімді көлігі кеңестік ұшақ атаулының кәрі бейнетқоры АН-2. Өзенге сол ұшады. Сонымен келді. Осылайша Өзеннің ақ шаңын жұтты. Бір тоқсан оқыды.

Өнерге әуес, құштар Салиха ән салады және қайда, қашан, қайтіп үйреніп жүргені көрмеген бізге беймағлұм ұлы Гомердің тілі грекше айтады. Соны естіп құда әрі ұстаз марқұм Мұханбет Қалмұратовтың мәз болатыны. Сірә, тілге деген құштарлық жеңген болар. 1969 жылы Алматының шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне түсті. Гомердің орнын енді Гете ақсақал басты. Институт бітірген соң жолдама Өзен ауданынан тиді. Өзен аудандық оқу бөлімінің бастығы марқұм Сүйеу Ақелеуов. Нағыз педагог аға еді.

— Қай мектепті қалайсың? — дегенде алған жауабы "Қызылсай мектебін" деген бір сөз болды ағасының.

Сүйекең ұмытпаған екен. — Қызым, 5 сыныпта сенің грекше ән айтқаның есімде, — деп күліп жатыр.

Бұл мектеп бәрімізге өмірге жолдама берген алтын ұя еді. Өңшең сайдың тасындай ұстаздардың бас қосқан құтханасы болатын сол уақытта. Директор Тасемен Алдашев майданда офицер болып рота басқарған тарихшы. Оқу ісінің меңгерушісі Қуат Серікбаев, пән мұғалімдері Жәңгір Смағұлов, Бәйімбет Қойлыбаев, Оразғали Оңғарбаев, Нұрберген Кемалиев, Бисалы Бабаханов, Нәсухан Елмұханбетов... Дүние-ай, сол жақсылардан, жайсаңдардан қазір Қызылсайда Жәкең мен Нұрекең ғана қалыпты.

N5 Өзен орта мектебі осы өңірдің халық ағартуында өзіндік қолтаңбасымен қалды. Бүгінде Маңғыстаудағы іс басында жүрген көп азаматтар осы мектеп түлектері екендігінің өзі неге тұрады?!

Мамандықтың бәрі жақсы десек те, ұстаз орны алабөтен. Әрине, бәрі емес бала жанымен біте қайнасқандары ғана. Ұстаздықты бар ұлағаттың басы деп білетіндердің ғана орны мектеп. Өкінішке орай, олай да болмайды екен арадікте. Ана жылы жігіттер соның бір мысалын айтқанда ауырмай есімізден жаңылдық. Бұл өзі көршілес Түрікменстанның қиырдағы бір мектебінде болған. Екі жас мұғалім келеді. Біреуі географ, біреуі химик. Географ кемсалиха, жалқау, сабағына жүрдім-бардым. Ал химик, керісінше. Көп жыл өтеді. Мұғалімдердің жастары ұлғаяды. Сол жылдар ішінде әлгі мектептен 22 химик шыққан. Алды ғалым. Біразы, сірә туған ауылдарында мұғалім. Бір пәннің мұғалімі көп болған соң әрине сағат азаяды. Аз кем реніш те туып қалса керек. Сонда географ химик әріптесіне былай депті:

— Өз обалың өзіңе, соншама тыраштанып. Осы химиктерді ғой басқа емес, сен өзің оқыттың. Ал мені қара.

Осы жылдар ішінде бір географ шықты ма? Жоқ. Географ болмақ түгілі көбі өз үйлерін зорға тауып жүрген мұңлықтар. Егер мен есебімнен жаңылмасам, таяу он жылда да осылай бола береді. Содан енді міне, менің жағам жайлау. Сағатым жетіп артылады. Ал сен байғұс, бұл қарқыныңмен ертең қысқарып қаласың әлі. Зейнетке үкітіп жібереді алдымен.

Естімеген елде көп, осындай педагогтар да болған екен.

Ал Өзеннің мектебінде тәжірибелі ұстаздар шәкірт бола тұрсын, жас мұғалімдерді үйретіп баулитын. Үлкен жүректі педагог Қуекең мектептің ішкі тәртібінде қатал. Мұғалімдердің себепсіз сабаққа келмеуі үлкен оқиға. Айып. Оқу ісінің меңгерушісі ондаймен ымырасыз.

— Мұғалімнің әр ісі өнеге болуы керек, — деп отырады. Театр киім ілгіштен басталатын болса, Қуекең тәртіпті жұмыс жоспарын тексеруден бастайды. Бірде сондай төтенше тексеруін бастап келіп кетті. Қарт мұғалімнің бірі онысын ұмытып кетіпті. "Ұялған тек тұрмас" деп бір дәптерді көрсете қойды. Ондағысы "бастас Куекең ғой ештеңе дей қоймас" деген ішкі есебі. Салиха бәрін көріп, біліп тұр. Қуекең қабағын түюін түйгенмен ештеңе дей қойған жоқ. Кезек Салихаға келді. Қуекең мұның немісше жазғанынан әрине, ештеңе түсінген жоқ.

— Салиха, ақымақ болма, жоспарыңды мына ағаң сияқты толтыр келесіде, — деп әсем бір жымиып күлді.

Қызылсай үлкен елді мекен. Барлаушылардың ілкі қонысы. Солай бола тұрса да көп жылдар бойы мектеп үйіне жарымады. Әуелі иін тірескен үш барак еді. Бала саны көбейе келе олардың саны бесеуге жетті. Және олары енді әр жерде. Асханасы бір жақта, жылу орталығы ескі. Содан келіп қосымша қиындық қаншама? 1975 жылы Салиха сол мектептің тәрбие жөніндегі орынбасары болды.

О баста әр қожайынның көңіл қалауы бойынша бытырай салына берген кент үйлері шашыраңқы. Тәрбиесі қиын балалардың үйіне барып әңгімелесу оңай емес. Бірақ бару керек. Өйткені ата-анамен жұмыс педагог қызметінің негізгі бөлігі.

Тұрмысқа шықты. Күйеуі Қонаров Дүйсен автотранспортшы. Тұңғыштары: Қонарова Шынар 1979 жылғы, Қонаров Ермек 1981 жылғы, 1991 жылғы Қуандық сегізінші сыныпта. Әр баланың болашақ бағыт-бағдарына жөн сілтеу ата-ана міндеті, дегенмен Дүйсен мен Салиха ерікті балалардың өздеріне берген сыңайлы. Бұл отбасынан екі заңгер шықты.

Бұл үйдің Өзендегі ет жақын туысы Дүйсеннің ағасының баласы Байбол. 1974 жылы туған ол осы шаңырақта өсіп ер жетті. Етенелігі соншалық, білмейтіндер оны осы үйдің баласы деп қалады.

— Салиха жеңгем маған екінші шешемдей болумен келеді, — дейді Байбол үлкен ризашылық сезіммен.

Өмір жолы біркелкі емес. Соның ең өкініштісі жақын адамның мезгілсіз қазасы. Ана жылы жолдасы Дүйсен бақилық болып кетті. Қабырғаны қайыстыратын қаза. Шамалы әйелдің ондайда бордай үгітіліп те кететінін көріп жүрміз. Бірақ Салиха бойынан оны жеңетін қайрат-жігер тапты. Қазір балаларына әке орнын жоқтатпау қамында.

Жақында мерзімді баспасөздің бірінен әйелдің қоғам қайраткері болғандығын қаламайтын көзқарас нышанын аңғарып қалдық. Автор солай дегенде нәзік нәсіл өкілдерін баяғы салпы етек үйішілік тірлікке үндейді. Қалай жазам десе де ерік тиген заман. Бірақ ол жазғышымыз қатты қателесіп отыр. Біздің қазіргі қайраткер қыздарымыз кімнен кем? Бір ғана Шәмша Беркінбаеваның өзі неге тұрады? Фариза ше? Қайта мойындауымыз керек, көп күрмеуі қиын міндеттер жүрегі нәзік осы әйел қауымын қажетсінбей ме екен өзі?.

Салиха Есжанқызының қалалық мәжіліс хатшысы болуы тап осы қажеттіліктен туғандай.

Мәжіліс Жаңаөзен сияқты үлкен өндірістік қалада көп істің тетігін шешетін орын. Басқа жерді қайдам, біздің Маңғыстауда депутат деген атақ үшін депутат болатындар жоққа тән. Бәрі сайдың тасындай. Сайлаушылары алдындағы жауапкершілік жүгін біледі. Тек солардың қайрат-күшін бағыттай біл, ұйымдастыра біл. Тап осы жерде Салиханың педагогтық қыры әжетке жарады. Депутат ең алдымен адам. Олар да жақсы атымен қалғысы келеді ортасында. Ал мына қиын кезде көбінің мүмкіндігі шектеулі. Сондайда олар үшін мәжіліс хатшысы әрі ақылшы, әрі сенімді серік.

Салиханың осы хатшылық жемісті, өнегелі қызметін танымал ақын ағасы Рза Оңғарбай 2003 жылы 8 наурыз Әйелдер күнінде жазған достық әзілінде былай деп жырмен толғаған:

ЖАҢА ӨЗЕН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ САЛИХА ЕСЖАНОВА ХАНЫМҒА

Созылмайды ісіңіз көпке кетіп,

Тауып-тауып сөйлейсіз төкпелетіп.

Қасқыр да тоқ, қой да аман қорасында

Көрген жоқсыз ешкімді өкпелетіп.

Мәселенің барасыз байыбына,

Ақыл төлеп ат-шапан айыбына.

Тау құлатып, тасытпай теңіздерді,

Мінгізесіз әркімді қайығына.

Жұртың Сізді тыңдайды таңдай қағып

Айтқан сөзің тұрғасын мәнге айналып.

Қыза-қыза келгенде сөзіңіздің

Соңғы жағы кетеді әнге айналып.

Халқыңыздың тұр қазір күйі болып,

Жерінген жоқ ешкім де иі болып.

Жүре тұрғың халқыңа хатшы болып,

Ақыр түбі шығасыз биі болып.

Жаңаөзен ең алдымен мұнайшылар қаласы. Мұнай аты жақсы болғанмен заты экология шарттарына қайшы келіп жататын өнім. Содан келіп кешегі бір кездері тазалық жайын ақсатып алыппыз. Кәсіпшіліктер арасы көлкіген мұнай. Қала шеті иіс-қоңыс. Ауа ластанған. Тұрғын үйлердің асты иістенген су. Ал қазір ше? Санаулы жылдар ішінде қала да, дала да бүтіндей өзгерді. Ескі кәсіпшіліктерден мұнай дағын - көрмейміз. Ең азы бойында радиация қалдықтары бар темір-терсектер арнаулы орындарға апарылып көміледі. Әр жасыл желек, бұта адамның аялы қамқорлығында.

Қала шөл өңірде. Сондықтан онда су бірінші проблема болумен келеді. Келешекте теңіз жағасынан су тұшытатын" қондырғы салу мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Сол теңіз. жағасын мұнайшылардың демалыс аймағына айналдыру да солай. Қазір бұл соңғысының біраз жұмысы жасалып та қалды. Ондағы сәнді коттедждерде ана жылы Н.Назарбаев бастаған бірнеше елдің президенттері бас қосты. Жаз айларында онда мұнайшы балалары демалады. Арнайы емхана бар. Оның жұмысына ғалым дәрігер Сүлеймен Бердәулетов басшылық жасайды.

Дамыған өркениетті елдерде қала құрылысы өзенді жиектеп, теңіз жағасына өрістейді. Мұнай-мұнай деп жүріп біз одан мақұрым қалыппыз да, Жаңаөзенге орын шөл құладүзден тиіпті. Соның өзінде онда есепсіз жатқан жер жоқ. Бір жағы өндіріс, бір жағы теміржол. Осы орайда көңілге әсем ой қонақтайды. 60-мыңнан астам тұрғыны бар қала қазірдің өзінде серіктесін қажет ете бастады. Ал оған қолайлы орын теңіз жағасы. Әрі ол көрші Түрікменстан, Иранға шығар күре жолдың өтінде. Келешекте теміржол да тартылады деп күтілуде. Ең бастысы жаңа қала осы заманғы негізде жаңаша салынады. Біз ескі өлшеммен жүріп болдық. Ол жолда жақсымыз да мол болғанымен енді оны таптаурын ете беруіміз тек ұтылысқа апармақ. Ал жаңа жол басында жаңаша ойлай алатындар ғана тұруы тиіс. Көкжиектен арғыны көре алмайтындар үрдістен қалды. Салиха Есжанқызы міне, осындай жаңашыл адам. Соны көре тұрып қазақтың қарапайым ғана қызының шыққан осындай биігі үшін мақтанасың, қуанасың. Бәлкім, бұған оның қаршадайынан ұлы эллиндіктердің әуеніне елтіп ән айтып, естияр болар сәтінде неміс әдебиетімен, мәдениетімен сусындағаны сеп болды ма екен.

Төңкерістен бұрын сайлаушыл болып алған қазақ қазір тіпті сайлаушы — халық болып алды мұқым. Соның соңғы науқаны жақында болып өткен республикалық науқан, "Киіз кімдікі болса, білек соныкі" деп бұл алдымен жергілікті мәжіліске сын болды. Соның шет-шепіріне осы Салиха арқылы куә болғанымыз құпия емес. Күндіз-түні дамыл жоқ. Әр кандидат бір-бір тұлға. Бәрінің заңды мүддесі сақталуы тиіс. Көзбояушылықтың тамырына балта ұру, сірә қажет. Сайлау учаскелері жасанып, жайнап тұруы керек. Міне, соның бәріне оның қалай үлгіретініне таңғалумен болдық.

— Біз үшін бұл қалыпты жұмыс, — деп күледі оның өзі. Сонда білдік — оның бүкіл тыныс-тірлігі осындай қалыпты жұмыстардың ағысынан тұрады екен. Солай бола тұра ол достарының қам-қаракетін ойлап, қамқорлай жүреді. Оған да үлгереді. Мансабын бұлдау оған атымен жат.

Осыларды көре тұра Салиха қыз бағасын бір ғана өлшемге сыйғызуға болар. Ол қазақтың аузын ашса көмекейі көрінетін ақпейіл, ақкөңіл қарапайым қызы. Сайлау сынды алдындағы.

Есжан ата ұлдары Мұхтархан мен Сайлау, 1974 ж.

Мұхамед-Әлпияның әкесі.

Сұлтан аға мен Хадиша жеңге

Батыр Дәулет Алтайұлы.

Сайлаудың белнемере Ағасы Абдусейіт

Есжан нағашысы Зейнеп Назымбек Сайлауқызы.

Сұлтан Әлмаханұлы Қолдасов жанұясымен, 1959 ж.

Әлпия мамасы Миуамен, 1959 ж.

Мұқаммед Бабақұлұлы мен Миуа Жайлауқызы, 1969

Сайлау ұлдары: Ибрагим мен Зейнұр. 1971 ж.

Сайлау, баласы Зейнұр және Дүйсенмен Салиха тұңғыштары Шынармен, Жаңаөзен, 1979ж.

ӨазПТИ РНГ-57 тобының студенттері, отырғандар: Мұрат, Шілмұхан, Сайлау, 1962 жыл.

Әлпия мен Сайлау демалыста. Пятигорск, Диана үңгірі, 1969 жыл.

Әріптес ағасы Құлқаш Қарамұрзиевпен.

Әлмияның тетелес інісі Мұрат Мұхаммедұлы, 1962 ж.

Бибімариям Есжанқызы.

Сайлау мен Әлпия достары Төремұрат пен Мәкен, Шымкент, 1970ж.

Тұрсын Иманбердиев жұбайы Рыздықпен.

Сайлау қызы Софиямен

Сайлау Жарылқасын әріптес ағасының кесенесінің жанында, Қошқар-ата, 1979 жыл.

Сайлау апасы Патима, жездесі Төлемеш, 1976 ж.

Сайлау мен Халила Махамбетов, 1965 ж.

Шалабай алаңы №1-ұңғы. Геолог әріптестер: Тұрсын Иманбердиев пен Бимырза Балабатыров, 1967 ж.

Мұхтархан отбасымен. 1983 ж.

1962 ж. Сайлау үйленерде Есжан ата нағашы келіні Күлкенмен, жиені Жамиламен, нағашы інісі Нұралымен объектив алдында тоғыса қалды.

Сайлау отбасы, 1992 ж.

Әлпия жан жолдасы Жұма Дәуітқызымен, Ашқабатта оқып жүргенде, 1960 жыл.

Курстас досы Сиезбек Ақылбеков, геология-минерология ғылымдарының докторы.

Дәуітов Жарылқасын.

Геология-барлау факультетін бітіргеніне 20 жыл толуына жиналған курстастардың бір тобы, 1982 жыл.

Балдызы Бек отбасымен.

Сайлау Сайын және Дайын Назарбековтармен, 1966 ж.

Досы-профессор Герой Жолтаевты 50 жасқа толуымен құттықтау сәті, 1990 ж.

Ерсарының қайрағы, «Жаздағы бес кездесу» кинокартинасынан көрініс, 1965 ж.

ағысына сай өскен қыз. Жаса, бар бол, осындай перзенттеріңді берген ел.

Салиха Есжанованың толыққанды бейнесін көсемсөзші қаламгерге сомдау қиын. Себебі, күрделі тақырып ол. Сондықтан кезекті поэзияға берелік. Салиханың сіңлісі республикалық "Үш қиян" газетінің қызметкері Мәриям Құрақбаева апасына төмендегідей "Жыр шашуын" арнапты.

САЛИХА ЕСЖАНОВАҒА

(жыр шашу)

Әр ісін байыппенен саралаған,

Жүрекпен халқын сүйіп бағалаған.

Баспаған елден ерек дара қадам,

Айналсын елі-жері ақ анадан.

Қоғамдағы білсін ел ерлігіңді,

Сақтасам деп салт-сана елдігіңді.

Аңыздағы айтулы Батыр қыздар,

Шығарсың о, апатай, сен бүгінгі.

Азаматтай айбынды жігерің бар,

Елжіреген ел сүйер жүрегің бар.

Өнер десе елеңдеп өре тұрар,

Қазақ деген қажырлы жыр елің бар.

Апатай, сізді көрсем қанаттанам
Жасанды бояма сөз жаратпағам,
Сіз сынды ізгілікке талаптанам,

Кезім жоқ көлгірсумен ар аттаған.

Өмірдің өзі мынау ұлы сындай,
Өр тұлға, жігер қайрат, тұрысың бай,
Ортада шешендердей жарқылдайсың,

Махамбет бабамыздың қылышындай.

Асыл жан, мүсін де тұр қыры сынбай,

Ән салсаң, Күләш кеуде, үні сырнай.

Осынау өнеріңді көріп тұрып,

Бей-жай қалам мен қалай жыр ұшырмай?

Отырмын, ана, саған сыр ақтарып

Тыңдашы жырымды да құлақ салып.

Ұрпақтардың ізгілік жүрегінде,

Қаласың сен мәңгілік тұрақталып.

Талғамы биік, таза ары,

Таза ары, көп қой жазары.

Қамқоры болып халықтың,

Елінде жүрер назары.

Өмір ғой мынау қамшының қысқа сабындай,

Зымыран күндер, өтеді жылжып сағымдай.

Сен жүресің күйбең тірлікке, ана, бағынбай,

Қамалысың биік, жауларға жүрген апынбай!

АҒАЛАРДЫҢ АЛАҚАНЫ, ДОСТАРДЫҢ АҚ ПЕЙІЛІ

"Құс қанатымен ұшып құйрығымен қонады" дейді қазақ. Мұның тура мағынасы ет жақын, ағайын-тумаға қатысты. Сондай-ақ оның жақсы жолдас-жора, шын досқа да қатысы бар. Жақсы жолдасына тілектес, ниеттес жүріп, қажет бола қалғанда желеп жебейтін жанашырлардың үлкен бір тобын солар құрайды. Жақсыға жанасқыш, көп жақсыны өзіне жақын да ете алатын Сайлау Есжанұлы ондайлардан да кенде емес. "Амандық — ағадан" деп сондай жақсылар туралы әңгімені алдымен ағалардан басталық.

Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев — Өзенге әуелі пайдалану бұрғылауы конторының бастығы болып келді. Контор ол уақытта бұрғылау жұмыстары тресі дейтін, Жетібайдағы, Өзендегі бұрғылау конторлары, Өзен геологиялық барлау экспедициясы, тампонаж, мұнара монтаждау, транспорт конторлары қарайтын үлкен ұйымға бағынады.

1970 жылы трест тарады да әр текті конторлар, Маңғыстау, Өзен бұрғылау басқармалары құрылды. Нәкең Өзендегі бұрғылау басқармасының бастығы. Сәкең бас геолог болып жасайтын экспедиция соған бағыныста. Содан екеуінің жақсы таныстығы басталды.

Сәкеңнің сонда таңғалғаны Нәкең өз қызметінің теңдесі жоқ фанатигі. Жұмыс десе бәрін ұмытады. Таңертең сағат 7-де тұрады.

Орталық диспетчерлік қызметке телефон соғып мәліметтерге қанығады. 8-де кеңсесіне келеді. Сағат 8.30-да өндірістік лездеме. Оның бұл жұмыс графигі сенбі, жексенбіде де өзгермейді.

Өзі солай демалмайтын ол өзгені де демалтпайды. Жігіттердің кейбірі сол уақытта бастықтарына осынысы үшін іштей ренжіп те жүретін. Енді ойлап қараса солары ағаттық екен. Өзен кен орнында сол уақытта айына 25-30 ұңғы пайдалануға тапсырылады.

Одақ бойынша ең үздік көрсеткіш болып саналады ол. Осыншама ұңғы тапсырылмаса мұнайшылар жоспар орындай алмайды. Олардың бұрғышыларсыз күні қараң. Нәсекең сол үшін тыным алмайды екен.

Бірде Сәкең екеуі Ақтауға әлде бір жиналысқа баратын болды. Нәкең соңғы сәтіне дейін жұмыс жасап отырып кеңсесінен дәл сағат 11-де шықты. Жиналыс сағат 2-де басталады. Одан 20 минут бұрын келген екеуі бірлестіктің буфетінен жүрек жалғады да соған кірді. Сағат 4-те жиналыс бітті.

— Кеттік, Сайлау сағат 6-да өндірістік бас қосу, соған үлгеруіміз керек, - дейді Нәкесі енді.

— Ау, Нәке, айда-жылда Ақтауға бір келеміз. Теңізге түсіп, бірер сағат бой жазып дегендей болмай ма?

— Бұл жолы реті келмейін деп тұр. Жұмыс қауырт.

Өзеннің жолында келе жатқанда Сайлау інісі шыдай алмай.

— Нәке, көңіліңізге келсе де айтайын енді Сізбен Ақтауға келмеймін.

Сәл үнсіздіктен соң барып Нәкең.

— Жақсы, Сайлау, келесі аптада бірлестікте тағы бір жиналыс бар. Соған да бірге келеміз. Сонда жақсылап демалармыз, — деді. Ол уәдесінде тұрды. Жылы жағажайдың оңаша бір тұсына келді. Дастарқан жайылды. Өзағаңдар айтпақшы "тәшләп тәшләп" жіберісті. Теңізге түсті. Сәкең дария жағасының қазағы ғой. Ал Нәкеңнің балалық шағы Жайық бойында өтті. Екеуі де жақсы жүзеді. Көптен суға түспеген Сәкең рахаттанып құлаштап жүзіп алысқа ұзай берген. Нәкең жүзіп артынан қуып жетті. Ол келісі жай келіс емес екен.

— Сайлау, біраз демалдың қой. Қайтайық енді. Ауылда қарайған жұмыс күтіп тұр, — дейді...

Сондағы асығыс жұмысы сағат 6-дан соң өткізілетін өндірістік басқосу. Ол әдеттегідей сағат 8-ге дейін созылады.

Техникалық жағынан өте сауатты, бұрғылау жұмысының теңдесі жоқ маманы Нәкеңнің тағы бір мінезі нағыз немісте ғана болады дейтін пунктуальдылығы. Бар нәрсені дер кезінде тындырады. Тындыртады. Желтоқсан айының соңғы күндері еді. Бұл бір барлық жерде қарбалас кез. Ал бұрғышыларда ала бөтен. Тіпті қысылтып кетеді. Ертеңгісін Нәсекең шақырады.

— Сайлау, саған шұғыл тапсырыс болғалы тұр. Оны тек сен ғана бітіре аласың. Ана барлаушылардан, сіздерден алынған ұңғы бар ғой кезінде. Ол берерін беріп болды. Яғни "өлді". Соны осы жылда есептен шығарып құтылу керек. Әйтпесе алдағы жылы басы артық жүк болып мойнымызға мініп қалады. Ескертіп қояйын, іссапар шығынын төлей алмаймын. Оған бөлінген қаржыны тауыстық. Басқа ретін келтіріп өтеймін соңынан.

"Өлген" ұңғыны есептен шығару деген нағыз азап жұмыс. Әуелі оны Ақтаудағы аудандық комиссия шығаруға құжатын дайындайды. Гурьевтегі аймақтың комиссия оны сүзгіден өткізеді. Алматы бекітеді. Содан кейін ғана Москва бұйрық шығарады. Мұның бәрі мұндай қарбаласта аяқтай жүріп бітіретін шаруа. Сәкең іштей қан жылап тұрса да келісім берді. Келіспейін десе Нәкең:

— Сен ретін білесің. Қолыңнан келеді, — деп тағы қояр емес.

1977 жылдың жаңа жылына 5 күн қалғанда Сәкең жолға шықты. Ақтауда пәлендей көп айналған жоқ. Қырсыққыр әлгі ұңғының құжатын алып Гурьевке келді. Оны есептен шығару заңға қайшы емес. Бірақ барлық жерді жайлап алған бюрократизм қол байлау. Сәкең міне, содан қорқады. Нұсқаушыларға кірді алдымен. Жағдайын бажайлап айтты. "Құр аяққа бата жүрмейтінін" де қаперге беріп еді, олар ресторанға бара алмайды екен. Қорқады. Өткенде осындай шаруамен келгендердің шақыруын қабыл аламыз деп көзге түсіп қалыпты. Содан бері аяқтарын аңдап басады. Обалы не керек, олар іске тез кірісіп кетті. Сәкең өзі жүріп бастыққа қатысты шаруаны тым тез тиянақтады. Келісімен "Ақ Жайық" қонақ үйінен бөлек бөлме алған. Соған дастарқан жасап, ішімдік жағын да ағыл-тегіл алып күтіп отыр енді. Нұсқаушылар "біз елеусіз бөлек-бөлек барамыз. Әйтпесе көзге түсіп қаламыз" деген. Ақыры олар да келді. Уәденің құлы жігіттер ғой, қағазды өздерімен бірге тап-тұйнақтай қылып әкеп тұр. Ертесіне ертемен Алматыға ұшты. Бұл үшінші күн. Бейсенбіде Москвада болуы керек. Әбден дызғыған Сәкең мұндағыларға жағдайын айтты. Құр сөз емес қасында мезіреті бар әрине. Сөйтіп сол күні жұмыс аяғында шаруасын бітірді. Таң алдында әуежайға келді. Алдында газеттен, радиодан дәл осы күні "Алматыдан Москваға дыбыстан да жылдам ТУ-144 ұшағы ұшады. Бұл бірінші байқау рейсі болады" деп хабарлаған. Егер онымен таңертең Алматыдан ұшса 9-ға Москвада болады. Қырсыққанда ол рейс ұшпайтын болды да ИЛ-62-ге билет алды. Москваға келді. Дайын құжатты Мұнай министрлігіне өткізіп қайта әуежайға тартты. Ақтауға ұшты. Сөйтіп дәл 29 күні кешке үйінің табалдырығын аттады.

Тап осындай бір жағдай содан екі жыл бұрын болған. Онда басқарманың бас инженері Марк Семенович Чудновский. Алдында геолог Николай Кузьмич Селиванов Ақтөбеге іссапармен баратын болдым деп жүр еді. Кенет Чудновский Сәкенді шақырды.

— Сайлау Есжанович, Николайды білесің. Ол жайбасардың қонақ үйге орналасуының өзіне жарты күн керек. Оның орнына сен бармасаң болар емес. Шаруа өте шұғыл. Қаржыға қатысты болып тұр. Гурьев, Ақтөбе қол қойған құжат сейсенбі күні осындағы банкке жетуі керек. Оған өзіміз аяқтай жүрмесек болмайды.

Жазған құлда жазық жоқ, Сәкең Гурьевке келді. Бұл жұма күні таңертең. Геологиялық басқармаға енсе мұның келген шаруасын бітіретін жерде институтта бірге оқыған досы Ақошев Қыдыр отыр. Достығын малданып оған 10 минут қана уақыт беріп еді. Ол сол уақыт ішінде тындырды да берді. Сонда көрді Өзенде жігіттер асып-сасып жүріп құжатқа мөр соғуды ұмытып кетіпті. Мәссаған безгелдек! Енді не істеуге болады. Дегенмен тар жерде тарығып қала беру Сәкеңе жат. Тәуекелге мінді. Эмба мұнайда бас геолог Жолдасқали Досмұханбетов еді. Сырттай жақсы білетін, сыйлайтын ағасы. Соған келді.

— Інілері қысылғанда ағаларын табады, панасын сағалайды ғой. Мен де сол ретпен сізге келіп тұрмын, аға! — деп жайын айтты. Жәкең жымиып алып әкімшілік шаруашылық бөлімінің бастығы әйелді шақыртты тез. Ол келіп жетісімен мұның қағазын соның алдына тастап күлді де:

— Вот этот сукин сын забыл свою печать поставить. Ставте. Как? — Сами знаете... — деді. Әйел де күліп Сәкеңді кабинетіне ертіп әкеліп қолына мөрді бере қойды. Сәкең қағазға мөрді басып тұрып сәл бұрап жіберіп шаруасын бітіре салды. Енді мұны Өзеннің мөрінен басқа екенін дәлелдеп көр. Әйелге рахмет айта сап Ақтөбеге ұшты. Онда да бір мың болғыр әйел жұмысты тез бітірді. Қол қоятын бастық жиналыста отыр екен. Үзілісте кабинетіне кіргенде ізінен ере кіріп қолын қойдырды. Әйелге қайта соғып, қажет құжатты алды. Әуежай. Касса алдында екі армян әйел тұр екен. Арттарынан орын алған. Бірақ сатылатын жалғыз билет - оны армян әйелдің бірі алды. Үшеуі бәлкім ұшқыш билетсіз-ақ алар деген үмітпен ұшаққа келген. Ұшқыш жолатпады. Әйелдер абдырап қалды. Соны пайдаланған Сәкең билеті бар әйелге - байқаймын, екеуіңнің бірің қалып, бірің ұшпайсыңдар. Қазір билетті кассаға өткізесіңдер. Онда төрттен бірін ұстайды. Одан да билетті маған толық бағасына сата қойың, — деп еді. Әйел келісті. Ол уақытта қазіргідей паспорт тексеріп жатпайды. Ел терроризм қаупінен ада. Сәкең армян әйел болып ұшаққа еніп кетті. Бірақ жол болмайын десе қойсаңшы-ау, ұшақ Атырауға жақындағанда ауа райы бұзылып Ақтөбесіне қайта оралды. Келсе әлгі екі армян әйел әлі отыр. Содан үшеуі ертесіне бірге ұшты Ақтауға. Өзенде автобустан түсіп үйіне келе жатыр еді бұларда жоспарлаушы болып жасайтын Боранбаев Ақбота ұшырасты алдынан.

— Сен Ақтөбеге әлі кетпей жүрсің бе? Банкіге құжат уақтылы түспейтін болды ғой. Енді қайттік? — деп сартабайды сала жөнелді ол.

— Құдай бар ғой, бір реті болар.

Ақботаға осылай уәж айтып тастаған Сәкең үйге қарай аяңдап барады.

Ертеңіне жұмысқа келді. Бастыққа шаруаның біткенін мәлімдеді. Ол мәз. Бас есепші Сариев Рзахан еді. Соған іс сапар есебін тапсырып тұр енді. Әлгі армян әйелдің атына жазылған билетті көрген ол аң-таң. Сосын Сәкең мән-жайды түсіндірді.

— Бұрын Найман едің. Енді армян болғаның жарамады. Және еркегі де емес қатыны -деп күліп билетте жазылған фамилияның үстінен бір сызып, "Жылқайдаров" деп түзетті де есепті қабылдай салды.

Құлқаш Қарамұрзиев әріптес аға. 1966 жылы бұрғылау жұмыстары тресіне бас геолог болып келді. Бұл нағыз қазақи адам. Ескілікті әңгіменің білгірі. Ағып тұрған шежіре. Көп жастарды ру сұрасуға үйреткен осы Құлекең. Танысқан адамның әуелі руын сұрайды. Содан соң оның арғы аталарында кім бай болды, кім би болды — ақтара жөнеледі өзінің сүйікті құла жорға тақырыбына мінген Құлекең. Бір жазда Сәкең Әлпия екеуі жолдамамен Италияға барып келді оншақты күнге.

— Осының бәрі маған тигеніңнің арқасы. Ал Адайыңа тидің бар ғой Италия түгілі мына іргедегі Итқараның құмын да көрмес едің, — деп Әлпияға бір мақтанып кетті және Сәкең жай кетпей. Аман-есен оралды. Құлекеңнің бірінші сұрауы:

— Италияда қазақ бар ма екен?

— Бар. Атақты ресторанның иесі екен Римдегі. Бізді қазақша қой сойып қарсы алды.

— Еһе! Нағыз қазақ болды ғой оның. Ал руын сұрадың ба?

— Сұрадым.

Құлекең құлағын түре қалды.

— Сізден үйренгенім бар ғой. Танысуды әуелі ру сұрасудан бастадым.

Құлекең ентелеп қасына жақындап келді.

— Шеркеш екен. Шеркеш болғанда да Қосым Шеркеш. Баяғы Биғазы бидің тұқымдары.

Тыңдап тұрғандар ду күлді. Құлекеңнің руы Шеркеш болатын.

— Ой, сөзің бар болсын, — деп кетіп барады Құлекең.

...Құлекең, геолог Шағырбаев Ілияс, Сәкең үшеуі

Құлекеңнің "Москвичімен" Ақтауға жиналысқа келе жатыр. Рульде Құлекеңнің өзі. Ақтаудан шыға берістегі уран карьеріне баратын жол қиылысына келіп қалды. Сол жерде "Стоп" — "Тоқта" деген белгі бар-тын. Жол ережесін бұзбайтын сақ шофер тоқтай бермек еді Сәкеңді түлен түртіп:

— Ой, Құлеке-ай, айдаладағы иесіз белгіге тоқтай бересіз ә? Тұрамыз ба? — деп қалғаны. Құлекең газды қайта басып жылдамдығын үдетті. Оны анадай жердегі кезекші МАИ көріп тұр екен. Алатаяғын көтерді.

— Неге тоқтамайсыз! Белгі не үшін қойылған, — деп шоферға ұрсып жатыр.

— Тоқтадым ғой, — дейді бүл жеңістік бермей.

Сол кезде бір ЗИЛ әлгі жерге дұрыс тоқтап алып, қайта жүріп еді МАИ соны нұсқап — тоқтаған деген әне анадай болады, — деп жатыр. Үлкен кісіні қашанғы тергесін. Ауызша ескертумен жіберді.

— Бәрі сенің кесірің, Сайлау, — деді енді Құлекең ренжіп.

— Қалай менің кесірім болады. Мен сізге "тоқтама дегенім жоқ. Тұрасыз ба" дедім. Тұрмаған өзіңіз. Өтірік болса серік болып келе жатқан куә айтсын мына Ілияс!

— Ой, қойшы құрымағыр.

Құлекең қолын бір сілтеді.

Құлекеңнің жақсы көретін інілеріне айтатын балағаты "Енеңді ұрайын". Бірде Сайлау інісіне солай деді.

— Пожалыста, Құлеке! Адайдың кемпірлерін қайныларынан аяп қайтем. Шагай, шал. Қолың шықсын, — деді Сәкең онысына күліп.

Тағы бірде дастарқан басында көптің ішінде Құлекең сонысын тағы бір інісіне айтыпты. Ол інісі орысша тәрбие алған жігіт екен. Дүңк ете түсіп ашуланып, қатты қайырып тастайды. Жұрт әрине ыңғайсызданып қалған.

— Ай, қайран Сайлауым-ай, — дейді сонда үнсіздікті бұзған Құлекең көкірегі қарс айрылып. Сосын жұртқа Сәкеңнің айтқанын айтады. Жұрт мәз болып қалады. Ағасының базынасын көтере алмаған ноқайлығына ұялып қалған әлгі жігіт те қызарақтап күліп жатса керек.

Құлқаш аға қазір Ақтауда тұрады. Тың, бақуатты. Аңға шығуды қойған әрине. Ол кәсібін батасын беріп Қалабайға мирас етуді қалаған екен, аңшылықтан аузы күйген Қалабай інісі азарда безер болып жоламай қойса керек.

Нұрлыхан Бекбосыновты Сәкеңнің дұрыс танығаны ол Жаңаөзенге бірінші хатшы болып келген соң. Оған дейін баяғы Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінен сырттай ғана білетін. Сәкең Өзенде жүргенде ол Жетібай, Ералиевте болды. Ивановодан институт бітіріп келіп Өзен мұнай-газ өндіру басқармасында бас энергетик болғанда жұмыс барысында аз-мұз ұшырасты. Н.Ә.Марабаев Сәкеңді Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасына бастықтыққа ұсынғанда шақырып алып сөйлесті. Бірден өзімсініп "сенге" көшті. Мұнысы ұнап қалды.

- Сәке, сені жұмысшылар жақсы көреді екен. Александр Павлович Еремеминнен пікірін сұрап едім — көкке көтеріп мақтады. Жұмысшылардың көңілінен шыға білу өнер. Олардың мақтағаны — ең жоғары награда басшы үшін. Басқарманың жоғары, орта буын басшылары, инженер-техник қызметкерлері тіпті сені бастық болады деп қуанып жатырған көрінеді. Мен сені сол орынға хош көріп отырмын. Енді осы ниетімізді министрлік қолдағай деп тілейік. Бірігіп жұмыс жасауға жазсын, - деген сонда. Амал не, министрлік басқаша шешті.

Нұрекең артынан бірлестіктің бас директоры. Сәкең барлау басқармасының бас геологы. Қарақияның Алатөбесінің 3 600 метр тереңдігінен мұнай шықты. Және жай шықпай апат болып шығып кетті. Бірақ арты қайыр. Бір ұңғының өзі тәулігіне 1,5 мың тонна мұнайды бұрқытып беріп тұр. Оны сол бойда құбырмен қосып алып Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы қарық болды да қалды.

- Сайлау, тағы бір осындай ұңғы берсейші, — дейді Нұрекең.

- Болады. Тек ол үшін тек сіздің бұйрығыңыз керек. Бұйрық берсеңіз ана қазылып жатқан екінші ұңғыны да басыбайлы аласыз.

Нұрекең күліп бас шайқады. Бас шайқайтыны әуелгі ағар бұлақ ұңғы абайсызда апат салдарынан жобалы тереңдікке жетпей ашылып кетті ғой. Бас директор тағы апат жаса деп неге бұйрық берсін.

Нұрекең СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат. Қарсыласы Каспий тау-кен комбинатының директоры Юрий Кузнецов. Ол да осал "жау" емес. Сәкең Қызылтөбедегі Сайлау комиссиясының төрағасы. Үгіт ол беттен де бұл беттен де, қызу жүріп жатыр. Тіпті сайлау заңдылығы бұзылып та кетулі. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ.

- Ойбай, Сәке, ана Кузнецовтың адамдары үй-үйге аралап үнді шайын үлестіріп азғырып жүр. Ой, кәпірлер-ай, аярлығын көрдің бе?

Сәкең бұл хабарға айылын жиған жоқ.

- Бұл хабарды жеткізуші өзің ғой. Енді соны қайырымен аяқта. Шай үлестірушілерге жол көрсет. Ана Баяндыдағы ауылға апар. Ұйқылының ойында да шаруа жайымен шашырап отырған біраз үйлер бар. Оларға да апар. Тегін шайдан құр қалмасын.

— Сәке-ау, сонда қалай болғаны Кузнецовтың сойылын соғамыз ба?!

— Жоқ, соқпаймыз. Соның қолымен елге қарасамыз. Бір әшмүшке шайға сатылып дауыс беретін қазақ жоқ. Қазақ турасында сондай арзан ойға берілген Кузнецовтың да, Кузнецовшылардың да шамалары белгілі болды. Мұндайды Лениннің өзі "ұлы орыстық шовинизм" деп атап, содан сақтандырған. Сондай оймен, өзі жерін жерлеп, суын сулап отырған елге деген сондай анайы түсінікпен Кузнецов еще депутат болғысы келеді. Тфу, пәдеріңе нәлет!

Сәкең шынымен кейіп кетті әуелі. Сосын қалыпты аржайы қалпын тауып:

— Жігіттер, жұмылыңдар. Кузнецовтың бақалшыларына шай үлестіруге қол ұшын беріңдер. Әр әшмүшкі шай — Нұрекең үшін кемі бес дауыс. Жасасын шай! Оны маңдайы тершіп ішіп алған қазақ біздің пайдамызға дауыс бермесе бар-ау, менің сәлемімді алмаңдар.

Айтқандай Нұрлыхан Бекбосынов сол сайлауда өте басым дауыспен СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Одақ тараған соң Нұрекең мен Сәкеңнің жолы Министрлікте тоғысты. Осында көрді Нұрекеңнің жұмысы баяғы Халила Махамбетов, Жарылқасын Дәуітов, өзінің құрдасы әрі досы Нәсіпқали Марабаевқа өте ұқсас екен. Бұл нағыз істің адамы. Білікті инженер. Және білгір энергетик, мұнайшы, экономист, құрылысшы. Жалпы мұндай әмбебап адам қазақ зиялыларының арасында өте сирек кездеседі.

Сәкең өмір жолында кездейсоқта бір дос тапты. Ол "Қазтелефильм" қызметкері Юрий Дубровин. Ол баяғыда Өзен ашылып жатқанда келіп деректі фильм түсірген. Өзі кинооператор әрі режиссер. Қысқасы әмбебап. Сәкең үйінде болып отбасымен түсірген.

— Ақтауға жүр отбасыңмен. Сонда теңіз жағасында түсірген жақсы, — деген ұсынысын айтқан. Онда Ақтауға асфальт жоқ. Зейнеп әлі емшекте. Сапарды ауырсынған Сәкең келіспеген.

— Мен Ақтауда тұрмаймын. Онда түсірген жасанды болып шығады. Сіз барды бар күйде түсіре беріңіз деген. Ол соны құп алды. Артынан ол жақсы телевизиялық фильм түсіріп, республикалық, одақтық теледидардан көрсетілулі. Онда Х.Өзбекқалиев, В.Токарев, С.Жылқайдаров туралы тамаша кадрлар орын алған. 1989 жылы Жаңаөзен оқиғасынан соң Москва Дубровинге Жаңаөзен туралы деректі жарты сағаттық телефильм түсіруді тапсырады. Ол Өзенге келіп ескі достарынан Сәкеңді тауып алады. Бұл жігітіміз өзге әріптестеріне қарағанда байыпты, нағыз журналист екен. Басқа, көзге ұрып жамандай бермей, жергілікті халықты күстаналай бермей мәселенің себебіне, түп қазығына үңіледі. Бұл мәселеде Сәкең екеуінің көзқарасы қабыса кетеді. Сосын емежарқын әңгімеге тартады. Сонда Сәкеңнің айтқанын сөзбе сөз келтірелік:

— Енді бүгін менің көсемсіп, шешенсіп ақылды бола кеткім келмейді- Ақиқатын ғана айтам. Мұны баяғыда да айтқам. Ең бірінші — бұл елдің әлеуметтік жағдайына әу бастан ешкім назар аударған жоқ. Өзендіктер бейне садақа айтқан қағандының қара лағы болды да қойды. Жаңаөзен қаласын салу мәселесі сөз болғанда орталарында мен бар едім. СССР Жоспарлау комиссиясының төрағасы Н.Байбаков, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы М.Бейсебаев, Гурьев обкомының бірінші хатшысы М.Исенов келген. Олар қаланың қазіргі тұрған жерінен қазық қақты да кетті. Халықтың қамын ойлайтын болса, олар қаланы Өзеннен 60-ақ шақырым болатын Кендірлі шығанағының жағасынан салуды жобалау керек еді. Жақсы, ол қате болды делік. Енді салынған қалада қолайлы жағдай жасалуы керек еді ғой. Жоқ, ол ескерілмеді. Түрлі-түсті заңға, моральға жат жағдайлар орын алды. Оқиғаның болу себебі осы. Бәріне жоғарының өзі кінәлі.

Дубровин қулық жасап Сәкеңді камерасыз осылай сөйлеткенде білдірмей магнитафонды қосып қойған екен. Соны фильмінде кадр сыртынан жіберіпті. Сәкең орысша сөйлеген. Фильмнің қазақша нұсқасында соны өздерінше олақтау қазақшалапты. Оны диктор оқып тұрды. Уақытында одақтық телеэкранная көрсетілген 30 минуттық сол фильмнің көшірмесі қазір Сәкеңнің жеке архивінде сақтаулы. Дубровин дос Алматыда тұрады.

Алматы тұрғындарының бірі Сәкеңнің институтта бірге оқыған досы Жолтаев Герой. Ол институттан соң аспирантурада қалған. Оны бітірген соң өзінің ұшқан ұясы Политехникалық институтта мұғалім болды. Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Артынан докторлығын қорғады. Инженерлік академияның академигі. Қазір Қазақстан ұлттық Политехникалық университетінің белді профессорларының бірі. Қазақтың мұнай саласындағы оқымысты мамандарының көшбасшысы. Төремұрат Торғауытов жерлес. Әрі құрдас. Темірланнан 15 километр жердегі Тоқсансайдағы орта мектепті бітірген. Ол да сол жылы Сәкеңмен бірге оқуға түсті. Бір топта болды. Жатақханада бірге жатты. Бірге жүріп, студенттік қимас кезенді бір өткізді. 1962 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген Мәкен қызға үйленді. Екеуінің үйлену тойының асабасы Сәкең болды. Сайлау досын болашақ зайыбы Әлпиямен таныстырған да сол Төремұрат болатын. Екеуі сірә бірге бітірді. Жұбы жазылмастан Өзенге барды. Бірге қызмет жасады. Тұңғыштары да араларына 3 ай салып өмірге бірге келді. Мәкеңнің емшегінен сүт шықпай, сәбиді Әлпия өз қызымен бірге емізді. Сөйтіп олардың ұлы мен Зейнеп емшектес бауыр болды. Төремұрат Өзеннен Ақтауға бірлестікке ауысты. Одан туған жерге жақындаймын деп Шымкентке кеткен. Қазір Таразда тұрады. Төремұрат қажырлы, алған нысанасына жетпей қоймайтын қайрат иесі жігіт. Ойлағанының көбіне қолын жеткізді. Тек бір нәрседе "шалалық" танытып алды. 1 футбол командасын жасақтайтын бала туғызамын дейтін. Футбол командасы түгілі баскетбол командасына да жете алмады... 4 ұлы бар. Мәкең екеуі олардан немере көрген ата, әже....

Тұрсын Иманбердиев марқұм Сәкеңнен 2 жас үлкен еді. Мектептен соң екі жыл жұмыс жасаған. Сөйтіп, Хрущевтың жастар мектеп партасынан соң еңбек етсін деген нұсқауын бұлжытпай орындаған. Одан кейін Политехникалық институтқа түсіп, оны 1964 жылы мұнайшы геолог инженер мамандығы бойынша бітірген соң Өзенге келді. Өзен геологиялық барлау экспедициясына орналасты. Туысы тараздық. Ұлы жүз. Әкеден ерте айрылған. Институтты қара қайратының арқасында өзін өзі асырап жүріп бітірген. Бірден-ақ жақсы маман болып қалыптасты. 1967 жылы сол Ескі Өзендегі Рыздық – Роза дейтін апасының үйіңде жүрген қызға үйленді. Той ауыртпалығын Сайлау досы бас болып, ұжымның бас көтерер жігіттері көтеріп әкетті. Тойда, сірә Сәкең асаба болды. Ыдыс-аяғынан бастап төсек-орынға дейін қамдап жас отауға берілген пәтерді кәдімгі қонақ түсіретін үй қылды да шығарды.

Тұрсын досқа, жолдасқа қоң етін кесіп беретін көпшіл, қонақжай жігіт еді. Көшеде кездессе үйіне сүйрейтін. Үшеу болып бас қосылса "үйге баралық" алдымен Тұрсынның аузынан шығатын. Роза мен екеуі 1 қыз, екі ұл бала өсірді. Қызы әкесі қайтыс болатын жылы Ақтаудың педагогикалық училищесіне оқуға түсті. Үлкен ұл Тараздағы КиП автоматика оқу орнын, кіші ұл Өзендегі политехникалық колледжді бітірді. Тұрсын бақилық болған соң бұл отбасы Таразға көшкен. 1994 жылы Сәкең Шымкенттен келе жатып үйлеріне соққан. Балалар жұмыста жоқ. Тұрмыстары шамалы екен. Сәкең қатты қиналып келді. Әлпияға айтып еді ол қоса күйзелді.

- Министрліктің үлкен бір басқармасының бастығысың. "Шамның жарығы түбіне түспейді" деп туысыңа қол көмегің қалай болмайды, — деп әншейіндегі күйеуін шаптай бермейтін дағдысынан жаңылып та қалған жайы бар. Туыс деуінде гәп бар. Өзенде жұрт Тұрсынның Ұлы Жүз, Сайлаудың Орта Жүз қазақтары екенін біле тұра жақын, бірге жүргеніне қарап екеуін туыстар дейтін.

Солай қиналып жүрген күннің бірінде орталығы Қызылордадағы Оңтүстік мұнай-газ бірлестігінің президенті Роберт Бердіғожин достың келе қалмасы бар ма. Әдетінше Сәкеңнің кабинетіне кірді. Қуанып кетіп ұшып тұрған Сәкең барып есікті кілттеді. Роберт аң-таң. Әуелі кабинет иесі тоңазытқышты ашып бірдеңе құяды екен деп қалып еді, бірақ салмақты жүзін көрген соң бір әңгіменің болғалы тұрғанын біле қойды.

Сәкең созбақтамай Тұрсынның отбасының қиын жағдайын айтып салды. Бұйымы — соның екі баласын Роберттің жұмысқа алуы.

— Облыс басшыларының басқа жақтан адам алма деген бұйрығы бар. Оны бұзсам әкемді танытады, — деп жыланып қоя берді Роберт.

— Басқа жақтан маман емес адам алсаң ұрсады саған олар. Ал мына балалар мұнай үшін нағыз мамандар.

Роберт тағы бір сылтаулардың шетін шығара берген. Сәкең шыдай алмай тікесінен кетті.

- Тыңда, Роберт. Тұрсын марқұм бәріміздің ортақ досымыз болатын. Оның ақ дастарқанынан дәм татпағанымыз жоқ. Талай таңды таңға ұрып арақ ішіп тайраңдап жаттық. Бәрі есіңде. Және сол үйге бәрімізден көп баратын сен болатынсың. Енді келіп айтып тұрғаның мынау. Бұл сөзіңді тек мен естиін. Сол екі баланы жұмысқа алам деген сертіңді бермей осы кабинеттен шықпайсың.

Роберт үнсіз қалды. Сәкең айтарын айтқанмен оның да жайын түсініп іштей қиналып отыр. Бірақ енді шегінбек емес.

— Жақсы, — деді Роберт. Қанша дегенмен ұялас иттің жөні бөлек қой.

— Әуелі біреуін, сосын сәл кідіріп барып екіншісін жұмысқа қабылдайын.

— Сен Қызылордаңа қашан қайтасың?

— Алдағы аптаның аяғында.

— Ендеше арғы аптаның дүйсенбісі күні түске таман алдыңа Еркін Тұрсынұлы Иманбердиев деген жігіт барады. Ешқайда кетіп қалмай күтіп отырып шаруасын бітір. Келістік пе?

— Келістік.

— Міне, бұл нағыз ер жігіттің сөзі. Енді есікті ашуыма болады.

Роберт сөзінде тұрды. Еркін інісін жұмысқа қабылдады. Сәл кешіктіріп оның інісін де алды жұмысқа. Қазір Тұрсын марқұмның екі ұлы Таразда екі үй. Үлкенінің 2 ұлы, кішісінің 1 ұлы бар. Рыздық екі үйдің ортасында немерелерінің бабын табам, аталарын жоқтатпай бағып өсірем деп дызғып жүр. Баяғы көңіл баяғы. Бұл үй екі ағалы-інілердің отбасындай араласады.

Сәкең Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасына бас геологтыққа келген соң аудандық инженерлік технологиялық қызметтің геологтығына Қоқанов Сүлейменді шақыртты. Ол таза, тура, принципті жігіт. Өз жұмысын жетік біледі. Шақыртпас бұрын басқарма бастығы Иван Иванович Моржавинмен бір жыл ішінде Ақтаудан пәтер алып беруге келісті. Онсыз да сан алуан геолог қызметіне ол кезде жер қойнауын қорғау да кіретін. Қазір ғой мұның дербес қызмет болып құрылғаны. Ол уақытта геологтың негізгі міндетінің бірі сол. Өндірістің қай саласы да оның ішінде осы бұрғылау жер тағдырына қалай болса солай қарауға дағдыланған. Ең азы ұңғы қазған жерін сол күйі тастап кете береді. Ал заңда ол тазаланып, жым-жылас тегістеліп қалуы керек. Геолог солай жасатуы тиіс. Сүлеймен табиғатында ұқыпты жігіт. Сірә, бұл қасиет оған ұлутастан қиып күмбез там салатын ұста, шебер әкесі Мизам, атасы Қоқаннан жұққан болуы керек. Сүлеймен өзі де шебер. Қазіргі Қошқар атадағы әсем 2-3 там соның қолтаңбасы. Сондай Сүлеймен не нәрсенің де қыз жинаған жүктей көз тартын мінез болуын қалайды. Талапкер және батыл. Басшылар алдына қойған талабын да орындатпай тынбайды. Заңды талап алдында олар, әрине шарасыз. Тегі сонысымен Моржавин бастыққа ұнамаған болуы керек, уәделі мерзімі келгенде ол отбасы барырақ Сүлейменге екі бөлмелі пәтер бөліп отыр.

— Қолдағы барым осы. Алмаса өзі білсін, — дейді.

Қарауындағы геологының мүддесін қорғау бас геологтың міндеті деп біледі Сәкең. Әрине бейтараптық сақтап қалса да болар еді. Бірақ, оған ары, ожданы, досқа деген жанашырлық сезімі шыдатпады. Моржевинге кірді.

— Иван Иванович, мен достықпен айтсам айтам, тап осы сізге абырой әпермейді. Ер азамат екі сөйлемейді, сөзінде тұруы керек. Қоқановты былтыр жағдай туғызам, пәтер берем деп шақырттыңыз. Енді отбасына қолайлы пәтерін беріңіз.

— Екі бөлмеден басқа жоқ болып тұрса қайтемін. Уақытша тұра тұрсын.

— "Ничего вечного нет чем временного" дегенді айтқан қазақтар емес сіздер -орыстар. Қоқанов сіздің уақытшаңызды малданып ол пәтерге бас сұқты болды солай қалып қояды. Мен бұл мәселені бірлестікке аяқтай барып шешемін.

— Олар басқармаға тиесілі тұрғын үй алаңы есебінен береді ғой.

— Солай етуге тиіс. Бірақ мен басқаша жолын табармын.

Сәкең сол бетімен бірлестікке, ондағы пәтер бөлумен айналысатын бөлім бастығы Сержан Шакратовқа келді. Ол әзі өнерпаз, бармақ біткеннің домбырашысы, кісіге болсын деп тұратын жігіт.

Сәкеңнің өтінішіне болмайды деген жоқ. Сол бойда екі бөлмелі пәтерді үш бөлмеліге алмастырды да берді.

Солай Сүлеймен дос Ақтау тұрғыны болып алды. "Мен сөйттім, бүйттім" деп жатпайтын Сәкең оған Моржавинмен болған әңгімені де, бірлестікке барғанын да айтпаған. "Ел құлағы елу" Сүлеймен бәрін естіпті. Рақметін жаудырып жатыр.

— Рақметің өзіңе. Ол менің міндетім ғой - деп құтылды Сәкең.

Хирург, медицина ғылымының кандидаты Өтелбек Махмутовпен Жаңаөзенге келген соң таныс болған. Достасып қатты араласып кетісті. Негізі маңғыстаулық. Институт бітірісімен сонда қалдыруға көнбей елге келген. Кандидаттық тақырыбы ауыр өнеркәсіпте дене жарақатын алғандарды емдеу және оның алдын алу туралы еді. Сәтті қорғаған. Әттең не керек ғұмыр жасы қысқа болды. Машинасымен келе жатқанда жол бойына бір кішкене сәби жүгіріп шығып, соны басып кетуден сақтанып кілт бұрылғанда бетон бағанаға соғылып жан тапсырды. Марқұм өте балажан еді ақыры ажалына бала себеп болды. Сәкең екеуі талай бірге сапарлас болып небір оқиғаларды бастан кешіргендері бар.

...Екеуі Ақтаудан келе жатқан. Сәкең "Волганың" рулінде еді. Жолаушы Өтелбек. Көңілді келе жатқан. Жетібайдағы жол қиылысына келе бергенде бір "Москвич" жүріс ережесін бұзып келіп соғып "Волганың" есігін майыстырып кетті. Кінәлі жақтан бір кісі жылдам шығып бері беттеген. Қарсы барған ашулы Өтелбек "көзіңе қарамайсың ба, оңбаған!" деп қойып кеп жіберіп еді анау шалшық суға жалп ете түсті. Сол арада "Москвичте" келе жатқан өзгелер де ошарылып шыға берді. Сәкең енді қырғын төбелес болар деп арашаламаққа шыққан. Бірақ аналар дені дұрыс адамдар екен. Әрі кінәлі өздерінің шофері екенін де көрді. Жанжалға барған жоқ. Біреуі Өтелбекті танып қалды. Мәссаған керек болса, бұлар Өтелбектің өз ағайындары Жеменейлер екен. Әуелі ол жағы, сосын Өтелбек қапелімде байқамай қалдық деп кешірім сұрасып жатыр. Қоштасарда Өтелбек дегенмен жол оқиғасына кінәлі жақтан есіктің оңдауына деп ақша алып берді. Артынан айтады ғой енді, — сен Найман үшін бауырларымды сабап ақшасын алдым, — деп.

Өзендегі Сәкең тобының ендігі бір мүшесі геолог Амангелді Саймағанбетов. Маңғыстаулық. Әкесі Дила қарт елдің құрметті ақсақалы. Өмір бойы ұстаз болған. Үштағандағы бақты кезінде осы кісі бастап отырғызған. Амангелді институтты Сәкеңнен 2-3 жыл кейін бітірді. Өзен геологиялық барлау экспедициясына келді. Содан жұптары жазылған жоқ. Әйелі Нағима мұғалім. Өзенде пәтер қат. Сол уақытта пәтер сұрап келгендерге қойылатын Маңғыстауда қашаннан бері тұрасың?- деген кезекші сұрақ бар. Келісімсіз сауал. Бейне Маңғыстауда ұзақ тұру азапты көп тартқан, өзгелерден сонысымен салмағын ауырлатқандай саналады.

Сауалына орай жауабы: Қулар оны көбейтіп айтуға құштар мысалы ол "үш жыл" деп жауап береді. Ақиқатында алдыңғы жылдың желтоқсанында келді, былтырғы жыл өтті, міне биыл қаңтардың аяғында келіп пәтер сұрап тұр. Сонда Маңғыстаудағы стажы бар болғаны 14 ай ғана. Кәсіподақ комитетіне Аманкелді келеді үй сұрап. Төраға Әдиет "Маңғыстауда қашаннансың" дейді кезекші сұрағын қойып.

— 1942 жылдан бері осындамын, — деп жауап береді бұл.

Келемеш қылдыға жорыған төраға кабинеттен айдап шығарды. Тек кете барар Аманкелді ме. Қарсы есіктегі партком Хатшысы Халидолла Нұрғалиевке келеді.

— Халеке! Мына кәсіподақ төрағасы, сіздің басшы коммунисіңіз қалай адам өзі. Менен "Маңғыстауда қашаннан берісің?" — деп сұрады. Мен 1942 жылдан бері десем кейіп қуып шығады. Сонда мен туғаннан бері осында, басқа жаққа кетіп қалмағаным үшін жазықтымын ба?!

Халекең Күліп "жақсы бара бер түсінісе жатарсыңдар. Айтармын" деп шығарып салды. Әдекең де артынан сабасына түсіп, пәтер жағын тездетті.

Сол Аманкелді, Алпысбай Орынбаев, Жүсіпбек Қоразов, Тұрсын Иманбердиев, Сәкең бәрі карта ойнап отырып радиодан репортажы беріліп жатқан "Қайраттың" ойынына бәс тікті. Сол бәстен 88 сом жиналды. Ертең, арғы күндері бәрі 13-ші жалақы алмақ. Мұндай жалақының бірінші рет берілуі және көп ақша. Сол жерде біреу:

— Келің, жігіттер, бұл 88 сом үнем болмас. Онан да орнымен жаратайық. 13 жалақы алған соң біреуіміздің үйімізге барарлық. Кімдікіне барамыз оны қазір жеребе арқылы шешеміз. 88 сомды жеребе шыққанға берелік. Жаратып, малын, оны-мұнысын алып дайындала берсін ол. Сосын ол 13 жалақыны жуғанымыз болсын. Әрі армансыз карта ойнап құмардан шығалық— деді.

— Өте дұрыс, табылған ұсыныс,— десті бәрі.

Аманкелді мен Жүсіпбек екеуі құрдас. Қатты ойнайды.

Өгіз бұзаулап жатыр десе сенетін аңқау, ақкөңіл Жүсіпбектің есесі кетеді де жүреді үнемі. Бірақ солай болды-ау деп ренжіп жатқан Жүсекең жоқ. Бірде сол Жүсекең қызды болған хабарын айтып, достарына қуанып келді.

— Көзінде көзілдірігі жоқ па екен? — деп сұрап қалды Аманкелді әй-шай жоқ. Жүсіпбек көзілдірік киетін.

— Жоқ, — деп жауап береді қаперсіз Жүсекең шынымен.

— Ендеше саған тартпаған. Шыққан соң Қалиманы оқсатып саба.

Бұлар күліп жатыр.

Жүсіпбекпен солай қалжыңдасатын Аманкелді тағы бір кезекті қылығын бастады. Жеребе қағазының барлығына "Жүсіпбек" деп жазды. Сәкеңе көз қысып қойып шиыршықтатты. Қалпағына салып мықтап араластырды.

— Ортамыздағы карта ойнамайтын, бала мінез адалымыз Тұрсын бастап суырсын,— деп соған ұсынды. Тұрсын суырып оқыды. Жүсіпбек!

— Осындайлар постоянно маған шығады. Бұл жолы да солай боларын білгенмін, -дейді ойында ештеңе жоқ Жүсекең. Аманкелді бұл кезде жеребе қағаздың қалғанын ашық тұрған терезеден сыртқа шашып жіберген.

Ертесіне Жүсекең Ескі Өзенде дызақтап соятын мал іздеп жүрді...

Жүсіпбек Қоразов институт бітіріп келген соң еңбек жолын Ақсуда Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің Оңтүстік Маңғыстау мұнай-газ барлау экспедициясында бастады. Содан кейін Өзенге бұрғылау жұмыстары басқармасына келді. Ақтауға қоныс аударды. Есіл жігіт пайғамбар жасына енді жеткелі тұрғанда 2003 жылы бақилық болды. Артында 2 қыз, 1 ұлы қалды. Кәлима әлі еңбектен қол үзген жоқ. Сол бұрынғыша математика пәнінің мұғалімі. Орны бар оңалар, Жүсекеңнің перзенттері өзіңдей жақсы азамат болып ержетіп келеді.

...Сәкеңнің архивінде бір қимас жәдігер бар. Ол бұл алпысқа толғанда Жүсіпбек досы шығарып жалтыраған ақ қағазға алтындатып жаздырып тапсырған құттықтау өлең.

Бәйгенің алдын бермес тұлпар едің.

Ұшқанда қанат талмас сұңқар едің.

Әлпиядай жарың бар таңдап сүйген

Бағы жанған жігіттің сұлтаны едің.

Барлаушы жігіттердің арасында
Шарладық Маңғыстаудың даласында
Жастық шақ жаз күніндей өте шықты

Мұнайлы Жаңа Өзеннің қаласында.

Жүйткіген мына жүйрік заманым-ай,

Жер қойнауын зерттеген маманым-ай.

Толқынды қара шашың бурыл тартып,

Алпысқа келгенің бе, тарланым-ай.

Бала деген адамның болашағы

Жақсы әке баласына жол ашады.

Екі ұлы, екі қызың отау құрған

Әулетің немеремен ұласады.

Құтты болсын, алпысың, Сайлау досым,

Жаны жайсаң, жағасы жайлау досым.

Жетпісіңе желумен өтіп барып,

Сексеніңде бұйырсын тойлау досым.

Қазына іздеп қақыратып жер кіндігін

Алпысқа асыр салып келдің бүгін.

Сол тойыңа сәлем aп Маңғыстаудан

Жан жолдасың Жүсіпбек келдім бүгін.

Жүсіпбек мырза Қоразовтар әулеті

Ақтау қаласы 22 қаңтар, 2000 жыл

Мейірімсіз ажал-ай, осындай Жүсекеңді де алып кеттің- ау ортасынан.

Аманкелді Өзенде. Әйелі Нағима Керейдің қызы. Содан Сәкенді аға қылады. 2004 жылдың қазанының аяғында жолы түсіп Өзенге барған. Сәкең досының үйіне қонақ болды. Ағасы келген соң есе алған Нағима күйеуінің үстінен шағым айтты.

— Сен, күйеу бала, көзіңе ет өсейін дегеннен сау ма өзі. Қарындасыма нағыз бағым, күту қажет болған кезінде бұл не қылғаның. Жатып жастық, иіліп төсекбол. Әйтпесе көзіме көрінбе! - деп Аманкелдіекеңнің екі аяғын бір етікке тықты Сәкең қайнағасы. Күлісіп жатыр бәрі.

...Достар, достар, жүрсің қайда?

Бірге еді ғой жанымыз.

Еске алысып осындайда

Кел, шырқалық бәріміз.

— Бұл ән бұлардың алды үйлі-баранды болып, еңбекке араласқаннан кейінгі толқын кезінде шыққан еді. Сөйте тұрса да бұл лектің де жүрегіне жылы тиіп, әуенімен баурап әкетті.

Өнер құдіреті деген осы! Жаны бірге достар. Әнді бәріміз бір шырқаған күндер де бір дәурен екен ғой. Топтың селдірегені қандай өкініш. Қалғандарың қайда жүрсеңдер де аман болыңыздаршы.

Алғы күн амандықпен жүз көрістіру әкелсін-дағы.

Жақсыда жаттық болмайды. Сәкеңде жақсы аға, жайсаң дос, ілтипатты іні деген жетіп артылады. Оның бәрін түстеп түгендеп шығудың мүмкіндігі жоқтығы қандай өкініш.

Дегенмен де...

"Адам аласы ішінде" деп те қойған ғой аталарымыз. Жұрттың бәрін өзіндей көретін ақжарма Сәкеңнің осы дос таңдау жөнінде мүкі кеткен бір жері бар. Бұл жаратылысында жақсылығын артынан қайтсын деп есеппен жасайтын кісі емес. Қолдан келген шапағатының бәрін парызым деп біледі. Сонысына бағып студенттік кездегі бір досын сұр бойдақ атанып қу тізесін құшақтап жүрген жерінен аяқтандырды. Жақсы жұмысқа орналасуына қолқабыс тигізді. Обалы не керек, оның өзі де талапты жігіт болатын. Ол талабына Сайлау сияқты шалымды досының шарапаты тиген соң біраз шарықтады. Оның табысына өз табысынан бетер қуанып Сәкең жүрген. Артынан бұл Министрлікке келді. Және көптің бірі емес үлкен бір басқарма басшысы болды. Сол-ақ екен досы нілдей бұзылды. Бұл өзгеріске басында Сәкең аң-таң қалып жүрді. Көңілі жамандыққа қимай, "әлденеге көңіл-қошы болмай жүргенге" жорыған да қойған. Жоқ, оның жалт беруінің сыры тереңде болып шықты. Ол мұның тасы өрге өрлегенін көре алмаған екен. Мұны бұдан да бұрын білген, екеуіне ортақ дос, жарандар одан әлдеқашан теріс айналып кетіпті. Олар әрине, білгендері туралы Сәкеңе тіс жарған жоқ. Олай етуге мәрттіктері, жігіттіктері жібермейді. Түптің түбінде бір білер, сонда сұрап жүрсе көре жатармыз деді де қойды. Сәкең білді, бірақ достарға ол туралы сыр ашуды қажет деп тапқан жоқ. Тек әлгі күндікшіл, жалған досымен байланысын кілт тыйды. Тірлікте көп түйткіл бола береді емес пе, бүл соның бірі шығар дей салды. Әркімнің ниеті, пейілі өзіне жолдас.

Оқырман ол "досты" мен де білемін, танимын. Оның атын бұл жерде әдейі атамай отырмын. Қайтем. Сәкеңнің "мен" деген ағалары мен шынайы достары туралы айтылған әңгіме әсеріне қиянат жасағым келмеді. Тағы бір шыным — қаламым жүрмеді...

ГЕОЛОГИЯ, ГЕОЛОГТАР ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ

Біз ғұмырлық жасын Маңғыстауға бағыштаған атақты геолог жайлы жазып отырып, кейіпкеріміздің алғы толқыны туралы айтпай кетсек, айып болар. Маңғыстау тысқары түсінікте құла дүз сияқтанғанмен көп жұмбағын түзілісінде қалдырған түбек. Ал оның көптігі соншалық елі түгендеп түстеп те болған жоқпыз. Жер қойнындағы байлық экономикалық қажеттіліктерге байланысты саты-сатылап игерілген қашаннан. Геология міне, соларды зерттеп, іздеумен қанаттаса, сабақтаса ілгерілеген. Мысалы, әуелі Маңғыстаудың Қаратауында мыс өндірілген. Оны қорыту үшін әрине, көмір керек. Демек мыспен бірге көмір де өндірілді деуге негіз бар.

Біздің нысанамыз мұнайға келер болсақ, ол басқа көп елде әуелі соғыс мақсатында қарсы жақтың үйлерін, бекінісін өртеу үшін жебе ұштарына пілтелеп жағып атылса, шырағдан болса, артынан дизель отынына айналса, қазақ оның ішінде Маңғыстау тұрғындары тіпті ертеден қолданған. Соның басты мысалы "нефть" деген сөзді көп елдер араптан алған. Ағылшын, араб сияқты өздері осқыра қарайтын елден сөз майын алып жатуға арланып, "ойл" — май деген сөзді қолданысқа салып жүр. Олар үшін мұнай да, мал, өсімдік майы да бәрібір "ойл". Біздің қазақтардың ғана тілінде мұнай" бар. Баршамыз түсінетін төл сөзіміз. Бізге ағайын халық, ежелгі халық ұйғырда да жоқ ол. Шыңжандағы Қарамай кен орнының аталуы осыдан. Ал қытайлар мұны сол ұйғыр көршілерінен сол күйінде ала салып көзін жіпситіп отыр.

Қазақтың мұнайды білгені — қолданғаны. Мысалы, Тасбастағы жылымшылап алып жатқан қою мұнайды малдың еміне пайдаланған, шырағдан қылған. Түбіжіктегі жар жағасындағы қатып қалған мұнайды отқа қалап, тезек, қи орнына жаққанды өзіміз көрдік. Мұнайы жоқ жерде малдың қотырына жағатын мұнайды көңді өртеп алу технологиясын білген.

Түбекте мұнай бар дегенді алғаш Г.С. Карелин Каспийге сапары кезінде 1832 жылы жазған. Қайдақ шығанағынан су бетіне қалқыған мұнайдың дағын көзімен көрген. Бірақ ол кезде Россия мұнай өндіруге дайын емес еді. Себебі, ол тұтыныста жоқ. Ал Карелин көрген жерінен көз ақы алатын геолог емес. Және оның келіс сапары басқа. Сондықтан оған мұнайдың ит жуадай да қажеті жоқ. Сол себепті Маңғыстау мұнайының ол хабары қағазда ғана қала барды.

Маңғыстау геологиясының өте күрделі екендігіне таң-тамаша қалып, бұл туралы Парижде геологтардың үлкен басқосуында баяндама жасап айтып, мұнда мұнай да болуы мүмкіндігіне тоқталған түбі француз ғалым Барбот де Марни. Оның бұл пікірін әр геолог қызметін Маңғыстаудан бастауы керек. Бұл түбек жер түзілісінің сақталған үлгісі деп ұстартып әкеткен Россия мұнай геологиясының атасы Н.И.Андрусов. Н.Андрусов Маңғыстауға бірнеше рет келді. Ұзына бойы кесіп өтіп геологиялық картасын жасады. Соңғы 1970 жылғы келісінде Дмитрий дейтін жеткіншек баласын ерте келді. Төңкерістен кейін шетел асып кетті. Архиві өзімен бірге кетті. Ол архивті жақында Андрусовтан сол Дмитрийден туған немересі Галина (Словакияда тұрады) Россия ғылым академиясына сыйлады. Енді сонымен танысу, зерттеу мұратымыз болып отыр. Бірақ Россия жағы архивті әзірге кергіп бізге көрсеткісі келмейді. (Онысының қашанға созылары белгісіз). 1900 жылы Тасбас мұнайын бөтелкеге құйып алып, бұл туралы жазған бас штабтың әскери топографы Гаспар Насибьянц. Ол жазбаларды біз кезінде аударып жарияладық та.

Н.Андрусовтың талантты шәкірті Н.М.Баярунас ұстазымен Маңғыстауға бірнеше рет келді. Бір келгенде үкінің тұлыбын алып кетіп, Германияның зоология музейіне сатты да. Бірақ оның зерттеуі тек мұнай емес жалпылық сипат алып кетті. Мысалы, отызыншы жылдары ол тек Таушық өңірін зерттеумен болды. Бұл ғалымның тағдыры аянышты түзілді. 1937 жылы Ленинградта жазықсыз сотталып, Колыма лагерінде өлді. Оның жазбалары, тергеу ісі қазір С-Петербург КНБ-сында жатыр деген деректің ұшын ұстап отырмыз. Әттең, Баярунас тамаша фотогроф та еді. Маңғыстау сапарынан түсірген суреттерінің тағдыры не болды екен?!

Баярунастың досы, ауырғанда емдеген сенімді серігі Оразмұханбет Тұрмағанбетов Маңғыстаудан шыққан тұңғыш жоғары білімді геолог. Стамбұл діни мектебінің, Бомбей университетінің түлегі. Бастауыш білімді туған ауылында әкесі Тұрмағанбет ахунның медресесінде алған. Ол медресе үйі әлі де сақталған. Ана тіліне қоса араб, парсы, түрік, ағылшын, орыс тілдерін жақсы білген. Өз бетімен түбекте ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тас үлгілерін Ленинградқа зерттеу институтына жіберіп тұрған. Хат жазысқан. 1931 жылы бой тасалап, әуелі Түрікменстан сосын Иран жеріне өткен. Онда ілкіде жұмысшы, молда, қазіргі колледж дәрежесіндегі оқу орынының мүдәрісі — ұстазы. 1938 жылы Түрікменстан ОГПУ-ы Ираннан ұрлап әкеліп, Ашқабад түрмесінде жауаптаған. Ату жазасына кескен. Кей деректерде оны атпаған, Қызылқия кен орнындағы уранмен араласып жатқан алтын кенін сұрыптап алуға, басқа да зерттеуге пайдаланып, 1942 жыл өз ажалынан өлді делінеді. О.Тұрмағанбетұлының тергеу ісі Ашқабадта. Біз арнайы сапармен барып танысып, жаздық. Өкініштісі тергеу барысында оның геологиялық қызметі жайлы "Бомбей университетінің геология факультетін геолог мамандығы бойынша бітірдім" дегеннен басқа бір ауыз сөз жоқ. ОГПУ жандайшаптары әрине, геология үшін бас ауыртып жатпайды ғой.

О.Тұрмағанбетұлы артынан ақталды. Өзендегі мұнай колледжі қазір соның атында.

1928 жылы "Қарабұғазсульфат" тресінің қаржыландыруымен Маңғыстауға А.Н.Алексейчик басқарған экспедиция шықты. Қаражат Қарабұғаздан болатыны ол сол уақытта Қазақстанға қарады жөне ол кез өлшемінде бай мекеме. Әрі трест директоры Я.Г.Рубинштейн көп қазақ зиялыларымен бірге Түрікменстаннан Красноводск облысын, Қазақстаннан бұрынғы Адай уезін бөліп алып қосып, РСФСР-ға тікелей бағыныстағы Адай республикасын құруды құпия уағыздап жүрген адам. 1917 жылдан ВКП(б) мүшесі. 1936 жылы ол осы ойын негіздеп Сталинге ұсыныс түсіріп, хат жазып, артынан О.Тұрмағанбетұлы, ТурЦИК төрағасы Маңғыстаулық Н.Айтақов, ағайынды Оңғарбаевтармен бірге Алашордашы деген айыппен Ашқабад түрмесінде атылды. Рубинштейннің мамандығы — геолог. Алексейчик экспедициясы бірден су жолымен бұрыннан мұнай белгісі табылған Түбіжік алаңына келді. Алаңның толық геологиялық картасын жасады. Қолмен құдық қазып, одан қою мұнай алды. Геология тілімен айтқанда, алаңды терең барлау бұрғылауына дайындады. Зерттеу жұмысының нәтижесінде 1941 жылы сәуірде "Маңғыстауда мұнай-газ болу мүмкіндігі" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Оның сілтемесінде мұнай тек Түбіжік пен Тасбаста.

Өзге көп алаңдар оның ішінде қазіргі Бозашы, Қаламқас, Қаражанбас келешексіз деген тұжырым берген геологиялық картасын да жасаған. Үстірт туралы сөз жоқ. Міне, осы қате болжам бұл алаңдардың бағын аттай 45 жылға — 1974 жылға дейін шегерді. Маңғыстаулық төл геолог Әділ Нұрмановтың табандылығының арқасында ғана Бозашы мұнайына қолымыз жетті. Соның арқасында теңіз астында да мұнай барлығы білінді. Бір қызығы Әдекең ҚазМУ-дың Геология география факультетін бітіріп келген соң еңбек жолын Алексейчик әріптесінің ізімен Түбіжік алаңында бастады. Бұл алаңға барлаушылар 70-жылдар аяғында тағы оралып. Әдекең мұндағы тайызда жатқан алуы қиын қою мұнай қорын анықтап, мемлекеттік қор комиссиясының алдында қорғады. Қазір Түбіжік мұнайы қазақтың жинақ кассасындағы қоры. Және құнсызданбайтын қор ретінде кезегін күтіп жатыр ол.

Геофизикалық, сейсмикалық (бұлар ең алғы лекте жүретін барлау тобы) тұрғыдан мұнай-газ болуы мүмкін делінген жердің құпиясын білу, онда іздегендерінің жоқ екендігін дәлелдеу де еңбек. Қысқасы, геологтар мұнай кәсібінің нағыз бейнетқоры. Түбекке 60-шы жылдар басында келген лекке осы бейнет те қоса нәсіп етілген.

Өзен кен орнының ең төменгі жер қатпары пермотриас деп аталады. (Маңғыстау ойындағы биіктігі 555 метрлік. Қаратау осы пермотриастан тұрады). 60-жылдар аяғында Өзеннің осы пермотриасында мұнай бар ма деген сауал туындады. Оны анықтаудың геолог ретіндегі жауапкершілігі Сайлау Жылқайдаровтың үлесіне дербес тиді. Әуелі, N113 ұңғы қазылды. Оны сынау кезінде өте сұйық мұнай алынды. Бірақ молға үйренген Мәскеу өнеркәсіптік қоры аз, игеруі тиімсіз деп оны жылы жауып қойды. Құрық жақтан табылған ақ мұнай, оның да дерегі бұлдыр күйде қалып қоя берді. Қаражанбас мұнайының құрамындағы ванадий тіпті игерусіз жатыр. Ал ванадий ракета құрылысында, медицинада — қысқасы оннан астам салада қолданысқа ие шикізат. Бұл кен орнының мұнайын дербес өңдеп жатқан әзірбайжандар бұл байлықты не істеп жатыр — білмейміз. Айтпайды олар бізге.

Жазмышта қай нәрсенің де өсуі, кемелденуі, өшуі, кер кетуі болуы заңды құбылыс па, жоқ, әлде бұл өткен ғасырлар тоғысында жалпы геологияның оның ішінде Маңғыстау геологиясының басына келген нәубет пе — ол жағын біле алмадық. Әйтеуір бағы дәуірлеген бұл мамандықтың қазір бәсі төмендеудей-ақ төмендеді. Маңғыстаудың үлкен мұнайының көшбасшысы, кезінде атағы дүркіреген Маңғыстау мұнай-газ барлау ұжымы "Маңғыстау геология" деген атпен жабылу алдында қалт-құлт етіп күн кешуде." Маңғыстаумұнайгаз" барлау жұмысын жылы жауып қойды. СССР кезінде мұнай-газ өнімінің 9 пайызы барлау мақсатына бөлінетін. Барлау мекемелері бюджеттік болуы себепті әр түрлі салықтан босатылатын. Қазір ол жоқ. Соның салдарынан баяғы Г.С. Карелин ақ мұнай көретін алаңдар шет елдік компаниялардың барлауына берілді. Олар, әрине, мұнай таба қалған күнде заңды иесі болып шыға келеді. Табылған мұнайдың қоры мемлекеттік құпия болудан қалды. Қайта ол "Біздерде мынадай бар, мынадай бар" деген дарақы мақтанның негізі. Соңғы дерек Бозашыдан мұнайды алғаш 1913 жылы УКНО—Урало-Каспийское Нефтяное общество деп аталатын ағылшын компаниясы әуелі қазған ұңғы арқылы тапқанын айғақтап отыр. Ол ұңғыны халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты мұқият жасырып кеткен. Сол құпия ағылшынның аузынан қазір, онда да біз қадалып сұрап, тілерсектеп қоймаған соң енді ғана сыздықтап шықты...

Геологияның дәуренінің өткені соншалық Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің геология факультеті жабылды. Оның кафедра меңгерушісі академик, профессор Құрбан Аманниязов Алматы асуға мәжбүр болды. Өндірістегі геологтардың үлкен бір жасағы жұмыссыз сенделіп қалды.

...Бұл әңгіме желісін бір ауыз сөз Деп бастап едік. Онымыз ашынғанның ащы даусына айналып бара, жатыр екен – аялдайық. Ұғынар құлық пен ұсынақты басшылық, ұстын саясатқа осы да жарап қалар.

ҰСТАЗҒА ТАРТҚАН ҰЛАН

Геолог туралы әңгімелеп отырып Қазақстан геологиясының абыз атасы, қазақстандық геологтардың пірі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы аз білгеніміздің өзін айтпай кетсек әулие аттаған болып шығамыз. Геолог Сайлау Жылқайдаров Сәтбаевты бір-ақ рет көріп, әңгімесін алдына отырып тыңдаумен ғана шектеліп қалғанына өкінеді. Бірақ дәтке қуаты ғұлама ғалымның қасында жүрген әріптестеріне, үзеңгі жолдастарына, достарына шәкірт бола алды. Сәтбаев мектебінен өткен көп әріптестерімен еңбек жолы тоғысты, кездесіп әңгімелесті. Солардың бірегей өкілі Қазақ ССР Геология министрінің орынбасары болған ғалым Юрий Вадецкий. Ол Сәкеңдерге бұрғылаудан сабақ берген. Ғалым министрліктегі, ғылымдағы жұмысына қоса студенттерге дәріс те оқыған. Бұл да Сәтбаев тағылымы. Ол ғалымдардың бәрінің қызметінің негізгі бір бөлігін осылай ұстаздықпен ұштастырған. Мысалы, Маңғыстаудың мыс, темір қазба байлықтарын зерттеген, сол зерттеу сапарының бірінде сол уақыттағы төртінші сынып бітірген ауыл баласы Әбіш Кекілбаевты қасына бір жаз ертіп жүріп, орысша үйреткен академик Иван Иванович Бок әуелі университеттің тау-кен факультетінің, артынан политехникалық институттың оқытушысы.

Ю.В.Вадецкий 1962 жылдың күзінде Сайлау да бар студенттеріне Маңғыстауға, Қаныш Имантайұлына қатысты мына әңгімені айтады:

Маңғыстаудың тағдыры қыл үстінде тұрды. Түрікменстан о баста ол түрікмендердің атамекені деген қисынды алға тартып, Маңғыстауды өздеріне қосып алуға әрекеттенеді. Соған Хрущевтің де аузы қисайып қалыпты. Түбекті түгелімен Түрікменстанға қосу туралы қаулы дайындалып та қойған тіпті. Енді тек Хрущевтің қол қоюына ғана қарап тұр. Оны сенімді достары Қаныш Имантаевичке хабарлап үлгірді. Қаныш Имантаевич Хрущевпен досжар, жақсы қарым-қатынаста еді. Сірә, Қанекең оған қазақтың құрдас адамдарының арасында болуға тиіс жақсы қарым-қатынасты айтып түсіндіру арқылы бетін бері қаратып қойса керек. Екеуі аралары бір жас құрдас еді ғой. Хрущевқа телефон соғады. Еш іркілместен мәселенің тоқ етеріне көшеді.

— Маңғыстау түбегін көшпелі халықтардың бәрі де мекендеген. Түрікмен солардың бірі. Көшіп келген, көшіп кеткен. Қазіргі тұрғындары, жер иесі қазақтар. Онда бір де бір түрікмен отбасы тұрмайды. Егер Маңғыстау қазір Түрікменстанға берілсе, оның тұрғын халқы өре түрегеледі. Ұлттар достығына нұқсан келеді. Тек нұқсан келіп қойса жақсы, соғыс болады. Никита Сергеевич, Сізден көптен көп өтініш, осы мәселемен мені қабылдасаңыз. Оған дейін қаулы алынбай тұра тұрса.

Н.С.Хрущев Қаныш Имантаевичтің айтқандарына құлақ асқан. Шұғыл жолға қамданды. Тез арада тарихшы ғалымдарды жинады. Сірә, олармен Маңғыстауда о баста қай халықтың мекендегенін анықтаған болар деп ойлаймын.

Сөйтіп, Маңғыстаудың тағдырына Қаныш Имантаевичтің сол сапары оң ықпал етті. Ол өзімізде қалды.

Мұны әңгімелеген ғалым Вадецкий өкінішке орай, ол бұл жайды кімнен естігенін айтпапты. Жалпы ұстаз көп салдырлай бермейді ғой.

Ю.В.Вадецкийдің айтуынша бұл оқиға 1962 жылы болған. Оны әңгімелеп тұрған Вадецкий де Маңғыстау жағдайына қанық. 1961 жылы Жетібайдан мұнай шыққан бойда бір топ адамдармен бірге келген. Сол сапарында көп адамдармен топталып түскен фотосуретін мен 1986 жылы Ленинградтағы ВНИГРИ-дің қызметкері, профессор Айзенштадтан, суретте ол да бар, көшірмесін алып Ақтаудағы өлкетану мұражайына тарту еттім. Ол сурет "Х.Өзбекқалиев" атты кітабымда да жарияланды.

Н.С.Хрущевтың Маңғыстауды Түрікменстанға бергісі келуі Д.А.Қонаевтың "Өтті күндер осылай" кітабында да жақсы баяндалған. Мемлекет басшысының ол авантюралық пиғылына Д.Қонаев та қарсы тұрып баққан. Ал бұл мәселеде оны Қанекеңнің қолдауы туралы кітапта ештеңе айтылмапты. Оның себебін білгісі келгендерге жазушы М.Сәрсекеевтің "Қуғындалған И.Сәтбаев" атты кітабын оқуға кеңес береміз...

Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті ретінде Қ.Сәтбаев Маңғыстаудағы көмір сутегі қосылыстар қорын барлау, іздестіру жұмыстарының басында тұрды. 1956 жылы түбектен мұнай-газ кен орындарын іздеу туралы Қазақстан үкіметі алған қаулы негізі академияда дайындалды. 1959 жылы облыс орталығы Гурьевте Қазақстан Ғылым академиясының көшпелі сессиясы ашылып, Қ. Сәтбаев сонда сөз сөйлеп, кейбіреулердің Маңғыстауда барлау жұмысын тоқтату туралы ұсынысына қарсы шығып, керісінше оны қарқынды жалғастыру керек деді. Ақыры Қ.Сәтбаевтың дегені болды. Оның үміті ақталды.

Өкінішке орай, Қ.Сәтбаев аяғы Маңғыстауға тиместен кетті. Оған үлгере алмады. Сұм ажал мүмкіндік бермеді. Замандастарының естеліктеріне қарағанда ол түбекке кележақ екен. Бірақ сырқаты меңдеп жолға шыға алмаған. Қанекең 360 әулиелі жерге өзі келмесе де көзі көп келген. И.И.Бок туралы жоғарыда айттық. Геологияда "дала геологы, далалық геолог" деген мамандық бар. Олар жаяу-жалпылап дала кезеді. Жүрген жерлерін картаға түсіреді, тас үлгілерін жинайды. Тек жинап қоймай кен көздерін де іздей жүреді. Сондай геологтың бірі Вяловамен Сәкең 1965 жылы кездесіп әңгімелесулі. Сөздің қозғаушысы Маңғыстаудың шаңы болыпты. Вялова әлдекімнің Маңғыстау шаң басқан құла дүз дегеніне қарсы болған: — Мұндағы шаң ағзаға пәлендей зияны жоқ. Бұл көмір, темір, мыс т.б. кен өндіріліп жатқан жерлердің улы тозаңы емес. Москва, Ленинградта қол жумай тамақ ішсең — ішің өтеді. Ал Маңғыстауда су қат. Соған көндіккен жұрт, ішіңде біз де бармыз, қол шаймай-ақ тамақ іше береміз. Түк те болмайды. Ал күннің шуағы шипа. Мен былтыр жаз бойы осында экспедицияда жүрдім. Күн ыстық болған соң үстімізге тек лыпамызды ғана іліп, жалаңашқа жақын жүрдік. Күнге күйдік. Москваға барып жетіп метрода келе жатсам бір сылқым әйел — күнге бұлай жақсы күйіп қай курортта демалдыңыз, — деп сұрайды. Мен — Маңғыстау деген курортта, — деп жауап бердім. Әйел — ол қай жер. Шетелде ме, — дейді қадалып. Мен — іздесеңіз — табасыз. Бірақ жолдама таба алсаңыз жақсы — деп қош айтыстым. Кейіннен әлгі әйел Маңғыстаудың қайда екенін білген соң менің ішімді кептірген шығар, — деп күліп аяқтайды Вялова әңгімесін.

Жалпы геолог қауымы, оның ішінде Сәтбаев мектебінің түлегі делінетін біз көрген аға геологтар жерге ғашық. Және жершілдікпен ауырмаған ғашықтар. Көп қазақтар сияқты олар жерлестеріне бүйрегі бұрып, оны рушылдық дертімен жөргемдеу дертінен ада. Шынайы геологтар әлдекімнің ру жігі жайлы қирағаттаған қысыр сөзінен бұрын жер қыртысы жайлы әңгімені тыңдауға құлықты. Қаракесектің қай атасынан қанша батыр, қанша би шыққаны туралы әңгімеден де бұларға Қаратаудың түзілісі туралы айтқандар жақынырақ. Маңғыстауда оларға Адайдың Жары бөлігін жақсылап, не жамандап ауыз ауыртпа. Оның орнына Үстірттің құлама жартас құзы туралы айтсаң жақсы көрінсең бұл ағайынға. Жаңағы Вялова сөз саптасына қарағанда нағыз сондай жершіл геологтар өкілі.

Мамандық жөнінен әріптестік деген де адами жақсы, жылы қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін жағдай. Ал көп жерде оның бәсеке, бақталастыққа, күншілдікке айналып кетуі басқа әңгіме. Біз білгенде геологтар ортасы көбіне тату, ынтымақшыл келеді. Мысалы, Сәтбаевтың мүддесін алғаш кеңес баспасөзінде қорғаған орыс геологы. Академик Вернадский геологтардың үлкен бір тобын сталиндік жазалаудан аман сақтап қала алды. Сәтбаев Хрущев жылымағында концлагерден арып-тозып оралған көп геолог ғалымдарға қамқорлық жасады. Алғы лектің, Сәтбаев сияқты ұстын ұстаздарының сол дәстүрін Маңғыстауға геологтар өздерімен бірге ала келді. Жерде туған, жер қойнауы табыстырған олар жаңа жерде тіпті етене танысып кетті.

Оңтүстік Маңғыстауда Сұлутөрткіл деген биік бар. Жазық жерде алыстан көрініп тұрады. Басында темір қоршаулы зират. Далада іс сапарымен жүргенде, бұл 1960 жылдардың орта шенінде болған оқиға, бір геофизик әйел қасындағы кішкене баласымен осы маңайда шөлден өлген. Соны бүкіл барлаушы қауым азалап төрткіл басына жерледі. Осы жаққа жолы түскен кен барлаушылар оған соқпай өтпейді. 2003 жылы көктемде маңғыстаулық геолог Оразмұханбет (Көрпе Размағанбет) жүрген жолдармен сапарға шыққан жаңаөзендік кешенді экспедиция алдымен Сұлутөрткілге соғып, сапарларын марқұмдарға зиярат етуден бастады.

Геолог Жарылқасын Даутов марқұм көз жұмарының алдында өзін қайда, қалай жерлеуді, яғни ақырет қамын әріптес інісі, шәкірті геолог Сайлау Жылқайдаровқа аманаттаған екен. Отбасы, марқұмның туған-туысқандары жерлеу рәсіміне байланысты шешім алуды Сайлаудың Ақтаудан келіп жетуіне қаратып күтіп отырған. Кейіннен Жәкең басына орнатылған алты бұрышты күмбез де негізінен Сайлау інісінің сызбасымен, араласуымен тұрғызылды. Міне, бастауын кәсіби ынтымақтан алған шынайы достық дегеніміз осы, осындай болады.

Маңғыстаулық алғы лек, алдыңғы толқын геолог барлаушылар өздерін "Сәтбаев ұясынан ұшқан балапандармыз" деп мақтаныш етеді. Сайлау, Есжанұлы солардың бірі. Баяғыда сарыауыз балапан, олардың дені бүгінде топшысы қияда қатайған тас түлек қырандар. Маңғыстауда 17 мұнайлы, газды кен орнын ашуға тікелей қатысқан, басында жүрген Сайлау Есжанұлы солардың бірегейі.

Ұстаз ұлағаты, ұстазға тартып өскен ұлан дегеніңіз осы, осындай болмақ.

КЕМЕЛДІК КЕЗЕҢІ

1972 жылы Өзен геологиялық барлау экспедициясы тарайтын болды. Маңғыстау мұнай-газ бірлестігінде дербес барлау экспедициясын ұстау тиімсіз деп шешілді. Оның дұрыс, бұрыстығына бас ауыртып жатқан ешкім жоқ, себебі ол кезде жоғары айтты — бітті, кесті — үзілді. Экспедиция Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасына қосылып, N3, 4 аудандық, инженерлік технологиялық қызмет болды. Міндеті сол бұрынғы барлау. Өзен кен орнын бастап ашқан, түбек тарихында ізі бар үлкен ұжымды үн-түнсіз таратып жіберу ыңғайсыз-ақ болды. Содан Сәкеңе бір ой түссін. Сол жылы Өзеннен алғаш мұнай табылғанына 10 жыл болды. Экспедиция бастығының орынбасары марқұм Мәулет Көшкінбаев еді. Соған келді. 10 жылдықты той етіп өткізу туралы ұсынысын айтты. Ол кісі құп ала кетті. Негізгі жұмысты "жас келсе, іске" деп мұның өзіне жүктеп қоюды да ұмытқан жоқ. Сөйтіп тойға дайындық басталып кетті. Ең бірінші шара — мұнай алынған N1 ұңғы басына ескерткіш обелиск орнату. Оған қойылатын жазулы шойын тақта облыс орталығы Гурьев қаласының Петровск заводында құйылды. Ал обелиск — ұстын жергілікті жердің өзінде төл сызба бойынша жасалды. Бұл кезде әр жаққа тарап кеткен ардагерлерге шақыру жіберілді.

Өзен өмірінде елеулі оқиға болған бұл шараға сол уақытта Өзен аудандық "Жаңарған Маңғыстау" газетінің қызметкері, талабын енді ғана бастаған жас журналист мен тілші болып қатыстым. Көктемнің бір әдемі тамылжыған күні еді. N1 ұңғы Ескі Өзеннен Жаңа Өзенге қарай жүретін жол бойында. Кәсіпшілік аралық жолмен қиылысқан жерінде. Ұңғы ол уақытта әлі мұнай беріп тұр. Қасындағы N3 топтық қондырғыға қосылған. Іргесіндегі алаңқайға биік етіп топырақ үйілді. Тегістелді. Үстіне ұстын орнатылды. Салтанатты митинг басталды. Мінбеде Маңғыстаудың үлкен мұнайын ашқандары үшін Социалистік Еңбек Ері атанған екі бұрғышы мастер Салық Рысқалиев пен Төреғали Қадыров, Өзендегі экспедицияның тұңғыш басшысы Үсен Дүйсенов, орденді бұрғышы мастер Ғазиз Әбдірзақов, (Дүние-ай, сол топтан бүгінде Ғазиз аға ғана бар арамызда) тағы басқалар. Ардагерлердің әр сөзін толқымай тыңдау мүмкін емес. Себебі, ол тарих. Жанды тарих. Митинг соңынан ардагерлерге, озаттарға сыйлықтар тапсырылды. Тарап жатқан Өзен геологиялық экспедициясы түбектің үлкен мұнайын ашудағы өз міндетін абыроймен атқарды деген бағасын алды. Салтанатты жиын арты қаладағы үлкен той дастарқанына ұласты.

Сәкең N3 аудандық инженерлік технологиялық қызмет (РИТС) бастығының геология жөніндегі орынбасары болып ауысқан. Сол уақыттың заңы бойынша бұрынғы экспедицияның бас геологы кезіндегі жалақысы сақталды. Жұмыс орны өзгергенмен, үйреншікті жұмыс. Барлау алаңдары негізінен Көкімбай Өзеннің оңтүстік шығысында. Адамдар сол бұрынғылар.

Басқармада әр түрлі ұлт өкілдері еңбек етеді. Басшылықтың дені орыстар. Кеңестік саясат қанша жерден ұлтшылдық жоқ деп жар салғанмен, ол әр жер әр жерден байқалып қалады. Ал осы Сәкеңнің жан-тәнімен жек көретін нәрсесі. Кадр ұлтына, ұлысына қарап емес, іскерлігіне, білгірлігіне қарап бағалануы тиіс. Өмірлік кредосы солай Сәкең қызметінде сол үшін күресетін. Бірлестіктің бас геологы әрі директордың орынбасары Ю.К.Юферов — орыс. N4 РИТС бастығының орынбасарлығына Николай Селивановты ұсынды. Сәкең бұл кезде аудандық технологиялық қызмет бастығының геология жөніндегі орынбасары болғанымен, бұрынғы экспедицияның бас геологы ретінде кадр мәселесінде жоғары алдымен мұнымен санасады, ақылдасады, кеңесіне құлақ түреді. Бас геолог Құлқаш Қарамұрзиев. Николай ескі таныс. Өзен экспедициясынан біледі. Орташа қабілет иесі ғана. Былай жақсы жігіт. Бірақ өзіндік белсенділігі төмен. Барлаушы геологқа бірінші қажеттілік көкейкөз, ізденіс жағы кемшін. Осыдан келіп Құлқаш аға екеуі оның кандидатурасына қарсы болды. Өз тарапынан Тұрсын Иманбердиевті (марқұм) ұсынды. Оған Ю.К.Юферов қарсы болды. Текетірес ұзаққа созылып, екі жақ та беріспеді. Ақыры тәжікеден шаршап, Жүсіпбек Қоразовтың (марқұм) кандидатурасына тоқтасты.

— Бұл да жеңіс,—деді артынан Құлқаш аға.

Сәкеңді 1976 жылы қоярда қоймай бөлім бастығы еткен басқарма бастығы Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев. Басқарма бірлестіктегі озат ұжым санатында. Бірақ мұнда да кемшілік жетіп артылады. Бұрғылау басқармасы болуы себепті бұрғы алғы шеп. Содан олар айтқаны болып түшкіргені жәрекімалла. Әбден жаман үйренген. Бұрғышы мастер Александр Павлович Еремин Социалистік Еңбек Ері, бұрғылау шапшаңдығы жөнінен Одақтық рекордты жаңартқан. Виктор Михайлович Несветайлов өзінше бір төбе. Өзгелері де солай. Бұрғышылар мен геофизиктер арасындағы конфликт бұл саланың үйреншікті ауруы. Тәртіп бойынша бұрғышылар бір тәулік бұрын кароттаж жасау үшін геофизиктерге сұраныс беруі керек. Сол белгіленген уақыттан екі сағат әрі не бері мерзім ішінде геофизиктерге ұңғыны дайын етуі тиіс. Жоқ, бұлар көбіне бұлай ете алмайды. Қазу жұмысы тәулік бойы тоқтамайды. Геофизиктер жұмысы соған бағындырылған. Сұраныс бойынша келіп қалған геофизиктер сағаттап күтіп қалады. Бос тұрады. Арты, сірә айқай. Біраз ретте бұрғышылар тіпті геофизиктердің өздерін кінәлі етіп шыға келеді. Сәкең бөлімдегі қызметін тап осы кемшілікті түзетуден бастады. Қойған талабы:

— Өзіңді сыйла, өзгені құрмет тұт. Геофизиктер де адам баласы. Өндірістің бір тетігін ұстап жүрген олар да уақытымен дем алуы, өз еңбегінің қадірін білуі тиіс. Салада қосалқы, негізгі деген шеп жоқ. Бәрі өз орнында,—деген талапты қойды. Енді бұрғышылар әлгі "шашақ сыртындағы" екі сағатында үлгере алмаса келесі тәулікте қайта сұраныс береді де енді геофизиктерді өздері күтеді. Сақтық үшін күнілгері бірнеше сағатқа сұраныс беруге болмайды. Ондай болса геофизиктер қайтып кетіп келесі тәулікке жаңа сұраныс талап етеді. Бұрғышылар басында бұған біраз бұрқылдап баққанмен тезге түсті. Қатаң графикпен жұмыс жасауға әбден болады екен. Және ол тиімді болып шықты. Сөйтіп нағыз өндіріс тәртібі орнады.

Бұрғышылар мен геологтар арасындағы бітіспес дау керн алуға байланысты. Барлау бұрғылауында солай еді, мына тереңдік үшін көрсеткіш үшін жанталасқан пайдалану бұрғылауында ол нағыз қызыл шеке қырғын. Бұрғышылар қазуды тоқтатып, пәлен метр тереңдіктен керн алып жатуға жан-тәнімен қарсы. Сол үшін алуан түрлі әрекетке барады. Бірде бұрғышы шебер А.П. Еремин мен геолог Сұлтанғали Айдарбаев екеуі салғыласып тұр. А.П.Еремин юра қабатынан керн алуы керек екен. Соны алдым деп, әлдебір кернді әкеліп көрсетіп тұр. Сұлтанғали онысын қабылдамай, "қайта ал" деп тепсінеді. Екеуі біраз жерге барысып қалғандай. Жуық маңда бітісе қояр түрі көрінбейді. Сәкең келіп, кернге қарап күліп жіберді. Юрадан алынған керн түрі сұрғылт, құмдақ.

Ал мынау көк тас. Триастың керні. Өзенде оған N113-ұңғыда бұрғы бойлатқан барлаушылар ғана. Ереминді шетке шығарып алды да:

- Сен, Александр, шыныңды айт, дәу де болса, мұны барлаушылардың жұртынан қолды қылып әкеліп тұрсың. Керн алып жатқың келмеді. Сен алған керн юра қабатынан болуы тиіс. Ол беріде. Ал мынау триас. Әріде 3,5 метр тереңдікте жатқан керн бұл. Бұдан былай көзбояушылықтан аулақ бол. Ол саған лайық емес. Жалпы айтар достық ақылым — геологтармен көп тәжікеге бара берме. Олар кен орнының тағдырына бірден бір жауапты адамдар. Мәселеге сол тұрғыдан келеді.

Обалы не керек Социалистік Еңбек Ері А. Еремин бұл ақылды алды. Дұрыс қорытынды шығарды.

Кейіннен басшылықта өзгеріс болып, басқарма бастығына Сәкеңнің де кандидатурасы ұсынылыпты. Онда бірінші хатшы Н.Бекбосынов — Нұрекең қалалық комитет мүшесі А.Ереминнен бұл туралы пікірін сұрайды. Александр Павлович:

— Талапкер, іскер, адамгершілігі мол адам,—деген жақсы бағасын береді. Мұны бері келген соң Нұрекең өзі сыр қылып айтты. Жалпы Өзеннің ол кездегі бұрғышы кадрлары жаман болмайтын. Одақтағы үздіктер санатынан табылып жүретін үнемі.

Сол уақытта Сәкеңнің жақсы ағасы Жәкең — Жарылқасын Даутов бір қолайсыз жағдайға тап болды. Ұңғыны қазу кезінде авария болды. Үлкен авария. Бұрғышылар қашанғы әдетінше геологтарды кінәлі етіп шыға келді. Олар геологиялық техникалық нұсқауды дұрыс бермепті. Арнайы шақырылған комиссия да сондай қорытындыға келген. Мылтықтың қарауылында — Жәкең.

Соны кінәлі етіп, қылмысты жауапқа тартпақ. Оның арты соттау деген сөз. Кемі үш жыл түрме. Партиядан шығарылатыны және бар. Бұл соңғы шараны алатын қалалық партия комитеті бюроны сейсенбі екінші күнге түс қайтаға белгілеп қойыпты. Сонда коммунист Даутовтың жеке ісі қаралып, партиядан шығарылмақшы. Жәкең байқұста ес жоқ. Еңсесі әбден түскен. Сәкең інісінің жаны да дызғып кетті. Жалма-жан қаланың прокуроры Жеңіс Айжановқа жүгірді. Екеуі дос-жар, жақсы қарым-қатынаста еді. Заңның аты - заң. Ол не істемек. Бар болғаны комиссияның қорытындысын көрсетті. Өз тарапынан ақыл-кеңесін берді. Қорытындымен танысқан бойда Сәкеңнің жіті көзі аңғара қойды. Кінә бұрғышылардың өздерінде. Даукес, жырынды немелер иі жұмсақ Жәкеңді еңсеріп әкеткен. Ал істің ақ-қарасын анықтаушы комиссия өз дәрежесінде бола алмаған. Соған мықтап көзін жеткізіп алған Сәкең Жәкең ағасына келді. Екеуі ертеңіне сенбі күні кабинетке кілттеніп алып, қалалық партия комитетіне хат жазды. Арыз емес хат. Онда геологтың кінәсіздігі дәлелденді. Комиссияның қорытындысы сыналды. Жалаң сөз емес, нақты фактілерге, қатаң геологиялық-техникалық есепке, берік технологиялық ережеге негізделген есеп еді бұл. Соны есебін тауып, дүйсенбі күні бірінші хатшы Қ.Б.Исентаевтың қолына тигізді. Қожанияз Бәйтенұлы (қазір Алматыда тұрады) түбі атыраулық, мұнай өнеркәсібінің қыр-сырын біледі. Оның үстіне ғалым, ғылым кандидаты. Адам тағдырына түсіністікпен қарайтын сарабдал басшы. Сәті түскенде ол бюроға дейін хатты оқып танысыпты. Нәтижесінде жел оңынан тұрды. Бюро коммунист Ж.Даутовке "бұрғылау жұмыстарына геологиялық бақылауды бәсеңсітіп алғаны үшін" ескертумен тынды.

...Жәкең мен Сайлау інісі екеуі аға үйінде Жәкеңнің ескертуін "жуып"отыр.

- Сен талай аузымды аңқитып едің. Соның бәрін болмаса да бір бөлігін ақтадың,— деп күледі Манаш жеңгесі.

Айтуының жаны бар. Сәкең жалғыз Манаш емес, осындағы біраз жеңгелерін талай қатырды.

Бірде балаларды жазда Кавказға апарып демалтатын болды, Оқушылар емес, балалар бақшасындағы балалар. Іштерінде Сәкеңнің Зейнебі, Жәкеңнің қызы, тағы да араласып тұратын көрші-қолаңның бүлдіршіндері бар бәрін Ақтаудың әуежайына әкеліп шығарып салып тұр.

Балаларды сапқа тұрғызып, қақпадан әрі ұзата берген-ді. Сәкең бар артистік өнерін салып, даусын дірілдетіңкіреп:

- Айналайындар-ай, қарадай жетім болып, көздерің жаудырап кетіп бара жатырсыңдар-ау,—демесі бар ма. Сол-ақ екен тұрған әйелдер Манаш бас болып боздап, дауыс салып қоя берді. Қалжыңдаймын деп солай бейнет тілеп алған Сәкең енді әйелдерді жұбата алмай әлек.

- Қайдағыны қайдан шығарып, - деп Жәкең күйіп-пісіп жүр.

Балалардың Кавказ сапары онымен де тынған жоқ. Мазасыз Жәкең барлау алаңында жатып рациямен Сайлау інісінен:

— Анау күнгі балалардан не хабар бар?—деп сұрады. Олар кеткелі үш-ақ күн болған. Хабар аптаны артқа салған соң болар деп күткен бұлар алаңсыз. Бірақ Жәкеңе бұл үш күн үш жылдай көрініпті.

— Тәрбиешілер бір жауапсыз адамдар екен. Оқу бөлімі не қарайды осы?—деп біраз кейістік білдіріп алған Жәкең тез Кавказға жеделхат жіберуді тапсырды. Сәкең жұмыс орнынан-ақ жеделхатты жазып, почтаға келе жатқан. Жолшыбай көрді, айлас қатын мұңдас деп кілең балалары Кавказға кеткен әйелдер бас құрап отыра қалыпты. Манаш, Нұрсұлу, Сая. Бәрі қалжыңы жарасқан жеңгелер.

Бұрылып келіп сәлемдескен Сәкең әуелі асықпай төс қалтасынан жеделхаттың қағазын жылт еткізіп бір көрсетіп, қайта салып қойды. Жүзі салмақты, маңғаз. Қағазды көрген бойда орындарынан ошарыла көтерілген жеңгелер қоршап алған. Енді көздерімен ішіп-жеп емешесі құрып тұр. Сәкең асығар емес. Әлгі маңғаз қалпынан өзгерер ойы жоқ жуық арада.

— Бір шел бар. Қаным кеуіп барады тіпті. — Сәкең бұлай дегенде ішкі есебі өзінде. Өзенде ол уақытта арақ-шарап көзі жоққа тән. Ал жаңа келіп жатқан чех сырасы тіпті қат. Ал бұл ықтият жеңгелердің қай-қайсысының да кебежесінің түбі құр емес, тыққандары бар.

— Ойбай, қайным шелдеп тұрғанда мен қалай шыдап тұрмын. Мұздатқышта бірер бөтелке тұр еді,—деп алдымен Нұрсұлу қауқалаңдап үйіне қарай жөнелді.

Екі бөтелкені рахаттанып тұрып ішіп алған Сәкең сұраулы жүзбен қалған жеңгелеріне қараған... Сол арада бәрін үйлеріне барғызып оралтты. Содан соң ғана жеделхаттың қағазын шығарды.

— Балалардың хабарын алып, сіздерді қуантайын деп почтаға бара жатқан бетім. Жауабын алған соң айтам ғой. Дайындала беріңдер.

Солай деп жеңгелерінің күпті көңілін бір жайландырып тастаған "суы қанық" Сәкең почтаға қарай ақырын аяңдап барады...

Мұндай жағдайлардың талайы болған...

Ай, қайран Жәкең-ай! Бүгінде онымен болған әр сәт сағыныш. Тұтам тірліктің қадірін кім білген. Дүние өте шығар деп бұл пенде пақыр қапелімде ойламайды да ғой. "Ортаңда болдым азырақ, көңіліңде болсам көбірек" дейтін марқұм ақын ағам Меңдекеш Сатыбалдиев. Ортасында аз болған Жәкең аға көптің көңілінде қалды. Алабөтен Сайлау інісінің көңілінде.

Сәкең ағасын атын қалдыру үшін жасаған бір кесек қимыл иесі. Ол уақытта бұл Маңғыстау мұнай бірлестігінің геология бөлімінің бастығы. Жаңа алаңдарға бұрғы бойлай бастады. Әдетте оларды бұрғылауға дайындайтын сейсмиктер. Болашақ алаң атын қоятын да солар. Қоймас бұрын олардан бірлестік геологтарымен ақылдасу талап етілген. Себебі қу медиен даланың әр төбесі мен ойының аты жоқ. Жеріне ат қоюға келгенде жомарт қазақ оған таршылық жасамаған. Бәрінің де аты болған. Бірақ кеңестік зобалаңда ел табаны ауған соң, бәрі ұмытылған. Жерінің аты жадтан жоғалуы, оның үстіндегі моласының кімдікі екені белгісіз болып қалуы қазақтың кең даласының үлкен трагедиясы. Осы жағдайды еске алған Сәкең структураның атын қоюға келгенде үлкен жауапкершілікпен қарайтын.

Сол қарсаңда табылған структураның барлығы Жетіарал, Жарты, т.б ылғи "Ж" әрпінен басталады.

— Бұл структураны да "Ж"-дан бастасақ қайтеді?!—деді Сәкең осы мәселемен кезекті басқосуда сейсмиктерге. Олардың бір-біріне мәнді көзқараспен қарап қойғанын аңғарған Сәкең күліп әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

—Жоқ, Жылқайдаров қоймаймыз. Құдайға шүкір, мен әзірге тірімін, міне, орталарыңда отырған жоқпын ба? Өлген соң қарық қылып жатсаңдар, ана дүниеде көріп ала жатармыз. Қарсы болмасаңдар мұның атын Даутов Жарылқасын ағаларыңа берелік. Жаңа структура аты — Жарылқасын болсын. Қарсылық болған жоқ. Қарсылық былай тұрсын, сейсмиктер қуана қолдай жөнелді тіпті. Маңғыстау мұнайына еңбегі сіңген ерлерге құрметтің, оларды есте қалдырудың жақсы бастамасы деп қуанысты. Солай Жарылқасын аты геологиялық картаға түсті.

Бұл структура Өзеннің тура Оңтүстік шығыс бетінде. Кең жазық. Алдында соның оңтүстік шығыс жағындағы Ақбастан қазылған ұңғыны қабат сынағышпен сынау кезінде мұнай белгісі барлығы анықталған. Қос қанаттағы алаңдардан газ табылды. Геологиялық пайым бойынша бұл ең үмітті структура. Тездетіп бұрғылау мұнарасы апарылды. Оны бастап қазар алдында діншілдіктен де құр алақан емес Сәкең Жәкеңнің аруағына дұға бағыштады. Әттең, жақсы іс басталды да тасталды. Ұңғы жобалы тереңдігіне жеткен жоқ. Бәріне кінәлі мына нарықтық қатынас. Ол келісімен барлау басқармасы тарады. Бұрғылау жалпы тоқтады. Себебі, қаржы жоқ. Сонымен Жарылқасын алаңы өзінің бағы жанар күнін күтулі.

Сұңғыла геолог Сәкеңнің көкейкөзі айтады: Жарылқасында — мұнай, газ бар. Өзендегіден сәл тереңде және қоры да аз болмауы тиіс.

Енді бір кезегі келгенде ол маңайдың өндірісі өрлеп, құла дүзге өркениет барып ел ризығын үстеп, келер ұрпақ жер атын иеленген Жарылқасын аталарының атын шапағатпен еске алады әлі. Құдай сол күнге тезірек жеткізгей. Сонда Жарылқасынның Жарылқасын атын шығаруға геолог Сайлау Жылқайдаровтың мұрындық болғаны белгілі болып жатса, бұл жайды жазып отырған жазушының да бір мұраты орындалуы деп білеміз.

1970 жылдардың орта шенінен бастап Маңғыстау мұнай бірлестігі өзінше етек-жеңін жинай бастайды. Жұмыс бір арнаға түсті, енді жапатармағайлықтан арыламыз деген желеумен Өзенде, Жетібайда бірыңғай жұмыспен айналысатын салалар біріктірілді. Қысқасы, кең ауқымда күрделі ұйымдастыру жұмысы жүрді. Осы өзгеріс сеп болып, Сәкең Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасына бас геолог болып келді. Бұл басқарма сол уақытта негізінен Бозашыдағы Қаражанбас, Қаламқас алаңдарынан, аздап Жетібайдан пайдалану ұңғыларын қазып жатқан. Сәкең сөйтіп енді барлаушылығынан қол үзіп, пайдаланушы геолог бола кетті.

Қаражанбас пен Қаламқас теңіз жағасында. Қазақта "сор" деген сөз бар. Оның бір мағынасы жер бедеріне қатысты. Теңіздің тартылған табаны сор деп аталады. Ол көп ретте батпақты болып келеді. Аяқ бассаң сәбидің еңбегіндей былқылдап жатады. Ал екінші мағынасы адам басына келетін нәубет, бақталайсыздықтың баламасы. Қысқасы, қай-қайсысы да оңып тұрған жоқ. Аталған екі алаңның екеуі де сорда. Қысы суық, жазы ыстық. Іргедегі теңіздің маңайындағы елге шапағаты — жаз болса маса буады.

Қаражанбастың да, Қаламқастың да мұнайы тайыздан шығады. Бірақ қазу бейнеті жетіп артылады. Әсіресе, Қаламқаста. Теңіз суының шайып кетуінің алдын алу үшін ол беттен бөгет салынған. Бүкіл алаңды шаршылап топырақ үйіліп жол салынып, темір жол төселді. Бұрғылау мұнарасы соның үстінде. Жылжып жүріп қазады. Өзен, Жетібайдағыдай діттеген жеріңнен бұрғы сала алмайсың. Қысқасы, мұның да өзіндік проблемасы бар. Барлау бұрғылауында ұңғы әуелі мұнай-газ бар-ау деген үмітті алаңға салынады. Ол табылған жерге әр қилы қабаттарды зерттеп білу үшін қазылады. Бір сөзбен айтқанда мақсат бірыңғай зерттеу. Ал мына пайдалануда ұңғы әр қабаттың өнімін қатар, ырғақты түрде геологиялық заңдылықты сақтай отырып ашуды қамтамасыз етуі тиіс. Өнім алу барысында әрине, ол үнемі бақыланып, қадағаланып, зерттеліп те отырады. Бұл соңғы да геологтардың негізгі төл міндеті.

1982 жылы бірлестіктің геология бөлімінің меңгерушісі, геология ғылымының кандидаты Ибрагим Муратов Алматыға жұмыс аударды да орнына Сайлау Жылқайдаров тағайындалды. Бірлестік бас директорының орынбасары Н.Ә.Марабаев. Дәл осы кезде Сәкеңнің кандидатурасы Өзенге басқарма бастықтығына ұсынылып еді. Министрлік геологтан бастық болмайды деп өткізбепті. Мәскеу қашанда солай қазақ кадрларын шеттетудің бір амалын таба қояды әйтеуір. Баяғы тергеу Айдарханов әріптесі ол уақытта аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. "Маңғыстау мұнай-газ барлау" кешенді экспедициясына бастыққа шақырған. Бір кезде өзінің еңбек жолын бастаған етене коллектив қой. Қарсы болмаған. Бірақ арты хабарсыз кетті. Сірә, енді геология министрлігі "кадр өзімізде де бар. Мұнайшылардан басшы шақыратын күн туған жоқ" деп кергісе керек. Оған апшыған Сәкең жоқ. Онсыз да көші көлікті. Жұмысын дөңгелетіп жасап жатыр. Бірлестіктің бас геологы Леонид Петрович Дмитриев — қақ-соқпен ісі жоқ, өз қызметіне берілген нағыз осы саланың адамы. Ұнамсыз қасиеттерден атымен ада. Әріптестеріне бағасын алдымен жұмыс қабілетіне қарап береді. Осы реттен келіп Сәкеңді қатты сыйлайды.

Бірлестіктің алдағы жылға жоспарын бас геологпен бөлім бастығы негіздеп жасайды. Содан соң оны министрлікке апарып бекітеді. Сол тәртіп бойынша Сәкең бастығымен екеуі Мәскеуде жүрген. Бұл 1983 жыл. Бірлестік партия комитетінің есеп беру сайлау жиналысы сол қарсаңға тап келді. Партиялық тәртіп қатты. Екеуі жиналыстағы коммунистердің ортақ пікірімен келісеміз, дауыс береміз деп жеделхат жіберді. Сол сапардан оралып келсе, жиналыс коммунист Жылқайдаровты партком мүшесі әрі хатшының орынбасары етіп сайлап қойыпты. Сәкең іштей қиналса да келісуге тура келді. Хатшы Марат Әжіғалиев марқұм. Бұрын Өзеннен таныс жігіт. Партком хатшылығына Бейнеу ауданы партия комитетінің екінші хатшылығынан ауысты. Марат сол жақтан денсаулығы болмай ауырып келді. Асқынған бөтеке сырқаты. Содан ол бұл қызметінде өндіріп жұмыс жасай алмады да салмақ орынбасары Сәкеңе түсті. Партия жұмысы Сәкең үшін жұмбақ. Жаратылысында өндіріспен біте қайнасқан кісіге мына "бас ауыртатын" қағазбастылық ұнамай да жүр. "Уақытша шыдайын, келесі сайлауда жылысып кетермін" деп жүрген жазда Марат марқұм болды. Енді автоматты түрде хатшының орнын алмастыруға тура келді. Бірлестік парткомының хатшысы үлкен лауазым. Жалақысын қалалық партия комитетінен алады. Ай, тоқсан сайынғы сыйақы бірлестіктен. Н.Ә.Марабаев бұл кезде облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы. Кей мәселелерде оның қолдауына ие.

Партия комитетінің хатшысының қолында көп билік бар. Ол қалыптасқан үрдіс бойынша осындағы партияның сенімді өкілі, көз-құлағы. Кадр мәселесіне де белсенділікпен араласады. Жоғарының қойған не тамыр-таныстық арқылы жолы болған талай білімсіз, біліксіз маманнан аузы күйген Сәкең хатшы кезінде бұл жайға өзі де қатты қарады. Сонымен бірге жоғарының жергілікті кадрларды өсіруге онша көп құлық таныта бермейтіндігі де жүрегіне шемен болып қатып жүрген. Қолынан келгенше осымен де күресуге бел буды.

Бірлестіктің бұрғылау бөлімінің бастығы Василий Безруков деген соғыс ардагері қарт кісі еді. Сол қайтыс болды. Орнына маман іздеу басталды. Бірлестік директоры А.А.Дергачев. Бұрғылау жөніндегі орынбасары Валентин Михайлович Костянов. Солардың ұсынысымен бөлімнің аға инженерінің құжаты хатшының алдына келді. Ол Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасының бастығы болған Моржавиннің баласы. Құжатын қарап көрсе, еш жерде тұрақтап жұмыс істемеген. Жұмысшы, мастер, т.б сатылардың бәрінен өткен. Бірақ тәжірибе жинамаған. Күнілгері жасаған сценарий бойынша сырғылатып отырғаны көрініп тұр. Сол уақытта "папасының балаларының, көкесінің інілерінің" үйреншікті еңбек жолы. Сәкең хатшы бекітпеді, қарсы болды.

— Неге?

— Бұл сауалды қоймас бұрын оның анкеталық мәліметіне қараңыз. Бір жерде тұрақтап тәжірибе жинап, жұмыстың ұңғыл-шұңғылына бойламаған жас инженер бүгін бір бірлестіктің ең шешуші саласына қалай басшылық жасайды?

— Ендеше онымен қоса ұсынылып отырған өзге кандидатураларды қараңыз.

— Қарадым. Оларға да үзілді-кесілді келісімім жоқ.

— Бұл қалай болғаны сонда?

— Сіздер емес, таңғалып отырған менмін бұған. Неге ұсынғандардың ішінде қазақ жоқ. Бөлім меңгерушіге лайық инженерлер қазақтар арасынан табылмады ма? Мыналар кіміңнен кем,— деп Сәкең сол жерде басы Ағой Раушанов қылып он шақты инженерді тізіп берді. Сөйтіп, бел алып алған соң мәселенің түп қазығына көшті.

— Жолдастар, сіздер қазақтарға абориген деп қарайтын қасаң көзқарастан арылыңыздар. Бұл партиямыздың талабы. Мені осы орынға сондай болмасын деп қойып отыр.

Бас директор Александр Алексеевич үнсіз қалды. Бұл оның сірә кадр мәселесінде бұрын-соңды хатшы тарапынан бірінші рет бетінің қайтуы болса керек. Бұл Жылқайдаров оңайлықпен шағылмайтын жаңғақ болып шықты. Әдетте партком хатшылары жоғарының ұсынысымен, директордың келісімімен бола салар еді. Және олардың көбі мұнай өндірісінен хабарсыз әлдекімдер болып келетін. Сосын өндіріске, ішкі шаруаға араласпай сырторай "сен тимесең мен тимен" деп тойған қозыдай болып жүре беретін. Мына Жылқайдаров олардың сойынан емес. Нағыз өткелектен өткен аққаптал мұнайшы. Басқа-басқа, бірлестіктің бас геологының өзі білікті әріптес ретінде онымен қатты санасатынын байқаған.

— Бөлім бастығының өз орнына сай болғаны менен де гөрі өндіріс үшін тікелей жауапты сізге керегірек, Александр Алексеевич,—деп Сәкең айтпағын тағы бір нығарлап қойды кабинеттен шығарда.

Бөлім меңгерушісі мәселесі солай шешілмей тұрған.

Облыстық партия комитетінен бір ұлық телефон соғады. Былай таныстығы бар, сырттан сыйлайтын аға.

— Қамысбай Мырзағалиевті білесіздер ғой!

— Білгенде қандай. Жұмыстас болдық. Еңбегі біраз сіңген ағамыз ғой ол.

Қамысекең ол уақытта Орталық өндірістік жабдықтау базасы бастығының орынбасары болып жүрген. Алпысты алқымдап қалған.

— Білсеңіздер бөлім бастығы етіп неге соны қоймасқа?

— Менің Қамысекеңе қарсылығым жоқ. Екі қолымды бірдей көтеріп дауыс беремін. Бірақ осы таяуда ғана Дергачевтің ұсынған кадрларын бекіттірмей жібергенмін. Енді оған өз ұсынысыммен шықсам, Қамысекеңді жасы келген деген сылтаумен қайтарып жібереді. Сөйтіп оның пайдасына жұмыс жасай алмай қаламын. Сондықтан сіз тікелей Дергачевқа шығыңыз. Ол құп алып жатса, мен қолдай кетемін ғой әрине.

Обкомдағы аға дәл солай етті. Дергачев өз тарапынан Қ.Мырзағалиев кандидатурасын ұсынды. Сәкең қарсы болған жоқ. Қамысекең бөлім бастығының орнына қонжиды. Артынан белгілі болды — "обкомдағы аға" Қамысекеңе ет-жүрегі елжіреп бара жатпаған екен. Оның ана босаған орнына өзінің бір туысын қоймақ екен. Ол уақытта қанатын кең жайған үйреншікті әрекет бұл. Жалғыз бұл емес партияның төңірегі осындай бықсық қылыққа, бақай есепке толы болып шықты. Соған лайық қарым-қатынастары қалыптасқан. Өндірістің мәрттігі мұнда жүре бермейді. Онда жұмыс барысында ренжісең, дауыс көтеріп ұрыссатынсың. Бірақ зілі жоқ ұрыс. Ертесіне дым болмағандай жүз көрісіп жатасың. Ұмытып кетесің. Мұнда бәрі басқаша. Ішіңнен атайын деп тұрсаң да күліп сөйлесуге тиіссің. Мансабы кіші мансабы үлкен алдында бәйпеңдеп тұруға міндетті. Ең азы тойларда құттықтау сөз айтқанда да әлгілерге көпшік қоя, құлдық ұра сөйлеу орын алған. Қысқасы, Сәкеңнің – Найманның намысты бұл перзентінің ит жыны құрысатын жайттер мұнда қабындап тұр. Ескі Өзен мен Жаңаөзен арасындағы жол қиылысында алабөтен бір ұңғы бар еді. Маңына жолап кетсең шіріген жұмыртқа иісі қолқаңды атып қоя беретін. Мына партиялық орта аумаған сол. Соның сыңары. Жоғарыдағылары үндемей отырып қабады ғой, сірә. Бәрінен мына төмендегі нұсқаушы деп аталатын итқуарларының азары өтіп болды. Ештеңенің мәнісін білмейтін олар білгіш болып көрінуге, ақыл айтуға, нұсқау беруге әуес. Ондайдың көбін қыртына қыстырса, Сәкең Сәкең бола ма?! Бір сөзбен айтқанда бұл оларды көп мойындай берген жоқ, олар бірбеткей өз пікірі өзіндегі мұны жақтырған жоқ.

Солай бұрынғы өлең ортасын аңсап жүрген Сәкең құдай көктен іздегенін жерден бере кетті.

Маңғыстау бұрғылау жұмыстары басқармасының бас геологы Марат Мәжитұлы Досмұханбетов денсаулығына байланысты жұмыстан өз арызымен босап кетті. Бұл басқарма жаңа ұжым еді. Бір кезде Өзен геологиялық барлау экспедициясын ұстауды қажет етпеген бірлестікке соңғы тәжірибе бөлек, тек барлау жұмысымен айналысатын дербес ұжымсыз болмайтындығын дәлелдеген соң ашылған. Сәкең сол босаған орынға бармақ болды. Партияның қалыптастырған тәртібі бойынша басшылық жұмыстағы өз кадрларын егер кінәлі болып қалмаса төменгі жұмысқа жібермейді. Ал бірлестіктің партком хатшысы сондай есептегі орын. Содан Сәкең обкомның сол кездегі бірінші хатшысы Ю.Казаченкоға барды. Ол қарсы болды. Уәжі әлгі — төменгі жұмысқа жіберуге болмайды. Сәкең өзінің тумысынан барлаушы екендігін, өз мамандығымен жасаса қоғамға әлдеқайда көп пайда келтіретінін айтты. Тіпті өтінгендей болды. Иі жұмсақ хатшы ақыры келісті. Бірақ бір шартпен — орнына өзін жоқтатпайтын адам табуы керек.

"Әулие орын бос тұрмайды" деген сөз бар орыста. Адам көп. Сәкеңнің де қалауы түсіп тұрған кісі бар. Бірақ жоғары мұндай майлы жіліктің басын өзіне қаратқысы келіп тышқан көкпарға салды. Кадр мәселесімен айналысатын дөкей Рябцовский бір күні Сәкең үйіне бейуақытта телефон соқты.

— Біздің ұйғарымымыз Сұлтан Нәдірмағанбетов. Жиналыста сол хатшылыққа өтетін болсын.

Мұндай солақай бұйрыққа Сәкеңнің жаны қас. Тіпті мың бір жерден жыны құрысады. Бірақ ашуын ақылға жеңдіріп сабырлы сөйледі.

— Егер ол өтсін десеңіз келіп жиналысты өзіңіз өткізіңіз. Мен жауапкершілігіме ала алмаймын.

Рябцовскийдің аптығы басылып қалды.

— Сайлау Есжанович, мен сіздің беделіңізге сенген едім.

— Қазіргідей жариялылық кезде оған бедел салуға менің коммунистік ар-ожданым жібермейді. Мен қарауымдағы коммунистеріме демократиялық принциптерді насихаттаумен келдім. Енді одан жалтара алмаймын және қазіргі коммунистер жоғарының айтқанына бас шұлғи беретін бұрынғы әдетінен ат құйрығын кесіскен. Мұны да ескеріңіздер.

Сәкең солай деген соң Рябцовскийдің келіп жиналысты өзі өткізіп өңештеуге тәуекелі тұрмай қалды. Болашақ партком хатшысына лайық кандидатура ұсынуды Сәкеңнің өзіне берді. Бұл 2-3 адамды ұсынып еді, жоғарының таңдауы Мейрам Ахмеджановқа тоқтады. Ол хатшылыққа сайланды.

Солай Сәкең өзінің үйреншікті барлаушылығына қайта оралды. Бәрі таныс жұмыс. Адамдары да етене. Қалыптасқан жүйе бойынша бірлесіп институттармен, сейсмикалық партиялармен бірлесіп жоспар жасайды. Мақсат жаңа мұнайлы, газды алаңдар ашу. Бұл ретте оның міндеті Геология министрлігіне қарайтын баяғы Маңғыстау мұнай-газ барлау экспедициясымен бір. Басқарманың бас геологының басты міндеті көрсетілген алаңдардың дұрыс ережесіне сай бұрғылануын бақылау. Барлауда бұл кезде біраз техникалық ілгерілеу болған. Соның бірі үмітті қабаттарды қабат сынағыш арқылы қазу барысында-ақ байқап көру. Жаңалықтың қай-қайсысы да өндіріске оңайлықпен ене салмайды. Соның ішінде мына қабат сынағыш өте жоғары инженерлік шеберлікті, ықтияттылықты қажет ететін жауапты жұмыс. Сондықтан сынау кезеңінде бас геолог өзі жүретін. Учаскелік геологқа сенбегені емес, олар да шеберлігі жоғары кәсіби мамандар, әуелден бойға сіңісті өзі қолмен істеп, көзбен көруге машықтанған әдеті. Қайнаған өндіріс ортасында болғысы келеді де тұрады. Сондайда тынысы кеңіп сала береді. Қабаттарды сылаудан соңғы жауапты жұмыс — кароттаж. Сәкең көбіне мұның да маңынан табылады. Ұңғы қазылып болғаннан кейін ол зерттеледі. Бұл геологтың бар білімін, ыждаһатын салатын жұмысы. Осындай еңбектер арқасында бірлестік аз жыл ішінде Қарақия, Ащыағар, Сартөбе, Солтүстік Аққар, Бақанды, Пионер, Жарты, Мақат мұнайлы, газды алаңдарын ашты. Ең басты жетістік — бір кездері Маңғыстау мұнай-газ барлау ұжымы ештеңе таба алмай кеткен Қарақия ойпатыңда да қазына бар екен. Демек қазір өнім беріп тұрған Доңға мен Жетібай кен орындарының арасы құр емес. "Жеті рет өлшеп бір рет кес" деген қағида геологияға да шетін келмейді. Соның мысалы Өзенге ВНИГРИ 1952 жылы, ал Қаражанбасқа 1957 жылы бұрғы салған. Алғашқысы қазіргі Қызылсайдың шығыс жағынан Шалабайдың дөңінен қазылды да ештеңе шыққан жоқ. Екіншісінен қазу кезінде авария болып су атып кетті. Содан бұл екі аланда ештеңе жоқ деген қорытынды шықты. Сол жағдай ана жылы, Қарақияда қайталанған еді. Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің барлаушылары ештеңе таба алмай кеткен. Техника қанша жетілді дегенмен, қазіргі қазу мүмкіндігі шектеулі. Кең Жылыойдың үлкен мұнайының тұз күмбездерінің астында жатқаны сияқты Қарақияның да астында бүккен қазынасы терең қабаттарда жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды. Ойлағандай бұлар Қарақиядан мұнай тапты. Ойдың ернегіндегі Сартөбеден қазылған алғашқы ұңғының өнімі де көп болды. Қазір ол мұнай беріліп тұр. Кеңес кезінде онша мән берілмеген Батыс Жетібай да солай. "Мұнайға мұқтаждық — сұмдық" деп еді ғой Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Ленин. Қазіргі барлықтың арқасында аз мұнайлы алаңдардың қадірі кешеуілдеп жатыр. "Қара алтынға" деген тапшылық табалдырықтан күні ертең сығалағанда-ақ көрінер әуселе. Шағын кен орындарын менсінбеу түгілі, қазан түбіндегі жұғындыны қасықтап алады дерлік халге түседі әлі бұл экономика. Сонда білінеді Қарақияның қадірі. Ал бұл алаңдарды ашудың басында жүрген Сәкең сияқты атпал азамат болғаны да ескеріледі әлі. Маңғыстау барлау жұмыстары басқармасы ұжымы үшін нағыз шынайы геолог барлаушы Сәкеңнің орны бөлек болды. Алматыға аттанар сәтте Сәкеңнің Маңғыстауда еңбек еткеніне 30 жылдай болған еді. Осы оқиғаға орай әрі жолаяқ дастарқанында Маңғыстау барлау бұрғылауы басқармасы ұжымынан Сәкең атына жазылған мына хат соның қағазға түскен айғағы:

Құрметті Сайлау Есжанұлы!

Маңғыстау барлау бұрғылау басқармасының ұжымы Сізді ортамыздан астанамыз Алматыға аттандыра отырып, Сізге Маңғыстаудың өркендеу жолындағы 30 жылға жуық еңбегіңіздің жемісті болғанына кепілдік бермекпіз.

Сіз, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген жас маман, ашылғанына әлі екі жыл толмаған Одақ бойынша сол кездегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Өзенге — Өзен геологиялық барлау экспедициясына 1963 жылдың наурыз айында келіп, ең алғаш еңбек жолыңызды бастап едіңіз.

Өзен мұнай кенішін зерттеп, қорын қорғауда сіңірген еңбегіңіздің өзі бір бөлек белес деп ұғамыз. Осы еңбегіңіздің нәтижесінде Өзен геологиялық барлау экспедициясының оператор-коллекторынан бас геологына (1966 ж.) дейін көтерілдіңіз. Қалған уақытта Маңғыстау мұнай өндірістік бірлестігінің мекемелерінде бөлім бастығы, бас геологы, партком хатшысына дейін көтерілдіңіз. Қандай жұмыс орнында жүрсеңіз де өзіңізді іскер маман, көреген басшы, сенімді жолдас ретінде ортаңызға таныта білдіңіз.

Маңғыстау БББ-сының ұжымы Сізді қимастықпен шығарып сала отырып, қай жерде, қай салада жүрсеңіз де денсаулығыңыз зор болып, арманыңыздың асқар тауына шығуыңызға тілекші.

Өміріңіздің Маңғыстау топырағында өткен ең бір қымбатты 30 жылы аталмыш аймақты, қалып бара жатқан ортаңызды жүрегіңіз бен көңіліңізде мәңгі жазылып қалған хаттай сақтар деп сенеміз.

Қымбатты Сәке, әркімнің өз Байқоңыры бар, сіздің Байқоңырыңыз — Маңғыстау деп білерсіз.

Маңғыстау БББ бастығы А.Ш.Максимов
Кәсіподақ комитетінің төрағасы
Д. М.Досмұхамбетов
Ұжым мүшелері

Әлгі бір бөлім бастығына қатысты жайттан кейін кейбір ұлты басқалар арасында Сәкеңе ұлтшыл деген күңкіл айтылды. Оттапты. Ол кездің бір әдеті ұлтшылдық пен ұлтжандылықтың аражігін айырып жатуға салақ еді жұрт. Сәкең ұлтжанды адам болатын. "Қарына тартпағанның қары сынсын" дейді ғой қазақ. Сол ретпен қарына тартады. Бірақ жөнімен. Әйтеуір мынау қазақ екен деп өзеуремейді. Қолынан іс келетін кадрға ғана қамқор.

Сондай бір жағдай Жетібай бұрғылау жұмыстары басқармасында болды. Сәкең бас геологтықтан кететін болды. Бастық Ю.Ж.Лобанов пен бірлестіктің бас геологы Дмитриев екеуі "орныңа кімді қоямыз" дейді ғой енді. Олар өз тарапынын Сәкеңнің орынбасары Владимир Ковалевты ұсынып отыр. Сәкең оған қарсы болып Маңғыстау бұрғылау жұмыстары басқармасындағы геологиялық бөлім бастығы Бақыбай Ахметовты айтты. Сондағы уәжі "Ковалев партияда жоқ. Жоғары бекітпейді". Сонымен оның кандидатурасы өтпеді. Соған өкпелеген Ковалев жұмыстан шығып кетті ертеңіне. Тап сондай жағдай тағы қайталанды. Зангиев дейтін шешен әлде ингуш геолог бар еді. Енді геология бөлімінің бастығы босаған орнынан сол дәмелі. Бастықтар да қолайлап отыр. Сәкең тағы қарсы болып, геологтар Аманжол Баспаев пен Сүлеймен Қоқановты ұсынды. Басшылар Баспаевтың кандидатурасына тоқтады. Ертеңіне өкпесі қара қазандай Зангиев жұмыстан шығып кетті арыз беріп.

— Көрдің бе, Юрий Николаевич, — деді содан соң Сәкең бастық Лобановқа, -Ковалев пен Зангиев бұл қылықтарымен мансап үшін жүрген адамдар екендігін көрсетті. Ал қазақтар болса олай етпейді. Өкпесін ішіне бүгіп үндемей жұмысын жасап жүре береді. Қайта бұрынғысынан да жақсы жасайды.

— Мен қазақтарды енді танып біле бастадым. Сәл кештеу білдім-ау деп өкініп, ұялып тауып жүрген жерім бар, — деп Лобанов сол жерде ағынан жарылды. Жалғыз Лобанов емес сол уақытта қазаққа көзқарасы өте жақсы орыс басшылар көбейе бастаған. Қазақстан басшылығына Колбин келіп, Желтоқсан оқиғасынан соң орыс ұлтшылдары бел ала жөнелді ғой. Тіпті базардағы бейбастақ әйелдерге дейін дауыс көтеріп, аузына келгенін оттағанын көрді бұл шыққыр көзіміз. Бірақ Маңғыстаудағы сарабдал көп орыс жұрты бұл уақытша жағдайға ылықпады да ермеді. Менімен көрші тұратын облыстық мал дәрігер қызмет бастығы Михаил Яковлевич Шухмахер деген еврей бар еді. Орынбордан институт бітірісімен Атырауда болған. 1973 жылдан Ақтауда. Аздаған акценті болмаса қазақша таза сөйлейді. Сол газеттен Колбиннің сөзін оқып алып жетпіс жеті атасынан бері сықпыртып боқтайтын. Оның қазақ тілін бір жылда үйренемін дегеніне тіпті жарылып кетті.

— Атаңның қақ басы! Мен ана тілім орыс тілін жөнді білмеймін әлі. Қазақ тілін 30 жыл бойы үйреніп, оқып келемін. Соның өзінде екі күннің бірінде Сәбит Әбішевтың ауызекі айта салған қалжыңына жауап бере алмай жеңіліп, күлкі болып жүрмін. Тіл үйрену оған жазып берген баяндаманы оқып берудей жеңіл болғаны ма? Осындай кем парықты үлкен бір республиканың басшылығына жіберіп отырған Горбачев дәу де болса есектің миын жеген. Арты келіспейді мұның. Ұйып отырған елді жауластырумен тынады.

Сол Михаил Яковлевичтің айтқаны келді де тұрды,- Құдайға шүкір, Маңғыстау, Ақтау ұлтаралық араздықтан аман. Мұны кезінде Сәкең сияқты зиялы азаматтардың өз тараптарынан жүргізген тәрбие, түсінік жұмыстарының нәтижесі деп бағалаған абзал.

Сөз – үлкен күш. В.И.Лениннің "Не істеу керек?" деген өзінің сұрағына партияның арнаулы газетін шығарып жауап беруі тегіннен тегін емес. Қазақ "аңдамай сөйлеген ауырмай өледі" деп біліп айтқан. Саясатта ел мен елдің арасын келістіретін де, кетістіретін де сол сөз. Кей-кейде күн көріс көзім сөзбен жұмыс жасайтын адам болуым себепті бірсыпыра әріптестерімнің баспасөз бетіндегі бұралқы пікірлерін оқып қалғанда менің қаралай апшитыным содан. Маңғыстауда "Огни Мангышлака" дейтін газет бар. 1967 жылдан бері шығып тұрады. Ұжымы жақсы, творчестволық қабілеттері жоғары журналистері баршылық. Бірақ бес саусақтың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде де бір енін ішіне бүгіп жүретіндер болды. Солардың қолымен 1987 жылы "қазақтар Ақтау дегенді қайдан шығарып жүр. Қала аты әуелден Шевченко" деген мазмұндағы әңгіме газет бетіне түсіп кетті. Оған қарсы намысы бар бір қазақ авторы (автотранспортшы) қалаға Ақтау аты қайтарылсын деп қарсы мақала жариялады. Содан Найманның Жылқайдарының баласының намысқа шабатын жері ғой. Қаламына жармасты. Біраз нәрсені еске алды.

1964 жылдың қаңтары. Ақтауда (қаланың сол кездегі ресми аты солай) әуелі 1 партия конференциясы, артынша 1 комсомол конференциясы болды. Оған Өзеннен төрт комсомол Сәкең, Төремұрат Торғауытов, ұңғыларды игеру цехынан мастер Беркович, мектептен 9 сынып оқушысы (менің сыныптасым, қазір Ақтауда тұрады) Сәуле Әуелбаева делегат болып келді. Сол конференцияда Қазақстан ЛКСМ ОК-нің хатшысы Камал Смайылов марқұм сөз сөйлеп былай деген еді.

— Ақтау, Кентау, Қаратау, Хромтау — бұлар Қазақстанда тек соңғы жылдары ғана пайда болған жаңа қалалар. Республиканың мәртебесі биіктеп, тауға өрлеп келе жатқанының символы болса осындай-ақ болсын!

Өкінішке орай бұрынғы "Меловой", "Гурьев-20" аттары қандай қысқа болса мына Ақтау аты олардан да қысқа, бар болғаны 5-ақ ай болды. Бір күні Сәкең радиодан "тұрғындарының көптеген өтініші бойынша Қазақстандағы Ақтау қаласының Украинаның ұлы ақыны Т.Г.Шевченконың аты берілді" деген хабарды естіп қаны басына шапты.

"Көптеген өтініштің" сырын Ақтауда Т.Г.Шевченко ескерткішін ашқан салтанатты сол кезде СССР Орта машина жасау министрі Е.П.Славский ашты кейіннен:

— Бұл қалаға баяғыда ұлы Кобзарь атын беруді сұрап Қазақстан үкіметіне хат жазған мен едім. Үкіметке рахмет, ұсынысымды аяқ асты еткен жоқ, - деді сөйлеген сөзінде. Марқұм Ефим Павловичтің Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстауға жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Бірақ тап осы Ақтау мәселесінде "қарына тартпағанның қары сынсынның" керін келтіріп жіберіпті.

Сәкең осыларды бажайлап мақала жазып "Огни Мангышлакаға" берсін. Хабар жоқ. Артынан редакторлық шолу мақалада мұның аты сөз арасында сүйкей салды аталына салыпты. Бір кездескенде редакцияның бір орыс журналисі құпиялап мақаласының басылмайтын болғанын жеткізді. Бастаған істі жарты жолда қалдырар кісі емес қой Сәкең. Мақаланы қайта көшіріп Республикалық "Казахстанская правдаға" жіберді. Арада аттай 7 күн өткен соң ол мақала өзгеріссіз жарияланды. Оны оқыған бойда Лазарь Тумышев, марқұм, телефон соғып құттықтады.

Петр Егорович Корсун деген геолог бар еді. Егде кісі. Байыпты адам. Қулық-сұмдыктан ада, жұмысын ғана білетін түс орыс.

— Петр Егорович, Сіз бен біз осы өлкенің тірі шежіресіміз ғой. Бәрі дерлік көз алдымызда өтті. Біз жазсақ ұлтшыл деп шыға келетіндер толып жатыр. Сол жаманаттан қаймығамыз. Ал Сіздің жөніңіз бөлек, - деді Сәкең онымен кездескен бір ретте. Мың болғыр Петр Егорович емеурінді бірден түсінді.

— Дұрыс айтасыз, Сайлау Есжанович! Менің есіме бұл неге келмеген, ә. Күні ертең жазам. Ақтау бұл жердің ежелгі аты. Халық берген, солай географиялық картаға түскен атты өзгерту дұрыс емес. Озбырлық, - деді Корсун. Ертесіне ол мақаласын жазып редакцияға барды. Редактор Валерий Иванович Вова (өз айтуынша украин, білем деушілердің айтуында Моисей пайғамбардың үмбеті, қазір Москвада тұрады) енді шегіне алмады. Қаланың Ақтау атын қайтару туралы мақалаларды там-тұмдап шығара бастады.

Ақтың ісін ақымақ сөндірмейді. Ақыры жұртшылық талабы орындалды. Ақтау өзінің төл, заңды атын алды. Қазір қаланың әуежайға қараған кіре берісінде бұрынғы "Шевченко" деп жазылған тұғырдың орнында басқа ескерткіш. Ұлутастан қашап жасалған тұғырда түйелер кескіні. Бұл мұның бағзы Жібек жолының сілемі екендігін аңғартады. Ескерткіш авторы Сәкеңнің досы Сайын Назарбеков.

Сөйтіп, біздің Сәкең — Сайлау Есжанұлы Жылқайдаров Ақтаудың өз атымен қайта қауышуы үшін де бір кісідей күресіп, атсалысып еді.

АЛМАТЫ АСУЫ

Одақ тарады. Бүкіл әлемдік саясатқа ықпал еткен алып держава бір күнде құлады. Көп елмен бірге Қазақстан да егемендік алып шыға келді. Адамның ғұмырындағы сапары алғашқы тәй-тәй қадамынан басталады ғой. Ал оның оңай болмайтынын бәріміз де білеміз. Қазақстан да солай болды. Бұрын шылбыр ұшын да, тізгін ұшын да орталық ұстап, шикізат өндіруші ғана болып келген елге көп нәрсені басынан бастауға тура келді. Бір ғасырға жуық мұнай өндірген, Одақтағы РСФСР-дан кейін мұнай мен газға бай республиканың өзінің дербес мұнай министрлігі жоқ болатын. Яғни мұндағы барлық құрылымдар тікелей Москваға бағынады. Енді Одақтың күні біткен соң, бәрі шашырап шашылды да қалды: Солардың басын құрау мақсатымен Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылды. Мұнай өнеркәсібі соған қосылды. Министр Қадыр Қарқабатұлы Байкенов. Оның бірінші орынбасарлығына Нұрлыхан Бекбосынов шақырылды. Бірінші орынбасар тек мұнай газ саласымен айналысады.

Бұл 1992 жылы наурыз айында болған жай. Нұрекең кетерінде:

- Алматыда мұнайшылар жоқ. Қажет кадрларды Маңғыстау мен Атыраудан шақырамыз. Барам деушілер болса, қамдана берсін,—дегенді айтқан жігіттерге. Біздің бағзы көшпелі бабаларымызға тартпаған мінезіміз бар. Кеңес кезінде отырықшыланып алдық. Оған бауыр басып, сал бөкселеніп кеткеніміз соншалық енді қазақты жуық маңда орнынан қозғалту қиын болды. Нансаңыздар кезінде біраз отбасылар Жаңаөзеннен Ақтауға қиналып көшкен. 1964 жылы геолог Қанзиба Есмурзинаға Ақтаудан үй беріп, ол үйренген жерімнен көшпеймін деп Ескіөзенде баяғы жер үйінде қалып қойған. Сол қазақтың, сондай қазақтың өкілдері Нұрекеңнің әлгі сөзіне бірден қолқ ете қойған жоқ. Баяғы көнбіс "көрермізін" айтып жүре берді. Ең алдымен қозғалған геофизик Әшіралы Бижанов болды. Ол барып жаңа министрлікке орналасып алды. Енді жаңа жерде жалғызсыраған Әшіралы жолдастарын үгіттеуге көшті.

Көшпелі қазақтың нағыз үлгісі Сәкеңнің елі Бағаналы Наймандар. Ата күлдігі Ұлытау олардың әуелі Шу бойына келгенін, одан Оңтүстік, Өзбекстан, қайта айналып Түркістан келгенін жоғарыда айттық. Сәкең өзі олардан да озып шығандап Маңғыстауға барды. Ата қаны бойында бұрқыраған Сәкең оның көшпелілік қасиетін де жоғалтпай сіңісті еткен екен. Бұл жолы да сонысына бақты. Нағыз қазақ әйелінің эталоны Әлпия, сірә күйеуіне қарсы келе бермейді. Қайта ағайын-туғандарға жақындаймын деген ниетін құп ала кетті. Отбасы кеңесі солай мақұлдаған соң Сәкең апрель айында Алматыға келді. Қасында Нұрекең бар министрге кірді. Қадыр Қарқабатұлы әуелде "бізге жас кадрлар керек еді. Сіз..." деп күмілжіп бастап еді Нұрекең кимелеп әкетті. Сайлау інісінің мақтауын жетістіріп жатыр. Көзіңді бақырайтып қойып мақтаған қиын екен, Сәкең ыңғайсызданып та отыр. Нұрекеңнің ыңғайын байқаған соң министр шақыру қағазына қол қойды. Солай Алматыға өкше көтерілді. Маңғыстау барлау бұрғылауы басқармасының қаладан сыртқары теңіз жағасында демалыс үйі бар. Соның бірінші сатылы рестораннан бір де кем емес асханасына жолаяқ дастарқаны жасалды. Қара тілдің жүйрігі Сәкең талай дастарқанды асаба болып басқарған. Бірақ сол сәтте қысқа кіріспе сөзде қиналды. Өйтпегенде ше? Мұнда бозбала жігіт кезінде келіп еді. Жалынды жастығы өтті. Жігіттігі өтті. 4 перзенті осында дүниеге келді. Қайын жұртына төс жейтін жаста келіп, міне, бас жейтін жаста кетіп барады. Қайран Адай елі күйеу деп есік алдына отырғызған жоқ. Найман атаңның баласы деп жолын беріп, төріне шығарды. Бір Адай баласынан орынсыз сен деген сөзді естіген жоқ. Айбынды елдің айдынында ақ пейіл, ақ көңілдің ақ желкенін керіп қайықтай жүзді. Маңғыстаудың жарықтық 360 әулиесі жебеудей-ақ жебеді. Енді сол елден жырақ кетіп барады.

Көңіл қатты толқыды. Алқымда кептеліп бірдеңе тұрғандай. Көзі түскір де дымқылданып сыр бергісі келіп тұр ма немене өзі?!

10 май күні ұшаққа отырды. Алматыда тұратын апа-жездесінің үйіне келіп түсті. Ертесіне жұмысқа шықты.

Министрлік Чайковский мен Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы бұрынғы Энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігі үйінде. Асханаға келгенде онда жалғыз қазақ әйелі жұмыс жасайды екен.

— Осыншама қазақ қалай бастарың құрала қалған?— деп таң қалды. Сөйтсе бұрын мұнда қазақ болмапты. Министр өзі қазақ, әйелі орыс. Жаман күйеу қайынсақ деп, кілең орыстарды тоғыта берсе керек.

— Бұл қазақтардың бәрі мұнайшылар,- дегенді естігенде әйел тіпті бір жасап қалды. Қазақстанда үлкен бір өндірістің тұтқасын өзінің қандастары ұстағанын біліп марқайып қалды.

Сәкең өз мамандығы бойынша Қазақстандағы көмірсутекті қорды басқаратын басқарма басшысы. Жұмыс қиын. Күніне 10-12 сағат тапжылмай отыруға тура келеді. Жаңа орындағы Сәкеңнің үлкен бір табысы компьютерді меңгеріп алды. Ден қойса үйренбейтін ештеңе жоқ. Әрі-беріден соң тіпті екі қолы компьютерде пианинода ойнаған шебер музыканттың қолындай жүйткіді.

Министрлікгегі Сәкеңнің қоғамдық жұмысы ел жақтағы жігіттерді жұмысқа шақыру болды. Мұнда Жақсылық Жанғазиев, Мұрат Құрбанбаевтар бар Өзеннен. Бірақ қараның көп болғанына не жетсін.

Сисенбаев Қуаныш Маңғыстау мұнай-газ бірлестігіндегі белді маман. Талантты инженер. Қалжыңы жарасатын Сәкең оны "двойной шолақ" дейді. Олай дейтіні оның руы Жеменейдің Шолағы. Бір саусағының басының мүкісі бар. Бірде соған телефон соқты.

— Ау, Қуеке, астанаға, министрлікке келмейсіз бе? Бірлестік ендігі жерде сенсіз де күнін көрер. Мында тап сен істейтін игеру саласы бастық іздеп жатыр.

— Е, мені кім шақырыпты?—дейді Қуекесі.

— Ойбай, Қуеке-ау, анада Нұрекең айтқан жоқ па?

— Нұрекеңнің онысы тек әншейін жігіттердің көңілін делбеген сөз сияқтанды маған.

— Сен қызық екенсің ғой. Нұрекең ондайдан аулақ. Және далаға несие сөз шығындамайды. Сол айтқаны — ресми шақырғаны. Енді қалғанына өзің талпынбайсың ба? Құдайекеңнін өзі "сақтансаң — сақтармын" деп жауапкершіліктің ауыр басын пенденің өз қолына ұстатып қойғанын ұмыттың ба?! Сөзді қой, бәлкім сен Клеопатраның Римге келген салтанатындай қылып әкелуді күтіп жүрген шығарсың Алматыға?—деп қатты сөзінің артын қалжыңмен тұздықтап жіберді Сәкең.

Сөйтіп, игеру саласының бастығы болып Қуаныш Сисенбаев келді. Маңғыстаулықтар саны тағы бір маманға көбейді.

Бұл ведомстволық кедергі деген бір қайда да қашан да қалмайтын пәле. Жаңа министрліктің Геология министрлігімен тұзы жараспады. Сондай теке-тіресте бұл жақтың мүддесін қорғайтын Сәкең. Өндірісте жинаған мол тәжірибесі бар, көбінде өз жағының дұрыстығын дәлелдеп шығады. Келген мәлімде ұтылмайды. Сөйтіп ол мұнда бейне мұнайшылар жағының шешен биі, штатты мүдде қорғаушысы бола білді.

АҚШ пен Канаданың бір компаниясы Ақтөбе мен Орал облыстарының қосылысқан жерінен мұнай-газ іздестіруге жалға алған бір алаң алатын болды. Соны берер алдында екі министрлік біріккен комиссия шығарды. Геология министрлігінен министрдің орынбасары Борис Николаевич Москаленко комиссия төрағасы, Отын-энергетика ресурстары министрлігінен Сайлау Жылқайдаров орынбасары болды. Бұрын мұндай қызметпен кім істес болған. Шетел өзінше тиімді ұсыныстарын өткізбек болып жанталасқаны бірден-ақ білінді. Оны білмейтіндей бұлар көр соқыр емес. Қысқасы бұл шаруа 1 жылға жақын уақыт жүрді. Қазақстан өзінше тиімді шартпен 5 жылға барлау жұмысы үшін жалға берді. Бірақ олардың ізденісі нәтижесіз аяқталды.

Егемендіктің алғашқы жылдары өз қателігімізден үйренумен өткенін мойындауымыз керек. Көп нәрсе жаңа, тосын еді. Қазір көп жазғыштар мұның бәріне сол кездегі үкіметті, ел басын кінәлі етіп көрсетіп, көп ағат қадамдарды Қазақстан байлығын тонап, талан-таражға салудың құйтұрқы әрекеті деп көрсетуге әуес болып алды. Құдайымызға қарап айтсақ тап осы шоқы белдеу.

Рас, ондай қара ниеттің, пейілі қаралардың болғанын атымен жоққа шығармаймыз. Бірақ бүкіл мемлекеттің бүтін бір кезеңдегі қызметін талақ ету тарихи ақиқатқа қиянат.

Ол кездің басты қателігі елді басқару тәжірибесінің әлі қалыптаспағанында жатыр. Олқылық әсіресе, министрлер кабинетінде көп болды. Мысалы, 1993 жылдың майында министрліктің, премьер Терещенконың қолымен түске дейін бір, түстен кейін басқа шешім алғанының куәсі болды Сәкең.

Бір күні елбасы Назарбаевтың қолымен шешім алуға деп бұрыштама қойылған бір хат келді министрлікке. Министр шешімді жауап дайындау үшін ол хатты осы саланың білгір маманы ретінде Сайлау Жылқайдаровқа берді. Авторы Атырау облысының басшысы Сағат Түгелбаев. Англияның "БП" фирмасы Каспий теңізінің қайраңынан мұнай іздемек екен. Соған артықшылық, әр түрлі жеңілдік пен рұқсат сұрайды.

Сәкең көп ойланды, көп толғанды. Ертеректе Бакуде бір ай білім жетілдіру курсында болғаны бар еді. Сонда Мирза Джанзаде деген әзірбайжан академигінің:

— Менің қолымда билік болса, теңіз ортасынан мұнай өндіріп тұрған Нефтяные Камниды жапқызар едім. Теңіз астынан мұнай алу — теңіз айдынындағы тіршілік әлемі үшін тікелей төнген апат. Маған бір тонна мұнайдан бір шабақ артық,—деген сөзі есіне түсті. Теңіз астында мұнай бар. Ондағы мұнай болуға тиіс Қашаған мен Құрманғазы структуралары Кеңес кезінде-ақ белгілі болған. Оның екі жағындағы Астрахан мен Теңіз алаңынан өндірілген мұнай құрамында күкірт көп. Адамдар противогазбен жұмыс жасайды. Өйткені, беті аулақ, адамның мүрдем кетуі үшін ұңғыдан шыққан мұнай иісі тараған ауамен бір рет демалуы жеткілікті. Егер ол суға араласса маңайдағы теңіз суы күкірт қышқылы болып шыға келеді. Теңізге төгілген бір тонна мұнай бүкіл тіршілік иелерін қырып салады. Ал олай болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. 100 пайыз апатсыз жұмыс жасайтын техника мен технология ешбір елде жоқ. Жуық арада болу мүмкіндігі де жоқ. Оған мысал Теңіз кен орнындағы бір жылға жуық әл бермей жанып жатқан N37 ұңғы. Каспий теңізін өлі теңізге айналдыру үшін сондай бір ұңғыдағы бір күндік апат жетіп жатыр. Одан соң теңіз тері, көн қотыр ауруларын емдеуден өзге түкке жарамайды. Тіпті тұщытылған суы да ағзаға зиян. Осыларды сарапқа салған Сәкең бұл ойларын қағазға түсіріп, дәлелдерін келтіріп, "бұрғылаудың бүгінгі қазу технологиясымен техникалық даму деңгейі апаттың алдын алуға жеткіліксіз.

Каспийді қазуға әлі ертерек" деген тұжырымын дәйектеп президентке жауап дайындады. Тәртіп бойынша хатты дайындаған адамның аяғында аты-жөні, сірә жазулы тұрады. Хат президентке кетті. Өкінішке орай бұл жауаппен санасқан ешкім болған жоқ. Бірде Назарбаев Байкенов министріне:

— Сен Каспиймен айналысасың ба, жоқ, өзім айналысайын ба?—деп жекіпті. Артынша "Қазақстан Каспий шельф" құрылды. Теңіз айдынында мұнара орнады.

Сәкеңнің сақтандыруының дұрыстығын артынша өмірдің өзі дәлелді. Теңіздегі ең сезімтал, ағзасы нәзік мақұлық итбалық. Алдымен сол қырылды. Жағаға шығып қалған балықтар да көбейді. 2003 жылдың жазында баба күлдігім - Үстірттің Айрақтысына барғанда соған менің өзім де куә болдым. Жаға толы сары сазанның өлігі.

Каспий әлемдегі айрықша айдын. Әуелі ол тұйық теңіз. Ал соған қарамастан ішкі иірім ағысы өте қатты. Тіпті ол атақты Гольфстримнен де жылдам ағыс. Каспийдің ұзына бойына созылып жатыр. Одан басқа көлденең ағыстар да жетіп артылады. Ең күшті ағыс Түпқараған түбегінің солтүстік батысымен қазіргі мұнай табылған Қашағанды шарпып етіп барып үлкен ағысқа қосылады. Каспийде итбалықтың, балықтың қырылуы ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында да болған. Бұл теңіз тағдырына бей-жай қарай алмайтын Соғыс министрі Куропаткин апаттың себебін анықтау үшін комиссия шығарған. Ол Қайдақ, Өлі Қолтық шығанағының астындағы мирабилит тұзының еріген тосабының теңізге ағуынан деп түсіндірген апат себебін. Оның дәлелі Қарабұғазға өткен балық атаулы көзі ағарып кетіп өледі. Ит балық бірден мүрдем кетеді. Өлі Қолтықтың олай аталу себебі кей жылдары оған келген балық, ит балық атаулы қырыла берген. Ана жылы теңіз тасығанда Қайдақ пен Өлі Қолтыққа су келді. Сол жазда жел бірыңғай оңтүстіктік шығыстан тұрып ол суды кері айдаумен болды. Яғни ағыс пайда болды. Теңіз табанындағы еріген мирабилит тосабы сөйтіп ұқлы теңізге жетті. Сол жылдан басталды әлгі қырғын. Ол уақытта теңізден ұңғы қазылмаған. Кейіннен теңіз тартылды. Бірақ балық пен ит балық өлімі әлі жалғасуда. Сөз жоқ, бұл теңізді бұрғылап жатқандардан келген ылаң. Ұңғыны қазу кезінде, одан соң да қанша тұмшаладым дегенмен саңлау қалмай тұрмайды. Ең азы бұрғылау ерітіндісі төгіледі, ерітіндіні ауырлатқан химреагент қоспалары шашылады. Әйтеуір теңіз ластанады. Бұл қазіргі ғана. Ал болашақта — не болады ол жағы бір құдайға ғана аян. Ескертеріміз — кезінде, кезеңінде Сайлау Жылқайдаров деген қазақтың бір атпал азаматы Каспий теңізінің тағдырына жаны шырқырап арашашы болып еді. Сол ұмтылмағай.

Сәкеңнің Каспийге тағы бір қатысы министр Байкеновтың қолымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министріне Каспий теңізіндегі шекара мәселесін айқындауды тездетуді өтініп хат жазды Әшіралы Бижанов екеуі.

Каспий мәселесі онымен де біткен жоқ. Сәкең бірде министрдің қабылдау бөлмесіне кіре қалса, Ұзақбай Қарабалин бір кісімен әңгімелесіп тұр. Ұзақбай таныстырды. Ол Атыраудың әкімі Сағат Түгелбаев екен. Сәкеңнің атын естігенде жаңа таныстың:

— Менің жауым осы кісі екен ғой! - деп шарт ете түскені. Әдетте мұндай сөз әзілі жарасқан, бұрыннан сыр мінез адамдардың арасында қалжың ретінде айтылар еді. Оның айып-шамы жоқ. Мынау бірінші кездескен кісінің, оның үстіне бүгін бір облыстың басшысының айтар сөзі емес. С.Түгелбаев артынан да кездескен жерлерде Сәкеңе оқты көзімен қарап жүрді. "Қыз Жібек" эпосында Бекежан тұсына келіп, аужар айтқанда Қыз Жібек алғашқы сөзінен-ақ білінген Бекежанның бар болмысын бетіне баспаушы ма еді. Мына С.Түгелбаев та солай бір көргеннен-ақ солай шамасын аңғартып алды. Ол көп кешікпей орнынан түсті, саяси аренадан біржола кетті. Бірақ Каспий мәселесінде дегеніне жетті. Айдынға шетелдіктердің аяғын малып кетті. Келешекте жаман айтпай жақсы жоқ Каспий құрдымға кетер болса, құныкердің бірі осы Сағат Түгелбаев екені есте болғай.

1994 жылы бұл салада үлкен өзгеріс болды. Мұнай мен газ саласы бөлініп шықты. Министр болып Равиль Шырдабаев келді. Ол алғаш Өзен ауданында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып келіп бірер жыл Маңғыстауда болып кеткен. Жаңаөзен оқиғасынан соң 1889 жылы қалалық партия комитетіне бірінші хатшы болды. Сол кездегі демократия жылымығындағы оның хатшылықтан да тайдырылу қаупі төніп, оның бұлты тікелей Нұрлыхан Бекбосыновтың араласуымен ыңырағаны туралы "Маңғыстау мақтаныштары" айдарымен шыққан "Нұрлыхан Бекбосынов" кітабында толық баяндағанымыз себепті қайталап жатпаймыз. Ол сол хатшы кезінде әріптесі, Ералиев ауданының бірінші хатшысы Қайролла Ережеповпен бірге жоғары кеңестің депутаттығына кандидаттыққа түскен. Жеңіліп қалды. Өтпеді. Басқа-басқа сол өзі хатшы болып отырған Жаңа Өзен халқының өзі оған дауыс берген жоқ. Маңғыстау облысы құрылғанда енді ол жерде қалып мәнпахат таба алмайтынын сезген ол Атырауына қарай көшінің басын бұрды. Онда жолы ашылып, кейіннен облыстың бірінші басшысы болды. Біз Р.Шырдабаевтың саяси қызметіне баға беруші емеспіз. Оны мақтаудан да, даттаудан да аулақпыз. Қысқасы бар жағынан бейтараппыз. Бірақ бір нәрсені айтуды парыз санаймыз. Ол Маңғыстау елінен рушыл (Р.Шырдабаевтьщ руы Таз) жершіл деген бағасын алып кетті.

Р. Шырдабаев министр болып келді де бірінші орынбасар Нұрлыхан Бекбосыновты ығыстырды. Нұрекеңнің Жаңа Өзенде өзіне жасаған жақсылығына осылай жауап берді. Содан кейін Бекбосынов командасын — яғни ол шақырып әкелген кадрларды ығыстыруға кірісті. Сонда көз қырына ілінгені Сайлау Жылқайдаров.

Бірақ бұл миссиясын жеріне жеткізіп аяқтай алмай Атырау облысына әкім болып кетті де орнына министр болып Нұрлан Балғынбаев келді.

Сәкең жаңа министрдің қабылдауына кірді. Мәселені төтесінен қойды. Жалпы мұның сүйегіне сіңісті мінез күлбілтелеп жатпайды, көкейіндегісін бірден ақтарады. Сонысына бақты.

— Сіз де Шырдабаев бағытында боласыз ба? Жоқ, басқаша бола ма?

Министр қыбыжықтап:

- Сіздің орныңызға бұрынғы министр басқа адам шақырып қойыпты. Оны мен енді қайтарып жібере алмаймын ғой, - деді. Түсінікті. Түтіннің қалай ұшары белгілі болды. Сәкең сол жерде арызын жаза қойды. Біз бұл жерде етене кейіпкеріміз Сәкеңе Н.Балғынбаев көзқарасы солай болды екен деп ғайбат айтудан аулақпыз. Керісінше, қазір оған үлкен түсіністікпен қараймыз. Жаңа басшының аты жаңа басшы. Мұндайда "танымасын сыйламас" деген алға түсіп кететіні бар.

Сәкеңді алдында Геология министрі Серік Дәукеев жұмысқа шақырған. Ол әрине, Сәкеңді Орал Ақшолақов деген өзі құрметтейтін маманы арқылы білген. Орекең мен Сәкең — жасы құралыптас. "Екі шал" алдыңғы жылы күзде екі ай Стамбұлда жұмыс жасаған мемлекеттік комиссия құрамында істес болған. Сонда бір-біріне қадір арттырған. Дәукеев шақыруын осы Орекең арқылы жеткізген. Сәкең оған:

— Кетіп қалсам, Нұрекеңнен ұят. Оның сенімін ақтамай жерге қаратып кеткен болып шығамын,—деп жауап берген. Енді жағдай өзгерді. Бұл Орекеңнің алдына өзі келді.

— Министріңіздің мені шақырған көңілі орнында ма екен, Ореке!

— Орнында болғанда қандай. "Бізге тап Жылқайдаровтай маман ауадай қажет" деп отырған жақында ғана.

— Ендеше мен құзырыңызға келіп тұрмын.

Екеуі министрге кірді. С.Дәукеев сөзге келген жоқ. Қабылдады жұмысқа. Сол жүздесуде жылы жымиып отырып айтқаны:

— Команда деген болады деп жатады ғой осы. Басқа жерде онысының қандай екені маған беймағлұм. Бізде бір-ақ Геология министрлігі деген команда бар. Соған ғана бағынсаңыз деген тілегі бар министр ініңіздің.

Сөйтіп, Сәкең мамандығына сай шын мәніндегі геолог болып шыға келді. Ілкі еңбек жолын осы министрлікте бастап еді. 1964 жылдың мартында Өзен мұнай барлау экспедициясының Мұнай министрлігіне берілуіне байланысты мұнайшы болып кеткен. Арада 30,5 жыл уақыт өткен соң сол Геология министрлігімен қайта қауышып тұр.

С.Дәукеев Сәкеңнен біраз кіші жас жігіт. Білімді, сыпайы, мәдениетті. Үлкенге ізеті мол. Әсіресе, Орекең, Сәкең ағаларын қатты құрметтеп сыйлайды.

1996 жылы министрлік Астанаға көшетін болды. Онда баспана қат. Үкіметтің көшіп келетін барлық ұжым басшыларына жасы 45-тен асқандарды әкелме деген құпия нұсқауы жұрттың бәріне мәлім. Басқа мемлекетті қайдам, біздің Қазақстанда ешқандай құпия деген болмайды. Әсіресе, үкіметте. Оның құпиялап шығарған қаулы-қарарлары, жарлығы шықпай жатып-ақ жұрттың аузында жүреді. Бұл тұрғыдан келгенде сөз жоқ Қазақстан нағыз шынайы, демократияшыл мемлекет. Ғажап!

Астанаға шақырған күнде де Сәкеңнің енді көшуге құлқы жоқ-ты. Ол жақ баяғы ата күлдігіне жақын, бабаларының жайлаған жері. Ұлытауы қасында тиіп тұр. Бірақ Алматыға орнығып қалды. Жағдайы жақсы. Ағайын-туманың ортасында. Енді пайғамбар жасына келгенде жылы орнын суытқысы жоқ. Осы жайларын Орекеңе айтты. Ол сірә, Астанаға бармайтын кісі. Мұның қорытындысын дұрыс деп тапты. Одан сондай құптау тапқан соң, министрге кірді. Обалы не керек, Серікбек Дәукеев қиналып қалды.

— Астанаға кадр апаратын біз, мен ғой. Менің ол билігіме ешкім қол сұқпайды.

Байқап отыр — министрдің жібергісі жоқ. Сосын жасының келгенін алға тартты Сәкең. Балалар Алматыда қалмақ. Қартайғанда кемпірі екеуі олардан бөлек тұрғанда не сән. Ақыры Серікбек інісі қинала-қинала отырып арызына қол қойды.

Айтпақшы, айта кетелік. Сәкең осы Алматыда, баяғы Әлпия екеуі алғаш отау тігіп қосылған, өмірге жолдама алған құт қоныста 60 жасын тойлады. Оған елден екінші Отаны Маңғыстаудан ағайын-туа, дос, жолдас, аға, іні — бәрі келді. Айтылған ақ тілекте есеп жоқ...

...Білімді, білікті маман далада қалмақ емес. Оның қадірін әсіресе, шет елдік компаниялар біліңкірейді. "Іс тетігін кадр шешеді" деген қағида оларда Құранның аятындай дерлік. Соның алдында ғана Сәкенді АҚШ-тың қазақстандықтармен бірлескен "КуатАмлонмұнай" шақырып жүрген. Мұның бас директоры Құлжанов Медғат деген жігіт. Мамандығы құрылысшы.

— Сен болсаң, құрылысшысың. Мұнайды қалай өндіресің?—деп қалған ол уақытта министрлікте істеп жүрген Сәкең.

— Оның жарасы жеңіл. Сіздей мамандарды тартамыз. Сіз осы бізге келсеңізші, Сәке. Барлық жағдайыңызды жасаймыз,—деп жата кеп жабыссын. Сол ұсынысын кеше тағы қайталаған. "Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсыңның" кері келе кетті. Сәкең еңбек кітапшасын алған бойда сонда тартты.

Бұл компания Қызылорда облысындағы Қоныс, Бектас деген 10 млн. тонна мұнай қоры, 4-5 млрд текше метр газ қоры бар шағын кен орындарын игерумен айналысады. Көмірсутекгі қазынасы аз жерде осының өзі үлкен байлық. Қазақстанда қазір көп мұнайлы алаңдар осындай. Мысалы, Ақтаудың түбіндегі Доңғаның да қоры 10 миллион тоннадай. Содан мұнай өндірген шетелдік компания пайдаға кенеліп отыр.

Сәкең осында 2001 жылдың қыркүйегіне дейін жемісті жұмыс жасады. Сол күзде компанияның Қызылордаға көшуіне байланысты жұмыстан шығуға тура келді. Астанаға көшпегенде Қызылордаға қайдан көшпек.

Орал Ақшолақов — Орекең де бір ірі компанияға орналасқан. Сәкеңмен байланысты үзген жоқ-ты. Оның компаниясы дәл сол кезде мемлекеттен тапсырма алып, мұрнынан шаншылып жатқан. Тапсырма Қазақстандағы көмірсутекті қосылыстар қорының болжамын жасау. Ондай қор бар, болуы мүмкін ойыстың саны республикада 14. Және кейбірі Европаның бір-бір мемлекеті сыйып кетерліктей үлкен. Жұмыс көлемі өте ауқымды.

Сәкеңнің жұмыстан босағанын естіп, қуанып кеткен олар сол бойда өздерінің есігін айқара ашты.

—Бір партия ашамыз, соған бастық бол,— деп, жата-жастана жабысты. Сөйтіп, тағы бір қызу жұмыс басталып кетті. Ұжым күші аздық ететін болған соң жұмысқа ғалымдар, жер-жерден мамандар, мысалы, Маңғыстаудан А.А. Рабинович тартылды. Бұрын бұл бағытта жасалған есептер қайта сараптаудан өткізілді. Қысқасы 1,5 жыл уақыт ішінде бұл жанкешті топ кеңес кезінде бүтін бір ғылыми-зерттеу институты жылдар бойы жасайтын жұмыс көлемін тындырды. 14 ойыстың әуелі методикалық әдістемесі, екінші кезекте геологиялық есебі жасалды. Мемлекет тапсырмасы абыроймен орындалды. Баяғы кез болса, жұмыс авторлары мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтармен, орден, медальдармен марапатталып жатар еді. Өкінішке орай өркениетке өз жолымен қадам басқан елде ол ескерусіз қалды.

Бұл жұмыс солай біткен соң Сәкең тағы бір шақырып отырған жер "Орталық Азия мұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке барып орналасты. Серіктестік үлкен ұжым. Теңге кен орнын игеріп жатқан кәсіпорынмен жарналас. Онда газбен қоса мұнай да бар. Қоры да біраз. Бұлар соны өндірумен айналысады. Оған қоса Каспий маңы ойпатында екі үлкен барлау алаңы бар. Соның біріншісі Орталық Үстіртте. Қоңыр, Мұқтар, Ақмешіт деген жерлер. Батысы мұнай беріп тұрған Қарақұдық, шығысы Шақпақты — ірі газ кен орны. Структура аумағы кең. Геологтың көкейкөзі айтады — бұл маңайда үлкен мұнай, газ кеніші ашылуы керек. Осылайша Сәкең өзінің өлең ортасы, стихиясы Маңғыстаумен қайта қауышты.

Шіркін, геолог Сайлау Жылқайдаровтың бұл болжамы оңынан оралса ғой! Онда Маңғыстаудың екінші өрлеуі басталар еді. Үстірттің аңылжыған иесіз даласына ел барар еді, өмір орнар еді.

Сірә, кездейсоқтық деуге келмес, Алланың бұйырмысы, жазмышы солай болар, біздің өлкеде белгілі бір кезеңдерде бағзының өзгерісі қайталанып отырады. Яғни, дамуда синусойдалық заңдылық бар. Және ол боларын күнілгері нақты белгісімен аңғартып отырады. Мысалы, Мақат - Маңғыстау темір жолын салуға дайындық 1959 жылдың жазында басталды. Ол кезде түбектен мұнай табылады деген ой жоқ-ты. Ой болу былай тұрсын мұнда жүріп жатқан мұнай-газ барлау жұмыстарын үзілді-кесілді тоқтату мәселесі күн тәртібіне қойылған. Темір жол уран үшін, онда да Орта машина жасау министрі Ефим Павлович Славскийдің жеке белсенділігімен тартылды. Славский марқұм кезінде ол үшін жоғарыдан сөз де естіді. Ауыр жазадан тек Өзен мен Жетібайдан мұнай табылуы құтқарды. Қазір тап сондағыдай жағдай айна қатесіз қайталанып отыр. Өзбекстаннан аталған барлау алаңдарының үстімен қазір іргетасы қаланып жатқан болашақ Құрық портына тіке темір жол тартылмақ! Оның жоба жоспары дайын. Және оны тартуға Маңғыстаудың теңіз қақпасы арқылы Таяу Шығысқа шығуға мүдделі Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай көбірек ықылас танытып отыр. Біз оның келуін жолдан жаңа бір қазына қоймасын ашып қарсылап отырсақ, Қазақстанның, қазағымның асығы алшысынан тұрғаны емес пе!!!

...Мен Алматыда осы жолдарды жазып отырғанда Сәкең — геолог Сайлау Жылқайдаров шұғыл Маңғыстауға аттанып кетті. Жай емес. Геологтың кәдуілгі жоғалтқан ештеңесі болмаса да жоқ іздеген сапары. Өзі Алатаудың бауырында тұрса да көңілі Маңғыстауға қарай алып-ұшып тұратын елгезек жанның солай қарай сәтімен түскен тағы бір жолы.

Үнемі жол үстінен табыла бергенге не жетсін! Сапарлар қайырымен бола берсін, Сәке!

ЖАЙҚАЛҒАН ЖАПЫРАҚТАР

Жастықта тегі баланың тез өскені байқалмай қалады білем. Кеше еңбектеп артынан балабақшаға барып жүрген Зейнептің мектепке барар кезі де келіп қалды. Бұл оқиға ағайын-тума, жолдас-жоралар бастары қосылып тойланып, аталып өтіпті. Зейнеп күткен үмітті ақтап, сабақты жақсы оқыды, алғыр болды.

1970 жыл. Сәкең жұмыстан келіп, шайын ішіп болған соң жаңа газеттерді оқып отырған. Қолына "Социалистическая индустрия" газеті түсті. Сонда бір мақалада "осы ғасыр аяғында әлемде әр түрлі аурулар көбейеді. Барлық елдердің үкіметі медицинаға бет бұра ма? Бұрмаса адамзатқа айта қаларлықтай қауіп төнгелі тұр", — делініпті тайға таңба басқандай. Сәкең ойланып қалды. Әлпия екеуі арадікте балалар өскенде қандай мамандықты алғаны дұрыс деген мәселе төңірегінде пікір алысып қоятын. Сол жерде Зейнеп неге дәрігер болмайды деген сауал өз өзінен туындай кетті. Адам жанына араша болғаннан артық не бар?! Ол ойын Әлпияға айтып еді — ол құптай кетті. Содан қызына дәрігер боласың дегенді құлағына құя берді, үгіттеді. Қара есепке жүйрік Сәкең есептеп отырса қызы адамзат денсаулығына қатер төнген ол кезге нағыз тәжірибелі дәрігер болып барады. Ғасыр аяғы 2000-шы жылға дейін әлі бақандай 30 жыл бар. Аттестатын алысымен инститтутқа түскен Зейнеп 21 жасында оны бітіреді. Сосын жаңа ғасырға 14 жыл жұмыс жасап нағыз маман болып жетеді екен. Сонымен бұл мәселе солай шешілді.

...Менің алдымда альбом. Соған оқушы баланың маржандай қолымен 1973 жылы 6 сәуірде "Кім болғың келеді?" деген еркін тақырыпқа жазған бір парақ шығармасы. Төменгі жағына мұғалім қызыл сиямен "5" деген баға қойыпты. Бұл Жаңаөзендегі N3 орта мектеп оқушысы Зейнеп Сайлауқызы Жылқайдарованың алғашқы шығармасы.

Әкесінің ойлағаны, мамасының құптағаны, өзінің армандағаны болып Зейнеп 1981 жылы Алматы медицина институтының емдеу факультетіне түсті. Тамыр-таныссыз. Білімімен. Өз күшімен. Қазір Зейнеп Алматыда. Қант диабеті, жемсау сырқаттарын емдейтін белгілі білікті дәрігер. Тұрмысқа шықты. Күйеу баласы Нұрболат Өзендегі Амангелді Саймағанбетовтың әйелі Нағиманың немере інісі. Финанс полициясында жұмыс жасайды. 1 ұл, 1 қыздары бар. Ұлдары Мәди колледжге барады. Қыздары Дина 91-жылғы. Мектепте жақсы оқиды.

Ана бір жылдары өзге бюджеттік мекемелер сияқты дәрігерлер де онсыз да аз жалақысын ала алмай қиналып жүрді ғой. Сонда жартылай шыны, жартылай қалжыңы Зейнептің папасына былай дейтін жері ғой:

— Папа, баяғыда жер дүниедегі бақыттың бәрін, жақсылық атаулының жартысынан астамын дәрігердің басына үйіп-төгіп едің. Сол қайда?

— Асықпа қызым, ғасыр аяғына әлі аттай 7 жыл бар. Болады оның бәрі. Көр де тұр айтқаным келеді әлі,— деп жауап береді папасы.

Сол айтқаны болып та келе жатқан сияқты, шүкір. Зейнеп аты қазір көп ауызда жақсы атымен шығып жүрген дәрігерлер санатында.

Көп жанұяда ата-ана мамандығын мирас ететін дәстүр орын алған. Ол барлық халықта бар. Және ата жолын қуған ондайлар жаман маман болмайды. Сәкең бір балам өз жолымды қуса деп, соған Ибрагимді қолайлаған. Оған да ат жалын тартып мінген соң геолог, геология жайлы әңгімелеумен болды. Қайдан да болса кен барлаушылар жайлы әдебиеттерді тауып беруге тырысатын. Онысы нәтижесіз болған жоқ. Ибрагим мектепті бітірген соң бір кездері әкесі бітірген қазақтың политехникалық институтының геология факультетіне түсті. Қазір Қызылордада мұнайға қатысты мекемелерге қызмет көрсетіп жабдықтайтын бір компанияның белді қызметкері.

Ибрагимнің екі қызы — Сәбина мен Әмина экономика және құқық колледжінде оқиды.

Соңғы кезде Қызылорда елдің Оңтүстігіндегі мұнайшы кадрлар көп шоғырланған қала болып алды. Баяғыда Құмкөл ашылғанда кен орнын әуелі маңғыстаулықтар игеріп, кәсіпшілік бастықтығына Мұрат Саламатов жіберіліп еді. Ол кезең қазір келмеске кетті. Мұнда қазір мұнайшылардың көбеюі әскери тілмен айтқанда үлкен шешуші шабуылдың басы сияқты. Геолог мамандар Арал аумағында да мұнайлы, газды кен орындары бар дегенді алға тартады. Шетелдік барлау компаниялары бірнеше алаңды қазып көруге күнде дерлік ынта білдіреді. Егер ол алаңдардан мұнай-газ табылса, Қызылорда басқа жақтан кадр іздемейтін жағдайға келіп қалды. Алдағыны күні бұрын ойлап, ертеңгінің өлшемімен әрекет жасайтын Сәкең Қызылорда төңірегіне жиендерін, балаларын апарып жатса оның негізінде болашаққа деген ұлан-ғайыр сенімі жатыр.

Қызылорда бұл ауылдың ендігі бір өрісі болып саналады.

Немерелерін сағынған Әлпия олай қарай айына бір рет сапарлап келмесе "ауырып қалады".

Сәкең 1992 жылы министрлікке жұмысқа келген соң Алматыда Қазақстан мен АҚШ-тың мұнайшыларының біріккен конференциясы өтті. Өтетін орын "Алатау" санаторий. Шетелдіктердің мұндай алқалы басқосуы көбіне біздегі көбіне мылжың баяндама, былшыл сөз болып өтетін жиналыстан басқаша екен. Мұнда еме-жарқын, дос-жар пікірлесу. Жарасымды әңгіме. Үзілісте бұлар 4 американдық, 6 қазақ бір стол басына отыра қалған. Сонда білді - әлгі 4-еу түгел заңгер, ал 6 қазақстандық түгел мұнайшы инженерлер, геологтар, геофизик-сейсмиктер. Оны айтасыз осы басқосуға мұнай саласының өкілі болып қатысып отырған американдықтардың 90 пайызы заңгерлер. Оған таңғалсаңыз. АҚШ-тың Энергетика министрлігінің 1-ші вице президенті заңгер. Сонда білді — заңгер АҚШ-та ең көп тараған құрметті мамандық екен. Тек АҚШ емес дамыған елдердің бәрінде солай. Әлемнің көп демократиялық мемлекеттері атына заты сай болса, ол осы заңгерлерінің көптігі арқылы түсіндіріледі. Заңгерлер барлық тыныс-тірлігі заңға негізделген, заңды құрметтейтін елдегі шын мәнісіндегі әділдік сақшысы. Және шетінен білімдар.

Сәл нәрседен қорытынды шығаруға бейім Сәкең содан соң ойлансын келіп. АҚШ-тың ол өнегесі, үлгісі көп ұзамай бізге де жұғысты болады. Демек оған осы бастан дайындала беру керек. Қазақтың қашанда соры қамсыздық болумен келген. Содан арылуға тиіспіз. Мектепті енді бітіргелі отырған кенжелері София заңгер болады. София мектепте өте жақсы оқитын. Ата-анаға көз қуаныш баланың ортасында озық болғаны қандай ғанибет. Мектепті барлық пәндерден "5"-ке бітіріп шықты қызы. Ондайда алтын медаль берілуі керек еді – ол жоқ. Бір кездері аттестатында орыс тілі мен әдебиетінен екі "4"-і бар Сәкең күміс медаль алған жоқ па еді? Аң-таң қалған Сәкең мектеп директорына келді. Заңды сұрағын қойды. Директор - ол туралы күні бұрын қалалық оқу бөліміне, ол облыстық оқу бөліміне ескертіп, арнаулы аттестат пен медальға сұраныс берілуі керек еді. Біз ескермей қалыппыз, — деп былқ-сылқ, міңгір-сіңгір етеді. Түсінікті болды. Директор, оқу ісінің меңгерушісі, жалпы педагогикалық ұжымның дені орыстар, басқа ұлттың орыс тілді өкілдері еді. Бұлар алтын медальды қазақтың қаракөз қызына қимаған. Әрине, Сәкең заң жолымен қуынса ол ағаттық түзелетін. Бірақ балапаны қанатын қомдап қияға ұшқалы отырғанда талпынысын даудан бастағысы келмеді. Ырымға жаман болар деді. Әкесінше ренішін "пәдеріңе нәлет" деген бір сөзбен шығарып, оны да ішінен айтып Сәкең қызын Алматы сапарына дайындады.

Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне келіп құжат тапсырған София өз күшімен барлық пәннің емтиханынан өте жақсы деген баға алып студент болып шыға келді. Университетте жақсы оқыды. Сол 5 жыл ішінде студент София Жылқайдарова себепсіз бір де бір рет сабақ қалдырмаған. Барлық пәннен үздік. Жақсы қашан да жерде қалмаған. Және кімнің кім екені сынға түскен мына заманда. Болатын баланың таланты алдымен танылады. Сол таным иесі "Грата" компаниясы. Олар болашақ кадрларын дұрыс таңдайды. Бізде қазір бұл орайда орын алған көлеңкелі жайттар оларға атымен жат. Бұл компания үшін кадр таңдауда бір-ақ өлшем бар. Ол — білімділік, қабілет. Сол ретпен келген олар Софияны университет бітірместен бір жыл бұрын тауып, танып өздеріне қызметке шақырды. Тіпті оқуын бітірмей жатып-ақ қызметке алды. Сөйтіп София Сайлауқызы қызмет істеп жүріп оқуды нағашыларының тілімен айтқанда "үздік құтарып" дипломын алды. Қазір сол компанияда заңгер болып еңбек етіп жатыр. Тұрмыста. Күйеуі Ошақты руының ортан қолдай азаматы Бақтияр. Мамандығы — қаржыгер. Екеуінің тұңғышы — Айғаным қазір 4,5 айлық.

Тап осы жерде айтпасқа болмайды. Софияның оқуына қол көмегін жасаған, яғни батасын берген Маңғыстау мұнайшылары. Бұл бір жағынан өздерімен қиын-қысталаң кездерде бір тер төгіп, мұнайлы Маңғыстаудың атын шығарған достары, үзеңгі серіктері Сайлау Есжанұлына достық көмектері де еді.

София университетке түскен жылы Маңғыстау барлау жұмыстары басқармасының бастығы Аманкелді Максимов еді. Дәл сол кезде студенттің кей тобын ақша төлеп оқытатын коммерциялық дейтін шықты. София сол топта. Мұны естіген Аманкелді ешкімнен сұрап, өтініп жатпай-ақ өз белсенділігімен бүкіл 5 жылдық оқу ақысын мекемесі арқылы аударды да жіберді. Бәрі заңды. Басқармада еңбегі сіңген ардагерлерін алғы кезекте, барлық ұжым мүшелерін әлеуметтік тұрғыдан қорғап қолдайтын арнайы қор бар, қаржы қаралған. Оны билейтін, бөлетін комиссия бар. Оның жарғысында ұжым мүшелерінің балаларының білім алуына көмек беру дейтін де тармақ бар.

Сәкең ол уақытта министрлікте. Көзінің сұғы бар, аты озғанды көре алмай көздеп көрсеткіш "достар" қай кезде де өнімді еңбек етумен келе жатыр. Ертеректе дәлдүріштеу, жоспалау бір қатын жауырыны жерге жабысып жатып "қайнаға, түкіріктеме. Бұл құрғыр су тисе құтырып кетеді..." деген екен. Сол айтқандай бұл сұқ көздер заманның алағай-бұлағайында әлгі қатынның "бүлтекейі" құсап "құтырып" кетеді. Ана жылы нарық басталып, Одақ тараған аласапыранда олар тасын тағы өрге домалатты. "Жылқайдаров министрлікте жауапты жұмыста отырып ҚазМУ-дағы қызын мұнайдың ақшасына оқытып жатыр" деп арыз жазады. Арызды қайда беруді де біледі ол қулар.. Әйгілі "үш әріп" КНБ-ға береді.

Сол қарсаңда Аманкелді кетіп орнына Сағын Қырымқұлов келген. Сәкең ақша төленгенінен бейхабар. "Үш әріп" өкілдері тексеріп келген бойда бухгалтериядан сұратады. Ақша төленіпті. Әдетте бүкіл бухгалтерия атаулы мұндай мәселені созбаққа салып жүріп алатын еді. Бұл жолы олай етпепті. Оған Сәкең риза болып қалды. Сол жерде оған "Мен ештеңе білмеймін. Ақшаны төлеген менен бұрынғы бастық" деп шыға келуге болатын еді. Жоқ, Сағын Ерқас баласы олай еткен жоқ.

— Сайлау Есжанұлының бір баласы түгілі 10 баласына қайда, қандай мамандыққа оқыса да ақшасын төлейміз. Тіпті сөзге келмейміз. Сайлау азаматтың осы Маңғыстауға оған татитыннан артық еңбегі сіңді. Қазір осында кеудесіне нан пісіп жүргендер Сайлаудың, Сайлаулардың көрген бейнетінің жүзден бірін де көрген жоқ! — деп шорт қайырды. "Үш әріп" өкілдері ләм-мим дей алмай шығып кетті. Бұл әңгіме сонымен тәмамдалды. Айта кету керек Сағын Ерқасұлы да бұл шаңырақтың жанашыр тілектес достарының бірі.

"Інісі бардың тынысы бар" болса Сәкеңнің тынысы Мұхтархан. Сәкеңнің селбеуімен ол да біраз жыл маңғыстаулық болған. Бұрғылау саласында еңбек етіп, Бозашыда тер төкті. Ағасы Алматыға көшкен соң ол да осында қоныс аударды. Пәтер алды. Әйелі Зейнеп те мұнай инженері. Игеру саласының маманы. Ұлдары Бауыржан қазір Москваның Губкин атындағы мұнай институтының соңғы курсында оқиды. Құдай қаласа алдағы жазда бұл әулетке тағы бір дипломды инженер келіп қосылады.

Бауыржанның да мұнайшы болуына Сайлау әкесінің ықпалы тиді.

- Мұнайшылық - ендігі жерде көп қазақтың, оның ішінде біздің әулеттің ата кәсібіне айналып жатса, онда қазақ та, біз де, тіпті ешкім де ұтпаса ұтылмайды, — бұл әулеттің ендігі атасы Сайлау Есжанұлы осы ақылын жиі қайталайды.

Аталар туралы сөз болса менің есіме Әбекең — Әбіш Кекілбаев айтқан бір әңгіме түседі. Әбекең ресми сапармен ана жылы Францияға барған. Сонда оған Парижде тұратын баяғы Россияның атақты фабриканты Морозовтың шөбересі тілмаш болыпты. "Жыланды жеті кессе де кесірткедей қауқары бар", Морозов байлығы төңкеріс кезінде қанша талан-таражға түсті дегенмен шет ел банкілерінде қалған жұқанасының өзі әлденеше әулетінің шалқып өмір сүруіне жетеді ғой. Мына тілмаш Морозов университеттің профессоры үш жерде жұмыс жасайды екен. Әрі зейнетақы алады. Оған таңғалған Әбекең сыпайы түрде оның себебін сұраса керек. Сонда Морозов "біздің әулет мүмкіндігі барында тынымсыз еңбектенуге үйренген. Биыл гимназияға барған немерем бар. Соның есебіне, болашақта тарықпай өмір сүруі үшін жұмыстанып жүрмін. Ең бастысы ол мен арқылы ұрпақ қамын жеуді осы бастан үйрене беруі керек" деп жауап беріпті.

Тынымсыз қарекет иесі Сәкең сол Морозовтардың әріптесі. Ата-ана да бағбан іспетті. Олардың еккені — ізінен ерген балалары. Шыбығынан еккен ағаштың өсуі, бой салуы, жапырақ жаюы, гүлдеуі, жеміс беруі бар. Қазақ атаң "жапырағың жайылсын" деп бата бергенде, ата-ананың тірліктегі басты мұратын осы бағбан еңбегімен шендестіргені. Сол батаны алудай-ақ алған Сәкең мен зайыбы Әлекең бүгінде шын мәнісінде жапырағы жайылған, мәуесінің алды піскен алып дарақ іспетті. Ауқымы кеңейіп, баққа айналып барады ол. Енді орталарындағы мәуелі бәйтерекке қарап өскен өзге өскіндердің де жапырағы солай қалың жайыла бергей.

ШЕЖІРЕ

Найман—Белгібай (Өкіреш) — Сүйінші, Сүгірші, Саржомарт.

Сүгіршіден—Наймантай, Төлек

Төлектен—Тентек—Нағынай—Аралбай—Ақтай—Төлегетай, Бағаналы, Балталы; Көкжарлы.

Бағаналыдан—Шегедек—Шегелік—Шөрешек—Шәуешек.

Шәуешектен—Қызылтаз—Иманәлі.

Иманәліден— Елтүзер, Елтінді.

Елтіндіден—Қожас, Қодас.

Қожастан—Ибеске, Жұртшы, Қоқан, Жырық.

Қоқаннан—Майлыбай, Жаубасар, Тоғыс, Орыс.

Майлыбайдан—I. Әзірбай, II. Маңғытай, III. Ақжан, IV; Қаражігіт, V. Таймас, VI. Көтібоқ.

I. Қоқан-Майлыбай-Әзірбай:

Әзірбайдан: 1 Алдаоңғар, 2 Қазымбет, 3 Есен, 4 Мәден, 5 Көкірек.

1 Алдаоңғардан тараған ұрпақтар: Тоқсан-Тайшық-0, Байғазы-Атабай, Сейсенбай. Атабайдан-Шубай-, Жамантай- , Қойшы-Сақтаған, Қасымбек, Берлібек, Дүйсен, Жұман, Шәріп, Рамазан, Дүйсенбек, Кенжебай; Сейсенбайдан- Мұханбетәлі-Сағындық..

2 Қазымбеттен тараған ұрпақтар: 2-1 Қожагелді, 2-2 Қожантай, 2-3 Жантай, 2-4 Қарасейіт, 2-5 Әлсейт, 2-6 Қарымсақ.

2-1 Қожагелдіден: 1 Сақы, 2 Жиенбай; 2-1-1 Сақыдан- Айдос-Бүркітбай, Сандықбай-0, Байсалбай-0, Жайсаңбай. Бүркітбайдан-Рақыш-Әбу-Елмұрат-Елжан, Бауыржан; Жайсаңбайдан-Сәкен. 2-1-2 Жиенбайдан-Күзбай-Молдеке-Жалғасбай, Молдабек. Жалғасбайдан- Әлкен,Әлжан; Молдабектен-Сейітқали, Әбдіғали, Молдағали.

2-2 Қожантайдан: 1 Беркінді, 2 Тартыбай, 3 Қатыбас, 4 Қонабай, 5 Айнабай.

2-2-1 Беркінді-Ұзақ-Бірімжан-Базарбай, Айтбай-Болат; Базарбайдан Сапарбай, Талғат. 2-2-2 Тартыбай-Мұсабай-Тілеген-Елкей-Сабыр; Тай-Совет, Сәлім; Дүйсен-0; Серғазы-Сәтбек. 2-2-3 Қатыбас-. 2-2-4 Қонабай-Оспан-Мұратбек-Мұхит, Қайрат. 2-2-5 Айнабай-Тәкіш-Серікбай- Ғалым, Әлім, Қалдыбай, Мұрат.

2-3 Жантайдан: 1 Тоқа, 2 Бөке. 2-3-1 Тоқа-Балқыбай, Балғабай, Шалқыбай, Нысанбай, Шөмек-. Балқыбайдан: - Балтабек-0, Әмзе-0, Балмағанбет-Қапартай, Әбдіқадір, Әбдірәшім, Әбдікәрім. Қапартайдан- Әбдірақман, Әбдірәсіл; Әбдіқадірден-Абылай, Бірайлық; Әбдірәшімнен-Ақнұраш, Нұртай. Балғабайдан: -Әбіл-Жамбыл, Аманкелді, Мақсұт. Жамбылдан-Қанат. Аманкелдіден-Жанат, Зейнелғабиден, Мақсұттан-Манат. Шалқыбайдан: -Жұмаш, Әбдіғали, Жұмағали-. Жұмаштан-Ғаббас, Қабылда; Әбдіғалидан-Шеге, Бауыржан. Нысанбайдан: -Әбу-Шәріп, Сабыр, Сәлім, Ғалым, Соли. 2-3-2 Бөке-Нұржан-Тапсамбай, Асанбай.

2-4 Қарасейіттен: 1 Елдос, 2 Қолдас, 3 Көбетай. 2-4-1 Елдос-Қабай-О, Қызылбай-О, Райымбек, Сәрсенбай, Алтыбай. Райымбектен-Көлбай, Жолдасбай; Сәрсенбайдан-Есмағанбет; Алтыбайдан-Сағынбай, Жақыбай-Серік, Нұрлан, Жұмағұл, Нұрсаят Сәрсенбай, Алтыбай. 2-4-2 Қолдас-Тобай, Маман, Жаманбала. Тобайдан-Отызбай- Шақан; Маманнан-Сиқымбай-Молдабек-Бейсенбек; Жаманбаладан-Тұрсынбек-Абзалбек. 2-4-3 Көбетай- Толыбай, Жарасбай-Асарбай-Жұмабек, Амангелді.

2-5 Әлсейттен: 1 Тілеубай, 2 Байра. 2-5-1 Тілеубай-Кегі, Шауыпкел. Кегіден-Смағұл, Жұмағүл. Смағұлдан-Шадыр; Жұмағұлдан-Ораз.

2-5-2 Байра-Төлеген, Қасақ-, Жетпіс. Төлегеннен- Мырзалы, Аққошқар-Әубәкір-Ақат, Мұқан; Жетпістен- Қуанышбай-Егізбай, Шубай-Молдағали, Әбдіғали, Серікқали-Серік, Ерік, Көрік.

2-6 Қарымсақтан- Мұсатай-Тоқбай.

3 Есеннен тараған ұрпақтар: Аманжол-0, Жақан-0, Белгібай-О, 3-1 Шуақбай, Беке-0 3-2 Байжол, 3-3 Бибатыр.

3-1 Шуақбай-Қарабатыр-, Байбатыр-Әбікен, Әбей-, Әбіш, Әбен-0. Әбікеннен-Жүсіп, Мақыжан-, Әбілжас-. Жүсіптен-Нәсір, Әбдіжәмит, Жұмаділдә, Шәкен; Әбіштен— Ермекбай-Ибаділдә, Ғабдулла, Рахметулла.

3-2 Байжол-Құлшық-, Ыбрай-Ысқақ-, Смағұл-Зікрия.,

3-3 Бибатыр-Әбділдә-, Жанділдә-, Иса-Уәли, Қали.

4 Мәденнен тараған ұрпақтар:

4-1 Өтеулі,
4-2 Өтеғұл,
4-3 Көшербай,
4-4 Өсербай,

4-5 Шығамбай.

4-1 Өтеуліден—Кенжебай-Салғара-Біләл, Дәулетияр.

4-2 Өтеғұлдан-Ырысай-Байналы-Шүкір.

4-3 Көшербайдан- Жақып, Байжақьш, Нұржақып.

4-4 Өсербайдан-Жаңабүкір-0, Шақа-0, Асқар-Бабас-Жағыпар-Ержан, Данияр.

4-5 Шығамбайдан-Бітімқожа-, Асылбек-Шүкірбек.

5 Көкірекген тараған ұрпақтар:

5-1 Бектұрған-Әлібай- Жаңаберген, Құдайқұл-0, Дөулетбай-, Өмірқұл-, Мендіқұл-, Жарыбай-. Жаңабергеннен-Байсақал, Жабағы. Байсақалдан-Баубек-Әбжан, Өтеш. Әбжаннан-Жүмағали, тағы 2 бала; ӨтештенБауыржан, Бақыт, тағы 3 бала; Жабағыдан-Ақан-Анарбай, Аралбай, Сансызбай. 5-2 Төлен- 1 Кендірбай, 2 Рақымжан-0, 3 Еркебай, 4 Серкебай,.

5-2-1 Кендірбай-Отызбай, Байсалбай-0, Күзембай, Тәжібай-, Жарықбас-, Қаржаубай. Отызбайдан-Бәйкеш-Тұрсынбай-Серік; Күзембайдан-Қасымбек-Дәулетбек-Талғар, Қалдар; Қаржаубай-Темешбай.

5-2-3 Еркебай-Оспан, Омар, Тәжібай. Оспаннан-Сәрсенбай, Лақбай. Сәрсенбайдан-Тұрсын, Битұрсын, Кәрібай, Кәрібоз; Лақбайдан-Әбу- Мұрат, Қабыкен. Омардан-Ахметжан, Мұхаметжан, Рахым, Тынышбай. Ахметжаннан-Жүрсін, Мұратбек- Баттал. Мұхаметжаннан-Битұрсын-Сейітжан, Совет-Бақыт. Рахымнан-Берікқара. Тынышбайдан-Әбдіразақ. Тәжібайдан-Ыбырахым-Мақсұт.

5-2-4 Серкебай-Өтебай-О, Өтепберген-Әбдіғапар.

II. Қоқан-Майлыбай-Маңғытай

Маңғытайдан: 1 Тойғара, 2 Тайғара, 3 Сары.

1 Тойғарадан тараған ұрпақтар: Байған-Әубәкір-0, Сыздық, Оташ-0, Омар. Сыздықтан-Оспан-0, Ақан- Мейрам, Ғабиден. Омардан-Іргебай-, Өтеген-Сағынтай, Жасұлан, Аман.

2 Тайғарадан-1 Қойсары, 2 Бисары, 3 Базарқұл, 4 Сағындық, 5 Ескерді.

2-1 Қойсарыдан-Іңірбай, Таңатар. Іңірбайдан-Түсіп-0, Асылбек-0, Нақып-Тулақбай-, Құсайын-0, Садуақас- Іргебай, Күрдебай, Жұмабай-, Жұмағали-Іргебайдан-Керім, Мұқанбет, Қаныш; Күрдебайдан-Асылхан, Әмірхан. Таңатардан-Қорабек, Тәуірбек, Тәңірберген. Қорабектен- Байдәулет; Тәуірбектен-Төлекбай; Тәңірбергеннен-Төлеш, Дүйсен, Әбдірахман.

2-2 Бисарыдан-Өтеғұл-Науан.

2-3 Базарқұлдан-Ақкісі-О, Исабек, Жәкежан. Исабектен- Тұңғышбай; Жәкежаннан-Сатан.

2-4 Сағындықтан-Жанкісі-Тұяқбай.

2-5 Ескердіден-Арыстанбай-Наушан-0, Бабақай, Қалшабай. Бабақайдан-Сәрсен-0, Төлеу-0, Нұрлан-0, Ораз-0, Нұрман-Солдатбек-Садық, Бақыт, Ақат, Салық; Қалшабайдан-Мизат, Кенжебек, Әпия. Мизаттан-Қордабек, Дүйсенбек; Кенжебектен-Жеңісбай, Тұрдықұл; Әпиядан- Әуелбек, Мырзабек-; Әуелбектен-Жалғасбай, Бердіқұл, Мендіқұл, Бахтияр, Құрманбай, Құрманғазы.

3 Сарыдан-1 Құлкелді, 2 Түктібай-0.

3-1 Құлкелдіден-Бибатыр, Әлібек. Бибатырдан- Жүзжасар-Қуандық-Серік, Берік, Қуаныш. Серіктен-Әлішер. Әлібектен-Өте-0, Меңдібай-0, Опабек-0, Асылбек- Ақмахан, Колхозбек-Ақмақаннан-Құрбан.

III Қоқан-Майлыбай-Ақжан

Ақжаннан: 1 Сүйін, 2 Ақбота, 3 Қырықсадақ, 4 Қожан, 5 Еділ.

1 Сүйіннен тараған ұрпақтар: 1 Нәдір, 2 Сәдір, 3 Тоққожа. 1-1 Нәдірден- Сүгірбай, Сүйір. Сүгірбайдан-Көшербай, Батырбай,Тұрсынбай, Телібай. Көшербайдан-Тәуірбай-Төре-Тұржан-Алдаберген-Оразалы; Батырбайдан-Қаратай, Есжан. Қаратайдан-Қабыкен-Серік, Талғат. Есжаннан-Бауыржан; Тұрсынбайдан-Сұлтанғазы, Тортай. Сұлтанғазыдан-Сәулембек-0, Тортайдан- Өкесбай, Өксікбай. Өкесбайдан-Сайрамбай, Асылхан. Сайрамбайдан- Абзал, Алмас; Асылханнан Айдос. Өксікбайдан-Дастан-Асқан.Телібайдан-Әбіш-Пернебай-Жолдыбай.

1-2 СәдірДен-Бейбетбай-Ысқан-Камал-Орынбек-Мұрат-Серік. 1-3 Тоққожадан-Қалдыбай, Үркімбай, Сүгірбай. Қалдыбайдан-Бейсек-Мұхаметжан; Үркімбайдан-Смағұл, Асқар. Смағұлдан-Тайкен-Жақан, Қалдан, Балтабай.

Асқардан-Дулан-Төрехан, Шөрехан, Ерехан, Мырзахан; Сүгірбайдан-Рустембек-Сәбит-Нұрлан, Жанат-Әлжан, Нұржан.

2 Ақботадан тараған ұрпақтар: 1 Үдер-0 2 Темен 3 Өтес 4 Әділ 5 Сәрсенбек 6 Қызылмолда. 2-2 Теменнен-Жанабай- Әбіш-Жүнісәлі, Шүленбай-Қарақойшы-.

2-3 Өтестен- Атығай, Қарауыл-0, Бәйімбет-0, Алтай. Атығайдан-Құлжан; Нұрым-0, Хасен-0. Құлжаннан- Сабыр, Жаппар. Сабырдан- Серікбай-Мұрат, Мақсат, Алмаз; Жаппардан-Мамыр- Төлеген, Сәкен. Алтайдан-Дәулет, Оразалы. Дәулеттен-Аманкелді-Сұлтанбай, Қуаныш, Өтеубай. Сұлтанбайдан- Дәурен, Дархан. Оразалыдан-Сұңғат-Абзал.

2-4 Әділден- Танабай, Қозыбай. Танабайдан-Сегізбай-Есілбай- Шырынхан-Мұханбетәлі, Мұхатәлі; Қозыбайдан-Күнсейіт- Тілейубай, Аманжол, Отар, Бекберген, Тілеубайдан-Әбу- Төребек-Тимур, Руслан; Жорабек-Талғат, Төлеу-Бақытбек. Аманжолдан- Оразбек. Отардан-Махаш, Мұхаш, Бекбергеннен-Алпысбай.

2-5 Сәрсенбектен-Бойбике- Жұрқабай-Беркінді-Қыдырма-Әшірбек, Қасымбек, Әбушахма-0. Әшірбектен-Шәріпбек-0, Мәжікен- Мұхаметқали, Дәулетқали, Адлер; Қасымбектен-Қайсарбек, Хайдар, Қайнар. Қайсарбектен-Болат-Айдар; Хайдардан- Жан, Ұлан; Қайнардан-Серік. 2-6 Қызылмолдадан- Қалмағанбет, Биміш, Нұрмұқан. Қалмағанбеттен-Әлтай- Әбдіжалел; Биміштен-Балтабай-Бағдат, Жағыпар, Мейірбек, Сұңғат.

3 Қырықсадақтан тараған ұрпақтар: 1 Тыныштықбай 2 Кеңшікбай, 3 Кенжебай. 3-1 Тыныштықбайдан-Тоқсейіт- Шоқпарбай-Ақан. 3-2 Кеңшікбайдан Сәрсенбай-Болат, Сейітжан. 3-3 Кенжебайдан-Жайлаубай-О, Қоқақ, Қонсызбай-О, Тобай. Қоқақтан-Ишанбек-Кәрімбек; Тобайдан-Еділхан-Кәкімбек, Сауқымбек.

4 Қожаннан-Бекейден тараған ұрпақтар: 1 Өтеулі-, 2 Жәутік, 3 Бұхарбай, 4 Жұпарбай, 5 Туғанбай. 4-2 Жәутіктен- Өтетілеу, Ізтілеу, Жалпақ. Өтетілеуден-Құлтас-Баймұрат, Тоқмұрат, Тыныштықбай; Байтас-Бейсен.

4-3 Бұхарбайдан-Айтілеу-Жанахмет-Серік, Берік, Ерік, Сұлтанахмет, Сұлтанғали. 4-4 Жұпарбайдан-Жолбарыс- Тымақбай. 4-5 Туғанбайдан-Өтеқұл, Үкілі. Өтеқұлдан-Ондыбай, Аман. Ондыбайдан-Найманбай-Түсіп-Сламбек, Жұмаш, Жеңісбек, Ақылбек, Мұқашбек; Аманнан-Зияда-. Үкіліден-Байеш-Егізбай-Әкенжан, Ахмет, Ақан.

5 Еділден-Сайман-Шілдебай-Байқас-Әбілқасым-Өмірсерік, Әбдіқадыр, Әбдіманат. Өмірсеріктен-Әбдікәрім-Темірлан, Мейірман, Алмас; Әбдіқадырдан-Дархан; Әбдіманаттан-Ақан.

IV. Қоқан-Майлыбай-Қаражігіт

Қаражігіттен-Сұңқарбай-1 Сырлыбай, 2 Баби, 3 Болат-.

1 Сырлыбайдан-Боқбасар-Жолдыаяқ-Алтынбек- Бақытбек, Болатбек.

2 Бабиден-1 Тобайқара, 2 Қошақай. 2-1 Тобайқарадан- Топжарған-Алтайбек-.

2-2 Қошақайдан-Қара, Байқара-, Досай. Қарадан-Алшынбай, Аманбай; Досайдан-Болатай, Қордабай.

V. Қоқан-Майлыбай-Таймас

Таймастан-Еншібай-1 Қаламбай, 2 Байжан, 3 Тайжан.

1 Қаламбайдан тараған ұрпақтар: Ержігіт-Тыныбек.

2 Байжаннан тараған ұпақтар: Еркінбай, Айтмағанбет- 0, Көрпежан, Үйсінбай-0. Еркінбайдан-Қошқарбай, Шуланбай (Жақып молда). Қошқарбайдан-Хамит, Мажит, Қабылда, Әбдірәшім- Қабдул. Хамиттан-Әділбек, Әлібек, Манарбек. Әділбектен-Хасен, Қасым; Әлібектен-Ибрагим. Мәжиттен-Қазыбек, Тәжібек, Сәдібек, Керімбек, Қаныбек. Қабылдадан-Нысанбек, Жәнібек, Әйбек, Нұрбек. Қабдулдан-Болат-0. Шуланбайдан-Камал, Нұрыш, Жанкелді. Камалдан-Мейрам, Дәрмен, Дәрібай, Мейіржан, Болат, Берік; Мейрамнан-Асқар, Айдар, Данияр; Дәрменнен-Талғат, Асқар, Асхат, Қайрат; Дәрібектен-Ғани, Ғабит, Ғалымжан; Мейіржаннан-Мақсат; Болаттан-Ербол, Нұбол. Нұрыштан-Сейілхан, Серік. Сейілханнан- Бауыржан; Жанкелдіден-Қуаныш. Көрпежаннан-Қожахмет-Есен.

3 Тайжаннан тараған ұрпақтар: Бірімжан-, Махамбет-, Нұрабай, Қамысбай-, Омар. Нұрабайдан- Қойшыбай, Қозыбай-. Қойшыбайдан-Мұрат, Болат, Қасым, Талғат. Омардан-Болат.

VI. Қоқан-Майлыбай-Көтібоқ

Көтібоқтан-1 Манақ, 2 Жанақ-0, 3 Қабақ.

I Манақтан-Құдабай, Бурабай, Күсеміс-0. Бурабайдан- Алтынбай-0, Үркінбай- Күртікбай-О. Үркінбайдан-Құлбек, Темірбек-О. Құлбектен-Әбу-О, Сыздық-0, Бекір. Бәкірден-Жөкентай, Қайырбек. Жөкентайдан-Серік; Қайырбектен- Алмас.

3 Қабақтан-Шәугім-Жалбыр-0

Қоқан-Майлыбай-Көтібоқ-Манақ-Құдабайдан тараған ұрпақтардың таратылуы төмендегідей:

Құдабай
I. Қолдас II. Ален III. Аманбай
Бораншы Жылқайдар, Бегайдар, Таңқай Мақат, Ахмет, Шақан

Әрі қарай Қолдас, Әлен, Аманбай ұрпақтары жеке жазылады.

I. Қолдастан тараған ұрпақтар

Қолдас — Бораншы — І.І. Әлмұқан, 1.2. Мырзабала, Әбдіғали — 0, 1.3. Жамал.

1.1. Әлмұқан — Зағипа - 0, Сұлтан, Әлімжан, Әбдуәли, Сыздықбай - 0, Күлімжан - 0, Шәмші, Мұқаш - 0, Әбділдә, Кенжегүл.

1.2. Мырзабала — Өміржан, Гүлжан.

Тимур — Айбек

1.3. Жамал — Жеңіс, Мейрамбек (Қоқан), Серік, Ақан, Алтын, Оразкүл, Лиза, Айткүл.

1.1.1. Қолдас — Бораншы - Әлмұқан — Сұлтан

Сұлтаннан:

Сафура
Балтақан
Серік
Айман

Шолпан
Мұрат – Айсұлу
Ержан, Жанна, Әлия, Ғалия. Әйгерім
Айгерім

1.1.2. Қолдас — Бораншы — Әлмұқан — Әлімжан
Әлімжаннан тараған жиендер мен жиеншарлар: Биван
Биван
Тимур-Айбек

Асқар — Дамиржан
1.1.3. Қолдас — Бораншы — Әлмұқан — Әбдуәли —

Махсұтқан, Мырзақан, Раушан, Болат, Мұрат, Марат, Зәбира, Сара, Нағима.

Әбдуәлидің қыздары, жиендері мен жиеншарлары:

Раушан
Забира
Сара
Нағима

Алтай, Айнұр
Сәкен-Лиза,
Әлия, Айгерім
Асқан,

Жаннан- Аяна, Нұркен
Ерболат, Диара, Айгүл

Әбдуәлидің ұлдары мен немере-шөберелері:

Мақсұтқан
Мырзахан
Болат
Мұрат

Марат
Еркін - Ақжан Ерлан — Адела, Ертан
Батырхан — Әмина, Арғын, Салтанат
Қанат, Айман

Ерден, Нұргүл
Талғат-Аружан Шыңғыс, Ләззат

Шәмшіден тараған жиендер мен жиеншарлар:

Кеңесбек-Аркен

Лесбек-Мұқаметжан

Әбділданың қыздары мен жиендері:

Гаухар — Талғат, Қанат

Меруерт — Күлзат — Азат

Оразкүл- Қарлығаш, Бейбіт, Сәбит.

Лиза-Бегайдар, Ермек, Айдана, Айдос.

Айткүл-Самат

II. Әленнен тараған ұрпақтар II. 1. Жылқайдар —ІІ.1.1. Есжан — Патима, Сайлау, Дариха, Салиха, Бибімариям, Мұхтархан; II. 1.2. Бәтіш 11,2. Бегайдар — II.2.1. Баймұқан — Әбдусейт, ІІ.2.2. Есімсейіт — Өміртай. ІІ.З. Таңқай - 0.

II. 1.1.1. Әлен — Жылқайдар — Есжан — Патима

Патимадан тараған жиендер мен жиеншарлар:

Достай — Данияр, Дәурен
Лязиза — Тәмила- Әзела, Әзиза, Ильяс
Айгул — Темірлан
II. 1.1.2. Әлен — Жылқайдар — Есжан — Сайлау

Сайлаудан:

Зейнеп — Мәди, Дина
Ибрагим — Сәбина, Әмина
Зейнұр
София — Айғаным

1.1.1.3. Әлен — Жылқайдар - Есжан - Дариха

Дариғадан тараған жиендер мен жиеншарлар:

Бахытжан — Әйг Ботагөз, Мәди
Сағдана —Нәйла
Жомарт —Асқар, Айнұр
Гүлдана — Нурислам

II.1.1.4. Әлен — Жылқайдар — Есжан — Салиха

Салихадан тараған жиендер мен жиеншарлар:

Шынар — Жәңгірхан, Малика
Ермек
Қуаныш
1.1.1.5. Әлен — Жылқайдар — Есжан - Бибімәриям

Бибімәриямнан тараған жиендер мен жиеншарлар:

Нұржамал —Ақбөбек
Ақмарал
Жандос
Жасұлан

II.1.1.6. Әлен — Жылқайдар — Есжан — Мұхтархан — Бауыржан —.

II.1.2. Әлен — Жылқайдар — Бәтіш — Оразәлі — 0, Жәмила —

Жәмиладан:

Төребек- Залия Салтанат Нұрия Алмас
Гаухар- Ержан Мағжан
Нұржамал-Жания
Гүлжамал-Арман Азамат

Серік-Сәуле Олжас
Сералы- Ильяс Айнұр Қуаныш Сержан
Ералы- Ермек Іңкәр

II. Әлен — ІІ.2. Бегайдар — II.2.1. Баймұқан —Әбдусейт, ІІ.2.2. Есімсейіт — Өміртай.

ІІ.2. Әлен — Бегайдар — II.2.1. Баймұқан - Әбдусейт —

Әйгерім, Жақсыгүл, Ұлжан, Күлшат, Гүлжан, Бақыт, Еділ, Жайық, Біржан, Бауыржан.

Әбдусейіттің қыздары мен жиендері:

Әйгерім
Қуаныш,
Динара,

Гүлмира.

Жақсыгүл
Әнипа — Алима
Жеңіс,
Дауылбай,

Ұлжан -
Салтанат,
Сержан,

Гүлмира. Қалипа, Шарипа.

Күлшат—
Света,
Меруерт,
Берік,

Айдана,

Ұлдана.

Гүлжан —
Ерлан,
Ақмарал,

Ғазиза.

Әбдусейіттің ұлдары мен немерелері:

Бақыт — Маржан Мереке, Әсем, Әзиза
Еділ — Әсел Жәнел, Еркежан
Жайық
Біржан

Бауыржан — Дінмұханбет
II.2.2. Әлен — Бегайдар — Есімсейт — Өміртай —

Мейрамбек, Майра, Ляйла, Нұрлан, Эльмира, Гүлмира, Айнүр, Ерлан.

Өміртайдың қыздары мен жиендері:

Майра — Азат, Жанат, Салтанат Жансая

Ләйла - Дана, Ұлжан, Сержан.

Эльмира — Алтынбек, Ләззат, Динара, Нұрлыбек

Гүлмира, Гаухар, Меруерт, Сымбат.

Айнұр

Өміртайдың ұлдары мен немерелері:

Мейрамбек — Нүркен, Фариза, Жандос, Мәди
Нұрлан — Талғат, Жанат, Сағадат, Бекнұр
Ерлан
III. Аманбайдан тараған ұрпақтар

III. Аманбай — TII.1. Махат, ІІІ.2. Ахмет, ІІІ.З. Шахан, Қымызбай — 0, ІІІ.4. Бәтіш.

III.1.1. Махат — Күшмұқанбет-0, III.1.1. Разия, Шәкім-; 0, Бекім-0, III.1.2. Нұрмақанбет, III.1.3. Қалмақанбет.

ІІІ.2. Ахмет — Зура, Жұмағұл, Әбдіхамит, Дүйсен, Бейсен, Баян, Айман.

Ш.З. Шахан — Күлжан, Орынкүл, Сара, Үлмекен, Ерлан

III. 1.1. Аманбай — Махат — Разия

Разиядан тараған жиендер мен жиеншарлар:

Мырзатай
Асанәлі,
Әбдіқадыр
Мөлдір,

Манат,
Майраш —
Әбдіқалық,
Айнұр —

Әбілхайыр,
Мұрат,

Гүлзат.

Қаратай—
Анар;
Ләззат;
Қанат,

Марат
Ертіш—
Мақпал
Үсенәлі

Асқар.

Асыл,
Ұрлаш -
Асқар
Мұрат,

Әсем

Мөлдір, Манат, Әбілхайыр, Мұрат, Гүлзат. Ләззат; Қанат, Марат Мұрат, Әсем Ахметтің қыздары мен жиендері:

Зура — Бақыт, Марат, Еркін, Ғалия, Құттықыз Айсұлу, Сәуле
Жұмагүл — Тамара, Клара, Ұлбала
Баян — Бекжан, Ғалымжан, Гаухар, Меруерт
Айман—Мөлдір, Күлнара, Әлжан, Айжан, Айгерім

Ахметтің ұлдары мен немере-шөберелері:

Әбдіхамит — Бақыт—Ақерке Сымбат, Аида;
Майра—Диас, Самал, Мира;
Айтолқын—Қазбек, Рахат, Азамат;
Зира

Дүйсен —Сержан Әсілжан
Бейсен — Мейіржан, Айнұр, Айгүл, Жанар, Нұргүл

ІІІ.З. Аманбай — Шахан — Күлжан, Орынкүл, Сара, Ұлмекен, Ерлан.

Шаханның қыздары мен жиендері:

Күлжан —Нұрлан, Бауыржан, Біржан, Лаура.

Орынкүл — Ержан, Айгүл, Балжан, Айжан
Сара - Ақнұр, Индира, Нұргүл
Ұлмекен — Мәлік, Толғанай, Қолдасбек, Нұрсұлтан
Шақанның ұлы мен немересі

Ерлан — Серік

ІІІ.4. Аманбай — Бәтіш — Бәшірәлі, Ақбар - 0 Бәшірәліден: Пернебек, Өмірбек, Арысбек, Нұрлан, Күнсұлу, Бейсенкүл, Сәрсенкүл, Фатима.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙