ТАМЫЗ
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Есенғали Раушанов — «ТАМЫЗ» (Көркем әңгіме). Есенғали РАУШАНОВ
Ол қиялшыл бала болатын. Жаздың ми қайнатар ыстығында өзге балалар салқын үйге кіріп алып, күн төбеден ауғанша ұйықтап жатса, ол көл жағасындағы нән қараталдың басына өрмелеп шығып, алыстарға қарауды ұнататын еді. Көз ұшында бұлдыраған сағым, сағымның алақанында дірілдеген Қаратаудың ұзын-шұбақ жоталары, ортада ұшы-қиыры жоқ оман дария… «Дариядан өтсем бәрі де өзгеріп сала берер ме еді» деп ойлайтын бала. «Бәрібір мен бұл ауылда қалмаймын» дейтін тағы өзіне-өзі ант беріп.
Күн болса жанып тұр. Тай-құлын, бота-тайлақ көлеңке іздеп сенделіп кеткен. Қой-ешкі көне тамның көлеңкесіне тығылыпты. Маңай құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қырқа-адырлар шөбі сарғайып, күңсіп тұр. Әжесі кеше «Сарша тамыз келіпті-ау» деп отыр еді. «Сарша» дегенді, әсте, сарғайған далаға қарап айтқан болды ғой.
Көл жағасына жеңіл машиналар кеп тоқтады. Шамасы қаланың қазақтары болса керек, орысша сөйлесіп, дабырласып жүріп шатыр тікті, мосыға шәугім асып, от жақты. Бұл жартылай жалаңаш аға-апаларға қарап күлкісі келді. Қимылдары ебедейсіз, иіліп-бүгілуі қиын. Төңірек қу тезектен аяқ алып жүргісіз, ал мына кісілер болса жыңғылдың жас бұтағын сындыра алмай әлек. Жыңғыл оңай сына ма екен, неге шөпшек термейді?! Күліп жіберді. Өзі құралыптас қызы бар екен, төбесіне үйіп алған ақбантигі желбіреп шапқылап жүрген, кенет қалт тұра қалып бұған қарап әлденелерді айтты. Түсінбеді. Түсінбегені қыз орысша сөйлейді. Шамада «неменеге күлесің?» деп ренжіп тұр. Неткен әдемі қыз. «Келешекте алыс қалаға оқуға кетемін, үлкен жігіт боламын, сонда дәл осындай әдемі қызға үйленемін». Мұның ішкі ойын сезіп қойғандай қыз теріс айналып кетті. Тал басынан түсіп, демде бір құшақ шөпшек теріп әкелді. Мосының астына әуелі тамызық тастап, іле қу тезекті айналдыра қалап «үп» деп еді, күні бойы бықсып, түтеп жанбай жатқан от лап ете түсті. Шәйнек бұрқылдап сала берді. Қыздың әкесі бұған кәмпит берген – алмады. Көлді жағалап әрі кетті. Соңына қарауға ұялды. Қоғалы иірімнен өте бергенде шатыр жақтан қыз айқайлайды. Жүгіріп келеді. Тағы да орысша сөйлейді. Иірімнен әрі су бетін жауып өскен тұңғиық-гүлдерді нұсқап бірдеңе дейді.
– Ол тұңғиық қой, – деді бұл, «соны да білмейсің бе» дегендей. Қыз тағы сөйледі.
– Неткен әдемі гүлдер?! – деп түсінді бұл қыздың сөзін.
– Не, алып берейін бе?– деп сұрады бұл. Қыз және бірдеңелер айтты.
– Су терең ғой, қорықпайсың ба?– деп сұрап тұр деп түсінген бұл:
– Түк те қорықпаймын,– деді.
– Қой, керек емес,– деп түсінді, бұл қыздың келесі орысшасын.
– Осы жерде тұр. Кетіп қалма, мен қазір, – деді. Деді де шегіншектеп келіп суға секіріп кетті.
Су сұмдық салқын екен. Шекесінен бір-ақ шықты. Тұңғиықтың тамыры тереңге кетеді. Әдемі жапырағына ара қонып отыр екен. Су шашып үркітіп жіберді. Гүл әжесі айтатын ертегілердегі пері қыздарының аппақ қайығы секілді. Орта тұсы сарғылтым, жиек-жапырақшалары көгілдірленіп әсем тербеледі. Бұрын тұңғиықтың мұншалықты әдемі екенін қалай аңғармаған. «Тіпті, тұңғиықтың астында су перісі жатады, гүлін жұлған баланы су астына алып кетеді» дегенді естіп, маңына жоламайтын. Байқаса, дүниедегі ең әдемі гүл – тұңғиық екен. Гүлдің бір құшағын төсіне қойып, шалқалай жүзіп жағаға келді, қыз дегбірсіздене күтіп тұр екен, әлдене дейді.
Рақмет айтқаны болар деп түсінді бала.
– Несіне рақмет, арғы жақта, Тұрғанбек көкемнің қорасы жақта тіпті көп, міне мынадай үлкен, – деді бұл екіленіп, – ертең тағы кел, көп қып ап беремін, қалаңа алып кетесің, жарай ма?
Қыз басын изеді. Сосын шатырға қарай жүгіре жөнелді, Ұзамай жеңіл машина қасқа жолға түсіп қаласына тартып бара жатты.
Сол күні бала өмірінде тұңғыш рет судың суықтығын сезіп еді. Бұл келген Тамыз болатын. Тісі-тісіне тимей сақылдап, жағада отырып боз бұлау боп жылап еді. Қызды қимаған. Мына дүниенің өзі ойлағандай жылы, мейрімді, рақымды емес екенін, бәлкім, ол сол күні алғаш рет білген болар. Ол, мүмкін, бұл дүниеде қимасынан айырылып, жалғыз қалу деген сұмдық болатындығын да сол күні тұңғыш рет сезді. «Сүмбіле туа су салқын, таразыда таң салқын» дегенді әжесінен күнде естіп жүрсе де мән бермейтін. Тамыздағы судың салқындығы деген не, оның алдында қарашаның қара суығы, желтоқсанның жентек қары, қаңтар-ақпанның қаhарлы борандары тұр еді. Бала әзірге оның ешқайсысы туралы ойламайды. Әзірге – оны тамыз айы қоршап тұр. Досына күтпеген жерден мінез көрсетіп ренжітіп алғанына ұялғандай шалқар көл үнсіз. «Қойшы енді түспеймін, сен суықсың!» дейді бала бұртиып. Өкпелегені бұл.
Содан бері қанша жыл өтті.
Содан бері қаншама тамыз өтті оның басынан.
Кешегі жарқын жаз әп-сәтте жалт етіп өте шыққанын тамыз туа білесің. Жүрекке біртүрлі мұң ұялайды.
Қанша жыл өтсе де сол тамыз, сол қыз есінен шыққан емес.
Тамыз – бір аяулы мезет, жаз әлі аттан да, тақтан да түскен жоқ, бірақ алда, жақын арада бір өзгеріс болатынын сезесің. Іштей толқисың. Қай-қайдағы есіңе түседі.
Еркем тамыз, жаныңдамын күрсінсең,
Қалған күнім өзіңмен өтсе еді.
Алматыға тұңғыш келіп тұрсың сен,
Менен бұрын ешкім өпкен жоқ сені.
Қолаң шашы,
Сабау қара кірпігі.
Қандай теңеу тапсам дейтім ботама
Мені ұйықтатып тұрып кетті ол бір күні.
Содан қайтып оралған жоқ, о, тоба!
Қала бейжай.
Шығып жолдың шетіне.
Кірпідейін жиырыламыз бәріміз.
Опа жағып әжім-әжім бетіне,
Келе жатыр сап-сары күз – Кәрі қыз.
Біз алда-жалда айларға жаңадан ат қою керек болса, өткен шілдені «ұя басар» деп, тамызды «қанат қақты» деп атауды ұсынар едік. Биылғы жылдың балапандары ұядан шығып, әуелі таяқ тастам жерге барып, әудем жерге, одан көк аспанның төсін шарықтап ұшып жөнелетін, шын мәнінде, қанат қақты ай – осы ай. Саңырау құр мен үкіні бұл кезде көрмеген дұрыс, себебі олар түлейді, түлегенде де кейде жон арқасы қардай боп жалаңаштанып, оғаш көрінеді. Үйректің еркегі де жалаңаштанып қалады. Үйрек демекші, қаз бен үйрек ескі әнде айтатындай «Ащыкөл Тұщыкөлдің арасы бір» деп көлден көлге ұшып әбігерлене бастайды. Себебі ұзақ жол, алыс сапарға аттанарда «жал-жаясын жауып» – кең даланы армансыз бір аралап алғысы келеді.
Тамыз – дегелектердің қайтатын айы. Кеше ғана үй алдындағы үлкен ағаш басында не шатырда таңдайын тақылдатып «тұратын қасыңызда қасынсып» ерке құс кенет көмейіне құм құйылғандай үнсіз қалады. Елегізіп ұясына келесіз. Өліп қалған жоқ па екен деген қаупіңіз бар. Ұя бос. Демек, халық әнінде айтылатындай «ләйлек кетті жаз кетті, қанатында саз кетті». Жақсы көретін құсыңызды қимай қу ағаштың басындағы иесіз ұяға қарап қаласыз. Тағы да жүрекке бір мұң ұялайды. Төңірек бірден құлазып сала береді. Аспан бозара бастайды. Жерге қарайсыз – шөп басына тұнған шық қайтып кеткен дегелектің көз жасы секілді мөлтілдейді. Тамызды шықтың айы десе де болғандай. Бұл таңда шық ерекше қалың түседі. Ерте кезде шық деген аспаннан құлаған жақұт жұлдыздарың шашыранды сынықтары екен деген аңыз болғанға ұқсайды. Жақұт жерге түскен соң еріп шөп басына жабысады-мыс. Және бір аңызда Жер-Ана батқан күн үшін жыласа, атқан таң үшін қуанып екі жылайтын көрінеді. «Шық – Жер-Ананың көз жасы» деген сөз осыдан шықса керек.
Тамыз түндерінің тағы бір ерекшелігі – жұлдыздар жиі ағады. Қазақтың ырым-жоралғысында айтылатын аққан жұлдыз көрген «жұлдыз жоғары» деп үш рет не жеті рет айту керек деген сөз осындай түндерде ауған болуы мүмкін. Астрономиялық ерекшеліктер адамдарды қай кезде де қызықтырған. Біреулер «жұлдыз ақса – кісі өледі» деп қорықса, енді біреулер «жоқ, жұлдыз ақса – құдайдан тілек тіле, мұратыңа жетесің» дейді. Біз соңғы сенімді қолдар едік. Осы айдың оныншы жұлдызын итальяндықтар ұйқысыз өткізеді деуге болады. Дін жолында мерт болған Лаурентий деген әулиені еске алып, аққан жұлдыздарға қарап тілек тілейді. Ал орыс ағайындардың бұл айға көзқарасы әртүрлі, баспасөз мұны «Қара тамыз», демек қаралы ай, қайғы қасіреті көп ай деп жазып жүргені мәлім. Олай болатыны 1991-жылғы мемлекеттік төңкеріс (ГКЧП), 1998-жылғы халықтың қабырғасын қайыстырып жіберген дефолт, 2000-жылғы 118 адамның өмірін жалмаған «Курск» кемесінің қарық болуы, 2006-жылы 170 адам опат болған Анапа-Санкт Петербург бағытына ұшқан ұшақ апаты – бәрі де осы тамыз айында болған еді. Сондай-ақ, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Солтүстік Кавказ, атап айтсақ, Шешенстан сарбаздарының бақайшағына дейін қаруланған орыс әскерлерін ойсырата жеңген жорықтары да осы айда жиі тіркелген.
Тамызды сарғалдақ (кейде оны мысықторғай деп те атайды) деген құстың айы деп те атайды. Аталмыш торғай осы айда ерекше шабыттанады. Кешегі көкек, сайрақ, байқыз шақыратын тау-тас, орман-тоғайлардан енді енді соның «шулағанын» естисіз. Халық сенімінде «сарғалдақ шақырса күн құлақтанады» деген. Сарғалдақ туралы.
Оқиға желісі мен шешім
И.Бунин «Август» деген өлеңінде тамаша суреттейді. М.Цветаеваның «Август» атты өлеңіне жазылған ән өте танымал әуенге айналғалы қашан. Біздің Шәмшия Жұбатованың «Ах, август…» өлеңі де әнге сұранып тұрған дүние.
Кей жылдары тырналар да тамыздың аяғында қайтады. Мұндай кезде жұрт қазан айының ортасы ауа аяз болады деп жорамалдап, қам-қаракетін жасай бастайды. Ал тырна қыркүйекте қайтса қыс жайлы болады.
Қазақтың тағы бір ескі мақалы «Күзгі қымызды күйеуге берме» дейді. Тамыз жаздың соңы, күздің басы десек, бұл айда шөптің буыны қатып, жеміс-жидектер пісе бастайды. Күшіне мініп, бабына келеді. Ат-айғырлардың сауыры жылтырап семіріп, түнімен үйірді шырқ үйіріп азынай кісінейтін кезі осы кез.Үлек пен бура да шыбын-шіркей азайған соң майын өркешіне жинай бастайды.
Көктемде туған қозы тұңғыш рет қырқылады. Қырқым аяқталған соң еркек-ұрғашысы бөлініп, іле күзем басталады. Күзем жүннен үзік, туарлық басатыны белгілі, ол қозының жүнінен ше? Халық әнінде айтылатын:
Алты қырдан асырайын,
Ақ текемет басайын
Жеті қырға жеткізейін
Желекі кілем басайын, –
деп осы тамыз айын да айтса керек. Қозының жүні – сапалы, мықты, әрі нәзік бола тұрса да ұзын боп келеді. Аяқ астында жататын текемет үшін ең керегі осы. Жыл он екі ай көшіп-қонып өмір өткізген көшпелі халық малдың мүйізінен бастап тұяғына дейін далаға тастамаған, керегіне тиімді пайдаланып бала-шаға, келін-кепшікті ұқыптылыққа үйреткен.
Тағы бір рауаяатта кешегі Шығыс Түркістан қазақтары арасында бұл айда «лақтың басын соғу» деген жоралғы болған. Жоралғы дейтін себебімізге келсек, шөп қатая ешкі семіреді. Әсіресе, лағының бөтекесін май басып қалады. Көңіл жақын дос-жар, құрамдас кісілер кейде бір-біріне лақ сыйлап шақырысады екен. Бір-жар сағат қайнар-қайнамастан ет былқып майы бетіне қалқып шыға келеді. Шошайып тұрған екі тұқыл мүйізін түбінен сығымдап қысып қалсаңыз, әбден піскен жас лақтың басы қақ айрылады. «Лақтың басын соғу» дегені, міне, осы. Қазақ әрбір күнін көңілді өткізуге тырысқан. Малдың соңында қысы-жазы салпақтап мойны ырғайдай, биті торғайдай боп арып-ашып, азып-тозып кетпеудің бір жолы – Алла тағаланың әрбір күнін ырызғы-несібелі деп түсініп, әр күнді көңілді өткізу. Бір ауылда «лақтың басын соғып» енді бір ауылда қыз ұзатып жатса, қырдың астындағы келесі ауылда қыз-бозбала жиналып жүн сабап жатады. Жүн сабау – жастардың бас қосатын тағы бір мерекесі. Үлкен кісілерден аулақ, сырт көзден тыс сырласатын, оңаша әңгімелесетін өзінше бір «бастаңғы».
Етектің шөбі сарғая бастағанмен тау беткейлері әлі жап-жасыл. Жасыл дегеніміз не, киікоты (душица) гүлдер енді-енді кемеліне келе бастайды. Биікте өскен андыз (девясил) көз тартып, ұшар басындағы сары гүлі алақандай боп ашылған, оған ілесе ермен (полынь) гүлдеп тұр. «Андызды жерде ат өлмес, ерменді жерде ер өлмес» дегенді осы екеуінің тамыз айында қатар піскенін көрген сүйсінген қазақ айтпады ма екен? Шәйқурайдың (зверобой) сары гүлдері алыстан көз тартады. Шілдеде сай-саладан емдік шөптерін жинап болған емшілер енді тауға беттейді. Айтуларына қарағанда, таудың шәйқурайы емдік қасиеті ерекше шөп боп есептелінеді.
Әсіресе, біздің Алматының тауларында тамыз туа гүл ашып, беткей-беткейді басып салатын өсімдіктің бірі орыстар малька деп атайтын көкнар түстес гүл. Оның гүл-жапырақтарын жүрек ауруына қарсы пайдаланатын көрінеді.
Кеш гүлдейтін тау бүлдіргендері (земляника), қарлыған (крыжовник), таңқурай (малина), қожақат (ежевика) пісіп, қарақат (смородина) қап-қара боп толысады.
Көне славян тілінде бұл айды «серпень» деген, онысын қазақшаласақ «орақ айы» дегенге саяды. Орақ айы дейтін себебі, бұл айда егін жинау басталады. Өздері «екінші нанымыз» деп есептейтін картоп пен саңырауқұлақтардың маусымы да осы кез. Н.В.Гоголь жазатын жәрмеңке мезгілі де осы тамыз. Орыстар бұл айды моншаға түскенде шабынатын қайың сыпырғыларын дайындап, сыпыртқыларын күзге әзірлей бастайды.
Әдетте орыстар 2-тамыз Ылия ( Илия) пайғамбардың күні деп ұлықтап, «жаздың беломыртқасы сынды, күз көкірекке мінді» деп есептеген. Біздің қазақтың жұлдызнамалары мен есепшілері мұны жоққа шығарды, себебі әр жердің ауа-райы әр басқа.
Тамыздың тамылжығаны тамаша десек те, кейде аяқ-астынан бұлқан-талқан боп шат-шалекейімізді шығаратын жылдар да бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматы облысы Нарынқол өңірінің Қарасаз, Сарыжаз, Шәлкөде төңірегінде 1-тамыз күні қар жауып, елдің үміт артып отырған картоптарын суық ұрып кеткен. Ал Ресейде 1986 жылы алғашқы аяз 17-тамызда, 1997-98 жылдары 2-тамызда, 2001 жылы 3-тамызда, 2002 жылы 12-тамызда жүрген аң-құс қырылып, егінді үсік шалған.
Табиғат неге ашуланады екен? Неге жазықсыз жан-жануарларды аяқ астынан нілдей бұзылып қырына алды екен? Осының бәріне адамдар кінәлі емес пе? «Адам қолы жасаған ұяттардан» (Т.Айбергенов) бүкіл әлем зардап шеккен кездер аз ба?
Мысалы, биыл яки 2018-жылы Күн екі рет, Ай бір рет тұтылды. Күннің бірінші тұтылуы өткен шілденің 13-жұлдызында, екінші рет, тіпті тақауда, осы тамыздың 11-күні болды. Бірақ, ол біздің қазақ жерінде аса байқалмады. Есесіне Айдың тұтылғанын Алтай-Атырау арасы түгел көрді. Әлдекімдердің сәуегейлікпен айтқанындай «Ертіс бұзылған жоқ, ел бүлінген жоқ», табиғат қаз-қалпында, жұрт тыныш, ел аман. Құдай қазаққа қарасудай ақ қарасып тұр. Осы ниетінен айнымағай.
Тамыздың тамаша жаңбыры биыл алғаш рет Жетісу мен Алтайда айдың 12-жұлдызында жауды. Содан бері таң салқындай бастады.
Талдықорған аймағындағы Бірлік дейтін ауылда Бекен деген қария тұрады. Ескі тілмен айтқанда «есепші». Есепші болғанда, бұ кісі есеп-қисаптың адамы емес, «Ел жайлауға көшіпті, Есепші айтты десіпті» дейтін [Ілияс Жансүгіров] есепші. Көзіқарақты қария ауа-райын өмір бойы бақылап келе жатқан көрінеді. Жерлестері Бекеңнін болжамдары көбіне дәл келеді дейді. Айдың басында Үркер шығыстан туғанын, оның түнгі аспанды өрлей келіп түн ауа тас төбеде тұратынын сол кісінің айтуымен бақылаудың сәті түсті. Осы сапарда «Қошқар басын көтере бастады» дегенді айтқан Мейрамхан аға да көпті көрген кісі сыңайлы. Жергілікті талантты жас ақын Ерлан Жүніс және оның серіктері Қозыбай Құрман мен Жангелді Немеребай дейтұғын жас шайырлар ақсақалдардың сұңғылалығына таң қалдық.
Дарынды ақынымыз Светқали Нұржановты бәріміз білеміз. Біз оның ақындық мол қуатқа қоса, Ел мен Жер тарихын жетік білетін шежіреші екенін де айтқымыз келеді. Түптеп келгенде табиғат тану таланты ақындық қабілет секілді ерекше қасиет. Ол екінің бірі, егіздің сыңарының басына қона бермейді. Сол Светқали кеше ғана тамыз көгінен Таразы көріне бастағанын хабарлап, осы айдағы жұлдыздар әлемінің өзі жасаған сызбасын жіберді. Жазушы Жүніс Сахиевтің де өз картасы бар. Оған біз кейінірек арнайы тоқталамыз, иншалла.
Көнеримдік күнпарақ бойынша қазіргі шілде айы жылдың бесінші айы боп есептелініп квинтилия атанса, келесі алтыншы ай секстилис делінгені мәлім. Юлий Цезарь бесінші айды сенаттың шешімі бойынша өз атымен атады. (июль деген аттың осыдан шыққанын бұдан бұрынғы мақаламызда айтқанбыз).
Тағы бір тарихи әңгіме былай өрбиді.
Цезарь жас болса да бас болады деп таныған Гай Октавиан ештеңеден хабары жоқ, денсаулығы нашар, қатар құрбысымен араласпайтын біртоға жігіт болып өседі. Ылғи сен тұр мен атайын қаған тұқымының арасынан ешбір ерекше қасиетімен дараланбайтын осы бір әлжуаз, шынжау бозбалаға ұлы нағашысының неге ықыласы ауды екен – оны ешкім білмейді. Әйтеуір, қаған жиенінің үйіне жиі келеді екен.
– Бұл кім? – деп сұрайды екен жиені қақпаны ашарда.
– Бұ ма, бұл – Квинтилия ғой, – дейді екен Юлий Цезарь.
– Ә, сіз бе едіңіз, жоғары шығыңыз, төрлетіңіз,– деп жік-жаппар болған Октавиге қарап қуланған нағашысы:
– Ал сіз кім боласыз? – деп сұрайтын көрінеді.
– Біз бе, біз бұйырса секстилис болармыз, – деп жауап бергенді ұнатады екен жиені.
– Дұрыс, өте дұрыс, сіз секстилис боласыз! – дейді Юлий Цезарь жұртқа естіртіп дауыстап.
Өнер атаулыға, әсіресе, өлеңге жаны құштар рим елі нағашылы-жиенді бұл жауаптасуын, әдемі сөз, әзіл-қалжың деп қабылдағанмен, ол екеуі кімнің нені меңзеп тұрғанын жақсы білетін. Құдайым мың арнамен мың дария ағызса да, пенденің бір арнасын мәңгі құрғатып қояды екен. Әлемді жұмсам жұдырығымда ұстаймын деген Цезарьдың ұлы болмады, яғни тақ мұрагері кім болары беймәлім еді. Цезарьдан соң кім император болады? Бес, бестен кейін алты-квантилиядан кейін секстилис деген сөздің мағанасы осы еді. Гай Октивий көне рим күнпарағының алтыншы айында, яғни сектилис айында дүниеге келгені мәлім.
Әлқисса, Юлий Цезарь қандыкөйлек достарының қапияда қақ жүрегінен тиген қанжарынан опат болған соң мұрагерлік жиеніне қалды. Хатқа түскен, мөр басылған өсиет-намада солай жазылыпты. Көне Римде заңның қатал сақталғаны мәлім – бұған Марк Антони де, Клеопатра да, тіпті Брутт та ештеңе істей алмады. Заңның аты – заң. Әр патша өзін бұрынғы патшалардан гөрі ақылдымын деп есептейді. Анығында шын ақыл иесі – Құдай ғана. Нағашысының неден өлгенін білетін Гай Октавиан темір сауыт киіп жүреді, Цезарь сияқты данышпандыққа ұмтылғаннан гөрі суық ақылға ғана жүгінді, ақ көңіл емес, сақ болды, өзіне ешкімді жақындатпады. Қысқасы, өткен қателіктердің ешқайсысын да қайталамауға тырысты. «Мен Цезарь емеспін, басқамын» (Nec aliud non habeo Caesar) дейді екен ылғи. Ия, ол салқын ақыл, суық жүрекпен бәсекелестерінің бәрін құрта білді, қыл аяғы «кеше гөр» деп өкіре жылаған Клеопатраға да жібімеді. Бірақ, сенат (қоршаған орта деп түсініңіз) өз дегенін істемей қоймады. Бірде, кім екені белгісіз, сенаторлардың бірі:
– Аса құрметті, – деп бастады сөзін жас қағанға қарап: (Жас қаған күнде естіп жүрген сөзі болған соң сыр бермей сазарып отыра берген).
– Август, – деді әлгі сенатор сөзін жалғап. Бұл «Қасиетті немесе Құдайдың сүйген құлы» деген мағына беретін сөз еді. Келесі сенатор күнпарақтағы бесінші ай Цезарьдың құрметіне «июль»деп аталғанын, оның заңды мұрагері Гай Октавианның құрметіне алтыншы – секстилис айын неге «Август» деп атамасқа деп ұсынысын жасады. Бірауыздан қабылданған осы ұсыныс бойынша ол енді Гай Юлий Цезарь Октавиан атанды. Бірақ, сенаттың шешімі – Құдайдың шешімі емес болатын. Барлық патшалар секілді ол да Құдай болуға ұмтылды. Ал Құдай тағаланың қалауы басқаша еді. Ол араға бірсыпыра уақыт салып, рим күнпарағы бойынша 19- август күні қайтыс болды.
«Август оның өзі ме, ажалы ма,
Қалды солай халықтың мазағына», –
дейтін өлең сол Октавиан Августке арналған деседі.
Анығында барлық пәле өзімізде, яки адамдарда, әтпесе Айдың не жазығы бар?!
Август – шілде, келе-келе алтыншы айдан сегізінші айға ауысып, жылдың ең берекелі, мерекелі мезгіліне айналды дейміз-ау, ақиқатына келсек, Құдайдың әр күні құтты, әр айы мерекелі, берекелі емес пе? Берекелі болатыны – бұл кезде жаз әбден толысып, пісіп, шөп атаулының буыны қатады. Қазақ айтатын «сүмбіледе су суық, таразыда таң салқыны» осы кез.
Сүмбіле деген не, таразыда таң салқындайтыны қалай – мұның бәрін уақыты келгенде айтатын боламыз.
«Айдан аман, жылдан есен» дейді екен бұрынғылар, өткен ай өкінішсіз, келер ай керемет болғай!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру