Қуырдақ дайын
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қалтай Мұхамеджанов туындыларының басым бөлігі адам іс-әрекеті мен болмысының күлкілі тұстарын көрсетеді. Әзіл арқылы көп нәрсені әшкерелеу де бар. Автордың бірнеше пьесасы театрда сахналанған. Шығырмашылық жолын М.Горькийдің туындыларын аударудан бастаған.
/uploads/6bef20d0-ab5a-55d6-9d1f-8481b8b0063b/cover.png
(Үш перделі комедия)
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Жақан — жасы отыз бесте
Ережеп — жасы елу екіде
Әлима — Ережептің әйелі, қырық сегізде
Күлән — жасы жиырма бірде
Болат —жасы жиырма екіде
Оқиға екі күннің ішінде өтеді.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Жаз айларының аяқ шені. Оқиға темір жол бойындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын совхозда өтеді. Оқиғаның басынан аяғына дейін өткен - кеткен поезд қозғалыстары сезіліп отырады. Бұл үлкен өмір тынысындай арқау болуы шарт. Комедиялық сырға сай көңілді музыка. Полевой сумкасын ұстап Ережеп шығады.
Е р е ж е п. Біздің бастықты көрдіңіздер ме? (Қараған болып.) Мұнда да жоқ, тағы да атгонға тартқан ғой шамасы. Өзі де бір дамыл табуды білмейтін жан екен. Сіздер ештеңе естіген жоқсыздар ма? Бастығымызды облысқа алмақшы деген қауесет шығып жүр ғой. Рас болса жарар еді. Менің ойымша, өзі сақ адам. Естеріңізге сап қояйын, қыңырлығы да жеткілікті. Қит етсең болды, «бұл барып тұрған бережитка» деп шыға келетіні де бар. Мен үшін одан орынбасары тәуір. Әлгі біздің Күләнға қырындап жүретін Жақанды айтам. Білген адамға орынбасар деген де осал дүние емес-ау! Бастықтың қырына түскенді қызғыштай қорғайтын да сол ғой. Сөйтіп жүріп бәрін өзіне қаратып алады да, сәрсенбінің сәтіне бастықты ұшырып түсіретін де орынбасарларды көргенбіз. Осы жағы есіме түскенде бойым шымырлап қоя береді... Бастық болмағаныма шүкір деймін кейде ішімнен. Бастық болу міндет емес, бастықтың бабын таба... то есть айтпаймын. Оны кейбіреулер жағымпаздық дейтін көрінеді. Ол дұрыс емес. Оның атын сыйлау құрметтеу дейді. Өздеріңіз білесіздер — солай емес пе? Асылында қызмет істеген жерінде ең алдымен бедел жасау керек. Бедел деген базардан сатып алатын зат емес, оны өзің жасайсың. Мінез-құлқың, тіпті еңбегің жасайды деген де дұрыс. Жарықтық Ерекең солай деуші еді-ау деп кейін өздерің - ақ айтасыңдар. Ал енді, елден бұрын шыққандағы ойым сіздермен ақылдасатын бір шаруаның жайы. Ол Күлән мен Жақанға байланысты жұмыстар еді. Өздеріңіз білесіздер, әлгі біздің үйдегі мықты бар ғой, әйелімді айтамын, ол менің айтқаныма қарсы жүрмесе шаншулап қалатыны бар, бүгін тағы да көнбейтін сыңайын танытып отыр. Өз бастығымыз облысқа кетсе, онын, орнына Жақан қалатынында сөз жоқ. Оны сіздер де біліп отырсыздар. Күлән Жақанға қосылса, қалай дүрілдеткенімді көріп тұрыңдар. Тойына бәріңді де шақырам. (Сағатына қарап.) Тағы да біреу келіп қалар. Ал енді, біздің Әлиманы көре қалсаңыздар, «Жақандай күйеу баланы жалғанды жаяу араласаң да таба алмайсың» десеңдер болды маған. Жұрттан бұрын шыққанда айтайын дегенім осы еді.
Кетеді. Музыка. Жақан шығады.
Ж а қ а н. Да, бұл үлкен проблема. Адам жасы ұлғайған сайын қыз-қырқынға қыры болмай ма, қалай? Жоқ, одан емес, менің натурам солай болу керек. Жас уақытымда да қырып-жойғаным шамалы болатын. Кетіп қалғаны болмаса алғашқы әйелім тамаша еді ғой. Почему то, жақсы көретін сияқты еді, өзім де түсінбей жүрмін. Кетті де тынды. Енді тағы үйленуге тура келіп жүр. «Ешкі әр қырыққанда бір еледі» дейді, онда да бет жоқ екен. Ал мен ше, маған да оңай болатын түрін сезбедім - ау. Ерекең өзім реттеймін дегенге мәз болып жүрмін, қайдан білейін немен тынарын. Бір басында қызмет, оның үстіне үйленуді ойлау әбден берекеңді алады екен. Бастарыңызға түскенде білерсіздер, қызмет бабында үйлену действительно проблема. Бәрін өзің шешетін бастық болсаң екен. Орынбасарлық дегенің - ақ қажытып болды және біздің бастық ұзақ демалыс, курортқа бару дегенді білмейді. Өзі жоқ болса, совхозды біреу талап кететіндей көреді де жүреді. Бір-екі айға кете тұрса уақытша болса да бой жазып, бастық болып дегендей күн тәртібінде тұрған біраз мәселені шешуге болады ғой. Бірақ оған жұрт мүмкіншілік беріп отыр ма? Тым болмаса сіздер де, «Оу, Есен Тоқбергенович! Демалысқа шығып, курортқа барып сергіп қайтыңыз» деп ақыл бермейсіздер оған. (Сезіктене.) Жоқ, әшейін наз ретінде айтам. (Өзіне-өзі.) Осыным бекер болды-ау шамасы. (Өзгере.) Шынына келсем, Есен Тоқбергенович — тамаша руководитель, үлкен практик. Жұмыс дегеннен жанын аямайтын нағыз азамат. Mine, бұл пікірімді айтуларыңызға болады. Мейлің аспанға ұш, мейлің жерге түс, бастықтың аты бастық. Сондықтан да бұл мәселеге жауапты қараған жөн. Солай емес пе? Ал енді үйленуге келсек — мені бәріңіз де танисыздар. Жан баласына жамандығым жоқ. Сол қасиетімді менің сорыма Күлән да білмей-ақ келеді. «Жақан менің жарым болса дейтіндей жігіт» деп біреуіңіз де осы күнге дейін айтпай келе жатқандарыңызға аздап ренжимін. Ендігісін өздеріңіз біліңіздер, ағайын адамдармыз ғой, Ерекеңді тауып алайын.
Кетеді. Музыка. Күлән шығады.
К ү л ә н. Әлгі Жақан осылай кетті деп еді ғой. Көрсеңіздер айта салыңыздаршы, облисполкомның орынбасары ертең крайға кетеді екен. Соған қағаздар дайындау керек еді, қайдан тапсам екен.
Кете бергенде Болат қарсы шығады.
К ү л ә н. Жақанды көрдің бе?
Б о л а т (әндете).
Көрсем - дағы, көрмесем де - ей,
Көңілім сенен айрылмас,—
деп жүрген шығар ағаң.
К ү л ә н. Сенің осы мінезің ғой жұрттың жанына тиетін. Жаңа облыстан звонить етті. Ертең бір кісі өтетін көрінеді, соған документтер дайындау...
Болат (бөліп). Өтсе, жолы болсын. Қағаз дайындау қиын ба? Совхоздың жайы бес саусақтай, тек қағазға түсір, бітті. Жездеңнің жыры таусылды ма?
К ү л ә н. Ол өзі аңқау адам, Болат. Жақанға күйеуге шықсаң жәннат орнайды деумен жүр. (Күледі).
Б о л а т. Ерекең деген есебін білетін аңқау. Жақан десе жанын қоярға жер таппайды. Оның үстіне сен қызбен мектепте бір оқығаным маған бәле болды.
К ү л ә н (күліп). Неге?
Б о л а т. Сүттен ақ, судан таза болсаң да өздерінше жаманға жориды. Әр - беріден соң, Жақан сені менен қызғанатынды шығарыпты.
К ү л ә н. Не дейт, бұларда да ес жоқ. Жастардың арасында жолдастық қатынас болса - ақ, міндетті түрде махаббат болу керек деп ойлайды - ау шамасы. Өсектен құтылам десең, Розаңды әкел де, той жаса.
Б о л а т. Сен де оқуыңа кетіп, әлгі аты кім еді, бұйра басыңа жетсеңші. Соның өзі сабақты қойып, бар уақытын саған хат жазумен өткізіп жүрген қу ма деймін.
К ү л ә н. Знаешь, ол ақылды жігіт.
Б о л а т. Әдеттерің ғой, біздің Розаға да дүниеде менен данышпан адам жоқ көрінетін шығар.
К ү л ә н. Мүмкін. Апай келе жатыр, ал кеттік, кеңсеге барып әлгіні хабарлау керек.
Екеуі де кетеді. Музыка. Әлима шығады.
Ә л и м а. Әлгі біздің үйдегіні көргендерің бар ма? Қартайғанша баяғы шошаңдаған мінезі қалмайды сорлының. Не науқасының барын білмеймін, бастық десе басын беруге даяр. Бала тәрбиелеу де оңай емес, ал бай тәрбиелеу бәрінен де қиын, бастарыңа түскенде бір-ақ білерсіңдер.
Кетеді. Көңілді музыкадан кейін шымылдық ашылады. Ережеп үйінің верандасы, қабырғада аспалы телефон, ашық терезеден жеміс ағаштары, гүлдер көрінеді. Сәске мезгілі. Жақан әрлі-берлі теңселіп жүр. Әзі өзгеше киінген.
Ж а қ а н (басын шайқап). Әй білмеймін - ау, осыдан бір нәрсе шықса жарар еді-ау. Қызы құрғыр тым тарпаң, мінезі де шәлкестеу ме қалай? Ауыз тұшып бір сөйлесе алмай-ақ діңкем құрып жүр. Бірдеңе десең мазақтай ма, шорт знает, күле береді. Баяғының қыздары қайда, шіркін! Туыстары не айтса да тырп етпеуші еді-ау, сабаздар. Қазіргілер туыс түгіл, құдайыңа да құлақ аса бермейді. Өз дегендеріне тартады. Соның бәрі мектепте тәрбие жұмысының нашарлығынан - ау деймін. (Айнаға қарап, галстугін жөндеп тұрып.) Келбет деген керек болса, шүкір, менде де бар сияқты. (Самайынан бір тал ақ шаш жұлып алып, шошына.) Мынау ит қайдан жүр еді - ей! Төбе мен желкеден орын таппағандай самайға келіп селтие қалғанын қарашы. ЗАГС - ке барғанша шыдай тұр, жаным. Ертеңіне түгелдей ағарып кетсеңдер де ерік өздеріңде. (Айнаға қадала.) Ах, подлец! Мұнда та- ғы біреуі жүр. (Жұлып тастайды.) Как вам не стыдно, отыз бесте осындай бола ма екен? (Ережеп кіреді.) Ереке, күттіріп қойдыңыз ғой жайшылық па әйтеуір?
Е р е ж е п. Асықпаған арбамен қоянға жетеді, Жақа.
Ж а қ а н. Қуғанымыз қоян болса, өкініш жоқ қой. Қыз дегеніңіз қай транспорт болса да қиынға соға ма дей берем. Жай кешіктіңіз бе?
Е р е ж е п. Бұл дүниеде қатын, бала-шағаның дауы таусыла ма. Жеңгеңе бір тапсырмалар беріп дегендей. Жеңгең мінезі жалпы нечауалау. Ал енді бір кесірленді ме, алла - тағалам бетін аулақ етсін. Мына шаш немен ағарды дейсің, Жақанжан - ау?
Ж а қ а н. Балдызыңыздың да мінезі апасынан айнымай қалса, біздің шашқа да зауал тумас па екен, тегі.
Е р е ж е п. Ойбой, шырағым - ай! Ол қанша дегенмен оқыған бала ғой. Дүниенің шатағы шала сауатты қатыннан шығатынын білмеуші ме едің?
Ж а қ а н. Қайдан білейін, қыздың сыры қырық қатпар, әйел болғанда алпыстан бір-ақ шығатын көрінеді ғой.
Е р е ж е п. Шамаңыз шама, Жақа. Бірақ ол қауіпті ғой. Бұрын әуелі бетін бері қаратып алсаңызшы. Жеңгеңді магазинге жібердім. Звандадым. Қыз қазір келеді, бірдеңені сылтау етіп мен де тайып тұрайын.
Ж а қ а н (шошына). Сонда мен жалғыз қалам ба?
Е р е ж е п. Енді қалай, ойбай-ау, оңашаға не жетеді, менің көзімше сөйлеуге ұялады ғой.
Ж а қ а н. Сонысы тағы бар екен-ау.
Е р е ж е п. Тіл жағынан жаман емес едіңіз ғой. Борандата жөнелмейсіз бе?
Ж а қ а н. (желкесін қаси). Тіл дегеніңіз баршылық, бірақ осындай мәселеге келгенде өзі қиындау болатыны бар.
Е р е ж е п. «Қызда болса үмітің, батылдау. бол, жігітім» деп радиодан күнде қақсап жатқан жоқ па?
Ж а қ а н (самайын сипап). Оның үстіне жас деген ит те мешать ете ме қалай?
Е р е ж е п. Мынауың сұмдық екен, шырағым. Мен ғана естиін, қырыққа жетпей жатып о не дегені - ей! Баса - көктейтін баяғы заман емес. Бұл кезде бұғалықты жан - жақтан тастамасаң және болмайды.
Ж а қ а н. Отыз бесіңіз де осал жүк емес пе деп тұрмын.
Е р е ж е п. Ойбай бетім - ай, енді қайтейін. Отыз бесің құланды қыл бұраумен құлататын кез емес пе?
Ж а қ а н (серпіле). Әңгіме онда тұрған жоқ - ау, өз қатарын, болса, жорғалай жөнелесің ғой. Күлән жас, тағы басқа дегендей, сыйлаймын ғой баяғы.
Е р е ж е п. Онда сыртынан сыйла да үйленбей жүре беріңіз.
Ж а қ а н. Әй, Ереке. Қазіргі жастардың тіліне...
Е р е ж е п (бөліп). Қайдағы жас, ол биыл жиырма бірде.
Ж а қ а н. Солай екен - ау өзі.
Е р е ж е п. Қойыңызшы, оқыған адамдар тіл таба алмайды дегенге сенбеймін. Кейде осы кітаптағы ғашықтарды да айта беретін көрінеді ғой. Ондайдың талайын оқыдыңдар. «Қажетіме жарайды - ау» деген бір жерінен ойып ал да сарнай жөнел.
Ж а қ а н. Мұныңыз да ақыл екен.
Е р е ж е п. Баяғыда Қозы Көрпешті бір көргенім бар. Сонда жел — Баян деп сыбырлайды дегені әлі есімде. Осындайлардың басын құрастырып айта бермейсіз бе?
Ж а қ а н. Одан қайран болса айтылар - ау. (Ширығып.) Тәуекел енді, бүгін белді буып тұрмын.
Е р е ж е п. Құр буып жүре бермей, шешіліп сөйлеу керек. Былтыр: «Келер жылы оқуға барасың», — деп аузымнан қағынып айтып қойып едім. Сен де оқытам дей бер.
Ж а қ а н. Ол айтылады ғой.
Е р е ж е п. Айтуын айтсам да оқу дегеннің өзі екі талай. Жайлаубайдың қызы былтыр кетіп еді, бір сып борбай сумақайға тиіп алыпты. Әкесі: «Екеуі бір курста оқиды екен, тым тәуір бала» деп шіренген болады. Осы жасқа келгелі байға тиген адамға оқу қонғанын көргенім жоқ.
Ж а қ а н. Ондайлар толып жатыр. Қосылып, бірге институт бітіргендердің талайын көргенбіз. Әңгіме адамына байланысты.
Е р е ж е п. Маған бәрібір, Күләннан пропесір шығарсаң да ерік өзіңде. Үйленетін өзің.
Ж а қ а н. Әлбетте оқытам ғой.
Е р е ж е п. Өз қатыныма қайда оқытсаң да ақыл кірмейтінін анық білем. Сыйлас адам болған соң жаным ашып қамыңды ойлап жүргенім ғой. Әйтпесе Күлән сияқты алманың сабағындай балаға құшақ жайып жүрген аз ба? Жатқа кеткенше өзіңдей қадір білер жолдасқа барсын деймін де мен қасқа.
Ж а қ а н. Бұл ақ ниетіңізді өлсем де ұмытпаймын ғой, Ереке. Оңға басып, ой орындалса, өмір бойы қызметіңізге даярмын.
Е р е ж е п. Ол қызды кейде айнытатын әлгі Болат қу, оған да тізеңізді батырып, көзінің жауын алып қой. Тек жүрсін.
Ж а қ а н. Ие, ол бала тым тайтаңдап барады.
Е р е ж е п. Соны білсеңіз болғаны. (Терезеден көріп.) Ал, Күләннің өзі келе жатыр. Мен сырттағы шаруаға бара тұрайын. (Кетеді).
Ж а қ а н (тағы да галстугін жөндеп, тамағын кенеп). Иә сәт, неден бастасам екен?
Күлән кіреді.
Күлән (назар аудармай). Сәлемат барсыз ба, арай. Біздің үйдің адамдары қайда кеткен? (Осы сәтте ашық терезенің алдындағы сырттағы гүл түбінде Ережеп тыңдап отырады).
Ж а қ а н. Жұмыстарында шығар. (Даусын кеней.) Бізде де жат емеспіз, қарындас.
Е р е ж е п (сыртта). Дұрыс бастады.
К ү л ә н (тіксіне). Онымен не айтқыңыз келіп еді?
Е р е ж е п (қабағын шыта). Шаншылуын қарашы.
Ж а қ а н (абыржып). Жай, әншейін шаруа ғой. (Сөз таба алмай күмілжіп қалады).
Е р е ж е п. Қайдағы әшейін шаруа.
Ж а қ а н (сөзін жалғап). Күлән шырағым, шаруа болғанда өзі былай ғой.
Е р е ж е п (жадырай). Е, е. Осылай баста.
К ү л ә н. Иә, айта беріңіз.
Ж а қ а н (сөз таба алмай). Негізінен алғанда, біздің показательдеріміз жаман емес. (Күлән қарап қалған).
Е р е ж е п (күйіне). Не дейді мынау, қайда лағып барады - ей!
Ж а қ а н. Кешегі кварталдың отчетын жібердіңіз ғой облысқа. Соның өзі...
К ү л ә н (күлкісін сездірмей). Жібердік. Өзіңіз қол қойдыңыз.
Ж а қ а н. Ие, көрдім, ет тапсырудың жоспары қанша орындалып еді өзі, соны...
Е р е ж е п (күйіне). Құдай тас төбеңнен ұрсын.
К ү л ә н. Жүз екі процент.
Ж а қ а н. Бұл жағы жақсы енді, биыл міндеттеме, сөз жоқ асыра орындалады.
Е р е ж е п (ызалы). Алжуыңа болайын.
Ж а қ а н (күмілжіп). Бірақ басқа шаруа жағы...
Е р е ж е п. Ие, не, солай төтелесейші.
К ү л ә н. Құлағым сізде...
Е р е ж е п (қуана) . Обалына не керек, тыңдап - ақ тұр - ау қыз.
К ү л ә н (кекесін үнде). Мемлекет алдында тағы алған міндеттемеңіз бар ма еді?
Е р е ж е п (қуана). Әне, қыздың өзі жетелеп келе жатыр.
Ж а қ а н (күлген болып). Неге болмасын, бар ғой, бірақ, оның орындалуы мына... (Тоқтай қалады).
Е р е ж е п (жайдары). Бәсе, дұрыс, мысық табандап келеді, қалай - қалай қиғаштайды...
К ү л ә н. Ол не екен сондай - ақ?
Е р е ж е п. Мәселені бүйірден қойды.
Ж а қ а н (қаймығып). Әлгі, әлгі шөп шабуды айтам.
Е р е ж е п (ызалы). О, әбілет бассын, әбілет басқыр, айналайын өкімет - ай, сабаудай совхозға осыны да орынбасар етіп жібердің - ау?
К ү л ә н (күле). Ол алдақашан орындалған жоқ па?
Е р е ж е п. Ал керек болса.
Ж а қ а н (абыржып). Айтпақшы солай екен ғой өзі. Мына, жұмысбасты болғанда адам ұмытып қала береді.
Е р е ж е п (ызалы). Жынданып неге кетпедің екен.
К ү л ә н. Сіздің негізгі жұмысыңыз сол емес пе?
Е р е ж е п. Япыр-ай, десейші.
Ж а қ а н (серпіліп). Өкімет пен партияның алдында жауап береміз. Общим, әйтеуір, осы күнге дейін ешкімнен сөгіс алып көрген жоқпын. Бұл да адал еңбектің арқасы емес пе, Күлән шырағым!
Е р е ж е п. Мынау райкомның бюросында тұрғаннан сау ма өзі?
К ү л ә н. Оған дау бар ма, ағай?
Ж а қ а н. Әйтеуір жұмыс - жұмыс деп жүріп жар құлағымыз жастыққа тимейді. Сөйтіп енді... (Тоқтай қалады).
Е р е ж е п (басын шайқап). Мәссаған...
К ү л ә н. Айта беріңіз. Айта беріңіз!
Ережеп (ернін жалап). Қыздың шиыршық атуын - ай!
Ж а қ а н. Сөйтіп жүріп өлеміз ғой.
Е р е ж е п (ызалы күлкімен). Абзалы сол болар.
К ү л ә н (күле). Қайдағыны айта көрмеңіз. Қарап жүріп неге өлесіз? Оның реті келмес, ағасы. Ойлану керек болар.
Е р е ж е п. Қызда кінә жоқ.
Ж а қ а н. Ойлауымда кемдік жоқ. Соны енді былай бір жүйеге салып дегендей...
К ү л ә н. Дұрыс - ақ, менде жұмысыңыз бар ма еді?
Е р е ж е п. Қап мынаны - ай, қыздың өзі қарауылға келіп-ақ тұр ғой.
Ж а қ а н. Сонда деймін - ау өзі... Биыл оқуға барады деп естідім бе?
К ү л ә н. Әлбетте, барам.
Е р е ж е п. Оқуында несі бар мұның?
Ж а қ а н. Сонда сіздің орныңызға счетоводты қайдан табар екенбіз, осы жағын ойладыңыз ба?
Е р е ж е п. Бұл қыз кетсе, дүние қараң қалар деймісің?
К ү л ә н. Оны сіздер ойлануыңыз керек. Екі жыл қызмет істедім, енді оқуға правом бар шығар.
Е р е ж е п. Есітейін дегенің сол ғой.
Ж а қ а н. Конечно, конечно. Оқуың керек. Оны ойланып жүрміз. Бірақ... Күлән ақылды бала, сырттан оқиды деп те қоятынымыз бар.
К ү л ә н (күліп). Сонда, барып оқитындар ақымақтар ма?
Е р е ж е п. Ілген жерін қарашы.
Ж а қ а н. Қаланың қақ ортасында біздің туыстар бap, солардың үйінде тұрып оқуыңызға болады ғой.
К ү л ә н. Ол қамқорлығыңызға рахмет. Общежитие бар емес пе?
Е р е ж е п. Тапқан екенсің сенің туыстарыңа баратын адамды.
Ж а қ а н. Па - па, Күлән шырағым - ай, сөзге шеберсіздер - ау! Жалпы айтып отырғаным ғой... Әлгі Жайлаубайдың қызын білесіз ғой?..
Е р е ж е п. Онда несі бар - ей?
К ү л ә н. Енді түсінікті. Сүйді, тиді. Бірге оқып жүр, онда не тұр екен?
Ж а қ а н. Жоқ, ол дұрыс. Екеуі тең болған соң, то есть былай жарасқан ғой.
Е р е ж е п. Сен де жетісіп тұрсың. (Күлән үй ішін жинастырған болып жүреді).
Ж а қ а н (өзіне). Не деп кеттім осы? Ал, тәуекел, бастадым.
Е р е ж е п. Иә, сәт...
К ү л ә н. Бірдеңе дедіңіз бе?
Ж а қ а н. Осы Болат былай қалай? Сол жігіттің өзінің жүріс - тұрысы дегендей. Пікіріңіз қалай?
Е р е ж е п. Тағы бетіне кетті.
К ү л ә н. Келген кезде «тамаша специалист» деп өзіңіз мақтап жүр едіңіз ғой. Мен оны көптен білем. Бір мектепте оқығанбыз. Менің жолдасым.
Ж а қ а н (шошына). Жолдасым?!
К ү л ә н. Иә, онда не тұр? Как товарищ тамаша жігіт.
Ж а қ а н (сабасына түсіп). А, как товарищ де. Шынында да, ол өзі жаман жігіт емес.
Е р е ж е п. Мынаның сандырағының түрін - ай!
Ж а қ а н (өзіне). Енді тура тартам. (Күләнға.) Жасыратыны жоқ, мен бойдақпын ғой, Күлән шырақ.
Е р е ж е п. Е, е... Баяғыдан бері осылай кетпеймісің.
К ү л ә н. Оны білеміз «жеңгейдің тойына қашан барар екенбіз» деп күтіп те жүрміз.
Е р е ж е п. Ойнаған екенсің. Әне, бұлар сүйтеді.
Ж а қ а н. А, не дейді, жаным - ау! (Абыржи.) Ерекең айтқан жоқ па, жеңгей де білуші еді ғой?
Е р е ж е п. Мынау әбден бүлдірді - ау. (Күйзеле.) Мұны да еркек деп, менің айтқаныма көнсе алдақашан қанжығаңда жүрмес пе еді?
К ү л ә н (әдейі). Маған ештеңе деген жоқ.
Е р е ж е п. Бұлар өлсе мойындай ма?
Ж а қ а н. Япыр-ай, ә... енді...
К ү л ә н (жалтара). Сіздің біреуге үйленейін деп жатқаныңызды есітсе, алдақашан айтар еді ғой.
Е р е ж е п. Бұлаң құйрыққа қалай салады.
Ж а қ а н (абыржып). Жоқ, олай емес, мен әзір үйленбеймін. То есть үйленетін адамым әлі белгісіз.
К ү л ә н. Е, мен оқуға кеткенше бола қоятын түрі жоқ болды - ау, ағасы?
Ж а қ а н (ширыға). Айналайын, турасын айтайын ба?
К ү л ә н. Айтыңыз.
Ж а қ а н. Өзіңмен ақылдасайын деп едім.
К ү л ә н. Не туралы? (Күлән графиндегі суды терезеден гүлге төгеді. Ережепке шашырайды. Ережеп еңбектей шегіне береді. Болат кіреді).
Ж а қ а н (Болаттың кіргенін байқамай). Үйлену туралы.
Б о л а т. Па - па, үлкен мәселе көтеріліп жатыр екен ғой.
Ж а қ а н (абыржи). А, сен бе едің?
К ү л ә н. Тіпті жақсы болды. Болат үшеуіміз ақылдасайық. Әңгіме мынада...
Б о л а т. Пожалуйста мен дайын.
Е р е ж е п. Ана бала бүлдіреді. Барайын. Қара басып мынау орта жолда қалды ғой. (Шегіншектей тұрып келеді).
Ж а қ а н (қызарақтай). Болат, сен неплохой специалиссің. Но, мінезің тіктеу. Сен заводта немесе фабриктегі жұмысшы емессің. Мал шаруашылығына байланысты қызметтесің. Малшының тілін табу оңай емес.
Б о л а т. Ағасы, сіздің үйленуіңізге менің мінезімнің қанша кедергісі бар?
Ж а қ а н. Жоқ сен ол мәселені былай қойшы. (Күләнға.) Оны Күлән екеуіміз кейін ақылдасамыз, то есть жалпы кейін шешілетін мәселе. Мен саған достық, ағалық ретінде айтам. Сенен гөрі өмір тәжірибеміз бар. Өмір деген қызық, оқығанға да, оқымағанға да орын жетеді.
К ү л ә н. Дұрыс-ау ағайдың айтып отырғаны.
Б о л а т. Ақсақал, орынға таласудан аулақпын.
Ж а қ а н (сөзін бөліп, әуелі иегін, кейін самайын сипап). Во - первых, айналайын, ақсақал дегеніңді қой, во - вторых шамалы жасы үлкен адамның бәрі ақсақал бола бермейді.
К ү л ә н. Қайта ақсақалдыққа жеткізсін деп қуанбай ма жұрт? Ол көп жасаудың белгісі емес пе?
Ж а қ а н. Маған ертерек. То есть түсінбей тұрсың, Күлән шырағым, бұл мені кекетіп айтып тұр. (Самайын сипап.) Именно кекетіп тұр.
Б о л а т. Ондай ойдан аулақпын. (Ережеп кіреді.) Міне, Ерекең айтсын, мұныңыз қиянат.
Е р е ж е п. Бұл не дау? (Қабақ шыта.) Болат жүрген жерде найзағай ойнайды, тағы бірдеңе бастап жатыр ғой шамасы.
Б о л а т. Найзағай ойнаса, бұлт серпіледі, нұр жаңбыр жауады. Онан да ертеңге әлгі қағаздарымызды дайындайық.
Ж а қ а н. Ол не қағаз?
Б о л а т (Күләнға). Айтқан жоқ па едің?
К ү л ә н. Сен хабарлаймын деп едің ғой.
Б о л а т. Бұл кісіні көріп тұрғаным осы.
К ү л ә н. Жана отчеттарды сұрағаныңыздан естіген шығар деп едім. Облисполкомның орынбасары крайға ертең етеді екен. Соған бірсыпыра қағаздарды дайындап, поезға алып шықсын деп бағана кеңсеге телефон соққан.
Ж а қ а н (өзгере). Есен Тоқбергеновнч те кетіп қалды - ау?
Б о л а т. Екі күннен кейін оралам, Жақанға айтыңдар, пусть командует деді.
Ж а қ а н (маңғаздана). Ну, что же, будем командовать. (Болатқа.) Сен қора ремонттау, шөп сүрлеу жағының жалпы жайын екі бет етіп жаз. Отчеттардың өзгесін Күлән өзі реттер.
К ү л ә н (Ережепке). Жезде, мені неге шақыртып едіңіз?
Е р е ж е п (жалтақтап). Кейін айтам, кейін айтам, бара бер жұмысына, айналады қаракөз балдызынан.
Б о л а т. Онда біз кетейік.
Ж а қ а н. Күлән шырақ, сен барып жұмысыңды реттей бер, ал сен сабыр ет, шаруа бар.
(Күлән кетеді. Ережеп Жақанға қамшыны бас дегендей ишарат етеді).
Б о л а т. Құлағым сізде.
Ж а қ а н (сыздана). Құлағыңды қоя тұр, өзің отыршы мына жерге. (Болат отырады.) Болат, ашып айтуым керек, сен саяси сауатың нашар адамсың.
Б о л а т (кекетінді). Оны қайдан білдіңіз? Қай емтиханнан құлап қалып едім?
Е р е ж е п (дем бере). Қарауындағы адамның бар кем - кетігін, осал оғашын тек бастықтар ғана біледі, шырағым Болат. Ал сен басшы қызметте болған жоқсың, оны мойындау керек.
Б о л а т. Ал солай - ақ болсын.
Ж а қ а н. Так вот, қазіргі мал шаруашылығына, ет дайындау мәселесіне өкімет пен партия қойып отырған талапты ешуақытта естен шығармау — басты міндет. Бұл не деген сөз, бұл бар мүмкіншілікті максимально пайдалану керек деген сөз.
Б о л а т. Мен осыны түсінбейді деп айтып тұрсыз ба?
Ж а қ а н. Мен мұны как руководительдің бірі ретінде айтам.
Е р е ж е п. Біле білсең, шырағым, дәл осы жаны ашыған адамның сөзі. Осындай басшылардың арқасы емес пе халық қатарында жүргеніміз.
Б о л а т (ұнатпай). Сізге осылай көрінетін шығар.
Ж а қ а н. Әне, бүйректен сирақ шығаруға құмарсың.
Б о л а т (ширыға). Жақа, менің кемшілігім болса айтыңыз. Бірақ дәлелдеп айтыңыз. Болмаса бастық екенмін деп...
Ж а қ а н (бөліп). Бұл жақсылықты білмейтін жігіт, жаңа қатарың болған соң, Күләннің көзінше беделіңді түсірмейін дедім. (Даусын көтере.) Біздің коллектив, коллектив демекші сен жақында келген адамсың. Коллектив деген сөз — бір семья деген сөз. Бәріміз бір семьяның адамындай тату-тәтті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек.
Е р е ж е п (қошеметтеп). Ай, айналайын Жақан - ай, халық үшін туған баласың - ау. Сөзін қарашы.
Б о л а т (орнынан тұрып). Коллективке мен іріткі салып жүрмін бе?
Ж а қ а н. Әңгіме онда емес.
Б о л а т (екіленіп). Енді неде?
Ж а қ а н. Кемшілік дегенді кезінде көріп, бір - бірімізге көмектесіп отыру бүгінгі таңдағы міндет екенін естен шығарма. Әрине, критика, самокритика деген біздің коллективте бар пәрменді бойымен көрінсін. Сөйте тұра еткен жиналыста сен жұрттың бәрінің бетінен алдың.
Б о л а т. Кешіріңіз, жұрттың бәрі емес, сіз бен Ерекеңді сынағаным рас. Оны жиналыс дұрыс деп тапты.
Е р е ж е п (күйіне). Енді соның не реті бар еді, айналайын. Мен болсам бәріңе бірдей жең ұшынан жалғасып дегендей.
Б о л а т. Мен сол жең ұшынан жалғасу дегенге қарсымын. Жағымпаздық дегенге қарсымын.
Ж а қ а н. Правильно. Жағымпаздық, подхалимдік дегенді түп-тамырынан суырып тастау керек. Менің де жаным жек көретін нәрсе сол. Рас, сын түзелмей, мін түзелмейді. Бірақ сынның да сыны бар, жолдастар. Бедел түсіріп, берекеңді алатын сыннан аулақ болайық, аулақ болайық!
Е р е ж е п. Әне, мәселе қайда жатыр. (Өзіне - өзі.) Қызға келгенде болмаса, мұндайда сайрауында мін жоқ - ау.
Ж а қ а н. Жасыратыны жоқ, сенің орныңда өткен жылы бір жас жігіт болды. Как специалист жаман емес еді.
Е р е ж е п. Келген кезде қандай тамаша болатын, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлап елпек қағатын.
Б о л а т. Білемін, ол қазір...
Ж а қ а н (мән бермей сөзін бөле). Сол жігіт алты айдың ішінде апшымызды қуырды. Ерекең бір сиырды бұзауға айырбастап жіберген бе қалай, соны?..
Е р е ж е п. (қипақтап). Өткен әңгіме ғой.
Ж а қ а н. Әрине. Ие, сондай майда - шүйдені жинастырып арыз дегенді айдасын - ай келіп. Қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме дегендей - ақ, тексеру келем дегенше бұзау да бақандай сиыр болып шыға келді. Бала сазға солай отырды.
Б о л а т. Қылмыс деген сол майда - шүйдеден құралады.
Ж а қ а н. Ондайға өзіміз де тыйым салып келеміз.
Е р е ж е п (ақылгөйсіп, маңғаздана). Менің ойымша былай: домалақ арыздың дәуірі әлдеқашан өткен. Жазады екенсің, аты-жөніңді мекен - тұрағыңды айтып жаз, солай емес пе, Жақа.
Ж а қ а н. Әлбетте, содан кейін сөйлесеміз.
Б о л а т (жігерлі). Мен арыз жазбаймын. Жүрегі жарылып кетсе де, кім болса да көзіне айтам. Тыңдамайды екен, редакцияға жазам.
Ж а қ а н. Облыстың алды болмағанмен кеудесінде отырған совхозды кім жамандап жаза қояр екен.
Е р е ж е п (екіленіп). Бәсе, соны айтам - ау?
Ж а қ а н. Сен әлі жассың, көп нәрсеге түсінбейсің. Айтайық, ертең ана бастық етіп барады, ол өзі келсе де бір мал жейді, соған енді былай...
Б о л а т. Тағы бір тоқтыға акті жасау ғой?
Е р е ж е п. Шырағым, енді қайтесің? Әкелген табағыңда малдың басы болмаса кейбіреулер жыланның етін көргендей сыздана қалады. Дәстүр солай болған соң, амал жоқ.
Ж а қ а н. Шынында солай өзі. (Алдаусыратқан болып). Әй, Болат - ай, кесірліктен не пайда? Онан да адам жіберіп бір тоқты алдыр, актісін өзім бекітемін.
Б о л а т. Сонда неден өлді дейміз?
Е р е ж е п. Баламысың деген ә, мал ауруының атынан көп неме жоқ. Біріне жатқыза салмаймысың. Қолдағы дүние емес пе бәрі.
Б о л а т. Бұл әзілдеріңізге көне алмаспын. Кім қонақасы берсе, сол көнер.
Ж а қ а н. Сенен бұрынғы жігіт те осы кесірлігінен тауып еді. Қазір қайда жүргенін өзі білсін.
Б о л а т. Сағынсаңыздар, кездесерсіздер. Жуырда біздің управлениеге главветврач болып келіпті.
Ж а қ а н (шошына). Не дейді?
Е р е ж е п. Жеткен екен ғой.
Қолында заттары бар Әлима кіреді .
Ж а қ а н (өзгере). Ay, асыл жеңгесі, аман-сау бармысыз!
Ә л и м а. Жау жейді деймісің, шырағым, жүрміз ғой.
Е р е ж е п (жуып - шайып). Бүгін өзі маған ашулы. Әлима ішке кіріп кетеді).
Ж а қ а н (қипақтай). Ереке, біз кеңсе жаққа барып, Болат екеуіміз ертеңгі шаруаның жайын ойластырайық. (Әлима жақты нұсқап). Ана мәселені өзіңіз реттеңіз. (Болат екеуі кетеді.)
Е р е ж е п (жалғыз). Кейде осының өзі тым сүйегі жасық жігіт пе деп қалушы едім, айтқанымдай - ақ қызбен сөйлескен түрі әлгі. Жұмысқа пысық ісіне мығым. Сөзге шешендігінде мін жоқ. Болатқа тізені мықтап - ақ көрсетті. Бұл тараптан қарағанда қызды ұршықтай үйіріп кететін реті бар. Бірақ ол жоқ, міңгірлеп албасты басты да қалды. Тағы да: «Ереке, өзің ретте» дейді. Сонда ол қызды байлап беруім керек пе? Шорт знает, өзінің әйел баласына қыры шамалы болып тұр.
Әлима шығады.
Ә л и м а (сыздана). Немене, жеңгетайлығың іске асып келе ме?
Е р е ж е п (шатынай). Сен осы... ақыл осы саған қашан енеді?
Ә л и м а (байланыса кетіп). Сенің айтқаның болмаса, кем ақыл көрінетін әдетім.
Е р е ж е п. Сонда мен жауға жеңгетай болып жүрмін ба? Күләннің менен жақын кімі бар? Мүлде мен оның әкесіндеймін. Қаршадайынан қолымда өсті.
Ә л и м а. Оның рас, ал енді қай әке өз қызына жеңгетай болды? Соны ойладың ба?
Е р е ж е п (абыржи). Болып жүргендер де бар шығар, мен енді, өзің білесің, қанша дегенмен жездесімін ғой.
Ә л и м а. Жездесі болсаң, оның да жолы бар. Алдымен келешегін ойла. Жап-жас бала, оқысын, өз теңін өзі табар демеймісің.
Е р е ж е п (ызалы). Теңінің түрі Болат сияқты қу аяқ болса, тәңірім жарылқасын.
Ә л и м а (сезіктене). Онда несі бар?
Е р е ж е п. Ыржыңдап, әзілдеседі де жүреді.
Ә л и м а. Мұның ұшқары әңгіме болар. Екеуі бір мектепте оқыған жолдас-жора дегендей.
Е р е ж е п. Бар бәле сол бірге оқығандардан шығып жатқан жоқ па? Жайлаубайдың қызы да бірге оқығансып борбайдың бірімен кетіпті.
Ә л и м а. Көңілі жарасса онда не тұр екен?
Е р е ж е п. Көңілі жарасты деп көрінгеннің қанжығасына байлап жіберейін бе?
Ә л и м а. Дұрыс айтасың, қанжығаға байлама. Ал енді дүниенің тұтқасы сонда тұрғандай Жақанға жабыса беретін не сайтаның бар?
Е р е ж е п (ашулы). Немене, Жақан бір әйелді асырай алмай ма?
Ә л и м а (ширыға). Міне, сені құртатын осы мінезің. Сенің бабыңды табамын деп өзімнің де орта жолда қалғаным жетер, о несі маған...
Е р е ж е п (шегелеп). Кімнен кемсің? Не ішіп, не кием демейсің, өзің би, өзің хан.
Ә л и м а. Хандығыңды да, билігіңді де басыңа жастап жат. Шүберекке мас болған шолжаң қырсығымыз өзімізбен кетсін.
Е р е ж е п. Мұндай данышпандыққа қашан жеттің?
Ә л и м а. Сен, жеткізген.
Е р е ж е п. Менің арқамда данышпан болсаң, арманың не, бәйбіше?
Ә л и м а (ызғарлы). Тілімді қыздырмай тыныш отыр.
Е р е ж е п (жалтара). Қойдым, бәйбішесі қойдым. Басқа дүние астан-кестен болса да, өз ашуыңнан сақтасын жаратқан.
Ә л и м а. Ендеше соны біл де жүре бер.
Е р е ж е п. Әй, бәйбіше - ай, осының бәрін қай жетіскеннен айтады дейсің? Мен бір білімі тасып жүрген адам емеспін. Жолбарысты жезде, аюды апа дейтінім де сендердің қамың.
Ә л и м а. Бізді жау жемейді. Өз басыңды алып жүр. Ертең балаң бітіріп келеді. Шүкір, бір - ақ жылы қалды.
Е р е ж е п. Оған өзім де қуанам. (Мақтана.) Ортан қолдай зоотехник, совхоздың бір тұтқасын ұстап тұра қалмаса әкел қолыңды.
Ә л и м а. Он бес жыл оқыды, өз жөнін өзі білер, теңін тауып, тірі болса болды.
Е р е ж е п . Тірі болған соң, ірі болғанға не жетсін, бәйбіше? Заман білімдінікі, білгендікі. (Өкінішпен.) Иә өз қолымыздан ол келмеді. (Мұңайып.) Жеңгетай деп сен кекетесің, мен бір нәрсені біліп айтам.
Ә л и м а. Нені?
Е р е ж е п. Жасыратыны жоқ, ол екеуінің тіл табысып қалуы да ғажап емес. Күлән ақылды ғой, алыстан ойлайды.
Ә л и м а. Жаңа Болатпен шатастырып отыр ең ғой.
Е р е ж е п. Сен айтқан соң түсіндім. Ол бір балалық та. Маған сенбесең, Күләннің тамырын өзің басып көр. Соңғы өтінішім болсын бәйбіше? Кейін өзің «шалым ақылын тапқан екен» дерсің.
Ә л и м а. Рас болса, сөйлесіп көрейін.
Күлән кіреді.
К ү л ә н. Бір қағаздар қалып қойыпты. (Ішке кіріп кетеді).
Ә л и м а (Күләнға). Бері келші. (Ережеп сылтау тауып ішке кетеді).
К ү л ә н. Асығыс па?
Ә л и м а (сыбырлай). Сені не құдай ұрып жүр?
К ү л ә н (таңдана). О не дегеніңіз?
Ә л и м а. Жақанмен сөз байласқаннан саумысың?
К ү л ә н (күліп). Е, сол ма еді? Бәрі бос әңгіме.
Ә л и м а (сыбырлап). Ендеше әзір сыр білдірме! Қағазың келгенде бір - ақ тарт оқуыңа. Мына жездең күйіп-пісіп жүр. (Ережеп шығады, Әлима дауысын өзгертіп.) Біз саған жамандық ойлар деймісің, ойлан!
К ү л ә н (жалтара қуланып). Жарайды, түсінемін ғой бәріне. Сіздер не айтсаңыздар да...
Е р е ж е п (қуанып кетіп). О, айналасын қаракөз балдызынан. (Әлимаға.) Айттым ғой жаңа. Көрсін жұрт балдызының тойын.
К ү л ә н. Мені Жақан күтіп отыр. (Кетеді).
Е р е ж е п. Көрдің бе, Жақан дегенді жып - жылы айтты.
Ә л и м а (аңқаусып). Өздері тіл табысты дегенің рас болса, мен қарсы болып қайда барады дейсің.
Е р е ж е п. Жаңа байқаған жоқсың ба?
Ә л и м а (мән бермей). Байқағанда қандай.
Е р е ж е п (сыбырлап). Енді саған бір қызық айтайын. Есен Тоқбергеновичті облысқа алса, Жақан сөз жоқ соның орнында қалады. Май шелпектің әкесін сонда көресің! Ертең баламыз бітіріп келгенде де арқа сүйер біреу керек қой, мен болсам қартайдым.
Ә л и м а. Жарайды енді, қойшы, Жақаның аспанды тірейтін болса көрерміз. (Телефон шылдырлайды. Ережеп барып алады).
Е р е ж е п. Алау, ә Жақанбысыз. (Дауысы өктемдеу.) Хал қалай? Хал қалай деймін? Нечоуа деймісің. (Әлима ішке кетеді.) Сол нечоуа дегеніңізді енді қойсаңыз деймін. Ие, ие... кх... кх.... үйде өзіңіз қалай сөйлесіп едіңіз! Тым тәуір деймісің? (Трубканы басып жұртқа.) Қарық қылып едің. Трубкаға.) Сүйіншіңізді дайындай беріңіз, жеңгең де кет әрі болмай шықты. Ие... ие... кх... кх... (Күлкісін тия қалып.) Болат көнбеді деймісің, мен қайдан табам. Кімнен... Жарайды, бірдеңе етерміз. Әзір ақша бар ғой... Жарайды, кейін есептесерміз. Әрине, әрине, құр қол шығу ұят, ел емеспіз бе, әлбетте, түстен кейін хабарласыңыз. (Трубканы іліп, әндете.) Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін. (Айғайлап . ) Бәйбіше, бері кел. Мықтыны қарсы алу керек болды. Дайындық, дайындық...
Ә л и м а. (Ережептің қуанышты кейпіне таңдана). Сен тым есіріп кеттің, шалым...
Е р е ж е п. Бүлк ете көрме, бәйбіше. Дайындық, дайындық. (Асығыс киіне бастайды . ) Мен біраздан кейін келем. Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін. (Ережеп кетеді. Әлима аң-таң).
Ә л и м а. Қайтсін сорлы, әлгіге мәз болғандағы түрі ғой.
Ш ы м ы л д ы қ.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Музыкадан кейін сахнаның оң жағынан әзілдесіп Күлән мен Болат шығады.
К ү л ә н. Сен қызықтан қалып қойдың ғой. Махаббат сырын қалай шертуді Жақаннан үйрену керек еді.
Б о л а т. Ондайға су төгілмес жорға шығар?
Қ ү л ә н. Сұрама деймін, ағып тұр. Сөздері қандай сап алтындай салмақты.
Б о л а т. Шынымен солай ма екен? Бәсе, маған бүгін қаһарын төгуі жаман, жел пайда болған ғой ағаңа?
К ү л ә н (күліп). Әңгіме негізінде совхоз шаруашылығы жөнінде болды, тамаша деймін.
Б о л а т. Шаруашылықтың не қатысы бар екен махаббатқа?
К ү л ә н. Шеберлік сонда жатыр. Шөптің жоспары және махаббат мәселесі. (Күледі).
Б о л а т. Вот это да! Қызық екен ғой өзі, шөп жоспары орындалмаса үйленбеймін дей ме сонда?
К ү л ә н (күліп). Ие, сүйдейді... Ойнап айтам бишара жан ғой... Біздің жездей де адам танығыш - ау, мақтайды келіп соны.
Б о л а т. Ерекеңе бәрібір. Өзінен дәрежесі бір елі жоғары болса болды. Соны данышпан тұтады.
К ү л ә н (қабағын шыта). Апам да, мен де, оқудағы баласы да ренжіп талай айттық. Әбден бойына сіңген әдет қой деймін. Бүгін тағы шығындалып жатыр.
Б о л а т. Маңдайы тасқа бір тимей бұлар тоқтамайды. Нечеуа. Өмір өзі - ақ жөнге салады.
К ү л ә н. Жарайды, Жақан кеңседе күтіп отырған шығар. «Уақытында болмайсыңдар» деп кейде лекция оқитыны бар. Қаһарына ұшырап қалмайық.
Екеуі де кете береді. Музыкалық паузадан кейін Ережеп шығады.
Е р е ж е п. (әндете шығып). Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Көрдіңіздер, ағайын. Тойда кездесейік деген уәдем — уәде. Қай күні болатынын өзім айтам. Біздің Әлиманы иландырғандарыңызға рахмет. Сіздерден жасыратын сыр жоқ. Кейде отырып таң қалам, топырағы торқа болғыр ата-бабаларым үш-төрт қатын алып қалай күн көрді екен, мына біздер бір қатынның өзімен шашымыз ағарып барады. Дәл бүгін сіздер айтпағанда Әлима көне қоймайтын еді. Бұдан былай құдай қаласа, Жақанмен «сіз», «біз» деп сызылуды қоятын шығармыз. «Әй, Жақан, ананы былай жаса, мынаны былай жаса, мынаны былай ет, сен немене өзі!» деп бұйыра сөйлейтін күнге де жетер Ерекең. Ол мың жерден бастық болғанмен бажа болып қалады. «Бажа бажаны көрсе басы қышиды» деген атам қазақ. Көрсетем мен оған әлі талай қиғылықты! Асығыспын, ағайын, көріскенше күн жақсы!
Әндетіп кете береді. Көңілді Жақан шығады.
Ж а қ а н (ыржиып). Жақсылық жата ма, бәріңіз де есітіп қойған тәріздісіздер ғой. Жақсылықты жасырма, жамандықты асырма деген осы. (Жүрегін ұстап.) Интересно, жүрегім почему - то бүлкілдеп соға береді. Знаешь, бұл қуаныштың белгісі. (Қиялдай.) Ах... Күләнді айтам - ау! Бой, сымбат, үні қандай тамаша! «Мемлекет алдында тағы алған міндеттемеңіз бар ма» деді - ау. Мен де жау жүрекпін ғой, «неге болмасын» деп сарт ете қалдым. Сөйтіп, мәдениетті түрде сөйлеспесе болмайды ғой. Сүйемін, күйемін деген ол кейін айтылатын нәрсе емес пе? Өздеріңіз көрдіңіздер, мен бәрін де жағдайға, саясатқа байланыстырып айттым. Меніңше, онша қателескен жоқпын - ау деймін. Асылында қыздармен сөйлескенде осылай скромно ойланып сөйлескен жөн. Мен сүйтем. Ертең үйленгенде көрерсіздер, мен ешуақытта әйелге «сен» деп сөйлемеймін. «Күлән Асқаровна, сіздің бүгін басыңыз ауырып отыр ма, Күлән Асқаровна, сізге дәрігер шақыртайын ба» деймін. Әйелді өзіңмен тең санау деген осы. Жолдас азаматшам деудің орнына кейбіреулер «біздің қатын», «менің келіншегім», «бәйбішем» деп жатады, осының бәрі грубо, феодалдық көзқарас. «Эгоизм» деген осындайдан туындайды. Мәдениет деген, ең алдымен, махаббат мәселесінде көрінуі қажет. Ал, «өртендім, күйдім, жандым» дейтіндер де болады. Байқасаң күйіп-жанған сайтаны да жоқ. Балалы-шағалы болып жүріп жатады. Видимо, алғашында абсолютно өтірік айтатын болу керек. Кейде ұрысып жанжалдасып қоятындары бар. Сонда бұлардың күйіп-жанғаны қайда жүр? Міні мәселе қайда жатыр, жолдастар, театр мен кинодағы махаббат дұрыс шығар, бірақ соның бәрі мәдениетті болуы міндет. (Сағатына қарап.) Қазір Күлән кеңсеге келеді. Сонда тағы сөйлесемін. Бәрін асықпай айтам. Мұндайда скромно, серьезно бола біл.
Пушкин айтты деген бір әңгіме бар еді, соны ұмытып тұрмын. Өздеріңіз талай естіген шығарсыздар. Вот солай болу керек. Оның үстіне қызмет бабы да жаман болмайтын түрі бар. Ертең бастықты қарсы алып жіберсек, ол да плюс. Ережеп ол жағына жанын салып жатыр. Біздің тойымыз да скромно болады, алдын ала айту неудобно, оны өздеріңіз бағаларсыздар... (Ойлана, өзіне.) Так, Күләнмен екінші кездесудегі сөзді неден бастасам екен... ә... ә. Бағана қай жерге келіп тоқтап едік... (Есіне түсіріп, саусағын санап.) Отчет, ет, шөп жоспары міндеттеме, так, так, бойдақпын дедім... ә... сосын... дұрыс, дұрыс, «өзіңізбен ақылдасайын» деп едім деген жерге келген екенбіз ғой... Да, да, сол, ал кеттім.
Кетеді. Шымылдық ашылады. Ережеп үйінің қонақ бөлмесі. Веранда жартылай көрінеді. Жасауы орташа. Оң жақта ас бөлмеге шығатын есік. Сол жақта Күлән белмесі. Екі жекі түрулі Әлима асығыс кіріп - шығып жүр. Енді ішке кетті. Қолында үлкен сумкасы бар Ережеп кіреді.
Е р е ж е п. Бәйбіше, уа бәйбіше, қайдасың? (Заттарды стол үстіне қойып.) Тәуекел деп көзді жұмдым.
Әлима шығады.
Ә л и м а. Не боп қалды?
Е р е ж е п. Кейде тиынның сом болып оралатын сәті де болады. Тәңірім соған жазсын.
Ә л и м а (сумканы қарап). Сонша ала бергенің не?
Е р е ж е п. Коньяк деген итің жүдетіп кетеді екен. Жұлдызы молырағынан алмасаң, тағы реті келмейтіні бар - ау жайрағырдың.
Ә л и м а. Қаншаға түсті!
Е р е ж е п. Салқын жерге қоя сал. Отыз соммен тағы да қош айтыстық.
Ә л и м а. Қарадай жүріп шабылыпсың ғой, сорлы, өздері ақшадан ештеңе қосты ма?
Е р е ж е п. Нечеуа, бәйбіше, нечеуа. Жақан бар шыныңды кейін өзім көтерем, есептеп қоя беріңіз деді.
Ә л и м а. Есепте деп ертең жонын бір - ақ көрсетпесін.
Е р е ж е п. Әй, бәйбіше - ай, кейде бір осылай шолақ ойлайтының бар - ау, ертең өз адамың болғалы тұрған Жақан емес пе?
Ә л и м а. Өз адамың дегенмен оты бөлек, ошағы бөлек. Оған да дүние керек. Ашық ауыздық абырой бермейді.
Е р е ж е п. Қойшы енді, «бәрін де өзіңіз реттей салыңыз» деп салмақ арта сөйлеген соң шыдамадым. Бәрі де Болат жүгірмектің кесірі. Ол көнгенде есебі басқаша табылғалы тұр еді.
Ә л и м а. Жас бала қорқады ғой, қайтсін.
Е р е ж е п. Қайдағы қорқу. Қаршадайынан үлкендермен жағаласып жүрген жалмауыз емес пе? «Шындық», «әділет» деп айқай салғанда аза бойың тік тұрады.
Ә л и м а. Әділет ұстаса айып па?
Е р е ж е п. Сен сол баланы жақтауыңды қойшы. Екі туып бір қалғаныңдай аузыңнан тастамайсың. Мені де жек көреді, кейде қарсы шығады.
Ә л и м а. Жек көрсе мінезіңнен де, әйтпесе несі бар сенде.
Е р е ж е п. Ел-жұртқа жаққан Ережеп, бір балаға ұнамадым деп қайғырар жайы жоқ. Жақан аман болсын!
Ә л и м а. Жақан, Жақан! Бұл науқастан жазылудан кетіп барасың. Сөйтіп жүріп ақша сенікі, абырой Жақандікі болып жүрмесін.
Е р е ж е п. Ол дәу Жақанға жақсы қараса, маған да алыс болмас. Ережеп есебін өзі біледі, (Серпіле.) Шіркін дүние, бір күн үйге түсіп кетпейді - ау. Үйге шақырғанға не жетсін. Бірақ оның реті келмес, жол жүріп барады ғой.
Ә л и м а. Онан да осынша дүниенің өз қалтаңнан шыққанын сездіріп қалудың қамын ойла.
Е р е ж е п. Оны ма, оны... (Ойланып.) Таптым, таптым...
Ә л и м а. Иә, ал, айт.
Е р е ж е п. Жоқ, тапқан жоқ екенмін... тұра тұр.
Ә л и м а. Бастық көрсең қара басып міңгірлеп қалатын науқасың бар сенің, тағы да соған ұшырап жүрме.
Е р е ж е п. Қойшы, сен де әлден адамның жүрегін қобалжытпай. Оның өзін былай нетем ғой.
Ә л и м а. Менің алдымда қобалжыған жүрек, ертең дәуді көргенде жарылып кетіп жүрмесін.
Е р е ж е п (ақтала). Бәріне соғыс кінәлі. Әбден титығыма жетіп, қанымды бұзып кеткен -ау деймін. (Желпіне.) Білесің, өзіңді алған жылы промкомбинаттың директорин жердей алып, жердей салып сынағанымды. «Сен біреудің құйыршығы болмасаң жарар еді» дедім - ау, тайсалмай. Не деген өжеттік десеңші, ешнәрседен қаймығу жоқ еді атымен. Сол жылы соғыс басталды да, бес қаруды белге асынып, «майдан қайдасың» деп тартып бердік.
Ә л и м а. Жарайды, ол жырыңды өзім де білемін.
Е р е ж е п. Ә, әлгіні ме? (Ойланып.) Қайтсем екен... бәрі де өз ақшама алынған деп тура тартсам қалай болар екен, бәйбіше?
Ә л и м а. Онда бүлдіріп аласың, Жақанның ренжіп қалуы мүмкін. Со жағын ойла.
Е р е ж е п. Әй, жарықтық бәйбішем - ай, әйел атаулының данышпанысың - ау. Сен болмасаң (шекесін шертіп.) мына қауашақ алдақашан қурап қалар еді. Өзіңе не жетсін, өзіне.
Ә л и м а. Менің саған ақылсыз көрінуім де, данышпан көрінуім де оп – оңай - ау.
Е р е ж е п. Ол өзі, бәйбіше, настроениеге байланысты. Так, ойлағанда былай, бәйбіше. Бәрін қағазға орап сыртынан байлаймыз ғой. Міне мынау біздің үйдегі жеңгеннің пісірген дәмі, арнаған малы еді, шыны байлар да біздің үйден, өзіміз болсақ, Жақанға жат адам емеспіз. «Ережеп, Әлима» деп конвертке хат салам да жіберем, осыдан абзалы жоқ.
Ә л и м а. Бұл да жөн, бірақ көздеріңше ашып Жақаннан ұят болып жүрмесін.
Е р е ж е п. Жо... жоқ... ашпайды, поезд бес - ақ минут тұрады. (Веранда жақтағы телефон шылдырлайды. Ережеп алады. Әлима ас үйге кіріп кетеді.) Алау, Жақанбысыз, то есть Жақанбысың? Ие, Жақа, Алдым, алдым, семіз болғанда атамаңыз — кеспеге қара жоқ... жас мал, тоқты ғой... Қазір, қазір. (Трубканы басып.) Бәйбіше!
Әлима шығады.
— Басын үйттің бе?
Ә л и м а. Күйіп-піспей шыдасаңдаршы бәрі болады.
Е р е ж е п (трубкаға). Күйіп-піспей то есть бәрі де болады. Солай, әрине. (Трубканы басуды ұмытып кетіп, Әлимаға.) Найқалып жүріп алмай, болсаңшы. (Абыржып трубканы жаба қойып.) Кешіріңіз, сізге емес, жеңгеңе деймін. (Трубкадан қолын байқамай алып.) Сен - ақ арам өлтіресің бір күні! (Әлима «трубканы жап» деп ымдайды.) Жоқ, жоқ, қатынға айтып жатырмын. Кешіріңіз, ие, енді өзіңіз нетіп... келіңіз... күтем. (Трубканы қойып, ішке кіріп, сылқ етіп отыра кетеді).
Ә л и м а (ызалы). Күнде көріп жүрген Жақаннан сонша құтың қашады. Ана келе жатқан дәуді көргенде жан тәсілім етпесең жарар еді.
Е р е ж е п (қалшылдап). Жанымды жемеші енді. Бір стакан су берші. (Өзіне - өзі.) Жаңағы сөздерді маған айтты деп ойласа, өлім - ау өзі. (Әлима су әкеледі).
Ә л и м а. Мә, есіңді жи. О несі сонша қалтырағаны.
Е р е ж е п (суды сіміріп салып). Трубканы тастап жіберді деп тұрмын ғой.
Ә л и м а (ызалы). Тастап жіберсе басыңа тиді ме?
Е р е ж е п. Әңгіме онда емес. Уһ, әй соғыс. (Қолының тамырын ұстап.) Мынаны қарашы, атша тулап тұр.
Ә л и м а (зілді үнмен). Сорлы, сені жағымпаз еткен соғыс емес қой, онан да...
Е р е ж е п (зілсіз ашумен). Әй, мынау не дейді? Қой деймін енді, нервіме тиме. Сенің маған жаның ашымайды. Қан кешкен оңай ма? Сен өміріңде тышқан өлтіріп көрген жоқсың. Мен төрт күн ұдайы фашистерді атып жаттым.
Ә л и м а. Иә, талайын жусатып қайтып едің.
Е р е ж е п. Совет әскері жеңді ме, жеңді. Соның бірі мына мен бе, мен. Саяси сауатың болса, соны аңғарар едің ғой сен.
Ә л и м а (кекетінді). Дұрыс - ақ мықтысың.
Е р е ж е п. Болды енді, болды. Батырға тисең, көзің көрмей қалды ма? Онан да тіршілік қамын ойлайық.
Ә л и м а. Сенің арқаңда бәрі тіршілік қана болып келеді.
Е р е ж е п. «Байым, сен тамашасың, шүкір, сенімен бақыттымын» деген бірде-бір әйелді осы жасқа келгелі көрген жоқпын. Бәрің де менен ақылды болып шығасыңдар.
Ә л и м а (байланыса кетіп). Неше рет үйленіп едің?
Е р е ж е п (шошына). Тәйт әрі, не деп отыр? Мен общим айтам.
Ә л и м а (әзілдегендей). Е - е, жалпақ басым, тірі бол әйтеуір.
Е р е ж е п (жайдарылана). Бәсе, солай де, біз екеуміз жиырма бес жыл тартысып, әлі жығыса алмай келе жатқан жолбарыстар емеспіз бе? Жақан әлгіге ренжіп қалды ма, келсе тамақ болғанша бір - екі рюмка қағысып дегендей.
Ә л и м а. Бір бастасаң ұзаққа сілтейтінің бар, азанда тұрмай қаласың, өзің тартынып іш.
Е р е ж е п. Бас салып жағамнан алғанша осылай ақыл айтып тұрсайшы.
Күлән кіреді.
Міні, Күләнжан да келді-ау. Айналсын ақ балдызынан.
К ү л ә н (күліп Әлимаға қарап қойып). Жезде, маған бүгін тым елжіреп кеттіңіз.
Е р е ж е п. Ойбай-ау, сені туған қызымнан кем көрсем, құдай мені де табар.
К ү л ә н. Бар болса дейсіз ғой. (Күлән өз бөлмесіне кете береді).
Ә л и м а (Күләнға). Жүр, маған көмектесіп жібер.
К ү л ә н. Қазір. (Бөлмесіне кіреді. Ережеп көңілді).
Е р е ж е п. Бәле, біздің Күлән алыстан ойлайды. (Әлима ас үйге кіреді. Ережеп әндете).
Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме,
Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Халат киген Күлән ас үйге өтеді. Телефон шылдырайды. Ережеп алады.
Е р е ж е п (трубкаға). Алау, Жақансыз ба! Ие, мен, жаңа біреу үзіп кетті дейсіз бе, қайдам... Ие, жоқ, екеуі де ас үйде. Айта беріңіз. (Шошына.) А, қойыңыз, не дейді... Күледі, неге... (Сыбырлап, трубканы қалқалай.) Япыр-ау енді былай батылырақ... Қазір осында келіңізші, шай - пай ішуге деймін де... не... Ақылдасайықшы... Ие... Мақұл. Сөз бар ма оған... (Трубканы қойып.) Бәйбіше! (Өзіне-өзі.) Бұ заманның жастары ма (Әлима шығады.) Шақшадай басым шарадай болды-ау?
Ә л и м а. Немене, соншалық?
Е р е ж е п. Мұндай да масқара бола ма? Жақанды Күлән ренжітіп кетіпті. Енді, осы да жөн бе?
Ә л и м а. Қалайша сонда...
Е р е ж е п. Әжуалайды дей ме.
Ә л и м а (әдейі). Қой, мүмкін емес. (Күләнға айғайлап . ) Күлән, бері шықшы, жарқыным.
(Күлән шығады.)
Немене, әп - әйдік адамды неге әжуалап жүрсің?
К ү л ә н (қулана). О кісі, әзілге түсінбеуші ме еді, жезде?
Е р е ж е п (күйіне, жалына). Айналайын, әзілдің де әзілі бар. Ол қанша дегенмен ортан қолдай азамат, қызметкер.
К ү л ә н. Ренжи қоятындай ешнәрсе болған жоқ тәрізді.
Е р е ж е п. Құдай бар-ды, айтшы жаным, мен саған жамандық ойлармын ба бұл жалғанда.
К ү л ә н. Әрине жоқ. Оған құдайсыз да сенемін. (Әлима үйге кете береді.) Жақан да қызық екен.
Е р е ж е п (Әлимаға). Тұра тұр, бәйбіше, сен де былай нетіп, көмектессейші.
Ә л и м а. Сенің айтқаның не, менің айтқаным не?
Е р е ж е п. Осындай қиындыққа келгенде менің бағамды көтеретінің бар, сенің.
Ә л и м а. Айттым ғой өзіне... (Қулана.) Тіл табысса менің қарсылығым жоқ. Қалауы білсін...
Е р е ж е п. Қалауы, жалауы дейтін несі бар, үйлі - жәйлі болған соң-ақ асықпай оқуға болады. Осы күні заочный деп жұрттың көбісі қырықтан асқан соң да бітіріп жатыр ғой. Ол өзі де «оқытам» деп отыр. Оқу деген еш жаққа қашпайды.
К ү л ә н (қулана). Оқудан басқа дүние қашама екен, жезде?
Е р е ж е п. Әне, бұларға бірдеңе десең қалжыңға басады. Жақандай ақ көңіл жігіт, қалқам, мен айтайын...
К ү л ә н. Таптырмайды дейсіз ғой баяғы...
Е р е ж е п. Міне, өзің көріп отырсың... Ереке деп екі елі аузынан тастамайды. Сен дегенде жаны жоқ. Оңашада жылап та алатын шығар, кім біледі.
Ә л и м a (кекетінді). Обалына обал.
Е р е ж е п (түсінбей). Дұрыс айтасың бәйбіше, ондай перспективасы мол жігітке әйел табылмайды деймісің. Просто, ол байғұстың басын айналдырып жүрген, әлгі немене өзі, махаббат деуші ме еді, сол ғой.
Ә л и м а (бірдеңе дей сал дегендей Күләнға көзін қысып). Онысы рас, бала кейінгі кезде тым жүдеп барады.
Е р е ж е п. Мен, осынша не үшін шығындалып жатыр дейсің. Бәрі сенің қамың. Ертең өтіп бара жатқан кісіні қарсы алуды сылтау етіп, өзіміз де бас қосқалы отырмыз.
К ү л ә н. Бәріне түсінем, жезде, бірақ әлден шығындану ертерек емес пе?
Е р е ж е п. Қуаныштың ерте-кеші жоқ, жаным... Мен қасқаның жанталасып жүргенім сол. Осы үйдегі бар дүние-мүлік сенікі. Тек жездеңнің айтқаны болсыншы. (Көңілі босаған болып.) Той жасап, қызығын көретін өзімнен болған қыз жоқ. Қуанышымның бәрі сен емес пе?
К ү л ә н (үміттендіре). Жарайды, ойланайын, жезде.
Е р е ж е п (құрақ ұшып, арқасынан қағып). Ой айналайын балдызынан көкесі, бәсе, ақылы бар өзінің. (Әлима мен Күлән ас үйге кете береді. Ережеп Әлимаға «ұғындыр, құлағын бұрай бер» дегендей ишарат білдіреді. Әлима жарайды» дегендей бас изейді . ) Қашан бұл екеуі қосылмайынша да қалған шаш ағарар. (Жұртқа.) Бірақ нечеуа, беті бері қарап қалды - ау деймін. Ие, солай өзі. (Әндете).
Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме,
Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Әлима бір зат алуға шығады.
Ә л и м а. Сенің - ақ қызыл түлкің таусылмайды екен.
Е р е ж е п. Бәйбіше дымың ішіңде болсын. Күләннің құлағыма құя бер. Ертең біз сол жағынан екінші отделенияға барып түс ауа ораламыз. Ащы қуырдағыңды дайындап отыр. Окончательный сонда сөз байласайық. Темірді қызған кезінде соқ...
Ә л и м а. Ертерек емес пе, екі-үш күнде балаң келеді, бәріміз ақылдасқанымыз жөн болар.
Е р е ж е п. Дұрыс, дұрыс, мұның да жөн. Айтпақшы, бәйбіше ертең азанда батылдау болу үшін жүз елуді жұта кетсем қайтеді.
Ә л и м а. Төбеңнен ұрсын, сен жұрт сияқты іше білесің бе? Жүз грамнан кейін - ақ буындырғандай қызара - бөртіп шыға келесің. Мынау бір «маскүнем» екен деп жүрер.
Е р е ж е п (күрсініп). Бұл да бір маңдайдың соры ғой. Арақ бетіне теппейтін адамдар қандай бақытты десейші.
Ә л и м а. Өйткен бақытты жер жұтсын. (Әлима кетеді).
Е р е ж е п (жұртқа). Әлгі біздің бухгалтер қара бар ғой, жартылықты жайғастырып алады да, бастықтармен сөйлесіп сайрай жөнелгенде, түк сездірмейді - ау, сабаз! (Сырттан машинаның келген дыбысы естіледі.) Әне, Жақан келді. Бәйбіше! (Әлима шығады).
Ә л и м а. Бет алдына елпектеп лепіріп сөйлей берме...
Е р е ж е п. Сүйтем ғой енді... (Жақан кіреді).
Ж а қ а н (күле). Ақсақал ашулы ма, қалай, жеңеше, жаңа мені телефонда біраз сілкіп -сілкіп алды - ау.
Е р е ж е п. Кешіріңіз, мен жеңгеңе баяғы нетіп жатқаным ғой.
Ә л и м а. «Ережеп те әйеліне жекіреді екен, соны да жұрт біле жүрсін» дегендегі ағаңның көрсетіп жатқан қыры ғой.
Е р е ж е п (жұртқа қуана қарап). Бәйбіше тауып кетті. (Жақанға.) Бұл әйелдерге сүйтіп қоймасаң бола ма.
Ә л и м а (кекете). Әне ағаң мықты ғой.
Ж а қ а н. Дұрыс, дұрыс, дайындық қалай, ақсақал? Поезд азанғы сағат 7-де келеді. Болат керекті қағаздарды дайындап кеңседе қалды. (Сағатына қарап.) Ұзамай ол да келер.
Е р е ж е п. Дайындық ғажап. Бағлан семіз шықты. Тұяқбайдан отыз сомға қақтым. Жұлдызы молырағынан отыз сомның коньягын алдым. Сол жетпей ме?
Ж а қ а н. Жеткенде қандай?
Ә л и м а. Бәрін асайын ба?
Ж а қ а н. Мүшелеп саламыз ғой енді.
Е р е ж е п. Басты жақсылап үйіт. Ондай адамдар талғампаз келеді ғой, солай емес пе? Тісін қағып таста...
Ә л и м а. Ол жағын үйретпей - ақ қой...
Ж а қ а н. Бас, жамбас, ортан жілік, асық жілік, сосын тағысын - тағы дегенде не бар?
Е р е ж е п. Жауырын, кәрі жілік, ішек - қарны ғой қалғаны.
Ж а қ а н. Жоқ, оларды қоя тұрыңыз.
Ә л и м а. Қамыр қосайын ба?
Ж а қ а н. Оның қажеті болмас. (Сағатына қарап.) Бірге дейін піссе, түсіріп суытып қоясыз да, сосын таза қағазға орау керек.
Е р е ж е п. Ана мысықты далаға шығарып жібер. Анадағыдай масқара болып жүрмесін тағы...
Ж а қ а н. Ие, ол жағынан сақ болыңыз.
Ә л и м а. Қам жеме, қайным.
Е р е ж е п. (қипақтай Әлима мен Жақанға кезек қарап.) Үйде бір бітеу қазы бар емес пе, бәйбіше? Соны қоса салып жіберсе, қалай болар екен?
Ә л и м а (Ережепке жаман көзімен қарап). Оны оқудағы балаға жібереміз бе деп отырмын ғой.
Е р е ж е п. Тартынба, бәйбіше, мен тірі болсам бәрі табылады.
Ж а қ а н. Ерекең шынын айтып отыр - ау, жеңгей.
Ә л и м а. Жарайды, енді мен қазан - аяқты реттейін. Қайным, тамақ ішіп кет. (Әлима ас үйге кетеді).
Ж а қ а н. Жеңгесі солай дегенсін, қайнысы қайда кетеді. (Ережепке.) Ереке, Күлән осында ма?
Е р е ж е п.Тырс етпе. (Сыбырлап.) Жаңа жеңгең екеуіміз алқымнан ал – ай кеп, сүйіншіңізді дайындай беріңіз...
Ж а қ а н. (қуана). Қалау сіздікі. Әлгінде төтелеп айтып көрдім. Вообщем, түсінбей - ақ қойдым. Кейде серъезно күлкіге айналдыра ма қалай?..
Е р е ж е п. Үндемеңіз деймін. Ойланам деді, ол, — ақыл кіре бастады, беті бері қарады деген сөз.
Ж а қ а н. Ой, жарықтық Ерекем - ай, еменнің басын иіп келе жатыр екенсің ғой. (Ойлана.) Бірақ ойлануы өрге баспай кері кетіп жүрмесе?..
Е р е ж е п. Есіңізде болсын қыз халқы ойланам десе, көндім дегені. Олардың әдеті, баяғыда осы жеңгең де сүйткен.
Ж а қ а н. «Жезде, оқуға жіберем деген уәдең қайда» деп кейін қиғылықты шығарып жүрмесе. (Осы кезде Әлима бірдеңе іздеген болып сөздерін тыңдап кетеді).
Ж а қ а н. Сол жеңгеміздің нағашы апасы күйеуге тимей ме, білдіңіз бе?..
Е р е ж е п. Қош, тиді.
Ж а қ а н. Соның күйеуінің енді жиені бар емес пе?
Е р е ж е п. Қош, бар болсын.
Ж а к а н. Содан келіп әлгі жиенінің бір қызы бар екен.
Е р е ж е п. Қош, солай дейік.
Ж а қ а н. Әлгі қызды осы келе жатқан кісінің жұбайының туған бөлесі алып отыр.
Е р е ж е п (түкке түсінбесе де). Жаным - ау, арадан қыл өтпейтін туыс болып шықты ғой өзі.
Ж а қ а н. Негізі осылай оралып келеді. Қазақ шамасы құдандалы деп осыны айтады - ау деймін?
Е р е ж е п. Онан да «туыс» деп бір - ақ қайырсайшы. Ендеше бізді «подхолнмдік жасап жүр» деп ойлап қала ма деп қорқып едім.
Ж а қ а н. Подхолим болып неміз бар. Шүкір, показательдеріміз ешкімнен сорлы емес. (Даладан келген машина сезіледі.) Болат шығар.
Е р е ж е п (кіжіне). Бұл баланың бүгін жынымды келтіргені ме, желіктірмеңіз өзін.
Ж а қ а н. Ол қолда ғой. Бірақ қазіргі жастар бет - жүзің демей тура тартып қарап отырады.
Е р е ж е п. Нечеуа, баяғыда өзіміз де талайға бас білдіргенбіз. Бір есіңізде болатыны, осы Болат та газет - журнал дегенге жақын жүреді. Анда-санда жазатыны бар көрінеді. Содан сақтану керек.
Ж а қ а н. Жоқ, ол зоотехника жөнінде ғана жазады. Басқа қолынан келе қоймас.
Болат кіреді.
Ж а қ а и. Дайын болды ма?
Б о л а т (қағазды ұсынып). Бар білгенімді жаздым.
Ж а қ а н (қағазды қарап жатып). Ереке, Күләндағы қағаздарды...
Е р е ж е п (айқайлап). Күләнжан. (Күлән шығады).
Ж а қ а н. Бағанағы отчеттың көшірмесі сізде еді ғой. (Күлән өз бөлмесіне кіріп кетеді.) Так, бұл нечеуа. (Күлән алып шығып береді.) Осы квартал ғой?
К ү л ә н. Мына, аяқ жағында соңғы онкүндік бар.
Ж а қ а н (Болатқа). Шөп сүрлеуден осы айда қалай шығар екен?
Бо л а т. Процент жағы жетіспей тұр.
Ж а қ а н. Иек артпада тұрған жерін қоса салмайсың ба? Ертең орны толады ғой.
Б о л а т. Ондай науқасым жоқ, ақсақал, бары фактический осы қағазда.
Ж а қ а н. Көктөбедегі екі отделениенің ақпары әлі келген жоқ, ол болса жетіп те қалмай ма?
Б о л а т. Көзіңіз жетсе қоса салыңыз.
Ж а қ а н. (шатынап). Қайсымыз бастықпыз?..
Болат. (кекете). Әзір өзіңіз ғой.
Ж а қ а н. (шегелеп). Болат, сен еркелеткен сайын басқа өрмелеп барасың. Бұл айтылып отырғанның бәрі бір семья, то есть коллектив ішіндегі сырлар.
Е р е ж е п. (дем бере). Соны айтамын - ау?
Б о л а т. Сырдың жалған болмағаны мақұл емес пе?
Ж а қ а н.Жалаңаш белсенділікті қояр уақытың жетті – ау, бала. Жағаласа бермесең етті.
К ү л ә н. (кекете). Киімді белсенді болу керек.
Е р е ж е п. (ұнатпай). Күләнжан! (Күлән ас үйге кетеді) .
Ж а қ а н. Болат шырағым, мәселе принципиально, осы кезде арадағы, майда ала ауыздықты пайдаланып кететіндер көп - ақ.
Б о л а т. Қандай ала ауыздық айтып отырғаныңыз?..
Ж а қ а н. Мәселе онда емес, бұл процентсіз де жағдай тәуір, мен жалпы айтып тұрмын.
Е р е ж е п. Бәріңіздің көздеріңізше ескертіп қояйын. Қазір газет тілшілері деген көп жүреді. Тілшімін деп жүріп таңдайыңды суырып алып кететіндері де болады.
Ж а қ а н. Кейде екі - үшеуі қабат келетіндері бар.
Е р е ж е п. Содан аулақ болыңдар. (Болатқа.) Онда сен жоқсың, мына Жақан мен Күләнжан біледі. Осында былтыр шегір көз сары келді.
Ж а қ а н. Айдарбеков қой.
Е р е ж е п. Со шығар. Әйтеуір қамшылар жақ аяғының аздап сылтып басатыны бар.
Б о л а т. Білем, білем.
Е р е ж е п. Білсең, нағыз соққанның өзі сол болып шықты.
Ж а қ а н. «Біздің совхозда осындай бар» деп бір ауыз айтшы, аржағын өзі-ақ іліп алып кете береді.
Б о л а т. Жазғым келсе, оған айтпай - ақ жазам.
Ж а қ а н. Сигнал түскен ғой шамасы.
Е р е ж е п. Ол жағын кім білсін, жанынан бір елі қалмай жүрдім де отырдым. Құдай қас қылғандай күркіреуікке барған жерде ішіме жел қармасып, Шәкір шалдың үйінде екі бүктеліп жаттым да қалдым.
Ж а қ а н. Қырсықты қарашы.
Е р е ж е п. Атай көрмеңіз деймін. Ар жағын жалғыз өзі аралап, төрт күннен кейін оралды.
Б о л а т. Не бітіріп қайтыпты?
Е р е ж е п. Қызығы бар, үйде отырғанда аздап сыр тартайын деп ем, маңына жуытар емес. Қайдағы бір жоқ әзілдерді айтып, бетіне лағады. Содан не керек, бір - екі айдан кейін «Экспедитор Ережептің ермегі» деген бельетон «Араға» шыға келді. Шүкір, әйтеуір сөгіспен аман қалдық қой, әңгіме онда емес.
Ж а қ а н. Қаққанның атын қоюын қарашы.
Б о л а т. Ие, оқығаным бар-ды.
Е р е ж е п. Ал енді биыл ондай кемшілік атымен жоқ. Сонда да болса сақтықта қорлық жоқ.
Ж а қ а н. Міне, мәселе қайда жатыр, жолдастар! (Қабағын түйе.) Сәл нәрсенің өзі тілге тиек болып жүре береді. (Қағаздарын қарап.) Нечеуа, бастық осыған да риза болар.
Б о л а т (кекесін түрде ас үй жаққа қарап). Басқа да риза болатын жайлар бар шығар?
Ж а қ а н (шамдана). Бұл не деген сөз?
Е р е ж е п (екіленіп). Бар, бар. Мен совхозыңнан аулақпын. Өз адал еңбегіме тапқан ақшаға бір мал алдым. Ертең алдынан алып шығам. Өз малымды кімге берсем де еркім бар ма, жоқ па менің. О не дегенің - ай маған.
Ж а қ а и. На самом деле. Осының бәрі совхоздың қамы. ( Күлән шығып).
К ү л ә н. Жайшылық па? (Ережепке.) Жезде, ашуыңызға жол болсын.
Е р е ж е п. Жоқ - ау, маған келіп, о не дегені - ей
Ж а қ а и. Қарсы алу, шығарып салу салтын шығарған біз емес, ол атам заманнан әр елде бар дүние. Бұл да дәстүрдің бір түрі.
К ү л ә н. Поезбен кетіп бара жатқанға да мал сойып шығу атам заманнан бар ма екен?
Е р е ж е п. Ол адамына байланысты.
Б о л а т. Ерекең дұрыс айтады. Қызметіне, то есть адамына байланысты.
Е р е ж е п (байқамай). Солай десе де болады. (Есіне түсіп) А, не дедің, шатастырдың ғой тағы шамасы.
Ж а қ а н. Ладно, осыны қойыңызшы, бәрімізден ақылды осы. Үлкенді сыйлау, құрмет тұту бұған жат.
Б о л а т. Кешіріңіз. Қарсы алуға мен де барам.
Ж а қ а н. Барсаң жүр. Оған кім қарсы. Активтің бірісің. Үшеуміз де төбе көрсетейік. (Ақылгөйсіп.) Таңертең қырынып, таза киініп шығыңдар. Вагонға алдымен мен кірейін. Есен Тоқбергенович жоқ болғандықтан жай – жапсарды менен сұрайды. Сонда жиналыстағыдай қосарланып, қыстырыла бермеңдер.
Е р е ж е п. Аузымызға құм, ондайда сабырлы болған жөн.
Әлима шығады.
Ә л и м а. Тағы да ант - су ішіп жатырсыңдар ма?
К ү л ә н. (күліп). Бәрі ертеңнің қамы.
Ә л и м а. Күлән, мына жерді ретте, шай дайын. (Күлән стол үстін реттей береді. Ережеп ішке кіріп кетіп, подноспен бір бөтелке арақ, бір бөтелке шарап алып шығады) .
Е р е ж е п. (рюмкаларға құя бастап). Кәне, жақындаңдар.
Ә л и м а. Кейін тамақпен ішсеңдер қайтеді? (Ішке кетеді).
Е р е ж е п. Жоқ, бәйбіше, нервничат етіп тұрмын. Кәне, келіңдер, шайдың алдында бір тартып жіберейік, ішті жалап тұрсын.
Ж а қ а н. (күліп). Қонақ —солдат, үй иесі — командир, тыңдамасқа және қақың жоқ. Кел, Болат.
Б о л а т. Қызылдан Күләнға да құйыңыз.
К ү л ә н. Жындымысың, бұрын ішіп жүр ме едім.
Б о л а т (әзілдеп). Бұрын ішпесең, бүгін іш.
Ж а қ а н. Дұрыс айтады, Болат. Мен поддерживаю. (Қызыл шарап құйып.) Өтінемін, алып жіберіңіз.
Е р е ж е п (қипақтап). Общим өзі білсін. Шарап деген лимонадтың жиені ғой.
К ү л ә н. Рахмет, өздеріңіз ала беріңіздер.
Әлима шәйнек алып шығады.
Б о л а т. Жеңгейге, жеңгейге!
К ү л ә н. (рюмкені ығыстырып). Мынаны апам ішеді.
Е р е ж е п. Кәне, бәйбіше. Не үшін ішеміз. Бәйбіше, ал.
Ә л и м а (алып). Басым ауырады, ауыз тиейін.
Болат. Сөз үй иесінікі.
Ж а қ а н. Әлбетте.
Е р е ж е п (жалтақтап Күлән мен Жақанға кезек қарап). Қуаныштың басы осы болсын, жастардың денсаулығына дегендейін...
К ү л ә н (әдейі кекете). Жақан ағай бұдан былай кісінің үстінен арыз айтпауы үшін ішеді.
Ж а қ а н (қызарақтап, Ережепке қарап). Ә, Күлән, айналайын то есть... Күлән Асқаровна, мен арыз айтқан жоқпын проста... нетіп...
Е р е ж е п. Оның үстіне ертеңгі қонағымызды дұрыстап қарсы алуға, общим ішіп жіберейік.
Ж а қ а н. Тамаша, то есть, ал кеттік. (Соғыстырып ішеді).
Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Жарқын, көңілді музыка. Аздап қызып алған Ережеп әндете шығады.
Е р е ж е п (әндетіп). Құдайым бір нәрсеге, жоқ олай емес.
Жаратқан бір нәрсеге бар ғой, бастап жүр ме?
Түсімде бар ғой - еу, қызыл түлкін - ау сойып жүрмін - ау.
Уа, ағайын, сіздерден жасырар сыр бар ма, бір міндеттеп құтылдық. Соның қуанышына жаңа станцада аздап жұтып ем, кешірерсіздер. Мен бар ғой өзі мас болмаймын. Енді тойдың қамы қалды. Шашуларыңызды дайындай беріңіздер деу маған неудобно.
Жақан кіреді.
Өзі де келді. (Екіленіп.) Мен бар ғой, бауырым, бүгіннен бастап бар ғой, осы жұрттың алдында «сізді» прямо «сен» деп сөйлей алам. Хватит, білдіңіз бе, то есть білдің бе, мен бар ғой былайынша бар ғой, саған сен деп сөйлеймін. Правом бар ма, жоқ па, пожалуйста жұрттың алдында айт,.
Ж а қ а н. Не десеңіз, ерік өзіңізде, Ереке. Ережеп (елжіреп). О, айналайын жалғызым, келші, бермен, бетті әкелші бермен. (Ұмтыла береді).
Ж а қ а н (жасқана). Ереке, мына жұрт көзінше ұят қой, нетіп, қызып қалғансыз ба?
Е р е ж е п (екіленіп). Какой ұят, какой ұят. Мен бар ғой, ә, бір әйелдің бетінен сүйіп жатсам, пожалуйста ұят. Ал сен бар ғой, былайынша бар ғой, туған інімнен кем көрмеймін. Ал сол үшін... (Ұмтыла береді).
Ж а қ а н. (шегіншектеп). Ереке, енді былайынша.
Е р е ж е п. Ыслучай әңгімені бар ғой, доғар, әкел бетті бері.
Ж а қ а н. Тәңір жарылқасын. Ереке әурелемеңізші, үйге барғасын.
Е р е ж е п. Как үйге барғасын, онда мен Әлиманың көзінше не могу, сені бар ғой, былайынша бар ғой, туған інімдей көрем. Почему сен маған бетіңді аяйсың, значит бұл не деген сөз? Мені бар ғой, жат санағаның, мені сыйламағаның, мен осы солай деп ұғамын.
Ж а қ а н. (жалбарына). Сізді сыйламай маған не көрініпті?
Е р е ж е п. Ендеше не, пожалуйста менің бетімнен сүй, қарсы емеспін, мен бар ғой қарсы болмаймын.
Ж а қ а н. Япыр - ай, ер адамдардың мұнысы, сүйісіп жатқаны сәл не ғой, просто ұят қой. Жүріңізші!
Е р е ж е п. Жоқ, мен жүрмеймін. Былайынша бар ғой, сен маған бар ғой, почти бажасың, әрі туған інімдейсің. Сондықтан жалпы ережеге байланысты бұдан былай бар ғой, жасым үлкен болғандықтан командовать етем, шыныңды айт, тыңдамайсың ба?
Ж а қ a н. Тыңдағанда қандай.
Е р е ж е п. Тыңдасаң, тойға қанша адам шақырамыз, кімдерді шақырамыз, соны қазір айт пожалуйста.
Ж а қ а н. Ау, оны кейін ақылдасамыз ғой.
Е р е ж е п. Не какой кейін, менің уақытым жоқ. Сен бар ғой, былайынша бар ғой, жұрттың көзінше айт.
Ж а қ а н. Басты-басты жігіттерді түгелдеп шақырармыз, енді солай болатын түрі бар емес пе?
Е р е ж е п. Сен бар ғой, олай болмайды. (Залды қамти). Мен осылардың бәрін шақырам. Өйткені бар ғой, бұрынғыша «қыз қашып кетті» деп үндемей қалатын мен отсталый адам емеспін. Обязательно алдымен ЗАГС – ке отырасың.
Ж а қ а н. Конечно, сүйтем ғой.
Е р е ж е п. Балдызымның бар ғой, сен үшін бар ғой, тойын знаешь қалай өткізем... Он бес жәшік шампан...
Ж а қ а н. Рахмет, Ереке, ол жағын кейін...
Е р е ж е п (бөліп кетіп). Мен бар ғой, сен үшін бар ғой, басымды беруге пожалуйста дайынмын. Вот мәселе қайда жатыр.
Ж а қ а н. Дұрыс, Ереке, түсінем ғой бәріне. (Залға.) Кешірерсіздер, бұл кісі аздап қызыңқырап қалса керек.
Е р е ж е п (жекіп). Немене сен, не айтып тұрсың, мен бар ғой мас емеспін, оны өздері біледі. Мен мас болып бар ғой ешкімнің қазанын сындырған жоқпын сұра пожалуйста.
Ж а қ а н. Оны білем ғой, былайынша айтып жатқаным ғой жалпы.
Е р е ж е п. Өзің жарытып ішпейсің, так, еще біреуді айыптайсың. Сен бар ғой, бұдан былай бар ғой маған бір ауыз сөз қарсы сөйлеуге правоң жоқ. Ұқтың ба?
Ж а қ а н. Әрине, әрине, Ереке. (Сағатына қарап.) Ереке, тәңір жарылқасын түске дейін отделенияға барып оралу керек ұмытып кеткен жоқсыз ба?
Е р е ж е п. Неге ұмытам. Мен бар ғой ешнәрсе ұмытпаймын, так. Мен де барам... И все.
Ж а қ а н. Жүріңіз ендеше. (Кете береді).
Е р е ж е п (жекіріп). Тоқта деймін мен саған. (Жақан тоқтап қалады.) Так. Вот. (Ережеп мақтана.) Көрдіңіздер ғой. Қалай жекіремін. Мен әлі мұның екі аяғын бір етікке тығам. (Жақанға елжіреп.) Айналайын, бауырым, сыйлап тоқтағаныңа рахмет. Шықсақ төбеміз, өлсек шұңқырымыз бір болсын. Ал кеттік. (Әндете.)
Түсімде - ай, қызыл түлкі - ай сойып жүрмін - ау... ау... Жақанның мойнына асылып кете береді. Музыкалық паузадан кейін шымылдық ашылады. Түс мезгіл. Ережеп үйінің верандасы. Сахнада ешкім жоқ. Телефон қайта - қайта шылдырайды. Үй халатында жүрген Әлима кіреді.
Ә л и м а. Әло, әло, шүкір, өзіңіз де саламат барсыз. Сол жағынан күркіреуікке кеткен шығар, ұзамай келіп қалар. Иә, айтайын, айтайын. Шүкір аман. Сау болыңыз . (өзіне) Бұлар не ғып кешігіп жатыр, жаным - ау? Немене сонша?
Қуана Күлән кіреді.
К ү л ә н (конвертті көрсетіп). Апатай, «документтеріңіз қабылданды, емтиханға келе беріңіз», — депті.
Ә л и м а (қуана). Сапарың оң болсын, айналайын. Қашанға шақырыпты?
К ү л ә н. Екі-үш күннен қалмай жүруім керек . (Күмілжіп.) Енді, өзі, жездем, ренжіп...
Ә л и м а. Күмілжитін дәнеңесі жоқ. Жездең келгесін өзім айтамын да ат құйрығын бір - ақ кесем, Ол жағынан қам жеме.
Болат кіреді.
Б о л а т.Саламатсыз ба, жеңеше! Поздравляю, Күлән, жүретін болдың ғой сонымен. (Күліп.) Енді мына жігіттеріміздің хәлі не болар екен?
К ү л ә н. (күліп) Жауабын апатайым берем деп отыр ғой.
Ә л и м а Халдерінің не болатынын өздері білсін. Қонақтарыңды қарсы алдыңдар ма?
Б о л а т. Алғанда қандай өзі қызық болды.
Ережеп кіреді, мастығы тарқап кеткен. Бірақ көңілді.
Е р е ж е п. Бәйбіше, шай дайында, қуырдағың қайда?
Ә л и м а. Жаңа ғой кіргенің. Бәрі болады. Директорларың жаңа звонит етті.Іздеп жатыр.
Е р е ж е п. Нечеуа, бәйбіше, нечеуа. Есен Тоқбергенович түгіл одан да зор бастықпен дидарласып қолын алдық. Шыдай тұрар. Солай емес пе, Болат? (Күләнға.) Айналсын ақ балдызынан, гүл - гүл жайнап тұрсың ғой! (Күлән өз бөлмесіне кетеді.) Өзі қуанып жүр.
Ә л и м а. Иә, қарсы алуларың қалай болды?
Е р е ж е п. Сұрама деймін, тамаша. Өзі де бір жігіттің маңғазы екен. Басқа совхоздардың да басшылары барыпты. Поезд тоқтай бере тұра - тұра жүгірдік. Бәрінен Жақан жүйрік екен, алдымен вагонға сол кірді.
Б о л а т. (кекетінді). Жақан бұл жағынан чемпион болып шықты.
Е р е ж е п. (түсінбей). Жоқ, нағыз азаматтың өзі десейші.
Ә л и м а. Басқалары да артынып - тартынып барып па?
Б о л а т (басын шайқап). Жоқ.
Е р е ж е п. Мәселе сонда жатыр, бәйбіше. Жүгірем жүрегі құрғыр ауызға тығылып зорға дегенде артын ала вагон ішіне мен де ендім - ау.
Б о л а т. Ентігіп, қара терге түсіп зорға тұрдыңыз,
Е р е ж е п. Ие, сөйттім.
Ә л и м а Сонша немене, байқамайсың ба?
Е р е ж е п. Байқағанда енді... обалына не керек. Жақан бәрімізді таныстырды. Басқаларына қарағанда бастықпен еркін сөйледі.
Ә л и м a. Кеше туысы екен деп жүр ең ғой?
Е р е ж е п. Ие, содан соң әлгі енді басқа совхоздан келген бетсіздер мал сойып бару былай тұрсын, тым болмаса тауық пісіріп, бір бөтелке коньяк та апармапты.
Ә л и м а. Алда масқара - ай.
Е р е ж е п. Дүйім жұрттың алдында абырой болғанда атама. Желкеміз шүйделеніп, қоразданып - ақ тұрдық - ау.
Ә л и м а. Қуанып қалған екен ғой.
Е р е ж е п. Жоқ, қызығы бар. Апарғанымыз Жақанның қолында болатын, енді ақсақал мынау бір аз ғана дәм еді, деп алдына қоя беріп едік, «бұларың не, ұят болады, алып кетіңдер» деп жекіген болды.
Ә л и м а. Жұртқа көз қылып қыр көрсеткені шығар?
Б о л а т. Менің аңғаруымша, бастықтың өзі шынымен ұнатпағандай сыңай танытты.
Е р е ж е п. Тұра тұр. Содан әңгіме бір нәрсеге ауа берген кезде, апардым да проводникке «поезд жүрген кезде ана купедегі пәленше деген кісіге тапсыр» деп әлгі жерде өзінің алақанына да бір сом қыса салдым.
Ә л и м а. Берсе болғаны ғой әйтеуір.
Б о л а т. Беруіне береді, бірақ...
Е р е ж е п. Сен бірақ дегеніңді қоя тұр, шырағым. Былай шыққан соң итке тастар деймісің. О заманнан бұ заман ішіп - жеп, алуды ұнатпайтын адам болушы ма еді?
Б о л а т. Мұның бәрі ескі жыр ғой, Ереке.
Ә л и м а. Жақанның туысы дегенсін мен де қарсы болған жоқпын.
Е р е ж е п (қуанып). Садағаң кетейін, бәйбішем - ай. (Болатқа.) Көрдің бе? Жасыратыны жоқ, мен сені туған інімдей көруші ем, кеше ренжіп қалдым. Но нечеуа, абыройымыздан айырмасын.
Б о л а т (күліп). Іні көргеніңіз бір тоқтының құнынан кем болса, амал қанша.
Ә л и м а. Әй, шалым - ай, сәл жерден сүріне саласың - ау?
Е р е ж е п. Жоқ, жоқ, әңгіме онда емес. (Әлимаға.) Бәйбіше, шай-пайыңды дайындай бер, қазір Жақан келеді.
Ә л и м а (екі ұшты). Дұрыс, дұрыс, келсін, келсін. (Ac үйге кетеді).
Е р е ж е п (Болатты кетсін дегендей). Сен асығып тұрсың ғой шамасы.
Б о л а т. Жоқ просто, Күләнді поздравить етуге келіп едім, құпия сыр болса, кетуіме болады.
Е р е ж е п. УҺ су, су, маған қызығы бір күні у ішіп өлу ғой.
Б о л а т. Қайдағыны айта көрмеңіз. (Күлән су әкеліп береді).
Е р е ж е п (есін жиып, Болатты кекете). Ие, сөйтіп, поздравить ете келдім де. (Екіленіп.) Не, бұл үйде мен тұрамын, не айтқаным болады екінің бірі.
Ә л и м а. Дұрыс, айтқаның болады, бала оқуына барады.
Е р е ж е п. Не деп?
Ә л и м а (зілді). Оны уақытында көрерміз. (Ac үйге кетеді).
Е р е ж е п (күйіне). Сендерге сеніп мен ақымақ бүгін жұрттың бәріне аузыма келгенімді оттап масқара болдым ғой.
Б о л а т. Ереке - ай, осы ақ көңілдігіңіз – ай!
К ү л ә н. Не деп, жезде - ау.
Е р е ж е п. Жездеңді жер неге жұтпайды, мына жер неге ойылмай тұр, айтшы маған.
Б о л а т. Ол оңайлықпен ойылмайды ғой.
Е р е ж е п. Соны айтамын. (Күләнға.) «Ойланайын» дегеніңді түсіндірші, жарқыным, маған.
К ү л ә н. «Ойланайын» деген «айтқаныңызды орындаймын» деген емес қой.
Е р е ж е п. Мені осындай екі ұшты сөз-ақ орға жығып болды.
Ә л и м а (ас үйден). Күлән, бері кел. (Күлән кетеді).
Е р е ж е п (басын ұстап). Болат айналайын, ел бетіне енді қалай қарайды мына тас маңдай ағаң. Бәрібір Әлиманың айтқаны болатын түрі бар ма қалай?
Б о л а т. Сіз ел бетіне қарамайтындай еш нәрсе істеген жоқ сияқтысыз. Сонша қиналар не бар?
Е р е ж е п. Ойбай, түсінбей отырсың ғой!
Б о л а т. Сөз жобасына қарағанда Күлән мен Жақан қосылса екен деген ниетте болдыңыз. Орындалмады, одан жасқанар дәнеңе де жоқ.
Е р е ж е п (екіленіп). Енді қайттім жоқ, мен Күләнді еш жаққа, еш жаққа жібермеймін, мен принципиальныймын.
Б о л а т. Жібермей қойсаңыз, масқара сонда болады.
Е р е ж е п (абыржып). А, а, сонысы тағы бар ма? Мені «феодалдық - байлық пережитка» деп тағы шығарады - ау, шамасы.
Б о л а т. Өзі де дәл сондай. Солай болып шығады.
Е р е ж е п (сасқалақтап). Ие, сүйтеді, сүйтеді. (Қуанышты Жақан кіреді. Ережептің қалпына күле сөйлейді ).
Ж а қ а н. Ереке, неғып үрпиіп тұрсыз?
Е р е ж е п (мұңайып). Жақа, кешіріңіз, мен бар ғой, ақымақ болыппын. Мұндай болады деген үш ұйықтасам ойымда жоқ еді. Мәңгібақи енді былайынша айтқанда ауызыма құм.
Ж а қ а н (қызып қалғанын айтты деп ойлап). Чепуха, Ереке оған бола ренжитін дәнеңе жоқ.
Е p е ж e п (жұртқа). Естіген екен ғой, айналайын.
Б о л а т. Жақан ондайға мән бермейді.
Ж а қ а н. Конечно, конечно.
Е p е ж е п (сергіп). Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді.
Ж а қ а н. (Болатқа). Бағана аздап қызып қалған еді, соны айтып отыр. Адам ішкенде кейде сүйтетіні бар. (Әзілдеп, жақындай беріп.) Енді, пожалуйста бет керек болса.
Е р е ж е п. (Түсіндей тұрғанын енді біліп, қипақтай). Жоқ, жоқ, ала тұрыңыз. Бәрібір сізді туған інімдей көрем. Әңгіме онда емес. (Болатқа сен айтшы дегендей қарап.) Жаңа Болат көрді, қайтейін...
Ж а қ а н. (сезіктене). Бірдеңе болып қалды ма?
Б о л а т. Да, әшейін, чепуха.
Е р е ж е п. (күйіне), Жаным - ау, ондай да чепуха бола ма?
Ж а қ а н. (абыржып). Ay, айтсаңдаршы, немене өзі?
Б о л а т. Күләнға институттан вызов келген екен, соған Ерекеңнің ренжіп жүргені ғой.
Ж а қ а н. (алақтап). А, Ереке, енді былай...
Е р е ж е п. Өзім де нетіп тұрмын.
Ж а қ а н. Сонда, өзі не айтады Күләннің?
Б о л а т Не десін, ертең жүруге дайындалып жатыр.
Ж а қ а н (телміре). Ереке, бұл не болғаны дүниенің?
Е р е ж е п. Кешіріңіз енді, маған да аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрініп отыр.
Ж а қ а н (басын ұстап). Мен шынымен дуракпын ба? Тілімнен қағынып, кейбір жолдастарға бүгін айтып қойып едім.
Е р е ж е п (мұңайып). Құдай ұрып мен де... (Даладан машинаның үні естіледі.) О қайсы екен Тағы? Жұрт күтіп отырғандай.
Б о л а т. (терезеден қарап). Жоғарғы «Свобода» совхозының машинасы ғой?
Е р е ж е п (Болатқа). Барып үйде ешкім жоқ деп қайтарып жіберші. (Болат кетеді. Ережеп пен Жақан бір-біріне қадала қарайды.)
Ж а қ а н. Шынымен солай нетіп қалғанымыз ба, мен ақымақ сізге сеніп, былай...
Е р е ж е п (мұңайып). Жақа, не тілеулі шаңырағымда отырмын, аянсам мені де ант ұрсын, әлі де былай күш салып дегендей... Әй, бірақ қиюы қашып барады, қайдам...
Ж а қ а н (қасын иегін сипап). Да, бұл проблема.
Е р е ж е п. Өзіңіз де бел буып, тағы да күш сала кірісіп көрсеңіз қайтеді?
Ж а қ а н. Онда енді...
Қағазға буылған бір топ затты алып Болат кіреді.
Е р е ж е п (шошына). Бұл немене?
Б о л а т (мән бермегендей). Бастыққа алып шыққан заттарымыз ғой. Алдағы стансада «Свобода» совхозының директоры шығыпты. Содан иелеріне тапсыр деп беріп жіберіпті. Әкелген соның шофері.
Әлима сөйлей шығады.
Ә л и м а (ас үйдегі Күләнға). Ақ табаққа салып әкел. (Ережеп, Жақан мелшиіп қалған.) Не ғып мелшиіп тұрсыңдар?
Е р е ж е п (затты иегімен нұсқап). Әне... (Болат затқа қыстырулы хатты алып, Жақанға ұсынады).
Ж а қ а н (ашып оқи бастайды). «Жолдас Жақан Асанов! Сіздер осындай... (Аржағын оқи алмай сен оқы дегендей Болатқа ұсынып өзі сылқ етіп отыра кетеді).
Ә л и м а (кіжініп). Осылай маңдайларыңның тасқа тиерін біліп едім. Тиді де тынды ма?
Е р е ж е п (әлсіз). Білсең неге айтпадың?
Ә л и м а. Кеңірдектеп тыңдамайсың, сен. Түсіңде соятын қызыл түлкің таусылмаушы еді, сойдың атаңның басын.
Е р е ж е п. Былай, батылырақ айтқанда тыңдайтын едім ғой.
Ә л и м а. Оны сазға отырған соң мойындап отырсың ғой. (Заттарды ала бере, ішке беттей.) Қайтқан малдың қайыры бар.
Е р е ж е п (ызалы). Ие, жетісерміз... (Әлима заттарды алып ішке кетеді. Жақан Болатқа хатты оқы дегендей иек қағады).
Б о л а т (хатты оқиды). «Жолдас, Жақан Асанов! Осындай әдетті қоятын уақыт жеткен жоқ па? Осы айдың он үшінде маған арнап хат жазған Ережеп деген кісіні ертіп облысқа келіңіз. Оның хаты менде».
Ж а қ а н. Шаруа бітерде осылай болады деуші еді. (Ережепке.) Сен не деп хат жазып едің?
Е р е ж е п (күмілжіп). Арадан қыл өтпейтін туыс дегеніңіз қайда? Мен сосын іш тартып дегендей...
Ж а қ а н. Қыл өтпейтін туыс деген өзің, мен басқа жағын айтқанмын.
Кесе, шәйнек алып Күлән шығады.
Е р е ж е п (есеңгіреп). Қарғам, айналайын, кешір... Енді... Оқуыңа дегендей... Біздің хал... кейін естірсің... Осыдан тірі келсем хат жазам...
К ү л ә н. Сонша қорқатын не бар? Тәуекел деңіздер!
Ж а қ а н. Иe, сүйтеміз. Сіз де, Күлән Асқаровна, аман болсақ хабарласамыз ғой. Ертең жүресіз - ау енді...
Әлима шығады.
Ә л и м а. Қолдарыңды жуыңдар... Қуырдақ дайын...
Ж а қ а н (орнынан тұрып Болатқа). Нешесінде дейді?..
Б о л а т. Он үшінде.
Ж а қ а н. Ендігі қуырдақты сонда көрерміз. (Теңселіп кете береді).
Е р е ж е п (ұмтыла) . Жақа, Жақа... мен... тоқта... ңыз Туған інімдей...
Ж а қ а н (бұрылып). Туған ініңізді қара бассын. (Кетеді).
Е р е ж е п (теңселе авансценаға жақындап). Ағайын, ағайын, ендігі тойды өздеріңіз біліңіздер!
Ш ы м ы л д ы қ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру