Мазмұнға өту
Home

Тарзан

Смағұл Елубай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Тарзан

Смағұл Елубай шығармаларының басты идеясы халықтың әлеуметтік пікіріне әсер етіп, тарихи санасын оятуда жатыр. Қазақтың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерін асқан шеберлікпен суреттейді. Жазушының қаламгерлік мақсаты ұлттық болмысты сақтап қалу десек, артық айтқандық емес.

Әңгіме

Қою таң қараңғылығының тып-тыныш тұнған шағы. Төңірек тұс сол қоймалжың қараңғылық тереңіне тұмшаланып ұйып қалғандай. Шығыс жақ қана сәл-пәл бозарып, қылаңытады. Түні бойы жағы тынбаған ауыл иттері сап болып, қазір бұйығып ұйықтайды. Қотандағы қой шеңберлене қарауытып тығыз жатыр. Пысылдап күйіс қайырғандары салбыраған тыныштықты сәл серпе көтеріп, баяу тербетіп тұрғандай. Осы сәт отардың ық жақ қанаты «дырр» беріп ығыса үріккендей болды. Қойдың ойысқан бөлігі соңдарына селтие қарап, жер тарпып пысқырынды.

Қотан төңірегінде томпиып - томпиып жатқан сақшы иттердің сол тұсқа жақын біреуі мыңқылдап сес береді. Бұл ит — орнынан қозғалуға ерініп жатқан жалқау Бөрібасар. Дегенмен, оның сесінен өзге иттер де құлақтанды. Жатақтың екінші тұсынан алпауыт ақ төбет Тарзан бас көтерді. «Не боп қалды?» дегендей құлағын алға тіге сергек қимылдап, орнынан ырылдай түрегелді. Мойнын соза сәл керіліп, мал үріккен жаққа қарады да, кенет шығыс беттегі қара дөңге қарай суырыла ұмтылды. Мұның дала төсін барабандатқан аяқ дабылынан өзге иттер де өре көтеріліп, шулыға ілесті. Манағы жалқау Бөрібасар ұйқыға қайтадан бас қойған. Бірақ тым мазасы кетіп жатыр. Ұйқысын бұзып, тұс-тұстан «аттан сап» жауға шапқан «пысықтарға» іштей қыжылдады. Орнынан басын көтеріп, жан -жағына қаранып қояды. Бірге қалып ұйықтайтын жолдас көріне ме деп жатыр. Бөрібасар анық жалғыз қаларын білгенде, «енді жата беруге бол мас» дегендей, топ соңынан әйтеуір далбақтап ере шықты. Қазір үйден иесі шыға келсе, «сен мұнда нағып жатырсың» деп ұрсып, соғуы мүмкін ғой! Бөрібасарды қозғаған әсіресе осы жағы еді.

Төңірек әлі ала көлеңке. Маңай кезіп болмашы қылаңдаған аққұйрық сәулелердің мол бір жиынтығы сонау тұмсығы таңға тиіп тұрған көлденең таудың биік өркештеріне қоныпты. Түн етегі осы тұста ғана түріліп, сол бозарған таңды бетке ала шұбалаңқы, бір ұзынша жалғыз шаң кетті. Оны іле-шала бір топ дүбір шаңыта дүрсілдетіп, нөпір ақтарылып, қара жонды көктей өтіп, ары асты. Даурыға үрген иттер ауылдан кем - кем ұзай берді.

Шәкір иттердің алғашқы шуылынан шошып оянып, керегедегі оқтаулы мылтығын ала жүгірген. Бір-екі қарғып, мал жатақтың сыртын айналды. Малдың әлденеден шошынып үріккені байқалады. «Ит-құс тигені ме» деп күдіктенді. Қыр астынан иттердің шауқымда дауыстары естілді. Шәкір сонда асықты. Жүгіріп отырып үлкен дөңге жетті. Бірақ ол биікке шығып мән-жайды көзбен көргенде, таңырқап тоқтап қалып еді. Терең сайдың арғы бетінде талтайып - талтайып, құр далаға үріп иттері тұр. Сабаларына түсіп, немқұрайды көшіпті. Кейбіреулері жатуға ыңғайланып жүр. Иттер Шәкірді көрісімен қуанысып кетіп, құйрық бұлғап, төбе басынан орала бастады. Жалқау Бөрібасар қайтуға келгенде жылдам - ақ екен. Арсалақтап алдымен жетті. Жетті де, рабайсыз еркелікке басты. Бітірген түгі болмаса да, мақтау, жылы сөзбен басынан сипауды күткен сыңайы бар. Ойсыз көзін орынсыз ойнақшытып, иесінің қолын жалап алды. Аңдаусыз тұрған Шәкір қолын тіксіне тартып алып, мұрнын тыржитып, бүйірге нұқып жіберді. Бөрібасар қаңқ ете қыңсылап, аулақ кетті. Бұрын иесі бүйтпейтін. Бұны еркелетіп, өзі де күліп, жайдары қарайтын. Мына тосын мінезге түсіне алмай, әрі өзге иттердің көз алдында жер болып, әрі таяқ жеп, иесіне көзінің астымен кінәлай қарап қыңсылап жатыр.

Шәкір иттердің ішінен сүйікті иті Тарзанды көре алмады. Дауыстап шақырып еді, бұл маңайда жоқ болып шықты.

Бұл мезгілдер ит баласының жалға келу кезеңі болатын. Сан арлан азулардың «қалыңдық» үшін қырқыс науқаны басталған. Сондай шайқастардың бірі жақын арада өтті. Бұл жолғы майданның ұйытқысы қарыс бойлы Ақ қаншық еді. Қалғаны еркек жыныстың сан түрлі сойқандары.

Ауыл ортасына жеткенше Ақ қаншықты тірсектей меншіктеніп келген жүндес қара төбет. Тоң мойын, томар аяқ ол топ ішінде дене шоқтығы жағынан көп алда. Оған қарсы ешкім шықпағандай. Әйтсе де, талайының тіс басып, «қойындарына тастарын тығып» дегендей келе жатқан жайлары бар. Бір жинақы денелі жас арлан көз оты жайнап, Дәу қараның жанынан жіті басып өтіп, Ақ қаншыққа мойнын соза берген. Байлаған жібін шайнап үзіп, базарлы топты Тарзанның қуып жеткен бойы осы еді. Бұл оның есейіп, «қалыңдық» үшін қырқысқа алғаш түсуі.

Дәуқара шарт ашуланып, оны желкеден ала кетті. Тарзанның қаншық атаулыға емексітуі тұңғыш болса да, құрғақ төбелесті көруі жалғыз бұл емес еді. Тұра қалып майдан берді. Дәуқарада екі-үш күннен бері ақысы кеткендер ортаға атылды. Топырласты да қалды. Қайсысы қайсысының шабын жыртып жатқаны белгісіз. Тек ортадағы Дәуқара мен Тарзанның ұстасуы қатты. Кербез қаншықта ешқандай таңданыс нышаны байқалмады. Аспай-саспай: «Ал сарбаздар, қырылысып болыңдар, мен күте тұрайын» дегендей - ақ, шетке шығып шоқиып отыр. Дәл осы сәтті бағып тұрғандай - ақ, көктен түскендей жалқау Бөрібасар пайда бола кетті.

Бөрібасар әлжуаздау сал бөксе ит болатын. Оның үстіне, ұйқы бас жалқау. Оның да осындай әсем «қалыңдықтан» дәмесі бар. Бірақ әлгіндей жанқияр күреске жоқ. Сондықтан талаған топтың бетін сырттай бағып, күдер күтпегендей көп араласпайтын. «Кім біледі, жүргенге жөргем ілінердің» керімен сол Бөрібасар бүгін таңнан бері бұл қауымның арасына түсіп кетті де, қайтып шыға алмады. Бұдан Бөрібасар шайқасқа еніп, ерлік іс қылған ғой деп жаңсақ кетіп жүрмеңіз! Бөрібасар жаңа бір тәсіл тапты. Бұл өзі басқалар сияқты жан қинап жатпайды. «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» дегендей, тобыр қарасына ақырын еріп отырады да, ана ақымақтардың тайлы-таяғы қалмай опыр - топырға түскенде, басы бос «бикешті» ұстап алып, Бөрекең мына жақта өз ісін тындырып жатады.

Қазір де сол дағдымен Ақ қаншықтың қасына сумаң қағып жымысқы басып жетіп келіп еді. Бөрекең келе салысымен, әй-шәй жоқ, Ақ қаншықты икемдеуге кірісті, бірақ Құдай ұрғанда, істің сәті түспегені! Ерлік айқасты тамашалай ләззат алып тұрған Ақ қаншық Бөрібасар емеурін білдіргенде қатты тулады. Оған да мынадай тіршіліксіз «күйеудің» қажеті шамалы екен. Шаңқ беріп қауып алды. Е, оған бола қоятын Бөрекең бе! Қайта одан бетер есі шыға екіленіп, құйрығын дікең - дікең еткізе кекшең қағып төніп келеді.

Шайқас жарты сағатқа созылды. Тартыстың қыз - қыз дені әлі Дәуқара мен Тарзанның үлесінде екен, Дәуқара тілі салақтап, бүйірін соғып шаршау білдіргенде, Тарзан енді қызып, құтыра сілтеп жүр. Құмырсқадай үймелескен шоғыр ортасында ол тік атылып бой көрсетеді. Ақыры, Тарзанның астына түскен Дәуқараның тоны жыртылып, әр иттің аузында кетті де, шайқас бітті. Байғұс Бөрібасардың жымысқы үміті жалп етіп жанған шырпыдай тез өшіп, Ақ қаншық Тарзанның алдында кетті. Бұл осыдан үш-төрт күн бұрын болған көрініс еді.

Қасқырдың ізімен бүкіл ауыл иті ілесе қуып бергенде, топ ортасында жұлдыздай ағып Тарзан да кеткен. Көп ұзамай Тарзан қуғыншы тобырдың озып алдына түсті. Алдына түсті де, жазылып көсіле сілтеді. Сіңірлі кең құлашты аяқтарын серіппедей алға лақтырып, зымырай гуледі. Ит құйындай домаланып тірсектеп жетіп қалғанда, қасқыр құтылмасын білді. Бұл сайдағы оқиға болатын. Қасқыр одан әрі қашқанмен, қуғынға шапты береріне көзі жетіп, көлденең тартты. Тарзан екпінін ірке алмай, секіріп алдына түсті. Сөйткенше, өзге иттер де жетті. Қасқыр бөксесін күдіре түп қарағанға тығып алды. Енді оның арандай алғыр ауыз қарсысынан соқтығуға ешқайсысы батпады. Қасқыр тап-тап берісіп тақай берген иттерге ұзын мұрынын кіржитіп, арса-арса тісін ғана көрсетеді. Сақ-сақ еткізеді. Иттер бата алмады. Бір-біріне көз қиығын тастап, «сен тиіс, сен тиіс» дескендей, қатар тұрып алып, құр дауысты зорайтады. Мұндайда бірінші жол бастау Тарзанның үлесетін. Шуылдақ топ сонан қауқар күткендей жалтақтауда. Тарзан үрген жоқ. Сасқан да жоқ. Тек манадан бері бір нәрсеге таң қалғандай немесе соның шешімін таппағандай, қасқырдың ізін пыс-пыс иіскеп, бүлкілдеп үнсіз айналып жүр. Бір-екі рет жусан басына сарып та алды. Сүмеңдеп тағы айналды. Қасқырдың ығына ығыса бере тұмсық көтеріп, иіс тартты. Сосын жуас қыңсылай ырылдап, жер топырағын бұрқырата осып-осып қалды... Тағы жер тіміскіледі. Әдетте, қаншыққа кездесерде осылай істейтін. Қасқыр алдындағы даурықпа желке топтан қатер күтпей, арасын қақ жарып өтті де, өз жөніне жай бүлкілмен бет алды. Көп тобыр «сен бар», «сен барменен» итіншектеп кегежектетіп тұрғанда, жаулары жайсаң басып ұзай берді. Тарзан қасқыр ізінен тұра жөнелді. Мұның басқа бір мақсатпен кеткеніне түсінген иттер ермеді.

Тарзан қасқырға ұзатпай жетті. Қасқыр да бой салып қашар көрінбеді. Тіс қаққан қаншық балаң арлан лебізін алғаш кездесуден - ақ ұққан тәрізді. Тарзан ысқыртып құйындатып келіп үлкен бір секіріс жасады да, қасқырдың едәуір алдына барып түсті. Сәл шаққа кідірген қаншық жуасып, қипалақтап, оның ізін иіскеледі. Сыңсып жұмсақ қыңсылады. Сөйтті де, оқыс ұмтылып, жып-жып баса жүгіріп келіп, Тарзанға жанай тиіп, жалап өтті. Оны бұл өте тез істеді. Тіпті Тарзанның өзі де бұл тездікті, бұл мінезді күтпесе керек.

Жау тұмсығы денесіне тигенде, от қарығандай оқыс шошынып, құлағын жұма қапталға қарай ышқына атылып кетті. Жалғыз түйір түгіне дейін тіріліп тік тұрды. Бұл есін жиғанша, қаншық қасқыр тағы да айналып соқты. Қипалақтап, мүләйімсіп, қыңсылап, ынтымақ күтеді. Тарзан ара үзіп қашпаса да, қаншық қасқыр жанап өткенде, ышқынып секіріп кетеді. Көзі оттай жанып алған. Қаншық екі-үш рет ұмтылған соң шеттеп шығады. Бірақ Тарзан сонда да қалмайды, қаншықтың ізін иіскелеп алады да, алдын кес-кестейді. Бұлар құдды ойын құрып жүргендей не айрылыса алмай, не жақындаса алмай, елсізге шықты. Қалың сайға түсті. Тарзан тиышсызданып, қаншықтың алдына озып еді, қаншық қасқыр тағы да жылдамдық көрсетіп, Тарзан қашып үлгіргенше жанаса беріп, аузын жалап алды. Тарзан көзі шоқтай жанды. Қаншықтың қасына жетіп барды. Бұл да оның әрекетін қайталады. Табиғаттың сиқыр тілімен оңай түсіністі. Көп кешікпей жым-жырт сайға барып оңаша табысты.

Қаншық қасқыр ертесіне де осы жерден табылды. Кездесу және бір-екі рет қайталанып, ақыры Тарзанның із-түзсіз жоғалып кетуімен тынды. Қайда болғаны белгісіз, бір күні түн ортасында ауылға жасырын келді. Алдымен ауыл сыртында әлдененің жарқ беріп айға шағылысқаны байқалды. Сөйтті де, көрінбей кетті. Дүние теп-тегіс ұйқыда. Қотанда қарауытып қой шоғыры жатыр. Манағы нәрсе енді ауылға жақын тұстан көрінді. Үлкен ақ ит екені байқалды. Ол манадан бері жұмсақ мысық жүріспен келеді.

Кейде бұта тасасынан қайшы құлағы ғана селтиіп иіс тартады. Тарзан иісшіл еді. Жан баласы аңғара бермейтін неше бір түрлі иістер бұған сыр ашатын. Иістер сан тілде сөйлейтін. Тіпті қайдағы бір бұта түбінде бұғып жатқан қоянның, жортып өткен сақ түлкінің иістері де түн түкпірінен іздеп келіп бұны табатын.

Тарзан үйінің ық қанатынан келді. Сағынғандай жер ошақ, су күбілерін иіскейді. Кезі итаяққа түсті. Сілекейі шұбырды. Итаяқтан ас орнына жұғынын ғана жалады. Кенет иттер құдды қасқыр келгендей қатты дүрлікті. Шулап қоя берді. Тарзан шеттеп шыға берді.

Шәкір мылтығын алып, шабалаңдап жатқан иттерге таман еңбектеп жақындай түсті. Ай астында жалғыз көкжал қарауытып тұрғандай көрінді. Тұспалдап тартып жіберді. Мылтық дауысынан иттері қапталға безді де, әлгі «қасқыр» дегені зым-зия көзден ғайып болды.

Бүгін де Бозойдың қалың жынысты қарағанды сайлары тып-тыныш, елсіз. Қаншық бастап келген бұл ара қасқыр ауданы. Томсырайған жыраның күнгей бет жар қабағында үлкен-үлкен апандар үңірейеді. Апанның құлама алды — сексеуіл томарлы, бұталы ұрымтал терең сай. Төңіректе шашылған мал сүйектері. Қозы терілері. Бұта бастарында ілініп қалған ұлпа жүндер. Қобырап аулақ ұшып кетіпті. Қаншық пен Тарзан қалың қараған арасында. Мұнда келгендеріне көп болмап еді. Қаншыққа еріп келген Тарзан қасқыр ойнағына аяқ басысымен қызық күйге түсті. Дереу ереуіл пішінге еніп, желке, арқа жүндері тікірейіп алды. Кілт айбаттанып, көзі қызарып ырылдап, гүрілдеп, жау иісін сезініп, ерсілі-қарсылы жортты. Жерді пыс-пыс иіскеп алып, бас көтеріп төңірегіне сақ қаранады. Бүкіл дене бұлшық жинақы лыпылдап, арс - гүрс қырқысқа дайындалады. Бұның мазасыз кейпін сезген қаншық жүгіріп келіп еркелеп, ойынға тартады. Тарзан қаншықтан бойын босатқан шақтары қасқыр ауданын шұғыл зерттеуге кіріседі. Сайға түскен сәтте-ақ Тарзан бұл ауданның басқа да тұрғындары барын сезген. Ендігі зерттеуінде сол тұрғындардың қандай мақұлық, еркек пе, ұрғашы ма және солардың саны қанша екенін білуге күш салды. Жапырылған шөпке сіңген иістер көп шындықтан хабар береді. Иістерді иістерден шебер айыра алды. Тарзан қасқыр апанының ақиқатын аша түсті. Кәрі қаншықтан басқа бұл маңда және екі қаншық мекен етеді. Ол онша қауіп емес. Өліспей беріспейтін жау иісі әзірше білінбейді. Зерттеуін одан әрі пысықтай жүріп, бір шет қурайдың алдына тоқтаған. Кенет кейпі бұзылды. Демек, апанның арлан тұрғыны да бар екен. Ашу шашып, жерді осып-осып қойды. Ызадан ыңыранып, ерсілі-қарсылы жортты.

Күн шыға қалың сайға үш қасқыр келіп кірді. Бұл қаншық қасқырдың өткен жылғы төлдері. Қазір өңшең жіңішке тұрпатты қасқырлар. Мойындарын жерге салып тізілісе сүмеңдеп, қамсыз жортып сайға түсе беріп еді. Алда келе жатқан сидаң бұт қасқыр кілт тұра қалды. Бастарын көтеріп алысты. Енді бірде тыныштары бұзылған үшеу апанға жоламай сырттан торып жүр. Бұл уақ Тарзан мен қаншық кішкене алаңқайда алаңсыз ойын құрып жатқан. Тарзан әлденеден үрдіс сескенді, сезіктенді. Бойын жиып алды. Ашына қыңсып, жерді осып-осып, алаңқайдан секіріп шықты. Алдымен құлағы көрініп, сида бұт үш қасқыр сып - сып жүгіріп кеп қарсы алдында тұра қалды. Екі жақ та аңтарылып тоқтап қалып еді. Осы кез жеткен кәрі қаншық Тарзанның қасынан күшіктеріне ырылдап ызбар етті. Жас қасқырлар ошарылып, түкке түсінбей дал болғандай. Тарзан ереуіл кейпіне мінді. Қабақ сүзіп, желке күжірейтіп, «келсең, кел!» айбатпен аяғын санап басып, ақырын жақындайды. Жас қасқырлар екеуі ойысып, екі қапталға шықты. Ортада желкесі жуандау, едәуір тісі өсіп қалған балаң қасқыр қалды. Құйрығын жұмып, тұмсық ұшы ашудан жыбырлап тұрған ол — осы топ ішіндегі жас арлан. Бітімі темір тегеуріннен хабар беретін жау жүрек ит жақын төнген сайын, аш белі бүгіліп, доғаланып барады. Қас қаққанша жарқ-жұрқ құбылыс туды. Тарзан лып ете орғып шет шыққанда, жас арлан омақаса домаланып түрегелді. Қабағын қан жуып кетіпті. Майдан оты қайта тұтанғанша, қаншық қасқыр жетіп келді. Арлан күшігін ес жидырмай бас салып талады. Жаңағы қас қағымдық қақтығыс ұмтыла берген өзге қасқырларды іркіп тастады.

Тарзан сәтті басталған сынақтан кейін, көзі қызарып, желпіне бастап еді. Қаншық қасқыр бұған да наразылық білдіріп, кәрлі «арс» беріп, ауыртпай бір тістеп өтті.

Бірнеше күнге дейін жас қасқырлар қаншық пен Тарзанға жуымай жүрді. Езу ыржитып алыстан шеттей береді. Жатқанда да бұларды көзбен атып, сонадай шетте бөлектеніп жатады.

Бір күні кешқұрым қаншық биік басына шығып дауыс салды. Бұл жорық дабылы еді. Қауырт жортқан топтың соңынан Тарзан да ере шықты. Жорық мақсатын ұғына алмаған жөні бар. Бетті елге түзеп, үрдіс жортты. Көп ұзамай ел шетіне ілікті.

Қаншыққа бұл өңірдің әрбір ұрымтал бұқпа сайлары, жырынды жыралары, қиын қалтарыстары түгел таныс, сыры аян. Ол таяудағы бір үйді алыстан орағыта тобырды алып жүрді. Ауыл иттері бұларды сезіп, шу көтерді. Ауылдан едәуір бері шығып, ұран салып жолатар болмады. Қаншық қасқыр көп аялдамады. Өкпе тұстағы ауылға бастады. Ол ауылда да ел орынға отыра қоймаған екен. Иттері сергектік көрсетіп, шауып алдынан шығысты. Келіп араласа кетпегенмен, қыр басында кәр жіберіп тұрды. Болмайтын болды. Және бір-екі ауылды арылтты. Бәрінде де баяғы бүліне ду көтерілген шәуілдіктер тобы қарсы алады.

Жел жақтағы қойлы ауылдан қойдың қоңыр иісі келеді. Сезгіш мұрындарды жарып барады. Ауыздардан сілекей шұбырады. Аш қарындардың төзімі онан сайын жұқарды. Тұмсықтарын желге беріп мал иісіне мас бола елтіп тұрып қалып еді, кенет қанат тұстан әлденендей жануардың пысқырып қалғаны естілді. Бәрі жалт қарасты. Сәл тыныштықтан соң қаншық қасқыр сонда таман бой жасыра, жеп-жеңіл ыршып түсті. Жерге жапырыла, мысық жүрісіне салып, сүмең-сүмең жорғалады. Шұқырда тұрған шідерлі асау құнан екен. Бұларды байқасымен көзі аларып, осқырып кейін шапшыды. Қаншық атылып келіп жұтқыншаққа жабысты. Құнан ышқынып, шалқалап құлады. Аңдып тұрған қасқырлар жығылған атқа тіс тигізгенде, сырт қалған Тарзан айнала шауып, шошынып берді. Көз алдында ыстық дененің таңы жарылып, қарын буы бұрқырап аспанға шықты. Жас ет иісі қытықтап мұрынға жеткенде, ашығып тұрған Тарзан естен айрылды. Жетіп барып жұмсақ етке ауызды кеңінен басты. Тұмсығы жылы қанға көмілгенде ессіз елтіп, үстін-үстін қылғытады. Көп кешікпей құнанның сүйек қаңқасы қалды. Ауыл иттері әлгі тұншыққан дауыстан оянып, үн көтерген. Бірақ алыстан арпылдасқаны болмаса, арашаға келмеді. Соңғылы ел ішінде аңыз боп қалған «бес қасқырдың әлегі» атты лаң уақиға осылай басталды.

Қасқырларға қосылып кеткен бұл иттің өз тарихы бар еді. Тарзанның иесі Шәкір жүйрік итке әуес болатын. Қақпан құрып, қасқыр ұстайтын. Осы орайда аңшы жігіттің көңілінен шығар жөнді ит табылмай жүрді. Қасқыр аулауға иттің жүйрік болуы да, қара күшке мығым түс төбеттігі де аз. Қасқыр алар ит осы екі қасиеттің де шебері болуы шарт. Шәкір осы талғамынан шығар ит іздейтін.

Бір күні сол жігіт жапан кезіп көшіп-қонып жүретін геологтар экспедициясында түнеді. Қос маңындағы бір қалқада ала қаншықтың бауырында жатқан нәресте күшіктерге көзі түсті. Күшіктерді аударыстырып төңкеріп көріп алды. Көзін жаңадан ашқан арлан ақ күшік мұның көкейіне қона кетті. Көптен бері іздегені де осындай тұқымның баласы еді. Тапқанына қуанса да, аларына сенбей қорықты. Ит иесін тауып алып, жата кеп жабысты. Бірақ оның қорқынышы бекер екен. Ит иесі:

— Тіпті сол күшіктердің бәрін ала кетсең де бердім, — деп ат-тонын ала қашты. Себебі, бұлар көшпелі қауым, енді болмаса, жас күшіктерді жерге көміп, өлтіріп тастап кеткелі отыр екен. Өзіне ұнаған ақ күшікті қоржынының бір басына сала тұрып:

— Бұл мықтының аты не болады? — деп қалжыңын айтқанда, иесі:

— Тарзан! — деп күлген.

Шәкір бұл олжасына қатты қуанды. Ауылға келгесін де күшік Тарзанның өсуін бақылап, ерекше күтім жасады. Ауыл иттерінің лас - былықтарына араластырмады. Жастайынан көзін аңмен ашқызды. Ол ылғи да ауыл аңшыларына «менің осы күшігімнен түбінде осал ит шықпайды» деп сеніп айтатын.

Шәкірдің олай деуінде де негіз бар. Тарзан табиғатының ауыл иттерінен әлдеқайда бөлек өсіп келе жатқаны жастайынан-ақ аңғарылатын. Сыншы қолдар желке терісінен бүріп көкке көтергенде, күшік Тарзан басқа сыбайластарын сыр беріп қиқу салмайтын. Жасынан тыс асау қайсарлықпен ырылдап, балаң тісін көрсететін. Қарап тұрған жұрт сонда:

— Пах, шіркіннің аузына болайын, қорқытпақ болған! — деп күлкі етеді.

Тарзанға ұнамайтынның бірі осы оңбаған күлкілер. Ол өзін мазақтап күлгенге түсінеді. Одан сайын ашулана ырылдап, көкшіл күлкілерді жақтырмай, кішкене үйшігінің түкпіріне кіріп шоңқиып отырып аузын ыржитады. Ол өзін табалатуға әсте көнбек емес. Мұның осы бір осал мінезін біліп алған ауыл балаларына да қызық керек. Күні бойы бұның үйшігін ториды. Тарзан ондай еріккен топқа ермек болудан қашаң жүреді. Иесі болжағандай - ақ, Тарзан жақсы ит болып жетісті. Бір қызығы, Тарзан мінезімен де, тұр - әлпетімен де ауыл иттеріне ұқсамай шықты. Мал танимыз, көпті көргенбіз деушілердің сынына да түсіп көрді. Олардың бірқатары Тарзанның тік қайшы құлағына, бір тұтамдай құйрығына, көзінің өткірлігіне, шапшаң дене жинақтылығына қарап: «Бұл кәпірдің негізі қасқырдан болар», — деп долбар айтса, енді біреулері Тарзанның биік, серек аяқтарына, апай төс, арыстан кеудесіне, дорба аузына қарап, қазақы төбеттерге саятын. Ақыры, білгіштердің бәрі өзара ерегісе келіп:

— Осы бәтшағар қасқыр да емес, ит те емес, солардың ортасынан шыққан бұдан болмаса не қылсын, — деген бір түйінге келетін.

Өсіп белең алған сайын күшіктің мінез өзгешелігі даралана түсті. Тарзанның бір әдеті ешкімге іздеп соқтықпайды. Соқтыққандарға тиесілі жауабын да береді. Ит арасында болатын кейбір ұнамсыз қылықтарға да жаны қас. Бір күні кешқұрым мұның жанына келіп екі бала күшік ас ішіп жатты. А дегенде алдына жан салмайтын Бөрібасар әкіреңдеп, күшіктердің жанына жаман оймен жетіп келді. Ол өзінен әлсіздерге зікір сап күн көрсетпейтін. Күшіктерге қоқилана тісін бір ақситып қуып шықты да, асқа бас қойды. Тарзан жатқан орнынан зіл тастап, біраз ырылдап көріп еді, анау тапжылар болмады. Сосын тез-тез басып келіп, Бөрібасарды желкеден алып, аулақ лақтырып тастаған.

Тарзан ауыл иттерінде көрінгенге жарбақтап үре бермейтін. Иесінің өзі де мұның дауысын ілуде бір еститін.

Соның есесіне бұл ұзақ жортуылға құмар-ақ. Қиын аң індеріне ерінбей-жалықпай түсуге келгенде, иесін дән риза етеді. Аңға шығу — Тарзан үшін салтанат күні. Таңертең исінен бұрын тұрып, есік алдында күтіп тұрғаны. О күні Тарзан көзі от жайнайды. Дала төсінде еркін құлаш жатып түлеп шығады. Аңда олжалы болса, көңілді қайтады. Ауылға иесінен көп бұрын озып келіп, олжадан хабар жеткізгендей қуанышты аунап-қунайды. Ондайда үйдегілер:

— Е, Шәкір бүгін бірдеңе ілген екен ғой, — деп нақ болжап, Тарзанды дәмді аспен сыйлайтын. Ал аңнан қанжыға қанға боялмай қайтқан күндері Тарзан өйтпейді. Үйге асықпайды. О күні берген асты да жарытып ішпейді. Жер төсеніп, асқа көз қиығын самарқау тастап, үнсіз жата береді.

Ауылға бүгінгі жорықты Тарзан бастап келді. Жүрісі ширақ, аяқты сенімді тастайды. Бет алысында өткір өжеттік, алмас қайрат бар. Мойнына алған ісіне құлай берілген, сіркесі су көтермес ашушаң. Тірсегіне абайсыз тиіп кеткендерге сызданып қояды. Бұлар сол бетінде жалғыз шопан үйді қамады. Ауылға жақындай бере топ екі жарылды. Бөлтіріктер мен қаншық ық жаққа кетті де, Тарзан әдеттегідей жел өтіне шығып, ауыл итін өргізді. Салпаң құйрықтардың тайлы-таяғы қалмай, көтеріліс жасады. Жаппай шабуылға шықты. Тарзан тұрған шұңқырға андыздап жеткені сол еді, қарсы алдында көлденең тартып майдан тілеп тұрған шаңқан ақ итті көріп кілт тоқтасқан да, тәкаппар тік құйрықтары сынып, бұттарына түсті. Әлгінде айбатты арсылдасқан, қырып тастардай ереуілдеткендері құлаған құйрықтарымен бірге жым болды. Енді қанша жын шақырса да, дауыстары жалынышты, дәрменсіздіктен аспады. Тарзан сырт бұрылғалы қозғала түскені сол еді. Төбе басында шәуілдесіп тұрған су жүректер тобының бірқатарының арт жақтары қолайсыз бір сес берді де, жалт бұрылып, табандарын жалтыратты. Алайда мына жалғыз бас бұзардың бұларда ісі болмай, жөн көрсеткенін байқаған иттер шаңқ-шұңқ, арс - ұрс ете оралып, Тарзанның ізіне түсті. Тарзанға керегі де сол еді. Осы сәтті пайдаланып, еңбектеп қораға жақын келген қасқырлар ытқып секірісіп малға араласты. Осыдан кейін Тарзан тобының малшылар арасында атағы шыға бастады. Ауыл итін алдап малға шабатын бір топ қасқырдың елді аралап жүргені сөз болды. Бұндай әрекет бұрын-соңды бұл өңірдің қасқырларында болып көрмеп еді, мынау бір шет жерден ауып келген қырсық індет болды - дағы десті жұрт.

Сүйікті итінің жер жұтқандай жоғалуы Шәкірді көп қинайтын. Бұрыннан да: «Осы итімді бір күні біреу машинаға салып, ұрлап кетпесе жарар еді» деп күдіктенетін. Тура ойлағаны келді. Солай деп сөз таратып айтып жүрді. Жалпы аңшыға тән мақтаныштықпен «ұрлануының өзінде Тарзанның тегін еместігі жатыр ғой» дегенді астарлатып сездіріп қояды. Тарзанның жоғалуы аңшыға қатты батты. Жүйрік иттің жоқтығынан қуар аңға шыға алмады. Бір рет қақпанға түскен есектей көкжалдан көз көрге айрылып, қатты өкінді. Осындай кездерінде Тарзан табыла кете ме деп те үміттенді. Ұрлаған адам, кім де болса, шынжырлап ұстаған біреу болды. Босанса, Тарзан мұны іздеп табатын сияқты.

Сықырлаған суық айлы түн. Қар жамылған жүдеу дөңдер бүк түсіпті. Төңірек демін ішіне тартып тынып қалған. Ербиген бұта, елсіз мекен зіл тыныштық астында қыбыр етуге қорқып жатыр. Зәредей қозғалыс нышаны білінбейді. Биікте жапа-жалғыз бозарып өлеусіреген ай ғана бір қырын баяу жылжиды. Суық жапанға мұң сәулесін енжар себеді.

Оқиға желісі мен шешім

Қарлы төбенің басына төрт-бес қарайғандар өрмелеп барады. Қарайғандар биікке шығып тоқтасып, бірқатары кішкене тік қара сызықшаға айналды. Енді бірде сол тұстан «у-у-у-у» деп басталған доғал дауыс үн көтерді. Оған қасындағылары іле қосылды. Иесіз жапанды жабайы дауыстар кернеді. Бұл қауым екі күннен бері ұзақ жортуылмен келеді. Сарытау құм малшыларын бір жетідей дүрліктіріп тынышын алған болатын. Енді өріс өзгертіп, арада біршама уақыт өткесін қайта соқпақ. Бір елді көп төңіректей берсе, айлалы жауға тәсіл алдыруы мүмкін. Бүгінгі бет алысы — батыс тұсындағы малды қыстаулар. Мал шиырына енді аяқ ілінді.

Тарзан бұл кезде алғаш рет орасан зорайып, бұзық семірді. Мойны томар, салбырап бұғағы түсті. Көзі қызарып, қан төгуге өлердей құнығып алды. Анда-санда ауыл жаққа жағалап кетуін доғарды. Бір кездегі сүйікті иесі Шәкір де енді түсіне кірмейтін болды. Күздегідей жалғыз жатып қайғы ойламайды. Оның үстіне, Тарзан жаңа мінез ашты. Керемет ойынпаз боп шықты. Айлы түндерде қар боратып, қаншықты ойынға тартып кеп қажайды. Қаншық артық жағаласпай, жиі жата беруші еді. Ондайда Тарзанды қайтарып тастайтын әдеті бар. Ал бөлтіріктер ойынға құмар-ақ. Олардың тек арланы ғана Тарзанмен әлі де көп мәміле жақындыққа бармайды. Ойынға араласпайды.

Қасқырлар бұталы үлкен аңғарға түсті. Жусан арасында күндіз жайылған қой іздері сайрап жатыр. Тарзан бастаған топ сай түбіне жапырыла қалысты. Әлдеқайдан гүсір етіп аяқ дыбысы естілетін еді. Кенет сай кемеріне бір топ киік шауып келіп, ербиіп - ербиіп тізіле қалысты. Төменнен аңдыған қасқырларға түн болса да тұлғалары ап-айқын кескінделіп көрінеді. Тарзан ет беттеп жатқан орнынан секіріп ұмтылды. Аңырып тұрған киіктер жалт бұрылып, өкше көтерісті. Таңдары жарқылдап, тырағайлап барады. Қасқырлар асыр - гүсір ілесе жөнелді. Киік тобына бұрын жетіп араласқан Тарзан бір лақты бөліп алып қуды. Ұзын сирақ кішкентай лақ жеңіл допша ыршып зымғайды. Алғашқыда енесі тарапқа қия қашпақ болып еді, ізіне түскен азулы жаудың аяқ тас -тасынан шошынып, айдалаға беталды безді. Тарзан екі күн ашыққанда шын жүгіру бабында екен. Лақтан қалмады. Іркес-тіркес ұзақ-ұзақ шабуыл бұларды бір еңіске алып келді. Тарзан төмен қарай құлдилап ентелеп, лаққа едәуір жақындай бере «арс» етіп еді, үргедек лақ өз-өзінен мұрттай ұшып құлады. Өкпесін соғып, дір-дір етіп жатқан киіктің баласын Тарзан аяғымен басып ұстап, өзі дем алып жатыр. Осы сәт алыс түн түкпірінен қаншықтың сүрең сарыны естілді. Жайбарақат емес, тез жетуге шақырған дабыл дабыс. Тарзан құлағы сезіп, шапшаң жүгіріп кетуге ыңғайланып, көзі жалт-жұлт етіп, қорқа бұғып жатқан лаққа бұрылды. Азуды тамаққа салып жіберіп, тыпырлатып екі сілікті. Өлікті шұңқырға сүйреп тастап, жүгіре жөнелді.

Тарзан лақты қуып бөлінген жерде - ақ қасқырлар көп киікті өкшелеп қыр асқан. Көз алдарында он секірсе жететін жұп-жұмсақ ыстық еттер қашады. Езулерден сілекей шұбырып, төрт қасқыр жер тістеп, өл - тіріл ұмтылысады. Қашқын топтан бір теке болдырғандай кейіндей берді. Өзгелерін оздырып жіберіп, жалғыз арта қалды. Қасқырлардың жолы болып, текенің ізіне тусті. Теке жалт беріп қапталға ойысты. Ара аша алмай шабан жүгірген денені жемек төрт қасқыр жосылып келеді. Бір-екі бел асқаннан кейін кенет теке шабыс өзгертті. Тұмсықты аспанға сайқалдана тігіп алды да, үлкен-үлкен төрт-бес секіріс жасап, зымырап көзден ғайып болды. Қасқырлар әуліккен көңілдерін әрең басып, бір-біріне қарасып, алданғандарын білген. Сенделіп беталды жортып кеткен. Бұлар бір жазыққа шыға бере, күтпеген жерден қарайған шоғырды көрді. Ай сәулесі түсіп тұрған қарлы жазықтың ортасында бір топ қой жатыр еді. Қасқырлар сақтық жасап, ыққа айналып кетті.

Кешкі ала көлеңкеде өрісте бөлініп қалған қойлар ұзақ жайылыстан кейін ұйлығысып ұйықтап жатқан.

Ықты орап, иіс алған қасқырлар малдың шын иесіз екенін сезді.

Бір-біріне тығылысып, қаннен-қаперсіз жып-жылы ұйықтап жатқан қойлар дәл қастарынан қасқыр ұлығанда өре түрегелді. Момын жануарлар қиын жағдайларын бірден ұққандай, қамқоршысын іздеп, тез жалтақтасады. Адамсыз, қорғансыз екендерін енді байқағандай... Топырласа береді.

Домаланып ұмтылған қара тажалдай төрт қасқыр ағызып келіп араласып кетті. Берекесі қашқан топ өрт тигендей бөрлігіп үріккен сайын, алаңда үш-төрт қойдың қарны жалтырап төңкеріліп түседі. Қасқырлар «ырс-ырс» жүгіріп, үнсіз қырып жүр. Алаңнан шығармай, қайтарып қуып тығады. Бірталай қан шылқу болып еді. Бір кезде қойлар шу ете түсті. Қасқырлар сескеніп қалды. Қойлардың көзі шағылдан жарқ етіп жүгіре шыққан ақ итті шалып қалған еді. Қазір шулап маңырап, соған қарсы түгел жүгіріп барады. Маңыраған дауыстары даланы басына көтереді...

Қарсы нөпір шулап келе жатқан тобырды көріп, Тарзан таңырқап тұрып қалған. Бірақ қойлар жақындағанда көзі қанталап, қарсы секіріп, бір тоқтыны алып түсті.

Осы кез қасқырлар да жетті. Қойлар шулап әлі де қорған күтіп, Тарзанға тығылады. Тарзан ызаланып сілкіген сайын бір қойдың үні өшеді. Долданып бұлқынған сайын төңірегі өлікке толып барады.

Шопандар қауымы малды жалғыз бағудан қалған еді. Күндіздің күні жарау аттар мініп, екі білдей жігіт отарды қос қанат торитын болды. Қойды ежелгі жалғыз бағамыз деп, өйтпесе, бала-шағаға сеніп тапсырып, талайын қасқырға тарттырды. Түн болса, шопан біткен қыпылдап, мазасызданып, қой «дүр» үріксе, үйден жүгіре шығып, «айт», «шайт» деп дауыстап, жиі-жиі түнді дүрліктіре мылтық атып сақтануда. Ұзақ күн бойы, көз байланған шақта шопанның бірден-бір тірегі болса, ол — иттер. Ал биыл солардың өзін «Құдай атып» жүр. Иттер ауыл маңына жат мақұлық қадам басқанын елден бұрын аңғарып, «атойлап» қыр асып кеткенмен, көп ұзамай сестеріне су құйылып, құйрықтарын бұлғап қайтып келетін де, соң қайта дүрлікпейтін. Ал таңертең мал санаған кезде бірер бас мал құрдым қылғығандай зым-зия болар еді де, шопан күйіп-пісіп, иттердің соңынан ысқыртып қайқы таяқты жіберетін. Ондайда ит пақырлар түкке түсінбей қашығырақ қашып, иелеріне қабағы салына мөлиіп қарап қыңсылап жатып алатын.

Соңғы кезде шопандар: «Бес қасқырдың ізін көрдік, ішінде қасқырды ұқсамайтын бір із бар. Иттікі дейін десең, жап-жалпақ бір пәле», — деп бұрынғы гу – де - гу қасқырлар жайлы «ертегінің» отына май құя түсті.

Сезгіш тұмсықтар бір жағымды иісті ұстаған. Қазір со л долбармен желдеп жортқан жайлары бар. Топ алдында Тарзан келеді. Қабыршақ қар аяқ астында бір қалыппен ырғақ күртілдеді. Сүмең қағып, иірім - иірім сайлармен, жасырын жыралармен, қалтарысты қалыңдармен ұзақ жортты. Ұрын тасалардан ашық жазықтыққа жол алғанда аңдап ақырын бас көтеріп, алдарын күнілгері көзбен шолады. Сосын барып жазықтыққа шығады. Ілкі кезде тағылық өмірдің мұндай айла-тәсіліне түсінбей қалып, Тарзанның талай таяқ жегені бар. Сағатқа созылған жортуыл бұларды екі ауылдың аралығына алып келді. Қуатсыз күн шуағын сараң шашып, алыс бұйрат басына жантайған кешкі мезгіл. Қос қанаттағы ауыл түтіндері тік шаншылып, көкті кеулей шарықтап марғау күтуде. Сай-сала, жыра -қолтықтарға кешкілік көлеңкелер жайлап қонақтапты. Қалың киінген жас әйел екі ауылдың орта жолына келіп қалған. Ол батып бара жатқан күнге сығырая қарап қойып, әлдебір әнді баяу ыңылдап, кейде үнсіз жымиып, өз жан дүниесінің ішкі иірімдеріне рақаттана малтып жайбарақат келеді. Тарзан сайды қырлап жортып отырған. Оны көзі шалып қалған әйел:

— Майлы аяқ. Майлы аяқ! Кә-кә! — деп, әлдеқалай өз итіне балай шақыра бастаған. Және ойына бір зат түсіп кеткендей: — Ой, антұрған, қарашы мұны, қойдан ерте қайтып жүргенін... Жалқау неме! — деп сөйленіп, артынша: — Кел, күшігім, кел - кел! — деп еркелете шақырды.

Тарзан сәл іркіліп, қарай берген. Әйел сол әндеткен күйі оған жақындап келеді. Осы кез Тарзанның ізін ала құлақтары селтиісіп өзге қасқырлар да сайдан сомпаң - сомпаң етіп ытқып шығысты. Әлі байқамаған әйел «Майлы аяқ!» деп басын көтере бергенде, қасқырларға көзі түсіп кетті де, «қа-ас-қы-қыр!» деп шыңғырып жіберіп, шалқасынан түсті. Ащы дауыстан ауыл иттері шу көтеріп, жақыннан адамның сұсты айқайы шықты. Тарзан бастаған топ ауыз кере әйелге андап құлаш қойысып еді. Таянып келген айқай-шу, адам дабылы беттерін серпілтті.

Ауыл иттері бозала таңға шейін ұйықтамады. Жерге жарық түсе қасқырлар қауымы ұлып-ұлып, ауылдан ұзап кетті. Анда-санда ауыздарын кере будақ-будақ бу шығарып, қыңсылай есінеп қояды. Бұлар құм шағылдың күнгей бетіне келіп, жүрісті доғарды. Әрқайсысы бір бұтаның қар түспеген ық жақ қара топырағына жамбастарын төседі. Сол жатқаннан түс қайтқанша жатты. Түс қайта теріскейден ызғырық жаяу жел тұрды да, қиыршық қарды үрлеп үйіріп, Тарзанның қойын-қолтығына сеуіп кетті. Тарзан оянып, басын көтерді. Суықтан түршігіп түрегелді де, дүр-дүр сілкінді. Өзгелері де ұйқылары қанса керек, өре түрегеліп, ауыздарын кере есінеп, дүр-дүр сілкіністі. Езулерін алақ-жұлақ жаласты. Жаңа бір тың күшке енгендей, Тарзанның ізін ала қутың-қутың жортып, қалтарыстан шыға берді. Сәл алда келе жатқан Тарзан қырқаға көтеріле кілт тоқтап, кенет жерге жапырыла қалды. Өзгелері де соны қайталады. Тарзан кеудесін ақырын көтеріп, алға тағы да құлақ тікті. Ол осы тұсты бетке алып байпаң басып, қаннен-қаперсіз жайылып келе жатқан бір түйені көріп еді.

Түйе маң-маң басып, бұта бастарын жайбарақат «гүр - гүр» шалып, тура осылай келеді. Түйеге мөлие қарасқан қасқырларға Тарзан ұзақ ырылдады. Ырылы неғұрлым кәрлі сыз тастаған сайын, артқы топ соғұрлым жуасып жасып, жапырыла түсті. Барлық төс жерге тиген замат Тарзан жалт бұрылып сайға түсті де, жалғыз өзі бүкең-бүкең қағып шауып кетті.

Түйе табиғатына біткен дарқан пандықпен талтайып тұрып күдіре жусан бүрлерін орып асап, төңірекке самарқау назар салады. Бұл Шәкірдің сауынға ұстап отырған жалғыз аруанасы еді. Жарты жабудай ерні салбырап, қабағы түсіп, байсалды қарайды. Ауыр алған тыныстан танауы сәл шуылдайды. Ол қарсы беттегі жырадан бір атпал ақ ит шыға келгенде де, сонсын әлгі ит тура беттеп, құйрығын мәймөңкелей бұлғақтатып жақындай бергенде де, жәй ғана ойсыз назар салғаны болмаса, шіміріккен жоқ. Бұл ақ итті ол күшік күнінен біледі. Сондықтан жатсынып сескенген жоқ.

Ал ақ ит, неге екені белгісіз, өзінен өзі бүлініп, жалынышты қыңсылап жылап, рабайсыз жарамсақтанып, мүсәпір көздерін мұның көздерінен алмай, жер бауырлап жылжып, құйрығы бұлғалақтап жақындай берді. Қимылдап қисалаңдап қасына келіп жата қалып, еркелеп аяғын жоғары көтеріп, жалбарына наз еткен шала бүлінді. Түйе енді ғана ептеп көңілін бөліп, аузындағы жартылай шайнаған шөбімен маңқиып, алдына келіп еркелеп жатқан ақпейіл итке шарасында мейірімі мол, жасаураған парасатты үлкен мөлдір көздерімен еміреніп елжірей қарады. Мойнын түсіріп, ыңырсып тұрып иіскей бастады.

Тарзан түйе тұмсығы қолайына келе бергенде, жұмсақ шеміршекті дәлдеп тұрып шап етіп албастыдай қадалды. Түйе оқыс үркіп, бақырып тулай берді. Бірақ басын көтере алмады. Бар салмағын сала тістей қатқан Тарзанды шыр көбелек айналып шырқырап шарқ ұрды.

Осы кез қыр астындағы топ қасқырлар да жер-жерден аңдасып жарыса шапты. Түйе одан сайын мына жауға матап берген итті шыр айналып шарқ ұрды. Қасқырлар жолы болып, жосылтып жарыса көсілтіп келеді. Құйындай домаланып, ауыздарын арандай ашып ұмтылады. Аяқ астында ұлпа қар үгітіліп борап, желдей есіледі. Ысқырта ағындатып бұрын жеткен қаншық сол бетімен аузын кере ашып, секіріп келіп түйенің бауыздауына тұмсығын сүйкей бір бұлқып өткендей болды. Түйе жан ұшырып, ышқынып, аспанға атқыды. Тарзан жерде қалды. Бірақ түйе бауыздауын қаншық аузы орып жіберген екен. Тамағынан ашық қызыл қан шапши секірді. Түйе босана салысымен, ауылды бетке ала жан ұшыра желді. Аппақ қарды тіліп қызыл қан кетті шұбалып. Түйе арбаңдап, еңселеп, ебедейсіз ұзын аяқтары серең қағып, боздап жан ұшырып келеді. Бірақ аңқау жануардың дауысы жетер төңіректе қара жоқ еді. Қуғын аяқ астында домаланып көлеңкесінде қалар емес. Түйе көп ұзап қаша алмады. Көп кеткен қаннан әлсіреп, тәлтіректеп барып сүрініп кетті де, омырыла құлады. Қайта ұмтылғанымен, тура алмады. Бұл кез азулы алмас тістер үстіне шығып алып, өркешіне кірш-кірш қадалып үлгірді. Көп ұзамай үй орнында алаңның қары былбыраған қанмен боялды.

Сауынға деп ұстап отырған жалғыз түйені қасқырдың жеуі Шәкір ошағына салмақтылау соққы болды. Таңертең өріске жіберілген аруана кіші бесінде оралып, қазықтағы жас ботасын емізсе керек-ті. Бірақ аруана мезгілінде оралмады. Мезгілінде сүт ембеген үрпек бас бота боздады. Шәкірдің келіншегі дамыл таппай қораға шығып, аруананың жолына қарады. Аруана көп кешікті. Ақкенже сезік ала бастады. «Біреудің тұсаулы жылқысын, біреудің бұзаулы сиырын, біреудің және бір малын қасқыр жепті, не өлтіріпті» деген суық хабар күнде дүңк-дүңк етеді. Сондай ит-құсқа кезікті ме деген ой келгенде, денесіне суық жел тигендей тітіркенді. Сүтке қараған екі айлық баласы мен мына жас ботаның халы не болмақ! Әсіресе баласын айтсайшы! Я, Құдай, аруана аман келген де! Аруана тек ақ ботаның енесі емес, бесіктегі нәрестенің де емшек анасы екеніне Ақкенженің көзі енді жеткендей.

Аруана бүгін қайтпады. Ботасы ұзақ түн боздап, ұйқы бермеді. Шәкір мен келіншегі түйені «бір пәлеге ұшырады» деп жорып, ұйықтап жарытпады. Елең-алаңда тұрып, қазыққа қарасты. Түйе келмепті.

Енді бота зарына бесіктегі ашыққан бала шырылы қосылып еді. Ана емшегінен айрылған қос нәресте қосылып шырылдады. Ақкенже жанын шүберекке түйіп, не істерін білмей жүр. Шәкір бүгін малды өріске шығармай, көрші шопандарға сүт іздеп кетті. Түс қайта түйесін іздеп жүріп, сексеуілді қорықтағы өлігінің үстінен шықты. Желінген түйенің айналасы ойран-асыр. Қасқырлар жас етті түнімен тойлаған тәрізді. Төңіректі шар қылып ойран салыпты. Таңертең жауған қар іздері сәл көмескіленген. Қасқырдың бесеу екені байқалды. Іздер елсізге қарай шұбырып тартыпты. Суытпай тұрып қуар ма еді деген ой келді оған. Желінген малы үшін, ауылда зар қақсап қалған нәрестелердің көз жасы үшін мына бес ата жауының соңынан жетіп, желкесін қиғысы келді. Бірақ бір нәрсесі жетпейтін сияқты. Есіне Тарзаны түсті. Тарзансыз қасқыр қуып көңіл жарыта алмайтынын ойлағанда, намыскер аңшы шарасыздан булығып қатты аласұрды.

Аруананы қасқыр жегенін естігенде, Ақкенже жауыз қорқауларды күйініп қарғай берді. Екі күн ұдайы нәр ембеген бота шырылы мен уыз сүттен қағылған бала безілдеп оның да жүрегіне түскен еді. Мына сұмдықты есіткенде, қиналғаннан сенделіп кетті. Қасқыр біткенді нәрестенің көз жасы жібермеген деп сіледі. Туғанына жеті болмаған ақ ботасын Ақкенже елжірей жақсы көруші еді.

— «Аңшымыз, аңшымыз» дейсіңдер! Не көрдік осы сіздердің күпсіп мақтандарыңыздан! Адыра қалсын бүйткен аңшылық! Дастарқанымыздан басқа бүлдірмеген несі қалды қасқырдың!» — деп Ақкенже кешкі шай үстінде күйеуіне тиісті.

Шәкір үндей алмады. Жерге қарай берді. Іштей бір шешімге келіп, ертесіне өлген түйе жанына қақпан құрды. Қақпанын күнде келіп тексеріп кетеді. Әлі еш зат келер емес. Арада бес күн өткенде, аштан бұрлығып бота өлді. Әлі сүттен шықпаған нәзік жануар не шөп, не жем жемей өліп тынды. Ақкенже баласын құшақтап көрші ауылдардағы әйелдерден емізіп қайтып жүрді. Сөйтіп, Шәкірдің от басы ойламаған жерден осындай әлекке кезіккен еді.

Бүгін таң алды кеуде көтерген жаяу борасын бірте-бірте үдей түсті де, сәске түсе қиыршық қарлы ақ түтекке айналды. Ауа сұсын жақсыға жорымаған шопандар отарды өріске айдамады. Сыртқа жан серіппей, ең азы ауыл маңында жайылып жүретін бірен-саран сиыр малдарға дейін жиналып, қораға қамалды. Борасынды суық дала қаңырап бос қалды. Аслан мен жердің арасын ақ бозамық дауыл кептеді. Қарлы құйын жүгіріп, бақсы ойнағын бастады. Ышқына ұйытқыған жүрдек жел табанында жоны бір ашылып, бір жабылып жатқан дөңкиме дөңдер толқынында батып - шығып сынаптай сырғып, тоқтау таппай бір шоғыр суыт келеді.

Бұл өңірдің талай сай - жыра, ауыл маңы қымқырма қалтарыстары, бұрын өздері түсіп, сан сапар олжалы шыққан алып-қашпа белгілі ұрымтал орындарының бәрін түгел аралап арылтты. Дауыл екілене түсті. Көздер жап-жасыл. Аяқтар лып-лып етіп, жүрген сайын құныға сілтейді.

Шопан үйлерінің селкеу шыққан мал қарасы тұрмақ, өздері де көрінбейді. Шопандар әдетте қораны күнілгері қамдап, қазан шұңқыр ықтырмаларға салады. Бір-екі шопан қорасын кеңінен орағытып көріп еді, сезіп қалған шәуілдіктер шу көтеріп, қыр асырып шығарып салды. Бірақ үйден онша ұзап шықпайды. Ымырт ерте үйірілді. Себездеп қиыршық қар түсе бастады. Дүние - түс ақ әлем болып жабындап, ең азы көз тартар қара-құрасын да көпсінгендей зым-зия сипап жоқ қылды. Ашқарақ көздер төңіректі айқыш-ұйқыш сүзеді. Жортуылшыларды қарын қайғысы меңдетіп, төрт аяққа байыз таптырмады.

Бұлар түні бойы төңіректегі отар біткеннің итін шулатумен болды. Қыстақтардың ығын жанап өтерде тұмсықтарын жел өтіне тосып, ұйлығысып тұрады. Қойдың күлімсі қоныс иісіне естері кете елтіп, тұшырқанып, езу сілекейлері шұбырады.

Таңға жақын боран сап болды. Енді көп ұзамай жерге жарық түседі. Бөрілер сөлпек -сөлпек жортып, бір мақсатпен ауылды тастап, солтүстікке қарай бет алды. Арттарына жалтақ-жалтақ қараумен шеттеп барады. Үркер шырқау төбеге таянып, шығыс үстінде жарқырап таң шолпаны туыпты. Қаракөк қаңылтыр аспанда сирек жұлдыздар тоңып бүрсең қағады. Ауыл иттерінің сесі де таңғы ұйқыға тұншығып, су сепкендей басылған. Тіркесіп жортқан шоғыр ауылдан едәуір ұзап, шалғай шықты. Тұмсықты елсіз адырларға бұрды. Қой шиырынан шығып, қалың сүйекті бітік біткен сексеуілді сайға келіп кірді. Сексеуіл арасы жылы ықтасын екен.

Табан астында ұра келіп қашар қоян - моян кезігер ме дескендей құлақтарын ойнатып, сергек келеді. Қалыңға біршама бойлап енгеннен кейін, андыздап алға ұмтылысты, Жарысып отырып қарсы беттегі бұталыққа кірді. Бұталықтың ортасындағы үй орнында алаңшада жартылай қар басқан, баяғы желінген түйе өлімтігі жатыр. Бұл уақ Тарзан сәл артта келе жатыр еді. Қасқырлар өлексеге жақындай беріп, тайып кетті. Осы кез Тарзан екпіндеткен күйде ортадағы өлексеге ауыз жұмсады. Кенет сарт етіп аяғына тажал темірі жабысты. Жерге тиіп шоршыған допша ыршыды. Алып денесі тіктеліп барып, бір ауық көкке асылғандай болды. Анталап тұрған ашқарақ ауыздар ортадағы өлексеге майдан берді. Жымысқы жатып, жаман ұстайтын осынау тілсіз жауды көтеріп Тарзан кетті. Қақпанның шынжыры шалдырлап жүр. Тарзан қақпанның қанды ауызына қарш-қарш тіс ұрды. Түк көмек болмады. Бұтадан бұтаға ұрынды. Бұл кез өлермен ауыздар түйе қаңқасының соңғы мүшесін бөлісе алмай, жанталасып жатқан.

Қаншық бойына ыстық жүргенін көрсетіп, өзгелер сияқты салқын қарға аунап-аунап алды. Көзі жас арланға түсті. Арлан өлімтіктің орнын екі-үш айнала иіскеп шықты да, Тарзанға тақап барды. Бұл кез Тарзан қақпан түскен аяғын жерден көтеріп, сәл тынышталып тұр еді. Бұзық оймен шапшаң басып жанына келген арланды тікірейіп ырылдап қарсы алды. Иін тіресе қалысты. Биік дөңнің ар жағына жасырынғалы тұрған ай астында екеуінің сұлбасы зорайып қарауытып барады. Бір салымға дейін ырылдасып - гүрілдеп арбасып бақты. Өзгелері істің соңын күтіп, қарға бауыр төсеп, сұлап - сұлап жатып алды. Шынжыр шылдыр етті. Шаппа-шап басталды. Астында қар бұрқырады. Жалт-жұлт қимыл, шұғыл шайқас үдей түсті. Қар бауырлап жатқандар өре түрегеліп келіп, айқасқа жақыннан назар салысты. Жас арлан мен Тарзан жерде ұмар-жұмар дөңгеленеді. Екеуі қапталдағы ойға домалап барып төмен түсе тіктесіп кетті. Шапшып екі қапталға бұлқып, қарсыласының тісін тәніне жуытпай, қашан өз оңтайы келгенше қорғана ұрыс салу Тарзанның көп қолданар тәсілі еді. Мұны оған ауыл иттерінің сандаған шайқасы сыйлаған болатын. Бірақ қатты қимылға қақпан жібермеді. Шығыс құлан иектеп, түн етегі түріліп келеді. Төбеде бірен-саран сирек жұлдыздар тоңып қалтырайды. Қызара батып ай барады. Ырс - ырс айқас алақандай алаңда әлі жүріп жатыр. Қақпан шылдырлап, тыныштықтың шырқын бұзды. Ауыздардан бұрқ-бұрқ бу шығады. Оларды қоршап, жаназасын оқығалы жиналған мүриттердей шоқиып - шоқиып қасқырлар отыр. Үрпек бұталар едірейіп үркіп қарайды. Кішкене алаң аткөпір. Қар астының топырағы ма әлде аққан қан ба, ала-құла. Қазір шабуыл ықпалы Тарзанға тиіпті. Ұзаққа созылған шайқас оған күш қосқандай үдеп келеді.

Тарзан соңғы рет қарсыласын құлақ шекеден алып батыра сілкігенде, анау бүктеліп келіп астына түсті. Күйреп түскен жауын ес жидырмай, алқымына ауыз салды. Арлан қармаққа түскен шортандай шоршыды. Албастыдай басып қатып қалған Тарзан мыжғылай берді. Жас жауын кешікпей қайтпас сапарға аттандыруға таяп қалған еді, бірақ үлгіртпеді. Бір күш мұны шаптан сілкіп өтті. Алқымды босатпай жатқан күйде көз тастады. Бұл келген қаншық қасқыр екен.

Тарзан тумысынан бастан кешірмеген сұрапыл ашу шақырды. Арланды босатып жіберіп, қаншыққа ұмтыламын дегенде, бөкседен соққан тың күштен ұшып түсуге аз-ақ қалды. Жалт бұрылды. Топ қасқырдың қоршауында жалғыз қалған екен.

Шәкір таңғы ала көлеңкеде тұрып, мылтығын алып, қорықтағы қақпанына бет алған. Соңынан Бөрібасар ере шықты. Біраз жүріп қақпан құрған қазан шұңқырдың үстінен келді де, кілт кідірді. Табандағы алаңда әлдене қарауытқандар опыр-топыр үймелесіп жатыр. Шәкір мылтығының шүріппесін қайыра бергені сол-ақ екен, әлгі қыбырласқан шоғыр шашырап кетті де, әрқайсысы бір-бір қара боп бытырай қашты. Бір үлкендеуін дәлдеп, қосауыз мылтық ышқына лоқсыды. Жарыла жаңғырыққан мылтық дауысы таңғы ауаны шайқап жіберді. Бытырап қашқан қасқырлар алғашқы шабыстарынан таймай көсіліп, құба белге тырмысып ұзап кетті, аман кетті. Шәкір олардың соңынан қарап тұр еді. Осы сәт сайдан Бөрібасардың баж-бұж ете өрекпіген үні шықты. Шұңқырда теңкиіп жатқан бірдеменің үстінен абайсыз келіп қалып, Бөрібасар бажылдап жіберіп еді. Алғашында бебеу қағып қаша түсті. Бейтаныс нәрсе тұра салып қумаған соң, белгісіз батылдық еніп, Бөрібасар қайта шапқан. Қазір жақындап келіп шаптыға шаңқ-шаңқ етеді. Бұл жатқан шала-жансар дене Тарзан еді.

Шәкір келген шамада қасқырлар Тарзанның қарнын жарып, енді жеуге айналған. Қасқыр быт-шыт боп қашқанда, кеудесінде сәл-ақ жаны бар күйде қалған.

Бөрібасар қимылсыз денеге шаңқылдап үріп, қатты айбат қылады. Жер бауырлай шабалаңдап, мұрын кіржитіп, тіс сақылдатып, төніп - төніп қояды. Бұл оның сырт дөң айбаты. Әйтпесе, зәресі қалмай қорқып тұр. Шәкір жақындай беріп кідіргенде, Бөрібасар «арс» беріп Тарзанды желкеден ала кетіп, жауын жаңа түсіргендей ырылдап - гүрілдеп сүйрей бастады.

— Бөрібасар, жат былай! — Шәкір алдында бүк түсіп жатқан итті танымай емес, таңырқай тоқтады. Оның алдында есік пен төрдей жерде бір кезде жоғалып кеткен Тарзаны жатыр еді.

Шәкір үңіліп қарап қапты. Тарзан әрең қимылдайды. Денесінің сау-тамтығы жоқ. Дал-дұл жыртылған. Бас терісі сиырылып, көзінің үстін түгел қан жауыпты.

Ит қасына адам келгенін енді байқағандай. Қабағына қан қатып, добалдай болған басын көтеріп, бір ауық мойнын бұрып, назар тоқтатты. Тіксіне суық қарап сәл тұрды да, кенет Шәкірді танығандай болды. Қипықтап құйрығын бұлғақтатты. Шарасыздан сыңсып үн шығарды.

Күш жинап қозғалуға әрекет жасады. Шәкір қимылсыз тұр еді. Тарзан бар қуатын жұмсап, бұған жетуге ұмтылған сияқты. Кеудесін болмашы көтергенімен, қирап жаны кеткен бөксесін жерден ала алмайды.. Жер тістеп ышқына ұмтылған сайын, дем алысындағы ауыр қырылы жиілеп барады. Былбырап аққан жылы қаны ізіне ұйып жатыр. Иесіне қарай соңғы рет ұмтылды. Қарға қапталдап құлап түсті. Аяғымен қар боратты. Ұзақ шырпыны аласұрды. Езуінен қар бетіне қап-қара қан жортты. Көз нұры кем - кем әлсіреп, сөніп, жасыл тартты. Манадан бері жиырылып, созылып жатқан аяғы дір-дір етті де, ақыры мәңгі тыныштық тапты.

Шәкір сіресіп ұзақ тұрып қалған орнынан ауыр қозғалды. Терең күрсінді. Әлденеге қатты түйілген күйде ләм - мимсіз қақпанын жинады да, ауылға беттеді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙