"Қыран жеткен" кітабынан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Марфуға Айтқожина — «"Қыран жеткен" кітабынан». «ҚЫРАН ЖЕТКЕН» кітабынан 1985 жыл ҚЫРАН ЖЕТКЕН Жетіпті биігіне қыран бүгін,
/uploads/75cff68d-0857-5fe5-b69d-6d24286de62d/cover.png
«ҚЫРАН ЖЕТКЕН» кітабынан 1985 жыл
ҚЫРАН ЖЕТКЕН
Жетіпті биігіне қыран бүгін,
Көрсетер қыран солай қырандығын.
Туған жер мәпелеген түлек үшін
Ақын да ағыл-тегіл құяр жырын.
Шалғандай шұғылалы ұямды күн,
Мендегі қалар енді ұяңдық үн.
Сен қанша биіктесең,
Қыраным-ау,
Мен сонша ширатармын қиял жібін.
Жортқандай дүбірлетіп құлан қырын,
Дем беріп қанатыңа тұрар жырым.
Жеткізер түбі мені тілегіме
Өмірге деген осы құмарлығым!
Өмірге деген осы құмарлығым
Әлі де салтанаттың құрар мыңын.
Қиырды шалады өткір жанарымен,
Қағылез,
Менің өжет ұландығым.
Жұлдыздай сөніп бір күн құлар көктен,
Ғарышқа ақын жаны құмар неткен.
Арманым болмас еді бұл жалғанда,
Биікке жырым жетсе
Қыран жеткен!
ӨЗЕН
Ертемен өзен бойын жағаладым,
Өрекпіп ұн қатады маған ағын.
Сүйсіндім ерлігіне толқындардың
Дарияның соғып жатқан жағалауын.
Жөні бар жүрексіздің түршігетін,
Ойнатып жатыр өзен бұлшық етін.
Тоқтаусыз аққанымен жарды бұзып,
Секілді ол да бір сәт күрсінетін.
Сезер ме менің төніп тұрғанымды,
Ағады жалғастырып нұрға нуды...
Білмейді ол қымсынуды,
Тартынуды,
Өзінше қағып жатыр жыр — дабылды.
Ақса да қанша тасып сарқылмайды,
Төсінде айды аунатып,
Жарқылдайды.
Ұдайы тасқыны оның қарқындайды,
Жыраудай тебіренген халқым жайлы.
Ұшқандай қос қанатын қыран қағып,
Ағады ерке өзенім бұлаң қағып.
Барады ел ішіне жолаушылап,
Әр үйге таңдай нұрлы шырақ жағып!
Қайрылып қарамастай өмір күліп,
Жанымды жайлап жатыр жебір күдік...
Мүмкін бе оралмауы отты күннің,
Тұрғанда көрік гулеп,
Темір қызып!
Өмірдің керегі не дүрлікпеген,
Бара ма сырт айналып тірлік менен?!
Аяулы құрбыларым қайда бүгін
Күлкісін қоса сыйлап,
Сыр бүкпеген.
Шуылдап жапырағым,
Төнеді бұлт,
Неліктен суық тартып келеді жұрт?!
Төрінен түнгі аспанның сырғып кетіп,
Жұлдыз да бір көрініп,
Сөнеді кілт.
Ей, тағдыр!
Дауылыңды төндір мейлің,
Көңілім,
Сене көрме,
Сөндірмеймін!..
Жабығып,
Жаурағанның жанын жылытар
Отымды дүрілдетіп енді үрлеймін!
Көз салған шағымда төрт құбылама,
Шынымен мынау дүние құбыла ма?..
Сыбдырлап жапырағы шынарымның,
Шынымен шайқала ма,
Жығыла ма?!
Бір үрей бой тасалап,
Бұғына ма,
Басқалар бұл күйімді ұғына ма?
Қайтеді мына жүрек,
Алқына ма,
Кеудеге қапелімде тығыла ма?
Өмірге еркелеген жаным бұлақ,
Бұлағым ағып жатыр әнін құрап.
Дауылға шайқалса да жығылмайды,
Жамырап жағада өскен қалың құрақ!
Қайрылып қарамастай өмір күліп,
Жанымды жайлап жатыр жебір күдік
Мүмкін бе оралмауы отты күннің,
Тұрғанда көрік гулеп,
Темір қызып!
ӨЗІҢ ЕДІҢ
Өзің едің өмірдегі бір теңім,
Әр кеудеге түней бермес жыр тегін.
Көңіл дымқыл,
Күн көзіне құрғатып,
Көз жасымды ақ бұлттарға сүртемін.
Сахарада соғып өтер құйын көп,
Қалдың неден шешілмейтін түйін боп
Өз орныңды өзгерте алмай өзгемен,
Кеттім білем мен өлеңге үйір боп.
Найзағайдың от қамшысы осқылап,
Арнасында тулап жатты тас бұлақ.
Діріл қағып көкірегімде ықтады,
Сезім атты ырғатылған жас құрақ.
Тірі жанға тіс жармадым сырды ашып,
Күн қабағы бірде бұлтты,
Бірде ашық.
Кетер ме едім өз отыма өртеніп,
Сергітпесе сезімімді жыр-ғашық!
Кей сәттері қорғасындай зіл басып,
Өз-өзіммен отырамын мұңдасып.
Таусар ма еді саған деген сырымды,
Бақшадағы бұлбұл біткен жырласып.
Өзің едің өмірдегі бір теңім,
Өр кеудеге түней бермес жыр тегін.
Көңіл дымқыл,
Күн көзіне құрғатып,
Көз жасымды ақ бұлттарға сүртемін.
АСЫҒА КҮТУДЕМІН ДҮЙСЕНБІНІ
Асыға күтудемін дүйсенбіні,
Қалқам-ай,
Қанша мән бар,
Білсең мұны?
Жоқ менде табынатын басқа тәңір,
Көңілдің қуанышы,
Бір сен мұңы...
Асыға күтудемін дүйсенбіні,
Көзіңнің төгіледі күлсең нұры.
Кеткендей құшағыма көктем сыйып,
Сол сәтте жаным менің бір сергіді.
Асыға күтудемін дүйсенбіні,
Жүректің жеңілдер ме сүйсем жүгі?..
Жұбатар жылы леппен ескен самал
Түн бойы қалжыраған гүл-шерліні...
Жан бар ма, сірә, көңілім бүтін деген,
Ғұмырың өтеді екен күтуменен.
Ол-дағы сарғайтады,
Сағынтады,
Оралмай оңайлықпен ұтымды өлең.
Біреуді дәл өзіңдей аңсап па едім,
Емес бұл тез сөнетін жаңсақ сезім.
Жарығын сөндірмейді үміт-шырақ,
Қашанғы қалғанынша қаусап төзім.
Білемін
Сенде сенім,
Қуат барын,
Нұрына жанарыңның шуақтадым.
Жаңғыртып жасын ойнап,
Төгіп өтті,
Жанымның жамыратып құрақтарын.
Кім білсін тұрарымды қанша гүлдеп,
Кездесер сәттерімді аңсадым көп.
Тағдырға риза болып өтер едім,
Ұрпаққа махаббатым қалса жыр боп!
* * *
Қайран жүрек болып кейде қан-сорпа,
Күзді күнгі жапырақтай жан солса,
Шіркін өмір,
Арта түсіп қадірің,
Күңгірт тартар жиған-терген сән-торқа.
Өкінбеймін,
Тірліктегі мұңыма,
(Еншім ғой деп қабылдаймын мұны да,
Бәрінен де кетем бір сәт айығып,
Атамекен бөгіп тұрсаң нұрыңа.
Ойларға орап,
Талай-талай өтті күн,
Сағынышын талшық етіп жетті үнім.
Ортаңа кеп отау тігіп отырмын,
О, туған жер,
Борышым да көп бүгін.
* * *
Саған жайдым жапырағын жанымның,
Пендемін ғой,
Кейде ойымнан жаңылдым.
Есеңгіреп,
Қайта жидым есімді,
Ақтығынан,
Пәктігінен жанымның.
Сені сүйдім,
Менде титтей жоқ кінә,
Бір сен үшін уыстадым шоқты да.
Бірге көрдім ауырлықтың азабын,
Бірге көрдім баршылықты,
Жоқты да.
Бізді тосып тұрды алыста биіктер,
Екеумізді бірге өсірді сүйікті ел.
Ақын едім еркелеген өмірге,
Маңдайымнан жүрген адал құйып тер.
Адалдықтан бастап едім жол басын,
Өзіме аян аласаға қонбасым.
Арыма сен
Кездерінде қызғанған,
Болсаң егер бір ғұмырлық жолдасым.
КҮЗ БОЛЫП ҚАЛҒАН БА?
Емхана....
Жатырмын күн санап,
Жүдетті тұман ой тұмшалап.
Қамайды қайдағы үрейлер,
Кірпікті жұмсам-ақ.
Емхана...
Жатырмын күн санап,
Бір жылға татиды бір сағат.
Көгілдір дүние күліп тұр,
Әйнектен нұр тарап.
Тырналар тыраулап шалғайдан,
Жанымды үмітке жалғайды ән.
Япырым-ау,
Күз болып қалған ба,
Жапырақ ұшады сарғайған.
Ағаштар бір түнде жүдепті,
Жел-дағы екпінін үдетті.
Үзіліп кетпесін деп, мынау
Отырмын күзетіп жүректі.
Тұқ емес табаннан сыз өту,
Тұқ емес мамықты мұз ету.
Қиынның қиыны сол екен —
Жүректі ажалдан күзету...
Жатса да кейде дүлей дауыл түнеп,
Кеудемнен арылмайды ару-тілек.
Жүремін жер баптаған диқанға ұқсап,
Егінім көгерсін деп,
Жауын тілеп.
Басымнан өткен сайын күн аптығып,
Жүремін сая жайға бұлақ бұрып.
Жапырақ жамырасып елеңдейді,
Тұрғандай жақсы сөзге құлақ түріп.
Ұшқанда шабытыңның түлеп құсы,
Жеңілмес ұлы күш қой,
Жүрек күші!
Ойламан одан артық бақыт бар деп,
Бола алсам адамзаттың тілекшісі!
Келушілер баршылық көңіл сұрап,
Өтіп жатыр басымнан небір сынақ.
Ешкім оны қолынан жаға алмайды,
Сөніп кетсе бір күні өмір — шырақ.
Қара нөсер құйса да көл-көсір боп,
Бәйек болам шырағым сөнбесін деп.
Тағдыр мені мазалап жатыр мүмкін,
Кәусарына өмірдің шөлдесін деп.
Үрейленген кезінде қарашығым,
Саған түсті-ау салмағым, жанашырым.
Кірпігіңнен ыстық жас домалаттың
Самал шайқап төккендей дала шығын.
Аман қалдым қабыл бон ақ тілегің.
Көгершінім қанатын қақты менің.
Қиналғаным болмады бір күнгідей,
Тек өзіңнен дертімнің таптым емін.
ҚАЙРАУ ЖЫРЫ
Мұңайып жалғыздықты айта берме,
Жігітім,
Сал өзіңді қайқаң өрге.
Күн жалғыз,
Ай да жалғыз аспандағы,
Ер жалғыз емес бірақ байтақ елде.
Қасында жарың да бар,
Бадан, да бар,
Көңілің енді неден алаң болар.
Бақыттың құс екені рас болса,
Қомсынбай ең алдымен саған қонар.
Жетеді жолдастарың,
Достарың да,
Әлемсің бастарыңды қосқанында.
Жетеді тілеулесің,
Қолдаушың да,
Жайын жоқ ұшырайтын тосқауылға.
Ой қосар ой үстіне өреліге,
Бастаған өмір мынау тереңіне.
Тұрғанда баурында ошақ
Басында Отан,
Жігітке жалғызбын деп керегі не?!
ҚҰРДАСҚА
Мен сенімен құрдаспын түйдей жасты,
Құрдас үшін көңілде жүрмейді ащы.
Ащы мінез,
Ащы сөз,
Ащы тілек
Сабағынан солдырар гүлдей жасты.
Өссе екен деп осылар мықты болып,
Көкірекке гүл-көктем шықты қонып.
Өтті талай қаңтар да алаңдатып,
Талай жүгін өңгеріп өтті көлік...
Талай жаз кеп жадырап,
Төкті шуақ,
Талай күз кеп,
Тырналар кетті шұбап.
Талай тартыс,
Талай мұң торлап өтті,
Төзім шіркін бәріне жетті шыдап.
Өстің құрдас,
Ойлының біреуі боп,
Ойлы жанға халқының тілеуі көп.
Жанбай кеткен жұлдызы әкелердің
Кетті ме екен тұтатып жүрегіңе от.
Тілеуіңді шын тілеп,
Халық сүйді,
Құшағында мақпал түн талықсиды.
Саған беріп Алатау ақ батасын,
Құмарлықтан арулар жанып-күйді.
Басып өткен асулар,
Жатыр сұрлеу,
Сырлы жанды бола ма батылсыз деу?..
Халқы сүйген адамды хан көтеріп,
Ондай ерді мүмкін бе ақын сүймеу?!.
Мен сенімен құрдаспын түйдей жасты,
Құрдас үшін көңілде жүрмейді ащы.
Ащы мінез,
Ащы сөз,
Ащы тілек
Сабағынан солдырар гүлдей жасты.
Көтеріп адамдықтың жүгін өрден,
Бүкпесіз сырласасың бүгін елмен.
Әзіңнен асқан шебер ақын бар ма
Өмірдің алуан сырлы жырын өрген.
Түнімен терезеңнің шамы сөнбей,
Өртендің өр кеудеңнің намысы өлмей,
Дүние кетер еді гүл-гүл жайнап,
Ақынның болса егерде бәрі сендей.
Жұртқа аян даралығың,
Дарқандығың.
Жан сүйер досың қанша,
Қалқам, күнім,
Нық басып ұлы жерді аяғыңмен,
Тұрғандай шынды арқалап арқаң бүгін
ДОСҚА ТІЛЕК
Досым бар,
Жоқ ешкімнің таласы да,
Көңілінің жоқ бүкпесі,
Аласы да.
Ақылы,
Арман-ойы,
Парасаты
Қазақтың жарасып тұр даласына.
Ұқтырып жүрегінің дарқандығын.
Уақыттың ауырсынбай тартар жүгін.
Аңқылдап жаны сүйген адамдарға
Жасырмай айтар шынын,
Айтар мұңын.
Келеді ол өрлеумен шың-асуды,
Қимылы,
Мінезі де ұнасымды.
Өз өрнек,
Өзге бояу,
Өрлігі бар,
Мен оған теңгермеймін мың асылды.
Кеудемнен сонша нәзік гүл ашылды,
Үлбірек сағағына күн асылды.
Күн, Гүл де,
Бәрі-дағы бір сол үшін,
Тағдырым талдырмасын құлашымды!
Бұл өмір жатпас мәңгі арнасында,
Қиялым қиырлармен жалғасуда.
Ойлардан мен де кейде ауырлаймын
Бұлттардай түнеп қалған тау басында.
Кең дала дүбірінен серпілемін,
Еңсемді биіктетер сен тірегім.
Күмбірлеп шуақ-көктем ән салғанда,
Күйіне домбыраны келтіремін.
Қалайша,
Көңіл құсы-ау,
Еркін едің,
Қаншама жұпар иіске елтімедім!
Ақынның бақыттысы мен болармын,
Тірлікте ақтай алсам ел тілегін.
Мен-дағы талай сырды түйіп белге,
Келемін қанат қағып биіктерге.
Сүземін сыр тұнығын жүрегімнен,
Сыйым сол ұсынатын сүйікті елге.
Таусам ба өткен күннің санап бәрін,
Сәт сапар,
Сансыз ойды сабақтадың.
Бергісіз жылыңа да жылы еді ғой,
Шуағын төккен кейбір сағаттарым...
Астасып арман-үміт жатыр көптен,
Көктеммен кеткендеймін жақын боп
Тасытып шабыт селін шалқытады,
Кеудемде аласұрған ақын-көктем!
АЛМАТЫ – АСТАНАСЫ ҒАШЫҚТАРДЫҢ
Қарашы сәулетіне Алматының,
Нұры бар келбетінде алмасының.
Жұмағын жер бетінің аралайық,
Алдымнан шығар болсаң,
Жан ғашығым.
Не деген сұлу қала,
Наз-көрікті,
Табиғат таңданумен мәз болыпты.
Жамылып жасыл жапырақ көшелері,
Гүлдердің жанарына жаз қоныпты.
Ақша бұлт Алатаудан ұзап ұшқан,
Қызығып қол бұлғайды тым алыстан.
Айдында би билеген аққулардай
Ақ үйлер жарқырайды қуаныштан.
Алғашқы кездесуге асыққан күн,
Есімде самал желі ашық таңның.
Басталған бақшасында бақытымыз,
Алматы — астанасы ғашықтардың!
Алматым ұшырып ақ армандарын,
Тыңдатты тамылжыған таңдарға әнін.
Қаңтарда қар — шашуын жатыр шашып,
Жасырмай қуанышын,
Таңданғанын.
Көңілдің шектелмейтін шаттығындай,
Дүние, бүгін сонша пәктігінді-ай!
Шыңынан Алатаудың шығандап бір,
Қыран да жез қанатын қақты тынбай.
Сұлулық сиқырына мың арбалып,
Қараймын айналама құмарланып.
Күй сазы жетіп сыршыл жүрегіне,
Шыршалар билеп кетті шыр айналып.
Аққудың мамығындай ұлпа қарды
Алматы аңсаған ғой,
Қымтанады.
Қаланың өзі сонша үлбіреп тұр,
Көрсең ғой,
Қандай екен қырқалары.
Ұнайды күткені де,
Аңсағаны,
Ақ дауыл уілдетіп ән салады.
Пәктікке бөленіп тұр бар дүние,
Өмірде құдіретті,
Сан-салалы.
Қаңтардың өпкен білем түнгі ызғары,
Маужырап қалғып кеткен шың-құз — бәрі.
Алматы омырауына қонып жатыр
Аспанның соншама әсем жұлдыздары!
ШОҚАН ЕСКЕРТКІШІНЕ ҚАРАП
Толастамай маңайынан құс үні,
Бір өзіне баурап
Көрген кісіні Академия алаңынан Алысқа
Асқақ қарап тұр Шоқанның мүсіні.
Иық қандай,
Қара толқын шаш қандай!
Көкірек ше —
Жұлдыз толы аспандай!
Дүние сырын бағып тұрған сияқты,
Оған біткен таңғажайып қас,
Маңдай!
Қыран даусы тау жаңғыртып,
Тас жарған,
Ғалым жолы бір қиырдан басталған.
Шоқан кенет ойға шомып кеткендей,
Келе жатып сонау алыс Қашқардан.
ТҮС КӨРДІМ МЕН
Түс көрдім мен,
Түсімде сені көрдім.
Қандай ғажап тасыған көңілі ердің.
Шалғылары жетілген мұзбалақтай
Көтерілдің шарықтап көгіне елдің.
Көтерілдің шарықтап көгіне елдің,
Ерлігіне сүйсініп,
Тебірендім.
Шыр айналып шықсам да бұл әлемді,
Сендей ерек көзіме көрінер кім.
Ел білер деп қыз сырын қымсынбадым,
Жүрегімді орады тілсіз жалын.
Арғымақты алдыңа тарттым әкеп,
Таппайтындай тиянақ мұнсыз жаным.
Ер-тұрманы сай болып жарақталған,
Қайран қалып тұлпарға ел қарап қалған.
Атқа қонған бейнеңді көріп сонда,
Менің-дағы қиялым қанаттанған.
Жарқырап бір көрінді қанатты арман,
Жыр сорғалап кетердей қанаттардан.
Бір әбігер күй кештім қалайда мен,
Ойды бөліп,
Сабырды,
Тағатты алған.
Тұрдым жанға өзіңді сая көріп,
Құшағыңды сен маған жая беріп,
Кеткендейсің содан соң алысқа ұзап,
Қас тұлпардың тізгінін қоя беріп.
Сенейін бе сол күйге бастан кешкен,
Болды қайран көңілім астан-кестен.
Құшағыңнан абайсыз сырғып кеттім,
Секілденіп жер жылжып,
Аспан көшкен.
Құйғытып асқақтаған таудан ары
Жөнелдің ұшқан құстай заулап ағып.
Артында қала бердім қолым бұлғап,
Кенеттен тірелгендей жарға барып.
Баладай жаутаңдаған құр алданып,
Көз алдым тұрды сонда мұнарланып.
Дариға,
Тым болмаса ез қасында
Қалдым ғой сырласа алмай құмар қанып.
Тұрғанда осыны ойлап қайта келдің,
Әніңді маған таныс айта келдің,
Ойнақтап астындағы арғымағын,
Таныттың бір өрлігін қайсар ердің.
Әлде бұл әкелерден көрген үлгің,
Сен мені қаршығадай жерден ілдің.
Ілдің де,
Тағы тарттың алға қарай,
Сүйсінді бәрі саған жер-көгімнің.
Жоқ екен ездігің де,
Жасықтығың,
Айтады жүрек солай ғашықтығын.
Жалында сол тұлпардың арындаған,
Аяулың айтар саған ашық сырын.
Мен бе екем сырын жанға шерте білмес,
Тыңдадың әуенімді ертелі-кеш.
Тыңдадың жүрек сырын,
Шындық сырын,
Ұқсамас бұрын-сонды ертегіге еш.
Жасырмай бүкпесіз жан ғашықтығын,
Сезімнің пернелерін басып тұрмын.
Теңселіп кең даламда қуаныштан,
Теңіздей тебіреніп,
Тасып тұрмын.
ІІІ
Тау қоршап айналасын жатқан бөлек
Қалды жол тұйықталып шатқалға кеп.
Қойнында қорқау ажал жатқандай ма.
Күңіреніп қоя берді тастар кенет.
Сияқты орман мұңды,
Ай жаралы,
Қорқыныш билеп алған айналаны.
Жұлдыздар бірінен соң бірі сөніп,
Аспанның мұз тесінен тайғанады...
Арғымақ көкке шапшып кісінеді,
Бәлкім, ол бір сұмдықты түсінеді.
Алдында өткелі жоқ теңіз жатыр,
Бұл тағдыр қандай күйге түсіреді?!
Тәуекел дедің-дағы, тарттың алға,
Сөз бе екен тосқауылдар сертті жанға.
Арғымақ ақ толқынмен араласып,
Ғажап күй күңіреніп кетті маңда.
Тұрса да от шарпылып өзегіңнен,
Қашанғы әдетіңмен төзе білген
Толқынға қарсы жүзіп келе жаттың,
Сендегі ішкі күйді сеземін мен.
Жалынан сен тұлпардың,
Мен өзіңнен
Ұстап бір пәк үмітпен сене білген,
Айрылмай келе жаттық толқында да,
Өмірдің өрге жүзіп өзенімен.
Түс емес,
Түсінейін өңім ғой деп,
Мазалар мазаң жанды өмірде ой көп.
Өзіндік махаббатқа дақ түсірмей
Өтермін,
Шексем-дағы не бір бейнет.
Аққуға езімізді жүрдік балап,
Үмітпен болашаққа тұрдық қарап.
Бірге екен біздің егіз тағдырымыз
Теңізде,
Өзенде де,
Құрлықта да.
Түс көрдім,
Түсімде мен сені көрдім.
Тасыған қандай ғажап көңілі ердің.
Жетілген шалғылары мұзбалақтай
Шарықтап көтерілдің көгіне елдің.
* * *
Жалған ойлап,
Жарты өмір кешкен күні
Жалп етіп шырағымның өшкен нұры,
Жап-жарық көкірегім күңгірт тартып,
Жанымның қалды қурап,
Өскен гүлі.
Қайтадан адалдыққа көшкен күні
Жарқ етті,
Жанарымның өшкен нұры...
Арманның жапырағын жайды жүрек,
Қалайша,
Шығарармын естен мұны?!
Адалдық көкіректен көшкен күні,
Үзілер ар-намыстың,
Ескен жыры.
Айрылар гүл дүние ажарынан,
Адамдар,
Шығармаңдар естен мұны!
ҚЫНА БАСҚАН ҚАРАҒАЙ
Салмағын салса да оған мынау аспан,
Күлместен,
Күңіренбестен,
Жыламастан,
Беткейде жатыр сұлап бір қарағай
Өн бойын жасыл түкті қына басқан.
Қарашы,
Жатыр тұтас бөлінбестен,
Қарамай тағдырына өлім кешкен,
Қадалған жердегі оның бұтағынан,
Кердің бе,
Өркендерін өрімдескен...
Қашаннан жатыр солай қыбыр етпей,
Қиылып қыршынынан күні жетпей.
Қиды екен қандай дауыл құлатуға,
Осынау мықтылықты құдіреттей!
Тағдыр да қайтара алмас бетін өктем,
Беу, ғажап қарағайлар,
Жетік өскен!
Бәрінің ортасында бұл алыпты
Қалайша
Шіркін өмір жетім еткен.
Соңынан қаулаған соң тілегі өріп,
Кетпепті қарағайдың жүрегі өліп.
Таянып бұтақтарын сол қарағай,
Сияқты келе жатқан тұрегеліп.
ҚАС ҚЫРАННЫҢ АЖАЛЫ
(Саятшы аузынан)
Құзар шың,
Аслан астынан,
Шабытты ұшқан қас қыран
Ұяға кештеу оралды,
Есесін алып қасқырдан.
Ұшындай болат тебеннің
Қадалды тасқа тегеурін.
Қан соқты орақ тұмсығы
Жүзіндей қырлы егеудің.
Тояттап алған жемсауы,
Секілді жұмыр жер шары.
Биікте қыран сілкінсе,
Бұрқырап ұшты жол шаңы.
Құзар шын.
Шатқал.
Сай-сала
Құпиясын оған айта ма.
Қалғыды қыран жарықтық
Маңында не жүр,
Байқамай.
Бүркіттен мана жасқанып,
Жапсарды жатқан жастанып
Сары балақ үкі
Қыранның
Бұрады мойнын бас салып.
Тағдырдың бұл да мазағы,
Айтылар жыры азалы...
Қиялап ұшқан қыранның
Үкіден келді ажалы.
АУЛАДАҒЫ ГҮЛГЕ ҚАРАП
Су берші гүлге,
Қызым,
Шөлдеді ғой,
Шел буса нәзіктіктің өлгені ғой,
Ауладан көкке қарап мұңаяды,
Сарғайған жапырағы шөлдегідей.
Тағдыры екіталай сында қалған,
Сабағын —
Ақ шырмауық шырмап алған.
Қан жүрмей қылдай нәзік тамырына,
Булығып шыға алмай тұр шырғалаңнан.
Сүюші ең сұлулықтың асқақ әнін,
Күнім-ау,
Гүлге неге пәс қарадың.
Қарашы гүл көркіне қыз көркіндей,
Иісі аңқып тұр ғой одан жас баланың.
Солмасын сұлулықтың асыл көркі,
Қонбасын оған мұңның масыл дерті.
Солған гүл дүр сілкініп,
Есін жисын,
Көзіңнің жалғыз тамшы жасын берші!
Құлпырып тұрсын олар өз қасында,
Мезгілсіз өмірі оның тозбасын да.
Өшкенді жандыратын құдірет бар
Адамның мөлдіреген көз жасында.
Ойлайды екен осы жұрт мені кім деп,
Сырт қараған адамға желігім жоқ.
Ал ішіме үңілсең,
Жасын ойнап,
Күркірейді
Даланын желі гулеп.
Ғасырлардың мүсінін көзбен қашап,
Ойдан қару жасаймын,
Сөзден — жасақ.
Алты құрлық атынан сөз берілсе,
Өлшер едім бәрін де безбенге сап.
Айдын көлдің бетінде қазы қалқып,
Қиқулайды,
Мойныма назын артып.
Алтын қайсы,
Мыс қайсы,
Жезі қайсы —
Берер едім бәрін де ажыратып.
Ойлайды екен осы жұрт мені кім деп,
Сырт қараған адамға желігім жоқ.
Ал ішіме үңілсең ғасырлардың
Жасыны ойнап жатады,
Желі гулеп.
СҮЙІНШІ
Ұлы Отанның аралап қиыр шегін,
Көкірегінде лапылдап сүю, сенім,
Келе жатыр көктемің жарқын күліп,
Сүйінші бер,
Халайық,
Сүйінші, елім!
Жыр көтеріп келеді ол
Толып-тасқан,
Күй көтеріп келеді ол
Көбік шашқан.
Гүл көтеріп келеді ол
Алуан-алуан,
Күн көтеріп келеді көрікті аспан!
Таң нұрына бірінші бөленетін.
Сүйіншіме,
Диқандар,
Не бересің?!
Берсең болды миллиард ақ наныңды,
Ұлы Отаным ырысқа кенелетін.
Сай-салаға дүркіреп төл еретін,
Сүйіншіме,
Жылқышы,
Не бересің?!
Берсең болды жүйрік бір құнаныңды
Көк белеске көсілтіп жөнелетін.
Қыр қыдырып,
Гүлдерін теріп келер,
Сүйіншіңе,
Балалар,
Сеніп келем.
Берсең болды күлкіңнен күміс үнді,
Берсең болды көңіліңді,
Періштелер!
Қозы Көрпеш,
Үкілі Ақ Баяндар
Кезің келді жұптасып баққа аяңдар.
Сүйіншіңді бәрің де дайындай бер,
Ағыңнан бір жарылып,
Жақсы адамдар!
Жаңбырдан жаңбыр...
Толастар емес бір ауық,
Сәуірдің бұлты неліктен сонша жылауық?!
Отырмын әлі ойларға малтып беймаза,
Кеткен де болар әлдеқашан түн ауып.
Құяды жаңбыр,
Құяды бір сәт тынбастан.
Қабағын мүлдем алыпты түйіп түнгі аспан.
Қарасам бұлдыр әйнектен сыртқа қараңғы,
Ақ қайың мүлгіп,
Тамшымен тілсіз мұңдасқан.
Соғады жарға,
Ойларым сонша жаңғалақ.
Еркіне мүлдем
Еріксіз мені алды орап.
Елеске елтіп,
Елендей берем неліктен,
Көңілім, мүмкін,
Тұр ма екен асқақ ән қалап!
Қайта оралды жыл құсы күзде кеткен
Топырағын жасырды түз желекпен.
Тұрмын тағы өзіңді есіме алып,
Үмітіңді біржола үз демек пе ең.
Алматының,
Білесің,
Көктемі ерек,
Сенсіз маған табиғат өкпелемек.
Беріп ен ғой сен маған гүлін үзіп,
Содан қырын қарайды көп көбелек...
Жағаладым өзіңсіз ақ бұлақты,
Неге жалғыз келдің деп,
Тасқын атты.
Неге жалғыз жүрсің деп,
Алатау да
Табанымның астына тас құлатты.
Үзілмеді, қайтейін,
Үз десең де,
Сол үміттің құлымыз біз де,
Сен де.
Үміттеніп өзіңнен жүрген кезде,
Жолығам ба деп қорқам бір кеселге.
ҚҰС КЕЛГЕНДЕ
О, достарым,
Құста қандай айып бар,
Қайтқан құсқа құшағыңды жайып қал.
Әлем — теңіз,
Өмір — толқын,
Жыл құсы —
Желкендерін жел көтерген қайықтар!
Сол желкендер толқын айдап,
Жел керген.
Тіршіліктің арнасында тербелген,
Үпір-шүпір жатыр тәтті қауышып
Ата қоныс,
Сарыжайлау,
Көлдермен!
Тауқыметін тартқан жолдың,
Тұрмыстың,
Сол құстармен бірге қонып,
Бірге ұштым.
Кең даламды әуенімен жасартқан,
Шекпесе екен,
Шекпесе екен бір құс мұң!
ТУҒАН ЖЕРДІҢ БҰЛАҒЫ
Толқыны асыр салған бағы қырда,
Керемет бұлқыныс бар ағынында.
Соқтырған жүрегімді қанымдайсың,
Тулаған алпыс екі тамырымда.
Жалтақтап басқа жаққа бұрылмайсың,
Жүретін жолың да айқын,
Жырың да айқын.
Төгіліп күлте жалы күн астында.
Күмбірлеп,
Кісінеген құлындайсың.
Құясың езің туған Ана-көлге,
Болады сені сәби бала деуге.
Түн бойы дөңбекшимін әзіңе ұқсап,
Бауырымды басып жатып қара жерге.
Жағасын самалымен желпіп-желпіп,
Балауса көк құрағын желкілдетіп,
Аңсаған арманымның дариясына
Өзімше құйсам екен еркін жетіп!
Жетем бе дегеніме,
Шыңға шығып,
Немесе,
Жоғалам ба, құмға сіңіп.
Адасып тұмандарда,
Кетем бе әлде,
Кеудеме адамға айтпас сыр жасырып.
Көз жасын тағдыр-дауыл үріп төккен,
Адасқан талай бұлақ,
Құрып кеткен...
Бөгде елдің мұхитына құйылғанша,
Арман жоқ,
Өз шеліме сіңіп кетсем!
Толқыны асыр салған бағы қырда,
Керемет бұлқыныс бар ағынында.
Соқтырған жүрегімді қанымдайсың
Тулаған алпыс екі тамырымда!
ТЫРНАЛАР
( Баллада)
Оралды тағы тырналар,
(Оралмақ солай жылда олар).
Ұқсайды кейде қайыққа
Бетімен көлдің сырғанар.
Оралды тағы тырналар,
Жаныңды әні мұңға орар.
Мекенін,
Биік тауларын
Келеді аңсап жылда олар.
Оралды тағы тырналар,
Жүректе саз көп жырланар.
Жанымыз жақын достарға
Айтылар керім сыр да бар.
Елемей жауын,
Боранды,
Жыл құсы тегіс оралды.
Оралмай қалды бір тырна,
Аңсайды дала сол әнді...
Тауысып тағдыр тағатын,
Төнді ме оған қара түн.
Қайырып әлде кетті ме
Қаһарлы дауыл қанатын?
Кім ұғар дертін басқаның,
Келмесе сезбес басқа мұң.
Қияғын жалын шалды ма,
Найзағай ойнап қас қағым.
Жете алмай мөлдір бұлаққа,
Қалды ма құба қыратта.
Байғұстың үні, әйтеуір,
Жетпей-ақ қойды құлаққа.
Қосылмай сол құс қатарға,
Шөлдеген болар жапанда.
Қанатын оның қақтырмас,
Тағдыры сонша қатал ма?
Қалдырған оны қиырға,
Шынымен, тағдыр киын ба.
Әйтеуір сол құс тыраулап,
Тұрғандай менің миымда.
ІІІ
Жанары мұңлы мөлдіреп,
Бұлқынды білем сол жүрек.
Аспанға тұнық қарады,
Талпынбақ болып соңғы рет.
Айнала тегіс мұнартып,
Таң атқан болар құлан тұқ...
Тандағы мөлдір шықтарға,
Қараған болар құмартып.
Ауаны жұтып бал-тұнық,
Денесі қызған сәл суып.
Есін бір жиған шақтарда
Ұшқан да болар талпынып.
Ұшқанын бірақ көрді кім,
Шақты ма түзге ол мұңын,
Еледі ме екен ай мен күн
Кішкентай құстың ерлігін.
Тағдырын жалғыз тырнаның,
Аялап менің тұр жаным.
Келуін күтіп жатқандай
Көлдерім,
Байтақ қырларым.
Тырнаның мұңы сондай-ды,
Толғандым талай ол жайлы.
Жыл құсы қайта келгенде
Сол құстың орны толмайды.
Япыр-ай,
Қалай толтырам,
Қорқады көңілім олқыдан.
Оралмай қалған тырнаның
Өмірі өлмес болсын ән.
Борайтын дауыл жол артын,
Қиын да қиын болар сын.
Сапарлап кеткен құстарым
Қалай да түгел оралсын!
Қара бұлт басып ел көгін,
Алғанда ауыр жер демін,
Оралмай қалды-ау,
Қайтейін,
Бауырым,
Қайран ерлерім!
Жалғасып қайта жол арна,
Солардың орны толар ма?!
Адасып қалған бір тырнам
Қолыма қайта қонар ма?!
Осыны ойлап кеткенде
Сабыр мен тағат жоқ менде.
Үмітпен ылғи қараймын,
Сағынып жеткен көктемге.
Салтанат,
Думан әр шағы,
Базары жаздың тарқады.
Сарғайтты дала гүлдерін,
Шуақты күздің сары таңы.
Қуарған шөптер қыраулап,
Үстінен жатты шық аунап.
Аспанның жүзін көрсетпей,
Тырналар қайтты тыраулап.
Оралмай қалған тырнаның
Өгейсіп орнын тұр жаным.
Өгейсіп соны жатқандай
Көлдерім,
Байтақ қырларым.
Тырналар,
Қайтқан тырналар,
Ойыма — арқау,
Жырға — нәр.
Оралмай қалған мұңдықтан
Келіндер алып бір хабар.
Көрсеңдер сәлем айтыңдар,
Көрсеңдер сәлем айтыңдар.
Көктемде сол тырнаны
Қалдырмай ала қайтыңдар!
ҚҰМ СУРЕТІ
Қиыр-қиыр, қиыр құм,
Сұр жыландай иір құм.
Қадау-қадау сексеуіл,
Буын-буын бұйырғын.
Қиыр-қиыр, қиыр құм,
Қиыры жоқ шиыр құм.
Қабат-қабат, қабат құм,
Қатпарыңдай миымның!
Төбе-төбе, тәбе құм,
Кеп жасаған көне құм.
Өзіңе ұқсап жанам да,
Өзіңе ұқсап сөнемін!
Көше-көше, көше құм,
Қалтарысы неше мың...
Өзіңе ұқсап қонам да,
Өзіңе ұқсап көшемін!
Таңдай-таңдай, таңдай құм,
Сызығындай маңдайдың.
Өзіңе ұқсап мен-дағы
Ай нұрына қанбаймын,
Күн нұрына қанбаймын!
Жапан түзде көлбеген
Жатқан нардай көлденең,
Аптабында шілденің
Мен де өзіндей шөлдегем.
Махаббатқа шөлдегем,
Шапағатқа шөлдегем,
Адамдыққа шөлдегем,
Адалдыққа шөлдегем,
Шөлдегем, мен шөлдегем,
Қиыр-қиыр, қиыр құм!
ҚҰШТАРЛЫҚ
Алатауға қонған бұлт,
Жауып барып ашылды,
Қасқа бұлақ,
Көк өзен,
Шабыттанып тасынды.
Шым-шытырық тірліктен —
Оралған ой басыма
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Берекемді қашырды.
Өзіме де сол керек,
Тұла бойым құмарлық.
Құмарлықты мойныма,
Тағып алғам тұмар ғып.
Тымырайған дүниенің құпиясын білсем деп,
Отырамын қылт еткен құбылыстан сыр андып.
Өзімді-өзім алдаймын,
Бір үмітті шырға ғып.
Және соның жолында жүгіремін зыр қағып.
Кейде тіпті жығылып,
Қалатын да жайым бар,
Қым-қуыт боп шатысқан,
Қиялыма шырмалып.
* * *
Құмарлықтың көкесі деп білем тек құштарлық,
Көлге қарай аққулар,
Құштарлана ұшқан жұп.
О, құштарлық,
Құштарлық!
Жап-жас ана бөпесін әлдилейді өбектеп.
Қысқа түннің ішінде үш оянып,
Үш қалғып.
О, құмарлық,
Құмарлық,
О, құштарлық,
Құштарлық!
АҚЫН ТАҒДЫРЫ
(Қытайдағы гоминданшылар қолында азаппен өлтірілген ұйғыр халқының күрескер ақыны Лүтфолла Мүтәллиф туралы баллада)
Жыр туралы жаздым жыр,
Болмайды деп жылтырақ.
Жыр жолынан алдым нұр,
Жанды ішімде бір шырақ.
Ақын жолы — жыр жолы,
Өшпейтұғын ол іздей.
Жарқын жаным білді оны
Тебіреніп теңіздей.
Ақын жанын түсінем,
Жаз, қаламым, ұшталып!
Көк дауылдар ішімен
Дауылпаздай ұш, шабыт!
Күңірен, Іле,
Қашқари,
Өзегіңнен от жанып.
Мұқамыңнан баста күй,
Лүтфолланы жоқталық!
Көктем тілеп,
Көкке ұшқан,
Ол — алғашқы қарлығаш.
Қара аспаннан от құшқан,
Жұлдыз болып жанды жас!
От сиялы қалам ап,
Жауды көзге кетті ұрып.
Жүрді майданды аралап,
Найзағайлы,
Отты бұлт!..
Жауап берді жылдарға
Өлмес, өршіл жырменен.
Жауап берді мұндарға,
Жыр шалқытып түрмеден.
Билетердей тасқа би,
Шалды дутар еппенен.
Оянсын деп Қашқари
Ойнайды ылғи отпенен!
Шәкірт еді-ау жас түлек,
Уа, Шыңжаң, осы ұлың
Үмітпенен ашты кеп
Мектептің де есігін.
Ұстаз тапты, дос тапты,
Жатқанда сен шырқырап.
Алған білім ес қатты,
Жанды ішінде жыр-шырақ.
Жанды ішінде нұр-шырақ,
Жүрді жаны тербеліп.
Шықты жалын бұрқырап,
Ел дегенде ерленіп.
Шықты топтың алдына
Қолбасыдай қасқиып.
Жыр оқыды ол мұнда
Жұдырығын тас түйіп!
Жаңғырықты туған жер,
Қосылғандай бар дыбыс.
Түнде жортып буған бел
Партизандар алды күш.
Қылыш жырға жанылды,
Жүздерінен тамып қан,
Жыр қылышқа жанылды,
Күш әкесін танытқан!
Жансыздар да іш тартып,
Торыды оны бөрідей.
Ақын қолын қысқартып,
Торға орамақ көрінбей.
Төгіп еді ел деп тер,
Ақынды алды тас түрме.
Гомендандық жендеттер
Жабылды кеп жас гүлге...
Түрмеде ақын жатқалы,
Болды нағыз жолбарыс.
Жүрек тыныш таппады,
Жиды еселеп бойға күш.
Шыға алмады түрмеден,
Қиын болды көрмек күн.
Жарқ-жұрқ етіп тұрды өлең
Төбесінде жендеттің!
Болмас, сірә, түрме кең
Айтылған зар ішіңде.
Жарқ-жұрқ етіп жүрді өлең
Партизандар ішінде.
Саңқ-саңқ етіп жүрді жыр,
Жаңғыртып тау,
Даланы.
Шарпығандай нұрды нұр
Іле,
Тарым 1 толғанды.
Жалын атты жанар тау,
Көк аспанға бүркіп от.
Мүмкін емес салқындау,
Өршіді өрт дүркіреп.
Революция жолдары —
Тар жол,
Тайғақ кешу-ді.
Қызыл тулар қолдағы
Жыр боп көкте есілді.
Жыр жолдары күш беріп,
Жалын болып жанды кек.
Келе жатты тістеніп,
Лүтфоллалар сап түзеп.
Ар туындай ақынның
Көтерелік жырды алға.
Жетсін таңға ақырғы үн,
Жауап беріп жылдарға!
АЛАТАУ – ДОСТЫҚ КҮМБЕЗІ
Тау жайлы ақын қалай толғансын жай,
Ойларым тасқындайды жолға сыймай.
Алыстан Алатауым жалт қаратар
Мызғымас достығымның ордасындай!
Шоқысы жете жаздап күн көзіне,
Үйіріп жердің шарын күнде өзіне.
Тыныштық туын биік тұрған ұстап
Қызыққан жұрт осынау күмбезіне.
Бар шығар талай күмбез жер бетінде,
Дәл мұндай айшықтар жоқ келбетінде.
Күмбірлеп «Аврора» үніменен
Ерлікке ол өзін үлкен белгі етуде.
Бұл күмбез жайында бар ел біледі,
Соғып тұр сол күмбезде жер жүрегі.
Бойында оның асқақ жарқырайды
Достықтың таңғажайып белгілері.
Достыққа апаратын жол басындай
Әлемде биік күмбез бар ма осындай?!
Алатау арқа сүйер әкем бейне,
Ол әрі тағдыры бір жолдасымдай.
Сәулесін төгілдіріп жаға, жалға,
Тамылжып көкжиектен таң атарда.
Тиердей төбем көкке биіктеймін,
Қарасам асқақтаған Алатауға.
Қашан да арқау болған асыл жырға,
Сап қырлы ғасыр сыры жатыр мұнда.
Достықтың қолмен қойған нүктесіндей,
Сүйемін,
Тауым,
Түйір тасыңды да!
АУЫЛ БАРСАҢ
Ауыл барсаң,
Тауларын аралай бар,
Қаптап өскен қарсы алар қарағайлар.
Күнше күліп бөбектер шықса алдыңнан,
Қолыңды алар қуанып нар ағайлар.
Ауыл барсаң,
Тауларын аралай бар,
Саған тұғыр шындары,
Маған айбар.
Айдындарда сабырлы сазан тулап,
Жарқ-жұрқ етіп шағала жағада ойнар.
Ауыл барсаң,
Даласын аралай бар,
Ой мен қырын,
Көлдерін сағалай бар.
Ат тұяғын көгілдір нілмен бояп,
Үзеңгіңе оралар көгорайлар.
Ауыл барсаң,
Тауларын аралай бар,
Жадыратар жаныңды жағажайлар.
Қарағайлар секілді қаулап өскен
Санаңда да самсаған қалады ойлар.
ТОЙ ТOЛҒАНЫСЫ
Мәңгілік даңққа бөлеп сүйікті елді,
Асты, әне,
Өмір көші биік белді.
Партия сарқылмайтын мол шуағын
Халқымның зердесіне құйып берді.
Келіп тұр кемеліне далам бүгін,
Күй болып шартарапқа таралды үнім.
Асыр сап сай-салада өзендерім,
Қырмызы қырқаларым тағар гүлін.
Мамырлап аққу-қазым көлдерінде,
Арғымақ тықыршиды белдеуімде.
Қалықтап көгершіндер көк жүзінде,
Шалықтап сәби күлер жөргегінде.
Биіктеп миллиард тауы қырманымда,
Төрт түлік жамырады қырларымда.
Жүгіріп мектебіне шәкірт біткен,
Жүрегі ұстаздардың нұрлануда.
Ақтарып асыл кенін шахталарым.
Жеткізді еңбегімен шат хабарын.
Аспанның ақ бұлтындай ақтарылды,
Байырғы аты шулы Мақтааралым!
Жақындап қиял жетпес алысым да,
Самғады космонавтар ғарышында.
Биіктеп бәсекемен ғимараттар,
Түскендей құрылысшының бәрі сынға.
Ұшырып шабыт құсын ақындар да,
Тарқатып шаттық үнін жатыр маңға.
Тұрғандай бүкіл елім дабыл қағып
Алдағы ашылмаған ғасырларға!
* * *
Жоқ бүгін ойымда мұң,
Көңілде алаң,
Қысылмай,
Емін-еркін демімді алам.
Өзіңе қаншалықты ғашық болсам,
Соншалық ғашық екен,
Өмір маған!
Қауышып тағы да бір сәтті күнмен,
Ұқсаймын қаршығаға,
Шаттық ілген.
Сезгендей шын бақытты жүрегім де,
Ерекше тіл табысып,
Жатты жырмен.
АЛАҢ – ТЕҢІЗ, АДАМ – ТОЛҚЫН
Қызыл алаң!
Тас көше түзу кеткен,
Қызыл нұр қыз жүзінде сызылды еппен
Жұлдызы Кремльдің жарқыраса,
Москва құшағына қызу жеткен.
Тынбайды жұрт ағылып текше жерде,
Есеп жоқ тықылдаған өкшелерде.
Алаулап бара жатыр алуан жүздер,
Жарасып еркелігі өскен елге.
Шырағы Кремльдің жағылғанда,
Құбылар ұқсап меруерт,
Лағылдарға.
Қарашы,
Адам - теңіз,
Адам — толқын,
Ерсілі-қарсылы боп ағылғанда.
Әкелсе мұнда бастап түзу көше,
Шомылар шұғылаға жүзің неше.
Шып толған бейбіт күннің шуағына
Секілді Қызыл алаң –
Қызыл кесе.
НАЗ
Т. Кузовлеваға
Арманға құлшындырар сенім деген,
Жоқ, сірә, бөтендігің сенің менен.
Сәттілік көрген сайын қадамыңнан
Сергимін,
Сезім тербеп көңілденем.
Сергимін,
Сезім тербеп көңілденем,
Жаным — гүл,
Желегінен төгілді өлең.
Күндерге бой ұрғызбай жеңіл-желең,
Ризамын ой ұсынған өмірге мен.
Мәңгілік жолаушымын тегінде мен,
Шалқыған шалқарыңның шегін көрем.
Тербейді тереңінен сусындатып
Әрдайым арман артқан өмір-кемем!
Дем алам аунап-қунап төрінде мен,
Ол шақта денем сергіп,
Көңілденем.
Егіндей қар астынан тебіндеген
Жырларым жатыр қанша себілмеген.
Жаныңды құмар-ақпын сезуге мен,
Сөйлеген сөзің де өлең,
Өзің де өлең.
Тұңғиық төңкерілген жанарыңнан
Қайсарлық,
Әділеттік,
Төзім көрем!
Асығып ақтарғанша құштарлығын,
Асырар бір-бірінен құстар да үнін.
Биікке нәзік жанды көтеретін,
Беу, құрбым,
Тынысыңда күш бар бүгін!
Бұл өмір зымырайды қолға тұрмай,
Келеміз сапарласып жолда тынбай,
Ойларың кейде дала жорғасындай,
Ал кейде ауырлайды қорғасындай.
Суиды қазақ десе алдағы асың,
Тілек те,
Жүрек те боп жалғанасың.
Көрінген аузын ашса көмекейі,
Білесің достарыңның алдамасын.
Сияқты қысың — өлең,
Жазың — дастан,
Қуанам бұрқыратып жазып жатсаң.
Жетерміз жетер жерге қанаттасып,
Аққудай құшағымыз жазылмастан!
Қашан да жыр жорығы —
Ізгі жорық,
Құмартар кейінгілер
Сізді көріп.
Жанымыз жақсы өлеңнің ұйқасындай,
Тағдыр да әкете алмас бізді бөліп!
Әрбір жыл өзінше ойын келер жорып,
Сынайды әлі бізді нелер жорық.
Байырғы болашақтың өлкесінде
Жасаймыз өнер болып,
Өлең болып!
АРМЫСЫҢ, АҚЫНДАРДЫҢ БАС ҚАЛАСЫ!
Момын Каноатқа
Ешкімнің жоқ өзіңмен бәс-таласы,
Арнасы,
Аңыздардың бастамасы,
Тұратын күмбездері көкті тіреп,
Армысың, ақындардың бас қаласы!
Көп ойды ұялатып жаныма тың,
Жырыма арқау болды сенің атың.
Түбінде шыңыраудың шырақ жаққан
Бар ма екен
Рудакидей алып ақын.
Жетелеп жұлдыз-жырлар жолға сырлы,
Көзіммен көргендеймін сол ғасырды.
Шайырдың шайқалмаған шарабына
Кім білер менің де мас болмасымды.
Сай-сала самал соқса ырғалып бір,
Шың-құздар мұнартады,
Нұрланып қыр.
Ақын боп қалай ғана қалам тартам,
Дүние өздігінен жырланып тұр.
Жан біткен кәусарына қанығатын,
Даналық ойдан қалай жалығасың.
Құшақтап тұрған мынау жер мен көкті
Памирдің езі екен ғой алып ақын!
* * *
Өтетін қабақ түйіп дүлей күн көп,
Кейде оған таусыламын,
Жүдеймін кеп.
Бұлқынып,
Жер де кейде сілкінеді,
Жаңғырып,
Жасаңғырап,
Түлеймін деп.
Таң сүйіп,
Күнді құшқан арайлым деп,
Тауларға көз талдырып қараймын көп.
Тұрғандай тілек айтып,
Памир маған,
Саған бір ескерткішке жараймын деп.
Мен де оған еркелей кеп наз айтамын,
Бір мезгіл мұңымды да азайтамын.
Бауырында талай-талай тебірендім,
Атырып ақындықтың.
Арай таңын.
ГҮЛБАХОР
Жаны нәзік,
Үлбірек мақтасындай,
Сазы нәзік
Айтатын жатқа тынбай,
Үні нәзік
Сайрампаз бұлбұлыңдай,
Қағып көрші жүректің қақпасын жай.
Қара шашы төгілген жібектейін,
Жанарына тұндырған Нурек көлін.
Ақша жүзі алаулап нұрланғанда
Тарқатады талайдың жүрек шерін.
Қияқ қасты,
Айқасқан қалың кірпік
Жібермей ме жігіттің жанын жылытып,
Сұлулығын әсемдеп сыңғыр күлкі,
Салтанатқа тұрғандай малындыртып.
Бар мінезі бойына жарасымды,
Еркелігі есті алған бала сынды.
Шын періште – Фарсының сол сұлуы
Тал бойына тоғытқан бар асылды!
ГИССАР ТҮНІ
Немесе Гүлрухсор ән салғанда
Гиссар тұр түн жамылып,
Маңғазданып,
(Жиналмас күнде осынау маңға аз халық).
Күмбірлеп көне қорған күй төккендей,
Баурайды бар еркіңді ән назданып.
Ойлардан ой ұшқындап,
Көбеюде,
Ақын да,
Өнердің де көп елінде.
Тыңдадым бір әншіні Гиссарда мен,
Үні бар сандуғаштың көмейінде.
Сезімді жетелейді,
Есінді алып,
(Өтпейді бұл өлкеде кешің налып).
Сонау бір көне заман,
Зар күндерде
Жұбанған дейді әнмен есіл халық!
Тұрасың естісең де естігің кеп,
(Бұл маңда ару қыз да,
Есті ұл коп).
Сол бір ән жүрегімді шымырлатып,
Жүрекке жетті жыр боп,
Жетті мұң боп.
Тегін бе елегізіп,
Түн кезгенім,
Сол әнді естімесем күнде іздедім.
Тұрғандай биіктетіп күн көзіне
Сол бір ән
Көне қорған күмбездерін.
Қондырған көкейіне көп арманын
Кім екен,
Әншіні мен көре алмадым.
Кетті оны көлегейлеп түндер менен,
Кетті оны бүркемелеп кек орманың.
Жазғы түн көкірекке ұялаған!
Кетуге тастап қалай қияр адам.
Сол бір үн қайда жүрсем дабыл қағып,
Естіліп елсізде де
Күй ораған.
Өлеңнің тағалаған атын мұзда,
Арман жоқ деп ойладым ақын қызда.
Гүлрухсор!
Ей, тәжіктің бақ жұлдызы!
Жазылып қалар сенің атың құзда!
Ақын қыз,
Ей, әнші қыз,
Асыл еркем!
Жаныңа жарасады жасыл өлкең.
Қызығып,
Құмарлықпен қараймын мен,
Памирдің жырларыңа тасын өрсең.
Жырыңның жалтылдаса жақұттары,
Нұрланып,
Аса түсер уақыт сәні.
Төбеңнен жеті жұлдыз төне қарап,
Ақынның арайланды атып таңы,
Гиссардың толастамай бақытты әні!
Сол әнмен тағат тауып,
Тынығармын,
Арманы үзілмейді мұңы бардың...
Сыйладың көңіл хошын,
Асыл досым,
Арқанда жүрсе-дағы жүгі нардың.
Өмірдің жүзсең де сан кемесімен,
Сен-дағы шығармассың мені есіңнен.
Поэзия көлінде сапар шегіп,
Ескектер сияқтымыз тең есілген!
Өмірдің түсіп талай сындарына.
Жаныңды, бәлкім, солар шындады ма.
Қызыға қарасам тек бұрын сырттан,
Түнедім көңіліңнің шындарына!
Қол бұлғап,
Сұлу өлке,
Шың-құз қалып,
Күндерім бірге өткерген тұр нұрланып.
Жүрекке жылу беріп жымияды
Көктегі сонау жеті жұлдыз да анық!
* * *
Сонау бір көне қорған,
Сая бақты,
Сан алуан тылсым тірлік саялапты.
Деді ме есіне алып айта жүрсін,
Достарым ақын елін аралатты.
Памирдің аралатты бөктерлерін,
Ауғанның көрдім соққан өктем желін.
Тәжіктің тағзым ету жеріне бір
Жүретін көңілімде көптен менің.
Шуақты Куляб жері жасыл бау кіл,
Құшағың қуанышқа ашылды-ау бір.
Көгінде өлең шалқып,
Дария толқып,
Сапырып өткен талай ғасыр дауыл.
Сапырып өткен талай ғасыр дауыл,
(Не көрмедің жасаған жасында бұл).
Еңбектің сан сандағы қасында жүр,
Ойнайды жарқ-жұрқ етіп тасында нұр!
ТӘЖІК СҰЛУЛАРЫ
Өнерін бір-бірінен асырардай,
Өнерге деген құштар бәсі бардай!
Сыртылдап сырлы саусақ,
Бұралса бел,
Көңілің тынбайды екен тасып алмай.
Өнерге жаны неткен құштар халық,
Қайталап бара жатыр құс та ән салып.
Аялап аруларын алақанда,
Жүрегі жігіттердің құшқан шабыт.
Өсердей биге қарап мақта да анық,
Жамылып жапырағын,
Жатты оранып.
Жырларды жамыратып мен де отырмын,
Сан тарау сапарымнан сәтті оралып.
Оқушым, өзің аңғар бұл арасын,
Асулар, шындар көп қой шығар ақын.
Бір ортақ қуаныш бар бәрімізге
Жат күйіп,
Достарымыз қуанатын.
Ұмытып өзін,
Жақын,
Жұрағатын,
Кеш жатып,
Жұрттан ерте тұрады ақын,
Айшығы әлемде жоқ сырлы-сынды,
Достықтың орнатсам деп мұнарасын.
Дүрліккен ән бе әлде күй ме айналам,
Бәрін де бір жүрекпен сүймей ме адам.
Достыққа орнатсам деп бір мұнара
Таң атып,
Күн шыққанын білмей қалам!
Сыр төгіп талай-талай түндер маған,
Қауышам тілегіңмен күндерге аман.
Байлығым,
Бақытым да бір сол шығар,
Досыңды көру абзал,
Күндеу жаман!
ГИССАР ТҮНІ НЕМЕСЕ АҚНОЗАР МЕН ГҮЛНОЗАР
Гиссар түні,
Гиссар түні —
Ән түні,
Жан балқытты бұлбұлдардың бал тілі.
Әнге айналып,
Күйге айналып кеткендей
Аспандағы ай,
Жұлдыздардың жарқылы.
Тәжіктердің атар таңын қарсы алып,
Шынарлар да тұр ма дерсің ән салып.
Мәжнүнтал да билегендей дөңгелеп,
Мынау түннің құдіретіне тамсанып.
Кезім ғой бұл жүрегімнен жыр жазар,
Думандатып жатыр мынау түн базар.
Кезектесіп жыр төгеді маңайға,
Екі шайыр —
Ақнозар мен
Гүлнозар.
АҚ АЙМАҚТЫҢ АРУЫ
Социалистік Еңбек Ері,
СССР Жоғарғы Советінің депутаты,
механизатор Ж. Сәуірбаеваға
Кең дала!
Көк теңіздей көсіліпсің,
Не көрдім сол даладан,
Не сыр ұқтым?!
Тек қана көз қандырып,
Қызықтамай.
Көңілге өрнектерін көшіріппін.
Кең дала!
Көк теңіздей көсіліп қыр,
Көл шалқып,
Қырдың желі есіліп тұр.
Ей, адам!
Сен не деген құдіретті едің,
Қолыңнан жаннат бағын есіріпсің.
Келесің қиялымды өрлетумен,
Жанымды кенде емессің тербетуден.
Өзгерген өздігінен дәнеңе жоқ,
Бәрі де келген адам бейнетімен.
Тұр қанша көз алдымда биік мүсін,
Терең сыр биіктерден түйіпті ішім.
Адамның бақыты үшін күрестің сен,
Ең қымбат,
Ең аяулы сүйіктімсің!
Арусың,
Аяулысың,
Батылсың да,
Өріліп атың сенің жатыр шыңға.
Қолыңнан еккен нәзік ақ мақтадай,
Тебіреніп ойларыңмен отырсың ба?!
Толғанып отырсың ба ертең үшін,
Төрешің,
Уақыт — сенің өлшеуішің.
Бүгінгі еткен еңбек,
Төгілген тер —
Мерейің
Дұшпандардың өртер ішін.
Атыңа елеңдеген ел алыстан,
Құрбың бар Тұрсынайдай қол алысқан.
Дүлдүлсің дүбірлеткен ақ аймақты,
Келесің оза шауып көп жарыстан.
Тындырып күллі елдің жатқан ісін,
Сен бүгін Ұлы Отанның мақтанысың.
Сен жайлы тебіренген жыраулар да
Ашылып ақ мақтандай ақтарылсын.
Толы екен нәзік кеудең күш-ағынға,
Аңсарың дала болды,
Құшарың да.
Аруағы риза шығар ата-анаңның,
Жатса да қара жердің құшағында.
Жеңдірмей жетімдікке желкелеген,
Ерлерше оянасың ертеменен.
Жетелеп еңбек-ана алып шықты.
Енді елге кезің мынау еркелеген.
Толқындап толықсыған көңіл арна,
Жыл өтсе,
Жылжи бермек өмір алға.
Жүзе бер,
Ақ мақтаның айдынында,
Қондырып көк жұлдызын омырауға!
Жүздіріп көк шалқарда кораблін,
Жанында жүр ғой талай қара бұрым.
Арулар әсемдеген әсерлі өмір,
Түрленді тотықұстай дала бүгін.
Солар ғой асыратын дала сәнін,
Солармен қайда да мен жарасамын.
Кешегі отты күндер өнген гүл ол,
Әкенің сөндірмей қап жерошағын.
Солармен талай асу,
Бел асамын,
Солармен шын бақытты болашағым.
Тұрмысын ауылымның алға тартып,
Асырар күннен-күнге жаңа сәнін.
ТЫҢ ТҰЛҒАЛАРЫ НЕМЕСЕ АЛҒАШҚЫ БАЛАҒАНДАР
Үскірік
Желдің өті,
Дала қарлы,
Көк дауыл жұлқылайды балағанды.
Үрейі ұшпас еді үлкендердің,
Жылытар қайда апарып балаларды?
...Бой түзеп бүгін, міне, «қалашықтар»,
Вагондар қаз-қатар боп жарасыпты, ә?
Қыздырып қалашықты комсомолдар,
От шашты өмір құшқан қарашықтар!
Баяғы бабалардың қиялыңдай,
Көрдің бе
Ғаламатты,
Иә, мұндай!
Дүрлігіп тыңның төсі жатқан сол кез,
Даланың көкірегінде күй арылмай.
Бауырына жатқан басып бар асылды,
(Далаға соның өзі жарасымды).
Ағытты тың төсінен дән дариясын,
Бір кезде татпаса ел қара суды.
Түтіні қатар ұшып ауылдардың,
Жарасты татулығы бауырлардың.
Дала қосы алғашқы ескерткіш боп,
Қайтыпты қаһары да дауылдардың.
Көрінер көзге жылы балағандар,
Тұрғызған балағанды дара жандар!
Ерлік деп аты олардың аталады
Кешегі балағаннан тарағандар.
Өмірге балағаннан өрген бөбек,
Олар да көп қиындық көрген, демек.
Сұрашы,
Қарты тұрғай,
Жастарынан
Тың сырын жүрегіне келген бөлеп.
Басталған балағаннан балауса өмір,
Есіңнен шыға қояр қалайша бұл?
Қарлы ақпан отыз рет қайталанып,
Махаббат сырын шерткен талай сәуір...
III
Үскірік
Желдің өті,
Дала қарлы,
Күректер қарып түсер алақанды.
Қақпайлап кеудесінен жолаушының
Долы жел жұлқылайды балағанды.
Бір кезде жететұғын сыңсып әні,
Жылдар да өте шықты сусымалы.
Жарық қып дән тербеген айналасын
Маздайды мәңгі сенбес тың шырағы!
Талғамы,
Тауы биік тың даламда,
Қанша жыр,
Тарих жатыр тыңдағанға.
Сол тыңда талай ерлік тұсау кесіп,
Сол тыңнан жыр тараған бұл ғаламға.
Емес ол жетістігі аз-ақ күннің,
Бәрін де кешкен далам азап-мұңның.
Тулатып асау қанын от жүректер,
Тынысын тыңдап отыр ғажап күннің.
Ер қанша сыр алдырмас бұл қауымда,
Теңесер қандай құдірет шын дарынға.
Қазақтың алтын дәні шежіре боп,
Жазылған тарихымның шындарында.
Даланың жаудыраса тұнық таңы,
Қарттар да тан азаннан тұрыпты, әне.
Тыңдағы бораздалар сияқты екен
Маңдайдың терең тартқан сызықтары.
Шарықтап шартарапқа сүйікті әні,
Диқанның кеудесіне күй ықтады.
Дамылдап ай менен күн құшағына,
Тұрғандай көкті тіреп иықтары!
Толқиды торғын белді жасыл далам,
Гүлдерін қымтай түсіп ашылмаған.
Туған жер!
Құдіретіңе бас иемін,
Бір сенен алып жатыр асылды адам.
Шек бар ма сенің сонша кеңдігінде,
Елтимін төсіндегі мен дүбірге.
Бітпеген ісім әлі толып жатыр,
Уақыт жоқ бос қиялға жеңдіруге.
Ой салып тоқсан толғау атырабың,
Кейде бір қария боп отырамын.
Ырзық боп келе жатыр сан ұрпаққа,
Ата жұрт,
Сенің асыл топырағың.
Өзінсіз емес маған қала қызық,
Гүліңді жырға балап,
Алам үзіп.
Нәр жинап ала қыстай ақша қардан,
Көктемде жатасың сен бал ағызып!
АҚАН ГҮЛІ
Құлагердің қанындай тамып кеткен,
Мынау гүлдің ажары қанық неткен.
Қимастықпен қараймын сұлулыққа,
Қайтер еді өзіммен алып кетсем.
Ақан ағаң әніндей талып жеткен,
Аяулы еді қызыл гүл,
Қалың неткен,
Жер астынан жалын боп көтеріліп,
Желмен бірге желпініп жанымды өпкен.
Бітіргендей әнімен ғасырға тіл,
Ақан сынды осында ғашық жатыр.
Аялдай кет, жолаушым, қабіріне,
Құпиясын гүл-жүрек ашып жатыр.
Құпиясын гүл-жүрек ашып жатыр,
(Секілді оны түсінбеу ақынға сын).
Айдаланы қызыл гүл місе тұтпай,
Сері жанның тек қана ол басында тұр.
Алған сәтте осынау гүлді есіме
Ораламын осы бір қыр кешіне.
Көне заман көкпар ғып тартқан кезде
Ақтоқтының үзілген түймесі ме?!
Қосыла алмай кеткен соң үйіріне,
Өтті ме екен ақ арман күйінуде.
Ару қыздың әлде бұл қарғысы ма
Қан боп қатқан қара жер бүйіріне.
Құлагердің қанындай тамып кеткен,
Мынау гүлдің ажары қанық неткен.
Самал қозғап сабағын,
Ырғалады
Әніндей боп Ақанның талып жеткен.
ЖЫЛЫЛЫҚ
Толтырып алтын дәнге қырман басын,
Диқанның алақаны қызғанда шын,
Дүние кетеді екен көңілденіп,
Ешкім де сол күйімді қызғанбасын.
Жосылып комбайндар жазық жерде,
Желпиді бидай басын нәзік желге.
Күттірген көптен бергі шуақты күн,
Ап келді қуанышын қазір елге.
Кенелген молшылыққа өpic ғажап,
Қонғандай тыңға дәулет,
Қонысқа бақ.
Поляктің сұлу қызы сусын әкеп,
Еңбегін сыйға тартар орыс, қазақ.
Күннің де жадыраңқы қас-қабағы,
Мұндайда бәсеке ерте басталады.
Күн жылы,
Жанардың да нұры жылы,
Бар тірлік жылылықтан басталады!
* * *
Жұмыр жер,
Жүйрік көңіл,
Жүрдек көлік
Ізінде шаң қалады түйдектеліп.
Қатары қалың орман шетке ойысып,
Барады қайың қорық сиректеліп.
Жарысқан көкжиекпен мидай жазық,
Жазықта жатыр бауырын бидай жазып.
Сусылдап сұлу сабақ дән толқиды,
Болар ма сабырлы да мұндай нәзік.
Сөз бар ма,
Сүқтанады көрген адам,
Сондықтан дейміз «тіл мен көзден аман».
Басқарған батыр диқан бригада
Басады жеңістермен өрге қадам.
Даланың комбайндар кораблі,
Жаңғыртып аспан астын барады үні.
Аңсаса,
Қалыспайды қатарынан,
Қызған кез жарыстарда дала бүйірі.
Секілді астық үшін дала — майдан,
Осынау көріністер қала ма ойдан?
Құлпыра көз тартады алтын алқап,
Кілемдей төр алдына жаңа жайған.
ҚАПШАҒАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ
Бірінші жыр
Жағасы жайқалады Қапшағайдың,
Айнала жақпар тастар,
Аппақ айдын.
Жұлдыздар жымыңдаса су бетінде,
Жанымды жалындатып шоққа ораймын.
Жағасы жайқалады Қапшағайдың,
Аунаған ақ толқынға көп қараймын.
Көндікпей көп ғасырлар келген Ілем,
Сен бүгін құшағыңды көпке жайдың.
Арғымақ — ақжал толқын,
Шудаланып,
Айдының жатырсың ба нұрға қанып.
Адамның құдіретті күші емес пе,
Жасартып әміріңді тұрған анық.
Шат жүзің нұрлы кеште нұрланады,
Сыбырлап,
Сыршыл қайын ырғалады.
Нұр құшып,
Көкке бойлап шағала-үйлер,
Жаңғыртып жастар үні тұр қаланы.
Саған мен қашан-дағы асыққанмын,
Сәулесін орансам деп ашық таңның.
Қапшағай,
Халқыма ырыс,
Шалқарымсың,
Куәсің күлкісіне ғашықтардың.
Куәсің ғашықтардың күлкісіне,
Куәсің мұндағы көп жұрт ісіне.
Ай сенің айдынында шалқалайды,
Оранбай аспандағы бұлт ішіне.
Күн-дағы айдынында дөңгелейді,
Батқандай рақатына ол мерейлі.
Жайқалған жағаңдағы ағаш түгіл,
Құм-дағы маңайдағы шөлдемейді.
Екінші жыр
Толқынның толастамас асқақ әні,
Бір ойым менің содан басталады.
Өткенін есіне алып күрсінгендей,
Жартастан мөлт-мөлт етіп жас тамады.
Екшеген толқын шайып
құмың майда,
Оралтар өткендегі мұңымды ойға.
Бүгінгі тағдырыңа риза болып,
Көзіңде қуаныш-нұр жымыңдай ма.
Сенде жоқ бәсең толқын,
Бәсең көрік,
Күн сайын құлпырасың әсемденіп.
Ой,
Қырға,
Шөл-құмайтқа,
Кең далаға,
Жатасың ала жаздай жас өң беріп.
Жатасың жалғастырып өріңді өрмен,
Көз алмай көп қараймын керім кәлден.
Бір кезде өткел бермес асау Іле
Жуасып,
Жолаушыға төрін берген.
Арналы,
Ала шапқын ағыстарың,
Бейне бір ақтарылған шабыт-дарын.
Әлемге мақтаныш қып жатыр дерсің,
Тіл тауып,
Адамдармен табысқанын.
Толқыннан толқын озып,
Жарысқанын,
Толқынмен толқын иық қағысқанын
Көк теңіз жыр қылады,
Күні-түні
Тыңдатып жақынға да алысқа әнін..
Үшінші жыр
Жөн тапқан,
Жуасыған арнаң да ерек,
Жатқандай толқындарың арман бөлеп.
Ойлының үзілмейтін қиялыңдай,
Тынысын тіршіліктің қалған демеп.
Тамаша жандар қанша арамызда,
Сондықтан батыл іске барамыз да.
Адамның еңбектегі ерлігі ғой
Қалаға,
Тірлік берген даламызға.
Аралап кең даланы асығасың,
Жоқ менен ешбір сырың жасыратын.
Адамның ақылы мен парасаты
Құныңды,
Құдіретіңді асыратын!
Бас тартпас өмірдің не қиынынан
Сан ұлан келді елімнің қиырынан,
Басыңа тоспа салып,
С у тұндырды,
Сияқты бір мөп-мөлдір иірім-ән!
Қарамай жаздың төккен жауынына,
Қарамай қыс бұрқасын,
Дауылына.
Көп ұлттың азаматы құшақтасты
Іленің көк толқынды бауырында!
Дос әні қанат қағып алыстарға,
Шаттықтан шашу шашып қалысты арна.
Астында қызыл тудың құлшындырған
Күп қандай кенелген көп табыстарға!
Теңіздің жағалауы тамаша бақ,
Суырған құмнан шөлді арашалап,
Алып ГЭС құрылысын орнатқандар
Өздерін көрді ме екен дара санап.
Айнала құз-жартастар жараса қап,
Теңізге тұр ма төніп,
Тамашалап!
Қарайды көзін алмай олар-дағы,
Өтетін жолаушылар жанасалап.
Төнеді бұлт теңізге теліші деп,
Елміз ғой оты қашпас,
Өрісі көп.
Осынша жетістіктің бәрін-дағы
Айтады жұрт уақыттың жемісі деп!
Төртінші жыр
Тас қашап,
Тау қопарып,
Теңіз тербеп
Келеміз,
Іс табысты,
Көңіл сергек!
Қапшағай қаласы да қанат жайған,
Басына шың жастанып, көзіңше өрлеп.
Теңіздің қызықтауға көркін көріп,
Бұлттар да қонар шыңға еркін келіп.
Ерлік көп!
Ел іргесі берік сондай,
Дәріптер достығымды сертім берік!
Керек қой теңізге де тұрақтылық,
Барады Балқашқа да ұзақ тұнып.
Балауса,
Балғын бауды бусандырып,
Келеді бақшаларды гүл аттырып.
Ағады әр отауға жарық беріп,
Қызығын жатыр бүгін халық көріп.
Дамылдап сая бақта дем алады,
Ер шопан өрісте мал бағып келіп.
Коп бүгін айтары да ақ арнаның,
Кінәлап өткені үшін тағар ма мін.
Далаға,
Қалаға да шырақ жағып,
Арқалап ағады Іле ел арманын!
ТАУЛАРДА ЖҮРДІМ
Тауларда жүрдім,
Тау таулығын көрсетті,
Ақша бұлттармен көрші етті!
Қыраны шалған қиырын
Биігіменен өлшетті!
Тауларда жүрдім,
Саялы, салқын,
Сан ғұмыр!
Қарашығымда
Көрікті сурет қалды бір.
Көгілдір мұнар көзді арбап,
Көңілде кетті мәңгі жыр.
Тауларда жүрдім,
Аспанды тіреп иықпен,
Бұлттардың төсін иіткен,
Әлемді шолып биіктен!
Жатырсың сонша құлпырып,
Туған ел,
Неткен сүйікті ең!
Тауларда жүрдім,
Жалтыр жартас,
Ұшпалы,
Адамның қанбас құштары,
Секілді ол бейне құс тағы!
Жат оған ойлар ұшқары,
Қайсарлық —
Тәңір ұстары!
Тауларда жүрдім,
Ысқырып дауыл, жел де үккен,
Әжімдер қандай шер бүккен.
Тұтасқан тұлға ерліктен,
Өмір кешкен
Өрлікпен,
Тауларда жүрдім!
Тұлғалы таулар салтынан
Әсерленіп шарқ ұрам.
Асқақтап бара жатсам да,
Тауларға қарап тартынам!
Аямас құтын халқынан,
Көгінде қыран қалқыған,
Жүрегі жырмен шалқыған
Тауларға қарап тартынам!
Сытылып шығып құрықтан,
Қойнауға келіп тыныққан,
Сусындап кәусар тұнықтан
Найзағай тұяқ тұлпардың
Даусына қалай қызыққам!
Құздары көкті тіреген,
Төсінде бұлттар түнеген
Тауларда мен де түлегем.
Тау болып қалса деп келем
Жүректен туған бір елең!
ТАУЛАРҒА ҚАРАП
Жапырақтан таққан сырғасын,
Шалғайдан көрдім шың басын.
Тауларға асқақ ұн қатам,
Тағат қып бір сәт тыңдасын!
Бітпейтін егес,
Дау үдеп,
Бүйірден тисе жауы кеп,
Сабырлық сақтап,
Сәт күткен,
Ел екенбіз біз тауы көп!
Тауларда сая,
Тыныс бар,
Тауларда жатыр күміс қар.
Аршаның иісін аңқытып,
Тауларым бойын тік ұстар!
Тұрады таулар сүйіп көк,
Тауларда сұлу киік көп.
Ұлылық та бұл тауларға
Тұрады екен сыйып тек.
ТАУ ӘСЕРІ
Жалғасып жатқан шыңға шың,
Шалғайдан көрдім шың басын.
Етектен тұрып үн қатсам,
Биіктен тауым тыңдасын.
Бітпейтін егес,
Дау үдеп,
Бір жақтан тисе жауы кеп,
Кендікке бәрін жеңдірген,
Ел екенбіз ғой тауы көп.
Тауларда сая,
Тыныс бар,
Тауларда жатыр күміс қар.
Қашан да көрсең құныспай,
Тауларым бойын тік ұстар!
Тауларда тарғыл киік көп,
Биіктен қарар биіктеп.
Алғысың болса, адамдар,
Тауыма менің үйіп кет,
Тауыма менің үйіп кет!
Таласқан шындар қанша заңғар көкпен,
Жете алмай дегеніне жандар да өткен.
Аңғартпас жетесізге жеңістер көп,
Арманым ойламаймын алдар деп мен.
Өкінбес өмір кешіп,
Жер шарладым,
Тағдырым,
Қиын,
Қымбат енші арнадың.
Өзімше өтеп келем парызымды,
Сезеді халқым іштей ой салмағын.
Ғұмырын өткерсе де күреспенен,
Арманын айтып ешкім түгеспеген.
Сезім де,
Талпындырар қанат керек,
Шынар да шың басында тым өскелең!
Кім келіп,
Бұл өмірден кім етпеген,
Күндерге ризамын жүдетпеген.
Сияқты көгерген жер жаңбыр жауса,
Адам да көп жасайды тілекпенен.
АҚША ҚАРДА
Кіршіксіз
Қандай таза алғашқы қар,
(Түнеріп тау басында қалмас мұнар).
Ғажап-ау ұқсастықтар арадағы
Адамды табиғатпен жалғастырар.
Кіршіксіз,
Қандай таза алғашқы қар,
Мұндайда қыран биік самғап шығар.
Күйі де бұл көңілдің ауыспалы,
Мұң менен шаттық орнын алмастырар.
Айнала ақ торғынға орағандай,
Үлбірер жеңгем тартқан орамалдай.
Аязда ақша қардың сықырынан
Сезімдер ұйқыдағы оянардай.
Керемет!
Маңайдан мен мін таппадым.
Қар жатыр сай-саланың қымтап бәрін.
Елестеп кетті бір сәт көз алдыма,
Ақпанда алып келген гүл шоқтарың...
Жан — алау,
Жарқылдаған жанар — шақпақ,
Келемін жолсыз жермен сонар-соқпақ.
Қыс қатал болса-дағы,
Қаталдықтың
Көкейде түйіні бар қалар сақтап.
Шындарды қымтай түсіп жауыпты қар,
Жол жүру шатқалдарда қауіп шығар?
Құрсанған,
Дауылдатқан қыс күніндей,
Менің де әдетім бар жауып тынар.
Қарашы шыршалардың ырғалғанын,
Ұшырып алыстарға тұр ма арманым,
Шағылған күн нұрына ақша қардай,
Жүзіңнің көрдім сонша нұрланғанын.
Даланың кешіп жүрміз телегейін,
Мен қалай ұқсастықты елемейін.
Қарлы шың қарағайлы
Түн ішіңде
Көрінді алыс тартқан кемедейін.
ШЕКАРАШЫ
Қауіптен сақтандырып ел-ананы,
Күзетіп сен келесің шекараны.
Өзіндей қырағы ерлер тұрған шақта
Еркіндеп табиғат та дем алады.
Көтеріп жүргеннен соң заман жүгін,
Көңілде болған шығар алаң күнің.
Дүбірі басылмаған жер шарының
Тілейсің бүтіндігін,
Амандығын.
Жатса да тұтас тауды сызық бөлігі,
Мен оған қарамаймын қызық көріп.
Тыныстап бір қиырда қыран отыр,
Аспанды шекарасыз жүзіп келіп!..
КҮРСІНБЕ, АПА!
Мариям Хакімжановаға
Жатқан мынау айналаға сәнденіп
Қарап тұрсыз көкіректі ән керіп.
Қарап тұрсыз оймен толқып,
Жан aпa,
Бар нәрсеге нәзіктікпен мән беріп.
Жанарында жалыны бар көктемнің,
Айықпапты жүрегіңді өпкен мұң...
Қарашы, апа!
Дүниеге еркіндеп,
Шуақ төгіп,
Шалқып тұрған неткен күн!
Қарашы, апа!
Қатарласын қандай көп,
Нұрланасың көңілінде қалмай кек.
Күңірене көз жіберіп өткенге,
Көрінесің көзге мұңсыз жандай боп,
Көрінесің көзге мұңсыз жандай боп,
Онсыз сенің жүрегінде жанбайды от.
Көрінесің үзілмейтін әуендей,
Көрінесің шексіз жатқан шалғай боп.
Қарашы, апа!
Алатауға,
Аспанға,
Ұқсап кетті бұлттар шашу шашқанға.
Сонау асау шақтарыңа қайрылшы,
Егделікті есіңе алып жасқанба.
Өзіңе ұқсап келеміз біз өр қонып,
Өзіңе ұқсап өмір кешсек ер болып.
Еске оралып өкінішпен өткен күн,
Отырсыз ба өлең жазып,
Тебіреніп.
Білем оны,
Жүре алмайсыз жай ғана,
Зерек жансыз ақылға да,
Ойға да.
Өз үйімде өзіңді аңсап отырмын,
Орның бөлек, ару анам, қайда да!
Күрсінбе, апа!
Олай терең күрсінбе,
Сен емессің ойсыз өткен құр сүлде.
Сен емессің бас сауғалар жалтақ жан,
Көп адамдар ғашық болып жүр Сізге!
Бұл бір сөзім болар Сізге тосын да,
Көп-ақ екен тілектесің,
Досың да!
«Ғашық едік біздер адал жаныңа»,
Деп, сырласып
Отыр жұрттар осыңда.
Қашан-дағы жаныңа ерген ақ тілек,
Сізге серік болған емес уақ-түйек.
Сол үшін де күрсінсеңіз ешқашан,
Дейді ақынды жыр жазудан уақыты жоқ.
Көп естідім жақсы ықылас,
Жылы леп,
Осы апамыз шыныменен ұлы деп.
Біздер-дағы ағарттық қой самайды
Кеше ғана ойнақтаған құлын ек.
Кеше ғана қуып едім көбелек,
Соның бәрі тұс секілді,
Не керек...
Нөсерге де ұқсап кетер жаздағы
Өте шыққан бұрқ-сарқ етіп себелеп.
Бір пендеге бере бермес бар сыйды,
Ұғым қалар әркім жайлы әр қилы.
Ана болып,
Ақын болып сен жүрсең,
Ал біреулер надандықтан шалқиды.
Шалқаласаң,
Сүйенетін тауың бар,
Еңіс түссең,
Етек алған ауылдар.
Күрсінгенің жыр толғаған сияқты,
Тыншытпайды-ау кеудеңдегі дауылдар
СЕРПІЛУ
Мен жүрмін Алатаудың құшағында,
Қаласам,
Қияндарға ұшамын да.
Қаласам,
Аспандағы ақша бұлтты
Бөлеймін жан жырына,
Құшамын да.
Мен жүрмін Алатауда,
Жайраң кеште,
Мендей-ақ кешер біреу сайран кешсе.
Алатау асқарына алып шықса
Шартарап,
Шақырады қайран Көкше!
Ақ иық шақырады Алтайым да,
Шарқ ұрып сайрандаудан шаршайын ба.
Атырау аласұрып,
Көбік шашты,
Дегендей ал, ақыным, ән дайын ба?
Атырау шақырады ыңыранған,
Ширатып толқындарын шыңыраудан.
Байқоңыр қосты мені бәйгесіне
Танған ба хас жүйріктер зымыраудан.
Сабылып,
Сапырылып ғұмыр-арна,
Келеді жетелеумен жүгін алға.
Жебеуге дайын тұрған елім барда
Жүрегім жалындамай,
Суынар ма?
Асқарым,
Асатұғын тауым биік,
Келеді құдіретін дауыл құйып.
Өмірден мен өтпеймін налып жүріп,
Өтермін жыр отымен жанып жүріп!
Ел-ана,
Отанымды сүйіндіріп,
Өтермін бір өзіңді сүйіп жүріп.
Қағамын қанатымды биіктерде
Тұрғанда аспан күліп,
Нұрын құйып!
Алады көздің жауын далам гүлдеп,
Қызығып,
Кейбіреулер қарар күндеп.
Адамға бақыт берген
Уақыт-мерген,
Өзіңе алғысым мол,
Тағар мін жоқ!
Аямай сыйлады өмір асылдарын,
Халқымның мерейі ғой асырғаным.
Қосамын қоңыр үнді домбырама,
Жетеді ғасырлардан ғасырға әнім.
Басқаның отына мен бас ұрмадым,
Сырымды, жұртым,
Сенен жасырмадым.
Шындары ақша бұлтты сырлас еткен,
Ғажабы,
Алатауым,
Қасындамын!
МЕН ҚАШАН...
Мен қашан сені ойламай көзімді ілдім,
Сенсең де,
Сенбесең де өзің білгін.
Хабарсыз жүрсең-дағы,
Жаныңды ұғып,
Сыртыңнан ес кердім де,
Төзім қылдым.
Мен қашан сені ойламай көзімді ілдім,
Сен-дағы, бәлкім,
Іштей сезіп жүрдің.
Болар ма әлде өзіңді аңсағаннан,
Кеудемнің ақ айдынын кезіп жүр мұң...
Мен қашан сені ойламай отыра алдым,
Қалдырып қолтаңбасын жатыр әр күн.
Өзінсіз өткерген күн,
Тірлік бекер,
Күліңдей сөніп қалған Отырардың!
Мен қашан сені ойламай күн шығардым,
Сен үшін түзде өскен бір шынармын.
Соқпасаң самал болып қарсы алдымнан,
Қасірет түтініне тұншығармын.
Мен қашан сені ойламай кезімді ілдім,
Сенсең де,
Сенбесең де өзің білгін.
Хабарсыз жүрсең-дағы,
Жаныңды ұғып,
Сыртыңнан ес көрдім де,
Төзім қылдым.
* * *
ӘН МҰНАРАСЫ
Арқаның әнге бөлер шырын кешін
Жаныма қандай жақын Сырымбетім.
Ақанның асқақ дауыс,
Асыл сырын
Тыңдап бір қыз жүрегі дірілдесін.
Ән ғой бұл шығаратын шеріңнен бір,
Тасытқан шабыттан жыр,
Көңілден нұр.
Секілді әннің зәулім мұнарасы
Ғаламат әуендермен өрілген бұл.
Есінде жүрген сақтап елі мәңгі,
Түсінем мен ерекше сері жанды.
«Сырымбет» сырнайласа бір қиырдан,
Даланың көтереді желі де әнді.
Аққулар жұп-жұбымен көлге қонып,
Билейді ән сазына дөңгеленіп.
Тыңдайды елең-елең еліктер де
Таң алды бара жатқан дөңнен еріп.
Төсінде жатқан жомарт құба жонның
Тыңдайды әнді үйірі Құлагердің.
Тыңдайды Оқжетпес те,
Бурабай да
Сырына балқығандай бұл әуеннің.
Тыңдаған байтақ дала,
Ғұлама шың
Естісең «Сырымбетті» қуанасың.
Кетіпті қолдан соғып қайран Ақан
Өнердің мұнар шалмас мұнарасын.
АЙБЫНЫҢ БАР
Дұшпаның жасқанардай.
Ақылың бар
Жұртыңды басқарардай.
Көңілің бар
Дос-жарға көл-дария,
Жүрегіңнің пәктігі ақша қардай.
Бәрі де бар жанға тән қасиеттің,
Тамсандырдың талайды,
Ғашық еттің.
Біреуін де көрмеген адамдар бар
Жанына ерген жасында қасіреттің.
Қиын жолды,
Қиырды басып еттің,
Жеңіл істі келмеді кәсіп еткің.
Басын шыңнан алатын тұнықтардай
Ақын жаны дейсін-ау, тасып өтсін!
* * *
Самарқау уақыт жылжып сырғанады,
Түйіліп күн қабағы,
Сұрланады.
Кешегі кездеспеген арман бейне
Кескінің көз алдымда нұрланады...
Жалын ек қаңдай қызу сол шақтары,
Ол-дағы жанға тыныс аңсатқаны.
Елесін өткен күннің ұмыта алмай,
Үзілді сағыныштың моншақтары...
Маздатып көкіректі таң шоқтары,
Өмірдің алып кетті сан соқпағы.
Сол күнді біздей ешкім аңсамаған,
Жөні бар жанар таудай жансақ-тағы.
Көктемдей көрік беріп,
Көктеп көгім,
Құйылып нөсердейін төкпеп пе едің.
Бұл күнде қайда екенсің,
Қайда жүрсің,
Қолыма қона алмаған көк кептерім!
Қайдасың,
Қайда екенсің,
Қандай күйде,
Жұлдызың жанып тұр ма,
Жанбай жүр ме?!
Мені әлде ұмыттың ба біржолата,
Белгісі қайран күндер қалмай мүлде?!
Өрмелеп жүрсің бе әлде сонар-шыңға,
Жігітті өмір талай салар сынға.
Жадырап атқан таңнан хабар тосып,
Жаутаңдап,
Қарап жүрген боларсың ба?!
Үркек көңіл сытылған сан құрықтан,
Сел к етеді абайсыз жаңғырықтан.
Түсіріп мол шуағын
Нұр-шырағың,
Жаураған кездерімде жан жылытқан.
Құлақта даусың қалды саңқылдаған,
(Даусыңды қидың өзің,
Бәлкім, маған).
Ыстық. дем,
Ыстық жүрек жалыныңнан
Жерім жоқ күні бүгін салқындаған.
Дариға-ай,
Оны ұмытар мен емеспін,
Ұмытсам мені мүлде елемессің.
Өзің де ұмытпассың,
Ұмытпассың,
Себебі
Соғып өтер жел емессің.
Ия, мен ұмытпаспын,
Ұмытпаспын,
Мейлі ғой,
Үрейлі ойлар ұлып жатсын.
Көмеді көкірегімді толқынымен
Бұрқанған дауыл сезім,
Үміт-тасқын.
* * *
ЖАНДАРДЫҢ ҰҒА БЕРМЕС КЕЗ КЕЛГЕНІ,
Жырла деп,
Жүрегімді сөз кернеді.
Оның да айтары бар,
Айтпасы бар,
Көп екен көнбістікпен төзген кезі.
Жырла деп,
Жүрегімді сөз кернеді,
Өкінтер адамдардың өзгергені.
Ризамын сол бір жалғыз сәттерге де
Шынайы сезімдермен сезген мені.
* * *
Жау емес,
Жер бетінде жақыным көп,
Аялар туған елім,
Ақыным деп.
Айналып аналардың ақ шашынан,
Қарттардың келем тыңдап ақылын көп.
Жар құштым жаным сүйген,
Сәби көрдім,
Ақ бесік сәні емес пе ақ үйлердің.
Халқыма махаббатым артқан сайын,
Тарихын,
Қасиетін тани бердім.
Келеді түн қысқарып,
Ұзарып күн,
Боялды шұғыласына қызарып шың.
Рухым күнмен бірге көтерілген,
Жанымнан аулақ менің, жылауық мұң!
* * *
Көңілім,
Кейде нәзік жапырақсың,
Қанықсың бояуына атыраптың.
Содан ба суынуың,
Түңілуің,
Азабын аз көрмедің ақымақтың.
Көңілім,
Кейде нәзік жапырақсың,
Кешігіп,
Көп нәрседен қапы қапсың.
Оралса жыл құстары сайрай-самғай,
Қуаныш шұғыласын шашыраттың.
Көңілім,
Кейде нәзік жапырақсың,
Тегін бе ерте енгені шашыма ақтың.
Таусылып кейде шөлдей құлазысаң,
Ал кейде тау суындай тасып актың.
Еске салар көктемдегі қыр құсын,
Бала жастан бірге өскен құрбысың.
Көкжиекке көз талдырып тұрасың,
Жанарыңнан өшпей жүр ме бір мүсін?
Әйтеуір, сен өзгешелеу,
Сырлысың,
Қарсы аласың жылда оралған жыл құсын.
Сұңғақ бойлы,
Балғын жүзді сол қыздың
Зарығумен жолын тосып жүрмісің?
Шүпілдетіп көл шарасын толтырған,
Сұрайсың ба жағадағы толқыннан.
Сұрайсың ба кешкі қоңыр самалдан,
Таулардан да келбетіне ой тұнған?
Сұрайсың ба жолаушыдан ағылған,
Сарқылмайтын сағыныш еді неғылған?
Жанарыңның ұшқынына балаймын
Шырақтарды түн ішінде жағылған.
* * *
Жүрсің бе сағынышың үдемелеп,
Ойлама енді мені,
Жүдеме көп.
Ойлама тағдырыңа тағыларша,
Табалап,
Мазақ қылып,
Күле ме деп.
Ешқашан мен өзіңді табаламай,
Ойлашы,
Қандай бақыт табам одан?
Өзіндей мен де ет жүрек пендемін ғой
Арманның жасыл бағын аралаған.
Үз енді үмітіңді сен де менен,
Еш қайғы болайықшы шендемеген.
Бұл-дағы бір басталып,
Аяқталмай,
Мертігіп құлагердей сөнген өлең...
ШЫҢЫНАН БҮРКІТТІНІҢ ҚАРАП ЕДІМ
Байқатпай бір көргенге сындарлы ісін,
Тапжылмай,
Көрсетсе де жылдар күшін,
Үйіріп сұлулықты бір өзіне,
Тұрғандай биіктетіп шыңдарды шың!
Тұрғандай биіктетіп шындарды шың,
Шіркіннің сұлу жанын тыңдармысың!
Шын шебер —
Табиғаттай шындап соққан
Бір-бірін қайталамас шындар — мүсін.
Шоқтығын қымтап күннің жылу нұры,
Көлденең тартты көзге Құлындыны.
Құба жон,
Құзар таулар,
Құлама шың —
Асады бір-бірінен сұлулығы!
Бүркітті,
Қоныс етіп Қора жерін,
Мұзбұлақ,
Зәуре барып қонады елім.
Дүние алақанда шыр айналды,
Шыңынан Бүркіттінің қарап едім!
Атыңды кетіп еді атап әкем,
Бір сенің не бар дейсің батаңа тең.
Сағынып ораламын саған жылда,
Көзіндей ата-анамның атамекен!
Қиылып,
Қимай талай қарадым мен,
Желпіндің жеңілдетіп самалыңмен.
Ілиясқа жыр жаздырып арындаған,
Жер едің кеше саңлақ Сара жүрген
* * *
Шықпайсың,
Туған мекен,
Түсімнен бір,
Күбірлеп келем,
Арнап ішімнен жыр.
Есімнен кетер емес ешқашан да
Баяғы балаң жігіт түсірген нұр.
Қалғыдым,
Туған мекен,
Әлдиіңмен,
Ояндым таң алдында ән-күйіңмен.
Құшамын,
Құшырланам,
Құлазимын,
Қызық-ау құйын сезім жанды үйірген
Еске сап өткенім мен кеткенімді,
Жүрегім көптен бері шерткен мұңды.
Қашанда ұлы істерге жол сілтеген
Тұлғаңды сенің биік еткем үлгі,
Содан ба,
Өткергем жоқ текке күнді!
Суретсің,
Туған мекен,
Жанардағы,
Таусылмай жүректегі жан арманы.
Анаңнан,
Ана құшақ алыс жерде,
Өзгеше сағыныштың болар мәні!
Сипайды еркелете ескен самал,
Жібектей оратылған неткен сонар.
Жұтсаң да жұпар ауа
Құмар қанбас,
Қашан да кетпейді екен естен солар.
Қоздырып,
Құз-қойнауды шуға бөлеп,
Келеді толқындары тулап ерек.
Келеді толқындардан толқып озып,
Қайталап қанша әнді шыңға керек.
Тоғытқан алтын айдың шұғыласын,
Келбеті-ай көз алдында құбылатын.
Тасиды тастан қарғып,
Омыраулап,
Емес ол еш нәрсені ұғынатын.
Үдейді ағысы оның көбіктеніп,
Маңына соншалықты көрік беріп.
Қыран да шыңнан шырқап көтерілді,
Ағысқа астан-кестең төніп келіп.
Кешегі жас балапан ұясында,
Барады қайрап өзін қия-шыңда.
Өмірдің бар қызығы,
Күйі осында,
Қыранды аласаға қиясың ба?!
ӨЗ ЖҮГІН ЖЕҢІЛДЕТПЕЙ ӨТЕР ӨЛЕҢ
Замана келбетін-ай тұлғаланған,
Арылмас күндері де күйге оранған.
Сыңқылдап аққулары,
Аппақ айдын,
Асыға күтулі екен күндері алдан.
Керектің жанға бәрі табынардай,
Қолдарда отты күндер табы бардай.
Бұлқынса кекіректе бұлбұл сайрап,
Жүргенің тәтті арманнан арыла алмай.
Асау шақ құрық тимей,
Ойнақтаған,
Көп екен қуанышын. тойлатпаған.
Соншама арындайсың,
Ағындайсың,
Ағысқа ілесе алмай, ойлап қалам!
Болған соқ әлі де алыс асар белім,
Келмейді үндемесем,
Бәсеңдегім.
Өлеңнің жүгін арттым,
Тартам өрге,
Дәм-тұзым таусылғанша қашан менің.
Қиял көп,
Қияндарға жетелеген,
Өрісті ойларға да жетеді өрең.
Жылдардың жетегіне ырық бермей,
Өз жүгін жеңілдетпей өтер елең!
Сергі, көңіл,
Серпіл, жыр.
Серуен құр,
Еркін жүр.
Сенсіз жерде мен бір тұл,
Саған берген сертім — бұл!
Сергі, көңіл,
Серпіл, жыр.
Самал жел бол,
Желпіндір.
Менің жұпар бағымда
Алаңдамай еркін жүр!
Ойхой,
Көңіл-құлыным!
Қандай қызық қылығың.
Тастамасын ешқашан
Тағдыр саған құрығын!
КҮНДЕМЕҢДЕР
Ен далада еркін өстім,
Кең өстім,
Қаққан емес маңдайымнан мені ешкім,
Өз басыма осы бақыт жетеді,
Атаққор да,
Мансапқор да емеспін.
Қалған емен қатарымнан,
Тең өстім,
Сырды,
Нұрлы
Ойлылармен кеңестім.
Осы өмірім тамаша ғой,
Жетеді,
Атаққор да,
Мансапқор да емеспін.
Кең әлемді жүретұғын тарсынып
Бұл өмірде пасық жандар баршылық.
Ей, адамдар!
Күндеме сен,
Оқ атпа,
Бойлап өссін күн көзіне тал шыбық!
Жасамаймын ешқашан күпіршілік,
Осыған да жасаймын шүкіршілік.
Шошынамын,
Түршігіп содан жаным,
Соғыс деген алапат,
Тықыр шығып.
Тұншықтырған түтіні
Дауыл шығып,
Ел басына түспесін ауыршылық.
Жер шетінде шыр етсе бір нәресте,
Отырады жүрегім ауырсынып.
* * *
Ей, адамдар,
Ешқашан күндемеңдер,
Күлі көкке ұшпасын гүлденген жер.
Өмір шіркін осылай тыныш тұрса,
Жердің үстін кезбейді мұңды өлеңдер.
Жердің үстін кезбейді мұңды өлеңдер,
Оранады көк майса шың-белеңдер.
Мен тілеймін бар істің сәттілігін,
Не демейді сырымды білмегендер.
Тыныштықты тілейді халық кілең,
Тыныштықта шырақтай жанып жүрем.
Өмір шіркін осылай тыныш тұрса,
Жетерімді мұратқа анық білем!
* * *
Ен далада еркін өстім,
Кең өстім,
Қаққан емес маңдайымнан мені ешкім.
Өз басыма осы бақыт жетеді,
Атаққор да,
Мансапқор да емеспін.
ТАҢЫРҚАМА АҚ ШАШЫМА
Таңырқама,
Ақ шашыма қарама,
Бәрібір мен боямаймын қараға.
Тау басында жатқан қардай қысы-жаз
Күміс қырау жараспай ма анаға!
Отырғаның жарасымды жанымда,
Соның өзі орамай ма жалынға.
Ақ талдардың әрқайсысы алуан сыр —
Қуанышым,
Күлкім,
Шерткен зарым да.
Анашымды жасырғанда тас қабір,
Жиырмада түскен қырау шашқа бұл...
Содан бері өтті жылдар,
Ақты су,
Көрдім талай жандарды да тас бауыр.
Сонда жатыр шеккен сапар,
Тірлігім,
Сонда жатыр айтылмаған бір мұңым.
Ерте ағарған шашқа қарап біреулер,
Өздерінше жорамалдап жүр бүгін.
Таңырқама,
Ақ шашыма қарама,
Бәрібір мен боямаймын қараға.
Қара түнек баспаса екен көңілді,
Қара түнек орнамасын далаға!..
ШАЛҒАЙ АУЫЛ
Күн кештім қандай қымбат,
Қандай ауыр,
Куәсің сен бәріне,
Шалғай ауыл!
Бірлігі,
Берекесі бір кісідей,
Той десе
Үлкен-кіші қалмайды-ау бір.
Жүрегін ешкімнің де жараламай,
Бәрін де шақыратын даналар-ай!
Балаға сол бір дәстүр жалғасатын,
Жатса да жылдар жылжып,
Жаңалап ай...
Жаныңа жақсылықтан нұр түнейтін,
Қайғы емес,
Асқақ әуен,
Жыр тілейтін.
Бір түндік ашылмаса ертелетіп:
«Барыңдар, не боп қалды, білші», — дейтін.
Өтетін тату-тәтті ауылда өмір,
Күйіне қарамастан ауыр небір.
Қаншалық қиын соғар қайту маған,
Асыға аттану да,
Бару жеңіл.
Қауышып қиялменен тілдесемін,
Артық па тыңдасам да күнде сенін
Үніңді
Мен алыста жүріп сенен,
Тыныстап түтініңмен,
Күн кешемін.
Көзіндей мөлдіреген анашымның,
Жадырап,
Шуақ шашып қалатын күн.
Басына Күркілдектің су алуға
Жармасып етегіне баратынмын.
Мен қалмай баратынмын желіге де,
(Ерке ғып өсірді екен мені неге?)
Қызық-ай қылықтары құлыншақтың,
Байлаулы тұрғаннан соң еріге ме.
Қазақтың әдеті ғой ауылында,
Әженің немере өсер бауырында.
Анасын мойындамай,
«Жеңге» дейтін,
Өсірген әже солай бар ұлын да,
Салып ап ұйықтағанша жауырынға.
Жүрсе де бала бәрін жақсы біліп,
Айтпайды жатса да іште қасқыр ұлып.
Әжесін арқаланып,
Ақыл естіп,
Барынша көрсетеді тәтті қылық.
III
Жүретін жалын үзіп өзегінен,
Болмады біздің үйде әже мүлдем.
Анадан,
Әкеден де ерте айрылдық,
Күндерге душар болып азап ілген.
Күтті екен,
Қаншама үміт жүрек алдан,
Айтылмай кетті-ау қанша тілек-арман
Көре алмай кетті анашым,
Әже тұрғай,
Қызығын жалғызының тілеп алған,
Тұрғанын көрген жоқ ол түлеп орман!
Бір бала жатса жылап еркеліктен,
Отырам іштей толқып,
Өртеніп мен.
Уақыт та зымырайды қайырылмай,
Жолындай жан анамның ерте біткен.
Бұлыңғыр есте қапты аздаған күн,
Баладай анасына назданар кім.
Оралып ойға кейде отырады
Мұңайып кететіні өз баламның.
«Күркілдек» күркіремей,
Тартылыпты,
Көрді ме ол да біздей таршылықты,
Балауса бала жаны көк құрақ қой,
Өседі аяласаң әр шыбықты.
Сезімін балаң сенен жасыра ма,
Көп істі кеш түсіндім,
Асыл ана!
Аңсаған сәттерімде
Тым болмаса,
Гүл алып бара алмадым басыңа да.
Жоқ менің сенен ешбір аянарым,
Басымнан құс ұшырмай
Аяладың.
Көміліп өз қайғыма,
Кезді бұлап,
Малтығып ащы жасқа оянамын.
Жалғызың болсам-дағы тілеп алған,
Жосалап жүрегімді тіледі арман.
Тағдырдан тиген маған жалғыз енші —
Туған жер —
Ата-анадан,
Міне, қалған!
Сияқты бұл жер менің қарашығым,
Аялар өмір бақи бар асылым.
Ұқсайды ол көз жасына тамып кеткен,
Сақтаған мөлдірінде ана сырын.
Есіме жиі оралар шалғай ауыл,
Бұл өмір қандай қымбат.
Қандай ауыр.
Адамға содан қиын жоқ па деймін,
Шалғайды жақынменен жалғай алу...
ТАҒДЫР
(Поэма)
Аяулы анам Бәтимаға арнаймын
Басында тұрса да егер тұнып қайғы,
Мың есе үмітке адам жуықтайды.
Бауырына,
Досқа деген махаббаттың
Ып-ыстық бауыр етін суытпайды.
Серпіліп сары уайым бастан бір күн,
Боларын қуаныштың ұмытпайды.
Адамның бұл бір ғажап қайсарлығы,
Ежелден улы тарих байқар мұны.
Оқушым,
Өзіңменен сырласқанда,
Осы еді дастанымның айтар жыры.
Бірінші тарау
AHA ӨСИЕТІ
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Уыз сүтімді емізген,
Тал бесікте іңгәлап
Әлди-әлди дегізген,
Құлдыраған құлыным,
Маңыраған қозым-ау,
Боз ботадай боздағым,
Келші бермен қасыма!
Жарып өскен өзекті
Саялы алтын бұтағым,
Ықыласпен суарып,
Қаршадайдан қорғаған
Хош иісті жұпарым,
Келші бермен қасыма!
Шаңырағымды алдырмас
Жел мен дауыл өтіне,
Тамыр тартқан тереңге қайыңсалма қазығым.
Бір өсиет айтайын,
Айтсам болмас жазығым.
Ақ сүтімді сия ғып жүрегіңе жаз, қызым!
Семей деген бір жер бар —
Отаныңның шығысы,
Абай елі атанған,
Толып-тасқан ырысы.
Мен сол жердің қызы едім,
Кіндік кесіп,
Кір жуған,
Жатыр соған жалғасып өмірімнің бір ұшы.
Бір әке,
Бір шешеден жалғыз едім,
Демек, мен
Жалғыз қауыз гүл едім
Жарып шыққан желектен.
Көптен күтіп бір перзент әке-шешем жарықтық,
Қойған екен атымды сол үшін де Дәметкен!
Жалғыз қызы болған соң қайтармады бетімді,
Таудан-тастан қайтпайтын өжет болдым өтімді.
Жедел өсіп көзге ұрар қызғалдақ қой қыз дәурен,
Ақ қайыңдай солқылдап,
Құлын мүшем жетілді!
Мен бой жетіп қалғанда шешем айдай ұл туды,
Жалғыздығым менің де осы кезде ұмытылды.
Сонан соң да,
Сонан соң,
Не болмақшы, құлыным!
Ұзатылдым әкеңе,
Қалдырдым да жұртымды.
Қалдырмасқа жұртымды бар ма менің амалым,
Жылай-жылай аттандым,
Жасқа толып жанарым,
Жетісуға келін боп ұзатылған жол бойы
«Қаламқасын» Абайдың айта бердім, қарағым...
Дақ түсірмей сүйекке,
Ренжітпей аруақты,
Ана болдым анамдай
Салиқалы,
Салмақты.
Үш ұлдан соң сымбатты
Ай мен күңдей қыз тудым,
Алдында төрт баламның төрт айрылып жол жатты.
Бір салты бар қазақтың,
Осы заңы құрсын-ай!
Малды сойып,
Адамға қолқа салар қырсық-ай!
Сол бейбақты нағашың шыққан күні қырқынан,
Қойнына сап әкетті,
Бір иіскетіп, шіркін-ай!..
Мен бәйтерек болғанда,
Сол ғой алтын бұтағым,
Бұтағымнан айрылып,
Шашылмады жұпарым.
Сол қызды алып кеткенде
Сай-сүйегім сырқырап,
Күрсінумен күйзеліп қанды көбік жұтамын.
Омырауымды сүт кернеп,
Жанға қинау салғанда
Сол кішкене періштем
Кетті айналып арманға!
Алғашында білмедім,
Ұлғайған соң сезіндім:
Тірі айрылу адамнан қиын екен жалғанда!
Жылдар өтіп арада соғыс деген жұт келді,
Ер-азамат мойнына
Ел тағдыры жүктелді.
Еркек кіндік еңіреп,
Қан майданға аттанды,
Боз төсектен қобырап талай көрпе бүктелді...
Адамдарды бөлді екі соғыс деген қатыбас,
Нағашымнан сол жылы үзілген-ді қатынас.
Кейін елден естідім:
Нағашы атаң өліпті,
Жалғыз ұлы майданға аттаныпты, осы рас.
Біз де айрылдық әкеңнен,
Екі бірдей ағаңнан,
Жүрегіме дерт қонды!
Бір жағынан қызды ойлап,
Көкірегім өрт болды.
Әпкеңнің бір қарызы қалды менің мойнымда,
Қайда,
Қандай күйде екен,
Ешбір хабар, жоқ белгі.
Шүкіршілік тәңірге,
Тәңір сені сақтады.
Кенжем едің,
Ер жетіп,
Тартып міндің ат жалын.
Әпкеңді енді тап іздеп,
Атын Гауһар қойғанбыз,
Көз жұмамын күні ертең, үмітімді ақтағын.
Ащы шындық айтқаным,
Айтқан соң жоқ жазығым,
Өсиетімді жыр етіп ақ қағазға жаз, қызым.
Сен бір аппақ тайлақсың шудалары төгілген,
Әпкең менен нағашың —
Байланатын қазығың!
***
Құласам да,
Бұтағым көгерсе деп ойлаған,
Өле-өлгенше ұрпақтың қызығына тоймаған,
Анам менің жапанда жалғыз ескен бәйтерек,
Тереңіне өмірдің тамырлары бойлаған.
Қалай жерге тастармын ақ тілегін анамның,
Кіндігі бір әпкем-ау,
Сені қайдан табармын.
Тумысымда көрмеген сені қайтып танырмын,
Әпкең осы десе де ел,
Қалай,
Қайтып нанармын!
Ұқсармысың шешеме:
Қарақат көз,
Әдемі,
Қыр мұрынды,
Ақ сары
Дөңгелектеу бәдені.
Ұқсармысың әкеме:
Ұзын бойлы,
Ат жақты,
Бөкен қабақ,
Бүркіт көз,
Бетінде мең бар еді...
Әлде тартып кеттің бе нағашыма,
Кім кепіл,
Нағашымды көргем жоқ,
Нағашысыз қыз жетім.
Мейлі кімге тартсаң да
Бауырымсың бәрібір,
Тірі болсаң болғаны,
Іздеп табу — міндетім!
Жүр екенсің қай жерде,
Екі көзің мөлдіреп,
Әлденені сезді екен,
Ет жүрегің елжіреп.
Тумай жатып жат болған,
Ей, ұялас қоңыр қаз,
Қай түстіктен табармын,
Бағытыңнан белгі жоқ!
Тағдыр желі ұшырған,
Ей, жеп-жеңіл қауырсын,
Кімге қазір жұрағат,
Кімге қазір бауырсың?
Кімге қазір шешесің,
Кімнің қазір жарысың?
Қандай таңба салды екен соғыс жылғы ауыр сын?
Аты аймаққа әйгілі ана атағын бар ма екен,
Екі-екіден шұбырған балапаның бар ма екен?
Жаның сүйген жұбайың қасында ма бұл күні,
Жарлы көңіл жармысың соғыс жылғы әлде сен?!
Қосылмайды дейді жұрт тауға таудың тастары,
Қосылады бірақ та адамға адам бастары!
Құлын-тайдай шұрқырап көрісетін күн болар,
Көріскенше күн жақсы,
Бауырың іздей бастады.
Екінші тарау
Тілеулес бол, аналар,
Батанды бер, ақсақал!
Әпкемді іздеп аттандым,
Тілеңіздер сәт сапар!
Шығыс жаққа ағылған аққу-қаздар,
Тырналар,
Армысыңдар!
Бұл жолда сапарымыз бір болар.
Келесіңдер сағынып туып-өскен мекенді,
Әпкемді іздеп мен келем,
Желқайықтай тербелем,
Естірмін деп бір хабар!
Беу,
Қағылған қанаттар!
Қанаттары-ай құстардың.
Ей, әрбір тал қауырсын,
Сусыныңа құштармын!
Жебей-жебей қағылып барасыңдар жалғасып,
Салтанаты-ай көктемде күн астында құшқанның!
Қанаттарды қашан да бір сағыныш көтерсін,
Аман болса қанатың,
Арманыңа жетерсің.
Қанаттарың талмасын,
Қанатың ғой бақытың,
Осы қанат барында талай сыннан өтерсің!
Көктем желі еседі,
Ол қанатты көтермек!
Жер-ананың ырысы жаусын бұлттай нөсерлеп.
Бір қанатым — бауырым,
Бір қанатым — сағыныш,
Мен де ұшып келемін дегеніме жетем деп!
Кеңдігіңді, о дала,
Қалай сөзбен келтірем!
Көз ұшында көлбеді қанаттарың серпілген.
Жетерміз-ау,
Шалқыған Абай елі,
Біз саған,
Құстар ұшқыр қанатпен,
Ал адамдар еркімен!
Жаса, бейбіт заманым,
Қайырлы таң,
Аман күн!
Жаса,
Қазақстаным —
Ұжмағы бар ғаламның!
Бір қиырдан қиырға ерік бердің ұшуға,
Ерік беріп көңіліне арман қуған адамның.
***
Абай — Семей,
Армысың
Ата-жұрты шешемнің!
Ақ сүтіне анамның
Адалдықты қоса емдім.
Іздеп келдім алыстан әпкемді мен кіндіктес,
Жетісуда туылып,
Бауырында өскен осы елдің.
– Сәлем, қартым, аузына қанатты сөз тістеген.
Мойныңызды бұрыңыз,
Жөн сұраймын кішкене.
– Қош, қарағым, жол болсын!
– Жөн алдымен танысқан.
– Әлей болсын, ақсақал!
Келіп едім алыстан.
Келіп едім іздеп мен сонау соғыс жылдары
Ажырасқан ағамды,
Хат-хабарсыз қалысқан.
– Аты-жөні кім болғай?
– Аты —Дидар, Нағашым.
– Қайсы рудан?
– Тобықты...
Тобықты ғой, шамасы.
Таяғымен жер шұқып,
Қалды ойланып ақсақал,
Көз алдыма қыс келді жауып тұрған ақша қар.
Бір күрсініп алды да,
Маған қиыс қарады,
Білмейтінін айтты да,
Тілеп қалды сәт сапар.
О, адамдар, тілегі дәтке қуат шырындай,
Шілдеде ішкен шөліркеп тас бұлақтың суындай,
Іздеп келем жоғымды жан-жағыма қарайлап,
Болмаса да бір хабар,
Үмітімнен суынбай!
Енесінен айрылған боз ботадай мөлтілдеп,
Білер деген адамға жөнімді айтам елпілдеп.
Қарай берем жаутаңдап,
Іздеп келем асығыс,
Өңі жылы адамға қарамасқа еркім жоқ.
Өмір жолы-ай,
Адамның тірліктегі күйбеңі,
Секілді ғой көктемгі құмырсқаның илеуі.
Бір жол жатыр жалғасып қиырдағы ауылға,
Бір жол жатыр сарғайып сан құбылған сауырда.
Бір жол жатыр шұбырып көз жеткісіз далада,
Бір жол жатыр зымырап алыс-алыс қалаға.
Қайсы жолға түскенде нағашыма барамын,
Қайсы жолға түскенде әпкемді мен табамын?!
Торабында тұрғандай тоғыз жолдың бас қатып,
Жөн сұраймын адамнан ерте тұрып,
Кеш жатып.
Өтіп жатыр зымырап ұшқыр қанат уақыт.
Кем-кетікті толтырып,
Жылағанды уатып.
Жол үстінде көздерден ақты ащы жас талай,
Жол үстінде ағарды талай-талай шаш-самай.
Жолдар, жолдар,
Мейлі ұзын,
Мейлі қысқа болса да,
Адамдарды ылғи да қуанышқа бастағай.
Адам шіркін себепсіз,
Жолдар,
Сенде жорта ма?
Жолға шыққан еш адам қалмасын жол ортада.
Жолдар, жолдар,
Қалайда тұйықтарға тірелме,
Жарқын болсын бет алдың,
Алыс-жақын болса да.
Тұяғымен тұлпардың талай жүріп жасаған,
Қайлалардың ұшымен айлар жүріп қашаған
Жолдар,
Жолдар
Соқпақты,
Асфальтті,
Рельсті,
Сені қолдан жасаған осы адам ғой,
Осы адам!..
Үшінші тарау
Нағашыма апаратын жол таңы
Ақ жарқын күте-күте таң атуын,
Түн бойы тоқсан толғап аласұрдым.
Үміттің бір сәулесі жылт етті ғой
Отындай ошақтағы нағашымның.
Таң да атты.
Желпілдетті ел түндікті,
Тарады шартарапқа серпін мықты.
Қайырлы алтын таңнан жолдама алып,
Бір тас жол мені бастап еркін шықты...
Қуанып жас баладай мәре-сәре,
Таң қалам таңғы ғажап тамашаға.
Ат басын нағашыма тірегенше,
Білмеймін,
Жол бел асып,
Тау аса ма?!
Жол бойы қызған мотор бір суынбай,
Құлақты жарады үні қыр суындай.
Лық толған жел мен газға төрт доңғалақ
Анамның зырылдайды ұршығындай.
Ешкімнің әуеніне елтімеген,
Барады өзен ағып еркіменен.
Шалқиды қиясынан қыран ұшып,
Тудырып екпінінен серпін ерен.
Қоңыр қаз қоңыраулатып көлге қонды,
Қым-қуыт малшы ауылдың төлдері өрді.
Шопандар жайлап қана ерттеп жатыр,
Босатып тұсауынан көк дөненді.
Табиғат сұраушы еді кімнен көмек,
Қысылу,
Қымтырылу
Мүлдемге жоқ.
Шарықтап бара жатыр көк жүзіне,
Өзінің еркіменен күн дөңгелеп.
Бозторғай емін-еркін қалықтайды,
Әсем ән шығандайды,
Шарықтайды.
Болмаса табиғаттың оз әншісі,
Өзгелер сауық құрып жарытпайды.
Құлшылық, қараң қал сен,
Қараң қалғыр,
Жасасын революция жаралған күн!
Жасасын еркіндігі табиғаттың,
Жасасын еркіндігі адамдардың!
***
Жыр-думан,
Кеші қандай малды аймақтың,
Құйылды құлағыма балдай тәтті үн.
Көргенде кең көсілген тіршілікті
Бұлбұлдай қайта-қайта таңдай қақтым
Кеш жайнап,
Күн батты да күлімсіреп,
Қой маңырап,
Бота боздап,
Құлын кісінеп.
Саңқылдап радио да,
Оттар маздап,
Барлығы қарсы алғандай бірінші рет.
Қызарған қызғалдақтай әр ауылдан,
Қып-қызыл қыр оттары-ай алаулаған!
Салқындау жайлау желі тоңазытқан
Денеге бір жылылық толады әман.
Ортаңғы үй алты қанат жұмыртқадай,
Тұрғандай сырын ішке бүгіп талай.
«Үйі сол Дидар деген жақсы ағаның,
Тарта бер, — деді маған жігіт, — солай!»
Осынау жалғыз ауыз сөзге сырлы
Жанарым алабұртып өзгеше ұрды.
Ат басын белдеуіне тірегенше,
Білмедім сенерімді,
Сенбесімді.
Сол үйге ақыл-есім ауды-дағы,
Жанарым жасқа толып жаудырады.
Алдында есігінің біреу отыр,
Секілді тұғырдағы тау қыраны!
– Барсыз ба есен-аман, аға жарқын!
– Үйге кір!
– Төрлет балам!
Сәлемі айқын.
Нағашым осы ғой деп таңырқаймын,
Әрине, басқа жанға баламайсың.
Егерде осы болса нағашекем,
Әйтеуір, көңілі жомарт,
Тамаша екен!
Сезіндім табалдырық аттағанда,
Сұмдық-ай,
Оң аяғы ағаш екен.
Соғыста болған бұл да іс деп ұғып,
Сол сырды қойдым терең ішке бүгіп.
Ұлғайып бара жатқан сияқтанды
Бір кезгі сенер-сенбес кішкене үміт.
Сол жаннан асқан бөгде жоқтай көрік,
Көзіме басылады оттай болып.
Басулы таңдайыма бір сөз жатты,
Мылтықтың ішіндегі оқтай болып.
Көз тартып тұрмаса да дүниесі,
Бары анық шаңырақтың пір-иесі.
Сап, көңіл,
Сабыр-сабыр,
Шыда-шыда,
Әуелі соз бастасын үй иесі.
Қашан да қазақ шіркін дана халық,
Түйеді әу-жайынды сана бағып.
Былай деп сөз бастады отағасы,
Бетіме ұмсына бір қарап алып:
— Көзі ойлы,
Өңі жылы,
Жаны жалын,
Шырағым, қай баласың,
Танымадым?!
Дәм айдап келдің білем
Дидарға сен,
Қанында бір тебіреніс бары мәлім.
— Ел сүйген, уа құрметті,
Жақсы ағасы,
Сөзіңнің жылы тиді бастамасы.
Өзге емес,
Өзіңізді іздеп келдім,
Қазақтың өнер қуған жас баласы!
Сөзімнің сезіп мәнін аяқтаған,
Орнынан ұшып тұрды таяқты адам.
Анамның бауыр еті —
Нағашымның
Мен-дағы құшағына таяп барам.
Салалы сақалынан жас тамшылап,
Бетімнен сүйіп жатыр,
Шаштан сылап.
Үлгерді нағашы апа осы кезде,
Әу-жайын оқиғаның саспай сұрап.
Қосылу адамға адам асқан бақ қой,
Күтпеген жерден мына басталмақ той.
Құрбаны қуаныштың мен болам деп,
Есіктен маңырап тұр ақсарбас қой.
Әңгіменің құлақ күйін келтіріп,
Нағашы аға отыр еркін шертіліп.
Орақ мұртын анда-санда ширатып,
Оқта-текте қояды бір желпініп.
— Қарғыс атқыр, соғыс кімді аяпты,
Адамдарға ылғи да ажал,
Жай атты.
Суырып ап етігімнен аяқты,
Айырбастап берді маған таяқты.
Қайран аяқ!
Аяқ керек жортуға,
Бір аяғың жоқ болған соң қорсың да.
Бір аяқтан жығылмайды екен ғой,
Адам деген қасиетті
Зор тұлға!
Отан үшін бір мүшені бергенге,
Болмайды ғой бізді нағыз ер деуге
Талай боздақ Отан үшін,
Ел үшін
Көкірегін оққа тосып келгенде!
Ақсақпын деп отырмастан тұйықтап,
Кем аяққа бір еменді қиып сап.
Нағашы ағаң соғыстан соң қой бақты,
Жатқан жоқпын жанды күтіп,
Ұйықтап.
Солай, қалқам!
Соғыстан соң қой бақтым,
Арғымақты көк жайлауда ойнаттым,
Қайтқан емен,
Сірә, алған бетімнен,
Дауыл бұрқап,
Тұрсын мейлі қайнап күн!
Әй, жиенім!
Тағы бір сыр айтайын,
Өзіңнің де хабарың бар,
Байқаймын.
Маған жиен,
Сенін туған әпкең де
Түсіме енді, енеді ылғи ай сайын.
Жұтаң жылы өліп әке-шешеміз,
Зар еңіреп,
Жетім қалдық кеше біз.
Ағайындар қолымыздан жетектеп,
Екі жаққа кете бардық екеуміз.
Аралықта соғыс деген жұт келді,
Біp мойныңа ел тағдыры жүктелді.
Кете бардым қан майданға аттанып,
Жылы көрпе,
Құс төсегім бүктелді.
Қалды артымда жаңа ошақ,
Баспана,
Қалды еңіреп жас жұбай мен
Жас бала.
Содан бері әпкеңнен еш хабар жоқ,
Тірі айрылып көріспедік, масқара!..
Нағашы аға еді сеніп келгенім,
Ол да айрылып жан әпкемнен, емген у.
Енді қайдан іздеп қана табармын,
О, құдірет!
Бұл не деген сенделу!
Айтыңдаршы,
Жолдас-жора,
Ағайын,
Бұл мұңымды кімге барып шағайын.
О, адамдар!
Айтыңдаршы бір ақыл,
Бауырымды қалай іздеп табайын?!
Айықпасқа көкірегіме тұнған мұң,
Көріспекке жазған ба әлде бұл тағдыр.
Бәрі-бәрі,
Соғыс, сенің кеселің,
Атың өшіп,
Үнің шықпай,
Тұл қалғыр!
Төртінші тарау
КҮЗГІ САРЫН
О, туған жер!
Өзен,
Көлім,
Тау,
Далам,
Бауырыңнан айналайын баураған!
Өзіңменен адам ғана тағдырлас,
Топырағыңнан табаны бір аумаған.
Көкірегінде кіндік кесіп,
Кір жуған,
Ұрпағыңмын шабыт буып,
Жыр қуған.
Көкірегімде бір сағыныш жүр менің,
Көмейімнен сорғалайды бір мұңды ән
Әннің аты — туған бауыр,
Сағыныш,
Ән рухы — үміт үзбей, сабылыс.
О, Жер-ана,
Қанаты алып құс болып,
Мені әпкемнің ауылына алып үш!
Қуанышқа ортақ болғай көк аспан,
Ортақ бол, таң,
Сен де әлемге жарасқан.
Құшағында табысайық шұрқырап,
Біз ұялас қаздар едік адасқан.
Бесінші тарау
СҮЙІНШІ ЖӘНЕ ТОЙ ТОЛҒАУЫ
Қымбатты Құндыз, ұзақ уақыттан
бері таба алмай жүрген әпкеңіз
табылды. Адресін газет редакциясы
арқылы білесіз.
«Лениншіл жас»
Түскен кезде адамға қиын сындар,
Қай-қашан да дос болып,
Күйін тыңдар.
«Лениншіл жас»
Газетім — жанашырым,
Сүйіншіңді ал,
Ал менен,
Сүйіншіңді ал!
Қабыл болды ақ ниет,
Тілегім дәл,
Бауырым бар,
Анам бар,
Тіреуім бар!
Жаса мәңгі,
Газетім, жаса мәңгі,
Сүйіншіге қуанған жүрегімді ал!
Қуанышын әкелді саған да өмір,
Қуанғанда болады адам жеңіл.
Алакөлден ескен бір леп секілді,
Аңқылдашы,
Аңқылда,
Самал — көңіл!
Қуанышқа ғашық ем бала жаста-ақ,
Мінгізіп ап бір тұлпар ала қашпақ.
Алсын мейлі,
Алатау сүйіншісін,
Сүйдірейін төсімді жалаңаштап.
О, тілеулес,
Отандас,
Жан бауырым,
Жақсылыққа ортақсын бәрің-бәрің.
Қуаныштан жүрек шын жарылса егер,
Көріңіздер кезбенен жарылғанын.
Ашық аспан,
Бейбіт күн,
Нар ғасырда,
Гүлденген жер,
Думанды ел дәл қасында.
Қуаныштан жарылған жүректердің,
Уа, дариға!
Арманы бар ма, сірә!
Аман болсын Октябрь,
Ана — Отаным,
Маңдайымнан сипаған алақаның.
Әлі талай кенелтер сүйіншіге,
Жақсылыққа жаралған жаңа таңым!
ӘНШІ ШОФЕР
Құстай қомдап шофер жігіт иығын,
Әнге қосты даланың жез киігін.
Алдына алып тербеткендей болды бір
Сырымбеттің бұлт жетпейтін биігін.
Сағыныштың тербегендей мұң-легін,
Сиқыр саусақ басты сырнай тілдерін.
Мақпал дауыс маужыратты даланы,
Қандай әсем,
Қандай сазды түндегі үн!
Назды мұңға,
Сазды жырға бөлеп бір,
Орны бүгін сол әншінің бөлек тұр.
Туған жердің тынбай кезген даласын,
Беті қайтпас жолбарыс қой,
Демек бұл!
Әнмен бірге тізгінді тең басқарып,
Қажет болса жортады түн жастанып.
Еңбегімен елеңдетіп ел-жұртын,
Талантымен келе жатыр тас жарып.
Өнер десе құс ұшырмай басынан,
Қанат қақты сан қияға жас ұлан.
Сарыарқаның саф алтындай дәні мен
Сал Біржанның әнін бірге тасыған.
ЖАДЫРА
Қазақстан комсомолы сыйлығының
лауреаты, Ленин орденді механизатор
Жадыра Таспанбетоваға
Жұртыңа берер сенің көп сыйлығың,
Жалынсың,
Жанып тұрған отсың бүгін.
Биікке қанат қағып барасың ғой,
Самғаған кең даладан ақ тұйғыным.
Шаң қауып арғымағың қалмайды анық,
Дүйім жұрт қарар саған
Таңдай қағып.
Сен бүгін туған елдің жүрегінде
Жүрсің де
Сүйіп айтар әнге айналып!
Жаныңа қайратыңды серік көріп,
Жігерлі жастығыңа ерік беріп.
Өріліп,
Өрге басып өрелі еңбек,
Барасың күннен-күнге көріктеніп.
Өмірдің сүрінбедің өткелінен,
Әр күнің мағыналы өткерілген.
Сылаңдап сәндік қуып өспедің сен,
Бастадың батылдықты мектебіңнен.
Үлкен ой тұлғаланып келбетінде,
Жаныңды жақсы қиял тербетуде.
Асықтың,
Алғы күнге алаңдадың,
Ертерек құштар болып ер жетуге.
Берілдің мақсатыңа құлап мүлде,
Сен оған жеткен жоқсың бір-ақ күнде...
Бірге өскен құрбыларды таңдандырып,
Жайғастың жаның сүйген тракторға.
Жел қағып дидарыңды,
Құшқанда күн,
Қуанды,
Құптады да ұстаздарың.
Қауыштың осылайша еңбекпенен,
Құлшына құлаш сермеп құштар жаның.
Сырластың,
Сыйластың да даламенен,
Пейілі артты оның да саған деген.
Жүздіріп ақ күріштің айдынында,
Келесің жалында ойнап жарау дөнен.
Жұртың да қолтығыңнан жиі демеп,
Өмірдің саған тартар сыйы бөлек.
Сенің де айтар ойың,
Шындығың көп,
Тыңдасын туған дала ұйып ерек!
Құшағы қызу еңбек құлшындырып,
Құрбылар ортасында жүрсің күліп.
Күтіп тұр өз кезегін талай асу,
Кете алмас өмір-арна күрсіндіріп.
КӨЛ БАСЫНДАҒЫ ОЙ
Жарық ай шың басында қиылып тұр,
Көл беті нұрланады
Құйылып нұр.
Басында Бурабайдың салдық құрып,
Қалғандай бар сұлулық жиылып бір.
Жанының нәзік қылын діріл қағып,
Тұрған кім сырлы көлдің сырын бағып.
Бурабай жағасында
Бурыл шашты
Бір ақын толқып отыр жырын жазып.
Өзінше ойға батқан жеке қалып...
(Бұл өмір әркімдерден өтері анық).
Бүктелген бұйра толқын сезіміңді
Билетпей,
Билік бермей,
Кетеді алып...
Тұрған соң тұнық көлден әзін көріп,
Оқжетпес кербезденді бойын керіп.
Шолп етіп құлап түскен бір түйір тас
Ақынның кетті кенет ойын бөліп.
Селк етті ол шым батқан тасқа қарап,
Бірақ та селт етпеді жатқан алап.
Жүрегін шымырлатты бір тәтті мұң,
Жанарын мөлдіреген жасқа орап.
Осылай елеңдеді,
Елеңдеді,
(Мүмкін бе мұндай жайдың еленбеуі?)
Сезімнің сексен қабат астарынан
Ашылып келе жатты өлең кені.
Халқының жарамаса керегіне,
Ой толғап,
Қалам ұстап керегі не?
Болса екен әр сезімнің салмағы ауыр
Бойлайтын көңілдердің тереңіне.
О, ТОЛҚЫНДЫ ТЕҢІЗІМ ШАҒАЛАЛЫ
О, толқынды теңізім шағалалы,
Жетсе деймін жанымның саған әні.
Дауылыңнан мен емен ығысатын,
Шырағымды сөнбейтін жағам әлі.
Армандарым жетелер өрге мені,
Дауылдарың жанға ерлік берген еді.
Қыран құстар қанатын желге өреді,
Тыншытпа сен,
Толқынмен тербе мені!
Саған қандай құдірет тең келеді,
Кең далама айдының өң береді.
Өктем гүріл,
Өр дауыл өрекпі ген
Толқындарды легімен өңгереді.
Толқындарды легімен өңгереді,
Аядай боп теңіздің кең кемері.
Бірде толқып жататын,
Бірде тынып,
Үйреттің-ау, әр күйге сен де мені.
Шу асау елестетіп арғымақты,
Бұлақтар шың басынан қарғып ақты.
Табиғат тыныс алып құлпырады,
Саумал жел желпілдетіп бал құрақты.
Сүйкімді түрге еніпті қала сондай,
Қарайды таулар асқақ аласармай.
Басына қарағаштың қонып алып,
Сайрайды тамылжытып қараторғай.
Сайрайды қараторғай тамылжытып,
(Ғажап-ау,
Сондай сәтті алу күтіп).
Қайыңның тамырлары шымырлайды,
Көктемнің ең алғашқы әнін жұтып...
Қашанғы құптағандай қала күйін,
Көліктер жөңкіледі ала құйын...
Албырап Алматы-қыз,
Құлпырады
Ілгендей иініне жаңа киім.
Қыз көңіл жақсы сөзден жасарады, ә?
Жақсы сөз құдіретімен жасар ана.
Үлкенге кішіру бар,
Сыйластық бар,
Жарасар осы ғұрпым босағама.
Жасайды осы ғұрып,
Жасар әлі,
Теңіз де бір өзеннен бас алады.
Атаның ұрпаққа айтқан өсиетімен
Құлпырған болашақ та жасалады.
Өтемін мұраға кір дарытпастан,
Жырлаймын оны мәңгі жалықпастан.
Сыйлап та жарытпаспын өзге жұртты,
Ат басын өз жұртымнан алып қашсам.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру